Сахара сандуғаштары
Сапарғали Бегалин
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Сапарғали Бегалин шығармалары тәрбиелік мәнімен құнды. Қоршаған ортаға деген көзқарасын қалыптастыруға жәрдем етеді. Отан қорғаудағы қаһармандықты негіз ететін шығармалары да көп. Әңгімелерінде ұнамсыз мінез-құлықтарды жан-жақты әшкерелеп, ұрыншақ қылықтардан сақтандырады.
Естеліктер мен естігендер
ӨНЕР ШАЛҚАРЫ ШАШУБАЙ
— Мен енді сіздерге осы жолы жәрмеңкеден үйреніп келген жаңа әнімді айтып берейін, — деп домбырасының құлақ күйін өзгертіп, «Ақ қайың» әнін шырқады. Әсіресе қайырмасын әсемдей келтіріп:
Өтті-ау жалған, Қалдым қайран.
Жігіттік дағуасында - ой
Салдым сайран, —
деп құбылтты.
Әннің осы қайырмасын шырқағанда:
— Шырағым Рахымбек, мына жаңа әнді кімнен үйрендің, өзі бір төгіліп Тұрған сыр ғой, тағы бір айтып жіберші, — деп отырған үлкенді-кішілі қауым бәрі шу ете қалды. Рахымбек әлгіден де құбылта, үнін мәнеріне келтіре шырқады. Әнді аяқтап:
— Осы жолғы Қоянды жәрмеңкесінен менің тапқан олжам осы ән болды. Бір күні қостан ертерек аттанып, дудың қалың жері — мал базарына келдім. Өйткені осы мал базарына үйірлеп жылқы әкеліп, қоралап қой әкеліп сататын байларды, мал жинаған көпестерді жағалай кеп ақындар өлең айтады, әншілер ән шырқайды дегенді естігенім барды. Сондайға кездессем деген ой еді.
Мен келіп базар шетіне іліне бергенде, әр жерде үйіріле топталған адамдар әлде кімге қарап тына қалыпты. Мен де сол ел үңілген тамашаға көз салсам, бір адам қолында гармонь, ат үстінде ойнақтай толқып ән шырқайды. Оның атын жетектеген адам да әншімен бірге толқиды. Әлгі әнші бір әредікте гармонын атқосшысына бере салып, ердің қасынан ұстап, аттың үстіне төбесімен тік тұрды. Сөйтті де жолдасы қолына ұстатқан екі шыбықшаны секірте ойнатып, аяғымен ойнақы би биледі. Жолдасы біраз оның атын ақырындай жетектеп, топты жара жылжыды. Әрине бұл ойындар ұзақ болған жоқ. Біреуден - біреу «бұл кім?» десіп сұрастырғанда: «Бұл мына Балқаштағы Дадан тобықты Шашубай деген ақын», десіп ұғынысып жатты. Сондағы Шашубайдың шырқаған әні осы «Ақ қайың» еді. Әрине, бір күнде ұтып ала алмадым. Таң рауанынан қостан аттанам да, сол Шашубай ойын көрсететін мал базарына келем. Ол бірнеше күндей келмей жүріп, ақыры тағы келді. Менің тілегенім болып, әнді аузымды аша тыңдап, ойымды ұйытып, үйренген болдым. Міне сіздердің отырғандарыңыз сол Шашубайдың «Ақ қайың» әні, — деп кербез сері Рахымбек әңгімесін айтқанда құмарта тыңдап, сол өнерпазды көрер ме еді деп ынтыққанмын. Онда мен жаңа-жаңа ескіше хат танып келе жатқан ауыл шәкірті едім. Арада бірнеше заман белестерінен асып, 1923 жылы Қарқаралының шалғай еліне халық соты қызметіне белгіленіп келдім. Мен судья болып келген ауданға «Қотан бұлақ», «Балқаш» болыстарына қарайтын Дадан тобықты ауылдары да қарады. Ауданның халық соттары ел ішінің барлық науқандарына қатынасып отыратын. 1924 жылы губерниялық мекемелерден арнаулы қатынас хат келді. Бұл хатта самолет жасауға елден ерікті жәрдем жинау науқанын өткізіп, халық арасында үгіт жұмысын жүргізу тапсырылған. Сол хатқа ілесе Қарқаралыдан келген уәкілдер де сонда орналастық. Халық жоғары орыннан келген, Лениннің өзі қол қойған арнаулы хатты асқан ықыласпен тыңдап, әркім әліне қарай жәрдем ретінде малдарын өткізді. Жиналыс өте көңілді болып, уезден келген уәкілдер де, оған үн қосып, ат салысқан біз де халыққа айрықша ризалық білдіріп жиынды аяқтадық. Осылай көңілденіп отырған кезде бізге қызмет істеп жүрген жігіт сыпайы әдеппен:
— Сот ағасы, сізге айтар дәтім бар. Шашубай ақын келіп тұр, рұқсат бола ма? — деп сұрады. Шашубайдың атын естігенде құлағым өлең етті. Сонау бала күнімде Рахымбектен естігенім есіме түсе кетті.
— Рұқсат, келсін, — дедім қуанып. Жұпыны киінген, орта бойлы, сақал-шашына ақ кірген, сары сұр кісі үйге өлеңдерге кірді:
Баласы Қошқарбайдың Шашубаймын,
Болсам да малға кедей, сөзге баймын.
Халықтан қабым толы олжа алсам да,
Қалтамның түбі тесік, байымаймын.
Ассалаумағалейкүм, Халық биі,
Сиезге басын қосқан халқың жиі.
Жасауға аэроплан аянбастай,
Азулы aт, атан түйе елдің сыйы.
Уәкілдер саспай жинап ала білсін,
Орнына адастырмай сала білсін.
Байлығын Балқаш елі көрсеткенін
Қыр емес, бүкіл анау қала білсін, —
деп келіп, отыра кетті. Қолында домбырасы бар. Біздің хатшы жігіттер:
— Ақын жоғарылатыңыз, — деп кішілік істеп, ізет көрсетті. Бізге ажарлы жанарын бір төңкеріп:
— Халық биіне айтар арызым бар еді. Мына жиынға шақырды. Сонан екеуін де бірден бітірейін деп осында келдім, — деп тынымдады.
— Ақын, жайғаса отырыңыз, — деп, ақынға жылы үн қаттым. Қабыл алып, жайлана отырды. Ақынды біздің құрметтей қарсы алғанымызға бізге қызмет істеп жүрген адамдар ұната жымыңдасып жүр. Өйткені ел ішіне келіп жүрген уәкілдер де, бұрынғы сот, тергеушілер де ақындарға ілтипат түгілі қайта оларды маңайларына жолатпайды екен.
Біраз жайлана отырыстан кейін болыстық атқару комитетінің председателінің орынбасары Әбдірахман деген жігіт бір тілі орамды, қызметіне орнықты кісі екен. Сол сөз бастап:
— Сот ағасы рұқсат етсе, мен мына ақын ағамызды таныстырамын, — деп әдеп көрсетті. Біз рұқсат еттік.
— Рұқсат болса, бұл кісі, жаңа өзі есіктен кіре бере айтты ғой, Шашубай ақын. Бұл ақын ағамыздың көп өмірі Жетісу өңірінде өтті. Қырғызға дейін барып, көп ел көрген, көп ақындармен айтыса - тартыса, бойына өнер жинаған кісі. Жасырақ кезінде Қоянды жәрмеңкесінде ат үстінде ойнап, гармоньмен тамылжыта ән шырқап, Біржан салға да сәлемдескен кісі, — деп тоқтады.
Әбдірахманның шежірелеуіне қарағанда, бір өнер иесінің ортамызға келгенін аңғарып, ізетті түрде қабылдап, ақынның кейіп - келбетіне көз жүгіртіп, сабыр тұтып тұрамыз. Ақын да күлдіргі, ойлы көзін әлденеше құбылта қарап, бой сақтай отырды.
— Біз сіздің арызыңызды кейінге қалдырып, бүгінгі кешті сіздің әңгіме, өнеріңізге арнап отырмыз. Бізге сіздің сонау Жетісу еліне барғанда сол елде көріп - білгендеріңіз қызықты әңгіме болар еді, — деп қозғауды өзім салдым.
Менің сөзімді отырған жұрт қоштай жөнелді. Ақын біраз ойланып отырып:
— Басында мен ол Жетісуға Ағыбай батырдың Сопы дейтін баласымен еріп бардым. Қонақжай Жетісу елі Сопыны аса қадірлеп қарсы алды. Жетісудағы қазақ - қырғыз елдері ас бергіш, көкпар тарту сияқты ойынды ете қызықтайды екен. Және ондай жиындарда ақындары айтысып, үлкен сайысқа түсетін көрінеді. Менің ол елдегі ерекше атағымды шығарған гармоньмен шырқаған әнім болды. Айтысқа да түсіп көрдім. Жетісу елінің Қуандық, Сарыбас, Жамбыл деген белгілі ақындарымен де сан рет айтыстым. Сол Жетісуға мен барған кезде Шөже де барды. Шөженің арғы тектері қырғыз болса керек.Сол ата-бабасының елін көремін деп барған екен. Сол жолықты. Шөжемен кездесіп, бірге болып, қырғыз, қазақты біраз дуылдаттық, мен оған іні болып өнерін үйрендім. Сонда Шөженің өз аузынан Кемпірбай ақынмен айтысқанын тыңдап, жаттап алдым, — деп біраз тынымдады.
Ақынның осы бір қызыға жаттап алған екі дәу ақынның айтысын құмарлана айтатын сырын сезіп, соны бізге айтып беруді сұрадық. Оған Шашубайдың өзі де ынталана қолына домбыраны алып, айтысты бұрқырата бастады. Бізді таңдандырған Шашубайдың Шөженің өзі болып көзін ақшаңдатып, домбырасын қармана, кезек келгенде тыпыршыған түрін айнытпай салғаны. Кемпірбайдың да әуелете ақыра айтатын екпінді үнін салғаны ұнады.
Осы айтысты аяқтағаннан кейін біраз демалыс жасап Әбдірахман:
— Шашеке, езіңнің «Aқ қайың» әніңді мына сот азаматтарға шырқап берсеңші, — деді. Шашекең оған да керен ауылдық істемеді. Өзінің әсем, ашық үнімен «Ақ қайыңды» төгілте сілтеді. Осымен Шашубай үнін алғашқы естіген кешті аяқтадық. Ақын тілегін ертеңінде. тексеріп, көңілін тындырдық.
Уақыт керуені зырлап жүріп жатты. Мен қызмет бабымен Алматыға көшіп келдім. Бұл 1935 жылдың жазы еді. Ол кезде «Теміржолшы» газетінде істейтінмін. Июль айының ішінде «Каменское плато» санаторийінде демалып жүрдім. Мұнда Қазақстанның көп жерінен келіп, демалып, емделіп жүргендер болатын. Бізбен бірге демалып жатқандардың ішінде Манарбек те бар еді. Бір күні кешкілікте Манарбекке қолқалап ән айтқыздық. Сонда Манарбектің бірінші айтқан әні Шашубайдың «Ақ қайың» әні болды. Тағы бірнеше әндерді айтты. Манарбектің әні тоқталып, ән тыңдаушылар әншіге деген ықылас, алғысын айтып толастаған кезде, шеткерірек отырған орта жастағы адам сөйлеп кетті:
— Мені сіздер біле білмессіздер. Мен Қоңырат кенінде істейтін бұрғышы едім. Жолым түсіп сіздермен кездесіп отырмын. Жаңа ана әнші інім Манарбек Шашубайдың әнін айтқанда сай сүйегім сырқырады. Мен сол Шашекеңнің аулынан боламын. Мына Манарбек те бізге бөтен емес. Кешегі бір алай-түлей кезде әркім өз жолымен жан бағып кетті ғой. Біз Балқаш көлінің балығын аулап, жаңа ашыла бастаған Қоңырат кенінде жұмыс істеп, атамекенде қалып қойдық. Ал Шашекең сол жылы жоқ болып кеткен еді. Өткен жылғы күзде ел ішінен Алғазы аралына қатынасқан бір адам Шашубайды сол жерден көріпті. Бала-шағасымен сонда балық аулап, өзі қасқырға, түлкіге қақпан құрып, аңшылық істейді екен, — деп әңгімелегені.
Бізге осы әңгімені айтқан Кенжеқара деген кісі екен. Шашубайдың аман-сау хабарын естіп біз қуанып, әсіресе Манарбек қуанып, ол Кенжеқарадан анықтап, қайта - қайта сұрастырды. Мен де анықтап жазып алдым, осыдан екі жыл бұрын Алматыда халық өнерпаздарының бас қосу мәжілісі шақырылып, Жамбыл ақсақал бастаған халық ақындарының өзара айтыстары ұйымдастырыла бастаған-ды. Манарбек Кежеқарадан естіп алған жобасымен Шашубайдың тұрағын анықтауды міндетіне алып, мен жазушылар одағы ұйымдастыратын халық өнерпаздарының жиналысына шақыртуды іздестіретін болдым. Уәдесін орындап Манарбек Алғазыдағы ағайындарымен хабарласып, Шашекеңнің тұрағын анықтады. Мен жазушылар одағындағы халық ақын өнерпаздарының жұмысын басқаратын секция адамымен байланыс жасап, 1936 жылғы халық ақындарының жиынына шақыртуды белгілеттім. Шашубай Алматыға арнайы шақыртумен 1936 жылы келді. Сол жылғы халық ақындарының бас қосқан өнерпаздар кешіне қатынасып, өзінің ежелгі өнерінен «Үш шыбық» ойынын, «Тақия тайтаңы» дейтін өнерін көрсетіп, ән шырқады. Осы жолында ол өзінің қарт әріптесі Жамбыл ақсақалмен дидарласып, сонау бір жылдардағы өлеңмен белдескендерін естеріне түсірісіп, сыр шертісті. Орынбай, Доскейлермен қатар отырып жыр толғасты. Осы келгенінде Шашекеңе сәлем беріп, енді қарт ақынның өнерін өрістетер күн туғанын түсіндіріп, біраз кеңестім. Сона бір кездескенде жете таныса алмағанымды айтып, енді өмірбаянын өзіне айтқызып, қағазға түсірдім.
— ТТТүкір, біраз жасадық қой. Бұл өмірде сан қызықты да, сан алуан қиындықты да көрді ғой, Шашекең, — деп бастады қарт өнерпаз. — Мен бұрынғы Қарқаралы уезіне қарасты Балқаш болысында, Балқаш көлінің жағасында 1865 жылы туыппын. Әкем Қошқарбай шілдесінде шырақ көрмеген кедей еді. Жасым оннан асқан кезде әкем өліпті. Ендігі бас көтерер шешем жарымжан. Үй ішінің қолқанаты болдым. Бірақ жоқтық үйде отырғызбады. Өзімізге жерлес Айтбек деген дәулетті адамға малшы болдым. Ақым екі тоқты. Айтбектің қыстай қойын жайып, ақыма алатын тоқтыны сұрап едім. «Әзір осыны ал» деп бір серкеш бергені. Жетімнің сөзін елер кім бар, арыз айтар жерім жоқ. Серкешті алмай, Айтбектің ауылына бір топ атқамінерлер келе қалғанда үстеріне кіріп келіп, Айбекке:
Мен саған жалданғам жоқ тоқтығымнан,
Алты ай қыс қойың бақтым жоқтығымнан.
Табан eт, маңдай терім сұрағанда
Тулайсың ұстағандай шоқтығыңнан.
Мен секілді кедейдің сыны бар ма,
Ақысын сұрағанның міні бар ма,
Айтбек бай қылжақтамай ақымды бер,
Шашубайда әкеңнің құны бар ма? —
деп түйілдім. Айтбек анау адамдардың көзінше маған қол жұмсай алмады. Бұрын қойшы бала болып жүрген менің өлеңімді отырған адамдар таңдана тыңдасты. Отырғандардың ішіндегі Жобалай деген ақсақал:
— Айтбек, мына баладан ақысын беріп құтылсаңшы, сенің жаныңды қоятын бала емес қой, — деді. Басқалар да Жобалайға қосылды. Айтбек қинала ақымды берді. Сол күннен бастап, менің өлеңге тұсауым кесілгендей болды.
Ел арасында әнші, бала атанып, сері жүріс, айт пен тойдың әуеншісі болдым. Ол кез аламан кез ғой, ел арасында шайпау жүріс, шалыс басар адамдар болмай тура ма. Менің кәмелет жасқа келген кезімде ел ішіндегі еті тірі бір жансерік досым болды. Соған ілесіп Қоянды думандарына барып, сан алуан өнер дарқандарына кездесіп, ақындық, әншілік өнерімді өрістете бердім. Маған орасан әсер еткен Біржан әні болды. Сәті болып бір жылғы жәрмеңкеге Біржан салда келе қалды. Әрине, ол кезде ел жинап концерт қоятын кез емес қой, тек қымызшының үйінде бас қосып, ел серілері мәжіліс жасайды. Бір күні сондай бір думанның үстінен түскенім. Қалай кездесіп, әнін естіп, өзін көрем деп жүрген атақты әншіні ортаға алып думандап отырған топтың үстіне айт-үйт жоқ кіріп келдім. Отырған жұрт мәз-мәйрам. Тап төрде отырған, сұңғақ бойлы қара кісінің қолында домбыра. Мені ешкім елеген жоқ. Біраздан соң жаңағы кісі басындағы төбесі шошақ құндыз бөркін бір шекесіне сәл қисайта киіп, домбырасын құлақ күйіне келтіріп, «Жамбас сипар» әніне басты. Ән аспандай құйқылжи үйіріліп, сай-сүйекті сырқырата иіндеп тоқтады. Аузымды ашып қалыппын. Шеттер отырған бір кісіден «Біржан осы ма?» деп сұрап едім, ол басын изеді. Қуанып кеттім, ол күні сол үйдің маңынан кетпей, Біржандардың жолың тостым. Мәжілісі барған сайын қызып, күн батқанша Біржан тобы тарамады. Амалым жоқ, күн бата өзіміздің қосқа қайттым. Түнімен ыңылдап айтқаным «Жамбас сипар» болды. Ендігі арманым сол асқақ әншіге үнімді қалай естіртіп, бір ауыз сөзін естимін деген ой болды. Бұдан екі жыл бұрын осы Қоянды базарынан он алты баспалы гармонь сатып алғанмын. Сол гармоньға әнімді қосып, ат үстінен теңселе толқып ән шырқайтынмын. Әнді жәрмеңкенің жұрт көп жиналған жеріне келіп, айтатынмын. Ендігі ойыма келгені ана Біржан салдың базар тобына келер кезін аңдып, ат үстінен бір аңыратсам деймін. Ертеңіне өзімнің жан серігім — атымның басына ие болатын серігімді ертіп базар ортасына бет алдым. Базардың бас-аяғына көз жеткісіз, қаптаған жәрмеңкеші жұрт. Біз жағалап жылқы базары тұсына келдік. Өйткені Қояндыға Арқаның жылқылы байлары сан саңлағын топтап әкеліп сатады. Ат құмар сері жұртшылық осы базарда болады. Шетінен аралап жүріп, бір қалың топтың ішінен кешегі Біржан салды көрдік. Айналасы толған жұртшылық Әр елдің атқа мінерлері бар топтала, жылқы базарына көз сала, сөйлесіп Тұрғанын көрдім. Қуанып кеттім. Не де болса белгілі әдетіме басып ән шырқап, ат үстінде ойнақтауды ойладым.
— Бұдан артық сәтті жай кездеспейді. Мен аттардың ер - тұрманын әзірлейін. Өзің әніңе әзірлен, — деп жолдасым жел берді. Топтың бір шетіне шығып, ат үстінде гармонь тартардағы дайындығымды істеп әзірлендім. Жолдасым аттардың айыл-тұрман тартпа, үзеңгі бау, өмілдірігін әбден қарап, дұрыстады. Сонан мен гармоньды алып атыма міндім. Жолдасым менің атымның шылбыр тізгінін қолына алып, әдеттегі жүрісін бастады. Мен ат үстінде теңселе толқып, гармоньды оңды-солды сермеп, әнді шырқадым. Жолдасым аттың басын әлгінде көрген Біржандар тұрған топқа қарай бастады. Топты жара, аттың екі жағына теңселе толқып, шырқап келем. Базаршы топты қақ жара Біржандардың тобы көрінген кезде әнді ойнақтата, аттың құлағында ойнадым. Біз таяна бергенде Біржандар тобы таңдана қарағандай болып бізге жол аша берді. Мен онан сайын желіге ән салдым. Біз қасынан өте бергенде Біржандар тобынан бір жігіт бізге таянып келіп, ән аяқтаған сәтті тосып:
— Сіздерді Біржан сал бұрыла кетсін, деп тұр, дегені. Қуанып кеттім. Жолдасым атының жетегін бұрып салдың қасына келіп, өлеңдете сәлем бердім. Біржан жымия қарап, қолымен ишарат етіп мені шақырды. Қолымда гармонь аттан түсе қалып «Ақ қайыңды» шырқап жібердім. Әнді аяқтап, салдың алдына келіп басымды иіп тұра қалдым. Біржан сабырлы үнмен аты-жөнімді, қай жерлік екенімді сұрады. Айтып бердім.
— Жарайды, жігітім, өнер қуған жастың бірісің ғой. Өзің ешқайда кетпей, бүгін біздің қасымызда бол, — деді.
Қуанышым қойныма симады. «Құп болады, аға» дедім. Гармонымды жинап алып, атымның басын өзім ұстап, салдың тобына кірдім. Біраздан кейін Біржан топты бастап, базарды қақ жара, кешегі қымызшы сұлудың үйіне келіп түсті. Біз де түстік. Қымыз сапырылды. Мәжіліс дуылдап, ел қалауы әнге көшті. Сөз әнге ауысқанда Біржан маған ойлана қарап:
— Жігітім, әнді айтар жерің келді. Мына жұрт менің әнімді күнде естіп жүр ғой. Бүгін ән кезегі сенікі, — деді. Менің бар мақсатым осы бір ауыз сөзді есту! Өзім білетін арқаның әндерін сілтедім. Біржанның өзі әнімді ұнатып, кейде көтермелеп қойғанда төбем көкке жеткендей болып, әнді екілене сілтедім. Анау отырған жұрттың да сүйсінді, қабақ, көтермелеген үні рухтандырып отыр. Бір кезде Біржанның: «Енді дем ал, — деп домбыраны қолына алып, баяу қоңыр үнмен:
Арқада кім тумаған өнер кернеп,
Сайрадың сырнайыңды көкке сермеп,
Тартынба, талабыңды тарықтырма,
Айта бер өрістетіп әннен өрнек, —
деп батасын бергені. Осымен бұл мәжіліс аяқталғанда:
— Біз ертең, мына жәрмеңкеден үйге қайтамыз. Әнші жігіт, ойының мен әніңе қарағанда өнерлі екенсің, — деп Біржан маған көңілді қарады. Мен орасан қуанып кеттім. «Асыл аға, ертең өзіңізді шығарып салуға келем», — дедім. «Жарар», — деді ол.
Ертеңіне ертелеп келіп.Біржандармен бірге ілесіп, екі күн бірге болып, Ақмола еліне қарай шығарып салдым. Мен осы жәрмеңкеден өте олжалы қайттым. Олжам Біржанның өз аузынан «Жамбас сипар», «Шідер» деген екі әнін үйреніп, өзімнің ән байлығымды молайттым. Жәрмеңкеден елге оралысымен «Ағыбай елі» дейтінбіз бұрынғы шұбыртпалы елін, сол елге бардым. Батыр ауылына бұрында бірер барғаным бар еді. Ол бір сауықшыл, ер көңілді ауыл ғой. Менің үйір болып, танысқан адамым Ағыбай батырдың Сопы деген баласы еді. Сол Сопы мені қуана қарсы алды.
— Шашубай, шақырғандай тура келдің. Мен мына Жетісу жаққа, ана қырғыз елінің шетіне дейін барып қайтуға дайындалып отыр едім. Менімен сол жаққа барып қайтуға қалайсың, — дегені. Менің мақсатым жер көру, ел көру, құп болады дедім. Қойшы, Сопыға еріп Әулиеатаны бетке алып жүріп кеттім. Жолы қиын болғанымен, қызықты жүріс болды. Жолдағы елдің бәрі де құрметтеп қарсы алды.
Сопының бұл жаққа келгендегі кездеспек адамы Пішпек қаласында тұратын Қали деген ертеректе келген қазақ екен. Ол кісі бұл Жетісу еліне қырғыз-қазаққа қадірлі аса дәулетті адам екен. Өзінің балалары оқыған, өте сәнді тұратын мол қолды, кең пейілді бір ер адамдар болды. Сопы күзде елге қайтты. Мені Қалидың балалары әнші, ақын етіп ұстап, алып қалды. Мен содан Жетісу елінде он жылдан аса тұрып қалдым. Бұл Жетісу елі, ас бергіш, сауықшыл, әсіресе ақындар айтысын дәріптейтін ел екен. Мен сол айтысқа араласып Ұлы жүздің сол кездегі белгілі ақындарымен айтыспағаным болған жоқ. Сарыбас ақын, Қуандық ақын, Майкөт ақынмен де кездестім. Менің Жетісу еліне бармаған қала, араламаған ауылым болмады. Бірде Алматыға келіп, осы қаладағы Баубұлан, Баймолда дейтін ағайындарды тауып, солардың қолында болдым. Осы жүрісімде мен Жетісудың ең атақты ақыны Жамбылмен кездесіп, айтыстым. Менің Жетісу ақындары арасындағы айтыс-айқасымның ең айтулысы да осы Жамбылмен кездесу болды, — деді Шашубай ақсақал бұл жолғы әңгімесін аяқтап. Енді Шашубайдың сол Жамбылмен айтысқанынын, бастан-аяқ ішінде болған, соны барынша өрнекті түрінде айтып берген Ыбрайым Бейсембет баласы деген ақсақалдан жазып алғанымды келтіре кетейін. Ыбырайым ақсақал Жамбылға жақын ағайын. Өмірі іргесі ажырамаған жерлесі. Өзі ақындық құрмағанымен ауыл арасында жаттанды өлең, қайым айтыстың адамы болған. Жамбыл-Шашубай айтысын ылғи айтып жүретін болған. Ыбырайым ақсақал ата таратуда да шежірелігі бар. Ыбырайым ақсақал Жамбыл мен Шашубайдың айтысқаны 1904жылы болғанын дәлелдейді. Үмбетәліде, Өмірзақ та тап осы Ыбырайым айтқан жыл мөлшерін мақұлдайды. Шашубайдың ақындық, композиторлық енерінің өрістеуіне сабақ болған өзінің ізденгіш, алғыр өнерпаздығының ұшқыны болса, отан леп беріп, қанат қақтырған Қоянды жәрмеңкесінде бас қосып, енер салыстыратын халық өнерпаздары болған. Шашубайдың ән өрнегін аршынды құйқылжытуында бірінші үлгі алған атақты Біржан сал, ал Жетісу еліне келгенде кездесіп сапарлас болған адамының бірі Шөже ақын. Сол сияқты ол сонау елде жүрген әуеніне еліктеп ән шырқаған бір ұстазы — Әсет ақын болған. Әсетке ол осы Жетісуда да кездесіп, бірсыпыра сайрандас болса керек. Шашубайдың өзі шығарған әндерінің ертеден елге әйгілісі «Ақ қайың», «Кербез кер», «Жамалға», «Жетім қыз», «Мамық», «Майда қоңыр», тағы бірнеше әндері болған. Шашубайдың бір ерекше әні «Сырғақты». Шашубайдың әншілдік, ақындығымен қатар ерекше бір өнері ат үстінде бірде иығымен шаншылап, бірде аттың екі жатына кезек төңкеріліп, гармонын сұңқылдататын ойнақы. Шашубай үш сабауды саусағының басына қондырып ойнататын өнерін осы Алматыға 1943 жылғы айтысқа келгенде де көрсетті. Ал, тақиясын басын шын айналдыра ыршытқанда ойнақ қағып, көз тұндыратын-ды. Шашубай, сегіз қырлы өнер өрені, өзгеше талант еді. Егер өнерге баулыр өрісті бүгінгі мектепке кездесе қалса, дүние жүзіне әйгілі өнерпаз болар еді. Шашубайдың өнерін совет өкіметі жоғары бағалады. Кешегі ұлы Жамбыл бастаған қазақ халқының қадірлі халық ақыны атағын алды. Шашубай шығармалары «Сөйле Шашеке» деген атпен 1942 жылы жеке жинақ болып басылып шықты. 1941 жылы Шашубайдың ақындық, әнші-композиторлық өнері жоғары бағаланып «Қазақстанның өнеріне еңбегі сіңген қайраткер» деген атақ берілді. 1945 жылы «Құрмет белгісі» орденін омырауына тақты. Шашекең осы құрметімен 1952 жылы 87 жасында дүние салды. Артында өшпес өнері, ағыл-тегіл әншілік, ақындық мұрасы қалды.
ЕСТАЙ ЕСТЕН КЕТПЕС
Бұл 1921 жыл еді. Мен бұрынғы Қарқаралы уезіне қараған «Ақбота» болыстық атқару комитетінің хатшысы болып қызмет істейтінмін. Бір күні болыстық көшпелі кеңсесі қонақтап жатқан ауылға Қарқаралыдан бір уәкіл келе қалды. Асқақтай сөйлеп, аптыға келген уәкіл емес. Шағын тұлғасында шалымды ойы бар, сабырмен тіл қататын егде жастағы адам өзін Сабатаев Сатылғанмын деп таныстырды. Атын естігенім болмаса, көрмеген едім. Сол кездегі қазақ оқырмандарының алдыңғы қатардағы адамын құрметпен қарсы алдық. Бұл кісі өзінің Қарқаралы уездік атқару комитетінен алып шыққан уәкілдік хатымен таныстырды. Қарқаралының Семей жақ алқабындағы болыстардың шаруашылық жайымен танысып, шаруашылықтың жаңа тәртіпке қалай беттемек ыңғайы бар, осыны анықтау керек. Осы Сабатаевты бастап алып келген Ұзақ деген кісіні Абыралы болысы Нұрлан Құптанбаев арнайы жолбасшы р.тіп қосып беріпті. Сатылған ағайдың уәкілдік жұмысын, ел шаруашылығының жай-күйін қағазға түсіре отырып, жәй мәжіліске көштік. Сөзді Сатекең өзі бастады.
— Нұрланның маған жолбасшы етіп қосқан жігіті мына Ұзақ тамаша әнші. Қонақ кәдесінен құр алақан деп ойламаңыздар. Қазір осы Ұзақтың әнін тыңдайық, — дегені. Бәріміз әрі сыйлап, әрі уәкіл Сатекеңнен әдеп сақтап отырғанбыз, қуана қарсы алдық.
Ұзақ Сатекең айтса айтқандай, тамаша әнші екен. Ол Арқаның тамаша әндерінің бірнешеуін құйқылжыта құбылта шырқай, бір сәт домбырасының құлақ күйін өзгерте тынымдады. Сөйтті де:
— Енді Естайдың «Хорланын» айтып берейін, сонымен разы болыңдар, - деді.
Біз бұрын Естайдың атын да, әнін де естімеген едік, құштарлана тыңдадық. Мақсатына жете алмаған әрі сері, әрі ақын, әрі әнші, бізді билеп алды. «Хорлан» бізге ән болып ғана сезілген жоқ. Ол бір ғажайып дастан, бүгінгіше айтсақ, күңіренген симфония болып алды. Әрі жаңа ән, әсем әннің қызықтырғандығы сондай, біз бірнеше күндей Ұзақтың аузын жаптырмадық. Болыстық атқару комитетінің мүшесі Қабыш Ысқақов дейтін жігіт те аса әнші еді. Ұзақ пен екеуіне жарыстыра айттырып,әй, бір ән базарын құрдық - ау. Мен бұрын Ұзақ әншіні естімеген де, көрмеген де едім. Сол бір аз күнде бірге болып, Ұзақ аузынан естіген әндерім әлі күнге құлағымнан кетпейді. 1939 жылдың июнь айы еді. Алматыдан демалыс алып, Семейге баратын поезға отыруға келдім. Біз үй-ішімізбен шыққанбыз - ды. Арнаулы вагонға келіп, билетте көрсетілген орнымызға жайғастық. Жолаушылар бірінен соң бірі келіп, өз орнына отырып жатқан сәтте басында елтірі жеңіл бөркі бар, желбегей шапан киген, қоңқақ мұрындау, орта бойлы егде кісі ораулы домбыра ұстап біздің вагонға кірді. Селдірлеу шоқша сақалы бурыл тартқан егде адамның домбыра ұстап жүргені ойландырып, мен ізетпен сәлем бердім. Сәлемімді алып:
— Шырағым, менің орнымның қайсы екенін біліп берші, - деді.
Мен ол кісінің билетін алып көріп, орнын тауып, отырғыздым.
Поезд жылжып жүріп кетті. Жолушылар бәрі жайласып отырысқан. Жол үсті бір вагонда көршілес отырған әлгі кісімен танысып, жөн сұрастық. Алдымен сөзді ол кісі бастап, біздің аты-жөнімізбен танысты. Кезек өзіне келгенде:
— Мен ана Павлодар облысынан осында әнші-ақындардың бас қосқан жиналысына келіп едім. Атым Естай. Әкем аты Беркінбай. Шідерті өзенінің бойындағы қанжығалы боламыз, — деп барлық жөн-жосығын өзі айтып берді.
Естай деген атқа құлағым өлең ете қалды.
«Хорлан» әнін шығарған сіз боласыз ба? — дедім.
— Е, — деп өңі өзгеріп. — Иә, шырағым, адам жас шағында неге қол созбайды? Неден жапа шекпейді? Сол бір қол жетпеген дүниені ән ғып азынай айтқаным бар.
Сонау бір жиырма жылға жақын құлақтан кіріп, бойға ұялаған әсем әнді қызарған адамды мына жерден жеті қоян тапқандай қуандым. Асыға әңгімесін ұқыптап сұрай бастадым.
— Әрі ұзын жолда ермек болсын. Әрі сонау бір қол жетпеген арман айтылып, шемен шешілсін, — деп Есекең домбырасын қолына алып (солақай тартады екен) «Хорлан» әнін шертті. — Мен әнге жасымнан әуес болдым. Ауыл арасындағы той-домалақта ән шырқап, әнші бала атандым. Әсіресе, өзімнен үлкен Біржан, Ақан, Ғазиз, Ыбырай сияқты майталмандардың әндерін құмарлана айтып, соларға еліктеп, өзім де ән шырқауға талаптандым. Алғашқы шығарған бір-екі әнім әзіл-күлкі ретінде болды. Оны осы күні өзім де ұмытып қалдым. Әннің көп жасауына, оның шығуына себеп болған уақиғасы арқау болды. Ән де, күй де бір елеулі жағдайдан туады ғой, — деп әңгімені қоңыр үнімен баптай айтып, «Хорлан» оқиғасын бастады.
— Біздің ауылдармен қоныстас Иса деген атқа мінер жуан бай кісі болды. Сол Исаның менімен шамалас баласы болатын. Онымен ауыл арасындағы ойын-тойда бірге жүріп, ән шырқап, жастықтың базарын бірге өткізіп жүретінбіз. Бір күні Исаның өзі шақырып алып:
— Естай, сен мына біздің баламен жолдас көрінесің. Бірақ сенің тоның келте, амал не, өнерің бар. Мен баламды ана Маралды болысындағы қайнына осы жақында ұрын жіберемін. Сондағы тел жолдасы сен боласың. Ал екеуің ауыл арасындағы далбасалықты қойып, бой түзеңдер, екеуің бірдей киініңдер, пұлын мен бергізем, — деді. Мен қуанып кеттім, баласы менен әрі қуанды. Сөйтіп, Иса баласы қайындана Маралдыға жүрді. Сән -салтанат шеру тартты. Жолда бірнеше ауылға қона түстеніп, Ертістің ар жағындағы Исаның құдасына келіп жеттік. Құдасы да шылқып тұрған бай екен. Үлкен құрметпен қарсы алды. Ертістің ар жағындағылар біздің қыр еліндей бойкүйез, сылбыр емес, желе өкпелеу киінеді екен. Барып түскен кештен бастап сол маңдағы үлкен-кішісі болып жиналып, мәжілісті дуылдатып жіберді. Біздің барған кезіміз соғым уақыты еді. Олар жеңіл шанаға қос-қос ат жегіп, сейіл - серуен салады екен. Менің ән әуеніне мейілінше машықтанып төселген шағым еді. Күйеуге жер көрсетеміз деп балдыздары бірнеше шанамен шығатын болды. Күйеу жанындағы айрылмас серігі мен. Маған ән шырқатып, әзіл-қалжыңмен бірер күнде-ақ мүлде үйірленіп, әзілдес болып кеттік. Исаның құдасының жақын туысы орта дәулетті адамның Хұсни, Хорлан деген бойжеткен екі қызы осы сауыққа келген күннен араласты. «Көз көңілдің сырын шертеді» дегендей, сол алғашқы көргеннен жанарымыздың жалыны жалғасып, Хорлан мені ынтықтыра бастады.
Біз Исаның құдасының ауылына бір айға жақын жаттық. Күйеудің күйеулік құрметі өз алдына, мені ол ауылға отырғызбайтын болды. Күйеуді сылтау етіп қонаққа шақырып, ән шырқатып, сауық салу қыза түсті. Олардың бәрінен де Хорлан мен менің базарым күн санап қыза түсті. Хорлан болмаған жерде менің домбырамның құлақ күйі еспей, ән де қанаттанбай, берекем болмайтын күйге ұшырадым. Хорлан да тап сондай күйде. Екеуміздің де арамыз қол жетпейтін тас қамал. Өйткені Хорланды ішкі бір жақта тұратын бір бай саудагер екінші әйелдікке алмақ болып, қалың малын үйіп-төгіп беріп қойыпты. Кешікпей ұзатып әкетпек. Мен де сол сияқты қамалды бұзар дәулет жоқ. Не арқа сүйер күш жоқ. Иса болса, мені баласының дәрежесін көтеріп, әнші, атқосшы етіп ертіп жүр. Ертең бір нәрсе бола қалса, алдымен осы Иса ұстап береді. Осындай қол жетпейтін арман елегіне түсіп, әбден қиналдым. Ақырында Хорланға арнап бір ән сарынын домбыраға шертіп, әнге қостым. Бұл әнді «Бір мысқыл» деп атадым. Хорланмен қош айтысар шақта жетті. Екеуміздің ол жердегі бар жанашырымыз Жәміш деген Хорланның немере жеңгесі. Ертең жүреміз деп отырғанда Жәміш маған бір бала жіберіпті. Келіп кетсін деген хабарын алып жетіп бардым. Жәміш жайдары ашық мінезді адам еді. «Әнші құда, қайтқалы жатырсыздар ма? Сіздердің келгендеріңізден кетулеріңіз ауыр болып жатыр. Замандасың бір тілдескісі келіп, маған тапсырып еді, соған шақырттым», — деп күлді. Осы бір жылы лебізді естігенімде, қандай күйде болғанымды өзімде білмеймін, — деп Есекең біраз тоқталып алды. Содан біраз уақыт өткен соң Есекең әңгімесін қайта жалғап: — Шіркін, Хорлан - ай, бұрала басып, назды үнімен тіл қатып, жеңгесінің қасына келіп отырды. Сүзіле де, күйзеле де қараған қарақаттай көзіне көзім түскенде жүрегім тулап, тұла-бойым от болып жанып кеткендей болды. Хорланның тал шыбықтай бұралған нәзік те, әсем бойында өжеттік қайрат бар екен.
— Әнші құда, — деді жымиып, — жеңешем шақырмаса, қош айтуға да жарамай аттана жаздадыңыз, — деп назданып, өңі өзгере темен қарады. Осы кезде Жәміш жеңгесі сыртқа шығып кетті. Қайтадан серги сөйлеп: — Мені атастырып қойған жерім бар, соған осы қыста ұзатады. Орта жастағы, ақшалы, малды саудагерге барғым келмейді. Ретін тауып кездесейік. Мені жаным сүймейтін адамның қолына қалай тастап кетесің? Әлде жігіттік істеп, қайрат етер жайың жоқ па? — деп тура ашық айтқаны.
Не дерімді білмей, жер шұқи бердім. Біраздан соң бойымда бір ерлік күш пайда болып, егер мен алып кетсем, ересің бе дедім. «Бүгін жүр десең де еремін, бірақ қазір есебі табыла қоймас», дегені. Иә, есебі қайдан табылсын. Мен біраз ойланайын. Егер сен осыған шын бел байласаң, мен нені де болса көруге әзірмін. Көп кешікпей қайта келемін. Хорлан да «мен, әзірмін, бірақ кешікпе» деді. — Хабарды осы жеңешем арқылы аларсың, — деп Хорлан бір түрлі қайратты ажармен келіп, менің мойныма асылды. Уа, дүние-ай, — деп Есекең төмен қараған күйі домбырасын қоңырлата тарта жөнелді.
Бір кезде Есекең әңгімесін қайта жалғады.
— Содан елге келдік. Келсем, Исаның қабағы маған қатулы сияқты. Бәрі түсінікті ғой, тек уақытша пайдаланды, енді қайда барсаң да, өз жөніңді тап дейтін сияқты. Сүйенерім жоқ, шығынға шыдар дәулет жоқ, қызға айтқан сорт болса анау, не істерімді білмей, салым суға кетіп өз ауылыма келдім. Хорланның қиыла қарап тұрып, аса бір қимастық сезіммен «жігіт болсаң, кешікпе» деген сөздері көкейімнен кетер емес. Өзіммен сырлас, о да жаны серілеу бір замандасым бар еді. Соған басымдағы жағдайды айттым. Ол ойланып:
— Қиын екен, бірақ жігіт болып сөз берген соң, серттен тайғаның келіспес. Мен қасыңа ерейін, тіпті ел ішінен именсек, басқа бір жаққа алып кетерміз, — дегені. Айтқан сөзінен қайтпай әлгі жолдасым бірге жүрді. Арада бірнеше күн өткеннен кейін Маралды еліне келдік.
Үйренген ауыл жастары жылы қарсы алды. Ел ішінің жайын сұрастыра келгенде естілген суық хабар төбемнен жай түскендей күйзелтті. Ол хабар біз келерден бір жума бұрын Хорланды атастырып қойған адамы алып кетіпті. Менде ес қалмады, әбден дал болдым. Жан дүнием алай - дүлей. Ақыры сүйікті домбырамды қолыма алып, баяулап шертіп, ішкі сырымды қос ішек арқылы айта бастадым. Аузыма өлең жолдары келе берді. Біз Исаның аулына аттанып, Хорланның аулына келіп, Жәмішпен амандастық. Ол жарқылдай қарсы алды. Асыл ару Хорланның маған деген сәлемін жеткізді. Мен осылай отырып кешеден бері іштен шермен ширығып тұрған «Хорлан» әнін түңғыш рет шырқадым, — деп Есекең «Хорлан» әнінің қалай туғанын баян етті. Боймыз үйреніп, Есекеңе еркелей вагон іші болса да, сол «Хорланыңызды» бізге айтып берсеңіз деп тілек еттік.
— Қазір менде ондағы дауыс бар ма? — деп қара домбырасын қолына алып, солақай бұрап алды да, қоңыр үнмен мәнерлеп айтып берді. Содан соң Есекең Хорлан тағдыры туралы әңгімені жалғап кетті. — 1931 жылы біздің елден ұйымдасқан колхоздың бір-екі жігіті көктемге жақын тұқым іздеп Ертістің ар жағындағы Славогород жағына барып Хорланның үйінде болыпты. Жөн сұраса келгенде Хорланжан мені сұраған екен, — деп терең күрсіне отырып Есекең әңгімесін аяқтады.
Мен Есекеңді Семейде пароходқа мінгізіп шығарып салдым. Содан 1945 жылы Абай тойында Абай ауданында көрдім. Есімі ел арасына кең тараған атақты әнші композитормен осылай кездесіп едім. Бұл сол асыл ағаның өз аузынан естіген әңгімелерім еді. Енді әңгімені Естай жайлы бастаған соң, сол өнерпаздың өмірі мен өнері жайында аса қадағалы дәлелдікпен жинаған біраз жайды да оқырмандарға ұсынбақпын. Көп жылдар бойы Қазақ ССР Ғылым академиясында қызмет істеген Бозжай Жақыпбаев қарт ақын-композиторлар жайында көп деректер жинаған адам еді. Ол кісі өзі туып-өскен елі Орталық Қазақстанның, оның ішінде Баян, Көкшетау, Қарқаралы, Ақмола, Кереку көлеміндегі елдердің өнер иесі адамдары жайлы қадағалай сұрастыра, өзі кездесе жүріп мағлұматтар жинаған болатын. Сол кісінің өз разылығымен маған берген қолжазбасында Естай ақын-композитордың бірнеше әнінің мазмұны бар. Сол әндер жайын мазмұндағанда Бозекең Естайдың Хорланға арнап шығарған әнінен басқа «Жай қоңыр» әнін де сүйсіне баяндады:
Ертістің арғы жағы «Арғанаты»
Әншінің домбырасы — қол қанаты.
Жағалай Қара Ертісті Естай ақын
Деп салған «Жай қоңыр» дeп әннің аты.
Әуелі бұл шіркінді бастау қиын,
Екінші — көптің сөзін тастау қиын.
Төрт жағы түгелімен келмеген соң,
Барқырап көп алдына қақсау қиын, —
деп ел көкейіне қонар, сыпайы, сырлы ән ізденіп шығарған бір сәті осылай болыпты. Естай Хорлан махаббатына шырмалып көпке дейін үйленбей бойдақ жүріп, ән, өлең бағып, сері болды. Осы кезде Естайдың әкесімен бір туысқан Төлебай деген кісі орта дәулетті, ел ішінде атқа мінер адам екен. Сол Төлеубайдың жалғыз баласы қайтыс болып, келіні жастай жесір қалды. Төлеубайдың жесір келіні Зағиша келісті есті адам екен, осы кісіге Естайдың көңілі ауып, ерінің жылы толғанда көңіл қосқысы келеді. Оған Зағиша қарсы болмайды. Бірақ атасы Төлеубай баласының орнын Естайдан қызғанып, ағайынның айтқан ет келді сөзіне қарсы шығады. Ағайын арасы осы жағдайға екіге бөлініп, егес туады. Төлеубай келіннің Естайда көңілі барын біліп, төркініне көшіріп апарып тастайды. Осы апарып тастатқанда келініне: «Осы елде кімге тисең оған ти, бірақ Естайға тием деуші болма», — деп қатты тапсырма айтады. Ал Зағиша болса, Естайға көңілі ауып, берген сөзінен қайтпайды. Осы бір айқас - айтыс үстінде Зағишаға арнап Естай «Қос басар» деген ән шығарады. Зағишаның сергек көңілді көрікті сипатына Естай да беріліп, Төлеубайдың томырық қисықтығы ара-тұра алмай, Зағишаны алады. Естайдың өмірлік жолдасы осы Зағиша болады. Естайдың «Балқаш қыз» деген әнді шығарғанын Бозекең мына төмендегіше баяндайды: Естай жанында екі жолдасы бар «Қос қоңыр» поселкесінен астық алып келе жатып, жолдағы « Қарабұжыр » аулының бір белгілі адамы Тұрғымбай деген қажының үйіне тоқтайды. Есік алдында тұрған Тұрғымбайдың екі қызына «жолаушымыз, құдайы қонақпыз» дейді. Қыздың үлкені: «Шәукім, сен не дейсің, жолаушы екен, қонсын», дегендей сіңлісіне қарапты. Шәукім қыз жұлып алғандай, аузын бұртиып: «Тентектің қыдырмасына салып қойған үй жоқ, қондырмаймыз», депті. Жұлынып тұрған қыздың сөзінен Естайлар тітіркеніп, қатардағы бір ауылдағы Талыс дегеннің үйіне келіп қонады. Жайланып отырғаннан кейін Естайдың әнші ақын екенін білетін үй иесі, ауыл жігіттері өлең айт деп қолқалайды. Сергек ойлы сезімтал ақынның көкейіне әлгі бір сәттегі Тұрғымбайдың шолжың қызының «тентектің қыдырмасына салып қойған үй жоқ», тосыраңдағаны әсер етіп, аузына өлеңімен қоса ән оралады. Естай әрлі-берлі домбыраны құйқылжыта тартып:
Қажының бір қызы бар, аты Балқаш,
Қиылған қасы-көзі бір қаламқас.
Қабағы жауған қардай тұнжырайды,
Шіркін-ай ашық болса, неткен қалқаш.
Қажының бір қызы бар Шәукім атты
Сөйлейді шолжыңдықпен қатты-қатты.
Өзінің әзіл сөзі төбелестей,
Кім қалай алар екен бұл бейбақты, —
деп шырқайды.
Бұл әнді ол жерде ешкім ұғып ала қоймайды. Өз аулына келгеннен кейін ауылдас әнші жігіт Дауытжанға үйретіп, айтқызып, елге таратыпты. Бұл ән тек ауыл арасында айтылып, нотаға түспепті. Естайдың осы бір кезде әннен - әнге көшіп, біріне-бірін тіркестіре бірнеше ән шығарғаны замандастарының, әсіресе Естай әнін өзінен үйреніп айтушы ауыл әншілерінің айтуына қарағанда ерекше елес береді. Естайдың сол кездегі шығарған бір әні «Қаракөз» деген атпен айтылыпты. Естай бірде жолы түсіп, Омбы шаһарына барады. Сол жолында Қыпшақ аулының белгілі адамы Жансары деген байдың үйіне қонады. Үй иесі Естайдың әнші ақын екенін білген соң «қонақ кәде» ретімен өлең айтқызады. Жансарының бой жеткен Қаракөз деген қызы бар екен, сол Естайға ән қолқасын ұсынып, бірнеше ән айтқызады. Мәжіліс аяқталып, қонақтар тарқар кезде Қаракөз үйіндегі бір жігітке Естайға бер деп бір жапырақ қағаз хат жазып береді. Қыз: «Мен сіздің атыңызды бұрын да естіп, әніңізді өз аузыңыздан тыңдап, арманым орындалып отыр. Мен өз басым қалың малдың шырмауына ілігіп, сүймейтін адамға атастырылып, арман үстінде едім. Егер сіз менің зарыма көңіл бөліп, разылық етсеңіз, мен сізге жар болуға дайынмын», — деп жазыпты. Естай ертеңіне кешегі хат әкелген жігіттен қызға мынадай жауап жазады: «Қарындасым, басың қалың малдың қармағында екен. Менде сіздің әкеңіздің құдасынан алған қалың малын төлер дәулет жоқ. Және екі елдің талқысына түсер күште жоқ. Ондай аласапыранға бара алмаймын», — деп жауап жазады. Естай аттанып кетеді. Бірақ қыздың жазған бір жапырақ хаты Естайдың көкірегін кернеп, ой толғанысына жетелейді. Сол Омбы жолының өзінде «Қаракөз» әнін шығарады. Ол әннің өлеңі мына төмендегідей екен:
Шіркін-ай, жарқындығы қандай еді,
Құрбының өзі тұтас маңдайы еді,
Бағдаттың шаһарындай гүл жазира,
Мақсатқа кімдер жеткен, уа, дариға.
Лағыл тac су түбінде жатады алтын,
Суының беті жылы, түбі салқын,
Суынан сол лағылды сүзіп алып,
Азырақ көрер ме еді рахатынан.
Естай Омбыдан келген соң осы әнін ауылдас інісі Дауытжан Құсайын ұлына үйретіп елге жаяды. Бұл әнді Дауытжан өмір бойы айтып жүріпті.
Естайдың бұдан кейінгі бір әні «Па, шіркін» екен.
Бұл әннің шығу тарихы күні бүгінге дейін белгісіз, өйткені осы «Па, шіркін» әнін айтып, елге таратқан Дауытжан: «Есекеңнен әнді үйрендім. Бірақ, кімге арнаған, не туралы шығарылғанын сұрамаппын», — дейді екен. Бұл әннің тексі мына төмендегідей: Па шіркін, осылай ма еді айтқан сертің, Бірдей деп ойлаушы едім ақыл - көркің, Мінезің арқандаулы aт секілді, Биікке сермегенмен жетпейді еркің. Қыс болса қадірі өтер өткен жаздың, Әр жерде сайран еткен өнерпаздың. Көл көшіп, томар қонған жайлы күндер, Болмаса көл саясы қоңыр қаздың. Естайдың ел ішіне көбірек тараған әні — «Юран». Бұл әнді Естай Қараөткел жағына барып жүрген кезінде шығарған болуы мүмкін. Өйткені әннің өлеңінде:
Салғаным сол қара жаппай күміс,
Білмеген асыл жайын адам едім,
Осы әнді Юран деген қыз айтады,
Баласы басқа адамның айтқан емес.
Қыз бопты Қараөткелде Юран атты,
Аузынан шыққан сөзі балдан тәтті.
Салғанда домбырамен Юран әнін
Өзіме тартып алам адамзатты, —
делінеді.
Естайдың бұл әнін Алматыға алғаш әкеліп айтқан Әбілқасымов деген әнші. Соның айтқанын ұғып, республиканың атақты әншісінің бірі Лекеров Қуан нашына келтіріп айтатын еді. Естайдың жаңа дәуірге арнап шығарған әнінің бірі — «Алматы». Естай 1936 жылы Алматыдағы халық ақындарының бас қосу мәжілісіне шақырылып, сол жиынға қатысады. Асқар Алатаудың аспан меңзеген шыңның, елінің астанасы — Алматының әсем қаласын көріп, сол Алматыда үкімет басшыларының халық таланттарына көрсеткен құрметіне бөленеді. Сол мәжілісте бұрын тек атын естіп, дидарласпаған сан алуан өнер саңлағымен бас қосады. Осы сияқты үлкен құрмет булығып қалған ақын көңілін оятып, үлкен тебіреніс тудырады. Әншілік, ақындық ойы қанаттанып қайтқан Естай аулына оралғанда қуанышпен қарсы алған елі Алматыда не көргенін сұрап, құмарлана құлақ түреді. Сол жиналған ауыл-аймақ үні ақын ойындағы ана көрген жаңалық елесін толықтыра түседі. Сонда отырып «Алматы» әнін шығарады. Өлең жолдары төмендегідей: Біз бардық Қазақстан ордасына, Ән салдық кезек тиіп ер басына. Алпыс асып, жетпіске келген кезде Кездесті қызық заман бұл басыма. Дулатып жаңа туды алтын заман, Сөйлеп қал қызыл тілім келсе шаман,, Өткен күнде қадірің болмады ғой, Өнерді қадірлейтін келді заман. Алатау Алматыны айналып, түр, Көк бұлттар мұз шыңында байланып түр, Қарағай, қайың толы қалың жыныс Балбырап етегінде жайқалып тұр. Бұл әнін Естайдың өзінен үйреніп, бізге жеткізіп берген Дауытжан Құсайынұлы. Естайдың бұл әні нотаға жазылмаған. Естайдың ең ақырғы әні елімен, жерімен қоштасу әні екен. Әннің аты да — «Қоштасу». Осы өннің өлеңінде ақынның қарттық тағдырын мойындаған зары айтылады. Естай өзінің туып-өскен жері Павлодар облысы Ақкөл қаласында 1946 жылы 83 жасында қайтыс болды. Естайдың өмірлік жолдасы болған Зағиша Естай қайтқан күннің ертеңінде ол да дүние салды.
ЖЕЛДІРТІП ӨТКЕН ИСА АҚЫН
Иса Байзақұлы бүкіл Қазақстан жұртшылығына өнерімен, өлеңімен өзін танытқан әрі ақын, әрі артист еді. Мен Исаның ең алғашқы рет 1925 жылдың июнь айының ішінде Қоянды жәрмеңкесінде көрдім. Жаздың өте бір көңілді күндерінде басталған жәрмеңке қызмет ретімен, шаруа жайымен келген алуан түрлі елдің бас қосқан орны болатын. Иін тірестіре тігілген үйлердің бірінде ән салынған, бірінде күйсандық ойнаған қызу думан. Батыс жағы айнадай шалқыған Қарасор көлі, күншығысы күрілдеп аққан Талды өзеннің арнасы, оңтүстік, солтүстік қойнау Қоңыр адыр, Қоянды, Тоқпан шоқылары. Осылардың ортасынан ашылған жәрмеңке орны шалғынды көкмайса еді. ... Күн еңкейіп қалған кезде тарқап бара жатқан мал базарының қалың тобын қақ жара ерекше бір топ адам түйдектеліп жүйтки береді. Біз де сол топқа келдік, әлі ешнәрсені көргеніміз жоқ, тек бір құйындай бұрқыраған өлең серпіні аспанға шарықтайды. Топ ортасында үсті ашық үлкен машина, оның үсті толған адам. Қызылды-жасылды киінген бір топ жігіт. Бірақ елдің өзеурей қарап, өзгеден гөрі құмарлана көз тіккені екі адам. Бірі — елден ерекше, алып денелі Қажымұқан да, екіншісі — қолындағы домбыраны біресе аспандата, біресе шалқыта, үні мен сөзін құйындай жүйткіте ән салған Иса ақын. Ол жүріп келе жатқан автомобильдің үстінде домбырамен желдірмені жүйткіте соғып, Қажымұқан балуанның күшін, дүние жүзін аралаған енерін өлеңмен келістіре сипаттап, елдің еркін билеп әкеткендей. Бұл топтың ішінде Қалибек пен Зәрубай да бар. Қалибек жиылған топты шанышпа, тапқыр сөзімен күлдірсе, Зәрубай бірде қоян, жылан болып, сан-алуан ойын көрсетеді. Олардың бұл жүрісі «ертең үлкен ойын көрсетіледі, Қажымұқан үстінен автомобиль жүргізеді, жалпақ сом тасты кеудесіне қойып ұрғызып сындыртады», деген қолма - қол хабарландыру еді. Ертеңінде Қажымұқан ойын көрсетті. Қажымұқан әрбір ойынды көрсетерде Иса домбырамен оның жайын түсіндіріп, желдірмеге толғайды. Бір жағынан гармонын құлаштай сермеп Майра да отырды. Адамның асқан күшті алыбы Қажымұқан, құйындай ұйтқыған ақын Иса, ән асқағы Майра түйдек бір жерде бас қосып, Омар мен Қалибектің де күлкі-сықағы араласып, ойын қыза түсті. Осы күннен бастап-ақ Исаның даңқы елге таралып кеткен еді. Одан кейін Исаны Алматыда көрдім. Иса бірде сахнада, бірде концерттерде өн мен өлеңді талай ағытты. 1938 жылы Жазушылар Одағының үйінде Октябрь мерекесіне арналған бір мәжіліс болды. Сол мәжілісте осы қаладағы жазушылармен бірге Үмбетәлі Кәрібаев, Саяділ Керімбеков, Сапарғали Әлімбетов, тағы басқа да халық ақындары болды. Бұл атақты «Родина» самолеті Москвадан ұшып Қиыр Шығысқа қонбай жету сапарынан қайтып келіп, советтің ұшқыш қыздарының асқан ерліктері дүниежүзілік даңққа бөленген кез еді. Олардың басынан кешірген уақиғасы да ел аузында әсерлі аңыз болып таралған-ды. Осы мәжілісте ақындарға кезекпе-кезек сөз беріліп, өлеңдер айтылды. Әсіресе, Исаға осы «Родина» самолетінің экипажы, үш қыздың басынан кешірген хал, әсіресе, Марина Раскованың он бір күн, он бір түн орманда адасқанын жырлап шық деген ұсыныс болды. Иса қолына домбыра тиісімен, белгілі желпіну сарынмен біраз айқайлап алды, да, өлеңді заулатты. Сағат жарымдай уақыт жырлады. Үн шығарған жан болған жоқ. Поэма болып жырланған үлкен жырды отырған жұрт сүйсіне тыңдап, осыны жазып таста деген ұсынысты да айтты. Артынан осы поэманы «Он бір күн, он бір түн» деген атпен жазып та шықты. Бұдан кейін де Исамен талай кездестік. Соның бірі — 1940 жылдың көктемі, Турксиб жолының 10 жылдық мерекесіне байланысты ақын-жазушылар бригадасы ұйымдастырылып, жол бойына шыққанда, Исамен жарты айдай бірге болдым. Бұл жолда біз Шу, Луговой, Жамбыл, Шымкент және Қырғызстанға дейін барып қайттық. Осы сапарда ол әрқайсымызбен әр жағдайда іштей ұғысып, кеп сөйлесті. Осы жолда біз Қырғызстанға бардық. Қырғызстан жазушылары бізді аса зор құрметпен қарсы алды. Біз барған кезде, Қырғызстан жазушыларының пленумы болып жатыр екен, ол жиындарына да қатынастық. Біздің бригаданы Қырғызстан жазушылар одағы, қырғыздың халық жыршылары, жазушылары бас қосып, қонақ етіп, туысқандық, достық мәжіліс ұйымдастырды. Мәжіліске қырғыз, қазақ жазушылары атынан Аалы Тоқамбаев, Сәбит Мұқанов сөйледі. Бұлардан кейін Иса сөз сұрап алып, сөзін өлеңмен айтты. Ол қырғызбен елінің тарихын шолып, сонау Енисей өзенінің Алтай атырабында болған көне уақыттардағы уақиғаларды байланыстыра келіп, сөз нөсерін ағылта шарықтады. Қырғыз жазушылары мен халық ақындары — Халық, Әлімқұлдар ақындығына сүйсіне, зор құрмет көрсетті. Бұл күні Иса сан алуан жыр төкті, бірақ ол жерде бұл жыры жазылған жоқ. Кейін де оны өзі құнттап жазбаған болар, өйткені ақынның қолжазбасынан кездестіре алмадық. Исаның осындай бір ерекше шақтары айтылғанда, оның өзі тұсындағы халық ақындарынан озық екені айқындала береді. Әсіресе, дайындалмаған жерден үлкен жырды өзекті етіп төге салатын әдеті Исаның бойына біткен айрықша қасиет еді. Мұнан кейін Исамен сол жылғы июль айында сұлу Көкше, Бурабай курортында кездестім. Бір күні таңертең біз жатқан үйдің есігін біреу қақты. Біз үш адам едік. Ояу жатқан Қазы деген жас жігіт есік ашты. Есік ашылғанда - ақ Иса кіріп келді. Ойда жоқ жерден келген Исаға бәріміз де орнымыздан тұрып амандасып, мәз-мәйрам болып қалдық. Иса үйге өлеңдете кірді.
Жақын деп жанымды ұғар сәлем бердім,
Таң атпай баса-көктеп кірігі келдім.
Мөлтілдеп баурында Бурабай көл,
Көкшетау — жәннәті ғой ғұмыр жердің, —
деп ағызып барып тоқтады.
Біз курортта бір ай жаттық. Бурабай көлі, Жұмбақ тас, Оқжетпес, Бөлектеу бойына серуендеп, қайыққа мініп, көлдің арғы жағына да барып қайттық. Иса марқұм осы демалысында өте көңілді, шатты жүрді. Осында жатқан ауруларға арнап екі рет концерт ұйымдастырылды. Жиылған жұрт Исаның ақындығына, сөз тапқыш шешендігіне таң қалысты. Соғыс кезінде Иса үнемі ел аралап жүрді де, кездесуіміз сирек болды. Ақырында, Исаны көбірек кездестіріп, жақын араласқан мезгілім 1946 жылы июль, август айлары болды. Жазушылар одағының, Қазақ-ССР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институты Исаның өмірбаянын жазып ал деп маған тапсырды. Мен бұл тапсырмаға қарсы болғаным жоқ. Он екі түрлі себебі болды: бірі — Исаның өзі маған жолығып, сөйлесер едім деген тілек айтыпты. Екіншісі — Иса сияқты замандас ақынның, өзім аса қадір тұтатын жанның сол кездегі хал-жайын біліп, аз да болса көңіл күйіне ортақтасуды өзім де мақұл көрдім. Мен Исаның жатқан үйіне іздеп бардым. Бұл июль айының 13-і еді. Мені көріп, Иса қатты қуанды. Жай-күйіне танысқаннан кейін: «Мені емдетуге орналастыру қамын істеңдер. Қырда жазылмадым, жақсы күтіммен дәрігерлер қарауында, ауруханада біраз болсам, жазылам» деп, өмірге сондайлық құмар екендігін көрсеткендей болды. Уайым, мұңаю сияқты сезіктен ешбір белгі бермеді. Әрине, мен де «жазылсын» деген көңіл көтерер сөздермен әңгімелесіп, біраз отырдым. Ол күні Исамен хал-жай білуден арғы сөзге барғаным жоқ. Мен ертең келемін деп қайтып кеттім. Ертеңінде келсем, Мәкен мен Ертіс (бұл Исаның сол күнде бірі 12- мектепте, бірі театр училищесінде оқып жүрген балалары) келіп отыр екен. Екі баласына қуанып, тіпті сырқатын ұмытқандай серігіп, көңілденіп кеткен. Біз тағы әр түрлі жағдайды әңгімелесіп отырғанда елден келген бір жас жігіт көңіл сұрады. Ол жігіт Исаның Зылиқа деген тәтесінің жақын ағайыны екен. Ол еліне қайтпақ болғандықтан, екі баланы тауып танысқан екен. Оған Иса соншалықты риза болып, екі баласына қарап:
— Сендер елді білмейсіңдер. Мына кісіні танып қойыңдар. Зылиқа апаларыңнан туған жиендерің бар. Апаларыңа сәлемдеме жіберіңдер, — деп тапсырады. — Сіз де білмейсіз, менің екі балам осы. Жаман болмайды. Мәкен би үйреніп жүр. Ертіс елі бетін түзеп, өнер таңдауға жетпей келеді. Ауру жаныма батса да, осы екеуін көріп, кешеден бері мүлде сауығып қалдым, — деді.
Исаның осы бір сәттегі балаларына мейірленген, олардың келешегіне, тәрбиесіне сүйсінген қуанышын көзбен көрген шақ оның Сәрсенбай дегенге айтқан: «Шығады менің қызым биші болып», — деп басталатын бір ауыз өлеңін еске түсіреді. Одан кейін Исаны өкпе ауруларын емдейтін институтқа орналастырдық. Енді бұрынғыдан да жиі, үнемі барып тұрдым. Бірақ, Иса аса ауырлап қалған еді. Сондықтан оны ауруханаға орналастыру, емдеу тәртібін дұрыстау жағдайларына біраз уақыт етті. Сөйтіп, Исаның өзі өмірі жөнінде айтқан сөздерін жазып алуды 26 июль күні бастадым. Емдеу орнына жатып, дәрігер көмектері ұқыпты көрсетіле бастаған кезде, ол біраз көңілденіп, серігіп қалды. Өмірбаяны туралы әңгімелескенде Иса былай деді: «Мен 1900 жылы күз айларында туған екенмін. Менің туған жерім осы күнгі Павлодар облысы. Ертіс ауданы, Корковский ауыл советі, «Үлгілі» колхозы, қонысымыз «Жабысқан» деген жер. Әкем Байзақ шағын шаруалы еңбекпен күн көрген момын шаруа адам еді. Ескіше хат таныған, түркі сауаты бар, жасында ән салып, өз әлінше сауыққой кісі болып, бері келе өлең де жазатын әдеті бар еді. Шешем Ғазиза Шоппей деген кісінің қызы. Аса әнші, ойынан өлең шығаратын, ашық көңілді, ер мінезді кісі болыпты. Байзақ пен Ғазизадан 9 ұл, 12 қыз туады. Соның 18 - шісі болып мен туыппын. Үлкендерден сұрап білгенімде, біздің аталарымыз ерте күнде Ертіс өзенінің солтүстік бойына Есіл өзені жақтан кешіп келіп, қоныстанған екен. Біз Қуандық ішінде Алтай боламыз. Өзім жеті атама дейін ғана білем, Әкем аты — Байзақ. Оның әкесі — Өтеген, оның әкесі — Оразбай, оның әкесі — Меңдібай, оның әкесі — Сағым, оның әкесі — Тілеуберді. Одан арғысын анық білмеймін. Шешем Ғазиза тоғыз жасымда қайтыс болып, өзіммен бірге туған ағайым Мұса мен әйелі Қатираның тәрбиесінде қалдым. Әке бойдақ, мен жетім, біріміз келін, біріміз жеңге қолына қарадық. Менің бала кезімде әкем мен Мұса, Арын деген ағаларымның кәсібі Омбы, Қызылжар қаласындағы саудагерлердің елден жиған малын бағып, Омбыға айдап баруға жалдану болатын. Мен ес білгеннен кейін сол ағаларыммен бірге саудагерге жалданып, мал табуды кәсіп еттім. Шешем өлгеннің келер жылында үлкен ағайымның қайны Нұртазаның қолына барып, соның аулындағы молдадан оқып хат таныдым. Содан кейін 1914 жылы медресе «Ғалиядан» оқып қайтқан Құрлеуітұлы Құсайын деген мұғалімнен торт ай оқыдым. Осы кейінгі оқығаным бұрынғы шала сауатымды жетілдіріп, қисса, өлең, кітаптарды өз бетіммен оқуыма жол ашты. Шешем өлгеннен кейін көбінесе нағашы шешем Жанбаланың қолында болдым. Нағашы шешем ер көңілді, сері, еркек мінезді, адуын кісі еді. Сауықты, өлеңді жақсы көретін, мені аса еркелетіп, бетімнен қақпай өсірді. Әсіресе, менің өлең айтқаныма аса сүйсінетін еді. Шешеммен бірге туған нағашы ағайым Рақмет те әнді жақсы айтатын, сауыққой жігіт еді. Бала күнімде «Сал торы ат» деген әнді сол нағашымнан үйрендім», — деді. Иса өлең шығаруды тіпті ерте бастаған, ол тоғыз жасында - ақ бір күні өзінің Зылиқа деген бірге туған апасына соқтығып, екеуі өлеңмен айтысыпты. Сонда Зылиқа: Басыңда жұлма-жұлма ескі бөрік, Ағаш та астындағы жансыз көлік, Өң бойың құс күткендей түрің мынау, Қақсадың тумай жатып шешең өліп, —
деген, Иса:
Кекілін кер бесті аттық түймедім бе,
Тал шыбық бұрайын деп имедім бе,
Несіне бөркімді айтып мазақтайсың,
Бөркіңді тігіп берген кимедім бе? —
депті.
Ойламаған жерден мен осыны айтқанда, тәтем іс тігіп отыр еді. «Қағынды келгір, жеңдің деп қасында отырған жеңгем Қатираның иығына сүйене кетті» деп, өзі де сол кез есіне түскендей күліп жіберді. Шешемнің «Құлагерді» айтқандағы әдемі даусы әлі құлағыма келіп тұрғандай болды. Менің тіпті бала күнім. Сонда Ертістің бір айырық жерінен су алып, шелегін қойып, ақырын өлеңдетіп:
Біз жүрміз Жабысқанның суын ішіп,
Жазғанын бір тәңірдің бастан кешіп.
Қанаты қаршығаның бітсе маған,
Өзім - ақ барар едім құстай ұшып, —
деп «Құлагер» әнімен айтты. Әрине, шешем онда аса жас емес еді. Бірақ туып-өскен елін (төркінін) сағынып жас кезінде айтқаны болар деймін. Менің аз нәрседен сергіп кететін ақкөңіл жомарт мінезім шешеме, тез ашуланатын кіді мінезім әкеме тарқан. Өзімнің кескінім де шешеме тартқан еді. Шешем Ғазизаның көп мінезі шешесі Жанбалаға тартқан. Жанбала аса есті, сауыққой сері мінезді кісі дедім. Сол нағашы шешем 1916 жылдың аяғында өлді. Өле-өлгенше мені аса еркелетіп, өлең айтқаныма сондай сүйсінетін еді. Осы кісі өлісімен-ақ аналық мейірімнен ажырап, қорғансыздыққа ұшырадым. Бірақ есейіп те қалған едім. 1916 жылғы уақиғаларда менің жасым толмаса да тізімге 21 жаста болып шығып, ағаларым Мұса, Арын, әкем Байзақ төртеуміз бірдей қара жұмысқа алынатын болдық. Көшпен бірге майдан жұмысына жүруге әзірлендік. Бір кезде майданның өзіне емес, байлардың өндірісінде де жұмыс істеп қалуға болады екен деп соған жіберді. Томск қаласының қасында бір көмір шахтасы бар екен, біз сонда жұмысқа бардық. Бір біздің ел ғана емес, сол атыраптағы елдің бәрінен де адамдар барған екен. Біз барған соң — ақ әр елден келген адамдармен қоян-қолтық араласып кеттік. Әсіресе, менің өлең, ән айтқаныма сүйсініп, мені жеңіл жұмысқа қойды. Көктем шыға «патша орнынан түсті» деген лақап жайылды. Осыдан кейін, еріксіз жұмысқа алынған жігіттер босанып, еліне қайтты. Біз де тобымызбен аман-есен елге келдік. Мен бұл жолдан олжалы қайттым. Ол олжам — «бала ақын» деп маған жігіттер ат қойды. Өзім осы жолы көп жігіттермен таныстым. Жол көріп, бетім ашылды. Бірақ, жоқшылық бой жаздырмады, жазда тағы да үй ішімізбен жалданып саудагер байлардың малын бақтық. Әкем, Арын деген ағам бір қос малды бағып, бізден бөлінді. Мұса екеуміз, Бабашайық Жаныбекұлы деген ағайынымыз бар, Қажым деген жиеніміз бар, бір тайпа малды бағып, «Түлек» деген жерде жаттық, Шанышпа қосымыз бар, баққанымыз ылғи ірі өгіз. Күндіз бағып, түнде күзетіп, зыр қағамыз. Бабашайық, Қажым екеуі де ертегіші еді, мен бұлардың ертегісін өте құмарлана тыңдайтынмын. Бір күні Бабашайық бір ұзақ ертегі айтты. Ертектің аяқ жағын шала тыңдап ұйықтап қалыппын. Түсімде ауыл ортасына күнбатыс жақтан астына қызылкөк бесті мінген бір адам келіп, өлең айтып тұр екен. Мен қасына жүгіріп келіп едім, домбырасын маған ұстата берді. Мен домбыраны ала сала жүгіріп, сол жақта тұрған қараша үйге кірсем, толып отырған ақын екен. Түрегелеп тұрып, бәрімен айтысып, жеңдім. Түсімдегі айқайымнан оянып кетсем, Бабашайық менен бұрын тұрып, таңертеңгі тамақты істеп жатыр екен. Соған түсімді жорыттым. Ол— «сен ақын боласың», деп жорыды. Осы жылдың өзінде-ақ ел арасына «бала ақын» атанып, атағым жайыла бастады. Сол жылы елге келгеннен кейін Бабашайық Қанжығалы ішінде Жұмабек деген нағашысы бар екен, соған баратын болып, мені ертіп жүрді. Жұмабектің аулына келдік. Жұмабек алдына ақын барып, өлең айтпаған тәкәппар адам екен. Бабашайық маған «қорықпай айтып көр» деп сыбырлады. Ол кез өлеңді бастау дәстүрі де қиын кез, өйткені не дін, не ел аруағы, не адам шежіресінен бастап айттым. Жұмабек тыйым салмай тыңдап, «бала ақын екен» деп сараң ғана сөз айтты. Маған соның өзі үлкен сый болды. Осы жолдан қайтқанда атым бұрынғысынан да жайыла түсті. «Жұмабекке өлең айтыпты...» деген алып-қашты сөздер де ел арасына тарап кетті. Сол жылы қыстыгүні, 1918 жылдың бас кезінде «Құдас, Төбет» деген елдің ішіндегі Сағит деген ақынмен айтыстым. Түңғыш айтысым осы. Қосқұдық деген елдің ішіндегі Жүніс деген кісі келін түсіріп, той болды. Тойда ақын айтыстыру егесі басталды. Алдымен Құнанбай деген болыс ақша тастады. Шұбар ат поселкесінің бір бай орысы да ақша қосып, Сағит екеумізді айтысқа шығарды. Сағит кексе, көпті көрген ақын, ол өлеңді ел руынан бастап айтты. Мен ол жағынан жеңе алмайтын болған соң жұмбақ айттым. «Бір шақырымда неше ине бар» деп сұрадым. Сағит біле алмады, тоқталып қалды. Оны өзім шешіп бердім. «24 000 иненің бойы бір шақырым болады» деп түсіндірдім. Сөйтіп бәйгені мен алдым. Осы айтыстан кейін бұрынғыдан да өлеңге құмарлығым асып, айтыс іздейтін болдым. 1920 жылдың қысы. Ел ішіне уәкілдер келді. Павлодардан келген қызметкерлер мені шақыртып алып, ертіп жүреді. Құдас деген елдің ішіндегі Бердалы Жылқыбаев дегеннің үйінде Құдайбергенмен айтыстым. Бұл айтыста да мен оны тоқтаттым.
Құдайбергеннің дауысы қырылдап барып, біраз қызғаннан кейін ашылады екен.
Сұрасаң өз атымды Құдайберген,
Халқыма айтқан сөзім ұнай берген, —
деп бастап, шалқып кететін, тасқын ақын екен. Бірақ мен ел аңғарынан бір жолды дау айттым, сонан бөгелді», деп өзі ұстаз көрген ақынды қасиет тұтып, Иса сол күнгі сезін аяқтады. Содан кейін Исаның халін білуге август айының 2-сі күні келдім. Бұл келгенімде Иса нашарлап қалыпты. Әрине себебін сұрау қиын. Жайын сұрағанымда, өзі:
— Аурудың шығар кезі болар, осы кейінгі күндерде ауырлап жатырмын, — деді.
Бірақ, өлімді мойындап, жасыған жоқ. Өмірді сүйетіні сондай сергу көңілді мінезбен әңгімелесті.
— Менің жоғарыдан келген адамдармен танысуым ақындық атағымды қалаға да жайды. 1921 жылы Керекуде (Павлодар) автономия тойы болды. Осы тойға мені қалаға шақырды. Ұлы Октябрь ревалюциясының халыққа берген бостандығы, қазақ елінің автономия алуы халықтың көңілін сондай көтерген еді. Қаланың қыр жақ қабағына жүздеген үй тігілген, жүздеген бәйге ат жаратылған. Адам дегенің жер қайыстырады. Мұндай топқа шығып өлең айтып көрмеген жас кезім болғанымен, жүрексінбей-ақ, өлең айтқым келіп, делебем қозып, шабыттана бастадым. Мені үкімет адамдары шақырып, биік ағаштан жасаған сәкіге шығарып сөз берді.
Бір сағаттай демалып, қайтадан әңгімелестік.
— Мен ол күні ол күні тек өлең айтып қана қойғаным жоқ. Ат ойынын да жақсы білетін едім. Жарысқа түсіп ат үстінде алуан ойын көрсеттім. Онда менің қолымнан келмейтін өнер жоқ еді. Түс ауа тойтарқар басталды. Керекудің қызметкерлері мені орталарына алып, Нұрзата Алимов деген татардың үйіне әкелді.
Кешкілікте үлкен мәжіліс болды. Мен көп өлең айттым. Ел тарағанда сол үйдің иесі мені жібермей алып қалды. Сонан сол үйде тұрып қалдым. Алимов скрипкашы, музыкант, өнерпаз, әрі орысша оқыған адам екен, көп кітаптар оқып маған әңгімесін айтып беріп отырады. Мені қала жұртшылығы отырғызбай, қонақтан - қонаққа шақырып қайтармады. Қалада оба ауруы жайылып, қатты ауырдым. Үй иесі ауру білінісімен мені емдеуге кірісті. Бірақ, көпке дейін осы аурудан көтеріле алмай, қатты жүдедім. Сонан соң қалада тұра алмадым. Баян жағынан келген жігіттер шақырып, қырға шығып кеттім. Сол жолы ел ішінде қызмет істеп жүрген Қаныш Сатпаевқа жолықтым. Қасында болып, өлең айттым. Қаныш кешікпей Томскіге оқуға жүрмек болды. Бірақ, әлденеше күн бірге болып, маған Семейге баруға ақыл берді: «Ел ішінде жүріп қалсаң, надан ақынның бірі болып қаларсың, қалаға оқуға бар», — деп мені жақсы көрген ықыласпен ақыл берді. Сөйтіп, октябрь ішінде кемемен Семейге келдім. Кемеге бірінші рет мінгенім де, алғаш үлкен қаланы көруім де осы. Кемеден киім-кешегімді арқалап, жаяу тарттым, іздегенім Баянның бір оқыған жігіті. Оның адресін Қаныш және басқа бір адамдар жазып берген еді. Сұрастыра отырып, қаланың татар жақ бөліміне келдім. Күн батып барады. Бір үйдің алдына келіп, сәкесіне демалып отыр едім, бір татар әйел шықты да жөнімді сұрады. Алыстан келген жөн білмейтін халіме жаны ашып, үйіне кіргізіп: «Бүгін осында қон, іздеген адамыңа ертең атпен апарып саламын», — деп жібермеді. Үйінде күй сандық бар екен, ол соны ойнап корсетті, мен оған табан аузында қосылдым. Ауызша да өлең айттым. Мені ертеңіне ат жектіріп, іздеген үйіме апарып салды. Иса осыны айтып болып, демалды. «Мен бүгін бір нәрсені айтып жібергім келіп, соны жазуға шабыттанып отырмын. Өзің айтатын атақты Байсейттің қаралы аты сияқты шығандап, туған жерден алыс шығып кеттім», деп туған-туысқанын есіне алды. Біраздан кейін тағы көңілдене сөйлеп:
— Менің сонау өзіммен айтысатын апам Зылиқа қазір де бар, күйеуі өлген. Сонан туған жиенім де бар. Ақын болатын бала. Шіркінді қолыма алып оқытып тәрбиелемедім», — деп тағы бір қалын, ойларға кетті.
Келесі күні тағы келдім. Көңілді, сергу амандасып, менің күнде келетініме соншалық риза болып қалды. Біраз отырғаннан кейін кешегі жоспары жөнінде сөз бастап:
— Мен кеше көңілімдегі бір өлеңді бастағым келіп еді, біраз тәуірлене түсейін деп қойдым. Ұлы Отан соғысы жөнінде жазсам деп едім, — деді.
Исаның жазамын дегендері, ойда жүргендері мұнан бұрын да үнемі болып отырған. Оның сақталған қолжазбаларының ішінде қысқа лирикалардың да, поэма, дастандардың да кіріспелері, үзінділері кездеседі. Бір өлеңінде:
Ал кетті, ақын шапты шабыт мініп,
Қырандай қиядағы сөздерді іліп.
Сөйлемек өскен елдің тамаша ісін,
Күші берік, кім шыдамақ шықса ышқынып, —
дейді.
Міне, бұл өлеңнің бір ұсақ дастанға кіріспе екені өзінен - өзі-ақ белгілі болып тұр. Иса сөзін тағы да бастап: — Оны қоймайтын едім, емдеп жүрген дәрігер келіп, «әбден жазылған соң кіріс. Қазір ауырлап қаласың, деп қағаз - қарындашымды сұрап алып кетті», — деп күлді. Әңгімені қайтадан бастадық.
— Менің іздегенім Керекулік бір мұғалімнің үйі еді. Оны тапқан соң мүлде еркіндеп алдым. Өзі бір татар үйінде пәтерде тұрады екен, мені Семей қаласының үйіне әкеліп орналастырды.
Құсыке сауықшыл адам екен, үйір болып кеттік. Семейде ашылған жұмысшы факультеті бар екен, соған оқуға түстім. Күндіз оқу оқимын, кешкілікте Құсыке қымызға ертіп барады, не оның үйіне кісілер келеді, әйтеуір өлең - аз отырмаймын. Біраздан кейін қаланың қызметкерлері де мені тани бастады. Не бары 23 күн оқып, факультет жабылып қалды. Сонан кейін Семейдің клубтарында ойын қоятын қазақ жігіттерінен құралған труппаға кіріп ойындарға қатынастым. Әміремен осы ойынға қатынасып жүргенде таныстым. Семейде шығатын газет, қаладағы сауықшыл жұртшылық маған үлкен ой сала бастады. Әсіресе, сонау Баян тауында болған аз уақытым ойымда өзекті өлең болып таралғандай, бір үлкен шығармаға жетелейді. Тіпті кейбір мәжілістерде, өлең поэмаларымды жүгіртпелетіп айтып та жіберетін едім. Сол жылдары кемемен ертісті өрлеп Зайсанға дейін барып қайттық. Марқакөл, Алтай алабы, Қалба, Тарбағатай тауларын көрдім. Осы көрген жерлерім, сол елдерден естіген ертегі, аңыз, әңгімелер «Алтай ертегісі», «Құралай», тағы үлкен жырларымның әңгімесін туғызды. Жер жараласа, Алтай болып жаралсайшы, — деп демалды Иса. Екі күн өткеннен кейін тағы да келдім. Иса бұрынғыдан гөрі бәсеңдеп қалған екен.
— Мен осы аурудан жазылсам, шіркін, Баянға барып тұрып, Жасыбай келінің жағасында жатып, өлеңді өзен етіп ағытар едім. Бүгін жазам, ертең жазам деп жүрген ойларым бар еді. Әсіресе, «Рүстем - Зарап», «Назымбек», «Желбегей», «Қырмызы-Жанайдың» бітпей қалған ақыры деп бірсыпырасының атын айтты.
Бір ескерте кетерлік нәрсе, Иса жазамын деген тақырыптарының ішіндегі «Назымбек» жыры бастап жазылған да сияқты. Өйткені, Исаның қолжазбаларының ішінен, «Назымбек» деп ат қойып бастаған бір шумақ өлең бар:
Тағы бар сауыр етік табанында,
Ержігіт сөйлей білер заманында,
Өтіпті ноғайлы да Асылбек бай,
Кешегі Орманбет хан заманында... —
деп тоқтаған. Бұған қарағанда, «Назымбекті» бастаған.
— Мен желдірмені бес-алты түрлі етіп айтам. Оның өзі — өлеңді бастау, тынымдау, желпіндіру, аяқтау сияқты түрлендіру.
— Арқада Желбегей деген жүйрік болған екен. Екі жағымнан кезек жүгіреді екен. Мысалы, не қамшылар жақ, не мінер жақ аяғын құлаштап, бір жағын тынымдатады екен. Сөйтіп барып, тағы бір аяғын тынымдатып неше күндік жерден жіберсе де, бәйгенің алдынан келеді екен. Осы Желбегейді жазайын деп қызығып едім, — деп бір тоқталды. «Бірақ осы желдірмелердің бәрінің арғы түбі бір. Алғашқыда мен желдірменің өзім айтып жүрген үшінші түрін Құдайбергеннің сарынынан алдым. «Гәккудің» «Қыз Жібек» операсындағы түрін ел аузынан естігенімнен өңдеп, мен айтып бердім. «Қалқа» деген әнді халық ақыны Қалқа айтты дейді. Бұл сөз қате. Оның өлеңін мен жазғанмын. Әні халықтікі, Арқадан естідім. Бұл тексті жазуда үлкен сыр бар еді, айтайын», — деп Иса аз тынымдап демалды.
— Мен әйелім Шәрбануды 1924 жылы алдым. Одан бір жыл бұрын көріп танысып, көңілімізде айрықша сүйіскен уәде болды. Алғашқыда қыз үй-ішінен батып, менімен еріп кете алмады. Бір жыл ермей үйінде қалып қойды. Бұл өлең сол кезде айтылған еді. Бірақ кейіннен ғана ел ішіне таралды.
Екі баламның шешесі Шәрбану сондай жақсы адам еді. Бір-бірімізге сыйлы едік. Ол 1936 жылы 28 апрельде қайтыс болды. Менің басыма кейбір жүдеушілік те осы жарымнан айрылған соң кездесті, — деп, сәл өңі бұзылып, қамығайын деді.
— Мен елден ерте кеттім. Сонан ел ішіне барып Тұрғаным жоқ. Әкем Байзақ 1933 жылы, үлкен ағам Мұса 1932 жылы Қарағандыда қайтыс болған. Қазірде туысқандарымнан тірісі Зылиқа деген бір қыз, басқасы өлген, — деп, әлі азайған сайын туыс деген сезім билегендей болды.
Ендігі келгенімде, бұрынғыдан да әлсіреп жүдеп қалған екен. Бұл кездесуде ол:
— Енді осы аурудың шығатын кезі болды білем. Тәуір мұжыды ғой. Қалай да жазылуым керек. Бұдан артық аурудың менде не алмағы бар, — деп, азырақ күлімсірегендей болды.
— Менің көп қолжазбам әр жерде шашылып кетті. Мен оны сау күнімде құнттадым ба? Біразын өз қолымнан Академияның фондысына бергенмін. Ал біразы Тайырда болуы мүмкін. Қазір бәрі есімде жоқ. Орнымнан бір тұрсам бәрін жинап алар едім. Ертіс әлі жас, Мәкен — әйел бала ғой, олар тұрмыстан, өмірден жетімдік көрген жоқ, көрмейді де ғой», — деп екі баласы жөнінде арман тәрізді сырын айтты.
— Екі бала әлі жас, өмір сырын ұғатын жасқа келген де жоқ. Менің оларға қалдырған аталық еншім да азды-көпті еңбегім ғой... Балаларым үшін емес, халқым үшін, Отаным үшін істеген еңбегімнің «біздің әкеміздің еңбегі дер иесі солар болсын», деп бір ескертіп кетті. «Менің шығармаларым құнтталып жинақталсын», деген тапсырманы өзінің ақырғы өтініші еткендей болды.
Мен енді екі күн өткеннен кейін келгенде Иса:
— Сірә, осы ауру не алады, не кешікпей қалады. Тіпті әлімді азайтты, деп жымиып қана күлгендей болды. Даусыда бәсеңдеп қалған екен. Менде әңгіме сұрап, шаршатуды лайық көрмедім. Аз отырған соң: «Мен, бір дұрыс үйде болып, күтілсем, жақсы болар ма едім», — деп ойын айтты.
Исамен 1 августан кейін әңгімелесуді тоқтаттық. Тек барып, рұқсатпен көріп қайтып жүрдім. Күн санап әлі азая берді. Ақырғы күндерде үстіне кіруге біржолата рұқсат бермеді. Исамен қатар бөлмеде жатқан Бұрхан деген агроном жігіт қана хал-жайын бізге айтып отырады. Ол кейінгі сағатта Исамен қатар бөлмеде болып соңғы шағын көзімен өткізді. Иса қайтыс болатын түнге дейін ешбір өлімді мойындамапты. Өзіне келіп халін айтып, кеңес берген дәрігерлерге: «Мен жазыламын, сендер не айтып жүрсіңдер, ауру мені жеңбейді, өмірді, өлім жеңуші ме еді», — деген ылғи үмітті сөз сөйлеген.
Бұрхан Иса өмірінің ақырғы түнін былай деп әңгіме етеді: «Күндіз аптап, ыстық болды. Қаншалықты ауру меңдесе де, өлімге мойымай, ара-тұра қалыпты өзінің желдірмесінің сарынын шығарып, өлең айтады. Менімен бірге жатқан орыс жолдастары да бар еді, олар да осынша ауыр халде жатып Исаның өлең айтқанына орасан таңданды. Айдың ортасы ауған кез, кешігіңкіреп ай көтеріліп, үйге сәуле түсті. Түңгі қоңыр самал жел есіп, үйдің ішіне алма исі аңқып кетті. Өйткені, ауланың іші тола алма ағашы, қалың шыққан алманың толқып піскен кезі. Ұйқы жоқ, терезеден сыртқа қарап жатты. Алыста жал жатқан қарлы асқар, мұнартқан түн, табиғат қалғығандай, ақырын ғана демін алады. Әлден уақытта Исаның үні құлағыма келді. Терезеден сығалаған ай сәулесі, ала-көлеңке жарығын түсіріп, сыр тыңдағандай болды. Жаратылыстың осы бір әдемі шағына қош айтқандай ақын Иса әлсіз үнмен қоңырлатып әлденені айтты. Мен әдейі тұрып барып тыңдадым. Ол әлсіз денесін ай сәулесіне шомылдырғандай, өн-бойын тұтас аялаған ай жарығына қадала қарайды. Сөйтеді де жар-жар өлеңін айтып, шұбырта - шұбырта жырлайды. Бір мезгілде әрі терең, әрі ұшқыр ойдың қанатына мінгендей болады. Аздан кейін жаздың қысқы түні де өзінің міндетін атқарғандай, таң рауанына жол бере бастады. Шығыс жақ ақтаңдақ тартып таң сілемей өрлей берді. Исаның үні әлсіреп, денесі біртіндеп өмір жолын тоқтатқандай жуаси берді. Осы кезде:
Әуелде дүние есігін ашады өлең,
Өлеңмен жер қойнына кірер денең, —
деген Абай сөзі ойыма түсті.
Ай сәулесі әлсіреп, таң нұры көтеріліп, айналаны өмір қызығына бөлей бастады. Ақын Исаның алып үні тоқталып, қимылсыз денесі төсегінде жатты». — дейді. Исаны жазушылардан, енер, ғылым қызметкерлері коллективінен, оқушылардан көп халық жиналып, 1946 жылдың 3 сентябрь күні Алматыда жерледі. Иса өзінен қалған екі баласы бар. Бірі Мәкен (Мақфуза), екіншісі — Ертіс. Қазір Мәкені әкесінің жолын қуған өнер адамы. Ол Еңбек Қызыл Ту орденді М. Әуезов атындағы қазақ драма театрының белді актері, Қазақ ССР ғылым академиясының қызметкері. Иса ақынның өмірбаяны жайында жиналған материалдар әлі де жеткіліксіз. Сондықтан, Исаның толық өмірбаянын жазу, ақын жөнінде арнаулы еңбектер жазу алдағы күндегі әрі игілікті, әрі маңызды жұмыстарымыздың бірі деп білеміз.
«Құлақтап кіріп бойды алар,
Әсем ән мен тәтті күй» (Абай)
ЖҮРЕК ПЕРНЕСІ КҮЙ КҮМБЕЗІ ТӘТТІМБЕТ
Тәтті күйдің атасы Тәттімбет болса керек. Олай дейтініміз, әсем сазды, ырғақты, жүрек қылын шертетін әуен Тәттімбет күйлерінде жатыр ғой. Тәттімбет туралы әлденеше қанатты сөздер, қызық аңыздар елге тарады. Арқада «Тәттімбеттің тәтті күйін, «Сарыжайлаудай» сәтті күйін, «Сылқылдақ», «Былқылдақ» сияқты бапты күйін тыңдамай, көкірек балқып, көңіл жусайма» деген сөз де бар. Тәттімбет Қазанғапұлы осы күнгі Қарағанды облысы, Егіндібұлақ ауданына қарасты Дастар тауының баурайында туып, өскен. Күйшінің әкесі Қазанғап орта дәулетті кісі болыпты. Жастай ән-күйге бейім өскен Тәттімбет ел арасында қадірлі, өнерлі жігіт болып өседі. Өнерлі адамды сыйлау, еркелету кеңшілігіне қолы жеткен Тәттімбет ин - күйдің қызығына беріліп, домбыраны алуан нақышпен тартатын, халық көңілін сергітіп, күй өрнегін молайтуды мақсат етеді. Тәттімбет 1817 жыл шамасында туып, 1862 жылы дүниеден қайтқан адам. Осы жасының ішінде оның аты кеңінен мәлім болды. Оның «Саржайлау», «Сылқылдақ», «Былқылдақ», «Көкейкесті», «Қосбасардың» бірнеше түрі, «Алшағыр», «Көш жинаған», «Терісқақпай» сияқты күйлері домбырашылардың сүйіп тартып, тыңдаушыларын сүйсіндіретін көңіл күйіне айналды. Тәттімбеттің күйді кімнен үлгі алып тартқанын, күйшілік өнеріне берілуіне не нәрсенің түрткі болғанын ешкім талдап айта алмайды. Ұлы өнердің ізі суымайды ғой. Тәттімбеттің кейбір күйлерінің тартылу тарихын ел аңыз етіп айтады. Тәттімбеттің жас жігіт кезінде бір үлкен жұт болып, үйірлі жылқының күйі кетіп, ел қатты қысылады. Ондай кезде елдің беделді азаматы атқа мініп, мал паналар қоныс іздеп, жер шолады, жекжат іздейді. Осы қысылшаң кезінде «Ақшатау», «Мұзбел» деген Сыбан, Найман мен Тобықты елінің жайлау үстіртінде қар қағым, малға өріс бар дегенді естіп, ел жылқыны сонда көшірмекші болды. Кешті бастап бару сыбағасы өнерлі жас жігіт Тәттімбетке тиеді. Тәттекең жолдағы елдің Қағылдан деген өрістеріне жая жылқысын жылжыта түнетіп, Ақшатауға жетіп қосын тіккізеді. Булардан бұрын барып жылқы қыстатын жатқан Тобықты, Сыбан елдерінің қосымен қанаттасып, жылқысын өрістетеді. Сол жолында бір адырдың алқабында отырған екі үйге кез болады. Кешкілік уақыт екен, ат басын тірегенде екі үйдің үлкендеу біреуінен домбыраның үні естіледі. Оған онша мән бере қоймайды. Ішке кіріп жайғасқан соң, алдымен көзге түскені бойжеткен қыз болды. Сүйекті төсек ағашқа сүйеулі бетіне айна салған домбыраны көреді. Біраздан кейін қонақтар далаға шығып, үйге қайта кіреді. Бағанағы бойжеткен қыз Тәттімбет тартқан домбыраны алып, тартып отыр екен. Күйдің аяғын бітірер бітірместен қайтадан құлақ күйін бұрап орнына қояды. Қыздың домбырашы күйші екенін байқаған Тәттімбет енді қыздың күй тартатын енерін анықтап білгісі келеді. Алып қараса, домбыра Тәттімбеттің өзі тартатын «Қосбасардың» құлақ күйінде бұрап тартады. Үй-іші күйшінің шебер қағып, шешілте сөйлеткен күйін құмарта тыңдайды. Тарта түссе екен деп алғыс айтып, көтермелей түседі.Бірақ Тәттімбет аса шешіліп кетпей тартыншақтап:
— Біздікі құр ермек қой, қарындастың қолы жатық көрінеді. — деп домбыраны қызға ұсынады.
— Қонақ кәдеңіз бар ғой, сіз тартыңыз. Біз от басындағы адамбыз ғой, — деп қыз домбыраға ұмтыла қоймайды. Қыздың әкесі:
— Шырағым Тәттіжан, біздің бала орынды айтты - ау деймін, қонақ кәде дегеннің орны бар сөз ғой, — деп Тәттімбеттің тартқанын қалайды.
— «Ауылдың алты ауызы» деген де жол бар ғой деп, Тәттімбеттің жолдасы сөзге араласып, домбыраны қызға ұсынады. Қыз домбыраны алып «Азамат»,«Қожа», «Ерке атан», «Бұлаң жігіт» күйлерін тартады. Қыздың домбыраға шебер екенін сезіп отырған Тәттімбет кезегімен қыз ұсынған домбыраны алып «Сылқылдақ», «Сарыжайлау» тағы бірнеше күй тартады. Екі домбырашы кезекпе-кезек домбыра тартып, мәжіліс қызады. Ауыл адамдары жиналады. Қыз бен жігіт бірінен-бірі шеберлік асыра алмай тоқталады.
Екі күйшінің домбырасына қызыққан жұрт ертеңіне тағы жиналып, қонақтарды жібермей отырып алады. Екі күйші кезек тартысып, бірінен-бірі өнер асыра алмай, көпке дейін тағы кезектеседі. Тәттімбет өзі ертеден тартқан «Сарыжайлау», «Балбырауын», «Қара атты» мен «Торы атты», «Ақсақ құлан», «Кетбұғаның толғауы» сияқты ескі күйлердің бәрі тіріліп, ел құлағына тиеді. Біраздан кейін қонақ пен ауыл жұртшы көбейіп қызған кезде Тәттімбет өзгеше өнер бастайды. Ол домбыраның тиегін алып тастап, құлағын босаңдау бұрап, саусағының іш жағымен домбыраның шегін былқылдата тартады. Домбыраның шегінен баяу да сырлы өзгеше бір күй сызылып шығады. Қағып, шертіп тартқан емес, мына күйдің тартылу үні басқаша бір жайлы әсер етеді. Қыздың әкесі: — Шырағым, мына күйің былқылдап ішке кіріп барады, аты не деген күй? — деп сұрайды.
— Ақсақал, бұл күйдің атын өзім де қоя алмай жүр едім, сіз таптыңыз, мұның аты «Былқылдақ» болды ғой, — депті.
Отырған ел: «Ақсақал дұрыс айтты», - деп, бірауыздан күй аты «Былқылдақ» деп гулесіпті. Кезегі келіп, домбыраны ұсынғанда қыз:
— Мен тоқтадым. Мен бұлай күй тартып көрген жоқ едім.менен жол алыңыз, — деп Тәттімбеттің иығына жібек шапан жауып, ат мінгізіпті. Міне, осыдан Тәттімбеттің алыстағы Найман еліне, мына жағы Сырға дейін атағы шығып, күй тарайды.
Тәттімбеттің күйін өз туысқандарынан ұстағаны Жақсымбет деген інісі екен. Жақсымбет күйді өнер көріп, кәсіп етпеген, тек үйінде, мәжілісте ғана тартатын болған. Тәттекең жайында ел аузында сақталған бір аңызды жоғарыда сөз еттік. Енді менің өзімнің сол дарынды күйші өміріне қызыға, ол кісі жайлы ел аузынан естігенімді ескеріп жаза жүруіме ең басты себеп — Әріп Тәңірбергеновтың Тәттімбет жайлы өлеңін «Біржан-Сара» айтысынан оқығаным. Мен Семей қаласындағы орыс мектебінде оқығанда Ғүмар Жүнісов деген бала бірге оқыды. Ол баланың үйіне демалыста, кейде оқудан ерте шыққанда бірге барып жүретін едім. Ол үйдің біздің ауылмен сүйек жақындықтары да болатын. Ғұмардың әкесінің інісі Бәукіш деген кісі бер жебей айдап кәсіп ететін. Бір күні Ғүмармен сол үйге келсем, Әукіш үйінде екен. Ат жекпеген күні болса керек. Төсек тапшанының үстіне шынтақтап жантайып домбыра тартып отырады. Байқасам, домбырасында тиек жоқ, бір әдемі қоңыр күйді сызылтады. Азды-көпті домбырадан хабарым бар, тиек болмай күй тартқанды тамаша көріп біраз отырдым. Бұл кісінің үйінде бұрын болғандарымда бұлайша күй тартқанын көрмеп едім. Ал мына тартысы бір ерекше жаңа түр. Сонан күй сырына қызығып, ол кісіден домбыраның шегіне тиек салмай тарту әдісінен әңгіме сұрадым. Сөзге сараңдау кісі еді, дегенмен, сол күні өзі көңілді отыр екен, домбырасын тартып отырып сөз бастады:
— Біздің үлкен шешеміз Малқара Тұрпан қызы Абайдың шешесі Ұлжанның апасы болатын. Сол кісі домбырашы, күй тартатын еді. Мен кішкене күнімде сол шешемнің бауырында болдым. Мені алдына алып отырып осы күйді тартып, менің кішкене саусақтарымды бірге шерттіретін-ді. Онда күйді ұғып тартқаным жоқ. Әжемнің саусағымен қолымды жүгірткенімді қызық көретінмін. Сол әжем мен естияр болғанша домбыра тартуын тастамады. Сондағы өзінің аса сүйіп тартатыны Тәттекеңнің күйлері еді. Мына саусақтың ішкі жағымен тартатын күйді «Тәттекемнің былқылдағы» дейтін. Менің де қолыма сол бала күнімнен құлағыма сіңіп, көкірегіме орнаған осы күй оралды. Сонан қолым босаған кезде осыны тартамын.
Сол Әукіш ағайдың тартқан домбырасының дыбысы әлі құлағыма, айтқан әңгімесі де әлі есімде. Семей қаласының тамақ базарының бір шетінде қымызшылардың шағын-шағын бөлмелері болатын. Ол кездегі қала жатағының бас қосып, әңгіме шертер жерлері осы қымызшылар бөлмелері еді. Осы қымызшылардың бөлмесіне үздіксіз келетін қымызқордың бірі жұпыны киімді, ашаң қоңыр өңді, шошқа сақалды бір қарт адам болатын. Ол кісі келсе болды, қымызшының лебізі өзгеріп:
— Е, Күшеке, келіңіз. Домбыраңызды ала отырыңыз, — деп алдына сары аяққа құйылған қымызды ұсынады. Бұл қымызшыны жұртшылық өз атымен атамай, «Ақиық» дейтін. Өйткені ол қымызын сапырғанда иығына ақ сүлгі орамалды айқара тастап, кеудесін орай шалып отырады.
Күшікбай қымызды сабырлы жұта отырып, домбыраны сайратады. Оның домбырасының үні шығысымен-ақ қымызшының кішкене дүкені адамға лық толы. Өйткені сонау қала Тұрғындарының көпшілігі ұсақ кәсіп, сауда-саттық істейді... Өздері күні кеше қырдан келіп, қала мекендеп, даланың әнін, күйін аңсайды. Ол кезде бүгінгідей сайрап тұрған радио, ойнап тұрған магнитофон жоқ. Жан азығы ән мен күйге құштарлар әрі қымызға сусындап, әрі асқақ күйшінің домбырасының үніне ұйиды. Күшікбай ел бас қоса бастаса, күйді екіленіп тартады. Тартқанда ол әрбір күйдің атына сай өзекті сарын шертеді. Күйді бастағанда Алшағырдың ащы күйінен күмбірлете бастап, Тәттімбет күйлеріне көшеді. Алдымен «Сылқылдақты» бір сыдыртып алып, «Көш жинаған», «Көкейтесті» күйлерін безектетеді. «Тәттекеңнің күйінің бәрін тартып бітіре аламын ба, мына бір күйді де тыңдаңдар», деп, «Жекеннің желпуі» деген күйін құйқылжытады. Оны тартқанда өзінің далбаланған шапанын серпіп тастап желпінеді. Оның әңгімесін қысқалап айтып: «Жекен деген қыздың ұзатылып бара жатып тартқаны екен», дейді. «Бозайғыр» күйін бір аңыратып тастап, «қалмақтың, қазақтың қара жорғалары» деген күйлеріне көшетін еді. Тәттекеңнің күйлерін Семей халқының құлағына кеп сіңірген осы Күшікбай күйші еді. Ол кісі біздің өнер ізін зерттеушілерінің қолына түспей, 20- 30 жылдардың аралығында дүниеден қайтқан адам. Күшікбайдың туысы Октябрь революциясына дейін Қарқаралы уезі, Абралы болысына қарасты, «Қанбар» деп аталатын атаның ұрпағы. Күшікбайдың жастық өмірі Жаманбай ауылының маңында болған деген мәлімет бар. Ол күйшілік өнері де сол төре ауылының әнші, күйшілерінен үйреніп бастаған. Тәттекеңнің күйлерін сол кездегі күй таратушылардан үйреніп, жоқтықпен Семей қаласын жағалағанда ала барғанын айтады көне сөзді көп терген Жақсылық Төленов қария. Тәттімбет күйінің ерте кезде тағы бір құлағыма тигені — 1914 жылы жазда, оқудан демалысқа шығып, ауылға келгенімде. Мен келгенде әкем бар, ауыл адамдары Қоянды жәрмеңкесіне баруға қамданып жатыр екен. Мен де әкеммен еріп сол жәрмеңкеге жүрдім. Жәрмеңкеге бекет жолымен жүрмей, ел ішімен, Қоянды жәрмеңкесіне жанай барып жайлайтын Ақбота, Дастар, Тар болысына қарасты шонжар елдерінің ішімен жүрдік. Түңлік өзенінің бойына жаңа қонған бір ауылға келдік. Ауыл шетінен жолыққан бір адамнан әкем жөн сұрап еді: «Бұл кеше келіп қонған Тәттекең ауылдары» деді. Әкем сол кісіден Қысатай ауылын сұрап алып, солай жүрді. Көшпелі елдің салтындағы жаппалы ауылға келіп ат басын тірегенде, бір жас жігіт келіп сәлем беріп, аттан әкемді түсіріп, ауыл жөнін айтты. Үлкен ақ жаппа Қысатай ақсақалдың үйі екен, тура соған бастап алып жүрді. Сәлем беріп кірген әкем бастаған бізді жаппаның төрінен орын беріп, сыйлап қабылдады. Дөңгелек қараторы өңіне әжім іздері сызат салған қой көзді, дөңгелек буырыл сақалды кісі әкемді тани:
— Е, Жұртекемнің кенже жиені Ысқақ екенсің ғой, төрлет, — деп өте жылы ажармен ізет көрсетті. Сәлемдесіп, амандық, жай-күй сұралып біраз отырыстан кейін қымыз сапырылды. Қымыз кезінде ауыл адамдары да бас қосып, әңгіме басталып, сөзден сөз туып, біраздан соң әңгіме Тәттекең жайын көшіп, ол кісінің қай күйді қай жағдайда тартқаны сөз болды. Мен әкемді «ағеке» деуші едім. Бір әредікте «ағеке, ана кісі нағашысының күйін тартатын шығар, сұраңызшы» дедім. Өзі де сұрағысы келіп отыр екен әкем:
— Қысеке, мына жиеншарыңыз сізден үлкен нағашысының күйін білетін болар, тартпас па екен, деп маған сыбырлайды: Егер орында көріп, қабылдасаңыз, ана домбыраңыздың үнін естісек — деп тілек айтты.
— Ә, жиеншардың тілегі болса, сыйымды қолқа, жиендігіне қабылдансын, ал нағашы атасының өзім білетін бір күйін тартып берейін, — деп, «Қосбасар» деген күйін әдемілеп тұрып тартты. Осы күйді аяқтап, домбыраны жүкаяққа сүйей салды. Біздің Исатай деген кенже ініміз болды. Әкемнің өнер мұрасын ұстаған сол еді. Арман не, көп жасай алмады. Ерте өліп қалды. Ол кісінің күй өнерін өз туыстарынан құмарта қуған әкесі бір, шешесі бөлек Жақсымбет деген інісі болды. Ол оразасын күймен ашады десем, артық айтқан болмаспын, — деп Тәттекеңнің күй тарту жәйінен осындай әңгімелер айтты.
Біздің ауылдың қысқы мекені Дегөлең тауының солтүстік бауырында еді. Сол біздің ауылдан төрт-бес шақырымдай жерде «Садыр ауылы» дейтін үш-төрт үй кедей ауыл болатын. Сол үш-төрт үйдің біреуі Түлкібай деген кісінің үйі. Ауыл арасында біздің бала кезімізде осы Түлкібайдың Есім деген қызын Тәттімбет алыпты. Сол Есім өте есті әйел болыпты. Есімді Тәттімбеттің қалай кездесіп алғаны жайында ел арасында мынадай бір әңгіме айтылған. Оны бала кезімде ел айтуынан ұққаным бар еді. Тәттімбет бір күні жолы түсіп Дегелең тауының солтүстік бөктерімен кештетіп келе жатады. Қараша айының аяқ кезі болса керек. Күн бұрқақтап.қара жаңбырдың арты қарға айналып, ымырт жабылып, алдағы барамыз деген кең кезеңдегі ауылға әлі біраз жер бар. Сол кезде тау алқабының бір сайындағы ауылдың оты көрінеді. Мына түнде жауын мынау, несіне ел іздейміз, осы ауылға барайық десіп, от көрінген ауылға келеді. Ауыл жұпыны, тәпиген жас қорашық, шеткі үйге келіп ат басын тартқанда, абалаған ит дыбысынан өлең алған үй иесі шығады. Сәлем беріп, қонақлсайлылық ізет көрсетеді. Аттан түсіріп, үй иесінің бастауымен шағын да аласа тас қораның төріндегі бөлмеге келіп кіреді. Ала көлеңке қазандық отының жарығымен төрлете отырысып, амандық сұрасып тіл қатысады. Жөн айтыса келгенде, қонарғының Тәттімбет екенін біліп үй иесі:
— Шырағым, Тәтіжан, «жорықтыда жау келмейді, жабдықтыда қонақ келмейді» деген бар еді. Біз мына тас қорамызға кеше ғана көшіп келіп, жылы үйімізге кіре алмай, шошала үйімізде ұры-қарыдан сақтанып, бірді-екілі сиырымызды да осында байлап отыр едік. Айыпқа қоя көрме, — деп өтініш айтып, бір тоқтысын сойып, барымен күтеді.
Ет жеп, сорпа ішіп болған қонақтарға қол сүртер орамал берілмейді. Тәттімбеттің жолдасы:
— Уа, жеңгесі, қолдың майын сүртер майлық жоқ па? — дейді.
— Қонағым, орамалымыз жоқ еді, қолыңыздың майын қасыңыздағы сиырдың үстіне сүрте салыңыз, — депті үй иесі әйел.
— Жеңгесі, майлық сиырыңыз қайсысы, сулық сиырыңыз қайсысы еді, — деп Тәттекең күле сұрапты. Әйел сөз таба алмай бөгеліп қалғанда қызы:
— Екі сиырдың да сауыр жағы майлық, жауырын жағы сулық, — депті. Қыздың шешесі бөгеліп қалғанда жұлып алғандай айтқан жауабына сүйсініп Тәттекең:
— Оны қалай белгілеп қойғансыңдар? — депті.
— Қонақ ағай, сиырдың жатқанында екі саны жер иіскеп, жауырыны көк иіскеп жататынын көрген жоқ па едіңіздер? Ал сиырлар таңертең тұрысымен жаланып, таранады. Сондықтан сиырларымыздың жауырыны жотасы тарақтаулы таза жүреді де, сауыры мен саны сағалданып тұрады. Осыдан барып өзіміздің сиырымыздың жауырын жағын сулық, сауыр, сан жағын майлық етуші едік, — депті.
Тәттімбеттің осы келіп қонған үйі Түлкібай дейтін еті тірі кедейлеу адамның үйі екен. Әкесі мен шешесінің атауынан қыздың атының Есім екенін ұғып, Тәттімбет Есімнің тапқыр сөздеріне ерекше сүйсінеді. Тәттімбеттің осының аз алдында әйелі қайтыс болып, өзіне серік болар адамды қарастырып жүрген кезі болады. Ойламаған жерден жұпыны, атағы жоқ үйдің отының басынан кездесіп, қыздың сөз тапқыш, есті, көрікті сипатына құлай ынтызар болған Тәттімбет бірден құдалық сөйлесуді ретсіз көріп, Түлкібайдың ағайындарынан жөн білер адамды іздестіріп, белгілі ел адамы' Қойшыбайды табады. Түлкібай Қойшыбайға жақын ағайын екен. Өзінің ойда жоқта кездесіп, көңілі ауған, отының басын жаңғырту, иесіз тұрған үйіне жан кіргізу жәйін жеткізе айтатын адамын сайлап жібереді. Түлкібай бұрыннан жақсы білетін әрі замандас, әрі үзеңгілес адамы Қойшыбайды ықыласты қабылдап:
— Тәттімбетке айт, сөз салып отырған сырын түйдім. Кімді қайын етемін дегені ғой, өзі олқыланбаса, біз зорсынбаймыз. Ұзатып алуға дайындала берсін. Менің айтарым, біздің қызды ұнатса, ол сырын домбыраның шегінен естірміз, — дейді.
Содан Тәттекең Есімді айттырып алады. Есім жас та болса, ауылға бас бола білген.Тәттімбеттің өз болжауындай, ордасына ұйтқы, балаларына ақ жарқын ана болады. Тәттімбеттің ойлағаны орнынан шығып, Есімнің елге танылып қалған кезінде әдейі, арнайы бола ма, әйтеуір Қойшыбай келеді.
Жайласа отырған кезде Тәттімбет:
— Өзіңді күтіп жүр едім. Ал тыңдай бер, — деп бір әсем күй тартады. Күй баяулай шығып, құйқылжи ырғалып, жүректі тербеп көкей сыңғырын елестетеді. Күйді аяқтап, Тәттімбет домбырасын жүкке сүйей бергенде:
— Тәттімбет, бұл күйді біздің Есімге арнадың ба, жоқ бұрыннан тартылып жүрген бе еді? — депті Қойшыбай күй әуеніне толқып.
— Оны мына қарындасыңыз айтсын, — дейді Тәттімбет қымыз сапырып отырған Есімге қарап.
— Күй тиегі қарындасыма болса, ер тиегі де алыста болмаса екен, — деп шешен Қойшыбай шаттана күліпті.
— Ағай, мырза күнде көңілі түссе, бірнеше күй тартып, өзі демалыс етеді. Әсіресе бір жиынға барып қайтқанда, не бір ел арасының айтыс-тартысын шешкенде осы бір күйді шертіп, «әлі де жетілдіре түсу керек екен», деп, домбырасын сүйеп қойып, маған ойлана қарап отырғаны есімде. Шынында, мырзаның бұл күйі көп тартылмаған еді, — депті.
— Күйдің көкейге қонып тұрған көңілді сыры бар-ау, сірә, — деп Қойшыбай Тәттімбетке әзілдей қарапты.
— Әй, Қойшыбай, сенің аузыңа сөз қалтарыста қайдан орала кетеді. Менің өзім бұл күйді «Көкейтесті» деп атамақшы едім. Сені соны естіп қойғандай «көкейге қонып түр» деп қостай кеттің, — деп күліпті.
— Тәттекеңнің «Көкейкесті» деген күйі сүйікті жары Есімге арналған екен дегенді ел аузынан де, ауылдастарынан да естіген едім.
Тәттекең Арқа жерінен кен іздеушілерге жетекші әрі басшы болғаны архив қоймаларынан барлық дәлелімен табылып отыр. Бұдан Тәттекеңнің тек күй өнерінің данасы емес, жаратылыс тануда да ерекше сезімтал болған адам екенін көреміз. Осы 1974 жылғы 6 апрельдегі «Вечерняя Алма-ата» газетіне Н.Торский деген инженер Тәттімбеттің өзінің Арқа алқабындағы кендердің көзін ашып, қазына табуға Омбы генерал-губернаторына 1856 жылы жазған өтінішіне, оған Ресей қазына министрі рұқсат етіп, көмекші кенші инженерлерді ұйымдастыру ісін қолға алғанын архивтен тауып жазды. Торский Тәттекеңді «ақын және қазақта бірінші кенші» деп жазды. Тәттекеңнің күйшіл өнерін ақындық деп топшылап айтылғаннан алып отыр ғой. Тәттекең ақындық жолмен айтқан өлең-жыры болмаған кісі. Ал сезімтал ерекше талантымен кен ұшығы бар жерлерді дәл тауып, оның ашылуына басшылық еткен тапқырлығы дәл айтылған. Қазақ халқының ән, күй өнері қолға алынып, зерттеле бастаған кезде Орталық Қазақстандағы ел аузында сақталған күйдің көпшілігі Тәттімбет атына байланысты болып айтылып, сұрастыра бастады. Соның бала күннен ойда сақталып қалған Тәттекең жайлы әңгімелер маған да қозғау салды. Сол қозғаудың ықпалымен Тәттекең жайынан біледі деген адамдары іздестіргенде әр жерде жұмыс жаймен мекендеп жүргендердің жобасын тауып алдым. Бұл жағдайда маған дәлелді де орнықты мағлұмат берген Исағұлұлы Ахмет деген кісі болды. Ахмет Исағұлұлы Жақсымбеттің немересі. Ал Жақсымбет Тәттімбеттің кіші шешесінен туған інісі. Ахмет Тәттекең күйлерінің әңгімесін, өмірдегі кейбір елеулі жайларды осы үлкен әкесі Жақсымбеттен естіп ұққан. Жақсымбет көп жасап, мына немересі жігіт болған кезде қайтқан адам көрінеді. Жақсымбеттің өзі аса домбырашы, күй тартқыш кісі екен. Тәттімбеттің көптеген күйлерін домбырашылар Жақсымбеттен үйреніп еді дегенді айтты. Ахмет 1947 жылы әдейі арнайы барып әңгімелескенде, ол кісі үлкен атасы Жақсымбеттің Тәтекеңнің белгілі, өзі арнайы шығарып тартқан күйлерінен басқа «Қара атты мен торы атты», «Тепеңкөк», «Алшағырдың ащы күйі», «Балбырауын», «Кемпір мен қызы» дейтін күйлерді тартатын еді дейді. Тәттімбет өзі өнер адамдарын өте жақсы көрген, қадір тұтатын. Жеке әншілік, күйшілік өнеріне ағайынның талаптарын үйреткен, баулыған. Тәттімбет көп жасаған адам емес. Бірақ сол аз жасынын, ішінде ерекше өнерімен аты бүкіл қазақ даласының кең өлкесіне таралып, кейде аңыз, әңгімеге айналған. Тәттекең жайлы бірнеше кітаптар жазса да әңгіме өзегі маржандай тізіліп, құлпыра берер еді. Біз сол асқан өнерлі, күй күмбезіндей асыл, асқар тұлғалы композитор жайлы естіп білгенімізді ғана жаздық.
Жігітке өлең де өнер, өнер де өнер,
Қас жүйрік салсаң өрге өршеленер...
(Халық әнінен)
КӨҢІЛ ҚОҢЫРАУЫ МАЙРА
Қызы едім Уәлидің атым Майра,
Отыз тіс көмекейде тілім сайра.
Қолыма гармонь алып жөнелгенде
Ілесер сонда маған жігіт қайда.
Айра, Майра,
Айра, Майра, —
деп, жүз бұралып, тоқсан толғап ән шырқаған,
Мойным жүзген қудай иіледі,
Орта жүз ән шырқасам сүйінеді, — деген. Біржан салдың салдық, еркелік дәстүріне еліктеген, аққудай қылаң, тотыдай сылаң, жаны сері, жарқылдаған Майраның аты қазақ халқына өзі тірі күнінде-ақ мәшһүр еді. Бірақ Майраның кім екенін, оның қайда туып, қайда өскенін елдің бәрі біле бермейді. Өйткені, Майраның атын әнінен есіткені болмаса, оның кім екеніне үңіле қараған да ешкім болмаған. Олай болуының себебі өзінен - өзі ашық. Ұлы октябрь революциясына дейін таңдайын бал тамған талай ақын, көмейінен ән гүлі төгілген талай бұлбұл екі ауылдың арасынан шыға алмай булықты. Патша чиновниктері мен қазақтың болыс, билері халық өнерін қадірлеп, оны өрістету түгіл, тұншықтырып, құртуға асық болды. Мен өмірдің гүлімін, халқымның бұлбұлымын деген Біржан сал, Ақан серілер әдемі әні үшін өмірден соққы жеді. Тұщы етіне ащы таяқ тигізді. Мұңын айтар, шерін тарқатар жан таппады, адам көрмеген қорлықты көрді. Бірақ Азнабайдың Біржанға сермеген қайыс қамшысы өзіне лағнет қамшысы болып соғылды. Біржанның жылап айтқан әнін есіткенде бүкіл қазақ халқы әнге қосылып жылады. Қандай қысымшылық болса да халық өнерді, әнді, күйді сүйген. Ән-күй арқылы ішіндегі шерін тарқатқан. Сондай қысымшылық заманда туып, өскен Майра да өзінің бойындағы өнерін еркін өрістете алмаған. Әсіресе шариғаттың шырмауына түскен шығыс әйелдерінің қосағына Майра да қосақталған. Ол да қыз болып қырық үйден тыйым көрген, ата-ененің алдында құрдай жорғалаған келін болған. Бірақ туыста біткен өнер, айналасын анық көре білген зеректік, еріксіз кигізген ноқтадан басын сыпырып, жаны сүйген әнін, жан серігі гармонын қолына алып, белін қырық бұралтып, әнімен құлпырған. Кеңес өкіметі орнаған кезде Майраның жастық жалыны қайтыңқырап, бұрынғы көрген қытымыр түнегіне тұншыққан кезі еді. Онымен қатар көркемөнердің бойы өсіп, бұғанасы қатпаған кезінде Майраны ешкім зерттеп, оның әсем әнін, сүйегіне біткен жайдары мінез, жарқын жүзін жұртшылыққа таныстыруға ешкім көңіл бөлмеді. Бірақ Майраны халық өте жақсы көрген, оның әнін бір естіген адам, екінші рет естуге құмарланып, асық болатын болған. Майраның өзі де думанды, сауықты, еркіндікті ерекше сүйген. Сондықтан да өзін сүйген халықты ол да сүйе білген. Халықтың алдында қолына гармонь алғанда тоты құстай құлпырып, халықты өзіне тартып алатын болған. «Неғұрлым көпшілік бас қосқан жерде иығы көтеріліп кетуші еді», — дейді көргендер. Майраның туып, өскен жері осы күнгі Павлодар облысы, Павлодар қаласы ол кезде Кереку аталатын. Сондықтан әнінің аяғындағы қайырмасын бір түрінде:
Айра, райра, Керекулік Майра
Дайда, дайда Дара-раку райра, —
деп, туып өскен жерін жанындай жақсы көріп, әнмен өшпейтіндей етіп айтып кеткен. Майраның әкесі ақсақ Уәли деген сол Керекудің тұрғыны, шала қазақ, шешесі Қатира қазақ қызы болған. Уәли күн көру үшін ноғайша бөрік тігіп, соны кәсіп еткен. Сондықтан оны Кереку қаласының халқы бірде ақсақ Уәли, бірде бөрікші Уәли деп атаған. Уәли мен Қатира әрі ұлы, әрі қызы жалғыз Майраны өз әлінше еркелетіп өсірген. Майра кішкене күнінде ноғай молдасынан дін оқуын оқып, аздап сауатты да болған. Үйімен көрші тұрған орыстың кішкене баласымен бірге ойнап өсіп, орысша тілді де жақсы білген. Майра жас кезінде-ақ әнді, өлеңді жақсы көріп, кішкентайынан гармонь тартуға құмар болған. Гармоньды ерте тартып, жақсы ойнай білген соң қоңыраудай сылдыраған әдемі даусын қосады, сүйтіп гармонына әбден жаттығады, жасы 13-14 шамасына келгенде - ақ Майра Кереку қаласына белгілі әнші қыз, ойын-той, шілдехана, қынаменденің көркі бола бастайды. Білеміз деген замандастарының айтуына қарағанда Майраның әкесі бір жылы күз айында күн көріс мақсатымен Баян жәрмеңкесіне барып бөрік тігеді, шешесі қамзол тігеді. Майраның құлпырып Тұрған кезі еді. Сол жәрмеңке кезінде Баян қаласының саудагер бай ноғайы Томашев Ғарипан бір ойын кешін істеп, сонда Баян, Керекудің бай саудагерлері, оқығансымағы жиналады, сол ойынға Майра да келеді. Онда аса мәшһүр болмаған кезі. Бірақ Майраның әнші екенін білетіндердің сұрауымен гармонын алып, ән салады. Гүл шыбықтай майысқан сұлу қыз сандуғаштай сайрап, тоты құстай құбылып ән төгеді. Керекудің бұрқыраған құмды, тұнжыраған түтінді қала үйінің аласа қабырғасында булыққан, мақау көшесіне соғылып, бойын жаза алмай жүрген еркіндіктің сандуғашын Баянның көк бұйра қарағайға бөленген сахара асқар шыңының аясында күміс табаққа құйған шәрбәттай сылдыр қаққан Сабындыкөлдің мөлдір суы асыра аспанға көтереді. Майраның дауысын жаңа естіген халық әнге ұйиды. Есерсоқ қалтасына сенген саудагер, шекпеннің түймесіне мәз болған төресымақтар... ғашық болады. Бұл жиынға атақты Шорман тұқымынан шыққан жас болыс Заржан да келеді. Аузынан жалыны шыққан албырт болыс әрі кедей, әрі қорғансыз шала қазақтың әнші сұлу қызын сән үшін тоқалдыққа алмақшы болады. Парақор Ұлық, жалпы етек атқа мінерлердің қаңқуы қан көкірек есер болысты одан әрі желіктіреді. Бірақ оңды-солын жаңа танып келе жатқан әнші қыз Заржанның сөз айтқызып жіберген кісілерін қабылдамай, кері қайтарады. Уәли мен Қатира қызының еркіне қол сұқпайды. «Баланың өзі біледі», дейді. Бұл шолжың болыстың намысына тиеді. ...Уәли, Қатира, Майра үшеуі шүңкілдесіп отырған Кәрімжан үйінің кішкене бөлмесі (бұл Баян қаласындағы бір жатақтың үйі) бір іңірде астан-кестен болды. Қамшысын білеген қанды ауыз қаныпезер шабарлар, айтаққа желіккен иттей үш сорлыға сап ете түсті. Дәрменсіз ата-ана еңіреп, жылап-сықтап қала берді, жас Майра бөрі алып қашқан лақтай рақымсыз қара күштің шеңгеліне ілінді. Қара түнді қақ жарған ащы дауыс алуға келген қара жүректің жүрегін жібіте алмады. Уәли мен Қатираның жылаған - сықтағанын ешкім құлағына ілген жоқ. Сол жақтан Майра ұзақ жоқ болды. Майраны ұры - қараның ұясы болған Ефимнің шешесі Маша кемпірдің сәкісі жұтты. Майра жеті күндей сәкі астында тұтқында болады. Майраның дерегін біле алмай, жылай -зарлай Керекуге қайтқан жәрмеңкешіге еріп Уәли, Қатира кетеді. Көп-көрім әдемі Майра, тоты құстай құбылған әнші Майра торға түскен торғайдай шырылдап, қара жүрек озбыр болыс Заржанның тұяғына ілігіп, Ақкелін өзенінен бірақ шығады. Заржанның алдына шығып, мынауың теріс деп айтып көрмеген «Шөрекемнің бекзада» ұрпағы көріне ешнәрсе дей алмайды. Бірақ Шорман тұқымының бұрынғы салтына қайшы ауыз толтырып айтар төркіні жоқ, төрді толтырып безентер жасауы жоқ, көктен түскендей ойда-жоқта ғайыптан пайда болғандай кедей шала қазақ кекірейген тік аяқ қызына төбе шаштары тік тұрады. Бастығы Сәдуақас (Сәкен) ақсақал болып, бұл біздің тұқымға лайық емес, бір сиқырмен болған әңгіме деп, келмей жатып неше түрлі өсек таратады. Заржанның бәйбішесі келгеннен - ақ кірпідей жиырылады. Заржаннан қорыққаннан ғана көрінеу ешнәрсе істей алмайды. Әрі ықтиярсыз келген, әрі ақсүйек Шорман тұқымының шуылдаған қаңқуына түскен Майра қапалақтың қара түнегіне шомады. Бірақ түскен торы мықты, оны үзіп шығу қолдан келмейді. Барар жер, басар тауы жоқ, көзінің жасын, көкірегінің шерін өзінен басқа ұғар кісі таппайды. Оның жүдеген жанын, өлусіреген бойын көтеретін қуаты — жан серігі әні, гармоны болады. Ол Шорман ауылының сасық менмендігіне әнін қару қылады. Көкірегін кернеген шерді гармонының үнімен күңірентіп сыртқа шығарады. Майраның шашбауын көтергендік емес, өзінің екі ауыл болғанын мақтан ету үшін Заржан Майраны бойдақ малына ие етіп Бөлек ауыл қондырады. Майраға бұл біраз тыныс болады. Ыбырайдың Жарының қызы көк дауыл бәйбішенің қысымынан шығып, өз қолы өз аузына жеткендей. Өзгесін былай қойғанда, гармоны мен әніне аздап та болса еркіндік тиеді. Өмірдің басқа өрісі тарылғаннан қанша ойланып бұлқынғанмен, енді босанып кету қолынан келмейтінін ұғынған Майра қайратқа мінеді. Аузы алты қарыс күндестің аңдыған - баққан өсегіне, бай ауылының бықсыған сасық әдет-ғұрпына қарсы тұрады. Аюдай алысады. Әрі тілді, әрі өңді, өзі істі, әнші, гармоншы Майра Заржанға айтқанын істетін дәрежеге жетеді. Заржанның алдында беделді болуы Майраның Шорманның басқа тұқымын жалындай шарпып өртейді. Олар неше түрлі қауесет таратады. «Ойбай, бұл адам емес екен, «жуһа» жылан. Күндіз адам, түнде ел ұйықтағанда жылан болады екен, пәленше - түгеншелер көріпті» деп, шын ғып мөлдіретеді. Әздерінің таратқан өсегін шындыққа айналдыру үшін Майраның халық сүйген жайдары мінезін, сүйекке біткен серілік, бойына біткен әншілік қасиетін кірлету, халыққа жексұрын етіп көрсету үшін от ауызды, орақ тілді өздерінің жалдамалы өсекшілерінің ауыздығын алады. Ойдан шығарып өтірік айтқызады. «Майра түнде шам сөндірмей ұйықтайды екен, егер шам сөнсе, талып, есін білмейді, өйткені шам сөнсе, оған жылан реңді пері келеді екен. Әсіресе ол Заржан келіп қонған күні шамын сөндірмейді» деп өсек таратады. Осыны естіп Майра үйінің жұмысындағы бір әйелге Заржанның бәйбішесі көп ақы беріп, Заржан келіп қонған күні шамды сөндіртеді. «Бір уақытта Заржан ояныпты, сүйтсе, үйдің іші жап-жарық, есіктен төрге дейін өріп жүрген жылан жарқ-жұрқ етіп ойнайды. Шошып кетіп Майраны оятса, Майра оянбайды. Тіпті дыбыс бермейді. Сонда Заржан да талыпты-мыс, әлден уақытта есін жиса, таң атқан екен, үйде жылан жоқ. Майра өзінің басын сүйеп отыр екен, Заржан содан шошынып ауру болыпты. Бірақ өлтіріп жібереді деп Майраға айтуға қорқыпты. Заржанның бүкіл Шорман болып жабылғанда да Майраны тастамауы осыдан екен», деген неше түрлі өсек тағы тарайды. Бірақ бұл есектер өркөкірек, жауына жасымайтын Майраны кемітпейді, қайта ол өрлей түседі. Өз билігі келетін дүниені мұқтаж адамдарға беріп, қолынан келген көмегін аямайды. Майра Заржанмен бірнеше жыл отасады, бірақ бала көтермейді. Байдың аулы оның өзін бірнеше саққа жүгіртеді. Майраны ол өсек те жасытпайды, ол онан сайын серігі гармонын тартып, көңіл ашар әнін аңыратып, өзін-өзі сергітіп, жұбатып, қапастағы өміріне қайрат береді. Осы жерде Майраның сол бір көздерінде кейбір ерекше мінезін есіне алған Асфандияр қарт айтқан бір әңгімесін келтірейін. Асфандияр сөзін желіксіз айтатын, шыншыл, оқыған - білгені өте көп, бір шежіре адам болатын. Бір кешкілікте опера театрының жанында жасанды көлшіктер жағасында отырғанда, су жәйінен сөз қозғалып, осы бір әңгімені айтқан еді.
— Ол кезде Семейдегі қалалық мектепте оқып жүргем. Сол жылы жазда ауылға келдім. Ауыл Қаракөлдің жағасына айнала қонып, жайлау жазы шалқып отыр екен. Қаланың шаң борап, тас пен құмы есіліп жатқан көшесінен көк шалғынға келіп көсіле жүрген ерекше өзгеріс қой. Осы бір сәулетті күндердің бірінде қыстай қалада болып, ел сағынған көңілмен ауылдарды аралағым келді. Менің қиялымды тылсыммен біліп отырғандай Заржан ауылы бір тамаша мәжіліске дайындалып жатыр екен. Осы жайлауда бас қосқанда жасалатын дәстүрлі мәжілісті Заржан Майраның ауылында өткізетін болыпты. Сол мәжіліске Сәкен ағайды Заржанның өзі келіп шақырған екен. Соған барғалы отырған үстіне мен қаладан келдім. Сәкен ағай:
— Асфандияр, келе қалғаның жақсы болды. Ертең Заржан ағаңның, ана әнші жеңгеңнің ауылына барамыз, — деп мені өлеңдетіп қойды. Әрі ел сағынып, әрі ән сағынып келген мен қуанып кеттім. Ертеңіне Заржан ауылына Сәкен ағай бастаған топ болып келіп жеттік. Құрметпен қарсы алды.
Ондай үлкендер бас қосып, әңгіме айтысып отырған жер тәртіпті, инабатты болады ғой, тіпті көңілді болады. Майра шай дастарқанын жасап, қымыз тостағандарын тәртіптеп қойды, сылқым сындар сипатымен кішілік қызмет істеп жүр. Ана Сәкен аға отырғанда Майраға ешкім де сырнай тарт дей алмады. Әңгіме бір кезде Қаракөлдің бетінде жүзген қаз бен үйрекке, шағала мен бірқазанға көшіп, Сәкен ақсақалдың қырандары сөз болды. Осы мәжіліс ішінде Заржанның тілмәші орысша оқыған Нұржанов Әбіш деген кісі Сәкен ағайға:
— Сәкен аға, сіздің ана тұйғыныңыз күніне қанша құс алады. Мына Қаракөлдің құсын бір қырғызбайсыз ба? — деп әзілдей сұрақ қойды. Әбіштің бөспе мінезін ақырындап әжуалайтын Сәкен ағай:
— Әбіш - ау, сен әрі орысша семинария бітірген, әрі осы Арқада туып өскен сахара азаматысың, кейде балаша сөйлейтінің қалай. Алдымен қай қыранның қай кезде құсқа салынатынын біліп алмайсың ба. Тұйғын деген құс екі тұқымнан болады. «Мырза тұйғын», «Құл тұйғын» деп атайды. Мырза тұйғын дегені бірер құс алып, соның қаны қауырсынына тисе қайтадан құсқа ұшпай отырып қалады. Ал құл тұйғын ондай қан тигенді елемейді. Күйінде болса күніне бірнеше құс алады. Көбінесе тұйғындар үйрекке оңтайлы. Қазға соқтыға бермейді. Менің ана тұйғыным мырза тұйғын. Ол құсты көп ала бермейді. Және есіңде болсын, үйрек, қаздың балапан ұшырар кезінде ешбір құсбегі қыранын қырық күн шілдеде құсқа салмайды, — деп қыран құстар жайлы құсбегілік кеңес айтты. Тағы да Әбіш қарап отыра алмай:
— Сәкен аға, осы отырған жұрт, сіздің рұқсатыңыз болса, Майраның әнін тыңдағысы келіп отыр. Мына отырған мөлдіреген жастар мынадай әсем күнде әннен әсер алсын да. Осыны сұраймыз. Сіз рұқсат етсеңіз, Майражан гармонын саңқылдатады ғой, — деп суырыла сөйледі. Сәкен аға ән, әдебиет деген халық өнеріне жастардың оқуға деген ынтасын ерекше қуаттайтын кісі еді:
— Әнге, өнерге кім қарсы болады. Әбіш, сен мені жастардың өнер - сауығына қарсы кісі деп ойлайсың ба? Тек әуейілік, дарақылық болмасын дейтінім бар. Майражан именбей-ақ әнін шырқасын, тыңдалдық, — деп, ажарлы қабақпен Заржан ағайға қарады. Заржан Сәкен ағаның «әуейілік, дарақылық болмасын» деген сөзін ескере, Майраға қарап:
— Сәкен аға айтқандай, ән әуейілік лебі емес, адам жанының әсерлі сезімін оятар екенін көрсете бір шырқа. Ұялма. Мына Әбіштің бөспелігінің арқасында ағаның рұқсаты болды ғой, — деді. Майра сыпайы сызылған кербез де келісті қозғалысымен гармонын алып, әнін шырқады. Сондай әсем шырқады. Жаздың жайнаған осы бір күнінде Қаракөлдің шалқыған айдынының ығындағы шалғынға бөленген ауыл атырабы әнге бөленді. Біз әнді құмарта тыңдап, Сәкен ағаның өңіне көз жүгіртеміз. Ол кісі Майраның әнін онша ұната бермейді дейтін ауыл ішінде өсек те бар-ды. Сәкен аға әнді ұнатып, өзі бірер әнді қалап айтқызады, — деп Асфандияр әңгімелеп еді.
Майра өзінің шырқаған, асқақтай ағындата айтатын әнінен Бөлек, сол күндегі бостандыққа қолы жетпеген, мал мен шалдың құрбандығы болған қазақ қыздарының әнін көбірек айтатын болады. Әсіресе оның жақын көріп айтатыны Зұлқияның әні - ді. Еріксіз малға сатылып, шалға барған Зұлқияның әні оның ішкі шеріне ем болғандай жаралы жанын сергітеді.
Қызы едім мен Зұлқия Оспан байдың
Қолында Әбілқасым болыснайдың.
Тақсыр-ау мизамыңа мүмкін болса
Алдыңнан кішілікпен жол сұраймын, —
деген Зұлқияның зарлы - жалынышты өлеңін айтып өксігін басады. Майраның әсіресе арман ететіні туыста біткен өнерінің өрістемегені, халықтың көкейіне қонып, құлағына жаққан әдемі әні Шорман ауылының түкпірінде бықсып сөнген шоқтай өшкені болады. Заржан кірне болып ауырады. Қазақтың кірне дегені соқыр ішек. Мұны өсекші ауыл Майра Заржанның басын айналдырып, «жады» қылыпты, қаймаққа араластырып тырнағын беріпті, сол барып қарнына қадалып миына шауыпты деп өсекті бұрынғыдан да судай сапырады. Бірақ Заржанның ауруы, кәдуілгі соқыр ішек, тек операциямен жазылатын ауру. Шорман ауылына күйеушілеп келіп жүрген оқыған жігіттің кеңесімен Заржан Омбыға операцияға жүретін болады. Сәдуақас өзі бас болып алып барғысы келеді де, Заржанды күтуге әрі орысша тіл білетін Майраны ертпекші болады. Бұл жерде Майраға сездірмей Шорман тұқымы сұрқия қулық ойлайды. Онысы Заржан жазылсын, өлсін, әйтеуір Майрадан құтылу, Керекуге апарып тастап кету болады. Заржан операциядан шығады, бірақ дәрігердің операциядан кейінгі тапсырмаларын орындамай операцияның орны жыртылып, қайта ауырып Омбыда өледі. Шорман ауылынан барғандар Омбыдан қайтқанда Майраны Керекуге қаңғыртып, жалаңаш тастап кетеді. Майра бұған бір жағынан қорланса, екінші жағынан қуанады. Өйткені Шорман ауылының шуылдаған өсегінен, жанын жеген қаңқуынан, қорлауынан құтылады. Бұл кезде Майраның әкесі өлген, шешесінің қолына келеді. Майра әніне еркіндік алып, Кереку қаласының думаны болады. Майра бойындағы өнерін өрістетуге еркіндік алады. Бір ғана қазақ әні емес, ол ноғайша да, орысша да жақсы айтатын-ды. Кереку қаласының ноғай, қазағы Майраның әнін өте сүйсініп тыңдайды. Ойын-сауықты аңсаған халық асқан әншіні тани біледі. Бұл кезде Майраның өзі шығарған атақты әні халыққа жайылып, ат айдаған жүкші, кәсіп іздеген жұмысшы, күн ұзын сарылып қой артындағы қойшы Майраның әнін бірінен-бірі қағып алып үйренеді. Елден елге ән қыдырып, алыстағы ауылдарға барады. Майраның әні кеме матростарымен ілесіп Семейге келеді. Сері жүректен серпіндей шыққан екпінді әннің магниті Семей бозбаласының жүрегін есіткеннен - ақ өзіне тартады. Әнін естіп, өзін көруге сан бозбала құмартады. Осы кезде Жаңа Семейдің Тұрғын жатағы әрі орысша оқыған, әрі сері Әбілмәжін Керекуде Майрамен танысады. Ерге ер, серге сер, бірі әнші, бірі палуан бірін-бірі сүйеді, Майра оған еріп Семейге келеді. Бұрын атын естіп, әнін ауызынан естуге құмартқан Семей халқы Майраны өз көздерімен көреді. Әдемі әнге сусындайды. Бұл 1918 жылдың іші, Семей қаласы алаш Ұлтшылдары мен Колчак, Анненков жендеттерінің қолында болады. Күрессе жығатын, кедеймін деп кеудесін бастырмайтын Әбілмәжін бай балаларын тағы бір табанына салады, өйткені атағы жер жарған әрі сұлу, әрі әнші, өмірдің гүліндей Майраны алып келеді. «Майраны алдап әкеліпті, баймын деп өтірік айтып нандырыпты, Майра бұзылып кеткелі жатыр», деп неше түрлі өсек жаяды. Қалайда Майраны Әбілмәжіннен айырудың әрекетін істейді. Бірақ істің шыны олай болмайды. Серілікті, ерлікті, думанды сүйген Майра жаны сері ер жігітті шын сүйеді, оның кедей екенін көре тұрып келгенін өлеңмен айтып, өсекшілерге, қалтасын бұлдаған бай балаларына өлеңмен жауап береді: Әр істің ақырында сабыр жақсы, Пайдасыз жиған малдан қадір жақсы. Жігіттік бір атыңды шығармасаң Жүргенше өйтіп тірі қабір жақсы. Керекуден шешесін көшіріп әкеледі. Майра бұл келген кезінде атақты Әміремен кездесіп танысады. Кереку, Семейдің екі бұлбұлы дауысын бір жерден қосып шығарады. Талай мәжілісте қатар отырып, екі жүйрік үзеңгі қағысып жарысады. Майра бір ғана Әміре емес, Алмағамбетке де кездеседі (Абайдың әншісі). Бұрын өзі естімеген Абайдың неше түрлі әндерін естіп, Алмағамбеттен үйренеді. Ән ажалға ара тұрды. Ақтардың жендетіне арқа сүйеген қала байларының балалары үйіне большевикті тықты деп Әбілмәжінді ақтарға көрсетеді. Әбілмәжінді ұстауға, үйін тінтуге ақтар келгенде күйеуін және Екібастұздан келген бір большевикті Майра қораға тығып, өзі ақтар келе жатқанда гармоньды алып ешнәрсе білмеген кісі болып ән салып отырады. Тінтуге келгендер келіншек гармонмен құйқылжытып айтқан әсем әнді есіткен соң есі шығып, әнге алданып, өздерінің келген жұмысын ұмытады. Бұлар әнге алданып отырғанда Әбілмәжін қасындағы жұмысшыны алып қашып шығады. Басқа бір жерге барып тығылады. Сөйтіп, Майра тапқырлық өжеттігімен, әсем әнімен ерінің, әрі бір большевиктің өмірін сақтап қалады. Асықтың арасын, қосақтың қойнын аңдитын сұмырай өсек кімнің арасына жік салмаған. Азған адамның азғын дәстүрлі қай татуды айырмаған. «Аумас көңіл, айнымас жүрек жоқ» деп адам баласын опасыздыққа азғырған азғын ауыздан шыққан азғын нақыл, сұмдыкер сұрқия өмір Әбілмәжін мен Майраның арасына да жік салды. Алаш қаласының сол күндегі азғын қоғамы екеуін айырады, шешесі Семей қаласында қайтыс болып, Майра туған жері Керекуге жалғыз қайтады. «Дос тұттым, болдым жақын, соңына ердім, басқадан сені өзгеше артық көрдім», деген екі жол өлеңі арқылы ауыр күндерде «азамат еді» деп етегінен ұстаған бір қарлығашқа ықтасын бола алмаған жігітке деген екпесін де, оны мәңгі аңсап өтер арманын да жеткізген. Бұл Майраның «Бақша» деген өлеңінің шығуына негіз болған. Бұл кезде Совет өкіметі де орнайды. Майра бұрын естімеген Абайдың Европа өрнегімен жасалып шыққан классикалық әндерін Абайдың әншісі Алмағамбеттен ауыз екі естіп, үйренеді. Әміреден де көп ән үйренеді. Керекуге Майраның қайтып келуі Кереку қаласын аса қуантады. Майрамен еріп Семейден жақсы әндері келеді. Кереку халқы бұрын естімеген Абайдың әнімен танысады. Майраның Керекуге келген кезі Колчак бандалары Қызыл Армияның соққысына ұшырап, жосыла қашып жатқан, жергілікті Совдеп ұйымдарының үкімет билігін қолына ала бастаған кезі еді. Көп ұзамай-ақ революциялық ұйымдар билікті қолға алады да қала еңбекшілері жаңа дәуір, теңдік, бостандық кеңістігіне еркіндей кіреді. Революция рухынан нәр алған жергілікті жастар ұйымдары ойын-сауық кештерін ұйымдастырып дүрбелең, аласапыран үстінде жабығып қалған қала халқының көңілін көтеру, революция ұрандарындағы ән-күй, өлең, әңгімелер насихатын өрістету кезеңі басталады. Осы бастамаға жергілікті еңбекші қауымның жетекшілері өздерінің өнерпаз жерлестерін сахнасына шақырады. Осы бір алғашқы өнер қарлығаштарының ұясын орнатып, бастаушы тобы құрылғанда алдымен ән бұлбұлы Майра шақырылады. Көптен сағынып оралған және өзінің туып өскен қаласының жұртшылығымен дидарласып, Семейден алып қайтқан жаңа әндерін шырқауды арман етіп жүрген Майраға бұл үлкен қуаныш болады. Майра кешті Абайдың «Көзімнің қарасы» әнімен ашты. Майраның өз әнін көптен естімей аңсаған көрермендер:
— Майраның өз әнін сағындық, соны да айтса екен, — деп қолқалайды. Көпшіліктің ол тілегі де орындалады. Майра өзінің әнін бұрынғысынан да сәндей, құбылта айтады. Әрбір атыраптан келген әншілер де өздерінің өнерін көрсетіп, сауық кеш сондай көңілді өтеді.
Әнші Майра, бұлбұл Майра атанып халқын осылайша әнімен жадыратып жүргенде 1925 жылы Омбыдан Павлодар қаласына Қажымұқан келіп түседі. Алдын ала хабарланбаса да Кереку қаласы алыпты құрметтеп, қарсы алып, қонақ үйіне түсіріп, қонақжайлылық ықылас көрсетеді. Қажымұқанның келген бетінде сұрастырғаны Майра болады. Балуанның айтуымен қала азаматтары Майраға хабарлап, Қажымұқан жатқан қонақ үйге алып келеді. Бұрын ана жылғы Семей қаласына келгенде көргені бар, таныстық ізетпен екеуі қуаныса кездеседі. Қажымұқанның бұл жолғы бет алысы Семей губаткомының шақыруымен Қоянды жәрмеңкесінің 1925 жылғы қайта жаңадан ашылу мерекесіне қатынасып, Арқа еліне алып күшін көрсету болады. Осы жолына Майраны да ала баруды ойлап, әдейі келіп түскенін айтады. ...Майраның атын естіп, әнін үйреніп, айтушысын аңсап жүрген Арқа әншілері, ән құмар тыңдаушылары Майраның әнін өз аузынан тыңдады. Әдемі үнмен арындап келіп аяқтап, салмақпен басталатын сергу сері әнді шығарған бұлбұлын жұрт өз көзімен көреді. Осы кеште аққан селдей тасқындаған асқан ақын Иса өлеңін де жәрмеңке елі тұңғыш тыңдады. Асқақтаған әнші, ағыл-тегіл ақтарылған ақын Иса, адам алыбы Қажымұқан, әнші Майра тіл қоспай келіп ойда жоқтан тізе қосып, елді аузына қаратты. Осы кештен бастап жәрмеңке еліне аңыз болған Иса менен Қажымұқан, Майра еді. Осы бір жүйріктердің өнеріне өрнек қосқандай Омар, Зәрубай, Қалибектер алуан түрлі әзілдерімен айналасына сахна ашып, халықты сан күлкіге бөледі. Майраның сол жәрмеңкеде тыңнан шырқап, ел көмейін ұйытқан «Дала» деген жаңа әні еді. Жәрмеңке елінің ән әсерінен аңғарары бар жастары осы әнді ауылдарына ала кетті. Міне, Майра Совет кеңшілігінің еркіндігінен бостандық дүниесінде осылайша бір құлаш сермеді. Майра бұл жәрмеңкеде бір ғана жоғарыда айтылған бір күндік ашық сахнадағы ойын емес, халық қалауымен әлденеше концерт берді. Онда бір ғана қазақ әндері емес, татарша, орысша әндерді айтты. Осыдан былай Майра халықтың ойына қонған, жүрегіне жылы сүйікті әншісі болып кетті. Майра сол Қоянды жәрмеңкесінен қайтқан соң Кереку халқының қалауымен ара-тұра сауық кештеріне қатысып жүрді. Бірақ, сонау бір жылдардың кеудеде қалдырған зардабы әнші денсаулығын нашарлатты. Бойға сіңісті демігу күшейе түсіп, Майра өзінің сырқатын Семей барып, сондағы белгілі дәрігерлерге көрсетпекші болып Семейге жүріп кетті. ... «Ленинград» кемесі Кереку қаласынан шығып Ертісті өрлеп жүзіп келеді. Жолаушылардың көптігі соншалық, біреуді іздеп табу қиын. Бірақ бұлбұлдың үнін, шешеннің тілін ешбір тұңғиық бауырына баса алмайды. Кеменің үшінші класында отырған бір әйел гармонын аңырата серпіп ән салады. Ән Ертістің екпінді ағынына толғана қарсы жүзген кеменің жүрісіндей өрлене - өрши бастайды, толғана толқып келіп тынады. Ән бүкіл кеменің ішін кернеп, аңырап сыртқа шығып, Ертістің ағынына үн қосқандай ойнақтайды. Тыңнан танысу бар да, тыңнан естіп таңырқау бар, танысу үшін табысу бар. Пароходтың бірінші класында келе жатқан кесек денелі кексе кісі ән дыбысына құлағын төсеп отырып шыққан жеріне жетеді. Жөн сұрап танысады. Ән салған Майра, іздеп тапқан кексе кісіміз композитор Затаевич еді. Іздегенге сұраған дегендей, қазақ халқының ән - күйін үлкен мақсат етіп, әдейі арнап атқа мінген адамның шаңытып іздегені алдынан шығады. Әрі әнші, әрі композитор Майра Затаевичтің қолына тиіп, Семей қаласына жеткенше екеуі барлық уақытты ән жазу, ән салумен өткізеді. Осы жолы Майра Затаевичке оннан астам әнді айтып отырып жаздырады. Әрине, оның көпшілігі халық әндері. Бірақ өз әндерін де тегістей жаздырған деседі. Сонау бала күнінен гармонның құлақ күйін құйқылжыта бастап, құлпырта айтатын Майраның өз әндеріне «Майра», «Дала», Семейде тұрған кезде айтқан «Бақша», шыққан уақыты белгісіздеу «Қызыл гүл», Затаевич кездескенде өзі айтып жаздырған «Ертіс» әндері жатады. Майраның өнеріне сүйсінген Затаевич оны келер жылы Москвада ашылатын халық өнерпаздарының жиынына шақыртпақ болады. Бірақ Майра сол кезде сырқатқа шалдығып, 1929 жылы Москвада өткізілген советтік шығыс халықтарының үлкен концертіне хабар келгенмен бара алмады. Осыдан көп ұзамай-ақ өмірден өгейлікті көп көрген әнші Майра, ару Майра 32 жасында дүние салды. Майра өз жанынан ән шығарған композитор, әрі үйренген әнін көкейге қондыра, тыңдаушыны өзіне ұйыта, бір есіткен кісі екінші есіткенше құмартып тұратын етіп айтатын аса шебер әнші болған. Өнерді шын бағасына жеткізе қадірлей білетін, өнерлі адамның өнерін анық өріске жеткізіп, жаңасын жасартып, халық қазынасының қымбат мұрасын байыта беретін бақытты еліміз Майра сияқты өнерлі қызын ұмытпайды, оның асқақтаған ер көкірек екпінді әнін жанындай жақсы көріп тыңдайды, айтады. Майраның өнерлі өжет образын түрі ұлттық, мазмұны социалистік енеріміз шын мағынасында қастерлейді.
ӘН АСҚАРЫ ӘМІРЕ
Әміренің туған елі Тарақты бұрынғы Қарқаралы уезі Дегелең болысының «Атан» ауылына қарасты «Алакөз Шәку» деген атаның ұрпағынан болады. Ол кездегі қоныстары осы күнгі «Қайнар» селенінен жиырма шақырымдай жердегі Тарақты адырының бір алқабында болған. Әміренің әкесі Қашаубай, Тергеубай екі ағайынды Байдалы деген кісінің балалары екен. Қашаубайдың үйленбеген кезінде жақын ағайындары Оразалы, Төстік дейтін екі жігіт ұрлыққа әуестенген адамдар болады. Қашаубай да солармен үйірлесіп, кейде ілесіп те кеткен көздері болса керек. Оразалы, Төстіктің сойқанды қылығына күйіп, қуғыншы, даушылардың ертелі-кеш жорығынан мезі болған ағайын, ел адамдары тыйым салмақ болады. Олардың айтқанына көніп, бет алғанынан қайта алмаған екі жігіт ел ішінен Қарқаралының сыртқы Ақмола жақ шеттегі Сарым елін Жанғұтты бидің аулын паналайды. Олар кеткенмен, олардың ұрлығына күйген ағайын Қашаубайға да тісін қайрап қыр көрсетеді. Көзге түрткі болған Қашаубай Оразалы, Төстіктің барған елінен іздеп соларға қосылады. Бұл да Жанғұтты балаларына малшы болып сіңеді. Қашаубай есін жиып, мал құрап, үйленеді. Әміренің шешесі Тойғанды алып, одан Әміре туады. Әміре есейіп келе жатқанда Оразалы, Төстікті еті тірі ағайыны Мұса іздеп барады. Өткен-кеткеннің бәрін жаттықтырып Оразалы, Төстікті елінің шақыруы деп көндіріп алып қайтады. Олардан қалмай Қашаубай да бала-шағасымен көшіп келеді. Көшіп келгеніне көңіл жылуын көрсеткенмен ағайынның бөліп берер еншісі жоқ, кілең кедей. Қашаубай жақын бай ағайыны Дөненбай дегеннің жылқысын бағады. Дөненбай ағайын болғанымен көзі тар, даукес, зорлықшыл болыпты. Бірде Дөненбайдың бір жабағысын қасқыр жейді. «Сен жылқыны дұрыстап бақпадың, жабағымды қасқырға жегіздің», — деп, Дөненбай Қашаубайдың бір жылғы ақысын бермей қояды. Өз ағайыны, өзі маңайына озбырлығымен аты әйгілі Дөненбайға қарсы тұрар шама жоқ. Бірақ ішінен кек тұтып, бір есебін тапсам деп кіжінеді. Осыған іш құса болып жүрген кезінде ел күзекке келеді. Дөненбай қойының жазғы жабағы жүнін, тері-терсегін тиеп, Семейге қала шыға кетеді. Осы бір кез ыңғайына тиеді дегендей Қашаубай Дөненбайдың бір құлтұғыр дөненін екі аяқ арбаға жегіп, бір іңірде Семейге тартады. Сәтсіз болғанда, Дөненбай қаладан суыт қайтып, Мұқыр өзенінде Қашаубайға қарсы кездесіп, ұстайды. Дөненбай қара жүректіктің шегінен шығады. Бала-шағасымен Қашаубайды жаяу тастап, дөненін алып кетеді. Бір жолшыларға ілесіп Қашаубай Семейге жетеді. Туысы Тарақты Әренде деген насыбайшының үйінің бір пұшпағын паналайды. Күн көріс кәсібін іздеп Шағыл бұйратының беткейіндегі Қаражан Үкібаевтың тері жиятын, мал сойғызатын қасап сарайына тері кептіру, шелдеу жұмысына кіреді. Еңбекақы енімді болмағанымен күн көріске терінің шелі, қасаптың кесіндісі дұрыс болып ерлі-зайыпты екі адам тіршіліктерін дұрыстап, шаштакуден үй тоқып, баспана жасап алады. Бұл Әміренің жасы оннан асқан, есейіп, қолғанат болып қалған кезі еді. Кәсіпке тұяғы ілініп, өз отының басынан ораза ашып, өмір кешіп жүрген Қашаубайдың Әміресі де қол - тері жайысып, тері шендеп серік болады. Әміренің қырда өз ауылдарында болған кезінде құмарта әуестенген бір өнері болды. Ол аздап домбыра тартып, ән айту. Әмірені оған баулып, бауырына тартқан немере ағасы Серік Тергеубайұлы ойынан өлең шығарып айтатын, домбыра, гармонды бірдей тарта, ойнай білетін жігіт еді. Сол Серік Әміренің қаршадай күнінен әнге, домбыра сазына құмарлығына қызығып, әдемілеп ән, домбыра тарту өнеріне баулыған. Қашаубай Семейге қарай көшкенде Серік қолына ұстатқан кішкене қара домбыра Әміренің ертелі-кеш қолынан түспейтін. Ол кей көздері:
— Серік ағамның әнін айтамын, — деп, «Шұбартаудың басында қос барабан» деп бастайтын. Әміренің әнге деген талабына шешесі Тойған ерекше қуанатын. «Әмірежан ағасы ерке жігіт сияқты әнші, ақын болады», — деп баласын көтермелеп қоятын.
Әміре әкесімен Қаражан байдың қамбасына барып жүрген кезінде байдың қасап басқаратын адамы тері жайып жүрген Қашаубайдың қасына келіп: — Қашеке, мына қасыңдағы бала өз балаңыз ба? Өзіңе серік болып қалыпты ғой. Немене, оқи ма? — деп сұрады. Қашаубай әдеттегі әзілқой мінезін істеп:
— Бала өзімдікі деп жүрмін. Әлде танып тұрсың ба? — деп күле жауап береді.
— Ойбай, Қашеке, айта көрмеңіз. Әншейін білейін деп сұрағаным ғой. Егер оқуда жоқ болса, біздің осы қасап қорғанына түнде қарауыл болатын күзетші керек. Көптен күзетші болып келген шал сырқаттанып қалыпты. Енді алыстан кісі іздегенше, мына балаңыз қолына тақылдақ, алып күзетші болмай ма? — деп жылы ұшырай сөйлесті.
— Ойбай-ау, кішкене ғой. Түнде мына қамбада жалғыз қорқады ғой.
— Қашеке, қорқатын ондай қауіпті ешнәрсе жоқ. Мына қамба қақпасының қасындағы кішкене үйде отырады. Ішінде темір пеші бар. Кәресін шам қоямыз. Тек күзет барын білдіріп тақылдақты соғып, қамбаның ішін ара-тұра аралап қойса болғаны. Әсіресе, осы қамбаның қан-жынына ұялап алған иттер бар. Соларға абай болса, болғаны. Ол иттер күзет жоқ екенін білсе, қамбаның іргесін қазып кіріп кетеді. Ал тоқылдақтың дабылы шығып тұрса, маңайламайды. Алғашқыда бір-екі күндей өзіңіз бірге болып, бойын үйретіңіз, — деп бәрін өзі айтып береді. — Сіз ақшадан күліп отырған адам емессіз ғой. Егер күзетке келіссек, балаңыздың айлығы 8 сом болады. Сонда өздеріңе жап-жақсы табыс болмай ма, — деп мөлдіретеді.
Ақшаның аты аталғанда Әміре қуанып кетті. Жоқтықтың, жетпегендіктің тақсіретін үздіксіз көріп келе жатқан ол әкесіне жаутаңдай қарап:
— Әке, мен күзетем, — деді.
— Қорықпайсың ба?
— Қорықпаймын, тақылдағым болады. Қақпаны бекітем, домбыраны алам, ән саламын. Ана Шакіманның гармонын сұрап алам, — деп әкесін мүлде көңілдендіріп қойды.
— Ал онда келістік. Ертеңнен бастап күзет сіздердікі. Айлық жүреді. Баймен өзім келіскем, — деп қамба бастығы жүріп кетті. Айтқанындай ертеңіне күзетті тапсырып, тақылдақты, күзетші үйшігінің кілтін, ішіндегі аспаптарын көрсетіп қолдарына берді. Әміре сол күннен бастап «күзетші бала» атанды. Алғашқыда Қашаубай өзі қасында болып, баласының бойын үйретті. Өзі күндіз тері кептіріп, кешке қайтады.
Серік ағасы берген кішкене домбырасын безілдетіп, өзінің үнемі ыңылдап айтатын әнін барынша шырқай айтып, үнін жаттықтырып, әнге жан-тәнімен берілді. Бірде Шакіман Әмірені үйіне ертіп келді. Үйде қырдан келген қонақ бар екен. Шакіманның шешесі Әміренің әнін салып, Шакіманның кішкене гармонын ойнап, әнге келтіріп жүргенін жақсы көріп, қызықтайтын.
— Ой, Әміре, жақсы келдің. Сен әнге құмар талабың бар. Біздің Шакіман сияқты емес, гармоньда ойнайсың. Біздің мына отырған қонарғымыз ел ішіне аты шыққан әнші. Менің қайным, атын атамаймын. Сен ана үйіңдегі кішкене домбыраңды алып кел. Мына кісіге ән салдырамыз. Сен ән үйренесің, — деді.
— Апатай, қазір әкелем, — деп тұра жөнелді.
Әміре үйге келгенде әкесі тері сарайынан келген бойы екен.
— Әке, мен бүгін күзетке жайырақ барам. Мына Шакіманның үйіне бір әнші келіпті. Менің домбырамды сұрады. Содан ән үйренем, — деді. Әміре әкесіне еркелей қарап. Қашаубай күні бойы тері шендеп, оны керіп, кептіріп шаршап келсе де баласының бетін қайтармады.
— Бара ғой, шай-пұй ішіп, өзім барып отырармын. Бірақ, таң атқанша отырып қалма, — деді.
— Жарайды әке, жарайды, — деп, Әміре кішкене қоңыр домбырасын алып Шакіманның үйіне жөнелді. Әміре келгенде Шакіман үйінің қонағы шайды ішіп, шынтақтап жайланып отыр екен. Әміре алып келген домбыраны қолына алып, азырақ құлақ күйіне келтіре бұрап, қолын жаттықтырды. Шакіман мен Әміре екеуі ауыздарын аша домбыра ішегінен шыққан ән ырғағына ұйып отыр. Біраздан соң ауыз үйіндегі ас-суын жөндеп, Шакіманның шешесі келіп:
— Ал, әнші қайным, әніңді естімегелі не заман. Үніңді сағындық қой. Ағаң қайтқалы келгенің де осы. Мына балалар да тыңдасын, ән салшы, — деді.
— Ә, жеңгесі, қалағаныңыз ән болса, айтайын, — дөп - дөңгелек сақалын бір сипап қойып, арықтау сүр кісі тамағын кернеп, ән шырқады. А дегенде даусын бір көтеріп алып:
— Ой, ардақ, сен ақ қоян секектеген,
Қолымда бір тазым бар жетектеген.
Ойымда үш ұйықтасам бар ма менің
Айрылып сенен сәулем кетем деген, —
деп «Ардақты» құйқылжыта тоқтап еді. Осы кезде баласының Шакіманның үйіне әнші келіпті дегеніне ән тыңдауға Әміренің шешесі Тойған да келді. Ол кісімен аман-есен айтысып танысты. Тойғанның сұрағына:
— Менің атым Нұрта, мына көршіңіздің қырдағы ағайыны боламыз. Ақбота болысына қараймыз. Қоянкөз тұрым деген елден боламын, — деді.
— Онда бөтен емес екенсіз. Біз де Дегелең елінің Тарақты деген атадан боламыз. Балаларды қуантып ән айтқаныңызға рахмет. Мына бір алдыңызда отырған бала біздің бала еді, ән дегенде жанын үзеді. Тәуір әніңізден бір-екі ән үйретіп кетіңіз, — деп Нұрта «Гауһар тас» әнін шырқады. Әміре аузын аша тыңдап ұйып отыр. Біраз дем алып Нұрта өзі жақсы көріп айтатын Жаяу Мұсаның «Ақсиса» әнін, онан кейін «Құлыбай бай» деген күлдіргі әнін айтты. Әннің бәрін бірден ұғып алмағанымен Әміре бір-екі әннің жобасын көкірегіне тоқып қалды. Ол күні Нұрта әнін тыңдау осымен тоқтап, Әміре әкесіне кешірек барды.
Нұрта Шакіман үйінде бірнеше күн болды. Әміренің ән құмарлығына қызығып, өзі айтқызып үйретіп Әміреге екі ән үйретті. Бірі — «Ардақ», екіншісі — «Ақсиса». Бұл әндерді өзі кімнен үйренгенін де айтты. Бірақ балаң әнші әннің айтуын ұққанымен кімнің әні екенін ұғына қойған жоқ. Нұртадан - үйреніп алған әндерін Әміре түрлендіре айтып, сол айналадағы шілдеханаларда шырқап, әншілік атқа ие бола бастады. Шакіманнан сұрап алған гармонына қосылып Қаражанның қасап сарайының қақпасын татар, қазақ әндеріне ұя қылып алды. Бірде қырдан Серік ағасы келіп, өзі домбыра беріп, ән тілашарын жасаған Әміренің келістіре айтқан әндерін естіп, қуанып, орасан ықылас көрсетті. Серік қырдан келгенде Байдалы баласы Исабек саудагердің үйіне түскен-ді. Ол бір күні Қашаубайға айтып Әмірені Исабектің үйіне ертіп келіп әнін айтқызды. Серіктің өзінің ән айтып, өлең шығарып жүретінін мақұлдамай, «жаяу сері» деп кекете тыңдайтын Исабек Әміренің әнін а дегенде онша елемеген-ді. Әміре «Ақсисаны» төгілте айтқанда: «Мына Қашаубайдың жайын ауыз ұлының көмейі бүлкілдейді ғой. Тағы, қайта айтшы», — деп сүйсіне тыңдады.
— Исеке, сіз байлық амалының ақылын тапқан кісісіз. Әнді қошаметтей қоймаушы едіңіз. Мына Жаяу Мұсаның күйіне айтқан әнін Әміре сайрандатқанда, таңдай қақтыңыз. Осы әнші балаңызды Қаражанның қорасын күзеттіргенше атыңыздың делбесін ұстатып, әнін айтқызып отырмайсыз ба? - деді.
— Өзі сен сияқты әу-әумен жүріп, ат жегуді, делбесін ұстауды біле ме екен? — деді Исабек нығырлана сөйлеп.
— Исеке, әу-әу ат жегіп, делбе ұстауға бөгет болмайды, қайта ат делбесін кербездеп ұстап Исекеңнің әнші делбешісі деген атыңызды шығарады, — деді Серік.
— Онда ана Қашаубай ағаңа айт. Ертеңнен бастап баласын өзі ертіп әкелсін, — деді.
Сол айтқан күннен бастап Әміре Исабек атының делбесін ұстады. Бұл үйдегі бір Әміреге ұнаған нәрсе, Исабектің балаларына сән үшін алып берген 18 баспалы гармоны болды. Сұлыға семіріп, жеңіл тарантасқа жегіліп, делбенің ауыздығымен алысқан ат, еркіндей жортар жүріс Әміре әніне қанат байлағандай, ат делбесін қолына алғанда ән толқынына. бөленеді. Исабек сияқты бай саудагердің үйінен қонақ үзілмейді. Кейде қыр қазақтары, кейде қала саудагерлері, татар жастары да болып қалады. Солардың көңіл көтерер әнші, гармоншысы Әміре. Біраздан Исабек үйіне қатынасы бар Семей қаласының жастарына Әміренің әншілік өнері танылып, кейде қымызшы, сырашы үйлеріне барып, ән шырқап жүрді. Осындай бір бас қосуда Әміре Ақымның Нұрлан дейтін баласымен танысты. Оның қасында бірге болған Жақып дейтін жігіт Әмірені сол көргеннен бастап мүлде өзіне тартып алды. Ол өзі бір жағы қалаға байланысты, негізгі тұрағы қырда екен. Өздерінің елдерінен қыз алып, қыз беріп отырған Абралы болысына қарайтын «Жалықпас» тайпасынан екен. Тіпті сұраса келе бір жылы туған, төл құрдас болып шықты. 1888 жылы туған екі жас үйлесіп кетті. Осы күннен бастап Әміре Нұрлан, Жақып арқылы қаланың жігіт-желеңінің көбімен танысты. Әміренің ойын - тойға салына бастауы ағайын тартып қолына ұстаған Исабекке ұнай қоймады. Өйткені аттың күтімін, өзінің ауыр денесіне сүйеу болып, көлеңкесіндей қасында ербиіп жүрген қалайтын Исабек бір күні:
— Қашаубайдың жайын ауызы, сен қоныс таппайтын әуейі болып барасың - ау. Мен сені Серік айтқан соң жаттың есігінде болғанша, жақыным ғой, өз маңымда болсын деп ойлап едім. Олай болатын түрің жоқ қой, — деп жазғыра, кінәлай сөйледі. Оған Әміре ешқандай қарсыласқан жоқ. Тек ішінен «тегінде мені құлданбақ ойы бар ма өзінің. Ол бола қоймас», — деп түйді.
Осы кезде көптен сырқаттанып жүрген Қашаубай қайтыс болды. Ол кісіні жөнелту жағдайында да Исабек ондай ағайындық көрсете қоймады. Ендігі жесір шешенің, бойжетпеген үрпе - жүрпе қарындастың тіршілігі Әміренің мойнына жүктелді. Исабектің там – тұмдап берген айлығы күн көріске дәнекер бола алмады. Арқа сүйері сонау танысқан ер көңілді замандастары болды. Әмірені ең алғаш 1918 жылдың жазында көрдім. Сол жазда «қазақтың атақты алыбы Қажымұқан Семейге келеді екен, ойын көрсетеді екен!» — деген лақап тарап, Семей халқы ынтыға күтуде болды. Мен бұл кезде осы күнгі Жаңа Семей қаласының Тұрғыны Әбдікәрім Нұрабаев деген жиен ағайдың үйінде тұратын едім. Бұл жиен ағай жаны сері, ел ішінде жауырыны жерге тимеген балуан адамды. Өзі содан бір жыл бұрын ғана Шәуешектен көшіп келген болатын. Жаңа Семейдің Тұрғындарының сауықшыл, белгілі бірнеше әнші, гармоншы жігіттері болатын. Солардың бірі — Әміре біздің жиен ағаймен таныс екен. Олардың көбінесе бас қосар жері — қымызшы үйлері. Демалыс күндерінде аралға шығып кетеді. Жел қайықпен Ертісті өрлей құлдилап, саяхат жасайды.
Бір күні жиен ағай үйге көңілдене келіп:
— Әлгі Қажымұқан деген қазақтың алыбы келіпті. Өзі айтса, айтқандай-ақ екен, — деп сүйсіне сөйледі. — Мына Бейсекеңнің балаларымен Омбыда кездесіп, танысқан дос көрінеді. Солар ана қымызшы Мәкеттің үйіне апарды. Біз де сонда отыр едік. Олар Әмірені шақыртып алған екен, бір тамаша болғаны. Қажымұқан өзі осы бір жақта ойын көрсететін көрінеді. Отан дейін ана достарының үйінде болмақ. «Ертең аралға шығамыз, балуанға қаламыздың тамашалы жерлерін көрсетеміз», — деп мүлде көтеріліп алыпты. Сөйтіп, ертең аралға мені де шақырды. Егер барғың келсе, алып барамын, — деп жиен ағай маған ұсыныс жасады.
Мен оған қуанып кеттім. Өйткені сонау 1913 жылғы «Айқап» журналынан Қажымұқан балуанның алып күші туралы оқып, өзін көруге ынтық едім. Тіпті ойламаған жерден сәті түсті. Келесі күні асыға күтіп, жиен ағаймен ілесіп аралға келдік. Біз келгенде аралдың саялы ағаш, сазды көгалы қайнаған адам базары. Осы думанды көпшіліктің орта жеріне әкеліп төселген кілем, жайылған дастарқан, сары тегененің сағасына жете мөлтілдете толтырылған қымыз. Дастарқан басында нар түйедей алып тұлғалы Қажекең отыр екен. Оның айналасы өзіміз көріп жүрген слабодкенің сері - сылқым жігіттері. Сары керсендегі сары қымыздың иісін бұрқырата құлаштай сапырып отырған сымбатты сылқым бойжеткен Мәкет қыз. Біздің жиен ағайды жергілікті жігіттер құрметтей қарсы алды. Ол кісінің арқасында маған да орын тиді.
Осы мәжілістегі беделінің бедері артып, еркін сөйлеп отырған Жақып:
— Әнсіз мән бола ма, Қашекемнің далбауысы шырқап жібер, — деп, қасында отырған аласа бойлы сары сүр жігітке әмір ете сөйледі.
Әлгі жігіт қасындағы бір жәшіктің сыртында сүйеулі тұрған домбыраны алып, құлақ күйін безілдетіп шырқай жөнелді. А дегенде оның шырқап жөнелгені «Қарға» болды. Сол әннің қайырмасын құйқылжытқан кезіндегі оның жанары қымыз сапырып сызылып отырған ана қызды жеп қоя жаздады. Қыздың да аққұба бетінде қызыл ірең ойнап, қабағында қан толқыны ойнатқан сүйсіну сызықтары керінді. Содан кейін Қажекеңнің сұрауымен «Ғалияны» да өз мәнерімен құйқылжыта, құбылта соқты. Енді біразда Нұрлан өзінің сыпайы да сызылып шығатын үнімен: «Қажекеңе бұрын естімеген әнін шырқап жіберерсің. Әлгі бір жылап айтатын әнің бар еді ғой», — деп құлаққағыс етті.
— Е, оны айтпаса Әміренің ән құмары басыла ма. Шырқайды, — деп Жақып киіп ала жөнелді. Әміре азырақ тыныстап, таңдайын жібітіп, домбырасын серпе-серпе қағып жіберіп, «Ағаш аяққа» жөнелді. Бұл әнді айта бастағаннан Әміре мүлде өзгеріп, бір құлпырған сипат тапты. Әсіресе «Алсаң ал, алмасаң ғой. Мен дағы өлер деймісің», — деген жеріне келгенде Мәкет қызды жыламсыраған көзімен жеп, күйзеліп кетті.
Бұл күнгі мәжіліс мен үшін ерекше жаңалық, жан тебірентер жақсы әсер үйірді. Өйткені сонау «Айқап» журналынан оқыған алып күш иесі Қажымұқан балуанды көрдім, әнімен бүкіл Слабодке жұртшылығын аузына қаратқан Әміренің әсем де аспандаған әнін қатар отырып тыңдадым. Осы сияқты уақыт өнерінің озықтарымен дидарласып, жүз таныстым. Мәжіліс аяқталып, үйге оралғаннан кейін жиен ағайыма бар ықыласыммен алғыс айттым. Мен осы кездесуді өмір сәтінің ерекше бірі деп жүрген кезімде Әміремен атүсті тағы бір кездестім. Бұл 1922 жылы жаз айында болды. Біздің Дегелең болысына қараған ел Семей уезінің Шаған, Бұғылы болыстарына қарайтын Тобықты руларымен қоныстас болатын. Қыстаулары іргелес, күзекте де, жайлауда да қанаттас көшіп қонады. Осы көршілес елдердің арасында ат сайысы, балуан бәсекесі, аңшылық бәсекесі болып отырады. Осы бір жылдарда халқымыз еркіндеп, Октябрь нұрының сәулеті қыр елдерінің де мерейін шалқытқан жылдар еді. Менің сол жылдарда Дегелең болыстық атқару комитетінің бастығы болып сайланып, қызмет істеп жүрген кезім. Ел жайлауға көшіп, үйлерін тігіп, үйіріле өріс кернеп отырған. Біздің көшпелі кеңсе де жайлаудағы ел орталығына келіп орныққан болатын. Бір жауапты науқанды атқарып, демалыс тәрізді мәжіліс жасап жатқанымызда менің хатшы серігім Шашым Жайлыбаев басқа бір ауылда еді, сол келді. Ол көңілді, сөйлеп тұрған, жаны серілеу, әрі оқығаны бар жігіт болатын.
— Болыстық атқару комитетінің төрағасы, мен бір жаңа хабар әкеліп отырмын. Кішкене бой сергітіп, ат бәйгесін көруге қалай қарайсыз? — деді ол. Қайдағы ат бәйгесі деген біздің сұрағымызға:
— Ана біздің Сылдырбай ағайдың Шимайқара атанған бәйгі аты бар ғой. Сол қара атпен мына Тобықты ат базары сондай бәсеке болатын. Солар көктемнен бері сөз байлап, осы жайлауда ат жарыстырмақ екен. Соған хабар айтып, «Көксеңгір» деген жерде бас қосып, ат шаппақ көрінеді. Сол жиынға ана Сылдырбай ағай сізді де шақырады. Көтермеші емес, мына атын алып, топты бастап барсын, — дейді. Соған барып, қызық көрсек, деп ойлап тұрмын, — деді.
Ат бәйгісін естігенде желікпейтін, елегізіп елеуремей - ақ қазақ бола қоймаған шығар. Бізге де осындай көңіл теріс болып отырғандай еді. Тамылжыған шілденің айы, самал желі ескен жасыл жайлау, айдыны шалқып, аспанға төсін керген Борлықақтың айна көлі. Осы көлдің сағасында отырған Сылдырбай аулына біз келгенде, Сылдырбай ағай әзілді әсем күлкісімен қарсы алды.
— Уа, азаматтарың бәйгілі, абыройларың әйгілі болсын, — деп тақпақтай сөйледі. Сол жерден бәйгі бәсекесіне баратын топ аттандық. Ат мәресінің сөресі шаншылған Көксеңгір шоқысының басы толған халық екен. Ел ішінің ежелгі дәстүрі бойынша, топтың бір жағынан біз де дөңгелене түсіп отырдық. Бәсекелес бәйгі аттар іріктеліп, айдаушылардың алдына түсті. Балуандар балтыры жарқырап майданға шықты.
Екі жарыла отырған ат бәсекесінің жұртшылығы аттар бәйгі өрісіне кеткенде, балуандар кезектесіп айқасқан кезде ғана тіл қатысқаны болмаса, араласа, сөйлесе, біреуге біреу таныса, араластық болған жоқ. Біздің шағын тобымыз өзімен-өзі. Тобықты жағы аса көп келіпті. Қызыладырдан да, Көкшеден де, Шыңғыстан да ер азаматы түгелге жақын десіп жатты. Бір кезде алыстан жіберілген аттардың да қарасы бұлдырап, будақтаған ат тұяғының шаңы бұрқылдап, үздік-создық көмбеге жақындаған кезде өңге аттан қара үзе ұйтқи ойнақтап Сылдырбайдың Шимайқарасы шыға келді. Ат тартусыз. Тек отырған жұрт ұран шақырып, айқай салуда болды. Онан кейінгі аттар да өз ретімен келіп жатты. Бір-екі жылдан бері кезене де, кіжіне де бәсекеге бел байлап, барынша бабымен барын қамдаған Шаған, Бұғылы болыстарының желөкпе байларының лебі басылып, үстемдік біздің жаққа ауысып, қырлана күлісіп тұрғанымызда: «Ассалаумағалайкум, ағалар, ардақты, аруақты ауылым», — деп астында жұпыны құлабестісі бар, басында жеңіл ноғай бөркі бар Әміре атынан ырғып түсіп, Сылдырбайдың қолын алды. Сонан кейін бізбен амандасты. Біз Әміренің ол топта отырғанын білгеніміз де жоқ-ты. Қуаныса амандасып, қайдан, қашан келгенін сұрасып жатырмыз. Ақкөңіл, сөзге олақ Әміре күліп: «Менің жүріс-тұрысым қызық қой. Мына Шағанның Жаңа-Семейде тұратындары бар емес пе, солар осы жайлауда үлкен ат шабыс болады, жайлауға барамыз, ел қызығын көреміз деген соң солармен бірге мына Әміренің аулына келгем. Оның Смағұлы оқыған жігіт қой. Қызметтен демалысқа шығып еді. Солармен бірге отырғанда жаңа қара аттың үстіндегі бала елінің ұранын айтқанда тұла бойым шымырлап, орнымда отыра алмадым. Сонан тура сіздерге сәлемдесе келдім. Ел аруағын шақырған қиын екен», — деп біраз ойға келіп тұрғандай болды. Ойда-жоқта қолымызға түскен Әмірені босатпадық. Ал сүйегіңе қызып біздің топқа келген екенсің, бізбен жүр, — деп қолқаладық.
— Туысқандық құрметтеріңізге қуанам, төбем көкке көтерілгендей мақтанып қалдым ғой. Ал бүгін сендермен еріп кетпеймін, әлі де олардың тобына барайын. Бүгін Семейден келген досыммен бірге болып, ертең мына Сылдырбай ағайдың аулына келейін. Сол жерден жолығалық, — деп, бізден рұқсат алып, Әміре барып Семейден бірге келген тобына қосылды. Бас бәйгіні алып, Шаған мен Бұғылы болыстарының алқынып келген атбегілерінің сәйгүліктерінің ұршығын сылқылдатып тілерсегіне соқтырып, біз де ауылға оралдық.
Біз сол күні қайта оралып Сылдырбай аулына келіп, өзімізше сауық құрып, қара ат пен Исмақ балуанның белдескен жерде мейірімізді үстем еткен өнерлерін мадақтап, думандадық. Ертеңіне күткен уақытта айтқан уәдесі бойынша Әміре де келді. Әмзе аулынан ертіп келген атқосшы жігіт Әміреге:
— Әнші аға, ауылыңызға келдіңіз, байқауымша әзірге осында болатын түріңіз бар. Егер рұқсат етсеңіз, мен қайтайын, — деді.
— Иә, мен біраз осы елде болам. Смағұлға айтқамын. Сәлем айт, — деп жолдасын қайтаруға кірісті. Қонақтарын күткізіп үнсіз отырған Сылдырбай:
— Әміре, сен ел сағынып, жер сағынып, ағайын ортасына келдің. Ана мініп жүрген атың өзіңдікі емес шығар. Оны да қайтар. Тарақты деген бір қауым елміз ғой, сен мінетін тай табылар, — деп күлді.
— Сіз қайтар десеңіз, қайтарайын. Серік деген ағамның бір ауыз өлеңін естігенім бар еді. Сол есіме түсіп, жаяу қалам ба деп сенбей отыр едім, — деп күлді. Мұндай жерде әзіл-қалжың аяқсыз қала ма, біз ол қандай өлең деп жабыса кеттік.
— Ой, ол Серік ит менімен құрдас болатын. Ат қоңайсын дегенге шыдай алмай жүргені ғой, — деп, Сылдырбай әдеттегі сөзшеңдігіне салып, ол өлеңнің айтылмағанын ұнатты. Оған біз боламыз ба, Әміреге қоймай айтқыздық.
Ассалаумағалейкүм, мырза Сылдыр,
Көзіме көрінесің алдыр - бұлдыр.
Бүгін келсем, ертең кел деп жылжытпай,
Құрбыңның aт сұраған көңілін тындыр, —
дегенін өзінен естіп едім. Мені әнге баулыған, гармонын үйреткен сол кісі еді. Әрі ақын, әрі әнші жаны сері адам еді, — деп Әміре әнші ағасын есіне алып мұңайды. Біз әзілдес ағай Сылдырбайға:
— Әміреге Әмзенің аулынан мініп келген тайды қайтар, Тарақтыдан сен мінер тай табылар дегенге мырза кісі екен деп қалып ек, мына Серіктің өлеңіне қарағанда сараң екенсіз, — деп жанына тидік.
— Олай болса, мен сендерге сараңдықты көрсетейін.
— деп сол жерде Әміреге қояндай бір боз бестіні ерттетіп берді.
Арқа жазының әсем бір көздерді, айнадай жарқыраған Бөріліқақтың айдыны аққуын жүздіріп, аспан меңзеп шалқалайды. Көк шалғынды алқапқа алқалай қонған ауылдар, қойын өргізіп, жылқысын үйірлей өрістетіп, әр шаруа өз әлінше сәнденуде. Біз осы бір әсемуақытты қоштағандай жақында ғана атқарған науқан даңғазасынан демалып, атақты әншінің туған елін аңсап келген ықыласына құрмет көрсеттік. Өзіміздің ішіміздегі сауатты жас жігіт Қадау сияқты әншіні де Әміре ағасының қасына қосып, бірнеше ауылды арасан сауық құрдық. Жас әнші Қадаудың «Ғазиздің әнін», «Қызыл бидай», «Гауһар тасты» құбылта соққанын Әміре де сүйсіне тыңдап, оған өзінің ән өңдеу әдістерін де айтып, ұстаздық корсетті. Тек кешегі ат бәйгесі тобында балтырын түріп, майданға шығып, екінші бәйгені әперген күресін көргеніміз болмаса, сырластығы жоқ Исмақтың ән өнерінен де қара жаяу емес екенін Сүлеймен аулына келгенде білдік. Оның әнші екенін әсіресе Иман Жүсіптің «Сарыарқасын», «Алтыбасар» әндерін әсем орындайтынын Сүлейменнің Хасені айтып, оған да ән шырқаттық.
Сарыарқа сайран жерім - ай,
Сағындым ғой, елім-ай,
Ит жүгіртіп, құс салған,
Айдынды шалқар көлім - ай, —
деген қайырмасы мен шалқыта шырқайтын әнді сондай жақсы орындайды екен. Исмаққа Әміре де разыланып, «Алтыбасар» әнінің кейбір ырғақтарын өзі айтып, өңдеп берді. Ата-бабасының туған жерін, сол атасының жұрағаттарынан өсіп-өнген бірнеше ауылдарды аралатып, Әмірені қайтадан Семейге шығарып салдық. Әміренің әлемге әйгілі ән қанатын Европаның төрінде Париж сахнасында, сермегені газет-журналдарда сан рет жазылып, жеке кітаптарда да ерекше мадақталып айтылған ғой. Әміренің онан басқа да ерекше көзге түскен сәттері болған екен. Әміре 1919 жылы Иркутск қаласында бір сауық кешіне қатынасып, бүкіл бурят халқын таңдандырған. Осы бір ерекше естелікті сол күні Әміренің қасында болған Ақыш баласы Қаби айтқан еді. Ол кездесу, яки сауық кешіне қатынасу мынадай жағдайда болыпты. Иркутск қаласында тұратын Идаятолла деген татардың оқымысты азаматы Қабименен таныс екен. Сол танысы арқылы Иркутск қаласынан кездеме, шай, сол сияқты саудалық заттар алып қайтуға Қаби баратын болып, Әмірені серік жолдас етіп ертеді. Олар Иркутск қаласына келіп, өздерінің сауда-саттығына кіріспес бұрын Идаятоллаға жолығады. Идаятолла Қабидың үйінде қонақта болғанда, Әміренің әнін тыңдап, сүйсіне танысқаны бар екен, ол Әміреге ерекше ілтипатпен амандасып:
— Әміренің келгені бек яхшы болған, — деп Қабиға бір тосын хабар айта бастады:
— Қаби, сен біле бермессің, бұл Иркутск қаласында сан алуан Ұлттар тұрады ғой. Осында тұратын халықтың көпшілігі деп айтуға боларлық бурят-монғол тайпалары. Сол елдің оқыған ғалым азаматы Турбашеев дейтін кісі бар. Сол ертең кешке Иркутск сахнасына өз елінің сауық кешін қоюға әзірленіп, бізді шақырып еді. Ол кісінің маған айрықша бір тілегі болған еді. Ол біздің татар жыршысын жырлатсақ деп еді. Мен соған жақсылап жыр айтар адамды таппай сасуда едім. Біз жақсылап жыр айтар адамды таппай сасуда едім. Біз енді Турбашеевке Әміренің әнін айтқызуды ұсынамыз. Егер сіздер руқсат етсеңіздер, мен оған кеште хабарлаймын, — деп өтінгені. Мен Әмірені өзін билеген кісі болмай, әнші осында отыр. Сауық кешіне баралық, ән салалық десе, өзі айтар, — дедім. Әміре әдеттегі елгезек мінезіне салып:
— Әнді мен айтармын-ау. Олар түсінбей жүрмесе. «Мен бас дедім, ол құлақ деді» деп ертеде бір саңырау айтқан, солай болып жүрмесе, — деді. Идаятолла қуана сөйлеп:
— Әміре абзи, сіздің әнді ұқпас құлақ, сезбес жүрек болмас. Тек айтуға уәде берсеңіз, мен қалған жағын өзім білем, - деді.
Бізді ертеңіне ертесімен Идаятолла Турбашеевке апарып таныстырды. Турбашеев қуана қарсы алып Әміренің аты-жөнін жазып алып, қазақ халқының қысқаша тарихын, Әміренің қайдан келгенін сұрап жазып отырып:
— Ермековті білесің бе? — деп сұрады. Біз білетінімізді айттық. Сонан сөз қозғап:
— Мен Томск қаласында Ермековпен танысқан едім. Ол сонда оқыды ғой. Мен де сонда оқығам, — деп түсіндірді. Уәде бойынша кешкілікте ойын қойылатын клубқа келсек, Идаятолла бізді қарсы алып, бір жаңа хабар айтты:
— Сіздерден Турбашеев Ермековті білесіңдер ме деп сұрап еді ғой. Сол Ермековтің жұбайы біздің Рахила деген апай болатын. Ол кісіде сол Томскіде оқыған еді. Сол кісілер бүгін бізге қонаққа келіпті. Келісімен ол кісі Турбашеевті сұрап, дидарласқысы келді. Мен Турбашеевтің сауық кешін ұйымдастыру жұмысымен шұғылданып жүргенін айттым. Ол кешке сіздерді шақырғанын да айттым. Әлекең оған тіпті көңілденіп кетті. Рахила апай екеуі ойын кешіне келеді, — деп бір жаңалық айтты. Бірлі-жарым болса да қазақ азаматының сол кеште болуы бізге де көңілді болды.
Кеште Турбашеевтің әйелімен таныстық. Аты Мария екен, өңі де, аты да біздің елімізбен үйлесіп тұрған өзі де бір ашық мінезді, сауатты адам екен. Енді біраздан соң Идаятолла бастап Әлекеңді әйелімен ертіп келді. Сол жерде бас қосылып, Турбашеев мектептес досын қуана қарсы алып, бізді сауық кешіне шақырғанын айтып еді. Әлекең ерекше құптай сөйлеп, Әміренің асқақ әншілігін жеткізе сөйлеп кетті. Турбашеев онан сайын қуанды. Сонан, қысқартып айтқанда, сауық кеші басталды. Бурят халқының музыка аспаптары әнші, күйшілерінің қолында, сыбызғысын тартып өнер көрсетті. Бір кішкене үзіліс кезінде Турбашеев сахнаға шығып:
— Туысқан қазақ халқының атақты әнші азаматы біздің осы сауық кешімізде қонақ болып отыр. Сол кісінің айтуынан туысқан халқымыз — қазақтың әнін тыңдасақ, оған қалай қарайсыздар, — деп ұсыныс жасады. Клубта отырған жұрт дуылдай қол соғып, сахнаға шақырды. Домбырасы жоқ, гармонға жатық ойнайтын Әміре 18 баспалы гармонды ала шығып ән шырқады. Алдымен күлдіргі де көңілді «Ағашаяқ» әнін айтты. Отырған халық дуылдай қол соғып, өздерінше тағы да айтыңыз, сұраймыз деп клубты басына көтерді. Халық тілегі қабылданды. Әміре «Екі жиренді» айтты, отырған тыңдаушы жұрт онан сайын дуылдап қол соғып отырып алды. Сонан Әміре «Жиырма бес» әніне басты. Әннің құйқылжи төңкерілген әуенінен толқығандай клубтың ішінен үздіксіз «бис-бис» деген, «ой чуер» деген үндер шығып, жібермей қойды. Енді Әміре Майраның әнін шырқады. Әннің аяғын тоспай дуылдап айтылған қошамет, соғылған алақандар тоқталмады.
Бұл Әміренің өзіне тілі таныс емес, тіршілік, өнер саласы бейтаныс бөгде Ұлттың сахнасында түңғыш ән шырқауы еді. Өзінің ана тілінде шырқаған әніне тілі, әуені басқа елдің адамынан естіген түңғыш құрметі еді. Әміренің осындай бір кездейсоқ ән шырқауы халқымыздың әсем ырғақты асыл әнімен бөгде қауымның жан жүйесін тебіренткен бір көрініс еді. Әрине, Әміренің осы сауық кешіне қатынасып, халқымыздың әсем әнін бауырлас бурят халқына таныстырғаны ешбір баспасөз бетінде жазылған емес. Бірақ, көзімен көріп, сол кеште болған адамның сүйсіне айтқаны менің қойын дәптерімде жазулы еді. Бурят халқының атақты перзенті Турбашеев Әміренің әнін ерекше бағалап, өзіне таныс қазақ азаматтарынан Әміренің амандық-саулығын сұрап, сахна саңлағы болғанын, Парижге барып дүние жүзіне аты әйгіленгенін естігенде сондай қуанған екен. 1925 жылы жаз ортасы ауа Семей губерниялық сотына қызметке келдім. Осы келген бетімде училищеде бірге оқыған мектептесім әрі дос адамым Ғұмар Жүнісовтың үйіне түстім. Ғүмар сол жылдары аудандық халық соты қызметінде істеп, Жаңа Семейде тұрушы еді. Мен келгенде Әміре сол үйде отыр екен. Сағыныса амандастық, оның ұлы жолдан жаңа оралып, өте көңілді жүрген уақыты еді. Біз де өз қуанышымызды айтып, мәжіліс жасадық. Ғүмар жаны өте бір сері, өзі домбыра тартып, ән де шырқап жіберетін жігіт еді. Әміремен дос екен. Әміренің Парижде болған, Москвадағы концертке қатысқан әңгімелерін тыңдадық. Өнер иесі адамдарының көпшілігі өзі туралы әңгімелеуге олақ болады ғой. Әміре де дәл сондай. Тек ән шырқағанын, қандай әндерді айтқанын сөз етті. Парижде, Москвада алған сыйлықтарын, өзімен бірге жүріп, танысқан кейбір өнерпаздар туралы сүйсіне айтты. Әсіресе бізге көтере айтқаны Тамара ханумның мың бұрала билегені болды. Ол кезде би өнері біздің өте таңдана қарайтын өнеріміз ғой. Әміренің атын дүние жүзіне әйгілеген Парижде шырқаған әні жайлы, Москваға арнайы шақырумен барған сапарлары жайында сол көздерде жазылған, кейіннен жазылған мына төмендегі хабарларды келтіріп, тағы да таныстырып өтсем артық бола қоймас. 1925 жылдың маусым айында Семейдің губерниялық оқу бөліміне Москвадан мынадай телеграмма келген: «Семей қаласы, Шығыс көшесі № 78 кварталда тұратын қырғыз (қазақ) әнші Әміре Қашаубаев Париждағы жер жүзілік көрменің этнографиялық концертіне қатысуға келісім берер ме екен? Осыны тез хабарлауыңызды сұраймын. РСФСР Халық ағарту комиссары Луначарский». СССР халықтарының ән-күйінен Парижда берілетін концерт программасы Москваның талғампаз көрермендері сынынан екі рет өтті. Бірінші концерт 22 маусымда Үлкен театрдың Бетховен залында, екінші концерт 24 маусымда Кіші театрда берілді. Ұлт республикаларының дүлдүл әнші, бишілері, музыканттары астана жұртшылығынан жоғары баға алды. 24 маусымда болған концерт жөнінде «Правда» газеті сол күндері былай деп жазды: «Тамаша концерт. Биылғы маусымның ең ауыз толтырып айтарлық концерті. Тіпті башқұрт құрайшысы Исенбаев, қырғыз (қазақ) әншісі Әміре Қашаубаев, өзбек әншісі әрі бишісі Тамара ханум, армян халық аспаптарының триосы ұлты республикаларының шын мағынасындағы халық артистері екенін, бұл атақты жай құрмет үшін алмағандарын танытты. Олардың қарапайым әндері, билері, күйлері көркемдік жағынан болсын, орындаушылық шеберлік жағынан болсын, Европа вирви жұлдыздарынан әлдеқайда озып, сондай қарапайым аспаптарымен - ақ тыңдаушыларға жан тебірентерлік эстетикалық әсер бере алатындарына таң - тамаша қаласыз». Астана көрермендері, өнер қайраткерлері Әміренің әншілігін ерекше мақтады. Ол жөнінде сол кездегі бір рецензияда былай деп жазылды: «Халық әншісі Әміре сахнаға шықты... иін тірескен жұрт. Әміренің асқақ даусы кең залды кернеп кетті. Ұйып тыңдаған халықтың залда отырғандары да естерінен шығып кеткендей. Әміре оларды залдан жетелеп киіз үйдің ішіне, жайылған малдың арасына апарғандай әсер етті. Даусы кейде көкке өрлеп, кейде баяулап, тыңдаушының қиялын тербеді. Әміренің даусы біресе күркіреген күндей жаңғырып, біресе даланың қоңыр желінің лебіндей баяу есілді». Сөйтіп, Россия филармониясының ұйғаруымен Париждегі декоративтік өнер көрмесіне СССР халықтарының ән, күйінен берілетін концертке Әміре Қашаубаев, РСФСР-дің еңбек сіңірген артисі профессор Р. П. Любимов басқарған орыс халық аспаптарының мемлекеттік квартетінің әншілері, башқұрт құрайшысы Жұмабай Исенбаев, өзбектің әнші, бишілері Тамара ханум, Мамедова, т.б. баратын болды. 1925 жылы 9 шілдеде совет артистері Парижге барды. Франция астанасының халқы совет өнерпаздарының концертін асыға күтуде еді. Өйткені кеп Ұлтты совет халқының ән-күйін шетел халықтарына таныстырудың беташары осы концерт болатын. Біздің артистер Париж театрларында 11 концерт берді. Әміре бұлардың барлығында да қатынасты. «Ағашаяқ», «Дударай», «Жалғыз арша», «Сырғақты», «Смет», «Қара торғай», «Қызыл бидай», «Үш дос», «Балқадиша» әндерін орындап жүрді. «Париж апталығы» газеті 1925 жылдың 31 шілде күнгі санында СССР халық ән-күйлерінен берілген концерттер туралы былай деп жазды: «Комедия» залында жүріп жатқан орыс этнография өнерінің аптасы бізде әншейінде болып жүрген концерттерден мүлде ерекше. Біздер аса қызықты ойын-сауық көрдік. Түркістанның, Украинаның, Оралдың, Кавказдың адамдары еріксіз баурап алатын, өзінің туасы қалпында сақталған ән-күйін тыңдадық. Мұнда музыканың ерекшелік сипатын бұзатын гармоникалық, мелодикалық бұрмалау да, дыбыстарды былықтыру да жоқ. Қырғыз (қазақ), башқұрт, орыс әуендерін әншілер шынайы дауыспен нәшіне келтіре орындады. Музыкалық пьесалар қолдан істелген байырғы аспаптарда ойналды. Ғажайып дауыс иесі — қырғыз Әміре Қашаубаев өз елінің жан жүйені балқытқан әндерін Ұлт аспабы — домбыраның сүйемелдеуімен орындап берді. Мұның барлығынан өздерінің халықтық өнерін көрсетуге Парижге келген бұл артистердің әрқайсысы туған елін жан-тәнімен сүйетіндігіне қанығасыз. Ұлт киімдеріне безенген бұл өнерпаздарды көре отырып біз олардың туған жерлерін аралағандай әсер алдық...» Сонда француздың әйгілі жазушысы, үлкен музыка сыншысы Ромен Роллан Әміре өнеріне сүйсініп: «Мен шығыста әншіні бұлбұл құсқа неге теңейтінін енді түсіндім», — деген. Сөйтіп, Парижден даңқы аспандап оралған Әміре елге келген соң Қазақтың мемлекеттік драма театрының тұңғыш шымылдығын ашуға аттанды. Қазақ ұлт өнерінің қарашаңырағы — М.Әуезов атындағы Академиялық Еңбек Қызыл Ту орденді қазақ драма театры — сахнасын сайлап, өнер саңлақтарын жинап, іргесін қалағанда түңғыш уығын көтеріскен Әміре өмірінің соңына дейін осында қызмет жасаған. 1926 жылы жазда Россия филармониясы Әмірені Германия, Франция, Англияға барып, концерт беруге шақырды, бірақ оған Әміре бара алмады, жаңа ұйымдасқан театрдың сахнасын елге таныстыру жолына аттанып, бірнеше облысқа шығып, ойын көрсетті. Қазақ ән-күйлерін жинаушы А.В.Затаевич сол жылы Әміреден«Жалғыз арша», «Үш дос», «Шұбартау», «Ағашаяқ», «Маңмаңкер», «Смет», «Гауһартас», «Балқадиша», «Дударай», «Бесқарагер», «Көк көбелек» әндерін жазып алғаны мәлім. Әміренің әншілік шеберлігін бағаларда А.В.Затаевич оны Қарқаралының атақты әнші - ақыны Айтбаев Ғаббас және «тұрмыс әншісі» Байжанов Қалимен салыстыра келіп, Әміреге бірінші орын бере отырып, Әміре репертуарында лирикалық әндер де, тұрмыс әндері де бар екенін айтады. Жоғарыда аты аталған екі әншіден Әміре даусының әлдеқайда зор, тынысы кең екенін атап өтеді. 1927 жылы сәуірдің екінші жартысында Москва Мемлекеттік консерваториясының Кіші залында Кеңестердің бүкілодақтық ІV съезінің делегаттары үшін берілген концертке Әміре де қатысып, «Жалғыз арша», «Смет», «Ағашаяқ», «Дударай» әндерін шырқайды. 1927 жылдың жаз айларында Майндағы Франк - фуртте (Германия) бүкіл дүние жүзілік музыкалық көрме ұйымдастырылған. Осы көрмеде 22 шілдеден 31 шілдеге дейін Кеңес Одағының музыкалық аптасы өткізілген. Аптаға РСФСР-дің еңбек сіңірген артисі профессор Р. П. Любимов басқарған СССР-дің этнографиялық ансамблі барған. Ансамбль құрамында басқа ұлт республикалар өнерпаздарымен бірге Әміре де болған. Әміре бұл жолы да үлкен абыройға ие болып қайтқан. Әміре осы бір екі-үш жылдың ішінде дүние жүзілік ән-күй өнер жастарының ұлы думандарына қатынасып, халқымыздың әншілік ерекшелігін зор құрметке бөледі. Әміре 1925 жылы Парижде болып, әнімен француз халқын таңдандырған жолында оның бірнеше әнін Сорбонна университетінің профессоры Перно фонографқа жазып алды. Әміренің сол әндері күні бүгін Парижде сақтаулы. Әміре қазақтың ән өнерін әлемге танытқан, асқақ үнімен жаңадан ірге жайған театр сахнасында, ел алдына баратын концертінде өрге сүйреген әуен асқары еді. Ол 1934 жылы ашылған қазақтың түңғыш опера театрының ірге тасын қаласқандардың бірі болды. Бірақ ол опера театрының сахнасында ән шырқай алмады. Сол Әміре 1934 жылы 46 жасында қайтыс болды. Осы жерде бір ескертіп айта кетерлік анықтама, Әміренің туған жылы жайлы. Әміренің туған жылын «Ағашаяқ» деген атпен шағын кітап етіп жазған Н. Анов пен Қайнекей Жармағамбетов 1896 жылы деп жазады. Ал түзетіп архивтегі жазбаларға сүйенген Хабиев 1898 жылы туған деп жазады. Осы көрсетілген екі жылнаманың екеуі де жаңсақ. Әміре 1888 жылдың ішінде туған адам екеніне мына сияқты дәлелдерді айта кеткен жөн болар. Әміренің өнер жолынан көптеген дәлелдерді Әмірені өз көзімен көріп, тіпті со л Әміренің баласындай болған Тоқжігітов Мұқатай «Ән атасы Әміре» деген кітапта жазып бастырып шығарды. Осы Мұқатайдың әкесі Жақып Тоқжігітовпен Әміре әрі дос, әрі бір жылы туған құрдас, өмірі бірге жасап, үй ішімен араласқан адам. Әміре өзі екі сөзінің бірінде Мұқатайды «менің балам, аузына тілі симайтын Жақыпқа мұндай бала қайда», деп күлдіретін. Сол Жақыптың туған жылы 1888 екен. Сондықтан Әміренің туған жылы 1888 жылдан есептелінгені дәлділік болады. Әміренің әншілдік ақ көңіл, адамгершілік ерекшелігі жайлы аз жазылып жүрген жоқ. Осы ретте Әміремен өте дос болып, әнін қызықтап сүйсіне мадақтаған замандас інісінің бірі ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің мына төмендегі сөзін келтіру артық болмас деп ойладым. «Исадан соң, өз жолында жайыннан, жабайыдан шыққан сұлу өнердің иесі — Әміре. Әміренің әнінде ақындық тазалықтың шамшырағы жанғандай, жүректі тербетіп, қуантатын аспандаған қуаныш белгісі, балалық жарастығы бар. Әміре әншіліктің ақыны. Әрбір ырғағынан жанын салған шыншылдығы көрінеді. Жүрегінің түкпірінде жылтылдап жанған өнер оты сезіледі. Сондықтан қазақ елінің қай түкпіріндегі қай адамы болса да, кәрі-жасы, әйел-еркегіне қарамай, түгелімен Әміренің әнін қуана, сүйсіне тыңдайды. Әміре мен Исаны күнде тыңдап, күнде көріп, бірде сөгіп, мінеп, бірде болымсыз сөзбен жұбатқан болып, әрлі-берлі қақпайлап жүрген біз сияқты қала адамы олар туралы соңғы сөзді айтудан бұрын қалың қазақ тыңдаушысы не айтатынын еске алуы керек. Егер олардың артында қошаметшісі болып, иін тірескен қалың елді көрсең, сол бізге тоқтау беру керек. Оны кере тұра өнерлі, сыншы кісімсіп, қыңыр кеудеге салып, өрге сүйреу ұят. Ол — надандықтың белгісі. Қалың қазақ мақтаған өнерші — сыннан өткен өнерші. Заманының қауымы өнерін таныған, қабылдаған өнерші. Рас, бір түрмен ғана, елдің мақтауымен тойып тұрып қалуға болмайды. Түріне түр қосу, ілгері бастыру, нағыз мәдениетті өнерге ұқсату жағынан көмек істеуіміз керек. Бірақ осының бәрін мыналардың қадір-қасиетін танып, бағалай отырып істеу керек» Әміренің 1925 жылы Парижде профессор Перно жазып алған әндерін қолға түсіре алмай, ардақты асқан әншінің дауысына зар болып жүргенде, 1974 жылы бір қуанышты жағдай болды. Ол қуанышты халқымызға сыйлаған жас ғалым Шәкәрімов Жарқын болды. Осы бір жолың болғыр жас талмай Әміренің 1925-1927 жылы фонограф валигіне жазылып, ораулы күйі өнер қоймасында сақтаулы жатқан әндерін тауып, қазір пластинкаға түсірді. Бұл өлген тіріліп, өшкен жанғандай өте құнды табыс болды. Сөйтіп, Әміре әні қазақ даласына қайтадан оралды, туған аспанында қайтадан қанат қақты. Әміренің асқақ әнінің жан жүйені балқытар лебін ұрпақтан ұрпақ алтын мұра етіп әлі де сүйсіне тыңдай берер. Ән асқары аталарын келер ұрпақ мақтана мадақтар, жыр етер. Өнер өшпейді. Талантты тат жасыра алмайды. Әміре әні аспан әлемінде шарықтай бермек.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру