Бөрітостаған
Несіпбек Айтұлы
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Бөрітостаған
Шығыс Қазақстанда Ақсуат жерінде мидай
жазық далада жатқан алып жұмбақ
тастың аты.
Бөрітостаған, Бөрітостаған,
Жұмбағыңды айтшы, кәрі тас маған?
Таңырқасын деп жердегі пенде,
Аспаннан бәлкім пері тастаған.
Жатырсың күтіп тағдырдан нені,
Айналып тасқа қаңғырған бөрі.
Емес пе екенсің ертеде келіп,
Құдайдың ұмыт қалдырған мөрі?
Толқытып тұрсың санама сыймай,
Әлемнің жеті ғаламатындай.
Кім екен тастап жапанға жалғыз,
Сыйлаған тағдыр саған осындай?
Бүп-бүтін іргем сөгіліп көптен,
Көз жасым қанша егіліп төккен.
Сен де бір мұңлық, мен де бір мұңлық,
Тауынан туған бөлініп кеткен...
КҮЛТЕГІННІҢ КӨКТАСЫ
Ұлы таулар, тебірен, жата бермей шалқалап,
Ұлы дала рухына басын иді шартарап.
Тәңірінің біздерге көктен түскен сыйындай,
Көктас көшіп келеді тарихымды арқалап.
Аруағыңнан айналдым, бабаларым, хас батыр,
Көз жасындай мөлдіреп қасиетің таста тұр.
Күн астында күңіреніп құлпытасың қалмаса,
Мың жылдардың үңірейіп арғы жағы бос жатыр.
Исі түркі жұртының тұмарындай, Көктасым,
Бұзып жеттің бүгінге ғасырлардың қақпасын.
Түмен-түмен қол ертіп, тік көтеріп даланы,
Түзегендей Күлтегін Астанама ат басын!
Екеніміз шын болса Ер түріктің ұрпағы,
Бізге қымбат Көктастың ұшып түскен ұнтағы.
Құдіретін әз тұтып Күлтегіндей киенің,
Ұл жасасын ұлтының бола білген ұлтаны!
Халқын ойлап түнеткен қабағына боз қырау,
Күлтегінді көргенде күндік жерден безді жау.
Өсиетін бабаның тастан тани алмасақ,
Жарқыраған не керек маңдайдағы көз мынау?!
Қуанышқа кенеліп қазағымның құшағы,
Көңіл құсы шарықтап сан қиырға ұшады.
Елтаңба мен Көк байрақ, Әнұранда ғана емес,
Күлтегіннің тасында Елдігімнің нышаны!
Еріксізден еңкейтіп енді ешкімге, Жасаған,
Иілмесін басымыз тар бұғаудан босаған!
Босағамда бүгілер тәкаппардың тізесі,
Төрде тұрса текті сөз бабам тасқа қашаған!
САРЫАРҚАДА САРДАРЫМ
(Қабанбай батырдың рухына)
Жаза бассам жаңылып, шамырқанба, Киелім,
Бір өзіңе сыйынып, сөзден сауыт киемін.
Дамыл алып жатқандай ұлан-байтақ қазақтың
Әрбір сүйем жерінде сенің асыл сүйегің.
Сарыарқада, Сардарым, көтерілді күмбезің,
Жалт қаратып мұнартқан айдың жүзін, күн көзін.
Жеңіп бітіп жауыңды, кеттің бе ұшып ғарышқа,
Ғайып болып Ғайсадай жер бетінен мүлде өзің?
Сені қойған куә жоқ өз қолымен қабырға,
Тірілердің басыңа тіккен үйін қабылда.
Мәңгі мызғып жатырсың Хантәңірі, Қаратау,
Тарбағатай, Түркістан бәлкім Алтай, Сауырда.
Тыным бермей тәніңе жарық дүние тарлығы,
Топырағыңды жасыртқан Жаратқанның жарлығы.
Білетінім жалғыз-ақ – жаның сенің жәннатта,
Аруағыңа қарыздар бұл қазақтың барлығы.
Жауар күндей күркіреп сен қорғадың күллі елді,
Күллі дала дүркіреп атыңды атар күн келді.
Дарабозым, рухыңа төбе сайын дұға оқып,
Әсте көптік етпейді орнатсақ та мың белгі.
Салмақ түссе бел сынар - еңіреген ер шыдар,
Қаһарманы жоқ елдің көзден жасы тамшылар.
Астананың түбінде Көк Туыңды күзетіп,
Терістікке жон беріп жатқаның да жөн шығар!..
ДУЛАТ
Армысың, Дулат Бабатайұлы,
Арыстан жүрек дала шайыры.
Сыймас қалыпқа сендей алыпқа,
Мекен болып па, қала тәйірі?!
Даладан мынау кернеген ән-күй,
Садаға кетсін сарай мен сәнді үй.
Шамына тисек кешірсін бізді,
Фирдауси, Жәми, Низами, Сағди.
Білемей ақын азуын Айға,
Пенденің жетпес назы құдайға.
Бөріде қайрат, айбат болмаса,
Бөлтірігінің азығы қайда?
Уа, шамырқанба, даланың ұлы,
Ұйқыңды бұзса қала дүбірі.
Ұлтыңның қайғы-қасіретін жырлап,
Рухыңның сөнбей жанады нұры.
Күңірене ме екен қарадай кісі,
Батпаса жанға дала қайғысы?
Төңкерді таудай тауқымет тасын,
Сендегі жырдың Толағай күші.
Жеріңде шайтан, жын аунағасын,
Ғарышқа шырқап шығандағасың.
Құндақтай көрде қалайша жатыр,
Көне алмай кеткен бұғауға басың?
Қиядан тайып атан құлаған,
Қиямет өтті ботаң жылаған.
Түсіме кірсең ғайыптан келіп,
Беріп кет, баба, батаңды маған!
АБАЙ
Абай жалғыз қазақта, Абай дара,
Сөз бастаймын Абайсыз деп ойлама.
Ұмытсаң да шыққан күн, туған айды,
Ұмытасың Абайды қалай ғана?!
Абай - әлем шалқыған шетсіз-шексіз,
Түпсіз дүние тұңғиық көкжиексіз.
«Өзі де рас Алланың, сөзі де рас» -
Деген сөздің парқына көзің жеткіз.
Адам қайда барады, заман қайда,
Абай босқа артына алаңдай ма?
«Заман ақыр жастары болмасаңыз,
Жүрегінің түбіне терең бойла!».
Ана тілің аяулы – Абай тілі,
Әр халықтың өз тілі – қалайтыны.
Тілін білмей бөленген бесігіңнің,
Қазақпын деп жүресің қалай тірі?
«Қазағым!» деп күңіренген шерлі күнде,
Абай рухы бүгінгі Елдігіңде!
«Өлмейтұғын артында сөзі барда» -
Адамзатпен жасайды мәңгі бірге!
Зар-мұңым бар қайнап жатқан тұмадай,
Тағдырым бар тасқа қаққан сынадай.
Сөзден – сауға, ойдан – қайыр сұрамай,
Көкірегімнің көзі жанса шырадай –
Қасиетіңнің шапағаты тигені,
Айналайын аруағыңнан, ұлы Абай!
Өсиетіңді мәңгі тозбас мұрадай,
Қаршадайдан жаттап өстім дұғадай.
Өлең де бір оқтан қашқан құралай,
Саған жылар, Тәңіріге жыламай.
Шапаныңның шалғайымен қорғай жүр,
Айналайын аруағыңнан, ұлы Абай!
ҚАЛАММЕН СЫРЛАСУ
Үстінде ақ қағаздың жорғалаған,
Қаламым, қуат берші сен де маған.
Ешқашан шаршамашы, өтінемін,
Төгілсем өлең болып сорғалаған.
Тайпалған жүрісіңнен сен жаңылсаң,
Болдырған шабан аттай жолда қалам.
Қолдашы қасиетті қиеңменен,
Ақының жоқ еді ғой қолдамаған.
Абай да қайғы-мұңын саған шағып,
Күні жоқ «қазағым» деп зарламаған.
Ілияс, Мағжан, Қасым, Мұқағали –
Емес пе сенің киең қонған адам.
Алмасып саусағынан замандардың,
Солардан мұра болып маған қалдың.
Төгумен жүрек сырын өз әлінше,
Жармасып, талап қып жүр саған да әркім.
Қолында ақындардың жарқылдай бер,
Қор болмай шимайына надандардың.
Келемін саған ғана сүйенумен,
Ішінде ала-құла адамдардың.
ӨЗІМДІ ТАНЫСТЫРУ
Бауырында Барқытбелдің туған ұлмын,
Бесіктен белім шықпай мұң жамылдым.
Тіршілік көз алдымда жүз құбылды,
Жүніндей жалт-жұлт етіп қырғауылдың.
Жасырған жанарына жайдың оғын,
Сырына қанып өстім бұл дәуірдің.
Қаңбақтай жел аударған дөңгеледім,
Өтінде үдей соққан сұр дауылдың.
Бабамның басқан ізін қайталаумен,
Тау астым, тасты бастым, құмға кірдім.
Шарқ ұрып шартарапқа талпынғанмен,
Тартылып сым темірдей сында жүрдім.
Аңқылдап ақ тұмадай ақтарылдым,
Астынан кір іздесе тырнағымның.
Астында төс балғаның шыңдалдым да,
Алмастай жүзі қайтпас суғарылдым.
Осылай арпалысып аз ғұмырда,
Көріппін көрмегенін мың да бірдің.
Тон киіп, топты жарып, төрге шықсам,
Арқасы құдай берген тіл-жағымның.
Жүрегі туған елдің сәл ауырса,
Сырқырап сай-сүйегім бірге ауырдым.
Діңгегі болмасам да тіреп тұрған,
Сеп болар бөренеге сырғауылмын...
АЙХАЙ, ЗАМАН
Сағымдай сан құбылған, айхай, Заман,
Сиқырлы қызығыңа жан тоймаған.
Өзіңе мұң шағамын оңашада,
Абыздай күңіреніп ой толғаған.
Теңіздей арпалысқан, айхай, Заман,
Кеме жоқ толқыныңда шайқалмаған.
Түбіңді тостағандай төңкерсем де,
Сынаптай сырың көп-ау байқалмаған?
Баянсыз көшкен бұлттай, айхай, Заман,
Жетер ме даусым саған айқайлаған?!
Жаңғыртып кең даланы шырқасам да,
Ішімде арман қанша айта алмаған?!.
НАУРЫЗ ЖЫРЫ
Наурызым –
Сары уызым,
Жүдеп едік сен кетіп;
Қайта келдің,
Байтақ елдің
Қуанышын көлдетіп.
Дәстүрімнің,
Жақсы ырымның
Нышанысың жол етер.
Берекелі,
Көже толы
Қазаныңа не жетер!?
Өң кірігізіп,
Келдің бұзып,
Тас бөгетін жалғанның,
Еркіндігім,
Алтын жібім –
Үзілгенім жалғандың!
Зарықтырып,
Тарықтырып,
Жоғалғаным табылдың.
Тынып қалған,
Құлыпталған
Ән мен күйім ағылдың!
Құт мерекем,
Күткен екем
Сені көптен шын аңсап,
Маздақтарым,
Боздақтарым
Бірге оралды ұран сап.
Сөніп барып,
Өліп-талып,
Жидым әрең есімді.
Арғымағым,
Марғұланым
Қыл бұраудан шешілді.
Жанды бағым –
Тау қыраным
Томағасын сыпырды.
Қарға «мықты»,
Жарға бұқты
Көрге кірген сықылды.
Жанын сақтап,
Арын сатпақ
Ұятсыздар күні үшін.
Өзі кесел,
Көзіне шел
Қаптағандар құрысын.
Мәңгі жанған,
Түнді жарған
Ғажап оттар жасасын!
«Елім!» деген,
Бөлінбеген
Азаматтар жасасын!
Кел, Наурыз!
Жандағы мұз
Шуағыңмен ерісін.
Гүлін жайып,
Тілім байып,
Тынысым бір кеңісін!
Еселенсін,
Өсе берсін
Қазағымның мерейі.
Іркілмесін,
Бүлкілдесін
Бұлбұлдардың көмейі!
Шөбім өніп,
Төлім өріп,
Шалқып жатсын кең далам.
Былғанбаған,
Уланбаған
Әлеміңді бер маған?!
Сарқылмайтын,
Тартылмайтын
Шаттық көлі бар қайда?
Оқ алмайтын,
Тоналмайтын
Тағдыр сыйла маңдайға!
Сен – елдігім,
Кемелдігім,
Сағынысып табысқан.
Бұрынғының
Бүгінгінің
Арманымен тоғысқан!
ЖЫЛАЙ БЕРМЕ
Жүз толғанып, мың ойланып,
Жылай берме, мұңлы ақын.
Күн шыққанмен шырайналып,
Қайта келер түн жақын.
Қонбады деп бүгін бақыт,
Жабырқама, налыма.
Кеткенменен күнің батып,
Таң атады тағы да.
Тұрлауы жоқ бұл өмірдің,
Таусылмайды күйбеңі.
Кімге керек жүрегіңнің
Жалын шалып күйгені?
Азап пенен сорға батқан,
Емессің ғой сен ғана.
Ақ қағазға сорғалатқан
Көздің жасын сан дана.
Мұңын тыңдап жырлағанның,
Жан көрмедім иліккен.
Басы айналды бұл қоғамның,
Байлық пенен биліктен.
Бал тамызсаң таңдайына,
Кісі бар ма сөз ұқпақ?
Жазылған соң маңдайыңа,
Талқысына төзіп бақ!
Пенделерге тағдырың бір,
Берсеңші, ақын, қол ұшын.
Ақыл-ойың қаңғырып жүр,
Ақтай алмай борышын...
БҰЛДЫРАЙДЫ ЕЛЕСІ
Күн қылтиып көрінсе ай шөгеді,
Қара бұлттың көбесін жай сөгеді.
Әлдеқашан жұғынын ит жалаған,
Қаңсып жатыр жылдардың майшелегі.
Бұлдырайды елесі бұрынғының,
Жұртта қалған жүн-жұрқа жұлым-жұлым.
Көкжиектен арғыны көрсетпейді,
Құрып тастап келешек шымылдығын.
Тіл үйіріп таңдайға тамған шырын,
Емексітіп жетелер алдамшы күн.
Жанға қатер төнерін қайдан білсін,
Тәтті балға қанатын малған шыбын.
Бөлеп тұрса тіршілік сәулесіне,
Бұйырған дәм таусылмас пендесіне.
Бұл жалғанның әлегін елең қылмас,
Салып қойған азапты әуресіне.
Түзу түссе Тәңірдің көзі кімге,
Күлкі ойнайды өмірдің езуінде.
Тұңғиығын тағдырдың болжау қиын,
Төңкеріліп түспесе өзі бірде...
ЕМЕС ПЕ БӘРІ БІРДЕЙ
Көз жұмсаң ұмыт қалар пенделігің,
Емес пе бәрі бірдей көрдегінің.
Жақсының босағада бағасы кем,
Барлығы бекзат емес төрдегінің.
Білген соң қайта оралып тап бермесін,
Қашанда айту оңай өткенге сын.
Жасырған жұрттан жүзін көлегейлеп,
Сайқалдың кім сыпырар бет пердесін?
Берсе де бір күн ішін, бір күн сыртын,
Құл етер тіршілікке қайран құлқын.
Пейішке шақырса да періште кеп,
Сыбырлар құлағыңа сайтан, шіркін...
ҮМІТІМ МЕНІҢ
Тышқан аңдыған түлкі қулықтың
Құлағы қайда селтимес.
Күрсініп іштен, неге мұң жұттың,
Үмітім менің, жел тимес?
Жүдесең, мен де қаламын жасып,
Жүрегім қалай жырласын?
Жадырай салшы, қабағыңды ашып,
Көзімнің жасы құрғасын.
Бақыттың гүлі бүршігін жарса,
Жұпарын оның сеземін.
Егерде сенің кірпігің талса,
Талмай ма менің өзегім.
Дірілдеп тұрған сәулеңді әлсіз,
Төксеңші алыс кетпейтін.
Не пайда жарық жұлдыздан сансыз,
Жылуы жерге жетпейтін.
Сөнгенше мынау кеуденің нұры,
Түсерміз суға, отқа да.
Үмітпен өтер пенденің күні,
Үмітсіз – шайтан тек қана...
ДОСТЫҚ ТУРАЛЫ
Майысқанда бұғанаң, қайысқанда қабырғаң,
Өлген досың үн қатып жататындай қабырдан.
Алақтайсың аспанға, далақтайсың далаға,
Бөркіңді ала қашқанда ала құйын қағынған.
Достық деген емес қой, сатып алар сары май,
Маңдайыңа жазғаны – жүрсең досқа жарымай.
Қасқыр шауып қойыңа, ұры түссе қораңа,
Жағаттаған жамандар өте шығар танымай.
Сыртын көріп жүгірме, түсі игіден түңілме,
Жетіп жатыр жалғыз дос тірек болса тіріңде.
Көңіл, шіркін, қалады насыбайдан бір атым,
Не бар, не жоқ білдің бе – шақшасының түбінде?
Ой жіберіп барласам, өткенімді аңдасам,
Базар етіп барымды күн кешіппін әрқашан.
Жоққа жүйрік жете ме, тасқа қылыш өте ме,
Бұйымтаймен келгенді бос қайтардым мен де сан.
Әлде кімдер ит қосса ырылдатып төбетін,
Астымда жоқ тағалы ат қаңқ еткізіп тебетін.
Қан сауласа, жамауға жүрегімнің жыртығын,
Қайыспас дос қайда бар, кесіп берер қоң етін?
Арпалысқан жалғанда жан берісіп, жан алған,
Сыңарынан адасып талай саңлақ жоғалған.
Көңіл көзі таныған бірін-бірі алыстан,
Егіз қозы секілді екі доста жоқ арман.
Арқасына ер батқан, тобығына тоң қатқан,
Толарсақтап, тайғанап, талай тұлпар жер қапқан.
Жел қатайса дедектеп, сайға кірсе өбектеп,
Қараңдайды кең дала қалбаңдаған қаңбақтан.
Арасынан қыл өтпес, құс қанатты екі інім,
Жаяу қалсаң тозбасын аяқтағы етігің.
Көзі күліп тұрғанмен, бүлк етпейтін бүйрегі,
Еті қалың байқасам, мынау заман бетінің!..
СҮЙЕК АУЫР
Дүр етіп көтерілсе көлдің құсы,
Қанатын кері тебер желдің күші.
Алмасып аласұрған көк толқынның,
Жартасқа маңдай соғар алдыңғысы.
Бұрқаса көкте дауыл алай-түлей,
Сығалап бұлт астынан қарайды үрей.
Жаратқан жайдың оғын жарқылдатса,
Түседі тәубасына талай дүлей.
Сімірген Айдың нұрын, күн қызуын,
Жалғанның қияр дейсің кім қызығын?
Тілейді жатса-тұрса бір Алладан,
Сөнбеуін жарқыраған жұлдызының.
Туған соң жер бетінде әркім жасар,
Арттағы алдыңғының орнын басар.
Бөлісіп қысқа өмірдің қуанышын,
Кәрі шал жас баламен қалжыңдасар.
Белгісіз кімнен кейін кім өлмегі,
Қайғы да – тіршіліктің бір ермегі.
Адымың жазылмаса амал бар ма,
Тұлпардың аяғындай шідердегі.
Алдыңнан атып тұрса жарқырап таң,
Арқаңнан салмақ түсер алты батпан.
Таңдайын тағдырыңның жібітер ме,
Қара су кірпігіңнен тамшылатқан.
Шықпаса жел жағыңа жанашырың,
Үзіліп жерге түсер қарашығың.
Сыйлысың сипай кетсең маңдайынан,
Мұңайған бір қазақтың баласының.
Болғанда ат көтерем, түйе жауыр,
Қолтықтан бір-біріңді сүйе, бауыр.
Орнынан ешкім қайта қозғалта алмас,
Түскен соң қара жерге сүйек ауыр...
ҚЫМ-ҚУЫТ ҚАЛА
Жалғасқан дүние, алмасқан өмір,
Сырыңды қойдым ұға алмай.
Құлазыр кейде марғасқа көңіл,
Құдыққа түскен құландай.
Сағымдай алдап сырғыта бермей,
Ұстатшы ойдың ұшығын.
Шығайын сыртқа мұң жұта бермей,
Онсыз да жанмын іші мұң.
Қым-қуыт қала, қиырда дала,
Келетін кім бар мені іздеп?
Көл-көсір елес миымда ғана,
Шалқиды шалқар теңіз боп.
Күрсініп кеудем ауа жұтады,
Буланды көзім дым көрмей.
Сұлбасы жұрттың қарауытады,
Қаптаған қара бүргендей.
Ізіңнен қалмас әр аттағанда,
Айдаһар-ажал желді өңеш.
Тұрағың сенің жаратқан, Алла,
Аспанда неге жерде емес?..
БОЗБАЛА КҮНДЕР
Бозбала күндер менен жеріген,
Көрген бір қызық түс екен.
Айналып ұшып төбемде жүрген,
Қызылды-жасыл құс екен.
Кәусардай мөлдір өмірге құштар,
Махаббат әнін мәңгі айтып –
Сүйкімді сазды сиқырлы құстар,
Келмейсің енді сен қайтып.
Жылқұсы қайта келеді шұбап,
Атқанда толқын көк сулар.
Қайтейін бірақ, қайтейін бірақ,
Ішінде соның жоқсыңдар.
БАЙҚАЙМЫН
Байқаймын, бір биіктеу белге шықтым,
Мүмкін мен жетер жерге сәл кешіктім.
Іздейді сол баяғы сәби-жүрек,
Ырғағын әлдилеген тал бесіктің.
Бесігім, ұясындай балапанның,
Нұрына шомылдырған жаңа таңның.
Балпиып балапандай жаттым білем,
Үстінде ақ мамықтай алақанның.
Жылуын рахаттың сезген денем,
Секілді әлі күнге өзгермеген.
Бақыттың бір мысқалы мен болармын,
Анамның алақаны безбендеген.
Бесіктен түсе сала еңбектедім,
Есімде бірте-бірте ержеткенім.
Басталған еңбектеуден өмірімді,
Өлеңмен ақ қағазда өрнектедім.
Келмейді өңеш созып өзеурегім,
Қалса деп армандаймын өз өрнегім.
Не керек айтып-айтпай ағайынға,
Шөліркеп ерінімнің кезергенін.
ЖАЗ КӨШІП
Жаз көшіп күлімдеген жарқын жүзді,
Қарсы алдық суық қабақ салқын күзді.
Енді өмір әкеміздей еркелетіп,
Мінгізбес мойынына еркін бізді.
Қар түскен тау жотасы ағарады,
Күн қайда бұлтқа кірген бағанағы?
Жел соқса сары қурай сұңқылдайды,
Жаз бойы қарқ болған қағанағы.
Қыстаудай жасап жатқан қыстың қамын,
Көңілің тиянақтар істің бәрін.
Жылжыған мысық табан мыстан уақыт,
Көрсете бастағандай тіс-тырнағын...
КӨҢІЛ ТҮБІ ҚАРАҢҒЫ
Лезде лаулап жанатындай,
Жаным менің төкті зар.
Үлбіреген қанатындай,
Көбелектің от құмар.
Жаға алмадым – жазық менде,
Жүрегіңе шамшырақ.
Төгілмесе нәзік сәуле,
Таң көзінен тамшылап.
Торығасың тоты құстай,
Тар қапаста қамаулы.
Қаңыраған бос ыдыстай,
Көңіл түбі қараңғы.
Омырауды шаң қаппасын,
Жолға шықсам, медет бер.
Қалбаңдаған қаңбақ – басым,
Енді қайда дедектер?
Ұшқанменен бұлтарып сан,
Өртенеді көбелек.
Құтқармаса бұл тамұқтан,
Сенің нұрың себелеп?!
Басқа түскен теперіштен,
Құтқаратын Құдай бар.
Мендей болып, уа, періштем,
Жанған отпен кім ойнар?
Жеттім десе соған күлем,
Біреу егер бақытқа.
Сұрап келші, ең алдымен,
Сордың дәмін татып па?..
ШӨЛ
Таң атқалы мүлгиді аспан желдетпей,
Төңірегім тұншығады дем жетпей.
Көксау бұлттар, күрік-күрік жөтеліп,
Сен де көкте тұрып алдың селдетпей.
Найзағайдан жарқылдаған от сөнбей,
Ой-хой, бұлттар, төгіп-төгіп өтсең ғой.
Жер мен көкті тазартып бір кетсең ғой,
Беу, дүние, менде құдірет жоқ сендей.
Жаумай неге қасарыстың, қырсықтың,
Көппен бірге мен де бүгін тұншықтым.
Білемісің, керек боп тұр бір тамшы,
Таңдайына шөліркеген шымшықтың?..
ТАЛПЫНА АЛМАЙ
Жүзім қайтып тасқа шапқан қылыштай,
Жамырайды ойым-ойға жұғыспай.
Құлағыма шыңылдайды бір әуен,
Шыңыраудың түбіндегі дыбыстай.
Пәруардігер аяп бүгін пәрменін,
Құрып отыр барша қуат-дәрменім.
Шырылдайтын менің қызғыш құсым боп,
Осындайда бір жанашыр бар ма едің?
Жабыққанда жанарына жас келген,
Ақындардың азабын кім ескерген?
Уа, құдірет, қанат берсең, мен тұр ғой,
Көтеріліп кетпес пе еді тас жерден.
Талпына алмай болдым, міне, мүсәпір,
Қанаттасым, қараңды үзбей ұша тұр!
Не болғаным шабыт деген шайхы кеп,
Көмейіме тастамаса мүсәтір?!.
ТОПЫРАҒЫҢ ТОРҚА БОЛСЫН
Топырағың торқа болсын, өлген сөз бен өлген ой,
Әуел бастан тағдыр жазған орның сенің көрде ғой.
Тіршіліктің тік қазығы қызыл тілге мызғымас,
Жанталасып жармасқанмен бұл пәниге пенде өгей.
Ардан безген алапестер иман тілеп Алладан,
Жалт бұрылып бас қойысты қыбылаға жалмажан.
Ақкөт торғай әр төбеде іннің аузын күзеткен,
Қысқа күнде қырық сатып, қайда ұясын салмаған?
Қарғыс атқыр антұрғанды Тәңір өзі кешірсін,
Миғұла мен малғұнның да мәртебесін өсірсін!
Жерден тажал бас көтеріп, көктен зауал төнбесе,
Жүрегіңде маздап жанған отыңды кім өшірсін?!.
СОҢҒЫ ЖҰЛДЫЗ
СЫРҒЫҒАНША
Сайрашы тамылжытып, таң бұлбұлы,
Бір ауық жеңілдесін тағдыр жүгі.
Үніңмен үмітімді жалғай тұршы,
Үлбіреп үзілгенше жанның гүлі.
Жұтайын төксең-дағы жырды қанша,
Төбемнен соңғы жұлдыз сырғығанша.
Күн шығып, құстар шулап, жұрт оянып,
Сұр жылан жер бауырлап жылжығанша.
Басталса тіршіліктің арпалысы,
Тек жатпас аспан менен жер тағысы.
Сайрашы, жүрегіме нұрын құйсын,
Осы бір таңның таза қалтарысы.
Ғұмырын жырға қосқан күндіз өткен,
Мен де бір, байғұз да бір түн күзеткен.
Бұлбұлым, білемісің кең дүние,
Сағына күтіп отыр бізді көптен.
Сарқылғанда сабасынан күншуақ,
Түн түбінен шақырады бір шырақ.
Жұмыртқадан жырлап шыққан, төл құсым,
Саған да ертең уақыт жетер тыншымақ.
Өз әлінше әркім сайрар бұл күні,
Жырла, менің өз бақшамның бұлбұлы.
Сылаң қаққан сұлу аттай ғұмырдың
Қолдан сусып кеткенінше шылбыры.
Кең ғаламды отырғанмен ойға алып,
Жердің шарын шыға алмаспын айналып.
Тұмардай боп атамекен төсінде,
Топырағым мәңгі жатар байланып.
Елең қылмай екі дүние соғысын,
Жырла, ғажап ғасырлардың тоғысын.
Сусынымды қандыр әлем сырына,
Құйттай құсым, жаралдың ғой сол үшін.
Жалықпастан барлығын да жырлап бақ,
Сенің бағаң бара жатыр қымбаттап.
Тал бесіктің тәтті әуенін тербеші,
Жер бесікке салса мені құндақтап...
ІІІ
Тәуекелге жаным менің тас-түйін,
Сен болмасаң өмір құны – бес тиын.
Уілдеші бесіктегі сәбидей,
Іңкәр сезім, үніңді бір естиін.
Уілдеші, уілдеші, әлдиім,
Саған аян менің жұмбақ жан күйім.
Сеніменен таңда бірге оянып,
Сеніменен кеште бірге қалғиын.
Уілдеші, ойды оятып ұйқыдан,
Ләззәтына бөлесін бір сиқыр ән.
Селт етпесе өз обалы өзіне,
Шошынбашы тас кереңнің сиқынан.
Менің жаным сенің тәтті үніңде,
Сенің жаның тіршіліктің гүлінде.
Сайрашы бір нәзік құстың тілінде,
Жата бермей жүрегімнің түбінде.
Сайрашы бір, серпілейін, сергиін,
Өмір деген өте шығар жел-құйын.
Зарыққанда өзің іздеп келмесең,
Періштем-ау, саған барар жол қиын!..
ЕЙ, МҰҢЛЫҒЫМ
Бір түлейін, сілкінейін,
Жалғастырып жолды қашық.
Ақ жаңбырдай сіркірейін,
Кеудемдегі шаңды басып.
Білесің ғой мән-жайымды,
Бетпақ шөлдей қалдым қаңсып.
Жібітейін таңдайымды,
Мөлдірім-ау, алдымнан шық!
Көкте жүрген кезбелердей,
Не сұрайсың көшкен бұлттан?
Жер бетінде аз ба мендей
Жоқты іздеумен бас қаңғыртқан?
Жата алмадым салқын белде,
Ат сауырын күн қақтырдым.
Таба алмаспын бәлкім мен де,
Құпиясын жұмбақ сырдың.
Тағдыр бізді аяған ба,
Кейпімді кеп көрсең еді?
Ей, мұңлығым, сәл аялда,
Мүсіркегің келсе мені?!
ӘМІРІҢЕ ҚҰЛДЫҚ ҰРДЫМ
Әміріңе құлдық ұрдым, жұмса мені, ей, төрем,
Шөлден қазған шыңыраудай шымырлайды ой терең.
Қу медиен, құла дүзде қалғанымда қаңғырып,
Сөз киесі, өзің келіп құтқармасаң қайтер ем?
Тағдырымды, зар-мұңымды түсінетін сен ғана,
Саған ғана сыйынамын, сыйынғандай Аллаға.
Ей, жүрегім, тойып болған бақытқа да, сорға да,
Қасіреттің көз жасы боп ақ қағазға сорғала!
Не табамын сен болмасаң, айналамнан жұтаған,
Айырылды тозған торғай қорғалаған бұтадан.
Заман түрі жалаңдаған ақ балтаның жүзіндей,
Мың жылғы өскен бәйтеректі бір-ақ күнде бұтаған.
Дүниені дерт жайласа, жуырмаңда ем қонбас,
Көтеремге жүгін артқан көштің күні енді оңбас.
Қараңғыда тас маңдайын қайда ұрарын кім білсін,
Соқыр теке тәрізденіп қаңғалақтап қалған бас.
Сөз киесі, мүсіркей гөр, соңғы медет өзіңде,
Үзілмейтін қанат байла үлбіреген сезімге.
Адаспасын десең мені, жұлдызыңнан жарық төк,
Алақұйын ортасында аласұрған кезімде!
БОЗТОРҒАЙДЫҢ ЖАҒЫ ТАЛМАС
Өлең өлді деген жанның алдыменен өзі өлген,
Күпіршілік қылғандардың оңбайтынын сезем мен.
Жаратқанның жерге төккен ол-дағы бір зауалы –
Көктен тамшы бұйырмаса гүл ерніне кезерген.
Қаншама ақын ілінсе де қаһарына әмірдің,
Өлең көнбес қорлығына бұл пәнилік зәбірдің.
Кір шалмаған ақ қанаты күнәдан пәк сезімнің,
Пейіш төрін нұрландырып, жаққан оты Тәңірдің.
Талайларды тылсымына таң қалдырған бір ғалам,
Сәулесіне алдандырып, сырын ашпай жүр маған.
Аш өзегін жарып шыққан жапан түздің төл құсы –
Бозторғайдың жағы талмас таң бозынан жырлаған.
ПЕРІШТЕНІҢ ПЫРАҒЫ
Шыныменен салса құдай көз қырын,
Құяды екен құлдарына өз нұрын.
Қайда жүрсің қоңырауың сыңғырлап,
Ай астында ойнақтаған, боз құлын?
Айдың сүттей сәулесіне шомылған,
Құдіреттің еркесі едің не қылған?
Ғайып болып көз алдымнан кетсең де,
Ғұмыр бойы қуып келем соңыңнан.
Қала берді мұңға батқан ай мұнда,
Жарқыраған жұлдыз кетті мойныңда.
Ойхой, менің мәңгі жұмбақ арманым,
Таптырмайсың, сарсаңға сап қойдың да.
Қас пен көздің арасында мен көрген,
Елеспісің қиялыма дем берген?
Аласұрып сені іздеген жүрегім,
Құс боп ұшып кетер ме екен кеудемнен?
Сені күтіп үмітімнің шырағы,
Күндіз-түні сөнбей жанып тұрады.
Қайда жүрсің қоңырауың сыңғырлап,
Ұстатпайтын періштенің пырағы?
ҚАЙДА ЖҮРСІҢ?
Тамылжыған жазғы бақта бұлбұлдарды сайратып,
Тұрушы едің аспанымда жұлдыздарды жайнатып,
Көптен бері маған соқпай, қайда жүрсің, ей, Бақыт?
Сайрандатып, думандатып, таңға дейін тойлатып,
Жүруші едің тоты құстай еркелетіп, ойнатып,
Шыныменен мені ұмытып кеткенің бе, ей, Бақыт?
Биіктерге шарықтатып, тереңдерге бойлатып,
Жігерімді жанушы едің найзағайға қайратып,
Жыл құсындай қиқу салып оралсаңшы, ей, Бақыт?
Тастағанша қиянаттың көк семсері жайратып,
Шалқиыншы шаттығымның тайқазанын қайнатып,
Жарқыраған маңдайыңды көрсетсеңші, ей, Бақыт?
Тәңірі сені жібермесе жер түбіне айдатып,
Келетұғын кезің болды күн шыққанша ай батып,
Тұлпарыңды белдеуіме байласаңшы, ей, Бақыт?
Жастық шақпен, махаббатпен қоштасқалы қай уақыт,
Шақырғаннан басқа сені таба алмадым айла түк,
У берсең де өз қолыңмен беріп кетші, ей, Бақыт?
БАЛҚАН ТАУҒА АЙНАЛДЫ
Адастырған аспанның ашығында,
Балалық шақ, қайдасың, жасырынба?!
Байқамаппын бақыттың өзі екенін,
Тепкен добым, ойнаған асығым да.
Көңілімнің қайығын қайраңдатып,
Күрсінемін өткенді ойлап жатып.
Тесілген доп, мүжілген асық болып,
Қайда қалды кім білсін қайран бақыт?
Алыстадың, балалық, қашан менен,
Жоқ еді ғой пиғылың қашам деген?
Топ еткізіп елеусіз тастап кеттің,
Арпалысып жүргенде асауменен.
Орындалған пенденің қай тілегі,
Іздегенмен табамын қайтіп оны?
Бозторғай боп бәлкім ол ұшып кетті,
Бар көлемі бармақтай дейтін еді.
Күн батты да таң атты арайланып,
Шеше алмадым жұмбағын сан ойланып.
Сілтегендей бағыты қайда екенін,
Жұлдыз біткен жусайды солай барып.
Сиқыр еді не қылған мезгіл деген,
Қолыңдағы қымбатты сездірмеген.
Балқан тауға айналды аяқ жетпес,
Бас бармақтай бақытым көзге ілмеген!
АЯҒЫҢНЫҢ АСТЫНДА
Айналайын, бата берме мұңға құр,
Іздегенің алыста емес мұнда жүр.
Бақыт деген басы жұмыр пенденің
Маңдайына бұйырады мың да бір.
Бақыт деген басқа қонар құс дедік,
Тынбай іздеп, ат үстінен түспедік.
Күттік оны кіріп келер қонақтай,
Шыққан күні түнде жақсы түс көріп.
Бақыт өзі қонады деп сәтте бір,
Күте-күте күйбеңдеумен өтті өмір.
Бір жалт етіп жоқ болатын сол бір құс,
Әлі күнге жерге түспей көкте жүр.
Оранғандар үлде менен бүлдеге,
Қол созады жұлдызға да, күнге де.
Бақыт деген қолыңдағы домбыра,
Сол сөйлесін, үндемеші, үндеме!
Мына өмірде сор мен азап таусылмас,
Қайғы толы қара құдық аршылмас.
Бақыт деген қасыңдағы жас сұлу,
Соны сүй де, махаббаттың мауқын бас.
Қайсы бірін айта берем түгендеп,
Көз қариды құбылғанда мың өрнек.
Бақыт мүмкін мініп жүрген тұлпарың,
Шідер салып, шылбыр тағып, жүгендеп.
Түпсіз терең тірлік атты тасқында,
Өз ғұмыры өзіне аян тастың да.
Бақытты, сен, күте берме аспаннан,
Бақыт бәлкім аяғыңның астында.
СЕНІҢ АЛТЫН ЖІБІҢМЕНЕН
Бұлдыраған, нәзік сәуле, арасынан мұнардың,
Көк пен жерді жалғап тұрған құдіретіңе құмармын.
Көз жұмғанша шұрқ-тесік көңілімнің жыртығын,
Сенің алтын жібіңменен жамайтұғын шығармын.
Сен болмасаң, аспанымды соқыр тұман тұмшалар,
Жарқыраған Ай мен Күннің қабағын да мұң шалар.
Тас түнектің түкпірінде тастай қатып жатсам да,
Медетіңді күтемін тек, менде қандай мұрша бар?
АНА ТІЛІМ
Қыран құстай аспандап ана тілім,
Көтерілсе, қауырсын-қанатымын.
Шалатұғын қиырдан не болмаса,
Жарқылдаған көзінің болатымын.
Самғау ғана жарасар көк құсына,
Тегеуріні менмін ғой, топшысы да.
Уа, Тәңірім, бар болсаң шыныменен,
Жолатпа оны атылар оқ тұсына.
Жерге түссе қонатын тұғырымын,
Тұғыр болар тамырдың түбірімін.
Не болсам да болайын тілім үшін,
Керегіне жарасам ғұмырының.
Тұлпар болса алысқа арындайтын,
Тынысымын ешқашан тарылмайтын.
Тұяғымын немесе көк темірдей,
Тасқа соқса сынбайтын, жарылмайтын.
Үйлесімін табамын, жарасымын,
Тілімдікі бойдағы бар асылым.
Тұра шапса көк мұзда тайдырмайтын,
Табандағы немесе тағасымын.
Түскен кезде тағдырдың егесіне,
Тағасының боламын шегесі де.
Қасиетіңнен, ана тіл, айналайын,
Халқым менің көтерген төбесіне!
Тұлпарым да өзіңсің, қыраным да,
Намысым да өзіңсің, ұраным да!
Көз жұмылып, қараңғы көрге кірсем,
Сенің үнің жатады құлағымда!
Иманым да өзіңсің, құраным да,
Жағылатын басыма шырағым да.
Өлген соң да сен үшін күресемін,
Аруақ болып орнымнан тұрамын да!..
ЖІБЕК ЖОЛЫ
Сүйреткен жібек арқан телқоңыр тай.
Халық өлеңінен
Ешкім жоқ түгел түстеп білдім деген,
Кім жортып, бұл далада кім жүрмеген?
Кім білсін қанша керуен келіп-кетті,
Қоңырауы күндік жерден күмбірлеген.
Шежіре-атамекен шартарабы,
Сан тарау сайрап жатыр жол сорабы.
Сөйлейді көне қала, көне қорған,
Көміліп құм астында қалса-дағы.
Ойлаған ерлер елдің болашағын,
Түгендер типыл болған қала санын.
Секілді талай шаһар тірлік кешкен,
Отырар, Сайрам, Қойлық, Баласағұн.
Жоқтайды іштен тынып шерлі дала,
Байға да, мекен болған жарлыға да.
Қайнаған қанбазарлы қалалардың
Томпайып жатыр енді орны ғана.
Құл болған қайда барса пұлға ғана,
Саудагер таңсық емес бұл далаға.
Тоздырып керуенсарай босағасын,
Сырғыпты бір қаладан, бір қалаға.
Батыры бес қаруын күнде асынған,
Даланы ол заманда кім басынған?
Жусаннан аласа боп жібек сатқан,
Шыққандар керуен тартып Шын-Машыннан.
Бабалар түсіне енер ұрпағының,
Тұрманы алтын-күміс тұлпарының.
Келгенде тебінсініп қас дұшпанын,
Сыйдырған қауызына бір тарының.
Аңыз ғой айта берсең бұрынғыны,
Айменен шағылысқан туырлығы.
Оң жақта аялаған аруының
Жібектен желбіреген шымылдығы.
Жібектен шашбауы да орамалы,
Сан ақын оралады оған әлі.
Қызынан қазақ асыл аямаған,
Кетсе де алдындағы қора малы.
Шығыстан жібек судай ағылыпты,
Торқаға байтақ дала малыныпты.
Батысқа бет түзеген керуендерді
Еуропа базары да сағыныпты.
Керуендер аман өтіп сан дауылдан,
Сабылып Батыс-Шығыс сауда қылған.
Өшірген Жібек жолын келе-келе,
Замана көк теңіздей аударылған.
Өзендей тынбай ағып сарқыраған,
Жетіпті осы күнге халқым аман.
Түбіміз асыл текті сақтар екен,
Патшасы алтын киіп жарқыраған.
Өткенім ұмытылмас енді өмірі,
Тұрғанда аталардың төрде жыры.
Ғасырлар қойнауынан кісінейді,
Сүйреткен жібек арқан телқоңыры.
Тарихым Жібек жолмен бірге өрілген,
Тамырын тани алмас кім көрінген?
Түгендеп дәуірлерді өткен-кеткен,
Ақынға жырлау үшін тіл берілген.
Бұл жолда сыры бұққан мың жылдардың,
Ізі бар қанды балақ қырғындардың.
Астында топырақтың тағдыр жатыр,
Үңіліп қарар болса бұл күнде әркім.
Әлемге ойран салған атысып сан,
Қадірін асыл бұйым Батыс ұққан.
Шыңғыстың жорығы емес ең әуелі,
Шығыстың шым жібекпен аты шыққан.
Сауданың не бір сиқыр сырын ашқан,
Керуен Қырым асқан, Үрім асқан.
Түйенің табанымен Жібек жолы –
Жазылған жер бетіне Ұлы дастан!
Өзегі ұлы жырдың менің далам,
Төсінде сансыз керуен дамылдаған.
Жасай бер, Көк байрақты байтақ жұртым,
Ешқашан көкжиегі тарылмаған!..
СЕМЕЙ
Бүгінгі жұртқа мәлім Жаңа – Семей,
Немене кешегі Алаш қаласы емей?
Шешесін көзге шұқып туған қызы,
Көрінді әкесіне баласы өгей.
Бұл Семей не көрмеді жаралғалы,
Жалғанның жал-құйрығы таралғалы.
Қазандай қайнап жатқан қан базардың
Қақпасы ескіргелі, жаңарғалы.
Ақтарсаң құпиясы күнде ашылған,
Қазына – қатпар-қатпар сыр жасырған.
Керуенді келіп-кеткен кім санапты,
Ресей, Тәшкен, Бұхар, Шын-Машыннан.
Құшағын айқара ашып келген елге,
Иіліп сусын берген шөлдегенге.
Семейдің дәмін татып, сыйын көрген,
Қашқын да, жиһангер де, саудагер де.
Қазақтың құт дарыған қаласында,
Халықтың кім жүрмеген арасында.
Қайыршы, ұры-қары, бақсы-балгер –
Бәрі де пана тапқан кеп сонда.
Семейдің қалқып ішкен қаймағынан,
Би-болыс, батыр-балуан, бай-бағылан.
Сал-сері, әнші-күйші, ақын-жыршы,
Келсе де кең даланың қай жағынан.
Төрінде тебіренген Абай барып,
Әр сөзі атқан таңдай арайланып.
Дүниеге ондай дана екі тумас,
Шықсаң да жер-жаһанды он айналып.
Семейдің кермесіне тоқтай қалып,
Шұлғыған не бір тұлпар ат байланып.
Желпіген жібек самал көшесінде,
Шоқан да серуендеген шоқтай жанып.
Бас қосса осында кеп бар алыптар,
Байқаймын шөгіп жатқан даналық бар.
Киелі топырағынан қуат алып,
Сұңқардай самғап ұшқан бала Мұхтар.
Бұл Семей себеп болған сан ұшқынға,
Сәулесін тартып жақын, алыстың да.
Жарқырап ізі жатыр Сұлтанмахмұт,
Шәкәрім, Әсет, Әлкей, Қаныштың да.
Сынаптай сырғи берсем ойдан-ойға,
Қызыл тіл бұлбұл құстай сайрамай ма.
Дариға, жақсылардың жыры бітпес,
Қажымұқан, Иса, Әміре, Майра қайда?
Тебітіп өте шықты аламан күн,
Тағдырын тасқа соғып әр адамның.
Айтқанмен түгендейсің қайсы бірін,
Қайысқан қазақ үшін қара нардың.
Батарын болжап елдің қара сорға,
Семейге ту қадаған Алашорда.
Алашқа ақжол тілеп күбірлеген,
Асқар тау, ұлан байтақ дала сонда.
Кезінде еріксізден жақ ашпадық,
Сонда да соқпағынан адаспадық.
Бесігін баламыздың «Бісміллә!» деп,
Алаштың рухымен аластадық.
Дұшпанның зіркілдесе зеңбірегі,
Күрсініп ел жүдеді, жер жүдеді.
Семейде құлағанмен Алаш туы,
Халықтың санасында желбіреді.
Еркелеп Ертіс аққан іргесінде,
Семейдің қанша тарих түрмесінде.
Әлихан, Ахметтердің қанын сорған,
Түрменің кегім кетті бүргесінде.
Ер өксіп есерсоқ пен ез қасында,
Арманы мөлтілдеді көз жасында.
Ғасырдың қасіретін арқалаған,
Семейдің өз қайғысы өз басында.
Семейдің айналасы – тау мен дала,
Төрінен тозақ оты сөнген жаңа.
Қалың ел ұйып-жатқан айран-сүттей,
Айқасқан бабалары жаумен ғана.
Күңіренер күлі қалған тау Дегелең,
Не деген тағдыр еді әурелеген?
Көзінен тіршіліктің жас тамады,
Жүрегі секем алып әлде неден?
Уа, Семей, бүкіл қазақ – сен дегенім,
Қазығы бақытымның елде менің.
Мен-дағы өзің құсап әр күн сайын,
Тәуелсіз таң нұрымен емделемін!..
Сүйінші! Хабар жетті Семейімнен,
Қалайша «Бәрекелді!» демейін мен!
Жүректің қуанышын жария ғып,
Жарқылда, төгіл өлең, көмейімнен!
Семейім, ерте кезден келе жатқан,
Етпейін тарихыңды неге мақтан!?
Қасыңда қосанжарлап қалмай қойған,
Құтылдың «Семипалат» деген аттан.
Ойға алсам тағдырымды бір заманғы,
Байланып қол-аяғым шырғаланды.
Күзеліп тұлпарымның жал-құйрығы,
Қанаты сұңқарымның жұлмаланды.
Илендік империя тоқпағында,
Еріксіз тізгін беріп жат қауымға:
Кокчетав, Шевченко мен Гурьев болып –
Көкшетау, Атырауым, Ақтауым да...
Келімсек күш көрсетіп сырымды алған,
Өксіді байтақ дала жырымдалған.
Қайдағы Семипалат – Жетішатыр,
Семейтау, Семей, сенен бұрын болған?
Қалпына келіп жатса жердің аты,
Артқаны әр күн сайын ел қуаты.
Тәуелсіз қазағымның арманы жоқ,
Осылай орындалса бар мұраты!
Жетеді өксіп тұрған қалам әлі,
Болса деп туған елдің қалағаны.
Павлодар, Петропавл деген атау,
Шаншудай бүйіріме қадалады.
Жас ұрпақ өз тарихын танығанша,
Тартармыз талай азап әлі қанша.
Ел болып қалың тобыр жарытпайды,
Құлдықтың сүйегінде табы қалса.
Семейім, зардап шектің сан сынақтан,
Алапат ұмытылмас сансыратқан.
Тажалдың тырнағының ізі өшкен жоқ,
Халқымды ғасыр бойы қансыратқан...
Кешегі ел есінде Алаш атың,
Ұлтымның рухына жарасатын.
Семейім, «Семей» деген байырғы атың,
Елдіктің көрсетіп тұр парасатын!
Шертеді шежіресін әр ғасырың,
Зулаған замандардың толға, сырын.
Айқындап алған атың құтты болсын,
Ақжолтай сапарында Елбасының!
ДЕГЕЛЕҢ
(Рымғали Нұрғалиевке)
Қарайып сонадайда тұр Дегелең:
- Ойпыр-ай, сұмдық еді бұл не деген?
Қасына аяқ басып бара алмайсың,
Жеріңді осы емес пе түрмелеген?
Байқашы, безіп кеткен құс баласы,
Суында балық бар ма, түс, қарашы?!
Шағанның жағасында шырқ айналып,
Бойына тарамай тұр ішкен асы.
Ағаның тілегімен зыр жүгіріп,
Қарадым ойдым-ойдым суға үңіліп.
Тұнық су телміреді тірлігі жоқ,
Түңілдім түбіндегі сырды ұғынып.
Буып тұр бір қасірет бар тынысты,
Құсы жоқ аспан қандай қорқынышты?
Күрсініп көздеріне жас алды да,
Екі ағам тостағанды сарқып ішті.
Дегелең күйіп кеткен жана-жана,
Тозақтан шыққандай бір жаңа ғана.
Екі ұлы Дегелеңнің мөлтеңдейді,
Тауға да, өзенге де, далаға да.
АҺ ұрып, азап тартқан тау-тасына,
Батып тұр ауыр салмақ арқасына.
Кетердей Дегелеңмен бірге шөгіп,
Екеуі алып мені ортасына...
ТАЙҚАЗАН ЖЫРЫ
Тайқазан түсті ғайыптан,
Несібе-нұрға байытқан.
Сүйінші сұра, бауырым,
Ертістен, Сырдан, Жайықтан,
Алатау, Алтай, Оралдан –
Басынан бұлты айыққан.
Мың жылда ғана бір келген,
Бақытты мұндай кім көрген!
Сүйінші сұра Наурызда,
Бәйшешек атқан гүлдерден.
Бәйтерек, шырша, қарағай,
Қараған, бұта-бүргеннен.
Күлімдеп шыққан күндерден,
Мақпалдай мамық түндерден.
Аймаққа түгел барып қайт,
Аяғың жетіп үлгерген.
Сүйінші сұра, жасқанба,
Кәріден және жастан да.
Өкпелеп кеткен достан да,
Өшігіп жүрген қастан да.
Ортаға тіккен Ордадан,
Қиырға қонған қостан да.
Жердегі барлық тіріден,
Құстардан сұра аспанда.
Томпайып жатқан өліден,
Тікейіп тұрған тастан да!
Тәңірім төксе несібе,
Төкпеймін жырды несіне!
Жетіқат көктен жіберген,
Шашайын шашу көшіне.
Астана төрін бетке алып,
Арқаның жеткен төсіне.
Жебеген барлық аруақты,
Алғайсың, жұртым, есіңе!
Ғасырға кетер ғасырдан,
Алланың сыйын жасырман.
Киелі құтым – Тайқазан,
Құйылған жеті асылдан.
Жаратқан өзі жарылқап,
Қасиет-құнын асырған.
Қақпағы қайта жабылмас,
Қазаққа мәңгі ашылған!
Дәуренің жүрер, бауырым,
Басталды сенің дәуірің!
Шуағын шашты ырыстың,
Наурызың менен сәуірің.
Сұңқарың серпіп қанатын,
Тұлпарың жазар бауырын.
Алшаң да алшаң басады
Қазағың жердің сауырын!
Аңғарсаң сөздің сарынын,
Айнытпай сырын таныдың!
Кеудеңе қонса бір сәуле,
Несібе-нұрға жарыдың!
Әумин!!!
БАЙҚОТАН БИ АСЫНДА
Асыға сапар шегіп әр қиырдан,
Асына келдік баба дәм бұйырған.
Шұбартау, шырайналған қазығымсың,
Өзіңнен өзегіме нәр құйылған!
Жол тауып Жобалайлар сан қиыннан,
Сен үшін қан төгіліп, жан қиылған.
Шұбартау, шұбарала тағдырың бар,
Аумаған ұйтқи соққан жел-құйыннан.
Алтайда арғы түбің – қалың керей,
Жөн бе екен жеті атаңды мәлімдемей.
Атақты Ер Жәнібек – алтын туың,
Арыстан от азулы, жалын көмей!
Жалғасып бабалардан қалған ерлік,
Таныттың талай жерде ардагерлік.
Тағдырдың теліміне түстің бірақ,
Көрсетіп сайқал заман саудагерлік.
Жоғалды желмен ұшып дәстүр қанша,
Жұлмалап үйірлі жау қасқырларша.
Арқалап ел қайғысын ерлер өтті,
Кеудесін қара таспен бастырғанша.
Айт десең, мен айтайын соның бәрін,
Көпшілік бүгін сенің қолыңдамын.
Басыңнан будақ-будақ бұлттар көшкен,
Құдай-ау, неткен жұртсың сорың қалың?!.
Сұғынып келген сұмға сырыңды аштың,
Қырылып, Қытай астың, Қырым қаштың.
Жақсыңды жау оғына байлап беріп,
Ала көз аз ағайын ырылдастың.
Ит ішіп астаудағы ырысыңды,
Көңілдің күні кеше қыры сынды.
Кең қолтық, бауырларым, енді несін,
Былғайсың боққа шауып қылышыңды?..
Таң атпай күн шығар ма, ай батар ма,
Басқандай өткен өмір тайға таңба.
Рухың сөнбесін тек сыйынған ел,
Жобалай, Шақантайға, Байқотанға!
Мерейі үстем болсын аруақтардың,
Аруақты ел болмаса ардақтар кім?
Құт қонып, босағасын Қызыр шалсын,
Бабаңа бата қылған шаңырақтардың!
Үні өшсін кесір менен кектілердің,
Бақытың – Бостандығың деп білермін.
Атажұрт, топырағыңнан айналайын,
Кіндігі үзілмеген тектілердің!
АРУАҚТАРДЫ ҰМЫТПАЙ
Қара тоқты түсімде босағамнан маңырап,
Күбірлеймін ішімнен, көкірегім қаңырап.
Керегенің көзінен қол созады дәметіп,
Көмусіз де кебінсіз қалың аруақ жамырап.
Өлген жандар жылайды жанарынан жас төгіп,
Жіберсем деп ойлаймын байқұстарға ас беріп.
Ақсақалдың бірінен бата сұрап көріп ем,
Қара тоқтым кенеттен қатып қалды тас болып.
Тілегімді шалғанын ұға алмадым не қырсық,
Қанның иісі келеді әлде қайдан қоңырсып.
Жеті басты жалмауыз жерден басын көтеріп,
Көктен тажал төнеді – тас бұршақтай оқ ыршып...
Зіл-заладан шошимын құлағымды тұндырған,
Құлын даусы шығады тұңғиықтан шыңғырған.
Боз даланы күңірентіп боздақтарды жоқтаумен,
Қаралы көш барады малын айдап мыңғырған.
Қаралы көш дегенім – аттан түспес қазағым,
Қара тоқты дегенім – оттан түспес қазаным.
Құлын даусы дегенім – қыршын кеткен боздағым,
Зіркілдеген зіл-зала – көрген азап-тозағым!
Анда-санда өткендер кірмесе егер түсіме,
Жұмыртқалап кетпей ме жылан кіріп ішіме?!
Қызыр қонып басына, нұры жаусын Алланың,
Аруақтардың рухын ардақтаған кісіге!
Қара тоқты түсімде босағамнан маңырап,
Телміреді аруақтар жан-жағымнан жамырап.
Шаңырақтан тік ұшқан түтінімді көрді де,
Бір бұлт келіп төбеме тоқтай қалды дамыл ап.
Атпаса деп тілеймін сол қара бұлт тас бұршақ,
Сіңіріме сүйеніп, жүргенімде аш құрсақ.
Итті мініп сапарға, есекті алып қосарға,
Не болғаны етекті албастыға бастырсақ?!.
АНЫҚТАЙ АЛМАС ЕШКІМ
Арсалаң, Сұлушоқы – жер төресі,
Өткізген балалықты өлкем осы.
Әрқашан өзіне ыстық көрінеді,
Арқардың ойнақтаған кер төбесі.
Арқаның аңсағанда сай-саласын,
Жылдарға алыс қалған ой саласың.
Бозторғай боз даласын ұмыта ма,
Төсінде жұмыртқасын шайқағасын.
Қалдырған қынасында қасқыр түгін,
Білуші ем таудың сырын, тастың тілін.
Қыдырып, қызық қуып жүруші едім,
Сүзілтіп сұлу қыздай ат кірпігін.
Өзекке өкініштен шоқ тамады,
Жастықтың жәрмеңкесі тоқтағалы.
Адасқан үйірінен асау көңіл,
Құлындай кісінейді ноқтадағы.
Ұяға балапандай бауыр басқан,
Бұл күнде алыстадық ауылдастан.
Жоқтыққа жомарттықпен жауап беріп,
Пейілдің қара суға балын қосқан.
Әркімге өз мекені жер шоқтығы,
Анықтай алмас ешкім өлшеп мұны.
Жүрекке алып ұшқан ем таба алмай,
Өлерміз сағыныштан өлсек түбі.
СЫР
(Айбек Кәрімовке)
Бауырым, көп нәрсеге өкінем мен,
Бұл ағаң найзағайдың отын емген.
Қаратып екі жаққа екі бетін,
Бір тауды тағдыр шығар екі бөлген.
Амал жоқ бөлінгенді бүтіндеуге,
Бір басын қалың шүршіт түтіп жеуде.
Сөгілсе Тарбағатай жон-арқасы,
Менің де бел-омыртқам күтірлеуде.
Сол таудың сен де ұланы, мен де ұланы,
Әу, десек жақпар тасы жаңғырады.
Шертіп ең шерге толы шежіресін,
Шымырлап көкірегім қанжылады.
Сөйлеші тау тілінде, тас тілінде,
Аспанның күмбірлесін асты мүлде.
Барқытбел – бабаң жатқан алып бесік,
Бесіктің өксігенін естідің бе?
Уілдеп үлбіреген жан-жүрегім,
Мәңгілік сол бесікте қалды менің.
Жас буып жанарымды бара жатыр,
Бетін бұр басқа жаққа әңгіменің?..
ЗАЙСАН ЖАҒАСЫНДА
Айбек-ау, Зайсан деген көл осы ма,
Маңырақ, Сайқан деген жер осы ма?
Бұл маңда бабаларым жатқан шығар,
Белгісіз дұға оқиын моласына.
Зайсанның толқын ұрмай жағасына,
Түсер ме асау көңіл сабасына.
Баласы тағзым етсе жараспай ма,
Баяғы өтіп кеткен бабасына.
Жанымның тұз сепкендей жарасына,
Шорғаның қарай берем даласына.
Тамыздың тамылжыған ыстығында,
Аңыздың кіріп кеттім арасына...
Ерлігі бабалардың жүр ауызда,
Қанықпын қаршадайдан бұл аңызға.
Зайсанның толқындары өкпелемес,
Ауылға аттың басын бұрамыз ба?
Емес пе алтын қазық ауыл деген,
Бауырды табыстырған бауырменен.
Ақынның аласұрған мінезі ғой,
Азырақ арпалыссам дауылменен.
Ұйтқыса көбелектей жел барында,
Ақынның еркелігін сен қабылда.
Армансыз алайын бір аунап-қунап,
Келгенше кім бар, кім жоқ енді ауылға?
АЛДАМАШЫ
Шөл қандырар кәусардай тас бұлағы,
Барқытбелдің жұпары мас қылады.
Көктегі бұлт қабағын қатты түйсе,
Жерде гүлдің көзіне жас тұнады.
Тастың тілін түсінер тау баласы,
Табылар ма іздесем жан дауасы.
Гүл көзінен көп нәрсе көріп тұрмын,
Қызықтырып, дүние, алдамашы?!
ҚЫРЫҚ ЖЫЛ
Қырық жыл шекарадан ел өткелі,
Гуілдеп қолтығымнан жел өткелі.
Таратып қырық үйді қырық жаққа,
Ауылымнан тағдыр мені бөлектеді.
Не келіп ел басына, не кетпеді,
Белгілі бір құдайға себептері...
Сай-сайда шашылғанға болды пана,
Саялы атажұрттың теректері.
Төгіліп айран-сүті шелектегі,
Босқан ел бөденедей дедектеді.
Бөрене көтереді енді бүгін,
Бесікпен көшіп келген бөбектері.
Туған ел қақпаса да шетке мені,
Өксітті өмірдің сан өткелегі.
Қырық жыл – қырық жамау тірлігімді
Төзімнің тарамысы көктегелі.
Жұртта қап текеметі төріндегі,
Қырық жыл – бір туғандар бөлінгелі.
Қырық жыл басылмаған сағынышым –
Сыңсыған сыңар аққу көлімдегі.
Қырық жыл тынбай сөйлеп шер тілінде,
Домбырам дамыл таппай шертілуде.
Көре алмай жалғыз ұлын көзін жұмған,
Сарғайып шеше жатыр көр түбінде.
Асқан соң замананың зары бастан,
Бұл қазақ бері қашқан, ары қашқан.
Қырық жыл күте-күте өз әкесін,
Қыз өсті мейірімге жарымастан.
Жылдарға өкпелемен алыстаған,
Әйтеуір өлмегендер көрісті аман.
Жеткенде қырық жылғы көшпен бірге,
Ақ үрпек балапан ем әлі ұшпаған.
Сабағын өмір тіктеп сынық гүлдей,
Қырық жыл өте шықты қырық күндей.
Келгенше жер ортасы – Көктөбеге,
Кірпікті құрғата алмай жүріппін ғой...
БАРҚЫТБЕЛДІҢ БАУЫРЫ-АЙ
Барқытбелдің бауыры-ай жырақтағы,
Жамыраған жарыса бұлақтары.
Табар едім оймақтай үйдің орнын,
Таптырмайды-ау бесігім бірақтағы.
Ғажап еді көктемде гүл атқаны,
Иранбақтың өзі еді жұмақтағы.
Ай астында жарқырап жатыр ма екен,
Алтын астау секілді суаттары.
Балбыраған балауса құрақтары,
Көк шалғыны, шұрайлы шұраттары.
Керген кілем секілді көрікті еді,
Күнгей беті құлпырған шуақтағы.
Самалдайтын сауырда құр аттары,
Салқындайтын бауырда лақтары.
Шаңқылдаса аспанда түз бүркіті,
Шалқаятын шалдардың тұмақтары.
Су сылдыры сағынтып құлақтағы,
Шөлдедім ғой қурайдай қыраттағы.
Күрпілдеген қайдасың, қара саба,
Бал татыған қымызы, шұбаттары.
Жауабы жоқ өмірдің сұрақтары,
Бұғып жатқан қылыштай қынаптағы.
Уға айналып барады ойып түсер,
Көздің жасы – көңілдің сынаптары.
КЕРІЛІП КЕРЕГЕДЕЙ
Келе ме көздің жасы төгілгісі,
Кеудемнің көтерілді шөгіндісі.
Керіліп керегедей тұрушы еді,
Тауымның қызыл-жасыл тобылғысы.
Қыраттың құлпырғанда тобылғысы,
Сайрайтын сан құбылып көңіл құсы.
Талпынып балапандай жүрегім де
Келетін күн нұрына шомылғысы.
Қиқулап құстар келген сол күндерде,
Тобылғы бүрлеуші еді торғын белде.
Аспанның асты түгел жұпар шашқан,
Жұмағын жер бетінің көрдіңдер ме?
Бақыттан қылмаған соң тағдыр кенде,
Жұмақтың жұпарынан сордым мен де.
Сол жұмақ Тарбағатай бөктерінде,
Жер емес жеткізбейтін жол жүргенге...
ТУҒАН ЖЕР
Көзімде тұнасың
Жас болып мөлдіреп.
Алдымнан шығасың,
Анамдай елжіреп.
Аяулы сезімсің,
Ешкімге қимаған.
Туған жер, өзіңсің
Өмірді сыйлаған.
Бәрі де есімде,
Балалық шағымның.
Ойнаған төсіңде,
Күндерді сағындым.
Жетемін елесің,
Шақырса бұлдырап.
Аңсаған енесін,
Құлындай құлдырап.
Өзіңсіз күнім күн бе екен,
Өзіңсіз түнім түн бе екен?
Тауыңда өрген киіктің
Тұяғы бүтін жүр ме екен?
Өзіңмен ғана нұрлы екем,
Өзіңмен ғана құнды екем.
Көгіңде ұшқан құстардың
Қанаты бүтін жүр ме екен?
Ай ма екен әлде жыл ма екен,
Айналып саған бір жетем.
Төсіңде жүрген бауырдың
Бауыры бүтін жүр ме екен?
ОЙХОЙ, ШЫҒЫС
ТҮРКІСТАНЫМ
(Ұйғыр ақынының ізімен)
Әлімсақтан талай ақын
Жырға қосқан мекенім –
Ей, сүйікті уәлаятым,
Сені жырлап өтемін.
Сен болмасаң тіршіліктің
Білмес едім не екенін
Сәулетіңді гүл жайнатып,
Сызған талай қыл қалам.
Сен болмасаң мұндай бақыт,
Бере салар кім маған?
Сенің ыстық құшағыңда
Бесік жырын тыңдағам.
Сағынады жаяу күнім,
Сәйгүліктің желісін.
Талай-талай аяулы ұлың
Басын тіккен сен үшін.
Ғұмыр бойы өтелер ме,
Саған деген борышым?
Қасиетті топырағым,
Ізі қалған бабамның,
Жүрегімнің асыл әнін
Саған арнап салармын.
Сендей гөзал сұлу жерді
Енді қайдан табармын?
Қияметті көрдім қанша,
Өзіңді аңсап зарыққан.
Сен деп өтем көз жұмғанша,
Жырлаудан еш жалықпан.
Ойхой, Шығыс Түркістаным,
Тас қамауда тарыққан...
АЙТТЫҢ РУХЫНА
Уыстап ұстағым кеп қашқан желді,
Ұлың ем кезіп жүрген аспан-жерді.
Жан баба, разы бол, басыңа кеп,
Қалақтай қалдырғанға тастан белгі.
Жалт етіп қас пен көздің арасында-ақ,
Дүние бізден де өтіп аласұрмақ.
Тозбас тек астыңдағы тілдей ғана,
Бұйырған қара жерден қара сырмақ.
ТАМШЫДАЙ-АҚ
Кең даланы кесіп өтіп жол жатыр,
Қалың зират – үнсіз қала жонда тұр.
Қара жолда көп жыл жортқан жолаушы,
Сол шаһарға тұрақтауға келді ақыр.
Тұрғындарын кезегімен қабылдап,
Өлі қала жата берер дамылдап.
Оянбайды жер-бесікке түскендер,
Құлағының түбіне кеп дабыл қақ.
Тіл қатпайды тылсым дүние мәңгі үнсіз,
Бұл арадан өте алмайсың сәл мұңсыз.
Ұшан-теңіз ұлы ұйқының қасында,
Ояу күнің тамшыдай-ақ мардымсыз.
Дүние жинап бір бес күндік елеске,
Алданады пенде көңілі – нәресте.
Сапар шегіп түбінде осы қалаға,
Соқа басың келетінін ал еске...
ҚАРАҒАНДЫДА
Қарағанды, таусылмас көмір кені,
Жазылмаған жыр едің көңілдегі.
Қазынаңа қиырдан бүлкілдеді,
Талай-талай тажалдың кеңірдегі.
Үстіңде бай, лықсыған астың да бай,
Көзге түспей байлығың жатсын қалай?
Ақсұңқарұлы емеспін Айтұлымын,
Алып қала, мені де жатсынбағай.
Таптырмайтын қаласың жан баққанға,
Кеншің болды Ғабиден, Әлжаппар да.
Қасым – тұлпар үстіңнен өткен шығар,
Арқасына аяздай ер батқанда.
Қалқып ішіп үйіренген бал қаймақтан,
Келімсектер кетсін бе кенді аймақтан?
Тағзым етіп кеп тұрмын топырғыңа,
Еркеш жатқан дамылдап, Евней жатқан!
ТАЛШЫБЫҚ
Талпынып бір талшыбық,
Сарыарқаның тауында,
Тоңды талай малшынып,
Қара нөсер жауынға.
Таудың қия бетінде,
Жұлқылайды жел келіп.
Көк дауылдың өтінде
Өсе берді тербеліп.
Жүргізбекші әмірін,
Ақ боран да ұрғылап.
Тарамыстай тамырын
Таяныш қып тұр бірақ...
АУМАЙМЫН МЕН ДЕ
Мазамды алма сен менің,
Ерігіп жүрген шығарсың.
Өкініш толы кеуденің
Өксігін қайдан ұғарсың?
Дауылға кеуде тоспасаң,
Денеңді суық қарымас.
Тау асып, тасты баспасаң,
Табаның жерді танымас.
Аумаймын мен де шамасы,
Қойшының мінген атынан.
Шоқтығым жауыр, қарашы,
Сауысқан күнде шоқыған.
Іштегі көңіл жарасы,
Оқылар көздің отынан.
Үңілсе пенде баласы,
Жауырды жаба тоқыған?!
ҰШЫП КЕЛЕМ
Замананың салмағы жауырында,
Көтеремін жеңілін, ауырын да.
Бір ғасырдың өрті жүр қанатымда,
Бір ғасырдың дерті жүр бауырымда.
Ұршығында айналып от пен желдің,
Ортасында ұйтқимын көк пен жердің.
Өмір деген тізбегі байқап тұрсам,
Арпалысқан алапат өткелдердің.
Қанатымды маздаған дауыл үрлеп,
Әлсін-әлсін шарпиды бауырымды от.
Кең аспанның астында ұшып келем,
Табан тіреп тоқтайтын ауылым жоқ.
Жоғалар деп, Жер-ана, алаңдама,
Сүйегімді тапсырам саған ғана.
Жер пендесін жатырқап көкте жүрсем,
Алдаспаны аспанның, жалаңдама!
Көкте жүрмін дегенім әлде өтірік,
Қалықтадым қиялмен сәл көпіріп.
Қыран көңіл пенденің әдеті ғой,
Медет тұтар аспанды жерде тұрып...
ЕЛ ДЕП ЖҮРІП
Ақын Кәкей Жанжұнұлы ұшақ
апатынан опат болды.
Ел деп жүріп, шөлдеп жүріп, ағып түсті бір ақын,
Атамекен сағынышы тербетумен мұратын.
Жырларынан Баянөлке тауларының лебі есіп,
Былғанбаған Бұлғын суы сылдыр қағып тұратын.
Ақ сауыттан елес беріп ақ боз үйдің тұлғасы,
Найза ұшындай жалтылдайтын арулардың сырғасы.
Көрінетін қиян-кескі замандардың қойнынан,
Ай нұрымен ағараңдап тұлпарлардың қу басы.
Шежіресін шалқытатын қазақ пенен қалмақтың,
Сырына да қанық еді бер жақ пен ар жақтың.
Жасырмайтын бар арманын тонағанын ата жау,
Жүрегіне қадалғанын жылан тілді қармақтың.
Түсіне еніп жатса-тұрса қиырдағы қыр гүлі,
Астананың ол да біраз болып көрді тұрғыны.
Мұқағали ағасындай тез оралған Мәскеуден,
Алматымен қоштасқаны әлі есімде бір жылы.
Аттанарда кірпігінен тамшылатып маржан жас,
Қолын бұлғап кетіп еді достарына армандас.
Қыршын өмір өзегіне тисе ажалдың қылышы,
Тас керең ғой мылқау көрдің қуысында қалған бас.
Тайғанақтап тұғырынан домбыраның тиегі,
Кемсеңдейді қайғы жұтып қара өлеңнің иегі.
Қара жердің тоңған қойны жылынбайтын сияқты,
Шашылмаса шартарапқа ақындардың сүйегі.
Еміреніп, елегізіп таң сарғая, күн бата,
Ұйқыдағы мұңлы жанды әлдилейді сұр жота.
Сорлап кетті сөресіне жете алмаған бір жүйрік,
Боздап кетті енесіне жете алмаған бір бота.
ҚОШ КЕЛДІҢДЕР,
БАУЫРЛАР
Көңілді алаң еткен қозғап көптен,
Шоқ жатыр көкіректе қоздап шөккен.
Бөлініп бозінгеннің ботасындай,
Бауырлар, армысыңдар боздап кеткен!
Ағайын, қош келдіңдер алыстағы,
Аңсаған атажұртпен табысқалы.
Бір кезде алыстағы өздеріңнен,
Көрінді жұлдыз жақын ғарыштағы.
Өзендей өмір өксіп тасып аққан,
Жел тұрса елеңдедің осы жақтан.
Шықпады түстеріңнен бұл топырақ,
Бабаңның қасиетті басы жатқан.
Сүрленген сарқытындай ескі аңыздың,
Сүрлеуі жатыр солар басқан іздің.
Ұшқан құс, кезген бұлттан сәлем жолдап,
Қамығып қара көзден жас тамыздың.
Мың тәубе Тәңірінің бергеніне –
Оралып Тәуелсіздік келгеніне!
Ат арып, тон тозатын заман емес,
Жеттіңдер құстай ұшып елге, міне!
Құшағын өздеріңе кең жаяды,
Аңырап атамекен сол баяғы.
Өткен мен кеткенді айтып не қыламыз,
Белгілі дүниеге ел баяны.
Ел-жұртпен төс қағысып амандасып,
Жоғары төрлетіңдер, қадам басып.
Жат жерде көз жұмғанға иман берсін,
Жазмыштан құтылмайды адам қашып.
Туыс па амандығын сұраспаған,
Білер ме ел қадірін қыр аспаған?
Көгінде Көк байрағын желбіретіп,
Есігін айқара ашып тұр Астанаң!
Несіне сөзді созып құбылтайын,
Бас қосқан құтты болсын Құрылтайың!
Табыссын шұрқырасып туған елмен,
Шұбырып соңдарыңнан құлын-тайың!
ҚҰЛПЫРҒАНМЕН КЕҢ ЖАҺАН
Құлпырғанмен кең жаһанның жамыраған гүл бағы,
Шешілер ме түйінделген шым-шытырық жұмбағы.
Сәби ғұмыр өксігіне құлақ түрмес көк аспан,
Жұбатпаса жылағанды қара жердің құндағы.
Шыңырауға шын батырса қараңғылық зынданы –
Көлеңкенің қоюланып, қас қарайып тынғаны.
Түн күзеткен періштенің кірпігінің талғаны –
Таң сарғая жұлдыздардың көзін ашып-жұмғаны.
Тыным алған тіршіліктің төсегінен тұрғаны –
Айғай-шудан құдіреттің құлағының тұнғаны.
Күн мен түннің шұғыласына алма-кезек шомылған
Жан иесі байыз таппас байланғанша тіл-жағы.
Бөлемесе рахатқа бейіш нұры ондағы,
Зая кетер Жаратқанға жалынғаның мұндағы.
Пешенеңе жазылмаса Алла разы қылмағы,
Күнің қараң қурап ұшқан жапырақтай жылдағы.
Гүл қайғырмас үлбіреген көбелектің қанатын
Жұлып түссе қызыл тікен – қызғаныштың тырнағы.
Шөлдегенін елең қылмас сексеуілдің құмдағы,
Қысы-жазы жайнап тұрған жасыл шырша шыңдағы.
Тиянақсыз дүниенің түпсіз сыры таусылмас,
Соза берсем сүріндірмес сүрлеуге сап жырдағы.
Оянбаса ұйқыдағы ғасырлардың мұң-зары,
Шыға қоймас шіріп қалған дәруіштің құмғаны.
Шыңылдайды шыңырауда шөгіп жатқан қара тас,
Қасиетті ата қоныс күңіренсе қырдағы...
ҚАЗАҒЫМ
Армысың, асыл жұртым, арман елім,
Тау асып, тасты басқан, тарлан елім!
Ту ұстап, тұлпар мінген бабалардың
Жұртында жұрнағы боп қалған елім!
Ноқтаны басыңдағы бақтай көріп,
Өзіңді күні кеше алдап едің.
Азуын айға білеп арыстандай,
Дариға, өтті-ау талай ардагерім!?
Қолына өз тізгінін алған, елім,
Жұлдызы маңдайдағы жанған, елім!
Шықсам да жердің бетін жүз айналып,
Тірегім сенен басқа бар ма менің?!
Барасың тілден безіп, діннен азып,
Жармасып құйрығына әр кеменің.
Кім үшін атқа қонды, отқа түсті,
Ойлашы, басы қайда Хан Кененің?!
Қазағым, сенің қамың ойлағаным,
Бұрқылдап тайқазандай қайнағаным.
Қасқырдай анталаған қазынаңа,
Көздері қанталайды айналаның.
Біріңді бірің шалып сүріндірсең,
Бұйырмас босағаңа байлағаның.
Көлденең көк аттыға жем боларсың,
Алдыңда бес ешкі боп айдағаның.
Сағымын қуа бермей айдаланың,
Жөн шығар тұңғиыққа бойлағаның.
Айрылып ата дәстүр, салт-санадан,
Аңдамай қара жерде тайғанадың.
Жоғалды қыздан ұят, ұлдан намыс,
Айтайын қасіретін қай баланың?
Ішіңді құрт жеген соң кімге керек,
Сыртыңды жылтыратып майлағаның?..
СЕРКЕНІҢ СОҢЫНА ЕРМЕЙ
Қызырдың рас болса дарығаны,
Қызыл тіл сөзден несін тарығады.
Қарасаң замандарға көз жіберіп,
Ақынның некен-саяқ жарығаны.
Халықтың қаһарына мінгендігі –
Қайраққа қара пышақ жанығаны.
Ұлықтың сөзі-түзу, көзі- қисық,
Аядай айналасы танығаны.
Бәрінен сорақысы – ата жаудың,
Итінің іргеңе кеп сарығаны...
Кісіге не келсе де тек құдайдан,
Келмеске кемеңгерлер кетті қайран.
Бұл күнде Тезек төре көрінбейді,
Сөз тыңдар Сүйінбай мен Бақтыбайдан.
Жалғыздың жарға бұғып жаны қалмас,
Жалпыны шарпығанда отты майдан.
Серкенің ай мүйізді соңына ермей,
Тәңір-ау, қошқар шығар тоқты қайдан?
ҚОРА ТОЛДЫ...
Қора толды шартық пенен шатаға,
Қыста туған арамзаны атама!
Қотан жұтап – қозы ермегі саулыққа,
Қошқар біткен қырылғандай о, тоба?!
Тұқымы азды қасқа менен төбелдің,
Тозған ұрпақ қарымтасын төлер кім?
Әлдеқашан өткен бабам тіріліп,
Менен жауап сұрай қалса не дермін?..
ІШТЕН ШЫҚҚАН ШҰБАР ЖЫЛАН
Бір Алланың пәрменінде адамзатты аздырса,
Пендесіне жараспайды жаратқанды жазғырса.
Іштен шыққан шұбар жылан шағып туған шешесін,
Ит қабады өз иесін сары сайтан азғырса.
Буына мас бейшаралар ақша менен алтынның,
Құтырына күл шашады аруағына халқымның.
Шолтаңдаған шолақ қайық шамдандырса теңізді,
Қаһарына ұшырайды құдіретті толқынның.
Аспан жерге құламаса аударылып бұл жалған,
Сасық шошқа қырға шықпас өз боғына былғанған.
Болашақтың қиып түсер қылышынан құтылмас,
Құнсыздардың қара басы қалтасына құл болған...
БАЙ БАЛАСЫНА
Экспромт
Сенің әкең мәнсапты,
Менің әкем малсақ-ты.
Сенде сарай оншақты,
Менде саулық оншақты.
Сенің әкең халықты
Қанжылатып жер сатты.
Менің әкем маңдайдан
Тамшылатып тер сатты.
Сенің шешең мойнынан
Ағытқан жоқ моншақты.
Менің шешем қолынан
Тастаған жоқ келсапты.
Жер мен көктей қарасам,
Екі арамыз алшақ-ты.
Сен жалайсың бармақты,
Мен сорамын саусақты.
Саусағымнан сорған сор,
Қабырғамды қаусатты.
Аққан байлық сай тапты,
Байдың көңілі жай тапты.
Балпаң-балпаң басасың,
Бай баласы байпақты.
Байпағым бар екен деп,
Таптай берме Байтақты!
Көлденеңнен ит қосқан,
Тоқтат енді айтақты.
Мына заман ырқыңа
Көнбейтінін байқатты.
Шала молда дін бұзар,
Шала қазақ тіл бұзар,
Елді бұзған дәл сендей,
Көрмедім мен найсапты?!
МАМАН-ТҰРЫСБЕК
Жетісуда бай өткен Маман деген,
Мектеп ашқан, алысып наданменен.
Байлық деген білгенге қолдың кірі,
Адам күні қашанда адамменен.
Маман-Тұрысбек малына мастанбаған,
Адамдықпен атағы аспандаған.
Дарақының қолына байлық тиіп,
Оңды-солды жалғанда шашқан жаман.
Дүние, шіркін, тайдырмас кімді жолдан,
Қайыры жоқ не пайда күллі малдан?
Маман-Тұрысбек армансыз, ағайындар,
Мәңгілікке артында үлгі қалған.
Алтын басып жатқандар жамбасына,
Жарқанаттай жабысқан жар басына.
Сараңбайдың тұқымы толыр жүр ғой,
Маман байдың жұрнағы бар ма, сірә?
ҚУҒАНМЕН ҚАНША
Дүние – сиқыр бір сағым,
Арбайды көзін қуса кім.
Ындыны кепкен пенденің
Тажал боп жайлар құрсағын.
Естілсе судай сылдыры,
Таба алмас тіпті күн нұры.
Ұстатпас қолда тұрса да,
Сайтанның құрық-шылбыры.
Өзі кеп бір күн жағалар,
Қызықсаң, қашып жоғалар.
Құлудай қатқан қу басың
Соңында доптай домалар.
Қуғанмен қанша жалықпай,
Күйдірер оты тамұқтай.
Жаныңды оңай суырар,
Ойықтан алған балықтай.
БАСЫҢДЫ САҚТА
Баянсыз мынау заманда,
Базарға барып бақ сынар.
Саудасыз нәрсе адамға,
Еш жерде, бауырым, жоқ шығар.
Іздесең дәрі дауаға,
Саудаға кірмей жоқ шара.
Бір жұтым таза ауа да
Сатылар ертең ақшаға.
Алмасын құдай берерін,
Жүрейік аман-сау ғана.
Тұрса да тасып өнерің,
Түседі басың саудаға.
Сен үшін жанын қиятын,
Азайып туыс, досың да.
Кіршіксіз ар мен ұятың
Саудаға түссе шошынба!
Сауданы кім бар тауысқан,
Дүниенің түбін көз көрмес.
Заманнан заман ауысқан,
Өмірдің заңы өзгермес.
Соңында шулы ғасырдың,
Қаралы түтін, көк тұман,
Құны жоқ алтын басыңның,
Арзансың арық тоқтыдан.
Жүдеді тозып ауылым,
Жыртылған тондай жағасы.
Басыңды сақта, бауырым,
Қымбаттап қалар бағасы!
ЕСТИМІСІҢ, ЕСКІ ДОСЫМ
Естимісің, ескі досым, оянбайтын ұйқыдағы,
Ызыңдайды құлағыма тіршіліктің сиқыр әні.
Бет пердесі белгісіздеу бұғып жатқан келер күндер,
Кім біледі қандай күйде көрсетеді сиқын әлі.
Үкі тағып, үміт артып қарайтындай жұртым маған,
Қалмаған соң амал қанша беттің ары жыртылмаған.
Аза бойым қаза болар бұл жалғанның азабынан,
Қара тышқан қожа болса ін аузында жылтыңдаған.
Босағада ит мүлгиді, мысық төрде көзін жұмған,
Қайран менің, қазағым-ай, бәріне де төзім қылған.
Таудай байлық неге керек түймедейі тимеген соң,
Тостағанға татымайды өзің ішіп, өзің жуған.
Сен сезбейсің, есіл досым, күн батқанын, таң атқанын,
Қара жердің бесігіне бөлеген соң жаратқаның.
Мына заман қазан-қазан құрт қайнатып жатқанымен,
Көрген жоқпын қайыршыға көбігінен жалатқанын...
НАЗА
Қайқы мүйіз тағдырға,
Тайқы маңдай соғылды.
Қан аралас жаңбырға,
Қарашығым шомылды.
Ал құйын үйірген,
Шөлді кездім текке бір.
Оқ тигендей бүйірден,
Бүк түсумен өтті өмір.
Шашылғаным жиылмай,
Бүтін іргем сөгілді.
Ырыздығым бұйырмай,
Итаяққа төгілді.
Атымды есек тістесе,
Жар бол, Алла тағала!
Сенің көзің түспесе,
Пенде көзі – ноғала.
ТАҢ АТАДЫ
Таң атады, күн шығады,
Құбылмаса Көк Тәңірі.
Тыныс жетпей тұншығады,
Тас астында шөп тамыры.
Шырылдайды босқа жылап,
Оята алмай тау сілемін.
Жоқ қой, әттең, таста құлақ,
Еститұғын даусын оның...
ОРАЛЫП АЛЫС КҮНДЕР
Оралып алыс күндер неге ғана,
Тынысын тыңдатпайды көне дала?
Жайнаған жұлдыздардың жанарынан
Алланың нұры жауып өліарада.
Күшіне құдіреттің таң қаласың,
Кенеттен жадыратса кең даласын.
Жамандық төніп түнгі бесігіне,
Жыландай арбамаса жан баласын.
Өртеніп өң пен түстің ортасында,
Жасайсың тіршіліктің арқасында.
Мысқалдап үміт шөлін қандырасың,
Батпандап жан азабын тартасың да.
ЗУЫЛДАП ЖЕТКІЗБЕЙСІҢ
Зуылдап жеткізбейсің, желмая күн,
Ентелеп қуа-қуа талды аяғым.
Өкпелеп қашып бара жатқандайсың,
Япыр-ау, сенен осы немді аядым?
Қашанда қуған – қиын, қашқан – оңай,
Ізіңнің адастыра бастағаны-ай!
Елітіп елесіңе қала берем,
Тәттіге алдарқанған жас баладай.
Соны ойлап мұңданамын, қайғыланам,
Жазықты болдым саған қай күнәдан?
Қисынсыз қолқа салған жерім бар ма,
Әпер деп аспандағы айды маған.
Жүйрік күн, жүйтки берсең, өтер заман,
Қызығым осы көрген жетер маған.
Әйтеуір мұратына елім жетсін,
Болайын мен-ақ саған жете алмаған.
Уақыттың көре алар ма пенде түбін,
Шолғанмен шартарабын жер бетінің.
Басымды баспалдақ қып төсер едім,
Толса егер соныменен кем-кетігің...
ТАУЛАРДЫҢ АЛЫП
БАТАСЫН
«Қараймын көкшіл далаға,
Толқимын іштей, ойланам.
Ұлы ғой Кавказ, жан аға,
Өзіңе жету қайда оған!»
Ғамзатов айтқан сол сөзді,
Қайталап таулар шынында;
Жете алмай саған қол созды,
Ақ бұлттар Кавказ шыңында.
Қырандар ұшты саңқылдап,
Тебіреніп жатты тастар да.
Найзағай оты жарқылдап,
Атыңды жазды аспанға.
- Жаса! – деп, - ұран шақырып,
Кавказдан даңқы зор Мұхтар!
Ән-күйді судай сапырып,
Жырлады сені таулықтар.
Еске алып ыстық сезіммен,
Мен-дағы ойға қаламын.
О, Мұха, көрдім өзіңнен,
Құдіретін туған даланың!
Көкала толқын жосылып,
Ағады зулап жыл мәңгі.
Тау менен дала қосылып,
Жоқтайды асыл тұлғаңды.
Өзіңмен өткен күндерін,
Сағына жырлап тау ұлы.
Шертеді шерлі бубенін,
Езіліп іші-бауыры.
Күрсінсе кірпік ілмедім,
Мендегі мұңлы домбыра.
Толқимын неге – білмедім,
Кеудеме нұрың қонды ма?!
Ойымды тербеп әрдайым,
Түсіме жиі кіресің.
Жарқырап жауһар маңдайың,
Далаңды шарлап жүресің.
Келсе бір еркін құйғытқың,
Таулардың алып батасын:
Жұлдыздай аққан жүйріктің
Үстінде бара жатасың!
ҚАНЫШ
Бір жұлдыз тіл қатады ғарыш жақтан,
Әйгілеп ел мұратын Қаныш тапқан.
Тәңірі өзі таңдап сүйген ұлға,
Ақыл мен ой тізгінін тең ұстатқан.
Жақұттай жалт-жұлт етіп сан қырынан,
Жаһанға сәуле шашты жан нұрынан.
Қазақтың дара біткен шоқтығындай,
Жотасы биік тұрды барлығынан!
Сыйса да бір басына бүкіл ғалам,
Тағдыры көрінбейді бүтін маған.
Көзіме елестейді оны ойласам,
Арыстан айдаһарға жұтылмаған.
Тік қасық қашанда көп әзір асқа,
Күреспей өткен күннің бәрі босқа.
Тапсырып аманатын кете барды,
Тақуа Тарих деген кәрі досқа.
Өткен жоқ оң мен солын абайламай,
Алаштың ақ туына қарайламай.
Қанышқа емес пе еді үсті түгіл,
Жетіқат жердің асты шарайнадай.
Ақтарып тұңғиықтың мол кенішін,
Толғанды шер толқыны кернеп ішін.
Қаныштың таусылмайтын өзі кеніш,
Ғасырлар керек зерттеп көрмек үшін!
Заманның зікір салып әміршісі,
Оған да мың құбылған өмір түсі.
Дүние жүз толғанса қайта тумас,
Қаныштай қара жердің тамыршысы!
Тектінің күні түссе дүбәраға,
Тіріде дөң басына шығара ма?
Ақсиған азу тісі алты қарыс,
Заманның түрі мынау шұбарала.
Жұтынса жалмауыздай жалған бұлай.
Жаныңды қайтып бермес алған құдай.
Таусылмас, толастамас тағдыр оғы,
Талайды атып түскен ақ жамбыдай.
Тартқанмен тарамыстай ой сіңірін,
Уақыттың шешкен кім бар қайшылығын?
Көңілдің түкпірінде үңірейген,
Қуыстың толтырасың қайсы бірін?
Аузында кеткен қанша жырындының,
Тарихтың етек-жеңі жұлым-жұлым.
Уландық үндеместен жұта-жұта,
Мыстанның мысқалдаған зұлымдығын.
Шет болып Аллаға да, аруаққа да,
Шайнадық өкініштен бармақ қана.
Астынан аяғының құйын ойнап,
Қазаққа дауыл тұрар жел жоқта да.
Үстінен түспейтұғын ағаш аттың,
Япыр-ау, неткен жұртпыз ала шапқын?
Арылмас өмір бойы азабынан,
Бықсыған түтініндей жер ошақтың.
Әзәзіл айғай салып жатырында,
Тауықтай таң бозынан шақыруда.
Қанышқа бір ескерткіш қойды әйтеуір,
Алматы бұл ғасырдың ақырында.
Жатқаны жол басшыда бар масқара,
Мойныңды бұрғызбаса қандасқа да.
Келді ғой кісі бойы мыс бұйырмай,
Ағызған мыс мұхитын марқасқаға!
Өйтпесек есер қазақ боламыз ба,
Көрінген ши жүгірткен арамызға?
Соны айтып күңіренеді,
Жер бетіне
Тарыдай шашыраған моламыз да!
СОҢЫНДА СӨЗІ ҚАЛҒАН
Жетеді мұратына талпынған жан,
Маздаса өмір оты шалқып жанған.
Келер ме қайта айналып, шіркін, жалған,
Аттанған сол бір бала Елтінжалдан!?
Кім білсін Алтынжал ма, Елтінжал ма,
Жер аты жоғалмайды ел тұрғанда.
Елтінжал тебіреніп жатқаны анық,
Шыр етіп дүниеге ол туғанда.
Елтінжал – алтын бесік, күміс құндақ,
Тербетті жөргегінен нұр ұшқындап.
Киелі, қасиетті атамекен,
Қашанда туған ұлын тыныс қылмақ!
Алыстан атырабын сағым жуған,
Уа, шіркін, Елтінжал-ай, сағындырған!
Кіндігін Ғабитінің Қызыр кесіп,
Аспанның ақ сүтіне шомылдырған!
Соңында сөзі қалған ер өлмейді,
Елтінжал ертелі-кеш елеңдейді.
Қиырға қыз-қарағай мойнын созып,
Оралып Ғабең бір күн келер дейді.
Толтырып айналасын өлең-жырға,
Топ бастап түседі әлі Ғабең мұнда.
Құстары Елтінжалдың ұйықтамай жүр,
Кеп қалса қайтеміз деп таң алдында.
Көрінсе ай маңдайын жарқыратып,
Құшады қуаныштан халқы бақыт.
Шулайды орман-тоғай шүйіншілеп,
Аспанға анадайдан бөркін атып.
Дәм татпай көптен туған аймағынан,
Қайда жүр, кешікті ғой қайран ұлан?
Барлауға болашақты кетті ме әлде,
Ғасырдың аман шығып ойранынан?
Айырылып қатарының қаншасынан,
Қырғынды кешіп өтті қан сасыған.
«Бейімбет жау болса егер, мен де – жау!» деп,
Қатерге басын тікті жан шошыған.
Сұмырай судай төккен қызыл қанды,
Тарихтан жасыра алмас ізін мәңгі.
Қаламның ұшыменен Мүсірепов,
Қасірет мұхитының мұзын жарды!
Үрейден үн шығармай тысқа мүлде,
Жүз өліп, жүз тірілдік қысқа күнде.
Ғабеңнің қаһармандық куәлігі –
Бесеудің жазған хаты Сталинге!
Жырлауға жетер ме оны жыр құлашы,
Болмаса Мұхтар, Сәбит тұрғыласы.
Көтеріп ұлттың туын келе жатыр,
Заманның заңғар ойлы сұңғыласы!
Мағжандай демесеңіз атылмады,
Найзағай төбесінде шатырлады.
Алыптар ортасында маңғаз басып,
Әнеки, Елтінжалға жақындады.
Елтінжал жүз жасаған ұлын күтіп,
Сайрайды бұлбұлдары құбылжытып.
Тамсантып Ғабең соққан сөз сарайы,
Әлем тұр таңдайының суын жұтып.
Көз салып қолмен төккен өрнегіне,
Марқайып отыр өзі төрде, міне!
Еліне осы жолы есеп беріп,
Кетпекші бір ғасырлық еңбегіне!
Қарсы алып ардақтысын мына ғасыр,
Той өтер Елтінжалда ұлан-асыр.
Ғаламның Ғабең шертсе шежіресін,
Тереңнен төңкерілмей тұра ма сыр!
Сыртылдап алтын сағат күміс баулы,
Білмейді уақыт бір сәт тыныстауды.
Тапсырды ұлы Ғабең ұрпағына,
Тәуелсіз елдің Туын тік ұстауды!
Білмеймін Алтынжал ма, Елтінжал ма,
Жер аты жоғалмайды ел тұрғанда.
Тұсынан Елтінжалдың нұрын шашып,
Рухы жарықтықтың жарқылдауда.
ҚАСЫМ
Айқастан аман шығар мыңнан бірі,
Ақындар – арпалыстың құрбандығы.
Өлеңнің қағанағы жарылған күн –
Қасымдай хас тұлпардың туған күні.
Қызғыштай қорып өтсе сөз мұрасын,
Қалайша ақындарды жазғырасың?
Халқының қасіретін мөлдіретіп,
Төгілген көз жасымен жазды Қасым.
Артынан ажал қуып тақымдаса,
Бола ма айдаһардай ақырмаса?
Қаламын қанжар етіп майдандасты,
Қасына Жебірейіл жақындаса.
Айтарын айтып кеткен бір ғасырға,
Қасымның кеуде соғар кім қасында?
Атанса Қарқаралы өнер шыңы,
Ту тігіп Қасым соның тұр басында!
Жасқанбай жалын атқан шерлі күнде,
Қасымның Қасымдығы ерлігінде.
Алдымен аруағына қарыздармыз,
Біздерді ақын десе ел бүгінде.
Оқысаң отты жырын дауылдағы,
Басылар жүрегіңнің ауырғаны.
Қасым ғой қабыланға қарсы шапқан,
Өлеңнің Момышұлы Бауыржаны!
ЕКІ ЕЛГЕ БІРДЕЙ
(Түгелбай Сыдықбековке)
Манастың ата жұртында
Өзіңсің таудай бір тұлға.
Еңіреп туған, ер Түкем,
Қазақ пен қырғыз ұлтында.
Ұлылық нұры ішіңде,
Арыстан-айбат сыртыңда.
Жасыңнан түстің жасқанбай,
Тағдырың салған мың сынға.
Басыңнан талай шайқадың,
Қайғының қара бұлтын да.
Қақ жарып мұздың қабатын,
Қамалдың бұздың құлпын да.
Таудағы тарғыл бұғыдай
Бір шыңнан тарттың бір шыңға.
Екі елге бірдей ес болдың,
Заманның кетпей ырқында.
Той болса төрде отырдың,
Қазақ пен қырғыз ғұрпында.
Езуден енші бердің де,
Жарты құрт тұрса ұртыңда,
Қазаққа таңдап мінгіздің,
Жүйрік жүрсе жылқыңда!
Сен десе қазақ шапқылар,
Аяғы келсе сылтуға.
Атойлап шықсаң дайынбыз,
Жағасын жаудың жыртуға.
Мұқаңдай ыстық құшағың
Тоңғанда бізді жылтуда.
Жасай бер менің, ер Түкем,
Тотыдай түлеп, құлпыр да!
ӨЛЕҢ-ЕСТЕЛІК
(Құрманбай Толыбаевтың рухына)
Жан едің жібек мінез, майда қоңыр,
Жан аға, сенен де өтті-ау қайран өмір.
Сыздайды сыр алдырып жүрек, шіркін,
Түскенде жақсы күндер ойға не бір.
Шыдаған қиындыққа көнбіс ағам,
Сабаздар некен-саяқ сен құсаған.
Оралмас биік шыңға кеттің шығып,
Жетер ме созсам қолым енді саған?!
Жазушы ең солдан оңға, оңнан солға,
Қағазға үңілуші ең таңнан-таңға.
Түбіне мына дүние жеткізбеді-ау,
Теңіздей тебіреніп толғансаң да.
Сағымдай көкжиекте бұлдыраған,
Тар соқпақ өмір жолың мың бұралаң.
Сіркіреп ауық-ауық тұрушы еді,
Төбеңде тағдыр бұлты тұнжыраған.
Өткеріп көзден өмір елестерін,
Есімде талай кеште кеңескенің.
Жас алып жанарыңа отырушы ең,
Сағынтса Омарғазы, Дәнештерің.
Өксігі өзекті өртеп қайран жердің,
Жағасын еске алушы ең Сайрам көлдің.
Тартушы ең бар қазақты бауырыңа,
Демеуші ең қай рудан, қайдан келдің.
Келген соң бұл дүниеге өсесің де,
Табанға тағдыр кілем төсесін бе?
Асының жайлауында туыпсың да,
Құлжаның ержетіпсің көшесінде.
Ілінбей қызыл қытай пышағына,
Оралдың атамекен құшағына.
Оқыдың, отау тіктің, төрге шықтың,
Көнбестен қатал тұрмыс тұсауына.
Екшейді өмір өзі кім қандайын,
Сыйлады білген қазақ Құрманбайын.
Үстінен көш өтсе де мыңқ етпейтін,
Қайыспас қара нарым, кең маңдайым!
Кең қолтық, мырза мінез, момын ағам,
Ізіңнің үлгі еді ғой бәрі маған.
Отыз жыл қасыңа еріп еркеледім,
Болдым да әрі бауырың, әрі балаң.
Ойлапсың ұлттың қамын бала жастан,
Кезің көп қиянатпен жағаласқан.
Кісілік көкірегің толып тұрған,
Құдайдың қазынасы едің маған ашқан.
Үйіңде қаламың тұр тыным алған,
Шығатын өзің жоқсың күліп алдан.
Біздерді енді қайта кезіктірмес,
Ортада ажал деген Ұлықорған.
Көнбеске амал бар ма мәңгі бұған,
Артыңда медет болып қалды мұраң.
Кіршіксіз жаны таза, жайсаң аға,
Іздеймін елесіңді таң нұрынан!
МАҢ-МАҢ БАСЫП КЕЛЕДІ
(Еркеғали Рахмадиевке)
Асқақтатып ағасын аспандатты демеңдер,
Менен бұрын бағасын беріп қойған кемелдер.
Көкірегі күй сандық - ән мен жырдың қоймасы,
Алдарыңда, ағайын, сырлы сазды кемеңгер.
Бала күні белгілі бәйшешегін қар көмген,
Даралығы әйгілі өнер сүтін арда емген.
Төрт пұшпағын дүниенің түгел шолып келеді,
Өркешінде жылдардың желмаядай зар желген.
Асанқайғы емес ол жерұйықты іздеген,
Бәйжігіттің көзі ғой бірге жүрген бізбенен.
Күй жалғасып келеді, ән жалғасып келеді,
Маң-маң басып келеді Мұқан салған ізбенен.
Тарландарға қосылған тай күнінен марғасқа,
Жеті бүктеп жетпісті басып отыр жамбасқа.
Сұлтаны боп жұртының, ұлтаны боп ұлтының,
Кесіп берген қоң етін қасындағы қандасқа.
Шыңға шыққан өнердің ауыр жүгін арқалап,
Рахмади ұлына көз тігеді шартарап.
Түбін қусаң Тұғырылдай хан тұқымы емес пе,
Шыңғысханға ұқсайды шіренгені шалқалап.
Маңғаздығын Ғабиттің қадыр тұтқан Ерағам,
Желп етпейді мақтауға жан-жағынан бораған.
Есенейдей шалқыған болмаса да байлығы,
Өнері ғой мыңғырып өрген малы қорадан.
Бұдан артық не керек бір басына адамның,
Шұғыласына шомылса шабыттанған ғаламның.
Өнер сүйген қазақтың мөлдіреген аспаны,
Елжірейді сазына Еркеғали ағамның!
СҰҢҚАР АҚЫН
Жырлары ғасырларға жалғасатын,
Тудырған ақындарды ел жасасын!
Жасыңнан поэзия аспанында
Жасындай жарқылдады Олжас атың!
Сыйынып бабаларға қолдайтұғын,
Жыр жаздың арпалысып, алмай тыным.
Шуластық туды деп бір сұңқар ақын,
Ғарыштың биігінде самғайтұғын!
Қанаты жатырқаған тар заманды,
Самғай бер, Сұңқар ақын, самға мәңгі!
Айбынды тауларыңды төмендетпей,
Келесің асқақтатып кең далаңды!
Оқыдық «Аз и Я»-ны басқа жастап,
Кірпікке қуаныштан жас қонақтап.
Бүгінгі Мусин-Пушкин ести сала,
Жүгірді Кремльге сасқалақтап.
Демедің тарихшылар бас қатырсын,
Оятып, тіл бітірдің тасқа тылсым.
Ақынға қару ұстау жараспайды,
Қаламмен қамал бұзған хас батырсың!
Білесің арқаңда ауыр жүгің барын,
Жолыңнан азаматтық жығылмадың.
Аузынан аждаһадай жалын шашқан,
Көмейін кесепаттың тығындадың!
Дарқандық, мейірім мол мінезіңде,
Жаралған жан емессің құл езуге.
Қазақтың қасиеті де бір өзіңде,
Қазақтың қасіреті де бір өзіңде!
Болсын деп саған тартқан дүлдүл ақын,
«Олжас!» деп қойдық талай ұлдың атын.
Олжеке, таяныш бол!
Туған елің
Тәңірден тілегенде тіл мұратын!
Тұлпарға жердің түбі алыс болмас,
Сұңқарға жардың басы қоныс болмас.
Қазақтың Олжасысың қайда жүрсең,
Болмайсың ешқашанда орысқа Олжас!
Жақсы аға, жаның таза бал бұлақтай,
Жырларың жұпар атқан таңғы бақтай.
Жетпісің құтты болсын жетіп келген,
Далаңды дүбірлетіп арғымақтай!..
ТАБЫНЫП ӘУЕЛ БАСТАН
(Римма Казаковадан)
Өзіңді сүйемін мен, Олжас жолдас,
Жаныңды ешкім оңай жаулай алмас.
Жырыңа қаншама рет жанып-күйгем,
Жалынға лаулап тұрған кім шарпылмас?
Табынып әуел бастан талантыңа,
Балағам әр сөзіңді саф алтынға.
Өмір-шың, шыңға қорқақ шыға алмайды,
Батырға жеңіс те бар, жоғалту да.
Әрі пәк, әрі жомарт, әрі күшті,
Жырыңнан жас жүрегім қанып ішті.
Бірбеткей мінезің бе – сол да сөз бе,
Тұтқының болғам сенің бағынышты.
Ақынсың өзгелерден жырың бөлек,
Сүйемін, сені сүйе білу керек.
Сен тіпті қоңырлатып ән салсаң да,
Қиырдан ел таниды үніңді ерек.
Айнымас әділдіктен, бетін бұрмас,
Өмірге сендей ақын қайта тумас.
Сүйесің көп нәрсені бұл дүниеде,
Сүйемін сол үшін де өзіңді, Олжас!
Білемін дұшпаныңды алыс-жуық,
Ыстықсың тартқан сайын олар суық.
Бір рет былғанған соң көкірегің,
Ешкім де тазарта алмас кірін жуып.
Ұнатам, тіпті шалыс басқаныңды,
Самғасаң сапырасың аспаныңды.
Пір тұтам еңсеңді де елден биік,
Жылуын жүрегіңнің шашқаныңды.
Шаршамай шартарапты шарладым мен,
Тартыстым талай-талай жауларыңмен.
Сырымды жайып салғам, алғаш сені,
Өмірдей сүйіп тұрып бар жаныммен.
СЕРПІЛ, АҒА!
(Тұманбай Молдағалиевке)
Егіліп жылай берме, серпіл, аға,
Жылаумен көздің жасы сарқыла ма?
Ақыны Алатаудай күңіренсе,
Қайыспай қабырғасы ел тұра ма?
Айырылдың балапаннан бауырдағы,
Қиын-ақ жүрегіңнің ауырғаны.
Қазақтың қара нары емес пе едің,
Қасқайып көш бастайтын дауылдағы.
Не болар қалың елің сен жыласаң,
Қайғыға тізгін беріп қалжырасаң.
Алдыңда айдаһардай аңдып жатқан,
Басынан қасіреттің қарғымасаң?
Сарғайып ерте сөнсе көк жұлдызы,
Бір сәтке жабырқайды жердің жүзі.
Еліңе өзің көңіл айтқаның жөн,
Құралай емес пе еді елдің қызы?
Ағажан, үгілмеші, бүгілмеші,
Қайғының қармағына ілінбеші.
Астынан қабағыңның шуақ шашып,
Жымиып бұрынғыдай күлімдеші.
Тағдырдың талқысы мен тезіне көн,
Алланың қылған ісі өзіне жөн.
Қарашы, мынау байтақ дүниеге,
Ақынның ойға толы көзіменен.
Кім келіп бұл өмірге, кім кетпеген,
Өтерміз біз де сол бір дүрмекпенен.
Еңсеңді төмендетіп, еңкейтпеші,
Басыңды бүкіл қазақ құрметтеген.
Қайтемін сөзді созып, айта беріп,
Көңілді жырларыңмен байтақ едік.
Халықтың керегіне туған ұлсың,
Жігерлен, тұғырыңа қайта қонып!
ТӨКЕН
Семейде отыр Ибрагимнің Төкені,
Іздей қалсаң, мұражайда мекені.
Санамаймын жазғаны мен сызғанын,
Бар қазаққа белгілі кім екені.
Шырақшы емес, ол – Абайға шабарман,
Абайға құл болған жанда жоқ арман.
Алпыс жылғы азабының қисабы –
Алпыс тал шаш самайында ағарған.
Ертісті өзі меншігіне алғандай,
Емен-жарқын аралдағы ормандай.
От пен суға мойымаған сүйегін,
Тарбағатай жартасынан жонғандай.
Төкен осы – сырты қара, іші аппақ,
Қазақ көрсе жүргені ылғи құшақтап.
Арамдар мен надандарға кезіксе,
Өткір сөзбен өлтіреді пышақтап.
Төкен осы – жапырағын жұтатпай,
Жел өтінде желбіреген бұтақтай.
Иә, болмаса мұражайдың төрінде,
Сөйлеп тұрған бейне кісі – кітаптай.
Кейімесе қажығанда бәзі бір,
Дүниенің оған көп пен азы бір.
Ірілердің ортасында ізетті,
Інілердің ортасында қазымыр.
Орындалған емес ешбір жоспары,
Сүйенетін сеңгір тауы – достары.
Сағынары – Серікқалиев Зейнолла,
Табынары – Сүлейменнің Асқары.
Қандай кісі жақсы көрмес Төкенді,
Кейде дана, кейде қисық әпенді.
Қалыбына сыймай қалып қара шал,
Танытпаса жарар еді көкемді?!.
КҮРЕСІП ХАЛҚЫҢ ҮШІН
(Фариза Оңғарсыноваға)
Күресіп халқың үшін қаршадайдан,
Өткердің арпалысып қанша майдан.
Боз қырау самайыңнан төгіліп тұр,
Бозарған сәттеріңдей шаршап ойдан.
Жан әпке, барлығы да көз алдыда,
Көрдік қой тажалды да, ажалды да.
Сағымдай бұлдыратып артқа тастап,
Замана бізден-дағы озар мына.
Бұл қазақ ділін сатты, тілін сатты,
Ақыры бірі келіп бірін сатты.
Солардың сырын біліп, сырт айналып,
Өзіңе Мұқағали мұңын шақты.
Сәбидің ести қалсаң тілін тәтті,
Сағындың қыз күніңді тұлымшақты.
Өлеңнің өлкесінде ойнақ салған,
Сипадың кекілінен құлыншақты.
Мінезің найзағайдың мінезіндей,
Ойнатар көкте жасын кім өзіңдей!?
Қоғамның іші қайдан тазарады,
Бес батпан бетіндегі кір езілмей?!
Шыққанда желе-жортып мұнша қырға,
Кісіге қиын екен мұң шағу да.
Туатын алдымызда ғажайып күн,
Уақыттың бүлкілдейді құрсағында.
МАРФУҒА
Құйылған өлең-жырдан бар тұлғасы,
Қазақтың маржан төккен Марфуғасы.
Аққудай қанатыңды еркін қағып,
Астана аспанында жарқылдашы!
Тереңнен ақтарылса сөз тұнбасы,
Сезімнің саған аян сарқылмасы.
Төрінен ақ сарайдың осынау бір,
Сараның сіңілісі, саңқылдашы!
Апатай, жасқанбашы, тартынбашы,
Жүйріктің жұртқа мәлім алқынбасы.
Жөңкілген Жетісудың өзеніндей,
Төгілші, тасқындашы, қарқындашы!
Елімнің еркелеткен Марфуғасы,
Есіліп ақ жібектей толқындашы.
Ілияс ағасына тартып туған,
Өзге емес қазағымның қолтумасы!
Ақынның ардақталса алтын басы,
Бақыт жоқ одан асқан ең турасы.
Сағыныш өртегенде өзегіңді,
Сайрамның самалымен салқындашы!
Келгенде қара өлеңнің Марфуғасы,
Халайық, көңіл қойып, сәл тыңдашы.
Қайтемін тағдырына терең бойлап,
Белгілі өзінен сөз артылмасы!..
СЕН ДЕ БІР АСАНҚАЙҒЫ
(Ақселеу Сейдімбекке)
Алпысқа келіп қапсың, асыл аға,
Отыз жыл біз ергелі қасыңа да.
Тауыстың көз майыңды ақ қағаз бен
Үңіліп туған жердің тасына да.
Тербеген тал бесігін кең даласы,
Ұлтыңның сенсің нағыз бел баласы.
Домбыра, қобыз үні емдемесе,
Қазақтың жазылар ма жан жарасы?!
Еңіреп қаршадайдан елім дедің,
Жақсымен жалғыз дәнді бөліп жедің.
Ағайын арасына сызат түссе,
Дәнекер жүрегіңмен желімдедің.
Пәленің бастан кештің не түрлісін,
Заманың қожаңдатып шоқындысын.
Қолыңа таяқ ұстап келе жатсаң,
Ахмет Байтұрсынов секілдісің.
Жел өтсе іргемізден жалаң қабат,
Ертеңге көңіліміз алаңдамақ.
Арман не артыңдағы асау толқын,
Түзесе көштің бетін саған қарап?!
Емес пе бақ пенен сор егіз деген,
Уызын тағдыр саған емізбеген.
Ақселеу атың машһүр болғанымен,
Сен де бір Асанқайғы жоқ іздеген.
Бойымен, ойымен де заңғар аға,
Өзіңсіз ортамызда сән бола ма?!
Алыстан мен мұндалап көрінетін,
Асқар тау жарасады кең далаға!
ТАРПАҢНАН ТУҒАН ҚҰЛЫНДАЙ
(Қажымұрат Нағмановқа)
Ел үшін соғып жүрегі, ел үшін талса білегі,
Жігітті өрге жетелер, көтерер көптің тілегі.
Тарпаңнан туған құлындай даланың арда түлегі,
Алқалы топтың туындай абыройың аспан тіреді.
Жарқылдап өстің жасыңнан, сарбаздай жарақ асынған,
Жаралған оттай жасыннан, тұяқсың туған асылдан.
Сөзің жоқ бастан асырған, сырың жоқ жұрттан жасырған,
Дұшпанды қудың қасыңнан, кеудесін керіп басынған.
Күн кешіп адал еңбекпен, жампозсың өзің ержеткен,
Нөсерді кештің селдеткен, боранды көрдің желдеткен.
Есікке бітер қасиет, бесікке біткен жөргектен,
Жаныңды ұқты ел көптен, қазақтың мұңы тербеткен.
Әркімнің жөні бір басқа, сен де бір жүйрік марғасқа,
Жарымай келем мен қасқа өзіңдей батыр жолдасқа.
Қайраткер, шіркін, қайда бар ысқырып тұрсын айдаһар,
Қоң етін кесіп беретін қарындас пенен қандасқа.
Түзейсің елдің қисығын, жамайсың жолдың жыртығын,
Сүрінбей өтсін жолаушы жерінде қазақ жұртының.
Іргеңде жылан жатпасын, сыртыңнан кезеп атпасын,
Қызғаныш деген қаскүнем қанды ауыз қара мылтығын.
Қабыл ал, бауыр, толғанып жыр жаздым өзің жайында,
Өрнекті сөзге өзек боп жүресің әркез ойымда.
Жарқырап айдай төрде отыр қазақтың барлық тойында,
Сарқырап ақсын бұлақтар сен жүрген жолдың бойында.
Қымбат қой елге қашанда өзіңдей ердің бағасы,
Арқаңа жапқан шапанның малынсын нұрға жағасы.
Тау асып тасты бассаң да, желдіртіп жүзден ассаң да,
Астыңа мінген атыңның түспесін сынып тағасы!..
ҚАЗАҚТЫҢ ТУЫН КӨТЕРДІҢ
(Дәулет Тұрлыхановқа)
Балуанның күші, ақынның мысы басқанда,
Тіл шығады екен тұншығып жатқан тастан да.
Қаршадай күннен күреске түскен, бауырым,
Қазақтың туын көтердің биік аспанға.
Арғы атаң қажы, бергі атаң ақын болғанда,
Өз әкең палуан – соққысы қатты сом балға.
Қазақтың туы ешқашан төмен түспейді,
Солардан қалған асылдың көзі сен барда.
Туласа бойда қайрат пен жігер, батылдық,
Жетелер шыңға бабаға біткен батырлық.
Айқасып жатсаң шетелде кілем үстінде,
Айғайға басып аруақты талай шақырдық.
Тау менен дала тегіне тартқан, арысым,
Тұлғаңды сенің болашақ түгел танысын.
Қажымұқанның қасиет тұтып киесін,
Келесің қорғап ұлтыңның ұлы намысын.
Елдікті жырлап жар салып жатсақ біз бүгін,
Сен ұстап тұрсың спорттың алтын тізгінін.
Әлемді шарлап жеңістің туын желбірет,
Қадірлей түссін қазақтың Тәуелсіздігін!
БҮКІЛ ҚАЗАҚ ЖИНАЛЫП
Несіп Жүнісбаевтың кітабының
тұсаукесерінің дастарханына кешігіп
барғандағы шыққан өлең.
Қазақ қазақ бола ма кешікпеген,
Өлең деген өзенді кешіп келем.
Мен қалайша Несіпбек бола алмаймын,
Сыңарым тұр сұңғыла Несіп деген!
Шал болғанша қаусаған, қалтылдаған,
Саусағыңнан түспесін алтын қалам.
Спорт деген мұхиттың айдынында,
Жығылмасын желкенің жалтылдаған!
Бәйтерексің сыйлайтын бұтаны да,
Бұлбұл қонсын тек қана бұтағыңа.
Бүкіл қазақ жиналсын әр қиырдан,
Бал арадай үймелеп кітабыңа!
ҚУАТҚА КӨҢІЛ АЙТУ
Қуатжан, көз жазыпсың Балташыңнан,
Баланың ішіндегі ерке асылдан.
Үсікке ұрыныпты абайсызда,
Жауқазын гүлі жайнап ерте ашылған.
Адамның бұрын-соңды жаратылған,
Ажалға ешбірі жоқ ара тұрған.
Сен тұр ғой Лұқпан Хакім, ұлы Абай да
Мезгілсіз қайырылған қанатынан.
Қайғыны қарсы алмасаң ақылменен,
Жалғанның бас-аяғы жақын деген.
Білесің Базары мен Назарынан
Айрылып зар илеген ақын Кенен.
Қиылып талай қыршан өмір өткен,
Іздесең толып жатыр төңіректен.
Бұл ажал жортып жүрген Жошыны алып,
Қаһарлы Шыңғысты да еңіреткен.
Болған соң өзіне жөн бір Алланың,
Қайырып қайта бермес шын алғанын.
Амал не өле-өлгенше тарқамайды,
Кеудеңе шер боп қатқан бұл арманың.
Қайғыңды бөлісетін халқың барда,
Хақың жоқ серпілмеуге, талпынбауға.
Қайтесің жылайсың да, шыдайсың да,
Жұлынбас жапырағы жан туған ба?
Үміттің шорт үзілген жібін жалға,
Жетелеп желкілдеген ғұмырды алға.
Егіліп жылай берме, ақ бестінің
Соңында ізін басар құлын барда.
Тәтті ғой көрінген соң бала балдан,
Жұлдыздай жарқ-жұрқ етіп жана қалған.
Немерең – Алдиярың аман болса,
Бауырың бүтінделер жараланған!
Көтерер азаматсың нардың жүгін,
Жеңеді жазғырғанмен тағдырды кім?
Қайғыға қайратыңды қарсы қойып,
Кере жұт келе жатқан таңның нұрын!
ҚОЛТАҢБА
Аман жүр, айналайын, Адай інім,
Жақсының жанына ерген талайының.
Асылдың өзің де бір сынығысың,
Емессің жұқанасы қалайының.
Жігіттің не мықтысын мен де көрдім,
Атының қатты тартқан шап айылын.
Бар болсаң барлығыңды көре алмайды,
Жоқ болсаң бере алмайды ағайының.
Төбеңе әңгір таяқ ойнатады,
Байқаусыз бола қалса сәл айыбың.
Өнерді кие тұтқан құр қалмайды.
Есігін ашып көңіл сарайының,
Жүргендей сезінесің кейде өзіңді,
Ішінде жыртқыш пенен жабайының.
Кісіден құны қымбат осы күні,
Шошқаның қорсылдаған торайының.
Қазаққа дауа бар ма жете алмаған,
Біз түгіл қадіріңе Абайының.
Бағзыдан келе жатқан басын бұрмай,
Бұл өмір солай, інім, солай інім!
ЖАУЛАСПА
Жауласпа жалғыз ауыз сөзге бола,
Жараспас тарақ ұстап таз балаға.
Құйрығың бір-ақ тұтам шолтаңдаған,
Күпсініп көрінгенмен көзге ғана.
Көңілің көр тышқандай жер кемірген,
Жүйрікті көре алмайсың желге мінген.
Қызыл шоқ – қызғаныштан өртенесің,
Көз сатып гауһар тасқа елде жүрген.
Қайтесің өзіңдегі жоққа жылап,
Сасыған қара доңыз боққа құлап.
Сорлының санасына сөз қонар ма,
Әу баста жаралған соң ақпақұлақ.
ЕЙ, БЕЙШАРА
Ей, бейшара, танымасаң кісіні,
Мен боламын жолбарыстың күшігі.
Сен боласың салпаң құлақ есектің,
Арам қанды адам тектес пішіні.
Мен емеспін сеніменен еншілес,
Саудагерсің сұмпайымен көршілес.
Тор тоқымай тұра алмайды өрмекші,
Боқ шоқымай қарға көңілі көншімес.
Құс баласы ұясында жатады аз,
Қаңқылдаумен күн өткізер ата қаз.
Көкке ұшуға жазбаған соң Жаратқан,
Көлшігінде малтығанға бақа мәз.
ӘР ЖЕРДЕ АУЗЫН БЫЛҒАР
Суырдай ыңқиттаған ін түбінен,
Кісінің, сақта құдай, сімтігінен.
Мен-дағы сағыныштың көз жасымын,
Үзілген қара өлеңнің кірпігінен.
Тырнадай жүнін жұлған, тыраш бала,
Тұнығын жүрегімнің ыластама!
Сиырдай шалшық ішкен сасық бақай,
Жасыңнан иіскегенің шуаш қана.
Танауың қайдан сезсін гүлден иіс,
Қайырған, қара торпақ, күнде күйіс.
Жұлығы жұлым-жұлым, жаман шәркей,
Жарытып берем дейсің кімге киіс?
Даланың мен бір жортқан аш бөрісі,
Тағдырдың жанға батқан тас беріші.
Күмпиген қуыс кеуде қу шығарсың,
Су тиген көн етіктей бас терісі.
Тірлігің тасбақадай тарбаңдаған,
Тасқынға түсіп кетіп тал қармаған.
Анадан сүттей таза туғанменен,
Әр жерде аузын былғар арланбаған.
Кісінің сімтігінен сақта құдай,
Бүлдірер елдің ішін оттап ұдай.
Артының қандайлығы өзіне аян,
Бетінің айғыз-айғыз сатпағын-ай!
ТЫРАҢ АСАР
Мына тұстан атойлап, ана тұстан,
Бір-бірімен қазақпыз көп атысқан.
Арыстанның ойнайды аруағымен,
Тірлігіне мастанған қара тышқан.
Тірі мысық көрінсе тұра қашар,
Кім бар оның сөзіне құлақ асар.
Арыстанның аруағы ашуланса,
Тышқан байқұс тыпырлап тыраң асар...
ТӨРТ АМАЛ
Уақыт күйін кім солардай шерте алар,
Тылсымдарға кім төтеден жол табар?
Дүниенің төрт бұрышы секілді,
Бар ғылымның түп атасы – төрт амал.
Өмір заңы айнымайды тегіннен –
Қосу,
Алу,
Көбейтуден,
Бөлуден.
Төрт мезгілден тұрады адам ғұмыры –
Туу,
Өсу,
Қартаюдан,
Өлуден.
Тіршіліктің шешілмеген есебі,
Әлі талай қолдан-қолға көшеді.
Королевқа ғарыш кілтін ұстатқан,
Архимедтер, Галилейлер кешегі.
Жету үшін алыстарға тым анау,
Аздық қылар телескоптан сығалау.
Өмір бойы шешілмейтін бір жұмбақ,
Мүмкін адам жүрегінде шығар-ау?
ЕМХАНАДА
Көк желкеме көк дауыл үйіріліп,
Ауық-ауық өтеді құйын ұрып.
Бастың іші солқылдап шыдатпайды,
Шағып жатқан секілді бүйі кіріп.
Қайыршыдай дорбасын арқалаған,
Шықпай қойдым айналып емханадан.
Ем табармын, япыр-ау, қайда барып,
Еңкеймей тұр тағдырым шалқалаған.
БЕЙМӘЛІМ
Беймәлім маған, қалқам, есімің де,
Кездестік емхананың есігінде.
Ауырып аласұрған біз ғана емес,
Аспан да, жер де сырқат осы күнде.
Сырқаттың белгілі ғой жайы қандай,
Күн қайда жарлы көңіл байығандай.
Тұрмай ма бізді қойып жалпақ әлем,
Дертінен дауасы жоқ айыға алмай.
Таң атса алтын нұрын өмір себер,
Әйтеуір келешекке көңіл сенер.
Пенденің қолынан түк келер емес,
Таппаса бір қисынын Тәңір шебер...
ЖОРТҚАН КИІК СЕКІЛДІ
Қараймын да тірліктің сүреңіне,
Ер саламын көңілдің күреңіне.
Жортқан киік секілді пенде, шіркін,
Көреді екен бәрін де жүре-жүре.
Иек артқан таулардың сілеміне,
Батқан күннің үңілдім реңіне.
Атқан таңның нұрына кеуде тостым,
Тамар ма деп бір тамшы жүрегіме.
Жігіт ем ғой от бүркіп, шоқ шайнаған,
Әлсін-әлсін неге осы тоқтай қалам?
Жүрегімді зақымдап кетті ме екен,
Ыстық қаным ызадан көп қайнаған?
ҚЫЗЫҒАСЫҢ ҚҰСТАРҒА
Табанымның астында дірілдейді жар басы,
Опырылып түсердей шетін бассаң болмашы.
Тірлік торын тоқыған қолы шебер, Тәңірім,
Жібін созып жылдардың сәл-пәл ғана жалғашы.
Асықтырып барады астаң-кестең бұл өмір,
Жібімейді қабағы қарағанмен күле бір.
Азу тісін қайраған көк бөрісі қатердің,
Ауылымның түбінде ит үргізіп, міне, жүр.
Әуел бастан белгілі аш бөрінің тірлігі,
Қарғып түсіп қораңа шулатады бір күні.
Алтын басың домалап айдалада қалмай ма,
Өмір деген боз аттың қолдан шықса шылбыры.
Сырын алған сырқатты жырға ғана емдетіп,
Алданасың көңілдің бес саулығын төлдетіп.
Қиналғанда жердегі жатағыңнан жерініп,
Қызығасың құстарға ұшып жүрген желдетіп...
ТАҢ НҰРЫНА ТАЛАСЫП
Таң нұрына таласып көз жанарым,
Аман тұрсам төсектен мәз боламын.
Жалап өткен жарғанат қанатындай,
Өмір неге осынша тез, қарағым?
Келе жатқан кідірмей ілгеріден,
Менен де ұзап барады күн-керуен.
Көк дөненге көңілім мінгенімен,
Енді қанша білмеймін бірге жүрем?
Май тамызған ақын көп тілдерінен,
Сөз сарайын күзетіп күн көріп ем.
Келді-кетті демеңдер бір жолаушы,
Опырылса өзегім діңгегінен.
Күтіп алар келешек өз қонағын,
Қашан қайрат біткенше қозғаламын.
Жемтігіне айналмас жәндік бар ма,
Ажал деген ашқарақ тазқараның.
Жәндік емен жұтылар, атым – адам,
Рухым сөнбес тұрғанда отым аман.
Жылу болып кіремін керек қылсаң,
Жыртқыштардың көзіне шатынаған...
ТАҒДЫР ЖОҚ
Қызықтап аз ғұмырды көрдік елес,
Тағдыр жоқ ат арымас, ер жүдемес.
Жалғыз-ақ жүрген сайын қылаң ұрған,
Уақыттың сақал-шашы селдіремес.
Дидары думандатқан әз ортаны,
Адамның жаны тозбас, тозар тәні.
Ауласы қоқыстанса дүниенің,
Алласы мезгіл-мезгіл тазартады.
Өзгермей өмір салты сол баяғы,
Жапырақ жылда көктеп, сарғаяды.
Көн қатса қалыбына қайта барып,
Тәңірге пенде байқұс қол жаяды.
Бірақ та бара бермес ол да ұзаққа,
Түскенше адам әлек жан тұзаққа.
Жалғаннан жортып өтер бір жолаушы,
Ер салып үміт деген жалғыз атқа...
ҚЫЗЫМ АУЫРҒАНДА
(Хорланға)
Қорғаның боп тұрайын қарауылда,
Мен құлайын, құлыным, сен ауырма.
Сен ауырсаң төбемде күн тұтылып,
Қозғалады қара жер табанымда.
Шылбырыңды ерте үзіп жетегімнен,
Құлыным-ау, қиянда жеке жүрген.
Саған жеңіл болғанмен маған ауыр,
Дірілдейді жүрегім жөтеліңнен.
Ауырмашы аяулы, алтын балам,
Қабағыңды көрсетші жарқылдаған.
Өмір деген алапат көк толқында,
Кіп-кішкентай қайығым қалтылдаған.
ҰЛЫМА
От баспа, оң-солыңды байқа балам,
Толып жүр айналаңда сайтан адам.
Бағасын балапанның біле бермес,
Ұяда жұмыртқасын шайқамаған.
Безбүйрек бүлк етпейді дәті берік,
Қалсаң да орта жолда атың өліп.
Сыпайы сырттарынан көрінгенмен,
Бір-бір ит іштерінде жатыр өліп.
КӨЗІМДІ АШСАМ
Көзімді ашсам жайнаған күнді көрем,
Нұрды көрем бұлттарды тілгілеген.
Тауды көрем, көремін көк орманды,
Гүлді көрем жібектей үлбіреген.
Кең даланы, өзенді, көлді көрем,
Құсты көрем қанаты желбіреген.
Сені көрген көзімнің арманы жоқ,
Таңғажайып дүние мөлдіреген...
ӘТТЕҢ, ШОЛАҚ ДҮНИЕ-АЙ
Әттең, шолақ дүние-ай, құйрық-жалын күзеген,
Жүзге жасым жетер ме жазсам саған жүз өлең?
Мүйіздейді күнде кеп қабырғасын қорамның,
Қатер деген бір дойыр қара бұқа сүзеген.
Әукесімен жер сүзіп арам қатқыр қарасан,
Күндіз-түні жатқаны бұрқылдатып қара шаң.
Азынаймын борандай амал таппай мынаған,
Алды-артымнан құлаған қатарымды санасам.
Шыққан күн мен туған ай көктен жерге телмірген,
Жаратқанның мөріндей тірлігіңе сендірген.
Көргенменен қыршынның шырақ оты сөнгенін,
Шыбын жаны қай жақта шырқырап жүр мен білмен?
Жасым жүзге ұзармас жазғанменен өлең-жыр,
Қара бұқа мүйізін сындыра алмай келем бір.
Медет күткен өлеңнен мені сен де мүсірке,
Нұрдай шалқып рухың, рахатқа бөленгір...
АРМАНЫМ – АҚҚУЫМ
Арманым – аққуым,
Алысқа талпынып,
Ұшып ең шарқ ұрып,
Ашулы бұлттардың үстінде.
Найзағай отына қанатың шарпылып,
Қайырылып жерге түстің бе?
Арманым – аққуым,
Көрік боп көңілге,
Серік боп сенімге,
Шарықтап, шалқып қал бұл күнде.
Түбі жоқ тұңғиық уақыттың көгінде
Мәңгілік самғау мүмкін бе?
Арманым – аққуым,
Жылайды кеудеңде,
Жүрегің шерменде,
Мұң шағып бір нәзік елеске.
Өмірдің өзі де айналып келгенде,
Алданыш қана емес пе?
АҚ БӨКЕН
Дертімді менің қозғама,
Онсыз да ғұмыр аз ғана.
Айта алмай кеткен сырым бар,
Жадырап тұрған жазға да.
Адасып жүрген ақ бөкен!
Қай жаққа ауып барасың,
Қай жақтан пана табасың?
Өзегі өксік дүние-ай,
Өртеніп іштен жанасың!
Асарсың шаршап сан қырдан,
Ақ боран шығар алдыңнан.
Қорғансыз болып туған соң,
Жақсылық күтпе тағдырдан.
Шексіз ғой мынау қара жер,
Өзіңді өзің пана көр.
Ажалдан қашқан, тіршілік,
Сағымдай зулап аға бер!
ҚАЙҒЫМДЫ ҚАЛЫҢДАТТЫҢ
Қайғымды қалыңдаттың неге менің,
Қасымда ұшып-қонған, көбелегім?
Жаныңа керегіңді қайдан табам,
Білмеймін өзіме де не керегін?
Құйылып өзегіме жалын көптен,
Күйім бар күйіп-жанып қаным кепкен.
Өксиді жараланған жыр жүрегі,
Бір тамшы ем таба алмай қалың көптен.
Қиянат қиып түссе жыр қанатын,
Төбеме төңкерілер бір қара түн.
Сондайда көңілді өзің жұбатпасаң,
Шығармын шынында да жынданатын...
КІНӘЛАЙ КӨРМЕ
Күлімдеп тұрып күндерді қарсы аламын,
Сезбеген болам тағдырдың салқын қабағын.
Арнасы терең, ағыны қатты өзендей,
Ағады тулап, барады зулап заманым.
Жұта алмай еркін даламның жұпар самалын,
Арманның құсын кеудеме қанша қамадым.
Туған ел үшін тамыздық етіп жанымды,
Өшкенше атым, үміттің отын жағамын.
Өрнегі жұмбақ өмірге қайран қаламын,
Шешуін таппай өтермін мен де, қарағым.
Кінәлай көрме, қайтадан жалғай алмасам,
Ғайыптан бір күн үзілген гүлдің сабағын...
ҒАСЫРМЕН ҚОШТАСУ
Мың жылға нүкте қойып сен де міне,
Кетесің еріп дәуір керуеніне:
Ғасырым, көз танитын - өз тарихым,
Қош енді, ризамыз бергеніңе!
Өткеріп сан сүргінді алашапқын,
Шығардың майданынан ғарасаттың.
Көк байрақ сен сыйлаған желбіреп тұр,
Баянды белгісіндей болашақтың!
Қайтеміз қоштасарда салғыласып,
Өмір ғой жататын бұл мәңгі ұласып.
Жалғасың – келер ғасыр жарылқасын,
Қазаққа жақындатып жолды қашық!
ТӨРТТАҒАНДАР
Айтумен жүрміз Азаттық жырын,
Тартумен жүрміз азаптың жүгін.
Өзінің тілін ит те біледі,
Итке бермесін қазақтың күнін!
*****
Ит жатпаса іргеңе,
Оған таста бірдеңе.
Бар екенін білдірер,
Ашыққанда бүрге де.
*****
Сардардың сүрінсе аты ең алдағы –
Жау жағадан, етектен бөрі алғаны.
Жусап жатқан жылқыңды үрітеді,
Көк шегіртке кісінеп көгалдағы.
*****
Қырғанменен күйесін,
Қазан түбі ағармас.
Қырсық шалса иесін,
Құмай тазы аң алмас.
*****
Тілдей торғын табылмаса тоқымыңа жиектік,
Құрым киіз қайдан болсын көк қошқарға күйектік.
Қаптап өскен қалың орман күйіп кетсе күл болып,
Титтей ағаш бұйырмайды домбыраңа тиектік.
ППооээммааллаарр
САРДАР
Көсемі батырлардың қарт Бөгенбай.
Автор.
Жырауды жаратқан ғой сөзге Құдай,
Қосылып қыл қобыздың боздауын-ай?!
Үмбетей түптен тартып толғап кетті,
Болғанын бір сұмдықтың сезді Абылай.
Жиналған билер менен өңкей батыр,
Төнгендей түнереді заманақыр.
Жыраудың соққан желдей суық сөзі,
Үйіріп қара бұлтты келе жатыр.
Езеді ауыр қайғы, еңсереді,
Ерлердің түсіп кеткен еңселері.
Жас жуып үлпілдеген ақ сақалын,
Кемсеңдеп Бұқар жырау теңселеді.
Аһ ұрған Баймұрат та, Байдалы да,
Алланың амалы жоқ байламына.
Көкшенің шоқылары ойға шомып,
Қарайды іштен тынып аймағына.
Қаралы хабар жетіп қалың елден,
Қамығып хан алдына бәрі келген.
Бурадай қаңтардағы бұрқылдайды,
Арқаның ақ бораны сары белден.
Боз қырау, бу атады кермедегі –
Аттардың алыс жолдан терлегені.
Іргесін ақ орданың үрей кернеп,
Біртіндеп шаңыраққа өрмеледі.
Дегендей ажал менен адам егіз,
Күңіреніп, бебеулейді қара қобыз.
Сексен көл мұз астында мұңға батып,
Өксиді өкіргендей атан өгіз.
Үмбетей барған сайын сұрланады,
Айтатын сұмдық еді бұл хабары.
Жаныштап қара қылды, байыз таппай,
Саусағы сағақ бойлап сырғанады.
Үмбетей өзі батыр, өзі жырау,
Қатайды кәрлі қыстай көзі қырау.
Естіртіп Бөгенбайдың ақ өлімін,
Сондағы сорғалатқан сөзі мынау:
«Уа, Алатаудай Ақшадан
Асып тудың, Бөгенбай!
Болмашыдай анадан
Болат тудың, Бөгенбай!
Құбыла соққан байтақтың
Ордасындай, Бөгенбай!
Темір жұмсап, оқ атқан
Қорғасындай, Бөгенбай!
Қозы Маңырақ, Қой Маңырақ,
Арасы толған көп қалмақ.
Қалмақты қуып қашырдың,
Қара Ертістен өткізіп,
Алтай тауға асырдың!
Ақшәуліге қос тігіп,
Ауыр қол жиып алдырдың:
Қалмаққа ойран салдырдың,
Қабанбай мен Бөгенбай,
Арғын менен Найманға
Қоныс қылып қалдырдың.
...Ей, Абылай, Абылай,
Сөзімді тыңда тағы да-ай!
Өзіңнен біраз жасы үлкен,
Дөмпеш таудай басы үлкен,
Жасыңда болған сырласың,
Үлкен де болса құрдасың,
Сексеннен аса бергенде,
Қайырылмас қаза келгенде,
Батырың өлді – Бөгенбай!
Ақ туы құлағандай аспандағы,
Көзінен Абылайдың жас парлады.
Міне, енді Бөгенбайдан айырылып,
Қазақтың ұшқаны ма бастан бағы!?
Үн-түнсіз қалды отырып шөккен нардай,
Өксіткен өзегінен шоқ тамғандай.
Тоқтады қара қобыз ыңыранып,
Қайғының қаралы үнін төккен зарлай.
Сырғанап омырауға көз жастары,
Келгендер көңіл айтып, сөз бастады.
Қайырды сөз аяғын барып-барып,
Алдымен Бұқар жырау жүз жастағы.
Абылай не заманда тілге келді,
Күрсініп бір сөйледі, бір бөгелді.
Қимайды өлді деуге көңіл, шіркін,
Кешегі көз алдында жүрген ерді.
Қиналып, қимағанмен жоқ Бөгенбай,
Тәңірге айта алады өкпе қандай?
Күңіреніп көк аспан да көппен бірге,
Бір сәтке хас батырды жоқтағандай.
Амал жоқ ажал жетіп өлгендерге,
Қалады қу сүйегі көмген жерде.
Ес жиып, еңсе тіктеп, кең толғанып,
Абылай көңіл айтты келгендерге.
Жалғыздық көреді екен адам басы,
Болмаса арқа сүйер замандасы.
Қырық күн дауыс айтып қатын-қалаш,
Жоқтады Бөгенбайды хан ордасы.
Өткенге көз жіберіп оңды-солды,
Қырық күн хан Абылай ойға шомды.
Іздеді аласұрып батырларын,
Бастайтын қарақұрым қалың қолды.
Қаһары қалың қолға татығандай,
Туар ма енді қайтып батыр ондай!?
Батырлық бабасынан желі тартқан,
Аруағын бүкіл қазақ шақырардай.
Арғында арғы түбі – Қанжығалы,
Естісе елең еткен ел құлағы.
Атысқа, шабысқа да бірдей мықты,
Аңдысқан ата жауы қанжылады.
Атасы – ер Әлдеуік қазақ асқан,
Жері жоқ батырлықтан жаза басқан.
Ежелгі Есімханның заманында,
Қатаған хан Тұрсынмен жағаласқан.
Тектілік танылмаса ерге біткен,
Не шығар қаптап жүрген боркеміктен?
Ерліктің ата жолын жалғастырған,
Туады Ақша батыр Әлдеуіктен.
Ту ұстап, тұлпар мінген батыр Ақша,
Дауылдай дүркіреген жауға шапса.
Нөкерін қасына ерген өкпелетпей,
Қылдай қып бөліп берген олжа тапса.
Демей ме төбел туар марқасқадан,
Артық боп жаратылған ол басқадан.
Сексен мың сарбаз ертіп өз соңынан,
Тұсында Тәуке ханның қол бастаған.
Ғасырлар шапқан аттай зулап өтті,
Жарысқан тұлпарларды тулақ етті.
Алланың әмірімен ер Бөгенбай,
Тұсына Абылайдың тура кепті.
Жау тисе ел шетіне әлде қандай,
Тұрар ма еркек кіндік ерге қонбай?
Абылай тумай жатып әйгілі боп,
Үш жүзге аты шыққан ер Бөгенбай!
Жарқылдап найзағайдай алдаспаны,
Серкедей суырылып қол бастады.
Бөгенбай дөңге шықса дүбір салып,
Дұшпанның жарға бұқты жер басқаны.
Абылай не көрмеді ғұмырында,
Жоңғардың кете жаздап жұмырында.
Тұрғанда сескенбейтін қалың жаудан,
Қабанбай, Бөгенбайлар тұғырында.
Түсіріп жауға шапса жасын көктен,
Дүлейдің алған талай басын кекпен.
Өмірі өкінішсіз есіне алса,
Өңкей бір көкжалдардың қасында өткен.
Дегенге батыр өлді кім сенеді?
Көңілі қара тұман бүркенеді.
Қол бастар қаһармандар ортасында,
Орыны Бөгенбайдың бір төбе еді.
Ажал кеп көк найзасын шаншығанда,
Айтыпты ханға сәлем жан шығарда.
Емендей иілмеген есіл ердің
Ерлігі қанша жырла тауслар ма?!
Абылай толғанады аласұрған,
Айырылып әкесіндей жанашырдан.
Енді жоқ Бөгенбайы, Қабанбайы,
Қалмақты Алтай таудан ары асырған.
Айықпай хан көңілі торығудан,
Өзегі өртенеді жалын ұрған.
Ең алғаш Бөкең еді-ау орысты да,
Еділден бері өткізбей кері қуған.
Жасында ары шапты, бері шапты,
Қара су ерлігінен теріс ақты.
Бөгенбай атой салып шыққан кезде,
Төрелер бұғып жатты жаны тәтті.
Қазақтың Тәуке өлген соң бағы қашты,
Бытырап, бордай тозып арып-ашты.
Бола алмай әкесіндей елге тұтқа,
Босбелбеу Болат ханды қара басты.
Әз Тәуке өле-өлгенше ел деп өткен,
Елінің бірлігіне шөлдеп өткен.
Дариға, оны-дағы алып тынды,
Қармақтай ілген ажал желбезектен.
Қазақты сақтап қалған сан қатерден,
Әз Тәуке атанбаған ол бекерден.
Қақ жарған хан болған соң қара қылды,
Әспеттеп төбесіне ел көтерген!
Ол заман Қалден-Серен қалмақ ханы,
Құйылып құмырсқадай жау қаптады.
Мұрнының келді ұшына қазақ жаны,
Батырлар бас қоса алмай жан-жақтағы.
Төбеден от тастаған ойраттардан,
Қалың ел қанға батып жайрап қалған.
Жасауға зеңбіректі көмектесіп,
Қалмақты қазаққа орыс айдап салған.
Қарудан зәресі ұшып гүрсілдеген,
Жүрегі жалпақ жұрттың дүрсілдеген.
Зымиян ақ патшаның саясаты ол,
Қысылып қолтығыма кірсін деген.
Қиратып керегесін ұрыс күнде,
Тағдыры елдің тұрды қыл үстінде.
Артпаса хан қауқары қарашадан,
Тізгінін ұстатады ұлыс кімге?
Батарын білгеннен соң азап-сорға,
Бас қосты Қарақұмда қазақ сонда.
Ұран сап ер Бөгенбай сол жиында:
«Жоңғарға, - деді, - жұртым, мазақ болма!».
Көмейге ашу қысып сөз келгесін,
Батырдың өңі қалай өзгермесін?
Суырып қынабынан жарқ еткізіп,
Қылышпен бір-ақ осты өз кеудесін.
«Таласса қорқау келіп тұрағына,
Қасқыр да қам жасамай тұрады ма?
Қайтармай жаудың бетін, - деді айғайлап, -
Кірмейді мына қылыш қынабына!».
«Айбозым, көрсеттің, - деп, - ерлігіңді!» -
Сөзіне Бөгенбайдың ел жығылды.
Атады Бас батыр деп бірауыздан,
Табады одан артық енді кімді?
Жеткізіп Тәңір өзі баққа қолды,
Сол жиын бастағандай аққа жолды.
Сайланып Әбілқайыр бас қолбасшы,
«Аруақ!» деп бүкіл қазақ атқа қонды.
Быт-шыт боп дүлей дұшпан талқандалды,
Бөгенбай ерлігіне ел таң қалды.
Сай-сайға қашып-пысып қалмақ біткен,
Шешілмей белдеуінде арқан қалды.
Қазақтың қаһарланған мысы басты,
Ес кетіп, есеңгіреп, түсі қашты.
Көршіге тыныш жатқан ұрынам деп,
Бәлеге ұлы қаусар ұшырасты.
Жинады қайта бірақ қалмақ есін,
Өткізіп өздерінше хан кеңесін.
Сәмеке, Әбілқайыр, Әбілмәмбет,
Бірігіп бәтуаға келмегесін.
Белгілі болды тағы тоқтамасы,
Атадан келе жатқан тақ таласы.
Құзғынның төнгендігін қайдан көрсін,
Қарғаның кіргеннен соң боққа басы.
Абылай көктей шолып осы жайды,
Көзінен кек ұшқыны шашырайды.
Ес қатпай хандар кетсе бет-бетімен,
Дариядай дұшпан қалай тасымайды?
Оңай ма тақта отырып ел билемек,
Баладай бабын тауып әлдилемек?
Буынан биік мансап басы айналса,
Байлыққа қашан болсын хан күйлемек.
Сұрапыл қайта шапқан жаудың беті,
Халықты содан қорғау – ер міндеті.
Жағада жартас қашып құтылмайды,
Құласа опырылып жардың шеті.
Басталды бітпес майдан ұзын-сонар,
Қыс түссе қаңтардағы қызыл соғар.
Айқаспен Бөгенбайдың өмірі өтті,
Кім оның қырда жортқан ізін шалар?..
Қазақты қырсық тағы шырғаламақ,
Басынан бақ-дәулеті сырғанамақ.
Ішқұса, ызалы жау атажұртты,
Ит жеген терідей ғып жұлмаламақ.
Ұлыған үрей кернеп кең даланы,
Басынан Қаратаудың шаң борады.
Қуырып қуырдақтай жалпақ жұртты,
Сиғызды бір қауызға хан-қараны.
Шетінен тұлпар мінген желді аяқты,
Шығыстан дүлей дұшпан селдей ақты.
Серкенің сақалындай бауыздалған,
Арқаның ақ көдесін қан боятты.
Тоқтатар Тәңір ғана тасығанды,
Қазақтың айдалада басы қалды.
Алтайды, Жетісуды, Түркістанды,
Табанда тырп еткізбей басып алды.
Қалайша қиып берер жатқа жерді,
Батырлар атой алып атқа қонды.
Шайқаста Бәсентиін Малайсары,
Атылған ту сыртынан оқтан өлді.
Жығылса алтын туы желбіреген,
Ажалдан кім құтылар белгілеген?
Аңыз бар сол соғыста Малайсары,
Қазақтың өз оғынан өлді деген.
Шабады соны ойласа қан басына,
Сырқырап Абылайдың жамбасы да.
Майданды Әбілқайыр тастап кеткен,
Кім кепіл жаза басып қалмасына?..
Бар сыры жетпегенмен бұрынғының,
Естиміз болғандығын ырың-жырың.
Ашылар сан сұмдықтың бетпердесі,
Тарихтың қайта түрсе шымылдығын.
Жау келсе жағаласып жұлқысқалы,
Қалады қасіреттен кім тысқары?
Қашанда сырттан келген жаудан қиын,
Іштегі ағайынның қырқысқаны.
Адасып ақылынан хан жаңылды,
Бөлініп қазақ қолы қақ жарылды.
«Бөрі жер бөлінгенді» деген сөздің,
Мәнісін кейбіреулер сонда білді.
Дәме қып Әбілқайыр дара тақтан,
Хан еді қатарынан оза шапқан.
Қырқыстың құрбаны боп өзі-дағы,
Қолынан Барақ сұлтан қаза тапқан.
Талайлар билік құрған өрге шығып,
Еліртіп бір бес күндік әурешілік.
Ақыры бақталасқан бәрінің де,
Түбіне жетіп тынған пендешілік.
Намысын ел қайғысы жанығанда,
Суырылды ер Бөгенбай тағы да алға.
Тимесе маңдайына қатты соққы,
Құдайын дүлей дұшпан таныған ба?
Сарбаздың қайыр күтпей қашқанынан,
Бөгенбай атой салып тастады ұран.
Ержүрек батырлардың басын қосты,
Секілді шеттерінен аш қабылан.
Бөгенбай Қабанбаймен екі арыстан,
Еңкейген екеуінен ата дұшпан.
Сілтесе найзалары қатар тиіп,
Садақтан атқан оғы қатар ұшқан.
Бөгенбай, Қабанбайдың соңына ерген
Батырлар асып туған қалың елден.
Шетінен мен атайын, сен тұр дейтін,
Найзагер, бәрі дию, бәрі мерген.
Олжабай, Наурызбай, Шөңкей, Шөрек,
Жасыбай, көкжал Барақ, ер Жәнібек.
Ханкелді, Бердіқожа, Баян, Жантай,
Баймұрат, Байғозы, Атан, Райымбек.
Тілеуке, Ақтанберді, Төбет, Жадай,
Дәулетбай, Таңсықожа, Мамыт, Мамай.
Жарылғап, Еспембет пен ер Қасабай,
Шыңғожа, Бұқа, Жауғаш, Кенже, Ақпанбай.
Тоқтамыс, Бармақ, Досай, Сарыбай, Тайлақ,
Түрі жоқ батырлардың жаудан таймақ.
Кіші жүз табыннан бар ер Бөкенбай,
Қол бастап бес қаруын келген сайлап!
Құжынап құмырсқадай қалың қалмақ,
Қазақтың малын да алмақ, жерін де алмақ.
Жұмылған жұдырықтай өңкей батыр,
Қалмақтың төбесіне ойран салмақ.
Қазақтың күңіреніп кең даласы,
Көрінді жер қайысқан жау қарасы.
Басталып жан шошырлық ұлы шайқас,
Талайдың кірері хақ қанға басы.
Жүн қылып жіберердей жерді тапап,
Екі жақ бір-біріне келді тақап.
Қалмақтан бір дәу шықты: «Жекпе жек!» деп,
Айғайлап Бөгенбайдың атын атап.
Аюдай күркірейді шойын қара,
Даусынан жаңғырады сайын дала.
Іркілмей Бөгенбай да қарсы шапты,
«Ит қалмақ, келсең-кел!» деп дайындала.
Шабынып, қаһар шашып қара дүлей,
Халыққа қарап тұрған салады үрей.
Күңіреніп қазақ жағы деп шуласты:
«Иә, аруақ, өзің қолдап, бер абырой!».
Бөгенбай жарқылдайды жай отындай,
Тажалдың тас төбесін оятындай.
Көк тұлпар ойнақтайды астындағы,
Түрі жоқ тайсалатын, таятындай.
Алдымен қалмақ кезек сұрап алды,
Көлденең ер Бөгенбай тұра қалды.
Ентелеп қарап тұрған екі жақ та,
Демдерін ішке тартып тына қалды.
Жұлдыздай жуан қалмақ ағып өтті,
Гүрзімен гүрс еткізіп соғып өтті.
Қалқанын тоса қалып қас-қағымда,
Жіберді кері серпіп нағылетті.
Бөгенбай қолына алды көк найзасын,
Асырмақ зұлым жаудан енді айласын.
Шаншыды кіндік тұстан көк сүңгіні,
Дегендей тесіп өтер жер қайдасың?
Шыбындай жаны қымбат тірі адамға,
Найзасын қарсы салды, тіреп ол да.
Тұлпарлар тізе бүкті шөке түсіп,
Күшіне алыптардың шыдаған ба?
Кім білсін қара жерді кім құшады?
Күтірлеп найзалардың сынды сабы.
Еңсеріп ер Бөгенбай бара жатса,
Қалмақ та жан бермеуге тырмысады.
Ұрғанда бірін-бірі жалтарысып,
Қақырап быт-шыт болды қалқан ұшып.
Жанталас, ойран-топыр көз ілеспес,
Жатқандай екі арыстан арпалысып.
Шайнасып, тайталасып, тік атылды,
Кім көрген мұндай сұмдық сұрапылды?!
Аспанға көк тұлпары қарғығанда,
«Ақжол!» деп ер Бөгенбай бір ақырды.
Тәңірі жебегенде - пенде күшті,
Бере ме өлмей қолдан ер жеңісті?
Көк семсер шұрқылтайдан қадалғанда,
Қан жауып, қара қалмақ ерден ұшты.
«Ит қалмақ, қайсың бар, - деп, - кәне тағы?»,
Бөгенбай ашулы сөз боратады.
«Аруақ!» деп дүр сілкінді қазақ қолы,
Сиынып ауызға алып әр атаны!
Алды да жекпе-жекпен бір байқасып,
Екі жақ лап қойысты судай тасып.
Кім өліп, кім қаларын құдай білсін,
Қиямет қан майданға кірді айқасып.
Шығарды ойран-топыр шаңды аспанға,
Көк найза, есе тиіп алдаспанға.
Далада өлік қалды бырдай болып,
Аяй ма адамды адам қандасқанда.
Қоршаудан құтылатын жер қалмады,
Қырылды қынадай боп қалмақ жағы.
Көк шыбын үймеледі көздеріне,
Сазайын тартып мынау жалғандағы.
Толтырған өлікпенен жер құрсағын,
Ежелгі кім біліпті қырғын санын?
Шұбырып көз алдынан Абылайдың,
Өтуде өткен өмір – бұлдыр сағым.
Қылыштай күнде салған қайрап жауға,
Бөгенбай шайқаспаған майдан бар ма?
Сөйлейді тебіреніп тау мен дала,
Ерлігін есіл ердің ойға алғанда.
Секілді қырды шолған тау қыраны,
Жау болды ғұмыр бойы аңдығаны.
Есінде Абылайдың өзін-дағы,
Жасынан балапандай баулығаны.
Ел үшін ер Бөгенбай көрді бейнет,
Сенбейді көңілі оны өлді ғой деп.
Жорықта көк бөрідей бірге жортқан,
Ағасы үзеңгілес, қанды көйлек.
Дұшпанның әлек салып егескені,
Басынан қайран ерлер не кешпеді?
Тұрпатын Сабалақтың жазбай танып,
Соңынан ерткен Сардар емес пе еді?!
Күн кеше «Абылайлап!» шапқаны да,
Шарыштың басын доптай қаққаны да.
Қалың ел төбесіне хан көтеріп,
Бақ қонып, тақтан орын тапқаны да!
Қараса ой жіберіп әр заманға,
Жалғыздар сорлайды екен сорлағанда.
Әйгілі хан Абылай атанар ма,
Бөгенбай, Қабанбайлар болмағанда?!
Қолдаса қалың елі қара ормандай,
Патшаны дұшпан келіп алар қандай?
Бар кезде бөрі тектес батырлары,
Абылай қай қыспаққа қамалғандай?
Тұрғанда Бөгенбайдай бір тірегі,
Япыр-ау, кімнен қорқып, үркіп еді?
Түсіріп шаңырағын ортасына,
Жауына жауар күндей күркіреді.
Құнықпай мал-мүлікке, алтынға да,
Қанағат қылды қалған сарқынға да.
Жалаң төс, жалаң қылыш, жалаң қабат,
Есіл ер қорғап өтті халқын ғана.
Тәңірдің пиғылына бергені де,
Отырса алтын тақта – төрде, міне!
Бес күндік қу дүние кімнен қалмас,
Түскен соң қара жердің жөргегіне?
Жинамай маңайына масылдарды,
Жинапты түбі текті асылдарды.
Жат демей, жақын демей жазалапты,
Халықты омыраулап басынғанды.
Қайран ер жауға – қатал, досқа – жұмсақ,
Қайратын шабылмаған босқа жұмсап.
Көсемі батырлардың қарт Бөгенбай,
Келер ме қайта оралып қас-қағым сәт?!
Қорғаны, қамқоршысы, ел ағасы,
Халыққа ханнан қымбат қара басы.
Секілді қанша салмақ түссе-дағы,
Арбаның қайыспайтын белағашы.
Дәме қып шалқар дала - сайын белден,
Есер жау Ерейменге дейін келген.
Көзіне құм құйылмай қорқаулардың,
Қай кезде дүниеден тойым көрген?
Ешқашан ұмытылмас ер есімі,
Айтады кейінгіге ел осыны.
Келсе де қай жағынан соққы тиіп,
Көрді жау Бөгенбайдан көресіні.
Шығарып күл-талқанын жаңқалады,
Шайқаста Жетісу мен Арқадағы.
Өлгені айдалада көмусіз қап,
Тірісі ертоқымын арқалады.
Асау жау арпалысқан құрықталды,
Иттері жұртта шулап, ұлып қалды.
Тартылып таразыға ел тағдыры,
Екшеліп, жақсы-жаман сұрыпталды.
Халықты қырып-жойып зар қақтырған,
Қалмақты қазақ сөйтіп жер қаптырған.
Жер аты – сол соғыстан қалған белгі,
«Қанды су», «Аңырақай», «Қылмақ қырған».
Сол соғыс қиян-кескі қырық жылғы,
Қазақты алапатқа ұрындырды.
Өз көрін өзі қазып Жоңғария,
Ақыры тып-типыл боп, тыным қылды.
Ер жігіт ел болмаса алаңдай ма,
Жататын кең көсіліп заман қайда?
Сүйеніп көк найзаға кірпік іліп,
Қырық жыл түспеді аттан Бөгенбай да!
Бітімін жаратқан соң артық Алла,
Еңісте ер үстінен толқыған ба!?
Індетіп, түре қуып қашқан жауды,
Атой сап асқан жоқ па Талқыдан да!
Дүние-ай, Бөгенбай мен Қабанбайды,
Абылай іздегенмен таба алмайды.
Ел үшін шүберекке жанын түйген,
Жампоздар енді қайта жаралмайды.
Түн қатып, түсі қашып жорық салған
Батырлар бір-біріне серік болған.
Пенденің, уа, дариға, арманы жоқ,
Солардың басқан ізін көріп қалған.
Тапсырып ел тағдырын ат жалына,
Солармен жауға бірге шаппады ма?
Бөгенбай, Қабанбай мен Ақтанберді,
Ту тігіп Ақшәуліде жатпады ма!
Ағытса сөз ағылар жыр тиегін,
Жия алмай қашты қалмақ қу сүйегін.
Батырлар бұлттай төніп келген жауға,
Бермеген байтақ жердің бір сүйемін.
Айналып дүниенің арты, міне,
Тірелді тұрлауы жоқ төркініне.
Тайсалмай Ежен ханнан ер Бөгенбай,
Елші боп барып еді-ау жер түбіне.
Қисап жоқ Бөгенбайдың ерлігінде,
Ер еді бұйым көрмес нар жүгін де.
Құлады алтын діңгек ортадағы,
Абылай арқа сүйер енді кімге?..
ІІІ
Іргесі берік еді тас қамалдай,
Үгіліп, қирап, құлай бастағандай.
Алыстап бара жатыр арман-үміт,
Бұлдырап көз ұшынан қашқан аңдай.
Тарландай тасқа шапқан болдырды ма,
Аңдаусыз аяғынан шалдырды ма?
Пұшпағы қуырылған көн терідей,
Қусырып келе жатыр тағдыр, мына.
Бір зұлмат келешектен қылаң беріп,
Басардай кең даланы тұман келіп.
Кетер ме жат қолында атамекен,
Жете алмас қиырына құлан желіп?
Қысады орыс-қытай қос бүйірден,
Ызғарлы ниеті бар тас-түйінген.
Түйедей мұрындықтап жетектемек,
Қамшысын шошаңдатып басқа үйірген.
Бүлініп ала тайдай елдің іші,
Азайды атқа мінер жөнді кісі.
Аянбай арыстандай арпалысты,
Аманат бір Аллаға ендігісі.
Тұрғанда билік деген қолда қамшы,
Табылар елге жаршы, малға жалшы.
Халықтың қай заманда күні қараң,
Шығатын ұл тумаса жауға қарсы.
Кетіріп қас дұшпанның салын суға,
Бітімге келіп еді Мамырсуда.
Табаны шұрқ тесік бұл қазақты,
Тағы да салар ма екен Тәңір сынға?
Кешегі қайран ерлер нардай шөгіп,
Барады күткен үміт шамдай сөніп.
Тағы да қасіреттің жартасына,
Қалар ма қалың елі маңдай соғып.
Жасауға өз дегенін тағдыр епті,
Қатары түскен тістей селдірепті.
Қазандай қайнайды іші Абылайдың,
Айрылып батырлардан ержүректі.
Өтетін билік айтса сөзі көпке,
Жоқ енді Төле би де, Қазыбек те.
Жарытып жалпақ жұртқа пана болмас,
Шыққанмен жалғыз самғап өзі көкке.
Бұлбұлдай жыр төгетін ерте оянып,
Бұқар да әзер отыр жер таянып.
Бәйтерек емес пе еді бұтақ жайған,
Көсілген көлеңкесін ел сая қып.
Қырандай сілкінеді тұғырдағы,
Көрсе де қияметті ғұмырдағы.
Бұқардың болжағаны рас келсе,
Батыстан қасірет тұр шұбырғалы.
Тізесі қалың елдің бүгіліп тұр,
Тағдыры тарамысқа ілініп тұр.
Қаһарман Бөгенбай мен Қабанбайдың
Жоқтығы Абылайға білініп тұр.
Шаншылып мұрты көкке қоныс қарап,
Жүретін дәурен енді алыстамақ.
Боларын бір сұмдықтың сездіргендей,
Ақ бура жатып алды теріс қарап.
Жалаңаш әулие де тіл қатпайды,
Қасына көп жоламай сырғақтайды.
Күрсініп ел қайғысын ойлағанда,
Таң атса, Абылайға күн батпайды.
Дүние көк теңіздей тербеледі,
Желкенін замананың жел кереді.
Кім білсін не боларын өткен түні,
Түсінде Бөгенбайды көрген еді.
Қар жауып Бөгенбайдың қабағынан:
«Аттан, - деп, - хан Абылай!» салады ұран.
Қолында найзағайдай жарқылдаған,
Жүзінен қылышының тамады қан.
«Абылай, - дейді, - жауға қамалғаның,
Төрінде жата берсең ақ орданың!».
Даусынан Бөгенбайдың кетті оянып,
Аяғы білмей қалды не болғанын.
«Ерім-ай, арысым-ай, - деп өкінді, -
Халқыңа кесіп бердің қоң етіңді.
Екпінің жау жапырған, ер Бөгенбай,
Дүбірің жерді жарған неге тынды?
Шапсаң да қамшы басып тарланыңа,
Әттең-ай, жете алмадың арманыңа.
Өтеді өле-өлгенше енді міне,
Тістеулі Абылайдың бармағы да!
Кезігіп зұлым жаудың өктеміне,
Жымсыған зауал жылжып жеткені ме?
Зая боп төгілген қан, қиылған жан,
Келмеске еркін заман кеткені ме?»...
Жүрегін өткір қайғы тіліп өткен,
Абылай медет күтті құдіреттен.
Сол сәтте құдіреттен хабар келіп,
Періште құлағына сыбыр еткен.
Періште не дегені Аллаға аян,
Жұмбағын дей алмаймын елге жаям.
Жүзіндей ұстараның жүз құбылған,
Бар сыры дүниенің Ханға баян...
Қобыздың күй сарнайды шанағынан,
Күңіреніп үн қосады дала бұған.
Шаңырақтың аясынан көзі шалды,
Аспанда шаңқылдайды бала қыран.
Шаншылып, биік шырқап, шарықтайды,
Біресе қанат жайып қалықтайды.
Жүдеген ел қамын жеп жерде отырып,
Қайғысын Абылайдың ол ұқпайды.
Жас қыран ұшқан сайын қарқындаған,
Ажалдан, тажалдан да тартынбаған.
Топшысын ол да бір күн тасқа соғар,
Қанаты қайырылып жарқылдаған.
Жердегі менсінбейтін тірі жанды,
Қыранның белгілі ғой сыры мәңгі.
Кете алмай, қайта-қайта шырайналып,
Үстінде ақ орданың жүріп алды.
Шиырығып, шамырқанып, долданады,
Кенеттен төмен қарай сорғалады.
Сарт етіп шаңыраққа қона қалды,
Абылай мұны көріп таңданады.
Шаңқылдап шаңырақта сәл отырды,
Сабалап түңілікке қанат ұрды.
Жалтылдап Абылайға қарады да,
Зу етіп көкке қайта ол атылды.
Сезді де кетпегенін қонып тегін,
Шақырды хан Абылай көріпкелін:
- Не дейсің, - деп сұрады Жалаңаштан, -
Мұндайды бұрын-соңды көріп пе едің?
Жалаңаш шақырды да кәрі жынын,
Шығарды сілікпесін зарығының.
Бұрқылдап ойнап алып, деді былай:
- Хан ием, бекер емес бәрі мұның!
Болған жоқ ұлың жаман, қызың нашар,
Ұрпағың жарқыратып жүзіңді ашар.
Білмеймін қай балаңның кіндігінен,
Бір тұяқ туады екен ізің басар.
Немерең арпалысқа бел буады,
Етегін көз жасымен ел жуады.
Атылып арыстандай айға шауып,
Кегіңді келешекте сол қуады.
Сұмдықтың шетін тұрмын көріп қалып,
Ар жағы бұлдырайды шаңыттанып.
Жүз өтіп қияметтің қыл көпірін,
Жетеді мұратына өліп-талып...
Белгісіз енді қанша бел асары,
Бұлыңғыр Абылайға болашағы.
Кім білсін сол мезетте көріпкелдің
Көзіне елестеді Кенесары...
Ерлігі – елге тұтқа, заманға айбын,
Атадан асып туған Бөгенбайдың!
Татымас оның қара тырнағына,
Тұқымын жинасаң да тамам байдың.
Жауына жай түсірген ер Бөгенбай,
Сиынбас аруағына пенде қандай!?
Қалмаса байтақ жерді кеше қорғап,
Кім білсін болар ма едік сорлағандай?
Түнерсе аспанды бұлт торлағандай,
Бұрқаған алай-дүлей ол борандай.
Қасқайып қарсы шауып өткен екен,
Келерін Тәуелсіздік болжағандай.
Бүл күнге өтіп келдік өткелектен,
Кегіміз қанша бірақ жатқа кеткен?!
Ел едік еңсемізді көтере алмай,
Рухын бабалардың өкпелеткен.
Жұрт едік көз ашпаған қырғындардан,
Шамшырақ мың күн сөніп, бір күн жанған.
Айналып өз төріміз темір торға,
Айдалып итжеккенге қуғындалған.
Дүние төңкеріліп сең көшкендей,
Қарасы қасіреттің енді өшкендей.
Тартсын деп Бөгенбайға ұл өсірдік,
Намысын тасқа жанып наркескендей.
Бақытқа деген ел жоқ мәңгі жеттік,
Аңсаумен Азаттықты таң күзеттік.
Арыстар атылғанда анық сездік,
Болғанын ердің құны – жалғыз оқтық.
Жасқанбай Желтоқсанда ерлік еттік,
Киелі Елдік туын желбіреттік!
Сардарға бір ескерткіш, міне, орнаттық,
Етпейді батырларға белгі көптік!..
Ақтасаң ана сүтін, ата күшін,
Азамат, еңсең биік – жоталысың!
Аямай қасық қанын, шыбын жанын,
Өлмейді, өлген ерлер Отан үшін!
Барсың ба, Отан үшін от кешуге,
Ажалға тура қарап беттесуге?!
Керек пе жүрегіңді жұлып беріп,
Етіңнен дайынсың ба ет кесуге?!
«Сүйемін, Отан үшін өлемін!» деп,
Оп-оңай – рахатын көре білмек.
Араша түсе алмасаң азабына,
Отанға сенің тіпті керегің жоқ.
«Отан!» деп атқа қонып құла таңда,
Қан кешкен Бөгенбайдай ұлы атаң да.
Ұмытпа, мойныңдағы парызыңды,
Мәңгілік қарыздарсың бұл Отанға!..
Атама, опасызды, сұмырайды,
Олар да өмір барда құрымайды.
Отанның амандығы – ұлы бақыт,
Отанның қайғысы да – ұлы қайғы!
БЕРДІҚОЖА БАТЫР
Сыр бүккен Сарыарқаның белеңдері,
Шақырса көңіл, шіркін, елеңдеді.
Көкжиек көсіледі жүрген сайын,
Мүлгіген мұңды қозғап тереңдегі.
Тау мен тас шежіресін тарқатпаса,
Біледі өздігінен адам нені?
Тілдескен кең даламен емін-еркін,
Бозторғай бақыттырақ менен гөрі.
Жотада шөккен нардай бір мола тұр,
Өркешін мұжып біткен заман желі.
Мөлдіреп қара жердің көз жасындай,
Ағады дәл түбінен Дағанделі.
Бақанас, Көксаламен қолтықтасып,
Құяды Аягөзге одан бері.
Арқаның өзендері жамыраған,
Ұйқастай үндеседі өлеңдегі.
Ежелде Көкшетеңіз аталатын –
Балқаш көл барлығының барар жері.
Өшпестен осы өлкеде әлі жатыр,
Батырдың Бердіқожа табан мөрі.
Талайлар жорық салған бұл кең дала,
Шыққандар оза шауып мыңнан дара.
Адаспас бұрынғының шиырынан,
Даланың жұмбақ сырын білген ғана.
Әйгілі Бердіқожа батырдікі,
Құлазып кер жотада тұрған мола.
Жалт етіп, дүние көзден бұл-бұл ұшып,
Бір ізден бір із қалар артқа түсіп.
Қазақтың айқаспенен өмірі өткен,
Батырлар ат үстінде ажал құшып.
Зираты Бердіқожа осы екенін,
Анықтап жазып кеткен Машһүр Жүсіп.
Тарихтың тамыр тартқан ар жағынан,
Айналдым Машекеңнің аруағынан.
Артына мол шежіре тастап кеткен,
Қазына бағасы артық бар ма бұдан?
Көз жазып қалар ма едік ол болмаса,
Халықтың ел қорғаған ардағынан?
Көргеннің арманы жоқ әулиені,
Қызырдың ұстағандай бармағынан.
Ел үшін еңіреген сол ерлерді,
Жаратқан жарылқасын алдарынан!
Айтқанда Бердіқожа батыр жайын,
Аруақты мен де неге шақырмайын?
Үнемі ұйқыдағы кекті оятып,
Намыстан найзағайдай шатырлайын.
Алыстан орағытып сөйлей бермей,
Төтелеп, тура тартып, жақындайын.
Өз сөзі – әр ақынның өзіне сын,
Талығып таңда кейде көз ілесің.
Тарихын Бердекемнің суыртпақтап,
Ақтардым қазақ-қырғыз шежіресін.
Ажалы қырғыздардан болғандығын,
Білгенде бордай босап езілесің.
Екі оттың ортасында қалғандай боп,
Өзіңді ыңғайсыздау сезінесің.
«Бір туған бауырмыз!» деп құшақтасқан,
Қалайша ағайыннан безінесің?..
Бәрі де көрініп тұр көзі барға,
Жараны жасырғанмен жазылар ма?
Бізден де кейінгіге болсын сабақ,
Айтайық айтатұғын кезі барда.
Өтірік елжіреуден не шығады,
Шындықтың себі тиер сөз ұғарға!
Көрінер біреулерге сөзім оғаш,
Жадағай, жалған сөйлеу – жаныма қас.
Ойласаң екі бауыр қырқысқанын,
Аласың еріксізден көзіңе жас.
Айтқаннан бастан өткен ақиқатты,
Арасы егіз елдің ажырамас...
Көненің бұлдырайды алыс күні,
Сынаған сайыстарда намыстыны.
Арықтың кіндігінен Бердіқожа,
Ішінде Ұлы жүздің Шанышқылы.
Айқасып Абылайдың заманында,
Тұқыртып жерге тыққан не күштіні.
Жан екен жаудан қайтпас ердің сойы,
Байырғы атажұрты – Шыршық бойы.
Ат жалын тартып мініп қаршадайдан,
Ел қорғау жатса-тұрса болыпты ойы.
Мыңғырған мал бітіпті әкесіне,
Өрістеп бес мың жылқы, он мың қойы.
Болғанмен жер қайысқан бүгін малың,
Кім білсін не боларын ертең халің?
Бүлінсе ел іргесі бүтін жатқан,
Шырылдап отқа түсер шыбын жаның.
Ұмытпас ешқашанда біздің қазақ,
Жоңғардан қынадай боп қырылғанын.
Қасірет ел есінде сол бір қалған,
Аузымен ақындардың сан жырланған.
Толғасаң ғұмыр бойы таусылмайтын,
Қым-қуыт, қилы-қилы тағдыр болған.
Қалғанда атамекен жат қолында,
Батырлар кірпік ілген ат жалында.
Асынған бес қаруын Бердіқожа,
Қайғыға қалың елі батқанында.
Ұрандап Ұлы жүздің қолын бастап,
Қаһарға мінді жауға шапқанында.
Бөрідей қойға тиген бөріктірді,
Алатау, Қаратаудың қапталында.
Төгілтіп тебінгіден қанды көбік,
Сартылдап Сарыарқада салды жорық.
Атойлап ол шықпаған төбе бар ма,
Осынау ұлан-байтақ жерді қорып.
Қабанбай, Бөгенбаймен қатар шапты,
Сұрапыл шайқастарда жауды жеңіп!
Өлем деп Бердіқожа ойламастан,
Ізденіп келген жауға майдан ашқан.
Ерлігі шежіренің әр бетінен,
Таңбадай көрініп тұр тайға басқан.
Шайқаста Шыңғыс пенен Алакөлде,
Жайылып даңқы кетті тамам елге.
Сілтеген қылышынан жаудың басы,
Алмадай ұшып түсті қара жерге.
Табатын қысылғанда табанда айла,
Батырдай Бердіқожа адам қайда!
Соғыста Шыңғыстағы рас болса,
Ақбозын түсіп берген Қабанбайға.
Ақбозбен ер Қабанбай сонда шапқан,
Суырылып жеке дара көп жасақтан.
Жау шебін жалғыз барып бұзған екен,
Құтқарып қалың қолды қан-қасаптан.
Сарбаздар лап қойғанда соңына ерген,
Сілкініп тау мен дала күңіренген.
«Кім, - депті, - ақбозбенен дара шапқан?» -
Сүйсініп хан Абылай мұны көрген.
Сол жолы Қабанбайдай ердің ері,
Дарабоз атанғанын ел біледі.
Ақбозды қайтып алмай Бердіқожа,
Ағасын айтқанына көндіреді.
Жаудырып Қабанбайға ақ тілекті:
«Боз тұлпар енді иесін тапты!» - депті.
Жапырып жауды жеңген батырлардың
Айбыны асқақтаған көк тірепті.
Дүркіреп көшкен бұлттай, уа, дариға,
Солар да дүниеден өтті-кетті.
Айқаста бірін-бірі жауға алдырмас,
Сенімді серікті кім арман қылмас.
Жорықта тізе қосқан, үзеңгілес,
Қабанбай Бердіқожа болған сырлас.
Батырлар достыққа адал, сертке бекем,
Сыйласып өле-өлгенше өткен екен.
Қорғаған арпалысып ел мен жерін,
Демеген жанталасып таққа жетем.
Сөнбесе тірлігінің жанған нұры,
Ол кезде екі айтылмас хан жарлығы.
Қаһарман Бердіқожа Абылайдың
Сенімді батырының болған бірі.
Төрт тұлпар Ежен ханға тарту тартып,
Бір аңыз Қытайға да барғандығы.
Қалмақты қазақ жеңген сол соғыста,
Майданға түскен жас та, қартамыс та.
Сақталып ел жадында ерлік жыры,
Қалыпты кейінгіге қанша нұсқа.
Есте жоқ сонау ескі замандарда,
Кім білсін кімдер өтті арпалыста?
Білеміз халқын қорғап қан кешкенін,
Күлтегін, Қобыланды, Алпамыс та!
Солардың жалғасы еді Бердіқожа,
Ерлікпен аты шыққан алты Арысқа.
Тұқымын тұздай құртқан жоңғарлардың,
Қалдырмай қара тұяқ қалтарыста.
Жасырмай айбалтасын жанындағы,
Арман не алыстан кеп жау соғысса.
Кектесіп, қан төгісіп не болғаны,
Туысқан, тамыры бір ел шабысса?
Жоңғардың басылғанда дүрбелеңі,
Қырғыздар қиқу салды іргедегі.
Қимаса белдеуіңді өз бауырың,
Қашықтан енді батып кім келеді?
Сүйекке өшпейтұғын таңба түсіп,
Көңілдің көпке мәлім кірлегені.
Арасы ағайынның неге ушықты?
Қырғыздан Садыр деген содыр шықты.
Қасқырдай шуылдатып қойға шапқан,
Үйсінді өрде жатқан сан үркітті.
Созаққа дейін жетіп ойран салып,
Тұтатып соғыс өртін қоңырсытты.
Хан сайлап өзін-өзі зұлым Садыр,
Күшейді алашапқын, абыр-сабыр.
Қоймады қырғыз жағы қой дегенге,
Құнықты оңай олжа табылса бір.
Садырдың ел есінде қағынғаны,
Сөккені күтірлетіп қабырғаны.
Көсілген Көсегенің көк жонында,
Шырылдап Ботбай, Шымыр шабылғаны.
Қосылып Есенқұл да бір жағынан,
Тыныштық кетті ойдағы, қырдағыдан.
Жайыл да айналасын жайпап жатты,
Жыртқыштай қан сорғалап тырнағынан.
Жалданған күдірейіп желкелері,
Іледен бері қарай ентеледі.
Демеді қаһарына қазақ мінсе,
Қаңбақтай жел аударған төңкереді.
Шыдатпас аласұрған ашу-дұшпан,
Кек қуса, кім болса да қан төгеді.
Араздық төбелеске тізгін бермек,
Бәледен бәле туса қырғын келмек.
Таласса бір түлкіге екі бүркіт,
Қызығын жемтігінің құзғын көрмек.
Айтады қырғыздардың шежіресі,
«Іленің түстік жағы біздің жер» деп.
Білмей ме қазақ көне ел екенін,
Ұйтқысы татулық пен берекенің.
Ыстықкөл, Алатау да түбін қуса,
Ежелгі Үйсіндердің жері екенін.
Сыятын қазақ-қырғыз қашан болсын,
Шалқыған дүниенің кең екенін.
Алдырған мал ашуы – жан ашуы,
Аз емес өткендердің адасуы.
Болған іс Абылайдың заманында,
Қонысқа қазақ-қырғыз таласуы.
Есенқұл, Жайыл менен Садыр сотқар,
Сыңайы болмаған соң енді тоқтар.
Аттанды барымтаға қазақтар да,
Қыстырып тақымына қанды шоқпар.
Пенденің бас көтерсе зұлымдығы,
Ұмытар бал жаласқан бұрынғыны.
Ақситып арыстандай азуларын,
Екі жақ жұлып түсті бірін-бірі.
Алладан зауал емес жеке келген,
Қырқыстан халық талай жапа көрген.
Айқаста Құлжабасы қушоқыда,
Шапырашты – Дәулет, Қаумен, Жәпек өлген.
Дейсің деп қайте қояр сабыр сақтап,
Абылай алаңдамай жата берген.
Қайсы бір қапы кеткен айтам ерді,
Ботбайдың ту ұстары – Жайсаң өлді.
«Жайсаңның жотасы» деп атап кеткен,
Батырдың қаны сіңген майса белді.
Қазақтан қанша батыр болды қаза,
Шабынды аш бурадай Бердіқожа.
Аймаққа ат жететін хабар салды,
Бермесін біліп қырғыз енді маза.
Асынған төрт мың қолмен қару-жарақ,
Сау етіп жетіп келді Көкжал Барақ.
Қомданып сарбаздары жау қайдалап,
Қырандай жұтынады қанды балақ.
Қоздырса батырлардың көк перісін,
Дүлейдің қанын судай төкпегі шын.
Қос батыр тізе қосып барды дейді,
Алдынан Төле бидің өтпек үшін.
Ызалы батырлардың түрін байқап,
Төле би көп отырды басын шайқап:
«Өрт салды-ау өшпейтұғын, - деп өкінді, -
Екі елдің арасына өңкей найсап.
Қазақ пен қырғыз бастан не кешпедік,
Қай жерде есе бермей өңештедік?
Биенің екі емшегі не болмаса,
Түйенің екі өркеші емес пе едік?
Не жетті қылыш сілтеп қан төгердей,
Қазанын қазақтың кеп төңкерердей?
Садырды түлен түртіп жүрген шығар,
Тобырға тыныштық жоқ тентек өлмей?!
Асығыс іс қылмайық, толғаналық,
Алдымен кеңеселік ханға барып.
Қырғызды қырып салу қиын емес,
Ойланар өздері де – ол да халық!».
ІІІ
Кіргенше тыным таппас адам көрге,
Алынбас қамал бар ма табанды ерге?
Сол кезде хан ордасы отыр екен,
Әзіреттің қарасуы деген жерде.
Биліктен бойың аспас қарғысаң да,
Жиылып би мен батыр келді сонда.
Барақ пен Бердіқожа сарбаздары
Даланы дүбірлетіп көмді шаңға.
Төле би ханға бәрін баяндады,
Қызыл тіл жорғалады, аяңдады.
Қызғыштай көлін қорғап шырылдаған,
Ел үшін отқа түсті, аянбады.
Би сөзі қыннан қылыш суырғандай,
Апшысын Абылайдың қуырғандай:
«Хан ием, қырғыздардың қылығынан,
Болып тұр, - деді, - жүрек суынғандай.
Жоңғардың жүр ме кегін жоқтағалы?
Садырдың қан төгуі тоқтамады.
Қазақты қаптап келіп шапқан қалмақ,
Бұларды бекер емес шаппағаны.
Албаннан Райымбек хабар берді,
Көп болды ол да тыныш жатпағалы.
Әзір тұр Сізді күтіп, тізгін тартып,
Батырлар «Аттан!» десең, аттанады!
Су сеуіп дер кезінде өшірмесек,
Қоламта қоздай берсе шоқтанады»...
Төленің жайсыз тиіп бұл хабары,
Абылай ашуланып сұрланады:
«Сазайын тартар, - деді, - Садыр залым,
Кеселі көпті шарпыр бір жаманы?!».
Сонан соң батырларға назар салды,
Дегендей қолды бастап кім барады?
Үн-түнсіз Бердіқожа отырғанда,
Төле би иек созып, ым қағады:
«Хан ием, - деді, сонда Бердіқожа, -
Садырдың жоқ қой бізге қылмағаны.
Қазақтың даласына көз алартар,
Қырғыздың таудан төмен құлдағаны.
Садырдың басынғаны бастан асты,
Бір сұрау бар емес пе суға-дағы?
Құлақтан кетер емес күндіз-түні,
Ұлардай қатын-бала шулағаны.
Алмасам ерлер кегін қапы кеткен,
Әкеден Бердіқожа тумағаны!».
«Жөн-ақ, - деп дауыстады Көкжал Барақ, -
Қашанғы отырамыз енжар қарап?
Қасықтап қанымызды ішіп бітті,
Қазақтың ту сыртынан қанжар қадап!».
Абылай бұл сөзден соң кідірмеді,
Ызасын төкті жүрек түбіндегі:
«Қалмаңдар обалына жазықсыздың,
Көкке ұшыр Садыр иттің күлін!» - деді.
Аттанды Бердіқожа, Көкжал Барақ,
«Аруақ!» деп іштерінен күбірледі.
Тазы иттей жылмаң қаққан жүйріктердің,
Кең дала тұяғынан дүбірледі.
Жүйткіді жер бетімен ұшқан құстай,
Бірдей боп желгені мен жүгіргені.
Тиіпті екі батыр таң сызғаннан,
Жері жоқ Садырдың да қамсыз қалған.
Сақадай сай тұрыпты қырғыздар да,
Күн бұрын хабар алып жансыздардан.
Кенеттен айғай салып, аттандады,
Жаңғырды Алатаудың жақпарлары.
Лап қойды жан-жағынан қалың қырғыз,
Қазаққа атой салған шатқалдағы.
Төбеден жай түскендей жауды келіп,
Сауылдап таудың тасы қапталдағы.
Қоршауға түсіп қалған қазақ қолы,
Арландай аласұрды қақпандағы.
Көк өзен күркіреген қан боп ақты,
Бауырдан қызыл суды ат жалдады.
Дүние айғай-шудан тұншығардай,
Шошынып орман-тоғай сыңсығандай.
Аңырып шың басынан қарап тұрған
Аңның да көзден жасы ыршығандай.
Артына Алатаудың жасырынып,
Қорғанды ұясынан күн шыға алмай.
Қырқысқан, кескілескен қазақ-қырғыз,
Түрі жоқ табиғаттан қымсынардай.
Жыртықштан қиын адам жауласқаны,
Жығылды жұлқысқанның қан басқаны.
Бір-бірін ұмар-жұмар бүктеп жатты,
Жекпе-жек, бетпе-бет кеп қармасқаны.
Барақтың көк тұлпары омақасып,
Қырсықтың осы болды жармасқаны.
Ажалдың қазығына байланғандай,
Батырдың қарауытты таңғы аспаны.
Қоршауда қалып қойды Көкжал Барақ,
Қиналды құтқара алмай жолдастары.
Ұмтылды Бердіқожа мұны көріп,
Ытқытып астындағы Керқасқаны.
Қияқтай қиып түсті сілтегенін,
Жарқылдап оңды-солы алдаспаны.
Қым-қуыт, қырғын, ойран-топырдағы,
Ерлердің жанталасып жатыр бәрі.
Жапырып, жайпай соғып, бұзып-жарып,
Бараққа Бердіқожа жақындады.
Қырғыздар көлденеңдеп жібермеді –
Тұс-тұстан найза, қылыш сатырлады.
Білген соң бұл қатерден құтылмасын,
Барақтың тау жаңғыртты ақырғаны.
Қашырды айқасқанның зәре-құтын,
Жаралы жолбарыстай атылғаны.
Қойсын ба жан-жағынан қамағандар,
Жұлмалап, иттей талап тақымдады.
Булықты ылаж таппай Бердіқожа,
Мойнында кететіндей батыр қаны.
Барақ та айғай салды көріп мұны,
Сөй леуге бір-екі ауыз келіп тілі.
Сүйеп тұр қан саулаған құр сүлдерін,
Батырдың сүйегінің беріктігі:
«Қайтесің, қарайлама, таста мені,
Алланың салғаны осы басқа! – деді.
Бұзып шық мына шепті, Бердіқожа,
Әйтпесе қырыламыз босқа! – деді.
Хабарла Абылайға мен өлді деп,
Келмеске қапияда жөнелді деп.
Боршалап қарға-құзғын қызыл етін,
Қарқылдап қуанышқа кенелді деп!».
Көкжалдың мына сөзі миын қарып,
Өртенді аш өзегі күйіп-жанып.
Ат басын еріксізден кері бұрды,
Талқандап қалың топты киіп-жарып...
Құлашын тар шатқалда жаза алмады,
Қырылды баудай түсіп қазақ жағы.
Мінсе де желден жүйрік тұлпарларға,
Тәңірдің жазуынан оза алмады.
Тағдыры қисық тартып, қырын басты,
Әйтпесе ерлер бүйтіп қырылмас-ты.
«Кетті, - деп, - қазық мойын қазақ аман»,
Тұс-тұстан санын соғып, шуылдасты.
Ерлігі Бердекеңді атақты еткен,
Дұшпанын ерегескен тапап кеткен.
Ерекше мойны ұзын болғандықтан,
Қырғыздар «қазық мойын» атап кеткен.
Ізі жоқ көкте таңғы жұлдыздардың,
Сызы бар соққан желде түнгі ызғардың.
Бетке алып кең даланы тартып кетті,
Қоршауын бұзып шығып қырғыздардың.
Жосылып шапқан сайын қалды қанды із,
Соңында сарбаздары – андыз-андыз.
Барақтан айырылған Бердіқожа,
Жаралы жолбарыстай жортты жалғыз.
Сілкінтіп ат дүбірі қара жерді,
Қан майдан тау астында қала берді.
Езіліп етжүрегі келе жатыр,
Еріксіз жауға тастап Барақ ерді.
Өксиді, қанжылайды, өкінеді,
Кетердей қақ жарылып көкірегі.
Қазақтар қырғын тапқан шатқалдағы,
Қанды өзен көз алдында көпіреді...
Залымға зауал жетпей тоқтамас-ты,
Садыр мен Жайыл жауыз кекке басты.
Кескілеп қолға түскен батырларды,
Басынан оба тігіп шектен асты.
Жалғанның ойлап тұрсақ сүргіні көп,
Құлатар терең жарға бір күні кеп.
Болмаған мұсылманда бұл сұмдықты,
Атайды халық «Жайыл қырғыны» деп.
Айналып баспасын деп бұл араны,
Қалады сөйтіп «Келде мұнараны».
Қырғыздың атын естіп уансын деп,
Қазақтың баласының жылағаны.
Мазақтап өлгендерді қарқылдады,
Ақылы ашуынан артылмады.
Келмеді ешбірінің қаперіне,
Артында Абылайдай хан тұрғаны.
Есіріп, ерегесіп, дес бермеді,
Жыртқыштай дүлейленіп төске өрледі.
Қайтпайтын қайқы қылыш Бердіқожа,
Қайырылып соғатынын ескермеді.
Қопаның өрт қойғандай қамысына,
Қазақтың қатты тиді намысына.
Ұқпады төбесінен қырғи төнсе,
Торғайдың қашатынын жан ұшыра.
Барақтың ел естіді өлгендігін,
Құтылып Бердіқожа келгендігін.
Кеулеген кең даланы суық хабар,
Абылайға жетті барып желден бұрын.
Құдайдан безді Садыр неге бұлай?
Хабардың мына келген жаманын-ай!
Бастарды қорлағанын естігенде,
Ордадан атып шықты хан Абылай!
Ашынған қаһар шашты хан айбары,
Қырғызды шаппақ болып қалай-дағы.
Батырлар алыс-жақын атқа қонды,
Даланың дүр сілкініп бар аймағы.
Жүдеткен елдің сөзі жанды жеген,
«Барақты жауға тастап келді» деген.
Қол жинап Ұлы жүзден жер қайысқан,
Аттанды Бердіқожа алдыменен.
Бұл хабар түршіктірді қалың елді,
Ат жетер жердегінің бәрі келді.
Амал не, Абылайдың келе алмайды,
Қабанбай, Бөгенбайдай серігі енді.
Сарқырап аққан судай өмір өткен,
Бұл күнде хас батырдың көбі кеткен.
Қаптаған қара ормандай сол ерлерді
Іздесе таба алмайды төңіректен.
Мінгізіп көк шолаққа тепектеген,
Алады ажал бір күн жетектеген.
Жоңғарды талқан етіп жеңгенменен,
Қысып тұр орыс-қытай екі өкпеден.
Қасқырдай ұяласын тамақтаған,
Қырғыздың түрі мынау жалақтаған.
Қажыған ауыр ойдан хан Абылай,
Бақсыдай аласұрды алақтаған...
Атойлап, ту көтеріп қақ ортадан,
Байғозы батыр жетті Сарыарқадан.
Баймұрат нор Зайсаннан бастап келді,
Ерлерді соңына ертіп ел алқаған.
Басталды ақ ордада хан кеңесі,
Бас қосып батырлармен келген осы.
Абылай сөз қозғады – одан бұрын,
Белгілі тірі жанның ләм демесі:
«Емес бұл бар қырғызды жазғырғаным,
Көрдіңдер Садыр сайтан азғырғанын.
Абылай атым өшсін дәл осыдан,
Өзіне көрсетпесем өз қылғанын!
Жетеді жағамызды қандағаны,
Садырдың соғыс болды таңдағаны.
Жыланды үш кессе де кесерткелік,
Боларын ессіз шіркін аңдамады!».
Таңдайы шешендердің тақылдады,
Хан сөзін бірауыздан мақұлдады.
Дегенде «Аттаныңдар!» сарбаздардың
Сарт етіп ерге тиді тақымдары.
Сырғыған жер бетімен қалың бұлттай,
Қырғызға қазақ қолы жақындады.
Тапқанда іздеп «Келде мұнараны»,
Қарауға дәті ешкімнің шыдамады.
Мойнына кісесін сап, шырайналып,
Абылайдың ұмытылмас жылағаны.
Ақбозын аруақтардың жолына атап,
Алладан шындап медет сұрағаны.
Дұға қып бастан соққан мұнараға,
Күңіренді қалың қазақ сол арада.
Долданып, ашынған ел дүниенің,
Кім білсін күл-паршасын шығара ма!?
Тосыннан құйын келіп үйіргендей,
Қырғызды қазақ шапты бұйым көрмей.
Ұшырып күлін көкке ұйпап кетті,
Үгіткен бір уыс дәнді диірмендей.
Жаралы киіктердей қан сорғалап,
Сай-сайға қырғыз қашты жан сауғалап.
Садырдай сойқандардың кесірінен,
Қашанда қарапайым ел сорламақ.
Қарасын Абылайдың көрген жерде,
Зымырап Садыр қашты белден-белге.
Ызалы арыстандай Бердіқожа,
Кірсе де құтқармады көрден-көрге.
Қырғызды қарсыласқан қойдай қырып,
Садырды қуып жетті қоймай жүріп.
Құлатып жекпе-жекте ат үстінен,
Қылышпен бетін тілді айдай қылып.
Жатқанда жасырынып Қайыңдыда,
Ұстады тырп еткізбей Жайылды да.
Екеуін хан алдына алып келді,
Қанатын қарақұстай қайырды да.
Көргенде Садыр сұмды Абылайдың
Ашуы тұла бойға жайылды да:
Тартқызып екі жаққа атқа байлап,
Жіберді бұтын қаққа айырды да.
Шағында дарға асылып жасы келген,
Жайылдың бір-ақ шықты басы көрден.
Босатып қоя берді ант алды да,
Қаптаған нөкерлерін қасына ерген.
Мойнымда кетпесін деп халық қаны,
Абылай оң мен солын парықтады.
Шақырып қырғыздардың Кебек биін,
Екі елдің шекарасын анықтады.
Есенқұл қашып кетті Қашқар асып,
Бойына найза, қылыш дарытпады.
Қуғанмен кек таусылмас қырғыздағы,
Аяды – кінәсізді қырғызбады.
Көп еді қолы қанды құныкерлер,
Соларды қолды-аяққа тұрғызбады.
Айдады тұтқындарды жіпке тізіп,
Артына мойындарын бұрғызбады.
Қазақтар қайтқаннан соң райынан,
Қырғыздар төмен түсті шың-құздағы.
Абылай аманатқа алып кеткен,
Шашылды әр ауылға ұл-қыздары...
Етпесе ел төрелік болған жайға,
Кім білер кімнің басы қалған қайда?
Сол жолы келген екен Сарыарқаға,
Әкесі Шөже ақынның Қаржаубай да.
Шұбырып көш соңында шаңға бөккен,
Ойылып табандары зорға жеткен.
Армандап Алатауды бір көруді,
Өмірден соқыр Шөже зарлап өткен.
ҮІІ
Тұра ма тірлік өшпей, дүние көшпей,
Өткен күн қайтып саған үндеместей.
Құның жоқ көк тиындық кім болсаң да,
Халқыңмен от пен суды бірге кешпей.
Жақсыны жаратпаған текке Құдай,
Алысып, арпалысып өтті Абылай.
Түбіне тұңғиықтың көз жіберсең,
Хан бар ма қызмет еткен көпке бұлай?!
Абылай өлгеннен соң есін жиған,
Қырғыздың Есенқұлы жатпады жай.
Бұл кезде қыздай шұбап төркіндеген,
Сасыр бас сары орыстар еркіндеген.
Қазақтың маңдайынан бағы тайып,
Жел тұрса түңілігі желпілдеген.
Бітпеген ашу-кегін әлі сарқып,
Іледен асты қырғыз бері шалқып.
Жылыстап Жетісуға дейін жетті,
Қайтадан араздыққа желі тартып.
Есенқұл ат құйрығын бұлаңдатты,
Есіріп, елді шауып ылаңдатты.
Суырды қынабынан алдаспанын,
Күйініп Бердіқожа бұған қатты.
Қол жинап, жауар күндей күркіретіп,
Қырғызды түре қуды дүркіретіп.
Еріксіз ел күйзелді, қан төгілді,
Шошынған бала-шаға шыр-шыр етіп.
Келтіріп тасығанды тәубасына,
Мол қуды сол қуғаннан тауды асыра.
Өшіккен Есенқұлдан маза кетті,
Қара жер мұздай батып жамбасына.
Берсін бе атамекен – жерді қолдан?
Еліне Бердіқожа болды қорған.
Ағасы арқа сүйер – асқар тауы,
Ішінде батырлардың енді қалған...
ҮІІІ
Есенқұл жарылардай тұлан тұтты,
Қабарып шұбар беті жылан түкті:
«Қазақты қазық мойын өлтірмесек,
Көрдік, - деп, - көресіні бұдан тіпті!».
Ашуын буырқанған шашып-төгіп,
Батпайды айқасуға ашық келіп.
Қазаққа түнделетіп жорық салды,
Тамырын байқамаққа басып көріп.
Қырғыздар атқа қонып жүз қаралы,
Бетке алып жортып кетті түз-даланы.
Жасырын күндіз жатып, түнде жүріп,
Қырқадан қарауылдап, із бағады.
Бөрібай жол бастайды желе-жортып,
Қарақшы қандастарын келеді ертіп.
Жүрегі суылдайды үрей билеп,
Біле алмай не боларын және қорқып.
Кім еді жылмаң қаққан бұл Бөрібай,
Алшаңдап Көк тұлпарды мінгенін-ай?!
Қолында Бердіқожа тұтқын еді,
Табаны шеге батпас былғарыдай.
Бір күні күзетшіні қара басқан,
Бөрібай Көк тұлпарды міне қашқан.
Қуғанмен қыл құйрыққа шалдырмайды,
Жүйрік жоқ ол маңайда одан асқан.
Көк тұлпар сан бәйгеден дара келген,
Жарысып кете барған қара желмен.
Өкініп басын шайқап, бармақ шайнап,
Амалсыз Бердіқожа қала берген.
Бөрібай келе жатыр енді оралып,
Қолына қылпылдаған қанжар алып.
Қазақтың өлтіре алса хас батырын,
Қанжарын масайрамақ қанға малып.
Қорқаулар кек байлаған жүрегіне,
Сүңгиді қараңғылық түнегіне.
Қойнына Сарыарқаның бойлай кіріп,
Ілінді Шыңғыстаудың сілеміне.
Ұрыдай үн қатпайды түн жамылып,
Селт еткен тірі жан жоқ мұнда біліп.
Ауылдың қамсыз жатқан шырт ұйқыда,
Иттері қоя берді шулап үріп.
Мезгілсіз шақырмаған келді «қонақ»,
Тап берді қалың жендет қанды балақ.
Біледі Бердіқожа бар екенін,
Әп-сәтте ақ боз үйді алды қамап.
Көзінде түнмен бірге кек түнегі,
Есенқұл сыртта тұрып тепсінеді:
«Шық, кәне, батыр болсаң, Бердіқожа,
Өлетін күнің бүгін жетті!» - деді.
Сілкінтіп Бердіқожа қара түнді:
«Ер болсаң, елге тиіспе!» - деп ақырды.
Ажалға тура келген қарсы қарап,
Далаға атқан оқтай ол атылды.
Жаныған алдаспандай қайраққа сап,
Айқасты жалғыз өзі қайрат жасап.
Қоя ма қаптап кеткен көптің күші,
Бас салып, алды дереу байлап-матап.
Болған соң Есенқұлдың ойлағаны,
Қырғыздар аялдамай, тайғанады.
Қаптаса құлақтанып маңайдағы ел,
Емес пе сорларының қайнағаны.
Қазақтың қапы қалып арыстаны,
Тулады өн-бойында намыс қаны.
Байлаудан босатты да қолын ептеп,
Суырды көк семсерді қоныштағы.
Батырға емес шыбын жаны қайғы,
Жастығын ала жатса, налымайды.
Жіберді бүйірінен бір-ақ осып,
Мінгесіп келе жатқан Бөрібайды.
Құтылмақ қас-қағымда болып еді,
Семсермен бірнешеуін орып еді.
Кергілеп жан-жағынан алып кетті,
Қырғыздың қанға тоймас бөрілері.
Адам деп аямады ешкім оны,
Қылыштап, боршалады, кескіледі.
Батырдың ақтық рет ышқынғанын,
Қазақтан тірі пенде естімеді.
Жұлмалап қарға-құзғын жесін десіп,
Қарнына тығып кетті басын кесіп.
Ерлерді жоқтамасақ ел болғанда,
Көп сөйлеп, көпіреміз несін бөсіп?..
Батырып сөзін көптің шымбайына,
Жоқтаған әйелдері жыл бойына.
Есіне түсірмесек сол ерлерді,
Алғандай бүгінгі ұрпақ кімді ойына?
Жоқтауды қаз-қалпында қайталайын,
Өлеңнің келіп жатса ыңғайына:
«Мінгені Бердекемнің Қара ала аяқ,
Жау шіркін кескілепті-ау аямай-ақ.
Дүние көшкені ме басымыздан,
Қайрылып артына бір қарамай-ақ.
Мінгені Бердкемнің Құла қасқа,
Құдайым не салмады мына басқа.
Қапыда жау қолынан қаза тапты,
Бола ма зар еңіреп жыламасқа?
Бердекем қорған болып қазағына,
Шыдаған бұл пәнидің азабына.
Қайыспас қара нардай қайран ерді,
Қырғыздың кез қылғаны-ай мазағына!?
Жоғалған Көк тұлпардың шоқтығын-ай,
Жабылған қырғыздардың көптігін-ай?
Аяғын аттап мұнда баспас еді,
Абылай, Төле бидің жоқтығын-ай?!
Жауыздар жеті түнде соқтығып-ай,
Абалап үрген иттің сақтығын-ай.
Жалғыздық көріп, жапа шекпес еді,
Бөгенбай, Қабанбайдың жоқтығын-ай?!
Өткен соң арманда не, армандама,
Қайнайды көкірекке толған нала.
Бердекем боршаланып өлмес еді,
Қасында Көкжал Барақ болғанда да?!».
Көп өтпей қайта киіп осы кепті,
Сұраусыз хан Кененің басы кетті.
Тағдырдың тәлкегіне қазақ түсіп,
Жотасын жайдың оты осып өтті.
Аңсаған Бостандықты үміт-сәби,
Қайғының қара талын бесік етті.
Әйтеуір көресіні көріп бақтық,
Басқаның басып кірген несі кетті?..
Тауыпты Сарыарқада жаның дамыл,
Тербейсің рухыңмен дәміл-дәміл.
Басыңа сөзден соқтым бір ескерткіш,
Жан баба, ниетімді қабылда бұл!
Сөнгенмен от жүрегің мәңгі тоқтап,
Сен өткен сайрап жатыр қанды соқпақ.
Ажалға байлап беріп өз басыңды,
Қалыпсың аман-есен елді сақтап!
Кең дала құдіретіңе табынғандай,
Бұл күнде елесіңді сағынғандай.
Қорғапсың ұлан-байтақ атажұртты,
Қазақты тұтас жатқан бөліп-жармай.
Демегін төккен қаным тегін кетті,
Мұратқа сен жетпеген елің жетті!
Үш жүзге бөлінгенмен әншейінде,
Қазағың тілегі бір бөлінбепті.
Ежелгі елің де азат, жерің де азат,
Ордасын қайта тікті қалың қазақ!
Ортада Бәйтерегі көкке бойлап,
Жайнап тұр Астанадай төрің ғажап!
Бір күні менен-дағы қайтар екпін,
Келеді кереметті айта кеткім.
Рухыңды көргендеймін асқақтаған,
Басына көз жіберсем Бәйтеректің!
Киеңе, қасиетіңе сенім артам,
Ел болып, етек жапсақ сенің арқаң!
Ешқашан үзілмейді салған жолың,
Қиылып, қысқарғанмен өмір-арқан.
Атыңнан айналайын, Бердіқожа,
Аруағың – арттағыға әлі қалқан!..
ШАҚАНТАЙ
Үн-түнсіз толғанасың, ұлан дала,
Тапсырып тағдырыңды бір Аллаға.
Тұтқандай көк сағымнан көк шымылдық,
Көлбейді көкжиегің мұнарлана.
Сәулесі сан құбылған қас-қағымда,
Сағымның сағыныш бар астарында.
Езіліп етжүрегім шымырлайды,
Бозторғай шырылдаса аспаныңда.
Шұбартау, не көрмедің, не кешпедің,
Сыр бүккен бұйрат-бұйрат белестерің.
Мұң шаққан тау-тасыңа таң бозынан,
Мен де бір бозторғайың емес пе едім!
Сайраған жыршы құсың тілі балдай,
Өзіңді жырлап өтер тыным алмай.
Бұл күнде өз басымен әркім әлек,
Айтқанмен жай-күйіңді кім ұғардай?
Байқасам қасіретің қатпар-қатпар,
Тасындай Баршатастың жақпар-жақпар.
Бір кезде шалғыныңды шалқи басып,
Төсіңде сайрандапты жат қалмақтар.
Күн туған ел басына ол заманда,
Боларын бүгін бұлай болжаған ба!?
Ұшқан құс, жүгірген аң құлақ түрген,
Қазағым «Елім-айлап!» зарлағанда.
Туғандар шілдей тозып бір анадан,
Жапанда жан қалмаған жыламаған.
Айырылып атамекен қонысынан,
Күңіреніп халық көшкен бұл арадан.
Жарамас қасіретті айта берген,
Тұра ма батыр тумай байтақ елден.
Сан көшіп бұл өңірден қалың қазақ,
Сан рет жауын жеңіп қайта келген.
Өшкенше жау қарасы төңіректен,
Осылай айқаспенен өмір өткен.
Дариға, қайта оралмас сол батырлар,
«Өгіздей адырнасын мөңіреткен?!»
Аттарын ауызға алсам төкпелетіп,
Биіктер төбем демде көкке жетіп.
Қайтемін бөліп-жарып бабаларды,
Алармын аруақтарын өкпелетіп.
Шақантай – сондай асыл ердің бірі,
Не болар ер болмаса елдің күні?!
Байлықтан батырлықтың жөні бөлек,
Емес пе дүние, шіркін, қолдың кірі.
Анадан болса ұл боп туғаны шын,
Аяққа бастырады кім намысын?
Түбінде жақсылық па, жамандық па,
Алдыңнан шықпай қалмас қылған ісің.
Тектіден туған жігіт тек жата ма,
Емес пе елге қорған, елге пана!
Кезеңде қиын-қыстау, екі талай,
Шықпай ма қолды бастап кер жотаға?!
Жұлдыздай жарқыраған жанып өткен,
Керейде батыр аспас Жәнібектен.
Ұсынып хан Абылай оң тізесін,
Өзіне өле-өлгенше серік еткен.
Атанған ер Жәнібек жасынан-ақ,
Жан екен ерте қонған басына бақ.
Шежіре Сарыүйсіннің қызы дейді,
Керейдің ұлы анасы асыл Абақ.
Абақтың пұшпағынан бала тарап,
Он екі ұл атаныпты – он екі Абақ.
Ұрпағы ұран салған батыр бопты,
Шетінен найза ұстаған қара тамақ.
Жастабан – он екінің бір бұтағы,
Енші алған өзге түгіл құл-құтаны.
Есігін жарық дүние ашқан жанды,
Әр жерге тірлік қамы сырғытады.
Қорғаны Жастабанның би Жобалай,
Көреген әрі шешен, ақылға бай.
Бөлініп он екі Абақ аталастан,
Көшіпті бір себеппен әлде қалай.
Керейдің қорлығы жоқ жаттан көрген,
Тәңірі тілегенін ақтан берген.
Екі жүз үйді бастап би Жобалай,
Арқаға Алтай, Сауыр жақтан келген.
«Қой болар, қарамаңдар, қозы болар,
Айналып келер жылы өзі болар», -
Деп айтқан бір бітімде Жобалайдың,
Артына аңыз болған сөзі де бар.
Кемеңгер Байқотан би, ер Шақантай,
Серігі қасындағы болды оған сай.
Ортадан Арғын-Найман орын беріп,
Аз керей Бақанастан тауыпты жай.
Үзілмес кіндік тартып осы жерден,
Ұрпағы Жастабанның өсіп-өнген.
Басынан қилы-қилы күндер кешіп,
Заманның көппен бірге көшіне ерген.
Жақсымен алыс-жақын жолдас болған,
Жобалай, Байқотан би ел басқарған.
Ізденіп келген жаудың талайлары,
Қолынан Шақантайдың жер жастанған.
Болыпты жаудан қайтпас ер Шақантай,
Асыпты Алтай, Сауыр, Тарбағатай.
Жасында қарғып мінсе жолбарыстай,
Әп-сәтте жуасыпты тулаған тай.
Қашанда күш атасын таныған ба,
Батыр да, болған екен балуан да.
Ешкім кеп ел шетіне басынбапты,
Шақаңның кеудесінде жаны барда!
Алтайдың биігіндей қыран қонған,
Шақантай ұрпағына ұран болған.
Бір мінез көрсетпесе кішкентайдан,
Баланың болашағын кім аңғарған?!
Кеңітпей тар тұсауын келте жалған,
Шақантай ата-анадан ерте қалған.
Жалтаң көз жетімдіктен жапа шегіп,
Өксіген аш өзегін өртеді арман.
Жетімнің таңы қашан күліп атты,
Жанына жалғыздықтың мұңы батты.
Әкеден қалған малға ауыз салды,
Тас бауыр ағайыны діні қатты.
Қап-қара сырты менен іші бірдей,
Кісінің тұрмас сырын кісі білмей...
Азуы алты қарыс айналасы,
Көкжалдың жұлмалады күшігіндей.
Шақантай бірақ оған жасымады,
Өжетті кім қашанғы басынады?
Сенері, сүйенері – екі әпкесі,
Үшеуі бірін-бірі асырады.
Талапсыз берген Тәңір бақты кімге,
Қанатын үш балапан қақты бірге.
Ер жігіт ерте түсер ел көзіне,
Жата ма асыл пышақ қап түбінде?
Талпынып Жауқашардың жас түлегі,
Атағы айналаға естіледі.
Алдына шапса қара салмайтұғын,
Бар еді егіз туған қос күреңі!
Қоздырар көріп тұрса делебені,
Бітімі күреңдердің бөлек еді.
Шақантай тізгін қағып, тақым қысса,
Жұлдыздай зулап ағып жөнеледі.
Ағасы Матақ батыр немерелес,
«Жетімге тізем батты-ау» демеген еш.
Қадалып қос күреңге көзі түсті,
Байқаса, бермесіне көнер емес.
Не десін дойыр мінез ағасына,
Жараспас жармасқанмен жағасына.
Бетіне қарсы келіп, қолы тисе,
Қалмай ма дос-дұшпанның табасына?
Матақ та көзін күнде алайтады,
«Аттарды бермейсің бе?» деп айтады.
Қос күрең – қос қанаты емес пе еді,
Қанатын қиып берсін қалай тағы?
Пендеге біткен әдет бұл баяғы,
Жуанның жұдырығы кімді аяды?
Бермесе сұрағанын, ерегестің
Жаулыққа жалғасарын білді аяғы.
Қадірін біле бермес иліккеннің,
Бүйірден сұрқы жаман киліккеннің.
Бір қауіп ойлады да алдын-ала,
Жіберді тілін буып жүйріктердің.
Жылқының тілін буып қара қылмен,
Үйренген жаратуды бала күннен.
Жалғанда атбегінің арманы жоқ,
Зар күйін хас жүйріктің таба білген.
Қос күрең тілін буған жайыла алмай,
Су ішіп, емін-еркін тойына алмай,
Жарады оқтаудай боп өздігінен,
Ер салмай, мінбей-түспей, терін алмай.
Қожақұл нағашысы тамыр жайған,
Ішінде Қаракерей қалың Найман.
Бір түнде қос күреңмен тартып кетті,
Таяныш таппақ болып Қабанбайдан.
Қос тұлпар бірде желіп, бірде шауып,
Сүзеді ауыздықты ауық-ауық.
Қолтығы қозған сайын көсіледі,
Тостаған болат тұяқ жерді қауып.
Жортады төте тартып, жер қуалап,
Ызалы көк бөрідей қандыбалақ.
Күреңі жетектегі ырық бермей,
Ұйтқиды құйындатып алдын орап.
Жас батыр бұлқынады жаңа шыққан,
Жолаушы барар жерге ол асыққан.
Қиырда қолын бұлғап кейін қалды,
Жетімдік жас тамызған қарашықтан.
Ол кезде Найман жұрты Сарыарқада,
Дариға, Сарыарқадан жер арта ма!
Ілініп жорта-жорта ел шетіне,
Бір үйге келіп түсті қоналқаға.
Қызарып кешкі бұлттар арыстан жал,
Күн бата қайтқан мезгіл өрістен мал.
Маңайға маңғаз қарап тұр екен бір,
Алдында ақ боз үйдің ақсақал шал.
Деп жатты дабырласып «біреу келді»,
Алдымен шалға барып сәлем берді.
«Емес-ау тегін адам» деп ойлады,
Қария көзбен шолып күреңдерді.
Ақсақал қырау жапқан қас-қабақты,
Үйіне бастап кірді жас қонақты.
Шөл басып, малға бата жасалғанша,
Үйіріліп қараңғылық, кеш те батты:
- Шырағым, келіс қай жақ, барыс қай жақ? –
Қария жөн сұрады алысты ойлап.
Шақантай шынын айтты, жасырмады,
Қазандай кеудесінде намыс қайнап.
- Қиырдан көрінеді тау жотасы,
Ер Керей Жастабанның арғы атасы.
Сен болсаң Жауғашардан қалған тұяқ,
Найманның мен боламын Нарботасы!
Тұрғанда ұл тумай ма ер тұғырда,
Тараймыз Сүйіндіктен Төртуылда.
Түбіміз тамыр жайған – Төлегетай,
Сүйегі Сырда қалған жортуылда.
Қазақпыз көшіп-қонған талай жерге,
Келіппіз Сырдан ауып Ерейменге.
Іргеңнен бөрі шулап, ит ұлиды,
Анталап аңдыған жау көбейгенде.
Қария кең маңдайлы, ойлы көзді,
Айтты да бір тоқтады осы сөзді.
Ақырын бәйбішеге иек қағып,
Ілулі домбыраға қолын созды.
Қолына ұстады да домбыраны,
Келтіріп құлақ күйін сәл бұрады.
Жіберді қос ішекті қағып-қағып,
Қомданып екі иығын алды-дағы.
Домбыра сөйлеп кетті жұмсақ үнді,
Болар ма күйдің тілі мұнша мұңды.
Күрсінді қарияның көкірегі,
Сақтаған зердесінде мың сарынды.
Он саусақ перне бойлап безектеді,
Дәл басып өкінішті өзектегі.
Толқыды Шақантай да жанын ұғып,
Күйшінің осынау бір мезеттегі.
Тербетіп тыңдағанның жан-жүрегін,
Домбыра барып-барып алды демін.
Қонаққа мойын бұрып отағасы,
Жалғады жібін қайта әңгіменің:
- Ел-жұрты Қожақұлдың есен-аман,
Ауылы қашық емес осы арадан.
Атадан ер боп туған Қабанбайдың
Жиені бола қоймас осал адам!?
Деді де мұртын сипап шал жымиды,
Қабанбай аты шықса жан жылиды.
Шақантай елең етті мына сөзге,
Отырған ұмыта алмай әлгі күйді.
- Мекені – нағашымның Есіл маңы,
Әкемнің айтқан сөзі есімде әлі.
Атақты Ақтанберді жырын талай
Тыңдапты Қабанбайдың қасындағы.
Найманның Ақтанберді ақтанкері,
Қазылып қалатұғын шапқан жері.
Берейін бір-екі ауыз жырын толғап,
Жатталған көкейімде көптен бері.
Саңқ етіп, деді қария: «Бәркелді,
Аумапсың, танушы едім мен әкеңді!».
Шақантай әдеппенен қол созғанда,
Бәйбіше домбыраны және әперді:
Күлдір де күлдір кісінетіп,
Күреңді мінер ме екеміз.
Күдеріден бау тағып,
Кіреуке киер ме екеміз!
Жағасы алтын, жеңі жез,
Шығыршығы торғай көз,
Сауыт киер ме екеміз!
Ор қояндай жүгінтіп,
Аш күзендей бүгілтіп,
Жолбарыстай шұбарды
Таңдап мінер ме екеміз!
Сол шұбарды мінген күн,
Қоңыраулы найза қолға алып,
Қоңыр салқын төске алып,
Қол төңкерер ме екеміз!
Жалаулы найза жанға алып,
Жау қашырар ме екеміз!
Тобыршықты әндіген
Толтыра тартар ма екеміз!
Тобылғы түбі құралай,
Бытыратып атар ма екеміз.
Жарлауға біткен жапырақ,
Жамылсақ тоңар ма екеміз!
Жазыққа біткен бүлдірген,
Сұғынсақ тояр ма екеміз!
Тобылғы сапты қамшы алып,
Тұмар мойын ат мініп,
Қоныс та қарар ма екеміз!
Ел жазылып жайлауда,
Жақсылар кеңес құрғанда,
Мұртымыз көкке шаншылып,
Бұрын да сөйлер ме екеміз!
Асау жыр таудан тасқын құлағандай,
Ерлігін ер жігіттің сынағандай.
Нарбота дүр сілкінді, көз алдынан
Жарқылдап қалың жасақ шұбағандай.
Отырды көңілі толып жас жігітке,
Қиялы құлаш ұрып жақсы үмітке.
Саумалап ақсақалын күлімдеді,
Ұқсаған үлпілдеген ақ түбітке.
Қайтадан әңгімені ол бастады,
Айтылмай іштегі сөз қалмас тағы:
- Екен ғой – деп күрсінді, - Ақтанберді,
Жыраудың жүзі қайтпас алдаспаны!
Қарағым, домаласын өрге тасың,
Найманның ұмытпай жүр Нарботасын.
Ал, кәне, қолыңды жай, мен берейін,
Атаның ақ тілекті оң батасын.
Шақантай қолын жайып жүреледі,
Осы еді бір Алладан тілегені:
- Жортқанда жолың болсын, жас жолаушы,
Қырандай қанаттанып түле! – деді.
Бол, - деді, - Қабанбайдай елге қорған,
Намыстың алтын туын берме қолдан.
Көргеннің көзі тойсын ауылыңа,
Қаз-қатар аққу-қаздай көлге қонған.
Ұрпағың ұрық шашып өсіп-өнсін,
Бақ-дәулет қойшыңның да қосына енсін.
Жарқырап ай маңдайың топ алдында,
Үйіріліп игі жақсы қасыңа ерсін!
Ауғанша дидарласты түн жарымы,
Артпай ма тыңдай берсе жыр қадірі!
Жүректі нұрға бөлер мұндай сәтке,
Жолығар жолаушының мың да бірі.
Тәңірі тірлік берген жайнасын деп,
Қызығын бұл жалғанның тойласын деп.
Қоштасып ертесінде Нарботамен,
Жөнелді Есіл-Нұра қайдасың деп!
Зулады кезек мініп қос күреңді,
Жолына бөгет болмас ешкім енді.
Нұраның жағасында ер Қабанбай
Отыр деп Нарботадан естіген-ді.
Қабанбай батырлықтың асқар белі,
Жоқ одан ешбір жанның асқан жері.
Жатыр деп Нарботадан және естіген,
Дәулетбай әкесіне ас бергелі.
Шақантай шапқан сайын жолды үдетіп,
Нұраға ара қонып келді жетіп.
Ас беріп жатыр келсе қалың Найман,
Бәйгенің туын тігіп желбіретіп.
Тігілген қалың үйден шағаладай,
Жайнап тұр Нұра бойы самаладай.
Жан-жақтан құйылған жұрт құжынайды,
Тәттіге үймелеген бал арадай.
Бас болып хан Абылай, ер Қабанбай,
Жиналған жақсы-жайсаң елде қалмай.
Келмеген – тоқсан асқан Нарбота қарт,
Қанатын кәрі қыран қомдай алмай.
Ақорда ханға тіккен асқақтайды,
Күзетші босағада қас қақпайды.
Қолында ас тізгіні жақсылардың,
Мұнайда жаман-жәутік ес қатпайды.
Жігіттер су төгілген мінген жорға,
Тебінсе теңселеді оң мен солға.
Ағындап жосылады үйден үйге,
Табақты зырылдатып қолдан қолға.
Күрпілдеп сары қымыз саба-саба,
Қосады өз қызуын тамашаға.
Дүркіреп, дүбірлеген думан-қызық,
Көз салып қай жағына қараса да.
Әр үйге жеке түскен ел ағасы,
Тартылған жөн-жобамен сыбағасы.
Бұл аста Шақантайдан басқа жан жоқ,
Сопайып жалғыз жүрген қара басы.
Ешкім жоқ келдің-кеттің деген бұған,
Алып жүр өзек жалғап одан-бұдан.
Біреулер күдіктене қарайтындай,
Қарақшы емес пе деп жол аңдыған.
Төбеде атойлайды бәйге алаңы,
Жар салып жүйріктерді айдағалы.
«Мен неге қос күреңді қоспаймын?» деп,
Шақантай сол арада ойланады.
Кедейдің жаны жомарт, көңілі бай,
Жалғыздың жеке жүрген жары құдай.
Желтақым екі бала тауып алып,
Мінгізіп қос күреңге деді былай:
- Жәрдемші жетім-жесір, кембағалға,
Жаратқан жарылқайды қолдағанда.
Өтіңдер «Шақантайлап!» ұран салып,
Аттарың оза қалса алда-жалда.
Сәйгүлік мың қаралы жел қанатты,
Желгенде тұяғынан шаң боратты.
Алдында айдаушының топ ішінде,
Ойнақтап қос күрең де бара жатты.
ІІІ
Ат кетті, ас қызығы жалғасуда,
Күн ыстық, қымызбен жұрт шөл басуда.
Секілді бала бүркіт тұғырдағы,
Шақантай жалғыз отыр дөң басында.
Жалғызды деп ойлайды кім аңдамақ,
Бәйгеден аты келсе ұрандамақ.
Түлкінің күшігіне түсетіндей,
Түйіліп, түксиеді қыран қабақ.
Сездіріп ішінде бір ашу барын,
Жанары жалтылдайды шашып жалын.
Жақсылық нышанына жорып отыр,
Бәйгеге қос күреңнің қосылғанын.
Тіреліп қос күреңге арман-үміт,
Аллаға сиынады жалбарынып.
Кім білсін, бағы жанып, аты келсе,
Алдынан жол ашылар қақ жарылып.
Бұл астың кім жоқ дейсің ортасында,
Мәйегі сары майдың тортасында.
Жақсылар теңселеді балпаң басып,
Байлық пен батырлықтың арқасында.
Қаптаған қарасы бар, төресі бар,
Әркімнің шығатын өз төбесі бар.
Бәйгеге тулақ емес тұлпар қосқан,
Олжадан бәрінің де дәмесі бар.
Таянды ат келетін мезгіл-дағы,
Тігілді солай қарай көздің бәрі.
Дүрлікті жиналған жұрт дөң басында,
Жүйрік боп барлығының сөз қылғаны.
Таусылып тұрған шақта ел шыдамы,
Бұрқ етіп, будақ-будақ шаң шұбады.
Біреулер «Әне, келе жатыр!» десті,
Шошайып қолындағы қамшылары.
Табаны қызған сайын шабатұғын,
Түрі жоқ тұлпарлардың талатұғын.
Қос күрең қосауыздың оғындай боп,
Атылып алға шыққан болатұғын.
Суырылып шыққан бір топ шүу дегенде,
Зулаған бір белеңнен-бір белеңге.
Ашылып тыныстары сала берген,
Жел тұрып ағынынан гулегенде.
Шұбатып қалың топты артындағы,
Таласып, қатарласып қарқындады.
Малынып ақ көбікке құйысқаны,
Серпіле созылғанда сартылдады.
Саңлақтар сан бәйгеде дара келген,
Жүйткиді құстай ұшып қара жермен.
Қос күрең ұмтылғанда алға қарай,
Шетінен бір ышқынып қала берген.
Рас-ау, жүйрік деген жылқы желден,
Шалынды қос күреңнің қылпы белден.
Оқ бойы келе жатыр жануарлар,
Тазыдай бүктетіліп түлкі көрген.
Қарасын қос күреңнің енді аңғарып,
Еріксіз тынып қалды ел дағдарып.
Екенін кімнің аты біле алмай тұр,
Жын ба әлде келе жатқан елбең қағып?
Сақпының тасындай боп дөңгелене,
Шықпасын жүйрік, шіркін, дөңге неге!?
Көзді ашып-жұмғанынша екі күрең,
Ағындап жетіп келді көмбеге де!
Бәйгеден келді деген аты қана,
Қызғандай екпіндейді еті жаңа.
«Шақантай!», «Шақантай!» деп ұран салып,
Шырылдап өте шықты екі бала.
«Тәңірі, тілегімді бердің бе! - деп,
Қара үзіп, қос күреңім, келдің бе!» - деп.
Шақантай орынынан түрегелді,
Жатқанын естіген жоқ елдің не деп.
Шақырды атқа шапқан бала кімді?
Біле алмай Шақантайды ел аңырды.
Иесін қос күреңнің сұрастырды,
Қақ жарған төрешілер қара қылды.
Бәйгеден аты келген тілегі боп,
Кім білсін жетім бе әлде тірегі жоқ?
Сұрады атқа шапқан балалардан:
«Иесі жүйріктердің кім еді?» деп.
Балалар көз жеткізіп аныққа енді,
Жетелеп Шақантайға алып келді.
Қараса он бестегі бозбала екен,
Иесін күреңдердің халық көрді.
- «Шақантай!» қандай елдің ұраны? - деп,
Өзінен Шақантайдың сұрады кеп.
- Шақантай мен едім, - деп, - жауап берді, -
Бұл аста түскен үйі – тұрағы жоқ!
Қалың ел одан сайын гуілдесті:
«Қаршадай болып алып, бұ кім?» десті.
Керейлер Шақантайдың жөнін біліп,
Қуанып іштерінен күлімдесті.
Жас бала жарқылдады топты жарып,
Жүлдесін алғанына бек қуанып.
«Шақантай Қожақұлдың жиені екен»,
Деген сөз Қабанбайға жетті барып.
Батыр боп бекер адам жарала ма?
Шақыртты Шақантайды сол арада.
Иіліп Қабанбайға сәлем берді,
Иықты, қыран қабақ қара бала.
Ай маңдай құлынындай боз биенің,
Қабанбай тани кетті өз жиенін.
Балаға оң жағынан орын беріп,
Ағытты ұлы батыр сөз тиегін.
Сүйетін туған ұлын шын аймалап,
Ел қамын ер болмаса кім ойламақ?!
Қабанбай көз қиығын тастап қойып,
Отырды Шақантайға сынай қарап.
Тұрпаты танылып тұр ер боп туған,
Ерке емес дыр-думанды ермек қылған.
Ұнады Қабанбайға мына бала,
Қайраты тұла бойын кернеп тұрған.
Көңілге қуаныштың қонды қазы,
Өмірдің жарқырамақ енді жазы.
Бар болған оқиғаны естіп-біліп,
Қабанбай Шақантайға болды разы:
- Білмеймін, құбылады заман қалай,
Емес қой өмір сүру адамға оңай.
Бол, - деді, -бұдан былай өз қасымда,
Артыңа, атыңа да алаңдамай!
«Қабанбай Шақантайға нағашы екен,
Бірі - жең, бірі – тонның жағасы екен.
Бәйгеден екі бірдей аты келген,
Керейдің шынашақтай баласы екен!».
Дегенді естігенде ер Жәнібек,
Отырды бармақ тістеп, сәлге жүдеп.
Матаққа қатты ренжіп, назаланып:
«Болдық-ау, - деді, - жұрттай қорғаны жоқ?».
Керейдің қуана алмай жеңісіне,
Сыймады ашуланып терісіне.
Ержүрек жас баланың тапқырлығы
Аңыз боп кете барды ел ішіне...
Алса да ит тіршілік балағынан,
Жігіттің қар жаумады қабағынан.
Қасында Қабанбайдың жас Шақантай,
Түледі секілді боп бала қыран.
Батырлар елін қорғап аласұрған,
Тұлпарын белдеуінде таң асырған.
Ол заман біздің қазақ соғыс салып,
Алтайдан ата жауын ары асырған.
Соғысқа талай ерлер қатысыпты,
Қалмақпен шабысыпты, атысыпты.
Айқаста жолбарыстай жауын жайпап,
Жас батыр Шақантайдың аты шықты.
Шақантай тұлғаланып толған екен,
Қасында Қабанбайдың болған екен.
Әкесі тірі кезде Наймандағы,
Айттырған қалыңдығын алған екен.
Бұл өзі таусылмайтын әңгіме еді,
Сан-саққа жүгіртеді әркім оны.
Найманның бір байының сұлу қызы -
Жаңылды айттырғанын ел біледі.
Әлгі бай мың құбылып қызыл желдей,
Арқауы құдалықтың үзілгендей.
Жауғашар өлгеннен соң жетімсініп,
Жүріпті Шақантайға қызын бермей.
Қабанбай кісі салды әлгі байға,
Жалтарып, құтылады енді қайда?
- Ақ бата жасасқаны рас болса,
Жаңылды ұзатсын, - деп, - ендігі айда!
Шет болды серттен тайып аруаққа,
Шақантай қайдан шықты, танымап па?
Жаңылдың жасауына қосып және
Мінгізсін жеті қызды шаңыраққа!
Ақылы айласымен көмкерілген,
Байлардың әдеті ғой ерте күннен.
Сәлемін Қабанбайдың ести сала,
Әп-сәтте аударылып-төңкерілген.
Жан тәтті, түскеннен соң жарлық қатты,
Қабанбай сараң байды жорғалатты.
Жасауы Жаңыл қыздың түгелденіп,
Той өтті дүркіреген салтанатты.
Бай құда жөнге келіп екі жүзді,
Шығарды жомарттықпен атын ізгі.
Айтқанын Қабанбайдың екі қылмай,
Мінгізді шаңыраққа жеті қызды.
Шақантай шықты ойлаған кезеңіне,
Өрт түсті кейбіреудің өзегіне.
Қабанбай ақ батасын берді-дағы,
Жиенін аттандырды өз еліне.
Шын батыр тұра ала ма елім демей,
Елінің ертелі-кеш қамын жемей.
«Шақантай келе жатыр!» дегенді естіп,
Қарсы алды қаптай шығып қалың Керей.
Көл қылып шаттықпенен көңілдерін,
Түсірді оң аяқпен келіндерін.
Қуанып арқа-жарқа Матақ батыр,
Ініден мойындады жеңілгенін.
Деп Матақ той жасады: «Інім келді!»,
Қадірі туыстықтың білінді енді.
Риза боп Шақантай да ағасына,
Әйгілі қос күреңнің бірін берді.
Мерейі Шақантайдың аспандады,
Даңқына сүйінбеген дос қалмады.
Әйелдің кемеңгері Жаңыл болды,
Тәңірдің өзі таңдап қосқан жары.
Адам аз бұл өмірге еркелеген,
Талайды тағдыр, шіркін, желкелеген.
Біріне шаңырақтың мініп келген,
Бар еді ақылды қыз Еңке деген.
Әйелдің барлығынан асты Жаңыл,
Бақытын Шақантайдың ашты Жаңыл.
«Жалғызсың, көбеймесең болмайды!» деп,
Еңкені өз қолымен қосты Жаңыл!
Жаңылдың ерлігі тек ол емес-ті,
Артынан алты қызды және қосты.
Алғаны көп болмаса осылайша,
Ұрпағы Шақантайдың неден өсті?!
Түсіріп ықыласын Тәңір оған,
Қосыпты сұлуларды Жаңыл оған!
Соңынан бес әйелді тағы әперіп,
Бұтағы қаулап өсіп жамыраған!
Шақантай әрі шешен, әрі батыр,
Тарихын қуа берсең ары жатыр.
Тараған сонау он үш әйелінен,
Бұл күнде қарақұрым халық отыр.
Талайдан Шақантайдың ерлігі асқан,
Тағдырдың сан талқысын көрді жастан.
Бірлік пен берекенің діңгегі боп,
Жан екен ел үстіне елді қосқан!
Батыр боп атана ма тегін кісі,
Кеппеген жортуылдан тебінгісі.
Ақырған арыстандай талай-талай,
Алыптан басым түскен оның күші.
Құдайым сәтін ылғи келтіріпті,
Оңынан Шақантайдың жел тұрыпты.
Бойында Аягөздің жекпе-жекте,
Қалмақтың қара дәуін өлтіріпті.
Босамас жаудан жерің жаннан күспей,
Кешегі өткен өмір көрген түстей.
Көк найза, қара шоқпар заманында,
Өтіпті ат үтінде ерден түспей.
Таба алмас жоғалтқанын із көрмеген,
Дариға, сұмдық бар ма біз көрмеген!
Ерлігі Шақантайдың таусылмайды,
Моншақтай мөлдіретіп тізгенменен...
Бүгінге аңыз оның батырлығы,
Ізінде ғасырлардың жатыр мұңы.
Аруағын осындайда қозғамасақ,
Қазақтың кімге керек ақындығы!?.
ҮІІ
Жорықта жолда қалмас жүгі нардың,
Рухы мәңгі сөнбес ұлылардың.
Ұрпағың ұмытпайды, ер Шақантай,
Аузында атың жүрер тілі бардың.
Шұбартау, Шұбартау боп жаралғалы,
Керей кеп бұл арадан жер алғалы,
Көрмепті жел жағыңа ешкім шығып,
Анаңның сені тапқан жоқ арманы!
Өткерді қазақ қанша зіл-заланы,
Шұбартау қалай одан құр қалады?
Жобалай, Байқотан боп, Шақантай боп,
Жатырсың қорғап-қоршап бұл даланы!
Бостандық баянды боп осы келген,
Тұқымың азаймасын өсіп-өнген.
Шұбартау топырағында мәңгі өшпейді,
Қалған із Өзіңіздей асыл ерден!
Елім деп қабырғасы қайысатын,
Жоқ бүгін Төлеу менен Уәйіс ақын.
Солардың жұртындағы біздер бармыз,
Сескенбей топқа түсіп сайысатын.
Жетеді Шұбартаудан шыққан ұлдар,
Әйгілі Еркеғали, Мұхтарың бар.
Бекен мен Мыңбай, Төлек, Жанұзақтар –
Жартасты жарып өскен түп-тамырлар!
Жұртыңды, ұрпағыңды қолда, баба,
Жар болып жабырқаған кең далаңа!
Тимесе аруағыңның шарапаты,
Дертіне Шұбартаудың ем қона ма?
Қолдасаң, кем-кетігім толады әлі,
Өріске малым сыймай қорадағы.
Жыртылған жолым қайта жамалады,
Жүдеген елім қайта оңалады.
Желбіреп жас келіннің орамалы,
Өмірге талай ұрпақ келеді әлі.
«Шақантай!», «Шақантай!» деп шауып өткен,
Бәйгеден көрсем деймін со баланы!
Ақындар бүгін терең ой кешуде,
Қызыл тіл қызған сайын сөйлесін де.
«Шақантай!», «Шақантай!» деп мен де келсем,
Арман жоқ жырдың ұлы Бәйгесінде!
«Шақантай!», «Шақантай!».
САРЫҚЫЗ
Сөз қалған жайсаң мен жақсылардан,
Қобызда сарын қалған бақсылардан.
От ауыз, орақ тілді бабалардың,
Жері жоқ өлең-жырға тапшы болған.
Сарқытын саптыаяқтан ішем десең,
Көмейден, ей, ақыным, төкші маржан!
Тебірен, сарна, зарла, кәрі қобыз,
Тіліңнен қара қылдың нәрін еміз.
Сарыны сай-сүйекті сырқыратқан,
Менің де өзіңменен жаным егіз.
Тұқымы бақсылардың болмасақ та,
Тұяғы көкшұбардың көрінеміз.
Бастайын әңгімені заманда өткен,
Сілтейін жерге дейін шамам жеткен.
Жайпаған жан біткенді бұл жалғаннан,
Ешкім жоқ жал-құйрығы аман кеткен.
Дегені бірде болып, бірде болмай,
Өмірден жақсы да өткен, жаман да өткен.
Аузымен құс тістеген дүлдүлдер де,
Мың салса бір баспайтын шабан да өткен.
Дүркіреп бұлттай көшкен дүниенің
Өтерін білмегендер надан неткен?
Жалт етіп көрген түстей кім өтпеген,
Ажалдан жүрек бар ма дір етпеген?
Алқымнан Әзірейіл алған шақта,
Жан тері диюдың да шүмектеген.
Тәңірдің әмірінде бар тіршілік,
Кезегін өз қолымен реттеген.
Әлеумет, батаңды бер, жырға қостым,
Бақсыны Арқада өткен Тілеп деген!
ІІІ
Қария сақал-шашын қырау жапқан,
Әйгілі Тілеп бақсы мынау жатқан.
Қобыздың шанағында шырқ үйіріп,
Дүниені оңды-солды мың аунатқан.
Береді сұм ажалдан суық хабар,
Көз алды қоюланып тұмандатқан.
Басында сүйеулі тұр қара қобыз,
Сарынын сан қиырға шығандатқан.
Тіршілік қашқан түлкі секілденіп,
Құйрығын көрсетеді бұлаңдатқан.
Қасында бәйбішесі күрсінеді,
Інгендей бүйіріне бұрау батқан.
Аузына су тамызып анда-санда,
Күн батса қараңғы үйге шырақ жаққан.
Бір жұма сандырақтың ілінгені,
Таң атып, күн батқаны білінбеді:
«Сарықыз, Сарықыз!» деп күбірледі,
Сөзді айтып жүрегінің түбіндегі.
Құдай-ау, кеше ме еді, бүгін бе еді,
Соңынан «ағатайлап!» жүгіргені.
Тоқтай қап, бетін басып өксігенде,
Секілді сынған қурай бүгілгені.
Санасын шырмап алған қалың елес,
Қай жаққа жетелері мәлім емес.
Сандалтып Сарықызға жеткізбейді,
Алыстан сағымданған сары белес.
Сарғайған сары белес сағыныш қой,
Шықпаған өмір-бақи жадынан еш.
Естіліп бір мезетте жөтелгені:
«Бәйбіше, қобызымды әпер!» деді.
Дірілдеп саусақтары қыл ішекте,
Сәл ғана бойын тіктеп бекемдеді.
«Ақкөлдің жағасында күтіп отыр,
Бұйырса Сарықызға жетем!» деді.
Бәйбіше мұңаяды сөзін бөлмей,
Боларын бір сұмдықтың сезінгендей.
Қоштасып кәрі қобыз иесімен,
Боздады ыңыранып боз інгендей.
Сарнаған кәрі қобыз сөз алды да,
Сарықыз келе қалды көз алдына.
Шырайы мың құбылған мына жалған,
Кім білсін қызарды ма, бозарды ма?
Сарықыз бір күледі, бір жылайды,
Мөлдіреп жанарында мұңлы қайғы.
Көлкіген көк сағымға араласып,
Біресе көкжиекте бұлдырайды.
Шыңылдап шыңыраудан зар шығады,
Күйшінің ыстық жасы тамшылады.
Сарықыз көзден алыс кеткен сайын,
Езіліп әлсіз жүрек жаншылады.
Сарықыз сарыала бір құсқа айналып,
Мінеки, қос қанатын қамшылады.
Жылайды қара қобыз еңірейді:
«Сарықыз, тастамашы мені – дейді.
Бірге ұшып аққулармен кетер болсаң,
Арқаның аңырайды көлі дейді.
Жеткізбей елесіңе қойдың-ау бір,
Қусам да өле-өлгенше сені» – дейді.
Өксітіп іште бұққан сағынышты,
Күй тынды, айтып осы жалынышты.
Пендеге мәңгі жұмбақ екі дүние,
Екен ғой бір-біріне бағынышты…
Ентігіп, сәл демалып сыбырлады,
Айтпаққа соңғы сөзін ғұмырдағы:
- Мен енді бұл дүниелік жан емеспін,
Қыраным ұшып кетті тұғырдағы.
Бармасам Сарықызға сірә болмас,
Шақырып, маза бермей ыңылдады.
Қыдиып қыр соңымнан ергеннен соң,
Бұл ажал алмай қоймас келгеннен соң.
Қасына Сарықыздың апарыңдыр,
Орындап тілегімді өлгеннен соң.
Басымда қобыз тартып, дұға оқыңдар,
Тепкілеп, терең қазып көмгеннен соң.
Көңілін тыңдағанның қан жылатып,
Деді де сұлық түсіп қалды жатып.
Кім білсін Сарықызды қайта көрді,
Қиырдан екі көзін жаудыратып…
Бақсыны сарсаң қылған Сарықыз кім?
Білгіңіз келіп отыр бәріңіздің.
Сыр еді сары алтындай бұғып жатқан,
Түбінде көптен бері жанымыздың.
Өлінің қобыз тартса жаны кірген,
Қазақта Қойлыбайды бәрі білген.
Бата алған Қойлыбайдан бала бақсы –
Тілеп те «жын жүгендеп, пері мінген».
Болыпты Қойлыбайдың жалғыз қызы,
Аумаған үлбіреген сары гүлден.
Жұрт оны Сарықыз деп атап кеткен,
Шын аты жұмбақ күйде әлі жүрген.
Қолына Сарықыз да қобыз ұстап,
Сөйлескен ертелі-кеш кәрі жынмен.
Айтпасаң елдің жайын ел ұқпайды,
Арттағы алдыңғыны толықтайды.
Арызын қобызға айтқан Қойлыбай бұл,
Азаптан көкірегіне толып қайғы.
Қойлыбай жын шақырып долданғанда,
Қобызы аттан озып қалықтайды.
Перісі құлағына сыбырласа,
Сәбидей езу тартып шалықтайды.
Тілдескен жетіқатпен сол бір жандар,
Амал не енді қайтып жолықпайды!?.
Қозғасам сонау-сонау аңыздарды,
Оятам ұйқыдағы абыздарды.
Халқының қамын ойлап Қорқыт ата,
Қанды жас қара көзден тамызған-ды.
Тағдырдың тұзағынан құтыла алмай,
Тау асты, дәрия кешті, теңіз барды.
Қорқыттан Қойлыбайға жеткен қобыз,
Теріске қара суды ағызған-ды.
Ұстазы Қойлыбайдың Тоқбақ бақсы,
Солардан кейінгіге негіз қалды.
Шәкірті Тілеп бақсы тоғыз жаста,
Қолынан Қойлыбайдың ауызданды.
Дамылсыз дауыл тұрды, дүние көшті,
Дариға, сол заманнан неміз қалды?..
Үйірген қобызымен кең даланы,
Қойлыбай шамырқанып шамданады.
Бұлқынып алдындағы бала бақсы,
Бүркіттей екі иығын қомданады.
Қойлыбай зікір салып күңіренді,
Жан-жақтан қаптай шауып жыны келді.
Құрыстап Тілептің де жон-арқасы,
Маңайды қос қобыздың үні керді.
Шаңдатып айдаланы жын-перілер,
Біріне қазбақ болды бірі көрді.
Қобызды тартқан сайын қос бақсының
Жотасы күдірейіп іріленді.
Қара жер сілкінгендей солқылдады,
Тып-тыныш мүлгіп жатқан көл тулады.
Найзағай бұлтты жара найза сілтеп,
Шатырлап жасын ойнап жарқылдады.
Қараша үй қаңбақ құсап дөңгеленіп,
Уық пен керегесі сартылдады.
Тоқтатып жын-перісін анталаған,
Қойлыбай көзін ашты қанталаған:
- Әй, бала, кетем дейсің тілек етіп,
Шолтаңдап қысқа жіптей келте ораған.
Үш-ақ жыл болды маған ергеніңе,
Кекілің сүзілген жоқ жел тараған.
Көнбедің айтқаныма амал қанша,
Ала ғой керегіңді қолқалаған.
Жортқанда жолың болсын, мына қобыз -
Сыңарым еді жастан арқалаған.
Өлгенше өзімдей көр, көзімдей көр,
Қысылсаң панаң болсын қалқалаған!
«Арымас баталы құл!» деген сөз бар,
Аман жүр қарақшыдан ел тонаған.
Жынымнан нөкер қосып жіберер ем,
Көнбей тұр сенің жының шалқалаған.
Манадан арпалысып жеңіспеді,
Бір-бірін ақ пен қара паршалаған.
Бата алып Қойлыбайдан Тілеп кетті,
Жұтынып жас қырандай түлеп кетті.
Қаумалап қалың жыны жан-жағынан,
Шуласты төбелері тіреп көкті.
Мөлт етіп Сарықыз да қала берді,
Тілептің жүрегінде бір от кетті.
Сол бала тасып туған өр талабы,
Атанды Тілеп бақсы Арқадағы.
Қобызын қолына алып күңіренсе,
Арқаның елеңдеді шартарабы.
Жындарын шақырғанда әр қиырдан,
Тулақтай қуырылды жер танабы.
Тілептің бақсылығы елден асқан,
Үн қосқан қобызына жер мен аспан.
Алыстан отыратын естіп-біліп,
Біреулер ғайбат айтса аңдамастан.
Сөйлейін бір керемет оқиғасын,
Бойында Жыланшықтың берген астан.
Бір байдың сол заманда асын берген,
Тілеп те асқа келген қашық жерден.
Жыланшық тасып жатқан мезгіл екен,
Арнасы өткел бермей ашу керген.
Жыланшық жынданады толқын атқан,
Ернеуі көбіктеніп шалқып аққан:
- Тілеке, дәм бұйырмай тұр-ау Сізге, -
Деп халық айғай сапты қарсы жақтан.
Халыққа Тілеп сонда былай депті:
- Қара су тасып жатқан ылай депті.
Бізге арнап тіккен үйді көрсетіңдер,
Бұйырса дәм татамыз құдай! – депті.
Ақ үйдің керегесі кең жайылған,
Дайын тұр дастарханы дәм қойылған.
Жағаға тақау келіп Тілеп сонда,
Қобыздың құлақ күйін сәл қайырған.
Сарнады қара қобыз жөнге келіп,
Қарсыдан қарап тұрды ел де көріп.
Бастырып төрт қазыққа байлап қойған,
Киіз үй көтерілді дөңгеленіп.
Бақсының қасына кеп қона қалды,
Құйындай жетектеген желмен еріп.
Көзімен көріп мынау болған істі,
Көпшілік ғажайыпқа таң қалысты.
Ақ үйге Тілеп кіріп нөкерімен,
Дәм татып, бата беріп қол жайысты.
Қайтадан қобыз үні шыққан кезде,
Киіз үй кері қарай самғай ұшты.
Қалықтап өз орнына қайта қонды,
Көргендер сөз таппады айтар енді.
Әңгіме сумен ағып, желмен көшіп,
Аралап кете барды байтақ елді.
Қаншама содан бері ғұмыр өтті,
Қуалап қияметтің күні жетті.
Ажалдан құтыла алмай қусырылды,
Болса да асқан бақсы құдіретті.
Тағдырдың кезіккенде кермесіне,
Жар болар Тәңір ғана пендесіне.
Манадан әл үстінде жатқан еді,
Қайтадан көзін ашып келді есіне.
Қарманып жан-жағына тілге келді,
Қиналып бір сөйледі, бір бөгелді:
- Ен жайлап, емін-еркін көшіп-қонған,
Қайран ел, сөгіледі-ау іргең енді?!
Оралдан күншығысқа аса беттеп,
Келеді дүлей дұшпан баса көктеп.
Желкеңе қылыш төсеп жеріңді алса,
Бақ-дәулет басыңдағы қоса кетпек.
Қайтарар жаудың бетін шама қайда,
Бастады демеңіздер жаман ойға.
Дүниені асты-үстіне төңкерсем де,
Таба алмай өтіп барам соған айла?
Күрсінді отырғандар қасындағы,
Жайды ойлап қалың елдің басындағы:
- Сарықыз! - деді қайта сөзін жалғап,
Бір арман көрген түстей жасымдағы.
Көз салса өткен өмір белесіне,
Сап етіп оралады ол есіне.
Аздан соң біржолата тілден қалып,
Ілесті Сарықыздың елесіне.
Атқандай арайланып үміт таңы,
Ойына қайта түсті жігіт шағы.
Өмірі ұмытпаған сол күндерді,
Жөн бе екен өлерінде ұмытқаны?
Біраз жыл болған еді кеткеніне,
Асығып келеді енді Ақкөліне.
Сарықыз қол бұлғайды көз ұшынан,
Орнаған жүрегінің қақ төріне.
Қасында қал дегенде қала бермей,
Неге осы шығып кетті шеткеріге?
Көп болды балғын жүзін көрмегелі,
Кім білсін ағасына өкпелі ме?
Сол үшін еңіретіп қобызын да,
Сарынын сағыныштың төкпеді ме?
Аспанға ашық күнде бұлт үйірген,
Жалғаннан Қойлыбай да өткені ме?
Қара нар қабырғасы қайыспайтын,
Шөкімдей топырақ боп шөккені ме?
Бір сарын құлағына шалынады,
Шынымен Сарықызға жеткені ме?
Сыңсыған мұңлы сарын шер төгеді,
Тілептің көкірегі өртенеді.
Тебініп асындағы ақ түйесін,
Сол жаққа құстай ұшып ентеледі.
Сарыарқа – сайын дала самал ескен,
Қазақта арман бар ма далада өскен.
Ақкөлдің жағасында Сарықызбен,
Жүгірген бала күні қала ма естен.
Көрінді елдің қылпы сонадайдан,
Жаз шықса қаздай шұбап өре көшкен.
Бебеулеп қобыз үні жетеледі,
Ақкөлге жақын қалған төтеледі.
Жазылып көк кілемдей көсіледі,
Даланың адыр-белі бетегелі.
Қызықтап қызыл-жасыл жаздың көркін,
Айдында құс шулайды емін-еркін.
Ақкөлдің жиегіне таянғанда,
Байқады үкі таққан қыздың бөркін.
Тек қана құлағында қобыз үні,
Кірмейді одан өзге жан ызыңы.
Сарықыз болмаса егер алдындағы,
Бар мына дүниенің не қызығы?
Таңырқап, бұйда тартып тұра қалды,
Жас өңі бір қызарды, бір ағарды.
Япыр-ау, Сарықыздың өзі емес пе,
Естіген сарыны ғой мынау әлгі?
Тентіреп көктен тілеп жүргенінде,
Тәңірі жерден берді сұрағанды.
Азырақ мұрсат алып иесінен,
Әзірге аялдасын күй осымен.
Жақындап Сарықызды таныған соң,
Жүгірді қарғып түсіп түйесінен.
Иенде іздегенін жолықтырған,
Қобыздың айналмай ма киесінен!
Лүпілдеп жүректері алып ұшып,
Табысты екі ғашық сағынысып.
Құстар да құптағандай қиқуласты,
Айдында ұшып-қонған сабылысып.
Мұңдасып, мауқын басып, дидарласты,
Ақкөлдің тұнығынан қанып ішіп.
Тына қап соғып тұрған жел гуілдеп,
Ақырын тербеледі көл күлімдеп.
Желбіреп қамыс-қоға шымылдықтай,
Тартады құшағына сәл дірілдеп.
Тіршілік мейірленіп маңайдағы,
Ақкөлдің балбырайды бар аймағы.
Алманың қызылындай ерте піскен,
Бетінде бойжеткеннің қан ойнады.
Қыбырлап жайылған мал көз көрімде,
Бозторғай шырылдайды өз көгінде.
Ақкөлде жеке жүрген жапа шегіп,
Тағдыры Сарықыздың өзге мүлде.
Демеңіз уайым қайда, қайғы қайда,
Дүниеден өткен екен Қойлыбай да.
Күніне жүз құбылған, шіркін, жалған,
Жалт етіп қас-қағымда айнымай ма.
Жаралған адам болып кең құрсақта,
Пенденің тірлігі аян жалғыз Хаққа.
Қойлыбай өлгеннен соң Сарықызды,
Жүгірткен еріккен жұрт әрбір саққа.
Өсектің өрттей қаулап бір аңызы,
Даланың дүбірледі құла дүзі:
«Қойлыбай жын-перімен әуейі боп,
Туыпты десті содан мына қызы.
Перілер бала жастан дуалады,
Бұдан да талай пәле туады әлі.
Ертерек құтылмасақ болмайды»- деп,
Ит қосып, көрген ауыл қуалады.
Кетіпті содан бері елден безіп,
Секілді түздің жалғыз дуадағы.
Мұңлықтың қобыз ғана шын мұңдасы,
Өксісе сорғалады көздің жасы.
Қазақтың бәрі сыйған даласына,
Сыймапты қуыршақтай қыздың басы.
Ессіздер екіленіп есіріпті,
Өсекті жүндей сабап өсіріпті.
«Сайтан» деп Сарықызды жариялап,
Қараптан қарап оған өшігіпті.
Анығын айыратын бір пенде жоқ,
Шын сеніп былайғы жұрт шошыныпты.
Сарықыз сар далада сенделіпті,
Сыртынан анда-санда ел көріпті.
Көрсе де көрмегенсіп көп наданның,
Соқырдай екі көзі шелденіпті.
Аңырап қара қобыз зарлағанда,
Солқылдап селеу басы тербеліпті.
Байқұс қыз қайда барып сауғаласын,
Басынан балдәурені аунағасын?
Шырылдап шыр айналған шағаладай,
Іздеді аласұрып жан дауасын.
Сарықыз сыры жұмбақ нені іздеді?
Жаралы жүрегіне ем іздеді.
Тілепке кезіксем деп тірі болса,
Күдерін келер күннен ол үзбеді.
Дауылға қарсы тұрып тайталасқан
Қайықтай қалтылдады теңіздегі.
«Жалғанда жан күйімді түсінетін,
Әкемнен қалған қара қобыз!» деді.
Жеткізіп Жаратушы тілегіне,
Жолықты ойда жоқта Тілебіне.
Жұлдыздай бұлттан шыққан жарқырады,
Байқалмас қайғырды ма, жүдеді ме:
- Ойлаушы ем, жан екем деп сорым қалың,
Бар екен ашылар күн менің бағым.
Көп еді көрген қорлық, тартқан азап,
Ағажан, ұмыттырдың соның бәрін.
Ұстадым етегіңнен өле-өлгенше,
Қай жаққа бастасаң да соңыңдамын.
Деді де сәл күрсініп үнсіз қалды,
Ыстық жас кірпігінен жерге тамды.
Көркіне көз тоймайды қарап тұрса,
Кім көрген іші сұлу мұндай жанды.
Елжіреп, еміреніп, тебіреніп,
Тілептің мына сөзге мейірі қанды:
- Бірге ойнап қатар өстік бала күннен,
Өзіңді бақытыма баладым мен.
Үлбіреп үкідей боп отырушы ең,
Сездіріп жан сырыңды қабағыңмен.
Өмірде пендеде арман болмас сірә,
Көңілі қалағанын таба білген.
Шын сүйген шақырмай-ақ өзі келмек,
Армандап аңсағанын көзі көрмек.
Шыққанда өзіңді іздеп кім ойлаған,
Ақкөлдің жағасынан кезігер деп.
«Нұр жауар, - деген сөз бар, - талаптыға»,
Күн шығып, үмітсізге таң атты ма?
Түспейді мен тұрғанда бір тал шашың,
Өлгенше қақтырмаспын қанаттыға!
Тілеп те жүрек сертін айтты осылай,
Жүзіне жүзін тура қаратты да.
Екеуі сайран құрды күнде көлде,
Көрінді құбыжық боп білген елге.
Қосылған қобыз үні желмен жүйткіп,
Ұласты бір белеңнен бір белеңге.
«Ақкөлді ойнағына айналдырды,
Дауа жоқ, - деп шуласты, - жын дегенге!»
Келмейді секем алған мұнда халық,
Қайтеді ойнақ салған жынға барып.
Арқаны әлдилеген қобыз күйін,
Тыңдады аспанда құс, суда балық.
Күн шықса күлімдеді жердің беті,
Тұнығы мөлдіреген сырға қанып.
Түн болса ай сәулесі аймалады,
Ақкөлді аппақ сүттей нұрға малып.
Күтті де кірпік ілмей таңды асыға,
Қыз бүгін ерте келді көл басына.
Көңілі өз-өзінен қобалжиды,
Кім кепіл бір пәленің болмасына?
Қобызын қолына алып бебеулетті,
Үдетті, екпіндетті, жеделдетті.
Сағақты саумалаған саусақтарын
Өрлетті, құлдилатты, төмендетті.
Сезімнің сексен түрлі қылын шертіп,
Тылсымның түбін қазып тереңдетті.
Мәңгілік мызғып жатқан қара тасты,
Оятып ұйқысынан елеңдетті.
Кешқұрым кеше Тілеп кетіп еді,
Таң атып, түс мезгілі жетіп еді.
Қозғаған қайдағыны күйдің тілі,
Өткінші өмірді айтып өкінеді.
Кенеттен дауыл тұрып, бұлт күркіреп,
Аспанның тыныштығы сетінеді.
Сездіріп алдын-ала бірдеңені,
Дүние өтерінде сыр береді.
Тілеппен тілдескенде кеше ғана,
«Түсіме әкем кіріп жүр» деп еді.
Қамыстың арасынан баспалап кеп,
Шірене тартты біреу сұр жебені.
«Алла!» деп ышқынды да құлап түсті,
Қобыз да тына қалды, үндемеді.
Кім атты, кім атқызды құдай білсін,
Куә жоқ, қу далада кім көреді?
Кінәсіз қыздың қаны көл боп ақты,
Жебенің тиген жері жанға батты.
Қарқылдап қасіреттің қарғалары,
Таласып қызыл қанның дәмін татты.
Тілептің қаперінде ешнәрсе жоқ,
Көліне күндегідей келе жатты.
Адамды алдындағы жолда жатып,
Әлде сор, қарсы алады әлде бақыт.
Асығып, алып ұшып жетіп келсе,
Сарықыз сұлап жатыр қанға батып.
Өкіріп, ойбай салып, жерді құшты,
Көзінен қанды жасын сорғалатып.
Желге ұшты тағдыр тартқан сыйдың бәрі,
Сүйгенін маңдайына сыйдырмады.
Бір сәтте ыңырсыған үні шығып,
Кірпігі Сарықыздың қимылдады.
Бар екен шыбын жаны кеудесінде,
Аңдыған өлім бірақ келмесін бе?
Сөнеді-ау қызыл шоқтай, уа, дариға,
Толған ай толықсыған он бесінде?
Ел жаққа алып жүрді алдына алып,
Ажалмен амалы жоқ белдесуге.
Белгісіз қанша жүрді, қайда жетті,
Бұйратты белден асып, сайдан өтті.
Күн батып бара жатты ұясына,
Қып-қызыл қанға бояп айна көкті.
Тоқтады бір төбеге енді іліне,
Білмейді бұйырады тағдыры не?
Қуарған ақ шүберек секілденген,
Жүзіне Сарықыздың төнді үңіле.
Сұп-суық маңдайынан сипағанда,
Келмеске көзін жұмды мәңгі, міне.
Отырып сол арада зар жылады,
Ес кетті, енді қандай қам қылады?
Ұлыған көк бөрідей дөң басында,
Дауысы айдалаға жаңғырады.
Арқалап қасіретті қос қобызды,
Ұқпайды қай тарапқа қаңғырады?
Қолына қобызды алды өксіп жылап,
Қара жер шыр айналды, көк бұлдырап.
Бір күйді аңыратты аза тұтып,
Қаратау күңіренгендей көшкін құлап.
Әлде күн, арызданды әлде түнге,
Кек тұнды, қайғы басқан келбетінде.
Айырған ардағынан арсыздарға,
Қарғыстан қара нөсер селдетуге.
Жындары жылап келіп көңіл айтты,
Мұндайда болады екен жер бетінде.
Тағдырдан тізгін бермес озар қалай,
Адамға ауыр қайғы ажалға оңай.
Басына үйіп-төгіп бақыт беріп,
Тәңірдің оны қайта тез алғаны-ай?
Аспанға қарап еді жәрдем күтіп,
Үн-түнсіз телміреді бозарған ай.
Шанағы толы шерге, аңызға да,
Далада зар илейді қобыз ғана.
Мүлгиді қараңғылық құшағында,
Қат-қабат қасіреті абыз дала.
Көк аспан міз бақпайды меңірейген,
Түнеріп түнді өткізді небір оймен.
Дүние жаралғалы жеңген жан жоқ,
Айқасып ажал деген жәдігөймен.
Не деген аянышты тағдыр еді,
Көңілге медеу тұтар енді нені?
Шақ қалып үзілуге нәзік жіптей,
Тілептің дірілдейді жан-жүрегі.
Қобыз да зарлап-зарлап тынды ақыры,
Жылату қыл ішекті бар білері..
Түк көріп білмегендей жайбарақат,
Шығыстан күндегідей таң күледі...
Күтетін қисын қайсы қарап елге,
Сынайды қай жаманды санап ерге.
Жапанда жапа шегіп жалғыз өзі,
Тапсырды Сарықызды қара жерге.
Қиылмай қасиетті неке қалды,
Қиырда бір төмпешік жеке қалды.
Тәңірдің жазуына не шара бар,
Бөлген соң жаны бірге екі адамды.
Қия алмай қарай-қарай, жылай-жылай,
Тентіреп Тілеп бақсы кете барды…
ҮІІ
Не пайда көздің жасын көлдеткенмен,
Мол кетті Тілеп бақсы сол кеткеннен.
Өмірдің уын жұтып қайтты кері,
Махаббат сусынына шөлдеп келген.
Алпыстан енді ғана асқанында,
Ажал тұр аламын деп бас жағында.
Қасында бала-шаға, туыстары,
Бәйбіше күйбеңдейді ас қамында.
Тығылып алқымына шыбын жаны,
Соңғы рет көзін бір сәт ашқанында,
Қобызы қоңыр қаз боп қанат қағып,
Қалықтап барады екен аспанында.
Ішінен: «Сарықызға сәлем айт!» деп,
Үзілді ұлы күйші қас-қағымда.
Соңына алаңдамай Тілеп енді,
Мәңгілік сапарына жүре берді.
Алдынан аққу құстай бойын түзеп,
Сағынған Сарықыз да түрегелді.
Алыстан аппақ нұрын тылсым құйып,
Аялап, әлдилейді рухын биік.
Екеуі қол ұстасып сүңгіп кетті,
Әлемге түпсіз терең бір тұңғиық!..
КӨКАЛА ҮЙРЕК
Кеудемнен көкала үйрек қош деп ұшты.
Кемпірбай.
Ойласам оқиғаны өткен-кеткен,
Қайнайды көкірегім кек тербеткен.
Мен-дағы біраз күндік жолаушымын,
Шапқылап олай-бұлай ат терлеткен.
Астана, Алматыға алаңдамай,
Ат басын бұрдым, Семей, саған қарай.
Қайдасың, Көкала үйрек – сөз киесі,
Өзіңді бұл жалғаннан табам қалай?
Кім білсін көктесің бе, жердесің бе,
Сәулең жүр ақындардың зердесінде.
Бұлбұлдай ұзақ таңға сайраушы едің,
Бір кезде Кемпірбайдың кеудесінде.
Елестің адам қалай түсін білсін,
Сусылдап, сағым болып ұшып жүрсің.
Өзіме өзім жұмбақ көрінгенде,
Кім сенің тағдырыңды түсіндірсін?
Сен ашсаң құпияңды, мен де ашайын,
Сезімнің тұнығынан шөл басайын.
Аққудай бауыр төсеп жүзем десең,
Өлеңнен айдын шалқар көл жасайын.
Айналып аман жүрсең бір соғарсың,
Көрсетпей келбетіңді тұмшаларсың.
Таба алмай Кемпірбайдың топырағын,
Маңайға меңірейген мұң шағарсың.
Аспанға шығып кетсең түсші бері,
Жанымның жарқылдасын күш-жігері.
Деуші еді алмағайып тылсым сырын,
Адамнан бұрын сірә құс біледі.
Сен бірақ құс емессің шындығында,
Түйінсің шешілмейтін бұл ғұмырда.
Жалғызсың жаралғалы білетінім,
Әлемнің алты бірдей құрлығында.
Бермейін қиялыма қайтіп ерік,
Тұйыққа қамалғанда ой тіреліп.
Мүмкін сен дәл қасымда күрсінесің,
Үкілі домбыраның кейпіне еніп.
Жайыңды, асыл құсым, мен түсінем,
Шықпайсың сағынғанның сен түсінен.
Маған да анда-санда аян беріп,
Алланың құр қалдырма еншісінен!
Уайымсыз ғұмыр кешер қандай кісі,
Ақынға біткен қайғы – ел қайғысы.
Жарқ етіп, шақпақ жанып, от тимесе,
Білтенің өздігінен жанбайды ұшы.
Қашаннан жағы сембес сарнағанның,
Тұсында бір Сұрқылтай әр заманның.
Қанындай қасқалдақтың қасиетім,
Кетер ме уысында қармағанның.
Белгілі баста дәурен көп тұрмасы,
Кім білсін іздегенім жоқтың қасы.
Бар еді менің де бір бозторғайым,
Кезіксең қанаттыға қақтырмашы.
Жаз келсе гүл көйлегін дала кимек,
Құбылтып кемпірқосақ садақ имек.
Шүйгіші көлден-көлге, судан-суға,
Көзіме бір көрініп, Көкала үйрек?!
Қайнатқан қасіреттің тайқазанын,
Семейге құлағың сал, ей, қазағым!
Астында қасапхана күңіренген,
Дауысын естимісің беймазаның?
Өмірдің сәуле төккен сарайына,
Бір мезет аруақтарды ал ойыңа.
Семейге жолың түсіп келе қалсаң,
Соға кет қасапхана маңайына.
Мезгілсіз сары уайым шақырдым ба,
Батырса кінәлама ақын мұңға.
Айырылған моласынан Кемпірбайдың
Аруағы арпалысып жатыр мұнда.
Кетті ғой қияпатты қиын заман,
Сапырып қара шаңды құйындаған.
«Дұға қыл Кемпірбайдай бишараға»,
Өзіне өз қабыры бұйырмаған.
Жан еді өнерсізді дос етпеген,
Өлеңсіз тамағынан ас өтпеген.
«Семейде топырағым болар білем,» -
Деп еді арыздасып Әсетпенен.
Азабын екі дүние арасының,
Бермесін басына адам баласының.
Амал не таптырмай тұр сол топырақ,
Орны жоқ Кемпірбайдың моласының.
Сөйлесе тоқтататын соққан желді,
Көзі еді Бұхар жырау, Ақтанберді.
Тып-типыл еткендерді қарғыс атсын,
Ол мәңгі мекен етіп жатқан жерді.
Біреулер бұйрық беріп масаттана,
Бір кезде салыныпты қасапхана.
Сол үшін талқандалған қалың зират,
Халықтың білетіні осы-ақ қана.
Аруақтың көрден шығып қаңқа басы,
Бақидың басталыпты жанталасы.
Жалғасып келе жатыр содан бері,
Өлі мен тірілердің жер таласы.
Тажалдың күні шықса шалқып алдан,
Жұқ болмас жұмырына жарты жалған.
Беттері тірілердің бүлк етпепті,
Тұрағын өлілердің тартып алған.
Әйтеуір көргеніне мәз күндерін,
Жасапты қасапшылар өз білгенін.
Бірақ та білмейді олар мекенінен,
Киесін Кемпірбайдың бездіргенін.
Аруақтар аласұрып тыншымайды,
Обалын шіркіндердің кім сұрайды?
Моласын мұңдасының қайта таппай,
Жалғыз-ақ Көкала үйрек шырқырайды...
ІІІ
Бүгінде қасапхана қаңырап тұр,
Есік жоқ, терезе жоқ аңырап тұр.
Түрмесі қырып-жойған қызыл майдан,
Қоғамды салады ойға Тәңір атқыр.
Қапыда қылыш тисе желкесіне,
Ғұмырдың кім кезікпес келтесіне?
Жалт берген қалың қойды қанға бастап,
Түседі арандатқыш серке есіңе.
Талайлар сол серкедей жалаң қаққан,
Өз елін өзі сатып арандатқан.
Жем болған ит пен құсқа ақырында,
Хайуандай айдалада арам қатқан.
Қасаптың ордасына қан сасыған,
Қазағым қора-қора мал тасыған.
Моласын Кемпірбайдың іздеп жүріп,
Бұл жерден Көкала үйрек сан шошыған.
Шошынып Көкла үйрек ұшып кеткен,
Қорқады қонақтауға түсіп көктен.
Қайғырып қайдан оны есіне алсын,
Көркеуде кесір заман ісіп-кепкен.
Құйттай құс көп нәрсені ұғынбайды,
Зар жылап зеңгір көкте шырылдайды.
Қаңсыған қасапхана үрей шашып,
Түн болса жердің асты шуылдайды.
Естілер аруақ үні тыңдағанға,
Түкпір жоқ зар жетпейтін бұл ғаламда.
Сүліктей су түбіне кім кетпеді,
Дүние толқын атып тулағанда.
Қорланып күн кешкенбіз сірә қандай?
Тәңірге жалбарынып жылағандай.
Атқанда арыстарды қойдай тізіп,
Қайда деп сүйегін де сұрай алмай.
Зұлымға ойрандаттық ортамызды,
Үндемей суырса да қолқамызды.
Таптатсақ намысыңды кешір, баба,
Жандағы жоғалтып ап балтамызды.
Дүркіреп өте шықты дүрбелеңі,
Тарихтың қанға бөгіп бір белеңі.
Көрмесе алдыменен құдай өзі,
Көз жасын қалың елдің кім көреді?
Сағымдай мұнарланып шілдедегі,
Алаңсыз ағады Ертіс іргедегі.
Жүр ме екен Көкала үйрек шырайналып,
Семейдің түнгі аспанын мұң көмеді.
Тигенде Жаратқанның шын көмегі,
Тылсымға тұтқиылдан тіл береді.
Қасында қасапхана тұрмын жалғыз,
Ғайыптан қасіретті үн келеді.
Япыр-ау, аруақ па екен шыныменен,
Зарлайтын ауық-ауық түніменен.
Қапалы Көкала үйрек шығар мүмкін,
Үн қатқан Кемпірбайдың тіліменен?
Көмекке мұңлы дауыс шақырады,
Біресе ашуланып ақырады:
- Еске алар кім бар, - дейді - Кемпірбайды,
Тоналып, типыл болған топырағы?
Адамың, албастың бар, шайтаның бар,
Көрімнің тыныштығын шайқадыңдар.
Болмаса жеті атамда алашағың,
Бақилық баспанамды қайтарыңдар?!
Алдайды жалған дүние бүгін жолдас,
Аруағын зарлатқан ел түбінде оңбас.
Ей, қазақ бүйте берсең, аз ұрпағың
Торғайдай тозып бітер, түгің қалмас.
Көтеріп қорлығын да, мазағын да,
Қиналдық қасіреттің азабында.
Аруақтар аза тұтып жатқаннан соң,
Болмайды енді ешқашан маза мұнда!
Бұл сөзден төбе құйқам шымырлады,
Құлағым одан сайын шыңылдады.
Бірдеңе айтпайсың ба дегендейін,
Өзіме өз жүрегім сыбырлады.
Сөйледім сасқалақтап мен жай тұрмай, Қала ма іштегі сөз енді айтылмай: - Атыңды атағанға кешірерсіз, Ассалаумағалайкум, нар Кемпірбай!
Жасыңнан сиқырлы әлем сырын бақтың,
Көрінсе Көкала үйрек күлім қақтың.
Қоянды жәрмеңкесі өз алдына,
Өлеңнің жәрмеңкесін дуылдаттың.
Тектінің тұқымы едің түбің мықты,
Екпінің егескеннің туын жықты.
Қасқадан төбел туған тұлпар едің,
Қазақта мұқым киіз туырлықты.
Сөзіңнен көк семсердей суырылған,
Апшысы айтысқанның қуырылған.
Шұбырды тыңдағанның сілекейі,
Баладай аузын ашып тілі уылған.
Намысын қорғаймын деп алты Алаштың,
Сөзбенен сойылдастың, балталастың.
Артына ат айналмас тар кезеңде,
Жауыңмен жағаласып жанталастың.
Пендені алды-артына қаратпаған,
Жалғанның жазымы көп жалақтаған.
Обалың өткендердің мойынында,
Берейін енді жауап не деп саған?
Шашқанда сүйегіңді саудыраған,
Білемін көл жылаған, тау жылаған.
Қалмады-ау саусағыңның ұнтағы да,
Құлағын домбыраның сан бұраған.
Пенденің келмегенмен танығысы,
Көрінер айдан анық Тәңір ісі.
Тіріге байтақ дала тарлық етсе,
Кең сарай өлгендерге қабір іші.
Ғайыптың құсы екен ғой ғұмыр деген,
Ұшқаны, қонғаны да білінбеген.
Қуылған сол сарайдан сені жоқтап,
Жылаймын бәйіт айтып жырымменен.
Кеткен соң бастан билік жараса ма,
Еркінде бодандықтың таласа да.
Семейде не мұсылман, не қазағың,
Түспепті сүйегіңе арашаға.
Ілесіп келе жатқан тым арғыдан,
Бәленің басқан ізін кім аңдыған?
Айдаһар сырттан төніп жұтынғанда,
Ысқырып іштен шығар шұбар жылан.
Қорымдар күңіренеді жат қорлаған,
Не қалды жерімізде тапталмаған?
Қабатын аттап бассаң аяғыңды,
Өзіңе өзің құрған қақпан жаман...
- Әй, балам, бұрын-соңды қайсы қазақ, Осылай болып еді сайқы мазақ? Тұқымы хас тұлпардың азған кезде, Көк есек қос құлағын қайшыламақ.
Қонбаса Көкала үйрек қайта жерге,
Қалады не қасиет байтақ елде?
Көктегі періштелер төмен түсіп,
Шығады ібіліс пен шайтан өрге.
Төрлетсе ата жауың кердең қағып,
Тұрғаның босағада телмең қағып.
Мазарын мазақ етсе мыңқ етпейтін,
Намысы сөнген халық - өлген халық!
Дауысы Кемпірбайдың болды ғайып,
Орнымда қала бердім мен мұңайып.
Сол сәтте аспан жақтан Көкала үйрек,
Қанатын көбелектей келді жайып.
Төбемде айналады шыркөбелек,
Білмеймін бұл ғажапқа кім не демек?
Үйректің кейпінде деп ойлаушы едім,
Құс емес, ұсқыны да мүлде бөлек.
Торғындай қанаттары дірілдейді,
Сусылдап ұшқаны да білінбейді.
Төгіліп сүйкімді бір нәзік сәуле,
Толқытып жүрегімді күлімдейді.
Қон десем иығыма ол қонбайды,
«Қайтесің, - дейді, - мендей сормаңдайды?»
Сайраған Кемпірбайдың кеудесінде,
Ежелгі еркін күнін армандайды.
Сұрайды: «Кемпірбайды көрдің бе?- деп,
Сен де іздеп топырағын келдің бе?» - деп.
Жылайды бірі – көкте, бірі – жерде,
Не шара жаратқан соң тағдыр бөлек?
Ұшады Көкала үйрек жерге қонбай,
Аспанның төрін мәңгі таңдағандай.
Ешкімге, ештеңеге сене алмайды,
Періште жолықпаса әлде қандай!
Жерінген жер бетінен соншалықты,
Кім оған зейін қойып, зер салыпты.
Киесі өлең-жырдың енді оралмас,
Төгетін ағыл-тегіл мол шабытты.
Кездесіп қияметтің өткеліне,
Қай заман Кемпірбайдың өткеніне.
Моланы медеу тұтып жүруші еді,
Амалсыз шығып кетті шеткеріге.
Сиқырлы Көкала үйрек құлағына,
Шалынбай аруақ үні тұрады ма?
Келеді қайдан болсын салып ұрып,
Баяғы бауыр басқан тұрағына.
Заматта бір қиырдан жетеді де,
Кетеді, шырайналып өтеді де.
Белгісі Кемпірбайдың қалмаған соң,
Алмайды басқа жанды қаперіне.
Демейді мүлгиін де, қалғиын да,
Ұшады аласұрып әр қиырға.
Аңсайды Кемпірбайдың бала күнін,
Айналған ұстатпайтын жел-құйынға.
Тамған жер Кемпірбайдың кіндік қаны,
Кеткендей тұңғиыққа сүңгіп тағы.
Зұлматтың ошағында күлге айналған,
Атажұрт Дегелең мен Мыржықтағы...
Қуалап ұйтқи соққан заман желі,
Қаңғып жүр Көкала үйрек содан бері.
Қым-қуыт түпсіз, терең кең әлемде,
Пенде жоқ мұны сезер жаман жері.
Қазағым, көрінгенге жалпылдамай,
Есің жи, бір-біріңді алқымдамай.
Халықтық қасиеттен жұрдай болсаң,
Қайырылып Көкала үйрек қонсын қалай?
Ол енді қона алмайды – зор қайғыда,
Зарлайды, жауыздарды қарғайды да.
Ажалсыз жаралған соң амалы жоқ,
Жүреді көк аспанда самғайды да.
Бар оның қанатында ғаламат күш,
Дамылсыз жер мен көкті аралатқыш.
Адамнан қайыр күтіп қапаланбас,
Алланың бір өзіне аманат құс!
ЕРЛІК ПЕН ТЕКТІЛІК
Елімізде арғы қазақ мифологиясын зерттеу
мектебінің өзіндік негізін қалауда жанкешті
ерлік танытқан, қыршын кеткен жас ғалым
Серікбол Қондыбайдың емделуіне, еңбектенуіне,
танылуына дер кезінде үлкен қамқорлық жасаған
текті азамат Иманғали Нұрғалиұлы
Тасмағамбетовке арнаймын.
Қайғының борандатып қарлы қысы,
Көңілдің шырылдайды зарлы құсы.
Бөрідей бел астында ұлиды ажал,
Әйтеуір өлім жақын белгілісі.
Байлаған тас қазыққа – тағдыр ісі,
Қолында Тәңірінің ендігісі.
Барады мұздай суып белден төмен,
Баяулап бірте-бірте қан жүрісі.
Келеді шырмауықтай шандығысы,
Шақырып тас қараңғы көрдің іші.
Жарыққа жанталасқан жас ғұмырдың
Сарқылмақ сәлден кейін соңғы күші.
Тынған соң пәнидегі бар жұмысы,
Естілмес ұшып кеткен жан дыбысы.
Мәңгілік таусылмайтын ұзақ сапар –
Бақида жеткізбейді жолдың ұшы.
Бұл жатқан Қондыбайдың Серікболы,
Заманның ғұламасы-көріпкелі.
Кеудесі күйіп-жанып шыдатпайды,
Секілді қызған темір көріктегі.
Таусылмақ тіршіліктің шырын дәмі,
Қиналып шырқырайды шыбын жаны.
Жайнайды жарқ-жұрқ етіп көз алдында,
Шырайы дүниенің құбылмалы...
Мың жылдап бабалары тірлік кешкен,
Атажұрт артта қалып кіндік кескен,
Келеді қалың нөпір күңіреніп,
Түнеріп түйдек бұлттай сырғып көшкен.
Тыныштық төңкеріліп қас-қағымда,
Өмірдің дауыл тұрды аспанында.
Өкшелеп қалмайтұғын қасіреттей,
Қара шаң шұбырады көш соңында.
Сыя алмай туып-өскен жерге тегі,
Көшкен ел көздің жасын көлдетеді.
Алдында не күтіп тұр құдай білсін,
Жеткізбей үміт, шіркін, шөлдетеді.
Адайдың бір руы Медет деген,
Жұрт еді іргесінен жел өтпеген.
Төрт мың үй көтеріліп түгел көшті,
Әуре боп басқа түскен әлекпенен.
Аңырап атамекен қап барады,
Соңына жылай-жылай көп қарады.
Қия алмай Cарбұлақты, Күркілдекті,
Шерқала, Айрақтыны, Көкқаланы.
Шіркін-ай, Шеңгел, Сарыой, Шайыр қандай,
Мыңғырып төрт түлік мал жайылғандай.
Қалдырды қыс қыстауын, жаз жайлауын,
Кім енді елдің бетін қайырғандай?
Желдетсе Маңқыстаудың маң даласы,
Жусанның малынады шаңға басы.
Қалқа боп қашқан жұртқа келе жатқан,
Өткілбай – рудағы ел данасы.
ІІІ
Қозғаған жылы орнынан халықты кім?
Айтайын оқиғаның анықтығын:
Қызылдар қырғын салып, қамшы үйірген,
Құдайдың қимағандай жарық күнін.
Халықты салық салып титықтатқан,
Қитықтан белсенділер ситық тапқан.
Қаулатып қастандықтың қызыл отын,
Момынды қой басындай үйтіп баққан.
Белгілі оларды да жұмсады кім,
Салыпты ет салығын, жүн салығын.
Қуырып жан біткенді қуырдақтай,
Сыйғызған қауызына бір тарының.
Бастапты дүниеде жоқ қылықты,
Жоқты да жерден қазып таптырыпты.
«Қайтсең де жүн салығын өтейсің!» деп –
Қалдырмай көрпе-жастық сөктіріпті.
Тажалды құдай қашан тойдырыпты?
Жарлының жалғыз атын сойдырыпты.
Есіріп елді қорлап, қызды зорлап,
Өткізген өздерінше «той-қызықты».
Қайран ел еркіндікті аңсап өткен,
Қорлыққа шыдамаған сарсаң еткен.
Жылында мың тоғыз жүз отыз бірдің,
Бұрқ еткен көтеріліс сол себептен.
Адайлар атқа қонған сол бір жылы,
Түсіпті бар қазаққа тағдыр жүгі.
Созақта, Шыңғыстауда, Шұбартауда,
Болыпты қанды шайқас – ел қырғыны.
Айналып ақ сүйекке ақыры оның,
Шер басқан қазағымның көкірегін.
Соларды шарпып өткен қасіреттің,
Өртейді жүрегімді оты менің.
Кең дала көсіледі белесі жоқ,
Көрінбес келешектің елесі жоқ.
Тақымдап келе жатыр қуғыншылар,
Үкідей ұшқан елдің зәресі жоқ.
Күн батса босқындарға таң атпайды,
Шошынып жан-жағына алақтайды.
Қызылдың жазалаушы отряды,
Қасқырдай қоян қуған жалақтайды.
Өткілбай, Нұрғали мен ер Мырзалы,
Оларға жастан таныс жолдың бәрі.
Үміті төрт мың үйдің үшеуінде,
Бір жіпке байлаулы тұр тағдырлары.
Дүние диірмендей дөңгеледі,
Тулақтай қусырылып жер көлемі.
Өткілбай, Мырзалымен тізе қосып,
Халқына соңындағы дем береді.
Өткілбай жетпіс жасқа келген еді,
Серік боп ер Мырзалы ерген еді.
Нұрғали екеуінің ізін басқан,
Көзге атқан құралайды мерген еді.
Төрт тәулік – тынбай жортып ел қашқалы,
Жапанда жасырынып жол басқалы.
Тоқтаса қатер төніп төбесінен,
Ажал тұр етегіне жармасқалы.
Қай заман, мына заман – ойран заман,
Біреуді біреу іреп сойған заман.
Жас төлдер ілесе алмай жолда қалды,
Бұралып тірсектері маймаңдаған.
Қаңғымас қайда жұрттың қапалысы,
Түркімен, Иран жері – беталысы.
Биенің кісінейді құлындысы,
Боздайды бозінгеннің боталысы.
Жетер ме аман-есен басқа жерге,
Қамқоршы Алла ғана босқан елге.
Аспанға мойнын созып ит ұлиды,
Кім білсін зауал тұр ма тосқан әлде?
«Құм шөлмек мың күн сынбас, бір күн сынар»,
«Жау бар!» деп хабар берді шолғыншылар.
Сыртынан қашқан елдің орап өтіп,
Тосыпты қарсы алдынан қуғыншылар.
Айтпаңыз қорқынышты бұл шақтағы,
Ананың көзден жасы бұршақтады.
Ор қазып күтіп жатыр қарулы топ,
Құрулы пулемет тұр жусатқалы.
Ерлердің кірпігіне жас қонақтап,
Уайымға батты бір сәт сасқалақтап.
Жасанған жауға шапса жалаң қолмен,
Қырылып, қызыл қанға босқа батпақ.
Тәңірге қысылған ел жалбарына,
Сыйынды пір Бекеттің аруағына.
Күй кешті тыпырлаған шортандайын,
Ілініп балықшының қармағына.
Өткілбай назар салып жан-жағына,
Қарады қарсы жақтың салмағына.
Бекінді не болса да тәуекелге,
Алланың көніп басқа салғанына.
Тағдырға не шара бар тарықтырған,
Адамды бір-біріне жауықтырған?
Медеттер алдыға сап ірі малды,
Ұмтылды оққа қарсы жауып тұрған.
Байлады қайран ерлер оққа басын,
Ерлерді жұрты қалай жоқтамасын?!
Жауыздар барған сайын өршеленді,
Білген соң қашқындардың тоқтамасын.
Боздақтар қапияда баудай түсті,
Қандары судай ағып саулай түсті.
Істеді басынған жау өз дегенін,
Кім аяр қаруы жоқ ел байқұсты?
Бұршақтай жауған оқты керек қылмай,
Атойлап шепті бұзды ер Өткілбай.
Атаға тартып туған текті қыран,
Құлар ма топшысынан қанат сынбай?!
«Сауғалар енді бізге таса жоқ!» деп,
Лап қойды қалғандары баса-көктеп.
Екі жақ бетпе-бет кеп кескілесті,
Аямай бірін-бірі қасап етпек.
Тілгілеп өзектерін өткір қайғы,
Қазақтың кеудесінде кек тулайды.
Басшысы жазлаушы отрядтың –
Фетисев көздеп атты Өткілбайды.
Қырандай айырылған қанатынан,
Қалпақтай ұшып түсті ол атынан.
Көз алды күңгірттеніп сала берді,
Басқандай айналасын қара тұман.
Сол кезде жалт бұрылды топтан шыға,
Жасқанбай бір жас жігіт оқтан сірә.
Жығылған Өткілбайға құстай ұшты,
Секілді зуылдаған көк қаршыға.
Түсті де ағызып кеп қарғып аттан,
Батырдың сұлық жүзін көрді жатқан.
Адамның аяғынан бір шалады,
Түбінде ажал деген қанды қақпан.
Құраған біріктіріп басын елдің,
Сүйегін қалай тастар асыл ердің.
Қалдырса жау қолына қорлап тынар,
Бұйыртпай топырағын осы жердің.
Денесін хас батырдың жаттан қорып,
Әкете бергенінде атқа өңгеріп,
Жарқ етіп қылыш тиді желкесінен,
Түскендей жайдың оты көктен келіп.
Домалап доптай ұшты ердің басы,
Көргеннің сорғалады көзден жасы.
Танылды жігіт емес қыз екені,
Торғындай төгілгенде қолаң шашы.
Шыдамай аттың басын бұрған екен,
Әке үшін баласы да құрбан екен.
Өсірген қыз болса да ұлдай көріп,
Жалғызы Өткілбайдың – Тұрған екен.
Сілтеген қызға қылыш шауып барып,
Нұрғали Фетисевты шалып қалып,
Шүріппесін берденкенің басқан кезде,
Бұрқ етті көк түтіні шаңыттанып.
Оқ тиіп сұмырайдың желкесінен,
Сұлады сопаң етіп келтесінен.
Секілді қызыл қаны қызыл жылан,
Жылжыды ирелеңдеп жер төсімен.
Қайғыдан қамшы үйіріп сала құлаш,
Біреуге біреу неге болады қас?
Қолма-қол тағдыр есеп айырысты,
«Қанды қан жібермейді» деген рас.
Тоқтаусыз талап жеген кәпір құзғын,
Жоқтаусыз талай ерлер жатыр біздің.
Жігіттер жанталасып алып шықты.
Денесін батыр әке, батыр қыздың.
Жауыздар айырылған соң серкесінен,
Түйенің қорқып қашты өркешінен.
Босқан ел тосқауылды бұзып өтті,
Батса да қызыл қанға белшесінен...
Қырылған Медеттердің тамтығы жоқ,
Зарлайды жетім қалған жалқы жүрек.
Күңіреніп кете барды шаһиттерге
Сала алмай сұр топырақ жарты күрек.
Жайнайды аспан төрі самаладай,
Қалқиды ақша бұлттар шағаладай.
Айналып қарға-құзғын төбесінде,
Шашылып өлік қалды баданадай.
Көсеудің тұқылындай қатты күйген,
Төрт жүз үй қалғаны тек төрт мың үйден.
Дүниеде бізден сорлы ел бар ма екен,
Осынау қасіретті кепті киген?
Жылайды жүректерін кек қарайтып,
Ешкім жоқ есіркейтін тоқтау айтып.
Әйелдер ат үстінде дауыс салып,
Теңселіп, талықсиды жоқтау айтып.
Иегі шал-кемпірдің кемсеңдейді,
«Көргенше бұл сұмдықты өлсем» дейді.
Көрмесе өз көзімен қызылдардың,
Қынадай қырғанына жан сенбейді.
Жетерлік мына қайғы жүз жылдарға,
Жалғанда жауыздыққа тізгін бар ма?
Жапанда жайрап қалған қалың Медет,
Жем болды қарға менен құзғындарға.
Аңыра, жоқтау айтып, зарла, қазақ,
Азабың бұдан өткен бар ма, қазақ.
Барады шылбыр үзіп қиыр шетке,
Көнбеген бұғалыққа арда қазақ.
Өксиді ішке тартып тылсым демін,
Олардың сезесің бе күрсінгенін.
Қалдырып бара жатыр бауыр етін,
Сүйретіп бара жатыр құр сүлдерін.
Жүрсе де қасіреттің түнегінде,
Туған жер – атамекен тілегінде.
Қызыл ет кеудесінде демесеңіз,
Қалдырып бара жатыр жүрегін де.
Қалдырып басын ата-бабасының,
Арқалап кетті мұңын даласының.
Нұрын да тастап мұнда бара жатыр,
Көзінің ағы менен қарасының.
Бұтағы бәйтеректің желбіреген,
Сояудай болды, міне, селдіреген.
Қалдырып бара жатыр бақытын да,
Кіршіксіз махаббатын мөлдіреген.
Ағайын, нанасың ба, нанасың ба?
Бойдағы асылының бәрі осында!
Сопайып соқа басы кеткенімен,
Шыбындай шырқыраған жаны осында!...
Не деген тағдыр еді, тағдыр еді,
Қиналды Серікболдың жан-жүрегі.
Есіне түсіп жатқан қызыл қырғын,
Естіген анасынан әңгіме еді.
Жібермес өз есесін тағдыр әсте,
Өткеннің оралуда барлығы еске.
Ілесіп кететіндей көзін ілсе,
Шұбырған шаң боратып қанды көшке.
Аманат арпалыста жан құдайға,
Түспесе ел азапқа қанжылай ма?
Бүлдіршін Әділбегі жетегінде,
Ішінде сол сүргіннің Қондыбай да.
Серікбол Әділбектің тұяғы еді,
Қыранның қанатының қияғы еді.
Оны да тағдыр салып тар соқпаққа,
Қинады қырық қатпар қия белі.
Шешесі арқалатып арман жүгін,
Ағытқан көкірегін жарған мұңын.
Айтқан-ды атасының Иран барып,
Сүйегі жат өлкеде қалғандығын.
Баянсыз дүниенің жалғандығын,
Өртеніп өзегінің жанғандығын.
Сағынып әкесінің туған жерді,
Төрт болып екі көзі талғандығын.
Шет жерде шерлі қазақ не көрмеді,
Түйесін қайда апарып шөгермеді?
Бөлініп ақ сүт берген енесінен,
Қозыдай маңырады көгендегі.
Қондыбай өлерінде Әділбекті,
Шақырып өсиетін мәлімдепті:
«Қайтсең де туған жерге табан тигіз,
Бойыңда тұрған кезде әлің!» депті.
Әділбек талай жерді шиырлаған,
Заманның желі қуып құйындаған.
Сенделіп сең соққандай көпке дейін,
Дәм-тұзы туған елдің бұйырмаған.
Ілінген балықтай боп желбезектен,
Әйтеуір ебін тауып елге жеткен.
Қырыққа шығарында қыршын кетіп,
Шынайы бостандыққа шөлдеп өткен.
Тірліктің аққан суы бөгелгенде,
Ұл тумай ердің құны төленген бе?
Жылында мың тоғыз жүз алпыс жеті,
Серікбол іште қапты ол өлгенде.
Атадан бойға сіңген мол қасиет,
Болмай ма қысылғанда жанға тиек.
Қоштасып бәйбішесі Тәрбиемен,
Айтыпты өтерінде ол да өсиет:
«Бұйырса бір шарана жарық көрмек,
Өмірің соныменен көріктенбек.
Түсіме әкем кіріп аян берді,
Атын қой ұл боп туса Серікбол деп!
Өскенде тура бұрып досқа жүзін,
Бабаның ұмытпасын басқан ізін.
Баяғы қанды көшті есіне сал,
Жудырған қалың Медет жасқа жүзін.
Ел едік азап тартып бейнет көрген,
Намысы тар кезеңде қайрат берген.
Тарихын атамекен түгендесін,
Шымырлап көкіректе қайнап келген!»
Әкенің өсиеті қымбат қандай,
Елестеп бабалары тіл қатқандай.
Тартады тұңғиықтың тылсымына,
Байланған бір қара тас зіл батпандай.
Жадында гүлдей бүршік жарғаны да,
Жүгіріп мектепке алғаш барғаны да.
Бетіне ақ қағаздың белгі тастап,
Құлшынып қолға қалам алғаны да.
Білімді бал арадай жиғаны да,
Ертерек еркелікті тиғаны да.
Әкенің аманатын жылап тұрып,
Шешенің құлағына құйғаны да...
ҮІІ
Қаңтардың аязындай шақылдаған,
Қасірет қайдан келді шақырмаған?
Мезгілсіз күн күркіреп, жарқ-жұрқ етіп,
Найзағай төбесінде шатырлаған.
Басына орнады кеп ақырзаман,
Не шара құдіретке зақымдаған?..
Өзіне билетпейді өз денесі,
Түскендей көр түбіне ақымдаған.
Күйзеліп кімге керек аһ ұрғаны?
Мертіксе мүсәпір ғой батыр-дағы.
Азуын айға білеп жүргенінде,
Мылтықтай бүктетілді опырмалы.
Денесі қақыраған қақ жарылып,
Адыра қалар ма екен арман, үміт?
Өмірдің аласұрған толқынында,
Кемесі қирағандай аудырылып.
Өкініш күйдіреді жанды өртеген,
Тіршілік белгісі жоқ белден төмен.
Азапты аз ғұмырда тартып бақты,
Аңдыған ажал төніп көк желкеден.
Қасқырдай аласұрды қақпандағы,
Сұрапыл – сұмдық азап батқан жаны.
Қыранның кейпін көзге елестетер,
Қайырылып қанатынан жатқандағы.
Ұмтылып бір асуға бір асудан,
Жан еді асқар шыңға құлаш ұрған.
Дариға, ойда жоқта жардан ұшты,
Жаралған жампоз тұяқ шын асылдан.
Тартады бөксе жерге, кеудесі өрге,
Амал жоқ, айықпайтын зор кеселге.
Бөлініп кеуде жағы көкке шығып,
Шіркін-ай, ұшқан құспен селбесер ме?!
Айналып құс кейіпті өлмес ерге,
Заманмен зымыраған шендесер ме?
Қанатын самғар ма еді еркін қағып,
Бой бермей қара дауыл, көк нөсерге!
Жас ғұмыр кең сарайдай күмбірлеген,
Күмбездей құлазиды күңгірлеген.
Жүрегін сағат сайын жұлмалайды,
Қайғының қара құрты үңгіп жеген.
Қолдаса бабалардың қасиеті,
Дүние тұра бермес осы беті.
Өмірден өкінішсіз өтер еді,
Әкенің орындалса өсиеті.
Тарихтың шоламын деп түбін оймен,
Талайдың екі көзі шүңірейген.
Пендеге оңайлықпен сыр алдырмас,
Тұңғиық шексіз әлем үңірейген.
Жалт еткен көре алмаса сәуле содан,
Ғұмырдың керегі не көп жасаған?
Бес күнгі тіршіліктің құлы емес пе,
Өзіне-өзі жомарт, елге сараң.
Қиялы сүңгіп кетті замандарға,
Заманды түгендеген адам бар ма?
Періште құлағына сыбырлаған,
Шыр етіп дүниеге жаралғанда.
Толтырып көкірегін мол арманға,
Жалғаған жұмбық сырлы ғаламдарға.
Соқпағы тылсым дүние таптырмайды,
Адасқан үйден шыға надандарға.
Қисапсыз қымбат мұра амал бар ма?
Ұқсайды ізсіз-тозсыз жоғалғанға.
Шым-шымдап жіптің ұшын ұстатардай,
Шиырдан ізін танып таба алғанға.
Көп сүрлеу көнедегі қалды ескіріп,
Кешігер көрсетпесе жанкештілік.
Аузынан арғы қазақ шыққан лебіз,
Тұрғандай жетіқаттан мәңгі естіліп.
ҮІІІ
Жыраулар шақырады жырақтағы,
Аруақтың қасына кеп түнеп бәрі.
Бетіне ақ қағаздың тамшылаған,
Сия емес Серікболдың жүрек қаны.
Тесілген шұрқ-шұрқ екі жамбас,
Жамбастың бүйте берсе еті қалмас.
Тістеніп шыдап отыр тыпыр етпей,
Әйтпесе үмітінің оты жанбас.
Ұрады таңды-таңға, күнді-күнге,
Бір істі тындырмаққа тірлігінде.
Шартарап көңіліне сыйғанменен,
Шағады шер толқытса мұңды кімге?
Сүзеді кітаптарды қалың-қалың,
Қуат қып іздегені табылғанын.
Өзінен басқа сірә кім біледі,
Қаншама ой соңында сарылғанын?
Сағымдай сан құбылған бұлдыр заман,
Сиқырлы бірді беріп, мыңды ұрлаған.
Бейнесі көзге ешқашан көрінбейді,
Күмістің дыбысындай сыңғырлаған.
Сорабын іздемесе аңыздардан,
Мұра жоқ мұнарланған нағыздардан.
Не пайда қу шөппенен ауыз сүртіп,
Құр жылап, көздің жасын ағызғаннан.
Уақыттан тұтып торғын шымылдықты,
Мың жылдар мыңқ етпестен сырын бүкті.
Үзілген омыртқасы ата тарих,
Мертіккен бәлкім осы ұлын күтті.
Мақсаты орындалса ең түптегі,
Өмірдің тола жатар артық-кемі.
Сауықса ата тарих сырқатынан,
Түк емес тіпті өзінің мертіккені.
Ат мініп өткен сонау дәуірлерден,
Бұл дала арпалыстың бәрін көрген.
Күншығыс кейде ұқсайды кейуанаға,
Батысқа баласындай тәлім берген.
Тірліктің доңғалағы кері айналып,
Ұмытты ұлы атасын талай халық.
Жасырын жұмбағы көп жұмыр жердің,
Даналар шеше алмаған сан ойланып.
Бел буды арғы түбін анықтауға,
Саралап сөз төркінін парықтауға.
Тұғырда томардай боп өзі қалып,
Ойлары кең әлемге шарықтауда.
Тағдырдың қарасаңшы мазақ ісін,
Өмірге келгеніңе жазалысың.
Тәңірі ұлан-ғайыр дарын беріп,
Неткен жан туа қалған азап үшін?
Не құдірет талпындырған өрге мұны,
Көтеріп көк аспанға жердегіні.
Білмеймін бұрын-соңды болды ма екен,
Қазақтың мұндай бейнет көрген ұлы?
Бөлісіп сор-бейнетті анасы да,
Жаутаңдап жаны ашиды баласына.
Күрсінсе ертелі-кеш жас толады,
Мөлтілдеп екі көздің шарасына.
Күн батса қайғыменен таң да атады,
Қасірет түбінде бір сорлатады.
Жар сүймей, ұрпақ көрмей өтері анық,
Шешеге алдыменен сол батады.
Серікбол тоқтатпайды талпынысын,
Қағазға ақыл-ойын сарқу үшін.
Шеңгелдеп тырнағымен ауыр азап,
Бүреді барған сайын жан тынысын.
Сезеді жақын қалды ажалы да,
Жалаңдап жанын әбден қажады да.
Жазғаны жарық көрсе арманы жоқ,
Көмілмей уақыттың шаң-тозаңына.
Риза көрген барлық азабына,
Мұрасы қалса қалың қазағына.
Мұң болып бір кітабын шығару да,
Кезікті қу тірліктің мазағына...
«Елім!» деп еңіреген қайран ұлдың,
Түсері анық еді ойға бір күн.
Алақол, арпалысқан тіршілікте,
Жатқанын кім біледі қайда кімнің?
Шетпеде шетте қалған мүгедекті,
Қуантып жақсы хабар күле жетті.
Тұлпарға мінгізгендей Серікболды,
Әп-сәтте ер-тұрманын түгел етті.
Қу тағдыр еңбектетті, жүрелетті,
Азапқа арқасынан дүрелетті.
Мың болғыр Иманғали қол созбаса,
Кім танып, бұған дейін кім елепті?
Көңілдің бұлбұл қонып бұтағына,
Жарыққа шықты барлық кітабы да.
Жарқ етіп басындағы бұлт айығып,
Өлімді көзі жетті ұтарына.
Қамқорлық қанат беріп мына ғажап,
Жан жоқтай жер бетінде бұдан азат.
«Шүкірлік, туған екен, - деп ойлады,
Жақсыны жебейтұғын бір азамат!»
Бар шығар бұл қазақта небір жайсаң,
Ісіне ой жіберіп, көңіл қойсаң.
Аз күнгі ақ сәулесі алдандырған,
Жалт етіп лезде сөнер өмір – майшам.
Салынбай тіршіліктің әуресіне,
Пенделер келсе бір сәт тәубесіне.
Мейірімге бірін-бірі бөлеп жүрсе,
Майшамның місе тұтып сәулесіне.
Шомылтып көңіл деген таза көлге,
Қазақты сүйрелесе қазақ өрге.
Бір басы жақсылардың екеу болып,
Шақырса келмес еді азап ерге!
Көлденең көк аттыға текке сеніп,
Өкініп, бармақ тістеп өтпес едік.
Қолында ұстағанның қолжаулық боп,
Аузында азулының кетпес едік.
Қайырымсыз өтті өмірден талай надан,
Ел билеп, қора-қора мал айдаған.
Көрінер жақсы-жаман қылған ісің,
Шаң баспас уақыт деген шарайнадан.
Жолынан адаспайды соны ойлаған,
Алды-артын анық басып абайлаған.
Бірі екен Иманғали азаматтың,
Жаяуға жолда қалған қарайлаған.
Төсемей ел жүгіне қыр арқаны,
Өз басын ойлағанды кім алқады?
Жақсының жақсылығын айтпай кетсе,
Мойнына кешірілмес күнә артады.
Марқайтып сан көңілді, жан түлеткен,
Жүр оның ел аузында даңқы көптен.
Жайнатып жіберетін қайда барсын,
Еңбегі көз алдыда халқына еткен.
Әрқашан көрінсе де биіктерден,
Жан емес кеуде қағып, иық керген.
Халқының жоғын жоқтап қаршадайдан,
Мұрасын ата-баба жиып-терген.
Тарихтың жан бітіріп бір кезіне,
Жайғандай жарқыратты күн көзіне.
Сыбырлап алғыс айтты ай астында,
Хандардың Сарайшықта күмбезі де.
Құтылдық күңкілдеуден от басында,
Тәңірі тіл мен көзден сақтасын да!
Мөлдіреп маңдай тері тұр оның да,
Киелі Күлтегіннің көктасында.
Халқының бола білген қолқанаты,
Тарихта тектілердің қалған аты.
Жасаған жақсылығын салық қылып,
Сірәда сұрамаған елден ақы.
Қазақтың бәріне де болсын деген,
Қаны қас рушылға, жершілменен.
Жусаннан аласа боп жалпақ жұртқа,
Таудай іс тындырса да бәлсінбеген.
Нәр құйып гүлден нәзік сабағына,
Өнердің қарады қас-қабағына.
Жұртының жүрегінде жүргендігі -
Ілінсе ақындардың қаламына.
Жанының толқын тулап тереңінде,
Қарайды ойлы көзбен ол өмірге.
Ажалдан қорғап қалған ара түсіп,
Талайдың тірлік оты сөнерінде.
Тұрғанда өмір тізгін беріп қолға,
Кісілік, парасатпен көрікті ол да.
Адамдық шуағына жылуы мол,
Бөленген тарыққанда Серікбол да!
Қинайды қысқа ғұмыр үзілгелі,
Тереңдеп қайғы табы жүзіндегі.
Елестеп жанарына жаудырайды,
Жас күні жүріп өткен ізіндегі.
Адамда арман, шіркін, таусыла ма,
Кеудеден оңайлықпен жан шыға ма?
Айқасар өлімменен қайран өмір,
Таласып соңғы жалғыз тамшыға да.
Бір сағым сәуле төгіп санасына,
Шақырды әкесі де, бабасы да.
Баяғы қанды көшті ұмытқандай,
Бүгінгі түскен тірлік сабасына.
Шыбын жан шырқап ұшып көкке, міне,
Бейіштің аттанбақшы хақ төріне.
Риза қияметті ғұмыр кешіп,
Артына із қалдырып кеткеніне.
Амал жоқ ажал жетсе өлмесіне,
Соңғы сәт Иманғалиды алды есіне!
«Азамат аман жүрсін!» деп ішінен,
Бақидың сапар шекті келмесіне!
КӘМЕЙ ҰШҚАН
Репрессия құрбандарының рухына
бағыштаймын.
Айналып жылда келіп жаз қонағы –
Айдынға аққу ұшып, қаз қонады.
Мекеден қажы атасы оралғандай,
Әйтеуір Кәмей байғұс мәз болады.
Айғайлап құс келгенде жар салады,
Жағада жалғыз өзі қарсы алады.
Шалқиды қанат бітіп көкке ұшардай,
Білінбей күте-күте шаршағаны.
Дуылдап құс базары қиқулаған,
Дуалап жастан оны сиқырлаған.
Тілдесіп тулап жатқан толқындармен,
Қамыстың ызыңынан күй тыңдаған.
Жабырқап көл жиегін жағалаған,
Кәмейдің көңілін кім шамалаған?
Аққудың қанатынан көз алмайды,
Армансыз айдың төсін сабалаған.
Күнұзақ кірпік қақпай телміреді,
Дос тұтар құстан басқа енді нені?
Қанат қып екі қолын ербеңдетсе,
Сыртынан көріп қалған ел күледі.
Аққу-қаз көтерілсе қағып қанат,
Ойы бар аспан-көкке шарықтамақ.
Құс болып ұшып кетсе шыныменен,
Шалғайын шартараптың анықтамақ.
Болды екен осыншама құштар неден?
Сырласып, сөйлеседі құстарменен.
Тыңдаса, құстардың да қайғысы бар,
Аспанға биік шырқап ұшқанменен.
Кәмейдің ұшқан құсқа жаны құмар,
Бірақ та жан жоқ оның мәнін ұғар.
Құс келіп, құс қайтқанда көтерілер,
Жабысқан бала күннен шалығы бар.
Санайды айналасы есалаңға,
Не шара сарсаң қылған Жасағанға?
Жүреді өзіменен өзі ғана,
Ашпайды ішкі сырын еш адамға...
Кәмейдің өмірінің жұмбақ сырын,
Өзімше жұртқа мәлім қылмақшымын.
Балқаштың жағасында ғұмыр кешкен,
Аяулы тұяғы еді бір жақсының.
Қиылып тіршіліктің арқан-жібі,
Ілінді қарауылға ел тағдыры.
Бақанас ауылы да сорға батып,
Басынан ұшып кетті дархан күні.
Ұйыған айран-сүттей ауыл еді,
Біреуге-біреу туыс, бауыр еді.
Бірлік пен берекенің белін үзген,
Заманның зілі қандай ауыр еді?
Қазақты иттей талап зұлым заман,
Құдайға даусы жетті құлындаған.
Ішінде күңіренген қалың елдің,
Үні бар Кәмейдің де шырылдаған.
...Бәрі де есінде әлі, есінде әлі,
Оянып шырт ұйқыдан шошынғаны.
Әкесін әлдекімдер алып кетіп,
Қойнына қара түннің жасырғаны.
Шырқырап балапандай бала жүрек,
Есінде жүгіргені зар еңіреп.
Көмейі қорқау түннің жұтып қойған,
Әкенің содан бері хабары жоқ.
Есінде әкеткені шешесін де,
Білмейді ай мен күннің нешесінде.
Қаңғырып қала берген сорлы Кәмей,
Қайғының қаңыраған көшесінде.
Не деген мына заман, зұлмат еді?
Кәмейдің жоғалтқаны қымбат еді.
Әп-сәтте айналасын типыл қылған,
Құйын ба соғып өткен, жын ба тегі?
Түскен үй ортасына шаңырағы,
Қорадай иен қалған аңырады.
Басында жерошақтың құйын ойнап,
Бұрқылдап босағадан шаң ұрады.
Барар жер, басар тауы – панасы жоқ,
Қайтеді қолдан келер шарасы жоқ?
Ұрсады белсенділер көзге шұқып,
«Оңбаған, «халық жауы» баласы!» - деп.
Кәмейдің сыймай қойды санасына,
«Жау» дейді әкесі де, анасы да.
Құдай-ау, кіріп кеткен қайдағы жау,
Аядай ауыл-үйдің арасына?
Күн көзі тұтылғандай жарық төккен,
Үн-түнсіз, үрейлі еді халық көптен.
Ауылдың ақсақалы – Оспанқожа,
Оны да бір түнде кеп алып кеткен.
Ауылдың Оспанқожа молласы еді,
Жақсының үзілмеген жалғасы еді.
Япыр-ай, сол атасы аман жүрсе,
Кәмейдің күні мұндай болмас еді?
Осылай ойрандалып Кәмей қалды,
Қамығып оңашада көп ойланды.
Түрмесі қызыл-қырғын саясаттың,
Жұтқанын қайдан білсін талай жанды?..
ІІІ
Тірлікте пенде, шіркін, не көрмейді?
Күндіз-түн Кәмей байғұс елеңдейді.
Ата-ана көз алдында тірі кеткен,
Айналып түбінде бір келер дейді.
Жылайды, сарылады, сағынады,
Тағдырға одан басқа не қылады?
Күн бата өксіп жатып кірпік ілсе,
Қаралы қара түнді жамылады.
Мазалап түсінде де не бір қайғы,
Үрейі бейшараның қалыңдайды.
Қанатын баяу қағып шақырғандай,
Аспанда аққу-қаздар мамырлайды.
Ұшуға Кәмей сонда талпынады,
Ұмтылып, жүгіреді, алқынады.
Көк аспан жалтылдайды жанарында,
Бетіндей көл Балқаштың толқымалы.
Сағымдай ойнап дүние айнадағы,
Кәмейдің болмайды ешбір ойлағаны.
Сұңқылдап, қоштасқандай қайта оралып,
Аққулар төбесінде айналады.
Аққулар айналады төбесінде,
Дегендей «соңымызға ересің бе?».
Бір ұша алмай кету қандай қиын,
Байланып қара жердің кемесінде?
Шын бе екен, бұл аққулар елес пе екен,
«Сыйлайық саған қанат!» демес пе екен?
Ғайыптан құсқа айналып ұшып кеткен,
Біреуі өз анасы емес пе екен?
Анасы болса неге үндемейді,
Тәңір-ау, танымай ма бұл Кәмейді?
Еңіреп, «құлыным!» - деп, көктен түсіп,
Үстіне қанатының «мін!» демейді.
«Қонбайсың, - дейді, анашым, жерге неге,
Қайтадан оралмайсың елге неге?
Ұлыңды еркелетіп бұрынғыдай,
Жетелеп апармайсың көлге неге?».
Аққулар ешбір белгі білдірмеді,
Еседі қанатынан түннің лебі.
Анасы өз қасында, көл басында,
Ойнақтап жүруші еді-ау бір күндері.
Жасыл көл, жасыл дала, жасыл көктем,
Табиғат жарқыраған асыл неткен?!
Шомылып мейірімнің шуағына,
Күндер-ай, шешесінің қасында өткен?!
Жалт етіп өте шықты сағым-дәурен,
Келер ме енді қайтып сағынғанмен?
Тулаған толқындардың көмегі жоқ,
Тамшыдан інжу-маржан тағынғанмен.
Ол кезде көл жағалай ел қонатын,
Балқаштың айналасы ән болатын.
Жаз келіп, күзде кері қайтатұғын,
Жас Кәмей аққуларға таңданатын.
Бүлдіршін көп нәрседен хабары жоқ,
Сұрайтын: «Қыста қайда барады?» деп.
Анасы сонда жауап беретұғын:
«Мекеге жетіп бұлар қонады!» деп.
«Жел тұрса толқындары төпелеген,
Балқаштай көл ме, - дейтін, - Меке деген?».
Айтатын өз білгенін шеше байғұс,
Қиялын жас ұланның жетелеген.
«Құлыным, - дейтін, - алыс Меке деген,
Жетеді жолаушылар жекелеген.
Ұзақ жол жермен жүрген пенделерге,
Аспанмен құстар ғана төтелеген.
Мекеге бару – көпке болған арман,
Болдырып талай қазақ зорға барған.
Қажылық сапарында қайтыс болып,
Біліп жүр, атаң сенің сонда қалған!».
Өмірдің сырын ұқпай жиі алдайтын,
Арманшыл бала көңіл қиялдайтын.
«Атамның басына бір барсам-ау!» - деп,
Бұлқынып, бұл дүниеге сыя алмайтын.
Талайлар торға түсіп бір сұм жайған,
Түрмеде өтіп жатыр тылсым майдан.
Қым-қуыт дүниенің түбіндегі,
Сұмдықтың сырын Кәмей білсін қайдан?
Күн кешіп ауылдың бір шетінде өгей,
Жылайды жапа шегіп жетім Кәмей.
Жөн жүрмес жалақтаған надан иттер,
Жұлмалап жетім-жесір етін жемей.
Күтеді жабырқаған елден нені,
Кім келіп мүсіркейді шермендені?
Болмаса Ақжүністей абзал ана,
Осы еді бейшараның өлген жері.
Кәмейдің мүшкіл халін күнде көріп,
Кетеді тамақ беріп түнде келіп.
Баруға бой көрсетіп жасқанады,
Қызыл көз белсендіден жүрген өріп.
Ақжүніс Оспанқожа келіні еді,
Оның да түн ұйқысы бөлінеді.
Атасы «халық жауы» атанған соң,
«Жау» болып белсендіге көрінеді.
Не шара тізгін тисе белсендіге?
Күн бермей қудалауда Сәрсенді де.
Мың жерден қара күйе жаққанменен,
Дегенге «халық жауы» ел сенді ме?..
Қалың ел іштен тынып егіледі,
Қайысып қабырғасы сөгіледі.
Құзғындай өлексеге үймелеген,
Безбүйрек белсенділер тебінеді.
Ақжүніс келген сайын түн жамылып,
Алады сорлы Кәмей бір қамығып.
Сұрайды ата-анасын жаутаң қағып,
Пақырдай болмашыдан қылған үміт.
Қасірет қанша жерге уын жайды,
Ол жағын аңқау бала ұғынбайды.
Жұбатса, «айналайын, қоя қой!» - деп,
Көз жасын одан сайын сығымдайды.
Қарайтып жүрегінің түбін қайғы,
Ақжүніс өлеңдетіп, ыңылдайды.
Жеткендей анасының үні алыстан,
Кәмейдің қос құлағы шыңылдайды:
«Қашанғы қойдай тізіп көгендейді?
Өлмесе әке-шешең келер - дейді.
Халықты қанқақсатқан қарабеттер,
Ешқашан көктемейді, көгермейді.
Балқаштың отқа оранып нар қамысы,
Қамалды қызыл өртке жолбарысы.
Су сеуіп қанатымен қарлығаштай,
Сұмдықты тоқтататын бар ма кісі?
Қарағым, жылай берме жамандарша,
Салған соң құдай басқа амал қанша?
Қырық жыл қырғын болса ажалды өлер,
Кеткендер келеді әлі аман қалса?».
«Апатай, әке-шешем шын келе ме,
Босатып жібермейді түрме неге?
Атам бар Оспанқожа қастарында,
Түсімде мініп апты бір кемеге.
Білмеймін күн батқанын, таң атқанын,
Ашпайды қатуланған қабақтарын.
Байқаймын, үшеуі де қолтығына,
Аққудың байлап апты қанаттарын.
Қомдайды, қанаттарын сабалайды,
Салмақтап, күш-қуатын шамалайды.
Ұшуға мұрша бермей үшеуіне,
Қарақұс жан-жағынан қамалайды.
Сол кезде аққулар кеп араласты,
Қаптаған қарақұспен жағаласты.
Қанқұйлы құзғындардың ортасынан,
Үшеуін арашалап ала қашты.
Мезетте жан берісіп, жан алысқан,
Құтылып кете барды қарақұстан.
Атама Мекедегі жеткен шығар,
Сүйеніп аққуларға жанап ұшқан».
Ақжүніс енді не деп айта алады?
Белгілі бір сұмдықты байқағаны.
Әйтеуір түсті жорып жақсылыққа,
Күмілжіп тағы жауап қайтарады:
«Бір нышан бұл түсіңнен аңғарылар,
Айығып істің арты оңғарылар.
Аққулар құзғындарды жеңіп шықса,
Ұзамай босайды екен тордағылар.
Ата-анаң аққулармен кетсе бірге,
Жақында жетеді екен жақсы өмірге.
Оралып Оспанқожа атаң-дағы,
Ауылдың отырады қақ төрінде».
Қуанып, жадырайды бұған Кәмей,
Түнекті басындағы тұман демей.
Баспалап босағадан ысқырады,
Қасірет қарашұбар жылан көмей...
Арада судай тасып жылдар ақты,
Кемесін өмір алға сырғанатты.
Уақытқа жапырағын жұлмалатып,
Жылады қанша көктем гүл қанатты.
Кімдердің тоналғанын кім қарапты?
Кәмейдің көз жасы да құрғамапты.
Аққулар күзде сыңсып қайтқан сайын,
Құлазып көлмен бірге мұңға батты.
Бере алмай қайғы жұтқан елге жауап,
Заманның беті күйді жерге қарап.
Қайтеді құдай қанат сыйламаса,
Кәмей жүр әлі күнге көл жағалап.
Білмейді күтіп алда не тұрғанын –
Жазықсыз әкесінің атылғанын.
Шешесі АЛЖИР деген лагерьде өліп,
Қарасын мәңгі-бақи батырғанын.
Жылдардың шыққан сайын кемеріне,
Сенеді кеткендердің келеріне:
«Мекеде жүрсе, - дейді, - бір қайтады,
Сүйеніп аққулардың көмегіне!»...
Тіршілік сан құбылып бұлаң қақты,
Самайын Ақжүністің қырау жапты.
Қанша жыл қара түннің құшағында,
Жүрегі жалғызсырап жылап жатты.
Жарасын жалын атқан өзегінің,
Өзінен басқа сірә сезеді кім?
Қанша жыл қайыспастан қайран ана,
Азабын арқалады өз елінің!..
Түймедей жазығы жоқ жаралғалы,
Атасы – Оспанқожа оралмады.
Басталған Бақанастан өмір жолын,
Түрменің түкпірінде тәмамдады.
Қазақтың қанға батса талай ұлы,
Бар мына, тіршіліктің не қайыры?
Оспанды «халық жауы» деп көрсеткен,
Өзге емес, өзінің бір ағайыны.
Қайнайды соны ойласа зығырданы,
Шырылдап кеудесінде шыбын жаны.
Ала ауыз, алтыбақан қайран қазақ,
Құлатқан қырандарын тұғырдағы.
Ақжүніс ширығады, ашынады,
Ашуы көтеріліп, басылады.
Қашырып ауыл-үйдің берекесін,
Кек қуып, қырқысқанмен не шығады?
Ақылға жеңдіреді амалсыздан,
Құтылар қайда қашып көп арсыздан?
Барады дәті қалай жамандыққа,
Татқандар дастарханнан адал тұз-дәм?
Көтеріп тауқыметті түскен басқа,
Бекінді тірі жанға тіс жармасқа.
Өмірін опыр-топыр ойран қылған,
Осының бәрі неге түс болмасқа?..
Кісінің пішіні бар түрінде құр,
Хайуандар екі ауылдың бірінде жүр.
Сілімтік сұмырайдың Тәңірі өзі,
Сазайын тартқызады түбінде бір.
Талқандап тас ошағын әр ғұмырдың,
Жөнелді «отыз жеті» - қанды қырғын.
Соңынан іле-шала соғыс жетті,
Молайтып қасіретін зарлы күннің.
Қосақтап жесірлікке жетімдікті,
Аналар кешті бастан не тірлікті.
Еңіреп Ақжүніс те елмен бірге,
Ендігі қалған ғұмыр сәтін күтті.
Тағдырдың амалы жоқ өлшеміне,
Майданнан оралмады Сәрсені де.
Түнімен сүйген жарды ойлап шықса,
Төсектен тұрады әзер ертеңіне.
Айтқанмен таусыла ма көңіл зары,
Дегенін істеп бақты өмір заңы.
Үміті жалғандағы жалғыз ғана –
Сәрсеннен қалған тұяқ Өмірзағы!
Тағдырдың тарбайса да көк тырнағы,
Түлегін қанаттыға қақтырмады.
Жалғыздан жалғыз өнген жас бұтақты,
Балтасын сілтегенге шаптырмады.
Несіне жоқшылығын жасырады?
Арқалап жүріп ұлын асырады.
Үйіне анда-санда Кәмей келсе,
Көңілдің сыр-сандығы ашылады.
Тірі жан ұмытады әсте нені?
Мөлдіреп жанарына жас келеді.
Елестеп қатар жүрген қайран күндер,
Түседі өткендердің еске көбі.
Кәмей де көп азапты көре-көре,
Адасқан ақылынан келе-келе.
«Қажыға кетем, - дейді, - құс боп ұшып,
Бостан-бос жүре берем неменеге?
Атам да, әке-шешем – бәрі сонда,
Бәрімен іздеп барсам табысам ба?
Талмайтын қанат байлап аламын да,
Кетемін аққулармен жарысам да!».
Ақжүніс: «Айтпа, - дейді, - қайдағыны,
Сен енді бала емессің, ойла мұны!?
Зарығып күткенменен келмейді олар,
Ендігі тірі болса, қайда бірі?
Тіршілік жасау керек тірі адамға,
Бетіңді жақсылыққа бұр одан да.
Кетпей ме жұрттың бәрі көкке самғап,
Құдайым қанат берсе сұрағанға?».
Кәмейдің сөз қонбайды санасына,
Тартады күнде көлдің жағасына.
Ойнайды су бетінде бірге жүріп,
Құстардың кіріп кетіп арасына.
Үрікпейді құстар одан, шошымайды,
Қанатын қақса маржан шашырайды.
Көрген ел «Құс жыны бар Кәмейдің», - деп,
Айтады аңыз қылып осы жайды.
Кей кезде ұстағанда ұстамасы,
Бойына тарамайды ішкен асы.
Жүреді аласұрып қанат іздеп,
Жадылап тастағандай құс баласы.
Тәңірі, тілегенін бер сәтімен,
Байқұсқа көресіні көрсетіп ең?!
Бір күні келе жатып өлген құстың
Қанатын тауып алды көл шетінен.
Кәмейдің қуанғаны-ай сол заматта,
Қам қылды дереу көкке самғамаққа.
Қолына қос қанатты ұстап алып,
Жүгірді арлы-берлі жарқабақта.
Секірді жарқабақтан қалбалақтап,
Он қадам барып түсті далбалақтап.
Бұлайша ұша алмасын білгеннен соң,
Биіктеу жер іздеді қаңғалақтап.
Байқады құм төбені анадайдан,
Айнымай аспандаймын деген ойдан.
Жөнелді жанталасып соған қарай,
Қомдап ап қос қанатын жаңа жайған.
Шарықтап ұшарына бек сенімді,
Шоқыға тау ғып үйді сексеуілді.
Сол күні өмірінде тұңғыш рет,
Сорғалап қара тері көп төгілді.
Сонан соң көкке қанат сермегелі,
Үстіне сексеуілдің өрмеледі.
Биікке шығып алып тұрған шақта,
Маңайда өткен-кеткен ел көреді.
Айғайлап Кәмей сонда көргендерге,
Қоштасып мойын бұрды ел мен жерге:
«Мекеге ұшып барам атамды іздеп,
Қайтамын сәлемдесіп өлгендерге!».
Талпынып ұшты көкке әлгіні айтып,
Ауылға оралмастай енді қайтып.
Қатерлі құздан құлап кете барды,
Көңілін қалғандардың ол мұңайтып.
Өмірден Кәмей сөйтіп жылай кетті,
Өтерде тілге келіп, былай депті:
«Қанатын бірқазанның байлаймын деп,
Төбемнен ұрды мені Құдай! – депті.
Әттең-ай, қиын екен ойлағанға,
Арманға адам жеткен қай заманда?
Сыңқылдап ұшып бара жататын ем,
Қанатын аққу құстың байлағанда?!».
Дүние, қас-қабағы тұнжыраған,
Биіктен білесің бе, кім құлаған?
Аққулар бара жатыр оны жоқтап,
Ұшында көкжиектің бұлдыраған.
Жаудырып жауыздарға нағылетті,
Аз ғана тірлігінде налып өтті.
Мүрдесі мұнда қалып бейшараның,
Аққудың қанатында жаны кетті.
Зәредей зияны жоқ жатқа істеген,
Бірге ұшып кете барды пәк құспенен.
Аққудың қанатында арманы жүр,
Бетіндей ақ қағаздың дақ түспеген.
ҮІІ
Көшкелі бұл жалғаннан Кәмей қашан,
Көңілің құлазиды соны ойласаң.
Байқұстың бізге тылсым тағдырының,
Көп сыр бар астарында абайласаң.
Баяғы жаны сырқат жас баланы,
Бұл күнде тек Ақжүніс еске алады?
«Тұяқсыз, тұлдыр кетті-ау?!» - деп, өкініп,
Өлгенше дұғасынан тастамады.
Жұбанып жетім-жесір жанары жас,
Түзелсе заман беті, ел арымас.
Ер жетті Ақжүністің жалғызы да,
«Тай басар ат тұяғын» деген рас.
Иілмей тағдырға азап көрген басы,
Талайға Ақжүністің келген жасы.
Баласы аман жүрсе болды әйтеуір,
Белгілі еш нәрседен кем болмасы.
Өтеді өкінгенмен, шіркін, жалған,
Соғыстан сақтасын тек шырқыңды алған.
Немере, шөбересі келеді өсіп,
Көктемгі жас бұтақтай бүршік жарған.
Адамның арманы жоқ көп жасаған,
Етеді күндіз-түні тәуба соған.
Ойласа, ұлы жалғыз емес екен,
Жақсының бәрі бүгін жолдас оған.
Шығармас заманның зар күйін естен,
Қазағым сор өзенін жиі кешкен.
Ата мен әке кегін Өмірзақ та,
Көкейге жас күнінен түйіп өскен.
Күйттеп қара басы күн көрісін,
Ит болып біреулердің үргені шын.
Талай жыл тынбай іздеп арпалысты,
Атасын кім ұстатты білмек үшін.
Қинайды мәңгі жұмбақ қалатыны,
Таппаса түбін қазып сорақыны.
Қоярда қоймай жүріп КГБ-ның,
Ақтарды мұрағатын ол ақыры.
Қалдырған «үш әріптің» құзғындары,
Қағазда сайрап жатыр іздің бәрі.
Ұстатқан кім екенін оқығанда,
Жүрегі бір ысыды, бір мұздады.
Ышқынып аласұрған кекті жаны,
Бұлдырап, қарауытып кетті маңы.
Тамырда алпыс екі ыза тулап,
Басына бір-ақ шапшып, тепті қаны.
«Тәңір-ау, болады екен мұндай-дағы,
Білмеді сұмдықтарды кім қайдағы?
Елу жыл бұл шындықты ішке бүгіп,
Тіл-жағын анасының кім байлады?
Өмірде сан тұрып, сан құлап көрген,
Анасы айтпай қалай шыдап келген?
Жасырып жауыздық пен қасіретті,
Қалайша жүрегінен тұрақ берген?
Па, шіркін, бір атадан туғандар-ай,
Тамырын бір-бірінің жұлғандар-ай!?
Ажалға өз туысын байлап беріп,
Жер басып жайраң қағып жүрген қалай?
Торындай, сұм дүние, өрмекшінің,
Айта алмай ақиқатты сен де өксідің.
Оқытып, өз қолымен өсіріпті,
Тұқымын туысының сол жексұрын.
Кетер ме суық ойлар сұм көңілден,
Шағады мұңын барып кімге бірден?
Дәм татып бір дастархан, бір қазаннан,
Солармен қаншама жыл бірге жүрген?
Шешесі білдірмеген неге бұған,
Кек қуып, деді ме әлде төгеді қан?».
Асығып, өкси басып кірді үйіне,
Қар жауып қайғы басқан қабағынан.
Тіл қатты келген бетте анасына,
Ақжүніс назар салды баласына.
Қадалған анасына өткір көздің,
Мөлтілдеп жас толып тұр шарасына.
Ұлының ұнамады бұл қарасы,
Болғанын бір бәленің білді анасы:
- Атамды кім ұстатты, неге айтпадың,
Ол иттің қадірлі еді кімге басы?
Құданың, қарасаңшы, құдіретін,
Атамның тауып келдім сүгіретін.
Көрдің бе, жанарының нұры сөнген,
Жан ба еді тіршіліктен түңілетін?!
Суретті көре сала жылады ана,
Жыламай мұндай сәтте тұра ала ма?
Жоқтаған жан атасын Ақжүніске,
Кім келіп басу айтар бұл арада?
Ақжүніс көп жылауды ағат көрді,
Жасырған шындықты айтар сағат келді.
Көз жасын сорғалаған сүртті-дағы,
Былай деп жалғызына жауап берді:
- Қайтесің, қылыш байлап белге бекер,
Қадір мен қасиетің селге кетер.
Әйел боп мен көтерген қасіретті,
Қарағым, еркексің ғой, сен де көтер!
Бұл сырды білсем-дағы мен айтпадым,
Көзімді ағайынға алайтпадым.
Онсыз да қайғы жетер жер бетінде,
Қайғыға қайғы қосып молайтпадым.
Елу жыл бұл азапты арқаладым,
Арқала енді сен де, шаршамағын!
Жамандық жалғаспасын ұрпаққа деп,
Жасырып, жүрегіммен қалқаладым.
Жан едім тіршілікте жалынбаған,
Бер осы тілегімді, жаным балам?!
Жалғанда жақсылыққа жарымайды,
Ашуын жеңдірмесе сабырға адам?!
Бүлдіріп ала тайдай ел арасын,
Қайтадан дұшпан көзін қадамасын.
Бозторғай жұмыртқалап қой үстінде,
Жүгірген тышқан мұрны қанамасын.
Жағасын ақ көйлектің қанға малып,
Келмесін зұлмат күндер енді оралып.
Мерт болған Кәмей ағаң есіңде ме,
Ұшам деп қос қанатын қомдап алып?
Сұм заман оның-дағы алған есін,
Түсімде көрем кейде енді елесін.
Бейшара құм төбеден құлап өлді,
Адамға құдай қанат бермегесін.
Анадан қыз туғасын, ұл туғасын,
Жеткен жөн мұратына ұмтылғасын.
Өмірден жылай-жылай өтті Кәмей,
Қанаты қиялының қырқылғасын.
Қуат ап қасиетті кең даладан,
Қанат қақ, биігіңе сен де, балам!
Сыйлайды қара түнге ақ сәулесін,
Жұлдыздай жайнап көкте жанған адам!
Көңілден қарасы өшті аза күннің,
Көтерер енді өзгенің мазағын кім?
Ғарышқа ұландары самғап ұшқан,
Қанаты қайрылмасын қазағымның!
Кешегі біздер көрген азап бітті,
Қадірле, Алла берген Азаттықты!
Тұрғанда Тәуелсіздік туы төрде,
Ешкімнен кем қалмайды қазақ тіпті!
Болғайсың болған іске кешірімді,
Тигізбе айналаңа кесіріңді!
Биікте биік ұстап жүре алмасаң,
Басыңның төмендегі несі құнды?!
Мен саған бұдан артық не дей алам?
Жерім жоқ берекеден жан аяған.
Сен тұр ғой биік көкті аңсауменен,
Қу жанын қиды емес пе Кәмей ағаң?!
Ұмытпа, Кәмей өлген сол төбені,
Жүрегім ойлап кетсем шер төгеді.
Бәлкім сол - жаны таза жалғыз адам,
Осынау ұлан-байтақ өлкедегі!..
ҮІІІ
Азамат мұны естіген кек қумады,
Сан қайта құстар келіп, көк шулады.
Жүзіп жүр кең айдынды әнге бөлеп,
Балқаштың сол баяғы аққулары.
Аққулар жалт-жұлт еткен күміс қанат,
Ақ толқын – ақ бесікте тыныстамақ.
Кәмейдей киесі бар жан болмаса,
Құстардың қанатынан кім ұстамақ?
Толқынға аппақ төсін аймалатып,
Бауырын сырғиды аққу тайғанатып.
Өмірзақ жалғыз өзі жағада тұр,
Қарайды жойқын суға ойға батып.
Кәмейдің әңгімесі келеді еске,
Көңілі қобалжиды көп елеске.
Аққуға жаны ілесіп кетті дейтін,
Япыр-ау, анау өзі сол емес пе?!
Жалған-ай, сиқыры көп, мың айлалы,
Жақыннан жау шығар деп кім ойлады?
Анасын көз алдына әкеледі,
Оңаша бір аққудың мұңайғаны.
Түйіндеп бар ғұмырын бір тілекпен,
Тоқтаған нәзік жүрек жыр түлеткен.
Ақырын жылағандай оны жоқтап,
Аспан да ақ жаңбырын сіркіреткен.
Еді ғой анасымен жаны бірге,
Есінде өсиеті әлі күнге.
Жарықтық тыным алып жатыр мәңгі,
Бейіштің нұры шалқып қабірінде!..
Құм төбе бір кездегі Кәмей ұшқан,
Бұлдырап шалынады, әне, алыстан.
Секілді жақын барса деп сұрайтын:
«Адамдар бір-біріне неге дұшпан?».
Арманын жалғап кеткен жан нұрына,
Кәмейдің таңырқайды тағдырына.
Көлікке тосып тұрған аяңдады,
Жуынып қоңыр күздің жаңбырына.
Тоқтады жылап алып жаңбырлы аспан,
Бір тамшы көз жасын да қалдырмастан.
Аққулар көлден сыңсып көтерілді,
Ұшуға жаратқан соң тағдыр бастан.
Сыңсиды, сыңғырлайды арман әні,
Тербетіп сағым жуған сар даланы.
Лагерьде құрбан болған сезбейді олар,
Мыңдаған сорлы бала, сорлы ананы.
Шайналып азуында арыстанның,
Сезбейді қырылғанын арыстардың.
Аспанның ақ қанатты падишасы,
Жүйрігі зулап ұшып жарысқанның.
Аққулар әуенімен тербетуде,
Аспанның күмбезіне төрлетуде.
Не болып, не қойғанын қайдан ұқсын,
Аңдысқан, арпалысқан жер бетінде?
Аққудың ауызға алып күллісін бір,
Демеңіз жырға қосты жылқұсын құр.
Кім білсін желеп, жебеп тірілерді,
Рухы аруақтардың бірге ұшып жүр.
Қалықтап қанатының желіменен,
Қоштасты көліменен, жеріменен.
Мекеге бәлкім олар сапар шекті,
Алланың салып берген жолыменен!..
ТҮС-ЕЛЕС
Көзімді ашып, ақ сәулеңе оранғалы, Жарық күн!
Мына өмірдің уызына, уына да жарыттың.
Бұлдыр елес, жалған үміт жәдігөйдей азғырып,
Алданыппын, алды-артымды болжай алмай қалыппын.
Тас түнекте адасқандай ақыл-естен таныппын.
Ақ жалыным сыртқа атылмай, іштен бықсып жаныппын,
Көк түтінге көзімді әбден үйір етіп алыппын.
Қыран емес күнін кешіп тары терген тауықтың,
Жер бауырлап, қанатымды қара шаңға малыппын.
Кешіре алсаң, кешір мені, кешір мені, Жарық күн!?
Пендешілік ала қабын арқалаумен арыппын,
Көрсоқырлық тас соқтырып, маңдайымды жарыппын.
Алысқанның жағасына жанталасып жармаспай,
Арыстанның аш көмейін өзім іздеп барыппын.
Опасы жоқ, оппасы көп тірлік сырын жаңа ұқтым.
Зар желдіріп, жеңіл сөздің жорғасына салыппын,
Ашына бір айта алмаппын мұң мен зарын халықтың.
Қаулап келген қалың өртке көк нөсердей құйылмай,
Шолақ көсеу секілденіп көптің қолын қарыппын.
Уа, Жарық күн, жібер маған зауал отын тамұқтың!?
Неменеге жетісемін, несіне осы қарықпын,
Тағдырынан болған ығыр, мен-дағы бір ғарыппын.
Құйын желдей алапатқа күйім келмей қамықтым,
Бұл пәнидің мағынасыз дау-шарынан жалықтым.
Мейірім мен қайырымның кәусарына зарықтым.
Қаһарынан қалтыраған мұхиттағы алыптың,
Шыбын жаны шырқыраған бейне шабақ балықпын.
Судан шығу мүмкін емес, өрге тартсам өлім бар,
Төмен қашып тереңдесем одан сайын тарықтым.
Дүлей қуып, үрей буып, әлім құрып талықтым...
Шаршап барып жамбастасаң ұяңа сен, Жарық күн,
Дүниені құшағында әлдилейді мамық түн.
Қасіретім көкіректі құс жолындай қақ жарып,
Қаңтардағы аяз қысқан көк төріндей шаңыттым.
Уа, қайдасың, құтқар мені періштесі шабыттың!?
Көкжиекке құйылды да күннің нұры сарқылып,
Қараңғылық үйірілді, қара перде тартылып.
Бұрқ-сарқ қайнап сәл суынған тайқазандай толастап,
Байыз тапты асау тасқын аласұрған алқынып.
Жерге түсті қанаттылар, аспан кезген шарқ ұрып.
Алып таулар тұңғиықтың түнегіне омалып,
Түнгі шаһар ыңыранады, арпалысын доғарып.
Сапырады сансыз гүріл сарсаң болған ауаны,
Озаңдатқан жаңғырықтан шартарапқа сел ағып,
Дөңбекшиді шалқар әлем тыныштығы тоналып.
Әлде қайда марғау қырдың жон терісін от қарып,
Зымыран құс көтерілді ғарыш жақты бетке алып.
Меңіреу-мылқау кеңістіктің омырауын осқылап,
Жеті қабат көк күмбезін талқандауға шақ қалып.
Шексіздікке кетті сіңіп бауырынан шоқ тамып.
Әлде қайда құйын ойнап, шаң көтеріп дауылдап,
Көні кепкен құла дүзге тұз жауады сауылдап.
Жер құрсағы қуырылып, тепкілейді зұлмат күш,
Адамзаттың иманы ұшып, қатер-қауіп қабындап.
Аруақтар тек алаңдамас жатқан мәңгі дамылдап.
Қаңбақ құсап қаңғалақтап қаламыма жармастым,
Уайым қозғап, ойым боздап қаралы үнге жалғастым.
Жүректегі запы қылған запыранды төккелі,
Жын шақырған бақсыдайын сезімменен арбастым.
Көмейімнен сөз келмейді басқандай тап албастым.
Қаңтарылдым, аңтарылдым ақ қағазға түк тамбай,
Кеудемдегі нөсерімді құрғақшылық жұтқандай.
Қызыл тілім күрмеледі түрмедегі тұтқындай,
Тартынамын, ақтарылсам қырғын-топан жұт бардай.
Әлде біреу буындырып алқымымнан сыққандай.
Қарауылдай қалжырадым, шыр айналды зеңіп бас,
Ұйқылы-ояу әрі-сәрі күйге түстім жан ұқпас.
Елеусіздеу елес келіп үңіледі сыртымнан,
Құлағалы көк желкеме тұрғандай бір төніп тас.
Мықты болсаң, сұмырайдан сүлдеріңді алып қаш.
Жылан көмей жан алғышын бүйіріме тірейді,
Ін түбінен ысқырғандай ұшырады үрейді.
Талайларды көрге көмген күрегімен күдіктің,
Аппақ қардай көңілімді алай-бұлай күрейді.
Арам ниет, арсыз пиғыл өршелене үдейді.
Түршігеді тұла-бойым елестеген сұмдықтан,
Әзірейілге айналғандар кімге сеніп, кімді ұққан?
Тамағың тоқ, киімің көк еркіндікте құн бар ма,
Бұғауланса ақыл-санаң құтылмайсың құлдықтан.
Қайыр шықпас қиялыңды кісендеген «шындықтан».
Ойларыма ойран салып, жүрген жерін қанды із ғып,
Көзге түспес сақшым маған көрсетпейді жалғыздық.
Мен жаза алмай, ол тажалдай аңдысумен отырып,
Ырғақтағы бала құстай кеткен екем сәл мызғып.
Ғайыптан бір боз арғымақ қанат қағып келді ызғып.
Арғымаққа қарғып мініп, қалқып ұшып жөнелдім,
Қалықтаймын, қауырсындай салмағы жоқ денемнің.
Биік шырқап, кең жаһанның көзбен шолып көлемін,
Рахат пен шапағаттың шуағына бөлендім.
Уа, тәтті түс, ғұмырымда сенен басқа не көрдім?
Ағып келем арғымақтың шоқтығына жабысып,
Бауырымда бұлттар аунап, шұбалғандай шаң ұшып.
Жамыраған жұлдыздарға, ай мен күнге қол созам,
Кедергісіз кеңістікпен емін-еркін танысып.
Бір мезетте төмендедім – жермен қайта табысып.
Қарап тұрсам, түскен екем туған бұлақ басына,
Мені көріп, тебіреніп тіл біткендей тасына.
Анадайда асыр салып ойнап жүрген бір бала,
Сәлем берді ізетпенен жақын келіп қасыма.
Таңданыспен жаутаңдайды сорғалаған жасыма.
Қарайтындай арып-ашып қаңғып жүрген бұл кім деп,
Жайраңдаған аңқау сәби қабағында кірбің жоқ.
Бір бұлақты жалғыз өзі иемденген ұланды
Сөзге тартып көріп едім, аты-жөнін білгім кеп.
Жауап бермей, алдыменен сауал берді күлміңдеп:
- Келдің бе іздеп, - деді маған, - ата-баба қабырын? –
Қаным тулап, солқылдады алпыс екі тамырым.
Балғын жүзі жылыұшырап, шырамытып тұр едім,
Жанарыма жанары кеп түйіскенде таныдым.
Он жастағы кезім ғой бұл - өзім ғой бұл, тәңірім!
- Жер бетінде аман-есен барсың ба әлі, қарғам-ай,
Сені қалай жоғалттым мен, қара басып аңдамай?!
Қызыл-жасыл көбелекті күн ұзаққа қуалап,
Гүлді кешіп, нұрды кешіп ойнақтаған арман-ай!
Қайта айналып таптырмайтын, көп тұрмайтын жалған-ай?!
- Қайда кеттің осыншама, көптен бері соқпадың?
Түгел шарлап шықтың ба әлде жер бетінің соқпағын.
Мылжаланған қазықтайын мыжырайып қалыпсың,
Көтере алмай тіршіліктің төбелеген тоқпағын.
Неге жаның жүдеу тартқан, баяғыдай жоқ сәнің?
- Қарашығым, мен айтпайын, сен сұрама ол жағын,
Алмағайып арпалыста саналыға сор қалың.
Білмейсің ғой ұзап шығып көрмеген соң ғұмыры,
Қанаттыға тұзақ барын, аяқтыға ор барын.
Омақаса жығыларын жүйріктің де жорғаның.
- Жүре бермей ойнап-күліп, неге кеттің онда сен,
Қарашы өзің, бұл арада аспан да әсем, жер де әсем?
Алып қашқан ағындай боп, сағымдай боп бұлдырап,
Сен зым-зия жоғалмасаң, мен де жалғыз қалмас ем?
Енді несін күрсінесің соғылғандай жарға сең?
- Ұясынан бір ұшқан соң шығандайды торғай да,
Пенде, шіркін, тентіресе апармайды жол қайда?
Түсіме де кірмеп еді жел айдаған қаңбақтай,
Сенен алыс кетем деген қол жетпейтін шалғайға.
Амал қанша, тағдыр солай жазған болса маңдайға?
- Кел, онан да аунап-қунап көмілейік шалғынға,
Шыбық мініп жарысқанды әлде ұмытып қалдың ба?
Басы қатқан мына сенен асық атқан бала артық,
Қу жаныңды қинай бермей біржолата қал мұнда.
Әу басында кетпе деп ем айтқан тілді алдың ба?
- Өкпелеме, асығыспын, сәлден кейін кетем мен,
Ғайыптың күш-құдіретімен келіп қалдым төтеннен.
Сен аман бол, сүттей таза, күнәдан пәк періштем,
Мен пақырды мүсіркеме мехнатқа еті өлген.
Өзім ғана арқалайын азабымды көтерген.
Буыны жоқ қызыл тілім бұлбұл құстай сайраған,
Ащы зарды ақтарар ма көкіректе қайнаған?
Айналайын, аялдасам саған тиер кеселім,
Жаным менің кесапатты жазылмас дерт жайлаған.
Тым болмаса таза қалсын сенің сәби айналаң.
Замананың ем табылмас сырқатына шалдыққам,
Дүрлігу мен даурығудан дауысым да қарлыққан.
Қайта туып келсем-дағы қара көңілім ағармас,
Қара түнек қаралы үйдей қайғы менен зар бұққан.
Сен ешқашан жұта көрме жылан уын мен жұтқан.
Жымысқының жымыменен жылмай жортып көргенмін,
Су жұқпайтын сұрқияның соңына да ергенмін.
Жағымпаздың құрығына сырығымды жалғағам,
Күре жолдың үстіне де қанды қақпан көмгенмін.
Арсыздықтың қамытына көк есектей көнгенмін.
Меніменен кетсін бәрі - өз жөніме тартайын,
Мойнымдағы күнә жүгін саған қалай артайын?
Ақ ботадай боздауменен белден асқан бұлт едім,
Ауыр тиер көз жасымды алыс барып сарқайын.
Шер байланып сенделгенше, желге айналып тарқайын.
Залалы мен зауалынан тәңір сені сақтасын,
Мен мәңгіге жапқан жанмын балалықтың қақпасын.
Енді айналып көремін бе, көрмеймін бе кім білсін,
Қоштасайық, құлыншағым, кері бұрам ат басын.
Жұлдыз-дағы тұрақ таппас орнынан бір аққасын.
Ақ тұлпарым тықыршыды ауыздығын жұлқылап,
Тақым қысып, тізгін қақсам, жөнеп бермек зырқырап.
«Тағы тастап кетемісің, қалсаңшы, - деп, - ағатай!» -
Байғұс бала шылбырыма оралды кеп шырқырап.
Тұла бойым шымырлады, сай-сүйегім сырқырап.
Кірпігінен мөлдір шықтай жас құлайды моншақтап,
Мен де егіліп, бауырыма бастым оны сәл тоқтап.
Одан сайын шырылдады, қуалады құлдырап,
Көтеріле бергенімде екі арамыз алшақтап.
Сол дауыстан селт еттім де көзімді аштым қорқақтап.
Жан-жағыма алақтадым, бәрі ғайып - жым-жылас,
Өз орнымда отыр екем қозғамасаң жылжымас.
Өксік қысып ыстық оттай өзегімді өртеген,
Омырауымды жауып кетті қасіретті түнгі жас.
Бірақ оған бүлк етер ме өмір заңы бұлжымас.
Аран ашып, айналасын жалмауыздай жалмаған,
Қара судай қанша ішсе де қызыл қанға қанбаған,
Бағанағы қалпыменен әлі маған түйіліп,
Әзірейіл - елесім тұр абжыландай арбаған.
Сескенбейтін бір зәнталақ адамнан да Алладан.
Сары аяздай сұрақтардың астына алды және кеп:
«Жылауыңда нендей мән бар, айт шыныңды кәне?» деп.
Бедірейген тас бетіне бажырая қараймын,
Келістіріп күйе жақса, жұқпайтұғын бәле жоқ.
Шырқырайды шыбын жаным болған әбден зәрезеп.
- Кешіргей, - деп қипақтадым, - қалғып кетіп, түс көріп,
Кірпігімнен күтпеген бір мұздай тамшы түсті еріп.
Іздегені табылғандай аяғының астынан:
- Не түс көрдің, баянда? – деп, тепсінеді тістеніп.
Қиқарлансам қаһарымен тастайтындай үш бөліп.
Бас көтерді ар-намысым, келмеді енді бөгелгім,
Қылдай тізіп айтып бердім – қайда бардым, не көрдім.
Тыңдап болып, басын шайқап, сазбалшықтай сазарып:
- Былшылдама, - деді маған, - ертегіңе сенер кім?!
Мен де бастым тәуекелге, не салса да көрермін...
Дедім оған: - Тумай жатып құдай сені қарғаған,
Ізгіліктің ұшқыны да жүрегіңе қонбаған.
Пәк дүние құшағына апарар ем нанбасаң,
Басып кеткен ізің бірақ тазармайды-ау оңбаған!
Қалбаңдаған қара құзғын күні төмен қарғадан.
Сендейлердің салып кеткен сойқанынан былғанған,
Белшесінен сорға батып, солқылдайды бұл жалған.
Мұнар басып, мың арбасып басқа түскен әлекпен,
Сыңайы бар мысы құрып, мыйы айналып жынданған.
Шын азғанға ылаж бар ма парасаттан құр қалған?
Көрсетейін әлем сыйқын азып-тозған шынымен,
Ерінбестен маған еріп, ұшар болсаң түнімен.
Шексіз заман шегарасын түгел шарлап шығамыз,
Қанат қағып торлап тұрған қара тұман түбінен.
Сөйлесеміз адамның да мақұлықтың тілімен.
Жалғыз жандай мұң мен зарын арқалаған жер-көктің,
Осылайша жегідей жеп, өзімді-өзім меңдеттім.
Елес жанмен қарсыласып, қасарысып алдым да,
Түн сапарын жалғау үшін қайта қалғып мен кеттім.
Өң мен түстің ортасында қиялымды тербеттім.
Екі қолым қос қанатқа айналды да кенеттен,
Аққу құстай қайта көкке көтерілдім мен еппен.
Тарықтырып келгенімен, қарық қылып түсімде,
Жарылқаған тағдырыма разымын, жоқ өкпем.
Құдіреттің бермегенін бер дей алам не бетпен?!.
Ыластанған алып мұхит айдынындай орасан,
Көк әлемі қоңырсыған, қотарылған қара шаң.
Жанталастым жарып шығып, құтылғанша түнектен,
Жететіндей жердің үстін неше қабат орасаң.
Әлгі сұм да қатар ұшып келеді екен қарасам.
Қараңғыда қара пәле әрең-әрең көрініп,
Қараңдайды өзі түстес бояуына көміліп.
Қыр соңымнан қалар емес құлғанадай қуалап,
Қаусап, қирап қалғанынша қабырғасы сөгіліп.
Сескенбейді, көстеңдейді алған әбден желігіп.
Не заманда суырылып шықтық түнек астынан,
Төмен қалды кеңістікті тұмшалаған тас тұман.
Күн жайнап тұр екен деймін, аспан асты арпалыс,
Қарсы алдымнан ағып өтті шаңқылдаған жас қыран.
Қан шашырап бара жатыр топшысынан шапшыған.
Жан түршігер азан-қазан ұлығандай көп бөрі,
Ғарасаттың майданындай қызыл-қырғын көк төрі.
Өз көзіме өзім сенбей, жүрегімді ұстадым,
Бұрын-соңды тарихта мұндай сұмдық жоқ тегі.
Үрейлене қарап тұрдым, сырғып барып шеткері.
Шырық иіріп, шырылдатып, көздегенін құлатып,
Ұшақ мінген әлде кімдер қырандарды жүр атып.
Жемтік көрген құзғындардай ұмтылады ұтылап,
Қара құрым қарғаларды соңдарынан шұбатып.
Қарғалар да қарқылдайды қан жауғанын ұнатып.
Шамырқанған ақиықтар сұр жебедей қарсы ағып,
Зуылдап кеп соқтығады қас жауына сонша алып.
Ажал төккен алпауыттың тойтара алмай тұмсығын,
Жерге қарай кетіп жатыр өздерін күл-парша ғып.
Қалғандары әрбір тұстан атойлайды жар салып.
Ара түсіп айқайлауға табиғатта тіл бар ма?
«Тоқтат, кәне, зұлматты!» деп бұлт ақырса тыңдар ма?
Дал-дұл болып, құлдырап кеп құлап түссе бір қыран,
Басына оның қона қалып дұға оқиды мың қарға.
Күні туса, дауа жоқ қой мысық тілеу сұмдарға.
Қияметке киліккендей есеңгіреп барамын,
Қиянатты көріп тұрып қалай үнсіз қаламын?
«Мына, пәле не, дегендей, білемісің себебін?»
Қасымдағы қаскүнемге аңтарылып қарадым.
Жауап берді мүдірместен, сәл жібітіп қабағын:
- Самғап ұшқан қыраныңнан сорпа болар қаз артық,
Қолға түспес құланыңнан көк есектің өзі артық.
Ұшақтарға шабуылдар қатерлі құс болған соң,
Аспан астын жүр ғой бұлар бүркіттерден тазартып.
Болмашыға қапаланба, аударма оған назар түк.
Амалсыздан тіл тістедім салғыласып не дейін,
Лоқсық келіп кептелгендей қыжылдайды көмейім.
Қыран екеш қырандарға тарлық етсе шексіз көк,
Бұл ғаламның кеңдігіне енді қайтып сенейін.
Тәркі дүние, қайдасын сен, құшағыңа енейін?!
Ең биікке шығып алған екі қыран шаңқылдап,
Бауырларын шақырады тірі қалған там-тұмдап.
Шайқастағы мұзбалақтың ең соңғысы оққа ұшып,
Тұңғиыққа сорғалады найзағайдай жарқылдап.
Қос құлағым шыңылдады естімеген зар тыңдап.
Аман қалған екі қыран айналсоқтап кете алмай,
Аза тұтып, жоқтау айтып, еңірейді о, тәуба-ай!
Сорлылардың көз жасынан қара жаңбыр сіркіреп,
Басатындай көтеріліп сел тасқыны топандай.
Құстың зарын баяндайын, іштің зарын қотармай:
- Зауал төнді төбемізден, кім құтқарар тажалдан?
Керегедей кең қанаттың тамтығы жоқ уа, жалған!
Құс төресін шырылдатып, қырып-жойып жатқанда,
Атой салып, ара түспей, аспан, саған не болған?
Не болады бұл тіршілік жан берісіп, жан алған?
Ақиықсыз асқар таудың алтын басы адыра,
Кімге керек көк тастардың күңіренгені соңыра?
Қырандардың тұқымына ақырзаман орнады,
Аза тұтып, меңіреу аспан, аңыра, енді аңыра!
Қарға қонып жарытпайды қырандардың тағына...
Күңіренген қыран зары құлағыма жетті анық,
Жүрегімді одан да ары шыжғырды отты кек қарып.
Ақтық рет айналды да қош дегендей саңқ етіп,
Тартып берді іркілместен Хантәңірді бетке алып.
Қас-қағымда қос ноқаттай көз ұшында кетті ағып.
Әлгі ұшақтар жерге қайтты алды-артына қарамай,
Аспан төрі тына қалды құлаққа ұрған танадай.
Сойқан жүзін, сұмдық ізін жасырғысы келгендей,
Төмендегі жойқын түтін жөңкуде әлі тарамай.
Жұлып жердей өзін-өзі жынданады қарадай.
Адамзаттың аман қалған ажал төккен оғынан,
Іле-шала зауладық біз екі қыран соңынан.
Ол байғұстар шамасының жоқтығынан қашқан жоқ,
Кетті білем қаны қайнап, шарасының жоғынан.
Құтылған ба жан иесі жарық дүние сорынан.?!
Не заманда мен мұндалап алып таудың сұлбасы,
Тәңір киген алтын тәждей жалтылдады шың басы.
Хантәңірі кең әлемнің күзетшісі емес пе,
Мәңгі-бақи қалғымайтын хас батырдай тұлғасы.
Жаралғалы аспан ғана мұңдасы да сырласы.
Қанаттары сауыс-сауыс қан мен терге малшынған,
Екі қыран қонды барып заңғар шыңға шаншылған.
Қасіретті естігенде Хантәңірі сілкініп,
Жаңғырықты жартас біткен зар илеген шаңқылдан.
Найзағай да шамырқанды қара бұлтқа қамшы ұрған.
Сәл төмендеу барып түстік олар қонған тектұрдан,
Бізді көріп, жалын шашты жанарлары кек тұнған.
Ата қыран тілге келді айбатына мінді де:
- Қайдан жеттің, ей, жексұрын, әулетімді жоқ қылған?
Анауың кім қасыңдағы сүмірейіп кеп тұрған?
Қысылғаннан міңгірледім, жауап таппай тосында:
- Зәредей де залалым жоқ, айналайын, шошынба!
Көзбен сүзіп шығайын деп пәни жалған тәлкегін,
Тағдыр айдап келіп қалдым ойда жоқта осында.
Жанымдағы жақыным да, емес және досым да.
Осы мені алып шыққан көк желкемді қиғалы,
Жанымды да жәбірледі, арымды да қинады.
Пасықтардың тұзағынан құтылмаған еш пенде,
Тумай жатып жұрдай болған адамшылық-иманы.
Қиянат пен қатігездік – бар байлығы-жиғаны.
- Онда неге ібілісті ізімізге саласың?
Онсыз-дағы былғап бітті жер мен көктің арасын!
Хантәңірі жиіркенер адамзаттың өзінен,
Көрмек түгіл кісі текті мақұлықтың қарасын.
Қолтығына қыса жүрер пәлесі мен жаласын.
Уа, ғаламат! Қыран десем, сөйлеп тұрған қарт адам,
Бір орнымда қатып қалдым аудармастан мен табан.
Басындағы алтын тәжден патша екенін таныдым,
Ханымы да көрінеді таяқ тастам әр таман.
Жүздерінен байқалады күйзелгендік, шаршаған.
Өз көзіме өзім сенбей алақтадым шошынып,
Қалтыратқан қорқынышқа қалың үрей қосылып.
Жеті атасын жерге тығып мен құртқандай тұқымын,
Сұсты көзі ішіп-жейді өңменіме тесіліп.
Шықпайды үнім қалғандай бір қызыл тілім кесіліп.
Қаһарына мініп алған, қабағынан қан бүркіп,
Арыстандай ақырады аспан астын жаңғыртып.
Қимылдасам қиып түсіп қылдырықтай жанымды,
Жіберердей шыбынымды жаһаннамға қаңғыртып.
Соңымдағы албасты да сасқалақтап, қалды үркіп.
Не заманда есім жиып, аруағыма сиындым,
Ой жүйесін қайта жалғап астаң-кестең миымның.
Сол мезетте дауыл тұрды алай-дүлей құтырған,
Ұлы зұлмат ұлығандай ұшынан бір қиырдың.
Арпалысып, аласұрдым ортасында құйынның.
Әлдеқайда алып кетті үйірді де қаңбақтай,
Жер-жаһанда ермек қылар менен басқа жан жоқтай.
Шырылдап ем абжыланның аузындағы торғайдай,
«Үніңді өшір, - деді біреу, - қу жағыңды сарнатпай!»
Жұмбақ әлем жұтты мені суға батқан қармақтай.
Бір түкпірге барып түстім, алдымда бұлт-перде тұр,
Бұлт үстінде алтын сарай, патша-қыран төрде отыр.
Бұлт пердені сырғытты да көр дегендей нұсқады:
Шыға келді құмырсқадай құжынаған көп нөпір.
Көз жеткісіз ұшығына қорыс-қопа, көң-қоқыр.
Ыңырсиды, ыбырсиды қалың тобыр қайнаған,
Құбыжықтың құжырасындай тіл-жағыңды байлаған.
Біліп болмас бәлекеттің қан майданы қырқысқан,
Ырылдасып, шуылдасып бірін-бірі шайнаған.
Әзірейіл болсаң-дағы жақын бару қайда оған?
Қыран-патша баяндады: - Қарғыс атқан бұл жандар –
Құдіреттің қаһарына ұшыраған құрбандар.
Тыным алмай тартады енді азғындықтың азабын,
Күнәһарлар – көк күмбезін былғап, зорлық қылғандар.
Еркін өмір ұландарын қынадай қып қырғандар.
Осылардың кеселінен самұрықтар сабылып,
Мәңгілікке ғайып болған, аспан қаққа жарылып.
Сендер текті, жерге лайық жәндік еді басында,
Тәңірі бірде бұларға да қанат берді жаңылып.
Қапияда қанға бөкті, аспан жұрты шабылып.
Жай түскендей тас төбеңнен, ей, бейшара, қалма таң,
Тұқымыңның түп қазығы – бұлар, сонау, арғы атаң.
Әділ үкім тұзағынан құтылмайды тажал да,
Пәниде де, бақида да қиянатқа заң қатаң.
Құдайға оңай, қырына алып, десе кімді зарлатам.
Тіршіліктің иесіне түгел мейірім таратқан,
Әу басында мейілінше жомарт еді Жаратқан.
Еркелетті жер мен көктің серісіндей самғатып,
Сүйген құлы адамды да құр қалдырмай қанаттан.
Қанатты адам ұшып-қонып жатты әрбір тараптан.
Тірі жанның әдеті ме әулетімен жатқа қас?
Қанатты адам болды бірден самұрықпен бақталас.
Көк аспанда бітіспейтін қиян-кескі басталды,
Жаратқаннан жарлық жетпей өздігінен тоқтамас.
Көкке зауал төндіргенді жарылқаушы жақтамас.
Олар енді бара-бара айдаһарға айналды,
Судай жұтты аспандағы самғап құлаш жайғанды.
Шыдай алмай самұрықтар басқа әлемге кетті ауып,
Жарқыраған айдың жүзін, күннің көзін қайғы алды.
Бұл сұмдыққа назаланып, Тәңірі қатты ойланды.
Жарық күнді жатсынбаса, пенде пақыр аза ма?
Күнәһарлар, міне осылай, ұшырады жазаға.
Содан бері жерге түсіп адамзаттың ұрпағы,
Аспан жарып қалып еді, тыныштық пен мазаға.
Көкке қайта көтеріліп, жол аштыңдар азаға!
Уа, сендерге қарғыс жаусын, адамзаттың баласы,
Бастарыңды жұтып тынсын жер мен көктің таласы.
Ұшқан құс пен жүгірген аң елесіне зар болып,
Көздеріңе қырандардың көрінбесін қарасы!
Құритұғын шақтарың да таяу қалды шамасы.
Қан ішкенін қоймайтұғын, тоймайтұғын, малғұндар,
Жерді қойып, аспан төрін және тартып алдыңдар.
Біз кетеміз ғарыш жаққа самұрықтар соңынан,
Сендер мәңгі қара түнек құшағында қалдыңдар.
Өздеріңді шықпайтұғын шыңырауға салдыңдар.
Сендерге әлі шексіз аспан, түпсіз дүние жетпейді,
Болашағың бұлдыраған тұңғиыққа беттейді.
Жанталасқан бір әлектің жетегінде шұбырып,
Ырылдаған қорқау иттер босағаңнан кетпейді.
Көрге түссең, жамбасыңнан қызыл темір көктейді.
Қай кегімді қайтарамын қаныңды ішіп қасықтай,
Үйіргенде не табамын қу басыңды асықтай.
Ұлып жүрген үйіріңе көргеніңді айта бар,
Сен де бір күн қосыларсың осыларға асықпай.
Жоғал енді көз алдымнан, көп миымды ашытпай!
Осылай деп, патша-қыран кетті ғайып болды да,
Кеңшілігің көп екен ғой, уа, құдірет, сорлыға.
Ішімнен бір аят айтып, оқыдым да мен дұға,
Кері қарай зуылдадым, жаным аман қалды да.
Қарақшым да қалбаңдайды түсіп алған алдыма.
Заматтан соң баяуладым екпінімді бастым да,
«Тоқта, - дедім албастыға, - шыныменен қаштың ба?»
Сұмырай да байырқалап, бәсеңдетті ағынын,
Түпсіз терең тылсым әлем түнереді астымда.
Көзді жұмып қойып кеттім қара түнек тасқынға.
Жанымдағы зұлымға айттым: - Көктің төрін шарладың,
Мен көргенді сен де көрдің, орындалса арманың.
Енді түнгі жер бетінің сиқына көз саламыз,
Үкіміңді шығара бер, өзің біліп ар жағын.
Мен ғана ма өкінішпен тістеген жан бармағын?!
ІІІ
Қас-қабағы түксиеді, түнереді қара түн,
Қара түннің ақтармақпыз қалың-қалың қабатын.
Тұңғиықтың түбін кезіп көлбеп ұшып келеміз,
Құбыжық та қалбаң-құлбаң қағады ауыр қанатын.
Бір Аллаға ғана мәлім бағытымыз баратын.
Кіріп кеттім арасына алақұйын елестің,
Қым-қуыттың ұшығына шыға алатын емеспін.
Қырық пышақ, қырқысқан жұрт қайда барсам, құдірет,
Барлығының көкейінде - қамы қызыл өңештің.
Өз бетімен күнін көріп, бейғам жүрген жоқ ешкім.
Біле алмаймын, ұға алмаймын тіршілік бұл не қылған,
Сан сапалақ бір дүние сапырылып сабылған.
Ашкөз тобыр әлде нені бөлісе алмай әлек боп,
Жыртқыштардай жұлқысады жемтікке кеп жабылған.
Жәдігөйлер шеттерінен жатырынан қағынған.
Сұрап келем қайта-қайта қасымдағы азғыннан:
«Құдайым-ау, осыншама бұларды кім азғырған?»
Ерте кезде қанаттары қырқылғанын сезбейді,
Делқұлы мен дүбәралар тіршілікті тоздырған.
Көрсоқырдың көңілі тоқ, өзін-өзі мәз қылған.
Азаптанған, мазақ болған неткен сорлы пенде едім?
Қарсы алдымнан шықты тағы аспан жақтан көргенім.
Арсыздықтың арыстаны азу тісін ақситып,
Іштерінен тілейтіндей бір-бірінің өлмегін.
Өрмекшідей тоқып жатыр қастандықтың өрмегін.
Сайтан менен ібілістің шырмауынан шыға алмай,
Сұрқия мен сайқал біткен сумаңдайды жыландай.
Тумай жатып, туа шөккен қызыл шақа сәбилер
Шырқырайды бір қиырдан, шуылдайды ұлардай.
Сәби үнін естігенде қара тас та жылардай.
Ашық күнде адасқан соң адамшылық жолынан,
Бұл дауысқа бүлк етпейді күнәһарлар қолы қан.
Азғындайды одан сайын, өршелене түседі,
Жұрдай болған өңкей бәңгі ұятынан-арынан.
Құтылмастай енді мәңгі тағылықтың торынан.
Періштеден пері басым, жердің үсті – жынойнақ,
Алапаттан аман қалған көрінбейді бір аймақ.
Ластанған пәни дүние тазаратын түрі жоқ,
Қанағатсыз құлдарына болмаса өзі құдай жақ.
Жаратқаннан басқа мұны жатыр дейсің кім ойлап?
Көре берсең көз талады жер бетінің сұмдығын,
Жел аударған шөкім бұлттай алға қарай сырғыдым.
Тас түнекті жарқылдатып біреу зытып келеді,
Ат басындай алтыны бар қолтығында жындының.
Танымаймын антұрғанды, біліп жатыр кімде-кім?
Ақ киімді қалың аруақ қыр соңында тақымдап,
Ұстай алмай ұмтылады, әне-міне жақындап:
- Қарғыс атқыр, таста! – дейді, - таста! – дейді қайталап,
Ашуланып ақырады жақ тістері сақылдап.
Айғайлайды есалаң да аш күзендей шақылдап:
- Жоғалыңдар, жоғалыңдар, нелерің бар менде?! – деп,
Жалт бұрылып, жанталасты тауға қарай өрмелеп.
Құтқарсын ба ұстап алды жан-жағынан қамалап,
Сонда-дағы өзеурейді ырық бермей кеуделеп.
Жұлқынады, бұлқынады қол-аяғын сермелеп.
Аруақтардың жан шошиды ызғарынан түсінің,
Жүндей түтіп, сабап жатыр таптап иттің күшігін.
Қарап тұрсам, нақұрыстың қолтығында, о, тоба,
Ат басындай алтын емес, қаңқа басы кісінің.
Кереметін қараңдаршы құдіреттің ісінің.
Шырқыраған сұмырайдың жер түбіне жетті үні,
Бауырына басып алған, басты берер жоқ түрі.
- Өз бабамның басы, - дейді, - қазып алғам сатқалы,
Шаруаларың қанша менде, оңбағандар кет, құры!
Шыбын шаққан құрлы көрер емес мынау тепкіні.
Сілкінеді жер мен аспан қара дауыл сапырып,
Тепсінеді аруақтар да одан сайын ақырып:
- Ұлытаудың төбесіне қоятындай әспеттеп,
Қайдағы бұл сенің бабаң, не деп тұрсың шатылып?
Қолыңдағы Едігенің басы емес пе, мақұлық?!
Ей, пәтшағар, жаралмасаң сайтан менен періден,
Бұрын-соңды бас сатқанды қайсы атаңнан көріп ең?
Қалай ғана дәтің барып, ниет қылдың саудаға,
Едігедей ердің басын суырып ап көрінен?
Неткен жансың Алладан да, адамнан да жеріген?
Ойбайлайды аруақтарға түсіндіріп турасын:
- Немді сатам, Едігенің сатпағанда қу басын?
Қолда барда бірдеңені біз де сатып қалайық,
Анамыздың құрсағынан еркек болып туғасын!
Көре алмаған өңкей надан дуылдасын, шуласын!
Құтылмасын білгеннен соң: - Сатамын, - деп, - енді не? –
Қолындағы қаңқа басты кетті тасқа перді де.
Едігенің бас сүйегі аспанға ұшты сол сәтте,
Өзен тулап, орман шулап, күңіренді жер, міне.
Аруақтар да үрейленді сұрапылды көрді де.
Бүлдірдің-ау, уа, бәлекет, өз басыңа құныққыр,
Мына дүние зіл-зала боп, кетпесе екен құрып бір.
Аңырайды төрт құбылам қиырлармен үндесіп,
Көкке қарап Ұлытау да көк бөрідей ұлып тұр.
Бітпейтұғын бір зұлматтың басталғанын біліп тұр.
Құдай өзі көзімізге көрсетпесе анықтап,
Пәтуасыз біздей пенде нені сезіп, нені ұқпақ?
Аспан кенет боздап кетті Ұлатауға қосылып,
Қорқыт баба келе жатыр бұлтқа мініп, қалықтап.
Шөке түсіп тағзым еттім, анадайдан танып қап.
Қара қобыз жел шақырып, бебеулейді, боздайды,
Қара жер мен көк аспанның қасіретін қозғайды.
Тас түнекке әлсіз ғана сәуле төгіп алыстан,
Сонау ғарыш түкпірінде мың сан жұлдыз маздайды.
Олар-дағы бірін-бірі жұтып қоя жаздайды...
Уа, Жаратқан, елестеткен қияметің осы ма?
Қарап қоям бағанағы ерген сұмға қасыма.
Келе жатыр екен деймін дөп-дөңгелек күн шығып,
Күнге айналып кеткен әлде Едігенің басы ма?
Өзіме-өзім: «Оян, - деймін, - аш көзіңді, шошыма!»...
Кірпіктерім көтерілді, екі көзім ашылды,
Селт еттім де тік көтердім салбыраған басымды.
Жұтып қойды қас-қағымда шөліркеген ақ қағаз,
Жанарымнан тырс етіп бір тамып түскен жасымды.
Жанымдағы көлеңкені күннің көзі жасырды...
Шаршамайтын құлың едім ғұзырыңа қолқанат,
Уа, Тәңірі, болдым мен бір түнді кезген жарқанат.
Жарқанаттың күнін кешкен пенде байғұс сорламақ,
Тас төбемнен таусылмайтын ақ нұрыңды сорғалат!
Рухыңның шуағына оранайын сан қабат.
Қарғыс атып, теріс бұрған бетімізді оң қарат,
Кешірім ет мүскіндерге, баяғыдай бер қанат!
Көкке қайта көтеріліп, күнәсінен тазарсын,
Былғанышқа баттық мүлдем жер бауырлап жорғалап.
Парасаттың қақпасын аш, иранбақтай мәңгі абат!
Бүйте берсек, қара түнек күннің көзін торламақ,
Азып-тозған ұрпағымыз жапа шегіп, зарламақ.
Азабыңнан құтқар бізді, әміріңді қайтып ал,
Күнәсі ауыр адамзатты құдай ғана қорғамақ.
Қанағатқа қанат сыйла, жетіқатқа жалғамақ!
Ақыл-ойдың алтын құсы сонда биік самғамақ,
Он сегіз мың кең ғаламның шартарабын шарламақ.
Дүниеқоңыз сорлы пенде тәубасына келіп бір,
Ұжымақтың қақ төрінен өзіне орын таңдамақ.
Бұл бес күндік тіршілікті ізгілікке арнамақ!
Сайран салған көппен бірге мына өмірге мен қонақ,
Асау жүрек тоқтағанша тіл мен жағым сарнамақ.
Жалпақ әлем сауықпаса сырқаты мен дертінен,
Байтақ елім, басыңа кеп бақыт қалай орнамақ?!
Жан қысылса, Алла менен аруақ қана қолдамақ!..
ИГОРЬ ЖОРЫҒЫ1 ТУРАЛЫ ЖЫР
Орыстың тарихи дастаны
1. Бауырлар, барлығыңа болсын баян,
Ежелгі дертті әңгіме өзіме аян.
Святослав ұланы Игорь2 ердің
Жорығын түптен толғап, жұртқа жаям.
Соқпағын баяғының түгел шолып,
Ақ сөйле, жыр көсемі жампоз Баян3.
Тебіренсе дегдар Баян қайраттанар,
Тиіндей дарақтағы ойнақ салар.
Бөрідей тау жебелеп аласұрып,
Бүркіттей бұлт шайқаған айбаттанар.
Аққуға он сұңқарды салған сонау,
Алғашқы айқасты ойлап саңлақтанар.
Сұңқары қу ілгендей көкке самғап,
Жыр төгер Ярослав4 ерге арнап.
Көзінше косог қолы Мстислав5
Редейдің6 басын кескен жайды толғап,
Мадақтар Роман7 кінәз салтанатын,
Өткенді сөзбен сырлап, оймен шарлап.
11 «Полк» - көне орыс тілінде бірнеше мағынаны: жасақ, жорық, әскер, шайқас, құрылтай, халық дегенді білдіреді. 22 Игорь Святославович (1151-1202 ж.ж.) – Теріскей Новгородтың орта дәулетті кінәзі. 1185 ж. 6 жасағымен қыпшақ еліне жорыққа аттанады. Дастанның негізгі қаһарманы. 3 Боян – Игорь жорығынан бір жарым ғасыр бұрын ғұмыр кешкен орыс жырауы. Орыс деректерінде де, қазақ тілінде де «Баян» деген сөз бар. 4 Ярослав – Ақылгөй (Мудрый) аталған. Киев кінәздері әулетінің бабасы. Игорь де осы тұқымға жатады. 5 Мстислав – Ұлы Мстислав, Киев кінәзі. 1132 жылы өлген. Әйгілі Владимир Мономахтың ұлы, Юрий Долгорукийдің інісі. 6 Редей – касог (черкес - адыгей) ханы. 7 Роман Тмутаракан кінәзі (1079 ж. өлген).
Баянның он саусағы – он сұңқары,
Ойнайды перне басса толқып қаны8.
Тіл бітіп өз-өзінен ішектерге,
Тылысымның сұлық жатқан кірер жаны.
Асқақтап кінәздардың атақ-даңқы,
Түзелер қызған сайын жырдың сәні.
2. Бұлыңғыр қадым заман әуел бастан,
Алғыдан арттағыға сөз алмасқан.
Владимирден9 Игорьге дейін қозғап,
Бастайық жабырқаңқы ғажап дастан.
Ел менен жер қайғысы жегідей жеп,
Ер Игорь дұшпанымен майдандасқан.
Айбаты ақылының байрағы боп,
Түбінде жүрегінің қайнады кек.
Сыя алмай сауытына ашу кернеп,
Қол бастап, көк семсерін айға білеп,
Аттанды орыс жерін артқа тастап,
«Қайдасың қалың қыпшақ аймағы!»10 деп.
Ал сайра, даңғыл Баян, сөз бұлбұлы,
Құйылсын көмейіңнен ерлік жыры.
Шабытың шұғыладай бұлтты шарпып,
Тынбай жорт көк бөрідей күні-түні.
Шаңына сұңқарлардың көмілген бе,
Галич пен Донның11 анау ой мен қыры.
8 Музыка аспабы сөз болып отыр. 9 Владимир І Святославич, «Қарт» Владимир (1015 ж. өлген), орыс кінәз тұқымдарының түпкі атасы. 10 Орыс жылнамаларының деректеріне қарағанда қыпшақтардың бір бөлігі Шығыс Еуропа ойпатын ХІ ғасырда жаппай мекендей бастайды. 11 Галич пен Донның арасын қыпшақтар мекендеген.
3. Велестің12 немересі Баян мұны
Толғаса ақтарылар дүние сыры:
«Сулыда13 ат кісінеп жер тарпыса,
Желбірер Путивльде14 жеңіс туы.
Киевте қаһармандар сапқа тұрар,
Естілсе Новгородтан15 керней үні».
4. Тағатсыз күтті інісін Игорь енді,
Кешікпей Всеволод16 хабар берді:
«Бір туған Святослав ұлы едік біз,
Жан аға, атқа қонар кезең келді.
Түбінде Курскінің күтудемін,
Лап қояр сарбаздарым берсең белгі.
Куряндық17 қырандарым «жау қайдалап!»,
Кернейдің үні естілсе шығады ойнап.
Кез келсе сусын ішіп дулығамен,
Жем іліп найза ұшымен қылар қайрат.
Қанжарын күнде қайрап, садақ сайлап,
Құрсанып мұздай темір шегеді айбат.
Бұларға қиыр шеттің сыры мәлім,
Біледі сай-саласын, ұры жарын.
Болжайды күні бұрын көріпкелдей,
Қай тұстан жаудың қалай ұрынарын.
Қан төгіп кінәздардың атағы үшін,
Аямас олжа десе бірі жанын».
12 Велес – (көне түрі - Волос) – ежелгі славяндардың хайуанат пен су, байлық, игілік және сауда тәңірі. 13 Сула – Днепр саласы, «сулы» мағынасында болуы да ықтимал. 14 Путивлькөне орыс қаласы. 15 Новгород – Теріскей Новгород (Северский). 16 Всеволод Трубчевск мен Курскінің кінәзі («буй - тур») Игорьдің інісі, 1196 ж. өлген. 17 Курян – Курск жасағы деген мағынада.
5. Ғайыптан күреңітті күн тұтылып18,
Қарады Игорь оған көзін тігіп.
Жасақты қара түнек орай түсіп,
Бүркеді көкжиекті тұншықтырып.
Қар жауып қабағынан, қатуланып,
Былай деп сөйледі Игорь сонда тұрып:
«Бауырлар, не табамыз бұрылғанда,
Бір өлім қайда болсын шыбын жанға.
Жауменен жағаласып байқасайық,
Тірлікте ер жігітке тыным бар ма?!
Тартайық атқа қонып алға қарай,
Жетейік желдей ұйтқып тынық Донға».
Үстінен арғымақтың тер ағылтып,
Суынан ұлы Донның қана жұтып,
Өзенді ожау емес дулығамен19
Сорпадай сапыратын жорық күтіп,
Ширықты шамырқанып Игорь батыр,
Түнеріп күннен бетер тұлан тұтып:
«Қыпшақтың талай салған ойраны үшін
Қадаймын даласына найзам ұшын!
Бақ сынап, осы жолға бас тігемін,
Тұрғанда ойда жігер, бойда күшім.
Бәріміз өлер болсақ бірге өлерміз,
Тағдырдың көріп басқа салған ісін».
6. Аяқ сап үзеңгіге алтындатқан,
Бет қойды кең далаға мұнар жапқан.
Тұмшалап күннің көзін қара тұман,
Күркіреп түнек түні құс шулатқан.
Ұлыды ішін тартып түз тағысы,
Гүжілдеп құбыжық та шың-құз жақтан.
18 Күн тұтылу 1185 жылдың 1 мамырында болған.
19 Дулығамен су ішу - әскери ырым, жеңіс ишараты.
Қап-қара албастыдай зіл басады,
Жыртқыштар түн қойнында шуласады.
Поморь мен Еділ, Сурож, Посульге20
Жалғасып бір-бірімен үн қосады.
Оятып Тмутаракан21 дуалдарын,
Қиянға қиырдағы ұласады.
Шошынған аққулардай көріп ойран,
Қыпшақтар үрке қашты қанат жайған.
Жөнелді қараңғыда жолсызбенен,
Шиқылдап арба даусы әлдеқайдан.
Беттетті қолын Игорь Донға қарай,
Тіленіп: «Қайдасың!» деп қанды майдан.
Қарғалар қараға еріп қалбалақтап,
Қасқырлар жалақтайды жолда қаптап.
Құзғындар қою шаңның сыңайынан
Сезеді сұрапылды қанға батпақ.
Шаңқылдап шақырады жемтіктесін,
«Тоятқа түсеміз!» деп далбалақтап.
Бұлт төніп, құтырынып дауыл кенет,
Жай атып, аспан асты шаң үрлемек.
Өліктің арасымен жортқан түлкі
Қалқанның қанын жалап шәуілдемек.
Қалдың сен, орыс жері, бір қиырда,
Астында бел-белестің сағым бөлеп.
7. Үйіріліп тұманды кеш, бұлбұл тынды,
Сарбаздар өткізді әрең бұл бір түнді.
Ұзақтар ұйқысынан ерте оянып,
Шығыстан таң асығып, күн бұлқынды.
Қалқанын құла дүзге қамал етіп,
Орыстар өршеленіп жауға ұмтылды.
20 Поморь, Еділ (Волга), Сурож, Посульс -қыпшақ пен орыс елдерінің шебіне орналасқан жер аттары. 21 Тмутаракан – оңтүстіктегі орыс қаласы.
Жұмада ертеменен ұрыс қызды,
Қыпшақтың жер қайысқан қолын бұзды.
Жебеден сел жаудырып сұр далаға,
Тұлдыр ғып тонап алды сұлу қызды.
Алқасын, айшолпысын аспанға атып,
Алтынның айдынында еркін жүзді.
Қайтарып жауда кеткен бұрынғы өшті,
Паршалап туырлығын, жібін кесті.
Ақ туды қызыл шашақ, күміс сапты,
Кінәзға тік көтертіп, дүрілдесті.
Олжалап ақша бетті аруларды,
Жасақтар масаттанып күлімдесті.
8. Олегтің қолы қыпшақ даласында,
Алыста ұшқан ұя, жанашыр да.
Қырандар қатар түзеп қонған жерге,
Сұңқар мен лашын сірә жоласын ба?
Крумкач22, қарғыс атқыр дүлей қыпшақ,
Батпайды көрсетуге қарасын да.
Қызақ23 сұм көк бөрідей анталады,
Күншақ24 қу қарға құсап жар салады.
Қарқылдап, Донға қарай қанат қағып,
Қорқауға бағыт сілтеп, жол шалады.
Тағы да бір сойқанды білдіргендей
Талаурап таңның жүзі қанталады.
Шатырлап найзағайын жарқылдатқан,
Күркірі аспан астын қалтыратқан,
Дүниенің төрт бұрышын тұтас жауып,
Тас түнек бұлт қаптады теңіз жақтан.
Түксиіп, қабақ түйіп, төне түсті,
Зобалаң қара жерді солқылдатқан.
22 Крумкач – Құрымкач (Құрымқас, Қарақас) – қыпшақ сарбазының есімі болса керек. 23 Қызақ кейде Қозы болып та жазылады. Қыпшақтардың әскербасы, Күншаққа тәуелді. 24 Кончак – Күншақ -Қыпшақтардың сол кезеңдегі ірі әскербасы, ханы.
Дон жақтан көк нөсердей жебе жаумақ,
Үстіне қыршындардың тажал аунап.
Қылыштан не найзадан опат болып,
Аздан соң барлығын да ажал алмақ.
Демеу бол, артта қалған орыс жері,
Ұлдарың қырылмақшы далада аулақ.
9. Сілкініп долы дауыл соқты қатты,
Лайлап өзендерді, тас құлатты.
Жүйткіген жел тәңірі ұрпақтары25
Шаңдатып, шартараптан оқ боратты.
Теңіз жақ ұрымталдан – Дон тұсынан
Ат қойып, қалың қыпшақ ұрандатты.
Қыпшақтың айғайынан жер жаңғырып,
Орыстар қалқан тосты, қорған құрып.
Жарбұқа Всеволод!26 Алдында сен,
Дұшпанға семсер сілтеп, оқ жаудырып,
Дулығаң шағылысып күн нұрына,
Айқастың ерлігіңе таң қалдырып.
Сермеген қылышына күш қыла алмай,
Бастары қыпшақтардың түсті баудай.
Жарбұқа Всеволод! Жауға төккен
Қаһарың сол сәттегі сұсты қандай!
Қақырап дулығасы аварлардың,
Қаралық27 семсеріңнен ұшты қалмай.
25 Стрибог – жел тәңірісі 26 «Бұй – тур» - әдетте бай – төре, бай – бұқа, жар – бұқа болып аударылып жүр. Тур – күш пен биліктің символы. 27 Каралуг – аса берік болаттың түрі, қазақ тілінде «бір қаралық» деген тұрақты сөз тіркесі бар.
Сескеніп өлім барын ойланбадың,
Ортасын қан майданның ойрандадың.
Шықты естен, бауырларың, бала-шағаң,
Глебтің28 ерке қызы – сүйген жарың.
Ұмыттың Черниговты, жақсы өмірді,
Атаның алтын шашақ дастарханын.
10. Троян29 ғасырында сонау өткен,
Шағында Ярослав30 дәурендеткен.
Святослав түлегі батыр Олег31
Қол бастап, жорық салып дүбірлеткен.
Қан тамып қылышынан, қаһар төгіп,
Жебесін зуылдатып, оқ селдеткен.
Қалың қол кең даланы баса көктей,
Аттанған Тмутараканға беттей.
Ярославтың ер ұлы Всеволод32
Мұны естіп тықыршыған кереметтей.
Құлағын тас бекітіп жатып алған
Владимир Черниговта елең етпей.
«Жерімді қайтарам, - деп, - жауда жатқан!»,
Борисі Вячеславтың33 кеуде қаққан.
Аздырып ел арасын есерсоқтық,
Сандалып сар далада ажал тапқан.
Қырылды нөсер тәңірі өрендері,
Қырқысып, бір-біріне атқан оқтан.
28 Глебтің ерке қызы – Ольга Всеволодтың әйелі. 2299 Троян – бұл атауды түсіндіруде әр түрлі пікір бар: көне құдай немесе бұлғарлар жері. 3300 Ярослав Ақылгөй («Қарт Ярослав»»)) 3311 Олег – Игорьдың туысы. (1180 ж. өлген) 3322 Всеволод – қыпшақ даласына қол бастап Игорьмен бірге барған алты кінәздің бірі. 33 Борис Вячеславич – Ярослав Ақылгөйдің немересі. 1078 ж. өлген .
Олег34 те киді кебін баяғының,
Көрдің бе не болғанын аяғының?
Әкесінің өлігін Святополк35
Бойынан алып қайтты Қиялының36.
Шер қозды, отан тозды, заман азды,
Астында қалдық жаудың таяғының.
Туған жер тыныштығы болып арман,
Күйреді, көз ашпады қызыл қаннан.
Диқанның үні естілмей маң даладан,
Аңсатты алтын өмір егін орған.
Жемтікке құзғындарды қарық қылды,
Бұл қырғын қарғаны да таң қалдырған.
11. Ұласып күннен күнге, таңнан таңға,
Оқ жауып, дала бөгіп қара шаңға.
Қаралық найза менен қайқы қылыш
Сартылдап дулығаға, не қалқанға.
Қырында жат қыпшақтың өлік қаптап,
Даланың шөлі қанды аққан қанға.
Беттесті орыс жері қасіретпен,
Шуылдан нені білді талып жеткен?
Саябыр тапты шайқас таң алдында,
Жасағын Игорь бұрды алған беттен.
Жау дендеп, қайран бауыр қалжырады,
Үш күнгі қанды арпалыс әлсіреткен.
3344 Олег – Иорьдың баласы (1174 ж. туған). 3355 Ярослав Ақылгөйдің немересі. (1113 ж. өлген). 3366 Каялы (Каяла) – орыс пен қыпшақ арасындағы 1185 жылғы шайқас осы кішкентай өзеннің жағасында өткен.
Күн бата Қиялыда құлады ту,
Игорьдің қолын басып айғай мен шу.
Қанымен құдаларын37 сусындатып,
Мәңгілік есіл ерлер алды тыншу.
Мерт болды орыс жері, олар үшін
Күрсініп тал мен жусан, жылады су.
12. Бауырлар! Елімізге зауал төнді,
Ұрпағы Ата-тәңірі38 қайтпек енді?
Көк Доннан қу боп ұшып ентелеген
Жауыздық босағаға жетіп келді.
Қор болдық, бастан ұшты бақытты шақ,
Даланың дүлей күші бізді жеңді.
Жетті де алауыздық түбімізге,
Зар болдық кешегі өткен күнімізге.
Таластық «менікілеп» болмашыға,
Біріміз көз алартып бірімізге.
Жаныштап жабайылар, той тойлады,
Мәз болып біздің бүйткен түрімізге.
13.Келмеске теңіз асып сұңқар кетті,
Қарғаны көкжелкеден қатты тепті.
Қаһарлы Игорь қолы енді оралмас,
Күңіреніп орыс дері, жасын төкті.
Ұмтылды Карна менен Жля39 бізге,
Боратып босағадан қасіретті...
3377 Дастанда қыпшақтар жағы «құда» болып аталады. Орыс пен қыпшақ өзара құдандалы болғаны тарихи шындық. 3388 Ол кездің орыстары өздерін Дажбогтың ұрпағымыз деп есептеген. Дажбог – көне славян дінідегі Күн құдайы, аспан тәңірі Свароганың баласы. 3399 Карна, Жля – мамандардың пікірінше жаза мен жаншу категорияларының кейіптенуі.
Көлдетіп көздің жасын қайғы-шері,
Орыстың зар қақсады әйелдері:
«Сүйікті ерлеріміз келер ме екен,
Сапардан аман-есен қайтып кері.
Тағынып алтын алқа, күміс сырға,
Малынып жүруші едік бір күндері».
Көз жасы дариядай селдеп ақты,
Киевті, Черниговты қайғы жапты.
Орыстың өлкесіне ат ойнатып,
Қыпшақтар салық жинап, дікең қақты.
О, Игорь, тыныш жүрмей, не бүлдірдің?
Күйзеліп қара халық, қанға батты.
Ұмтылып арыстандай айға шаптың,
Соныңнан түбінде не пайда таптың?
Святослав40 өшірген қасіретті
Қоздырып, өштік отын қайта жақтың.
Киевтік ұлы кінәз қалың қолмен
Даласын шаппап па еді түбі жаттың.
Ойрандап ой мен қырын, белеңдерін,
Лайлап мөлдіреген өзен-көлін,
Көбекті41 талқандаған, қақыратып,
Қыпшақтың көк болаттай берен қолын.
Киевте ақырында Көбек өлген,
Көруге жазбай қайта туған жерін.
Сол тұста Святославқа саулық тілеп,
Жырлағам морав пенен неміс, грек
Сөз болса Игорь жайы бас шайқаған:
«Жасақтан айырылды бос тентіреп.
Батырып даңқымызды Қиялыға,
Сыпырылып алтын ерден, құл болды», деп.
4400 Святослав – Киев кінәзі.
4411 Көбек – қыпшақ ханы.
14.Киевтің жотасында түнеп жатқан
Святослав түс көрді таңырқатқан:
Қарағай кереуетте жатыр екен,
Ұлдары үстеріне қара жапқан.
Мас болып көк шарапқа білмейді есін,
Дәмінен жусан иісі жұпар атқан.
Маржаннан қыпшақ қалқан шашу шашып,
Мадақтап, қолпаштайды дабырласып.
Кінәз жоқ, құт мекені қаңыраған,
Еңселі алтын шатыр ашық-шашық.
Шулайды Плеснеска шалшығында,
Қарғалар түні бойы қарқылдасып.
Боярлар кінәзға айтты тұрып сонда:
«Басыңа қайғы түсті, баттың сорға.
Қайтпайды Тмутараканға кеткен
Таппақ боп қос сұңқарың оңай олжа.
Қанатын қиды олардың қайқы қылыш,
Қауіп пен қатері көп алыс жолда.
Дегенде үшінші күн мұнар тұтып,
Қос күнің сөнгендей ме қарауытып,
Құлады тірек болған қос босаға,
Ай күйді екі бірдей алауытып, -
Олег пен Святослав еді ғой ол,
Мерт болған Қиялының түбі жұтып.
Өлімі жауға олардың берді қайрат,
Жарықты қара түнек алды жайлап.
Жасқанбай, жолбарысша еркін жортып,
Қыпшақтар жерімізде салды ойнақ.
Дақ түсті даңқымызға, еркіндік жоқ ,
Қаптады шебімізге андағайлап.
Гот қызы көк теңізде ән шырқайды,
Орыстың саф алтыны сыңғырлайды.
Рухын Сарыханның42 жырмен тербеп,
Еске алып Бус43 дәуірін армандайды .
Біз болсақ , содан бастап тарттық зәбір,
Еңкейтіп еңсемізді басқан қайғы.
15. Святослав төгілтті алтын сөзін,
Қан жұтып, жасқа бұлап екі көзін;
«Игорь мен Всеволод қос ұланым,
Даңқтың күтпедіңдер келер кезін.
Қыпшаққа ерте найза сілтедіңдер,
Сабырға ырық бермей өр мінезің.
Жауыздың ерте ағызып арам қанын,
Өздерің бостан босқа арандадың.
Атақсыз, абыройсыз жер құштыңдар,
Дұшпанның бұзсаңдар да қамалдарын.
Түсірдің қандай күйге, қарақтарым,
Шашымның білсеңдер ғой ағарғанын.
16. Қайдасың Ярослав жаннан асқан?
Жұртына Черниговтың сәуле шашқан:
Татран, топчак, шельбир, ревут, могут,
Ольбермен топтастырып, басын қосқан44.
Аруағын ата-баба аспандатып,
Қолға алып жалаң қылыш майдан ашқан.
4422 Шарукан (Сарыхан, Шеріхан) – Күншақтың атасы, 1106 ж. Владимир Мономахтан жеңілген. 4433 Бус – (Бос, Боус, Бооэ) Ант елінің кінәзі. 4444 Сол кездің әр түрлі халықтары мен тайпаларының атаулары.
17. Қайда әлгі: «Тізе қосып, - ерендерім –
Даңққа бөленеміз!» дегендерің.
Сұңқар да ұя қорғап, қанат бүгіп,
Біледі беттескенде тебер жерін.
Қайратқа қайта мінбей қалай жатам,
Жасарсам, таңданбаңдар, өрендерім.
Жорыққа жиналғанда көптен күткен,
Қасымнан табылмады кінәз біткен.
Римов45 қаласында қайқы қылыш
Астынан айғай шықты елді үркіткен.
Переясавльде Владимир46
Жарасын таңды жанын тітіреткен.
18. Немересі даңқты Мономахтың
Всеволод47, ойланбай неге жаттың?
Алмас семсер қолыңнан түсті ме әлде,
Алтынды босағаңды қорғамақ кім?
Қимылдасаң ескекпен Еділ шайқап.
Дулығамен Донды да орталаттың.
Күшіңнің керек кезін білемісің?!
Шақ туды қайғы жейтін бір ел үшін.
Дем берген екі жақтан қанаттасып,
Глебтің мықты ұлдары48 – тіренішің.
Найзаңды қу далада саусылдатып,
Әлде сен бізден бөлек жүремісің?
4455 Римов – Сулы өзенінің бойына орналасқан қала. 4466 Владимир - Переяславск кінәзі (1187 ж. өлген). 4477 Всеволод – Юрий Долгорукийдің ұлы, Владимир Мономахтың немересі. 4488 Глебтің «мықты ұлдары» - Рязань кінәздері. Роман мен Игорь.
19. Рюрик49 пен Давыд50 ерлер, бер бір хабар!
Қозғалса жасақтарың шөп дір қағар.
Қанында қыпшақтардың қалқымап па,
Алтынды сендер киген дулығалар?
Орыстың жері менен Игорь үшін
Күн туды атқа қонып, дабыл қағар.
20. Осмомысл51 - Ярослав! Үнсіз жатпа?
Отырсың асқақтаған алтын тақта.
Құрсаулы қолыңменен Карпатты алып,
Тігесің қаһарыңды алыс жаққа.
Бұлтқа да аспандағы салық салып,
Дунайға орнаттың сен берік қақпа.
Жаудырдың сұлтандарға оқ боранын,
Сұласын одан енді Күншақ залым.
Зар заман үйірілді де ел басына,
Алды-артты орап алды қайғы қалың.
Орыстың жері менен Игорь үшін
Жазала жауыздарды, тапта бәрін!
21. Роман52 мен Мстислав53 ердің ері,
Неге үнсіз жатырсыңдар көптен бері?
Дауылға қарсы ұшып құс ілетін
Сұңқардай ойларың да асқақ еді.
Дулыға, сауытыңнан латын темір,
Көргеннің ұшушы еді зәрелері.
4499 Рюрик – Рюрик Ростиславич (1215 ж. өлген). Орыс жері үшін қыпшақтарға қарсы соғысқан, бірақ 1203 ж. қыпшақтармен одақтасып, Киевті тарпа бас салып, қаланы қатты күйреткен. Рюриктің қанды жорығы Киев үшін Бату жорығынан еш кем болмаған. 5500 Давыд –Рюрикпен бірге туған. (1175 ж. өлген). 5511 Ярослав Осмомысл – Галицк кінәзі. Юрий Ұзын Қолдың (Долгорукий) күйеу баласы. Игорьдің қайын атасы (1187 ж. өлген). 5522 Роман – Волынь кінәзі. 5533 Мстислав – Городень жерінің кінәзі.
Екеуің қаһарланып сілкінсеңдер,
Қалтырап қоя берер көк пенен жер.
Найзасын тастай қашты Деремела,
Литва, Ятвиги деген елдер.
Қыпшақ та еріксізден басын иіп,
Қайнатты зығырданын кек пенен шер.
Игорьдің күні батты көрдіңдер ме?
Дарақтың жапырағы ұшты желге.
Русь пен Сулы іргесі ажырасты,
Бөлісіп қалаларды алды екіге.
Игорьдің енді ержүрек жасағы жоқ,
Жеңіске үндеді Дон сендерді де.
22. Ингварь мен Всеволод ер қайдасың?
Үш ұлы Мстиславтың54 не ойдасың?
Едіңдер текті ұядан шыққан қыран,
Ел қорғап аспандатқан көк найзасын.
Қайда сол ляш55 қалқаның, алтын дулығаң,
Апат зор – асырмақшы жау айласын.
Даладан келер жолды бөгеп оқпен,
Сап құрып кездегідей сонау өткен,
Бірігіп аттаныңдар бәрің бірдей,
Орыстың жері үшін ту көтерткен.
Святославтың ұланы ер Игорьдің
Бітпейтұғын кегі үшін жауда кеткен.
5544 Ингварь мен Всеволод және Мстиславтың үш ұлы – Владимир Мономахтың әулетінен тарайтын кінәздер тобы. 5555 Ләш қалқаны – поляк қалқаны.
23. Ақпайды күміс Сулы сылдыр қағып,
Переяславльге бағыт алып.
Түнерді Двина да қап-қара боп,
Шуынан топастардың лайланып,
Салды айқас Васильковтың Изяславі56,
Қолына литвандардың жеке барып.
Даңқы асып өз атасы Вселавтан57,
Жамылып қасіреттен ауыр қалқан,
Қан болып шөп үстінде жатыр енді,
Шөп оған тіл қатады сыбдыр қаққан:
«О, кінәз, жасағыңды құзғын талап,
Жыртқыштар қанға тойды жалаң қаққан».
Кешігіп амал қанша қалды бірақ,
Ағайынды Всеволод, Брачислав58.
Маржандай кір шалмаған таза жаны
Айбатты денесінен ұшты жырақ.
Тым-тырыс. Дүние тынды. Дауыс салды
Городень кернейлері зарлап-жылап.
24. Тараған Ярослав пен Всеславтан
Өрендер, бір-біріңді қан жылатқан,
Жетті енді! Жауға ғана өткір болсын,
Қанжарың өздеріңді арандатқан.
Тоздырып ата салтын, дүлейлерді
Мекенге шақырдыңдар бейқам жатқан.
5566 Васильковтың Изяславі – Полоцк кінәзі. 5577 Всеслав Василько – Полоцкийдің әкесі (1101 ж. өлген). 5588 Ағайынды Всеволод, Брачислав – Всеслав Полоцк кінәзіне жатады. Изяславпен туыс.
25. Жетінші ғасырда анау күңгірт тартқан,
Жар сүйіп Всеслав думандатқан.
Қуларға арқа сүйеп, кенет шауып,
Киевтің айналасын қырғындатқан.
Ілдірген ұшы арам найзасына,
Атаның дастарқанын алтындатқан.
Секілді кеш жамылған көкжал бөрі,
Түн ауа Белогородтан қайтты кері.
Таң ата Новгородтың шырқын бұзды,
Қан болып айбалтасы тиген жері.
Қақпасын қақыратып Ярославтың,
Шығарып масқарасын, еркіндеді.
Дудутоктан Немигиге59 дейін шапты,
Адам басы үйілген тау боп жатты.
Темір шынжыр астында шырылдатып,
Қызыл қырман, қасап қып ойрандатты.
Дән орнына орыстың ұлдарының
Сүйегі бырдай болып жерді жапты.
Всеслав халыққа салды бүлік,
Ойына келгенді істеп дүрліктіріп.
Кінәздерге таратты қалаларды,
Көкжалдай түн ішінде жортып жүріп.
Киевте таң сәріде атқа қонып,
Күн шыға Тмутарақанға кіріп.
Қараңғы, қорқынышты жаны көрдей,
Ата жұрт – Полоцкіден жерігендей,
Әулие Софияның60 қоңыру үнін
Киевте тыңдады ерте маза бермей.
Болса да Всеславтың жаны сірі,
Өмірден өтті дейсің нені көрмей?
5599 Дудуток, Немиги – Минск маңындағы жер аттары.
6600 Әулие София – Киевтегі әйгілі шіркеу.
Толғайды ол туралы Баян былай:
«Болса да мейлі дана, мейлі сұмырай,
Көреді не салса да басқа құдай,
Күңіреніп орыс жері шыдай алмай.
Есімін кінәздердің ауызға алып,
Жыламақ заманды аңсап бұрынғыдай.
Киевтің қырына ешкім мықтап таңып,
Қартайған Владимир61 қалмас алып.
Дәл солай өткен дәуір оралмайды,
Бүгінде орыс туы жығылды анық.
Рюриков, Давидовтар бой көтерді,
Найзасы әрбір тұстан шошаң қағып».
26. Шығады дауыс сыңсып Дунай жақтан,
Беймәлім құс үніндей таңды оятқан:
«Ұшамын Дунай бойлай қиыр шетке,
Жетемін Қиялыға толқып аққан.
Суына ақ жеңімді малып, сүртем
Кінәздің жарақатын қанға батқан.
Шығып ап Путивльдің дуалына,
Зарлайды Ярославна62 таң алдында:
«Жел, неге соғасың сен, құтырынып,
Сорыма әлде менің жаралдың ба?
Жарымның жасағына жаудың оғын
Не жаздым жаудырардай саған мұнда?
Аз ба еді біздің қайғы-қасірет саған,
Даусымды естимісің зар қақсаған?
Тулатып көк теңізді, кеме аунатып,
Мінезің жетпеді ме үрей салған?
Жоқ қылдың шаттығымды алып кетіп,
Бетпаққа бетегелі жан баспаған».
6611 9-бабты қараңыз. 6622 Ярославна – Игорьдің тоқалы, Ярослав Осмомыслдің қызы. Ол кездегі орыс кінәздері көп әйел алуды әдетке айналдырған.
27. Шығып ап Путивльдің дуалына,
Жоқтайды Ярославна таң алдында:
«Ағынды о, Днепр – Словутич63
Қайғыны үйіп-төктің маған мұнда.
Екпіндеп тау мен тасты жарып ақтың,
Қыпшақтың даласына барар жолда.
Қайығын Святославтың желдей ұшқан,
Көбекке алып бардың жер тауысқан.
Қайтадан жеткіз маған сүйіктімді,
Мінгізіп толқыныңа арпалысқан.
Еңіреп ерте тұрып төкпес үшін
Теңізге көз жасымды мұнша алыстан».
28. Шығып ап Путивльдің кемеріне,
Жылайды Ярославна таң біліне;
«Жалынам, Жарылқаушы құдіретті күн,
Жалғанның жарық шашқан көлеміне.
Жазықсыз сүйіктімнің жасақтарын,
Жандырып жалыныңа керегі не?
Несіне зауал төктің сол балаңа,
Қуратып саусақтарын шөл далада.
Балқытып көк сауытын қызуыңмен,
Садағын әлсіреттің неге ғана?
Ержүрек жасақтары сапқа тұрып,
Қайтадан найзаларын қолға ала ма?»
29. Долданып теңіз түнде толқын атты,
Кенеттен құйын айдап тұмандатты.
Қыпшақтың даласынан құтылуға,
Игорьге жол көрсетіп иек қақты.
Даладан Донға дейін оймен шолып,
Дөңбекшіп ұйқылы-ояу кінәз жатты.
6633 Днепр – Словутич – киелі, қасиетті Днепр деген мағынада.
Овлур қашып шықты жарым түнде,
Байқамай күзетшілер қалды мүлде.
Қашқынның құстай ұшқан қалпын сезіп,
Шөп шулап, құлақ тосты жер дүбірге.
Қоғаға бой тасалап аш күзендей,
Сұқсырдай суға сүңгіді енді бірде.
Тұлпармен кең даланы көктей өтіп,
Тоқтады Донецке бір-ақ жетіп.
Арландай қуғын көріп аласұрған,
Секіріп аттан түсті екпіндетіп.
Жаяулап көк шалғынды жағаменен,
Өткел жоқ, қарап еді көз жүгіртіп.
Қанатпен Игорь сұңқар бұлтты сүзді,
Тояттап қаз бен қулар көкте жүзді.
Зымырап көк жазықтың үстіменен,
Шалғыннан Овлур бөрі моншақ үзді.
Аттарын қуғыншының зорықтырып,
Жүйткітіп шапқан сайын жасырды ізді.
30. Донец келді кенет сонда тілге:
«Армысың, қашқын кінәз, сау жеттің бе?
Орыстың өлкесіне ұлы мейрам,
Бұйырсын даңқ пенен құрмет Сізге!
Күншақтан ащы шарап аямаңдар,
Мұндайдың жоралғысы құр кетсін бе?».
Былайша жауап қатты қашқын сонда:
«Донец, даңқың кетсін жер-жаһанға.
Кінәзге шалғыныңнан кілем төсеп,
Тербеттің кемелерін толқыныңда.
Жып-жылы тұманыңмен бөлеп-қымтап,
Аптапта саялаттың жапырағыңа.
Ес болды сұқсырың да, шағалаң да,
Толқының айдын төсін сабағанда.
Дауылда қорғанатын қалқан болды,
Тұтасқан құба талың жағалауда.
Стугна өзіңдей өзен емес,
Мейірімі түсетұғын бар адамға.
Сімірер бұлақтарды жаны жалғас,
Арнасы тартылар деп ол ойламас.
Қанқұмар иірімі жұтып қойған
Ростислав64 кінәзді бүлдіршін жас.
Шешесі зар еңіреп шашын жұлып,
Қайғырып басын иген гүл мен ағаш».
31. Игорьді түре қуып жанын сала,
Келеді Қызақ, Күншақ іле-шала.
Сауысқан, қарға, құзғын жымдай болып,
Жол нұсқар тоқылдақ пен жылан ғана.
Атарын жарық таңның хабарлайды,
Тек бұлбұл әнге басып жеке дара.
32. Күншаққа Қызақ сонда айтты былай:
«Ұясын сұңқар ұшса тағат қылмай,
Көздейік балапанын көк жебемен».
Қызаққа Күншақ жауап қатты былай:
«Матайық балапанын сұлу қызға,
Ұясын сұңқар ұшса қолға тұрмай».
Күншаққа үстемелеп айтты Қызақ:
«Сағынып Отаныңды көрдің бе ұзақ?
Кетпей ме қызбен бірге бір күні ұшып,
Олай ғып түлегіне құрсақ тұзақ.
Қаптатып балапанын қайта бізге,
Етпей ме Қыпшақ жерін мүлде мазақ».
6644 Овлур – Игорьмен бірге қашқан
33. Ярослав дәуірінің сөз құдайы –
Былай деп түйер Баян жырды ұдайы:
«Иықсыз бастың күні оңған емес,
Не болар бассыз қалған дене жайы».
Игорь да орыс жері үшін сондай,
Көрінбес ол болмаса туған айы.
Құйылды туған жерге күннің нұры,
Святославич күнді алып келген ұлы.
Сұлулар Дунай жақтан шырқатады,
Күлкімен араласып су сылдыры.
Теңіз асып Киевке жетті шалқып,
Шаттықтан төгілдірген ән мөлдірі.
Әулие Пирогощейге65 бағыт алып,
Боричтың66 алабына көзін салып,
Әнеки, Игорь кінәз келе жатыр,
Баяғы өзі басқан жолын танып.
Тік тұрып селолар да, қалалар да,
Қол соқты қуаныштан шулап халық!
34. Көненің кінәздерін қоссақ жырға,
Толғайық және тағы жастарын да.
Святослав ұланы Игорь ер мен
Жарбұқа Всеволод қасқаның да,
Игорьден туған түлек Владимирдің67
Даңқы артсын! Мерейі өссін басқаның да!
6655 Пирогащая - шіркеу. 6666 Боричев – Киевтегі көне көше. 6677 Владимир – Путивль кінәзі. Игорьдің бәйбішесінен туады. Жорыққа аттанарда 15 жаста.
Алдырмас орыс жері енді жауға,
Тас түйін кім келсе де талқандауға.
Сау болсын иман үшін туған ерлер,
Аянбай қарсы тұрған қорқауларға.
Жасасын кінәздер мен жасағымыз,
Жалғасып атақ-даңқы ғасырларға!
Әумин!68
6688 Әумин – «осылай болсын», «жалғаны жоқ», «ақиқат» деген мағынадағы көне грек сөзі.
МАЗМҰНЫ
Өлеңдер мен толғаулар
Бөрітостаған...................................................................................................3 Күлтегіннің көк тасы.....................................................................................4 Сарыарқада Сардарым..................................................................................5 Дулат...............................................................................................................6 Абай................................................................................................................7 Қаламмен сырласу.........................................................................................8 Өзімді таныстыру..........................................................................................9 Айхай, заман................................................................................................10 Наурыз жыры...............................................................................................11 Ақындарға үндеу.........................................................................................14 Жылай берме................................................................................................15 Бұлдырайды елесі........................................................................................16 Емес пе бәрі бірдей.....................................................................................17 Үмітім менің................................................................................................18 Достық туралы.............................................................................................19 Сүйек ауыр...................................................................................................20 Қым-қуыт қала.............................................................................................21 Бозбала күндер.............................................................................................22 Байқаймын...................................................................................................23 Жаз көшіп.....................................................................................................24 Көңіл түбі қараңғы......................................................................................25 Шөл...............................................................................................................26 Талпына алмай............................................................................................27 Топырағың торқа болсын...........................................................................28 Соңғы жұлдыз сырғығанша.......................................................................29 Ей, мұңлығым..............................................................................................31 Әміріңе құлдық ұрдым...............................................................................32 Бозторғайдың жағы талмас........................................................................33 Ей, өлең........................................................................................................34 Періштенің пырағы.....................................................................................35 Қайда жүрсің?..............................................................................................36 Балқан тауға айналды.................................................................................37 Аяғыңның астында......................................................................................38 Сенің алтын жібіңменен.............................................................................39 Ана тілім.......................................................................................................40
Өмір сәулесі.................................................................................................41 Жібек жолы..................................................................................................44 Семей............................................................................................................47 Дегелең.........................................................................................................52 Тайқазан жыры............................................................................................53 Байқотан би басында...................................................................................55 Аруақтарды ұмытпай..................................................................................57 Анықтай алмас ешкім.................................................................................58 Сыр...............................................................................................................59 Зайсан жағасында........................................................................................60 Алдамашы....................................................................................................61 Қырық жыл..................................................................................................62 Барқытбелдің бауыры-ай............................................................................64 Керіліп керегедей........................................................................................65 Туған жер.....................................................................................................66 Ойхой, Шығыс Түркістаным.....................................................................67 Айттың рухына...........................................................................................68 Тамшыдай-ақ...............................................................................................69 Қарағандыда................................................................................................70 Ақтоғай........................................................................................................71 Талшыбық....................................................................................................73 Аумаймын мен де........................................................................................74 Ұшып келем.................................................................................................75 Ел деп жүріп................................................................................................76 Қош келдіңдер, бауырлар...........................................................................77 Құлпырғанмен кең жаһан...........................................................................79 Қазағым........................................................................................................80 Серкенің соңына ермей...............................................................................81 Қора толды...................................................................................................82 Іштен шыққан шұбар жылан......................................................................83 Бай баласына................................................................................................84 Маман-Тұрысбек.........................................................................................85 Қуғанмен қанша..........................................................................................86 Басыңды сақта.............................................................................................87 Естимісің ескі досым..................................................................................88 Наза..............................................................................................................89 Таң атады.....................................................................................................90 Оралып алыс күндер...................................................................................91 Зуылдап жеткізбейсің.................................................................................92
Ақынмен қоштасу.......................................................................................93 Таулардың алып батасын...........................................................................94 Қаныш...........................................................................................................96 Соңында сөзі қалған....................................................................................99 Қасым.........................................................................................................102 Екі елге бірдей...........................................................................................103 Өлең-естелік...............................................................................................104 Маң-маң басып..........................................................................................106 Сұңқар ақын...............................................................................................107 Табынып әуел бастан................................................................................109 Серпіл, аға..................................................................................................110 Төкен...........................................................................................................111 Күресіп халқың үшін................................................................................112 Марфуға......................................................................................................113 Сен де бір Асанқайғы...............................................................................114 Тарпаңнан туған құлындай......................................................................115 Қазақтың туын көтердің...........................................................................116 Бүкіл қазақ жиналып.................................................................................117 Қуатқа көңіл айту......................................................................................118 Қолтаңба.....................................................................................................120 Жауласпа....................................................................................................121 Ей, бейшара................................................................................................122 Әр жерде аузын былғар............................................................................123 Тыраң асар.................................................................................................124 Төрт амал...................................................................................................125 Емханада....................................................................................................126 Беймәлім.....................................................................................................127 Жортқан киік секілді.................................................................................128 Қызығасың құстарға.................................................................................129 Таң нұрына таласып..................................................................................130 Тағдыр жоқ.................................................................................................131 Қызым ауырғанда......................................................................................132 Ұлыма.........................................................................................................133 Көзімді ашсам............................................................................................134 Әттек, шолақ дүние-ай..............................................................................135 Арманым-аққуым......................................................................................136 Ақ бөкен.....................................................................................................137 Қайғымды қалыңдаттың...........................................................................138 Кінәлай көрме............................................................................................139
Ғасырмен қоштасу.....................................................................................140 Төрттағандар..............................................................................................141
Поэмалар
Сардар.........................................................................................................143 Бердіқожа батыр........................................................................................167 Шақантай....................................................................................................192 Сары қыз.....................................................................................................214 Көкала үйрек..............................................................................................232 Ерлік пен тектілік......................................................................................243 Кәмей ұшқан..............................................................................................263 Түс-Елес.....................................................................................................284 Игорь жорығы туралы жыр......................................................................304
Бөрітостаған
((өөллееңңддеерр,,ттооллғғааууллаарр,, ппооээммааллаарр))
Редакторы
Компьютерде терген Роза Жеңісқызы
Басуға қол қойылды
Пішімі
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру