Мазмұнға өту
Home

Маңғыстау ақын-жазушыларының кітапханасы 14 том

Анар Шамшадинова

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Маңғыстау ақын-жазушыларының кітапханасы 14 том

Авторы: Анар Шамшадинова

Маңғыстау ақын-жазушыларының кітапханасы

АНАР ШАМШАДИНОВА

РЕДАКЦИЯ АЛҚАСЫ:

Айдарбаев Алик Серікұлы – алқа төрағасы, Маңғыстау облысының әкімі. Әріп Ғалым Бисембіұлы – алқа төрағасының орынбасары, Қазақстан Жазушылар одағы Маңғыстау облыстық филиалының директоры

АЛҚА МҮШЕЛЕРІ:

Тұрғараев Бекет Тұрғараұлы– облыс әкімінің кеңесшісі, заң ғылымдарының докторы, профессор. Өтегенов Айтуар Оспанұлыақын, (кітапты құрастырушы, жауапты шығарушы-редактор), Қосбармақ Рахат Құсайынұлыақын, (жауапты редактор), Мыңжас Темір Мыңжасұлыақын Өлке қаламгерлерінің шығармаларынан мағұлымат беретін «Маңғыстау ақынжазушыларының кітапханасы» сериясының 50 томдығы Маңғыстау облысының құрылғанына - 40, Ақтау қаласына 50 жыл толуына арналып шығарылып отыр. Бұл томға талантты ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Анар Шамшадинованың өлеңдері енгізілді.

Шамшадинова Анар Амангелдіқызы 1974 жылы Маңғыстау облысында туған. 1996-97 жылдары Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика және шығыстану факультеттерін бітірген. Анар өлеңді бала кезінен жаза бастаған. Студент шақтарынан бастап бірқатар жыр сайыстарына қатысып, жырсүйер қауымның назарына ілікті. «Поэзия көктемі - 2000» студенттер байқауының жеңімпазы, «Шабыт-2003» халықаралық фестивалінде 3 орын иеленген. Сондай-ақ, 2000 жылғы «Қазақстаным - қара шаңырағым» атты республикалық радио мүшәйрасының жүлдегері, Жарасқан Әбдіраш атындағы сыйлықтың арнайы жүлдесін алған. 2001 жылы «Жазушы» баспасынан жас ақынның «Жанар» атты тұңғыш өлеңдер жинағы жарық көрді. Бірқатар жыр топтамалары «Жыр керуені», «Қыз ғұмыр», «Маңғыстау ақындарының антологиясы» атты ұжымдық жинақтарға енді. 2004 жылы «Информ-А баспасынан «Жоқсың

сен», 2009 жылы «Жазушы» баспасынан «Кешірсең мені сен ғана» және 2010 жылы «Тамызда қайтып оралшы» атты өлең жинақтары жарық көрген. Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Анар Шамшадинова Ақтау қаласында тұрады, «Жанартау» қоғамдық бірлестігінің төрайымы, «Ақтау ақпарат» қоғамдық-саяси газетінің аға тілшісі.

І БӨЛІМ

ӘКЕ, СЕНІҢ ҮМІТІҢМЕН ӨСКЕНМІН...

Жоғарының қалыс қалмай жарлығы Өзен ағып, желмен билер қоғалар. Ең бастысы, әке, сенің барлығың, Мұңлы күндер бірде әйтеуір жоғалар. Кейде нөсер төгіледі аспаннан, Түсініксіз жерді сүйіп, соғары. Аңыздан да, жырлар менен дастаннан, Әке, сенің парасатың жоғары. Қиял қуып ақылымды төрінен, Арман, үміт, жүрек болып үш тірек. Сезім, достық, құштарлықтың бәрінен, Әке сенің махаббатың күштірек! Бүгінгі күн өсірмей ме мерейін, Дүниенің нәзіктігі қалмапты. Жастығымды, шаттығымды берейін, Аман болшы, аман жүрші ардақтым. ***

Алпыстың асыққанда асқарына, Ақ кірді жылдарменен шаштарыңа. Туған күн құтты болсын, ардақты ана, Бақытты өмір кешкен шақта мына. Өтсе де, зымырап тез жалған деген, Күніңіз атсын дәйім арманменен. Отбасы аман болсын, ал басқасы, “Байлық пен дүние артта қалар” деген. Бақыттың бал ордасы - ошағыңыз, Әрдайым ашық бізге құшағыңыз. Ұл-қызың құдай берген , Ағайын асылына қосамыз біз. Қиындық толса-дағы өміріңіз, Үміті үзілмеген көңіліңіз. Жан ана жабықпашы енді ешқашан, Шаттық пен қуаныш боп өңіріңіз. Жүректе ақ тілекпен жүріңізші, Жайраңдап алдымызда күліңізші. Денсаулық, қажыр-қайрат, бақ тілейміз, Анажан ұзақ ғұмыр сүріңізші!!! ***

Ана!!!! Сен деген Ең ұлы адамсың. Жеңбеген Ешбір мұң, тәмам сын. Мұң түгіл, қайғы да енбеген, Тек бақыт лайық қамалсың. Сен деген Ең көркем әйелсің жердегі. Тең бе еді? Қылығың –жұлдыздың ермегі. Ғажайып ән-күйдің өзі де, Жетпейді күлкіге сендегі. Сен деген Мейірім бағысың. Зердеде, Ақылды айтпасам тағы сын. Сабырды сап-сары сақтайсың, Жүректің жайлатып қағысын. Сен деген, Өмірдің мәнісің, Тербеген Көңілдің шәлісін. Періште кейпіңде күлесің, Перзенттің пайымдап әр ісін. Ана! Сен деген ең ұлы Адамсың!!! ***

Бағзы үмітпен өзімді құр алдаймын, Көңілімді басқаға бұра алмаймын. Өкпелеме, ұрыспа, сөкпе мама, Бірақ олсыз мен мүлде тұра алмаймын! Армандарсыз бұл жалған бос екен ғой, Сенім деген адамның досы екен ғой. Жалындырар, табынтып сағындырар, Сүю деген жан мама осы екен ғой?! Тәнім теріс тағдырды жекірді де, Мәңгі сезім бойыма бекінді ме? Құшағыма кей кезде ұмтылады, Ол да мені қалайтын секілді ме? Үндемейді, кейде ұзақ аймалайды, Түнереді тек ашу бойламайды. Шақырса да, сонан соң ақырса да, Олсыз менің ғұмырым жайнамайды!

Шабытының ол берер алмасы көк, Жібереді кейде еркін самғашы деп. Мен өлеңді өлгенше сүйем, мама Өмірімде соңғы да алғашқы рет!!! *** Жазғыра көрме жан ана, Жазым бассам жаңылып. Сәулесі түспей санаға Жастығым өтсе қағынып. Кешіргін мені шақтарда Сезімге қалсам байланып. Сүйгенім үшін ақталман, Оралам саған айналып. Басыма қонған береке Қашырсам өзім бетімен. Жусаны жебер өр мекен Ашар бағымды жекімен. Өлтірмен соңғы үмітті Қолымда барым жалғыз-ақ. Арманға сеніп жүріппін Ынтызар ерін, бал құшақ. Мәртебемді өлең өсірер Шалқытып шабыт ен дала. Қайырымды Алла кешірер Кешірсең мені сен ғана. ***

Құным - табылмаған жан тұрағы, Жырым - ұйқысыз түн сандырағы. Тек сен аман, ғұмырлы бол, Ұлым! Өмірімнің шамшырағы. Мұңым, қанатыңды қағайын ба? Сырым ашылғанмен ағайынға. Ешкім мені түсінген жоқ, Ұлым, сен де болмай маңайымда. Күнім, шаттыққа сан көмейін бе? Үнім тұншығады көмейімде. Жалғыздықтан жапа шектім, Шыным, таудан құлап өлейін бе? Сені ғана қимай қалам, Мені итерген мидай ғалам. Өгей қызы туған елдің, Жөргегіне сиған қалай? Таңды күтем, бақыттысы бір атардай, Жанды күтем, сезімі асып ұнатардай. Өлеңімді мақтаған жұрт, Неге итеред, құлатардай,

Ұлым – тірлігімнің шамшырағы, Шыным, сағыныштан қалжырадым. Сенші маған, мән бермегін, Жырым – жалғыздықтың сандырағы, *** Сауық салған салдақы сазы мықты, Дүниеден баз кештім кешір ана. Маңдайыма сорлар мың жазылыпты Мына өмірге әкелдің несін ғана? Арманымнан адастым иманы үстем, Таңдарымда жасырып күн жарығын. Қайратым да таусылды жиған күшпен Өзді -өзімді жарытпай өз жарығым. Өткен әрбір күніме өкінемін, Кешір ана, сал басты сағынышты. Ақырет күн жалынам жекімегін, Ақтық жырым аққанат қағып ұшты. Жырым қалар, айтылмай әнім қалар, Қайғы қаулап жап-жасыл құрағымды. Жаным ұшып, жер менің тәнімді алар, Мен солайша өзгертем тұрағымды.

Менсіз әлем білемін ұнамасын, Өлу оңай, лап етіп жансам кенет. Қабіріме гүл егіп жыламашы, Кешір, ана кешкенсің қаншама рет. *** Тал бойымды тоңдырып таң ызғары, Қайталанып тағдыры сан қыздардың. Сағындырмай, ешкімді сағына алмай, Аға, бүгін тағы да жалғыз қалдым. Арман алыс, қиялым қанатында Тарлық көріп, талантым, тағатым да. Жиын түгіл, жылауға шамам келмей, Дем аламын тірінің санатында. Аға, менің сезімім сарқылғандай, Сезімдерсіз ертеңге нарқым қандай? Түкпірінде кеудемнің тыпыршиды, Жарым үміт жарыққа талпынғандай.

Түсінбеймін өзгені, өзімді де, Кермек мұңым кеңістік сезінді ме? Ғашықтық пен құмарлық адыра қап, Құдай үшін қанағат көзіңді ілме. Жалғыздықтан соншама шошынамын, Таусылардай өлеңім, тосын әнім. Айналамнан алданыш таппай қалып, Ұлы көштің шаңына қосыламын. Көкте күннің бешпеті ағытылды, Құптағандай шаңқайда шабытымды. Қайдан ғана іздеймін айтшы, ағажан, Әлі құшып көрмеген бақытымды?! *** Мұңнан қашпан жеңе алмас, Ғашықтықты қайтаратын дәрі бер. Маған ешбір тәуіп көмек бере алмас, Сағынышты тарқата ма дәрігер?

Жаңа гүлдеп өмірімнен түңілдім, Бақыт алдап қашқақтайды әрі-бер. Тәнім бүтін, көкірегіме үңілдім, Жанымды емдеп жаза алмайды дәрігер. Мама, мен де махаббаттан алдандым, Құрбан болып қайталанбас шақтарым. Үміт үнді шыққанымен алдан мың, Адасады арман құшар ақ таңым. Мен егілсем, дүрмек дүние қыңбады, Көңіл суып, тәнім суық әбігер. Жасымды сүрт, өлеңімді тыңдағын, Мама, маған шақырмағын дәрігер… *** Ақындыққа о бастан-ақ бекінгем, Өлеңөмір, өлең - менің тағдырым. Енді ешқашан ештеңеге өкінбен, Жүрегімде бар ғой менің ақ жырым.

Сағынышпен қоныстанған кеудемде, Өлеңімнен басқа түк жоқ, жыламан. Айлы түнді есіңе алма ей, пенде, Бақыт сұрап қайғы-қасірет құраған. Көктемеде кербез күйді кешкенмін, Шабытыммен бірге шалқып көңілім. Әке, сенің үмітіңмен өскенмін, Қалай ғана мұңға толды өңірім? Сан сүріндім Бекет қана сақтады, Тәңірім де тауыспады тұзымды. Әке, сенің арманыңды таппадым, Кешір жырға жанын берген қызыңды... *** Мама! Мен бәрінен шаршадым. Әл бермес әрнені аңсадым. Жылатпай жұбатшы, жалынам Көзімнен жас емес, тамса мұң. Шаршадым, жабайы сезімнен Тас емес, таразы төзімнен. Сүйем деп сүрініп күйемін, Қателік кетеді өзімнен.

Сағындым біреуді, бір елді Көмейге құмарлық тірелді. Еліткен, еріткен жерітпей, Сағымдар шалқайып жүр енді. Өзімнен, сөзімнен алдандым, Тізерлеп төсінде жалғанның. Ұмтылып, биікке құлшынып, Соңында жалғыз қап сандалдым. Бәлкім мен ақын да емеспін?! Қасында қаңғырған елестің, Мама, мен бәрінен шаршадым Енді өмір-тамаша демеспін... *** Өмірімнің төріндегі ең, Көңілімнің көгіндегі күн. Сағыныштан салған әнім сен, Жазымыштың жазғанына беу... Тамшысымын қара қаныңның, Бауырыңда балапаныңмын. Бар жылуын алақаныңның, Бердің әке. Өтер өмір қас-қағымдай-ақ, Дүние шуақ шашқанымен де. Басты бейне – дастанымдағы, Сенсің әке.

Жазылмайды сенсіз жыр менде, Жалғыз жүрек сен дер кеудемде. Атар таңнан үміт жоймадың, Сапарларда сені ойладым. Тәңірімдей табынарым - сен, Тағдырым да, бағым, барым - сен. Адам бол деп күнде сұрадың, Сеніміңді ақтаумұратым. Аманат Туған бауыр, жүрегімде у, ішпей жемей жаным мас, Кез келеді қашсаң-дағы аттанатын сапарға. Мен табынып жүргеніммен Мұқағали танымас, Мен өлгенде мені тіпті Кеңсайға да апарма. Бақытты боп бақпасам да, балдай дәмін татқанмын, Мен өмірді сүюші едім, мейлі сорым көп менің. Арманыма ақ шуақтың адасқаны батқаны О, бауырым, мені көмгін, жырларымды көмбегін!

Өлеңдерім ұрпағымдай тірі қалса болғаны, Жырларымды жұртым алсын, ұқсын мейлі ұқпасын. О жақта да арманымсың, өзің ғана қолдарым Сүйікті жан, жанарыңнан бір тамшы жас шықпасын. Туған елім, өртенбесе, өкінбесе жетеді, Күнәм болса, кінәм болса, көктен көмек сұрайын. Бауырларым, өздеріңмен өзге қайғым кетеді, Тірлігімде алыс кеттім, енді жақын тұрайын, Туған жердің бір төбесін биіктетіп тұрайын. Мен өлгенде маң даламның бауырына жерлеңдер... Жырға ғашық жақсы жандар гүл әкеліп жүр дәйім. Қадірімді білмегенге енді мені бермеңдер, Бауырларым, мен өлгенде туған жерге жерлеңдер!!! Сіңліме

Гүлім ең өскен бақшамда, Аялап сені бақсам да. Серттесіп бірге болуға, Сыңарың таптың ақшамда. Таба алмай жанның бір емін, Жат жұрттықсың ғой нетермін? Жанымда жайнап жүр едің, Жыраққа бүгін кетесің. Ағайын тілеп бағыңды, Жаныңнан әркез табылды. Еркелеп жүрген елік ең, Есейдің, сырға салынды. Махаббат атты сезіммен, Ашасың өмір есігін. Қоштасар бүгін өзіңмен, Туған үй, алтын бесігің. Қуанып жас пен қартың да, Маңдайдан сүйді тартынба. Алдыңда бақыт отауы, Балалық қалдың артыңда. Сезімнен өмір от алар, Келді ғой кезің бата алар, Қайда да ақ жол тілеймін, Қолдасын сені аталар!

*** Қуанышқа тұрғандай бар маң тұнып, Бар бақытты тілейді жалған күліп. Аспанда Ай шашады жұлдыздарын, Арманменен қосылды арман бүгін! Сәтті болғай жолдарың алға асатын, Тәтті болғай алда өмір жалғасатын. Балалықпен қоштасып отбасылық, Құтты болғай күндерің алмасатын! Ұрпақтарың көбейіп өсе берсін, Жақсылығын құдайым еселесін! Жас отаудың биік боп шаңырағы, Деп тілейміз көгерткей көсегесін. Күнің шуақ, таң арайлы атқай тек, Бата-тілек, қабыл болғай айтқан көп. Ата-баба, әруақтар жар болып, Қолдап-қорғап, желеп-жебеп жатқай тек.

Сүйгендерге көкте Күн де күлімдер, Бір шаттанып, сендер бірге күліңдер! Махаббатқа адал болып мәңгілік, Қос аққудай қол ұстасып жүріңдер! *** Серік Томановқа Мұқаңдар жоқ Абайлардың соңында Кеткен мәңгі қаламымен қолында. Тағдыр бақтың бұйыртпады бірін де Сені де, Аға, көре алмадым тіріңде. Көре алмадым шабыттанған кезіңді Ақ параққа ақтарылған сезімді. Мен білмедім, сені мұңның құшқанын Тіршіліктің тарықтырған тұстарын. Мен білмедім, алдамшы үміт малданып Сенің оған күн кешкенің жалданып. Бәлкім, солай бақытың да кешігіп Сен асығып жаптың өмір есігін.

Өкпелемей бес күн жалған фәниге Бірді әкетіп, бірді әкелер әр үйге. Сен жырың оқылғанда ұйып таң Түн жымияр өр күлкімен миықтан. Сен кеткенмен дүние өзгермеді Қала, дала, жұрт аман өз көргенің. Ақындар жүр алысып сезімменен Ал, арулар жоқты аңсап көз ілмеген. Тірісінде мұңдарды өріп кілең ,,Тағдырынан алданған - дерсіз бір мен,,. Өлеңіңді көзіңдей көріп жүрем, Кешір аға өмірді сенсіз күлген. Аманқос Мереевке Мен сүйемін алып Күнді төбемде Күйдіретін шілдеде. Аспанымды ауа қармап өбем де, Түнді құшам кәжекейін ілмеген. Мен сүйемін дархан, дара даламды Оған теңеу таппадым. Әкемді – ата, келін еткен анамды Ұмыттырып тақпағын.

Мен сүйемін тауларымды түксиген Жақындасаң, адалдықпен, кел сертпен. Анау кәрі қарағайды бүкшиген Талай дауыл теңселткен. Каспий сені сүйем десем, ұнай ма? Толқындардан көрінбей тұр көлемің. Мені көрсе, қуана ма, жылай ма?! Секіреді біліп-тұрып өлерін. Мен сүйемін мынау туған жерімді Менің жұмақ мекенім. Мейлің, бақыт атаулысы жерінді Күлкім алып секемін. Мен өлгенше сүйем оны, жалықпай Бір минут та тоқтаман. Сүйіп болсам, бет-пердемді танытпай Тек ажалға оқталам Онда тірлік жоқ маған. Қазақ еткен тілімді де, өңімді Тәңіріме тәубе етіп бас иемін. Қалдырса да, қаңғыртса да көңілді Мен өмірді сүйемін. Мен сүйемін өмірді. Мұқағалиға арнау

Жыласам жұбатардай, жырласам қуанардай, Жанымнан табылар деп сәтімде ағалаған. Жалғыз қап теңізімде сіз келіп жұбанардай, Сағынып сіз бар күнді іздеймін жағалаудан. Шығарып бәрін жоққа, шарқ ұрма шағалалар, Ұрлама сенімімді, жаншыма жалынымды. Жалғыз қап бар әлемде сырласы - жаға ғана. Сізді аңсап ақын көңіл тентіреп тағы мұңды. Тонама тәтті елесті, толқындар айдыныңда, Қолдама қабағымды, тауыспа тағатымды. Оралса махаббатым, жоғалар қайғыларым Өткенді қайтарар ма бұрайын сағатымды.

Көк аспан күңіренді, жан-жақтан жабыла мұң, Айырып жіберердей теңізді сабасынан. Бос әуре балғындықпен іздеймін, сабыламын, Қыранын Жетісудің Каспийдің жағасынан... *** Мен сені сағындым, Сағыныштан сары үміттей жайды ұғам. Ең бақытты қайталанбас шағымның, Тұрады өзі қайғыдан. Мама, маған ұрысқын, Менің мәнсіз тірлігімді табалап. Айырмастан дұрыс пенен бұрысты, Сүйген кетті жаралап. Мама, сенің көздерің, Көкірекке әлдиің де шалғайда. Бақшасында не қып жүрмін өзгенің, Елге қарай самғамай?! Мама, сенің ақылың, Төрешісі талғажаудай есімнің. Сенен алыс кетіп тапқан жақыным – Иесі мұң кешімнің.

Мама, аппақ арманым Адасса да, алдаса да біргемін. Шақырғанда шынбағыма бармадым, Өзім үздім ілгегін. Мама, мама, ақ мама, Әулиесі, асылы сен жандының. Поэзия – бағым шығар, даттама, Ал, махаббат – мәңгі мұң. *** Өлең жазам түсімде, өңімде де, Одан кірбің кете ме көңілдегі? Кешір, ана әйтеуір тірі жүрмін, Әлі таппай, орнымды өмірдегі. Өзді-өзімнен сағымдай бұлдырладым, Жылап, құлап, құр сөзбен сылдырладым. Жиырма бес те қиылып қала берді, Мен бірақ та ештеңе тындырмадым. Жастық-жалын, мен бірақ, жана алмадым, Сүйіп, күйіп бақытты таба алмадым. Өлең жаздым, өлеңімөмірім деп, Ақыны боп ғасырдың саналмадым.

Сүріндім де, түрініп бекіндім мың, Қара көзде күн кешіп кекілді мұң. Босқа өтуде таңдарым таптырмайтын – Ең сорлысы фәнидің секілдімін. О, құдайым, жанымда жүзді жырым, Маңдайыма тағдырды сыздың бұрын. Жағалардан шаршадым, ағалардан, Құрып кетсін, хрустальдай қыз-ғұмырым! *** Әке, Ауылды сағындым, Көркем қала шаршатты. Ерке қызды басынды да тағы мұң, Жастығымда жайы болмай жанымның, Балалықтың бал қылығы аңсатты. Кеттім сенен бір арманның соңында, Сұлу қала жасырыпты сырларын,

Сырты сұлу саябақтың ұрларын, Жазылмаған жырларын. Сенген қызың сынық қалам қолында Кім ұғынған мәнге жұтаң тірлігім – Кімге дәрі өлеңім? Көшеде ұзақ сенделемін кештердеСағынышым сабыр таппай еш жерде. Бір бұйырмай сезім мен жыр бірлігі Жаңа күнге жаңа мұңмен төнемін. Ешкім мұнда елеңдемес халіме, Ақын қыздың осы сірә, тағдыры, Тек арманға арналғандай сандығы. Іште шындық шырылдаған әріге, Жан төтемес жалғыздықтың зәріне Шыдап келем әлі де. Ақылымнан алыс кетсем, жан мұңы Әке, Кешір бәріне...

*** Ұлым менің, Сен әлі дым білмейсің, Жарығымсың, теңі жоқ, күнім менің. Домбыра боп бір ауық күмбірлейсің, Сосын ән боп әлдилей күлімдейсің, Бірақ, ұлым, сен әлі дым білмейсің. Білмейсің-ау, дала тұр қарық болмай, Жынды желдің желкілдеп шат болғанын. Бар шырағы әлемнің жарық болмай, Бір-ақ сәтте дүние жат болғанын. Ақ пейілі адамның ақ қар болып, Бірін-бірі жасырып алдағанын. Көңілдерге түбі ащы бақ жар болып, Тұрақтылық тұқымы қалмағанын. Білмейсің-ау, жігердің құм болғанын, Жанар батып жасанды бұлағында. Сүйген жанның сырт беріп жым болғанын, Тағдырдың бір сүрінтер сынағында.

Сен білмейсің, көктемнің кешіккенін, Өткенімен жыл құсы тыраулаған. Мекенімнің мұң билеп есік-төрін, Күлу емес, қиындап жылау маған. Алматының кешінде қылымсыған, Жалғыздықтың жанымда қалғандығын. Білмейсің-ау, айтпайын, ұлым, саған, Сырты сұлу өмірдің жалғандығын. Бір сұрағым бар еді, апа Фариза Оңғаорсыноваға Бір сұрағым бар еді, апа, Жер сазарып сараңдықтан, Сый сұрадым балаңдықтан Бір жан таппай санамды ұққан, Суық кеште соны күтем, Бақ табам ба адалдықтан? Күнге қарап шапағатты, Айдан күтіп шапағатты Талай таңдар шапақ атты, Сүйдіреді жерітіп ап, Қайтсем екен махаббатты?

Мұң бұзғандай реңімді, Қайдан табам бір емімді? Түннен іздеп тірегімді, Түсімде ылғи құшады осы Біреу менің жүрегімді. Табынатын өнерім бе? Құтқаратын өлеңім бе? Өлең жазам сөнемін де, Сосын қайта тірілемін, Тіріліп ап, өлемін бе? Адасамын бір елсізде, Сұрағыма күлесіз бе? Жырағымда жүресіз де... Астан-кестен жер бетінде Бақыт бар ма білесіз бе? Бақыт бар ма білесіз бе?! *** Жүрегімде жүз қапа, Жазылмай жүр жыр нешік? Жолықтырдым сізді, апа, Жүргенде мұң күн кешіп. Шабыт шыңда қарлығып, Ойлар қашып далаға. Бастан сипар халді ұғып, Бір жан қалмай қалада.

Өлең ғана өсем деп, Үмітті үрлеп көктеген. Сезім сұлу кешем кеп, Сағыныш сырт жоқ тепкен. Апа, Айтшы ақылың, Жырдан жақұт үнді өрем. Қалай мұңсыз күн көрем? Жердегі ең жақыным, Жазба дейді жынды өлең. Апа, Айтшы, оларға Жастық жазы –сұрапыл. Жүзі жайсаң жылы ақын, Мендей сірә, болар ма? Сізден сый боп бір ақыл, Басқа бақыт қонар ма, Басқа бақыт қонар ма?! Дариға Ырымқызына Сен жүргенде маңымда, Мұң жоламас жаныма. Шуақ сүйіп таңымда, Толқын тебер қаныма. Сен күлгенде жарқырап, Қайғы қалар өмірсіз. Шабыт тулар арқырап, Жыр жазбаймын көңілсіз. Арман алыс жоғалмай, Табылғандай қасымнан. Бақыт самал соғардай, Азап кетіп басымнан.

Келсең, көрсем жымиям, Бере көр деп жолыңды. Пір Бекетке сыйынам, Жайып екі қолымды. Мейірімді бал қылық – Жолдас еттің қарғаңнан, Жүрегіңді жандырып. Күліп өткін жалғаннан, Мұңды маған қалдырып... Махамбет баба рухымен сырласу Жан баба, жыр арнасам, Сен мені тыңдармысың. Шабытты шыр-пыры ұшқан шыңдармасың, Тарихтан сыр қармасам? Жаза жүрмін жыр сұлу, Саған да, туған елге де. Болмағанмен тәнде қымсыну, Жүрек жүдеді, ол желме ме? Артқанда үміт көп пенде, Күткізген шабыт шалқайып. Сен жазған жырлар жоқ менде, Несіне жүрмін марқайып. Батырлық та жоқ менде, Дулығаң қалды-ау иесіз. Көркейген күдік – көк белде, Болашақ әні жүйесіз.

Айтқанмен жақұт сөздерін, Мен емес қала шайыры. Өлең сезімім һәм өз демім, Жоқ оның елге қайыры. Жырыңды ғана жаттадымҚолымнан менің келгені. Ел тағдырын сатпадың, Болмаса да саған бергені. Достықтың сақтап салтын хақ – Жаныңды берді ол үшін. Қынапта жырың алтындап, Әлсізге берген қол ұшын. Жан баба, мұңым - ішімде, Арманым – алыс кемсеңдеп. Көзімді жұмдым түсімде, Жырыма бата берсең деп... Мұқағалиға сыр Жас күнімді берер едім қаласаң, Хас түнімде тәтті ұйықтар ем балаша. Бақыт бермей, мұңдарына тойдырған, Аға, өмір мәнді сынды қарасаң.

Өлеңің бар жүрегімнің түбінде, Азаптардың татып қойғам көбін де. Сіз таппаған, армандаған, о, ғажап? Ақ махаббат қалықтап жүр көгімде. Сүйе алмаймын, сүю-теңім еместей, Шаттығым да күндеріммен тең еспей. Сіз жетпеген, мен жетпейтін ешқашан, Асыл арман артта қалған елестей. Поэзия-тағдырыма табындым, Сезім-сатқын, мекені жоқ бағымның. Тәтті шарап, сұлу сері әлемде, Жалғыз қалып, аға, сізді сағындым...

ІІ БӨЛІМ

САМҒА САҒЫНЫШ

Қазақстан

Мынау жалпақ жердегі, Менің жұмақ мекенім. Тағдыр оның ермегі, Болашағы жеке мұң. Мынау заржақ заманда, Ашылған кең қабағы, Жасырмаған табағын Жақсыға һәм жаманға. Бөтен көрмей бәрін де, Қадірлі етіп төрінде Ұлт пен ұлыс тойлайды, «Өз үйім» деп ойлайды. Ақсақалы ардақты Қамын күйттеп жан жақты, Берекесі баланың Мерекесі араның. Жігіттері жалындай, Қамал сынды алынбай Жарылардай жүрегі Жалына алмай жүреді, Адамға да қоғамға. Намыс одан жоғалма! Тек Аллаға бағынып, Тек Алланы сағынып, Күле-тұғын елжіреп, Жылай-тұғын тезірек Қазақ деген кәрі ел бұл! Алмағайып әлемде, Жоқ менде арман, бота мұң Менің жалғыз Отаным Менің жалғыз Отаным. Қазақстан!!!

*** Ием сенсің - Маңғыстау, Кием сенсің - Маңғыстау! Арып-ашып жүрсем де, Орным менің бір сенде, Сүйем сені Маңғыстау! Бағым сенсің - Маңғыстау, Тағым сенсің - Маңғыстау! Сен деп жылап тойыңда, Меңдеп сезім бойымда Жағым семсін Маңғыстау! Арым сенсің - қандағы, Барым сенсің - ардағым. Тірлік теріс тұлтиды, Бірлігіңе кім тиді? Зарым сенсің жандағы. Асылым сен анамдай, Бар сырым кең далаңда. Алыс кетсем қалмадым, Тек өзіңе арнадым Балшырын жыр санамда. Ертеңім сен - Маңғыстау, Ерке мұң сен - Маңғыстау! Сексеуіл мен жусаннан, Мені қанша қусаң да, Кете алмаймын Маңғыстау... ***

Бозашыда күз сәнін құрған кезде, Бар маңымда сұр сағым, толған елес. Көңілімде Бекетім тұрған кезде, Өмірімде өзге арман болмақ емес. Шерқалада шындығым сырларыммен, Биіктік деп білемін Отпанымды. Сен туралы жанартау жырларыммен, Халқым айтсын ақтық сәт жоқтауымды. Самға деген сағыныш гүл өңімде, Сарқылмайтын сезімге иемін мен! Өлеңіммен, сөзіммен, жүрегіммен, Маңғыстауды мәңгілік сүйемін мен! *** Алматыдан, Астанадан алыста, Бір қала бар жас арудай толысқан. Жағасында Каспий деген кәрінің, Ұлт пен ұлыс бір-бірімен табысқан.

Бес алыптың Каспий қосқан арасын, Тілегі аян:достық тапсын жарасым! Аққу-сезім аппақ атып таңдарда, Шырқар әні шартарапқа тарасын. Толқын үміт талпынады қашыққа, Шағалалар шағынғанда ғашықтай. Болашаққа батыл басып келеді, Ақтау-ару арманына асыққан. Бейнеу Жалғыз емес, көлеңкеммен оңымда, Қолымда мұң, көкіректе түйгенім. Бір арманның кетіп едім соңында, Саған қайтып келіп тұрмын Бейнеуім. Саған қайтып келіп тұрмын оралып, Сырлар қалып, Жылдар салып араға. Балаң шаттық, дүр үміттен тоналып, Тек өлеңім жұбанышқа жараған.

Жауабым жоқ. Сұрақ жүзбен қарама. Кетіп едім бір арманның соңында. Сыймағандай Маңғыстаудай далама, Нән қалаға, Сәл үмітпен қолымда. Келіп тұрмын, Құшағыңды аш маған! Өмірім жас, Көңілім бос шаршадым Шындықты іздеп беймәлімге бастаған, Нұрсыз дүние, Дымсыз күнді аңсадым. ,,Арманыңа адаспай жет,, деп тілеп, Анау жерде әкем қалған есімде. Жаңбыр жаумай, желге ұшты көп тілек, Әз анашым, Мәз балаңды кешірме. Нөсеріңдей кейде жасым құйылар, Бекет болған тауларыңа жақынмын. Құлағымда, Тұрағымда жыры бар Сені сүйген Аманқостай ақынның.

Сенші Бейнеу, Топырағыңа табындым. Таңда күлдім, түнде сен деп бүркеніп. Қара қасын, Дара даусын сағындым, Жанар қайда? Біздің үйдің үлкені. Балалықтың өзгерген бе көшесі? Жұмаш шешем қуалайтын жақпасақ. Қыркүйектің достар бүгін нешесі? Күтуде ме, мектебіміз қақпасы ақ?! Өткізгенмін сенде қыс пен үр жазды, Құр қиял мен мың ойлар боп ермегім. Мынау жерде махаббат деп жыр жаздым, Анау жерде ақ сезімге сенбедім. Асығушы ек әлдеқайда ұл-қыздар, Боз далада Бозбаламен сырласқам. Жырақ түзде кішірмеді жұлдыздар, Бірақ бізді түсінбеді түнгі аспан. Өңім өзге, құр мінезбен қайтпаған, Арман адыра, Сенім сөнген күйдемін. Үкіміңді, Қиқы мұңды айт маған

Мен өзіңе келіп тұрмын Бейнеуім!!! *** Күдіксіз көрінген көзімде, Сырымды ақтарсам жасымай. Күздің бір кіршіксіз кешінде Өзіңмен таныстым Жасыбай. Көз жастай мөп-мөлдір айдының, Жағаңда жайлаған тыныштық. Ешқашан көрмеші қайғы-мұң, Жатысың мен үшін тым ыстық. Маңдайға жазылған қазақтың, Қуғын мен сүргіннен шошымай. Кешсең де қаншама азапты, Сен бірақ өлмедің Жасыбай. Сұлулық сен дер ем, сұраса, Толқындар табысқан, тебіспей. Жас талдар бимен ән құраса, Бал суың күнменен өбіскен. Баян тау құшақтап сезіммен, Сен оған еркелеп тасымай. Асығып аттандым өзіңнен, Асығып жетемін Жасыбай, Асығып жетемін Жасыбай. Маңғыстауға оқ атқан қолдар сынсын!

Маңғыстауым, сен едің қасиеттім, Топырағыңа ұрпағың бас иетін. Сапарларда құмар қып жусаныңа, Өрт сағыныш көзіме жас үйетін. Ақтау – арман, Жаңаөзен – жақұт қалам, Шетпенің тау-тасынан шабыттанам. Өр өлкемнің нанын жеп, ал, намысын Таптағанды кешпеспін табытта да! Мұң түспесе екен деп жанарыңа, Қайғыларды үйірдім қаламыма. Қойнауыңнан құтыңды сорып алып, Айналдырды қаскөйлер қаралыға. Ақ үмітпен қарайтын аспаныңда Ай, Болашаққа сенетін жастарыңда. Сол ұлдарың қамалып темір торға, Бүгінде еңсең түсті-ау, асқағым-ай!

Құдай берген мұнайға тоймағандар, Халқын емес, құлқынын ойлағандар. Жүрегіңе өшпестей жара салды-ау, «Ақтау-сити» салам деп қоймағандар. Шындық сырды айтар ма білсе-дағы, Сұмдық күнді сол айда көрсе-дағы. Күнәһарлар ешқашан тізерлемес, Ақиқаттың аспаны төнсе-дағы. Ақ жаныңды кім екен жаралаған, Айдыныңды лайлап қаралаған?! Тыныштықты оқ атып, бұзып алып, Кім болды екен күштіні сағалаған. Мұндай сұмдық тарихта жолықпаған, Туған ұлдан ешбір ел торықпаған. Әулиелі жеріңнің киесінен, Қай имансыз болды екен қорықпаған?!

Қасіреттен қайысып жер тұрды ғой, Әділдік деп егіліп ел тұрды ғой. Татулық деп түрлі ұлтты жиып алған, «Ұлы үкімет» өз ұлын өлтірді ғой. Бейбіт күнде зарлатып аналарды, Жауыз әскер дұшпандай дараланды. Темір тұсау салынды Жаңаөзенге, «Мұнайшы-жау» деп улап саналарды. Жеті ай талап-тілегін сұраса да, Дұрыс еңбек келісім құраса да, Әкім-құра, санаулы, қалаулылар, Селт етпеді аш бала жыласа да. Жақсылыққа апармас жолдар нұрсыз, Қорғамайтын халқымды заңдар құрсын! Жазаласын бір Алла арсыздарды, Маңғыстауға оқ атқан қолдар сынсын!!! *** Венгр жері суы көп, Даласы егін, нуы көк. Кәрі Дунай зулайды, Берекені қумайды.

Ғимараттар ғасырдан, Ғасырларға асылған. «Ио напот» деп таңдарда, Оятады жандарды. Болашаққа асыққан, Кеудесінде тасып қан, Шамдар сөнбей сыр тізген, Кештерде һәм күндізде. Халық ұлы алаңда, Ескерткіш боп қаланған. Орталықтар жасанған, Гүл жұмақтай жас арман. Жұлдыздары жымыңдап, Аспанында мұңым қап, Келем жалғыз жабығып, Бір қазақты сағынып, Венгр жері жәйімді ұқ... *** Талқан болып қамалдай тірегім де, Етім өліп, күш бітті сүйегімде. Өмір сүру мен үшін қиын боп тұр, Мұңнан басқа дым да жоқ жүрегімде. Үміт, арман? Ондай жоқ жүрегімде, Содан оңай жылаймын, күлемін де. Білте шамдай білінбей сөніп барам, Маңғыстауым, қолданшы бір еміңді!

Шындық таппай, шегіндім шаршағаннан, Сауға сұрап, сарылдым қанша жаннан? Алауыздық жайлады айналамда, Бірлікті құр не шығар аңсағаннан? Бақыт емес, ақтық сәт тосам алдан, Ұйқастырып өлеңмен ,,Қош, аманды,,. Маңғыстауым қумашы құшағыңнан, Тудым, өстім, өлейін босағаңда!!! *** Тентек едім... Тыныштыққа бағындым. Жеңбек едім... Енді мұңға жағындым. Қоңыр күздің қылымсыған кештері, Тым Бекетшіл Бейнеуімді сағындым. Адам едім... Сезімдерге ерідім. Адал едім... Енді одан да жерідім. Жыр жазар ем жағасында Каспийдің, Тұйық жаңбыр әзір менің серігім.

Арманы едім... Бір жігіттің сабырсыз. Жалғап еді Ол үмітін тамырсыз. Жетісуға күз келді де көшеде, Жапырақтар өліп жатты қабірсіз. Ауылымның өшпесе екен шамдары, Қауымының қараймасын қандары. Күз сияқты мен жүремін көңілсіз, Алматының зорға оятып таңдары. *** Маңғыстау! Киелі мекенім Тек өзің лайық талғамға. Өзіңмен армансыз екенмін?!! Жалғанда. Маңғыстау! Мәртебемді асырар, Құм басқан төбелер, ен дала. Ғашықпын, сырым жоқ жасырар, Іңкәрім сен ғана!!! Маңғыстау! Атыңнан айналдым, Затыңа байланып, Көркіңе тоймаған көкте Күн. Өлгенше төсіңе жайланып, ,,Соңғы рет сені өпсем тілегім жоқ, дедім.

Маңғыстау! Қасиет дарыған, Шуаққа жарыған, Көшеңде. Ертеңгі тағдырың жанды жер жеке мұң, Десем де. Шаттықтан жаным мас, Жауыны қарымас, Менің құт мекенім. *** Елім, Еркелігімді көтерер, Өзіңдей дархан қайда бар? Перзенттік парыз өтелер, Тек сонда жаным жай табар. Жерім, Байтақтығыңа бас иіп, Сай тоқтығыңа жылаймын. Өлеңмен алдыңа ас үйіп, Төсіңе тізерлеп құлаймын. Қазағым, Айдалып, көшіп тегіннен, Тартқансың тағдыр залалын. Ертеңің үшін егілме, Ұрпағың табар амалын. Алматы, Өз көркіне өзі мастана, Маңайын ұрмас бас қала. Құшағыңнан итерме, Бермесең де баспана. ***

Туған жер! Топырағыңнан жаралдым, Ерте көктем бәйшешегің бола алдым. Адыр—бұдыр сай-төбеңде еркелеп, Жынды желге тоналдым. Туған жер! Сен едің үміт артқан көп, Тауқыметіңді тартқам жоқ. Төсіңде сенің бабамның ізі қаңғырған, Анамның сөзі жаңғырған. Айналайын киелім! Жер бетінде саған тұрақ тең бе екен? Әлде, Туған жерің – жұмақ жер ме екен?! Саған асқан сағынышты баса алман Парызымнан қаша алман. Туған жер! Топырағыңнан жаралдым, Кіп—кішкене ақын қызың бола алдым. Құпиясын құм жасырған қойныңда, Сағымдармен жоғалдым.

Туған жер! Айныма осы қалпыңнан, Жусаның жұпар мен үшін артық алтыннан! Махаббат мендік өзіңе мәңгі өлмейді, Алса да тағдыр алқымнан. Туған жер! Маңғыстау Маңғыстау!!! Сағынып сені келгенде, Сағыныш-қолын бергенде, Шабыт моншағын тергенде, Өзің арнап ғапыл-жыр,

Ғасыл-жүректен өргенде, Ғазиз жандардың орнына, Алдымнан шықты бір үміт, Артынан еріп мың мұңы, Кеуіп қалған тым ындыны. Жауымдай менің бірігіп, Жеңілер одан бір демде, Болса да қанша ірі үміт. Аңсап бір сені жеткенде, Өшің бар ма әлде тек менде? Несіне маған түйілдің? Ашу-толқынды үйірдің, Жағаңда жазған жырымды, Ақтарған әзиз сырымды, Лақтырып неге күйіндің? Маңғыстау, Айтшы қайғыңды?! Білем дегенмен жай-күйді, Жаралып сенен өскен бір, Топырағыңды кешкен мың, Күйкентайдай құсың ем, Он жеті жаста ұшып ем, Бір арманның соңында. Бағаңды сенің асырып, Жоғыңды жым-жырт жасырып, Жел-дауылдарда тоңдырып, Жауын-қарларда домбығып, Өзімді саған байлағам. Өзіңсіз өлең, қайдағы ән?! Маңғыстау! Адайдың арқар даласы, Каспий құшағында қаласы, Өрлігі асқан баласы, Ешкімнің жоқ таласы. Бүгінгі қандай тірлігің? Қайда кеткен бірлігің?! Қол салған саған кемде-кем, Бір шаршы жерін бермеген, Қайран да, ата-бабалар, Аруағыңа тиді кім? Маңғыстау! Бекеттің бақтай мекені, Қара алтынды сапырып, Құштарлығы ақырып, Ұлт пен ұлыс күн кешкен,

Бірін-бірі шақырып, Каспийдің анау шетінен. Иманы тамған бетінен, Дегенмен жұмбақ-тақырып. Маңғыстау! Ұқтыр халіңді? Қинамай менің жанымды, Азабыма қандың ба? Ағызамын қанымды, Сен үшін өртеп тәнімді. Айтарым осы алдыңда. Маңғыстау! Сындардың тозағынан, Жылдардың мазағынан, Аман қап келдім саған, Ғұмырды бердің маған, О баста таза мұңнан. Жолымды көрем сара, Қолымда – өлең ғана. Маңғыстау! Мәңгі тау, менмен теңіз, Парызым өтелмеген, Қарызым кетер ме екен? Ақ сезім аңтарылған, Қасірет қаңтарылған, Өзіңе ақтаруға, Өмірім жетер ме екен? Қиқымдай бақ табуға. Шерқала-шерім менің, Ен дала – жерім керім. Маңғыстау! Шығар мұңыңды, Кімдер ол алған тынымды? Солайша құртқан құныңды, Сен үшін көкті кеземін, Жауыңды шоқпен еземін, Тек қана айтшы шыныңды? Маңғыстау!!!

Ауған жауынгерлеріне Гиндикуштың шыңдарында сұрланған, Қалды сендік ұлы үміт пен нұрлы арман. Кімнен құнын сұрайын мен айтшы дос? Жастығыңның сол жылдарын ұрланған. Таңғы дабыл, Қанды шабуыл есінде, Өмір үшін тартысты олар төсіңде. Сағынышты сәлем хатқа сыйғызып, Ақ сезімді сөнген оттай өшірген. Қарамастан жауындар мен салқынға, Күтті анасы жалғыз ұлын алтындай. Туған жердің топырағы бұйырсын, Әзиз Алла амандық бер мәрт ұлға. Мұңды Кунар, Әйгілі асу Саланга, Сан жолдасы жан тапсырды алаңда. Қыршын кетті қылшылдаған қырандай, Жанарға емес, қайғы толды санаға.

Ерлік күткен елі қайда сормаңдай, Батыр жүрек ажалы ма, қорған ба? Дүниенің жалғандығын ұғынды, Хас ғұмырлар жас желектей солғанда. Ауған жері, Тауда желің ызғарлы, Далаңда да бір қатыгез сыз бар-ды. Көкірегінде өмір сүріп жүрсің сен, Сүйгендері оралмаған қыздардың. Самға сағыныш Самға қарай самғасам ғой сағыммен, Енді ешқашан оралмасам қалаға. Ермесем ғой сайқал жемқор ағымға, Көрмесем ғой адамдарды алаған. Самға жетсем араласып желменен, Құмға көміп бар аяулы сезімді. Махаббатқа қолды бір-ақ сермер ем, Қадірімді білмей жүрген кезіңде. Тыныштықтың тәтті дәмін татсам ғой, Шабытыма шырқыраған түн ие. Ешкім көрмей, дымды білмей жатсам ғой,

Дағдарыстан дал болса да дүние! *** Сам құмы сағындым шаңыңды, Балалық шағымды бал үнді. Ертегін әжемнің нанымды, Сен жайлы тақпақты жалынды. Кезсем де, көрсем де өлке көп, Дәл сендей сүймедім шағылды. Күлмедім, жүрмедім еркелеп, Іздеп те көрмедім бағымды. Сам құмы сағындым төбеңді, Ой-қырды ізіндей түйеңнің. Сезгенім, сенгенім көп енді, Айтарым - өзіңді сүйемін. Сам құмы сағындым сазыңды, Жазыңды, көктем мен күзіңді. Жанарды жайсаң жүз, наз үнді Он алты жасында үзілген. Мелшиіп сырыңа бекемсің, Не ойлап жатырсың бүгін сен? Сен мені таныр ма екенсің, Құмыңда құлындай жүгірсем?!

*** Туған жерім шақырып қоңырлардан, Талпынамын жандай бір бағы ашылған. Онда - әлемдік мейірім шоғырланған, Онда - менің сүйікті анашым бар. Түгі де жоқ қызығар жалпақ дала - Әр жерде бір бәйшешек қылтияды. Сағынышым жүрекке салмақ қана, Шын махаббат тереңде бұлқынады. Құмды дала жәйін жұрт біле ме екен? Соқса асау жел таңданба бұл тосынға. Еркелікке келтелік жүре ме екен? Нағыз достар ұнатқан ол да осында. Батасы бар мұнда өсіп, үйленгеннің, Таң шапаққа сәріде шығып қара. Мен сүюді даламда үйренгенмін, Ал, жылатып жүрген ол бұзық қала.

Кей адамның дұшпанын білгенімен, Далам жұртқа жаяды шапағатын. Мені Алматы ғашық қып жүргенімен, Маңғыстауым - өзіңсің махаббатым!

ЕР ШОТАН І ТАРАУ

АДАЙДАН ТУЫП, АЛАШҚА БОЛДЫҢ ӘЙГІЛІ

«...Шотанның жоңғарлармен соғысқанда екі қапталында екі жолбарысының бірге жүріп оқ, басқа да сілтенген қаруларды қағып, дарытпай отыратыны алғаш рет Аңырақай шайқасында Қабанбай батырдың ғана көзіне көрінген-ді. Сол кезден бастап Шотанды – Қабанбай батыр өзінің туған інісінен бетер іш тартып, ағалық құшағын ашып тұратын-ды...». /Б.Төлеуғалиев, «Бас сардар» кітабынан/

Ел басына күн туғанда, Сұр жебені тағынып, Жолбарыс тон жамылып, Хас ерлікті сағынып, Кеудесінде күндіз-түн, Намыс деген аң ұлып, Тек тәңірге бағынып. Нағыз ерлер атойлап, Аналардың жасы үшін, Ақ қыраулы шашы үшін, Ерте жерге домалап, Түскен ердің басы үшін, Туған жердің тасы үшін, Қолына найза алады, Ұрандап алға шабады, Атамекен жер үшін, Оған төккен тер үшін. Жоңғар менен қалмаққа, Елдің кегін алмаққа Нағыз ерлер шыққан-ды. Соның бірі сен едің, Ер Шотаным, еренім. Бейбіт күн қалып арманда, Жау жан-жақтан алғанда, Ақ ордасы ананың Қаңырап босап қалғанда. Жан қалқасы ағаның Аңырап жасып жалғанда. Жоғалтқанда жан жарын,

Қолына алып қанжарын, Атойға салды хақ ерлер, Соның бірі сен едің. Тастамай туын қолынан, Арландай жауын торыған, Кезіккен дұшпан сау қалмас Өзінің көрсін сорынан Бір уыс топырақ соңынан. Талайы естен танды да, Мәңгілікке көз ілді. Ал қалғаны алдыңда Не істесең де, өзің біл. Кетсе де жағдай ушығып Жоңғарды қудың, қусырып. Тізесін бүгіп, бас иіп, Жатыр алдыңда аш, ұйып, Ер Шотаным, еренім. Шошынбай Аңырақай зарынан, Жолдасы жолбарыс, жауы-адам. Көзін шел қаптаған, айырылып арынан, Бөтеннің жеріне қол салған дұшпанға ұмтылдың. Жолыңда жатты өліп сұм түрлі, Өрлігің жанардан жасын боп атылды, Бұрын-соң біздің ел білмепті дәл мұндай батылды. Найзағай ұрғанда дір етіп көрмеген, Ғасырлық тасырдан өлмеген, Далам да көтеріп еңсесін - Сілкінді лақтырып қайғының белшесін. Жалғанға келіп жәй күні, Арманның асып айдынын. Қара бұлттарды қақ жарып, Аспанда анау бақ жанып, Адайдан туып Алашқа болдың әйгілі. Жұлдыздар сансыз жығылып, Жер осалдығын ұғынып, Сапарларына үлгермей, Бақыты әлі тұр келмей, Күй кешті мұндай бар қазақ, Кеудесін керген зар қажап, Сен елім деп өртеніп, Кеудеңді намыстай дерт еміп. Жауыңды жойып жарадың, Адайдың туын қададың. Жеті жұрт келіп, кеткен жер, Үш қиян өрттен өткен жер.

Маңғыстау деген мекенде, Бір өзі маңғаз жеке елдей. ІІ ТАРАУ

МЕН ҚАЙТАРАМ КЕГІМДІ...

...Шотан бастаған Адай жасақтарының жүрген жерлері жайрап қалып жатты. Күн бесінге таянғанда қалмақ қолдары бытырап, бөлек-бөлек қаша бастады. Осыны байқаған Шотан қалмақ қолының негізгі бөлігін қоршауға алды. Көп ұзамай қоршаудан оншақты қалмақ жауынгері шығып, жандарын қалдыруды өтініп, жан сауғасын сұрады. Шотан Абылайға қарады. Абылай Шотанға: - Жауды жеңген сіз, билік жеңген адамның қолында болуға тиісті, сондықтан да шешімін өздеріңіз, Ералы сұлтан екеуіңіз аласыздар, біздер сіздердің алған шешімдеріңізге ризамыз,- деді. / Б.Төлеуғалиев, «Бас сардар» кітабынан/

Аш бөрідей түйіліп, Жасың-кәрің жиылып. Қарындасқа қол салдың, Еркелер қасы қиылып. Жан-жақтан нақақ анталап, Екі көзің қанталап. Туған жерімді таптадың Төсін шүйгін балталап. Айдың күні аманда, Гүлім саған сабан ба? Менің ғазиз даламды Тулақ еттің табанда. Төске өрлеп барасың, Қасқыр-дүлей қарасың. Сенің найзаң өлтірді Ананың жалғыз баласын. Сәби сенен кем бе екен? Ана сүтін ембеген Ару әлі қарап тұр, Шымылдыққа енбеген. Атада үміт қалмады, Сенімнің жоқ салмағы. Мейірімнен жұрдайсың, Аманаты Алланың. Тәңір кінә тағар ма? Машқарда жан аларда, Аспан теріс айналды, Жауыздықтан жанарда.

Жетім, жесір елде көп, Сан мәрте аттың пендеге оқ. Ізгілікті күл еттіңИмандылық сенде жоқ. Айтарым жоқ жағымды, Ашу бойда қағынды. Ажалыңмен қауышқын, Быт-шыт етем бағыңды. Сал, қоштасу әніңді, Шығарамын жаныңды. Мынау болат найзамен, Ағызамын қаныңды. Білгің келсе тегімді, Елім –Адай ер үнді, Шотан деп ат берілді. Сен соңғы рет деміңді ал, Мен қайтарам кегімді. Атам - Мұңал, Жарымын Санамда жоқ сары мұң Тәуелсіздік – арманым. Дабылындай адалдың, Әжібайдан бата алдым. Қайырымнан құр қалған Қарғыс атсын қаталды. Деп найзасын көтерген, Ойы қашты төтеннен. Иә, иә .... Болмаса?! Қараң батыр, кет елден. Елдік, өрлік тірегі, Жалғыздықта жыр емі. Арқыраған батырдың, Нәп-нәзік-тін жүрегі. Ар-намысы – Құраны, Құраныоның ұраны. Ал, ұраны - ізгілік Адамзатпен тұр әлі.

Тамыздың 28-і, 2005 жыл, Үстірт, Сейсем Ата қорымы. *** Базарлы бала шағым – жүрегімде, Ажарлы болашағың – тілегімде. Туған жер, қасиетіңнен айналайын, Мен сенсіз мәнді ғұмыр сүремін бе? Сағынсам, саған құстай асығамын, Бағымсың сенде жайнап, тасынамын. Анамдай құшағыңа аласың ба? Балаңдай алдыңа кеп бас ұрамын. Жусаның дертке дауа жайлауыңда, Қусаң да кетпес байлық қойнауыңнан. Сен менің – қара жерде жұмағымсың, Мен сенің құлыныңмын байлауыңда. Арманым теңізіңде қалқығандай, Жанда мұң самалыңа балқығандай. Мен сені тағдырым деп танығанмын, Сен алғаш бал жырыма шалқығанда. ***

Өзіне өзі жұт пенде, Бақыты келмес күткенде. Ертеңің сенің не болмақ? Ертегің енді біткендей. Болмады елдің бірлігі, Содан да осы тірлігің. Суырып жазған санамнан, Оқиды дейсің жырды кім? Ұлдарың қайда елім дер? Имансыз болды-ау келіндер. Тулақтай тозып барасың, Бабамнан қалған керім жер. Шындықты ащы ақтардым, Жалпақшешейді жақтар кім? Өзгеге жүрсің табынып, Өзіңді қалай сақтармын? Өркениетке бастадың, Салтыңды көміп тастадың. Дінімді білмей өскенмін, Бодандық көрген жас жаным. Жүректен өлең жазамын, Кеудеме толып таза мұң. Ертеңің сенің не болмақ? Ертегің бітті қазағым! ***

Жылдар салып, жырақ кетіп, келмесем, Құшағыңа жиі келіп енбесем. Далам, мені өгей санай көрмегін, Өшің қалып, кеткен жоқ қой менде есең. Заманымның жеңіл тұсын термедім, Жырдан жасап жан-дүниемнің өрнегін. Тұман кешіп, түтін жұтып тұншығып, Оралғанда сен жатырқай көрмегін. Жусаныңның жұпарына шөлдедім, Күлкім қашып, мұң шалқайды - төрдегім. Сені сүйем, сен үнсізсің. Бірақ та... Мен жауапсыз махаббаттан өлмедім. Маңғыстауым, менің маңғаз мекенім, Жайнап келеді ішке тартып секемін. Сенде туып, сенен кетіп түсіндім, Туған жердің мұнша қымбат екенін. ***

Сөздер емес, сезімдер дәптерімді Айналдырып махаббат майданына. Мұң аймалап отырған шақтарымды, Айырбастай алмаймын тойларыңа. Адамдарды тіршілік құл еткенде, Кілттеніп ап отырам ойларыммен. Терезеден жып-жылы күн өпкенде, Мойнын бұрып қайыңдар бойларымен. Сыбдырлайды, сөйлей ме жапырақтар? Сап-сары боп өкінбей тұрғанына. Мен асыр сап ойнаған атыраптар, Шалқыса ғой, батса ғой жыр балына. Далам менің! Мен сенсіз таблымаймын, Сенсіз менің бұлыңғыр бағытым да. Бақыт іздеп, ел кезіп сабылмаймын, Бар бақытым тек қана шабытымда.

Туған елім! Сен аман тұрсаң болды! Батасынсыз елімнің қыр баспаңдар! Көздерімді жол жаққа бұрсам болды, Мұндалайды тумаған жыр-дастандар. *** Алматы, кешір, таң мен кештерімді, Өткізген сенен жырақ. Білмеймін, не істерімді? Кеш күлген арманыма кеудем-тұрақ. Үмітсіз жүрмін жылап, Алыстап сенен бәлкім кеткенімнен?! Жаныңа баурап алдың, бірақ, Күлкі емес, мұң тамғаны текке ернімнен. Бәрібір құшағыңда, Тоңбас ем қарашаның күндерінде. Сағыныш сені-дағы тұсады ма? Жібектей Жетісудің түндерінде. Қарайсың өкінішпен, Қоштасқан бір ақынға сырың азық. Мамырда махаббат-гүл, көгерішпен, Күткенде оралады жырын жазып. Алматы

Біреу туып, бірдің шіріп сүйегі, Тағдырлары тоғысады талайдың. Неге екенін бұл қаланы сүйеді, Анар деген бір еркесі адайдың. Адай, арғын табылады найман да, Үйсін күлсін, жыламасын шаштылар. Көрінбейді мәнді дүние қайдан да, Бұл қалада ақшалылар – бастылар. Әкімдердің ақ шалмастан самайын, Шіренеді сауық құрып көбірек. Гөзел кеште сағынышты қамайын, Бір жан жүрсін ғашықтықтан еңіреп. Ғашықтығы бірақ оның көбелек, Алматының табиғаты секілді. Қыстың күні жаңбыр жауып, себелеп, Көктем кірмей, құрбақалар секірді. Бұл қаланың ақындары көп емес, Бірінен соң, бірі кетіп бақиға. Өлең деген қиял емес, жоқ елес, Жүрген жері мереке мен уақиға.

Алматының әншілері ұнайды, Тек Шәмші жоқ ән жазатын ғажайып. Бірі озып, бірі шаппай құлайды, Тәңірімнің тартар сыйы азайып. Санасыздың таптырмайды жиі емі, Кедейліктің қиылмай тұр желкесі. Бұл қаланы бәрібір де сүйеді, Анар деген адайдың бір еркесі. *** Жақұтын жырдың сыйлаймын, Сөз жетпес сені мақтауға. Алматым, сені қимаймын, Кетейін десем Ақтауға. Ақындарды бәлкім қимаймын, Жыр оқыр Одақ төрінде. Ұмытам төзім жинай мың, Бозбала жігіт өрімдей. Кештерің ғажап сан қылық, Тартынбас түндер алдаудан. Өгейдей көшіп қаңғырып, Шаршадым пәтер жалдаудан.

Қаңғыбас мұңдар, жалғыздық, Сонда да сөз жоқ даттауға. Қимаймын сені, таңы ізгі Кетейін десем Ақтауға... *** Кешір мені, Алматы, Кей шақтарда жаншылып жаным мүлде, Тек мұңменен атқандай тңым күнде. Егізімдей бауырды сағынғаным, Теңізімді, ауылды сағынғаным – Өлеңіммен жеткізіп шағым елге. Кей кештерде өмірден түңілгенде, Келбетіме өзге әлем үңілгендей Айдалада адасып анашымнан, Шашым сипар табылмай жанашыр жан, Кешігетін шабыт та бүгін келмей. Туған жерге қыз емес, шабақ та асық, Өкініш пен өтініш сабақтасып. Мен өзіңде өзімді өгей көріп, Мінезімді мазасыз сөге беріп, Жылайтынмын жаңбырмен қабаттасып.

Кешір мені, Алматы, Сезім сатты, бөлді де түнгі ұйқымды, Сенде тауып жоғалттым мен күлкімді. Жастығымды өткіздім елден жырақ, Өкпелеткен сен емес, пендең бірақ... Кешір мені, Алматы ең сүйкімді! *** Тек мен ғана түсінем бұл қаланы... Е.Раушанов Түнім – қара, мұздай әрі табыттай – Жалғыз қалдым. Махаббат күш кемітіп. Түсінгенмен Алматыны алыптай, Түсінбейді ол ақын да мені түк. Жалқау жылжып, жүрем ойға салынып, Жалпақ әлем жыр тудырмай салмақты. Күндерімнің албырттығы алынып, Жылдарымның жомарттығы қалмапты. Сен көрінбей, көрініп қап жалт беріп, Тұншықтырып кереметті тілі жоқ. Сағынышым сапарынан салт келіп, Оны уатар жүрегімнің түрі жоқ.

Уақыт қана әлдилейді сараңдап, Көп азабы үлесінде өткеннің. Анда-санда нұрлы сурет қараңдап, Иісі аңқиды бұл қалада көктемнің. Толқындары теңіз емес, арманның, Жын ұрады, жым болады құр дене. Ғашық болып бір-ақ рет қалғанмын, Басқалары босқа өлетін бірдеңе. Сезімнен бе сенделері жас қыздың? Кісен салып, сыртта заман қамалы. Асау едім, басу айтпай күткізді, Бұл қаланың түсінігі шамалы. Алдым-бұлдыр, биіктемей бетегем, Жүрегімді жылуы жоқ қинай мұң. Бәрін тастап бас ауғанға кетер ем, Алматыны, бәлкім сені қимаймын, Сені қимаймын... ***

Желтоқсанда жәудіреп жалғыз қалдым, Жараланған жүрегі жерімде мен. Кеудеде арман асаудай алғызбаған, Жандар қайда жалындап елім деген? Саясатты сөз жетпес бағалауға, Имандылық бүгінгі қоғамда жоқ. Жырымды оқып жүремін жағалауда, Тілім қысқа, күшім жоқ, санамда шоқ. Ақын баста әуелден бақ тұрмайды, Өлең жаздым шырылдап шарасыздан. Азаматтар ақ жаға таптырмайды, Шындық таппай күйген ел арасынан. Төрді билеп арсыздар тиын сұрап, Қара халық басында жайды ұқпастан. Жаншылайды жанымды қиын сұрақ, Кім оқ атқан жеріме қаймықпастан?

ІІІ БӨЛІМ

Сен мәңгі бол, қара өлең! Бір бақыттың таба алмастан сынығын, Көңілімнің ылайладым тұнығын. Мен Аллаға адал едім, амал не, Тағдыр жиі салды диуан құрығын. Бір күлкіні іздеп жүрмін қақырап, Жақсылықпен бітсе болар ақыры. Өмір ескі суреттерден тұрады, Өлеңіме бәсіре мұң тақырып. Бір азаптан құтылмадым жанымда, Құтқармады сүйгенім де, жарым да. Тұрақ таппай жырақ кетсем адамнан, Құшақ жайып қарсы алмайды қорым да. Бір сезімнің мейіріне қанбадым, Ернім қыршып, тістелсе де бармағым. Ақ көрпеде азабымды жамылдым, Ақ қағазда ақтық сырлар жандағы.

Бір арманға асығып ем жасымнан, Жолда талай жылап, күліп, шошынғам. Қара өлеңге сеніп жүрмін құдайдай, Не болар-ау, Не шығады осымнан? *** Аспан алыс, бет-ажары жабық күн, Аяз гулеп елшісіндей тамұқтың. Соңғы кезде сезім түгіл мен тіпті Өмірімнің өзінен де жалықтым. Айналаны аппақ суық қар жапты, Жыр жаздырар күздің күні тарқапты. Бақытың да, жақұтың да қажетсіз, Санаспайтын сағыныштар шаршатты. Асау өлең тастап кетті, жаяумын, Жан мұңымды енді кімге жаярмын? Құрсын бәрі, шындығы жоқ шырт өмір, Тұншықтырып, таусылуға таяумын.

Өзің болсаң жүрсің әлі шалғайда, Жыл құсынан хабар берсең болмай ма? Дымды ұқпаймын ұғындырар біреу жоқ, Бақыт қайтып босағама қонбай ма? Қытымыр қыс, бала кептер қорексіз, Айқын бәрі, тек сен ғана дерексіз. Адалдығым Алла білер кім үшін? Сүйгенім де, күйгенім де керексіз. Үмітімнің үзілді ме жолдары? Осы ма екен ғұмырымның солғаны... Тағдыр мені отқа таста, суға сал Қара өлеңнен айырмасаң болғаны. *** Көшеде көңілсіз сұр ақпан, Көңілсіз һәм суық тұрақ та. Тән дертті, жүрегім жүдеді Біреуді күтуден жырақтан. Ашулы аязды бұл ақпан Келмейді жылы әуен құлаққа Қайда екен, келеді қашан ол? Басым да ауырды сұрақтан.

Халімді қайырсыз біл ақпан, Көзімде сағыныш бұлақ бар. Ақ қарға ашылам, қайыңға Бәрібір сырыңды құр ақтар. Кетпестей салмақты тұр ақпан Қаламыз қалғандай ұнап та. Жалғыздық жабысқан ақынды Болмаса аттандыр жыраққа, Халімді қайырсыз ұқ ақпан. *** Шошаңдаған шабыт маған ысқырып, Өмірімнің айналғандай мәніне. Мен де ешкімге қарамаймын пысқырып, Қымбат көйлек жарасады тәніме. Өлең деген қасын керген керім бе? Тек өзі боп маңымда көз ілгенім. Маңғыстаудай маңғаз туған жерімде, Өр адайлар көріп, өсіп, білгенім. Ақтауымның көшесінде мұңданам, Ал адамдар дым сезбейтін асыққан. Тек Каспийдің толқындары шыңдаған, Таусылмайтын қалғанынша қасық қан.

Бірде арманым биігіне шығар мың, Қиын, қыңыр болғанымен жолда аса. Қазақтың бір ақыны боп шығармын, Бекет бабам қолдаса. *** Қайғы мен шаттық жарысып, Жақсы мен жаман алысып Зулайды уақыт. Арманым күліп алдайды, Жалғанды күдік жаулайды Басталмай жатып. Бұйырған сыйым кетпейді, Тәңірге үнім жетпейді Мейірімжақұт. Махаббат оты жанғанда, Құмарым сірә қанған ба? Таба алмай бақыт. Құлазып кештер батса да, Жұлдыздар жылап жатса да Алдамас арман. Үмітті үзе көрмегін, Салса да мұңдар өрнегін Баса бер алға! Бақытың - бес күн тірлігің, Мәңгілік өмір сүрді кім? Өтеді жалған. Лапылда жүрек лапылда, Жанартау болып атыл да Өлеңім самға!

*** Ақындарым әкім қуған заманда Әкімдерім даңқын жуған қоғамда. Бал таңдаған талтаңдап жүр жамандар, Табиғат тұр. Ауа жетпей оған да. Баспана жоқ, асханада шәй ішіп, Соңғы теңге даяшыға бұйырар. Жүйке жұқа, жүрек мұңнан майысып Жас тас болған осындайда құйылар. Бастығымның бабын тауып біреулер, Шашты құнды байлығымды екінші. Қазағыма қайыспайтын тіреу бер, О, тәңірім қасқа ұлды кешірші. Билігімді беріп қойдым қолдағы Кім шешеді елдің жәйін, ертеңін? Туған жерге жақын ешкім қалмады, Ақындарды айналдырған келте мұң.

Тәуелсіздік туым желпіп қолымда, Ата-баба орындалды арманы. Дегеніммен не қалады соңымда? Тілім-тулақ, Салтымсалақ Садақа кет қалғаны! Табыс таппай, пайдам болмай еліме, Атауы жоқ көшелерде сенделем. Маңдай терім төгілмесе жеріме, Неге жүрмін ақын деген кеудемен? *** Бақыт қайда? Дауысым қайдалаған. Бәлкім барып қайттым да қасына мың?! Алатаудың ақ төсін аймалаған, Қара түннің тығылып шашына мұң. Сағынышты шыдамға сағалаттым, Бәлкім, бақыт шабыт боп желбіреді?! Сілекейі шұбырып қанағаттың, Шодыр бұлтқа ағаштар телміреді.

Арзан бақыт жоғалды талайы кеп, Арманымды ақылым тергемейді. Құлың болып қаласаң қалайын деп, Ақ жаңбырға көк жусан еркелейді. Үміт өліп тағдырдың табағында, Сонда жаман пиғылдар шырайланып. Бар бақыты-теңіздің қабағында, Кете алмайды шағала шыр айналып. Ертегіңді ерітпес тәмамда елес, Ләззаты өмірдің - сандығында. Қоғамда емес, адамда, заманда емес, Бар бақытым - қара өлең хандығында! *** Жалғыздық жанымды жаулаған, Тәнімді басынған. Досым жоқ мейірім аулаған, Қасым көп тарыдай шашылған. Жалғыздық Күнімді билеген, Түнімде - әміршім. Мақсат көп, қол ұшым тимеген Арман жоқ, тек қиял тәңірсің.

Жалғыздық келсең де тау асып, Мен саған оп-оңай көнем бе? Тірлігім - мәнісі, дертімніңдауасы Тек билік етпессің өлеңге. *** Шағынбайын шалқымаса кемелім, Сағынбайын әрі қашса дегенім. Азабыңды, мазағыңды көтерем, Бағымдайын сен аман бол, сен елім! Асыр салған таң көшінде мен балаң, Ғасыр бар ма нән төсіңді ембеген? Һәм жаһанда сенен артық жұмақ жоқ, Сен тыныш жат, сен тарылма кең далам! Болсын сорым көбірек те аз бағым, Қалсын бір күн саған өлең жазамын. Жырлаудан да, мың даудан да қашпайын, Сен жасай бер, сен өлмегін қазағым!

Күнім менің көңілімдей жаралы ең, Мұңым мәлім, мен түбінде дара өлем. Бар бақытқа, сан жақұтқа сатпайтын, Сен мәңгі бол, қазақ тілі, қара өлең!!! *** Кешір мендік Сағынышты сабасыз Жыртық әнді жағасыз Сезімімді бағасыз Төзімімді шарасыз. Кешір, мені Күткенімді қас қақпай, Жаным қажып, ас батпай Көңіл назын бұрымды Тақырыпсыз жырымды Жатқа оқыған асқақтай. Кешір менің Тым жылауық затымды Жетпей қалған хатымды Күнәдан пәк болғанмен Тіршілігі толған мұң Ақын деген атымды. Кешір... *** Өлең! Тек сен тастай көрме, Мені. Одан жастай өл де Жеріп. Өлең! Тек сен алдай көрме. Жалынам. Батып қалмай көлде Шық, көзімнен Жарық ән!

Өлең Тек сен мені ұмытпа Өтінем. Сенсіз тіршілік, жұрт та Керексіз деп кетіп ем. Өлең! Өмірімнің мәнісі ең... Сен көнсең. Сенсіз мұңдай қан ішем Өлгенше. *** Жалғыздықтан жабыққан сәттерімде Сағынышым сабырдан шеткеріде, Армандаймын. Тағдырым тар маңдайлы Мені ұмытып шынымен кеткенің бе? Сезім түгіл тұрған жоқ төзім де оңып, Қайғы біткен жас болып көзімде өніп. Адалдығым бәлкім ол қаталдығым?! Өз ойымнан опық жеп, өзім тоңып. Бұрылмадым сүрініп жылап алып. Жырларымның жүрегім-тұрағы анық. Жалғыздықтан жабыққан сәттерімде Өлең мені аймала тұра қалып. ***

Мұқа, Менің жырларымды балапан, Сен оқысаң, не дер ең? Қара бастың қамын ойлар қарақан, Пенде болсам?! Жебеме! Ақынмын деп есірсем, Қию қашып, сөз мәйегін жоғалтып, Қара өлеңнің құдіретін кетірсем, Мұқа, мені қарғыс атсын со қалпы. Мендік өмір - жыр жазу деп ел жайлы, Еңбек етпей, күнде өткізсем кеш жиын. Өлеңдердің сезімім мен сен жайлы, Мұқа құны бес тиын!!! *** Сен барсың. Жоқ менде арман. Басымды қатырма, шық елес! Тіршілік еткенім, құмарлық арсыз Біртұтам опасыз жалған, Бәрі де түк емес! Құштарлық бар менде, Жоқ төзім. Мен де бір қайырға зар пенде Шоқ сезім. Өмір бар астасқан Өліммен. Көңіл жоқ қастасқан Көңілмен.

Жоқ менде уақыт, Анам да шарасыз Көнем. Бар менде бақыт Бағасыз Өлең. Сегіз аяқтың ізімен... ... Атадан алтау, Анадан төртеу Жалғыздық көрер жерім жоқ. Ағайын бек көп, Айтайын ептеп, Сөзімді ұғар елім жоқ... Абай Барар жерім жоқ, Қарар елім жоқ Нән қалада қаңғырып жүрмін. Досым жоқ даналы, Қасым көп саналы Мәңгіріп тұрмын. Адамдай панасыз, Маралдай анасыз Сағынған кең даласын. Сыр айтар халім жоқ, Шын айтар зарым көп Өлеңім, Жалғыз дос сен ғанасың. Жанарда жас жатып, Бас қатып Күлкім де қоштасты жел тілек. Мұңыммен мазасыз, Түріммен шарасыз Абайда жүремін тентіреп.

Хақым жоқ бақытқа Ақындай Шуақсыз жыр туып шабыттан. Ертеңі белгісіз Тентегі бергісіз Қазақтың мен деген бір қызы жабыққан. *** Ардағым қашып, Арманым жасып Алданып жүрген шақтарда. Өлеңім тілсіз Көмейім үнсіз Көмілем ойға бақтарда. Қинаған өмір, Қимаған көңіл Тілегім ұшып желменен. Шабытым қашып, Табытым ашық Күттірген көптен келмеген. Үзілер үміт, Тізілер күдік Шашылып шындық далаға. Шапағат жырақ, Махаббат сұрақ Жаздан соң қыс кеп қалаға. Түк қалмай бойда, Жүк толды ойға Арманға сеніп кекілді. Бақытты аңсап Уақыт та шаршап Күндерім біткен секілді...

*** Көзімді шаттықпен жуғанмын, Басымды миллион ой жегенмен. Бекеттің жерінде туғанмын, Дәм татып мейірім дегеннен. Әйелмін. Тағдырдан бұл жазам? Бағына өзгенің жадырар. Абайдың тілінде жыр жазам О, тәңір, басқа арман адыра! Еркемін, өктем де шығармын? Ашуды кейде тез сұлатып. Шәмшінің әніне жыладым, Бір қазақ жігітін ұнатып. Нәзікпін. Тұрандот емеспін, Жарым бар, тірлікте екеумін. Өмірдің мұңдарын жемес кім? Бәрібір бақытты екенмін. *** Шаршадым Шабыт көп азаптап. Бақыт жоқ, мазақ қап. Сен сағым Соңынан кеткенсің. Солайша бақытсыз еткенсің.

Шөлдедім Бекеттің бал суын ішкім кеп, Басыма сағыныш көшкін кеп Өлмедім Алайда. Түсініп келер деп қалайда. Таңертең Мұңымды маңдайдан өшірем. Кел, ертең Бәрін де кешірем... *** Өлең! Өмірімнің көркісің, Көкіректің өртісің. Сен болмасаң, не етер ем? Сірә, арманда кетер ем Тіршіліктен... Тұншығып дем, Өкінішпен кеудемде, Өлмегенмен, Бір шыбықпен Үмітті қуып бір демде. Құштарлығымды көңілде, Адамға иә өмірге Лақтырып отқа таптар ем, Тек шабытты баптар ем. Өлең! Жолыңдатағдыр, Қолда-еркің, Жан-дүниемнің бесігі, Тәңірдің бастан кесімі. Сен болмасаң не етер ем? Қайғысыз, бақсыз өтер ем... Түңілу

Ақындық менің не теңім? Сезімнің салған салмағын. Жетім жыр қайда мекенің? Жүректен шыққан ардағым. Ақындық менің не теңім? Бұйырдың өлең сен қайдан? Өлмеуің үшін не етемін? Бейхабар емес ел жайдан... Дегенмен үнсіз қалың ел, Түрі ме екен сынаған? Жыр арнап талай жанып ем, Сәттерді тығып құлаған. Ақындық менің не теңім? Жылауық жырға берілдім. Мұңыммен қайда жетемін? Қайғысы аз ба елімнің?! Жауапсыз қалып мың сұрақ, Өмірден тез-ақ кетемін. Бір сұрақ қалар шымшылап, Ақындық менің не теңім?! *** Бос ойлар ғана мандыған, Жарымай жырға қанжығам. Үйім де, көңіл күйім жоқ, Тірлігім құрсын қаңғыған.

Ақсақал қыстың туы тік, Аязы айна суытып. Мен болсам тоңбай өліктей, Арманым алыс жылытып. Шабытым қысып көшеде, Жазылмай өлең нешеме?! Көшпенді қазақ қызымын, Мың алғыс бабам, шешеме. Жалғыздық шіркін, басынып, Дегендей кетер тасынып. Ешкімнің менде ісі жоқ, Өлсем де бүгін асылып. Ақындар болса аһ ұрып, Жырына таппай тақырып. Кездесіп қалса жиында, Өтірік күлген шақырып. Алматы кеші көрікті – Ақпанның мұзын ерітті. Ақын қыз – тағдыр қатесі, Сүюге ғана ерікті. *** Тілім бар ғой, несіне тартынамын? Абай сөйлеп, Мұқаңдар сырын ашқан. Жерлік бақтың бәрін де арынамын, Маған қарап тұрса да қырын аспан.

Елім бар ғой, несіне жаутаңдаймын? Жартасы боп қалмаспын жылаулардың. Тәтті сөзін менсінем қай таңдайдың? Жыр-дастанын жаттасам жыраулардың. Жерім бар ғой, несіне тентіреймін? Сиғызатын миллиардты арқасына. Шекарасын кеңдіктің мен тіреймін, Еркіндік боп маралы, марқасына. Алматым бар жыласам, бір жылайтын, Жаңбырымен қуғылап мұң дегенді. Кейде тұман көрінбей ұрғылайтын, Салым кетіп, басқанда құм денемді. Жар саламын өлеңнің тоқпағымен, Жұлдызы боп жарқырап жер кешінің. Тәй-тәй басқан тәңірдің соқпағымен, Қазақ деген халықтың еркесімін.

*** Мен –ақынмын, періштемін, ендеше, Сенбегендер өзі білсін, сенбесе. Адамға да, Аллаға да аян ғой, Өмір сүре алмайтыным пендеше... И.Сапарбай Мен –ақынмын, жақсам да, жақпасам да, Сараң тағдыр қиятын сыйың бар ма? Асыл тастан алқасын тақпасам да Биік күліп жүремін жиындарда. Мен - ақынмын, жанарым нұрлы менің, Жанарыммен көп мұңды күредім мен. Сай, төбесін даламның түрлі белін, Бәрін өліп сүйемін жүрегіммен. Мен – нәзікпін, жылауық баламын мен, Сатқындықты, қастықты көтермеспін. Опасызға көп қазам қаламыммен, Менен зиян шекпейді бекерге ешкім.

Мен-ақынмын, Қадырдың қарындасы, Менің жырым өлшенбес көлемімен. Бақытым да, байлығым, барым да осыҚара өлеңмен бір күні өлемін мен. *** Поэзия! Баба рухынан бата алдым, Даламнан сосын, шабыттың көзі ол сенде. Қазақтың бүгін бір ақын қызы атандым, Енді арманым жоқ, өлсем де. Құдіретіңе табындым, Құрбаның енін, өзге мен жұртым естісін. Үнімді таныр тауларым мен нуларым, өзен ағынды Көз жұмып кетсем, дәл қазір иә кешкісін. Ақын боп туған екенмін, ақын боп өлу мұратым, Аманат саған туған жер, далам, қырларым, Мұрағаттарда мұнтаздай болып тұратын Сырымды сатпас жырларым.

Туған ел! Тындыра алдым ба бірдеңе? Мұң толы жырлар қаламмен тапқан байлғым. Ақынның атын жамылып босқа жүр деме, Кінәмдә кешір сүрлеген – Жарқ ете қалам жайлы күн. *** Нән қалаға не қылды, сия алмаймын, Жалғыздықтан жеңіліп жанымды алған. Мен осы күн тек қана қиялдаймын, Көкіректе таусылып нанымды арман. Күнәсі көшеде қауырт басым, Мұнда аңқаулық, адалдық жарамайды. Сендірем деп адамдар даурықпасын, Мен өмірді түсіндім харам ойлы. Түңілгенмен сұр өмір тазара ма? Шарасызбын. Жойылып құнды кезім. Құдай үшін мені енді мазалама, Жұбатуды білмейтін жынды сезім.

Кептер үміт қырқылып қауырсыны, Сайқал заман селтиіп сұқтана бер. Құдіретіне тәнті еткен тәңір сыйы – Қасиетті қара өлең құтқара көр! *** Құштарлығым құрдымда құрығандай, Жылулық жоқ, онсыз жер сұры қандай? Жастық шақтың күндері кідірместен, Қол бұлғайды бірінен-бірі қалмай. Қарамайтын дала мен тау, қарыңа, Сатылмайтын алтын мен гауһарыңа. Сүйкімді боп сызылар түнім сырғып, Тағдыр менің төнгендей қауқарыма. Бір әуен жүр ішімде сөздері жоқ, Шабыт шыр-пыр шырылдар төзгені көп. Өлеңімнің әр жолы әрбір жақтан, Тауып жатыр бір-бірін өздері кеп.

Өлең болды, қысқаным, құшқаным да, Бар әлемнен айныған тұстарымда. Мұнар болды, жерлік жан сыңар болмай, Ынтық көңіл ынтасы – тысқарыда. Қиял, арман қуысып, шақырыспай, Зекет сұрап заман тұр бақыр ұстай. Ісім де жоқ, көшім жоқ мен жүремін, Түсімде де, өңімде нақұрыстай. *** Адам ұқпай, жер жылымай жатсынып, Ал, тәңірім бір минутын бөлген бе? Жалғыз жүрмін, жанарымды жас қылып, Қадірімді білерсіңдер өлгенде. Мен баяумын, жылдар жылдам қағынар, Тыныштықты талғамы тау күй тілді. Үміттер де, жігіттер де сабылар, «Қайда екен деп сол ақын қыз сүйкімді?».

Жастықжынды, мүрдесі жоқ бала шақ, Ақыл азған, ұят – құрбы желкілдеп. Шарасы жоқ, жағасы дақ, қарасы ақ, Жалаңаяқ бақыт тұрар селкілдеп. Мен жүрермін жылау білмей күлмей де, Қара жердің сая тауып қойнынан. Көктем келер, қызғалдақтар күнгейде, Іздер бір жан көзі ұзарып мойнынан. Тек даламның дархандығы қалмаған, Барар жерім, басар тауым сол менде. Тірлігімде ақын ете алмаған, Қадірімді білерсіңдер өлгенде. *** Есуас түн жақпайды, Қанағатсыз қадалды ол. Тағдыр орден тақпайды, Шыдамды бол, адал бол. Түннің мыңы қазылған, Желпи ашып түндігін. Жасқа малып жазылған, Оқыр дейсің жырды кім?

Таң шығады күзетке, Жиі қағып кірпігін. О шетпенен бұ шетке, Сақ кемпірдей сырпы Күн. Қылымсиды жас талдар, Желмен жебір сүйісіп. Бей-жай бұлттан қашпаңдар, Жатқан шыңмен түйісіп. Түн кекілін тарайды, Таң сирағын созғанда. Жұрт жұтына қарайды, Өлеңдерім озғанда. *** Мен – гүлмін, зарыққан тәмам көк, Сен – желсің жекірген. Шаттыққа менің шамам жоқ, Мұң болса сенде секірген. Мен – жырмын, Жалыны жаныңды жаралар. Қазір де қасыңда тұрмын, Сен – нұрсың, Қаныма таралар. Мен - азатпын Әрі жалғызбын жасырман. Сен – мазақсың, Тағдырға талқысын асырған.

Сүюді білмейсің себебі, Сезімсіз жүресің маңызды. Өлеңнің өлшенбес көлемі, Мен – ақынмын жаны ізгі. *** Сені іздеймін, нән қалада қаңғырып, Тым болмаса дауысыңды естиін. Құлағымда тұнып тұр бір жаңғырық, Сенсіз өмір?! Оның құны бес тиын!... Сені іздеймін, автобустар ағылған, Жүдеген жұрт бір-бірімен ұрысып. Жазған жүрек соңғы үміттен қағылған, Мен шөлдедім, жаным тояр жыр ұшып. Сені іздеймін таптырмайсың сен бірақ, Жаңбыр күлді мұңды жуам екен деп. Жаңбырлы түн ұйқы – арманым ең жырақ, Бос күн кешем дүниеге бекер кеп. Сен алыссың, жұлдыз сенен жақындау,

Қадірлісің ғұмырымнан көлемді. Өмірімді ал, тұла бойы ақындау, О, тәңірім, тауыспашы өлеңді! *** Күндер жылжып өтуде қарамастан, Түндер шулап кетуде харамы асқан. Дала болса дыбыссыз жатыр әлі, Мүлдем шуақ шашпайды сараң аспан. Жалған мазақ болады сиқын ашып, Арман азаптанады қиқым шашып. Мен отырам өлеңмен әлек болып, Қалған аз-ақ ғұмырда ұйқым қашып. Бабам бақи данышпан, дана болған, Анам жақын алыстан пана болған. Шабытыма бір күйіп, бір сүйінем, Балаң ақын мендей-ақ сана қонған. Ұсынады құшағын тау жақ маған, Құлшынады жер көкке жайдақтаған. Өмір маған кетпе деп қиылмайды, Бұлқынады уақытым тайқақтаған.

ІV БӨЛІМ

“ТАҒДЫРЫМ – ЖАЛҒЫЗЫМ МЕНІҢ...»

Бәрін де, бәрін де сезем мен, Тағдырды тайсалмай безерген Ән -жырды талай жыл өлмеген Ерніңді ерніме шөлдеген Бәрін де сезем мен. Келуге ынтықсың, келмейсің Кішкентай қалада бөлек бір елдейсің Көргенде сүюден жалықпай Сезімің ақиқат анықтай Күдікті күл етіп жерлейсің. Жыр жазам баяғы сезіммен таң ала, Заманға қарамай жымиған жаңара Кеш кетіп, түн келер көз көрмес, Сен жайлы өлеңді өзгермес Ән етіп шырқайды Тамара... *** Таңымды атырам сенсіз, Кешімді батырам реңсіз. Күтемін ғажапқа сеніп, Жағада жайдары желсіз. Ғұмырым болса да келте, Алты айға жетердей өртеп Қайыптай бақытты етсең... Ақбөбек көңілді ерке.

Күнімді көремін дәмсіз, Түнімде назданып мәнсіз. Бойымды сағыныш басса, Дем алып әлсіз. *** Сыртта сәуір, сәнді көше майысып, Мұң мәз болды, күлкі құшқан жәй ұшып. Кешір, енді сені күте алмаймын, Сағыныштан құрттай жүрек қайысып. Қарлығаштар оралғалы көп болды, Соларменен биік көктем шоқтығы. Қармен бірге ызғарлы жел жоқ болды, Бір хабардың сенен ғана жоқтығы... Өрік гүлдеп, қайың жарды бүршігін Жылғалардан жылдам-жылдам су ақты. Шабыт шалқып, жыр иірді ұршығын, Күн жымиды: «Өмір бар деп шуақты». Сыртта сәуір, жұрт та зәру көктемге, Тек мен ғана өмірге өгей жандаймын. Қарлығаштар қанат қағып жеткенде, Кешір енді сені күте алмаймын.

*** Жалықтым жалқы өмірден, Тарықтым салқын көңілден. Шындыққа шөлдеп, шаршадым Қас-қағым дүние, қоңыр дем. Бақытын іздеп басымның, Қалмады дәмі асымның. Тек өлең жазсам тірілем, Шабытсыз шақтар ғасыл мұң. Қырдағы гүл ем қырмызы, Сананы басты тұрмысым. Аңсаған арман аңыздай, Үмітім үзік жырмысың? *** Шаршадым Шабыт көп азаптап. Бақыт жоқ, мазақ қап. Сен сағым Соңынан кеткенсің. Солайша бақытсыз еткенсің. Шөлдедім Бекеттің бал суын ішкім кеп, Басыма сағыныш көшкін кеп Өлмедім Алайда. Түсініп келер деп қалайда. Таңертең Мұңымды маңдайдан өшірем. Кел, ертең Бәрін де кешірем.

*** Жаныңдағы жарылысқа қарамас, Жайнаң қаққан жақсы қызбын сырт елге. Өмір осы бағы, соры аралас Анар ханум, маңайыңнан мұң терме. Адассам да ақ жүректі әнімнен Мен жалғанды сүйеді екем өлердей Күш-қуатқа жарымаған тәніммен, Тырмысады жүрек түбі жеңердей. Шұғыласы шомылдырар шаттық бар, Бұл жаһаннан бақыт таппай өтем бе? Алыс күнге асығумен аптықпай, Күлкі көміп, қас керемін бөтенге. Кінәсізбін, күнәһар түн басынба, Күнә татпан таусылмаса күш-айла. Мен өлгенде қабірімнің басында Ақындар кеп, жасап жатсын мүшайра.

Балапандай жырларыма мас бола, Мазақ етер мәртебелі халық та. Ерте, кеш пе, тәнді көмер тас мола, Анар ханум, өміріңнен жалықпа… *** Құлазытты түсі көк, Қала кеші қайыңды. Күз елемес ісі жоқ, Мендей масаң шайырды. Жалғыз қалдым көшеде Сезім жұтап жалаңаш. Енді үмітім өше ме? Қылғындырып дар ағаш. Аспан алыс, ара мұң. Жер кешірмей кінәмді. Енді қайда барамын? Пенде қайда ұнамды? Өмір өтіп оралмас, Көште жылап жас тұлға. Бақыт шіркін қол алмас, Қалар аяқ астында. Бақыт боп жарыта қоймадың, Туылған шығарсың мұңыма. Озар ма ойларға тоймадым, Мән бере қоймассың жырыма.

Адал ем, адалдық қажет пе, Тек сендік сезімге өртеніп. Күтумен кейде қыс, жаз өткен Өкінген емес ем жер теуіп. Пенденің шындығы ашылмас, Алдасын бір-бірін алдаса. Жаныңның жарасы жазылмас, Тәніңнің ыстығы далбаса. Азапты алыста ұсақтап, Күш берген маң далам, бел-жотам Мұқаңның кітабын құшақтап, Балауса түндерде мен жатам. *** Қызық қуып күлгенім жоқ желпініп, Бұзық болып жүргенім жоқ жең түріп. Гүлнар киген қара көйлек үстімде, Қара шашым қара желге серпіліп. Қара түннен кейін ақ таң ағарған, Қара көзден сонда тамшы жоғалған. Қара өлеңге ханзадамдай табынам, Бірақ менде қара арман жоқ, ақ арман.

Қара қарға қарқылдайды өктем бе, Қара ағаштың гүлін жұтып көктемде. Қара суық қалшылдатса бойымды Сені ойлар ем ақ ұлпа қар өпкенде. Қара қазақ қалың елмін, жекемін, Білем елге ақын жақын екенін. Ақ төсекте ақ үмітке берілем, Қара жер бірақ мәңгі мекенім. *** Алатау қарайды бақсыдай, Ғасырлық кеудесін қар баса. Өмірге келгенім жақсы ғой, Бітірген ісім жоқ далбаса. Алатау айтпайды жәй кеңес, Құшағын қытықтап бас қала. Бақытсыз жылдарым қайғы емес, Мақсатсыз мінезім масқара. Алатау қарайды түнеріп, Қыс мәңгі, жаз-көктем қала ма? Арманым алысқа жүр еріп, Сүймеген күндерім қара-ала.

Алатау асықпай түйеді ой, Сезімі жаңбырдан қар болған. Һәм ғұмыр сүйем бе, сүйе ме ол, Бір қазақ жігіті жар болған?! *** Жанымның азабы азайып, Тәнімнің сырқаты басынды. Тірліктен табылмай ғажайып Ой емес, дерт жеді басымды. Іссапар шеккендей күлкім де, Дәрінің иісі алды шашымды. Қос бүйрек ұйқысыз бұл күнде Арманым далаға шашылды. Жүрегім тырмысып, тырысып Барлығын білдіріп соғады. Тұла бой төсектен құрысып, Бес тәулік бар денем шоқ әлі. Ем таппай сабылған маман көп, Түрткілеп, тудырып тақырып. Мен жатам жүруге шамам жоқ Бекетті көмекке шақырып.

*** Жастық шақтың жарқырамай маңдайы, Бәлкім өзім сәтсіздікпен тел өстім?! Ажал-аңның кеберсіген маңдайы, Арманымды қорғай алар емеспін. Пәк арманым мезі болып мәңгіріп, Шыңғырады шарасына сыймастан Күндеріме қасаңсыған сән кіріп, Егіледі түндер жасын тыймастан. Сен бе арманым, әлде мен бе озбаған, Күміс көңіл сәбиінен алданып. Бозінгеннің ботақаны боздаған Балалық қап жастық елді сандалып. Жастығымда әлің құрып, шаршадың Егделікке енді қалай жетеміз? Қаншама жыл мен тек сені аңсадым, Енді менің мұңдарыма төтеңіз, Енді өмірдің мазағына төтеңіз.

Сені құшам, бірге өлемін сенімен, Бәлкім, сөйтіп сорларымнан кеш қашам?! О, арманым, қоштаспашы менімен, Қоштасқандар оралмайды ешқашан. *** Тағы жалғызбын жағада, Толқыннан алмай көзімді. Келем деген ең бағана, Тауыса көрме төзімді. Мұңыма қанық теңізім, Таусылма, көрме жаманат. Жырларым жазған лебізім, Сырларым саған аманат! Бос арман ойда. Тағы үміт... Мекенім сенсің маңызды. Білсең айт, жүр ме сағынып? Бір қазақ жайсаң, жаны ізгі? *** Күшім де жетпеді, Ішімде айтылмай сыр қалды. Тағдырым бақытты етпеді, Шашымды, ернімді, сырғамды. Көзімнің жасы да кеппеді, Тамшылар ақысыз құйылар Қуаныш күлкісін сеппеді, Арманның түрі жоқ бұйырар.

Тәңірім тізерлеп сыйынар Өмірге өкпем жоқ десем де, Қай ғасыр мұңдарым тиылар? Жалғыздық жекіп тұр көсемдей Сезімнің балынан жесем де, Зарына кезіктім шақырып. Жұрт тыныш, ел мен жер есенде Өлеңге табылып тақырып. *** Жанымның жарасын ұғын, Тәнімнің санасы мығым. Мазалап, жазалап болсаң, Кел-дағы алдыма жығыл. Сезімді сел болған сөндір, Қапасты қара күн төндір. Болмаса басымды қатырмай, Мені де ажалға көндір. Кетейін өмірден солай, Жүргенше хақ іздеп бұлай Ендігі тірлікте қалған Қоймаспын өзіңе ұнай. Бітсін тез өмірмен айқас, Болсын тез, садақа, бәйгі, ас. Тағдырым – жалғызым менің, Мәңгіге жаныма жайғас.

*** Күнәм болса, сүрлеген Кінәм болса білмеген, Күнім болса сүрмеген Түнім болса кірлеген Құлдарына жақ құдай, Кешіре ғөр ақ құдай! Әнім болса басынған Сәнім болса шашылған, Жаным болса ашылған, Қаным болса тасынған, Сабырына сақ құдай Кешіре ғөр ақ құдай! Төзім болса төзбеген Сезім болса сезбеген, Сөзім болса көздеген, Кезім болса өздеген, Көгімдегі бақ құдай Кешіре ғөр ақ құдай! *** Сөз бастасам, өтіне Қапасты ойдан құтылардай көңілде Қара сағат, қабырғаға қадалған Куәсің сен тағдырдың мың сәтіне Талайды әкеп өмірге Талайлардан жан алған.

Болар ма екен достасуға Сізбенен? Қара сағат қабырғаға қадалған Куәсің сен қоштасуға Жүздеген Адамдарды алыстатқан адамнан. Сынаптай сәт тіршілікте жоқ ісің, Сырт-сырт тағдыр сенің үлкен үлесің. Жүректердің қосқан бірге соғысын, Кездесуді тағы сен тек білесің. Қара сағат не өтпеді басыңнан? Ырғағың сол бірақ шерлі кейде әнің. Мен де жалғыз өстім сендей жасымнан Өткен ұмыт, ал болашақ беймәлім. Сен жеткіздің әуеніңмен тұрақты Махаббаттың келіп, жылдам кетерін. Қара сағат қуанттың да жылаттың, Не етемін?! Нұрлы шақтар өтті-кетті, күрсінбен, Шын бақыттың шымылдығын енді ашам. Жүрегімнің дүрсіліндей сыртылмен, Өлерімді естіртесің сен қашан?

*** Кешіре алсам, кешірермін бір күні, Жалғыздықтай жынды қылған түрпіні Мезгілінде ұмытылған күлкіні, Сонда отқа лақтырармын Өзіңнің Құлың еткен құмарлықтай түлкіні. Лақтырамын сосын отқа сезімді, Бақсыз қылған жастығымдай кезімді. Ұмыт менің қолдарымның ыстығын, Жерге таста, таптап-таптап сөзімді. Кешіре алсам, Кешірермін, көр, сеніп. Өшпесе әлем көз алдымда теңселіп. Кетпесе жел боранымен еңсеріп, Қоштасудан кейін қалсам аман-сау Сенсіз өмір сүру үшін белсеніп.

Кешіре алсам, кешірермін ақыры, Нұрлы күнді жынды түнмен сапырып, Жырларымнан жұлып тастап тақырып. Сыр-зарымды мыжғылап, Тірлігімді қайырымға шақырып. Кешіре алсам, кешірермін ... *** Мен білмеймін не күтемін таңымнан, Ертең атар рауандап? Кім табылады сын сағатта жанымнан Кімдер кетер жамандап. Құша алам ба бақытты көк, жер тіреп, Бір-ақ минут, бір рет. Соған жетсем, ей, мендегі шер жүрек, Жылай көрме діріл ет. Мен білмеймін, кімнен жүрмін бата алып, Неге отырам қақшиып? Тіршіліктің нағыз құлы атанып, Неге жүрмін басты иіп. Өтуде өмір, қыркүйек те салқындап, Өлім жайлы қаңғып ән. Ақырғы сәт соққан кезде алқымды ап, Елге немді қалдырам?

*** Қарашада құса болған көңілге Кім тұрады араша? Кім тұрады араша? Өлімнен көп жеңілетін өмірге Неге үндемейді қараша? Қарашада ғаріп болған жүректің Кім табады дертін дөп? Кім түсінер, тірек кім? Неге өзімді күйдіреді өртім көп. Тәңірімдей басынып, Аяулымды келмес жаққа асырып, Тірлігімді көкке ұшырған ажалды Нұрлы күнде шоқ құшырған тажалды Кім тоқтатар бас ұрып?! *** Жанымда бір көңілсіздеу жатыр ән Cен таңданба. Кейде соған өлең іздеп отырам, Жұрт ұйқыда таңдарда. Күлкі жайнап бет пердем Періште кеп құлағыма сыбырлап, Ұйқас сыйлап кеткендей, Тез қуанам жыбырлап.

Сосын жылдам мұңайып, Сыймайтындай қара жердің бетіне. Жынданғаным – бір айып, Қашып елдің шетіне. Күлме маған, өзім де ұқпай отырам, Мінезімді ғашықтыққа жалданған. Жанымда бір көңілсіздеу жатыр ән Сен таңданба. *** Шамам жоқ шарт кетіп өлуге Жаныңа жақындап келуге. Тәңірім, жарлығың жөнді ме айтшы өзің, Жүректі жүректен бөлуге?! Тәңірім, мен бе әлде жазықты? Тағдыр тор қайда да қазыпты. Ғасыл мұң ғаріп етіп тапқанда Қоштасу-қайғысын жазыпты. Ғұмырым қалайша қырқылар? Тек сол деп жанарда жыр тұнар. Мен олсыз жүре алман жалғанда!!! Құштарлық қақпанда жұлқынар.

Тәңірім түйгенім, Сол менің сүйгенім Онымен жұмақтай күйдемін. Мені одан айырма, қайрыл да, Әйтпесе ажалға қи мені. *** Оқыма жырды зар тұнған, Енді өлең жазбан антұрған. Тәрк етем бәрін, тек қана, Шабытты қайтем шарқ ұрған?! Сезімді тастап сұлатып, Сауықты жүрем ұнатып. Миымнан сені шығарам, Басымды ауыртпас сыра түк. Жақындай көрме маңыма, Кек толды қоңыр қаныма. Түнімде әнмен оралам, Не тілек айтам таңыма? Құмарлық құрып мазақтай, Сағыныш кетсін тозаққа. Осылай сенсіз күн кешем, Бақытты болғын о жақта... *** Әйелдік тағдырдың торында Еркектің сан мұңы жолымда. Жалғызбын деудің де орны жоқ, Ұлым бар үмітімқолымда.

Түндерде тозақтай тоңғаным Болмаса, ақынмын-ол бағым. Өлеңім, Сен барсың өкінбен, Басыма қайдан кеп қонғаның?! Тірліктің ауырын сезініп, Жыладым, тек кетпен безініп, Бақытты күтуден жалықпай, Жүремін мұңдарға езіліп. Болсын деп, намысхақ, ар-мәнді Тілекті, тастадым талғамды. Тек Аллам кешірсін ақтық күн... Жек көре алмадым жалғанды. Қыз мұңы Әлдекімді күте берем қашықтан, Жүректе жыр, тұла бойда қатып қан. Құндылығы құрып кеткен өмірім, Көңілімнің көрі азап, төрі мұң Өлгім келіп жылап жатам жасып тән, Ақбаладай ақыретке асыққан.

Боздақ келіп боздамасын басымда, Армандап ем оны өлердей жасымнан. Қара өлеңнің арнасам да қаншасын, Таң қалдырып тәмам жұрттың баршасын Сүйсе-дағы таңдамады ол мені, Жарты түндер. Мендік тағдыр сол ма еді? Түнгі бақыт, Күндіз қайғы секілді Аллалаған тіл дұғаға бекінді. Жынды қылған жұмыр жерде жақын жоқ, Жалғыз қалдым өлеңі арзан ақын боп, Сүймеуге күш, Ал сүюге хақым жоқ! Жалын едім, Жанушы едім от болып, Енді қалай тез кетемін жоқ болып? Айырмам жоқ жігері құм жасықтан, Күлкім кеуіп, гүл жүзімнен қашып сән, Сенім сөніп, арман қалды айлақта. Тілек болып бақ құшармын қай уақта? Әлдекімді қанша күтем қашықтан?

*** Жалықтым жалқы өмірден, Тарықтым салқын көңілден. Шындыққа шөлдеп, шаршадым Қас-қағым дүние, қоңыр дем. Бақытын іздеп басымның, Қалмады дәмі асымның. Тек өлең жазсам тірілем, Шабытсыз шақтар ғасыл мұң. Қырдағы гүл ем қырмызы, Сананы басты тұрмысым. Аңсаған арман аңыздай, Үмітім үзік жырмысың? *** Жанымды тепкілесең де, Бал шағың кетті десең де, Азапты күнде жесем де, Зәріңді төкпе демеймін, Мен саған өкпелемеймін Өмір. Арманды аялап жүрген, Жалғанды саялап күлген, Бір күнде оққа ұшырдың. Өзімді жоқ па жер құшырғың? Кейде рас жеңілем ойдан, Бірақ та егіле қойман.

Бақытты көз ілгенімде, Уақытты сезінбедім бе? Әлде сен өзім дедім бе? Қайғыны елей қоймадым, Жайлы күн жебей ойдағым. Бір әнім гүл атып кеудемде, Жұбанып үмітке бір демде, Бәрі енді жаңаша дедім, Сен еткен тамаша едің?! Арымды жараласаң да, Барымды қараласаң да, Төмендеу бағаласаң да, Қуаныш тек көрем алдан, Мен сені жек көре алман! Өмір. Қыз-ғұмыр Өмір қиын ба? Қиын ба әлде қыз-ғұмыр? Мұңдар сыйың да, Мекенің мәңгі сызды үңгір. Махаббат –жалған, Сезімдер деген құмарлық. Зор бақыт – арман, Қызықтар біткен ұнарлық.

Ал, достық - арзан, Сыңары болып сатқындықы. Қағазда бар заң, Қоғамға бірақ жат шындық. Біреулер күліп, Біреулер жылап жүреді, Бірісі - жүлік, Сайтанға құлақ түреді. Дүние –орман, Өртеніп бірде жоқ болар. Ажал көп сорған, Ақырзаманда тоқталар. Сен ымдай бердің, Арнап өлең мен әнңіді. Мен қымтай бердім, Нәп-нәзік бұла тәнімді. *** Сарқырама сезімдер секілденіп, Долданады жатады құлап ағын. Мені сақтай алмадың кесірленіп, Қабірімнің басында жыламағын. Сені сүйдім, өлімнің мен таласы, Табиғаттан сый тілек теріс пе еді? Тірлігіңмен тату боп сен қаласың, Тағдырлары тәңірдің беріспеді.

Армандарым әшекей әлектеніп, Шарап ішіп шаттанған шаруадай. Өмір –сұрақ, махаббат пәлек теріп, Жалғандықтан жанады жаным ұдай. Өлең – үміт, тек сол-ақ сендіреді, Зәулім-зәулім сеніммен беттегенім. Сезім мендік маңайдың мөлдірі еді, Бармақтай-ақ бағыма жетпегенім. Байлық-бақыт, біреудің жаңбыры көп, Көбеймейді көктемде сұр кем-кетік. Ұлылық та, ұлық та, мәңгілік жоқ, Қалатыны артыңда бір төмпешік. *** Таң атқанда тезірек күн болса да, Сосын кермек қымыздай кешті күтем. Жазған қала санама кіл толса кек, Өкпелеме, қайғымды өстіп түтем.

Шарап ішпей, сыра да ермек емес, Тағдыр менің тұзымды тауыспады. Түн өбеді, ернінде жөргек елес, Маған басқа пейіші ауыспады. Түн сүйеді, беймәлім сезімдері, Тамызықты ала ма адамдардан? Төзімдердің бүркенген бозінгені, Бұлқынады, жалғыздық одан қалған. Алдансам да, алдымнан тағзым күтем, Мамық түннің мамыры мауық баспай. Жыр жалтарып екі жол жаздым, бітем, Ақыл ашып, сөз сиқыр тауып шашпай. Түн кетеді, тағы таң келтіремін, Көрмеген боп қателік, ағаттарды. Мен осылай оп-оңай өлтіремін, Мың алтынға түспейтін сағаттарды.

*** Атымды сұрасаң – Анармын, Затымды сұрасаң – ақынмын, О, бастан өлеңге жақынмын. Күн туса, жыр-жамбоз жолында жанармын, Шабыттың шенінде өлуге дайынмын Жалғыздық, күйкі өмір, жәйім-мұң. Алланың жазғанын кешемін, Тәттісін, ащысын, азапты неше мың?! Дүние даңғаза думаның алдаса, Дариға зарықтым, тірлігім –тағдырдың ермегі, Пенделер қауымы қайғымды көрмеді, Қаталап, бір шыны шуаққа шөлдедім. Дүние, шындығың, сезімің далбаса, Мен үшін. Мұңымды ұғар кім? Сен үшін Мен деген шамалы бір шйыр шығармын: Сезімге өртенген, Өлеңдей дер емген Көңілін...

Өмірім Бітеді екен ғой ішінде бір демнің, Несіне өкпелеп келгенмін?! Дариға, Затымды сұрасаң, Жасымды ұйірдім. Дүние, Датымды сұрасаң, Бақыттың базары кімдерге бұйырды?! *** Аллам, Кеш арманымды, Ұмтылған тек биіктерге, Қолғабыс бола алмай сүйікті елге: Тек жырлар арнағанымды, Байлығым – бар ғұмыр жиып-терген. Шақтарда сезімге еріп, Жастығым-кезімдей желік. Ұмытып ұлы істер барын, Тілекті тілгілеп жарым, Тек сосын өзіме келіп. Сен жайлы һәм ел жайлы, Ойларға берілгенімді, Жайдарлы жеңілгенімді Ең игі мақсатым өліп, Өзімді сормаңдай көріп, Жылағам жасырмай жұрттан, Төзімді солайша құртқам Өзімді солайша түсіргем, Гүл үміт солайша үсінген.

Аллам, кешіресің бе? Сұраймын несін тесіле, Күлемін несін есіре? Жылаймын көшім кешіге... Жолында туған елімнің, Кіндігім жуған жерімнің Тағдырға көз жұмсам өшіге, Сен мені кешіресің бе? Аллам...

VІ БӨЛІМ

«МЕН АҢСАҒАН МАХАББАТ»

Қысқы шаһар. Ұзын көше. Түнгі шақ Өзім деген өлең үміт тым жырақ. Әйнегімде қырау биін қалдырған Бүгін маған жалғыздығым құндырақ. Сен келмейсің. Жеткізді оны суық жел, Суық желмен жалғыздықты қуып бер. Тоңғаным ба, құшағыңды аңсадым, Ақ мамық қар мұңдарымды жуып көр. Аспан алыс, одан сәлем мамық қар, Қайың, терек күтулерден жалыққан. Сені неге сонша сүйген екенмін?! Дауа болмай дәрігер мен тәуіптен. Жазға жетпей, күзге кетпей мұңдандым, Енді қашан дауысыңды тыңдармын?! Ақ болсаң да, бақ таппадым жалғыз қап, Кешір ақ қыс, жесір бақсыз жындандым.

*** Бойымда байырғы аза мұң, Ақымақ хаттарды несіне жазамын? Өзіңе кезігіп, Сезімге күң болдым Десем де күнәдан тазамын. Сәттерде есімнен жаңылам, Ойда-өлең, құшақта жаңыл-ән. Сені ойлап ұйқымнан қағылып, Құштарлық төсіне таңылам. Көруге ынтықпын таң сайын, Күтумен өтуде қанша айым?! Сен ғана іңкәрім іздеген, Мен сендік ханшайым! Болмайды жолыңда қаза мұң, Жауапсыз хаттарды несіне жазамын? Жарқ етіп жолығып, Зар еттің көрінбей Сағыныш – торында азамын. *** Тағдыр бізге бір болуды жазбаған, Кезіктіріп бақ бергенмен аздаған... Қақымыз жоқ бір өткізіп түндерді, Мәпелеуге бір үмітті маздаған.

Қақымыз жоқ құштарлыққа қылықты, Өмір мәні - махаббатқа ұлықты. Жақындасақ бірімізге – біріміз, Тірлік бізді айырады құрықты. Не кінәміз бар, қай жерде алғыздық? Арымызға қашан күнә салғыздық? Мені сүйіп күн кешесің өзгемен, Сені сүйіп тіршілігім жалғыздық. *** Көргім келген шақтарда Өлгім келген… Көргім келген шақтарда сізді ғана Өлгім келген қиялдың көрпесінде. Тірлігім мен ұйқымды бұзды қала, Мендік бітпес мұңдардың өлкесінде. Сағынғанда сезімге дауа болмай, Жалынғам да бейнеге қабырғада. Жалғыздықтан жынданғам жауап алмай, Өлеңімнен Бағынбас сабырға да.

Қиналғанмын, Кеште әсем сізді көрмей. Жиналғанмен бармадым. Жандыңыз ба? ,,Келер,, деді үмітім үзілердей Өлең жаздым шашуға алдыңыздан. Көргім келген шақтарда сізді ғана Өлгім келген… *** Гүл қала еді. Атанды күзгі қала. Сағынтатын сазымен сізді ғана, Менсінбейді бұл қала жырларымды Әлі санап жүр ме екен бізді бала?! Көктем еді жайнаған Күз басынды. Ызғарлы кеш арманым құз басында. Бала кездей сыр айтам көк терекке, Мені күтіп тұрсаңыз сіз қасында. Көк терекке жүгінем Бала сынды. Түсінбейді бұл қала қарасымды. Сізді күтіп қаңғырам қара басым, Жастығымды өткізбей жарасымды.

Өлең өлмес десем де, Жырым тәмам. Орда бұзбай өртенген түрім жаман. Сізге ғашық болғаным-бар айыбым, Күнәсі көп қалада сырым аман, Көкте құдай, жерде сіз, жырым балам. *** Жалғыздықтың құшағында жалықтым, Жалқы өткен күндерімнен өзіңсіз. О, тәңірім мейіріңе қарық кім? Ернім - құрғап қалған теңіз, көзім - күз. Құштарлықтың қақпанында қысылдым, Құмарлықты қайтем енді құрықсыз. Қалай ғана құшағыңнан ысырдың? Өртеп тәнді еріндерің тұрып сіз. Қалада бақ ырғалғанда қайыңсыз, Жұлдызды түн жымыңдаса үр қылық. Ұмытарсыз мені тез-ақ уайымсыз, Сізге жазған өлеңдерім жыртылып. *** Түн күледі, тілегі оның төзімсіз Менің нәзік күлкімсіз.

Бәрібір де менің күлкім, көзімсіз Сіздің өмір сүйкімсіз. Суық күндер тұрып алды малданып, Өз дегенін қылар қыс. Тіршіліктің тәттісіне алданып, Сосын қайта жыларсыз. Таң атады, сосын жылдам кеш келіп, Жалқау тұман жайлайды. Менмендіктің машақатын ескеріп, Тәңір бақты байлайды. Жүргенменен бақытты боп өтірік, Сағыныштан ауырсыз. Қарт Каспийдің толқындары өкіріп, Шағаласы сабырсыз. Ойларыңыз орын таппай қаңғырып, Арман, мақсат жүйесіз. Жүргеніңіз бозбаладай мәңгіріп, Мені өлердей сүйесіз. *** Көктем күні көңілді, Тым көңілсіз жүресіз. Мені көріп, Қуанасыз күлесіз, «Тағдыр бізді айырмасын өмірде Ең сұлу сен өңірде».

Дейсіз-дағы ғайып болып кетесіз, Мұны өзіңіз білесіз. Қайтып күзде келесіз, Екеумізге ортақ өлең – бастыны, Өр кеудеде шабыт тұныпжас қылық, Қарашаның хас түні. Жатқа оқисыз, Күнәдан пәк сезімімді мас қылып. Күзбен сіз де өтесіз, Қыста ғашық етесіз. Ал, мен үшін мынау жарық дүние, Пенделер мен жеке Сіз. Замандастың заты бөлек үніне, Құлақ аспай сізді күтем күніне, Мұның бәрін білесіз, Біле тұра кетесіз. Ең сұлуды ең бақытсыз етесіз.

*** Сіз ұмытқанда, Мен ұмытпағам. Сағыныш ұлып таңда, Түнімде жылытпаған. Ақтаудай жас қалада Күй кештім мас, қапырық. Сіз болса Астанада, Ел жайлы бас қатырып. Ұмытқансыз, Тамтұғын тәтті шақтың Құлыптап сіз, Есігін бақытымның қатты жаптың. Сағыныш сізге қарай Мені тартып. Сапарды ұзақсонар бізге қалай Ұқтырар едіңіз сіз сенім артып?! Үмітке. Келесіз қашан енді? Жанарда жасым жатты күдікпен. Келмейсіз тіпті бұл ақ таң, Жанымды қуантпай жылатқан, Төзімді төрімнен құлатқан. Шаттықты тымық таңда Мұңдар құлыптаған. Сіз ұмытқанда Мен ұмытпағам.

*** Мен сізді сағынам Құлазып. Тән түгіл, жаным да жүр азып. Көктеммен күткізген құр үміт, Күндерге құр азық. Өмір де, көңіл де Қажыды. Сүйгенім сондағы жазығым?! Аккөңіл Сенімім баяғы Адалдық -тіршілік қазығы Жазығым?! Хас өлең, мас шабыт, Менің бар байлығым Қазақтың сөзімен өзімді жайды мың. Ал, Сізде көрік бар келіскен, Ақыл мен сабыр бар сеніскен, Хақы жоқ сізге ешбір қайғының! Мұңыма оранып мен өтсем, Демексіз, Жымиып: ,,Мұның не керексіз?,,. Сізге ынтық ақын қыз арманы өр кеуде, Күлсеңіз көргенде, Жүрсеңіз жырақта жебеп сіз. *** Көңілсіз күндер басымда, Сені күтемін сұр түнде. Неге келмейсің қасыма? Көзде жасымды сүртуге.

Бұл қалада жоқ қуаныш, Көктем кешікті сенімен. Болар жаныма не жұбаныш? Жапажалғыз егілем. Әндерім саған арналған, Өлең жазылды жырақта. Үміт шақтарда қарманған, Өзің жоқсың ғой бірақ та. Сағыныш сазы жиі ақты, Жүрек жылайды мұңдардан. Маған керек емес сияқты, Сенсіз қалған бұл жалған. *** Көңілімнің еркін ашып есігін, Жүрегімнің төрін саған ұсындым. Өмірімді арнасам да несі мін? Сенсіз тірлік ете алмаспын. Түсіндім. Тағдырымды берем сенің қолыңа, Жаным менен тәнімді де қосып ал. Күнде қарап отырамын жолыңа Сәл кешіксең келмейтіндей шошынам.

Алла менен адамдардың алдында, Сүйем сені құмарлықпен қиратқан. Енді мені жерде жалғыз қалдырма, Бірге өтейік ақтық күні Сираттан. *** Жынды елестің шуағына малынып, Махаббатпен ауырып. Ұшпай жатып қанатымнан қағылам, Құшпай жатып сағынам. Бос арманның әуеніне ұрынып, Сезімі жоқ бейбақ күндер тұр ұлып. Қашан, қайтіп ұмытып ем құдайды?! Жүрек неге жылайды? Көк мешітте жығылғанмен Аллалап, Артым теңіз, алға бассам жарқабақ. Бақытым деп құшаққа алдым зілдей мұң, Қалай өмір сүрерімді білмеймін?! *** Жауапсыз қалса да хаттарым, Атыңды құрандай жаттадым. Нұр шашқан жүзіңе ынтығып, Құмарлық қақпасын аттадым.

Өзіңсіз өмірден жерідім, Жаныма жоласаң ерідім. Кәлима қайталай беремін, Болсаң деп өмірлік серігім. Жауапсыз тұрса да сұрақтар, Түрім жоқ сенен еш жырақтар. Басыма бұйырған бақытсың, Мейлі сен жүз қызға ұнап қал. Ерніңнің отымен өртедің, Сезімнің емес бұл селтеңі. Өзіңді сүйерім ақиқат, Ертегі болса да ертеңім. *** Жолыңды тосудан жалықтым, Менде енді үміт те өледі. Қалың ел бәріне қанықты, Жоқ бірақ көмегі. Ақ қырау кештен де жоқ қайыр, Тұрғаны әп-әсем расында. Білмей ме, білер-ау, көк тәйір, Жәйімді сағыныш басынған. Жолыңды тосудан шаршадым, Ол жақтан жол жоқ па қайтатын? Көліктер бармай ма қанша мың? Көшеде босқа өлең айтатын.

Жағада тұрамын жыларман, Шағала шырылдап зеріккен. Даусыңды есту де бір арман, Телефон соқпайсың неліктен? *** Күтемін келісіп көркім көп Күнде. Маған келер ең, еркің жоқ Мүлде Хақым да жоқ менің сүюге Сені Себебін болмайды білуге Білме. Сенсіз дүние қараң Демен Үзілді менімен араң Неге? Қайда ұшты сезімің нанымды Айтшы.... Қайғыны қайтем жанымды Жеген. Несіне сағынам солып, Еріп. Кетесің көрмеген болып, Көріп, Тіршілік тақпаққа нандың ба Солай Барамын алдыңда Өліп. Айтылмай сөзім қап Тілде Құштарлық төзімді ап, Бірде Алайда хақым жоқ сүюге Сені Себебін болмайды білуге Білме!!!

*** Жаның Армандарға тұнған Тәнің Құр қалмаған жырдан. Затың Жақсылыққа жат емес, Атың басталады нұрдан. Қаның Бойда тулай аққан, Әнің Маған құлай жаққан Күлкің Ол тағдырдан сыйың Бір күн Сенсіз өткен қиын. Көркің Хас батырдың түрі Өртің Сезімді ерткен ұры Қолың Алақанға тисе, Орны Болады он күн жылы. Көзің Алла нұры ғажап Сөзің Мың ойларды қажап. Келсең, Көктем кірер бірге Кетсең... Тіршілігім азап. *** Кешірем менсіз атқан таңдарыңды Кешірдім менсіз жатқан түніңді де. Несіне айта берем жанда мұңды? Сен - мендік, мен - сендікпін бүгінгіде.

Кешірем сенсіз келген көктемдерді Бір хабар жеткізбеген өктем желді. Мұңсыз күн сені-дағы кешіремін Асқақ Ай аласарып өпкен жерді. Тірлігім сенсіз рас қиындады, Алайда Алла жазған сыйым бар-ды. Кеудеге күтулерден дерт толғанда, Кешірдім сен тойлаған жиындарды. Ақындық о бастағы жүгім міне, Тағдырым қалдырмасын түгімді де. Кешірем тек сен үшін барлығын да Ертеңді, кешегіні, бүгінді де. *** Сен жайлы өлең басылды газеттерде Күніне сан жаттадым есіміңді. Саған ұшып жетер ем қажет жерде, Көрінсеңші, болсаңшы кешірімді.

Оралар ма, баяғы өмір қайтып? Күн туар ма сол күндер кері айналар?! Әлем менің мұңыма көңіл айтып, Жыр оқыды сен жайлы телеарналар. Сағынышым жаһанға жария боп, Қайғым мынау. Қаланың кеші күлді. Жұртым сүртіп жасымды қария көк, «Бекем деді күткейсің несібіңді». Терезеге телмірдім төзім қалмай, Кеп қалар деп бекітпей есігімді. Тағдыр тауып, көзіңде сезім лаулай, Оралсаңшы, болсаңшы кешірімді. *** Елім бар ғой, егілсем, емізетін, Жерім бар ғой, жеңілсем жеңгізетін. Тіпті Алматы аспаны бар пендеге, Мөлдірліктің моншағын тең үзетін.

Далам бар ғой, сыймасам паналайтын, Күн нұрын да сәт сайын жаңалайтын. Аппақ қар да әлемді құшақтайды, Жел де ұятты, сай-қырды аралайтын. Бұлттар ғана бір кетіп, бір келеді, Сонда шыңдар шым батып, бүркенеді. Тұман басып, табиғат тәнін жауып, Зираттардан зарланған жыр келеді. Көтертеді құс жолы білегіңді, Айналаңнан табасың тірегіңді. Әлем тұтас, сен жүрсің өзіңше боп, Мені сүйген түсінбей жүрегіңді. *** Қайда арманым алабұртқан, қайда бақ? Кім кінәлі махаббатқа кешіккен?! Отырғанда сен біреуді аймалап, Күткеніме көзімді алмай есіктен.

Кім кінәлі саған деген сезімге? Өртер жиі қалғанымен таңда ұйып, Сен бақыттан балбыраған кезіңде, Мен отырдым сағыныштан сан күйіп. Кім кінәлі? Сен бөтенмен күн кештің Маған ессіз ғашық болған қалпыңда, Ал мендегі ұғына алмас жырды ешкім, Бәлкім, оқыр қалған қазақ артымда. Жанарымда сол баяғы сауал құр, Жауабы жоқ жолдар жатыр айырық Неге біздің арамызда қамал тұр, Үміттерді айырып? *** Мен енді кетем сірә бұл қаладан, Сізден де. Ешкім де керек емес, ештеңе іздемеймін, Тәңірдей сөзден де, Қалайсыз сіз демеймін Қуантып иә мазалап.

Сіз-дағы кешіріңіз, Нені бірақ?! Ақын қыз қиялында бүр жарған армандарды, Үміті үсіп кеткен тар маңдайды, Сіз-дағы ұмытыңыз мені жылап. Әкетер мені ертең көкшіл вагон, Тас тағдыр, темір жолдан сақтанам ба? Бақ түгіл, қуаныштар жоқсың маған, Шілдесі шөліркеген жат қалада. Сағынам сізді жанып, Сіз ғана құшаққа ыстық құралайдай. Сағыныш кеудемде өксік мұзды қарып, Түндерде жылай алмай. Қиналсам, қимағаным –кешкен әурем, Сенделер сұр көшеде бетімен мұң. Көк вагон, көшкен дәурен, Сіз мені ұмытыңыз өтінемін. *** Арманымның асырардай шоқтығын, Арып-ашып күн кешемін. Далбаса. Бұл өмірде ештеңем де жоқ күнім, Жасы кеппес өлеңдерім болмаса.

Шарап жеңіп, сауық-сайран құрғам жоқ, Жасқанбастан тағдыр мұңын жолдаса. Мінезім де жетісіп бір тұрған жоқ, Сені құшар ақ жүрегім болмаса. Атақты емен, дәулетті емен, дарамын, Шабыт қана. Шашылмайды ол да аса, Өмірге бос келіп, кетіп барамын, Сені өлердей сүйгендігім болмаса… *** Арманды іздеуден шаршадым, Қырандар көкке іліп әкеткен. Естайдай бірсүйер жарсағым, Қалғаны сезімді кекеткен. Ойлардан жындандым, Қиялым шынайы одан да. Тазалық түбінде зынданның Табиғат түнерген содан ба? Ісім жоқ бітірген Кештерде сүрініп құлаймын. Үмітті үлкендер үпірген Бекеттің басында жылаймын.

Бақытым-жыр арнам, Соңына мыңдарды ерткен. Мен сенсіз бәрібір тұра алман, О, арман, жылатқан, жеріткен. *** Көзімді шаттықпен жуғанмын, Басымды миллион ой жегенмен. Бекеттің жерінде туғанмын, Дәм татып мейірім дегеннен. Әйелмін. Тағдырдан ол жазам?! Өзгенің бағына жадырар. Абайдың тілінде жыр жазам, О, тәңір, Басқа арман адыра! Еркемін, өктем де шығармын, Ашуды кейде тез сұлатып. Шәмшінің әніне жыладым, Бір қазақ жігітін ұнатып. Нәзікпін. Тұрандот емеспін, Жарым бар, тірлікте екеумін. Өмірдің мұңдарын жемес кім?! Бәрібір бақытты екенмін.

*** Өзіңе тағы келдім ақ шағала, Басыма сірә менің бақ қонар ма? Жалғыздық жылатқанда жағада көп, Арманым қарсы алдымнан тап болар ма? Досым жоқ, қасым да жоқ, ешкімім де, Мұң ғана мұндалайды кескінімде. Арайлы аппақ жүзі жарқ етсе ғой, «Мен келдім, сапарымды кеш күнім»- деп! Махаббат өлмес мәңгі өңімізде, Басқаға бас ұрсақ та төрімізде. Айнала ұрыс болмай, тыныш болсын, Жаным, хош, кетейік өз жөнімізге! Мен үшін сен қымбатсың пенделерден, Жүректе дертім сірә емделер ме? Айбарлы мінезіңмен баурап едің, Көңіліңе кәусар бұлақ тең келер ме?

Күн қайда қуаныштан күлімдеген, Түн қайда қаралығы білінбеген. Бақыттың бастауында әлі отырмыз, Тігулі шымылдық тұр түрілмеген. Шағала шамам да жоқ, шарам да жоқ, Сезімім сыңсығанда санамда шоқ. Сағыныш моншақтары сусып жатыр, Жолдарда, көшелерде, алаңда көп. Мен аңсаған махаббат Сүйгенім де сенгісіз сүймегенім, Күлгенім де белгісіз күлмегенім. Жағалауда өзіңнен бақыт таптым, Құмарлық па, сезім бе бұл дегенің? Төзімімді тағдыр сан сынап едің, Ұшып тұрдым үмітсіз құлап едім. Бақытым ба, сорым ба, бұл кездесу? Құшағыңда көз жұмып тұра бердім.

Құшағыңда қалсам ғой мәңгілікке, Жалғыздықтан құтылып сан күдікпен. Сол күндерді таңдар ем жұмақ емес, Айырбастап арманды таңғы үмітке. Қолдарыңнан сезіндім жылылықты, Ғашық еткен жаныңның сырын ұқтым. Менің құрттай өмірім – сен ғанасың, Болмысыңмен өлшеймін ұлылықты. Сүйдім рас, бақыттан гүлдегенім, Ертеңімнен ештеңе білмегенім. От құмарлық, өткінші сезім емес, Мен аңсаған махаббат бұл дегенің! *** Арманымдай аяладың, алдадың, Қиял болып қаштың неге қалмадың? Сағыныш боп енді жанды сарғайттың, Одан асқан сірә менде бар ма мұң?

Үмітімдей әлдиледің үлбіреп, Сырлы түнде шаттығымды кім білер? Тілегімді тәтті тауып алдың да, Жүрегімді кеттің сосын тілгілеп. Бақытым деп құштым сені жасырмай, Құштарлығым қара кеште басылмай. Қайта оралмас күндер мәңгі жадымда, Қайталанбас бейнең маған асылдай. Қыранымдай биік ұштың аспанда, Жырағыңда құшағымды ашқанда. Жұлдызымдай қайда жүрсің жарқырап? Теңіз-қайғым толқын болып тасқанда. *** Сыртта сәуір, сәнді көше майысып, Мұң мәз болды, күлкі құшқан жәй ұшып. Кешір, енді сені күте алмаймын, Сағыныштан құрттай жүрек қайысып.

Қарлығаштар оралғалы көп болды, Соларменен биік көктем шоқтығы. Қармен бірге ызғарлы жел жоқ болды, Бір хабардың сенен ғана жоқтығы... Өрік гүлдеп, қайың жарды бүршігін Жылғалардан жылдам-жылдам су ақты. Шабыт шалқып, жыр иірді ұршығын, Күн жымиды: «Өмір бар деп шуақты». Сыртта сәуір, жұрт та зәру көктемге, Тек мен ғана өмірге өгей жандаймын. Қарлығаштар қанат қағып жеткенде, Кешір, енді сені күте алмаймын. *** Шағынатын шық таппай жүремін мен, Арманым мен үмітім бір күнде өлген. О, тәңірім, періште жүрегіммен, Сенгім келген, сонан соң сүйгім келген...

Сенгім келген сезімнің ақтығына, Алматының жұлдызды аспанына. Ол мәз болып тәндердің шаттығына, ,,Сүйем,, деді мені ме, басқаны ма? Мені ойлады, басқаны құшып, күліп, Өзін сосын алдады өзгелерді. Уақыттың шыдамы ұшып тұрып, Көктемдер де көңілсіз кезге келді. Тәтті түстің түріне қанбас көңіл, Аңызақ боп адасып күлкім желмен. О, тәңірім, бұл неткен маубас өмір?! Мен біреуді мәңгілік сүйгім келген.... *** Жағада жалғыз қап, жабықтым Сен болсаң, мұң білмей күлер ем. Өмірім өзіңсіз бос екен, жаңа ұқтым. Сол жайлы бұл өлең. Құшардай сен кенет мені кеп, Толқынға жақындап үмітпен, Сағындым, келсеңші берірек Таңдаулым қазақта жігіттен.

Бұл өлең сағыныш жайында Дегенім, сен жайлы білерсің. Бәлкім сол алдағы уайым да, Өмірім - реңсіз. Теңізге соны айттым, жасырмай Ол маған сенгендей, зор үнмен Шағала ән салды қасымда, Бағымды әйгілеп сорыммен. Сағыныш сен десе төзімсіз, Жанымда қайтсем сен жүрер ең? Жағада қапасты күй кештім өзіңсіз Сол жайлы бұл өлең. *** Сағынышты уақытпен жуа алмадым, Шырынына шабыттың жұбанғаным. Бәрі - сенің қолыңда білесің бе? Өлеңім де, күлгенім, қуанғаным. Азық етіп әлі де ақ таң барын, Ұшты-күйлі бақыт іздеп аттанғаным. Бәрі - сенің қолыңда неге екені?! Сәттілік те, сәтсіздік, шаттанғаным.

Сөзін алмай алдымда ұлы ағаның, Күлкілерді тәрк етіп жылағаным. Бәрісенің қолыңда, сенің ғана, Сүрінгенім, сынғаным, құлағаным. Сен жүргенде қиялдың түстілігі, Сенсіз іңкәр көңілдің ұшты гүлі. Мен күңіңе айналсам, қайран қалма, Ол – сүйікті Алланың күштілігі. *** Кәрі Каспий өзіне қаратады Бір сыр бағам. Сіз жайлы айтар ма еді?! Толқындарды үздіксіз жаратады Бірақ, маған ол сізді қайтармайды. Жаным менің жазықсыз ауырады Жағалауда аралда қалғандай боп. Дүниенің дүрмегі табылады Бала толқын, қарт теңіз, аймаңдай көк.

Үнсіз ғана мен жүрем, әлем шулап Ән салады орынсыз шағалалар. Кеудемдегі тіршілік әрең тулап, Кінәм де жоқ біреуге таға қалар. Шағаланың тербетіп тылсым әні Көкке қарап дәметіп шапағаттан. Ай сәулесі әл бермес құрсын бәрі, Өлсем осы өлейін махаббаттан. Меңіреумін, селт етпей шыңдаса ой Бірде жылап, бір сөйлеп тас бейнемен. Менің жазған жырымды тыңдаса ғой, Жетісудің жігіті Каспийменен. *** Жанғанда сезім гүл атып, Жанымды қойдың жылатып. Ғашықтық күшін сезіндім, Қалдым да сені ұнатып. Арманым болдың бүгінде, Бақ табармын ба түбінде? Азаптың бәрін бер маған, Сен жаным ылғи күлімде.

Жанарың жарқын жасындай, Жымиғаныңда тасынбай. Бақытты болып кетер ем, Бір сәтке болсам қасыңда. Таусылар тағдыр сүргіні, Келер деп күтем бір күні. Сағыныш мұңды мен кешем, Қайғысыз өмір сүр күнім! *** Мені тағы да жылаттың, Рахымсыз, жауапсыз қалдың да. Несіне ұнаттым, Гүл аттым? Не күшің бар еді алдымда? Мені тағы да мұңайттың, Санамда сағыныш сүмбілдей. Көркімді көмгенде құмайт құм, Келерсің, Келмессің, Кім білген?! Сұлулық жүзімде өлгенде, Қажетсіз қап-қара сүрмең де. Саңғыған сезімің сөнді ме? Рахымсыз, жауапсыз жүргенде...

*** Жүрегімде жазулы тұр есімің, Күнәм болса, Аллам берсін кешірім. Сол жағада сені күтіп жүрмін мен, Айтшы жаным, Қандай сенің шешімің? Бар санамды билеп алды болмысың, Ащы мұң мен сағынышқа толды ішім. Жауабы жоқ хаттар жазып жалықтым, Көкіректе көктемгі арман солды шын. Кәлима оқып, көк мешітте отырам, Үміт емес, қайғы-қасірет татыр ән. Сені сүйіп, жан дертіме дауа жоқ, Көп кінәмді жанарымда батырам. Тұла бойда тыпыршиды құмарлық, Тәңір сені жаратқандай сыңар қып. Оразада оралсаң ғой сүйіктім, Меніменен Аллаға іс қып ұнарлық. *** Арманым болдың кәдімгі, Қазақтың қайсар бір ұлы. Құштарлық басты жанымды, Жүректе қайран жыр ұлып.

Күтумен көзін талдырар, Біреуге асқақ арумын. Жақындап келсең жандырар, Сәулеңе сенің зәрумін. Ағымнан айтсам жарылып, Көктеммен кетті бар үміт. Өмірдің мәні қалмады, Сағындым сені сарылып. *** Дүние даңғой, Тар өңір, Азаптың түрін сан тарттым. Бір болсақ деуші ең бар өмір, Қалайша жолда жалтардың? Алқымнан алса аңсарым, Сезімді сабыр тұсасын. Оянам жылап таң сәрі, Түндерде кімді құшасың? Қызғаныш, арман, беу сезім, Қай жерде қақсып қаласың? Тек сені сүйем деуші едің, Жанымның жазшы жарасын, Қай жаққа кетіп барасың? *** Кештерде күткенім күлімдей, Еш жерден таба алмай күнімде. Түндерде сезгенім, Кезгенім Бәрі де қала ма білінбей?

Сағыныш селіне төзгенім, Сүйгенің, Сенгенім сөз бе еді? Жүрекке дерт толды дауасыз, Іңкәрлік жас болды көздегі. Миымда мазасыз сыр толды, Үйімде үмітім құртылды. Құшағың жұмақтай аңсатты, Ернімде елестен жыр тұнды. Арманым азаптан тілінді, Ойда бал, у жеді тілімді. Тойыңда қасыңда болмадым... Бойымда кім басар дірілді?! *** Бар төзімім таусылып, Жан сезімді ұшырдым. Елесіңді қаусырып, Келмесіңді түсіндім. Сағынышқа батармын, Құмарлығым азайып. Өткенді ойлап жатармын, Ол бір түстей ғажайып. Ұйқым қалып төсекте, Таңды көзбен атырам. Уақытемші десек те, Тұрмын сол бір сатыда.

Сені әкеткен ұшаққа, Қол бұлғадым күшіммен. Елесіңді құшақтап, Келмесіңді түсіндім. *** Жағасында теңіздің жылап тұрмын, Қиылмаған некесі қалыңдықтай. Көзден шаттық бұл күнде жырақ сырғып, Би билеп жүр толқындар халімді ұқпай. Сұқтанады сыртымнан серілер мың, Сырын оның уақыт сараптасын. Сені сүйіп сезімге берілемін, Алла баста адам ғып жаратқасын. Сені қалай ұмытам құшып-болып, Ынтық сәттер көлбеңдеп сұр елестей. Жем іздейді шағала ұшып-қонып, Менің мұңым ол үшін дым еместей. Сол жағаға тағы да келіп тұрмын, Бір сапарға шыға алмай кемелермен. Шабытымды сағымдар еліктірді, Жыр оқиын деп едім сенер елге.

Сағынышым жанарда бұлақтар боп, Балбыраған бақыттан күй есімде... Сені аңсаған көңілде сұрақтар көп, Қайда жүрсің? Сен мені сүйесің бе? *** Құмды сүйем, сен жүрген ізің бардай, Ернім жанып, елестеп жүзің қардай. Бал түндердің базары тарқағасын, Жаз жабырқау болғанда күзім сондай. Бірге жүрген күндерім қалды қараң, Демің өртеп тұла-бой балбыраған. Қалай бәрін ұмытып кеттің екен? Тән тәнті боп көркіңе жан құлаған. Бірге оянған таңдарым болмағандай, Не естелік қалды екен қолда қандай? Жарықтан да жасырып сүйетін ең, Құшағыңнан жібермей қорғағандай.

Желді құшам, ауада лебің бардай, Болмысымды баурап ед демің балдай. Енді отырмын құдаймен келісе алмай, Жалғыздықтан құтқарар емің қандай?! *** Бейжай күндер өткеннің үлесінде, Сенесің бе, сөзіме күлесің бе? Ғашық болып өзіңе қашық болдым, Қарашаның қап-қара түні есімде. Жақыным ең, солайша алыстадың, Арманы жоқ көңілден қалыс бағым. Әйкел таққан әдемі ару едім, Еркелікті ерлікпен жаныштадың. Тағдырымды сен менің білген бе едің? Арпалыссыз алаңсыз жүрген едім. Сырластым да сәріде зәрем қалмай, Мұңсыз күнді сонан соң сүрмегенім.

Сезім толды кеудеме сылқым үнді, Содан бері ұмыттым күлкіні де. Жүрегімнің төрінен орын бердім, Қарашаның қап-қара бір түнінде. *** Сағындым сені, Жалғыздық бұрап Бәскіл мұңдардан шаршадым. Қайтермін бірақ? Шақырымдарды қанша мың? Ынтызар болдым көрмекке, Ештеңесі жоқ жұмбақтар. Тағдыр жолымды өрмектеп, Қоштасты жазбен гүл бақтар. Сағындым сені Сағыныш күндер сылбыған. Түнгі азабыма қанық таң. Тек іштей ғана шыңғырам, Зағипаңменмін зарыққан! *** Рахымды жаныңды сағындым, Тәңірім сабырды өлшеген. Үмітім бәрібір жағылды, Сан рет сарылып сөнсе де.

Ақылды көзіңе құмармын, Ақынның сөзіне илансаң. Мен саған өмірлік сыңармын, Қуансаң, қайғырсаң, қиналсаң. Арманым - бір болу ашық түн, Кеште де жұлдыздар жанбаған. Тағдырым ұқсаң ғой ғашықты, Аңсаудан арыла алмаған. *** Жоладың маған несін сен? Ұнаттым сені не үшін мен?! Тіршілік тыныш быт-шыт боп, Жаңылдым енді есімнен. Сезімді сөнген үрледің, Тәнімде сұмдық жүр менің. Кездесіп бейуақ О, жалған, Кіл ғаріп күндер сүргенім. Миымда қонып мәңгі арман Ертегі күткен таңдардан Еркелеу ақын қыз едім Опырылып түстім заңғардан. Тірлігім қалды тегі-үміт Қиялға шындық жегіліп. Құлы боп кеттім… Өлеңім?! Өлеңім қалды егіліп.

“…Түрік аруының бір меңіне Самарқант пен Бұхараны берер ем… ,, Хафиз

Көкте тәңір айналғандай сараңға, Мәні өмірдің минуттарға тұр сыйып. Аппақ сезім лайланып харамға Мен бақытты таба алмадым құр сүйіп.

Көлеңкемді құша бердім тіреу деп,

Өкпем сыймай, өзді-өзіммен егестім. Шаһар түгіл, баһор сыйлар біреу жоқ, Бәлкім, мен де түрік қызы емеспін.

Махаббатым мазақ болып түндерге Жасым менің у біткеннен ащырақ. Өлеңімді әлің келмей күндеуге Қарт қызғаныш, бұл шаһардан қаш жырақ.

Сосын мен де бұл қаладан кетермін, Бәрін қойшы, момақан күн бермеген. Шабытымды бірде жарқын етермін, Зілзаладай бойын ашу кернеген.

Иранға ма, тіпті одан да әріге Сәтсіздіктің көбін мұнда қалдырып. Үмітпенен оянар ем сәріде, Сағынышты соқпақ жырдан салдырып.

Көзім жұмбай Ай қалпағын түргенше, Күнді күтіп салмақтанып, сылтыған. Бір шаһарда тұрып іздеп жүргенше Көк теңіздің аржағынан ұмтылам…

*** Кешір, Кінәласаң өзің біл. Несін?! Жылуыңды сезіндім Енді еріксіз, шексіз Жесір Махаббатымнан безіндім.

Енді Ертеңім бұлдыр Жеңді Құмарлық сыңғыр Онсызда мұңым көп менің Ерді Соңымнан бір мұң.

Тойшыл

  • Шаһар – парсыша қала * Баһор - көктем

Көңілім екен Ойшыл Өмірім өтер. Шын сүйіп шындық таппадым Қойшы Бәрі де бекер...

*** Аяқтамай, жазбай кеттім жырымды Құмарлыққа күң болғанда сезімім. Жасырамын кімнен, қалай сырымды? Көп күнәһар пенденің нақ өзімін. Сүймей жүріп сүйіп қалдым бір жанды Көп кешігіп кезіксе де ол маған. Тек онымен жаным-тәнім нұрланды, Сәтім сірә Аллам өзі қолдаған. Оны көрсем өмір-жұмақ бақшасы Көрген азап ескі кино секілді. Теңіз терлеп, далам күлді ақ шашты Мен де енді бақытты боп бекіндім. Жүзі жарқын сол адамға ғашықпын Тағдыр саған тура қарап айта алам. Түнде таңға, күндіз кешке асықтым Көру үшін тек сол жанды қайтадан.

Ғашықтықты кім айтады күнә деп? Сүйе алмасам, далбаса ғой қалғаны. Сағындырса сан күн жүрек жыла, кеп, Бір әйелдің арман емес ардағы. *** Сен Каспийдің сағасында қалғанда Мен Жайықтың жағасында мұңайдым. Бармақтай бақ таба алмаған жалғанда Мені немен жұбатады бұл айдын? Сезім желпіп толқынға ма, желге ме? Өзім елтіп құр ойменен сенделем Маған бейуақ жолыққансың сен неге? Қалай сені сүйіп қалғам мен деген? Маңғыстаудан мейір таппай келгем жоқ Жайық, төмен сала көрме жүзіңді Қуаныштың құшағына енгем көп, Сағыныштан сартап жасым үзілді.

Өлең жазсам қасіретімнен айықтым Бар жазығым - сені өлердей сүйгенім Жағасында гәкку мекен Жайықтың Жалғыздықтан жынданатын күйдемін... *** Кезігерміз екеуміз жолда қандай? Тәңір өзі бұйырып, қолдағандай. Жан-тәнімді жандырған қайран сезім, Жоқ боларсың бір күні болмағандай. Жұмбақтаста тығылған жарқабаққа, Күндер көшіп кетерсің беймәлімге. Түндер келіп азабы сарнап аққан, Тауысар ма төзім мен кейде әлімді? Жайғасарсың жанына жарыңыздың, Жалғандағы жарқын жан нақ өзіндей. Ақын ару, мұңды жыр, бәрі-аңыздай, Арман, үміт қалды ма бақ көзінде?

Сандырақтап сөз айтып мәнісі жоқ, Отырарсың өткенді қайтара алмай? Сезім өртеп күйдірген танысың көп, Сыра ішерсің ештеңе айта да алмай. Саябақта жүргенде сағыныштан Өкінерсің, айыптап жынды күнді. Қақың да жоқ озуға жазымыштан, Менсіз солай жалғарсың тірлігіңді. *** Естігім кеп даусыңды, Көктемде күн күлгенде Төзім менде таусылды, Қайың оны білген бе? Терезеге телмірдім, Сені сонша сағынып. Бұл күйімді жел білді, Тағдырға ол да бағынып. Көңілсіз гүл көшелер, Жыр оқиын, естісін. Барлығын да кешер ем, Келсең бүгін кешкісін... Күтіп күзде шаршадым, Жапырақ боп бар маңым. Өткен күндер бал сағым Қайдасың сен арманым?

*** Сен жайлы ойлағым келмейді, Бүгін де, ертең де. Салынған селтеңге Жаныма ермейді Үмітім ерте өлген. Ұмытқым келеді Тумаған күндерді Жұлмаған гүлдерді Қалдырған сүлдерді Түндерді. Ойлағым келмейді Сезімді Сені бар көзімді Тәубесі тоналған төзімді Өзімді Күтуден таймаған Безсе де айналам Күнәһар болмысың Тірлігім солды шын Жайнаған. Ойлағым келеді жырақта Жас тамып Басқаны Бірақ та… *** Хош! Сезім жоқ менде Дос төзімге кенде. Сүйіп те, күйіп те болдым. Хош! Сен де бір пенде. Хош! Әмірі ненің? Бос өмірім менің. Күлкілі қасіретім де Қос! Көңілдің теңін.

Хош! Жасымды тидым. Тос, қалдығын сыйдың. Бақытты сезбедім мүлдем, Хош! Соңғы рет сүйдім. *** Сағыныштан сабылысқан, Жазымыштан тағы қысқан Қажыдым. Сен кетсең де түнгі қалды із, Ең сұлу қыз күнде жалғыз Жазығым? Маңайымда исің қалды кетпей, Сүйгенім бе соңғы реттей Бар кінәм? Кінәм емес, күнәм мүмкін? Жария болып бұл ән бір күн Жарқырар. Келгенде ажал құшағына асығам, Қу сезімнің қалдықтары шашылар Далаға. Бабам туған бұл ыстық жер Кетем, көрмен! Тыныштық бер! Санама... *** Сезімім жанарымда жағыла мың Бір жүрген сол күндерді сағынамын. Көңілде қуаныштан мұңым басым Сен неге көрінбейсің табынарым?

Жүректе өлең жанды оқылмаған Тілекпен кестем қалды тоқылмаған. Күндерім күтуменен өтеді ме? Арманның алтын шыңды етегінде. Қырқада бір қыдырған күлкім қалды, Сағыныш сартап болған ұйқымды алды. Жыр-жансыз, жасқа малып жазғанменен Сен неге оралмайсың қаздарменен? *** Өмірімді ойран етіп, Көңіліңнен сайран кетіп Сені сүйгенім үшін Мені сүйгенің үшін Кешір. Сал күндерді қалдырып, Бал түндерде жандырып Сені іздегенім үшін Үміт үзбегенің үшін Мені кешір. Жастықтың жамалында Қан құшып қаламым да Әнімді арнағаным үшін Жаныңда қалмағаным үшін Мені кешір.

Тірліктің тосқауылында Тосылдың жасқа малына, Көз көрмей жоғалғаныңды Өзгеге оралғаныңды Кешірмен. *** Елім бар ғой, егілсем, емізетін, Жерім бар ғой, жеңілсем жеңгізетін. Тіпті Алматы аспаны бар пендеге, Мөлдірліктің моншағын тең үзетін. Далам бар ғой, сыймасам паналайтын, Күн нұрын да сәт сайын жаңалайтын. Аппақ қар да әлемді құшақтайды, Жел де ұятты, сай-қырды аралайтын. Бұлттар ғана бір кетіп, бір келеді, Сонда шыңдар шым батып, бүркенеді. Тұман басып, табиғат тәнін жауып, Зираттардан зарланған жыр келеді. Көтертеді құс жолы білегіңді, Айналаңнан табасың тірегіңді. Әлем тұтас, сен жүрсің өзіңше боп, Мені сүйген түсінбей жүрегіңді.

*** Cенсіз өткен күндерімнен безіндім, Түндерімнің... Тақсіретін сезіндім. Асау да асқақ адайдың бір қызы едім, О, құдірет табаныңда езілдім. Сағыныштың соқпағында тапталдым, Боз жігіт ең әнім болып жатталдың. Ұйқысыз түн сені ойлаумен дөңбекшіп, Мазалаған мың ойлар деп ақталдым. Әнді сүйген, жырға ғашық сері ұл ең, Бір көргеннен дидарыңа ерігем. Сенсіз өткен жылдарымнан безініп, Сенсіз келер таңдарымнан жерінем. *** Ғашық болып сүйдім де сезіндірдім, Көз алдыңда көлбеңдеп бала тұлғам. Жұбатсаң да, жылатсаң өзің білгін Мен тек қана сен үшін жаратылғам.

Таңдарымда талықсып оянамын Келсең келгін, келмесең, өзің білгін. Қасіретіме қатыгез тоя ма мұң, Сезім суып, тән семіп, көзімді ілдім. Тағдырымнан жалғыз-ақ сый еді өлең Енді одан да адастым, кезім кіл мұң. Сарқылғанша сағыныш сүйе берем Келсең келгін, келмесең өзің білгін. *** Жалғыз бөлме. Қараша. Қап-қара әлем Қайырымы Алланың өртенді ме? ,,Кеп қалар,, - деп есікті жаппаған ем, Терезені қымтарсың Көрпемді де. Қап-қараңғы көше ұзын тірлігімдей, Таусылғандай сұр ауа, демім бітіп Шабытым да менсінбей жүр бүгінде, Өлең түгіл су ішпей сені күтіп.

Адам келсе, шәуілдер күшік те жоқ Сағат тоқтап, үзілген байланыстар. Көзім жұмық, қабынып жүрек те көп Күн батады кеш оны қалай ұстар? Сынық үстел, Тас төсек - бар тұрағым Сен секілді көктем де кешікті қап?! Бөлме тоңып, Мен-дағы қалтырадым Есікті жап. *** Қысқы қала түнереді күлмейді Мен қысылдым қуануға жарамай. Сен жайлы ешкім ештеңе де білмейді, Алғашқы қар жауған кезде далада. Жыламағын, жалынбағын, кеш деме, Кештім десем оным шықпас көңілден. Енді маған керек емес ештеңе, Ғайып болып кетсем дұрыс өмірден.

Үсті жақұт, ащы бақыт әрі жүр Жалғыздықта жазылмайды жазғы жыр. Енді маған қыс па, күз бе бәрібір Терезенің алдында өтсін аз ғұмыр. *** .... Олай болса, кел сезімді жерлейік Несі қалды өлмеген? Көрін қазып, топырақ сап терлейік Жарай қоймас, көмбеген. Сағыныш пен бақытты да жерлейік Тоз-тоз болған үмітті. Дымсыз қалып, сөйтіп біздер ерлейік, Бізге кімдер күліпті?! Құрылмаған шаңырақты жығайық, Тәңір төнбес елжіреп. Екеуміз де тәуелсіз боп шығайық, Тезірек!!! *** Төлегендей ғашық болмай кетесіз, Тіршілікті қимай-қимай аттана. Қыз Жібектей сүйем десем нетесіз? Көзім нұрлы, ал шаштарым қап-қара.

Төлегендей тәнті еткен едіңіз, Тамылжыған тамыздың бір кешінде. Ен далаға не бақ іздеп келдіңіз, Тәңір тәтті тілегімді кешірме. Дүниеге тек сіз үшін келдім мен, Деп жүргенде мұнда біз. Сағыныштан шөліркеген ерніммен, Жыр оқысам тыңдаңыз. Қыз Жібек мұң тұнып қалған жанарым, Қарт Каспийдің жағасынан ынтығып. Сізге өлердей ғашық болып барамын, Қасіретімқара өлең боп бұлқынып. *** Сенсіз өткізген күндерде, Күлкі жоқ. Мақпалдай кештер де, гүлдер де, Сұрқы жоқ, Төнеді түрпі боп Түндер де. Өлеңнің жазылған әні көп, Мәні жоқ арасы. Өмірге бас ұрған тәнімде от Сөнгендей, Қалтырап әлім жоқ, Сезінер онымды халің жоқ Шамасы.

Мен үшін келмедің тірлікке, Кеттің де, тіл таппай пендемен сүрліккен... Жаратқан ғұмырды аздаған Бірлесіп кешуге жазбаған. Таңдарды қарсы алам ермекпен, Жағада жапырақ жинаумен, Жанымды жазықсыз қинаумен, Күн кешіп сені бір көрмекке. *** Барар едім, өмірді өртеп көргісіз, Хат жазар ем, мекен-жайың белгісіз. Ән салар ем, тәңір дауыс бермеген, Жыр оқимын, тұла бойды кернеген. Жайланар ем, жаным десең жан еркем, Аймалар ем, күнмен бірге таңертең. Терезеде қырау болам қысқы кеш, Ерітетін екі демнің ұшқыны.

Барар едім итке тастап тірлікті, Мұңымды орап сәнін бұзған шырқымның. Табар ма едім шарлап шықсам құрлықты? Тым болмаса бір сынығын күлкіңнің. Елесіңді құшып тұрып қалғанмын, Нұр бейнеңе есімді алған тоймаумен. Ұмытам деп тырысқанмен, алғанмын Көз шырымын сені ғана ойлаумен. *** Көрсем деген бір-ақ тілек бар менде, Құмарлық та, құштарлық та әрменде. Неге екенін кім білген? Қасіретіме қанып болған түн білген, Одан басқа кім білген? Көрсем деген бір-ақ тілек көкейде, Маған әлде басқа армандар бөтен бе? Сонда осылай өтем бе? Оны сәрі кім білер? Мұңым миды сүңгілер.

Көрсем болды, ол бақытқа бергісіз, Не болары белгісіз, Әлде, бәлкім, көрінбейсіз енді сіз? Қайдан іздеп табамын, Кім айтады жауабын?!! *** Тәңіріме бір сыйынып алам да, Мен ақыры жолға шығам азанда. Сөйтіп сарсаң тірлігімнен қол үзем, Соңғы өлеңнің соңғы жолын жазам да. Мұңым қалар мазаңды алған қаншама, Менсіз келер таңдарыңнан шаршама. Күлкім күміс қытықтаса түндерде, Менің нәзік келбетімді аңсама. Сағынышың сәлден соң-ақ тұншығар, Жасың аққан – жазылмаған жыр шығар?! Бейкүнә арман күнәға мың малынған, Үзік-үзік үміт іште қыңсылар.

Тәңіріме бір сыйынып алам да, Мен кетемін, сен қаласың санамда. Бір қанаты сынған құстай ұша алмай, Енді менсіз күн кешесің ғаламда. *** Басымнан ақылым, Алыстап ақырын Сүріндім сан рет. Шет қалды әмірің, Жаратқан тәңірім, Сабырлым, сабыр ет. Талқандап ұямды, Жолдас қып қиялды Іздедім қайдағы бақытты? Өтірік жыладым, Өкіріп құладым Өткізіп жастықтай жақұтты. Сүйем деп сандалдым, Сезімдей жалғанның Сатарын сезінбей ақымақ. Өлең деп тағдырым, Жазардай сан жырын, Жалғыз мен ақын-ақ. Шыдамсыз қалғанмын, Жүрек бос алдандым, Жанымды жұрдай қып тән-ұрым. Алдаған сәтімді, Сезімтал затымды Кеш мені, кеше көр, Тәңірім!

*** Сәуле шашпай, сыр түйіп кешім күміс, Сағынышқа тұншығып көкірегім. Шаттанғаным соңғы рет есімде еміс, Көңілімді көтерші, өтінемін. Ән айтып бер, Шәмшінің әні болсын, Елітсін де ерітіп сипаласын. Әуенімен жанымның сәні толсын, Шаштарымды сазы оны ұйпаласын. Ән салмасаң, оқып бер нәзік өлең, Махаббат па, ғашықтық жәйін айтсын. Өлсем осы сезімнен азып өлем, Қалтырайды қаңтарда қайың қайтсін?! Биге шақыр, ойнағын домбырада, Шаңға батқан гитарды қолыңа алып. Құмарлықтың кемесі болдыра ма? Күнәларға көмдірер солын танып.

Көңілімді көтерші, шаршап жүрмін, Алданамын, сенемін барлығына. Талықсыған оймен таң қарсы ап жүрмін, Жалғыз қалдым, жасаған жарлығы ма? Көңілімді көтерші, шаршап жүрмін... *** Жек көргенім де жекіріп, Текке өлгенім де бекініп. Жылағаным да өкіріп, Қуанғаным да секіріп Бәрі де – өтірік! Сағынғаным да тамсанып, Шағынғаным да жан салып, Шаттанғаным да ән салып Ақталғаным да қарсы алып Бәрі де – жалған! Сезінгенім де беріліп, Көз ілгенім де керіліп, Азаптанғаным желініп, Мазақ болғаным теріліп, Бәрі де – сұмдық! Жалынғаным да кетпе деп, Жын ұрғаным да өкпелеп, Шабыттанғаным төкпелеп, Бағыт тапқаным шоқ, бөлек Бәрі де – ойын!

*** Тағдырым – қыз, Ән-жырым – Сіз Қашанда. Өле-өлгенше, Көлеңкемдей тасамда. Ой киесі, Той иесі – Өлеңім. Жырақтасыз, Жылатпа, күз Көнемін. Табанымнан Қабағыма Өтіп сыз. Жыр жазсын деп, Қырды асып тек Кетіпсіз. Күзгі салқын, Сізге жақын Жұтыңыз! Тетем қалып, Жетем анық Күтіңіз! *** Сұрамаймын мейірім сенен жылап, Тәкаппарлық әлі де солмағандай. Махаббат па? Ол бүгін менен жырақ, Алғашқысы, соңғысы болмағандай. Тал бойымды талдырған сағынышқа, Салынғаным көзімді жұмып алып. Жалғыз еткен тағдыр ма, жазымыш па? Ең бақытты шағымды сылып алып.

Өшкен кезде өртенбей аппақ сезім, Теңіз тыншып, көк күлмей, тұман далам. Шаршап жүрмін, шағылып шақпақ төзім, Өзгеге де, өзіме күмәнданам. Жалғыз жүрмінтілегің орындалды, Ең мұңлысы қаланың хас бүгінгі. Аялаудан арманды қолым талды, Құшып болдым көрпемді, жастығымды. Өлеңімнен іздеймін бір емімді, Күлімдейді жастарын көзім сарқып. Сен бәрібір ұқпайсың жүрегімді, Сезім түгіл, бір ауыз сөзім артық. Түн-тамұқты тәрк етіп, таңды аламын, Зорға сүйреп тірлікке құр денемді. Кеш қалаға кіргенде сандаламын, Жоғалтқандай ең қымбат бірдеңемді.

*** Ғашық емеспін мен сізге, Асықпын бірақ көрмекке. Емес, әрине ермекке, Дидарың ғазиз жер-көкте. Шаһарлар мен елсізде, Асығып жүрем мен сізге. Сағынғаным жоқ беріліп, Асықтым бірақ, көрмекке. Емес, әрине ерігіп, Елітер сізде серілікКүлкіңіз керім, бер, үміт! Арманмен асып жер-көкте, Ғашық емеспін мен сізге.. Ғашық боп пенде көрмеп пе? Асықпын бірақ, көрмекке. Шаһарлар менен елсізде, Асығып жүрем мен сізге. *** Ақша қар да, аппақ арман қуантпас, Енді мұңнан қорғай алмас құшағың. Ыстың тәнің, қыстың әні жұбатпас, Темір төсек – құшарым.

Арашала тәңір сыйы –жарық Күн, Айсыз түнде адасқаным анық-ты. Кешіре алсаң, жылуыңа қарық қыл, Күнә тұнған жастарымнан жалықтым. Сіз – дстансыз, мен – бір қағаз өлеңмін, Сіз –бейхабар, мен бәріне қанықпын. Сіз келгенше сағыныштан өлермін, Бақ қуам деп көште жалғыз қалыппын. Жаны жыртық, әлі үрпек қыз екем, Таптап өтіп, сіз кетесіз қайтадан. Өлең-өзім, мендік өмір-сіз екен, Жерде, төрде, көрде Сізбен бақ табам. *** Көрсем жасып: «Сіз...» дей берем, Сөз таусылып қалған ба? Сосын қайта іздей берем, Басқа ісім жоқ жалғанда. Сағынамын аласұрып, Бәлкім, жылдам келерсіз? Мен –өспеген бала шақ, Мені қайдан елерсіз?

Тәңір сізге көзін салғай, Жылдар жайлап адымды. Сіз – даласыз шөлді, шалғай Жусаны аңқыр кәдімгі. Тәңір сізге қуат берсін, Қарттық ұқсап қаңбаққа. Сізге күлкі шуақты ерсін, Мұң шашылып жан-жаққа. Бақыт баста тұрақтасын, Қайғы білмей күліңіз. Сізді шыңнан құлатпасын, Мені күтіп жүріңіз. *** Жылдың соңғы күнінде, Тағы сізді сағынам. Сағыныш мол үніммен, Тағдырыма жалынам. Бере көр деп бақытын, Келе көр деп уақытым. Жолыңызды сүйетін, Қолдарымыз тиетін – Алақаным. Тарар қаным тезірек, Сіз дегенде елжіреп. Бойымда – мың жарылыс, Ойымда – шын сағыныш. Ағымнан бар жарыла, Мұңы басым үніммен.

Тағдырыма бағына, Тәңіріме жалынам... Жылдың соңғы күнінде, Сізді күтем тағы да... *** Жерден бе? Осы, қайдансыз? Келіскен көрік, келбет те. Ақылға сірә бай жансыз, Әлбетте. Жымиып қарап маған көп, Сәттерде мұң да жегенмен. Мен үшін сенің бағаң жоқ, Дегенмен. Кетерсіз тез-ақ ұмытып, Даусымды, тіпті күлкімді. Оралып сол-ақ, жылытып Сыртымды. Арман мен мұңның тозағы, Бәріне тек сіз иесіз. Сіздегі ең бір ғажабы – Мендейін жырды сүйесіз. *** Сізсіз өмір қараңғы Түнек емес. Сізден бөлген арамды Тілек емес. Өзімшілдік сіздікі және тағы Менің күлкім, Мұңдарыңның маздатқан кәрі құлқын.

Сізсіз әлем шарасыз, Ару емес. Қайда кетіп барасыз, Дәру елес? Мен де солай кетермін үйім жоқ па? Ұмытарсыз сіз-дағы, Қиын боп па? Қоштасалық, амал не? Жиналыңыз ... Жүрмеңізші соңымнан! Мида мәңгі қалады дидарыңыз – Келетіні қолымнан... *** Сіз ауырып қалғанда, Мұң кіреді әніме. Жалғызсырап жалғанда, Дерт маған да дәміге. Ажар кетіп өңірден, Көктем күлмей байыпты. Қолым жайып тәңірге: «Сырқатынан айықтыр...»! Сіз ауырып қалғанда, Тәнді тілдеп күз әні. «Қаздар сыңсу салғанда, Кездесеміз біз әлі. Қосылады ақ таңда, Сырымыз бен жырымыз!». Сіз ауырып жатқанда, Мен де ауырам, Тұрыңыз!..

*** Көңіл-күйім күңгірттеу қайтыңызшы, Көздерімнен жан сырым сезілетін. Сіз қайтуші едіңіз, айтыңызшы, Кей сәттерде бәрінен безінетін?! Кейде тауың құм болып шағылатын, Кейде сезім үркектей қаша-тұғын. Сол сәттерде бәрінен жалығатын, Айтыңызшы, кім көңіл баса-тұғын?! Кейде билеп жанымды тұманды күз, Кейде күдік қасқайып жығылмайтын. Кімнен ақыл сұрап сіз қуандыңыз, Сол сәттерде ештеңе ұғынбайтын?! Мендік достар ұнатып «шекер қызды», Сезім атты өмірге шат болатын. Қандай жандар жұбатты екен сізді? Сәттерде бар дүние жат болатын.

Армандарым – желкені көк кеменің, Ойларым да қиялдан қалыспайтын. Кімге өкпе айтып, кімдерге өкпеледің? Сәттерде ең жақының алыстайтын? *** Сізді сағынғаным рас, Өлердей. Тәңірдей табынғаным да рас, Көре алмай. Пенделер мекенінде жалғыз қап, Үміттен қағылғаным да рас, Жеңе алмай. Сізді күткенім рас, жалықпай Түндерде елесті ғана түткенім де рас, жан ұқпай. Сағыныш өртеген шақтарда Сырымды үшбу хат қылып бүктедім рас, Танытпай. Сізді ойлағаным рас, Несіне жасырам оны? Елеске тоймағаным рас, Жан бітіп құшардай соны Жалғыздық жанышқан сәтте, Ақтағаным рас, келер деп түскенде жолы.

Сізді аңсағаным рас, Қосуға ниеті жоқ тағдырға жекіріп, Тойшыл дүние мен мазақ еткенде ойшыл көк. Сізге аса ғашықтығым рас, Бірақ, шаршағаным өтірік: «Келмесе, қойсын» - деп... *** Жүрегімде қалмайды сығымдай мұң, Жалғыздықты өлеңіме жырлатып. Бәлкім, осы мен дұрыс ұғынбаймын, Сіздей жанды сағыну да – бір бақыт?! Құмар қылып өлердей, Әр ісіңіз, қылығыңыз, күлкіңіз, Тек сіз ғана қуанышқа бөлердей, Сізді күтем, сезімімнен үркіңіз. Ғашық жаным жаралы һәм төзімді, Менің қайғым сізге мұңдай жәй ғана. Сіз қасымнан табылғанда көз ілді, Кеудемдегі мұз-қасірет тайғанай.

Сіз болсаңыз көрінбейсіз көбіне, Сағыныштан сарғайсын ба, табиғат? Жолыңызда үміт жатыр сөгіле, Шашу шашып жәмиғат... Жазығым не? Жүрек сіз деп тынбаған. Тілек? Өлең? Киесінен қыңбаған. Өзім бәлкім, жолыққан? Сіз тағдырдан қорыққан?! *** Ай мен күннен жырақ қала талмайды, Сыр түйеді, бұртияды қаласа. Аспан сізге тұрақ бола алмайды, Жер беті де бірақ, сізден аласа. Аққайыңды әрлендіріп тұрсаңыз, Күзде түсіп қалатыны жаман-ау. Сұңқар болып, тауға бағыт бұрсаңыз, Бір күні атып әкетеді адам-жау. Гүл болсаңыз... Ең әдемі баурайда, Ғашықпын деп жігіт жұлып кетеді. Жұлдыз жақсы-ау, боранды күн жаурай ма? Көкке ызғардың ұмтылысы жетеді.

Ауа артық па? Тіршіліктің өлшемі? Полигондай пәлекеті улайды. Тау болсаңыз... Құдіреттің бөлшегі, Теңіз тең бе? Сусыз әлем шулайды. Өлең өртеп, ғашықтықпен ауырған, Ешкім білмес, халіңізді білдім мен. О, сүйікті, сапар сүйгіш тәуір жан, Сізді ешқайда сыйдыра алмай жүрмін мен. *** Түн күледі, тілегі оның төзімсіз – Менің нәзік күлкімсіз. Бәрібір де, менің күлкім, көзімсіз Сіздің өмір сүйкімсіз. Суық күндер тұрып алды малданып, Өз дегенін қылар қыс. Тіршіліктің тәттісіне алданып, Сосын қайта жыларсыз. Таң атады, сосын жылдам кеш келіп, Жалқау тұман жайлайды. Менмендіктің машақатын ескеріп, Тәңір бақты байлайды.

Жүргенменен бақытты боп өтірік, Сағыныштан ауырсыз. Қарт Каспийдің толқындары өкіріп, Шағаласы – сабырсыз. Ойларыңыз орын таппай қаңғырып, Арман, мақсат жүйесіз. Жүргеніңіз бозбаладай мәңгіріп – Мені өлердей сүйесіз. *** Аға, сізді көрдім де, Быт-шыт болды өмірім. Жырға құмар көңілім, Сізге ұмтылды. Өлдім бе? Әлде, гүлдеп өңірім, Жұмағына ендім бе? Аға, келбетіңіз көрікті, Тартып менде ерікті. Күндіз-түні шығара алмай есімнен, Гүл орнына мұң сыйлаған шақтарды да кешіргем, Сезім менде берік-ті. Төзім рас тесілген.

Аға, сізге сонша құмармын – Сіздің жолда түндер менен таң құрбан! Азабыңды айтшы маған, антұрған, Қасіретіңді таптап кенін құртайын мен бұлардың... Бәлкім, сонда ұнармын, Бәлкім, сонда тынармын... *** Сенен асқан жан бар ма екен ғаламда? Сенен басқа арман бар ма санамда? Сен болмасаң жырлар жазып жақұттай, Жүгінем бе қаламға? Жер бетінде маған тек сен керексің, Бірақ, бірақ, Сен мендегі мұңды қайдан елепсің? Сенсіз жүдеп айрылғандай тіректен, Жаным ашып жүрекке. «Келер, бүгін, мүмкін, ертең азанмен», Өзімді-өзім жұбатып жыр жазам мен. Таң атқанда жұлдызбенен үріккен, Ұйықтап жатам үмітпен.

Өмірімді арнап саған бүтін мен, Мен өзіңді шаршамаймын күтуден. Жастық шақтың әуеніне қосылмай, Күндерімді өткіземін осылай. *** Сен емес мені жылатқан, Мен емес сені ұнатқан. Сен емес ұзақ күттіріп, Оралмай қойған жырақтан. Мен емес сені мұңайтқан, Сен емес мөлдір сыр айтқан. Мен емес орап күлкімен, Пәндәуи қайғы ұлғайтқан. Сен емес жанды баураған, Мен емес тәнді жаулаған. Сен емес терезе бағып, Қараша түні жаураған. Сен емес таңда ән салған, Мен емес сұлу тамсанған. Сен емес және мен емес, Адасып кетті-ау, қанша арман?!

*** Табиғатта тыныштық сезілмейді, Күн шуағын көбірек төккенімен. Жеңілтектеу қала тез көз ілмейді, Оралмайсың сен неге? Өкпелімін... Қозғалмайды аспанның ауыр басы, Бұлттар ғана теңселіп ары-бері. Ағаштарға самал жел бауыр басып, Алатаудың қақсайды кәрі белі. Қамыс құрақ қырларда қылымсиды, Сұр сағымның сезімі тысыр етті. Талақ етіп ғасырлық жарым сыйды, Жер ана тұр жөн көріп қасіретті. Балықтары азайып теңіздердің, Аққу әнін салмайды айдынында. Бірі ұқсамай біріне егіздердің, Қуанышы ананың сайды мұңға. Періште мен пенделер ерегісіп, Тағдырды да талқылап сөккені мың. Уақыттың ортасын кере кесіп, Оралмайсың сен неге? Өкпелімін...

Қайдасың? Қайдасың, қай жерде жүрсің сен? Теңізде толқыны тебіскен?! Жағада жабыға күрсінсең, Мен сені құшамын жеңіспен. Қайдасың осы бір кештерде? Тек маған жабылып барша мұң. Жарқ етпей жанарың еш жерде, Іздеуден мен сені шаршадым. Тауда ма қырандар ұнатар? Торғайдың жетпейтін қанаты. Құзғынды құрдымға құлатар, Сұңқардың асығар жәннаты. Қайдасың? Жанымда пенде жоқ. Достарым қар болып еріген. Мақтанар марапат менде жоқ, Күлкінің керілер жері кем. Көктемнің құстары қағып ұш, Сезімдер кір-кір боп, ар - сағым. Көмейге кептеліп сағыныш, Түсінші, мен сені аңсадым.

Үміттің ілгегі үзілді, Өртеніп бақшасы бағымның. Түсінші, түсірші жүзіңді, Шаршадым, аңсадым, сағындым... *** Тыңдай-тыңдай даусыңды, Құштарлығым құтырып. Төзім тірек таусылды, Сезім сырғып сытылып. Ішімде өрт лапылдап, Сыртым боран сақылдап. Жалғыздықтың жұтынан, Енді қалай құтылам? Тыңдай-тыңдай әніңді Қазақи мұң кәдімгі. Саған шексіз құмартып, Әлемде жоқ үн артық! Және сендей әнші жоқ, Жан азабым тамшы боп, Ал, сезімім қамшы боп, Өзді-өзімді қинады. Саған деген сағыныш, Тәнге жасап жарылыс, Айылын еш жимады. Тыңдай-тыңдай үніңді, Түнге беріп күнімді Сенсіз өлгім келеді, Тоқтап өмір бүгінгі...

*** Ән салшы, Ауырып жатырмын. Бауырым, Бір тескен қазақтың жатырын. Дидарың Даусыңа қаратқан. Ризамын, Тәңірге бір елде жаратқан. Ән салшы, Өтінем, Ауырып қалғаным... Кешіп ең, Бауырым Қызығын жалғанның. Жүргенің Өзіңе жарасқан. Күлгенің... Көзіңе көктегі ай таласқан. Ән салшы, «Жайлаукөл кештерін». Тәнде –дерт, Жүрек –мұң... Білмеймін, не істермін?! Ақ жүзің саналы-ақ, Елтісін қала, бақ. Даусыңа тас жібіп, Ән салшы, жас жігіт... *** Қалтырайды көктемге терек жетпей, Айбынды аяз қалада қыдырады. Мен отырам, ешкімді керек етпей, Тек ән салса болғаны Қыдырәлі.

Басым бос, бостандық несібе ме? Нәзік көңіл көкке ұшар қанатында. Ерке қызды қинап қыс есіре ме? Жүрек зорға тірінің санатында. Төркінімен мейірім жоғалады, Пенделердің несі бар жер үстінде? Сезімдер ме? Оны алдап көкала қып, Соңғы үміті өлтірген теріс түнде. Шылымдардың түтіні ауаны улап, Шараптардың шаттығы ойды бұзған. Мен түк таппай көзімді алап сулап, Есепке алмай думанды, тойды қызған. Жер бетінде не қалды ұрпақ алар, Жайлап алған жауыздық басы кеткен. Қара қарға қарқылдап сұр бақ қалар, Сосын кәрі қарағай жасы жеткен.

Шымылдығы бақыттың ашылмаған, Өлеңім де жүректі жылыта алмай. Ләззатын қара түн жасырмаған, Мен жүремін бір жанды ұмыта алмай... *** Жетпейді саған еш адам, Жоқ сендей сұлу әлемде. Жауабын мұның шеше алам. Мендей ғашық жоқ бар елде. Тек сенің күлкің керегі, Ұқсамайсың сен ешкімге. Ақын емессің, өлең қорегі Назы таусылмас «бес күнге». Атақты емессің өзгеше, Былайша көптің бірісің. Сенсіз фәниге төзбес ем, Ерекше тіпті тұрысың. Көрсем күй кешем есалаң, Жоқ сендей адам әлемде! Мәнісін мұның шеше алам, Мендей ғашық жоқ бар елде. *** Қар жаның Тәнімді жуады. Ардағым – Сендегі күлкінің шуағы.

Ән-жырды Қалайша өзіңнен аярмын? Тағдырдың Тағы сын сағатын кешуге даярмын. Сен үшін Ет кесем етімнен, орын ал санамнан. Мен үшін Сендей жан табылмас ғаламнан. Құдірет, Алыстап жүргенсің жақында. Үкім ет, Шабытқа шомылған ақынға! *** Адасып кетпе, Асығып кеткен едің. Шатасып кеткен, Тағдырға өкпеледім. Несіне жолықтырған? Сүйдіріп, етіп елең. Кешімді толықтырған, Еһ, шабыт, жетім өлең! Адасып кетпе, Бейуақыт кеткен едің. Бағы асып өткен Күндерге өкпеледім. Несіне мазамды алдың? Еһ, арман айдалада. Міне, енді жазамды алдым, Сен-дағы қайда қалдың? Адасып кетпе, Бақ іздеп кеткен едің. Тау асып жеткен, Жалғыздық өткеремін.

*** Көргенімде үндемесем, Сүймей қалған екен деме. Ұмытылмас күндер әсем, Құмарлықсыз секеңдеген. Тіл қатпасам келгеніңде, Сағынбаған екен деме. Сен деп келгем жерге бірде, Жүрегім – гүл, шекер –денем. Жарылқайды жаңбыр жиі, Жұмғаныммен көздерімді. Махаббаттай – тағдыр сыйы, Қажетсінбес сөздеріңді. *** Махаббат шығар бұл деген? Тықырын аңдып есіктің. Күткенмін күндіз, түнде де Неге сен бірақ кешіктің? Үмітпен төзіп бақсам да, Сағыныш самал есіп тым. Аңсатып таңда, ақшамда, Неге сен сонша кешіктің? Жүрекке жаздым атыңды, Түндерді қуып түнерген. Деміңе шөлдеп татымды, Қолыңнан ұстап жібермен.

Мұң тарттым ақын пішінде, Дөңгелек тірлік –бесіктің. Сағынтып өртеу үшін де, Осынша жылға кешіктің. мазмұны Бөлімдер: І бөлім - Әке, сенің үмітіңмен өскенмін... ІІ бөлім - Самға сағыныш /27 өлең және Ер Шотан поэмасы/ ІІІ бөлім - Сен мәңгі бол, қара өлең! / 32 өлең – 32 бет/ ІV бөлім- “Тағдырым – жалғызым менің...» V бөлім - “Сағыныш қана жүректе...» VІ бөлім – «Мен аңсаған махаббат» VІІ бөлім – «Аққу арман»

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙