TELEGEI

Home

Мексика ұлы

Джек Лондон

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Мексика ұлы

Джек Лондонның шығармалары шытырман оқиғаларға негізделген. Кейіпкерлер бейнесі шынайы өмірден алынған жазушы туындылары оқырманды бірден өзіне баурап алады. Автордың өзіндік тұлғасы мен қоршаған ортаға деген көзқарасын ашық білдіретін мінезі байқалады.

Мексика ұлы Ривера рингке елеусіз көтерілді. Өр тұстан шашыраңқы сараң ғана соғылған алақандар көрермен қауымның оған деген сенімсіздігін айқын сездіргендей. Шындығында бүл қауым үшін Ривера бөрі аузына тасталған жетім лақпен барабар еді. Өйткені оның қазіргі қарсыласы аты шулы азулы боксер ұлы Дәнни болатын. Жас мексикандық өз бұрышына жайғасып, қарсыласын күтті. Әр минут жылдай созылып, баяу жылжиды. Дэнни өзін ұзақ күтуге мәжбүр етті. Тіс қаққан жырындының бұл қағидасы темірқанат боксшының талайының-ақ сабырын сарқып, көңіліне қорқыныш ұялататын, жүйкесіне тиетін. Ривера өзінің бұл айқаста қалай да жеңуі керек екенін бір сәт естен шығарған жоқ. Оны осы айқасқа итермелеген ұлы күштің сыры зал толы көрермендердің бірінің ойына да кіріп шықпайды. Дэнни Уорд ақша үшін, сол ақшаға негізделген жеңіл өмір үшін айқасып келеді. Ал Ривера өзінің не үшін, кімдер үшін төбелесетінін терең түсінеді. Оның көз алдына бір сәт туған елінің аянышты тұрмысы, жанары ыза-кекке толы бейнесі ап-айқын елестеп өтті. Қым–қиғаш көріністер. Компания ләпкесі алдындағы алаң, сол алаңда иін тірескен мыңдаған аш жұмысшылар, солардың төбесінде қамшы ысқыртып, қылыш ойнатқан генерал Росальо Мартинес пен Порфирио Диастың солдаттары, қанды қырғын… Осы бір көріністер өмір бақи таусылмастай, жазықсыз төгілген адам қаны мәңгі тыйылмастай көрінеді… Қаралы түн, қапас түн! Сол түн құшағында тағдыры үшін тартысқан жандар мүрдесі Веракруске жөнелтіліп, акулаларға жем болып жатыр. Өліктер арасымен ілгері еңбектеген ол жендеттер айуандықпен азаптап өлтірген ата-анасының парша-парша мәйіттерін ғана тапты. Әсіресе кеудесін баса тау болып үйілген өліктер астынан басы ғана көрініп жатқан ана бейнесі санасын семсердей тілгілейді. Тағы… тағы да солдаттар винтовкасы ажал оғын қардай боратты. Сол оқ астымен аш күзендей бүгіле еңбектеп қашқан жетім ұлан жүрегі уланған қасқырдай аласұрады. Дауыл толқытқан теңіз шуындай ду соғылған шапалақтар үнінен селт етіп, басын көтерген Ривера айналасында құрдай жорғалаған жаттықтырушылар мен секунданттарын ертіп, орталық алаңмен келе жатқан Дәнни Уордты көрді. Оны қолпаштап соғылған алақандар дауылы бес минут бойы дүрілдеп тұрды. Ал Ривераға ешкім назар да салмады. Тіпті ешкім оның осы жерде бар-жоғын білмейтін, білгісі де келмейтін тәрізді. Зал тағы да ду қол соқты. Дәнни қарсыласына қарай беттеген еді. Ол еңкейіп, Ривераның оң қолын екі қолымен алып, зілдене, жай сілкіді. Содан соң бетін Ривераның бетіне тақай күлімсіреді. Оның осы бір қалпы көрермендерді таңғалдырып, таңдайларын қақтырды. Ол дәл қазір қарсыласымен емес, туған інісімен кездесіп тұрғандай еді. Көпшілік солай ұғынды. Дэннидің қимылдаған еріндерінен оның сөйлеп тұрғанын байқап, не деп тұрғанын есітпесе де, әйтеуір бір ыстық лебіз білдіріп жатқан шығар деп жорыған көрермендер тағы да дабырласып, өздерінше дән риза болысып жатыр. Дәннидің сыбырын тек Ривера ғана айқын есітті.

– Әй, Мексика жігіті, – деді ол езуіне мысқыл күлкі үйірген қалпы, ысылдай сыбырлап, – қазір сенің кеудеңнен жаныңды суырып аламын!

Ал Дэнни шешінген кезде әлгілер «паһ» деп таңдана таңдай қақты да қалды. Шынында да оның серіппедей бұлтылдаған шақпақ еттерінен дүлей күштің лебі есіп тұр еді. Аппақ терісі жып-жылтыр, ширақтық пен серпінділік, күш–қайрат тұла бойына сыймай тұрғандай. Иә, ол мұны талай айқаста айқын көрсетті де. Оның суретімен бетін шұбарламаған бірде-бір спорт журналы жоқ. Спайдер Хонерти Ривераның тоқыма көйлегін басынан сыпырған кезде, зал іші күңіреніп кеткендей болды. Қара торы өңі оны барынша арық та әлжуаз етіп көрсетті. Рас, бұлшық еттері бар болатын, бірақ қарсыласымен салыстыруға келмейтін. Алайда алабұртқан көпшілік оның апайтөс кең кеудесін байқай алмай қалды. Сол сияқты олар Ривераның бұлшық еттерінің әрбір клеткасының кез келген соққыға дайын тұратынын, шаршап-шалдығуды білмейтін төзімділігін де, берік жүйкесі оның денесін қуатты механизмге айналдырып жібергенін де аңғара алмаған. Көпшілік тек қара торы өңді, он сегіз жастағы талдырмаш бозбаланы ғана көрді. Дэннидің жөні бір басқа! Дэнни – жиырма төрт жастағы нағыз ер мүсінді жігіт. Бұл айырмашылық, әсіресе екеуі төрешінің соңғы кеңесін тыңдап, қатар тұрған кезде алабөтен көзге түсті. Ривера осы жерде тілшілердің ту сыртында отырған Робертті көрді. Ол әдеттегіден гөрі масаңдау екен, тілі бұрынғыдан бетер күрмеле түсіпті.

–Жасқанба, Ривера, – деді ол міңгірлеп, – есіңде болсын, ол сені өлтірмейді. Ривера оның сөзін есіткен сыңай байқатпады.

– Қарашы, мына томаға-тұйық сайтанды! – деді Роберт көршісіне бұрыла міңгірлеп. – Сол баяғы қырсықтығынан жазбайды.

Гонг қағылды да, айқас басталып кетті. Көрермендер бір серпіліп, алға ентелей қалысты. Шыдамсыздана шиыршық атып тұрған Дэнни екі аралықты бір-ақ аттап, Мексика баласын екі шайнап, бір жұту мақсатымен дүрсе қоя берді. Ол «ә» дегеннен-ақ Ривераға жұдырықты жаңбырдай жаудырып кеп жіберді. Тәжірибелі де шебер боксшының тұс-тұсынан төпелеген соққылары Ривераны жел айдаған қаңбақтай дөңгелетіп әкеп, керме арқанға жапсырды. Төреші боксшыларды ажыратып жіберді. Сөйткенше болмай мексикалық тағы да арқанға соғылды. Мұны боксшылар айқасына ұқсату да қиын еді. Күші басым ағаның әлжуаз ініні бөріктіріп сабағанымен барабар болды. Дэннидің құтырына, екілене жаудырған жұдырығының астынан Ривера көпшілікке әрең–әрең қылаң береді. Бір минут, екі минут өтті. Боксшылар бір сәт ажырасқан кезде ғана көрермендер көзі мексикалыққа түсті. Оның ернін былғары қолғап жырып кетіпті. Мұрнынан қан дірдектеп тұр. Алайда оның салқынқандылығын, суық көзқарасының баяғы бәз қалпында қалғанын ешкім байқай алмады. Ол чемпиондыққа таласқан талай мықтының жұдырығына жанды нысана болған-ды. Сондағы табатын табысы жарты доллар еді. Дегенмен, сол жұдырықтар мұны асқан төзімділікке баулып, құрыштай шыңдапты да. Осыдан кейін ешкім күтпеген керемет оқиға болды. Жұдырықтар дауылы күрт тынды да, Ривера рингте жалғыз қалды. Дэнни, қаһарлы да даңқты Дэнни шалқасынан түсіпті. Ол теңселіп барып немесе тізерлей барып, жайлап жантая құламады, мұрттай ұшты. Оны Ривераның серпе ұрған сол қолы баудай түсірген екен. Дэнни сәл есі кірген кезде барып қимылдады. Бокс жанкүйерлерінің мұндай нокаут кезінде құлатушыны қолпаштап дуылдасатыны бар ғой. Бұл жолы бәрі тілдерін жұтып қойғандай тым-тырыс. Олар істің бұлайша насырға шабатынын күтпеген еді. Зал секунд санаған төрешінің үнін іштен тына тыңдап отыр. Осы кезде масаттана сөйлеген Роберттің даусы естілді.

– Ол екі қолымен бірдей ұра алады дегенім осы ғой сендерге.

Бесінші секундта Дәнни етпетінен аударылып түсті. Ал төреші жетіге дейін санағанда бір тізерлеп дем алып, «тоғыз» дегенде атып тұруға дайын тұрды. Егер төреші «он» деген кезде тізесі еденге тиіп тұрса, оны жеңілді деп санау керек. Мұндайда тізесі еденнен көтеріле бергенде-ақ, оны тік тұрды деп санап, Ривераның тағы да ұрып жығуға еркі бар. Ривера асығыстық жасағысы келмеді. Ол тек Дәнни тізесін еденнен көтере бергенде ғана ұруға дайындалды. Ривера қарсыласын айналып өте бергенде төреші екеуінің арасына киліге кетті. Ривера оның әр секундты барынша жай санап тұрғанын біліп тұр. Барлығы, тіпті мына төрешіге дейін қарсы бұған.

– Мексикалықтың соққысы неткен күшті еді? – деп сыбырлады жаттықтырушыға Дэнни. Секунданты қара борша болып жанталаса терін сүртіп, желпіп жатты.

Екінші, үшінші раундтарда көзге ұратын сәттер болмады. Айлакер, тәжірибелі ринг королі Дэнни әртүрлі айла-шарғымен уақыт оздырып, бірінші раундтағы қатты соққыдан есін әбден жиып алғысы келіп жүр. Бойына біткен айрықша қайрат пен мінезіндегі қажыр ғана төртінші раундта оны өзіне–өзін келтіргендей болды. Айла-шарғыны да ұмытты. Қарсыласының тыртысуын қарашы! Дэнни жинақтаған тәжірибесіне жүгінді. Өзіне әлгідей қатты соққы дарытпас үшін бәсекелесін әбден шаршату тәсіліне көшті. Ривераның бір соққысына үш соққымен жауап беріп жүр. Бірақ бұл нокаутқа түсіруден гөрі кек алуға ұқсайтын еді. Қауіп талма тұстан тиетін жұдырықтың дәлдігі мен салмағында ғой. Екі қолымен де қапталдан қысқа соққымен сілейте алатын мына баладан Дэнни шынымен абайлау керектігін енді түсінгендей. Қорғаныста Ривера шабуылды сол қолымен қағу әдісін қолдануда. Қайта–қайта өз нәтижесін берген осы әдіс Дэннидің басы үшін аса қауіпті еді. Бірақ Дэнни талай көксоқтаны көрген сарабдал боксшы ғой. Сондықтан да жұрт оны алдын ала чемпионға балап та қойған. Ол ұрыс әдісін де ойламаған жерден өзгерте алатын. Жетінші раундта Дәнни де қатты соқты. Ривера теңселіп барып сәл құламай қалды. Есін жиғызбай Дэнни қайта ұрды. Ривера кермеден асып барып репортерлердің ортасына түсті. Олар оны рингке қайта итермеледі. Ривера бір тізерлей отырып ауыр дем алуда… Керменің ар жағында бәсекелесі күтіп тұр. Төреші ара түсуді де немесе Дәнниді тежеуді де ойлаған жоқ. Елеуреген жұртта ес қалмады.

Біреу өңешін жырта айғайлады.

– Саудасын бітір, Дэнни!

Жүздеген дауыс ұлардай шулап, қостап кетті. Дэнни қолынан келгенін істеуге дайын тұр, бірақ төреші тоғыз емес, сегіз санағанда Ривера кенет кермеден аса секіріп барып, бәсекелесін құшақтай алды. Ривера буынын бекем ұстады, басының буалдырланғаны да сейілгендей. Солай болуға тиіс қой! Мыналардың бәрі арамзалар емес пе? Тағы да көз алдына манағы суреттер елес беріп өтті. Шөлге тартылған теміржол, жандармдар мен америкалық кәсіпкерлер, түрмелер мен полиция қапастары, құдық жанындағы қаңғыбастар… Мұның өзі де винтовка емес пе? Өзі – революция! Ол өзінің Мексикасы үшін соғысады! Ривера қалайда жеңілмеуге бел буды. Сегізінші раундта оның қарсыласы әуелгі соққысын қайталағысы келіп әрекеттеніп бақты. Тоғызыншы раундта жүрт тағы да тосын жайға тап болды. Боксшылар бір-бірімен жақындаса бергенде Ривера кілт кейін шегінді де, оң қолы найзағайша жарқ ете түсті. Дэнни құлап түсті. Жұрт сілтідей тынды. Дәнни өз әдісінің құрбандығына шалынған-ды. Оң қапталдан төменнен жұмсалатын оның атақты әдісі бұл жолы өзіне жай оғы болып қайтты. Төреші тоғыз санағанда көтеріле түскен Дэнниге ол қайыра шабуыл жасамады. Мексикалық қиын жағдайға тап болғанда тырп етпеген төреші бұл жолы айқасты жалғастыруға жіберер емес. Оныншы раундта Ривера бәсекелесін иек астынан екі рет оңдырмай ұрды. Дэнни болса долырып кетті. Езуінде кекті күлкі ойнап, ызалана төбелеседі. Ол темірдей тегеурінімен Ривераны бәрібір жасыта алмады. Дауылдай соққылардан жалтара жүріп, бәсекелесін үш рет оңдырмай отырғызды-ау! Енді Дэнни бәсеңсіп, он бірінші раундта сыр бере бастады. Осы сәттен он төртінші раундқа дейін күшін үнемдеп, сақ қимылдады. Кәнігі боксшылардың беделіне нұқсан келтіретін, рұқсат етілмеген құйтырқы тәсілдерді қолдануға да арланар емес. Шынтағымен бәсекелесінің қолғабын қысып та қалды, қолғабымен Ривераның аузы-мұрнын да басты, қапсыра құшақтап жатып, дауыстап балағаттап та қояды. Арамза қылықтарын көре тұра төрешіден бастап, көрермендер бәрібір Дэннидің жағында. Күтпеген қарсылыққа кездескен Дәнни ақырғы бір жойқын соққыға үміт артты. Ашынды, жалтарды, бар күшін жиып, төпелей соққылап, тізгінді өз қолына алуға барын салды.

Білегінен әл кетпей тұрғанда Дәнниден оны күтуге де болатын еді. Раундтар арасындағы үзілістерде Ривераның секунданттарының қамқорлығы да шамалы болды. Оның ентіккен кеудесін желпуге де селқос, самарқау қимылдады. Он төртінші раундта ол Дәнниді тағы да ұрып құлатып, төреші секундтарды санап жатқанда ауыр қолдарын салбырата төмен түсіріп, сәл болса да тыныстап алуға тырысты. Қарсы бұрыштан күдікті сыбыр да құлағына шалынды. Оның дыбыс түйсігі аса сезімтал еді. Әңгіме үздік-создық естілді. Сыбыр шыққан бұрышқа жақындады.

– Солай болары сөзсіз. – Ол Майкл Келлидің даусын естіді. Роберт мақұлдай бас изеді. – Дэннидің жеңуі тиіс… Мен көп ақша ұтқызамын… бала сені тыңдайды. Бір амалын жасау керек…

Осы сәттен кейін Ривераны еш нәрсе алаңдатпады. Дәэнниді тағы ұрып құлатты. Буындарын босатып ентіге дем алып тұр. Роберт орнынан тұрды.

– Бітті, – деді ол. – Өзіңнің бұрышыңа тарт. – Ол жаттығу кезіндегідей бұйыра сөйледі. Ривера оған ызаға толы жанарымен жалт қарады да, еш нәрсе естімеген адамдай Дәннидің көтерілуін күтіп тұра берді. Келесі үзілісте Келли Ривераның бұрышына келді.

– Шайтан алғыр, мына қалжыңыңды доғар! Жеңіл, Ривера, болашағың үшін мені тыңда! Сені байлыққа кенелтемін… Келесі жолы Дәнниді жеңуіңе мүмкіншілік жасаймын. Бүгін сен жеңілуге тиістісің!

Ривера көзқарасымен оны естігенін танытты, бірақ келісімге де, қарсылыққа да белгі бермеді. – Неге үндемейсің? – деп ызғарлана сұрады Келли.

– Бәрібір ұтыласың, – деп отқа май құйды Спайдер Хочерти. – Төреші жеңісті саған бермейді. Одан да Келлидің ақылын ал, құла да тұрма!

Шың еткен гонг даусы Ривераның ашуын онан сайын қоздырып жіберді. Жұрт еш нәрсені байыптар емес. Өзі де бір қауіпті сезгендей, бірақ оның қайдан келгенін білмеді. Дэнниге баяғы кеудемсоқтығы қайта оралғандай. Ол дауыстап балағаттап алды да, Ривераға ұмтылды. Ривера шегіншектей берді. Рұқсат етілмеген әдіспен ұрдың деп жала жабылмас үшін кеудеден төмен көздемеуге бел буды. Бұл жеңіске жеткізер жарты мүмкіншілікті жоғалту болса да, оның алыстан соғып қана таза жеңіске жететініне көзі жетті. Ривера соққы үстіне соққы алды. Жұдырық жаңбырша жауды, мейлі, тек кеуде түйістіріп жақын жібермесе болғаны. Дэннидің осы тегеуріні кезінде жұрт түгел аяғынан тік тұрды. Бәрінің көздері қарауытып, естері ауған. Ешкім ештеңе түсінбейді. Тек өздерінің сүйіктісінің мерейін көріп, бар дүниені ұмытқан.

– Айқастан қашпа! – деп аласұра айғайлайды олар Ривераға.

– Ашыл, күшік! Ашыл! Өлтір оны! Дәэнни, сенің ісің ақ!

Бүкіл залда салқынқанды жалғыз Ривера ғана. Темпераментке келгенде Риверадан қызуқанды ешкім жоқ, бірақ ол тасқа ұрған теңіз толқынындай шапшыған мына тобырдың жалыны оған кешкі самалдың желпуіндей ғана әсер ететін алапат дауылдарда шынықты емес пе. Он жетінші раундта Дәннидің ойлағаны іске асқандай болды. Оның ауыр соққысы Ривераны екі бүктеді. Қолдары сылқ түсіп, тәлтіректеп шегіне берді. Дәнни бақытты сәт туды деп есептеді. Бала қазір оның еркінде. Бірақ Ривера бұл айламен оны ашық қалдырып, жойқын күшпен иектің астынан ұрды. Дэнни мұрттай ұшты. Үш рет көтерілмек болды. Ривера да соққысын үш рет қайталады. Төреші оның мұнысын ешқашан бұрыс деп айта алмайтын еді.

– Билл! Билл! – деп шыжбалақтады Келли төрешіге. – Мен не істей аламын? – деп кейи жауап берді төреші. – Мен сылтаурататын еш нәрсе жоқ. Төреші оның қолғапты қолын алып, ықылассыз жоғары көтерді. Ривераны құттықтаған ешкім болмады. Секунданттар орындық та қоймаған, өз бұрышына да жалғыз барды. Ол кермеге арқасын тіреп, кекті көзімен секунданттарға қарады, бара-бара жанары он мың жанкүйер отырған бүкіл залды шарасына сыйғызып алды. Тізелері дірілдеп, әбден қалжырағандықтан талмаусырап кетті.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙