Мазмұнға өту
Home

Түрікмен поэзиясы

Бауыржан Жақып

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Түрікмен поэзиясы

Авторы: Бауыржан Жақып

«ХХІ ғасыр: түркі халықтары поэзиясы» ТҮРІКМЕН ПОЭЗИЯСЫ Алматы

Бұл жинаққа ХХІ ғасырдағы түрікмен поэзиясы өкілдерінің таңдаулы өлең-жырларымен қатар, əр дəуірде өмір сүріп, артына із қалдырған аға буын ақындардың шығармалары еніп отыр. Кітап жырсүйер қауымға, қалың оқырман көпшілікке арналады. УДК 821(100-87)-821.51 ББК 84(5Тур)7-5 Т 89 ТҮРІКМЕН ПОЭЗИЯСЫ. / Бас ред. Б.Ө.Жақып. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 2012. – 400 бет. ISBN 9965-893-86-1 Т 89 Қазақстан Республикасы Мəдениет жəне ақпарат министрлігі Ақпарат жəне мұрағат комитеті «Əдебиеттің əлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша шығарылды ISBN 9965-893-86-1 © «Қазақ энциклопедиясы», 2012 УДК 821(100-87)-821.51 ББК 84(5Тур)7-5

ЖЫР ЖҰЛДЫЗДАРЫ БИІКТЕН КӨРІНЕДІ Түркі халықтарының баршасының түп атасы бір болғандықтан, олардың өмір салты мен тұрмыс қалпында да, мəдениеті мен əдебиетінде де ортақ сипаттар мен ұқсас ұғымдар көп. Басқаны айтпағанда, түрікмен ағайындар рухани қазына ретінде қасиет тұтатын «Оғызнама» мен «Көроғлы» дастандары қазақтар үшін де қымбат жəдігер екені даусыз. Өйткені, басқа түркі халықтары секілді, түрікмендер де – қазақтармен «төскейде малы, төсекте басы қосылған» халық. Тегінде, барша өнер атаулының бастауы поэзия десек, қателеспейміз. Сондықтан да түрікмен əріптесіміз Рахым Есеновтің «Ақын, Поэзия – бұл халықтың ең қастерлісі, оның рухани өмірінің негізі, мəдениетінің болашағы» деген пікіріне біз де қосыламыз. Бұл айтылғанның əсіресе түрікмендер үшін орны қандай екенін, керуен тонаған қарақшының ақын мен бахшыға қол көтермейтінінен де көруге болады. Еш нəрсе тақыр жерде пайда болмайды. Əрісін айтпағанда, ХХІ ғасырдың өзі өркениет ғимаратының жиырма қабатының үстінде бой көтеріп келеді. Қазіргі түрікмен поэзиясының терең тамырларын іздер болсақ, ғасырлар қойнауына барлау жасаған болар едік. Сонда біз халық қазынасына айналған «Оғызнама», «Көроғлы» тəрізді асқар биік ала шыңдардан бері де, біріне-бірі жалғасып жатқан өркеш-өркеш биіктерді, асу-асу белестерді көреміз. Біз бұл кітапта ХХІ ғасырдағы түрікмен поэзиясына үлкен орын бере отырып, оның жаңа ғасыр биігіне қандай айтулы кезеңдерден өтіп келгенін де көрсетуге тырыстық. Осы мақсатпен, бұдан 600 жыл бұрын өмір сүрген түркі əлемінің атақты шайыры Сейит Ымадеддин Насими (Несими), төрт ғасыр бұрын жасап, халық арасында «Махаббат тəжі» деген мəртебеге ие болған, түрікмен мен түрікке ортақ ақын Қарашаоғлан (Қаражаоғлан), алғашқы өлеңдерін бұдан үш ғасырдай бұрын шығара бастаған Дəулет Мəмед Азады шығармашылығына көз тоқтаттық.

Ұлт поэзиясының рəмізіне айналған ерекше тұлғалар əрбір халықта бар. Бұл ретте қазақтың Абайын, орыстың Пушкинін, ағылшынның Байронын, немістің Гётесін атауға болады. Түрікмен халқы үшін Мақтымқұлының орны – міне, осы қатарда. Ол – өзіне дейінгі халық поэзиясының барша қуаты мен құнарын, шырыны мен нəрін бойына сіңірумен бірге, кейінгі, оның ішінде күні бүгінге дейінгі түрікмен поэзиясының даму бағдары мен барысына аса зор ықпал еткен тұлға. Оның дəстүрін тікелей жалғастырушылардың қатарында өзінің өміршең шыншыл поэзиясын тарихи фактілерге құратын Зелили, өлеңдерін көбінше əскери-патриоттық тақырыпқа арнаған Сеиди есімдерін атауға болады. Мақтымқұлының шығармашылық мұрагерінің бірі – түрікмен классикасының ең демократияшыл ақыны, ұлы сатирик Кемине, оның шығармашылығы ауыздан-ауызға таралып, есімі аңыз кейіпкеріне айналды десе болғандай. Бұл арада Мақтымқұлы мен Кемине есімдері қазақ оқырмандарына ертеден етене таныс екенін айта кету керек. Шығармаларының халық жанына жақындығы мен көркемдік қасиетіне орай өз кезінде «Лириктер падишаһы» атанған Молла Непес те – Мақтымқұлы шəкірттерінің бірі. Кітапқа аты аталған осы ақындардан басқа, Мағрупи, Шейдаи, Талиби, Ашики, Кəтиби, Зинхари, сондай-ақ халық шайырларынан Қара шайыр, Досмамед, Молладұрды, Байрам шайыр, Кермолла, Дұрды Қылыш, Ата Салық, Нұры Аннақылыш, Молламұрт, т.б. шығармалары енді. Сан ғасырлық тарихы мен тағдыры бар түрікмен поэзиясынан жетпіс жылға созылған кеңестік кезеңді шығарып тастай алмаймыз. Осы тұста да түрікмен мен қазақтың тағдырынан ұқсастық табамыз. Екі халықтың да поэзиясы бұл дəуірде ерекше қарқындап өскені – бұлтартпас ақиқат. Түрікменнің жазба поэзиясының негізін салған Берді Кербабаев, сондай-ақ Қаража Бұрынов, Якуб Насырлылармен бірге, «Түрікменстан» газеті мен «Тоқмақ» журналының маңында топтасқан Х.Чарыев, О.Ташназаров, А.Аламышев, А.Ниязов, Д.Ағамəмедов, Х.Шүкіров, Р.Əлиев, Ч.Аширов, т.б. жас күштер заман ағымына, өз таланты мен талғамының талабына сай жаңалық та ала келді. Отызыншы жылдары бұл топқа А.Кекілов, Д.Халдұрды, П.Нұрбердыев, Р.Сеидов, Қ.Сейтлиев, Б.Сейтаков, Х.Құрбанов, алғашқы түрікмен ақын қызы Тоушан Есенова, т.б. келіп қосылды. Бұл тізім əрбір он жыл сайын толығып, толысып отырғаны айтпаса да түсінікті. Қазіргі ХХІ ғасырдағы түрікмен поэзиясы ның белді өкілдерінің санатына қосылатын Ата Атажанов, Мамед

Сеидов, Керім Құрбаннепесов, Анна Ковусов, Аллаберді Хаидов, Шахер Боржанов, Бердіназар Хұдайназаров, Ақжамал Омарова, Дұрды Баймұрадов, Каюм Тəңіріқұлыев, Ягмар Пиргүлыев, Нұры Байрамов, Гүрбанназар Əзизов, Халил Кулиев, Аннаберді Ағабаев, т.б. көптеген ақындар – осы топтың өкілдері. Əдебиетке өткен ғасырдың 70-жылдары келген қуатты толқын – Ахмет Құрбаннепесов, Атажан Аннабердыев, Гозел Шагулыйева, Атамұрад Атабаев, Оразғұлы Аннаев, Нобатқұли Реджепов, Гұрбанияз Дашгынов, Биби Ораздұрдыева, Хаджи Какалиев, Какабай Құбанмырадов, Ағагелді Алланазаровтар түрікмен поэзиясын жаңа биіктерге көтерді. Құрметті оқырман! Бұл кітапқа осы аталған жəне аталмаған жүзден аса ақынның өлеңдері еніп отыр. Қазақ оқырмандары бұлардың көпшілігінің есімдерімен бұрыннан таныс. Бұл ретте кезінде қазақ тілінде «Түрікмен өлеңдері», «Түрікмен жырлайды» атты ұжымдық топтама жыр жинақтарының, сондай-ақ Мақтымқұлы, Кемине, Берді Кербабаев, Нұри Байрамов, Керім Құрбаннепесов, Қ.Тəңіріқұлыев, т.б. ақындардың жеке кітаптарының жарық көргенін айтуға болады. Қолдарыңыздағы кітап түбі бір түрікмен мен қазақ халықтарының ХХІ ғасыр биігіндегі рухани туыстығын жақындата түседі деген сенімдеміз. Кітапты дайындау барысында редакцияға қалтқысыз көмек көрсеткен əріптесіміз, Түрікменстан комсомолы жəне Хаджи Исмаилов атындағы сыйлықтардың лауреаты, екі мемлекеттік марапаттың иегері, жазушы, ақын Ағагелді Алланазаров мырзаға шын көңілден алғыс айтамыз. 1991 жылы тəуелсіздік алған түрікмен елінің поэзиясы ХХІ ғасырдың алғашқы он жылдығын да артта қалдырды. Осы жылдар ішінде жаңа түрікмен поэзиясының Ěunça Yoldaşowa, Perman Baýlyýew, Aýjeren Agajumaýew, Aýjahan Aşyrowa, Perman Ylýasow, Jeýhun Çüriýew, Dünýa Muhyýewa, Serdar Mämmedow, Bägül Arbadowa, Leýla Rahmedowa, Pihi Pihiýew, Nurýagdy Seýidow, т.б. секілді өрімдей жас өкілдері өмірге келді. Олардың қадамдарына сəттілік тілей отырып, түрікмен поэзиясының болашақ жұлдыздары бұрынғыдан да жарық бола түсетініне шүбə келтірмейміз.

Сейит Ымадеддин НАСИМИ (Несими) (XIV–XV ғ.) Орта ғасырларда өмір сүрген ақын. Кейбір əдебиеттерде 1370 ж. туғаны айтылады. Туған жері дəл белгілі емес. Шемаха, Шираз, Тебриз, Диярбакыр, Бурса, Алеппо немесе Бағдат қалалары аталады. Насими өлеңдерін əзербайжан, араб, түрікмен жəне парсы тілдерінде жазған. Халап (Алеппо) шаһарында табанынан бас терісіне дейін сойылып, терісі сыпырылып алынып, ең ауыр жантүршігерлік жазамен өлтірілді. Өткен ғасырдың 70-жылдары 600 жылдық мерейтойы халықаралық деңгейде атап өтілді. 1973 жылы ол туралы фильм түсірілді. Атақты шайырды түрікмендер де төл ақынымыз деп есептейді. ТҮРКІ ПЕРИЗАТ Бұл қай қылығың, əй, түркі перизат, Құзырыңнан қайтсем де болмадым азат. Тым өткір жанарың қан төгу үшін Құдды бір ұстара – қайралған болат. Шарасыз көңілдің сарайы сенен Шабытты құсамен тапты жыр – бинят. Кезбедей сандалып жүруді мұндай Жаһанда қылмады Немруд-Шетдат.

Кел, əй, Шырын қыз, ғашықтың жайын ұқ, Мен едім үздіккен бейшара Перхат. Назарың сал мына ойран көңіліме, шах, Ойранның соңын сен қылғайсың абат. Несими, атыңды жая бер жаһанға, Олардан кейінге қалды ғой бір ат. ГҮЛЗАРҒА МЕҢЗЕР Кім айға, ажарыңды кім гүлзарға меңзер, Жүзіңнің нұры шын гүлзарға меңзер. Беттің ұшы жəннаттың хандан гүліндей, Алғашқы жауған ақша қарға меңзер. Дидарың Алла-рахманның салған суреті, Кім айға, кім гүлге – рухсарға меңзер. Сүзілген көздерің сондай сау-саламат, Телміріп қарауым – дертті-зарға меңзер. Шашың буйы-Мəсиханың деміндей, Беймаза теңізде толқынға меңзер. Күн ғой, о, раббы, ғашықтың жамалы, Кей кеші нұрлы таң – энварға меңзер. Саған теңдес əлемде жоқ қой тірі жан, Мүмкін біреу аспанда Айға меңзер?! Төгілсе шаштарың, түйсіксіз не білсін, Əр тасбихы оның зүннарға меңзер.

Шаншылған кірпігің бүліктің басы, Ал, көздерің бəлкім айярға меңзер. Кел, сопым, мұндай сиқырға қылар не дəрмен бар, Мұсаның асасы мараға меңзер... РУБАИЛАР «Мəңгі нұр – шырақпын, тозаң боп көрінген сырт көздерге» дедім мен. «Барлық заттардың мəні тоғысқан мен айтқан сөздерге» дедім мен. Түсінбесін, барша жұрт тіпті де сенбесін, мейлі: «Алла – менде, мен өзім – Алламын, сезгенге» дедім мен. Бұл дүниені ұғу үшін таң-тамаша қалу керек, Ғашық нұрын тану үшін қапасқа жан салу керек. Сұлтан болып, үміттенсең Хақ дидарын көремін деп Тақтан түсіп, тəжді тастап, бас азаттық алу керек. Сені сүйдім – одан асқан азап, қайғы, не дерт жоқ, Дүние кездім көңіл делбеп, жан жұбатар себеп жоқ. Кез келгенге айттым соны: сенің балдай ерніңнен Басқа мендей ынтызарға дəру-дəрмен, медет жоқ. Басқа жанның гүл-бағына киіп-жарып кіріп бардым, Сұлулыққа көз арбалып, мəңгіргендей тұрып қалдым. Еңкейіп бір лала гүлі сыбырлаумен назын айтты: «Мəнді мезет – зу етіп тез өтер-кетер осы шағың». * Мен – мəңгі-бақимын, шегі жоқ, шексіздік ісімін. Мен – əз жаралған, жаратқанның өз күшімін, Мен – аспаз, танымның тостақанын толтырған Мен – сəуле,меңгерген əр жүрекке шуақтың түсуін.

ҚАЙДАСЫҢ Қайдасың, аңсағаным? Жаныма от өргенсің! Қайдасың? Көзімнің нұры, екі дүние байлығын əпергенсің! Қайдасың? Ерніңнің шырыны шараптан екі есе тəтті ғой – келсеңші! Өзіңді көрмесем, жүрек қаны шапшып тасыды дерсің – қайдасың? О, сен, раушан гүлдей нəзік досым, нəркес көзді – келсеңші, Айрылып, бой дел-сал, көңіл жасыды, көрші! Қайдасың? О, неге жоғалды тынышым? Төзімім неге таусылды? Махаббат мазаны қашырды, сабырды сарқыды – қайдасың? Қалқаныңа айналып бораған жебені, өсекті жаптым мен, Сұқ көздің, оқ тілдің пəлесін қақтым мен.Қайдасың? Көбелек болсам да, күймеспін, жүзіңнің отына төнермін, Жалыным, жарығым, сəулесіз, жылусыз өлермін. Қайдасың? Қиырда жүргенде керексіз басқа дос, тағдырға көнермін. О, сен, сұлулықтан бар əлемнен астың деп қайранмын. Қайдасың? Қайдасың, екі дүние қонағы, аттылы айбарлым, қайдасың? Айрылу улы жебедей кеудеме қадалды, өлмедім мен. Қайдасың? Шашыңның бұйрасына дүниенің жұмбағын кепіл қылды Алла, Айтшы, кəне, өсімқорым, кепілді ешкімге бермедің бе? Қайдасың? Шашыңа жағар əтірді Татариядан тауып ең, Жұпарымен соның мені тұтқынға алып ең. Қайдасың? Бұрымыңның бұрқыраған хош иісін жібер таңға қарай, Зарығып мен күтермін, жарығым-ай. Қайдасың? Мауқымды сен бассаң, керек пе екеумізге пейішің? Пейіштен əкелген кəусардың өзісің. Қайдасың? Сен үшін алыптың бəрімен алысып қырдым мен, Шекара, қорған боп жолымда тұрдың сен. Қайдасың? Бүгін Несими өз махаббатының иесі бола алар, О, сен, бақ пенен махаббатты сыйлаған жар, қайдасың?

ҚАРАШАОҒЛАН (Қаражаоғлан) (XVIІ ғ.) Түрікмен жəне түрік халықтарына ортақ ұлы шайыр. Оның туылған жəне қайтыс болған жылдары туралы түрліше деректер бар. Түрікменстандағы қолжазбалар институтында сақталған бумалардағы мəліметтерге қарағанда ақын қазіргі Балқан жерінде дүниеге келген. Зерттеушілер шайырдың 1606 жылы дүниеге келгенін, азан шақырып қойған есімі Хасан болғанын анықтаған. 1679 жылы қайтыс болса керек. Кейбір деректе шайырдың 96 жасында дүниеден өткені айтылады. Туғанына 400 жыл толған Қарашаоғланды халық «Махаббат тəжі» деп санайды. Ол əлем поэзиясында аз қозғалған құпия махаббат тақырыбын түркі өлең өнеріне алғаш алып келген шайыр делінеді. Шығармалары нотаға түскен. Кеңестер билігі кезінде Түрікменстанда Қарашаоғлан шығармаларына тыйым салынды. Қазір оның өлеңдеріне жаңа əндер шығарылып, бейнесі театр сахнасында сомдалуда. Орта жəне жоғары оқу орындарында ақынның шығармалары оқытылып келеді. Балқанабад (Небиттағ) қаласында Қарашаоғланға биік ескерткіш орнатылған. * Қадірлі Аллам, саған сендім сенгенде, Мұқтаж қылып қайнатпашы сорымды. Жаннатыңды нəсіп еткін өлгенде, Қылкөпірде тоса көрме жолымды. Қақпамызға қара бура шөккенше, Шөл далада дауыл қаһар төккенше,

Құл басымыз тозақ жаққа өткенше, Қадірлі Аллам, сала көрме азапқа. Сала көрме тағдырдың сын тезіне, Дүние-байлық көрінбейді көзіме. Қадірлі Аллам, жол бастайын өзіңе, Тозағыңның отыменен күйдірме. Қаражаоғлан, қате кетпес сөзіңнен, Қайыр болмас өлгеннен соң өзіңнен. Қадірлі Аллам, айырмашы төзімнен, Бейдауа жан, жыламашы аһ ұрып. * Сұлуды сұлу демеймін, Менікі түбі болмаса. Азабын оның көрмеймін Қолыма келіп қонбаса. Жүргені маған не керек, Жүректі қайғы торласа. Той тойламай жылайын Көңілім шалқып толмаса. Солар ғой білер бағасын Болсыншы деймін ел де есен. Ұнаған жұртқа сұлуым, Өлейін оны көрмесем. Пенденің бəрі – қонақ қой Бұл дүние кімге қалады? Ашылмаса уағында Əдемі гүл де солады. Қаражаоғлан сөзі рас. Дұшпан көп, дос аз – болды есеп. Айырылысу жоқ біздерге Не сен, не мен өлмесек.

  • Өте бер жалған дүние, Қонғанның көшер жолы бар. Адам да егін секілді, Мезгілі жетсе орылар. Маңдайға жазған жоқшылық Қысқанда келіп шекені, Қапастағы құстай жаның да Шырқырап ұшып кетеді. Ғашық та өтер жалғаннан, Мəңгілік ешкім болмады-ау. Аспан да қақ-қақ айырылып, Қосылар бір күн тауға тау. Оты өшіп, ол да тыншиды Қазандағы судың бүлкілі. Басымды алып құшаққа, Жылайды анам бір күні. Жапыраққа жасыл үңіл де, Түсінгенде сырын түңілме. Сен басқан қара топырақ, Жастығың болар түбінде. Өмірден бір күн өтерсің, Мүрдеңді саулар көтерсін. Баратын жерің сол түбі, Бақиға сен де кетерсің. Қаражаоғлан, болма күлкілі, Ажалдың қоймас құлқыны. Мазарыңның келіп басына, Байғыз қонар бір күні. Бір сұлуға кезігіп ем таңертең, Сол боп шықты қылығы бал жанеркем.

Мұндай сəтті көрген жоқ-ау əлі өлкем, Омырауына жұпарлы қондырды мені. Қаршығадай шарықтатты аспанға, Желпіндіріп қондырды бір асқарға. Өзен тасып, су іше алмай сасқанда, Сулы бұлақтай сусындатты мені. Құсқа айналдым, бақта сосын сайрадым, Құлақ тікті тыңдайын деп аймағым. Нұрлы жүзін көрсем-ау деп ойладым, Ақ тамақтағы меңдері өлтірді мені. Осы екен ғой жанның сусар бұлағы, Қанша көрсең көздің қанбас құмары, Ақ тамақтың асты зəмзəм бұлағы, Сүйіп едім, қандырды мені. Деді маған: «Қаражаоғлан адаспа, Белгі тақпа қадірі жоқ ағашқа, Жөн білмейтін ессіздермен жараспа», Құшақтады мойнымнан, түзеді мені.

Дəулетмəмед АЗАДЫ (1700–1760) XVIII ғасырдағы түрікмен əдебиетінің көрнекті өкілі. Өмір бойы Атректе ғұмыр кешіп, егіншілікпен шұғылданып, сонымен бірге ауыл мектебінде мұғалім болды. Шығыс халықтарының классикалық поэзиясына құмар əрі білгір Азады ақыл-нақыл жəне дидактикалық шумақтардан тұратын «Уағзи-Азад» өлеңдер кітабының авторы ретінде елге танылды. ШАХ ТУРАЛЫ НАҚЫЛДАР Шах шайпау боп, шашыраса жанарда от, Қаны кеуіп, бұқараның жүрегіне қадалды оқ. Тамырларда қан жүрмейді, рухы құлап жандар да, Иманы жоқ шахтан қорқып аңырайды аңдар да. Ертеректе, ел тынышта санат шақ, Нөкерлерден бөлектеніп Қабат шах, Келе жатса оған-бұған алаңдап, Құм далада кездеседі қараша үй қараңдап. Қараша үйден шығып кемпір, шах ұлды Бəйек болып шатырына шақырды.

Дұға оқып, құлдық етіп дауалы, Қонаққа арнап кемпір сиыр сауады. Сиыр сүті ағыл-тегіл құйылды, Шамданып шах: «Салық төле, сиырға!» деп бұйырды. Таңда кемпір келді сиыр сауғалы, Сауым аз боп, жанардан жас саулады. Шах күлімдеп сұрады: «Жөн бе, кемпір, жанардан жас төккенің, Себебі не тағдырыңа назаланар өкпенің?» Сонда кемпір жауап берді кемсеңдеп, Шахқа қарап: «Əй, қарағым, сенсең!» – деп, «Аярлығы шахтың бəлкім, сүт шықпады бүгін де, Күллі тірі қорқыныштар күлге айналар түбінде. Ей, шах, білетін бол! Зорлық пенен зомбылықтар қоздырды, Құртып жердің құнарлығын тоздырды. Мырза, сенің кесіріңнен кеуіп жер де қара ала, Егін қурап, бақтар өлді меңіреу маң далада. Ел де кедей кесірінен шахтардың, Кебек құмдай кепті жерім, құдайым, тек сақтағын!». Заңға айналса шахтың егер ермегі, Онда оның ақылсыз боп өлгені. Махмуд шах бұйрық етті, жария етуге пəрменді: «Ақымақтар патшасын табамын деп кəрленді». Оқылды пəрмен, қаумалап қара ой халықты, Кім болды ол деп жабырқау көңіл жабықты. Мінеки, бірін ұстап əкеліп қамады, «Кім екен ол?» деп даурығып бəрі қарады.

Қараса ақымақ бұтаққа құстай қоныпты, Өзі отырған бұтақты балталап, шауып, жоныпты. Міне, нағыз ақымақ! Бұтақты шауып көрмекші, Құласа бұтақ, жаны ұшып өзі өлмекші. Ақымақты жұрт сарайға апарды шуылдап, «Ақымақтар патшасы осы!» – деп ақырды дуылдап. Өзі отырған бұтаны отаған ол астында, Одан өткен ақымақ та болмас расында. Еліңді қанап, қысымға алсаң егерде, Онда, ей, шах! Бұтаны отап шапқаныңа сенем де! Ақымақтық жасаса егер шах біліп, Жүрегіне оның шаншылады оқ кіріп. Самарқанның шахы болыпты əйгілі, Өз еліне күні-түні қауіп қылған қайғылы. Бір күні ол отырғанда өз тағында, Кенеттен оқ қадалды қас қағымда. Жан-жақтан жұрт анталап кеп жиылды, Қараса оның жаны үзілді де қиылды. Қараса халық шах өліпті аяқасты жан беріп, Қиянат көп жасаған ол тірісінде сан жерік. Бір Аллаға сабыр етіп суынып, Кеудесінен жебені алды ел суырып. Сол жебеде отпен былай жазылыпты өрлі екпін: «Құлағың сал, тағдыры осы жендеттің!».

МАҚТЫМҚҰЛЫ (Пырағы) (1733–1783) Түрікмен əдебиетінің классигі, ғұлама философ, қоғам қайраткері, ХVIII ғасырдың ұлы ақыны. Есімі қазақ оқырмандарына кеңінен танымал. Түрікмен-Хорасан тауларының батысындағы Атрек өзенінің бойында, Хажыговшан деген ауылда дүниеге келген. Əкесі Дəулетмəмед Азады белгілі ақын, ғұлама болған адам. Мақтымқұлының мазары Ирандағы Ақтоқай деген жерде. Ақынның өлеңдері – түрікмен жəне басқа да шығыс халықтарының бай əдеби дəстүрлерін бойына мол сіңіре білген асыл қазына. Бүгінгі күнге оның 20 мың жол өлеңі мен бірнеше дастаны жетті. ХІХ ғасырдағы түрікмен ақындары мен шайырлары оны өздеріне ұстаз тұтты. НАУРЫЗ Жеткен кезде наурызымыз – жапан біткен жаңғырар, Тұман орап тау басын, аспан үрпі салбырар. Жансыздарға жан бітіп, əуен билеп маңды бар, Жер көгеріп, шөп қаулап, мерейін бір қандырар. Күнге тосып арқасын жан-жануар албырар, Аунап-қунап барлығы жерге түгін қалдырар. Келе сала наурызым – жоқ нəрсені бар қылар! Жапан шөлін қандырып, нұр тарайды қуысқа, Тақырларда қақ тұрып, су толады ыдысқа. Қозғалғанның бəрі де бірі шебер, бірі ұста, Бұлбұл салса əніне, илеу салды құмырсқа.

Өз дауысын біреуі естіртуге тырысса, Тумай жатып біреуі шығар сынды ұрысқа, Келе сала наурызым – өмір заңын жар қылар. Бар тіршілік осылай жатқан кезде жаңғырып, Мен отырмын оңаша, көңіл жүдеп, əл құрып. Ақикатқа табынған өмір сүрер мəңгілік, Махаббаттан ада жан – қалар түбі қаңғырып. Көктем баста тұрғанда бəріде бір əңгүдік, Ертең көктем кеткен соң қаламыз ба санды ұрып, Келе сала наурызым – тəттіні де зəр қылар. Мақтымқұлы, мұқалма, бұл фəнидің мақамы, Бəрі-бəрі баянсыз, сол жаныма батады, Көншімейді көңілім, көкірегім қапалы, Таусылғанмен төзімім, сөзім болғай опалы. Қолды жайып, телміріп кімге берем батаны, Аман болсын кейінгі, аман болсын Отаны, Келген сайын наурызым – адам басын даң қылар СЕКІЛДІ Үй қасында тұрған төбе, Ерттеулі атың секілді. Алтын ойып салған бедер, Жазған хатың секілді. Дүние – теңіз түбі терең, Түсіп кетер жол білмеген, Мал-мүлікке қуанғанмен, Аз нəубетің секілді. Туғансызда қуат болмас, Əйелсізде тұрақ болмас, Баласызда шырақ болмас, Күлкі-дертің секілді.

Жатқан жері жылан қойны, Асылғаны иттің мойны, Жаман ердің алған жары Жанның қоры секілді. Жарасына түз сепкендей, Əурелікпен күні өткендей Ер жігітке жаман қатын Маңдай соры секілді. Мақтымқұлы, надан адам Елге күлкі болар əмəн. Сөз қадірін білмейтін жан Бір бұралқы ит секілді. БЕКТЕРІМ Ез бен ердің тең болар ма арасы, Қадір білер ездің бар ма шамасы, Бағасынан басым болар жаласы, Ойраны көп езден аулақ, бектерім. Ер жігітте ешкім хақы кетпейді, Езге берсең – дүние малы жетпейді, Ақылыңа еш қанағат етпейді, Əуре қылар барын даулап, бектерім. Бір атада алты атаның сойы бар, Бір наданның жүз кесапат ойы бар, Жақсы жанның қайда жүрсең үйі бар, Ез адамға – үйі зындан, бектерім. Дəулет қонса, дос-жаранды танытпас, Қаза келсе, жерге төнер талып бас. Ез адамнан иман шығып жарытпас, Мақтымқұлы соны ұғынған, бектерім.

ТҮРІКМЕН ТАҒДЫРЫ Жейхун-Əму, Атырау-Хазар арасы, Əлі оңынан тұрар желі түрікменнің. Ашылған гүл – Нəркес көздің қарасы, Қара таудан құлар селі түрікменнің. Əділ мекен, Байтақ оның саясы, Жайылады шөлінде нар, маясы. Кеңи түсер жайлауының аясы, Қарық болар гүлге шөлі түрікменнің. Үлде менен бүлде киер серісі, Жұпар шашар жидегі мен жемісі. Жайсаңдар мен жақсылар кіл ел іші, Жер жұмағы болар елі түрікменнің. Мəрттің ұлы, Мəрт мінезді бабасы, Сертке берік, Гөроғлы – ағасы, Жармасқанда жыртылмайды жағасы, Жолбарыстай жүректі Ұлы түрікменнің. Дос келетін болса достың қасына, Тебіренеді топырағы, Тасы да. Жұрт жиналса бір дастарқан басына, Бағы жанып, Тасар нұры түрікменнің, Қуанасың олар атқа қонғанда, Кездессе егер – Қопарылар қорған да. Дарияның суы балдай болғанда, Өткел бермес тасқын үні түрікменнің.

Қапы қалмас, қантөгісте қор болмас, Қасірет шекпес, кең көңілі тар болмас. Бағы солып, бұлбұлынан зар болмас, Дайым жұпар шашар гүлі түрікменнің. Тайпа тату, рулардың аузы бір, Бағы жанып, ұзарады аз ғұмыр. Мəрт аттанса, Арғымақтың алды кіл Қанды майдан – жүрер жолы түрікменнің. Шабыт шалқыр, қайрат-жігер мұқалмас, Тасты үгітер, оны ешкім тұта алмас. Көкірек қазы, Көз таразы, құдды алмас – Мақтымқұлы – сөйлер тілі түрікменнің. БҰЛ ДЕРТКЕ Ғашық тауын кездім, кірдім қойнына, Неткен азап, кім төзеді бұл дертке? Ғашық тауын асса аспан мойнына Аласарар – төзе білмес бұл дертке. Ғашық оты алаулатқан шырақты, Құсты егілтіп, бөріні де жылатты. Асқақтаған асқар тауды құлатты, Тас үгілді – төзе білмес бұл дертке. Талқысына тайсалмаған кімдер бар, Талайларды ойсыратты бұл заңғар. Жер үстінде бəрі соған құрбандар, Шөл де, көл де төзе білмес бұл дертке. Жұмақ қашты, көк төбесі қақырап, Тамұқ қашты жер астына жеті қат. Теңіз қашты, адам қалды аһылап, Төрт жүз жылда төзе білмес бұл дертке.

Мақтымқұлы, шарам жоқ деп түңілме, Асылық қып, кінə артпа бұл күнге, Қапаланба, жолыққаның бүгін бе, Атамыздан қалған мұра – бұл дертке?... БАР МАҢҒА Бойдақтық жерге қаратқан, Көзімді сүздім бар маңға. Жолдас бер маған, жаратқан, Қолымды жеткіз арманға!... Жар керек маған келісті, Ақылы ұшан, демі ыссы Қызығар бүкіл жер үсті Табылмас теңі жалғанда! Қадірі жоқтан қашық қыл, Ақылы барға асық қыл. Таразы қайда, басып тұр, Жолата көрме долбарға. Күндіз де соны ойладым, Түнде де соны ойладым, Қол жайды көкке бойдағың Тəңірім енді қолдар ма? Бергейсің жарды бойшаң қып, Жат болсын оған той, салдық. Ағайын-жұртқа ой салдық, Құдаға түсер жол бар ма? Аяғыменен жар келмес, Қадірді білмес жарым ес, Оңалмайды ғарып еш, Жардың орны толған ба?

Ауылдың соры қамсыздық, Жігіттің соры малсыздық. Азамат ерге жарсыздық Қауіпті қапас тордан да. Жалында, өртен, Пырағы, Жастықтың болмас тұрағы, Мендегі арман: Бір əні – Сыр айту жарға толғана! ТАП БОЛДЫМ Серуенде келе жатып таңертең, Таңғажайып мекенге бір тал болдым. Көркі менен салтанаты жан өртер Сəн сарайға бекерге мен тап болдым. Ұстасыз-ақ жаратылған асылдан, Қолға ұсталмай, құмсыз пұлға сатылған. Тиер жерге оқсыз тура атылған, Өткір садақ нөкерге мен тап болдым. Сайран салып ортасында достардың, Міне, қосақ арасында бос қалдым. Жаннан безген бұл халімді қостар кім, Өткел бермес нөсерге мен тап болдым. Мен де іштім, достар ішкен шербетті, Болды олар мəз, бірақ мені шерлі етті. Махаббаттың мұңы мені тербетті, Кəусар ма деп, кеселге мен тап болдым. Бойда қуат, тəнде тірі жан бар ма? Не пайда бар, бұл ісімде мəн бар ма? Бұл азапта есеп бар ма, сан бар ма? Ессіз-түссіз, есерге мен тап болдым.

Есер басқа орамалды байлай сап, Көңіл – жүйрік, қамшы бастым айғай сап Бал шарапқа қолды созған қайран сəт, Кəусар ма деп, кеселге мен тап болдым. Мақтымқұлы дейді менің атымды, Мен лауласам, кім сөндірер отымды. Меніменен кімдер бірге опынды, Басым қатты, не шерге мен тап болдым. ӨЗ ЕЛІМДЕ ХАН ЕДІМ Өз елімде Хан едім, Ханнан да асқан жан едім. Қараңғыда таң едім, Таңнан дағы паң едім. Құдай салды əлегін – Болдым міне, Бейшара. Көзсіздерге көз едім, Сөзсіздерге сөз едім, Табаны таймас боз едім, Хатамтайдың өзі едім, Айналайын өз елім, Болдым міне, Бейшара. Гүл ұшында бал едім, Тіл ұшында зар едім. Ер жігітке ар едім, Тау басында қар едім, Мақтымқұлы, нар едім, Болдым міне, Бейшара.

ЗОР БОЛДЫ Жақсылыққа жаны құмар ұлықтан Алғыс алған, Дəрежесі зор болар, Жаман болып, жақсылықты ұмытқан Амалы жоқ, Айналасы тор болар. Мұңлы болар мұратына жетпеген, Қақас қалар хаққа құлдық етпеген. Ырзығына еш қанағат етпеген Көзін сатып, Кісі асына зар болар. Жамандаған дос-жаранын өзінің Дəйексіз боп, дəмі кетер сөзінің, Тауқыметпен тауысар бір күн төзімін, Абырой жоқ, Аяқ асты қор болар. Байыз таппас өз жолынан жаңылған, Бейықтияр болар қолы таңылған. Күрессе егер болар тауы шағылған, Алды-арты ылғи терең ор болар. Айбаты аздың қайраты да аз болар, Жоқтау соңы ылғи мұңлы саз болар. Қашан ғана айдын көлге қаз қонар, Мəрмəр тасың үгітілген бор болар. Кім пəлені сатып алса басына Табалаумен дұшпан келер қасына. Əлін білмей іс алса егер асыға, Амалсыздан екі алақан шор болар. Оңа қоймас əділ сөзде тұрмаған, Қаншама от жақ – қайнамайды құр қазан,

Қайда барсаң – сені күтіп тұр жазаң, Еткен күнə Маңдайыңа сор болар. Қазан айы гүлдерімді солдырды, Бір өкпек жел қалтыратты, тоңдырды. Қатал тағдыр қашан істі оңдырды, Қу босаға қашан ғана төр болар. Мақтымқұлы, тастамай айт барлығын, Замананың кеңдігі мен тарлығын. Үстемдердің үкімі мен жарлығын – Кейінгіге жəдігер де сол болар. ЕЛ КӨЗДЕР Отанынан айырылған Аһ ұрар да ел көздер. Қосағынан айырылған Ашынар да жол көздер. Жерде болса сергелдең Көктен пəле келген дер. Бұны кімнен көрген жөн – Көзін ашқан мал көздер. Біреу десе басым таз, Біреу киер алтын тəж, Мекендері салқын саз Енді біреу сəн көздер. Біреу жеуге нан таппас, Біреу қояр жер таппас. Біреу киер тон таппас, Біреу жібек тал көздер. Бұл жалғанның үсті құр, Кім əлсіз, кім күшті дүр.

Əр пендені қысты бұл, Əркім оңды хал көздер. Мезгіл ұзын, өмір аз, Жылдың басы болды жаз, Қанат қаққан қоңыр қаз Қонатұғын көл көздер. Мақтымқұлы, есіңе ал, Қайғы, мұңды қосып ал. Кімнің қандай досы бар, Босаға емес, Төр көздер. СЕЛМЕНЕН Асқар таудың басынан Бұлт төнеді селменен, Жігіт айтар асыл əн Əрбір ісі елменен. Тіл безеген аш қалар, Алтын, Күміс тас болар. Жасыл сона мас болар. Таласқанда пілменен. Бұзау қашар жайлауға, Сиыр көнбес айдауға. Бие көнбес байлауға. Алдамасаң тілменен. Пенде безбес дінінен, Жаман табар тілінен. Мақтымқұлы, ірі ме ең Тəңір тілін күрмеген?

ҚҰПТАЙДЫ Ер жігіттің есінен Ереуіл ат шықпайды. Бостандық сүйген есіл ел Батырлықты құптайды. Қара алды-артыңа, Көз сал жас пен қартыңа, Сөзіңді сал талқыға, Сөзіңді ел ұққай-ды. Өмір қысқа, шама жоқ, Ажал келсе – шара жоқ. Жан-жағыңа қарап өт – Пенде есептен ұтпайды. Жастық өтер, жас толар, Көсем елге бас болар. Жанып тұрса қос жанар Ерлер қабақ шытпайды. Өз еркіммен лəм демен, Ертеңіме қам жемен. Амалы жоқ жан деген, Неге жылап-сықтайды? Мақтымқұлы, азалан, Кім құтылар жазадан – Жақсы-жаман бар адам Қыл тұзақтан шықпайды. АТ КЕРЕК Болам деген жігітке Арындаған ат керек, Толам деген жігітке Бармақтай-ақ бақ керек.

Жету үшін халқына Қалмау үшін қапыда, Мəрт жігіттің атына Бəйге керек, Бап керек. Үкі таққан басына, Қына жаққан шашына, Ер жігіттің қасына Айдай сұлу – Нақ керек. Бейне құрыш, қорғасын, Жігіт болып толғасын, Билеп елдің ордасын Отыратын тақ керек. Мақтымқұлы, үгітте, Қалдырмақсың бүгіп не? Бұның бəрін жігітке «Өзің іздеп тап!»дер ек! ҚАЙДАН БІЛСІН ҚАДІРІН Харазбанның қолына Қонса келіп қаршыға, Қанатынан айырар, Қайдан білсін қадірін. Жарқылдаған ақ алмас Тиер болса жаршыға, Оны шақпақ тас етер, Қайдан білсін қадірін. Шешен бола біле ме Шербеттен дəм татпаған, Сөз мəнісін біле ме Əр нені бір оттаған.

Мəжнүн боп адасып, Қайғы-мұңға батпаған, Ай дидарлы Лəйлінің Қайдан білсін қадірін. Дем алудың не екенін Біледі тек терлеген, Жұрттан ала біле ме Жұртқа ештеңе бермеген. Жеті қырда жалғыз қап Бір ашығып көрмеген, Тандырдағы күлшенің Қайдан білсін қадірін. Қолдан шығып кеткен соң Бағалайды дəулетті, Сиреген соң қатары Даралайды əулетті Бір күн басқа түскен соң Түсінеді нəубетті, Сау кезінде саулықтың Қайдан білсін қадірін. Тереңдікті сезе ме Тастамаған зəкірді, Аңғалдарды көк теңіз Тереңіне батырды, Көрмеген жан тереңнен Талды қармап ақырғы, Қара жер мен құрлықтың Қайдан білсін қадірін. Арып-ашып көрмеген Аттың сырын біле ме, Көк шыбықты көзге ілмес Жығылмаған дүреге, Ала шөлін Алғидың Көрмесе егер шүрегей Айдын шалқар көлдердің Қайдан білсін қадірін.

Ел дегенде енжарлау Елден ұзап көрмеген, Босағаны қайтсін ол Бұйырған соң төр деген. Туған жерден алыста Ұйқысын төрт бөлмеген, Отанында жүрген соң, Қайдан білсін қадірін. Жарлының бір тойғаны – Шала байығаны ол, Қанағат жоқ байларда, болса дейді бəрі мол. Түзге шықса тарпаңдар, Қазып қояр тағы да ор, Шабан неме жүйріктің Қайдан білсін қадірін. Мақтымқұлы, əлі де Алдағыға алаңдар, Мынау бес күн тірлікте Табысайық жарандар, Шалғайыңнан жармасқан Өңшең нəмəрт, Надандар Мың айтсаң да сөзіңнің Қайдан білсін қадірін. ТАППАСЫҢ Не бір істі таразыға салғанмен, Тағдыр – тəлкек, оған жауап таппасың. Ел тынысын кеңейтсін əр алған дем, Жер астына түссең – сауап таппасың. Жаман істің жеңіл емес жарасы, Жақсы істің жайлы болар панасы. Осыны ұқ, əй, адамның баласы – Ғалымдар кемсітілсе, əдеп таппассың.

Жиырма жаста ер жігітке не керек? От демімен тауды өртер керемет. Жастық шақ та өтер-кетер, не керек, Бұл фəниден ешбір тағат таппассың. Жігіт болып қыдыр жақсы атпенен, Бедеу мініп, қыдыр перизатпенен. Өміріңді өткіз жамағатпенен – Бұдан артық жайсаң абат таппассың. Мақтымқұлы, шабыт саған дос болды, Өнерің төк, қойма текке қос қолды. Жарандар-ай, көңіл бүгін хош болды, Кесе толы күнде шарап таппассың. ЖАЛҒЫЗДЫҚ Уа, ағалар, бұл жалғанда баян жоқ, Ағайынға түсетұғын саяң жоқ. Ойлама еш мерекеге тоям деп, Өксікпенен өтер күні жалғыздың. Жалғыз жігіт қабағында қаяу мұң, Жарлы жігіт – нысанасы аяудың. Қайда жүрсе шаңы шықпас жаяудың, Жанарынан жас кетпейді жалғыздың. Жетім-жесір серік етер қайғыны, Той-жиында дараланбас айбыны. Ешқашан да болмас аты əйгілі, Қасіретпен өтер күні жалғыздың. Барлар өлсе – аян болар жалпыға, Жарлы өлсе – із қалдырмас артына. Түсінбейсің мынау өмір салтына, Тақсіретпен өтер күні жалғыздың.

Мақтымқұлы, жалғыздыққа жолама, Өтіріктен өнеге іздеп бола ма, Кемшілігін жасырған жан оңа ма, Ел – халқы ғой шын тірегі жалғыздың. БОЛМАЙДЫ Биік таудың басында тұр үш терек, Бір тамырсыз оны қосып болмайды. Мехнатты көтеретін күш керек, Бір тағдырсыз оны тосып болмайды. Əр діңгектен болмас биік мұнара, Жаман қатын алғаннан жөн сұрама. Басын кесіп, қанын төгіп ұраға, Не өлтіріп, не саудалап болмайды. Ел ішінде биіктесе мəртебең, Ағайынға кімдер артық бар сенен, Маңдайыңа жазылған бақ болса кем, Менікі деп жан сауғалап болмайды. Біреуге мал, біреулерге жан қайғы, Пақыр – көрге, байлар төрге жантайды. Бай адамдар тағы байлық аңсайды, Қанағтсыз жанды аңдап болмайды. Əркім дағы құшақ жаяр жапанға, Денсаулықтан артық не бар жаһанда, Дүние қуған түсер түбі апанға, Обырларға ақыл талғап болмайды. Жанарсыздар «көзім!» дейді көрмесе, Ақсақ қайтпек – таяғына ермесе. Пақыр қайтпек – тілек тəңір бермесе, «Тек маған!» деп сұрап алып болмайды.

Мақтымқұлы, айтқан тілді алмаса, Кеуделерде ақыл-сана болмаса, Ер азамат сүйген жарын алмаса – Отбасында еш тыныштық болмайды. ПАШ ЕТЕР Сырлас болма ешқашанда наданмен, Құпиянды кез келгенге паш етер. Көрші болма ұры-қары адаммен, Малыңды ұрлап, тамағыңды аш етер. Кеңес құрма пендеменен дəйексіз, Оның сөзі болар нəрсіз, мəйексіз. Қадір білер досқа ғана керекпіз, Бара қалсаң ақыл сұрап, бас етер. Асыл жігіт армандаса ғашығын, Пасық жігіт қимылдайды жасырын. Біреулердің қызғанумен асылын, Құрметтейтін досыңменен қас етер. Сопы айтса жаңылдырмас сананы, Таңсəріден жаппа ешкімге жаланы. Айыра бір аппақ пенен қараны, Дозақ оты шыбын жанды еш етер. Мақтымқұлы, айттық елге өсиет, Өсиеттің ақиқаты осы деп. Құдай берсе салауатты бір перзент, Қартайғанда ғұмырыңды жас етер.

Құрбан-Əли МАҒРУПИ (XVIII ғ.) Түрікменнің өткен дəуірдегі көрнекті ақындарының бірі. Ахал өңірінде орналасқан Дурун ауылында қазіргі Ашғабат облысының Бахарден ауданында дүниеге келген. Ақынның нақты туған жəне өлген жылы белгісіз. Ол Мақтұмқұлының замандасы болған деген аңыз ғана сақталған. Демократиялық көзқарастағы Мақтұмқұлыға қарағанда, Мағрупи түрікмен қоғамының əскери-феодалдық билігінің жыршысы болған. НЕ КЕРЕК Жігітке жүректе оты бар, Нəркес нəзік жар керек. Жігітке астында аты бар, Қылышы қындағы сəн беред. Сүймесек біз ғашық болмаймыз, Қорқақ та батырға айналмас. Жомарт бол! Кеңдікті қолдаймыз, Сараңдар жомартқа айналмас. Көрінді шашқа ақ кіргені, Бекер сөз сөйледің қапаста. Жақсы еді иттердің үргені! Əбігер керек тек топасқа!

Бойжеткен – көктемдей аялы, Ал, кемпір – ол да бір сөнген от. Сен сөзсіз сұлусың саялы, Əйелге əдемі өң керек! Түр-жігіт жасынды жырысың, Мен ақын Мағрупи жырлаймын! Қай жақта тұлпар мен қылышың! Соғыста ерлік пен қол керек! ДƏУЛЕТ-ЖАР Дастаннан үзінді Тауларды көрмей күндерім есіл өте де берді, Сырымды ұғып, сөзімді бұл мақұлдадыңдар, тауларым Жүйрігім мінген жұлқынып жетеді енді, Жақын қалдыңдар, жақындадыңдар, тауларым! Жүйткіген жүйрік шабысы жұбанышым болды, Қылшылдап қылыш қырғидай бектерді шапты. Таулардың таза мейірлі иесі қуанышым болды, Көкорай гүлдер текемет төсеп бөктерді жапты. Тұлпарым менің – айдаһар тектес, жолдасым дер ем, Жансерігім боп жанымда болды жол басып ерен. Отаным үшін от кешіп, белдескенде төпелеп жаулар, Тұлпарым болды серігім менің көңілімді аулар! Ел үшін өзім басымды аман сақтауым керек, Алдында елдің борышымды адал ақтауым керек. Қылышпен шауып, қылышпен отап, қылышпен сеуіп, Тау! Даңқыңды биік көтеріп, жақтауым керек! Жардан жалғыз жапа шегіп құласа егер, Дəулет-Жар шайқасқанда шауып жаулар, Біздер үшін қайнаған күн мына шебер, Қанды тұманға айналар, бəлкім, алып таулар!

Аттарды ертте! Шайқасатын сəт келді! Кезі келді алға бастар əскерді. Отан үшін аттанайық соғысқа! Бұйырады, бəлкім, бізге бақты енді! Ысқырып жебе, адырнадан аңырап, Тұлпар тулап, бұлттарды бұзып ақ нулы, Жотадан көбік жапалақтар жамырап, Шаңды көкке көтеретін шақ туды. Алтын тəждің даңқы өрледі асқақтап! Біздікі ол! Садағыңды тарт, мерген! Күні қараң қамыт киген бас қаптап, Жалбарынар сəті бітті ант берген! Дəулет-Жар тура, шындығы зор ерім ең, Шындық пен шайқас – міне біздің заң қатал. Соғыс үшін туғандар ол менімен, Жан беріскен жауынгерлер, алға тарт! Шайқас деген – жиын той. Жиын тойда секілді, Жоғалтуың оп-оңай басың кетіп кекілді. Маздатыңдар тайсалмай, жастық отын алаулы Жалған дүние бес күндік бере бермес кепілді. Алаңында шайқастың бəрі бірдей тең болар, Бай мен кедей теңесіп, осы жерде тең қонар. Қорқақ бірақ, қорынып, иттен қашқан қояндай, Атысты естіп алаңнан қашып кетіп жем болар. Ал, жауынгер сауықтап, сайран салып күледі, Астында аты ытқырып, қыран құстай түледі. Ерлігі оның қарыштап, жүз есе артты көсемдей, Еркіндікті аңсайды, елі үшін жүрегі. Қанды шайқас қайыспас Дəулет-Жардың сауығы, Бұл сауықты мойындап, сүймегендер қауымы,

Жер жастанып, көрге еніп, жер астында қараңғы, Түсіне енсін ендеше еркіндіктің дауылы! Шаттық берген жылдарым мен күндерім, Маған рақат қиыпсыңдар, қоштасам! Таубұлақтың ашқан қайнар тірнегін, Асқар таулар, биік шыңдар, қоштасам! Бұлбұл құсы бұла түнде сайраған, Аш адамға назары ауып таймаған, Анар менен тəтті алмасын сайлаған, Баулы бақша, қоштасам! Жазық дала кеңістікте кеңінен, Жүйрік атпен жүйткіп, шауып, сар желген, Жүріп өту туған елдің жерімен, Бақыт еді, жолдар енді, қоштасам! Шаршағанға шабыт берген, күш беріп, Шөлдеп келіп, еміреніп, ішке еніп, Жүзден де көп, мыңнан аса түстеніп, Суыңды ішкен бұлақтарым, қоштасам! Үйрек-қаздар сауық қылған қаңқылдап, Құдай нұры құйылған жер жарқылдап, Жарқырайды, өшпес мəңгі жалтылдап, Көркі артқан көлдеріммен, қоштасам! Ай сəулесі төбемізден қараған, Күн шуағы жерге нұры тараған, Дəулет-Жардың жүрегіне сан алуан, Мықты сенім сыйладыңдар, қоштасам!

ШЕЙДАИ (XVIII ғ.) Түрікмен əдебиетіндегі аз зерттелген ақын, ХVІІІ ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген. Оның тек бірнеше өлеңдері сақталған. НАУРЫЗ КЕЛДІ Наурыз келді – бар əлем бүгін гүлденді. Раушан гүл жайлы бұлбұлдар сайрап түрленді. Масайрап бүгін жүрекке шаттық құйылды, Жадырап жандар махаббатқа сүйінді. Бақыт бағы гүлдерден көйлек киінді. Наурыз келіп, гүлдер де көктеп құлпырды, Гүлдеді аппақ, қызыл, алтын түстер түр-түрлі. Жер менен көк гүлдерге түрлі қайырылды, Тамсана тағы таңданып, еркінен бəрі айырылды, Жадырап жандар нұрға бөленді қайырымды. Алқызыл түс наурыздағы қайықта: Лағыл еріннен балшырын бұлақ ағады. Жасыл қайың, шөлің қалсын қанып та, Қарағай оған оқтай кірпіктерін қадады. Ғашықтарың саған бүгін өлермен боп барады. Жасыл бақтарда қылықты қыздар қыдырып, Раушан гүлдей жүректері құлпырған.

Айға нұрын шашқандайын құбылып, Есеңгіреді Шейдаи сұлулыққа нұр тұнған, Сұлулыққа сүйсініп, су тамады ұртыңнан. ПЕРИЗАТЫМ МЕНІҢ Тыңдаңдар бектер, ғашықтық менің əнім бар, Перизатымды жырлаймын! Өтірік айтсам қара майға малыңдар, Перизатымды жырлаймын! Пейіштегі хор қызының жақсысына тең келер, Пейіштегі ең қырағы сақшысына тең келер, Жүз мың сұлу болса дағы жалпысына тең келер, Перизатымды жырлаймын! Ерке сөзбен тірілтеді, жан береді өліге, Қабақ түйсе тірілерің енер тіпті, көріне. Толған айдай толықсыған нұр шуағы төгіле, Перизатымды жырлаймын! Сүмбіл шашы жіп-жіңішке шыбықтан; Бір сөзіне-ақ бүкіл жандар құныққан. Бір қараса құлы болып құтылмайсың құрықтан, Перизатымды жырлаймын! Қабағына қараған жан көз алмайды ішкері. Маржан тастай тізбектелген тістері. Жібек шəлі өрнектелген өзіне тəн күшті еді, Перизатымды жырлаймын! Жүрісі жұмсақ тауыс құстың мекиені секілді, Жаным құрбан кір шалса егер бетіңді, Ай мен арай қызғанады не түрлі, Перизатымды жырлаймын! Көркіне оның көз тояды – ғажап ғарыш жарығы, Одан асқан сұлу жоқ дер көрсе егер Тəңірі,

Жүріп өткен ізіне оның мың қыз татыр кəнігі, Перизатымды жырлаймын! Шейдаи оны ойлап бүкіл ғұмырында бақытты, Балдай тəтті бұлағынан құмартып жұтпақ ақықты. Өле-өлгенше құл болам деп босағасына жатыпты, Перизатымды жырлаймын! ҰЛЫММЕН ҚОШТАСУ Амалым жоқ, жан балам? Қайда болсаң бірге едім, Өзіңменен бөлістім сезімім мен жан азабы күрмеуін. Еркелетіп кеудемде сен ойнадың. Бірге ішіп, бір жедім, Бара ғой, жаным, бара ғой! Алла болсын серігің! Маған, қалқам, көктем бақта раушан гүлдей жайнадың, Сен бір сирек асыл ақық. Балдан тəттті ең, қаймағым! Санам менің, ақыл-ойым, бар тынысым бойдағым, Бара ғой, жаным, бара ғой! Алла болсын серігің! Жаным менің, сенен бөлек қалай енді күн кешем? Құдай жар боп қолдасын деп дұға етемін, тілдесем. Пайғамбардың шапағаты төгілсін тек шын көсем! Бара ғой, балам, бара ғой! Алла болсын серігің! Басым менің сеніменен жоғалды. Қайтем енді сен жоқта? Қанға малған жүрегіме енді ешбір ем жоқ па? Сенен бөлек күн кешетін күш таппаспын сен жоқта. Бара ғой, балам, бара ғой! Алла болсын серігің! Əкеңмін мен, Хуршит жаным, бөлек жолға айналдық, Өксігі бір, зары да бір, безектеп бір қайғы алдық. Мұңға батып, көйлегімді зарлап жырттым кеудеден, Жаным жара, қанға бөкті, сағынышыңа байландық. Бара ғой, балам, бара ғой! Алла болсын серігің!

СҮЙІКТІМДІ КӨРМЕДІҢ БЕ Бозторғайлар, қалықтаған көктегі, Көрмедің бе сүйіктімді сүйкімді? Сайрауыңнан назыңды ұқтым өкпелі, Көрмедің бе сүйіктімді сүйкімді? Ну ормандар жапырақтар жамылған, Гүл алаңдар сағынышым сабылған, Кептерлерден, тоты құстан сұраймын: Сүйіктімді көрмедің бе сағынған? Сағыныштан бұлбұлдар да сайраған, Жанымменен сүйем оны жайнаған. Қыран құстан жауап күтем, жəрдем бол: Сүйіктімді көрдіңдер ме, сай маған? Алып таулар алыстағы тұлғалы, Таутекелер көшіп жүрген қырдағы, Бау-бақшаны мекен қылған көп құстар, Сүйіктімді көрдіңдер ме сырғалы? Шейдаи, шыдай алмай жай ғана, Сұрақ қоям дəл осылай Айға да, Сенубер, Гүл кездессең айтыңдар: Сүйіктімді көрмедің бе айнала?

Сеид-Назар СЕИДИ (1768–1830) Түрікменнің өткен дəуірдегі ірі ақындарының бірі, көрнекті əскери қолбасшы. Елін жаудан қорғау үстінде қаза тапқан. Алғашқы сауатын ауыл мектебінде ашып, кейін Хиуа мен Бұхара медреселерінде білім алған. ЕРСАРЫНЫҢ ЖІГІТІ Барлық жерге даңқы кеткен ежелден, Құрметіне елдің де ерте бөленген, Жауға шапса, ең алдымен жөнелген, Кім білмейді Ерсарының1 жігітін. Санамайтын ешуақытта бергенін, Елемейтін басқа қауіп төнгенін, Ұнататын оқу, өнер өрнегін, Кім сүймейді Ерсарының жігітін. Өз үйінде ұстайды өзін жайдары, Ұрысқа енсе қалың қолдан таймады, Сейілханда2 арыстандай айбары, Кім білмейді Ерсарының жігітін. Қолға алған ісін еркін меңгерген, Күрестерде жігіттерге дем берген, 1 Е р с а р ы – түрікмен руы. 2 С е й і л х а н – жер аты.

Олжа түссе, достарына тең бөлген, Кім сүймейді Ерсарының жігітін. Зеңбіректі екі жаққа орнатқан, Жаяу əскер қолын оған қорғатқан, Қарсыласқан жауын жайпап, сорлатқан, Кім білмейді Ерсарының жігітін. Ерлігімен үлгі болған басқаға, Қайғырмаған қапталдан қан ақса да Сеидиге сенсең егер, жақсы аға, Сүй де сыйла Ерсарының жігітін! БОЛСА АТЫҢ ЕРТТЕУЛІ Ең алдымен, достым, бір ат сайлап ал, Айыл тартып, құйысқанын байлап ал, Бұдан артық бақыт, байлық қайда бар?! Бақыт деп біл – болса атың ерттеулі. Атың болса жоқтық дəмін татпайсың, Көлік іздеп, керуен тосып, жатпайсың, Алты айшылық жолды алты-ақ аттайсың, Бақыт деп біл – болса атың ерттеулі. Өзі өлмей, досын жауға бермейді, Ойдан орғып, қырға құлаш сермейді, Арманыңның асқарына өрлейді, Қорған деп біл – болса атың ерттеулі. Қандай көркем, көрші сыртқы сымбатың, Жүз қараға бермес асыл, қымбатым, Жолама оған, болсаң егер қорқатын, Болат деп біл – болса атың ерттеулі. Егер мінсең дəл осындай атқа, сен, Қолға түсіп, қор болмайсың жатқа, сен, Жауды жеңіп, жетесің зор баққа, сен, Қорған деп біл – болса атың ерттеулі.

Мəммет Уəли КЕМИНЕ (1770 ж.ш.т. – 1840) ХІХ ғасырдың басындағы түрікмен классикалық əдебиетінің көрнекті өкілдерінің бірі, есімі түркі тілдес халықтардың көпшілігіне белгілі болған сатирик ақын. Түрікменстанның қазіргі Сарагт ауданында дүниеге келіп, сонда қайтыс болған. Шын есімі – Мəммет Уəли, Кемине – лақап аты. Бүкіл өмірін кедейшілікте өткізген ақын түрікмен поэзиясының демократиялық арнамен дамуына зор ықпал етті. НАЗИРА Жастық шақта бұл жалғанның жақсылығын – ғажаптарын көріп бақ, Қартайғанда со ғажаптан көңілінде Бір жұбаныш қалады! Жастық шақта бұл жалғанның тапшылығын –

азаптарын көріп бақ, Қартайғанда көп азаптан көңілінде Бір қуаныш қалады! Өмір деген сұлу қыз ғой, сұлу қызға Сан ғашықтың бірі боп, Қол созасың, ұмтыласың, сондықтан да сарсаңы мол, мұңы көп. Бірақ, бірақ түңілме сен, өрге сүйре, өзіңді-өзің алға айда, Керуен көшіп кеткенменен, кең далада Ізі сайрап қалмай ма! Мəнгі тірлік еншің емес, мұны сенен жасырмайды Кемине, Құтылмайсың қашқанменен, барар жерің бақи мекен – о дүние. Дегенменде нали берме, көзінді тік келер күнге – шалғайға, Сен өлгенмен, мұра болып жарық дүние

ұрпағыңа қалмай ма?! ЖОҚШЫЛЫҚ Жүз сырқатым, мың бейнетім бар менің, Ауыр екен бұл ғұмырда жоқшылық. Зіл азадан кетті мазам, дəрменім. Толастамай шұбыруда жоқшылық. Алалайды алтын адам қауымын. Аштық шегіп, кетті қатып бауырым. Сұр жыландай шағып, төгіп зəбірін, Қарызымды мол қылуда жоқшылық. Ас болмаса, қинайды əрбір күнім де, Өтер жарық, ұйқы көрмей түнім де. Байға бармай, менен кетпей, үйіме Жасын төгіп, тығылуда жоқшылық. Түсе қойса колына егер тірі адам, – Белін қатты буып алып қынаған. Сосын үлкен келсаппенен қинаған... Есептейді ұруды да жоқшылық. Шер-қасірет жеңіп алды, көбейді, Назар салып кім мүсіркер кедейді? Өмір шіркін құр дүрмекпен жөнейді. Ұтты ұпайын, ұғымын да жоқшылық.

Біреуге өмір алтын қазына үйеді, Ал біреулер бос дорбаны іледі. Шошынбашы, Кеминенің жүрегі, Бізден де өтер шындығында жоқшылық! КЕДЕЙ Ұқсадым қара майға мен, Жабыса кетем жыланып. Баспалдақ болдым байға мен, Түйір құм болдым, бұл анық... Жуандар қарыз беріп ап, Дікілдер: «Жылдам төле!» деп. Ұры азғын, жəлеп бір бейбақ, Бəрінен бай сұм, не керек! Кедейді құдай қарғады, Санатқа тіпті алмады. Қаңғырмас оның жоқ күні, Əр үйден қайыр сұранып. Қойнына салып оттығын, Шылымын жүрер бір алып. Қайғыдан белі бүгіліп, Күйеді іші алауша. Көшерде халық жиылып, Отырар мылқау адамша. Жапанда кедей қалады, Тірілей қаза табады. Қадірлер байлар байлықты, Кедейлер – ата мекенді. Басынан екі қайықтың Ұстаған суға кетер-ді. Ынтық көп кедей қызына, Ол кетер ақыр қолды боп.

Кемине аш, жоқ дəм-тұзы да, Ішіне бүгін, толды от. Жапанда кедей қалады, Тірілей қаза табады. БИ-ҚАЗЫМ Жолың болсын, – шығасың сен сапарға! Қырда құйын, жел ойнақтап жүр, қазым! Менің батам сені жолда атар да, Мертігер-ау, белің мықтап, би-қазым! Жүру қиын, күн күйіп тұр барынша. Емдеу қиын, жүрек кенет жарылса! Ешкі киік бола алмайды жалынса, Қайтіп жазық белге шықпақ, би-қазым! Ел сөзінше – сен өтірікші куəсің! Елдің сөзі – ақиқат сөз, ұғасың! Жалған сөзді саудаға сап тұрасың Сатып алам деген жұртқа-ақ, би-қазым! Кеминенің батасынан өлерсің. Сен – халқыма қадалған бір кенесің. Кек алатын күн де келер, керерсің, – Əлі-ақ сені кедей құртпақ, би-қазым! БАТА Аралаңдар дүниені, жігіттер: Жақсы жылдар ұйып мида қалады. Ойна да күл, алыс жолға шығып көр. Тамшы шаттық мұхит мұң да қалады. Өмірді бір сұлу қыз ғой дер еді, Бақытсызға жүз қасірет береді,

Көш кетеді, естілмейді өлеңі, Ізі бір-ақ тұнып құмда қалады. Кеминенің сөзі рас, бір өлесің, Азап шегіп, көрге ақыры енесің. Байлығынды өлшеп өзге көрер шын, Əлем бірақ ұрпағында қалады. ОРАЗ Сүйеніші, қалқанысың халықтың, Көз жанары, дарқанысын. халықтың, Арыстаны, көкжалысың халықтың, Жау қанына еш тоймаған сен, Ораз! Қару сайлап жау жатыр жар астында, Сауыты үсте, дулығасы басында. Ат ойнатып, шықтың, ашық қарсына. Дүниені көп тойлаған сен, Ораз! Кемине ме жалған сөйлеп алдаған? Тура айтады – кім жақсы, кім оңбаған. «Қім ер?» десе, «Ораз» деуден танбаған. Даңқы шыққан, жұртты ойлаған ер Ораз! * Қандай күн, қандай өмір орнағаны! Ештеңе көңілімді толғамады. Кісі өліп, мал қырылып сор қамады, Қорқытып босағадан тамұқ кірді. Жақсы мен жаман судай араласты, Бытырап бір үйлі жан қарабасты. Үндемей кедей сорлы жаман састы, Əйелі күнəлі-ау, деп бағып тұрды.

МƏХРИБАН Туған жер қалды соңымда, Соңымда қалды ай нұрлым. Өзімнен болған сорым да: Тағы да міне, қайғырдым. Жаным бір лаулап жана ма, Ішім бір толды санаға; Жақсы ғой бірақ нала да: Жадымда кетті ай нұрлым! Мəхрибан мұңын білемін, Ернін бір шие дер едім. Қорғаннан шығып жөнедім. Көктемгі гүлден айырылдым. Түрікмен болсын, жат болсын, Қорғаны оған сақ болсын. Жалшысыз қалды-ау ақ досым, Кеминесіз қалды-ау ай нұрлым!

МОЛЛА НЕПЕС (1810–1861/62) Көрнекті лирик ақын. Ауыл мектебінде сауатын ашып, кейін Бұхарада оқыған. Ел аузынан жеткен əңгімелерге қарағанда, Молла Непес сатирик ақын Кеминемен тығыз достық қарым-қатынаста болған. Махаббат лирикасының шебері ретінде танылған ақын, сонымен бірге белгілі бахшы-музыкант та болған. Өз өлеңдеріне əн шығарып, өзі орындаған. Оның қаламынан көпке танымал «Зухра мен Таһир» дастаны, сондай-ақ көптеген лирикалық əн-жырлар туған. ЖАС АРУ Періште ме, пері ме едің, кім едің! Көңліме нұр көктем боп түнедің. Тəңіріден бір өзіңді тіледім, Тіл қатпайсың, неге маған жас ару? Жұпар иіс, анар төсті ғашығым. Құрсауында қалдым қолаң шашыңнын, Сенің жылан бұрымыңа бас ұрдым, Жүрегімді бердім саған жас ару? Қайғылымын, күнім қараң, бұлыңғыр. Басыбайлы мен өзіңнің құлың бір. Тілерсекке түскен қара бұрымды, Көремін де мас боламын, жас ару!

Қадама сен маған қатал көзіңді, Естиінші дертке шипа сөзіңді. Ұмыттың ба уəде айтқан кезіңді? Сөзді жерге тастамашы жас ару! Өз қолыңа тағдырымды тапсырғам, Жаза алмаспын құшағымды қапсырған, Рахатым, райыңнан қайт жылдам! Бақыттыңды тастай көрме, жас ару! Сен бір ханша шаң тимеген көркіңе, Сəуле болып қам көңліме кел, түне! Алла мені берді сенің еркіңе, Атың аян бұл əлемге жас ару. Непесің бұл сені ғана жыр еткен, Алып таста дертті шерлі жүректен! Мен байғұстың аһ ұрумен күні өткен. Рақат бер, азап берме, жас ару! * Теңдесі жоқ көркіңе Бұл ғаламда, сүйіктім. Өзің менің дертіме Дауа болдың, сүйіктім. Толған айдай келбетің! Маған қарай берме тым. Кезсем-дағы жер бетін Сендей жан жоқ, сүйіктім. Қу шөп мендей жанар ма? Құмарым бір қанар ма? Сенсіз күнім қараңғы, Мұнар сағым, сүйіктім. Қол созам ба жыраққа? Махаббат бал-бұлақ па?

Ая мені, жылатпа! Сені аңсадым, сүйіктім! Шаштарың-ай, шаштарың, Өңім тайды, қашты əлім. Жат көзінен басқаның Сақта өзіңді, сүйіктім. Жүз мың сұлу тұрса да, Тең келмейді бір саған. Күндіз шыдап мұншама, Түнде өртенем, сүйіктім. Көз қарасың жүректі, Оқ боп тесіп бір өтті. Еркімді алды, жүдетті, Үмітім сен, сүйіктім! Сенің қатал қарасың, Ашты жүрек жарасын, Мəжнүн қылып барасың, Халім бітті, сүйіктім! Кірпігің-ай, кірпігің, Ернің сенің – гүл, күнім. Нұрлы бақша – дидарың Кімді күтті, сүйіктім. Сен таң нұры ойнаған, Қараса көз тоймаған. Көп толқимын, ойланам, Ынтызармын, сүйіктім! Тыңда, байғұс Непесің, Көрді азаптың көкесін. Сүйгені сен екенсің – Жүректе сен кетесің!

ЖҮРЕГІМ Сүйіп сені отқа түстім тіпті мен, Жүрегімді жолға төсеп біткен ем, Махаббаттың ғадауатын күткенмен, Қасіреттің құлы болды жүрегім! Қызғалдақтай көктемде сен гүлдедің, Қол жетпеді, не істерімді білмедім. Бұлбұлың боп бақшаңда мен жүрмедім, Таба алмады саған жолды жүрегім. Жанарым – бұлт, жаным менің жаралы, О, сүйіктім, сорлатпасаң жарады. Бұл ғашығың күнде күйіп-жанады, Езілді ғой менің есіл жүрегім! Мұңлы ғана ұғар менің жанымды, Мен бір Мəжнүн, баса алмадым зарымды. О, махаббат құрсаң да азап-торыңды, Бағынышты менің мына жүрегім. Қызғыш құстың қанатындай қастарың, Көз жасым көл, күйіп-жана бастадым. Өртін неге көңілімнің баспадың?! Жалынышты бір өзіңе жүрегім. Бұл əлемде жоқ өзіңнің теңдесің Көкірегіме от-жалын боп енесің. Бұлбұл құсым, ұшып кете көрмеші, Бұрымыңа оралып тұр жүрегім. Сенің үшін құрбан мына Непесің, Қандай жұрттың қадіріне жетесің. Арманымды аттап неге кетесің, Түсті сенің тұзағыңа жүрегім!

БОЙЖЕТКЕН Ұқсамайсың керген түске бұрынғы, Бейіште сен жаралдың ба, бойжеткен. Ақ төсіңді аймалаған бұрымды Жырға қосып жабығамын, бойжеткен! Қалтырайды ханша біткен алдыңда, Сұлуларды алдыңа сен салдың ба?! Махаббаттың құшағында қалдың да, Лəйлі қыздай атың шықты, бойжеткен! Тұлғаң сұлу Алма ма əлде ажарың? Тісің – мəрмəр, ерінің – бал, о жаным. Тəңірім кімнің маңдайына жазарын Біле алмадым, білмедім мен, бойжеткен! Қызғалдақтай алыпты деп киініп, Күн сыпатты тақияңа сүйініп, Непес сенің құдіретіңе иіліп, Жырға қосар он үш жасар бойжеткен!

ТАЛИБИ (Мұрат шайыр) (ХІХ ғ.) ХІХ ғасырдың орта шенінде өмір сүрген ақын. Мұрат шайыр деген ныспымен де белгілі. Көптеген өлеңдері мен «Сақыпжамал» атты лирикалық дастаны бар. Оның шығармашылығына Кеминенің демократиялық поэзиясы мен Мақтымқұының əлеуметтік-философиялық лирикасының əсері тəн, өзіне дейінгі атақты ақындардың жырларына еліктеушілік басым. КЕДЕЙЛІК Тағдыр, саған келтірмекпін күпірлік, Мардымсызға қашанғы етем шүкірлік? Бейнетіңмен белімді де бүкір қып, Сен тауыстың көздің нұрын, кедейлік. Байлық деген қолдың батпан кірі ғой, Кедейшілік – кəріптіктің бірі ғой, Бардың қолы ұзын əрі ірі ғой, Үстіме арттың қайғы жүгін, кедейлік. Жүрегіңнің түкпіріне бүкпе кір, Шын досыңнан жасырмассың түкте сыр, Туыс пенен байдан жəрдем күтпе бір, Аяғыма тұсау салды кедейлік. Жатсам жоқтық ойымнан еш кетпейді, Жүрсем əлім қарыс жерге жетпейді,

Қолым қысқа, тағдыр маған не ет дейді? Алдымдағы арманды алды кедейлік. Достарымды көре қалсам, қашамын, Күте алмайтын болғандықтан, сасамын. Езілдім ғой, қайсы белден асамын? Өлтіретін болды-ау, жарымес кедейлік! Талиби, сен бірақ, бұған мұңайма! Дұға оқы, құлшылық ет құдайға, Өзің талпын, үміт артпа бұ байға, Мəңгі-бақи бола бермес кедейлік! КƏРІЛІК Əлдеқашан тарқап жастық базары, Беттен тайды жігіттіктің ажары. Ендігі ем – тура келген ажалы, Кəріліктен жаман дерт жоқ, достарым. Ауру да аз шипа-емі табылмас, Бірақ қарттық ешқашанда жазылмас, Бұған келсе, ажал шіркін жаңылмас, Кəріліктен жаман дерт жоқ, достарым. Жөні түзу ауызда бір тісім жоқ, Махаббатпен енді менің ісім жоқ, Жұртқа ұнар, жарасымды түсім жоқ, Кəріліктен жаман дерт жоқ, достарым. Деме балаң қартайғанда қарайды, Жатыпішер бір масылға санайды, Шалдың үстін енді кімдер жамайды? Кəріліктен жаман дерт жоқ, достарым. Еңсем түсті, ұстай алмай өзімді, Тыңдамайды балам да айтқан сезімді, Күңгірттеніп, шел де басты көзімді, Кəріліктен жаман дерт жоқ, достарым.

АШИКИ (1830 ж.ш.т. – ө.ж.б.) Түрікменнің белгілі ақындарының бірі. Хорезм алқабының бір ауылында дүниеге келген. Ақынның шығармашылығы аз зерттелген. Ашикидің бізге жеткен өлеңдеріне қарап, оған Мақтұмқұлы поэзиясының көп əсер еткенін байқауға болады. БӨЛІНУ Жер бетінде қанша жол жүріп өтсең де, Уақыты келіп, тəннен жаның бөлінер. Салғыласқан өтірік пен шын, көп сенбе, Бастан сана айырылғанда бəрі бөлінер. Қыс – кəрілік ұйықтатар жүректі, Махаббат та оята алмас түнекті. Дірілдеп тізе, көзіңді түнек басады, Қисық қабырға күші тайғанда бөлінер. Кім пайғамбар, кім аяр? Адамды қалай танырсың: Тілінен тəтті у тамды ма, бал тамды ма, жаңылсын? Аузың толы тіс болса да, – шөп қана жеп тамақтан, Мың тағамнан ажыратар дəм қалай бөлінер. Қиналғанда əкеміздей бізге жəрдем таратқан, Күлден бүкіл ғаламшарды жасай білген Жаратқан. Бəлекет жігіт соңғы лағынан айырылар, Кепкен жапырақтай ақшаларын талатқан, бөлінер.

Сөз бен істі ерте ойланып, абайла сен қалайда, Қырыққа дейін бейнетсіз жет, жарай ма?! Шарапқа толы шарадай басың мидан бір күн – Айырылар, келген бұл зұлмат талайға, бөлінер. Өлгеннен соң керек бізге еске алардай естелік. Өміріңнің əр сəті ыстық тірі болсаң көшке еріп. «Жесір қылма, Жаратқан!» деп жалбарынсын көк аспан, Көрге кірер жарың жəне бірге жүрген дос келіп, бөлінер. Екіжүзді достарыңды босағадан жіберме. Көргенсізді жек көре біл, Ашики, қуана біл, түнерме! Жиырма бес жас – жастық шақтың мезгілі, Ол да кетер бүлік бастан бағынбаған жүгенге, бөлінер. СИЯҚТЫ Бейбітшілік, келісім жоқ арасында туыстың, Достар жеріп, сүйікті дос жалықтырған сияқты. Кездескенде тіл байланып, сəлеммен тек суыстың, Жаныңнан кеп жанап өтер, танып тұрған сияқты. Шамаң келсе, қонақ қарсы ал, қақпаны аш, Кедей болсаң ешбір досың есігіңе тоқтамас. Сүйегі жоқ сұйық болса егер сөздерің, Үрген иттей қадірің жоқ, лақпа бос. Шайқаса алар ержүректер халқына бақ əперер. Ал, қорқақтар масыл болып, елге зұлмат əкелер. Өткір тілі өңменге өтіп, өзегіңді өртейді, Темір сына секілді, жүрегіңе қатер ол. Жарқыраған алтын сəуле көз байлап, Жақын досты ашу-ыза көндіреді жез қайрақ. Жүз түменге сөз айтқанмен көсемсіп, Шаң қаптырған сияқты тиын бермес созбайлап.

ЗИНХАРИ (1813–1874) Түрікменнің өткен дəуірдегі көрнекті ақындарының бірі. Қазіргі Шаржау облысы Қалаш ауданы Есенмеңлі ауылында дүниеге келген. Ұсталықты кəсіп еткен. Зинхари жырларында Мақтұмқұлы, Зелили, Кемине өлеңдерінің əсері өте күшті байқалады. Ақын тұрмыс тауқыметі мен ауыл жəне қала қоғамының əлеуметтік жағдайын көп қаузады. ӨСІМҚОРЛАР ТУРАЛЫ Дөрекі надандар біреудің еңбегін қанайды! Дінді айтып алаяқтар алдайды кеп, талайды. Дүние жинап, белшесінен батқандар бар балшыққа, Қалай ғана сумақайлар ажал жоқ деп санайды? Жексұрынды жын-шайтандар қолдайды, Кедейлерді жалаңаштап шешіндіріп қорлайды. Рақым жолдан ала қашып, сор соқпаққа бастайды, Сумақайлар деп ойлай ма ажал мəңгі болмайды? Тиын-тебен азғантай-ақ теңгелерге алтын ап, Айлакерге ар мен ұят бірдей екен, сандырақ. Өсімқорға даңғойлық тəн – сан ғасырдан сақталған заң, Сумақайды құрт жемес пе жер астында жартылап? Қиын заман, бəріне емес бірақта бұл, достарым: Бұдан былай жексұрынның өтеуіне табыс түспек қас қағым.

Ар алдында шімірікпей күнəһарлық күледі... Сұмырайға ажал оғы қадалмай ма, тос бəрің. Қылмыстар мен қараңғы істер күннен-күнге қаптады, Пайда қайда болса егер сонда қылмыс көп тағы. Өсімқорлар қаулап барад, бар əлемді биледі... Сұмырайға қиямет күн тумас па екен ноқталы? Басып ап байлық, рақатты күн кешеді, Күннен-күнге күнə менен кінə артып бес елі. Өсімқорлар ойындарын сеніп алға бастауда, Сұмырайларға да өлім бір күн көшеді! КӨКНƏРШЫЛАР Туған үйден көкнəрлардың көгалы артық оларға, Өлім уын сепкен оған қуанышы көкнəрдың. Палауға жоқ! Тиын берші, бір күндік нан аларға! Күннен-күнге солдырады уланышы көкнəрдың. Қалғып-шұлғып əр бұрышта отыр, əне, мəңгіріп, Əңкі-тəңкі, көзі аларып, қарағаны əңгүдік. Өмір емес, армандары – көкке тұман түтету, Адам мен жер рақаттары керек емес мəңгілік. Кесесінен уланған шай ішіп əлек тынысы, Мынау кесе – тамсандырған тəтті қиял ыдысы. Өлі халде олар да бір көбелек. Адамдардан қашады, Дозақтайын ақиқаттан қашқақтайды көкнаршы. Тістері жоқ, бет-өңдері кеуіп кеткен сап-сары, Шүңірейіп ішке кірген көздері, сақалдары ақсары. Құрт ауру келсе дағы түк болмайды оларға, Өткен-кеткен қарасына уланады көкнаршы. Зинхаридің пікірі бар: ақыл-кеңес керек емес оларға, Сəлде астында сұмдық осы таралуда жаранға. Тобырлардан қайсы болсын сатып, тауып алады, Осы міне – көкнар үшін көкнаршылар талабы.

КƏТИБИ ТАҒАН (1820 ж.ш.т. – 1881) Көрнекті түрікмен ақыны. ХІХ ғасырдың бірінші ширегінде Ахалтеке алқабындағы Копеттаг ауданы Қараған ауылында дүниеге келген. Өлеңдері көбінше лирикалық сарында, махаббат, достық пен ерлікке адалдық жəне табиғат сұлулығы жайында болып келеді. ШАЙҚАП ҚАЛ Қайран, достым, сүйіп-күйгіш көңілдің Мезгілі өтіп кетпей тұрып шайқап қал! Қос шеңгелі жез тырнақты өлімнің Алқымыңнан алмай тұрып шайқап қал! Мерт қып мың сан пенделердің талабын, Талайлардың жалмап жұтқан қарағын Бұл қара жер саған да ашып аранын Табытқа əкеп салмай тұрып шайқап қал! Ақиқаттан іздеп көңіл іңкəрын, Дəулет жиып, тіршіліктің қыл қамын, Ұл-қыз өсіп өркен жайған ұрпағың Құрып бітіп кетпей тұрып шайқап қал! Қонақ келсе, құшақ жая қабылда, Қайыршыдан садақа аяп тарылма, Ет, сүйегің құмға айналып шағылда Шіріп бітіп өшпей тұрып шайқап қал!

Уа, Кəтиби, білме уайым, қайғыны, Сүй, тірі жүр, есерлік құр! Қай күні Өмір – қайық, тағдырдын, сұм айдыны Жұлып-түтіп бітпей тұрып шайқап қал! ЖӨН ЕМЕС Өсер жұрттың ынтымақпен көсегесі кегерер, Ағайынға аузы ала боп, ырылдасқан жөн емес. Болған істің қайырын күт, қайғысына көне бер, Басты ауыртып босқа еңіреп шуылдасқан жөн емес. Халық үшін жас ер керек ақ алмастай кесетін, Арыстандай арпалысып жібермейтін есесін, Əңгімеге жөн сөз керек іс түйінін шешетін, Құр бекерге қызарақтап дуылдасқан жөн емес. Өз жанының оты сөніп, жаутаңдаған өзгеге Шариғатты жатқа айтса да, ақыл деме, сөз деме, Ондай жаннан қолдау күтпе, одан қайыр көздеме, Кез келгенді пірге сайып бас шұлғыған жөн емес. Құлшылық қыл буыршындай буырқанған еріңе, Өле-өлгенше жанталасып жанын салар еліне, Əйітпесеңіз, бақташысыз айдап салып бөріге, Көз алдыңда бар малыңды бос қырғызған жөн емес. Дос жаранмен болсын бірге соңғы дəм мен баспана, Олар берсе, құр кекшиме, қара суын ас сана. Миың болса, Кəтибидің сөзін жерге тастама, Есерлермен дауласам деп басқа ұрғызған жөн емес.

Анна Қылыш МƏТƏЖІ (ХІХ ғ.) ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы ірі лириктердің бірі, Молла Непес дəстүрін жалғастырушы. Қазіргі Ашғабатқа жақын Кеші ауылында дүниеге келген. Ақынның туған жылы белгісіз. Таза лирикалық өлеңдермен қатар əлеуметтік тақырыпқа да өлеңдер арнап, басқа елдің шах-хандарымен соғысқан түрікмен жігіттерін жырға қосты. ТҰЛПАР Батырлардың жан серігі сен туралы жырлайын мен – тұлпарым; Түсті парша, алтын жіпті жабу жапқан ыңғайыңмен – тұлпарым, Желмен жүйрік жарысқанда жебедей боп зырлайын мен – тұлпарым; Патшадай дəл сəніңе бұл шах та басын шайқайды ғой – тұлпарым; Мойның ұзын, төсің аппақ, жалың қалың қайқайды ғой –

тұлпарым. Бəйгелерге сұлу қыздай сылаң қағып шығасың, Аспай-саспай сайрандайсың, озарыңды ұғасың. «Шап!» дегенді естігенде құйындай боп ұшасың, Сипаласам тұяғыңмен жерді тарпып құшасың, Аты əйгілі Рүстемнің ұлына қызмет қыласың, тұлпарым!

Сауық-сайран, аңшылықта көзді баурап, арбайсың, Жұлдыздай боп жарқыраған көзіңді бір алмайсың. Тікірейген қамыс құлақ, құйрық-жалың толқындап тұр, Қырғауылдай баяу басып ауада ұшып самғайсың; Қияметте қыл көпірде бірге болам, қорғайсың, тұлпарым! Бəйге болса бəрі қалар қанатсыздан басқаның, Сұлу сұңқар, кербез кептер – бауырың мен достарың. Жүз түйемен бағалы байлық əкелсе де қаншама, Сатпаймын мен бектерге еш қандай құнға алса да, Мың түменнен артық тұрар тұлпарым бұл соншама!

ЗЕЛИЛИ (1800–1852) Түрікменнің өткен дəуірдегі көрнекті ақындарының бірі. Шығармашылығындағы басты тақырып – туған еліне, халқына деген сүйіспеншілік. ОТАНЫМ Тар қапаста сені медет көргемін, Ынтызармын өзіңді аңсап, Отаным. Атрек, Гүрген – кіндік кескен жерлерім, Ынтызармын өзіңді аңсап, Отаным. Қарақұйрық, тур1 қаптаған қыраттар, Сыңғыр-сыңғыр суы аққан бұлақтар, Көңіл ашар көк шалғында құрақтар, Ынтызармын өзіңді аңсап, Отаным. Миюасы тұтас кілем бақтарым, Аң аулаған қалың жыныс шатқалым, Көрермін бе молшылықтың шақтарын, Ынтызармын өзіңді аңсап, Отаным. Жап-жалаңаш жүре берер қысыңда, Малға оты мол көктеменің тұсында. Жайлауында аш қалам деп қысылма, Ынтызармын өзіңді аңсап, Отаным. 1 Сиырдың жабайы түрі

ҚАРА ШАЙЫР (т.ж.б. – 1884) ХІХ ғасырдағы түрікмен халық шайыры. Халық жадында Мерв (Мару) гимні ретінде 200 жылдан бері сақталып келе жатқан «Мару Шахи-Жахан» («Мару – əлем əміршісі») тарихи патриоттық əнінің авторы. Оның шығармашылығынан бүгінгі күнге бірнеше өлең ғана жетті. МАРУ – ƏЛЕМ ƏМІРШІСІ Əлемнің əміршісі – Мару қалам, Көп ғұмыр бақыт құшып сүрдім сенде. Хангечен берді базар, бағын маған, Саудамен қызық дəурен құрдым сенде. Жігіттер қаруларын сайлап, баптап, Мəслихат кеңес құрып, келісуде. Насреддин шахты мен марапаттап, Көндірдім дегеніме сен үшін де. Алысып арыстанша майдан кірдім, Рүстемнен асып түсті ерлік ісім. Қырандар қан қырғында сертте тұрды, Жан алып, жан берістім өзің үшін. Шиит, сүннит ұрпақтарын ұзақ билеп, Мирас қып Абдолла хан сені елге.

Кез болды Солтан Гəвүр тынған күйреп, Көп қызық одан соң да көрдім сенде. Вели нама Байрам Али ханнан алып, Түрікмен бектеріне берді сені. Өзіңде дəурен сүріп біздің халық, Үш ұрпақ тоқсан жыл өтті содан бері. Жырлайды Қара шайыр ақын қартың, Тереңнен жүректердің шерін қозғап. Қаһарман ұлдарынның өшпес данқы – Ерлікпен шейіт болған сені қорғап.

ДОСМАМЕД (ХІХ–ХХ ғ.) ХІХ ғасырдың соңы, ХХ ғасырдың басында өмір сүрген халық шайырларының бірі. Оның өлеңдері мен жырларынан Мақтымқұлы, Кемине, Молла Непестердің классикалық поэзиясының əуендерін кездестіреміз. ЖАС БАЛАҒА САТЫЛҒАН ҚЫЗҒА Ақжарқыным, құлағың тос, менің айтар кеңесім, Бəйшешектей бүр жарыпты бойың менен дене шын. Жаналғыш-көз жан жаулапты; қабақ-садақ, атқыла көз жебесін! Жігіт қума, жас баланы мазақ қылма, көресің; Құдай куə, естен кеттің! Азабынан аулақ бол, көнесің! Сен балаға ынталанба, өз құныңды бағала, Жаның сөнер, қадіріңді арттырғанша балаға. Рақат көрмей оныменен жер аумақсың далаға. Құмарың – күл, нəзік тəнің күлге айналар қарала... Есік ашып, бұл өмірде кезігерсің жараға! Көз алмайсың қарап оған. Ойлайсың ғой: «Өсер!» – деп, «Құмар қанып, жаным бақыт кешер!» – деп. «Күйеуім боп, қайғым бастан көшер!» – деп. Үмітің көп, айналшақтап айтасың: «Алдыма гүл төсер!» – деп Үмітіңді үз, армандама, мұның бəрі бос еңбек!

Гүл сияқты күнің келді. Күн өтер – гүл солады, Солған кезде жасы келіп еркектермен бір болады. Басқалардың аяғына басын ұрып, саған көзін құр шолады. Қаның қайнап, жаның күйіп, ажырасар күн болады. Осы күні басқа төніп, өлім берер түн сорабы. Мəнісі жоқ күн туады, шаттық кетер жаныңнан, Күннен күнге – сордан сорды көресің өз жарыңнан. Жаман, жаман, жас бала кеп жарың болып табылған! Сендер екеу – ал, біріңнің көзіңнен жас ағылған... Өкінішті, өзің барып түнекке еніп, жаңылған! Досмамедпін, мен мұңлы. Сен бəлеге жолықтың. Жүрек бағы, көз мақтаны – нəзік кеуде, көріктім. Шарап толы ерінің-ай, күні-түні арманым сол соны ұқтым. Жарқын күнді жоғалтпағай, несіне сен торықтың?! Обал сенің жастық шағың, нəзік көркің, солай сені қорыттым! ҚҰМАРЫМЕН КҮЙДІРУ Көктем кеп қайта гүлденіп бақтар, бұлбұлдар тағы сайрайды, Көңілсіз əнді құмарлық қозғап, бойында қаны қайнайды. Қаракөз ару торуылдап жігіт жолына көзін қадайды, Жалт қарап жанды сүйсінтіп оны, жанарыменен байлайды. Балшекердей ернінен мəңгі ажырымастай боп сүйсе ғой; Өрімдей сұлу бəденін құшып, төсіңе-төсің тисе ғой. Құштарым қанып тұңғиық терең жалықтырмайтын жанарға, Көзіне көзім қадалып қалып, отынан көзім күйсе ғой. Бір-ақ қарап тұтқындайды, барлығы оның құрбаны, Жанды тəннен айырады бір қараса жанарының нұрлары. Бір қараған жанды тербер отты көзден мас боласың, Есіңді алар толқындаған қолаң шашы бұрмалы. Көрге дейін Досмамедтің шапағы оның көзінде, Білерім сол соның үшін көбі жетпес төзімге. Келбетінде меңі болып көзім менің тұтқында... Қыпша белі құмар қылып, өртенемін өзім де.

ДƏУЛЕТ МƏМЕТ (ХХ ғ. басы) ХХ ғасырдың бас кезінде өмір сүрген халық шайыры. Оның өлеңдерінде махаббат лирикасы əуендері мол. Шығармашылығы Молла Непес поэзиясымен үндескен. МАҒАН Алқызыл сұлу жүзіңді көрсем, Қол созып, ал менің еркімді. Жүрегіме сырды үзілтіп берсең, Емдейді шерлі дертімді. Жастық шақ – көктем, данышпан білер, Ал, ақымақтарға тек тықыр. Қып-қысқа ғұмыр алыстан күлер, Жастық шағын оның текті қыл! Алқызыл көйлек киіп кел маған, Отыңа өртенем тамсанып. Кеудеме кеуде тиіп бер таман, Армандап соны аңсадық. Сенімен болсам мəңгілік бірге, Гүл болып өсем бағыңа. Айналдырып жанды əңгүдіктікке, Сағындырып қоймақсың тағы да.

Дəулет Мəмет зарлайды жырмен: Махаббатсыз өмір бос; Жібітіп беріп таңдайды нұрмен, Тілегім беріп, көңіл қос! СҮЙІКТІМ Азапқа батам жүрекке зілдей дерт еніп, Сүйіктім менің, өріктей гүлдеп бойлаған. Қайтсем екен, сезімге барам өртеніп, Сүйіктім менің, аппақ қардай жайнаған. Қолаң шашың екі жардың мүгіндей, Көрген адам жараланар мəңгілік. Аузың – маржан, тісің інжір түгіндей, Сүйіктім сен, көркің күндей сəн құрып. Келбетің аппақ қанатты бұлттай көктегі, Масайратар тəтті сөзің тең келмес. Құралай көз, нəзіктігіңе хор қызы да жетпеді, Сұлтаным өзің, түсіме мəңгі өңге енбес. Құрбы қызыдар, теңдесі жоқ дарасың, Таңданысып гуілдеген айналаң. Жаулап алды бəрін сұлу қарасың, Сүйіктім-ау, бəрін өзің байлаған. Алтынменен əдіптелген тарағың, Рақат кешер қараса егер жанарым! Дəулет Мəмет армандайды, жарым деп, Өзің келіп айтса екен деп, қарағым! ӨТІНЕМІН ӨЗІҢНЕН Алдымда сен, алқызыл түс алалы Күліп-ойна, өтінемін, əнге кел! Сөзің дауа жанымызға жаралы, Сырыңды ақтар, өтінемін, жөнге кел!

Жаратушы гүлдей баптап өсірді, Көркіңе мен болдым құмар құрбаны. Көзім жетім көрмесе егер өзіңді, Өтінемін, қылып алшы өзіңе сен құл дағы! Қол сермесең жанымды сен аласың, Кетсең егер жүрегімді жарасың. Қашан мені аймалайсың, сүйесің, Қашан бірге түнейтін түн табасың?! Екеумізге жол бермейді дұшпаным, Көре алмайды сені сүйіп құшқанын. Құлың болам, саудалап ал мені сен, өтінемін, есігіңді аш, құштарым! Дəулет Мəмет атым менің тануға, Түніменен, таң атқанда, күн барда, Шақырамын от болуға, жануға, Өтінемін, қос жүрекпен қосылайық бірге алға! СЕНЕН БАСҚА ҚЫМБАТ МЕНДЕ ТҮК ТЕ ЖОҚ Жанары жайнап, қабағы садақ қадалған, Сенен басқа қымбат менде түк те жоқ. Сұлулықтың иесі өзің сəні арман, Сенен басқа қымбат менде түк те жоқ. Келген еді отбасылық құрбымыз, Жылап, зарлап еңіредім тіпті көп. Қайдасың сен, сүйіктім-ау, нұрлы жүз, Сенен басқа қымбат менде түк те жоқ. Бəрің бірдей болсаңдар да құралай, Қызылқанат сонасың сен, мүк керек. Сендерменен шер тарқайды шыдамай, Сенен басқа қымбат менде түк те жоқ.

МОЛЛАДҰРДЫ (1859–1924) Түрікменнің халық шайыры. Өлеңдерінде сатиралық сарын басым. ШЕГІРТКЕ Шегірткенің əлегі егіндікте шарқ ұрған, Баданадай дəн еді, жеп бітіпті антұрған, Ұнжырғасы түсті елдің, алды жоқтың алқымнан, Сор əкелді халыққа, жұрт ызалы, шегіртке. Қанаттары қып-қызыл, өзі сары, өрнекті, Бұлттай төніп аспаннан, ызың қағып ол жетті. Жаздай төккен тер кетті көріп небір бейкетті, Қайда ұшарын біледі қайырымсыз шегіртке. Сыңайы жоқ жасқанған, қардай жауды аспаннан, Көзді ашып жұмғанша жортуылы басталған. Типал еттің бəрін де жанарлардан жас тамған, Ашуы қозып халықтың аһ ұрады, шегіртке! Сары шекпен жамылып сайран құрған жəндіксің, Түнек етіп, аспанды, күннің өзін қалғыттың. Жайпап бүкіл егінді, ақыл, есті дал қапсың, Өлім менен аштықты сен əкелдің, шегіртке.

БАЙРАМ ШАЙЫР (1871–1948) Түрікменнің халық шайыры. Батыс Түркіменстанның Балқан таулары ауданында, малшы отбасында дүниеге келген. Жас кезінде байдың жылқышысының көмекшісі болған. Шығармашылық жолы 1891 жылдан басталған. Байрам шайыр көп өлеңдерін туған жер табиғатына жəне өмірінің көбін бірге өткізген тау адамдарына арнайды. Нағыз Отанын сүйетін ер-азаматтарды жырға қосып, қорқақтарды келеке етті. ТАУЛАР Жаса, жаса, қалың шатыр, Кешқұрымда туған тауда! Əңгімелер жанға жақын, Шертілді сан туған тауда. Аңға шығып тау жарында, Шақпақ таспен от та жақтым. Аңын көріп аңғарында, Мылтығымды, оқтап аттым. Тау бұлақтың самаласын, Қуныш пен көлеңкені, Жемісін орман таба аласың, Туған таудан өлкемдегі.

Көктем кеп қыс еріген ең Аппақ қар тау басын шалды. .Біздің қыздар меніменен Туған тауда асыр салды. Тəкаппар тау, жары биік, Маралым сен, сəні киік, Жалғыз өзім тебіреніп, Тауда жаттым жаным иіп. ҚАЛЫҚТАЙДЫ ҚЫРАНДАР Достым, біздің байырғы жер Балқан тауда, Талай кезден жігіттер бар ары мықты. Мəрт мінезді, күш жігерді талқандауға Таудың салқын табиғаты дарытыпты. Жеміс-жидек, тергеніңде артып құмар, Тау қыраты, орман ішін қараса бұл. Жұпар иісі шөптің шүйгін аңқып тұрар, Жүрегіңді жырға бөлер тамаша бір. Тауларда көп жүйрік, жылдам жайрандар, Алма ағаштар жапырағын жайған бар. Ну орман мен бау-бақшада бітескен, Шүйгін шөпте ою-өрнек сайрандар. Көктемгі бұлт, түтіндер кеп қауларда, Алтын жаңбыр жауады кеп тауларда. Қандай есім берсең дағы дəріптеп, Бəрі аласа алып тұлға тауларға. Қырандардың көзі қандай қырағы, Ақ тұйғын құс айласын көп сынады. Құстың тілін түсінсе егер біреулер, Соған қонар таудың текті қыраны.

КЕРМОЛЛА (1872–1934) Түрікменнің халық шайыры. Өлеңдерінде қарапайым адамдардың өмірі мен тұрмысынан туған ой əуендері басым келеді. ПАЛАУЫМ – ЖАНЫМ, ПЕЙІЛІМ... Дəмді ас бар ма ғаламда, Пейілім, жаным – бұл палау! Əңгіме шертіп сан алуан, Қонақ қып елді тұрсам-ау! Жүзімнен қосып ептеген Дəмдесе кетер бал татып. Мінəжат етіп көппенен, Отырса сұқбат жалғасып. Дайын тұр палау! Кел үйге, Дастарқан ашты ажарын. Көсілсін қонақ төрімде, Пейілім, жаным – палауым! Кедейлер жетсін тілекке, Сыйлайтын бəрін серімін. Кермолла ырза сүйекке, Палауым – жаным, пейілім!

ДҰРДЫ ҚЫЛЫШ (1886 – ө.ж.б.) Түрікменнің халық шайыры. Хорезм алқабының батыс бөлігіндегі ауылдардың бірінде дүниеге келген. Бозбала шағында ол бахшы болып, дутармен əн айтты, кейінірек өзі де өлең мен əн шығарды. Алғашқы өлеңдерінде қоғамдағы əділетсіздікті сынаған сатиралық сарын басым болды. Екінші Бердинтте 1916 жылы он сегіз жасар Тұмарлы деген кедей қызын алты жасар бай ұлына сатады. Қыз Дұрды Қылышты астыртын шақырып алып, оған «Менің өрт ішінде тұрған өмірім жайлы өлең жаз» деп өтінеді. Ақынның төмендегі өлеңі соған орай жазылған. ТҰМАРЛЫ Бір мықтының қандай қолы қалтырамай өртеген, Шешек жарған жауқазыңды кездестірдім ертемен. Əттең-əттең сорлы басым, ерте неге көрмедім, Келеңке боп жүрсем бірге армансызбын дер ме едім, Есімі оның Тұмарлы. Сен ақ Шолпан жымыңдаған ашық аспан төрінде, Шоқ тастайды күміс күлкің, сақта оны ерінде. Сол күлкіңді үзіп алсам, тарқар еді құмарым, Көз тояр ма сымбатыңа, о сүйікті Тұмарлым! Жаным, Тұмарлым! Көктемдегі жер-анадай жасыл желек жамылған, Құлпырасың мың құбылып көк сағымдай алдымнан.

Сүйрік саусақ аясында көрген жаннын жүрегі, Бұлтты аспан шымылдығын қашан бізден түреді? Айтшы, Тұмарлым! Уа, сұм тағдыр, оны таңдың алты жасар балаға, Амалым не аң боп мен де кетейін бе далаға. Не болмаса ұстат маған ақ саусақтың ұшынан, Жапан дүзге жөнелейін ақ бөкендей шошынған. Кеттік, Тұмарлым! Жарқылдаған жайдың оты – бостандықтың елесі, Қайда барып бақыт табам, бақытсызбын демеші. Өтер өмір өксігенмен, шық күреске бел буып, Бостандық та, қуаныш та, бақытың да тұр жуық, Қуан, Тұмарлым! Өсек-аяң бұрқыраған желмен тозып, көшеді, Қапаланба, оның бəрі су сепкендей өшеді. Бір сен емес зар жылаған, қорлық көрген байдан да, Көне заман кек тұтатып, шақырады майданға, Сілкін, Тұмарлым! Көздің жасы көл болмайды, ол жұтпайды қайғыны, Тілеме сен бостандықты келеді деп қай күні; Ізде, ізде жоғын алда – қол созады теңдесің, Қиындықсыз, арпалыссыз саған оны кім берсін, Талпын, Тұмарлым! Əкең сатты ақшалыға обалыңа қарамай, Жаутаңдайсың жан-жағыңа жетім өскен баладай. Жастай солған жауқазын деп мен жырыма қосайын, Айтшы жаным, құтқар десең, қай арадан тосайын? Айтшы, Тұмарлым! Сылдыраған шолпыларың əлде көздің жасы ма, Əкелдің бе қара түнек əлде менің басы ма. Сені көріп сергелдеңмен азап тартқан сорлымын, «Сендікпін!» де, көтерейін тағдырыңның қорлығын, Келші, Тұмарлым!

Ата САЛЫҚ (1908–1964) Түрікменнің халық шайыры. Мұрғабтағы Шор-Тепе ауылында туған. Бала кезінен зағип болып қалған ол мектепте оқи алмаса да, туған халқының классикалық əдебиетін жақсы біліп, қоғамдық жəне мəдени өмірге белсене араласты. Алғашқы өлеңдері баспасөзде 1930 жылы жарияланды. Кейінірек шығармалары барлық газеттер мен журналдарда жарық көрді. ЖОЛБАРЫС ПЕН ТҮЛКІ Бір аш түлкі ертеде арып-талған, Жемтік іздеп орманға қаңғып барған. Жолбарысты жол тосқан жолықтырып, Қорықса да «тақсырлап» қолқа салған. «Қайрат қайтты, қажыдым достым барыс, Іздеп шықтым əдейі жолдас-таныс. Өлтірмесең көмек бер, түрім мынау, Алып едің əлсізден талай алғыс»... Бір жомарттық жасауға жолбарыс та, Түкеңді ертіп жөнелді ну қамысқа. Суға келер құланның жолын тосып, Қарақшыдай бас салмақ қалтарыста.

Шаңқай түсте құланның бір үйірі, Судан шықты, томпайып қос бүйірі. Екі көзі қанталап, түгін жығып, Секіруге жолбарыс жиырылды. Қас қаққанша біреуін алып ұрды, Барыс оны көрмеді тоқты құрлы, Жылы қанға тұмсығын еркін тығып, Оңай əдіс екен деп Түкең тұрды... Батыр-түлкі төзбеді көп жатуға, Мұршасы жоқ терін де құрғатуға. Жер бауырлай жөнелді топ құланға, Қапылыста біреуін құлатуға. Еттің дəмі сіңген бе таңдайына, Салды тісті құланның шаужайына, Жалт бұрылып, ышқына сермегенде Болат тұяқ сарт етті маңдайына. Батыр-түлкі осылай батып қанға, Бас көтермей тұншығып қалды шаңда. Тіршіліктің ақырғы тынысындай, Дірілдейді денесі анда-санда. Кім тұмсығын көтерсе, көкірек керіп, Əлін білмей сенделсе нəпсіге еріп, Батыр-түлкі секілді ол да бір күн, Құламай ма аяғы көктен келіп.

НҰРЫ АННАҚЫЛЫШ (1908–1958) Түрікменнің халық шайыры. Өлеңдерінде сатиралық сарын басым, əлеуметтік мəселелерге көбірек көңіл бөледі. ЖАЛҚАУ Байқайсың ба, жалқау жанның тірлігін, Көрінгенге қолын жайып тұр бүгін. Мүсəпір ол жиырма бестен асса да, Тұман оған шұғыла шашқан нұрлы күн. Əрекет жоқ, миы, ақылы ұйқыда, Тілім нан қат, қара жүдеу сиқына. Келе жатыр көп жапаны көлдеңдеп, Көзі ішіп-жеп, телмеңдейді жұртына. Көрші де оны дəмнен қалыс қалдырған, Сөзін оның жел деп ұғар қаңғырған. Ауылда егер салтанатты той өтсе, Бүгежектеп шет қалады сол бір жан. Жалқаулықтың барар жері белгілі, Жолы – тұйық, түсін, досым, сен мұны. Өсек өрбіп жатсын жалқау селт етпес, Еңбек етсең өтеледі тер құны!

МОЛЛАМҰРТ (Аллаберен Қожаниязоғлы) (1879–1930) Ақын. Өлеңдерінде қарапайым еңбек адамдарының өмірін жырға қосып, əлеуметтік ой-пікірлерін білдіріп отырған. БƏРІ ДЕ БІЗДІКІ Жүздеген өзен, мың бұлақ Суы да бүгін біздікі. Құлпырған дала, гүл құрақ Нуы да бүгін біздікі. Бір ғана жыл ішінде, Дүр сілкінді бай дала. Дау-талассыз бір күнде Нұрға толды айнала. Жарлы-жалшы бірлесіп Жау тағдырын қолға алдық. Туған Отан – нұр бесік, Болашағын толғандық. Жарқырады нұрлы отан Еңбек туын көтеріп. Бас кетерді барлық жан, Келер күнге жол шегіп. Келді уақыт талпынар, Ұл мен қызы халықтың. Бірігіңдер, жалшылар Сəлем саған, жарық күн.

Берді КЕРБАБАЕВ (1894–1974) Түрікмен жазушыларының аға буын өкілі. Теджен ауданы Қавқы-Зерең ауылында туған. Ауыл мектептерінде сауатын ашқаннан кейін Бұхара медресесінде оқыды. 1927–28 жылдары Ленинград (қазіргі Санкт-Петербург) Шығыстану институты жанындағы түрікмен семинарына қатысқан. Алғашқы өлеңдері баспасөз бетінде 1923 жылы көрінді. Көптеген өлеңдер мен поэмалардың, прозалық жəне драмалық шығармалардың авторы. А.С.Пушкиннің өлеңдерін, И.Крыловтың аңыздарын, Науаи дастанының үзінділерін түрікмен тіліне аударған. Жазушының есімі мен шығармалары қазақ оқырмандарына кеңінен мəлім. ГҮЛДЕНГЕН ҚАЗАҚСТАН Көк бұлт шөккен Алатаудың шыңына Шұғыласын күннің көзі төгіпті, Жасыл құрақ тəжім еткен суына, Нарттай қызыл алмалары көрікті. Күміс күмбез Алматының тауы бар, Тауынан да сұлуырақ қаласы, Мұхитына жүзген ғылым бағы бар, Сонша сұлу атқан таңдай аясы. Алуан ғылым ордасымен опера Театры көзін жұрттың тартады, Жүрекке тұр жырдан толқын толтыра

Ақын Абай, бұлбұл Жамбыл ұрпағы. Құдыретті Қарағанды, Балқашы, Қазақстан ен байлықтың өлкесі, Аясынан алтын атқан əр тасы, Даласының малға сыймай тұр төсі. Қытайменен ұштасады бір жағың, Қарабұғаз құшағында қыр жағың, Қазақ халқы сіз бен менің бір жаным, Тұлпарлардың желге ойнатып тұр жалын. Домбыраңның сызылған сан күйлері Тербеткендей алып аспан тұр астын, Сайрағанда сыңғыраған бұлбұлдай Əні əлемге жеткен Жібек-Күлəштің! Қазақ халқы қанатын кең қомдаған, Құрышты да балқытып тұр қызуың, Прагада таңғалып жұрт тыңдаған Əдемі əнін қазақтың ұл-қызының! Сіз бен бізде жеңімпаздық бір табыс, Ортақ бізге өмірдегі жаңалық, Сізден де алды туысқандық қолқабыс Түрікменнің кең каналы жаңа алып. Құм даланы шомылдырып өзенге, Ақ мақтаға жайқалып тұр даламыз, Өмірдегі ұлы тойда бізде енді Сізді, қазақ, гүлге бөлеп аламыз! Сізбен бірге шаттанады жанымыз, Туысқан ел ортақ сенің мерекең, Аз сыйлықты көпке балап алыңыз, Ел достығын əлі талай жыр етем! КЕМИНЕ Өмір сені өз еркінше өткізбеді, Кемине! Шақырды алдап, қашты кейін жеткізбеді, Кемине! Қашты да ол бермеді сөз егескенде, Кемине! Жаяу жетіп атты адамға теңескенде, Кемине? Кетуге ақың тиіс болды белдескенде, Кемине!

Қарақұстай зорлық, қорлық тастөбеңнен торлады, Қапалы күн қасірет шегіп қайғылы өлкең сорлады. Халқың қажып – келімсектер ие болды суыңа, Көлеңкедей кедейшілік алды сені қырына. Алба-жұлба үсті-басың жүрдің жарлы, Кемине! Өз сорыңа күле қарап жүре бердің кектенбей, Жауды шаныштың өткір сөзбен өңменінен өткендей. Ешкімнің сен мазағына ешқашан да көнбедің, Ишандарды тойдан қуып, байды сілеп жерледің. Өлмейтұғын мəңгілікке жырың қалды, Кемине! Бақытты өлкең бұл күндерде барлық ұлтпен біріккен, Сенің өлең-жырларыңды жатқа айтады түрікмен. Сен де барсын қаптап ескен қалың өлең гүлінде, Түрікмен ақын қазір көрсең жырлайды өз тілінде. Өз атыңды өмір бойы ұмытпаймыз, Кемине! Миллион жанға қанат қағып жетті өлеңің керемет, Далада қыз, тойда жыршы жырыңды айтар сені елеп. Суретіңді салу бақыт суретшінің өзіне, Кілемдердің кестесінде жанып тұрар көзің де. Жырымызда жанды салып құрметтейміз, Кемине! Қаралы өлкең қайта туып, баққа оранып гүлденді, Қара лашық орнында енді көресің ақ үйлерді. Жəбірлесе кім өзіңді – ел кегіне килікті, Халықтық зор махабаттан артар бар ма сый тіпті. Сен тірісің. Өлең мəңгі сыңғырайды, Кемине!

Қожа ШҮКІРОВ (1897–1943/44) Белгілі ақын. Өлеңдерінде адамның көңіл күй пернелерін дөп басып, дүние сырын аңғаруға тырысады. ҚАЙЫҚПЕН САПАР Шайқалып теңіз, бұлқынып, толқып, Ие ме басын, сəлемін жолдап. Жағамен жиі дауласып, шоршып, Жартасты жаншып, гүрілін жалғап. Беймəлім заңың жұмбаққа толы, Құпияң көп-ау жеткізбес шегі. Адуан Каспии, айтсаңшы соны, Түбіңде терең жасырдың нені? Жартасқа биік жанаса келіп, Бұқпалап бойын жасырады аңдай. Қайтадан оқыс ашуға еніп, Буалдыр тартар көрінбей маңай. Қауіп қауіп не қатер қаперінде жоқ, Тасқынды тіліп, ұмтылады алға. Жатыр алдында алып көкжиек, Қайықтар легі келеді жолда. Жаһанды көлбеп, ауырлап демі, Ұштасып кеткен ғарышпен теңіз. Құтырынып жел желкенді керді, Толқынды серпіп жүзіп келеміз.

Караша БҰРЫНОВ (1898–1958) Ақын. Теджен ауданы Амаша-Қапан ауылында туған. Алғашқы өлеңдері мен поэмалары ХХ ғасырдың бірінші ширегінде жарық көрді. Орыс жəне батысеуропалық классиктердің көптеген пьесаларын түрікмен тіліне аударған (Гогольдің «Ревизор», Пушкиннің «Тас қонақ», Шекспирдің «Отелло», т.б.). Көне халық дастандары негізінде бірнеше опералық либретто, «Кеймир-Кер», «Сеиди», т.б. тарихи пьессалар жазған. РОССИЯ ПЕЙЗАЖЫ Белестері бақшаменен безелген, Селендері тізелескен, тізілген. Төңірегі көк қурайы тізеден, Орыс деген ұлы еңбекші елі бар. Селендері ойға, қырға таралған, Əсем бағы жер көркіне жаралған, Арудай боп суда құсы таранған, Ағын сулы өзені мен көлі бар. Тың жері бар нелер тұқым егілер, Бидай, сұлы, жүгерілер себілер, Үш жыл сайын ауыспалы егіндер, Үй айнала желкілдеген гүлі бар.

Атакөпек МЕРГЕНОВ (1898–1981) Талантты ақындардың бірі. Жырларында адамның жан дүниесін ашатын нəзік лирикалық əуендер басым. АЙТУҒА АСЫҚПА Айтуға сен асықпа Қарақұмды көрдім деп, Түн ортасы ауғанда егер оған бармасаң. Мақтанбауға болады бұл жерлерде болдым деп, Құдығынан су ішіп, шəрбатына қанбасаң. Машинаның ішінен көре алмайсың тіпті оны, Терезесін, мейлі оның, айқара ашып тастасаң. Құм даланы білем деп айта алмассың түк тегі, Жаңбырының астында кеудеңді оған ашпасаң. Күн сəулесі көзіңді қарығанда күйдіріп, Қалпағыңмен сен оны көлегейлей бермесең, Білем деме тəттіні – таңдайыңды идіріп, Сабағынан шомыштың сөлін сорып көрмесең. Жаздың ыстық күнінде, бусанып өз деміңе, Бұйрат-бұйрат қырларда құм жастанып жатпасаң. Айлы, жарық түнінде туған жердің көгіне Көзің салып, жұлдыздың əр қимылын бақпасаң. Айтуға сен асықпа Қарақұмды көрдім деп, Түн ортаса ауғанда егер оған бармасаң. Мақтанбауға болады бұл жерлерде болдым деп, Құдығынан су ішіп, шəрбатына қанбасаң.

ІЗДЕЙМІН Ойымда да, бойымда таңбасы бар уақыттың, Өзгермеген тек қана бір қасиет бар менде: Ақиқатты қашанда кілті дегем бақыттың, Жас кезімнен бұл сенім орнап қалған кеудемде. Жалын күші жастықтың бойымда жоқ бүгінде, Өткірлігін өткеннің қайтарып та ала алман. Шындық кенін əйтседе тапсам деймін тірімде, Мені алға жетелеп келе жатыр сол арман. Егделік жас басымды еңкейтсе де кейде бұл, Ақиқаттың жолында еш шаршауды білмеймін. Мен шындықты іздеген кездерімде, бейне бір, Мақтымқұлы немесе Науаимен бірдеймін.

АҚЫН ЖҮРЕГІ Өмір бойы елімді жырға қосып келемін, Ең жақсы əнім алайда айтылған жоқ əлі де. Ауылдарды аралап, көп жақсылық көремін, Ақын жаны, жүрегі шаттанады бəріне. Атакопек ақынның жадында тұр бəрі де, Ызғары да аяздың, жаздың құрғақ шөлі де... Ал жүрегі ақынның келер ғасыр əніне Шаттанады, бақытты күндер тілеп еліне. Саған бəрін арнадым: əн-жырымды сөзімді, Өзіме де мен содан таптым байлық, қазына. Көктемгі қыр гүлдері арбап алған көзімді – Жүрегіне ақынның сый боп қонды тағы да. О туған ел, байтағым, тағдырымсың сен менің, Егер өзің болмасаң, жарық дүние – қараңғы. Қиындықтың бəріне өзің барда төземін, Тек сенімен қоштасар күн тумаса болғаны.

СҰРАҢДАР Қандай қиын күндерді бастан кештім, Оны – өткен жылдардан сұраңыздар. Құмда аяз, ыстыққа арқа тостым, Оны – сол бір құмдардан сұраңыздар. Таудан құлап, басымды тасқа соққан Сəттерімде таяқ жеп жерден сірə, Гүлге ұқсатып, үзілген сабағынан – Мені ұшырып əкеткен желден сұра. Қазына байлық жимадым Бір қарынның Қамын ойлап, өтсе де күндер ызғар. Мен кімдерге сыйладым жырларымды – Оны құрдастарымнан сұраңыздар. Атакопек, еліңді мығым сүйдің, Болса дағы пенделік кінəміз бар. Бал арасы секілді шырын жидым, Бұл туралы гүлдерден сұраңыздар.

Якуб НАСЫРЛЫ (1899–1959) Ақын, аудармашы. Баку қаласында туған. «Совет Түрікменстаны» басылымында редактор болып қызмет етті. «Лейтенанттың ұлы», «Кім күшті», «Дангатар», т.б. жыр кітаптарының авторы. Некрасовтың, М.Горькийдің, Низамидың, Маршактың шығармаларын түрікмен тіліне аударды. ЖОЛДА Пойыз жүйткіп, ауыл бұлтқа сіңуде, Жөңкіген құм, қалуда артта шартарап. Дөңгелектер дүбір қосты дүбірге, Нотадағы əн ырғағын қайталап... Қызықтаймын күннің соңғы сəулесін, Жастық шағым жанарымда тіріліп. Біз Каспийде жүрдік жаумен белдесіп, Азаттықа жетсек деген ұлы үміт. Етік тозған... Оқ-дəрі де түгескен, Қабір құшты біздің небір есіл ер. Лондон жауды жарақтаумен түлеткен, Сонда да олар күші жетпей өкінер. Сегіз жүзбіз, сана мейлі, санама, Олар – он мың, екі жақ та аңдыспақ.

Быт-шыт болар таба алмай еш шара да, Жылым жұтып, қайырлаған салға ұқсап. * Мүлгіген дала төсінде қайтты аптап демі. Жас шағым қайта менімен қауышты келіп. Сонау бір жылы Əмудың жағасында осы Азаттық туы астында топтасқан едік. Буырыл тартты басым да, көбейіпті ағы, Əйтсе де жаңа жеңіске жетіпті қолым. Ізімді басып кешегі қуантты тағы, Ұлым мен қызым жалғаумен əкелер жолын. Достарым менің, ізбасар, мұрагерлерім, Тер төкті туған Отанның жасартып жерін. Амуден бастап Каспийге дейінгі аймақта Қызады еңбек, құмды алқап басады шөлін. Баянды бақ пен келешек өмірге сеніп, Бұл жерде бір кез қан төгіп шайқасқан едік.

Дұрды АҒАМАММЕДОВ (1904 – ө.ж.б.) Ақын. Ашғабат ауданының Геокча ауылында дүниеге келген. Ауыл мектебін бітірген соң мұғалімдер даярлайтын курста оқиды жəне кейбір кездері ауылда мұғалім болып қызмет етті. 1929 жылы «Гоз Айласан» («Көз салсаң») атты өлеңдер жинағы жарық көрді; одан соң оның екі бірдей өлеңдер кітабы шықты. Ақын шығармашылығы көп жылдар бойы сатиралық «Токмак» журналымен байланыста болды. Ақын Түрікменияның ауыл театрлары мен Ашғабаттың қуыршақ театрына арнап бірнеше пьесалар жазған. МЕНІҢ ƏНІМ Көктемі де келіп міне өмірдің, Шаттық күннің раушан гүлін əкелді. Алтын əннің əуендері көңілді, Шырқап дауыс тамшылардай əсерлі. Бұлбұл құстай тамылжытып, тамаша, Бақытты шақ əні айтылар балауса. Басқа бақта раушан гүлдер құлпырмай, Жапырағы құламайды қараса. Осынау əн бар əлемді билейді, Керемет күш оны алға сүйрейді. Осы əнде жауынгерлер рухы бар Жеңімпаздар айтса жауың күйрейді.

Ораз ТАШНАЗАРОВ (1904–1942) Ақын. Өлеңдерінде халық рухын асқақтататын патриоттық сарын басым болып келеді. ТҮРІКМЕНИЯМ МЕНІҢ Көктен күн шуақ шашыпты, Айтады ел нұрлы өлке деп. Бұл жерді түнек басыпты Осыдан сəл-ақ ертерек. Елжіреп күні тұрса да Түнектен көзін ашпапты. Бой жазуға жоқ мұрша да, Шыжғырып аптап қақтапты. Кім айтар онда бұл жерді, Күн елі Түрікменстан деп? «Жаратқан қорғап біздерді, Қалықтап əн де ұшақан жоқ». Жаңа күн туды, нұр атты, Даңқ боп құлаш сермеген. Жалыны қандай шуақты, Мейірімді сəуле мелдеген! Түнектен шыққан жарық Күн Теңдікке есе беріпті. Бақытын жырла халықтың, Ақыным, сөз тап көрікті.

Жебе боп атыл жауыңа, Дұшпанның бетін қайырғын. Ескі өмір қалды адыра, Күйресін пəле, қағындың. Бостандық! Елді түлетіп, Өлкемді нұрға бөледі. Өзге елмен шық тіресіп, Адымдап алда келеді! АРҒЫМАҚТАР АДЫМДАЙДЫ СЕНІММЕН Бұйым болмай сай-салаң да, шыңың да, Жалын шайқап, жортқаны ұқсар құйынға. Жүрісін-ай, тұрысын-ай аттардың, Аты аңыз боп келе жатқан бұрын да... Төрт аяғы даңқын төрге шығарып, Жүрген атты аброй деп ұғалық. Ер жігітке мақтаныш қой, ғашық қыз: «Сəйгүліктей тұрсың, – десе, – сыланып». Сыр ақтарып, тіл қатты үнсіз көздері, Үлгі ету ұят тұлпарлардан өзгені. Айтыңдаршы, Көрұғлы құратпен Жүйткігенде қуырмап па ед жер тінін? Енді, міне, аулымның ерлері, Батыс жаққа тұлпар мініп өрледі. Батырларды елім күтті асыға, Сəйгүліктер самғағанын көргелі.

Амандұрды АЛАМЫШЕВ (1904/05–1943) Ақын. Ашғабат ауданының Геокча ауылында туған. Алғашқы өлеңдері баспасөз бетінде 1926 ж. жарық көрді. Əсіресе 1928 ж. жарияланған «Сона» поэмасы кеңінен танымал. Ол орыс ақындары П.Ершовтың, М.Лермонтовтың, В.Маяковскийдің, украин ақыны Т.Шевченконың өлеңдерін түрікмен тіліне аударды. 2-дүниежүзілік соғыс майданында қаза тапқан. СҮЙІКТІМ МЕНІҢ СОНА... («Сона» поэмасынан») Ғажайып көркіңе Ұрланып қараймын. Бағынып еркіңе, Ізіңді санаймын. Өзіңді көргеннен Жанымды баурадың. Сəулелі бейнеңнен Көзімді алмадым. Қарасаң күлімдеп, Көзің нұр шашады. Қолдарым дірілдеп, Дегбірім қашады.

Жазған бұл хатымды Сырым деп біл, Сона. Бір сенің атыңды Жыр етем, нұр Сона. Сен жайлы əн арман, Сан дастан жазылар. Сыртыңнан қадалған Талайдың көзі бар. Жаманға олжа боп Кетпеші, бол аман. Хатыма бір жауап Күтемін, Сонажан. * Хатты оқып Сона Тың Сезімге батқандай. Көгаршын қанатын Болады қаққандай. Сол сəтте киіз үй Есігі ашылып, Кірді Анна, Ал Сона Абдырап, асығып, «Келіңіз», – деп қалды, Төрге оны оздарып. Ал жігіт тоқталды, Аруға көз бұрып. Тапжылмай тұр əлі, Өзі де аңғармай. Жігіттің тіл-аузы Байланып қалғандай. Киіз үй ішінде Екі гүл нұр шашты. Ақынның түсінде Екі жыр ұйқасты.

Сонаның көздері Сəл төмен түсуде. Айтатын сөздері Сайрап тұр ішінде. Анна да тілсіз тұр Аузынан, сөз шықпай. Тесіліп, қарап құр, Арудан көз алмай. Бір кезде тіл қатты Қимылдап ерні əрең: «Шақырған екенсің... Өзіңнен зор дəмем». Қыз бетін Шытымен Қалқалап отырды. Əйтсе де көзінен Терең сыр оқылды. Доғаша иілген Қыз қасы дір етті. «Махаббат жалыны Жайлады жүректі...– Деп жігіт сыр ашты. – Дəл менше жан адам Өзіңді сүйе алмас, Мендіксің Сонажан». Қыз жүрегі лүпілдеп, Кеудесіне сыймады. Қос анары бүлкілдеп, Бір орында тұрмады. Өткір пышақ ұшындай, Тырсылдатты көйлегін. Сол сəт бақыт құсындай Пыр-пырлатты ой легін.

Жуан бұрым тоқпақтай Кеудесіне құлады. Екі ғашық тіл қатпай, Үнсіз ұғыс қылады. КӨРСЕМШІ Менің құмды, шөл далалы жерімде Нұр бұлақтар аққанын бір көрсемші. Бақыт үшін енді оянған елімде Білім шамын жаққанын бір көрсемші. Еркек демей, əйел демей топтасып, Мектептерге ағылып бір келсеші. Жігіт пен қыз қолтықтасып, жұптасып, Емін-еркін қыдырғанын көрсемші. Қолмен істер ауыр жұмыс азайып, Жаңа заман гүл бағына енсемші. Мол білімнің күшіменен ғажайып, Ен байлыққа кенелгенін көрсемші. Аспанымда нұрын шашып алтын күн, Қараңғылық келмес жаққа кетсеші. Тар жол, тайғақ кешу өткен халқымның Надандықтан құтылғанын көрсемші. Қару етіп, қанат байлап білімнен, Бұлтқа оның төбесінен төнсемші. Қыста оқып, еңбек етіп күнімен, Қызық сайран жаз келгенін көрсемші. О бауырлар, бəрі болар осының, Айтқаныма еш күмəнсіз сенсеңші. Ақ жүркті адал жанның досымын, Сондай күннің болғанын бір көрсемші.

Ата КАУШУТОВ (1903/04–1953) Ақын. Көпетдаг түбіндегі Безмеин ауылында, диқан отбасында дүниеге келген. Ашғабатта орта мектепті бітіргеннен кейін педагогикалық институтта оқыған. Шығармашылық жолын өлеңмен бастаған ол кейіннен прозаға ауысып, түрікмен ауылының өміртіршілігін суреттейтін «Мяхри мен Вепа», «Жұма» жəне басқа пьесаларын жазды. МҰРҒАБ ЖАҒАСЫНДА Елім – үлкен абат бақ, Халқым – бостан, Өмірі шат. Біздің жастар – сол бақтың Гүлдеріндей бейне нақ. Жас инженер маңайды Жіті көзбен барлайды. Кеме рулін ұстаған Капитаннан аумайды. Асау өзен шарқ ұрар, Жарды соғып, арқырар. Сол асауға Инженер Бұғалық сап, ол тұрар.

Бір басында бəрі бар, Айла, ақыл табылар. Асау Мұрғаб ақыры Жас жігітке бағынар. Өзен суын ноқталап, Жан-жағынан қақпалап, Алып келді жетелеп, Егістікке бақша-бақ. Төккен тері – көл десек, Еткен ісі – елге сеп. Еңбегі зор ерен жан, Шөлді жеңген ер кесек. Астық тұнған дала сəн. Көзің тояр қарасаң. Көмейінен құстардың Құйылады тамаша əн. Асау Мұрғаб ағынды, Толқын атып лағылды, Адам күшін мойындап, Еркіне оның бағынды. Мұны істеген адамдар Істің жайын бағамдар. Еңбегінің жемісін Еліне арнар ал олар. Мұрғаб суы – əр үйде, Сумен бірге – əн-күй де. Одан шөлін қандырар Жер де, Қарт та, Сəби де.

Шалы КЕКІЛОВ (1906–1943) Ақын. Ашғабатқа жақын Кеши ауылында, диқан отбасында дүниеге келген. Педагогикалық курсты бітіріп, бірнеше жыл мұғалім болып істеді. Өлеңдері баспасөзде 1927 жылдан жарық көре бастаған. 2-дүниежүзілік соғысқа қатардағы жауынгер болып қатысып, ұрыс үстінде қаза тапты. СЫБЫЗҒЫМ МЕНІҢ Дүниені əнге толтыр да, Шырқашы менің сыбызғым. Үніңді бүкіл ел тыңдап, Масайрап бақсын күнұзын. Бұлбұлдай сайра, сорғала, Əлемге тарат даусыңды. Тоқтама бір сəт сонда да, Тыңдасын халық бар сырды. Жаңа бір ырғақ, жаңа əуен Сергітсін мұңды жан болса. Сыбызғым, кəне, тебірен, Құлақтың құрышы қанғанша.

Ата НИЯЗОВ (1906–1943) Ақын. Ашғабат ауданы Безмеин ауылында, диқан отбасында дүниеге келген. Өлеңдері баспасөзде 1927 жылдан жарық көрді. «Жаңа өмір» деп аталатын жыр жинағы, «Гудок», «Екі жетім» поэмалары шыққан. А.Пушкиннің, Я.Коластың, Я.Купаланың өлеңдерін түрікмен тіліне аударған. 2-дүниежүзілік соғыс майданында қаза тапты. ДҮНИЕ БЕЙНЕ ҚЫЗЫЛ ГҮЛ Жүрегімді жарып шығып шаттық үн, Қиялыммен кең даланы кеземін. Жерде – самал, көкте – қанат қақты Күн, Дүние – бейне қызыл гүл деп сеземін. Жер де айрылып алты айшылық ызғардан, Күлімдейді қуанышқа, батып-ақ. Мерекеге баратұғын қыздардай, Қызыл-жасыл гүлге еніпті атырап. Еркін еңбек, ерлік қимыл айналаң, Қызу жандар, жағаласқан, жарысқан. Бір мезгілде бұлбұл ма əлде сайраған, Асқақтаған əн естілді алыстан.

Тракторшы бастап еді бұл əнді, Қандай күшті, қандай əсем мақамы! Əнге қоса, қыса түсіп рульді, Батырады тереңірек соқаны. Темір тұлпар келеді əне алысып, Будақтатьш түтіндерін танаудан. Жігіт қолы қалды рульге жабысып, Моторлар да басты əнге сан алуан. Түрендері тың қыртысын омырып, Дөңгелектер жылжып, алға басады, Балуандай кеткен терге шомылып, Маңайына майлы терін шашады. Өнім үшін жатқан терең жердегі, Қызса бүгін ерлік күрес, ұрыстар, Жанып ертең диқандардың еңбегі, Алтын дəн мен ақ мақтаны уыстар.

Рухи ƏЛИЕВ (Əкбар Əлиев) (1908–1969) Ақын. Ашғабатта туған. Шын аты – Əкбар Əлиев. Ашғабат педагогикалық техникумын, Бақы педагогикалық институтын бітірген. Ақындықпен қатар, түрікмен классикалық поэзиясының өкілдері Мақтымқұлының, Молла Непестің, Кеминенің, Зелилидің шығармашылығын зерттеумен айналысқан. Жаңа дəуірдегі түрікмен поэзиясы туралы сыни мақалалары жарық көрген. 1942–45 жылдары 2-дүниежүзілік соғысқа қатысқан. ТҮРІКМЕН КІЛЕМІ Түрлі-түрлі таң шапағы тоғысқандай осында, Бау гүлінін, баршалары табысқандай осында, Кемпірқосақ – қызыл-жасыл өрілгендей осында, Шеберлердің еңбегі асыл Көрінгендей осында... Түрлі-түрлі таң шапағы

тоғысқандай осында. Қандай ою, мəнер қандай көркемдігі тамаша, Қарай берсең жаңарғандай, жанарды алдай жаңаша! Назданғандай ақындарға: «жырыңменен сұлу ма, Əрсіз болса ғапыл қалма, Сырыңменен сұлула!...» Жасалған ба жақұттан иə мəнерленіп маржаннан, Əрбір жібі ақықтан ба, Қалай шебер жалғанған? Өрнегінде – гүлдерінде: батыр шауып барады, Сұлу сурет мүлде-мүлде Көздің жауын алады... Жасалған ба жақұттан иə мəнерленіп маржаннан? Түрікменнің еркін қызы, алғысымды қабылда, Тоқыдың сен кілемді осы шабыт шалқып жанында. Саусақтардың алтын сүйрік жалықпасын, талмасын, Оза берсін өнер-жүйрік Еліне сый арнасын... Түрікменнің еркін қызы,

Алғысымды қабылда! ЛАТВИЯДА Уа, ассалаумағалайкүм, Латвияның жүрегі, Копетдагтың шыңдарынан Күннен төмен бір елі. Көк Каспийдің толқынынан Тербетілген үнемі, Бұйра-бұйра құмдарынан – Жайлауымнан сүбелі!

Сəлем саған, Миуа бақтан, Жүзімжайдан гүлденген. Келдім ұшып шалғай жақтан, Достық даусың кел деген. Əкел қолды! Орманыңды бір кезейін күнде мен, Қызыл алма – бауларыңды Аралайын бірге мен! Көремін де қуанамын бұлтсыз биік көгіңді, Көремін де қуанамын толқын жалды егінді. Көремін де қуанамын Ригаңды – төріңді Көкті тілген күмбездері көтереді көңілді. Үшкір найза күмбездері тұрса таңнан нұр тілеп, Арман құсын ұшыратын Алтын ұя – əр жүрек. Уа достарым, өздеріңмен қалдым жəне бір түлеп, Зергерміз ғой бəріміз де, Бақыт-бақыт! Ой-тілек!

Берді СОЛТАНИЯЗОВ (1908–1996) Ақын. Ташкенттің оқу-ағарту институтын бітірген. Алғашқы шығармасы 1928 жылы «Токмак» сатиралық журналында жарық көрді. Кейінірек ақын Донбасс кеншілеріне арнап поэма жазды. Сонымен қатар ол бірнеше əңгімелер мен повестердің авторы. ТАУЛАР Алыс сапар жол кешкенде ертеде, Кавказда боп, кездестім мен, тауларым! Тоғыз күнде Қара теңізді мен кере, Міне, Ажарыда кездестім мен, тауларым! Күн шуағы, жарды шапақ тұманды, Жайран қашты аңшылардан қуған тауда құланды. Өздеріңе жетемін деп қорықсам да төменде, Əйтсе де мен, мойындаттым, тауларым! Құзар шың мен биік таулар төрдегі, Таспен тарпып сілеусіндер өрледі. Шыңдарың тұр, асқақтайды күнбе-күн, Жараланып жеттім саған, тауларым! Жаңа орман қаулап өскен етегі, Бүркіт құстар айналады жетелі. Тағат таппай жүрек дүрсіл қағады, Қанат бітіп самғап сана кетеді, тауларым!

Халдұрды ДҰРДИЕВ (1908–1996) Ақын. Мары маңындағы Қонғұр ауылында туған. Педагогикалық техникум бітірген. «Түрікменстан» газетінің əдебиет бөліміне жетекшілік еткен. Осы газетте 1930 жылдардан бастап өлеңдері мен фельетондары, сондай-ақ аудармалары жарық көрген. И.Крыловтың аңыздарын, Жамбылдың өлеңдерін жəне Низами лирикаларын түрікмен тіліне аударған. 2-дүниежүзілік соғысқа қатысқан. АҚ ХАЛАТТЫ ҚЫЗ Жараланып, жапа шегіп жатқанда, Сен келдің де сəуле септің жас жанға. Қуат берді жылы жүзің, ажарың, Қанат берді ыстық лебің, назарың, Жігер құйды майда, жұмсақ қолдарың, Сенен нəр ап, ажалға да болмадым. Келгеніңде халат киіп қасыма, Көктегі күн орнағандай басыма. Тапқаныңда кілтін кірлі көңілдің, Сонда білдім сұлулығын өмірдің. Оңымнан ай, солдан туған күн болдың, Өне бойың толған өмір, нұр болдың. Тең көрмеймін саған соның бірін де, Сипаттауға жетпей жатыр тілім де.

Мөлдір көзің кірпіктерін қадаса, Бəріміз де мəз болыстық балаша. Жалғаны жоқ, кіршіксіз жас жүрегің, Жауыңды да жайратады, білемін. Нəзік үнің болса егер сайрайтын, Магниттей бəрімізді баурайтын. Сөйлеп кетсең, ауызды ашып тұрғанбыз, Бұлбұл ма деп, басты еріксіз бұрғанбыз. Шығып кетсең, көңілді кір басатын, Күліп кетсең, түн ұйқымыз қашатын. Сен сияқты сұлу жанды сыйлаймын, Сұлу даңқын мəңгі-бақи жырлаймын, Өзіңе лайық жар табуды тілеймін, Тағдыры ұқсас пар табуды тілеймін. Мен тілеймін: таң жыршысы – бұлбұлдың Дəл табуын ашылғанын бұл гүлдің. Еткен емің маған өмір сыйлады, Тек жанарың жас жүректі қинады. Жан да берген, қан да берген – бір өзің, Қанша айтсам да жетпей жатыр бұл сезім. Хат жазамын өзіңе арнап өлеңмен, Аз да болса мəз көруге сенем мен. Дүниеге əкелсе алғаш мені анам, Екінші рет өмір берген – сен маған. Туыс емес, ендеше, сен анасың, Мені қайта сапқа қосып барасың. Алғыс айтам, жыр жазамын өзің деп, Жүрегің – жаз, көктегі күн – көзің деп. Бірақ қандай алғыс айтса жүрегім, Саған аздық ететінін білемін. Мен білмеймін жасарымды қанша жас, Ұмытпаспын, бірақ сені, қарындас!

ДОСЫМНЫҢ ЕСТЕЛІГІНЕ Көп адамды атаушы едім: «Досым» деп Болмас бірақ майдандағы досыңдай. Ол айнымас өлгенінше. Қосыл тек, Кім ұмытар шын достықты осындай! Сенің үшін от пен суға түседі, Өзі өлсе де сені жауға бермейді, Қаза тапсаң, қасірет суын ішеді, Ұмытпайды, жанын қайғы кернейді. Бұл достықты майдан сыннан өткізіп, Соғыс өзі көрігінде таптайды. Дос жанары жаныңа нұр сепкізіп, Дос жүрегі саған орын сақтайды. Дəл осындай майдандас дос тағы да, Алып шықты мені ұрыс төрінен. Бір хатында, жазған асыл жарына, Еске алыпты қоштасқанын менімен. Ал жуырда оның жақын бір досы, Жолдапты-ау бізге соңғы сəлемін. «Алға, достар!» – оның соңғы сөзі осы, Арсыз ажал істетіпті дегенін. Кескілескен бір ұрыста досымыз Қайтпапты ғой даласынан майданның. Қалай енді ұмытармыз оны біз!? Орын алмас жүрегінен қай жанның!? Зарла жүрек, сайра тілім дос жайлы, Ерсіме екен жауынгерді жоқтасаң!? Қайда дутар ағылт мұңды, төк қайғы! Неге жүрсің жүрек қылын таппасаң!? Ал, көздерім, дария етіп, жасың төк, Қайна қаным, соқ, жүрегім, ашына!

Кеудемдегі барлық ашу, ыза-кек Нажағайдай төнсін дұшпан басына. Бостан-босқа жібермейміз қаныңды. Дұшпаннан кек, өш аламыз, жасыма! Көпке жайып атақ, абырой, арыңды, Ескерткіш те орнатамыз басыңа. Бұл ескерткіш орнатылар мəрмəрдан, Етегінен мəңгі арылмас гүл десте. Оқылар жыр талай, саған арналған, Алар əркім есіміңді сонда еске. Жылдан жылға ескерткішің зорайып, Құлаш ұрар алыс аспан төріне. Ағылған ел, қойылған гүл молайып, Сүйер сені шын жүректен беріле. Асып түсіп даңқың Баба-Қамбардан1 Пурли2 сен деп домбырасын шертеді. Сумбар3 асып талай биік аңғардан, Сен жайында айтар ғажап ертегі. Сен жайында талай өрнек өріліп, Сан жыр туып, талай күйлер төгілер. Сен жайында талай жүрек егіліп, Сан қабырға қайысар да сөгілер. 1Б а б а - Қ а м б а р – күй атасы, қиялдан туған кейіпкер. 2П у р л и С о р ы е в – Түрікменстанның Халық ақыны. 3С у м б а р – Түрікменстандағы өзен.

Помма НҰРБЕРДІ (1909–1972) Ақын. Мары ауданы Ақ яб ауылында туған. Тақтабазар қаласындағы зоология техникумында оқыған. Өлең жазуды ерте бастағанымен, алғашқы жинағы 1938 жылы жарық көрді. «Кездесу», «Жеңіс» поэмалары жеке кітап болып шықты. 2-дүниежүзілік соғысқа қатысқан. ҚАРАҚҰМДАҒЫ ОТТАР I Қараңғы түн тұр əлі айналақтап, Таң сəулесі секілді айнала аппақ. Қарақұмның төсінде от жүзеді Құмды кешіп, белді асып, сайдан аттап. Тұр даланың лапылдап оты жанып, Құрылысшылар жанына отыр барып, Үйді-жайды, саялы бақты тастап, Осында жүр жеңімпаз батыр халық. Түтінге тұр мұнартып белес жүзіп, Қайнайды құман. Кетті бір кеңес қызып. – Бригадир штабқа жүр, – дейді біреу Атының арынынан жел ескізіп.

Жырлайды жырау. Ақты жыр жосылып, Сол жырды көтерді түн қосылып, Ерлердің көздерінде от ойнайды, Еңбекте көрмеді олар бір тосылып. Айнала алаулаған толды отқа, Ұласты жалын шалқып таңғы шаққа, Сол отты көріп, əнді естідім мен Қасқайған қара жолда Қоңыратқа. ІІ Ағарды аспан. Шолпан жұлдыз туды көкте, Жатыр құм салқын дем ап төңіректе. Ауылдың кең жазира даласында Тиеді таң желінің лебі шөпке. Көрінген көк жиектен күнді қарсы ап, Күректі Мамед аға тұрды бір сəт, Шақырды жолдасын ол жарысуға Бар күшін енді шұғыл жатыр жұмсап. Еңбекте көрсетіп зор өнегені, Бір езі екі адамға теңеледі. Кіреді сыңғыр қағып құмға күрек, Шөл дала гүл бағы боп көгереді! III Асықпай түріп кейін жеңін жайғап, Нықытып тартып тұрып белін байлап, Маңдайын таңып алып орамалмен, Сыпырды иегінен терін жайлап. Күрегін жерге енгізіп ырғап күшпен, Соқадай қопарды ол тыңға түскен. Күші оның мəңгі-бақи сарқылмастай, Еңбектің қазанындай шындап піскен.

Бұл қолдар күн нұрынан от алады, Бұл қолдың кетеді алыс атағы əлі, Бұл қолдар дүниенің діңгегіндей Айбынды астанаға апарады. Ай батты. Қарауытты шөл алабы, Қараңғы кетті бүркеп кең даланы, Тек қана самал тынбай саяхаттап, Адамдар ұйықтап еркін дем алады. Шаршаған жұмыс істеп күн қақты боп, Баладай қалжыраған құлапты көп, Жұлдыздар өзендей бір нұрын құйып, Жағалай жарқыратып түн жақты от. Кеудеде жатыр жаңа күштер толып, Қалың жұрт қуанады түстер көріп, Тартуға құмнан тура жаңа жолдар Айқасқа табиғатпен түсті ер келіп. МЕНІҢ ЕТІГІМ БАСЫП ӨТКЕН ЖОЛ Ашғабатта киіп едім, етігім, Жүре бердім, тынбай жүрдім жеті күн. Судан еттім, қырды бастым, тау астым, Жыртылмадың келер айға жалғастым. Қарай қалсам сенің мықты шегеңе Ауыр күндер дəл алдыма келеді. Мінезіндей шығыс жақтың халқының Мойрылмайтын, иілмейтін бар түрін. Кавказ шалы қағып берген бұл шеге Мейлі Донбасс, не Киевте жүрсем де Майысқан жоқ, мүжілген жоқ ғаламат Кетіп барам, соңыма бір қарап ап.

Белорус шал қағып берген ұлтан да Ауыр күнде, дауыл күнде бұрқанған Польша өтіп, Одерге де да апарды, Уақыт сонда қайырымсыз, қатал-ды. Ерге лайық қаһарменен, жүзбенен Берлинге де барып жеттік біз деген. Ел біледі, тоғызыншы Май күні Бақыт гүлі қолын созды əйгілі. Дəл сол күні етігімді шештім де, Шаңын сүрттім, бақыт сəтін кештім де. Бала құсап жалаң аяқ жүгірдім Естіп нəзік сыбызғынын, дірілін. Кəзір көрсем серігімді – етікті, Күш алғандай болам шыным мен тіпті. ...Ұлым, қызым, қуанышым, ар, күлкім Ұрпаққа айтар етігімнің тарихын. ҚАРАДЫҢ ҚАЙДА БАҚТАШЫ Өзің баққан мəпелеп Ешкі-лакқа сүйініп, Шығып алып төбеге Қарадың күнге шүйіліп. Немене, өрт пе лаулаған, Көк түйінге ұқсап шаң тұрды. – Шынымен, өрт пе, бұл не аға, Жасаған күннен шатырды! – Жел ме бір, əлде құйын ба Тұман ба, əлде жаңбыр ма! Деуің де ырас шынында Тұрып ап үнсіз сен қырда.

Қадалып қарап тұрғанша Көзіңмен күнді қалқалап, Қасына соның бір баршы, Сұрайын сенен қолқалап. Көресің ерді, күштіні, Күшімен тауды қопарған Аянбай түгел іс қылып Қойнынан судың от алған. ЖҮРЕГІМ МЕНІҢ – ОТАНЫМ Отанның барлық өлкесін сүйем, Таулардың биік өркешін сүйем. Өзеннің қатты ағынын сүйем, Шуақты күннің жалынын сүйем. Бақшаны сүйем, жапырақты сүйем, Қоп қоңыр майда топырақты сүйем, Жазымды сүйем, көктемді сүйем, Қызғалдақ толы көк белді сүйем. Қысты да сүйем, күзді де сүйем Ақ қардан таза жүзді де сүйем. Себебі, отан дəм-тұзын таттым. Орманды сүйем, даланы сүйем, Гүл өскен қалың араны сүйем, Теңізді сүйем, көлдерді сүйем, Құс ұшпас ыстық шөлдерді сүйем, Бұлбұлды сүйем, кептерді сүйем. Жайылған қозы көктерді сүйем, Үйректі сүйем, қаздарды сүйем, Жайдары жарқын жаздарды сүйем Себебі Отан дəм-тұзын таттым.

Чары АШИРОВ (1910–2003) Ақын. Ашғабат маңындағы Кеші ауылында туған. Ашғабат педагогикалық институтын бітіріп, білім алуын Мəскеуде жалғастырды. Лирикалық жырлардың, «Айырылысу», «Ораз бен Нұржан», т.б. поэмалардың, прозалық шығармалардың авторы. Н.Некрасовтың, М.Лермонтовтың, Т.Шевченконың, И.Крыловтың жəне А.Пушкиннің өлеңдерін түрікмен тіліне аударған. 1942–45 жылдары 2-дүниежүзілік соғысқа қатысқан. МҰҒАЛИМА ҚЫЗ Татардың сұлу қызысың, Тал бойда тіпті жоқ мінің. Қазанда оқып біз үшін Алыпсың терең, көп білім. Япыр-ау, қандай жас едің, Нəп-нəзік гүл боп жаралған. Көздердің көрдім əсемін, Күлімдеп тұрып қадалған. Қап-қара қолаң шашың бар, Он жеті ғана жасың бар. Ұстаз боп келген екенсің, Алам деп не бір асулар.

Қоштасып тұрып анашың, Көп төкті-ау көздің жаңбырын. Оңай ма қию баласын, Оңай ма қию жан нұрын?! Жəмилəжаным, жасыма, Айрылма асқақ бір күйден. Шошына көрме, қасыңа Бөріктер келсе дүрдиген. Түрпілеу болар тілі де, Түсініп бірақ кетерсің. Түрің де ұқсап түріне, Туыс боп туған екенсің. Қадірлер сені қара үйлер, Қашан да ашық ол саған. Сыйлайды сүйіп сəбилер Білімді ғана аңсаған. Сабырсыз күткен халық көп, Оқу бір кетпей есінен. Жүрсін деп елге жарық боп, Өз елің сені өсірген. Ашылсын бағың алдыңнан, Адамда асыл арманға, Жарқырап сəуле жаныңнан, Шырақ бол түнек бар маңға! Ауылдың іші шу-дабыр, Еркек те əйел аралас. «Бармаңдар Аршын қуға құр, Халқым деп сірə қарамас...» Со топқа таяу қыз барды, Орысша көйлек үстінде. Ұялып жүзі қызарды, Сəлем де беру күш мүлде.

Бас иді-ау ақыр əрең деп, Анталай қалған қауымға. Қарайды қызға бəрі кеп, «Бұ келген кім,– деп ауылға?» Осы шақ Аршын кеңседе Отырған шертіп əңгіме. Қу күлкі – Боржақ теңселе Бастаған сөзін əлгіде. «... Жанына Аққуммеданың Жайғастық біздер кеп еппен. Қара тек жатты недəуір Ауырып іші кенеттен. Қырықтай жігіт жиналдық, Жетпейді мылтық, оқ бірақ. Түсіп тұр басқа қиындық, Батады азық жоқтығы-ақ. Аттансын бірге молда да, Келеміз қайтып үш күнде. Апиын – біздің қолда да, Пəлесі – соның үстінде». Айтты Аршын: «Сенің орныңа Чарьяр мұрап болса тек, Моджектер жақтың сорына Сараны мұрап қойса көп. Көрерсің қызық көкесін, Көресің қолға түскенін. Екі жақ болып кекесін, Бүлдірер еді істерін. Осыны жақсы түсіндір, Көбейтсін өсек, керісуді. Дихандар қайта құссын бір Бөлісіп тапқан жер-суды...»

Кенеттен есік қағылып, Біреу кеп, сөзін бастады. Боржақ қу қалды аңырып, Ал Аршын соқыр саспады. Тесіліп Аршын көз тікті, Мылтықтың аузын ұстатып. Қобалжып содан қыз тіпті, Айтпады сөзін ұқсатып. Айтты тек осы ауылға Мұғалім болып келгенін, Кəрілі-жасты қауымға Ғылымның дəнін бермегін. Үндемей отыр төрде өзі, Ашпайды сырын сұм Аршын. Тінтиді нені көр көзі, Не ойы бар? Қайтіп ұғарсың.. * Асырып табу айласын, Алдырмай кетті қу Берді. «Көрсін,– деп, жастар пайдасын» Мектепке молда үй берді. Сол үйде титтей бөлмеде Жəмилə жалғыз тұрады. Апа да, дос та, жеңге де Кеште кеп басты құрады. Жəмилə көз сап айнала, Үйретті əрбір əріпті. Сараның қызы Айна да Біртіндеп қара таныпты. Кей-кейде таза қиініп Келеді Берді молда да. Кұныққан көзбен қиылып, Қарайды қызға, сонда да...

Отырды бүгін Жəмилə Анасы жазған хатты алып. Суретін қойып жанына Қарайды шалқып, шаттанып. ... Жырақта жүрген, жан қызым, Еңбек ет елге, адам бол. Көремін қашан жалғызым! Сағындым, жаным, аман бол!.... Оқиды жас қыз елжіреп Ананың алыс сөздерін. Шыдатпай байғұс бұл жүрек, Сүрттірді сулы көздерін. Есікті қағып ақырын, Кіреді Берді кенет кеп. «Жəмилə жаным, жақыным, Тынықсаң нетті сен ептеп? Қайтесің босқа қиналып, Көбейсін деумен оқушың. Өзі үшін келсін бұ халық, Келмесе, мейлі шоқынсын. Əкелдім, міне, мен саған Көйлектік жібек матаны. Жалғыздық күйің шаршаған Жаныма менің батады. Əкелдім тағам тағы да, Қалқамның қарны ашты-ау деп. Мен барда əсте налыма, Көңілдің күйі қашты-ау деп...» Жақындай берді ебімен, Жарқылдап молда жанары. Құшақтап қыздың белінен, Құшқысы келіп барады.

Селк етті жас қыз сонда бір, Ызалы күдік шақырып. Мөлие бермей молда құр, Жабыса кетті атылып. Жан берді молда, жан алып, Бір суып бойы, бір ысып, Ерніне қыздың қадалып, Белінен қыса құнысып. Тістеп кеп алды сонда қыз Бердінің қолын қатырып. Ойбайлап қалды молдамыз, Тəубесін көктен шақырып. «Ғафу ет, қалқам, ашынба, Ойнаған едім əзілдеп...» Қыз айтты: «Менің қасымнан Қараңды өшір қазір!» – деп. Жолыққан молда сорына Жамалма-жан зытып барады. Нағлет қудың соңына Жас өмір кекпен қарады.

Рахмет СЕИДОВ (1910–1955) Ақын. Керкі облысы Халаш ауданы Ақдері ауылында туған. Ашғабат педагогикалық институтын бітірген. Алғашқы өлеңдері баспасөз бетінде 1933 жылдан жарық көрген, 1938 жылы тұңғыш жинағы шықты. АТПА, АҢШЫ, КИІКТІ Атпа, аңшы, киікті! Арманы бар жан екен. Көп тартыпты күйікті, Ұрттам суға зар екен. Су іздеп, кезіп қияны, Тартыпты жердің танабын. Қалай көзің қияды, Көрсетпей күткен каналын? Санаулы ғана күн қалды Мақсатына жетуге, Құмға канал жол салды Шөлді гүл-бақ етуге. Канал құмды қаңтарып, Береді шөлге береке. Каналды киік қарсы алып, Құралай құрар мереке.

Атпа, аңшы, киікті! Аяшы оның ақ жанын. Сусыз өмір сүріпті, Ардақташы арманын! САЙРАПТЫ БІР КЕКІЛІК Сайрапты бір кекілік Шөжесіне шешіліп: «Жері ыстық жат елге, Кетейік бөтен мекенге». Туған жермен қоштасып, Кетті екі кекілік. Талай таудан кетті асып, Қиыншылық кешіріп. «Мекен болар бізге,» – деп Таңдап қонған жерінде Бұлбұл да жоқ, гүл де жоқ Көгілдір сона мүлде жоқ. Аштық, індет бірігіп, Құстар жатыр бүлініп, Аңшы оғына ілініп, Кекілік қалды жығылып. Жас кекілік жат жерден Төгіп-төгіп жас көзден, Жеке қайтты мекенге Жетсем деп елге есенде. Келсе, мұнда күн жайнап, Құстар азат жүр жайлап, Төскей жатыр құж қайнап, Шөбі шүйгін сулы аймақ.

Кекілік сонда сайрады: «Ыстық жаққа өртеген Кетпеспін енді қайдағы, Отаным, неткен көркем ең!» СҮЙГЕНІМЕ ХАТ Сəулешім, сен келер деп гүлдер ектім, Өзіңмен ұйқыға да бірге кеттім. Тер төктім, терімменен гүл суғардым, Сен күлсең, мен де жайнап гүлдемекпін. Таң ертең құс сайраса құлшына кеп, Қалам мен сенің əсем даусың ба деп. Бақтағы алма пісті қып-қызыл боп, Дем алшы, қалқам, менің қасыма кеп. Кел, қалқам, тездетіп кел, көр ауылды, Бақшада сайрандайық лала гүлді. Жаңа үйлер, жаңа баулар, жаңа құрылыс Қолыңа əпергендей арманыңды. ТҰТ АҒАШЫ Жас көктемде тұт ағашы Сен, əдемі киіндің. Жас келіндей жайнадың бір Мен соныңа сүйіндім. Бірақ, бүгін көйлегіңді Кімге бердің, саттың ба? Əлде, əлде өзіңе ұнар Басқа бірін таптың ба? Олай болса желегіңді Маған-ақ қи, киейін. Бір өзіңе мəңгі-бақи Алғыс айтып жүрейін.

Кемал ИШАНОВ (1911–1948) Ақын. Көне Үргеніш ауданында дүниеге келген. Чарджау техникумын жəне Ашғабат педагогикалық институтын бітірген соң «Кызыл кошун» атты əскери газетте бірнеше жыл қызмет етті. Тұңғыш өлеңдер жинағы «Кызыл илдыз» («Красная звезда») деген атпен 1938 жылы, келесі жылы əңгімелер кітабы жарық көрді. А.Пушкиннің «Бахчисарайский фонтан», М.Лермонтовтың «Мцыри» шығармаларын жəне В.Маяковский, Жамбыл, Сүлейман Стальский, Ə.Науаи өлеңдерін түрікмен тіліне аударды. 2-дүниежүзілік соғыстың алғашқы күндерінен бастап Қызыл əскер қатарында болып, ротаны, кейіннен батальонды басқарды. МЕНІҢ АРМАНЫМ Ұмытылмас қамыт киген мойындар! Оны білсең кедей-кепшік мойындар. Құм мен бақтың барлығында түрмелер, Көрінбейтін шынжырлар мен шойындар. Ол келді де шынжырды үзді майырып, Сыңғыр етті бөлгенінде айырып. Жүрегіміз жана-жағына жалтақтап, Саңғыр дыбыс бере ме деп қайыр-құт. Сақтаушының қолы күшті, қатал-ақ Алаулайды азаттық нұр, шапағат.

Жолдар ашық, мақсат жақын алдағы Азаттыққа бұл халықты апарад. Бала күнде армандаушы ем тілеулі, Білмейтінмін кім, əйтеуір, біреуді. Қас батырды тұлпар мінген астына, Хан мен патша қарсы тұрмас шын ерді. Жылдар өтті артқа тастап түс бəрін, Ертегі де, кітап та емес тысқары үн. Бұл өмірдің кітабынан оқыдым: Арманым боп шақырады – құштарым. ШАБУЫЛ АЛДЫНДА Минуттан соң басталмақшы шешуші соғыс шайқас қан, Армандайсың, бір сəт қысып кірпігіңді айқасқан. Оттар жанып, түк көрінбес түтін түтеп айналаң, Құстай ұшқан армандарың қайда кетті ұйқасқан? Қазір бəлкім, сүйіктіңнің үстінде ұшып жүр ме екен? Əлде арманың, алғы шепте алысқалы тұр ма екен, Шабуылды бастау үшін лап етуге жол іздеп, Дабыл қағар кернейлерде аттан салар үн бе екен? Тыныштыққа төбеден тас құлағандайын жорықта, Командирдің шешуші үні бұйрық етті полкқа. Суға келіп күмп еткендей шабуылға шығасың, Кеңістік жоқ бар алапты сүңгі жарар орып та. Қорықсаң да, торықсаң да жеңіс үшін алға бас, Өлім мен от аяқ асты жатар жолды аңдамас. Кім көреген, сол көреді асқақ арманды алдағы, Жолдан алар дұшпандарды, жауыздарды таңдамас. Минуттан соң, басталады өткір соғыс тайсалмас, Алға басар жаудан қайтпас сырбаз, қайсар жас. Рухы мықты, ары адалдар ел тағдырын ойлайды. Нағыз ерді шайқаста да, айқаста да жай шалмас!

ТАНКИСТ ДОСЫМА Танкіңнің бүгінгі дүбірі, Қырық бесті есіме салады. Шаң-дауыл көтеріп күбірі Берлиннің жарылған қамалы. Күл-түтек көшені қақ бөліп, Рейхстагқа біз үшін жол аштың. Дедің сен: «Көп күткен шақ келіп!», Шаң-тозаң ішінен қарастың. Ашқантың кеп люктің сен шатырын, Жан-жақтан оқ боран жаудырды. Сол бейнең тамсантып, батырым, Тұлғасын жадымда қалдырды. Орал да шыңдады шымыр қып, Оранған оттардан өткенсің. Рейхстагтың төбесін тұғыр қып, Оған ту қадауға жеткенсің. Сол кезден жылдар да жылжыды, Сом бейнең сақтаулы, танкист дос. Ұмытпас елің бар мың жылды, Ерлігің мақтаулы, танкист дос! АШҒАБАТ Ұлы еңбекте даңқың асып бүгін де, Нұрын құйып саған Күн мен алтын Ай, Өркеш-өркеш Копет таудың түбінде Күзетші боп тұрсың бір сəт қалғымай. Шайқаста мен жүріп сені еске алам, Еске алар ем жүрсем де мен тас қалап. Қияннан да көрер мені жас қалам, Көз жіберсе туған жерден Ашғабат.

Қалай ғана ұмытарсың, о жолдас, Тал сыбдырын, баурап алған жаныңды. Əзілдескен, ойнап-күлген замандас, Құрбыларды қайсар, өжет, жалынды. «Киев үшін!» – деп командир жар салды, Келдік қазір Днепрдің бойына. Құшақ жайып Украина қарсы алды, Кіріп,кеттік оның алып қойнына. Уа, Ашғабат, ару қалам аңсаған, Күннен-күнге ыстық тартып барасың. Ораламыз жеңіспенен біз саған, Сонда бізді құшағыңа аларсың.

Аман КЕКІЛОВ (1912–1974) Ақын. Ашғабат ауданының Кеши ауылында туған. Ашғабат педагогикалық техникумын бітірген, Мəскеудегі Тарих, философия жəне əдебиет институтында оқыған. Алғашқы жыр жинағы 1931 жылы шыққан. Түрікмен зиялы қауымының өмірінен «Махаббат» поэмасын жазған. Түрікмен КСР мемлекеттік əнұранының авторы болған. ХАТ Алыс шеттен, ақ жүректен Тұрмын сəлем жолдап саған, Бегенішім, көркем көптен, Болды қайғы жолдас маған. Алғанымда бұрын əр хат Жұбанушы ем жас баладай. Кетуші еді қиял шырқап, Келешекке бастап ұдай. Келмеді хат, жан жабырқап, Асты менің дерт-азабым. Бітті шыдам, тəн арықтап, Тозды қайран бет-ажарым. Жаздым хатты, күнде жаздым, Жолығам деп жауабыңа. Қалдың үнсіз, мен не жаздым, Салмай хабар сауалыма?

Кештім тəтті үмітпенен Қаншама күн, қаншама айды. Қасірет тапсам күдікпенен Қалай жаным шаршамайды? Аулымызды соңғы күндер Алды сұмдық хабар қамап. Бірде қағаз, сөзбен бірде Естіртеді Военкомат: «Пəлен уақыт, пəлен жерде Батырларша төгіп қанын, Пəлен жігіт туған елге Ерлік істеп, қиды жанын». Əуезлиден, Меретлиден Келді əне сондай хабар. Шықса құрбан əрбір үйден Ешкім аман болмай қалар. Нұртəш əжең маған бір күн Оқып еді хатыңды алып. Арасынан сурет көрдім, Одан сені қалдым танып. Ол да мұңды дəл өзімдей, Ана ғой ол, қайран ана. Қарайды ылғи бір көз ілмей Кеткен жолға, айдалаға. Дертіміз бір, жоқ табарым, Əттең, соның бір шарасын. Келсе сенің хат-хабарың, Жазар еді-ау жан жарасын. Бір күн біздің оқушылар Сіздің үйді берді сылап. Қуанғаннан қайтып шыдар, Əжең бізге келді жылап.

Берді бата ризалықпен, Деді: «Алдың болсын ашық!» Қайдан білсін мұңдасым деп, Айтпаған соң, жөн сұрасып. Білдірмейін десем сыртқа Барады мұң жанымды жеп. Кейде айтқым келер жұртқа Ғашығымды сағындым деп. Жан Бегеніш, саған деген Сақтармын-ау сырымды ұзақ. Ұзай берсең мұнша менен Ел сезер ғой, білер бірақ. Бір күні мен мектебімде Отырдым көп, жалғыз қалып. Ой жіберіп өткен күнге, Бірге оқыған жылды еске алып. Таңырқайтын талай адам Сенің зейін ықыласыңа. Ыстық болып кетті маған, Кірдім барып класыңа. Босап жүйкем, көңлім қаусап Тұрдым ессіз есікте мен. Өзіме-өзім бір айғай сап, Өзімді-өзім есіттім мен: «Бұл партада отырып ол, Ерте келіп, кеш кететін. Бала еді ғой ақылы мол, Сабақ десе ес кететін. Мұғалімі болар риза, Ол үмітін үзген емес. Ақылы жомарт, ойы мырза – Мықты еді ғой, біздей емес...»

Көп отырдым ойда қалып, Көп нəрсені көзбен шолып, Кірпігіме жас айналып, Көңіліме шерім толып. Езілмей ме кім де болса, Ойлай берсе көп тұншығып. Ұзақ тұрмай одан аса – Кеттім шошып, кеттім шығып. Үйге барсам əжем менің Қайта-қайта төніп қарап: «Қалқам, неге қашқан өңің?» – Деп жұбатып, берді тамақ. «Жүрегіңде бар ма шерің Жатқан сені іштей сорып. Барасың ғой, жаным менің, Күннен күнге шөптей солып?» Аштым сырды батып əрең, Жетсін деп ол шындығына. Кейімеді, қайта əжем Болды ортақ бұл мұңыма. Қан майданнан келгендердің Аяқсызы, қолсызы бар. Риза ғой оған əр кім Əттең, жүзін көруге зар. Төзер ме едім тікен батса Сенің нəзік сол денеңе. Жарым менің есен қайтса – Еш қуаныш тең келе ме?! Тілеймін жар аман бол тек, Аяр тағдыр – жалынам мен. Келер аман, келер ол деп, Көз алмаймын жолыңнан мен!

КАВКАЗ Асқаралы ақиық тау, қасиетті, уа, Кавказ, Сен ғұмырлық көктемсің бір, саған қарап көз тоймас. Құйындатып өтер уақыт, уақыт деген сайгүлік. Сонда да сен өзгермейсің, сенің көркің мəңгілік. Үні болып тасбұлақтың, сыбдыры боп гүлдердің Өтер сенің тіршілікке толы жарқын күндерің. Осы жердің сəукелесі сияқты шың-құздарың, Гүл жайнаған бақтарың да секілді өз қыздарың. Хош иісті көк шалғынды аңғарында бұл күнің, Естен тана əн шырқайды бақыт құсы – бұлбұлың. Балыққа бай суларыңа, тауларыңа қаладан, Əр ауылдан дем алуға кеп жатады көп адам. О, қаралы ауыр күндер, О, Кавказым, сүйікті! Қанішер жау ойда жоқта келіп саған килікті. Қалшылдаған қысты əкеліп, өлтіруге көктемді, Арам құзғын шыңдарыңа саңғып, зəрін төккен-ді. Қаталап кеп тұмсығымен тасқыныңа бас қойды, Тырнағымен бүріп бақты тау етегін, тасты ойды. Ата жаудың шөлін онда ажал ғана қандырар, Зұлым дұшпан етті сонда қанды тамақ, қанды нəр. Қызыл қанмен батпақ қылды жолдың шаңын жау деген, Өліктерден қорған жасап, қатар қойды тауменен. Олар шыңға өрмеледі, өрмеледі мұзбенен, Ормандарға еніп кетті, арпалысып бізбенен. Жұлмақ болып маржан таудың, райханын, шоқ гүлін Сумаңдатты тіршілікке жалаңдаған от тілін. О, Кавказым, сонда ғой сен шақ тұрдың, Фашистерді шың басынан лақтарша лақтырдың. Тұман басып, қуаныш пен бақыт күні тұтылды, Сонда саған Елдің өзі жəрдем бере ұмтылды. Ерттеп мініп отырдың сен бурыл тұлпар үстінде, Шақырды ашу қанжарлар да, жөні келді істің де. Шабуылды кетті бастап халық кекті, өшпенді. «Өкінеді дұшпан енді, қарасы оның өшті енді!» – Таянды ажал, басталды өстіп қанды тырнақ жауға сын,

Кетті құйып бастарына балқыған ақ қорғасын. Теңізде де, құрлықта да, аспанда да, тауда да Өтпен үкім жазды олар күні біткен жауына. Баку елдің жүрегіндей, байқадым мен ұшқанда, Біздер оны сын сағатта сыйпатпадық дұшпанға. Уа, Кавказ, Баку сенің байлығыңның бас көзі. Бəсекелес басқа жерді кеудесімен басты өзі. Енді қанша қаптаса да қан аралас тасқын су, Енді қанша төксе-дағы қанды тырнақ басқыншы, Жұлдыз біткен Айдың өзін тас-талқан ғып үксе де, Жер аспанға шықса-дағы, аспан жерге түссе де, Қанқұмарлар аяқ баспас өр кеуделі тауыңа, Құзғын ұшып келмес енді сенің бақша, бауыңа. Асқаралы ақиық тау, қасиетті, уа, Кавказ, Сен ғұмырлық көктемсің бір, саған қарап көз тоймас.

Акмұрад ЧАРЫКУЛИЕВ (Эркин) (1912–1970) Ақын. Мұрғабтағы Шор-тепе ауылында туған. Ауыл мектебін тəмамдаған соң педагогикалық институттың жұмысшылар факультетінде оқыған. Шығармалары 1932 жылдан бастап баспасөз беттеріне шыға бастады. Соғыстың алдында «Гунеш» атты алғашқы өлеңдер жинағы жарық көрген. КЕШҚҰРЫМДА Бір күні біз кешқұрымда жиналғанда алқалы, Көңіл көктеп талай-талай əңгімелер тарқады. Кешкі салқын самал желмен сипалап, Шалқалап ай бұлтқа жылжып мойындарын артады. Достарымның таныс түр мен келбеттерін білетін, Одан бетер айқындайды ай сəулесі жүретін. Албырт жүздер еркекке тəн ақылменен астасып, Барлығы кеп құйылғандай бір арнаға сіңетін. Бірі айтты: «Бұл өмірде ең қымбат не, тəйірі? Адам нені таңдау керек? Бақыттың не қайыры? Қандай жолды, қайсы жолды таңдау керек? Жөн қайсы? Əркім өзі өз бақытын айтып өтсін. Қай ірі?» Жауап берді оған бірі: «Қылыш – менің қорғаным, Мен тұлпардың сұңғақ жүріс, нық басқанын қолдадым. Шабандозға əрқашанда жол ашылып жайнайды, Қайда барсақ мақтау-мадақ, əркез ашық жолдарым. Міне, осы өшпес бақыт келіп қонған ғаламда,

Одан артық қандай арман керек барлық адамға!». Сонда бірі сөз бастады: «Сол болады жанашырың нақ шебер, Ауырғанды желеп-жебеп, емін тауып жатса егер. Білімімен шипа болар адамзатқа жалпыға, Құрметіне елдің бүкіл бөленеді жақсы өнер. Міне, осы өшпес бақыт келіп қонған ғаламда, Одан артық қандай арман керек барлық адамға!». «Шопандарға құрмет етем!» – деп үшінші тіл қатты, «Елді тоқ қып, байлығымен тоқтық əнін шырқатты. Қой отарын күзетеді дала итінен қырағы, Сұлтаны сол кең даланың ұлан-асыр қымбатты. Міне, осы өшпес бақыт келіп қонған ғаламда, Одан артық қандай арман керек барлық адамға!». Сонда бала сөз қозғады: «Армандарым менің көп, Бүкіл əлем сымбатына сұқтандырса керім боп. Жан-жағымды нəзік сезім, сыр менен сый қаумалап, Ең сұлу қыз мені таңдап, қасына алса ерім деп. Міне, осы өшпес бақыт келіп қонған ғаламда, Одан артық қандай арман керек барлық адамға!». Ал, диқаншы былай деді: «Жеребем бар басқаша – Егін өсіп, өз қолымда масақтана бастаса. Ұлдарымды ұлықты қып ұлтыма арнап өсірсем, Ал, ұлдарым отан үшін ала жіпті баспаса. Міне, осы өшпес бақыт келіп қонған ғаламда, Одан артық қандай арман керек барлық адамға!». Сол сəтте кеп қалт-құлт етіп таяғына сүйенген, Ақсақал кеп сөз бастады кейпіменен кие енген: «Балаларым, сақалымды сыйлап егер тыңдасаң, Түн қысқарсын сөз бастайын, барлығыңа сырды ашам. Айтқандарың жүректерден ақтарылған шынайы, Жасырынған бір сыр қалды көмулі бұл құмды ашам. Қайнар көзі бар екен ол ақиқаттың астарлы, Онсыз біздің өміріміз қара түнек жастанды... Бақыттымын, айтам атын ғажап қып, Қайнар көзі барлығының – Азаттық. Данышпандар айтқан бізге əңгіме, Бізге жетті, жетер əлі мəңгіге. Ақсақалдар жадысында жатталған, Ақиқаттар ақтарылсын сақталған.

Бұғауына бағынбаған дұшпанның, Азат елміз алдымызда нақты арман. Героғлы ер, батыры ел – саңлағы, Қырандардай еркіндікте самғады. Бостандықта қалықтады тыныстап, Жеңіс туын азаттыққа жалғады. Кеймир-Кер де?! Дəулет-Яр да тұлғалы, Дəл тигізіп атқан оғы зырлады. Дұшпандарға таптамақшы арымды, Кек қайтардық азулы да арынды. Мақтымқұлы данышпаны ел, абызы, Туған елдің үні менен аңызы. Барлығына назар салды, өлшеді, Таудың өзі басын иді еңселі. Қонақ болды талай елде басқаның, Бостандықта жазды жырын дастанын. Таңғажайып жыры ғажап, жанға лепес, Махаббатты жырлап өтті Молла Непес. Азаттықты жырлады ол бəріне, Ынтық болды жастар жəне кəрі де. Жырлады ол: «Махаббатқа жану керек, Ғашығыңды еркін сүйіп алу керек!» Шамданып шах ызаланып қаһарлы, Тахир ерді батыруға апарды, Бостандыққа деген сиқыр сезіммен, Ажалдан да аман-есен ол қалды. Ғашығына ынтық болып арайлы, Зохре де зарын айтты талайлы. Шабенде де азаттықты аңсады, Танымал боп оған халық самсады. Жырлады ол оттай жанған ерлікті, Біздің халық қадірлейді теңдікті. Еркіндіктер болды оның мақтаны Гюлді де кеп бостандықпен жақтады. Бізді жинап ақылымен салмақты, Ерлік жайлы əңгімелер жалғатты, Ерте кезде бабалардың тұсында, Айқасқанын найзалардың ұшында. Білген екен талайысын жігіттер, Өлім емес жеңіске көп үміткер.

Енді басқа соғыс өрті тұтанып, Отанымыз шақырады жұт алып. Түр жігіті алысқандай қабанмен, Тайсақтамай жауды таптар табанмен. Ержүректер алға бастап аттанды, Биікке ұшып қырандардай баптанды. Қанат қақты екпіндері аршыла, Қара түтек қаптап келер қарсыда. Қалған үйлер адамы жоқ қаңырап, Бау-бақшалар қусап тұрған аңырап, Қара қайғы қаптап алған түнектеп, Еркіндікті аңсап тұрған жамырап – Өлкелерге өр ұландар самғайды, Сонда барып өмір нəрін жалғайды! Көктем кезін қамыт киіп қарсы алуға болмайды! Құлдық пенен тұтқындыққа жан салуға болмайды! Еркіндіктің, азаттықтың қамы үшін, Қылыштайын қайрады ерлер намысын. Егемендік – қайнар көзі бəрінің, Одан асқан ештеңе жоқ, жарығым! Басқа елдің аспан асты жүргізбе, Еркіндік пен азаттықты қыл бізге!» Ақсақалдың ақылды сөз жігеріне ұйыппыз, Күшімізге жігер қосты, енді рухы биікпіз. Ержүрекке азаттығы отанының – заңдылық, Біздің мынау азат елде бəрі де азат паң күліп. Мен де міне азат ермін өскен елде желкілдеп, Мақтан тұтып айтып жүрмін есімімді Еркін деп. ОТАННЫҢ ҚЫЗЫ Таң шапақта сұлу қызды кездестірдім далада, Білетінім, ауылда ол ерте тұрад таң ала. Телегейдей мақта алаңы, жапырақтар күмістей, Орамалы қызараңдап өтіп барат жағалап.

Қыз шырқайды даусы əсем, бүгін оған көңілді, Күн қыздырып, бұлтқа бөгіп, буландырды өңірді. Қара шамар секілденіп шашатарында қос бұрым, Кеудесінде ордені бар аты əйгілі егінші қыз көрінді. Жанары да жалт қараған жанды баурап алады, Кетпенменен таң атқанда сермеді көп даланы. Арамшөптер аласталып, топырақты қопсытып, Ақ маржандай астықтарын жинап енді шабады. Еріндері гүл секілді, қабақтары садақтай, Еркелетсең күлімдейді айналаны сабақтай. Құрбыларын жеңіп еңбек бəйгесінде бір өзі, Інжу терін сүртеді көп бойдан аққан салақтай. Ол айтады: «Əрбір сағат қымбат бізге көктемде, Сарбаздардай сақтанамыз мақта үшін көк белде. Жұмысқа біз аттанамыз, жүрегіміз жанып тұр...» Бесжылдықты орындап сап, үлгі болды көптерге. Аста-төкте астық жайлы хабар елге тарады.. Мақтанымыз сұлу қыздың еңбегі мен жанары. Дəріптейді біздің ауыл... саз тербейді маңайды, Таң сəріде бақыт жайлы əнге балқып салады.

Беки СЕЙТАҚОВ (1914–1979) Ақын. Хорезм алқабындағы Бедеркент ауылында туған. Педагогикалық техникумды бітіріп, бірнеше жыл орта мектепте мұғалім болды. Əдеби қызметін газетте бастады. «Отта», «Тұтқын» поэмалары мен көптеген өлеңдердің жəне əңгімелердің авторы. ҚҰДЫҚ БАСЫНДА Бір бикеш құдықтан су тұрды алып, Алқасы мойнындағы сылдыр қағып. Тоқтады қыз қасына, екпіндей кеп. Бір жігіт салтат мінген, желдей ағып. Жайнайды жігіт жүзі, күлім қаққан, Қызарып кетті қыз да бейне гүлдей. Сымбаты ақ күмістей сымға тартқан. Əрі жас, əрі ойнақы, көкте күндей. Аршын төс, алма мойын, тіп-тік иық, Сұңғақ бой, құралай көз, жазық маңдай. Күледі ептеп қана тартып миық, Ұялып жас жігітке қарай алмай. Шолпысы, қыбыр етсе, сылдыр қағып, Өн бойы асау тайдай дірілдейді. Қыз жүрегі тəтті бір сырға қанып, Жанары нұрға толы, күлімдейді.

Ойнақтап асау тұлпар, көкке шапшып, Сескеніп əлденеден, елеңдейді. Ақылын жас жігіттің жеңіп жастық, Ізетпен қызға ақырын: «Сəлем!» дейді. Басына биік бөркін баса киген, Ойнайды қамшысымен қолындағы. Көрген кезде өзінің қызын сүйген, Қиын ғой қысылмауы оның дағы. Біртіндеп тұңған тұман кетті тарап, Ұмтылып, ат та басын қойды суға. Қыз көзінде от жанып небір ғажап, Толды жігіт жүрегі алтын буға. Туғандай көктем күні, кетіп дүлей, Көк кілем жамылғандай болды алап. Бір кезде қыз өңіне кірді үрей, Тұрғандай ата-анасы сырттай қарап.

Тоушан ЕСЕНОВА (1913/15–1988) Ақын. Ашғабат облысы Жүзбасы ауылында туған. 1938 жылы тұңғыш өлеңдер жинағы жарық көрді. Сол жылы Ашғабат театры сахнасында «Шемшат» комдиясы қойылды. ЖҮЗІМ ШОҒЫ Алтын ұям – Ашғабатта Күн көзінен нұр алып, Мəуелеген жасыл бағым Өстің бойлап бұралып. Саяңда өткен шат күндерім, О сүйікті, астанам, Бейне дастан секілді бір Ақын жырлап тастаған. Сенен еңбек аямадым, Солмасын деп үзімің! Аулама сəн көрік беріп, Өскен бір шоқ жүзімім. Бал шырынды түйірімді Топыраққа қимадым. Сараңсымай сен де күзде Жемісті мол сыйладың. Сонау бір түн келерінде Бар қаһарын жинапты. Жел үйіріп асықтайын, Мекенімді қиратты.

Мəуелі бақ, зəулім үйді Аждаһаша түн жұтты. Ерке желі ескен алқап Қас қаққанша тұншықты. Жүзім ескен жасыл бақша Саз балшықты болды алап. Жер қойнына мөлдір шырын Көз жасындай сорғалап. Жөңкіген бір қара бұлттай Қаза түні өтті де, Атты жаңа арайлы таң Нұр шапағын төкті де. Шайдай ашық торғын көктен Сəуле шашып қалаға, Күн күлімдеп құйды нұрын Шипа етіп жараға. Жарқыраған көк аспанға Үміттене қарадым. Көп самолет көктемдегі Гуіліндей араның... Келе жатыр қанат байлап, Келе жатыр достарым! Баку, Ташкент, Москвадан Бауырларым – тосқаным... Майлы киім ұзақ күнге Кім үстінен тастаған! Жаңа құрлыс кеште əзір Таңмен бірге бастаған. Нұрлы еңбек құшағында Бой түзеді жас қалам. Гүлдей түлеп, шешек атып, Қайта туды астанам! Тереземнің нақ түбінен Қайта жүзім көктеді. Паш еткендей сəн-сəулетті Осы жер мен көктегі. Жасыл торғын жамылды да, Жайды бақшам жас қанат. Гүл демінен тыныс алып Жайнай түсті Ашғабат!

ЖҮЗІМ БҰТАҒЫ Ашғабатта ырыстың орманындай Жайқалды да жасыл бақ өсе берді. Аса қызық дастанның жолдарындай Шат күндер де ауылдап өте берді. Көктем сайын баптасам жүзімімді, Күміс моншақ сорғалап маңдайыма. Əр бұтадан сол еңбек күзді күні Бал шырын боп таматын таңдайыма. ...Əлі есімде сонау бір қарақшы түн! Жер астының жиылып кесапаты. Кездейсоқта қуырып жер апшысын, Үйді бұзып, гүлдерге кесек атты. Бейуақытта бір дүлей тентек келіп Таптап жайпап, бақтарды пытырлатты. Моншақ-моншақ жүзімдер жентектеліп, Бал шəрбатты қара жер жұтып жатты. Ұйқы-тұйқы қылды да жердің үстін Қара бұлты тарады қасіреттің. Нұрыңды төк төбеме, кел, күміс күн, Көк тұманын қаламнан қашыр өрттің! Бал арадай көктемгі гуілдесіп, Самолеттер қаптады аспаныма. Ташкент, Баку, Москва қуды үрейді, Дос жүректер дүлейді жасқады да. Көкше мұзы шатынап кесапаттың, Ақты арнада айбынды күндер селі. Қызғалдақтар қайтадан шешек атып, Күл орнында жас қала тұрды еңселі. Күндер өтті. Оралдым үйіме мен. Зəулім сарай – үстіме аялы жай.

Қандай абат айналам, дүние кең, Мөлдірейді жүзімдер баяғыдай. Мөлтеңдейді көп моншақ жыпырласып, Алтын сəуле бұтақты көміп апты. Бар Ашғабат шұғыла жұтып жатыр, Төбемде күн күледі. Көгім ашық. Құлпырды бақ. Дүние шат. Шатпын мен де, Шырқаймын мен, сайрайды жыр құсы əлі. Тұла бойын бал шырын тасқын кернеп, Күреңіткен жүзімнің тұр бұтағы. БАТЫР АНАСЫНА О, сүйікті жарқын ана, алтын ана, Дүниеге зор тұлғалы бердің бала. Сен оған жеміріліп, жеңілмейтін, Батырдың бердің рухын, бердің кейпін Əлдилеп нəрестеңді тербеткенде, Жыр ғылып арманыңды əндеткенде. Балаңның күннен сұлу, отты жүрек, Шыншыл боп өсуін еттің тілек. Сен оған айттың талай: «Тыңда балам, Өмірдің өр ерлгін бердім саған!» Үстін оның шəй жібектен жауып жатып, Бетінен сүйдің талай шопылдатып Дедің сен: тілегім дұрыс келгей, Батыр болса, болсын ол Рүстемдей. Міне, қанша, содан бəрі өтті жылдар, Сен қуанар даңқты, тəтті жыр бар,

Балаң сенің алыптай, арыстандай Жауға ойран салып жүр қалыс қалмай. Ерліктің лаулап оты реңінде, Кек өзені тулайды жүрегінде. Болған соң ер азамат тыңдасын ба, Қарамай көк дауылға, бұрқасынға, Жауға жетіп барады дүбірлетіп, Қылышы нажағайдай жарқ-жұрқ етіп. Сен айтқан бесік жырын ұмытпады, Қасқайып Рүстемдей ту ұстады. Бəріміздің бар бір арман, бір мұңымыз – Па, шіркін, осындай болса ұлымыз!

Қара СЕЙТЛИЕВ (1915–1971) Бахарден маңындағы Қараған ауылында туған. Бақы педагогикалық институтын бітіріп, ауыл мектебінде мұғалім, кейінірек Ашғабатта театр директоры болып істеді. Алғашқы өлеңдері 1938 жылы жарық көрген. 1941 жылы алғашқы жыр жинағы шықты. КӨКТЕМ Көктем, көктем, гүл-көктем, Көктемдей бұл шақ бар ма? Қызыл арай нұр көктен Құйылғандай бақтарға. Жайнасын деп бақ іші, Нұрды аямай төккен күн. Бұлбұл құстың дауысы Күлкісіндей көктемнің. Көк өзендер гүрлетіп, Келе жатыр асып тау. Қыз қалқаның гүл беті Күн көзінен ашықтау. Балқұрақтар ырғалып, Балбыраса қыз өңі, Келе жатқан нұрланып, Көктем дейміз біз оны!

САҒАН... Достарыммен бірге шалқып тұрғанмын, Жан-жағымыз алтын сəуле ойнаған. Жаралғандай бір ғажайып нұрдан гүл, Бұдан асар құдырет жоқ деп ойлаған. Шыға келдің бір көшені айнала, Жас теректің жапырағын жамылып. Бара жатсаң күлімсіреп жай ғана, Болды ілезде сұлулықтың бəрі ұмыт. Бар дүние саған ғана қараған, Сенің ғана нұр жүзіңе елігіп. Алтын сəуле күн көзінен тараған Қалды сенің бір күлкіңе көміліп. Бар сұлулық, барлық атқан таң нұры Жиылғандай арасына көк талдың. Көктегі күн, жердегі гүл – барлығы, Адам, саған жетпейді ғой деп қалдым! АЛА ҚАНАТ АҚ ҚҰСТАР Қатып қалған сұрлана Қара адыр да гүлденді. Құлан жортпас құм-дала – Қарақұмға су келді. Су келеді шөлдерге, Ну келеді белдерге. Ала қанат ақ құстар, Айдын шалқар көлдерге Шомылыңдар сендер де! Айдала емес баяғы, Мұнда да əсем құстар бар. Елім менің саялы, Енді қайта ұшқандар.

Су келеді шөлдерге, Ну келеді белдерге. Алақанат ақ құстар, Айдын шалқар көлдерге Шомылыңдар сендер де! Кеудесіне көтерсін Гүлге оранған көктем-бел. Елге келген екенсің, Енді қайтып кетпеңдер. Су келеді шөлдерге, Ну келеді белдерге. Алақанат ақ құстар, Айдын шалқар көлдерге Шомылыңдар сендер де! ТҮРІКМЕНСТАН Көктем келді гүл жайнатып белеңді, Түрікменстан күн нұрына бөленді. Көмейінен күй төгілте құбылтып, Бұлбұл құстар жарастырды өнерді. Көктем күні балбыраған бой алды, Дала бусап, ұйқысынан оянды. Өрнектеліп адамзаттың қолымен, Ақ адырлар қызыл гүлмен боянды. Барлық адам тау қопарар түрменен, Жарасқандай нұр сəулелі күнменен, Бір жағынан бұрқырата жер қазып, Бір жағынан қоршап жатыр гүлменен. Əрбір үйдің алдында бір тіршілік, Əрбір үйден бал-бөбектер жүр шығып. Секілді олар күнге еркелеп ойнаған Көктемдегі балбыраған гүл-шыбық.

  • * Аспанда жүрген ақша бұлт Адырға барып жатады!.. Көндірер бəрін ырқына, Табылса бір күш денемнен. «Түнерме!» дер ем бұлтыңа, Қарға да «Жаума!» дер ем мен. Ондай күш менде жоқ та əлі, Ол əзір қайдан бар болсын. Ал оған дейін мақтаны Тезірек жинап ал, досым! ОЛ ЗАҢШЫЛ ӨЗІ Ол заңшыл өзі, Заңды қолдайды – Шарап ішпе! – деп, Өнеге толғайды. Ал қызыметтен кейін, Шарапханаға талтаңдап барады. Үйіне жеткенге дейін Қалтаңдап қалады. Ол заңшыл өзі, Заңды жақтайды – Əйел бізбен тең, – деп Əйелді мақтайды, Ал үйіне келсе, Өзін ірі тұтады. Əйелін қасынан қуып, Қабағын шытады. Ол заңшыл өзі, Талай заңды табады –Бізге сын керек! – деп, Кеудесін қағады.

Ал өзін біреу сынаса, Оны ашу буады Сынаған адамды Қызыметтен қуады. Ол заңшыл өзі, Заңды жақсы көреді – Кішіпейіл бол, – деп, Жұртқа кеңес береді. Өзіне бірақ, Ірі шен іздейді. Үлкенірек машина сұрап, Лауазымын негіздейді. Ол заңшыл өзі, Жұртты тəртіпке шақырады – Қатаң есеп керек, – деп Талайға ақырады. Бірақ пайдасы келсе, Заңды ол бұзады. Мемлекет есебіне, Өзіне үй салғызады. Халықта нақыл бар, Баршаға, ол – мəлім: Деседі орында, Айтқанын молданың. Дейді ғой ұқсама, Əдетте молдаға. Сондай бұл заңшыл ғой, Мұндайды қолдама! ТУЛА, МЕНІҢ КАНАЛЫМ Көктем келсе, көктем қызы гүл келер, Бұлттар ойнап, жауын құйып, түрленер. Толқын атып тула, менің каналым, Еркін халқым мейрамымен бір келер.

Жиектегі терек, шынар қарасып, Үйрек ұшар қанаттарын сабасып, Толқын атып тула, менің каналым, Жағаңа кеп сүйісер ғашық жарасып. Жиегіңде алма ағашы гүл жарып, Қарақұмнан алтын шығар нұрланып, Толқын атып тула, менің каналым, «Ақ алтынмен» кетер өңің нұр жанып. Жиегіңде қой-қозылар жамырап, Бұлбұл гүлге əнін айтар жадырап, Толқын атып тула, менің каналым, Ақындар да дастан жазар дамыл ап. Жиегіңе туған халқым қоныстар Бір-біріне Каспий, Жейхун тоғысар, Толқын атып тула, менің каналым, Даңқыңменен даңқы Отанның толысар! АШҒАБАТ Көктем келсе сылаңдап, көз біткенді үйіріп, Ферузаның таулары жасыл киім киініп, Алтын қайнар атанған өзен жатса жүгіріп, Тəтті-тəтті бұлақтан сусындайды Ашғабат, Жігер жиып құлпырар күн-күн сайын Ашғабат. Ашғабат, Ашғабат, жаным менің, Ашғабат, Асқақ даңқым, отаным, арым менің, Ашғабат. Күн ажарлы сүйіктім – бақытымның бұлағы, Жібек жалды аты оның жалт-жұлт ойнап тұрады, Қызға біткен назбенен көңіліңнің құмарын Кілем терген сұлулар көтереді, Ашғабат, Жігер жиып күн сайын өсе берші, Ашғабат. Ашғабат, Ашғабат, жаным менің, Ашғабат, Асқақ даңқым, Отаным, арым менің, Ашғабат.

Көтерілсем көкке мен канатты еркін қағамын, Жатады көз алдымда гүлге оранған Қарақұм. Араласам егерде Жейхунның ұлы каналын, Ақ жүзіме нақ сонда нұр құяды, Ашғабат, Жігер жиып күн сайын құлпырады, Ашғабат. Ашғабат, Ашғабат, жаным менің, Ашғабат, Асқақ даңқым, отаным, арым менің, Ашғабат. Қоңыраудың күмбірі оятса əр таңында, Туған елдің əр үні қанат болып жанына, Туған жердің көктемі күндей нұрға малына Бақытынан бақытқа ұмтылады Ашғабат Жігер жиып күн сайын құлпырады Ашғабат. Ашғабат, Ашғабат, жаным менің, Ашғабат, Асқақ даңқым, отаным, арым менің, Ашғабат

Гусейн МҰХТАРОВ (1915–1980) Ақын, драматург. Ирандағы Мешхед қаласында туған. Түрікменияға он екі жасар бала кезінде келген. Мектепті бітірген соң біраз уақыт мұғалім болып істейді. Өлеңді бала кезінен бастап жазған. ЖІБЕК ОРАМАЛ Есіңде ме? Үнсіз келіп жаныма, Орамалды сыйға тарттың тағы да. Отты көзің жүрегімді өртеді, Күн секілді бойлап кетті жаныма. Ай нұрындай орамалың кіршіксіз, Нəзік демің баурап алды мүлтіксіз. Əсем үнің діріл қағып əн салды, Тұтқындады, даусың таза іртіксіз. Бақыт бізге одан кейін күлмеді, Екеумізді екі бөліп күрмеді. Сағыныштан жаным күйген сəттерде, Орамалға қол созамын бүрмелі. Ерініме тақап əкеп сүйсініп, Өткендерді еске аламын исініп.

«Қамықпағын, жауды аяма, дос!» – деген Дауысыңды естимін мен түйсініп. Сүйіктім-ау, суық жақта сұрапыл, «Адамдары мен атайын тұра тұр», Отан үшін отты кешемін күшті енді Өзің берген сыйлық маған күш берді.

Жұма ЕЛМҰРАДОВ (1918–1973) Ақын. Түрікменстаннның Саят ауданында туған. Ашғабат педагогикалық техникумын бітірген. Алғашқы өлеңдері баспасөз бетінде 1937 жылы жарық көрген. БАҚЫТ ТУЫ Бүгін біз көтердік бақыт туын, Бұл туда елімнің есімі. Жеңіспен алға бас, жаңа буын, Болашақ күтеді осыны. Жеңімпаз еңбекте, Көтердік бұл туды. Білмедік күресте, Жасқанып, қорқуды. Желбіре, желбіре бақыт туы, Бүгін біз көтердік жоғары. Жойылсын, тоқталсын соғыс шуы, Жасасын бейбіт таң рауаны. Бүгін біз көтердік бақыт туын, Бұл туда келешек тынысы. Сеніммен алға бас, жаңа буын, Құрыш күш тұлғалы ер, ірі ісі.

Анна КОВУСОВ (1920 ж.т.) Ақын, жазушы, аудармашы, Түрікменстанның халық жазушысы. Балкан облысы Гасан-Кулин ауданы Чекишлер ауылында туған. 2-дүниежүзілік соғысқа қатысқан. Мəскеудегі М.Горький атындағы Əдебиет институтын бітірген. Мəдениет министрлігінде, КСРО жəне Түрікменстан Жазушылар одағында кеңесші болып қызмет еткен. «Туған өлке», «Алғашқы махаббат», «Түрік баласы», «Төраға» (роман) жəне басқа əр тілде шыққан 50-ден аса кітаптың авторы. А.Пушкиннен «Евгений Онегинді» аударған. ТҮРІКМЕНСТАН Шықтым бүгін сайраныңа, Назар салдым жан-жағыма, Дастан жаздым сен жайында, Бақытты өлкем, Күншығыста, Түрікменстан, Түрікменстан! Елік ойнар шөлдеріңде, Үйрек жүзер көлдеріңде, Сансыз қазына бар жеріңде Зор байлықтың жүйесі сен, Көп мүліктің иесі сен. Небиттаудың жарық шамы, Содан нұрлы оның маңы,

«Қара алтын» Челкен жағы, Келе жатыр керуендері, Көркейеді Түрікмен жері. Хазарым, көп ажар, сəнің, Тыңдап едім құстың əнін, Балықшылар қайықтарын Толқындарға қарсы салып, Бара жатыр суды жарып. Миуалы бақ-бауларың бар, Басы қарлы тауларың бар, Көктем келсе гүлің жұпар, Саған аңсап келер мейман, Түрікменстан, Түрікменстан! Көп ғасырлар азап шеккен, Ұл мен қызың жасын төккен, Ауыр азап белін бүккен, Зор зұлматты көрді халқым, Жасымады, тұрды халқым. Бізге қолын созды орыстар, Украиндықтар, белорустар, Туысқан жұрт, қымбат достар Тізе қостық, көрдік жарық, Еркіндік пен теңдік алып. Көркіңді, өлкем, көрсем сенің, Ақ мақталы əсем жерің, Неше түрлі машинаның Кемедей боп жүрген жүзіп, Мақтаны тау етіп тізіп. «Ақ алтынның» мекенісің, Абырой – даңқ еткен ісің, Тонна санын көбейткенсің, Женісіңді баяндадың, Сертке жеттің – аянбадың.

Режепгулы, даңқың шықты, Оразкелди, тыңғылықты, Алладурды, Язгул – мықты Жандар туды əрбір тұстан, Түрікменстан, Түрікменстан! Білген өлкек өнер затын, Тері, кілем, жүйрік атың, Тəтті тағам тамсанатын Көпке таныс, жұртқа мəлім, Сап-сары алтын топырағың. Мая əн салса, үні қандай, Мыллы ағаның күйі қандай, Балғын көктем күні қандай, Жұрттың жыр мен өледі сол, Өрнек төгер өнерлі қол. Ғазиз өлкем, жаса мəңгі! Думан жаса, шырқат əнді, Өмір саған сыйын тартты, Даңқың бүгін аспанға ұшқан, Түрікменстан, Түрікменстан! ҰЛЫМА Көп жыл күттім дидарыңды сағынып, Көкте десем, жерде екен ғой жұбаныш, Бала үйінің телефоны қағылып, Біздің үйге алып келді қуаныш. Құтты болсын, балаң бар, көз ашылды, Ести сала саған келе жатырмын. Ұлым! Ұлым! Енді құмар басылды, Білші неше аталғанын атыңның. Ескермедім, жатыр жұрт не десіп те, Жеп-жеңілсің, алып үйге келдім мен.

Тесегіңді салып жұмсақ бесікке, Ең құрметті төрді саған бердім мен. Түн бойында мен жанында тік тұрдым, Қимылдасаң, оңдап жөргектеріңді. Терлеп кетсең, орамалмен сүрттім, Маңдайыңнан бұршақтаған теріңді. Пысылдайсың, дəнеңені білмейсің, Жатқан жерің жұмсақ жөргек арасы, Жұрт айтады: – Өзің көрсең, күндейсің, Əкесіне қалай тартқан баласы! Кім дейсің бе, балам ғой бұл, жаным ғой. Болашағым, жалғасым ғой, тірегім. Денеңдегі менің ыстық қаным ғой, Кеудеңдегі менің ыстық жүрегім. ҚАЗАҚ МЕЙМАНДАРҒА Бірге айтқан дүзде өлең, Бірге суды іздеген, Қазақ пенен түрікменнің Ұқсас жалпақ шөлдері. Қазақ пенен түрікменнің Еңбек сүйгіш елдері. Бір бекіген екі елдің Достық ойы, ақылы. Айтылмаған Түрікменнің Бекерге бір нақылы. «Қазақпенен дос болсаң, Ауыз-мұрның май болар, Түрікменмен дос болсаң, Күнде думан той болар». Ынтымақты екі елдің Бақ-таланы ашылған.

Үстіне ата мекеннің Ырыс нұры шашылған. Бастады өзі дəуірім, Жебеді өзі қолтықтан. Келмеске кетті ауыр күн, Халқымызды қор тұтқан. Жас қалалар безенді, Бөленді нуға шөл дала. Алып асу-кезеңді, Алшаңдады ел жаңа. Дос қадамды бір басып, Тұтасты ел қатары. Шұғыласын тұр шашып, Жаңа өмір шапағы, Жүрек құстай шарқ ұрған, Жақындатты жан жақты. Сəлем менің халқымнан Меймандарға ардақты: Сəлем, Ғабит Мүсірепов, Сəлем, Сəбит Мұқанов, Қош келдіңіз өлкеме, Азат, гөзел Отанға, Қарсы алады бұ халық, Қуаныштың ұшқыны Тұр көздерде тұтанып. БЕЙБІТШІЛІК КӨШЕСІ Жайқалады алма, жеміс ағашы, Əппақ үйлер аумаған кіл ақша бұлт. Бүгінгі бір ауыл көркін қарашы, Тағы жаңа көше келді жақсарып. Көңілді күй, əсем əндер шалқиды, Көк жүзінен жұлдыз сəуле төгеді. Жаңа қоныс тепкен жандар əрқилы Бұл көшеге əртүрлі ат береді.

Тұрды, міне, Қыран қабақ қарт адам, Өзі де сол қыран бүркіт секілді. – Көшеміздің есімінен аталған Өміріміз көрінсін, – Деп желпінді. Қысқа ғана атағынан көшенің Біздің күллі мақтанымыз танылсын. Болсын онда жеміс бағы неше мың, Одан тынбай бұлбұл үні ағылсын. Болсын онда шетсіз-шексіз даламыз Ақ торғындай ақ мақтаны жамылған. Болсын онда айтқан əндер анамыз Кетпей сəби бесігінің жанынан. Болсын онда жауынгерлер кешегі Бүгін келіп комбайнды жүргізген. Болсын онда жас малшының меселі, Таң сəулесі дүниені күлгізген. Болсын онда туған елдің таң нұрлы Ертеңгі мен бүгінгі зор есесі... Шешілді ақыр жаңа көше тағыдыры: Ол атанды – Бейбітшілік көшесі. ТУҒАН ТЕҢІЗ ЖАҒАСЫ Жайқын теңіз, тұрып жағаңда, Көкірегімді тосам сабат самалға. Көктемімді көз алдыма келтірем, Өткенімді сонда есіме алам да. Анамның да көрсем сенен мен ізін. Ол құйғанда бесігіме лебізін, Сенің асау шуыңды да құйыпты, Қарт Каспийім, менің шалқар теңізім!

Шаттығым ғой – сенің əрбір көктемің, Көрем сенен толқындардың өктемін. Көркем, саған кербез аққу келгенде, Өлкеміздің думан болып кеткенін. Қымбатсың-ау маған байтақ кең өлкем, Қымбат тіпті өзің түгіл көлеңкең... Таң алдында теңіз кетсе балықшы, Сол сəттегі сəулетіңнен не көркем! Көрем сенің ауылыңның оттарын, Көрем завод жүрегінің соққанын. Бүгін сенің жағаң толы құрылыс, Көрем содан ел бақытын, көп қамын. Жүрегімде жатыр сенің лебізің, Табам одан өз жырымның егізін... Мен қашанда бір өзіңмен біргемін, Туған Каспий, туған шалқар теңізім! АҢЫЗАҚ Боп-боз болып Көк аспан Көк долылық істепті. Жал-жал құмдар Таласқан Жолбарыстар іспетті. Қызыл жалын қорғанмен Қорқытпай-ақ зор жауды, Оған жасыл орманмен Орнатамыз қоршауды. Аптап ыстық жарықтық Жеңілмеген жалғанда

Қайтер екен Арықтан Қыл бұрауды салғанда! Соған өзім таңырқап, Тұрмын міне салқында Жапырақтар құс қанат Ұшпаған бұл заматта. Ал бұлбұлдар қыстамақ Шығар Желалабадқа. Сан алуан құбылды Көз алдымда жыр-муза. Жайлауы боп бұлбұлдың Елестеді Феруза! Көгергенде дөң-қырлар, Гүл шығып жер төсіне... Ғашықтарды бұлбұлдар Тандырады есінен.

ОГУЛБИКЕ (Огулбике Оразгельдыева) (1920–1949) Ақын. Мары облысы Тахтабазар ауданы Союп-Али ауылында туған. 12 жасында кеңестік тəркілеу кезінде ата-анасымен бірге Қазақстанға келіп тұрған. 2-дүниежүзілік соғыс жылдарында туған ауылында мұғалім болды. Қайтыс болғаннан кейін «Тағдыр тауқыметі» атты кітабы жарық көрді. ҚАЙТА ОРАЛ Аттандырып тұрмын сені соғысқа, Ағаберді, асыл жарым, аман кел. Сені күтіп, көз тігемін алысқа, Сүйіктім-ау, тілегім сол, аман бол! Тұтқиылдан ел шетіне жау келді, Ел қорғауға кетіп жатыр бəрі де. Мен қалайша бөгей алам ал сені, Құдай жазса көрісерміз əлі де. Неткен тағдыр, бірге болдық екі-ақ ай, Бас айналып қуаныш пен бақыттан. Ұзағынан сүйіндірмей, о тоба-ай, Бұл не еткенін, айырғаның шаттықтан. Аз жедім бе бұл тағдырдың таяғын, Мені неге жазаладың тым қатал.

Сұм соғыстан аман қайтшы, аяулым, Кеткен ерлер, бəрің, бəрің қайта орал! Жақсылықтан адам үміт үзе ме еш, Бұл соғысты жақсы деп кім айта алар. Кетсе жаудың өзі кетсін, Біз емес, Жерімізден біз кетпейік, Қайта орал! Огулбике, жаның сонша күйзелді, О Жаратқан, мейірім күш маған бер. Мүмкін бе екен ұмытуың сүйгенді, Ағаберды, асыл жарым, аман кел.

Ата АТАЖАНОВ (1922–1989) Ақын, аудармашы, прозашы. Мары облысы Мары ауданы 2-Гокче ауылында туған. Ташкентте, Мəскеуде оқыған, Ашғабат пединститутын бітірген. Əр жылдары Тахтабазардағы ауыл мектебінде мұғалім, одан соң Ашғабаттағы баспасөз жүйесінде, «Совет Түрікменстаны» газетінде редактор болып қызмет етті. «Теке қызы Татьяна», «Айлы түн», «Тағы да алша гүлдеді», «Менің құрдастарым», «Дала – Менің бесігім», т.б. 100-ге тарта кітабы жарық көрді. КӨКТЕМ Көктем келді! Тағы да көктем келді! Жауып тастап барқыттай көкпен жерді, Тыныштықты тамшылар тағы оятты, Күн кезінде жапырақ жалын атты. Су сылдырап жылғаға толмасын ба?! Көктем шығып барады дөң басына. Көктем, көктем – қысысқан қолыңда да, Алғаш үзген гүліңнің шоғында да! Көктем көркі сəбидің гүл өңінде, Бейғам-қамсыз баланың күлгенінде,

Қоңырау ол ұлыңның мойнындағы, Ол несібе селдеткен жаңбыр нəрі. Келді көктем! Тағы да келді көктем, Құшағына даланың енді көктем. Трактор боп аттанды қырға көктем... Сондай болса-ау, мен жазған жырда көктем! МЕНІҢ АНАМ Тереземнің сол көзінің Ақ пердесі толқып өтті. Жан анамның қол ізінің Лебі алыстан желпіп кетті. Қалт еткізбей біледі анам Жұмысымнан қашан барам. Бəйек болып жүреді анам, Терезені ашады анам. Бар заводтың гудогына Біздің завод қосқанда əнін, Жазбай танып, ұл жолына Жая бастар дастарқанын. Таңнан шайға қамданады, Сағатсыз-ақ өзі тұрып. Менде ме екен ана жаны, Тұрар жолға көзін тігіп. ҚЫРҒЫЗ ТОПЫРАҒЫНЫҢ САЗЫ Түнде келдік. Аршалардың бағында Таза ауада келе сала тынықтық. Жол соқты боп шаршаған соң, таңында Шаһарын да аралауды ұмыттық.

Таңда бұлбұл үні бізді оятты. Біреу де емес, Жүз де емес, Мың бұлақ. Таңда гүлдер жұпар исін таратты. Біреу де емес, Жүз де емес, Мың бір гүл... Таң сəріде тұрып, Қырғыз жерінде Тұңғыш біздің көргеніміз гүл болды. Зəулім терек... бақшалардың төрінде Есіткеніміз күй төгілткен үн болды. Бұлбұл түгіл, бүкіл қырғыз топырағы, Əн шырқатып, сайрап тұрған секілді. Əрбір шыңы, əрбір тал жапырағы Əтір шашып жайнап тұрған секілді. ƏКЕМНІҢ АЛАҚАН АЯСЫ Əкем өлім жастығында жатқанда, Алақаны аясына қарады. Жаныма сол қасіреті батқанда Түймелеусіз жағам қысып барады. Қарады үнсіз... сонда маған қарады. Бетім жуып көзім жасы көл болды. Жас жүрегім содан қалды жаралы – Жан əкемнің соңғы демі сол болды. Өшті үйімнің шам-шырағы, құлады-ау, Асқар таудай сынды тірек-панасы. Көз жұмғанша көз алдымда тұрар-ау, Алақанның ат тағадай аясы...

Отты кезі бұлдырады құсадан, Оны қалай жазам енді сорыма?! Алақанда іздер жатты ұсаған Күрестерде кешкен өмір жолына. Аз жасады, бейнетті де сапырды, Еңбекте өсіп, əкем шындай білді өзін. Үш бала үшін қарлығаштай шарқұрды, Жазда – сая, қыста көрмей күн көзін. Жап-жас жігіт, жалын атқан шағында Ол Тулада оқыды аштық жылдары. Ұзақты күн болса рабфагында, Вагонетка сүйреп түнде тынбады. Жырып бөліп шылымының пұлынан, Жіберетін сəлемдеме үзбестен... Бізді өсіріп, қанат берді қолынан, Қалай оны шығарармыз біз естен. Іскер шəкірт каникулға келгенде, Көзі түссе қырық жамау киімге, Ақын досы Атакөпе Мергенге Жыр айтқызып, жұбататын үйін де. Жинап жарлы-жақыбайды қасына, Аулымызда жұртқа əліппе үйретті. Жуандарға атой салып ашына, Қай түні оның жылы төсек – үйде өтті?! Ол аттанды, қолға қысып қаруын, Фашизмге қарсы қатал күреске. Арқаладық ауыр жылдар зар-мұңын, Ұмыт болып шаттық дəурен күні есте. От ішінен оралды да жарадар Басымыздан сипады əке тағы да. Неше жылдай болып едік соған зар, Келіп еді ұрпағының бағына...

Сабыр, көңлім! Өксігенмен өнер не?! Төбемізден ауып кетті саясы. Көз жұмғанша көз алдымнан сөнер ме Күсті қолдың алақаны аясы. КӨРДІМ... Мен оны бұлаққа барғанда көрдім, Еңкейіп, салқын су алғанда көрдім. Су толы шелегін көтеріп еппен, Нəзік бел майыса қалғанда көрдім. Қабаққа өрмелеп, мен жаққа кенет Назды көз қиығын салғанда көрдім. Жарқ етіп жұлдызы, жалт берді тағы, Ынтызар жүрегім талғанда көрдім. Шылымның аузыма тұтанған басын Салғаным байқап қап, күлгенде көрдім. Қыз шешен қобызын тартқанда елтіп, Терезе түбінде түндерде көрдім... ІШСЕҢ, САЛҚЫН БҰЛАҚ БОЛЫП АҒАЙЫН Асықпашы, аялдашы, асылым, Көздеріңе құмарта бір қарайын. Ұзамашы қасымнан сен, ғашығым, Ұялмашы, төсіңе гүл қадайын. Асықпашы, бақытым-ау, тағы да, Каспийден мен жаңа жеттім жаныңа. Мұргаб қызы, əн арнадым сағына, Сыйлашы наз мейманыңа – жарыңа. Аялдашы, қолаң шашың тарайын, Ал құлпыршы, көркіңе ұзақ қарайын. Кел, маралым, аялайын, бағайын, Ішсең, салқын бұлақ болып ағайын.

МАХАББАТ ОТЫ – Жыр жазбай қойдың енді мен жөнінде, Жүректе ғашықтық от сөнгені ме? – Жаным-ау, ондай ойға қайдан бардың? Бұ күнде өз-өзіме қайран қалдым! Лаулаған ғашықтық от кеудем толы, Қағазға қайтіп төгем, сəулем, оны?! ƏМУДАРИЯ Əмудария, Əмудария, Толқын атқан күшті-ау селің. Жосы дария, тасы дария, Қойның толы құт қой сенің. Құлашыңды бір кер жазып, Гүл бақшаға бөле шөлді, Жағаңда өзбек, түрікмен, тəжік Бақыт құшып телі өседі. Кептіріп ел кенезесін, Текке ағып жатпадың ба? Енді бізге нан бересің, Бересің сен мақтаны да. Жағаңа егін салдыртасың, Гүл боласың, шалқар ертең. Елің үшін мөлдір тамшың, Бадандай гауһарға тең. Əмудария, Əмудария, Толқын атқан күшті-ау селің, Жосы дария, тасы дария, Қойның толы құт қой сенің!

ЖАҒАДА Мінеки, тағы бүгін де Сол əйел келді жағаға. Тосады құлақ бір үнге, Сарыла қарап далаға. Сол қара көйлек үстінде, Тұрады солай таныс жан. Боз қырау тартып түс мүлде, Қайғымен үнсіз табысқан. Аша алмай қайғы түңлігін Алдамшы үміт, құр далбас, Осыдан жиырма жыл бұрын, Жағада өстіп тұрды алғаш... Отыр ед құшып бесікті, Емізіп ана сəбиін; Ашты да біреу есікті, Үзіліп кетті əлди үн. Мұңайып кірді бөлмеге, Почташы бала, күс табан. Əйеншек бүгін ол неге, Қағаз не қолға ұстаған? Шошына ұшып тұрады ана, Ақ сүті кетті жерге ағып. Сұп-суық сөзден бір ғана Еңіреп қалды, зар қағып. Теңселіп кетті қара жер, Бұлдырап кетті көз алды. Құламай үйі тұр əзер, Нəзік жан қайтіп төзе алды? Қоймай да қоймай еңіреп, Өз бетін өзі жырытты.

Қарауытып кетті төңірек, Сөндіріп жарық үмітті. От болып қағаз қолдағы, Күйдіріп қолын барады. Алдады үміт, алданды, Ет жүрек енді жаралы, Еңіреп талып егілді, Дəл көздеп тағдыр тас атты. Ақ сүті жерге төгілді, Көзінен жаңбыр жас ақты. Сағына күтіп жүргенде, Сұмдықты мұндай есітті. Талықсып кетті, құр кеуде Құлады құшып бесікті. Жиырма жыл бұрын осыдан Жесірлік солай жеткен-ді. Айрылып жардан, досынан, Жоғалтты ол сол бір көктемді. Жиырма жыл іздеп көктемін, Жағада өстіп тұрады. Оралсын қайдан өткен күн, Жанар ма сөнген шырағы. Еркелеп толқын о күнде, Екеуін бірдей құшатын. Қызыға қарап көгінде Көк ала үйрек ұшатын. Мургабтың суы мөлдіреп, Со күндей ағып жатады. Жағада жесір елжіреп, Ойларға небір батады.

Алыстан бір от жылтылдап, Əйтеуір əсте сөнбейді. Толқыннан жайлы сыр тыңдап, Сенеді жесір, сенбейді. Сөнер де сөнбес тосумен Өтті ғой жылдар, өтті күн. Айта да берем несін мен, Əйтеуір жары жоқ бүгін. Мінеки, тағы бүгін де Сол əйел тұр кеп жағаға. Тосады құлақ бір үнге, Сарыла қарап далаға. Булығып Мұрғаб ағады, Кезеді байтақ даласын. Сол əйел сол бір жағада Тосады қазір баласын. Жиырма жыл өстіп тұр ана, Батыстан көзін бір алмай. Жиырма жыл өстіп тұр ана, Жағада өскен шынардай.

ҚАСЫМҒҰЛИ ҚҰРБАНОВ (1923–1948) Ақын. Өлеңдеріне өмірдің алуан қырын өзек етіп, өзіндік ой түюге тырысады. ӨМІР Тіпті секунд текке өтпеуге аңдамай, Түн жарымда тыншу таппас өмір, бұл. Мына бізден шабыт алып таңғы арай, Түнек түріп, түске енеді керім бір. Теңіз кешіп,жап-жас өмір талмайды, Жолындағы қалаларды басты аттап! Күн шығатын биіктерде самғайды, Адамдардың арманымен асқақтап . Станокта – бұйым жасар əрқилы, Жөңкіледі жылғаға да құйылып... Қиырларды ыстық демі шарпиды, Жердің бетін гүлденуге бұйырып. Мен мұндамын! – деп кей сəтте гүр етсе, Кейде мақта қауыздарын ашады ол. Ұйықтамайды сақшы доспен күзетте, Тау шыңында, қия бетте – таса жол. Қыз-қыз қайнап, буырқанған өмір-ай, Қараңғыны сəулесімен тілімдеп!

Табиғатпен төркіндес беу, көңіл-ай, Қарсы алады жаңа күнді күлімдеп. Тіпті секунд текке өтпеуге аңдамай, Түндерде де тыншымайтын өмір, бұл. Мына бізден шабыт алған таңғы арай, Құй нұрыңды, шапағыңды төгілдір! БАҚЫТ – Əке, айтшы, бақыт деген не сонда? Жауап берді: – Өзің көріп, сез, аңда! Егістікте – мақта, қырда мал өскен, Бар табиғат – шеберхана, ұстасы сен емес пе ең?! Қырмандағы алтын дəнге қарашы, Бай даланың ырыздығын санашы! Сауалыңа өзің жауап табасың: Адал еңбек – бақ-дəулеттің анасы. БАУЫРЛАР Палау пісті... Таң шапағы құйылып, Бес стакан шарапқа нұр тоғысты. Бірге туған төртеу бүгін жиылып, Еске алады сол баяғы соғысты. Бесіншісін... айтып, көңіл жүдейді, Бос тұрмасын стаканы, толсын тек! Бал шарапты көтергендер тілейді: – Ұрпақ өссін, ұзақ ғұмыр болсын! – деп. Шарап лаулап, жанға содан от түсті, Қиял ұшты қанды майдан жолына.

...Ту түбінде бауырлары оқ құшты, Одессада, түспей жаудың қолына. Бір стакан қалды ішусіз... Көңілде Бейбітшілік болсын деген тос-тілек. Құдды мына қарашаңырақ төрінде Төртеу емес, қатар соғар бес жүрек! МЕНІҢ ҮЙІМ Менің туған үйім бұл, Тілім шыққан былдырлап. Терезенің түбінде Қалың жапырақ сыбдырлап. Аптап бүркіп жел енсе, Күн шыжғырып жанады. Нəн дарақта – көлеңке, Дихан сая табады. Сосын, кетпен салады ел, Өңдеп таудың етегін. Күз келгенде қара жер Берер еңбек өтеуін!

Мəмед СЕИДОВ (1925–1982) Ақын, Түрікменстанның халық жазушысы. Ахал облысы Бахарден ауданы Дурун ауылында туған. 1958 жылы Ашғабаттағы Түрікмен мемлекеттік университетін бітірген. Əр жылдары «Совет əдебиеті» журналында, «Түрікменстан» баспасында, Түрікменстан Жазушылар одағында кеңесші болып қызмет етті. Алғашқы кітабы «Ашғабат гүлдері» 1950 жылы жарық көрді. Басқа да көптеген жыр жинақтарының, «Əкелер жолы», «Муками Друна» кітаптарының, «Кесаркач» романының авторы. МЕЙМАН БОЛЫП КЕЛІҢДЕР Достар, бізге мейман болып келіңдер, Қарақұмның құшағына еніңдер. Гүлдерімнің жұпарына қаныңдар, Түрікменнің пак жүрегін таныңдар. Ауамыз бар, бейне мөлдір сырымыз, Шəрбəттан да тəтті-ау ішер суымыз. Қауынымыз шипа-дару секілді, Бір тістесең, жазып берер дертіңді. Мың жасаған шынарымыз саялы, Күн түсірмей жапырағын жаяды. Даламыз бар анамыздай жаны ізгі, Түрікменннің дастарқаны тəрізді.

Самалымыз маңдайынан сипамақ, Лұқпанның қолдарындай шипалы-ақ. Туған жерім, топырағым тынысы – Мың тағдырдың таусылмайтын ырысы. Білесіңдер: Жаздың тымық шағында Тас төбеде тұрады күн жалындап. Жылдар бойы сол ыстықта келеміз, Құрыш құсап шымырланды денеміз. Жаз айларын жақсы көрдік сондықтан, Бізден артық кімдер сірə оны ұққан?! Біздің жаққа мейман болып келсеңдер, Сендер де оны сүйесіңдер, сенсеңдер. Көрдіңдер ме Қарақұмның реңін, Түрікменнің гүлден əсем кілемін? Жарларымыз жұмсап бүкіл өнерін, Жақсартуда туған жердің бедерін. Тоқиды олар таңғажайып кілемді, Жазады ақын соған ұқсас өлеңді. Асқан əнші Сақи-бақсы дарынды Қос ішекке қояр жалғап жаныңды. Қолдарыңды қысып тұрып, ағайын, Жүрегіңнің от сезімін ұғайын. Мейман болып келіңдерші, Достарым, Құшағыма еніңдерші, достарым!

ҚАЗАҚ АҢЫЗЫ Бір күні Сырдария жағасында Болдым мен қазақтардың арасында. Отырдым қойшы үйінде қонақ болып, Досымның табылғандай бəрі осында. Қарт жылы жүзбен күлімдейді, Елжіреп жүрек содан дірілдейді. «Түбіңді, жас түрікмен, білемісің, Екеуміз егіз едік бұрын», – дейді. «Жоқ, ата, естімедім, кешір мені». «Ендеше құлағың түр, досым, – деді, – Болыпты бір адамның егіз ұлы, Сейілхан, Жайылханмен есімдері. Жабысып туған екен екі дене, Сол күйі жүре берген жетіле де, Екеуін айыратын болмайды амал, Ата-ана ашына ма, өкіне ме? Екеуі бірге ғұмыр кешеді екен, Жабысып бір-біріне өсе берді. Бір күні осы араның ханы келіп, Қылышпен бөлді арасынг деседі елі. Жұрт көріп хан қылығын тосын əлгі, Түршігіп денелері шошынады. «Екеуін екі айырды-ау қылышпен» деп, Көз жасы қара жерге жосылады. Жайылхан қазақ болған көрінеді, Сейілхан түрікпен боп бөлінеді. Екеуі ерегіссе, содан бері Тек қана қылышқа сөз беріледі. Мінекей, содан қазақ түрікпенмен Бір-бірін сəті түссе бүріп келген.

Мың жылдар бойы арада қылыш жатып Еріксіз екі елге де күйік берген. Бірақ біз ол заманға жараспадық, Жаулықты арамыздан аластадық. Қақ бөліп қасіреттің қан қылышын, Бостан бос бұрынғыдай таласпадық. Туған ел – əкеміз де, Отан – ана, Шынықтық ер халық боп жоталана. Келеміз келешекке егіздей боп, Түспейді енді мəңгі от араға...» Сонау бір Сырдария жағасында Болғанда қалың қазақ арасында, Есіттім осынау бір жақсы аңызды, Екі елдің өз ниеті бар осында! АРМАН Қарашы дос, сауылдайды жапырақ, Қарағайды күз жұлмалап жатыр-ақ. Басын иіп ең соңғы оның сүйгені – Өзіміздің туған асыл топырақ. Жапырақтың аз болса да өмірі, Жабырқамай кетті бірақ көңілі. Көктем, жазда қарт теректі жасартып, Гүл-гүл жайнап тұрды өскен өңірі. Өлім деген бос шу емес тегінде, Арманым бар, аңсарым бар менің де. Ойға алғаным орындалса болғаны, Артық өмір тілеу жоқ қой пейілде. Арман деген жаралмаса егер де, Өлім деген өршеленіп келер ме?! Өмір онда ойыншықтан кем болып, Тəттілігін тарттырар ма, берер ме!

ГҮЛ МЕН СЕН Түнеріп тұрып қара бұлт Төмендеп жерге төнеді. Толқыған гүлге нəрі аңқып Көз жасын келіп төгеді. Қуылған сайын көз жасы, Қуана берер гүл тұрған... Гүлмісің, сəулем, сөз қатшы, Əлде гүл сен бе құлпырған! ПОЭЗИЯ Диханға орақ, жұмысшыға балға боп, Қайрат бердің ауыр еңбек қызғанда. Ғашық жігіт жүрегіне салған өрт, Қуантқан сен құда түсіп қыздарға. Бастың асқақ арулардың аптығын, Сұқтандырдың розасын үндінің. Сенен таптым мың көктемнің ақ гүлін, Сенен таптым мың қиянат сұмдығын. ІШІП АЛЫП МАХАББАТТЫҢ ШАРАБЫН Ақ бөкендей қия таста ойнаған, Асау өзен тасты қуып ағады. Анау жаға, құмарлығын қоймаған, Шақыра ма, қос қабағын қағады. «Қайда безіп сылаңдайсың, сүйіктім, Кəне, маған бір ескерткіш қалдыршы. Отын сөндір жүректегі күйіктің, Өзің келіп сусынымды қандыршы!»

Дейді жаға, суға қарай үңіліп. Жас жігіттей ұзақ күткен серігін. Мақсатына жетпесе де түңіліп, Əлгі күнге жоғалтпайды сенімін. Көрмейсің бе жанарыма жас толып, Бір сұлуға ғашык болдым, қарағым. Мен де жүрмін күдер үзбей, мас болып – Ішіп алып махаббаттың шарабын. КӨПЕТДАҒ1 Қанатын жайып сыланып, Қияда қыран шүйілді. Ақ тасың жасқа шыланып, Қабағың кейде түйілді. Өйткені əрбір ғасырдың, Томдары жатыр төсіңде: Іздерін бізден жасырдың, Сырларын сақтап есіңе. Құз-шатқал, қатпар тасыңда, Хатталмаған сырлар көп. Кездім ғой талай жасымда, Сездің бе мені жырлар-деп? Кездесем елмен күніне, Еңбегім болса татымды. Жоғалмас кітап біріне, Жазып қой менің атымды. ҒАШЫҚПЫН Қуарған құмды ұшырып, Аңызақ соқса тұлданып. 1Көпетдағ – жер аты.

Сол жерге өмір ұсынып, Ағады өзен ырғалып. Жамылып ақ тон сыртыннан, Жастанып көк мұз түледің, Қызылды-жасыл құлпырған, Майдағы қайда желегің? Көгілдір тұман төсіңе, Қалғиды басын сүйеніп. Ашғабат түссе есіме – Қарама маған түнеріп, Көтеріп бурыл басыңды, Аму-дария амандас. Ескертпе маған жасыңды, Бұл күнде болдық замандас. Талай жер көрдім мақтаулы, Тең емес саған бірі де. Кеудемде көркін жаттаулы, Есімде қысқы желің де! Төксе шұғла көктен күн, Сыйлады далаң гүл шоғын. Бұлбұлы болып көктемнің, Ұсынды ақын жыр шоғын. Құм дала шөлден қысылма – Өзенді сыйға беріпті. Ғашықпын Жейхун1 қысыңа Ақ тоның қандай көрікті. 1Ж е й х у н – Түрікменше Əмудария деген ұғымда.

Бердіназар ҚҰДАЙНАЗАРОВ (1927–2001) Ақын, аудармашы, драматург, прозашы, Түрікменстан халық жазушысы, «Мақтымқұлы» сыйлығының лауреаты. Ахал облысы Ербент ауданы Дүвүнли ауылында туған. Мəскеудегі М.Горький атындағы Əдебиет институтының екі жылдық курсын оқып бітірген. Əр жылдары редакцияларда қызмет еткен. 1990 жылы Түрікменстан Жазушылар одағының төрағасы болды. «Ыстық бала», «Адам туралы əн», «Күрес майданы» жəне басқа кітаптардың, «Құм адамдары» романының, тұңғыш президент туралы əннің авторы. Өлеңдері əр түрлі тілдерге аударылған. ЖОЛ Даланың жолы шық түскен түнде, Жшарлайды сені ыстық бір күнде. Шарладым қырды, Шарладым ойды, Қадамдап, қарыштап, Кездім – кеттім алыстап, Мезгедім – Не іздедім? Бар ма сенің білгенің? Даланы көктем баураған кезде Ақ бұлт көкте зулаған кезде, Ішкенде жайраң бұлақтан қанып, Сейілге шықтым аулаққа барып, Елігіп жүрек лепірді бұлқып,

Көз тіктім, шексіз көңілім ынтық Неге ынтықпын, Неге ынтықтым Бар ма сенің білгенің? Аһ, ыстыққа күйіп балқыды денем,– Қайғыға төзіп, шаттыққа бөлен, Өмірден солай жолдама алдым – Шайқасқа шықтым, барлауға бардым, Заңдарын ұқтым – Майданның өрлі Бар екен шыңы шақырар ерді. Сол биік ерге береді қуат, Сол жерден табар мызғымас тұрақ. Аһ, шайқастың жері, Аһ, сүйкімді өмір! Əзірмін сенің сыныңа небір! Бұйырсаң барып, жазамын дертті, Бұйыр, жетіп, сөндірем өртті, Бұйырсаң кіріп, күйретем жауды, Бұйырсаң баптап, жайнатам бауды, Келтіріп сəнін саламын қала, Кетпей ешбір қызықтап қана, Өмірге келдім, білсін деп мені, Толғайды мені өнердің жөні, Жылытсам деймін адамның жанын, Өсіріп көңіл, қыздырып қанын, Сүйсінтіп елді еңбегім менің, Болашақ кейде еске алса деймін. Қызықтау үшін шыққаным жоқ қой, Өмірден менің ұққаным көп қой, Əнім бар əсем шырқатып өтер, Болады ізім – ұрпағым өсер. Шаршайын мейілі, сапардан ұзақ, О өмір, сенсің аңсарым бірақ, Болады жазым, болады күзім, Қалады ізім, жайнады жүзім, Шыңдалам ширап шайқасқа кіре, Қуат бер, елім, оң сапар тіле!

СЕНІМ Нанбаса адам, сенбесе адам, Сол нағыз пасық, сол нағыз надан. Досыңнан артық сенесің кімге, Бəрінен досқа сенбеген жаман. Досым-ау шəксіз сенемін саған, Жүзіңді көрсем, қуаныш кернеп, Бір сенен бойға сүйеніш табам, Көңіліміз ортақ, жанымыз ұқсас, Туғандай тату тетелес өсіп, Еліміз – ортақ, неміз бар ұқпас! Айтыстық талай жанжалсыз, даусыз, Келеміз кексіз, өзара жаусыз, Сен үшін өзің, мен үшін өзің, Жау тисе, дайын қорғаныс-қорған, Туған жер үшін қолқабыс болған, Жасай бер сенім, жарасқан жүрек, Үзілмес үміт – қанатты түлек, Сенімсіз өмір – суынған көмір, Сенсін ғой дауа, жасартар, білгірі Сенімсіз жүрек болмасын дейік, Жүрекке сенім орнасын берік, Жаныңды сенім тазарта берсін, Жер жүзін сенім жасарта берсін!

Дұрды БАЙМҰРАДОВ (1928 ж.т.) Ақын. Өлеңдерінде туған жерге деген сүйіспеншілік, қарапайым еңбек адамдарының жан дүниесі жақсы ашылады. ЖЕЛ Құм шашасың желпілдеп, құтырғаның жөн бе, жел, Мұнайлы қала даңқына күшің бар ма тең келер? Ғимираттар ғажайып бой көтерді аспанға, Шаңды қолаң сумаңдап, құлшынасың ластауға. Біздер еккен теректер сап түзеді, болды абат, Жуасиды құйының, долылығы жолда қап. Бұтақтарын жаяды, жапырақтары көлбейді, Əлі-ақ олар: «Басыңды ій, желікпеген, жел!» – дейді. НЕБИТДАГҚА Қанат қақты жас қала түрілді де түнегі, Ақ шағала – үйлері, күлімдейді күн елі. Ақыл, білім жемісі – жарқырап шам жанады, Көлік зулап даңғылда, жапан дала түледі... Көлеңкесі көбірек, аздау күннің арайы Кешегісін де ұмытпан, көрінсе де жабайы. Қатал өлке деп оны жазғырмаймын ешқашан, Туған жерім бұл менің Отаным боп қалады.

Шалқыған көк теңіздей Көзді арбайды құмды алап, Қысы да оның қаһарлы, Аптабы да тым ғажап. Түгесілмес қазына Жатыр құмдар астында, Біз білеміз байлығын, тани алдық бір қарап. Төрелігін айта алмас төбе би боп жат кісі, Күнге өртеніп құм жатыр Қуырылып апшысы. Алтын сандық бар онда ашылмаған қақпағы, Қазынасын ала алсақ қонар басқа бақ құсы. Əурешілік, қайғы да өткінші əрі оған жат, Көктем ерте шығады, қыс қала алмас табандап. Құмның əрбір демі де Қуат беріп еліме. Мөлдіреген кіршіксіз махаббаттан жаралмақ. Туған мекен өзіңнен Жүрсем жырақ, шалғайда, Саған сеніп тапсырам мұңым болса қандай да. Құлақ түріп кеудеме жүрегімді тыңдасам, Құм теңізі дөңбекшіп, Жел əндетіп ойнай ма... ШАРТ Мен өзіме заң шығардым бұлжымас, Достарым да қабылдаса қынжылмас. Шарттары оның өте қатал, өткір тым, Сындарынан сүрінбесем деп тұрмын. Дос қайғысын бөлісу де ойда жоқ, Тайраңдасам шақырмаған тойға кеп,

Жүре алмасам ту ғып ұстап достықты, Онда менің тірлігім де бос, тіпті. Жолға шықсаң – дамыл іздеп жалтарма, Сөз бердің бе – тау тұрса да талқанда. Қиын шақта берген досқа көмегін, Жалтақтауды жөнсіз қылық дер едім. Жанымдағы жақсылықты нұр етем, Не болғаным оған өтеу тілесем. Мақтан тілеп, қайырымымды бұлдасам, Досқа өзімді онда қалай сыйлатам. Өле қалсам – өкінбеңдер аһ ұрып, Жыла жаймен, бойға сабыр шақырып. ...Дəл осындай шарттарым мен заңым бар, Ұнар ма екен, достар қалай қабылдар? ҰСТА МЕН ҚҰРАЛ-САЙМАН Жанұяның нəпақасын жалғаған, Əлі есімде ұстахана салған əн. Кемпірауыз, балға, кескіш, тескіштер Əкеміздің қолдарында ойнаған. Күміс соғып, от ұшпайды жанарда, Лауламайды көріктегі алау да... Қартайды əке... күмілжіп сəл тұр бүгін, Құрал-сайман жатыр ескі қанарда. Түрікменстан төсі еңбек дүбірлі, Қолға емес, станокқа жүгінді. Заманының жетістігі сүйсінтіп, Қолындағы кескішіне үңілді.

Анна КУРТГЕЛЬДЫЕВ (1928–1982)) Ақын. Жырларында дүниені ақындық көзбен тануға талпынып, өмірдің алуан сырына ой жүгіртеді. ҚАР Ауыл үстін басып салды қалың қар, Қалың қарда белуырдан адымдар. Қайда кеткен, көрінбейді жол, қырат, Құс қанаты қатты аяздан салбырап. Бар маңайды қар тұмшалап, мұз жапқан, Балалардың қабағына сыз қатқан. Олар, əне, əрең шығып жылы үйден, Бүрсиіп тұр аулаларда бір-бірден... Бірін-бірі көзбен бағып, тұр күтіп, Бірінші боп кім шығады ырғытып. Арқасында сөмкелері, Байқастар: Бірінші боп мектепке кім жол бастар. ӨТКЕНДЕРДІ СӨГЕ КӨРМЕ, ЖЕР-АНА Бір күндері қоштасармын өмірмен, Суретімді іліп қояр жиектеп.

Достар келіп аза тұтқан көңілмен, Соңғы сəтте жүректерін жүдетпек. Қабір басын көз жасымен жуады, Басқа жол жоқ бұл өмірден шығатын... Ағып түскен бейне аспан шырағы – Менің жаным тауысады қуатын. Бəлкім, менің тіршілігім жалғасар Жазып кеткен жырларымның жолында? Ал егерде құшса менше ол да ажал?... Өткендерді сөге көрме, жер-ана, Мен аянып қалған жоқпын уағымда.

ЕСІМДЕСІҢ ƏРҚАШАН Қыстыгүні – көктемді, Жазда қысты сағынам. Өткен күнде жоқ белгі, Мен бүгінге бағынам. Қалада ішім тарылып, Қашам ауыл, далаға. Бір айдан соң жалығып, Қайта келем қалаға. Жаяу жүрсем жер иіскеп, Жалтақтаймын көлікке. Көп ұзамай екі аяқ Көнбей кетер ерікке. Жазық жерде көп жүрсем, Тауға шыққым келеді. Онда біраз бөгелсем, Көзбен шолам төменді. Мəңгілік жоқ өйткені, Алдан жаңа əн тосам... Ұмытпаймын тек сені, Есімдесің əрқашан.

ЖАЙРАН Көк шалғынды жапырып, Үрке безген бір аң бар. Оқтан қашқан жайранның Өзі емес деп кім айтар. Не істеуді ол білетін Қатері мол шақтарда. Бой тасалап жүретін Сіңіп терең шатқалға. Еңісінен Хасардың Ойға қарай зырлады. Кенет... тоқтай қалды да, Құлақ түріп тыңдады. Бəлкім, аңшы көрсоқыр Сұлулыққа оқ атқан. Алтын жайран қалды ма Жараланып сол оқтан? Жоқ... тұйдұқшы саз тартқан Көз салмастан текті аңға. ...Əсем саздың əуені, Өткірсің-ау оқтан да. ГҮЛ АЙЫ БАР КӨКТЕМНІҢ Ауа райы бұзылды – Көктемді ашу жеңді ме. Табиғат та құдіретін Көрсеткісі келді ме.

Жын шақырған бақсыдай Аспан əлем-тапырық Болып кетті, Кенеттен, Қарлы жаңбыр сапырып. Қарақұмның көлінде Айтып жатты мұз өлең. Менің туған Хасарым Қарға батты тізеден. Тығылды үйге адамдар Күтпеген бұл суықтан. Боран соқты... Алайда Көктем келер жуықта. Қорқыныш жоқ ендігі Шуақ төгер көктен күн. Біздің жүрек секілді – Гүл айы бар көктемнің. СЕНІҢ ҮНІҢ Сенің үнің тау-шатқалды аралап, Көктем күйін шартарапқа жеткізді. Ал жаңғырық жүз реттен қайталап, Тірі жанның бəрін елең еткізді. Орман-тоғай тыңдай қалып бұл əнді, Жапырақ-алақандарымен қол соқты. Бұтақтағы қарғалар да қуанды, Əр дыбысын іліп алып жел кетті. Бұлбұлдар да сайрап ала жөнелді, Бұл əуенге үнін қосып тезінен. Дəлелдеуге кіріскендей ол енді Ешкім асып кетпейтінін өзінен.

Сен бұлбұлмен түспей-ақ қой жарысқа, Ол тек қана сайрай алар көктемде. Қысы-жазы тынбай жетіп алысқа Естілетін ең таза үн тек сенде.

ХАСАР ТАУЫ Уақыт сенің шыңдарыңнан қол бұлғар! Жассың ба, əлде кəрісің бе, білмеймін... Сəлем саған, мың жасаған тау Хасар, Мен өзіңді абыз демей, кім деймін. Арша толы беткейіңде жүгіріп, Тастарыңнан жиһаз жинап өскенмін. Бүгін соны терең оймен ұғынып, Жыр жалауын көтеруді қош көрдім! Əр бұлағың əсем сазбен əн айтып, Жыр жолдарын ұйқастырып жатады! Əне, шопан ел байлығын молайтып, Шайлап жатыр алдындағы отары. Поэзия! Менің сендік сезімім, Əр жүректің сыры емес пе мына күй! Сенің соқпақ, сүрлеуіңде өзінің Өшпес ізін қалдырыпты Фраги. Сол іздерді құдіреттің күшімен Жартастарың сан ғасырлар сақтапты. Хасар! Сенің шың құздарың ішінен Көрсет маған ұстаз салған соқпақты! Сұлу жырмен дəл өзіңнің көркіңдей, Мен де сенің атыңды əнге қосамын. Ақша бұлттар бейне сеңсең бөркіңдей, Баса киіп отырасың, Хасарым.

Əлде Хасар маған былай дей ме екен: «Фрагиді сүйсең, сондай жыр жарат. Еш делдалсыз, оныменен сөйле тең, Өрге ұмтыл, құлап түспе сырғанап!» Жаным түлеп, қанат бітіп қиялға, Түсіністім шың-құздармен солайша. Өйткені мен Фрагимен бір тауда Туып-өстім, Ұқсамайын қалайша?! Мейлі, менің атағым жоқ, шенім де, Түрікмен халқы айтса болды мұны іштен: «Ол да, туып-өсті Хасар жерінде, Мақтымқұлымен бір бұлақтан су ішкен».

ЖЕР БЕТІНДЕ ӨЗГЕРІС Таңертеңгі шыққан күн Батарын да біледі. Қыз бұрымы қысқарып Қаларын да біледі. Жаздың кəусар бұлағы, Таулы шатқал, далалы, Қыс келгенде көркінен Айырылып қалады. Түнгі аспанның жұлдызын Таң жарығы өшірмек. Осылайша күнұзын Құбылады жүз рет. Ыстық пенен суық та Бірін-бірі қуады. Жеміс берген жуықта Бау да қурап тұрады. Жер бетінде өзгеріс, Ештеме жоқ мəңгілік... Сонысымен қызықты, Кезек дүние, Сан тірлік!

Ақжамал ОМАРОВА (1928–2011) Түрікменнің дарынды ақын қыздарының бірі. Өлеңдерінде адам жан дүниесінің тылсым сырларын ашуға тырысады. Бейнелі, бедерлі ой өрнегін құрады. ШІРКІН АДАМ Шіркін адам – дүниенің тұлғасы, Керемет қой құдіретің, келбетің, Шіркін Адам – дүниенің құрдасы. Гүлге орадың мынау жұмыр жер бетін. Қатпар-қатпар таулар–сенің маңдайың. Мəңгі бақи жасап келе жатырсың, Тоңсаң– шілде, ыстықтасаң қар дайын, Дихансың сен, ақынсың сен, батырсың. Жер ұйқтады, сен əлдилеп тербесең, Сенсіз тіпті тіршілік жоқ əлемде. Құдірет боп жаралдың да жерде сен, Күн мен Айды айналдырдың төбеңде. Шіркін Адам, аспан дағы ақыры, Сенің тəтті əніңменен ұйып тұр. Мынау шексіз дүниенің ақылы Жұдырықтай басқа қалай сыйып тұр?

КІЛЕМ Кемпірқосақ нұр шашып кең бөлмемде, Жас қанатын жайыпты жасыл бақша. Орылмаған көк шалғын, көк өлең де, Орнап қапты пышақтай жас қияқша. Паркет толы өсіпті алуан гүл! Алуан гүл!Япырау, бұл не сыр, бұл! Терезеден сығалап, қалтырап бір Қызыл шұнақ далада қарлы аяз тұр. Ызасына аяздың сұрқы сүрең, Көктемді үйге келтіріп берген рең – Төрімдегі екен ғой жібек кілем, Бірде жасыл құбылып, бірде күрең. Əуе айналып түскендей шақта аптап, Кілем жайып, жайғасып, орын баптап, Отырысқан үлкендер шай сораптап... Кілемшілер еңбегін сөйлер мақтап. Сондай сəтте жан-жақтан есіп самал, Қоштағандай кеңесті бұлбұл сайрап, Маужырап жан тынығып рақат табар, Жібек желмен тыныстап барша аймақ. Даңқы асқан, кілемші, құрбыларым, Мен де сүйіп сендерді жырға қостым. Өнер тассын жас жандар, жаны жалын, Еңбегіңнің жемісі гүлдей өссін. Шығара бер, достарым, кілемге орап Өлкеміздің өрнекте өзен, көлін! Шешек атқан секілді жасыл алап, Елестетсін кең-байтақ түрікмен жерін. КӨМЕКШІМ Ақша бұлттай ақ мамық бесігіңде Ұйқыдасың, ақ ботам – келешегім, Айта алмайтын сен əлі есімін де Кейіпкермен ұзақ түн кеңесемін. Шам нұрына шалықтап, езу тартып,

Жымиясың кірпігің дірілдейді. Шабыттанып мен сонда кетем шалқып, Өмір сен боп – өлең боп күлімдейді. Мақпал қара түндерде маужыраған, Мен жырлаймын елімнің тың істерін. Өлкемдегі əрбір сай, тау, жырадан Жыр-самал боп еседі тыныс-демің. Сызат беріп сұлу таң көтерілді, Түн сырының жоқ оған көмескісі. Тек сен, ботам, сезбейсің екеніңді Үлкен істің кішкентай көмекшісі. МАРЫМ Марым – ата мекенім, Барымды тарту етемін. Көгере берсе көсегең, Жаныма қуат етемін. Марым бүгін жайнады, Ақ алтынның аймағы. Əр отауы миллионер, Жердің бейне қаймағы. Қуанам əрбір күніңе, Қуанам өскен гүліңе. Күйі ғой шат еңбектің, Бұлбұлыңның үні де. Бойына жасыл көшеннің, Кілемдей жырым төседім. Жайқалса гүлің мəуелеп, Өзіңдей мен де өсемін. Марымның көрдім бұл күнін, Аймағы ақ алтынның. Туған аулым – тұғырым, Шуақты жері халқымның.

Меретқұл КАРРИЕВ (1929–1969) Ақын. Өлеңдерінде аллегориялық тұспалдаулар арқылы өмірдің белгілі бір суретін бейнелі көрсете біледі. Əсіресе балалар үшін тəлімдік, тəрбиелік мəні мол. ШЕБЕРХАНАДА Орындыққа лезде Жан бітті де бір кезде Кербезсініп, Баптанып, Сөйлеп кетті мақтанып: – Сұлумын мен, Əсеммін! Айтшы кімнен бəсеңмін?! Туа, Құлап қалмастан, Төрт аяқты тең басқам! Сонда Тақтай сөйледі: – Қой, қой, досым, қой! – деді. – Айту мұны парызым: Əрі қисық, Əрі ұзын, Меніменен тең өскен Жаман ағаш емес пе ең!

Білесің бе, Өзіңді Орындық қып төзімді Кім екенін істеген? Міне сонда күш деген! – Жігерлі де жүректі Мен! – деп Балға гүр етті. – Басып тұрып құлақтан Шауып-шауып құлатқан, Қисық-қисық бұтақтан Түк қалдырмай жұтатқан, Шынын айтсам мен саған, Мен ғой сені жасаған! – Шыдап тұрар кез бе еді! Ара бұған төзбеді: – Жап аузыңды, Мақтаншақ! Жүресің тек аттан сап. Сөзге желдей есесің, Кессең, қисық кесесің! Түзуі жоқ ісіңнін, Сонша неге ісіндің?! Не қарайсың алара, Тегіс кесер тек Ара! Сен бір нағыз шен құмар, Менмін істі тындырар! – Сабырлылау еді Егеу, – Ара досым! – деді Егеу, – Қайрамасам тісіңді, Тындырар ма ен ісіңді?! – Жөн емес, – деп, – ұрысқан! – Сүргі шықты бұрыштан. – Мен Егеуді жақтаймын, Ал мен өзім Тақтайдың

Желкесіне қонамын, Жып-жылтыр ғып жонамын. Тыным таппай көп істеп, Шығам оны тегістеп! – Естілді бір нəзік үн: – Мен Бұрғының өзімін! Асқан күш жоқ тұлғамда, Алайда іс қылғанда, Тиер менен көп пайда. Тұмсығымды тақтайға Алсам болды бір сұғып, Қалмаймын мен тұншығып. Бар ашуым, кəрім де, Тесіп шығам бəрін де! – Бұрғы солай деп еді, – Бəрі босқа кебеді! – Деді Желім бір шеттен, – Мен өнерді көрсеткем. Сендерге бұл жақпайды, Мен жапсырған тақтайды Көрем десең келіп көр, Батыр болсаң беліп көр! – Естігенбіз мұндайды, Бірақ бұлай болмайды! Бұл миыма қонбайды, Менсіз Желім онбайды! Орындықты орнықты Ететұғын мен мықты! – Деді Шеге қалпақты, – Білмеймін мен жалтақты! Инедейміз, үштіміз, Тындыратын істі – біз! Мен мақтансам дұрыс қой, Тегім – темір, құрыш қой!..

– Қауқарың жоқ, Шеге, түк! – Деді Балға кекетіп. – Жіп-жіңішке арықсың, Жүре алмайтын ғарыпсың! Мен көрмесем, жатасың. Шаң-тозаңға батасың! Тұрғызбасам мен сені, Көтермейсің еңсені! Бір қоныжытсам төбеңнен, Тік тұрасын, денеңмен! – Қаубырғасы қайысып, Қалса Шеге майысып, Жоқ па менің керегім? Мен сондайға ер едім! – Деді Қышқаш бір уақта, Екі езуі құлақта. – Істе тауың шағылса, Шегең қисық қағылса, Жұлатын мен емес пе? Құлағық сал кеңеске. Олай болса – күштіміз! Тындыратын істі – Біз! – Дөп-дөңгелек қалбырдан, Қажетке деп қалдырған, Сыр еденге төгілді, Өзі сондай көңілді. Қарап Сүргі, Араға Сөйледі сол арада: – Буфет, Шкаф, Үстел мен Орындықты істелген Сырламайды сөзбенен, Қажетпін ол кезде мен! Қызыл да – Мен, сары – Мен, Қоңыр, қара, – бəрі мен. Олай болса, күшті – мен, Тындыратын істі – мен! –

Сыр сөзіне таңданып, Шеткі шықты шамданып: – Менсіз сен де дəрменсіз, Бояп көрші, Сыр, менсіз! Қоп-қою бір немесің, Неге сонша кебесің! Былғамасам сені мен, Жұқпайсың да жөнімен! Қызыл, жасыл болсын деп, Көңілдері толсын деп, Сырлап бəрін тақтайдың, Тіпті тыным таппаймын! – Ақылменен, Күшпенен Өз қолынан істеген Орындықты, Столды Əжім бетті, Құс қолды Шебер сонда тұрды да, Қышқаш, Шөткі, Сырды да Өз аузына қаратып, Сөйлеп кетті: – Жаратып Тұрған жоқпын бұл дауды! Білмеймін мен алдауды. Адам, Айтсақ шындықты, Ең ақылды, Ең мықты! Адамда – өнер, күш деген, Адам – бəрін істеген!

Ягмур ПИРКҮЛИЕВ (1929–2002) Ақын, аудармашы. Лебап облысы Халач ауданы Есенмеңлі ауылында туған. Ашғабаттағы мемлекеттік университетті бітірген. «Түрікменстан», «Мағарыф» баспаларында жұмыс істеді. «Алғашқы қадам», «Тырналар аралы», «Көктемгі сыйлық», «Кемпірқосақ», т.б. кітаптардың авторы. Өлеңдері орыс, украин, беларусь, өзбек, қырғыз, молдова, эстон тілдеріне аударылған. ТЫРНА Жəутең-жəутең тырна маған қарады, Мұңға тұнып, шерге толып жанары. Бұл тырнаны қамамашы үйіңде, Жібер оны, жүрсін шарлап даланы. Қарғыс айтып түскені үшін тұзаққа, Қанат бұлғап, алады құс жылап та. Тар қапастан атып шығып аспанға, Кетсем дейді көз көрмейтін жарыққа. Көк аспанын, аңсайды ол көк белін, Өкініш қып осы халге жеткенін. Отыр əзер жіпсіз ғана байланып, Түз құсына қапас оңай деп пе едің? Қанаттастар шарлағанда қияны, Қамауда бұл, үйге əзер сыяды.

Жалғызсырап, өксиді ол жабығып, Еркіндікті еріксізден ұғады. Терезеден көзін тігіп, телмірді, Аңсайды ол шарықтаған сол күнді. Қанат қағып өтсе құстар тұсынан, Көкірегін өкінішке жеңдірді. Жабықтырып жалғыздықтың тұманы, Жанарында өкініштер тұнады. Біле алмай қыс пен жаздың не екенін, Ес жия алмай, есеңгіреп тұрады. Жібер құсты, кеңістігін шарласын, Тырналардың тізбелерін жалғасын. Жібер құсты, аспанында самғасын, Көкірегін көз жасына малмасын. Күн күлімдеп, аспан нұрға тұр тұнып, Сағынтты оны сабыры жоқ тіршілік. Тырналардың тізбегінен қалыс қап, Оянды ол түсінен де түршігіп. Жəутең-жəутең тырна маған қарады, Мұңға тұнып, шерге толып жанары. Бұл тырнаны қамамашы үйіңде, Жібер оны, жүрсін шарлап даланы. ШЫҚ Мақташы көрсе таң шығын, Балапты жақсы ырымға. Мақтаға қонған тамшыны Ырызғымыз деп ұғуда. Соқпақты бойлап ілгері Келемін жүріп, таң шағы.

Мақтаның жапырақ, гүлдерін Көмкерген шықтың моншағы. Өрт болып жанды күнің де, Еңбекпен ерлер серпілмек. Əйелдің күрең жүзінде Тер тұрды шықтай мөлтілдеп. ЖЕЛ Тақырдың шаңын суырдың, Үш күн, үш түн ұлыдың, Орманды дірдектетіпсің, желікпегін, жел. Аптықтың аш арландай, Бұлттар да шошып қалғандай. Азу тісің ақсиып, ерікпегін, жел. Үш күн, үш түн жоқ тыным, Көкесін көрдім соққының, Күйдірдің, шақтың, таладың, көне алмаспын, жел. Жинаймын мақта – байлықты, Қар жаууға қаймықты, Кедергі маған келтіріп, жеңе алмассың, жел! ҚҰЙЫН Салт атты жүр салып сайран, Біздер жаққа бағыт алған. Шалғайдағы жат өлкеден, Шықты ма əлде алып таудан? Басып төбе, сай, жыраны, Бел-белестер, қалды бəрі. Кесірткілер құйрықтарын Іздеп басын дал қылады...

Өсімдіктен дегбір кетіп, Тұр гүл шоғы дір-дір етіп. Қарыған от тұяқтардан Қыңсылайды құмдар көшіп. Жалаң қылыш беліне асып, Жаһанда жүр асып-сасып. Біреулерді қуады ма, Салт атты өзі жүр ме қашып? Күн күмəнмен қарап тұрар, Сол салт атты емес тынар. Əмудария толқынына Шашылады ұмар-жұмар. ТАҢ СƏРІДЕ Қойтен тауға қонақтады күн алып, Шық əп сəтте ұшты көкке буланып. Көр Лебабта, тұр шуақпен нұрланып, Санаң соқпа сұлулықтан құр қалып. Туған мекен! Махаббатым, мерейім, Келбетіңді белге шығып көрейін. Суықторғай қыстап шыққан үйімді Келтіреді сұлу саздың мəнерін. Нұр шұғыла жүрегімді баурап ап, Ғажайыпқа тоя алмадым мен қарап. Күліп аққан ағып сулар əндетіп, Туған жердің жатыр қырын аймалап. Жаһұттай боп жалт-жұлт етті маңайым, Қарашы əне, атқан таңның арайын. Иіледі арынды өзен Əму де Лебабымның сүймекші боп самайын...

Шехер БОРДЖАКОВ (1929–1986) Талантты ақындардың бірі. Шабытты толғанысқа толы жырларында өзі туып-өскен өлкенің қадір-қасиетін жан тебірентерлік терең сезіммен суреттейді. ҚОТЫРТЕПЕ Шаң боранын соқтырды, Тас табада кептірді – Құмдарыңды, Қотыртепе. Қарғыс тілді бетінді, Қотыртепе, Қотыртепе. Сенің бау мен бағыңа Гүл өспеді, Қотыртепе. «Шөл кемесі» жолыңа Ілеспеді, Қотыртепе. Бірақ бізді шөлдеген Жылатпадың, Қотыртепе. Сусындатты мол, кенен Бұлақтарың, Қотыртепе. Сүйіп едім сені үзбей, Құлай тіпті, Қотыртепе. Тереңіңнен теңіздей Мұнай шықты, Қотыртепе. Құм астында ырыс-құт, Данқ та бар, Қотыртепе.

Ұқсағандар өзіңе – Алып болар, Қотыртепе. ШӨЛ ДАЛА – КЕҢ ДАЛА Бұрынғы күлкің жоқ, Тұнжырап қаласың. Сен менен біртіндеп Алыстап барасың. Жүзіңе көз тастап, Еріксіз ойланам: Мен қалай жалғаймын Жүректер арасын? Ойлаймын: Сүймейді, сүймейді! Бөтен бір жандаймыз, Тым салқын. Кім жазар шиырын, Кім табар қиюын, Ұғысар жүректің Кілті алтын. Мен біздің отбасы Драмасын көп ойлап, Күндіз-түн шоқ басып Жүргендеймін со бойда-ақ. Кеттім енді. Ал бірақ Қызыққам жоқ ақшаға, Атаққа да, басқаға. Мен мына өмірде Күйбің тірлік кірінең Сарқырама бұрқақтың Астында тұрғандай тазардым.

Мереке ме, Жай күн бе, Сенен хабар болмасын Біліп жүрдім мен əр күн. Жүргеннен соң жер басып, Жақсы мен жаман алмасып, Өтеді екен бұл өмір «Иə» мен «Жоқтан» тұрғандай. Көре-көре өмірдің Талай сырын мен білдім, Үйрендім де дүниеге Басқа көзбен қарауды Бейне қайта туғандай. Бригадамен үнемі Жүрдім жазғы аптапта, Тоңдым қысқы қатқақта, Бар көргенім сол ғана. «Адам бол!» – деп Адамға Айтады дайым ал онда, Шөл дала – кең дала. Жоқ, Саяхатшы дей қоймас Мені ешкім. Муза менен лираның Елшісі де емеспін – Мен онда соңғы үзім нанымды Достарыммен бөлістім. Бостан-босқа, Тектен-тек Қиындық көрдім демеспін. Жалғап жолдар арасын, Емдеп көңіл жарасын,

Бақыт пенен уақыттың Қадірі мен бағасын Білдім деп мен айта алам. Жүріп алыс шалғайда, Түсіндім мен Алайда Алыстап кеткен жүректер Жақындасарын қайтадан. Алыс жолдан мен енді Адамдарды, Өмірді Басқа көзбен барлаған – Өзге жан боп оралам. Маған сынай қараған Қымбаттымның көзіне Сенім отын жаға алам. ІЗДЕР Сынаптай сырғыған Құмдағы іздерің Жартылай жуылған. Екінің бірі онда Бармас та, Келмес те бұл маңға. Алаулы жорықта Батылдар тек қана Бетінен қайтпайды. Ал олар Қайсар бұл Еңбегін ешқашан Ерлік деп айтпайды. Соқпақсыз бұл жерге Кім алғаш із салып,

Жол шекті тайғақты, Құм дала төсінде Кім күрке, қос тігіп, Сорпа-су қайнатты. Қу мекиен құла дүз Даланы мекен ғып Ең алғаш кім тұрды. Паналар бұтақ жоқ, Төбеден шақшиып, Күн майша шыжғырды. Ішіне сыр бүгіп, Тамсанған құм дала Төсінде адамның Іздері жосылды. Уақыттың ызғарық Ұйтқыған желі оны Қолма-қол өшірді. Осы жерде салт атпен Шөл кезіп, құм кешкен Қайсар сол жандардың Ізі де қалмаған. Қалғаны – «Жол Жоқ» пен «Қырсық Жота» жөнінде Естеліктер аздаған. Шөл даланы осылай Атамаған жайдан-жай! Бұл жерге қазына Байлығын жасырған Шайтанның дəл өзі Атын тауып қойғандай. Солай бола тұрса да, Қорқынышты, үрейлі

Ескі аңызға қарамай, Ең алғашқы қазықты Қақты мұнда геолог Екі күн құм аралай. Мінеки, ол осылай, Қиындықтан жасымай, Нағыз адам боп қалды. Күн күйдіріп, Жел қағып Жүрсе де, Алға ол барып, Құм құпиясын ақтарды. Тереңге бұрғы бойлатып, Еңбек күйін ойнатып, Өмірден ерте озады. Бүгін енді сол жерде Мұнаралар орманы Көкке бойын созады. Мұнаралар сансыз көп Құрып тізбек, Сап түзеп, Қосылады теңізбен. Бірақ бəрі шығады – Тартқан бүгін көмескі Ең алғашқы сол ізден. Ең алғашқы – Даңқты іс! Ұмытылмас қалайда, Қаққан қазығың бар құмда. Дабырасыз, Елеусіз Еңбегіңе белгі боп Ізің қалды артыңда.

МИХАЙЛОВ АСУЫ Шөкім бұлт жоқ аспанда. Күн аптабы күйдіріп, Көз жасаурап, ашыды. Міне, менің алдымда Көлденеңдеп жатыр тағы да Михайлов асуы. Не үшін бұлай атаған? Кітаптардан қараймын, Адамдардан сұраймын. Бірақ жауап жоқ оған, Айта алмайды еш адам, Сырын жұмбақ бұл жайдың. Таяудағы күндері Еске түсіп осы бір Ұмыт болған жайт тағы; Жүргізуші серігім Бір əңгіме бастап ед, Мынау болды айтқаны: «Бір кездері Хазардан Дауыл айдап əкелген Су көшкіні толқын нəн Асып ескі мазардан, Асу-асу жалданып, Тау шатқалын толтырған. Жауша тиген толқыннан Ал Қарақұм саспады, Жатып алды жантайып. Қалың құмнан қол жинап, Аттандырды жорыққа, Қарсы тұрды қасқайып. Теңіз қайтты. Құм қалды, Түкірігін тұз етіп.

Тұз жоталар сол кезден Балақанның бауырын Жатып алды күзетіп. Содан бері бұл жерге Ешкім аяқ баса алмай, Тұз жастанған қара құм Жоталардан аса алмай, Қайтқан екен меселі, Аңыз солай деседі. Өз күшіне сенгендер, «Тəуекел» деп келгендер, Жігерлері құм бола; Ыстық пешке түскендей, Қайнап онда піскендей, Қалып қойған біржола. Бірде шопан түйініп, Құдайына сиынып, Кəрі нарға мінеді. Құм боранды, Ашулы Атышулы асуды Бетке алып жүреді. Кеш батуға жақын уақ, Кəрі нарын тақымдап, Қойшы зірк-зірк желеді. Сонадайдан кенет ол Жол шетінде сұлаған Бір адамды көреді. Сақал жапқан бет-аузын, Қаруы бар белінде. «Неғылған жан?» – деп Шопан Нар үстінен үңілді.

Өліп бара жатқан жан, Аузы келді деуге əрең: «Жолдастарым қырылды...». Тағы да бір сəті кеп Кіргенінде есінің, «Михайлов...» деп екі рет Айтыпты өз есімін. Содан бері асуды Михайлов деп атайды, Осындай бір аңыз бар Жұрт айтатын осы күн». Сол сапардың кезінде Жүргізуші аузынан Естігенім осы еді. Болған жай ма, Аңыз ба, Айта алмайды оны ешкім. Асудан жел еседі... САҒАН Қоштасып ең жаңбыр жауып тұрғанда, Су-су болған орамалмен қол бұлғап. Каспий өттім, Ұзақ жүрдім мен жолда, Көз алдымнан кетпей қойдың сен бірақ. Келмейді əсте күдерімді мен үзгім, Жағалаудан сені көрем бұл маңда. Анау арғы беттерінен теңіздің Азиялық Ай қарап бір тұрғанда. Тынысыңды терең алып, Сен мені Ұмытуға тырысасың...

Ал бірақ Пошташыдан: «Хат жоқ па?» – деп, Сезбейсің Қалай сұрап қалғаныңды абдырап.

  • * Бала кезгі ойым мен Армандарым есімде. Еркін өскен едім мен Туған жердің төсінде. Жағасында теңіздің Толқын кешіп есейдім. Естелігін сол күннің Қызыл шоқтай көсеймін. Жұлдызды аспан суреті Көшкен бе əлде теңізге. Өткен күннің бір беті – Қарай берем көп ізге. Қайығымды қамшылап, Жарысамын толқынмен. Теңіз дəмін мен тамсап, Қауышамын сол күнмен.

Керім ҚҰРБАННЕПЕСОВ (1929–1988) Ақын, халыққа танымал өлеңдер мен дастандардың авторы, Түрікменстанның халық жазушысы, «Мақтымқұлы» сыйлығының лауреаты, «Совет əдебиеті» журналына редакторлық еткен, халықтың сүйікті ақындарының бірі болған көрнекті тұлға. «Жастық драмасы», «Əке мен ұл», «Қырық», «Жүрек дастаны», т.б. кітаптардың авторы. МЕНІҢ КӨЗІММЕН Білемін досым, жарымның Ұнамай саған қалғанын. Ұғамын оны бəрібір Айтпасаң да ашып аржағын. Естідім мен де талай-ақ Жолдастар айтып жүр біздің. Оншама күйіп-жанатын Несі бар-депсің бұл қыздың, Əркім де ерек талғам бар, Қалайтын елтіп жүрегі Құбылтып бақша салғанда əн, Жаныңды тербер біреуі.

Өтер ең құл боп өмірде Жаяр ең құшақ дірілдеп. Қарасаң əттең со гүлге Көзіммен менің бір рет. ТҮРІКМЕНСТАН ҚАРТАСЫНЫҢ АЛДЫНДА Бір жағында – Бахри хазар, Бір жағында – қарт Əмур, Бір қолтықта теңіз базар, Көзді алыстан тартады. Бір қолтықта – сұлу өзен, Сұлу бикеш бар тағы. Бұл табиғат осы өлкеге Күн жалынын сыйлаған. Қораш-қораш көлеңкелер Желдің əнін тыңдаған. Құм үйіпті бұл өлкеге, Көшіпті ылғи құм тауы. Сортаң жерлер сол көшкінді Ақ тұзымен қымтады. Тек алыста қара толқын Шаттық əнін шырқады. Қатаң, сараң сол табиғат Қателесті дегенмен. Нұрлы бақыт, бақыт қымбат Қайда қашсын ер елден. Кілтін алды түкмендер Сол байлықтың өнермен. Көкшіл теңіз – оң қолында Түрікменнің бүгін де. Сары өзені сол қолында Тасып шыққан күйінде. Түрікмендер сол теңізді

Оң қолына жылжытты. Ағып жатыр Жейхұн ізгі Мəз-мейрам ғып бұл жұртты. Түрікменнің қолы бүгін Жетіп қалды беліне. Екі қолы бірігер күн Алыс емес əлі де. Со бір кезде көрші бізді, Көрші бізді бауырлар. Қай уақытта келсеңіз де Күлімдеп жұрт қабылдар. Коммунизм шам шырағы Қарақұмда жанады. Алтын күндер, тау шуағы Құшағына алады. Бахри хазар бір жағында, Бір тағында Əму бар. Кел де өзің жүр жанымда Досым болсаң сағынар. Өзенді ұстап бір қолына, Бір қолына теңіз ап, Түрікменстан, Түрікменстан Келешекке адымдар. ИСМАНАК Тұр шатырлар қаз-қатар, Далада үлкен той бардай. Бидайдың бауы көз тартар, Биязы жүнді қойлардай. Комбайн жортып келеді, Толып тұр əнге бар маңай.

Алқапқа мынау əдемі Көл орнап кенет қалғандай. Иіліп бидай бастары Жерменен сəлемдескендей. Мына бір жалғыз арам шөп Əдейі мұнда өскендей. «Арам шөп мұнда неге өскен, Тастайын жұлып қолыммен» Өзіммен болып кеңескен Қасына бардым оның мен. Қолымды создым жайлап мен Жақындап келіп əлгіге. Есіме түсті кенеттен. Анашым айтқан əңгіме. Шөп емес, отты ұстардай, Селк ете түстім, дір еттім. Бейне бір зəрем ұшқандай, Алдында мынау құдыреттің. Анашым айтқан: «сұм ажал Қылышын ұстап шықты алдан. Исманак деген шөп ғажап Тек содан бізді құтқарған. Талықсып жетсек азанда, Дəміміз еді тататын . Ол анау қара қазанда Бұрқылдап пісіп жататын. Жеткіздік сүйреп ол бізді Осынау күнге қарағым, Зар қылды тəтті лебізге Басымыздағы қара күн.

Қара нан жеу де мұң еді, Құм болды біздің күш-талап, Қолтықтан бізді сүйеді Сонда осы сорлы-исманак. Қалайша оны үзермін, Қолымды тарттым танып қап. Ырысын көріп жаңа елдің, Ол өсе берсін шарықтап!... АНА Ойласам анам жайлы оңашада, Бір аңыз жүрегіме жол ашады. Бір жігіт – əлді жігіт баяғыда Қарамай анасының қабағына, Тілдепті қалай болса солай оны, Анасы төзген дейді барлығына. Сорлы ана барлығына көне берген, Титықтап болса дағы ол өлермен Күндіз-түн еңбек еткен, аянбаған Күні өткен жетем-деумен, көге Бірақта баласына кірмей ақыл, Анасын жəбірлепті күнде пақыр. Айтқанға көнбей туған қисық бопты, Қылық жоқ, мінезі де жоқ бір де татыр. ... Арада айлар, жылдар зулап өткен, Жігіттің бір сұлуға қолы жеткен. Өзі де үш балаға əке болған, Өкінген сонда барып күніне өткен. Өкініп өз ісіне сонда бала: – Анашым, айналайын аяулы ана, Түсіндім өз қатемді саған еткен

Жуамын сол кінəмді қалай ғана. Дегенде ана үнсіз күрсініп ап: – Күнəнді балам кештеу түсіндің, қап. Бірақ та құтылатын бір-ақ жол бар, Шын келсең, мойыныңды ұсынып-ақ. – Айт, ана, Тілегіңді екі етпейін, Қолыңнан күндіз-түні жетектейін. – Айтайын, Айт деген соң, қозым менің, Бұл жайды бала кезде сезінбедің: Көтер де, жаным балам, Мені арқаңа Дүниенің төрт бұрышын кезгін дедім. Жанымды жараладың өте менің, Бəрібір сені, балам, Мəпеледім. Дүниені мені арқалап бір айналсаң, Бір күндік азабымды өтегенің. Бірақта кешіреді ана бəрін, Қорғайды, өсіреді балаларын. Анамды оңашада есіме алсам, Осы аңыз естіледі маған əр күн.

Аллаберді ХАЙЫДОВ (1929–2001) Ақын, жазушы, аудармашы, Түрікменстанның халық жазушысы, «Мақтымқұлы» сыйлығының лауреаты. Лебап облысы Ходжамбаз ауданы Бешир ауылында туған. Ашғабаттың мемлекеттік университетін бітірген. «Түрікменстан» баспасында, Түрікмен радиосында редактор болып істеді, Түрікменстан Ғылым академиясында қызмет атқарды. «Көктем жырлары», «Дала жырлары», «Теңіз бен таулар», «Қазына іздеуші», «Қарлығаш», «Дала иісі», т.б. кітаптардың авторы. АРМАНЫМ МЕНІҢ Отты арман, арман, арманым, Тəттісің қандай сен маған. Еңбекке толы күндерді Тірлік пен саған арнағам. Қалайша өмір сүрем мен Осынау тəтті армансыз. Армансыз мен де өмір жоқ, Армансыз жүрер жол мəнсіз. Армансыз адам қанатсыз Бүркітке мүлдем ұқсайды. Армансыз гүлдей соласыз, Қанатсыз бүркіт ұшпайды.

Немесе түнде маңырап, Қозыдай қалған далада, Таба алмас едім жолымды Тап болар едім молаға. Арманым, достар, көп менің Жетпеймін тіпті санына. Білмеймін жəне олардың Қайсысы жақын жаныма. Арман-ай, арман, отты арман, Қанат қып сені өскен ем. Өзіңе ылғи мас болып Ұйқыға кетем кеште мен. * Адамның баласы күннен-күнге санаң өсіп барады, Бар дүние таңырқады, бір өзіңе қарады. Жерде туып, жер баласы атанып ең бір кезде Шақырады енді əні мөлдір аспан күмбез де. Мүмкін, анау жарқыраған жұлдыздарда көктегі Сені күткен бейтаныс ел, бейтаныс жұрт көп тегі. Мүмкін, мүмкін Марстың бір үлкен қонақ үйінде Нан күтеді, дəм күтеді жаңа піскен күйінде. Ұшуға сен үйрендің ғой, таласа алмас жел де енді, Жаңа дүние, қызық дүние күтіп тұр ғой сендерді. КҮРЕК Жарқырап тұр айнадай Менің титтей күрегім. Қара міне айнала Жайнап толқып тұр егін. Бақшам қандай əдемі, Көміліп түр гүлдерге.

Менің титтей күрегім Гүл өсірген бұл жерге. Ұстарадай өткір ол Жер қыртысын тіледі. Шынығады еңбекте Өткірленіп үнемі. Жарқырайды қараңдар Жүзі күнге шағылып. Қызу майдан еңбекті Тұрады ылғи сағынып. Талантты жан күректен Үлгі ал десем сөкпе сен. Бересің елге нұр ғана Мəңгі-бақи көктесең. БІЗДІҢ ЕЛГЕ ҚҰСТАР ҰШЫП КЕЛЕДІ Бұлттай бейне Ашғабаттың үстінен, Барады ұшып қанат қағып құс кілең. Жабайы үйрек қалқып ұшып барады, Қанатында Африка самалы. Біз жақтағы көлге келіп қонады. Егін жаққа барады ұшып кептерлер. Сағым менен араласып көкке өрлеп. Қаздар қеліп у-шу қылды даланы, Бір қатары көлшіктерге қонады. Таранады, мəз-берекет болады. Құстар, құстар, сапарларың оң болсын, Жас көктемнің мерекесі сендерсің. Майсалармен, талай мөлдір өзенмен Сендерменен ұшқанымды сезем мен.

  • * Бұлттар көшіп барады, қара бұлттар, Арқасында олардың ауыр жүк бар. Терлегендей болады анда-санда Жерге келіп түп-түгел қонбаса да, Жүгін бір-ақ əзірше тастамайды, Алтын нұрын, жаңбырын бастамайды. Су сұраған сəбидей гүлге келіп Нұр береді болған соң өзінде ерік. КҮЗДІК БИДАЙ Күз келгенде бидай ектім жерге мен, Көп өтпей-ақ көктеп ала жөнелді. Бір кедергі жолыққандай көлденең, Ауру жандай жатып алды ол енді. Ауру жандай көтерілмей ол қалды, Жаңбыр жауса кəдімгідей нұрланды. Аяз келіп оны біраз қорлады. Түнге қарай мазасын бір жел алды. Түнге қарай мазалады жел келіп, Əлтіргісі келді бейне жауындай. Сол қалпында тұра берді ол тербеліп, Көктем деген жан досынан айырылмай. ҚҰС ТУРАЛЫ БАЛЛАДА Арналды бұл жыр бір құсқа Бейшара құсқа арналды. Солтүстік жазы байғұсқа Көрініп жақсы қалған-ды.

Енесей бойын жағалап Өрмелеп жүрді ол көк белге. Ғажап-ақ еді бар алап, Ғажап-ақ еді көктемде. Мінеки, суық күн келді Жөнелді жауып қар ептеп. Айтып та тұрды бұл белгі Түстікке жылжу керек деп. Қанатын қағып күндіз-түн Қайдасың-деп түстік жақ. Келеді ұшып құс шіркін, Келеді ұшып суылдап. Ұшпашы тұман үстінен, Қанатыңды сабалап. Күтіп тұр аңшы өзіңді, Бір бұтаны паналап. Тыңдамай кеттің сөзімді Тыңдамай кеттің, əттең-ай. Мылтығын аңшы кезеңді Құладың жерге байқамай Қанатың кетті үзіліп, Құладың келіп көк шөпке. Қиын-ақ болды бұл өзі Қиындық талай көрсек те. Жартасқа барып тығылдың Жаңбырдан, қардан қорғалап. Қасқырдан түнде қорықтың, Жүрген жоқ сені ол да аяп. Біртіндеп түн де қысқарды Келеді көктем-хош иіс. Көрдің де бір топ құстарды Қанатың жайдың асығыс...

Қадірлі досым, сырымды ұқ, Таппайсың пікір ерен бір, Бейшара құсқа қайғырып, Жазыла салған өлең бұл. ГҮЛДЕР АШЫЛДЫ Бас жарды гүлдер бар жерде, Таудағы тастай гүлдер көп. Бұйырар бұлар кімдерге Үзеді екен кімдер кеп. Самал кеп бақты оятты, Аймалап өпті жүзімді. Əніне басты ол тəтті Ұйқы да қашты, бұзылды. Екпіндеп кейде баяулап, Сібірьге кетті жел əлгі. Көктемнен қызыл бояуды ап, Ұйқыдан гүлдер оянды. Үйректер жүрді көгімде Тырналар ұшты бір қора. Құс салған əннен тегінде, Бас жарды гүлдер мұнда да. Аспанның астын жаңғыртып, Мұзды өлке жаққа кепті құс. Мұнда да гүлге жан бітіп, Мұнда да мұзды кетті қыс. Сəулешім, гүлдер ашылды Шығайық кəне серуенге. Жел өпсін сенің шашыңды, Нұр толсын менің кеудеме.

Каюм ТƏҢІРІҚҰЛЫЕВ (1930 ж.т.) Ақын, Түрікменстанның халық жазушысы, Мақтымқұлы атындағы сыйлықтың лауреаты. Қазақ тілінде «Тауыс» (1973) деген кітабы жарық көрген. Халықаралық сыйлық – Г.Х.Андерсон құрметті дипломының иегері. Ашғабаттағы А.М.Горький атындағы университетті бітірген. «Ақ терек», «Айхан мен Байхан», т.б. кітаптары шыққан. Өлеңдері 50-ге жуық тілге аударылған. БАЛАПАН Қатар өскен тобыңнан Қайда кеттің, балапан? Жалғыз жүріп, жолыңнан, Жем таппассың, балақан! Туыстардан бөлініп Кетем деме, балапан, Секеңдеме, балапан! Əй, балапан, балапан, Сен дəрменсіз балақан! Енең дəн де тереді, Шегіртке ұстап береді. Сол енеңнің қасынан Кетем деме, балапан. Секеңдеме, балапан!

Əй, сары үрпек балапан. Көппен болшы, балақан. Қара құсқа жем болма, Сорың қайнап, жер болма. Көпшіліктен бөлініп Кетем деме, балапан Секеңдеме, балапан! АЛАТАУҒА – Алатау, қарадың ба, Аппақ қой басың сенің. Алатау, санадың ба, Нешеде жасың сенің? – Қыс болса қоя берем, Жазда алам шашымды мен. Жыл санап көрген емен, Білмеймін жасымды мен. ҚАРАҚҰМ КАНАЛЫ Сылдыр-сылдыр сылдырап, Келеді ағып бір бұлақ, Келеді ағып құмменен, Төңіректі безендіріп гүлменен. Бал суы бар канал бұл, Нəр суы бар канал бұл, Келеді ағып құмменен, Төңіректі безендіріп гүлменен. Қарақұмның каналы Каспийді аңсап ағады. Келеді ағып құмменен Төңіректі безендіріп гүлменен.

ҚЫРАН Қыран бүркіт асқарға Шыға келді сорғалап. Жарқ етті көк аспан да, Қиян-қиыр көрді алап. Көз ұшында мұнарлы, Қарауытқан құз жақтан Шалды өзіндей қыранды Қанатына мұз қатқан. ТАУЫС Бау ішінде тауыс жүр Сұқтанып өз сəніне: Қызыл-жасыл таныс гүл – Құйрық-қанат бəрі де. Көктем гүлі жайнайды Кемпірқосақ секілді. Тауыс түсі таймайды, Құйса нөсер нөпірлі. Жерді жауып күрті қар, Аяз сорса бүлінбей, Тауыс түгі құлпырар Май айының гүліндей. ҚЫРҒАУЫЛ Тырбанып ата қырғауыл Тоқыды үстел қамыстан. Орындық имек, тым тəуір, Қамыс бар біраз ауысқан. Балапандарға көрім ғып, Жасайды бір-бір орындық.

Дастарқан жайса, үстел бос! Орын да əзір, түстен, дос! ТЫРНАЛАР Аспанда тізіліп, Ұшады тырналар. Қараймын қызығып, Ұшады тырналар. Ауылдың үстінде, Зымырап барады. Жеткізбей ешкімге, Тым ұзап барады. Суретін салуға, Қарындаш қолға алдым. Ілеспей «шаңына», Үлгірмей мен қалдым. Көп еді көк толы, Ілезде жоқ болды. Тырналар жай, тегі Ұшсаңдар қайтеді? Бар екен не қызық, Алыс сол өлкеде. Тырналар, тырналар? Қайтыңдар тез ұшып, Сүйікті өлкеме, Тырналар, тырналар! Əзірлеп баққа мен, Бояуды ап келемін. Тырналар, тырналар Əндетіп оралар!

БҰЛАҚ Биік таудан бал бұлақ, Төмен қарай секірді. Көрінгенге ол бірақ, Соқтықпайтын секілді. Бөгеген сай арасын Жартас алдан жолықты: – Қайда асығып барасың, Тоқта, – деді, – сен мықты! Жауап қатты бал бұлақ: – Жібер мені теменге, Күтіп жатыр атырап. Шалғынына енем де, Шəрбетіме қандырам. Тұршы былай алдымнан! Жартас түйді қабағын: – Жібермейін сені, – деп, Суынды алып қаламын, Шідерлеймін сені, – деп. – Оны өзің біл, – деді де, Сылдыр ғана жай ғана, Сиқырлана күлді де, Жартасты өтті айнала. Сылдыр-сылдыр сылдырап, Əнге тағы салады Шаршамайды бал бұлақ, Таудан құлап ағады. Жолығыпты бір сайға Оған тегіс жол қайда? Деген екен сай сонда – Мен де қалсаң болмай ма?

– Айтасың ғой шыныңды Бірақ тыңдай алмаймын. Саған құйып суымды Саябырлап қалмаймын. Барамын бақша далаға, Сен бөгеме жолымды. Мені əлсіз санама, Күшті десең орынды. Қайнап шықтым тау қырдан Менімен тайталаспа, – Деп бал бұлақ шұңқырға Қош айтысып əр асқан. Тыным таппай ағады, Тағы да əнге салады. Қырлар мен бау-бақшаға Бұлақ жетіп барады. Енді дөңге кез болды, Ілезде ағыны өзгерді. Сонда оған дөң деді: – Осында қал бал бұлақ. Менімен бір бол, – деді. Жорта бермей қаңғылап. – Асығыспын, бегеме, Деді бұлақ, – өтінем! Дөкең бұған көне ме, Қайтпайды өз бетінен. – Жібермеймін мен, – дейді Кете алмайсың сен, – дейді. Ашуланды бал бұлақ, Суы гүж-гүж етеді.

– Тұра алмаймын мен шыдап, Жібер енді жетеді! Болды оқиға бір қызық, Бұрын-сонды көрмеген, Дөңнен суын бұрғызып, Бұлақ қайта ерлеген. Əні қандай көңілді, Бұлақ ақты сылдырап. Қөкпеңбек боп өрілді, Қауын, қарбыз, нулы бақ. Сылдыр қағып барады, Жүрген жолы гүл жайнап. Бір құлпырып қалады, Жеткен сайын суы ойнап. Қағыс етпей ешбірін, Əркімге нəр алдырып. Дарқандықпен кешті күн, Жұрт мейірін қандырып. Жүрді солай ақ бұлақ, Суын бұрып шапқылап. Жартасқа да болмады, Шұңдырға да тұрмады. Дөңнен асты, тулады, Қайран бұлақ сулары. Жортса дағы қаншама, Шаршамайды, көңілді. Бұлақ ғажап соншама, Гүлдендірген өмірді.

АЛТЫН АСЫҚ (Ертегі) Қалың қызыл талы бар, Қайраңы бар, Жары бар, Жемтік тапса, Жабылар Жалақтаған аңы бар. Қамысы бар, Қауы бар, Жаз жыртылып-айрылар. Үйрегі бар, Қазы бар Дариянық бойында Бір шал өмір сүріпті. Жиһазы жоқ, Жайы жоқ Жеркепеде тұрыпты. Жеркепесін талайғы Жаңбыр тынбай сабайды. Бірақ қарттың баласы Тысқа күле қарайды. Бұл да басқа баладай, Қайтсін тысқа қарамай. Құмар асық ойнауға Тігіп қойып жағалай. Сол дария бойында, Дəнеңе жоқ ойында, Жалғыз бала Бір күні Кірісті кеп ойынға. – Көне сақам əлі оңды, Дəлдеп соған бəлемді! –

Деп өзінше желпініп, Атып қалды бала енді. Тіккен көңді қоралап Көздеуші еді оңай-ақ, Қорғасынды сақасы Түсті суға домалап. Ал сақаны жаңағы Енді қайтіп табады? Жақындап кеп Мұңайып, Жағалауға қарады. Таусылғасын амалы, Тұнжырады қабағы. Пайда болған сол сəтте Көк толқынға қарады. Жел ескендей мұртынан, Жан шошырдай тұрқынан Алып жайын көрінді Жағалауға ұмтылған. – Бала, Саған келемін, Патша балық мен едім. Неге мұнша қамықтың, Айта қойшы себебін. Жасыра алмай сезімін, Жасын жұтып көзінің, Айтты бала жайынға Өкінішін өзінің. Бала халін байқаған, Дарияны шайқаған Алып жайын жарқ етіп, Сүңгіп кетті қайтадан.

Жайын лезде жоғалып, Келді қайта оралып: – Күміс асық тауып ем, Қайттым саған соны алып. Бала асықты көре кеп, Айтты сөзін шегелеп: – Бұл асығың керемет, Менікі емес, Не керек! – Болсын, бала, дегенің, Тағы да іздеп көрейін. Қорғасынды сақаңды Тауып əкеп берейін. Осыны айтып дəу балық, Кетті кері айналып. Сүңгігенде тереңге Айдын қалды лайланып. Жел ескендей мұртынан, Жан шошырдай тұрқынан Шыға келді дəу жайын Жағалауға ұмтылған. Толқындарды жапырып, Жебедейін атылып, Қорғасынды сақаны Табыс етті ақыры. – Мың рақмет, балығым! – Сен сақаңды таныдың, Бірақ күміс асықты Қоса алсаңшы, бауырым. – Бұл асығың керемет! Менікі емес, Не керек!

– Жə, қысылма, Ала ғой, Жолың болсын, Бара ғой. Бұл олжаға бағалы, Бəрі қайран қалады. Күміс асық туралы, Хабар елге тарады. Əй демеген ешкімі, Бордақыдай кескіні Бай баласы бір күні Осы кепті естіді. Шартық қарны қабақтай, Екі беті табақтай Бай баласы сазарды Бұл хабарды жаратпай. Отырмады ойланып, Тұрды орнынан долданып. Сондай күміс асықты Қайтамын деп мен де алып. Санын қолмен бір ұрып, Қарамастан бұрылып, Арасымен бұтаның Кетті өзенге жүгіріп. Аш бөрідей баланы Бұтақ біткен сабады. Теректердің түбірі Аяғынан шалады. Бөріктегі асығын Тікті жерге асығып. Кетпек өстіп өзінің Бір қулығын асырып.

Есерленіп бұл енді Лақтырғандай біреуді, Қорғасынды сақасын Суға атып жіберді. Жағалауға отырып, Жылап көрді өтірік. Жалғыз тамшы көзінен Түсті əрең секіріп. – Асығы жоқ сорлымын, Есіркейді енді кім! – Деп өксіген болады Бірінші рет ол бүгін. Көк айдынды аударып, Шыға келді дəу балық. Берді əкеліп асығын Иесіне зарлауық. – Асығыңды ал мына, Ойнап жүріп қалғыма. Ендігі əрі жоғалтып, Келме менің алдыма. – Менің сақам əдемі Күміс еді, Жақа еді. Менікі емес мынауың, Соны тапшы əуелі. – Мақұл. Саған сенейін, Тағы да іздеп көрейін. Сенің күміс сақаңды Тауып əкеп берейін. Тұрғасын сəл ойланып, Жарылқаушы сол балық

Жарқылдаған су жаңа Күміс асық келді алып. Бай баласы иіліп, Жүзі кенет құбылып, Созды қолын асыққа, Аш көзімен үңіліп. Сонда жайын сөйледі: – Жақынырақ кел бері, Сенікі емес секілді Күміс асық мендегі. Танып тұрсаң шынымен, Берермін-ау мұны мен, Алтын асық əлгінде Көрдім судың түбінен. – Əкелмедің неге оны? Менің сақам сол еді. Бүкіл ауыл сөзімді Куəлап-ақ береді. Арамдықты аңғарып, Мазақ етті дəу балық: – Сол асықты қалайда Алып келем мен барып. ... Бай баласы Балықтың Айтқанына наныпты. Кірпік қақпай Жағада Күтіпті де қалыпты. Сол қомағай кешегі, Бір қайтпаған меселі, Суға қарап сарғайып Əлі де отыр деседі.

Сапар ОРАЕВ (1932 ж.т.) Ақын. Өлеңдеріне туған жер мен ел мəртебесін көтеретін шынайы перзенттік сезім, патриоттық асқақ рух тəн. УА, ТҮРІКМЕН Қорғасындай қара бұлт Көкті тегіс қаптады. Жұлдыз қалды қамалып, Сығалар жер таппады. Боран ұлып ышқынып, Қалды демі сыртқа ұшпай, Қарлықты үні тұншығып, Бұғаудағы жыртқыштай. Шықты жалғыз зар үні, Түнек басып жер-көкті. Өршіл өмір ағыны Аяқ басса кер кетті. Ана байғұс еңіреп, Қалды көзі көруден. Қара түнек түнеріп, Шер кетпеді көңілден. Тар күркеде бір шырақ Тұр қалтырап өшкелі.

Жүзінде оның мың сұрақ, Өміріне өкпелі. Жанып бітті бекерге Сексеуілдің қалдығы. Соқыр көзге жылуы Секілді еді таң нұры. Уа, түрікмен, ер жүрек, Нағыз сорлы сен едің. Сол соқырдай еңіреп, Жарық көрем деп едің. Көрдің бе сен ұмтылып, Осы күнде басқаны. Алтын нұрлы күн шығып, Жарқырап тұр аспаны. Ұлан-байтақ жеріңе Бақыт қонды бүгін кеп. Тəуелсіздік еліме Қолын созды күлімдеп. Қайран ана, көзіңді аш Шықты міне нұрлы күн. Ұрпақтарың мəңгі жас Бақыт құшып тұр бүгін. Уа, түрікмен, көздерің Секілді бір күн көзі. Жайраңдаған жүздерің Ашық аспан күмбезі. Бақытты кім əперді Қарашы бір өңірге. Сені қайта əкелді Жаңа ғасыр өмірге.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙