Уақыттың өзі оқысын саған үкімін
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Арман Қани — «Уақыттың өзі оқысын саған үкімін». ҚҰДАЙСЫЗ КЕЗЕҢ
/uploads/0d8bca2f-8e81-5c57-8334-33d1ae7bcf3b/cover.png
ҚҰДАЙСЫЗ КЕЗЕҢ
Беу, Ресей, өткен шағыңның несін сұрайын?
Қасіретіңді айтып тұр көзің мүләйім.
Қасиетің мен ұлылығыңды не қылсын,
Ұрысқа енсе ұмытқан жандар құдайын!
Лапылдап бір өрт сен жақтан түскен жасыннан,
Біздің де елдің көз жасы жерге шашылған.
Жиһад пен крест жорығын кеше еске алып,
Кектеніп шықты күпірлер мылтық асынған!
Қайтадан Ғайса пайғамбар айқыш арқалап,
Жүргендей бейне түршігіп еді-ау шартарап.
Түкірген тобыр төріне Қысқы сарайдың
Шоқына ма екен шіркеуге кірсе анталап?..
Дүрліккен жұрт та ілесіп сол бір дүрмекке,
Ұмтылғанымен сұмдықтың сырын білмекке,
Ұлыққа мұжық көрсетер қандай ұлылық,
Діндарды бұзық бөлейді қандай құрметке?..
Ұнжырғаң түсіп еңкіштеу тартса тұлғаң тік,
Ұрымтал тұстан ұры мен қары тұрды аңдып.
Бас ұрып сонда жолына ұлы мұраттың,
Құдайсыз көсем тіледі-ау ұлы құрбандық.
Ошағы сөніп, ойраны шықты неше үйдің?
Деген бір оймен тарихтың шоғын көсеймін.
Күресіндегі Романовтардың тәні мен
Ар-ұжданы да өртеніп еді Ресейдің!
Перғауын жанын тапсырар кезде Тәңірге,
Пирамидалар келетін еді өмірге.
Кесене салып қуыршақ тәнге жұбанып,
Есейген ұрпақ алдамақ өзін әлі де.
Құдайсыз кезең дауылды, өртті, нөсерлі
Тудырды дінсіз, имансыз, тексіз мешелді!
Кешірсін раббым Ғайсадай көкке ұша алмай,
Көрге де енбей көмусіз қалған көсемді.
Беу, Ресей, мұңлы көзіңнен кейде қан саулап
Тұрғанмен,
Нұрлы болашақ сені қарсы алмақ.
«Революция» деген бір зәрлі сөзіңді
Тап қазір қара сызықпен қоям құрсауға ап!..
1998 жыл.
1917 ЖЫЛ. ӘЙЕЛДЕР ҚОСЫНЫ
Қайнаған қазан буындай болып сан хабар
Бұрқылдап тұрса,
Булығып Питер толғанар.
Қапырық түнде
сұрғылтай Смольный сұңқылдап,
Шұлғыды басын жұмысшы, солдат, шаруалар.
Уақыты біткен Уақытша үкімет
Қамалда
Юнкерлер қолын уатқанмен опа табар ма?
Апыр-ай, енді бүлінген елдің бірлігін
Етектілердің қосыны қорғап қалар ма?!
Жалтылы ойнап көзінде жалқын арайдың,
Жаны емес,
Арын баққанмен олар талай күн,
Жырынды матрос Железняк аяқ артқанда,
Қақырап кетті қақпасы Қысқы сарайдың.
Бәрі де есте: дәуірдің лайлы толқыны,
Керзі етіктер мен ақ мәрмәр еден солқылы…
Қыздарын қорғай алмаған бейбақ елдің де
Абыройы сүттей төгіліп еді-ау сол түні!..
1999 жыл.
ЕРЛІК ПЕН МАХАББАТ
(Баллада)
Сұрапыл соғыс!
Қан майдан жатыр күркіреп,
Қас жаудың беті қаһарлы!
Тұр әлі он сан зеңбірек тынбай сілкілеп
Жас қала, көне шаһарды.
Ұрандап алға ұмтылған жаудың даусына
Назалы Невель егілді.
Қаршадай қызды қалдырып ажал аузына,
Қалың қол кері шегінді.
Ер жігіт қайда жұлқынып шығар ту ұстап,
Кім көрген мұндай сұмдықты?!
Етектіден еңбектеп артқа жылыстап,
Жоғалды еркек кіндікті.
Сұрланып Мәншүк күйге енді мылқау, саңырау!
«Максимка» тұрды безілдеп.
Оқсебер қару айбатын көрген долы жау
Қайратын қыздың сезінбек!
Қып-қызыл іңір, қып-қызыл жалын, қызыл қан!
Көңілін оның сергітті…
Қарт Ресей бірақ, қазақтың жап-жас қызынан
Күтпеген еді ерлікті!
Үйілген өлік жүрегін енді қозғар ма?!
Тістеніп үнсіз сазарды.
Дүниеге Өмір сыйлайтын кезде,
(Лаж бар ма?!),
Тудырып жатыр ажалды!
Шегінді артқа дұшпанның легі селдіреп,
Толғанды ол Өмір жайында.
Беймәлім сезім тұңғыш рет және соңғы рет
Бұлқынып жатыр бойында!..
Түскендей болып иықтан зілдей бар салмақ,
Омырауы оның тұр иіп!..
Сүт емес бірақ,
Жатқанын ыстық қан саулап
Сезбейді Мәншүк жымиып…
Орданың маңын есіне салып бұл маңат,
Моншақтап бір сәт жанары.
Жатқандай бейне жанында бөбек іңгалап,
Жадырар лезде қабағы.
Жауыздық жоқтай кейпінде пәни жалғанның
Ынтығып және қарады.
Ұрпағын аңсап үстінде ақбоз арманның
Үздіге жүйткіп барады…
Ұмытып енді қарғысын сұмның қарабет,
Ерлікке тәжім етіңдер!
Ұғыңдар Мәншүк батырды Ұлы Ана! – деп,
Жәудір көз, тірі жетімдер…
1998 жыл.
ҚЫЗЫЛ ТҮНЕКТЕГІ АҚ БҰРҚАҚ
Ұлардай шулап Алатауымның бөктері,
Ұлыды ұлы құзартта тұрып көк бөрі!
Тәуелсіздіктің қасапханасы тәрізді
Қанжоса болды Қазақстанның қақ төрі!
Тарихтың тайғақ кешулері келіп құйылған
Көк мұздақ алаң алай да дүлей “Құйыннан”!
Құрбандық қылып бозқасқа емес боздақты,
Бейбақ жұрт боздап тұр енді Хаққа сыйынған.
Бұрымнан сүйреп, құрсақтан біреу тепкілеп,
Қыршын қыз кетті “Ел аман болсын!” – деп тілеп.
Керзі етіктердің өкшелерінде езіліп,
Көк мұздақ төзім сықырлап сынып жатты кеп!
Жарадар жүрек жұлқынбай сонда тынар ма?
Жанарлар жалын ыршытты сұрғылт мұнарға!
Алаңнан “Менің Қазақстаным” әуелеп,
“Елім-ай” әні егілді абақтыларда.
Санамнан қызыл түнекті бірден көшірген,
Ақ бұрқақ күндер кетер ме енді есімнен?!
Желтоқсандағы алаңға қаны шашырап,
Кіндігі ұрпақ рухының сонда кесілген!
2001 жыл, желтоқсан.
БАҚҰЛДАСУ
Қош бол, Коррадо 1 …
Қиянаттарға төзбеген.
Тап болдым темір тегеуірінді кезге мен.
Ар-ұжданыңның күнәсіз, бейбақ перзенті –
Өліміңді де…
Қызғанам енді өзгеден.
Қан қызыл нұрлы бұлт көшіп сұрғылт құздардан,
Шуаққа құмар кеудемде менің сыз қалған,
Жаураған шақта жанымның жауқазындары
Ықтасын іздеп
Желтоқсандағы ызғардан…
Көкірегім – үміт ұясы,
Оны мұздатпай
Келсем де,
Бір ой кеудемді талай сыздатты-ай!
Ақ түтек Шындық бұрқаған мынау шақта да
Сұрғылтым сұмдық мінбеде тұрар міз бақпай.
Сөйлейді олар сезімге шырпы тастарға,
Күркіреп тұрса Балтықтың бұлты аспанда…
Ауғаныстанда адасқан ұлды ұмытып,
Жаңа есімдерді жазармыз құлпытастарға…
Сызылып ағар көкірегінен көшкен сең
Қамкөңіл едім,
Оны да, жаным, ескер сен,
Жындыхананың терезесіндей жап-жарық
Жанарымдағы сәуледен өзім сескенсем…
Жұмыр Жер табан астынан қанша тербелді?
Ұрпаққа улы семсерлер қанша сермелді?!
Есірткі исі шығады кейде газеттен,
Уламақ енді үміті уыз зердемді.
Сарыөзек, міне, сап-сары умен гүлдеген,
Алқынтар әлі Дегелеңдегі дүрбелең!
Тұрса да маздап қып-қызыл оты көзімнің,
Жадыгөй құлқын ойнайды жасыл нұрменен…
Құмыққан құдық түбінен шыққан азалы үн,
Қуратып кетті құбыла жақтың ажарын.
Шәкәрім қажы сақалын қанға бояған
Күнакар өлке тартады соның азабын!
Жүрдім-ау ұзақ сөгілген берен-төзіммен,
Жығылам енді,
Ертеде-ақ оны сезінгем!
Қып-қызыл қаным тамшылап тұрар сол сәтте,
Қыпшақы қылыш ұшындай қиғаш көзімнен.
Коррадо, қош бол, дақ салмай өткен арына,
Жарадар болдым жалғыздық батып жаныма!
Егіліп тұрып өзіңе кеше серт берген
Әділет Ана кешігіп жатыр тағы да…
1991 жыл.
ТҰЛПАРДЫҢ ӨЛІМІ
Осы еді ғой тұлпарлардың тұқымы,
Шаңырақтай омырауының бітімі.
Қара жалын – лапылдаған жанары,
Төс балғадай тасқа тисе табаны.
Оқтау сынды жұп-жұмыр-ау бауыры,
Түндік сынды сала құлаш сауыры.
Кербездігі билеп алар еркіңді,
Сіңірлері адырнадай серпінді.
Қабырғасы уықтардай келісті,
Жолға шықса желмаядай желісті.
Жортқанында түлкідейін жүрісті,
Жүйткігенде құлжадайын тынысты.
Қарғығанда қабыландай табанды,
Орғығанда ортекедей орамды.
Қаз мойынды, бура санды, ақтаңгер,
Ер мінезді, қыз бейнелі, қақпан бел.
Егеске сап дәл осындай малды да,
Кек қуғандар кісіліктен қалды ма?!
Амал қанша,
Алып келді-ау есерлер
Қас тұлпарды қасапхана алдына!
Ал сен болса әзірейілдің таяғын
Токка қосып,
Жануарға таядың.
Ағатай-ай, сәл сабыр ет айтайын,
Аттан бұрын елді неге аядым?
Құлагердің жолын тосып жырақтан,
Құлан тұяқ Құдайторыны құлатқан.
Ақан сынды ақыныңды еңіретіп,
Мақыш сынды атбегіңді жылатқан,
Жетер енді қасапшылық қазаққа!!!
Өлтірсең де өзге жолмен азапта!
…Семсер сөзім тасқа тиіп шарт сынды,
Қарқ-қарқ күлдің қан сасыған тозақта.
Сен екенсің…
Енді ғана таныдым.
Өз қолыңнан өлді кеше бауырың!
Таққа байлап ұрғаныңда токпенен,
Өшірмек боп Желтоқсанның жалынын…
Өз қаның ғой…
Дәтің қалай шыдады?
Аямассың…
Мал да мұны ұғады.
Шырқырап ол шауып барып сол сәтте,
Тас қоршаудан қарғыды да құлады.
Ол да міне опат болды ерлікпен!
Онда не тұр?
Бізді айырар елдіктен
Сендер бар да,
Дәл осылай өлуге
Қазақ түгіл қас тұлпар да көндіккен!
1992 жыл.
ТАМЫЗДЫҢ ҚЫЗЫЛ ІҢІРІ
Дүбірлі дауыл бар жез керней үнінде,
Дүрлікті Дәуірім!
Жаралы аспан тұр жалатып іңірге
Қан жуған сауырын.
Африка аптабы, аязы Сібірдің
Арқамнан өтеді.
Қып-қызыл жалаулар қойнында іңірдің
Желпілдеп етегі,
Жалқын нұр ақырын сырғиды белестен,
Сыңсиды ағыстар.
Шыңылдап қып-қызыл көріктей өңештен
Қып-қызыл дауыстар…
Қып-қызыл ауадан қан исі шығады,
Азалы кезі ме?
Бауыры қанталап қара бұлт тұр әлі,
Дым бүркіп көзіме.
Қызыл жел сусылдап, сумаңдап алдымнан,
Жолыма үңіліп…
Қорқаулар тірідей терісін алдырған
Қыратта тұр ұлып…
Көкжиек сімірсе найзағай жарқылын,
Ай нұрлы арайды,
Партбилет тәрізді көзінен танкінің
Қызыл түн қарайды…
Қып-қызыл күдіктер санамды тілгілеп
Қасапшы тәрізді.
Тарихтың толқыны жартасқа ұрды кеп,
Қып-қызыл тамызды!
Отырмын мен енді жамауын жыртықтың
Жаңартып, бүтіндеп.
Оқпаны тәрізді атылған мылтықтың
Темекім түтіндеп.
1991 жыл.
ЖАНТАЛАС
-І-
Көк нөсер күнім,
Мен сені шалғайдан күткем.
Сабырым менің – сарғалдақ сарғайған түптен.
Қара жол сынды Қаратау басынан құлар
Әжімдерімде…
Бағым бар маңдайға біткен.
Қарашығымды күзеткен арымның нұрын
Қан қызыл түске талатып…
Жаңылдым, күнім.
Әнеттей бабам аңырап қалғанда көштен,
Жырлаған едім
Қалқаман-Мамырдың мұңын…
Сөйлейін енді қайталап қаз үнін ерен.
Бас мүжір қарттар
Бөрінің азығын жеген…
Бодайбо жақта боз нұрға айналар сәтте:
“Разымын, Елім, мен саған разымын…” – деген.
Жай отын маған жаудырып қара аспан мына
Жатқанда кеше жабықсам,
Алаштан сұра!
Жылан көз моншақ тәрізді қызғылттау күннің
Қызығын қуып… әйтсе де, адастым, сірә.
Самғаулар бар да, білемін, құлдырау барын.
Сағымды белден мен қазір бұлдыраудамын.
Келеді, енді, соқпақсыз қиырға бастап,
Маңдайымдағы бармақтай мұңдылау бағым.
-ІІ-
–Кім қара?
–Кім ақ?
Бәрін де саралар Елім!
Боз қырау сынды төгілтіп қара нар терін,
Қос оба жаққа…
Қасқиып барамын енді,
Онсыз да бірақ, жүректен жарадар едім!
Көк мұнар желден көкарай атырап қашып,
Теңіздің түбі…
Жатқанда топырақ шашып,
Жапанды қайдан табайын,
Жазылып кетер
Жарақатыма жап-жасыл жапырақ басып?!
Апыр-ай со-на-у-у сүт нұры саулаған ай да
Толықсығанмен…
Әлі де толмағандай ма?..
Жау олжа қылған ақ тудың жыртысы сынды
Шашылып біздің миымыз қалмаған қайда?!!!
Сиынар не бар?
Бәрін де сындырып тынғам!
Жолыңа сенің, жаным-ау, жыр-күлік құрбан.
Сен мені жебеп қайтесің?
Қорғасаң болды
Шындықты мынау
Көзімнен шыңғырып тұрған!
-ІІІ-
Ат қораға да қажет қой үңіліп қарау…
Қоңтәжі хан да таныған
Ірілік мынау!
Көрер көз болса, түбінде Дегелең таудың
Кірпігін іліп қалғыған Ұлылық бар-ау…
Азабын тартып жүргенмен ақылдың әлі,
Күдерімді үзбей бір күнді батырдым тағы.
Көк семсер соғар көріктің шоғындай маздап,
Олжасқа жетті!..
Олжабай батырдың қаны.
Қабарған түнді қашанғы саялап өтем?!
Абыралы еді
Жүрекпен аялар мекен!
Хиросимада жерленген атомсыз ғасыр
Сарыөзек сайдан, апыр-ай, оянар ма екен?...
Жұлдызды шақтар өтіп-ақ бара ма бастан?
Қарауыл жақтан көшкенде қабарған аспан,
Оянып кетіп үш ғасыр қалғыған Ерлік,
Кеудемде менің бір үміт жанарын ашқан!
Тербетсін, мейлі, кеудемді бір үміт қана,
Әлі де, жаным, көрсетер ұлылық Дала,
Елімді танып,
Ерлігін ұғынам – десең,
Дегелең таудың түбіне үңіліп қара…
-ІV-
Бағыма сеніп,
“Қанатым талмайды” – деумен,
Шалдықты бүгін бағдарлап шалғайды зердем.
Жетім күй тартқан Қорқыттың қобызы сынды
Жалқы бір ойдан жалықпай сарнайды кеудем.
Өткенмен бастан дүркіреп сан алуан күрес,
Тиді ме маған мұңдылау ғаламнан үлес?
Иықтарына қарайған көлеңкемді іліп,
Іңірде мені қарсы алды қабарған крест…
Қабарған крест,
Сызылып сыңсыған әуен…
Сынық ай,
Түпсіз тұңғиық,
Тыншыған әлем…
Түбінен соның күңіреніп атомсыз ғасыр,
Адамға мұңын шаққандай тұншығам ерен.
Сұңқылдап жырлап тырналар самғайды биік,
Көкпарын тартса найзағай қалмай ма күйіп?..
Жоқтау жыр айттым,
Сондықтан, Бейкүнә күнге,
Жидебай жақтың жолына маңдайым тиіп.
Азалы жырым шапшыған аспанға демі,
Айналар, түбі, ақ байрақ – дастанға, тегі.
Әйгерім әпкем сызылтып, сыңсыған әннен
Абайтанудың ғұмыры басталған еді…
1989 жыл.
СЫНАҚ АЛАҢЫНДА
-I-
Біреу күліп, біреу іштей күрсінер,
Тамұқ осы тұла бойың түршігер.
Аң-таң болып ақырзаман жұртына
Алғашқы рет аяқ басты тілшілер.
Сұрланып-ап тұрғандай-ақ сүзектен,
Әскерилер сәлем берсе ізетпен,
Үңілесің ордасына өлімнің
Оқ жыландай ала баған күзеткен.
Толқындарда батты қанша таңғы нұр?
Таңғы нұрды аңсап өтсе сан ғұмыр.
Екіленіп жүзді есер полковник,
Өмір іздеп өлі көлден әлгі бір.
Жанарында жаутаң қағып жарық күн,
Өртенеді ар-ұяты халықтың,
Су түбіне тағы біреу сүңгісе,
Өлі көлден тәжін іздеп даңқтың.
Генералды жүз жерден-ақ айыпта!
Оған бірақ кішірею лайық па?
Орындамақ сынақтардың жоспарын,
Жұрттың көзін бақырайтып қойып та!
-II-
Көкірегін үңгіп ажал араны,
Демігеді Дегелеңнің алабы.
Сұр мергеннің сұп-сұр суық көзінде
Жатыр, міне, жаурап сынақ алаңы.
Бір сұмдық ой жүрегімді жұлмалап,
Безереді бұйрық күтіп бұл маңат.
Сахаров пен Сүлейменов сұхбатын
Әлем енді жылап тұрып тыңдамақ!
Кеудесіне құндақтаған ажалды
Құба жондар күреңітіп, сазарды.
Аза гүлден алқа тапқан сұм басым
Ақ кебінге оранғандай бозарды.
Бір үнсіздік үрей толы шеңберге
Ұя салып, көңлім менің шерменде.
Кесір қоғам кері санап ғұмырын,
Секунд мезгіл шырқырады кеудемде.
Жер шошынып түскенінде ыршып-ақ,
Көмейіме кептетілді бір сұрақ:
«Жариялық перзенті ме бұл сынақ,
жауыздықтың жалғасы ма бұл сынақ?».
1990 жыл.
ТОЙ ҮСТІНДЕГІ ЕЛЕС
(Баллада)
Кейде ойлаймын діншілміз деп бекер біз,
Жұмақ болса думандатып жетерміз.
Әзірейілмен әзілдескен тәрізді,
Өлсек – тойдың үстінде өліп кетерміз.
Күнәмізді Құдай өзі кешірер,
Дақпыр үшін даңдайсыды-ау есіл ел.
Ат шаптырып, той жасадық тағы да,
Төр таба алмай жүріп еркін көсілер.
Мүскіндердің маңдай соры бес елі
Бұл тойдан да қайтқан екен меселі.
Ертедегі қоңыраттар елінде
Дәл осындай қызық болған деседі.
Ішіп алса өз әкесін танымас
Маскүнемнің болды дерсің бәрі мас.
Келді сонда бір диуана бізге де,
Үсті-басы алба-жұлба әрі нас.
Жеті жара жалбырап тұр денеде,
Тоғызының тыртығы тұр және де.
Сонда-дағы шоралардай сомсынған
Бұл пәпшағар диуана емей, немене?!
Бай-бағландар шұжық берсе бір тілім,
Көз қырын да салмады ғой шіркінің!
(Шарасыздан есіме алдым сол сәтте,
хикаясын қоңыраттар жұртының).
Күрсінді де кенет шерлі көкірек,
Шамырқанды кімге және не тілеп?
Көкпар болып кетер ме екен, апыр-ай,
Жеті жасар Жәдігердей жетімек?!
Қарлығаштай қарындасты бір сайға,
Өңшең найсап «Тезек тер!» – деп жұмсай ма?
Отауына Гүлбаршындай ханымның
Құзғын саңғып кетер кезге ұқсай ма?..
Аналықтай бәйбішелер жаны ізгі
Аңырай ма аруаналар тәрізді?
Өлеңдетіп Бадамшадай сақау қар,
«Жампозым!» – деп мадақтай ма жауызды?
Ұлтан құлдай «бек» бастаған жиынға,
Бас имеген диуанаңыз дию ма?!
Балпаң-балпаң басып қалы кілемді,
Бір түкірді асыл текті бұйымға.
Соңына бір зер салмады-ау бұрылып,
Ол осылай көрсетті ғой ірілік!
Алпамсадай тұлғасынан аңғардым,
Алпамыс ер келгендігін тіріліп.
«Жолбарысым оралды!» – деп жат жұрттан,
Жүректерің жарылмасын шаттықтан.
Байбөрі мен Құлтай сынды бабалар,
Сабыр ет те, деміңді бас аптыққан.
Әлденеге көңіл әлі күпті ғой,
Көп күдіктер бермей қойды тіпті бой.
Сорың құрғыр, Байбөрі мен Құлтай шал,
Мұның бәрі елес болып шықты ғой!
Тек, түңіліп күйінішке ұрынба,
Бір қайыры болары хақ мұның да.
Баекең мен Құлекеңдей қарттар-ау,
Жақсылықтың нышаны бұл шынында!
1998 жыл.
КЕРУЕН
(Баллада)
Сапарларда сан азапты көрген кіл,
Асулардан шаршап өткен керуен бұл.
Көзсіз ерге, саудагерге, тыңшыға
Қызмет етпек көш соңынан ерген құл.
Басын шұлғып бар пендені құптамақ,
Ол ешкімге көрген емес тік қарап.
Зер салады күншығыстың жүзіне,
Бұтасы көп жылғаларды бұқпалап.
Керуенбасы көз жұмды да бір күні,
Болды жағдай қайғылы әрі күлкілі.
Көр тәрізді шыға келді жұтынып,
Көрсеқызар пенделердің құлқыны.
Керуен тоқтап орта жолда түнеуге,
Әр керуенші өз несібін тілеуде.
Біреулерге қажет екен басшылық,
Дүние-мүлік керек екен біреуге.
Кеңпейілдік танытқанмен бұл дала,
Мол байлыққа көзін сатып ұрлана,
Бекзадалар бірін-бірі тілдеді,
Тілін тістеп тұрып қалды құл ғана.
Ащудастай ащы сөзге кім шыдар,
Тек, көнбістік танытатын құл шығар?
Бірін-бірі қырып салды ақыры
Көзсіз ерлер, саудагерлер, тыңшылар.
Көш шықса да суырылып түндерден,
Күншығысқа беттегенін кім көрген?
Сен білесің қалды қандай жылғада,
Құл бастаған қоңыраулы бұл керуен!..
1993 жыл.
АР АЛДЫНДА
Алдыңда тұрмын,
Кінәлап қайтем өзгені?
Ақ жүрек Арым,
Ашынған жаның төзбеді,
Жаралы Жердің,
Қаралы Жердің қайғысын
Батпандап алып, тартқанда Тарих безбені.
Жүрдім бе өткен күндерім үшін арланбай,
Келдім бе, әлде болашағыма қамданбай?
Азынап өткен азалы Заманалардың
Азабын тарттым,
Жаһанда жалғыз қалғандай!
Бозқасқа шалып боз таңда,
Оймен не түрлі
Бозарып тұрдым батысқа бұрып бетімді.
Оқ атып Машук түбінде мұңмен мұнартқан,
Қараойда қанжар сермеген өзім секілді.
Көкөзек қайта толғандай дүрмек, дүбірге,
Қособа көзден жоғалды сүңгіп іңірге.
Бұғау мен кісен қоңырау соғып алдымнан,
Жолымды менің бастады қайта Сібірге.
Сұп-суық, сұр бұлт төсінен тамшы тамбастан,
Сұрланып тұрды шерменде болған шерлі аспан.
Көгермес, білем, көз жасын жұтып КарЛагтың,
Сарғылтым Дала сан тұяқ қанды мөр басқан!
Тұр әне Тайга мұңыма кірпік қақпаған,
Колыма жатыр қайғыдан теріс ақпаған.
Омырауынан сүт саулап өткен АЛЖИР 2 мен
Бухенвальт үшін
Алдыңда қалай ақталам?!
Отқа да түстім,
Өртенген шақта өзегім
Суға да түстім.
Қайтемін енді?
Төземін!
Хиросимада лаулаған Тарих бетінің
Жарығыменен…
Жаһанды қайта кеземін!
Оспадар қоғам осқылап қанды сауырын,
Арқырап зулап келеді тарпаң Дәуірім.
Азамат болсаң,
Адамзат үшін жауап бер!..
Ар-ұжданыңның алдында
Сен де, бауырым.
1990 жыл.
ЖАЗМЫШТАН ОЗУ
Кезеңде мынау тебінгім терге малшынар,
Үзілді кірпік ұшынан кәусар тамшылар.
Қазақстанның көкірегіндегі әуенде
Ахаңдардың да күмбірлеп тұрған даусы бар!
Сібірлеп атқан сарғайған Таңның нұрымен
Жақаңа ұқсап сілкінер болса сан шынар,
Батасын берер абыздар әлі бар шығар!
Бауырын басқан қыраулы қысқа мың белең
Дүбірлі кез бұл, көкірегім көзін ілмеген!
“Ақсарыбас!” – деп “Азаттық” шығып эфирге,
Тәуелсіздікті жырлайды асқақ үнменен!
Алатау сынды маңдайы күнге жарқырап,
Сөйлеген сәтте Нұрағам заңғар мінбеден,
Сары аяздарда сарғалдақ үміт гүлдеген!
Тәуелсіз Елім,
Көгіңнен енді маздар күн!
Қоңырау қағып күншығыс жақтан қозғалдың.
Кернейін тартса көгілдір тулы керуендер,
Саңқылдап жетті Стамбулдан даусы қаздардың…
Мынау күн сенің “Егемен” деген сөзіңді
Пешенесіне Тарихтың ойып жазған күн,
Жарыса шауып жазмыштан солай озған күн!!!
Санамды менің шуаққа сонша бөлеген
Шақтарда мынау бой бермей қозып делебем,
“Шомылдырып алып боз биенің сүтіне,
Халқымды бір сәт көтерсем көкке” – деген ем!
Ғарышкеріңмен биіктеп Қара шаңырақ,
Намыскер ұлмен қанатын жайды керегең,
Заманға рахмет қолтықтан бізді демеген!!!
Ел кезіп жүрген ебелек-ойдың елесін…
Зердеңнен қусаң заманың саған не десін?!
Алауыздықтың алдынан кеше көр қазған,
Қайырлы болсын, Оралда өткен кеңесің!
Бас ұрар Қағбаң Бірлік қой,
Соған бет бұрып,
Боз ала таңдай бозарып бүгін келесің!
Тәңірім қолдап, періштең енді жебесін.
1991 жыл, желтоқсан.
ТЕЛЕЛЕОРТАЛЫҚ ЖӘНЕ ОСТАНКИНО
Елегізіп өткізіп бұл айды да,
Тұрғаныма сыр тыңдап Құдай куә!
Мұнарасы әлемнің мұңын аулап,
Телеорталық тағы да мұңайды ма?
Оқ дәрінің исімен Мәскеудегі
Сан толқыннан дәуірдің ескен лебі.
Ескілікті аңсаған Ақ үйге де
Жаңалық боп енеді әскер легі.
Тарылмасын дәл бүгін тынысың – деп,
Жаутаңдасам,
Жайымды ұғыншы тек.
Останкино, шырылдап отқа түстің
Шындық үшін сен, бәлкім, бірінші рет.
Түтіндейді Ақ үй де ерен алып,
Енді мұнда кектеніп келер халық.
Бірінші рет үніне танкілердің
Тебіренді біздің де телеорталық.
Останкино, көк сүңгі мұнаралы,
Тағдырыңды тұрсың-ау сынағалы.
Бір кездегі Вильнюстің Ақиқатын
Болашақ кеп өзіңнен сұрар әлі!
Телеорталық мөп-мөлдір жүрегі мұң,
Іштей өксіп тұрғанын біледі кім?
Өлілердің күлінен күлгін тартып,
Қабырғасы қайысса Кремльдің.
Сен жайында әлі де тынбас аңыз,
Дауыл тектес даусыңмен жырласа күз,
Беймазалау ғасырдың толқынында,
Останкино, біз саған үн қосамыз!
Останкино, кел енді қоштасалық,
Көз алдымнан өр тұлғаң өшпесі анық.
Қазандағы қаһарман Ерлігіңді
Телеорталық тұрады еске салып.
1993 жыл.
МИТИНГ?..
Орталық алаң.
Мүсінсіз бос тұр тас тұғыр.
Таң атты нұрлы, арайлы.
Жасамыстардың топтарын көрген жас ғұмыр
Таңданып үнсіз қарайды.
Арылған алаң мың батпан ауыр салмақтан
Керіліп бойын жазғандай.
Әйтсе де, тобыр жетпіс жыл бойы толғатқан
Айтушы еді сөз қандай?!
Қыңсылап аяқ астында жүрді бір қаншық,
Шаптығып қанден ит үрді.
Есіме салып тұр – дейді біреу ділмарсып, –
Павлодар ескі Питерді.
Кім болар едік, қонысымызды жалмаған
Кешегі өртті… ұмытсақ.
Бос тұғыр талай пенденің көзін арбаған
Иесіз таққа тұр ұқсап.
“Жаңа бір көсем керек” – деп, – “енді қол бастар!”,
Сезімге біреу бой ұрды-ау.
Білсе ғой нағыз ерлік – деп, осы “жолдастар”
Жеңілісті де мойындау.
Шын ділмар шығып, сөзіне соның сенсе жұрт,
Дұшпан да болса дос көрем.
Езеуреп бірақ, өңешін жыртып өңшең қырт,
Қол соқты-ау өңкей тас керең!
Ұмытып бәрін, жоқтады біреу Жармақты,
Түртіп-ақ тұр ма сайтандар?
Сұмдыққа баулып саясаттағы жалдапты,
Етегін түрді сайқалдар.
Кешегі қанды қылмыс пен ерлік істерін
Еске алам енді,
(Лаж бар ма?!)
Ұқтыру үшін бүгінгі жеңілістерін
Бұрынғы жеңімпаздарға.
1998 жыл.
АЙЫПТАУ
Жұлдызды нұрын жолыма төсеп мынау шақ,
Іңірге ендім ізіңе сенің сұрау сап.
Кірпіктерімде қалғыған тыныштығымды
Үркіткен едің даңғыра қағып, ұран сап!..
Көзіңде сенің қызғылт тамырлы қастандық
Өрмек тор құрып…
Еріксіз қылыш жастандық,
Сүрініп кетіп айшықты тудың түбінде,
Бір аунап қайта тұрғанша тұлпар – Бостандық!
Жұмыртқаларын шайқаған құзғын тірліктің
Шегір көз жендет!..
Шеңгелін создың құлдықтың,
Қараңғы түнді қанаттарымен сабалап,
Шырылдап ұшса балапандары Шындықтың!
Найзағай тектес бір сезім сондай керемет
Кеудемде менің тартқанмен көкпар,
(Не керек!),
Ала байрақты, ай маңдай бағын алаштың
Азапқа салдың айқышқа керіп шегелеп!
Шыңғыртып байлап
Мағжанның жырын шынжырға,
Қызара бөртіп жүрдің-ау қызыл қырғында!
Шәкәрімді іздер үмітті көздің сәулесін
Жоғалтып тындың көкірегіңдегі құрдымға!
Тәркі ету үшін Рысқұловтардың тілегін,
Рысқұлбековпен түрмеде бірге түнедің…
Көлеңкелерге көзіңнің зері сүрініп,
Қара түнекпен бетіңді жуған құл едің!!!
Даламды мынау жылан тіс сымдар бұғаулап,
Дегелең жатты қайғыңнан сенің бір аунап.
Ахаңнан қалған жаудыр көз жетім арманды…
Жұбаттым сонда
Тәуелсіздікке жыр арнап.
Жауыздықтары жанданып озбыр қоғамның,
Жұлқынған шақта жатырын керіп заманның,
Жалаңаяқты Жариялықтың ізі бар
Алаңды мынау
Қанымен жудың адамның!!!
Теңселтсе мені дауылдан бетер екпінің,
Есеңгіретіп кетті ғой темір тепкінің.
Сол күнді аңсап атойлап шықтың алдымнан,
«Сталиндік тәртіп жасасын!
Ура-а-а!!!» – деп бүгін.
Төбеңнен бірақ, ойнатып тентек жасынды,
Бұрқанды Заман!
Бұғарсың енді басыңды.
Барады Елім асуға беттеп ақ заңғар,
Жетегіне алып жиырмасыншы ғасырды.
Жүре бер енді түтетіп тірлік түтінін,
Болғанмен өктем өзіңе деген пікірім,
Қазақтың сөзін қаныңа былғап қайтейін,
Уақыттың өзі оқысын саған үкімін.
1992 жыл.
АЙБЫНДЫ АРУ
Ақ саумал нұрмен дидарың толқып тұр сенің,
Зер салдың маған көзіңде маздап бір сенім.
Жазармын енді «Батырлар жырын» еріксіз,
«Ғашықтық жырын» егіліп айтқан жыршы едім.
Жан дүниеңнің самсатып нұрын арайлы,
Жанарың сенің түнекті тіліп қарайды.
Шытынап еріп көкірегімдегі меруерт мұң,
Қызуы шәрбат әніңнің бойға тарайды.
Көркіңе кейде сұқтана қарап мұнша біз,
Келмесе кірпік қағуға тіпті мұршамыз,
Сұстылау, асқақ сұлулық ойнап жүзіңде,
Сырыңды үнсіз ұқтырар еді-ау, сұрша қыз.
Шаһарда жүрсең сүйсіндірмейді сырбаз бақ,
Қырға да шықсаң қызықтырмайды қызғалдақ.
Серт беріп сүйдің сұп-суық жүзін семсердің,
Алқызыл алау ерніңде уыз нұр маздап!
Теңіздей кеудең тебіренген кезде мінбеде,
Елестер көзге желкенін жайған бір кеме.
Алматыдағы алаңда итке таланып,
Шыңғырған бейбақ тағдырың қалды түрмеде.
Көрдім мен кейін бейресми топтан өзіңді,
Дүбірлі Семей рухыңды бірден сезінді.
Ақ берен киіп Ақсуға келдің, аяулым,
Тас Жармақ сынап тұрғанда біздің төзімді.
Желбіреп жорық туындай сүмбіл шаштарың,
Айсұлу болып Жайыққа мені бастадың.
Ащылау даусың келеді қазір жаңғыртып
Қазақстанның қара нөсерлі аспанын.
Боз Дала саған дән риза,
Мынау ғасырда
Жанысаң семсер жарқылдап аққан жасынға.
Боз жусан исін жырлайтын мезгіл емес бұл,
Боз ала таңды… қорғайтын кез бұл расында.
1992 жыл.
АСТАНА
Астана – албырт жас қала!..
Болдың баспана
Үш арыс елдің көшіне,
Бәлкім басқаға...
Айтөбел жырды төріңе енді баста да,
Дүбірлі Дала дауысын тыңда, Астана!
Жұлдызды көкке шапшыған дақпырт-дабыры
Шаһарлық жұрттың шытынап кеткен сабыры.
Көліктер селі езгілеп күлін АЛЖИР-дің,
Күркіреп тұр-ау қаланың күре тамыры!
Қанжылым Есіл толқынын ұрып жағаға,
Құба жон сағым ішінде сусап бара ма?
Қоламта пікір қоғамдық ойды маздатып,
Өрт шығып кете жаздап тұр ұлттық санада!
Қараөткел жаққа жылыстап жеткен Мәдидің
Ізіне үміт ұяласа да,
Налимын!
Көк бөрі рухым көкке ұлып,
Тілім шырмалды
Аралығында Ақ орда – Кремль – Ақ үйдің!
Астана – албырт жас қала!..
Енді, басқаға
Әйгілеу үшін әлеуетіңді,
Масқара,
«Бәйтерегіңе» басымды іліп тастама!..
Қабағы сұсты, рақымы күшті Астана...
ЖАҢАӨЗЕН БЕЙНЕЖАЗБАСЫН КӨРГЕНДЕ…
Жаңаөзен ұқсамайды Астанаға,
Сұрқы мен ұсқыны да басқа қала.
Ысқырып Желтоқсанда оқ борады,
«Қашсаңшы, өлесің ғой, қасқа бала!!!»
Жырау жұрт Қыз Жібектің баянынан
Сыр шертіп жырлаушы еді баяғыдан.
Мұратын іздеген ұл – Төлегеннің
Жығылды қан сорғалап аяғынан!
Анасын есіне алып лашықтағы,
Еңбектеп алға ұмтылса – асыққаны…
Мұнайдан артық еді-ау сол баланың
Бір тамшы көз жасы мен қасық қаны!
Бота көз балғын қызы маң даланың
Бұлқынып бұғалықта,
Зарлаған үн...
Түтіні шудаланып аспанға ұшып,
Өзегін от шарпыды «Аруананың»!
...Кірісті қылмысты іске соттар бекем,
Ойласа Қыл көпірді тоқтар ма екен?..
Жаннатта болсын жаның, қасқа бала,
Сені де келер ұрпақ жоқтар ертең!..
БОСТАНДЫҚ ТҰЛПАРЫ
Біздің жол талай асудан әлі алға асар,
Дүркіреп дүние, дүбірлі бәйге жалғасар.
Тумысы ерек, тұлғасы бөлек құлыным,
Тұлпарға енді айналып кеттің он жасар!
Тарланбоз заман шабыстан бір сәт танбаған,
Мәре де таяу көзімді мың жыл арбаған!
Көк тірнек қиял мұзбалақ шындық боп кеше,
Көгілдір тулы биікте бүгін самғаған.
Сапында кілең сәйгүліктер мен жүйріктің,
Тұлпарым, сен де жебедей заулап, құйғыттың.
Жолыңа нұрын құйып тұр қазақ көгінен
Мұзбалақ қыран қанатындағы Бейбіт Күн!
2001 жыл, желтоқсан.
СЕН ЖӘНЕ МЕН
Көгілдір тудың нұрынан толқып көз алдың,
Бозала таңдай қайтадан бүгін бозардың.
Тәуелсіздіктің жолында талай түн қатқан,
Қазақстан-ау, қайырын берсін қазаңның.
Көтергенімен көк байрақ біздің еңсені,
Жаза алмас жүрек жарасын он жыл өлшемі.
Жұртында тұрып жоғалған жұлдыздарыңның,
Жарықтығым-ай, жұбатпақ болам мен сені.
Қарасам бірақ қарашығымнан маздап нұр,
Ботасын жоқтар аруана үнмен боздап қыр.
Шежіре керуен мың жылдық жолдан шалдықпай,
Жеткенде маған үзіліп кете жаздап тұр!..
Шу асау жүрек бастығып, түбі тынбай ма,
Толыбай сыншы туар ма қайта мұндайда?!
Саудырап жатқан сүйегін танып тұлпардың,
Толағай басты құшақтап жылар ұл қайда?!!!
Құс қанат арман арғымақтарың ақтабан
Андыздап шауып, мәреде зорға тоқтаған!
Тойыңа бірақ шалдығып келе жатырмын,
Тарлауыт жолы саған да оңай соқпаған…
2001 жыл, желтоқсан.
МАҒАН БӘРІБІР...
Құлагер – жыр мәреге таянған сәт!..
Құзғын – тірлік құрбандық қояды аңсап…
Көкөзекке құлады қып-қызыл күн,
Енді менде ақың жоқ!!!
Әй, Адамзат!
Әй, Ғаламшар!
Жұбатпай жүректі ешкім
Жүргенімде мен кімге тілектеспін?!
Бухенвальтің, АЛЖИР-ің, Луврыңмен
Тас-талқан боп кетсең де!!!
Дір етпеспін!
Әй, Жұлдыздар!
Несіне мөлдіредің?!
Сәулеңді енді санамнан сөндіремін!
Полпот, Иосиф, Адольф рухтарымен
Шайқасатын жайым жоқ енді менің!!!
Сендер мейлі сол үшін аямаңдар!
Отқа өртеңдер!!!
Немесе аялаңдар,
Дір етпеспін көзімде жарық ғұмыр
Дірдек қағып жатса да!..
Әй, Адамдар,
Маған бәрібір Сен кімсің?!
Ұлымысың?
Әлде арсыз тірліктің құлымысың?
Ал мен – Екі өмірде тентіреген
Бір ақынға қойылған Тірі Мүсін!!!
Маған бәрібір Сен кімсің?!
Ұрымысың?
Әлде абыз ғұмырдың пірімісің?
Екі бірдей Дүниенің сырын айтып,
Тұр алдыңда мінекей Тірі Мүсін!!!
Тірі Ескерткіш болдым мен,
Көкөзекте
Құзғын тірлік жем қылған Жырым үшін…
2000 жыл, желтоқсан.
ТАУПЫҚ ПЕН БАЙЛАМ
Дәл мендей он бес жасында албырт жүрекпен
Құрсауын сеңнің омыраулап жарып, кім өткен?!
Иірілген ойдың иінін жазып,
Ойпаңнан
Көктемгі Ертіс тасқыны сынды үдеткем!
Жұлдызшы болып
Көңілі күпті Алаштың
Жарқылдап ұшқан арманын көрдім түнектен!
Сүмбіле туса,
Бағбан да болдым
Шыңдағы
Жаутеректерге жапырақтарын түлеткен.
Боз таңда Ұлы Даламның өңі кірсін деп,
Бозғылтым қырға алқызыл раушан гүл еккем.
Бозторғай күннің ұясын бақтым,
Жай оты
Шатырлағанда балапандары шыр еткен.
Дәупері дәуір шегінді,
Тілді шідерлеп,
Маңдайын тауға, тұяғын тасқа тіреткен!
Жармақты жұтқан құрдымға енді тірідей
Жерлесем деймін отаршыл ойды күні өткен!!!
Өңештен ызам шабынса бірақ,
Шарасыз
Өзіме-өзім тұрамын таупық тілеп мен!
Бес күндік мейман едім ғой мен де,
Бұл жалған
Басыма шатыр тігер ме екен жібектен?..
Перизат сезім кей сәтте үркіп жалт берсе,
Ібіліс күліп жан дүниемді жүдеткен.
Қараша халық тұрғанда көзім бұршақтап,
Қарашығына қара өлеңімді түнеткен!
Зағиптың өзі қазаққа қайыр қылуға
Бел буып,
Үміт жетегіне еріп күнелткен.
Осынау Елдің еңсесі өссін,
Табанын
Тұрайын енді жауырыныммен тіреп мен!
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру