TELEGEI

Home

Тұздың салмағы

Төлеу-Мұхаммед Орашбаев

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Тұздың салмағы

Төлеу-Мұхаммед Орашбаев - «Тұздың салмағы» шығармасы.

Әңгіме

Сағыныш бар дүниеде, жұбаныш бар,
Көңілді көтеретін қуаныш бар.

Абай

– Тойлы, інің келді!

– Тойлының, інісі келді.

– Ақгүл, ағаң келді!

– Ақгүлдің ағасы келді.

Көпшіліктің құлағы елең ете қалды. Бәрі де өре түрегелді: еңселі үйге жиналған адамдар теңселіп кетті, абыр-сабыр басталды; бала мен әйелдер сыртқа ұмтылды, егде адамдар да отырған орындарында әрі-бері қойқаңдасып алды. Көптің басын қосып, туыстарды табыстырып отырған қарт сирек сақалын сипап, шалғайын тізесінің астына жинақтады, жанарын көтерген жоқ – сынын да, ойын да бұзбастан сол қалпы қалды. Кең бөлмедегі дастарқандастар ереуілдей көтерілуге шақ қалып қопаңдаса түсті. Мінсіз ақ «Жигули» мәшинесі үнсіз жылжып келіп, есік көзіне тоқтады. Кірпік қақпастан қадалып тұрған күтіп алушылар әсте жылысып, жақындаса берді. Мәшинеден Елеусін түсті. Көппен аман-түгел сұрасты. Еңселі үйге көз тастады.

– Елге шыққам. Анамның басына зиярат жасадым. Жақұп қожада көп туыстарым жатыр. Рұхтарына тағзым еттім. Ағамен дидарласу ниеті көкейде ежелден бар-ды: сәлем де сәтімен деген – дидар көрісу, несіп болса, бүгінге дәл келіпті...

Елеусін ауызына үңіліп, лебізін жұтып тұрған жас жігіт үйге жол бастады: сыртқы есікке апаратын аяқжол да, жаңа салынған үйдің айналасы да мұнтаздай екен: тас төселген, мұқият сыпырылып, ықыласпен тазаланған, кесе жатқан шөп не қылтанақ жоқ. Бет бейнең көрінеді. «Тойлы қара күштің қабы, еңбекшіл еді, – деп ойлады Елеусін. – Көзін ашқаннан-ақ кемдіктің тар қыспағында өскен бала ғой, айтусыз-ақ, итермелеусіз-ақ елпілдеп жорта беретін. Талай жылдар бірге болдық қой: бір шаңырақтың астында бір аяқтан ас ішіп, туыстан да өткен бауыр едік. Тұла бойында зәредей ашу, кінәрат болмайтын...» Кең есіктен ішке қадам басудан-ақ жамырай өрген жастар үні Елеусінді селк еткізді: көзіне қызыл шоқтай жайнап тұрған қыз-келіншектер ілді, шаралы қара көздерін қадап, өзіне тіке жылжып келе жатқан толықша орта бойлы ақ келіншекке назары түсуден-ақ, Елеусіннің жүрегі солқ ете қалды да, соғысын жиілете түсті. Ақгүл! Сол баяғы Ақгүлі. Елеусіннің жүрегі елжіреп жүре берді: көзіне қуаныш нұры ойнап шыға келді, езуі кем-кемнен кейін шегіне түсті – күлкі нышаны бетіне жайылды; тұлғалы келіншек Елеусінге қарсы келіп, тақала түсті де, сәл бас иді, қос қолын созды, маңдайын тосқандай қимыл жасады; күшті жұпар иіс танауына соғылды. Қол алысты: жұмсақ саусақтардан бойына таралған ыстық леп Елеусіннің миына шапты – көз алдына қызғыш дөңгелектер бір сәт елес берді де, әсем өрнектерге айналып кетті – жанары құбылмалы көйлектің жағасындағы кестеге қадалған екен. Шапшаң бойын жиып алды. Келіншектің әжімсіз жазық маңдайынан ерін ұшымен жеңіл өбіп өтуге ниет етіп, ұмсына түсті де, іркілді – сұлуға аңсары ауса да, қанға сіңген ескі қаталдық кесе көлденең тосқауыл боп тұра қалды. Елеусінге тақала түскен Ақгүлден ыстық леп соқты: жүйе-жүйесі балқып, еріп бара жатты. Естияр жігіт жедел есін жиды: ілтипат көрсетіп жатқан жастарға түу биіктен жанарын көтере көз қырын бір тастап жіберді де, сәл иіліп, үлкендік ілтипат жасап, амандасты. Ақгүл алға озды да, Елеусінді үлкен залға бастады: бөлме жиһазды екен, Елеусін табалдырықтан аттағаннан-ақ, отырғандар ұшып тұрды; тұрған-тұрған жерлерінде қатып қалды – бас иіп, бәрі де тағзым етіп жатыр. Елеусін жедел көз жүгіртіп шықты да, қақ төрдегі сирек сақалды бұжыр бет дәу еркекке тікеледі.

– Тойлы аға, ассалаумағалейкум! Мен – Елеусін ғой...

Тойлы басын тік көтеріп, солғын жанарын алысқа қадады. Езуі жиырыла кемсеңдеп, қалт-құлт алға басты.

– Д-д-даусыңнан айналайын. Айдан апамның ті-тілеп алғаны, қуанышы. Д-д-дидарыңды анық көруге шама ж-жоқ – бұлдырайды көз. Келші, қәне, қ-қандай болдың.

Елеусін кең құшаққа еніп кетті: қарулы қол қаусыра қысып, аяққаптай аумақты төске оңды-солды басты; сұйық селдір ақ сақал бетін сыйпап жатты. Елеусін қарттың тыпырлап, қатты-қатты соққан жүрегінің дүрсілін есітті. Елеусіннің саусақтарын қос қолдап жіберместен қысып тұрып Тойлы дауыстады.

– Ақгүл, қ-қайдасың? Менің бауырым келді ғой. Анамыз ортақ інім ғой Е-елеусін. Айдан сенің де анаң, Ақгүл, б-бауырында өстік. Ол кісінің қолынан жеген тұ-тұздың қарымын ө-өтеуді күні-түні ойлайтын едік. К-кеше Ақгүл «Елеусін келіпті» д-деді. Жүрегім ж-жарылып кете жаз-жаздады: түнімен осы үйде кірпік ілген ж-жан жоқ – тік аяқтан қойдым. Ақгүл, ө-өзің қызметте бол!

– Бармын, дәде, қасыңдамын.

Тойлы қол орамалын көзіне апарды. Үнсіз, төмен қарап аз кідірді де:

– Отырыңыз, Ілләя, әумин... – деп қолын көтерді. Дұға оқыды.

– Сұрасың! – деді.

– Тойлы аға, сізден... – деп Елеусін емеуірін жасады. Бәрі де қауқылдасып қалды. Шай құйыла бастады. Сөз толастап, ықылас асқа ауды. Тойлы қара ала кесені қыса ұстап отырып ойға шомды...

Әкесінен қара қағаз келгенде Тойлы он бесте еді. Анасы егіліп, ұзақ жылады. Жүдеп кетті. Көп ұзамай төсек тартып жатып қалды. Ұзақ ауырды: үй шаруашылығы да, ана күтімі де, екі жасар Ақгүл күтімі де Тойлының мойнына шөкті. Нағыз жетімдікті Тойлы анасы өлген соң сезінді: үші, жетісі өткен соң ағайын-туыстар да тарады. Таяу жерде нақ жанашыры жоқ-ты: әкесі жалғыз үйлі шопан еді. Қоржын үй қос жетімге кем-кемнен үрейлі мекенге айнала түсті: қуыс-қуыстағы көлеңкелі жерлер мың сан құбыжықтардың ұясына айналды – Ақгүл ағасын тас қып құшақтап, көзі мөлдірей жасқа толып, жан-жағына алаңдай береді. Сескене белең алып тұрған Тойлыға қамшы болды: үйге беттеуден қалды. Көршілерге қонып та көрді. Жұқақолдылық бәріне ортақ: бір ауыз болса да, ауырлайды, қабақ шытпаса да, ауырсынғандарын Тойлы сезеді. Бейсенбі күні Ысмамыт атаға барады: көпшілік, өз қатарлары да жеткілікті, екеуі сол жерде қонып та шығады. Ауылға табаны тартпайды: үй құлазып тұр, өз қатарларынан ФЗО-ға алып жатыр. Сескенеді. Ақгүлді жетектеп, дорбасына түскен наннан кеміріп, әулие жағалап кетті. Бейсенбіде әулие басы базарға айналады: тұм-тұстан жаяу-жалпы ағылып, қарақұрым адам жиналады. Иығына су кетіп жүрген өз қатарлары да баршылық екен: жиналып-ақ қалыпты. Үлкен сексеуілдің түбінде қой сойылып жатыр: ортақ қазанға түседі, айналшықтап жүргендер мол екен. Тойлы кірер ауызға шеттен орналасты. Тағзым етушілер ағылып жатыр: «Зи-зир-а-тыңыз қ-қ-ққабыл болсын!» деп Тойлы да үйреншікті мақамына басты... Айдан қос тұлымшағы төгіле салбыраған шынашақтай ақ қызды көруден-ақ, кілт тоқтады: тұттықпалы ағасының шалғайына қос қолдай жабысып, жан-жағына мөлт-мөлт қарап тұр екен. Алғаш келгенде аңдамаса да, өткен аптада да тұрғанын көрген. Ана жүрегі дір етті, «Жетімсің-ау!» деп тыпыршығанды. Өтіп кетіп еді. Бұл ретте де кідіре түсіп, ішке еніп кетті. Зияраттан соң, Айдан көпке көз жүгіртіп, сол қызды іздей бастады. Асыққан жоқ: бірме-бір қуыс қолтықты тінте қарай берді. Ағасына арқасын сүйеп, дорба ұстап отыр екен: сеңдей соқтығысқан адамдардың арасымен жылысып қасына барды. Айдан кірпік қақпастан қарады: қыз жанары жалт етті де, ұшып тұрды. Оймақтай аузы ашылып, қатып қалды. Айдан таяп барды. Иіліп, қарсы алдына тізе бүкті. Тойлы:

– С-с-салау-ма-лейкум! – деді.

– Амансың ба, балам! Зияратың қабыл болсын! – деді Айдан төбесінен қарап тұрған еңгезердей бала жігітке. – Бөпең шөлдеп қалды ғой. Шай ішесің бе? – Айдан аяқ үстіне көтерілді. – Жүріңіз, мен түскен үйге барайық. Күн де шыжып кетті.

Тойлы тіл қатпастан ере берді. Ақгүл Айданның қолынан тас қып ұстап айрылмады...

Тойлы оқыс басын сілкіп көтеріп:

– Ақгүл! – деп дауыстады. Кесе жеткізіп отырған келісті келіншек:

– Қасыңдамын, дәде, – деді.

– Ә-һә, ағаң ойға б-беріліп, қырық жылға жасарып кетті. Елеусін менен жеті жас кіші. Сен Елеусіннен... Араларымызда жас айырмашылығы болса да, көңілде к-кіршік жоқ. Маңдайымыздан сы-сыйпаған Айдан алақанының ыстық лебі өмір бойы кетпес: а-ауыр жылдарда ұл-қыздары не ішіп, не кисе, қос жетім де солармен бірге болды, а-а-алалаған жері жоқ. Аналық мейіріммен с-суарып отырды...

Қарт кесесін ұрттап қойып, ойын тарата берді.

– Ж-ж-жиырма жыл бойы, Елеусінжан, анаң Айданның нанын жедік...

Айдан Ызмұхширға үшеу болып оралды: балалы үй бұрынғыдан да толыса түсті, үш жасар Ақгүл бәрінің жанды қуыршағы – томпаң-томпаң домаланып, Елеусіннен бір елі де қалмайды, не құшағында, не арқасында жүргені, ықыласты-ақ; тентек бала өз туыстарына соқтықса да Ақгүлді шерткен емес. Ақ қыздың мөлдіреген қара көзі жәудіреп, қос тұлымшағы желбіреп жанұяға сән беріп, былдырлап бір тынбайды – қос тілді араластырып сөйлегені қызық: бәрі соның аузына қарап, сөзін тыңдайды. Ерке. Батыл. Тайсалмайтын өжет. Үйдегі күлкі тиегін ағытатын осы – Ақгүл. Аз сөзді, тұттықпасы бар ағасы Тойлы миығынан күліп отыра береді: жағасы – жайлау, еңбекшіл, құлақ қақпайтын тіл алғыш. Табысу асы аяқталған соң, кең орда әдеттегі марғау тіршілік сарынына басты: Тойлы өз бөлмесіне тынығуға кетті, тік аяқтан тұрып қызмет жасаған жастар көзге түспеді. Елеусін сыртқа шықты: ауылға ентелеп төніп тұрған Қарақұм қызғыш сәуледен алаулап тұр, елге тақау қуыс-қолтығы қарауытып көрінеді – құм төбелерінің ар жағына батып бара жатқан Күннің алтын найзадай нұры түу алыстағы құм қойнауын қою қызыл сәулеге толтырып жіберген. Бау-бақшалы үйге бұрылды: балаң жігіт алдынан шықты.

– Аға, мәшинені ішке алайық!

Елеусін кілтін ұсынды. Есік аузында Ақгүл кездесті.

– Қақпан құрып, аң аулаған жерлерің еске түсті ме? Ұзақ қадалдың.

– Айтарың бар ма? Зейнептің қараойы таяқ тастам жер – қоян, түлкілерін сағыныппын. Оразмұхаммед ата, Жұманияз болып түн қатып, талай саяттаған жерлеріміз ғой. Қыркүйектен ақпанға шейін несібе тергенбіз. Құмай тазының да бағы жанып, аң аулаған жерлері осы: ұшқыр желаяқ еді-ау, құспен жарысатын. Самсаған қақпанның арасынан өте беретін, саналы еді. Есіңде шығар: бой жеткен едің ғой.

– Ә-ә, солай ма? – Ақгүл шаншыла қарады. Елеусін қара көздің өткір нұрына шыдай алмай жанарын алып қашты. – Жүр, қазір...

Ақгүл жасаулы бөлмеге бастап келді: хрусталь аспашамнан төгілген ақ нұр мың сан саудыраған моншақтарға соғылып, айналаны көгілдір түске шомылдырып тұр. Шағын ас үстелі жасаулы екен: Ақгүл Елеусіннің сол жағын ала тақала отырды. Ажарлы жас келіншек шай құя бастады. Кесені Ақгүлдің өзі жалғастырды: саусақтар ұштасқан сайын әжімсіз жұқа өңді ақ жүзіне қызғыш нұр ойнап шығады. Ақгүл бүйірлі шынының қақпағын бұрап ашты. Үшке құйды.

– Жетімдік қамытын кимедік. – Ақгүл Елеусінге қадала қарады.

– Арқалап өсірдің. Анаң жайсаң жан еді – алақанының ыстық табы маңдайымнан әлі кеткен жоқ. Ақылды еді, тек сені маған қимады. Жиырма үш жыл сырттан шашылған несібені тердім. Сауда жасадым. Бала үйлі, қыз байлы болды. Анаң қосқан Қожа қазаланды. Ағама да үй тұрғызып бердім: балалары оқымады, көзі ерте қалды. Қасындамын. Ал, тілек айт...

Елеусін алтын жалатылған қылаяқ ыдысты ұстады.
Ақгүл Елеусінге мейірлене көз салды, миығынан күлді.

– Тағдырға таңым бар: бұл жалғаншыда саған кездесе алмайтын шығармын деп ойлағам, жоқ, қателесіппін; тұз тартып, мен де өскен жерге оралдым. Ызмұхширдың тұзы салмақты – түлектерін ұдайы жебеп тұрады. Қанаттары қатқан соң бір оралып соғатын дәстүрлері бар.

– Табиғат заңы ғой, – деді Елеусін. – Адам да, аң да Ата мекенін қимайды – жүрек түкпірінде мәңгі жатады: басына күн туғанда, шыбын жаны қиналғанда, кіндік қаны тамған топырақ көзге елестейді. Жас ортадан ауды. Төрт мүшелімнен қорқып едім – аман өттім. Жетінші мүшел – біздерге бәйге сызығы: атам да, әкем де жөнелген. Анам жүрген жерлерді, анамды көргендерді сағындым: Ата жұртпен дидарласып, жазбақшымын. Тұз тартқаны сол...

Ақгүл жалт қарады: көзінен ұшқын шашып кеткендей болды. Жұқа еріндері шошая түсті де, сөйлеп кетті.

– Естелік жинамақшы ғой. Оң болсын! – Ақгүл енді бір сәт мұңая қалды. Ойланды. Бетінің қос алмалығы кенет алаулап шыға келді. – Ит қылығын ұмытпаған екенсің. Өзіңе арналған ақ махаббат есіңе түспеді ме? Ауыл сыртыңнан оң пікірлер айтып үлгерді – қуанып қалдым.

Елеусіннің жүрегі дір етті: қарсы алдындағы ұшқындаған қос жанар мөлдірей боталап, қадалып қалған екен – Елеусін тайсала алмады. Әсте ұмсынып, жылжи түсті.

Қәтеп ауылы
1998 барыс жылы, маусым

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙