Гапеев экспедициясы Қазыналы қарашаңырақ
Аман Жанғожин, Ермағанбет Лұқпан
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Гапеев экспедициясы Қазыналы қарашаңырақ. Аман Жанғожин, Ермағанбет Лұқпан
Ақ пен қызылдар жан алысып, жан берісіп жатқан күндердің өзінде жаңа өкімет өз ретінде ұлан - байтақ. елдің жер асты байлықтарын зерттеуді ұмытқан жоқ. Уралдың бергі жағы, Қиыр Шығыс, ен жатқан далалық аймақтарға арнайы геологиялық экспедициялар шығарылды.
СССР Халық Шаруашылығы Бас кеңесінің (ВСНХ) геологиялық комитеті 1920 жылдың басында Далалық аймақтың жерасты қазба байлықтарын зерттеу, тексеру, оның қорын анықтау, әрі ғылыми бағасын беру жөнінде қазақ даласына арнайы геологиялық экспедиция шығарды. Оны басқару сол кездегі Урал тау-кен институтының профессоры, әрі директоры Александр Александрович Гапеевке (1881-1958) жүктелді. Бұл кезде ол елдің Шығыс беткейін геологиялық зерттеумен, алдымен көмір кеніштерін барлауда танымал болған.
Өмірден көргені мен түйгені мол, шебер ұйымдастырушы, өз саласының аса білгірі Александр Александровичтің өнегелі еңбек жолы кімге болсын үлгі етуге тұрарлық еді. Ол ерте жастан революциялық пиғылды бойына сіңіреді. 25 жасында партия мүшесі болып, үстем тап өкілдеріне қарсы наразылығын ашық білдіргендердің бірі болды. 1906 жылы Петербург делегациясы құрамында В.Ленин, А.Луначарский, Е.Стасовпен бірге Стокгольмде өткен РСДРП-ның IV съезіне де қатысқан. Болмысынан геологияға жақын ол жерасты қазба байлықтарын іздестіру ісіне ерте араласқан. Сонау 1903 жылы Кузбастағы геологиялық барлауға да қатысады.
1910 жылы Петербургтің тау-кен институтын бітірген А.Гапеев арнайы тапсырма бойынша 1917-18 жылдары-ақ қазақ даласында, соның ішінде Сарыарқадағы Қарағанды өңірінде болады. Оның осы өңірдің мол жерасты қазба байлығы туралы ұғымы сол сапарында-ақ қалыптасады. Ал 1920 жылы оған арнайы геологиялық барлау экспедициясына жетекшілік ету тапсырылғанда ол өзін үлкен болашақ күтіп тұрғанын білді. Гапеев өзінің ғылыми, геологиялық қызметінің мәуелі жемісі Қарағандымен байланысты боларын ұ қты.
Жалпы Гапеев экспедициясының мақсаты жалғыз Қарағанды аумағы ғана емес, Оңтүстік-Сібір өңірінен бастау алатын жалпы Арқа алқабын толығымен барлап шығу еді.
Шынында да Гапеевтің бұдан кейінгі бар өмірі Қарағандымен сабақтас болды. Ол сол 1920 жылы басталған геологиялық барлау қызметін өмірінің соңына дейін жалғастырды десе болады.
Оқиға желісі мен шешім
Егерде сонау күндер сорабына үңіліп Гапеевтің Қарағанды үшін сіңірген еңбегінің маңыздысы не десек мынаны айтуға болады. Бұған дейін Қарағанды туралы әңгіме көтерілгенімен оның тек жергілікті маңызы ғана тілге тиек етілді. Шетелдік алпауыттар болса әр жерден бір жұлып, жерасты байлықтарының мол қыртысын аршып алуға, яғни мол кенді қармап қалуды ғана ойлады. Әрі олар өздерін осы аймақтың тұрақты қожасы болмасын да білді. Сондықтан да жүйелі жұмыс, ғылыми зерттеу болмады. Осы себепті де Қарағанды байлығы туралы пікір әлі де нақтыланбаған, екі ұдай еді. А.Гапеевтің алты адамнан тұратын экспедициясы (құрамында геолог В.Лугутин, әйелі М. Гапеева және үш жұмысшы болды) небары үш аптаның ішінде өңірдің шын мәнісінде мол қазына қоймасы екендігіне көз жеткізеді. Сол негізде бұрынғы қалыптасып қалған үғымды бұзып ресми түрде Қарағаңцы кенішінің болашағы зор, байлығы мол орын екендігін дәлелдейді. Гапеев пен оның әріптестері көмір қыртысының Майқұдықтан Саран және Соқырға дейінгі созылған 25 шақырымдық алабы барын анықтайды, оның 9 көмір қабатынан тұратындығын ғылыми тұрғыда сипаттайды. Таскөмір қорын ғана анықтап қоймай, оның химиялық құрамына да сипаттама береді. Қарағанды көмірінің қоры қанша деген сауалға да алғаш жауап берген Гапеев болатын. Оның жасаған болжамы бойынша сол 1920 жылы-ақ Қарағандыбасы өңіріндегі көмірдің жалпы қоры 4,25 миллиард тонна деп бағаланды. Сол бойынша Гапеев бұрынғы қалыптасқан қасаң қағиданы бұзады, ол Қарағанды көмірі тек Спасск мыс қорыту заводын және жергілікті басқа да мұқтаждарды ғана емес, осы өлкедегі барлық аудандарды энергия көзімен қамтуға, тіпті Оңтүстік Урал дың да шикізат көзі болуға жарайды деген батыл тұжырым жасаған.
Гапеевтің бұл тұжырымдары мен зерттеу еңбегінін қорытындысы 1922 жылы жарық көрді. Солай болса да Орталық 1930 жылға дейін Қарағаңды аймағыңда іздестіру-зерттеу жұмыстарын қолға алмаған. Тиісті орындардың Қарағандыға көңіл бөлмеуі, оны ірі кен орны ретінде игеруді қолға алмауы Гапеевті қатты алаңдатады. Өзі Мәскеуде жүрген жылдарында назарды Қарағандыға аударту бағытында табанды жұмыс жүргізген. Оның талап етуі және ұсынысы бойынша 1927-1929 жылдары өңірдің алғашқы топографиялық суреттері түсіріліп, картасы жасалды.
Араға көп уақыт салмай Гапеевтің арманы жүзеге асады. Қарағанды кеніші игеріле бастайды. Кейін белгілі ғалым-геолог Қарағандыда сан мәрте болады. Ол Қарағандымен шектеліп қалмай.
Екібастұз, Ертіс алабын, сонымен қоса Сарыадыр, Төменсор, Құсмұрын, Ақжар, Бөрілі және Майкүбі көмір кен орындарына сипаттама береді. Сөйтсе де оның аса зер салып, көңілін бөлгені, әрі жанына жақын тартқаны Қарағанды кеніші болды. 1930 жылдан 1954 жылға дейін Мәскеу геологиялық барлау институтының профессоры болған А.Гапеев сол жылдары үкіметтің Қарағанды көмір алабын іске қосу, құрылыс салу жөніндегі кеңесшісі болды. Ол СССР көмір кен орындарының қорын бағалау, жіктеу жайындағы 100-ге тарта ғылыми еңбектің авторы десек соның басым бөлігі Қарағаңды кенішіне арналған. Соның бірі 1939 жылы жарыққа шыққан «Қарағанды тас көмір бассейні және оның қоры» атты күрделі еңбек. 1948 жылы геолог-ғалым А.Гапеев қазақстандық әріптестері Г.Кушев, Г.Медоев және алғыр геолог әйел З.Семеновамен бірге Қарағанды кенішінде жаңа кен орындарын ашуды қамтамасыз еткені үшін СССР Мемлекеттік сыйлығына ие болды.
Жылжыған жылдар Гапеев есімін ұмыттырған жоқ. Қазір қаламызда Гапеев есімімен байланысты мұралар мол. Мәселен облыстық мұражайда А.Гапеевтің өміріне, ғылыми қызметіне қатысты құжаттар мен фотосуреттер біршама. Солардың қатарында ғалымның «Қарағанды кен орны» атты бассейн туралы 1922 жылы шыққан, жоғарыда аталған тұңғыш еңбек, геологиялық балғасы тәрізді басқа да жәдігерлер сақталған.
Қарағанды көмір кенішінің Гапеев есімімен аталатын көмір қабаты бар. Қаламыздың Оңтүстік-Шығыс бөлігіндегі бір көшеге атақты ғалым-геологтың есімі берілген. Күні кешеге дейін Гапеев есімін қарағандылық геологтар да аса құрметпен есте ұстап келді. Орталық Қазақстан Геологиялық өндірістік бірлестігіндегі бір геологиялық барлау экспедициясы Гапеев есімімен аталды.
Қарағанды және Қарағанды кеніші туралы әңгіме болғанда біз СССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Ленин және Еңбек Қызыл Ту ордендерінің иегері профессор Александр Гапеев есімін ауызға алмай өте алмаймыз. Себебі Қарағанды көмір кенішіне ғылыми тұжырымдама берген өңірді зерттеушілердің көш басында Гапеев тұрды.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру