Ғұмыр жас
Ұлықбек Есдәулет
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Қазақтың көрнекті ақыны, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ұлықбек Есдәулеттің бір томдық кітабына соңғы жылдарда жазылған жаңа жырларымен қатар таңдаулы лирикалары мен балладалары, ақ өлеңдері және поэмалары енгізілді. Ақын өз жырларында тіл мен діл, ұлт пен ұрпақ тағдырына алаңдап, табиғат пен сана-сезім, адам мен қоғам арасындағы тылсым байланыс сырына үңіледі.
Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТ
Ғұмыр жас
Жырлар
Алматы
«Раритет»
УДК 821.512.122-1 ББК 84 Қаз 7-5 Е78 Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитеті «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша шығарылды Есдәулет Ұ. Е78 Ғұмыр жас: Жырлар/Ұлықбек Есдәулет. – Алматы: Раритет, 2012. – 376-б. ІSBN 978-601-250-167-4 Қазақтың көрнекті ақыны, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ұлықбек Есдәулеттің бір томдық кітабына соңғы жылдарда жазылған жаңа жырларымен қатар таңдаулы лирикалары мен балладалары, ақ өлеңдері және поэмалары енгізілді. Ақын өз жырларында тіл мен діл, ұлт пен ұрпақ тағдырына алаңдап, табиғат пен сана-сезім, адам мен қоғам арасындағы тылсым байланыс сырына үңіледі. УДК 821.512.122-1 ББК 84 Қаз 7-5 © Есдәулет Ұ., 2012 © «Раритет» баспа компаниясы, 2012 ІSBN 978-601-250-167-4 © Безендірген Серікбай Б., 2012
Б І Р І Н Ш І Б Ө Л І М
ЖАҢА ДӘПТЕРДЕН
Азалы айлар, құсалы күндер
ТІЛТҰМАР
Алтайда Оспан батыр туы өрлеген,
Қасқайып құрбан болған – құр өлмеген:
«Қазақтың қасық қанын ішкендердің
Қырық жыл тілі күйіп жүрер» деген!
Қойын дәптерден
Тілтұмардай көгершін мен кептерге,
Тұрымтайдың теперіші өткенде,
Тұтамдай сөз өткізе алмай өктемге,
Теңдік үшін тебіскендей Тептерде,
Еруліге қарулы сай сәттерде,
Қырып-жойып оқпанмен де, оқпен де,
Құмбыл халық қара қанға бөккенде,
Қанды жұма қасіреті жеткенде,
Жер-жаһанда ішін тартып көп пенде,
Дүниені дүбір кернеп кеткенде,
Ортекелер орғығандай бөктерге
Өлеңдерім өріп шықты дәптерге...
Өртке, дертке, сертке малған – қысса-жыр,
Шыңыраудан қайнап шыққан құса бұл,
Оу, Алашым, ақыныңды шет көрме...
Жүргізе алмас перғауынға Мұса әмір,
Әмір етсе – Жаратқанның ісі әділ...
Шерін төккен шайырда жоқ бет-перде,
Тіліне ешкім сала алмайды тұсауыл!
* * *
Өз қазағым өз жерімде оққа ұшып,
Өртенемін өзегіме шоқ түсіп.
Өрлігімді қай қапасқа қамайын,
Өкініштен өлер болдым, ағайын,
Өзді өзімнен өрекпимін кек қысып!
Зая күндер зымыраса қайғы алып,
Запыранды зарын төккен қай халық?
Зар илетіп заһар заман зымыстан,
Зығырданды қайнатты ғой, туысқан,
Заңсыздықтар заңдылыққа айналып...
* * *
Аққан қан...
Аласұрдық жан шыдамай...
Аңкөс қол аңша қырды қалтырамай!
Айуандық –
Адамдықтың арғы беті,
Арасын ашып берген марқұм Абай.
Арандап Ай мен Күннің аманында
Алаштың арда сөнген шамшырағы-ай.
Сақсыры қанға толып сұрапылда,
Сарқылдап қайнап тұрған халқым Адай!
Сап дейін, ашуыңды ақылға жық,
Саф алтын сабырыңды сарқымағай.
Санасыз саудайыға билік берсең
Сандалып өз жаранын жау қылама-ай?
Сапырып салындыны сыпыратын
Сел-тасқын басыла ма сарқырамай?
Құдай мен мұнайымның арасына
Құмайды қыстырса әкеп парқы қалай?
Бет алдын баға алмаған басыр билік,
Болса еді ашуының артына абай.
...Болсаң бол, болмасаң да, бордай тозбай,
Бүтін бер береріңді жартыламай.
Қалың ел қанға бөгіп жатқан шақта
Қайран жыр қалар қалай хал сұрамай!?.
НАМЫС ТУРАЛЫ БАЛЛАДА
Біздің көлде қамыс бар еді
Жайқалған.
Біздің елде намыс бар еді
Найқалған.
Нар қамыс кетті өртеніп,
Ар-намыс қалды ерте өліп,
Қайтадан енді көктер ме шіркін, әй, қайдам?
Жоққа да жүйрік жетер ме? –
Айта алман деуші ем, айта алман!
Бар екен, шүкір!
Болыппын күпір бекерге,
Мың тағзым саған
Мірден мерт болған қайсар жан!
Шер жұтқан қазақ шөлдепті,
Тірі екен Намыс, өлмепті!
Намыс бар екен, жаратқан,
Көзқаман билік көздей де көздей боратқан
Кеудесі шұрық, көңілі сынық әр оқтан!..
Кісәпір көрсе мүсәпір болып қалмайтын,
Өр Намыс осы ерліктің жолын жалғайтын,
Мирас боп қалған Бейбарыс, Бекет, Барақтан!
Намыс тірі екен!
Қалыпты бірақ сансырап,
Бұғаулап, бұрап,
Дүрелеп, ұрып, қамшылап,
Шауып та жатыр, атып та асып, азаптап,
Шұбырып қаны, тамшылап,
Шығарда шықпай жан шыдап,
Жаралы Намыс беріспей жатыр қансырап,
Найзағай Намыс – қазаққа біткен шамшырақ!
Алашқа біткен тамшы бақ! –
Намысың тірі тұрғанда
Бұйым болып па,
Басыңа түскен сан сынақ!
НӘЛЕТ
Қолың сынғыр қол мерген,
Көзің шыққыр көз мерген,
Қарға жүнді қаттасын,
Үйрек жүнді оттасын,
Қырып-жойып атқасың,
Сірә, саған жүрек емес без берген!
Қорғаймын деп сөз берген,
Қорғаушылар қорлаушыға өзгерген,
Құралған ба бұл дүниенің діңгегі
Құрып кеткір сатқындар мен ездерден?!.
Шибөрілер шүріппе басып жынданған,
Шынтағынан шылқа қанға былғанған,
Шындық таппай шырқырады бұл жалған,
Шаш ал десе бас алатын сұмдардан.
Дырау, дойыр, дулығалы қазанбас,
Дүмді сойыл өз сабынан оза алмас,
Дүре салған дөкет қолдар, дәс қара,
Жарамайтын жан алудан басқаға,
Жусын қанша, ендігәрі, масқара,
Жөкемен де, қырғышпен де тазармас!
Мен сендермен болғым келмес базарлас,
Ақыретте қонғым келмес мазарлас...
Түнде сенің тұсыңа кеп, көз алмас,
Өз қолыңнан қаза құшқан бозаң жас...
Құдайдан күт! Жазасы оның – сотқа есеп,
Сенің қанды қолыңменен от көсеп,
Тасаланған тасырдың да өзі оңбас!
ҚАЛА
Жас қабірдің жанынан
Лаулап өрттей лала гүл,
Саптаяқтың сабынан,
Сығаласып қарауыл,
Ақиқаты арам қатқан,
Жараларын жалап жатқан,
Боздақтарын санап жатқан,
Боқырауда боздап қалған қала бұл...
Үріккен елі үдеріп,
Үңірейген көшесі,
Ұлын жоқтап жыр өріп,
Ұлып қалған шешесі,
Ұжданы – еш, тұзы сор боп,
Ұланы – опат, қызы қор боп,
Ұрпағының жүзі шер боп,
Үдірейген ұлы Үстірттің төсі осы...
Үзілмеген үміт қалса,
Үгілмеген жігіт болса,
Үкілеген үмбет барда қайтар бір күн есесі!
* * *
Алаштың ұлы, уысқа толмас аз-ақпыз,
Аспандап ұшқан ақ қаз да болып сөз аппыз.
Санамыз – санға,
Ойымыз онға бөлінген,
Қанымыз – жоса,
Жанымыз – құса қазақпыз.
Өзекті елміз өліммен бүгін беттескен,
Өз ныспым еді-ау, өзге жау да емес кектескен,
Өтімді жарып, өкпемнен теуіп, ет кескен,
Өрт кернеп тұрған көкірегімді оқ тескен.
Кім үшін сонда бабалар біздің от кешкен,
Қандасып жүріп, жандасып жүріп көп көшкен,
Қырық пышақ боп қырылсын деп пе ұрпағым?
Құмалақ-құлқын құртты ма майды бір қарын?
Қалайша бүгін қазақтың қамын оқ шешкен,
Қасиет, кие, обал мен сауап кетті естен?!
Ақжүрек-айбат астамға сөзі өтпестен,
Абыржып қалған аспанға қолы жетпестен,
Атойламай-ақ төзіммен мәңгі шектескен,
Адыраспанды арамшөп дей ме текке өскен?!.
...Көргенше мұны көгіме қайтып кетпес пе ем...
ҚАННЫҢ ҚҰНЫ ТУРАЛЫ ДИАЛОГ
«Мұнай құнын білесің,
Алтын құнын білесің,
Қанның құны қаншалық?»
«Сутегін! – деп күлесің, –
Қанымды өлшеп көргем жоқ,
Ешкімге қан бергем жоқ.
Ердің құны – мың-ақ қой,
Қанға берер теңгем жоқ!»
...Қара қанды шолақ ат,
Қу жаныңды тонап ап,
Құтылады қой төлеп,
Қайран қанға обал-ақ!..
Жерге сіңген қан – өзен,
Көкке ұшқан жан – өзен.
Мүгедек боп қалды ғой,
Адам деген дәрежең!..
* * *
Ата Заңнан аттағыш атпалдарым,
Кешіре ме сендерді аққан қаным?
Жұқанасын жұртыңның жұлып жеген,
Жұқ болар ма арамнан тапқан малың?
Күрсінгенде кеудемнен атқан жалын,
Жетер енді табанға тапталғаным.
Көсегемді көгертер көсем қайда,
Күйін кешем қашанғы ақ қарғаның?!
Бостандықтың бұрмалап сатқан мәнін?
Ала түсер айт десе қабағандай,
Көзін ашқан күшігін талағандай.
Буырқанған балуанның күші тасып,
Байлап қойып әкесін сабағандай.
Ашу қысқан ақыл мен сана қалмай,
Таяқ алған тарихтан сабақ алмай.
Теміренін боратып топқа кезеп,
Қорғасынмен өз жұртын санағандай.
Шөке түсіп жататын шөк дегенде,
Халық деген көнбіс қой қара нардай...
Шегіменен шыдамның шарпысады
Көнбістігі кемді күн бағаланбай?!.
* * *
Асқынған кезде қоғам мен ғасыр кеселі,
Айқайлап шыққан арысты жасын деседі.
Ақиқат өліп, арамдық жайлаған елде
Ақынның тілін кеспейді, басын кеседі.
Биліктің тұрсын қолында құдірет мейлі,
Бәсіне боздақ басының құны жетпейді.
Бұрқырап аққан қаны да айналар жырға,
Басынан басқа ақынның түгі кетпейді.
Алды-артыңа да қаратпас айдабол заман.
Ақжайықтайын бұрқырап қайнаған ғалам.
Ақиқат үшін, ар үшін аттандап шапқан
Ақынның басы, апыр-ау, қайда қалмаған?
ЖЕМДОРБА
Жүзім қосқан сұлыны қылғытқасын,
Жарау жонға желбуаз шыр жұққасын,
Жүйрігің де көрсетер жабы мінез,
Жемдорбаның ішінде шұлғып басын.
Жібек желмен жарысып, шауып өскен,
Жүйрік еді жалынан дауыл ескен,
Жемдорбаның ішінен желек тауып,
Жүнжіп қалды айнымай жарыместен.
Жұтқын құлдың арманы – мүлгу мәңгі,
Жүйрікке енді шыбындап, шұлғу қалды.
Жетекшіл ат үйірге үн қоса ма,
Жемнен басын алуға шын қиналды.
Жемдорбаның ішінде басын шұлғып,
Жылжып жатыр осылай ғасыр сырғып...
Жалын мүжіп үгілген алмас құсап
Жеміріліп жоғалды асыл шындық!..
КӨТЕР БАСТЫ!
Көтер басты, ауыл менен астана,
Тақсіретің тас төбеңнен басса да.
Бар дүние бойын тіктеп жатқанда
Бұғып қалар тамыры жоқ тас қана.
Көтер басты,
Еркіндікті ел сосын,
Сенің асқақ өр тұлғаңмен өлшесін.
Мешін күйі қала берер еді ғой,
Егер адам тіктемесе еңсесін.
Көтер басты, қатарға кеп тұр, бауыр,
Басы жоқты менсінбейді бұл дәуір.
Бір қарап қой Хантәңірі, Мұзтауға,
Санаңа зор салмақ түссе зілмауыр.
Өз жеріңе өзің би бол,
Мұң жұтпа,
Тура қара ар-намысқа, шындыққа.
Еркіндіктің есігінен еркін кір,
Өзіңді өзің байлап бермей құлдыққа.
Күмілжіме, көтер басты жоғары,
Жаңғырықсын азаттықтың өр әні.
Шаш ал десе бас алатын шабарман,
Басың болса бұғып біткен жоқ әлі.
Көтер басты,
Көтер басты, қандасым,
Осы жырдың өзің шырқа жалғасын.
Төбемізден төніп келген Ай – қылыш,
Мына жұрттың басы жоқ деп қалмасын!..
Көтер басты!!!
АХУАЛ
Жағымпаз бен жемқорлар жазады заң...
Келе ме оған, келмей ме, қазақ, ызаң?
Жығылғанда жұдырық жей бере ме,
Жаратқанға онсыз да жазалы жан?
Әділеттің ауылы тым шалғайда,
Жете алмасаң жаныңды кір шалмай ма?
Суырылған қазығы бұл тірлікке
Қайта айналып келетін мұршаң қайда?
Мына қоғам барады қайда беттеп?
Ауылдарды құрта ма пайда жоқ деп?
Табанынан бүр кеткен тұлғаларым
Қай шұңқырға құлатар тайғанап кеп?
Көзге шұқып көршінің төңкерісін,
Біле алмадық бағыттың оң-терісін.
Қалаулысы халықтың атана ма,
Сыпырғандар жұртының жон терісін.
Ұлтым менен ұрпағым бас иетін
Ұғымдардың ұмытсақ қасиетін,
Айтылмаған Сөздің де Атасы өлер,
Атасы өлсе – кім жерлеп, тас үйетін?
Сөз зираты
Айналып қашан соғасың, аралап қашан боласың,
Айтылмаған Сөздердің атасының моласын?
Айта алмаған ауыздың қабылдай ма тобасын?..
Айғақтайтын зират бұл Авгейдің ат қорасын.
Бұл бейітте ойыңнан қадір-құрмет жойылған,
Асатұғын бойыңнан, ақ тасқа айшық ойылған:
«Қақпақ болған құлдықта, тоқпақталған сұмдықта,
Айтылмаған Шындыққа Ескерткіш бұл қойылған...»
Обырларға жақ ашпай, озбырлармен таласпай,
Қонғанымен бақ-талай, қорғансызға қараспай,
Ақиқатты ақтамай, әділетті жақтамай,
Көкейіңде қалған сөз – шоландағы шанаштай.
Мына зират – жасырған ауру мен дерттікі,
Берілмеген серттікі, іште жанған өрттікі,
Күпті күдік, қауіптікі, айтылмаған анттікі,
Мысықкөмбе мылқаусып, майып болған мерттікі...
Салмас үшін тыңнан жол, бармас үшін құрбанға ол,
Жарылған бас – бөрікте, жең ішінде – сынған қол.
Тәуекелден тайсалған, жылмаң тіл мен бұлғаң бел...
Тірек таппай тұрған нөл, шағылған тау, тынған көл...
Бұл зиратта тегіннен, ұят – әлсіз өлімнен...
Қорғалмаған ар-намыс, ашу-ыза көмілген.
Бұғып қалған бұқпантай, әр қосаққа жегілген,
Сездірмеген ғашық сыр іш-құсасы сөгілген...
Айныған ант бір жақта, тайған сертің бір жақта,
Құр сүйеніп тіл-жаққа, құрбан болған қылжаққа...
Іркіндідей іріккен сөз, іріңдей ішті іріткен сөз,
Шықпай жатып үріккен сөз, шығара алмай шіріткен сөз.
Жанасалай жатыпты жантық айтқан жалған сөз,
Жыпыр-жыпыр жерленген алуан-алуан, алуан сөз,
Қоян жүрек қорқақ сөз, батылы жоқ балуан сөз,
Қырағылар көре алмай, күте-күте талған көз,
Құлағы сақ естімей, айташақ боп қалған сөз...
Айтар болсаң ақ сөзді алдыменен жаннан без,
Айтқан сөзде – ажал жоқ, болады әлі алдан кез,
Сен өзің де өшпейсің, өшпеген соң жанған қоз!
Шапқан атың келсе де, атқан жезің оралмас,
Батқан күнің келсе де, айтқан сөзің оралмас,
Отыз тістен шыққан сөз өз отауын көре алмас,
Тілге тыйым болса да жүйелі сөз жоғалмас.
Қыңырлықтан не таптың ауыл үй қоңсы қона алмас,
Қоңырлықтан не таптың қой аузынан шөп алмас?
Көкжал болсаң арлан бол азуын ешкім қаға алмас,
Тұлпар болсаң тарлан бол уақыттың шаңы қона алмас,
Шешен болсаң Майқы бол, айтарыңды айтып өл,
Қынапқа қайта қамалмас бір жарқ еткен ақ алмас!..
Құдайға рас!
Безейік деп пе ек ардан біз?
Безбейік десек жан жалғыз!
Түңіле де алмай жаннан біз,
Айтқан да сөзден танғанбыз...
Жеме-жемге келгенде
Жағымызды аша алмай,
Зәремізді баса алмай,
Үрей буып, үн өшіп,
Ашылғандай алдан құз,
Біздер бұғып қалғанбыз...
Олай шықсақ арланбыз,
Былай шапсақ тарланбыз,
Ақиқаттың алдында
Ат басын тартып алғанбыз.
Ауызды буып, жапсырып,
Тістедік тілді тас қылып.
Жақ ашуға жібермей
Басты-ау ауызбастырық...
Әлі де, міне, сол тірлік:
Сайлауды айтса серпілдік,
Жолдауды айтса желпіндік.
Тілімізді – тәубасыз
Кәлимаға келтірдік...
Тірлік үшін кем күндік,
Қанша үмітті жер қылдық,
Бостандық деп беркіндік,
Басталды деп Еркіндік! –
Билікке біреу сөз айтса
Жау көргендей жең түрдік,
Екілене есіріп,
Есесіне ел қырдық...
Бостандық деген құс еді,
Балапанын өлтірдік...
Мезгіл мӘтелдері
Ұрының арты – қуыс,
Қазының нарқы – жұғыс.
Жемқор менен заңқор
Қыз алысқан туыс.
Тас түйін бе – бұл іс,
Кесе алмайтын қылыш?!.
Жендеттің қолы – қанды,
Жалдаптың жолы – лаңды.
Жұмылғанда бәрі,
Жұртыңның басы – ләңгі,
Жері – бай, елі – жарлы...
P.S. Бола ма солай мәңгі?!.
* * *
Шап десе топқа шабатын,
Қап десе көпті қабатын –
Қанден;
Сат десе анасын сататын,
Ат десе атасын ататын –
Зәндем:
Біреуі өніп егізден,
Біреуі өрбіп сегізден,
Малғұн менен миғұла
Ит пен шошқа емізген!
Көшеліге – ауа жоқ,
Кещелікке дауа жоқ:
Білім берсең – отқа айдар,
Билік берсең – оқ сайлар,
Бишік берсең – қақпайлар...
Біз – бәрібір шоқ шайнар!?.
* * *
Бостандық –
Еркін жолын ерте аяқтап,
Қайтадан қалды бүгін төртаяқтап.
Қалғыған қайратың мен қуатыңды
Құрбанның намысы мен серті оятпақ.
Көрмедім киеңкіні өкіметтей,
Жаранын жүре алмайтын жетім етпей.
Бір қолы жанға мұрсат1 жариялап,
Бір қолы өлім сепкен екі беткей.
Қанаты қайырылған қоңыр қаздар,
Қоштасып,
Қиқуласа көңіл қозғар...
Мұнаймен мұртын майлап мардамсиды-ау,
Өз халқын жеңіп шыққан жеңімпаздар...
1 Өлім жазасына мораторий.
* * *
Жақсы да болса өз жұртым,
Жаман да болса өз жұртым.
Қаймананың қашаннан
Қоздырып жүр көз құртын.
Жақсы да болса өз елім,
Жаман да болса өз елім.
Ел дегенде өзегім
Өртенсе де төземін.
Жақсы да болса қандасым,
Жаман да болса қандасым.
Қандастарым қан жұтса,
Қайда сияр хан басым?
Жанынан безген нарға сын,
Жағалап жүрсе жар басын.
Жүрегімнен көріңдер
Жаңаөзеннің таңбасын!
* * *
Күнаһар қылықтары үшін Адам
Құдайдың қаһарына ұшыраған!
Жазмыштың ала жібін аттағанға
Жазылмыш жазаны да түсіне алам.
Қуып та, тұрып та аттың, жатып аттың,
Құдайға қылығыңды бақылаттың.
Танымас нысанадан өз тумысын,
Қатыбас қайырымсыз бақуат кім?
Қандауыз қайран мерген, халың қалай?
Қаруың күндіз-түні дамылдамай,
Қан шашып бұ дүниеден барғаныңда
Қоймасын о дүние қабылдамай...
* * *
Сіз – көктен түскен самауи,
Біз – жерде жүрген бәдәуи.
Белшеден баттық күнәға,
Бермеген соң сана-ми.
Сау басты салып саудаға,
Сан ұрдық тасқа, тауға да.
Сайтанды қосып сауғаға,
Сандалып жеттік тәубаға.
Біз кірмеген дау-шар жоқ,
Біз татпаған кәусар көп.
Арманда кетіп барамыз,
Ақ өлімге аңсар боп...
* * *
Құран деген – құр ән емес, нағыз ән,
Мүсілімге қасиетті мәні – заң.
Сүрелері сәуле құйып санама,
Жүрегіме зәмзәмінен тамызам.
Құран деген – құр сөз емес, кие жыр,
Құбыладан қызыр құяр ие – нұр.
Ай шуақты аяттарын аялап,
Жан-тәніңмен, ой-санаңмен сүйе біл!..
* * *
Ұранды біздер Құрандай көрдік,
Балалық шақта білместен.
Өмірді дұрыс сүре алмай келдік,
Әкелер қалай күн кешкен?
Өмірді дұрыс қалай сүруді,
Үйретпеді ешкім әлі де.
Дүние деген талай құбылды,
Жеткізбей тылсым мәніне.
Қалай сүреміз дұрыс өмірді,
Дұрыс өмірің болмаса?
Қоғамның тағы тіні сөгілді,
Тыныш дегені далбаса.
Жаңа жыл міне күрсіне кірді,
Табанымыздан сыз өтіп.
Кешеміз енді қисық өмірді,
Қисайған жерін түзетіп...
* * *
Жаратқанның әмірі ме
Қазақ бастан кешіп жатқан сорлы күй?
Құдай берген өміріңе
Өзін Құдай сезінгендер болды би...
Құдайсынып қаншама рет
Қоқаңдатты ажал шашқан құрығын.
Ақ өліммен алса деп ек,
Алла бізге өзі берген ғұмырын...
Сол пенделер құдайсынған
Тіршілігін істетпейді-ау тірінің.
Өлмеген соң шыдайсыңдар,
Бұл заманда өмір – өлім бір ұғым!..
* * *
Қапырық!..
Неткен қапырық...
Қарадан-қарап қапылып,
Өлетін болдық тұншығып,
Көметін болды аһ ұрып.
Ауаны тазартыңдаршы!
Опасыз сөзді отыра бермей сапырып...
Қапырық...
Неткен қапырық...
Ойлыны меңдеп ой-қауіп,
Ойсыздың көңілі тойға ауып,
Тұт жеген бұлбұл секілді,
Тұсалды тілім сайрауық...
Тіліңді бірақ не қылсын
Жүргендер кілең май қауып?
Қапырық...
Неткен қапырық...
Шытырман ойға шатылып,
Тал түсте тегіс тұншығып,
Болдық па сонша мақұлық?..
Шырмаудың бәрін жапырып,
Шықсақ қой тысқа атылып!
Арыңнан жұрнақ қалды ма,
Біткенде бәрі сатылып?
Ауаны тазартпаймыз ба,
Аруағымызды шақырып!?.
Қапырық... Қапырық... Қапырық...
Зайсан
Зайсаным – Қазақстан қақпасындай,
Құлыбы берік тұрған жатқа ашылмай.
Мен сені мәңгі-бақи жырлап өтем,
Жүректің қобдиында хат жасырмай.
Жерұйық, жаннат Зайсан, пейіш Зайсан,
Ғажайып, кереметтің аттасындай.
Мұхитқа құятұғын Ертісі бар,
Толқыны тулап аққан көп ғасырдай.
Тоныкөк, Күлтегіннің туған жері,
Тарихты тіліп өткен от-жасындай.
Орман-тау, өзен-көлдің сұлулығын,
Санасаң қалып қояр шотқа сыймай.
Жүрегім туған жерді сағынғанда
Ериді Самарқанның көк тасындай.
Бір шөкім Зайсанымның топырағын
Бермеймін алтынға да ат басындай!
* * *
Достым, бүгін құлақ ас бір ақылға,
Тіршіліктің күйбеңін тыя тұр да,
Таусылмайтын шаруаңды жия тұр да,
Баратұғын уақыт тап театрға!
Қайта оралар жоғалтқан қуатың да,
Қайта оянар намысың, ұятың да.
Жаңарасың, жайнайсың, жасарасың,
Сезім деген кездесіп сұрапылға!
Адам болып қайтпасаң қолыңды әкел,
Жүрші, досым, барайық театрға!
Айран көңіл мөлдіреп тазаратын,
Ақ ниет пен парасат сөз алатын,
Ана тілім айналып падишаға,
Асқақтатар биікке қазақ атын!
Кеттік, досым, тартайық театрға!
Ұшсын десең сезімің қанат байлап,
Бітсін десең бойыңа ғажап қайрат,
Жүрсін десең жүрегің жалап қаймақ,
Тұрсын десең жаныңда азат байрақ! –
Бар да, досым, бауыр бас театрға...
Есіл дәурен
Құр қалғандай несібеден,
Өкінемін несіне мен?
Өкінбей де, өрекпімей
Жатыр ағып Есіл-өзен.
Кездер түсіп есіме бір,
Қарай берем тесіле құр.
Өкіндіріп, өрекпітіп
Барады өтіп есіл өмір.
Тілегіміз қосылғанмен,
Жүрегіміз қоса ұрғанмен,
Баяғыдай күндер қайда?
Өтті-кетті есіл дәурен...
Өкпең болса өшіре жүр,
Кінәм болса кешіре біл.
Барады ағып Есіл-өзен,
Барады өтіп есіл өмір...
Арбаттағы ару
Тұрсынай Оразбаеваға
Қазақтың бір қызы бар Тұрсынайдай,
Қолына қалам алған ұршық алмай.
Санасы сағыныштан сапырылған,
Сезімі сексен сері тұншығардай.
Шырайлы Шым шаһарын аңсағанда
Жүрегі байыз таппас жыр шығармай.
Арбатта бір ару жүр ұлтын ойлап,
Тіл үшін көтергенде жұрты байрақ,
Қаратау, Алатауын сағынады
Жүрегін жайлау менен жылқы жайлап.
Қызына құшақ жайса Шым шаһары,
Толады көкірегіне күн шапағы.
Мәскеудің магнитін жеңіп шығып,
Беттейді туған жерге жыр сапары.
Төркіні сұлулықтың сыршыл Ай ма,
Ай өзі сыр шертеді Тұрсынайға.
Арбат пен Арқа, Алтайды араласаң
Шіркін-ай, Тұрсынайдай жыршы қайда?
ЕЛАЗЫҚ. ХАЗАР КӨЛІ
Ехе-хе-хей, ехе-хей!
Еспе желдей
Есіп мен
Еңкеймей кірдім есіктен,
Еңсесі биік Елазық, –
Еш көрмеген елі азып,
Ескірмеген жері азып,
Ергенекті ер келсе
Ернеуіңнен бер азық.
Ер жастанған Йылдырым
Екі иіні тола жүк.
Елі үшін туған ерке ақын
Еш аттай ма ала жіп?..
Ереймен мінез, ер көңіл
Ереуіл қылса – не жазық?
Еменнің ерек бұтағы
Еріксіз сынса – не жазық?
Ел-елден келген шайырлар
Еркелеп жетер, не қажып,
Ет жүрегі тоңазып...
Еримін десе ерісін
Егілем десе егілсін,
Егіл де тегіл төгілсін
Ерекше туған сара жұрт.
Ежелгі еркін түріктің
Еңкулеп келіп өрлеген
Ең төрісің, Елазық.
Ертегісің, Елазық
Ерке құсым, Елазық!
Ехе-хе-хей,
Елазық, Елазық, Хазаркөл...
12.06.2010,
Түркия. Елазық
Тасжүрек
Желкілдеген жанымның жас көгалын
Таптадың ғой, ойламай әсте обалын.
Нәзіктікті жамылған беріш бейнең,
Тасжүрегі екенсің тас қаланың.
Тасжүрегі екенсің тас дәуірдің,
Ғашық болдым несіне, босқа ауырдым?
Ғасырларға жүк болып қалар болды
Өте шыққан зымырап қас қағым күн.
Өзің көмген көрімнен аршып алып,
Құшқаныңмен көзіңнен қан шығарып,
Бері қарамас арыға бұрған бетім,
Табытыма қайтадан салшы барып.
* * *
Жаным-ау, қандай ғажап жымиысың!
Cан алғыс саған осы сыйың үшін.
Қараңғы көңілімде шам жанғандай,
Кеудеме толтырғандай гүл иісін.
Жаным-ау, қандай ғажап жымиысың!
Жаралған жан екенсің сүю үшін.
Өзектен өшіп кетті өкінішім,
Көңілден көшіп кетті күйінішім.
Жаным-ау, қандай ғажап жымиысың!..
Тағдырдың тосын тартқан сыйымысың?
Жалғанды тәрк етсем бе,
Жанарыңның
Жарқ етіп бір қараған қиығы үшін!?.
Шұңқыр
Жанарымды сиқырлады
Бетіңдегі шұңқырың.
Күлкі ұрлады,
Ұйқы ұрлады,
Желбіретіп жыр туын.
Көзіңдегі бұлақты іштім,
Қайнарында мұң тұр ма?
Байқамастан құлап түстім
Бетіңдегі шұңқырға.
Осы ма еді бар құмарым,
Қалдым сенің ырқыңда.
Мені жерлей салшы, жаным,
Бетіңдегі шұңқырға.
Ай, Перизат
(«Менің күнаһар періштем» фильмінде Сағдидің «О, Сорбон»
(«О, Керуенші») өлеңіне шығарылған парсының
халық әнімен айтылады)
Ай, перизат, аңсар жанға
Тағдыр дәйім гүл берер ме?
Жуынатын кәусар бар ма
Ақ қанатың кірлегенде?
Қ а й ы р м а с ы:
Сені ойласам, ей, перизат,
Жан-жүрегім қан жылаған.
Бар тілегім, ей, перизат,
Қайда жүрсең сен жүр аман.
У берсең де шөлдегенде
Бас тартпаймын сен дегенде.
Ай, перизат, суып ғалам,
Қаздар қайтып бара жатыр.
Мен өзіңді сүйіп қалам
Келсе дағы заманақыр.
Қ а й ы р м а с ы:
Жаншыса да ей, перизат,
Өкініштің сан салмағы.
Кештім сені, ей, перизат,
Қанша азапқа салсаң дағы.
Мен өзіңді сүйіп өтем,
Сені сүймеу күйік екен.
Көз жасыма, ей, перизат,
Батып кетті бір ақ кеме.
Сол кемеде, ей, перизат,
Мен де кеттім, бірақ неге?
Қ а й ы р м а с ы:
Ай, перизат, шыққан ақтап
Қылығымды ел теріс десін.
Судан таза, сүттен аппақ,
Сен мен үшін періштесің.
Кінәлі де емессің сен,
Күнәлі де емессің сен.
Көк бөрінің рухы
Ғасыр өтті,
Еңсені басып өтті,
Қосып берді қайғыға қасіретті.
Айға атылған арыстан мерт болды да,
Арда туған арғымақ басы кетті.
Тәуелсіздік!
Бостандық!
Азаттығым!
Баға жетпес бағымсың ғажап құның.
Шам жарығы түсер ме өз түбіне,
Жемісіңді татар ма қазақ бүгін?
Тәуелсіздік!
Азаттық!
Бостандығым!
Атың озсын бәйгеге қосқан бүгін.
Өзің ғана қайтарып беретұғын
Әділдік пен шындықтың қашқан құнын!
Желтоқсанда жарқ еткен Алты Алашым,
Басыңдағы базарың тарқамасын!
Келер ұрпақ кермалдап кетпес үшін,
Тығырықтан сен бүгін жол табасың!
Қайран бабам белінде балта ұстаған,
Тағдырымен күні жоқ тартыспаған.
Көк бөрінің рухы жүрегімде,
Көктен тусам мен қалай байғұс болам?
Көк түріктің қаны әлі асыл күйде,
Ешқашан да, ешкімге басыңды име!
Ер қазақтың баласы еркін өскен,
Жаралған ғой жаныңмен жасын бірге.
Замандарды көп көріп тар-қысталаң,
Айбалтадай жарқ еттің шарға ұстаған.
Дүниені жібердің жап-жарық қып,
Желтоқсанның жасыны, алғыс саған!
Арқа, Атырау, Алатау, Ергенеқон,
Бір тілекті Тәңірім берген екен.
Бар қазақтың тасы өрге домаласын,
Құтты болсын, туған ел, төл мерекең!
Қадыр өтті...
Қадыр кетті, өмір енді қадырсыз,
Қадыры жоқ қу тірлікті танырсыз.
Дегбірі жоқ ду дүние дамылсыз,
Дымы құрып қалды бүгін тағы үнсіз.
Сапырылған ойларың да қадырсыз,
Шақырылған тойларың да қадырсыз.
Қайырылып қанат қалды қағусыз,
Майырылып болат қалды шабусыз,
Желбіреген үміт, сенім қадырсыз,
Селдіреген күдік, шегің қадырсыз,
Жаныңызды қай қайраққа жанырсыз,
Мәлімсіз...
Қадыр өтті...
Кетті бүгін қадырім,
Қаны қашып қуарғандай тамырым,
Суалғандай, сарқылғандай сабырым,
Тауға бітті томпайған бір төбешік,
Самал ғана сипайды оның қабірін.
Қадыр өтті...
Ертең біз де өтерміз,
Бұдан былай бұл өмірге бөтенбіз.
Өтер бұл қыс, өтер көктем, өтер күз,
Мәңгі жазға содан кейін жетерміз.
Бұл жалғанға неге келдік екен біз?
Қалды-ау бүгін қазағыңыз қадырсыз,
Кімге тастап кеттіңіз-ау, Қадыр, сіз?
Енді бізге сағымсыз Сіз...
Сағымсыз...
Жер астында ағып жатқан өзендей,
Бар қазақтың қанындағы ағынсыз...
Сағымсыз...
Тамшы
Кімге сенем?
Бал ішкен cоң у да іштім бір кеседен?
Мешеу болды өмірім митыңдаған,
Көсеу болды көңілім жыр көсеген.
Кімге сенем?
Сенімді қайдан алам?
Баяғыдай пәк сезім қайда маған?
Қайда кеткен көп досым қаумалаған,
Қаңбақ қуған желдеймін айдаладан.
Түскен болар тірліктің құны, сірә?
Ілікпейді құм – уақыт уысыма.
Сыртқа шықпай көмейге кептеледі,
Келіп қалған көбік сөз тіл ұшына.
Сенім қайда?
Тағдырым, сыр ақтаршы,
Көңілімді осады сұрақ-қамшы.
Түкпірімнен жанартау атылғанмен
Байланғаны кірпікке – бір-ақ тамшы...
Жүрсін Ерман
Өлең-жыр тыншын алған Жүрсін Ерман,
Жүрегі жын адасар тылсым орман.
Басталған Құлжанбайдан бір дария
Көңілдің шөлейтіне гүл шығарған.
Сизифтің тағдырына басын тігіп,
Қазақтың тасын тауға кім шығарған?
Айтысқа арып-ашып арық қазып,
Ол – Қыпшақ Сейітқұл ғой құм суарған.
Абайсыз тамып түскен алтын тамшы
Абай мен Махамбеттей жыршылардан.
Жырына жүрегіңнің құрышы қанған,
Бағасын бір балаңның білші, жалған!
Қозыдан – серт, Қодардан қырсық алған,
Қолында Қобыландының қылышы қалған,
Ей, жігіттер, болыңдар Жүрсін Ерман,
Бола алмаған жамандар жүрсін әрман!
Көнбіс
Қысқы күн қырық құбылып,
Жауын мен боран шұбырып,
Тасқын мен көшкін жаудырды
Жығылған жұртқа жұдырық.
Көсемнің өзі қайда екен,
Шешеннің сөзі қайда екен?
Сәбилер суға кеткенде
Сұбханның көзі қайда екен?
Жүрегім неге жылайды?
Көңілім неге ылайлы?
Көнтерлі көнбіс едік қой
Қарғамайықшы Құдайды...
Кел, Наурыз!
Жуанның жіңішкерер кезеңінде,
Жіңішкенің үзілер кезегінде,
Өшкенімді жандырып өзегімде,
Өлгенімді тірілтіп өз елімде,
Кел! Кел! Кел! Наурызым!
Ерісін сары мұзым! Кел! Кел!
Самарқанның көк тасын ерітіп кел,
Жамандықтан жаһанды жерітіп кел.
Ғайып Ерен, Қырық Шілтен, Би Батима,
Қызыр Ата, бәрін де ерітіп кел.
Игіліктің иінін идіріп кел,
Имансыздың иығын күйдіріп кел,
Әсемдікке әр қосып, әндетіп кел,
Төрт тарапты төр етіп, күй қылып кел!
Сәбилерді сүйіп кел, сүйдіріп кел,
Тұсауларды қиып кел, қидырып кел.
Қорғансызға пана боп игілік бер,
Панасызға құт мешіт үй құрып бер!
Наурызым, сары уызым, кел, кел, кел!
Жақсылықтан жер бетін жарыстырып,
Ақырзаман апаттан алыс қылып,
Жан біткенді жіберші жақындатып,
Ел біткенді жіберші табыстырып.
Сүйген жанға сенім – құл, үміт – көсем,
Жамалмай жүр жүрегім – сынық кесем.
Наурыздан нұр күту бекер шығар
Назарына періштенің ілікпесем?!
Ниетіңді, Наурызым,
Бұрмай-ақ қой,
Ғашығымның жүрегін жібітпесең!!!
Наурызым,
Сары уызым,
Ару қызым, кел, кел, кел!
Қызғалдақ
Құшағыма толып қызғалдақ,
Әкеліп ем бүгін Сізге арнап.
Ұсына да алмай,
Түсіне де алмай,
Мұңайып қайттым мұз қармап.
Қ а й ы р м а с ы:
Бояп ақ қарды-ай
Қызыл дақтардай
Шашылып қалған қызғалдақтарды-ай.
Айырылып бүгін өзіңнен
Боздап тұрған жаным – бозінген.
Сұлу көзіңнен
Жылу сезінгем
Соның бәрі қайда безінген?
Қ а й ы р м а с ы:
Бояп ақ қарды-ай
Қызыл дақтардай
Шашылып қалған қызғалдақтарды-ай.
Аппақ қарда жатыр қызыл гүл,
Моншақ болып көзден үзілгір.
Жанды сыздатқан,
Қанды мұздатқан,
Ай, махаббат, сенің ізің бұл!
Қ а й ы р м а с ы:
Бояп ақ қарды-ай
Қызыл дақтардай
Шашылып қалған қызғалдақтарды-ай.
Сыр саздары
* * *
Қос жүректей табысқан,
Ей, Байқоңыр, Төретам!
Қарағанда ғарыштан,
Бар адамға Жер – Отан!
Аңсап жүрек жыртылар,
Ей, Байқоңыр, Төретам!
Биікке адам ұмтылар
Қиып басын қарақан.
Сенде атамның мұңы бар,
Ей, Байқоңыр, Төретам.
Саған жетіп жығылар
Жер аңсаған сарыатан.
Еркін жанға өріс тар,
Көкке ұмтылар неге қан?
Сен бар жерде Жеңіс бар,
Ей, Байқоңыр, Төретам!
Төретам
Жеңіс Сейдоллаұлына
Төретамда жидеменен,
Жыңғыл гүлдеп жатқан шақ.
Жылда туған үйге келем,
Қайран сәби шақты аңсап.
Біздер үшін буған белін,
Анамды аңсап келемін.
Тамыр тартқан туған жерім,
Қай жұмақтан кем едің?
Қайран іні, қарындастар,
Қанаттанам сендермен.
Бауыр, достар, ауылдастар,
Бойыма күш, дем берген.
Туған жерім – шапағатым,
Зердемдегі зер кілем.
Ең алғашқы махаббатым,
Таңғы шықтай мөлдір ең...
Төретамда дала гүлін,
Самал сүйіп жатқан шақ...
Қайда менің бала күнім,
Іздесем бе аттан сап?!
Қазалыда
Қаз-қаз тұрған көктемді баласынып,
Қазалыда әлі жүр қарасуық,
Қонағуар құмарын тарқата алмай
Құшақтайды құйыны аласұрып.
Қалпағыңды жұлып ап, ала қашар,
Қара желдің кеткендей қабы ашылып.
Жусаны мен жантағы жаңа шығып,
Бұлтты аспанға қарайды дала сұлық.
Қонақүйге қолыңнан жетелейді,
Қарсы алдыңнан қонақжай қала шығып.
Гүл аңсаған өлкеге «Гүлдер» келді,
Алатау мен Алтайдан ән асырып!
Қалың гүлдің ішінде бір тобылғы,
Ақын жетті алдыңа жолы ашылып.
Ақ сөзінде алғаусыз жоқ асылық,
Көкірегін кернесе тамаша үміт.
Әйтеке мен Жанқожа, Жалаңтөстің,
Жұрағатқа қалдырған жобасын ұқ.
Сыр-ананың ежелден жағасы құт,
Қазағының қалмаған тобасы ұмыт.
Сүлейлердің жыр толы бау-бағына
Шаншысам деп келіп ем жаңа шыбық.
Айтқаныңды жатқанда Алаш ұғып,
Қарасуық деген не, қарасуық?!
Күннен ыстық жүрегін жайып салып,
Күтіп тұрса алдыңда ел асығып!
Қазыналы Қазалым, армысыңдар,
Кеудесінен жататын кен ашылып!
Алдыңда тұр Алаштың жүйріктері
Алып келген алыстан таң асырып!
Шапалақпен қолдаңдар таласа ұрып,
Сүрінбесін, тайғанап, таға сынып!
* * *
Дүниенің бары да, базары да,
Дүркіреген дүрмегі, ғажабы да,
Шығады екен алдыңнан Қазалыда,
Ығады екен азабы, тозағы да,
Қазалының кездессең қазағына!
Қайран қалам атына Қазалының,
Көп өткен-ау басынан азалы күн?
Қаза деген ауы ма балықшының,
Жазмышы ма құдайға жазалының?
Өлеңімен көрсетер өз ағынын,
Өз Ұлықбегі2 бар екен Қазалының!
Қазағының қайғысын ұғып өссе,
Қазалының тарихын жазады мың!
Өз Ұлықбегі бар екен Қазалының!
Қазалы тұр көгеріп, жасылданып,
Қара тал тұр желекке басын малып.
Қашан сенің көсегең көгереді,
Қазалыдан өрбіген асыл халық?
Жана берсін жолыңнан жасыл жарық
Бағымызды бастағы жасырмалық.
Бастықтарың кетпесін басын бағып,
Жастық шағың өтпесін масылданып.
Көк тәңірі Қорқыттың қолдай көрсін,
Көк аспанға жұлдыздан шашу жағып!
Жан дірілін жұртының жаза алатын,
Қазалыдан саңқ етсін ғазал ақын.
Қайғы-мұңын халқының сезе алатын
Қазалыдан жарқ етсін ғажап әкім.
Қай қияға салса да қазанатын,
Азаматың өрлетсін қазақ атын!
2 Ұлықбек Тәңірбергенов – жас ақын.
Қармақшыда
Р. Нұртаевқа
Қалайсың, Рзақұл дос, хал жақсы ма?
Көктем де келіп қапты-ау Қармақшыға.
Қорқыттың қасиетті туған жері
Киелі бесік болған бар жақсыға.
Жақсымен дос болуды мақсат көрем,
Өмірді сүрсем деуші ем жақсы атпенен.
Арманның орындалмас түгел бәрі,
Біреуі қырық қыздың ақсақ деген.
Қайдасың, сырлас інім, Рзақұлым?
Бүйрегі елге бұрған бір жақыным.
Ішіме сыяр емес сыр жасырын,
Білтелеп ағытайын, тыңда ақырын.
Сыр мынау сан сүлейді толғандырған,
Қаламын Тұрмағамбет қолға алдырған.
Үзілген Көшенейдің керуеніндей,
Сан дарын өнер үшін болған құрбан.
Жағалап жағалауын дарияның,
Қармағын құлаштаған қария кім?
Шынымен, Қармақшы атам қайта оралып,
Қам-мұңын ойлап жүр ме әр ұяның?
Аштық па? Қайдағы аштық бұл ғасырда?
Сезім – аш, көңіл – жетім, мұң – басымда.
Жүректі шер ұялап, кір басуда,
Әйтпесе, қайдағы аштық бұл ғасырда?
Қарын – тоқ, көйлек те – көк,
Жан – ашықты,
Жаныңмен кімдер, бірақ санасыпты?
Аралдай апшып болып кең пейілім,
Көксарай, кіші Аралдар жаңа шықты...
Шеккендей аспан азап бұлтсыздықтан,
Түбі азап шекпейміз бе ұлтсыздықтан?
Рухсыз ұрпақ келсе жетісерміз,
Қасиет, өсиетке құнтсыздықтан.
Мен неге ынтық болдым Қармақшыға?
Қорқытқа көңіл самғап бармақ, сірә?
Қобыздан жанға дауа тілеп келдім,
Қалайсың, Рзақұл дос, хал жақсы ма?..
Аманжол құдығы туралы баллада
Қарқаралы басында – қара құдық,
Ақындар атын бұрар арагідік.
Табиғат ентелейді жан-жағынан
Алғандай сол құдықты бала қылып.
Қартамыс Қаракемер қойнауында,
Көшелі Көшен таудың баурайында,
Аманжол Рахымжанның жұрты жатыр
Торқасы тамыр сыйлап тал-қайыңға.
Сол жерде шыр етіпті Қасым – арман,
(Өлеңде бір дәуірдің басы болған).
Орданың ойсыраған орны мынау,
Қорымын қой қораға тасып алған.
Тастарын қоржын тамның қына басқан,
Жуады жаңбырымен жылап аспан.
Қасымның көзін сүрткен сол бұлттар-ау,
Қас-қағым бірін-бірі қуаласқан.
Тетелес ғасырлармен жас шамасы,
Шөп басқан, жермен-жексен баспанасы.
Жұртына ақын қайта оралмапты
Жасында тигеннен соң тасқа басы...
Жас Қасым қозы қуып, жалбыз жұлып,
Жүгірген табанына кәрғыз кіріп.
Бұла шақ, бір ошақтың белгісіндей,
Бұзылмай аман қапты жалғыз құдық.
Айнала адыр-адыр нар жоталар,
Айналған алтын қазық арғы аталар.
Бұл құдық әулиенің қайнары екен,
Шолпылдап шомылмаған көлбақалар.
Кәусары өлең болып өрілгендей,
Көзіме көркем елес көрінгендей.
Бұл құдық тұнығына жұлдыз түнеп,
Шелектен ай тамшылап төгілгендей.
Осы бір қара құдық шегенделген
Адамзат шөлін басар өлең берген.
Көз жасы сол құдыққа тырс-тырс тамып,
Періште кірпігінде көгенделген.
Басынан бақытын да ала қашқан
Жасынан не бір нәубет қара басқан.
Сонда да сарқылмаған осы құдық
Ақынның көз жасымен араласқан.
Тағдырдың жолы тарау, қаны қарау,
Жетімнің жүрегі өрт, жаны жамау.
Шоқ шайнап, от түкірген ақындығы
Қасымға осы сумен дарыған-ау?
Тәу етіп сол құдықтың суын іштік,
Шелектеп басымызға құйыныстық.
Арқалы Ақсұңқардың ақын ұлы
Арқырап жыр оқыса сүйіністік.
Мына әлем – сол әлем бе Қасымды ұққан,
Әлде ұқпай ұлы Ақынның басын жұтқан?
Жоғалтып алмап па екен қасиетін,
Айырылып қалмап па екен асылдықтан?
Мына ауа сол ауа ма Қасым жұтқан?
Уланбай қалып па екен не сұмдықтан?
Ақынның көз жасына қалған әлем
Жүр ме әлі зардап шегіп басырлықтан?
Ұлысын ұрып жығар тасырлықтан?
Десек те дәуір басқа, ғасыр бөлек,
Жамылып жаз жетсе де жасыл желек,
«Арпалыс алақұйын заманалар»
Айқайлар:
– Қасым керек! Қасым керек!
Өрт мінез өлеңінен шоқ тамардай,
Бүгіннің бар кеселі жоқ болардай:
Соғыстан қайтқанындай сылтып басып
Қасым да құдығына кеп қалардай.
Қасымсыз баспаналар қаңырап құр,
Көңілдер көншу іздеп аңырап тұр.
Талантты таланынан тарықтырар
Бұл өзі неткен заман тәңір атқыр!
Мүсін боп тұрса тұрар астанаңда,
Енді оған керек болмас баспанаң да!
Қыранға қажет те емес хан шатырың,
Ғұмыры ғасырды аттап басқан алға!
Жатқандай бірін-бірі жаңа біліп,
Тұңғиық Ғарыш пенен Қара құдық...
Қасым ақын тылсымын ұғам десең
Жолаушым, мойыныңды қара бұрып!
Қаға бер қанатыңды, Қарқаралы,
Ғаламды қасиетің тартар әлі.
Қасымның құдығынан дәм татсам деп
Шарқ ұрар дүниенің шартарабы.
Бұлықсып талай ұлың ержетуде,
Бұл құдық тереңімен тербетуде, –
Бала Қасым бейнесін сақтап қалған
Жалғыз фотоаппарат сол жер бетінде!
Ұлылық шүпілдеген қара өлеңнен
Ұрттасаң ұлан шөлің қана берген.
Құдыққа, Қасым аға, үңілемін
Суынан мөлт етердей бала бейнең!..
Шіңгіл
Армысың, Шіңгілдегі туысқандар,
Жүрегі алтын, білегі құрыш жандар.
Ән-күй боп сызылғанда сағынышы,
Жанымен, көңілімен ұғысқандар.
Беу, Шіңгіл – мөлдір мекен, мөлдір өзен,
Мөлдірлік алға шығар келді кезең!
Қайнарын қара Ертістің бір көрсем деп,
Мен бүгін тауға шығып, жерді кезем.
Қауышып наурызда қыз-көктеммен,
Өр Алтай еріп жатыр мұз бөктерген.
Алаштың армандас бір ақыны едім,
Арғынбек, Құрманбекті іздеп келген.
Өнердің ұясы екен Шіңгіл деген,
Таулары домбырадай күмбірлеген.
Қос ішек сенен бұрын шертіп берер
Сырыңды сыртқа жайып үлгірмеген.
Аспаннан ағып түскен күміс тасқа,
Дариға-ай, жүректегі жыр ұштасса...
Төбеңнен күміс түгіл алтын жауар,
Құт дарып, Құдай иіп, ырыс тасса!
Қызығар Қарғын тауға көкте қыран,
Қызыр жер жұлдыз түсіп, бақ дарыған.
Естісем Сұлубайдың сұлу үнін,
Бұлғын боп Ұлыүңгірге ақтарылам!
Белқайың, Сәукелетас, Жаятасым,
Тарихты қалғып кеткен оятасың.
Ебі тау, Күреңмөрін, Алтын қада,
Бұл қазақ қастерлемес қай атасын?!
Үзілген Армантыда қыршын арман,
Үздігіп талай ақын жыр шығарған.
Бұл Шіңгіл – Шыңғыс қаған бас иген жер,
Еңсегей Есукейдің жұрты қалған.
Өр Алтай, шанақ Шіңгіл, тиек Шіңгіл,
Өзім деп келіп қалды тілекшің бір.
Шіңгілдің сұлуларын көрген кезде,
Еріксіз сыздайды екен жүрек құрғыр!..
Рүстемнама
Жаназа жыры
(Экспромт)
Қара Ертісім тартылды,
Қоңырау көлім3 сарқылды.
Аласарып Алтайым,
Ақсұңқарым шарқ ұрды.
Орманым қалды ойсырап,
Арманым өртке шарпылды,
Боздаттың ба, тағдыр-ау,
Бәске байлап мәрт ұлды?!.
Жас айғыздап алқымды,
Үміт өшті. Жан тынды.
Кете барды-ау ардағым,
Тұяқ серіппей мал құрлы.
Жез орнына жұмсаппыз,
Уыстағы алтынды.
Көрсеттің бе, Құдай-ау,
Тезің, тепкің, талқыңды?
Мені қойшы...
Қалайша,
Жұбатамын халқымды?
3 Қоңыраулы көл – Зайсан көлінің ежелгі аты.
* * *
Бұл не күш бауыр етті жұлып алған?
Өртеніп өзегімнің күлі қалған...
Аз ғана алдарқатып алып соғар,
Осы ма тіршіліктің құны жалған?..
Топшысы қайырылып қанатымның,
Қойнында тұншығамын қара түннің.
Жақсы адам Құдайға да керек дейтін...
Несіне жақсы болып жаратылдың?!.
Бұл өзі неткен тағдыр соры қалың?
Бұлқынсам бір қайғыға жолығамын.
Өнердің құрбаны боп кеткенің бе,
Отызда орда бұзған оғыланым?!
Қонбады ұясынан ұшқалы жыр,
Өнердің – шырқап шығу – ұстамы бұл.
Берген соң үйіп-төгіп сонша дарын,
Несіне қияды екен қысқа ғұмыр?
Өнердің өшіргенге көкте күнін,
Мен бүгін өткен жылға өкпелімін.
Дәуірдің құлағында қалар ма екен,
Дауысы көкке ұлыған көкбөрінің?..4
* * *
Баянсыз неткен
Өмір – тақ? –
Күздің де күні таусылды.
Тасқала тартты қоңылтақ,
Сағынып сенің даусыңды.
Қараша кетті, қыс келіп,
Қыс келгенінен не пайда?
Қара жер жатыр түс көріп,
Түс көргенінен не пайда?
4 Бөрінама – Рүстем Есдәулеттің поэмасының және жыр кітабының
аты.
Өмірдің өзі – сахна,
Ойнайды Ажал басты рөл.
Жығылды рух ақ ұра,
Жанардан аққан жасты көр.
Аспанмен мен де астасам,
Боз қырау болып терезем.
Сарқылу білмес ешқашан
Сағыныш түсті сары өзен.
* * *
Қайтейін...
Қу дүние, қырсығыңды-ай,
Зырлайсың сұм тағдырдың ұршығындай.
Басыңда бас иіп тұр Асанәлі,
Біздің Алтай тауының бір шыңындай.
Тірліктің дәмі кетті ерініңде,
Бүгін – у,
Кеше болған гүл-шырындай.
Отқа түскен көмірдей жүрегімді,
Қысады қайран қайғы шымшуырдай.
Қала бердің,
Қарағым,
Тасқа айналып,
Кете бардым көзіме жас байланып.
Таулар тұрды көрісіп, құшақтасып,
Төбемізден қара бұлт көшті ойланып.
Әппақ қарда қызғалдақ қызарады,
Құрсауланған қабірдің мұз алабы.
Нұрлы бейнең кенеттен тасқа айналып,
Тасқа айналып ғұмырың ұзарады...
Қайран жүрек жатса да мұз көрмеде,
Қатқан тоңнан қайырым іздер неге?
Тепкісіне тағдырдың төзу үшін,
Тасқа айналу қажет-ау біздерге де?!
* * *
Торғыннан торқа жамылып,
Тарбағатайдың бөктері,
Ұялас ұлды сағынып,
Ұлиды қырда көк бөрі.
Жыл толды міне, тұғырға
Қона алмай қойды жас сұңқар.
Аламан бәйге – ғұмырда
Шаба алмай қалды хас тұлпар.
Жанданып бүгін жан-денем,
Қара ту мәңгі құлар ма?
Қара ту құлағанменен
Жығылған жыға тұрар ма?
Қайғыдан бүгін қайралсам,
Алтайдың тауын айналсам,
Қолыма қыран қонар ма?
Қаншама қыран қонса да,
Рүстем құрлы болар ма?
Беу, әттең, дүние, қайран-ай,
Несіне тұрсың сайрамай?!.
* * *
«Өлдің, Мамай, қор болдың...»,
Сынақ – ауыр!..
Таптап жүре береді мына дәуір.
Серілер мен перілер, сал-сүлейдің
Баршасына бұйырған сыбаға бұл.
Мақтаменен бұл заман бауыздайды,
Бауыздайды, қаныңды ағызбайды.
Байыздамас жаның да байыздайды,
Жүрегіңді жалмайды жауыз қайғы.
Бөгу үшін, ей, қоғам, нұрға кілең,
Дарындарды қаншама құлданып ең.
Азып-тозған ағзаңа
Асылдардың
Қасық қаны болмады-ау мың да бір ем?..
Қоби тауы
«О дүниенің ішінде
Қоби деген бір тау бар,
Қайнарын татсаң қанарсың.
Асқынса ауру, сырқаулар,
Тыйылса самғау, шырқаулар,
Сол таудан мені табарсың...» –
Деді Рүстем түсімде,
Құпия – жұмбақ пішінде.
Қоби тау!..
Таныс бұл ат тым,
Тауы ма екен жұмақтың?
Шыңы ма екен ғайыптың?
Астында қалдым сұрақтың...
Ол жақтан келген пенде жоқ,
Жауабын берер бірақ кім?
Алтайдың асқақ баласы,
О дүниеде де, шамасы,
Ойпаңға толмай көңілі
Тау жақта жүр-ау, қарашы!
Қол созым болса Қоби тау
Алтаймен бар ма таласы?
Ебіл де дебіл тірлігім,
Егілтіп мені жүр бүгін,
Екі дүние арасы,
Ертістің екі жағасы.
Көрсетші маған, қарағым,
Қобидың қайда қарасы?..
Өскемен – Алматы,
2009–2011
Салауат
Жылымайтын ызғарға,
Ерімейтін мұздарға,
Жібімейтін тоңдарға,
Таусылмайтын жолдарға
Қор боп кеткен қуатыма салауат!..
Торға талай сүрінді,
Орға талай жығылды,
Сорға талай ұрынды
Мінез деген сыңарезу жарау ат.
Ұшқын едік, от болдық,
Көмір едік, шоқ болдық,
Темір едік, оқ болдық.
Көрдік қилы махаббат пен ғадауат.
Аз да болдық, көп болдық,
Аш та болдық, тоқ болдық,
Бар да болдық, жоқ болдық,
Шүкір, тәуба, барлығына – қанағат!
Айтылмаған әніміз,
Ашылмаған мәніміз,
Салқындаған жанымыз,
Сарқылмаған қанымыз.
Соңымызда қалар ма сау-саламат?
Иілмеген басымыз,
Киілмеген тәжіміз,
Отырмаған тағымыз,
Бұйырмаған бағымыз –
Бір Құдайға аманат!
Тістену
Нені жек көресің деп,
Кімге кектенесің деп,
Сұрама менен...
Поль Элюар
Тістенемін!
Кейде мен тістенемін,
Салып ұрып білемін қыс келерін.
Азабынан әлемді құтқара алмай,
Қарсы қояр ажалға түк таба алмай,
Тістенемін.
Білемін күш керегін.
Ғалам – ұлы,
Жер – алып,
Кішкенемін.
Мен, бірақ үлкен-үлкен түс көремін.
Тістенемін қол жетпей жұлдыздарға
Біреуінен солардың түскен едім.
Қайырылып қайта ұшып құс келгенде,
Тақытынан түсуге қыс көнгенде,
Былтырғы өскен шіліктер өнбей қалды,
Амал-шараң қайсы енді тістенбеуге?
Тістенесің,
Тістеніп, ашынасың,
Түк келмейді қолыңнан, шашыласың.
Арықтықты қампайып, жасырасың.
Бұл уақытқа айлаң жоқ,
Амалсыздан
Бас ұрғың келмесе де бас ұрасың.
Сен отырар ақ кеме жүзіп кеткен,
Қай толқынның жалына асыласың?
Күресіп-ақ, тіресіп күштілермен,
Көктем де, әне, қаһарлы қысты жеңген.
Жыртқыш емес адам боп жаралған соң,
Тістеніп өлу үшін тісті берген!
Қысқытұрым
Асқар таудың өлгені
Басын мұнар шалғаны...
Қара жердің өлгені
Қар астында қалғаны...
Бұқар жырау
Орай да борай қар жауып,
Орын да қалмай тебінге.
Орамал салған оймауыт,
Оранды дала кебінге.
Толассыз басса қар егер,
Тобасыз көмер, білемін.
Өлді де қалды Қара жер,
Өң-түссіз, ұстап жүрегін.
Жұрты жоқ қара жамылған,
Жоқтауға әлде жоқ шама?
Қайысар емес қабырғаң,
Қара жер өліп жатса да.
Аруланбастан сүйемі,
Ақзуы желмен ашылып.
Ақ сөңке болып сүйегі,
Ағарып жатыр шашылып.
Асыр сап бүкіл аң мен құс
Аунап жүр қунап сонарда...
Апырмау, өмір – көрген түс,
Аяғы саят болар ма?
Жоқтаусыз дағы жерлеусіз,
Жаназасыз да тергеусіз,
Беу, неткен жаман өлім бұл
Қайғырған пенде көрмейсіз...
Құдайым басқа салмасын,
Өзге өлімменен өлгейсіз!..
* * *
Жалғыз сен бе, бауырым,
Жер бетінде сенделген,
Жалғыздықпен ауырып,
Сағынышпен емделген.
Тірілетін күнде өліп,
Жалғыз сен бе – жас ұлан –
Ғашықтыққа құл болып,
Айырылған басынан.
Жалғыз сен бе – ойлы жан –
Тасқында тал қармаған,
Шәрбат ішіп қайғыдан,
Мұңнан мейіз талмаған.
Бір қарап қой артыңа,
Біз де сендей болғанбыз.
Жетпей өмір нарқына
Шығып қалдық жолдан біз.
* * *
Құтырдық,
Құмарлықтың қақтық шаңын,
Қызықтың майын ішіп, жақтық шамын.
Жүрегім неге, бірақ шымшылайды,
Жадыма оралғанда жастық шағым?
Мен қалай мұңал кезді айыптайын?
Мүбәрак мұңасамды байыптайын.
Көңілім неге, бірақ орнықпайды,
Ескегі суға кеткен қайықтайын?
Өзектің бір өкініш түкпірінде,
Өрекпіп өлпеңдегі шық тілінде,
Шыңғырып, өлгенінше шырқыраса
Шалатын құлақ қайда түп-түбінде?
Күн, ай, жылдар, ғасырлар
Күндер, күндер, күндер-ай зымырауық!
Түс ауғанша кетеді ғұмыр ауып...
Құлағыма жетеді қабаттасып,
Тақымдаған таңдардың дүбірі анық.
Арман деген алыста маңырайды,
Ақсақ қойдың жасындай құны қалып.
Аузы күйген ғашықтай абдыраймын,
Сүймейтұғын еріннен сүйіп алып.
Күндер, күндер, күндер-ай зымырауық...
Айлар, айлар, аптыққан айларым-ай,
Бұрқ-сарқ етіп қазандай қайнадым-ай.
Топан суға кеткен бе тоғытылып,
Мамыражай шақтарым қайда, Құдай?
Опасы жоқ өмір ме – ойдағы жай,
Тобасы жоқ көңіл ме тойдағыдай,
Бәрі, бәрі, сейіліп ақ сағымдай,
Қолын бұлғап қалып-ақ қойғаны ма-ай?
Айлар, айлар, аптыққан айларым-ай...
Жылдар, жылдар, жылдар-ай жамырасқан,
Жылжи-жылжи білінбей қадірі асқан.
Қабын ашып, жылдарды саулатты ма,
Қарс түйген қабағын тәңір-аспан?
Өмір мынау – өртеніп, өңі қашқан,
Тамыр мынау тарамыс, қаны қашқан.
Сабыр мынау – ілінген сіңіріне
Сынып қалған сабағы адыраспан...
Жылдар, жылдар, жылдар-ай жамырасқан!..
Ғасыр, ғасыр, ғаламат ғасырларым,
Жайратуда жарқылдап жасындарың.
Алдарыңда сонда да бас ұрмадым,
Ашынғаным, қайнаған, тасынғаным,
Өзегімді өртеген өкінішті,
Өздеріңнен өйткені жасырмадым.
Бағып-қағар бәрібір сендер емес
Қазан ұрған ғұмырдың жасыл бағын...
Ғасыр, ғасыр, ғаламат ғасырларым!
* * *
Өтті ғой өзгеше жаз, өзгеше күз,
Кетті ғой елге есеміз, сөзге есеміз.
Сен мені ақын ғой деп қорашсынба,
Біз әлі кездесеміз,
Біз әлі кездесеміз
Жер астында!..
Көңілің бір ұйтқыса толастар ма?
Арындар көк дөненің дөң асқанда.
Біз әлі кездесеміз,
Біз әлі кездесеміз,
Біз әлі кездесеміз
Көк аспанда!..
Бір ғасыр көріспеппіз кем дегенде,
Өзгеріп кетіппіз ғой сен де, мен де.
Біз әлі кездесеміз,
Біз әлі кездесеміз,
Біз әлі кездесеміз
Пернелерде...
Түркістан маршы
Түркі халқы, тізеңді жаз, түрегел,
Тізерлеген тығырыққа тірелер.
Түбі түркі түгенделер кез келді,
Бірлік болса – қорлық болмас, біле бер!
Атажұртың – Алтайың тұр арқаңда,
Тізе қосып, бас біріктір, тарт алға.
Бірігіңдер, бірігіңдер, түркілер,
Үміт жүктеп, сенім артып әр таңға.
Сәт те келді қанат сермеп сілкінер,
Күн де туды көк аспандай күркірер,
Қай қашанғы көз жасымыз сіркірер,
Бірігіңдер, бірігіңдер, түркілер!
Қағанаттың қалқанындай қаһарман,
Көк түрікпіз көк тәңірден бата алған.
Бірігіңдер, бірігіңдер, түркілер,
Жер-жаһанда қалмас үшін қатардан.
Бірге болсын атар таң мен татар дәм.
Бір атадан, бір анадан жаралдық,
Бір Алтайдың бесігінен таралдық.
Бірігіңдер, бірігіңдер, бауырлар,
Түгенделсек төрімізге толар құт.
Тіліміз бір, діліміз бір қандаспыз,
Күлтегін мен Тоныкөкке жалғаспыз.
Бірігіңдер, бірігіңдер, бауырлар,
Ата жұртта бас қосайық алғаш біз!
Тау текті едік талқан болдық тарыдай,
Өтеміз бе өр намысты жанымай?
Бірігіңдер, бірігіңдер, бауырлар,
Ортақ жолды оңғара көр, а, Құдай!
Өлең
Суарылған сияқты көз жасына,
Өлең кейде қоймайды жазбасыңа.
Тыншып жатқан көңілге ойран
салып,
Қайдан маған тап болдың,
Қайран шабыт,
Қонған бақыт секілді таз басына?
Ұйқы түгіл күлкіге зар боласың,
Құтылмайсың қашсаң да,
Таң қаласың...
Өртеңнен соң қаулаған жас талдайын,
Жаңбырдан соң ашылған аспандайын
Өлең деген емдей ме жан жарасын?
Алдыңа алып әлемді отырғанда,
Санаң – көкте,
Ісің жоқ оқырманда.
Көкірекке келгенде келісті өлең,
Тілдесесің белгісіз періштемен
Сол періште көз берер соқырларға!
Қажылық
Иншалла!
Мен де бардым қажылыққа,
Қажылық пешенеме жазылып па?
Санамда сыналаған сәуле қалды,
Секілді қалған кеме Қазығұртта.
Дін баққан дуалы ауыз діндар да емен,
Жете алман құдай жолын қуғанменен.
Алланың алдында бір қайта тусам
Ақындық арызымды тыңдар деп ем.
Білмеймін кімге айтып жүр жұрт арызын?
Үмбеттің орындадым бір парызын.
Аздаған ұятты едім Алла алдында,
Жасадым сол үшін де мың тағызым.
Жауығып жалмауыз бен мыстан маған,
Жазмышпен жағаласар күш қалмаған.
Кейде мен шөлейттей боп құс қонбаған,
Нұр күтем құдыреті кұшті Алладан.
Жүрегім –
Зәмзәм суы тұмасындай,
Тілегім –
Хазіреттің дұғасындай.
Күнәм бар Омар Хаям күнәсындай,
Бағым да, содан ба екен, жүр ашылмай.
Ақ сөзің адыра қап асыл алмас,
Жігерің құм болған соң ашынар бас.
Ақын боп туғаннан соң амалың не,
Бір Алладан басқаға бас ие алмас!
Өтесің, Уақыт...
Өтуден басқа не тындырасың, Уақыт, сен,
Құмарым қанып дәміңнен сенің татып па ем?
(Көрген де емес жарасып менің
жұлдызым
О бастан тіпті Уақытпен сосын Бақытпен).
Өте бер,Уақыт, кете бер, мейлің,
қират, бар!
Онсыз да мені өлтіріп жүр ғой, қинап хал.
Үй аман болсын аналар бесік тербеткен,
Дін аман болсын әкелер жатқан зираттар.
Қу құлқын десе ындыны құрып жанығар,
Ақылы азған адамзат деген жануар.
Махаббат шығып, саясат кірген жүректер
Құбыла келе құбыласынан жаңылар.
Қанымды кейде, сорымды кейде қайнатып,
Заулаудан басқа нені білесің, әй, Уақыт?
Жаны бар сөзді Тәңірім өзі өлтірмес,
Күңіренсе де Күн шығып,
Сосын Ай батып...
Мәжнүн тал
Аспан баяғыда ашылған,
Жаңбыр аяғы да басылған.
Сен несіне жылап қалдың,
Мәжнүн тал,
Көктің қолы сипағанға шашыңнан?
Мейлі, шеріңді қозғасын,
Аман-есен ғой өз басың...
Қыздардың әдетін қайдан алғансың,
Қит етсе сығатын көз жасын?
Бұлтымен басқанға,
Жаңбырын шашқанға,
Емексіп, егіліп,
Еліктеме аспанға!
Мүбада,
Желмен сүйісу күнә ма?
Сірә да.
Бұлттар сөзінде тұра ма?
Қой, қалқам,
Мәжнүн боп кетсең де жылама!..
Әркімге – әртүрлі сыбаға!
Өмір
Өмір деген –
өлімменен жарысу,
жыл құстары жетпес жерден әрі ұшу;
тыным таппай, тоқтар жерде тоқтамай,
бармайтұғын бас жақтарға барысу;
әрі әуен,
әрі өлең,
әрі шу,
нәр татып кеп, зәр ішу, не дәрі ішу;
шоқтан шығып төске түскен темірдей
көп тоқпақтан көз ашпақ боп қарысу;
сүт пе, бал ма, у ма, әлде сарысу?
ыстықпенен, суықпенен танысу;
өкпең барда өкпелесіп біреумен,
бауыр барда біреулермен табысу;
жүрек барда –
өліп-өшіп қауышу,
сезіміңмен, нәпсіңменен алысу;
өсіп-өніп, көшіп-қонып,
күн жетсе
құсқа айналып, Құс жолымен әрі ұшу...
Тілазар
Үйрете алмай дұрыс өмір сүруді,
Еңбегі еш боп әкем өтті.
Құрулы
қақпан жатса іздеп барып ұрынар
Ақын болдым
Кірулі есі, шығулы.
Татпай жатып анам берген қатықты,
Аттап кетіп Алла берген уақытты.
Басқа тептім бір бұйыртқан бақытты,
Бал орнына уын тағдыр сатыпты.
Оңды-солды сермей-сермей
қылышты.
Жолатпадым жуықтаған ырысты.
Айырмастан дұрыс пенен бұрысты.
Төрден қашып жағаладым бұрышты.
Тілазарда болушы еді хал қандай,
Оң-солым мен алды-артымды
аңғармай,
Бәрін жаптым бір есіктен басқаның
Өзімді-өзім құрбандыққа шалғандай.
Есім кетіп сұлулыққа ұмтылдым,
Тәж-тақ үшін бас тігетін хандардай.
Сегіз құрсақ – сегізі боп бар қайғы,
Сағыныштан Анам да әне қартайды.
Екеуіміздің екі басқа мұңымыз
Қашан, қалай тарқайды?
Жаңбыр. Жасын
Адырналар майысып,
Қабырғалар қайысып.
Жебе жауып, жай ұшып,
Аспан мен Жер сайысып.
Бадана көз бадалып,
Бағып қалды балалық.
Жебе жаңбыр жауып тұр,
Қара жерге қадалып.
Ақ садағы мөңіреп,
Темірені еңіреп.
Астаң-кестең бар әлем,
Тұлан тұтып төңірек,
Жаным кіріп жатырмын
Жауса екен деп көбірек.
Не жетпейді?
«Не жетпейді?» деймісің,
қарындасым?
Білемісің, бақыттың табылмасын?
Жетіспейтін жоғың көп бұл жалғанда,
Санауға да жетпейді өмір жасың.
Таң атады, зымырап күн батады,
Қатал уақыт әмірін тыңдатады.
Тұңғиыққа «күмп» еткен тастай болып,
Мәңгілікке ғұмырың шым батады.
Жетіспейтін – Уақыт қой – бүкіл қайғы,
Құрығынан ешкім де құтылмайды.
Құлағыңның түбінен қол сағатың,
Тиын санап тұрғандай тықылдайды.
Көрінген жоқ артық боп ақша маған,
Жетпейді деп бірақ та қақсамағам.
Жылап тапқан байлықтан пайда қанша,
Бармақтай бақ тимейді бақсам оған.
Өтіп жатыр бұл бастан күпір кей күн,
Жетіспеске – жеті нан! –
Түкірмеймін.
Көңілімнің түбінде бір құрдым бар,
Содан аман жүргенге шүкір деймін!..
Әке. Қос ішек
Его зарыли в шар земной...
Сергей Орлов
Арулап біз өзіңді жерге беріп,
Сен кеттің жер шарымен дөңгеленіп.
Жер шарын сүймей қалай тұра аламын.
Қойнында жатқаннан соң ұлы адамым.
Сағынып, Әке, сені көзімді ілем,
Желеуің, жебеуіңді сезіп жүрем.
Құдайдың құпиясына қол сұқпай-ақ,
Тірілтіп алсам деймін өзіңді мен.
Өзіңді өлеңімде тірілтемін,
Сыйлаймын өлмейтұғын ғұмыр кенін.
«Алыстан ақсақалың кеп қалды!» деп,
Алдыңнан кемпіріңді жүгіртемін.
Мен сені жаратамын шабытымнан,
Кетесің тұрып сонда табытыңнан.
Күннен-күн, жылдан-жылға жасаңғырап,
Ұмытар дерт дегенді кәрі тұлғаң.
Сен менің жырларымда жанданасың,
Күлесің, қуанасың, таң қаласың.
Бар менің өлең дейтін патшалығым,
Сен келіп сол өлкеге хан боласың!
Қайран, Әке!!!
Тауды аңсадым
Тауларымды сағындым,
Тауларымды.
Тау дегенде жүрегім қақ жарылды.
Тарғыл тасты құз-шатқал түсіме еніп,
Ақ бұлаққа ақтардым арманымды.
Қалай ғана көз жаздым тауларымнан?
Тұрушы еді қаумалап жан-жағымнан.
Тас қияға таңылып қабырға жол,
Тар қолтықта ат-арбам аударылған.
Тауларымды сағындым.
Тауды аңсадым.
Тұмшалады миымды алуан сағым.
Тауға шықсам шабытым тұтанатын,
Кім өшірген жанымның жанған шамын?
Құса-мұңнан көңілім ала шаңыт,
Аласарып барамын,
Аласарып!..
Тауларымды сағындым асқақтаған,
Өрмелейін шыңына бара салып.
Күрең бұлттар
Несіне күркірейсің,
Күрең бұлттар,
Деймісің қадіріңді білер жұрт бар?
Сенің де жүйрігіңді шаптан түртіп,
Шамыңа тиді ме екен кілең қырттар?
Не шығар сен екеуіміз жылағаннан?
Жақсы ғой басың асау, бұла болған.
Шақырып жынымызды
Шамырқансақ
Апшысы қуырылмай ма мына жалған?
Көрсете бермесін деп сайрап қылық,
Ақынға қоймақ па екен қой бақтырып?
Құр босқа күркіремей,
Күрең бұлтым,
Шеріңді тарқатып ал жай лақтырып!
Шық Шықты да күн, Шуақтан Шық жылады, бу ұшып. Шымыр-шымыр суаттан Шымал жатты су ішіп. Шып-шып терлеп жапырақ, Шыт көйлегін шешті аспан. Шат-шадыман атырап, Шілдеменен қоштасқан. Шаңқан аспан – шарайна Шатынаған шағы ма? Шағырмақ күн қарай ма Шықтың жылағанына? Заңғар мен зеңгір Құм қосылып тау болған, Құл қосылып жау болған. Ту-талақай, тараждан Тулақ жұртым сау қалған. Заңғар таулы Зайсаным, Заңғарыңды аңсадым. Зарлы көлге құйылған, Запырандай қанша мұң. Тарбағатай тас қорған, Төңкеріліп тасталған. Таудай менің талабым, Таңда туып кеш қалған. Кімді жалмап, кімді алған, Кісі жегіш сұм жалған? Ертіс бойы – ерен құм, Жігерім бе құм болған!? Күлкі азайды миықтан, Ұйқы азайды сиықтан.
Жүрек көкке ұлыды,
Жүгі жаншып иықтан.
Зеңгір көлді Зайсаным,
Заңғар шыңды жайсаңым.
Өшпесін деп мен жүрмін,
Өзің жаққан ой шамын.
Сен жетерсің өлмеске,
Мен кетермін келмеске,
Көз ұшымен қоштасып,
Кірпік қағар сол кеште...
* * *
Ұшқан құстан сәлем айт Зайсаныма.
Ескен желден сәлем айт Сайханыма.
Айырбастап жұмақты тас қалаға
Кеткенім бе сандалып сайтаныма?
Құс ұшырмай басымнан әлпештеген,
Құштар елді ойласам өркештенем.
Бұлтқа қолды сермеген бұла күнім
Бұлақ-тұмаң бар ма еді мен кешпеген?
Албырт жүрек несіне ақталады,
Аулақ қашты Алтайдың ақ маралы.
Таудан төмен құлаған көшкін-көңіл,
Қаратпады, қайырылып, тоқтамады.
Ауылым-ау, алдыңда айыптымын,
Кете барғам қалтылдап қайық-күнім.
Шикі өкпе едім өрекпіп өлең қуған,
Қандай жаза кессең де лайықтымын.
Топырағыңды, туған жер, иіскеп мен,
Қарыздан қайтқан қойша күйіс кеткен.
Құшағыңда шашылып қалсам деймін,
Құмай құстай құлаған күміс көктен.
Самырсын
Сағындым сені, Сауыр шың,
Сауырдың сәні – самырсын.
Өсіп ем саған өрмелеп,
Тентекті сол бір танырсың.
Самғап бір саған жетер ме ем
Қанат пен бітіп қауырсын?
Қаншама құқай көрсем де
Сынбаған менің сағымсың!
Сауырдың сәні – самырсын,
Жапырағы жасыл сабырсың.
Сыныңды бұзбай сақтаған,
Сүйейді-ау сені тәңір шың.
Сағынып сені еске алам
Басыма түссе ауыр сын.
Қабаққа біткен самырсын,
Қара жер сенің тамыршың,
Көк аспан асқақ әміршің,
Көңілім саған сабылсын.
Ұмытпан сені ешқашан,
Ұмытар болсам нан ұрсын!
Сыңар ұлар
«Отырмын Бөрік таудың төбесінде,
Қалқатай, сағындырмай келесің бе.
Көзіме бір ақ көйлек көрінеді,
Ол сен бе, әлде сенің елесің бе?».
Қара өлеңнен
Алтайымның басында мұнары бар,
Адасады мұнарда сыңар ұлар.
Сыңар ұлар секілді күй кештім-ау,
Күн болар ма көңілден мұң арылар?
Неге менен, ұларым, алыстайсың,
Талып жеткен алыстан дауыстайсың.
Түгенделер күн қайда төрт құбылам,
Талқанымды таттырып тауысқайсың.
Қайырылмай қайран күн текке кетіп,
Қашан, қалай бұл өмір кеткен өтіп?
Жүрек жатыр көтермей жерден басын,
Сүтке тиген мысықтай өкпелетіп.
Қобыз тартқан қайғыдан кемді күнім,
Қымыз ішкен қызықтан өлді жылым.
«Мың бір түннің» ертегін ұйып-тыңдап,
Ес жиғандай отырмын енді бүгін...
Мына тірлік аз күндік тұрақ маған,
Ұйқы-күлкі дегеннен жырақтағам.
Берген қарыз секілді күліп келіп,
Қайтқан борыш секілді жылап барам.
Ол сарынға бұл сарын қосыларсың,
Келешекке тіршілік көші барсын.
Сыңар ұлар дауысы естілгенде
Ұлар үнді Ұлықбегін есіне алсын.
Бауырмал
«Үлкейген дейді бауырың!..»
Ұлғайса болар ұлғайған,
Артатын ылғи ауырын
Өмірдің өзі бір майдан.
Бұл бауыр нені көрмеген?
Бүгінгі халі – ауыр хал.
Шөлдемес жерде шөлдеген
Шектен тыс болып бауырмал.
Жатырқау білмес бұл басым,
Құшаққа кірсе келіп кім,
Бауырмал болып туғасын
Бауырға баса беріппін.
Көрмеді нені бұл бауыр?
Ащы мен тәтті қос жақтап,
Көтерген жүгі зілмауыр,
Уды да ішті тостақтап.
Тасбауыр болып кетпеуге
Таразыдайын тартылған.
Өрекпіп жүрген от кеуде
Өкініш-өртке шарпылған.
Тағдырым салған сынаққа,
Төзейік енді, сабыр ет.
Өкпе жоқ менде, бірақ та
Ішімнің бәрі – бауыр-ет.
Алматыға Сауырдан кеп,
Аңқылдадым бауырмал боп.
Бауырыма бастым бәрін,
Бостан-босқа ауырғам жоқ.
Бауырыма кіріпті әркім,
Жыланды да жылытқанмын,
Бір сұр жылан шағып мені,
Сырын кештеу ұғып қалдым...
Жауындарда, дауылдарда,
Қорғаладым қауымдарға.
Ғадауат қой ғұмыр сүрмек
Ғадамзатта бауыр барда...
Қанатқаққан
(жыр-аңыз)
Бұл ғұмыр – дария-дәурен, ғазал-дастан,
Ғазалды жаза алмастан мазам қашқан.
Көңілдің архивіне көміп едім,
Көнедей көп сүрленіп, тозаң басқан.
Ер өткен Бақанаста Кәмей деген,
Бағы асқан бай да демен, кедей демен.
Сияғы жантақпенен жанасса да
Қиялы көк аспанды шенейлеген.
Аңыздың маңызын да есептемей,
Жүрсек те мойын бұрмай өсекке кей,
Бұл тарих елеуішпен елегенде,
Кепсерден өтпей қалған кесек Кәмей.
Ер Кәмей алмағайып түс көріпті,
Сол түсін бір көргенде үш көріпті.
Өз түсін өзі жорып,
Жаранына
Жар салып, жинатыпты күш-көлікті:
«Мен үшін ашылып тұр көкке қақпа,
Ұшамын қанат байлап Мекке жаққа.
Беріңдер сексеуілден тау тұрғызып,
Ағайын, қол қусырып текке жатпа!
Жолымды өткелектер сан күрмеді,
Жұмсап тұр бір қиырға тағдыр мені.
Аталар аян беріп:
«Көкке ұшасың,
Қанатын аққу құстың алдыр» деді.
Қанаты аққу құстың қайда, ағайын,
Қанеки, әкеліңдер, байланайын.
Ұшайын құрбан шалып, құран ашып,
Атамның аянынан айналайын.
Жосықта жөпшеңкіден жасқанбап ем,
Жазмыштан құтылмайсың қашқанменен.
Жұрт құсап жер бауырлап жүре алмаймын,
Меккеге мен барамын аспанменен!».
Біздерге жеткізгендей уәлі аңыз,
Ер Кәмей жігіт екен дуалы ауыз.
Ел-жұрты сексеуілді тау қып үйді:
«Ғажапты көреміз деп, міне нағыз».
Түйемен түп тамырдан суырғанда,
Қалмапты бір сексеуіл жуыр маңда.
Ілеге сол бір жылы аққу қонбай,
Қанаты бірқазанның бұйырғанда.
Бақанас – құмды-нулы, сабатты аймақ,
Іленің суы жатты жалап қаймақ.
Біреулер тұрған кезде тамақты ойлап,
Биікте Кәмей тұрды қанат байлап.
Әзелден әуелеуге ақын ғашық,
Төменде тілеулес ел мақұлдасып,
Қанатын қомдап қойып Кәмей тұрды,
Көңілі көк аспанмен жақындасып.
Сыбырсыз, сілтідейін жел тыныпты,
Сабырсыз, сақабатты ел тұрыпты.
Көрсетіп жұрт көрмеген ер қылықты,
Секіріп Кәмей сері серпіліпті!
Қиялы сол қазақтың жыраққа ұшты,
Ғаламның тарту күші, бірақ күшті.
Сексеуіл төбесінен секіргенде
Қанаты қалбаң қағып құлап түсті.
Кәмей ер құлап жатып көтерем боп,
Айтыпты: «Аманатты өтегем жоқ.
Бірқазан болдым, әттең,
Аққу болсам –
Сыңғырлап Меккеге ұшып кетер ем!» деп.
Қанатты ғасырлардың басы болған,
Адамды аспандатар асыл арман.
Тоқтар мен Талғаттарды көкке тартқан,
Кәмейдің ұлы ерлігін
Жасыра алман.
Жасартып жататұғын кексе құмды.
Кім бар-ау тұғыр еткен сексеуілді?
Құм шөлмен тіршілікке көп таласып,
Сексеуіл бұл ғұмырда көп шегінді.
Береке Бақанасқа егіз біткен,
Ұша алмас қырғауылы семіздіктен.
Қояны тоқтыдайын томырылып,
Аңшысы арылмаған қолүздіктен.
Іле су, аман болсын ақ шағалаң,
Бірқазан құсыңды да жат санаман.
Өмірі естен кетпес осы аңызды
Естіп ем Өмірзақтай жақсы ағадан.
Жеткен соң бір ұшқыны нұр ғазалдың,
Десем де бұлттан биік жыр жазармын;
Аққудың қауырсыны қат болған соң,
Қанатын қалам еттім бірқазанның...
Шаһар
Сұмырай заман, сұр дала,
Саңырау сана, сұм қала.
Еңіреу, өксік көкірек,
Меңіреу, марту, мұң-нала...
Өткеннен жеткен жылнама...
Кеткеннен келген жылнама,
Ұрандап өткен ұлтымның
Рухын енді ұрлама!
Сұмырай заман, сұм қала,
Сұрқылтайыңды бұлдама.
Сарғайып қалған анамның
Сырлары сіңген сырғаға.
Сарсылып өткен бабамның
Садағы сынған жылғада.
Сарқылмай жеткен біздерге
Сарқыты – тіл мен діл ғана!
Бөгенбай қанын төккен жұрт,
Қабанбай нардай шөккен жұрт.
Сарғана белден аса алмай
Абылай қайғы шеккен жұрт.
Хан Кене аруақ шақырып,
Қамалын бұзып кеткен жұрт.
Қажымұқан қарсы келгеннің
Қабырғаларын сөккен жұрт.
Иманды болмай қайтеді,
Иманжүсіптер өткен жұрт?
Қойнына салып құранын,
Мойнына тағып тұмарын,
Астана жұртын айналған,
Аталар айтып ұранын.
Қараөткел жақтан естимін,
Ғазиздің салған бір әнін.
Жесірлер көзін жұмған жер,
«Алжирдің» қарғап «жұмағын».
Сәкеннің сұлу аққуы
Сыңсиды іздеп сыңарын.
Аңсайды бүкіл ақындар
Мағжанның киген мұрағын.
Арқаның белін армандап,
Күйгенжар төсін қормалдап,
Қорғалжынға қонған қасқалдақ,
Сарыарқаға өскен сарғалдақ.
Қоянды қайта оянды,
Атбасарға да қонған бақ.
Сусамыр көзді сусатар,
Сусыған ойды жусатар,
Саудагер заман келгенде
Самарқаннан әкеп су сатар.
Тарыққанда халық зарығып,
Кезігіп кезең мұнша тар,
Ұйытқыған ойды ұйытып,
Басталып керуен, бір сапар,
Бейіштен ескен самалдай,
Алтыннан соққан қамалдай,
Ғажайып, ғазиз жамалдай,
Арқаның арда төсіне
Аспаннан түсті бұл шаһар!
БАЯНАУЛА
Атыңнан айналайын, Жасыбай көл,
Сен енді мен келгенде тасымай көр.
Тұманбай ақын
Жүр әне жағалауда ақын тасып,
Жүрегі Жасыбаймен жақындасып.
Сезімі самырсынмен сыр шертісіп,
Көңілі көк аспанмен ақылдасып.
Тереңнен қайнап шыққан қара қайнар,
Қақ жарған қара тасты қарағайлар.
Бұқар, Мұса, Мәшқүрдей орам ойлар,
Әлкей менен Қаныштай нар ағайлар,
Аруақты ардақтаған Қорабайлар.
Жартасты жарып шыққан самырсындар,
Менің де жүрегімді жанырсыңдар.
Сұлтанмахмұт, Жүсіпбекті танырсыңдар,
Найзағайға ұрынған тәңір шыңдар.
Басына бұлт байланған Баянаула,
Көліңді көк ала үйрек саялауда.
Бұл заман нар ұлдарын аямауда,
Қалайсың, ақыныңды аялауға?
Су бойында сыланған патшайымдар,
Аққу биін билеген ақ қайыңдар.
Баянның мөлдіреген көлдеріне,
Інжу деп, меруерт деп ат қойыңдар.
Қырандар қарғаларға таяу қонбас,
Сондықтан қанаттыға аяу болмас.
Астынан атын тартып алсаң дағы,
Қанаты бар ақындар жаяу қалмас.
Баянтау, шырқап шыққан қыраның көп,
Жауһарсың жер жаһанда сынарың жоқ.
Иненің жасуындай Жасыбайым,
Қала гөр қол жетпейтін жұмағым боп!
Тастаяқ
Мұхтар Құл-Мұхаммедке
Ақынға
Абзал ердің сыйы сынды,
Ардақтап Мұхтар маған кий ұсынды,
Атамның ақ таяғы секілденіп,
Жылытып бара жатты уысымды.
Зерлеген сүйегімен пілдің аппақ,
Талай дос таңдай қақты кийді мақтап.
Тастаяқ жаққаннан соң қолайыма
Дуалап тартар болды бильярд жақ.
Тастарды тасқаяқтай қағыстырып,
Талаймен таланымды жарыстырып,
Жеңгенде
Көкірегім көкке шықты,
Жеңілсем –
Қылғындырды намыс-құрық.
Мылтықты мергендей боп жырау адам,
Тасадан
Тасты көздеп сығалағам.
Зілденіп тұрғам кейде
Зевстей боп,
Жасынмен жұлдыздарды қуалаған.
Деуші едім
Найза ұстаған сақшыдаймын,
Найзасыз енді қалай бақ сынаймын?!
Тал-түсте тастаяғым қолды болып,
Айырылған қобызынан бақсыдаймын!..
БОСТАНДЫҚ
Мұзарт шыңдай тұратұғын мұнартып,
Қол жетпеген арман едің құны артық.
Сенің атың дұғамыздан түспеген,
Қасиеттеп тағатұғын тұмар қып.
Кешіп жүріп қан аралас көз жасын,
Аңсап едік, құштарланып, құмартып.
Азаттықты ар-намысқа сыңар қып,
Сұлап едік самырсындай құлар тік.
Қаншама ақын атыңды атап көз жұмған,
Жүректер мен жүйкелерге жүк артып.
Сыңғырлаған бұлақтарды суалтып,
Сыбдырлаған құрақтарды қуартып,
Үміт нұры үзілерде үздігіп,
Келген едің жыл құсындай қуантып.
Енді бүгін қадіріңді қашырдық.
«Сенген қойым сен болсаң...» деп кінә артып...
О, Бостандық!
ҚАҢБАҚ
Сұс-ызғарын шашады,
Сұп-суық жел сумаңдап.
Қалбаң-қалбаң қашады
Құла түзде қу қаңбақ.
Қайда өніп, қайда өсті?
Қайда қалды тамыры?
Қаңғып жүрген жарыместі
Қайтер көктің тәңірі?
Туған жер бар – Отан жоқ,
Байыздатпай жел айдап,
От басыңа опаң жоқ,
Тегін білмес о, бейбақ.
Тікенегі ырғаңдап,
Түйе-тайлақ жегенде,
Кім сенеді
Қу қаңбақ
Өсіп-өнді дегенге?
Қарап тұрсаң обал-ақ,
Тамыры жоқ, тегі жоқ,
Бара жатыр домалап
Шайтандардың добы боп.
Шалғайына сүрініп
Шайтандар жүр шаңдақта,
Футбол ойнап жүгіріп,
Таласады қаңбаққа.
Оған да ортақ көк аспан,
Оған да ортақ ай нұры.
Құла түзге жарасқан
Қу қаңбақтың тағдыры.
Ұшар жерін жел білген,
Қонар жерін сай білген,
Қауышуға келдім мен,
Қаңбақ, сенің қайғыңмен!
ЖЕТІМ БҰЛАҚ
(Түсімде туған өлең)
Жылау көрдің ертерек,
Аспан өлді. Жас қалдың.
Ағушы едің еркелеп
Арасында тастардың.
Дүлейлі бұлт, дауылды,
Қара албасты басқан күн,
Сыпыртқы қып жауынды
Саба ұлын аспанның.
Мерт
Жақсы адамдар, мен сендерге ғашықпын,
Жанарларың жадыраған ашық күн,
Жақсылықты жақсылықпен қашан да
Қайтаруға асықпын!
Тоқтарбек Қызықбаев
Осылай деп жыр жазған қайран ағам,
Енді мұнша мейірім қайда маған?
Қалай ғана көз жазып қалдым екен,
Қара сөзден деп жүріп қаймақ алам?
Тағдыр тасыр талайды тас қаптырған,
Көзден бұл-бұл ұша ма асқақ тұлғаң?
Алтайымның асқар бір шыңы едің ғой,
Иығымен бұлттарды жасқап тұрған.
Өлшеміндей өр едің Биіктіктің,
Саған қарап өлеңнен уық тіктім.
Ағам бар деп жасымнан арқаланып,
Ұясына иттікті қуып тықтым.
Құлағымен ін қазып, ілік таба,
Жүгіргенде біреулер құрықты ала.
Өлшеміндей Кеңдіктің көрінуші ең,
Қараушы едің бәріне күліп қана.
Жаныңдағы шеріңді жырға ақтардың,
Бірге күйіп, жырыңмен бір қақталдың.
Жарқылдаған ішінде шумақтардың,
Сөнбесіне сенуші ең нұрлы оттардың.
Алдымызда сыйласар аға қалмай,
Тірлігінде әмісе бағаланбай,
Кемел кезде кемесі суға кетіп,
Қалған ғаріп қайда бар жараланбай?
Елі дархан қазағым, даласы кең,
Ақыныңмен сен қашан санасып ең?
Нар ұлдарың неліктен жығылады
Жазылмайтын жүректе жарасымен?
Бұл не деген салт болды өрт шалатын,
Көкіректің түбінде дерт қалатын.
Соғыссыз-ақ, ай-күннің аманында
Ақын біткен аңдаусыз мерт болатын?
Жүрген жырау бар ма еді аһ ұрмастан,
Жанындағы жарасын жасырмастан?
Жазатайым жығылған бәйтерегім,
Жайдың отын басынан асырмастан.
Асау жырдың шоқтығын уыстаған,
Ақындардың бәрі де туыс маған.
Қанат бітіп, көкке ұшып бара жатыр,
Түсіп кеткен қолыңнан күміс қалам.
ЕГІЗЕК
1. Домбыраны қорлаған үй
Домбыраның дүмнен сынған мойынын
Дәретхана тазартуға қойған кім?
Көрдім дағы ойландым:
Мынау сағақ күй ұшқан,
Мынау құлақ ән бұлағы құйысқан,
Періштелер ұялаған пернелер
Менің мұңлық өз көңіліммен туысқан,
Сусып шығып уыстан
Домбыраның киелі аққу мойыны
(Құдды құнсыз қотыраштың сойылы)
Қалай ғана орын алған қуыстан?
Мынау неткен мешіндік пен мешеулік:
Жау түсірер көк найзаны көсеу қып.
Айға білер алдаспанды боққа сап,
Дүмше дәлдүр көрсетпек пе көсемдік?
Мынау сүңгі бұдан былай сұстанбас,
Бұл бұтаққа бұдан былай құс қонбас...
Саусағынан сыр саулатқан сиқырлы
Сүмбіл қолға бұл домбыра ұсталмас...
Байғұс жүрек, шошы мейлі, шошыма,
Домбырамен сен де жыла қосыла.
Жақсылықтар озды деген заманда,
Жамандықтар тозды деген заманда
Жеткен жерім,
Шыққан төрім осы ма?
2. Тор бөстек
Темір табалдырыққа
тірелгенде бірде мен
темір торлы бөстекке
аяқ сүртіп кірген ем...
Сонда қалай білмегем:
табандардың батпағын,
өкшелердің сатпағын
тазартқан да аршыған
(неткен-неткен нар шыдам?!) –
сол төсеніш – (талайларды әуре еткен) –
сарқыт сынды батырлық пен дәулеттен,
бір жасасқан талай-талай әулетпен,
Асан қайғы заманынан сау жеткен,
теміреннен қорғап баққан жігітті
тоғыз көзді кіреуке боп шығыпты!..
Білмеген жан у ішіпті... осылай,
Ата рухын ұрпақтары ұмытты...
...Кім ұқпады, кім ұқты:
сол кіреуке жатқан екен өткізбей
босағадан тамам былық-шылықты...
Етігіңді байқап сүрткін, жас тұлға,
Тарих жатыр табаныңның астында...
* * *
Қылтыңдаған қыз едің қылдырықтай,
Бұл-бұл ұштың көзімнен бұлдырықтай.
Томағасыз басыма тұман түсті,
Енді сенен көктегі күн жуықтай.
Бір желіде бірге өскен құлыншағым,
Қайда кеттің желбіреп тұлымшағың?
Қимас қалқа, қайдасың, сүйген сәуле,
Қатар жортқан қыраттар бүгін сағым.
Сен дегенде тілегім сөзге айналды,
Сен дегенде жүрегім көзге айналды.
Өтері мен өтпесін білмей уақыт,
Жылағанын, күлгенін сезбей қалды.
Дидарыңды көрсем деп кәусар шашқан
Қанатымнан әл кетіп, қауқар қашқан.
Мұздан ба еді, жүрегің тастан ба еді,
Жаралған-ау, тас болса гауһартастан.
Миуа бағым мизамда мәуе бермей,
Қанатымнан қайырылдым әуе көрмей.
Құс жолынан құлдадым жұлдыз санап,
Сәуле іздеген жаурыннан сәуегейдей.
Жылдар өтіп барады жол қараған,
Қайта-қайта көктейді тал-қараған.
Секер салған серкенің тұлыбындай,
Жыртығымнан сағыныш сорғалаған.
Қылтыңдаған қыз едің қылдырықтай,
Бұл-бұл ұштың көзімнен бұлдырықтай.
Бұл-бұл ұштың көзімнен бұлдырықтай,
Кілті аспанға ілінген бір құлыптай...
Ақжайық аруы
Көз қандай,
Келбет қандай, шырай қандай,
Көркінен күннің өзі нұр алғандай.
Аш белі ақ қайың боп бұралғандай,
Өлеңге өзі келіп сұранғандай.
Апталған айдан аппақ мынау маңдай,
Қызықпай қарау қайда, құмарланбай.
Қылығы –
Құс аузынан гүл алғандай,
Тұнығы –
Жұлдыздарды суарғандай.
Сезімі –
Ақжайықты бу алғандай,
Көңілі –
Желбіретіп ту алғандай,
Тілеймін жан тәніммен, күмән қалмай
Сол Жайық қалса екен деп ылайланбай...
Қайыспас қайың
Нұртас Исабаевқа
Дүние жерге айналып түскен ұршықсыз,
Шіліңгір шөлде кірпіктен құлар ыршып тұз.
Сарқылмай қалған бір бұлақ болса жапанда
Ол сенің ғана бұлағың болар кіршіксіз.
Қатыгез тағдыр заңдарын мейлі ұқтырсын,
Ықтырсын кейде, сесімен бізді бұқтырсын.
Сүрініп біздер, жығылып-тұрып жүргенде
Қайыспас қайың, майыссаң дағы нық тұрсың.
Құзырлы шағың құшағын саған жұрт ашқан,
Ғұмырлы жасың жаныңда дария жыр тасқан.
Мылтықсыз мірден мертіккен біздің ұрпақтың
Ғарасат көрген парасатысың, Нұртасжан!
Ұзатқанда
Менен туған жырлардың ең сұлуы,
Мен өсірген жемістің ең шырыны;
Шабытымның жаралған шұрайынан,
Тал бойынан табылмас кемшілігі;
Ет жүрегім осынау дүниеге
Еркелетіп жіберген елшілігі –
Қызым менің барады ұзатылып.
Ұзатылып барады Назым қызым,
Тіршіліктің ерітіп қалың мұзын.
Бүршік жарған көктемде, гүлін ашып,
Басқа бақта өткізбек жазын, күзін.
Ұзатылып барады Назым қызым.
Жаратылған жат жұртқа жазмыштан,
Ұясынан жаутаңдап қазым ұшқан.
Қимастық пен қуаныш тайталасып,
Күпті көңіл тылсым бір саз ұғысқан.
Ардағыңды алысқа қимағасын,
Ет кескендей етіңнен қиналасың.
Жүрегіңнің тамырын жұлғандай-ау,
Ішке сыйып, сыртыңа сыймағасын.
Жыр оқыңдар, жігіттер, ән айтыңдар,
Достарымның қатарын қарайтыңдар.
Бұл өмірде онсыз да жетіп жатыр,
Ақындарды ақымақ санайтындар.
Құр құдық
Құрығына көнбей құлдықтың,
Сырығына төзбей сұмдықтың,
Ар үшін безіп жанынан
Арманда кеткен мұңлық кім?
Обаған көмей жебір жер,
Оны да ойсыз қылғыттың.
Құдыққа солай құлады
Құланы күллі құрлықтың.
Құдықтың қуыс түбінен
Ұмтылған Айға шындық – шың;
Қайрылар бізге түрі жоқ
Құмартса дағы кіл мықтың.
Кәусарын берер сол құдық,
Жылжыса жылдар, сырғып күн.
Таза ақыл менен жүрексіз
Бар ма екен құны тірліктің?
Әркімнің жаны – құр құдық,
Түбіне қандай сыр бүктің?
Ішіңнен қазған құдыққа
Кімді әкеліп, кім жықтың?
Эпосқа еліктеу
Сүйгенің қандай дейсің сен:
Күнді көр де – өзін көр,
Түнді көр де – көзін көр.
Айды көр де – қасын көр,
Дарияны көр де шашын көр.
Ай мен жұлдыз, күн – бәрі
Жіп есе алмас жолына.
Перизат, хордың қыздары
Су құя алмас қолына!
Мұнтаз мінез, шырақ ой,
Талшыбықтай тұла бой.
Балауыздай бал ерін,
Бұл қызды сүймеу күнә ғой?!.
...Сүйгенің қандай дейсің сен!
Ұйқы-1
Өзіме
Ұйқы деген – өлімнің баспалдағы,
Өрмелейсің орныңа аспандағы.
Оянасың өмірге ғашықтықтан
Өліктердің – ояну басты арманы.
Өмір – ұйқы,
Өлгенде оянасың,
Өлі ұйқыға қалайша тоя аласың?
Бірде тәтті түс көріп, бірде сұмдық,
Жазмышыңның татасың қоябасын.
Өлімісің Сен өзің, тірімісің,
Көп өліктің, жоқ әлде, бірімісің?
Қайран ата-бабамыз қалдырған ба
Тұқым етіп өзіне тірі мүсін?
Көлеңкелер жарықты буындырып,
Лақтырады түнекке туын жығып.
Уын құйып қаныңа ұйықтатады
Жүрегіңді әлпештеп суындырып.
Ұйқы-2
Балама наз
Уақыт үнсіз ұрланып бара жатыр,
Оянбайсың келсе де заманақыр.
Көзіңді ашшы, қазағым,
Екі ортада
Ескіріп қап жүрмесін жаңа ғасыр.
Басқалардан қалғисың екі есе көп,
Мың мызғуға табасың жете себеп.
Өзге ұлтқа да аздаған ұйқы қалдыр,
Бар ұйқыны алып па ең жекешелеп?
Ұлықбек көшесі
Алматыда көше бар «Ұлықбек» деген,
Өсіп-өніп бойында жұрт көктеген.
«Көше бердік атыңа, жусаңшы», – деп,
Құрдастарым қалжыңдап түртпектеген.
Алматыда көше бар «Ұлықбек» деген,
Жапырағын жинауға құнт жетпеген.
Көше болып бір Ұлықбек жарқыраса,
Бір Ұлықбектің басынан бұлт кетпеген.
Алматыда көше бар, аты «Ұлықбек»
Самалы жүр серуенге шақырып кеп.
Маған ұқсас құбылма мінезі бар,
Кей күндері кететін қапырық боп.
Қиған маған өзінің аты-жөнін,
Жұлдызшыға жаныммен жақын едім.
Екеуімізге бір көше жетіп жатыр,
Мен өзім де көшенің ақыны едім...
Он алты жас
Өз деміне өртенген он алты жас,
Көз жетпейтін биікке созар құлаш.
Кеудесіне жүрегі сыйып-сыймай,
Қызды көрсе қалтырап болар тыраш,
Беу, он алты жас!
Естігенде жүректің ыстық үнін,
Сол он алтым есіме түсті бүгін.
Айдағаның бес ешкі болғанымен
Жер жаратын еді ғой ысқырығың,
Ох, он алты жас!
Маған да бір он алты кез келіп тұр,
Ойсыз тауда орғыған өзге елік бір.
Тілің жетпей тұрса да тілегің көп,
Айтарыңды аянбай көзбен ұқтыр.
Шіркін, он алты!..
Елік те емес, еліктің ерке лағы,
Мөлт-мөлт етіп көзінде шер тұнады.
Он алтының орманы адастырар,
Қамшылама, Кендебай, керқұланы.
Қайран он алты...
Айлы соната
Аспандағы Ай – анау,
Тіліміндей қауынның,
Керек шығар аялау
Айлы түнін ауылдың?..
Маужыраған түн мынау,
Жұлдыздары самсаған.
Шам түбінде, құрбым-ау,
Осы түнді аңсағам.
Тағдыр салып қылбұрау,
Тақымдаудан шаршағам…
Көре алармын кімді жау,
Дос еді ғой барша адам?
Төсті керіп тұрмын-ау,
Түнге төсеп мақпалдай.
Ішімдегі бір қырау
Еріп бара жатқандай…
* * * Күн, Саған, Мұң шағам: Тіршілік– тым сараң. Кеш түсе жауығар Неліктен мұнша адам? Күн, Саған, Мұң шағам: Ой – жүйрік, тіл – шабан. Дүние – мәні жоқ, Дәні жоқ құр сабан. Күн, Саған, Мұң шағам: Пенделік құрсаған. Қанатын қаға алмас Тумыстан тұмса жан. Күн, Саған, Мұң шағам, Жыр жазам, күй шалам. Байлығым – Көлеңкем, Бас-көз боп жүрші оған! k
ЕКІНШІ БӨЛІМ
жаратылыс
СУРЕТ
Жұлқылайды жапырақты жел ерке,
Қоңыр мақпал жамылады кең өлке.
Алтын самай қайыңдарды қалғы деп
Етегінен тартқылайды көлеңке.
Ай да туды айшығындай пүліштің,
Күмбез көкте көзін ашты мың ұшқын.
Көкжиекті қимай сіңіп барады
Көк шыңдарға кірпік тіреп күміс күн.
Бүкіл дала тыныштыққа бөленді,
Кешкі нұрлар майдай еріп жөнелді.
Аспандайын дәптеріне түн – ақын
Жұлдыздармен жазып жатыр өлеңді.
1968 ж.
ТУҒАН ЖЕР
Жеті жаста,
Тайға міндік, жарыстық,
Балалықтың сол кез неткен қаны ыстық!
Шалғын иісін ауаға орап сімірдік
Артта жатты будақ-будақ шаң ұшып.
Жаңа көрдім:
Дала неткен кең еді,
Басып өттік талай төмен төбені.
Монтиып бір көгендегі қозыдай
Ақша бұлттар төбемізден төнеді.
Тай сүрінді-ау,
Тұяқ шалған тас па екен?
«Жығылдым-ау!»
(Тершіп кетті жас шекем).
Ауыртпады мамық майса қағып ап
Туған жерде құлаған да жақсы екен…
1969 ж.
ҰРШЫҚ
Айналам ағаш гүл жарған,
Күлкіге толы көк тоғай.
Сезімге сусар қыздарға
Шаттық ап келген көктем-ай…
Көгілдір гүлдер құшақтап,
Мен дағы келем киіп көк.
Бұлбұлдар отыр бұтақта
Өзінен әні биіктеп.
Балауса талдың бүршігін
Көк моншақ дерсің қарасаң.
Иіріп отыр ұршығын
Күрсініп бақта жан апам.
Күрсінді неге –
Бүршік көк
Ойлантты ма екен тал мына?
Балауса кезі ұршық боп
Үйірілді ме екен алдына…
1970 ж.
КҮЗ КЕЛДІ
Астанаға күз келіпті-ау тағы да,
Бір кездегі көрік, сәулет бақшада аз.
Дәурен сүрген бұтағынан-тағынан,
Құлап жатыр жапырақ боп Патша – Жаз.
Жапырақ пен жаңбыр жерге бас ұрып,
Шытырлаған шығарады саз бөтен.
Қимастықпен Алатауға асылып,
Жылап тұрған бұлттар емес, жаз ба екен?
1971 ж.
ҚАРА ЖЕР
Сағат Әшімбаевқа
У-шу қала.
Төбеде күн тұр күліп,
Мен келемін жүрегімді жыр буып.
Асфальт жол жатыр алда шыңылтыр.
Жатыр алда көкірегін нұр жуып.
Көзді арбап жарқылдайды ол айнаша,
Мен келемін ойларыммен арбаса:
Асфальт жақсы-ау,
Құрып кеткір табанның
Қара жерге іңкәрлігі болмаса!
1971 ж.
ТЕРЕЗЕМДІ ЖАППАЙМЫН
Терезені жапшы дейсің,
Жаппаймын,
Жабуға да батпаймын.
Жауып қайтем, ашық тұрсын, досым-ау,
Табиғаттың барлық көркі осынау.
Ашық тұрсын сұлулықтан несібе,
Мен өзімді бөлем одан несіне.
Балғын қайың шашын өрсін бөлмеме
Көбелектер қонақтасын төсіме.
Тереземнен үйге кірсін шың-құздар,
Жанарымнан от ұрласын жұлдыздар.
Мен жаппаймын тереземді дәл бүгін,
Жас тәнімді өпсін менің түнгі ызғар.
Өпсін мені аппақ ерні Айдың да,
Ұмыт болсын бір сәт барлық қайғым да.
Мен жатайын рахаттан талықсып
Өзім туған табиғаттың қойнында.
Бөлшегімін табиғаттың өзінің,
Терезеден төнсін оның көзі мың.
Күннің нұры оятқан соң қытықтап
Қоңырауын қақсын таңда сезімім!
1971 ж.
САУЫР ТАУҒА ШЫҚҚАНДА
Көлеңке жұлдызды тығылды ұрлап,
Шыңырауға ептеп кіріп.
Күн шықты шығыстан туын бұлғап,
Жал-құзды ерттеп мініп.
Жантайған жотаны күн-батырдың
Семсері турап, тілген.
Бозторғай беткейде жырлап тұрды
Беттегі сияқты мең.
Сұңқарлар сұңқылдап көз ілмеді,
Тауына ән арнады.
Отымды үрледі көзімдегі
Сауырдың самалдары.
Өстім-ау осы таудың төменінде
Ойнақтап жорға тайдай.
Ал оны жүрмін әлі өлеңімде
Мен бірақ ойната алмай.
1971 ж.
Табиғат пен Ақын
Бұл жалғанда екеу ерке:
Бірі – ақын,
Бірі – табиғат долылықтан тұратын.
Бір-біріне айбат шегер екеуі,
Тек екеуі бірін бірі ұғатын.
Табиғатта сезім жоқ деп ойламан:
Ол да – ақын!
Білер мұны бойлаған.
Ақыныңды ақын еткен табиғат,
Кез келгенде мұндай сана болмаған.
Бірін-бірі жүрсе дағы тірсектеп,
Бөлек өмір сүре алмайды бір сәт те.
Ол екеуі – екі қылыш!
Қашан да
Армандайды жалғыз қынға сыйсақ деп!
1971 ж.
Қобалжу
Өз ісіме жүз ұялам, жүз налып,
Кеудемдегі жүрек емес, сыздауық...
Бір досымды өкпелетіп алдым мен,
Бәрі сенің кесіріңнен, қызбалық!
Дөңбекшимін түн ұйқымды төрт бөліп,
Ең сұрапыл сәттерімді өткеріп.
Тағдыр тепсе обал жоқ деп өзіме,
Тістенемін иттен арман жек көріп.
Өрекпіген өз ісіме күйінем,
Өз-өзіме қара бұлттай түйілем.
Дар алдында ән салуға бар едім,
Ар алдында иманымды үйірем.
1971 ж.
БЕС БАҒЫШТАУ
Ағам Бақытбекке ескерткіш 1. Баян
Серпінді үндер сері өзендерден жарып сең,
Көмілуші еді, көк сағымдарға жазық бел.
Көгілдір аспан сыпырып бұлтын тастайтын
Баянын Бақыт тартқанда шалқар шабытпен.
Көкжиектерден кеткенше тарап шұғыла,
Клавиштерге қараушы едім қызыға.
Күйлермен кербез қосыла сонда мың арман
Көкірегімнен кететін ұшып сызыла.
Бозамықтанған бұлт басты таудан жел тұрып,
Бұрқырап бұл сел басатын үйді толтырып.
Бүлдірген бөктер шыңға ағам сонда ұқсайтын
Босағасынан бұлақтар аққан жөңкіліп.
Сұңғыла саусақ секіре ойнап, сызылтып,
Жарлардан жақпар жатушы еді жыр ыршып,
Баяныменен отырғанда ағам от болып,
Қам көңілдерден кететін барлық күз үркіп.
Жанарларынан жарқылдай түсіп сан қылыш,
Қомданысынан байқалушы еді жалын күш.
Күйлердің топан қапталын басып тұратын
Шаттыққа толы ертеңге деген сағыныш.
Сол күйлер енді желпімес таңғы самалдай
Самала бұлақ тұр енді заулап аға алмай.
…Тұр қазір баян Бақытты іздеп жаутаңдап
Дүниеден басқа сиқырлы саусақ таба алмай!…
1970 ж.
2. Аға
Мен сені, Аға, тұнық таң
Нұр өргенінде іздедім.
Аптығып жүріп тұйыққа
Тірелгенімде іздедім.
Өзіңмен қатар қыздарды
Ұшыратқанда іздедім.
Көзімнен
Ойлап күнді алғы
Ұшқын атқанда іздедім.
Жаныма талай ізгі ойлар
Бөктергенімде іздедім.
Жұп жазбай жүрген кезді ойдан
Өткергенімде іздедім.
Іздедім сені көктемнен,
Бақ малынғанда шықтарға.
Іздедім сені көк белден
Ақтарылғанда Бұқтарма.
Көктемі өтпей қызғалдақ
Ерте өлгенінде іздедім.
Кеудемді жалын-мұң қармап,
Өртенгенімде іздедім.
Жапанда алар бір тыным
Пана жоқ болғанда іздедім.
Жауыма атар мылтығым
Дара оқталғанда іздедім.
Іздедім сені ұшқанда
Ширыққан күйі шектердің,
Шұғыласы келіп құшқанда
Өзіңнен қалған көктемнің!..
1970 ж.
3. Үйге түспеген жеңге туралы жыр
Көргенім жоқ мен оның түсін өңдеп,
Күткеніммен «бақыттың құсы ма ең?» деп...
Ағам айтқан:
«Асықпай алдағы жаз,
Үйге келін, бауырым, түсірем!» деп.
Сонда ағамның көздері күлімдеді,
Әнтек қана еріні дірілдеді.
Иығымнан ақырын қағып қойып:
«Солай, інім, жеңешең сұлу!» деді.
Қырларыма кетті ағам гүл қаптатып,
Сайларыма сыбызғы үн сырғақтатып.
Белдеріме
Бір бұлақ бұлғақтатып,
Жүрегіме жарқын ой құндақтатып.
Ағам кетті кеудеме көш өрлетіп.
Сағындырған хаттары кешеу жетіп.
Айдай сұлу жеңгемді көрсем деумен,
Айлар өтті көп ойды нөсерлетіп.
Аңсап күткен көңілдің бұла бағы,
Қайран жеңге,
Құс па едің қиядағы?
Аппақ арай ұйыған ақша жүзің
Көрмесем де көзіме ұялады.
Орға құлап, әттең-ай, жорға аттарым,
Қара ала бұлт кеудемді торлап қалың,
Жеңге күтіп алыстан жүргенімде...
Айырылып ағамнан сорлап қалдым...
Қақ айырды жүректі аспан құлап,
Талқан болды кеудемде аққан бұлақ.
Жеңге жүзі көзімде көлбеңдеді,
Оңашада опынып жатсам жылап.
Ғашық еткен ағамды от жанары,
Кім ең, жеңге, пері ме ең бақшадағы?
Жанарымнан жүзіңді жуа алмады
Талай жаңбыр көзімнен ақса дағы...
1970 ж.
4. Сағынып жүрмін сені, аға...
Бейнеңді асыл аңсаумен іздедім сені, жан ағам,
Мінезіңе ұқсап жатқан соң керілген мынау даладан.
Зымыран ойдың тізгінін тұрақтата алмай қолыма,
Іздеумен сені зау-тасты, жарларға қайттым соғыла.
Сен болып мені шақырып көкжиектегі бар сағым,
Жете алмай сонда шаршадым, шаршаған сайын аңсадым.
Сен болып маған жымыңдап саңылаулы аспан қараған,
Сен болып көкірегінен қоңырау қаққан бар адам.
Сені іздеп қара нөсерде найзағайларға қарсы ақтым,
Сені іздеп, аға, жол қылдым арасын қосып алшақтың.
Сұңқылдап ұшып сұңқардай заңғарға бардым «ағалап»,
Тұманды қудым таулардан қанатымменен сабалап.
Қайранда қалған ізіме қалғанша қара қақ тұнып
Мен сені ойлап жүруші ем арманымды алға лақтырып.
Түбінен іздеп дарияның, толқынды жүрдім кескілеп,
Қиясын шолып құздардың құзарда қалдым кеш түнеп.
Іздедім сені аңсаумен белімді бүкпей белеңнен,
Шатырлы аспан шатырлап тұрса да төніп төбемнен.
Аңсадым сені иісіне елтіп тұрғанда гүлзардың,
Кеудемнен ескен бір самал желпіп тұрғанда құздарды.
Бір дүбір шықса жырақтан кеудемді бір ой мекендеп,
Жүгірдім солай алқынған жүрегің болар ма екен деп!
Аңсаймын сені алау гүл толған кезде де жолыма,
Аңсаймын сені бақытым қонған кезде де қолыма.
Сағынам сені, жолымды тауысқанымша сағынам,
Аяқтап жырды, қабірде қауышқанымша сағынам.
1971 ж.
5. Жас аға
Көп жыл бұрын қайтыс болған жас ағам,
Түсіме ылғи кіреді әлі, жасаған...
Көріп, біліп, бағып жүрген тәрізді
Менің бүкіл тірлігімді тасадан.
Жап-жас жігіт жиырма беске толмаған,
Жас та болса қалды аға боп ол маған.
Сұңқар сері, сұңғыланың серкесі,
Көшелінің көсемі еді сол заман.
Сыймай кетті...
Сыйғызбады бұл мекен...
Сығыр тағдыр көрсетті ғой түр бөтен.
Не сыры бар түсіме ылғи кіргендей?
Желеп-жебеп, демеп мені жүр ме екен?
Беу, жан ағам, жасы кіші баламнан,
Суретіңді сүрте алмаймын санамнан.
Менен қандай іні шықты, білмеймін,
Сендей аға тапқан жоқпын ғаламнан!
2000–2008 жж.
ДОМБЫРА
Шанағына шаң жұқпас сал домбыра,
Осы менің бабамнан қалған мұра.
Қалған мұра… жігерді қамшылаған
Үніменен әрнені ойға алдыра.
Қалды маған мұра боп:
Тау, бұлақтар,
Сырғаларын сілкіген таңғы бақтар.
Қалды маған мұра боп:
Боз інгендер,
Тұяғынан от ұшқан арғымақтар.
Қалды маған:
Кең дала, көк теңіздер,
Жарма жолдар, жосылған көп-көп іздер,
Бәрі-бәрі домбыра шанағында
Оны үйренді деймісің текке біздер?!
Сөйлетемін мен оны күн құрғатпай,
Жыр жазбаймын мен оны бір жырлатпай.
Орманына ойымның енбеймін мен
Өз қолымда қара орман судыр қақпай.
Жанар берем мен оған жаудыратып
Ән салдырам, біресе зар жылатып.
Шертіп өтем! Ілмеймін керегеге
Дарға асылған адамдай салбыратып!
1972 ж.
* * *
Ақша қар, айлы аспанда қылаулайсың,
Сен маған қайта оралған қиялдайсың.
Сен келген бір жапырақ аспан ба едің,
Зер салсам зеңгір көктен бір аумайсың.
Ақша қар, қалықтайсың аспанымда
Ән салып ақ бұлттардың астарында.
Сен менің ең бақытты сәтімдей боп,
Бұлдырап жоғаласың қас қағымда.
Ақша қар, өзің үшін құлпыру – құт,
Дамылда жер бетінде бір тыным қып.
Тумайсың еру үшін,
Туасың сен,
Өмірге беру үшін бір сұлулық!
Жауасың жамырай да, жалғаса да,
Ерисің, ерімеуге бар ма шара!
Сүйем мен, сүйем сені, о сұлулық,
Бойыңда жылылығың болмаса да!
1971 ж.
* * *
Жалықтым, әбден тойдым даңғазаға,
Жүйкеңді жүндей түтсе жан қала ма?
Жүйрікке жайдақ мініп жетсем бе екен
Жусаны желкілдеген маң далаға.
Көңіл ғой атой берген айдаладан,
Әйтпесе қайран жүйрік қайда маған?
Айналма автобустың маршруты
Тұсаса қадамымды қайда барам?
Кеңдікті тәрк етіп кеп тығылғаным –
Тар қапас құшағы екен, ұғынғаным!
Арыны
Арқандаулы арғымақтың
Арқырап басылғандай – бүгін халім.
Самал жел желпіп өтсе анда-санда,
Серпіліп, сергіп қалам қай-қашан да.
Сол сәтте арқан үзер асау мінез
Сыбырлап дейді маған: «Самға! Самға!»
1975 ж.
* * *
Ымыртта, ызғын қолатта
Ырдуан арба ырғалып,
Қопаңдап қойып қорапта
Ылдимен үйге құлдадық.
Екеуіміз – атам және мен,
Елеусіз ғана келеміз.
Ен дала төсі – қараөлең,
Елтиді желге денеміз.
Қыр үстін өртеп отымен,
Қырмызы жүзбен күн батты.
Қызыға қарап отыр ем,
Қайырылып атам тіл қатты:
«Батысқа, балам, қызықпа,
Батқан күн – біздің күніміз,
Көкжиек деген сызыққа
Сіңгенше ғана тіріміз.
Уақыт зулап улы оқтай,
Уатып өтер төзімді.
Сондықтан, балам, күн батпай,
Айтып қал айтар сөзіңді», –
Деді де демі дірілдеп,
Демігіп маған қарады.
Батқан күн нұры біріндеп
Көзінен балқып тарады.
Қарашығында мұң тұрды,
Аядым қартты құнысқан.
Қайырылып артқа күрсінді
Таң іздегендей Шығыстан.
1974 ж.
ҚЫЗЫЛ БИДАЙ
Туған жердің табынтқан қырқа-белін,
Қайран ата, соқақол диқан едің.
Қабіріңе бітіпті қызыл бидай,
Қызыл бидай кекілін сипап едің.
«Диқансың ба, бәрібір, ақынсың ба,
Досың болар туған жер, ақылшың да.
Топырақта бақыт бар, ұғын» деуші ең,
Сол топыраққа оранып жатырсың ба?
«Мен – атаңның өлмеген арманы» деп,
Қызыл бидай маған сыр толғады көп.
Кеттің бе екен ренжіп маған, ата,
«Кетпеніме мұрагер болмады» деп.
Жатты ма екен уыстап қолдарың дән,
Қызыл бидай өсіпті дәл жаныңнан?..
Сағындым ғой атаның алақанын,
Қызыл бидай, сипашы маңдайымнан...
1974 ж.
ТАҢҒЫ СҮРЛЕУ
Таң демінен тоңазып желең төсім,
Ат суардым суаттан мен ертесін.
Жұлдыздары еріген қуқыл аспан,
Тықпалайды көзіме көлеңкесін.
Терістіктен самал бар тиіп-қашқан,
Сылдырайды тұсамыс иыққа асқан.
Тіреліпті суатқа суыртпақ жол,
Қапталында төбелер иықтасқан.
Шығыс белдеу жарқырап жез айылдай,
Құс жолы өшті ғасырдың тозаңындай.
Бояулары алмасқан дүниеге
Қарай бергім келді бір көз айырмай.
Мынау, міне – таңдағы әнші дала,
Құлақ тігем бозторғай даусына да.
Мынау – суат, соған кеп сүңгіпті жол
Осылайша жол біткен таусыла ма?
Жоқ, жүрекке мұң сүтін емізбейін,
Жарқын жолдан үмітті мен үзбейін.
Суатқа кеп сіңетін сүрлеу ғой бұл,
Таң қойнына сіңетін жол іздейін.
1974 ж.
ЖАҢБЫР АЛДЫНДА
Жаумады бұлт күмбезді кезгенімен,
Аспан тұр өзі терлеп өз демінен.
Жанары жасаураған осы аспанды
Біреудің көргендеймін көздерінен.
Көрдім мен кең дүниенің солғын шағын,
Сөніпті көкжиектен торғын сағым.
Бурыл бұлт бірсін-бірсін жер тарпиды
Тамшысы бұрқылдатып жолдың шаңын.
Жау, жаңбыр, ағыл-тегіл, астан-кестең,
Бұл да бір бағым болсын бастан кешкен.
Менің де нөсерлейтін мінезім бар
Кеудемде найзағайлы аспан көшкен.
Аспан-ау, сен бір жатқан ақын әлем,
Ғашықпын нөсеріңе, отыңа мен.
Селдетсең – жас кеудемде терезе бар,
Мен соны ашып тастап отырар ем!
Болады аспаннан да сыр бағуға,
Адам – бұлт, жауу үшін тырбануда.
Селдет, бұлт!
Долы дауыл қуып кетіп,
Күні ертең зар боларсың бір жаууға!
1974 ж.
ІЗДЕР
Өткен – өтті, бұл шақта дала да өзге,
Жас толады ойласаң қара көзге.
Текеметтің үстінде ойнаушы едік
Бауырсақтай шашылып бала кезде.
Туырлықтың түрілген етегінен,
Таң кіретін самалдың жетегімен.
Боз жусанның иісіне елтуші едік
Бейхабар боп көктемнің өтерінен.
Кетер ме естен өрімдей өндір шақтар,
Көрпе астында жандық біз – мөлдір шоқтар.
Қайталанбас тәтті бір түс секілді
Тәтті-тәтті түс көрген сол бір шақтар.
Балақ түріп барушы ек жаз балыққа,
Қалдырушы ек қанша із саздауытқа.
Толқын кешіп жүрсек те сезбеппіз ғой
Толқын – дәурен тұрмасын бәз қалыпта.
Өткен іздер бір кезде алшаң жүріп,
Таптырмайды-ау бұл күнде сарсаң қылып.
Жолымызды біз, сірә, тауысармыз.
Қайта өтуді сол ізбен аңсап жүріп.
1974 ж.
* * *
Шағылға барсаң шілдеде
Торсықтап сусын бөктергін.
Тамсаусыз болса тілге де
Сорасы келер көк тердің.
Шағылдың күні шағырмақ
Шекені қысар құрсаулап.
Сағағын аттың сабындап,
Шашасын тұтар құм саулап.
Құмдауыт жердің оты асыл
Қолатын іздеп барарсың.
Үркітіп буған масасын
Соныға түсіп орарсың.
Құмдауыт жердің түгі бал,
Тұсамасаң да ат тұрар.
Сонаны сезбей қыруар
Осқырынбастан оттығар.
Құлаштай шауып шалғынды
Қарымыменен еркектің,
Жаныған шақта шалғыңды
Жотаңды сүйер өртеп күн.
Жейдеңді шешіп лақтырып,
Торсықтан жұтсаң ашымал.
Кенезең кеңіп ашылар,
Милықтан терің жосылар.
Дегдімей жатқан дестеге
Демігіп сонда құлашы.
Ширап бір қалсын бос дене
Арам тер шықсын шығасы.
Бусанып, шыпшып, сорғалап,
Бойыңнан шықсын арам тер.
Бойкүйездіктен сонда да
Құтыла алмасаң маған кел!
1975 ж.
ӘЖЕ АЛАҚАНЫ
Менің әжем ақын жан болмаса да,
Маман адам жүрекке жол жасауға.
Төр алдында отырар қолмен – түбіт,
Көңілімен ой түтіп қай-қашанда.
Әсіресе, әжемнің көзі нұрлы,
Демде ұйытып әкетер сезіміңді.
Шүйке бүккен аялы алақаны,
Себетіндей ақ сүттей мейірімді.
Аясында жүріп сол алақанның,
Кішіпейіл, зерделі бала атандым.
Уысындағы шомылып шуақ-селге,
Жүрегіме мол жылу, мол от алдым.
Аясында бесікке бөленген ем,
Аясында қол созғам өлеңге мен.
Мейірімі шексіз мол сол қолдарға,
Қарызым бар шексіз мол төленбеген.
Сол алақан мұңайсам жадыратқан,
Тоңдырмаған өтсе де небір ақпан.
Сол алақан көңілдің жайлауына
Ойларымның қозысын жамыратқан.
Мен сүретін алдымда өмір қанша?
Есейгенше бөлмеппін көңілді онша:
Сипады ма лақтырып тастау үшін
Маңдайыма жазылған сорым болса?!.
1975 ж.
ТАБИҒАТ САЗЫ
Көгілдір таулар, көк таулар,
Көзімнің ұшын шектеген,
Баурайы – бақша, бақ-баулар,
Етегі қырат, көк белең.
Гүл-өрім ашып іреңін
Жайнап бір қапты жағалау.
Бұлақ та сұлу дүниенің
Табанын сүйіп ағады-ау.
Бозторғай сазы төгілген,
Буыныңды алар масайтып.
Осынау өндір өмірге
Кетерсің қалай қош айтып?!
Батыста жүзген қызыл бұлт,
Күнменен күліп қоштасқан.
Мұнарын көктен сырылтып,
Дидарын, міне, ашты аспан.
Қиялдап кейде отырам,
Қиыла қарап көкке мен.
Сөйлеймін бұлттың атынан
Жаңбырым барда төкпеген.
Ақын ба шабыт отынан
Жанып бір, еріп кетпеген?!
Адам ба тәйір, сұлулық
Санасына әсер етпеген?!
Жүрерсің қалай бұл жерде
Біреуге деген өкпемен?!
Біреуге деген қызғаныш,
Біреуге деген кекпенен?!
Сұлулыққа да санасы
Тазармас жанды жек көрем.
1975 ж.
* * *
Туған үйімнің терезесінен
Қазақстан даласы көрінеді.
Аспанында ақша бұлт керіледі,
Ақша бұлтқа жолдаған сәлемімдей
Ошағымның түтіні өріледі.
Менің терезелерім таңға ғашық,
Қапталында тұрады бау жарасып.
Уысыма ізіңді қаттаймын деп
Алақаны жатады жолдар ашып.
Тереземді ақ жаңбыр жуады кеп,
Тамшысында мөлдіреп тұрады көк.
Мен үйімнен шығамын туған жердің
Жүгіруге ерке бір бұлағы боп.
Туған жермен жанмын мен тынысым бір,
Туысым бір, жауым бір, ырысым бір.
Жүрегімде тербетем туған жерді
Жырламаса Отанын құрысын жыр.
ШАЛ МЕН ЖАЗ
Терезе нұрға боялды,
Таң келе ме сібірлеп?
Құс ұйқы қарт оянды,
Шүкірлігін күбірлеп.
Айтты сосын: «Қарағым,
Жата берме, жұрт күлер.
Шығын кешші даланың,
Шықарға шық, сыртты көр».
Тәтті ұйқыда немере,
Ашар емес көзін де.
Сырт қызығы не керек,
Өз қызығы өзінде.
Күркілдеді шал әрең
Күнестеп күн көзінде.
Естімеді оны әлем
Өз шуылы өзінде.
1976 ж.
ҚАЛА МЕН ҚАРТ
Шатыраш шаһар үстіне
Шапақтап қонған шақта нұр,
Жөнекей көзге түсті де,
Жүгіндім барып қартқа бір.
Көзіндей көзі қыранның,
Жүзіне жылдар жол салып.
Түбінде биік кранның
Тұқшиып отыр томсарып.
Қолында – қайың таяғы,
Қамыққан сынды шал мына.
Қырғын боп өткен баяғы
Қызығын еске алды ма?
Сақалын уақыт сиялап,
Санаумен жүр ме күн-айын?
Өңінде тұрған ұялап
Өкініш пе, әлде уайым?
Қатпады жауап сөзіме
Тістеніп, қолын бір сермеп.
Өңменнен өткен көзі мен
Әжімі ғана тұр сөйлеп...
1975 ж.
ҚАЙЫҢ
Өзегі беріш қайыңның
Құнарда жатты тамыры.
Долданған талай дауылдың
Жүрмеді оған өмірі.
Тамыры терең өркеннің
Өресі биік болмақ-ты.
Жаз келе желек бүркенді,
Желегін желпіп жел қақты.
Ұя-жай іздеп қашықтан
Сайрады келіп бұлбұлдар.
Қоналқа қуған ғашықтар
Олар да жетті құрғырлар.
Бұйығы бойы таралып,
Бұрымын төгіп, өрді ол.
Саясын жайлап халайық,
Сіңірдей сүрлеу келді жол.
Сонан соң, сұғып бәкісін,
Сорды ғой сөлін адамдар.
Жібермей тағы хақысын
Қопарды түбін қабандар...
Мизамға мезгіл құлады,
Тырналы сазбен тыраулап.
Қапалы қайың жылады
Қабығын сөлі бұлаулап.
Қараша келе қар түсті
Қымталды күллі қолтықтар.
Қапталға қайың майысты,
Қолаңын көме толқып қар.
Жарықтық көктем құт берсе,
Қалың ну болар шағы бар.
Бүршікке бұтақ біткенше
Адамның ісі түзелер,
Қабанның тісі қағылар!
1975 ж.
НАЙЗАҒАЙ ЖАРҚЫЛЫ
Найзағай жарқылдаса
Жарқ етіп жан дүнием
Түлейді жаңғырумен,
Армандарым айтардай маған сәлем
Көктемнің жаңбырымен.
Найзағай жарқылынан
Қара бұлт жоғалады,
Ақша бұлт жаралады,
Дүниеге мөлдір бір нұр таралып
Жер жаһанның билігін сол алады.
Найзағай отпен осса жыртылатын,
Бұлт емес балғын жүрек!
Қалмайды ол қалғып, жүдеп,
Жаһанның жарқылымен оянады
«Дүние жаңғырды!» – деп.
Найзағай ойнағанда
Жарқ еткен сәл нұрымен
Дүние тазарардай шаң-кірінен,
Босардай иық біткен бар жүгінен.
Өкініш қылмас едім өтсем егер
Жарқ еткен найзағайдың тағдырымен.
Асылы менің жаным туыс болар
Оты бар, нұры бардың барлығымен!
1975 ж.
АҚЫНЫҢДЫ ЕРКЕЛЕТ
Сен – жартассың,
Ақын – толқын.
Келді саған еркелеп,
Уа, Дүние, ақыныңды еркелет!
Он есе артық оның жүгі өзгеден,
Ол көргенді көре алмайсың көзбенен.
Жұрттан бұрын жаралайды ақынды
Жауыз оғы жақсылықты көздеген.
Жаһанды ол балайды өз үйіне,
Қайғы-мұң мен шаттыққа да бұл ие.
Шабытына өртенеді от болып
Мәңгі жарық болсыншы деп дүние.
Сел болғысы келеді оның шөл көрсе,
Жел болғысы келеді оның көл көрсе.
Желкендердің құзырына жұмсар-ау
Қолына оның қара дауыл, жел берсе!
Ол жылайды жыламаған бұлт үшін,
Ол күледі ұмытылған күлкі үшін.
Өмір деген өз анам деп еркелеп,
Ол жыртады жақсылықтың жыртысын.
Сен – жартассың,
Ақын – толқын,
Келді саған еркелеп,
Келді саған көкірегін өртеп от.
Жыры бар ма, мұңы бар ма тыңдашы,
Уа, Дүние, ақыныңды еркелет!
1974 ж.
«ЖЕТІМ БАЛА» КҮЙІ
Күн астында – киіз үй,
Керегесі көнерген,
Көк түтінін желөрген.
Сықырлауық бесікте
Жетім сәби жылайды.
Ана әлдиін есітпей
Жұбанбайтын сыңайлы.
Қаралы әке қасында
Домбырасын бұрайды,
Жетім сәби жылайды...
Күй басталды қоңырлап,
Қам көңілден шер ұрлап,
Шайқалғандай шаңырақ
Күй салмағын ауырлап.
Шерлі, шерлі, шерлі күй
Жан түбінен келді күй.
Жұбау тартқан жүректің
Жүйесіне болды би.
Жетімдік те несіп пе,
Жұмыр басты пендеге?
Ұл жылайды бесікте,
Күй жылайды пернеде.
Киіз үйге күй сыймай
Кең жақанға ұмтылды-ай.
Күйік буған күйшінің
Мұнша әуезден жүрегі
Жүрген қалай жыртылмай?!
Жармасады-ау мұң-нала
Осындай да тұлғаға!
Жетім сәби жұбанды,
Жұбанбады күй ғана...
Жыл қанаты желдетті,
Жетім өсті, ержетті.
Шерлі күйдің шандозы
Шаттық күйін өрлетті.
Құлағыма сол жетті,
Жүрегіме сол жетті,
«Күй қазақтан туды ма,
Қазақ күйден туды ма?»
Осы ой мені тербетті!
1975 ж.
ӘЛДИ
Қайда естідім бұл әнді,
Жан досымдай сыралғы,
Жүрегіммен тілдескен,
Қайда естідім бұл әнді?
Жанға жақын әуен бұл
Жетсе дағы жырақтан.
Жыры ма екен әжемнің
Жөргегімде жұбатқан.
Келді қайта оралып,
Қаршадайдан таныс ән
Қасиетті балалық
Әнің келді, өзің жоқ.
Қалай ғана табысам!
Асылық па, тегінде,
Жазға ұласып көктемім,
Ой тоқтатар кезімде
Ойсыз күнді көксеуім?!
1975 ж.
* * *
Киіз мінез күн еді неткен мынау
Мүйізінен шыңдардың кеткен қырау.
Бүршігінен бу шығып шіліктердің
Бозторғай боп жырлайды көктем жырау.
Көкжиекте бұлттардың қабағы ашық,
Шұғылаға аунайды араласып.
Күн астында болатын Күнікей қыз
Күмісіңді уыстап, далаға шық!
1975 ж.
АЛАТАУ
Түнедік тауда.
Таң жақын,
Тұрлаусыз екен тауда түн,
Иектің жатыр астында
Иірген қойдай Алматың.
Райлап көктің қабағы
Іңірден ірең тарады.
Үркер де үркер жұлдыздар
Үйірлеп үркіп барады.
Жатырмын шөпте шалқамнан,
Жер сызы өтті арқамннан.
Құбыладағы қом бұлттың
Күнгейін күптеп өрт алған.
Кеудесін нұрмен күрмеп бел,
Кемерге қонды күн – кептер.
Арқамнан өткен сызымен
Ыстық қой маған бұл бөктер.
1974 ж.
* * *
Осынау жиырма жасымда
Қанша көңілді қалдырдым екен,
Қанша үмітті талдырдым екен –
Жоқ есте.
Қатал ма уақыт расында,
Тентек жүрегің жайланады екен,
Тентек күндерің айналады екен
Елеске.
Қашан да мынау өмірде
Қалады барлық жақсылықтарың,
Ізгілік толы пәк қылықтарың
Жадыңда,
Ұмытылады, тегінде,
Жат қылықтарың – қақтаса жанды,
Жамандық иісі жоқ болса мәңгі
Қаныңда.
1974 ж.
КҮЙТАБАҚТАР
Зайсанда, туған үйімде,
Зымыран ойдан көз ілмей,
Отырмын міне бүгінде
Баяғы бала кезімдей.
Сезімнен тілім байлаулы,
Өткеннен беріп бір хабар,
Бүгін де, міне, ойналды
Күйтабақ, пластинкалар.
Айқара ашық әйнектен
Үңілем түнге елеңдей.
Қарайды күліп Ай көктен
«Келдің бе, ұлым?» – дегендей.
Жаңғырған көкірегімде
Жаңа бір саздар шырқалар,
Ойналса туған үйімде
Күйтабақ, пластинкалар.
1976 ж.
* * *
Жүрегім-ау, сен кеудеме сыймадың,
Мен бөлмеме сыймадым.
Беу, тентегім, неге бұлай туладың,
Бұлқынысың бүгін маған беймәлім.
Бүгін менің отырғым жоқ бөлмемде,
Асау көңіл әлденеге шөлдеуде.
Аула жаққа жанар нұрым тартады
Бір сәйгүлік тұрғандайын белдеуде.
Лақтыра сап қағаз бенен қаламды,
Мұңнан безіп тұмандатқан санамды.
Сырып тастап үстелді де жолымнан,
Сырып тастап қабырғаны – қамалды,
Тартып кетсем деймін мен
Қара жерге қадай басып қадамды.
Тар құндаққа қалай қиып кеткенмін
Кең құшағын ашып жатқан даламды?!
1974 ж.
АҚЫН
Отты аспан гүрілдейді
Тұяқтар дүбірлейді,
Таулар селкілдейді,
Баулар желкілдейді.
Жерде де емес,
Көкте де емес,
Шабыттанған ақынның кеудесінде!
Ол – жебе
Зымырайды ғасырдың кермесінде.
Ол – қазір күй
Безілдейді әлемнің пернесінде.
Ол – құдірет!
Бүкіл дүние тек соның уысында!
Ешкім, сірә, жетті ме екен
Мұндай билікке тумысында!
Оның кеудесінде долы боран бар,
Өз бұйрығына да шаққа бұрылған.
Оның кеудесінде ащы ойға толы ән бар
Дайын тұрған ақтарылуға.
Оның кеудесінде жүрек емес –
Жұмыр жер бар,
Бұлқыныстар, дірілдер бар,
Оның кеудесінде түнек емес –
Бар жүрекке от тілеген жалындар бар,
Көлеңкелерді кескілеген сағымдар бар.
Түйдек-түйдек көш тілеген,
Кідіруді білмеген, естімеген,
Арналарын тепкілеген,
Аппақ нұр – ағындар бар.
Ол толғанады,
өзіне емес, әлемге бақыт тілеп.
Айқай салғысы келеді,
көз оттары мол жанады:
«Ақ жүректерге ғашықпын», – деп.
Лаулайды,өртенеді,
Ұялады, жеркенеді
Иісі адам қалдырған күнәлардан.
Ол адамдықты аңсайды!
Сол үшін тырбанады,
Қиналады, шаршайды,
Көз алдында сондықтан да
Күнәдан пәк ертеңі тұра қалған.
Отты аспан гүрілдейді,
Тұяқтар дүбірлейді,
Таулар селкілдейді,
Баулар желкілдейді.
Жерде де емес,
Көкте де емес,
Шабыттанған ақынның кеудесінде.
Бүкіл әлемнің қақтығысы бар
Оның кіп-кішкентай бөлмесінде.
1975 ж.
«АЛТЫНТАМЫР» ТОПТАМАСЫНАН
Мөлдір тамшылар
Бұлттар жабағы,
Көкті жабады.
Күзгі тамшылар
Тамады, тамады...
Күзгі тамшылар,
Күзгі тамшылар!
Болашақ бұршақ па,
Әлде қар шығар!
Терек, тал, шынар
Терге малшынар.
Түндігін жапты ма
Күзеуде малшылар!
Күзгі тамшыда
Көктем даусы бар!
Көктің көз жасы
Қашан таусылар?
Бұлттар түйіле ме,
Қамшы үйіре ме?
Осынау дүниеде
Менің де тамшыдай
Орным бар шығар?
Тамады тамшылар,
Тамады тамшылар...
1977 ж.
* * *
Апа, мені оятшы ерте бүгін,
Баяғыдай қой жайсын тентек ұлың,
Бозторғайдың жадында жүрген болар
Ұя бұзар ылаңды еркелігім.
Мал жапырған жазықтың көкорайын,
Жалаңаяқ, жалаңбас аралайын.
Жусағанда жусанға жуас қойлар,
Жас шалғынға жантайып демалайын.
Қара шашым желменен желбіресін,
Ту сыртымнан қарақтап, елжірерсің.
Туған жерге ұлыңның ынтық жанын
Сен түсініп, тек қана сен білерсің.
Таң нұрында, даланың жаңбырында
Құштар ем ғой саяқсып қаңғыруға.
Қорықпа, Апа, мен саған ораламын
Табанымның тікенін алдыруға!
1977 ж.
ЖЫЛҚЫШЫЛАР
Иісі жұпар орманды асып,
Иір қобыз жолдарды басып,
Салбырап самсоз, көз байланғанда,
Самалдың арты желге айналғанда,
Жылқышылардың қосына бардым,
Жылқы мінезді досыма бардым.
Жандары қалмай, қонақ келсе олар
Қуанады екен, осыны аңғардым.
Ілініп қазан, құрылып мосы,
Көңілдің жатыр білініп хошы.
Қонақтың бәрін Қыдырдай көрген
Қазағыма тән ірілік осы.
Ақбұлақ қымыз, балы бар ауа,
Қаныңа дәру, жаныңа дауа,
Дәл мұндай ләззат келмеген болар
Баяғы хан мен ханымыңа да.
Ұры жел тыста ұлыды қатты,
Ұядай қостың жылуы бапты.
«Былтыр қыс соққан қасқырларым ғой» деп,
Жылқышы маған тұлыбын жапты...
1977 ж.
АЛТЫН ТАМЫР
Оралхан Бөкеевке
Ағатай, ала кетші тауға мені,
Аңсатты ала қыстай жайлау елі.
Атамның қымызынан дәм татайын,
Биесін биыл ерте байлап еді.
Атам да жүрген шығар жолға қарай,
Өткізем демалысты ойда қалай!
Бал дәмі таңдайыма үйірілді,
Сарсүйек болған шығар балқарағай.
Тауға апар, тауды аңсадым жазықта мен,
Әжеме алтын тамыр қазып берем.
Кәріге қажеті не дәрігердің,
Тамырмен өзім емдеп жазып келем.
1977 ж.
АЛТАЙДЫҢ АҚ БОРАНЫ
Алтайдың ақ бораны
Алты күн тоқтамады.
Алты күн көлік – құстар
Қанатын қақпағалы.
Аядай аэропортта
Кеудеме от толады.
Алтайдың ақ бораны,
Толастап тоқтамады.
Шынымен бұл шіркінге
Адамның жоқ па амалы?
Алты күн елегізіп,
Күдерді менен үзіп,
Қойдың ба: «Жетпеді деп,
Боранды неге бұзып!»
Алтайдың ақ бораны,
Алтайдың ақ бораны...
Алты күн болған шығар
Жүрегім соқпағалы;
Сен мені «алдамшы» деп
Сыртымнан соттағалы,
Алты күн болған шығар...
1977 ж.
АДАСҚАНДА
Қара түн, тау ішінде жортып келем,
Өкпектен құс еттенді бөртіп денем.
Жол жоқта адасқанға Ай да серік,
Ай батып кете ме деп қорқып келем.
Желбегей жұқа лыпа қаусырынам,
Ат басын жел өтіне қарсы бұрам.
Бағдарсыз, байызы жоқ
бейбақ болдым,
Қаупім көп, хабарым аз тау сырынан.
Төбемнен қара ала бұлт түйіп қабақ,
Дүние тұрды маған суық қарап.
Ақ жүзін кірбің шалып Ай да батты,
Бүркеніп бұлт көрпесін ұйықтамақ.
Сөгіліп қабырғасы қара бұлттың,
Найзағай жарқылдаса алабұрттым.
Мен дағы мақтандым-ау ұлымын деп,
Тауды да табындырған дана жұрттың.
...Түн өтті, тылсым қойнау арайланды.
Көз салып кескініме таң ойланды.
Сыпырып қалбағайын сұсты таулар
Елжіреп туысымдай қарай қалды.
1977 ж.
ТАУЛЫҚ МІНЕЗ
Қой, жаным, қызығумен ерме маған,
Мен болсам құштарлыққа көнген адам.
Кірпігім шарасыздан айқасқанша
Осынау мазасыздау халде қалам.
Қой, жаным, құр қызығып ерме маған.
Қорқасың мен жүзетін долы өзеннен,
Сенбесең бір қарашы терезеңнен.
Толқындар тасты аунатып жатқан жоқ па,
Ал менің жақын досым сол ежелден.
Қорқарсың мен кешетін долы өзеннен.
Сен болсаң тауға тұңғыш келген адам,
Қой деймін, мерт боларсың, ерме маған.
Құрсақтан топшылы боп туғаннан соң
Құлашты дүлей суға сермеп алам,
Қой, жаным, мерт боларсың, ерме маған.
Долы ағыс алып қашар бас көрмеген,
Мен сонда аймаласам тастарменен.
Ертемін толқындарды ерттесуге
Сыралғы болса сумен жастан денең,
Табысып жүзер болсаң тастарменен...
1977 ж.
ҚАРТ ПЕН ҚЫРАН
Әшім қарт аралатты тауды маған,
Апарды Марқакөлге жаудыраған.
Қамшымен құсты нұсқап көкте жүрген
«Бұл, – деді, – кәрі бүркіт – шәулі, балам.
Байқашы, анау шыңның керегесін,
Құз тастың қуысынан не көресің?
Сол тұста шәулі бүркіт ұясы бар,
Қоздырған қанатсыздың делебесін.
Қиядан көзін салған дарияға,
Қантүбіт балапан бар сол ұяда».
«Алайық, арқан байлап балапанын,
Бастаңыз» дедім қызып қарияға.
«Тәйт, құсты құлданамын дейтін кімсің?
Қызыққан киеліге кейпің құрсын!
Сен де бір қантүбітсің! – деді Әшімхан, –
Қырандар еркін туған – еркін жүрсін!»
1977 ж.
ҚОЛАМТА
Қойнауда қоста отырып қоналқаға,
Қараймын ошақтағы қоламтаға.
Лапылдап лаулап келген оттың бәрі
Жалынын осылайша жоғалта ма?
Төңкеріп жылқышының шыны аяғын,
Көз қадап қоламтаға мұңаямын.
Жалын жоқ, отағасы көсегенмен
Мосының қайырып ап бір аяғын.
Жылтырап қып-қызыл шоқ әлсіреуде,
«Сөнуден арашалап қалшы» деуде.
Ошақта отың сөніп бара жатса,
Өзіңе өз көңілің көншіген бе?
Менде де көншімейтін көңіл болған,
Мойымас жығылсам да өмір – нардан.
Кеудемде қоламтадай қоздап жатып
Кетер ме лапылдамай небір арман?!
Шоқ табы бірде қызу, бірде бәсең,
Толтырды қостың ішін нұрмен әсем.
Менің де өзегімде шоқ жатқандай,
Сол бір шоқ тұтанар ма үрлемесең?!
1977 ж.
ТҮБІР
Келе жатып қалың бауда,
Жалғыз аяқ соқпақпен.
Сәл отырып дамылдауға,
Бір түбірге тоқтап па ең?
Елтіп барлық құс үніне
Шаттандырған бау ішін.
Тырысып па ең түсінуге
Табиғаттың дауысын!
Сұлулыққа тамсандың ба,
Қызыл бұлтты іңірде?
Сонда бір сәт зер салдың ба
Астыңдағы түбірге?
Сырын желге толғамайды,
Өркені жоқ томаршық.
Қабықтан жас сорғалайды,
Қалсаң егер сен аршып.
Ойланарсың сен қайтарда
Мылқау томар мұңайтар.
Ара айтар ма, балта айтар ма,
Оның сөзін кім айтар?!
1978 ж.
ҚЫЗЫЛ ІҢІР
Қалың орман қойнауына
Қып-қызыл күн қонғанда,
Қарағайлар жол бойында
Қалың ойға шомғанда.
Қып-қызыл боп мұнартпай ма,
Қара жолдың шаңдағы,
Жеңілденіп қуантпай ма,
Іштегі ойдың салмағы.
Әр қарағай балағына
Бір көлеңке жармасып,
Қорықса күннің жанарынан
Беттерімен жер басып.
Тірлігіңе тәубә дейсің,
Тоқмейілсіп азырақ.
Қайдан, қайдан ойға келсін
Күн батары қазір-ақ.
Көлеңке емес, адам болып
Қуанасың туғанға.
Саған орман сәлем беріп,
Басын шұлғып тұрғанда.
1978 ж.
БАЛҚАРАҒАЙ ТУРАЛЫ БАЛЛАДА
Қылқанды бұтақтары қарқарадай,
Қасқайып қабақта тұр балқарағай.
Басында жаңғақ қағып бір бала отыр,
Төменге әлсін-әлсін қорқа қарай.
Топырлап түсіп жатыр жаңғақтары,
Бар шығар қорғасындай салмақтары.
Қарық боп көзі тұнды сол баланың,
Құмарлық ешнәрсені аңдатпады.
Жаңғақты болар көздің құрты деуге,
Мініп ап бір бұтақты сілкігенде,
Шарт етіп сынып кетті ілкі демде
Салмақ па, әлде тағдыр ырқымен бе?
Құлады жерге қарай зулап бала,
Көрген жұрт тұрып қалды шулап қана.
Ешбірі тырп ете алмай қалды сасып
Жаңғақты мақтағандар қу жақтана.
Құлады бала сол бір қилы шақта,
Тағдыры сыяр ма оның жыр кітапқа?
Зымырап жерге жете берген кезде,
Ілініп қалды бала бір бұтаққа!
1977 ж.
АЛТАЙ АЯЗЫ
Қызыл Ай қызыл көрігін басқанда
Қақтаған қаңылтырдай шың қызарады.
Отты жыландай зуылдап аспанда,
Құйрықты жұлдыз ағады.
Түн қара сәлделі Құдадай,
Көкке жұлдыздан бал аштырады.
Қызыл шұнақ аязға шыдамай,
Найзағайдай шатырлап ағаш сынады.
Азынаған жұлдыздан да, Айдан да
Бетіңе ызғырық ызғар ұрады.
Сіресіп жатқан сірнелі сайларда,
Күтірлеп мұз жарылады.
Тоңған төбеттер қыңсылап, бүрісіп,
Үйдің есігін тырналап көреді.
Қойшының ұлдары сақ-сақ күлісіп,
Ай жарығымен сырғанақ тебеді.
Қап-қара таулар қабағы бұзылып,
Қойнында құмығып қасқырлар ұлиды.
Ұлыған үні қалтырай үзіліп,
Бір таудың барып астында құриды...
КҮРКІРЕМЕ ӨЗЕНІ
Күн:
– Күркіреме өзені,
Күркіреп те ағасың,
Сарқырап та ағасың.
Қазақтың жас баласын
Қайда ағызып барасың?
Қойнауынан Алтайдың
Қайнап шыққан қара су.
Жас баланы жұтқанмен,
Қандай тойым табасың?
Жылап қалды жан ана,
Ғұмыр сыйла балаңа.
Шырылдатпай сәбиді,
Шығар, шығар жағаңа!
Өзен:
– Шешесі оның шерменде,
Су алуға келгенде,
Жақпар-жақпар жырадан,
Жас баласы құлаған.
Құшағыма бөленді,
Менің балам ол енді.
Оның ыстық денесі
Жылытады денемді.
Менің асау толқыным –
Оның мәңгі бесігі.
Жас сәбиге тағдырдың
Осы болды кесімі.
Ұлыма енді ашылар,
Ұлы мұхит есігі!..
...Долданады долы өзен,
Жұрттан суын қызғанып.
Жағасында жақпар тас,
Мелшиеді сызданып.
Аласұрған толқында,
Бір батып та, бір шығып,
Ағып кетіп барады,
Қайран құйттай тіршілік.
Көзін сүртіп сұр бұлтпен,
Күн тығылды тасаңа.
Шырқырайды жағада,
Жанұшырған жас ана.
Дүлей толқын сәбиін
Алып қашып барады.
Жас денені аймалап
Мауық басып барады...
ӨСКЕМЕН ТУРАЛЫ ЖЫР
Көтеріп туын шығыстан,
асығып атса күміс таң,
От өріп екпініменен төсінен асқақ жыр ұшқан.
Сырғасын малып Ертіске бір ару жатыр жағада
Тұлғасын соққан мырыштан.
Сапардан қайтқан тырналар танымай қалса –
кешірім,
Шаһар бұл түлеп жататын балапан үйлер бесігі.
Жайқала жасыл желегі қала бұл алау таңдарға
Айқара ашқан есігін.
Соғады самал Алтайдан,
бұлттарды нұрға қоса өрлеп,
Кестелі ақша орамал орайды тұрба басын кеп.
Күн бойғы қызу жұмыстан бусанып жатқан өлкенің
Таңдайы құрғамасын деп.
Жырласам шығыс шынарын,
көңілде шалқар шалқып көл, Көкірегіме орнайды керіліп барлық барқыт бел. Қарасам бүгін қала ма комбинаттағы кендердей Ағыл да тегіл шабыттан кетемін дәйім балқып мен… 1971 ж. КҮЗГІ БОЯУЛАР І Боз қырау күзде бөз-орман Базары тарқап бозарған. Бұл шақта аспан атынан Бұлағай бұлттар сөз алған. Тоңазиды әлем тоңмайдай Қабағында бір тоң бардай. Жас талдар жалқау сілкінер Жауында қалған торғайдай.
Көкайыл бұлттар күркірер, Кеудесі қайнап күрсінер, Көңілінің құртын қозғаса Қытықтап өтіп түлкі – жел. Еңсеріп бұлттың легін, Еркелер ме екен күле күн. Еміренер ме екен маған ол, Жадырар ма екен жүрегім!.. ІІ Қаланың күзі, Таңғы уақ, Тымырсық тұман тарады. Жалаңаш қалған жарлы бақ Қараған көзге қаралы. Пошымын бақтың парықтап Қалар кім жүзі сұрланбай?! Қайыңдар шашын жайып сап, Жапырағын жоқтап тұрғандай. Зер салсаң, еңсең езіліп, Зауықтан болар ада бой. Сүреңсіз мезгіл мезі қып, Жабырқау тартар жадау ой. Өртеніп өзек ашиды-ай, Жуады жасың бетіңді... Күзгі жапырақ жасындай Ғұмырың қалған секілді...
«Зайсан ырғақтары» топтамасынан
* * *
Капитан, шығайықшы каютадан,
Біздерден қайда қашар дайын тағам.
Палуба шынжырына шынтақ тіреп,
Қарайық толқындарға байырқаған.
Шарқ ұрып, шабақ ілер шағалалар,
Көгеріп көз ұшында жаға қалар.
Көз қанық болғанымен балықшыға,
Таңсық қой қай-қашаннан маған олар.
Күн ашық, керек емес биноклің:
Бейнесі онсыз да айқын су бетінің.
Көрінер көлдің өзі мың есе артық
Көркінен көңілдегі суретінің.
Аппақ бұлт, көкшіл аспан, жасыл айдын...
Жаныма бұдан өзге не сұраймын!
«Кеттің ғой бала құсап» дейсің маған,
Көргенде туған жерді осылаймын!
ЗАЙСАН
Матрос, суыр якорьды,
Келмейді тұрғым жағада.
Көк теңіз мені шақырды,
Шақырды шулап шағала.
Аспанмен жатқан астасып,
Теңіздің төсін бетке алып,
Жағамен күліп қоштасып,
Кетейік жолға аттанып.
Иіс су сіңген денеме,
Сіңсінші иісі балдырдың.
Жол ашсын мынау кемеге
Толқыны мендік тағдырдың.
Толқыннан жаным жаралған
Дауылды ол да тұр тілеп.
Жағада енді қала алман
Шақырды теңіз күркіреп.
Күйбеңмен қанша күн өтті,
Бәрін де қайта бастайын.
Якорьға ұқсас жүректі
Теңізге мәңгі тастайын!
ТҮНГІ САЗДАР
Тыңдап жатып шегірткенің шырылын,
Сәл мызғышы, көздің алып шырымын.
Оянғанда өз кеудеңнен сезесің,
Кәусар бұлақ кеудесінің дірілін.
Жыршы құстар әнге бөлеп түн ішін,
Қандырады құлағыңның құрышын.
Бұлтты серпіп Ай да тыңдар бұл әнді
Құзар шыңға сүйеп қойып қылышын.
Көк шалғынды жатқан кезде астыңа ап,
Құлағыңа сыбырлайды жас құрақ.
– Ұйықта, ұйықта, ұйықта... – дейді сыңғырлап
Құлын үнді, құс ұйқылы тас бұлақ.
Дала саған сәбиіңдей еркелер,
Анаң боп та бесігіңе еңкейер.
Шырт түкіріп шалқақтама, шырағым,
Онда сенен туған жер де жеркенер.
АУЫЛ. ЖЫЛҚЫ. ЖАС БАЛА
Таңғы ауыл,
Торғын самал келді жетіп,
Селеулер сергіп қалды сәл дір етіп,
Ұйықтап жатып жылаған сәбидейін
Көк шалғын көз жасын тұр мөлдіретіп.
Сүрлеу жоқ бір кездері мен жүгірген,
Мен тұрмын есейгенін енді білген.
Соғады жүрек қана баяғыша
Қорқамын кеудемдегі сол дүбірден.
Жылқылар мені көрсе елеңдесіп,
Тұрғандай «жақындама, тебем» десіп.
Жас бала жүгендеп жүр,
Балалығым
Дәл соған ауысқандай менен көшіп.
Болғанмен жөні бөлек, жолы өзге,
Атайды анасы да оны кезбе.
Бұл жылқы оны да ертең өгейсініп,
Өзгеріп кетер ме екен бәрі лезде?..
ӨЛІАРА ЭТЮДІ
Қара Ертістің шытынап шыны реңі
Мұз бетіне қызыл су жүгіреді.
Жербауырлай жылымнан ұшқан буды
Шытқыл ауа шым-шымдап сіңіреді.
Шұғыласын шашқанмен шаттана Күн,
Табы уытсыз өліара шақ болатын.
Әбігерден босаған дәрігердей
Дала жатыр айқарып ақ халатын.
Қалғып кеткен аюдай асыранды
Қарауытқан төбенің басы қарлы.
Күңгейдегі тебіннен қорек тапқан
Қарғалардың қарасы шашыранды.
Қызыл тұяқ қойлары тебін қуып,
Төбе үстінде тұр шопан белін буып.
Қызыл суға ұмтылған көк серкені
Баласы жүр атпенен кейін қуып.
АУЫЛҒА ХАТ
Сейілхан Райымхановқа
Ауылда биыл қар қалың ба, аға,
Тағаладың ба тарланыңды, аға?
Тазымен құмның қолтығын тінтіп
Шидарық жақты шарладың ба, аға?
Жеңгейге сеніп мал-жаныңды, аға,
Қансонарда аңға бармадың ба, аға?
Адам мен аңның арасын тағы
Қорғасын оқпен жалғадың ба, аға?
Ауылдың жинап шалдарын ғана,
Бір-бірден түлкі байладың ба, аға?
Түлкіден тымақ киетін қарттар
Азайып қалғанын ойладың ба, аға?
«Ауылдан кетсең – болмадың, бала...» –
деуші едің, жолым оңғарылды, аға.
Көрерсің ертең маңдайға біткен
Үлкен бір ақын болғанымды, аға.
Білер ме ем барып халдеріңді, аға,
Алар ма ем, шіркін, қолдарыңды, аға.
Қалада – тәнім, ауылда – жаным,
Жүрегім, жырым, арманым – дала.
БАЛА ҚИЯЛ
Төркіндей көшіп жаз – келін,
Сары жұрт бопты сай, адыр.
Қозы көш жерде көз көрім
Жадағай жалғыз мая тұр.
Ұраңқай үйдей маяның
Іргесін үңгіп жепті мал.
Хайуанға берсең қалауын
Дүниенің бәрін жеп тынар.
Кезімде сонау баларақ
Төсек қып мая төбесін.
Аспанды аймен тағалап
Қағушы ем қиял шегесін.
Жатушы ем барлап түн жүзін
Жотамды ұйпап сағдар шөп.
Жанарларыма жұлдызын
Себетін сонда заңғар көк.
Кей-кейде күміс күн бетін
Қап-қара бұлттар айқарса,
Көрінбей күннің сүлбесі
Төңірек күңгірт байқалса.
Қап-қара бұлтты тұтасқан
Тастасам деуші ем, сыпырып.
Ашылса деуші ем сүт – аспан
Мұнардан мәңгі құтылып.
Сезімге жан ем жанқияр
Жататын едім қиялдап.
Бүгінде мені сол қиял
Кететін болды жиі алдап.
ЖИДЕ
Жалғыз түп жиде жолға өскен
Жел сүйсе желең төсінен,
Жабырқау ғана сөйлескен
Өзінің көлеңкесімен.
Аптапты жаз бен суық қыс,
Төзімін оның өлшеп пе?
Баласыз, байсыз, туыссыз,
Ұқсайды ол жесір келіншекке.
Жемісі оның биікте,
Ұмтылған қолға алдырмас.
Шалдырмас суық, күйікке
Балғын жас жиде талдырмаш.
Кезі жоқ сыңсып, зар төккен,
Күтеді мейір аспаннан.
Жаңбырлы күні жарқ еткен
Жасыннан ғана жасқанған.
Жоқ қарап жүрген жүргінші,
Жидеге жақын келгенде,
Жанына ерткен бүлдіршін
«Жемісін әпер!» дер кейде.
Жүргінші жұлар, немесе,
Түсірер атып жемісін.
«Пісіпті, болмас жемесе,
Өскен ғой дейді жеу үшін».
Жемісін біз де жерміз-ау,
Төменнен таспен атармыз.
Тағдырды қатал дейміз-ау,
Өзіміз неге қаталмыз?!
ИДИЛЛИЯ
Мен бүгін ұйықтайыншы бау ішінде,
Төсек сал,
суық тимес,
әлі шілде.
Жасымнан көз ілгенді жақсы көрем
Бақтағы елтіп жатып дауыс, үнге.
Аспанда бүгін қандай ай тамаша,
Жүзіп жүр қара бұлтпен тайталаса.
Жарқырап жанбас менің қос жанарым,
Аққанын жұлдыздардың байқамаса.
Сағындым арықтағы су сылдырын,
Ағып кеп көкірегіме кірсін бүгін.
Әйтпесе жоғалтармын түнгі бақтың,
Бойымда бұрыннан бар сыршылдығын.
Тілдерін жапырақтың үйренейін,
Самалмен тіл табысар күйге енейін.
Ашайын соларға мен басқа жұрттан
Жасырған сырым болса түймедейін.
Төсек сал, ұйықтайыншы бау ішінде,
Маужырап жатайын таң сәрісінде.
Кәрі апам гүрпілдетіп сиыр сауып,
Оятар кіріскенде шай ішуге.
КЕМПІРҚОСАҚ
Құбыланың бұлты ашылып,
Жаңбыр саябырлағанда:
Жапырағынан маржан шашылып,
Жас талдар баяу ырғалғанда.
Аспанға іліне қалған
А-нау кемпірқосақтың тамашасын-ай.
Арқауын ашудас ніліне малған
Апамның алашасындай.
Бұлттардан салбырап түскен,
Аспанның алтыбақанындай,
Тайбурылдай арғымақ өскен,
Құртқаның алтын отауындай.
Өрнектеп өрілген нұрдан
Туған жер құдіреті қосыла,
Қиялдай көрінген қырдан
Құдайдың сүгіреті осы ма?
ҚҰМ. ШӨПШІЛЕР
Қомша құмдар қойнауы тұр
әлі ысып,
Мәжнүн талдар мүлгіп қапты майысып.
Екі шөпші шағын мая түбінде
Маңдайлары жіпсіп отыр шәй ішіп.
Күйіп тұр-ау,
Жанып тұр-ау мына күн,
Дүзгендерін бүркенеді құба құм.
Шөмеледе шыбындайды шалқұйрық
Шала-шарпы шалып құмның құрағын.
Шайға қанған көңілі жай, хош кісің –
Шал мақтады шөме тартқан бестісін:
«Шаруаның дөңгеленер түрі бар,
Жоңышқаға қоямын деп кешкісін...»
Мизам қалып,
Лүп еткен леп сезілмей,
Күн күйіп тұр,
Болмас енді көз ілмей.
Шырт түкіріп шалқайған шал мызғыды,
Шекесінен шіркей шақса сезінбей.
Шақырайып шағып-ақ тұр шыны күн,
Шөпші бала шешіп тастап шұлығын,
«Атам, шіркін, оянбаса екен», – деп,
Ұрлап тартып отыр шалдың шылымын.
«Атам, шіркін, оянбаса екен», – деп,
Отырды да темекісін лекерлеп,
Атып тұрып шал жүрегін тыңдады
Көңілін бір қорқынышты ой мекендеп!..
...Шөпшілерді кейіпкер қып, толғана
Құм суретін сызбақ едім, болмады, ә?
Атама ұқсап кетті-ау сонау шаруа шал,
Өзіме ұқсап кетті-ау бұзық сол бала!
ШАЛ. ШАБЫНДЫҚ
Шөп шауып жүр шабындықта шал кісі,
Кешкі нұрмен жарқылдайды шалғысы.
Екі беті нарттай жанған Күн жақта
Салбырайды бұлттың алтын шарбысы.
Қартпен, қайран,
қоштаспапты күш әлі,
Қимылында қуаттың жүр нышаны.
Қапталында құлап жатқан құрақтан
Қалқып қана алтын тозаң ұшады.
Самал соқты сыбыр-сыбыр тіл қатып,
Сабаз шалдың самай терін құрғатып.
Суға батқан алтын желкен секілді
Салқар қырда бара жатыр Күн батып.
Тамыздағы шөп түбінде шық та жоқ,
Тамшы тамды шыт жейдесі сықпа боп.
Қарт көзінде жарқ-жұрқ етіп ойнады
Тартпа-орағын жанығанда шыққан от.
Мәңгі нұрлы жанарындай уақыттың
Білінбестен бара жатыр батып Күн.
Шабындықта шөп шауып жүр қара шал
Құсын қуып сабылмай-ақ бақыттың!..
ЖАЛБЫЗ
Жылғаның бойын жағалап,
Жалбыздың иісін жұтқан шақ.
Жапырақтардан домалап
Жаңбырлаушы еді-ау шық моншақ.
Жанары жұмсақ таң-қыздың
Жамылып нұрын ақ желең,
Жұпарын жұтсаң жалбыздың
Жасарады екен жан, денең.
ЖЕМЕНЕЙ ӨЗЕНІ
Тисе де таудың тасына басың,
Жеменей,
неге тасып ағасың?
Біз ашулансақ басыламыз ғой,
Сен осы қашан басыла аласың?
Сұмдарға жақпас сөзіне орай,
Соққы жеп елдің езінен Абай
Сонау бір жылы жол тартқан еді,
Зайсанға қарай –
Өзіңе қарай.
Наданға налып –
Сөзін ұқпаған.
Бишікештерден безініп бабам.
Атының басын Зайсанға бұрып,
Мұң шақпақ болды кезігіп саған.
Жібермей жылап
Жанкешті халық,
Алдынан шығып жол кесті барып,
Абайды күтіп,
Келер деп бір күн,
Жатырсың ба әлі дөңбекшіп ағып?
Абайдың мұңын –
даламның мұңын,
Абайдың жырын –
ғаламның жырын
Мен оқып берсем қайтеді саған
Жаңғыртып тұрып жағаңды бүгін?
Жеменейім-ау,
Жебедей жүйрік,
Өтсе де ғасыр кемедей құйғып,
Абаймен сені табыстырар ем,
Қолымда болса зәредей билік.
Сұмдармен әлі бітпеген егес,
Ел мұңын ешкім жүктеме демес.
Сен танымаған тыныштық, тыным
Маған да бүгін түк керек емес!
АҚ ТҰМА
Ыстық маған бұл жердің әр ағашы
Қаулап өскен қызыл гүл ара-арасы.
Қызғалдаққа қонады қолымдағы
Қызылқұмар қызғаншақ баларасы.
«Өзгеше ме қалай, деп,
бүгін ғалам?»
Құлағыма жұпар жел сыбырлаған.
Қымыздығын жапырып жарлауыттың
Ақ тұмаға үңілем шымырлаған.
Шымыр-шымыр шығады шіркін бұлақ,
Су емес бұл сырғыған құр сылдырап,
Шаттықтан ба,
Шерден бе Жер-Анамыз
Жібергенге ұқсайды бір күн жылап.
Шомылатын шымшықтар ернеуіне
Бұл қайнарға құладым мен де міне,
Бұлт пен жұлдыз түнейді төсіне оның
Тәнті болып толқынның тербеуіне.
Осынау бір тұманың тағдырының
Өз бойымнан сезіндім жаңғырығын.
Секем алдым сырғыған сылдыр сумен
Қосыла ағып кетердей бар ғұмырым.
Қайнап жатыр.
Сыңайы жоқ таусылар,
Көз алдымда құбылар көп тамшылар.
Ақ тұманың түбіне үңілемін
Ол да маған үңіліп жатқан шығар?!
БОЙТҰМАР
Бойтұмар бұл былғарымен тысталған,
Ала аршамен аласталып ысталған.
Талай адам тағып бұрын мойынға
Киесіне құлай сенген тұс болған.
Сәби кезде мен де таққам
Жасырман,
Сиқырына іштей сеніп, бас ұрғам.
«Бұл бойтұмар сақтайды деп пәледен»
Таққан апам сипап тұрып басымнан.
Бүгін, міне, бойтұмарды ұмыттым,
Бәрі қалды ырымшылдау қылықтың.
Батпандай қып тақтым сәнді галстук
Бойтұмары секілдентіп жігіттің.
Қараталда қалған менің кәрі анам,
Тілеп отыр:
«Құлыным, деп, бол аман...»
Мойнымдағы галстугым модалы
Сақтар ма екен мені пәле-жаладан?!
* * *
Біздің ауылдың айындай айды
Кездестірмедім еш жерден.
Ешқандай бұлтқа ол қайырламайды,
Будақтап жолын кескенмен.
Біздің ауылдың
түніндей түнді
Көрмедім басқа жақтардан.
Қойнында тұяқ дүбірлейтін-ді
Біз жайдақ мінген аттардан.
Көктегі ай бізбен жарысатұғын
Жармасып бұлттың жалына.
Тізгіннен қолым қарысатұғын
Ат алып қашса тағы да.
Жайдақ ат мінген балалығым-ау,
Қай түнге сіңіп кетіп ең?
Аспаны соқыр қаланы мынау
Қайдан таптым деп өкінем.
Сұлумен тұңғыш сүйіскен жерім,
Бал татып қалдың тілімде.
Боз жусаныңнан бір иіскер ме едім,
Ат тұсап,
айлы түніңде?..
өТКІНШІ
Көктемнің көк аспаны көз бұлады:
Төбеден төкпе бұлттың төнді лаңы.
Булыққан қолы жетпей арман-нұрға,
Дәл менше күйінді ме, дағдарды ма,
Жай түсіп жанарынан көк жылады.
Мен тұрдым кетсем-ау деп жайға айналып,
Таңданса жарқылыма ел таңдай қағып.
Көкше бұлт көшкен шақта күн еліне,
Жасын қып сақтауменен жүрегінде,
Мені де кетсе, шіркін, шалғайға алып...
...Жауынмен бөртіп жатты аймақ, өңір,
Көмілдім толқын-толқын ойға небір:
Жаныңмен жай тілдесіп, нұр тілдесіп,
Көгіңде қара нөсер бұлтың көшіп,
Осылай өтеді ғой, қайран өмір!..
* * *
Інім Айтмұхамбетке
Мүлгиді сәукелелі тал, қайыңдар,
Басыпты шыршалардың шалғайын қар.
Қоншыма қар құйылып бақта келем,
Кеудемде сәл сағыныш,
сәл уайым бар.
Биік тұр аспандағы алашарбы,
Көңілім неге менің аласарды?
Апыр-ау, бұл ғана ма аңсағаным
Түнімен қар күрейтін қара шалды?!
Ауылда жолды боран жасырғанда,
Ақ түтек қас қарая басылғанда.
Түн бойы қар күресіп жүруші едік
Сонау бір ақ сақалды асыл жанға.
Ол бүгін қырда жатыр қар астында,
Інім, сен зиратына жол аштың ба?
Қайтайық тағзым етіп,
Ұлы адам ғой,
Қабірін кішкентай деп қорашсынба...
Айтікен, есіңде ме, баяғыда,
Атамның таласушы ек таяғына.
Біз демеу бола алмадық таяқ құрлы,
Кәрілік тұсаулаған аяғына.
Ол жатыр есімі де аталынбай,
Біз жүрміз балтыр сыздап,
бас ауырмай...
Кетті ме қариямды ұмыттырып,
Жасанған мынау өмір жас арудай?..
ҚЫРКҮЙЕК ҚАРЫ
Беймезгіл тұмшаланып таулар тұман
Аспанда ақкөбелек қар қалқыған.
Ызғырық ыдыратып сол тұманды
Сабалап жапалақ қар жауды артынан.
Бөктерде бой түзеген боз теректің
Суық жел сумаңдады алды-артынан.
Жұп-жұқа қабығына қар жабысқан
Жас терек жел жұлқыса сәл майысқан.
Бұрымнан сауылдаған шолпыдайын
Жап-жасыл жапырағы саулап ұшқан.
Терекке қарап тұрмын арыла алмай
Бойдағы алай-дүлей толғаныстан.
Сумақай суық желді көзге ілмеген,
Терекке ұқсас екем, сездің бе, мен?!
Алаңсыз көңіліме күйе жағып
Менің де алды-артымнан сөз гулеген.
...Қараймын терім сүрткен шаршы шытқа
Ақ дүние кіршең ғой – тез кірлеген...
Тәйірі, тазартармын күні ертең-ақ
Толқынды дарияға мезгіл деген.
ТУҒАН АУЫЛ ТҮТІНІ
Ауылға бардым ақпанда,
Ақ табан жолмен ылаулап.
Үскірік үрлеп соққанда
Үсіген бетім қылаулап.
Домбықса бетім –
Даламның
Сүйгені шығар жүзімнен.
Еңкейе берді алау Күн
Арайын жинап ізімнен.
Қарттармен аумас кітаптан
Тілдесем бе деп жол тарттым.
Оттарды зім тұтатқан
Үрлесем бе деп жол тарттым.
Тербетер жанды ой қуған
Адамға жол да бір бесік...
Ауылым шықты алдымнан
Түтіні көкпен тілдесіп.
Қайтер ең, досым, сырғып күн,
Балалығыңды ұрласа?
Алдыңнан сол бір тірліктің
Түтіні қолын бұлғаса?!
ҚЫР ҮСТІНДЕ
Күн киініп қызыл алау жейдесін,
Аймалайды көкжиектің кеудесін.
Күн емеспін күнбатысқа жоғалар,
Қыр үстінде мұңаямын мен несін?
Тірлігімнің тағы да бір күні өтті,
Ізсіз өткен күндер мені жүдетті.
Өткенім бе, ертеңім бе – аңсарым,
Қайда бұрам мынау жалғыз жүректі?
Мен де өмірден өтер ме екем бір күні,
Жамалмастан жүрегімнің жыртығы.
Өмірге әлі өз отымды бергем жоқ,
Жоғалтпаңдар тұтанбаған шырпыны!
ЭРОЗИЯ
Жақпар-жақпар тастар-ай,
Шың едің ғой басы бұлт.
Көрік берген заңғарға,
Қырандардың тұрағы ең.
Өрмелеуші ем асығып,
Сызат берген таңдарға
Қарау үшін мына мен,
Енді аяққа бас ұрып,
Жатырсыңдар шашылып,
Жылан жықпал аңғарда
Қотырланып қынамен.
Жылынады жыландар
Жылжып келіп қасыңа.
Құйын қанат қырандар
Қонбайды енді басыңа.
Жақпар-жақпар тастар-ай,
Күн мен желден сұраңдар –
Өмір деген осы ма?
АСТАРХАН ДОСЫМ
Астархан көрсе мәз болып шалқалай кеп,
Иықтан мені ұрып қалатын:
– Әй, хал қалай, – деп, –
Ауылды ұмытқан ақын?..
Шарт ете жаздап әзілге
Шақ қаламын,
Бұртыңдап сосын клубқа беттеп,
Мен ақталамын:
– Ауылды ұмытқам жоқ! – деп.
Сол Астарханды жерлеуге кеш қалғанмын,
Жете алмай сарқылды төзім,
Жолай еске алғанмын,
Аяулы марқұмның сөзін.
Досымды әлі өзімше тірі көрем,
Сағынам қылықтарын да.
Айтшы, мен шыныменен,
Ауылды ұмытқаным ба?
Рас, мен кейде өмірді думан етем,
Әлемнің үлкен қалаларында.
Қалада туған екен,
Ойласам –
Балаларым да...
Құстай ұшамын жоғалтып сабырымды,
Қалаға пара-пар көрем,
Кішкентай ауылымды
«Үлкен Қаратал» деген...
Көктем де келді, Астархан, анаң қара,
Жатыр ғой шыбықтар көктеп...
Ақталам саған ғана:
– Ауылды ұмытқам жоқ! – деп.
АУЫЛ БАЛАСЫ
Бауырға басып өскен дала шөбін,
Ауылдың қарасирақ баласы едім.
Аңқау ем ажырата білмейтұғын
Адалдық – арамдықтың ара шегін.
Ойласам – өткен дәурен мақпал жұмақ:
Топ еткем айдалада аттан құлап,
Шымшығы шүпірлеген ши ішінде
Жаяу қап, намыс буып жатқам жылап.
Қой қырықтым, шалғы тарттым, ертек ұғып,
Ешкім де жібермеді ерке қылып.
Өстім мен өзге тілді білмесем де
От пенен судың тілін ерте біліп.
Боз талдай бүршік жардым бұл ауылда,
Сан босап, сан ширықты бұрауым да.
Сауырын тосты талай сайтан – өмір
Өрт мінез, өрім дене дырау ұлға.
Мен бүгін білдірмейтін аза-мұңын
Қаланың қасаң тартқан қазағымын.
Тап-таза қолдарды да қысып тұрып,
Сәлемнің сағынамын тазалығын.
Ауылдың қарасирақ балалары
У-шуға ұмтылады қаладағы.
Күні ертең олардың да жүрегіне
Сағыныш – соқпа дерт боп жамалады.
Шалқалап шақырса да шапқан құрақ
Жібермес қала деген қақпан, бірақ.
Шымшығы шүпірлеген ши ішінде
Шыға алмай қалсам еді аттан құлап!
* * *
Маңайда маңып мизамы
Маужырап жатыр сары күз.
Күзеуде, киіз үй жаны –
Тікені толған кәріқыз.
Әуре боп әуес ісімен
Шырпып жүр кемпір ши құрғақ.
Бұлдырап бұлттың ішімен
Барады құстар қиқулап.
Қарайды қырға қарт шығып,
Көзінде күздің тамшысы.
Қарайды күн сап мәрт жігіт
Қолында қысқа қамшысы.
Еміс те еміс саздарың,
Әуелеп ұшқан құстар-ау.
Өте де шықты-ау жаздарың
Қайтесің, ғұмыр қысқалау...
Қысқалау,
бірақ ғажап тым,
Құстар-ау,
соны біліңдер.
Қыздары құсап қазақтың
Төркіндеп келіп жүріңдер!
КЕСІЛГЕН АҒАШ
Жапырақтары жайқалып тұрған,
Нар ағаш еді найқалып тұрған.
Аран тіс ара қыршынын қиып,
Шатырлап құлап, шайқалып тынған.
Томырық түбір,
Кесілген ағаш...
Жантайды жердің төсінде оғаш.
Жан тәсілім боп, жан беріп жатқан
Адамдай сұлап, көсілген қораш.
Қымбаттай түсіп тіршілік-арман,
Күңіреніп тұр күрсініп орман.
Құлаған ағаш...
Құстары үрікті-ау,
Ашылмай қанша бүршігі қалған?..
«Тірлік бар ма екен құрбан болмай...» деп,
Түнереді орман қиналғандай боп.
Батып тұр мұңға ағаштар
Достың
Жаназасына жиналғандай боп.
Орманның көрдім жыр кеткен кезін,
Қапа мен қайғы, мұң жеткен кезін.
Ағаш екеш-ау ағашқа дейін
Әсері тиген бұл неткен сезім?!.
Айдары шербек ала таң шығып,
Қайғырады орман шара таусылып.
Сезбеген ұлдай жетім қалғанын
Қалғиды қамсыз балапан шыбық...
ТАБИҒАТТЫҢ ЖЕЙДЕСІ
Күні кеше жайқалған өндір емен,
Жапырағы саржағал, селдіреген.
Табиғаттың жейдесі тозып қапты
Ауыстыра аларсың енді немен?..
Жапырақтар солады, үзіледі,
Келер көктем қайта өніп, тізіледі.
Күдеріңді үздірмей арбайтұғын
Шіркін, неткен тіршілік қызық еді.
Алғаш түскен қарымен ақыраптың
Ағарады самайы атыраптың.
Бесігіне түскен соң топырақтың
Басқа өмірі басталар жапырақтың.
Қыстың күні бұл баудың төңірегі
Құстың жүнін жұлғандай көрінеді.
Ұлпа қарға үп етіп жел үреді,
Бұтақтан қар бұрқ етіп төгіледі...
...Қарағаштың желегі жасыл әлі,
Сар жапырақ табанға басылады.
Кей адамдар ақ шашын жұлып тастап,
Кәрілігін осылай жасырады!
ҚОҢЫР ӨЛЕҢ
Әлемде басқа бояу таусылған ба, –
Қоп-қоңыр:
Орман,
дала,
тау-шыңдар да.
Шығарар оқтын-оқтын даусын қарға,
Дегендей «Мен де келдім, саусыңдар ма?»
Күткендей жүргіншісін сабыр сақтап,
Қойнауға сіңіп жатыр қоңыр соқпақ.
Күңгірт бұлт дүниенің көгін қаптап,
Қалғандай күн тұншығып,
Өмір тоқтап.
Әлемнің әлпетінде –
Ой нышаны,
Қорқа ма жамылудан қарлы шәлі?
Дегендей «Біріңді де тоңдырмаймын», –
Дүниені құшағына тау қысады.
Бүлкілдеп күз тамыры –
Момын бұлақ,
Жалықпай жалғап жатыр жолын жырақ.
Қыс түсіп,
Қар баса ма, мұз қыса ма,
Жырына кірмейтіндей оның, бірақ.
Қыс келер,
Боранымен басар, көмер,
Қартайған кісідей ғой қашан да жер:
Күні ертең қор боларын сезе тұрып,
Үн-түнсіз тіршілігін жасай берер!..
НАЙЗАҒАЙДЫ КҮТУ
Қалыпты бір шақ есімде:
Қоңалы көлдің қауында,
Көктемнің күңгірт кешінде
Қорғалап тұрдым жауында.
Бейнесі түсіп қырлардың
Қарауытқанда көл беті.
Қаймыға қарап тұрғанмын
Кеудемді бір мұң тербетіп.
Төбеме сонда түндік боп
Қара бұлт төнді айды орай.
Ойран сап отсыз тірлікке
Ойнаса дедім найзағай!
Қалыпты сол сәт жадымда
Беріппін мұңға бекер бой.
Қайғыра білмес шағыңда
Мұның да мәнсіз екен ғой!
БОТАНА СУ
Ботана су ағады құлай барып,
Жалғыз адам жағада тұр ойланып.
Оның жаны бұлақпен ағайындас
Ашуланса таситын лайланып.
Жағада тұр
Иілген сұрақ-ғұмыр:
Лайлаған кім екен бұлақты бұл?
Екеуінің алдында бүкіл әлем
Мелшиеді айыпты сияқты бір.
Бұлақ жатыр бұрқырап сай көшіріп,
Адам кетті.
Барады ол қайда өшігіп?
Лайлап ап жүретін тұндыра алмай
Дүниенің заңы осы әурешілік...
* * *
Сұрықсыз күздің сұрғылт тұманы
Сәтенін жаймен жайды атырапқа.
Сабақтан тамшы сырғып құлады,
Сырт етіп тамып сар жапыраққа.
Жан ұрлайтұғын барымташы ма ең,
Зираттың мәңгі қаралы аспаны?
...Бір адам барып
Бар ынтасымен
Табыттың бетін қаға бастады.
Біркелкі шыққан балғаның үні
Жегідей жейді құлақ құрышын.
Балғаның үні
Жалғады, міне,
Үзіліп кеткен жүрек дыбысын.
Көп досын сол жан көмген бе дедім,
Шегені тіпті қаққаны бекем.
Шаншыған не бұл?
Кеудем бе менің,
Табыттың әлде қақпағы ма екен?..
ЖАПЫРАҚТАР ЖЫРЫ
І. Жаз өтті
Жаз өтті жас дәурендей жарқыл қағып,
Қызықтан қайран шақта тартынбадық.
Толқынға киіп-жарып қойып кеттік,
Тұрмадық әр нәрсенің артын бағып.
Жаз өтті көкіректі құлазытып,
Тағдырдан көп ұтылдық,
Біраз ұтып.
Иненің жасуынан уақыт сусып,
Ұстаудың табылмады лажы түк.
Жаз өтті –
өкінуге үлгермедік, –
Шоқ шайнап,
Мұз жаладық,
Күнге өрледік.
Көкірек суынған соң, дүниенің
Көзге ыстық тартатынын білген бе едік?!
Әр ұрпақ өз жазында сайрандамақ,
Тұнжыр бақ,
Тұрғаныңмен жайраңдап-ақ.
Басқа үйде не күтерін қайдан білсін,
Бір үйден сыйлы аттанған қайран қонақ?!.
Жаз өтті...
ІІ. Қараша. Соқпақ
Қараша...
Қыр астында – қыс ылаңы,
Көкжиек көлбетуде құсын әлі.
Қайыңдар қоштасуға қолын созып,
Сап-сары саусақтарын ұсынады.
Күмбезден көзін салған
Күн де ойланып,
Тұрғандай албырт шағын қимай, налып.
Шалғыны ұйпа-тұйпа бақ ішінде,
Жол жатыр ерсіл-қарсыл шимайланып.
Соқпағын әркім салар өз жөнімен,
Күні ертең шөп басарын сезгенімен.
Көрінер қонған бақыт қонбағандай,
Оған да көнбіс жүрек төзгені жөн.
Жас буын өздерінше салар соқпақ,
Тірліктен сыбағасын алар шақтап.
Көз нұрын,
Жүрек отын сөндірместен
Бір ұрпақ бір ұрпаққа қалар сақтап.
Соныдан соқпақ салып тырбанасың,
Берер деп таңдыр түбі бір бағасын, –
Қалды ма,
Қалмады ма келешекке,
Соңына жүрген адам бір қарасын...
ІІІ. Күн өрмегі
Шомылдырып бұлттарды шұғылаға,
Күн еңкейіп барады құбылаға.
Батқан күн мен атқан оқ қайырылмасын,
Қанағатсыз қу көңіл ұғына ма?
Келеді де кетеді осылай күн,
Өтерінен өмірдің шошымаймын.
Қысқа жіптің күрмеуге келмесіне
Көзім жеткен
Тағдырдан не сұраймын?!
Өмір басын иеді өрлеп барып,
Жолығар жұрт бұлаққа шөлдеп талып.
Кәусарына біреулер тамсанады,
Таңдайында біреудің кермек қалып.
Татқандаймын кәусарын,
Кермегін де,
Не жетпейді ендеше өр көңілге?
Құбылада – Алтын Күн – өрмекші тұр,
Алтын торлы өзінің өрмегінде.
ІV. Не бердің?
Күн жауды ақ сабаумен сабап келіп,
Артынан аспан шықты садақ керіп.
Жаздағы бар қызықтың төлеуіне,
Тоғай тұр алтындарын санап беріп.
Аз беріп, көп алады тағдыр дәйім,
Өтерсің өте шыққан жаңбырдайын.
Сезбейсің жауырыныңның жер қапқанын,
Деп жүріп алысқанға алдырмайын.
Жастықта қанша мәрте қыбың қанды,
Салмадың қанша азапқа шыбын жанды?!
Төккен тер,
Көз майыңның құны қанша,
Құр босқа қанша қайрат шығындалды?!
Безбеңдеп бар тірлігін пенделердің
Өзгермес өз заңымен дөңгелер Күн.
Жаздағы бар қызықтың төлеуіне,
Бақ берді жапырағын,
Сен не бердің?
V. Таңғы шық
Күрсінбеші тіршілікті қысқа деп,
Келешекке бізден қалар нұсқа көп.
Өмір-бақи өзіңді-өзің сомдап бақ,
Қапы қалсаң қайта соғар ұста жоқ –
Құр күрсінбе қайран ғұмыр қысқа деп.
«Үмітсіз жан – шайтан» дейді қазақта.
Күйреуіктер күйе берсін тозақта.
Аз тірлікте ақиқатқа тік қарап,
Пендешілік, пасықтықты мазақта.
Құр күрсінбе қайран ғұмыр қысқа деп.
Шөп түбіне шуақ түссе сыналап,
Шымшық көзді шық қарайды сығалап.
Қойшы, қалқам, саруайымға салынба
Кәусар шықпен кірпігіңді шылап ап,
Құр күрсінбе қайран ғұмыр қысқа деп.
Мөлт-мөлт етіп тұрады да азырақ,
Кебеді шық – кетеді ұшып қазір-ақ.
Семеді шөп ажарынан ажырап,
Қайта өнеді қыс өткен соң азынап,
Күрсінбеші қайран ғұмыр қысқа деп.
Мөлт-мөлт еткен мөлдірлікті көргенде –
Жер боласың жандар үшін көр кеуде.
Таңғы шықтың тағдырымен мөлдіреп,
Ылайланбай өткен жанда арман не?..
Күрсінбеші қайран ғұмыр қысқа деп...
VІ. Өртенген жапырақтар
Буалдыр будай түтін буып бақты,
Желкек жел сейілтпек боп қуып бақты.
Қызусыз қу жапырақ қоздап жанып,
Бұрқырап бықсуға да жуықтапты.
Барады бұлдыр түтін бақты аралап,
Ағаштар ойланады отқа қарап.
Жауыз от жапырағын жалмап жатыр,
Жыл сайын жалмаса да жоқ қанағат...
Сарғайған сар жапырақ — өткен күнің,
Үзеді уақыт жасап өктемдігін.
Аспанға ағаш құсап талпынасың,
Уыстап қалмақ болып көктем нұрын.
Қаласа – алдына сап елпектетер,
Дей алман тағдыр күшін «ертек, бекер».
Жиып ап жапырағыңды ол
Күзің жетсе
От қойып өзегіңді өртеп кетер!..
Естимісің, Прометей?!
VІІ. Өмірді сүю
Жылуын жасыл жаздың іздедім мен,
Кешегі көктем қайда күзге күлген?
Өмірден өзге түкті мойындамай
Ойпырмау, өтеміз бе біз де өмірден?
Осыған – Қайта көктер ағаш емен – Несіне таңырқадым балаша мен? Шіркін, дем – Бірден бірге ауыспай ма, Секілді сазы сырлы тамаша өлең. Күрмеуге келсе болды қысқа жібім, Кәдесіз кетпес деймін күш, танымым. Кірермін Төстік құсап кірсем жерге, Тісінен Сорқұдықтың мыстанының. Жұрт айтса: «Өлмейді, – деп, – адам жаны», Қашанда майдай жағар маған дағы. Талқыдан тастай қатқан тұлғаң, бірақ, Сұмдық қой судай сіңіп жоғалғаны. Дегенге: «Бар зат ешбір жоғалмайды», – Емексіп күпті көңіл алаңдайды. Тумайды-ау мендей ақын, Туса дағы Бәрібір мендей ғашық бола алмайды!.. k
ҮШІНШІ БӨЛІМ
ЖҮРЕК ПЕН ЖҮЙКЕ
БҰРЫШҚА ТҰР!
Көтере алмай келеңсіз еркелігін,
Жазалады әкесі тентек ұлын:
– Тұр бұрышқа!– ақырды ашуланып,
Батырындай бағзы бір ертегінің.
Қорыққанынан бұрышқа тұрды бала,
Құйттай болып дөң-айбат түрді қара:
Анда-санда иығы селк-селк етіп,
Пырсылдайды әредік мұрны ғана.
Әр бөлмеде – төрт бұрыш,
орайы кеп
Тұрып шыққан тентек бұл талай рет.
Ол ойлайды:
«Бұрышқа тұрмас ем-ау,
Тусам егер үй-күйсіз жабайы боп...»
Осы бала бұрышты жек көреді,
Осы бала бұрышқа кектенеді.
Анасына кей күні,
«Мен өскенде,
Бұрышсыз үй тұрғызам!» деп келеді.
Сол тентекке жанымның қошы келген,
Еркелігін мен болсам кешірер ме ем?
Шіркін, оның бабасы бақытты ғой,
Бұрышы жоқ үйлерде өсіп-өнген!..
* * *
Түңілмеңдер ақыннан
Дыр-думан қуып кетті деп.
Жүрегі тойға шақырған
Көкірегін оның тепкілеп.
Ақынды жібер еркіне,
Тепсініп жырын оқысын.
Өртесін өлең өртімен
Дүниенің күллі қоқысын.
Сөз берме, мейлі сен оған
Қызынса шыдап ол тұрмас.
Шалқыса да асып шамадан
Шабыты әсте сарқылмас.
Кейісті мінез көрсетпе,
Жырына қол соқ, со жетер.
Сәбидей жүрген емшекте
Ақын да қолпаш дәметер.
МҰХИТ. ГОЛЬФСТРИМ АҒЫСЫ
Демалысқа барғанда жазда мені,
Сөзбен әкем сілейте жаздап еді: –
Хат жазуға қырсығы тиер болса,
Қалқам, қор боп құр өлең жазба! – деді.
Бұрын болса аңқылдап, жеңіл тартып,
Беретұғын көңілдің көлін сарқып.
Толқынындай мұхиттың ауыр сезім
Өтеді енді сәт сайын өңін шарпып.
Өмір жүгін көтере иық талып,
Қол бұлғай ма кәрілік жуық қалып.
Үлкен ұлы қайтқалы дүниеден
Жүрер болды тұнжырап, тұйықталып.
Ақ қырауы шашының қалыңдаған,
Қабағынан қара бұлт арылмаған.
Мұзды мұхит секілді өңі суық
Бір кездегі ақ жарқын, жалынды адам.
Жалғыз ғана,
Туғанда немересі
Қабақ ашты-ау кеңіп бір керегесі.
Бірте-бірте жүзіне жылу кірді,
Жылы ағыс бар мұхитта деген осы!..
ЖҰМБАҚ АЙТЫҢЫЗДАР...
Жұмбақ айтыңыздар, шешейік,
Жұмбақсыз ғұмыр кешейік.
Дүние сырын барлаумен
Келе жатырмыз ғой есейіп.
Қиындық келіп бетпе-бет,
Тағдырға жүрсек өкпелеп.
Өзгеге кінә артамыз,
Өзіміз қалып шеткерек.
Біреуді біреу ұғынса,
Көңілдің кірі жуылса,
Бұйығып жүрген жүректер
Бірінен-бірі жылынса.
Жауапсыз сұрақ қалар ма,
Дүние жұмбақталар ма?
Біреудің асыл сезімі,
Біреуге жұмбақ болар ма?
ВОРСКЛА ӨЗЕНІ
Назданған Ворскла5 қыз қылықты,
Тұлпарын патша сенде жүздіріпті.
Жағаңа мен де келдім, патша емеспін,
Адаммын одан гөрі ізгілікті.
Жағаңа келіп тұрмын ертеменен,
Әсем бір су екенсің еркелеген.
Қосылып толқыныңа кетер ме екен
Кеудемнен ағып шығып көркем өлең.
Көңілі жауды қуып тоғайғасын,
Жоғалтып айдыныңа қол айнасын,
Атапты ұлы Петр «ұры өзен» деп,
Су айна ұрламайды, соны ойласын!
Сен менен «ұры» деген ат алмассың,
Көңілім толқыныңмен сапарлассын.
Түбіңе тастайыншы өз айнамды,
Патшаның айнасымен қатар жатсын!
* * *
Көргім келеді, білгім келеді,
Дүниенің барлық құпиясы мен сырларын.
Келеді және тыңдағым
Жаңғыртып жатқан тау ішін
Бүркіт пен бұлақ дауысын
Бүкіл жүректің лүпілін,
Тамырда қанның ағысын.
Ашылса деймін алдымнан:
Құшақтар менен қақпалар,
Көкжиектер мен шахталар,
Бар әлем ыстық көркімен
Жадымда мәңгі сақталар.
Көрейік, кәне, үңіліп,
Кеудеңнің ашшы қақпасын.
Қалтарысында тығылып,
Бықсық ой бұғып жатпасын.
5 Полтавадағы өзен аты, «Айна ұрысы» деген мағына береді.
Сезімің, ойың, сырыңды
Бекітпе ешбір құлыппен.
Өзіңе күндер бүгінгі
Қарамауы үшін күдікпен.
КӨШПЕНДІЛІК
Ұнатпаймыз бұлттардың қаңғырғанын,
Жақсы көріп тұрсақ та жаңбырларын.
Баяғыда Пушкин мен Лермонтов,
Ұқсатыпты бұлттарға тағдырларын.
Лермонтов, Пушкинбіз шетімізден,
Аулақ бұрсын ол тағдыр бетін бізден.
Бір заманда бабам да қаңбаққа ұқсап
Жел соққанда көшіпті не түрлі ізбен.
Отырықшы ел болдық десек тағы,
Ойға келер мынадай есеп бары:
Күнді айналып зулаған Жермен бірге
Көшіп жүр ғой біз жатқан төсек тағы.
«Ораламыз, сау тұр!» деп жер-құрсаққа
Ғарышқа да барармыз тағдыр тартса.
Көшпендінің көкесі өзіміз ғой
Бұлттарды да кезбе деп жазғырсақ та.
* * *
Қолшатырдың қажеті не, қозғама,
Көк нөсерге көмілейік аз ғана.
Сен едің ғой жаңбыр жауса мәз бола,
Жалаңаяқ жүгіретін боз бала.
Бүгін көктің рақымы түсіп тұр,
Күзелген тал көктем нұрын ішіп тұр.
Жадыңда ма, жайлаудағы терекке
Жаңбыр жауса қорғалайтын күшік бір.
Күшігіңе күле қарап алыстан,
Сен едің ғой тамшылармен жарысқан.
Жүгіргенде жаңбыр жуып жүзіңді,
Алғаш саған ақындық дерт жабысқан.
Қолшатырды қозғамашы, тоқталшы,
Алақан тос, қонақтасын көк тамшы.
Тамшы деген – сенің сәби бейнеңді
Мәңгі өзінің жанарында сақтаушы.
* * *
Ұмытылам ба мен ертең,
Ұмытылудан қорқамын.
Семсердей қында көнерсем
Мұңымды кімге артамын?
Ілуде батқан бір кештің
Жұтатын шығар мені өрті.
Сонан соң ғұмыр сүрмеспін.
Төбемнен мәңгі төнер түн.
Ұмытылам ба сонда мен
Есіне мені кім алар?
Ағар ма іздеп арнамен
Мен көзін ашқан тұмалар?
Бір кезде ұстап даламда,
Бостандық берген көбелек,
Есіне мені алар ма,
Қоя берді екен неге деп?
Мен үзбей кеткен бір тал гүл
Үзсе деп мені іздер ме?
Мен мінбей кеткен тұлпар бір,
Мінсе деп мені іздер ме?
Ұмытылам ба мен ертең?..
ЖЫРМЕН ҚОШТАСУ Мұқағали ағаға І Кеудемде күркіреген Қаршадайдан құдіретім, Шіркін өлең, есіл өлең, Досым өлең,
Қош,
Қош...
Тіршілік көшіменен
Кетіп барам,
Қасымнан өтіп маған
Кезек келді.
Аз өкпемді сен ғана көтере алдың,
Досым өлең, есіл өлең,
Жеке қалдым,
Не ете алармын
деп бірақ қамығамын несіне мен?
Ақтығым, адалдығым,
Аян ғой саған, жырым.
Санаулы күн, өлшеулі өміріммен
Мен елімнің тілеймін амандығын.
Түнеруде тағдырым, түнеруде
Келешек күнге асығып,
Мұң жасырып шабытты жүрегінде
Ұлы елінде
Жүретін асқақ ақын
Бас имей жатыр енді бұл өлімге.
Бағытым – Барсакелмес,
Бақытым – туған елім,
Шабытқа мұрша бермес
Ақын боп туған едім,
Думан едім, ер едім оралымда,
Шалқыта төккен едім,
Шарқ ұрып кеткен едің
Қайырылып маған бір қарадың ба?
Жоқ, қарамадың.
Досым өлең, есіл өлең,
Көңілдердің күмбезін араладың,
Жігерлінің төзімін тағаладың,
Жасықтардың жүрегін жараладың,
Ешкімнің де табанын жаламадың!
Қош,
Қош,
Қош, Уа, жаңбырлы көктем-өлең, Ризамын, өкпелемен, өкпелемен. Мен сені әкете алман өзімменен Көпшіліктен алғанмын, көпке берем! ІІ Сенбеймін ақын аға өтті деуге! Сөне ме найзағайлы отты кеуде?! Көз алдым мөлдірейді,
мөлтілдейді,
Самал жел көздің жасын кептірер ме?
Шынымен жыр күймесі доғарылып,
Зор тұлға зерделерден бола ма ұмыт?
Күмбірлі күйсандықтай көкіректің
Тілдерін құрсаулай ма қара құлып?
Сыйды ғой бүкіл әлем кеудесіне,
Сыймады бұл әлемге ол несіне?
Қаламын кімге тастап кетті екен
Жеткіз деп жыр бәйгенің көмбесіне?!.
1976 ж.
* * *
Құла түздің қаңбағы
Қайырылып артқа қарамас.
Адамның қаңбақ болмағы
Жарамас... жарамас...
Қиық салсам артқыға,
Көшкендейін көп жалған:
Желді күні жондардан
Қаңбақ қуып алданған.
Тастан тамыр іздеген
Аңқау күннен не қалды?
Қаңбақ қуып бізбенен
Қыр асты да жоғалды.
Баяғыдай біз бармыз:
Жоғалған жоқ жырымыз.
Біреулерге ызғармыз,
Біреулерге жылымыз.
Дүние, қызық қуалап,
Қанша жерге барыстық.
Удан қашып,
бал іштік,
Ойхой, дәурен, бәрі ыстық!
* * *
«Там человек сгорел»
А. Фет
Бір адам өтті өмірден,
Бір үміт сөнді көңілден.
Бір жұлдыз ақты көгімнен,
Кеудені қайғы кемірген.
Бір ағыс солай тоқтады,
Сөнді бір өмір шақпағы.
Маңдайы тасқа тіреліп
Өшті бір ғұмыр соқпағы.
Базарын бастан өткерген
Бір сапар солай шектелген.
Қабірін оның жапты кеп
Үзілген гүлдер бөктерден.
Тамшыдай бұлттан ыршыған
Жалғыз-ақ жүрек тыншыған.
Бірақ сол жалғыз жүректе
Кетті ғой талай сыршыл ән.
Тыншыған жүрек...
Оны әлі
Жоқтайды жұрты қаралы.
Осы бір отты дәптердің
Оқылмай қалды-ау парағы.
Айтылмай кетті көп арман,
Айта алмас оны көк орман.
Құлпытас та оны айта алмас
Қаралы гүлге оранған...
Айтылмай кетті көп арман...
АЛЬПИНИСТЕР
Аспанында Алтайдың күн дөңгелеп,
Альпинистер барады шыңға өрмелеп.
Жалаң қия,
Жақпар тас жап-жалаңаш,
Алмағайып береді кімдер көмек?
Тік шаншылған найза шың,
Құлама құз –
Шыбын таяр шыңылтыр!
Сұрамаңыз!..
Қылдырықтай арқанды саумалаған
Жүрек жұтқан жандар-ау, сірә, нағыз?!
Жастық қуат,
Лаулаған қайрат бойда
Қылға ілінген тағдырын ойлатпай ма?
Кәрі қойшы қасымда күңкілдейді:
«Еріккендер!
Одан да қой бақпай ма?»
Шыңға шыққан жандарға құмартам да,
Тіс жармаймын,
Кәріге кінә артам ба?!
Альпинистер биікке тырмысады,
Қосақталып барлығы бір арқанға.
Табан тірер тас тауып тақыр шыңнан,
Тарландар-ай,
Өтуде батыл сыннан.
Үрейі ұшып қарайды жоғарыға,
Төмендегі талайлар батырсынған.
Шалқайғанда бөркі ұшып басындағы,
Күңкілдейді қарт әлі қасымдағы:
«Шың басына шыққаннан не табады,
Тығып қойған бар ма екен асылдары?»
Болмаған соң еш пайда түсірерлік,
Түсінбейді жай затты түсінерлік:
Пайдасының бар-жоғын тексермей-ақ
Шыңға шық деп берілген кісіге ерлік!
Мөлдір көкте тұрғанда күн дөңгелеп
Ешбір пенде қала алмас бізден бөлек,
Тағдыр атты арқанға қосақталып,
Біз шығатын бір шың бар бірге өрмелеп...
ЖЫЛДАМДЫҚ НЕМЕСЕ
МОТОЦИКЛ МІНГЕН ЕКЕУ
Үш аяқ мотоциклдің
Көсігінде бала отыр,
Бесігінде шал отыр.
Тізгіндегі ұлы мәз,
Шалдың шыбын жаны отыр.
Мотоцикл зулайды,
Жел құлақта шулайды.
Долы желдің екпіні
Шалдың көзін сулайды.
– Өлтіремісің, апыр-рым,
Ақырын жүр, ақырын!
– Ақырын жүріп келеміз,
Жылдамдық – жүз-ақ шақырым!
Бала газды басады,
Шал шошынып сасады.
Дөңгелектің астынан
Жол зымырап қашады.
– Жындандың ба, немене,
Жай жүр, өлгің келе ме?
Бала күлер қарқылдап,
Шал қушияр қалтылдап...
Жас кезінде жүйрікпен,
Қасқыр қуып шүйліккен,
Желден озған мына атай,
Үрейленді-ау, ұят-ай!
Жас көңілді тасытқан,
Қарт көңілді жасытқан
Жылдамдықтың қуаты-ай!..
ТҮСІМДЕ БАЛА БОЛЫППЫН
Түсіме бүгін кірді ауыл,
Түсімде жүрдім бала боп.
Басымда ой жоқ зілмауыр
Жанымда мұң жоқ, нала жоқ.
Пәтерден көшкен пәтерге,
Пендесі емес қаланың,
Тойынған бал мен шекерге
Еркесі екем даланың.
Емшектен шыққан балама,
Жүргем жоқ тіпті сүт те іздеп.
Кілегей тартқан анама
Тұр екем деймін «жұтқыз» деп.
Түсімде қудым көбелек,
Қиналып шабыт қумадым.
«Ақынмын мен, – деп, – керемет!..»
Ешкімге кітап жумадым.
Балалық деген осы да,
Ойнаймын, ой да бақпаймын.
Көп ішіп кеткен досыма
Күйініп ұрсып жатпаймын.
Жылғада жүзер қайығым,
Жағада жортам бүлкілдеп.
Тергемес мені зайыбым:
«Түнімен қайда жүрдің?..» деп.
Баламын, міне, түсімде,
Ысқырып айтам өлеңді.
Білмеймін тіпті, ісім не,
Қасірет, қайғы дегенді.
Шіркін-ай, қандай ғажайып,
Балаға қайта айналу.
Санаңнан салмақ азайып,
Алаңсыз көңіл жайлану.
Саяхат жасап оралдым,
Балалық деген жұмаққа.
Жатырмын келмей оянғым,
Ояну қажет, бірақ та!..
ТАЯҚ САТЫП ӘПЕРШІ
Қасына әкем шақырып бүгін мені,
Қалың ойын үркітіп түріндегі:
– Буын қақсап,
Аяғым бастырмай жүр,
Таяқ сатып әперші, ұлым, – деді.
От пен суды көп кешкен майдангерді,
Қайырлатқан кәрілік қайдан келді?
Еуропаны жаяу-ақ кезген сарбаз
Ыңылдайды еріксіз «әудем жерді».
Есіме алып сонда мен өтемеген
Парызымды
Әкеме мәпелеген,
Бала күнгі өзімді елестеттім:
– Ойыншық сатып әперші, әке, – деген.
РОЯЛЬ
Қандай
мынау рояль мөлдір еді?
Қара түннің бояуын төндіреді.
Қақпағы ашық.
Қаптаған клавишке
Қалың ойда пианист телміреді.
Басқанында бұл күйші клавишті,
Тыңдаған жан пейіштен бұлақ ішті.
Саз шалқитын сиқырлы саусақтардан
Ләззаты пейіштің рәуішті.
Клавиштер
Бірі – ақ,
Бірі – қара,
Бірі – шаттық,
Бірі – ой,
Бірі – нала.
Бейне бұған тұрғандай «еркелет» деп,
Секілденіп рояль тірі бала.
Ақ пен қара тілдері клавиштің
Самайына ұқсайды пианистің:
Қарашаны көп көрген қара орманның
Қылаңытып басқандай қырау үстін.
Қара мен ақ қалайша жарасады?
Жамылғандай аппақ қыз қара шәлі.
Тіл қатады күйшіге қарсы алдынан
Махаббатқа өртенген бала шағы.
Өз-өзінен күйсандық күмбірлейді,
Қайғысынан кісінің дым білмейді.
«Жас еді ғой күйшіміз, өрт еді ғой,
Қырау басқан самайын бұл кім?» – дейді.
Күн нұрындай күй саулап тұнық көктен
Арқа қозып, күйшіден ырық кеткен.
Әттең, дүние-ай, шалқып бір ойнар еді-ау,
Зұлым соғыс бір қолын жұлып кеткен!..
Қарсы алдынан өрбіген ноталары,
Оқиды да жүрегі от алады.
Теңіздейін толқыған асау сазды,
Көзбен көріп,
Көңілмен қотарады.
Алай-дүлей күй кернеп көмекейін,
Алмақ болып,
өмірден көп өтеуін.
Клавишке шабытпен төнді күйші,
Кетті ұмытып қолының жоқ екенін?!.
ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ПОРТРЕТ
Өзін-өзі ұнатпайтын бір адам
Өзін-өзі іштей мінеп, сынаған.
Жардың түбін үңгіп жатқан толқындай
Жегі сезім жолдас болып жүр оған.
Бірі шалып,
Бірі демеп – құласа,
Ішінде оның қос толқын жүр ұласа.
Өзін-өзі сынағанда серпіліп,
Шамданады ол басқа біреу сынаса.
Ішінде оның қос сезім бар арбасқан,
Бір-бірінің жағасына жармасқан.
Кейбір шақта ұқсатады ол өзін
Жап-жасыл жас самырсынға қар басқан.
Шөп жұлып ап тротуар жігінен,
Иіскеп кейде көз ілмейді түнімен.
«Аңсар болсаң ауылыңа қайт...» – дейді
Жақын бір үн жүрегінің түбінен.
«Қала жақсы, қайтпа, – дейді басқа үн, –
Сен жыр үшін ауылыңды тастадың».
Қос кеменің құйрығынан ұстап ап
Ол жүзгендей тіршілікте қас қағым.
Құштарлана, қуана да біледі,
Нәп-нәзік те, қатал оның жүрегі.
Абайсызда айтпас сөзді айтып қап,
Өз арынан жаза тартып жүреді.
Қаршадайдан қатыспаған аз бәйгі,
Ілуде озып, көбіне-көп озбайды.
Сәл мақталса өзіне-өзі ырза боп,
Өз бетінен өзі сүйе жаздайды.
Қашқан кім бұл басталмастан төбелес,
Сасқан кім бұл асқынбастан ерегес...
«Сол – өзіңсің!..» – дейді маған бір дауыс,
Басқа дауыс дейді маған:
«Сен емес!..»
ЖЫР ҮШІН
(Ішкі диалог)
«Жыр үшін,
Жыр үшін мен жаратылғам,
Жанарым Парнас жаққа қаратылған.
Ілияс, Қасымдардың қалқасынан
Көрінбес көген көзге дара тұлғам,
Бәрібір, жыр үшін мен жаратылғам.
Келмеппін бұл өмірге шайқау үшін,
Келіппін сұлулықты байқау үшін.
Әзірге ештеңем жоқ мақтанарлық.
Жұртымды жарылқапты қай табысым?..
Бәрібір, мені ақын деп айтары шын...»
«Аптықпа,
Сап-сап, ақын, деміңді бас,
Ғұмырың жыр жолына берілді рас.
Кәріге зейнет құрлы жәрдемі жоқ,
Сөздерің кімге дауа сенің құлаш?
Аптықпа,
Сап-сап, ақын, деміңді бас.
Құрғақ сөз – кілем емес – төсегенің,
Біреуге пайдалы ма осы өлеңің?..»
«Жырыма тағдырымды тапсырғанмын,
Өлеңім өлсе өзім де қоса өлемін.
Жығылдым жазғанына пешененің!..»
«Алдыңда көп қой әлі ашар кенің,
Ақын-ау, жығылатын нашар ма едің?
Алайда кеспе жолын,
Озар болса,
Өзіңнен әлдеқайда жас әлдекім,
Жүйріктің жолын кесер нашар ма едің?..
Қаймағын сезіміңнің сүз дегендей,
Шөліркеп жырларыңа тұз жегендей.
Жырыңды жұртың іздеп жүрсе деймін,
Дефицит дәрілерді іздегендей!»
...Басқа арман болар еді бізде нендей?!.
КАРДИОГРАММА
Жаспын ғой әлі, жүрегім неге ауырды?
Ақсақалдардай арқалағам жоқ ауырды.
Жаспын ғой әлі жанымның өрті лаулаған,
Қуантар шағым осы ғой менің қауымды.
Жүрегім неге, жүрегім неге ауырды?..
Беймаза басты тауға да ұрдым, тасқа да,
Өзімше болдым ұқсамасам деп басқаға.
Ағаларым мен құрбыларыма еркелеп,
Ақсақалдарға имене бардым жасқана.
Ақын деп мені таныды асқақ астана.
Болаттай берік төзімім бар деп жүр едім,
Бүк түстім неге,
Сыр берді неге жүрегім?
Лермонтовтың жасына жаңа жеттім ғой,
Мартыновым жоқ,
Жоқ және шыққан дуэлім,
Шаншиды неге, шымшиды неге жүрегім?
Жаспын ғой әлі,
Жаспын ғой, міне, қарашы,
Заманым осы,
Жанымның қайсы жарасы?
Ақын деп бізді ауырға салмай әуектеп,
Әуейі болып әлсірегем-ау шамасы,
Ауырушы ма еді, әйтпесе ауыл баласы?..
Таныс боп жастай толайым ыстық, суықпен,
Жүрмін бе мүлдем мазасыз ғұмыр сүріп мен?
Қайраткерлердей халықтың қамын ойлаған
Мемлекеттік келіссөздерден шығып па ем?
Ауырды неге, ауырды неге жүрегім?..
АҚ ТЫШҚАНДАР
Аткөпір жем,
Ағыл-тегіл су дағы,
Ақ тышқандар, ай-хай, аунап-қунады.
Мұнша бақыт бітпеп еді туғалы,
Басталды-ау бір бейбақтардың думаны.
Бейне бейіш –
Питомниктің ішінде,
(Көрді дейсің қайбір тышқан түсінде?)
Қауіпті емес, мысық түгіл, кісің де, –
Қарайды Адам қайырымды пішінде.
Тышқандардың тірлігіне тәнті боп,
Қамқоршысы қасында жүр сан түнеп.
Әр таң сайын ақпар жазар алты бет:
«Жағдайлары жақсы бүгін, жалпы» деп.
Күллі тышқан қоңданыпты уайым жоқ,
Кісі көрсе құнжыңдайды қайыл боп.
Қамқоршысы байқады да жәйін кеп,
Түртіп алды: «Тәжірибеге дайын!» деп.
Тәжірибе...
Әлекедей жаланып
Қамқоршылар қарнын жарды қан алып.
Жатты артынша жер жүзіне таралып
Сан тышқанның басын жұтқан жаңалық.
Сезбесе де қанша ғұмыр сүрерін,
Жатты тышқан,
Тірлік түбі – бір өлім.
Операция столында
Білерім –
Ойнап өлді ол адамзаттың рөлін.
АБАЙҒА
Бір сезім бұған дейін арбаспаған,
Қолыма алдырғанда алғаш қалам,
Жырыма тырнақалды қуанғанмын
Колумбтай құрлықты ашқан жан баспаған.
Әр сөзі меруерттен соғылатын,
Өзімді сезінгенмін «ең ұлы ақын».
Сол бір кез енжар ғана тыңдаушы едім
Эфирден естілгенде сенің атың.
Буына балқып кетіп жас арманның.
Классиктер тобына «қосарландым».
Әдейі әдебиет сабағында
Жырыңды жаттамай кеп екі алғанмын.
Әлі ешбір қырбық мұртым қырылмаған
Кезімде қызға тұңғыш қырындаған.
«Мен үшін Абайдайын ақынсың» деп,
Тоғжан қыз құшағымда сыбырлаған.
Жетелеп астанаға шіркін арман,
Өлең-жыр жүрегімнің ырқын алған.
Төрінен Алматының сені көріп,
Асқақтап былай деп те жыр шығарғам:
«Ассалаумағалейкүм, Абай баба,
Тұрсың сен тізе бүкпей қалай ғана?..
«Сандуғаштай сайраған сотқар кім?..» деп
Сықпытыма сұқтанып шам ойлама.
Мен сенің құдіретіңді өзімше ұғам,
Аз менде сендегі мол төзім-шыдам.
Тіріліп тұғырыңнан сәлемімді ал,
Әйтпесе, сол тұғырға өзім шығам»...
Ақымақ, мас көңілдің тойынғаны-ай,
Сонда да тұрдым сені мойындамай.
(Сол сәтте маған тисе обал жоқ-ау,
Содырдан саған тиген сойыл, баба-ай).
Мың есе биік тұрған пақырлықтан
Көрмеппін құдіретіңді соқырлықтан.
Қазір мен құлдық ұрған шәкіртіңмін
Өзіңнің өлеңіңнің отын жұтқан.
Өмірді күрес емес, сайран көрген
Сыздайды кейбіреуге қайран кеудем.
Төрінде өзің тұрған Алматыға
Осы бір Көжекбайлар қайдан келген?
АУЫЛ МЕН ҚАЛА
Ауылдың бәрін ертең біз
Айналдырамыз қалаға.
Қора-қопсыны өртерміз,
Ескіні құртпай бола ма?!.
Қалалық болып төрт түлік,
Зауытта баптап бағылар.
Түсіне жайлау, шөп кіріп,
Малшысын, мүмкін, сағынар.
Адам ше...
Адам берік қой,
Ауылды қайтсын сағынып?
Техникаға жерік қой
Сонымен жүрер сабылып.
Киіз үй көрсек музейде
Аспаннан түсе қалғансып:
«Тұрды-ау деп сондай үйлерде
Айтар ма екенбіз мардамсып.
Бір кезде біреу
Әрең деп
Архивке көп жыл қадалып,
«Болыпты қымыз деген» деп,
Ашатын шығар жаңалық.
Ол кезде, бәлкім, айналар
Жер-көктің бәрі қалаға.
Кейбіреу, мүмкін, ойланар
Кездесіп жұпар далаға.
Қыр желі сүйіп бетінен
Айтар ол келіп қауымға.
«Қаланы енді шетінен
Айналдырсақ, – деп, – ауылға!..»
БАҚ ІШІНДЕГІ ҮЙ
Шатыры қалқиған,
Ескі үй тұр жалпиған
бақ ішінде.
Қызығы, шыжығы,
Қызыры, қызуы –
бәрі ішінде.
Шалқитын, тасатын,
Шабытты жас ақын –
үй иесі,
Қоңырқай айлығы,
Жоқ және байлығы,
дүниесі.
Осы үйде жалға алған
Аумай ол хандардан
алшаңдайды.
Бөгденің күйіне,
Сарайдай үйіңе
тамсанбайды.
Қалаға көшті енді
Кешегі көшпенді
қыр қазағы.
Шабыты – арғымақ,
Әлемді алдына ап
жыр жазады.
Әйнектен төнеді,
Ай нұрын төгеді
өлеңіне.
Сол сәтте қас-қағым,
Ақынға басқаның
керегі не?..
Асқақ бір күйге енер,
Әлемді билеген
патшадайын.
(Ханшасы төсекте,
Жыр жолын есептер –
ақша – уайым...)
Тоғаяр көңілі
«Жаздым, – деп, – ең ұлы
поэманы».
Таңертең – ұлы емес,
Патша емес, түк емес –
оянады.
Ендігі іс «патшаға» –
Апару бақшаға
жас баласын.
Соңында қалқиып,
Қалады жалпиып
баспанасы...
ЖЕР МЕН АДАМ
Келді өмірге жас бала,
Қадам басты жасқана,
– Тәй-тәй, – деді Жер-Ана.
Есейді де шарқ ұрды,
Ғашық отқа шарпылды,
– Пай-пай! – деді Жер-Ана.
Жігіт болды, жар сүйді,
Қызық көрді әрқилы,
– Ой-хой! – деді Жер-Ана.
Көрді сосын соғысты,
Қасымен қан төгісті,
– Қой! Қой! – деді Жер-Ана.
Кен қопарды, жер жыртты,
Жарылқады ел-жұртты,
– Балам! – деді Жер-Ана.
Канал тартып, тырбанды,
Баққа орады қырларды,
– Панам! – деді Жер-Ана.
– Қазынамды, нәрімді
Байлығымды, барымды,
Сен ал, – деді Жер-Ана.
Дәурені өтті, қартайды,
Буынынан әл тайды,
– Дем ал! – деді Жер-Ана.
«Эллада» топтамасынан екі өлең
Зевстің тойы немесе түнгі теңеулер
Аспанның қиғаш қасындай,
Дидарын бұлтқа жасырды Ай.
Шашырап жатыр жұлдыздар,
Терілмей қалған шашудай.
Жайнап тұр аспан моншақтай,
Жұлдыздар – күміс бауырсақтай.
Теректер – соны терсем деп,
Созылып тұрған саусақтай.
«Жатыр, – деп – тойға жұрт келмей»,
Құс жолы сырын іріккендей.
Аспанды ақ бұлт сүртеді
Айнаның жүзін сүрткендей.
...Көктегі тойға бар әлем
Қамданып жатыр
Қарап ем...
Шақырса Зевс
Мен дағы
Осы бір тойға барар ем!
Қажи ұста
Қажи еді біздің ауыл ұстасы,
(Жас жағынан осы ғасыр тұстасы).
Тұрушы еді күмпілдетіп көрігін,
Бір қолында балғасы, не қысқашы.
Қашан көрсең қара терге малшынып,
Көрігінен қара түтін, шаң шығып,
Қара төсті соғушы еді құлаштап,
Қарымынан қара темір жаншылып.
Батпан балға жер сілкінте гүрсілдеп,
Басқан сайын балуан көрік күрсінбек.
Жататұғын ұстахана сол шақта,
Жер жүрегі секілденіп дүрсілдеп.
Зіл түренді зіркілдетіп соққанда,
Қызығушы ек шашыраған шоқтарға.
Көрінетін құдіретті Гефестей
Қажи ұста қайраттанған шақтарда.
Гефесің не?
Алыптан да отты адам,
Ол өткенде бүкіл өңір жоқтаған...
Гефест құсап
Прометейдей досына
Ешқашан ол қанды кісен соқпаған!
АҚЫРАПТАҒЫ ЖАПЫРАҚ
Ақырап келді ақырып,
Бақсыдай жынын шақырып.
Жапырақ – тілін
Ағаштың
Ұшырды көкке сапырып.
Жұлынған тілі жас шынар,
Мылқаулыққа да бастығар.
Бастығар,
Іштен тас тынар,
Қабығын, бәлкім, жас шылар?
Жұлқынып тұрған жүйрік тіл,
Жұлындың,
Желмен құйғыт бір!
Сөйлейтін кезде судырлап,
Мылқау боп қалған тірлік бұл.
Жезтаңдай құстай сайраған,
Араша түсер қайда Адам?
Орнында ма деп өз тілім
Отырмын қарап айнадан...
Аққұла болды атырап,
Алқынба енді,
Ақырап.
Жалғанның жоғын жоқтар ма,
Аузымда қалған жапырақ?!
ҚАСҚЫР МІНЕЗ
«Бөрілі менің байрағым...»
Сүйінбай
Қақпанға түскен қасқыр қапы қалып,
Шайнады өз аяғын жатып алып.
Кеудесін қара түннің күйдіреді
Күйінген көздерінің оты жанып.
Қасарған қақпанды да қауып көріп,
Ырылдап, қанды езуден ағып көбік,
Ызадан қалш-қалш етіп тың тыңдады
Қайырымсыз қара түннен қауіптеніп.
Аңысын аңдығандай жорта қашып,
Шырқауда жұлдыздар жүр анталасып,
Қанжардай азулары қарш-қарш етті
Қайрансыз қайран арлан жанталасып.
Қиылған тамырлардан қан шұбырып,
Қиналды тағдырының нарқын ұғып.
Қасқырдың намысымен жан ұшырды
Тұрғандай құлағында қаншық ұлып.
Қарамай қан қақсаған жарасына
Аяғын шайнап үзді аласұра.
Өз қолын өзі кесер сол мінезді
Адамның берер ме еді баласына!
ОТЫЗҒА КЕЛДІК
От басып жүріп ойланбай,
Отызға кеппіз біз дағы.
Қара мен ақты айыра алмай,
Көкірек талай сыздады.
Желігіп думан-дырдуға,
Жүрген жан қалай аңғармақ –
Кете де жаздап құрдымға
Шықтық-ау талай тал қармап.
Қалмады бізден қателік
Қозыдай болып жетімек.
Оған да кетті ет өліп,
Апыр-ау, неткен соқыр ек?!
Сонда да жүрдік сақтанбай,
Жасайтын жандай жақсылық.
Басылып келе жатқандай
Жынымыз жиырма бақсылық.
Жастықтың күні кешкірді,
Солығын басты махаббат.
Есіріп жүріп,
Ес кірді
Сәбидей жеген шапалақ.
Кеудемде қалып қойғандай
Көктемнің соңғы ызғары.
От басып жүріп ойланбай
Отызға келдік біз дағы.
Тағдыр-ау,
Сонша жауыз ба ең,
Қабағың неден суынды?
Сан рет күйген ауызбен
Тағы ішсем бе екен уыңды?
ҚАЙРАҚ ПЕН ҚАНЖАР
Серілік тірлік
Қиын екенін түсіндім,
Ең ірі құрлық –
Үйім екенін түсіндім.
Қайырылмас қасым –
Тиын екенін түсіндім,
Айырылмас досым –
Миым екенін түсіндім.
Көңілдің кейде
Дөнен емесін түсіндім,
Өмірдің бейне
Өлең емесін түсіндім.
Қабір де сонша
Терең емесін түсіндім,
Тәңір де онша
Керең емесін түсіндім.
Жүйкенің жібі
Темірге айналарын түсіндім,
Жүректің түбі
Көмірге айналарын түсіндім.
Дәуірдің мұңы
Кемірген сайын жаныңды,
Алмас қанжардай
Өмір қайраларын түсіндім.
МЕНІҢ ФАМИЛИЯМ
«Оразбайдың ақын ұлы»
Деген атқа лепіріп,
Астананың шақыруы
Тынышымды кетіріп.
Ауылымнан жастау кетіп,
Жеттім үлкен қалаға.
«Ұлы ақын Ұ. Есдәулетов!»
Деген арман санада.
Саяқ жүріп, дала безер
Сал-серілеу дағдыммен,
Сыра қуып, қала кезер
Студент боп алдым мен.
Кафелерде соғып кеуде
Күпілдедім, мақтандым.
Есенинше сөніп кейде
Кетуге де шақ қалдым.
Бір бөскен соң дес берем бе,
Желмінез ем ұшқалақ –
Милиция Өскеменде
Ақыл айтты ұстап ап:
– Әкең болса – полковник,
Тәртіп бұздың, бұл қалай?
Көрсетпе енді ерке қылық,
Фамилияңды былғамай...
Қонақүйге кештеу жетіп,
Кейін естіп күлгенім:
Мен білмейтін Есдәулетов
Бастығы екен түрменің.
Ердім бірде қарасын боп
Мұқағали жанына.
«Есдәулеттің баласы» деп
Таныстырды ол жарына.
Құшақтады Лашын кеп:
– Бармысың, – деп, – бауырым?..
Жыласын кеп, сұрасын кеп:
– Аман ба, – деп, – ауылым?
Жауап таппай бұға бердім,
Міңгір-міңгір шатылдым.
«Балдызы» боп шыға келдім
Мұқағали ақынның.
– Мұқа, – дедім былай шыға, –
Әлгі Есдәулет кім еді?
– Алжастырды-ау құдай, сірә... –
Мұқаң мырс-мырс күледі: –
– Ақын шалдың ұлы ма деп,
Шатасқам-ау, шырағым.
– Ол басқа ғой,
Шыны керек,
Менің әкем – мұғалім!
– Біз бүлдірдік, енді үндеме,
Жатыр қазан асылып.
Айта көрме сен бірдеңе,
Қоя салғын жасырып.
Шындықты айтсаң –
екеуімізді
Түк татырмай қумай ма?
Туыс қылған екен бізді,
Туыстықты жумай ма?..
Балдыз болып соныменен,
Бал шарапты сіміргем.
Мұқаңды ойлап тебіренем,
Сағынамын бүгін мен.
«Алматыдан Мәскеу кетіп»,
Байсалды бір күйге ендім.
«Ақын Ұлықбек Есдәулетов»
Деген атқа үйрендім.
Түрмешінің жалғызының
Түспесе де құны әлі,
Мұқағали балдызымын! –
Дей салғым кеп тұрады!..
* * *
Тағдырым тағы қырын қарады,
Қырын-ақ, мейлі,
қарасын.
Бақытымның да бұрылмағаны
Тырнасын жанның жарасын.
Көңілім аппақ парақтай еді, –
Біреулер жағып күйесін,
Тонап та мені,
талап та мені,
Әркімде кетсін үлесім.
Ала жібінен аттамасам да
Ала көзімен атқанға,
Ешкімге мысық сақтамасам да
Иттерін ырылдатқанға.
Бәлемнің шиі шығып жүрсін деп,
Өсегін қаулатқандарға,
Қасқимай,
аздап бұғып жүрсін деп,
Кесегін заулатқандарға,
Күйінбен енді!
Жасымаймын да,
Кетпейді енді ештеңем.
Жырымды мұңмен асыраймын да,
Тек... үйге қаңғып кеш келем.
Кіремін күміс қарлы баққа мен,
Айғайымды ішке іркемін.
Келгендей шауып арғымақпенен
Буланған көзді сүртемін.
Айналам –
әсем ағаштар ғана
Толғаған тату тірлігін.
Тамыры жерге таласқанда да
Сүйейді-ау олар бір-бірін.
Аяңдап сосын зиратқа келем,
Иілер бір сәт өр басым.
Құлпытас болсам –
қирап қалар ем,
Шыдаймын адам болғасын.
* * *
Кезім бар менің іштен тынатын,
Кітаптай ешкім парақтамаған.
Кезім бар кейде
Түссем – сынатын.
Айнадай алтын жалатпалаған.
Ашынсам кейде садақ та болам,
Қылыштай тіпті жалақтап алам.
Өш ала алмаймын ешкімнен, бірақ
Өшімді келіп шараптан алам.
Қалқансыз көңіл, сауытсыз жүрек,
Қалады кейде жазықсыз жүдеп:
Ақ түнде жауған ақша қарымды
Тастайды біреу жарықсыз күреп.
Өкпе-бауырым суырылады,
Өмірге кейде қарағанымда.
Қарадай апшым қуырылады,
Жарамды иттей жалағанымда.
Отқа жанбайтын, суға батпайтын
Құз болып сосын төніп бағамын.
Отқа жанбайтын, суға батпайтын
Мұз болып, бірақ еріп қаламын...
* * *
Мен туыппын ақпандатқан боранда.
Ізтай
Арбатта емес,
Мен туыппын арбада,
Жол үстінде шыр етіпті сар бала.
Арнап жүрген ақсарбас қой қалжаға
Дәл сол күні жем болыпты қарғаға.
Мен туды деп миземепті нар дала,
Күн де басын иземепті таңдана.
Ертістің де ақ толқыны жалдана
Жылдағыдай жосылыпты арнада.
Мен туыппын, жол үстінде, арбада,
– Сүйінші! – деп жазбапты ешкім жарнама.
Қалжа таппай тұрғанда әкем арлана,
Жалғыз қойын жайратыпты жарлы аға.
Мен туыппын жол үстінде,
арбада,
Май қарсаңы, сәуір айы, жер қара.
– Кім екен? – деп,
– Туыпты, – деп, – ер бала!
Бір серпіліп қалысыпты ел ғана.
Жеткізсе де арлы әке мен жарлы аға,
Сан адастым,
сан соғылдым жарға да,
Сан таңылдым өзім туған арбаға
Сан жем болдым қиянатшыл қарғаға.
Қатарымнан қалыспадым қармана,
Қанағат қып өстім жоққа,
барға да.
Көктемдегі көктің бұлты торлама
Аспанымнан айыққан жоқ сонда да.
Жол үстінде келеді әлі сол бала,
Жол үстінде өледі әлі сол бала.
Кешіріңдер, Арбат,
Лувр,
Сорбонна,
Маған ыстық өзім туған сар дала!
* * *
Қан сонардай қарлы күнгі,
Жазғырмаймын тағдырымды.
Бір кісідей сүйемін мен
Беу, адамдар, барлығыңды.
Көргенімде нарлығыңды
Жүрегімде жан жүгірді.
Көргенімде тарлығыңды
Көздерімнен қан білінді.
Хан да емеспін,
қара да емен,
Дарыным да дара демен.
Көріпкел боп көргенім жоқ
Не де болса бара көрем.
Бала да емен, аға да емен,
Күтпеңдерші баға менен.
Күндей жылы дидар көрсем
Күншуағын ала берем.
Бұл бір өмір –
жеке шынар
Басы бұлтқа жете сынар.
Аққа қара жұқпайтынын
Дәлелдеумен өте шығар.
Жазғырмаймын тағдырымды,
Жаздырмаймын жарлығымды.
Жалғыз өлең
жазсам жетер,
Қан сонардай қарлы күнгі...
ЕМЕН
Қажамаңдаршы құр босқа,
Жетеді қайғым бір басқа,
Мөлдірер еді лай су
Менімен жақын сырласса.
Жүректе жатыр сүрі қар,
Жанымды бірақ кім ұғар?
Жаралған жоқпын темірден
Жалын мен мұздан шынығар.
Жаралған жоқпын тастан да,
Жайраймын сөзбен осқанда.
Жапырағын жайған емендей
Жанымды жайғам аспанға.
Жаралған жоқпын еменнен,
Жаралған жанмын өлеңнен.
Нар емен құсап қапыда
Найзағай түсіп өлем мен!..
* * *
Осы мен осы,
көп күліп,
Еркелеп кеткен жоқпын ба?
Дарынымды өзім доп қылып,
Ертерек тепкен жоқпын ба?
Ұшуды білген қаршыға
Қона да білсе жөн болар.
Тасты да тесер тамшыға
Төселе берсем нем қалар?
Осы мен осы,
көп тасып,
Сарқылып қалып жүрмейін?
Жиірек кеттім шоқ басып,
Шарпылып, жанып жүрмейін?
Көрсоқыр болса жас кезім
Жайым жоқ оған ақталар.
Маңдайға біткен қос көзім
Міндетін енді атқарар.
Есігі ашық кеудеме
Еніпті нұр да,
тозаң да.
Жаппаймын оны мен неге
Өкінбей тұрып тез онда?
Ақындық –
ашық есік қой,
Жо-жо-жоқ, тұрсын, жаппаймын!
Тозаң да болса несіп қой,
Тазартып оны жатпаймын!
* * *
Көңілін табам ба деп әр адамның,
Көшелі кішілікпен қарағанмын.
Жайдақ су,
Жайылмадан тапқаным сол,
Жүн болып жүйкем бүгін жараландым.
Талпындым әр жүректі түсінбекке,
Зәуіде зая болды күшім текке.
Біреулер бөктергімен
бөрліктірді,
Көлбетсем көңілімнің құсын көкке.
Жалбақтап жұртым, әсте,
жан бақпаған,
Ендеше несіне мен жалбақ болам?
Жетеді өзімді-өзім тұсағаным,
Құрысын алдын-артын салмақтаған.
Жетеді мінезімді жасырғаным,
Тот басып тозар болды асылдарым.
Төбелер
жанартауға айналатын,
Кешірмей кір табанға басылғанын.
Тағдырдан сыйым қайда күткен менің,
Жетеді өзіме өзім тік келгенім.
Онсыз да пердесі көп дүниеге
Пердемен қарағаннан түк көрмедім.
* * *
Меңіреу болу менің ісім бе,
Мүжіген қаңқу –
миымда.
Жеңісім менен жеңілісім де,
Мәлім боп жатыр қиырға.
Қалтарыс маған қол емес екен,
Жалтарыс жанды сақтар ма?
Орыным – майдан, төбелес екен
Арпалыс жүріп жатқанда.
Жарақатым көп елемей жүрген,
Жүректен қаным ақса да.
Ешкімді итке теңемеймін мен
Өзімді қауып жатса да.
Жұдырық барда төбелесемін,
Қашанғы күшті іркермін.
Тұмсықтың қанын елемес едім,
Жүректің қанын сүртер кім?..
ҚАЖЕТІ ЖОҚ
Қажеті жоқ!
Ашымасын жандарың!
Мейлі мені алдап кетсін арманым,
Мейлі менің өртке кірсін орманым,
Тұман басып, тұлан тұтсын таңдарым,
Сағым сынып, аласарсын заңғарым,
Аямаңдар!
Ашымасын жандарың!
Тағдырына тәнті болмай қарғаның,
Қырандардың қиян жолын таңдадым.
Тартсам тағы қателіктің зардабын,
Түкпірімде тұншықса да арманым,
Аямаңдар!
Ашымасын жандарың!
Жүре бермей жайбарақат – арқайын,
Өз жүгімді өз жотама артайын,
Қорқар болсам, өз арымнан қорқайын
Тартар болсам өз сорымнан тартайын,
Аямаңдар!
Ашымасын жандарың!
Тәуекелден таланымды табайын,
Құнжыңдамай, қанатымды қағайын.
Қуарғанша,
Қурағанша самайым,
Тағдырыммен тайталасып бағайын,
Қажеті жоқ! Ашымасын жандарың!
ДОСТАРЫМ
Сендердің орталарыңда
Жайраңдап жүрем,
Жайраңдап.
Сендердің арқаларыңда
Өмірім кілең сайран бақ.
Жабырқап
Жалғыз қалғанда,
Қол үзіп кейде сендерден,
Сарнап бір байғыз орманда
Өзімді соған теңгергем.
Сонау жыл балғын көрінген
Сезімдер бүгін сірідей:
Айырылып қалдым көбіңнен
Өлідей... және...
Тірідей...
Сергелдең болған
Серілік
Сиреді – айтсақ жасырмай,
Селменен кетті-ау сейіліп
Сабаздар сайдың тасындай.
Достарым –
Тағдырластарым,
Сендерсіз бақыт құрсын да.
Жиылып сайдың тастары,
Айналар ма едік бір шыңға!
АҚ САМАЙ
Ақ түсіп қапты самайыма
Шымқанған шыңдай мұз-қарға.
Ақталам не деп ағайынға,
Не бетімді айтам қыздарға?
Қайда барса да күліп кірген
Қалпымда қалып бағайын.
Қылшылдап тұрған жігітпін мен,
Қылауланса да самайым.
Отыздан астым,
Бірақ тағы,
Баласың дейді ағалар.
Самайға қырау тұрақтады,
Түрі жоқ еріп жоғалар.
Ағарса, мейлі,
Мұны неге,
Сөз қылып, несін сасайын.
Ақ бояу аз ғой дүниеде,
Оған да үлес қосайын!..
МУЗА
Жанымды жатушы еді қузап өлең,
Жырақтап барамысың,
Муза, менен?
Қалайша өкпелете қойдым екен,
Қисынсыз қысыр сауған қу жақ емен.
Ешкімге ешқашан ор
қазыспадым,
Жасымнан тал бойымды таза ұстадым,
Сен келсең, бір-ақ сілтеп турар едім
Шатысқан дүниенің казустарын.
Өзіңді күткен сайын ұзағырақ,
Бұлданып бағар болдың,
Муза, бірақ.
Қайтеміз, – сен жалғыз да,
ақын мың сан,
Бәрі де тосып отыр тұзағын ап.
Десе де ақын – жұмбақ,
ақын – аңыз,
Сен келсең,
қайран Муза, қапыламыз.
От тиген құйрығына қырғидайын
Өлеңнің аспанына атыламыз.
Біреуге ерсі екен деп бұл теңеуім,
Қашанғы күлтелейін, білтелейін.
Сен келсең кең сарайға айналады
Тар бөлмем ормандағы күркедейін.
Өмірдің өзің жоқта өңі сынық,
Тұрады тар қиямет қол ұсынып,
Ақыннан жаутаң қағып жәрдем күтер
Деміккен жер-дүние демі суып.
Адамның бәрі туыс,
бәрі бауыр,
Көтерер қасіретті халық ауыр.
Адамзат аманатын арқалаумен
Арқасы ақындардың әлі жауыр!
* * *
Алабұртып отырмын мен бұл шақта,
Отырмын мен әлденеге сусап та.
Көкейімде бүлкілдейді бір сұрақ,
Сәбидейін бүлкілдеген құрсақта.
Серпілмеймін,
Қуанбаймын, күлмеймін.
Не нәрсеге сусадым мен? – Білмеймін.
Атжүйріктей босағаға жабысқан
Жүрегіме жабысып тұр тілдей мұң.
Терезеден кең көшеге көз салам,
Бірақ маған бағынбайды өз санам.
Айтарыңды айтсаңшы енді, қайран тіл,
Арқа-басың босады ғой,
сөз – саған!
Тыста аппақ қар жапалақтап жауар тік,
Бірақ маған
ой салмайды олар түк.
Аспан анау тілін жұтып қойғандай
Аңыраяр ала көзін алартып.
Мұрсат алған сергелдең мен саудадан,
Кешкі қала. Көгінде қар аунаған.
Неге бүтін қуанбаймын қар жауса,
Неге бүгін кең дүние тар маған?
Жапалақ қар жауар дағы жай табар,
Көкейдегі сұрақты кім қайталар?
Тіс жармастай
Табиғат та тым-тырыс,
Тілін жұтып қойғаннан соң не айта алар?
АТА-АНА
– Шешең бар ма?
– Бар.
– Әкең тірі ме?
– Тірі.
– Бақытты екенсің, бауырым...
...Осы бір ауызекі әңгімеден
Марқайдым,
Жеңілейіп қалды денем.
Қашан да есіме алсам ата-анамды
Көңілім сағыныштан мөлдіреген.
...Аулақтан арман қуып тайғанадық,
Кәрінің қамын тіпті ойламадық.
Түйдік-ау:
«Қай бір жігіт ата-анасын
Жүрер деп қанжығаға байлап алып».
Даңқ пен даңғазаны қуып тәуір
Неге біз тарттық сонша суықбауыр?
Білмедік, түсінбедік
Болатынын
Жасқа – арман, ал – кәріге жуық қабір.
Баласын ата-анадан алыстатқан,
Құрысын мұндай арман табыс тапқан.
Кей-кейде туған үйді сағынғанда,
Қабады-ау кеңірдектен намыс-қақпан.
Мал-жаны, пенсиясы –
бәрі де бар,
Мейлі, жоғалтпасын әлін олар,
Иісіне перзентінің шөлдемей ме,
Ауырса тілдей хаты дәрі болар.
Елеңдеп кейуана мен отағасы,
Ауылда тұрып жатар соқа басы.
Бақытты ата-анасы бардың бәрі,
Алайда, бақытты ма ата-анасы?!
ӘКЕ ТУРАЛЫ ЖЫРЛАРДАН
Биікке біткен бәйтерек
Тереңге жайған тамырын.
Өткіздің бастан ертерек
Өмірдің долы дауылын.
Ойранға кірдің, от кештің,
Жаныңа түсті-ау жарақат.
Өліммен талай беттестің,
Шалдығып көрдің шарапат.
Туған жер деген ұяны
Суытпай дәйім жылы ұстап.
Бүркіттей шолып қияны
Биікте жүрдің тыныстап.
Әкеге қарап ұл өсер
Армансыз әке қайда бар?
Толқынға толқын ілесер,
Ғұмырға ғұмыр жалғанар.
Ойлаймын, әке, өзіңді
Қызарып барып күн батса.
Еске алам нұрлы сөзіңді
Жұлдыздар маған тіл қатса.
Еңкейген белге қарама,
Еңсеңді елмен биіктет.
Немерең жүр ғой қалада
Бетінен келіп сүйіп кет!
ЕКІНШІ ҰЛЫҚБЕК
(Әзіл)
Микрофонды мінбеден
Мен жайлы сөйлеп Тұм-ағаң;
«Талант, – деді, – бұл деген»,
Жырларым, сірә, ұнаған.
Жолығып кейін оңаша
Қолымды қысып, күліп кеп,
Арқамнан қақты балаша:
«Мықты ақынсың, – деп, – Ұлықбек.
Сүйреуге жетер күшің де
Ақындық алуан жүкті сен.
Лириктердің ішінде
Өзімнен соңғы мықты сен!»
Қуанып, тасып мақтауға,
Достарға жудым табанда.
Ақындар бықып жатқанда
Екінші болсам жаман ба?
Шынымен жырым ғажап па?
Өтежан айтты өлшемін:
«Өзімнен кейін қазақта
Лирик тумас деуші едім, –
Шығыпсың, міне, не керек
Жырыңа қыздар қырылар.
Ақын екенсің керемет
Өзіме жетіп жығылар.
Секілді Феттің өлеңі
Тұр екен жырың мөлдіреп.
Ұлылық – күтсең келеді,
Күтіп ем – маған келді!..» деп.
Қуанып мынау мақтауға,
Достарға жудым табанда.
Ақындар бықып жатқанда
Екінші болсам жаман ба?!
Бір күні келіп реті
Қеңшілік айтты: «Ей, бала,
Қазақтың тілін білетін
Өзімнен кейін сен ғана.
«Ырдуан арбаң» тым жақсы,
Теледидардан тыңдағам.
Сол сөзді менен ұрлапсың,
Кей сөзді мен де ұрлағам».
Бұл жолғыны енді намыс қып,
Дауласып сөзге жабыстық.
Жарасып сосын табыстық,
Арқаға тіпті қағыстық...
Қазір де міне талайлар
Мақтайды келіп көзіме.
Асырса дағы Абайдан,
Теңгермес бірақ өзіне.
Ұлылық сырын ашатын,
Шетінен түгел ең дана,
Ақынның бәрі – бас ақын,
Екінші – жалғыз мен ғана.
Бас изеп тұрып, мақұл боп,
Бәріне ашық пейілмен,
«Өзімнен соңғы ақын» деп
Абай да айтса деймін мен!..
АСЫҒЫСТЫҚ
Асықпайтын уақытта асығамыз,
Ақиқатты несіне жасырамыз?
Жолға шықсақ –
Жетуге асығамыз,
Жете салып, кетуге асығамыз.
Таңда –
Балабақшаға асығамыз,
Түсте – алар ақшаға асығамыз.
Мүлт кеткенді тергеуге асығамыз,
Біреу өлсе –
Жерлеуге асығамыз.
Таныса сап дайынбыз достасуға,
Амандассақ
Қайылмыз қоштасуға.
Үйлене сап жатамыз ажырасып,
Асығамыз болуға тағы ғашық.
Жағаласып,
сандалып,
сабылысып,
Жүгіреміз қашан да алып-ұшып.
Төзім құрып қалған ба,
Тағат тозып.
Жүрегіміз кеткен бе сағатша озып?
– Уақыт жоқ! – деп,
Уақытқа бас ұрамыз,
Осы біздер қай жаққа асығамыз?!
БАР ЕДІ МЕНІҢ БІР «ДОСЫМ»
(Сапарлас сыры)
Бар еді менің бір досым,
Жаныма балап жүргем-ді.
Аярлық сырын білгесін
Аулаққа салдым іргемді.
Әзілдеп оған бір өлең
Жазып ем – бітті!
Жауықты!
Кеудесі көкті тіреген,
Қасым боп шықты қауіпті.
Ысқаяқ досым тісқаққан,
Бастық боп бірде өсті де.
Қысқартты мені штаттан,
Әзілді сол бір кешті ме?
Бұл жерден кеттім басқаға,
Илікпес сұрын көргесін,
Сол жерге дағы,
Масқара,
Бастық боп келді сол «досым».
Қуылып тағы қаңғырғам,
Түстім-ау әуре-сарсаңға.
Сол «досым» шықты алдымнан,
Тентіреп қайда барсам да.
Көз жұмды кеше сол досым,
Айттым мен бүгін балама:
– Жерлеңдер мені,
Өлгесін
Аулаққа, басқа молаға.
Себебі:
Ондай сарамас,
Жатпайды тыныш, біле бер,
Бір күні тырдай жалаңаш,
Көрден де қуып жіберер...
ҚАЗАҚТАРДЫ ҚАЗАҚТАРҒА ТАНЫСТЫРУ
Қара суы ұйыған қазанына
Қайран қалмас ел бар ма қазағыма?
Қуанышын жүреді айырбастап,
Дүниенің азабы,
Тозағына.
Таңдай қағып отырып Чюрлениске,
Бір кебісті сұғады бір кебіске.
Жылы сөйлеп,
Ақ құйып шығарады,
Жыланның да басына кірген ішке.
Қайда бейнет,
Білмейді қайда рахат,
Қарық боп та қатырмас пайдаға қап.
Мың жасайтын сияқты көреді өзін,
Қашан болсын керенау, жайбарақат.
Шығарады қаласа аспанға Айды,
Мақтамасаң түкке де мастанбайды.
«Ұра берсең құдай да өледі» деп,
Алшаңдаса Аллаңнан жасқанбайды.
Ашықса да ауламай судан балық,
Ақ малтасын ас қылған сырдаң қағып.
Өзім десе көрсетер өгіз күшін,
Ашуынан қайтуы жылдам халық.
Ол қалауын тапқанда қар да жанар,
Арба болмас, алары дорба болар.
Қазанына ас түссе
Елең қағып,
Қонақ келіп қалар деп жолға қарар.
Ән дегенде,
Күй менен жыр дегенде,
Төр аямас қайдағы кірмеден де,
Найзағайлы намысы оянғанша
Жуас болып көрінер жүндегенге.
Той дегенде қараусыз қой қалады,
Бармақ тістеп барып ап ойланады.
Ысқырығы жер жарып жүргенімен,
Бар болғаны бес ешкі айдағаны.
Жұмақ та өлең ол үшін,
Тозақ та өлең,
Серілігін,
Ерлігін ғажап көрем.
Қазақ деген осындай қызық халық,
Бұзық халық емес қой қазақ деген!
АҚЫНДАР МЕН ҒАСЫРЛАР
Бес ғасыр! Беу, бес жүз жыл!
Асыл бәрі.
Қойнына қанша қазына жасырмады.
Қолына қайта қонбас лашындары –
Қазақтың қайталанбас ғасырлары.
Бес ғасыр қуанышы, мұң-наласы, –
Елімнің елдігінің жылнамасы.
Алқакөл-сұламадан аққан өлең,
Мейлі, құрғамасаң – құрғамашы.
Сабада сыздағанда сары қымыз,
Бөлінсін, тарихшы дос, – тағы ұйқыңыз.
Бес ғасыр ақындары жазған жырда
Жатыр ғой бес мың жылдық тарихымыз.
Қайсарлық қайнары бұл сарқылмаған,
Найзағай соған туыс жарқылдаған.
Махамбет тектен-текке басын беріп,
Қызғыш құс тектен-текке шарқ ұрмаған.
Ғасырдан ғасыр өткен зымыраған,
Бірі озық дей алмаймын, бірі надан.
Тарих та ұмытылып кетер еді,
Ақындар жібере ме ғұмыры оған?
Жаманға жақсы сауыт болмас қорған,
Өлеңнен түзеліпті алжасқан жан.
Рахмет, адырнам мен алдаспаным,
Қобыз бен домбыраға жолдас болған.
Кім өтті бес ғасырдың елегінен,
Ұрпақтар тілдесіп жүр керегімен.
Қазіргі қабырғалы қалың ақын,
Оларға тең келер ме өлеңімен.
Тең келсін, тең келмесін, түссін асып,
Танылсын топжарғандар күш сынасып,
Аруағы ақындардың кездескенде
Тұрады сол бес ғасыр мысты басып!
БҰЛТТАР МЕН ЖЫЛҚЫЛАР
Анам Роза Сейітжанқызы
Салықбаеваға
Жылдар деген жылқылардан аумайды,
Тасыр-тұсыр тас төбемнен заулайды.
Тарпаң тұяқ тиіп кетер ме екен деп,
Қорқып кейде қап-қара тер саулайды.
...Сәби кезім саңылаулап ес кірген.
Сыртқа шықтым.
Ауыл күні кешкірген.
Аспандағы алаулаған бұлттарға,
Аңырдым мен аң-таң қалған кескінмен.
Бәрі – таңсық.
Қызылқұмар шақтамын,
Біле алмадым бұлтты кімнің жаққанын.
Көрдім бір сәт
Көп жылқының мен жаққа
Көше бойлап шауып келе жатқанын.
Қашу қайда,
Қорқу да жоқ ойымда,
Тұра бердім таңырқаған бойымда.
Алып-ұшқан секілденді асығып,
Сол жылқылар меніменен ойынға.
Алғашқы аттар ағып өтті қасымнан,
Қалғандары қарғып жатты басымнан.
Қарап қалдым бауырына аттардың
Аспандағы бұлттарымды жасырған.
Тасыр-тұсыр...
Таусылмайтын мол дүбір,
Жылқы жапты аспанымды, сөнді нұр.
Тас тұяқтар зу-зу етіп төбемнен...
...Құлағыма ащы дауыс келді бір!..
Жалт қарасам –
Қолын созып тұр Анам,
Жанары – жас...
(Неменеге жылаған?).
Жете алмайды, жолын бөгеп жылқылар...
Көп тұяқтың астында – мен, дін – аман!
Жылдар деген жылқылардан аумайды,
Тасыр-тұсыр тас төбемнен заулайды.
Тарпаң тұяқ тиіп кетер ме екен деп,
Қорқып кейде қап-қара тер саулайды...
«Үшке шыққан кезің, – дейді, –
сонда...» – Анам,
Бүгін, міне, отыздамын!..
Толғанам...
Анам кеше тағы кірді түсіме,
Қолын созып жете алмай тұр Ол маған...
ДАЛА
Дала деген кеңістік қой өр-сайлы,
Уақыт мұнда қозғалыстан шаршайды.
Көз байлана киіз үйге кіріп бір,
Көз шырымын алдыруды аңсайды.
Уақыт бізден, әсте, мұрсат сұрап па?
Кірсін, қонсын!..
Киіз үй көп қыратта.
«Уақыт байғұс сәл тынығып алсын» деп,
Малшы алаңдап ұйықтамайды бірақ та.
ТАУ САМАЛЫ
Ақ самал соқты аңқылдап,
Сабаттар қалды салқындап.
Қанат қақпастан қалқыды,
Қазбауыр бұлттар қаңқылдап.
Қымсынбай соқты төрлетіп,
Құраққа құлаш серметіп.
Бөленіп жатқан бұлақтың
Бесігін бипаз тербетіп.
Сақауат сазын сырнайдай,
Сімірді сәуір бір қанбай.
Арқасы қозып
Ақ бас шың
Аңқылдай сөйлеп тұрғандай.
Үкісін таққан сәнді бау,
Сыланды бейне сал-жырау.
Әңгімелескендей әкеммен,
Серпіліп мен де қалдым-ау.
ҚЫСҚЫ БАҚ
Қар басып қапты жалаңаш қыздың мүсінін,
Қарадай жаны ауырар көрген кісінің.
Қабағын, қасын қыраумен қаптап қойыпты,
Қаһарын қара казақтың қатал қысының.
Қар басып қапты жалаңаш қыздың мүсінін.
Қымтанып қыстан құнысуы анау Талғардың,
Қақайып қатып бүрісуі анау талдардың.
Қар басқан бақта қалтырап тоңып тұрғандай
Жаны бар ма еді қаршадай мынау қарғамның?
Қар басып қапты жалаңаш қыздың мүсінін.
Қыстан да бетер қатыгез бе едің, мүсінші,
Қалқамның мынау қамырық халін түсінші.
Құдіретіңе құл болып мәңгі кетейін,
Қаршадай қызды (үйіне барсын) түсірші,
Қар басып қапты қаршадай қыздың мүсінін.
АЛМАТЫ. КөКТАЙҒАҚ
(Этюд)
Қаңтарда
Күнес көктем кеп,
Көшенің буы көкке өрлеп,
Көпсіді миы былқылдап,
Көнектей тоңдар көкпеңбек.
Кешкісін, бірақ ызғақтап,
Көбік қар көкті сызды аппақ.
Көнтерлі тротуарлар
Көнтиіп қалды мұз қаптап.
Кешкі аяз тоңмен тақтайлап,
Көк шыны көше – көктайғақ.
Конькиін таңып,
Көген көз
Көп бала тыста кетті ойнап.
Көбесін сөккен жатып ап,
Көктем де, сірә, жақын-ақ.
Көкбет қыс тұрды тістеніп,
Көкшегір көзі шатынап.
ТЕРМОМЕТР ҚИРАДЫ
Термометр сынды да –
Сынаптары
Ұстатпады быт-шыт боп бірақ тағы.
Бытырадай пышырап,
Тоз-тоз болып,
Қолдан қашып, қуысқа тұрақтады.
Бет-бетімен сызатқа кіріп, тегі,
Уысыма бірі де ілікпеді.
Әр-әр жерден жылан көз жылтырайды,
Мазақ еткен секілді күліп мені.
Мазақ еткен секілді,
Мазақ еткен,
Мысым құрып менен де маза кеткен.
Қанша арманға қолының жетпегені
Қаперіне кірмейтін азамат па ем?
Бір бүлінсе ісі жоқ бірлікпенен
Осы ма еді тұрлаусыз тірлік деген?
Арманынан адасқан бейбақ аз ба
Жүрегінің түбіне сыр бүктеген?!
Құрысыншы құрғырдың қирағаны,
Соған несін бұл жүрек қиналады?
Мен білетін дүние сынап болмас,
Мен білетін дүние жиналады.
ЖАНКҮЙЕР
Стадион –
Гулеген ара ұясы,
Жанкүйер жұрт – желіккен кәрі-жасы.
Қара бұлттың каһарын түсірердей,
Жердегінің даңы мен дабырасы.
Жердің шарын тепкендей жиырма «құдай»,
Теңбіл доптың тентіреп зырлауын-ай.
Туласа да, қаншама зуласа да,
Қарақұлып қақпаға жүр дарымай.
Алпауыттар төнсе де анталасып,
Жолатпайды қақпашы жанталасып.
Жаны шығып жанкүйер жанығады,
Жау үркітер ұранға жорта басып.
Күржиген шал
Тауықтай күрік болған,
Күжілдеген дауысы ырықты алған.
Көлге төнген жартастай қабағында
Түйіліп кеп екі бұлт тұрып қалған.
...Қопаң етіп қақпашы іле берді,
Сопаң етіп сүлік доп кіре берді...
«Қап!» деген қарт қолдағы құмырасын
Қара жерге «қарс» ұрып түрегелді.
Шіркін, шалдың шайқалды-ау шаруасы,
Сыртқа шықты салбырап кәрі басы.
Қара бұлтты жамылып қала берді,
Стадион – гулеген ара ұясы.
Теңбіл доптан түңілді шал ақыры,
Теңбіл такси, жаңбырлы қала түні.
Теңбіл тамшы.
Қарғиды қақпашыдай
Спидометрдің де қара тілі.
КөҢІЛІМ МЕНІҢ МАЗАСЫЗ
Көңілім менің мазасыз
Теңіздің тулағанындай,
Орманның шулағанындай,
Борандар, тасқын, нөсерлер
Дәл менің тумаларымдай.
Шыңырауыма бойламай
Кейбіреу мені тайыз дер.
Ғарыштан қашқан найзағай
Кеудемнен келіп сая іздер!
Көңілім менің мазасыз,
Өрекпіп, өршіп түлейді,
Жеңеді күдік үрейді.
Толқынды соққан толқынға
Көріп пе ең дауыл-дүлейді?
Көңілім солай ұйтқыған
Әкеліп бұлтты бұлтқа ұрам.
Қалқада туып, ықта өссе,
Түсінсін қайдан жұрт бұған?!
АЙНАДАҒЫ АҚ ШАШТАР
Жүрегімді барады шарпып жалын,
Аяқасты қарашы шарқ ұрғанын.
Аяңдайтын шағында алып-ұшып,
Албырттыққа алдырды-ау, антұрғаның.
Қатал уақыт қайырылмай,
Жаны ашымай,
Талайларға сездірген бағасын-ай.
Мен осынау отыммен лапыл қағып,
Жас боп қалғым келеді дәл осылай.
Жаспын әлі!
Жастықтан қайрат тапқам,
Күйдірген де, жандырған, ойнақтатқан,
Ал...
Айнаға қарасам – абыржимын,
Сол құрғырды кім екен ойлап тапқан?!
* * *
Апыр-ау,
Сезімімнің оты өшкен бе,
Жоқ, әлде жүрегімнің еті өскен бе –
Жыртығын жылтыр сөзбен саудалаған
Ұқсап бара жатырмын көпестерге.
Сеземін бір суаттың суалғанын,
Жасанды жылағаным,
Қуанғаным.
Гүлімнің жұпарлысын жұртқа тартып,
Құшақтап қалғандаймын қуарғанын.
Тек қана аласармай
Асқақ арман
Тартады тыншымды алып,
Бастап алдан.
Тар жолда тайғанақтап, талпынамын,
Тағасы тарланымның таста қалған.
Ұғушы ем жел сыбырын,
Бұлақ тілін,
Бірі де түсініксіз бірақ бүгін.
Шет елде нан табатын өнерінен
Айырылып қалған тілмаш сияқтымын.
* * *
Жоқтан өзгеге жасып қаласың,
Өмірге қайтіп ғашық боласың?
Өлімнен қорыққан – өлең жазбайды,
Жылты жоқ неткен жасық баласың?
Жылты жоқ неткен жасық баласың,
Тірліктің білмес ашық бағасын.
Жалғанның жүгі желкеңе түсер,
Жаныңнан жігер қашықтағасын.
Жаныңнан жігер қашықтамасын,
Иілмей өтсін пасыққа басың.
Ақынның басы Аллаңа доп па?
Алла да көзін ашып қарасын!
* * *
Жұмекен Нәжімеденовке
Мейлі, ашылмасын жұмақтың қақпасы маған,
Бұрмай-ақ, мейлі, қояйын ат басын оған.
Қуанар едім басымнан сипағандай-ақ,
Бір сипаса келіп моламның көк тасын анам.
Жүрдім деп айтпан тірлікте шоқ басып әман,
Жұртымның маған көп кінә тақпасы да аян.
Шаруаға қырсыз шорағай мінезімменен,
Бола алмай қойсам, қайтейін от басына алаң.
Жүректің мынау әредік тоқтасы жаман,
Түсті ме деймін тағдырдың ноқтасы маған.
Тоқташы, боран,
Азынап соқпашы, боран,
Туған жеріммен бір жылап қоштасып алам.
Тұтқасы болам тірліктің, тоспасы болам,
Десе де пенде сезеді-ау жетпесін оған.
Өмірдің дәнін өлтіріп алмаса болды
Бірі мен бірі бүлініп соттасып Адам.
Ақылға келсін, абайлап, тоқтасын Адам,
Ұятын, арын, санасын сақтасын аман.
Өлмеймін сонда, өлмеймін, өлмеймін мен де,
Ақымақ қылып ажалды жоққа шығарам!
ҚЫРАН ЖЫРЫ
Лебің нәр болғанмен, құшағың бал,
Босат мені: томаға, тұсауымды ал.
Қайта айналып соғармын тұғырыма,
Ерік берші, сілкініп ұшарым бар.
Келгенім жоқ өмірге ноқтаменен,
Шулы қызық жүрермін топта дегем.
Алтайыны аулақта шалмаған соң
Қайран тірнек түлей ме ботқа жеген?
Пеш түбінде қашанғы есінейін,
Қосылайын сонарға, көсілейін.
Түлкілердің алайын ес-үрейін,
Дүниені өзімше көшірейін.
Әлпештеген жетеді, аймалаған,
Тояттайын тағыдай айдаладан.
Жіберші, тоңайған құс керенау ғой,
Қонбағанда қолыңа қайда барам?
Аяқ асты кетті деп неден есі,
Балағымнан баспашы, бөгемеші.
Тартып тұрған өзіне жан-тәнімді,
Аспандағы бұлттардың төбелесі.
Пиғылым жоқ алақол бұзық-бөтен,
Құс жастықта қалғыған қызық па екен?
Өз қолыңмен лақтыршы аспаныма
Тұсауымды әйтпесе үзіп кетем!
НЕЛІКТЕН...
Мен неге жиі қателесемін?..
Неліктен?..
Қателікпенен өмірге бірге келіп пе ем?..
Күндерімді ойлап мақсатсыз, мәнсіз желіккен,
Отырмын енді өзіме есеп беріп мен...
Неліктен жиі қателесемін?..
Неліктен?..
Сенбейтін жанға, сенбейтін сөзге сеніппін,
Ермейтін жанға, ермейтін сөзге еріппін.
Бермейтін кезде ашуға ерік беріппін,
Өзімді сүйген жүректі сөйтіп жеріттім.
Желікпес жерде неліктен сонша желіктім?..
Жүремін жиі өкініш жүгін көтеріп,
Көлеңкемдей боп қалмай-ақ қойды-ау қателік.
Парызым қайда жұртыма жатқан өтеліп?
Кетем бе солай қателіктерге ет өліп?
Неліктен жиі қателесемін?
Неліктен?..
Майысар жерде майысу білмес бір бетпін,
Күрмеуге келмес жібімді бекер күрмеппін.
Ішінде жүріп той-думан, дырду, дүрмектің
Өмірдің той боп өтпейтіндігін білмеппін.
Мен үшін сонда жаңсақсыз өмір сүрмек кім?..
Неліктен жиі қателесемін?..
Неліктен?..
БАЛАЛЫҚ БАЛЛАДАСЫ
Шыбық мініп,
Жейдені қаспақ қылып,
Тентек кезім жүретін сақ-сақ күліп.
Көршіміздің байлаулы төбетіне
Еріккенде ойнаушы ем тас лақтырып.
Қарасирақ балалар жол көсеген,
Өттік бірде топтанып сол көшеден.
Байлаулы итті көрдім де,
Тас заулаттым,
«Сағынып-ақ» қалыппын мен кешеден.
Тұра қуды қабаған қарғып тұрып,
Бос жатқанын сол сәтте қалдық біліп.
Тапыр-тұпыр біздер де тұра қаштық,
Балақтарға бозала шаң жұқтырып.
Балалардың бәрінен желаяқпын,
Озып кеттім оқ бойы оңай-ақ тым.
Тал басына өрмелеу ойымда бар,
Бір іліксем шетіне сая-бақтың.
Жүйрікпін-ақ...
Дәл соған сөз бар ма еді?
Өтсе керек өштігім жаздан бері, –
Артта қалған баланың бірін қаппай
Қуып жетіп ит қапты озған мені!..
Көрдім солай көкесін масқараның,
Содан бері ит десе жасқанамын.
Кейде бірақ...
Тас атам тағдырыма,
Біле тұрып бір күні бас саларын!..
ЖЕР-АНА
«Жер, жер» деп
Қызыл тілді сайратқанша,
Қайтеді қамын оның ойлап қойса.
Тіріде төбесінде тайраң қағып,
Құлаймыз құшағына қайрат тайса.
Жақсың да,
Жаманың да бірдей оған,
Кетпейді есігінен кірмей адам.
«Сүйем» деп ертелі-кеш сарнасаң да,
Сөзіңді ол қажет қылмас құр бояған.
Біз оған
Азғана жаз, азғана күз,
Еркелеп,
Төсін еміп, назданамыз.
Содан соң туған үйден безген ұлдай
«Бұздық деп тарту күшін» мәз боламыз.
Неліктен отадық біз мына ағашты?
Жер бізден «Неліктен» деп сұрамас-ты.
Сілкінсе, жанартау боп атылса да,
Кім оның қайғысына құлақ асты?
Жанары жердің, бәлкім, суалады,
Самайы сиреп, бәлкім, қуарады.
Сыйла оны!
Белі бүкір кәрі анаң да
Кигізсең жаңа көйлек қуанады!
ҚОЛЫҢДЫ БЕР, ҚАЗАҚСТАН
«Қолыңды бер, Қостанай!..»
Ғафу
Қолыңды бер, Қазақстан, мен келдім,
Өзге өлкенің өзенінде тербелдім.
Сенсіз бақыт баянсызын бағамдап,
Сенсіз жерде сең соққандай сенделдім.
Ошақтағы отың қайда, көсейін,
Нұрмен баурап,
Бірге лаулап өшейін,
Ақ селеуің аймаласын денемді
Бауырымды, сауырымды төсейін.
Қайда, ағалар, аңқылдаған ағайын,
Інілікке,
Бір ілікке жарайын.
Басым жерде тоң жастанып тынғанша,
Тасыңды өрге домалатып бағайын.
Жылқың қайда –
Бірін ұстап мінейін,
Түлкің қайда –
Төніп барып ілейін.
Бұлтың қайда –
Хан көтеріп жүрейін,
Күлкің қайда –
Шалқып бірге күлейін.
Құзың қайда –
Гүл үзейін басынан,
Түзің қайда –
Көсілуге асығам,
Қымыз қайда, айран қайда ашыған,
Қызың қайда –
Бір сипайын шашынан.
Қайда жүрсем қасиетіңе табындым,
Сәлемімді ал, Қазақстан, сағындым!
Қалам тұрсын,
Құрық алам қолыма,
Бірін берші тұлпар толы табынның!..
ТӨРТІНШІ БӨЛІМ
іңкәР
Көздеріңе ғашықпын
Сенің мынау тұп-тұнық көздеріңде:
Мөп-мөлдір бұлақтар бар,
Сусынымды мен содан қандырамын,
Маздаған шырақтар бар,
Оттарымды мен содан жандырамын.
Сенің мынау қап-қара көздеріңде:
Арыңның ақтығы бар,
Жаныңның пәктігі бар.
Мен сенің көздеріңе құмартамын
Баладай тәтті құмар.
Сенің мынау жайнаған көздеріңде:
Жүрмеген жолдарың бар,
Жаның бар, арманың бар,
Пейіліңнің кеңдігі бар
Асатын аспанның да аумағынан.
Сенің мынау айнадай көздеріңде
Жан сырыңның ашулы сандығы бар,
Жүрегіңнің үкімі, жарлығы бар.
Сенің көзің ерітер мұз-қарымды,
Сенің көзің жұмсартар ызғарымды.
Жанарыңның отына жүз өртеніп
Мына мен жүз қарылдым.
Мен сенің көздеріңнен көп тыңдаймын
Кеудеңдегі күйлерін домбыраңның.
Дауыл үнін, көк нөсер жаңбыр әнін,
Арманыңның арнадан қарғығанын.
Мен сенің көздеріңнен от көрем де,
Оқыстан найзағайым оянады:
Жолдарды жолға ұрамын,
Таңдарды таңға ұрамын,
Өкіндіріп бір сәтке қалғығаным,
Сілкінемін, жайнаймын, жаңғырамын.
Қанша үңілдім көзіңе – айта алмаймын,
Бу боп ұшты, әйтеуір, шалқар қайғым.
Қуаныштан шалқыдым, тасып-толдым
Өзіңе де, көзіңе де
Мен солай ғашық болдым!..
1970 ж.
ҮМІТ ҚҰСЫН ҮРКІТПЕ
Айдаланы жаңғыртып,
Ақсүйек ойнар түн мынау,
Алқынып соққан жүректе
Айтылмай талай сыр жүр-ау.
Ақ нұр жүзің албырап
Алдымнан шықсаң болмай ма,
Ақ боз үйдің түндігін
Айқара жапқан, құрбым-ау.
Ұяңдау құрбым, екеуіміз
Үркердей оқшау тұрмыз ба?
Үлкен сезімнің алдында
Үйіріліп құлар құлмыз ба?
Үміттің құстың үркітпей
Үкідей ұшып сен жетсең
Үңілер едім көзіңе
Үңілгендей боп жұлдызға!
Жолықпай жүрген арман ең
Жалықпай қуған елес ең,
Жаныма жылдам жетсеңші
Жоғалып кеттің неге сен?
Жаныма жылдам жетсеңші
Жүзіңді көріп жайқалған
Жапырақ тектес жүректі
Жел жұлып кетсін демесең!…
* * *
Жүрегім, саған обал жоқ,
Тула да жыла, сыздап бақ!
Ол қыздан мейір саған жоқ,
Сезімін алған мұз қаптап.
Қырымнан қызыл көрінсе
Қызынып талай шабылдың.
Қыруар қыздың көзінше
Ғашықтың тонын жамылдың.
Мол еді сенде махаббат,
Мысқалдай шашып тауыстың,
Бір бұлақ көрсең қаталап,
Бас қоя бере ауыстың.
Қызығып қырдың гүліне
Қырғындай тиген, ашкөзім.
Қарашы енді түбіңе
Қалып па титтей пәк сезім?
Кеудемде жүріп адассаң,
Жүрегім, саған не жорық?
Аяусыз соттан Ар ашқан
Кетермін бір күн мен өліп.
Арымнан сұра жансауға,
Тиді ғой тасқа маңдайың.
Бақытсыз ғашық болсам да
Бақытсыз ақын болмайын!
1972 ж.
* * *
Шертетұғын сырым мол саған менің,
Ақтарайын көңілдің бар өрнегін,
Саған деген сезімім үзілмесін,
Үзілсе де ең соңғы алар демім.
Жақсылығын жалғанда өлшемеген,
Өзіңді мен сүйеніш еңсе көрем.
Мен тағдырға бас иіп, бұл фәниде
Бақ пен сорым өзіңнен келсе деп ем.
Күмбірлетіп кеудеміз ән өрлетсе,
Жастығымыз жалынды, алаулы өтсе,
Сен ояттың жүректің жанартауын,
Өзің сөндір соны енді шамаң жетсе!..
1972 ж.
АЛТЫБАҚАН
Айлы түн, ауыл сыртында
Алтыбақанда тербелдік.
Аспалы арқан ырқында
Қанаттай бейне сермелдік.
Төменде жатыр жанып от,
Біздің де көзде шоқ жанып.
Ары да бері сан рет
Зауладық, шіркін, зауладық.
Дүние біткен дөңгелеп,
Аунайды, көзді арбайды.
Төнеміз бірде жерге кеп,
Бірде көз бұлтты қармайды.
Жымыңкөз аспан күліп кеп,
Құшағыңа ұйтқып кірердей.
Шығамыз шырқап биікке
Бетінен Айдың сүйердей.
Кеудені шаттық кернейді!
Барады әлем бұлдырап.
Балдәурен бізді тербейді
Алтыбақан боп құлдырап.
Думансыз өткен күн құрсын,
Думансыз өткен түн құрсын.
Барады басым айналып,
Бақыттан ба, әлде... кім білсін!
ЖАҢБЫРЛЫ ТАҢ
Жаңа ашылған таң кірпігін
Жабады бұлт жабағы.
Жаңбыр менен тал бүршігі
Тереземді қағады.
Кешіп өтіп көкөзенді,
Тауып үйің соқпағын.
Сәулем, сенің терезеңді
Мен де осылай қаққамын.
Енді кешіп көкөзенді
Үйіңе жол таппаймын.
Шырағы өшкен терезеңді
Енді қайтып қақпаймын.
Жаңбыр бүркіп, жел есе ме,
Сені еске алған кезімде?
Жылап тұрған терезе ме,
Жылап тұрған өзім бе?
ТҮЙМЕ
Жадыңда болар қысқы бау,
Ақ көбік қардан аумаған,
Сары аяз сорып жаураған
Бетіңді қармен ысқылау.
Жадыңда болар қысқы бау:
Қыраулы қайың теңселіп,
Қырауын бізге жел төгіп,
Сарсаңды күйге түстік-ау.
Сары аяз сүйген жүзіңді
Құмартып сонда сүйгенмін.
Албырап піскен жүзімді
Тамсадым ба деп түйгенмін.
Кеткен жоқ әлі ұмытылып,
Қалғаныңда әнтек бұлқынып
Үзілгені бір түймеңнің.
Ақ көбік қардан сол түйме
Табылмай қойды-ау, табылмай.
Қараймын бүгін сол күнге
Аулақтап кеткен сағымдай.
Мен кеткем басқа жолменен,
Қалғансың іздеп түймеңді.
Үйренген екем сонда мен
Сүймейтін жанды сүймеуді.
Қияли өлең
Аспанның түбі – құрдымда
Ай туды сүті төгіліп.
Телміре қарап тұрдың да
Жыладың кенет егіліп.
Күмісін шашып табақ Ай,
Қылаңытқанда сай-жылға.
Қамыға қалып қарадай
Қайырлап кірдің қай мұңға?
Жыладың үнсіз,
Жыладың,
Жабырқау, жадау жүзбенен.
Жүректегі асау бұлағың
Жүгенделді ме мұзбенен?
Қос көлдің бойы – кемерден
Қара орман кірпік сілкінді.
Жыладың үнсіз.
Төбеңнен
Толғана қарап түн тұрды.
Көз сап ем мен де Ай – қызға,
Бұзылды көңіл қаймағы.
Ақ жүзін жасы айғыздап,
Жылап тұр екен Ай дағы...
«Жылама!» дедім...
(Кеңес ол).
«Ие бол, дедім, көзіңе...»
Сені мен Айға емес ол,
Айтылған еді өзіме!
1973 ж.
* * *
Мен тағы ғашық болдым!
«Алғашқы ма?»
Жоқ, жоқ, жоқ! Әлде жүрек алжасты ма?
Ойпырмау, махаббатым мерт болмап па еді
Ғайыптан қайта оралып жер басты ма?
Мен ғашық болман деуші ем күйіктен соң
Неліктен сүйіп қалдым сүйіп көрсем?
Тас жібиді десе де сенем енді,
Нәркез көз жүрегімді жібіткен соң...
* * *
Аспанға, Ақын, телмірме,
Тұңғиық түнде үмітпен.
Ол жұлдыз сөнген бұл күнде,
Іздеме оны, ұмыт сен.
Жүректі нұрмен баулыған
Жауқар көз қайта қадалмас.
Көз жетпес түнек қойнына
Жерленген шуақ оралмас.
Қалдырмай ешбір зеңгірде із,
Түнектің болды ол құрбаны.
Көгіңнен өшкен сол жұлдыз
Көңіліңнен өшпей жүр ме әлі?
Жұлдыз ба – жұлдыз сөнгесін,
Тылсымға сіңді-ау хабарсыз.
Көңіліңде қалған сәулесін
Сен де өшір енді амалсыз...
ҚЫЗДАРДЫҢ МАХАББАТЫ
(Экспромт)
Қыздардың махаббаты
Ыраңды сайдағы ыза суындай
Өз көзін өзі аша алмайтын,
Арнасынан ауытқып аса алмайтын,
Қыздардың махаббаты тамшы тектес
Қолдан жасалмайтын.
Қыздар, қыздар!
Тамшыдай мөлдірейсіңдер,
Бақыттың терезесінен телміресіңдер.
Өз махаббаттарыңды ешкімге
сездірместен
Өз кеуделеріңде сөндіресіңдер.
Қыздардың махаббатын ұғу үшін
Жаз болып жайнап,
Қыс болып суу керек;
Қыздардың махаббатын ұғу үшін
Қыз болып туу керек!
* * *
Сені ойласам қуанамын неліктен,
Тазаланып кірбің, мұңнан, желіктен?
Неткен тәтті, неткен мөлдір шаттық бұл
Жан-жүйемді елжіреткен, еріткен?
Неге ғана жымиямын сені ойлап,
Жүрегімде лүпіл-лүпіл қан ойнап?
Жанарымның аясында тұрсың ғой
Кірпігімді қағайыншы абайлап.
АҚ МАХАББАТ, АППАҚ ҚЫС
Арамызды жатыр біздің тау бөліп,
Асуларды аяз қысып, қар көміп.
Отырсың ба тысқа қарап әйнектен,
Маған деген сағынышың сәл кеміп!
Сендерде де жауған шығар мына қар,
Бұл – өзіңнің маусымың ғой ұнатар.
Сені ойласам елестейді бәйшешек
Қырау қыстың қойнауында гүл атар.
Аппақ көше, аппақ-аппақ тау, орман,
Бар дүние,
бар табиғат жаңарған.
«Сүйем!» деген сөз де жаңа секілді
Айта-айта жауыр болып саналған.
Біз қыдырар бақты қалды қар басып,
Аппақ дүние жанарыммен арбасып,
Сыр шертеді:
«Мынау нұрлы өмірге
Кіреукесіз пәк көңілмен бол ғашық!».
Қала жылы. Қар лақтырып бала мәз,
Бүгін түнде болар ма екен сары аяз?
Ренішіңді жазба маған бұл қыста,
Шаттығың мен сағынышыңды ғана жаз!
ҚЫРАУ ГҮЛ
Желбегей иығыңа бешпент іліп,
Бір өзің отырғанда кесте тігіп.
Телеграмма берместен,
ескертпестен
Үйіңе кіріп барсам кешке күліп,
Сен мені алар едің қалай қарсы?
Тұрғанда құшақтасып:
«Абайлашы,
Инем кіріп кетпесін кестемдегі...» –
Дер ме едің сасқалақтап,
соны ойлашы?
Қымсынбай сүйіп сені ештеңеден,
Сонан соң назар салып кестеңе мен,
Қос қабат терезеңнің қырау гүлі
Кестеңе түгелімен көшсе дер ем.
Өрнегің қырау гүлмен теңдеседі,
Мақтармын шеберсің деп мен де сені.
Деміңмен әйнектегі гүлді ерітіп,
Жабар ма ең сонда күліп пердешені.
Менің де көңілімде қырау жатыр,
Өзіңнен жүрек деген жырау – батыр:
«Сен ғана ерітер ең сол қырауды
«Ерітші, ерітші...» деп сұрап жатыр.
МАДРИГАЛ
Өтті ғой өзіңді ойлап көп күндерім,
Жетпей ме сағыныш күй шектіргенің?
Мен саған жыр арнаушы ем жүрегімнен
Айналып жүрегіме кеттің менің.
Көп түндер өзіңді ойлап көз ілмегем,
Кім маған тәтті ұйқыдан безін деген?
Түс көрсем тек өзіңді көрсем деймін,
Бұл күйді бұрын қалай сезінбегем?..
Көкейге күллі көркің ұялаған,
Шынымен бір көргеннен сүйе ме адам?
Білмеуші ем күнә деген не екенін,
Білдірдің – сені сүймеу күнә маған!
Жабыққан,
я шаттанған шақтарда да,
Жалғайды арамызды хаттар ғана.
Бірден айт байламыңды білтелемей
Аяма,
аялдама,
ақталма да...
Мен саған сүйемін деп айтам ашық,
Шалдықтым сезіміммен тайталасып.
Бұл – менің ең ғаламат ғашық кезім,
Басқаға бола алмаспын қайта ғашық!..
Өзіңді күнім өтпес ойламасам,
Атыңды жырға қосам, әнге қосам.
Сен маған өз жүрегім секілдісің,
Жаным-ау, жүрегімнен қайда қашам?!
МЕРУЕРТ
Эх, Меруерт, Меруерт!
Санам – түтін, жаным – өрт!
Сен туралы ойлардың
Бүгін маған бәрі дерт.
Ақша жүзің үлбіреп
Көкшетаудың бұлтындай,
Бір қарасаң мөлдіреп
Жүрек қалмас жұлқынбай.
Жаның бейне Жұмбақтас,
Көлденеңге тіл қатпас.
Сымбатыңа сұқтанып,
Ұясына күн батпас.
Өзің жаққа бір талмай,
Қанат қақтым, Меруерт.
Күнге ұмтылған Икардай
Болар ма екем тағы мерт?
Эх, Меруерт, Меруерт!
ЗЕРЕНДІ ҚЫЗЫ
Толқып жатыр Зеренді
Сен отырсың қойтаста.
Оқи берме өлеңді,
Кітабымды қой, таста.
Толқын бүріккен көбіктен,
Көйлегің су болса да.
Ынтығасың неліктен,
Жырларыма соншама?
Ерні жүйрік толқындар
Балтырыңнан көп сүйді.
«Суға түсіп, салқындар
Ойың жоқ па?» деп сүйді.
Көп беріліп өлеңге,
Қиял қуып күрсінбе.
Жырларымның сен әлде,
Толқынында жүрсің бе?
Менің бүкіл жырымнан
Сұлу екен Зеренді.
Ол да құшсын денеңді,
Шомылайық, кел енді!
* * *
Мен сені ғұмыр бойы іздегенмін,
Табудан үмітімді үзбегенмін.
Сенбесең үңіл менің іздеріме
Сауырын соқпақ еткен жүз белеңнің.
Мұзартын көңілімнің көшкін еткен,
Төбемнен талай-талай көшті көктем.
Тамшы боп терезеңді қаққан сонда,
Дүрсілін жүрегімнің естімеп пе ең?
Сені аңсап баурайында Көктөбенің,
Мазасыз күндерімді өткеремін.
Түбінде мен бақытты болсам керек,
Сен жайлы тәтті түсті көп көремін.
Құшағын қарсы алдымнан тұрса да ашып,
Басқаға болмап едім мұнша ғашық.
Сәлемің сенің ғана серпілтеді
Көңілім көп нәрседен жүрсе жасып.
Жан едім жапан түздің киігіндей,
Жүретін жат суатқа үйірілмей.
Жаным-ау,
алдың баурап!
Жанарыңның
Бар ма еді қасиеті иірімдей?
ҚАРА ТОН
Ақ қар. Көк түн. Бояу аз.
Жұлдыз көзі – суық мір.
Сақылдайды сары аяз,
Ауа әйнектей сынып тұр.
Қақпалы үйдің қасында
Қара тонды жігіт тұр.
Тон ішінен күледі,
Қолаң шаш қыз – киік бір.
Қысқы түнде қара тон –
Махаббатқа баспана.
Үйленіп үлде кисең де,
Сол тонды, жігіт, тастама?!
СЕН МЕНІ ІЗДЕДІҢ БЕ?
Сен мені іздедің бе, –
Күн алғаш күркірегенде,
Ақ жаңбыр сіркірегенде.
Қара бұлт қанатынан от жарқылдап,
Көзіңе нұр түнегенде?
Сол бір күн есіңде ме? –
Аспанның астауында
Қара бұлт қайнап еді ғой.
Найзағай жарқылдағанда
Жанарың жайнап еді ғой.
Өрмегі ұяңдықтың
Қолымызды байлап еді ғой.
Кенеттен күрсініп аспан
Төбеден күркіреп төнген,
Ақ жаңбыр сіркіреп берген.
Бұлттардың қанатына сабаланып,
Екеуміз қайың түбін паналадық.
Мен сонда көздеріңнен
Қорыққан сыңай көрдім.
Өзгесін сезбедім мен, –
Құшағыма, өйткені, құлай бердің.
Сол жерге жиі барам,
Өзіңді сұрайтындай,
Ақ қайың құшағыма,
Сен болып құлайтындай!
АЛЬБОМҒА І Мен сенің көздеріңнен не сеземін, Толқиды қос жанарың – қос өзенің. Күні ертең мұң болмай ма өз басыңа Мендегі қоламтаны көсегенің?! Жаным-ау, менсіз де сен гүл атарсың, Жаныңды жырыммен-ақ жұбатарсың. Асықпа тамшы болсаң төгілуге, Тым ерте тамып түссең күнаһарсың. Жүрегім – махаббаттың астанасы, Сен оған өрт ұшқынын тастамашы. Сенің пәк сезіміңе билік құрман Болсам да тағдырыңның дос-панасы. ІІ Мен қайтемін көңілім оянбаса, Сыр дәптерін жүрегім жая алмаса. Қанат берер ағаң боп қалайыншы, Қатал тағдыр қапылыс сені алдаса. Жас гүліңді ұсынба жатқа бекер, Мен емеспін солдырмай сақтап өтер. Қарамашы қадалып жүзіме сен, Жүзімді әлі мұңды жас соқпақ етер. Әрі жынды жаным бар, әрі мұңды, Бәрі жынды ақынның, бәрі мұңды. Ошағыма отынды бермей-ақ қой Мен сөндіріп алармын жалыныңды.
ЕРТІС ЖАҒАСЫНДА
Отырдың аяғыңды суға малып,
Жанында Ертіс жатты шулап ағып.
Мен саған сыр ашпадым, тіс жармадым,
Болмаса қарағаным құр қадалып.
Мен сонда есіме алдым басқа адамды,
Сағыныш кірпігімді жасқа малды.
Сен маған «ойланба» деп айта бердің,
Бұзғың кеп арадағы тас қамалды.
Ай туып өзіңменен амандасты,
Дәптерін махаббаттың саған да ашты.
Көрдім де көзіңдегі сезім нұрын,
Түсіндім:
Бәрі алғашқы,
Бәрі алғашқы...
Мен саған бақыт қана тілегенмін,
Шаттанып сен де бір сәт түрегелдің.
Ертістің алтын суын Айға шашып,
Мәз болып күле бердің, күле бердің...
Жағаның сілкіндірдің жақұт көгін,
Сол түні сен шынымен бақытты едің.
Ішімнен: «Шаттана бер, күні ертең-ақ,
Сені де ойландырар уақыт» дедім.
САРЫ ЖАПЫРАҚ
Күтуді махаббаттың нарқы санап,
Отырдым саябақта алты сағат.
Кеудемде үміт пенен күдік оты,
Тұтанды бір-бірімен шарпыса қап.
Жұтап тұр жалаң қайың жапырақсыз,
Жұлыпты жас желегін «ақымақ» күз.
Сап-сары жапырағын маған әкеп,
Сыйлады сенен гөрі жасырақ қыз.
Ұсынып жымияды: «Алыңыз, – деп –
Кітаптың арасына салыңыз, – деп,
Қыс бойы еш орманнан таба алмайсыз
Осынау жапырақтың бәрін іздеп...»
Алдым мен «Рахмет, қарындас, – деп, –
Қыс бойы бұл жапырақ табылмас», – деп.
Жырымның парағына жасырып ем
Кетті ғой жүрегіммен бауырлас боп.
Сенімен көптен бері жолығыспай,
Жанымыз келе жатыр әлі ұғыспай.
Ішінде кітабымның тұр жапырақ,
Сақталған саған деген сағыныштай...
ГҮЛЗАР
Мынау – гүлзар, екеуіміз гүл ұрлаған,
Мынау – сол түн, торғайы шырылдаған.
Тек сен жоқсың көзіңде жұлдыз ойнап,
«Бақытты боламыз...» – деп сыбырлаған.
Бұтағына теректің Ай қонақтап,
Үстімізге қанатын жайған аппақ.
«Біз бақытты боламыз, боламыз...» деп,
Тұрдым сонда сөзіңді ойға жаттап.
Санам бүгін сағыныш сазын ұқты,
Тағдыр бізге жасады қазылықты.
Кеше ғана өзіңнен келген хатта
«Бақытты бол... Кешір...» деп жазылыпты.
Мынау – гүлзар, торғайы шырылдауда,
Бүгін бауға келгем жоқ гүл ұрлауға.
Бұтағына ай қонған кәрі терек,
«Бақытты боласың...» деп сыбырлауда...
СЫНҒАН ӘЙНЕК
Қысқы түнде қандай қызық қар кешкен.
Айсыз аспан. Көшелерде шам да өшкен.
Жалғыз өзім жарым түнді жаңғыртып,
Айғайладым аумай қалып «жарыместен».
Жалғыз өзім, атыңды атап дауыстап,
Терезеңе қар лақтырдым уыстап.
Айсыз, күнсіз, жұлдызсыз-ақ қысқы ауыл,
Жап-жарық боп жатты сонда тыныстап.
Мызғып жатқан тыныш тірлік, түн іші.
Сыңғыр етті терезеңнің шынысы.
Аяз сорып, қырау қысқан әйнектің,
Аңдаусызда сынып түсті бұрышы.
Күн жаумай-ақ су болды ғой көйлегім,
Құдай сүйер қылығым бар қай менің?!
Аңдаусызда алған екем сындырып,
Көңіліңнің мөлдіреген әйнегін...
ХАТ (Көздеріңе ғашықпын – ІІ) Жұмып кейде жанарымды нұр сіңген, Сырласқанда арман атты тылсыммен. Ту сыртымнан үп еткенде самал жел Елеңдеймін сен шығар деп күрсінген. Ғашық жанды әлдилейтін ән керек, Ғашық жанның басындағы хал бөлек. Жаңбыр жауса тырсылынан оянам, Іздеп келіп, есік қаққан сен бе деп. Қашан болсын қайғы көрмей, жүр аман, Тағдырдан мен басқа тілек сұраман. Күн астында сыңғырласа күміс су, Сенің күлкің естілгендей қуанам. Біле білсең өмір деген өткінші, Аз ғұмырда көп қуаншы, көп күлші. Маған ұқсап аспандағы Ай мен Күн Көздеріңе ғашық болып өтсінші! БАЛ ДӘУРЕН Шыт көйлек терге шыланып, Шалғынға шалғы сермеп ем. Шалғайлау көлден су алып, Шабындығыма келген ең. Шілденің күні. Сәске шақ. Дегдімей жатты шабындық. Шоқ талды иіп қос жасап, Отырдық бір сәт дамыл ғып. Жырақтау жерден арнайы Ынтықтың неге келуге? Тобарсып жүрсе таңдайы Тамсанып ішсін дедің бе? Суыңды маған ұсындың Ишара жасай именіп,
Ерніңді тістеп қысылдың
Монтиған момын күйге еніп...
Мен сонда судың ішінен
Бейнеңді көрдім мөлт еткен...
(Сол түні кірдің түсіме
Жаралған қыздай ертектен).
Жанарың ынтық сыр ашқан,
Көрдім де, қалдым ойланып,
Кетсе ғой дедім мына аспан
Шаңырағымызға айналып!
* * *
Қызғалдағы самсаған,
Қыз көйлекті гүл бақта
Үндемейін мен саған,
Сен де маған тіл қатпа.
Мейлі, көзді жауласын,
Үзбе, тиме гүлге де.
Таң бұлбұлы сайрасын,
Сәл сабыр ет, үндеме.
Жаспыз әлі,
демек біз
Үлгі алайық гүл, жырдан.
Гүлден нәзік емеспіз,
Әнші емеспіз бұлбұлдан.
МАХАББАТ ДЕГЕН НЕМЕНЕ?
– Шөлдеген жандай қаталап,
«Махаббат... – дейміз, – махаббат!.
Махаббат деген немене,
Бұлақ па ішер жата қап?
Сиқыр ма көзге байқалмас?
Ғажап па ешкім айта алмас?
Қазына ма екен қымбат бір
Қарызға берсең қайтармас?
Махаббат деген немене?
От болса егер сөне ме?
Гүл болса егер, сола ма?
Дән болса егер, өне ме?
Махаббат деген немене?
Қолға ұстап, көзбен көре ме?
Тамшыдай көктен түсе ме?
Қамшыдай қолдан өре ме?
Махаббат деген немене?..
Тәнті еткен тән бе, дене ме?
Табылар бақ па, іздесең,
Өзі іздеп, әлде келе ме?
Сәуле ме,
Сыр ма,
Сезім бе?
Пәктік пе,
Ар ма,
Төзім бе?
Мейірім бе екен ол әлде?
Анамның тұрған көзінде?
Баяғы, бағзы заманда,
Хауа Ана менен Адамға
Енші боп тиген махаббат
Сый болып жетті-ау маған да.
Махаббат деген немене?..
– Айтайын, білгің келе ме:
Ол өзі жаңа, көне де
Бабадан жеткен өнеге.
Күмәнің болса өзің біл,
Ғаламат ғашық кезім бұл...
«Сүйемін» деген бір сөзге
Сыймайтын ұлы сезім бұл!
ЖАСЫРЫНБАҚ
Тал түс. Көкте Күннің добы домалар,
Ауыл сырты. Көл. Қалғыған қоғалар.
Қоға ішінде қылт-қылт етіп жоғалар
Жасырынбақ ойнап жүрген балалар.
Жасырынбақ... Бала кезде бұғынып,
Бұл ойынды мен де ойнағам тығылып.
Қоға ішінде аяқ-қолым жырылып,
Көрші қызды көп іздегем жүгіріп.
Қалың қоға, құпиялы қамалдай,
Көп кезгенмін көрші қызды таба алмай.
Көңілімде сөне алмай, не жана алмай
От бар еді тілеп тұрған жанармай.
Әр тұстан бір ақ бантигі жалт етіп,
Ұмтылған ем сол сәуленің нарқы өтіп.
Іздей-іздей өзек талып, әл кетіп,
Қайтқан едім бар уақытты сарп етіп.
Содан бері жер де талай көгерді,
Содан бері талай бантик көнерді.
Ақын болып елге келдім мен енді,
Ал көрші қыз жұмбақ жырға кенелді.
Сәлемші көп келімді де кетімді,
Күн екінді. Самал сүйді бетімді.
Көрші ауладан бір құралай кекілді,
Болды маған жасырынған секілді.
Жасырынбақ. Шын де, мейлің, әзіл де,
Бұл ойынды тастағам жоқ әзірге.
Қарамастан маңдайдағы әжімге
Қажет болса жасырынам қазір де...
Ұлы бесін. Күз көзіне ала бұлт
Аяқ асты тұра қалды жамалып.
Қоға ішінде іздегені жоғалып,
Жүгіріп жүр жалаң аяқ балалық...
МАХАББАТ ДЕБЮТІ
Шым көгеріп,
Көбейген соң көбелек,
«Қыс та кетті-ау,
Жаз да жетті-ау» деген ек.
Көгалдағы гүл үстіне не керек,
Бүгін, бірақ... қар жауып тұр себелеп.
Қар тиген гүл құлай жаздап тұр әрең,
Қалай-қалай өзгереді мына әлем?
Сен де бүгін кетіп қалдың өзгеге
Кеше маған «кетпеші...» деп жылап ең.
Жалғыз тамшы жанарымнан түсті ағып,
Бір күш мені саған қарай ұшты алып.
Кеше ғана «сүйем...» деген ерінің,
«Сүймеймін» деп тұрды бүгін сұстанып.
Ну сезімім селеудейін селдіреп,
Қызыл гүлге қарай бердім мен жүдеп.
Мамыр қары нақақ көздің жасындай,
Жауа бере, еріп жатты мөлдіреп.
Үміттеніп тұрмын, бірақ
«Ерке лақ,
өрісіне оралар деп, ертең-ақ...»
Келер күнге артпай ма үміт осылай,
Жас дебютші алған кезде ерте мат?..
НАУРЫЗ
Күннің құйған сүт сәулесі әлі уыз,
Науша құсқа нота ойнатты наурыз.
Шатырлардан шүпір-шүпір құлайды
Сүңгі мұрттай сынып түсіп сары мұз.
Аллеясын екеуімізге шарлатқан,
Ала қыстай мына бақта қар жатқан.
Көзбен шолып,
Ойға шомып,
Шарасыз,
Бақ шетінде қарап тұрмын шарбақтан.
Сал дүние түскен сайын сәндене,
Бір ауырлап,
Бір жеңілдер жан – дене.
Еріп жатыр қыстан қалған қасат қар,
Ішімде де ерігендей әлдене.
Қардың суы жерік нәр ғой жер үшін,
Еріп жатыр,
Ери берсін,
Ерісін...
Көңіліміз көншіп біз де бір күні,
Толтырармыз дүниенің кемісін.
Сары аязда сыңғырлаған ақша қар,
Сылқ-сылқ күліп жерге сіңді, пәтшағар.
Сенсіз келіп қол созам ба мен енді
Аппақ гүлін ұсынғанда бақшалар?..
Көктеп ашып көктеменің есігін
Қар орнына – гүл қылтиса несі мін?..
Қысты күні қар үстіне мен жазған
Еріп кетті-ау сенің дағы есімің...
Жаңа күндер жаңа ойларға шақырды
Ескі әуендер әлдилеген ақынды.
Еритінін біле тұрып, еркем-ай,
Қарға неге жаздым екен атыңды?..
* * *
Ұмытпа, ұмытпашы осы күнді,
Мені еске ал тербеткенде бесігіңді.
Бұл тағдыр түсімізде табыстырар
Біздерге жазбағанмен қосылуды.
Шарасыз құшағымыз айырылып,
Қарадық қоштасарда қайырылып.
Қайырлап қала берді-ау сонда сенің
Толқыған көңіліңде қайық – үміт.
Біз енді бұрынғыдай жолықпаспыз,
Мен – жігіт, сен – бейкүнә болып жас қыз.
Біріміз бірімізге телефонмен
Ешқашан түсімізді жорытпаспыз.
Біз енді жаным десіп,
сәулем десіп,
Жүрмеспіз бұрынғыдай дәурен кешіп.
Орманшы бөліп алған көшеттердей
Екеуіміз кеттік екі орманда өсіп.
Мені де, өзіңді де кешіре біл,
Жадыңнан қатал ойды өшіре біл.
Қазықты қайырылар таба алмасақ,
Сүреміз махаббатсыз несіне өмір?
Сөзіңмен сезімімді дір еткіздің,
Келмейді енді күйбең күн өткізгім.
Осынау шексіз ғарыш қойнауында
Өзгені жылытар енді жүрек біздің.
АУЫЛЫҢА БАРҒАНДА
Талаураған таңдарға
Тамсанатын шағымда,
Риза боп жалғанға
Ән салатын шағымда.
Ал күреңмен лекітіп,
Ауылың жаққа аттандым.
Буынымды бекітіп,
Жалғыз бардым, салт бардым.
Екі кештің арасы,
Апақ-сапақ іңірде.
Кендірліктің жағасы
Елең етті дүбірге.
Шықты алдымнан абалап,
Ауылыңның иттері.
Астымдағы жарау ат.
Үдірейіп үріккені.
«Әбес пе бұл келісім?»
Дедім іштей іркіле...
Ауылыңның мен үшін
Аяулы екен... иті де!
САҒЫНЫШ
Сағынамын. Жабығамын. Бағынамын жүрекке.
Не қыламын? Бәрі мәлім: сезім осы – дір етпе!
Сүйіп қалдым. Тұйықталдым. Ұйып-қандым сырына.
Биік таудың шығып та алдым барса келмес шыңына.
Құстар ғана құштарлана ұшты айнала төбемнен,
Ұстамды аға, тұспалдама, – өз сорымнан көрем мен!
Қарлы асқарға, нар бастауға, бармас тауға шығыппын.
Алжасқанда қалмас қайда алтын басы жігіттің?!
АХИЛЛЕСТІҢ ӨКШЕСІ
Ақыл-естен осылай айырыламын деп,
Бір өтіп кеткен өзекке қайырыламын деп,
Бір ұрынған қақпанға тағы ұрынамын деп,
Мен бұрын ойламап едім.
Уәжім де жоқ ақталар, айта алар бүгін,
Көрем бе жоқ па, жүректің жай табар күнін?
Түбіме жетті бейсауат, бейхабарлығым
Тағдырдың сырларынан.
Мақтан көруші ем өзімнің мықтылығымды,
Өзіме деген сенімім бітті бұрынғы,
Кеудемнен тапты зілзала – күпті дірілді
Сейсмографтар.
Сезімге мені құрбан ғып, қайырлатқызған,
Бір қыздың отын жаққызып, қойын баққызған,
Осалдығымды өзіме мойындатқызған,
Қайран жүрек-ай!..
АЙШУАҚ ПЕН КҮНШУАҚ
Есіме түсе бересің неге?
Жанымды жиі сыздатып?
Жүректе жүзген елесің – кеме,
Желкендеріне мұз қатып.
Арқырап келген ақшулан толқын
Жарқырап қайтса бастығып,
Қара жартастай қасқиған қалпым,
Жолыңа қалам бас тігіп!
Төбемнен күнде ауысқанымен
Айшуақ пенен Күншуақ,
Сәулелі, нұрлы дауыстарымен
Жанымды өтер шымшылап.
Айқайлап Ай да, күркіреп Күн де:
– Сүйемісің? – деп сұрайды.
Тірімін ғой мен!
Сіркіреп кімге,
Бейуақта бұлттар жылайды?
Сүйем бе, жоқ па – байқар едіңдер,
Жас жуған жартас түрімнен.
– Ғашықпын! – деп-ақ айтар едім мен
Айырылып қалғам тілімнен...
БҮКІЛәЛЕМДІК ТАРТЫЛЫС ЗАҢЫ
Шығармай тысқа тартып ұстадым,
Сезімнің ыстық шарпылыстарын.
Көрдім де сені,
Мойындап қалдым
Бүкіләлемдік тартылыс заңын.
Көрсоқыр болдым көрдім де сені,
Қаперге кірмей елдің де өсегі...
Жынданғам жоқ па?
Ауылда маған:
«Жасыңда жынды болдың» деседі.
Самолеттердің салондарында,
Астаналардың алаңдарында,
Ескерту алмай жүре алмас болдым,
Өмірде сендей адам барында!
Өзімнен-өзім күлемін кейде,
Сілкінген жердей жүрегім бейне.
Мынау жұрт мүлдем жайбарақат қой,
«Сүймей-ақ өмір сүремін» дей ме?
Себепсіз сағат санап қаламын,
Қалайша сенсіз тағат табамын?
Өзіңді ойлап,
Өзіме бойлап,
Таусылмас томдай парақталамын.
Қиялда бірге қонып-ұшамыз,
Сабылысамыз, сағынысамыз...
Бары рас болса тартылыс заңы
Түбінде біздер жолығысамыз!
МАХАББАТ ҚҰДАЙЫ
Жаратылыста жоймайтын өмірі мәнін
Махаббаттың да білем мен тәңірі барын.
Небір аппақ сазандай сұлу қыздар мен,
Қосады ол жұрттың жаужүрек небір ұлдарын.
Қос бұрымдарын иықтан серпе лақтырып,
Қылықты қыздар ерінін қалқалап күліп.
Жалт қарағанда жігіттің жүрегі лаулап,
Сана мен сезім тұрмай ма салтанат құрып?
Ойламас ешкім ондайда қарақан қамын,
Аққулар жүрер өргізіп балапандарын.
Қатар самғайды ғашықтық меңдеген жандар,
Қарлығаштардай төске алып дала таңдарын.
Жұптасып сосын үлкендер бата бергендер,
Жарыса гүлдеп жатады қатар өнгендер.
«Пішеді тонын ұяда ана көргендер.
Жонады оғын қияда ата көргендер».
– Үйленіңдер! – деп үндейтін әмірі мәлім,
Махаббаттың да білем мен тәңірі барын.
Небір аппақ сазандай сұлу қыздар мен
Қосады ол жұрттың жаужүрек небір ұлдарын.
Жапырақ жайып жүректер жамырасқанда,
Елжірей қарап тұрады-ау тәңір аспанда.
Жас жұбайлардың жанында ол – үйленген кезде,
Қайда кетеді, білмеймін, ажырасқанда...
* * *
Атыңды сенің өшіріп едім,
Тақырыбынан жырымның,
Мың тақырып боп,
Асылым менің,
Кеудемде қайта тірілдің.
Өзіңді мәңгі ұмытсам дегем,
Ұмытқаннан соң сен мені.
Жүректі тас қып құлыптамақ ем,
Қолымнан ол да келмеді.
Ұмытсам деп ем
Бұрымыңды да,
Көбелек қонған ұшына,
Ұмытсам деп ем қылығыңды да,
Жымиып күлер қысыла.
Сезім мен ойдың ара салмағы
Неліктен бұлай бұзылды?
Кейде мен
Қайда қарасам дағы
Көремін сенің жүзіңді.
Сонау бір жылы
Бақта ұрлана
Сүйісіп келіп басқамен,
Суретің, тіпті хаттарыңды да,
Паршалап жыртып тастап ем.
Бағаңды түбі сездіреріңді
Кеш білдім,
Енді бөтенмін...
Байқамай сонда өз жүрегімді
Паршалап жыртқан екенмін...
СЫРНАЙЛЫ ТҮН
Он төртке толған ересек баламын,
Ағаммен бірге шықтым клубтан.
Жолда ағам маған бере сап баянын.
– Күте тұр, – деді, – кетпей, Ұлықпан...
Зілмауыр баян басқанда иықтан
Ботадай боздар тисе саусағым.
Әсем саздарды аспанды ұйытқан
Сызылта алмай текке шаршадым.
Шиқылға иттер шәуілдеп үреді:
«Бұл кім дегендей, жүрген басынып?»
Барқыттай барқын ауылдың түні еді,
Жұлдыздар көкте жатты шашылып.
Барылдап баян біресе терлегем,
Келеді менің әнім қиысып.
Сонау бір үйдің шамы да сөнбеген,
Ағам тұр әне, қызбен сүйісіп...
Біріне-бірі әрқашан аяулы,
Оларға, шіркін, әуен арнасам.
Сайратар екем мен қашан баянды?
Сүйісер екем қызбен мен қашан?
ЖҮРЕГІМДІ АУЫРТТЫҢ ҒОЙ
Жүрегімді ауырттың ғой, жарығым,
Аласұрдым, арпалыстым, арыдым.
Тағдырымды бүгін ғана таныдым, –
Бәрі уайым, бәрі күмән, бәрі мұң.
Жүрегімді ауырттың ғой, жаным-ай,
Таудай көңіл талқан болды тарыдай.
Жүре берер тәңірін де танымай,
Ақын – арлы, әрі жарлы, әрі бай?!
Жүрегімді ауырттың ғой, ардақтым,
Неге сонша ақырзаман орнаттың?
Азуымды айға білеп, сор қаптым,
Жем екенмін ұшындағы қармақтың.
Жүрегімді ауырттың ғой, асылым,
Бұрқ-сарқ етіп, қайнадым да, тасыдым.
Ақында ешбір сыр болмайды жасырын,
Ол білмейді өмір сүру тәсілін.
Жүрегімді ауырттың ғой, балам-ай,
Жалғыз өзің бастағанда бұлағай,
Күрсінемін: «Қайтсын-ау деп жыламай,
Төрт әйелі түтіп жеген ұлы Абай!»
* * *
Даланың дымқыл тұманы
Сипайды баяу бетімнен.
Жартыкеш көңіл тынады
Қанттай болып кетілген.
Сидиып қалған сұр бұтақ
Жел соқса көкті көсемек.
Жыртық бұлт аспан тұр жұтап,
Ошағы сөнген не себеп?
Көңіл де көкке ұмтылмас,
Қанаты су боп қалған ба?
Барады-ау өтіп шіркін жас,
Қол жетпей талай арманға.
Қоштасу деген оңай ма,
Жауапсыз қалды-ау жалқы «хош...»
Алайда, жаным, қалайда,
Өзіңсіз жаным – жартыкеш...
ҚОС ҚАРАШЫҚ
Жасыл сай.
Бұйра тал. Бұлақ.
Шатырлар шашырай қонған.
Бел-белес,
бұйрат – арғы жақ.
Табиғат көшіне айналған.
Мөп-мөлдір,
аспан ашық-тын.
Сылқылдап бұлақ үн қатты.
Тұсынан басқа лашықтың
Бір сұлу су алып жатты.
Мөп-мөлдір
аспан ашық-тын...
Ішінде тал-шыбықтардың
Отына қос қарашықтың
Аңдаусыз шарпылып қалдым.
Кенеттен
долы жел тұрып,
Бір шоғыр бұлт айдап келді.
Жер мен көк бәрі желпініп,
Бұлт басты қымтай бөктерді.
Аспанды дал-дұл етті де,
Шулатты тал-шыбықтарды.
Дүркіреп жаңбыр өтті де,
Дүние малшынып қалды.
Қыз кетті басқа лашыққа,
Сілкінтіп бір рет маңын.
Кім білген қос қарашықта
Соншама құдірет барын!..
* * *
Ақынға шықпа, жас сұлу,
Қалуың кәдік жесір боп.
Күні ертең шабыт тасқыны
Жалынын оның өшірмек.
Қызықпа оның даңқына,
Қаңғырар басың шуға мол.
Қарыздар болып халқына
Қалмауға белін буған ол.
Ол жүрер желдің өтінде,
Жанына дамыл, жоқ тыным.
Шықпа оған, шықсаң – өкінбе,
Өртеніп өтер көп күнің.
Жырына да оның алданба,
Пері ғой ақын – пәтшағар,
Ғашық боп ғайып арманға,
Көзіңе ертең шөп салар...
ПАРАЛЛЕЛЬ
Келеміз тартып өрлерге
Жолдармен түйіспейтұғын...
Т. Айбергенов
Алға аттап, алысқа басқан
Жолдарда сапарласып біз,
Жақындап, алыстамастан,
Келеміз қатарласып біз.
Ұқсас-ау күрсінуіміз,
Көздегі жаңбырымыз да.
Ұқсас-ау тіршілігіміз,
Пешене, тағдырымыз да...
Тұрмасақ құт-ұя болып,
Емес ол қашықтығымыз.
Қалады құпия болып,
Біздердің ғашықтығымыз.
Шақтарда кезігіп жүрген
Таусылмас реніштерге,
Ұқсатам өзімізді мен,
Қосылмас рельстерге.
Қосылса соқпақтарымыз,
Бір ізге түсіп, алайда, –
Көтерген составтарымыз
Апатқа ұшырамай ма?!
* * *
Ноқталай көрме сезімді!
Сезімді шектеп не ұттың?
Шалығы деме сөзімді
Әсіреқызыл желіктің,
Келеді менің сені ұққым!
Сүюдің ыстық сертінен
Айныған жандар аз емес.
Тіленіп тапқан дертінен
Қашатын құлға жаза кес!
Сезімім менің – сері өзен,
Тау менен тастан қайтпаған.
Сусасаң, кепсе кенезең
Сырыңды бүкпей айт маған!
Ашынғандаймын қамшы жеп,
Көкейде жатыр сөз қайнап.
Мөлдіреп, жалғыз тамшы боп,
Дидарың қалды көзде аунап.
Бойыңдағы оттың ұшқынын
Күлменен қымтап болар ма?
Ықыласыңның ыстығын
Суыта алмасын боран да!
Ноқталай көрме сезімді!..
АРҚА ҚЫСЫ
Самаржақ жел зарлауық,
қымтатқызып тұс-тұсты,
бір-ақ түнде қар жауып,
бір-ақ күнде қыс түсті.
Ақ сәукеле киініп,
аппақ үкі тақты бау,
ақ қайың тұр бұйығып,
алқымында ақ қырау.
Сынатұғын түрі жоқ,
сүйреп келген қылышы,
қасат қары сүрі боп,
қыстың мынау тұрысы.
Шана теуіп бала мәз,
оң мен солың омбы қар.
Сүлік ерін сары аяз,
сүйген жері домбығар.
Жүрегімді у жеді,
жан түбінде жатыр мұң.
Мынау әлем – музейі
менің махаббатымның.
1999 ж.
СЕНІ ҒАНА СҮЙЕМІН
Сені ғана сүйемін,
бір өзіңді,
қылығыңды сүйемін, мінезіңді,
сағыныштың сан батпан салмағынан,
жүз шаншылып жүрегім,
мың езілді.
Есіміңді еске алып
күбірлесем,
таңғы түстей тәтті бір
ғұмыр кешем,
сезінбес те ем тамшының тереңдігін
сезіміңе мен сенің үңілмесем.
Қиылып бір қарасаң
үндеместен,
сұм дүние шығады мүлдем естен,
тақта отырған тәкаппар тағдырымды
қияр едім жолыңа дым деместен.
Алыстасаң –
аңсаймын,
аласұрам,
тағат тасып, шығады сабасынан,
жүрегімді тек сенің сөзің ғана
жазар еді сыздаған жарасынан.
Сені ғана сүйемін!
Бірақ, жаным,
сүйіктің боп мәңгі өмір сүре алмадым,
қараңғыда тауып ап тұтатарсың,
түнде сөнген жүректің шырағданын...
МәЖНҮН
«Ғашық боп қалма, Ақын» деп,
Айтқандар маған ақыл көп,
Ауысар еді есінен
Көрсе егер сені жақын кеп.
Оларға сонда таң ба әлі,
Жанымның күйіп-жанғаны?
Өзіңнен өзге жұлдызға
Аспанымда орын қалмады.
Жылатып тұрып, күлгіздің,
Шалықпен өмір сүргіздің.
Бәрінің атын ұмыттым
Өзіңнен өзге жұлдыздың.
«Махаббат деген – соқпа дерт,
Айтпашы, есің жоқ па» деп.
Мәңгірген мендей Мәжнүнге
Тек өзің ашар сот керек!
Ай кезбе десең көктегі
Аспанға жерлеп кет мені.
Ақындар ғашық болмаса –
Ақырзаманның жеткені.
Жо-жо-жоқ!
Маған жолама,
Ақынға жолап бола ма?
Есі бар жұлдыз
Ессіздің
Қолына келіп қона ма?
КәУСАР
Мен өзіңді мың жыл бойы сағындым,
Мың жыл бойы жұтып келді жаным мұң.
Құс жолынан жарқ еткесін жанарың
Жұлдыздардың арасында сабылдым.
Сағынысып,
Алып-ұшып кездестік.
Іңкәр сезім толқындарын тез кештік.
Суынар ма бауыр басқан жүректер
Бір-бірінен ыстық-ыстық сөзді естіп.
Сыңар аққу іздеп тапты егізін,
Сенсің менің еркелеген теңізім.
Жағадағы жартас тектес жанымды
Жібітеді сенің ғана лебізің.
Сенсің менің шөлім қанбас кәусарым,
Көрген сайын,
сүйген сайын аңсадым.
Неткен сиқыр
менің қара шашымды
Салалап бір сипап өткен саусағың!
Алып-ұшып,
өліп-өшіп,
ғажап тым,
Көрген түстей өте шықты-ау аз-ақ күн...
Махаббатты күйіп-жанып жырлаған
Соңғы ақыны мен шығармын қазақтың.
Жаралғандай жұпар иісті жалбыздан,
Сен ерексің әлемдегі бар қыздан.
Қас қаққанша өте шығар өмірде
Жарқ еткен бір сәуле сынды жалғыз жан.
Бақытыңды жасыр мейлі,
жасырма,
Қалай іңкәр болмассың сен асылға?
Маған душар еткені үшін өзіңді
Ризамын жиырмасыншы ғасырға!
* * *
Ақынды түсінерсіңдер,
Гүл теру үшін
Айға ұшса...
Қияли кісі дерсіңдер,
Қалықтап жүрген байғұсқа.
Тұрса да ол заманақырда,
Жұлдызбен жаны тілдесер,
Болғанша бодан ақылға,
Ақын боп азат күн кешер.
Қарсы сап желдің өтіне
Құтыртып жүрген қандай күш?
Қонар ма жердің бетіне
Қанаты сынбай ондай құс?!
* * *
Сырымды кімге ашпадым? –
Тыңдады тамшы, шық бәрі.
Бірі де сенен басқаның
Жанымды бірақ ұқпады.
Махаббат миын жаулаған
Жан екем аңқау, ақымақ.
Жалынның сырын лаулаған
Түсінсін қайдан жапырақ?
Осылай жұмбақ күн кешіп,
Өмірге жүр ем өкпелеп.
Өзіңмен бүгін тілдесіп,
Жүздесіп қалдық
Шоқ пен от.
Деміміз біздің жиі ысып,
Сәулелі сырлар шерткенбіз.
Жалын мен орман сүйісіп
Айналып кеттік өртке біз.
БІЗДЕР ДЕ ҒАШЫҚ БОЛҒАНБЫЗ
Сызданба, тағдыр сызданба,
Бұйырған бақты қызғанба.
Еліктей ерке қыздарға
Біздер де ғашық болғанбыз!
Лапылдап жүрек ұмтылып.
Көңілге мөлдір мұң тұнып,
Іңкәр боп ыстық ынтығып,
Біздер де ғашық болғанбыз.
Елітіп әсем еркелік,
Шырындай тәтті шер төгіп,
Өле де жаздап өртеніп,
Біздер де ғашық болғанбыз.
От сезім бойды мас қылып,
Кей уақта басты тасқа ұрып,
Бейуақта көзге жас тұнып,
Біздер де ғашық болғанбыз.
Бір ауыз сөзден суынған,
Бір ауыз сөзден жылынған,
Күйіп те жанып шыбын жан
Біздер де ғашық болғанбыз.
Аспанда маздап, лайым,
Алмасып жатса күн, айым,
Бұйыртар болса құдайым,
Әлі де ғашық болармыз!..
* * *
Көкте жұлдыз жымыңдасып,
көзін ашса,
жас ақын
сүйгенімен сыбырласып,
сезім сырын ашатын.
Кеуде тосып түнгі ызғарға
жүрек кенін қазатын,
қарай-қарай жұлдыздарға
ғазалдарын жазатын.
Малынса да сақал аққа,
түсінбеймін ал, бүгін:
жұлдыздардың махаббатқа
не қатысы барлығын?..
ЖАУҚАЗЫН
Мен сені ұмытқым келді!
Өзіңмен кешкен тұнық күндерді,
аспаны шайдай тымық түндерді,
ұмытқым келді, ұмытқым келді.
Тағдырым маған сынық гүл берді,
қабағы қатып, қырық түрленді,
жанымды менің ұғып, кім көрді?
Бәрін де бәрін ұмытқым келді,
ұмытқым келді!
Жаурады сенім, үміт, арманым,
сезімнің нәзік гүлі тоңғанын
сезіне тұрып жылыта алмадым,
қадалған маған жауқазын жанар,
өзіңді, бірақ ұмыта алмадым,
ұмыта алмадым...
Қылтиған қардан жауқазын ғұмыр
қытымыр қыстан тірі қалғанын,
қауызына оның қыраулы шықтай
қаңтардың демі – уы тамғанын,
сен үшін енді тірліктің мынау
соқыр тиындай құны қалғанын,
сезініп тұрып ұмытам қалай,
ұмыта алмадым... ұмыта алмадым...
өРТ Өршіген өртті сөндірем деген, қарлығаш құстың ниетін, көңілде көлім мөлдіреуменен, жан едім жастан сүйетін. Көрдім де сені, қарындас, түстім, өршіген өшпес бір отқа, ешбірі маған қарлығаш құстың сеппеді су кеп, бірақ та. Беретін емес көкірегім бой, өртендім, жандым, өзгердім, сен жоқта, жаным, соқыр едім ғой, бекер-ақ маған көз бердің. * * * 3аңғар, заңғар Зайсанның тауларына, жауды ма екен бұл жауын, жаумады ма, қызғалдағы қыр қуып қаулады ма, қыза шығып самалдың саумалына? Қыз біткенге қызғалдақ үлестіріп, Жеменейдің жатқанда үні естіліп, зеңгір-зеңгір Зайсанның шыңдарына кетсем бе екен мен сені ілестіріп? Кербез таудың керіліп ақ маралы, көкейімде өзіңдей сақталады, көп бояуға көзіңді тұндырар ең айыра алмай жүргенде ақ-қараны. Ұлар құстың ұясын көріп келіп, бұлақтардың бұрымын өріп беріп, тастан тасқа еркелеп секірер ең елеңдеген елікке серік болып. Жауған қарды көргенде тәңір шыңға, пайғамбардай қарарсың самырсынға,
тәкаппарлық төнгенде тұс-тұсыңнан
өр мінезді мендегі танырсың да,
шатқалдағы мөп-мөлдір шар айнадан,
өз жүзіңді көргенде арайлаған,
бүлдіргенге боялған ерініңді
тосқаныңды білмессің қалай маған!
* * *
Алтыннан аттап жолдағы,
болғанмын талай періште,
бір кісі құсап мен дағы,
пенделік қылсам теріс пе?
Күнәмді жіпке тізгенде,
таспихтың тасы жетер ме?
Буыршын бұйда үзген бе,
бекерден тіпті бекерге?
Жанымды кейде жейді шын,
дуылдап өткен думан кез,
бұлтарта қояр деймісің,
аспаннан қарап тұрған көз.
Шыбын жан ұшып бодауға,
қаққанда көктің қақпасын,
күнәмді менің санауға
құдайым уақыт таппасын!
ЖАРЛЫ ТІЛ
Как беден наш язык!
А.Фет
Көркіңді сенің ашуға
тілім жетпейді,
Өртіңді сенің басуға
білім жетпейді.
Қоңырауыңды
қағуға қолым бармайды,
Омырауыңды
ойнатып дірілдет, мейлі.
Қиылып маған қарадың
бүйірдегі оттай,
Бұйығып барам, қарағым,
сүюге батпай.
Тайқарға мінген құрдасым
үйінде жатпай,
«Байталда нең бар, деп жүрер,
үйірдегі аттай».
Ақ мәрмар қыздың балтыры
қарды тіледі,
Алдаспан көздің жарқылы
жанды тіледі.
Көзел қыз көзін сүзгенде
қырқылып қалар
Біздің тіл өзі не қылған
жарлы тіл еді?!.
САРҚЫРАМА
Сарқырап аққан сарқырамадай бұл сезім,
қалмақшы тіпті сарқыла қалай,
білші өзің?
Арқырап келіп аққанда,
арандай терең шатқалға,
қаныңа қаным құйылды деп біл,
тәніңе тәнім бұйырды деп біл,
көбігін шашып көкірегің шулап жатқанда.
Астаң да кестең ақтүтек судың бораны,
азан да қазан арнаңа сенің соғады,
аймалай соны қарсы алып,
ақберен денең ән салып,
ләззаттан қаның құтырған сайын,
қайғыдан жаның құтылған сайын,
құмарың қанбай жұтынған сайын
мен сені, сәулем, сүйе түсемін соншалық.
* * *
Сен мені іңкәр еттің,
ақ қанат гәккуімдей,
мендегі сұңқар екпін,
тынар ма аққу ілмей?
Күй толы ішектердей
көгілдір көкжиектен,
сусылдап құс өткендей,
тұсыңнан мен жиі өткем.
Көліңнің толқындарын,
көк дауыл шайқағанда,
сен мені, бәлкім, жаным,
боларсың байқаған да.
Уілдеп үпілмәлік,
Әніңе ән қосқанда,
жүрегің лүпіл қағып,
самғарсың сен де аспанға.
Алқынып қусам – қашып,
келе алмай жарасымға,
жүрер ек душарласып,
ақ бұлттың арасында.
Мен шырқар зеңгірлерге
бір шықсаң – қайтпас едің,
төркінің – мөлдір көлге
сәлем де айтпас едің!
* * *
Айлы түнде ұрылар мен қарылар,
Аттай алмай бір-біріне зарығар.
Неткен жарық,
Неткен нұрлы мына түн,
Тек ғашықтар серуендеуге шығатын.
Сен келесің самаланы қақ жарып,
үнің неткен жап-жарық!
Әрбір сөзің күңгірт тартқан кеудеме
жатқандайын шам жағып.
Мына түн де сен секілді бейкүнә,
ай үңілер ажарына ой тұна.
Ғашықтарға қызыға да қызғана
қарау деген тән мінез ғой жалқыға.
Құшақтардың құйынынан буын мас,
сол бір сезім мәңгілікке суынбас,
Ерімей ме деп қорқамын бірақ та,
кірпігіңнен сыңғыр еткен түйір жас.
* * *
Жырақта ирек салып от қамшылар,
сызады түннің бетін ақ тамшылар,
біз ертең кездесетін жұпар гүлзар
жауыннан малмандай боп жатқан шығар?
«Сүйем» деп ернің айтып тұрса дағы,
көңілді соқыр тұман тұмшалады,
сезімге сана би боп алғаннан соң,
жүрегім сағат құсап құр соғады.
Неліктен билік берді Басқа –
Жүрек?
Ақылдың жүре берсе шашбауы боп –
ақын да
асыранды аққу да бір,
сағынса самғап алар аспаны жоқ...
ДәЛІЗ ЖУҒАН КЕЛІНШЕК
Сен жуып кеткен Баспалдақ,
жылап жатыр жанарынан жас парлап,
бәлкім, сенің саусағыңды сағынды,
мен табаныммен басқанда-ақ.
Анау жоғары шыққан сал бөксе,
мынау төмен түскен нәлді өкше –
келмеске кеткен:
оның құм кезін,
сенің қыз кезіңді, мүмкін, салды еске?
Мен тұрмын әлі үйге енбей,
телегейге көзім үйренбей:
құмның алқымын,
қыздың балтырын
шөпілдетіп толқын сүйгендей!..
* * *
Шыбынымды шырқыратып сен кеттің,
шылымымды бұрқыратып мен қалдым,
шәрбатыңа шөлдеттің,
шөлдетердей неңді алдым?
Қоңырауың тынышымды алып барасың,
омырауым шым-шым етті оқ теспей,
көз қиығын саласың,
өз күйігім жетпестей.
Қара көзді төңкердің де наздандың,
бала кезгі үркектігің аз мүлде,
өртенуге аз қалдым,
өртейтіндей жаздым не?
ЕМДЕШІ МЕНІ, ЕРКЕ ҚЫЗ
Жүрегім менің қырық жамау...
Абай
Адамдар тайған серттерден
өзекті буып өт төнген,
кекті сөз,
оқты көздерден
жүрегім дал-дал, дерттенген;
толқыны тулап, басылды,
өрекпіп баққан өр теңіз,
сүйеген менің басымды.
сездің бе соны, ерке қыз,
дауылдың көріп әлегін,
долданып барып ойландым,
ақша бұлт тектес жан едім,
қап-қара бұлтқа айналдым.
Менің де жаным жамаулы,
келдің бе соны емдеуге,
соғары бар деп санаулы
келдің бе әлде жерлеуге?
Емдеуге келсең – еңкейем,
өзектен өшір у дағын.
жартыкеш жан ем,
селкеу ем,
жегі сезімді қу, жаным.
Еркімді менің кел, биле,
көрбілте көңіл қунасын,
ақсамал болып әлдиле,
қарайған қаным туласын.
Емдеші нұр боп таралып,
Шуақсыз жүрек шаршайды,
Қабағы қату қара бұлт,
Ақша бұлт шағын аңсайды.
1975 ж.
БЕЙСЕНГҮЛГЕ
Өзіңсіз өмір мәнсіз екенін,
Өзіңсіз жүрек жансыз екенін
Түсіндім.
Түсіндім, жаным, әлсіз екенмін
өзіңсіз.
Бәдәуиіндей Мысырдың
Безіп жүргенде,
Кезіп жүргенде әлемді,
Сүзіп жүргенде бар елді
Іздеген бақыт құсымның,
Өзің екенін түсіндім.
* * *
Бүршіктері буазып тұр бәйтерек,
бұлт – елгезек,
бұтақ біткен – қаукелек,
шүкір, шүкір, көктем шығып келеді,
осы көктем келмей қойса қайтер ек?
Махаббаттың балдай тәтті ерінін,
көксеп жүрген көні кепкен пері кім?..
Құштарлықтың оттай ыстық құшағын,
бір көргеннен сары майдай ерідің.
Махаббаттың батпан жүгін артарсың...
Улы балын қас-қағымда сарқарсың,
содан кейін сағыныштың зардабын,
ғұмыр бойы, бақи бойы тартарсың...
Махаббаттан мән іздеген Мәжүнін,
ешкім сені түсінбейді – жазығың...
Жастық дәурен арғымақ ат болғанмен,
қайта айналып таба бермес қазығын...
ҚЫРҒЫЗДАР
Марқабай Ааматовқа
Бәйге бітті.
Арамтер боп шаршаған
бір бозбасты сөзге жығып барша адам,
«Байкем тойы жақты ма?» деп аңқылдап,
алма-кезек қағып мені арқадан,
боз үйлердің белдеуіне ат байлап,
боза сілтеп,
нарын жеуге тарқаған.
Жал-құйрығын желбіретіп күз желі,
Жортып өтті сәйгүліктер тізбегі,
«Қазағыма мінгізейін бір ат», – деп,
Марқабай дос ең жүйрігін іздеді,
менің көзім аққу мойын атта емес,
атқа мінген аққу мойын қызда еді...
Жомарт халық көрмедім мен қырғыздай,
мәпелейді-ау мойыныңды бұрғызбай.
Ат мінгізіп,
қалпақ тартып жатса да,
мақсым сілтеп отырмын мен дым қызбай.
Түн түнегін тіліп түскен жұлдыздай,
өзегімді өртеп кеткен қу қызды-ай!
Бозадан соң бал-бұл жанып,
нұрланып,
тек қазақша ырдайды екен бұл халық,
қонақкәде қайтарар ем қырғызша
тіл байланған,
отырғам жоқ бұлданып:
«Айылдың арғы жағынан...»
аттан түсіп жолығар ма ем ұрланып!..
ҚЫЗ ҚУУ
Махаббат,
сен асықпа,
сәл аялда,
барар жерің қашық па?
Үзілген гүл ғұмырындай мұрсат бер,
өліп-өшкен ғашыққа.
Сағынышымды сарғайған
ақтарайын,
қыл суырып сары майдан.
Ақырзаман өтіп кетті мен үшін,
қарсы алдымда қан майдан...
Тағдырменен ерегес –
қан майданнан кем емес,
күйіп-жанып күлге айналған көңілім,
тұтанды екен неге кеш?
Аламанға тап келіп,
атым болды ақ көбік...
Анау қыздың қанжығасына байлашы сен,
махаббат,
менің мынау жүрегімді қақ бөліп!..
* * *
Жадыраған жаз жөнеліп, күз келді,
Жапырақты жел жұлып жүр мұз демді.
Жастық шақты қоямыз ба іздеуді,
Жақсы күндер оралар ма бізге енді?
Енді бізді шақырар ма бақшалар,
Тулай ма енді жүрек дейтін пәтшағар?
Сүйемін деп сыбырлар ма жапырақ,
Күйемін деп күбірлер ме ақ самал?
Алыстады қызыл-жасыл көш-керуен,
Қалыспады хош деуменен жас дәурен,
Тәттіге бір тоймай қалған баладай
Әлі, бірақ махаббатқа аш кеудем.
Ғайып болды жүректегі нұрлы жыр,
Ғайып болды шұғылалы, гүлді қыр.
Дүниеге қос қайтара келмесе
Ғашық жанға жетпейді екен бір ғұмыр.
Күстаналап, кінәламан ешкімді,
Көнбіс жүрек өз кінәсін кеш білді.
Көз алдыңа келтіргенмен жер-көкті,
Көңіл сырын көрсете алмас еш дүрбі.
Бұл-бұл ұшып ғайып болды таңдайдан.
Құдайда да қол бар шығар,
бар шығар
Тым болмаса бір сипайтын маңдайдан?
* * *
Сол бір әнді сен маған жырламашы,
Жатыр онда махаббат мұң-наласы.
Сыздамалы сезімдер қайта оралса
Айқаспайды кірпігім түн баласы.
Сол бір әнді сен маған жырламашы,
Жатыр онда жастықтың жылнамасы.
Сөніп қалған жанартау қайта оянар,
Қайта ашылар жүректің бір жарасы.
Жырламашы сен маған сол бір әнді,
Өзге әуенге бұрашы домбыраңды.
Өткен дәурен – ұшпа бұлт, келді, кетті,
Өткен дәурен – қызған шоқ, сөнді, қалды.
Жырламашы сен маған сол бір әнді,
Ерітпеші санамнан тоң, қырауды.
Есіме алғым келмейді ескі мұңды,
Есуас боп кетсем де енді мәңгі!..
«ҚОЛЫҢНАН НЕ КЕЛЕДІ?..»
Қалқам!
Менің қолымнан не келеді? –
Түзей алам қисайған керегені.
Қапалының қайғысын бөлісе алам,
Туыспайтын туыстай кемедегі.
Жанарымды жатса да аспан арбай,
Ұшпаймын мен ғарышқа басқалардай.
Жерден жеті қоян да таба алмаспын,
Ғалым емен ғұлама қасқа маңдай.
Жата берсін мұхиттар толқын атып,
Жерде жүру мен үшін жарты бақыт.
Бірақ та мен...
Кешкілік шаңын үрлеп,
Жұлдыздарды қоя алам жарқыратып.
Жан-тәніммен ғашықпын нұрлы күнге,
Жұртқа шуақ себемін тірлігімде.
Қолыменен біреудің от көсемен.
Айдап сала білмеймін бірді бірге.
Ақынмын мен,
Жыр тартам қоғамдасқа,
Не келеді қолымнан одан басқа.
Тәңірмен де тең тұрып тілдесер ем,
Өзі келіп алдымен амандасса.
Тағдыр да бір шығайбай – шық бермейді,
Серіліктің заманы біткен дейді.
Сәулем, сені мәңгілік сүйе аламын,
Одан басқа қолымнан түк келмейді.
ЖҮРЕК
Жүрегім өзімде емес, қарындасым,
Босатшы, жіберші деп жалынғасын
Ұшырып туған жерге жібергенмін,
Барсын да мауқын бассын, дамылдасын.
Жүрегім өзімде емес, туу алыста,
Ол кеткен сағынышқа, қуанышқа.
Адасып жүрер ме екен тентек неме
Жолына, мені сүйсең, шырақ ұста.
Ұясы тұғыр болмас тас түлекке,
Кеуде де мекен болмас жас жүрекке,
Зарыққан Зайсанына ұшып кетті,
Сарынын Қара Ертістің естімекке.
Жібердім ұмтылғасын, талпынғасын,
Тек кана талып қанат, алқынбасын.
Атамас ешкім мені қуыс кеуде,
Кетті ғой туған жерге, барсын... барсын!..
ТәТТІ МЕН АЩЫ
Біз тәттімен қоштасқалы қай заман?
Айналшықтап ащы іздейміз жаймадан.
Бала күнгі бал-бұл жанған жүзіміз,
Енді бізге кездеспейді айнадан.
Барлығы да тәтті еді ғой ол кезде,
Тәтті-тәтті жас толатын қой көзге.
Тәтті-тәтті мұң келетін көңілге,
Бүгін, міне, қайғы да өзге, ой да өзге.
Сүйсек біздер сүюші едік өртеніп,
Ал жек көрсек –
Жек көруші ек жеркеніп.
Сол бір дәурен тәтті еді ғой, дариға-ай,
Пәк едік қой болсақ тағы боркемік.
Тәтті екен ғой алғаш алған деміміз,
Тәтті екен ғой ашуымыз, кегіміз.
Айрылғанда қазынадан қыруар,
Тарлан тартып, таптық сонда нені біз?
Сан сынаққа салды бізді жігіттік,
Тартыстық та,
Талқы көріп,
Шынықтық.
Тасқындарды тазартуға талпынған
Қайда қалды қайталанбас тұнықтық?
Толқындары жуасыған сол арна,
Қайта-қайта қарғын құйса – толар ма?
Адамзаттың бәрін сүйіп шықсаң да,
Тұңғыш рет сүйіскендей болар ма?
АЛТЫН ИНЕ
Кездесе қалсам өзіңмен
Қалмайсың мені түйремей:
Сөзің де сенің инедей,
Көзің де сенің инедей.
Кездесе қалсам өзіңмен
Байланар тілім біраз-ақ:
Табамын содан мың азап,
Аламын және ләззат.
Кездесе қалсам өзіңмен
Кетесің естен тандырып:
Басым да қалар мәңгіріп,
Жаным да қалар жаңғырып.
Кездессем болды өзіңмен,
Сайрайды маған құс барлық:
Жоғалып бойдан іштарлық,
Оянар ғажап құштарлық!
Жаным-ау,
Алтын инеңмен,
Шабақтасаң да мақұлмын:
Жаза алып жүрген пақырмын,
Тазарып келе жатырмын!
ҒАШЫҚТАРДЫҢ ЖҮРЕГІ
Жас сұлу жеңгесіне сыр ақтарды,
«Ол мені сүймейді...» деп жылап та алды.
Тұтатты әрбір сөзі жеңгесінің
Жанында сөніп қалған шырақтарды.
Ол дағы есіне алды ерке күнін,
Ойлады жас дәуреннің келтелігін.
Тігуге асықпады қолындағы
Ерінің костюмінің желкелігін.
«Жылама, бәрі де өтер, бәрі де өтер,
Таңдайдан ләззаттың дәмі кетер.
Күні ертең есі кіріп ессіз неме
Сен үшін бар ғұмырын тәрік етер».
«Жоқ, жеңге, ессіз деме,
Ол – ақылды.
Өзге емес, ол мен үшін жаратылды.
Келмеді...
Алдады...» деп қыз кемсеңдеп,
Көзімен тінте берді қара түнді.
«Сен ондай қайырымсыз қасқаны ұмыт,
Табылар одан да әйбат, басқа жігіт.
Бойында махаббаты болмағанның
Күтпе сен ажарынан босқа үміт».
«Жо-жо-жоқ! Сүйемін мен соны ғана,
Ол болса санайды әлі мені бала.
Сүймейді...
Мен... өлемін... Енді маған
Өмірден ондай бақыт жолыға ма?..»
Сол кезде тықылдады қап-қара әйнек,
Сыртында терезенің «әттең-ай» деп,
Кешіккен кездесуге жігіт тұрды:
«Қара басып, Құдайдың атқаны-ай!» деп.
Өрт – сезім,
Көз жасының сырын әлі
Кешікпей өмір – жеңге ұғынады.
Осылай от пен суға суарылып,
Жүрегі ғашықтардың шынығады!
БІР КөРЕМ ДЕ
Бір көрем де біреуді сүйіп қалам,
Оянады сезімім ұйықтаған.
Өзімді-өзім тежеймін есім кіріп,
Жүрегімнен өзімнің биік болам.
Жүрек, бірақ көне ме басынғанға,
Бой бермейді-ау күргейлеп жасырғанға.
Ғашық болған қыздарым ғұмыр бойғы,
Тіпті менің көп шығар шашымнан да.
«Жыр арнашы маған да жігіт болып», –
Дейді жарым кей күні күліп келіп.
Дәптерімнен бір өлең оқи қалса,
«Кімге жаздың?» деп сұрар күдіктеніп.
Жырларымды жаба сап ашық қалған,
«Саған» деймін сүреңмен сасып қалған.
Оңашада өзімді қолыма алам,
«Ғашық болман енді деп, ғашық болман!»
Қайда, бірақ?..
От болып бұла денем,
Тағы дегбір қашады мына менен.
Ала жіптен, алайда, аттау қайда, –
Батырды да қорқытар күнә деген.
Түсін, жаным, бәрі тұр реңімде,
Сен сенбесең сері боп жүремін бе?
Ақындардың ақылы басында емес,
Ақындардың ақылы жүрегінде.
САҒЫНҒАН ЖОҚПЫН
Ай туды жаңбыр басыла,
Жұлдыздың нұрын тартып ап.
Жылға мен қақта шашыла
Жарығы жатты жарқырап.
Ніл көкте
Нәзік нұр – қамшы,
Жарқ етіп сөнді құдды елес.
Талдардан тамып тұр тамшы,
Көз жасы да емес, шық та емес.
Бір сезім мені толқытты,
Сағыныш та емес, түк те емес.
Буланды көзім,
Ол, тіпті,
Көз жасы да емес, шық та емес.
Сағынған жоқпын сені мен,
Дәл өзің құсап ұмытқам.
Сен емес, түн ғой демімен
Кеудемді менің жылытқан.
Сағынып сені қайтемін?..
Еске де алғам жоқ, тегі...
Жай ғана, а-нау Ай
Сенің
Келбетіңе ұқсап кеткені!..
МЕН СЕНЕМІН
Мен сенемін..
Қайта жанып өшкенің,
Нұрға бөлеп Қара Ертістің кештерін,
Тағдырыңды ұсынғандай қолыма
Ұсынарсың асау қайық ескегін.
Мен сенемін...
Буға айналып өлі мұз,
Гүлге айналып, нұрға айналып, тегі, біз,
Қатар жатқан қос жанартау деміндей
Бір-бірімізді тұрар шарпып деміміз...
Мен сенемін,
Бұл жалғанда бақыт бар,
Әттең, бірақ ғұмыр жүйрік, уақыт тар.
Жаз шыққанша бұтағымыз майысып,
Жапырағымызға қалар, бәлкім, қатып қар.
Мен сенемін,
Жұлдыздары аспанның
Көз жасына ұқсас десе жастардың.
Менің дағы жұлдыз толды көзіме,
Қарағым-ау, қалай жұлып тастармын?
Сенемін мен:
Сезім кейде обаған,
Ессіз еріп, есіл кеткен сан адам.
Мен сенбеймін махаббатқа
Егер де
Бір толқымай өтер болсаң сен оған!
АМАЗОНКАНЫҢ әНІ
(Мадригал)
Сен жеңдің,
Тізе бүктім,
Жеңілдім мен.
Патша едім, құлға айналды тегім бірден.
Жөніңмен жүрер болдым сенің жүрген
Еркімді қай сиқырың еміндірген?
Найзасы кірпігіңнің дір етпеді,
Ұштығын суырмадың жүректегі.
Емдеді ерініңнің бір өпкені,
Қолдастық – арамыздан қыл өтпеді.
Мерейің асып менен,
Болып үстем,
Сен жеңдің.
Бағындырдың мені күшпен.
Бал екен у дегенім менің ішкен,
Бақытты болғандаймын жеңілістен.
Беймаза жүрек тілеп бүлік кейде,
Жарыл деп жанартаудай үгіттей ме?
Болғанша басыбайлы ұлық пенде,
Не жетсін еркіндікке іліккенге?!
ДәУРЕН
Күн – жалғыз,
Біз екеуміз қайықтағы,
Жағадан жамырайды Жайық талы.
Мамырлап суға қонған көктің бұлты,
Манаурап ұйқысынан айықпады.
Иіннен сусып түскен орамалды
Жұмарлап жуас толқын орап алды.
Ескектен шашылған су моншақтары
Бетіңе бір-бір күн боп қона қалды.
Жайықтың шортаны, әлде қасқалдағы,
Шошытты шолп етіп су шашқандары.
Жағада жаққан оттың көк түтіні
Ақ бұлтты арқандап тұр аспандағы.
Бас қосқан бір қайықта тағдыр айдап,
Біздерге өзен өзі мөлдір айғақ.
Өшірді айдындағы бейнемізді
Бір ұшы бұрымыңның салбырай қап.
Жатты су үнсіз жалғап мәңгі көшін,
Жел тынып,
Демін үнсіз алды бесін.
Отырмыз жалғап біз де жібере алмай,
Таусылған табиғаттың әңгімесін.
Жазып ем суға сызып есіміңді,
Әр әрпің жазған бетте өшірілді.
Жоғалар суға жазған жазудайын,
Дәурен-ай, тұрлаусыз ба ең осы ғұрлы?!
КӨБЕЛЕК Сен кеттің, Қалдым қатып бағанадай, Суытты – жып-жылы еді мана маңай. Көр шеге – өкшелерің көше бойлап, Жүгенсіз жүрегімді тағалады-ай. Сен кеттің! Қала бердім қара басып, Сезімім екіұдай боп жағаласып. Жырақтан сылаң етіп сұлу тұлғаң, Жарыққа бара жатты араласып. Сен кеттің, Қала бердім қараңғыда, Қара бұлт қаумалады санамды да. Соңыңнан қолын созып Ай жүгірді, Білмеймін жете алды ма, таба алды ма? Қаншама жүрек мені айтақтасын, Сеземін түбі оның да жай таппасын. «Бағыңды уысыңнан жібердің» деп, Тұрғандай ағаш біткен шайқап басын. Соңыңнан Өзіме-өзім күшім келмей, Ұмтылдым ала-құйын, ұшып желдей, – Күйерін біле тұрып отқа ұмтылған, Тағдырын көбелектің түсінгендей!.. k
БЕСІНШІ БӨЛІМ
БАЛЛАДАЛАР
«Ғұмырнама» топтамасы
(1985)
ПЕТРОГРАД. ПУШКИН МЕН ЕСЕНИН
Қақпасын қоймаған соң тақылдатып,
Ақшасын болмаған соң жақындатып.
Фотограф,
Әрең ерді Есенинге
Айта алмай алабұртқан ақынға түк.
«Жынды ма...»
«Иә, жындымын! Есенин – мен!».
«Есенин... екеніңді, бәсе, білгем».
Петроград. Таңсәрі уақ. Сирень иісі.
Бос жатыр жүргіншісіз көше мүлдем.
Ескі бақ. Орындықта – Пушкин. Қола.
Есенин
Ескерткішті құшсын бара:
«Біз – доспыз. Басшы бізді суретке шал!»
«Келмейді милицияға түскім, бала.
Бұл үшін екеуімізді қамайды әлі...»
«Қорықпа, құтылармыз қалай дағы».
«Жарайды, қоймадың ғой, тәуекел!» деп,
Қиқаңдап көнген болды шал айлалы.
«Қалайсың қозғалмауға бір азырақ,
Жарық аз, түсіремін ұзағырақ».
«Жарайды, мен шыдармын.
Ұшқалақ ед –
Сашадан қозғалмауын сұра, бірақ».
«Ендеше түсіремін,
шыда кәні...».
Әккі шал аппараттан сығалады.
Қос ақын құшақтасып қатар отыр
Суретке түспек болып сыбағалы.
Таңсәрі. Ұйқыда әлі бүкіл халық,
Молайып келе жатты, шүкір, жарық.
Қола ақын мен бала ақын...
Екеуара –
Соғып тұр жалғыз жүрек лүпіл қағып.
АТТИЛА ЖәНЕ АКВИЛЕЙ АҚҚҰТАНДАРЫ
Алдырмай Аквилей тас қамалы,
Апта өтті гундер шабуыл бастағалы.
Алты күн ала шаң боп қала түбі,
От бықсып,
Жебе жауып,
Тас борады.
Түнеріп Аттила тұр дөң басында,
Үркердей нөкері бар дәл қасында.
Қар жауып қабағынан қатуланып,
Ішінде сексен сезім арбасуда.
Жеңіс пе,
Жеңіліс пе сыбағасы?
Патшаға беймағлұм бұл арасы.
Тесіліп тас қамалға қарап тұрды,
Анау ор –
Анау – қақпа,
Мұнарасы....
Көз салды көлегейлеп алақанын:
Ішіне тартып апты қала қанын.
Басынан мұнараның
Аққұтандар
Ұшырып бара жатты балапанын...
– Алдияр!
Не қылайын айта беріп,
Сұм қамал алдырмай тұр – жайпар едік.
Римді тұтас жаулап алғаннан соң,
Асықпай шаппаймыз ба қайта келіп?!
Әміршім,
Ала алмаймыз бұл қаланы.
Аттила арғы сөзді тыңдамады:
– Аламыз!
Шабуылдаңдар!
Бүгін кешке –
Қожасы Аквилейдің ғұн болады!
...Қаланы ғұндар кешке басып алды.
Тойлады,
Дұшпанының басын алды.
Сауытын ақ сарайда шешті Аттила,
Қасында батыр қыпшақ – досы қалды.
– Әміршім,
Себебім бар аялдаған,
Рұқсат бер қоюға бір сауал маған:
Қаланың құлайтынын қайдан білдің,
Алты күн арамтер боп ала алмаған?
– Білмесем қайда менің хан атағым,
Ата боп кім ойламас бала қамын:
Қаланың құлайтынын маған айтқан –
Аққұтан,
Ерте ұшырып балапанын!..
ПАГАНИНИ
Құлпырып тұр қайран Ницца көктемі,
Қандай әсем көкала бұлт көктегі.
Күмбір-күмбір күйме келіп тоқтады,
Баққа оранған шарбақты үйге шеттегі.
Ойнақшып тұр аққу мойын аттары,
Жас полицей күйме есігін аттады.
Сірі етігін сықырлатып сәнменен,
Қылышымен қатты қақты қақпаны.
– Паганини осында ма?
– Осында... Бірақ мырза...
– Үйге баста, шошынба!
– Мен – дәрігермін. Науқас еді Никколо.
Сұмдық сырқат... Шаруаңыз тосын ба?
– Король соты шақырғанда келмеген,
Айып кесіп,
Төле десе көнбеген.
Тапқан екен науқастанар мезгілді,
Барып тұрған алаяқ қой ол деген.
Жас полицей –
Қолда сигар тұқылы,
Маңызданып бір қағазды нұқыды:
– Паганини сотталды әне он жылға,
Тұтқындаймын! Міне, соттың үкімі!
– Ол науқас қой!
Қысып жатыр қос өкпе!
– Жоқ, енді оны қылмыскер деп есепте!
Кеу-кеулесіп кіріп келсе екеуі...
Паганини...
Қайтыс бопты төсекте!..
Құлпырып тұр қайран Ницца көктемі...
әЗәЗІЛ
Көшбикенің тізеден шалғыны бар,
Кеше қалса шалынып шал жығылар.
Қалың шөпті таптаған тобыр топтың
Елеуреген жүздері сан құбылар.
– Ыбырайда ызам бар сан талайғы,
Қысас қылмай қыжылым тарқамайды.
Ал қаптаңдар!
Абайды сабаймыз! – деп,
Әбен сұмның көздері қанталайды.
Қарайған топ қарадай қаны қайнап,
Қолдарына түкірді «а, құдайлап».
Оқшау үйде ойланып отыр Абай,
Қалың елдің қамығып қамын ойлап.
– Абайды ұрып...
Әй, кімнің дәті шыдар?..
– Тарт тіліңді!
Атаңның ақысын ал!
...Ақын түскен ақ үйге төніп келді,
Сайланған топ сойылы, сапысы бар.
Жылпос біреу
Әбенді жанасалап,
Дырау қамшы ұстатты оңашалап:
– Бәр-рекелді!..
Абайды аямай ұр!
Ала алмасын ешкім де арашалап!
Қанды қамшы ақынға жауып кетті...
Әлгі жылпос тұрды да бағып көпті:
– Ойбай, Абай ағамды сабады! – деп
Хабарлауға оязға шауып кетті...
ШЕЛЛИДІҢ ҚАЗАСЫ
Тып-тымық теңіз.
Толқынның да жоқ төбесі.
Қирады қалай – «Ариэль» – Шелли кемесі?
Жанын жеп Байрон жан досын іздеп жеткенде,
Жағада жатты Шеллидің жансыз денесі...
Аһ ұрды Байрон айырылып кейіп-кеспірден,
Соққыдан сұмдық сенделіп барып ес кірген.
Марқұмның жұрты атқарып ақтық борышын –
Мүрдесін отқа өртеді ескі дәстүрмен.
Шырт етті шақпақ.
Шалды от Шелли сүйегін,
«Бақұл бол, бауырым!..
Басымды мәңгі иемін...»
Алаулай жанды аяулы ақын мүрдесі,
Булықты Байрон көз жасы жуып иегін.
Еңсесін езіп,
Сығады сөлін сұм қайғы,
Улайды бір ой:
«Есіл ер екі тумайды...»
«Шындықтан өзге құдай жоқ» деген Шеллиді
Еш декан енді университеттен қумайды.
«Құдайсыз құлды қуырдақ қылсаң да –
Құнсыз деп,
«Дінсіздің болар тәрбиесі де дінсіз» деп,
Шиеттей екі баласын тартып алғандар,
Жәдігөй жүзбен жабыққан болды үнсіз кеп.
Өксіді Байрон өртенгендейін өз басы,
Кірпіктен бетін күйдіріп ақты көз жасы.
Бажыған әлем,
Байронмен бірге боздашы,
Қажыған жүрек,
Қаралы күйді қозғашы:
«Көзіңді аш, өмір!
Өртеніп жатыр өр ақын
Сормаңдай дүние!
Сорың да көп-ау соратын.
Күл болсын күлкің,
Бүл болсын мүлкің, сұм жалған,
Шейт болды Шелли –
шығатын еді-ау сорақың.
Келбеті достың көңілден қалай көшеді,
Көз алдымда тұр сырласқан бір кеш кешегі.
Кенеттен сонда тереземізді қиратқан,
Көшеден атқан көксоққандардың кесегі.
Екеуіміз сонда тұрмастан, мойын бұрмастан,
Селт етпеп едік сол сәтті қимай сырласқан.
Тас бұза алмаған,
Қас бұза алмаған сол сезім
Қапыда қирап,
Күмбезін көрдей түн басқан.
Өртенді Ақын!
Өзі де өшпес өрт еді!
Өршіген жалын өлімнің бетін серпеді.
Өзегін жаудың өртеумен өмір сүрген жан,
Өзегін достың өлгенде, міне, өртеді.
Хош, хош бол мәңгі!
Хош, қайран Шелли!
Хош енді...
Өлеңнен алдың өмірге кеткен есеңді.
Ақымақтарға аңдытып қойған ақынды,
Айыптамаспын өз Отанымдай еш елді.
Хош, қайран досым!
Бақұл бол, досым.
Хош енді...».
КҮЛКІ МЕН ҚАСІРЕТ
...Ауыстырар актер болмай оңтайлы,
Серке бүгін өзі ойнады Қоңқайды.
Байғұс Қоңқай қол қусыра қалбақтап,
«Ақтоқтым ба, хазірет?» деп аңқайды.
«Мен адаммын қатынынан жүрегі,
Шайлыққан!» – деп күрсінсе – жұрт күледі.
Қайтсын елді қырып салмай Қоңқайдың
Шүйірмек ерін, жыпық көзді сүреңі.
Сар күпісін сілкіп тастап жотаға,
Күпсініп бір қызыл сөзді қотара:
«Жұрт Қоңқайдың қаптады, – деп, – тойына!»
Қалшияды:
«О, тоба, – деп, – о, тоба!»
Қыран-топан қалың күлкі буынды ап,
Құшырлана қол соқты жұрт дуылдап.
Қарт Серкенің жаны жылап тұрғанын,
Қайдан білсін қамсыз қалың шуылдақ?!
Күркіреді күлкінің де толқыны,
Басылмады шапалақтың солқылы...
Қасіретін сезбеді ешкім,
Серкенің...
Ұлы қайтыс болған еді сол күні!..
ҚАН ҚҰЮ СТАНЦИЯСЫНДАғЫ ҚОЛТАҢБА
Әбдікәрім Ахметовке
Дәрігер бүгін тағы да
Болғаннан кейін құйып қан.
Ақынның келді жанына
Әзілдей күліп миықтан:
– Сұрланып келіп едіңіз,
Нұрланып, міне, тұрдыңыз.
«Жасарып қалдым» дедіңіз,
Біз онда сізбен құрбымыз.
Жаздырсын жарқын өлеңді
Құйдырған жаңа қаныңыз.
Тағы бір рет...
Ал енді,
Қолтаңба бере салыңыз...
– Мен дайын!
Қолын бұлдар кім?..
Бір қарап қалам ұшына,
Созды ақын қолын
Журналдың
Қыз нұсқап тұрған тұсына.
– Қолтаңба маған сөз емес,
Сен үшін берем қолтаңба.
Қойды ақын қолын
Өзі емес,
Дәрігерлер жазған сол «томға»...
Қалжыңдап жатыр:
– Ал құрбым,
Тойыңа барам жақында...
Жетер ме күші аурудың
Қолтаңбасы бар ақынға!..
ЕСКЕРТКІШ ЖУҒАН әЙЕЛ
«Қырқа бар Алматының шығысында...»
Жыры тұр тамсандырып тіл ұшында.
Қырқада –
Сол ақынның ескерткіші,
Таулардың тұрпаты бар тұрысында.
Ақын тұр
Боз жусан мен селеу кешіп,
Басынан будақ-будақ өлең көшіп.
Жанына жыр дәптерін салып алып,
Баратын жас ақындар сәлемдесіп.
Қыс өтті қалтыратып көк пен жерді,
Сүйретіп көк шылбырын көктем келді.
Қуанды тас мүсін де көріп бүгін
Көктемге аман-есен жеткендерді.
Өткеріп қар-лайсаң лақса күнді,
Жүзіне
Ескерткіштің дақ шалынды.
Бір әйел
Тас мүсінді жуды келіп,
Аялай көпіршітіп ақ сабынды.
Оранды ақша бұлтқа ақын бір сәт,
Сүртті әйел
Ақ жібекпен басын қымтап.
Көрді әлем ескерткіштің жылағанын,
Көзінен мөлт-мөлт етіп асыл бұршақ.
Арзымас асылың не,
Күмісің не?
Тіршілік көз жасының тұр ішінде.
Мүсінді сүйді сонда мұңлық әйел,
Сүйе алмай қалды ма екен тірісінде?
АҚЫНДАР ТАҒДЫРЫ
Қажығали Мұхаметқалиевке
«Жет, ойбай!
Жылан шақты жас баланы!..»
Жыландай суық хабар осты Ананы!
Ісінген саусағынан сәбиінің.
Сорды уды
Біткен Ана басқа амалы...
Сырмаққа түскен сәби сұлай барып,
Сәт сайын өңі кірді шырайланып.
Анаға –
Қомнан ауған шаңырақтай
Дүние бара жатты шыр айналып...
Дөңбекшіп,
Сол Ананың баласындай,
Дүние,
Байыздашы аласұрмай.
Денеңе у дарытпай емдеп алар
Тағдыры Ақындардың дәл осындай!..
ШАЯХМЕТ
Шаяхмет тақыр басты, быртық бет,
Арам шөпті күрегімен қырқып кеп,
Екі иінінен демін алып ентігіп,
Айғайлайды: – Іркіт қайда, іркіт? – деп.
Дәл өзіндей тақыр басты, быртық бет,
Ұлы жетті:
– Әке, міне, іркіт, – деп.
Желпілдеген баласына жекіді:
– Не ғып жүрсің әр тақтаны түртіп? – деп.
Жекігенге бала бүгін жаси ма,
Ақ торсықтың аузын жайлап ашуда:
– Күрек деген қалды емес пе модыдан,
Мінсеңші, әке, жаңбырлатқыш машина!
Шаяхмет:
– Тақылдама, тек, – деді,
Қай сасқаны күрегімді сөккені?..
Сонау жылы,
сен іштесің,
бұл көкең
Күрекпен-ақ орден алған жоқ па еді?..
Оған жетер еш мәшине жоқ, тегі,
Мәшинең де, жаңбыр да бір көктегі,
О несі-ей?! – деп қолына алып кесені,
Оңтайланды толы іркітті төккелі.
– Сонау жылдар жетіле алмай тарықтық
Жарылқаған осы Жер ғой қарық қып, –
Шаяхмет шашты іркітін арыққа, –
Бізден бұрын Жер ішсінші, жарықтық?..
ЖЕЗДЕ
Тентек ем текке қызынар
Қиқарлау бала кезімде.
Әлі де соның ізі бар
Сезімім менен сөзімде.
Тентектің жауы – жездесі, –
Кеудеме талай толды «кек».
Әпкемнен аян безбесі
«Балдызым бұзық болды» деп.
Аңдатпай кесіп айылын,
Атынан оны жығамын.
Әпкемнен күтем қайырым
Ашылған шақта ылаңым.
Ашуға әпкем сөз берер,
Қабақты мен де түйемін.
Апыр-ау, қалай төзбек ол
Атынан жықсам күйеуін!
Ал жездем күліп жайменен
Үстінің шаңын қағатын.
Қолына түссем сонда мен,
Қытықтап өшін алатын...
...Тентектік үшін не түрлі
Бұралды бірде құлағым.
Мендегі әйбат кекілді
Қиқалап құртты мұғалім.
Дәптермен жауып төбемді,
Долданып келдім үйге мен.
Зомбылық-зорлық дегенді
Сол күні тұңғыш білген ем.
Жыладым жатып ызадан,
Қағытып жездем мәз болды.
«Таз болар деуші еді жылаған,
Мінеки, басың таз болды».
Сүрттім де жасын көзімнің
Сөйледім зілді: «Жүр әрмен,
Шашыңды жұлсам өзіңнің
Жылар ма ең, әлде шыдар ма ең?»
«Шыдаймын» дейді көңілді,
Күлкісі батты шымбайға.
Шашына салдым қолымды,
Шыдамын байқау тұрды ойда.
Қайратты біткен қара шаш,
Шеңгелдей тартып тұрғаным.
Сұрамай жездем араша,
«Осы ма, – дейді – жұлғаның?
Жүрсің-ау босқа соғып нан,
Қайраты қайда балдыздың?
Келмейтін шығар қолыңнан
Сабағын да үзу қарбыздың!»
Саусаққа шашты орадым,
Жұлқыдым қатты уыстап.
Жұлынған шашқа қарадым
Тұрғандай бейне ту ұстап...
Ал жездем, жездем... күледі...
Бай еді неткен төзімге?
Қолымда шашы тұр еді...
Сол сурет қалды көзімде...
...Бүгін жоқ, жездем... Ол кетті,
Қаза боп қоғам мүлкі үшін.
Өлерде: «Ажал, кел» депті
Бұзбастан нұрлы күлкісін.
Артында қалды жиенім,
Мінезі қонған осыған.
Бетінен оның сүйемін,
Сипаймын қара шашынан...
ЖЫЛАН ОРДАСЫН ӨРТЕУ
Сауыр таудың қойнында бар бір аңғар,
Сол аңғарды мекендейтін жыландар.
Жықпыл-жықпыл, қорыс-қопа, ши,
шеңгел,
Желмен сыңсып, күңіренер кілең зар.
Қаулап өскен қараған мен миясы,
Өріп жүрген улы жылан ұясы.
Топырағынан тышқан ізін таппайсың
Зәрдей ащы жемісі мен жуасы.
Қызуымен қақтағанда күн ысып,
Қалың қаулан қалтырайтын құнысып.
Шұқанақта қара шұбар жыландар
Шұп-шұбар боп жататұғын ұйысып.
Заттың бәрі шұбар еді мұндағы,
Шұбар еді тас пенен шөп, гүл – бәрі.
Көз аударсаң жыландарға көп қарап,
Шұп-шұбар боп көрінетін Күн-дағы.
...Шілде кезі,
Шіліңгір күн тұр жанып,
Бір топ бала бұғып жеттік ұрланып.
Құжынаған, быжынаған жыландар
Жатыр екен шырмауықтай шырмалып.
Жұрт аузында жылдар бойы жүрерлік
Жеткен едік жасамақ боп бір ерлік.
Шартылдатып шырпы шағып жан-жақтан
Шадырадай шөпке тастап жібердік.
Күйіп тұрған жықпыл жыныс лап етті,
Қаулаған өрт аңғар ішін әкетті.
Ұйқы-тұйқы, аласұрды жыландар
Сақ-сақ күліп сайтандай от сап етті.
Ұмар-жұмар, опыр-топыр үймелеп,
Ию-қию, жыпыр-жыпыр кимелеп.
Сансыз «сүлік» састы сусып сумаңдап,
Лап еткенде қалың қопа, ши кенет.
Жанталасқан, арпалысқан жыландар,
Жанұшырып, қайшыласқан жыландар.
Ысқырынып, отты шаққан жыландар,
Өрт жалынмен жауша алысқан жыландар.
«Құжынаған, қарашұбар жыландар,
Күйгені бар, шаласы бар жыландар.
Жан-жағынан жалын тілі жалаңдап,
Сумаң-сумаң аласұрған жыландар.
Ордалары ойрандалған шұбарлар,
Қара орманы майдан болған шұбарлар.
Жарық күні қараң болған шұбарлар,
Тағдырлары тамамдалған шұбарлар...
Бірі жерге, бірі көкке ұмтылып,
Бірі отта, бірі шоқта бұлқынып.
Мың оралып, мың жазылып, серпіліп,
Сансыз сабау сабағандай жүн-түбіт.
Шиыр-шиыр ширатылып біреуі,
Шиыршық боп қырға атылып біреуі,
Бұратылып, шырматылып біреуі,
Құлар басын құмға тығып біреуі.
Шыбын жаны шырқыраған жыландар,
Түтеп, жанып, бұрқыраған жыландар.
Шоқ ішінде шатыр-шұтыр атылып,
Сапырылды сұрқы жаман бұл аңғар.
Жыланға да жан аши ма шынымен?..
Жар басынан жадау жүзбен үңілем.
Сүйретіліп сүйріктей бір жыланшық,
Жылжып бара жатты шидің түбінен!..
Тіс жармадық, тіл қатпадық кетерде,
Байғұстарды өртедік-ау бекерге.
Жанарымнан тамып түскен
Тамшы жас
Тажал өртті сөндіруге жетер ме?!
Күнәсі мол беу, балалық шақтарды-ай,
Кете барған ар алдында ақталмай.
Кейде жанды қоярға жер таппаймын,
Жүрегімді сол жыландар шаққандай.
ШОҚАН МЕН ДОСТОЕВСКИЙ
Еркелеп аққан Ертістің жағалауында,
Екеуден екеу ұрынып қалып жауынға,
Малмандай болған Шоқан мен Достоевский
Бұрыла салды бүйірде жатқан ауылға.
Жарқабақ бойын жағалай біткен тал-шілік
Жалтаң көз болды жауынға тұтас малшынып.
Өзеннің бетін басты да кетті аппақ бу,
Аяқ астынан ақ жұмыртқадай аршылып.
Беттеді бұлар берірек тұрған бір үйге,
Бойкүйез иттер пейілсіз шықты үруге.
– Қонақтар келді!
– Төрлетіңіздер!
Бой тартып,
Достоевский бөгеле берді кіруге.
Есіктен сосын еңкейіп барып бас сұқты,
Үй ішіне де үйренді көзі, бастықты.
Шоқанға жақын шалғайлас орын ұсынған,
Шалды да көрді шынтақтап жатқан жастықты.
Киіз үй іші төріне сырмақ төсеген,
Жарқырап кетті ошақтағы оттан көсеген.
– Мал алдырт, кемпір,
келді ғой күткен кісілер,
Құмалағыма көрінді деп ең кешеден...
Достоевский түсінбесе де
Түсінді,
Малдасын құрып отыра да алмай қысылды.
Жандарал ма деп жасқанар жорта сыңай жоқ,
Сабырлы кемпір сапырып қымыз ұсынды.
Осы бір сәтте сырттағы жаңбыр басылып,
Түрілді ірге,
Түндік те түгел ашылып,
Көзұшы сонау Ертістің арғы бетінде,
Кемпірқосақтың кермесі тұрды асылып.
Ошақтағы оттың ойнақтап жатқан жалқыны,
Керсенге түсіп,
Қымызбен бірге қалқыды.
Шоқаннан шыққан француз иісмайы емес,
Жұпарын шашып жалбыздың иісі аңқыды.
Көргенде қонақ түрілген үйдің іргесін,
Еске алды кенет Тобылдың торкөз түрмесін.
Кереге торлы, терезе торлы,
Бәрі – тор...
– Кәпірдің қымыз ішіне жақпай жүрмесін...
Кеседен Шоқан сыздықтай жұтып сәнменен:
– Федор Михайлович,
бұл өзі нағыз бал! – деген.
– Геродот жазған атақты қымыз осы ғой,
«Жасарып жаның, жадырайды деп бар денең...»
Ілулі тұрған қобызды қария қолға алып,
Ысқышын сипап отырды үнсіз толғанып.
Қонақ та енді құмарта ішті қымызды,
Басында бірер ұрттаған еді зорланып.
«Бес жылдан бері келіп ем жұтып у талай,
Бұйырып бұл дәм, бал іштім міне, бұл қалай?
Сергітер жанды сиқырың бар-ау бойыңда,
Абылай ханның алтын жүректі ұрпағы-ай!..»
Демімен шарпып,
Дегдітіп дархан даланы,
Аңқылдай есті Семейдің салқар самалы,
Шу ете қалды ауылда иттер таласып,
Бір ақбоз құлын аулақта шауып барады.
Құйрықты қойды жетелеп келіп бір жігіт, Есіктен қарап алақан жайып тұр күліп. Бәрі де таңсық, бәрі де бұған бейтаныс. Бәрін де бұған жасап жатқандай қыр қылып. Дастархан толы – белгісіз алуан-түрлі дәм. Жайдары Шоқан, ақпейіл қария, нұрлы маң. Сабырлы жүзді ақ кимешекті ақ кемпір, Сіңірлі қолмен ұсынып қымыз тұр бұған. Кешікпей қарт та кезекті берді ән-жырға, Қобыздың үні ұқсады мұңлы тағдырға. Қуанышы да, қайғысы да еркін неткен ел, Даласы – әнге, Бұлттары толы жаңбырға! Петербургте айырылған азаттығымен, Семейде сергіп табысқаны ма шынымен? Тайсалған тұтқын тамсана жұтып қымызды, Еркіндік дәмін сезгендей болды тілімен!.. k
АЛТЫНШЫ БӨЛІМ
АҚ ӨЛЕҢДЕР
САЛАСПИЛС
Мүсіндер... Мүсіндер...
Қаралы мүсіндер, жаралы мүсіндер.
Қайратты мүсіндер, азалы мүсіндер.
Аралап келеміз:
Шалғынға шық тұнып қалыпты,
Мөп-мөлдір тұнық шық,
Сәбидің көз жасы тәрізді.
Бұл жерде жалмауыз,
Адамның терісін жамау қып,
Жердің жыртығын жамаған.
Бұл жерде жендеттер
Уақыттың өзін де дарға асқан.
Бұл жерде қасірет инесі,
Жүректі жүрекке қапсырып тігеді.
Бұл жерде қанатын қомдайды
Бойдағы кегіңнің балапан құстары.
Бір сәби көшеде жыласа
Жамырай жаутаңдап қараймыз, –
Бұл жерде жеті мың жас сәби
Шырқырап жылаған...
Қасірет!..
Қаншама қасірет!..
Ойласаң төбе шаш тік тұрар!
Жеті мың жас донор
Қаншама қандарын бергенін,
Қаншама көз жасын төккенін,
Қаншама Аштықты,
Қаншама Ауруды,
Қаншама Азапты,
Қаншама Ажалды көргенін
Санауға
Шашың да шақ келмес!..
ЦИРКТЕГІ ОЙ
Алабажақ аренада жылпос қолды жонглер
Шар тастарды қақпақылдап ойнайды.
Бір шар кенет түсіп кетті қолынан...
Күлдік біздер,
Күлу үшін келдік қой.
Алабажақ кеңістікте уақыт деген жонглер
Планеталарды қақпақылдап ойнайды.
Бір шар түсіп кетпес пе екен қолынан?..
Күлеміз-ау,
Күліп болған жоқпыз ба?..
АЖЫРАСУ І Жетеді!!! Кетеді бұл үйден!! Қазымыр, Қатыгез, Құр кеуде Қалсыншы қырсығын құшақтап! Жайылып жастық боп, Жолына құрбан боп, Жанын сап, Жер жамап жүрсе де Жөн білер жар қайда? Бұлағын суалтқан, Құрағын қуартқан Құр күйбең Қу тірлік, Қор болған махаббат, Қар жауған қабақтың құлы ма ең? Жас жуған көкірек, Жасыңан жас жігер, Жаралы жүрек пен Жүн болған жүйкенің Бодауын кім берер? Жетеді! Кетеді бұл үйден! Тұщы еттің тартуы – Ап-ащы таяқ па? Жазықсыз жүректің жүлдесі – Сұп-суық сөз бе еді? Жекуден жер болған Жасқаншақ жас перзент, Жел соқса желп етер, Жапырақ болды ма? Өскелең өндірдің Өмірін өксітіп,
Өзегін өртетіп, Өрісін тарылтып, Өңез жеп жүргенше, Өлгені артық-ау! Жетеді! Кетеді бұл үйден!!! ІІ Көшеде – күн кетіп барады. Көк такси көлденең тоқтады. Жас әйел, Жас сәби, Тамшы жас... Тамшы жас – кебуге айналған, Ең соңғы тамшысы ол, Тартылған дарияның, Ең соңғы нүктесі ол, Ең соңғы сөйлемнің Жалаңбас жас жігіт Жан-дәрмен жүгіріп келеді. Жүйткіген жұлдызға Жүгіріп кім жеткен?
Көшеде – Күн кетіп барады...
әНГЕ ОДА
Өмір өзі өлтіргенде
Бойыңдағы пәк сезімді,
Тамырынан тірілтетін
Ән, ән ғана, ән ғана!
Өмір өзі ылайласа
Бойыңдағы бұлағыңды,
Бастауынан тұндыратын
Ән, ән ғана, ән ғана!
Мен ұшқанда, сен ұшқанда,
Ол да ұшқанда бұл ұядан,
Соңымыздан жаңғырығар
Біз айтқан ән, ән ғана!
ҚЫЗЫЛ ІҢІР. ҚЫЗҒАЛДАҚ
Қызыл іңір. Қызғылт қыр.
Қыжым аспан. Қызыл жел.
Қызыл көйлек қыз бала,
Қызылбауыр бұлттарға,
Қыр басында қызынып,
Қолын бұлғап қарап тұр.
Қызыл іңір. Қызғылт қыр,
Қыжым аспан. Қызыл жел.
Жел өтінде желбіреп,
Қырда тұрған қыз бала
Жердің – Көкке ұсынған
Қызғалдағы секілді!..
ҚАЙРАН БАУЫР
Талқы мен тездің туысы –
тауқымет тасы мың батпан,
қабырғасы әлі қатпаған,
ақыл тісі әлі шықпаған
ернінен уызы кеппеген,
өз қолы өз аузына жетпеген,
қарымы қорам, құлашы тұтам,
тартысқа түсіп, тайғақты кешіп көрмеген
бүлдірген жүрек баланың
тауанын шағар ма екен деп,
жығасын жығар ма екен деп,
қарайлай берем соңыма.
Қарайлай берем,
қулығына құрық бойламас,
қолқасын қырау қымтаған,
қармағы қанды, қаймана,
құдыреті болса қолында
тағдыр біткенді шотына салып шығарып,
Жер шарын дағы таразыға тартып бағатын,
қарбыздай тіліп, қабығын жарып көретін,
жүрісі сұйық, жүрегі суық біреулер,
қолымен оның от көсеп,
қағаздан аппақ көңілін
қарадан-қарап кірлетіп кетер ме екен деп...
Қайран бауыр!..
КІМ өШІРЕР
Өшіріп жатыр суретші
қағазға түскен кескіннің
көңілге кеміс көрінген
керексіз, құнсыз тұстарын.
Өшіріп жатыр бет-жүзін
күлгені үшін өтірік,
өшіріп жатыр көздерін
қарағаны үшін қастықпен.
Өшіріп жатыр құлағын
қаңқуға қайымдығы үшін,
өшіріп жатыр ерінін
өсекке бейімдігі үшін.
Өмірде дағы аз ба екен
өзегі өлі мүскіндер,
сүтпенен сіңген сұм ниет
сүтпенен сүртсең кетер ме?
Солардың суық қолынан
жаныңа түскен жараны
арыңа түскен дақтарды
құдірет бар ма өшірер?!
ШЫҢЫРАУ ҚҰДЫҚ
Сусамырды суарған
шөлейттегі шыңырау.
Сырты аптап, іші сыз
Менің жаным секілді.
Шегендерін сығымдап,
қаусырса да қара жер
Қабырғасы қайыспай
қасқайып тұр шыңырау...
Табандағы тұныққа
қолы жетпей біреудің
Тас лақтырып түбіне тереңдігін өлшеген. Қанып ішіп кәусарын, қайыл болса біреулер. Былш еткізіп бетіне біреу кеткен түкіріп. Қудық жаны – тұнық су, талқан болмай қайтеді, тастан ауыр түкірік, қауып түссе жүрегін? Керуендерді кенелткен Шөлейттегі шыңырау, сырты аптап, іші сыз, менің жаным секілді. Төбесінен өтеді, құмды боран дүркіреп, тұнығына шөгеді, ұлы ғасыр тозаңы. Замандардан замандар зымыраған шақтарда, көзін жұмып қайнары, қаусағанда шегені, жібітпесін сезсем де, ғасырлардың таңдайын, көзін оның бір Керуен – аршырына сенемін!.. k
ЖЕТІНШІ БӨЛІМ поэмалар Қара пима Бірінші тарау І Алай да дүлей ақ боран, Ысқырып, ұйтқып,
бұрқырап. Аттаған жанды қақпадан, Қақпақыл қылар жұлқылап. Апшысын жердің қуырып, Аранын аспан ашқандай. Ақ бұлттан қылшық суырып, Алапат күшпен шашқандай. Мына үй жансыз сықылды, Күртікке кеткен көміліп. Мұржадан шыққан түтінді Жатыр ма жалмап жел үріп? Түтектен түк те көрінбес, Үйшікте жатыр ит бұғып. Үйдегі бала көз ілмес, Көңілін көп ой күпті қып. ІІ Төсектен қолы салбырап, Қорылдап жатыр әкесі. Жабағы мұрты жалбырап, Бораннан келген беті осы. Келді де, міне жығылды Арсы да гүрсі киімшең.
Сақалын қойған қыруды, Сықпытсыз көрсең түрін сен. Түнеріп қыртыс қабағы, Жөтеліп қояр әредік. Төсектен жерге тамады, Етіктің лас қары еріп. Түймеден түк жоқ тондағы, Шалбардың анау жыртығы. Әйелі қайтыс болғалы, Ішіп жүр, міне күн-түні. Ішуге сылтау табылар, «Ішемін, – дейді, – күйіктен». Қызған соң айтар әні бар: «Өмір-ау, неткен сүйікті ең!». ІІІ Баланың жайын еске алып, Көршілер күнде келіп жүр. Жылы ұстап үйді, пеш жағып, Уақтылы тамақ беріп жүр. Басқалар жуып киімін, Күтімін алған баланың. Еденін сүртіп үйінің, Қарасып қояр сабағын. Қаршадай ғана жетімек, Өзегін өртер нала-мұң. Шөлдейді шерлі көкірек, Мейіріміне Ананың. Әкесі болса күнде мас, Қалғалы қашан жұмыстан. Ақылды ешбір тыңдамас, Достармен түгел ұрысқан. «Ішуді қой» деп келгенде, Жанашыр достар,
көршілер.
«Қоямын мұны өлгенде,
Арағың болса, берші» деп.
Салса да талай жиналып,
Түспеді пайда талқыдан.
Серт берсе бүгін қиналып,
Қайта ішіп кеткен артынан.
Қызып ап кейде «сорлым» деп,
Құшақтап ұлын жылайды.
«Арақты енді қойдым» деп,
Төсекке барып құлайды.
Әкесін сонда бас салып,
Кемсеңдеп,
ернін тістелеп,
Көзінен ыстық жас тамып,
Жалынар:
«Әке, ішпе!» деп.
Әкесі, бірақ оянса,
Ауырған басын уыстап,
Тордағы байғұс қоянша,
Құнысып бойы құрыстап.
Түк таппай қойнын ақтарып:
«Сен барсаң берер көршілер,
Пәленнен қарыз ақша алып,
Дүкенге барып келші» дер.
«Қалтамда түгім қалмады,
Өртейді қайғы ішімді.
Жазылса басым болғаны,
Қоямын, – дейді, – ішуді».
Айықпас ішсе жетілеп,
Уәде талай желге ұшып.
Өткізіп шөлмек кетіп ед,
Бүгін де міне келді ішіп.
Біреуді сыбап дөрекі,
Қызара бөрткен сиықпен.
Былдырлап жатып қор етті: «Өмір-ау, неткен сүйікті ең...» ІV Көрші кеп міне бүгін де, Әзірлеп тамақ балаға: – Дайындал, – деді, – жүруге, Барамыз ертең қалаға. Басылса мынау борасын, Жүрерміз ертең, қарағым. Оқитын енді боласың Интернатында қаланың. Ол жерде, жаным, бәрі бар, Ғажайып әсем мектебі. Жақсы ұстаз, дос та табылар, Ол жақта қызық көп, тегі. Мұз айдын қандай ол жерде, Барғанда өзің көресің. Береді коньки сендерге, Достармен бірге тебесің. Бір үйде тұрып көп бала, Сабақты бірге қарайсың. Ойнайсың бәрің топтана, Баруға, кәне, қалайсың? – Әкем ше? – Әкең емдеуде Азғана уақыт болады. Емделіп үйге келгенде Ішуді мүлдем қояды. – Ура! – деп бала қуанып, Мұңайып сосын: – Итімді Жүрейін, – дейді, – бірге алып, Қимаймын, сондай сүйкімді... V Тізесін құшып диванда, Бір кезде Бала мызғыды,
Білмейтін сынды тұр ма алда
Тағдырдың ащы тұздығы?
Гуілдеп боран далада,
Көшені қармен көмеді.
Түсінде Бала қалада
Зырлатып коньки тебеді.
Интернат...
Айдын....
Жап-жарық...
Көп адам...
Бұл жүр ішінде...
Анасы бұған таң қалып
Қарап тұр екен түсінде.
Жанары қандай, жанары!
Мейірім тұнған шүпілдеп.
Сүйеді келіп Баланы:
– Бармын ғой, жаным, шүкір... – деп.
Бетіне бетін тақап тым,
Бала айтар:
– Енді кетпе! – деп.
– Сабақтан кеше екі апсың,
Өзіңе қалдым өкпелеп.
Кетемін!..
Бол, – деп, – хош-аман... –
Анасы ғайып жоғалды.
– Кетпеші, Апа, «бес» алам!.. –
Кемсеңдеп Бала оянды.
Жуыпты бетін көз жасы,
Ойында Ана елесі.
Зеңіпті басы болмашы,
Тоңазып қапты денесі.
Әкесі басын көтеріп,
Акырды қолы дірілдеп:
– Жылағаныңша кет өліп,
Бастама жаман ырым! – деп.
VІ Әзер деп басып солығын, Әйнектен тысқа қарады. Аспанда нұрсыз өлі Күн, Еңкейіп кетіп барады. Бәсеңдеп боран тынысы: Борайды жерді бауырлап. Әкесі тұрды тырысып, Қабақтай басын ауырлап. Естілді сырттан ысқырып, Отыр бұл неғып жөнемей. Ойнап жүр бәрі, Үскірік, Бұрқасынды да елемей. «Достарым жүр ғой далада, Отырғанша үйде қамалып, Кетем деп ертең қалаға, Айтайын да бір жаңалық!..» Киінбек еді... – Отыр! – деп, Әкесі тыйып тастады. – Салып қой пешке отын! – деп, Қалтасын қармай бастады. Киім жоқ Тесік тиын жоқ, (Бір кезде болған, әрине!). Үйде де ешбір бұйым жоқ, Араққа салған бәрін де. Сатылған: Қой мен сиыры, Домбыра, сағат, кілем де. Жарының бүкіл киімі... Табылмас қазір бірі емге.
Ойында шөлмек «күліп» тұр, Ғашығындай боп ең қымбат. Шытынап басы сынып тұр, Шағады миы солқылдап. Қалтасын қайта сілкеді, Қазына тауып алардай. Көзімен үйді тінтеді Сататын нәрсе таба алмай. Сенделген сарсаң күйімен, Шөліркей аңсап қимасын. Қолтықтай шықты үйінен Ұлының қара пимасын. Жалынышты үнмен тіл қата, Жанында ұл жүр айналып. – Пимам ғой менің бұл, Папа, Барасың оны қайда алып? Ызалы жүзі ызғар боп, Әкесі: – Кетші ей, – десе де, – Баласы: – Пимам, пимам! – деп, Бірге ере шықты көшеге. Жабысты жолын кес-кестеп, Көз жасы тарам-тарам боп: – Пимамды, әке, тастап кет, Қалаға қалай барам?.. – деп. VІІ Кешкірген мезгіл. Тауықтар Шақырып жатты қорада. Табанын кетті қарып қар, Елейтін оны Бала ма?! Қызараң қақты күртіктен, Жалаңаш тобық сол шақта. Мөлт еткен тамшы кірпіктен Айналды мұзды моншаққа.
Қамшыдай қатқан түрі бар, Әкесі басты аршындап. Қабаған иттей сүрі қар, Табанда жатты арсылдап. «Пимамды қалдыр, папалап», Баласы қалмай жүгірді. Шарт етіп шойын шапалақ Омбылап қарға жығылды. Қанғандай содан айызы, Әкесі ұзап барады. Қанды қар болып ауызы Соңынан Ұлы қарады... Үскірік үрлеп есірді, Әкенің үзіп қарасын. Етіктің ізін өшірді, Жүгіріп жаяу борасын. Дегендей «енді өшемін» Күн беті күңгірт тартты да, Сапырды қарын көшенің, Қаһарға мініп «қарт құда...» Екінші тарау І Мынау үй жансыз сықылды, Күртікке кеткен көміліп. Мұржадан шыққан түтінді Жұта ма, әлде жел іліп?.. Бастырған мұртын сәнді етіп, Нар кеуде, Тіп-тік иық кең. Келеді біреу әндетіп: «Өмір-ау, неткен сүйікті ең!». Оралды сол бір кеткеннен, Үйіне әке «емделіп...»
Есікте құлып... Жоқ пенде... Аш ит жүр жалғыз сенделіп... Есікке жетті ентелеп, Жинаған жандай бұл есін. Ит қана келіп еркелеп, Қарсы алды жалғыз иесін. Қаңырап жатыр тұрағы... Абдырап, сасқан күйінде. Бара сап ұлын сұрады Көршінің кіріп үйіне. ІІ Күмілжіп көрші: – Ден сау ма? – Ұлымды? – Ұлың – қалада... – Интернатта ма ол сонда? – Жатыр ғой ауруханада... – Науқас па? Қалай? Қай уақтан? – Айтады «суық шалған» деп, Боранда, білем, көп жатқан Ұлың – сау... Түк те болған жоқ... Жығылып жатқан жерінен Балалар тауып алыпты. Бұрнағы күні барып ем – Бері қарап беті қалыпты. Қорқатын түк жоқ... Бітеді Ойдағыдай боп бәрі де... Өзіңді ылғи күтеді Қарамай жатып әліне. Бәрі де жақсы... Жазылар...
Үйіңнің міне кілтін ал. Жартылық пенен қазы бар, Бойыңды аз-мұз жылытып ал... – Атама! Ұрттап тағы мен... Құрысын... Болғам шаталып... Ұлыма сыйлық алып ем, Берейін соны апарып... ІІІ Қар күреп болып, Пеш жағып, Келтірді үйін бап күйге. Жары мен ұлын еске алып, Жападан-жалғыз жатты үйде. Өртеніп жатыр өзегі, Ұзақ түн еді бұл неткен?! Ағады ойдың өзені, Түбіне ойдың кім жеткен?! Өзінің өткен өмірін Қараса барлап, Саралап: Қыруар жұрттың көңілін Жұтатқан екен жаралап... Дүниеден өтіп жан-жары, Басына қайғы түскенде, Ұмыт боп үйі, мал-жаны, Салынып, тозып ішкенде. Жанашыр дос пен жақыны, Ақылмен де айтты, ұрсып та. Достардың бірақ ақылы Қонды ма мұндай қырсыққа?! Тыңдамай өскен жасынан Өзінен басқа ешкімді. Асқанда барып басынан Қатесін енді кеш білді.
Тұғырдан өзін құлатқан
Ішкілік десе жеркеніп,
Өкініш пенен ұяттан,
Өлердей болды өртеніп.
Теріс бір жолға түсіп ап,
Тайғанап,
Құлап,
Құлдырап. Жігері құм боп, пышырап, Жоғалғанда үміт бұлдырап... «Құрыған, Біткен адам» деп, Қол сілтеп кетпей достары, Тегін бе бұған алаң боп, Қатарға әкеп қосқаны? Басынан өтті-ау қилы күн, Ол күннен мүлде безінді. Ұлына алған сыйлығын Құшақтап енді көз ілді. Өкініш... Нала... Мың күдік... Өң менен түстің арасы... Жатқандай болды шыңғырып, «Пимамды бер!» деп баласы... ІV Таңертең келген үйіне, Достарын көріп шаттанып. Шайдан соң буып-түйіне Ұлына кетті аттанып. Қобалжу енген түрі бар, Келеді әке аршындап. Қабаған иттей сүрі қар Табанда жатты арсылдап.
Сан сезім іште арбасып, «Ұлым...» деп жаны езілген. Уайым-күдік алмасып, Көңілден күлкі безінген. Самолет дейтін құспенен Жедел-ақ жетті қалаға. Ақшаңқан автобуспенен Тірелді ауруханаға. V Ақ төсек. Аппақ бөлмеде Шалқалап жатқан көрді ұлын. Тұрмайды атып ол неге? Танымай ма әлде, келді кім? Қарады өңі қуарып, – Келдің бе, әке?! – деп Бала. Жатқанын оның қуанып Жанары айтты тек қана. Қазақы қара көздері, Қарайды мұңмен жаудырап. Абыржып әке төзбеді, Аузынан сөзі саудырап. – Бармысың, жаным, балам-ай?! Соңына назар салмастан Жылатып кеткен қарамай, Әкеңді кешір алжасқан... Қалайсың? Тәуір болдың ба? Естідім суық тиді деп. Келдім ғой жер боп мен мұнда, Кешір... – деп ұлын сүйді кеп. Сонан соң сасып, күйбеңдеп, Суырып сәлем-сауқатын. Шығарды «мынау үйден» деп, Әкелген асын-ауқатын.
– Сыйлығы да бар әкеңнің Шыққанда өзің кисін деп, Жап-жаңа пима әкелдім, Аяғы тоңбай жүрсін деп! Бұрқырап боран борасын, Тоңбайсың енді сен, әсте?! Қарашы, міне, қарашы, Тамаша пима емес пе?! Жөтелден сонда қиналып, Қолымен басып өкпені. Баласы: – Енді пиманың... Қажеті маған жоқ... – деді. – Не дейсің? Не-е, – деп, – құлыным? – Бойынан қайрат, әл кете, Ақ жамылғыны ұлының Үстінен жұлып алды әке. Қараса... кеште баяғы... Пиманы сатып ант ұрған... Үсіген екі аяғы... Кесілген екен балтырдан!.. VІ Аһ ұрды әке қинала, Қолынан сусып жабылды Көмірдей қара пимаға Ақ қардай аппақ жамылғы... Сәл ғана тершіп шекесі, Баласы жатыр қалжырап. Еңірегенмен әкесі Босаған да жоқ Ол, бірақ. Көзіне қалған мұң ұйып, Есейген, ойлы пішінді. – Әке, – деп әрең жымиып, Қойдың ба, – деді, – ішуді?..
Дәрігер кеп дәрі-дәрмекпен, Өлшеді Бала қызуын. Жатыр ол тыңдап Әйнекте Ұшқан бір шыбын ызыңын. Шыбынды қуды маңынан, Қолға алып дәрігер шыбығын. – Тимеңізші, апай, – жалынам, Ол, – деді, – менің шыбыным... Әйнектен сәуле бөлшек боп, Әкенің түсті басына. Бұл, әлде оның сол сәтте Ағарып кеткен шашы ма?.. k
НАТЮРМОРТ
Еркін Нұразхановқа
«Адамда қанша көз жасы, азап,
қаншама күрсініс, махаббат болса,
соның бірде-бірі маған жат болған
жоқ...»
Микеланджело хаттарынан
«Ақырымды сеземін...»
Микеланджело. Сонеттен
Бір сурет сақтаулы тұр көптен менде,
Ой салар келгендерге, кеткендерге.
Натюрморт – дос суретші сыйға тартқан,
Бәрі бар тән бояудың көк пен жерге.
Алма анау қып-қызыл боп албыраған,
Қап-қара жүзім жатыр балбыраған.
Жап-жасыл қияр анау жаңа үзіліп,
Көкпеңбек дастарханда сән құраған.
Сәулелі стақанда мөлдір шырын,
Қасында – ашқан аппақ гүл бүршігін.
Қарасаң, тәтті жұпар танауға кеп,
Тартады сұлулығы көздің сұғын.
Әрірек – басы жатыр бір адамның,
«Бұл кім?» деп суретшіден сұрағанмын.
«Е, ол жәй... Микеланджело басы емес пе?»
Дей салды ол. Қазбаламай тына қалдым...
Қарасаң – қамсыз жүрек тілкем болар:
Алайып қатып қалған үлкен жанар.
Сабырлы суық өң мен кең маңдайдан
Ерекше жан екенін жұрт аңғарар.
Әр жеміс үстелдегі ірең беріп,
Гипстің жатқан сынды түрі өзгеріп,
Шөлмектей құп-қу болып бір қарасаң,
Қалады бір қарасаң күреңденіп.
Микеланджело?! Ақталып неғыламын,
Мен оны ә дегенде танымадым.
Бабамдай балбал көрсе басын иген
Алдында «Дәуітінің» табынамын.
Ерлік пен қасіреттің кемеңгері.
Ақтарды ажал сырын тереңдегі.
Сыймады Флоренция – ұлы еліне
Сыйса да бесігіне өнердегі.
Өлімнен Қорқыттан да қорқып әрман,
Өтіпті жүрегінде дертіп арман.
Сурет пен сұңғаттан да сая таппай,
Өлең боп өзегінде өрті қалған.
Қалмады ешбір өнер жанын алып,
Қор болды ит-қорлықта кәрі ғарып.
Отаны танымаған азапкерді,
Басына көтерді әлем танып анық.
Сорға – бай, қуанышқа олқы кісі,
Суреттен сезіледі зор тынысы.
Жүзінде – жас өнердің сәулесі мен,
Көзінде – кәрі ажалдың қорқынышы.
Жаз айы отыр едім пәтерімде,
Сәбиім қолын созып қапелімде:
«Әперші ана алманы» – деді маған,
Ойланбай оңтайландым әперуге.
Қарасам: қабырғаға тамсанады,
Натюрморт алмасы екен аңсағаны.
«Оңбайды-ау, деп ойладым, суретшілер,
Жан салмас дүниеге жан салады».
«Ол – сурет, ілінбейді қолға» деймін,
«Әпер де әпер, папа, алма жеймін».
«Бақшадан қазір үзіп әкелейін,
Қызым-ау, сәл күте тұр, онда, мейлің...»
Қадалса – қан алмай ма бала деген,
Шыдамай атып шығып далаға мен,
Бақшадан бірер алма үзіп алдым...
Кез еді күн еңкейген, алакөбең...
Үздім мен таңдамай да,
Талғамай да,
«Осылар шикі-ау» деген болмады ойда.
Аспанда Төлегеннің алты қазы
Қалықтап бара жатты әлдеқайда.
Қолдарын ауырсына сілкіп қалып,
Алма ағаш басылды әрең үркіп барып...
Ойладым: анау аппақ қаздарға да
Біреулер жетеді-ау деп мылтықты алып...
Табиғат, кешір мынау пенделерді,
Сен бердің тағдыр бізге бермегенді.
Алдымен аямастан жаралап ап,
Сонан соң сүйеміз біз емдегенді.
Табиғат, сен – бозторғай ұяң жаны,
Біз – көкек балапаны ұяңдағы.
Тойынбай өгейіңді тойғызам деп,
Тасисың табысыңды қияндағы.
Жаспыз ғой, сондықтан да арланбаймыз,
Тіпті сәл есейіп те қалғандаймыз.
«Ақ сүтін анамыздың ақтармыз» деп,
Қашанда армандаймыз, армандаймыз...
Қызыма алма ұсындым –
Оны алмады.
«Бұл деген тәтті емес» деп жамандады.
Жылайды тас-талқан боп,
Жер тепкілеп,
Сұрайды суреттегі өлі алманы.
Шығады пәтерімнен жалдамалы,
Шәлкестеу сәбиімнің салған «әні».
«Жемісті суреттегі әпер» дейді,
Қай бала шикі алмаға алданады?
Жей алса ойып тұрып әперер ем,
(Тіпті олай ойлауды да қате көрем).
Күні ертең «Айды әпер» деп шыға келсе,
Қанатсыз қайда бармақ әке деген?..
Алманы әпер дейді қабырғадан,
Алдаудың басқа лажы табылмаған.
Сөзімді ұқтыра алмай мен таусылдым
Өзімше психолог – сабырлы адам:
«Ой, мына ойбайлаған оңбағанды-ай,
Қой деймін!..»
Екіленді ол да қоймай...
Жарым кеп ашуыма басу айтты:
«Қайтесің өзің бала болмағандай?..»
Өзінің алданышын алдайды адам...
Бәрібер бірбет неме болмайды оған.
Шындық қой сәби деген тұнып тұрған,
Шындықты шырылдатқан қандай жаман.
О, алдау! Осыншама қиын ба едің?
Амалсыз ашып кетті миым менің.
Алданған дүниеде адам қанша,
Ол тұрып, сөз болып па үйімдегім?
Апыр-ау, бала дейміз, өзіміз де,
Осынау ес тоқтатқан кезімізде.
Алтынға қолда тұрған қарамаймыз,
Өзгенің артық болып жезі бізге.
Шындыққа шыншыл жолмен бармағасын,
Өзің де екібастан алданасың.
Көздерін ақиқатқа ашар ма еді,
Әлемнің жинап алып бар баласын?!
Ұшады көбелек те жарықты аңдап,
Қанаты күйсе күйсін –
Барып қонбақ.
...Баламды алдай алмай мен отырмын,
Біреулер жүрген кезде халықты алдап...
Кенеттен кірді кемпір – үй иесі,
Күйгендей күйзеліп тұр дүниесі:
– Әй, бала,
Неге үзесің көк алманы.
Көз тайса –
Істейтінің ылғи осы.
Өзіңде титтей ұят бар ма? – деді, –
Немене, әкең еккен алма ма еді.
Бәрін жұл! Сындыр!
Қират! Ол аз десең
Қайтып кеп кәрі кемпір – жалма мені...
...Не десем?
Жұлғам жоқ қой ашыққаннан,
Немесе, ұры емеспін машықтанған.
Ілулі натюрмортты нұсқай бердім,
Қалпымда аузымды ашып, сасып қалған.
Суретке кемпір бетін бұрып барды,
Көрді де, сәл булығып тұрып қалды.
– Апажан, кешіріңіз.
Мына қызым,
Әпер деп, ана алманы, ырықты алды.
Сөзіме сұсты кемпір үн қатпады,
Әлгінде сайрап тұрған тіл-жақ кәні?
Барады бірте-бірте аузы ашылып,
Балықтай демі біткен құрғақтағы.
Жүзіне беймәлім бір сезім орнай,
Кемпір тұр айтатұғын сөзі бардай.
Тамағын керней беріп,
Сол суретке
Тағы да қарап қалды көзін алмай...
Жерден ап, жерге салмай масқаралап,
Бұ кемпір жарар еді ашса қабақ...
Байқасам...
Суреттегі алмаға емес,
Тұр екен жоғарылау – басқа қарап.
Таңырқап, дау-дамайын созбағасын,
Үрейлі көріп қалдым көзқарасын.
– Сақтай гөр!
Ызғарлысы-ай түрінің, – деп,
Саусағы қармай берді өз жағасын.
Сол бастың суреттегі
Мысы басып,
Кемпірдің кетті бірден түсі қашып,
Кәрілік – бірі өмірде,
Бірі – өнерде,
Кездейсоқ қалды солай ұшырасып.
Түрі жоқ ештемеңді ұғар енді.
Жуасып шадыр кемпір шұбар өңді:
– О, тоба!
Құдай, өзің сақтай гөр! – деп,
Күбірлеп,
Шегіншектеп шыға берді.
Қалайша жасқа шылап тостағанын,
Суретке құмартқаны жас баланың?
Неліктен сол суреттен безді кемпір,
Белгісіз үрей билеп қас-қабағын.
Алмаға меңзесе де сөз салмағы,
Неліктен кемпір, тіпті көз салмады.
Кереғар құбылысқа жауап іздеп,
Қиялым дүниені тез шарлады.
Кемпірге әсер етсе – Адам Басы,
Баланы қызықтырған бал алмасы,
Суреттен екі түрлі сезім түйген,
Кәрі мен жастың сырын бағамдашы.
Ұқсайды түн мен күнге
Кәрі мен жас.
Арасы әрі алшақ та әрі жалғас.
Қос сызық – екеуінің сезімдері,
Тоғысып бір нүктеде кезіге алмас.
Сурет тұр қабырғада – сол тұрысы,
Бойында – тебуі мен тартылысы.
Сәбиді құмар қылса сұлулығы,
Кәріні қалтыратқан қорқынышы.
Ақылы әкесінің «аз-ақ алды»,
Түнімен қызым жылап, мазаны алды.
Шешесі сан жұбатып байқаса да,
Қоймады,
Қоймаған соң жазаланды.
Қайтейін
Қыңырлығы артық деп мен
Мінезі дәл өзіме тартып кеткен.
Таяқпен түзеуші еді шешем мені,
Әйтпесе қайдан түссін тәртіп көктен?..
Қызымның көңілі де қаяулы еді,
Ұйықтады «пыс» етті де, баяу демі.
Суретті,
Сұлулықты сүйгені үшін
Жас сәби тұңғыш рет таяқ жеді.
Жолда біз жаурап, тоңып,
Ес-шама жоқ,
Бүрсеңдеп келе жатып «баспана» деп,
Бір алтын,
Бір тері тон тауып алсақ,
Алдымен дәл қайсысын бас салар ек?
Киер ек әсемін бе, жылысын ба,
Қайсысы тұрар еді тіл ұшында?
Дер ме едік:
«Үсіп өлсек пайдасы жоқ,
Жылусыз алтын тоның құрысын да!..»
Ал сәби...
Сұлулыққа ұмтылады.
Жолында кедергі боп кім тұрады?
Пайдасы бар-жоғына пысқырмайды,
Өнер мен өндір сезім ынтымағы.
Бәрі де әсемдіктің мағыналы.
Сократ,
Ғафу етсең неғылады: –
Пайдасыз сұлулыққа ғашық болып,
Сәбиім іліміңді танымады!
Даладан жарым кірді...
Кемсең қағып,
Сөйлейді:
– Ана кемпір... көрсем... нағып...
– Ұқпадым, жөндеп айтшы,
Оянбайды...
Қайтеді сен үйіне келсең барып...
Мен бардым...
Терезеге бетін беріп,
Ол жатыр тәтті ұйқыда секілденіп.
Өткенін дүниеден бірден сездім,
Шыныдай көздерінің шетін көріп.
Жатыр ол –
Үнсіздің де ең үнсізі.
Жүзінен сезіледі өлім сызы.
Бозғыл шаш,
Сұрғылт әжім,
Сарғайған тіс...
Қашанда осындай ғой өмір күзі...
О қандай қасіретті қаза жыры...
О қандай жансыз мынау аза гүлі...
Бойдағы ең қадірлі,
Қасиетті
Демді де ұрлап кетер ажал – ұры.
Тірі адам –
Тіршілікке жаратылған.
Кім оның ажалына ара тұрған.
Аңыз бар:
«Өлген жанның тыныс-демі
Сәбиге қонады екен жаңа туған...»
Қуаныш,
Күйінішің,
Азабыңмен
Не жетсін өлгенге өз ажалыңмен...
Бесіктен белім шыға көріп келем,
Қайғылы не бір түрін қазаның мен.
Мінеки,
Мезгіл жетті,
Кемпір де өлді...
Бұл күнде ажалың да сан түрленді.
Көргем мен пышақталған,
Поезд басқан,
Көргем мен өзін-өзі өлтіргенді...
Ішіне бір-бірінің іріткі сап,
Бұл күнде жердің беті қырық пышақ.
Адамды аңдып, аулап,
Қуалап жүр
Қу ажал бомба тастап, қырып, тұсап...
Өзінің армандаған нұр таңына
Жетсем деп әлін әркім құртады да,
«Қызықты мен көрмеген сен көрші» деп,
Кетеді сенім артып ұрпағына.
Кемпірдің екі қызы
Хабарымды ап,
Қойысты аналарын ақ арулап.
Боздап жүр:
«Қоштаса алмай қалдық қой» деп,
Осылай – өлгеннен соң Ана қымбат!..
Түрі жоқ күйеулері қалыс қалар,
Маскісін түсіртіп те алысты олар.
Бір қала...
Тұрмады ма келіп кетіп?
Кім білсін, үйлері тым алыс болар?
Өлімнің қайткенмен де лебі күшті,
Басында жас қабірдің егілісті.
Жұбатты қайтып келіп бірін-бірі,
Шыныға көз жастарын төгіп ыссы.
Өмір ғой...
Өкінішін тастап өтер,
Қаусаған кәрі тұрмақ жас та кетер...
Артынан айтты маған:
«Мынау үйді
Сатамыз...
Іздеңдер, – деп, – басқа пәтер...»
Ізетпен,
Көрсетпестен ағат қылық,
Айтты олар жасағандай тағаттылық.
Ойланып қалдым мен де
Үстелдегі
Кемпірдің маскісіне қарап тұрып...
Маскілер...
Түсірілген өлгендерден
Оларды кездестірген көп жерлерден.
Петрдің маскісі тұр Полтавада,
Мойкадан Пушкинді де көргем... көргем.
Өмірдің рахаты мен азабынан,
Қалпында мәңгі-бақи таза арылған.
Марқұмдар маскілері музейде тұр,
Көргенде аза бойды қаза қылған.
Маскілер...
Иек артып құр елеске
Илеген балшық емес бұлар әсте.
Қас-қағым қалғып кеткен
Тірі адамның
Маскіде ақтық демі тұр емес пе?!.
Жылжыды өмір алға,
Шектелмеді,
Үй алдым үкіметтен көп бөлмелі.
Жақтауын натюрморттың алтындатып,
Ілдім мен қабырғаға қақ төрдегі.
Басыма бас қосылған,
Қызым өскен,
Түрінен қиқарлықтың ізі көшкен.
Алайда,
«Натюрморттан алма әпер» деп
Қинаған қайдан кетсін қылығы естен?
Ауылдан шашу шаша анам келген,
(Қуанып, «Үй алдық!» деп хабар бергем.)
Отырды келінімен шүңкілдесіп,
Мәз болып қызығына аман көрген.
– Мал-жан бар...
Қоймадыңдар келмесіме,
Жұрт та айтты «Жатырсың деп сен несіне...»
(...Туалет, ванна, ас үй, балконды да
Үйдің ол қосып отыр бөлмесіне.)
– Алладан тілемеппін бекер тілек,
Сендерді көңіліме етем тірек.
Сол кезде немеренің ең кенжесі
Қыңқ етті:
– Әже, алма әперші, – деп.
– Мінеки,
Тұр екен ғой алма дайын,
Мә, жаным, ал, ала ғой, айналайын...
– Оны емес, анау тұрған алманы!.. – деп,
Немере бастап кетті байбаламын.
Қарасақ:
Қабырғаға тамсанады,
Натюрморт алмасы екен аңсағаны.
– Қой, қарғам,
Ол – сурет қой, сен мынаны ал,
Берейін қанша жесең – сонша, кәні...
Еш сөзді қылар емес бала қапер:
– Жемеймін,
Мынаны емес, ананы әпер!
...Жеңіме алма тықтым алдамаққа:
– Әперем, жылама енді, қане, жетер.
Жүзіне беймәлім бір сезім орнай,
Тұрды анам айтатұғын сөз бардай.
Тамағын керней беріп,
Сурет жаққа
Қадалып қатып қалды көзін алмай.
Өзінде ой мен сезім қосқан одақ,
Өзгерген:
Басқа жанар... басқа қабақ...
Байқасам –
Суреттегі алмаға емес,
Тұр екен жоғарылау – Басқа қарап...
Сол Бастың суреттегі мысы басып,
Анамның бара жатты түсі қашып.
Кәрілік – Бірі өмірде,
Бірі – өнерде,
Кездейсоқ қалды тағы ұшырасып.
Анамның –
(Өңінде жоқ жаз-жарасым.)
Үрейлі байқап қалдым көзқарасын.
– Сақтай гөр!..
Ызғарлысы-ай түсінің!.. – деп,
Саусағы қармай берді өз жағасын.
Елестеп
Өлген кемпір...
Бозғыл маска...
Көзіме келіп қалған сездім жасты.
Миымды көк найзағай ұрып өтті,
Қоздырып қайдағы бір қоздырмасты.
Суретке қарады анам қадала кеп,
Ұмтылдым:
– Ойбай, Апа, қарама! – деп.
«Суреті құрсын бүйткен!» деп ойладым,
Маскі емес,
Маған тірі Ана керек...
«Жан анам!
Аяулы Анам!
Қадірлі Анам!»
Суретті жұлып алдым қабырғадан...
Еденге бар күшіммен бір-ақ ұрдым...
...Мысқалдап кірді сонсоң сабыр маған...
Қалыпты рамасы қирап анық,
Анам да айран-асыр күйде қалып:
– Қарағым, мұның не? – деп таңырқады,
Жарым жүр сынықтарын жинап алып...
Жапанда жатқан тасты кім аңғарар?
Ал соған мүсінші кеп құмар болар.
Қашауын оңды-солды сілтегенде,
Топас тас сұлу қыздай сылаң қағар.
Тас мүсін...
Сұлулығы, сыны үшін де,
Тұратын кейіпкер ол гүл ішінде.
Талайлар таңдай қағып тамашалар,
Көз қырын салмаса да тірісінде.
Сұлулық!
Тартпадың сен кімді өзіңе?
Асылсың бермейтұғын тым кезіге.
Ешкім де еріккеннен қарамайды,
Көзі әбден қарыққанша күн көзіне.
Талайлар жанын саған етіп құрбан,
Жаққан ғой шырағыңды өшіп тұрған. Көркіне ағаш аттың қызыққаны – Түбіне Трояның жетіп тынған. Сұлулық! Сенің сазың еркелесе, Жүйткиді болашаққа Жер кемеше. Кей марғау ұйқысынан оянбас та еді, Сені көп Герострат өртемесе. Сұлулық! Жарып шығып қабіріңді, Жүрекке жүргіздің сен әміріңді. Өз атын шығарам деп әлгі малғұн, Аңдаусыз арттырды ма қадіріңді? Серпілтіп қайғы бұлтын төніп келген, Өзіңсің сұр өмірге көрік берген. Бабаның бас сүйегін қазып алып, Мүсіндеп жүрген жоқпыз еріккеннен!.. k
КӨЗДІҢ ҚҰНЫ (Дастан) І «Диірмені мезгілдің айналғанда, Талқандалмай қалуға айлаң бар ма? Адамзаттың өмірін тыңдамайды ол Бірдей оған адам да, айуандар да. Адам, бірақ, өледі адам болып, Қасиетін тірілер алар бөліп. Тірлік тіні – махаббат, Күмәндансаң Сауыр тауда бір шал бар, соған жолық. Шал отырар Айна көл жағасында, Сыр шертісіп суменен, нанасың ба? Махаббаттың жолына құрбан қылған Екі көздің ағын да, қарасын да. Сұрамаңдар әзірге «ол кім» десіп, Шал сөйлесе жатады көл тілдесіп. Әрбір сөзін зағиптың тыңдау үшін, Толқыннан соң келеді толқын көшіп, Тірі әулие сөзімен, ісімен де, Сыйлайды оны үлкендер, кішілер де. «Алжыған» деп аңдамай айтқан сабаз, Тереңдігін мұхиттың түсінер ме? Соқыр шал мен сырлы көл... Солған жанар Көретіндей үңіліп жардан қарар. «Маржан» дейді күбірлеп сөз арасы, – Тереңінде сол көлдің маржан болар?! Бәйгетөбе басында қаны қызып Желіккенге – Бәйгенің бәрі қызық. Көз ұшынан көрінді арғымақтар Балжуранды жазықта шаңы жүзіп,
Жалбаң-жалбаң жаңалап Мырзан байды,
Жапалақ көз Жандайшап ыржаңдайды:
– Алдыңғы аттың шабысы бөлек екен,
Сіздікі-ау! – деп сүзіліп, құржаңдайды.
Мысық мұртты мырзаның суық түсі,
Көзінде тұр сұсы мен уыт, мысы.
Күдік кеулеп барады көкірегін,
Келмегенмен қаншама жуытқысы.
Жандайшаптар жалбаңдап алдаса да,
Тізгін берер Мырзан ба далбасаңа?
Тағдыр бағын ашпады-ау бәйгеден бір,
Даңқ пенен дәулеттен қолдаса да.
Жұрттан бұрын таныды ол алдыңғы атты,
Бұның тағы үмітін жандырмапты.
Шаңда қалған жүйрігін көрген кезде
Сұп-суық боп маңдайын жаңбыр жапты...
– Байшұбар!
Тағы да озып шұбар келді, –
Мірдей көзін мырзаның мұнар көмді. –
Жалаңаяқ жаманның жабысы озды-ау,
Бақталастың табасы тынар ма енді?..
Тұлпарынан тұғыры жүйрік түсіп,
Жаман кедей жүрмеді-ау құйрық қысып.
Жаратқаны жолынан жаңылған ба,
Бақ таратып жүргенде бұйрық пішіп.
Тобыр мынау «Байшұбар!», «Райлаған».
Тұнық тұма көңілді лайлаған.
Сол шұбардан озатын мал шықпады-ау,
Мыңғыраңан жылқыдан бұл айдаған.
Бұл тұрғанда кім еді Рай деген,
Домалады тасы өрге бұлай неден!
Құлақкесті әкесі құл еді ғой,
Тоқты тапса жыл жүріп,
Бір ай жеген...
Ауыл сырты.
Айлы түн.
Алтыбақан.
Дулы думан жастықтың салтына тән.
Түннің бетін жалайды лаулаған от,
«Айдан артық, дегендей, жарқыратам...»
Аспан астын әлдилей ән шырқалып,
Дуылдайды думаншыл, сәншіл халық,
Алтыбақан тебеді ақбілек қыз,
Ай нұрына шолпысы жарқыл қағып.
Ән мен әзіл,
Жас қауым,
Бала-шаға.
Басын қосқан бәрі де тамашаға.
Жұрт көзінен ұрланған жігіт пен қыз,
Оттан ұзап жолықты оңашада.
Судың бетін сызады тал майысып,
Жарқанаттар жанайды талмай ұшып.
Тал түбінде табысып екеу отыр,
Махаббаттың балынан қанбай ішіп.
– Сағындың ба?
– Сағындым...
– Сезіп едім...
Түсімде де өзіңмен кезігемін.
– Мен де, жаным, сен берген орамалды
Иіскеп жатып әр түні көз ілемін.
– Ол орамал сертім ғой саған берген...
...Тербеледі тал басы самал желмен.
Жапырақтан сығалап Ай қарайды,
Екеуінің сүйісін талай көрген.
Бергі бет тал,
арғы бет – кіл ақ қайың,
Өзен жатыр ортада сынаптайын.
Ай аспанда ақырын маңырайды
Сүтке тойған аппақ бір лақтайын.
– Жеңгем іздеп қалады, қойшы, жаным...
– Іздей берсін... Айтпақшы, бар сұрағым:
«Қыз қууға» шықпадың бүгін неге?
– Жете алмай ма деп қорықтым Байшұбарың...
– Байшұбар... – деп
Рай да жұтты сөзін,
Билегендей жүрегін күпті сезім.
Түсінбеген секілді қыз әзілін,
Алабұртып алысқа тікті көзін.
– Келмегенмен әзірге күйім, шамам,
Қосылармыз жаз өте, бұйырса дәм.
Байшұбарды сатсам да қалың жиып,
Құда түсем қалай да биыл саған!
– Райжан-ау, малы аз ба бұл ағаңның,
Мен тұрғанда басыңды құрап алғын.
Сыбай-салтаң жүрістен не шығады
Бір қайырын көрсеңші мына малдың.
Акылың сай жігітсің сымбатыңа,
Қызығасың қыздың да қымбатына.
Көздегенің бар болса, үйленсеңші.
Ділгер болып жүргенше тіл-хатына.
– Әр сөзіңді, Мырза-аға, мүсіндедің.
Тұспалыңа, дегенмен, түсінбедім.
Басым жас қой,
Несіне асығамын.
Мал жиюға жетеді күшім менің.
– Мал жиям деп жүргенде жасың өтер,
Кідір тартқан жігіттің бәсі кетер.
Алтың басың қор болар қайрат тайса,
Ағаң ақыл ұсынса,
Несі бекер?
Ақыл айтсаң жүзіңді салып төмен,
Шіренеді бұл күнде халық деген.
Байшұбарды бұлданбай маған сатсаң,
Жүз жылқыңды алдыңа салып берем.
Жарлы жанға жалғыз ат мал болмайды!..
– Болады, аға...
Аузыңа алма ондайды.
Байшұбарсыз, байқасам, күнім қараң,
Жалғызыма келгенде жан қалмайды.
– Ойлан, бала!
Есті адам тілге ереді.
Жалғыз атпен кім қазір күн көреді?
Қапияда кететін қасқыр жарып,
Бір жылқыға – жүз жылқы кім береді?
– Сата алмаймын, Мырза-еке, шұбарымды,
Қалай ғана қиямын сыңарымды.
Құлынынан қолымнан жемдеп едім,
Соған таңып өзімнің тұмарымды.
– Жал бітті ме жабы едің жаман кеше,
Қатынсыз өт өмірден маған десе.
Жалғыз шыққан шаңынды көріп алдым,
Қу тізеңді құшақтап қал ендеше!
– Апа, мынау көк тері қайдан келген?
– Оны бүгін олжам деп Майдан берген.
– Майданы кім?
Мырзанның баласы ма?
– Иә, сол ғой.
Сонау күн тойдан көргем.
Жол-жөнекей соғыпты сусағасын,
Қағып алып қатықтың бір шарасын,
Риза боп, қасқырын байлап кетті...
– Батпан құйрық!..
Түсіндім ишарасын!
Сусын емес, Шұбар ғой көздегені,
Аңдиды олар атымнан өзге нені?
Рай бала қайтар деп райынан,
Әкесінің болар-ау мезгегені.
Бай иілсе иілсін,
Қасарып көр, –
Баяғыдай біздерді аш-арық дер.
Қажеті жоқ мал түгіл,
Терісі де
Жомартына жол түссе апарып бер!
Байшұбарым тұрғанда кімнен кеммін,
Көбісінен биікпін күлгендердің.
Сармантайдың тойынан мал айдап кеп,
Бұйыртса:
«Апа, мінеки жүлдем» дермін.
Малдың басы қалды
ғой құралып та.
Енді мынау аз күнге шыдалық та.
Сармантайдың тойына тоғыз күн бар,
Содан кейін тартарсың құдалыққа.
Ал, мен кеттім.
Жолығам келініңе...
...Шықты анасы шарбаққа теріні іле.
Жалғызының соңынан қарап тұрды,
Шүкірлігі оралып ерініне.
Қазанбұзар үйтентек қыранжапты,
Азамат боп қалғанын кім аңдапты?
Теріні іліп,
Шарбаққа сүйенді Ана,
Көк бөрінің терісі бұлаң қақты.
Қас қарайып барады,
Күн кешкіріп,
Ат дүбірі көп уақыт тұрды естіліп.
Малын жайңап келді де жантайды Ана,
Алласымен арманын тілдестіріп.
Түн ішінде шу шықты қора жақтан,
Дүрліктіріп не пәле бара жатқан?
Көсеуін ап қолына ұмтылды Ана,
Есігіне қораның мана жапқан.
Қора ішінде сан дауыс:
Ырылдаған,
Маңыраған, қорқырап, қырылдаған,
Апыр-топыр!
Қой қайсы, қасқыр қайсы?
Ащы айғайға ешбірі бұрылмаған.
Қараңғыда қос ноқат шоқтай жанып,
Шалып қалды адамды тоқтай қалып.
Қолындағы көсеуді сілтетпестен,
Арс етті де Ананы өтті айналып.
Екіншісі тастай сап жамсатуды,
Ыр етті де кемпірге қарсы атылды...
Бастырылған, қырылған қой ішінде –
Жаралы Ана күн шыға жан шақырды.
Бәйгетөбе басында қаны қызып,
Желіккен ел.
Бәйгенің бәрі қызық,
Жүйрік біткен көмбеге келіп болды,
Балжуранды жазықта шаңы жүзіп.
– Байшұбар!..
Тағы да озып шұбар келді,
Мірдей көзін Мырзанның мұнар көмді.
Бәйге сайын жүлдеден жұрдай болса,
Қан түкірмей көңілі тынар ма енді?
«Басқа шықты-ау мына бит балақтағы,
Байшұбарын сат десем жолатпады.
Тайталасар кім еді менімен бұл,
Жалғыз ат пен бір жүлде – сол-ақ малы.
Қасқыр қырып кетсе де жиған малын,
Шұбар үшін көрермін қиған жанын.
Осы жолы сатар-ақ,
Ал, сатпаса...».
Ішке бүкті Мырзан бай бармағын...
– Келістік қой!
– Келіспей қайда барам?
– Біз куәміз!
– Сөзіңнен тайма, балам.
Қолыңды бер!
– Мінеки...
...Сөз де пісті
Сәйгүлікті сан мәрте саудалаған.
Мырзан жайнап,
Райдың қаны қашқан,
Жұрт жанары жылқыға жамырасқан.
Жел жетпеген жүйрік тұр жерді тарпып,
Жарыс сайын жігіттің бағын ашқан.
Желбірейді үкісі кекілінде,
Жалтаң-жалтаң етеді тосын үнге.
Жат есікке жалданып бара жатып,
Жаутаңдамас дәл бұлай жетімің де.
Есік пенен төрдейін тұрқыменен,
Тұрғандайын көз жасын іркіп әрең.
Иесіне қояды иек сүйеп,
Сезімтал-ау қыздайын жылқы деген.
Кеудесінде қу жаны Райдың да,
Берілуі бірінші бұлай мұңға.
Қалың төлер байлыққа жеттім деген
Нышаны жоқ қуанған сыңайдың да.
Өткір тырнақ өзегін өтті тырнап,
Өлпең өртеп,
Өңеші кетті құрғап.
Өзіне ме, білмейді,
Өзгеге ме
Өжеленді өңінде от дуылдап.
– Уа, халайық! Қанеки, бері қараңдар!
Көрген де бар мұндайды, көрмеген бар.
Сатып алдым Райдың Байшұбарын,
Бұл Байшұбар менікі, ей, жарандар! –
Мардамсыды Мырзан бай шырайлана, –
– Ат кімдікі?
Елге естірт, Рай бала!
– Сіздікі! – деп тізгінді ұсынды Рай,
Ентелесе ел келіп тұр айнала.
– Ұқтыңдар ғой!
Демеді қапы қалдым,
Жүз жылқыға бір жылқы сатып алдым!
Алшысынан асығы түсері анық,
Маңдайында Шұбардай аты бардың.
Бұл Байшұбар бағымды байлап келген,
Алыс-жақын айнала аумақты елден.
Қанша арғымақ сатып ап салсам-дағы,
Жеке-дара жеткізбей заулап берген.
Былғап болған Байшұбар намысымды,
Сейісімнің сан мәрте сағы сынды.
Көзге шыққан сүйелдей сұрқымды алып,
Өрлетпеген даңқым мен дабысымды.
Байлық деген немене – қолдың кірі,
Бір жылқыға бергенім – ердің құны.
Байғұс мінген жүйрікке бұт артқанға
Масайрайтын –
Мен емес кемнің бірі.
Мінбеймін мен!
Мінбейді менің балам!
Малданбаймын тартса да тегін маған.
Әй, Жандайшап!
Бері әкел айбалтаңды!
Байшұбардан көптенгі кегімді алам!
Селк етті Рай,
Көңілін қауіп қысты...
Ал айбалта... жарқ етті!
Шауып түсті!!!
Байшұбардың сылқ етіп басы жерге
Тұрып қалды тұлғасы алып күшті.
Бассыз тұлпар!..
Тізесі бүгілді де,
Омақасты...
Үзілді ғұмыр міне...
Жансыз басты құшақтай жығылды Рай,
Екі көзі түк көрмей үңілді де.
Не болғанын ес жиып бір-ақ білді,
Жанашыр жұрт жанында жылап тұрды.
– Малға тұмар не керек! –
Қан-қан болған
Тұмарды бай Райға лақтырды.
– Тұрған шығар жаны ашып жаман қатты
Тоқтатыңдар сарнаған самаржақты!
...Мөлдіреген жанары мұздай болып,
Адамдарға Байшұбар қарап жатты...
– Қорқам, жаным...
Қазіргі халім жаман.
Қия бассам аңдиды –
Соңымда адам.
Сен де сонша кешігіп, сарғайдым ғой...
– Не?.. Не дедің?!.
– Төледі қалың маған...
– Кімге айттырды?..
– Мырзанның баласына... –
Маржан қыздың жас толды шарасына.
Айдың беті ду етіп аспандағы,
Тасаланды ала бұлт арасына.
Теріс қарап талдар да томсырайды,
Бұтақтардан тырсылдап тер шұбайды.
Қап-қара боп түтіккен көрші Райды,
Өң-шырайдан түк те жоқ жолшыбайғы.
Жалт-жұлт етті көздері қараңғыда,
Жай түсірді жігітке хабар мына.
...Байшұбардың күйігін көтере алмай.
Күйреп жатып,
Қызды іздеп бара алды ма?
«Құдалыққа оңалсам жүрем», – дейтін,
Анасынан әл кеткен мұны емдейтін.
Жылқысына бас-көз боп Байсал досы,
Бағып-қағып,
Түзелткен сүрең-кейпін.
Байшұбардың құсасы шекке жетіп,
Уәделі мерзім де кеткен өтіп.
Жұтатынға ұқсайды обыр тағдыр,
Тәуекелді көрмесе өткел етіп!..
– Аттан! Аттан!
Қыз қашты! Аттан! Аттан!
...Дүр сілкінді түнгі ауыл шапқан аттан.
Қараңғының қойнына сіңіп жатты
Жарқ-жұрқ етіп ақ сойыл қат-қабаттан.
Төңкеріліп ошақта қазан қалған...
– Әй, бұл не шу бейуақта мазамды алған?
– Қыз қашыпты тау жаққа Райменен!..
Мұздай жүзі Мырзанның тозаңданған.
– Ана иттерді тыйыңдар абалатпай! –
Сан-сақ ойын сәл тұрды саралап бай.
Киіз үйге кірерде күбір етті:
«Тәңір, өзің жар бол, деп, табалатпай...»
Таң алдында сырылды тау мұнары,
Қылаңытты қойнаудың қау-құраңы.
Алаңаншық ескенде күншығыстан
Жапырағы теректің саудырады.
Күтіп жатыр кермиық күнді атырап.
Кәрі жартас бәрін де тұр бақылап.
Шатқалдағы шымырлап жатқан көлдің
Қалқып қонды бетіне бір жапырақ.
Бір жапырақ деген не?
Көл әлемі
Өз бесігі өзінде – елемеді.
Кәрі жартас қойнына қолын тығып,
Сылқ-сылқ күлді аймалап кенерені.
Тау иығын нұр жауып құланиек,
Бара жатты бозарып сиялы көк.
Қойдан қоңыр көлге кеп құйған бұлақ
Жарқырайды жыландай зияны жоқ.
Таңғы ауадан сынбаған ызғар әлі,
Күн нұрына бой бермей сызданады.
Мұз бұлаққа еңкейіп бетін шайып,
Көзін сүзіп көл жаққа қыз қарады.
Сорғалаған тамшыны қақшып алып,
Ерке бұлақ ойнақтар шапшып ағып.
Рай отыр қойтаста сойыл жонып,
Енді ғана оралған ат суарып.
Тұрақ қылып аз күн тау,
ағаш ішін,
Ойға қайта оралмақ анасы үшін.
Анасын ап,
Жасырын таудан асып
Сағаламақ осы қыс нағашысын.
Екеуара жалғыз ат мінгескені,
Еске түсті кешегі тілдескені: –
Маржан:
«Мәңгі сендікпін,
Екі өмір жоқ,
Екеумізге соңғы кеш –
бұл кеш...» деді.
Рай:
«Тарттық, ендеше!» –
Қыз қуанған,
Қақ жарылған қара тау ызғып алдан.
Көлге жете екеуі ат шалдырып,
Шидем төсеп, ер жастап мызғып алған.
Тоңазыды түнімен...
Күз келеді...
(Жылылық қой бұлардың іздегені...)
...Ой үзілді.
Маржан кеп:
«Қорқам, Рай
Біреу қарап тұрғандай бізге» деді.
Жымып жетіп сездірмей ат дүбірін:
– Мен көрдім!–деп Жандайшап қақты күлім.
Сілтеп қойды сойылын көл маңына,–
«Қос ғашықтың тығылған таптым інін!..»
– Ғашығың не?
Жә, жетер, жетіспе! – деп.
Майдан атын тебінді оқыс, кенет.
– Жекпе-жекке шығамын Раймен мен,
Сендер оқшау тұрыңдар екі-үш бөлек.
– Шыға көрме,
Майданжан,
жекпе-жекке,
Басты тігіп қайтесің өткелекке.
Біз білетін арлан ғой,
Алдырмайды...
– Қашқан жауға қара күш көп керек пе?
Айттым – бітті!
Намыстың жолы – қанды! –
Сар сойылын Майдан да қолына алды.
Құтқармайтын сүйікті сойылы бұл,
Не бір ұры, немесе не бір аңды.
Майдан шыға келгенде қай заматта,
Қарғып мінді Рай да жайдақ атқа.
Қанды көздер қадалды қаһар шашып,
Жіберердей бір-бірін байлап оққа.
Қарш-қарш шайнап аттары ауыздығын,
Тақымдарды сезінді нағыз мығым.
Адамдығын ұмытып екі жігіт,
Жұдырыққа жинады жауыздығын.
Сатыр-сұтыр сілтенді сойылдар да,
Ар-намыстың нар жүгі мойындарда.
Адам, мүмкін мойындар бірін-бірі,
Ал, сойылдар бір-бірін мойындар ма?
Ұрымталын Райдың бағып епті,
Әккі Майдан тізеден қағып өтті.
Өзінің де шүйдесі солқ ете қап,
Жұлдыз қаптап көз алдын халі кетті...
Екеуі де сол мезет аттан ұшты,
Естіді Рай шу еткен көп дауысты.
Қыздың үні шың етіп жеке шығып,
Қозғап кетті қандағы кек-намысты.
Ұрма тұстан ұрысқа болған айғақ,
Аламандар ат қойды андағайлап.
Бас көтеріп,
Сойылын қарманғанша
Өзіне ұшқан Маржанды қалды абайлап.
– Қаш, Маржан! – деп ышқынып түрегелді,
«Сен құтылшы, мен көрдім...» – тілегі енді.
Сатырлаған сол сәтте соққы жауып,
Шыр айналып, дүние жүре берді...
Қына қанға боялған қызғыш таулар,
Қыз көзінен татты ащы бір мысқал нәр.
Құлағына Маржанның жетті дауыс:
– Көзін құрттық Райдың!
Қызды ұстаңдар!
«Көзін құрттық Райдың!» –
Селк етті қыз!
Қарып өтті жүрегін өртеп бір із.
Бар әлемнің бояуы бірден оңды, –
Сұп-сұрғылт күн,
Сұрсыз көл,
Немкетті құз...
«Көзін құрттық!» –
Дүние қаусап қалды...
– Рай!.. Рай!.. –
Жаңғыртты тау-шатқалды.
Оянды қыз көрді де
Аярлы жүз,
Төніп қалған тарбиып саусақтарды.
«Қаш!..» –
Миынан бір дауыс етті жарлық,
Қашты...
Жетті...
Жартастан кетті қарғып...
Күмп етті де толқындар тас-талқан боп,
Кеудесінен күшімен тепті барлық...
Айырылды аспан да бір қақырап,
Аза бойы қаза боп тұрды атырап.
Көлки-көлки көл беті тыныштанды,
Қалқи жүзіп бетінде бір жапырақ...
«Қанатыңнан қайырылдың!..» –
Суық хабар.
«Жоқ!
Сенбейді!
Жәй өсек, күдік болар...»
Үш ұмтылып орнынан тұра алмады...
Өр еді ғой – міне, енді шірік томар.
– Жеткізіңдер...
Қайда өзі... Бір көрейін...
Ұлым қайда?
Құдай-ау... бірге өлейін...
Тұла-бойын құрсаулап қысқандай ма,
Өз шапаны өзіне түрмедейін.
Түк ұқпайды қалғандай сезім қараң... –
Қарашығым...
Майданым... көзім... балам...
Дүниеден шынымен өткенің бе!..
Жоқ! Сенбеймін!
Ат қайда?
Өзім барам!..
Бекінді де көл жаққа бұл да аттанды,
Ат соңында ала шаң шумақталды.
Шаңырағы шайқалып ақ орданың
Бай ауылы ұлардай шулап қалды.
Қапияда қан болған жаралы Ана,
Науқасынан айыққан жаңа ғана.
Тезек баттап отырды көң түбінде,
«Ұл қайда жүр?
Бұл шіркін орала ма!»
«Қайда жүр,– деп Байсал да сұрап кепті, –
Жылқысының жетеуін ұры ап кетті...
Бастан құлақ садақа!
Ұлым барда
Пешенеге жазылар тұяқ көп-ті...
Көрінді ғой әне бір төбеде атты...
Сұм жүрегім, апырау, неге қақты?
Байсал ғой бұл...
Жынды ма сонша шауып?..
«Ой, бауырымдап» атты адам келе жатты...
– Ойбай, көтек... –
Орнында тұралады...
«Ой, бауырымдап» о несі жылағаны?..»
– Айырылдық, Райдан!..
Кетті үзіліп...
Кәрі жүрек арғыға шыдамады...
Баласының басында сорасы ағып,
Мырзан отыр.
Көз алды – ала шаңыт.
– Құлыным!..– деп, аһ ұрып кеңкілдейді,
Абажадай денесі аласарып.
– Тірі жатыр мынау ит!..
Көзін ашты!..
– Рай тірі!
– Тірі екен!..–
Сөз ұласты.
Жасын сүртіп Мырзан да мойнын бұрды,
Өзектегі өртін де өзі басты.
Қанға бөгіп,
Ыңырсып жатыр Рай...
Жақындады ақырын ақыры бай:
– Көзін құрттық бұл сұмның демеп пе еңдер?!.
– Ит жанды екен...
Өлмепті... кәпірін-ай?!.
– Құныкері осы ғой ақ баламның...
Әй, Жандайшап!
– Шапсам ба?..
– Тоқта, малғұн!
Құлыныма араша түсе алмаған,
Өз басыңды алдымен ақтап алғын.
Мендей қайғы көрді екен, тегінде, кім?
Бас шапқанмен бітпейді кегім менің.
Жазаламай жауымды жаным тынбас,
Кеудесінен шығарман тегін демін.
Ішсе де ит
Қарғамның адал қанын,
Өлтірмеймін!
Алла алар алар жанын...
Ит пен құсқа жем болып қала берсін.
Бар, Жандайшап!
Көзін ой!
Мә, қанжарым!..
Таң алдында сырылды тау мұнары,
Қылаңытты қойнаудың қау-құраңы,
Алаңаншық ескенде күншығыстан, Жапырағы теректің саудырады. Күтіп жатыр кермиық күнді атырап Кәрі жартас бәрін де тұр бақылап. Шатқалдағы шымырлап жатқан көлдің Қалқып қонды бетіне бір жапырақ. Сол бір таулар. Сол бір көл. Сол көрініс... Желекті жаз, желкем күз, көрпелі қыс. «Қыз құлаған» бұл көлдің бүгінгі аты, Құлап па екен қыз өзі? Ертегі-мыс... Толқып жатыр маржан көл қанасында, Мен іздеген шал да жоқ жағасында. Жібергендей бәрін де жуып-шайып, Жылпос уақыт қас пен көз арасында. Бірақ таудан торғын жел кейде ескенде, Жағасына жастар кеп ой кешкенде, Көл: – Рай! – деп шақырса, Жел: – Маржан! – деп, Екі ғашық ұқсайды сөйлескенге. k
Мазмұны Б і р і н ш і б ө л і м Жаңа дәптерден .................................................................3 Е к і н ш і б ө л і м Жаратылыс .......................................................................89 Ү ш і н ш і б ө л і м Жүрек пен жүйке ...........................................................171 Т ө р т і н ш і б ө л і м Іңкәр ...............................................................................237 Б е с і н ш і б ө л і м Балладалар .....................................................................303 А л т ы н ш ы б ө л і м Ақ өлеңдер .....................................................................321 Ж е т і н ш і б ө л і м Поэмалар ........................................................................329
Көркем әдебиет
Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТ
Жырлар
Бас директор З. Тен
Редактор А. Акишева
Суретші Б. Серікбай
Техникалық редактор О. Пегова
Компьютерде беттеген Г. Есімбекова
Корректор С. Ыбраева
Басуға 08.10.12 қол қойылды. Қалпы 84×108 1/32. Қағазы офсетті.
Қаріп түрі «Таймс». Шартты баспа табағы 20,0.
Таралымы 2000 дана. Тапсырыс № 7330.
«Раритет» баспа компаниясы,
050022, Алматы қ., Масанчи к., 98
Тел./факс: 8(727) 260 67 08, 292 88 36
E-maіl: rarіty_pc@maіl.ru
www.rarіty.kz
Тапсырыс берушінің файлдарынан «Полиграфкомбинат» ЖШС-де басылды,
050002, Алматы қ., Макатаев к., 41
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру