Маңғыстау ақын-жазушыларының кітапханасы 34 том
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Авторы: Айсырға Қилыбаева
Маңғыстау ақын-жазушыларының кітапханасы
АЙСЫРҒА ҚИЛЫБАЕВА
РЕДАКЦИЯ АЛҚАСЫ:
АЙДАРБАЕВ Алик Серікұлы – алқа төрағасы, Маңғыстау облысының әкімі ӘРІП Ғалым Бисенбіұлы – алқа төрағасының орынбасары, Қазақстан Жазушылар Одағы Маңғыстау облыстық филиалының директоры
АЛҚА МҮШЕЛЕРІ:
ТҰРҒАРАЕВ Бекет Тұрғараұлы – облыс әкімінің кеңесшісі, заң ғылымының докторы. ӨТЕГЕНОВ Айтуар Оспанұлы – кітапты құрастырушы, жауапты шығарушы-редактор ҚОСБАРМАҚ Рахат Құсайынұлы – жауапты редактор МЫҢЖАС Темір Мыңжасұлы – ақын Өлке қаламгерлерінің шығармаларынан мағұлымат беретін «Маңғыстау ақынжазушыларының кітапханасы» сериясының 50 томдығы Маңғыстау облысының құрылғанына - 40, Ақтау қаласына 50 жыл толуына арналып шығарылып отыр. Бұл томға ақын Айсырға Қилыбаеваның таңдаулы және бұрын жарияланбаған жырлары енгізілді. (1949-2012)
Айсырға Қилыбаева 1949 жылы 15 желтоқсанда Маңғыстау ауданына қарасты Шайыр елді мекенінде дүниеге келген. Негізінен Бейнеу ауданындағы Сам өңірінде өскен. Ақтөбе мәдени-ағарту техникумын, Қазақ қыздар педагогикалық институтын бітірген. Мамандығы – мәдени ағарту қызметкері. 1969 жылы жаңадан құрылған «Сам» совхозында мәдениет үйінің меңгерушісі болып еңбек жолын бастады. 1973 жылы Бейнеу аудандық мәдениет бөлімінің шақыруымен аудандық кітапхананың құрылуына байланысты қызметін ауыстырады. 1980 жылы Маңғыстау аудандық балалар кітапханасын басқарады. 1984-1986 жылдар аралығында Маңғыстау аудандық мұражайының іргетасын қалап, аудан еңбеккерлерінің құрметіне бөленген. 1987-1989 жылдары облыстық балалар кітапханасында, 1989-1993 жылдары облыс орталығындағы №11 орта мектепте библиограф болып қызмет істеді. 1994-1996 жылдары Маңғыстау облыстық «Қазақ тілі» қоғамының төрайымы міндетін атқарды. Айсырға Қилыбаева кәсіби қызметімен қатар қоғамдық жұмыстарға да белсенді болды. 1970-1973 жылдар аралығында «Сам» совхозында цехтық комсомол ұйымының хатшы қызметінде жүргенде науқандық жұмыстарға ауыл жастарын ұйымдастырып, үздік көрсеткіштерге қол жеткізді. Бірнеше дипломдармен, грамоталармен марапатталды. 1970-1975 жылдары «Жаңа өмір» газетінің штаттан тыс тілшісі болып жүргенде «Қыз намысын ойласақ..» деген айдар ашып, осы айдардың тұрақты жүргізушісі болды.
1980-1985 жылдары Маңғыстау аудандық мәдениет қызметкерлері әйелдер комитетінің төрайымы болып сайланды. 1989-1992 жылдары «Парасат» қоғамы жанындағы «Тамшалы» әдебиет және өнер бірлестігінің жетекшісі болып, Сайын Шапағатовтың қолдауымен алғаш рет облыстық «Мұсылман әйелдері» сайысын ұйымдастырды. Республикаға белгілі таланттар – ақын Фариза Оңғарсыновамен, күйші Мырзағұл Панаевпен, жыршы-термеші Жақсылық Елеусіновпен, т.б. халық кездесулерін өткізді. Ол тағдыр тауқыметін көп тартты. Жастайынан сүйіп қосылған жан жары – Ысан (Сайын) Қосбармақов мезгілсіз қайтыс болып, артында қалған үш перзентін өсіріп, жеткізу міндеті өзінің мойнына жүктелсе де, ауыртпалықты қайыспай көтеріп, азамат ерлерше күресе білді. Айсырға Қилыбаева – Маңғыстау өңірінің мәдени-ағарту, идеология саласында өзіндік орны бар танымал қайраткер, талантты қаламгер. Екі рет ұжымдық жинақтарға өлеңдері енді. 2004 жылы «Жыр-дәурен» атты көлемді өлеңдер жинағы, 2009 жылы «Өткен күнде өрнек бар» атты өмірбаяндық естелік әңгімелер топтамасы жарық көрді. Өлеңдері мен мақалалары, әңгімелері облыстық, республикалық басылымдарда жиі жарияланып тұрды. Айсырға ақын 2012 жылы 22 қарашада ауыр науқастан қайтыс болды. Артында елі сүйіп оқитын бағалы, бай мұрасы – отты өлең-жырлары қалды.
АМАНАТ
ТАУЛАРЫМ БАР ӨЛКЕМДЕ
ТАҢҒАЖАЙЫП
(Өлеңдер)
АТАМ – ҚАЗАҚ
Атам – қазақ, анам – қазақ, өзім де, Талай қазақ келеді, әне, ізімде. Тілім қазақ, түрім қазақ, Мықты күре тамырым, Жігер оты жарқырайды көзімде. Атым – қазақ, затым – қазақ, тегім де, Қазақ исі аңқып жатыр жерімде. Байрақ іліп қастерлеген бабалар, Намыс туы желбірейді көгімде. Намыс туы, биіктей түс, құлама, Мұзбалақтар тұғырында, Ағытулы томаға. Тірілді рух – тасқа айналған ерліктер, Мыңжылдықтар бетін жапқан ғұлама. Бала қазақ, дана қазақ, кәріміз, Бір аспанның астындамыз бәріміз. Тұрандатып, ұрандатып шырқайық, Асқақтасын, кең далада әніміз!
Табиғатын көрсететін жасырмай, Тұра ұмтылар басынан сөз асырмай. Кең пейілін, көңілдерін көл-көсір Қалдыратын жалғыз атым насыбай. Жаратылған адуын да ақберен, Бағаланбас биіктігі тақпенен. Үйге кірген жыланды да «қонақ» деп, Ең адал ас – сыйлап жатар ақпенен. Менің атам, менің анам осындай, Төрлетіңіз босағада тосылмай! Қазақтардың жайланбайды көңілі, Төрде басы, малы өрісте қосылмай. 1990 ж. АРҒЫ БАБАМ Түркілердің тұрағы – Тұран дала, Көз тартады алыстан мұнарлана. Боғдыхан мен ақ патша жарлығынан Қалған сарқыт айналды ұлы арнаға.
Арғы бабам – кең қолтық аңғал адам, Тасқа қашап, тарихын таңбалаған. Күндіз-түні елі мен жерін қорып, Аналығы – Көк бөрі, тегі – арлан. Мен – осындай бабаның ұланымын, Жанып тұрған артында шырағымын. «Тірі жүріп, әкенің ізіне ерің, Таңдай қағу, - дейді анам, - жаман ырым». Қазақ елі – көп көшіп, босқан халық, Жалғыз қызын жат жұртқа қосқан халық. Жалғыз ауыз сөзімен дауды шешіп, Ұлы асын мейманға тосқан халық.
МЕН – ҚАЗАҚПЫН!
Атам – Қазақ, сал-сері үкі таққан, Көкпар тартып, бәйгеге ат жаратқан. Атам – Қазақ, батыры жорықтарда Сойыл, шоқпар, найзамен жауға шапқан. Атам – Қазақ ұлдарын ерке өсірген, Құдаласып алыспен, кең көсілген. Қонақ келсе, кең жайып дастарханын, Таңдап сояр марқа мен серкесінен. Сол Қазақты «топалаң» қалжыратты, Үш анаға бөлшектеп, ажыратты. Қара бұлттай шүйілген бұршақ төгіп, Жоңғар қырып ауылын, зар жылатты. Жау құйылды Сібірден, Қытай жақтан, Үш ордалы ел халін қиындатқан. Сыртқы жаудан тазартқан кең даласын, Намыс туы Қазақтың – Абылай хан. Қазақ туды Абайды ақылы артық, Жарық жұлдыз – Шоқанды жарқыратып.
Қазақ туды Исатай, Махамбетті, Көк найзасын ойнатқан жарқылдатып. Қазақ туды Құрманды күңірентіп, Ыбырайды, Ақанды сері етіп. Қазақ туды Біржан сал, Балуанды, Қазақ туды Сарасын еңіретіп. Сол Қазақты түнектер тұншықтырды, Ыза-кегін теңсіздік ушықтырды. Меңіреулік, топастық тұтқынында Жапа шеккен көзден жас ыршып тұрды. Қазақ бүгін – көзі мол берекенің, Халқы жампоз, пейілді, кең мекенім. Әлем білді дәстүрін, әдет-ғұрпын, Өзі де, жері жомарт ел екенін.
КӨК ТҮРІК – АТА ТЕГІМІЗ
Қыпшақтар 207 жылы Египетті билеп, тарих сахнасына шықты. Тас кітапта қалдырған дастаны бар, Отырардан әрірек жастағылар «Жаңбыр шайып, жел үгіп кетпесін» деп, Балбал тасқа тарихын басқан олар. Тарихтың тарқатып бұрауларын, Көшкен елден, тау-тастан сыр ауладым. Шежіреші Геродот абыз айтқан, Дауылпазы даланың – жырауларым. Ерліктер бар тарих қойнауында, Көк түріктің қаны бар бойларында. Құрбандыққа шалынып батыр өткен, Елін дауға бермеген, жерін жауға. Көшпелі ел – түп тегім бастау алған, Тағылығын бөрілер тастамаған. Ел қорғаған жүректі батырлардың Жау қылышы жүрегін жасқамаған.
Топырақтан тәніміз жаратылған, Көк Тәңірден жанымыз дара туған. Көк семсерлі көк түрік – арғы тегім, Тоныкөк, Күлтегіннен таратылған. Елтеріс, Қапаған мен Білге қаған Үйренген Тоныкөктей ғұламадан. Ұлылық ұялаған от басына, Әкеліп Күлтегінді Ұмай анам. Намысын кек суарып, жарқыратқан, Екпіні жаудың шебін қақыратқан. Көк түріктің Күлтегін – көк семсері Он жасында қол бастап, жауға шапқан. Ел мүддесін қолдайтын рухы өктем, Батыр қанын, ақыны жырын төккен. Бастау алған ержүрек бабаларым Түп атасы – Күлтегін, Тоныкөктен.
Бейбарыс – өзі сұлтан, өзі батыр, Тарихта елге аманат сөзі жатыр. Екі-үш ғасыр билеген қыпшақтардың Египетте сайраған ізі жатыр. Заман бетін ашады тұлғасымен, Тау аспанды тірейді шың басымен. Ашылады келбеті адамзаттың, Өз бояуы, өзіндік таңбасымен. Бабаларым от көсеп, жалын құсқан, Келер күннің жарығын бізге тосқан. Самұрықтың суылы естілгендей, Күн астында қанатын жайып ұшқан. Өз ұрпағын ұлылар ұлықтайды, Шыбын-шіркей бойына жуытпайды. Ұя салар қырандар шың басына, Кеміргіштер жерінде ұйықтайды. Замананың өткенде көп белесі, Қоныстанған Алаштың шеткерісі; Манғыстаудың қазағы тағы мінез, Көп емізген аналық – Көк бөрісі.
Анамыздың бар бізде бөрілігі, Пайғамбардан бар пейіл ірілігі. Отқа күйіп, желге ұшып, суға батпас Суын жылқы тағдырлас тірлігі. Арқар мүйіз, алдаспан батыр өткен, Пақыр да өткен, арқалы ақын да өткен. Мәмбетнияз, белгілі Қожаназар, Саламаттың Сарбасы – сақи да өткен Адай жайлы әр жерде ертегі бар, Жүгіреді қанында Күлтегін-ар. Маңдайшаға соғарсың маңдайыңды Кірмес бұрын есікке еңкейіп ал! Тарихы бар ғасырлар тұнбасындай, Туған далам – бабамның мұрасындай. Қаратаудың басында бұлт көшіп жүр, Желдеп кеткен бураның шудасындай.
ДАЛАМ МЕНІҢ!
Далам менің! Абыз бен пірдің мекені, Өз ұрпағына уызы, дәмі жетеді. Құдайсыз қонақ ішіп-жеп болып, тағы да Торсығын және толтырып алып кетеді. Далам менің! Суың мен құмың жарасқан, Түйілген бұлтың жаңбыр мен қар боп тарасқан. Желмая мініп, жер танып жүрген абыз да «Келімсектердің несібесі» деп бал ашқан. Далам менің! Пейілің неткен кең еді! Жоқшы мен бақсы құрығын сала келеді. Көз жауын алып, тартады алыс-жақынды Қазақстанның желбіреп көкшіл желегі. Далам менің! Керілген кербез, керімсің, Шаңырақ өрлеп, керегең кеңге керілсін! Қарғаның емес, қыранның болып мекені, Жанарың жайнап, бұрымың гүлмен өрілсін!
ҚЫРАН-ДАЛА
Таулар қалды көк жиек беткейінде, Гүлдер қалды майысып көктемінде. Далам мені көтеріп келе жатыр Армандардың аунатып көк беліне. Дидарына шуақты мөлдіретіп, Боз жусанын үкідей желбіретіп; Шабыттана шалқыған ақын дала Самалымен сипайды еркелетіп. Төбесіне күн нұрын дамылдатқан, Қыста бұрқап, жазында жауындатқан. Менің туған ауылым – моп-момақан, Түнгі аспаны моншақты лағыл таққан. Мекен болған сұңқарға, құландарға, Мекен болған сұлуға, қылаңдарға; Күн астында қанатың кең жайылды, Атың әлем таныған Қыран-Дала! 2005 ж.
ТУҒАН ТІЛ
Туған тілін сүйе алмаған – адам болып жарытпас, Туған жерде ізің қалсын, тайғақтама, анық бас! Шүлдірлемей, сүрмеленбей, бедеріңді бүлдірмей, Өз тіліңді, өз түріңді сақтау үшін қалыптас! Ылғи ұпай жинамайсың, алшы түсіп асығың, Сен шығатын алда жатыр биік-биік асуың. Сенің жаңа қадамыңмен жылжиды Уақыттың безбенімен өлшенетін ғасырың. Біздің тарих жазылмаған, аңыз болып тараған, Адам Ата ұрпағымыз, Хауа Анадан тараған. Ұрпақтары ақын болып жаратылған, себебі, Бабалардың қаны сіңген сарын естіп даладан. Ақын болсаң, ар алдында шын сөйлеуді мұрат қыл, Ғұмырнама кестесінде шешілмеген сұрақ тұр. Көшіп кеткен ұлылардан қалып қойған жұрнақ – сен,
Келе жатқан дүбірлерге назар аудар, құлақ түр! Әруақтар сызып кеткен тау мен таста өрнек көп, Табиғаттың бар байлығы жатыр сені жөргектеп. Қырандардың ұя салған тауда қалған мекені, Жас бала да талпынады тауға қарай еңбектеп. «Ақын халық» дейді бізді тілімізді ұққандар, Өзге тілді өз тіліңнен артық үлгі тұтпаңдар! Байқасаңыз, әр дәуірде ұлық пенен ұлылар Анасының сүтін еміп тісі, тілі шыққандар. Ана тілі – тектілігің уызына жарыған, Аналардың нәрін жұтып, бойға қуат дарыған. Өз сүйегін талатады ит пен құсқа жем қылып, Тексіз ұрпақ жаралмаған туған әке қанынан.
ТІЛ ТУРАЛЫ СӨЗ
«Тіл мәйегі – шешендік». (Халық мақалы) «Демосфендей әйгілі гректердің шешені Жас кезінде ұялшақ, ынжық болған» деседі. Күнде барып теңізге, айқай салады екен ол, Теңіз сонда күрмеулі шешен тілін шешеді. Асқан ұлы ғұлама, шешендіктің үлгісі, Тыңдаушысын ұйытқан адамзаттың үндісі; Сөзден маржан теретін тілдің асқан шебері, Заманында жоқ болған Демосфенге тең кісі. Ойын сөзбен өрнектеу – бар адамның арманы, Тілмен өрнек жасаған әр елдің бар саңлағы. Ұлылардан қалған сөз – мақал, мәтел, нақылдар – Ақыл-ойдың сүзілген бетіндегі қаймағы.
Көп алдында көсілтіп сөз айтатын көшелі, Әр ауылдың өзінің бар биі мен шешені. Тіл арқылы досты да, дұшпанды да табасың, Бітіспеген дауды да бір ауыз сөз шешеді. Өз тілімен Ғамзатов елді аузына қаратқан, Жеті жұлдыз Шығысқа тілмен алтын жалатқан. Адамзаттың айбыны, құдіреті – тілінде, «Сөз өтеді сүйектен, ет ауырар таяқтан». Түгел сөздің түбі – бір, түп атасы – Майқы би, Тілмарларын әспеттеу – түркілердің салты бұл. Әл-Фараби, Тоныкөк, Күлтегіндей батырдан Қалған жазба, нақыл мен пәлсапаның парқы мол.
«Аяз бенен Құмырсқа би болған» деп айтады, Өлілерді тірілтіп, Қорқыт күйін тартады. Жауласқанға құзырлы әділ үкім шығарып, Дау шешетін би мен бек елдің болған қалқаны. Желмаясын желдіртіп Асан абыз өтіпті, Жүріп өткен жеріне таңба басып кетіпті. Ой түбінде жатырған мінсіз жауһар сөздері Асыл тастай жарқырап ұрпақтарға жетіпті. Билік пенен шешендік уызына жарыған, Абыздық пен жыраулық қанымызға дарыған. Төле, Қазыбек, Әйтеке ғұламалар қазақта Қамын ойлап халықтың, тілін отқа жаныған.
«Еділім» деп, еңіреп жылап кеткен Қазтуған, Тайкелтір мен Ескелді – көкірегі саз тұнған. Батырлар мен бектерді көп туса да анамыз, Бөлтірік пен Сырымдай шешендерді аз туған. «Хан – халықтың иесі, жер – халықтың киесі» Деген екен Айтуар – Беріштердің білгіші. Есентемір Бөкен би – ел бірлігін ойлаған, Әділ қазы атанған етек-жеңі кең кісі. Байзақ датқа, Саққұлақ, Шектідегі Есетім – Қара қылды қақ жарып, бір-ақ рет кесетін. Қаба би мен Жанқұтты, Тобықтыда Құнанбай Ел ішінен дау шықса, билік айтып, шешетін.
Адайда би-шешен көп ұлыларын үлгі еткен, Ақыл-ойы кемеңгер Шегем Көбен би өткен. Абыройы асқақтап, өрнек жасап тілімен, Даналық пен ділмарлық арқасында күнелткен. Маңғыстауда жыраулық Сыпырадан басталған, Тірі қалып сөздері, жай тауыпты маһшардан. Толғаулары қағазға түспесе де, оқыдық Тілден-тілге көшіріп қойған ескі дастаннан. Абыл, Ақтан, Нұрымдар жырлап өткен бұл өңір, Қашаған мен Сәттіғұл, Сүгір, Түмен – кілең дүр. Асыл сөздің тұнығы бізге жеткен жәдігер – Қасиетті, қастерлі өнеге мен өлең-жыр.
Жары Мәтжан Адайдың абыройын асырған, Сөз маржанын бойына тұмар еткен жасынан. Жауласқандар тату боп, құда болып тарасып, Кетеді екен жарасып Сейіт бидің қасынан. Естігенін ұмытпай жүрген көне көздер бар, Ерменбет би – дария, тілі жорға, сөзге бай. «Елу рет шайқасып, жау қолынан өлмеген Төлеп Мәмбетниязы айтты» деген сөз де бар. Доспанбет пен Сүйіндік, Тілеген мен Байболдар, Беріш Құлжан, Есенғұл, Бектеміс Қосбай, Сауран бар. Монша Шоңай Күшікбай, Бисен деген білгірлер, Даңда Қожық, Құлыш би, тура айтатын Сам да бар..
Тай баласы Айтуған ақын-жырау атанған, Өнер қуып жасынан, бұғанасы қатайған. Тоқсан жеті жасаған қарт абыздан кезінде Інілері Қожық пен Құлыш билер бата алған. Кешегі өткен Алшекең, Құлшық пенен Нұрбаулы – (Атасы Адай – Бәйімбет, Тобыш, Жары ұлдары), Сөз мәйегі ұйыған жүріп өткен жолдары. Жауынгерлер от кешіп, сыртқы жаумен алысса, Бұлар болған елінің рухани қорғаны. Кім білмейді Әбішті – көркем сөздің шебері?! Жау қолынан мерт болған Кекілбайдың бөбегі. Ақпар жинап, сан ғасыр қойнауларын ақтарып, Қазақ атын әлемге асқақтатып келеді.
Бата беріп ұлы Абай, Мұхтар жапқан плащын, Тереңдікті көрсеткен, Абыл жағып шырасын. Заманының заңғары Әбіш сүйген қастерлі, Абыл, Қасым, Мұхтар-тіл кеңге жайсын құлашын! Қазақ тілі – қашаннан шешендіктің мектебі, Біздің тілді сондықтан кім ұстайды шеткері?! Ана тілі – қазақтың айбыны мен мұрасы Бесік көрген ұрпақтар омырауын теппейді. Дауды шешкен бітіспес тіл ұстасы – шешендер, Шешен тілмен ел басын біріктірген көсемдер. Сақта, ұланым, шешен сөз – аналардың әлдиін, «Туған жерде қазақ боп қалып қоям» десеңдер!
Ынжық болма, қазағым, бізде теңіз, тау да бар, Шешендік пен жыршылық әуел бастан қанда бар. Жасып қалған жігерді қайрау керек дұрыстап, Өткір пышақ бір кесер, өтпес пышақ майдалар. Өз тіліңмен шырқай бер дәстүрлі ән, жырыңды, Өз тіліңмен әлдиле қызың менен ұлыңды! Өз тіліңді мүдіртіп, өзге тілді оздырсаң, Кім көтерер биікке жасыл байрақ – туыңды?! Оттан, құздан қорғайтын тіл – құзырлы төрешің, Тіл арқылы қоғамға мүше болып келесің. Төл тіліңде сауатты сөйлесуге дағдылан, Баска халық «Сауатсыз, мәңгүрт халық» демесін.
Сондықтан да абай бол, тіл киесі тимесін, Тіл – атыңды анықтап, Алла берген үлесің. «Қазақпын» деп айта алмай, тілің тұрса мүдіріп, Айтшы, кімге пенде боп, кім боп өмір сүресің?! Теңізім бар менің де шағаласы шулайтын, Толқындары айбынды, буырқанып, тулайтын. Демосфенге ұқсап мен айқайласам... Бірақ та Теңіз емес, тобыр көп айқайымды тыңдайтын. Қалғың келсе қазақ боп, төл тіліңді жоғалтпа, Тіл маманын түлеткен айтпа қарғыс Одаққа. Келер ғасыр кезекте. Сұғанақтар түртіп жүр Жерің менен тіліңді – байлығыңды тонатпа! Тоналғандар ешқашан жете алмаған мұратқа.
ҚАЗАҚСТАН – ҚҰТ МЕКЕН
(толғау) Сақ жайлаған жерімде, Менің арғы тегім бе?! Тағылық бар, мәрттік бар Қазақ дейтін елімде. Қиын-қыстау күн кешкен Тарихы – тағлым бүгінде. Сұңқары қалқып көгінде, Тұлпары жетті төріне. Алтын, күміс Алтайым, Сарыарқада – сары мыс. Қарағанды, Теміртау – Көмір, темір мол ырыс. Байлық толы қойнауың, Қостанай мен Торғайым. Заманында әкелген Батыр, ақын ұлдарын. Астығы мол Ақмола, Астанамыз – бақ-қала. Әсемдігін суреттеп, Көрсетеміз мақтана. Көкшетаудың көркі бар, Кеудеңді ашып, желпіп ал! Ем-дом алып қайтады, Таза ауадан дерті бар. Оқжетпес пен Жұмбақтас, Ақ бураның артында Ұйықтап жатыр бір батыр Дулығалы бөркі бар.
Манғыстауым – жәннатым, Қалықтасын қанатың! Шет елдің де құтысың, Іздегенін табатын. Жердің абыз киесі – Құран оқып баратын; Оғыландыдағы Пір Бекет, Үстірттегі Манатым. Даласына өң берген Каспий толқып, тербелген, Бес ауылдың еркесі, Көзінен моншақ төгілген, Ашық-шашық Маңғыстау, Қонақ кетпей төріңнен; Уылдырық, мұнайың Несібе болып себілген. Әулиелер қорымы Әшекей тастан өрілген. Мінәжат етем Аллаға, Бекет ата піріммен. Қасиетті Маңғыстау, Күн кетпесін көгіңнен, Бақ кетпесін еліңнен, Тақ кетпесін еріңнен, Құт кетпесін жеріңнен!
КИЕЛІ ӨЛКЕ
Тұла бойы – тұнған аңыз ертегі, Тау мен тасы тылсым сырын шертеді. Үш жүз алпыс әулиесі тоғысқан Кім білмейді бұл киелі өлкені?! Ұлы далам, дархандықтың төрісің, Бабаларым қанын төккен сен үшін. Мерт болыпты оққа тосып кеудесін, Ұрпағымның кеңітем деп өрісін. Жақпар-жақпар Қаратаудың сілемі, Сұстылау боп көрінгенмен реңі; Бұлағынан тамыр тартып тіршілік, Етегінде төрт түлік мал түледі. Жарық дүние, сені көріп көзіммен, Өмір деген ұлылықты сезінгем. Арманымның мағыздарын қалдырып, Сүлдерімді алып кетем өзіммен. Бір қуанып, бір мұңайған күндерім, Түлен түртіп оянатын түндерім! Көп сүрініп, қалыс-шалыс жүрсем де,
Әлі күнге бір де құлап көрмедім. Масаңды ұғып, қасаңдыққа көніппін, Данаға да, наданға да кезіктім. Адамдарды түрін түстеп таныдым, Тәттіні ішіп, ащы дәмін сезіппін. Үлкен бастар сия алмаған өлшемге... Кіші бастар үлкеймейді үрсең де. Ишаратсыз бола алмайсың Қашаған, Ұзақ жасап, ғасыр өмір сүрсең де. Тіршіліктің ергеніммен көшіне, Ұқсамадым үлкенге де, кішіге. Жатар бөлмем көрінгенмен жұпыны, Қазынам мол жинақтаған ішіне.
МАҢҒЫСТАУ МҰНАЙЫ
Қарасақ Қазақстан картасына, Айналған сан байлықтың алқасына. Талайлар моншақ ілді, шекпен киді Маңғыстау мұнайының арқасында. Біледі айдай әлем бұл өлкені, Мәңгілік мекендеген жыр-ертегі. Малдарын қырып-жойып аңқау қазақ, Маңғыстау мұнайымен күнелтеді. Жақсымен жайсаң жаны жарасатын, Жайымен үлкен-кіші санасатын, Шуақты мейірімге жаны толық, Биіктеу көрсететін парасатын. Жататын еңбегімен парақталып, Жандардың өмір жолын сарапталық. Жақсыны жарқыратып көрсете алмай, Жүреміз мысты алтынға балап қалып. 2000 ж.
МАҢҒЫСТАУ – ӘУЛИЕЛЕР ТАБЫСҚАН ЖЕР
(Түменше) Құм, тасы күн астында қақталған жер, Байлығы жер астында сақталған жер. Өтпелі, қиын-қыстау күн туғанда Құрсақтан несібесін ақтарған жер. Тау-тасы құпиясын жасырған жер, Жолатпай, жын-ойнақты қашырған жер. Ырысы бар халыққа шашылған жер, Дабысын жеті қырдан асырған жер. Маңғыстау – әулиелер табысқан жер, Адайға жеті жұрттан ауысқан жер. Жер даулап, жесір даулап, барымталап, Дұшпанмен тайсалмастан қағысқан жер. Маңғыстау – шөбі шүйгін, жантақты жер, Қой өріп, түйе аунаған шаңдақты жер. Дария, өзен, көлі жоқ болса да, 500-дей құдығы бар аумақты жер.
Бұл жермен Асанқайғы жүріп өткен, Қашаған, Ақтан, Нұрым жырын төккен. Сыпыра, Абылдардан бері қарай Сөйлетіп бес ғасырды Мұрын жеткен. Бұл жерді «Жеті қайқы» сайран еткен, Сақилар мыңдап жылқы айдап өткен. Сақтауға жер кіндігін, ел бірлігін Батырлар бес қаруын сайлап өткен. Бұл дала – құлан, бөкен жорытқан жер, Мағұрып Машайыққа жолыққан жер. Әлемнің тең жартысын жаулап алған Ескендір жақындауға қорыққан жер. Отманы – ұран оты жағылған жер, Шотандар жаудың бетін қайырған жер. Пір Бекет, 360 әулиелі Қасиет, киесіне ел табынған жер. Келін ап, қыз ұзатып, тойлаған жер, Ақсүйек, алтыбақан ойнаған жер. Жүрсе де біреу даттап, біреу мақтап,
Ежелгі салт-дәстүрін жоймаған жер. Бөбекті әнші Қайып ұнатқан жер, Айырып қос ғашықты, жылатқан жер. Жеткізбей мұратына, биік құздан Ақшора, Белтұранды құлатқан жер. Каспийдің толқынымен шайылған жер, Қазығы Адайлардың қағылған жер. Ғалымдар маңдайына шырақ жағып, Бойынан талай қазына табылған жер…
МАҢҒЫСТАУ ЭКСПРОМТЫ
Маңғыстауда таулар көп таңғажайып, Сыр шертеді замана алмағайып. Сайыпқыран батыр тұр тапжылмастан, Бес қаруын беліне байлап алып. Ақ көйлекті, зер кәмшат тақиялы, Қыз бет таулар әжімсіз жатыр әлі. Қаратау мен аппақ тау, шақпақ таулар Көзді тартып, алыстан шақырады. Тау еңсесін көтерген тұлғаланып, Өн бойына өрлікті жинап алып. Аспанды орап құшағы көкжиек те, Даласына сүйеніп тұрғаны анық. Қарт Каспиймен тағдырын байластырған, Балбал тастар төрінде малдас құрған. Жер бетінің тарихи кезеңдерін Белгілі өлке бүгінмен жалғастырған.
Құлашы кең Маңғыстау – алып дала, Күн астында қырандар қалықтауда. Бейнетінің зейнетін көрер анық Мың өліп, мың тірілген халық қана. Маңғыстауда таулар көп бунақталған, Тетис* асты – даласы құрғап қалған. Сондықтан да жер мен су пайғамбары Осы өлкеде бас құрап жинақталған. Мына дала – сабырлы жайсаң дала, Кетпен менен тепкеннен тайсалған ба?! Еркелетіп өсірген «тентектерін», Ақ жаулығы кіршіксіз байсалды ана.. 1989 ж. ------------------------------ *Каспий – бір кездегі Тетис деген мұхиттың бөлшегі.
АҚТАУ
Теңіздің ерке самалы, Желпиді ару қаланы. Тізіліп аппақ отаулар, Қанатын жайып барады. Сыңғырлап күміс қоңырау, Соққылап жатыр жағаны. Шағала – аппақ омырау, Керіліп, қанат қағады. Жұмыртас таудан аумайды, Кеудесін күнге аунатқан. Қуалап толқын ойнайды, Төбеден моншақ саулатқан. Даланың сәні – бөкені, Балықтың теңіз – мекені. Келеді сақтап өмірді, Теңіз бен Дала екеуі.
ШАҚЫРУ
Теңіз тулап жатқанда, Жартас ойға батқанда; Шағалалар шаңқылдап, Аққу қанат қақанда; Аспан моншақ таққанда, Аппақ таңдар атқанда; Жасыл желек желбіреп, Талдар үкі таққанда; Құстар келіп бақтарға, Ән төгіліп жатқанда; Бір серпіліп қаласың – Келіп кетші Ақтауға!
КЕЛ, АҒАЙЫН!
Кел, ағайын, таныса бер, көре бер! Анау – шалдар кеңес құрған төбелер. Тас кітаптар жатыр мұнда қатталып, Тарихшы, ғалым болсаң сен егер. Анау – менің қарт Каспиім тулаған, Жағасында шағаласы шулаған. Бойын жазып, далам жатыр керіліп, Келбетіне көзін тігіп тұр ғалам. Уақыттар өлшей алмай адымын, Далам талай тудырыпты дарынын. Ептіліктен тектілігі басымдау, Адай дейтін ел боламыз адуын. Жымысқылық, тіленуді білмейтін, Көмескіні көздеріне ілмейтін, Табиғаты тағы мінез, тарпаңдау, Қасаңдық пен тосаңдыққа көнбейтін.
Ақтауда айдын, Қаратауда құты бар, Замандасы – көшіп кеткен Отырар. Ар жағы – Сақ, бер жағы – Адай шықса да, Тапжылмайтын қатып қалған шоқылар. Батыры мен ақындары арқалы Тұлпар-тұяқ дала күйін тартады. Көкірегінің күні ашық жолаушы Маңғыстаудан жыр арқалап қайтады. Кел, ағайын, таныса бер, көре бер, Ұлылықты көргің келсе сен егер. Жатыр мұнда қайсарлықтың құрбаны – Қорамсақтан суырылған жебелер… 2000 ж.
ЖОЛ
Бір ашық, бірде шатылыс, Таусылмайтұғын жол – өмір. Шарпылыстар мен қапылыс Тұрағы болған бұл өңір. Жүріп өткен бұл жолмен Адасып, әрі кеткендер. Шалғайда жүріп, қамығып, Көзінің жасын төккендер. Бұл жолмен кімдер жүрмеген?! Бұл жолмен кімдер келмеген?! Бұл жолмен көшкен талайлар Қоштасып туған жерменен. Бұл жолмен жүріп атамыз, Жесірін жаудан айырған. Атажұртын ұлықтап, Жауының бетін қайырған. Ауыздығымен алысып, Асаулар тарпып өткен жол. Өзегі талып аштықтан Отансыз азап шеккен жол.
ТҰҒЫРЛЫ ЖЕР
Сары алтын Самның құмын кешкен біздер, Біздерден бұрын жүріп, өшкен іздер. Даланың даналары айтып кеткен, Сақталған кәріқұлақ есті сөздер. Жамылып жазғытұрым жасыл желек, Қылаңдап, бой көтерген қоянсүйек. Құртқашаш, бәйшешегі, мортығы бар, Жер беті – қызыл, күлгін, жасыл өрнек. Ұйысқан жусан, изен – сары ала бел, Тараған көк құрақты самала жел. Шалдуар шалдары бар шадыр мінез, Тентек деп «Адай» аты тараған ел. Маңғыстау – ойы күңгірт, қыры шуақ, Қонаққа – төрі жайлы, жылы құшақ. Қарайды иесі төрге, қонақ өрге, Мойыны иілмейтін шойынға ұсап. 1986 ж. ***
Теректі. Осы ауыл ыстық қандай! Иіскеп, бәйшешегін құштық талай. Есепсіз төбелесіп, татуласқан Мазасыз бала күнгі достықтар-ай! Кеңдікті сенен дархан таба алмадым, Өзіңе алыс жүрсем, алаңдадым. Көрінер түкпірінен үңілгенде, Шуақ күн – менің ыстық, бал арманым. Теректі. Қойылды екен атың қалай? Тостаған-құм жиектеп жатырғандай. Сидиып қоянсүйек көрінеді – Өз аулын қорғап тұрған батырлардай...
ҚЫЗ БЕН ТЕҢІЗ
Қыз: Аспантау көкке асылып, Кеудесін бұлттан асырып; Шыңынан құлап байқаусыз, Етекте қалдым шашылып. Қансырап қалды жүрегім, Табаннан тайып тіреуім. Өзіңнен басқа жалғанға Болмай тұр менің керегім. Меңіреу түнек айнала, Қарап тұр үнсіз ай ғана. Біреулер кеткен құша алмай Тәнімді, теңіз, аймала! Құшағыңды ашып, керілгін, Келеді саған берілгім. Жәндіктер жемтік іздеген Тірліктен әбден жеріндім. Жиырылып, қырық бүктеліп, Ышқынып, ішің тартасың. Сазарып маған қарайды Қабағы салқын жартасың. Егіліп тұрмын жағаңда, Көргенің болса, баянда. Өмірі толы өкініш, Жан бар ма мендей ғаламда?
Автор: Көк теңіз сонда шулады, Толқыны тынбай тулады. Күңірене ауыр күрсініп, Тарих жайлы толғады. Теңіз: Жылама, қызым, жылама, Биіктен төмен құлама. Қанағатсыздық дертінен Уланып жатыр бұл ара. Көргенмін жақсы-жаманды, Кері кеткен, қырсық заманды. Аждаһа ашқан аранды, Дүниені басып қараңғы. Өзіңдей талай мұңлықтар Жағама келіп жылаған. Қуғыншы келіп жеткенде, «Құтқар!» деп, маған құлаған. Мекені басқа жан иесін Сыйғызып қалай тұра алам?! Тірлігім өзге, заңым бар, Келмеңдер маған, сұранам! Қайнаған менде өмір бар, Қазынам – жиған төлім бар. Уланып бойың, Өлкеме Кіретін қандай жөнің бар?!
Аңқаулау менің перзентім, Соларға денең жем болар. Сендердің ішің лас қой, Жұқтырып алар кірді олар. Әлсіздеу пенде қашанда, Дауылға қарсы тұра алмас. Діңгегі мықты емендер Шапсаң да, оңай құламас. Шыдағын, қалқам, жастаусың, Ашуды ақыл басқарсын. Алдыңнан түзу жол шықса, Басынан қайта бастарсың. Мықтылар өткен қаншама, Атағы мәлім баршаға. Соларға ұқсап түрегел, Бүгіліп, босқа шаршама! Сондықтан мені тыңдағын, Шертейін ғасыр сырларын. Дәуірлер салған қолтаңба Сақтаған бар-ды жинағым. Жеті жұрт кеткен өлкемнен Бабаңның күйін шертем мен. Тірлікте болмай тілегі, Өзегі отқа өртенген.
Ішіме бүгіп сан ғасыр, Шерте алмай жүрмін жанға сыр. Жағамның жұлып құрағын, Қаныпезерлер салды асыр. Айбатын көрдім алыптың, Қайратын көрдім халықтың. Бетінде қалды сарғайып, Баһадұр жандар тарихтың. Данагөй мынау далаға Кім келіп, кімдер кеткен жоқ?! Айрылып небір боздақтан, Көзімнің жасы кепкен жоқ. Ел шабылып жоңғарға, Сойқан болған жылдарда Бұхараға Ұлы Жүз, Ауды Орта Жүз Торғайға. Жау қолынан мерт болып, Талай боздақ қырылды. Амалсыздан Кіші Жүз Хиуаға шұбырды. Ері жаудан мерт болып, Жесір жатты бүгіліп. Жетім қалған жас бала Жылап тұрды егіліп.
Сән-салтанат... сарайлар... Өтіп кеткен талайлар. Маңғыстауды көбірек Қоныстанған Адайлар. Кіші Жүзді «тентек» деп, Ұстайды екен шеткері. Оған куә – ақтаңдақ Тарихымның беттері. Кіші Жүздің ішінде Адай қорлық көп көрді. «Тағы мінез халық» деп, Бек, мырзалар жек көрді. Орныға алмай жайланып, Саураннан өткен айналып. Маңғыстауға жетіпті Есек мерген бастаған Өңшең батыр сайланып. Қоныс іздеп Адайға, Үш қиянды шарлаған Есек мерген бабаңыз. Ол туралы тараған Ел ішінде бар аңыз. Атқан оғы дөп тиіп, «Есек мерген» атанған. Батыр жүрек, нағыз ер, Әруақтан бата алған. Ер Қосайдың ұрпағы, Халық ұлы қаһарман.
Маңғыстауды аралап, Күндіз-түні жорытқан. Жеті басты айдаһар Жолын торып, жолыққан. Амал жасап әртүрлі, Жеті басын қырыққан. Құлазыған кең дала, Қарауытқан бейіттер... Көп жорықтан қалжырап, Бір бейітке кіріпті ер. Әруаққа бағыштап Құран, аят оқиды. Бойын жылытып от жағып, Асын ішіп отырды. Еппен басып, сызылып, Бір қыз келіп кіреді. Тегін емес екенін Батыр сезіп, біледі. Жең ішіне жасырған Жез тырнағын көреді. Ертегіде айтылған Таутайлаққа кездесіп, Оны жеңген белдесіп. Жол торыған жын-пері Опат болған бәрі де Ер Есекпен жүздесіп. Сарықасқа ат мініп, Қалмақтармен алысты. Маңғыстаудан бездіріп, Тайлан ханмен шабысты.
Ізін басып Ер Шотан, Үзеңгісін қағысты. Талай батыр Адайдың Қамын ойлап, табысты. Отман таудың басында Ұран отын жағысты. Хиуаның ханынан Зорлық-қорлық көп көріп, Ханды алып тағынан, Балуанияз батыр да Кеткен өзі мерт болып. Сам өңірін жайлаған Шопықұлы Қалнияз Ерлік жайлы жырлаған. Тәжік асып кетсе де, «Ер Қармыстай» дастаны Туған жерде қалды аман. Қалнияз ақын жырлаған Жетпіс бесте Қармыс бар, Түрікпенмен шайқасып, Опат болған арыстар. Жаудан жесір айырған, «Ер Төлеп» боп танылған. Айдап кеткен жәуміттен Барымтаны қайырған.
Кегін алған олардың Ер Төлептей жас батыр. Елу екі жорықта Жауды жеңіп, ерлеген, Әруағы өрлеген, Жау қолынан өлмеген, Көп жасаған хас батыр. Балуанияз, Ер Қонай, Тұрманбет пен Бердалы, Атағозы, Есболай, Сүйінғара, Құлбарақ, Асау, Барақ, Ер Шабай. Тағы, тағы батыр көп, Пана болған халқына, Ел тұшынған даңқына. Қайратының күшімен, Найзасының ұшымен Жер қалдырған артына. Алдағы атар таң үшін, Ана-бала қамы үшін Жатқа тізе бүкпеген, Ар-намысын тіктеген Бабалардың қанысың. Аспалық пен таспалық Жақындатқан алысын. Ашып көрсет бетіңді, Жәдігерін ерліктің Келімсектер танысын.
Бабаңның қайда байрағы, Жасықты жаныр қайрағы?! Тұлпарлар шідер ілдірген Қазыққа есек байланды. Азулы алғыр көк бөрі Көпек итке айналды. Дүлдүлдер басқан даланы Құрт-құмырсқалар жайлады. Би, шешен өткен арқалы, Тыңдаушысын ұйытқан. Батырлар өткен қаһарлы, Жауына түзде жолыққан. «Ұрпағы, - деп, - солардың» Кім айтады сендерді – Тазыдан қашқан қояндай Көлеңкесінен қорыққан?! Атаның дәбін ұмытқан, Жыланның тілін ұзартып, Ананың тілін қырыққан. Абыл, Ақтан, Қашаған Мәрмәрдан сөз қашаған. Сүгір, Түмен, Айтуған Жыр қаймағын жасаған. Айрақтының түбінде, Жырлап өткен Аралбай. Ұрпақтары шетінеп, Басы кетті құралмай.
Төгілген термен, қанменен Осындай күнге жеттіңдер. Тышқандай тығып, дәндеген Қытымыр болып кеттіңдер. Қазақша бояп, әрлеген Табалдырықты тептіңдер. Жеті алыптың бірі едім, Күн нұрынан түледім. Мекен еттім ежелден Маңғыстаудың түбегін. Солқылдатқан соққыдан Қан қақсап тұр жүрегім. Бауырымнан суырып, Алады әркім керегін. Бұрынғыдай жарқырап Көрінбейді бедерім. Жер басқанға ырыс ем, Жүзгендерге тыныс ем. Өн-бойымды дерт алды Білесің бе оны сен?! Қыз: Қайран Каспий – мұңлығым, Тереңіңде тұнығың. Жермен бірге жасаған Миллиондаған ғұмырың. Мынау жебір ғасырда Сүйретілді шылбырың. Жатырсың ба құса боп, Тойымсыз бен тобырдың Толтырам деп ындынын?
Теңіз: Жасаған ұзақ ғұмырда Көрмедім бұндай бүлікті. Алуан түрлі балығым Жағаға қашып, үрікті. Түбіме дүрбі салдыңдар, Қарнымды іреп, жардыңдар. Байлығың еді балығым, Обалына қалдыңдар, Көздерін ойып алдыңдар. Тыныш жатқан өлкеге Зобалаң, лаң салдыңдар. Жан алушы сияқты, Адам емес, малғұндар. Дәрігер бар емдейтін Сенің денең қанаса. Менің денем жаралы, Кімдер болар араша? Автор: Теңіздің тыңдап мұң-зарын, Қыз қалды жауап қата алмай. Күн қарап екі мұңлыққа, Жиекте тұрды бата алмай…
ТЕҢІЗ СЫРЫ
Жағама кеп, талай мұңлық өксіген, Суым кермек – көздің жасы көп сіңген. Сондықтан да толқындарым ашулы, Бұлқан-талқан көбік шашып, тепсінген. Ұлутаспен көмкерілген жағама Сән береді аққу менен шағала. Маған келсең, мұң-шеріңді қозғама, Сұлу көрініс, сылқымдықты аяла! Бұл жағаға кімдер келіп-кетпеді?! Жасыл құрақ қанша қурап, көктеді. Жалым биік, сырым терең, тұңғиық, Мөлдірімді ешкім шайқап, төкпейді.
ТЕҢІЗ ЖАҒАСЫНДАҒЫ ҚИЯЛ
Қанаттарын таң нұрына аунатып, Шағалалар қанат жайған Каспийге. Ұйықтап қапты тыңдап теңіз сарынын, Биік жартас, берік қамал – тас кеуде. Кең әлемге күн шуағын таратқан Бес саусақты теңгермеген Жаратқан. Тіршілік те – ала-құла, байқасаң, Күштілерге әлсіздерді талатқан. Біреу – семіз, біреу – арық, қарасаң, Биіктерге жете алмайды аласаң. Алысады пенделер мен өңгелер, Көкжиекті көрсетпейді ала шаң. Аспан ортақ маған, оған, саған да, Өмір ащы, өмір тәтті адамға. Кейде сыймай, қусырылып жүреміз Шекарасыз он сегіз мың ғаламға.
Ащы, тәтті алысады алаңда, Өмір деген кіп-кішкене аралда. Мақлұқаттар келіп-кетіп жатады, Бірі – тірек, бірі – күрек заманға. Біреу – тарпаң, біреу – жалтаң, біреу – от, Тепе-тең боп жаратылған пенде жоқ. Жаққан отың лауламайды мәңгілік, Қоламтаға айналады қызыл шоқ.
ЕСКЕРТУ
«Басынан Қаратаудың көш келеді..», Сыңсыған қыздың даусы естіледі. Аспанға үңілмейтін біздің ауыл Қара бұлт үйірілгенін кеш біледі. Дауылдан алдын-ала сақтанбаған, Дауысқа елеңдейді «Аттандаған». Ақталған ана сүті арқасында Намысы ауылымның тапталмаған. Қастерлеп ата-баба әруақты, Құлатпау үшін биік шаңырақты; Ерлердің өзі кетті құрбан болып, Артында сақтап қалған жері жатты. Қорғауға жаудан елін, жаттан жерін, Басынған дұшпандардан алған кегін. «Ұрпаққа мирас болып қалсыншы» деп, Батырлар туған жерге басқан мөрін.
Сондықтан атамекен – тұғырымыз, Жалғасқан сол ерлердің ғұмырымыз. Ер Қосай, батыр Төлеп, Шотандардың Тат баспай, қалып қойған сынығымыз. Бекбаулы, Бекет ата – қандасымыз, Көзіміз, тірліктегі айнасы – біз. Арылып күпірліктен, тазарып кел, Күнәһар топыраққа салмасын із. Жат жерлік! «Аңқау ел» деп, басынбаңыз, Мәрттікпен қонақ сыйлап, шашылғанбыз. Аңқаулау, әңгүдіктеу көрінгенмен, Бастан сөз, төменшіктеп, асырмаймыз. Сондықтан абайлап бас аяғыңды, Тойымсыз аша бермей араныңды. Оянса жер киесі шамырқанып, Біліп қой жаңқа болып қаларыңды.
Жарып жеп Алла берген ырысымды, Шығардың айбат шегіп, ұрысуды. Кір сіңіп, мыж-мыж болған шалбарыңның Бұл күнде өңі кіріп, қыры сынды. Толықтыр орта болса кемісімді, Бізге әкел өзің еккен жемісіңді. Бір кезде менсінбеуші ең «құла дүз» деп, Бұл жерге ата-анамның тері сіңді. Пәтерші болып жүрме жалдамалы, Қатарда азамат бол таңдамалы. Жікке емес, жіліктерге бөлінейік, Пейішке біздің өлке айналады. 1997 ж. АЛМАТЫ. ЖЕЛТОҚСАН. 1986 ЖЫЛ. (Баллада) У құйылып, күйіп жатқан өзегі, Алматыны үсік шалған кез еді. Барып қалдым суығында ақпанның, Жолсапардың келгенде бір кезегі. ...Қызметі, әжептәуір күйі бар,
Бір таныстың орталықта үйі бар. Бұрынғыдай қарсы алмады жарқылдап, Жүздерінде кіреуке бар... дүдәмал. Ашық Күлән болып алған бұйығы, Хамит салқын, салбырайды иығы. Ас мәзірі дастарханға келгенде, Мұз қабағы әрең-әрең жылыды. Жүз грамды Хамит алып тастады, Ашылғандай бұлт сөгіліп аспаны. Менің төте сауалдарым бойынша «Желтоқсанның хикаясын» бастады: - Біздің жастар масқаралық жасады, Күндіз күлкі, түнде ұйқы қашады. Үш күн бойы бүлік салды алаңда, Әрең басты Орталықтың жасағы. Арақ ішіп, шегіп алған анаша, Бұзақыға кім болады араша?! Орыстарға жету қайда оларға, Бойлары да, ойлары да аласа.
Аш қасқырдай қанталаған көздері, Темір тоқпақ төнетінін сезбеді. Төбеттерге айбат шеккен күшіктей Әлін білмей, опат болды өздері. Бір болған соң қазақ деген атымыз, Солар үшін біз де күйіп жатырмыз. Надандықтан, бодандықтан құтқарған Орыстарда кетті қандай хақымыз? Үлгі алып, кемелдендік орыстан, Ортақ мүдде, тағдырымыз тоғысқан. Салт-дәстүрін, «ұлы» тілін меңгеріп, Үш жүз жылдай болып кеттік туысқан. Сол жастардың көбі – ауылдан келгендер, Түйе бағып, қой соңына ергендер. «Дай, хлебке» келе алмайтын тілдері Бола алмайды ел билейтін кемеңгер. Орыс дейтін – рухы зор халық қой,
Бізден алғыр, ұлылығы анық қой. Достығымыз жасай берсін мәңгілік, Ал сол үшін елу грамм алып қой! - Деп басылды Хамит құрдас екпіндеп, Мазам болмай, отырдым мен кеткім кеп. Шыдай алмай, сөзін кесіп тастадым: - Ұлт намысын аяқ асты еттің, - деп. ...Алматыда бар тағы бір құрдасым, Бір кездегі қызметтес жолдасым... Сағираға қонақ болдым кешкісін, - Звандама, үйге кел, - деп тұрғасын. Өсіріпті әп-әсем қып екі ұлын, Әкелерін көре алмай отырмын. Сұрап едім, көзін қысты Сағира, Деді де: - Әлі оқып жатыр оқуын. Бір жұмбақты балалардан жасырып, Түр байқатты отырғандай ашынып. Ұнатпады «Желтоқсан» деп қалып ем, Мен де үнсіз қалдым сосын басылып.
Балаларды ұйықтатты да, телефонды айырып, Күрсінді ол әлденеге қамығып. «Желтоқсанның «сұмдықтарын» жыр етті, Жанарынан жас төгілді ағылып. - Менің жарым – нағыз Сібір қазағы, Қазақша емес, орысша оқып, жазады. Бірақ... Бірақ Желтоқсанда қазақ боп Кеткені үшін болып жатыр жазалы. Отыр қазір қапаланып, қорланып, Өткен күндер қателігін ойға алып Дейді: - Не үшін Отан қорғау жылдары Жауды жеңіп, Жеңіс күнін тойладық?! Жат жерліктер соғыс ашты жау болып, Сырттан келіп, аямауы – заңдылық. Дәм-тұзы ортақ, ауасы бір жұтатын Ағайынды қолпаштадық хан қылып.
Намыс үшін оққа тіккен бастарын, Желтоқсанда қыршын қазақ жастарын Фашистен де асып түскен жауыздық Көзім көрді қанын судай шашқанын. Қи-тезектей қыз, жігіттер күреліп, Жатты темір машинаға тиеліп. Қаскелеңге тартты он бес машина, Тас алаңға «тастар» жасап иелік. Бұйрық келді. Тас бөгетке тоқтадық. Солдаттар тұр қарулары оқталып. Алыс-жұлыс болып кетті әп-сәтте, Қар бетіне жатты қызыл шоқ тамып. Көз ұшында тұнжырайды Алматы, Қарулының көбі – орыс солдаты. Аяз сорып, қалтыраған қыздарға: - Шешін, - дейді,- шешін, қане, салдақы!
Аппақ дене ақ күмістей аршылып, Қар үстінде қар сияқты талшыбық; Қара шашы тарқатыла төгіліп, Жанұшыра жасап жатты қарсылық. Екі солдат кетті оған жабылып, Сүйреп барад шашын екі айырып. Лақтырып жібергенде бетонға, Ми шашылып, басы жатты жарылып. Соны көріп, есім шығып кетті де, Солдаттарды өзім алдым тепкіге. Не болғанын ары қарай білмеймін, Торға салған мені, «Сатқын» депті де. Орыс болды бала кезден достарым, Орысша оқып, орысша тіл ұштадым. Алмағайып күн туғанда басыма, Ұқтым кім дос, кім екенін дұшпаным.
Бір-ақ күнде кетті дүние айналып, Өз қаныма тілім шықты қайралып. Мен бір кезде «Сережа» боп аталғам, Қазақ болып жүргеніме арланып. Қаны таза мен – қазақтың ұлымын, Қазақ болып жасайды енді ғұмырым. «Барам, - деген, - қазақша үлкен оқуға», Бауырына басып екі құлынын. Үйден солай кеткен еді қоштасып, Жанарымды талдырады шық басып. Жарақаты жазылмаған күйінде, Бүгін бес күн екі айдан да кетті асып. Милиция капитаны атағы, Абақтыда әлі қанша жатады. «Милицияға жау көп, - дейді, - түрмеде», Тас түнекте таңы қалай атады?!
Деп, Сағира жылай берді егіліп, Ішін жегі құрт жатқандай кеміріп. Желтоқсанда қатып қалған мұз еріп, Жатырғандай тамшы болып төгіліп. Сол қатқан мұз әлі еріп біткен жоқ, Сондықтан да тамшы құрғап кеткен жоқ. Тебілсе де, шашылса да бұл қазақ, Әлі ешкімнің өзегіне тепкен жоқ. Құлагердей небір жүйрік, жалқыны Жұлып кетті Желтоқсанның салқыны. Жасалады қоғамда бар құбылыс Құрбандықтар төңкерісі арқылы.
ТҰРАН-ДАЛА
Шежіреге толып тұр батпан дала, Таулар сырын жасырған қатпарлана. Басың кірсе, аяқпен шыға алмайсың, Геродоттың сандығын ақтарғанда. Мінезіміз қашалған табиғаттан, Дауылдатқан, бұлт көшкен, жауындатқан. Ұл – аулаға өсірген жеміс ағаш, Қыз – жаттікі асқанда балиғаттан. Қанаттарын қомдаған қыран қайда? Қыранынан айрылған Тұран-Дала. Құрт-құмырсқа аулаған тірлік үшін Қоқиланып күйкентай жүр ауламда. Ер қанаты кешегі тұлпар қайда, Бүгінгілер бәрінен құр қалған ба?! Тұлпар мінген батырдың мойны үзілген, Түлкі-уақыт жалт беріп, бұлтарғанда.
Жатқа айналған туыс та, жақының да, Өз балаңа керексіз ақылың да. Адамдықтан ақшаның құны басым, Ел-жер, бәрі, себебі, сатылуда.
БҰЛ КҮНДЕ
Бұл күнде мал жайлауы ала тақыр, Қансыздар құлтемір боп бара жатыр. Ұлысы кім, ұрысы кім, көре алмайсың, Бәрінің бүркенгені – қара шатыр. Айыр өркеш аңқаулар алданып жүр, Құйрығына қоңырау байланып жүр. Аң патшасы арыстан жалын қырқып, Бұлаң құйрық түлкіге айналып жүр. Азайып бара жатыр шыншыл адам, Көбейді артық пайда, пұл сұраған. Күзеткен қожайынын төбеттер жүр, Қасына қаншық ертіп қыңсылаған. Сенбейсің семізге де, арыққа да, Аллаға жалынасың тарыққанда. Құныңның қаншалығын сезінесің, Құлекең «тамбайыңды» танытқанда.
Дүние өтіп жатыр алақұйын, Кигені – жыртық-тыртық, ырым-жырым. Әлеміш бояулардың бәрі қымбат, Бояусыз сенің құның – бір-ақ тиын. Топырақ әулиелі, киесі бар, Ұрпақтың топырақта үлесі бар. Күшіңнің қаншалығын білгің келсе, Бел жазып, қарсыласпен күресіп ал. Құламау үшін үйге белдеу керек, Уық пен шаңырақты жөндеу керек. Жылуы от басына жетпей жүрген НӘН бастар бере алады кімге көмек?!
БОС ҚАЛБЫР
Қазір бәрі жатса-дағы табылып, Біреулердің қалтасы жүр қағылып. Кеңіп кеткен құлқындары жебірдің Пейілдері кеткенімен тарылып. Түспеймін деп ойлайтындай тақтылар, Перза жолын пешка байлап, мат қылар. Көмейі кең болғанымен, пейілі тар, Өңештен қыл өтпейтін де шақ туар. Қонақ келсе, төрден орын береміз, Бірақ, бірақ осы күні неге біз Қонақ күту салтын биік көтеріп, Баба рухын төмендетіп келеміз?! «Құдайы» деп, мол дастархан жаямыз, Сыйлау үшін керегін де табамыз. Кетеді олар. Күңірсіген ыдыс пен Бос қалбырға ие болып қаламыз.
Осы сұрақ мазалайды күні-түн, Қалай ғана өз қағымнан үріктім?! Бабаларым намыс үшін тірессе, Мен басымды намыссызға иіппін. Жетер енді! Оянатын кез келді, Жер-Ана да, «Ел аға» да өзгерді. Президент «Ел сенімін ақтаймын, Халқым – менің бақытым» деп сөз берді. Бодан емес халық дүрдей жетілді, Сөзің, ісің болсын бірдей өтімді. Олай-былай былғаламай басыңды, Заманыңа анық көрсет бетіңді! Төтеп берген түрлі дәуір тезіне, Өз ұрпағы өгей емес өзіне. Үш жүз алпыс әулиелер жебеген Бұл өлкеде жатыр біздің шежіре. Жасыл байрақ желбірейді көгімде, Егемендік алуымыз тегін бе?! Өміріме желі тартып қазығым, Қағулы тұр туып-өскен жерімде.
Төбесін күн, теңіз шайған етегін, Мынау дала – менің атамекенім. Ей, жас ұрпақ! Ата рухын ұлықтап, Көк байрақты биігірек көтерің! Жүйрік уақыт баса алмайды ентігін, Қыран бүркіт өзі табар жемтігін. Абыздық пен қаһармандық байрағы, Түпкі тегім – Тоныкөк пен Күлтегін. 2010 ж. *** Ғасырлардан-ғасырларға көшкен ел, Өз тағдырын көшіп жүріп шешкен ел. Ырғалады қоға, қамыс жағада, Теңіз беттен тербеткенде еспе жел. Өтіпті атам жақсы күндер арман қып, Жеткізбеген, жолын кесіп аңғалдық. Өз тегіне тартып туар ұрпағы, Ойынға емес, ойыншыққа алдандық.
Жатқандай-ақ бақсы-балгер сиқырлап, Бүтіндікті бөлшектедік қиқымдап. Көңілді аулап, сезім жаулап жүр қазір, Жалаңаштар май бөксесі былқылдап.
ҚОЙ БАСҚАРҒАН ҚАСҚЫРЛАР
Қауымдықта шаншылған әр құлпытас – Бабалардың қайыспас тұлғасындай. Мұнда жатыр ерлік пен ерендіктің Ғұмырлары, ұзарған мың ғасырдай. Өрлік, ерлік бойына жинап алып, Талай ғасыр куәсі сырға қанық. Желге тосып маңдайын, күнге қақтап, Аспан сүйеп тұрғандай нұрға малып. Аты әлемге тараған тектіліктен, Ұрпақ едік тараған Көк түріктен. Ұйқылы-ояу біз жүрміз әрі-сәрі, Арыла алмай мимырт ой, көп күдіктен. Бізде бүгін түрліше ағымдар бар, Күлді-көмеш тірлік те, жалын да бар. Тереңдік пен берендік қанында бар Үнділерде мынадай қағида бар:
«Бір отарға қасқырдан басшы қойса, Қой қасқырға айналып кетеді екен. Қой басқарса үйірін қасқырлардың, Қасқыр байғұс қой болып кетеді екен». Күндер кешіп келеміз өрісі кең, Жарқырайды шын алтын көп ішінен. Көк аттыға жақпайды ит үрісінен Байға малай жағады жүрісімен. Заман жалын тарайды күнге қарап, Жесір жасын төгеді жерге қарап. Елін жауға бермеген, жерін дауға Қонай батыр, ер Төлеп, Асау, Барақ. Үлкендердің тілегі түгенделді, Кішілердің мүддесі көгенделді. Орындығы биіктің көздеріне Құрт-құмырсқа көрінер төмендегі.
Қайнап-қайнап зығырдан, буға айналды, Асқақ арман адасып, мұңға айналды. «Түлкі боғы – түсіміз» шынға айналды, Тамылжыған тәтті әуен шуға айналды. Хандарымыз жалданып, құлға айналды...
КҮН МЕН КӨЛЕҢКЕ
Адал сүтін емгендер анасының Бас ауырса, болады жанашырың, Қуаныш көп, жетеді қайғысы да Тіршілікте адамзат баласының. Танымайды туыс та байығасын, Өзін Зорбай, Қорабай танығасын. Ішек-қарын шылқылдап майға толса, Білетін де сияқты арымасын. Ісің түссе, әкімді жағалайтын, Оны «Әмір» деп әдет қой бағалайтын, Қалыптасқан заңы бар олардың да, Көп қаққанды есігін қаламайтын. Сонда-дағы барасың бағың сынап, Нан сұрайсың, бармайсың тағын сұрап. Адам деген – тоймайтын мақұлық қой Беретін жоқ, көбірек алушырақ. Құлақ салмай жұртының тілегіне, Арқа сүйеп әкім жүр тірегіне. Жолатпайды кіріптар, мүскіндерді, Ақсақ-тоқсақ пошымын көреді де.
Тақсырларға табынып биіктегі, Босағасын күзетіп, үріп көрді. «Тақ бергенге қарымта қайырам» деп, Тілінің де жартысын бөліп берді. Құзырына солардың тап қылмасын, Жалы биік астында тақ тұрғасын; Аузы қисық болса да, бай сөйлейді, Адасып кеп, басына бақ қонғасын. Мейірімге жарымай жүретіндер – Күн көзінен аз шуақ көретіндер. Көлеңкеге үңілмей, көзін байлап, Күнге жақын жүреді күлетіндер. Толып жатыр шөп-шөңге уысында, Байлық деген НӘНдердің уысында. Талғамы жоқ ажалдың құлқынысың – Сорлысың ба, бәрібір, ұлысың ба. Ғасырлардың қойнауын ақтарғанда, Тіл бітеді тас болып жатқандарға. Мәңгіліктің тайпалмас тұғырында Дуға-шуға булығып жатқан дала.
Көкке ұмтылған көңілдің бәйтерегі – Туған ауылым, сүйемін әр төбеңді! Адырнасын аңыратып ерлігіңнің, Көтерейін жырыммен мәртебеңді. «Адам жеген, - Адайды, - халық» дейді, Түбін білмей, жөнсіз мін тағып келді. Жайлы, жылы мекенде ұшып жүрген Біздің жаққа жыл құсы ауып келді.
ЗАМАНА ЗАПЫРАНЫ
Бай, кедей болып, еліміз тапқа жіктеліп, Кәдеге асты парықсыз нарық тіктеліп. Әкесі тірі, әкесіз өскен ұлдардың Төгілмей жасы, алқымында тұр кептеліп. Жетілмей жатып жемісін желге тонатқан, Обырлар жүр еңсесін ердің құлатқан. Серілер шықты көкектің әнін шырқайтын, Жесірін қорлап, жетімектерін жылатқан. Біреудің терең, біреудің керең зердесі, Бәрі де – бірдей Алланың құлы, пендесі. Көтереді олар тағдырдың түрлі тоқпағын, Белгілі бірақ пендеге пенде көнбесі. Кеуделі де жүр, өлмелі де жүр жер басып, Өрелілер жүр көкірек көзін кеңге ашып. Тірлігі үшін өрмелеп, өрден секіріп, Кеміргіштерден жүгіргіштер де жүр қашып.
Бай менен кедей, бөліндік тапқа жіктеліп, Егеменді ел боп, байрағымызды тіктедік. Саяхатшылар салтанат құрды сарайда, Жер иесі қорада жатыр кептеліп.
БАБАМ-АЙ!
Бабам-ай, бас имеген ұлықтарға, Қор болды қайран далаң мырықтарға. Бақида не айтасың, ей, күнәһар, Маһшарда Мүңкір-Нәңкір жолыққанда?! Баттың-ау, қайран далам, былықтарға, Жем болды аң мен құсың құныққанға. Уахабшы, зікірші боп балаң кетті, Қоғамнан әділетсіз торыққанда. Күн көзі көкіректің тұтылыпты, Қарынның бастан гөрі құқы мықты. Қу түлкі айла жасап, құтылыпты. Атамның айтып кеткен өсиеті Қара үңгір жүректерге жұтылыпты. Май сіңіп, күнге күйген қарағым-ай, Ашылған қараулардың аранын-ай. Халқына ырыс,байлық нәсіп еткен Жәудір көз Каспийім-ай, Аралым-ай!
Қайран жұртым-ау! Сорың ба, әлде бағың ба, Ересің түрлі ағымға. Басыңды шұлғып әркімге, Отырған жоқсың тағыңда. *** Әлемді жаулап ептілік, Барады үркіп тектілік. Тосқанға асқан ғасырда Үміттен гөрі көп күдік. Әділет көрге жұтылып, Жаназа жатыр оқылып. Бұрымын қырқып қыз бала, Жат дінге кірді шоқынып. Беттерін бүркеп, буынып, Қыздарым кетті шұбырып. Танымады ұлдар әкесін, Сақалды болып туылып.
ОБЫР
Обыр келіп, опырды, Төрге шашып қоқырды. Арыстанның тағына Түлкі келіп отырды. Бас бұйданы алғасын, Асырды ол айласын. Азық болдық түлкіге, Арыстандар, қайдасың?! Үркітбайдың мұрты өсті, Ширатуға жарады. Жұрынбайдың ұрты өсті, Төмен түсті қабағы. Бөлекбайдың қарыны Шалбарына сыймайды. Жарқынбай мен Ақылбай Іс таппай жүр ыңғайлы. Күндеріміз шуақты, Қоғамымыз қуатты. Күн-патшаны тағынан Үр-патшасы құлатты.
ТАУЫҚ-ТІРЛІК
Ауламызға түлкі келді айлалы, Елдің ішін үміт, күдік жайлады. Ұстағандар бұлаңдатып құйрығын Айрылып қап, бармақтарын шайнады. Түлкі кірді індігешке тығылып, Адамдардан аулақтаған, шығынып. Індігештің аузында тышқан тұр, Жылт-жылт көзі, арты інге сұғынып. Қоқиланып тауықтар жүр паң басқан, Қарғыларын мойнына байласқан. Түлкі, тышқан, тауықтардың дәурені – Қан-жыны бір, ым-жымдары жарасқан. Жілікке емес, жікке бөліп нарықты, Өтірікпен семіртіп жүр арықты. Өз жеріне өгей етіп түлігін, Қарық қылды тышқан менен тауықты.
Күзет қойып қақпасына тышқаннан, «Су жұқпас» деп, күйген маймен ысталған; Қу түлкінің жіліншігі ұзарып, Артын жабар құйрық біраз қысқарған. Тауықтар жүр өрісі кең, жайылып, Жайылымда іздегені табылып. Бота боздап, маңырайды қошақан, Қарыны аш, мамаларын сағынып. Жер талғамас тары жатса шашылып, Шоқи берер араны кең ашылып. Түлкі күтер семіргенін тауықтың, Өңешіне өткізуге асығып. Қошақан мен ботақандар байланды, Кең өрісі тар қуысқа айналды. Иіс сезгіш, аң қоректі жәндіктер – Түлкі, тышқан тұмсықтары майланды. Тауықтар жүр, бұғағы өскен қоқиып, Нарық дәні тамағына жұтылып. Жатыр бүгін бота, құлын, қозыға Тауық, тышқан, түлкі тілі оқылып.
КЕРЕГІН…
Керегін әркім келіп алып жатыр, Босатқан қалбырлары қалып жатыр. Қуатты құрал тауып Адам-батыр, Әртүрлі қиғылықты салып жатыр. Біреуі теңіз түбін сүзіп жатыр, Желкесін «тілсіздердің» үзіп жатыр. Денесі шұрық тесік қайран дала Біріне сес көрсетпей, төзіп жатыр. Жерім бай, елім бірақ ала-құла, Би-шешен елді аузына қаратуда. «Мырзалар» қамқор боп жүр мұқтаждарға, Бес-алты тиын беріп ара-тұра. Тау, таста даналардың сөзі жатыр, Халықтың көшіп-қонған ізі жатыр. Дүрбелең, атыс-шабыс сапырылысқан, Тарих та өз керегін тізіп жатыр. 1999 ж.
БОЗ СЕЛЕУ
Халықтың тіні – тілінде, Байлық пен көрік – білімде. Уланып өлді бір тышқан Ұрлаған бидай інінде. Іздейді ауру бақсыны, Көздейді оқтар жақсыны. Мақтайды қулар нәндерді, Ақылы бірақ тапшыны. Қандасын жүрген «тобыр» деп, Қазақ боп жүрген шоғыр көп. Ағаны алып жағадан, «Алдыма тұрма, жығыл!» деп. Ағаның белін сындырып, Сатылған құлға пұл болып. Түсіне кіріп әзәзіл, Оянып кетер жын болып. Халықтан бойын қашырып, Қайрайды тісін жасырып. Күштіні сырттай ғайбаттап, Алдынан шықса бас ұрып. Желіні сыздап бозінген, Ботасын иіскеп, исінді. Боз селеу басқан жотаға Көз тігіп, ана күрсінді.
КҮНКӨРІС
Көшеде машиналар тізіледі, Ағы да, қарасы да кезігеді. Сәуегей Асан атам машина емес, Дүниені желмаямен кезіп еді. Қуады, бірін-бірі қуалайды, Дамылсыз жол үстінде домалайды. Жұмабай таң атқаннан кешке дейін Қаланың іші-сыртын аралайды. Рульде қырық екі жыл отырыпты, Май сасып, талай шалбар жыртылыпты. Отыз жыл «водовозбен» су тасыған, Шиырлап бес ауыл мен бір құдықты. Келгелі бұл қалаға қадам басып, Күнкөріс жасап жатыр адам тасып. Ар құны, адам құны – жүз теңгелік, Қу құлқын жіберіпті аранды ашып. Күні-түн толастамай қарқыны бір, Ала тер машиналар алқынып жүр. Жол бойы жыбыр-жыбыр құрт сияқты, Қаланы шырқ айналып, шарқ ұрып жүр.
Барады машиналар ағып өтіп, Жаяуды бұрылыста қағып өтіп. Жол бойы – қан ұйыған күрең таспа, Жатса да ақпараттар шағым етіп.
ҚУЛЫҚ ПЕН СҰМДЫҚ
Қулық пен сұмдық мәреге жетті жетіліп, Іштегі дертің шығады болып кекірік. Дайын асқа қасығын ала жүгіріп, Шегірткелер жүр секіріп. Атамыз ойлау, анамыз бізге сөз берген, Ой менен сөзді жұқартып жүр-ау кез-келген. Қолтығына кез-келген жанның тығылып, Тініміз тарқап, тіліміз мың сан өзгерген. Тарихымызда дана қарттарым күрсінген, Санасына тарғыл тұман мен түн сіңген. Келіп жатыр шашырап жатқан қалың жұрт, Боз маядай ботасын көріп, исінген. Қаратауым сілкінбей жатыр бірақ та, Теңізі тулап, қашып кеткендей жыраққа. «Елім-айдың» алыстап кеткен сарыны Жақынырақ естіліп жатыр құлаққа. ***
Өзіне «құдірет, күш» еншілеген, Көбейді осы күнде емші деген. Жатса да ем-дауасы теріс кетіп, Ұялып, маңдайлары тершімеген. Көздері теңге көрсе жайнап кетер, Тілдері буыны жоқ сайрап кетер. Көрсетсең көзіңдегі теріскенді, Басыңа тауып берер басқа қатер. Сөйлесіп «әруақпен» ара-тұра, Көрініп қасиетті, дара тұлға; Жаралған жан сияқты көрінеді Алланың шапағатын таратуға. Тыңдасаң, жаза алмайтын науқасы жоқ, Сондықтан әрқашанда қалтасы тоқ. Сырт көзге емші менен емделуші – Көрінер соқырлардың саудасы боп. *** «Тәуекел» дейтін тектенбіз, «Әкелден» азап шеккенбіз. Алпауыт салған құрықтан Жуасып бүгін кеткенбіз. Қасқырдың сүтін емгенбіз,
Көк Түрік дейтін елденбіз. Мысырды билеп үш ғасыр, Тағына мініп көргенбіз. Төгілтіп көйлек кигенбіз, Салтанат құрып жүргенбіз. Ер-тұрман салып, ырғалып, Сәйгүліктер де мінгенбіз. Қайқының ізін жалғаппыз, Қашаған болып сайраппыз. Намысын жатқа бермеген, Атадан қалған ұрпақпыз. Рух бар да, өрлік бар, Қайрат бар да, ерлік бар. Тағдыр тапшы бірақ та, Алып басқа бөрік тар. Нағыз ерлік байқалар Қарбаласта, сынақта. Жеңілістер болса да, Рухыңды құлатпа! Қарсыласпен алыспай, Қашып жүру – масқара! Жыртылса да, бөркіңді Жау қолына тастама! Биікке ұмтыл, жас өркен, Қанатын қаққан қырандай. Безбүйрек болма елеусіз, Сортаңда қалған сораңдай.
*** Құлайды жанар көлеңкелерге сүрініп, Боздайды жүрек үміті бордай үгіліп. Оқшауланып қоңыр үй жатыр тігіліп, Кір-кір аспан төбесінде тұр үңіліп. Сарылған елес, кетпей-ақ қойдың санамнан, Жетесіз арман қисынсыздықтан жаралған. Топыраққа көмген бір дәннен өніп жатады Қаулаған орман тамыры кеңге таралған. Өмірге өмір жалғасып жатқан бір ағын, Ағызып кетер мөлдірі менен лайын. Барады біреу сөндіріп алып жарығын, Келеді біреу алдына ұстап шырағын.
О, ЖАРАТҚАН!..
Аспан ашық, Ара қашық, Сонау заңғар алаптан, Әмірі мен құдіретін кең әлемге таратқан; Қалай ғана тілдесемін Мен сенімен, Жаратқан? Өкпем өшіп, Сорды кешіп, Көкжиекке беттегем, Түсінбейді, түсінбейді Жол азабын шекпеген – Тағдырдың тар өткелінен мың сүрініп өтпеген. Тұншығамын, Мұң шағарым Сенен басқа жоқ менің. О, Жаратқан мекеніңде Барсың ба, әлде жоқ па едің?! Осы менің балдырдан ба, Маймылдан ба түп тегім?! Сенер едім, Сүйенерім, Безбендесең араны, Ақты ашып, жазаласаң қараны. О, Жаратқан, Түтін жұтып, күркілдеген даланы Қаралықтың дерті жайлап барады.
Табынарым! Жалынамын: Ақ жүрекке қуат бер! Ақ жүректер байлық емес, «Шынайылық – мұрат» дер. Ақ жүректі адамдарды Жалған болса, сынап көр!
МЕНІҢ АЛЛАМ
Көзден сіңіп, жүрегімде ұйыған Құдайыма күндіз-түні сыйынам. Өміріме қуат алып келемін Жаратқанның жарқыратқан нұрынан. Біреу мені «бақсыз» дейді бал ашып, Жүрмеген соң атқа, таққа таласып. Бірде жеңіл, бірде ауыр артатын Тағдырыммен келе жатам жарасып. Менің Аллам – жүрегімде, қанымда, Аллам барда – кірлемейді арым да. Менің Аллам ақ сақалды қарт емес, Отыратын күннің арғы жағында. Менің Аллам – алған әрбір тынысым, Менің Аллам – бақ пен дәулет, ырысым. Адастырмай жолға салып келеді, Мен Аллама ризамын сол үшін!
Бірде жалқы, біде қалың орманмын, Аш жүрсем де, біреулерге қорғанмын. Аспандағы ұшақтардың ішінде, Жаяулардың қатарында «мен» бармын. «Мені» жоқтар – құл болудан қашпайды, «Мені» жоқты – ит те, құс та жасқайды. «Мені» барға – қаптаған жау қайғы емес, «Мені» жоққа – қалтаң-құлтаң бас қайғы. «Мені» бардың – бәрінде бар Алласы, «Мені» барлар – тіршіліктің жалғасы. Жоғалтпайды Алла сүйген достарын Тарихта қалады өшпей таңбасы. «Мен» емессің – өз Аллаңмен қалмасаң, Ағыстарға қарсы жүзе алмасаң. Өз Аллаңды қорғау үшін жауыңа Бес қаруды белге байлап бармасаң. Ұлы Пірім, табынатын Аллам бар,
Солар жебеп, жетелейді армандар. Менен озып кете алмайды сондықтан Қажы болып Меккеге де барғандар. Бай, бақсының жалап-жұқтап қалдығын, Деп жүргендер «Қатарының алдымын» Бірдей әкеп, бірдей алып кететін Орындайды Жаратқанның жарлығын. «Мені» барлар – айнымайтын жақтасым, «Мені» жоқтар маған бояу жақпасын! «Мені» бардың қара шәйі болса да, «Мені» жоқтың тәттісінен сақтасын!..
ПАЙҒАМБАРДЫҢ ҮМБЕТІ
Көкірегіне көктемнің гүлін еккен, Адалдықты бойына үйір еткен; Ар алдында жауапты адам ғана Ала жіптен аттамай жүріп өткен. Алла жебеп жүреді осыларды , Шапағатын, сыйлығын ұсынады. Пайғамбар да атаған «үмбетім» деп, Бай, кедей деп, бөлмеген мұсылманды. Сауатсызы, сауатты, сопысы да Бес уақыт намазын оқыса да; Басын шұлғып оң, солға зікір салып, Алла аты аузында отырса да, Жақын емес Аллаға – тазармаса, Іші күпір, сырты үтір адам қанша! «Зәрулерден бой тартып жүремін» деп, Аллаға жететін жол таба алмаса. Әруақтар біреудің түсіне енді, Құранды әркім өзінше түсінеді. «Күнәдән пәк пенде» деп айта алмаймын Құран ұстап жүрген кей кісілерді.
Өмір – өрнек, ақ-қара кестеленген, Нақыл қалған пайымды естілерден: Аңқауларға «Алпауыз молдалардың Қылығы емес, айтқанын істе!» деген. Байлар жүр «Көмейімді бітесем» деп, Пайдасы тапқанынан екі есе көп. Кей қулар Мекке жаққа барып та жүр, «Алланы алам ба, - деп, - жекешелеп». Қазір молда көбейді Құран ашқан, Аңдысып, бірін-бірі кінәласқан. Бағынбай жеке меншік құзырына, Алла хақ, тағында отыр құламастан.
ОЙ ТҰНЫҒЫ
Адам біткен Аллаға сыйынады, Тартып пенде тегіне туылады. Жаратылыс заңынан беймәлімдеу Өз заманы әкелер ұлыларды. Ұлылықтың ұйығы – ой тұнығы, Жалбарыну, жалыну – құл қылығы, Жүре алмайсың ұлылар қатарында Тыя алмасаң нәпсіңді, құлқыныңды. «Алла – ұлы құдірет дара тұрған, Әмірімен тіршілік жаратылған» Деп жатады білімпаз ғұламалар, Дәріс беріп Пайғамбар шариатынан. Ұлыларды ұқсатам Пайғамбарға, Жөн көрсетер жолынан тайғандарға. Жанып, сөніп жатады шырақтарың Мәңгі байтақ құшағын жайған дала. Шапағаты маңына шашыраған Жасайды өз ғұмырын ғасыр-адам. Жердегі тас, аспан-көз жарқ еткізіп, Бейнесін өшпестей ғып басып алған.
Өмірді ажал шіркін мұқатады, «Тірлікті өшірем» деп, оқ атады. Мың ғасырлық өмірі жас еменді Темір балта бір күнде құлатады.
САҚАЛ МЕН МҰРТ
Кім тозды, кімдер озды – біледі жұрт, Сақалдан жоғарыда тұрады мұрт. Қайтсе де күштілерге жағу үшін Қырқысып еншілеспен, үреді қырт. Алланың сен де – құлы, мен де – құлы, Әркімнің өзіне аян жүрген жолы. Наурызда тоң түсіп, сағым ойнап, Ашады көктем көркін гүлге толы. Дарытқан табиғатқа даналығын, Пішті өлшеп Күн мен Жердің аралығын. Алланың құдіретіне мойынұсынып, Табыну – адам үшін саналы ұғым.
ФӘНИ – БАҚИҒА БАРАР ЖОЛ
Барады қайда асығып бұл адамдар?! Тұрмайды құздан асып құлағандар. Тұрағын көктен емес, жерден тапқан Жер жарған ысқырығы ғұламалар. Әсемдік бояу іздеп төңіректен, Әркімнің арман қуып өмірі өткен. Артына тастап асыл қазынасын, Алып пен сақилардың көбі кеткен. Қанаттар қалықтайды биіктерде, Олар да жығылады жетіп жерге. Алады жер қойнына шешіндіріп, Тонның да, керегі жоқ бөріктің де. Бұл жалған жоқты бармен күрестірген, Тоқты да жығады арық кем ішкенмен. Тіршілік ала-құла. Бақи ғұмыр Байды да, кедейді де теңестірген. Тірлікте шабысамыз, оқтасамыз, Бақиға жеткеннен соң тоқ басамыз. Біреуден артық ішіп, тартып ішіп,
Бірде мұз, бірде күйіп, шоқ басамыз. Біреуді жек көреміз, кектенеміз, Біреудің жер басқанын көп көреміз. Біреуді «Сопақсың» деп мазақ етіп, Тапалға «Аласасың» деп күлеміз. Ғұмыр-ай, шуылдаған, дуылдаған, Тіршілік – кең дастархан жиылмаған. Көктемде қаулап өскен жапырақтың Күз келсе, бірі қалмас жұлынбаған. Тұратын жамандықтан, жақсылықтан, Молдықтан, жаратылған тапшылықтан. Күн жарық, түн қараңғы, аспан ашық, Әлем кең, дүние тар – қайшылықтан. «Біздерден бұрын өткен тектілерім – Тұлғасы ғасырының» деп білемін. Солардың армандары арқасында Бұл күнге көшіп-қонып жетті елім. ***
Жан дүниемді жалаңаштап көрсетпеймін ешкімге, Жанған өртті тайсалмастан жалаңаяқ кештім де. Мен ауылда маңдайалды қыз болдым, Болып көрдім мүсәпір де, міскін де. Тәттіні де, ащыны да жұтып көрдім жеріп мен, Қатып қалған қара көнді көз жасыммен еріткем. Өмірдегі қиқымды да, сиқырды да арбаушы Көзбен емес, көріп келем, көріп келем жүрекпен. Ішкенің де, кигенің де бір-ақ сәтке жетеді, Қимастық та, жолдастық та – қызметтің өтеуі. Құлқын, бақ та, жылтыр тақ та – сырғанақ, Боран соғып, күн суытса, мұзға айналып кетеді.
Бәрі бекер, бәрі де өтер, қайғы менен қуаныш, Өмір дейтін – тоқтамайтын тулап жатқан бір ағыс. Біз келеміз ай мен күнді төбемізге көтеріп, Қатарына жете алмаймыз – олар бізден тым алыс. Жас күнің де, кекселік те өз үлесін алады, Өз әніңді өзге әнші сенен де әсем салады. Бір кездегі жүйрік атың қалса кейін бәйгеден, Қасыңда тек перзентің мен жан серігің қалады. Құрсағымды жарып шыққан бөбектерім – аласармас мұратым, Биік болсын ақбас таулар солар өрлеп шығатын. Ажарымды, қажарымды қатал уақыт үгеді, Аласарсам, балаларым мені арқалап тұратын.
Тірлігімнің таянышы, тарқамайтын базары, Қайнап жатсын оттан түспей қараша үйдің қазаны. Мен кеткенде анау жаққа аттанып, Әулиедей көрінеді тек оларға анасының мазары. Өз перзентін сүйе білу – ата-ананың міндеті, Өсіп-өшу, өзгерумен жаңарады жер беті. Барлық пенде – бір Алланың құлдары, Бар мұсылман – ғалейссалам Мұхаммедтің үмбеті. *** Дүние толып, кейде ортаяды, Ақ шуақ кем-кетікті толтырады. Сонау бір көктемде еккен талшыбығым Желбіреп жапырағы қайта оралды. Еседі теңіз жақтан таң самалы, Бозторғай таңда оянып ән салады. Шығыстан күн келеді құрақ ұшып, Дала-ару құшақ жайып қарсы алады.
Күтсе де түнде күнді ай бұралып, Мұңайып, жете алмай қалғаны анық. Өмір мықты – ғаламат махаббатпен, Жер ғұмырлы – күнімен мәңгі жарық. ӨМІР ТУРАЛЫ Көргенде жамандықты ашынасың, Көңілдің күйі келмей, басыласың. Жақсымен кездескенде бойың сергіп, Сарбалақ шәй ішкендей ашыласың. Өткір сөз, өктем мінез ерге лайық, Салқын қан, сырбаз мінез биге лайық. Ойыңды көрсететін іс болмаса, Ауызбен орақ орып жүрген – айып. Бай білетін ақылды құл біледі, Бай сөйлейді, құл бірақ үндемейді. Таяқтыдан аяқты сескенеді, «Бүлдіріп алармын, - деп, - бірдемені».
Жүргендер ұяттары тапшы болып, Кетіпті бұл күндері бақсы болып. Иманын қашырғандар Құдайды алдап, Жүреді әулиеге сақшы болып. Байқасаң, өмір – үлкен сынақ екен, Әр пенде бір-ақ рет туады екен. Достық та, махаббат та, тіршілік те Табысып, қоштасудан тұрады екен. Қажылар мұсылмандық тұтынғаннан Парызын өтеу үшін Мекке барған. Біреу жүр бетін жауып, сүйретіліп, Сәуріктей сүйретіліп шетте қалған. Әр адам – том-том кітап оқылмаған, Неліктен Прометей от ұрлаған?! Дана да, әйлеңкес те, арамза да Ажалдың құрығынан құтылмаған.
ТІРШІЛІК
Заманның қулығы көп зәнталағы Жымқырып, әркім сөзін қайталады. Өмірде өзі ойлап, түйін түйген Абайша сөйлеп, шынын айта алады. Тірліктің мен де өзімше сырын ұқтым, Төрінде Дала дейтін ұлылықтың. Тәтті ішіп, ащы ішіп, мұз да жалап, Күннің ақ шуағына жылыныппын. Саналы адам дейтін құндылықпын, Жанарға ай сәулесін тұндырыппын. Түбіне сіңіп кетіп, шыға алмадым, Шегі жоқ қиял дейтін тұңғиықтың. Кейде тоқ, кейде орта, босап қалам, Кейде әлсіз, кейде зорға ұсап барам. Арасы жер асты мен жер үстінің – Өлшеп бір қарасаңыз, үш-ақ қадам.
Біреу от, біреу көкке табынғанын Көрдім де, тіршілікті пайымдадым. Келгенін бір адамның көргенім жоқ, Аралап арғы беттің ауылдарын.
ЖЕР – ДӨҢГЕЛЕК
Биік шыңға шығып мен, Қарап едім төменге: Құмырсқалар жыбырлап, Өрмелеген өмірге. Жер бедерлі дөңгелек Жалғыз күн тұр төбемде. Асты – түнек, үсті – өмір Топырақтан жаралдық. Атауы бар әртүрлі Тіршілік боп таралдық. Жарық дейтін әлемде Жанып-сөніп тұрады. Жаңару мен ескіру Өмір сәнін құрады. Бір мұңайып, бір күліп, Бұл фәниден өтеміз. Жер дөңгелек. Зырғанап, Бәріміз де кетеміз. Бір-ақ тұтам тірлікте Өтірік те, шын да бар. Ездік пенен ерлік те, Қуаныш та, мұң да бар. Аз да болса тілекшің, Біреулерге керексің. Аз өмірді өксітпей Өткізгенге не жетсін?!.
ҚАЙШЫЛЫҚ
Ағаштан шыққан аршылып, Жапырақ жатыр жаншылып. Жаңару менен ескіру – Дүние толы қайшылық. Адамның соққан жүрегі, Тіршілік үні тараған. Өмірдің әлди бөбегі – Өмірге келген әр адам. Адамның беті, шырайы Ашыла бермес ұдайы. Ішіңде жатса ит ұлып, Көрінбес күлкің шынайы. Ғарыштың алып құшағы Ғаламаттарды сыйғызған. Тіршілік – өмір ошағы, Некесін жермен қиғызған. Алтын түстес қауырсын Күн астында қалқыған. Алып кетер күз желі Көктем исін аңқыған. Шалғайда жолдар жосылып, Ажырап, қайта қосылып, Зымырап алға жүгірген Үзілмес арман – қос үміт. ***
Бәрі де – арман, дүние – жалған, ол – шындық. Бір жақсылық көре қалсаң, еститінің – мың сұмдық. Дүниені дөңгелетіп әкеліп, Екі қақпақ арасына қусырдық. Өмір – арбау, оңға, солға жұлқыныс, Бұғалыққа мойын ұсын, мойын ұсынбау – бұлқыныс. Сан дәуірдің уысында иі қанып иленген, Бунақ-бунақ таулар жатыр тым-тырыс. Таулар тірі, бірақ онда өмір жоқ, Өмірі жоқ болғандықтан қауіп-қатер, өлу жоқ. Адамдар-ау, өмір – сенің сұрап алған сынағың, Сондықтан да «Өлем-ау» деп өкінетін жөнің жоқ.
Өмір дейтін – жиынтығы қуаныш пен қайғының, Молшылық пен қайшылыққа байлаулы тұр тағдырың. Қиындықтан қашатындар көрден көмек сұрамай, Күткені жөн құдіретті Жаратқанның жарлығын. Өлшеулі өмір. «Аз» да деме, «көп» деме, Ой-арманға өріс тіле, мақсатыңды шектеме! «Қалған көңіл – шыққан жан ғой» дегенмен, Туысыңнан құтылмайсың, мейлі, ұрыс, өкпеле!
ПОЕЗДА
Рельстер көсіліп жатыр жарқырап, Бойында оның көнбістілік және бар қуат. Болат жолдармен ауыр составтар жүреді Арманға толы жүрек пен жүкті артып ап. Болат жолдармен жетеміз алыс қиырға, Поезд тұрғанда сапарға шығу қиын ба?! Жолсерігі күтіп алып, шығарып салып тұрады, Жайғастырып жаюлы төсек-орынға. Ат-түйемен атамыз жеткен артынып, Мойымаған күш-қуаттары сарқылып. Көздеген жерге жете алмай жүрген – біздерміз, Әлемді кезіп жүрсек те қазір шарқ ұрып. Ат ерттеп, түйе қомдағандары – тағлым, Аталарымыз адаспай тапқан ауылын. Арам тер төгіп, адал ас ішіп әр күнде, Ай жарығымен өткізген ойын-сауығын.
Жүйткиді поезд, сартылдап болат табаны, Түп-түзу жолы, соқпақсыз ашық алаңы. Ішінде қарын толтырып, ұйықтап кететін, Әрекеті жоқ адамдар кетіп барады.
ДИОГЕН
Қаншама бұл фәниден дәуір өткен, Македонда Ескендір әмір еткен. Грек жерін жаулап ап, бері қарай Найзалы әскер жаяулап Сырға жеткен. Дайлар шыққан алдынан садақ іліп, Жете алмайтын жаяулар тұлпар мініп. Зұлқарнайын амалсыз шегініпті, Жарақат ап, иыққа жебе кіріп. Дайлардан беті қайтып, кері кеткен, Еліне жаулап алған билік еткен. Гректің данышпаны Диогеннің Жайында патшаға ел сөзі жеткен. Сұраса, ол – Эфордың баласы екен, Кемеңгер, адамзаттың данасы екен. Жүрсе де диуананың күйін кешіп, Халқының қиналғанда панасы екен. Әкесі оған мұра қалдырыпты, Диоген елді бірақ таң қылыпты. Жиһазын үлестіріп кедейлерге, Пенделік құмарлықтан арылыпты.
Таратып бар байлығын міскіндерге, Бір киер қалдырмапты үстіне де. Базардың ортасында жатады екен Төбесін тесіп ағаш бөшкенің де. Әмірші сарайына алдырмақ боп, Қаншама жұмсаса да шабарманын; Бірақ олар патшаға Диогенді Таба алмаған келтіру амалдарын. Диогенге патшаның өзі келіп, Бөшке аузында тұрыпты сәлем беріп. «Орындаймын, айт, – депті, – тілегіңді, Байлық берсем бола ма үйіп-төгіп?». Бетін бұрмай, Диоген былай депті: «Жарылқаушым – сен емес, Құдай, – депті, – Байлығың керек емес, сарайың да, Бөшкемде жайлы жатып, тұрам», – депті.
«Тыныш жүр адам қанын арқаламай, Қаларсың ертең құнын қайтара алмай. Сұрайтын сенен жалғыз тілегім бар: Былай тұр, күннің көзін қалқаламай!». Жоқ емес, қазір бізде даналар бар, Басына қауіп-тірлік қалап алар. Олардан жалы биік жабылар жүр, Жарлының жалғыз атын талап алар. «Бірақ та Диогенді қайталаған Жоқ қой, – деп, – осы күнде» айтады адам. «Бар, - дейді, - әр ауылда Зұлхарнайын, Бөшкені күн көзінен қалқалаған».
РУДАКИ
Сүңгіген мұңға, мүлгіген саздан Қасірет-умен ғазалдар жазған Рудаки тірі. Мың жастан асты Қаншама ханның тәж-тағы тозған... ...Сатани патша сарайындағы Әнші мен ақын маңайындағы Бағыныштыларын басқарушы етіп, Патша әмір оны тағайындады. Ұлы кеудеде маздаған өлең, Патша сарайын сазға бөлеген. Адамдық қуат – асыл мұраты, Дабыра-дақпырт жазбаған өлең. Әділет, теңдік тілепті ақын, Рухы биік, жүректі ақын Қалдырып кетті әлемдік мұра, Патшаға емес, халыққа жақын. Қара халықты жақтағаны үшін, Қасиет, кейпін сақтағаны үшін Көздерін ойып, сарайдан қуып, Қатыгез патша алыпты өшін.
Екі көзі ойылған ақын, Патша сарайынан қуылған ақын Шығыстың жарық жұлдызы болып, Тарихта жазып қалдырды атын. Көркемдік қуат, даналық дарып, Артында жазған бәйіті қалып; Қырық жыл сарай ақыны болған Қартайған шақта болыпты кәріп. Кеудесі жарық төгіп көреді, Рудаки әлі көріп келеді. Сатани патша сарайынан Біздерге қарай жүріп келеді… 1970 ж.
ҚАЙЫРШЫ
Жүгенсіз жүйрік сол дәурен, Басынан ұшқан балдәурен; Балдағы тық-тық келеді, Қария қалт-құлт, жандәрмен. Еңсесі төмен, еңкейіп, Кеміген қайрат – бор кемік. Баласы үлкен қалада, Кемпірі кеткен ерте өліп. Алысқа кеткен баланы Көре алмай, жаны жаралы. Қалыпты – ұлы көшкенде Қия алмай туған даланы. Хабарсыз кеткен баласы, Күнкөріс қуды-ау, шамасы?! Кетпейді елден қара шал, Табылар болса шарасы. Өмірі – ғибрат жанға ұсақ, Жатады құмда әнді сап. Қара нан тапса қара шал, Керіліп шығар хан құсап. Жетпістен жасы асқасын, Көзінен нұры қашқасын; Аяқтан, белден әл кетсе, Балдағын қалай тастасын?!
Жастығын берді балаға, Өзінен шыққан шарана. Оқыған ұлдан хабар жоқ, Жыл көшті талай арада. Қайрылмай кеткен көрдемше, Көрмей-ақ қойсын – көргенше! Қайыршы болған мың артық – Жат жерде бұғып өлгенше!
ТАБИҒАТЫҢ – ТАЛ БЕСІК
Түн үрейлі – шырақтарын жақпаса, Жұлдыз-моншақ, ай-сырғасын тақпаса. Теңіздің де байқалмайды тірлігі – Буырқанып, толқын тулап жатпаса. Әлем күңгірт – күн шуағын шашпаса, Адам күңгірт – жан сарайын ашпаса. Егер тірі әрекеттер болмаса, Жаратылыс күй кешеді басқаша. Меңіреулік қымтап жатар жер бетін, Алма-кезек ауыспаса күн мен түн. Өсімдік те, мақлұқат та өркендеп, Аша алмас ед жарық дүние келбетін. Табиғатқа кеселіміз тимесін, Қинамайық, тартып алып бермесін! Арасында табиғат пен тірліктің Жаратылған махаббат пен үйлесім. Табиғатты аялайық, сүйейік,
Табиғатпен бірге өсіп, өнейік! Табиғатты біздер үшін жаратқан Қорғау үшін, жасау үшін иелік. Табиғаттың құшағында бәріміз, Қаулап өскен тіршіліктің дәніміз, Табиғаттың көңіл күйін төрт түрлі Шырқап салар үзілмесін әніміз!
АЛМАСУ
Әдемі ай туыпты қияқтанып, Түнгі аспан тамылжиды сыр ақтарып. Жылжиды нәзік бұлттар бетін сипап, Шарбысы қошақанның сияқтанып. Назданып, жұлдыз күлген миығынан, Төгеді ай сәулесін қиығынан. Аспаннан тылсым сәуле жерге тамып, Барады бір керемет құйылып ән. Түн кетті моншақтарын шашып алып, Күн келеді көзі жайнап, шашы жанып. Жер-Ана дөңгеленіп бара жатыр, Иыққа қоржындарын асып алып. Еседі теңіз беттен таң самалы, Боз торғай таңда оянып ән салады. Саусағын күнге созып жасыл құрақ, Мамырда жатыр жайлап сай-саланы.
ЕСЕДІ САМАЛ
Еседі теңіз жақтан таң самалы, Бозторғай таңда оянып, ән салады. Күн жүгіріп келеді құрақ ұшып, Құшақ жайып дала-ару қарсы алады. Түнде күнді күткенмен Ай бұралып, Жете алмай, мұңайып қалғаны анық. Өмір дейтін – махаббат ғаламшары, Жерді сүйген күн көзі мәңгі жарық. Еседі таң самалы теңіз жақтан, Жағада аққулар жүр сылаң қаққан. Шағылып күн нұрына көкшіл жанар, Жарқылдап толқындары күліп жатқан.
ДҮРИЯ-ДӘУРЕН ЕСКІРІП…
Күн қызарып батып кетті, Күңгірт әлем кешкілік. Ашық дала тұйықталды, Дүрия-дәурен ескіріп. Көк жүзіне қалқып шықты Түн моншағы сүзіліп. Тұңғиық бір мұңға батты Ай сырғасы үзіліп. Түнгі аспан – сырлы әлем, Жұмбағы көп жасырған. Баураған мен жаурағанның Ұйқыларын қашырған.
ТАҢ АЛДЫ
Таң алдында бозамық сәуле шашылып, Күн кірпігі келеді жайлап ашылып. Дархан дала құшағын жайып аспанға, Жете алмай қалды көкжиегіне асылып. Күңгірттеу бақта қарағай басын тербеп тұр, Мүлгиді маңай, Кеудемді тылсым кернеп тұр. Көкірегіме аңқытып тірлік әтірін, Талшыбық-үміт гүлдеп тұр. Таң алдында тып-тыныш, бейқам айнала, Мөп-мөлдір аспан ұқсайды көкшіл айнаға. Салтанатымен ұйытып барлық дүниені, Қарайды көкке қабағын керіп паң дала. *** Күз жетіпті-ау жердің сұрқын қашырып, Сары жапырақ жатыр жолда шашылып. Қорғасындай қарақошқыл қою бұлт Түнеріп тұр көкжиекке асылып.
Шамал тартып күздің салқын лебі, Көк шалғынды жұлқып, жұла береді. Төмен салып, аспан түйіп қабағын, Зілдей-зілдей суық моншақ төгеді. Түн аспаны төнді жүзі сұрланып, Бұлтты жыртып, Ай қарайды ұрланып. Бізге жұмбақ сыр шертісіп жатқандай, Перде астына жұлдыз біткен жиналып.
ЖАЛҒЫЗ ТОРҒАЙ
Ауыр бұлттар аспанды торлап алған, Күз жаңбыры суық-ақ сорғалаған. Бүрсеңдеп жүр панасыз жалғыз торғай, Әр бұтаққа бір қонып, қорғалаған. Жалғыздықтан жүрегі жараланған, Суық ызғар өн бойын аралаған. Қалтырайды қорғансыз жалғыз торғай, Өз тобынан айрылып, дара қалған. Қатты жаурап денесі қалтыраған, Жүдеу, шық-шық күлкісін сарқып алған. Сұлу көктем желпіп таң самалымен, Жаз-жанынның жылуын тартып алған. Жалғыз торғай... Япыр-ай, нетер екен?! Серіктерін зарығып күтер ме екен? «Алыстаған шаттығын қуамын» деп, Әлде өзі де мерт болып кетер ме екен?!.
КИІЗ ҮЙ
Даланы көшіп жүріп аралаған, Алтай мен Қаратауды жағалаған. Ат мініп, түйе қомдап, саят құрып, Киіз үй дөңгелетіп, саялаған. Кереге алты қанат сыналасқан, Сығалап шаңырақтан тұрады аспан. Байланып керегеге иінді уық, Тұтасып, шаңырақпен қиюласқан. Ортада қара қазан қайнап тұрған, Басқұр-бау, ою-өрнек жайнап тұрған. Туырлық, түндік, үзік дөдегелі, Ши қоршап, белдеу арқан байлап тұрған. Сол жаққа ет жайылып, шыпта құрған, Шет жақта – шылапшын мен темір құман. Қасында сырлы, биік кебеже тұр – Балқаймақ, құрт, ірімшік, майға толған.
Сеңсең тон, шидем шекпен – үйдің көркі, Төбетей мауыт тысты, тымақ, бөркі. Тұсына он екі өрім қамшы ілінген, Және тұр домбырасы таққан үкі. Төсек қап, моншақ-түйін кермесі бар, Жүк аяқ, жастық ағаш... өңгесі бар. Қазақтың хас шеберлер өрнектеген «Киіз үй» аталатын көрмесі бар. Сүйекті ер, алтын, күміс тоғасы бар, Оюлы жабу, терлік, жонасы бар. «Сырығы шаңырақтың – ұл бала» деп, Қалдырған ата-баба мұрасы бар. 2000 ж.
…АҚЫННЫҢ ІСІ БІТЕР МЕ?!
(Махамбетше) Теңіз боп тулап, шайқалмай, Жақсы жыр жазып марқаймай; Адырнасын аңыратып, Көздеген тұсқа тарта алмай – Ақынның ісі бітер ме?! Арызы болса айта алмай, Қарызы болса қайтармай; Жолында ауып жүк жатса, Көтеріп нарға арта алмай – Ақынның ісі бітер ме?! Қатайып қыста қаңтардай, Көктеммен түлеп, жайқалмай; Тірліктен алған қарызын Өмірін беріп қайтармай – Ақынның ісі бітер ме?!
АҚЫН ЖҮРЕГІ
Жуан қарын, ашылғандар араны Көң-қоқыстан жемтік іздеп табады. Өлексеге үймелейді қарғалар, Құс төресі көкте қанат қағады. Жігер жасық, бірақ қиял-ой кезбе, Мен Фариза болғым келген бір кезде. Ақын жыры найзағайдың жарқылы Жалт ойнатар көкірегі күнсізге. Ақындардың сезімі – өрт, сөзі – үлгі, «Ақынмын» деп танытпадым өзімді. Қаһарланып қыстың келе жатқаны Күздің салқын қабағынан сезілді. Ақын деген – өз алдына басқа әлем, Бар ақынның жүрегінен жас көрем. Естімейді күрсінгенін, өксігін Тымағы бар, құлағы жоқ тас керең. Тіршіліктің тотығы мен қоқымы Ақындардың жүрегінен өтеді. Сортаңда өскен сораңдардың тұқылы Жүректерге жарақат сап кетеді.
Мейлі, мені мақұлдама, мақұлда, Ей, жарық күн, маған қарай жақында! Көлеңкеде бұғып жатқан тірліктен Сахараның шөлі керек ақынға.
ЖАС АҚЫНҒА
Батырлар жазар ерлігін Қылыштың өткір жүзімен. Қалам ұшымен өлермен Шұқылап жазар ез өлең. Бүлкілдеп желу жараспас Тұяғы асыл тұлпарға. Ұсақ құстармен таласпас Төрелік бар ғой сұңқарда. Жақсыдан қалған тұяқтар, Нөсерден қалған бұлақ бар. Шынайылықты жоғалтпас Өмірге өлшем – сынақтар. Ерлік бар бояуы өшпеген, Жұмбақ бар ешкім шешпеген. Кішілер ізет көрсетіп, Үлкеннің жолын кеспеген. Пішімің кіші болса да, Жырыңда болсын ірілік. Ақынның жатар өмірі Өлеңдерімен өріліп. Тегіне тартып тебінбес Ұясынан безеді. Атаның жүгін көтермес, Өзіне келсе кезегі. Басқа ауылға жүгірме, Өз басыңды түгенде! Екі аттың басы асау Сыймайды бір жүгенге.
Өзге емес, сондықтан Өз әніңді шырқай бер! Өлең, жыры жоқ елді Өзге халық «мылқау» дер.
СЫЙЛЫҚ
Бір күні Жексен інім жылап келді, Ол кезде шуақты еді, қуатты еді. «Ініңіз сырқат екен, Әулиеден Келейік бір шапағат сұрап», - деді. Сонымен барып қайттық Оғланға, Пір Бекет сүйеу болар сұрағанға. Сондағы алып келген тәбәріктен Мойныңа алқа тақтым аламанда. Анамнан қалған шашақ тұмар еді, Алладан саулығымды сұрап еді. Мен саған сол тұмарды сыйлап тұрмын, «Өнердің болсыншы, - деп, - Құлагері».
АНАМ МЕНІҢ!
Анам менің – аяулы кием менің! Сенсіз жұмбақ әлемді көрер ме едім?! Сенің дархан пейілің, мейірімің, Шалқар ауа, паң дала – демім менің. Ақыл бердің, ұлағат, сана бердің, «Алды-артыңа ойланып қара!» дедің. Дәмін алып сүтіңнің, тілім шықты, Омырауыңды аймалап, «Ана» дедім. Ай мен күнді сыйлаған анам менің! Қызықтаған бал тілді балаң едім. Әкелмесең сен жарық дүниеге, Тірлік иесі – адам боп қалар ма едім?! Аппақ сүті әр берген анам менің! Ақ жүзіңнен төгілген арай көрдім. «Өміріңді құра біл, жолың ұзақ, Өс, өркенде, туған жер – далаң» дедің.
«Өз жолымды өзімше табам» дедім, Адалға ердім, алдамшы арамға ердім. Ақ тілеудей желбіреп ақ жаулығың, Ақ жол тілеп, алыста қала бердің. Жастығыңның жарқылын маған бердің, Алғаным көп, сыйым аз саған менің. Қол жетпеді – аспаннан жұлдыз әкеп, Омырауыңа алқа қып тағар едім. Жаны жақұт, көңілі саз анам менің! Жүргенімді биіктеу қалап едің. Таяқ жедім, қайтейін, қиянаттан Арым таза, жаным пәк, адал едім. Қиналғанда қорғаным, панам едің, Шуақ едің, жұп-жұмсақ самал едің. Сен кеткелі күтімсіз, көңіл жетім, Шағынғым кеп тұрады саған менің.
Жаурап жүрсем, құрғатып алар едің, Қабағыма, қасыма қарар едің. Аспан жақтан жай түсіп, тасқа соқтым, Жазылмай жүр әлі сол жарам менің. Қатал тағдыр мені көп қалжыратты, Айдай ашық ажарды тұнжыратты. Көкжиегі жеткізбей үміттердің, Қараңғы түн жылатып, күн жұбатты. Сен көрмеген күндерім мұңға толды, Сен естімес құлағым шуға толды. Сенің жастық бедерің өрнектеген Жанарымнан нұр қашып, өңім солды. Сүрлеу салдым тірліктің тарауына, Түсініксіз жүргенім қай ауылда. Қақпа жабық, қамалдым тар қапасқа, Қатал тағдыр мелшиген қарауылда. 1982 ж.
АНАҒА СЫР
Ақ жүзіңнен арайлап, Таңның нұры тараған. Сені еске алып отырам, Қиналғанда, жан анам. Жанардағы нұр сынып, Мөлдір жасқа тұншығып; Қалтыратып бойымды, Аралайды бір суық. Жарқылдаған күндерім, Өтіп кеттің, не дейін?! Тірлік, мені не етесің, Болмай қалса керегім?! Көңілге қаяу бір түссе, Тазалаудың қиыны-ай! Аңқауларды алдайтын Түлкілердің қуын-ай! Күдерді үзіп күйзеліс, Ұзартар үміт өмірді. Тірлікте түрлі өзгеріс Көтеріп, басар көңілді. Дүние – шолақ, ой – олақ, Қазына жерде көмулі.
ҚАБІР БАСЫНДА
Мұнда менің аяулы жатыр анам, Жетімдікпен көп бейнет арқалаған. Ешкімге де қиянат ойламаған, Жаны жайсаң, көңілі дархан адам. Мұнда менің дамылдап жатыр анам, Адал жүрек, ақ пейіл аңқылдаған. Тірлігінде босаңдық көрсетпеген Менің анам – қайратты, батыр адам. Мұнда менің аяулы жатыр анам, Кере қарыс маңдайы жарқыраған. Нұр мүсіні жүректен өшпейтұғын, Баға жетпес мен үшін алтын адам. Мұнда менің дамылдап жатыр анам... АДАЛ ЖАР Биікте жүрсең, көтеріледі көңілің, Жақсыға ерсең, ашылар зерде-зейінің. Байлықтың молы, бақыттың зоры сол ғана – Сенімді болса өзіңе өмір серігің.
Керегіңнің бәрін де содан табасың, Ақ жүрегіңді алдына жайып саласың. Ақ-адал жүріп, арманға қолы жеткендер Түсіре алмайды бірінің-бірі бағасын. Пәктігімен қосылған қыздар жарына Кір жолатқысы келмейді ождан-арына. Киесіне жолығады екен опасыз – Қиянат етсе басына қонған бағына. Өмірге серік, көңілге көрік – жан жарың, Сүт бетіндегі қалқыған аппақ қаймағың. Әкесі менен анасы жүрсе жарасып, Бетінен қағып, жасқамайды ешкім балдарын. 1983 ж. *** Жастық-ай, шіркін!.. Түндері жарық күндізден, Жақынды «қашық», алысты «жақын» дегізген. Ақ қанат арман аунатып аспан төріне, Жанарды айға, көңілді күнге сүйгізген.
Жастық-ай, шіркін!.. Басыңнан дәурен көшпеген, Жан бар ма екен жалынын оның кешпеген?! Сағымдай жылжып, ұстатпай алыс кетсе де, Сағыныштар ғой көңілден күні өшпеген. Жастық-ай, шіркін!.. Жүзіңді гүлмен әрлеген, Сыңғырлап күлкі, сызылып өтті-ау сәнменен. Құштарлық сезім жүрекке әсем саз құйып, Ашатын жастар жан сырын сұлу әнменен. Жастық-ай, шіркін!.. Әзілің, күлкің жарасқан, Көкірек асқақ, таудан да биік әрі асқан. Қызықты кештер қиялмен болжап, бал ашқан, Қимастық, достық махаббаттарға ұласқан. Жастық-ай, шіркін!.. Сәулелі шақтың беттері, Жеріңнен сонау ай, жұлдыз жақын көктегі. Қарық боп нұрға, айналып жырға жүргенде
Байқалмай қалды өткені… 2009 ж. ЖАЛҒЫЗ АҚҚУ Таба алмай жүрмін, алаңдап жүрмін, Адасып, алыс аралда жүрмін. Құлазып жаным, тоңазып бойым, Өшкен оттарды жаға алмай жүрмін. Жүдейді көңіл, күндер өтпейді, Елестер мені төңіректейді. Өмірдің ешбір мәні қалмады Алыс сапарға өзің кеткелі. Жалғыз аққу жүзіп келеді, Мұңлы жанарын сүзіп келеді. Адасқандарды, жыласқандарды Тағдыр осылай кезіктіреді... *** Түнерсе көкте күзгі бұлт, Іздеймін сені үздігіп. Жанымды нұрға толтырған, Шуағын шашқан ізгі үміт. Қабырғам қақсап, қақырап, Өлуге жаттым жақындап. Қабағын түйіп қыраулы, Жатбауыр тұрды бақылап.
Мақсат та жоқ, тіл де жоқ, Жәндік болдым жер басқан. Дәрменсіз, әрсіз түріме Жирене қарап тұрды аспан. Кеселім қинап жатқанда, Күш бермей шипа, дәріге; Жақыным болып жүргендер Жоламай кетті бәрі де. Тік ұстап бойды жүргенмен, Көңілім кейде көрмен тең. Ұйқылы қауым тұсынан Бетімді сипап күнде өтем. ШУАҚҚА ТОЛЫП ЖАНАРЫҢ Шуаққа толып жанарың, Жарқырап неге қарадың? Айырық жолдар алыстап, Арманда кетіп барамын. Көзіңнің жарқыл шуағы Жылуын сеуіп тұр әлі. Кеудемде жатыр күмбірлеп, Сезімнің ақ сел бұлағы. Бақытын ойлап басқаның, Аяулым, сені жасқадым. Өмірдің жазын, көктемін Күрсініп артқа тастадым.
Айдынға жайған құшағын Аққуға жалғыз ұсадым. Жаныңды жүрсін әлдилеп, Арнаған саған осы әнім. ЖАСЫЛ ТАЛ Қарасам, сені көзге елестетем, Жасыл тал сенің бейнең емес пе екен?! Болмаса тілдесуді білмейтіні, Тал бойы сен сияқты келісті екен. Өседі ол, биіктейді, аспандайды, Дауыл да, аңызақ та жасқамайды. Көктеммен мәңгі жас боп қалу үшін Жап-жасыл күлпарасын тастамайды. Мені ешкім дәл өзіңдей сүйе алмаған, Сен едің «Ғашықпын» деп жыр арнаған. Бейнеңді өрімталдай еске салып, Мүлгіген мұңға батып тұр айналам.
КҮНБАҒАРЫҢ БОЛЫП ЖҮРЕМ Мөлдір сезім, мөлдір аспан тұңғиық, Сүтке толып аппақ ай да тұрды ұйып. Көкірегіме мәңгі солмас гүл ектің, Жарқыраған жанарыңнан нұр құйып. Қамсыз еді сол бір жарқын шақтарым, Маңдайымды аймалаған ақ таңым. Көрдің қанат қатайғанда көгершін Басқа жаққа ұшып бара жатқанын. Сені ойласам, биіктеймін, өсемін, Армандардың гүлзар бағын кешемін. Жақсы хабар күтіп ылғи сен жақтан Күнбағарың болып жүрем мен сенің. МАХАББАТ ЖАЗЫ Бір-бірінен адамзат аласа ғой, Ал ойлары бәрінің тамаша ғой. Сені «қара, көзі ала» дейді жеңгем, Шіркін, менің көзіммен қараса ғой!
Сенің айтқан әніңнің сазы бөлек, Ғашықтарға махаббат жазы керек. Жастық дәурен – мәңгілік қурамайтын, Алау гүлдер жайқалған жасыл желек. Жанарыңда күлгенде таң арайлы, Тал бойымды ақ нұрың аралайды. Сен екеуміз әлі ешкім жете алмаған Жүргендейміз аралап жағажайды. Ғашықтардың рахат тапса жаны, Жас дәуреннің еседі ақ самалы. Бұлбұл құстар сайрайды ұшып келіп, Аспалы Семирамида бақшадағы. Сені көрсем, кеудеме шуақ толып, Сезімдерім тулайды бұлақ болып. Кездесуге шақырсаң, шықпай қоям, Кездескенім өзіңмен ұнап тұрып. Би кешіне әдейі бармағаным, Қаперіме сөзіңді алмағаным – «Жүрегінің байламы бекем бе» деп, Жан сырыңды өзімше аулағаным.
Алыстама, аяулым, кел жаныма, Бақытымды сезінем сен барында. Сіңіп барам тұңғиық жанарыңа, Кіргендеймін Иранның гүл бағына. СЕНІ ІЗДЕДІМ Сені іздедім шаттыққа шөлдегенде, Жүйрік күндер тізгінін бериегенде. Сені ойладым, аяулым, сені көрдім, Әсем әуен жанымды тербегенде. Ар ма екенсің, аяулым, көріспеген, Алыстардан сағымдай елес берген. Көңілімнің сайратып сандуғашын, Сен кеткелі көктемнің лебі еспеген. Жазылмаған сен менің жырымдасың, Айтылмаған ешкімге сырымдасың. Сенен жырақ кеткен соң, аяулым-ай, Шаттығымнан бұл күнде мұңым басым.
Сені іздеп өткіздім көп күнімді, Шырын кезді, қызулы өрт-деміңді. Күндер өтті мұңайып, таңдар атты, Сені ойлап, ұйқы да көп бөлінді. Сені іздедім шаттыққа шөлдегенде, Асау тағдыр тізгінін бермегенде. Ақ жауыны арманның селдетеді, Сағыныштың саздары тербегенде. ТАНЫСУ МЕН ТАБЫСУ Бойыма қатқан мұздарды Еріте алмай жүргенде; Қысылып қалған кеудемді Кеңіте алмай жүргенде Мен сізбен танысқанмын. Жүрегім жылаған кезде, Арманым құлаған кезде; Жақыным жатқа айналып, Дұшпаным сынаған кезде Мен сізге жабысқанмын. Достардан қағыс қалғанда, Жұлдызым алыстағанда; Түндерім таңға ауыспағанда, Зіл басып майысқанымда; Шыдамды сарқып тауысқанымда
Мен сізбен табысқанмын. АҢСАУ Алыстан әдемі, саз ән келеді, Құс ұшып келіп, жерден дән тереді. Саямда бал құрақтар бойын жазды, Жанымның жайқалғанда бәйтерегі. Жанымның жайқалғанда бәйтерегі, Құлаққа жас кездегі ән келеді. Арманның көкжиегін кезіп жүрген Жас ғұмыр қайта оралса қайтер еді?! Қолдағы алтынды ешкім байқамайды, Келгендер кеткендерді қайталайды. Қарағай күзде ұшырып жапырағын, Көктемде жап-жасыл боп жайқалады. Балауса бал құрағы көктем едім, Сен – жүзген ақ арманның желкені едің. Жанымды алаулатып, сырға аунатып, Сезімнің күй пернесін шерте келдің.
Жанарың тұнық еді, ашық еді. Жаныма ақ шуағын шашып еді. Шарпылған жастық шақтың жалынына Қос жүрек бір-біріне ғашық еді. Көктемді қырға аунатып, жаз жайлады, Армандар сағынышты сазға айналды. Ақ кеме алыстады тербетіліп, Ақ желкен ұшып кеткен қазға айналды. Оралмас жастығымды алып қаштың, Жүрекке тәтті мұң боп қалыптастың. Мәңгілік махаббаттың аз ғұмыры, Сені аңсап, қиялдаудан жалықпаспын. ІЗДЕП ЖҮРМІН Мен сені іздеп жүрмін – Бақтардан мұңға батқан Қабақтан қырау қатқан; Түндерден шырақ жаққан, Бұлақтан жылап аққан. Қызғалдақ гүлін берген, Көктемнен күлімдеген Шарқ ұрып өзіңді іздеп, Талай түн көз ілмегем.
Алаулап таң атқанда, Шуағын таратқанда; Бұлт көшіп баратқанда Мұң шағып Жаратқанға. Ақ жауын селдеткенде, Жыр құйып жүректерге; Қыста қар жер бауырлап, Көктемін түлеткенде. Жаз келіп жайнағанда, Өң беріп айналаға. Құлпырып кемпірқосақ, Ақша бұлт аунағанда. Құстардың қанатынан Қиқулап салатын ән. Әлемнің төрт бұрышын Шарлауға жаратылған. Күздегі сұр аспаннан, Тау-тастан сыр ашпаған; Жалаңаш бұтақтардан Кірпігін мұң жасқаған. Теңіздің толқынынан, Дауылдан жұлқылаған; Жер-ана бесігінен Жұпары бұрқыраған. Жанардан жасаураған, Жандардан масайраған; Бүрісіп, солған гүлден Бүршігін аша алмаған.
Көз алмай төңіректен, Кештерден күреңіткен; Жолдардан бізден бұрын Керуен жүріп өткен. Көненің көздерінен, Шешеннің сөздерінен; Заманы ұлықтаған Абыздың іздерінен Мен сені іздеп жүрмін. СЕН МЕНІ САҒЫНАРСЫҢ Сен мені сағынарсың қыр асқанда, Ізіне көшкен бұлттың ұласқанда. Жолаушы қара бұлт та, ала бұлт та, Көз жазбай ай мен күнің тұр аспанда. Сен мені сағынарсың шаршағанда, Қырдағы таң самалын аңсағанда. Адамның қадірі мен құдіреті – Есінде біреулердің қалса ғана. Сен мені сағынарсың тарыққанда, Жаныңды жауыр күндер арытқанда. Сағыныш – сүйініш пен күйініштер, Сағыныш – өткен күннен анықтама.
Сен мені сағынарсың шөлдегенде, Кәззаптар шипа-сусын бермегенде. Сенгенің киіндіріп, шоқындырып, Арман мен үмітіңді жерлегенде. Сен мені сағынарсың таң атқанда, Шуағын әлемге күн таратқанда. Сағыныш – жүректердің табысуы, Адасып жүрсе де өзі жырақтарда. Әр адам келер күннің жетегінде, Сағыныш талайлардың көкейінде. Артыңда сағынатын біреу қалсын, Қоштасып сол ауылдан кетеріңде. БІЛМЕЙСІҢ Сен мені білесің бе? Білмейсің ғой. «Қаперсіз, жайбарақат жүр» дейсің ғой. Кеудемді көтертпейді ауыр тартып, Жүректің қалтасында үлпершек-ой. Сен мені түсінбейсің, түсінбейсің,
Көзіңмен өлшеп-пішіп, мүсіндейсің. Заңды құжат сақтаулы қойынымда, Басқалар көреді тек көшірмесін. Ойым бар, бойым да бар, таласа алам, Жаныма аласалар жара салған. Бәрінен биігірек көрінген соң, Мен сенің алдыңда алғаш аласарғам. Сен менің көргенімді көре алмайсың, Анықтап көрмеген соң, сене алмайсың. Анықтап көрмей тұрып, сенбей тұрып, Қолпаштап, өп-өтірік неге алдайсың?! Мен оған сеніп қалам «Шын екен» деп, Бұл күнде құл әдісін пұл етер көп. Мен бүгін кешегіңе көзім жетті, «Әркімге айтып жүрген жыры екен» деп.
Мұң табын көрмейсің бе көзімдегі, Сары тап сағынышым көз ілмейді. Хаттарың қауырсындай ұшып келді, Келмедің бірақ іздеп өзің мені. Сен мені түсінуге тырыспадың, Көңілдің қырау шалды қуыстарын. Сен болсаң, батыс жаққа батып кеттің, Мен әлі арай күтем, шығыстамын. СЕЗЕМ... Салқындық сезем Сұмдардың сұрғылт жүзінен. Жылылық сезем Жайсаңның жұмсақ сөзінен. Қаталдық сезем Мелшиген қара таулардан. Мейірім сезем Әз аналардың көзінен. Тереңдік сезем Аспанның заңғар төрінен. Таяздық сезем Жандардан ойсыз шіренген. Дархандық сезем Кеудесін керген даламнан. Тазалық сезем Кіршіксіз адал пейілден.
Ағыстар көрем Бастауы биік бұлақтан. Жарыстар көрем Дүбірлі жүйрік тұяқтан. Махаббат – кием, Сезімді тербеп оятқан. ЖҰТЫЛЫП ЖАТЫР Жайраңдап жүрдің, жан еркем, жанымда менің, Ол кезде мен де жарқылдап, жалындап жүрдім. Армандар – ағыс, үміттер – жарыс, Алыстап кетті, сағымға ердім. Күдік пен үміт алмасып, тартады алға, Күшіне сеніп ауыр жүк артады нарға. Адамдық сана, қасиетті ұғым біртіндеп, Жұтылып жатыр қалталыларға. Ел сүйген ерлер еңіреп жатыр, еңсесі төмен, Көретін көз жоқ, естімес сөзді құлақтар керең. Шындықты айтып шамырқанғанның Басында – тоқпақ, мойнында – көген.
ӨЛЕҢ ОҚЫ! Жойғың келсе қайғыңды – өлең оқы! Кешкің келсе айдынды – өлең оқы! Өлеңде – арман, шаттық, мұң мен үміт, Сайрайды мың құбылып бұлбұл, тоты. Өлең оқы мұңайған сәттеріңде, Сырлас серік табасың – дәт көңілге. Жазылмайды өмірге оғаш нәрсе Ақындардың сыр-сандық дәптерінде. Өлең оқы мазасыз шақтарыңда, Ақын шынын айтады ақтарыла. Олар ұшып жүреді шырақ жағып, Қыртыс-қыртыс милардың қатпарында. Тасыса да көңілің – өлең оқы! Жасыса да көңілің – өлең оқы! Түңілсең де өмірден – өлең оқы! Өлеңде бар сөнбейтін өмір оты.
МУЗА Перзентімдей мен сені аялаймын, Ұйқы бөлем, уақыт аямаймын. Сен оянсаң, әлдилеп жүрегіммен, Тербетемін басқаға қарамаймын. Маңдайыңнан мен сенің шуақ көрем, Сен барында – түн, тұман жырақ менен. Кездерімде шаршаған, шабандаған Қамшылайтын мен сені қуат көрем. Сипап тұрып, сүйемін тұлымыңнан, Айналайың тентектеу қылығыңнан! «Тентегімнің ұзақ қыл ғұмырын» деп, Жалықпаймын Музама сыйынудан. Сен бе, әлде мен сенің жетегің бе?! Жалықтырмас сазымсың көкейімде. Кете алмаймын. Білемін, саған ғана Тағдырымның байлаулы екенін де.
Табыстырған айналдым Тәңірімнен! Жүріп келем өзіңнің әміріңмен. Мен өлгенде басымнан дүние емес, Музам менің! Айналдыр дәуір-өлең! ТОБЫЛҒЫ ТОРЫ «Сұлудың ең сұлуы – тобылғы торы». (Үлкендерден естігенім) Тобылғы торы шыбықпын, Алысып желмен, шынықтым. Тасымай жатқан тұнықпын, Самсаған жұлдыз шырақтар Сүңгіген түннен сыр ұқтым. Тобылғы торы – сұлулық, Шұғыла төгер құбылып. Тобылғы торы – тазалық, Жанар мен жүрек нұрына Жүретін әркез жуынып. Өзгеріп кеттік боянып, Тобылғы торы туылып. Тобылғы сапты қамшының Өрімі қалған жұлынып. *** Байрағым сізге байлаған, Өлеңім, жырым арнаған. Дүние көзді байлайды, Қызылды-жасыл – айналам.
Қым-қуыт тірлік, байбалам, Біреу жүр тісін қайраған. Шарпылып екі жылтыр көзғ Жаласып, ауыз майлаған.
Сарнайды сыздап сар далам, Тынады тыңдап бар ғалам. Жетім мен жесір толып жүр, Көзінің жасы парлаған.
Ұйқылар жатыр қанбаған, Түс көріп, көңілін аулаған. Көшеді бұлттар жөңкіліп, Тамшысы жерге тамбаған.
«Герлерден» туып, жабы боп Кеткенім үшін арланам... -------------------------------------- Маңмаң-гер, құла-гер, арда-гер 2007 ж. АЙЫПТЫ НЕ?! Жүруді тар соқпақпен үйреніп мен, Аңқау ем, аңғарымпаз күйге еніппін. Қорғайтын тағылардан шоқпарымды Тастамай лақтырып, сүйреп өттім.
Алланың құлымын мен құлақкесті, О бастан қулық-сұмдық жырақ көшті. Ентелеп Парнас тауға келе жатсам, Үстіме тымақты түн құлап түсті. Жанымның жапырағын жайып күнге, Моншағын ақ жауынның тағып гүлге; Күтсем де, бақшамнан дәм тата алмадым, Торғай ма, әлде құйын… Айыпты не?! 2003 ж ЖОЛДАРЫ КӨКТЕ ҚЫРАННЫҢ Ақын жүрегі – төгілген жауын сорғалап, Ініне кіріп кетеді жәндік жорғалап. Ұясы жерде, жолдары көкте қыранның, Шың басынан шөл басады екен мұз жалап. Қайнаған қаннан тулайды тасып тентек жыр, Басылмаған өзегімді жалын өртеп жүр. Жарық күнімді бедерін ашқан даланың Қысыр бұлттар шелденіп іші, бүркеп жүр.
Талпынып ұшқан сусылдап жүрек қанатым, Арманды өріп соғады әрбір сағатым. Соға тұршы барабан-өмір қақпағын, Жүрегім менің жырымнан тыныс алатын. Ақын жүрегі – төгілген жауын сорғалап, Ініне кіріп қорғалар жәндік жорғалап. Ұясы жерде, жолдары көкте қыранның, Шың басынан шөлін басады мұз жалап. ЖАЛҒЫЗДЫҚ Таласқым келмей, жарасқым келмей ешкіммен, Қусақ көлдегі құлазып жүрген Ақанның күнін кештім мен. Төгінділерге тойдырып, қарнын томпайтып, Ұсақ торғайлар пыр-пырлап ұшады үстімнен. Көріп тұрғанда, күліп тұрғанға жармастым, Ақ бояуларым, қараға жиі алмастың. Көктемгі жасыл жапырақтарым жайқалмай, Тағдырым – құйын, боранды қыс боп жалғастың.
Аласұрғаннан, жан ашулардан шаршадым, Пенде біткеннен табылмас бір күй аңсадым. Дүниені шолып, көзімді ашып көргелі, Кірпіктеріме мұз болып қатты қанша мұң! Мұқалып келем, мұз бенен шоққа қайралып, Қан қатқан жүрек барады мұзға айналып. Мелшиіп тұрған жалаңаш жартас сияқты Ой-жағалауда қимылсыз қалдым байланып. Түсінбей мынау жыбыр мен у-шу, дабырды, Сезінбес жандай иықтан басқан ауырды; Селт етпейтін меңіреу жартас секілді Қасқайып тұрып қарсы алам дүлей дауылды. Басымды имен көнбісті жасық пенде боп, Үрлеген сайын шалқиды шапшып мендегі от. Жирентіп бітті адамға біткен сананы Аздыру үшін жаралған жалған дүние-боқ.
Қараңғы құшып, еңсемді бұлтқа сүйедім, Кеземін жалғыз қайғының қара түнегін. Құдайдан өзге құдіретке қазір бой бермей, Қарысып тұрған, алысып тұрған дүлеймін. Таласқым келмей, жарасқым келмей ешкіммен, Жапанда жүрген жалғыздың күйін кештім мен. Жабығып кеттім. Жалығып біттім айнала – Тірлігі өңсіз, мұңсыз дос, ойсыз кескіннен... ӨЗЕКТІ ӨРТЕП, КҮЙДІРГЕН... Өзекті өртеп, күйдірген, Ішімде күйік өртім бар. Басымда құрттар кемірген Жазылмай жүрген дертім бар. Желдеткіш-үміт, арманым, Кеудемді біраз желпіп ал!
Запыран жұтқан мұңлықпын, Ішімде қасқыр ұлыттым. Еститін оны ешкім жоқ, Жақыннан, жаттан торықтым. Барады дертім қабынып, Жарылам ба деп қорықтым. Жүрегім шерден күпті боп, Жүргенше көзге түрткі боп; Тезірек көрге кіргім кеп, Кеткенде жаным жай таппай... Райдан қайтам, себебі, Үміттен қалам жүкті боп. Өртеніп тұрған көрікпін, Темірді соғып, еріттім. Дамылсыз соққы қинады, Жүрегім соғып, деміктім. Тәттіге әуес көпшілік, Мен ащыға жерікпін. Ағайын, жолдас көп болған, Сыйланып жүрген кезімде. Біреуін іздеп таппағам Қиналып жүрген кезімде. Төкпедім. Іште бүктедім, Өзімнің қайғым – өзімде.
АУЫРТПАШЫ ЖҮРЕГІН ЖАРАЛЫНЫҢ... Ауыртпашы жүрегін жаралының, Көре білсең арының тазалығын. Өмір деген мұхиттың тереңіне Үңілмеуден таяздап барады ұғым. Қаталдықтан, қайғыдан, қапалардан, Жалғандықтан қасірет тартады адам. Жазықсыздар мерт болар мұзға тайып, Кінәлінің күнәсін арқалаған. Жазғырмашыкүле алмай, түнергенді, Қатал, суық жүзінен түңіл, мейлі. Көлгірсуді білмейтін асқақ жаны Аласарып, алдыңа бүгілмейді. Жұмбағы көп сырының шешілмеген, Ойлы көзден мұң табын өшірмеген. Оның тартқан азабын, жан сырқатын Түсінбейді басынан кешірмеген.
Күле алмайды, ылғи да күрсінеді, Содан, мейлі, қалжырап жүрсін өңі. Ол ашпайды ешкімге сырын терең, Қиындықпен өмірді бір сүреді. Басымды ием қиындау тағдырларға, Бұлт сіресер жауатын жаңбыр барда. Біреу күліп жүргенде, біреу күңгірт, Шешілмеген жұмбақ көп адамдарда. Көлеңкесі, күнгейі сапарласқан Дүниеге, тірлікке таңмын мына. ҚҰЛАЗЫҒАН ДАЛАДА ЖЕЛ СОҒЫП ТҰР... Құлазыған далада жел соғып тұр, Мағынасыз қарағай теңселіп тұр. Жұртта қалған көңілім алау-далау, Меңіреулік мелшиген... Не сұмдық бұл? Менің жаным қаяулы, замандасым, Жоғалтқандай арманның ақ алмасын. Жалын шашпай, жүрегім булығады, Шоқпыттармен шырмалып қайран басым.
Адамдықты арыммен өрнектегем, Армандаушы ем «Жазам, - деп, - өрнекті өлең». Жазда келіп қыс түсті көңіліме, Гүл-сезімді мұңға орап, жерлеп келем. Сенуші едім бойымда от барына, Тамызығы таусылып, тоқтады ма?!. Құштар көңіл шуаққа бара жатыр, Жанышталып тағдырдың тоқпағына. Қашпа менен, жалынам, нұрлы сезім, Көмілмесін қоқыспен көңіл көзім. Жеткіз, жырым, тыңдайтын құлақтарға Таусылмайтын бұлақтай жүрек сөзін. Мен – адаммын, ерекше құбылыспын, Қанаты бар қиялда қыран құстың. Жәндік болып жыбырлап жер басқанша, Көкте самғап, келеді биік ұшқым.
Мен биікпін, асқақпын Арманыммен, Жаз жанымды қыс-қырау шалғанымен. Нұрға аунатып алам да жүрегімді, Талай әлі қауышам таңдарыммен. Жүрмесе де өмірде жолым болып, Қу дүние, көрмеспін құлың болып. Қоштасармын досыммен, дұшпанмен де, Қалар бірақ серігім өлең болып. Өзімді ұстап жүремін байсалды қып, Дүлей боран көрмеген тайсалдырып. Тағдырдың тар тізгіні тежемеген, Әкемдей жаратыпты қайсар қылып. *** Мен дүниеге келгелі Көрмеппін әлі жайланып, Жүріп келемін ілгері, Кедергілерге қайралып. Келбетім салқын сияқты, Мінезім жұмсақ, көнбіспін. «Қиянат сенен көрдім» деп, Кінәламайды мені ешкім.
Айлалы қуға арбалып, Қиналып қалған кезім бар. Төңіректейді мені ылғи Жүрегі тас та, сөзі бал. Жымысқылар күлсе де, Көмекейін жасырып; Көбік сөзі желге ұшып, Арты қалар ашылып. Етегінде тусам да, Қаратауға шыққам жоқ. Ақ желкенін арманның Сонда-дағы жыққам жоқ. Шындық жетсе мәреге, Көп болады жақтасым. Ары аяққа тапталып, Ез болғаннан сақтасын! *** Көңілсіз бақ қарсы алды Сұстанып тіл қатпастан. Қарағайлар байсалды, Жапырағын зіл басқан. Жабырқау хал айналам, Көмейге тас байлаған. Сұлулықтан кешегі Ешбір белгі қалмаған. Бұтақтардан қақырап, Сөгіледі жапырақ. Қыстан жылу іздеген Мен – бір ессіз ақымақ.
Күліп тұрып, жылаймын, Жылап тұрып, күлемін. Тоңдыр, күйдір, бәрібір Өмір, сені сүйемін! МҰҢ Жаным жүдеу, жалқымын, Бүтін емес, жартымын. Шеңгелінде жаншылдым Сыңар езу талқының. Өлі де емес, тірі емес, Бағы тайған пендемін. Ешкім дауа тапппаған Дертті умен емдедім. Әділдікті іздеумен Күн өткіздім өкініп. Шапалақтап бетімді, Күліп жүрем өтірік. Күн шуағы шашылмай, Көңіл күңгірт ашылмай; Дар алдында мен тұрмын, Қу тірлікке бас ұрмай. Кептеп алып тар тұзақ, Алқымымды ісірді. Аяқ-қолым салсырап, Шала жидым есімді. Күнім барда мақтаған Жақындарым жат маған. «Бал екен» деп байқамай, У қалмапты татпаған Көкірегіме мұң батып,
Күлкімді алдым ұрлатып. Өтірік, өсек бел алды, Тобырға сөзін тыңдатып. Қиянатқа көнбіспін, «Ақылдыға» сенгішпін. Көрге кірдім түбі жоқ, Көре алмайды енді ешкім. ТҮНГІ ҚИЯЛ Ойынға құмар сәттерім, Мазасыз, неткен тәтті едің! Балдәурен – әсем суретті Ашылмай қалған дәптерім. Кеземін қиял көгін мен, Ұйқыны түнгі қашырып. Қарайды үнсіз мөлдіреп, Жұлдыздар көкте шашылып. Алаңсыз ұйқы қаза боп, Күтемін таңды сарыла. Көңілде күпті маза жоқ, Өткіздім бір түн тағы да. Түн құшағына кіреді Жарығы сөнген терезе. Тынығу керек, себебі, Бұлжымайтұғын ереже. Терезелерде жарық жоқ, Ұйқыда жатыр маужырап. Қиялды қуып түнімен, Таңертең тұрам қалжырап.
Сен егіп кеткен шыбықтар Солды да, қайта көктеді. Құнарлы жерде өссе де, Тамыры терең кетпеді. МЕНІҢ АЙЫМ «Жырым-сырым екеуі – егіздерім, Екеуін екі бөлек емізбедім. Жатсам-тұрсам, мұң шағып дәптеріме, Жабырқаған жаныма ем іздедім». (Мұқағали) Менің айым көгіме дара қонар, Жарқыратып шырағын самаладай. Көңілімнің көгілдір айдынынан Қанат қағып, қалқиды шағалалар. Арман, алыс жақтарға асықтырдың, Ғашық қылдың, Сезімім тасып, күлдім. Пәтерім тар, бірақ та Беу, ағайын, Жыр-орданың есігін ашып кірдім.
Жүрекжарды жырымды танырсыздар, Пенделікті көріп кей жаным сыздар. Жұлдыз болып кетіпті жалынсыздар. Дауысы зор көкесі айтақтаса, Аламанға түседі дарынсыздар, Қағып-соғып өтетін абайсыздар… ЖЕЛ СОҒЫП ТҰРАДЫ ҰДАЙЫ Десем-дағы: «Иманым кәміл, тұнықпын», Көңілім – күңгірт, өмірім – быт-шыт, сынықпын. Қатыгез жандар жаралап кеткен жазықсыз, Қан-жоса болған жүректі жаспен жуыппын. Күлгенім – жалған, жылағандарым – шынайы, Кірген жоқ әлі жүзімнің анық шырайы. Бойымды құрсап ызғарлы сыздың салқыны, Теріскей жақтан жел соғып тұрды ұдайы.
Серпіле алмай, қертілдім талай, арыдым, Табанымды мұзға да, шоққа қарыдым. Жаралы жанға айығу үшін ем керек, Сыздайды жүрек, білмейсің оны, жарығым! Біреудің терең, біреудің керең кеудесі Бәрі де – бірдей Алланың құлы, пендесі. Әміршісіне бағынғанымен фәниде, Белгілі ғой пендеге пенде көнбесі. Кеуделі де жүр, өлмелі де жүр жер басып, Өрелілер жүр көкірек көзін кеңге ашып. Тірлігі үшін өрмелеп, өрден секіріп, Кеміргіштерден жүгіргіштер де жүр қашып. *** Аспан ортақ саған, оған, маған да, Өмір тәтті, өмір ащы адамға. Кейде сыймай, қусырылып қаласың Айды аймалап, күнді құшқан ғаламға.
Өмір ащы, өмір тәтті адамға, Ащы, тәтті алысады алаңда. Бірін-бірі толықтырып жатады, Молшылық та, таршылық та ғаламда. Балқарағай көкке бойлап өседі, Өз тағдырын әркім өзі шешеді. Арманына қарсы келер тағдыры, Адамдар бар маңдай соры бес елі. Кейде түтін, кейде жалын, оттымын, Қорғанатын хандығыммен мықтымын. Біреу үшін – байлығым бар бағалы, Біреулерге – көк тиындай жоқ құным. ШЫТЫНАЙДЫ КӨҢІЛІМ Ештеңеге көңілім тоқтамайды, Алқымымды ісірді ноқта-қайғы. Тіршіліктің тарылып қыл көпірі, Шыбын жаным шырылдап, отта қалды.
Ақ пейілім – арамның жәрмеңкесі, Алушылар – құзырдың әйлеңкесі. Әділеттің кезегі жеткізбейді, Жылмаңдардың таусылмай мәймөңкесі. Көкіректе қасірет зілі батпан, Көзде нұрым сарқылды еріп аққан. Танымайды түрімді көрген кісі, Омарташы сияқты ара баққан. Жүргізбейді кес-кестеп қара мысық, Жақындасам, тырнағы алады осып. Орта жолда мен тұрмын пәре-пәре, Аққу, қаздар төбеде барады ұшып. Тарылтады тар бөлме тынысымды, Шытынайды көңілім шыны сынды. Жанашырды жат бауыр иеленді, «Жау кеткен соң, тасқа шап қылышыңды».
Күлкіге емес, көңілім мұңға бейім, Бағынбаса жүрегім, мен не дейін?! Түте-түте, қыл-қыбыр, жүн болыппын, Күлтеленіп төгілген жібек едім. 1981 ж. ЖҮРІП КЕЛЕМІН Тақ мінгендерге байқалмай жүрмін, Жырымды төгіп айта алмай жүрмін. Байқалмасам да, айта алмасам да, Алған бетімнен қайта алмай жүрмін. Ауған жүгімді арта алмай жүрмін, Бел арқан босап, тарта алмай жүрмін. Дәм татқан ауыл алыстап кетіп, Қарызды алған қайтармай жүрмін. Бетімді күннен қалқалап жүрмін, Таудан тас жинап, арқалап жүрмін. Бала кезімде үйренген әнді «Ұмытпайын» деп, қайталап жүрмін.
Жүгіріп, кейде баяулап жүрмін, Көлікпен, кейде жаяулап жүрмін. «Ізімнен біреу келеді ме» деп, Көбірек артқа қарайлап жүрмін. Қатардан қалмай, жүріп келемін, Көлеңке көрсем, күдіктенемін. Шаршаған белді бүгіп келемін, Жүріп келемін, жүріп келемін... *** Көркем ой көкірегіме сыналасып, Тұрғанмен, сөзім кетеді қия басып. Қиялым – толастамас жүйрік ағын, Бір-бірін қуып жүрген қуаласып. Санамды қайғы қажап, қаза болдым, Келемін құлы болып азап ойдың. Жүйкемді жұқартып жүр керіп, созып, Кәдімгі көкпар тартқан қазақ ойын.
Жүремін мазам кетіп, жай таба алмай. Бір күнді бір күн өтеді қайталамай. Сапарлас серігіңе сену қиын, Бармағын басып тұрған байқап алмай. *** Аспан ашық, мөлдіреген ай мұңды, Еміп менің жатырғандай қайғымды. Жүрек сорлы қасіреттен тілініп, Тасқа соғып, маңдайым да шағылды. Қалтырайды көк аспанда көп шырақ, Пәк жүректің ауыр дертін топшылап. Тоңды сезім, тоңды жүрек, тоңды үміт, Көкіректе – жауабы жоқ көп сұрақ. Шуақты күн қуанышты, ғайып түн, Арманым ба, тағдырым ба, айып кім?! Ешбір емші жаза алмаған дертімнен Жылдар жылжып, әрең-әрең айықтым.
Домбырадан төгілгенде күй құлап, Жан-жүйені оятады жұлқылап. Ойлағанда кешегің мен бүгінді, Сай-сүйегің шытынайды сырқырап. Ойым тұнып, мұңын жиып баршаның, Арманыма бөгет болды қарсы ағын. Жынды ырғақ күндіз-түні жұлмалап, Мазалады, жазалады. Шаршадым. Бір ауыл бар қыстап қалып, көшпеген, Шырағы тұр жыпылықтап, өшпеген. «Батыс, шығыс желі соғып іргеден, Сөндірер, - деп, - сол шырақты» сескенем. ТЕРЕЗЕМЕ ТЕЛМІРМЕ, ТҮН! Тереземе телмірме, түн, Қап-қараңғы сенің бетің. Жұлдыздарың жарқырайды, Ашып заңғар аспан көркін. Тереземе көзің сатпа, Қап-қара қып бояу жақпа. Сені қалай кіргіземін, Сыйып жүрмін өзім шаққа.
Тереземнен үңілесің, Тірлігімнен түңілесің. Ызғар тартқан жүрегіме Кіргің келіп, телміресің. Тереземе үңілмеші, Қап-қара боп көрінбеші. Күтіп тұрмын арайлы таң, Жарық күнім, өзің келші! 1982 ж. ҰЙҚЫСЫЗ ТҮН Тарсынбайды ұясын құрқылтай да, Ұйқым қайда, япыр-ау, ұйқым қайда?! Не іздеймін көз ілмей, мазам кетіп?! Көздемегем о бастан құлқын пайда. Жұрттың бәрі тып-тыныш ұйқысында, Мазаң ойлар жүйкемді жұлқысуда. Тағдырымның биі мен күйін тыңдап, Мықтысын да көргенмін, олқысын да… ЖҮГІРЕДІ ОТ ТАСЫП… Ағыл-тегіл ақ жауын Сатырлатып құйып тұр. Ақ көбік қып маңайын, Қайың, талды жуып тұр.
Бұлт бұрымын тарқатып, Шашын жайып, тарады. Аспан бетін найзағай Осып кетіп барады. Шомылады нөсерге, Терезелер шық басып. Машиналар көшеде Жүгіреді от тасып. Аспан беті – қап-қара, Бетін мұнар басыпты. Найзағай мен күркілден Ай, жұлдыздар қашыпты… ЗЕР КӨЙЛЕГІ ЕСКІРГЕН Керегімді таппай жерден, ешкімнен, Ғұмыры ұзақ сергелдеңге түскенмен; Ақпандағы жаурасам да суыққа, Сыздың исі сезілмейді үстімнен. Жамбоз ағай: «Болашағың бар», - дейтін, «Бару үшін терең білім ал», - дейтін. Әкем бірақ: «Тақ-тақ арты – тақ-тұқ», - деп, «Өлеңді қой, айтқан тілді ал», - дейтін.
Білім берген ұстазымды сыйладым, Өмір берген әкемді де қимадым. Тапқанымды шығара алмай жарыққа, Жүрегімнің түпкіріне жинадым. Керегімді таппай жерден, ешкімнен, Әрі-сәрі сергелдеңге түстім мен. Күн жиекке бара жатыр батуға, Қып-қызыл боп. Зер көйлегі ескірген. ШАҢЫРАҚТЫ ҮЙДЕ ӨСІП ЕМ Көкжиек болып көсілем, Ақ самал болып есілем. Көгінде жұлдыз самсаған Шаңырақты үйде өсіп ем. Бақыттың барша құстары Көктемде әнге салатын. Төбеге шығып әкеміз, Қоштасып күзде қалатын. Анамыз ұршық иіріп, Текемет, киіз басатын. «Қонақ қой үйдің құты» деп, Толтырып қазан асатын. Таңертең тұрып, әкемнің
Әкелуші едім торы атын. «Атқұмар бала екен» деп, Үлкендер мақтап қоятын. Балалық күнге өкпе жоқ, Белгісіз болып өткен жоқ. Алыстап кетті аралдай Баратын қайта өткел жоқ. АСПАНДЫ КӨРДІМ ШАЛҚАЙЫП Бал-аяқ болып келгенмін, Аспаннан емес, жерденмін. Қып-қызыл қаным өрт болып, Жалыннан өлең өргенмін. Аспанды көрдім шалқайып, Арманды қудым марқайып. Уақыт көшіп барады Ұйыған сүті шайқалып. Қаратау жатыр шіреніп, Аспанға басы тіреліп. Бозторғай ұшқан боз төбе, Шаруасы жайлы ел едік. Ақ шәлі бұлты үлбіреп, Сөгіліп жатыр селдіреп. Теңбіл көкке қарайды Үкілі дала желбіреп.
Еңсесі басқан төбені, Тауларым паң да, өр еді. Әруақтардан дарыған Пейілді еді, кең еді. Мыңғырып өрген түлегі, Шеткері жатқан түбегі. Құлаған ойы теңізге, Қақталып күнге қыр елі. Мұңалбай шауып жүр еді, Ұстапты бүгін жүрегі. Қорасы кеткен күреліп, Толыбай жасын төгеді. Қиянда жатқан мекенге Қараушы еді үркіп Үкең де. Баспана болды бұл күнде Алыста жүрген шет елге. Көгілдір әлем – көркем ой, Бөлей гөр жанды шуаққа! Қанатын қаққан армандар Аласармасын бірақ та. ТАУ ЖАҚЫНДАУ АСПАНҒА Жарықтар бар жалынсызды жасқайтын, Жарықтар бар жанға жылу шашпайтын. Қошқарлар бар қарағайдай мүйізі, Серкелер бар ұлы жолға бастайтын.
Мөлдір аспан – сахнадай ашылған, Күннің көзі шуақ болып шашылған. Құбылыс пен қозғалыстан тұратын От-жанарды түн кірпігі жасырған. Сайдан гөрі тау жақындау аспанға, Саз балшықтай езілмейді тастар да. Салыстырып, ойлаймын да, үңілем Бөрік астында бұғып жүрген бастарға. Біреу басын, біреу асын бұлдайды, Бассыз елді, қарын көлді былғайды. Нағыз ерлік сыналады күресте, Шын болатты от пенен су шыңдайды. ӨЗЕГІМДЕ ӨРТІМ ҚАЛАР Жаны жалын, көзінде от жарқылдаған, Ғашықтардың әні көп айтылмаған. Махаббаттың мәңгілік жыры қалды Жалын-жүрек, от-көмей ақындардан.
Көктем керек жер бетін сырлау үшін, Ақын керек көктемді жырлау үшін. Жастық керек ғашық боп қыз бен жігіт, Бір-біріне ләззат сыйлау үшін. Кәрілік еркімді алар, көркімді алар, Өлеңім – өзегімде өртім қалар. Күл-қоқыс бетін бүркеп жасырғанмен, Тасты да керек еткен ерітіп алар. КҮРЕҢ КҮН Мақтағанды ұнатып Ұрысқанды жек көрдім. Ауыр сөзді жинап ап Көкірегіме кек түйдім. Өлшеместен салмағын, Қапшығымды толтырып; Дәннен гөрі сондықтан Масақтарды көп тердім. Алақанның орнына Жұдырығын сыйлаған; Зіл түсіріп жүйкеме, Басып-жаншып, қинаған; Тонап жатыр күрең түн Шуағымды жинаған. Қиян кезіп қиялым, Көкірекке сыймаған…
ЖҰЛДЫЗДАРМЕН ТІЛДЕСЕМ Қоңырқай кештің самалы Шашымды желпіп, тарады. Қанатында ұшқан құстардың Арманым кетіп барады. Жалғыздық жанды жауратып, Қариды мұзға аунатып. Тіміскілейді ұры түн, Зығырданымды қайнатып. Шыдамның шегі шертілді, Жігердің жүзі кертілді. Өлеңмен күреп шығарам Іштегі жалын, өртімді. Жұлдыздарменен тілдесіп, Жеткіздім сырды Айға да. Үңіліп тұрып бетіме ол, Кірпігін қақты жай ғана. *** Қан қайнаған жүректен жыр тасиды, Қанның жыры жылытар мың ғасырды. Ал қарыны су ішіп, нан шайнаған, Жасамыс жыр – аңшының бір басуы.
Мықты емес қаламұш қауырсыннан, Көк сияны ақ қағаз ауырсынған. Аласа екеніңді сезінесің Биікке бойын созған самырсыннан. Өмірдің ақ пен қара жолағы көп, Қиялым қияларды шолады көп. Көргенде бабалардың көшкен жұртын, Запыран жүрегіме толады кеп… ОТ Күн шығады от болып, Шоқ болады батқанда. Бар кетеді жоқ болып, Ажал көрпе жапқанда. Бершімегі даланың – Әруақтар мүрдесі. Орман, тоғай, көкорай – Жердің үлде-бүлдесі. Тозбайды екен топырақ, Қанға сасып жатса да. Топырақтан өнеді Қып-қызыл гүл бақшада. Таң атады от болып, Күн батады шоқ болып. Бүгін келген қонақтар Кетеді ертең жоқ болып.
Жанып едім от болып, Сөніп барам шоқ болып. Іргелікті көтерші, Жел жағыма ық қылып. ТӨҢІРЕККЕ БІРДЕЙ КӨЗБЕН ҚАРАМА Толқын тулап, жағадағы жартастың Шапшып барып, жағасына жармасты. Терлеп-тепшіп, моншақтары шашырап, Асауменен ауыр салмақ шайқасты. Тентектерін көбік шашқан қапалы, Маңғаз жартас кейін серпіп жатады. Қайсарлықпен міз бақпайтын өр бейне Елең етпей, үнсіз ойға батады. Толқын тулап, шапшымаса жағаға, Толқын алтын ала ма?! Боркемік боп үгітілсе, жартас та Жартас болып қала ма?! Әр нәрсенің атауы бар, орны бар, Төңірекке бірдей көзбен қарама!
*** Жарамсақ сөздер мезі етті, Қылығы сайқал, өзі епті. Булығып жатыр түтіндеп, Өлеңім өртеп өзекті. Далаға шыққым келеді, Еркіндік – маған керегі. Аймалап самал өбеді, Желбіреп жасыл желегі. Шырпысын шағып даланың, Ішіме шырақ жағамын. Құмдары қандай тап-таза, Көк теңіз шайған жағаның! Көгілдір теңіз, кең жазық, Буы мен нуы – елге азық. Аспанда түнгі ай-жұлдыз Серуен құрған, бой жазып. Есігін ашып даланың, Моншағын үзіп, тағамын. Шырпысын алып тұтатып, Ішіме шырақ жағамын. ЖҮРЕККЕ ӘЖІМ ТҮСПЕЙДІ Сұлулық, өнер, ерлік те – Дүние сәні тірлікте. Бәрінің ашар есігін Өмірдің кілті – жүректе.
Азайып әлің, қуатың, Кәрілік алар еркіңді. Уақыт тырнап, шимайлап, Солдырар ажар-көркіңді. Бастауын алар жүректен Тірліктің күретамыры. Өмірдің әрбір адымы – Жүректің дүрсіл қағуы. Жаралған оттан, алаудан, Қызуы бойға таралған; Дүрсілдеп соғар бар жүрек, Қып-қызыл қаннан жаралған. Тозады ажар-көркің де, Жинаған асыл мүлкің де. Жаңарулар мен ескіру – Уақыт, заман еркінде. Махаббат оты өшпейді, Өшкенді өмір кешпейді. Қайнаған қаннан жаралған Жүрекке әжім түспейді. СЕКСЕУІЛ-ҒҰМЫР Көз тоймайтын сұлулық бар көркінде, Кең дүние табиғаттың еркінде. Қыста жауған қалың қардан көк өніп, Қозықұйрық қаулап шығар бір күнде.
Сексеуілдер құм орманын құрайды, Шөлге, желге, дауылға да шыдайды. Түтіні жоқ, шоғы бірақ қызулы, Қыр қазағы сондықтан да шырайлы. Құм бораған қырды жаяу кешкенмін, Сексеуілдей ойдақ-сойдақ өскенмін. Тамыры тым тереңдікте жататын Сексеуілмен тағдырласпын, өшпеймін *** Оқ қағарлық әдет жоқ болмысымда, Арманыммен араға тұрды сына. Бұл фәниде мұңдының, күрсінгеннің Мен емеспін басы да, соңғысы да. Толып жатқан шөп-шөңге қуысында, Қаптың аузы – нәндердің уысында. Берген әмір өзіне қайырады Сорлысын да, нәнін де, ұлысын да.
Бәрімізге күн ортақ шуақ төккен, Қай пендені тіршілік тұрақты еткен?! Сондықтан да адамзат дүниеге Жылап келіп және де жылап кеткен. Өз жайымды шама жоқ ойлануға, Жүрем ылғи жат қиял шырмауында. Қайырымды әлдекім қолын берді, Шың басына шыға алмай тұрғанымда. Пенде – әлем ұлығы, сорлысы да, Бақ пен оқтың көздеулі ұңғысына. Сондықтан да күлген мен күрсінгеннің Мен емеспін басы да, соңғысы да. ҚАРАМА Маған олай қарама, өтінемін, Бықсып жатқан көк түтін көкірегім. Жалыныңа оранып, жанып кетпей, Өрт шарпыған күйіме өкінемін.
Енді бекер, бәрі де керек емес, Жаным жалқы. Қасымда жүреді елес. Өкініштің сілтіден ащы екенін Өзі татып көрмеген біле бермес. Өмір ащы шынайы адамдарға, Әділеттік Құдайын таба алған ба?! Бозторғайға шашылған несібені Іліп алып кетеді жаман қарға. Маған олай қарама, шырайланып, Құлатарсың. Басым тұр шыр айналып, Сіңіп қара қуысқа жоғалғандар Көреді екен көзімен Құдайды анық. ЖАСЫМДЫ СҮРТІП… Жасымды сүртіп жұбатшы мені, жақсы адам, Сыйлашы бір гүл бал ара қонған бақшадан. Өмір бойы жинаған барлық қазынам – Зілмауыр тастар сандықта ешкім ашпаған.
Тас-сандықты шығара алмай күркемнен, Әлсіздік жеңіп, айрылдым жігер-еркімнен. Аша алмай қойдым қақпағын, басым босамай, Тағдырдың қатты тырнағы бүріп желкемнен. Ұрғандарды қуалап мені таспенен Ақылды тыңдап, «Тоқтатам, - деппін, - аспенен». Тастарды жинап, асылды сыйлап басқаға, Белестен өтіп, теңізді кешіп, аш келем. Зілмауыр тастар... Көтеріп келем құламай, Дауыл да мені теңселтті алай-бұлағай. Құласам, бірақ қайтадан тұра алмаспын, Ей, жақсы адам, сондықтан маған бол абай! ҚАРАҒАЙДАЙМЫН ТҮЗДЕГІ Қорғансыз жалғыз қарағайдаймын түздегі, «Құлатамыз» деп, талайлар мылтық көздеді. Таспадай қаным тартылған кезде серпіліп, Мертігіп қалды өздері.
Күрсінбейтіндер түсіне білмес ештеңе, Бұйдасын тартпай, барады жортып көшке ере. Алдыма түсіп, жолымды менің бөгейді Үрулі қарын, мес дене. Шанышқы-тілмен іш араздығын ұқтырып, Тырнатпақсың ғой қойныңа мысық бұқтырып. Ала алмайсың ғой, ер Төлеп – арғы нағашым, Қанымда – мәрттік, мықтылық! Жыл құсы келіп, көктемнің күйін шерткенде, Ертелеу кетіп, үзілген әнін сұрадым. Мен естімеген беймәлім бір ән төккенде, Мұңая тыңдап тұрамын.
ЖҰБАТПАҢДАР!
Жұбатпаңдар, жұбатпаңдар, ағайын! Тазалансын, шаңын қағып, күңіренген шанағым. Қалай ғана сыйғызармын жарылмай, Өзегімде өтеніп тұр, кептеліп тұр нала мұң. Жалаң ғұмыр! Жалаңдаған қу ғұмыр! Қыр соңымнан қалмай қойдың, сен құрғыр. Қалай жүрем, қайда барам, япыр-ау?! Алдым – үрей, жолым – тұман, бұлыңғыр. Әрең жүрмін сүйретіліп, Сүлдерімді тастамай. Тұлдыр екем, тұлдыр екем, масқара-ай! Төпей берме, діңкеледім, сәл сабыр, Тас тағдырым, үркек керді жасқамай. Жақсылыққа жаны құштар пенделердің бірі едім, Көзге қораш көрінсем де, арманыммен ірі едім. Басымды езіп, көзім шыққан қорлықтың Зардабынан ауырсынып, қақ айрылды жүрегім.
Жұбатпаңдар, жұбатпаңдар, жұбатпаңдар, ағайын! Бөгет болмаң, запыранымды бір төгілтіп алайын. Ей, адамдар, жыламаңдар! Қайғыға мен ең соңғы Жол бермейтін бөгет болып қалайын. Қуаныңдар! Қасіреттің төгілмесін сортаңы, Оның зәрі жақсы өнім мен жас өркенді қырқады. Менен сарқыт сұрамаңдар, сыйғызайын бәрін де, Кетсін бірге меніменен дүниенің кір-қағы. Жұбатпаңдар, жұбатпаңдар, жұбатпаңдар, ағайын! Қайғы бұлты сетінесін, нөсерлетіп жауайын. Жаңбырлы әлем жасартады-ау даламды, Бір үңіліп басқа көзбен қарайын.
ЖОМАРТСЫҢ-АУ Жомартсың-ау, көз жасы егілгенде Жан-жүйкені қайғы-құрт кеміргенде. Босаңсиды көңілдің желілері, Қаталдықтан төзімің жеңілгенде. Мұң қамаса, ішіңнен түтілесің, Мүжи берер жігермен сілкімесең. Еркінсисің, өзіңді өрге тартып, Мейлі, түсінбейтіндер күңкілдесін. Біреулерді көргенде, сүйсінесің, Өз жайыңды ойласаң, күрсінесің. Өмірдің мұз, тайғанақ жолдарында Жығылсаң, жалғыз жүріп, кім сүйесін?! Кейбір кезде жылайсың, күліп тұрып, Ағаттық та жасайсың біліп тұрып. Көрсетесің деңгейлес достарыңа Жарақатын жүректің тіліп тұрып.
Өмірдің ойы да көп, қыры да көп, Ол жайлы ақындардың жыры да көп. Арманым биіктемес, жасып кетсем, Қайғы-қасқыр, ішімде ұлыма тек! КЕЛЕМІН ҚУЫП Келемін қуып, Жеткізбей қойдың, тентегім, Сен менің тәтті қиялым едің, ертегім. Жап-жасыл көктем сылаңдап кетіп барады, Сұлулық неткен, келте едің?! Жете алмай қуып, өкпемді босқа өшірдім, Сан шырақ жағып, қаншасын үрлеп, өшірдім. Жалын боп лаулап, мұз болдым қанша қатайып, Жалын мен дауыл, Бәрін де бастан кешірдім.
Тар ұғымдарға, Зарығуларға сыймайтын, Мұңлы бір әуен шақырып, қолын бұлғайтын. Адалдықты жәукемдеп жатқан жалғандық – Жанымды менің қинайтын. Дастан ғой мынау өмірдің әрбір беттері, Әділет жайын, әбілет жайын жырлайтын. АҢЫЗАҚ МҮЖІП... Аңызақ мүжіп, жапанда қалған күркедей, Ырым да-жырым көңілім – тозған көрпедей. Түсінбей мені, ауыртып бекер кеттің-ау, Өз пікірімді айтқаным үшін бүркемей. Жалтырақ сөздің тигізер аз ғой пайдасы, Айтылғандарды қайталап, іштей талдашы. Көлгірси күліп, арқадан қаға салуға Досыңның, кешір, жетпейтін әдіс-айласы.
Пікірлеріміз үйлеспей, қалдық үндеспей, Жүректер салқын, мелшие қалды тілдеспей. Шуақты күннің, достықтың қимас белгісі Екеумізге енді оралып қайта келместей. Жақсы тілекпен, тәтті үміттермен басталған Достық пейілдер мүлгиді, сұр бұлт жастанған. Жетім жүрегім егіліп тұрды, еңіреп, Нәрестедей бір қорғансыз жолда тасталған. Мінезім менің – даламдай ойпаң-қыратты, Қыр дауылына нар қамыс қана шыдапты. Ебелек ұшар, жантақ та қалар опырылып, Құлатпас дауыл нар қамыс – асыл мұрат-ты... *** Өтпелі кезең, өтпелі, Аударма заман беттері. Өмірден жүйрік қашанда Арманның биік көк белі.
Таулардан төбе аласа, Алыстан тұрып қараса. Құйын мен дауыл сапырса, Биік тау болар араша. Ашпасын қорған-қақпасын, Тапталып таулар жатпасын. Заманның алып заңғарын Құлатпай, Алла сақтасын! Уызын жұтқан құрақтар, Өмірдің нәрі – бұлақтар. Бұлақтар – күннің егізі, Төгіліп жатқан шуақтар. Сарқылмасын саласы, Уызын жұтсын даласы. Бәрін де жатқан аялап Жұмыр жер – тірлік анасы. ӨТКЕН КҮН Өткен күн – өрнек елесім, Алдымда – асу-белесім. Елгезек күндер, елпілдеп, Жетектеп алға келесің. Егінім пісіп жайқалмай, Еңбегім қалды байқалмай. Шешенім қалды тұтығып, Айтатын сөзін айта алмай.
Үміттің отын өшірмей, Тұсауы әлі кесілмей; Құрсаулап қысқан кеудемді Түйіншек жатыр шешілмей. Тірліктен түрлі сыр аулап, Сезімді жүрмін бұғаулап. Теректі, құла құмыңа Қайтсам ба, шіркін, бір аунап?! *** Марапаттанып, жарақаттанып пысық пен жасық сөздерден, Сәт сайын толқып, күніне мың сәт өзгерем. Орны жайлының ішегі майлы екен ғой, Алдағым қайда, арманым қайда көздеген?! Жолдары ашық – әлсізге емес, күштіге иек артқанның, Ымдасып жүріп, жымдасып жүріп, олжаға оңай батқанның. Төменге емес, төбеге қарап өскендер Көрмейді екен қандас бауыры оранып өртке жатқанын.
Оқығаны көп, тоқығаны жоқ өмірден Талайы тасып, құлағын басып, құрсақтасынан жеріген. Тастандылардың жүйкесін құса кемірген, Жүйкесі көннен жаратылғандар түк басып, сырты семірген... *** Аңғалдығым сын болды өміріме, Тырыспадым тұлға боп көрінуге. Намысшылмын, аршылмын, тікелеумін, «Жасық жан» деп ойлама мені мүлде. Араласып қиындау тағдырына, Қайысушы ем біреудің зар-мұңына. Батпан-батпан жүк арттым омырылмай, Таң қаламын өзімнің нарлығыма. Сыйлағандар кешегі құрақ ұшып, Кетті бәрі бүгінде бұғағы өсіп. Бәрі өтірік сияқты біреулердің Жалпылдауы «дос», «тума», «құда» десіп.
Жақын көрдім талайды күліп тұрған, Өмір – сапар талайға жолықтырған. Мардымсуын көргенде болымсыздың, Тұлыбыма мен әрең сыйып тұрам. Көңіл – түнек, ұйқы жоқ ұзақ түнде, Мазалағыш қиялдар қоздап менде; Төрт қабырға – оттегі жетіспейтін, Бөлме емес, сияқты тозақ-түрме. Теріс пиғыл бір жанға тілемеген, Түтін шалып, жаныма күйелемең. Түндігі ашық күркем тұр, түйеге артып, Қолымды сілтей салып, жүре берем... *** Не жетеді көңілдің байлығына?! Өкінішке қашанда қайғы – мұра. Алла емес, жауапты өзіміз ғой, Басымыздан өткеннің барлығына.
Кінәламайды ешкімді, ештеңені, Сабыр сақтар кісінің естілері. Қой қоңына май жинап жата берер, Мүйізіне сүрініп ешкі өледі. Ел көтерер еңсені езілгенде, Өз ортамнан тиіспін безінбеуге. Өмір сүргім келеді – мені іздейтін Бар екенін біреулер сезінгенде. Жалғызсырап көрмеппін, жырым – серік, Көкіректен көрген жоқ күнім сөніп. Кедей де емес, бай да емес, қалауымша Ел қатарлы келемін өмір сүріп. ЖАС КЕЗДЕГІ ӨЛЕҢДЕРІМ Жас кездегі өлеңдерім сақталмапты, көп еді, Әр нәрсенің болады екен салдары мен себебі, Өз қатесін кей ақымақ өзгелерден көреді.
Албырт сезім – шатпағымды жоғалтыппын сақтамай, Алғашқы өмір ақпары еді, аппақ таза мақтадай – Біреуге ерте, біреуге кеш жолығады бақ-талай. Өзім жанған оттарыма өлеңім де өртенді, Беймағлұм бір мақлұқат басып тұрды желкемді – Әрі айт, бері айт, жалқаулардың таусылмайды ертеңі. Он сегіз мың ғаламға ортақ әмір жүргізуші әмірді, Алла сөзін оқымаппын – хадис, «Құран-Кәрімді», Содан болар, көп дауысқа қоса алмаймын әнімді. Жас кездегі тақырыбым – аспандағы ай, гүл еді, Гүл мен айды теріп, көріп қыз бен жігіт келеді. Жолға қайың күйіп кеткен жапырағын төгеді...
ӨТПЕЛІ Тіршіліктің бар көрінісі өтпелі, Тек күн мен ай тапжылмайды көктегі. Тауып, танып, дос болсаң да, бәрібір Бала күнгі достарыңа жетпейді. Бала кезде ойын басқа, ой басқа, Есеюге жетелейді жол басқа. Тәттіні де, ащыны да бөлісер Сирегірек жолығасың шын досқа. Үлкендер де балалығын қоймайды, Қатарымен әзілдесіп, ойнайды. Жылдар тартып алғанымен реңін, Жүректегі қызыл бояу солмайды. Бағың жайнап, өркен жайсаң саялы, Күшігің де, мысығың да бағалы. Бас қисайса кейбір досың танытпай, Беттеріне басқа бояу жағады.
Өмір-өзен тоқтамастан ағады, Күн менен ай жиі кірпік қағады. Бала достар – адалдықтың сақшысы Аңғар, таулар қашықтатқан араны. .......................................................... Сағыныштар сарғайтады сананы. БІЗДЕР ҚАНДАЙ КҮШТІ ЕДІК! Дүние – жалған, Түбіне ешкім жеткен жоқ, Алыс-жұлыс шайқасы әлі біткен жоқ. Алмағайып күн туғанда басына Мен досымды жауға тастап кеткем жоқ. Шаршағанда досқа арқа сүйеймін, Бірде толып, бірде арып, жүдеймін. Тірлігімнің бәйтерегі сияқты Достарымның мықтылығын тілеймін. Мен достыққа адал-ақпын, берікпін, Жандарына, арманына серікпін. Қиқым-сиқым жинау емес мақсатым, Дүниеден дос іздеуге келіппін.
Достық жайлы айтып талай ертегі, Құрбыларым маған сырын шертеді. Маған қарай жүзіп келді ақ кеме, Дауылдарға құламайтын желкені. Сендер жайлы жазып келем естелік, Жалғандықтан, даралықтан сескеніп. Жебір-жылдар еңкейтпеген еңсесін, Ей, достарым, біздер қандай күшті едік! ДОС «Досың көп қой» деп айтады біреулер, Бар-жоғыңды кім бар дейсің түгендер?! «Тіке сөйлеп, тура жүрген пенденің Дұшпандары жоқ болады» демеңдер. Дос көп менде, дұшпаным да жетеді, Бірі қолдап, бірі қорлап кетеді. Сапырылысып, кіріп-шығып жататын Менің миым – жолаушылар мекені.
Шақырмай-ақ, өзі келер жұғысып, Жандармен кей жүргенімде ұғысып; Жүргенімде қолшатырдың астында, Тұрғандарға бара жатад ығысып. Осындайдың көріп, біліп талайын, Тазарта алмай жүрем көңіл сарайын. Жолайрықта қалдыратын шошайтып Достарым да жеткілікті, ағайын! Айналама қарап қоям таңданып, Шын дегенім ертегіге айналып. Көзір шығып, қолы шықса мәңгүрттің, Дарабоздың бағы жанбас, байланып. Ашу қиын шын достықтың қақпасын, Ашылды екен, оны қайта жаппасын! Бір-біріне сенім артқан достарды Жалған достар күпірінен сақтасын!
БЕКБАУЛЫ АТА – ҰЛЫҒЫМ (толғау) Қыраны көкте қалқыған, Теңізі айдын шалқыған, Жусаны жұпар аңқыған, Айнымайды Маңғыстау Ежелгі ғұрып-салтынан. Сұңғыла ғалам сыр ашқан, Қаратау көкке ұласқан. Бедерін жердің ашып тұр Құндақтап күнді нұрлы аспан. Манғыстаудың тарихы – Жазылып бітпес жыр-дастан. Отырардың құрдасы, Қарт жыраудың мұңдасы Маңғыстаудың ғұмыры – Дәуірдің терең тұнбасы. Әруақты ата бабалар, Шежірелері – жыр басы. Үш жүз алпыс әулие Қоныс қылған жерім бар. Жеті жұртты кезекпен Ығыстырған ерім бар. Жақын қылып алысты, Ырыс болған елім бар.
Манғыстау – жердің ұйығы, Теңіз бен таудың тұйығы. Пір Бекет пен Бекбаулы – Асылдың екі сынығы, Жасы қатар, замандас, Адайдың екі ұлығы. Маңғыстаудың ойында, Ұланақтың бойында Қасиеттері дарыған Ұрпағы қалған соңында. Жыр шашуын арнаймын Бекбаулы атам тойында. Үкілі дүлдүл ғасырда, Екі жүз елу жасыңда, Дүбірлі үлкен асыңда Әруақты ата Бекбаулы, Уысың толсын шашуға! Аспанның ашық аясы, Желбіреп үкі даласы; Өрнекті бояу, өрім тал – Каспиидің шайған жағасы. Табиғатымен жарасқан Ақтаудай әсем қаласы. Екі ғасырдан ірісің, Сынықшы, сиқыр, пірісің. Ғарыштың тылсым күшімен Жасайсың, мәңгі тірісің! Ұрпақтар жатыр ас беріп, Әруақты ата, сен үшін.
Бір өзің – үлкен шаһарсың, Бір аунап бүгін жатарсың. Алты жас екен араңыз, Бекбаулы ата, есімің Бекетпен қатар аталсын! Ұрпақтарыңа ұрансың, Тарықса, медет боларсың. Жиналып елің, ас берді, Бір жасап жатқан шығарсың. Әруақты ата, жебей бер, Қабірің нұрға боялсын! Көгіңнен шуақ, шашып нұр, Құшағын далаң ашып тұр. Атамен толып ортамыз, Желпініп көңіл, тасып тұр. Күпірлік етсек, кешіріп, Кесапаттардан қашық қыл! Ұзағырақ толғауға Уақыт талай кетеді. Мақтан етер ұл-қызың Жүзден асып кетеді. Ұрпақтарың жайылған – Қаратаудың етегі.
Жығылғанды демей гөр, Сыйынғанды жебей бер! Мұсылманның ақ жолын Былғамасын дүлейлер! Ел ішіне тыныштық, Шарапат, ырзық тілейді ел. Сандалғанға сана бер, Зарыққанға бала бер! Адасқанды бағыштап, Ақ жолына сала гөр! Қаріп пенен қасерді Назарыңа ала гөр! Асыл тамыр атамыз, Жапырағы жайқалған, Ұрпақ ерді артынан, Өнер қуған майталман. Күйлер қалды құйылып Есір менен Шайхыдан! Кербез күйші Қалшабек, Інілері үлгі еткен. Кешегі өткен Із-аға Жыр бесігін тербеткен, Қадам басқан өнерге, Шыға салып жөргектен. Ізбасардың інісі, Әншілердің ірісі – Маңғыстаудың Күріші. Қайқылардың кешегі Бүгінгі көзі тірісі. Атағы елге жайылған, Кеңіген өнер өрісі.
Ғарышпен тылсым тілдесіп, Алауға бойды қақтадың. Салауат үшін күн кешіп, Қасиетіңді сақтадың. Қиналғандарға дем беріп, Харамның дәмін татпадың. Рухыңа бас иіп, Жыр арнадым толғанып. Өнерпаздар күй төкті, Арғы бабам сыйлаған Домбыраны қолға алып. Қабыл болсын ақ тілек, Басымыз жатыр құралып. Құран оқып басыңа, Келдік, ата, асыңа. Ат шаптырып, той жасап, Шығардық сізді құрметтеп Екі жүз елу жасыңа. Құтты болсын тойларың, Келген халқым жиылып! Мінәжат еткен, Атаның Әруағына сыйынып. Желеп-жебеп біздерді, Жатқайсыңыз пейіштің Ақ нұрына шомылып! 2006 ж.
ЖЫР-БАБАМ, АСЫЛ КЕНІШІМ
Әруақты бабам Қашаған, Мәрмәрдан сөзін қашаған. Санамда шаттық оянып, Шын жүрегіммен қуанып, Тойыңа шашу шаша алам. Шапшытып жалын шашпаған, Заманың өтті жасқаған. Түндігін тойдың желпіп тұр, Күмбірлеп күй мен асқақ ән. Тар жерде жатпай бүгіліп, Бойыңды жазшы керіліп. Жаныңа жайлы құт болсын Күмбезді мынау баспанаң. Биіктей түссін, о, халқым, Мерейі үстем бастамаң! Адуын жырдың пірісің, Туыпсың, бабам, ел үшін. Екі дәуірдің арасын Жатырған жалғап желісің. Шабандоз жырдың пырағы, Жыр-бабам, асыл кенішім!
Нөсердей жыры қаптаған, Жыр-бабам үшін мақтанам. Айдаһар айбат шексе де, Арғымақ басын тартпаған. Талайлар қалды мерт болып, Әруағыңнан аттаған. Қашаған жырын қалқытып, Халқының көңілін шалқытып; Тербеліп жатыр Маңғыстау – Кеудесін күнге қақтаған... ТҰЩЫҚҰДЫҚ – МЕКЕНІ АЛЫПТАРДЫҢ 2010 жылы 2 мамыр күні халық батыры Шотан Назарұлы, соғыс ардагерлері Қалмырза Жұмалиев, Иса Жанәділов, Шаңытбай Томпиевтердің есімдерін ұлықтау салтанаты болып өтті. Бұл өлке – шежіре, сыр тұнып тұрған, Ұрпағын қайсар ғалам шынықтырған. Майданда, еңбекте де ерлік туын Даламыз биік ұстар туыпты ұлан.
Қаншама бұл далада абыз өткен, Ұлықтап, ұрпақтары аңыз еткен. Маңғыстау топырағына Шотан батыр Мөр басып, ерліктерін жазып кеткен. Ерлікті елдік іске жалғағандар, Өз орнын ұлы көште таңдағандар. Жайсаңдар – Тұщықұдық ауылында Намысқа көк байрағын байлағандар. Соғыста жаудың бетін қайтарғандар, Еңбегі елге елеулі майталмандар. Қалмырза, Иса менен Шаңытбайлар – Елі үшін ерлік жасап, қартайғандар. Бабаның ескірмейтін мұрасындай, Көрнекті кісіліктің тұлғасындай; Қалмырза Жұмалиев көкірегі – Мұхиттың тереңдегі тұнбасындай.
Сұрапыл қан майданды көріп келген, Қаз даусын естіген жан зерікпеген. Бағалап адалдығын Қалекеңнің, Билігін халық оған сеніп берген. Арқасын бәйгетордың суытпаған, Кір-қолаң ер-тұрманға жуытпаған. Майданды, еңбекті де көктей өтіп, Ғұмыры бір ғасырға жуықтаған. Әділет, ойлағаны – халық қамы, Қорғаған қиянаттан жабыққанды. Мақтайды ел «Заңгер, жақсы азамат» деп, Өмірден ерте кеткен Шаңытбайды. Оралып қан майданнан жеңіспенен, Орден мен медаль тағып көрісті елмен. Жанәділ ұлы Иса түйешіні Бір кезде исі қазақ тегіс білген.
Ер Шотан – ел қорғаны, айбарындай, Үш аға – ауылының маңдайындай. Төртеуі төрт көшеге жайғасыпты, Даланың тақта отырған хандарындай. Төртеуі – бір далада түлегендер, Сәулелі көкірегі, көрегендер. Орнығып туған жердің тұғырына, Тамырын терең жайды ірі емендер. ХАЛЫҚТЫҢ АЛҒЫСЫ КӨП НҰРБАУЛЫҒА Қаратау сұр бұлт іліп шыңдарына, Дүние қалт-құлт етіп тұрғанында; Комбинат ашып, елді асыраған Халықтың алғысы көп Нұрбаулыға. Жаман мен ажыратып жақсыларды, Орындап қиын-қиын тапсырманы; Өмірлік жарақаты отыз бес жыл Іскерлік қабілетін жасқамады.
Ел қамы күндіз түні зердесінде, Бейнеті – елге игілік, мол несібе. «Көп итке көк төбет» боп көп таланып, Көп орден таға алмапты кеудесіне. Қоғамда орны бөлек, адал адам, Кезінде Алшын, Құлшық бағалаған. Тік мінез, қисық істі бетке айтатын, Жан екен шен-шекпенге қарамаған. Шалдығып, мойымаған, жасымаған, «Жоқпын» деп, барға байып, тасымаған. Тері илеп, көмір қазып, Таушық елін Нұрекең комбинаты асыраған.
Қара жер алса да, ата, ер еңсеңді, Рухы өлмейтіндей көрем сені. Фәниде қайырымың, адалдығың Алланың ақ нұрына бөлер сені! 2009 ж. РУХ (Сайын Шапағатовтың әруағына тағзым) Ісіңді досың тұрмақ, дұшпаның да, Тіс қайрап жүргенімен ұқпады ма?! Қазақтың асыл сөзін тиек етіп, Сен мыңды біліміңмен жықпадың ба?! «Нұр жауар талаптыға» дейді халқың, Ұлан боп, сол халқыңнан қолдау таптың. «Қазақтың шаңырағын көтерем» деп, Уығын байлағансың «Парасаттың». Рухын қазағыңның биіктеттің, Аз тірлік, ұзақ өмір сүріп кеттің. «Ұлтымның ар-намысын көтерем» деп, Шамына біреулердің тиіп кеттің.
Жұмулы мәңгілікке қос жанарың, Қиналды қазаңды естіп дос-жараның. Өмірді өлім келіп сыпырады, Жүзіндей қылпылдаған ұстараның… КЕҢ ПІШІМДІ ҚАЗАҚ ЕДІ (Маңғыстауға белгілі азамат Киев Мырзабаев ағайды еске алу) Кім бар дейсің келешегін болжаған?! Мәңгі-бақи баста тұрмас бұл заман. Шектеулі ғой адамзаттың ғұмыры, Көме салып, ұмытылса – сол жаман. Жастайынан үлкен істер атқарып, Ел ішінде аты жүрген мақталып; Киев ағай көшіп кетті өмірден, Жарқын жүзі есімізде сақталып. Кең пішімді қазақ еді кәдімгі, Жайсаңдығы, айтқан сөзі – бәрі үлгі. Он жыл бопты жақсы ағамыз кеткелі, Елге сыйлы, ағайынға қадірлі.
Халқына адал іс атқарған көрнекті Төл перзентін жер-бесігі тербетті. Маңғыстауға танымалы ағаның Ізін жалғар ұл-қыздары ержетті. Ғұмыр жасап өзі туған ғасырда Сапар шеккен Пайғамбардың жасында. Жатқан шығар әруағы бір аунап, Ел еске алған, ұланғайыр асында. Жаны гүлдей болмысына жарасқан, Ұстаз ана – көкірегі нұрлы аспан; Үзілхандай апамызбен жерлеспін, Әрі жақын сіңлісімін сыйласқан. Балдарыңыз жолдарыңды жалғасын, Жүректегі оттар өшпей, лауласын! Танымалы, қатарының алды боп, Ұрпақтары көк құрақтай қауласын!
ДАРХАН ЖҮРЕК (Белгілі азамат, аяулы ағамыз Бақтыбайдың рухына) «Ғұмыр дейтін – өтетін көшкін» дейді, Өткендерді елестер кескіндейді. Шаршы төрде карта ойнап отыратын Ағамыздың өр даусы естілмейді. Біреулер өзін көрер «кереметтей», Жатса да кісілікке өре жетпей. Безетін туыс, жолдас, ағайыннан, Ақшадан басқа жақын керек етпей. Ол мінез жараспайтын ағамызға, Пейілі ұқсаған кең даламызға. Тойлар ек мерейжасын төгіп-шашып, Жүргенде жақсы ағамыз арамызда. Аға кетті секілді көшкен арман, Жақсылығы сақталып есте қалған. Үгілмейтін Қаратау шақпағынан Мүсінін өзі ойып істеп алған.
Жетпіске жатыр, аға, жасың келіп, Еске алам рухыңа басымды иіп. Ұл-қызың жатыр жақын, ағайынға Өзіңе бағыштаған асын беріп. Ақсаған талайларды жүрдің демеп, Жан едің пейілі кең, дархан жүрек. Жар болып әруағың, ардақты аға, Бізді де жатқайсыңыз желеп-жебеп! ЖҰЛДЫЗ-КӨЗ, ҚЫРАН-ҚАРАС (75 жасын бүгін толтырған ардагер ұстазым Жамбоз Екібаев ағаның асында әруағына арнап оқылған өлең) Заманының дүлдүлі, марқасы да, Отырғандар мектептің партасына. Құрыш қанат қаншама түлек ұшты Заңғар, жайсаң ұстаздар арқасында. Маңғыстаудың ескенде ақ самалы, Еске аламын жаны жаз жақсы ағаны. Қамқор үні санамда жаңғырады, Мәңгі ұйқыда тынығып жатса-дағы.
Өтті жылдар, арада неше белес, Бала күнгі барлық жайт есімде емес. Жарқыраған жұлдыз-көз, қыран-қарас Көңілімнің көгінен көшер емес. Ұстаздардың тұнбасы, тұлғасы да, Әлем сырын сыйғызған бір басына. Жамбоз ағай – Ұстазы ұстаздардың, Бір-ақ рет туатын бір ғасырда. Асқар тауды жасырып бүркемек кім, Бүктеп тастап ішіне буклеттің?! Шәкірттердің сыйлығын, мәртбесін Көре алмай, өмірден ерте кеттің. Із қалдырып данагөй даламызға, Жылу шашып тұрасыз санамызда. Отырмайсыз сіз бүгін шәкірттермен, Жетпіс бесті толтырып арамызда…
ӨТЕГЕН-АУ, ЖОҒАЛМАЙДЫ ЕСІМІҢ! (Әруағына арналған аста оқылған өлең) Аударылып өтті күндер парағы, Жылдар жылжып, алыстатты араны. Бір мектептің түлегі едік, Өтеген, Жарқын жүзің елес болып барады. Мақтанышты іс атқарып халқына, Ұл-қыздарың өсіп жатыр артыңда. Үнсіз бейнең төріңде тұр ілулі, Баяғы сол жайбарақат қалпында. Ойсыраттың ортамызды сен кетіп, Жер бесігі қойнына алды тербетіп. Жолдарыңды ұрпақтарың жалғайды, Немере мен шөберелер ер жетіп. «Бөліп жеген бүтін құрттың жартысын» Құрдастарың тойлап жатыр алпысын. Сен жатырсың үнсіз салқын қабірде, Пейіштегі нұрың сенің шалқысын!
Дос, туысқа ашық тұрар есігің, Ұл-қыздарың тербетеді бесігін. Гүлсім менен балаларың тұрғанда, Өтеген-ау, жоғалмайды есімің! 2011 жыл, 5 қараша. МЕНІ НЕГЕ ЖАЛҒЫЗ ЕТТІҢ, БАУЫРЫМ?! (Қонақбай молдаға құран аштырып, Смағұл, Ысқақ деп екі ат қойдырған, жеті айлығында шетінеп кеткен інім Смағұлды еске алу) Құлады соққан қамалым, Таусылып отыр амалым. Қырыққа жасым келгенде Қызықтап сүйген қарағым! «Өшкенім қайта жанды» деп, «Артымда тұяқ қалды» деп Қуанған әкең білген жоқ Айрылып сенен қаларын... Талқыдай болып жататын, Өлерге біткен қарағым... (Анамннан қалған ескі әуен)
Жаным жалғыз, жалқымын, Бүтін емес, жартымын. Топқа түсті талайым Тағдырында талқының. Жалғыздың жаны жаралы, Дәруін қайдан табады?! Қорқыныш кіріп түсіне, Есігін үрей қағады. Қайын жұртты көргенде Жесірлік еске түседі. Төркін жұртты көргенде Жетімдік еске түседі.
МЕНІҢ ӘУЕНІМ
Шоңайдың Тоқсанбайынан тараған алты баланың бірі Қожакелді батыр жау басып қалғанда баласы Ожымпайды мінгестіріп қашып келе жатса, алдында інісі Көшен жаяу қашып келе жатыр екен. Сонда Қожакелді батыр: «Қарала ат үш адаммен жаудан құтқармас, атасы басқа аттан түс!» деп, баласын тастап кетіп, орнына інісін мінгестіріп, оны тау қуысына жасырып, Ұланаққа қайтып келгенде, түрікпендер баласын да, өзін де өлтіреді. «Бала – белде, қатын – жолда, тумалас қайдан таптырар?!» деген сөз содан қалған екен» дейді білетіндер. Жалпы, Шоңайдан жаумен жағаласатын батырдан гөрі көпті сөзіне ұйытатын билер көбірек шыққан ғой: Барақ би, Қожық, Құлыш, Айтуған жырау, т.б. Анадан алтау едік бүрлеп өскен, Төртеуі солып қалды гүлдеместен. Төрт жұлдыз жана түсіп, сөніп қалды, Қатыгез тағдырына үндеместен.
Ішінде көрнексізі мен екенмін, Сондықтан тіл-көз тимей жүр екенмін. Сәби көрсем қиналып, әлсіреген, Тітіркеніп өн бойым, дір етемін... Шыр етіп сен келгенде дүниеге, Құйылды нұр-шапағат біздің үйге. Әкем байғұс домбыра тартушы еді, Анам сені бесікке бөлегенде. Ән салып, бесікті мен тербетемін, Білемін тыңдаушымның сен екенін. Әкең мен анаң мәз боп отыратын, Бүтіндеп сеніменен кем-кетігін. Бесіктесің, мен болсам алтыдамын, Күлкің қандай тәтті еді «әнқұмарым»! Ауырып қалдың бір күні. Анам жылап, Әкем үнсіз. Мен қорқып, қалтырадым.
Бар ауылдас жиылды біздің үйге, Бір сұмдықты жүрегім сезінуде. Ата-анаңа жаутаңдап кезек-кезек, Жаттың-ау сен жақындап үзілуге. Мен сенің өскеніңді көргім келген, Жетектеп, қасыма ертіп жүргім келген. Сол күні орап алып алашаға, Кісілер сені апарып жерге көмген. Күмісбай, Байболы ерте шетінеген, Белбеуі тарта-тарта сетінеген Анаңды аңыратып тастап кеттің, Тұра алмай әкең қалды жер тіреген. Жүзіңді орамалмен жауып қойған, Көрініс көз алдымда қалып қойған. Әкемнің Шағадамнан алып келген Шырағы дәл сол күні жанып болған.
Жанып бітті сол күні соңғы шырақ, Күрсініс… Күңіреніс… Күлкі жырақ… «Сыпатай, кетпеші!» деп жатады екем, Түн болса елегізіп, ұйқысырап. Әкең қалды жүк артқан қара нардай, Жүгі ауып, үзік арқан жалғай алмай. Сорлы анаң бала көрсе исінеді, Ақ сүті сорғалаған нар маядай. Шалқайған шаңырағы, дөдегелі, Жайылған іргесі кең керегелі Әкеңнің үйін жүрмін тіктей алмай, Бауырым, жалғыз еттің неге мені?! Ебелек сияқтымын тамыры жоқ, Тағдырдың тамырсыздан ауыры жоқ. Үрейлі қара бұлттар жөңкіледі, Найзағай шатыр-шұтыр, жауыны жоқ.
Жабықсам, сен көзіме елестедің, Шаршасам, күш-қуатым емес пе едің?! «Торғайдай торға түсіп» тұрған кезде «Бауырым, құтқар мені!» демес пе едім?! Басады аздан гөрі көп салмағын, Жемтігі әлсіз аң-құс көп қарғаның. Көргенмін кінәсі жоқ, айласы жоқ Жалғыздың көптен таяқ жеп қалғанын. Аға, іні – қос қанатың қалқытатын, Арман ғой асқақтатып, шалқытатын. Қанатсыз қос аяққа салмақ түссе, Қатардың алды емес, арты жақын. Жүргенің сүйеу болып керек еді, Мен үшін сенің орның бөлек еді. Жете алмай көп дауысқа, қарлығамын, Бауырым, жалғыз еттің неге мені?!
МОНШАҚТАРЫН ТӨГІП КЕТІП БАРАДЫ Үмітай-ау, жүзің қандай нұрлы еді! Өмірің де, күлгенің де сырлы еді. Өзің жаққан ошағыңды жағалап, Жеті-сегіз жеміс ағаш гүлдеді. Қара жердің тартты сені қойыны, Ешқашанда болмаған бір тойымы. Алып кетті қызық көрер шағыңда Айтпай келер арсыз ажал «ойыны». Мұң сіресіп, тұнжырайды қабағы, Қинап кеттің жаны жайсаң ағаны. Өзің кеткен жаққа қарай бұлт аунап, Моншақтарын төгіп етіп барады. Жеті гүлдің ортасында Алдашың Ата-ананың үлкен көшін жалғасын! Күнге қарай ұмтылатын талпынып, Бүлдіршіндер қанат қақсын, талмасын!
Кейде ерте, кейде кеш күн батады, Түнді талмап, талай таңдар атады. Күзде үзілген жапырақтың ізімен Көктем келіп, бүршік жарып жатады. Маһшардағы көрме азап талқысын, Құрма ағаштың жұпар исі аңқысын! Жеті қызды тәрбиелеп, ұл сүйген Пейіштегі нұрың сенің шалқысын! ҚАРАҒҰЛ ТӘТЕМНІҢ ӘРУАҒЫНА Біреудің сырты – жылтыр, іші – батпақ, Ақ тәте, түсің – қара, ішің – аппақ. Моншағың бала кезде әкеп берген Жоғалтпай, әлі күнге жүрмін сақтап. Аталас көп болса да ағаларым, Ішінен, аға, сізді қалап алдым. Біреулер «қыз» деп мені мүшірейтті, Сен мені ұлдан биік бағаладың.
Менімен тең отырып сөйлеуші едің, «Бұл саған керек болар, біл» деуші едің. Қызығам зейініңе – бала кезді Жадына әлі сақтап жүрген сенің. Едіңіз көлгір емес, тік мінезді, Сол мінез қаталырақ етті сізді. Жүреді қалтасы тоқ, қарыны боқ Сұйқылдар – көз бояйтын екіжүзді. Қараймын суретіңе сағынғанда, Сауатты, білігі мол, дарынды аға. Қасыңда бола алмауым өкінішті, Қиналып, төсек тартып, ауырғанда… ИНАБАТ, ӘДЕП ҮЛГІ ЕТКЕН (Айжан жеңгемізді соңғы сапарға шығару) Талай іс бастан кешірген, Аялап ұл-қыз өсірген. 14-те алғаш ұстаз боп, Зердеге бәрін көшірген.
Білімді қанша болса да, Білгіш боп, кеуде қақпайтын. Қайын жұртын құрметтеп, Қазақтың ғұрпын сақтайтын. Әйелдік мінез көрсетіп, Біреуге кінә тақпайтын. Көпшіліктің алдында Қолпаштап мені мақтайтын. Мінезі жұмсақ жібектен, Инабат, әдеп үлгі еткен. «Апаңды сыйлап жүрің!» - деп, Ұл-қыздарына үйреткен. Есіктен кірсем елеңдеп, Құшақтап қарсы алатын. Бетіме қарап жаутаңдап, Көрпесін қағып салатын. Өзгеше бітім, мінезің, Анамды көрген көз едің. Батпан жүк артса, мыңқ етпес Қатепті нардың өзі едің. Аллаға адал іс қылып, Ешкімнің жолын кеспедің. Таршылық көріп тарықпас, Рухы мықты, күшті едің.
Білімі таяз болса да, Біреулер жүрер «шалқайып». Сен жүрдің алға оздырған Ұл-қыздарыңмен марқайып. Қиындық көрсе, саспайтын, Өз деңгейінен аспайтын; Күпірлік жасап тірлікте, Аяғын шалыс баспайтын. Өрескел дауыс көтеріп, Қатты сөз айтып көрмеген. Айрылдық Хақтың жолымен Айжандай жайсаң жеңгеден. Тып-тыныш жүріп өмірде, Тып-тыныш кетіп барасың. Мәңгілік мекен-жайыңды Маһшардан енді табасың… ӨМІР – СЫНАҚ Байқасаң, өмір – үлкен сынақ екен, Бұл пенде бір-ақ рет туады екен. Достық та, махаббат та, тіршілік те Табысып, қоштасудан тұрады екен.
Әр адам – том-том кітап оқылмаған. Платон Күн-Құдайдан от ұрлаған. Дана да, әйлеңкес те, арамза да Ажалдың құрығынан құтылмаған. Басынан кім-кімнің де өтер жалған, Күз – көшкін, көктем – өмір бүрін жарған. …Сұр мысық тал түбінде бұғып отыр, Сәуріктей піштіріліп, шеттеп қалған… 50 ЖАСҚА СӘЛЕМ Зердеге біткен дүние Қайғы ма, сор ма – бәрібір. Қадесі болып халқыңның, Салмағын басар алтының, Тағдырдың тастай заңы бұл. Қабат та-қабат астарын Жұлдызбен басқан аспаным. Өзіңмен талай сырласып, Қырықты артқа тастадым. Мен бүгін елу жастамын!
Көктемді көрдім гүлдеген, Оранған жасыл бүлдемен. Жазды да көрдім жайнаған, Әуені жанды баураған, Бұлбұлы таңда сайраған. Біреудің аңдып басқанын, Қойнына тығып тастарын; Сыртынан сыбап, көрінбей, Қоянның көрдім қашқанын, Мен бүгін елу жастамын! Алланың көрдім жазғанын, Жақсының көрдім азғанын. Түтін боп кейде тұншығып, Сөніп те кете жаздадым, Алаулап, қайта маздадым. Кеудемде шырқап асқақ үн, Күйсандық кілтін ашқанмын. Күн менен түні зырылдап, Уақыт өтті қас-қағым. Мен бүгін елу жастамын! 1999 ж. КЕЛІП ТҰРМЫН Сендер маған төгілген шуақ болып, Сендер барда ағамын бұлақ болып. Айналайың, адамдар, мен сендерді Жүріп келем жаныма қуат қылып.
Қуанышқа жүрсіңдер араласып, Күрсінем де, көңілді нала басып; Мен жүремін аңқылдап, жүрегімді Ата, әже, ана мен балаға ашып. Өздерің ғой мені өрге өрлететін, Әнмен, күймен, сезіммен тербететін. Өз жайымды ойлауға мұрсат бермей, Тойларына шақырып күнде өтетін. Туған елді толтырып кемеріне, Гүл-алқалар тағылған өңірінде; Жел жұлмалаған даламның гүлін алып, Келіп тұрмын алқынып елуімде. 60-ҚА ОДА Азайып бара жатыр қуат-күшім, Әжімнен көрінбейді анық пішін. Осынша құным кеміп кеткеніне 60ау, өзің ғана айыптысың!
60-ау, мен өзіңнен аса алам ба, Құлыбын 70 жастың аша алам ба?! Еңбектеп, қалт-құлт етіп, жас баладай Қаз тұрып, 80 жаста жасарам ба?! Қашаған 80 жаста «айһайлаған», Есболай 103-інде қартаймаған. Жетпей-ақ 50 жасқа таяқ ұстап, Жүре алмай Мәкең байғұс қалтаңдаған. Қартаю уақытпен өлшенбейді, Біреулер 70-те «ойнап-күлсем» дейді. Кейбіреу мағынасыз күн жоғалтып, «Жер басып, аман-есен жүрсем» дейді. Өмірге адам – қонақ келер-кетер, Жұп тауып, бірін-бірі сүйеп өтер. Біреулер мұқалмайтын күш-қайратын, Біреулер ағаш балдақ тірек етер.
Әр жастың салмағы мен алмағы бар, Ол жайын айтып кеткен алдағылар. Әу бастан жер бетінде тірлік еткен, Алысып аңқаулар мен айлалылар. Мақлұқат бір-біріне кері болған, Бірі ұсақ, бірі үлкен, ірі болған. Тарих – алыс-жұлыс, қатыгездік, Әлсіздер күштілердің жемі болған. Бір жаста жер басуға тиістісің, Екі-үште тілің тәтті, сүйіктісің. Төрт жас пен жеті жастың арасында «Қайтпаған жаудан беті» жүректісің. Он жаста ойнап жүріп, ойланасың, Он бесте оңнан-солдан жол қарайсың. Жиырмада жанарыңа жалын ойнап, Бой сылап, қыз-жігіт боп қылаңдайсың.
Серілік басталады жиырма бесте, Шығасың таңғажайып бір белеске. Қалады «махаббаттың жазы» болып, Құрбымен ойнап-күлген күндер есте. Отызда әуре-сарсаң күйге енесің, Жар таңдау ісін толық меңгересің. Жанұя қамы менен дос-жарды ойлап, Күн-түнді екеуіне тең бөлесің. Қырықта жора-жолдас көбейеді, Өзінше әркім көзге еленеді. Біреуі ерте үй болып, ақар-шақар, Жатады ата-әже боп, немерелі. Елуде алды-артыңа елеңдейсің, Қатарың азайғанда еленбейсің. Егделік, еріншектік еркіңді алып, Өзіңе желі тартып, көгендейсің. Алпыста абайлайсың, аңдап басып, Ойлайсың өткен күнді ұйқы қашып. Қарайлап ұл-қызыңның қабағына, Жүресің кейде ашық, кейде жасып.
Жетпісті біле алмадым, жеткенім жоқ, Бір қадам қалды, арада өткелім жоқ. Болыпты немерелі-шөберелі, Байқаймын, жетпіс жасқа өкпелі жоқ… ЕКІ БЕСІКТІ ТЕРБЕТІП… Жалаулы жарқын күндерім, Алаудай аппақ гүлдерім. Балаларым мен жырымды Екі бесікте тербедім. Өздерің барда – тірімін, Бақыттылардың бірімін. Өмірге келгем сәби боп, Өздеріңменен ірімін. Балалар – еккен жемісім, Жырларым – жайған өрісім. Өзекті жарған қос бөбек, Гуілің қымбат мен үшін. Гүлдерім бүршік жаратын, Талпынып ұшар қанатым. Ұзатып мені сапарға, Артымнан шырақ жағатын. Өздерің – менің тірегім, Дүрсілдеп соққан жүрегім. Адал боп сүріп өмірді, Аман-сау жүрің – тілегім.
Өздерің – менің байлығым, Көңілім бүтін, жайлымын. Күлкілеріңмен тазартың Қиын күндердің барлығын. Өздерің – менің қуатым, Биігім, асыл мұратым. Аласармағай ешқашан Тауларың өрлеп шығатын! Қос бөбегімді әлдилеп, Ұйқысыз таңдар атырдым. Екі бесікті тербетіп, Ана боп келе жатырмын.
МЕКТЕПКЕ БАРАСЫҢ
Талпынып, қанат қағасың, Мектепке кетіп барасың. Жақсы оқып, ұстаздың Алып қайт «бестік» бағасын! Бетін ашып кітаптың, Танысасың әріппен. Бар білімнің бастауы – Ең алғашқы «Әліппең». БОЙЖЕТУГЕ АСЫҚПА, БАЛАПАНЫМ! Бойжетуге асықпа, балапаным, Табаныңда аялы алақаным. Риясыз әлемге күліп қара, Сәби жүзге аунатып дала таңын. Саған арнап жинадым гүл шоқтарын, «Гүлге толып жүрсін, - деп, - құшақтарың». Тізіп жүрмін «Сен тағып жүрсінші» деп, Жүрегімнің мөп-мөлдір моншақтарын. Бойжетуге асықпа, ерте, жаным, Асықпасаң жетерсің, өртер жалын. Балалықтың базарын қызықтай бер, Ғұмыр аса көп емес, келте, жаным.
Бойжетуге асықпа, аппақ айым, Таза, мамық жүрегің мақтадайын. Бала кезде табасың керегіңді, Бойжеткенде көбейер таппағаның. Бойжетуге, асықпа, аппақ айым!.. СЕНДЕРГЕ БЕРДІМ Сендерге бердім барымды, Балдәурен, жастық шағымды. Тастарым өрге домалап, Тауым да кейде шағылды. Сендерге бердім барымды, Сақтаған ождан-арымды. Жалқылық пенен қайсарлық Қазығым болып қағылды. Сендерге бердім барымды, Жеңілдіктер мен ауырды. Үйрете алмай барамын Адамды дұрыс тануды. Сендерге бердім барымды, Мойныма таққан лағылды. Бағалай алмай ақилар, Сындырды талай сағымды.
Сендерге бердім аспанды, Күн менен түні бастаңғы. Жайқалған байтақ даланы, Үйілген тау боп тастарды. Сендерге бердім байлықты, Жарлыға жасар хандықты. Керексіз мүлік жиғандар Айықпас дертке шалдықты. Сендерге бердім тағымды, Жемісі піскен бағымды. Қаншама дауыл соқса да, Ошақта отым жағулы. Сендерге бердім сәнімді, Айта алмай қалған әнімді. Жүректен алған қорегін Қауыздан аршып дәнімді. ЖАУАПТЫСЫҢ! Өсірдім, ұлым, сені «өренім» деп, Құндақтап, ақ бесікке бөледім көп. Әлпештеп, аяладым күні-түні, «Қызығын өскеннен соң көремін» деп.
Сен менің көңілімді ертегі еттің, Аймалап, құшып-сүйіп, еркелеттім. Өмірдің толқынында алға оздырар Өзіңді арманыма желкен еттім. Тәтті едің, сүп-сүйкімді сәби едің, Көңілді шалқытатын әнім едің. Мен сені «Бар байлығым басымдағы, Жалғасар өмірімнің мәні» дедім. Еміздім ақ сүтімді жасқа дейін, Қаз тұрып, тәй-тәй аяқ басқан едің. Азамат болып жүрсең елге керек, Өзіңнен тілегім жоқ басқа менің! «Анам» деп ардақтасаң, еңселімін, Ер-жігіт болғаныңды көрсін елің. Қартайып, әлсіресем, құлыным-ау, Қайратым, сүйенішім – сенсің менің.
Сен жүрсең сүйіндіріп, қартаймаспын, Қиналсам, биік жүріп, байқалмаспын. Жоғары қаратпасаң, ұлым, мені «Жеттім, - деп, - арманыма» айта алмаспын. Азаяр қартайғанда қайрат-күшім, Алға оздыр ғұмырымның жалғап көшін! Арлы қыз, адал сүтті ана болдым, Сен қалған өміріме жауаптысың!!! ЖАРАЙ МА?! Балалық, жастық, кәрілік – Тірліктің түрлі тарауы. «Адамның емес, Алланың Болады, - дейді, - қалауы». Балалық кездің қызығын Өткеннен кейін білесің. Жастықтың мәнін кәрілік Жеткеннен кейін білесің. Келесің, қайтып кетесің, Сыя алмай мынау ғаламға. Жетпейсің, кейде жетесің, Өлшеулі ғұмыр адамға.
Артыңда сөз бен із қалар, Өзіңнің анық кетерің. Белгілі қалған тіріге Жақсы, не жаман екенің. Қолыңнан келсе біреуге Қиянат етпе, абайла! Құрсақтан шыққан құлыным, Жақсылық жаса, жарай ма?! ҰМАЙҒА Томпаң-томпаң етесің, Қуантасың, күлесің. Күннен-күнге, құлыным, Тәп-тәтті боп келесің. Мондалақтай монтиып, Отырасың томпиып. Өсіп келе жатырсың, Бәйшешектей қылтиып. Алғаш сүйген немерем, Көңілімді демеген. Бүтінделіп сенімен, Кең жайылды керегем. Қақтай көзің жарқырап, Былдыр-былдыр сөйлейсің. Желбіреген балқұрақ, Үлбіреген гүлдейсің. Бақ тілеймін бөпеме, Мұратыма жетеле! Бар байлығым жинаған Саған, ботам, жете ме?!
Күнің болсын шуақты, Күйің болсын қуатты. Бақыт, байлық, денсаулық, Досың болсын тұрақты! Бетіңді ешкім қақпасын, Ісіңді әркім мақтасын! Балға лайық таңдайың Ащы дәмді татпасын! Кірбің шалмай қабағың, Күлімдесін жанарың! Жаныңды жаз аймалап, Жарқылдап өс, қарағым! Асқақ болсын арманың, Шаттық берсін таңдарың! Дені де сау, жаны сау, Сүйгені бол Алланың! Ашық болсын жолдарың, Пірлер болсын қорғаның! Күтіп тұрсын алдыңда Кезек-кезек тойларың! Маңайыңа көрік бол, Жақсыларға серік бол! Ибалы бол, арлы бол, Мұқалмайтын берік бол! Сүйкімді бол, шуақ бол, Ақ мамаңа қуат бол! Ақыл-кені дария, Сарқылмайтын бұлақ бол!
Көркің болсын келісті, Ойың болсын өрісті! Тез ойланып, аз сөйлеп, Тындыратын көп істі. Өмір-күнің сөнбесін, Басың бейнет көрмесін! Әр қадамың құтты боп, Тасың төрге өрлесін! Орындалып арманың, Жарқырасын таңдарың! Қадірлі бол халқыңа, Алғыс болсын алғаның! Жамандықтан қашық жүр, Қатарыңнан асып жүр! Тағдыр деген тарпаң бар, Байқап аяқ басып жүр! Бақыт болсын базарың, Ашық болсын ажарың! Еңселі бол, биік жүр, Мақтан етсін қазағың! Күле берші, жылама, Жамандарға жолама! Рухани қолдаушың – ҰМАЙ атты ҰЛЫ АНА! ТӘТТІ ЕКЕН Тәй-тәй бастың, қаз тұрып, Абайлап бас, сақтана. Құтты болғай қадамың, Бал бөбегім – ақ бала!
Айналайын бөпешім, Мондалақтай екенсің. Жүгіресің, тынбайсың, Томпаң-томпаң етесің. Егделікті байқатпай, Қоздыратын делебе; Бәрінен де тәтті екен Былдырлаған немере. Қуаныш пен реніш – Күн менен түн, ақ, қара. Ақ, қарасы аралас Ала жіпті аттама! «Бала достан жақын» деп, Жаңа досты жақтама! «Жек көрем» деп біреуді, Танымасаң, даттама! Жағымпаз боп, біреудің Көзін көріп мақтама! Адал жанда – ақ өлім, Ар-намысын таптама! Дұшпан түгіл, досыңның Жаман ісін ақтама! Ғұмырлы бол, немерем, Әжең айтқан ақылды Көкейіңе қатта да! *** «Мен де бала болдым», - деп, Айтып едім, Немерем: «Тағы бала бол, - дейді, - Бірге ойнайтын менімен».
«Ақ бесікке бөлеген, Айналайын немерем! Менің сәби кейпімді Тартып алдың сен менен. Бала ойыншық ойнайды, Әже оны қорғайды. Бала әже болады, Әже бала болмайды. Ақ періште пішінде, Аппақ әлем ішінде Ойнай берші сен, көкем, Ақ шырақты өшірме!» Дегенімді естіді, Ойланғандай кескіні... ..«Мен де әже болам», - деп Ән айтқаны естілді. БАЛАЛАРЫМА ӨСИЕТ Мен өлгенде жылама, балаларым, Мен орнымды пейіштен таба аламын. Көз жасымен көл жасап Ащыағардай, Алла сынын көтерген аналарың. Мен – Алланың сүйікті үмбетімін, Ғажап емес маһшарда төрге өтуім. Мен пейіште тәтті ішіп, гүл күтемін, Көп тозаңын жұтқанмен жер бетінің.
Білем, арыз айтуға хақым барын, Мен Аллаға бір табан жақындаймын. Бұл дүниеден жинаған ақпарым көп, Жазып қойған жолдаусыз хатым дайын. Алла сынақ береді сүйгеніне, Біреулер мәз жалғанда күлгеніне. Бар әлемді билеуші әділ қазы – Әкім емес, Алла тұр мінберінде. Алла – дара, жоқ оның «туысқаны», Пенделерден сондықтан ойы ұшқары. Төрт бұрышы – әлемнің төрт қанаты: Оң, терісі, батысы, шығыстары. Мында мүскін ол жақта теңеседі, Тоқ қарындар ол жақта кем ішеді. Бұл жалғаннан бір-бірін таппағандар Мәңгілікте қауышып, көріседі.
Тура жолмен жүргендер тарықпайды, Май басқандар ол жақта арықтайды. Бұл жақтағы әлсіздер тұлға болып, Бағы жанып, көңілі шарықтайды. Сондықтан мен өлгенде жыламаңдар, Алла досы – бәріне шыдағандар. Межесіне көздеген жете алмайды, Көп қарайлап, артына қарағандар. «Кетті, - деп, - қайран Ана», жыламаңдар, Балаға күн сыйлаған бар аналар. Құлқын емес, жұртына қам жасаған Ол жақта көп бұл жақтан ғұламалар. Барамын мен солардың арасына, Өлшеулі тірлік адам баласына. Тартады бауырына алып Ана, Ағын да, қарасын да, құласын да.
Бұл жақта ізім қалсын шиырлаған, Нан бітіп, аяқталса ғұмырнамам; Шырақ ап алдарыңнан шығу үшін Ол жаққа мен сендерден бұрын барам. ӨМІРДЕН КӨШТІ БІР АНА Таң атты, тірлік оянды, Жарыққа әлем боялды. Өмірден көшкен анаға Жасалып жатыр жоралғы. Соғыстың өрті шарпыған, Тілемсек көрті қарпыған; Әкесі болып құрбандық, Жетілді ұлы артынан. Әбіштей ұлық баласы, Кемеңгер ұлдың анасы. Құшағына алды құндақтап, Маңғыстау – туған даласы. АЙСӘУЛЕ АНА Әлдилеп, әлпештеген, аялаған, Анадан бар жылуын алады адам. Ұрпақтың асылдығын, жасықтығын Ананың ақ сүтімен бағалаған.
Жайқалған жаңа өскін құба талдай Өсе ме күн нұрынан қуат алмай?! Айтылса Маңғыстауда Әбіш жайлы, Қалмайды Айсәуле ана бір аталмай. Айтады ел еңбектегі ерлігін де, Айтады пейілінің кеңдігін де. Көріпті жарлықты да, байлықты да Жасаған бір ғасырдай тірлігінде. Ана жесір, сәбилер жетім қалып, Жатқанда соғыс-опат дертін жайып Айсәуле анасының құшағында Ер жетіп, есі кірген Кекілбаев. Қазаққа ұл сыйлаған асыл ана, Өмірі жалғасатын ғасырларға. Кетті ол ұлын елге аманат қып, Жүзін туған топырақ жасырғанда. Әбішті қазақ емес оқымаған, Даланың жусан исі бұрқыраған. Бітелген «шыңыраулар» көзін ашып, Тарих тұлғалары қайта оралған.
Аспаннан «Бір шөкім бұлт» кертіп алып, Туған жер топырағын тұмарлаған. Гүрбелжін әйел арын асқақтатып, Тағдыры Зухраның мұнарланған. Сәлемін әр ауылға таратуда Хаттар жүр керуен «Құстар қанатында». Әлемдік классикті мүдірместен Сөйлетіп өз тілінде ол алатын да. Сыйғызған сан ғасырды санасына, Дәуірдің заңғар ұлы, данасы да. Құнарлы топырағына алып келіп, Тұрғызды бір мұнара анасына. Әкелді ұлың туған мекеніңе, Қаратау – Отман шоқы етегіне. Әкенің қанын сақтап, ақ сүт берген Өлшеусіз еңбегіңнің өтеуіне. Анасы Әбіш атты тұлғалы ұлдың, Жасаған ұлына арнап бар ғұмырын. Жатыр ол мәңгіліктің отауында, Дәлелдеп аналардың ұлылығын.
Өмірің өнегемен салған өрнек, Мәңгілік орның жатсын нұрға бөлеп! Ұлтының мақтанышты ұрпақтарын Жатқайсың әруағыңмен желеп-жебеп! ФАРИЗАҒА Кім десем екен?! Күн десем бе екен әлемді нұрға бөлеген, Гүл десем бе екен жалын мен оттан түлеген?! Екпінін басып елірген марғау еркектің, Қаншама қыздың жұлдызын жақты өнегең. Ақ қайың десем көктемі мәңгі көшпейтін, Құнарсыз жерге тамыры бойлап өспейтін. Сезімге жанып, қайнаған қанын шыңдаған, Жұмбағың тылсым бақылдақ бастар шешпейтін. Ер-тұрман сайлап, ақбозға мінген тұлғасың, Ырғақты заман, толғақты адам – сырласың. Өр мінез ақын болмауға, сірә, хақың жоқ, Махамбет кешкен топыраққа аунап, туғасын.
Екі ғасырдың көтеріп бірдей салмағын, Қауырсын-жыр боп сан көкіректе қауладың. Келесің, апа, көкірегіңе тоғытып, Бақыттылар мен бақытсыздардың арманын. Өлеңге ғашық жүрегің болып опалы Келеді, артта жол жатыр 70 жоталы. Қазақтың қызы – өлеңнің жарық жұлдызын Мақтаныш етіп келеді туған Отаны.
ТӘУЕЛСІЗ ЕЛІМ ТОЛДЫ 20 ЖАСҚА
Әр халықтың өз тілі, дәстүрі бар, Қайта жасап, жаңғыру, пәс күні бар. Бабам жолын бастаған Ұлы жолды «Ақтабан шұбырынды» – басты мұнар. Кезді ел ішін зұлымдық, әлеметтер, Таппастайын тірі жан әділет дер. Жалмап жатты шетінен арыстарды «Халық жауы» дейтұғын мәліметтер. Қияметтер кетер ме ел есінен, Тарихтың үңілген белесінен?! Шыңырауға шым батқан зиялылар, Аударылып ақиқат кемесінен. Сұм дәуірдің қатыгез өткелінде Талай тұлға жоғалып кетпеді ме? Шындық кетті найзасын көкке сілтеп, Жалғандықтың оранып шекпеніне.
Заманаға кер кеткен далам сұлап, Қоятындай бұл күнде ғалам сұрақ. Өлі төзбес тозақтың тұтқынынан Қалай шықтың дін аман, адам, шыдап?! Жаралы өмір тарихтың беттерінде, Қайта оралды оралмай кеткенім де. Ата-бабам аңсаған Тәуелсіздік Көк байрағы желбіреп жетті, міне! Қайыспас қара нардай жүректі елім, Түсірмей, көкке еңсе тіреп келдің. Жиырма жыл Тәуелсіздік тұғырында Жетіліп, өсіп жатыр түлектерің. Толғанып, жырыңды төк, далам, бүгін, Әлемге көгершіндей таралды үнің. Тәуелсіз Қазағымның даласына Қырмызы қырқалары тағар гүлін.
Тәуелсіз елім толды 20 жасқа, Бұл күнде қоғам басқа, заман басқа. Төгілтіп күйіңді тарт, жырыңды төк, Қазағым дастархан жай, тойды баста! ШӘКІРТ СӘЛЕМІ (Сам жеріндегі бастауыш білім алған мектебімнің 40 жылдық тойына шәкірттік сәлем) Армысың, айналайын алтын ұя, Баулыған қанат қағып, талпынуға. Өзіңе алып келген ән, жырым бар – Бағым да, байлығым да, тартуым да. Ұшырған алтын ұям түлек қылып, Дарыған ұстаз сөзі жүрекке ұйып. Шәкіртпін, баршаңызға сәлем берем, Басымды алдарыңа иіп тұрып. Үлгі алған асыл апа, ағалардан Талайдың талант оты жанады алдан. «Өнер – жастан» дейтұғын сөз қалыпты Қорғасынды балқытқан даналардан.
Өсу бар, танылу бар, жаңару бар, Жас ұрпақ, жалын болып таралыңдар! Мақтан боп ұстаздарға, мектебіңе, Қоғамға кірпіш болып қаланыңдар! АЛТЫН ҰЯҒА ТАҒЗЫМ (Шахта орта мектебінің 70 жылдық тойында оқылған өлең) Шаңырағың биік, білімге бастау, құттысың, Қанатын қағып жылда ұшады топ құсың. Қырық үш жыл бұрын құрсағыңдағы біздерді Алтын ұямыз, ұмытып кеткен жоқпысың?! Алын ұямыз – білімнің қайнар бұлағы, Еңсесі биік асқар тау болып тұрады. Баспалдақ санап биікке ғана бастайтын, Шәкірттер үшін ұстаздың орны жоғары.
Алтын әріппен есімін жазған санаға, Ұлағаты мен жүрегі жақын балаға. Ардақты жандар, қауышып тұрмыз сендермен, Жиырмасыншы көктемді салып араға. Балапан-жүрек, мектепке кірдік асығып, Басталды оқу, «Әліппе» беті ашылып. Қарсы алды алғаш жетекші болып бір ағай, Жанарынан мейірім шуақ шашылып. Солай да-солай басталды оқу сабағы, Әр баланың ерекше ынта-талабы. Ұстаздарым – Жаңылсын, Жамбоз, Бақыттар Жадымда мәңгі сақталып менің қалады. Дәрмені жетпей, дәурені біткен таспаның, Бұл күнде бізге дүбірлі уақыт қосқан үн. Сәйгүліктерің суырылып алда келе ме, Балалық жүзі кетпейтін естен, достарым?!
Бұл ұядан түлеген көп-көп өрендер, Далаңды гүлге, ғаламды үнге бөлеңдер! Құрметтеңдер балапан кездің бағбаны, Ұстаздарыңды – ақылшы, дана, кемеңгер. 70 жылда керегең кеңге керілген, Білімді маман, ғалымдар сыйған төрің кең. Құтты болсын мерейлі жасың – жетпісің, Өмірің – шәкірт тәрбиесімен өрілген! ҚАСИЕТТІ ШАҢЫРАҚ (Шахта орта мектебін бұдан 40 жыл бұрын бітіріп кеткен 17түлектерінен сәлем) Қауырсын қанат, өрімтал талпынып ұшқан ұяңнан, Кәусардай бұлақ мөлдіреп, шарапат-нұрмен боялған. Шәкіртің біздер кешегі, кемеңгер ақыл тербетіп, Тебіндеп көркем қиялдан, зердесін ашып, оянған.
Жапырақ жайып қанатын, қарағай-үміт қаулаған, Көгершін-кеуде керіліп, от-тамыр жүрек лаулаған. Жәудіреп сәби жанарлар, күлкісі ән боп тараған, Қоңырау – күміс сыңғыры, жауқазын бүршік айналаң. Балапан қанат қаққанша ұясы болған Алтын бақ, Қырық жыл шарлап қиянды, қаздарың келді қаңқылдап. Сағымдай көшкен сансыз бұлт жасқанып күннің көзінен, Жалт ете түсті жасын кез, балауса жүзі жарқылдап. Түлегің түлеп, жетілді, жолдарын тауып қалаған, Перзент боп туған халқына іскерлер шықты арадан. Мұнайшы, ұстаз, дәрігер, инженер, ірі қайраткер Тұлғалар шықты көрнекті, атағы елге тараған.
Қасиетті бұл мектеп – Екібаев Жамбоздың білім алған мектебі, Математик Торғайдың үні қалған мектебі. Жұмалиев Берекет, Атымов пен Жұбаев бар қазаққа танымал, Өнегелі өмірі ғалымдар мен дарындар ұшып шыққан ұядан Алпыс жеті қатырма – тарихының беттері. Шәкірт үшін болмайды ұстаздан артық ғұлама, Балапандарын баптайтын, ұшыру үшін қияға. Қасиетті шаңырақ, «Шахта» болып атауы, Білім менен көмірге қайнар болған бұл ара.
МЕНІҢ СЫНЫПТАСТАРЫМ (Мектеп бітіргенімізге 40 жыл толуына орай «Жылдар жылжып өткен соң» атты естелік кітаптың алғашқы беттеріне осы өлең керек болды. Біздер – 11 жылдық Шахта орта мектебінің соңғы түлектері едік) Ұшырды білім ұясы, сенімнің кілтін тапсырып... Біріміз болдық жұмысшы, біріміз істеп хатшылық. Маңғыстау емес, қазаққа келбетін ашқан мұнайшы, Мақтанышымыз алғашқы – Жанғазытегі Жақсылық. Қашанда тайғақ, жіңішке қыздардың жолы қиын-ды, Біріне таудай өр жігіт, біріне тапал бұйырды. Намыстың туын құлатпай, жолатпай қыбыр-сыбырды, «Азамат» дейміз ардақтап Зия мен әкім Шырынды.
Жақсы оқитын Рысты, ыждаһатты, ақылды, Аппақ қыз еді Зағипа, табиғаты тартымды. Әкесі би Нұрбаулы – ел ағасы атанған, Сөйлейтұғын тайсалмай, Шаңхан еді батымды. Бекзада мінез Аманжол – үздігі еді сыныптың, Есқуат – ашық, Оңайбай, Нұрлыбай, Асқар – тұйықтым. 25 жыл зерттеген Одақтағы ЗИЛ-дерді Адилов қой маманы «торабында» Құрықтың. Ұлан жасы – бала кез, кетпейді екен есіңнен, Парталасым Ерсұлтан – есебін көп көшіргем. Бәйгі, Сұлтан, Мәрліхан, Құлжан – маған етене, Самда оқып, ең алғаш тұсауымыз кесілген.
Тегі қожа Жәмила –сыныптың ең сұлуы, Есте ақкөңіл Жәния, Сайлауханның бұрымы. «А» сыныптың қыздары – Алтыншаш пен Гүлмира, Тоты, Зина, Жұмақыз, Ынтазар мен Оғылы. Хасен сырбаз, сабырлы, асықпай, жәй сөйлейтін, Үндемейтін Өтелген «ішімді өзің біл» дейтін. Қояндарды қумай-ақ жатып ата салатын, «Белдескенді» Лесхан тобығынан шалатын. Шолпан дейтін сергек қыз, Сәнім биші – майысқан, Сұлу әуен, әсем саз, бұлбұл әнші Рысхан – Алматыны сергітіп, Маңғыстауды тербеткен, Бір ауылда туғанбыз, арғы атамыз туысқан.
Кенташ асып-саспайтын, елгезек қой Ералы, Туып-өскен Шайырда Қонақбай мен Төрәлі. Алдаберген, Базартай – оташы мен есепші, Кәсіптерін тастамай, жұмыс істеп жүр әлі.. Әнші қыздар Айсәуле, Алтын және Күләш бар, Туып-өскен Таушықта Қарагөз, Күлән, Бияштар. Несібелі, Рая, Рысбибі, Дәметкен, Роза мен Балсұлу, Сәулеш, Закон, Балымжан, жайсаң, керім Динаш бар. Лағындай еліктің мөлдіреген Ғалия, Әрең-әрең сөйлейтін кербез еді Мәрия. Бәйтен өте сыпайы, Ару ұяң, ибалы, Мінезге бай ұстамды Шұға менен Әлия.
Шопанғали, Есенқос, Есқожа да бұйығы, Қызық еді Айладыр, Ақбазардың қылығы. Суретші Алтынбек құрметке бөленген Шығарыпты жарыққа талай көркем туынды. Көшев Бақыт заңгер боп еңбек жолын бастады, Еті тірі Жиенбай көп мекеме басқарды. Сәрсенғали, Әміржан ерте кетіп өмірден, Жетісе алмай балалар, әкесінен жас қалды. Шаяхмет, Кенжебай, Асан, Бәйіт, Тілеужан, Қуаналы, Теңелген, білем жақсы Шайхыны. Асылгерей, Аңшыбай, Өтеп, Таңбай, Далабай Сақталыпты есімде бала кезі арқылы. Осылардың бәрі де – менің сыныптастарым, Бірге көрдік балғын шақ мөлдіреген аспанын. Арадағы қырық жыл егделікті еншілеп, Көшіп кеткен балалық, күмістетіп шаштарын.
Қанат жайған көгершін ауламыздан кетпесін, Бақшамызда бүр жарып қайың, терек көктесін! Қанаттарың қатайсын, оқып жатқан Шахтада, Бүлдіршіндер монтиған – менің мектептестерім! ӨЛЕҢ ЖАЗДЫМ СОЛ КҮНІ (Ұстазым Есенбай Шолтановқа) Алғаш өлең арнадым Қыста жауған ақ қарға. Ақ мамамды сағынып, Интернатта жатқанда. Ойыннан да көбірек Үйір едім кітапқа. Суық торғай қалбақтап, Отыратын бұтақта. Соны көріп өзімше Өлең етіп құрадым... Ойда жоқта бір күні Көріп қалды мұғалім. «Дәптердегі «құпиям» Қала ма, - деп, - ашылып?»; Матрастың астына Жүруші едім жасырып. Тығып төсек астына, Орнымнан тұрмадым. Ағай: - Тұр! - деп бұйырды. - Кәне, не зат ұрладың?
Қалды ұрлығым ашылып, Бірақ ағай сөкпеді. Күліп қойды қолпаштап: - Ақынсың ғой, - деп мені. - Жаман емес жазғаның, Талабыңа нұр жаусын! Ақын болу – балақай, Шығаратын жан даусың. Талаптансаң, түбінде Мақсатыңа жетесің. Арманыңнан бас тартсаң, Өкінумен өтесің. - деді ұстазым біртүрлі Жанарына ой тұнып… …Өлең жаздым сол күні Дәптерімді толтырып… ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗ (Менің әдебиетке келуіме бірден-бір ықпал еткен тіл маманы, аса дарынды ұстаз Бақыт Баловтың 70 жасына арналған жыр-шашу) Бала қиялдан бастауын алар бұлақ-ой, Өмір дейтінің – шегіну, өрлеу, қырат, ой. Шәкірттері үшін мақтаныш, үлкен мәртебе – Бақыт ағамыз 70-ке толған мына той.
Санаңызға көркем ойларды саралап, «Құрметті ұстаз» мамандық жолын қалап ап; Келесіз аға, тапжылмай тура жолменен 47 жыл білім бақшасын аралап. «Ұстаз» деген атауын адал сақтаған, Зерделі ұрпақ талабын ұштап, баптаған. Өз тілін сүйген қазақтың адал перзенті Баулыған шәкірт болғаным үшін мақтанам. «Оқу ісінің үздігі» деген белгі бар, «Шыңдалу-мектеп» атағыңызға берілді. «Ағартушы ұстаз» дейтінің сәби санамда Сіз сияқты Алтынсариннен кейінгі. Ұл-қызың аман, қасыңда болсын Алтының, Үлгісіндейсіз қазақтың тіл мен салтының! Ұлт байрағы, даусы асқақ қашанда Дәл сіздей болса ұлдары қазақ халқының! 2008 жыл, 8 тамыз.
БАЛА КЕЗДЕН ДОС ЕДІК (Ақдәріге) Қызықтар бала күнгі кетпейді естен, Дос қымбат бала кезден бірге өскен. Бірге ойнап Теректінің шағылында, Уызды бір тостаған бөліп ішкен. Сен жүрсің жүрегімде, жырларымда, Тағдырым саған аян, сырларым да. Көңілдің көкжиегі көсіледі, Қуанып күтіп алып тұрғаныңда. Қиналсам, қуансам да, қасымдасың. Сырт көзден, мінім болса, жасырасың. Байқатпай кейбір осал тұстарымды, Мақтан қып, жақсы ісімді асырасың. Дос едік бала кезде, әлі доспыз, Көрісіп жиі-жиі, табысамыз. Теректіде бірге өскен бала – қос қыз Ажырамай, жылдармен жарысамыз.
СҮЛЕЙМЕН АҒАНЫҢ 70 ЖАСЫНА ШАШУ Өмірдің жолы – ойпат пен қырат, ирелең, Жан бар ма екен табаны тасқа тимеген?! Күйремейтіндер өрлейді күнгей қияға, Адамдық мақсат рухы алға сүйреген. Жақсы мен жақын таныған бүгін есімін, Тұғыры еткен киелі Қазақ бесігін; Адамдық асыл қасиеттерді арқалап, 70 қаңтардың қағып тұрсыңыз есігін. 54 жылда ақ халатын бір шешпеген, Ленинградта 9 жыл қызмет істеген. Алматыда 10 жылдай «ғалым» атанып, Маңғыстауда да өз биігінен түспеген. Мұратым дейтін мақсатын жалғап арманға, Қамқор боп жүрген науқас пен майып жандарға; Ұлықпаннан да ұзақтау ғұмыр бересіз «Тіршілік» дейтін аз күндік фәни жалғанға.
Ізгілік істің басы-қасында жүресіз, Қаншама жанның алғысын алып келесіз. Нұх пайғамбардай ғаламға тірлік таратқан Медицинаның азығын артқан кемесіз. Білікті маман, кәсіби талант, дарасыз, Ұғымы терең, парасаты биік ағасыз. Әдебиет пен мәдениетті зерделеп, Жақсы жырлардан жан ләззатын табасыз. Абырой, бедел сатылмайды ешбір ақшаға, Халқыңыз сізді құрмет тұтса, бақ сана! Қызды қияға, ұлды ұяға қондырып, Нұрсағилаңмен жарқырап жүрші, жақсы аға! АДАЙ ӘНІН ӘУЕЛЕТКЕН (Күріш Тасболатов ағаның мерейтойында оқылған өлең)
«Түбі бір сөз атасы – Майқы» дейді, Біздің ел сал-серісін «қайқы» дейді. «Ән-күймен шөлді басу, көңілді ашу – Тегі Адай қайқылардың салты» дейді. Дәстүрін қайқылардың алға ұстаған, Үш қайқы шықты кейін Маңғыстаудан. Бірі – әнші, бірі – күйші, бірі – жыршы, Саз-өнер үзеңгісін қағыстырған. Ішінде әншісі бар Күріш деген, Даусын исі қазақ тегіс білген. Үнінде кең Каспийдің сарыны бар Толқынын көмкерген көк пүлішпенен. Лекітіп көмейден ән құлатасың, Әруағын қайқылардың оятасың. Қыран-ән асқақтатып Алатауға, Биіктен сорғалатып құлатасың.
Құштарлық бойға біткен күш, талабың, Қонатын тұғырыңды тұспаладың. Іздедің сырлы әлемнен сиқырлы саз, Қондырып көкірегіңе құстар әнін. Намысты ұл-қызы бар бұл даланың, Өн бойы – толған арман, толған ағын. Бес жаста домбыра ұстап Күріш аға, 70-ке әнін созған арда дарын. Әнші аға Адай әнін әуелеткен, Қазаққа «Жеті қайқы» әні жеткен. Құбылтып әдемі ырғақ, сұлу сазды, Моншақтай мөлдіретіп зерге төккен.. Жалғасын «Жеті қайқы» қайта тапты, Биікте Адай-әндер қанат қақты. Қалықтап жас әншілер ән-әлемге, Айналып ізгілікке бара жатты... 2011 жыл, 18 қараша.
МАҒИЯ АПАМА Көңіліңізге қылау түсірмей, татулықтың үлгісін көрсетіп, әдемі күлкісімен жаныңызды баурап келе жатқан жарыңыз Өтеш жездеміз 70 жасқа жеткен екен, той құтты болсын! Тойшылардың жездемізге деген мақтау-марапаты асып-төгіліп жатыр. «Ол кісінің осындай дәрежеге жетуіне менің апамның да үлесі аз болмаса керек» деп, мынадай ой-толғам жаздым: Сіздей жан аз ғой, апа, жер бетінде, Үйлескен мінез-құлқы келбетіне. Сондықтан өзің қайда отырсаң да, Кісілік қасиетің төрге өтуде. Жалын ғой алау жүзің жанып тұрған, Жел-құзын сырқаттардың айықтырған. Жылынып қайту үшін шуағыңа Мен сіздің ауыл жаққа барып тұрам.
Сіз маған көрінесіз туысымдай, Сыйластық, қимастықтың қыры сынбай; Өзіне мені ылғи тартып тұрад Мейірім, жарқын қабақ, жылы шырай. Сіз барда «апам жоқ» деп айта алмаймын, Дәмді асын маған сақтар, балқаймағын. Мен сізді көргім келіп, іздеп тұрам, Есіме түскен кезде қай-қайдағым. Ыстық қой ықыласың, күлкің маған, Көңілді, сізді көрсем, желпіп алам. Қазірде жоқ сияқты сізден басқа «Қарағым, айналайын» дейтін адам. Сондықтан маған жиі көрініңіз, Жаныма шуақ болып төгіліңіз. Жан жарың, балаларың мерейлі боп, Бейнетсіз, ұзақ болғай өміріңіз!
ШИПАЛЫ ҚОЛ (Маңғыстаудан шыққан белгілі емші Рысты Жақсымова 45 жасқа толғанда) Қырықтың қылшылдаған қырын басып, Жүріппіз ақ жүректі баршаға ашып. Ақ жүзге әжім салып, әрін алған Барады сол 40 та бізден қашып. Емшілер қауымдасты Астанада, Ең алғаш орталығын ашты «Дауа». Сен сонда шақырылып, емші болдың, Куә боп Семейдегі «масқараға». «Емші» атың ақпаратта шашыраған, Жансың бір байлық қуып, тасынбаған. Еліңе сияпатты сол қалпыңмен Жүре бер бала-шаға қасында аман! Киелі топырақта дара туған, Ерекше қасиеттен жаратылған. Қиналған дімкәстер мен науқастарға Шипалы саусағыңнан ДАУА қонған.
Құрдасым, құтты болсын 45-ің, Ызғары қыстың жанды жүдетпесін! Тілеймін саған аппақ арай күндер, Сыйласқан жақсы құрбы, жүректесім! 60 ЖАС ҚҰТ ӘКЕЛСІН БОСАҒАҢА! (Рысхан Қосуаққызына) Шайырда сен де тудың, мен де тудым, Әкеміз ағайын, дос, өзің – құрбым. Сондықтан болар, көріп, кездескенде Ылғи да бүйрегіңді бұрып тұрдың. Әкеміз жасы қатар, құрдас еді, Анамыз тағдыры ұқсас, сырлас еді. Аналар тылда ауыр еңбек етті, Әкелер фашистерден қорғаса елді. «Маңдайдан шертіп жүріп», таңдап барған Жан жарың – ағайын жұрт ардақтаған. Тойында арнайы тост беруші еді, Ерекше құрметпен арнап маған.
Белгілі Жары аулының Тұрары еді, Беделі көп кісіден жоғары еді. Мәңгілік мекеніне сапар шекті, Бетке алып қоңыр салқын құба белді. Сияқты жез құманға алтын қақпақ, Келесің ән-ғұмырын, салтын сақтап. Бибігүл әнші апаң саған берді Серінің «Гауһартасын» аманаттап. Асқақтап жүрсе де әнің Алатауда, Бұйырды туған жердің дәмі-тұзы. Шығарып ұл-қызыңды Тұрар-тауға, Аман жүр, Маңғыстаудың ару қызы! АЛТЫН ДІҢГЕК (Жібек Қорғановаға) Жастай ұғып парасат, ұлағатты, Жолдас қылған жанына қанағатты; 90 аттап, асықпай Жібек апа, 100-ге қарай жәй басып бара жатты.
Айналайын Маңғыстау, салтың бөлек, Дала исі қолқаңнан аңқиды тек. Біздер – шөпшек, ебелек жеңіл-желпі, Жібек апа – орнықты алтын діңгек. Көк құрақпен толғанда гүлге етегі, Бойын тіктеп, Қаратау төрге өтеді. Қиындықтан мойымас қайсар мінез, Елі-жұрты Жібекті үлгі етеді. Тіршілікке белгілі ақ-қарамыз, Бақ табармыз, тартысып тақ та алармыз. Бәрі мүмкін, бірақ та дей алмаймыз: «Ел есінде Сіздей боп сақталамыз». НИЯЗДЫҢ ПАЙҒАМБАР ЖАСЫНА ШАШУ Құтты болсын 63-ші көктемің, Қасиетті Пайғамбар жасқа жеткенің! Руың Беріш – Исатай, дүлдүл Махамбет, Әулие, батыр Құлбарақ шыққан текті елің. Наурыз келді қызғалдақ қадап белдерге,
Жастығың қалды алыстап кеткен күндерде. Амалдың ақша қарындай таза пейілді Шағала-көңіл шаттығын берсін сендерге! Ата қырандай желпініп жаның бүгінде, Отырсың шалқып, немере сүйіп төріңде. Хан-Сұлтаның да 3 жасқа жетті шапқылап, Қуаныш сыйлап Досан мен Гауһар келінге. Жоғары тұрсын жарығы сөнбей жұлдызың, Көбейе берсін, жапырақ жайып ұл-қызың! Өзіңмен бірге қызығын көрсін ұрпақтың Дәмелхандай – көркіңді ашқан құндызың. Шаңырақ құрып, бақытын тапқан өзіңнен, Асықпай жүріп, өзіне біткен төзіммен; Отбасындағы береке, бірлік арқасы – Көремін әркез жып-жылы күлкі жүзіңнен.
Жаратқан Ием қоспасыз құйған санасын Дәмелхан, сенің Қилекең – туған нағашың. Мәрт мінездерін ұқсатам кейде мен саған, Жарастыратын ағайын-тума арасын. Өрісін жайсын Хан-Сұлтан, Досан, Асандар, Сендерге арнап ақ тілек-жырды шашам бар! Шөпшектеріңнің алақанынан су ішіп, «Алтын той» менен «гауһар тойды да» жасаңдар! 2012 жыл, 10 наурыз. ҰЛЫ ӨТКЕЛДЕ (Қазақтың «айғыржал» қызы Айкүміс Досановаға) Қашанда сені көріп биіктерден, Қарап кей еркектерге, күдіктенем. Жұқалтаң іс қимылы, майда-шүйде, «Әйел ме, - деп қаламын, - бөрік киген».
Өзен мен жылғалардың ағысы бір, Бағыты екеуінің – алыс үңгір. Тағдырдың тайғанақ мұз айдынында Қыздар мен еркек орны ауысып жүр. Шығармас жасықтарды сүйреп төрге, Шындықтың тұғыры асқақ ұлы өткелде. Аман жүр, айналайын, тіл мен көзден, Тап болма пиғылы арам ниеттерге! Жүр, қалқам, түн сұлуы айдай болып, Қыздардың көркін ашар маңдай болып! Аша бер көңілдерін күңсігеннің, Сүт құйған «индиский» шәйдай болып! Басталар кішіліктен үлкен істер, Өмір ғой самғау менен кідірістер. Маңғыстау даласының ару қызын Жүргей де желеп-жебеп ұлы күштер!
ЕРМЕК ӘНЕСҚЫЗЫНА Таныстық біз екеуміз көрші болып, Бір корпус екеумізге енші болып. Екі есік арасында кіріп-шығып, Балалар жүрді делдал, елші болып. Екі үйдің азаматы құрдас болды, Екі үйдің әйел заты сырлас болды. Бәрінен сен жақындау жүрдің маған, Болса да қанша сыйлас жолдас, құрбы. Оқыстан мен жарымды жоғалтқанда, Сен едің алғаш келіп жұбатқан да. Сен жауап тауып жүрдің, асыл досым, Шешпеген басымдағы сұрақтарға. Басыма түскен кезде түрлі қыспақ, Сен жүрдің жүрегіммен бір тыныстап. Танылып жақсы ортада жүргеніңде Сен мені жүрдің, досым, алдыңа ұстап.
Сен менің жүрдің байқап жоқ-барымды, Шын тілеп шырғалаңнан шыққанымды. Білемін кірпияздау, қатпар-қатпар Көңілімнің кілтипанын ұққаныңды. Жақсылар жанға шуақ төгеді екен, Бар-жоқты өзіңмен тең бөледі екен. Алаңсыз сенім артып жүру үшін Өзіңдей достар ғана керек екен. Достықтың құдіретін сезіндім мен, Адаспас жолға түсіп өзіңменен. Уақыт, кедергілер түскенменен, Арада жібек арқан үзілмеген. МЕН СІЗДІ БИІК КӨРЕМ (Маңғыстаудың белгілі азаматы Сақып Бүркітбайұлына) Сіз бүгін Пайғамбардың жасындасыз, Қашанда жақсы істердің басындасыз. Маңғыстау тарихының беттеріне Екінші жас әкім боп басылғансыз.
Келбеті аулымыздың, мақтанымыз, Бор емес, Қаратаудың шақпағысыз. Қамқор боп маңайына, ағайынға, Ата тек, арғы салтын сақтадыңыз. Мақтау да жараспайды кез-келгенге, Келмейтін кісілік бар безбендеуге. Жабысар бөркің болса қолтығыңа, Танымас бас киімің өзгергенде. Мен сізді биік көрем, бағалаймын, Қиналсам, сізді ғана жағалаймын. Әркімге иілмейді шалқақ кеуде, Ал сіздің алдыңызда – баладаймын. Мен сізге бар жақсыны тілеп тұрам, Жарының бір бұтағы – жүректі ұлан. Жігітке байлық емес, шайлық емес, Шынайы азаматтық – берік қорған.
Жыл сайын жас қосылып жасыңызға, Түспесін ауыр салмақ басыңызға! Аулаңыз жапырақ пен гүлге толып, Жәмила күліп тұрсын қасыңызда.! ҚАЙЫНСІҢЛІМ ТҮРМЕХАНҒА Сәні едің, үйіміздің қарлығашы ең, Ағаңның ең сүйікті қарындасы ең. Біздермен 4-5 жылдай бірге тұрдың, Бойжетіп келе жатқан шағыңда сен. Ісіңе алғыр едің, зерек едің, Сурет салушы едің, шебер едің. Сен салған суретті ағаң мақтап, Менің де келетұғын көре бергім. Сенде жоқ, алдау, көше кезу деген, Әдеттің бәрі сенде мен іздеген. Жұмысқа бұрылмастан түзу барып, Жұмыстан қайтатынсың бір ізбенен.
Қалмайтын қасыңа еріп Серік інің, Балалар жақсы көрген сені керім. Ерекше бауырмалдық, жанашырлық, Тазалық, адалдықты сенен көрдім. Біз сені көріп жүрдік жас баладай, Ешкімге жүрек кілтін ашпағандай. Бір жігіт сені бір күн алып қашты Біз қалдық байлап-матап тастағандай. Қазір сен – бір ауылдың анасысың, Аналар өмір кешер баласы үшін. Аман жүр отбасының ұйытқысы боп, Бойыңнан арылмасын қайрат-күшің! ҚҰТТЫҚТАУ (Кластасым Аманжолға) Қарашы, нұрға оранған өңір, белең, Өлшенер келген жаспен өмір деген. Шығыпсың 60 жастың асқарына, Арнаймын тойға шашу өлеңменен.
Айтуға еңбегіңді тіл жетпеген, Ізіңе басқан әрбір гүл көктеген. Сыйлысың ағайынға, қатарыңа, Кішілер ізетпенен құрметтеген. Нұр шашып, көгіңде күн күлімдеген, Өткен күн басқан ізі білінбеген. Өзіңді құттықтаймын, аяулы дос Бүгінгі сенің туған күніңменен! КӨҢІЛІҢ КӨЛДЕЙ, ДАРАСЫҢ (Қайным Балтабайдың жарты ғасырлық тойына) Сыйлаған саған қасиеттерін көп дара, Бабаларың – баһадүр Досан, «Үш Қара». Жапырағы жасыл аппақ гүл көрсем көктемде, Кіршіксіз сенің пейілің бе екен деп қалам. Асқар таудай ғып ақ ниетіңді үйіп шың, Адал жарыңмен абыройлы өмір сүріпсің. Ақылың алғыр, сезімің сергек, бауырмал, Сондықтан болар көп азаматтан биіксің!
Кез-келген жанды мақтамайды ғой ел тегін, Киесі саған дарысын мынау өлкенің! Пір Бекеттің әруағы қолдап әрдайым, Бүгініңнен де сәулетті болсын ертеңің! Жоғары тұрсын әрдайым сенің жұлдызың! Орынгүл келін – көркіңді ашар құндызың. Денің сау болып, қызықты дәурен кеше бер, Көбейе берсін, жапырақ жайып ұл-қызың!
ҚҰТТЫ БОЛСЫН ЖАС ОТАУ!
(Тұщыбекұлы Даниярдың үйлену тойына жыр-шашу) Келбеті көркем, өнердің биік шоқтығы, Туысқандығын ертелеу бізге ұқтырды. Қуанып, тасып отырар еді-ау ән шырқап, Ортайтып тұр-ау Тұщыбек қайным жоқтығы. Бүгінгі тойда еске алмау оны мүмкін бе?! Әкесін асқар тауындай көрер кім-кім де. Жете алмай кеткен жолдарын жалға, Данияр, Ұқсастық бар ғой әкеңе келбет, көркіңде. Аяулы әкең жүрмесе-дағы арада, Қамқоршы саған ағайын, туыс, бар аға. «Өшкенім жанды!» деп, келіп отыр қуанып, Ақ бата арнап 70-тен асқан Ана да.
Ақ Данияр! Баянды болғай қосағың! Жарыңмен бірге ұл-қызға толғай құшағың! Шаңырағыңнан шаттықтың күйі төгіліп, 90-нан асыр Қосбармақовтар ошағын! Орындалды аңсаған биік армандар. Заңды неке құжатын бүгін алғандар. Осы күнге жеткізген Алтын анаңның Жанына енді кіреуке, салмақ салмаңдар! Өмірлеріңнің өнеге етіп әр бетін, Ұқыпты ұстап Алланың берген дәулетін; Көбейте берің үлгілі ұл-қыз өсіріп, Қосбармақов пен Тұщыбековтер әулетін! Отауларыңда ынтымақ, бақыт орнасын! Қуаныш көп боп, туыс, дос жылда тойласын! Тілегімізді киелі мекен Маңғыстау Әулиелері, Піріміз Бекет қолдасын! 2010 жыл, 30 шілде.
ЖАСҚА ТОЛДЫ АҚ САМАЛ (Қатираның қос немересінің тойына шашу) Қабыл болып тілегің, Қосылды Досан қатарға. Сарғайтып жеткен мұратың Қуанта берсін, Қатира! Алғырлығыңмен алысып, Қаншама қиын күн кештің. Жас қалып, үйге бас болдың, Кінәлай алмас сені ешкім. Қайрат пен Асан кетсе де, Досанның жанды шырағы. Желбіреп өсіп келеді Артынан жасыл құрағы. Алмагүл атты арумен Досаның құрды отбасын. Перзенті тұңғыш – Ақ Қанат Толтырды биыл 3 жасын. Баланы әркім бақ санар, Өмірден орын тапса олар. Тұсауын кесіп, тәй басты Бір жасқа толған ақ Самал. Құтты болсын қадамы, Қос қанатын қағады. Қолғанат боп әжеге, «Шай құюға» жарады.
Жапырақ жайып жалғызың, Тойыңды тойға жалғасын! Әуелі Алла, Пір Бекет, Әруақтар жебеп, қорғасын! 2011 жыл, 22 қазан. РЫСТЫ 60 ЖАСТА Жасыңнан ақылды едің, ерекше едің, Пайымың көп қыздардан бөлек сенің. Бір кешкен Самның құмын, бала досым, Жақсы өмір сүруіңе тілекші едім. Биіктеу білігің мен парасатың, Сабырлы мінезіңе жарасатын. Барлық қыз маңайыңа төңіректеп, Сенімен дос болуға таласатын. Сабаққа алғыр едің басқалардан, Сонда да мінезің жоқ аспалаған. Мен сенің кішкентайдан досың едім, Қасыңнан әлі күнге тастамаған. Бас қосып Қоңырбайдың баласымен, Әдемі жанұя боп жарасып ең. Ертелеу кетті ардағың. Сен келесің Азамат жолдастары арасымен.
Жан досым! Сыр бермейсің, салмақтысың, Дос-жаран, ел-жұртыңа ардақтысың. Ұл-қызың Жадырасын екеуіңнің Ұзартып ғұмырыңды, жалғастырсын! Кеңдік бар келбетіңде, байсалдысың, 80 мен 90-дарды қарсы ал, досым! Жадырасын, Рысты ұл-қыздары Жақсы боп елі-жұртын тамсандырсын! ЖОЛДАРЫН ЖАРЫҚ ҚЫЛЫП... (Маңғыстаудың абыройлы шалдарының бірі, ұзақ жылдар бойы басшылық қызмет атқарған Құрманбай Тұрғанбаевқа) Ұлылыққа қашанда басын иген, Дала жатыр керіліп сағым сүйген. Қарт Каспийді жағалап Маңғыстауда Талай дүлдүл жүйріктер өмір сүрген. Еселеп сұлулықты тусын далам, Жиреніп, жамандықты қусын ғалам.
Адамзат мынау сырлы дүниеде Жақсылар үрдісінен сусындаған. Шайырлар өз білгенін жыр етеді, Әр ауыл өз жақсысын зор етеді. Ауылдың үлкені де, кішісі де Сыйлаған ақкөкірек Құрекеңді. Еңбекті өміріне серік еткен, Ұзақ жыл ел басқарып, терін төккен. Біз бүгін елестетіп, еске аламыз Жолдарын жарық қылып жүріп өткен. Жолдарын жалғастырған ұрпақтары Еске алып әкелерін, сыр ақтарды. Тоқсанға толып жатқан Құрекеңнің Күтеді дастарханы қонақтарды!
ЖҰЛДЫЗ ДЕЙТІН ЖАРҚЫРАЙДЫ ТӨБЕДЕ Тоқсаныншы жылдардың басындағы ауыр кезеңдерде белгілі кәсіпкер Ұлбосын Жүзбайқызы Ахметова Ақтау қаласының 687 тұрғынына пәтер сыйлаған болатын... Көрінгенді ел бесігіне бөлемес, Ей, адамдар, заманамен төрелес! «Жұлдызды елміз» десек-тағы қаншама, Ұлбосындай жұлдызымыз көп емес. Сөнбес жұлдыз – ұлы мұрат, үмітің, Еңбек еттің бел шешпестен күні-түн. Кәсіптің ең ауыр түрін таңдапсың, Тайсалдырып қазақтың көп жігітін. Үлес қостың көркейтуге Ақтауды, Кәсібіңмен елге ұнаған, мақтаулы. Мәрт мінезің, азаматтық келбетің Талайлардың жүрегінде сақтаулы.
Кір жолатпай келбетіне арыңның, Маңғыстауға моншақ болып тағылдың. Қарлығаштай қалқып шығып аспанға, Бар қазаққа іскерлікпен танылдың. Іскерлігің, кісілігің – өнеге, Ғасыр жаса, алғыстарға бөлене! Сенің орның төмен емес, Ұлбосын, Жұлдыз деген жарқырайды төбеде. 2005 жыл. АСА ҚАДІРЛІ АСЫЛТАС ҚАЛМЫРЗАҚЫЗЫ 60-ТА Бала кезден алғыр едің, болмаған еш тынымы, Ойың озық, жаның таза – мөлдір бұлақ тұнығы. Маңғыстаудың жайсаңдары, зиялысы атанған Алтын діңгек ата-анаң да – асылдардың сынығы.
Екі жүрек бір-біріне махаббаттан от тасып, Жампоз жігіт Қуантқанмен жарасымды жұптасып; Айнымайтын адалдыққа бақыт балын тамызып, Өмір деген ұлы жолда келесіңдер нық басып. Келіп жетті, жылдар аунап, алпысыншы ақпаның, Ата-ана қойған атын тап-таза қып сақтадың. Өнегелі өмірің мен өнегеңнің арқасы – Ортамыздың ажары боп жүріп келе жатқаның. Балаларың тәрбиелі, құйған алтын асықтай, Орын тауып өркен жайды, жігерлерін жасытпай. Жар қосағың, балаларың аман болып, қуантып, Мамырлап жет, 70-ті аттап, 90-ыңа асықпай!
АҚ ТІЛЕК (Облысымызда «Алтын ғұмыр-ұлы Маңғыстау» атты газет ашқан Маңғыстаудың талантты қызы Қаламқас Сатыбалдиеваға «Сәт сапар») Атың таныс алысқа, жақынға да, Киелі есім аңыз боп жатырғанда Ерлік іспен еліңді сүйсіндірмей, Қаламқас* боп туған соң хақың бар ма?! Үлкен істі жүктепсің мойыныңа, «Алтын ғұмыр-Маңғыстау – ұлы мұра». Өсек терме, өшкенді тірілте бер, Шаң тимесін, Қаламқас, бұрымыңа! Құлақ түріп Тарих-ғұламаға, Рухани сусын бер сұрағанға. Маңғыстауда томдар көп жазылмаған – Мың ғасырға жететін ғұмырнама. Қыз атымен аталған жер киелі, Маңғыстаудың тербетіп ерке желі; Өзіне тар, өзгеге көрпесі кең Адай деген қазақтың «тентек» елі.
Жақсыларын тапшыға үлгі қылшы, Ғибрат сөз, өнеге көшін құршы. «Жазалаудан – сүйеген пайдалырақ» Деген екен қытайлық ұлы жыршы. Кір жолатпа, әріптес, қыз атыңа, Табылса да тасадан оқ ату да. Аттан түспе, алдыңа тура қара, Жігеріңді қайра да қайратыңа! Дана халық қызына жақтас болар, Қандасына тектілер шаппас болар. Айдынында Каспийдің сылаң қағып, Дара жүзген аққуды атпас болар. Болсын газет еліңе танымалы, Аты, заты сай болсын, мағыналы. Маңғыстаудың сапарға шықты қызы, Қолдап жүрсін Пір Бекет әруағы! -------------------------------------- *Қаламқас – жер атауы.
ҚҰРДАСЫМ НҰРҒАЛИДЫҢ БАЛСҰЛУЫНА МАДАҚ ЖЫР Саспайсың, асықпайсың, мақтанбайсың, Сабырдың бойтұмарын таққандайсың. Қашанда көңіл жайлап, көзің жайнап, Үстінде құс төсектің жатқандайсың. Мен сенің қызығамын тоқтығыңа, Ішіңде кіреуке, кір жоқтығына. Жансың ғой айтарыңды ұрсып емес, Жаралған жұмсақ сөйлеп ұқтыруға. Сен мені көресің-ау кереметтей, Жалғаншы бояуларға ере кетпей; Достардың ортасында патшадай боп Жүремін байлық, мансап керек етпей. Мен барсам, қос көрпені қабат салып, Ас үйге жүгіресің табақша алып. Жайланып қасыма кеп отырасың, Қазанға сақтаған сүр-тамақ салып.
Келіндер иіледі сәлем етіп, Жаяды дастарқанды көлемді етіп. Күткендей өте сыйлы қонағын бір Қыз, келін шай жасайды жеделдетіп. Ұл-қыз да, келіндер де өнегелі, Сендей-ақ болар қазақ енелері. Ешқашан шын ықылас тозып бітпес, Көйлек те, көрпеше де көнереді. Көтерсе мәртебесін балалары, Сыйлы да, сияқатты аналары. Отырсың үпір-шүпір ортасында, Көзіме елестетіп Хауа Ананы. Сен маған жақсылықты көп тіледің, Сондықтан «шынайы дос» деп білемін. «Тас тиіп кетпесін» деп табаныма, Төсейсің көңіліңнің көк кілемін.
БІР ПАРТАДА ОТЫРҒАН КЛАСТАСЫМ (Зағипа Оразбаеваның мерейтойына шашу) 60-тың шықсаң дағы асқарына, Ақ қылау түсірмепсің шаштарыңа. Алатау басына қар жамылғанмен, Отман тау от шашып тұр аспанына. Белгілі маған досқа адалдығың, Телефон инженері – мамандығың. Келесің ғұмыр кешіп, мұрат қылып Бақытын, балалардың амандығын. Өзіңе тән табиғи жүрісіңмен Көркемдік, тазалықтың үлгісі едің. Мінезің қарапайым, қайырымды Болған соң, сені жақсы көруші едім. Ұрпағы Ер Шабайдың Зағипасың, Класта бірге отырған парталасым. Ұлдарың кезек-кезек келін әкеп, Той-думан отбасынан тарқамасын! 2008 ж.
ТОЙҒА ШАШУ (Шаңхан Нұрбаулинаға) Белгілі Нұрбаулы – әкең, атың – Шаңхан, Жүрегің досқа адал, жаның дархан. 60-қа бәрімізден бұрын жетіп, Аяқты басып жүрсің балпаң-балпаң. Дос, туыс үйіріліп маңайыңа, Керексің, қадірлісің ағайынға. Сенде жоқ қабақ шыту, ашулану, Қашанда екі езуің құлағыңда. Кластың алғыры едің, тентегі едің, Тағдырдың теперішін ерте көрдің. Анадан айрылғанда 14 жаста Мен көрген үш баланың үлкені едің. Дархансың – ел қонғандай алды-артың, Шаңқандай пейілің ақ, жаның жарқын. Тағдырың күлдірсе де, күйдірсе де, Баяғы өзгермейді жайсаң қалпың.
Бірге іштік бала кездің бал шырынын, Жалғыз тал – жапырағын жайсын ұлың! Мейрамкүл – менің қызым, Оркаң бар ғой, Қызығын көрші екі-үш талшығыңның! 2007 ж. ҰЛТ НАҚЫШЫ БЕДЕРІҢДЕ (Әдемханға) Әдемхан, құтты болсын 55-ің! Думанды той-томалақ сейілмесін! Сыпайы, ілтипатты мінезіңмен Ағайын, достарыңның төріндесің. Көркің сай ақылыңа, атыңа да, Кенташтың ренжуге қахы бар ма?! Жас кезің елестейді – фестивальда Шырқаған халық әнін сахнада. Жарасып ұлттық нақыш бедеріңе, Тәнтіміз шеберлік қолөнеріңе. Аласың алысыңды жақын етіп, Жолатпай кір-кіреуке көңіліңе.
Жақсы дос, құтты болсын 55-ің! Өзіңдей жанұяңа келін келсін! Ұл-қызың кеңге жайып өрісіңді, Көл-көңіл ортаймасын, төгілмесін! 19.01. Тауық жылы. КӨҢІЛДІҢ ҰШЫРАМЫН КӨГЕРШІНІН (Ақдәрінің 60 жасына шашу) 60-тың көтерілдің аспанына, 50-ді артқа ысырып тастадың да. Ақ жүзің жас қалпыңды сақтағанмен, Ақ күміс шашырапты шаштарыңа. Танытып ер Бөршенің елге есімін, Үлгілі ұл өсірдің, қыз өсірдің. Мен бүгін саған арнап ұшырамын Көңілдің ақ қанатты көгершінін. 60 жыл арман бағын араладың, Ер Қосай – аруақты бабаларың. Атанып «Жақсы келін» ауылыңа, Туыстан жан жылуын аямадың.
60 жас – таудан тасып асқан бұлақ, 60-тың басы – тәй-тәй, алды – мұрат. Жақсының 60-ында айналасы – Желегі желбіреген жасыл құрақ. Мен келдім 60-ыңмен көрісуге, Жайылды жапырағың өрісіңе. Жиені Майлан Сарбас Бөршеменен Келесің жарқын өмір белесінде. Қасыңда жар қосағың қоса ағарған, Түспейді қара қазан ошағыңнан. Балалар – немере мен шөберелер 80 мен 90-ыңды тосады алдан. 21.08.2010 жыл. НАР МІНЕЗ (Кластасым Хасанның мерейтойына) Тағдыр тегеш құлағын жиі бұрап, Салмақ түсті иыққа қиынырақ, Танытып нар мінезін, ер қайратын, Қайғыға берілмедің, еңсең құлап.
60-тың шықтың бүгін асқарына, Ақ қырау шашыратып шаштарыңа. Өмірде, ұжымда да орның биік, Істерің – досқа үлгі, жасқа мұра. Мұнайды кәсіп еттің ширек ғасыр, Жемісті еңбегіңмен даңқыңды асыр! Көтеріп мәртебеңді балаларың, Той болсын жанұяңда ұлан-асыр! Жар сүйіп, жас отаудың шамын жақтың, Көңілін ата-ананың жадыраттың. Бұл күнде ата болдың жанұяда, Уығын берік байлап шаңырақтың. Әкесі сыйлы болған ел ағасы, Үлгілі ұстаз екен әз анасы. Лайық өздеріне орын тауып, Бұл күнде үй-жай болған бар баласы. Жарың бар іскер, алғыр Мариядай, Жарасқан көңілдерің дариядай. Үйлену тойын жасап кеше ғана, Жаңадан отау құрған жанұядай.
БАУЛЫБАЙ АҒА 70-ТЕ (Маңғыстау өңіріне белгілі азамат, еңбек ардагері Баулыбай Құлтумаевтың мерейтойында оқылған өлең) Еңбектен бақыт тапқансың, Ағайын, жұртқа мақтансың. Омырауыңа толтырып, Алғыстан алқа таққансың. Адамды тұрмыс билейді, Жақсыны жаман илейді. Алдына ұстап, пір тұтқан Мақтағым келді жеңгемді. Сызат түспей көңілге, Бақытты болып өтіңдер! Жарасқан әсем жұп болып, Гауһар тойға жетіңдер! Ұлдарың – піскен жемісің, Қыздарың – жайған өрісің. Ұрпаққа үлгі-өнеге – Ел үшін еткен көп ісің. Өткелден өтіп қаншама, Ақ қырау басты шалса да; Айбары болып ауылдың, Алдымда жүрші, жақсы аға!
60 ДЕГЕН – ТАЛТҮС (Жәңгірдің мерейтойына шашу) Ақ басты Алатаудай 60 келді, Бір кезде жеткізбестей алыста еді. Түспейтін алды-артына көлеңкесі 60-ты біздің қазақ «Талтүс» дейді. Асаудай арам тері алынбаған, Кеп-кеше жігіт ең ғой жалындаған. Сұлумен Әлиядай ойнап-күліп, 60-қа жетіп қапсың арындаған. 60-ты «аз» да деме, «көп» те деме, «60 жыл белгісі жоқ өтті» деме. Гүрілдеп «диктор» болып отырар ең – Есепті мамандық қып кетпегенде. Жақсы жар Әлиядай, ошағың бар, Қоғамға әлі талай қосарың бар. Ұл-қыз бар – өміріңнің мұрагері, Ақ жүрек, досқа жайған құшағың бар.
Жылқышы орден таққан, шежіреші Әкеңіз – Маңғыстаудың Өрекесі. Азығы жетіп үрім-бұтағына, Әулеттің таусылмасын мерекесі! ҚОШ КЕЛДІҢ! (Жақсылық Жанғазиевтың 60 жасына арнау) Бір класта оқыдық, бір түледік, Бір-бір үйдің еркесі, тентегі едік. Содан бері өтіпті-ау 41 жыл, Өткен күнді айтамыз ертегі етіп. Қырандарды күн көзі жасқамаған, Таушықта оқып, өмірге бастау алған; Күретамыр қазығың – Маңғыстауға Жанғазиев, қош келдің Астанадан! Арды жықпай 60 жыл ғұмырыңда, Тұрсың биік көк байрақ тұғырыңда. Тамырыңа нәр берген әулиелі Туған жердің салмағы – иығыңда.
Бұл Маңғыстау – тарихы жатқан аңыз. Каспий шайған етегін ақ қаламыз. Ұлы рухтар жайлаған кең өлкенің Жақсыларын көргенде мақтанамыз. Көз алартып Маңғыстау мұнайына, Нардың тышқан ойнап жүр құлағында. Өз перзентін өзіне өгей етті, Елі түгіл ұмытқан Құдайын да. Маңғыстаудың сен де – бір ардағысың, Орындалсын ойға алған алдағы ісің! Жалпылдаған қарға емес, торғай емес, Қанат біткен қыранға самғау үшін. Ел ырысы далаға төгілмесін, Ұры-қары май жинап, семірмесін. Аламанда топ жарған шабандоздар Қамыт киіп, арбаға жегілмесін!
Аршыл жігіт қашанда тегін ойлар, Арсыз жігіт құл болып, өзін қорлар. Бастағанның артынан шұбырады Бас қатырмай жайылып жүрген қойлар. Қазіргі бар қазақтың танысысың, Мұнайлы бір өлкенің арысысың. Қайралған Ерсарының қайрағына Шабай мен Досандардың намысысың. Жас едік албырт көңіл арындаған, Асаудай ащы тері алынбаған. Ол кезде білімдіні ұлық көрдік, Ал қазір көк темірге табынды адам.
Алыстап кетті бізден бабаларым, Көбейді көктен түскен жамағайын. 360 әулие қорған болсын, Саулығыңды тілеп жүр бар Адайың. 2008 ж. АДАЙСЫҢ ҒОЙ СЕН Бала кезіңнен саналы едің, байыпты, Бойыңа сіңген қазақы бояу қанық-ты. Оқуда озат, үлгілі бала едің сен, Алпыстың аппақ қырауы самай шалыпты. Жабысқақ мінез жолатпай өстің о бастан, Кигенін емес, адамын танып, сыйласқан. Көкбөрінің тағылығы бойға дарыған Адайсың ғой сен, төбеңде жалғыз тұр аспан. Омырауыңа көктемнің гүлін тағып ал, Омырауға таққанмен адам танымал. Біреуі алға, біреуі артқа тартатын Адамның екі жағы бар…
ӨНЕРГЕ ДЕ, ӨЛЕҢГЕ ДЕ КЕҢ ЕЛМІЗ (сценарий) Қорғайды салт-дәстүрін қазағының, Сүйгендер дін мен тілдің тазалығын. Қаймағы төгіледі тасығанда, Қақпағын лақтырып қазанының. Ұқтырып ұлттық сана, парасатын, Халқының жай-күйімен санасатын; Тәуелсіз бір ұйым бар Маңғыстауда, Қолдайтын Тәуелсіздік саясатын. Қамқор боп жол сілтеген болашаққа, Риза ел жаңа қоғам – «Парасатқа». Ағайын керегеңді кеңірек жай, Қазақтың шаңырағын аласартпа! Күн кешіп әруақтай тозақтағы, Халқымды талай нәубет азаптады. Тілейміз: енді туған топыраққа Бір тамшы төгілмесін қазақ қаны! Ашылды алдарыңа сахнамыз,
Сіздерді көп қызыққа батырамыз. Ақын бар, күйші, биші, әншілер бар, Өнерін көрсетуге шақырамыз.
Сан түлек қанат қаққан Маңғыстаудан, Жеріміз құт, береке, алғыс жауған. Кешегі «Жеті қайқы» жәдігері – Бүгінгі қайқылармен таныстырам: Көрген ол таршылықты, тапшылықты, Жыр қуып, он үш жастан аты шықты. Сүгірден батиха алған төкпе жырау – Қарсы алың Елеусінов Жақсылықты! (Арнау жырын орындайды). Күй төккен өнер қуып бала жастан, «Адайды» арындатып, «Кісен ашқан»; Мұраттың әруағын тірілтеді Мырзағұл күмбірлеткен «Қазақстан»! (Күй тартылады). Дүбірлі тұяқтардан шабыс көрген, Сіздерді таныстырам сайыскермен. Қол соғып қарсы алыңдар, алқа топтың Жүйрігі – арқалы ақын Уәйіс деген! (Жыр оқылады). Шежіре, білгің келсе тарихты, Атағын іздену мен жыр танытты. Маңғыстау даласының Марғұланы – Бұл күнде кім білмейді Шыртановты?! (Түменнің «Маңғыстау» толғауы). Саналы бар ғұмыры түбекте өтті, Адайлар бұл ақынды жүректі етті. Қазаққа аты мәлім белгілі ақын – Тыңдайық Темірханын Медетбектің! («Маңғыстауым» өлеңін оқиды). Қырандар биіктерге ұмтылады, Елімнің көп қой ақын, біртуары. Бірнеше жыр кітабы жарық көрген Бейнеудің Өтегенов Айтуары. («Ақсұқсыр» поэмасынан үзінді оқылады).
Белгілі нәзік сырлы әні бары, Бард әнші Маңғыстауда танымалы. Ағытқан омырауын қырық жастың Кәдімгі Аралбайдың Данияры. («Ақтауым» әнін орындайды). Отырған арамызда көрік болып, Көрмеген желөкпе боп, желік қуып; Келеді ақын Гүлнәр өміріне Әдеби түрлі жанр серік қылып. (Өлеңін оқиды). Сәбидей жүрегі бар, жылы жүрек, Бастайтын жиын-тойды жыр-термелеп; Байқаудың талай дүркін чемпионы, Айтыскер Әзірбайдың орны бөлек. («Тырналар» әнін орындайды). Шығыпты Маңғыстаудан талай дарын, Ашатын өнер менен жырдың бағын; Боталап қара көзі, жыр оқиды Әріпов Бейсембіұлы ақын Ғалым. (Өлеңін оқиды). Жұмыр сөзі талай таңдай қақтырды, «Ептілердің» жолын тұсап, «мат» қылды, Қарапайым Қожахмет-дударбас – «Тамаша» әзіл отауының авторы. (Әзіл өлең оқылады). Аумайтын өзбектен де, қазақтан да, Денесін сүйексіз қып жаратқан ба?! Билейді мың бұралып сахнада, Қошамет көрсетіңдер Жамалханға! (Би «Қамажай» ).
Бізде бәрі ән мен күйден жаралған, Мен жырыма сол өнерден нәр алғам. Ән арқылы ұрпақтарға жетеді Қуаныш та, реніш те, бар арман. СІҢЛІГЕ НАЗ Көп күттім «Келіп, сәлем береді» деп, Мен саған жарық күнді тіледім көп. Періштем оң жақтағы сыбырлайды: «Айтпасаң – сөз атасы өледі» деп. «Апа» деп сыйлаушы едің кіші болып, Барасың амандаспай, кісі болып. Жұлдыз боп кеткендіктен Күн қасында, Кетіпті қан жүгірмей, түсің оңып. Кінәмшіл, кейде аңқау, аңғалақпын, Үсті – мұз, асты – дария жарқабақтың. Құлайды біреу аттан, біреу тақтан, Тұрмайды баста дәурен тайғанақ тым.
Көзіңді салып жүрсің қияларға, Ондай көз бір орында тұра алар ма?! Бір құс бар көкек деген – жұмыртқасын Кететін салып бөтен ұяларға. Көздейсің нысананы жатып алып, Естілді ел ішінде атың анық. Арналған бақшалы мен шақшалыға Қайтемін сәлеміңді сатып алып?! Қолында билігі жоқ, көмегі жоқ Апаның болып жүр-ау керегі жоқ. Тұрпаты көрінеді біреулердің, Қомақты қарыны бар, жүрегі жоқ. «Апа» деп сыйлаушы едің кіші болып, Кетіпті толысқан соң күшің толып. Кетіпті-ау Күнге таяу жүргендіктен, Адамдық бояуыңның түсі де оңып.
ПАМФЛЕТ Әуелі тым жақсы өлең жазып жүрдің, Артынан көк нас салып, азып жүрдің. Қиналып жүргеннен соң жылап-сықтап, Біреуден сұрап алып, қарыз бердім. Жүрген соң аңғал-саңғал сеніп едім, Қорғаған кездерім көп сені менің, Баз кешіп, жақын-жуық жерігенде, Сен менен қайыр сұрап келіп едің. Сен жайлы көп естідім, сенбеп едім. Мен үшін сыпсың сөзден ілгері едің. «Шөп басы қимылдамас жел болмаса» Дегеннің дұрыстығын енді білдім. Алған соң керегіңді, тайсақтадың, Тығылып менен төрт жыл, «жан сақтадың». Еріңді ермегіңе жығып беріп, Он жылдай отбасыңнан алшақтадың.
Жоқ сенің сырың менен жасыратын, Мен сені бағалаппын асыра тым. Көрмеппін саған дейін бір адамды Қулығын түлкіден де асыратын. Құрбы едік, тату едік, маңызды едік, Араны ашып алдым қарыз беріп. Біреулер менен гөрі жақын саған, Шайнайтын ауызыңа сағыз беріп. Шеттеп сен жүргенде мен қабылдадым, Қиналып жүргенде мен табылмадың. Ақшама сатып алған саяжайдың Мен білдім жақындықтан айырғанын. Жақсылық жамандыққа айнала ма?! Намазды оқып жүрсің, иман қайда?! «Маһшарда ауыр азап, күнә, - дейді, - Қиналтып адал жанды жиған пайда».
Жамандық жақсылыққа осы болар, Алаяқ аңғалдардың «досы» болар. Ел кезіп, атқа мініп жүргендердің Сабы мен қамшысының ұшы болар. Ұятты ойламайды лыпасыздар, Өтеді кедергісіз жотасыздар. Жүрегін жаралайды сенгендердің «Көзіне шөп салатын» опасыздар. СӨЗІ МЕН ӨЗІ Өзіңді жүргеніңмен дана санап, Көп жаннан кісілігің аласарақ. Біреулер сені сырттан ғайбаттаса, Мен сені жүретінмін арашалап. Әркімді өз ортасы бағалайды, Арманды алдамшы үміт жаралайды. Ағалай алмағандар өз ағасын Жарбаңдап, кісі ағасын жағалайды. Жамандап жатыны бір туысыңды, Білмепсің қайын жұртпен сыйысуды. Олардан аулағырақ жүргеніңмен, Білесің «жақсыларға» жұғысуды.
Есімде іздеп келіп, жолыққаның, Сөзіңе қабыспайды қылықтарың. Алдымды кесіп жүрсің мысық болып, Ықылас-ниетімнен қорықпадың. Білемін, ол кезде мен керек едім, Сондықтан ілтипатың бөлек еді. Жүреді анда-мында ұшып-қонып, Адамның құс қанатты көбелегі. Сенгішпін айтқан сөзге, баладаймын, Достыққа – кеудем ашық, даладаймын. Белімнің иілмейтін дімкәсі бар, Сен құсап май табанды жаламаймын! ДҮМШЕ БАСТЫҚ Біреулердің көзге шұқып «жастығын», Біреулердің «пәлен тойда мастығын» Жіпке тізіп, сөгіс беріп жазбаша, Зіркілдеп тұр торсық қарын бастығым.
Жұмыс жайлы қаралмады мәселе, Қозғалмады жаңа әдіс, тәсіл де. «Запчасть тап!» деп бұйырды біреуге Өзі мініп жүретұғын мәшінге. Ұрысты ол әркімдерге тепсініп, Бірақ оны қолдамады көпшілік. Жиылыс бітіп, өзі қалды столда, Шөлде өскен сексеуілдей сексиіп. Көп біздерде дүмше бастық кәсіпқой, Әркімге де бұйырмыс қой, нәсіп қой. Бабаларым айтып кеткен есті сөз: «Бай болсаң да, көпшіліктен бәсік бол!».
МӘҢГІЛІК ЕМЕС БҰЛ АРА
Замана ортақ саған да, Замана ортақ маған да. Мейірім ғана жетпейді Қоржыны толық адамға. Екеуміз де қонақпыз Жасауын жайған ғаламға. Сыланып сырлы көктемдер, Оралмай өтіп кеткендер; Керуен күйлер күңіреніп, Жыраулар жырын төккен жер. Қарағай-үміт қаулатып, Арыстар қолын байлатып; Жіберген оны жендеттер Итжеккен жаққа айдатып. Біреулер өткен шаттанып, Алтынмен, зермен апталып. Мәңгілік маһшар төріне Олар да кеткен аттанып. Бөбегі жастай шетінеп, Дерт еміп шерлі көкірек; Ізіне ұрпақ жалғаспай, Арт жағы қалған сетінеп. Әжелер өткен балбармақ, Алдағы күнді армандап. Қосыла алмай ғашықтар, Жүректе жара, қалған дақ.
Аналар өткен ардақты, Дүлдүлдер өткен байрақты. Тақты да өткен, бақты да, Біреуі тірі қалмапты. Дана да өткен ғұлама, Бал-дәурен баста тұра ма?! Біліп қой соны, қарағым, Мәңгілік емес бұл ара. Кедейлер өткен тоя алмай, Дүлей де кеткен оралмай. Бай мен би, бақсы, балгер де Ұйқыға кеткен оянбай. Сұлулар өткен сыланып, Кірпігі нұрға шыланып. Жақсыны жоқтап жылаймыз, Нәресте келсе қуанып. Батырлар жайлы аңыз бар, Жеткізген бізге абыздар. Өмірді мәңгі сақтаған Анаға әркім қарыздар. Алланың добы домалақ, Ұстатпай кетер домалап. Қағида, өшпес мұрағат – Жақсыдан қалған ұлағат.
Ұлылар кеткен айдалып, Түнекке күні айналып. Әділеттікті көксеумен Азуы тасқа қайралып. Білімін көпке шаша алмай, Түнектен көзін аша алмай; Көрсоқыр тобыр, тоңмойын Бастарын алған, шаш алмай. Бабадан артқа із қалар, Шешеннен өлмес сөз қалар. Бәрімізге ортақ Жер-Ана Құрсаққа бір күн бізді алар. Ақ нұрын жерге төкті күн, Күн нұрын көрмей кетті кім?! Заманның кілті қолында, Білімді жастар көп бүгін. Оңнан күн, солдан ай туып, Жастарым өссін талпынып. Заманға заман жалғасын Келеді бір көш артынып.
Сен бүгін тақта отырсың, Төменді көрмес соқырсың. Кіргізбесең де кеңсеңе, Осы жазғанды оқырсың. 2008 ж. АРЫЗ БЕН ҚАРЫЗ Өмір, саған қарыздармын, Және бар арыздарым. Жылынып шуағыңа, Сезіндім таң ызғарын. Жас терек жайқалады, Жапырақ жайнағанда. Жаңару байқалады, Өң кіріп айналаға. Артыма қарайлаймын, Айтаққа ере кетпей. Сондықтан Ақша досым Жүр мені керек етпей. 2003 ж. Ж-ҒА Мәрт мінездер азайды қарапайым, Аш жүрсе де, жаймайтын алақанын. Әділеттің шегініп арғымағы, Озып келді шорбасы жалатайдың. Адам екі келмейді дүниеге, Ұсақтар да кетеді, ірілер де. Тірлігіңе тигізер септігі жоқ, Жинап жүрген мүлкіңнің керегі не?!
Табысың көп, бірақ та намысың жоқ, Апаң аш жүр, ал сенің қарының тоқ. Екеуің де барасың Қамысбайға, Қалады артта жинаған дүние-боқ. Мақтамай жүр ел сені «Бай екен» деп, «Кигені асыл, жегені май екен» деп. Айтады олар: «Басқаның несібесін Жымқыратын пасық бір жан екен», - деп. Салқын көзден көп жерде жасып жүрсің, Ағайынға жоламай, қашып жүрсің. Болбыраған бетіңді жасырғанмен, Теріс қарап, артыңды ашып жүрсің. Артыңды жап, бетіңді аш, жарықты көр, Өзіңе ұқсас аң емес, халықты көр! Есігіңде жатырған төбетті емес, Есігі жоқ бұралқы, арықты көр.
А-ҒА
Күн көзі көлеңкені жасқандырып, Қарайды көк теңізге аспан күліп. Алыста жүгіреді сағым-биші – Адасып қалып қойған тастанды үміт. Жан едің іздегенде көрінбеген, Суалғам, кеуіп, қайта желімделгем. Күн еміп, қайратымды кеміргенмен, Отырам талайлардың төрінде мен. Соғылар толқын жарға шашқан көбік, Менмендік сені қойған аспанға іліп. Күн көзі дарияға сүрінеді, Өзіне ұмтылса да асқар биік. Заңы бар тіршіліктің қалыптасқан, Күн мен түн күзетте тұр жалықпастан. Тар жолда тайғақтамай жүріп өтер, Абайлап, өз аяғын анық басқан.
Сен мені түсінбейсің, амалым не?! Сондықтан мазаны көп ала берме! Табылса, нан берейін, су берейін, Тұз сұрап есігімді қаға көрме! ҚУСЫҢ-АУ Кусың-ау, қарғам, қусың-ау, Өтірік күліп тұрсың-ау. Күлгенің – әсте қулығың, Арқадан қағып, шымшылау. Хан менен зорға жағынып, Керегің жатар табылып. Шындыққа біреу жете алмай, Іздеумен өтер сабылып. Тірлікте түрлі сұмдық бар, Сұмдықты көрер мұңлықтар. Жалаңаш тастап аңсызды, Жасалып жатыр ұрлықтар. Шындықтың жолы – ауырлау, Өтірік жолы – тым қысқа. Өтірік олжа тауып жүр Әділдік атты ұрыста. Шынайы өмір қиын-ақ, Тағдырдан жүрген сыйын ап; Сорсың ба, зорсың – бәрібір, Барады дәурен зымырап.
КӨЗТҮРТКІ Сабағын дұрыс оқымай, Таранып жүрді тотыдай. Жанарды ерте есейтті Тұтанған сезім шырпыдай. Достары айтты «Жассың» деп, «Жиырмадан жасың ассын» деп; «Оқуың керек, білім ал, Басқа ой бастан қашсын» деп. Айтса да, қанша ұқпады, Ұятын ойлап, ықпады. Ынтығып жүрген ғашығы Көңілден бірақ шықпады... Қыдырып Жанар күн-түні, Көбейтіп жүрді күлкіні. «Ағай» деп жүрген Жарыдан Жүкті боп қалды бір күні. Аузының сүті кеппеген, Он беске жасы жетпеген; Мектепте жүрген оқушы, Жағдай болды күтпеген... Хабарсыз кетті «Ағасы», Басының түсті бағасы. Мектептен алды шығарып, Ұялған ата-анасы.
Жүрсе де көйлек кең киіп, Қарыны шықты шермиіп. «Тілекем қызы... солай» деп, Өсектеп жүрді ел біліп. Бір күні толғақ басталды, Жарыққа шықпақ «бастаңғы». Тынымсыз құрттай тіршілік Көрмек боп ашық аспанды. Жүгіріп кірді сарайға, Көрінбеді ешкім маңайда. «Айқайшы» келсе, мақсаты – Өшіру үнін қалайда. Толғатып жатты тістеніп, Өзіне өзі күш беріп. Шыр етіп түсті шарана, Кесілді кіндік тістеліп. «Құтылам енді сенен», - деп, «Ана боп қалай жүрем?!» деп; «Боларсың пәле басыма, Әлі де қызық көрем», - деп; Құрсақтан шыққан талпынып, Тіршілік иесі – талшыбық Анасының астында Қан болып жатты жаншылып.
Жарыққа шыққан құлшынып, Нәресте өлді тұншығып. Қара жердің үстіне Күнәһар қалай жүр сыйып?! Болмады Жанар күткені, Қызығын Алла шектеді. Белгілі елге қадірсіз, Көзтүрткі болып өткені. Ішінен шыққан шарана Бәрінен қымбат анаға. Жылан боп іштен шықса да, Еміренбей ме бар ана?! …Жар сүйіп, бала көрмеді, Ақ күшік болды ермегі. Он беске келмей жоғалған Оралып жастық келмеді.
Ойнақтап жүріп, от басты, Тез күлді, ерте қоштасты. Қосағы да жоқ, ошағы, Алжыған кемпір ақ шашты… 2000 ж. ТАЛҒАМ МЕН ТАҢДАУ Адал адам арамның болып алған жемтігі, Шындығыңнан бұл күнде өтірік, өсек өтімді. Күннің көзін қалқалап, көрсетпейді біреулер, Едірейтіп құлағын күнбағыстар секілді. Әрбір адам басқаны ұқсатады өзіне, Өтірік айта білмейтін сенеді аяр сөзіне. Көрінеді мақауға жапырағы жап-жасыл, Ақ қайың мен қарағаш бірдей болып көзіне. Талғамы жоқ таңдайға – ащы, тәтті дәмі бір, Таңдауы жоқ құлаққа – бұлбұл, шымшық әні бір. Сисенқұлдың үйінде тойып ішер көже жоқ, Ауласында Жексеннің есек, мысық бәрі жүр…
МОНШАҚ-ТҮЙІН (Афоризмдер) Әкімге жақын күш алып жүреді, Әділін айтқан тұсалып жүреді. Өтірікші айласын асырады, Турашыл ұйқысын қашырады. Көре алмаған көсемінен безеді, Шайтанға ерген төсегінен безеді. Заманым нарық болды, Саудагер қарық болды. Ұшқан құстың бәрі қыран емес, Жорғалағанның бәрі жылан емес. Көрік – көзде, Асыл – сөзде. Құдай – ұлы, Пенде – құлы. Күн мен түн жарысыады, Ақ, қара ауысады. Жарлы тапқанын ішеді, Бай жаққанын ішеді. Жүрегінде оты жоқтың – жылуы жоқ, Ұмтылған адамға – істің қиыны жоқ. Аспан көркі – жұлдыз, Адам көркі – ұл, қыз. Ырысты адам – тынысты, Қуысты адам – жымысқы.
Аңқау аңқылдап тұрады, Зымиян бақылап тұрады. Жақсылар жарығын түсіреді, Жамандар жарығыңды өшіреді. Аспанның шегі жоқ, Сатқынның тегі жоқ. Айлакер жолын тауып, тақ қуады, Ондайға аңқау елді тап қылады. Тәубешіл торықпайды, Турашыл қорықпайды. Ісін жарыта алмаған – Өзін таныта алмайды. Ұлт – ұрансыз болмайды, Адам – қиялсыз болмайды. Ақшаға жақын арын былғайды, Нәпсіге жақын қанын былғайды. Ақшаға жақын арын сатады, Араққа жақын барын сатады. Ұлтты тілінен танисың, Кілемді түгінен танисың. Ағайын – адассаң, жол көрсетеді, Байысаң, қыр көрсетеді. Көңілі ашықтың – күлкісі шынайы, Ғашықтың – түр-түсі шынайы.
Балдаққа сүйенген еңкейіп жүреді, Араққа сүйенген сүйкеніп жүреді. Қорқақ бұғып жүреді, Ық жағыңа ығып жүреді. Құлқынның жетегіне ерген – Түлкінің кетегіне кіреді. Мір оғындай сөзі, Ұқсамайды өзі. Өткір сөз, буынсыз тіл – шешендікі, Өрісті ой, батыл қадам – көсемдікі. Алла – жан иесі, Үкім – ар киесі. Қырағы әкім – халқына жақын, Сыралғы әкім – нарқына жақын. Есепшіл адам – парақор, Өсекшіл надан – жалақор. Бала сүйдіреді, Жала күйдіреді. Ананы сыйлау – адамдық қасиет, Нәпсіні тыймау – арамдық қасірет. Шаншу – дерт, Ашу – өрт. Әккі адам айлалы келеді, Орнықты адам жайдары келеді. Арақ адамды аздырады, Көрін өзіне қаздырады.
Маскүнемге сенуге болмайды, Жұдырыққа көнуге болмайды. Бағасыз – маскүнем болады, Санасыз – таскерең болады. Көп ойнаған секіріп жүреді, Көп ойлаған өкініп жүреді. ҮШ ӘРІП (Жұмбақтар) Кең жазира әлемді Көретінің – үш әріп. (Көз) Шалқайғанда төбеңнен Төнетінің – үш әріп. (Көк) Тірліктегі ең жақын Адамдарың – үш әріп. (Ана, әке, ата, әже, аға, апа, іні, дос) Жаңа басқан сәбидің Қадамдары – үш әріп. («Қаз-қаз!», «Тәй-тәй!») Биіктіктің өлшемі Көрінетін – үш әріп. (Шың, тау) Қайраттансаң, бойыңнан Төгілетін – үш әріп. (Күш) Көңіл-күйді тербетіп. Тартылатын – үш әріп. (Күй) Қажетіңді сұрасаң. Айтылатын – үш әріп. (Бар, жоқ)
Бойыңдағы қуатың, Тірлігің де – үш әріп. (Қан) Мәңгі мекен, тұрағың, Кіндігің де – үш әріп. (Жер) Таңдайыңа татитын Тәтті дәмің – үш әріп. (Тұз, бал) Тебірене толғанып. Айтар әнің – үш әріп. (Жыр) Ауылыңның ең үлкен Азаматы – үш әріп. (Шал) . Қылмыстыны аямай Жазалайтын – үш әріп. (Сот) Жігіттердің сүйікті Қарындасы – үш әріп. (Қыз) Өміріңнің мәні мен Мағынасы – үш әріп. (Сүю) Жақыныңның айтатын Базынасы – үш әріп. (Наз) . Адамдықтың ең ұлы Қазынасы – үш әріп. (Ұят) Қасиет те – үш әріп, (Кие) Қасірет те – үш әріп, (Аза, зар) Жарығың да – үш әріп, (Күн) Азығың да – үш әріп… (Нан, тұз, шәй, май)
ЖОҚ Теңіздің төбесі жоқ, Көңілдің көнесі жоқ. Аспандай кеңшілік жоқ, Өлмейтін тіршілік жоқ. Сәбидей әмірші жоқ, Жемқордай жәбірші жоқ. Адамның білмейтіні жоқ, Көздің көрмейтіні жоқ. Ақылдың таба алмайтыны жоқ, Құлынның шаба алмайтыны жоқ. Жаңаның ескірмейтіні жоқ, Өсектің естілмейтіні жоқ. Масаның шақпайтыны жоқ, Жалқаудың жатпайтыны жоқ. Баланың жыламайтыны жоқ, Секіргеннің құламайтыны жоқ, Қанағатсыздың сұрамайтыны жоқ. Жаздың жылытпайтыны жоқ, Қыстың суытпайтыны жоқ. Жастардың күлмейтіні жоқ, Ғұламаның білмейтіні жоқ. Алмастың кеспейтіні жоқ, Біздің теспейтіні жоқ, Дананың шешпейтіні жоқ.
Байлаудың шешілмейтіні жоқ, Уақыттың өшірмейтіні жоқ. Аңқаудың адаспайтыны жоқ, Сығанның бал ашпайтыны жоқ. Арманның аласасы жоқ, Қазаға арашашы жоқ. Туыстың артығы жоқ, Жалғыздың шаттығы жоқ. Сабырлының жетпейтіні жоқ, Сабырсыздың төкпейтіні жоқ. Өмірде өзгермейтін жоқ, Адамға кез келмейтін жоқ. Мұңсыз адам жоқ, Шусыз ғалам жоқ, Адамдай жебір жоқ, Жебірсіз өмір жоқ.
«Қ» ӘРПІ
Көзге түсер қашанда ерекшелер, Түнге сіңіп кетеді өлекселер. Бұлақ көзін аша алмас терең қазып, Қыл-қыбырды жинайтын күрекшелер. Күн сүйетін маңдайлар жарық келер, Ерлік, ездік – бағаны халық білер. Сүйгеніне қанатты, қыран жігіт Аспандағы айды да алып берер. Адал сүтін ананың ембегендер – «Қ»-ға дұрыс тілдері келмегендер. «Қ»-дан бастап оқылар кие-кітап, «Қ» әрпіне орын бер, төрдегілер! Қазақ қызын ұшырар «Қарлығаш» деп, Жігіт Қызды атайды «Қарындас» деп. Қаны қазақ Қарттарын кадірлейді, «Құс төресі Қыранмен тұғырлас» деп.
Сүттің дәмі, маңызы – Қаймағында, «Құда» дейді ең сыйлы Қонағын да. Қазақ қана ғарыштың ұлы биі – «Қ» әрпімен бастайды Құдайын да. Алла, әулие пір тұтқан «Құдірет» деп, Қыдыр күткен «Құтым» деп, Құрметтеп. Іздейді екен адамдар көп ішінен Құрдастарын «Қатарлас Құрбым ед» деп. ҚАЗАҚТЫ оқы оңынан, солынан да, Қазақ тірі – басы бар, соңы барда. Қара жерге кірсе де, Қойны суық Құлпытасы тұрады Құбылада. Қара Қазан Қайнаған ошағында, Жүз жиырма ұлтты сыйғызған Құшағына; Қойны Құтты Қаратау Қазыналы, Пір Бекеттің бесігі осы арада.
Аты «Қ»-дан басталған әкім келді, Босағаға шешіп кір бәтеңкеңді. Қуаныңдар, Маңғыстау Қазақтары, «Қ» деп еркін айтатын сәтің келді! БАР Біздерде бәрі де бар, Жас та бар, кәрі де бар. Науқас та, сау да ішетін Түрліше дәрі де бар. Мұң да бар, күлкі де бар, Қасқыр да, түлкі де бар. Ашылып, жабылатын Есіктің кілті де бар, Толы да, кеміс те бар, Жеңіліс, жеңіс те бар. Қарынды тойдыратын Ет пен сүт, жеміс те бар. Жарық та, түнек те бар, Бауыр да, жүрек те бар. Тон да бар, шапан да бар, Мақпал да, жібек те бар. Шөп те бар, шөңге де бар, Аға да, жеңге де бар. Керегін сатып алар Доллар да, теңге де бар.
Ата бар, ене де бар, Бек те бар, төре де бар. Қазақша жақын-жуық – Жиен мен бөле де бар. Бақ та бар, дәулет те бар, Тақ та бар, сәулет те бар. Біреу бай, біреу кедей, Әртүрлі әулет те бар. Арық та, семіз де бар, Жалқы да, егіз де бар. Шулаған сарыны бар, Тулаған теңіз де бар. Жаман да, жақсы да бар, Кең де бар, тапшы да бар. Тәтті де, ащы да бар, Дарынсыз басшы да бар. Өнерлі өрен де бар, Тайыз да, терең де бар. Сезбейтін, көре алмайтын Соқыр да, керең де бар. Қыз да бар, жігіт те бар, Үміт те, күдік те бар. Жеп-ішіп, кіріп-шығып, Өтетін тірлік те бар.
Аққулы айдын да бар, Көкорай шалғын да бар. Арам да, адал да бар, Адам да, малғұн да бар. Аң да бар, аңшы да бар, Жаңбыр да, тамшы да бар. Теңіздің шағаласы, Көк құсы – қаршыға бар. Тау да бар, төбе де бар, Жаңа бар, көне де бар. Керімсал самал да бар, Теріскей желі де бар. Алыс та, жақын да бар, Жөнсіз де, мақұл да бар. Өнерпаз, әнші, күйші, Жазушы, ақын да бар. Мұнайы, газы да бар, Даланың сазы да бар. Қақаған қысы менен Жайнаған жазы да бар. Сайы бар, саласы бар, Тауы бар, даласы бар. Ақтаудай ақ жұмыртқа, Сары уыз қаласы бар. Сөнбейтін шырағы бар, Ағылған қонағы бар. Үйдегі үлкен кісі – Басы жоқ, құлағы бар.
Біздерде бәрі де бар, Бері де, әрі де бар. Мастардың әуелетіп Салатын әні де бар. Біздерде бәрі де бар... 2000 ж.
ӘНДЕР
АНАШЫМ Сазы: Марат Ордабаевтікі. Келді тағы көктем, Ақ шуағын төккен. Айдын төсін аңсап, Аққу, қаз да жеткен. Ән төгілді жаңа, Көңіл күйін тербеп. Сені іздедім, ана, Сағыныштан шөлдеп. Қайырмасы: Сен – анашым, Кең даласың. Сен мәңгілік Ән болып қаласың. Сәби бала жастан Жанға шуақ шашқан. Бойың толған қайрат, Өмір жолың – дастан. Нұр бейнеңді аңсап, Алаңдадым талай. Өзің кеткен жақтан Төгіледі арай. Қайырмасы. АЯУЛЫ АНАШЫМ Сазы: Айкүміс Досанованікі. Көктем келсе, шаттанар жасыл дала, Гүлдер күліп, бүршігі ашылғанда. «Дүниені жаңарған көрмеді-ау» деп, Еске аламын сағынып, асыл ана! Қайырмасы:
Тірлігіңді тынымсыз өткіздің де. Сапар шектің, біздерді жеткіздің де. Сол сапардан, анашым, оралмадың, Саған деген сағыныш шексіз менде. Өзің барда көңілім – ашық аспан, Адалдыққа баулыдың мені жастан. Саған ұқсас жан іздеп айналадан, Жасаурайды жүрегім сағыныштан. Қайырмасы. ЖАН АНАМ Сазы: Марат Ордабаевтікі. Мен бүгін анам жайлы сыр ақтарам, Жадымда нұр бейнесі тұрақтаған. Қаталдау тағдырымен күш сынасып, Сынбаған, құламаған қуатты адам. Бейнетің көп еді ғой арқалаған, Жүзіңнен мұңның табы тарқамаған. Сонда да мейірімі сарқылмайтын, Бар ма екен сендей жайсаң, дархан адам?!
Жан анам, аяулы анам, асыл анам, Өзіңді салады еске жасыл алаң. Ақ қайың аласармас сен сияқты, Ақ қылаң самайынан шашыраған. Көңілдің күнгей бетін шуақтаған, Аз қуанып, көбірек жылапты анам. Жан анам, биіктегі шынарым – сен, Көтеріп, өр еңсемді құлатпаған. Тұнығын көңілімнің шайқамаған, Сырыңды балалықпен байқамағам. Өлшеусіз еңбегің мен ақ сүтіңнің Өтеуін қашан, қалай қайтара алам?! ӘКЕ Сазы: Марат Ордабаевтікі. Ойнап сағым көкжиектерде, Соны қуып, бой жетпедім бе?! Құлазып, жылап тұрдым, Алыстап, әке, сен кеткеніңде.
Қайырмасы: Сен шуағым болып шашылмадың ба, Мен гүл болып ашылғанымда?! Сағындым. Мен – ұланмын саған ілескен, Кетпейді, әке, бейнең бір естен, Бір естен, әке. Қарап сенің аяулы бейнеңе, Қиналам, мұң батып кеудеме. Алыстап, аңсаттың да, Көрінбей кеттің сен неге? Қайырмасы. Қырандар қанат қақанда, Аспан шырағын жаққанда Көре алмадың, әке, Ақ таң күліп атқанында. Қайырмасы. Жабырқау жаным, арманым – алау, Әкесіз күндер – көңілге қаяу. Өзіңе арнап ән салдым, Алдымнан самал еседі баяу. Қайырмасы.
СӘБИІМ (Бұл өлең 1981 жылы «Қазақстан әйелдері» журналына жарияланған екен. Кейін оны талдықорғандық сазгер Оралхан Көшеровтің «Әндер жинағы» кітабынан тауып алдым) Іңгәлайсың күтпей таңның атқанын, Сенің іңгәң – бақыт күйім, тәтті әнім. Бұлт-бұлт етіп, талпынасың тынымсыз, Сүп-сүйкімді, кіп-кішкентай аппағым! Кіп-кішкентай жүрегімнің бөлшегі, Тірлігімнің келешегі, өлшемі. «Биіктерге самғап ұшар ма екен?!» деп, Дүниеге алып келдім мен сені. Сенсің – мендік армандардың жалғасы, Өз орныңды биіктерден таңдашы. Ағып түскен жұлдыздардай жоғалып, Бар тілегім – ерте сөніп қалмашы!
ҚИМАЙМЫН Сазы: Марат Ордабаевтікі. Құшағынан арайдың «Сен бар ма?!» деп қараймын, Аңсағаным, аяулым, арманым. Жаздың аппақ шуағы, Жанарыңда тұнады, Өмірде бар сұлулық Махаббаттан, махаббаттан тұрады. Бақ құсымсың басымда, Жан сырыңды жасырма, Алыстама, асылым, Болшы мәңгі қасымда. Қайырмасы: Аққу-сезім, нұрлы айдын – Бәрін саған сыйлаймын. Өзге жанға өзіңді қимаймын. Алаулаған жүзіңнен, Мөлдіреген көзіңнен Бақытымды сезінгем, Кездескенде өзіңмен.
Бір мұңайып, бір күліп, Қарамашы сыр бүгіп. Жарқырайды нұрлы үміт, арман-ай! Күлімдеген көздерің – Сәулесі ғой үміттің, Менен басқа ешкімге Сырыңды ашпа, сүйіктім. Жан гүлімді солдырма, Бар бақытым – қолыңда, Сыңғыр күлкі, сұлу саз Тарқамасын ғұмырда! Қайырмасы: Шуағым сен шашылған, Гүлің едім ашылған, Кетпе менің қасымнан, асылым. Махаббаттың бал әні – Пәк сезімдей әдемі. Қатар жүзген аққулар – Әсемдіктің дәлелі.
ГҮЛ-БАҒЫМ
(Бұл әнді Сайын екеуміз «Құстар әнінің» сазына салып, өзімізше айтып жүретінбіз, бірақ осы уақытқа дейін сазгерін таппаған ән) Аспанымда жарқыраған күн, айым, Сеніменен ашылды ғой шырайым. Қызықтаймыз түнгі аспанның жұлдызын, Қарсы аламыз таңның аппақ арайын. Қайырмасы: Мені сендей түсінетін жан қайда, Жасарамыз, жаңарамыз әр таңда. Мен өмірге ғашық болып келемін, Сәулем, сенің арқаңда. Сұлу сезім жанымызда гүлдесін, Қасымдасың, өміріммен біргесің. Желбіретіп ақ желегін арманның, Махаббаттың әлпеншегі тербесін! Қайырмасы.
Қос аққудай қатар жүзіп барамыз, Махаббаттың қоңырауын қағамыз. Ордамызды нұр мен дуға толтырып, Мәңгі бірге шырақ болып жанамыз. Қайырмасы. СЕНІҢ БЕЙНЕҢ Сазы: Марат Ордабаевтікі. Керілді аспан бар моншағын тағынып, Күлімдейді жұлдыз айға табынып. Жас сәбидей күліп тұрдың алдымда, Аппақ тісің ай нұрына шағылып. Мөлдір сезім, мөлдір аспан тұңғиық, Сүтке толып аппақ ай да тұрды ұйып. Көкірегіме мәңгі солмас гүл ектің, Жарқыраған жанарыңнан нұр құйып. Жүрегім өз қалауынан жаңылды, Асқақ едің, тауың сонда шағылды. Сені тастап қап-қараңғы түнекке, Менің шамым басқа отауға жағылды.
Сенің бейнең – естен кетпес елесім, Жүрегіме аппақ шуақ төгесің. Тіршілікте менен алыс жүрсең де, Қиялымда өмір сүріп келесің. Кешірдің бе, кешпедің бе – білмедім, Жылдар өтті, айлар өтті, көрмедім. Тіршілікте сенен алыс жүрсем де, Қиялымда өмір сүрдің сен менің! ІҢКӘР ЖҮРЕК Сазы: Марат Ордабаевтікі. Сағынышым, алыстан сазың жетті, Сені күтіп көктемім, жазым өтті. Тағатым да таусылды күте-күте, Тынши алмай, жүректен маза кетті. Қайырмасы: Мен айтатын әндердің әуенінде, іңкәрім, Менің сыршыл құпия әлемімде. Сенің тұлғаң тұрады қайталанбас, іңкәрім, Махаббат па, тағдырдың әлегі ме?!
Аясында көңілдің мұң түнеген, Кездерімде мұңайып, мен жүдеген Түпкірінен түнектің шығады алып, Сенің іңкәр жанарың мөлдіреген. Қайырмасы. Ғашық әнім сен болдың шалқығанда, Жүрек жалын-сезімде балқығанда. Сен тұрасың көңілді күлкім болып, Жанарымның ұялшақ жарқылында. Қайырмасы. МӨЛДІР СЕЗІМ Сазы: Эльбрус Оразбековтікі. Жас жүрек балапандай тыншымаған, Нұр аунап, аспанында ай шомылған. Уыздай менің аппақ махаббатым, Қайдасың, сағындым ғой, келші маған! Қайырмасы: Сен – менің арманым, Аңсадым сені мен. Арнаған әнімді Тыңдашы жүрегіңмен. Сағыныш сазымсың, Ып-ыстық жазымсың, Өзіңді сағындым мен!
Жүрегім саған арнап жыр төгеді, Жанымның жайқалғанда гүл, терегі. Кетті ғой жанды баурап, сезім тулап, Қалқам-ау, жүзің қандай көркем еді! Қайырмасы. Бұлақтай мөлдір едім тұнып тұрған, Жастық шақ жұмбақ сазы сыр ұқтырған. Ырзамын тағдырыма жарқыратып, Өзіңдей періштеге жолықтырған. Қайырмасы. НАУРЫЗ Сазы: Гүлмира Садырованікі. Моншақтарын тағына Наурыз келді тағы да. Әсем сазы төгіліп, Құстар қонды бағына. Гүл-бәйшешек үлбіреп, Көкшіл аспан мөлдіреп; Шашу шашты күліп күн, «Ару көктем келді» деп. Ән шалқиды далада, Сән-салтанат қалада. Толып кетті жағаға Теңіз құсы – шағала.
Ақша бұлттар қалқиды, Жұпар иіс аңқиды. Қуантып жас-кәріні Шаттық күйі шалқиды. Қарағайлар бүрлеп тұр, Жасыл құрақ билеп тұр. Күн астында көсіліп, Жайылады көлбеп қыр. Құтты болсын мереке! Келсін ырыс, береке! Сандуғаштар сайрайды, Көктем көркін жыр ете. Жайна, дала, жасарып, Жырдан шашу шашайық! Қызыл-жасыл киініп, Наурыз тойын жасайық! АМАН ЖҮР, ЖАҚСЫ АҒАЛАР! Сазы: Марат Ордабаевтікі. Тарихы – ғасырлардың тұнығындай, Маңғыстау – абыздардың тұғырындай. Азамат ағалар жүр алдымызда, Асылдың тот баспаған сынығындай.
Мекені ақ қанатты шағаланың – Каспийдің толқын шайған жағалауын. Келбеті – кең жазира даласындай, Армысың, ақ пейілді ағаларым! Қайырмасы: Қазақтың арысыңдар, Мұқалмас намысы бар. Аман жүр, ағаларым, Халықтың бағысыңдар. Өмірін өнегемен өрнектеген, Мұратқа жеткен адал еңбекпенен. Жақсыны ардақтайды біздің қазақ Жамандар босағадан төрге өтпеген. Қияға қанат қақан қырандары, Дария – сарқылмайтын мұнайлары. Қазақтың көк байрағын көтеріп тұр Егемендік алған ел ұландары. Қайырмасы. Жұлдызды ұлы жолға бастағандар, Жарығын маңайына шашқан олар. Заманның жалауы боп, алауы боп, Аман жүр алдымызда, жақсы ағалар!
Көсілген көкжиектей көңілдері, Қашанда ашық-жарқын пейілдері. Намыстың көк байрағын биіктетіп, Тереңнен тамыр тартқан емендері. Қайырмасы: Аман жүр, ағаларым, Нар тұлға – дараларым. Іргелі ел қонғандай Кең жайлау – жағаларың.
МАЗМҰНЫ:
Өмірбаян ......................................................................................................... Атам – қазақ ................................................................................................... Арғы бабам ................................................................................................... Мен – қазақпын! ........................................................................................... Көк түрік – ата тегіміз ....................................................................................
Далам менің! ................................................................................................... Қыран-дала ................................................................................................... Туған тіл ................................................................................................... Тіл туралы сөз ............................................................................................. Қазақстан – құт мекен ................................................................................ Киелі өлке ................................................................................................... Маңғыстау мұнайы ....................................................................................... Маңғыстау – әулиелер табысқан жер ......................................................... Маңғыстау экспромты .................................................................................. Ақтау ................................................................................................... Шақыру ................................................................................................... Кел, ағайын! ................................................................................................... Жол .......................................................................................................................... Тұғырлы жер ................................................................................................... «Теректі..» ................................................................................................... Қыз бен теңіз ................................................................................................... Теңіз сыры ................................................................................................... Теңіз жағасындағы қиял ............................................................................... Ескерту ................................................................................................... Алматы. Желтоқсан. 1986 жыл. ................................................................... Тұран-дала ................................................................................................... Бұл күнде ................................................................................................... Бос қалбыр ................................................................................................... «Ғасырлардан-ғасырларға көшкен ел..» .......................................................... Қой басқарған қасқырлар ................................................................................ Күн мен көлеңке .............................................................................................. Замана запыраны .............................................................................................. Бабам-ай! ................................................................................................... «Әлемді жаулап ептілік..» ........................................................................... Обыр ................................................................................................... Тауық-тірлік ................................................................................................... Керегін… ................................................................................................... Боз селеу ................................................................................................... Күнкөріс ................................................................................................... Қулық пен сұмдық ........................................................................................... «Өзіне құдірет-күш еншілеген..» ..................................................................... «Тәуекел» дейтін тектенбіз..» ........................................................................ «Құлайды жанар көлеңкелерге сүрініп..» .................................................... О, Жаратқан!.. ................................................................................................... Менің Аллам ................................................................................................... Пайғамбардың үмбеті ...................................................................................... Ой тұнығы ................................................................................................... Сақал мен мұрт ................................................................................................... Фәни – бақиға барар жол ................................................................................. «Жан дүниемді жалаңаштап көрсетпеймін ешкімге..» ................................ «Дүние толып, кейде ортаяды..» ................................................................... Өмір туралы ....................................................................................................... Тіршілік ............................................................................................................. Жер – дөңгелек ........................................................................................... Қайшылық ................................................................................................... «Бәрі де – арман, дүние – жалған, ол – шындық...» ................................ Поезда ...............................................................................................................
Диоген ................................................................................................... Рудаки ................................................................................................... Қайыршы ................................................................................................... Табиғатың – тал бесік ................................................................................. Алмасу ................................................................................................... Еседі самал ................................................................................................... Дүрия-дәурен ескіріп... .............................................................................. Таң алды ................................................................................................... «Күз жетіпті-ау жердің сұрқын қашырып..» ........................................ Жалғыз торғай ........................................................................................ Киіз үй ................................................................................................... …Ақынның ісі бітер ме?! .......................................................................... Ақын жүрегі ............................................................................................... Жас ақынға ................................................................................................... Сыйлық ................................................................................................... Анам менің! ................................................................................................ Анаға сыр ................................................................................................... Қабір басында ............................................................................................. Адал жар ................................................................................................... «Жастық-ай, шіркін..» ............................................................................. Жалғыз аққу ............................................................................................... «Түнерсе көкте күзгі бұлт..» .................................................................... Шуаққа толып жанарың ............................................................................. Жасыл тал ................................................................................................... Күнбағарың болып жүрем ........................................................................... Махаббат жазы ............................................................................................. Сені іздедім ................................................................................................... Танысу мен табысу ...................................................................................... Аңсау ................................................................................................... Іздеп жүрмін ................................................................................................ Сен мені сағынарсың .................................................................................. Білмейсің ....................................................................................................................... Сезем... ................................................................................................... Жұтылып жатыр .......................................................................................... Өлең оқы! ................................................................................................ Муза ................................................................................................... Тобылғы торы ............................................................................................ «Байрағым сізге байлаған..» ................................................................... Айыпты не?! ............................................................................................... Жолдары көкте қыранның ......................................................................... Жалғыздық ............................................................................................... Өзекті өртеп, күйдірген... ........................................................................ Ауыртпашы жүрегін жаралының... ........................................................ Құлазыған далада жел соғып тұр... ........................................................ «Мен дүниеге келгелі...» .......................................................................... «Көңілсіз бақ қарсы алды...» ................................................................... Мұң ................................................................................................... Түнгі қиял ................................................................................................... Менің айым ................................................................................................... Жел соғып тұрады ұдайы ............................................................................ «Аспан ортақ саған, оған, маған да..» ................................................................... Шытынайды көңілім ..................................................................................
Жүріп келемін ............................................................................................. «Көркем ой көкірегіме сыналасып..» ....................................................... «Аспан ашық, мөлдіреген ай мұңды..» .................................................. Тереземе телмірме, түн! ........................................................................... Ұйқысыз түн ............................................................................................... Жүгіреді от тасып ...................................................................................... Зер көйлегі ескірген .................................................................................. Шаңырақты үйде өсіп ем ............................................................... Аспанды көрдім шалқайып ....................................................................... Тау жақындау аспанға .............................................................................. Өзегімде өртім қалар ................................................................................. Күрең күн ................................................................................................... Жұлдыздармен тілдесем .......................................................................... «Қан қайнаған жүректен жыр тасиды..» ............................................... От ............................................................................................................... Төңірекке бірдей көзбен қарама ............................................................. «Жарамсақ сөздер мезі етті...» ................................................................ Жүрекке әжім түспейді ........................................................................... Сексеуіл-ғұмыр ........................................................................................ «Оқ қағарлық әдет жоқ болмысымда…» .............................................. Қарама ................................................................................................... Жасымды сүртіп… ................................................................................... Қарағайдаймын түздегі ............................................................................ Жұбатпаңдар! ............................................................................................ Жомартсың-ау ........................................................................................... Келемін қуып ............................................................................................ Аңызақ мүжіп... ........................................................................ «Өтпелі кезең, өтпелі..» .......................................................................... Өткен күн ................................................................................................... «Марапаттанып, жарақаттанып, пысық пен жасық сөздерден..» ........ «Аңғалдығым сын болды өміріме..» ........................................... «Не жетеді көңілдің байлығына!?.» ............................................. Жас кездегі өлеңдерім ................................................................... Өтпелі ................................................................................................... Біздер қандай күшті едік! .............................................................. Дос ................................................................................................... Бекбаулы ата – ұлығым ............................................................... Жыр-бабам, асыл кенішім ........................................................... Тұщықұдық – мекені алыптардың ............................................. Халықтың алғысы көп Нұрбаулыға ............................................ Рух ................................................................................................... Кең пішімді қазақ еді ................................................................... Дархан жүрек ................................................................................. Жұлдыз-көз, қыран-қарас .............................................................. Өтеген-ау, жоғалмайды есімің! .................................................... Мені неге жалғыз еттің, бауырым?! ......................................... Менің әуенім .................................................................................. Моншақтарын төгіп кетіп барады ................................................ Қарағұл тәтемнің әруағына ............................................................ Инабат, әдеп үлгі еткен .................................................................. Өмір – сынақ .................................................................................. 50 жасқа сәлем .................................................................................
Келіп тұрмын .................................................................................. 60-қа ода .......................................................................................... Екі бесікті тербетіп... ......................................................................... Мектепке барасың ........................................................................... Бойжетуге асықпа, балапаным! ...................................................... Сендерге бердім .............................................................................. Жауаптысың! ................................................................................... Жарай ма?! ....................................................................................... Ұмайға ............................................................................................. Тәтті екен ......................................................................................... «Мен де бала болдым», - деп...» .................................................... Балаларыма өсиет .......................................................................... Өмірден көшті бір ана .................................................................... Айсәуле ана .................................................................................... Фаризаға ......................................................................................... Тәуелсіз елім толды 20 жасқа ...................................................... Шәкірт сәлемі ................................................................................ Алтын ұяға тағзым ....................................................................... Қасиетті шаңырақ ......................................................................... Менің сыныптастарым .................................................................. Өлең жаздым сол күні .................................................................... Ұлағатты ұстаз ................................................................................ Бала кезден дос едік ........................................................................ Сүлеймен ағаның 70 жасына шашу .............................................. Адай әнін әуелеткен ....................................................................... Мағия апама ..................................................................................... Шипалы қол ..................................................................................... 60 жас құт әкелсін босағаңа! ........................................................... Алтын діңгек ..................................................................................... Нияздың Пайғамбар жасына шашу ................................................ Ұлы өткелде ..................................................................................... Ермек Әнесқызына ........................................................................... Мен сізді биік көрем ....................................................................... Қайынсіңлім Түрмеханға .............................................................. Құттықтау ....................................................................................... Көңілің көлдей, дарасың ................................................................. Құтты болсын жас отау! ................................................................. Жасқа толды ақ Самал .................................................................... Рысты 60 жаста ................................................................................ Жолдарын жарық қылып... .............................................................. Жұлдыз дейтін жарқырайды төбеде .............................................. Аса қадірлі Асылтас Қалмырзақызы 60-та ............................... Ақ тілек ....................................................................................... Құрдасым Нұрғалидың Балсұлуына мадақ жыр ........................ Бір партада отырған кластасым .................................................. Тойға шашу .................................................................................... Ұлт нақышы бедеріңде ................................................................. Көңілдің ұшырамын көгершінін .................................................. Нар мінез ........................................................................................ Баулыбай аға 70-те ........................................................................ 60 деген – талтүс ......................................................................... Қош келдің! ....................................................................................
Адайсың ғой сен ............................................................................ Өнерге де, өлеңге де кең елміз .................................................... Сіңліге наз ...................................................................................... Памфлет ......................................................................................... Сөзі мен өзі .................................................................................... Дүмше бастық .............................................................................. Мәңгілік емес бұл ара .................................................................. Арыз бен қарыз ............................................................................ Ж-ға ................................................................................................ А-ға ................................................................................................ Қусың-ау ........................................................................................ Көзтүрткі ........................................................................................ Талғам мен таңдау ......................................................................... Моншақ-түйін ................................................................................ Үш әріп ................................................................................................... Жоқ ................................................................................................... «Қ» әрпі ................................................................................................... Бар ...................................................................................................
ӘНДЕР ........................................................................................... Анашым ........................................................................................... Аяулы анашым .............................................................................. Жан анам ......................................................................................... Әке ................................................................................................... Сәбиім ............................................................................................. Қимаймын ....................................................................................... Гүл-бағым ....................................................................................... Сенің бейнең ................................................................................... Іңкәр жүрек .................................................................................... Мөлдір сезім .................................................................................. Наурыз ............................................................................................. Аман жүр, жақсы ағалар! ..............................................................
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру