TELEGEI

Home

Беласқан

Кәдірбек Сегізбай

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Беласқан

Белгілі жазушы, ҚР еңбек сіңірген қайраткер К.Сегізбайұлының осыдан 10 жылдай бұрын жарық көрген бұл романын оқырман жұртшылық жақсы қабылдап, танымал әдебиетші-ғалымдар мен жазушылар баспасөз беттерінде жылы лебіздерін білдірген еді. «Қазақ әдебиеті тарихы» көптомдығында жан-жақты талданып, романға жоғары баға берілді. Еліміздің Шығыс өңірінде ғұмыр кешіп, кісілікті әрі билікшіл көп қатпарлы жара

Жүйріктің сәні болмас қамшылаған,
Ақпаса су бола ма тамшылаған?
Күніне сан мың үйрек ілседағы
Тұйғынның бағасы артық қаршығадан.

Халық өлеңі БЕЙМЕЗГІЛ ЖҮРГІНШІ І Сам жамырап, ауыл түн тыныштығына тұмшалана оранып алғандай, енді-енді маужырап қалғи бастаған. Қара барқын түнде баран мінген жалғыз салт атты көлігін пысық аяңдатып, ауыл шетіне жақындай бере «Жеттім бе, жетпедім бе?» дегендей алдыға қарай еміне ұмсынып, онсыз да жүрісінен көңілін қалдырып көрмеген пырағына тақымын қыса түсті. Осы бір бейбіт елдің бейбіт тірлігін, дәл қазіргідей мынау мамыражай суретін қанша жыл көңіл түкпіріне ұялатып, көзіне елестетіп еді. Ол елдің де тіршілік-тынысы осы көрініске, өз еліне егіздің сыңарындай ұқсас-ты, бірақ «туған елімнің бір шеті – тілі де, діні де бір өз қандастарымның мекені, ата жұртым» дейтін сезім бәрібір де өз елінің әр ауылы, әр киіз үйі барлық тіршілік-тынысымен оған өзгеше салтанатты, бөлекше қасиетті көрінетін. Желіден босаған құлындар кешке дейін байлауда тұрғандықтан, құрысып қалған денелерін жазайын дегендей өрлі-еңіске дүбір-дүбір шапқылап, кісінескен күміс қоңырау үндері айналаны нәзік сыңғырға толтырыпты. Бауыр жаза еркін шапқыласып, ауыл жанындағы көк жасаңда дүбірлі ойын салады. Түн ризығынан қамтып қалғысы келген сауын биелерінің де көктемнің қылтима көгін іскекетей жұлып тұрып, ұзап кеткен құлындарын шақырысып, оқыранған үндері де түн ырғақтарына қосылған басқа бір аспаптың әуеніндей. Қозы аяқтандыруға қыстаудан серпіліп, көктеулікке қотарыла қонған бай аулының қарамы мол сыртқы көрінісі тау бөктерін бір түрлі жандандырып, мүлде басқаша тіршіліктің әрін көктеммен бірге әкелгендей. Көктемнің балауса көгіне әлі тойынып болмаған саяқ қой-ешкілер де қотаннан сетіней шашырап, жер тістегендей өліп-өшіп жайылып жүр. Жамба отынның жылт-жылт етіп, шаңырақтан лып етіп көзге шалынар ұшқыны әлі басыла қоймаған шеткі қараша үйден шыққан қойшы тас лақтырып, шашау шыққан саяқтарды қайырып жүр. – Әй, көндері жібімейтін, топалаң келгірлер, сол! Қайт былай! – Малына ұрсып жүрген қойшының осы бір қарапайым ғана сөзін естігенде

жолаушының бүкіл тұла-бойын ыстық ағын шарпып өткендей күйге түскен. Көз алды тұманданды. Ат тұяғы қайта оралып жетпестей жерде қалған барша өз ауылының, өз ауылындағы қойшының, тіпті анасының үнін естігендей әсерленген. Ауылдастарының, анасының үнін әзір ести алмасын, мүлде бейтаныс бірер адамның үнін анасының қоңыр қаздың әуеніндей даусына ұқсатудың еш қисынсыздығын да жақсы біледі. Оған ерекше әсер еткен көп жылдан соң, дәл қазіргі сәтте құлағына сазды әуендей боп жеткен, алайда көптен естілмесе де санасында жаңғырып, түсінде ғана тілдесер өз тілінің – ана тілінің жанына жағымды саздай әсер еткен мақамы болатын. Қойшы жігіт әйтеуір шашау шыққан малдарын қайыра шыққан соң, тағы бір жұмысын тындыра кетейін деген оймен тері шалбарының қайыс бауын шеше берген сәтте дәл иек артпадағы белегірден қарауытып шыға келген жалғыз салт аттыны көрді де, ойлаған ниетін орындауды амалсыз кейінге қалдырды. Түн қараңғылығынан шыға келген беймезгіл жүргінші қойшыға белегірдің арғы жағынан емес, тұп-тура жердің астынан шыққандай әсер еткен... «Жасаңда жатқан сауын биелерді кешкі апақ-сапақта қуып кеткелі жүрген суыт жүрісті, суық түсті біреу болмасын» дегенді ойлап, сақсынған қойшы жолаушыға қарай қырындай бет бұрған. «Сақтықта қорлық жоқ» дегендегісі. Иесінің жай-күйін осы бүтін елдегі тіршілік атаулыдан алғашқы болып түсінген сарала қаншық қана орнынан шабалана ұмтылды. «Ел көшті, жау жеттілеп» барады. Үй жанында дөңгеленіп алып, ұйқыны соғып жатқан сұр төбет басын көтеріп, «Тыныштық па?» дегендей маңқ етіп, бір үрді де, дәл жанына таяп қалған иесін, қотан шетіне баса-көктеп сұғынып келіп қалған бейтаныс жүргіншіні көрген соң: «Қой, ендігі жатысым жуындышайындымды ақтап ішкенге жатпас» десе керек, өлі жүнін шұбатылтып, орнынан тұрды да, бейтаныстың атының құйрығымен алысып, асқан қаһармандық көрсетіп жүрген саралаға көмекке әупілдей ұмтылған. Сол-ақ екен малшысы бар, жалшысы бар, төресі, төлеңгіті бар үлкен ауылдың еріккен тамам иттері қотанға ұялас қасқыр шапқандай, азан-қазан болып, жан-жақтан ұмтылған. Жолаушы өзін аттың үстінен жұлып алып, түтіп жейтіндей арпылдақ қалың итке бала кезінен келе жатқан әдетімен әуейіленіп, қамшы сілтеген жоқ. «Қазіргі жүрген елінде ит жоқ па екен?.. Онда да иттің неше тұқымы, неше түрі бар. Ит – қашан да, қай жерде де ит!» Бірақ та сағынған елінің иті де бөгде емес, бір түрлі жанына жақын тіршілік иесіндей, олардың азан-қазан болған шуылы саяқ кеткен ұлды «иттерше» ғана қарсы алуы болып көрінген. «Жоқ, ниеті теріс адам бой тасаламай, бірден ауылға тарта ма? Жөн сұрайын» деп ойлаған қойшы да үйінің жанына келіп, ат басын тіреген жолаушыға жақындай берген. – Шық әрі! Ой, өңшең қотанға тышар немелер сол! Қайтеді, тіпті! – деп, ол иттерді таяғымен жасқап, қонақтың жанына жақындаған.

– Ассалаумағалейкум, отағасы! – деді жолаушы. – Уағалейкум-ас-салам! – деп, әндете сәлем алған қойшы да қонақтың атының шаужайына қол созды. – Қанеки, үйге түсіңіз! Ол әлі де түсер-түспесін шеше алмай тұрғандай ат үстінен қозғала қоймаған бейтаныстың қолтығынан демейтін ыңғай танытты. – Жолаушы едім, Қамбар төренің ауылы осы ма? – Е, төренің ауылы осы ғой, осы! Жақсы келдіңіз, қане, аттан түсіңіз! – Қойшы «төренің үйі де осы» дегендей құрақ ұшып, созған қолын батыл көтеріп, қонақты қолтықтан алған. «Ол кім? Не үшін оған жақсы келдіңіз» деді? Оны парықтап жатпай-ақ, төренің қонағына жақсам, оның өзіне де жағармын дегеннен емес, әншейін бойға сіңді қонақжайлылық әдетпен ғана бейтаныс жолаушыға жік-жапар болған. «Жақсы келдіңіз! Қане, аттан түсіңіз!» «Апыр-ай, жылдар бойы жүректе сағыныш болып жатып алып, қу жанына тыныштық бермеген, ұйықтаса – түсінен, оянса – есінен кетпес іздегені, аңсағаны осы сөз, осы ықылас емес пе еді! Жақыны ма, жаты ма, талғап-таңдап жатпай-ақ көлденең өткен көк аттыға айтар «жақсы келдіңізден!» басталар осы ықылас, осы пейіл еді ғой іздегені». Жолаушының жан-дүниесінен бұрқ етіп, тұтанған сезім тұла-бойын тағы бір шарпып өткен. – Әп, бәрекелді! – Бұл сөзді ол төренің ауылын дәл тапқаны үшін айтты ма, әлде «Жақсы келдіңіз!» деген үй иесінің ықыласы үшін айтты ма, оған қойшы жігіт жіп таға алған жоқ. Балуан денелі жүргінші атынан қотарыла көтеріліп, жерге түсті. Ұзақ жүріп, аяқ-қолы құрысып қалса керек, тізгінді тастай беріп, қолапайсыз қозғалған қалпы үй иесімен қауышып, амандасты. – Армысыз, отағасы! – Бар бол, жолаушым! Ат-көлігіңіз аман-есен келдіңіз бе!!! – деді қойшы жүргіншінің атын белдеуге байлап жатып. – Төренің ауылы осы болады. Көктеулікке кешелі-бүгіндері ғана келіп, қонып жатқанбыз. Әлі көң төгіп, жұрт сарғайтып та үлгірген жоқпыз. Қане, төрге озыңыз! Әлі де сыртта аялдағанды жөн көргендей сыңай танытып тұрған жолаушыны қойшы үйіне бастамақ ниетпен қолымен ишара жасап, өзі алдыға түскен. – Бәлкім, отағасы, бірден төренің үйіне барғаным жөн шығар. Асығыс едім. Түнделетіп қайтуым керек еді, – деген жүргінші. – Апыр-ай, енді, төрем жатып қалған жоқ па екен?! Ренжи ме дегенім ғой. Шаруаңыз тек төренің өзінде ме еді? Әйтпесе маған да айта беріңіз, – деп, беті-жүзі анық көрінбесе де тұрымтай тұлғалы шағын жігіт иығын нығыздана қомдап қойды. – Қойшы болсам да көп қарашының бірі емеспін. Құдайға шүкір, төренің оң тізесіне тізе түйістіріп отырмасақ та сөзімізді тыңдата алар беделді кісілерінің біріміз. Содан да төрем ел жайы, жер жайы сияқты түйінді істерді шешерде өзімізбен ақылдасып, кеңесіп отырады.

Жолаушы төре ауылынан алғашқы тілдескен кісінің сөзі қанша нығыз болғанмен, айтқан әңгімесінің шындығына күмәнданған. «Мақтауға тұрар марғасқасы да бар өзін өзі мақтағанда шекпеніне сыймас күпілдек мақтаншағы да бар қайран өз қазағым-ай! Алғашқы аяқ алысыңнан-ақ таныттың-ау өзіңді» деп ойлаған жолаушы. Сөйткен де миығына күлкі жүгірткен. – Жатып қалса амал қанша?! Өзім де ертерек жетсем деп атты қара тер ғып, суыт жүріп-ақ едім, соның өзінде үлгіргенім осы еді... – Қонақ қиын түйіннің шешуін таппағандай өкінішті күй танытқан. – Онда сіз үйге кіріп, бел жаза тұрыңыз. Мен барып, төренің ордасы жақты байқастап келейін. Тіпті ояу болса, сіз туралы құлағдар қылайын. Кім келіп еді дейін? – Қобықтан, қалың қалмақтың ортасынан келген бір қазақ жігіті дерсіз. – Ойбай-ау, анау-мынау ауыл арасының тоқты-торым іздеген көп сенделбайының бірі ме десем, «Қобықтан, қалың қалмақтың арасынан келдім» деші. Мен қазір-ақ жетейін. Төре жатып қалса, тұрар. Тұрмаса тұрғызармыз! Қонақты үйіне кіргізіп, әйелі түнгі жолаушыға қойдың қатық айранын ағаш тостақпен ұсына берген кезде қойшы жігіт те қалмақ арасынан келген кесек денелі бейтаныстың әңгімесін әрі қарай сұрай алмағанына өкінгендей жылыстап үйден шыққан. Қонағына төрт қабаттап көрпе төсеп, шынтағына құс жастық тастай алмағанына қысылғандай тым бүгежек қимыл танытқан келіншек жез шәугімді қолын алды. Шағын ғана жұлым үйдің іші тым жұпыны. Кіре беріс оң жақтағы өрешеден шағындау сабаның мойны, піспектің сабы көрінеді. Одан жоғарырақ шағын әбдіремен қатар үстіндегі жасауы – киіз-текеметтері алынып, төрге төсеніш ретінде жайылған ағаш жүк аяқ көрінеді. Кереге бастары да бос. Үй іші тым жұтаң. «Е, елдің қай түкпіріне барсаң да жұтаң өмір, жұпыны тіршілік екен-ау, шіркін» деп ойлады жолаушы. Келіншек мосы көтеріп, шәугім асқанша қойшы жігіт оралып, «қалың қалмақ арасынан келген» бейтаныс қонақты ертіп, қоңырсыған қотаннан, қарабайыр қараша үйлерден оқшаулау, үркектей барып орнаған екі-үш ақ ордаға қарай бет алған. – Жолаушым, «Мыңның түсін білгенше бірдің атын біл» дегендей, жөн сұрасуға да шама келмей жатыр, – деді қойшы жігіт қонағын қолтықтай беріп. – Біз Қамбар төренің төлеңгіттері боламыз. Ныспым Құлжабек болады. – Мен – Байшуақпын, – деген жүргінші жігіт. Әрі қарай көп ештеңе демеді. – Сәті түсіп жатса, әлі дұрыстап таныса жатармыз. Иттердің ара-тұра маңқ-маңқ үргені көп бұза қоймаған түн тыныштығына ауыл маужырап кеткен. Маңырақтың бұйрат-бұйрат жоталарының бірінің үстінен ақ жамбыдай болып Ай сығалап еді, айналаға сүт сәуле төгілді, сол-ақ екен, бөктерді толтырып, шалқып жатқан бүкіл ауыл

түнгі бар салтанат-сұлулығымен айқара ашылып қалды. Тағы да өмірлеріндегі тұңғыш желіге байланып, одан құтылғандарын тойлай шапқыласқан құлындардың құлдыраң дүрсілі, сауын биелердің оқырануы, оған қоса өздерінің осынау тіршілігіне, ауыздары көкке жеткен молшылыққа әбден риза сиыр тұқымдастарының «а, құдай, бергеніңе шүкір» дескендей, пышпыш тыныстап, ай мүйіздерін Айға суарып, жамбастап жатыстары – осының бәрі-бәрі де бай ауылының түнгі мамыражай көрінісі еді. – Сонда қалың қалмақтың арасына сені айдап апарып жүрген қай құдай? – Құлжабектің қойған тым тосын, тіпті оғаш жүздескен кісісі үшін дөрекілеу естілетін, бірақ өзімсінген сауалы жолаушының ойын бөлді. Бағанадан «сізбіз» деп сызылып жүрген жолаушының өзімен жас жағынан шамалас жігіт екенін көрген соң, Құлжекең бірден «сенге» көшкен. – Е, туысқан, қалай деріңіз бар ма? «Адамның басы – Алланың добы» деген емес пе? Ел тыныш, жер тегіс болса, мен де борансыз жастығымды кешіп, «Қойымды құрттап, қойыртпағымды ұрттап», туған топырағымды ғана басып жүрмес пе едім! Жүргізді ме?! Жел айдаған қаңбақтай талай жерді шиырлап кеп, талай елді қиырлап кеп, адасып, үйір іздеген жетім құлжа сынды жүрген жай бар. Дәм жазса, оны да әлі ести жатарсыз. – Апыр-ай, бауырым, әңгіменің қызығы сенде жатқан сыңайлы-ау өзі. Жарайды, бұйырса ести жатармыз, – деген Құлжабек. Сонан соң өзінің бұл үшін сіңірген еңбегін бұлдағандай ғып, әңгімесін жалғады. – Біздің төре аса сыйлы кісілер болмаса, түнделетіп жүрген жолаушыларға көп ықыласпейілін бере бермеуші еді, тек «Қалың қалмақтың арасынан келген бауырымыз екен, сізде өте асығыс шаруам бар дейді. Келсін бе, не дейін? Түрі-түсі маңызды шаруамен суыт жүрген кісіге ұқсайды. Ертеңге қаратпайақ бүгін тілдескеніңіз мақұл болар, төрем» дедім. Қорқайын ба, солай дедім, төтесінен. – Төлеңгіт те осы жақсылығымды ұмытпассың дегендей жанында келе жатқан жігіт жүзіне бұрылып тұрып қараған. – Күлімхан тоқалдың ордасы, мынау беттеп келе жатқанымыз. Өздері «кіші үй» деп атайды, – деп, сыбырлады жолбасшы. – Төре бүгін осы кіші үйінде екен. Біздің төре төрт қатын алса да оған «Әй, мұның не?» дейтін жан табылмас еді, шіркін. Бірақ біздің Қамбар қанағатшыл жан ғой. Осы Күлімхан сұлуды толықсытып әкеліп, бауырына басқан соң байырқалап қалды ғой. Ал енді Күлімханды қазір көресің. Күлімхан десе Күлімхан! Күлімдеп бір қарағанда кеудеңдегі жүрегің бар ғой, мұз кесек болып аяғыңның басына бір-ақ түседі. Содан не айтып, не қойғаныңды білмей, қарадан қарап берекең бек кетеді. – Оу, Құлжеке-ау, өзіңіз кіші ханымға ашық-мұшық болып қалғаннан саумысыз?– деп күлген жолаушы. Құлжекең де іркілмеген. – Ойбай-ау, оған біздің ашық-мұшық болардай жөніміз қайсы? Бірақ еркекпін деген кісінің Күлімхан сұлуға қызықпайтын реті жоқ қой... Шіркін, мен төре болсам бар шаруаны жиып қойып, қасынан тұрмай, күндіз-түні қор-

ғасындай балқып жата берер едім... Ал төремнің әділдігі сондай, бәйбішенің кезегін де қаза қылмайды ғой. Бүгін мұнда болса, ертең анда дегендей... Біз қазір сол сұлу тоқалдың отауына барамыз, – деп, енді әңгімені доғардық дегендей өз аузын өз қолымен далдалады. – Қазір сонда барамыз. Екеуі бір-біріне қанаттаса-қатарласа, іргелес тігілген қос ақ орданың оюлы сықырлауығын ашқанда самаладай жарық сәуле сырттағы қараңғылықты біраз жерге ысырып тастаған. Сөйткенше даяршы жігіттердің бірі лып етіп үйден шығып, қонаққа ізеттілікпен жол берді. Жолаушы қаусырма сықырлауықтың тез жабылғанына қарағанда өзін бастап келген төренің «ақылшысы» Құлжабектің де сыртта қалып қойғанын білді. «Кіші үй» деп аталғанымен есіктен төрге дейін біраз жүруге тура келетін, кемі сегіз қанат қос үйдің бір-бір қанат керегелерін алып тастап, екі бөліктен тұратын жойдаусыз кең орданың үш-төрт жеріне қойылған балауыз шырағдан үй ішін самаладай жарқыратып тұр. Босағадан сәл оздыра үйдің екінші бөлігінің төріне дейін жайылған қалы кілемді көн етігімен басуға дәті бармаған жолаушы табалдырықтың сыртқы түбіне тасталған қара серкенің сабалақ тулағына аяғын сүртіп, біраз аялдады. Осы сәл кідіріс кезінде-ақ оның жанары төрдің дәл ортасына қалың ғып төселген текемет-көрпелердің үстіне тасталған Алтайдың ақ төс қара аюының терісінің мамығында малдасын құрып отырған үй, үй емес-ау ел иесімен, одан сәл төменірек оң жағын ала аппақ кимешегі қарқарадай зайыбы екеуінің ғана отырғандарын аңдап үлгірді. «Күлімхан тоқал осы болды-ау, десе дегендей-ақ екен!» деп ойлаған қонақ. Самаладай жарық үйді одан әрі жарқыратып отырған аппақ тоқалдың дидары бірден көзге ұрған. Шылауышының маңдайына таққан ботаның құмалағындай асыл тас шамның жарығымен ойнап, көз қарықтырады. – Армысыз, алдияр!– деп нақыштады қонақ. – Бар бол! Сәлемші болсаң, төрге шық! – Бурыл тартқан сақал-мұртын сәндеп қойған төре орнынан қозғалмаса да, қонағына жылы қабақ таныта сөйледі. Елудің жуан ортасын аралап кеткенін сол бурыл тартқан сақал-мұрт әйгілемесе әжімсіз ақ сұр жүзі жас, әрі шуақты көрінген. Осы әдемі ақ сұр жүздің өзінше бір жарасымдылығын бұзып тұрған оғаш бір көрініс жолаушының назарын бірден аударған. Ол оң жақ самайдан басталып, бет сүйекті жондап кеп, езуге дейін тартылған тыртықтың орны еді. «Е, төрелік құрып, төрде ғана жатпай, найза-қылыш сермескен ерлігің де бар кісі болдың-ау, – деп ойлаған жолаушы. – Ер азаматтың бетінің әйел жүзіндей ақаусыз болмай осындай тыртықтың болуы да жарасады екен-ау». Төренің төбедей болып, төр басында нық отырысы да мына сәнсалтанатты жарастыра түскендей. – Жоғары шық, айналайын!– деп, әлпетінде міні жоқ, нағыз бота көз, қиғаш қабақ, сәл толықтау болғанымен онысы сонша жарасатын, күндігі

қарқарадай аққұба әйел орнынан баппен қозғалып барып, отағасыдан төмендеу жерге көк мауыты тысты көрпеше төсеп, теңкиген көк жастық тастады. Қонақ жігіт мұндай салтанатты орданың, осынша биік төріне шығып, атағы қазақ-қалмақ арасына тең тараған хан тұқымы төреге тізе тиістіріп отыру дегеннің бұл ғұмырында мүмкін екенін елестетіп те көрмесе керек, тым жасқаншақтап, сол тұрған орнында біраз бөгеліп қалған. – Алла жар, хан ием! Дәргейіңізге түн қатып, түсім қашып келіп, назарыңызды аударғаныма кешу өтінемін. – Ол тізесін бүгіп, иіліп сәлем берудің, сонымен бірге кішіліктің ишарасын түсірді де, кілем шетіне бір тізесін бүгіп отыра кетті. – Есіктен орын тисе, төрге ұмтылып көрмеген бетқақпайлау жан едім. Оның үстіне, алыстан әдейі іздеп келгенімді міндет етіп, төренің төріне шыққаным жараспас. Мен үшін көрсеткен жылы қабақ, ықыласыңыздың өзі ілгері-кейініме айта жүрер мәртебе болар! Алпамсадай балуан денелі, тұтас құйылған шар болаттай кесек жігіттің тұлғасын үй иесі отты жанарымен барлай бір қарап алды да, оның жарасымды кішіктік мінезін мақұлдағандай сәл басын изеді. Хан тұқымы болғанмен хан болуды көмескі ғана іштей армандағаны болмаса, хан болып көрмеген жанға: «хан ием», «алдияр», «Алла жар» деп қайырылған бейтаныс жігіттің сөзін білместікке санап сөкпеген, қайта құлағына жағымды әуендей ғып сүйсіне қабылдаған. – Өзіңе қарасам, қас батырмен жауда маңдайдасар көсем жігітке ұқсайсың, сөзіңе қарасам, небір жезтаңдай билермен дауда таңдайласар шешен жігітке ұқсайсың. Тегің қара болғанмен, жөнің дара шығар. Төр көрмесең төрді көр, өршіл туған ұланға төр жарасар, босаға – болымсыздың, құл-қотанның орны. Сен өзің осылардың қайсысына жататын едің? – деп, үй иесі түнгі жүргіншінің бетіне тіктеп сынай қараған. Қонақ та бұдан кейін көп керги бермейін дегендей орнынан лып етіп, жеңіл көтеріліп, төр алдына төсеген көрпешенің шетіне жамбасын басты. – О баста бағым кемшін, талабым тапшы пішілгені болмаса, болымсызбын деп ойлаған емен. Малым болмағанымен, малай боп құл-құтан атанып та көрген емен. Өршілдік өлермендікке жақын-ау деп түйгендіктен, есіктен кірсем де төрге озбаушы едім, алдияр. Есіктегі басымызды төрге сүйрер аға болса, інілікке жарайтын, кежегемді кейін тартып, кідіріс жасар кісі мен емес! Төре жас жігіттің жарасымды уәжіне риза болғандай оның бетіне тағы бір сүйсіне барлай қараған. Бірақ ештеңе демеді. Сырлы шарадан сыздықтата сапырып құйған уыздай сары қымыздың екі тостағанын ерулетпей сіміріп салған қонақ тәрбиелі қияқ мұртын сүртіп, демін бір-ақ алды да: – Жарықтық-ай, ерте көктемнің балғын қымызына ұқсамайды екен, – деп қалды.

– Рас айтасың, биебаудың мол қымызының сабаға құйылғанына бірер күн ғана. Мынау қыстай өзіме деп саудырып отырған қысырақтың қымызы ғой, – деп, үй иесі қонағының зерделілігіне іштей сүйсіне отырып, оған ерекше сый көрсетіліп отырғанын осы сөзімен-ақ тағы бір сездірген. Қымыз ішіліп, дастарқан жиналған соң, төре қуырған бидайдай қызыл шырайлы жүзін қонағына бұрды. Аялы қос жанарынан кемсіткен сыңай байқалмайды. Қайта белгісіз бір шуақ байқалғандай. – Ал, «түн қатып, түсі қашып» жүрген қонағым, жол болсын!– Әлей болсын, алдияр! Ол жігіт жүзінен әлі де назар аудармай қарап отырған. «Айта бер, тыңдап отырмын» дегендей сәл басын изеп, ишара жасады. Қонақ сәл жөткіреніп алып, сөзге батылдау кірісті. – Қобықтағы қалмақ уаңы Ошыржаптың жылқышысымын. Ныспым – Байшуақ. Руым – Еділ, Жайықтың бойын мекен еткен Бекарыстың балалары Кіші жүздің Жетіру дейтін жұртының бір атасы – Тама болады. «Адам айдаса барман, Алла айдаса қалман» деген ғой. Алланың айдауымен туған жерді айтпағанда, туған елден алшақтап, жат жұрттың ортасында туған інім Барат екеуіміздің ерікті пенде болып жүрген жайымыз бар. – Ол сәл бөгеліп, тынысын кеңінен алып, отырып қалды. Әлде өз сөзіне өз жаны толқыды, әлде айтарын сабақтап, ойын күргейледі, бірақ әңгімесін байырқалатып, терең тыныс алған қонағын төре асықтырған жоқ, жігіттің жанын түсінген сыңайлы. Оның жүзіне таңданыспен қараған қалпы үнсіз отыра берді. зі қоладан құйғандай малдас құрған қалпы қозғалмай отырса да, жаныңда жатқан қос құс жастықтың бірін қонағына қарай қозғап қойды. Бәлкім, ойын жинақтасын деді, бәлкім оны тағы бір сынағысы келді: – Ат соғып, шаршаған боларсың, мына жастықты да алып жантай, тынығып қаласың, – деген. Бірақ Байшуақ үй иесі тіп-тік болып шаншылып отырғанда жантайған жоқ, ол да тіп-тік шаншылып отырған қалпы сөзін әрі қарай тарқатқан. – Туған жерге оралу, «Ұл таптым» деп Барат екеуіміз туғанда қалжасын ұялмай жеген анамыздың құшағын көру, «Тұяқты болдым, миятты болдым» деп, ат шаптырып, той жасаған әкеміздің басына барып, құран оқу біз міскіннің маңдайымызға жазылмаған да шығар. Тым болмаса туған елдің бір пұшпағында жүру, тілдес, діндес өз жұртымның ортасына оралу елден келгеннен бергі үш-төрт жылдың мәулетінде ұйықтасақ – түстен, оянсақ – естен кетпес түпкі мақсатқа айналып, қол жетпес армандай алыстан ғана шақырушы еді. Мақсат, арман дегеннен гөрі көкірекке шемен болып байланған дерт десе болар оны. Дертті емдемесе, адам өледі. Біз де өлім халінде жүрген мұңлықпыз. Алды – кең, айналадағы ағайынға төгер нұры мол деген даңқыңызды естіп, ордаңызға баса-көктеп, түнделетіп келген жайым содан. Пана іздеп, шырылдаған бозторғай реуіштіміз, алдияр. Тағдырымызға жанашыр, дертімізге дауа іздеген жанбыз.

Қазақ еліне кеткенімді қалмақтар білмесін деп әдейі түн қатып, беймезгіл жүрмін. Өзіңізге жолығу үшін ертеңді тоспай асығуымның мәні де таң алакеуімнен қосымнан табылсам деген далбасам ғой. – Жөн, – деген Қамбар сәл ойланып. Есіктен кірген жас келіншек жиырманың жуан ортасында жүрсе де әлпеті әлі жап-жас ақ тоқалға сұраулы жүзбен қарап еді, ол иек қағып қана әлденеге ым жасады. Сөйткенше біреулері аяқтарын сыбдырсыз басып, ақ бауырсағы мен құрт-ірімшігі мол төгілген дастарқан әкеліп жайса, енді біреулері сары май, сары алтындай жент салған ыдыстарды жеткізіп, қас пен көздің арасында кішігірім той мәзіретін даяр қылды. Қалмақ елінде жүргенін айтпағанда, өз үйінде де ілуде бір көрінетін көгілдір кесек қанттың, қызылала мәнпәси, басқа да тәтті дәмділердің дастарқанға мол төгілгені бұл үйдің әл-ауқатының «баймын, бармын» дегендердің өздерін он орап кетерінен жаңылыссыз хабар беріп тұрғандай еді. Екі иінінен демін алып, түтіндік мұржасынан шоғы алаулаған сары самауыр келген кезде ғана төре тіл қатқан: – Өзің айтқандай, Алланың айдауымен тіршілігіңде талай тауқымет тартып үлгірген жігіт көрінесің, сәтін салса істің бір орайы келер. Қалмақты шауып алмасақ та, тілін тауып алармыз. Біз де – елміз. Екеуіңді шырылдатып, жат қолында қалдырмаудың бір амалы табылар. «Асыққан – шайтанның ісі», бүгін бір малыңды жеп, қонып аттансаң қайтер? – Алла риза болсын, алдияр! Ошыржап уаңнан қорыққанымыздан емес, сыйлағанымыздан жүрміз. Көңіліне күдік салып қайтемін. Сондықтан аттанғаным жөн. Күш көрсеткенге тіс көрсетуге болар, бірақ сенімнен аттап кету қиын екен! Ініміз екеуіміздің аяғымызға – тұсау, қолымызға – бұғау салса, бұлайша қамалып қалмас едік. Бұғауды кесетін, тұсауды шешетін құрал табылар, бірақ өзімізге көрсеткен сенімі мен жасаған жақсылығын немен кесіп, немен шешерсің?! Одан аттап кетуге арымыз жібермейді. Ондайдан парықсыз ұл, нарықсыз құл ғана аттай алар. Адам алдында жасаған бір кінәнің азабын аз тартпаған шығармыз. Енді Алланың алдында адал боп өлсек деп едік, алдияр! – Бәрекелді! – деп, сүйсінді төре. – Ер жігіттің сөзі. Ықылым заманнан бергі ата жауым деп қарамай, уаңның сеніміне кіруің, ол сенімге адалдық мінез көрсеткенің менің де көңілімді тоғайтып, ризалығымды еселеп отыр. Інің екеуің үшін қолдан келгенді аямаспын, алаңдамай ауылыңа аттана бер. Ел жайлауға көшкен соң, бір хабары өзімнен болсын... Жақсылап тойып, тамақтанып ал. Ерінің бар айтпағын қабағынан танып отырған Күлімхан тоқал шай құйып отырған келіншекке қарап: – Қамаржан, қонақ бала асығыс екен. Піскен етті жылытып әкеле қойшы, – деп, жұп-жұмар ақ білектегі жарқ-жұрқ еткен күміс білезігін ойнатып, сары самауырдың шүмегін өз қолына алған. Алғаш тіл қатқаны. Сонан соң ол қонақ жігітке қарап, сөйлеген:

– Жарқыным, «ерікті пенде» деген сөзіңнің мәнін ұға алмадым. Әңгімеңнің парқына ой жіберсем, уаңның байлап-матап ұстап әкеткен тұтқынына ұқсамайсың, соныңды түсіндірші, қані? «Әке тұрып ұл, шеше тұрып қыз сөйлегеннен без» деп үйреткен қазақтың байы тұрғанда қатынының суырылғанына да көп жол бере бермейтін дәстүрін ұстана қоймаған ақ тоқалдың сөзге араласқанына қарап, қонақ жігіт те келіншектің бұл үйде қадір-қасиетінің молдығына, өзін еркін ұстайтынына күмән келтірмеген. – Иә, соныңды айтшы, – деп төре де тоқалын қостап қойған. Қанша әдеп сақтағанмен таң атқалы бері жаңа ғана Құлжабектің үйінен ішкен бір шара қойдың қатығынан басқа нәр сызбаған Байшуақ құрт-ірімшік сияқты өңештен жуырмаңда өтіп болмайтын тағамдарға уақытын рәсуа қылмай, бауырсақтың шашау шыққандарының біразын жібек дастарқанның өз жақ шетінен үркітіп-ақ тастаған. Қонағының мынау мол пішілген денесіне қарап, қарны қанағат табуы үшін аузын біраз қимылдатуы керектігін пайымдаса керек, тоқал өз дастарқаны басында айбарлы отағасына қарсы уәж айта аларын сездірді. Ол бауырсақты жігітке қарай күрей ысырып қойып жатып: – Үлкен кісі, екеуіміз де екі жағынан өтініш айтып, баланың тамақ ішуіне де мұршасын келтірмеппіз ғой, таң ұзақ емес пе? Әл жинап алып, айтсын әңгімесін, – деген өте бір жарасымдылықпен. Бірақ Байшуақ тамақ ішеді екенмін деп, жауабына отағасының өзі ынта қойып отырған соң, бұл сөзді иесіз қалдыра алмаған. – Алдияр, дәм жазса өмір-тарихымызды өзіңізге асықпай айтар күн де болар. Үзіп-жұлқып, шет пұшпақтап болса да айтайын, – деп ол кесесін жерге қойды. *** – Еліміз ежелден Еділ бойлап, көшіп-қонып жүрген жұрт еді. Жетірудың Тамасына қарайтын қырықтан асқан ауылының ерек туған Есет батыр бастаған азаматтары «Қарабуралап» ұрандап атқа қонғанда қалмақты қалтыратып қана қоймай, талай-талай қанға бөктірген екен. Батырлар ұрпағы боп өскен әкеміз Айшуақ та бейбіт күнде қоңыр төбел шаруа баққан жан болғанымен, ешкімге кеудесін бастырмай тіршілік кешкен кісі болатын. Жаугершілікте шашақты найза ұстап, қол бастаған батыр аты тағы бар. Басымыздан бақ қайтайын деді ме, әлде бұл дүниедегі татар дәмі таусылды ма – атам заманнан бері кезек-кезек шабысып, кезек-кезек жеңісіп, қидаласумен келе жатқан ата жаумен болған тағы бір майданда әкемнің аты ойнап иесіз шығыпты. Қаршадай қос ұл, ініміз Барат екеуіміз жетім, анамыз жесір қалды. Жетім болсақ та жеттік. Достарымыздың: «Айшуақ батырдан қалған қос тұяқ», қастарымыздың: «Айшуақтың қос бөлтірігі де қос арлан

болып шығыпты» дегендеріне мастандық па, әлде жастықтың буы ма, біз де ат жалын тартып міне-ақ «жау қайдалайтын» болдық. *** Ол суып қалған шайын бір-ақ ұрттап, кесесін жылжытқан кезде буы бұрқыраған бір табақ ет келіп, дастарқанға қонақтап қалған. Үй иесі әңгіме айтқан кісінің тамақ жей алмасына көзі жетсе керек. – Жә, жарқыным, «Ас – адамның арқауы» деген, алдымен тойып, тамақтанып алшы. Әңгімемізді сонан соң жалғастырармыз, – деп, өзі асқа қысқаша ғана бата жасады. Байшуақ қыстың сарқыт сүрісімен аралас бордақы малдың жас етіне қанша қызыққанымен ауыз толтыра екі-үш асаған соң, әңгімесін тосып отырған адамды көп күттірмес үшін табаққа сұғынуын тежеп, бойын тіктеді. Қолын дастарқанның бір шетіндегі шұңғыл ағаш тегешке толтырылған қамыс үлдірігіне сүртіп, әңгімесін жалғастыруға ыңғайланды. – Қайным, қолыңды сүртпе, әңгімеге үлгересің әлі. Тамақтан ала түс, – деп Күлімхан ерекше ықылас көрсеткен соң, ол үй иелері ет жеп болғанша әңгімесін доғарып, тағы да табаққа ұмсынған. Бата жасалып, табақ алынған соң ғана сөзін қайта сабақтады.

ІІ Бұлар қарауытып жатқан қалың жылқыға таң алдындағы тәтті ұйқы кезінде тиген. Ың-шыңсыз, айғай-сүреңсіз ұры жылғамен өрлеп келгенде кемі бес-алты үйір болар, малды қосынан бөліп алып, жылыстатып айдай жөнеліскен. Жерге жарық түскенше іздерін суытып, ұзап кетпек. Бірақ,бір биікте құрықтарына сүйеніп ұйықтап тұрған шығар деген жылқышылар: «Жау шапты! Аттан!» десіп, маужыраған таңғы тыныштықты үндерімен дір еткізген. Сол-ақ екен, бұлар да үйреншікті әдеттерімен алдарындағы малды шоқтай ғып иіріп алып, сәйгектетіп қуа жөнеліскен. Көп тұяқ құмдауыт даланы ала шаңға бөктіріп, айналаны жойқын дүбірге толтырды. Ақ бауыр құрық-сойылдар оңтайлана көтеріліп, бұжыр бет емшекті шоқпарлар тақымдардан суырылды. – Тастап кет! Тастап кет! – Бұл – қуғыншылардың сүреңі. Майдан салмай-ақ малымды қалдырып, жөніңе кете бер дегендегісі. – Қайт Қайт – Бұл барымташылардың «басың аманда байырқала. Алғанымды өліспей берер мен емес» деген қоқан-лоқысы. Барымташылардың таңғы тыныштықты қалың жылқы тұяғының дүбірімен бүлдіргендері бір осы жолы ғана емес, түн қатып, түс қашып, талай-талай бөрі бүлкек, бөкен жортақпен әккіленіп алғандықтан, бір-біріне «сен өйт, сен бүйт» деспей-ақ мұндайда әрқайсысы атқарар жұмыстарына

қарай ыңғайлана берген. Бетпе бет майдандасуға сенімсіздеу дейтін әлжуаз үш жігіт алдарына түскен үйір-үйір қыл құйрықты қиқулап қуа жөнелгенде Айшуақтың қос арланы Байшуақ пен Барат бастаған сабаудай-сабаудай сегіз жігіт қайың сойылдарын оңтайласып, «келсең кел» дескендей, қасқайысыпқасқайысып, сап түзесіп тұра қалысқан. – Қайт-қайт! Қуғыншылардың да қарасы мол екен. Шамасы өздерін бетке алып шыққан жаудың барынан алдын-ала хабарланып, тас-түйін даяр отырса керек. Байшуақтың пайымдауынша, бір қос жылқыны он екі, он үш атпал азаматтың жаюы және бәрінің бірдей ат үстінде сақадай сай даяр тұруы, дау жоқ, әдейі күтінген жандардың ісі. Қуғыншылар ізет сақтады. Күштерінің басымдығына сеніп, келе майдан салмай, таяқ тастам жерге келіп, тізгін тежеді. – Елмісің, жаумысың?! Жусап жатқан жылқымды бөле қуардай ұзында өштігің, қысқада кектігің бар ма еді? Айт қане! Әйтпесе біріңді қалдырмай байлап-матап аламын! – Есік пен төрдей ақбоз мінген белжемді шой қара аса сөйледі. Шамасы, күшіне сеніп тұр. Байшуақ та оқтаудай болып жараған тоқпақ жалды торы биені тебініп қалып, ат басын ілгерілетті. – Күні кешеге дейін ел едім. Бүгін – жаумын! Жусап жатқан жылқыңды бөле қусам, мұны «Алдырған – албырттың ісі» деп ұқ. Бұл жүрісім пайда-пақырдың барымтасы емес, мал ашуы – жан ашуы деп атқа қонғанымыз кешегі сен жасаған барымтаның қарымтасы. Іргелес отырып, жаулық қылғаның қалай? Тал түсте келіп, тарпа бас салып, малымды айдай жөнелердей не жаманшылық көріп едің? Іздеусіз малы бар дедің бе? – Тілің безеулі, сойылың кезеулі екен. Ұстаған ұрың, түстеген малың болса айт! Іргелес отырып, іргежаулық қылған емен. Жаулықты сен бастап отырсың, ағайын. Әйтпесе, бос сандалмай еліңе қайт! Тамам Тама қотарыла атқа мінсең де алдыңа салып берер қотыр тайым жоқ. Онан да ағайын, «Ашу – қасаң, ақыл – жасаңға» кел. Бөл-жара сүргіндеткен малымды қайыра айдап, қосыма қос. Сонан соң ғана қара қосыма түсіп, тілмен түйілген сөзді күшпен емес рахайлы іспен шешелік. Малың менде болса, айыпажынымен алдыңа салармын. Менде болмаса, барымташыңды бірігіп іздерміз, – деп ақбоз мінген жігіт кісілікті сөз айтқан. Бірақ «Құлды бәрекелді өлтіреді» дегендей Байшуақ жігіттерінің ішінде «мен де батырмын» деп қара күшіне сеніп, жау қайдалап жүретін Барлас балуан дегені болушы еді, сол атын тебініп қалып: – Әй, жігітім, қосыңа түсіп, қисайып жатып, қымыз сыздықтататындай, құда түсе келгенім жоқ. «Ел ішінде адамы, бөрі ішінде арланы» сен болсаң да шық жекпе-жекке. Жеңілсем жылқыңды алып қал, жеңсем жолымды бөгеме! Шық былай!

Ол тебініп қалып, бейғам тұрған ақбоз атты жігітке ақ сойылмен тап берген. «Тентектің бір күн бүлдіргені мың күндік дауға айналар» дегендей бар кесірлі дау-жанжал осы бір оспадардың оқыс қимылынан басталып еді... Барлас балуанның ойланбай сілтеген сойылынан ақбоз мінген жігіт лып етіп, көлігінің бір бүйіріне қарай аударылып үлгірді. Жойқын күшпен сілтенген сойыл ұлы денеден ауытқып, қара санды қиғаштай ұрған. Сойылдың ортасы ердің артқы қасына тисе керек, қақ бөлінген. Ақбозды жігіт те талай қидаласуды басынан өткерген сырқынды болса керек, ер үстіне түзеліп отыра беріп, сойылын Барластың оң жақ самайына сақ еткізген. Батырсынған балуан кескен теректей болып, ат бауырына аударылып түскен. Бірақ, бәрі де кеш еді. Бұл кезде екі жақ та миша араласып, оңды-солды сойыл сермесіп кеткен болатын. Адуын жігіттер ат үстінде ұршықтай айланып, гүрс-гүрс ұрысып, ыңқ-ыңқ тыныс алысады. Екі жақтан бірді-екілі жігіт аттарынан аударылып түсіп қалған. Бірінің басы жарылып, бірінің қолы сынғандар әр жерде қарауыта томпаяды. Байшуақ та арыстандай ақырып, белгісіз намыс жолында аянбай кіріскен. Бұл кезде ақбозды жігіт те қойға тиген арландай сойылын оңды-солды сілтеп, Байшуақтың екі жігітін ат сауырына аунатқан болатын. Ол енді талай сойылдасуға кіріп жүрсе де аға үшін «әлі қабырғасы қатып, буыны бекімеген» інісі Баратты тықсырып бара жатқан. Байшуақ та тоқпақ жалды торысын шыр көбелек ойнатып, соларға қарай бұрылған. – Әй, жігітім, балаға батырсынбай, мықты болсаң бермен шық! Әуселеңді көріп алайын! – деп ақыра ұмтылды. Көлденеңнен киліккен біреуді дәл тізесінен ұрып, «Не болдымға? !» ұшыратып кетті. – Бала болса, атқа мініп, сойыл ұстап несі бар? Жатпай ма шешесінің емшегін еміп? ! – Ақбозды жігіт қан майданда емес, әзілін жарастырып, ойнай-барымта жасап жүргендей Бараттың арқасынан сипай ұрып өтті. Барат жығылмағанымен ауырсына ыңыранып, тақымындағы бұжыр-бұжыр бұтақты зілдей қара шоқпарын суыра бергендей еді. Бәрі де көзді ашып-жұмғандай сәтте болып өтті. Байшуақ та ақбозды жігітті талмау тізенің тұсынан жеткен бетте қиғаштай ұрып өткен. Қарсыласы да мұның кеуде тұсына сойыл сілтеп қалған. Ол ат тізгінін тежеп үлгірген кезде ер үстінен аударылып бара жатқан ақбозды жігітті көрген. Сөйтсе мұның өзімен сойылдасып кеткен қарсыласын Барат қара құстан шоқпармен ұрып жіберіпті. Жекпе-жектегі екеуге араға болып үшінші кісі араласқанда осындай бір сұмдықтың боларын білетін Байшуақ та іш жинап еді. Сөйткенше әлдекімнің: – өлтірді! – деген ащы айқайынан ес жиған Байшуақтың көзі арыстай болып шалқасынан құлап жатқан жігіттің бетіне түсіп кеткен еді. Көзі аларып, аузынан қанды көбік ағып жатыр екен. Бір сұмдықты қу жүрегі сезген.

Иә, дәл сол сәтте ол ағайынды екеуінің бүкіл өмірлеріне өзгеріс әкелер сұмдықтың басталғанын пайымдай алған жоқ еді. Қуғыншылар жағы аузынан қанды көбік кетіп жатқан ақбоз мінген жігіттің басына үймелесіп жатқанда ол жығылған азаматтарын тұрғызып, аттарына мінгізген де жылқы қуып кеткендердің соңынан салған. – Қалай, Бәке, жаудың бетін қайтардыңдар ма? дері тіпті көп екен де, – деген жылқы айдаушылардың бірі алдарын кес-кестеп. – Бүйтіп қайтарғаны бар болсын! Мал табамыз деп келіп, құныкер болып қайтқан шығармыз! Тастаңдар жылқыны осы жерге! Тарттық елге қарай! – Ау, Бәке! Жан алып, жан беріп жүріп, еңбекпен тапқан малды қалай ғана қалдырып кете береміз? – деп, қарап тұрмай бүгінгі майданды батырсынып бастап, өзі құм қауып, аттан ауып қалған Барлас балуан пікір қосқан. – Уай, «еңбекпен таппай», еңбектеп қалғыр, Барлас-ау, жан бермесең де жан алғаныңды білмей неңді оттап келесің?! Жөн сөз айтып, жөндем жол көрсетіп тұрған кінәсіз жанды мықтымсып тарпа бас салған сен емеспісің жаңағы?! «Байлауға көнбес доңыз, айдауға көнбес бөрідей» ойланбай от шығардың. Құн төлегің келмесе, құдайдан сол жігіттің шыбын жанының қалуын тіле, – деген ол бар зілін жасырмай. Соңынан шауып келе жатқан Баратқа да бұрыла беріп, зілдене тіл қатқан. – Араға болып киліккеніңмен қоймай шоқпар сілтердей ол сенің ата жауың ба еді? Сенімен сөз басқа! *** Иә, Айшуақтың қос бөлтірігі қос арлан атанған соң «Жау қайдалап?!» жан-жақтарына алара қараған. «Тумасаң ұқсамағыр!» екеуіне мейірімі кең құдайдың әкелерінің батырлығын бере салғаны-ай» деген ағайын сөздері желіктірді ме, әлде Еділ бойлаған қалың қалмақтан әке кегін қайырғылары келді ме, әйтеуір екеуі де ат жалын тартып мінгелі Еділге қарап есінейтінді шығарды. Әке өлгенмен әкенің көзін көрген ағайын, бекер обалдары қане, аналарына жесірлік, екі ұлға жетімдік көрсетпеген. Аз Таманың шағын ғана бір ауылының екі тізгін бір шылбырын қолына берік те бекем ұстап отырған Саян би екі ұлды өз қанатының астына алып, өз балаларынан кем көрмеген. Бұлардың жандарына жігіт ертіп, апталап жол жүріп, қалмақтан үйірлеп жылқы әкеле бастағанын көргенде кісілікті ақылын да айтқан. «Балаларым, ат төбеліндей ғана аз Тама қалың қалмақтың бір қарпуынан аспайсың. Тіпті қалың Табынды атқа өзің бірге қондырсаң да көп қорқытып, терең батырмақ. Әкелеріңнің кегі жүректеріңде шемен болып жатқанын мен түсінермін. Оның емшісі уақыт қана. Сонан соң қайырын Алладан күткендерің мақұл. Тіл алсаңдар тиылыңдар! Сендер олжалаған қыл құйрық жыртығыма жамау,

жарылғаныма құрсау болмас. «рлеген балық ауға, өр кеуде жігіт дауға жолығар». «Пәле – жүрдек, бақ – тайғақ». Тиылыңдар!» деген. Сөйтіп, Саян бидің сөзінен соң ағайынды қос жігіт өздерін сабырға шақырғандай байырқалап қалғандай еді. Кесел арнайы кесетіп келмей, көлденеңінен кеп, елеусіз тиген. Бір түнде жылқы қосынынан үш айғыр үйір жылқы қолды болған. Айналаны із кесіп біраз шапқылаған соң ұрыларының жөн-жосығын, шиырын тауып, екі-үш жігітімен Барлас балуан оралған. «Жау алыстан келмепті. Жуан Табын тағы да жуандығын көрсетті. «Ағайынмын деп отырып, арамдық істеді, жамағатыңмын деп отырып жаулық істеді. Сәйгектете қуған жылқымның ізі Тұрсынбайдың қосынына барып қосылды», деп оқтай төндіріп жеткен. «Ұрыста тұрыс жоқ» дегендей Байшуақтың жігіттері «Барымта олай емес, былай болады» деу үшін қопарыла атқа қонған. «Мал ашуы – жан ашуы», бара Тұрсынбайды шауып алмақ. – Балалар, «Ашу– дұшпан, ақыл– дос», «Алдыртқан – албырт». Албырттық жасап алмаңдар. Аңысын аңдап, ұрыңды бұлтартпай танысаң ғана соқтығарсың, – деп, Саян би де намыс отымен лапылдап өртенгелі тұрған жігіттерді ақылға шақырған. – Қасқыр екеш қасқыр да апанына қоңсы кеп қонған отарға шаппас болар. Бөрті өзенін тел еміп, қатар жайлап, қатар қыстап жатқан ағайынды Табын, Тама бір-біріне қастық жасапты, қысастық көрсетіпті дегенді естімеген едік. Бірер тәйтіктің ала қашқан тоқты-торымын «қол сынса, жең, бас сынса, бөрік ішінде» деп, қоя салар едік. Мынандай бөліп алып, қуып кету дегеніңнің аты «барымта» ғой. Бауырлас ел, барымталас болмас. Албырт іс жасап, арандап қалмаңдар, – деп ақыл айтқан. Сөйтіп олар дүрк көтеріліп, атқа қонғанмен, Тұрсынбайдың жалғызы Қыдырғали да Саян жігіттерінің өздерін барымташы санап, аттанғалы жатқанын кездейсоқ естіп, қам жасап отырған. Жоқ қарап жүріп, сусын ішіп аттанған бір қария Қыдырғалидың үйінде отырғанда: «Шырақтарым, жақыныңды жау ғып, малын алғаның қалай? Алыстағы алагөз ағайын шапқандай болса, кімге арқа сүйерсің?! Бұл маңдағы Тама аз ауыл болса да намысы мол ел емес пе? Малын саған айдатып қойып, қарап отырар деп пе едің?» десе керек. Сонда Қыдырғали: «Оу, жолаушым, біз қашан Таманы шауып, малын алыппыз?» дейді ғой жолаушының артқан кінәсіне аң-таң болып. Содан не керек, төрт-бес күннің мезетінде Таманың жарты қостай жылқысын белгісіз барымташыларға алдырғанын, қуғыншылар ізге түскенде шұбырындының тұп-тура өз ауылына бастап келгенін, енді Саян бидің жігіттері құрық-шоқпарларын сайлап, осы елге қарымтаға аттанғалы отырғанын естиді. Ағайынды екі жұрттың үшінші бір харам пиғылдың арандатуына түскелі отырғанын сезеді. Жылқышыларынан сұрастырса, шындығында бөгде біреулердің осыдан екі тәулік бұрын ғана қарамы мол жылқы айдап өткенін біледі.

Олар ешкіммен тілге келмей алдарындағы малдарын сәйгектетіп қуалап өте шығыпты. Алғанның кім екенін біле алмаса да алдырғанның кім екенін білген Қыдырғали да жігіттерін сайлап, жылқы күзетіне өзі шыққан. «Ашу – дұшпанның...» жетегінде албырттанып атқа мінген ағайынды тосып алып, мән-жайды айтып, түсініскен соң барымташыларды бірлесіп іздемек ниетте болатын. «Шығасыға иесі басшы» дегендей әкесі Тұрсекең ұлы Қыдырғалиға: «Балам, «Білмеген у ішедінің» кебін киіп жүрер Таманың жігіттері. Бәлкім, дау-дамай басталмай тұрып, Саян биге өзің барып, мән-жайды түсіндіріп қайтсаң қайтер? Жаудың алыстан келгенін білсін. Бәлкім жоқшыларға қосыларсың» дегенде Қыдырбай: «Әке, айыбым болса бір сәрі. «Қорыққан бұрын жұдырықтайды» дегендей, алдына барып, ақталғандай болғаным қалай болар? Келсін алдымен жоқшылары. Олар да сөз ұғар. Түсіндірерміз, түсінісерміз» деп, әке пікірін қолдай қоймаған. Ақыры ойланбай жасалған қадамның соңы біреудің маңдайға басқан жалғызы Қыдырғалидің әке-шешені аңыратып, әйелін жесір, балаларын жетім қалдырған қайғылы қазасымен аяқталады. *** «Би екеу болса, дау төртеу» дегендей Қыдырғалидың қазасының соңы талай сөзден таяқ таянған от тілді, орақ ауыздыға оттың басын сабатқан бітпес дауға, айрандай ұйып, қыз алысып, қыз берісіп отырған Табын, Тама бір-бірімен жауға айналды. Тентектің бір күнгі бүлдіргені мың күнде түзелмес насырға шапты. Ара ағайындар да ат сабылтып, ел бірлігін сақтап қалу үшін ер құнын еселеп ұсынса да Тұрсынбай ешқайсысын аяғына отырғызбай қойған. «Қу жалғыз маған енді жоқ. Ұзында өштігі, қысқада кектігі жоқ ағайынның қысқа күнде қырық рет қырқысар есерлігі үшін сабақ болсын, қанға – қан! Құн дегенің жылқы ма? Иесіз мал өзімде де жетеді. Есірсең кісі өлтіріп, ес кірсе құн төлеп құтылам деп ойлама. Мен адырнам үзіліп, жебем таусылған кісімін. Тек жазықсыз кеткен жалғыздың жәбіршісінің қанына қолымды бұлғап кетсем болғаны! Басқа айтарым жоқ!» деп бүк түсіп жатып алған. Байшуақ пен Бараттың ағайындарының айтар уәждері таусылып, тығырыққа тірелген. Сонда Барат Саян бидің және жиналып отырған елдің игі жақсыларының алдына кіріп, тізе бүккен: – Қадірлі би аға, қадірмен ағалар, «Есердің жаманы ел бүлдірер» деуші еді. Ойланбай, есерлікпен сілтеген бір шоқпар жалғыз Қыдырғалидың басына жазым болып тиген жоқ, бүкіл Таманың басына жаза болып тиіп отыр ғой. «Еркек тоқты – құрбандық», «Қызыл қолмен істеген істі қылша мойынмен көтеру» қажет екен. Ел бүлінбесін, жазықсыздар жапа шекпесін десеңіз ұсындым қылша мойнымды талша ғып кесуге! Тұрсынбай менің қанымды

ұрттамай тоқтамас. Екі дүниеде сіздерге өкпем жоқ, қиыңыз мені! – деген көзінің жасын көлдетіп отырып. Ел ішінің игі жақсылары амалдары таусылғандай көздерімен жер шұқып, отырысып қалған. – Боздағымды бауыздатып қойып, елдігімді ойлағанша өлсемші! Ондай елдігіме болайын. Аз Таманың барынан жоғы, шайқасып өлем бүйткенше – деп, Таманың ту ұстары Қаражан батыр морт кеткен. – Е, ағайын, осындай зұлматты көремін деп келіп пе едім қу жетпіске! Одан да мұны көрмей-ақ қара жерді қуандырсамшы, – деп Саян би киіз үйдің есігінен жанарын құба жондарға тіктеген. Құба жондардай құбақан өңінде қан-сөл жоқ. – «Кәрі түйе – тайғақ, кәрі кісі жайдақ». Менің де ақыл азып, тоным тозған күйім бар. Оның үстіне, Айшуақтың қос жанарындай қос ұлының бірін өз қолыммен өлімге қисам, ертең аруақ алдында не деп ақталармын? «Тел қозының бірі тентек болды, ойланбай қылған бір ісі әнтек болды. Өзіңдей біреудің арысын жазым қылды. «Қанға қан, жанға жан» деген ата салтын аттай алмай өз еркіммен ұстап бердім» дермін бе Айшуақтың аруағына. Өйткенше бәріңнің құрбандығың болып, мен өле қалсамшы. Өлі аруақты айтпағанда, «Өз үлдарымнан кем қылмаспын» деп екеуін қанатымның астына алғандағы жеткізген жерім осы болса, өз арымның алдынан не деп арылып, аршылмақпын?! Сондықтан жасыңның білегіне сенгеннен кәріңнің білігіңе сенер күн туды. Бүкіл Еділ, Жайық, Сыр, Ырғыз бойында тарыдай шашылып жатқан барша Таманы атқа мінгізсең де екі елдің ортасында от қойғаннан басқа өндіреріміз шамалы. Ел ішін де ірітпей, азаматтың да қу жанына араша болар жол тапсақ қанеки. Біз де қабырғалы ел, қанаты кең жұрт екеніміз рас болса, соңдарыңнан қалған ауыртпалықты арқалап көрерміз. «Ерге құныкер болсаң да есебін тауып тірі қал, етік табаны тозғанша ұмыт болар» деуші еді бұрынғылар. Менің тапқан есебім ағалыінілі екеуіңді елден жылыстатып жіберу ғана болып тұр. Алла кебін кигеннен сақтасын, кебенек киіп кетсеңдер, дәм жазса, ақар-шақар отаныңа ораларсыңдар. Ал іздеген-сұрағанға: «Құныкерлерің бір түнде қашып кетіпті. Білмейміз дерміз. Сендер үшін басқаның қанын төкпес, – деп, би шешімін де, қалауын да айтып еді. Батасын да беріп, екі азаматтың бүгін түннен қалмай қазақтың кең даласының бір қиырына аттандыруды жігіттерге тапсырған. Көзінің жасын сақалына тамшылатып тұрып, Байшуақты да шақыртып, қос азаматпен бірден қоштасқан. Байшуақ пен Барат та осынау шешімге ешқандай қарсылық айта алмай бәрімен қоштасып, үйлеріндегі аңырап отырған аналары Бәтеске келіп, Саян бидің және ел ағаларының шешімін айтқан, – Кебін кигізгенше кебенек киіп жүргендеріңе тәуба дермін, құлындарым. Қайтейін, қайда жүрсеңдер де жортқанда жолдарың, жолдастарың Қызыр болсын! өле-өлгенше тілеуім екеуіңнің үстеріңде

болар. Қош-қош, қос қарашағым, – деп, Бәтес арыстай қос ұлын құшақтап, ұзақ аңыраған. – Қой, бәйбіше, жаман ырым бастама түн ішінде. Аман-сау жүрсе, әлі-ақ келер ұлдарың. Табынның да ашуы қайтып, арыны азаяр. Сабыр ет, бәйбіше, – десіп тоқтау айтқан көрші-қолаңның өздері де қимай қоштасқан. Әйелдер жағы тоқтау айтқанымен, өздері де сыңси дауыстап, көздерінің жасын шылауыштарымен сүртіскен. «Ұшарымызды жел біледі, қонарымызды сай біледі» дейтін қаңбақ сияқты тағдырларын бір Жаратушыға тапсырған екеуі тамам ағайын жұрты мен аналарына қош-қош айтып, атқа мінген. Оларды Қаражан бастаған ауылдың бір топ жігіті қозы көш жерге дейін шығарып салған. Сөйтіп, Еділді бетке алған қос арыс өз болашақтары сияқты беймәлім қараңғылыққы сіңіп, шығарып салушылардың көздерінен тасалана берген. Түнімен суыт жүрген қос салт атты таң құлан иектене қалың қопаға келіп тізгін тежеген. Осы арада жатып, іңір үйірілгенше тыныстамақ. Алып шыққан азық-түліктері – құрт-ірімшіктерімен, жан торсыққа құйып алған айрандарымен тамақтанып, әл жинамақшы. Бұл Еділ бойындағы қалмақтан барып жылқы алған екі жолғы сапарларында жүріп, кәнігі болып қалған үйреншікті жолдары болатын. – Жандарың ұяда болса, хабарларыңды асыға күтерміз, – деп еді шығарып салған ауылдас жігіттері екі жігітті бауырына қысып, қоштасып тұрып. – Аналарыңның жолдарыңа екі көзі қарауытып, жанары талғанша тосатынын ұмытпаңдар. – Осы бір сөз екеуінің де түні бойы жүргенде естерінен бір сәт шыққан емес. Қайдан ұмыта алсын. Жарынан жастай өлідей айрылған, енді жеттім, жетілдім, жыртығым бүтінделді, ортайғаным толды деп ақ шашты, сары тісті болған шағында қос бірдей боздағынан тірідей айрылып отырған аналары Бәтес мұңлық мүлде шөгіп қалған. Тек өзі де айтулы адамның қызы, ардақты азаматтың жары екенін дәлелдейін дегендей қан-сөлсіз жүзі оңған шүберектей бозарып, көзіне жас алмауға тырысқаны көрініп-ақ тұрған. Тек кіші ұлы Бараты: «Қайран апатайым-ау, ессіз ұлыңың кесірінен қан жұттың-ау. Кешіре алсаң кеш мен бейбақты» деп аяғына жағылғанда ғана төзімі таусылғандай аңырай дауыс салып, екі ұлды құшақтай жығылған. Бір кезде есін жиып, қайта бекіп алды. – Мені ойламаңдар, ел ішіндемін. Аштан өліп, көштен қалмаспын. з бастарыңның есендігін бір Аллаға, бетіңді елге, арқаңды жерге тапсырдым. Екеуіңнен бар тілерім, қайда жүрсеңдер де кешегі өткен Айшуақтың тұяғы екендіктеріңді әрі сол әкелеріңнің кіндігін ұзарту өз парыздарың екендігін естен шығармаңдар. Алла қос ұлдан қос уыс топырақ бұйыртсын! – деп бетін сыйпаған. Сөйткен де екі ұлын бауырына басып, мейірлене иіскеген. Танаулары қорсылдап, иықтары селкілдеп кеткен ұлдарын соңғы қайратын жинағандай иықтарынан сілкіңкірей итеріп қалып, зеки сөйлеген.

– Тәйт әрі, көрсетпеңдер көз жастарыңды! Әйелдің қары, еркектің қорына ұқсамай. Мен ұл таптым деп қалжа жегенмін! Солайша аналарымен, солайша қозы көш жерге шығарып салған ел жігіттерімен қоштасқан еді. Бірақ олардың бір де бірі «Бет алыс, бағыттарың қай жақ?» деп сұрамаған. Жолдарының оңынан болуын бір Аллаға, барар жер, басар тауды таңдауларын өздеріне ғана тапсырған сыңай танытқан. Екеуі құмдауытты құба жондардың біразын басып өткен соң ғана Барат тіл қатқан. – Көке, қай жаққа бет түзейміз? – Үні тым төменшік. «Менің ойланбай істеген бір оспадар әрекетім үшін сен де зардап шектің-ау!» дейтін ішкі уайымына жан-жүрегін жегідей жегізіп жүргенін Байшуақ та сезінетін. lнісінің басына түскен тауқыметтің зіл батпандығын қанша түсінгісі келсе де өкпесі тарқамай, ішін бере алмай қойған. Саян би екеуінің бой тасалап, елден шалғай шығып кетулері жөніндегі шешімге тоқтағанда Барат тағы да ойын айтқан. – Табынға құныкер болған мен емеспін бе? «Еркек тоқты – құрбандық» деп өз жанымды қимақ едім, оған көнбедіңіздер. Ал елден безінердей Байшуақ көкемнің не кінә, не жазығы бар? Бетім ауған жаққа қаңғысам өзімақ қаңғиын. Көкем елде, анамның қасында қалсын. Ашынған адамның құныкері үшін оның ағасын да аямасын айтқан үлкендер алғашқы тоқтаған түйіндерін өзгертпей қойған... Байшуақ онсыз да ойсоқты болып, бірер айдың ішінде тойған қозыдай томпайған тұтас тұлғасын біраз жұқартып-ақ алған інісіне мүсіркей қараған. кпелегенмен, ренжігенмен ендігі сүйенері де, сенері де осы жалғыз інісі болғандықтан, көптен бергі көңіл түкпіріне қатқан тоңды жібітіп, іш тарта сөйлеген. Оның да тап өзінен басқа тірегі жоғын, әке орнына – әке, шеше орнына – шеше, ағасы да, жағасы да бір өзі екенін алғаш рет мойындағандай. – Баратым-ай, қайда барамыз дерің бар ма? Қашқын жандар да мекенінен ауған аң рәуішті емес пе, қай бір меже, қай бір бағдар бар дейсің?! Бірақ біз де тірлікте жалғыз рет жаза басқанымыз болмаса, Алланың адал құлы, адамның алғаусыз ұлы едік. Өлтірмес! Өлмеспіз, – деп бір тыныстап, Бараттың жүзіне барлай қараған. – Қалай қарай бет алсақ та ат аяғы жетерде аралас-құралас қатар жатқан ағайын жандар. Олар бізге пана болар деймісің? Көп ішінен жел сөзді жеткізе қояр бір желауыз шықпас деймісің?! Сондықтан кешегі ата жауымыз деген қалың қалмақтың ішіне барып, тәләйімізді сынасақ деп келемін. «Иілген басты қылыш кеспес», бүгілген тізеге тізе батырмас. Сен қалай ойлайсың? – Көке, мен көлеңкеңмін ғой. Өз ақылыңыз қай жолды нұсқаса сол жолға тәуекел де. Қалғанын ертеңіміздің ұсынар еншісінен күтелік. Қалмақтың ішін таңдағаның да жөн шығар. Ақ, адал сөзімізге нанса, басымызды алып, айыпшыларымыздың қолына ұстата қоймас, – деп, ол да өз ойын білдірген.

Олар көліктерін де, өздерін де кешке дейін тынықтырып алған соң, ымырт үйіріле тағы да Алла деп атқа қонған. *** Бағанадан төрде төбедей болып қозғалмай отырған төре көз жасын талай рет сығып тастап отырған Күлімханның бетіне қараған. Ерінің не айтпақ болғанын ернінің емеуірінен таныған сұңғыла әйел сыбдырсыз орнынан тұрып, тысқа шығып кеткен. – Бауырым-ай, іштің кірі айтса кетер деген. Асығыс болғаныңмен зарзапыраның сыртқа шықсын. Сарайың ашылады. Тауқыметі мол тағдырларыңа біз де қанығайық. Азаттықтарыңа жәрдеміміз тиер. Ел ағасымыз деп үзеңгі бауды төрт қабаттап біз жүреміз. Әр-кімнің басында болар мұндай тәләйі көп тағдыр боларын ауыл елдің күйкі тірлік, күйбең әрекетімен жүріп, ойлауға да мұршамыз бола бермейді... Таң ұзақ қой, жетерсің. Айтып, арылып кет, – деген Қамбар төре де жігіттің бетіне назар тіктеп. Жүзінде ел ағасының байсалды қатқылдығынан гөрі жанашыр ағаның жұмсақ пейілі бар еді. Күлімхан сұлу толықша денесін сұңғақтандырып көрсетер етегі қызыл асығына дейін төгілген аспан түстес көгілдір дүрия көйлегін көлбең қақтырып, орнына келіп жайғасты. Алтын жіптермен зерленіп, асыл тастармен безендірілген бешпет, жиегіне әр түсті қошқар мүйіз кесте төгілген аппақ шаңқандай кимешек-шылауыш – бәрі-бәрі де онсыз да көркі көз тойдырар келіншекті, Құлжекең қойшы айтса айтқандай, бөлекше сымбаттандыра көрсеткен. Манағы күтуші келіншек қайта келіп дастарқан жайды. Шамасы әңгіменің ұзарғанынан-ақ сары самауырды қайнатып даяр отырса керек, оны да кіргізген. – Қайным, тағы бір шайланып аттан. Түнде сергек жүресің, – деп, Күлімхан асыл тасты алтын жүзіктерге толы ақ саусақтарымен Байшуақтың алдына кесені қойды. Ол да әңгіме жалғасын тыңдауға бейіл танытқан сияқты. *** Еділ бойындағы қалмақ жеріне ат тұяғын таң ата іліндірген екі салт атты енді бой тасаламай ашықпен, көш жолымен аяңдап келе жатқан. Күн арқан бойы көтеріле әлде шолғыншы, әлде малшы үш салт атты бір дөңнің астынан сопаң етіп шыға келген. Әу баста шоқпарларын суырысып, сақтық жасаған үшеуі бұл екеуінің қолдарында қамшыдан басқа қарудың жоқтығын көрген соң әрі қаша жөнелмей өздеріне қарай тым бейбіт кейіп танытып келе жатқан жүргіншілерді тосып, орындарында тұрып қалған. Есік пен төрдей құла жирен мінген қызыл шырайлы жас жігіт бұлардың киім киісінен таныса керек, оң қолын көтеріп, белгі берді: «Тоқтаңдар» дегені. Тізгін тежеген жолаушыларға қарап, қалмақша тіл қатқан.

– Біз – қазақпыз, – деді Байшуақ. – Еліңді бетке алып әдейі келеміз... Қазақтармен тірлігі аралас, қойы қоралас жатқан соң, әлде екі күннің бірінде араластан гөрі арпалысы, алысы көп ұғысқаннан гөрі ұрсысы басым көршілік өмірден бе, екі қалмақтың бірі қазақшаға судай сырғанатып, сөйлей беретін. Жас жігіт те таза қазақ тілінде мұның сөзін бөлген. – Қазақ болсаң қайтейін! Көріп тұрмын қазақ екеніңді. Малымды алғалы келдің бе, жанымды алғалы келдің бе? Әлде құда түсе келдің бе? Салт атты, сабау қамшылы қос қазақ жүрісің олардың ешқайсысына ұқсамайсың. Айтарыңды айтар жеріңе сақта да алдыға түсіңдер қане. Қалмақтардың бірі алдына түсіп, жол бастаса, екеуі айдауыл болып, соңдарына түсіп, тіл қатып, тіс жармаған күйлері тарта жөнелген. Екеуін қай жуанның алдына апарса да Байшуақтың айтар сөзі біреу-ақ болған. Ол: «Күні кешеге дейін барша қалмаққа жаулық істегенім рас. Жау болайын деп емес, әкеміздің қаны мойындарыңда болған соң түн жамылып келіп, жылқы қуғаным да рас. Ал бүгін достасайын деп емес, қалың қазақтың ішінен барар жер, басар тау қалмай, амалымыз таусылған соң келіп отырмыз» деген сөз болатын. Мұндай жау болып та, дос болып та келмеген қос қазақтың тағдырын шеше алмаған ел жақсылары өз бастарын пәлелі істен алыс ұстайық дегендей, екеуін Еділ бойы торғауыттарының иесі Ошыржап уаңның алдынан бір-ақ шығарған. Ошыржап – торғауытты билеген жуандардың ішіндегі беделдісі болатын. Ол сонау 1608 жылдары Барқытбелден жоңғарлардың бір тайпасы чоростардың қыспағына шыдамай Ертісті құлдап, сотүстік батысқа қарай, Сібірге қарай жылыстаған, одан да береке таба алмай 11–12 жылдан соң Есіл мен Тоболға, онда да орныға алмай Түменге қоныс аударған, бір-екі жылдан соң башқұрттардың шегарасы арқылы Жайық, Сақмар, Ор өзеніне келіп орналасқан, «орналасқан» деген жай сөз, башқұрт, қазақтармен арпалыса соғыса жүріп, тағы да Жем, Еділ, Жайық асып, ноғайларды Қап тауына қарай ығыстырып барып, Еділдің сол жағалауына қоныстандырған торғауыт ханы Хо рліктің көп ұрпақтарының бірі, буыны жалғасқан тұяғы, Убашы хан мен Церен Тайшының сенімді серіктерінің бірі болатын. Уаң Байшуақтың сөзін бөлмей тыңдап болды да, айналасында отырған тұлымды торғауыттарға «Қане, не айтасыңдар?» дегендей жағалай жанар тастаған. Кейбіреулері қос тұтқынға зілдене қарап қойып, өз тілдерінде әлде нені айтып жатты. Олардың көзқарастарынан-ақ екеуіне «Бұл бейшараларға обал болған екен, паналатайық» деген біреуінің болмағанын мөлшерлеген. Төрде отырған қариялардың бірі Ошыржапқа қарап сөйлегенмен, өз тілінде емес, қос тұтқын жігіт те ұқсын десе керек, таза қазақша тіл қатқан. – Уаң, өзіңіз де естіп отырсыз, осы отырғандардың көпшілігі-ақ екі қашқынды паналатуға қарсы. Қазақ-қалмақтың Жоңғар жерінде де, мұнда, Еділ бойында да тату-тәтті отырған кезін көрмей-ақ қартайдық. Шамасы, екі

жүз жылдың жүзі болған шығар, кезек-кезек бірін-бірі қырумен, ай асырмай, жыл жылжытпай қырқысумен келе жатқанымызға. Ата жұрттан алыста жүрген біздің жау шақырып, Табынның құныкерлерін бауырымызға тартар жөніміз жоқ. Табын тайпасы да намысты қолдан берер табансыз жұрт емес. Оның үстіне алыс-жұлыста енді ұмыттық деп отырғанда бүкіл Еділ-Жайық бойындағы қалың намысқой қазақты шапқа түртіп алмайық. «Сау басқа сақина» тілемейік. Менің тілімді алсаңдар, екеуін жолдарына салайық. Пананы басқа жерден іздесін. Менің айтарым – осы. Уаңға дейінгі сөз түйінін тарқатар осы қария болса керек, отырғандар ләм деспей Ошыржапқа назар тіктеген. Ошырдап та біраз үнсіз отырған соң жөткірініп, қос жігітке қараған. Бұл екеуі болса, бар сеніп келген кісілерінен біржола күдер үзгендей үнсіз төмен қараған. Уаң өз тілдерінде сөйлей бастап еді көсеудей жылтыр қара оның аузынан шыққан әр сөзді шашау шығармай аудара жөнелген. – Қазақ, қалмақ бәлен жүз жыл бойы соғысып, жауласса, оның айыпкерлері бабаларымыз бен әкелеріміз болар. Онсыз да шілдің қиындай пышырап, туған ата жұрттан безіп, қиянда жүрген аз торғауыт дәл бүгін қазаққа жау емес. Жауласар қарым да, хал де жоқ. Өздерің мойындап отырған барымталарыңның қарымтасын да жасатпадым, қос қазақ. Қорыққанымнан, үріккенімнен емес, ел арасының тыныштығын ойладым. Жауымыздың алыстан емес, дәл іргеміздегі сендер, қазақтар екенін біле тұра білмеген болдым, көре тұра көрмеген болдым. Енді бүгін келіп, қазақтың өз құныкерін бауырыма тартсам, жақсы күнге жетсем деп жүргенде отты қолыммен көсегенмен бірдей болмаспын ба?! Жоқ, балалар, екеуіңнің жайкүйіңді біле отырып, оған тәуекел ете алмай қиналып отырған жайым бар. – Дат, тақсыр! – деп, Байшуақ Ошыржапқа тіктеп қарап, басын иген. – Датың болса айт! – Туғаннан маңдайымызды тайқы жаратқан бір Аллаға өкпе айтпасақ, нала-мұңымызды кімге айтармыз? Қазақ, қалмақта мұңымызды тыңдардай кім қалып еді?! Кешегі ата жауымыз болсаңыз да жауына жауша, досына досша қарай білетін жан деп, інім екеуіміз қу жанымызға сауға сұрап, келіп қалған жай бар еді. Жалған достан, адал жау артық деген ой еді бізді еліңізге жетелеген. Қателескен екенмін. Күні кеше өрісіңді шаңдатып жүрген ата жауың бүгінде алдыңда тұр. Байлап-матап екеуімізді апарып Табынның қолына тапсыр. Бәлкім, біздің жас жанымыз, бос мойнымыз қазақ-қалмақтың түсінісуінің дәнекері болар! Ошыржап үнсіз отырып қалған. Біраздан соң ағайындарына қарап тіл қатқан. Үнінің салмақты да қатқыл шығысына қарағанда, ерекше бір шешімге келгендей. Сонан соң таза қазақ тілінде өзі сөйлеп кеткен. – Жандарыңа араша іздеп келгендеріңде жаналғыштарың болып қалу да ойымда жоқ. Әзірге бір шешімге келгенше осында бақылауда боласыңдар. Айтқандарыңның жалған екеніне, ақиқат екеніне көз жеткізу қиын бола

қоймас. Егер сөздерің шын, жүректерің адал да ақ болса, пана болармыз. Жалған сөзді, жымысқы жүрісті жансыз болсаңдар, екеуіңді өзім-ақ бауыздармын. Қырғидан жан сауғалаған бозторғай да жайшылықта жолай бермес адамның иығына келіп қонар. Шын бозторғай болып, бізді пана көргендерің рас болсын тек. Әрине уаңның бұл шешімінен кейін ешкім де оған дау айта алған жоқ. «Мәселе осымен шешілді» дегендей, ол босаға жақта отырған екі-үш жігітке иек қағып, қысқаша ғана әлде не деп тіл қатқан. Екеуін айдауылдар ауылдың шетіне таман тігілген қараша үйге әкеліп кіргізді. Олар бұл үйде табаны күректей он күн бойы пенде болып жататындарын ол сәтте біле қойған жоқ еді. «Тамақ байдан, өлім құдайдан» дегендей қымыз бен еттен кенделік көрмей жата берген. Күндіз ауылды аралап, еркін жүргендерімен түн баласы аяқтарына кісен салатын. Он күннен кейін Ошыржап екі тұтқынын алдына алдырып, хал-күйлерін сұраған, Сонан соң: – Екеуіңнің айтқан сөздеріңнің растығына көз жетті. Егер ақ, адал қызмет істесеңдер мен екеуіңе сенім артқалы отырмын, – деген. Сөйтіп аяқтан кісен ғана алынбай, мойындарына түскен күдік пен сенімсіздік қамыты да қоса шешілгендей ағасы жылқыға, інісі қойға шығып, қалмақтың ерікті пендесіне айналған еді. Үстеріндегі қазақы киімдері тері жарғақ, елтірі тұмақтарын шешіп, қалмақы киім киген соң екеуін де бір қараған кісі бұларды қазақ деп ойлай алмастай еді. *** – Алдияр, құдай өмір берсе, дәм жазып, сіздермен кездесер күн туса, бүкіл қазақ даласының батысынан шығысына дейін сарсаңды сапар жайын айта жатармын. Түн ортасынан ауды-ау деймін, мен жүрейін – деп, Байшуақ төре мен Күлімхан сұлудан рұқсат сұраған. – Ошыржап уаң қиын күндерде кісілік мінез танытқан соң «ерікті пендесі» болып жүрміз деуіміздің мәні осында еді. Ол бір күрсініп қойып, төренің бетіне қараған. Бағанадан бері мызғып кеткендей сол малдас құрған қалпы қос жанарын жұмып, үнсіз сіресіп отырған төре осы кезде ғана басын көтеріп, көзін ашқан. Қызық ертегі тыңдағандай Байшуақтың бетіне өте бір аналық мейіріммен ғана қарап отырған Күлімхан да кимешегінің шалғайымен көзін сүртті. – Алла ғана айналайындар-ай, сендерді қойшы, «Жетім қозы – тасбауыр, маңырар да отығар». Алды-артын біліп, оң-солын таныған ер-азамат ешкімге кеудесін бастырып, есесін жібере қоймас. Жортумен жүріп, жолдарыңды табарсыңдар. «Ит тойған жеріне, ер туған жеріне» деген, қара жандарың аман болса, туған жерлеріңнің топырағына аунап, суын да ішерсіңдер. – Ол ерінің алдында суырыла сөйлегенге қайсыбіреулер сияқты өтірік сызылмай, өз пікірін еркін білдірді. Сәл тыныс алып, бір күрсінді де сөзін жалғады. – Ат

жалын тартып мінген ер-азамат «Ішкенге тоқ, жегенге мәз» болып жүрмес болар. Қиналарсыңдар, бірақ қияннан қиялап, жол табарсыңдар. Екеуіңнен бірдей тірідей айырылған аналарың сорлыны айтсаңшы. Не күйде екен? Қара жолдың бойына қараумен күнін өткізеді-ау, қайран кейуана, – деп, алыстағы мұңлықтың қайғысын бөліскендей болды. – Жасыңнан көрген көрешегің бір басыңа жетіп-артылғандай екен, жарқыным! Айтқаныңа риясыз сеніп, тағдырыңа бірге налыған жайымыз бар. Еліңді іздеп, інің екеуің ат жалын тартасың ба, ол кейінгі әңгіме. «Ерікті пендемін» десең де, еркіңді бір амалын тауып алып беруге аянып қалмаспын! – деп, төре де кесімін келте қайырған. – Елінің дәмі ғой, сағынған шығар, ініңе ала баршы, – деп, тоқалдың ақ дорбаны шеміршектете толтыра салып берген сәлем-сауқатын қоржынға салған жалғыз жолаушы да көп кідірмей асқа да, ниетке де әбден тоғайып, Ай маңдайға келіп қалған тұста қайтадан атқа қонған.

Алысың жақын болар дос санасаң, Білмес жол адастырар бастамасаң. Жаныңда жаман күні жан қалмайды Жақынды жат, жатыңды қас санасаң. Халық өлеңі. ЕЛДЕСТІРМЕК – ЕЛШІДЕН І Күн екінді болмай Қасқақ батыр бастаған бір топ жолаушы алдарына салған малдарын шоқтай ғып, шашау шығармай айдаған күйлері Қобық жеріне ат тұяғын іліктірген.

Бір шеті жер түбіндегі Аягөз өзенінен басталып, содан жондана биіктей келіп, Қозы Маңыраққа, Қой Маңыраққа келіп жалғасар киелі Барқытбел тауының шаршап келген батырдай Сауыр тауына бас сүйеп жантайған тұсынан бастап, оның күнгей бетін мекендеген қалмақ жұртының да жер-су реңі іргелес жатқан қазақ жер-суынан айнымайды екен. Ат омырауын қағар қау болып өскен қалың шалғынды мал тұяғы ілуде бір жерінен осып-осып жапырғаны болмаса, әлі қызылды-жасылды гүлдері көз тартып, жайнап тұр. Көктемнің соңына ала ғана барша өскіні түгел пісіп болып жайлаудың төрт түлік атаулыға келсең кел деп жайқалып-ақ тұрған тұсы. Жүргіншілердің көліктері де, айдаған жылқылары да жүре оттап, шөп басын шалып келе жатқан. Бір қырында қалып бара жатқан көгалалы көп жылқы қосынында жүрген екі-үш жылқышының бірі бөлініп шығып, бұларға қарай көлденеңдей құлаған. Астындағы жиренді сергек желдіріп, тақай берген. «Үйірлі мал айдап жүрген бұл не қылған топты адам?» деп, не болса да жөн сұрауды ойлаған біреу болса керек. Жалғыз атты жылқышы жүргіншілердің киім киістеріне қарап-ақ көрші елден келе жатқан көрнекті кісілер екенін білсе керек, бұларға арқан бойы қалғанда көргенділік көрсетіп, атынан түсті. Сыйлы кісілерге көрсетілер қазақы құрметтің жоралғысы. – Жол болсын, мырзалар! – деді жирен бедеудің шылбырын ұстап тұрған жігіт. Оң қолын кеудесіне қойып, иіліп сәлем берді. – Әлей болсын, жігітім! – Қасқақ батыр сыпайылық көрсетіп тұрған жігітке сыпайылық көрсетіп, өзі де оң қолын кеудесіне қойған. Жолаушылардың бәрі де ишараны қайталаған. – Ошыржап уаңның ауылына бет түзеп келе жатқан Қамбар төренің көршілік ізгі ізетшілері боламыз. Ал жарқыным, түріңе қарап қалмақ екеніңді бағамдасам да, тіліңе қарап қазақ па деп тұрғаным. Жігіт ізетші топтың ортасына таман жақындай түсіп, жүзіне жылы жымиыс ұялатқан. – Тегіме қарап, қалмақ екенімді, тіліме қарап, қазақ екенімді дөп басып тұрсыз, мырзам! Қаршадай кезімізден елі аралас, қойы қоралас қос жұрттың ортасында өскен жігітпін. Араласып, құраласып жүре алмаған кездері шашақты найза ұстасып, алқын-жұлқын шабысқан елдің төліміз ғой. Екі елге телдігім содан болар, – деп, ол сөзін жұмбақтаған. Сонан соң ғана ол жолаушылардың тегін адамдар еместігін, мұндай ерекше салтанатпен келе жатқан кісіге жеңіл-желпі әзіл айтудың жараспайтынын түсінгендей жөн сөзге көшті. – Әзілге жуық сөзіме ренжи көрмеңіз, мырза. Шынын айтсам, қалмақ екенім рас. Бес-алты жыл қазақ арасында пенде болғанмын. Есейген соң елімді тапқанмын. Бір қазақтан кем сөйлемейтінім содан... Өздеріңіз іздеп келе жатқан сол Ошыржап уаңның жылқышысы боламын. Есімім Қаладей болады. Қазақтар Қалатай атандырып кеткен.

Жүріңіздер, мен бастап барайын, уаңның ұрғасы осыдан қозы көш жерде ғана тұр. – Ол қайтадан лып етіп, атына қонған. Қасқақтан жасының үлкендігін, әрі жезделігін пайдаланып, бұрын сөйлей беретін Жұманай көсе жалқау диқанның судан қалдырған егініндей бес-алты ғана түгі бар жартылай жалаңаш иегін бір сипап қойып, Қалатайдың жанына жақындады: – Ой, шырағым, «қазақтардың арасында бес-алты жыл пенде болғанмын» дегеніңді түсіндіріп айтшы, былай. Жоға деймін-ау, әңгіменің қызығы сенде болмасын. Қасқақ қарт жездейінің шыдамсыздығына, әлде өзінің оған: «Сыры мәлім болғанмен, белгісіз сыны мол болар бөгде жер, бөтен ел ішінде ауылдағыдай көп суырыла бермеңіз, жезде» деген сөзін бір бел аспай жатып ұмытқанына езу тартып күлді де қойды. «Мұным қалай?» дегендей айтарын айтып алып, бетіне жалтақ-жалтақ қараған қарттың қылығына басқалар да күлген. – Е, ол ұзақ әңгіме, – деді Қалатай. – Ұзақ болса, тіптен жақсы, жол қысқарады, – деді Жұмекең тағы да. – Айтсам айтайын... Еліміздің қотарыла көшіп, Еділ бойынан ауып келгенін білесіздер. Көш Еділден шыққанда өздігімнен оң-солымды дұрыстап тани қоймаған ойын қуған жеткіншек бала едім. Қысы-жазы демей, атыса-шабыса жүріп, жылжи көшіп ата мекеннің шетіне жеткенше мен де малдың бір шетін қайырысатын кісі болып қалдым. Ертерек есеймеске әддіміз де жоқ еді. Жол бойы тегін олжаға қызыққан қазақ ағайындар түнделетіп кеп тиіп, жылқыны бөле қуып жөнелетін. Балқаш көлінің шетіне тұяқ іліндіргенше жер қайысқан қалың жылқының бірер қостай ғана жұқанасы қалды. Анау-мынау аз қолға дес бермейміз деген азаматтардың көпшілігінің сүйегі әр жерде шашылып қалды. Әлсіреген сайын малды қойып, жанның амандығын ойлап, жылға-жықпылға тығылумен басты қорғайтын күндер де өтті. Балқаш көліне жеткенше Мойынты өзені бойында қарағұрым қалмақтың қырылғаннан қалғаны тоз-тозы шығып, шілдің қиындай тозып болған. «Балапан басымен, тұрымтай тұсымен» деп қазақтар айтқандай, Танжу тайшы бастаған негізгі топ Балқаштың батыс жағымен Ілені бетке алса, бір тобы көлдің шығыс бетімен сол Іле бағытына қозғалыпты. Ал біздің Ошекең бастаған аз торғауыт Аягөз өзенін өрлеп, Барқытбелді жоталады. Үлкендердің айтысынан естігенім ғой, Қара Ертіс бойында орыс әскері тұрғандықтан, түнделетіп, тау сағаладық. Барқытбелді біздің жұрт Суырлы тау, өзімізше айтқанда, «Тарбұғатай! деп атайды ғой. Сол Тарбұғатайдан Маңыраққа жете бере қолды болған екіүш үйір жылқымен бірге мен де қолды болдым. Сөйтіп, қалың Қаракерейлердің ішінде пенде болып қала бердік. – Апыр-ай, сол кезде, Қасқақ, сенің: «Қашқан елге қатын да ер» деп, сайланған жігіттерді жортуылға жібермей ұстап қалғаның қандай кісілік болған, – деп, Жұмекең шыдамай тағы киліккен.

– Сөзді бөлмесеңізші, Жұмеке! – Бұл жолы Қасқақ батыр қабағын түйді. – Жылқымен бірге қалай қолды болғаныңды түсінбедік қой, – деп, батыр Қалатайдың бетіне қараған. – Түсіндіріп айтшы, жарқыным! – Ол бір қызық әңгіме, – деп, балаң жігіт жымыңдасын. – Сол күні өз киімім жаңбырда су болып қалған соң түнгі жылқы күзетіне үйдегі әпкемнің қызыл шапаны мен сіздердің қыздар киетін сәукеледен аласалау, бірақ сырт пошымы ұқсас «зеег» деп аталатын бас киімін киіп шыға салғанмын. Шамасы мені қыз деп ойласа керек, бір дәу келді де ат үстінен жұлып алып, өңгере салды. Тулап та көрдім, айғайлап та көрдім. Ештеңе өнбеген соң қайтейін, құдай салды, мен көндім деп кете бардым. – Олжа түсіріп, бір қызылдайын деген екен-ау сабазың. – Жұмекеңнің сөйлеп қалған аузы мұндай жерде қалай үндемей қалсын. – Сонымен сенің бойжеткен емес екеніңді көргенде әлгі дәуің не күйге түсті? – Не күйге түссін, артымнан бір тепті де қозы бақтырып қойды. – Үлкендер жағы да жымыңдасып қалды. Бұл әңгімені есіткен жас жігіттер қарқылдай күліп жіберген. – Жоқ, мырза. Бекер обалы қане. Мені олжалап әкелген дәу қара да сол елдің танымал азаматтарының бірі екен, маған тізе батырған жері болған жоқ. Қазақ ауылындағы екінің бірі жәбір-жапа көрсетті деп құдайға шет боларым тағы жоқ. Алғашқы жылдары өзім құралпас балалар «Әй, қалмақ» деп шақыратын. Бірте-бірте, әсіресе өзім қазақшаны өздерінен кем білмейтін кезде болса керек, «Әй, қалмақ» дегендерін ұмытып, есімімді Қалатай атап кетті. Біреулер жәбір көрсетердей өзім де жаман қызметкер болмасам керек. Қозы бақтық, қой бақтық, кейіндер ақ бауыр құрық сүйреткен жылқышы болдық. Солай мырзалар, «Ер туған жеріне, ит тойған жеріне» деген бар ғой. Бар кінәм бір түнде жүйрік мініп, қашып кетуім ғана. Елім екі-үш көштік жерге мекендегенін естіп-біліп отырып, қалай ғана шыдайын?! Бәлкім, рұқсат сұрасам, олар мені өз қандастарыма, әке-шешемді, туған-туыстарымды тауып алуыма қарсы болмас па еді. Бірақ мен сияқты тындырымды қызметшісін жібермес деп қорықтым. – «Мұным қалай, асын ішіп, аяғын тепкен болмай ма?» дегендей ол батырдың бетіне қараған. Ақтарыла сөйлеп, ашығын айтып тұрған жігіттің жүзіне сынай қараған батыр: – Е, шырағым, о баста еріксіз келген жан өз еркімен кетсе айып емес. Ал, сол іздеген ата-ана, туған-туыстарыңды таба алдың ба? Бәрі де есен-сау бар ма екен? – Таптым, мырза, таптым. Мен екі кештің арасында астыма жүйрік ат мініп, алдарына жетіп келгенде өлгендері тіріліп, өшкендері жанғандай қуанысып, той жасады ғой. Үйлі-баранды болып дегендей, қазір қатарға қосылып кеттік... – Ол дәу қараңды қайтадан кезіктірмедің бе? – деді Қасқақ.

– Ныспысы кім екен? Қай елдің азаматы? – деп кәрі жезде Жұмекең де сауалды бастырмалата түскен. – «Тағы да килігіп кеттім бе?» дегендей ол Қасқаққа қараған. Батыр болса, «Мұныңыз дұрыс» дегендей басын құптай шұлғып: – Иә, оны да білген артық болмас, – деді. Қалатай іркілген жоқ. – Барқытбелдің күнгей бетінде жатқан Найманның Дәулетбай руының азаматы Уәли дейтін кісі екен. Бай деп байға қосылмаған, кедей деп кедейге қосылмаған қоңыртөбел тіршілігі бар момын кісі. Жауға шауып «батыр» атанбаса да қарулы, балуан денесіне қызыққан ел азаматтары барымтасырымтаға көбіне үгітпен алып шығатын көрінеді. Ал енді ол кісімен қайта жолығуым қызық болды, – деп, Қалатай тыңдаушыларын, әсіресе Жұманайды ынтықтыра түсті. Ол астына мінген кертөбелін шаужайлап, Қалатайға жақындай түскен. Қызық әңгіменің бір де бір сөзін шашау шығармай құлағына құйып алатын сыңайлы. Қарт: – Иә, содан, нағыз қызық енді болмасын, – деп жұтынды. – Содан... елімде бір-екі жыл аялдап, әке-шешеме келін түсіріп берген соң жүрегімнің басына беріш болып қатып жатқан бір мақсатты іске асыруға ой кетті. Ол – еш жаманшылығын көрсетпей, өз баласындай көрмесе де көз түрткілік жасамаған Уәли ағаның ризалығынсыз қашып кетуден, ең бастысы маңдайына басқан жүйрігін ұрлап кетуден пайда болған беріш еді. Оның үстіне, «Бөлтірікті қанша асырасаң да орманға қарап ұлиды» деп, менен әбден көңілі қарайған ол кісі бүкіл жұртым жөнінде «жақсылықты білмес ата жау» деген пікірде қалдырмасам деген ой мазалаған. Әкеме ойымды білдіріп едім, ә дегенде: «Ойбай, жүйрігін мініп қашқан сенің мойныңды бұрап жұлып алар ол дәуің» деп, келісімін бермеген. «Әке, қашқын болсам да ұры атанабйын. Оның үстіне асырап-сақтаған жақсылығына жамандық жасағаным өле-өлгенше жүрегімнен кетпес. «Тәуекел деп тас жұтайын. Рұқсатыңызды бер, әке. Мен білсем, ол кісі азат басымды енді азапқа қимас» деген соң көп ойланып, рұқсатын берді. Шешем ғана: «Ойбай-ау, бір жоғалып табылған құлыным-ау, енді аранға барып өзің түспегің қалай? Жібере алмаймын!» деп, зар еңіреп, запар шеккені. Сол кезде әкемнің: «Қой, бәйбіше, жаман ырым бастама. Қайта кісілік жолына тәуекел еткелі тұрған балаңның қадамын құптасаңшы» деп, әрең көндірді. Сөйтіп, Уәлидің жүйрігін жетегіме алып, астыма жуан сіңір, ұзақ жолға шыдамды ат міндім. Әкемнің ақылымен қашып кеткен айыбыма деп, әкейдің құла жорғасын қасыма ерген жолдасыма жетелеттім. Дәулетбайлардың ауылына тартайын... – Жоға деймін-ау, әкеңнің де ерлігі, сенің де кісілігің кейінгілерге үлгі болар іс екен. Апым-ай енді. Уәли қалай қарсы алды? – Жұманай жол ортадан сөзді бөлген, бірақ жүргіншілердің ешқайсысы да жезденің жөн сөзіне ештеңе дей қоймаған. Қалатай сөзін жалғады.

–Уәкеңнің кісілігіне сеніп едім ғой. «Қалатай келді. Қалатай келді!» деген балалардың даусын естіп, төбедей болып, тысқа шыққан. Қабағында сәл кірбіңнің көлеңкесі тұрғанмен, түгі жылтырап, тоқ жарау күйінде тұрған жирен қасқа жүйрігін көргенде жаңағы көлеңкенің ізі де қалмаған. – Өй, танауыңды ұрайын сол. Сені де, жирен қасқамды да қайыра көрер күн болады екен-ау. Бәсе, «Мен білетін Қалатай бір хабарын берер-ау» деп жүруші едім, – деп, көптен көрмеген інісімен қауышқандай мол құшағын жайғаны. – Апым-ай, ә! Әз-за-мат екен-ау. – Жұмекең бес-алты тал сақалын саумалады. Риза болғандағысы. – Содан? – Несін айтасыздар. ауыл үйдің адамдары, әсіресе, менің достарым да келіп, сәлемдесіп шықты. Дәл бір ұзақ жортауылдан оралған екі туып бір қалғандары оралғандай. Табандатқан үш күн жаттық. Уәли ағамыз: «Өзім де рұқсатымды беріп, рақыметімді айтып, еліңе шығарып салсам ба деп жүр едім. Мен қазы-қарта берсем де туған әке-шешең берген қара суға жетер ме?! Өз Отаныңды, өз ортаңды іздегеніңнің сөкеттігі жоқ. Тек түн жамылып кеткенің, оның үстіне туған балама кекілін сипаттырмас жирен қасқамды мініп, қашқаның батты. Жарайды, кеткен бала оралды, жоғалған жүйрік табылды. Мен бәрін ле кештім. Анау әкең жіберген құла жорғаны алайын. Айып ақысы деп, ықылас-пейілдің дәнекері деп алайын. Екеуіңенің жетегіңе екі жақсы ат даярлатып қойдым. Біраз жылғы еңбегіңнің ақысы деп емес, ағаның ініге берген тартуы деп қабылда» деп аттандырып салды, – деп әңгімесін аяқтады. Бұлар жақсы әңгіменің әсерінде келе жатқан кезде өркештене біткен қос таудың алқымына иек сүйей, қалың қарағайды жастана қоныстанған уаң ауылы да көрінген. Сыртқы салтанаты жағынан төре ауылынан кем соқпайтындай. Жұмыртқадай тізілген сарала үзікті ақ ордалар, олардан дауыс әрең жетер жерге барып ірге тепкен қараша үйлер мен қостар, қатар-қатар тартылған желілер, онда ағаш шелектерін қарына іліп алып жүрген әйелдер – бәрі де қазақ ауылынан айнысайшы. Тек қана ордалардың да, қараша үйлердің де қазақы киіз үйлерден айырмашылығы қысқа уықты жатағандау болып тігілетіндігі. Ақ ордалар маңын мал тұяғы таптамай әлі жап-жасыл күйінде тұрса, қараша үйлердің айналасына көң төгіліп үлгергендіктен қара барқынданып көрінуі де жігіттерге елдің сыртқы ерекшелігін танытпайтындай. – Мінеки, сіздер іздеген уаңның ауылы, – деді Қалатай. – Анау ортадағы әсем үй уаңның ұрғасы. Сіздерше айтқанда хан ордасы. Қалатай ауыл шеті көрінген бетте астындағы қаншырдай қатқан жирен бедеуін ойнақтатып, топтан оза берген. – Мен уаңға барып, қазақ жұртынан елшілердің келе жатқанын айтайын. Киім киіс, ат мініс дегендей сыртқы тұрпаттарыңызға қарап, ауыл арасында жай жылқы айдаған малшы-жалшы емес екендеріңізді алғаш көргенде-ақ

байқаған едім. Қателеспеппін. Оның үстіне, жүрістеріңізге қарасам, адал мақсатты, оң сапармен келе жатқан кісілерге ұқсайсыздар. Сондықтан өзім барып, хабар берейін. – Қалатай осы айтқаным дұрыс па, дегендей Қасқақ батырдың бетіне қараған. – Иә, сөйтсең сөйт! – деген ол да жігіттің ниетін құптағандай. – Жоға деймін-ау, бұл қалмақ торғауыттары етті бір қайнатып, шикіліпісілі жейді деуші еді, екі ортада ұшынып ауырып қалар ма екенмін? – деген Жұманай Қалатай ауылға қарай озыңқырап кеткен соң. Жұрт ду күлді. Қасқақ осы бір аузын ашса, көмекейі көрінетін қарияның аңқау мінезі, аңдаусыз сөзі үшін жақсы көретін. Көрші отырса да діні бөлек, тілі бөгде жұртқа барғанда да бірдеңе бүлдіріп жүре ме деген қаупінен оны бұл сапарға әу баста ерткісі келмеген. Жұманайдың жанама ағайын, шалғайдан келіп, жанасатын жезделігі болғандықтан, төре ауылының бәрі жаратылысында иі жұмсақ, әрі көк мылжың атанған қартпен құрдастарындай еркін әзілдесе беретін. Қасқақ та сол балдыздық базынаға балап: «Жат ел, жат жұртқа көрсетіп, көздерін тойдырардай не көркің жоқ, «Кемпір беттенген томардай шалды неменеге әкелген?» деп жүрсе қайтемін?» деп оның көселігін меңзей әзіл тастағанда қарт сөзден жығар тұсына жармасқан: – Бірің Қамбар, бірің Қасқақ болып, Нұрзайсанды ашсаң – алақаныңда, жұмсаң жұмырығыңда ұстап тұрғанда кәрі жезделеріңді тым болмаса құдалыққа да жіберіп көрмепсіңдер. Не осы жолы алдыңа ұстар айбарың болып мен барармын, не апаларыңды өздеріңе қайтарып беріп, бір кесірді қылармын. Жоға деймін-ау, Жұманай айтпайды, айтса айтқанынан қайтпайды! – Ойбай, Жұмеке, қойдым! Алпысқа келген апамды үстіне мал қосып берсе де, енді кім алар дейсің?! Айбарым болып алдыма-ақ түсші! – деп, Қасқақ әрең құтылған. Қалмақ еліне елші де емес, жаушы да емес, бұйымтай, қалауы да жоқ әншейін көрші жатқан ел ағасына достық ниеттің парызын, оған қоса азынаулақ тарту-таралғысын жеткізуші, ізетші топтың сөз ұстары болып Қасқақ аталған соң төре отырып: – Кімді ертеріңді өзің таңдарсың. Найза сілтесіп, қылыш сермесер жаугершілік емес, сөз білеп, таңдай тақылдатар даугершілік те емес, отырыстұрысынан олпылық сезілмейтін, сөзінде ағаттық айтылмайтын, кісіліктен гөрі кішілігі басым биязы, «Шіркін, мына қазақтар осындай жұрт екен ғой» дегізердей үлгілі серіктеріңді өзің таңдарсың. Тек ел көріп, жер көріп ысыла берсін, біздің анау Бөкейді ерте кетерсің – деп, өз тарапынан ерлігі мен қара сөзге ұсталық атағы қатар аталып жүрген баласын ғана атап, қалған билікті батырдың өзіне берген соң, нартәуекелмен ағайын жұрты «Жұманай мылжың», «Жұманай қырт», «Жұман көсе» атандырған кәрі жездесін томардай ғып атқа мінгізген. Бірақ оны жұрт «мылжың жезде», «көсе жезде» деп әзілдесе де, ол өнер атаулыдан құралақан, қаражаяу да емес болатын.

Төре ауылынан тай шаптырым шыға берсе болды, басқа жұрт үшін ол ақиықты қайырып арланға, қырғиды қайырып бөденеге түсіретін, құстың тілін білер құсбегі де болатын. «Ауылдағының аузы сасық» деп, Жұмекең жазғанның ондай ала бөтен өнерін ағайындары бағалай да бермейтін. Тек, сұрғылт тас түстес лашыны жазда түсіретін түздің жеңсік асы деп қаз бен дуадақтың жылы-жұмсағына, қыста бүркіті алар қызыл түлкінің терісіне тымақтық деп ортақтасқанды ғана білетін олар. «Па, шіркін, біздің жездеміз аспандағы мақұлықтың тілін білетін құсбегі-ау!» деп жезделерінің еңбегін бағалап жатқан біреуі жоқ. Әншейінде де сөзшең Жұмекең құсбегілік өнер туралы әңгіме бола қалса, таң атқаннан күн батқанға дейін айтар хикмет табар еді. Қай құс қыран, қайсысы қыран емес, олардың тегі қандай, түрі қандай, түсі мен түгі қандай, қайсысы қайсысымен қалай туысып, қалай жіктеледі? – Жұмекеңнің өзінің жеті атасын тарата алмауы мүмкін, ал қыран құстың жетпіс жеті атасын таратудан әсте жаңылмайды. Құс бабы, оны зар күйінде ұстау жолдары туралы толғағанда Жұмекеңнің екі көзі оттай жанып, айналадағы барша тіршілікті ұмытып кетер еді. Сөйткен Жұмекең енді қалың торғауыттың ауылына тақағанда ойда жоқ қияметті қирағаттаған соң, Бөкей төре де әзіл айтқан: – Оу, жездеке, шала піскен ет жеп ұшынар ма екенмін деп қауіп айтып келе жатқанда: «Е, бәлем ата жауым келдің бе?» деп бас салып, аяққолымызды кісендеп, терең зынданға тастаса қайтесіз? Ондай бола қалса, шала піскен етті қойып, айран-шалапқа зар боларсыз. – А, құрып қалғырдың сонысы бар ма еді? Екі жастың біріне келгенде кәрі сүйегімді сүйреп, менің нем бар еді деймін-ау?!Жаман айтпай жақсы жоқ, ондай атты күн туса, әлгі Отыршап па еді, соларыңа «Бұл өзі қалмақтарды жақсы көретін кісі, сендерге жау адам емес» дерсіңдер, – деп жұртты тағы бір күлдірген. – Жоқ, мен білсем жақсы ниетпен келген кісілерге бұлар ондай жаулық мінез танытпайды. Керісінше... – деп, өзі де балдыздың базына айтарын сездіргендей жанындағыларға қарап, көзін қысып қойған Сайын төре басқаша бір қияға қарай сөзін бұрған. Туғаннан Бөкеймен бірге жүріп, бірге өсіп келе жатқан төренің немере інісі Сайынды бұл сапарға Қасқақ өзі қосқан. Елшілік ісі болса да, жаушылық ісі болса да жастар тәрбие ала берсін деген есебі болатын. – Керісінше бұлар сыйлы қонақтары үш күн жатса болды, жалғыз-жарым әйелдер мен егде қонақтарының некесін қиып, үйлендіреді дейтін. Сонан соң балдыздары жаңа үйленгендердің түнгі тірліктерін жабықтан сығалайды екен. Егер жезделерінің қимыл-қарекеттері көңілдерінен шықпаса, төсегінен суырып алып, сабайды екен. Ондай құқайына көнесіз бе, жездеке? – Ой, жапырағын ешкі сыпырып жеп кеткен өгіз қурайдың собығындай сорайған бойыңнан айналдым сол, – деген Жұмекең де іркілмей. – Сен

айтқан қалмақтың мұндай әдеті жаңағыларыңнан иман-таразылау екен. Қайтем, менікі нені көріп, неге көнбеген бас. Әйтеуір, сендерге пайдам тисе, онысына көнемін де. Тек өйтер болса жақсы тұқымым жатта қалады-ау деп уайымдап келемін, – дегенде Қасқақтың өзі де шалқалап тұрып, рақаттана күлген. – Жұмеке, осы біздің ауылдың қай шалымен сөйлесе қалсаң да «Қалың қалмақты біз шапқанда, немесе қалың қалмақ бізді шапқанда мен бүйтіп, мен сүйтіп» деп әңгіме бастайды. Сондай сөзді сізден бір естімеппіз. Әлде тым болмаса жылқы алған барымтаға да қатыспағансыз-ау, осы?! – деп, жігіттердің бірі Жұмекеңді сөзден тосар тағы бір сауал тастаған. – Е, ертең елдесер еліңді бүгін шабатын мені мына Қасқақ сияқты ессіз батыр дейсің бе? Жоға деймін-ау, нағыз батырлық ел бірлігін ойлағандық, – деп, сөзге жығылғаны сол өзгені кінәлай сөйлегенде бағанадан көпшіліктің сөзіне көп араласпай келе жатқан Нұрәлі би де әзілге араласты: – Өйтпесең сен Жұманай боларсың ба?! Мен сен өлген соң, төре ауылы түгелімен кіммен қалжыңдасар дегенді ғана уайымдаймын қазір, – деп, жарасымды қалжың айтқан. *** Шамасы, Қалатай хабарлап үлгірсе керек, ауылдан үш-төрт атты жігітжелең бұларды қарсы алуға бері қарай шыққан. Олар да дос ниетімен келе жатқан жолаушылардың сапарына сай болайық десе керек, аттарынан түсіп, жылы қабақпен қарсы алған. Орталарында Қалатай. – Жаратушының адал құлы, аса жоғары мәртебелі Ошыржап уаң достық пейілмен келе жатқан қазақ туғандарын өз ұрғасында күтіп отыр! – деді ол бұларды жаңа ғана көріп тұрған кісідей шыт-жаңа болып, тізесін бүгіп, оң қолын кеудесіне қойды. Басқалары да сөйтті. Әншейінде кешегі жауы түгілі, бүгінгі досына көп иліге бермейтін Қасқақ батыр да төресінің кішіктікті көбірек тапсырғаны есіне түскендіктен, амалсыз атынан түскен соң, басқалары да ұзақ жолдан сіресіп қалған аяқтарын үзеңгіден босатысты. Қасқақ құда түсе келгендей төске төс тиістіріп, тым жайдақтанып кетпей сыпайы ғана шыраймен қарсы алушылардың сәлемін алып, бір жұрттың тізгін ұстары Ошыржаптың дәргейін, одан бұрын өз төресі Қамбардың пәрменін сыйлағандықтан ғана астындағы тоқпақ жалды торының тізгінін даяршы жігіттердің қолына беріп, уаңның ұрғасына қарай жаяу аяңдаған. Найзаларының ұшы, елдің беделі сынды жолағасы Қасқақтың ісін қайталау қажеттігін айтқызбай-ақ түсінісетін Нұрәлі, Жұманай сынды екі-үш егделеу кісі мен Бөкей бастаған төрт-бес жас жігіт те Қасқақтың соңынан үнсіз ерген. Тек Жұманай ғана кері төбелінен Қалатайдың демеуімен домалап түсіп жатып, аса бір зерделілік білдірген:

– Әй, Қалақай шырақ, ұзатылған қыздай мәпелеп, боқ-жынын араластырмай түгі жылтыраған қалпында алып келген анау тарту-таралғы жылқыны мына әңгүдіктерің қуып апарып, жылқыға қосып жібермесін. Төренің сыйын алдымен уаңның өзі көріп, көңілі тойсын. Көлбеңдетіп, орда маңына таман айдап барсын! – Оның бұл пәрменінің тым асығыстау айтылғанын, әрі жезде үнінен мынау жылқыны өз қосынынан бөліп әкелгендей мақтаныш лебінің молдығын байқаған Қасқақ бір жымиғанмен, оған ештеңе демеген. Себебі, кәрі жездесі білдірген пікірдің шаңырағы шадыр болғанымен, түтінінің түзулігін пайымдаған. – Жездеке, «Қалақай» емес, «Қалатай» деңіз, – деді жас жігіттердің бірі. – Е, Қалайқайы не, Қалатайы не? Қалмаққа бәрі бірдей емес пе? Жоға деймін-ау, бәрі маған ақыл айтуға даяр тұрады-ей, осы! – деп, Жұмекең ренжіп қалды. Қонақтар ордаға тас лақтырым жер қалғанда қатар-қатар иық тіресе тігілген үш үйдің алдындағы жиналып қалған бірқыдыру жігіт-желең, қатынқалаш ортасынан қақ жарылды да березе жағалы қызыл шапан киген әркенді, орта бойлы, төртбақтау келген кісі алға оза берген. «Келсең үй мінеки, уаң басыммен кешегі ата жауымның алдында құрдай жорғалап шығарым жоқ» деп, төрінің алдына шіреніп жатып алмай, бұларды ел ағасының өзінің қарсы алуын Қасқақ жақсылықтың нышанына жорыған. Ел ағасы ізгі ниетпен тарту-таралғы, жол-жоралғысын алдына салып келіп тұрған қонақтармен Шығыс дәстүрімен қос қолдасып сәлемдесіп, ұрғасының төріне шақырған. Бір кісідей қазақшасы болса да Ошыржап әңгіме құнарын жете түсінгісі келді ме, әлде өз ұлтының да іргелі жұрт екенін білдіре отырғысы келді ме, әйтеуір қымыз ішіліп, тай сойылып дегендей көңіл демделген шақта Қалатайды тілмаш қып, қонақтарға «Жол болсын!» айтқан. «Нұреке, түбі жақсылық жораға да, даулы жолға да біздің елдің қайрап сілтер қара найзасы өзіңіз ғой. Бұл сапарда биім емес, төлеңгітім сияқты болып, елеусіз барып, елеусіз қайтарсыз. Қара тілді жұмсар сәт болып жатса, бірақ болмасына мен кәміл, онда жағдайға қарай көре жатарсыз. Бұл сапардың сөзін Қасқақ батырдың өзі ұстасын, – деп, Қамбардың өзі әдейілеп пысықтаған соң, Нұрәлі би Жұманаймен қатар оң қанатқа жайғасқан. – Сіз сөз барысын аңысын аңдап, қалмақтың ішіне үңілерсіз». Содан да Нұрәлі би көптің бірі ғана сияқты негізгі әңгімеге араласпаған. Қасқақ та ойын жұптап отырса керек, Қалатайды аударып үлгіруге қиналдырып, қара сөзді тасқаяқтай қағыстырған. – Уа, Ошыржап, «Төскейде – малымыз, төсекте басымыз қосылған» қазақ-қалмақ қатар жатып, сен Бала Ертісті, мен Қара Ертісті тел емген егіз ел едік. Кең далаға сыйыса алмады ма, болмаса сыйласа алмады ма, егеулі найза қолға алып, еңку-еңку жер шалған бабаларымыз бен күні кешегі әкелеріміз тату көрші бола алмады. Қырқысқанда, қырылысқанда не тауып

еді олар? Жеңдім дегені талай боздақты жер жастандырып, бір жұттық мал айдағанына, ат көтіне салып, жылатып-еңіретіп қыз алғадарына мәз болатын. Ертеңінде еселескен зобалаңның өз бастарына түсерін де білмей жүрмейтін олар. Біле тұра көзсіздікке баратын. «Аттың жалы, атанның қомында» өткен қосүрей тіршілік қос халықты да титықтатып бітірді. Қырқысу мен қидаласуды маңдайымызға жазып қоймаған шығар, оның орнына алысы бар, берісі бар, келісі бар, келісімі бар тату көрші болайық» дейді Қамбар төре. Бүкіл қазақтың билігі Қамбарда тұрмағанын да, барша қалмақтың тізгіні сізде тұрмағанын да, Ошыржап мырза, ол жақсы біледі. Арғы-бергі жағы ат шаптырым жерді ғана алып жатқан екеулеріңіздің жерлеріңіз тоқымдай болса да, сол тоқымдай жердегі тоқайласқан тіршілікке, тыныштыққа не жетсін?! Бәлкім, үлгілі татулығымыз үлкен елімізге үрдіс болсын, үлгі болсын дейді біздің төре. Оның үстіне, тарихтың тауқыметімен қиян шығып, шет жайлап кеткен еліңнің өзіңе тиесілі бөлігін қиян жолдан қиналсаң да тәуекелмен қайырмалап, қайтадан ата жұрт – Жоңғар жеріне әкелген екенсіздер. Ерулік беру ата салтымыз. Желге мініп желден жаралғандай, желге мінсек желік бітер жұртпыз ғой, көңіліңіз желдей ессін деп төре өзіңе еруліктің емеурініне балап, жел қанат отыз сәйгүлігін жолдап отыр, – деп бір тоқтаған. Ол иек қағып еді, босаға жақта отырған бір жас жігіт орнынан лып етіп тұрып, тақымына басып отырған шашақты қоржынды әкеліп, батырдың жанына қойған. Қасқақ қоржыннан алтын зерлі, оқалы шапан мен сусар бөрікті алып, орнынан тұрған. Ошыржап та кеспелтек денесіне қарамай, қонағымен бірге лып етіп, бой тіктеді. – Шапан-шақпытымыз жолға жүрсін, – деп, батыр оны уаңның иығына жапты. – Ал, мынау сом алтын білезікті бәйбішеңізге арнап, төренің зайыбы Қаражан бәйбіше беріп жатыр еді. Ол арнайы тас орнатылған сандықшасауытты уаңның оң тізесін баса отырған қараторы әйелге қарай ысырып қойды. Уаң бағана-ақ көзінің қиығымен жүзіктің көзінен өткендей бір үйір өңшең қарға жүндес меңсіз қараға бір қарап-ақ көңілі өсіп қалған болатын. Әсіресе сұлу қыздай көз сүріндірген түсі бөлек, түгі басқа дара сәйгүлікке сұқтана қарап, көңілі толғандай рай танытқан. Ол – қара жал, қара құйрық, шүкір бояуға малғандай құла сәйгүлік еді. Қамбар қалмақ уаңына тартутаралғысын әзірлегенде ұзақ ойлана келіп, іштей мәні де жоқ емес осы бір екі түске тоқтаған. ткен қаралы тарихымыздың белгісі болсын деп меңсіз қарадан отыз сәйгүлікті іріктетіп, мынау ертеңіміздің үмітіндей болашақтан қылаң берер қылаң түс болсын деп арғы тегінде арабтың арғымағы мен түрікменнің теке-жәумітінің қаны бар дейтін қосынының көркі, көңілінің мақтанышы – сидам сирақ, доға мойын құланы отыздың алдына отыз бірінші ғып жолдауға іштей шешім жасаған. Әлекедей жаланған бір үйір дөңгелек тұяққа уаң әбден риза болып отырса керек, әңгіменің осы тұсына келгенде:

– Жаратушы төреге ұзақ ғұмыр берсін! – деп қалды. – Құрметті мырзам, ағайынның, елі аралас, қойы қоралас жатқан құдайы көршілердің де бірбіріне деген ықылас-пейілдері алғанмен, бергенмен өлшенбес. Алыс-беріс сол оң ықылас-пейілді жасаушы дәнекер болса керек. »рісімді тарылтып, қонысымды шектеп, іргеме ата жауым келіп қонды» деп тарылмай, ағайынның ақ пейілін танытқанын нағыз дос көңілі деп біліп отырмын. Тарту-таралғысы үшін емес, достық жоралғысы үшін ризамын төреге. Осы сәлемімді жеткізерсіз. Ол сәл нәрсе есіне түскендей, есіктің алдындағы жасыл ойпатта жігіттері қайырмалап тұрған тарту жылқыларды иегімен нұсқап, езу тартқан. – Төренің отыз бірдей меңсіз қараны таңдауында да мән жатқан болар, сірә?! – Оның қиялай қойған сауалының астарында: «Бұл да тартудың ішінде бар мал ма еді?» дейтін пендеге ғана тән мәселенің мәнін түсінсем дейтін қызығушылық жатыр еді. – Отыз меңсіз қараны таңдағанда төреміз «ткен күндердің қаралы ізі көп болғанмен, көңілім ақ» дегені болар. Сол алдағы қылаусыз тірліктің басы болсын деп қосқан болар қылаң түсті арғымақты. Қусаңыз жетсін, қашсаңыз құтылсын деп, жылқы қосынының көркі болған құла сәйгүлік төренің өзіңізге деген арнайы, ала-бөтен сыйы еді, уаң мырзам, – деп, Қасқақ отыз бірінші тұлпардың мән-жайын түсіндіре кетті. Қасқақ арғы-бергіден тартып, елдестірер елші сөзін біраз айтып барып тоқтаған кезде есіктің алдындағы тай қазандағы еттің көбігін бір әйел келіп ала бастаған. Ошақ маңынан сыбағаны ерте дәметіп, қазанның қасынан шықпай жүрген бір сары төбетті еттің көбігін алып жатқан әйел ожауымен қақ маңдайдан: «Қар!» деп бір ұрғанда бағанадан үнсіз отырған Жұманай: – Қап, итті соққан ожауды қазанға қайта малды, енді ерніме ұшық шығатын болды-ау, – деп күңк ете қалған. Күңк ете қалғанымен оның сөзін Ошыржап естіп қалса керек, қара торы өңіне қаны теуіп, қызыл күреңденді. Қасқақ та ернін тістеп қалған. Қасқақ пен оның серіктері еріндерін тістемек түгілі, шайнап тастаса да, Жұмекеңнің айтылар сөзі айтылып кеткен. Оны қайтарып алу мүмкін емес. Аңдамай сөйлеуімен-ақ ауыртпай өлтіретін өз ағайынына батыр іштей түйілгенімен, айтары болмай жұрт көзінше мысы басылып, түйіліп отырып қалған. Жұмекең болса, «Әй, осы мен тағы бүлдіріп алдым-ау» дегендей жалтақтап, жан-жағына қарады. Нұрәлі де оның санын аямай шымшып алған. Ошыржап отырған даяршы жігіттеріне өз тілінде зілмен сөйлеп, әлде бір тапсырма берді де, Қасқақтың бетіне қарап, тілмашсыз-ақ қазақша сөйлей жөнелген. – Ақсақалға ренжи көрмеңіз, батыр. Киіз туырлықты, ағаш керегелі сыртқы тіршілігіміз ұқсас болғанмен, салты басқа, санасы басқа, діні басқа, тілі басқа ішкі тіршілігімізде бір-бірімізге оғаш көрінер жайларымыз бола береді. Сыйлы кісі қабылдап, сырдаңсып отырғанда абыройымды

саппастарымның айрандай төккенін мойындайын, – деп ол суық жымиды. – Алайда, иттігін қоймас итке ренжисің бе, әлде ит әдетін тастамас қатынға ренжисің бе? Адал асым арамданды, ол иттерге бұйырсын, сіздер үшін қайтадан басқа мал сояды! Олар сол күні қайтара сойылып, қазақша асылған тайдың етін жеп, ұзақ әңгіме-дүкен құрса да, осы бір елеусіз ғана оқиға көңілге түйткіл салғандай еді. Бірі аңдамас серігіне іштей ренжісе, бірі сарамас даяшы әйелді іштей қыжыртқан. Қасқақ та Ошыржаптың тайқазан етті төңкертіп тастатып, қайтадан тай сойдырған ірілігіне сүйсінгенімен, оған уәж ғып бір сөз айта алмаған. Ештеңе болмағандай сыңай танытқан болды. Дегенмен де көкжал жуанның бір шешімінен қайтпасын іштей танып, біліп қалғандай. ІІ Қонақтарға арнайы тігілген кең сарайдай үйдің ішін Ошыржап безендіртіп-ақ тастаған екен. Қазақтардай құс жастық жасау үрдісі болмаса да ішіне қойдың жүнін толтырған, иленген қой терісінен жасалған ұзынша жастыққа ұқсас бұйымдары мен қозы жүнінен басылған ақ киіз жамылғы, төсеніштеріне дейін меймандарына көрсетілген ең үлкен құрметтерін білдіріп тұрған еді. Қонақтарға қажет бола ма дегендей Қалатай бастаған даяршы жігіттер салқын ет, суық қымыздарын тасып жортып жүрді. Бір шара қымызды төсегінде отырып сіміріп алған Жұманай: – Жоға деймін-ау, мыналар сабаларын тобылғы түтінімен ыстауды да білмейді екен-ау, өңез иісі шығады, – деп, тағы бір кепті бастаған. Қасқақ әбден амалы таусылғандай күрсінген. «Сен шалға дауа жоқ екен!» дегенін осы бір ауыр күрсінісімен-ақ білдірген. Жұмекең онымен тұрмай қымыз әкелген шараларын жинап жүрген Қалатайға қарап тағы тіл қатты: – Әй, Қалақай қарақ, кәрі кісінің қуығының бос екенін білесің ғой. Түнде дүзге шыққанда иттерің жарып тастап жүрмесін. Қабағандарын байлатып таста! – Мен осында боламын ғой, ұйықтамаймын, – деп, ол шыға жөнелген. Сол кезде Бөкей мен Сайынның парықсыз кәрі жезделерінің сөзіне қыстыға күлгендері естілді. Нұрәлі басын көтерді: – Жұмеке, алпыстан асқанша ақыл тоқтатпаған не қылған жансыз, түге?! Жат ел, жат жерде жүргеніңізді бір уақыт еске алсаңыз болмас па! Ауыз – қақпа, сөз – самал деп көйіте бермей, тыныш жүріңіз. Әйтпесе таң атқанын тостырмай елге аттандырамын. Батыр, – деген ол Қасқаққа бұрылып, – осы кәрі қыртты бекер-ақ ерткен екенсіз. Бүгінгі масқара қылғаны да жетер. Қасына бір жігітті қосып беріп, бүгін түннен қалдырмай елге аттандырыңыз. – Жоға деймін-ау, биекесі-ау, мен сонша не айттым? – деді Жұманай. Бірақ өзі де аузын ашса бірдеңені бүлдіріп алатынын мойындағандай. Сөзі төменшік, үні бәсең. – Жоға деймін-ау, бұл тілі құрғырды кесіп тастаймын

ба, қайтемін енді? Апым-ай, енді үндемейін десем де сайтандарым түрткілеп, маза бермейді ғой. – Ертіп келген кісімізді екі күнге жеткізбей қайта қуалағанымыз да жараса қоймас. Сондықтан бұл кәрі шөңгенің аузын бағуды өзіңізге тапсырдым, Нұреке... Ал, Жұмеке, сіздің де орынсыз жерде шешенсіп, сөзге кіріскеніңізді естімейтін болайын, – деген Қасқақ. Осы бір кішкене ғана кикілжің болмаса, қонақтар жақсы ұйықтап, жайлы тұрған. Олар ертеңгі асқа тойып, сыртқа шыққан кезде иықтарына екі кісі мінгендей тұлғалы да тұрпатты қос азамат келіп, сәлем берген. – Ассалаумағалейкум, батыр, – деді екі жігіттің жиырманың жуан ортасын аралап кеткен егделеуі. – Ассалаумағалейкум,жақсы ағалар, – деді түбіт мұртты жасаңдауы. Екеуі де оң қолдарын кеуделеріне басып, тізе бүгіп, сәлем берген. – Өй, жоға деймін-ау, мына екеуі таза қазақша сөйлеп тұр ғой. Түртүстері де қазақтардан аумайды. – Жұманай іңірдегі ескерту есіне енді түскендей аузын басып, сырт айналды. – Жоға деймін-ау, қазақтан аумай тұрған жігіттерді қазақ демей, қалмақ дейміз бе енді!– Иә, екеуі де таза қазақ. Өз бауырластарыңыз. – Ошыржап әлі тізерлеп отырған екеуіне қарап тіл қатты. – Қане, ұлдарым, бауырларыңды сағынған боларсыңдар. Орындарыңнан тұрып, көрісе қойыңдар. Екі жігіт жағалай тұрған меймандармен алыстан сағындырып келген туысқандарын көргендей ерекше бір сезіммен келіп, төске төс тиістіріп көріскен. Жаңа ғана бір ауыз сөз айтамын деп, өз кінәсін мойындағандай сырт айналып кеткен Жұманай сөйлемесе, сауал қоймаса болмайтын мына оқиғаны көріп тұрып, қалай ғана шыдасын, көсе иегін шошаңдатып бірдеңе деуге оқтала беріп еді, Нұрәлі оны бүйірінен түртіп қалып, өзі сауал тастаған. – Уаң мырза, бұл жігіттерді танымадық қой. – Иә, бауырлары келіп жатқан кезде туғандарымен таныссын, табыссын деп екеуін арнайы шақыртып алдым. Ағайынды Байшуақ, Барат деген азаматтар болады. Сүйектері қазақ болғанымен, болмыстары қалмақ болып кеткен жігіттер. Исі қазақ демесеңдер бізбен бірге Еділ бойынан келген Тама дейтін жұрттың тумалары. – О, құдауәндә! Еділ бойы дегенің естуімше ит өлген жер, тіпті мына біздің Нұрзайсанның арғы жағасынан да алыс жер болса керек қой. Жоға деймін-ау, сонда бұл екеуі не ғып саған бала болып, ілесіп жүр? – Аузына құлып салып қойса да шыдамайтын Жұмекеңнің бұл сөзіне енді Ошыржап езу тартқан. – Қадірлі Жұмеке, Нұрзайсанның арғы жағасы әрі кетсе үш-төрт-ақ көштік жол. Ал Еділіңіз бес-алты ай суыт көшсеңіз де әрең жеткізер қиян екенін бастан өткердік қой. Жә, құрметті меймандар, бес-алты күн асықпай жатып, дем аласыздар. Аңға шығып, сейіл құрайық. Құралайды көзден атар садақшыларымыздың

өнерін тамашалаңыздар. Сонда бұл екі жігітпен де емін-еркін тілдесіп, сөйлесерсіздер. Бұлар да өз тілдерінде сырларын айтып, шерлерін тарқатсын, – деп ол қонақтарына өз байламын жеткізген. Қасқақ та уақыттарының тығыздығын айтып, әрі жолдарын төрелерінің асыға тосып отырғанын сылтауратып, екі күн елді аралап, сейіл құруға, Алла бұйыртса, үшінші күні жолға шығуға зор мәртебелі уаңның рұқсат беруін өтінген. Екі жақ та осы сөзге тоқтап, мәмлеге келген. *** Ертеңіне-ақ Ошыржап қонақтарын аңға алып шығып, елін-жерін көрсетуге бейіл білдірген. Қонақтардың барлығы да, әсіресе, Бөкей бастаған жастар жағы ет жеп, қымыз ішіп жата бергеннен де саятшылық жасап, сейілдеуге қуана келіскен. Қазағы бар, қалмағы бар топ жиырма-отыз кісі болып, күнгей Барқытбелдің қолат-қойнауында отырған қалың қалмақ ауылдарын көктей өтіп, Сауырдың елсіз сыртын бетке алған. Екі күнгі саятшылықта көп қызыққа кенелді. Биікке бұрынырақ шығып орналасып алған садақшы мергендер дауылпазға ұқсас керген көнді ұрғылап, дабыл қағар қағушылардан үркіп, қашқан үйір-үйір арқар-елік, бұғылардың біразын жусатып салған. Жартастың үңгірлерінде отырысып, құйқалақ жесіп, бір жырғап қалған. Ошыржап қонақтарын әбден риза ғыр аттандырғысы келсе керек, қоналқыға қалың қарағайлы сай ішіне, күркіреп аққан өзен бойына екі-үш киіз үй тіктіріп, даяшы-даяршы жігіттерін сайлап, қазан-ошағына дейін алдын ала жеткіздіріп қойыпты. Кешкілік, әбден қас қарайған тұста қоналқы үйлерге жеткен кезде әбден ат соғып шаршаған, оның үстіне тау ішінің салқыны мен өзен суының суық лебі денелерін тоңазытқан қонақтар ортадағы ошаққа лау ғып жағылған қу қарағай отының қызуына балқығандай бір-бір тері жастықты жастанып, жантая-жантая кетіскен. – Оу, осы мен білсем, қалмақтадың отқа төстік қақтап жатқаннан сау ма? – деді Бөкей бірінші болып тіл қатқан. – Менің де мұрнымды жарып барады отқа қақталған еттің иісі, – деді жастардың бірі. Сол кезде жұрттың соңы болып үйге кірген Сайын төре: – Ағайындар, бұл қалмақтар біз жеп көрмеген бір астың түрін даярлап жатқан сияқты. Төменіректегі бір ықтасынға лапылдатып от жағып жатқан соң, көре кетейінші деп соқсам, екі-үш жігіт арқардың тоқтысының етін жаймалап бұзып, таудың у сарымсағын жағып, тұз сеуіп жатыр екен. Үлкен қой тастың үстіне үйіп, от қойған қу қарағай қып-қызыл шоққа айналып қалыпты. Екі білегін түрініп алып, кірісіп жүрген Қалатайдан «Бұларың не нәрсе?» десем, ол: «О, төре, бұл – біздің аңға шыққанда жейтін сүйікті асымыз. Қазір көресіздер» дейді. Не болса да көрейін деп біраз қарап тұрдым. «Көрмеген жердің ой-шұқыры көп», көрмеген елдің салт-санасы көп деген

ғой. Қой тастың үстіндегі күлді ағаштың жапырақты бұтағымен сыпырып тастады да ұшаның төрт балағына шәугімдей-шәугімдей төрт тасты байлап, өз терісінен үлкен ғып жаймаланған еттің сүйектерін іш жағына қаратып, тасқа жаба салды. Оты болмаса да әбден қызған ыстық тас шыжылдап майы аққан ет әрі-беріде-ақ жиырылып, төрт балаққа байланған тастарды жоғары сүйрей бастады. Сүт пісірім өтер-өтпесте-ақ етті аударып, сыртын ішке қаратып қайтадан жапты. – Иә, онысын да көрейік, – деді Бөкей де. – Ошекең қонақтарын әбден риза ғып аттандырайын деген екен де. Жантайып жатқан бойлары бүгін аңшылық жайын, қалмақ садақшыларының мергендіктерін әңгіме қылған Қасқақ пен Нұркеңнің сөздеріне жастар жағы араласпаған. Ал Жұмекең қарт болса, теріс қарап жатқан күйі қорылға басып үлгіріпті. – Тұқымы қалмақтардың арасына тарап кете ме деп қорқып жүрген кәрі жездеміздің қаупі сеуілген-ау деймін. Ұйқыға шындап кірісіп кетіпті ғой, – деп Бөкей күлген. Сөйткенше даяшы жігіттер келіп, иленіп, пұшпақтары кесіліп, бұғы терісінен әзірленген дала дастарқанын жайып, қонақтарын тұрғызған. – Е, жаздың қысқа таңы атып қалды ма? – деп, екі көзі қып-қызыл болып Жұманай басын жастығынан жұлып алған. – Кеттік жезде, аңға таң алакеуімнен шығамыз дейді ғой қалмақтарың. – Бөкей қасындағы Сайынға қарап, көзін қысқан. – Апым-ау, Сауырдың бар аңын қырып тастайық демесе, кешегі жайратқандарымыз да жетер. Жоға, деймін-ау, о несі-ей, оразамызды аштырмай аттанайық дегендері. Мені жау қуып келе жатқан жоқ. Жатып, дем аламын. Жігіттер жезделерінің түн мен таңды айыра алмай шатасып отығанына мәз болып күлген. Қарыс жерде мына атаусыз балдыздарына күлкі бола беретін қартқа жаны ашыса керек Нұрәлі: – Жұмеке, оразаны айтасыз, әлі кешкі ас та ішілген жоқ. Тысқа шығып сергіңіз. Тамақтанып алып, бір-ақ демаламыз, – деді байсалды үн қатып. Сол кезде бір-екі өз нөкерлерін және Байшуақ пен Баратты ертіп, Ошыржап та кірген. Жұрт қолдарын шайып, дастарқан басына отырған соң ел иесі былай деген: – Ал құрметті қонақтарым, сәл тыныстап алсын деп, кешкі асты да кешеуілдетіп бергізіп отырмын. Түзде жүргенде түздің асын жесін деп, әдейі басқаша тағам әзірлеттім. «Ер азығы мен бөрі азығы жолда» деп өздеріңіз айтқандай, біз де саятшылыққа шыққанда ыдыс-аяқ, қазан-ошақтан басқа тұз ғана алып шығамыз. Осы жолы сіздер шөлдемесін деген оймен қымыз ғана алдырдым. Басқасы – осы таудың нәпақасы.

Қымыз сапырылып, жатағандау жонылған үлкен ағаш тостағандар бір-бір жағалаған соң тері дастарқанның үстіне бірнеше түйетабан жапырағы сүртіліп жайылды. – Ошеке-ау, «түздің асы» деп, қой екеш қой да жемейтін түйетабан жегізейін деген ойыңыз бар ма, немене? – Сырттан кірген бойда төрде отырған Қасқақ пен Нұрәліге қатарласа малдас құрған Жұманай басқа жұрттың кісілерімен сыпайы сөйлесу дейтін рәсімді белден бір-ақ басқан. Қасқақ та күліп, басын шайқаған да қойған. Жігіттер жағы жымыңдаумен шектелді. – Жұмеке, бұл жапырақтар – дала дастарқаны болады, – деді Ошырдап сыпайы ғана. Сөйткенше отқа піскен жас еттің хош иісін аңқытып, екі жігіт жаңағы Бөкей айтқан арқардың ұшасын екі бүктелген қалпы көтеріп келіп, жапырақтардың үстіне жайды. Тас қызуымен қызыл күреңденіп піскен ұшаның жік-жігімен бөлінген жіліктері де көрініп жатыр. – Мынау бір жақсы әдіс екен-ау, – деді Сайын шын риза болып. – Аңның ұшасын осылайша қыздырылған тасқа қақтап жейтін бір дәстүріміз бар. Мұны да көрсін дегеніміз ғой, – деп, уаң жігіттерге иек қағып еді Қалатай қайқы сапысын алып, етті жілік-жілігімен бөлді. Сөйтті де ол қожайынына қарап: «Қазақша үлестірейін бе?» деген. – Сен біздің ішіміщдегі қазағуар жігітсің ғой, бөле ғой, – деген уаң. Қалатай бір жамбасты «бас қонақ» деп, Қасқақтың, біреуін «ел ағасыә деп уаңның алдына қойды. «Биеке, үлкен-кішінің ортасында болыңыз» деп ортан жілікті Нұрәліге ұсынды. – Бұл замандастарым мен ағаларыма жезде, былайша айтқанда, күйеу болсаңыз бізге де күйеу боласыз, – деп бір асықты жілік пен төстің басын Жұманайға ұсынды. – Әй, мына Қалақайың, апым-ау, жөн білетін жігіт болды, – деді бір сөзге түсінік бермей қалт жібермейтін, бір іс-әрекетке өз пейілін білдірмей отыра алмайтын кәрі жезде. Қалатай әр мүшеге сөз тауып, жұрттың бәріне үлестіріп, Байшуақ пен Баратқа: «Қайда жүрсеңдер де кәртейгенше осы адалдықтарыңнан танбаңдар» деп екі кәрі жілікті ұсынды. Жұрт тасқа қақталған етті мүжіп отырған тұста Жұмекең бір қозғалақтап алып, тағы бір қиянға тартқан. – Ошеке, осы сендер, суырдың етін тасқа қақтап жейді деуші еді, сол рас болды-ау өзі. Уаң бұл жолы суық жымиған. Қасқақ пен Нұрәлі «Мына қу шал бізге көресімізді көрсетті-ау» дегендей оған алая бір қарап, іштен тынған. – Ол ата-бабадан қалған әдет қой. Рас айтасыз, ондайымыз да болады. Жұмеке, бұл суырдың еті емес, қорықпай ала беріңіз. Бұл – тоқты-арқардың еті, – деп, қымызға қол созды. – Жеңсік, түз тағамы дегеніміз ғой. Шамасы, жігіттер еліктің етінен қара қуырдақ та даярласа керек.

– Ренжімеңіз, Ошеке! – деді Нұрәлі сөздің тігісін жатқызбақ болып. – Біздің Жұмекеңді ауылымыздың үлкен-кішісі «кәрі жезде» деп, еркелетіп, еркін сөйлеуге үйретіп алған. Әйтпесе жүрегінің зілі, сөзінің мірі жоқ жан. Айтқанадайын, біздің де ата-бабаларымыз бен әкелерімізде де ұсақ аңның, марқа қозы-лақтың етін осылайша тасқа қақтайтын тәсіл болған екен. Көп қолдана бермеген соң ұмытыла бастаса керек. Кешкі асты ішіп болып, қонақтар төсектеріне жатқалы ыңғайланған тұста Қасқақ батыр Жұманайға қарап, зілдене сөйлеген: – Жұмеке, ата сақал аузыңызға түскенше сізге ақыл кірмейді-ау! «Аңдамай сөйлеген акырмай өледі» деген. Бөтен ел, бөгде жерде жүргеніңізді, албасты басқандай, ұмыта бересіз. Бір елдің екі тізгін, бір шылбырын ұстаған жарты патша болып отырған кісіге «сен-сен» деп сөйлегенмен қоймай, ойыңызға келген қойыртпағыңызды құса саласыз. Ел шетіне тұяқ іліктірейік осыдан, жазаңызды Қамбар төре емес, өзім берермін. «Сүйегім қалмақ жерінде қалып, жемтігімді ит-құс жемесін демесеңіз, ендігәрі «Бір елі ауызға – екі елі қақпақ!» – Апым-ау, енді... – Жабыңыз иесіз қалған аузыңызды... Батырдың шын ашуланғаны соңғы зекуінен-ақ анық байқалған еді. Жұрттың бәрі де үнсіз қалды. Сапарластары ұйқыға кеткен кезде де Жұманайдың көзі ілінбеген. «Жөндем жүріп, жөнімен сөйлей алмайтын басым екі жастың біріне келгенде осындай сөз еститіндей, үлкен-кішіге күлкі болатындай бұл Жаратушыға неден жаздым екен? Неге ғана сұрандым осы сапарға!» деген ой маза бермеген. Қарт ертеңгі әкелінген қара қуырдаққа да көп қол созбай үнсіз отырды. Жігіттердің әзіл-қалжыңдары да, қысыр әңгімелері де сап тиылған. Уаң қазақтардың өз жезделерін талқыға салғанын Жұмекеңнің жүдеулеу жүзіне, қызараңқы көз жиектеріне қарап-ақ бағамдап, бүгінгі бағытбағдарды, біраз аң қаққан соң түс ауа ауылға бет бұратын ойы барын ортаға салған. Оған ешкім қарсылық білдірген жоқ. – Садақшыларыңыз әскере мерген екен. Әй, босқа атылған бір жебені көрмедік-ау деймін. – Үй ішіндегі көңілсіз күйді сейілту үшін Қасқақ батыр сөз ауанын әдейі басқа арнаға бұрған. – Е, олар не көрмеген жігіттер дейсіз. Осылардың қай-қайсысы болсын садақшылыққа бірдей «Сен тұр, мен атайындар», – деп, уаң да мақтағанға көтеріліп қалған. – Осылардың әр қайсысында-ақ бір-бір пілте мылтық пен бір-бір садақтары жебелерімен даяр тұрады. Тек таудың ішін күңірентіп, мылтық атып, аң-құсты бездіртпейміз. – Бұларыңыз жөн екен. Аң-құстың да киесі бар дегендеріңіз ғой, – деп, Нұрәлі әңгімені қысқа қайырған. «Мылтықты жаугершілікке сақтаймыз дейсіздер ғой» деген көмейіне келіп қалған сөзді сыртқа шығарған жоқ.

Қонақтар ырза болғанмен, бұл саятшылық Жұманайға еш ұнай қоймаған. Жанында жүріп, екі елі аузына төрт елі қақпақ қоюдан танбаған Нұрәлінің көзі тайып кетсе болды, кез-келген қалмаққа: «Бұл аңшылық емес, қырғын ғой. Хайуан екеш, хайуанға обал емес пе? Шіркін, құс салып, тазы жүгірткен қазақы саятшылыққа не жетсін» дейтін. Өзгені қойып, өз ортасында да мылжыңдығымен қадірін кетіріңкіреп алған қарттың бұл назына қонақтарды қапысыз күтіп жүрмін деген Ошыржаптың өзі де мән бермеген. Қасқақ батыр саятшылықтың қызығына қанша берілгенмен екі күннен бері жанынан табылып, өзін көбірек жағалап жүрген Байшуақтан там-тұмдап ести жүріп, інісі екеуінің тағдырына біраз қаныққан. Осынау балуан тұлғалы кесек пішілген жігіттің сыртқы пошымына да аз ғұмырында біраз көресіні көріп, шар болаттай пісіп-шыңдалған ой орамына да әбден көңілі толған болатын. Оның осыдан бір-екі ай бұрын түнделетіп, төреге жолығып қайтқанын, Қамбардың мұң-мұқтажын жақсылап тыңдап, мол үміт арқалатып шығарып салғанын естігенде өздерінің осы сапарларының бір сыры екі азаматтың тағдырына араша түсуде екенін пайымдаған. Ел сөзінің көп жайын өзімен ақылдасып, кеңесіп отыратын төренің бұл жайды өзінен де мүлде құпия ұстағанына ғана таңданған. Таңданғанмен қос бірдей азамат тағдырын қапысыз шешу үшін жасаған шарасының бірі болар деп түйген. Осынау бір түйіні қиын, түйткілі мол іс жайын Ошыржапқа әңгімелемеуді өз жігіттеріне мұқият тапсырған. Оның түйінін шешу тек қана төре мен уаңның өздерінің ғана істері екенін ескерткен. Әсіресе, бір сөзді құлағы шалса, құлғанадай қуалап, соңына шам алып түсер Жұманайға қатты ескерткен. «Байшуақ пен Барат туралы уаңнан бір сөз сұрасаң менен жақсылық көрмейсің. Төрені қойып, менің маңымнан жүре алмайтын боласың», деп шегелеген. Саятшылықты түс ауа тәмамдап, қалмақтар атқан аңдарының терісін түсіруге кіріскен кезде Қасқақ пен Байшуақ тағы да оңаша қалып, хикаяға бергісіз өмір өткелдері туралы әңгімесін жалғастырған. – Батыр, кешелі бері сізге айтылған жайларды төре де түгел біледі. Уақыт тығыз болып, туған елден күн шығыстағы Барқытбелге қалай жеткеніміз туралы айтып үлгермеп едім. Дәм тартып, Алла жазса, ол кісіге де айта жатармын, – деген Байшуақ.

Көшіп жатыр ауылым, қонып жатыр
Қай дегені пенденің болып жатыр
Ер жігіт туған жерден шалғай ктесе
Кеудесінде көп арман толып жатыр.

Халық өлеңі

ҚЫРҒЫНДЫ САПАР І Ағайынды екі жігіттің торғауыттарға пенде болғалы бергі екі-үш айдың мәулетінде тындырымды еңбектерінен басқа бөтен мінезін байқамаған уаң бір күні ағайынды жігіттерді алдына шақыртқан. – Құныкерлерін іздестірген Табынның жігіттері тыным табар емес. Тұрсынбай деген сендерге іздеу салушы кісінің жансыздары іздеріңді кесіп үлгеріпті. Маған кеше Тұрсынбайдың арнаулы жаушылары келіп кетті. «Ошыржап уаң жалғызымды жайратқан құныкерлерімді қайтарсын.

Қайтармаса, жалғыз Табын емес, Еділ, Жайық, Сырдың бойында жатқан барша қазақты көтеріп, күні кеше Жоңғардан ауып келген торғауыттың тозтозын шығарамын. Майдандасып, қанға бөктіремін», деп күш көрсетіпті. Мен: «Қазақтар үйге кірген жыланның басына да ақ құйып шығарып жатушы еді. Пана сұрап келген қос жетімек жылан құрлы тіршілік иесі емес пе екен? Маған қылдай қиянаты жоқ жігіттерді қолымнан байлап-матап беріп, іргемнің бүтіндігін күйттейтін кісің мен емес. Қалмақтың қырмаған, қырылмаған кезі жоқ. Әрі кетсе, соның бірі болар, Тұрсынбай қолынан екеу келсе, бірін істесін!» деп қайтардым кісілерін. – Ошыржап әлденені айта алмай отырғандай сыңай танытып, екеуінің бетіне зерделей қарап, сәл отырып барып, әңгімесін әрі қарай сабақтады. – Әңгіменің ашығын айтсам, о баста екеуің туралы орманға қарап ұлуын қоймайтын қасқырдың бөлтірігін асырағандай күй кешкенім де рас. Бірақ тағдыр тауқыметі дегеннің адамның түріне, тегіне, ұлтына, ұлысына қарап түскенін көрген кім бар?! Қиындық қақпанына қарпылып, жәрдем сұраған тіршілік иесі жау емес, ол бар болғаны кісілік демеуді дәметуші ғана. Оның үстіне, мен сендердің осы күнге дейінгі адал қызметтеріңе ризамын... – Тақсыр, – деп Байшуақ уаңның сөзін бөлген. – Жақсылығыңыз Жаратушыдан қайтсын! Біз сізге екі дүниеде ризамыз! Алайда, жауымыз бізді індетіп келіп отырса, екеуіміз ел ішін ала тайдай бүлдіріп, шапқыншылықтың, майдангершіліктің басталуына себепші болғымыз келмейді. Не бізді соларға біржолата беріп-ақ құтылыңыз. Тұрсынбай қанымызға шөлдеп отырса бауыздап, мауқын бассын, болмаса тірідей үйтіп, кегін қайтарсын. Туғаннан маңдайымыз тайқы жаралса, шарамыз қайсы? ! Қызыл қолмен жасалған оғаш іс еді, қылша мойнымызбен көтеріп көрерміз. Не рұқсатыңызды беріңіз, «Құрттаған қой бір кескекті ала кетеді» дегендей кесірімізді тигізбей, қарамызды бұл маңнан батырып, көз көріп, құлақ естімеген жаққа кетелік. Уаң жас жігіттің сөзін бөлгеніне ренжіген жоқ. Жаны күйзеліп отырған бозбаланың қазіргі күйін жан-тәнімен түсінгендей. – Жауларыңа екеуіңді матап беріп, жақсы атты бола алман. Екі жастың біріне келгенде ондай оспадардыққа барсам, өле-өлгенше өз-өзімді кешіре алмаспын. Ал сұрап отырғандарың еркіндік болса, сендер жаугершілікте қолға түсірген пендем емессіңдер. Сондықтан азат боп келген бастарың қазір де азат. Оны өз таңдауларыңа қалдырдым. Сендерді шақыртып, өздеріңмен ақылдасқанда Табынның тегеурінінен қорыққанымнан қылған амалым емес еді. Осыны ұқсаңдар болғаны. Мәселенің мәні мүлде басқада... Жаратушым жолды оңғартса, Убашы хан мен Церен тайшы иелігіндегі қалмақтың біраз ұлысы екі-үш күннің мезетінде көштің басын ата-мекеніне, күн шығысқа бұрмақшы. Біздің торғауыт жұрты да осы шешімге тоқтап отыр. Егер бізге ілесеміз десеңдер, бірге аттаныңдар. Осы жаққа ауа көшіп келген көне жолымыз бәрі қалың қазақты қақ жарып өтер. Елдеріңнен шалғайлау шыққан

соң қалаған бір жерлеріңде қаларсыңдар. Сөзім – сөз, азат бастарыңды ноқталамаймын. Байшуақ та, Барат та түнімен ойланып, ертеңіне уаңға келіп, өздерінің осы жолды таңдайтындарын айтқан. Ошыржап уаң ойлап отырса, бұрынғысын айтпағанда, естіп-білген соңғы жүз жылдың беделінде алқын-жұлқын соғыстан, «Әне, жау кеп қалды, міне, жау кеп қалды» дейтін болмаса, «Ана жұртты шабамыз, мына жұртты жоямыз деп жайлауын жаулап, қыстауын қармап қаламыз» дейтін түтін үзбеген шапқыншылық атаулы қалмақ атаулыны, онымен бірге Ошыржаптың өзін де әбден қосүрей ғып қажытып болыпты. «Иттің аласы – бөрінің бағы» дегендей сыртқы орыс, башқұрт, ноғай, қазақтармен қалмақ жұрты қан-жоса алысып жүрсе де сәл тынши қалса, тайпа мен тайпа, ұлыс пен ұлыс өзара жауласамыз деп, сыртқы дұшпандарын қуандырған кездері де аз болмапты. «Шіркін-ай, – деп армандайтын ол, – «Сары бала, қара қазанның ғана қамын жеп», мамыражай күн кешіп жүрер күн туар ма екен!» Ойлап отырса, қалмақтар мен Ошыржап қана ерғашты болып шаршамапты. Бұлар уақыттың, тарихтың өзін шаршатып алғандай. Жаратушының өзі де бұл жұрттан әбден көңілі қалып, теріс қарап кеткендей... Әйтпесе жалпақ Жоңғар жерін баурына басып, тып-тыныш жатқан ел әлде қытай, әлде орыстың айтағына еріп, өздеріндей іргелі бір жұртқа соқтығар ма?! Жеңіп тасып көрді, жеңіліп жасып та көрді. «Сары ізіне шөп салып» аламыз деген ірге жауы, қазақтар, ақыры өздерінің тұқымдарын тұздай құртып, «Көзден ұйқы, қабақтан күлкі кетірді». Бүткіл қалмақ жұрты Айдың-Күннің аманында екіге жарылып, бір жартысы қотаннан қашқан бөрідей таңын алдыртып жүріп, өткен 17-ғасырдың екінші жартысында Еділ мен Жайыққа келіп қоныстанған.Торғауыттар Еділдің шығысындағы сол жағалауын, дүрбіт пен хошауыттар дарияның батысындағы оң жағалауын қоныстанып, бір бел жазғандай еді. Алымын төлеп, салымын беріп дегендей алып ел Ресей жұртының телімі болып, ерікті ел дегенмен, бодандық қамытын киген. Бәлкім, мұның өзі туып-өсіп, «Бел қызығын көріп, бөрі ойнақ салған» сол мекен енді үш-төрт ұрпақ алмасса ұйық жұрт – атамекен де болып кетер ме еді... Әттең... Сонау өткен, 17-ғасырдың екінші жартысында Дайчин мен Моншақ тайшылар алғаш рет Еділ қалмақтарының хандығын құрып, оның керегесін Аюке хан кеңейте түскен кезең де көршілерімен ала шапқын болып жүрсе де ел есін жинап, еңсе тіктеген заман екен ғой. Хошаут тайшылары Абылай мен Доғар сонау Жоңғардан қалың қолмен Еділ қалмақтарын шапқан жылдары да алыстан жеткен жауды жеңіп, халықты нығайта түскен екен. Зорго – құрамында сегізге дейін ноян-зоргуштары бар сот жүйесі қалыптасып, оны еке-ноян басқарған, олар шығарған үкімді ханның өзі бекітетін қатал тәртіп те сол бір тұстарда қалыптаса бастаған екен. з ноянын ұрыс даласына қалдырып кеткенде және дұшпан жақтан төнген қауіп-қатерді біле тұра

айтпаған айыпкерлерге өлім жазасын кесетін, әйелін өлтіргеннің бір құлағын кесетін, кісі өлтіргендер мен ұрлық жасағандарға құн төлеттіретін, сондай-ақ қорқақтық жасап, ұрыс даласынан қашқан сарбазға әйелдің жеңсіз қамзолын кигізіп, қорлайтын заңдар – сол зоргуштардың шешімімен жүзеге асып жатқан күндер ортақ тәртіпке бас иген кез екен ғой. Әттең... Әттең... «Қазанның қақпағы ашық болса, иттен ұят кетеді» дегендей, боданы болып, айтқанына көніп, сұрағанын беріп отырса да орыстың Петр біріншіден бастап, барлық патшасы өгей балаға қарағандай жат пиғылын әсте тоқтатқан емес. Қалмақтардың өздері хош көрген адамын бекітпей, өздеріне қолайлы деген адамдарын билікке ұсынды. Осы әрекеттің өзі-ақ екі тайпаның «Тұрысатын жеріңді айт!» десіп, жауласып кетуіне жеткілікті еді. Мысалы Аюке хан әйелі, Севан Рабданның немере қарындасы Дарма-Баладан туған ұлы Чандерчжабты мұрагер еткісі келсе, Петр бірінші Доржи Назарды құп көрді. Отызыншы жылдары Дондук-Омбо хан болғалы тұрған кезде Серен-Дондукты ресми хан етіп бекітті. Убашы ханның әкесі Дондук-Дачи өлгеннен кейін баласын бір жарым жылдан соң хан деп әрең бекітті. Содан кейін ғана әр ұлыстың біраз тайшы, ноян, уаңдары жиналып, Убашыны сойылған қара сиырдың жас терісінің үстіне тұрғызып қойып, ант бергізген. Алдымен өзі емес, ағайын-туыстары емес, жұртының – ЕділЖайық бойында жатқан қалың қалмақтың қамын жейтініне уәде алған. Ол аздай содан он шақты жыл бұрын патша жарлығымен дербет ұлысы Дон бойына көшірілген болатын. Дария бойын ен жайлап, еркін көшіп жүрген дербеттер қалмақ хандығына бағынуды да доғарған болатын. Олар шабындық жер үшін Дон казактарымен шабыса берген соң ешкімге бағынғысы келмейтін дербеттерді Еділ бойына қайта көшірді. Осының бәрі де қалмақ жұртының бөлшек-бөлшек болып, өзара қырқыса берулеріне жасалған жоспарлы жағдай болатын. Дербет нояны Галдан Серен Убашы ханды мойындағысы келмей қайтадан Дон жақты бетке алған. Билікке таласқан Убашының өз бауыры Кирип Икоцохур нояндары Асархо мен Маши ел-жұртымен Дондағы дербеттерге барып қосылды. Ханның жақын ағайыны Жандық біраз нояндармен ауыз жаласып, билеушіге бағынудан бас тартты. Осының бәрі де Ресейдің әдейі ұйымдастырған іріткісінің жемісі болатын. Ол аздай, әр ұлысты бір-бірімен араз екі таптан біріктіре құрып, өзара жауласудан қашқан-пысқандарды шоқындырып, ерекше «қамқорлыққа» алып, «оты мол, суы мол» жерге – Дон бойына, Сарытаудың солтүстік жағына қоныстандырды. Әттең... Әттең... осынау қысастығы аздай, қалмақ сарбаздарын орыстүрік соғысының қанды қасабына да зорлап салмақ болды. «Онсыз да шыққалы тұрған көз еді, дырау тиген соң не жорық» дегендей аты хан болғанымен, затында мән қалмаған Убашы мен Серен тайшы және бірнеше нояндар Ресейдің темір құрсауы қыса түскен сайын «Енді қайда барып жан сақтаймыз?» десіп, ой қамақта отырған кезде «қытайдың Цинь

империясы қазақ ханы Абылайдан жеңіліп, есін жия алмай отырған Жоңғар қалмақтарын қынадай қырып, қалғанын торғайдай тоздырып жіберіпті, сөйтіп борықты атамекен иесіз бос қалыпты» деген хабар жеткен соң бұларға да ой түскен. Он сегізінші ғасырдың басында-ақ Аюке ханға өкпелеп, бөліне көшкен ұлдарының бірі Санчжаб зайсангілерімен бірге он бес мың отбасын Жоңғарияға аз шығынмен жеткізген оқиғасы бұларға үлгі жол болып көрінген. Тайшы, ноян, зайсангілерді жинаған Убашы болашақ ұлы көш жайын ортаға салған. Қай кезде қалмақтың атқамінерлері «Е, жөн екен!» деп мәмлеге келген?! Бұл жолы да Икоцохурдың нояны Асархо, оның немере інісі Маши, хошут нояндары Теке, Шампинь-Эмши, тағы басқа ноянзайсангілер, «Қызыл иттерін қырын шаптырып», кері тартқан. Олар «Орыс елі «жұмсағын айрып, қаттысын қайырып» беріп отырған қалмақтарға: «Жолдарың болсын!» деп, қарап отырмас. Ізімізден қуалап, із-тозымызды құртар. Алдыңда жатқан жалпақ қазақ елі де ата жауын көрген соң аттандап атқа мінер. Тіпті олардың шөл далаларынан, асулы жондарынан, ұзын аққан өзендерінен қашқын көштің аман өтуінің өзі кәдік. «Қыста қала, жазда сая болар» панаң жоқ. «Қара суға қан құйып отырған алды-артыңдағы қалың жауға ақ найза, қайқы қылышың қашанға дейін төтеп бере алар? Ата жұртқа сүлдеңді сүйреп жетсең жақсы, ақсүйек болып, қарға-құзғынға жем болсаң ше? Жоқ, хан ием, бізді сөге көрме. Не болса да тағдыр-тәлейімізді осы жерден тосармыз» деп бірден ат-тондарын ала қашқан. Алайда Еділдің арғыбергі жағындағы ұлыс, аймақ, хотондарды, тіпті он шақты ғана отбасынан тұратын отоктарды аралаған ноян, уаңдардың насихаты елдің көпшілігін-ақ қопаңдатып қойған. Ошыржаптың өзі де ат ауыздығын алмай, біраз жерді аралаған. «Арты – зиян, алды қиян», қайда барып, кімге ілесерін білмеген жұрт әлі де мәре-сәре күйде отырған осынау сәтте көш жөнінен хабардар болған орыс билігі де қарекетсіз емес болатын. Қалмақ хандығына қызымет істеген болып, хабар-ошарды кешіктірмей өз басшылығына жіберіп отыратын капитан Дудин дегенді бар жасағымен тұтқындаған хан бүкіл сарбаздарын жинап, сөз толғаған. Ол: – Жұрытым, аталарымыз келіп, қолтығына кірген орыс жұрты жаттығын қылды. Осыдан үш-ақ жыл бұрын түріктермен соғыстыру үшін 20 мың сарбаз сұратқанын жақсы білесіңдер. Жоғарғы биліктен бұйрық түсті. Орыс әскерінің құрамына 10 мың сарбаз беруді және әр ұлыс нояндары мен зайсангілерінің 100 ұлын аманатқа беруді бұйырыпты. Сұрамайды, бұйырады. «Күштінің көті диірмен тартады» деген осы. Мұның бәрі де бізді тыпыр еткізбеудің амалы. Қалай, жұртым, сарбаз бен аманат беріп құтыламыз ба, әлде атысып-шабыссақ та бетімізді иен жатқан ата жұртқа бұрамыз ба? – деген. Осынау жоғарыдан түскен пәрменнен кейін бұрын көштен бас тартқан нояндардың да беті бері қараған еді. Убашы патша әскерінің, әсіресе, олардың «Шаш ал десе, бас алатын» жалаң қылыш, әпербақан казак жауынгерлерінің қалмақ көшін жіберіп

қойып, қарап қалмасын жақсы білді. Содан да ол сол күні-ақ Бамбар мен Шеаренч нояндарды он мың қолмен Орал казактарына аттандырған. Бір бүйірден келіп тимеу үшін казактардың барлық мініс аттарын, жалпы дөңгелек тұяқтарды қуалап келуді тапсырған. Екі ноян бұл тапсырманы ойдағыдай орындап қайтқан. Көш қақаған қыстың көзі қыраулы шақта 1771 жылдың қаңтарында асығыс қозғалды. Мұз қата қоймағандықтан, Еділдің оң жағында жатқан 50 мыңнан астам дүрбіт пен хошауыттар дариядан өте алмай жұрттарында қалып қойды да 180 мыңдай қалмақ ұбап-шұбап, Шығысты бетке алған. Құлында қолтау, құнанда тісеу дегендер мен алыс жолды көтере алмайды дегендердің қоңдыларын, қойлардың семіздерін алдын ала қызыл қырман ғып соя берген. Әр үй қазан-қазан ет асып, бір мелдектеген. Ұлы көштің хабарын естіп, тәуекелге бел буған ел ағаларының айтуымен алдын ала сойылған малдың етін түтін салып, тұздап, сорғытып алған. Майға қуырылған қуырдақты да қойдың қарнына салып жинап, жол азық жинаған. Қой-қолаң, сиыр-солаңды да алмай төрт түліктен суыт жүріс, сүреңді көшке төзімді деген жылқы малы мен түйені ғана таңдаған. Кигіз үйлерін де тігулі қалпы қалдырып, қос, итарқа сияқты жеңіл баспана алып, тіршілікке ең қажетті деген жеңіл-желпі заттар мен қап-қап азық-түлікті ғана түйелерге артқан. Сөйтіп, көш те, айдалатын мал да қиын кезең, қиян асуға, алыс жолға ылайық әзірленген. Байшуақтар келгеннен бері қалмақтардың семіз ісек қойларды, балықтай жұмыр құнажын, өгізшелерді қынадай қырып, күндіз-түні ыстап, ет қақтағандарына таңданатын. «Апыр-ау, бұл жазғандар бар малдарын қысқа дейінақ қырып тастамақ па, сонда?» дескен. Мұның бәрінің де ұлы көшке жасаған қапысыз даярлықтары екенін енді білген еді. Он-он бес күннен бері оттан-судан шектеп, жаратылған түйелер керуеніне артылған жүктің негізі де осы сүр ет пен сықпа құрт сияқты азықтүлік түрлері болатын. Мініс аттары да оқтаудай болып жаратылған, алыс жүріске шыдамды өңшең монғолы тұқым жатаған, жүріске шыдамды аттар болатын. Осылайша жұмылған жұмырықтай болып жолға түскен ұбақ-шұбақ көштің соңында иесіз үйлер, қайырусыз малдар қалды, болашақтарын екі-үш ұрпаққа мекен болған Еділ-Жайық бойына тапсырған көшке ілесе алмайтын кейбір ағайындары жылап-еңіреп, артта қалды, ал алдарында – тек үміт, сонан соң, нар тәуекелге иек артқан елес сияқты арман ғана болатын. Қос-қос жылқы, келе-келе түйелер мен ұбақ-шұбақ керуенді ортаға алған ер азаматтар мінген көп аттың тұяқтары бір-екі жауып қалған қарды сүрлеуге айналдырды. Мұндай сүргінді көрмеген әрі мекендерінен белгісіз бағытқа бет алған соң жылқылар шұрқырасып, түйелер боздады. Бірақ тұтас бір алып денедей

болып, сар даланың төсімен суыт жылжыған салқар көштің алды-арты бір күншілік жолды алды. Олар екі-үш күнде-ақ жер танабын өндіріп тастаған. Екінші күн дегенде қалмақ көші Байшуақтардың ауылының өкпе тұсына қоналқыға тоқтаған. Екі жігітінің көңіл ауандарын тамыршыдай тап басып, біліп келе жатқан Ошыржап мырза оларды шақыртып, тағы да өзі әңгіме бастаған. – Байшуақ, Барат, ертеңіміз белгісіз, болашағымыз бұлыңғыр болса да ата мекенге қарай көш түзеп едік, тағдырларыңды тағы да маған тапсырдыңдар. Сенгендерің шығар, оған алғыстан басқа айтарым жоқ. Кір жуып, кіндік кескен жерлерің, қалың елдерің қалып барады соңдарыңда. Жер мен ел ғана емес, бір бастарыңның амандығы үшін өздеріңнен тірідей айрылған аналарың, тірліктің ыстық-суығын бірге татысқан қара ормандай қалың ағайын, туысқан-туғандарың да қалып барады. Жүректеріңнің егіліп, қабырғаларыңның сөгіліп жүргенін де сеземін. Сезген соң да өздеріңе ақыл салып отырмын. Аналарыңмен, ағайындарыңмен қалай қоштасасыңдар? – Ол екі жігітке тіктеп қараған. «Бұл шіркіндердің не білген ойлары бар?» дейтін таңданысынан гөрі «Шынымен-ақ шешелерімен хайыр-қош айтыспай-ақ кете бермек пе?» дейтін сыншыл сауал басымдау еді бұл қараста. – Тақсыр, – деген Байшуақ та уаңның бетіне тіктеп қарап. – Жанымыздың ең бір жарадар тұсын дөп басып отырсыз. Бүгін қалайда дәргейіңізге бас ұрып, түнделетіп елге барып, анамызбен қоштасып шығуға өзіңізден рұқсат сұрағымыз келген... Кебенек киіп бара жатырмыз десек те есен-сау елге орала аламыз ба, оралған күнде де жарынан жастай өлідей айрылғаны аздай, қос ұлынан тірідей айырлып отырған шешеміз шіркін... өлі бола ма, тірі бола ма?! Бір Аллаға ғана аян іс. Сырт көзге қайыңның безіндей қатты көрінер жігіттің жанары тұманданып, иығы дірілдеген. Қайта інісі «Неге болса да көндім, не болса да көрдім!» дегендей төмен қараған қалпы жан-дүниесінің толқындарын ішінде тұншықтырып, қоладан құйғандай мызғымай отыр. – Рұқсат, айналайындар, рұқсат, – деді уаң. – Бірақ екеуіңді ғана жібере алмаймын. Сендерге сенбегендіктен емес, өзгелерге, өздеріңе өшігіп жүргендерге сенбегендіктен. Тұрсынбай біздің қопарыла көшкенімізден, сендердің де бізбен бірге аттанғандарыңнан хабарсыз отырмаған болар. Және сендердің дәл бүгін елдеріңе соқпай өте алмайтындарыңды да жұптап отырғанына кәмілмін. Сондықтан екеуіңді ғана аттандыру аранның аузына апарып салып беру болмақ... Жігіттеріме тапсырма берілді. Елдеріңе апарып, алып қайтатын жорық жүздігі даяр тұр. Ошыржап әлде бір қиын түйінді шеше алмағандай түйіліп аз-кем отырды да әңгімесін жалғастырды. – Ұлдарым, екеуіңе айтар бір өтінішім бар, айтсам қабыл аласыңдар ма? – Айтыңыз, қолымыздан келер іс болса, аянып қалмаспыз, – деген Байшуақ.

– Айтыңыз, – деп, Барат қысқа қайырды. – «Мал – бір жұттық» дейді ғой сендердің жұрттарың. Рас айтады. Сол сияқты, «Байлық та қолдың кіріндей». Әйтеуір күн көріс көзі деп, төрт түлікпен өрісімізді толықтырдық. Енді ғой сол жинаған көздің құрты көз алдымызда жұртта қалып, ит-құсқа жем болғалы тұр. Сонау жер түбінде жатқан Жоңғар жотасына «өк, қарасан» деп сиыр айдап, «әйт-шәйт» деп қой қуалап жете алардай келісті бейбіт көш емес. Жолға ұзын аяқ түйелер мен жүрісті жылқы айдасақ та жетер. Дарияның арғы бетіндегі ағайынға жеткізіп беруге мұз да қатпай тұр. Ал мұнда қалатын кембағыл ағайынға берілген үлес артығымен жетіп артылады... – Ошекең сәл тыныстап алып, « өтінішіне» көшті. – Біраз малды әдейі айдатып келе жатыр едім. Бірер қора қой, біраз сиыр баласы және алыс жолға жарамас дейтін буаз бие, жабағы, тай дегендейін... Жалғыз шешелеріңе енді мал қажет болмас. Сендердей ұл өсірген еліңе тартуым. Азаматтар ауылыңа айдап, апарып берер. Еткен еңбектеріңнің, етер қолғабыстарыңның өтеуі деп емес, алғаусыз ақ ниетімнің жоралғысы деп қабылдаңдар. – Апыр-ай, бұл өзі қызық болды-ау! – Байшуақ өз қарсылығын ия құп алғанын нақтылай алмай осы бір ауыз сөзбен шектелген. Қарсы дау айтқанмен, одан ештеңе шықпасын да біліп отыр. Барат ағасы тұрғанда пікір білдіруді артық көріп, үнсіз отыра берген. Мынандай қамқорлықты естіген соң, әрі бұлардың перзенттік парыздарын өтеп қайтуларының бар қамын ойластырып, жол-жоралғысын жұптап қойған Ошыржаптың кісілік әрекетін білген кезде Байшуақтың жанарында іркіліп тұрған жас тамшысы күнқақты жүзінен домалап кеткен. *** – Бұл қайсысың? – Байшуақ киіз есікті ысырып, үйге кіре бергендегі естігендері – өздері әбден сағынған аналарының үні еді. – Біз ғой, апа! – деген екі ұл да қоса үн қатып. – Құлындарым-ау, сол! О, құдай, сендерді де көретін күн болады екен-ау! – деп аналары төсегінен домалай түсіп келіп, қос бірдей ұлын құшақтай жығылған. Қоламтаға көмген жас қи шоқтанып жатыр екен, оны тұтатып, Барат от жаққанша, одан май шамды тұтатып, қап-қараңғы үй ішіне жарық түсіргенше шешелері сорлы көз жасына ие бола алмаған. Екі бірдей ұлының түн қатып, түсі қашып келсе де есен-сау оралғандарына әлі сенбей отырғандай. – Апа, біз кетерде мықты едіңіз ғой, көзіңізге бір тамшы жас алмай шығарып салғаныңызды дәтке қуат етуші едік, мықтылығыңызды Барат екеуіміз мақтан етуші едік. Сол ер мінезіңіз қайда? – деп, Байшуақ шешесіне базына айтты. «Әлі де сағынар күнің алда, әлі де беки түс» деген ойдың да ұшығын сездірмек еді. Бірақ «Қайыңның безіндей қатты боларсың-ау» деп

ойлайтын інісі Бараттың анасының төсін иіскеп тұрып өңкілдеп жылағанын көрген Байшуақ та көз жасына ие бола алмаған. – Ал апа, өз халіңіз қалай? Соны айтыңызшы. Тұрсынбайлардың райларынан қайтар түрлері байқалмай ма? – Барат та көкейіне қонақтаған көп сауалдың жауабын естиін дегендей солықтарын басып, көз жастарын тыйған соң әңгімелерін сұрақпен бастаған. – Құлындарым-ау, менің халімді сұрап нетерсіңдер! Мойныма бұршақ салып тілерім екеуіңнің амандықтарың ғана ғой. Елден айналайын, жалғыз тастамайды. Келін-кепшік айналамда. – Ол оң жақтағы төсекті иегімен нұсқады. Сонда ғана түнгі жүргіншілер өздерінен басқа төртінші біреудің төсекте жатқанын білген. – Би аталарыңның немересі Тасқын ғой. Сендер кеткелі жанымда. «Ес болады, қолғанат болады, тілеуқор болады» деп берген. Ағайынға рахмет! Сендер оралғанша шаңырағымды қисайтпас. Тұрсынбайды сұрап қайтесіңдер?!Ол сорлыны да кім сөккендей. Қу жалғыздан айрылған қай бір оңай соғар. Сендер кеткен соң алдына арнайы барып қайтқам. «Егер менің баламның қанына сусап отырсаң, менің-ақ қанымды ұртта. Баласы өлгеннің қандай боларын көрдің. Жазымнан болған қаза үшін енді мені жылатпа. Біреуін емес, екеуін де құлақ кесті құлың ғып берейін. Сабырға кел! – деп едім, аяғына отырғызбады. Алланың жазуы, бізге салған салмағы болар. Не болса да ақырын күтеміз де... Ал өздерің қайда жүрсіңдер? Алыстасыңдар ма, жақындасыңдар ма? – Алыста едік, апа. Енді тіпті алысқа бет алып барамыз. Тұрсынбайдың беті қайтқанша не өзі қайтқанша, біз де қайта алмаймыз, – деп, Байшуақ өздерінің кешегі ата жаулары қалмақ уаңының қанатының астына қалай паналағандарын, енді үдере көшкен елмен бірге кетіп бара жатқандарын – бәрін де қысқа қайырып, айтып шықты. Қалмақ уаңының біраз мал беріп жібергенін естігенде шешелері: – Әкелерің Айшуақ, аналың мына мен – Бәтес отау тігіп, от жаққаннан бері көлденең жатқан көсеуді пайда көрмеген жан едік. Оның үстіне, «Бүлінгеннен бүлдіргі алма» демеп пе еді бұрынғылар. Маған енді кәрі қойдың жасындай жасым қалғанда малды қайтемін. Өздеріңнің қара жандарың аман болса, мен үшін қалың байлық сол болар, – деп, аналары біраз үнсіз отырып қалды. – Осыдан шығысымен Саян аталарыңа барып, батасын алып аттаныңдар. Айдап әкелген малдарың тураы сол кісіге айтыңдар. Би аталарың қалай десе, солай болады. Байшуақ анасының жүзіне жаңа ғана зер салған. «Адам шіркінді аздыратын да, тоздыратын да уайым екен-ау» деп ойлады ол. Жарынан жастай айрылып, жесірлік тауқыметін тартса да ауыр қайғының зіл-батпан салмағын бірер жылда-ақ серпіп тастап, қайтадан қатарға қосылғанын да «әмеңгеріңмін» деп, сөз салған қайнаға, қайындарын да жолатпай: «Екі ұлы тұрғанда Айшуақтың түтінін өшіріп, шаңырағын қисайта алмаймын» деген

бекем шешімге бекінгенін, әсіресе, Байшуақ жақсы біледі. Қырықтың қырқасына шықса да өңін бермей, таза киініп, жайраңдап жүретін. Енді қарап отырса, жүзіндегі жайраңы кетіп, қайғының қайраны қалғандай. Аялы жанарының айналасын аз уақытта әжім торлап, шашы қылаң тартыпты. Осыны көріп отырған екі ұлдың да ет-жүректері езіліп отырған. – Тағы да рұқсатыңды, батаңды сұрай келдік, апа! – Екі бірдей ұлдың бастарына түскен қуғынды тіршілікті өздерінен кем түсінбеген есті ана екеуін қолынан тағы бір тамақтандырып, батасын берген. Тағы да өзінің өрлігін қайта тауып, босамаған. Тек жүрер алдында қос ұлдың бастарын кеудесіне басып, ұзақ тұрды. Ауыл арасына сапаршылап бара жатқандай елеусіз ғана өтініш айтқан: – Менің батам да, тілегім де екеулеріңнің үстіңде ғой. Би аталарыңа соқпай кетпеңдер. «Садақтан шошынған құс ағаштың ашасына қонбас» деген. мірлеріңді өздеріңе сабақ етерсіңдер! Түн ішінде барып оятқан Саян би де бұлардың бүгінгі хал-күйлерін, ендігі бағыттарын білген соң бір ауыз қарсылық білдірмей, батасын берген. – Жорытқанда жолдарың болсын, Жолдастарың Қыдыр болсын! Еш жамандық болмасын, Тәңірім әр кез қолдасын! Алыс-жақынға жолдай гөр, Алла! Қос арысымды қолдай гөр, Алла! Қиянды жолда қисайтпай Сапарларын оңдай гөр, Алла! Көз жасымызды көре гөр, Алла, Еліне есен оралсын дейтін Тілегімізді бере гөр, Алла! Әумин! – деп, Саян би белгісіз бағытқа бет алып бара жатқан кешегі Айшуақтай ердің қос тұяғына шын ықыласпен тілегін тақпақтап жеткізген соң Байшуақ: – Би ата, қалмақтың Ошыржап дейтін уаңы әке орнына әке болып, Тұрсынбайдың қоқан-лоқысына да дес бермей екеуімізді қанатының астына алып еді. Сол кісі: «Еңбектеріңнің өтеуі емес, атамекенге аттанарда «Күні кешеге дейін бірде тату, бірде қату болған еліңе тартқан сыйым болсын» деп, біраз мал айдатып еді. Ерікті тұтқыны болып жүрген соң көңілін қимадым. Ендігі иелігі өзіңізде. Тек ренжи көрмей қабыл алыңыз, – деген. Би біраз ойланып барып: «Кешегі жауым, бүгін аттанып бара жатып, достық пейіл көрсетсе көнеміз де, – деп ризалығын берген. – Бізде де жоқжітіктер бар ғой. Солардың риздығы шығар.

ІІ Ошыржап ойлап отырса, өткен өмірдің өкініші зіл-батпан екен... Әттең...

Сеңдей қозғалып, мыңғырған жылқы-түйесін, қайтқан қаздай ұбақ-шұбақ тізілген көш керуенге Еділден Жайыққа жеткенше-ақ қамсыз отырған қазақ ауылдарын таптап өткендей болған. Әдейі келіп соқтықпаса да «Көнсең де көнбесең де көресің осы» дегендей салқар көштің алды-артын қаумалап келе жатқан бес қаруы сай қырық мың қолдың күшіне сенген қалмақтар доңайбаттарын сырттарына сала келген. Мал қамы деп қазақтардың шабындық басына үйген отау шөптерін жалмап, жайылымдықтарын таптап өткен. Намыс қуып, қарсы тұрған жүздеп саналар ру-рудың жасақтары бір шайқаудан аспай жатты. Көш басталарда Убашы ханел ағаларына жалпақ қазақ жерін басып өтетіндіктен, оларға жергілікті халықтың намысына тимей, тіпті тапталған жерлерінің майын төлей отырып, ру, тайпа басшыларымен тіл табысуды қатаң тапсырған. «Ізіме орыс түссе, алдымнан қазақ қарсы тұрса, өзім сенген қалмақтың қалың қолы шыдас бере алар ма?» деген ойға келген еді ол кезде. Ізімізге шам алып түседі дейтін орыстың зеңбірек сүйреп, мылтық асынып жүретін әскері біраз жерге дейін қуған болатын. Жайықтан өтпей аттарының басын кері бұрғандарын көштің алдынан озып, соңында қалып жүретін шолғыншы-хабаршыларынан қалт жібермей бақылап отырған. Убашы елшілері қазақ ауылдарын арнайы аралап, ел ағалары мен ру басыларына жолығып, ағайынгершілік пейілдерін білдірген. Көш жолы үшін деп жер майы мен тарту-таралғыларын да берген. Өз нояндары мен уаңдарына да күш көрсету, тіс көрсетудің болмауын қатаң тапсырған. Иә, бұл қалмақ ханының бірер ай ғана ұстанған ықыласы болып шықты... Абырой болғанда, қаңтардың қақаған суығынан шеге боп қатып қалған Жайықтың мұзы бұларды қинамай өткел берген. Осының бәрі де Убашы ханның арқасын кеңге салуға итермелей түскендей еді. Енді ол көш жасағының қазақтарға көрсеткен қиястығын көрсе де көрмегендей сыңай танытқан. «Бір есептен бізге қарсы келгендер өз бастарының өз жұрттарында қалып, малдары талауға түсетінін білсін. Басқаларына сабақ болады» деген ойға келген. Айдың-күннің аманында айналасын өрттей жалмап жылжып бара жатқан қара нөпірдің озбырлығын көрген жұрт «тұяқ серпер» амал жасап, бір елден екіншілеріне де қос ат мінген жаушылар шауып, жұрт етек-жеңдерін жинай бастаған. Жасақтар бес қаруын сайлап, атқа қонған. Бұл кезде Батыстан шығып, Шығысқа қарай жолындағыны жайпап келе жатқан қаһарлы көш туралы бүкіл қазақ даласы хабарланып үлгірген. Өйткені, Орынбор губернаторы Кіші жүз ханы Нұралы мен Орта жүз сұлтаны Абылайға «қалмақтарды Жайықтан өткізбей, кері қайтарыңдар» деп, шапқыншы жіберген. Оған қоса әзірге өз иелігіндегі жерін қара шегірткедей қаптап, жайпап келе жатқан қалмақтарға күш біріктіре соққы беруді сұрап, Нұралы да Ұлы жүз бен Орта жүз сұлтандарына шапқыншы жіберген болатын.

Убашының арқаны кеңге салардай жөні жоқ еді. Бұған дейін-ақ Орынбор корпусының казак бөлімі Эркетонның, о баста ұлы көшке қосылғысы келмей бұлтаққа салып әрең қосылған Асархо мен Машидың ұлыстарын Жайықтан өткенше-ақ бөліп алып қалған. Орынбор губернаторы да үкіметтің жарлығын орындап, қалмаұ көшін қайтару үшін Ор бекінісінен казактар мен башқұрттардың үш мыңға жуық әскерін және бірнеше зеңбірегі бар драгун полкін, олардан іле-шала үш жарым казак жасағын аттандырған. Бұған дейін-ақ намысқа шапқан қазақтың Жаманқара батырының қолы қалмақтың қалың қолына шабуыл жасап, күш тең болмағандықтан, шегінуге мәжбүр болған. Алайда, Нұралы хан Жемнің жағасында сұлтандар мен орысказак, башқұрт әскерлерін күтіп, шешуші шайқасқа әзірленіп отырған. Бұл кезде қалмақ көші Жем өзенінің жағасында нулы, оты мол жерде малды да, жанды да бірдей сергітіп алу үшін бірер апта аялдап алып, көшті жалғастырған. Мамыр айының басында орыс отряды мен Нұралы қолы қосылды. Алайда, келесі күні олар жолға шыққанда Сарыторғай деген жерге келгенде орыс қолын басқарған Трауберг дейтін полковниктің боғы бұзылып, ендігі қуғынның мәні жоғын мәлімдеп, әскерін кері бұрған. Бірақ Нұралы озбыр көшкіндермен айқасты. Жемнің бойында, одан Мұғалжар тауының етегінде қанды шайқасты бастап кетіп, Убашы жасақтарын қатты шығындап, мол олжаға кенелді. Қалмақ ханы енді жуасый сөйлеп, Еділден көшкен қалмақтардың қазақтармен тату көрші бола білгендерін, өздерінің де Ресей қыспағына шыдамағандықтан, ата мекенге амалсыз жылжып бара жатқандарын, егер қазақтар шабуыл жасамаса, өздерінің ешкімге залал жасамайтынын, сондықтан көшті өткізіп жіберулерін айтып, хат жазған. Сәл келіспеушілік болып жатса, бейбіт жолмен шешейік деп мәймөңкелеген. Осындай хатты ол Жоңғардағы қалмақ ағайындарының тұқымын тұздай құртып, әлсіреген елді қытайдың кең жемсауына сала салған орта жүздің сұлтаны, осы жылдың күзінде-ақ үш жүзге хан болып сайланатын Абылайға да жазған. Енді бұрынғыдай «келсең кел» дейтін өктем мінезден айрылған Убашы қотанға түсіп таланған көк бөрідей күн-түн демей Сарыарқаны бетке алған еді. Оған дейін Жем өзенінің бойы мен Мұғалжар тауының етегінде Нұралы ханның жасағымен болған шайқастарда Убашы жұрты есепсіз шығынға ұшыраған. Олардың соңында көмусіз өліктері мен әрі қарай жүруге шамалары әбден таусылған тірі өліктері қалған. «Жатқан жыланның құйрығын басып» алғанын, қырық мың қарулы жасағына сеніп, келе-келе бұл жұртқа өктемшілік көрсеткеніне енді өкінді не, өкінбеді не. кшелей келген жауларын әбден ызаландырып, өшіктіріп алғаны анық еді. Қазір «Ханнан қаһар, халқынан қуат кеткенін» білген ол Жоңғар жотасына «Халқының тамтығы, малдың жемтігі» жетпесін білген ол Нұралы ханға хат жолдаған. Тағдырдың тәлейіне ұшыраған соңынан ерген аз қалмақты аяп, бітімге келуге шақырған. Алайда, қазақ ханы оны аяғына отырғызбай шабуылын жал-

ғастырып, адамдарын пенде ғып, үйір-үйір жылқы мен келе-келе түйелерін олжа қылуды тоқтатпаған. Ол аздай көш Торғай өзеніне келіп, иек артқанда көктемгі су тасқыны «жібермеймін» дегендей көшті амалсыз тоқтатқан. Өзен суы қарбарқын тұтас дене болып, дөңбекши аунайды. Өзеннің негізгі арнасы қай тұста, біліп болар емес, жағадан асып, қалың қамыс арасына жайылып, арғы жағына көз жетпестей алыстатып жіберген. Су қайтсын, тасқын басылсын деп аялдауға мұрша жоқ. Тұмсығы дария суына тірелген көштің сауыры мен бел омыртқасынан найза түйреген қазақтар оларды одан әрі әлсірете түскен-ді. Қалмақтар жанұшыра қимылдап, өзен жағасына біткен қалың нар қамысты отауға кіріседі. Дұшпандарының шабуылдарын тойтара жүріп, арқан-жіптермен құшақ-құшақ байланған қамыстардан сал жасап, әйелдер мен қарттарды, балаларды және азық-түліктерін соларға тиеп өзеннен өткізе бастады. Ал салт аттылар екі жақтағы үзеңгіліктің тұсынан екі құшақ қамысты байлап өтеді. Бір күн, бір түн ішінде майданда өлгендері мен суға кеткен мал-жаннан басқасы табиғат тосқауылынан аман өткен соң қуғыншы жасақтардың жолдарын бөгеу үшін орақтан аман қалған қамысқа от қойып кеткен. Бұл амал да аз уақыт болса да өз нәтижесін берген. Көш Сарыарқаның бетегелі-беткейлі сары даласын көктей өтіп, Мойынты өзенінің жағасына жеткен бойда мойнын созып сұлай кеткен. Көктем шуағы білінгеннен жаз шығып, шөп буыны бекінгенше алысып-жұлысумен өткен үш-төрт ай оларды әбден қалжыратқан еді. Оның қазіргі сыртқы келбетін бұрынғы айдын-айбарынан айрылып, әбден қансырап, құр сүлдесін сүйреп келе жатқан алып мақұлыққа ұқсатуға болар еді. «Қайда барсаң да Қорқыттың көрі» дегендей, енді бұрынғыдай қаша соғысуға да келтірмей жайрап жатқан көшті Абылай сұлтанның басшылығындағы елу мыңдай жалаң қылыш, егеулі найзалы қалың қолы қоршап, темір құрсауға алған. Нұралы хан, Әділ, Орыс сұлтандар да күш біріктіріп, осы Мойынты бойынан табылған еді. Әттең-әттең... Ошыржап уаң ойлап отырса Убашы ханның қателігінен қалған қалмақтың тағы біразының бастары Мойынты бойында қалды... Әттең-әттең... өкініші өзекті өртер сол күндер... Қоршап алған қазақтың қалың қолынан оңайлықпен құтылмасын білген Убашы Абылайға елші шаптырған. «Көресіні отары қылған елден көріп, ата мекенге көш түзеген аз қалмақты аяай көріңдер. Артық кетіп, ағат басқан әрекетіміз үшін кеңдік жасап, кешу жасаңдар. Тіпті боданың болып, «Айтқаныңа көніп, айдағаныңа жүрейік» деген. Абылай жорық басшыларының кеңесін шақырып, түйінді шешу жайын ортаға салған. Әрине, біраз қолбасшы қолға өзі кеп түсіп тұрған, оның үстіне Еділ бойынан шыға жолындағы ауылдарды жайпап өтіп, әбден қысастағы өткен атажаудың жасағын қырып, қалған мал-жанын олжаға салайық десе, Абылай сұлтан олардың дегеніне көнбей, қалғандарын аман-сау Жоңғар асырайық деген көрінеді. Кім біледі, алдағы заманды алыстан болжайтын қазақтың болашақ ханы Шығысындағы

көптігімен қаһары бәсеңдемес қатерлі көршіге қарсы қалқан етіп қойғысы да келген болар. Ақыры кеңес бір келісімге келе алмай үш күндік бітім жарияланып, екі жақ та тұтқындар алмасады. Алайда, Убашы не түлен түрткенін кім білсін, Абылай сөзіне сенбей үшінші күні қоршауды бұзып өтуге бұйрық береді. Ошыржап та алғаш рет ханының айтқанына келіспей Абылайдың сөзіне сенейік дегендердің пікірін ашық қолдаған. Бірақ «Қолдамасаңдар, сендер қала қойыңдар» дейтін хан қайдан болсын? «Айтты бітті, кесті үзілді». Жұмылған жұмырықтай болып, қоршауды бұзып өткен көш Балқаш көлін бетке алған. Көлге жете бере хан шешімін қолдамаған көштің жартысы Танжи тайшы бастаған үлкен бір бөлігі Балқаштың солтүстігін жағалап, шығыс бетімен Ілені бетке алса, негізгі бөлігі батыс бетімен Ілеге жетпек болды. Ошыржап та Танжидың ұлықсатымен өзіне қараған жұрттың қалғанқұтқанын жинап, Аягөзден өткен соң Тарбағатайдың жондарына қарай қиялай тартқан. Күндіз қолат-қойнауға жасырынып, түнде қозғалатын. Қалың нөпір емес, ешкімге соқтықпайтын «бетегеден биік, жусаннан аласа» көш жыла қонақтап, Шіліктің өр жағындағы Қандысудан өтіп, ежелгі Жоңғар жеріне аман-сау тұяқ іліктірген. Кейіндері естіді көлдің екі жағын бөліне көшкен топтар Ілені өрлеп барып, Нарынқол асқанша елдің жұрнағы ғана жетіпті. Бұл кезде жер иесі болып қалған Қытай елі 10–15 мың қалмақты әр жерге таратып, шілдің боғындай пышыратып жіберсе керек. Ошыржап уаң осы күніне де тәуба дейді. Жер иесі атанған жұртқа малдай алымын төлеп, аз уақытта-ақ ес жинап, қоңданып қалған. *** Ұлы көштің басшысы Убашы мырза да бұл сапарда Байшуақтай сенімді серіктің қызметіне әбден риза болатын. Олар елден көшіп шыққан бетте-ақ жүрер жолдарына үш-төрт шолғыншы-елшілерді алдын ала жіберіп отырудың қажеттігін түсінген. Бөгде ел, бөтен жұрттың жеріне хабар-ошарсыз келіп тұрғанды әрі жөнсіздік, әрі қатерлі деп санаған. Кей жерде көліктерді суытып ерулеп, кей жерлерге қона түнеп, ал жайлы мекен кездессе төрт-бес күн байырқалап аттанса да өздерінің туған жер деп қопарыла көшіп келе жатуларының мән-жайын жеріне жеткізіп айта алар әрі жол ақысы мен жер майын шама-шарықтарынша төлей алатындарын түсіндіре білер азаматтың қажеттігі сөз болғанда Ошыржап оған қазақтың жөнін қазақша таба білетін, жөн-жоралғыға жетік, қара тілге де жүйрік Байшуақты атаған. Содан бері де Ошыржаптың жігіті талай сыннан мүдірмей өтіп келе жатқан-ды. Бірліжарым пайда-пақыр іздеген содырлардың түн жамылып келіп, малға тиіскен оқиғаларын есептемегенде екі ел азаматтарының қылыш-найза суырысқан оқиғалары бірер ай бойы болмаған. Жөнін айтып, жолымен өткен қалмақтарға «Бір кездегі ата жауым едің» деп ұрынғандар аз. Және бұл оңтайына келіп, оңай шешімін тауып жатқан істегі Байшуақтың еңбегінің ерекше екендігіне Убашының да, біраз нояндардың да, Ошыржаптың да

көздері әбден жетіп болған. Сондықтан да Байшуақ пен Бараттың ізіне түскен Тұрсынбайлардың мекені тым-тым алыста қалса да Ошыржап: «Ұзаңқыраған соң қалаған қазақ ауылдарының бірінде қала бересіңдер» деген о бастағы уәдеге бергісіз шешімін ұмытпаса да қайтадан ол сөзді айта алмаған. Жылқы айдап, жүк артсын деп емес, бүкіл көшкен елдің тағдырын шешіскендей оңтайлы іс-харекеттері үшін қимаған... Келеңсіз оқиға ойда жоқта шықты. Қыс ызғары қайтып, жер аяғы кеңи бастағанмен малға да, жанға да батпақты жол қиын болғандықтан, жербің тобарсуын күтіп, екі-үш күн аялдаған. Екі кештің арасында Ошыржап Байшуаққа кісі жіберіп, жол жүруге даярланып, тез жетуін тапсырыпты. Салтанатты ұрғасы болмаса да басқалардан еңселі қосында ел жақсыларын жинап алыпты. – Балам, – деген уаң қазақ қызметшісін өзіне жақын тарта сөйлеп, – балам, аялдаған әр жерден айғай-шусыз-ақ жылыстап кетсек деп қиялдаушы едім. Екі жақтың ессіздері енді жолға шыққалы отырған шақта рахайлы болмасақ та тып-тыныш басталған тірлікке іріткі салып отыр. Қазір екі-үш адам Ойыл өзеніне қарай жол жүреміз. Іс насырға шауып, қан майдан оты тұтанбай тұрып өшіруіміз керек. Ол істің мән-жайын соңынан түсіндірмек болса керек, осындағыларға өз шешімін айтқан. «Егер бір де бір қалмақ батырсынып, намысқойсынып, қолына қару алса, ісім сонымен болады. Ел тыныштығы жолында құрбадыққа шалар көк лағым сол болар!» Үш-төрт елші кідірмей атқа мініп, өздері төрт-бес күн бұрын жалдап өткен өзенді бетке алған. Оқиғаның мәніне Байшуақ жол үстінде қаныққан. Он екі ата Әлімнің бір атасының батырсынған бір жігіті қалыңсыз қатын алғысы келсе керек. Көштері сәл аялдап, негізгі топтың соңында қалғанын пайдаланған бір топ жігіт көшке кеп килігіп, қалмақтың бір қызын өңгере қашыпты. Қуғыншы шапқыншылар адасып қалады. «Ел құлағы – елу». Жоғалған қызды көргендер, білгендер табылып, ертеңіне-ақ қырық-елу қалмақ атқа қонып, қыз ұрлағандардың ауылына барып килігеді. Олжаға келген қызды оңайлықпен бере қояр ма? «Басына орамал тартылған соң болары болды. Айып-ажынын алып, келісімге келейік. Оған тоқтамасаңдар, біз де елміз, қолыңнан келгенін істеп, тартып ал!» деп, қазақтар күш көрсетеді. «Еліңе келіп, жеріңді паналағанмен намысымыздың жолына жан пида деген елміз. Қой емес, қозы емес, кісімізді тастап кете алмаймыз. Қан болмай тұрғанда қызды қайтарыңдар!» деп қалмақтар доң-айбат көрсетеді. Сөйтіп екі жақ та ертеңіне «тұрысатын жерлерін» айтпақ болысып тарасады... Ошыржап бастаған қалмақтардың екі-үш елшісін қазақтар кінәлі кісінің кейпін көрсетіп, оң қабақпен қарсы ала қойған жоқ. Сөз ұстаған ақсақал, қара сақалдары: «Апыр-ай, бір тентектің шалдуар қылығы үшін бүлінердей не көрініпті?! Қалмақтан қатын алған қазақ аз емес, қазақтан қатын алған

қалмақ та аз емес. Біздің тентек солардың бірі болар да» деп, қыңыр тарта сөйлеген. – Рас, бір тентегіңнің шалдуар қылығын тимақ болып, болмаса ұрланған бір қызды қуа келген жайым жоқ, ағайын. Қалмақ та бүгін шілдің қиындай пышырап, тағдырдың тәлкегімен тозғын-тонау күй кешіп жүргені болмаса, намысты аяққа бастырмаған ел болатын. Елімнің еңсесі түскенмен, ерлерім еңсесін тік ұстап өлуге бар. Екі жақ та болмашы істі себеп қып, тағы да қидаласуға шықсақ, талай қыршын өмірдің қаны төгілер, ел ағалары болып осыны болдырмайық деп келіп отырмын. Қиыннан қиялап табар жолды қарастырайық дегенді айтпақпын. Келісе алмасақ, қылыштарын қайрап, найзаларын егеп отырған азаматтар тағы бір қырғынды бастар. Жеңерміз, жеңілерміз! Жеңіп те көрген жұртпыз, жеңіліп те көрген жұртпыз. Ең қиыны соның бірі болар! Ақылға жүгінейік, ағайын. Бес-алты күн жерімді таптады деп текірек-тентектеріңе басындырма, жамағат. Ертең-ақ қамысқа түскен өрттей лау еткелі тұрған апаттың алдынан шық, ағайын! Ошыржап ел сенікі еді, жер сенікі еді, ұбап-шұбап көшіп жүрген біз міскінге аяушылық жасай гөр деп, жалбақтамай-ақ, айдың-күннің аманында алған адамымды қайтар, әйтпесе қолыңда өлемін деп, жуандық та көрсетпей, кеудесін биік, иінін тік ұстап отырып, кісілікті сөз айтқан. Оның аз сөзінде ел болуға да, жау болуға да жараймын дейтін бекемдікті де отырғандар байқамай қалған жоқ. – Қонақ кісілікті сөз айтып отыр, – деген төрде отырған қария. Шамасы бұл кісі де рулы елге сөзін тыңдатар сыйлы кісі болса керек, бағанадан жуансынып отырған игі жақсылар тып-тыныш болып, қарияның аузына қараған. – «Қалмақтан қатын алған жалғыз біздің тентек пе еді?» деп, сөзбұйдаға салғыларың келеді. Жаугершілікте батырлығын асырып, қызды ат көтіне салып, олжалап әкелсе бір жөн. Қалыңын қаптатып беріп, құда болысып қатын алса бір жөн. Жеріңнің түгін жеп, қораңа көңін төккені үшін майын беріп, басына күн түскен кезде кісілігіңе сеніп келген жанға күштілік көрсетіппіз. Айып бізден. Қолыңмен істегеніңді қылша мойныңмен көтересің, жұртым! Ал соғысамыз деп жүрген содырларды тиыңдар, тиылыңдар түге! Шыбынның ызыңы естілердей ауыр тыныштық басты. Біреуі бір ауыз сөз айтуға жарамай көздерімен жер шұқығандай болып отырып қалған. Ошыржап қана тыныштықты алғашқы болып бұзды. – Алла сізге жар болсын, қариям! Сіздей ақылгөй ақсақалы бар ел бақытты. Түскен еңсемді тіктеп бердіңіз, кеткен есемді жіктеп бердіңіз. Рахмет сізге! Тек айып алып, алдымды малға толтырайын дейтін кісіңіз мен емес. Менің іздегенім жанның амандығы. Аз күн дәмдес болған ағайынмен қату емес тату ажырасу болатын. Олжам – осы! Кесікті сөз айтқан қария онымен де тынбай, сол сәтте-ақ қолды болған қызға өздерінің екі-үш кісісімен Байшуақты жіберіп, арнайы жөн сұратқан:

«Кіммен қарайсаң, сонымен ағар» деп, келген жеріне келін болып қалғысы келе ме, әлде «У ішсең руыңмен» деп, еліне қайтқысы келе ме?» Жылай-жылай қос жанары домбыққан қыз Байшуақты көргенде артынан туған ағасы іздеп келгендей көріскен. Бірақ бөдененің бүйрегіндей ғана томпиған қара торы қыз істің мән-жайына қаныққан соң есті сөз айтқан. – Жат жұртқа жаралған көп сорлы қыздың бірі болған соң амалым қайсы?! Бұл да менің маңдайымның не бағы, не соры шығар. Бірақ екі елдің шабысуына емес, табысуына себепші болсам одан артық сұрарым жоқ Тәңірден. Тек әке-шешелерім, аға-жеңгелерім, ағайын-жұртыммен хайырқош айтқызсын ел ағалары. Сұрарым осы ғана, – деген. Сөйтіп, ойда жоқта тұтана жаздаған жанжалдың орнына қазақ, қалмақтың ел ағаларына ортақ той өткен соң ғана көш жолға түскен. Тағы бір қалмақ қызы тағдырдың ісіне амалсыз көнген сорлы әке-шешесін енді қайтіп көрер-көрмесіне көзі жетпесе де шұбырындыға ұшыраған жұртының тыныштығы жолындағы құрбандыққа жарағанын ғана медеу ғып, қазақ келіні боп қала берген. Байшуақтың бұл тұстағы аз қызметін Ошыржап уаң жұртына дәріптей жеткізіп, оның қалмақтар арасындағы беделін өсіре түскен. Қалмақтар ата мекенінің шетіне малдың да, жанның да сарқытын – о баста жолға шыққан қалың нөпірдің оннан біріндей ғана бөлігін жеткізіп, «уһ» деп, тәубаларына келгенмен, бұл жолы Еділ бойынан шыққан Байшуақ пен Барат көрген ауыртпалық та аз болмаған. Олардың осынша қиындықпен өткен жолдарының соңына жеткендегі қуаныштарынан гөрі уайымдары, мұңдары басым еді. Туған ел, өскен жерден жырақтап кеткендері өз алдына, тіпті байтақ қазақ жұртының шетіне де шығып, тілі бөлек, діні жат бөгде жұрттың қолында ерікті пенде болып жүргендері қабырғаларын қайыстыратын. Аңырап, артта қалған аналары не күйде, ағайын жұрт ше? Қарақан бастарының қамын жеп, жансауғалап кеткен бір ғаріп жандардай сезінер еді өздерін. «Өзекті жанға бір өлім», не болса да туған елге бет бұрсақ қайтер?» деген де ой Байшуақты көп мазалайтын. Ошыржаптан рұқсат сұраса, ол қарсылық білдірмеуі де мүмкін, бірақ соңғы кездері екеуінің болашақтары туралы көп айтпайтын да болған. Шамасы, туған інісіндей болып кеткен қазақтың қос азаматын қимайтын да болар, бәлкім бұлар бәрін де ұмытып, осылайша қалмақ арасына сіңіп кетер деген ойдың жетегінде жүруі де мүмкін... Ошыржап Шағаноба, Кергентас өтіп, мекеніне жетіп, бес-алты ай ес жинаған соң жанына Байшуақ бастаған бес-алты серігін ертіп, Іле бойлап, Нарынқол арқылы өткен қандастарын іздеп шыққан. Барғанмен тозғын елдің озғын тағдырын көріп, көңілдері жүдеп қайтқан. Жер иесі бола қалған қытай қалмақтардың басын бұрынғыдай біріктірмей осы маңға келіп қоныстана бастағаны бар, бұрыннан мекендегені бар қазақ, қырғыз ауылдарына, Еділ қалмақтарының қалған-құтқандарының хотон, отоктарына бөліп-бөліп, тоз-

дырып жіберіпті. Балқаштың жағасына дейін, көлдің батыс, шығысына дейін бірге келген біраз азаматтардың басы қазақ жерінде қалыпты. Тіпті бұлар, Аягөзден астыртын бөліне көшкенде көлдің Шығыс бетін жағалап, Ілеге тартқан Танжи тайшы да Іле бойында қаза болыпты. Кешегі Хо рлік ханның ұрпағы Убашы ханның өзі хотонындағы қырық-елу отбасына ие болып қалыпты. Кешегі айбарлы арыстан бүгін қалтырауық қоянның күнін кешкендей. Ол Ошыржаптың аман-саулығын, жұртының біразының есенаман жеткенін біліп қуаныш қылды. Сонан соң ұлы көш кезінде талай көрген Байшуақты көріп: «Мына азамат жаныңда әлі жүр екен-ау. Бәрекелді, сендер ағайынды екеу емес пе едіңдер? – деп, жігіттің жүзіне қарағанда ол: «Иә, хан ием. Інім де әлі Ошекеңнің хотонында» деп жауап берген. – Сонан соң Убашы Ошыржапқа қарап былай деген. – Бұл екеуіне де қалмақтың бір-бір сұлу сызын әперіп қойсаң, ініңдей боп жаныңда жүреді», деген еді. Бәлкім, Ошыржаптың соңғы кездері бұлардың болашақтары туралы көп ойланбауына бұрынғы ханның сол сөзінің әсері болды-ау деген де ой келеді Байшуаққа. Не болғанда да уаң бұрынғыдай: «Елдеріңе қайтам десеңдер, мен сендерге қарсылық көрсетпеймін» деген сөзін мүлде ұмытқандай. Бұрынғы ханның «екеуіне қалмақтың бір-бір сұлу қызын алып берсең...» деген сөзінен кейін Байшуақ інісіне: «Бұл елдің қыздарына жақын жүргеніңді қаламаймын. Ошекең оған қуанбаса, ренжімес. Бәлкім, сөйтіп екеуіміздің аяғымызды матап қою да ойында бар сияқты» деген. Інісі үндемегенмен «Е, жарайды» демеген. Иә, бұл екеуі осы жерге келгенше бір ғұмырға жетіп артылардай қиыншылықты бастарынан өткізіп еді. *** Енді бүгін, бейбіт күндердің рақатын сезінген шақта, Байшуақ ойлап отырса, ағайынды екеуі де ұлы көштің ауыртпалығын қалмақтармен тең бөлісіпті. Көктемнің ортасы ауғанша қалмақтардың келе-келе түйесі мен мыңғырған жылқысының біразын жер иелеріне о баста қолынан, кейіндері жолынан беріп дегендей, біраз ықшамданып-ақ қалған болатын. Мал шығынын қойғанда, жан шығынының өзіне амалсыз көндіккен ер азаматы күндізтүні аттан түспей алыс-жұлыспен қалмақ көші жыла қонақтап, жылжи берген. Қару ұстауға жарайтын азамат атаулы мініс көлігі, жейтін қорегі, тіпті тіршіліктерінің тірегі болған мал шетіне шығатын. Теріс пиғылды әлде бір топ ұрына қалса, олар мал мен көштегі қатын-баланы қоса қорғауға тырысатын. Апталап жүрсе де, айлап жүрсе де шеті-шегі жеткізіп бермес қазақтың салқар даласында келе жатырмыз деген ой ғана Байшуақ пен Бараттың көңілдерін демдегені болмаса, ағайынды қос жігіттің қайран кіндік кесіп, кір жуған туған жерлері әр күн ағарып шығып, қызарып батқан сайын өздерінен жырақтай бергені жандарына бататын. Аяңдап апталары, асықпай

айлары өтті, осынау шабан уақытпен бірге азапты ұзақ жолды да тұяқты түлік еңсеріп тастап еді. Жайлауы мен қыстауын ауған елдің табанына таптатып, жерінен шаңдатып мал айдатқанды хош көретін, «Е, міскіндер ауып, ата мекеніне кетіп барады екен. те қойсыншы!» дейтіндер о баста да аз еді. Майға берген малын азсынып, қармаңқырап қалғысы келгендер әр елден, әр рудан табылған. Түн жамылып келіп, малды бөле қуатын барымташылар мен тізеге салып, тартып алмақ болған басқыншылар аз болған жоқ. Байшуақ ойлап отырса, сапар соңына таяу қалмақтар да көп таланған көкжал сияқты желке жүнін күдірейтіп, әбден әккіленіп алған. Күш көрсеткенге тіс көрсетіп, алыса кетіп, өлісуге дейін баруға төселген болатын. Сондай сан шайқастағы Байшуақ пен Бараттың адал қызметтеріне риза болған Ошыржап та екеуін өз қандастарына қарсы майданға салып көрген емес. «Балаларым, маған адалдықтарыңа екеуің көзімді жеткіздіңдер. Әділ болсын, әлде әлімжеттік болсын кез-келген шайқастағы қару түйістірерлеріміздің өз қандастарың екенін ұмытпаңдар. Ертең ортасына оралған тұстарыңда арларың таза болсын, қолдарыңа ағайынның қанын жұқтырып алмаңдар. Ондай кезде малға, көштегі қарусыз жандарға иелік етсеңдер жетеді», деп отырар еді. Содан да екеуі шолғыншы-елшілік міндеттерін адал атқара жүріп, жанжал кезінде қалмақ жылқысын қорғағандары болмаса, төтелеп келген қандастарына туралап шоқпар сілтемеген. Бұлардың халін Ошыржап та түсінсе керек, сарбаздары азайып амалдары таусылған тұста да: «Қолдарыңа қару алып, майданға шық» деп айтып көрген емес. Болмаса «Сендердің қандастарың иттей талап, қанымызды ішіп болды» деп, беттеріне сынық сөзін салық қып көрген емес. Қайта өз жұртының Жоңғарда жатқан шағында, мейманасы тасып, тасы өрге домалап тұрған тұсында қазақ елін қайта-қайта шауып, қырғынға жөнсіз ұшыратқан зорлығы үшін тартып келе жатқан зауалдары, соның өтемі екенін айтып отырар еді. Кешегі қаһарымен оң-солын қалтыратқан Жоңғар елінің бүгін шілдің қиындай пышырап, тоз-тозының шығуын да Жаратушының жазасы деп түсіндіретін. «Мал – садақа, жан – олжа» деп келе-келе түйесін, қос-қос жылқысын олжаға тастап, әрқайсысы қосар ат алып, екі-үш қос жылқымен ғана жан сауғалап, Мойынты қоршауын бұзып өтер алдында да Ошыржап екеуін шақырып алып: – Екеуіңе өкпем жоқ. Серттеріңде тұрдыңдар. Қазірден бастап, маған берген уәде, айтқан серттеріңнен азат еттім. Ендігі майдан біз үшін ең соңғы майдан болар, бәлкім. Қалмақ тонын киген қазақтың қазақ қолынан өлгені жараспас! Жандарың – сауға, жолдарың ашық, – деген. – Мырзам, қалмақ тонын кисек те жанымыздың, қанымыздың қазақ екені рас. Бірақ басымызға іс түскенде пана болған сіздің басыңызға бұлт төнгенде

сая іздеп, жалт берсек азаматтығымыз қайсы?! Найзамызды қандастарымызға сілтемесек те, олардың сізге сілтеген найзасын қағармыз. лсек – шейтпіз. Бірге көрдік бәрін де, қумаңыз бізді, – деген болатын. Су ішерліктің бары шығар, бұлар да Ошыржаптың торғауыттарымен бірге кешегі Әмірсанадай көкжал ту тіккен Барқытбелдің Маңырақ, Сауыр тауларымен ұштасар оңтүстік шығыс тұмсығына, келіп, ат белін бір-ақ босатқан. Ел есін жинап, етегін жапты, малы өрісін толтырып, жандары жай тапты дегендей... Алайда, ағайынды екі жігіттің жандары жай таба қоймаған. Барат бір қарағанда, осы тіршілігіне риза сияқты көрінгенмен, өз тағдырының екі тізгін бір шылбырын жалғыз тіреу, жалқы тіреніші Байшуаққа біржолата тапсырып қойғандықтан, ішкі пікірін ішінде тұншықтырып, ештеңе ойламайтын кісі кейпінде жүретін. – Осы уаң мырза бізден айрылғысы келмейді-ау деймін? – деп, бір күні қамсыз, мұңсыз ініден сыр тартқан. – Кетеміз десек, жолымызға кесе көлденең тұра қоймас. Дегенмен қиналғанда пана болған кісімен оп-оңай айрылыса қою бізге де сын сияқты... – Мен бір ой үстінде жүрмін, – деп, Байшуақ інісінің сөзін бөлген. – Осы мынау Барқытбел мен Нұрзайсан өңіріне сөзі жүріп тұрған Қамбар төренің ауылы түстік жерде тұр екен. Барып, ақыл сұрасам деймін. Исі қазақ баласын бауырына тартар. Тарта қоймаса, Ошекеңнен рұқсат сұрармыз. Екеуі осы шешімге тоқтағаннан кейін, бірер күннен соң Байшуақ ұзақ жолға шыдамды, жарау ат мініп, Қамбар төренің ауылын бетке алып еді.

Қусам да жеткізбейді арман дүние,
Бұрынғы ата-анадан қалған дүние.
Жаманшылық жасама ағайынға,
тіп кетер басыңнан жалған дүние.

Халық өлеңі. ЖАУЛАСТЫРМАҚ – ЖАУШЫДАН І Қонақтар сыйлары жарасып, бірнеше күннен соң ертелетіп аттанған кезде Ошыржап Қасқақ батырдан бүйімтай сұраған. – Төренің бүйімтайы – көрші хақысы дейтін ағайындық ықылас пен достық пейіл ғана. Малымыз да, жанымыз да аралас жатсын, қазақ-қалмақ бір-бірімізді жатсынбайық. Жауласып та көрдік, дауласып та көрдік, атысып та көрдік, шабысып та көрдік. Жарды жесір, баланы жетім қылғаннан басқа тапқанымыз жоқ. Ес жинайық, ел болайық деген ниет қана, – деп, сыпайы жауап қатқан. Сөзінің соңында ғана елеусіздеу ғып:

– Төренің өзінің де ат ізін салып, еліңізге келіп-қайту ойында бар-ау деймін. Әрине, сіз қарсы болмасаңыз, – дегенді қоса айтқан. Уаң кешелі-бері не өзінің қазақ еліне барар ойын білдірмеген соң, не төреге «келіп-қайтсын» деп, тілек айтпаған соң әдейі айтқан. – Дос пейілді қонақты дос пейілмен қарсы алып, шығарып салуға қашан да әзірмін, – деген ел иесі. – Тек келерінен бірер апта бұрын білдіріс айтсын. Қазақтардың бұрын-соңды бола бермеген үрдісті бастап, бұл қай келісі, қай жоралғы, қай тарту-таралғысы екеніне жіп таға алмай Ошыржап аң-таң. Бірақ та отыз бір сәйгүліктің жолда жатқан батпан құйрық еместігін іштей пайымдап, бағамдап қойған. «Қорыққаннан жасаған айла-шарғысы» деудің қисыны жоқ. Себебі, Жоңғар, Жоңғар емес ашулы арыстан болып аузынан жалын шашып тұрған о бір замандарда да бұл қазақ «қолыңда өлейін-ай» деп жағадан ала кететін. Қазір сайда саны, құмда ізі жоқ дегендей тоз-тоз боп жүрген Жоңғардың сарқындысындай Еділ бойынан келгелі есін енді-енді жия бастаған Ошыржаптың аз торғауытынан қорқыпты дегенге кім сенер. «Еліне – қоныс, малына – өріс сұрағалы жүр ме?» дейін десе ол пайымның да қисыны жоқ. Біріншіден, төренің өріске тарығар әзір жөні жоқ, Маңырақтың сансыз қойнауы мен Шорғаның құйқалы жазығы соның еншісінде. Екіншіден, қалмақ аз болса да ата қонысын өліспей үлеске сала алмайды. «Пұшпақтай жер бергенше, сол пұшпақтай жерде басыңды қалдыр» деген қағиданы бұлар да қатты ұстанатынын төренің білмеуі де мүмкін емес. Құда түсіп, сүйек дәнекерлеуді ойлады дейін десе, мұнда бойжетіп отырған қыз жоқ. Ошыржап қалай ойласа да бұл түйіннің шешуін таба алмай қойған. – Батыр, – деген Ошыржап Қасқақпен төске төс тиістіріп, қоштасып тұрып, – сіздің жұрт: «Жерінен ауғанға жеті жыл қоныс жоқ» деуші еді. Жаратушыға мың да бір алғыс! Ауып барған жерден қайта ауып ата қонысқа келсек те осынау шұрайлы мекенге біраз жыл көң төгіп, иеленіп қалған ағайынға көзтүрткі болдық па деп қауіп қылушы едік. Қамбар төренің керісінше достық қолын алдымен созуы сол қаупімді сейілткендей. Жоңғар жұртының ешкімге бастырмаймыз деген кеудесін алдымен қазақ елі талқандап, онан қалғанын қытай тоз-тозын шығарған соң шынында да біраз иен қалған шұрайлы қонысқа көрші отырған Найман, Керейдің біразы көз сала бастаған. Тіпті, жыла қонақтап көшіп барғандары да мол болатын. «Оу, біз бұл жерлерді өзімізге қаратып алғанымыз қашан?» деп Цинь империясы қоқан-лоққы көрсетпек болғанымен, қазақтар олардың айбатына көп қыңа қоймаған. Тіпті. Алтай, Сауыр, Барқытбел баурайлары ежелдің ен күнінен ата-мекендері болғанын, бұл жерлерде бабаларының бастары жатқанын айтып, «Жерден көшіңдер» деп келген елшілерге: «Е, бұларың жөн екен» деген ешкім болмаған. Күш көрсетпек болған кезде тіс көрсетіп, қарулы қақтығысқа да баратын. Сондықтан Қытай императоры Абылай ханға жазған хатында: «Сендер, қазақтар, біздің жерімізге бірнеше жыл ішінде біртіндеп көшіп алдыңдар... Сенің халқыңа ... бос жатқан жерлерде көшіп

жүруге мүмкіндік туғызу үшін қазірдің өзінде бұйрық берілді» деп, мойындай бастаған. Содан да қытай жағы «жер менікі» деп, сырттай иемденгені болмаса, бұл маңға қалмақтарды қондыру, қондырмау қазақтың қолындағы шаруа еді. Әбден арып-ашып, үйірінен бөлініп келіп, о бастағы ата жұртының бір пұшпағында отырған Ошыржаптың аз тобына қытай жағы да пәлендей қарсылық көрсетпеген соң қазақтар да кең пейілділік танытып, ел ағалары ауып келгендердің Сауырдың оңтүстік етегін қоныстануларына қарсы болмаған. Азуы сынып, айбыны азайған, оның үстіне алыстағы қытайдың боданы ма, әлде жақындағы қазақтың кірмесі ме, бәрі де түсініксіз мынау заманда әр таңның бейбіт атып, әр күннің бейбіт батқанына тәуба деп жүрген уаңның көршіге кергитін жайы да, жөні де жоқ болатын. Ол сыртқыларға сыр ашпас саясатшыл жаратылысынан жаңылғандай өзінің қазақтардың бұл келісіне қуану себебін де сездіріп қалды. Сонан соң ол жанында тұрған Байшуаққа бұрылып, былай деген: – «Қалмақ тонын кигенмен қанымыз да, жанымыз да қазақ болып қала береді» деп едіңдер. Табылған, жүрекжарды сөздеріңе риза болғанмын. Қандастарыңды ел шетіне дейін шығарып салып, еркін тілдесіп, мауық басыңдар! Ал батыр, хайыр қош! Төреге дұғай сәлем деңіз! Ілтифат, ықыласына Жаратушы риза болсын. Қонақтар Алла деп атқа қонғанда жаздың ұзақ күні жерден арқан бойы көтеріліп қалған еді. *** Қайтар жолда Бөкей, Сайын жандарына Баратты алып, үлкендерден сәл артта, өз әңгімелері жараса оңашалау қалып жүрсе, Байшуақ үлкендердің тобына қосылған. Бекер обалы қане, Байшуақ «Төре, бізді қалмақ ортасынан қашан алдырар екен?» деген сияқты орынсыз сауал қойып, батырды мазалаған жоқ. Осыдан бір-екі ай бұрын ғана берген төренің уәдесіне сенеді. Тіпті, Қасқақ батыр бастаған қазақ елшілерінің меймандостық бұл сапарын да іштей жақсылықтың басы деп біледі. Батыр да: «Саспаңдар, балалар, сендерді қалай да алдырамыз?» деп күпінген жоқ. Ол да төренің бір есебі барына, алмас қылыштай жарқылдаған ағайынды қос жігітті өз үйіріне қосып алудан аянбасына сенеді. Тек Жұманай көсе ғана: «Жоға деймін-ау, сонда сен екеуің Ошыржаптың барып кел, шауып келі болып жүре бересіңдер ме? Әгәрәки, бар ғой, екеуің қалмақтың екі шүйкебасын алдың бар ғой, онда өзіміз де қалмақ болып кеттік дей беріңдер. Шіркін, қалмақтан қатын алған неге жаман болсын. Жаман болса, біздің Қамбардың әкесі Санияз төре қалмақтан қатын алар ма еді?! Бұрын қолы жеткен батырлар мен бектер,

төрелер мен төрдегілер ғана алған ғой. Бірақ олар жаугершілікте ғана ат көтіне мінгізіп әкеліп, дініне кіргізіп барып қана қатын қыпты деседі ғой, – деп, ол бастаған әңгімесінен лағып, бір қиырға сыңар езулеп жөнелген. Сонан соң есіне бұдан да маңыздырақ әңгіме түскендей, сөз ауанын тағы өзгерткен. – Әй, сен өзің Отыршабыңа шаң жуытпайтын болып алыпсың, соның әлгі пұтқа табынатын дініне кіріп алғаннан саусың ба?!» Байшуақ осы бала мінез қарттың сөзіне ренжіген жоқ. Қайта шын пейілімен рахаттана күлген. Қос жігіттің басындағы тағдыры, олардың ертеңгі болашағы туралы өзінше толғанғанмен, олар туралы әңгіме болмағанынан-ақ өзінше ой түйіп келе жатқан Нұрәлі би де Жұманайды қақпайлай берген. – Жұмеке, бұл екеуінің жайын шешер екеуіміз емес. Тіпті, мен білсем, Қасқақ батыр да шешер түйін емес бұл. Сондықтан ол жөнінде әңгіме қозғап қайтесіз?! Сөз ауанын жол басшысының өзі басқа арнаға бұрған. – Жә, енді бір екі-үш белден асқан соң ел шетіне де ілігеміз. Байшуақ пен Баратқа: «Көрісер күн жақын болсын!» деп осы жерден қайыр-қош айтысайық. Соқпақ түсті ғой, көш жолын көрер күн де алыс болмас! Біз, Нұреке, Жұмекең Маңырақтан асысымен Шәйлі марқұмның басына барып құран оқып қайтайық. Жарықтық орнынан бір аунап түссін, – деген. Байшуақ та батыр жүзіне ұялай қалған мұңға ұқсас көлеңкені сезіп, «Ол кім еді?» деп тықақтауды жөнсіз көріп, Шәйлі жайын сұрамады. Тек өздерінің Маңырақтың жотасына дейін шығарып салуларына рұқсат сұраған. Соңдарында келе жатқан жастар іркіліп тұрған үлкендердің пікірін естіген соң Бөкей мен Сайын да Қасқақ батыр мен Шәйлі қыз оқиғасына «Ел құлағы – елумен» таныс болғандықтан, өздерінің де құранға қол жайғылары келетіндерін білдірген. Тал түстің кезінде Байшуақ пен Барат кері қайтып, қалғандары келгендегі іздерін өзгертіп, Қой Маңырақтың солтүстік беткейіне таман жатқан Арасан Талды жолына түсіп, одан беріректегі Шәйлі бұлағын бетке алды. – Батыр, жоға деймін-ау, Шәйлі қыздың марқұм болғанына да он шақты жылдың жүзі болып қалды, ә?! Ой өтіп бара жатқан жүйрік уақыт-ай деген. Бәрі де күні кешегідей сияқты. – Жұманай көсе үлкен кісі болып, көшелі бір сөз бастап еді, жанында келе жатқан Нұрәлі би оның бүйірінен түртіп қалып, бетіне оқшырая қараған қартқа басын шайқады. «Жан жарасының аузын тырнап қайтесің?» дегені еді. Бұл сөзінің де қай жері ұнамай қалғанын ұқпаған көсе бір жөткірініп алып, әңгіме ауанын мүлде басқа арнаға бұрды: – Жарықтық, биыл Маңырақтың тасына дейін шөп шыққан екен. Құдайға шүкір, көктем жаңбырлы болды ғой... – Иә, шөп қалың екен, – деп, Нұрәлі де оны бұл жолы қостап қойды. Ал Қасқақ батырдың кере қарыс кең маңдайындағы жаңа-жаңа жол сала бастаған әжім іздері тереңдеп, жарқабақтана біткен қалың қабағы түйіліп

кеткен. Өз ойының тұтқыны болып келе жатқан. Расында да он шақты жыл бұрын өткен сол бір қаралы оқиға күні кешегідей есінде... ІІ Күзгі дала тым сұрқай. Қар жаумағанмен Маңырақтың терең сайларын қуалай соққан ызғырық еттен өтіп, сүйекті қаритындай. Жылға-жылғадағы бұлақтар тоңып, қабыршақтана қатқан шыңылтыр көк шарбы мұз ат тұяғымен тас түскен әйнектей күлдір-күлдір сынады. Жүргіншілер тымақтарының бауларын шарт байлап, ішік-тоңдарының шалғайымен қос тізелерін қымтап алған. Қарсы соққан ызғырыққа қасқая қараған күйлері суыт жүріп келеді. Ең алдымен, өзгелерден оқ бойы шығандап жалқы келе жатқан жүргіншінің астындағы керген төстіктей көк қасқа шұлғып тастап, сумаңсумаң аяңдағанда өрлі-еңіске бірдей сынаптай сырғиды. згелердей түлкі тымақ емес, төрт сирағының қара жағал терісін төрт жағынан келтіріп тіккен сусар бөрік пен жолбарыс терісіндей тарғыл көрінер кең пұшпақ ішік киген бұл жолаушының сыртқы салтанаты мен айбары елден ерекше. Қоладан құйғандай шаншылып, күмістеген ер үстіне отырысында да ерекше бір сырбаздық, жарасымдылық бар. Қару атаулыдан сырт көзге түсер сүйек сапты қайқы қылыш қана. Ауыл мен ауыл, ру мен ру арасындағы базына, барымтада ұстар сойыл-шоқпар ғана емес, бүкіл ел намысы деп атқа ер салар ірі жаугершілікте батыр атанған азамат қана қолға алар қылыш, найзаны тек ел ағасы мен батырлар ғана ауыл арасында да еркін асынып жүретін. Бұл кісінің кесек тұлғасы, маңғаз отырысының өзі-ақ оның қайқы қылышты текке асынбағанын көрсеткендей. Дегенмен оның осы топтың басшысы екенін аңғару оңай еді. Соңынан ерген серіктерінің бар-жоғын ұмытқандай. Маңырақтың бір-бір қора қойды немесе бес-алты үйір жылқыны бір қысқа қыңқ демей асырап шыға алар сиыр бүйрек көп быдырақ-бұйраттары мен әр қолат-қойнауына тесілген күйі жортып келеді. Оған қарағанда негізгі топтың кеуде тұсында көк қасқадай сыптығар болмағанмен бота тірсек, жуан сіңір құла төбелдің үстінде төбедей болып отырған қаба сақалдың алып тұлғаға сай асынған қылышы мен қарына ілген шашақты найзасына қарап, осы топтың, осы топтың ғана емес, бүкіл бір жұрттың сенім артар күші де, найзасының ұшы да болар батыры екені танылғандай. Құла төбел алдына түскен көк қасқаның қорлығына шыдамағандай ауыздығымен алысып, сүзе тартқанмен әулетті қол әдейі тежеп, ара қашықтықты бір қалыпта ұстап келе жатқаны байқалады. Оның қасындағы бес-алты сарбазы да, ала-құла киінгендерімен құр қол емес. Біреулері ақбауыр сойыл сүйретсе, енді біреулері басы үлкен адамның қос жұдырығындай бөртпе шоқпарды тақымдарына басқан. Құр қол дегендердің

бұзаутіс дырау қамшылары бар. Топтары шағын болғандарымен түйілген жұдырықтай ықшам жеңіл-желпі жау шықса жайпап өтердей. – Батыр, жоға деймін-ау, сол аз үй Үкібайды әке-көке деп неменеге оң жақта отырған қыздай сызыла береміз? Елінің бұйдасын ұстаған жас пері Алдиярының Алласын есіне бір түсірсек қалғаны айтқанымызға көніп, айдағанымызға жүрмес пе... – Астындағы әлекедей жаланған ақ жал айғырдың буы бойына тау қопарардай қуат бітірген ауқымы бір-ақ уыс Жұманай көсе құла төбел мінген нардай жігітке қатарласа беріп, ойына келе кеткен өз байламын ортаға тастаған. – Жоға деймін-ау, ол қорғап отырған Кішкенетаудың тұтас бір беті түбін қуып келсе, жалғыз Төртуылдың жері емес, Бала Ертіске қоныс аударған қалың он екі ата Абақ Керейдің үш-төрт атасының ортақ мекені емес пе?! Алдиярдың ол жерден тістей қатып айрылмайтындай атасының құны жоқ шығар. Ағайыншылықпен төрені сыйласа, екі-үш қыстауын өрісімен берсе, қолынан аламыз, бермей кергитін болса, керегесін күйретіп отырып, жолынан аламыз! Тек осы сапарда шоқпар ұстар азаматының мөлшеріне дейін әбден бағамдап қайту қажет. Жоға деймін-ау, басқа-басқа, біздің Қамкеңді, Қамбар төрені басынатын жөні жоқ қой. Аяқты малда ақыл жоқ. «Бұл пәленшенің жері еді» деп аяқ баспай қоймайды. Мал жеріне түссе, Алдиярдың ырысы шайқалып, құты кетпеген болар. Жалғыз-жарым мал емес, бір айғыр-үйір жылқыны бөліп алып, жылқышыларды сойылға жығатындай не құны қалды деймін-ау?! – Ол осыным қалай, дегендей, төңірегіндегілерге жалтақ-жалтақ қарап, ақ жалды шаужайлап қойды. Жұманай көсе сөйлеп келе жатқанда уытты көк бұйра насыбайды молдап атып алып, аузына су толтырғандай үндемей отырған батыр аласы мол үлкен көзін оған немкеттілеу ғана тіктеп қарады да, алдымен танауының астымен мырс етіп бір күлді. Сонан соң енді сөйлемесіме қоймадың-ау дегендей насыбайын сұқ саусағымен іліп тастады да былай деді: – Оттапсың! Астыңа сіңірлі айғыр мініп, қарыңа шоқпар ілген соң аузыңмен орақ орып келе жатқан боларсың, – деді. – Әйтпесе Үкібайды шапқанды қойып, өзіңе қатының тап бергенде қу жаныңды қайда қоярыңды білмейтін Жұманай емес пе едің?! Жігіттер ду күлген. Не айтарын білмей қысылған Жұманайдың шикіл сары беті біраз күреңітіп, шарғы бойлы шағын тұлғасын ер үстінде қозғалақтатып қойғанмен батырдың сөзіне айтар уәжі болмай ақыры өзі де кеңк-кеңк күлген. Жұманайдың зайыбы Қатша бүкіл төре аулына қарулылығымен аты шыққан балуан тұлғалы кісі болатын. Осыдан үш-төрт жыл бұрын болса керек, Жүкең көрші елдің жылқышыларына барып, жоғалған жалғыз биесін солардан көрсе керек қой. Қария: «Бауыры құт, желіні сүт, кемдей биені сендерден басқа ешкім алған жоқ. Онан да айып-ажынымен жетелеп әкеп беріңдер. Әйтпесе Қамбар төреге

айтып, бұл күндеріңді зар қыламын» деп күш көрсетпек болады ғой. Жылқышылар оны сары тісті, ақ сақалды кісі болған соң сыйлап, кісілікті сөз айтса, өз деміне өзі қызынып алған Жұмекең өзіне жақын тұрған бір жігітті қамшымен тартып қалады ғой. Жазықсыздан жазықсыз жапа шегіп, қамшы жеген жігіт: «Әй, бәлем, сен кәрі сайтанды ма, бәлем!» деп атына қарғып мінсе, біздің батырсынған қария екі-үш белдің арғы жағында отырған ауылына қарай шаба жөнелсе керек қой. Қуғыншыдан бір арқан бойы келген қарт атынан домалап түсіп: «Қатша-Қатша, келіп қалды, тысқа шық, ойбай!» депті жан-даусы шығып. Үйден жалаң аяқ, жалаң бас дегендей жүгіріп шыққан Жұмекеңнің зайыбы отағасы қуып келген жігіттің ақ-қарасын айырмай жатып: «Үй-бай ғана қу сыңғыр-ау, «Ит көзі түтін танымас» дегендей, әкеңдей кісіні неғып, сәйгектетіп қуалап жүрсің?» деп қуғыншыны атының үстінен жұлып алып, жерге атып ұрыпты дейді. Сонда есін жинап үлгірген Жұмекең үйінен жүгіріп шығып: – Қатын, қатын, ашуыңды бас. Бұл шіркінді қорқытайын деп қамшымен осып өткен өзім едім. Қамшыдан ығып, сөзден бұғар жұрт қалды ма қазір? Онан да бар сусыныңды сапыра бер, – десе керек қой. Жүкеңнің «ерлігі» туралы тағы бір әңгіме төре ауылының жас-кәрісіне түгел тарап кетіп, кәрі жезделерінің күлкі болғаны бар. Бірде балдыздары Жұманай көсеге әзілдеп: «Әй, осы сені еркек болып қатыныңа қамшы көтермейді дейді ғой. йтіп жігіт атанғанша, Қатша әпкемізді-ақ атқа мінгізіп, өзің қазан-ошақты бағе-е-еп, үйде отырсаңшы», – деп, әбден қайраса керек қой. – Е, жоға деймін-ау, қатын сабау керек болса, қане жүріңдер үйге, – деп қоқиланады Жұмекең. – Тек әпкелеріңе жандарың ашып, маған жабыла кетіп жүрмесеңдер болғаны. – Ойбай, ашу үстінде өлтіріп тастамасаң болды. Ол кісінің сүйегі – біздікі, еті – сіздікі ғой, – деп қайрайды балдыздары. Қараша үйінің сыртына келіп, ат басын тіреген Жұманай көсе: – Қатын-ей, қайдасың? Мына аттың басын ұстамаушы ма едің? – деп шіренеді. lркіт пісіп жатқан әйелі үйден жүгіре шығып, жігіттерді қолтықтап аттан түсіреді. Аяғы сынғандай ат үстінде сіресіп отырған Жұманайды да қолтығынан демеп, көтергендей ғып атынан түсіріп алады. Ескі-құсқы көрпешелерін төр алдына жайып, қонақтарына ұсынар басқадай ештеңесі болмаған соң пісіп жатқан іркіттен құйып алып, қонақтарына тостақпен ұсынады. lртік-іртік майы жүзіп жүрген іркіттен елден бұрын ұрттап қана көрген Жұмекең жанжалдасуға ілік іздесе керек: – Әй, қатын, жоға деймін-ау, қашан барсаң да Қамкең төреннің үйінің қымызы тіс сындырардай сұп-суық болып даяр тұрады. Мынау жылымшың не пәлең? – деп, тостақ толы іркітті зайыбының бетіне шашады ғой.

– Пай-пай, Жұмеке, осы сіздің мінезіңіз-ай, араша, батыреке, араша! – деп, жігіттер де отқа май құя бастайды. – Жоға деймін-ау, қоя беріңдерші, ел қамы, жер қамы деп сыртта жүрген ерін күте алмаған жаман қатынды қатын емес қатқан тулақ етейін, – деп, жұлқына ұмтылған көсе әйелін жұлмалай жөнеледі. здеріне керегі осы қызық болған соң әрі Қатша әпкелерінің де күш-қуатын бір байқағысы келген балдыздар оны ұстап қайтсін. «Араша, батыреке, мінезіңіздің қиын-ай осы» деп Жұмекеңе жел бере түседі. – Бір қателігім болса кешу ет, отағасы, – деп әпкелері де бұға береді. Қой дегенде, қоя қояр Жұмекең қайда, қолын оңды-солды сілтеп, тоқтамаса керек қой. Әйелі оған да мыңқ етпеген соң, еркек екенін енді білгендей әбден еліріп алған Жұмекең кереге басында ілулі тұрған сары ала қамшыны ала салып, екі-үш осып өтеді. «Ойнаймыз деп өрт шығарып алдық па?!» деп, қорыққан жігіттер де тұра ұмтылады. Сол кезде ойда жоқта себеп-сылтаусыз ойран бастаған отағасының қолы батыңқырап бара жатқан соң Қатша оны серпіп тастап, тұмақтай ұшырады. – Ер адам ғой, меселі қайтпасын десе, жұт жылдың боранындай үдетіп барасыз ғой, тіпті, – деп, төбедей болып орнынан тұрады. – Болды-ей, қатын, жоға деймін-ау, біраз жерге бардық, бүгінге осы да жетер! – дейтін көрінеді орнынан тұра алмай жатқан Жұмекең. Сонда ғана естерін жинаған жігіттер: – Әпкетай, құдай кешсе, бізді кешіре көріңіз. Мына жездеміз «Түзде батыр болсам, үйде батылмын» дегенін қайтып айтпасын деп біз қайрап едік. Қаншалықты батыл екеніне көз жетті. Ал тәтті етіңізге ащы таяқ тигіздіргеніміз үшін айып бізден, – деп, жігіттердің бірі Жұмекеңнің қорасына қозылы қойын, біреулері лақты ешкі, тайынша-торпақ кіргізіп беріп кінәларын жуыпты. Алайда, осы әңгіме түрлене құбылып елге тарап, Жұмекең жазған біраз мазақтың астында қалған. Жұмекеңнің жұрт мазағына, қалың балдыздарының қылжағына қалмайтын күні жоқ. Және сол әңгімелердің көбі бір тектес, өзектес болып келе беретін. Оның бұдан екі-үш ай бұрынғы тағы бір «ерлігі» біраз қылжақ сөзге арқау болған. Бір қызығы, олар жезделерінің қызыл сөз болмаса, еркек кіндік болып, қайрат көрсетер тұста масқарасы шығатыны ақиқат болса, керісінше әпкелері Қатшаның азаматқа бергісіз қару-қайраты дәріптеле мақталып, аңыздай болып жұртқа тарайтын. Онда, тағы да Жұмекең қарап жүрмей, қанаттас жатқан Байжігіт аулының жылқы қосынан бөлініп қалған бір үйір жылқысына кездеседі ғой. Өзі құс салып, серуеннен келе жатса керек. «Оу, осы барымталап жылқы алып жүрген жігіттер менен артық дейсің бе?! Алланың өзі бұйыртып тұрған несібеден несіне бас тартамын? Елдегі жігіттер менің де осал сиырдың боғы емес екенімді көрсін», дейді де жылқыны қуа жөнеледі. Айдарынан жел есіп,

ел шетіне жете бергенде ақай жоқ, тоқай жоқ тал түсте малын қуып кеткен жүрекжұтқан жалғыз атты барымташының ізіне түскен қуғыншылардың да қарасы көрінеді ғой. Ойда жоқта байып шыға келмек болған батырыңа да жан керек екен, олжасын тастай беріп, атын көсілте жөнеледі. Соңынан ентелеп, келіп қалған екеуге мойнын бұрып: «Ой, жігіттер, ойынды да білмейсіңдер ме? Әншейін сендердің қырағылықтарыңды байқайын деп едім. Қайтыңдар, жігіттер қайтыңдар! Әйтпесе қолым қатты еді, біреуіңді майып қып алармын», деп доқ көрсетсе керек. Ауыздыға сөз, аяқтыға жол бермейтін Жұмекеңнің пысықтығына тоқтау салған Қасқақ батырдың әзілі де осы әңгімелерді меңзеген болатын. Жігіттердің бәрі жол ермекке айналған Жұманай көсенің сол бір «батырлықтарын» еске алып, күлкіге қарық болған. Осы кезде Бөкей сұлтан бағанадан айтылған сөздің мән-маңызын жібермейін дегендей әңгіме арасында айтылған кейбір жайдың мәнін анықтап алайын дегендей Жұманайға тосын сауал қойған. – Жұмеке, біресе Төртуылдың, біресе Үкібайдың аз ауылы деп, доқ көрсеттіңіз. Үкібай да Найман атаның бір бұтағы бола ма? – деп Жұманайға қараған. – Олар бізге неге жерлерін берулері керек? Соны ұға алмай келе жатырмын. – Әй, айналайын, Бөкейжан, – деді Жұмекең маңғазданып, – кімнен кім туатынын, қай рудың қалай тарап, тармақтанып кететінін мен де бес саусағымдай жақсы білемін ғой. Дегенмен, мен мына Қасқақ батыр сияқты исі қазақты таратып, таразылап берудің білгірі тұрғанда суырылғаным жараспас. Сауалыңды осы кісіге қойғаның жөн, – деп, бір бүйіріне бұлт ете қалған. – Е, – деді Қасқақ батыр әңгімені ұзартқысы келмегендей. – Ұшқан құстың қанаты талып, жүгірген аңның өкпесі өшкен алып далада тұрып жатқан қалың қазақтың бәріміз де бір-бір бұтағымыз ғой. «Өспейтін елдің баласы өнбес дауды қуалар» дегендей, бір-бірімізді күндеп, бір-бірімізді жүндеп тозып жүргеніміз болмаса, құраны бір, ұраны ортақ бір қазақтың ұрпағы емеспіз бе. Бүгін Төртуыл деп қыжыртып келе жатқанымыз да еншісі бөлінбеген екі туып бір қалғанымыз емес пе? Бұл күнде үш жүз деп бөлекбөлек ту көтергендер айналып келіп, бір қазақтың ұрпағы болып тарайды. Балам, сен сұраған Үкібай Төртуылдың Атабай дейтін аталығынан тарайтын бір бұтағы. Ал Төртуыл да Төлегетайдың бір баласы. Біз аз үй Үкібайды басынғанымызбен, бүкіл Алтай-Сауыр, Қара Ертістің өрлі-өңісін Абақ Кереймен бірге жайлап жатқан Төртуылға шоқпар сілтей алмаспыз. Төре атаулыға бағынып, «ләппай» деп көрмеген Тобықты елі сияқты Төртуыл да ешкімге тізе бүгіп, тізерлеп көрмеген жұрт. Өзім де осы сапардың жосықтылығына сенбей атқа қонған жанмын.

Қасқақ сөзінен екіұштылау пікірдің лебі байқалған. Шындығында ол Қамбар төренің найзасының ұшы, білегінің күші болып жүрген жылдарында төресіне «Е, мұның қалай?» деп көрмеген бағыныңқы қалпынан айнымай келіпті. Тек бір-ақ рет, бұдан біраз бұрын Қожамбеттің батыры Жұрынтайды жылқымды ұрладың деп төре жазықсыз жазаға жыққанда Қамбардың бетіне тіктеп келгені бар. Одан кейін... жо-жоқ. Қасқақ батыр осы сәтте алдарындағы оқ бойы оқшау жортып бара жатқан ел ағасы, мырзасы, Қамбардың бүгінгі жортуылының соңы немен тынарын ойлаған: «Абысын тату болса ас көп, ағайын тату болса ат көп», сыйласа білген жұртқа жетпей жатқан қоныс жоқ, сыйыса алмай қида-қида болған ағайын, осылай алысумен, осылай арбасумен өттің-ау! Жас пері, жаңа талап Алдияр берсең – қолыңнан, бермесең – жолыңнан деп, тіс көрсетіп, тізе батырмақ болған зорлыққа намыскер басын жер жастандырмай тұрып көнер ме?! Көне алмас. «Жаттығым жоқ, ағайын, жатырқама» деп барса, тіл табысып келісер еді. Қашан да үлкен-кішімен оңай ұғысар төренің бұл жолы Төртуыл баласына жуандық көрсетпегені жөн-ау» деп толғанды ол. Бір қолын қалың қамысекті-құрақты, шағыл-шағыл құмдауыт, алты ай қысқа жер қайысқан қалың жылқы, қаптаған қой малын қыңбай асырап шығар Нұрзайсанға Қара Ертіс құяр сағасынан жібермей, екінші қолымен Құстыға дейінгі қара жусан, ақтықты сары жазығын шеңгелдеп отырған төре аулы соңғы кездері өз жерлерінің жайсыздығын, қалай дегенде де күңгейлі, теріскейлі тау сағалаған жұрт қонысының өздерінен артықтығын жиі әңгімелейтінді шығарған. Төресі бар, төлеңгіті бар соңғы жылдары аша тұяқтысы, ай тұяқтысы аралас қисапсыз көбейген малға басқадай кең өрістің қажеттігін байқайтын. Ел бастаған ақылман атанып атқа мінген соң, осынау қиын жерде қиялап жол табу міндеті өз мойнында болған соң, Қамбардың ойлай-ойлай тапқаны, шағын ел Төртуылдың Үкібайының жері – Үйдененің бергі бетіндегі мал жұтамас қалың быдырықты Қой Маңырақтың бір тұмсығы барып тірелетін Кішкенетаудың батыс өңірін өзіне қаратып алу болатын. Қыс қыстау, жаз жайлауына аз да болса жұмылған жұмырықтай болып көшіп-қонатын Төртуыл баласының өзара ауызбірліктерінен бе, әлде ертеден ерегескенге есе жібермейтін жауынгерліктерінен бе, әйтеуір, олармен біреулердің шармаяқтасып жатқанын Қасқақ Қасқақ болғалы естімепті. Сол Үкібай бұтағының жас та болса бас атанған ел ағасы Алдиярға жабағы жүн қырқу кезінде Қамбар кісі салған. «Төремін деп төр сұрағаным емес, ағайының болып жер сұрағаным. Біз де құдайдың құлы екеніміз рас болса, қамыста жатып қабылан аулағанша, тауға шығып, таутеке атсақ деп едік. Үйдененің бергі бетінде жатқан Қызылшағылдың етегіндегі екі-үш қыстауын бізге қисын. Ағайынбыз, қарыздар болып қалмаспыз! Алдияр аға сыйлап көрсе, меселімді қайтармасын», деп сәлем жолдаған.

Алдияр Қамбардың дүмі қатқыл, зілі ауыр сәлемін тыңдап, аз-кем үнсіз тұнжырап отырыпты да: – Аға боламын дегенге бауыр болып көріп едім, «аламын» дегенге дауыл болып көріп едім. Қамбар сөзді кісілікпен бастап, күштілікпен аяқтапты. «Иттің иесі болса, бөрінің тәңірісі бар», себеп-салдарсыз аламын деуін асқандық деп білемін. «Қарыздар болып қалмаспыз» дейтін ұзын арқан, кең тұсаудың маған қажеті жоқ. Төреміз деп төрімізге шығарғанмен, кеудемізді басқыза алмаспыз. Жерімді не үшін, неліктен алғысы келеді екен? Күлбілтелемей әңгіменің төтесіне көшсін! Басқа сөзді білмеймін!Осы сөзімді шашау шығармай жеткіз! – деп әңгімені тәмамдапты. Алдиярдың осынау жауабы жеткелі байыз таппай қатты ширыққан төре өзіне ресми түрде бағынышты болмаса да Төртуыл баласына, әсіресе Алдиярға қарасты жұртты ашықтан ашық қырына ала бастаған. Содан төре аулы жабағы жүнді түсіріп, төлдерін әбден аяқтандырып дегендей, жайлауға үдере көшер уақыт болса да биыл ерекше мінез танытып, көктеуліктен әбден кеш көтерілген. Қамбар көшпен ұсақ малды қара жолға салғанмен, дөңгелек тұяқ атаулыны шұрқыратып, Үйдененің бергі бетіндегі Кішкенетаудың быдырығына қаптата айдатқан. Жайлауға төте тартар құдайдың кәдімгі көш жолы тұрғанда төренің неге бұлайша бір қиырға бұра тартқаны оның бір өзі мен қос ағасы – бас жылқышысына ғана белгілі еді. Үйір-үйір қаптаған қалың жылқы күні бойы сай-саланы өрлей жайылып келіп, жұлдыз жамырай Үкібай қыстауларын басып өтіп, өзеннің бергі бетіндегі шабындыққа келіп түскен. Бұл бүкіл бір рулы ауылдың жаз ортасына таяу келіп шауып алатын жалғыз шабындығы болатын. Қай қазақ мал атаулысын қыс баласы көк пішенді көпірте салып асырауды әдет қыпты, әйтеуір арамза туған төл мен міністегі аттарға жетерлік несібені осы арадан жинайтын. Түн ішінде таудан тас тасқынындай жөңкіле құлаған қалың жылқы айналасы тай шаптырым жердің кездік бойы алсындап қалған балаусасын быртбырт орып, таң сібірлеп атқанша ұстарамен қырғандай қылған. Сөйткен де қапталдай жайылып, күн шыққанша қайтадан негізгі көш жолына түскен. Бұл қысастық, әрине, білінбей қалған жоқ. «Ағайын, бұл қай керің? Жердің түгі жетілер, бірақ көңілге түскен кірбің кетер ме? Төре аяғын тартсын», деп Алдияр арнайы кісі салған. Оған «Е, солай болыпты» дейтін төре бар ма, «Шабындығына түскен жылқыларды үш күн бойы оттатпауға жаза бұйырдым, хайуандардың есі болса енді түспес», деп мысқылды, қызыл итін қыңыр шаптырып, қиқар жауап берген. Содан кейін екі ауыл бір-біріне сырт берісіп, бірақ артық әрекетке барыспай, тым-тырыс жатып алған. Әңгіме сонымен де тынар ма еді, Қамбар екінші дүркін ірге жаулық мінез көрсетпесе. Ел қыстауға қона төре аулының көгалалы көп жылқысы тағы бір түнде көпе-көрнеу олардың қыстауларының іргесіне барып жайылған. Сонда ғана

Алдияр жігіттері басқыншы жылқышыларды сойылға жығып, төре малымның басы дейтін жирен төбел айғырды үйірімен алып қалып, қалың малды түре қуып тастаған. Бұл – аяспайтын, нағыз «келсең кел» жанжалдың болмай қоймасының белгісі еді. Қамбар біраз азаматтарын таң бозынан атқа қондырып, суыт келе жатқан беті осы болатын. «Жазықсыз» жапа шегіп, сойылға жығылған бес жылқышы мен әй жоқ, шәй жоқ қолды болған бір айғыр үйір жылқысы үшін Алдиярдың айыбын мойнына қойып, тізерлетіп қайтпақ. Қалай болғанда да о баста нысанаға алған Кішкенетаудағы екі-үш қыстауды қолтықтап қайтпақ. Бүгін іргежауын «жә» дегізбек, ол болмаса би алдында жүгінер күн туса да мұның айы оңынан туарына кәміл сенімді. Бір жұрттың ту ұстары өзінің үзеңгілес досы, тегі төре тұқымынан болмаса да сен төленгітім едің деп көрмеген Қасқақ батырға да ашылып, сыр айтпаған. Бар болғаны: – Төртуылдың Үкібайының жерін, от басында отырып батырсынған ерін көріп қайтамыз. Әзірге қол алмай-ақ елеусіз аз ғана топ ертерсің, – деген. Келісім сұрап емес, бірден кесімін айтқан. Бұл: – Төрем, іргелес ағайынға іріткіні сенің салғаның жараспас. Кетісу оңай, келісу қиын, одан да мәмілеге келгеніміз мәндірек болмас па? «Ашу – дұшпан, ақыл – дос», асығыс аттанып бара жатқан жоқпыз ба?! Өйткені, басын бассақ кетпеннің сабы өзіміздің маңдайымызға тигелі тұрған жоқ па?! – деген. – Алдиярдың шүйке бас қарындасына қолым жетпесе бұл дүниеден қатынсыз өтем деп тұрсың ба, батыр! Емешегің үзіліп тұрса, тартып-ақ әперейін ол қызды. Әлде қалыңсыз алған қатынның қадірі жоқ дейсің бе? – Қамбар Қасқақтың осал тұсы – ер намысына шоқ тигізе сөйлеген. – Төрем, Алдиярдың қарындасына қолым жетпесе, қатынсыз қалармын деген ойым жоқ. Жаныңа еріп, жалауыңды көтерісіп жүрген соң ойланғаным сенің бедел-биігің еді ғой. Елін жылатып, зорлық жасаған кісі ел тізгінін ұзақ ұстай алмас. Мен айтып парыздан құтылдым, қалғанын патша көңілің шешсін. Сөз осымен тәмамдалып, бұлар күзгі сүреңсіз даламен Маңырақтың шығыс жақ тұмсығын бетке алған еді. Бұрын-соңды мұндай қырбайлық, сөз қағысу деген екеуінің арасында көптен бері болмаған соң ба, екеуі де бірбіріне қайтып тіл қатыса алмай, тоң-теріс үнсіз келе жатқан. Жүргіншілер түс әлетінде Дауалдың беткейіне ат тұяғын іліндіргендері сол еді, қарсы дөңнің басында көлденең тартып тұрған шаңқандай ақ боз мінген жалғыз салт аттыны көрген. Кез келген көлденең өткен көк аттыға сәлем бермек түгілі кез келгеннің сәлемін бірде алып, бірде алмайтын Қамбар төре жалғыз аттыға көз қиығын салмай өтіп кете бермек еді, анау әлдене десе керек, көк қасқа да жол үстінде тоқтай қалды. Әлде ел, әлде жау екені белгісіз, бірақ дөң үстінде орнатылған тас мүсіндей болып, ірілік танытып

тұрған белгісіз жолаушыға тезірек жету үшін Қасқақ онсыз да тізгін тежетіп келе жатқан құла төбелге ерік берді. Шағын болса да өз айбынымен, жарасымды салтанатымен келе жатқан жүргіншілерге жалғыз салт аттының сәлемі де тосын болды: – Қаруыңа қарасам дау қуған даугерге ұқсамайсың, қарымаңа қарасам, жау қуған жаугерге ұқсамайсың. Жүрісің – суыт, түсің – суық. Қуғыншыға да, қуылғанға да жори алмай тұрмын өзіңді. Мойын бұрмай қиялай тартысың елдікке келмес, атойлап ат қоймағаның жаулыққа келмес, жұмбақты жолаушыларым, жол болсын! – Кіл қара құлынның жарғанынан күлте жалдарын жеңге тігінен келтіріп, төгілдіре тіккен тайжақылы жас жігіт ақ боздың үстінде үзеңгі бауын төрт қабаттап, айылын жимай кесек сөйлеген. Таныса да танымаған сыңай байқатады. Қас батырдай балуан тұлға, кесек бітімді болмаса да өн бойы тарамысты, қайыңның безіндей тым шымыр көрінеді. Не айтасың дегендей жымия қарасының өзінен тәйтіктіктен гөрі тентектік, өзінеөзі бек сенген сергектік танылады. – Үлкенге берер сәлеміңді ұмытқан, беттен алып, төске шапқан қай көрдемше жұрттың көргенсізісің? Дауға шықсам сөзімді, жауға шықсам өзімді қорғайын деп жолымды тосып па едің, әлде?! – Аяқтыға жол, ауыздыға сөз бермей үйреніп қалған Қамбар да мынау аузынан ана сүті кеппей жатып, тақылдаған өспірімнің кердең тұрыс, кесек сөзіне қарсы бүкіл болмысы атой салғандай, ашумен тіл қатты. – Жоға деймін-ау, Қамбар төренің өзін жолдан бұрып, тергейтін бұл қай тәйтік өзі! Былай тұрыңдаршы, қара құсын аузына түсірейін! – деп, ақ жалымен ұмтыла берген Жұманайды Қасқақ та тежеп үлгере алмай қалды. Шоқпарын сілтей берген Жұман көсені жол тосқан жігіт қас-қағымда тұмақ құрлы көрмей топ еткізіп, ақ жалдың аяғының астына тастай берді. Жұманайдың қолындағы долана шоқпарды құр қолымен-ақ лып еткізіп жұлып алған жігіттің найжағайдай жарқ еткен шалт қимылынан-ақ оның сау сиырдың боғы емес екенін Қасқақ та танып үлгерген. Ол төре тұрған кезде сөзге килікпейтін әдетін алғаш рет бұзып: – Оу, сабыр ағайын, адамша сөйлесіп, жөн сұрасалық та. Аға әдептен, іні ізеттен айрылардай не болды? Сабыр! – деген ол ен даладағы мағнасыз керісті доғармақ болып. Төремен ат құйрығын шорт кесісіп кетсе де сөз сотасының бір ұшын оған тигізе әдейі айтқан. Өздерінің әрекеттерінің әділеттің ісі емес екенін көріп, біліп тұрып, көз жұмбайға салынып тұра алмады. Қамбар бас батырына аларып бір қарағаны болмаса, тіс жарып, тіл қатпаған. Онсыз да жұртқа күлкі болып келе жатқанда ойда жоқта мынандай масқараға ұшыраған тұзы жеңіл Жұманай көсе ұстатпай жүрген ақ жалын балағаттап, өзімен өзі болып кетіпті. Қасқақ әлі де ашуын ақылға жеңдіріп, сабырлық сақтап тұрған ақ бозды жігітке әдейі қарап, жылы сөйледі.

– Жеміне шүйілген бала қырандай алымыңа, сөзден нөсер төгер шалымыңа қарасам, Төртуылдың жас батыры Алдиярға ұқсайсың, қателескен жоқпын ба?! – Ол шағын ауыл Үкібай, немесе оның әкесі Атабайды айтпай бүкіл «Төртуылдың жас батыры» деп, Алдиярдың дәрежесін әдейі көтере сөйлеген. Алдияр үшін емес, өз қожайыны үшін солай деген. – Болсақ болармыз! Атан түйе жілікті, ақылман сөзді білікті келбетіңе қарасам, ісі Найман, Керейге аты әйгілі Қасқақ батыр болармысың? Ал, сен, – деді ол сексеуілдің шоғындай жанарын Қамбар төреге тіктеп. – Нұрзайсанның шағын алабы емес, қалың қазақтың тізгіні шеңгеліңе түссе қансоқталап жеуден тайынбайтын, айналаңды аламайлап, ағайынның артына шала байлап жіберетін Қамбар төре болармысың?! Атаңды ел иесі, жер киесі деп білуші едік. Әкеңді жақсыдан туған жампоз деп естуші едік. «Жер төбесіз, ел төресіз болмас» деп сонау Аягөз бойынан алдырғанда ел сені төбемізге ойнақтатамыз демеген болар. Көп тобыр емес, ол қадіріне жеткенді ғана қастер тұтады. Ел қадірін аспандатсаң ғана өз қастерің биіктейді. Айтпағым осы, ағайын. Бағанадан көк қасқаның үстінде нығыз отырған Қамбар бар сабырынан әп-сәтте айрылғандай, қозғалақтап, жүзі сұрланып, жанарынан ызғар шашты. Биыл бір ренжіскен төлеңгітін мүйіздеп көшіріп жіберген. Сол неме осыларға барып, Алдиярдың қолтығын паналапты дегенді еститін. Жас батырдың меңзеп тұрғаны сол сөз екенін бұл да жазбай аңғарды. Дегенмен жас бөріні ықтырып алмақ болып: – Тарт тіліңді, қарақшыдай жол тосқан жалғыз атты, кімді басынып, мейманаңды тасытасың? Жатырыңнан жабысқан қиястығың болса, қиялай шабылған басыңмен қоса жіберейін! Бірақ жазықсыз өлдім демессің. Аяқты мал аулымның шетіне барды деп, кісілерімді сойылға жығып, малымды бөліп қораңа айдайсың. Оның аздай жолымды тосып, аруақты басымды азғын сөзбен қорлайсың. Жетер, көргенсіз, көк бөрі!Теріңді сыпырып, аяғымның астына салайын. Шық былай! – деді. Жер қозғалса қозғалмайды, ақылмен орап алдын алады дейтін төре бұл жолы ашуын көмейінен лақ еткізіп, ақтара салды. Ол наркескенін жалаңаштап, көк қасқаны алға қарай еміндіре берген. – Қамбар төре, елдікпен келе жатсаң атымнан түсіп, кішілік көрсетер едім, жүрісіңнен, салған хабарыңнан жаттықтан, істеген қиянатыңнан жаулықтан басқаны тани алмаған соң, осылай сөйлеуге мәжбүр еттің. Аз ғана ел болғанмен күш көрсеткен мен тіс көрсеткенге бөктеріліп кетер ездігіміз жоқ. Алыстан алқынып келген айтулы жау болса, бүкіл Төртуылды да көтерер едік, жақын жерден басынып, дұшпандық қылғанға өз ағайыным да қарсы тұра алады. Көршісіне жуандық көрсеткен саған бедел, төремен текетірескен маған да абырой әпермес. Жаңа сойылға жығылған жылқышыларың мен жоғалған жылқыларыңды айттың. Ендеше сол жылқышының басына тиген соққыны өз басыңа тиген соққы деп ұқ. Жылқың жоғалса тапталған

шабындық-өрісімнің, аяққа басылған намысымның қарымтасы деп біл. Көз тіккенің менің жерім болса, оны ағайындық, кісілік жолмен болмаса, өлігімізді аттап барып аларсың! Ал жекпе-жекке сен шақырғанмен мен шықпаймын. Қорқып, бұққаным емес, атаңның аруағын, әкеңнің атағын сыйлағаным деп ұққаның жөн. Мен қол көтермедім. Артық сөз аузымнан шықты десең қынабыңнан суырған қылышыңды бір сермеп, басымды қиялап шаппай қайта қынабыңа салма!– Бірақ та жалғыз жортқан жолбарыс сынды жігіттен мынандай тосын қылық күтпесе керек, Қамбар да тосылып қалған. – Ақ бозын ор қояндай ойнақтатқан жалғыз атты Маңыраққа қарай бұрылды. Қаруына қол созбаған жігітті енді тоқтатудың қисынын таппаған Қамбар тұрған орнында қала берді. Жалғыз атты жас батыр қорқып кеткен жоқ, қорқытып кетті. Бұдан былай қия бассаң қидаласқанның кері сонда болады деген доң бар бөрі бүлкек мынау кетісте. Қамбар күмістеген мүйіз шақшасын алып, саптаманың қонышына сартсарт ұрып алды да, көк бұйра насыбайдан алақанына шөмелей толтырып атты. Жаңа ғана ақпанда жараған бурадай буырқанған ашуының ізін жүзінен сыпырып тастап, Қасқаққа қарап езу тартты. – Тірі тұрсам тістескеннің тірсегін қиямын дейтін көкдауылдың өзі ғой, мынау. Пәтшағар, мынандай ұл таптырған әкеде де арман жоқ шығар! – Өзі айтқандай, қолтығыңа тартып, аспен атып алмасаң, таспен атқанға жерін берер әлжуазың көрінбейді бұл. Жымына келгенге ойланбай атылар жолбарыстың өзі мен деп қалдым. – Жау қайдалап тұратын Қасқақ батырдың бүгінгі өзіне ұқсамас мінезіне, мынау айтқан уәжіне Қамбар өзінше жіп тақты. «Жаулассақ, мынау ағасы тірі тұрғанда Шәйлі қыз маған жоқ деп тұрсың-ау, батырым». Бірақ төре ол ойын сыртқа шығарған жоқ, ішінде тұншықтырды. – Жаулассам да жаманшылыққа қияр жігіт емес екен, – деді төре өткір жанарын ала шабырлы қар қонақтап үлгерген тау сілемдеріне сіңіп бара жатқан Алдиярдың соңынан қадап тұрып. Сонан соң тағы да бипаздап, насыбай атты. – Сұғым жаман еді, тобылғы басы бүрлегенге дейін қалай болар, жазған бала... Қасқақтың бұрын да «Қамбар төренің көзі тиіп өліпті» дегенді әрегідік естіп жүретіні бар-ды. Оң көздің қарашығының дәл түбіндегі тарыдай қапқара меңі адамға қарағанда ішіп-жеп, өңменнен өтердей ерекше суық ызғар шашып тұрар еді. «Айтқаның келмесін!» деп ойлады Қасқақ та мынау қатал үкімдей естілген суық сөзден ішін жиып. Сөйткен де ол да ақ боз аты ақшаңқан қармен астасып кеткенмен, тай жақылы денесі ғана қара барқынданып бара жатқан Алдиярға қараған. – Сәтсіз күні жол жүріппіз... Бізден гөрі ол сәтсіз күні жол тосыпты, – деді Қамбар көк қасқаны кері қарай бұра беріп.

Жүргіншілер өлік шығарып келе жатқандай үнсіз жортады. Әншейінде ауыз жаппас Жұманай да Алдияр мен мырзасының сөз шарпысуынан соң қайтар жолда аузына су толтырғандай. Қасқақ та өз ойының жетегінде. ІІ «Ел бүлінсе, ерлері кінәлі. Екі жұрт арасындағы базына, ойнай барымта сияқты басталған кешегі жалғызаяқ сөз бүгінгі ойда жоқтағы мынау ұшырасудан кейін қамысқа түскен оттай болып, өршіп жөнелері сөзсіз. Талай жарылар бастың обалына, сірә, өзі жаралғалы бері қалып келе жатқан Кішкенетау, Маңырақ тағы бір сондай сұмдықтың куәгері болмаса нетті?! Бірінен-бірі туындап, қойдай қоздап таусылмас көп дау, бәтуәлі бір билікке тоқтағанша тыным таппас барымта, қарымта өрши түспесе неғылсын...» – Елдестірмек – елшіден, жауластырмақ – жаушыдан! – Бұл жолы Қасқақ іштегі ойының сыртқа қалай шығып кеткенін өзі де байқамай қалған. Бағанағыдай басқа жүргіншілерден оқ бойы дара шығындап кетпей өзгелерден небәрі есік пен төрдей ғана алда отырған Қамбар Қасқақ батырдың оқыс шыққан зор үніне таңырқай мойын бұрған. «Айтылған сөз – атылған оқ». Қасқақ не болса да мырзасының алдында ойын ірікпеуге бекінді. Тіпті, мынау тамам жұрттың көзінше арылып алғанды жөн көрген. Ақтың ақ екенін, қараның қара екенін, істеген әр істің оң-терісін бетке айтар Абылай ханның Бұқар жырауы сияқты, әр төренің бір Бұқардай батылы, әділ қазысы болса қәне. Азды-көпті жұрттың екі тізгін, бір шылбырын ұстаған билеушіге барша жан жатып жастық, жайылып төсек болып, «ләббай тақсыр!» дегенге басы жұмыр пенде шіркін өзін Жаратушының жалғызындай сезінері де мүмкін. «Төрем, сен артық туған ақылмансың. Сен болмасаң ел болмай құмырсқа теріп, қайың сауып кетер едік» дейтін жағымпаз жампоздардың сөзіне құлағы көн болып, өзі де соған қалтқысыз сеніп алатындай. Бұқар жыраудай болмасам да әділін айтпасам, азаматтығыма сын» деген ойға келген ол мырзамен қатарласа бере тіл қатқан: – Уа, мырзам, «Елдестірмек – елшіден, жауластырмақ – жаушыдан». Сен – Қамбар, мен – Қасқақ болып, ат жалын тартып мінгелі жолыңды кесіп, көлденең тұрған, болмаса әр қадамыды санап, жөнді-жөнсіз ісіңе қарсы келген жерім болса, айт! Айналаңдағы адамдар, аспаныңдағы Аллаң куә! Айта алмассың, сірә! Айтсаң Жұрынтайға төс табандап, араша түскенімді айтарсың. Онда да өз беделіңнің сақталуы үшін айтқанмын. Айтқаныңа көніп, айдағаныңа жүрдім. Түн қатып, түс қашқан жорықтарда қолыңды бастап, туыңды ұстадым. «Қайда барамыз? Неге барамыз?» деп сұраған емен. Саған сендік, сендік те көзімізді тарс жұмып, соңыңа ердік. Ел сенген ерге біз де сендік... – Беу, батыр адамға көп сөздің жарасқанын көргенің бар ма? – Қамбар суық жымиды. Батырының айтпағын алдын ала бажайлағандай, оның сөзінен жаратпаған сыңайы байқалған. – Іркілме, төтесіне көш!

Қасқақ түнерген қалпы, сөзден бөгеліп қалды да біраздан соң ғана қапқара дөңгелек сақалын бір сипап қойып, Қамбарға шақшия қараған. – Айтсам, мырзам, аз үй Үркімбайға көрсетіп жүрген бұл ісімізде әділдік жоқ. Олар аспаннан түскен немесе ауып келген адамдар емес. Өз билігіңежартылай болса да бағынышты жандар. Бірақ бағынышты екен деп басқа ұрмас болар. Өзіңе бағынышты Байжігіттің алты Жұмығы «Ашсаң – алақаныңда, жұмсаң жұмырығыңда» емес пе?!«Көрші хақысы – тәңірі хақысы» дегенді неге ұмытасың. Алдынан ағайыншылықпен өтпесең, тізе бүгіп, тізерлей қояр Алдиярды көрмедім. «Иттің иесі болса, бөрінің тәңірісі бар», сен төремін деп, жуандық көрсеткеніңмен оның артында әділдік атты пәрмен тұр, оны азсынсаң қалың Төртуылмен ісің болар. Жерін қорғаса, ол ата-бабасының басы жатқан құт мекені болатын. Тізеге салып, жақсыңды маған бересің деу зорлық болады. Алдиярдай жас періге зорлық жасадым дегенше, қорлық жасадым деп біл. Рас, Алдияр албырт екен, артық сөйлеп, ағат кеткен жайы бар. Бірақ «Берсең – қолыңнан, бермесең – жолыңнан» дегенің аздай, қайта-қайта артынан ши жүгіртіп, намысын қоздырған да, сөйтіп жатқан жыланның құйрығын басқан да өзің емес пе?! Намыс жолында жанын пида етер жас жолбарысқа өзің соқтыққан соң, Алдиярдың албырт сөйлемеске жолы қайсы?! Тыйыл, мырзам, ниетіңнен! Жақыннан жау іздеп жанықсақ, алыстан келген дұшпаныңа қанаттасып қатар шабар досты қайдан табармын?! Қара алдында қайырым танытпасаң, төрелігің, ағайын алдында кішілік көрсетпесең ірілігің қайсы?! – Батыр, сонда сен Алдиярдың шүйке бас қарындасы Шәйлімен қопа ішінде бір аунап тұрды екен деп, енді келіп ішкенге тойып, кигенге жарып көрмеген жұртқа барып, аяғына жығылуым керек пе?!Ырысымның берекесі, найзамның ұшы, білегімнің күші дейтін тоқпақ жалды Қасқағым, ұрғашы ісіне осыншама осал ма едің?! Әрі қарай сен айтпа, мен тыңдамаймын! – Ол көк қасқаны тебініп қалды. Онсыз да ауыздығымен алысып келе жатқан жануары тағалы тұяқтарымен жердің тоңази бастаған тоңын соңындағыларға боратып, серіппе болаттай ытырана жөнелді. – Ағайын, мен арылдым, ендігі сөз өзіңде! – деп қалды Қасқақ та. Ойда жоқта дүрдараз болып, бір-біріне сырт беріскен қос басшысының мынау қылықтарына жіп тағып та үлгіре алмай келе жатқан серіктерінен Қасқақ та оқшаулау шыға берген. «Жазықсыз біреудің оң жақта отырған періштедей қызының күнәсін арқалама!» демек еді, Қамбардан сөз тыңдар сыңай танылмады. Қасқақ қанша жерден қасқыр пиғыл, қара жүрек жан болып кетсе де, Шәйлідей періште қызға бөтен сөз айтып, бөгде әрекет көрсете алар ма?! Көрсете алмас! Түзде батыр атанып, қылыш асынып, найза ілгенмен, Қасқақ Қасқақ болғалы әйел затын былай қойғанда, ер азаматтарға орынсызкүш көрсетіп көрмепті. Тіпті сөзді кесек сөйлеп, келіспес әңгіме айтып көрмепті.

Ол сол бір айналасы шай қайнатымға жетпестцй көрінген бір күн, бір түнді, бірақ батырдың содан бергі үш-төрт айдың мезіретіндегі тіршілігінің қуанышты медеті болған, алғашқы таныстық, сертке бергісіз іштей, жүрекпен ғана рахайласып ұғысқандай сәтті, төренің бүгін келіп, «қопаның ішінде аунап тұрған» деп харами пиғылмен қаузаған сол бір уақытты қайта есіне түсірген.

Ұшып жүрген әуеде көгілдірік,
Көк дөненге жарасар өмілдірік.
Жаңа тапқан, жан сәулем адастырдың
Қабырғамның бір жағын сөгілдіріп.

Халық өлеңі

ШӘЙЛІ БҰЛАҒЫ Айнала алқап жап-жасыл түске боялып, Қара Ертіс бойындағы талтеректің балауса жапырақтары қозықұлақтанып үлгірген. Табиғат түлеп, жер аяғы кеңіген шақ-ты. Ұлы таулардың – солтүстігінде аспанды тірердей созылып жатқан Алтайдың, оңтүстігінде Алтаймен бой таластырып, Маңырақтың басынан сипап тұрған сұлу Сауырдың – қары ерімегендіктен, дария әлі өз кемерін ғана еміп жатқан. Құс қайтып, Кендірлік пен Ертіс арасының қопалы көп көлшіктерінің беті қонған қаз-үйректен көрінбейтін базарлы думанды кез. Қыс баласы соғымның сары аласынан кекірік атып шығатын жігіт-желең осы бір шақта лашын, қаршыға, сұңқарларын қол басына қондырып, жеңсік ас – құс етін аңсап, атқа қонатын. «Жеңсік ас» деген де желеу ғана, әйтпесе саятшылықтың қызығы еді оларды дария мен көп көлшіктің маңына қарай жетелейтін.

Бір топ серіктерін ертіп, Қасқақ та ат жалдатып, Кендірліктен өткен. ткен бетте құмдауыт төбе басына тігілген қызыл жібек үзікті, қаздың жұмыртқасындай ақ отауға батырдың көзі түсіп, қайран қалған. Не малшылар, не аңшылар қосы дейін десе жасанған салтанаты мүлде бөлек. Уықтың күміспен қапталған қаламы да ашық түңіліктен сұлудың тісіндей болып көз тарта көрініп, айдаладағы ақ отаудың жай малшы мен аңшы қосы еместігін дәлелдейтіндей. Ұзатылып бара жатқан бай қалыңдықтың отауы деудің де қисыны жоқ. Себебі, отау белдеуіне байланған бірер аттан басқа бөгде қараңқұраң көрінбейді. Дәл қазіргідей жуанның жіңішкерген, жіңішкенің үзілер шағында қыз ұзату, келін түсіру дейтін той-томалақтың көп бола бермейтін уақыты. Оның үстіне, ұзатылған қыз да отауын елсіздегі қалың қопаның ішіне әкеліп, бақсының моласындай жападан жалғыз тікпес еді. Батыр неде болса келе көрмек болып: «Ақ отауда кім бар-ау», деп киіз үйге ат басын бір-ақ тіреген. Үйден жүгіре шыққан бір-екі балаң жігіт жолаушыларға ізет көрсетіп, шаужайға кеп оралған. Үйден шыққан үкілі сәукелелі жас келіншек те иіліп, тәжім етті. Ат үстінде тұрып жөн сұрау жолаушының, аттан түсірмей жөн сұрау үй иесінің білімсіздігі болмақ. Қасқақ тұлпар тізгінін бала жігіттің біріне ұстатып, үйге бет алды. Айнала түкті кілем тұтып, төрдегі сырмақтың үстіне басын тұлыптап сойған алтайы ақ төс қара аюдың жүндес терісі тасталыпты. Батыр серіктерімен тізе бүге отырып, бір-бір тостаған қымыз ішкен соң ғана бала жігіт: – Жол болсын, ағалар! Қырандарыңыз тіленіп, бабында тұрғандай, саятшылыққа шыққан боларсыздар? – деді сыпайы ғана. – Иә, інім, мақсатымызды дәл тауып отырсың. Құс қаға, қызық аулай шыққан бетіміз еді. Шорғадағы Қамбар төрені естіген боларсыздар, сол кісінің ауылынанбыз. Ал өздерің қай туғансыздар? Қара Ертіс пен Кендірліктің сағасына жасанған қыздай сәнді ақ отау тігіп жатыстарыңа жіп таға алмадым. Ыдыс-аяқты жинастырып жүрген келіншек сәл жымиғанмен ізет сақтап, сөз тізгінін өзің ұстай бер дегендей жаңағы жөн сұраған бала жігітке жанарын бір тастап өтті. – Жіп таға алмайтыныңыз рас. Бірақ біз де өзіңіз сияқты саятшылармыз. Анығырағыңда, саятшыларымыз саятта да, бақыршы-құсшы, біздер, мұндамыз, – деді үлкен кісідей салмақты сөйлеуге тырысқан бала жігіт... – Төртуылдың бергі Атабай бұтағынан өрбитін Үкібай аталығының аулынан шыққан Алдияр батырды естіген боларсыз. Бұл – сол кісінің жалғыз қарындасы Шәйлі әпкемнің қосы. Салтанаты жарасқан бойжеткен бұл отаудың иесі болғанда оның саят қосы да иесіне тартып, жасанбаушы ма еді. Шәйлі әпкеміздің затын қыз демесеңіз, кез-келген жігітті жер қаптырар батырлығы, ойын-сауықтың жаны болар сал-серілігі де бір басына жетерлік. Құс келерде, құс қайтарда осында, алғашқы қар түсіп, аң әбден семіргенде

Сауырдың саласына барып, бірер апта үй тігіп, осылайша құс қағып, аң аулайтын серуен құруы да сол серіліктің бір ұшығы. Бұл кісі – әпкемнің немере жеңгесі Құралай, ал мен – бақыршы Ботабаймын. Мынау – менің інім Құлынбай. Бала жігіт от басының бір жолғы сөзі өзіне тигеніне төбесі көкке екі елі жетпей қалғандай нығыздана сөйлеп, Шәйлі әпкесінің қадыр-қасиетін тамсана отырып, сырттай таныстырған кезде Қасқақ батыр да қилы-қилы қиялға бой алдырған. Төртуылдың жас жолбарысы Алдиярдың атағына көптен қанық болса, оның көркіне ақылы сай, қарындасы Шәйлі туралы да жиі естіп, қу көңіл бір көрсем деп ынтығулы да болатын. Қара Ертістің қазүйрегін құсыма ілдіремін деп жүргенде аққудың көгілдіріндей айтулы қызды өзі іліп түсердей дәмеленген. Әкеден ертерек қалғанмен үш ұлдың, әсіресе исі Төртуылдың бәріне де сөзі ертерек жүрген кіші ағасы Алдиярдың арқасында еш кемдік көрмей, еркекшора болып, еркін өскен ерке қыз өзін ешкімге атастыртпай, қыз күнінің қызығын емін-еркін көріп жүр деп еститін. Қасқақ өз ойымен болып отырғанда сырттан ат дүбірі естілді. Басқалары саятшылардың қанжығасындағы олжаларын көргісі келді ме, жылыстап сыртқа шығысқанда Қасқақ қонақ рәсімін сақтап, төбедей болып, төр алдынан қозғалған жоқ. Ақылына көркі сай, көркіне серті сай, сөзге ұста, ерлігі төмен етек әйел затын қойғанда, азаматтардың өзіне өнеге болардай деген атақ-даңқы ерте тараған Шәйлі қызбен дидарласар сәтті күннің туғанына қуанып отырған батырдың үстіне биік өкше, қонышы оюлы қызыл сақтиян етігіне қарап, қыз екенін айырмасаң, бозбалаша киінген талдырмаш денелі үй иесі келіп кірген. Құс қағудың қызығынан әбден көңілді, әрі олжалы оралған ер мінезді ерке қыз төр алдындағы қонағының сәндеп ширатып мұрт, дөңгелетіп тәрбиелі сақал қойғаны болмаса, әрі кеткенде он шақты жас үлкен өз замандасы екенін байқаған соң, жігіттерше сөйлеп, өлеңдете әзіл тастаған: – Жұдырығы қалмақы қара шоқпардай, Сырт тұлғасы дария бөгер жақпардай. Сусыныңды ішіп, өз жолыңмен аттанбай, Кім едің сен, төріме келіп жатқандай?! Қара сөзді ешкімнен сұрай қоймас батыр да «келсең кел» дегендей көмейіне үйріле қалған сөзді тоқтатпай, бөгеліссіз тақпақтай жөнелген: – Көріселік, айналайын, ақ маңдай, Айтқан лебің жанға майдай жаққандай. Сырымды айтар өзіңе түгел ақтармай, Қалсам деп ем қасыңда бүгін, аттанбай.

– Бәрекелді, сөз тапқанға қолқа жоқ, кім болсаңыз да бүгін сыйлы қонағым болыңыз, армысыз, ағасы! – Шәйлі үйелмендей болып орнынан тұрған батырға тізесін бүгіп, сәлем берген. Олар сол күні-түнімен танысып, білісіп, ерте жаздың қысқа таңын қайталанбас ерекше қызықпен өткізіп еді. Шәйлі сөзге қандай ұста болса, әнкүйге де оңқай асықтай, қатарласынан озық өнерпаз екенін танытқан. Ертеңіне ымырт үйірілгенше көлін аңсап ағылған қаз-үйректің біразын қағып, қырандарының бәсекесін тамашалаған. Қасқақтың жотасы түтін көкшіл, тарғыл бауыр лашыны Көкжебе томағасын сыпырған сайын сақпанның жұмыр тасындай зымырап, бей-берекет ұшқан қаздардың тобын бір тіліп өткенде-ақ екеу-үшеуінің бауырын төңкеріп-төңкеріп тастап кетер еді. Оның есесіне қыз қолына қондырған сұр тас түстес сары балақ, жуан сіңір Сұрқұс атанған қаршыға да қысқа қанат, ұзын құйрығымен тез бұрылып, жарқ-жұрқ төңкерілгенде бұлтара қашқан құсты құтқармайды екен. Саятшылық тарқар кезде екеуі оңаша серуен құрған. Жігіт қонақжай отауды қанша қиып кеткісі келмей тұрса да оның иесінен сыпайылап, әрі көңілінде жаңа көктеп келе жатқан әдемі бір сезімін сездіре отырып, рұқсат сұраған. – Айналада ақ отау, Көңілімді тап, отау! деп айлап, жылдап жатудан қашпас мекеніңді қанша қимасам да, «бір күнгі қонақ – құт» болсын де, аттанғалы отырмын, – деген. – Айналада ақ отау болғанмен, өзіңізге бөгделігі жоқ отау болсын, ағасы, – деп, ер мінезді қыз да бұқпантайламай өз ойының ұшығын сездірген. – Аттансаңыз жолыңызды бөгеу қызға жараспайтын қылық. Бір базына айтсам, қабыл аларсыз ба? – Базынаңа тұрдым, Шәйліжан. – Батыр, құс салып, қызық қуар күніңіз аз, тағы да шашақты найза, қайқы қылыш сайланып, сапар шексеңіз, қыраныңыз Көкжебе жетімсіреп қалмас па? Қыз шіркіннің де құс салып, қызық қуар күні қанша уақытқа дейін созылар дейсіз? Біз де бүгін өз отанымызда жүргенде еркін, ерке қыз болсақ, күні ертең болашақ ұямызға қонғанда томағалы құс рәуіштіміз ғой... Сол аз күніміздің көркі болсын деп ойлап едім. Егер мен келесі кездескенше Көкжебенің өнерін тамашалай жүрсем қарсы боларсыз ба? – Өзге болса құсымды қимасым дер ем, өзіңнің жолыңа бір торғайды қойып, өз жаным құрбан. Алғашқы дидарласуымыздың жоралғысына байладым осыны. Бұдан былай аулыңа ат басын бұрсам, бұл елде бір құсым емес, қос құсым бар деп бұрармын. Біз аулыңа қайта айналып жеткенше қос құсымның алыс сапар ұшпасына уәде берер ме едің, замандас? – деп, бұл кешелі-бергі көкейге кептелген түпкі арманын базына сөзге балап, оңай жеткізген.

Қыз да сызылып, бұлтарған жоқ. Тұспалдап айтса да турасын айтқан. Серттей берік байламын айтқан. – Құсым деп танысаңыз, құсбегім деп мен таныдым. Көкжебе екеуіміздің тосарымыз өз жолыңыз ғана болар, батырым. Қыз осылай деп ағынан жарылса да әлі де айтар сөзінің ең бастысы көмейіне келіп шығар жол іздегендей сыңай танытып, батырдың жүзіне сынай қараған. – Тосылма, Шәйліжан. Бүгін айтарымызды ашылып айтайық, арыла айтайық. – Бойжеткен атанған соң қыз да қызыл алтын боп талай көздердің сұғын қадатады екен. Талай байды да, талай бағланды да аяғыма отырғызбай, ағаларымның арқасында шолжаң дәуір кешіп едім. Жаратушым сіздің жолды тостырған шығар... Менің айта алмай тосылып тұрғаным бір-ақ сөз. Ол – қадіріңізге жеткен соң ойланбай-ақ ықыласымды бергенімді күн ертең бетіме салық қылмассыз. – Мен сенің жауабыңнан кейін бақыттан басым айналғандай, аузыма сөз түспей тұр. Алайда жалғыз білер шындығым ол – өзіңізді төмен етек әйел деп емес, нағыз ер серігі деп білермін. Алла қанша ғұмыр берсе, сонша уақыт алақаныма қонақтатып, аялап өтермін. Мұны сертім деп ұқ. Қасқақ та сәл бөгеліп, өзі де «арыла айтпақ» сөзіне ойысқан. – Менің сенің алдыңда бөгеле берер жалғыз мінім бар, Шәйліжан... – Білемін, батыр, – деген Шәйлі де езу тартып. – Қос қатын алған бар қазақтың бәрін де мінді санасам бұл тәуекелге бармаған болар едім... Қасқақ қызды алғаш рет мол құшағына алып, шашынан иіскеген. – Ақылдым сол! Өткел бермес тасқыннан, өре жетпес тосқыннан өзің шығарып алдың-ау! Жасымнан атастырылып қосылған қосағымның бағасын сені көрген соң түсіре алман. зіме адал жар, балаларыма асыл ана бола білді. Күндесің емес ақылдасың, қамқорың болар. Екеуің қос қанатым болсаңдар бұл пәниден армансыз өтермін. Осы аз ғана тілдесуден кейін Қасқақ ел жайлауға шыға құдаларды аттандыратын болып келісіп, алысқан қол, беріскен серттен соң екеуі қимайқимай қоштасқан. Батырды қолтығынан демеп, қыздың өзінің атына мінгізіп салғанын және жүзінен төгілген ерекше нұрды байқаған Құралай да қайын сіңлісінің жанында ерекше бір өзгерістің болғанын байқады. Алайда өз ойын қонақтар кеткен соң да сыртқа шығара алған жоқ. Бірақ содан бері Қасқақ түн қатып, астыртын барып, бір-екі дүркін қызбен дидарласқаны болмаса, құда түсу, той қамына келісу жайы шешіле қоймаған. Жалғыз қарындасына құда түсе келген әдемі қыздан дәмегейлерге Алдиярдың айтар уәжі де біреу-ақ екен: «Мен ерікті Шәйлінің өзіне бергем, қарындасым «жә» десе қарсылығым жоқ, ол келісім бермесе, сөз шығындамаңыздар». Қасқақ Алдиярдың уәдесінде тұрарына сенген. Бірақ кесірдің

үлкенін Қамбардың шығарғаны мынау. «Бармайсың да алмайсың», демегенді бұған дейін. Ырғалып-жырғалып құда түсе баруды майлы-ішектей созып жүріп, ақыры барша Үкібайға көрсеткен зорлығы екі ауылды айдың-күннің аманында жауықтырып тынды. Қамбар мен Алдиярдың бүгінгі шарпысуы Қасқақтың жүрегін жылытып жүрген тәтті арманын тіпті алыстата түсіп еді... «Болдырмаспын теріс пиғылыңды, бола қоймас» деген Қасқақ іштей тістеніп. ІІ Жануар құла төбел бірер ай мініс көрмегенге жаясын төңкерген астаудай тегістеп алғанмен баяғы әдетінше жарау қалпы жүріске сұранып-ақ тұр екен. Алғашқы қозыкөш жолдағы сау желістен кейін-ақ тұла бойы түтіндеп, боз қырауы шықты да, бірте-бірте тынысы кеңіп, ауыздықты сүзе тартып келеді. Бес қаруын түгел асынған дөңгелек сақал дөй қараның сыры мәлім атын барлықтырмай, етін бірте-бірте қыздыру үшін сәл тізгін тежегені болмаса, асығыс сыңайы байқалады. Қыс бойы кеулеп қалған сай-саладағы қасат қардың қоңын күн жылуы әлі жібітіп үлгермегенмен, беткейдегі қары жұқалтаң жерлерді көк соқталап тастаған. Тоңази бастаған жылқының шыртылдағындай іріме қарға түскен көп аттының ізі мөрдей болып, жосылып қалыпты. Аш бөрідей жалғыз жортып келе жатқан бұл жолаушы Қасқақ батыр болатын. «Шынымен-ақ қаралы ауылдың көзінен жасы кеппей жатып-ақ, тағы бір дүрбелең бастамаса игі еді. Жоқ, бара алмас, Қамбар ондай жауыздыққа. Қабір топырағы тобарсып үлгермеген аруақтан қорқар», деп ойлады ол. Бірақ осы сапардан қайда барымта, қайда жаугершілік болса, қол бастатар дара батырын төренің бүгін ертпей, бұл ауылда жоқта ұрланғандай болып суыт аттанысы көңіліне күдік ұялатқан. «Бір бөтен ой, бөгде пиғылмен бара жатпаса неғылсын», деген күдік мана ауылға оралғанда-ақ мазалаған. – Қай жаққа бет алып еді? – деп сұраған Қасқақ ауылдағылардан. – Е, мырза, бізге сырын ашылып айта ма, қару ұстауға жарайтын еркек кіндікті жедел жинап, Маңырақ, Кішкенетау жаққа суыт аттанды, – дескен олар. Батыр Ақсуат бетіне нағашылап кетіп, елге оралған тұста осындай хабарды естіген еді. зінсіз аттанғандары үшін өкпелеп, тырп етпей жатып алмақ болып бір тұрды да, олардың бетке алған бағыты Алдияр аулы болмасын деген суық ой Қасқақтың берекесін кетірген. Қамбар қолы дәл қазір Алдияр аулына жетіп, ер-азаматын жер, қатын-баласын қор қылып жатқандай, әсіресе қиянатқа қимас қайран Шәйліні ат сауырына салып, олжа ғып, әкеле жатқандай көрінген. Қасқақ үшін дәл қазіргідей сәтте бір кесе шайға қарайлау мүмкін емес еді. Дереу жылқыда жүрген құла төбелді

ұстатып, ер салған. Маңырақ, Кішкенетауды бетке алғандардың ізіне түскен беті болатын. «Апыр-ай, «Түс – түлкінің боғы» деп, өзін қаншама алдандырғанмен, сол бір түнгі жаман түсім шындыққа айналмаса не қылсын?!» Сақтай гөр, Жаратушым, ондай пәле-жалаңнан!» деп ол іштей жұптаған ойының соңын дауыстай айтып қалған. Ерте шығып, қонаға әрең жетер Базар өзенінің таудан жұлқынып шығып, жазыққа келіп байырқалар сағасында отырған Мұрын еліндегі нағашы атасына сәлемдесе барған. Сағынысқан барша нағашы жұртының мауқын басып, кемі бірер апта жатпақ болып барған Қасқақ бар болғаны үшінші түнемеліктен соң-ақ қайтуға жиналған. – «Алмасаң, бермесең сарт боларсың, бармасаң, келмесең жат боларсың» деуші еді бұрынғылар. Кәрі сүйегімізді сүйретіп, біздің іздеп барар жағдайымыз тағы жоқ. Сағындырып бір келгенде асықпасаң болар еді, – деп, нағашы атасы өкпе айтқанына да тығыз шаруаларының барын, тағы да келіп тұратынын айтып, көнбей қойған. Ағайынның мейірбан ықыласы мен жылы төсек, сый-құрметтен ерте безінуге себепші болған көрген түсі еді... «Тағы да ат жалдатып, Кендірліктен өтіпті. Қолында Көкжебесі, қасында нөкерлері бар екен дейді. Сол құмдауыт жота үстінде... Салтанаты жарасқан ақ отау емес, ыңыршағы кедейліктен айналған әлде малшының, әлде жалшының қара лашығы тұр. «Әттеген-ай, Шәйлі келмеген екен ғой... Арыстай ағасынан айрылған шақта қайдан ғана серуен құра қойсын?» деп бұл өзін жұбатқан болады. Сол кезде қанатымен көлдің бетін сабалап, сыңар аққу ұшқан екен дейді. Құрықтай мойнын созып, көл еркесі мұның тура өзіне қарай ұшып келеді. Қиқу салған үнінде бәлкім мұң... бәлкім құсқа ғана тән ашу-ыза бардай. Сол кезде дәл мұның қолындағы Көкжебеден айнымайтын түтін көкшіл, тарғыл бауыр лашын сақпаннан ұшқан тастай зымырап келіп, жалғыз аққудың төбесінен төніп қалған. Аққу да жан-дәрмен жарқ етіп, бұлтара бермек болып еді, лашын құс та түйіліп келген бетте жеміне жанасалай берген. Көл еркесі қос қанатын жинай алмай суға барып құлады. «Әттеген-ай, киелі құсқа қыранын түсірген қай тасжүрек болды екен?» О, сұмдық-ай, өз қыраны. Жаңа ғана томағасымен ер тоқым басына бекіткен балдағында отырған Көкжебесі орнында жоқ... «Апыр-ау, мұның томағасын кім сыпырып, кім ұшырды?.. Обал-ай, обал-ай...» Жүрегі аттай тулап, кеудесіне сыймай жатыр екен. «Қаралы қос Шәйлімнің қаралы күндері болар... Ал қапияда жазым болған сыңар аққуды қолындағы өз қыранының жазым қылғаны несі? Иә, Жаратушым, аманшылығыңды бере көр» деп тілеген. Өзге емес, өз аққуы Шәйлісіне бір қатер төніп тұрғандай асығыс аттанып, суыт жеткені сол еді... «Көкжебе болып түсіме кіріп жүрген, жан аяспас доспыз деп жүрген өз мырзасы болмаса нетті?» Батырдың өз мырзасынан іш жидырған оның соңғы

бір жолғы тосын да өрескел қылығы еді. Осы күзде Қамбар Алдиярмен бетпе-бет ұшырасып, жас батырдың өліспей-беріспес сыңайын таныған соң, қыстауына келіп, үн-түнсіз жатып алған. Бұрынғыдай батырмен де іштеспей, мұның бар-жоғын елемей, тоң-теріс мінез көрсеткен болатын. – Мырза, Шәйлімен байласқан сөзім бар еді, құдалыққа кісі жіберуге рұқсатыңды бер, – деп алдына өзі барғанда: – Алдиярдай ата жауыммен топырақ табыстырмаса, құда болып құйрықбауыр жей алман. Бір шүйке бас үшін менімен кетісемін десең жолыңа тұрман, – деп сөзді келте қайырған. Не Шәйліге жете алмай, не Қамбардан кете алмай көп уақыт сарсаңды болып, бұл да бөгеле берген. Тек Шәйліге астыртын кісі салып, «Мен уәдеме берікпін, тек жазға дейін күтсін», деп хабар айтып тынған-ды. Сөйтіп жүргенде, шынында да Қамбардың сұғы тиді ме, әлде пенде шіркіннің су ішерлігі таусылды ма, бұл ауылдың Қамбарға ерген біраз есерлерін қуантып, «Алдияр дүниеден өтіпті» деген хабар қыс ортасында-ақ жеткен. Батырдың мырзасын кешіре алмас бір тұсы, әншейінде қасын да қазаға қимас халқының ерекше салтын ұмытып кеткен бе, әйтеуір арада өткен бірер кикілжіңнен басқа ұзында өштігі, қысқада кектігі жоқ Алдияр қазасы елеусіз іс болып қала берген. Торқалы тойда табыспаса да топырақты өлімде табысып, кінә-кикілжіңді ұмытар ата салты әдіре қалғандай, исі Найман, Керей баласы «ой, бауырымдап» жас қазаға ағылып жатқанда ел басшысы деп таныған төре ауылы ғана тым-тырыс жатып алды. Ел басшысының бас көрсетуі керектігін айтып, Нұрәлі, Қасқақтар төре алдына барғанда ғана Қамбар сәл жібігендей болып, бата оқырға малын айдатып, игі жақсылардың біразының баруына рұқсатын бергенмен, өзі сылтау тауып, бармай қалған. Иесі өлген ауылды қандай қара жүрек болса да қаза үстінде шаба алар ма дейтін адамгершілік көпірінен Қамбардың қиналмай аттарына сол бір оғаш қылық Қасқақты сендіре түсіп еді... Қазақ қаза үстінде ердің құнын, нардың пұлын кешіріп жатушы еді. Бәрібір Қамбар бастаған төре аулы сырт көзге ішіне қатқан қанын жібіте алмаған сыңай танытатын. Қамбар Алдиярдың қазасына бата оқырға барып қайтқан өкілдері келген соң да біраз уақыт бойы малының басы жирен төбелдің үйірін де жоқтамай, жылқышылары шеккен «жапаны» да дауламай үнсіз жатқан еді. Шамасы бүгінгі атқа мінісі марқұмның қырқы өтіп, топырақ беті суыды, бірақ жоғалған малдың ізі суымай атқа қонайын, иесіз қалған ел есін жимай тұрғанда басып қалайын дегеннен болса керек. Түс ауа Айтқанжал дөңіне жеткенде Қасқақ жаңа ғана болып өткен қақтығыстың буы бұрқыраған орнына жеткен еді. Көп аттың болат тұяқтары жердің миын шығарып, ойрандап кетіпті. Сол кезде батыр қарсы белегірде жайбарақат жайылып жүрген ер-тоқымды екі атты көрген. Біреуінің

Жұманай көсе бір жаққа шықса иемдене беретін жуан сіңір ақжал айғыр екенін танып: «Тағы да қарсыласының бір сілтесінен қалмайтын жұқалтаң неме ат сауырынан сыпырылып түскен-ау, шамасы», деп ойлады. Аттарға қарай бұрыла бергені сол еді, иек артпаның арғы жағында жатқан екеуді көрді. Бірінен-бірі арқан бойы жерде жатыр. Анау бір түп қарағанның түбінде бүк түсіп жатқан қара елтірі тымақтының Жұманай көсе екенін жазбай таныған. Атын солай бұрып жақындай бергені сол еді, Жұманай көсе гөй-гөйлей жөнелді: – Қу, жаным-м, қиналдың-ау! Қу медиен, құба дүзде жатып, дәмтұзымның таусылғаны ма?! Ит пен құсқа жемтік болып, көз жұмғаным ба осылай? Шыбын жан-е-ем, сол! – Бұл не жатыс?! Ел шабатын ердің түріне ұқсамайды-ау, Жұмеке, бұл жатысың! – Ол сөзінің басын мысқылмен бастаса да, соңын зілмен сабақтады. – Тағы да талапайға, тағы да қырғынға ұшыратып жүргенің қаралы Үкібай аулы ма еді?! Сендер ме, сендер тартарсыңдар-ау сазайларыңды! «Сом темірге балға бар, зорсынғанға Алла бар.» – Батыр-ау, мен байғұста не жазық бар? Атқа мін деді, міндім. Кеттік деді, кеттім. «Қайда кеттік?» деп сұрасам не ғыл дейсің? Енді міне біреудің шоқпары қара құсымды ойып түсіріп, жоға деймін-ау, айдалада қарғақұзғынға жем болып, бұл опасыз пәниден баз кешкелі жатқаным. Қасқақ Жұманайдың тақылдаған сөзіне қарап, оның бүгін-ертең өле қояр түрін көрген жоқ. Тек аянкес шіркін алғашқы жеңіл соққыдан кейін-ақ өлген деген осы екен деп аударылып түссе керек. Оның сол пікірін дәлелдейін дегендей Жұманай шодырайып ісіп кеткен желкесін сипап қойып, тағы да тақылдады: – Жоға деймін-ау, қан түртіп жүр ме, он шақтысы осы жерден ұшыраса кетіп еді. Үкібайдың шолғыншылары, әлде жол тосқан кісілері екендеріне көз жеткен соң қиқулап араласып кеп бердік. Мен де бір-екеуіне шоқпарымды аямай сілтеп едім. Аттың жалын құшып, жандарын сауғалап әрең кетті. – Оныңды артынан айтарсың. Олардың жігіттері қалай қарай кетті? – Былай, – деді Жұманай көсе күн шығар тұсты қолымен меңзеп. – Ұрандап араласып кеп кеткенде бір демде жапырып-ақ жібердік. Жоғадеймін-ау, бізге төтеп бермесін соңынан білді-ау деймін, аттарын Арқарбұлақ бетіне бұрып алды да, бір-ақ тартты. Қасқақ бірге жайылып, бос жүрген екі атты ұстап әкелді де, Ақжалды Жұманайдың алдына тосты. – Батыр, атқа өзің мініп, елге жетер шамаң бар шығар? Мә, ұста тізгініңді. Жаңа ғана жан тапсырмақ болып жатқан көсе тізгінге жабыса түсті. – Әттең, қапияда мертіктім, – деді Үкібайдың жарадар жігіті бұған шоқтай жанған жанарын қадап. – Әйтпесе қолында өлер едім. Осыдан

қатарға қосылсам, қолым жағаңда кетер, жуан тұқымның баласы! Қаралы ауылды қарғыс атқан ғана шапса керек еді, ондайды Алла тапса керек еді. Табар әлі! – Сабыр жігітім. Алдымен еліңе жетіп ал, – Қасқақ бейтаныс жігіттің атын көлденең тартып, қолтығынан демеген. – Жоға деймін-ау, өзің Төртуылдың қайсысының тұқымысың, шырағым? – дейді осы кезде бұлардың жанына келген Жұманай бейтаныс жігітке. – Жөн сұрай келсең, жауласып нең бар еді?! Әлде әкем текті тұқым болса, қызыңды маған берейін деп пе едің? – Сау аяғымен тіктеліп орнынан көтерілген жігіт Жұманайға да ішін бермей, қисық сөйледі. – Інім, жараң жаныңа батқан соң ашуың тарқамай тұрған боларсың. Алайда, жұрттың бәрі Қамбар емес, күні үшін басшыға ілескен қарашылар екенін ұмытпа, – деді Қасқақ аяғын баса алмай тұрған жігітті атына көтеріп мінгізіп тұрып. – Е, ағасы, тән жарасы жазылар, бірақ жан жарасын кім жазар? Қош, майдан даласында келесі кездескенше, – деп, жігіт атын оқыс тебініп қалды. Қасқақ қақтығыс алаңындағы екеуді аттарына мінгізіп, жолдарына салған соң құла төбелдің маңдайын Арқарбұлаққа қарай бұрып, ауыздығымен алысып тұрған тұлпарға тақымын қысып қалды. Қашқаны қайсы, қуғаны қайсы біліп болар емес, тек бытырай шапқан жануарлардың болат тұяқтары лайсаңмен қар үстін былғап кетіпті. Ол қоңыр төбел доңғалдың үстіне із қуа көтерілген кезде алдынан Арқарбұлақтың аңғары алақанындағыдай жайылып жатты. Әлде аттарын суарып тұр ма, әлде ендігі жорықты қалай жалғастыру жайын кеңесіп тұр ма, бұлақ басында шоғырланған отыз-қырық шамалы ауылдастары бірден көзге ұрды. Есік пен төрдей жирен айғырдың үстіндегі ел иесі – Қамбар баяғысындай, тым маңғаз, оқшауырақ тұр. «Бұл қай қуғыншы, ізіме түсіп келе жатқан?» дегендей тұрғандардың көбі ошарылып, бұған жанар тіктеген. Сөйткенше болған жоқ, Арқарбұлақтың арғы жағындағы иек артпа белегірден ойнап шыға келген тағы бір салт атты тұрғандарды бірден өзіне қаратқан. Төмен сорғалата ат қойған жалғыздың екпіні сұмдық еді. Қаз мойын қара көк мінген бұл батырдың ер үстінде алдына қарай еміне отырысы шүрегейге түскен ителгідей көрініс болатын. Атылған жебедей түп-түзу ұсталған көк сүңгі мынау ошарылып тұрған қалың топты түйреп өтердей. «Әтттеген-ай, тым жас екен, жазым болмаса нетті! – деген Қасқақ та жалғыз жауынгердің тым талдырмаш тұлғасына қарап. – Ұялас бөріге жалғыз ұмтылуына қарағанда әбден ашынып, қолында өлейін деушінің кебі ғой мынау». – Сауға! Сауға! – Қасқақ күркірей дауыстап, көлденеңдей ат қойды. Кімнен кімге сауға сұрады, оны бағамдаған жоқ. Бірақ оның асығыс дыбыстаған бұл өтініші жалғыз аттыдан мынау көп аттының жанына араша сұрағандай естіліп еді.

– Жекпе-жек, жекпе-жек! – Қаз мойын қара көк мінген балаң жігіт сойыл, шоқпарларын шошаңдатып, бөрі тиген бөкендей абдырасып қалған көп аттыға бұрын араласты. Өзі жекпе-жекке шақырғанмен топ алдына келгенде де тізгін тежемей, қалың аттыларға көк сүңгідей қадалды. «Қап, мүлде бала екен-ау!» деп ойлап үлгірді Қасқақ та бес батпан гүрзідей бұжыр бас шоқпарын оңтайлай беріп. Мынау емшек сүті езуінен кетпеген жас баланы ұра ма, әлде оның арашашысы бола ма, әлде күні кешеге дейін бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарамыз дескен өз ауылдастарына сілтей ме, оны батыр бажайлап үлгерген жоқ. Әйтеуір, «жау» деген жалқы сөз естілсе, кім екенін сұрамай «Қайдалап?» ұмтылып үйреніп қалған шіркін ежелгі әдетімен қару оңтайлаған. Қаз мойын қара көк мінген балаң жігіт нағыз бала қыран болып шықты. Оның бұл майданнан өліспей шықпаймын дегендей сыңайы байқалады. Ауыл арасының уақ-түйек дау-дамай, барымта-сарымтасына найза, қылыш сияқты қаһарлы қару ұстамас дәстүрді тәрк еткендей қолына ұстаған шашақты найзасының болат ұшы жарқ-жарқ етеді. Бірақ найзасымен қарсы келгеннің сойыл-шоқпарын оңай қағып тастап, болат сүңгісін майдандасының ұлы денесіне дарытпай, қара саннан сонша ептілікпен түйреп өтеді. Бала батыр осы тәсілмен естерін жия алмай ошарылған топтың самсаған қалың сойыл, шоқпарын бірінен соң бірін қағып тастап, екі-үш жігітті жер қаптырып үлгірді. Ат үстінде ұршықша үйіріліп, жан аламын деп төніп келген төте қарудан бұлт етіп құтылып кетеді. ...Шіркін-ай, топ ортасын жарып, бергі бетке қаз мойын қара көк тұлпардың енді шыға бергені сол еді... сол еді... Қамбардың қас батырға кезіккендей қасқайып тұрып, жантайта сілтеген қара шоқпары жас батырды көк желкеден көлденеңдей ұрып өтті. – Сауға! – Бірақ Қасқақтың үні кеш естілген еді. Қаз мойын арқырай кісінеп, тік шапшыды. Жас батырдың жансыз денесі де сол тұста сыпырылып ат сауырынынан жерге түскен. Қолдарының құшыры қанып үлгермеген есер топ та желіккен аттарын тежеп, жерде жатқан бала батырға тақай бергенде, Қасқақ та құла төбелден қарғып, жерге түскен. Сәл қырын жатқан жанның бетінде әлде күлкі ме, әлде жауына бас имеген паңдық па, әйтеуір ғажайып бір нұр ойнайды. Сәл ашылып қалған бүлдірген түстес еріннен мойыл түстес қою қан сырғып ағып барады. Ашық жатқан қарақат түстес қап-қара жанар, қарға жүн түстес қап-қара бұрым... – Тәңірім-ау, Шәйлім бе едің сен? Жарандар-ау, мынау Шәйлі ғой, мынау қыз ғой, бәрің жабылып, соғысып жүргендерің Шәйлі қыз ғой! – Қасқақтың даусы күңірене естілді. Ол екі бүктеліп, орнынан тұрды да, таяқ тастам жерде жатқан беті тептегіс сандық тасқа үстіндегі қасқыр ішігін жайды. Сонан соң мұның не істегелі жүргенінен бейхабар тұрған аттыларға назар салмастан келіп, қыздың денесін жерден көтеріп алды да, әлі жып-жылы ақша бетінен өпті.

Тұңғыш рет! Және соңғы рет өбіп тұрғанын да білді. Сол бірер күнгі көл жағасында да бетінен өппеп еді, тек шашынан иіскеген... Алғаш рет ақша бетке ернін тигізді-ау, оның өзінде де жансыз денеге... Батыр жылаған жоқ. Мынау бір тамшы көз жасына тұрмайтын ездерге босағанын көрсеткісі келмеді. Бірақ жан-дүниесінен жанартаудың жалынындай болып лықсыған өкініш өрті шығар жол іздеді. Қос жанары шатынап, дидарының қаны қашты. Жартастай алып дене қалш-қалш етеді. Күректейкүректей қос алақанының үстінде жатқан қыз денесін еппен көтеріп әкелген күйі жартастың үстіне жайған қасқыр ішіктің үстіне әкеліп жатқызды. Қанға былғанып жатқан тоқпақай қос бұрымын жинап, оған жабысқан шөпшаламды терді. Дәл бір ұйқыдағы сәбиін мәпелеген анадай еппен қозғалып, баппен қимылдайды. Ол өліктің бетін көгілдір шәйі орамалмен жауып, асықпай орнынан тұрған. Әншейінде ешкімге дес бермейтін Қамбар да әйел затына қол көтеріп, өз сүйегіне өшпес таңба салғанына налығандай, жирен айғыр үстінде сазарып тұра берген. Қасқақ асықпай атына мінді. Күміс шынжыр, бұжыр бет шоқпарын қолына алып, күндей күркіреді: – Уа, Қамбар, өз ұрандасыма қол көтергенім үшін барша аруақ кешірер. Жазықсыз төгілген қан, қыршынынан қиылған жан үшін өзіңмен салдым соңғы майданды. «Мың асқанға бір тосқан!» Қане, қапы қалма! Шық былай! Құла төбел ытырынып, оқшау шыға берді. Ат тізгіні тежеліп, топқа қарай қайта салғанда Қамбар да жаңа ес жиғандай жиренді ыңқ еткізіп, бүйірден ауыр саптамамен бір түйіп қап: – Келсең кел, басқадан өлгенше өзім баққан төбеттен өлейін! – деп, ойқастап ол да шыға берген. Төре де батыр аты шықпағанымен, бір ме бірге есесін жібермейтін қарулы, тәсілқой ұрыскер болатын. Екі ат ағындап келіп, жанасқан кезде қос шоқпар сатыр-сұтыр ұрысып өтті. Арқан бойы кетісіп, қайта тақасқанда мырзасы бұрынырақ сілтеген зіл-батпан төніп келе жатқанда Қасқақ қарсы қару ұрған жоқ. Көз ілеспес жылдамдықпен атының бір бүйіріне қарай аунап түскен. Әлемет күшпен соққан шоқпар еш кедергіге тимеген соң екпінімен иесінің қолынан шығып, тас лақтырым жерге барып түсті. Қасқақ та шоқпарын тастай берді. Енді екеуі де сүйек сапты қайқы қара қылыштарын жалаңаштап, ат үстінде тұра қалып, сарт-сұрт аяспас ұрысқа көшкен. Қасқақтың жойқын күші әр ұрған сайын мырзасының қолын салдыратып, тықсыра жөнелген. – Оу, халқым-ау, жұртым-ау! Екі бірдей арысымызды айдың-күннің аманында қырылыстырып қоямыз ба? О, құдай, бізге ендігі көрсетпегің осы ма еді? Уа, ағайын, сауға! – Әншейінде Жұманайдан кейінгі мақтаншақ атанған, бірақ ешкімге зияны жоқ момын қойшы Құлжабек атын тебініп қалып, ортаға түскен. – Тағы да қан керек болса, мына менің-ақ басымды шауып, қолдарыңыздың қышуын қандырыңыздар!

– Ары тұр, әрмен! – Қамбар ақырып қалды. – Бұл – екеуіміздің ғана майдан. Араласпаңдар! Ол екеуін қоршай: «Сауға-сауғалап» тақап қалған серіктерін көк бөрідей арс етіп, тойтарып тастады да наркескенін нажағайдай жарқылдатып, жойқын күшпен ұмтылды. Сол сәтте, осы бір келеңсіз оқиғаның куәсі болған тамам жұрт не болып, не қойғанын аңдап та үлгіре алмай қалған. Қасқақ көз ілеспес шапшаңдықпен қарсыласының қылышына өз қылышының сағағын тірей ұстап тұрды да алапат күшпен итеріп қалғанда төренің астындағы жирен айғыр көлденеңдей шатқаяқтап кеткен. Сол-ақ екен батыр қолындағы алмас төренің қылышын үйіре айналдырып, сыңғыр еткізіп ұшырып жіберді. Қайқы қылыш жан алардай жоғары көтеріле берді. Өзінен зор шыққан күштінің алдында қарусыз қалып, шарасы таусылған төренің ызасы, кекке толы қос жанары шоқтай жайнап, қазіргі жауына қадалды. – Шауып таста! – деп ақырды төре. – Сауға! – деп шуласты көпшілік. Бірақ алмас қылыш қатты серпінмен төбеге көтергенмен баяулап келіп, төренің жаңа ғана қару ұстаған қолдың иығын сызып өтті. Шапқан жоқ. – Қызға көтерілген қолыңа салынған таңба бұл. – Қылыш тағы да лып етіп көтеріліп, тағы да баяу төмен түсе беріп, төренің бетін жанап өткендей болды. – Астафиралла! – десті зәрелері ұшқан көпшілік. – Бұл – бетсіз бетке салған таңбам, – деді Қасқақ. Төренің сұрланған жүзін қан жауып кетті. Бұл кезде жолбарыс терісіндей тарғылданып көрінер пұшпақ ішіктің жеңінен де аққан қан ат бүйірін бұлғаған еді. Мырзасы өңі қашып, жеңінен қаны ағып, сенделіп атынан түсе берген сәтте, Қасқақ та атынан түсіп, тізгінін бос тастай берді де наркескенмен қазандай қара тасты ұрды. Жарқ етіп от шықты, ақ алмас та опырылып сағасынан сынды. – Менің батырлық атым да осы сынған қылышпен бірге кетті! – деді Қасқақ екі иіні салбырап. – Ел шетіне жау тимесе, қолыма қару алман! – Өлтіріп кет! – деп, жаралы арыстандай ыңыранды Қамбар. – Ағайынға сілтеген қолдың ағайыннан жарадар боларын ұқсаң жетер! – Еңкейіп қасқыр ішікпен бірге қыздың денесін көтеріп алды да, «Қанатыңнан тым ерте қайрылдың-ау, аққуым!» деді лебінен жалын атқандай күңіреніп. Жаңа ғана жалын атқан хас батырдың жанары да қатардағы пенденің қимасының қазасын көргенде жаспен жуылар көзі екен. Кесек-кесек тамшылар сақалына домалады. Батырдың дәл осылай осалдық танытқанын көрген кім бар. Бұрын-соңды бұл өңірде Қасқақ Қасқақ болып, ат жалын тартып мінгелі оның көзіне жас алғанды қойып, көңілі босаған сәтін көрген ешкім болмаған. Қасқақ пен Шәйлі қыздың арасындағы тым мөлдір де алғаусыз, бірақ жолдары апта, ай

өткен сайын ауырлай түскен сезім атты ынтықтық жайынан хабардар жұрттың, әсіресе осы оқиғаға куә болып, сілейіп тұрғандардың ешқайсысы сөге алмаған. Иесінің басына түскен тауқыметтен бейхабар құла төбел арғымақ қойған жерден қозғалмайтын әдетімен қаз мойнын шұлғып тастап, керіліп тұрған. Тағы да Құлжабек сазарып тұрған төренің ызғарынан қаймықпай атынан қарғып түсіп, құла төбелді жетелеп келіп, батырға көлденең тартты. – Сабырлы болыңыз, батыр! – Ол Қасқақтың қолындағы қыз денесін өз қолына алды. – Қане, атыңызға мініп алыңыз. Мен алып берейін. Қасқақ қыз денесін қолына алған соң ағайындарының ешқайсына ләм деп тіл қатып, тіс жарған жоқ. Жанында жаутаңдап тұрған Құлжабекке алғыс білдіргендей бас изеп, ишара жасады да атының басын Кішкенетауға, әлі құда түсіп үлгірмеген соры қалың қайын жұртына қарай бұрған... – Батыр, мәйітті көтеріп, жалғыз барғаныңыз жарамас. Шәйлінің атын жетелеп мен де барайын, – деп, Құлжабек төренің де, басқасының да рұқсатын күтпей-ақ иесінен айрылғанынан бейхабар арқан бойы жерде жайылып жүрген қаз мойын қара көкке қарай бет алған. Жануар бөтенсінген жоқ. Құлжабек ердің қанжығасына байланған қайыс шылбырды шешіп, атты көшілік тұрған жерге қарай жетелеп әкелген. – Құлжаш, пейіліңе рақымет. Маған ілесіп, қайтерсің? Күні ертең-ақ төре сені де қырына алып жүрер. Қыздарын мен өлтірді деп, ашу үстінде жазым етер. Не көрсем де өзім көрейін, қосақ арасында сен босқа күйме, – деген Қасқақ момын қойшы жігіттің ерлікке бергісіз батылдығына риза болып. – Жоқ, батыр, сізді жалғыз жібере алмаймын! – Құлжабектің әншейіндегі тым төменшік жанарынан жалын шашырағандай. Ол атына қарғып мініп, қыздың иесіз қалған көлігін жеткке алған. – Кеттік! – Құлжабектің тұлғасы тұрымтайдай болғанмен, жүрегі аттың басындай үлкен екен, – деген Қамбар мырс етіп. – Ал бүгінгі күн мен үшін де ең қайғылы күн. Ақ-қарамды қаймықпай айтар сенімді серігімнен айрылып, өз бетімді өзім тілген күн...

ІІІ Төбе басындағы төрт құлақты жалғыз бейіт жетімсіреп тұр. Жылқының қылын қосып, бие сүтіне иленген жабысқақ саз балшықтан құйылған кірпіштердің әлі мұрты сынбапты. Жаңбыр шайып, аптап қақтап, аяз қысса да әлі сол қалпында міз бақпай тұрған бұл мола уақыт керуені ілгері жылжыған сайын оның ішінде жатқан ел еркесіндей болған Шәйлі қызды да ұмыттыра бастағандай. Тек Қасқақ жүрегіне шемен болып қатып қалған сағынышқа ұқсас бір күй жан-дүниесін сыздатар еді. Жүргіншілердің бәрі де аттарын матастырып қойып, жетім моланың басына келіп тізелерін бүкті. Қасқақ күректей алақанымен бейіт кірпіштерін

аялап сипады да тізесін бүкті. Сонан соң қирағаттап, ұзақ құран оқыды. Бақилық пендеге пәнилік пенденің қолынан келер бар қайырым, мейірімі осымен ғана шектелсе, Қасқақта қандай қайран бар? Әйтпесе Шәйлі арудың бір күнгі жарық күндегі тіршілігі үшін қалған ғұмырын ойланбай-ақ айырбастар еді. Оны санаттан шығарып, ең ауыр жазамен жазалаған да, қайтадан санға қосып, қатарына алған да төренің өзі еді. Бір ғана дәтке қуат, тіршілікке тәубе дегізері қапияда мерт болған Шәйлі қазасы Қамбар төренің де болмыс-бітімін түбірімен қайта туғандай ғып өзгертуі еді. Алкеуделік мінезін ұмыттырып, ойланбай, толғанбай қадам жасамас адамшылық дейтін соқпақты көрсетіп кеткендей... «Қамбардың бұл қай басынғаны?! Алдиярдай арысымыздың топырағы тобарсымай жатып, ат ойнатқаны не сұмдық?! «Иттің иесі болса, бөрінің тәңірі бар». «Төремін деп төбемізге шықпақ болса, әуселесін көріп алдық» десіп, бүкіл ағайын дүрк көтерілгелі жатқанда Шәйлінің мәйітін өңгеріп, Қасқақ пен Құлжабек жеткен. Ел күтпеген мына сұмдықтан соң мүлде естен танып қалған. Күні кеше төренің білегінің күші, найзасының ұшы болып жүрген, ол аздай «Шәйліге құда түспекші екен» дейтін сөзден құлағдар жұрт қызды осының өзі өлтіріп келгендей, екеуіне қылышын жалаңаштап тап бергендер де табылды. – «Ашу – дұшпан, ақыл – дос», сабырға кел, ағайын! – деп күркіреді Қасқақ. – Аламын десең міне – бас. Сендер қыздарыңнан, қарындастарыңнан айрылсаңдар мен де үкілі үмітімнен қапияда көз жазып тұрмын. Ендігі өмірдің маған да қызығы жоқ. Бірақ ағайын, есіңді жый, ақылға кел! Мені өлтіріп, елімді шабарсың. Талай жазықсыздың басын жойғанда кемтігің толып, кетігің бүтінділер ме?! Осы сөзден кейін ғана ауыл ақсақалдары мән-жайды білу үшін найзақылышын шошаңдатып, атқа мініп елеуреген топты әрең тыныштандырған. Бозбалаша киініп, қаруын асынып жүрген Шәйлі қыз өз аулы шолғыншыларының тағы да төре жігіттерімен сойыл сермесіп қалғанын естіген бетте жылқы шетінен суыт аттанғанын, ағасының қырқы өтер-өтпесте келіп басынған Қамбарға деген ашу үстінде барып киліккенін және бұл қазаның оқыстан болғанын білген ел иелері қарымта кекті асықпай, даярлықпен алуға тоқтаған. Ертеңіне-ақ исі Найман, Керейдің игі жақсылары келіп түскен. Қапиядағы қазаға көңіл айта, әрі ел тыныштығын сақтау жолында ара ағайындық жолын ұстай келіпті. – Төре – тәңірі емес! Бұл асқаны мен тасқаны үшін алдыңа әкеліп тізерлетіп береміз. Тізерлегісі келмесе, сонда көрерміз! – деген сөздері тоқтам болып, Шәйлінің жетісі өткен соң қолын қыз қанына бұлғаған төрені билер сотына салған.

Шабындыққа түскен аяқты мал үшін бір айғыр үйір жылқыны қайтармағаны әрі Алдияр қырқы берілген соң малын сұрауға келе жатқан төренің «бейбіт» елшілеріне Үкібайдың жігіттерінің өздері киліккені, оның үстіне қолдарында құрықтан басқа қаруы жоқ жандарға жауға ғана жұмсар найзамен ұмтылған Шәйлі ерлерше киінгендіктен, оны көзсіз тентекке балап, оқыстан сойыл сілтегенін айтып, ақталуға тырысқан Қамбардың сөзін ұстаған Нұрәлі би біраз қоянбұлтаққа салып баққан. Сол кезде үйелмендей болып отырған Қасқақ батыр Төртуыл биінің қараласу сөзін айтқызбай-ақ ортаға қамшысын тастаған. – Уа, игі жақсылар! Жалған айтсам, төбемде Аллам, айналамда ағайын бар. Естіген сөз – тайғақ, көрген көз – айғақ. Мен бәріне де айғақпын. Айғақ қана Алладан қорықса, ақиқатын айтар, сөзді маған бер! Дат, төбе би! – Датың болса, айт! – Айтсам, айыпты Қамбарды бүгін ақтап, ақиқаттан аттамалық, ағайын! Төре, сенің айыбың сол, ел иесі ғып қойғанмен сол еліңді ұмытқаның. Елдің бәрі ез емес, ер туғызбас ел болмас! Екі тізгін, бір шылбырын қолыңа ұстатқан елдің бәрін ез көрдің. «Ашсам – алақанымда, жұмсам – жұмырығымда» деп, сол елге тізе батырып, тіс көрсеткің келді. Алайда, Алдиярдай жас батыр кеңірдегіңнен өтпей көлденең тұрып алды. Төре, сенің айыбың сол, құдай жаратқан қара жерді ағайындықпен сұрауды ұмытып, зор жуандық көрсеткенің. Алдиярдың ажалын Алланың ісі деп, азаматтың қазасын сыйласаң, марқұмның қырқы өтпей жатып, қол жинап, атқа мінер ме едің?! Нұрәлі би, туғаны жоқ тура би көруші едім өзіңді. Бүгінгі құртбақай болған ешкідей кібіртік-сібіртік айтқан жалың үшін мен ұялып отырмын. Беделің де, биігің де қара қылды қақ жарар әділдігіңде емес пе еді?! Жас – жаның, бос – мойның бар, төрең қылша мойныңды талша қиып жіберсе де ақиқат пен әділдіктен аттап неге тайғанақтап отырсың? Төренің елшілері «бейбіт» болса, Үкібайдың жігіттерін неге тарпа бас салып, соқтығыпты? Сөзімді жалған десең қазір қара көбейтіп, ертіп келген Жұманай мен Құлжабекті шақырттыр осында. Құдайдан безбесе құдайшылығын айтар... Қасқақ енді шоқтай жайнаған жанарын Нұрәліден тайдырып, сұп-сұр болып отырған Қамбарға қайтадан тіктеген. – Төре, сенің айыбың сол, ағасының қабір топырағы тобарсымай жатып елдің іргесіне келіп, ат ойнатқан басқыншылығыңа шыдамай намысшыл басын құрбан ету үшін атқа қонған Шәйлінің қыз екенін білмеген күннің өзінде, емшек сүті аузынан кетпеген жеткіншек екенін көріп тұрып, қан майданда маңдайласар жауыңды көргендей шоқпар сілтегенің, он екі де бір гүлі ашылмаған жас ғұмырды қатігездігің мен қара жүректігіңнің құрбаны еткенің! Сен асып кеттің, тасып кеттің, Қамбар төре! «Зорсынғанға Алла барын, сом темірге балға барын» ұмыттың. Шуақты қоныс, суатты өрістің бәрін төре

иеленсін деген мизам бардай, «Сұңқар қонар тұғырыңа сұғанақ құс болып саңғырдың», төре! Сенің ісің «Есерге ерік берсең, елге ойран саладының» кері болды. Сен айыпты ғана емессің. бүкіл жұртыңның алдында құныкерсің. «Құныкердің құны – бір оқ» демей-ақ қояйын, айыбын ажынымен төлеп, еліне қайтсын. Менің айтарым – осы! Батыр еңкейіп қамшысын қолына алып, түйіліп, отырып қалды. Ол «Жауда маңдайласа, дауда таңдайласа» алар жан екенін отырған төрт қара көз түгел әйгілегендей. Күні кешегі жан серігіндей төренің қасынан табылатын Қасқақ батырдың мынау бұлтартпас айыбы мен жасаған кесігінен кейін естерін жинай алмай қалғандай күйге түскен билер бір сәт үнсіз қалған. Бұрын-соңды исі қазақ «Жер төбесіз болмас, ел төресіз болмас» деп қалап-сұрап, ел билеуге алдырар төрелерінің үстінен билер сотын құрыпты дегенді бұлардың ешқайсысы естіп көрмеген. Хан тұқымын құдай емес не құдайдан былай емес деп білетін жұрт алғаш рет өз төрелерінің ісіне төзімсіздік көрсетіп, қарапайым қарашыдай талқыға салып отыр. Талқыға салмаса Қасқақ сөзінің жалғаны жоқ, оған әзір тоқтам да жоқтай көрінген. Билер күрмеуі қиын түйінді шешудің жолын таппай осылайша қиналып отырған сәтте төбе би Төртуылдың биіне қарап: – Сөйле, Төтуылдың биі, – деген: – Ағайын, – деді шоқша сақалды, арық сары жөткірініп. – Қасқақ батыр әділін, ақиқатын айтты. «Сөзімді біреу сөйлеп, намысымды сол жыртып отырса, аузымды қышытып қайтермін?! Менің сөзім де – сол сөз! – Дат, төбе би! – деп Қамбардың өзі саңқ ете қалған. Көздің астынан бет сүйектің үстінен ала нілдей қап-қара сақал мен мұрттың енші бөліспей араласып кетер езуліктің тұсына дейін қаралтқымданып созылып жатқан қара қотыр оның жүзін сұстандыра түскендей. – «Кінәлінің тілі келте», ағайын. «Өрлеген балық – ауға, өркеуде пенде жауға жолығады». Өрлеймін деп өзім құрған ауға, өркеуде боламын деп өзім жасақтаған жауға жолыққан шығармын. Жүрек көпшіл болғанмен, қол мен көз кекшіл болған шығар. Хан тұқымы төре еді деп аяма, ілгері мен кейінгіге сабақ болар, еңкейтіп басымды алдыңа идім. Озбыр қолдың айыбын жазықсыз мойын көтерсін! Қасқақ батыр сөзінің бір қатесі жоқ, оған айтар уәжім де жоқ! Ол еңкейіп, басын иді. Қисайса түзелмес, қыңыр айтса көнбес дейтін соншама биік көрінер төренің екінші қайырымға келмей морт сынғанын көрген жұрт әуеліде абдырап қалғандай. Ол әсіресе Қасқақтың көзіне қас қағым сәтте аласарып, өзекті жанның біріне айналғандай. «Апыр-ай ит те болса, күні кешегі мүдделес, үзеңгілес еді-ау, бекер артық кеттім бе?» деген де ой келген батырға.

– «Иілген басты қылыш кеспес болар!» – деген бүгінгі төбе билікті ара ағайын ретінде айту үшін Ақсуатты мекендеген Мұрынның биі. – «Байды құдай атарда дәулетіне мас болар, ханды құдай атарда қарашасымен қас болар» деуші еді бұрынғылар. Қамбар төре жастық қыпты, мастық қыпты дейтін кісі емес, бірақ қате қадамның болғаны да, соның кесірінен қыршын гүлдей өмірдің солғаны да рас. Алайда, ағайын, Аллаға шүкір, бүгін жаза басқан қадамы үшін опық жеп, келеге келген жайы бар... Төбе бидің кесігі де төреге де, төре аулына да жеңілге тиген жоқ. Қамбардың малының басы жирен төбелдің үйірі қайтпайды. Ол қасақана жапырылған Алдияр шабындығының төлемі. Ел ағасының қазасын сыйламай, өзі бас болып шапқыншылық жорық жасағаны үшін тағы бір айғыр үйір жылқыға жығынды. Шәйлі бір үй ғана емес, бір жұрттың бетке ұстар беделі, ажар-көркі, мақтаныш мейрамы еді, сондықтан ол үшін екі қыздың құнын бермек. Ол жастық шағын мәндеп, жасау-жабдығын сәндеп жүрген бойжеткен ғана емес, сан шайқаста еркек кіндікпен бірге шашақты найза, қайраулы қылыш ұстап, ерлік көрсеткен ел қорғаны болатын. Ердің құнын толық төлесін. Ал төре төрелік билігін жалғастырады, тек Алланың ақ жолынан таймайды. Ел бірлігі, ағайын татулығын, жұрт тыныштығын бәрінен де жоғары ұстайды. Егер іріткіге өзі бас болған жаңсақ қадамы білінсе, ханға хабарланып, еліне қайтарылады. Бәрі жабылып, осы сөзге бәтуаласқан. *** Қасқақ батыр Базар сағасындағы нағашыларына қайта аттанып, бірер ай тыныққан соң төре екеуінің арасына түскен сызат ашыла түспесе кіріге қоймас деген ойға бекінген. «Төреге ерген ер-тоқымын арқалайдының» кебін кимес үшін іргесін ерте жарықта аулақтатуға тәуекел етіп, үй-ішін көшіріп алуға елге оралған болатын. Қасқақтың елге оралғанын естіп, жанына Нұрәлі биді ертіп Қамбардың өзі келіп, сәлем берген. – Батыр, менің алдымда сенің кінәң жоқ. Кінәнің батпаны менде жатыр. Екеумізді адам қосса, әзәзіл ажыратты. Ер шекіспей бекіспес! Бекісуге келдім! Сенің бағаң қолымды бастап, туымды ұстаған батырлығыңда емес, тәубәмді еске түсірер турашылдығыңда деп білдім. Ағайынға көтерілген қолымды жаралап, жұртқа қарар бетімді тілгенің есімді жиғызғандай. Сенің сотың билер сотынан да бекем шықты. Ана жылдары Жұрынтай батырдың тұсында есімді бір жиғызып едің. Осы жолғы соққың қаттырақ тиіп, есімді тез жиғызды. Оны көргенше өлгенім жақсы еді. Бірақ мен өліп, қайта туған едім. Билер сотына салынған Қамбар төренің тірі-өлігі болатын. Сенің көшкенің – менің біржолата өлгенім... Көшпе, Қасқақ! Мені уақыттың сынына сал. Айыбымның алды болсын, оң жақта отырған кенже қарындасым

Күмісайды қалыңсыз кішілікке берейін, – деп, төре ұлық басын кішік қып батырдың аяғына жығылып еді. Бір азаматтың-ақ мақтан етерлік жары болуға жаралған ақ маралдай кербез сұлу Күмісай үшін болмаса да «қайта туған» Қамбардың ертеңгі күніне куә болмаққа, әрі достықпен ұсынған қолын қаға алмай Қасқақ батыр да орнынан тұрып мол құшағын ашқан. Төрде отырған Нұрәлі би де орнынан тұрып, екеуін қоса құшақтаған. – Беу, азаматтарым-ай! Тұлғаларың да кесек пе десем, жандарың да жайсаң екен-ау. «Ер шекіспей, бекіспес» дейші еді. Бекіскендерің бекем болғай! Ердің басы елі үшін құрбан. Екеуіңнің құшақтарыңды құдай ғана айырар, оған дейін ерлері елінің құлы болғай, – деп, би отырған соң екеуі де тізелерін бүккен. Иә, бұл күні Қасқақ өміріндегі ең ірі жеңіске жеткендей сезінсе, Қамбар қайта туғандай күй кешкен. *** – Сонда «Шәйлібұлақ» деген сөз сол Шәйлі апамның атына орайластыра қойылған ба, көке? – деген Сайын барлығы да қайтадан көліктеріне мінген соң жап-жасыл жасаңды қалың жалбызды бұлақты иегімен нұсқап. – Е, бір кездері Маңырақтың қалың арқары таудан құлап, шөлін қандырар суаты болған соң ба, бұл жерді Арқарбұлақ атайтын еді. Қазекем жердің атын өзгеруге, жаңадан ат қоюға келгенде біреуден ақыл сұрап жатқан ба? Арқарбұлақты ұмытып, «Шәйлі қаза тапқан бұлақ», «Шәйлі бұлағы» деп жүріп, бұл күнде «Шәйбұлақ» атандырып алды ғой... Ол да жақсы, жарықтықтың артында белгі болып қалды... – Қасқақ атын тебініп қалып, ауылға қарай пысық аяңдата жөнелген. – Төре де Ошыржаптан оралар жолымызды тосып отырған болар. Ерте жарықта жетіп алайық. – Бұлықсыған жігіт шағым. Осы әпкелеріңмен қалыңдық ойнап жүрген кез, – деп Жұманай көсе бір әңгіме бастады. Қасында әңгіме тыңдаудан жалықпайтын Бөкей мен Сайынға жол қысқарса болды. Екеуі де келісіп алғандай кәрі жезделерін: «Е?!» десіп, қолпаштай демеп қойды.

Дуние қудым сені бала жастан. Өмірдің аз-көбіне қарамастан Тіршілікте сыйласып қал ағайынмен Бұл дүние әлі-ақ өтер ғазиз бастан. Халық өлеңі. КӨРШІ ХАҚЫ І Алтай, Барқытбел, Қалба тауларының түстігі мен терістіктерін ен жайлап, еркін қыстаған қалың Найман, Керейге, тіпті Қойбас марқұмның төркін жұрты саналар Қобықтағы қалмақ жұртына төрт ай бұрын тегіс сауын айтылғандықтан, Маңырақтың етегіндегі Қарақия жазығында өтетін асқа келген адам санында қисап жоқ. Жақындағы Дайыр, Көгадай, Сәмен төрелердің ағайындарын айтпағанда, Тарбағатайдың батыс тұмсығындағы Аягөз бойынан келген Қамбардың етжақындарының өзінің қарамы мол болатын. Дүниенің төрт бұрышынан ешкім қалмағандай. Сойыс малдарын үйірлеп айдап, түйеге саба-саба қымызын теңдеп келіп жатқандар ас басталар күнге дейін де саябыр көрмеген. Көше-көше ғып тіккен үзікті ақ боз үйлер әр рудың дәрежесіне, бедел-биігіне қарай орналасып, даяршы, даяшыларына дейін алдын ала тағайындалып қойылған-ды. Ел жуандары өздеріне арналған үйлерге түсіп, демдерін алып, шай, қымызбен сусындарын қандырған соң, Қамбар төренің бас ордасына кіріп, «Ас қабыл, қатым сауапты болсын!» айтып шығып жатты. Ертең ас болады деген кезде Қамбар өзіне кімдердің келіп, кімдердің келмегенін іштей жұптап отырып, асты өткізудің билігін қолына толайымымен алған Қасқақтан:

– Алтайды бауырына басып жатқан Қаратай елін ашып алақанында, жұмып жұмырығында ұстағанға Тастай мырза жарты әлемді бағындырған Шыңғыс-хан болдым деп жатыр ма, бәйге Қараны жетелетіп, кеше жетті деп еді, Ертісті кешіп келгенде, менің босағама дейін аяғы неғып жетпей қалды? – деп жымиған. – Әйтпесе, Алтайдың сай-саласына сыймай жатқан қосынқосын өңшең қараның буы әкетіп бара ма оны? – Төрем, қанша дегенмен Ертісті кешіп, шалғайдан жеткен ағайын еді Тастай. Тігілген үй, көрсетілген құрмет көңілінен шықпай жатса, ол бізден кеткен кінә. Ас – сенікі. Атағы да, артында қалар қаңқу сөзі де – сенікі. Сондықтан, бермегенге беріп, келмегенге барып ұялтар ата салтты да ұмытпа. Қасқақтың осы сөзі байлам болып, Қамбар хан тұқымымын, төремін демей кешкілік жанына Қасқақты ертіп, Тастайға тігілген үйге келіп кірген. Сыпайы-салтаң есендіктен соң, Тастай Қамбарға сәлем бере бара алмағанының кісілікті жөнін айтып болған соң, сөзінің соңында екеуінің даң құрдастығына сүйей әзіл айтқан. Әзілінде құрдастық жеңіл қарпысудан гөрі өкпеге толы қыжылы басымдау екенін отырғандар да байқаған. – Төрем, ордаңа кіріп, асыңа сауап болсын айта алмай жатырмын. Ұзақ жолдан ат соғып, қалжырап келіп, ес жиғанша осы болды. Көңіліңе алма! Мен де Найман шалдың бір жуан бұтағымын деп өзімше күпініп жүргенде жақсылар мен жайсаңдардың аяғына басын сүйей жатса да жетер дегендей бір қосыңды тіктірген екенсің. Асқа келер қонақтарға тігер үйің жетпей жатса, оны да елімізден арта келер едік. Күні кеше, түбіт мұрт шағыңда Аягөз тұсындағы Тарбағатайдың батыс тұмсығынан Төртуылдың Жұмығына төре боламын деп келген кезіңде адамың мен көлігіңді, итіңді, құсыңды қосқанда жиыны он жеті жан иесі келіп едің, бүгінде алты алашқа атың әйгілі ел ағасы болып отырсың. Ағайын қадірін аяқ асты ету дегеннің не екенін сен білмейді деп қалай ғана айтармын?! Осыныңа егескенде ел қайдасың деп аттың басын кері бұрғым келіп еді, алайда: «Төре мұны білмей істеген жоқ, әліптің артын бағып, аңысын аңдап қайтайын. Құрдастың базынасы ма, әлде басқа да қыжылы, өкпе-назы бар ма?» Осыны біржола білгім келіп еді. Оның үстіне, өзін-өзі жаратып, аламан шабысқа түсерін сезгендей ауыздығын қарш-қарш шайнап тұрған Қараның бағын байламайын деп те ойлағаным бар-ды. – Тойда өкпе айтар ағайын аста да табылады екен-ау. Үйім жайсыз десең үй тігілер, күйім жайсыз десең күй түзелер, бәтіреке, осы бір сын үстінде көңіліңді ортайтпай келіп, ортайтпай аттан. Жігіттерімнің жіберіп алған кінәсін өзім көтердім. Ат-шапан айып бізден болсын!«Жылы бірдің мұңы бір, мұңы бірдің тілі бір» деген жалғыз құрдастың көңілін таппасам, кім болғаным?!Өр жаққа, төр жаққа ордаңды да тіктірейін, – деп, Қамбар құрдасының ұпайын өз қолымен түгендеді. Тастай түгілі одан өзгені оңай жерде аяғына отырғыза бермейтін төренің бұл шегінісін Қасқақ та үлкен кісілікке болмаса қырық қатпарлы есепшілдіктің қайсысына жорырын

білмеген. Тастай айтқан базынаның негізі болғанмен кез келген құрдас батып айта алмайтын қатты әзілден соң, әңгіме шиеленісіп кетер деп оның күдіктенгені де рас болатын. «Жер – төбесіз, ел төресіз болмас» деп, Қасқақ бастаған шағын топтың Аягөз бойындағы Санияз төренің он шақты ұлының үшіншісі Қамбар төрені жиырма бес, отыз жыл бұрын Нұрзайсанның жағасына жақын Шорға, Желши маңынан қоныс бөліп, көшіріп әкелген тұсындағы қоңыр төбел күймен ғана келгенін бұл күнде дәулеті шалқып, атағы артып тұрған төреге көлденең өткен көк атты еске салар оқиға емес болатын. Оның үстіне, «адамың мен көлігіңді, итіңді, құсыңды қосқанда он жеті жан иесі едің» деп, ауып келген адамдай ғып айтуы көпе-көрнеу қорлаумен бірдей естілген. Ойнаса да ойындағысын айтқан Тастай сөзінен кейін төренің беті күлсе де ішінде алай-түлей дауыл ойнаған. «Тоқтай тұр, төремен терезе теңестірер Тастайым, дүлдүл атағы алты алашқа кетіп тұрған Қараны белдеуіме байлаған соң болар сенімен ісім» деп, соңы өзіне де беймәлім бір есебін іштей жұптаған болатын. «Пәленнің асында жүз жиырма жүйріктен жеке дара келіпті», «Түгеннің тойында екі жүзге жуық бәйгеге тезегін тергізіп жетіпті» деп, жұрт «Мақпал Қара», «Құйын Қара», «Дүлдүл Қара» деген дақпыртпен құбылта әңгімелейтін қазақтың Шығыс өлкесіне «Тастайдың Қараты» деген атпен даңқы жайылған саңлақты төренің өзі көрмесе де, қолға түсіруге сыртынан ынтығып жүретін. Ол ынтықтық, әсіресе, Аққайың сәйгүліктен айрылған соң қабындай түскен еді. Өткен қарашада қайтқан Қойбас шешесіне ас беруді ел аяғы жиналып, сары сабан, қымыз қобланған тұста өткізуге биыл қар кете-ақ ағайындарын жинап, жә дескен кезде де ол тұлпар Қараның өнерін өз көзімен тамашалаудың сәті түсерін де ойлаған-ды. * * * – Төрем, әкең Саниязға, анаң Көкі шешемізге Аягөзде берілген асты көре алғанымыз жоқ. «Ел құлағы елудің» айтысы, ол кісілердің аруағын соңында қалған ұлдары риза еткен деседі. Қара жер хабар бермесін, Қойбас марқұмның туған анаң екенін, болмаса емшек сүтін берген анаң екенін құдай білмесе, адам білмейді. Ат жетер жерге сауын айтып, ас бергеніңе дос не дейді, дұшпан не дейді? – Қасқақ төренің әр қадамын безбендеп отырар қашандағы ақылшылық сөзін айтып, дүрілдетіп ас берудің алды-артынан айтылар қаңқу сөзден ертеден сақтандырған. Жұрт Қамбардың анасы Көкіні керей Жәнібек бастаған қазақ қолының Қандысу бойындағы қалмақтармен өткен бір шайқасында олжа ғып қолға түсіріп, оны Аягөзден келген Санияз төреге қасындағы күтуші қызы Жаманшамен бірге тарту етеді. Қамбарды Көкі тапқанмен оны асырап, жеткізген, тіпті өскен жері Аягөзден шығысқа Нұрзайсан жағасына қарай

шығандай көшкенде де, оны өзімен бірге ала келген бір кездегі шешесінің күтушісі болған осы Қойбас марқұм болатын. Бүкіл ғұмырын Қамбардың анасы Көкіге, одан туған бала-шағаны күтуге арнаған Қойбас марқұмның жаны Қамбардың үстінде тұратын. Санияздың үйінде жүргенде бала таппадың дейтін кінә арқалаған, ерге шыққанымен қайтып келіп, Көкіні паналаған, кейін өзімен ала келген осы бір әйелге төренің ықыласы да ерекше еді. Қамбар төренің анасының қалмақтың бір қонтайшысының қызы болғанын, оның жаугершілікте олжа болып келіп, оның әкесі Саниязға күтушісімен тарту ретінде берілгенін, Қойбастың төрені бала күнінен бауырына салып, тәрбиелеп өсіргенін олардың ешқайсысы да құпия сыр ғып ұстаған емес. Әншейінде сөзге сараң Қойбас марқұм өзі тұстас әйелдермен сырласқан тұста Қамбарды анасы Көкінің өзіне тапсырып кеткенін мақтанышпен айтар еді. Содан ба, әлде өз бауырына салып асырағаны ма, әйтеуір Қойбас кемпірдің оған деген пейілі, үстіне түсіп тұрар ықыласы бөлек және онысы сырт көзге жасанды көрінбе, нағыз балажан ананың бейнесін көрсетер еді. Жарықтық, Қамбар жол жүріп, үйіне кеш оралса, ол да көз ілмей жолын тосады екен. Төренің өзі де ол кісінің мазасызданатынын біліп: «Апам тосып қалар, үйге ертерек қайтайын» дейтін. Қасқақ өзі мен Қамбардың Шәйлі оқиғасынан кейін қайта табысуына, тіпті ол ғана емес, жастықпен, мастықпен біраз қыңыр шапқан төренің байсалды басшы, ақылмен іс қылар азаматтық жолға түсуіне де сол ананың еңбегі аз сіңбесе керек. Оны Қамбардың өзі де бұл күнде күйеу баласы болса да батырып мін айта алар, ақыл-кеңесін қысылып-қымтырылмай бере алар Қасқаққа жасырмай айтқаны бар. Қойбас шешесін жер қойнына беріп келе жатқанда Қамбар оған: – Мен бұл кісі аруағы алдындағы балалық парызымды өтей алған жоқпын. Тумаса да туғанынан артық қып өсірді. Пұшпағы қанамаған жан болса да тас емшегін жібітіп, ақ сүтін берді. Өле-өлгенше жат болса да біреуге қиянат жасамауымды аналық қарыздың өтеуіндей ғып сұрайтын еді. Өзіңді жоғалта жаздаған шағымда досты қойып, жауыма иіп көрмеген басымды алдыңа еңкейттірген де сол кісі еді, – деп сыр ақтарғаны бар-ды. Қасқақ осы жайдың бәрінен хабардар бола тұра «Жоқ болсаң бере алмас, бар болсаң көре алмас» ағайын айтар сөзді әдейі алдын ала тұспалдаған еді. Қасқақтың Қамбарға Қойбасты «туған анаң екенін, болмаса емшек сүтін берген анаң екенін» деп емеуірін танытуының тағы бір себебі бар болатын. Ел арасында «Қамбар төре Санияздан туған бала емес екен, оның әкесі Керей Жәнібек көрінеді. Батыр қалмақтан олжа қылған қонтайшының қызы Көкіге зиян жасамағанмен, оның күтушісі Жаманша-Қойбаспен көңіл жарастырыпты. Бірақ Санияз төре баланы «Көкіден туған өз балам» деп бауырына салып алыпты-мыс» дейтін әңгіме жүретін. Қасқақтың бұл ескертуінде «Ішіңе сыр ғып бүккен құпияң Қойбасқа ханшадай құрмет көрсетсең ашылып қалмас па дегенге сайитын. Ел шіркіннің «Е, Қамбар төре шын анасы екенін

енді мойындады ғой» демесіне кім кепіл. Қасқақ осы жайды да ойлап, жаңағы сөзді айтқан еді. Ол қашандағы пікірін батыл айтар әдетімен осынау берілер астың қазақы салт-дәстүрге де қиғаш келер тұсын есіне салуды жөн көрді. Төреге күйеу бала болғанға дейін де дос-жар көңілмен «сен» деп сөйлейтін әдетін күйеу бала атанған тұсында да өзгертпеген. Тек сыйластықтың белгісі ретінде: «Төрем», деп қайырылатын. – Төрем, қазақы салт-дәстүрді менен артық білмесең кем білмейсің. Бұл асқа үш жүздің баласын толық жинамасаң да ат жетер жерге сауын айттырдың. Ат бәйгесінің түр-түрі, балуан күресінің қилы-қилысы, басқа да қазақ білер аттылы-жаяулы ойын түрлерінің бәрі боларын хабарладың. Бірақ атам қазақ ел анасы болған аса сыйлы әйел адамның өзіне ат шаптырып, ас беріп көрген емес. «Төренің бұл қай сасқаны?!» демей ме халқың? Тіпті, «Дәулеті асып, байлығы тасып бара жатқан соң анасы да емес, күтушісіне ас бергені өзін көрсету үшін ойлап тапқан тәсілі» демес пе?! Бұрын-соңды болмаған үрдістен үркіп, көбі келмей ме деп қауіп қыламын, – деп, төреге сұраулы жүзбен қарады. – Бәлкім, осыны әкең Саниязға арналған ас, Қойбасқа арналған батаоқыр деп хабарласақ қайтер?! Бір кісіге қайталап ас беру үрдісі бұрыннан бар ғой. Қамбар мырс етіп күлген. – Батыр, бұл сөзді естіп те жүрмін. «Қасқақ екені рас болса осы сөзді айтар-ақ» деп тосулы едім. Алғаусыз ниетпен ескерткеніңе ризамын. Алайда, «Хан екі айтпайды». Хан тұқымы да екі айтпайды. Салт деген уақытпен жаңарып, уақытпен ескірмес пе. Бұрын-соңды болмаса, мен болдырамын. Қойбас анамыздың рухына жасаған перзенттік парызым болсын. Бәлкім, ана атаулының әке атаулыдан еш олқылығы жоқтығын бірінші болып мен жасармын. Сондықтан ер азаматтың асында жасалар жол-жоралғы түгел жасалады, – деп сөзді тұйықтаған. – Әй, батырым-ай, – берілер астан, астатөк шашылған байлықтан бақилық болған жан үшін бір ауыз құран мен еске алған жылы лепестен басқа қай бір үлес тиіп, қарқ қылар дейсің?!Біздікі анамыздың аруағы риза болсын деген перзенттік парыз ғой. Оның үстіне, мұның бәрі де жер басып жүрген тірілердің қамы. Атағы да, абыройы да тұтасымен тірілерде, бізде қалады. Шашылар малды айтсаң – байлық та шашылу үшін жиналмас па? ! Шаша білмесең жинай да алмайсың. «Қойбасты – анаң емес» дедің. «Оны – жұрт білер шындық» дедің. Білгендерінің үстіне біле түскендері тіптен жақсы. Қайта білмегені біле берсін. Естімегені ести берсін. Өзімді бағып өсірген бір қалмақ әйелдің аруағын биіктеткенім өз атымды аспандатқаным емес пе?! «Туған анаң екенін, емшек сүтін берген анаң екенін құдай білмесе адам білмейтін» дегенді айттық. Түтініңнің қалай қарай қисайғанын сезіп тұрмын, батыр. Ел шіркін не демесін. Ондай қаңқудың шет жағасын мен де естігенмін. Қойбас анамыздың көзі тірісінде: «Мені өзің тауып па едің?» деп сұраған емеспін. Бар шындықты өзімен бірге ала кетті. Елің не десе ол десін,

ол мені тапса да, таппаса да анамдай көрдім. Енді анамның соңын да жұрт айта жүрердей ғып орындап шығамын. «Қартайғанда кәрі боз жорға шықты» дегендей Қойбас екі жастың біріне келгенде «Диқан – ана» атанып, бір өнер шығарған. Қысы-жазы қара бие, бөрте ешкінің қамынан, төрт түліктің қас-қабағынан басқа тірлік бар екенін ойлап та көрмеген қазаққа тосын бір шаруаны асығыс қолға алған. Үйдененің асау тасқынынан су шығарамын деп, Қарақияға дейін аш ішектей шұбатылған тоғанды жаз бойы қаздырған. Оны қостап, жер қазар жалшыжақыбайды жүздеп жинап, оң қолы болып табылған оның келіні Қаражан, Қамбардың бәйбішесі, болатын. Бір шешесі, бір бәйбішесі болып, екі әйел бастаған елде жоқ үрдіске Қамбар көп мән бермеген. «Е, өздері білсін» деп ерікті екеуіне беріп қойған-ды. Екі-үш жылғы мехнаттың зейнеті де көріне бастады. Малды аямай Шәуешектен түйемен тарттырған сары бауыр қызыл тары Қарақияның қара топырақты жазығына жойдаусыз бітік өскен. Бұрын бай малының қызарғаны мен ағарғанынан басқаны жеңсік ас санамайтын жұрт қап-қап тары ақтап, қарын-қарын жент түюді әдетке айналдырды. Ағаш жонатын шеберлер бұрын сирек айналысатын келі-келсап шабу атты шаруамен біржолата айналыса бастады. Келі-келсап үшін қозылы қой емес құнан-дөненін беретіндер көбейген. Ол сайманды үй басы киіз теректен жасататын болды. Қысты күндері тарысы таусылған үйлер бірыңғай етті алымсынбай, қоңқылдайтынды шығарған. Қасқақ ойлап отырса, өз басы Қамбармен бірде қату, бірде тату дегендей тіршілік кешкенімен, төренің аяғымен келген береке ме, әлде аумалы-төкпелі заманның өзі әкелген жаңаша үрдісі ме, әйтеуір соңғы кездері етегі елпі, жеңі желпі, бейғам жатқан бұл елге де бұрын естіп-көрмеген үрдістер келе бастапты. Әйтпесе қазекең жер жыртып, тары еккенді айтпағанда, бұзауторпақ, тоқты-торымға деп қыстық пішен дайындау дегенді де әдет қып, айналыспаған шаруа еді. Қамбардың өзінің Алдиярмен екеуінің арасын ушықтыра түсуге себепші болған шабындықты жылқы тұяғымен таптату оқиғасы да жұрт, бәлкім, осынау пішен шабу дегенді үйрене қоймаған ертерек кез болса, аса бір мән берердей бүлінді іс емес болатын. Осы Қамбарлар Аягөзден көшіп келген тұста болар, аспаннан түскендей орыс дейтін жұрттың екі отбасы арбаларымен ішкертіннен көшіп келген. «Қағазымызда осылай жазылған» десіп, Шорға көлінің қалың нулы, нар қамысты жағасына келіп жайғасқан. Ағаш кеңірдегінің жұтқыншағы баланың жұдрығындай тарамыс сарысын – Барыс, қаба сақал қапсағайын – Шодыр деп аталатынын білгендері болмаса, қорсылдақ, талпақ танау доңызды «мал» ғып отырған келімсектердің көздері мен сөздерін бір қызықтап қайтқан жігітжелең көл жаққа жолағанды қойған. Тіпті бұрындары Шорғаға жауып жылқыларын суаратындар да доңыз су ішкен көлден мал жиіркенер деп іргелерін аулақ салған. Аулақ салғанмен алдымен жер кепеден үй салып, қамысты буып, малға қора тұрғызған олардың өнерін барған-келгендер

әңгіме қып жүрген-ді. «Ой-бай, екі орыс таңның атысы, күннің батысы қыбыр-қыбыр тыным табу дегенді білмейді екен. Бірде «Тіс ағашқа темір пышақ кигізіп, жер жыртып жатыр екен» десе, бірде «Көлдің ащы суын менсінбей, терең шыңырау құдық қазып, тұщы су шығарып алыпты» деген сияқты қилы-қилы жаңалық айтып келетін. Енді бірде «Малдары қыста жеу үшін бұл орыстарың көк балаусаны қылыш сияқты үлкен орақпен жайпап, шауып жатыр екен» деген сөз Қамбар төреге де ой салса керек, арнайы барып, кейін өздері «шалғы» атап кеткен сайманның біреуін тақымына қыстырып, ауылға әкелген. Келе қара көрігін тастамай ауыл кісілеріне таға, пышақ, ошақ, мосы сияқты уақ-түйекті соғып жүретін Шүкір ұстаны шақырып: – Мына шөп шабатын құралды көрдің бе? Жұт болды деп малдың бәрін қырып алмаудың мен білгенде жалғыз жолын осы «шөп қылышынан» көріп отырғандаймын. Әзірше бар теміріңнен осындай құралдар жаса. Әрқайсысы үшін қозылы қой беремін. Ал таяу күндері Алтай жақта тасты өртеп, темір шығарып жатқан зауыттан арнайы керуен айдатып, көп темір алдыртамын, – деген. Өзі бас болып, осы іске құлшына кіріскен. Алдымен шымнан жинатып, ұста дүкенін салдырды. Таудан қарағай өртетіп, ағаш көмірін тасытқан. Төренің түк таппағандай баланың ойыны, бақсының жыны сияқты бірдеңелерді ермек қып кеткенін көрген ағайындар оның денінің саулығына күмәнмен қарай бастаған. – Мына төре ел басқарып қарық қылмас. Кәпірден өнер үйреніп, ұшпаққа шықпақшы ма екен?! – дейтін наразы пыш-пыш әңгіме қаулап тұрған шақта Шүкірдің бар темір атаулыдан жинап-теріп соққан алғашқы бес-алты орағы да даяр болды. Әңгіменің қызығы алда екен, төре ақыларын төлеп, Барыс пен Шодырды алдыртып, шөп шауып-жинауды ауылдың жас жігіттеріне үйреттірген. Ол екі арада білектей-білектей темір кесінділерін артқан керуен де келіп қалды. Шүкір ұстаның жұмысы көбейіп, шөп жинауға қолайлы «үш аша», «төрт аша» сайман соға бастады. Өзі аттан түспей, бірер ай бойы жігіттерді жұмылдырған соң жұрт қанша күңкілдесе де он шақты қоян жон мая орнап қалған. Шалғысы тұрыпты-ау, ауылдағы ағайынды айтпағанда, көрші жұрттар да Шүкір ұстаға келіп, пышақ, мосы, темір ошақ дегендей тұрмысқа қажетті заттарды сұрай бастаған. Ат тағасы мен шегесін қанша соқса да жұртқа жеткізе алмай қиналған. Бұрындары қорасынан бір-екі жылқы мен он шақты қой-ешкі әрең өретін ұстаның да қолы жүріп, аз уақытта-ақ мұртын ширатып, басқаға аса қарайтындай қоңданып қалған. Жалғыз өзі үлгірмеген соң азамат болып қалған ұлын ұсталыққа баулыды. Екеуі де үлгірмейтін болған соң төренің шабарманы болып жүргенөзінің інісін де Қамбардың рұқсатымен қасына алған. Осылайша зорлықпен енген жаңа үрдіс екі-үш жылда-ақ біраз жұртқа жайылып, атағы шыға бастаған. Қыс баласы пішені мол байлардың біраз

малдың басын сақтап қала алатындарына көздері жеткен. Сөйтіп, соншама жатсынған шаруаның жаңа түрі бұл өлкеге оңай кірігіп, жаз шыға қызу басталар науқанға айналған... * * * Өзі сорабын белгілеп, арқан керіп отырып қаздырған Қарақиядағы тоғанның басына Қойбастың зираты жиналғанда Қамбар: – Анам болмаса да анамдай жан еді, мен ғана емес елін ақ тарыға тойдырған соң «Диқан-ана» деген аты қалып еді. Түбінде менің есімім тарихтың қай түкпірінде, қай қалтарысында қаларына көзім жетпейді, бірақ мынау кейуананың аты ұмытылмайтын болды. Бүгіннен бастап, Қарақия, Қарақия емес, Қойбас жазығы деп аталсын. Екіншіден, келер жылы күзде дүрілдетіп, Қойбас шешемнің асын беремін! Мұндай салт болмаса да соған алғашқы болып тәуекел еттім, – деген. Айтты-айтпады, содан бергі жылға жуық уақыт мәулетінде жұрт Қарақияны «Қойбас» атандыра бастаған. «Хан екі айтпайды». Өзі хан болмаса да хан тұқымы емес пе. «Япыр-ау, қайдағы бір күтуші кемпір үшін дүрілдетіп ас берген кісіні кім көрген?» дейтін қаңқуды естісе де, айтқанынан қайтпай қойған... * * * Төре құрдасы Тастайдың бұрынғысынан біраз жібігенімен әлі де маңдай терісінің құрысып отырғанын байқаған соң жаңағы пікіріне: – Солай, Тастай, құрдас! Бәкүн-шүкүн сатқаннан бүйірі шықпайтын бақалшыдай өнімі аз дауды өзеуреп қайтесің?! Онан да өз бағын тағы бір сынағалы тұрған Қараның ертеңгі бәйгедегі аяғы жеңіл, бәйгесі ауыр болуын тілесеңші, – деген жеңіл де зілді әзіл айтып, қымыз ауыз тиіп, үйден шыққан. Оның Қасқақ сөзіне жығылып, Қаратай елінің бас иесі Тастайдың үйіне келуіндегі тағы бір себебі, орайы келсе Қаратты алдын ала көру болатын. Тастайдың жүйрігін «Тіл-көз болады» деп, үлкен жарыс алдында үстін жабулап, басы-көзін әлем-жәлемдеп, оңаша киіз үйде ұстайды екен» деп естіген. Бұл үйге бағана тақай бере-ақ Қараттың мықты күзеттегі арнаулы отауда тұрғанын байқап, түк көрмегендей оған емініп, есіктен сығалап жүруді ар көрген. Қайтар жолда да ол ат тұрған қамау үйге мойын бұрған жоқ, бірақ көңілінде: «Ертең Қара озғандай болса, оны қолыма түсірмей тыным көрмеспін-ау, тыным көрсем Қамбар болып жүрмеспін-ау, лақтырған бұғалығыммен Қараттың ғана емес, Тастайдың да қылша мойнын буындырармын-ау» деп тағы да өзіне іштей серт бергендей болған. ІІ – Төрем, сізді ордаңызда қалмақ елінен келген қонақтар күтіп отыр, – деген бұлардың алдарынан шыққан даяршы жігіттердің бірі.– Бағана түске таяу келген екен, қымыз ішіп, демдерін алған соң сізге сәлемдескелі келіпті.

– Ошыржаптың өзі бар ма екен? – деді Қамбар шыдамсыздық танытып. Себебі, бұрынғы ата жауы, қазір тату көршілікті өзі ұсынып, жанасып жүрген Ошыржаптың келуін іштей күтулі болатын. Осыдан бірер ай бұрын ұлы Бөкейдің жанына қос нөкерін ертіп, торғауыт еліне тағы аттандырып, болатын асқа сауын айтып, арнайы шақыртқан. Қасқақтар алғашқы барған сапарда да асқа шақырта салуды білмей қалған жоқ, әдейі себеп тауып, барыс-келісті көбейтуді де ойлаған. «Берілер ас түбін қуса қалмақтың текті де қызы емес, бар болғаны анам Көкінің күңі Жаманшаға арналмақшы. Менен гөрі өз қандасы. Бірақ біз адамдарды тегіне қарап, түсіне қарап емес, еткен қызметіне қарап бағалаймыз. Екеуіміздің нағашылы-жиенді болуымыз құдайдың ісі шығар, Ошыржап бөтенсімесін, келсін осы асқа» деп дұғай сәлемді әдейі қадап айтқан. «Төренің қалмақтың бір қызының аруағын асқақтатып ас бергелі жатқанына ризамын. Ол кісілігін жұртыма да жеткізермін. Бірақ әкеңе айт, жігіттерінің күндіз «ел болайық» деп тартутаралғымен келетіні, түнде «жау болайық» деп барымталап, жылқымды бөле қуалап кететіні қалай? «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» дейтін қазаққа «Малым – барым» деп мен де түн жамылып, қазақ ауылына лаң салуды білемін. Сырымта барымтаға, барымта қарымтаға айналып, «Мал ашуы – жан ашуына» ұштасса, соңы тағы да шапқыншылыққа жалғасар. Аз торғауыттың басы қайда қалмаған, тағы да намыс үшін қидаласып бағар. Бірақ екі жаққа да ол керек пе? Ол әкелеріміз, аталарымыз, бабаларымыз жүріп өткен отты, өртті жол емес пе еді?! Осыны төреге қадап айт. Тек әкеңнің достық ниеті үшін ғана жігіттерімнің жолын бөгеп отырған жайым бар», деп сәлем жолдапты. – Қап, өңшең иттер-ай, бір жағын дәнекерлеп, жамап-жасқап жатсаң, бір жағынан береке-бірліктің лыпасын дар-дар айырып, өрт қоюларын тоқтатпады-ау, – деп, Қамбар бұл хабарды естіген соң, қатты ашуланған. Содан кейін Бөкейге қарап, былай деген: – Сонда ұрысының ізі қайда апарыпты, біле алдың ба? Айыпкері ауылымда ма екен, әлде исі қазақтың жаласын маған жауып отыр ма? «Осы шіркін әдейі жаулық іздеп, өзіне жіберген отыз бір сәйгүліктің қарымынан оңай құтылудың жолын іздеп жүрмесе игі еді» деген де күдікті ой келген Қамбарға. Бірақ ұлының: – Иә, Байшуаққа, тағы басқа жігіттерге жолығып сөйлесіп едім, осы тамыздың бас кезіндегі бір қалың тұманды түні он шақты жігіт келіп, үш айғыр үйір жылқыны бөліп алып, қуып кетіпті. Ұрылар да әккі болса керек, бір адамның көзіне түспепті. Бірақ ертеңіне-ақ малдарының қолды болғанын білген қалмақтар сәйгектете қуалаған мал ізінің сорабына түссе керек. Ұрылар із жасыру үшін бүкіл Шағанобадағы қалың Бұрымбетті аралатып кеп, тұмсықтарын Қожандардың ортасына бір-ақ тіресе керек, – деген сөзі Ошыржап өкпесінің негізсіз еместігін дәлелдеген.

Екі-үш күннің ішінде шапқыншы жіберіп, мал алдырған Ошыржаптың екі жылқышысын да шақыртып, олардың қасына өзінің бірер кісісін қосып берді де, елеусіз ғана Ахметқанның қосына аттандырды. Ертеңінде-ақ олар «Жылқымыз түп-түгел сонда жүр» деген хабар келісімен, Қасқақ бастатқан екі-үш жігіт Ахметқанның қалың жылқысын сырттан торуылдауға аттанған. Ондағы ойы Ахметқан таяп келе жатқан бір тықырды сезсе, ұрланған малды бір түнде тас бастырып, тау асырып жоқ қылмасын деген ойы болатын. Қамбар сол күні-ақ осы өңірдегі малы аралас, қойы қоралас жататын Керей, Найманның ел тізгінін ұстар игі жақсыларына да асығыс хабар салып, алдағы сәрсенбінің сәтіне Қожан руының жуаны Ахметқанның жайлауына шақыртқан. * * * Сәрсенбінің сәтінде ел ағалары Ахметқанның ауылына келіп нұрады. Бір сұмдықтың болғанын сезген Ахметқан да тайын сойып, қымызын сапырып дегендей шақыртпай келген қонақтарын қолын қусырып күтпеске, жасатқан кеудемсоқтық оғаш ісі үшін қандай кесікке де мойын ұсынып, мойындамасқа әдді қалмады. Тек онсыз да қызыл шырайлы өңі одан әрі нарттай қызарып отырып, былай деген: – Шақырып келтіре алмайтын игі жақсы, ағайын, шашау шықпай түгел жиналған екенсің. Ағайындықтан гөрі қояр айыбыңды аңдағандаймын мына жүрісіңнен. ткен жылы құдайдың қазасы келген інімнің қатынын биыл әмеңгерлікпен тоқалдыққа алып едім. Айыбым сол дейін десем, әмеңгерлік – ата салтым, пайғамбар салған сара жол емес пе еді?! Биыл күзде Жәдіктің бір қыстауын алып едім, айыбым сол дейін десем, зордан емес қолдан, екі-үш қысқа майын төлеп, малын беріп, алмап па едім?! Дін бұзған жерім жоқ, шариғаттан шатасқан тұсым да жоқ, айтып өлтір, ағайын!Суық жүздеріңді, суыт жүрістеріңді түсіне алмай, сарсаңға түскен жайым бар. Ол етке тойып, қымызды сыздықтата сілтеп, қоныс жайын, өріс жайын талқылап отырып алған қонақтарының бұл қылығын қара дауыл алдындағы өкпек желдей сезініп, тұла бойы бір ысып, бір суынған соң, шыдай алмай осылайша әңгімені өзі бастаған. Сол кезде игі жақсылар төр алдында төбедей болып отырған Қамбарға қарасқан. ткен жылдан бері Қара Ертістің бергі беті мен Тарбағатайдың теріскейінің арасын алып жатқан қалың елдің сөзін ұстап, төбе би болып жүрген Қамбар әңгіме бастауға асықпады. Ол босағада елеусіз отырған қалмақтың шала-шарпы қазақша білетін жылқышысына иек қаққан. Қазақ

ғұрпын естіп-біліп өскен жылқышы шарта жүгініп отырған күйі жұрт алдына қамшысын тастады. – Ағайын, мына Ахметқан бір түнде үш айғыр үйір жылқымды алдырды. Ошыржап уаң: «Малымды қайтарсын, әйтпесе қолым тағы жағаңда жүреді, қазақ!» дейді. Мен де соны айтам! – деп, айтпағын келте қайырды. Ахметқан тостағанын жерге қоя беріп, мырс етті: – Даугерге жарыған екенмін! – Ахметқан аспай сөйле, таспай сөйле! Даугеріңнің көмейі бүлкілдеген шешен болмағанын қомсындың ба, ел бастаған көсем болмағанын қомсындың ба? Әлде діні басқа, тілі басқа жат жұрт болғаны тақымыңа толмай отыр ма? – деген Қамбар да Ахметқанның сөзін іліп әкетіп. – Жаңа әмеңгерлігіңді айып па дедің. Жоқ, ініңнен қалған ұрпаққа әке болғаныңды кім айыптар, егер балаларына әкесін, әмеңгеріңе жарын жоқтатсаң ғана айып. Жәдіктің қыстауын майына алғаным айып па дедің. Малын беріп, жерді майға алып жүрген жалғыз қазақ сен емес, егер ашсам – алақанымда, жұмсам жұмырығымда деп, аз атаның баласына жуандық көрсетіп, ашкөздікпен алса, ол да – айып. «Аз ағайынға жуандық пен ашкөздік көрсеткен ең алдымен өзің емес пе едің, төре?» деген ойда отырғаныңды да біліп отырмын. Рас тірлігімде бір қате басқан қадамым үшін жазамды алған адаммын. здеріңе төрелік сөзім, төбе билік кесігім өтетіні шын болса, тірі тұрған шағымда ешкімге жол бере алман. Ол ғана емес біреуге біреудің жасар зорлығына, өткізер қорлығына да көз жұма алмаймын. Қалмақтан жылқы алдырғаның рас па, алдымен соны айт! Әзәзіл азғырып, жалған сөйлесең айыбың ауырлай түсер, Ахметқан. Әзірге қомсынсаң да, жаны ышқынып, шырылдаған даугеріңе не айтасың? Уәжің болса – тартынба, болмаса айыбыңды мойында! Алдырған – албырттық, алған – салғырттық танытса, «Бір жағадан – бас, бір жеңнен – қол шығарар» елдігіміз қайсы?! «Көңіліңді – қына, көзіңді – торта басса» оны да айт. Қынаңды қайырып берер, тортаңды айырып берер мынау төрт көзі түгел ағайыныңның барын есіңе салайын, Ахметқан! Малың жуан тышып, жаның сары май құсып жүрген соң, ел арасына от тастап ойнау ойыңа келді ме? Ауыл үйдің әжік-күжік, шаң-шұңы болса мен де ауылыңның үстін шаң қылып, ел ағаларын шақыртпас едім, ел мен елдің тату көршілігін ойламасам мен де бұл ісіңе төс табанымды сала бүйтіп кіріспес едім! Қамбар сөз нөсерін төгіп-төгіп алды да, айыпкерінің есін жиғызайын дегендей сәл тыныстап, алдындағы серке мүйіз шақшаға қол созған. Ахметқан бір сазарды, бір қызарды, әлі де сөз аяғын жаймашуақтатып мынау қызыл көз пәлелерден, әсіресе, барын сала, бақанын ала келген төреден оңай құтылғысы келсе керек: – Төрем, қаттысын – қайырып, жұмсағын – жымырып, пайда-пақырды ойлау құдай пешенеме жазған кәсіп дейсің бе? Осында бір тәйтіктердің аз жылқыны тау асырып қуып келгенін өзім де жақында естіп, қатты налып едім. Ағайын арасына от салар ел бүлігі Ахметқан деп пе едің?! Әлде өріс

тола жылқым, қора толы қойым аз болған соң, ашкөздік қылды дейсің бе? Дей алмассың! Әншейін «Үйреніскен жау атыспаққа жақсы» дегендей, келеңсіз бір іс болған екен. «Еңкейген басты қылыш кеспес» болар. Осы отырған бәріңе берер ат-шапан айыбым бар. Қалмақ ағайынның, иә, ағайын болып кете алсақ, тұяғын түгендеп, айып-ажынына уаңның ат-шапанын қоса аттандырайын... Қане, қымыз алыңыздар! – деп өзіне өзі билік айтып жортақтады. – Рас, «Иілген басты қылыш шаппас болар!» Қай төбеге барып жығыласың, қай ажынмен шығынды боласың, ол – өз дәргейің. Бірақ билікке кесікті айыпкердің өзі айтқанын кім көрген?! «Сасқан үйрек – артымен сүңгидінің» кебі болды-ау мынауың, – деген Абақ Керейдің Жастабанының биі Нұрым. Төрде, Қамбардың жанында отырған Ахмет имам көп сөйлемейтін әдетімен тасбиғын тартып, үнсіз отырған. Аппақ күмістей сақалын сауып, ақырын жөткірінді. – Қасиетті құранның 2-Бақара сүресінде: «Кім жамандық істесе, қателіктері оны баурап алса, олар тозақтық болады да, олар онда мәңгі қалады» деп еді. Көрші хақысын жеген, ағайын, қашан ел болып, ес жияр екенсің? – деп, қайтадан екі көзін тарс жұмып алды. Болдым дегені. – Не айтасың, ағайын? – деген Қамбар айналасына қарап. – Күмән, күдік жоқ, әңгіменің беті ашылды, билігін өзің айт, төрем, – десті жұрт бір ауыздан. – Билігін айтсам, өрісің тола жылқының, қораң толы қойыңның барын білеміз, Ахметқан. Бәрібір бұл ісіңді пайда-пақырлық демей не дерміз? «Тәйтіктер қуып келіпті» дейсің. «Иесіз елдің иті – осырақ», тәйтіктеріңе тәйт дейтін ие жоқ па еді?! «Ел бүлігі мен бе екенмін?» дейсің, Ахметқан. Бүгін ірге ағайынның малына тиіссең, ертең жанына тиерсің. «Үйренген жау атыспаққа жақсы» дейсің, Ахметқан. Атысып та, шабысып та болмап па едің? Әлде кешегі «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» болған кезіңді, азған еліңнің, тозған жұртыңның сұмдығын ұмытайын дедің бе?! Сан ғасыр бойы сансырап біткенше, бірінің тұқымын бірі тұздай құртып болғанша екі жұрттың екілесіп алысқаны аз ба еді?! Алысуға да, арпалысуға да себепші сендер сияқты жымқырып келіп, жылмаңдап жүрер жылмаң жамағат болатын. Сондықтан істеген ісің қалың жұртқа сабақ болсын. Алған жылқыңның қолтаулаған тайына дейін тұяғын түгендеп, жоқшының алдына саласың, – деп, ол сәл кідіріп, Ахметқанның жүзіне қараған. Ол сол нарттай қызарған күйі «не болса да көрдім, не болса да көндім» дегендей сыңай танытады. Қамбар сөзін әрі қарай сабақтаған. – Жай ғана түгендеп салмайсың, әрқайсысының жанына қосақ, соңына – жетек, әр жылқыны үш бас қып қайтарасың! Билік – осы! – Әділ билік, ата жолы, – десті отырғандар. Ахметқанның өңі қоқ болып, қолы дірілдеді.

– Ағайын-ау, мынау ашық күнде тонау ғой. Онан да Қожанға қылған қысастық, жасаған жуандық десеңдерші мұны. Әлде «үрерге – иті, сығарға – биті» қалмасын дегенің бе?! Сотаңды көзім шыққанша сілтердей, төре, саған Қожан неден жазып еді? Қате басқан бір ісім үшін кесігіңе көніп, не айтсаң да төзіп отырғам жоқ па?! Сонша неғып зіліңді салып, кеудеме тізерледің, төре?! – Оған қоса осы отырған ағайынның бәріне және Ошыржапқа ат-шапан айып беруді өзің де тауып айттың! – деп, Қамбар сөзді тұйықтаған. Ахметқанның байбаламын елеген де жоқ. Ахметқан қанша қызарақтағанымен исі Найман, Керейдің ат тұяғы жетер жердегі игі жақсыларымен келіп нұраған төренің кесігіне «Тайынша тулап, ыңыршақ сындырмастың» кебін киіп, еріксіз бәрінің көзінше айып-ажынды түгелдей төлеп құтылған. Бұл жанжал өршімей осылай басылып, екі ел арасында бас қылтитқан бір дау осылай жөргегінде қатаң тәртіппен тұншықтырылған болатын. Қамбар төре бүкіл иелігіндегі елдің ағаларын қалдырмай жинағанда, Ахметқанға өз әлі келмейтіндіктен емес, осы бір қатаң билік бәріне де сабақ болсын деген ішкі есебі болатын. Ол дегеніне де жеткендей. Осындай кесек әрекеттен соң, Ошыржаптың да қазаққа деген көзқарасы өзгерсе керек. Әрине, Қамбардың бұл билігінен кейін қазақтардың арасында да түрлі күңкіл, жалғыз аяқ жаяу өсек ауыл-ауылды біраз қыдырыстаған. «Құдай-ау, ғұмыр бойы жауласудан, дауласудан танбай келген ата жауымның алдына апарып, қазақты жығып бергені бұл Қамбардың қай қылығы?.. Төре-төре дегенге төбемізге ойнақтап бітті-ау. Бара-бара бәрімізді қалмақтың боданы, құлақ кесті құлы ғып жіберер. «Қанша қазақтың қамын жеп жүр» десе де, мұның да нағашы жұрты – қалмақ, өзінің түп тамыры монғол-қалмақтан тараған, қалмаққа бүйрегі бұрып тұрады деген сөз расқа айналды. Тартады да тартпай қалғыр!» деп күмпілдесті. «Мал ашуы – жан ашуы» пайда тауып, мұрттарын майламақ болғаны сол, ақ-адал малдарын көзінен тізген балықтай ғып, қалмаққа санап берген Қожанның жігіттері дүрлігісіп: «Атасына нәлет, төре нағашы жұртына бізді әдейі жығып берді. йтіп, ит қорлық көргенше қалмақтың аз торғауытын барып шауып аламыз, болмаса Қамбардың өз жылқысына тиеміз!» деген. Күні бүгінге дейін алты алашты ашса алақанында, жұмса жұмырығында ұстап отырған жуанның тұқымы Қамбар бұл өлкеге төрелік қылғаны аздай, төбе билікті де қолына алған соң, оның айтқанына ешкім де ашық келіп: «Әй, кәпір!» дей алған жоқ. Тіпті «Аузы күйген үріп ішеді» дегендей Ахметқанның өзі содырларына: «Зорсынғанға Алла бар, сом темірге балға бар» Қара Ертіс те қар суымен күркіреп кемерінен асып-тасатын, шілденің шіліңгірі түсе жуасып кеп, арнасын табатын. Қамбарды да арнасына түсірер бір шіліңгір болар, сабыр, халқым, сабыр!» деп тоқтау айтқан. Қамбардың жаулары оны «арнасына түсірер шіліңгірді» келешектен тосса да қалмақ пен қазақ арасында болғалы тұрған арғысы – майдан, жау шапты,

бергісі – әне әкетті, міне әкетті – барымта-сарымтаға ұласар жаугершіліктің тағы бір отына осылай су құйылып еді... * * * «Төрем, сізді қалмақ елінен келген қонақтар күтіп отыр», дегенді естігенде Қамбар өзінің ірге тыныштығы үшін жасаған әрекеттерінің текке кетпегендігін сезінгеннен қуанған болатын. – Ошыржаптың өзі бар ма екен? – деген ол шақыра келген жігітке. – Кім екенін қайдам, әйтеуір қызыл шапанды, тұлымы тоқпақтай біреуі үйірге түсетін айғырдай оқшаулау көрінеді. Ошыржабыңыз сол болмаса, – деп әрі-сәрі жауап берген. Қамбар өз ордасына жақындай бергенде әлде біреу хабар берсе керек, тамам қалмақ жапырлап, есік алдына шыққан. «Өз ордаңда өзіңді қарсы алмайық» дегендей олардың бұл сыпайылығына да Қамбардың іші жылыды. Он шақты кісінің алдына қой бастаған серкедей киімімен де, жүрістұрысымен де салтанаты оқшау, ерекшелене көрінген Ошыржаппен ежелгі досындай құшаққа құшақ айқастырып, төске төс түйістіріп дегендей сәлемдескен. «Ел болмас ежелгі жауын» көптен көрмеген туысындай тым жайдақтанып, сәлемдесу рәсімін жасағанын өзге емес, өз қазақтарының, әсіресе осы қалмақтың алдына жығынды болып, іштеріне шемен қатып қалған Ахметқандардың жазғыратынын жақсы біледі. «Жазғырса жазғырсын, көнсеңдер – осы! Бұл жұртпен бұдан былай ағайындықтың ақ туын ұстап араласармыз. Көнбесеңдер, «Көшке берген тайларыңды алып», іргелеріңді аулағырақ саларсыңдар», деп ойлаған ол. «Апыр-ай, төреміз қайтер екен?» дегендей айнала сынай қарап тұрған қалың көзді тұла бойымен сезініп тұрса да «белдесуге емес, елдесуге» өзім шақырған кешегі жауыммен бүгін қауышуға боларын көре берсін» деген ойға бағана осылай келе жатқанда бекінген. Сөйтіп, кешегі ата жаумыз дескен екі елдің өз бойларына шақ атақ-даңқтары бар екі өкілі тұңғыш рет Қарақия бойында өстіп бауырласты. Қолдарын қусырып, бастарын иіңкіреп, құрмет көрсетіп тұрған торғауыттың бірқыдыру кәрі-жасына қарап: – Қош келдіңдер, ағайындар! – деп, Қамбар бәріне ортақ жылы лебіз білдірген. – Уаң мырза, қалай шаршап-шалдықпай жеттіңдер ме? Қане, үйге кіріңдер, – деп, ол қонақтарын үйге өзі бастап кірген. Сол кезде келген қонақтардың ортасында өзіне жымия қарап тұрған нар жігіттің Байшуақ екенін байқаған. Бас изеп қана ишара жасағаны болмаса түгел тұрған төрт көздің, әсіресе торғауыттардың алдында бауырмалсып, жайдақтамауды жөн көрген.

Қонақтар көпірте салған көрпе-жастық төселген он екі қанат ордаға кіріп, жайғасқан соң даяшы әкелген күміс шығырықты шараға құйылған сары қымызды Қаражан бәйбішенің өзі құлаштап сапырып құйды. Алдымен, дәмнен ауыз тиген уаң бір қозғалып қойып, сөз бастады. – Ұлы мәртебелі, алдияр, Найман-Керей жұртының бағына біткен Қамбар төре, дәргейіңізге тату көршінің ізетімен торғауыт жұртының уаңы, Жаратушының адал құлы, ұлы мәртебелі Ошыржап мырза Қойбас анамыздың асына келіп тұр! – деді Байшуақ. «Апыр-ай, мынау тегін жігіт емесін тағы көрсеттіау. Қалай-қалай жорғалатады» деп, ойлаған Қамбар Байшуақтың таныстыру рәсімінен мін таппай. Төре уаңды бұрыннан таныса да қайта таныстырып, келу мақсаттарын айту рәсімі Байшуаққа тапсырылса керек. Ошыржап өз тілінде ұзақ сөйлеп еді, Байшуақ аузынан шыққан сөзді іліп алып, отырғандарға аталы сөз ғып әдемілеп жеткізді. – Төрем, алыстан арып-ашып келіп, сүтке тиген күшіктей біресе қытайға, біресе қазаққа жалтақтаумен жүрген шақта достық қолыңды бірінші болып өзің созып едің. Жақсылығыңның алғаусыз-жалғаусыз, есепсіз-қисапсыз екенін кете жаздаған есемді еселеп қайтырып, тағы дәлелдедің, төрем. Бұрын-соңды арамызда болмаған үрдісті бастап, әпкемізге беріп жатқан асқа шақырыпсың. – Ол тостағандағы қымызын ішіп болған соң сөзін қайта сабақтаған: – Уа, төрем, исі Жоңғар, исі қалмақ деп сыртымыздан бәрімізге бір айдар таққанмен, тағдырдың тәлейіне ұшырап, Еділ ауған, одан малымызды сүргін, жанымызды қуғын ғып айлап-жылдап жол жүріп, ата жұртқа жетіп жығылған торғауыт дейтін аз жұрт едік. Аз болсақ та алысқанмен алысып, табысқанмен табысып дегендей, соңғы торғауыт жер бетінен көшсе де намысымызбен бірге өлеміз деп жүргенде кісілік жолды өзің бастадың. Адам да, Алла да риза оныңа. Ас, той – ағайынды жақындастырмақтың амалы. Мен де жақындаса түсу үшін, алыс-беріс ағайын болуға жарайтынымды білдіру үшін асыңа арнайы келіп қалдым. Асың – өлілерге иман, тірілерге берекелі болсын! Бірге қызықтап, бірге атқарайық, – деп, келіп бір тыныстады. Қамбар да сөз нөсерін төге жөнелгенде Байшуақ қалмақшалап үлгіре алмай састы. Бірақ төре оны анда-санда тосып алып, сөз соңын былай түйген: – Алдымен ағайындық қолымды созсам, қалмақ жерімді шаңға, елімді қанға бөктіреді деп ыққаным емес, немесе іргем сөгіліп, іркітім төгілер деп бұққаным да емес. Алысып та көргенбіз, шабысып та көргенбіз. «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» болып қазақ та сүргін көрген, Ертіс пен Ілені қанға бояп, қалмақ та сан қырылған. Ұтқанымыз қайсы, ұтылғанымыз қайсы? Оны бір Алла айтпаса, ешкім де айтпас. Енді алысып емес, табысып көрейік, шабысып емес, қауышып көрейік, пешенемізге жазған өз ырысымыз, өз дәулетіміз жетеді, бірімізден біріміз мал алсақ тартып емес, тарту ғып алайық дегендік еді. Бір-бірімізден жан алсақ, ат көтіне мінгестірген құл мен күң ғып

олжалап емес, қалыңы төленген сәукелелі қалыңдық қып қалжалайық, сөйтіп алысты-берісті, барысты-келісті ел болайық дегендік еді... Хош келіпсің, Ошыржап мырза, араластың басы осы болғай бұл қадамың! Торғауыттар кіші бесінге дейін төре үйінің арнайы қонақасына мелдектей тойған соң, төрені Қасқақ бастатқан нөкерлерімен өздеріне арнайы тігілген үйге шақырып, асқа да, басқа да әкелген сый-сыяпаттарын ұсынған. – Төре, «Сыйға – сый, сыраға – бал» дейді, – деп қазақша сөйлеген Ошыржап. – Сіз жіберген отыз қара мен құла сәйгүлік жылқымның сәні, көзімнің қуанышы, көңілімнің мәні болып жүр. Мен де сізге отыз теңбіл көк пен отыз бірінші ақ боз арғымақты өзіңізге тарту ғып әкелдім. Достығымыздың дәнекері болсын, жануарлар. Ал, асқа деп сойысқа әкелген он бес ту бие мен он бес саба қымызым бөлек. Сөйтіп, алғашқы алыс-беріс осылай ғана асқа әкелген малды есептемегенде бір-бірінен көп ұтылмай мал айырбастағандай ғана сыйластық болған, бірақ осының өзі де көрші отырған екі жұрттың, әсіресе, ел тізгінін ұстаған екеудің арасын мүлде жақындатқандай еді. Ошыржап та қазақ асының үрдісін әбден зерттеп келсе керек, үкілеген үш жүйрігін, екі палуанын, бір өзін бір ат әрең көтеріп жүргендей бәске түсер мешкейін, басқа да ат құлағында ойнайтын өнерпаздарын ала келіпті.

Парызын ата-ананың ақтай білген, Жігітті ел-жұрты да мақтай білген. Қырандай ұшқан сайын биік самғар Ата жолын қашанда сақтай білген.. Халық өлеңі. АС І Ертең қасиетті жұмада ас басталады дегеннен бір күн бұрын, бейсенбіде асқа келушілер Қамбарға көңіл айтып, марқұмға дұға оқытып бола бере, кең сарайдай он екі қанат орданың оң жағына құрылған жібек шымылдықтың ішінде отырған қос келіншектің сырнайдай сызылған әдемі үндері жұртты елең еткізген. Марқұм Қойбастың бір кісінің басына жетерлік қилы-қилы тағдырын жырға қосқан мұңды әуен талайлардың көздерін сығымдатқан. Бірақ ол екеуінің Қойбастай ел анасы болған кейуананың артында аңыз боп қалған кісілікті қасиетін, ешкімнің бетіне келмес мінезін тізбелегенде мұң сейілгендей болды. Халқын ақ тарыға тойдырып, Диқан-ана атанған кейуана бүгін өзі көркейткен мекенді мәңгі қоныс еткенін айта келіп: «Көлге де біткен құрағым, Түсірген көпке шырағын. Еліңе қамқор болып ең, Бейіште болсын тұрағың!» – деп жырларын тамамдаған. Ертеңінде таңғы жұма намазға жығылған соң, жас демей, қарт демей, асқа жиналған топ тайлы-таяғымен Қамбар ордасының жанына тігілген Қойбас марқұмның қаралы үйіне қарай ағылды. Үйі дегенді қаншалықты алып қып тіксе де, осынша қара нөпір мол халықтың жүзден, тіпті мыңнан бір бөлігі де оған сыймас еді. Он екі қанат ақ орданың алдынан басталар ұзын көшенің бойына жұрт жайғасқан кезде Қамбардың бәйбішесі Қаражан мен тоқалы Күлімхан ханымдар қосылып, туған енелеріндей болған Қойбас марқұмға арнаған ақырғы жоқтауларын бастағанда қарттар жағы:

– Е, жарықтықтың арманы жоқ екен де. Баймын, бармын деген бір адамның артын мұндай салтанатпен жөнелтпеген болар, – десіп көздерін сүртіскен. Ахмет имам күмістей аппақ сақалын тарап отырып, ет асым қирағаттап, батаоқыр қатым түсіргенде орнынан тыпыр еткен бір жан болған жоқ. Әлдилеген әуезді мақамы жақын отырғандарды балқытып, мынау пәни қу дүниенің түптің түбі бақилық екенін мойындатқандай ұйытты. Алдымен Қойбас-Жаманша анадан бастап, арғы-бергі аруақтарды тізіп, құран бағыштап болған кезде марқұмның тұлданған мініс көлігі қарагер бестіні екі жігіт жетелеп келіп, орда алдына көлденеңдеткен. Бір жыл бұрын шорт кесілген құйрығы мен сүйемдей ғана қалдырып күзелген жалы да күлтелене жетіліп, жүген-құрық көрмеген жануар жұнттай болып семіріпті. Астың тәртібі бойынша «тұлданған атқа» бата алдымен оқылғанмен жануар ас тарқар алдында сойылып, еті әр жұрттан келген ел ағалары мен қадірмен ақсақалдарға таратылмақшы. Жігіттер тұлданған атты жетелеп әкетер алдында оң жақта отырған қос келін жүгіріп шығып, қарагердің мойнынан құшып, дауыс салғанда жұрттың көбі-ақ теңселіп кетті. Қарттар жағы: «Астың арты абат болсын!» дескен қаралы байрақ жығылды. Имам аталы сөзін айтар дегендей, әлі де сілтідей тынып отырған жұртқа қарап Ахмет имам сөз бастады. – Жұртым, «өтпейтін өмір, сынбайтын темір жоқ» деген. Бәріміз де, бейіште нұры шалқығыр, Қойбас ананың артынан аттанармыз. Қашан екені бір Алланың ғана құзырында. Алайда, марқұмның соңын қалай жөнелтеді, ол – тірілердің, ұрпағының парызы. Қамбар төредей ұрпақ тәрбиелеген Қойбастың еңбегі жанды деген осы. Мұның бәрінің марқұмның аруағы үшін келіп-кетері болмас. Енді оған бір ауыз құран ғана қажет болар. Мұның бәрі – тірілердің қамы. «Қойбастың асы өткен жер», «Қойбас зираты», «Қойбас жазығы» деген сөздер де тірілерге, ұрпаққа қалар мирас. «Асқа сойылған ат армансыз, құрбанға шалынған қой армансыз», жаңа ғана тұлданған атпен қоштасып, келіндері дауыс салып жатыр. Қазақ мұны жылаудың соңы деп ырымдайды. Жыл өтіп, ас беріліп жатыр. Қаралы байрақ жығылды, қаралы күндер де сол байрақпен бірге аяқталды, балаларым. Ас аяғы ойын-сауықпен жалғаспақ. Ол қуаныштың белгісі емес, қуанышты күндердің басы болсын деген ырым. «Кеткенім келіп, өшкенім жансын» дейтін тілек. «Жарын жауға, ұясын ұрыға алдырмас» Қамбардай ұл ұрпақты болсын, әумин! – деп, сөзінің аяғын батаға айналдырып, бетін сыйпаған соң ғана жұрт орындарынан тұрып, қалың нөпір ауыл сыртындағы қатар-қатар кермеге тізілген аттарына қарай жүгіріскен. Ас қызығы қалың үйден қашық Сарыдоңғалдың етегіндегі жазықта өтпекші. Аттылы-жаяулысы, өгіз, түйе мінгендер де жеткілікті. Бәрінің ойы бұл айтулы қызықты өз көздерімен көріп қалу.

– Оу, ағайын, сәл сабыр етіп, отыра тұрыңыздар, – деген Қасқақтың күндей күркіреген үні естілген. – «Тойдан – тобықтай, астан – асықтай» деген сөз бар ғой. Ас алдында Қойбас шешеміздің асынан жоралғы болсын деген шапан-шақпыт, алқа-жүзік сияқты ырымдар алыстан келген ағайынды, әр руды бір-бір төбе деп, таратылады. Енді жақыннан, осы ауылдан келгендер де құр қалмасын деп, әр жерден айна-тарақ, қол орамал сияқты тарту-таралғы үлестіріледі. Балаларыңызға ырымдап аларсыздар, – деп еді, аттарына қарай жүгіріскен жұрт іркіліп қалған. Үш-төрт жерден қарала қаптардың аузын шешіп, жұртқа үлестіру басталған бетте көпшілік ол жерлерді құмырсқаның илеуіне айналдырып, у-шу болды да қалды. Бұл кезде даяшы жігіттер мен бір топ әже, егде әйелдер ауылдан қашықтау сай бойына тігілген ас үйлерге барып, үлкен ас берер алдындағы рәсімді жасауға кіріскен. Әйелдер өздерімен бірге ертіп әкелген балаларының басынан астау-астау еріген майды айналдыра аластап: «Пәле-жала маймен кетсін, Майдай жылжып саймен кетсін. Марқұмның арты майлы болсын, Ұрпағына жайлы болсын!» деп, ол майды қан-жынға тоймай, тіміскелеп жүрген иттерді шақырып алып: «Ит басына іркіт қана емес, май төгілетін заман болсын» деп, олардың басына құйған. Асқа сойылған малдардың етін асатын қатар-қатар тізілген тай қазандарға су құйылып, еті салынып дегендей от жаға бастаған екен, жаңағы әжелер келіп, отқа сүт, еріген май шашып, қу аршаларды тұтатып, қазандарды аршамен аластады. «Қара қазаннан сүт кетпесін, құт кетпесін, ернеуіңнен май үзілмесін, ауылдан той үзілмесін!» Марқұмның артында ауыртпалық қалса, аршаның қасиетті түтіні алып кетсін дейтін тілектен туған ырым болатын бұл. * * * Бұл елдің алдымен құмартып көрер бір тамашасы – күрес. Мұндай айтулы ас-тойда бас жүлдені алған балуанның атағы аңыз-әңгімемен толыса түсіп, ертегінің нағыз батырына айналады: «Пәленшекеңмен күрескенде уыстаған жерінің етін терісімен қосып, жұлып алыпты»; «...Аспанға атып жіберіп, жерге түсірмей қағып алыпты»; «... Көтеріп алып, соққанда ортан жілігін күл ғып жіберіпті» дейтін өтірік-шыны аралас, алып-қашпа әңгіме елі ішін аралаған сайын түрлене құбылып жүре беретін. Әсіресе, ондай балуан өз ауылы, өз руынан шықса қанеки. Ол көпе-көрнеу Қобыланды мен Алпамысқа айналып шыға келер еді. Сондықтан да түйе мінгендердің өз амалдары бар, жаяуды айтпағанда ат, өгіз мінгендердің төбесінен аса қарап, балуандардың айқасын алыстан болса да тамашаламақ. Халық көп жиналған жерде белгілі бір тәртіп болмаса, жұрттың тамаша көргені сол, бірін-бірі басып-жаншып берекелері бек кетеді.

Асты өткізудің басшылығын қолына алған, тоғашылардың төрағасы Қасқақ Сарыдоңғалдың баурайын әдейі таңдағанда күрес, аударыспақ, жерден теңге, орамал алу сияқты ойындар кезінде жұрттың жайлы отыруларын алдымен ойлаған. Жаяу тойшылар доңғал биігіне көтеріліп, жайғасқан кезде ойындар алаңы алақандағыдай көрінетін. Қасқақ жанындағы әлекедей жаланған он шақты тоғашыларымен бір-бір жарау ат мініп, сауықшыларды тәртіпке келтіріп жүр. Қанша жасаң дегенмен көп тұяқ таптап, шаңы шыға бастаған күрес өтер жерге бірнеше текемет жайдырды да, оларды алыстан қоршай төселген сырмақ, киіздердің үстіне шалғайдан келген сыйлы қонақтар, ел ағалары, ақсақалдар отырғызылды. Бала-шаға, басқа да жаяу-жалпылар Сарыдоңғалдың төбесіне дейін ине шаншар бос жер қалдырмай қонақтаған. Ал ылди жақтан көліктер иін тіресе тұрса, түйе мінгендер олардың соңынан сап түзесті: – Өй, кимелеп қайда барасың? Алдыңдағы жұртты басамысың? – Мүйізі шаңырақтай болған қарасан келгіріңнің басын тартшы әрі, атымның шабын жардырасың ба? – Е, сонда біз көрмеуіміз керек пе қызықты? О, несі-ей, таяқ тастам жерде тұрып жымыраңдағаны! – Әй, жігітім, алпамсадай болып алып, түк көрсетпедің ғой, кішкене әрі таман тұршы. Тамашаның бәрі сенің жауырыныңның үстінде болып жатқан жоқ қой... Араның ұясындай гуілдеп, қайнап тұрған Сарыдоңғалдың баурайы есік пен төрдей тоқпақ жалды торы мінген Қасқақ бүлдіргесіне қызыл орамал байлаған қамшысын көтерген сәтте су сепкендей басылды. – Уа, әлеумет! – деді батыр зор дауыспен. – Әлеумет, Диқан-ана атанған Қойбас шешеміздің асына жиналған, үлкен-кіші! Аз ғана сабыр ғып құлағыңды бері бұр. Ас – өліге сауап, тірілерге салауат!Өткенге – құрмет, артында қалған ұрпаққа – ұлағат! Атамыз салған сара жол, қаза соңын өнерлі өрендері жалғастырып, ел бірлігін сақтау үшін соңын сауыққа айналдырар дара жол! Ас үш күнге созылмақшы. Бүгін, түске дейін балуандар сайысы болмақшы. Әр елден, арғысы Қобықтан – Тторғауыт, Аягөз, Қалбадан – Ақ найман, Алтайдан – Қаратай, Бура, Қожамбет, Сырымбет бергісі Сауыр, Сайқан, Шығыс Маңырақты мекендеген қалың Найман, Керейдің әр атасы, оның ішінде Алтай-Сауырдың арғы бетінде жатқан өр Керей, түстігіндегі Барқытбелдің жуан белін жайлаған Байжігіттің Тоғас, Мәмбет балаларынан, алты Жұмығының біраз ұрпақтарынан келген ағайынның не бір апайтөс, алыптары мен шынжырлы балуандары келіп отыр. Бұл сайысқа жүрегінің түгі, білегінің күші бар деген жас пері болса, оларға да бөгет жоқ. Ағалаған бас балуанға шығып, күш сынасуға ерікті. Бас балуанға үш тоғыз, екінші балуанға қос тоғыз, үшінші балуанға бір тоғыз бәйге бар. Әр тоғызды ақ жампоз бастаса, кәмшат жағалы батсайы шапан аяқтайды...

Қасқақ атын ойнақтатып, шаршы алаңның екінші шетіне шығып, астағы ойын-сауықты өткізу тәртібін одан ары жалғастырды. – Түстен кейін қосын алып, бәйгелер жолға түспек. Әзірге жүз сексендей аттың шабатыны ғана белгілі. Жүйріктердің тізгінін тежер тұс Еспе өзенінің жағасы деп тұрмыз. – Құдай-ау, Еспе деген қайда, ит өлген жер емес пе? Қанат байлап, құс болып ұшпаса, мұндай жерден ет пен сүйектен жаралған тұяқты мал шауып жете ала ма? – Бұл аламан емес, әр жұрттың бетке ұстаған жүйрігін ала өкпе ғып өлтіру ғой! – Алыс деп қорыққан кісі атын жібермей-ақ қойсын. Үш-төрт көштік жерге айдалмаған аламан бәйгенің несі қызық? Алыс жол – атқа сын. Аттың атын шын сараптар бәйге бұл. Бұл шілдехана мен сүндет тойда шабатын тай бәйгесі емес, ел айта жүрер ас бәйгесі, ағайын. Жұрт тағы гуілдесіп бара жатыр еді, Қасқақтың осы бір сөзін естіп, жым болды. – Бәйгелер бүгін жетіп, таң атқанша сонда тыныстап бел жазады... Бүгін түстен кейін жаяу жарыс, мешкей жарыс, арқан тарту, бала күрес, қатын күрес сияқты атсыз ойындарға арналады. Ертең кешке дейін, ат ойындары өтпек. Тай бәйге, құнан бәйге, жорға жарыс, аламан бәйгені қарсы алу, аударыспақ, көкпар, теңге алу, қыз қуу, сайыс тағы басқа жарыс түрлерін тамашаласақ, үшінші күн сөз сайысын, айтыс, күйшілер сайысынан көреміз. Барлық жеңіскерге қасқа тоғыз бастатқан бәйге бар. Қане, ортаға балуандар шықсын! – Ойпыр-ай, Қамбар әкесі Санияздың асында да бүйтіп шашылып, бүйтіп шабылмаған шығар?!Қасап қып қырған малын айтпағанда, берілер бәйгесінің асыл бұйымдарын сонау Шәуешек, Құлжадан тарттырыпты деседі ғой, – деген жаңағы шаңырақ мүйіз сары өгізге мінген қара елтірі жекей тымақты шоқша сақалды бір уыс шал «атымды үркітесің» деп тымыраңдаған қаба сақалға. – Мал шашып жатыр ма, әлде мал жинап жатыр ма, кім білген. Екеуімізге екі-үш күн етке тойсақ болды емес пе?! – деді қаба сақал өгіз мінген сарыны жаратпаған қалпы. – Төреге жағынғандар сойысқа айдап әкелген мал бір Қойбастың асына емес он төренің асына жетерлік болды емес пе?! Оған несін таңданасың? ! – Ойпыр-ай, тегін адам төре бола ма? – деді өгізді шал таңданысын жасыра алмай. – Мыңдаған адамға көрсетіп жатқан қызметінде қапы жоқ-ау. Айтып айтпай, салымға деп әкелген саба-саба қымызды бір алып қазанға құйса көл болғандай, келген малды жинаса, екі-үш қосын жылқы болғандай еді. «Алаған қолым – береген» дейтін даланың жазылмаған заңын жақсы меңгерген Қамбар төре: «Әкелген малыңды жылқыға апарып қоса бер, ақтық сияқты басқа да жоралғыңды қатындарыма өткізе бер» деген жоқ. Өйтсе

«Мықтадым-ау» деп келген ағайынның пейіліне немқұрайды қараған болар еді. Оның үстіне, кімнің не әкелгенін «Алмақтың да салмағы барын» ескеру үшін де қажет екенін алдын ала ескерген. Асқа келушілерді әр жолдың торабынан қозы көш жерден қарсы алушы-даяршыларды әзірлеген. Олар қонақтарын шын пейілмен қарсы алып, әкелген малдары үшін «Алладан қайтсын!», «Тойдан қайтсын!» сияқты ризалықтарын білдіруге тиіс. «Төреге айтамыз, әкелгендеріңізді жеке көрсетеміз» дегенді айтуды да әдейілеп пысықтыған. «Кім не әкелді?» дегеннің өзін құпиялап қағазға түсіріп отыруды Әбен моллаға жүктеген. Сондықтан асқа келушілердің: «Әкелгенім көптің дүниесімен араласып, көрінбей қалады-ау» деулеріне негіз қалдырмай тиянақтап қойған. Ол болса, өткізбекке тәуекел еткен бұл міндетінің ойдағыдай орындалуына қапысыз, әр ұсақ-түйекке дейін келісіп, мұқият ойластырған. Тіпті сойыс малдарына арналған қырманы да алысқа әзірлеткен. Бірнеше қараша үй тігілген ол жерге қасапшы жігіттерін, әр малға «Алла әкбарын» айтатын молласын, ішек-қарын аршып, қазы айналдырар адамдарын белгілеп, мұсылман қауымының асқа сойылар малының қан-жынын аяққа бастырмай көметін орларына дейін қаздырып әзірлеткен. Ет асып, бауырсақ пісіретін, шай қайнатып, басқа да ішіп-жемді әзір қылар ас үйлердің өзі жеке бір ауыл. Ал бастарына ақ орамал тартып, жорға мінген қырық-елу даяшы жігіттер әлекедей жаланады. Қонақ үйлердің босағасына байланған мешкей сабаларға торсықпен тасып, еселеп қымыз құйып жүрген де солар. Тіпті ойын-сауық өтер Сарыдоңғалдың етегіне үй тіктіріп, шөлдегендердің сусынын басу үшін қымыз келтіртіп қойған. ІІ ... Екі шал әңгімелерін аяқтап болғанша әр елден келген балуандардың күресі басталып кеткен. Не бір апай төс алыптар не бір апай төс алыптарды алып ұрып жатты. Алтайдың бергі бетінен келген Қожамбеттің Сырымбетінің шағын денелі болса да тұла бойы тарамыстан өрілгендей жас балуаны екі-үш дүркін ортаға шығып, күрескендерінен айласын асырып кетті. Бір кезде бес-алты жігіт өне бойын шынжырмен шандып, кісіге шабар қара бұқадай қара дәуді кермелеп ұстап, ортаға шыға берген. Егер шынжырдан босанса, мына тұрған қалың жұртты тасқаяқтай қағыстырып, қырып кетердей. Қара дәу анда-санда «Аһ!» деп ақыра сілкінгенде, өтірік-шынын кім білген, кермелеуші жігіттер сүрініп-жығылып, біріне-бірі соғылады. Қара дәу де ортаға жақындай бере шынжырды шешкізіп, айналасына айбат көрсетіп, сүзе қарады да, төбедей болып, тізерлей отырды. Кеудеге дейін жалаңаш денесі қоладан құйғандай, шақпақ еттері буылтықтана ойнайды, түк басқан апай төсі екі аяқты, жұмыр басты пенденің қандайын болса да жаныштауға жаралғандай.

– Алла-ау, мынау да адам ба-ей! – десті кейбіреулер. – Әй, мынауың қолына түскен кісіні тірі жібермес! – Өзі, дәл осындай балуан бар дегенді естіп те, көріп те білген емес едік, жердің астынан шықты ма, аспаннан түсті ме мына пәлекет! – Торғауыттың уаңы бәйгілері мен балуандарын жеке үйлерге қамап, сыртқы көзден тасалап отыр деп еді, мынау мен білсем соның-ақ балуаны шығар, – деп қаба сақал білгішсінді. – Көрдің бе, торғауыттың қызыл шапанды, қатын бұрымды уаңының мұртынан жымыңдасы әлей. – Жауырыны жерге тимеген, Қарсы келген жігітті саз балшықтай илеген, Мықтымын деген талайды Қара күшпен билеген, Қобықтан келген арыстан – Ұтынасын есімді қара дәу осы болады! – Ортада жүрген қызыл бөрікті жаяу жаршы әдетінше балуанды жұртқа тақпақтап таныстыра бастады. Сонан соң самсап тұрған қалың жұрттың намыстарын жанып, ортаға шығар мықтыны шақырған. – Атадан ұл боп туғанбыз, Ел намысын қуғанбыз. Менменсіген талайдың Қабырғасын күйретіп, Асау тайдай үйретіп, Қол-аяғын буғанбыз. Уа, халайық, армысың Күрес деген арға сын. Қайрап алып намысын, Жатсадағы арыстан Ойланбай келіп алысқан, Азаматым, бармысың?! Әр жерден бас бәйгеден дәмегөй болып келген балуандар мына дәудің жартастай болған жаратылысынан сескенсе керек, «Мен бар-ау!» деп ешкім ортаға шыға қоймады. Әр рудың иесімін деп келген жуандар да ру емес ұлт намысы таразыға түскен шақта «жұрт алдында неғып ерте қозғалдым» деп қалмас үшін олар да өздерінің үкілі балуандарына «Қане, шық ортаға!» дей алмағандай. – Оу, жаңағы Сырымбеттің сырдаң қарасы неге шықпайды? Сұңқардай шалт жігіт сияқты еді, – деп біреу айғайлады. – Е, бәсе, «Күш атасын танымайды», шықсын ортаға. Сол кезде сырдаң қара шыдамай ұзын белбеуін буына бастап еді, ру басы болса керек, оның жанында тұрған сусар бөрікті әркенді жігіт ағасы былай деген: – Ағайын, соңғы күресінде аяғын жарақаттап алыпты. Біраз дем алсын.

Шамасы балуаннан гөрі оның намысын жыртып келген кісі жүрексінсе керек. Әлде басқа бір себебі болды ма, балуанын шығармай қойды. – Оу, ағайын, атадан ұл болып туып, ата намысын қуар бірің жоқ па? – Қасқақ торысын ойнақтатып, жан-жағына зілдене қараған. – Әлде бәрің де шөжеленіп бітіп пе едің, түге! Ондай болса, айтыңдар, кәрі сүйегімді сықырлатып, өзім-ақ түсейін! Ол торыдан түсер ыңғай таныта бергенде Ошыржаппен тізе тиістіре қатар отырған Қамбар айналасына алғаш рет алара қараған. – Уа, арыстан жүректі Қасқақ батыр! – деген әлдекімнің даусы саңқ ете қалған. – Пайғамбар жасына келген сізді ортаға шығарғанша өлгеніміз артық емес пе?! Бер батаңды, мен шығамын! Бағанадан амалдары таусылғандай тығырыққа тіреліп отырған жұрт есін қазір жинағандай, енді ғана тыныстарын кеңірек алғандай. – Өй, тусаң ту! Азаматым-ай, сол! – Бұл кім болды екен? – десіп жұрт гулесе жөнелді. – Айналайын, Бураш-ау, байқашы құлыным, бір жеріңді майып қылмасын! – Шаңырақ мүйіз сары өгіз мінген бағанағы жекей тымақты бір уыс шалдың жан даусы шықты. – Ол кім Бурашың, сенің балаң ба? – Қаба сақалды бұл сауалды қойып үлгергенше ортаға көнетоз түйе жүн шекпенді, аяғына көн шақай тартқан жап-жас жігіт шыға келген. Қаба сақал басын шайқады. – Құдауанда, қол тоқпақтай жаман шалдан да мынандай қолақпандай нар жігіт туады екенау! – «Тіфә, тіл-аузым тасқа» деңіз. Сақалыңыз қошқардың күйегіндей болғанмен парықсыз екенсіз, ақсақал. Әйтпесе жас балаға сонша сұқтана ма екен?! – Сары өгіз мінген бір уыс шал қаба сақалға дүрсе қоя берді. Бірақ мынандай қоладан құя салғандай пошымы кесек, оның үстіне қалмақтың жараған бурадай көбігін шашып отырған диюына қарсы шыққалы отырған жүрегінің түгі бар ұл таптырған шалға риза болса керек, түсін жылытып күлген. – Тіфә, тіл-аузым тасқа! Риза болған соң айтқаным ғой. Қай туған боласыздар, ақсақал? Енді бір уыс шалдың да жарты уыс беті жылыды. – Аз үй қырғыздармыз. Мына Бураш – Буратайдың әкесі Байболат дейтін мен боламын. – Е, Бәрекелді! Қасқақ алақанын жайып: – Атаң ер Қабанбайдың аруағы жар болсын!– деп, қысқа қайырып, батасын берісімен-ақ самаржақ жаршы саңқылдап қоя берген: – Шаршы топқа әлі шықпаған, Сонда да қорқып, ықпаған. Мына отырған алыпты

Шаң қаптыр, балам, жық балам. Жас қабылан Буратай Күш-қайраты бурадай... Жаршының сөзі аяқталмай қалды. Себебі жаңа ғана бір тізерлеп ортада соқтығарға қара таба алмағандай болып отырған Ұтынасын әлі шекпенін шешіп те үлгермеген Буратайға жолбарыстай атылған. Шекпеннің бір жағасынан ала өзіне жұлқи тартып қалғанда әлі өз-өзіне келе алмай қамсыз тұрған жас жігіт дүлей күшке шыдай алмай, бір тізерлеп отырып қалған. Шекпеннің бір өңірі қақ айырылып, Ұтынасынның қолында кетті. Ол екінші рет атылған кезде Буратай тізерлеп отырған күйі жалт беріп, тайқып үлгерді. Енді ол да қарсыласы бұрыламын дегенше ту сыртынан орай ұстап, «Иә, аруақ!» деп түйенің жарты етіндей алып денені жерден көтеріп-ақ алған. Шиыра дөңгелентіп лақтырып еді, торғауыт балуаны да ыңқ етіп, жерге тізерлей түскен. Бірақ жығылмады. Үстінен қона түскен жас балуанды арқалаған күйі орнынан тұра беремін деген кезде Буратайдың жарғақ тері шалбары дар-дар айырылып, жас жігіттің лыпасыз бөксесі жұрт көзіне жарқ етіп, бірден көрініп қалды. – Қап! – десті бүкіл Сарыдоңғал баурайы. Қыздар теріс айналып, әйелдер бетін басты. Бүкіл салтанатқа, берілер бәйгеге мал мен байлығын аямағанда ел намысы деп сынға түскен жігітінің жалаң жарғақпен шығып, бүкіл елін масқара қылғанын, сөйтіп өзі де бір-ақ сәтте масқара болғанын сезген Қамбар да жігіттерге ақырып қалған: – Тоқтатыңдар! Буратай бүк түсіп, бір өңірі жыртылып қалған шекпенінің етегімен бөксесін далдалап, шегіне берген. Ұтынасынның оған қарайтын түрі жоқ, жартылай жаралаған жеміне ұрлана басып келе жатқан жолбарыс сияқты оған жақындап келе бергенде бес-алты жігіт оның жолын бөгей берді. Сол кезде Қамбар да иығындағы бұлғын жағалы шапанын әкеліп, Буратайдың үстіне жапқан. Жаңа ғана «Аруақ-аруақ» десіп, Маңырақты күңіренткен көп дауыс енді ашу мен ызаға толы адам айырып болмастай айқай-шуға ұласқан. Ара-тұра ғана: «Бұл – әділдік емес!», «Мықты болса қайта шықсын!», «Белбеуін байлаттырмай бас салып, киімін дал-дұл қылған қандай балуан бұл? Осындай да күрес бола ма екен?» деген сияқты бірлі-жарым ренішке толы сөздер естіліп қалып жатқан. Жекей тымақты шоқша сақалды Байболат шалдың ортаға қалай өткенін кім білсін, әлде шын белдесіп үлгіре алмай қапияда қор болғанына, әлде жыртылған шекпен мен жарғақ шалбар үшін ғана емес ойда жоқта «жыртылған» намысы үшін бе, төренің шапанымен тәнін жауып, бордай егіліп, төмен қарап тұрған баласы Буратайдың жанына жетіпті.

– Жығылған жоқсың, жаным, намысыңды да жыққан жоқсың. Сүйегің аман болса – сол олжа, – деп алпамсадай ұлын құшақтаған. – Уа, халайық! – деп, Қамбар көпшілікке қарап, қолын көтерді. Қалың нөпір аю тиген араның ұясындай гуілдеп барып, әрең тыншыды. – Уа, халқым! Мынау менің жылқышым Буратай бұл белдесуде жығылған жоқ! – Е, бәсе! Сөз-ақ! – десті көпшілік. Бұл белдесуде жығылған кісі – мен! Буратайдың бөксесі жалаңаштанған жоқ, төгілген абырой менікі! Сыртыңның – бүтін, сықпытыңның тоқтығына алданып жүріппін!.. Сондықтан, ескі шекпен, жалаң жарғақпен қызыққа келіп, ел намысы үшін ортаға шыққан жігітке берер ат-шапан айыбым және атаған қасқа тоғыз бәйгем бар... – Төре, аз кем тыныстап алып сөзін жалғады. – Шотан, Бөкей, осы қазір Буратайды біздің үйге апарып, бастан-аяқ киіндіріп әкеліңдер! – Ой, бәрекелді! Жүз жаса, төре! – десті біраз жұрт. – Ал, қазақы белдесудің жолын түгел сақтамаса да жеңісті Ұтынасынға беремін!Бірақ Ұтынасын күреске қайта түседі. Атадан ұл боп туған бір ұлан шығар ортаға! Төренің әділ шешіміне ешкім қарсы келген жоқ. Тіпті Ошыржап та оның бұл сөзін құптағандай жанына келіп жайғасқан ас иесіне күле сөйлеп, әлдене деп жатты. – Уа, мен шығамын бұл дәуіңе! – Жоқ, ендігі жол менікі! – Әуселесін көріп алайын әкеңнің аузын... Дәл осы сәтті күтіп тұрғандай ортаға апай төс, бура сан екі-үш жігіт шығып қалды. Жаршы қайсысына жол берерін білмей сасқалақтаса керек, Қамбардың жанына жақындай берген. Ұтынасын болса «қайсың келсең де көріп алармын» дегендей дәл ортаға келіп, тағы да бір тізерлеп, жартастай болып отырған. – Дат, алдияр! – Жұрт жотада сыймай отырған көпшіліктің арасын қақ жарып келе жатқан орта бойлы болғанмен екі иығына екі кісі мінгендей бейтаныс жас жігітке назар тіктеген. Қамбар да оның даусы естілген бетте-ақ «Мынау Байшуақ болмасын!» деп ойлаған еді. Даусының мақамы да, түрі де айнымайды, тек одан гөрі балаңдау, одан гөрі сыртқы тұрпаты да шаршылау, төртбақтау сияқты көрінді. Сол кезде оның есіне Қобық жерінде көрген Байшуақтың інісі екені есіне түскен. – Датың болса, айт! – Алдияр, түпкі тегім Еділ бойын жайлаған Алшын деп өздеріңіз жалпылай атайтын жұрттың Тама дейтін үлкен руының бұтағымын. Қазіргі келген жерім Ошыржап уаңның ауылы, былайша айтқанда, қалмақ елі. Сүйегім – өздеріңде, ағайын, етім – қалмақта. Ныспым – Барат. «Әттең қызықтарыңды көрмегені болмаса сендердей қос арыстың әкешешесі армансыз екен-ау!» деп ойлады Қамбар. Ол бұл жігіттің Байшуақтың

өзі айтқан, тілдеспесе де сыртынан көрген інісі екеніне енді қазір күмәнсіз сенген. Жігіт сөзін сабақтады. – Қатар жатқан қос жұртты жауластырудан гөрі елдестіруге ден қойған алдияр, Қамбар төре, сіздің, Ошыржап уаң, сіздің тұстарыңыз аңыз боп артқыларға қалар. Мен де ортаға мынау ушыққалы тұрған намыс отына су құю үшін ара ағайын болып шыққым келіп еді, беріңіздер маған жолдарыңызызды! – Оу, мына бала өзі қазақ бола тұрып, айтып тұрған «қалмақ елінен келгені» несі, «ара ағайыны» не? – десті ел жақсылары бір-біріне қарасып. – Ортаға шықса, қазақтың намысы үшін деп шығады да. – Мен түп тамырыммен, жан-тәніммен қазақпын, ағайын, бірақ қазіргі от оттап, су ішіп жүрген жұртым өзің сияқты малын бағып, оған қоса жанын бағып жүрген қалмақ жұртының ортасы еді. Жеңсем – қуанышым, жеңілсем – өкінішім екі жұртқа да ортақ. Сондықтан жолды маған беріңіздер, ағайын! Ұтынасын балуанмен ұстасып көрсем дейтін бір арман көптен бері менде де болушы еді, сәті бүгін түскендей! – Бала сөз тауып тұр, – десті ақсақалдар. – Апыр-ай, ұшқан құстың қанаты, жүгірген аңның тұяғы жетпес сонау Еділ бойындағы Кіші атамның ұрпағы бұл Қобыққа қайдан келіп жүр екен? – десті көпшілік. Жаршы сарнай жөнелген кезде Барат бірнеше құлаш күдері белбеуді байланып, әзірлегенше Ұтынасын жаңағы мінезін қайталамас үшін бес-алты жігіт оны қоршап тұрған. Ұтынасын болса, кісі алатын бура сияқты шабынып, екі езуі көбіктеніп алыпты. Үйіткен тайыншаның басындай шашы қырылған төбесіне дейін жылт-жылт етеді. Әлде май, әлде тер. Денесі алып болғанмен тұла бойы босаң көрінеді. Қымыз толған сабадай қарны да іркілдеп, ұлы денеге кіріге алмай, бөлектеу көрінеді. – Баратым жықса да, Ұтынасын жықса да балуандарға берілер бас бәйге Қобыққа кетті, – деп Ошыржап әзіл айтты. – Атағы екеуімізге де ортақ болатын болды, – деді Қамбар. – Жібер қане! – деп Барат ақырды. – Иә, Есет батырдың аруағы қолдай гөр! – Апыр-ай, ә!Мынау алыстан атағы аңыз боп жеткен жүрегі түкті, жауынан жеңіліп көрмеген мықты дейтін Тама Есет батырдың ұрпағы болдыау! – Е, құлақ естігенді көз көреді деген осы да. Батырдың өзін көрмесек те, көзін көреміз деп кім ойлаған, – десіп, шалдар жағы тағы гуілдесіп қалды. Сөйткенше Ұтынасын да өзін бағанадан жібермей тұрған жігіттердің олайғысын олай, былайғысын былай лақтырып тастап, жас жігітке қарай ұмтылды. «Күшік! Еліңе келген соң құтырған екенсің!Қазір сүйегіңді уатып берейін!» деді ол қалмақ тілінде. Оның айтқанын Байшуақ, Бараттан басқа қалмақтар түсінгенмен, қалың қазақ ұға қоймаған.

– Балуаныңыз не деді? – Қамбардың бұл сауалына Ошыржап: «з тілімізде аруақтарға сиынғаны ғой» деп жайма-шуақтатты. Бірақ Бараттың Ұтынасынға қайтарған жауабынан төре де уаңның тәржімесінің қате екенін пайымдады. Барат та: – Келсең кел!Мені аруақтар жебеп, елім демейді. Нағыз қазақтың қайратын көрмей жүр екенсің, – деп, қазақша жауап берді. Қос балуан шаппашап ұстаса кеткен. Ұтынасынның жанында денелі-ақ жігіт дейтін Бараттың бойы баладай ғана. Ә, дегенде-ақ торғауыттың екі қолы бірдей күдері белбеуге іліне кетіп еді, ол бір ышқынып, жас жігітті жерден көтеріп-ақ әкетті. Ол иіре айналдырып-айналдырып, серпе лақтырып жіберіп, жығылған балуанның үстінен жартастай болып басып қалатын тәсіліне салмақ еді, бірақ Барат ол тәсілді бұрыннан біліп жүрсе керек, өзін лақтырған кезде алшысынан түскен құлжа сақадай шиырылып барып, екі аяғымен жерге дік ете қалды. Ұтынасын долдана тағы ұмтылған кезде ол белбеуден тағы ұстататын сыңай танытып, сәл кідірді де, оның қолын көз ілеспес шапшаңдықпен қағып жіберіп, қарсыласының бүйірінен қапсыра құшақтаған қалпы өзі де кескен томардай шалқалап құлай берген. Дәудің аяғы да жерден сынық сүйем көтеріле бере кеудесін баса құлап келе жатқан жойдаусыз алып денені аударуға соншама күшті қайдан тапқанын кім білген, әйтеуір, иығынан асыра атып-ақ ұрды. Алып дене ес жинап, орнынан тұрамын дегенше Барат та үстіне дуадақты тебінімен түсірген қаршығадай қона түскен. Алып бір қырын жатқан күйі етпеттей төңкерілмек еді, бірақ жас балуан оның аяғымен, қолымен жер тіреп күш алуына мүмкіндік бермей қазанның қақпағындай жауырынын жерге тигізіп үлгірді. Сарыдоңғалдың баурайы «Иә, аруақтаған!» ұлы айқайға тұнды. Бес-алты жігіт Баратты көтеріп әкетті. – Жаңа ғана «Иә, аруақ!», «Қолда, Қабанбай!» «Қолда, Есет!» десіп әр жерден дауыс көтерген бірлі-жарымы болмаса, Сарыдоңғал баурайы тынши қалғандай еді. Енді айнала гуілдесіп, айғайласып кетті. Жастар жағы бірінбірі құшақтап, сүйіп жатса, шалдар жағы: – Өй, азаматым-ай, тусаң ту! Бәсе, «Қалмақты жығар бір ұлдың тумағаны ма?» деп, қатты қиналып едік. Қобықтан келсе де, Еділден келсе де мейлі, әйтеуір қазақ шықты. – Сені тапқан анаңнан айналдық! – Бәрекелді, жүз жаса! – десіп, барша жұрт алғыстарын жаудырған. Бәлкім, күн сәулесі әсер етті, бәлкім, көңілдері босады, әйтеуір көзін сүрткендер көп. Дәл бір ата жауларын тұрмастай ғып, бүгін жеңіп, ілгеріндікейінді кеткен кектері бүгін қайтқандай. Қол-аяғын жерге тигізбей жігіттер көтеріп әкеткен Барат алғаш рет есін жинағанда көз алдында кең құшағын айқара ашып, ағасы Байшуақ тұр еді. Екі бетін қуаныш жасы жуып кеткен.

– Тірегім! Сүйенішім! Жалғызым! – деді ол ықылық атып. Осы үш сөздің ішіне өзінің ағалық ықылас-пейілін ғана емес, бұл істі көруге де, естуге де жазбаған әке-шешенің бар мейірім, пейілін де бірақ сыйғызып еді. Сонан соң ол төрелер отырған жақты нұсқады. – Бара ғой, қос мырзаны күттірмей ықыласын ал! Әншейінде көп іске елең ете бермес төре де орнынан тұрып, Баратты бауырына басты: – Өнерің үстем болсын, арыстаным! – Сен енді қазақ-қалмаққа ортақ балуан болдың, – деді уаң Бараттың арқасынан қағып. – Біраз өнеріңнің бар екенін сезуші едім. Бірақ Ұтынасын дәуді жығардай қайратыңның барын білмеп едім. Бірақ оның қара торы өңінде қуаныштан гөрі әлде бір айтылмаған, бәлкім, айта алмаған түйткілдің тұрғанын төре де, Барат та байқаған... Ағайынды екеуі өз орындарына кетіп бара жатқанда Байшуақ: – Бұл ерлігің айта қалсын-ақ болды ғой, Баратжан, бірақ екеуіміз үйірімізге енді қосыламыз ба деп жүргенде осы қадамыңның зияны тимесе игі еді, – деген сөзі кейіндері ақиқатқа айналарын ол кезде екеуі де сол сәтте болжаған жоқ еді. «Бас балуанның бәйгесін біз алдық» деп торғауыттар тоғайса, «қалмақты қазақ жықты» деп қазақтар қампиысты... Ең бастысы, бұл аста жеңген балуан да, жеңілген балуан да олжасыз қайтқан жоқ. Бұл үрдіс ойын атаулының барлық түрлерінде қайталанған. Жеңгендері «екі тоғыз», «бір тоғыз» деген сияқты кәделі жүлде алса, жеңілгендерінің өзіне «жүректілігі үшін», «ең жас болғаны үшін» деген сияқты әр түрлі сылтай табылып, сый-сияпат көрсетіліп жатты. Бас бәйгені Қобықтан келген қазақ Баратқа атаған кезде аз ғана дау шыққан. – Ой, ағайын, датым бар төреге, – деген Марқаның жағасы, Алтайдың бергі баурайынан Сырымбеттің туын ұстап келген сусар бөрікті, әркенді жігіт ағасы ортаға шығып. – Біздің балуанның жауырыны әлі жер иіскеген жоқ. Сондықтан, жаңағы Қобықтан келген жас жігітпен күрессін. Әділдік жолы осы емес пе, ағайын. – Онда неге қалмақтың дәуіне қарсы шықпады, енді келіп, бас бәйгеге қол созғаның қалай? – деген Қасқақ гүрілдеп. – Дұрыс айтады, о несі-ай, «Түс ауған соң маңыраған ақсақ қойға» ұқсап. – «Бір тойда екі жар жоқ!» – Жоқ, шықсын. «Күш атасын танымайды». – Жөн ғой, меселі қайтпасын. – Бірі қоштаған, бірі қарсы болған дегендей көпшілік шуласып кеткен. – Ағайын, сабыр! – деп, төре орнынан тұрған. – Ағайын, Сырымбет балуанының да көңілі қалмасын. Ұтынасынға шықпаса, ұтылармын деп қаймыққан шығар. «Ала балта сілтесетін жаумен тіресу емес, ақ білектің

күшін көрсетер күресу» ғой, рұқсат берелік,. – Жұрт тағы да тым-тырыс бола қалған. Екі балуанның бойлары да сойлары да қолмен өлшеп қосқандай шамалас екен. Белбеулерін байланып, соңғы шайқасқа сайланып шыға келіскен. Бойлары мен сойлары ғана емес күрестегі айла-тәсілдері де деңгейлес екен. Бірі көтеріп лақтырғанда, екіншісі мысық сияқты текемет үстіне төрт тағандап түседі. Бірі қырқай шалса, екіншісі іштен шалады. Екеуі де бір-бірін алыса алмай сүт пісірім уақыт айқасып, екеуі де қара терге малшынған тұста Қамбар Қасқақты шақырып, әлде не деп сыбырлаған. – Итжығыс!Екеуі де нар екен, екеуі де бар екен. Төре: «Екеуіне де бас бәйге берілсін!» деп отыр, – деді. Сөйтіп, екі жағы да, отырған көпішілк те бұл шешімге дау айтқан жоқ. * * * Ертеңіне, жұрт күрес атаулыны, жаяу жарыстарды, басқа да біраз ойын түрлерін тамашалап болған кезде, сиыр түстің шағында, алды көрінген ат бәйгесінен Тастайдың Қараты шығандап жеке дара келіп, Қарақияда өткен Қойбас марқұмның асынан соң бұл өңірдегі ұрпаққа: «Балуан болса Барат жығады, бәйге болса, Қарат шығады» деген бір сөз ғана қалып еді...

Байланып, кілең жүйрік, өңшең жорға
Ақ үйге кербез басып кірсең зорға.
Па, шіркін, менің жарым болсайшы деп,
Күлімдеп қыз-келіншек тұрса сонда.

Халық өлеңі. ҚОС САПАР І Қамбар Нұрәлі биді шақыртып, ас желініп, қымыз ішіліп болған соң, Қасқақ үшеуі оңаша сұхбат құрған. – Нұреке, заманымыз бірге, тілек-мақсатымыз да ортақ еді, ақ ниетті бір сапарға аттануыңды сұрағалы отырмын. Ұлың ержетсе оған отау тігіп, оңаша шығармақ әкеге парыз. Ол үшін жігітке қалыңдық, әкеге құда табу керек. Біздің әлгі кеше туған Жанғазы, бес ұлдың кенжесі де бүгін он төртке толыпты. Жастар жетіліп, жасамыс кетілер уақыт сыны деген осы екен. Сол неменің ертеңі үшін де терезесі тең біреудің баласына үкі тағып, болашақ құдалармен құйрық-бауыр жеп дегендей табысып қойсам, балалар да екеуіміз көзімізді тағы бір ашып-жұмғанша ес тоқтатып, ержетіп қалар еді, – деп бір тоқтаған. Шақырудың мақсатын түсінсе де, «Бұл төре мені қай қиырға салғалы отыр екен?» дегендей Нұрәлі де сақалын сауып: – Е, жөн ғой! Қолдан келген қызметім қажет болса аянбаспын, – деген. «Көздеп, нысанаға алған жерің қайсы?» демеді. Оны да өзінің айтуын күткен. – Нұреке, дария кешіп көріп пе едің? – деген Қамбар әзілдеп. – Жоқ, – деді Нұрәлі күліп. – Тау асып, шөл басып көріп едім. Дария кешіп кім көрген? ! – Е, бәсе, мен білгелі Қара Ертіске ат жалдатқанды айтпағанда, өзен жағалап көрмеген сияқтысың. «Қолдан келген қызметіміз болса да аянбаспын» деп қалдыңыз, ендеше сол Ертіс кешіп барып, Алтай асып асып келуді тапсырғалы отырмын өзіңе. ткендегі бәріміздің аузымызды артымызға қаратқан Қараттың елі Қаратайды, бүгінгі сол елдің екі тізгін, бір шылбырын қолына ұстап отырған Тастайды білесің ғой! Соның биыл он екіге толған қызы бар деп естимін. Көздегенім де, көз салғаным да – сол Тастай. «Көздегенім – Қарат десеңші». Қасқақ та, Нұрәлі де осы бір ойға тірелген, бірақ екеуі де іштегі ол ойларын сыртқа шығарған жоқ.

– Тастай мені тақымына тар келді демес! Тар келеді демесе, қалыңын қалағанынша алсын!Қолынан қақпан. «Мал береді, ол аз болса, жан береді» де. «Жат жұрттыққа жаралған бір шаранасын маған балала ғып алуға қисын да, құдай дескен мың жылдық құда болсын! Төре көнерген сүйекті жаңғыртқысы келеді де! «Сүйек сүйекке сүйенер, тілек тілекпен көгерер. Барыс-келіс, алыс-беріс болмаса, ағайын жат болып, жамағаттық көнерер де!» – Төре бұрындары әкесі Санияздың бір немерелес ағасының Қаратай еліне қыз бергенін еміс-еміс еститін. Оны Тастайдың білмеуі мүмкін емес деп әдейі айтқан. Көнерген туыстықты қайтадан сүйек жаңғырту арқылы жаңартқысы келетін сыңай танытып отырып, дегеніне жетпей қоймасын байқатты. – Қара сөзден ақ сүт сауған, аспандағы бұлтты айналдырып, жерге түсірген бисің ғой, саған сөз үйретер кісің мен емес. Жаныңа Бөкей, Әли және Сайынды ертіп ал, одан әрі қандай салтанат ұстап, қанша нөкер ертесің, ол – өз шаруаң. Қадірлі, Нұреке, жаушы болып, алғаш барғалы отырған жоқсың. «Жә» десіп, «шеге шапан» киіп қайтуыңа тілектеспін. Ал қажет деген жол-жоралғыңды өзің де білесің. Қамбар оның келісімін сұрап, кесетіп кетер уақытын айтқан жоқ. Алайда, оның әрекетінен бір асығыстықты байқауға болар еді. Ол «Бұл әңгіме осымен тәмәм» дегендей, сөз ауанын мүлде басқа арнаға бұрды. – Қасқақты және інім Шотанды, ұлдарым Құдайменде мен Байғызды ертіп, Қобық аттанғалы отырмын. Екеуіңнен жасырар сырым жоқ, көп жұрт мені биыл жаз Ошыржапқа тым іш тартып, алыс-беріс болып кеткенімді «жауының алдында жалпақтауы» деп бір шығарды, «Қалың қалмаққа жиендігі ұстаған ғой» деп екі шығарды. Ел не демейді?! Атадан балаға қалған жаулықты қай құдай маңдайымызға жазып қойыпты? Тым болмаса, үрген итінің даусы естілер торғауытпен өз жұртымның арасында рахайлы тірлік орнатып, барымтада емес бәйгеде шапсақ, жаугершілік емес саугершілік орнатсақ, одан күбір-сыбыры көп менің елім қандай зиян көрмекші?! Ата жаулықты қуғанның бір жолы жеңер, келер жолы жеңілмесіне, бір жолы алар, келер күні алдырмасына кім кепілдік бере алар... – Ол түпкілікті ойымды осы екеуіне айтсам, ел де ести жатар дегендей шешіле сөйлеп, ойын бір тиянақтап алды да, сөзін әрі қарай сабақтады. – Осындай бір ұзын арқан, кең тұсау ойдың жетегінде жүргенімде биыл көктеулікте болған бір оқиға менің Ошыржаппен алыс-берісімнің тездеуіне себепші болған еді... Қамбар бір түнде басына азаттық сұрап, өзіне сонау Кіші атаның ұрпағы қоныс тепкен Еділ-Жайықтың азаматы Байшуақ есімді жігіттің келгенін, оның Қойбас асындағы көпке жұмбақ болып қалған Барат балуанның туған ағасы екендігін, екеуінің бүкіл тарихын қысқаша айта келіп былай деген: – Қос бірдей арыс «туған топырағымыздан шалғайға кетсек те, туған халқымның қасында болайық» деп, басқа – азаттық, жанға араша сұрағанда жолдарына малымызды шашсақ та қос арысқа, қол ұшын бере алмасақ, елдігіміз қайсы?! Ошыржапқа айдалған мал, асқа келгенде көрсеткен сый-

құрметтің бір ұшығы сол қос арыс үшін болатын. Кісілік, кішіпейілділік жолы жасалып болған сияқты. Енді Ошыржаптың шақырған қонақтығына да барып, бүйімтай ғып, екі жігіттің азаттығын қолқалаудың да сәті келді, білем. – Бәрекелді, төрем! Ұрпағың айта жүрер кісілікті шаруа екен, – деп сүйсінген Қасқақ та. – Қосынымыздың сәніндей болған отыз бір сәйгүлікті айдап барғанда-ақ ойлап едім-ау, осындай бір үлкен мақсатты алдыға қойғаныңды. – Апыр-ай, екеуінің де Ошыржаптың сеніміне ғана кісенделіп, ерікті пенде болып жүргендері қандай ерлік еді? – Нұрәлі де сүйсінгенін жасыра алмады. – Менің балам болсашы дейтін азаматтар екен. Олардың жолына құрбан болған мал да, жан да өтеусіз болар-ау. *** Араға екі күн салып, төре ауылынан шыққан екі топ «Иә, Алла, жолымызды оңғара көр!» деп, екі бағытқа – біреуі Қара Ертісті бетке алып, солтүстікке, бірі Қобықты бетке алып, оңтүстікке жол тартып еді. ІІ Қамбар жанына Қаражан бәйбішесін, өзінің інісі, әкесі Санияз төренің төртінші ұлы, яғни өзі де әрі інісі, әрі баласы санайтын Шотан төрені, Қасқақты тағы басқа біраз кісілерді ертіп, көшелі топ болып, жолға шыққан. Астан Ошыржап тобы балуанның бір бас бәйгесін, ат бәйгесінің үшінші және бесінші жүлдесін, тағы басқа жамбы ату, теңге алу, мешкей жарыс сияқты ойындардан да көптеген олжа алып, оның сыртынан мол сый-сияпатпен, риза-хош көңіл болып аттанған. Уаң жүрер алдында: – Төре, «Мың сіз-бізден бір шыж-быж артық» деп өздеріңіз айтқандай, біздің елді де көріп, қонақ болып аттан. Жай сөзім емес, шын ықылас, ақ-адал ниетім, – деп өтінген. – Келер уақытыңыз өз қалауыңызда болсын. – Жарайды, туар айдың басында барып қалармыз, – деп, төре де Байшуақ пен Баратты да көп зарықтыра бермей, тездетіп сол жайды шешуді ойлап, бірден келісім берген. Алыстан келген сыйлы қонағын ас соңынан әдейі алып қалып, дария жағасында бір-екі күн құс салдырған болатын. Әрине, ағайынды екі жігіттің басына бостандық сұрауды ол кезде де білмей қалған жоқ. з елімде жүргенде түп етегінен алғаным жараспас, бүйімтайды арнайы барғанда сұрағаным жөн болар деп түйген. Ошыржап аттанып бара жатқанда төре қазақ рәсімімен оның қалағанын, бүйімтайын сұраған. – Төре, мына торғауыт алғанға тоймайтын тойымсыз жан екен деп сөге көрме. Қазақтардың құс салған өнерінен бұрын да құлағдар болып, ынтығып жүруші едім. Екі күнде көрген қызығым өмірімде сүйсіне еске алардай көңілді өсіріп, көзді қуантты. Құс қайыру мен құсбегілік өнерлеріңе осы

жолы бек тәнті болдым. Мүмкін, мен де құсбегі болар ма екенмін, қисаң мынау Көкторғайыңды қаладым, – деп, Қамбардың ең сүйікті қыраны Көкторғай атты лашынына базына жасаған. Жон жотасында жасылдау сағым ойнаған көк сұр көрінетін апай төс, ақ тамақ Көкторғай нағыз «қолыңда өлейін-айдың!» қыраны болатын. Ошыржаптың құсты құсқа түсіретін қазақтың өнеріне тәнті болғаны сонша, олар Ертіс жағасына жетпей-ақ Шорға сияқты ұсақ көлшіктердің жағасынан жыртылып айырылар қаз-үйректердің бес-алтауын қаршыға, лашындарға қақтырған сәтте-ақ байқаған. Өз қолына ұстаған Бөкейдің Сұржебе атты қаршығасының томағасын сыпырып, қырқылдай ұшқан үйректер тобының екеуін түсіріп жібергенде құсты бір өзі алғандай қуанып, қамыс ішіне қанаттары долбырлап келіп құлаған үйректерді өзі іздеп шапқылап кетті. Дауыстай айғайлап, қара торы өңі бал-бұл жанып, болып жүр. – Менің қаршығам алды, менің! – дейді қолына бір шай қайнатым уақыттан бері ғана қондырған құсты біржола меншіктеніп. – Е, Отыршап мырза, жоға деймін-ау, нағыз құс төресін көрмеген екенсің, – деп Жұманай мақтана жөнелген. – Біздің төренің қолындағы құсты көрдің бе? Әнеки, нағыз құсбегілер ғана қолға түсіріп, нағыз құсбегілер ғана тәрбиелей алар қырандардың қыраны лашын дейтін осы құс болады. – Уаң мырза, біздің Жұмекеңнің айтып келе жатқан нағыз құсбегісі өзі ғой, – деген Қамбар да көңілдене күліп. – Рас, бұл құсты осыдан екі жыл бұрын Сауырдың бір биігінен торға түсіріп ұстаған да, тәрбиелеп, баптаған да, сонан соң маған тарту еткен де осы кісі. – Шіркін, қол тимей жүр, әйтпесе «Ұмай ұлып, ұлар ұшқан» Сауырдың соңғы лашыны Көкторғай емес қой. Әттең, бір жетер болсам... – деп, Жұмекең күмпілдей жөнеліп еді, сол сәтте көлге қонғалы келе жатқан он шақты қазға көздері түскен кезде: – Жібер төрем, Көкторғайды, жібер. Мына Отыршап көрсін қызықты, – деп, Жұмекең тызақтай жөнелген. – Жоға деймін-ау, көрсе, Көкторғайдың жұмысын көрсін де... Шынында сүйір қанаттарын қағып-қағып жіберіп, қаздардың үйірінен біраз биікке тез көтерілген Көкторғай қаздарға қарай төңкеріле шүйілген. Қаздар да бір сұмдықтың болғанын сезгендей тізіле ұшқан қатарын бұзып, көл жағасындағы қалың қамысқа қарай қаңқылдай ұмтылған. Қайқайып биікке шыққан Көкторғай жарқ етіп, төмен қарай лақтырған тастай сорғалады. Топ ортаға араласа бергені сол еді, жарқ етіп биікке қайта көтерілген. Сол кезде қаздардың бірі шаншыла құлап келе жатқан. – Қап, жоға деймін-ау, жер тар болып қалды-ау, – деп Жұманай шырылдады. Бірақ қаздар көлге жетіп қонғанша Көкторғай олардың төртеуін түсіріп үлгірген.

– Төрем-ау, мынау құс емес нажағайдың оғы ғой нағыз! – деп, Ошыржап та тәнті болған. Ол сол құс салған екі күн бойы қайта-қайта Көкторғайды қолына алып, таңданысын қоймаған. «Әй, осы шіркін, Көкторғайыма көз салмаса не қылсын» деп төренің өзі де іш жиып жүр еді. Ақыры, міне айтқаны айдай келді. Қап-қара жанары ұшқын атып, шатақ іздеп тұрар бұл құс төре үшін қанша қымбат болса да, қос бірдей жігіттің болашағы үшін және сыйлы қонағының қолын қақпайтын қазақы дәстүрді аттай алмай, амалсыз көніп, қыранын өз қолымен уаңның қолына қондырған. Жаратылысынан көк тағыларына көз сатып, оларды қолға түсірудің сан түрлі тәсілдерін білгеннен, сонан соң оларды нәрестедей мәпелеп, баулыпбаққаннан басқа өнер атаулыдан жұрдай, тіпті екі жастың біріне келгенше сөздің оң-терісін де жөндеп аңдай бермейтін Жұманай көсені де бір-екі айға қоса аттандырған. Төре құсты қалай баптап, қалай ұстауды білетін осы Жұмекеңнің айтқанын орындаса, Ошыржаптың өзінің де құсбегі болып кетеріне сендірген. Торғауыт еліне алғаш Қасқақпен бірге барған сапарында біраз абыройсыздыққа жолығып, келген бетте қалың балдызынан таусылмас күлкіге қалған Жұманай көсенің айдарынан жел есіп қоя берген. – Е, әнеки, жоға деймін-ау, Жұманайсыз күндерің бар ма? Ертең мен өлгенде қайтіп күн көрер екенсіңдер, бәлем Әй, төре, мына қалмақтарыңа айтып қой, маған жабағы құлын, марқа қозы сияқты жас малдың етін әбден пісіріп беретін болсын. Ауырып өліп қалып жүрсем, сүйегімді жеткізе алмай әуре боларсыңдар, түге! – деп шіренген. – Ойбай, Жұмеке, басыңызға жеке үй тіктіріп, қажет десеңіз торғауыттардың біразын қызметшіңіз ғып қоямын. Тек Көкторғайды жерсіндіріп, үйретіп берсеңіз жетеді, – деп, Ошыржап та ағынан жарылған... * * * Қамбарлар асықпай жүріп, жолай алты Жұмықтың бір руы Қожандардың ауылына бір қонып, ертеңіне түс болмай, Қобыққа ат тұяғын іліндірген. Ошыржап та қонақтарым келіп қалар деп, жолға шолғыншы қойып, күтініп отырса керек, қозы көш жерден алдарынан шығып, қарсы алған. Жанына ерген қарсы алушы жігіттердің ішінде Жұмекең де жүр. Қартың Көкторғайдың арқасында ағы ақ, қызылы қызыл болып, қутыңдап, қарға аунаған түлкідей өңейіп алыпты. Тіпті үстіндегі шапанына дейін өзгеріп, көбіне торғауыттардың келеңдері киер қаусырмалы ұзын, қызыл шапанын киіп алыпты. Қазақтығымды мүлде ұмытпайын дегендей, әйтеуір түлкі тымағын қалмақы құйрықты сеңсең бөркіне алмастырып алмағанына ағайындары іштерінен шүкіршілік дескен. Көкторғайдың бапкері емес, уаңның уағызшысы дерсің, оң жағын ала тізе түйістіре қатар келіп, аттан түскен. Ошыржап пен Қамбар бұрынғы рәсімдерді ұстанбай-ақ, ежелден етене дос-жарлардай төске-төс тиістіре келіп қауышқан. Уаң атынан түсіп жатқан

Қаражан бәйбішемен қос қолдап амандасып болған соң, Қасқақ, Құдайменде; Байғыз, Шотандармен де төске төс тигізіп сәлемдесті. Қайтадан келіп, Қамбардан бала-шағаларының, ауыл-аймақтың есендігін сұраған. Сол сәтте атынан жаңа түсіп болған Жұманай келіп, сөздерін бөлді. – Әй, уаң, біздің төремен ішек-бауырың біржолата жабысып қалғандай болмай тұра тұршы, жоға деймін-ау, біз де Қамбекеңмен көріселік, – деп, өзінен бір жарым мүшелідей жас төрені ұлын көргендей бетінен сүйіп қауышқан. Оның анау-мынау емес, қалың торғауытты жұмса жұмырығында, ашса алақанында ұстап отырған бір жұрттың елағасына айтқан жаңағы сөзінен қысылып қалған Қамбар оның арсын-гүрсін сөзін жуып-шаймақ болып: – Оу, жезде, бүкіл Қарақия, Қарағойын, Шорға маңының Найман, Керейі мен төре ауылна жезделігің аздай, енді уаңның жұртына да жезде болып кеткенсің бе? – деп, әзіл айтқан. – Күтушілікке жас қыз-келіншегіңнің керегі жоқ деген соң көп жылдан бері жесір отырған бір апамызды Жұмекеңе күтуші ғып бердім. Дәм-тұздары жарасса, сол кісіні алып бергелі отырмыз. Жұмекең бізге де жезде болғанды қойып, біздің елден қайтпай қала ма деген де ойымыз бар. Мұндай кісіні жалғыз өздеріңіз жезде ғып қызығын көре бересіздер ме? Қалған ғұмырында бізге де жезде болсын да. – Уаңның да жарастықты әзілінен кейін қарт байғұс қызарақтап, аузындағы тіс атаулыдан қалған қос тұқылын жалаңаштап күлген. «Жығылған тек тұрмас» дегендей: – Әй, уаң, бұл әңгімені енді қозғасаң Қараторғайды ұшырып жіберіп, қайқайып, жаман кемпіріме тартамын да кетемін! – деп шіренді. – Омай-ау, алсам өзімнің ауылымда да маған тигісі келіп, сілекейі шұбырып жүрген кемпірлеу келіншектер жетеді. – Ойбай, Жұмеке! Жаздым-жаңылдым. Қараторғайды ұшырып жібергенше мені бауыздамай өлтірсеңші. Биыл қос қыраныңның қызығын көрсетіп берсең, еліңе ұзатылған қыздай ғып, өзім көшіріп апартамын, – деп, уаң да ағынан жарылған. – Сіздердің айтып отырғандарыңыз қайдағы Қараторғай? Құсымыздың аты Көкторғай емес пе еді? – деген Қамбар да тағаты таусылғандай. – Досым, сен маған бір Көкторғайға қосып, нағыз көк тәңіріндей қыран бүркітті де сыйлап жібергеніңді ұмыттың ба? – деп, Ошыржап Қамбарды таңғалдырды. – Сен сыйлады демей не дейін, егер Көкторғайды қолыма қондырмасаң, Жұманай мырза еліме келер ме еді, егер ол келмесе, көк тағысын жерде жүріп мен қолға түсіре алар ма едім?! Түсірген күнде де құс тілін білер бұл кісідей бағып, баптай алар ма едім? Енді сізге жұмбақ болып тұрған Қараторғайды сіз бермегенде кім берді дейін? – Бала жастан қыран іздеп, көкке қарап өскен мен жазған бағланның жылы-жұмсағына тойып, бесті қымызды сіміріп, жоға деймін-ау, жалғыз

Көкторғайдың жұдырықтай тұрпатына қарап жатамын ба? – деп, қарттың ұзын-сонар бір әңгімені бастағанын біліп, уаң өтініш айтқан: – Қане, атқа қонайық, сонан соң әңгімеміз жалғаса берер! Жұмекеңнің бұл сөзге тоқтайтын сыңайы жоқ еді, Қамбар да: «Иә, сөйтейік!» деген соң ғана Жұманай да есік пен төрдей төгілме жал қара жорғаға бұрылып, бір тұтам аяғын үзеңгіге жеткізе алмай әуіреге түсті. Оның үстіне, жүріс сұрап, қызынып тұрған жануар да қарттың тырбаңына шыдай алмай тыпыршып, бір орнында тыныштала алмай тұрған. – Өй, Жұманайдың тақымында сілікпең шығып, ыңыршағың айналғыр, жануар, сол! – Ол жан-жағына жалтақтап, үстіне шығып атына мінетін тас іздеп, таба алмаған соң, өзіне қарай ыржия күліп келе жатқан Байшуаққа зекіген. – Немене тірідей сойған қасқырдай ыржалаңдайсың, ұста мына аттың басын! Байшуақ қараның басын ұстап әуіре болған жоқ, томардай шалды орнынан дік еткізіп көтеріп алып, ердің үстіне қонақтата қойды да, Қаражан бәйбішені атына мінгізуге бет алған. Жұрт ауылға қарай бет түзегенде Жұманай қатарласып бара жатқан төре мен уаңның ортасына қара жорғасын кимелетіп кірген. – Иә, содан кейін? – деген Қамбар Жұмекеңнің әңгімесіне шынымен ден қойып, – Жаңағы Қараторғайыңыздың жайын айтыңызшы, Қараторғайыңыздың. – Содан... – Жұманай қай тұсқа келіп тоқтағанын есіне түсіре алмай сәл аял жасады. – «Содан, жоға деймін-ау, жалғыз жұдырықтай Көкторғайдың тұрпатына қарап жатамын ба?» дедіңіз, – деп, бір жігіт қарттың «жоға деймін-ау» дейтін сөзінің тұздығына дейін қосып, әңгіменің үзігін жалғап берді. – Барқытбел мен Сауырдың қарағайлы тау-құздары ғой мені жетелеген. Осы ауылға келген күні-ақ екі қанаты түңіліктей түз қыранын көзім шалған. Нағыз Алтайдың ақ иығы. Шеңгелінде суырдың айғыры ма, әлде қозы-лақ па, әйтеуір қомақты бірдеңесі бар. «Ә, түлегіңді кенжелетпей басқан қу болдың ғой» деген ой келгенде қуанышым қойныма сыймай кетті. Енді қайтейін, Сауыр-Сайқанда балапанын маған алдырып, еңбектері еш болмаған бүркіт бар ма? Кейінгі жылдары көзіме нағыз қыран түспей, бәрі де бір жаққа ауып кеткендей болған соң, ішқұса болып жүр едім. Аспандағы қыранды көргенде көптен көріспеген бауырымды көргендей есіл-дертім ауып елжірейін. «Бар екенсің ғой, көк тәңіріндей тектім сол!» деппін иен далада жалғыз өзім тұрып. – Апыр-ай, Жұмеке-ай, елжіреген сәтіңізді соңынан-ақ айтсаңызшы. Үздіктіріп болдыңыз ғой, түге, – деп Қасқақ та әзіл айтқан. – Әй, батыр, сөзді бөлме. Әңгімені де қиюын келтіріп, асықпай айтпаса, аяңы жоқ ат мінгендей текіректетсең, сөздің берекесі бола ма? Бір әңгімені нәшіне келтіріп айтайын десең, ит жеген терідей жан-жағынан жұлмалап,

берекесін бек кетіресіңдер, – деп, қарт батырға бір тойтарысты беріп тастады. – Не деп едім?.. Иә, қос қанаты түңіліктей ақ иықты көргенде он жыл көрмеген бауырымды көргендей елжірей қуанайын. Әрине, бет алған бағытын барлап алғанмын. Келесі күні уаңның ханның өзіндей ғып күтіп, алдыма қойған асы батпай, жаныма Байшуақты және қол-аяғы жеңіл он үш, он төрт жасар бір баланы алып, таң алакеуімнен қыран кеткен бағытты «Иә, Алла!» деп бетке алайын. Құлаш-құлаш қыл арқан, құс бөлейтін ескі тон алып, суыт аттанғанымды көрген соң уаң: «Оу, Жұмеке, бұл қай сапар? Жайлы төсекте жамбастап жатып, дем алмайсың ба?» дейді. Сырын білмейтін шіркін «Ешқайда жібермеймін» деп жүре ме деп: «Ер жігіт бүгін бітер істі ертеңге қалдырмас болар. Бәрі де Көкторғайдың қамы үшін!» деймін ғой баяғы, осылай десем бөгет болмай ма деген оймен. Аң-таң болып уаң қалды, артынып-тартынып мен кеттім. – Бір өтірігі жоқ, солай болды. Маған шынын айтса, тіпті қарсы болғанды қойып, ондай ісін қуана қоштамаймын ба? – Уаңның бұл сөзі қанаттандырғандай Жұмекең қара жорғаның басын тартып қойып, әңгімесін одан әрі сабақтады: – Жоға деймін-ау, шіркін, кәнігі көз неге алдасын? Бүркіт ұя салады-ау деген жалама жартастардың бәрін кәрі жанарыммен тінтіп келемін. «Әне, – дедім, – бүркіттің ұясы, әне!» Байшуақ та менің не үшін келе жатқанымды енді білсе керек. «Оу, Жұмеке! Оны менен сұрамайсыз ба?! Жылқы жайып жүріп, бұл құздағы үңгірге ұқсас киіз үйдей ойық кенереге қонған құсты талай көріп, «Е, бүркіт боларсың!» деп ойлағанмын. Мұны аз десеңіз тағы бір-екі жердегі бүркіттің ұясын білемін!» деп қарап тұр. Мұндай санасыз адамды көргенде қалай ғана күйінбессің?! «Оу, бұл иен таудан бүркіттің ұясын іздемегенде атамның басын іздеп келе жатырмын ба?! Жоқ әлде Отыршаптың жылқысының өрісін көргелі жүр деп пе едің?!» деп, өзінің ит терісін басына қаптайын! – Содан, балапанды сол сапарда-ақ алдың ғой, әйтеуір, – деп, өз алдына қайта-қайта лағып кеткен мылжың қарияның әңгімесін Қамбар ортаға қарай күргейледі. Жұманай «Сөздің шырқын алма!» дегісі келіп, төренің бетіне жалт қарағанмен, олай дей алмады. – Е, алмағанда! Сөзімді растағандай құлағыма құздың маңдайына таяу біткен кенересі ақ саңғырықтан сағал-сағал болып жатқан үңгірден кешегі ақ иық қыраным керегедей қанаттарын сермеп-сермеп жіберіп, сынаптай сырғып, ұша жөнелсін. «Иә, сәт!» дедім. Абырой болғанда, құздың бергі беті құлама болғанмен, үсті жайпақ, үңгірдің аузы да жоғарыдан он екі, он үш құлаштай ғана жерде екен, ертіп алған балама балапанды қалай құндақтап, мойнына ілген қоржынға қалай салуы керектігін әбден оқыттым. зі де ұғымтал неме екен. Айтқанымды бұлжытпай орындады. – Ол балаңыз қазақша білетін болды ғой? – деді әлдекім.

– Қайдан білсін? Байшуақ арқылы оқытамын ғой, баяғы. Арқанға белінен мықтап байланған баланы саумалап, төмен түсіріп жіберіп, «а, құдайлап», жоғарыда тұрмыз. Әне-міне дегенше баланың «Тартыңдар!» деген үні естілді. Абырой болғанда, бүркіт оралмады. Әйтпесе, балапанын алып бара жатқан балаға түссе, жазым етері анық еді. Жоғары шығарылған балада жұмысым жоқ, қоржынды бас салыппын. Не керек, нағыз арланға түсер жалқы туған ақиықтың өзі екен. Жұмыртқа жарғанына бірер айдай болса керек, балапан қоңырқай тартып қалыпты. Қанында жауынгерлік қасиеті бар емес пе, көзіне көрінгенге «қол беріп», «Әкел бері» деп, паршалап тастауға талпынып отыр. Темірқанаттанып үлгірмеген, тәрбие-тәлімге оңай көнер дер шағы екен де. Қанатын қағып, ұшқанша біраз «оқытып» алуға әлі бір, бір жарым ай уақыт бар. «Бопымдап» бөлеп, үйге алып келгенде уаңның қуанғаннан есі шығып кетті. «Өтірік» десе өзі айтсын! – Рас, рас! Бір қоспасы жоқ – деп, қоштады уаң. – Оның ерлік болған екен, кәрі жездем! Сөз ләміңе қарағанда, бір-екі айда қайта ораламын деп аттанып, келер жазға дейін әпкемізге төбе көрсетер түрің жоқ-ау, сірә?! – Бағанадан үлкендердің сөзіне араласпай үнсіз келе жатқан Құдайменде төре де әзіл қосқан. – Тұғырға жаңа қонған қыран балапаны да емшектегі бала сияқты емес пе? Сау желдіріп барып, бірер күнге әпкелеріңнің шайын ішіп қайтайын десем де, нәресте сияқты балапанды қимаймын. Көкторғайға ұйқас болсын деп атын да «Қараторғай» деп өзім қойып едім, – деп, ақ жүрек қария ағынан жарылған. – Қазір Жұмекең Қараторғай мен Көкторғайдың бапкері ғана емес, қазақтың құсбегілік ғажап өнерін маған үйретуші ұстазым да ғой. Сондықтан екі құсы өз алдына, менің өзім не істерімді білмей, ұғымсыз шәкірт сияқты аңырып далада қаламын ғой бұл кісі кетсе. Сондықтан Қараторғай да Көкторғай сияқты қолыма келіп қонбай, қыранымның биыл қыстағы алғашқы олжасын алып, өнерін тамашаламай тұрып, жезделеріңізді қайтара алмаспын, – деп, Ошекең әңгімесі қызып, арқасы қозып келе жатқан қарттың беделін одан әрі биіктетіп қойды. – Жұмысым жартастың кенересі мен ата-енесін ғана, содан соң олар тасыған жемді ғана білетін қолбала балапанмен болса, арман не? Темірқанаттанып, енді-енді қанат-құйрығы жетіліп, талпынып отырған құстың иесі осы Ошекең болғандықтан да менен гөрі балапанның осы кісіге бауыр басқаны керек те. Сол үшін де жемін асатқаннан бастап, шырғаға тарту, ат үстінде серуендетіп, ертеңгі күні түсер қоян-түлкіні тірідей көрсетіп, томағасын сыпырып, талпындыру – бәрін де менің үйретуім бойынша мына Отыршаптың өзі орындау керек. – Ол «Осыным рас қой?» дегендей уаңның бетіне қараған.

– Рас айтады, төре! Жұмекеңнің бұл саладағы білгірлігіне тәнтімін. Айтқанын дұрыс орындамасам, ұрсып алатынын қайтерсіз, – деп күлген Ошыржап та. – Бір қалмақ бетімізге қарсы келіп көрмесе де, өнерін үйрену үшін кәрі жезделеріңнің айтқанына көніп, айдағанына жүріп жатқан жайымыз бар. Шотан, Құдайменде, Байғыз сияқты жастар тағы да іліп-қаға жөнелмей тұрғанда әңгімесінің сорабын үзіп алмайын дегендей Жұмекең жорғасын тебініп қалып, тамағын кенеді. Тағы да айтарым бар дегені. – Жоға деймін-ау, ел ойлайды, қолбала бүркітті тәрбиелеп, ұшыра қою кез келген кісі орындай салар оңай шаруа деп. Қай-да-а-ан, оңай болсын?! Одан жетім баланы баққан оңай. Адам балапанның басынан күніне жүз рет сипап, мәпелесе де ұябасар мен шәулінің қанатымен жауып, қауырсынын тұмсығымен бір тарағанына жетер ме?! Жетім балаға күніне жүз мәрте құлдық ұрсаң да анасының бір-ақ рет «Құлыным!» деген сөзіне татыр ма?! Сол сияқты ғой, есебі. Адам кесек-кесек даяр етті қанша асатқанмен ата-енесі әкеліп берген қоян-суырды шеңгеліне басып, өзі жұлмалағандай болар ма?! Сондықтан қолбала бүркіт те – тірі жетім. Ол өзіңе шын сенімді серік болып өсу үшін құсбегінің нағыз ата-анасын жоқтатпас пейілі керек те. Біздің сол жағымыз кемшін... Мына Отыршап уаңның ел шаруасынан қолы тиіп, балапанға көңіл бөлер уақыты аз. Мен сол жағынан ғана қауіп қыламын. – Жұмекең уаңға деген назын да сездіріп қалды. Бірақ ешкім бұл сөзге мән бермеген соң, әңгімесін әрі қарай сабақтады. – Әйтпесе балапанның жұмыртқа жарған ортасы болмаса да, соған ұқсас күнделікті қарекетін қалт жібермейміз ғой. Иншалла, балапанның бітім-болмысы нағыз қыран ұябасарға ұқсайды. Тораңғы жапырақ жүнді, қаршыға қанат, жылан бас, қожыр аяқ, талтақ бұттың өзі болар деп отырмын. Алла сәтін салса, биыл қыс Тарбағатай, Сауырдың талай қызыл түкті қырқылжыңдарының сорын қайнатып, терісін қар үстіне сілкіп алармыз. – Айтқаныңыз келсін! – деп уаң да қуанып қалды. – Бәсе, біздің кәрі жездеміз жалғыз қаршығаны бағып жатпаса керек еді, – деп, Қамбар төре де ризалығын білдірді. – Тек қана бұл кісінің бір елдің басшысына ұрсатыны үшін ғана ұялып келе жатқаным. Сонан соң елден аттанарда Жұмекеңе: «Торғауыт деген бір елдің басшысының есімін бұрмаламай айтыңыз» деп құлағына тәуір-ақ құйған сияқты едім... – дей бергенде уаңның өзі арашаға түскен. – Жұмекеңе бәрі де жарасады. Солай «Отыршап» деп айта беріңіз» деп өзім рұқсатымды бергенмін. – Ошеке мырза, – деген Байғыз төре Жұмекеңнің әңгімесі тәмәмдалуын күткендей уаңға жақындай беріп. – Біздің жездеміздің бағасын әбден асырыпсыз. Оған біз де ризамыз. Алайда, сіздің жұртта қаршығаны дуадаққа, сұңқарды елік-қарақұйрыққа қайырып түсіретін құсбегілер көп болады деп естуші едік.

– Е, төрем-ай, «Аттың жалы, түйенің қомында» дегендей жан алып-жан беріскен жылдарда «Ораза-намаз – тоқтықта» деп, өздеріңіз айтқандай, құс салып, саят құрған заман ұмтылды ғой. Әйтпесе, осыдан отыз жылдай уақыт бұрын ғана Еділ бойынлағы біздің ханымыз Дондук Даши өз ұлы Убашымен бірге екі мыңдай кісімен үлкен саятқа шыққанын да көріп едік. Мылтық, садақ өз алдына, сан алуан қыранды қолдарына қондырған құсбегілер де болған сонда, – деп, ол аз-кем тыныстап алып, жымиып күлген. – Кәрі жездемізге бұымы тоқпақтай бойжеткендей ынтық болып жүргеніміз, сол ұмтылған дүниені заман түзелген соң еске түсірейік, қалпына келтірейік деген қарекет қой. Бұл кезде бір белеңнен асып түскен жүргіншілерге нулы, сулы жаңа жұртта отырған уаңның ауылы да көрінген. ІІ Уаң көрші хақысы үшін ғана емес қонақтарын хандай ғып қарсы алуға қапысыз әзірленіпті. Еліндегі өнерпаздарын жинап, қонақ күту уақытын әр күнді ойын-сауықпен өткізуге барын салған. Бір уақыт атқа мінгізіп, жайлауын аралатып, серуенге шығарады. Әр жерден шатыр, кигіз үй тіктіріп, ұлттық тағам түрлерімен сыйлайды. – Жоға деймін-ау, бұл қалмақтарың бірінші жолы келгенде-ақ мені тасқа қақтап пісірген аңның етін беріп дәндеткені бар. Ал осы жолы да тасқа қақтаған сондай бір етті жегізіп, ұшындырып өлтіріп ала жаздады, – деп, Жұмекең ел мен ел арасында болуға тиісті саясатшыл кішіпейіл әңгімеге он екі де бір нұсқасы ұқсамайтын тағы бір кепті бастаған. Қамбар «Мына мылжың шал тағы нені көйітер екен?» деп, ойлап болғанша, әңгімені Ошыржаптың кеңк-кеңк күлкісі бұзған. Ақыр айтылар кепті өзім-ақ айтып құтылайын дегендей, ол күлкісін тиып, негізгі қонағының бетіне қараған. – «Тасқа қақтап пісірген еті» не мұның? – деп қалды төре. – Төрем, «Балалы үйдің ұрлығы жатпайды» дегендей, ортақ жездеміз Жұмекең тұрғанда сыр жасырып бола ма?... Біздің қалмақ жұртының тек шөптің үлпілдек басы және тамырымен қоректенетін «тарбаған» дейтін жәндікті жеңсік ас қып жейтін әдеті болады. Оны сіздер «суыр» дейсіздер. Сол тарбағанның етін тасқа қақтап отырған жігіттер Жұмекеңе «қозының еті» деп берсе керек. – Уаң оқиғаны жуыпшайған болды. Кәрі жездемізді алдаған ойыншы жігіттер қайтып ойнамайтындай болған. Бірақ бұл жерде айтылуға тиісті тағы бір шындық бар.. Уаң қызыл шырайлы жүзі күлімдеп, Жұманайдың бетіне қараған. – Жұмеке, құдайшылығын айтыңызшы, менің жігіттерім сіздің сүйсіне жеп отырғаныңыздың суырдың еті екенін айтқан кезде біраз отырып барып: «Арамның етін жегізіп, күнәға батырдыңдар, бәтшағарлар. Десе де болары

болып қалған екен, шимандылау сүбе жағынан тағы бір кесіп беріңдерші» дегеніңіз рас қой. Жұмекең бұлтарар жол таппағандай қызарақтап, біресе уаңның, біресе төренің бетіне жалтақ-жалтақ қарап алды да: «Жоға деймін-ау, бұл уаңның да естімейтін бәлесі жоқ екен-ау!» деп, шалқалай күлсін. Жұрт та ду күлді. Қамбар төре болса, Жұманайдың келеңсіз бастаған сөзін Ошыржаптың қиялап келіп, әзілмен жуып-шайғанына риза болған. – Уаң мырза, етті тасқа қақтау деген біз де елдеріңізден сарқыт қып ала барар бір өнер екен. Егер қарсы болмасаңыз үйреніп алсам деп едім, – деп Шотан өтініш білдірді. – Бұл әңгіме біз бірінші жолы келгенде де айтылған. зіміздің ұмытқанымыз болмаса, бұрындары ол тәсілді бабаларымыз да қолданса керек қой, – деді Қасқақ. – Ал Шортанжан, оны бұл кісілердің өздерінен көріп алғаныңның артықтығы болмас. Жас төренің бұл өтінішіне уаң қуана келісіп, жігіттеріне арнайы тапсырма берген соң қонақтардың келесі аялдайтын жеріне жастар ертерек бұрылды. Олар келген кезде торғауыттың әлекедей жаланған даяшы жігіттері марқаның терісін түсіріп болып, етін жаймалап жатыр екен. Енді біреулер шөккен тайлақтай қой тастың үстіне қу қарағайды үйіп, лау ғып от жағып жүр. – «Өнерді үйрен де жирен» деген. Оқу-тоқуы жоқ болғанмен осылайша бір көріп алғандарыңның артығы жоқ, – дейді екі-үш күннен бері Шотанның жанынан қалмай бірге жүрген Барат та. – Әсіресе қазан-ошақ алмай аңшылыққа шыққан кезде қолайлы. Бұл кезде негізгі қонақтар да келіп, аттан түскен... Сөйтіп, Шотан бастаған жастар жағы Жұмекеңнің осынау әңгімесінің арқасында торғауыттардың аңшылықта, саятшылықта жүргенде пайдаланатын ет пісірудің бір тәсілін осылай үйреніп қайтып еді. *** – Қазақтың «Кісі баласы – кісендесең тұрмайды» деген мақалын білуші едім, сондықтан қандастарыңды құшақтарыңа тартқыларың келсе, қалай ғана қой дейін, – деп, Ошыржап Қамбардың аттанардан бірер күн бұрын ағайынды қос жігіт Байшуақ пен Бараттың басына азаттық сұрап, өзімен бірге ала кету жайын айтып, ағынан жарылған. – Екеуі де құлақ кесті құлым емес, немесе мойындарына қан жүктеп, еріксіз пенде болып отырған құныкерлерім де емес. Бозторғайдай шырылдап, өз ағайынынан сауға сұрап келгенде сөздеріне сеніп, қанатымның астына алғаным рас. Ол аз жақсылығымды құдайдың да, адамның да алдында бұлдайтын кісің мен емес. Бұлар да адал еңбек, қылаусыз қызметтерімен ол жақсылығымды артығымен өтегендері және рас.

Ол аз-кем мүдіріп барып, былай деді: – Қия алмайтын, қиналатын бір-ақ жерім бар. Ол – жалғыз мен емес, бүкіл үй-ішімізбен, ауыл-аймағымызбен екеуіне бауыр басып кеткеніміз. Туыспаған туысым, қиыспаған қиысым болды. Жалшым деп емес, жанашырым деп қарадым, малшым деп емес, малқорым деп санадым. Сенімімді серттей ғып орындайтын семсерімнің қос жүзі еді. Қиналам, соған ғана қиналамын, төре! Уаң есіне әлде не түскендей мырс етіп күлген. – Екі жігітке: «Қалмақтан қатын алған қазақ сендер ғана емес, таңдаған қыздарыңды алып берейін» дегенде безілдеп: «Әзір қатын алар ойымыз жоқ» деуші еді, сөйтсем жіпсіз байланып, торғауытқа сіңіп қаламыз» деп, ойлайды екен-ау. Ал, төрем, енді мынаны айтыңызшы: осы екеуін қолтығыңа алу өзіңнің жүрегіңнен туған қалауың ба, әлде өздері солай деп тілек білдіріп пе еді? Қамбар дәл шындықты айтпағанымен, соған жуықтау ғып қашырта жауап берген. Онда да сол екі жігітке сөз келмесін, бұлар туралы пікірі өзгермесін деген ой болатын: – Асқа келгенде ептеп сыр тартқаным рас еді, екеуі де қандастарының ортасына, сонан соң қазақтың ішін жағалай отырып, елдеріне бет түзеуді мақсат етеді екен. Соның алғашқы қадамын жасауға өзіңізге деген қадірқұрметтен аттай алмайды екен. Ошыржап бұл жауапқа әбден риза болған сыңай танытты. – Екеуі де туған баламдай болып кетті. Бөтен-бөгдем еді, діні бөлек өзге ұлттың ұлдары еді дегенім жоқ, бұлар да дей қоймас. Байшуақтың қолын қақпайын, жалғыз басын алып қайтқаны ол жақтағы, бұл жақтағы жұрттан ыңғайсыз болар. Малымның басы деп жүрген, сонау Еділ бойынан бірге келген көк бөрте айғырдың үйіріне өзі де көз салмас, басқасынан таңдап жүріп, айғыр үйір жылқы алып қайтсын. Бұрындары еркімен болмаса да, қазақтан қатын алған қалмақ көп, қалмақтан қатын алған қазақ көп. Оны біз де, сіз де жақсы білеміз. Бұдан былай еркімен, тату көршінің сертімен қос құдандалы боп жатсақ іргеміз біріге түсер, достығымыз кіріге түсер. Әлі де айтамын, жігіттердің көздері түскен қыз болса, қалыңсыз беріп, тойларын бүгін-ақ жасатайын. Қосағын қасына алып, қосын алдына салып қайтсын. Байшуақтың ақ сұр жүзіне алау жүгірді. Қамбар да оның бетіне қарап: – Қысылма, інім. Ошекең қамқор әкенің сөзін айтып отыр. Еділ бойынан адасқан қаздай болып келіп қалған Кіші атамның қос тұяғы, қандастарыңнан жар сүйем десеңдер, қазақтан да қыз табылар. Алайда, бұрқасынды жастығыңда көзің түскен осы ауылдың бір қызы болса, ата. Мен де дос-жар, тамыр боп қана емес, құда болып қайттым деп марқайып аттанайын. – Аталы сөз! Жөн сөз! – десті Нұрәлі, Шотан, Құдайменде де. – Бәрекелді! Жоға деймін-ау, онда Қасқағың да емес, Нұрәлің де емес, бас ұстап, жамбас мүжір бас құда өзім боламын! Тіпті, жөні солай емес

пе?! – деп, Жұмекең ежірейген. – Әзір бүгін бәрің де жөн білмей қалсаңдар да реті солай емес пе?! О нес-ей, тіпті! – Байшуақ жә десе, жолымызды сізге-ақ берейікші, тек жігітіміз жә десінші – Қамбар шыдамсыз, ерке қарттың қылығына күлген де қойған. Жалғыз Қамбар ғана емес, бәрі де Байшуақтың аузын баққандай оның бетіне қарап, үнсіз отырып қалған еді. – Тек азаттығымызды аңсап жүргенде қадірлі де жаратушының адал құлы – Сіздің, ағайынға ғана емес, арғы-бергі азамат атаулыға нұрын түсіріп жүрген Ошыржап уаң, Алланың адал перзенті – Сіздің, қымбатты, төре, жанашыр болып жанымнан табылып отырған қазақ-қалмақ, барша ағайын – Сіздердің шапағат-мейірлеріңіздің арқасында дүниеге екінші рет келіп отырғандаймын. Не айтайын, бәріңізге де Алланың нұры жауып, ұрпақтарыңыз ешқашан да туған жерінен алшақтап, ата-ана, ағайыннан жырақтамасын! – Әмин, айтқаның келсін! – десті үлкендер жағы. – Мен, тәңірінің нұры жауғыр, Ошекеңнің бүгінгі жасаған әкелік жақсылығына інілік алғысымды айта отырып, қалай деп жауап берерімді білмей қиналып отырмын. Қыз бойжеткенде теңін тауып, ұл ержеткенде қалаған қалыңдығын айттырып жатса, тіршіліктің заңы шығар. Мен де ержеткен ұлдың бірі екенім рас болса, үй болмақ – парыз. Ұнатқан адамымның бары да рас еді. Бірақ бір-бірімізге ақ-адал сезіміміз болғанмен, «иә» дескен уәде болмаған, оның үстіне ертеңгі қосағым болар жанды дәл осы жолы қоржынымды бөктере кеткендей болып, алды-артына қаратпай ерте жөнелгенімнің жөні қалай болар? Қыз намысын түсіріп, әке-шешесінің қадір-қасиетін төмендетпейін. Матап берер қырық жетім болмаса да, Сіздің беделіңізді бетке ұстап, уаң мырзам, қазақтың мына Жұмекең сияқты екі-үш шалын ертіп келсем жарасар... – Сөз-ақ! – деді Жұмекең шыдамай. – Бала жөнді-жосықты біліп тұр. Қамбар Байшуақтың естілігіне тағы бір көз жеткізгендей болған, бірақ Ошыржаптан шыққан сөзді Ошыржаптың өзі түйсін деп сабыр сақтаған. Уаң да соны білгендей: – Інім көшелі сөз айтты. Олай болса, айтқаным – айтқан. Қыз қалыңын өзім төлеп, келінді алдымен өзім түсіремін. Тойын өзім жасаймын! Сонан соң ырғалтып-жырғалтып, шығарып салармыз. – деп сөзді тұйықтаған... Уаң әлде не есіне түскендей аз-кем отырды да, тағы бір өтініштің шетін шығарды. – Бұл – Байшуақ жөніндегі қазіргі байлам. Інісі Баратқа бұл сөзді, бәлкім, келер жазға қарсы айтармын... Биылғы Қойбас шешеміздің асында балуанның бас бәйгесін Бараттың алғанына қуанғанымыз рас. Бірақ шынжырлап апарған атақты балуанымды қазақ елінің қазағы жықса бір сәрі, өз інімдей болып, ортамда жүрген қазақтың жығып кетуі сүйегіме таңба салғандай болғанын да қалай жасырармын. Ұтынасын да оңай тұқымның ұрпағы емес, өңшең сен тұр да мен атайын дейтін шүйделі көп батыр шыққан

жуан атаның тұяғы еді. «Беделімізді түсіру үшін асыранды бөлтірігіңді әдейі апардың» деп, олар да содан бері маған жауқабақтана қарайды. Оның үстіне Қамбар екеуіміз қос елді қанша елдестіреміз деп шабылғанмен, біраз қазақтың да, біраз қалмақтың да ішінде бұғып жатқан атажаулық мерезмінезді бірер айда, болмаса, бірер жылда сылып тастау төренің де, уаңның да қолынан оңай келе қалар шаруа емес.. – деп, өзіне жетіп жатқан тағы бір сыпсың сөздің ұшығын сездірді... – «Күш атасын танымас. Күші артты, жықты. Ең бастысы, Баратты астыртын даярламағанды айтпағанда, оның күресетін өнері барын да білген емен. «Мен күресемін» деп ортаға шыққан жігітті қалың қазақң ортасында отырып, қалай тоқтатармын. Және бұл қазақтың Ұтынасындай түйе балуанды жығады-ау деген ой менде де қайдан болсын» деген сөзіме тоқтар түрлері жоқ. Келген соң бір тойда екеуін тағы белдестірдік. Бағы ма, соры ма кім білген, Барат түйедей Ұтынасынды тағы жығып, жамбасын сындырды. Ендігі жерде Бараттың басына қауіп төнгенін сездім. Ұтынасынның намысқой ағайындары оны оңашада жазым қылуы кәдік еді. Сондықтан менің тапқан амалым мынау болды... Оны сіздерден несін жасырайын. – Апыр-ай, ә?! Қандай амал таптыңыз, уаң мырза? – деген Байғыз төре де шыдай алмай. Уаң жөткірінді. Сонан соң Қамбарға қарап, былай деді: – Төрем, сондағы тапқан амалымды айтпас бұрын өзіңізден бір тілек сұрасам, беремісіз? – деп, ол әңгімені басқа арнаға бұрды. – Бердім! – Төре ойланбай айтты. Бірақ ол уаңның тілегін сезіп отырғандай еді. – Берсеңіз, Барат келер жазға дейін елге біржола қайтуды кідірте тұрады. Себебі, оның бір басын аман сақтап қалу үшін тапқан амалымның түрі еді: Жыл сайын көктемде Жоңғар жерінде малын баққан қалмақ, сібе, солаң, дүңген, дағұрлар, монғол, торғауыт атаулы төл өргізу тойын, яғни мал басының көбейген қуанышын мейрам ғып өткізеді. Сол тойда соңғы екі жыл бойына Ұтынасын ала алмай итжығыс болып жүрген монғолдың Баяр дейтін балуаны бар-ды. Менің шартым – Барат сол тойға Ұтынасынның туған інісі болып барып, олардың сол жауын жығып қайтады. Жыға алмай жығылып қалса, Бараттың тағдыры – солардың, Ұтынасынның жаугер ағайындарының қолында. – Апыр-ау, мынау тым қатал үкім екен, – десті жұрт. – Егер жығылып қалса, оны сонда өлтіре ме? – Иә, олардан бәрін де күтуге болар. Ондай сәтсіздік болса, жігітті еліне асырып, аман аттандыруды өз мойныма алайын. Олар менімен дауласар, жауласар, не істей қояр дейсіңдер? Менің басымды бәйгеге тіге қоймас. Келер кесірді өзім-ақ көріп алармын. Ал Баярды жыққандай болса, одан келер бедел менің еліме де, өзіме де қажет. Төре мен уаң бұл жайды ұзақ қирағаттап келіп, мынандай ортақ пікірге тоқтаған: «Ертең екі жігіт те екінші жұртынан еншілерін алып, төрелермен

бірге аттанады. Бараттың балуан атануы ағасы Байшуақтан үйренген өнері болғандықтан, екеуі күздей, қыстай күрес тәсілін үйренеді. Ол ғана емес, қыс бойы елдегі дәмелі деген балуандарға жолығып, олармен белдеседі, сөйтіп айла-тәсілін ұштай береді. Уәде – құдай сөзі, келер көктемде Барат Ұтынасынның туған інісі, торғауыттың жас балуаны Құрымсы деген жігіт болып, ұлы тойға аттанады». Олар басталған екінші бір әңгімені де біржола пісірді. Ол: «Бұлар елге барып, алды-арттарын болжаған соң, білікті екі-үш кісіні осында құдалыққа жібереді. Осы арадан қос құда болып, Ошыржап пен Жұманай қосылады. Бірер айдың мезіретінде Байшуақ жігіт-желеңімен келіп, қызды алдымен Ошыржаптың үйіне түсіреді. Қалмақтың барлық кәдесін жасап, тойды Ошекең өзі өткізеді. Сонан соң ғана жастар жасау-жабдығымен қазақ ауылына аттанбақ. Ондағы келін түсіру тойын Қамбар түгелдей өз мойнына алмақ. Ошыржаптың өзі бастап, құда жолымен келінді әкеледі. Бұл хабар ағайындыларға айтылған кезде екеуінің қуанышында шек болған жоқ. – Ошыржап мырза! – деген Байшуақ толқып отырып. – Жан сауға сұрап келіп, діні бөлек, тілі бөлек болса да, Сіздей тілегі бір жан аға тауыппыз! Ініміз екеуіміз екі жақсы атыңызды мініп алып, қалың қазақтың ішіне сіңіп кетсек, қайдан табар едіңіз? Ат тұяғы келе алған жерге ат тұяғы жете алатын, ел жағалай жыла қонақтап жүре берсек туған Еділді де табатын едік. Бірақ біз өйтпедік. Қарыс қадамымызды аңдып, сырт көріп, бөтен санасаңыз сөйтер де едік. «Жағы сынса да сағы сынбасын» деп бауырға бастыңыз. Енді бүгін туған інілеріңіздей немесе бауыр ет балаларыңыздай ғып, қимай шығарып салғалы отырсыз. Ол аздай, менің аяқтануыма да әкемдей бейіл білдірдіңіз. Алладан қайтсын Жуықта жүрсек, іні болып келіп-кетіп, екі жұрттың арасындағы ақ байрақты елші болып жүрерміз. Дәм тартып, шалғай кетсек, бұл тіршілігімізде есіміңізді дұғамызға қосып, қастерлеп айта жүрерміз... Інім биыл балалық жасап, екі елдің ортасына дәнекер боламын деп жүріп, намысыңызға тиер қылық көрсетті. Билігіңіз әділ! Бараттың Сіздің намысыңызды, оған қоса өз басының амандығын қорғай аларына мен сенемін, – деп келіп, уаңның алдына тізе бүгіп, ізет көрсеткен. Уаң оны орнынан тұрғызып, бауырына басты. – Сен енді менің қызметшім емес, баламдай адамсың. Ал айтқаным айтқан, қолыңды қақпаймын. Жылқымның санын да, мәнін де жатқа білесің. Таңда, қай үйірді қалайсың? – деген Ошыржап оған. – Еңбегімді сатпаймын, уаң мырза. Жаңа мен таңдаған қызға қалмақша қыз әке-шешесіне жасар жоралғыны, бізше айтқанда, қалыңды да өзіңіздің төлейтініңізді айттыңыз. Егер мені інім десеңіз берген малыңызды ағамның қосынынан бөліп алғым келмейді. Ер жігітке мал оралар, көңіл ғана ортаймасын... Бәлкім, той жабдығына ұстарсыз. Егер тіпті құрқол аттанба

десеңіз, жылқыңыздың ішінде бауыр басып, өзім ерекелетіп жүрген бір шүкірдей сары байтал жүр. Соны жетелей кетейін. Отырған қазақ-қалмақ оның берген малдан жөнін тауып, бас тартқан мәрттігіне тағы сүйсіністі, бірақ жалғыз сары байталды сұрағанын түсінбеген. Оның жауабына Жұманай кекесінді пікір айтқан: – Білдім баланың кісілігін. Ырымдап, байтал алып, өзі бағып өсіріп, көбейтпек қой... Бір байталмен мал оралту оңай бола қоймас-ау. Жоға деймін-ау, тіпті. Бірақ Жұмекеңнің сөзін ешкім қоштаған да, дау айтқан да жоқ! – Болсын!– деп уаң сөзді қысқа қайырды. – Тағы бір шындығымды айтайын, оған қоса уаң мырзаның талай дүркін «үйлен» деген тілегін қабылдай алмағанымның себебін де білдіре кетейін... Туған елден жырақтап, туған-туыстан шалғай кеткен әр азамат еліне оралуды ойламай жүре алмаса керек. Ойламаған жан жегеніне тоқ, тіршілік етіп жүргеніне мәз қуыс кеуде болар... Түптің түбінде ат басын ел жаққа бұрар болсақ, қосағымыз бен ұрпағымызды тағы да туған ортасынан жырақтатпайық дегендік еді. Түпкі мақсат – үйлену, шын мәніндегі аяқматау, кедергі болар деп едік. Бүгін бар әңгіме өз түйінін тапқан соң, келісіп отырған жайым бар. Болашаққа болжам айту жұмыр басты пенденің ісі емес. Егер Алла сәтін салса, осы отырған барша ағайын құп көріп, біз туған елге бет түзер болсақ, маған жар боламын деген адам бәрін де мақұл көріп қана аттанар... Бірақ екіүш жылдың мезіретінде айтыла қояр сөз емес. Себебі алдымен төре аулына еңбегімізді сіңіріп, жақсылықты еңбегімізбен, қызметімізбен ақтауымыз керек қой... Әңгімені тыңдап тұрған қазақ-қалмақтың игі жақсылары жігіттің түпкі ойынан хабар алғандай еді. Бірақ «Ер туған жеріне» деген қасиетті қағиданы білетіндіктен, тұрғандардың ешқайсысы да ол ойдан сөкеттік көрмеген. – Жә, сонда ұнатып жүрген қалыңдығың осы ойыңды біле ме, білсе бәріне де мақұл ма? – деді жастардың бірі. – Дініңді қабылдауға, мұсылман болуға да мақұл ма? – деді тағы бірі. – Бәріне де мақұл болмаса, бұл тәуекелге мен де бармаған болар едім... – Ал уаң мырза рұқсат десеңіз, мен байталымды жетелеп келейін, – деген Байшуақ. – Рұқсат, балам, бара ғой, – деген уаң да. Сол-ақ екен Байшуақ та атына мініп, беткейде жатқан қалың жылқыға қарай бет түземек еді, оны сол кезде Жұмекең кідіртті. – Оу, азаматтар, айтпаса сөздің атасы өледі, – екі жұрттың тағдыры шешілер үлкен дауға түсіп отырғандай, қарт сөз бастады. – Бұл шіркіннен айғыр үйір жылқыны алмай, ыңыршағы айналған қайдағы бір сары байталды неге таңдағанын сұрап отырсам, неге қатын алмай мына торғауыттардың

келеңдері сияқты бойдақ болып жүрген себебін айтқаны несі-ей мұның? Әлде мына қайын-жұртыңа сол сары байталды мініп келмек пе едің? – Жұмеке, тынған сөзді тірілтпес болар. – Қамбардың жүзі күреңітті. Бүгінде мүлде еркінсіп алған ерке шалға түйіле қарап, оны жым қылған. Ошыржап енді Баратқа қарап, иек қаққан. «Сен не дейсің?» дегені. Ол ойланған жоқ. – Әуелі айтарым, төл аяқтана аман-есен ауылыңыздан табылармын, өзіңізге деген алғысымды сонда айтармын. Уәдемде тұрып, өтінішіңіздің үдесінен шығып келген соң, Сіз де маған ризалығыңызды сонда бір-ақ айтарсыз. Екінші айтарым, маған да әйел әперіп, мал сыйлаймын десеңіз, түк қарсылық айтпан. Тек мен уәдемде тұрып, ұлы тойда монғолдың Баярын жығып, торғауыттың қолдан кеткен намысын қайта алып берейін. Сол кезде осындай ұсынысты Сіз айтып, мен қабыл алып жатсам жарасар, уаң мырза. Мал шіркіннің, байлықтың артығы болушы ма еді? Менің алдын-ала таңдап қойған сары байталым да, көк байталым да жоқ. Бір әке, бір шешеден туды дегенмен екі түрлі білік, екі түрлі мінез танытып қалған Бараттың сөзі үшін әлі қол астына қарамаса да, исі қазақ болғаны үшін Қамбар қысылды. Оны бұл тұйықтан шығаруға тағы да Байшуақ ұмтылған. Ақ сұр әдемі жүзі сәл қызарды. – Уаң мырза, шалғайда жүргендіктен, әке орнына – әке, шеше орнына – шеше де бір өзім болған соң, бетінен қақпай өсіріп едім. Тәйтіктік көрсеткен інім үшін мен кешу өтінемін! – Жоқ, Байшуақ, Бараттың мінезінен тәйтіктік көріп отырғаным жоқ. Қайта жүрегінде оянған сөзді аузы біздің құлаққа бөгелмей жеткізсе, бұл батырға ғана жарасар мінез. Сөзім – сөз, Баратты да еліңе үйлендіріп, алдына малын салып аттандырамын. Тек монғолдың Баярының жауырынын жер искетіп берші, бәтіреке, – деп, Уаң кеңк-кеңк күлген. – Қадірменді игі жақсылар, – деген Барат көпшілікке шола қарап. – Рұқсат болса, төрт көздеріңіз түгел отырғанда айтар тағы бір сөзім бар... – Е, айт, – деді Ошыржап. – Айтсын, – деді Қамбар да. – Әй, ұлым, сенің айтқалы тұрғаның екеуіміздің арамыздағы сөз болса, оны қазір қоя тұр, – деп, Жұманай қозғалақтап қалды. – Елге барған соң бірақ айт. – Ә, онда менің қазір айтарым жоқ, – деп, Барат та үнсіз қалған. Отырған жұрт мылжың шалдың сөзін парық қыла бермесе де ойындағысын ойланып айтар деген Бараттың үлкен-кіші көзінше айтпақ болған сөзін ішіне қайта жұтуына таңырқаған. Бірақ екеуін де ешкім сөге қойған жоқ. Өзіне және інісіне байланысты әңгіме осылайша тәмамдалған соң ғана Байшуақ қарына құрығын іліп, жылқыға қарай екінші мәрте жүріп кетті.

Қонақтар сол күні-ақ көп сый-сияпатпен ырғалып-жырғалып, елдеріне көшкен іргелі бір ауылдай болып аттанған. Сол кезде өзін екі жұрттың ортасындағы алтын көпір, сенімді дәнекердей сезініп үйреніп қалған Жұманай қарт туыстары аттанарда, көңілі нілдей бұзылғаны. – Қайтейін, қартайғанша мені аспанға қаратып, ұшқан құс атаулыға телміртіп қойған құдай шығар. Шыққыр көзім түз бүркітін көріп, соның балапанын алмасам мен де ырғалып-жырғалып кетіп бара жатпас па едім өздеріңмен бірге. Не дейін, көріскенше қайыр-хош болыңдар, олай-бұлай болып кетіп, дәмім осы жақта таусыла қалса, сүйегімді жат жерге тастамассыңдар. Және бұл шіркіндер өлгендерін бізше қастерлеп жерлеуді де білмейді екен. зім көрмедім, бірақ мәйітті шұңқырға тастап өртейді дей меау, қайсыбірін алысқа апарып ит-құсқа тастайды дей ме-ау... Торғауыттардың қаза болғандарының қайсыбірін жерлемей ақ киізге орап, айдалаға апарып тастайтын және оны ит-құс тезірек жеп кетсе, күнәсі аз пенде екен деп қуанатын дәстүрлерінің барын бұрыннан жақсы білетін Қамбар қарттың ойланбай ортаға тастаған мына әңгімесін тағы да жуыпшаюға асыққан. – Ойбай-ау, жездеке, Ошекең өзіңізге қалмақтан тоқал әперем деп отырғанда өлімді ойлағаныңыз қай сасқаныңыз? Тіпті, олай-бұлай боп кетсеңіз, «ой, бауырымдап» кеп, ырғалтып-жырғалтып, туған жеріңізге апарып жерлейміз. Өзіңіз алған құсты қыран ғып, уаң мырзаның қолына қондырмай қайтпайсыз. Ол әзілмен бастаған сөзінің соңын салмақпен, бұлтартпас шешіммен аяқтаған. Жұмекең де күліп жіберген. – Елді, жерді сағынған соң айтқаным ғой. Олай-бұлай боп кетсем Қойбас марқұмның тоғанының суына құйындырып барып қойсаңдар, екі дүниеде арманым жоқ. Дегенмен, жаман кемпіріме көз қиықтарыңды сала жүріңдерші, – деген кезде Қаражан бәйбіше бастаған әйелдер жағы көздерін сығымдап, еркектер жағы да«қайтсін шіркін» деп тұр еді, шақшадай шалдың бұдан соңғы сөзі олардың езулеріне қайтадан күлкі үйірген. – «Еркек тоқты – құрбандық» деген, елім үшін жан пида деп, осы жақта қыстағалы тұрмын. Бұл Ошекеңдер қыс баласы малға ық болар қыстау, адамға пана болар тастан болса да үй салуды білмей, керегесіз уықтан тіккен «хоштарының» сыртын қармен көміп тастап, отыра береді деседі. Қайдан білейін, құс баптаймын деп жүріп, қыста үсіп өліп қалып жүрмесем... Оның үстіне құстарым қыран шығып, мына уаң мырза маған да бір үйір жылқы айдатқандай болса, қартайғанда қазы-қартаны кертіп жеп, сары қымызды сапырып ішіп жатпаймын ба дегенді ойлағанда «бір жылға қоян терісі де шыдар» деп өзімді өзім қайрап қоямын. Мені анау Байшуақ сияқты көтерем байтал жетелеп қайтар санасыз дейсіңдер ме?

Ол қамшысының ұшымен құймышақ сүйегі шодырайып, ілмиген арық сары байталды жетелеп келе жатқан Байшуақты нұсқап, одан көңілі мүлде қалғандай сыңай танытқан. – Ішінде құрты бардай шыр бітпейтін осы жаман байталды жылқыға барған сайын мәпелеп жүргенін көргенде-ақ: «Әй, Байшуақ, қасқыр да менсініп жеуге жарамайтын осы тырақыны қайтесің?!» деп талай ескертсем де тыңдамаушы еді, ақыры ұялмай-қызармай жетектеп келе жатқаны мынау, – деп, ол теріс айналды. Дәл осы тұста Байшуақтың арық сары байталға байланысты қылығын Жұманайды айтпағанда, басқа біре де бір түсінген жан бола қойған жоқ еді. – Жұмеке, ағайындарыңызбен қоштаспай тұра тұрыңыз. Сіз бен біз Қамкең төрені қозыкөш жерге шығарып салмай қалай қала береміз? – деген Ошыржап. – Екі елдің шекарасында да әзірленген тағам бар. Қайыр-қошты сол жерде айтармыз. – Жоға деймін-ау, бәсе сөйтсек керек еді ғой, – деп, қарт та қутыңдап, қуанып қалған. Қонақтар екі ел шегарсында әзірленген тағамды жеп, мол олжамен артынып-тартынып, аттарына мінгенше, қимай-қимай қайыр-хош айтысқанша жаздың күні тал түстен ауыңқырап кеткен.

Жылқы деген мал жақсы аман болса, Жігіт неге бағады жаман болса. Тәңірінің ісіне шараң бар ма? Пенденің татар дәмі тәмам болса. Халық өлеңі. ҚҰН І «Ә, Қаратай баласы, Алтайға сыймай жайылған мақпал қара жылқыңның буы көтерген екен. Әптігіңді басып, әуселеңді осы жолы көрейін. Қанды басың бері тарт!» деген зілмен аттанып еді Қамбар ауылдан. Тастайдың екі аяғы аспаннан салбырап түссе де осы жолы оны қалайда келеге келтірмек ойы бар. Төренің «туыс болалық» деген бір ауыз сөзін жерге тастап, жіберген жаушысын жаудай көріп, аяғына отырғызбаған оның ірілігі үшін «Ә, бәлем, алдыңа бір келтірермін!» деп, Қамбар тісін қайрап жатқан кезде көктен тілегені жерден табылып, Алтайдан тосын хабар келгенде қатты қуанған... Ертістің арғы-бергі жағасында жатқан Қаракерейдің Қожамбетінің Ерторысынан тарайтын біраз ауылы жаз жайлауға Алтай асып, сұлу Марқаның бергі бетін жайлап қайтатын. Арғы бетіне қалың қара жылқысын қаптатып, Қаратай елі келіп ірге тебетін. Бір Найманнан бастау алған екі жұрт тау басындағы сұлудың жанарындай мөлдіреген көлді тел еміп, татутәтті дегендей, бұрын келгені кейінгілерін ерулікке, қымызмұрындыққа шақырысып, жаз қызығын бөле-жара ортақ қызықтасатын. Биыл қай сайтанның түрткенін кім білсін, екеуі жерге, қонысқа таласып, олары жаз бойы әрі тарт та бері тарт дау-жанжалға ұласып, ақыры кеп, бір-бірін көрместей болып жауығып шыға келді. Ұсақ-түйек барымта, қарымтаның соңы ушыға келіп, екі жақ сөзбен, келісіммен шешісе алмай істі күшпен шешпек болып, жау қайдасың десетін ала өкпе жігіттер ашық майданға шықса керек. Сол қақтығыста бата тимесе, қате тиген бір шоқпар Қожамбеттің батыры Жетібай дегенді жер жастандырады. Бұрынғы ойнай-барымта сияқты жай әншейін әжік-күжік егес емес, енді екі ел қол жинасып, бір-біріне «Өліспей беріспейміз! Тұрысатын жеріңді айт!» десіп, қан майдан соғысқа әзірлене тіленісіп кетеді. Найзаларын егеп, қылыштарын қайрасып, «Жау қайдаласып?!» отырса керек. «Ойбай-ау, Айдың-Күнің аманында бір біріңмен кескілесіп, қырылысасыңдар ма?» десіп, Найманның басқа рулары мен Абақ Керей, Уақтың біраз игі жақсылары жиналып, екі жақты билер сотына салып, бітісуге көндіреді. Түйін тез шешілмесе, лап ете қалғалы тұрған жанжалға бір содыр от тастай салмасына кім кепіл?! Әрине, төбе би деген аты, төре деген заты бар Қамбар үшін ел бірлігі қымбат. Осы бір шиеленісті даудың күрмеуін шешуді ел жақсыларының

таңдауы өзіне түскеніне ерекше қуанулы. Ойлағанын жүзеге асырса, мейманасы тым асып кеткен Тастайды дәл осы жолы келеге келтіреріне сенімді. Бірақ жер дауы, жесір дауы қазекем есен тұрғанда болмай тұрмас. Болған кезде даудың бір шетінде Тастай елінің болғанына, жанжал шіркін болған соң, ілуде бір болса да, кездесіп тұрар кісі шығынының да ақыры болған соң Қожамбет жағынан болғанына төре іштей қуанған. Айналып келгенде, Тастайдан беті қайтқалы Қамбардың да жан-дүниесін жайлап жатқан пендешілік ниеті одан да елеусіз қалған сөзі, кеткен намысы үшін есе қайтарар сәттің көп тостырмай жеткеніне алдымен оның өзі қуанған. *** Төре Қобық сапарынан мейлінше көңілді оралған. Ең алдымен, Байшуаққа берілген уәденің үдесінен шығу үшін кеңінен орағытқан уақыт, кеңінен ораған саясат жүргізе жүріп, дегеніне жетіпті. Енді Алшынның ақ мылтықтай өнерпаз қос жігіті мұның туған інісінен кем болар ма?! Болмайды. «Жақсылық қылсаң, сыпыра қыл», күні ертең екеуі де аяқтанған соң, бірін оң жағына, бірін сол жағына қойып қойса, мұның бетінен жел, алдынан жау тигізер ме? Балаң жігіт кезінде достасып, бауырласқан Байжігіт баласы Қасқақ батыр осы күнге дейін найзасының ұшы, білегінің күшіндей болып келді емес пе?! Ол да бұл күнде Санияздың бір баласындай, оның үстіне күйеу бала болып отыр. Екі жігіт, өздері айтқандай, екі-үш жылдан соң алыстағы елдеріне бет түзер болса, соған дейін де Қасқаққа сенімді серік болмас па?! Төре ағайынды қос арысқа жақсылық жасаймын деп жүріп, өзіне де жақсылық жасап жүргенін іштей пайымдаған. Ол аздай қарапайым жанды қатарға қосар қайырымшыл деген атағы Тарбағатай, Сауырда, тіпті Алтайда жатқан бұл жалпақ жұртқа тағы жайылды. Байшуақта да әлі өзі ашпаған талай өнер бар сияқты, қалай болғанда да «Қойын құрттап, қойыртпағын ұрттап» күнін көргенге мәз болып өтер мәнжубасың ол емес... Ал Барат... Барат болса, көпірме сөзден гөрі істің адамы. Ойындағысын бүкпей, тықпай айтып салар алмас қылыштай қылпыған батыр-мінез. Тіпті басқа өнерін қойғанда, балуандығының өзі неге тұрады?! Бір қосын жылқыны ойланбай беріп, баспа бас алар құйма алтынның өзі дерсің. «Бас балуаны кім болыпты?» «Е, кім болушы еді, Қамбардың Бараты тұрғанда!» «Бас бәйгені кімнің аты алыпты?». «Е, кімнің аты алушы еді, Қамбардың Қараты тұрғанда!» Екеуі де әзір қолға қонбағанымен қонақтарға жақын тәтті қиял. Бірі Қобық сапарының олжасы болса, бірі болашақта қалай да қыбы келер қалжасы болмақ. Төре ағайынды қос арысқа жақсылық жасаймын деп жүріп, бүгінде тағдырын өз қолына тапсырған Алтай, Сауыр, Барқытбел– Тарбағатай, Қалба, Маңырақ тауларының арасында жатқан исі Керей-Найман қалың елге

де өлшеусіз жақсылық жасап жүргенін соңынан аңдағандай. Сандаған ғасыр бойы бір-біріне сан соқтырған қатар жатқан екі ел өз бойларына шақ қана деңгейде рахайға келіп, тіл табысыпты. Енді түнгі жылқышы Шығысынан келер жаудың жоғын біліп, шоқпар өңгеріп, таң күзетпесе де болады. Арғы, ішкерітіннен адақтап шығар жау болмаса, бергі тұсы берік достыққа қол берісті. Ошыржап пен Қамбардың көздері тірі тұрғанда солай болмақ. Бұл – өз басының қуаныштарынан да, ішкі есебінен де бекемірек, түпкіліктірек қуаныш пен есеп еді... Осылардың бәрін ойлағанда, Қобық сапары өзінің атқа текке мінбегенін соқыр көзге де көрсетіп тұрған игілікті сапар болып еді. *** Пенде шіркіннің көңілі осылайша тасып, Нұрзайсанның шарасына сыймай кетер тасқын кезіндей «О, Алла, бергеніңе шүкір!» деп оралған сәтінде сәлем бере Нұрәлі, Сайын және ұлдары Бөкей мен Әли келіп кірген. Төртеуінің де дидарларының сынықтығын қыран көз бірден шалып: «Ә, Тастай, ағайынға тастай қатты жан деуші еді, әлі майдай ерітермін» деп сертке бергісіз бір сөзді ішіне бүккен болатын. – Қалай, төрем, ат-көлігің аман-сау, отыңның басына оралдың ба? Қарамың молығып, көңілің толығып қайтқан сыңайың бар нағашы жұртыңнан. «Жиеннің қырық серкешін» алғандайсың... – деп, Нұрәлі Қамбардың сәтті сапарына қоштау білдіріп, жөн сұрастырды. Сәтті жолдың ұзағынан болуын тілей келіп, өзінің Қаратай еліне сапары туралы елеусіз ғып қана тақпақтап ақпар айтқан: – Іздегеніңді ешкім көрмеген жолдан, Шаруаның шырайы келмеген жолдан, Соңынан бір жан ермеген жолдан, Сұрағаныңды ешкім бермеген жолдан, қорқушы едім, төрем. «Алмаймын!» деген ой жоқ-ты, берерің берсе ғана алады екенсің! – Жә, сонда Тастай қандай уәж айтады? Қамбар тақиясына тар келіп пе? – Төре сыртқыларға сыр бермей күле сөйлегенмен, басын әбжыландай көтеріп алған ішіндегі қыжылын оның күреңіткен жүзінен байқауға болар еді. Бетіндегі ай тыртығы да тереңдей түскендей, ішке сыймаған ашу-ызадан сол тыртықтың өзі-ақ хабар бергендей. – Жоқ, төрем, неге олай десін?! Құр алақан аттандырды демесең, құдайдай ғып қарсы алды. «Төреге дұғай сәлем де, жат-жұрттыққа жаралған бір баланы келіндікке ғана емес, бір сөзінің садағасына бермеймін бе? Жамандыжақсылы құда десіп, құйрық-бауыр жескен, қалыңын да жартылай алысқан адамым бар еді. Екі жастың біріне келгенде қалай ғана бата бұзайын!» дейді. – Е, біреулердің ақ батасын бұзардай мен де кісіліктен таймаған едім. Маған Тастай сөзінің қол жайыспаған батаны «бұза алмайтыны», құйрықбауыр жеспеген құдасына уәдесінің «беріктігі» ғана батып тұр ғой, – деп,

Қамбар бір мырс етіп, бұл әңгімені осымен доғарған. «Осымен доғарылды» деп, басқалар ойлағанмен, бұл істің әлі оңайшылықпен доғарылмайтыны Қамбардың өзіне ғана аян-ды. Төренің «қол жайыспаған батаны бұза алмағаны» деп мысқылдауы тегін емес-ті. Өйткені, оның біреулермен құда түсуі де басқа жұрттардан сәл өзгешелеу болатын. Қайсыбіреулер сияқты көңіл жақын дос-жармен жаңа туған нәрестелерді атастырып, «бесік құда» бола салу, әлі дүниеге келе қоймаған, ана құрсағындағы нәрестеге бал ашып, «Сенде ұл, менде қыз болса...» десіп, «бел құда» бола салу дейтін оның үрдісінде болмайтын. Алдымен ұлдарының «Қатын алмай қайын алуын», қыздарының қалыңы көп ерге емес, қабырғалы елге шығуын, былайша айтқанда, өзімен терезесі тең сөйлесер құданың жан-жақты сайлығын сараптар еді. Содан кейін ұлына шын серік болар, ақылына көркі сай келін, қызына баршылықта да, жоқшылықта да шын серік болар жар болуына қатты мән беретін. Оның «бел құда», «бесік құда» дейтін көне заманнан көнермей келе жатқан осынау дәстүрді ұстануға өзгелер үшін қарсы болып көрмесе де, өзі үшін, өз отбасы үшін ұстана бермейтінінің, тіпті оған көп жолай бермейтінінің себебі де осы бір ойлы мақсатқа байланысты болатын. Ешбір адам, тіпті дәупері көріпкелдің өзі де бесіктегі сәбидің көрікті болып ержетеріне кепілдік берсе де, ақылды болып өсеріне куәгерлік бере алмас еді. Сондықтан да төре болашақ келіннің ақылы мен көркіне, болашақ күйеу баланың тектілігі мен естілігіне көз жеткізіп алмай ұрынбас еді. Ал құданың терезесінің тең болуы – бұлтартпас басты шарт. Демек, Қамбардың ұлдары үшін ұстанар мақалы «Қатынды да ал, қайынды да ал» болып келер еді. Ал қыздары үшін қояр талабы: «Құда – текті, күйеу – есті болсынға» сайар еді. Төре Жанғазысына дейінгі ұлдарын да солай үйлендірген, енді кенже ұлды да солай аяқтандырарына ең алдымен өзі сенімді. Ол осынау мақсат үшін әр түрлі тәсіл қолданар еді. Көбіне құда мен келіннің көңілден шығуы үшін ел жұмысымен жүрген кезінде де өзі айналасына назар салып, «осы қалай-ау» дегендерін сынай, ой елегінен өткізіп, сараптай жүрер еді. Көңіліне жаққан жандар болса, болашақ келінінің ақыл-парасаты, білімі-білігі, тәрбиесі, тәлімі қалай дегенді көлденең ағайын арқылы білер еді: «Қызды атастырған жері бар ма, ол күйеу қыздың теңі ме? Құдалар бедел, биіктігі, байлық-барлығы тұрғысынан бір-бірімен деңгейлес пе?» дейтін басты мәселе де назардан тыс қалмас еді. Төренің осы мінезін білетін біреу өткен қыста келіп, өзінің Қаратай еліне нағашылап барғанын, сонда атағы бұл маңға иесінен де бұрынырақ жеткен дүлдүл Қаратты ұстап отырған Тастай дейтін атақты байдың үкінің балапанындай әдемі қызының барын айтып келген. Бұрыннан Тастайдан гөрі Қараттың жалына қол жеткізуді алыстан армандап жүрген төреге мынау хабар сол мақсатқа жеткізер төте жолдай көрінген. Әсіресе, қашса құтқаратын, қуса жететін, басқасын айтпағанда, бұл өңірге атағын шығарған

«Аққайың» деп атап кеткен дүлділінен масқара болып айрылғалы бері атағы жалпақ жұртқа кең жайылып кеткен Тастайдың Қарасы жатса түсінен, тұрса ойынан шықпайтын күй кешулі еді... Көп кідіртпей жаңағы жігітті қайыра «нағашылатып», сол арқылы Тастайдың төрт ұлының ортасындағы арпа ішіндегі бір бидайдай жалғыз қызы Сұлушаштың әлі ешкімге атастырылмағанын, тіпті ондай оймен келгендердің ешқайсысын Тастай аяғына отырғызбай: «Балам балиғатқа толсын, сонан соң өз бақытын өзі таңдасын» дейтінін де содан бері біліп, жұптап отырған. Келін мен күйеу жігітті таңдау тәсіліне келгенде Тастайдың да мұның өзіне ұқсас мінезін байқаған. Ұқсамайтыны Тастайдың мұның баласын көрмей-білмей жатып-ақ ат-тонын ала қашуы еді. Мұнысы құда болар Қамбардың өзін тақиясына тар келгендей, қыр көрсеткені сияқтанып, төрелік намысына нұқсан келтіргендей көрінген. Сөйтіп, ұтырласып келіп қамалаған осындай көп сауалдың жауабын табу һәм Ошыржаппен етене жақындасу үшін дәнекер болар жалғыз себеп деп, Қойбас марқұмның дүрілдетіп асын беруге құлаш ұрдырған. Аста Тастаймен танысып, жүздесу керек еді, ол орындалды. Аста Қараның дүлдүлдігін көрмек еді, ол да орындалды. Қалмақ пен қазақты достастыру, сол арқылы елдің, ердің жайын шешу еді, ол да орындалды. Ел ішінде төренің жомарттығы, әділдігі туралы, руды қойғанда ұлтың бөлек, ұлысың бөлек демейтін нағыз ханға тән істің адамы деген ұлағатты сөз қалды. «Атаң Абылайдың тағын берсін, тағын бермесе, бағын берсін» деп, қариялардың бата бергені де, сол сөздің жалғасы емес пе?! Ол аз болса... «Ә, Қаратай баласы, сені Алтайға сыймай мыңғырып жатқан қалың қара жылқыңның буы көтерді ме, әлде «Төреге ерген ер-тоқымын арқаламайды» деген керітартпа қағиданы ұстандың ба, әлде түпкілікті көздегенімнің қара қыз ғана емес, қара ат екенін бажайлап, менен аяғыңды тарттың ба екен? Сірә, соңғы жорамал ақиқатқа жақын болар. «Хан тұқымына жуып кетсең, қалағанын базыналаса да, барымталаса да алады» деген қыңыр мақал есіңе түскен болар сірә! Осы жолы менен тартқан аяғыңды өзіңе қайта создырмасам, Қамбар атымды өзгерттіріп, қайта қойғызармын» деген бес батпан зіл арқалағандай болып, елінен аттанған төре жол бойы ширыға-ширыға Қалжыр бойындағы ара ағайын Абақ Керейдің бір атасы Шерушінің ауылында өтер билер сотына әбден қаһарына мініп жеткен еді. ІІ Алтай, Сауырдың баурайын еміп жатқан Найман, Керейдің біраз бұтақтарының игі жақсылары жиналып келіп, билер сотын ара ағайын ғып, осы Шерушінің ортасында ашады екен дегенді естігелі бері бұл елдің тайлытаяқтысы сияз өтердей қауырт даярлыққа кірісіп кеткен.

– Әрі кетсе бес-алты құлын, бірді-екілі байтал сойылып, он бес-жиырма саба қымызы кетер бұл Шерушінің, бірақ шақырып келтіре алмас төре бастаған ел жақсыларын құдайдың өзі ауылыңа әдейі жинап келе жатқанда аянып қалма. Сен де кісі күте алар өскен елдігіңді көрсетіп қамданып қал, – деген-ді Шерушінің ақсақалдары барлық бас көтерер азаматтарын жинап алып. Содан да олар асығыс болса да, қапысыз даярлық жасаған. Шәуешек, Құлжадан шығып, ел шетін жылжый аралайтын кірешілердің жолын тостырып, «серке селен» дейсің бе, «сексен сегіз» дейсің бе, қытайдың хош иісті шерік тас шайларын, қант-кәмпит, өрік-мейіз сияқты бұл аймақта көп ұшыраса бермейтін жеңсік астарды да тең-тең ғып тасытқан. Мал аяғы баспаған көгалға тігілген ақшаңқан үйлер мен аяқтарының ұшынан басып, зыр қаққан даяршыларына дейін міні жоқ Шеруші ауылы Қамбарды Қамбар емес, құдайдың өзі келгендей құрақтай жапырыла қарсы алған. Ол қымызға қанып, Шерушінің игі жақсыларымен есен-саулық сұрасып болған соң, бір тілек айтқан: – Ағайын, әзірлігіңе, сый-құрметіңе ризамын. Сондықтан бүгін өздеріңізден басқа кісілермен әңгіме-дүкен құра алмасам, ол сіздерге деген пейіл-ниеттің орталылығынан деп ойлай көрмеңіздер. Қара Ертістің қос бүйірін мекендеген елміз десек те, жер мойны қашық екен. Күні бойғы суыт жүріс елдеріңізге ат тұяғын әрең іліктірді. Қылшылдаған жас кез емес, байсал тарта бастаған бойымды алдырып-ақ қалыппын. Бүгін жеңіл-желпі тамақтан соң дем алайын. Бар әңгіме ертең түс ауа басталар, соған дейін мені іздеген жамағат болса, шыдам көрсетсін. Кесірлігі деп, кердеңдігі деп ойлап қалмасын, ертеңгі болар қидалы әңгімеге дейін тыныстап, өз-өзіме келіп алайын. Ағайынның айтар арыз-арманы, тілек-ниеті болса, билер соты өткен соң осы ауылда бірер күн ерулермін, сонда айтар. Қамбарды ат соғып, шаршағаны да рас-ты. Арнайы тігілген он екі қанат ақ ордаға ешкімді жолатпауға пәрмен бергенде оның басқа да есебі жоқ емес болатын. Біріншіден, төре басымен, төбе би басымен әр елден келер көп сәлемшілерді ала-топыр ғып қабылдай берсе, жалпақ елдің алдында тым жайдақтанып көрінері сөзсіз. Жайдақ жанда сұс болмас, сұссыздың тұзы жеңіл, татымы солғын, беделі кемшін. Қамбар ондай ағаттыққа жол бермек емес. Екіншіден, басқа болмаса да ертең елінің тәлейі биліктің безбеніне түсер Қаратайдың Тастайының алдымен сәлем бере келері тағы даусыз. Құда болғысы келмей шіренген шіркінді есігін ашуға зар қылып, тауанын қайтарып, тауын шағып тастамақ. Ол дегеніне жеткендей. Кеш батып, ел жатқанша талайлардың келіп, талайлардың үй маңынан қайтқанын үйде жатып-ақ естіп, білген. Даяршы жігіттердің: «Төре шаршап келіп, тыныстап жатыр еді» дегеніне әдейі құлақ түріп жатқан. Ол әсіресе, «Тастай мырза, ренжімеңіз! Төре дем алып жатыр еді» деген сөзді естігенде дегеніне жеткендей өз-өзінен жымыңдаған. Жымыңдап жатып, өзін бір сәт болса да Абылай хандай сезінген.

Ертеңінде сиыр түс кезінде өз серіктерімен былқып піскен тайдың етін жеп, қымызға қанған соң ғана дауға жиналған ел жақсылары мен билерді ордасына шақыртқан. *** Қаратайдың самаржақ шикіл сары биі оттың басын сабалап: Айналасы кедей үйдің малын әрең асырардай жер пұшпағы үшін бабаларының алтын басын құрбан ғып шейіт боларын, жер үшін айқас, ел үшін арпалыс екенін арғы-бергіден қирағаттай келіп, Жетібай жазым болса, аңдаусыз сілтеген шоқпардан, содан соң жуан сіңір, күдіс бел ағайынның тал түсте жасаған жуандығының, зорлығының кесірінен зауал тапқанын, жерде – адамның, көкте – Алланың барын ұмытқанның кесірі екенін нәштеді. – Ағайын, – деді ол айналасына барлай қарап, тостақ толы қымызды дем алмай ішіп алған соң, – ағайын, рас ақыл сөзді дау деп ұғар, ағайынды жау деп ұғар бір тентегімнің, тентегім емес, тәйтігімнің аңдаусыз сілтеген шоқпары бір азаматты жазым етті. Жазым да жазмыштың ісі. «Қылша мойным – талша!». Мойындадым онымды. Ал жазым неден болды?! Ойландың ба, ағайын? Бабаларымыз қарақан басын осы қара жер үшін қимап па еді! Айдың-күннің аманында тал бесігімді неге иемденіп, неге бауырыңа басып, төстабандап жатып алдың? Қаратай баласын неге басындың?! «Иттің иесі болса, бөрінің тәңірісі барын» ұмытқаныңды ұға алмадым. Ағайынды Сарыжомарт пен Төлегетайдан тарайтын қаны да, жаны да бір дейтін екі ел осылайша жат болуға бет бұрдық па?! Ағайын арасы сынықтан сылтау тауып, тағы ушығып, тағы да қан болмасын десең, адамың үшін құныңды ал да, жерімді қайтар. Сөз – осы! Қамбардың би сөзінен һәм алдын ала білген мағлұмынан түйгені: Қаракерей Қожамбет пен Қаратай елі «сіз-бізінен, шыж-быжынан» адаланғанша, бұдан он шақты жыл бұрын Марқа жағасында бос жатқан бірер қос жылқылық қонысын Қаратай Қожамбетке майына береді. Әуелгі жылдары Қожамбет жерінің түгінің ақысы деп азды-көпті төлемін де беріп жүреді де, уақыт өте сөзбұйдаға салып, аяғын сиырқұйымшақтатып жібереді. Мыңғырған қараның қарамы молайған сайын өріс іздей бастаған Тастай бай баяғы өздері майына берген қонысы есіне түсіп, ел жайлауға шығарда: «Оу, ағайын, он шақты жыл жерімнің қызығын көрдің, қызылын таңдап жедің. Не төлеген майың жоқ, не мекенімді қайтарар ойың жоқ. Бұның қалай? Өз малым сүргінде жатқанда сенің малыңның шүйгінде жатқаны әділдікке жатпас, жерімді қайтар!» деп кесетеді. Қожамбет болса: «Есептескен – ел болмас, етектен кескен – жең болмас». Алтайдың бір шоқысының баурайын Найман шалдың қай баласы жегенде тұрған не бар? Сен – Сарыжомарт, мен Төлегетайдың баласы дегенмен, енші бөліспегендей ел емес пе едік! Биыл болмаса, келер жылы аларсың, келер жылы болмаса арғы жылы аларсың» деп, ұзын арқан, кең тұсауға салып, сөз бұйдалайды. Онымен

де тұрмай «Алтайдың бір шоқысының баурайы» деп отырған Жамансайға бір қосын жылқысын көшіріп әкеліп төгеді. Мына басынғандыққа шыдамаған Тастай да таласа-тармыса келіп, өз мекеніне қос қондырады. Содан «малыңды ары айда да бері айдадан» басталған зілсіз жанжал жоғалған тай, қасқыр алған құлынды бір-бірінен көріскен іргежаулыққа, барымта-қарымтаға ұласа келіп: «Тұрысатын жеріңді айт!» деген ашық жаулықтың соңы ел жайлаудан түсе Жетібайды жер жастандырып барып тынады. Қамбар құдайдың әділ жолына жүгінсе, майға алған жердің кесімді ақысын төлегенді қойып, біреудің ата қонысын бауырына басып қалғысы келген негізгі айыпкер Қожамбет жағы екенін айтар еді... Қожамбеттің екі жағына пышақ жанығандай арық, қысық көз биі де ішіне жиналған сөз қоймасының қақпағын ашқандай шарта жүгініп алып, төгіле жөнелген. – Ағайын-ау, Жамансайды сенің жерің емес, менің жерім деген кезім бар ма? Елеп-есіркеп, жайына берген жоқсың, майына бердің, оныңа мың да бір рахмет! Жеріңнің суы мен оты үшін жер ақысын сұрағанда алмаған кезің бар ма?! Келе-келе өзің сұрамаған соң: «Е, жылда шығар жердің түгі үшін жабағылы бие жетелеп кетіп жүргеніміз ағайыннан ұят-ты» деген кісілігі шығар деп түйдік те, өзің сұрамаған жер ақысын тықпалауды жөн көрмедік. Оны кінә қойсаң, көтердім. Ал, Қаратай баласы, айдың-күннің аманында азаматымды, ардағымды тоқымдай қоныс, жаялықтай жайылым үшін жер жастандырарғаның қай тасқаның, қай сасқаның? «Көптің – бірі, көттің – кірі» дейтін жан ба еді кешегі іргелі жаудың салған майданы емес, тәйтік ағайынның ойранында арманда, қыршынынан қиылған ер Жетібай?! Жалғыз Қожамбет, жалғыз Қаракерей баласы емес, исі қазақтың намысын жыртқан жайсаңың, қайрамасаң да қайтуды білмес наркескенің емес пе еді, егемесең де егескен жауына шаншылмай тынбас қара найзаң емес пе еді ер Жетібай?! Елім деп еңіреген кешегі ердің жары жесір, ұл-қызы жетім қалды. «Барым да – осы, нарым да – осы» деп отырған ата-анасы аңырап артында қалды, қара орманға бергісіз қараша үйі қаңырап иесіз қалды. Жал-құйрық кесілді, асыл тұяқ кетілді. Құнына мал ал– дерсің, бір жұттық қана жамандатқырың арысымның тіршілігіндегі жалғыз ауыз сөзінің садағасы! Қанға – қан, жанға – жан! Арысымның артынан келіп, қапияда мерт қылған содырың оның қара тырнағына татымаса да, жазмыштан озмыш жоқ шығар, тоқтадым соған! Шығарып бер содырыңды. Ат құйрығына байлап, өлімтігіне қарға-құзғынды тойдырып қана тыншырмын, егер тыншый алсам!.. Қамбар құдайдың әділ жолына жүгінсе, қапияда мерт болған арыс үшін аянбауға тиіс... Солай етеріне күмәнданған да жоқ. Ол сәндеп қойған дөңгелек сақалын сауып айналасында отырғандарды сүзе қарап келе жатты да, көзімен жер шұқып отырған Тастайға келе бергенде жанарын кілт кідірткен. Күні кеше «Төреге қызымды бере алмаймын» деп шалқақтайтын Тастай жоқ, төбе би әрі

төренің емес, Тәңірінің алдында отырғандай тым төменшік, бір-ақ күнде жүні жығылып, жүзі жасып, шұраланған құр асау мәнзелдес күйге түсіп қалыпты. Тым мүттәйімсіп, жанарын тіктеуге жарамады. – Уа, ағайын, – деп саңқ еткен төбе би. – Қос бидің уәжіне уәж қосар қайсың бар? Айтпасаң сөздің атасы өледі. Билік кесілген соң, сөз кесу тексіздің ісі. Айтарың болса, айтып қал! Өкінішің ішіңде кетпесін! – Айтылар сөз айтылды ғой, бірақ жаңағы бидің «Тағы бір арыстың қанын ұрттап, өлімтігіне қарға-құзғынды тойғызамын» дегені бұрын-соңғы үрдісте кездесетін рас еді. Ол жаза әдейілеп келіп, қаскөйлікпен кісі қанын ұрттаған қанішерге бұйырылмас па? Жазатайымнан болған іске бұйырар болсаң бұл үкімің кісіліктен ада, тасбауыр сұмдық шешім екен. Бұл тағы да жуандық көрсеткенің емей немене?! Алла-Алла, шошындым, ағайын, бетіңнен! Үкімің – кәрлі, сөзің – зәрлі екен! Қапияда қаза болған азаматты қайта тірілте алмаспыз. Ол – адамның емес, Алланың ісі. Жазым үшін кінәмді мойындап, ердің құнын ұсындым. Ал ағайын, тағы бір арыстың жарын жесір, баласын жетім ғып, байлап-матап «пісіріп же!» деп бере алмаспын. «Бер!» деп зорлық кесу айтсаң, Қаратай баласының соңғы жаны қалғанша қолы жағаңда кетер. Әне, қан аңсасаң сонда тоярсың мелдектеп... – Төмен қарап отырған Тастай қамшысын ортаға тастағанда айтқаны осы болды. Қанша мүләйім, қанша мүттәйім болып отырды десең де, ол да өліспей беріспесін сездіріп, азуын көрсетіп қалды. Қамбар оны да сезіп, бағамдап отыр. Қожамбеттің талабын тыңдаса, ел ішін бітімге, бүтіншілікке емес, тағы бір бүліншілікке әкелерін де бағамдап отыр. Тастайдың одан әрі сөйлеуге шамасы келмей, үлпершек майы аузына тығылған ұшқыр аттай ентігіп, тоқтап қалған. – Айтылар сөз қалмаған сияқты ғой. Бұдан кейінгі әңгіме таптауырын, бос мылжың болар. Сөз түйіні, төбе би, өзіңізге келіп тірелгендей. Ақиқат билік, ақ кесігіңді айт, – десті ара ағайынның бір ақсақалы. – Ел іші болған соң, өнбейтін дауды қуатын өлермен де болар, қаттысын қайырып, жұмсағын жымырар пайда-пақыршы ессіз де болар деуші едім. Айдың-күннің аманында бөгде емес, бөтені емес қатар жүрген қарындастың бірінің қаны бірінің мойнында қалғанына билік айтып, мынау бітеу жараға айналған ниеттеріңе бітім сұрармын деп ойлаппын ба, ағайын?! Мен де ойлаған жоқ едім, сен де ойламағансың... – деп, Қамбар кең тыныстап, ойын жинақтайын дегендей сырлы тостақ толы қымыздың дәмін алып, ұзақ ішті. Ақ орданың ішінде отырған ел жақсылары тыныс алуды ұмытқандай, тыншып қалған. – Қожамбет баласы, қонысың мен өрісің тар болып ағайыннан майына жер алған екенсің. Жер бергеннен де, жер алғаннан да айып көріп отырғаным жоқ. Қайта ел татулығының бір нұсқасы емес пе еді ағайынға бірінің «ары отыр демей, бері отыр!» деп ығысып, орын бергенің, біріңнің ығытын тауып, жер алғаның. Жер алғанның айыбы «Уәде – құдай сөзінде» тұрып, майын бермей ұзын арқан, кең тұсау, сөзбұйдаға кеткенінде,

ол аз болса біреудің ата қоныс, әке жұртын қайыруды сұрағанда қайтармай бауырыңа басып, иеленіп кеткеніңде! Айтысыңа қарасам, соңғы бес жыл Жамансайды ақысыз-пұлсыз ұстапсың, бес жылғы бес құлынды бие ары кетіп өскенде отыз тұяқ болар, мал иесіне қайтпағаны үшін айып қып тағы жетпіс кісінегенді қостым. Уәделі уақытында қонысты қайтармағаның үшін жүз жылқы тағы бар. Жиыны екі жүз жылқыҚаратай еліне берілсін! Тастайдың бетіне қан жүгіріп, назарын тіктеген. Ол: – Қайран асыл тектім-ай, «тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ!» деген осы екен ғой. Әділ кесіміңе ризамын! – деп қопаңдаған. Қамбар оған сөзді бөлмей отыр дегендей ала көзімен бір қарап, жым қылды. Қожамбеттің арық биі де төбе бидің кесігі кесір басталғанынан шошынғандай қозғалақтап, бір орнында отыра алмай бір қызарып, бір бозарған. Қамбар оның күйгелектене күйзелгенін елемеген болды. Сөйтті де сөзін сабақтады. – Тастай бай, жаңа бір сөзінде: «Тағы бір арыстың қанын шашуға, «қанға – қан, жанға – жан!» деген сұмдық талапқа қарсы екеніңді сездіріп, ағайын пиғылынан шошынатыныңды айттың. Бәрекелді! Мен де қарсымын, ондай қанқұйлы талапқа. Бір шаңырақтың ұл-қызының жетім қалғаны аз ба еді? Енді келіп, екіншісін жылатсақ, тағы бір отбасын ойрандасақ, онда біздің білгендігіміз қайсы, көргендігіміз қайсы? Өйтер болсақ, биіміз деп, бегіміз деп аузымызға қарап отырған осындағылар ғана емес, отырмаған барша қарашының сенімі не болмақ, ағайын? Жарайды, жалған намыс, жартымсыз тірлікті күйттеймін деп жүріп, шоқпарын аңдаусыз сілтеген содырды қазір алдырып, алдарыңда жоқтауын асыртайық. Ат құйрығына байлатып, көзін жоялық! Өйтер болсақ, жесір қалардай құдай қосқан қосағының жазығы не, жетім қалардай ұл-қыздарының кінәсі не? Төбе би ғып ағайын, өздерің төбеге көтерген екенсің, сақал ағарып, тіс сарғайған шағымда «қанға-қан, жанғажан!» дегеніңді «жөн» дей алман! Бұл кезде Қаратайдың самаржақ шикіл сары биі осы бір төбе бидің кесігінен кейін даудағы жеңістің өздеріне қарай ауғанына күмәні қалмағандай жан-жағына қарап, көк бұйра насыбайын молдап атқан. Ал Қожамбеттің арық биі қозғалақтап, мазасы кеткен. Тек сөз түйінін күтіп, түйіліп отыр. – Уа, ағайын, мен билік айтсам, өз пайымымның кесігіне жүгініп, ақ жолдан аттай алмаспын. Мен айтсам, Әз Тәукенің «Жеті жарғысынан» тартып, өмірде сара жолдарын қалдырған не бір саңлақ билердің әділ төрелігін санада саралап барып айтармын. мір де өзен. Тынымсыз ағады, аға отырып, өседі, өзгереді. Аға отырып, тұнатын, тазаратын. Әз Тәукенің «Қанға – қан, жанға – жан» дейтін қатал заңын үш жүздің үш саңлақ биі Төле, Қазыбек, Әйтекенің өз «Жеті жарғыларында» өзгерткенін де ұмытпайық, ағайын. Олар қатал кесім, қанды өлімге тыйым салғанда, айыпты құнмен төлеп, уақыт ырғағымен кісілікке, имандылыққа бет бұрған болатын. Егер мен кейбіріңіздің көздеріңізге қан, көкіректеріңізге кек толған екен деп, солай-ақ болсын десем, онда жаңарған Жарғыны елемеген, ескермеген болар едім... Онда бұл ісім

алкеуделікке салған надандық, бабалар, аталар салған сара жолды тәрк еткендік болар еді. Мен өйте алман, ағайын... Бидің қоян бұлтақтатып, сөз безбенін Қаратай жағына қарай аударып бара жатқанын сезген Қожамбет жақсылары көздері қызарысып, төреге алабұрта қараған. Керісінше Қаратай жағының бойларынан зілмауыр жүк түскендей еңселерін тіктесіп, «уһ» деп қияметтің қыл көпірінен өтіп алғандай сезінген. – О, төбе би, төбеңе қара! Төбеңде Алла тұр! Адамның сөзіне тоқтамасаң, Алланың ақ жолын ұмытпа! – деп қалды күйіп кеткен Қожамбеттің арық биі. – Әрі кетсе Қаратай баласы тіліңді тауып, көмекейіңді бітеп қойған шығар. Қазақ елі аман болса, алдына барып жығылар әділ қазысы түгесілмеген болар, түге! – Алла ақ жолын саған нұсқап қойып па еді? Сөзді бөлген тентекті көріп едім, тексіз биді көргенім осы! – деп, Қамбар түйіліп отырып қалды да, әңгіме арнасын кілт бұрып, енді қаһар бұлтын Тастай жақтың төбесіне төндірген: – Алайда, ағайын Тастай бай қыларыңды қылып болып, қолтаулаған аттай бүгін келіп сылтый басып, сырғанап өтердей мәймөңкелейсің. Ағайын сөзінен бүгін шошығанша, ту сырттан шоқпар сілтер содырыңнан кеше неге шошымадың?! Адамның бір сабақ жібі, Алланың кез келген жан иесі сұраусыз емес. Әулет ұстап, ұрпақ өсірген шаңырақ иесі еркек кіндіктің құны – мың қой, болмаса он қойды бір жылқы десек, еркек кіндіктің құны – жүз жылқы! Қаратай жағы бұл кесімге іштей риза еді. «Екі жүзді алып, жүзді берсем, жоғалтарым жоқ, қайта жүз жылқы – пайда!» десіп іштей жұптаған. – Кешегі Жетібайлар табысымен бір үйлі жанды асыраған қатардағы көп бөріктінің бірі ме еді?! Жоқ, ол жалғыз Қожамбет емес, елдің ері, сан жаугершілікте аты шығып, батыр атанған халқының байрақ ұстарының бірі, белгілің еді. Ағайын, Әз Тәукенің жолын ұмытпасаң, төре мен қожаның құны жеті азаматтың құнына теңелетін. Жетібайдай еңіреген еріңді төре, қожадан кем дей алармысың! Ендеше Жетібай құны да жеті жүз жылқы болады! Бұл – ел болып көтерерің! Енді Қожамбет жағы айдарланып, Қаратай жағы қызарақтасып, қозғалақтаса бастаған. Төбе бидің ендігі сөзінің оларды мүлде тұралатарын олар әлі сезбей отырған. Асығыстық жасаймын деп, сөздің соңын күтпей, қарадан қарап отырып, отқа түскен көбелектей болған арық би бір бозарып, бір қызарып, уысына тағы да насыбайын төкті. – Қасым салған «Қасқа жол» мен Есім салған «Ескі жолды» ұмытпасақ, ағайын, кісі қанын жүктеген құныкерің шаңырағы ортасына түсіріліп, бар малы талауға салынып, өз басын өлімге байлайтын. Жарайды, ағайыннан жау іздеген тәйтігіңнің өмірін өзіне сыйладық. Шаңырағын ортасына түсіріп, отының басын да ойрандамалық. Алайда, ілгерінің үрдісі кейінгіге сабақ

болып жалғасу үшін жасалмақ. Сондықтан құныкерге атақты жеті айыптың үшеуін кескім келеді. Біріншісі, шаңырағының шайқалғанының белгісі – Жетібайдың отбасына құнікер жағы «қара қазан» төлесін. Екіншісі, ырысының шайқалғанының белгісі – «қара шолақ бие жетектеп», айналадағы елді адақтап шықсын. Үшіншісі, көңілде кірбің қалмаудың белгісі «жетім беру», былайша айтқанда, Жетібайдың үйіне бір баласын аманаты емес, азаматы ғып берсін. – Тағы айтарым бар, ағайын, – деп ол екі жаққа сынай қараған. Жұрт тым-тырыс еді. Тастай бастаған Қаратай жағы ауыр кесіктен соң, естерінен танып қалғандай, «ләм» деп сөз айтуға бірінің шамасы келмеген. Төре сөзін сабақтады: – Иә, Қожамбет алар мал, өздерің айтқандай, «бір жұттық жылқы», азаматтың құнын он күннің мәулетінде бірің санап беріп, бірің санап аларсың. Бірақ бұл кесіктен жетім балалардың әкелері тіріліп келер ме? Тым болмаса, ердің аты жерінде қалсын. Бүгіннен бастап, Жамансайдың аты Жетібай жайлауы аталып, иелігі мәңгіге батырдың ұрпақтарына қаратылсын! Билік – осы, әлеумет! – Әділ сөз, әділ билік! – деп Қожамбет жағы қауқылдаса жымыңдасса, Қаратай жағының «мал ашуы – жан ашуы» десіп, жан дауыстары шыққан: – Ашық күнде тігерге тұяқ қалдырмай тонау ғой мынау! Уа,одан да Қаратай баласын түгелдей қоңыз тергізіп, қаңғыртып жіберсеңші! Бұдан артық сұмдықты кім көрген? Бірақ би сөзі «айттым – бітті, кестім – үзілді» болғандықтан, бұл кесімді бұл маңда өзгерте алатын ешкім жоқ еді. – Тағы бір сөз, – деді Қамбар өңіндегі сұсын сақтаған қалпы. – Ағайын, төбе би болдым деп, төбеңе көтер дедім бе? «Тағы бір сөздің» түбінде батпанның жатқанын сезген отырғандар да тым-тырыс бола қалған. – Демеген сияқтымын! – Қамбар сөзін сабақтады. – Төбе би ғып өзің мақұлдаған екенсің, ендеше төрелігім тақымыңа тар келсе, билігімді сыйла. Жұртымның серт қып ұстаған сара жолы болатын бұл. Есті сөзге есер ғана тоқтамас болар. Ал есер би елді ұшпаққа шығармас болар. Ата жолын бұзған Қожамбет биі бұдан былай билікке араласпайтын болсын. Ата салтын бұзған айыбына – он құлынды бие өз малынан алынып, ара ағайын болып, шабылып жатқан Шерушіге берілсін. Ал кесік малдың оннан бірінің төбе билер мен ара билік айтқан кісілердің қазылық ақысы екенін де өздеріңіз жақсы білерсіздер. Төбе бидің бұл кесегінен кейін сөз де тәмәмдалып еді. Жұрт орындарынан тұра бастаған.

Шабысқұмар шын жүйрік құнанынан Талап қылар жақсы адам ұланынан. Қай қияға салса да қажымайды Түз бүркіттің туғандар қыранынан. Халық әні. БАЛУАН І – Елдің дәмін, ағайынның пейілін сағынған боларсыңдар. Қалмақ елінен келінді алып келгенше екеуің де дем алып, еркін қыдырыңдар. Елмен, жермен еркін танысыңдар, – деп төре ағайынды екі жігітті алғашқы күні өзінің кіші үйі Күлімханның отауына түсіріп, арнайы қонақ еткен. Ауыл ақсақалдарын шақырып, орталарына оралуына өзі біраз еңбек сіңірген Байшуақ, Баратқа баталарын бергізді. – Е, шырақтарым, әлі үй үйленіп, мал малданып, қатарға қосылып кетерсіңдер. Біздің төренің пейілі түскен жан жаман болмас, – деген қарттар. Байшуақтың ерте көктемде түн қата келіп, інісі Барат екеуінің өмір тарихы туралы отағасы екеуіне ақтарған әңгімеге әбден қанық Күлімхан сұлу да көптен көрмеген қайындары, болмаса екі туып, бір қалған інілері іздеп келгендей оларды ерекше бір ықыласпен қарсы алып еді. Ана ықыласын немесе жеңге пейілін сағынған боздақтардың беттерінен сүйіп: «Отбастарың болмаса да отандарыңа оралған қадамдарыңа гүл бітсін!Ер жігіттің тіршілігінде көрер көп құқайының соңы болғай, қайындарым» деп, шын қуанғанын білдірді. Ақ бауырсақтар да тегене-тегене болып әзірленгенше тай қазанға арнайы сойылған малдың еті салынып дегендей қарбалас бір даярлық жасалып жүре берген. Төре үйінің қонақ күтімі кезінде шақыртпай келіп, өз міндеттеріне айтқызбай кірісетін ауыл қыз-келіншектерінің ортасында басшылықты өз қолына алған Күлімханның әркімге қысқа-қысқа тапсырмаларын берген даусы естіледі. Аса сыйлы қонақтарға көрсетер бір құрметтің белгісіндей ғып, алыс жолдан сусап келген жүргіншілерге аппақ жұмыр білекке жараса кеткен қос күміс білезікті сыңғыр қақтырып, сары қымызды да аса бір жарасымдықпен баптай сапырып, өзі құйған. – Елдің дәмін сағынған шығарсыңдар, қайындарым, ала түсіңдер қымыздан, – деп, өзінің еркін сөйлейтін әдетімен ағайындыларға пейілін түсіріп-ақ бақты. «Халқымның қайран қонақжай пейілі-ай. Құдайдың мұнысына да мың шүкіршілік!» деп, Байшуақ іштей толқып, тәубасына келумен болды. Ал Барат болса, Күлімханға еріксіз назар аудара берген. Ол: «Апыр-ау, қазақтың әйеліндей сұлу әйел бұл дүниеде жоқ шығар. Шіркін, мынандай мінсіз

сұлуды құшқан төреде де арман бар ма екен?» дейтін бозбалаға ғана тән бір алабұртқан күй кешкен. Жолаушылар келіп аттан түскен кезде оларды күтіп алған даяршы жігіттердің ішіндегі Байшуақтың ескі танысы, осы елден тұңғыш рет жүздескен, қолтоқпақтай ғана қойшы Құлжабек те жүрген. Ол да «Құтты болсын!» айтып, сырт тұлғасы өзінен екі еседей үлкен жігітпен құшақтаса сәлемдескен еді. Оған Байшуақ: «Бауырым, осы сары байталды саған тапсырдым, көзіңнен таса қылма. Бұл мен үшін сары байтал ғана емес, сары алтынмен тең жануар» деп өтініш білдірген. Қойшы жігіт болса, не өңі, не түрі жоқ жаман сары байталды сары алтындай ғып тапсырған ескі танысының қылығын түсінбесе де «жарайды» деп, бірден келісімін берген еді. Төре шай үстінде жігіттердің біріне: – Әлгі Құлжабекті шақырыңдаршы, – деп қалды. Есіктен озандата сәлем бере кіріп, босаға жаққа тізе бүккен Құлжабекке Қамбар: – Құлжеке, әзір тұрған кең, жақсы үйің бар ма? – деген. – Өзіңіздің қонақтарға арнап жасатып жатқан алты қанат қана үйдің біраз уықтары тезде тұр. Төрт-бес күннің ішінде сүйегі даяр болады. Үзік, туырлық, бас құр сияқты дүниелерін де қатындар даярлап болып қалса керек. – Бәрекелді, үйіңнің сүйегі мінсіз болсын. Даяр болғанда өзіме көрсетерсің, – деп, төре Құлжабекке «Енді жүре бер» дегендей ишара жасады да, содан кейін биіктігі жаңа жүрелеп отырған Құлжекеңнен бірде кем емес жез самауырынның құлағын ұстап отырған Күлімханға жүзін бұрды. – Күлеке, үйдің үзік-туырлығының, бау-шуының, ішіндегі жасау-жабдығының ойдағыдай болуын өзің қамдарсың. Екі-үш аптаның ішінде келін түсіретін отау үй даяр болсын! – Төрем-ау, жаңалықтың үлкені сізде екен ғой, құтты болсын! – деп, ол сұраулы жүзін отағасына бұрған. Жарастықпен айтқан таңданысында «Бағанадан неге айтпай отырсыз?» дегенге ұқсас өкпе-наз жатса, тілек-ниет білдіруінен шын қуаныштың лебі білінген. Отырғандар да: «Жанғазыны аяқтандырарсыз-ау, сірә?! Құтты болып, ұзағынан сүйіндірсін!» десіп, қауқылдасып қалысты. – Жоқ, ағайын, келін табылса, Жанғазыны да аяқтандырармыз, – деп, мырс етіп күліп қойды. «Келін табылса....» дейтін сөзінің астарында кенже ұлға деген алғашқы ниетінің сәтсіз аяқталған өкінішін де білдіріп отырғанын Нұрәлі, Қасқақтар бағамдаған. Төре жүзінен сезілген суық күлкісін жылытып, Байшуаққа бұрған. – Мына Байшуақты үйлендіреміз. Ал Барат мырзаға монғолдың балуанын жеңіп, басына бостандық алып қайтқан соң қам жасармыз.

Ол отырғандарға Қобық сапарының негізгі мақсаты туралы, ағайынды екі жігіттің бұрынғы-соңғы жай-жапсары, бастарына түскен тауқыметті тағдырлары туралы айтып берді. – Мен Қобықта жүргенде-ақ өкіл әке тауып алғанмын. Болашақта келінді сол кісінің үйіне түсіруге уәде де беріп қойғанмын. Сондықтан, менің үйім даяр, – деп, жұртқа балуан аты тарап үлгірген Барат түсініксіз әңгіме бастады. – Ол – өзіміздің Жұмекең ақсақал. – Ойбай-ау, бәрімізден осы Жұманайың озды. Ол жақта да қарап жүрмей ұлды болыпты-ау, – десіп қарттар қомпылдасып қалды. – Құрметті көпшілік, қадірлі алдияр, Қобық жерінде жүргенде: «Тағы айтар бір жаңалығым бар» дегенде Жүкең әкеміздің «Кейін, кейін» деп тоқтатқаны естеріңізде болар. Жүкеңді өкіл әке ғып алғанмын. – Қатшаны шақырып, мына баласымен таныстырайық та, шілдеханасын жасатайық, – десті тағы біреуі. Әлдебіреулер хабарласа керек, Қатшаның да жеткенін есіктен бір жігіт хабарлаған кезде Барат өзінің нағыз анасы келіп тұрғандай орнынан атып тұрған. Жүзінде бір түрлі толқу бар. Інісінің жан-жүрегін түсініп отырған Байшуақтың да бетіне алау жүгірді. – Кірсін әпкеміз, – деді төре де осы елдің кәрі-жасының Жұмекеңді «жезде», Қатшаны «әпке» деп атайтын дәстүрін бұзбай. Қанша адуын, ер мінезді деп аты шыққанмен Қатша төре алдында иба сақтап, есіктен кірген бетте тізесін бүгіп, төрдегілерге сәлем берді. – Төрем, сіз шақыртып жатыр деген соң... Әлгі жаман шалым қалбалақтап жүріп, бірдеңеге ұрынып қалды ма деп... Өзі аман ба, әйтеуір... – деген ол отырғандардың жүздерінен көңілсіздікті аңғара алмаса да жанжағына жалтақтап. – Оу, әпке, жездеміз шауып жүр. Ағы ақ, қызылы қызыл дегендей, қалмақ уаңының оң қолы болып алыпты, – деп, Нұрәлі би үрей билеген әпкелерін бір тыныштандырып алып, әңгімесін әзілге қарай бұрған. – Жұмекең қарап жүре ме, қалмақ қызынан тоқал аламын деп бүлініп жүр. – Айналайындар-ау, ол жазған біреуін емес, екеуін неге алмайды? Мен неге бәйбіше болып, қолымды жылы суға мал-е-еп отырмаймын? Өзі аман болса болғаны, әкетайларым, – деп, ол бойынан ауыр жүк түскендей отыра кетті. – Әпке, әлі айтарымыз бар, – Нұрәлі сөзін жалғады. – Мынау жаныңызда түрегеп тұрған жігітті көрдіңіз бе? Барат балуан дейтін жігіт болады. Бұл адасып жүрген сіздердің, Жұмекең екеуіңіздің ұлдарыңыз екен. Ал балаңыздың бауы берік болсын! – Не дейді, құдай-ау! – Қатша етегіне сүрініп, орнынан әрең тұрған. – Апа! – деп, Барат кең құшағын жайған. – Балам! – деп, әлі ештеңе ұғып болмаған Қатша да құшаққа құшағын айқастырды.

– Әй, мына Баратты Жұманайдан туды дегенге тірі жан сенбейтін болса, Қатша әпкеміздің аузынан түскендей екен ғой! – Төре де жаңа табысып, құшақтары жарасқан ана мен балаға сүйсіне қарады. – Ағайындар, мен туған жерді де, өскен елді де, әкеміздің рухын да, анамыздың дидарын да бір сәт ұмытқан жан емеспін. – Барат әлі де ештеңенің парығын түсіне алмай отырған ағасы Байшуаққа қарады. – Көке, алдымен тентек ініңнің бұл қадамына ренжи көрме. Жаңа айтқанымдай, Қобықта жүргенде-ақ аузын ашса, көмекейі көрінген Жұмекең қартқа уәде беріп қойып едім. Елге жеткенше, бәлкім бір жыл өтер, бәлкім төрт-бес жыл өтер... Аз уақыт болса да осы қос қарияның қолдарына келін түсіріп, бақытты еткім келді... – Ақылды тентек, болдың, – деді Нұрәлі. – Айналайын, сол! – деді Байшуақ та орнынан тұрып, әлі Бараттан құшағы ажырамай тұрған Қатшаны да інісімен қоса құшақтады. – Апа, Барат сіздің өкіл балаңыз менің інім болғанда, мен де сізге бөтен болмайтын шығармын. Күлімхан дастарқаннан шақпақ қант, құрт-ірімшікті бір ыдысқа толтырып: «Шашу-шашу» деп шашқан. Сөйтіп жаңа ғана алыста жүрген отағасының есен-саулығын біле алмай алаң көңілмен келген Қатша бір сәтте қос бірдей азаматтың шешесі атанып, бұл жарық дүниедегі ең бақытты ана болғанына есінен танғандай қуанышты еді. *** Түннің бір уағына дейін әңгіме-дүкенмен созылған төре үйінің қонағасы тарқарда Қатша тағы да төреге тілек айтты: – Төрем, екі бірдей арыстай ұлға бір-ақ күнде ана болғаныма әлі сене алмай отырмын. Мен сене түссін десеңіздер дәл қазір Байшуақ пен Баратымды өз үйлеріне алып кетуіме рұқсат етіңіздер. Екінші өтінішім, отағасы келгенде дүрілдетіп тойын жасай жатар, ертең қан шығарып, тілеу жасаймын. Біреулеріңіз қалмай келесіздер, – деген. Байшуақ та, Барат та тамақтанып, дастарқан жиналып, төренің ықыласын алған соң алғаш рет өздерінің өкіл әкелері Жұманайдың төрт қанат қана қоңырқай үйінде қонып шықты. Өзі айтқандай, «елдің қамы» үшін тек сыртқы шаруаға бейімделіп кеткен ел жездесінің үйінде өңі бүтін төсек-орын болмаса да, екі жігіт те сонау жер түбінде бар-жоғы белгісіз күйде жатқан өз аналарының ықыласын сезінгендей болып еді. Бағана бері шығарда Күлімхан екі азаматқа деп жігіттерден өңі бүтін төсек-орын беріп жіберген екен, Қатша: «Әкелерінің исі сіңген кигіз жамылғыға-ақ жата берсін. Ханымға алғысымды айта барыңдар. Ертең Байшуақжан үйленгенде-ақ берер көрпе-жастығын» деп алмай қойған. Үстеріне жапқан қозы жүнінен басқан жұқа ақ киіз бен тұлып тондарын қайта-қайта келіп, мұқият қымтап жүрген өкіл шешелерінің осы бір қылығы-ақ олардың аз

ғұмырында тартқан көп тауқыметтерін ұмыттырғандай жандарын толқытып, алыста қалған, бұл күнде осынау жарық жалғанда бар-жоғы белгісіз аналарына деген сағыныштарын арттыра түскен. Ертеңіне де екі жігіт кірсе де, шықса да үстеріне түсіп, құдайдың бере салған осынша мол қуанышының шын екендігіне сенбегендей Қатша шешелері: «Алла, бергеніңе шүкір! Тәуба-тәубаны!» кемі бір жүз қайталаған болар. Көп ойланып жатпай-ақ Байшуақты «Шуағым», деп, Баратты «Барашым» деп ат қойып ала қойыпты. «Құдай қолдап, екеуіңнің де аяқтанғандарыңды көрсек, отауларыңды жаман үйіміздің екі жағынан тіктіртемін, әдірә қалғыр. Көрсін сонан соң орталарыңда отырған шалымыз екеуімізді мына жұрт. Амандық болса, әлі-ақ немерелі де болармыз. Келіндердің аяқтары ауырлағанын сезсем-ақ, қоңыр биенің төбел құлынын берсем де Құлжабекке айтып, патшаның баласы жатардай оюлатып тұрып, бесік жасатамын ғой. Ой-бу, алжыған басым, сәби дүниеге келмей тұрып, «жабдығын жасатпайды» екен-ау. Айтпақшы, жылқышы Сәрсенбайдың тоғыз баласы аман-есен өсіп-өнген бесігі бар екен-ау. Ертең айтып қояйыншы, ешкімге беріп қоймасын, – деп тәтті қиялға ертеңгі шай үстінде-ақ, беріліп кеткен. – Құлындарым, осының бәрін шарадай басыма сыйғыза алмай, таң атқанша ұйықтай алмадым». Байшуақ інісі екеуі оңаша қалған бір сәттерінде ойланбай жасаған бұл істерінің ең қиын түйіні туралы толғанған. – Бауырым-ай, бір Ошыржаптың көрсеткен ағалық сенімінен аттай алмай қанша жылымызды сарп еттік, енді Жұмекең мен мына шешейдің әкелік, аналық шын сезімдерінің ерікті тұтқыны боларымыз туралы ойлап көрдің бе?! «Кеткенше ғана бала бола тұрамыз» деген сөз айтуға ғана оңай. Екеуін өлтіріп кетпесең, артымыздан аңыратып, қалдырып кету оңай болмас. з анамызды қалдырып кеткен қасыретіміз де бір ғұмырымызға жетер. – Иә, мен осы жайды ойлап, басым қатты, – деп, Барат та мойындаған. – Не болса да болары болып, бояуы сіңді. Енді шегінер жол қалған жоқ. «Таңғы нәсіп – тәңірден» дегендей, өмір соқпағы оңына бастар. Елден шыққалы ешкімге жасаған қиянатымыз жоқ қой... – деп, Байшуақ та бәріне де көнгендей сыңай танытты. *** Ағайындылар жаңа мекендеріне қонып, ертеңгі шайларын ішіп бола бергенде-ақ: – Ас-са-лау-ма-ға-лей-кум! – деп, озандай сәлем беріп, Құлжабек кірген. – Сәлемші болсаң төрге шық, – деп, екеуі ығысып, орын берді. – Қалай, жаңа мекенде жайлы жатып, жақсы өрдіңдер ме? Бәрі де ұзағынан сүйіндіріп, құтты болсын! – Айтқаның келсін, қарағым! – деп, ең алдымен Қатша жауап берді. – Айналайын, бүгін мал сойысып, қолғабысыңды тигізесің ғой. Келінге де айт,

келсін. Кеше Күлімхан келін де бауырсақ пісіргенге ұн беремін деп еді. Дабырлап сөйлеп, далбырлап жүгіргеннен басқа жаман шешелеріңнің қолынан не келгендей. Сөйт әкем, ортақ қуаныш қой... Өзі айтқандай, шешелері «дабырлап сөйлеп» барып, бір тыныстаған сәтінде Байшуақ та Құлжабекті көргеннен көмейінде тұрған сауалын қойды. – Жә, Құлжеке, менің аманатымды қайттің? Сары байталды айтамын. – Е, сары байталыңа кім қызығар дейсің? Жолдан келген аттармен бірге таң асырып, ауыл маңындағы сауын биелерге қосқанмын. Жануардың өзі ауру мал ма, немене, қабағы ұнамады маған, – деп, Құлжабек те Жұмекеңнен бастап сары байтал емес сары сайтан көргендей болғандардың қатарында екенін бірден байқатты. Оның үстіне, кеше сары байталыңды тапсырып тұрып: «Бұл сары байтал ғана емес, мен үшін сары алтынмен тең жануар» дегенді айтып қалып едің. Сол сөзіңнің мәнін түсіндірші, жарқыным. Қолтау болған малдай қабағы тырысып, қарны құрысқан сарының не жақсылығы өтіп кетіп жүр? Байшуақ соңғы жылдардың беделінде маңдайына біткен қос дөңгелек тұяқты – бірі өзі мініп келген қара төбел бесті мен жетектеп келген сарыны Құлжекеңе дұрыстап тапсырамын деп ағаттау айтып қалғанын сезген. Ол қарқылдай күліп, қойшы жігіттің арқасынан қақан. – Ой, Құлжеке, қалмақ уаңы ұсынған айғыр үйір жылқыны алмай осы сары байталды жетелеп келгенімді естіген де боларсың. «Сары алтын» дегенге ішіне тыққан алтыны бар екен деп сойып тастап жүрме. Ырымшыл жұрт емеспіз бе, мал жинасам жоқтан бар жасағандай сол жаман сарыдан бастайын деп ырымдағаным ғой,» – деп жайма шуақтатты. – Байталың келер жылдары айғырдан шықса, одан арғы жылы құлындаса... Иә, ұзақтау күтеді екенсің, – деп Құлжекең де күлген. – Иә, бәрінің де құдай қайырын берсін – Қатша шешелері үйірлі жылқы ма, әлде жалғыз байтал ма – өзі үшін бәрі бір екенін сездірді. – Жә, менің келген шаруамды сұрамайсыңдар ма? – деп, Құлжабек аса бір маңызды шаруа айтардай сыңай танытты. – Кеше төренің не дегенін естідіңдер ғой ет құлақтарыңмен. Бала-шағаның қызығын көргір, Қамбекең аса жауапты да қыжалат шаруасы болса болды «Ойбай Құлжекеңді табыңдар!» деп мені іздетеді. Сеніп алған ғой, әбден сеніп алған. Мен де оңқай асықтай даяр тұрамын. О кісі сұрап қалады-ау деп, үйдің сүйегі бола ма, ер бола ма, әйтеуір, алдын ала қамдана беремін. – Байшуақ Құлжабек қойшыны алғаш көргенде-ақ «Пошымың торғайдай болғанмен, мақтанышың толағайдай болмаса нетті?» деген ойға келіп еді, Құлжабек үйші сол ойын растай түсейін дегендей есе жөнелді. – Иә, не айтайын деп едім? Ал енді, мені «Неге келдің?» деп сұрасаңдаршы. – Иә, неге келдің, Құлжеке? – Үйді бітіріп болған соң «Мына жері былай екен, ана жері олай екен» дегендеріңді естімеу үшін алдын ала жұмысымды көрсетпек едім. Қайдам,

бірақ төрем: «Құлжекемнің қолы алтын ғой!» деп үнемі мақтап отырады, сондықтан үйдің сүйегінің ұнамауы мүмкін емес. Қатындар жағын құдай ұрып, бау-шуын келістірмей қоймаса бар ма, тура хан баласына отау болуға лайық үй болғалы тұр. – Көрелік, Құлжеке, көрелік... – Байшуақ сөзуардың судай сапырып отырған әңгімесі бітпей бара жатқан соң сөзді әдейі басқа арнаға бұрды. – Жә, екеуіміз алғаш танысқан тұста қойшы сияқты едің. Қалай үйші, ерші болып ң де суып қалған шайын ұрттай салып, орнынан тұрды. – Ой, ол қызық та ұзақ әңгіме. Үйді көріп болған соң асықпай отырып, әңгімелеп берейін. Құлжабек айтса айтқандай, шаңырақ, керегелері әзірленіп уықтарының біразын даярлап, біразын морлап болып, тезге салып қойыпты. Кереге бастарының біркелкі ұштасып, сағанақтарындағы сыдырғы өрнектеріне көгінің түйе сірісінен таспалануына дейін соншалықты бір дәлдікпен жүргізілуіне, шаңырақ тоғындарының бір-бірімен жымдаса қиюластырылып, жылқының желке тарамысымен мінсіз бекітілуіне, іш жағына салынған ырғақ пен кезек алмастырыла түсірілген тіс оюларына жігіттер шынымен тәнті болған. Төрттөрттен доғалана бекітілген күлдіреуіштердің өзі ұқыпты шебер қолдың таңбасын танытқандай. – Ендігі шаруа сықырлауыққа тіреліп тұр. Келген қонақтың бірден көзі түсер дүние де осы есік болмақ. Сондықтан үйшінің шеберлігі де сықырлауықтың іші-сыртынан көрінбек. Жарма беттің тіреу шабақтарын екі шыбықты есіп жасағандай әсер беретін бұранда түрінде жасасам деймін. Әттең сықырлауықты жосамен бояй салу обақ-ақ. Әр түрлі ағаш бояуы болса деп қиялдаймын. Бояуды айтпағанда, ағаштан өңін келтіріп жіберер әліп майы да табылмайды ғой. Олар бізде қайдан болсын Сондықтан сықырлауықтың кей бөлігін қына мен қарағай қабығына қайнатып, кей бөлігін шүкірдің тамыр қайнатпасына салып сарыға боясам деп те ойлап жүрмін... Қалай? – Құлжабек өзінің тым ұзақ сөйлеп кеткенін сезсе керек, сұраулы жүзбен ағайындылардың бетіне қараған. – Керемет! – деді Байшуақ жігіттің өнеріне шын риза болып. – Бұл өнерің бұрыннан бар ма еді? – Ойбай-ау, бұл сүйекпен біткен өнер емес пе? Әкеміз жарықтық дәупері үйші, жансыз ағашқа тіл бітірген шебер болған еді. Мен қой жайып жүрсем де қолымнан шотым мен бәкімді тастамай, ағаш жона беретінмін. Содан Қамбекем менің икемімлі байқаған соң қойымды басқа біреуге тапсыртып, осындағы Сәлмен дейтін ағашшының жанына қосып берді. «Шебер-шебер» дегендері келі-келсапты добалдап жонудан артық өнері жоқ кісі екенін білемін ғой бұрыннан. Әрине, төре айтқан соң бардым. Сәлмен ағамыз «Ол сенің қолыңнан келмес» дегендей қолдың епсектігі қажет дүниелерді өзі жонып, маған тек дөңбектерді кесу, шабу сияқты кез келгеннің қолынан келер жұмыстарды

тапсырып, мүлде қолбала ғып алды. Кей күндері өзі оқсата алмай қойған дүниелерін өзі жоқта келіп, жасап қоятын болдым. Оның үстіне менің артықшылығым әкемнен мұраға қалған біраз құрал-саймандарым бар дегендей... – Содан? – деп қойды қысыр әңгімеге көп қызықпайтын Барат та. Шамасы, сөзін тезірек шиырса дегені болса керек. Оны парық қып жатқан Құлжекең жоқ. Әрі қарай көсілді. – Содан ол еңбегімді де елемеген болды. Қайта өз қолынан келмеген тұсы болса, «Құлжеке, мынаны сен бітіре салшы» дейтінді шығарды. Бір күні ұстаханамызға екі-үш жігіт келе қалмасы бар ма? Сәкем өз шеберлігін көрсетейін десе керек аршадан жонып отырған қасығының сабын тоқпақтай балтамен тегістей бастасын. Күйіп кеттім. «Үйбай-ау, бүгін сақалымды да алмаппын ғой» деп сақалымды жібітпей-ақ үлкен балтамен қыра бастадым... Тілеуің берсін, Сәкең содан соң мені біржола мойындап... Булыға күліп тұрған Байшуақ мынау мақтаншақтың жойдасыз әңгімесін естіген сәтте қарқылдап жіберген. Барат та жымиды. Шамасы артықтау кетіп қалғанын сезсе керек, Құлжабектің өзі де рақаттана күліп жіберді. – Біздің елде бір мақтаншақ айтқан екен. «Менің бүркітім сәті келсе, қос шеңгелімен екі түлкіні қабатынан ала береді» деп. Сонда екінші мақтаншақ тұрып: «Бәрекелді, менің бүркітімнің қос түлкіні қабаттап бүретін қасиеті баяғыдан бар. Жануар жуырда үш түлкіні бірден алды» депті. «Қалай?» дейді аң-таң қалған бірінші мақтаншақ. Сонда екіншісі тұрып: «Қалай дерің бар ма? Топтана қашқан түлкінің екеуін қос шеңгелімен бүрсе, үшіншісін тұмсығымен тістеп басып қалыпты.» «Әй, сенің бүркітіңнің түскені түлкілер емес қояндар шығар» деп біріншісі күдік айтса, екіншісі: «Бірден үш қасқырға түсті демегеніме риза болсаңшы» дейтін көрінеді. – Құлжекеңнің өз өтірігін жуып-шайған әңгімесінен кейін Байшуақ былай деген: – Құлжеке, сіз балтаңызбен мұртыңызды баспай тұрғанда бүгінше осымен бұл әңгімені доғарайық. Апамыз да тықыршып отырған болар. зің де көп кешікпей келіншегіңді ертіп, үйге келерсің. – Ол Барат екеуі үйге өте көңілді оралған еді. Оларға Қамбар, Қасқағымен, Нұрәлі, Құлжабегімен, Күлімхан, Қатшасымен өз қандастарының ортасы соншалықты жақын, етене екенін сезінген еді... Ағайынды екеуі сонымен бірге, өздері ортасында біраз уақыт болмаған қазақ елі өміріне, әлде Қамбар төре басқарған жұртта ма, әйтеуір біраз өзгерістің енгеніне көздері жеткен. Жанында кигіз үй жасайтын сәмбі талдары мен кесілген қарағаш, самырсындар үйілген Сәлмен мен Құлжабектің, жанында білеу темірлері мен қарағай көмірлері үйілген қос орыс жігіті мен Шүкір дейтін теміршілердің тастан жинаған ұстаханалары мен дүкенді көріп таң қалған. Екеуі де бір шалғайда малын бағып, оған қоса жанын бағып жатқан қазақ ауылына мұндай жаңа үрдісті бір-екі жылдан бері Қамбар төренің алғашқы болып бастағанын, тіпті Шорға бойына келіп қоныстанған

Барыс пен Шодыр дейтін қос орысты ақысын келістіріп беріп, жұмыс істетіп отырғанын жүре келе білген еді. Сонымен бірге, төрт түліктің сүмесін еміп, малдың қас-қабағына қарап тіршілік еткен жұрт енді сол малын жұт жылдары қырып алмас үшін қысқа азды-көпті пішен даярлайтын, ол ғана емес аз да болса жер тырнап, арпа, тары сияқты дақыл түрлерін еге бастағанын, ол үшін пішен шабатын «шалғы» деп аталатын дақылды ору үшін «қол орақ» деп аталатын, жерді жырту үшін «тіс ағаш» деп аталатын сайманның жаңа түрлері осынау жігіттердің қолдарынан шығып жатқанын біліп таңырқасқан... Қатшаның тілеуінен кейін екі жігітті шақырып алып, оларға біраз уақыт дем алып, елмен, жермен танысулары қажеттігін, ол үшін жандарына Құдайменде, Бөкей Байғыз, Сайын сияқты замандастарын қосып беретінін, одан оралған бетте Бараттың күрес өнерімен біржола айналысуы керектігін тапсырды. – Бұл – шырағым ел намысы, Ошыржаптың намысы үшін ғана қажет өнер емес, өз басыңның есендігін сақтау үшін де қажетті дүние екенін ұқ. Даярлығың үшін өзім жағдай жасап, өзім бас-көз болып отырамын. Ал Байшуақ сен де Бараттың жанында болып, осы бір жұртта жоқ істі ұйымдастырасың. Алла ниетімізге жеткізіп, Барат келер көктемде абыроймен оралса, болашақ шаруаларың туралы келісерміз.

ІІ Елге Байшуақтың оралуы елеулі оқиға бола қойған жоқ. Оның есесіне Қойбас ананың асында қалмақтың түйедей балуаны Ұтынасынды кескен теректей ғып сұлатқан Барат балуанның оралуы айтағасын оқиға болған. «Балшыққа батып қалған атан өгізді қос мүйізінен тартып, суырып алған екен...» «Күрескен кісінің жалаңаш етінен шеңгелдеп ұстаған кезде терісін ет-метімен жұлып ала жаздайды екен, содан белдескен балуан ыңыршақ батқан өгіздей қайқаңдап, жата кетеді екен...» «Ұтынасын еліне барған соң қайта күрескен екен, сонда сорлыны «һауп!» деп көтеріп ұрғанда екі жамбасы бірдей опырылып сынып қалыпты дейді...» «Біздің Қабанбай сияқты кіші жүзде Есет батыр дейтін жауынан жасқанып көрмеген алып батырдың туған немересі екен...» Не керек, «екен-екен», «дейді-дейділер» аз күнде-ақ оның атын аңызға айналдырып ала жөнелген. Оның үстіне, төренің туған ұлдары Құдайменде, Бөкей, Байғыз және Қасқақ батырдың немере інісі Сайын сынды мырзалардың өзі жаңа келген қос азаматтың шашбауларын көтергендей ғып жүруі, ол аз болса, олардың даяршы-қызметшісі сынды ілестіріп жүрген кісісінің өзі қазірдің өзінде балуан аты шығып қалған Буратайдай жігіт болған соң бұл топтың атағы елді өздерінен бұрын аралап кеткен.

Қай ауыл болсын бұларды қуана, құшақ жая қарсы алып, төренің өзінен кем күтпеген. Жастар жиналып, әр отырысты той-думанға, ойын-сауыққа айналдырып жіберетін. Не бір дәулескер күйшілер, әсем әуезді әншілер шақырылып, жастардың өнерін тамашалауға келген қарттарды әбден риза ететін. Кейбір жігіттер: – Еділ-Жайық бойының ән мен күйін естісек деп едік. Оған қалайсың? – дегендерге Барат: – Заманында аздап домбыра тыңқылдататыным болған. Одан бері ұмытылды ғой, орталарыңдамын ғой, біраз ес жинап, еске түсірсем, тартармын, – деп құтылады. Қашан да қызыққа тоймайтын жұрт мұндай ойын-сауықтың соңынан кейін Барат балуан мен Буратай балуанның күресін көргісі келетіндерін айтатын. Олар алғашқы күні үлкен-кіші сұрап қоймаған соң күресіп те көрген. Буратай бойшаңдау, қара күші мол болғанымен, айла-тәсілге жоқтау көрінді. Оған қарағанда төртпақтау, тығыншықтай Бараттың бұл өнерге әлдеқайда жетік екені олардың өздеріне де, өзгелерге де байқалып қалған. Бірақ жас перінің тауы шағылып қалмасын деген оймен, ұзақ күрескенмен, талай тәсіл қолданар тұсты әдейі жіберіп: «Алыса алмайды екенбіз» деген сылтаумен күресті доғарған. Оның бұл сыпайылығын түсініп, іштей қолдағандар да бар, «Ой, жер-көкке сыйғызбай жүрген Бараттарың да өзіміздің Буратайды ала алмады ғой» десіп көңілдері ортайып қалғандары да аз болған жоқ. Осы белдесуден кейін-ақ Барат бұл сапарда күресті доғарған. Қайта қай ауылда қандай дәмегөй жігіттердің барын білу үшін Буратайдың ортаға шығуын өзі қолдап отыратын әдет тапқан. Бір тәсіл болса да үйренер жігіттерді тани түсудің, таба түсудің бұл да бір әдемі жолы болып еді. Әрине, Буратайға шақ келер жігіттер болмаса да ел ішінде не бір апай төс, алыптар жетерлік екен. Олардың барлығын да Барат көңіліне түйіп алып жүрген. Қамбар төре де бұлардың сапарлары туралы сырттай хабардар болса керек, сәлемдесе кірген жігіттерге: – Дұрыс елімізбен, жерімізбен таныстықтың басы деген осы. «Бармасаң, келмесең жат боларсың» деген. Сол сияқты, барыспаса, көрісіп-біліспесе жат та жақын бола алмас. Буратайдың өнерін тамашалап, біраз дәмелі жігіттерді танып қайтқандарыңды біліп отырмын. Келер аптаға сол жігіттеріңді шақырт. Қалаған жерлеріңе барасыңдар ма, болмаса іргеде тұрған қыстаулардағы қоралардың бірін тазалап, әзірлейсіңдер ме, өнерлеріңді ұштаңдар. Ең алдымен өз басыңның амандығын сақтау үшін елде, жұртта болмаған осы бір іске тәуекел деп отырмын, Барат балам, – деген. – Алладан қайтсын жақсылығыңыз! – деді Барат та шын риза болып. – Байшуақ, осы істің басы-қасында болуды, ұйымдастыруды өзіңе тапсырдым. lні өмірінің қымбат екені түсінікті, сондықтан өзің де оны аламанға қосар жүйріктей ғып қапысыз даярларсың. зің қалыңдығыңды

әкелер бірер аптадан басқа жарты күз, бір қыс уақытың бар. Бойында қуаты, ойында әдіс-тәсілі бар жігітке аз уақыт емес. Ал Құдайменде, Бөкей, Сайын шырақтарым, – деген ол үшеуіне бұрылып, – ел сендердікі, жұрт сендердікі дегендей, күресетін жігіттердің орнын таңдау, біреуі мертігіп қалмас үшін жерге қалың ғып сабан-шөп салып, үстіне киіз төсеу, үйренетін орындарыңның қыс кезінде жылы болуы үшін ішіне пен салғызу, тіпті балуандардың денелеріне шақтап, ешкі терісінен жарғақ шалбар мен кеудеше, матадан белбеу тіктіру ісін қолға аласыңдар. Бұлардың ішіп-жер ас-суын, жатар орындарын әзірлеу де қапысыз болсын. Ат жетер жердегі атағы шыққан бір-екі қарт балуанды шақыртып қойдым. Ұстаздық етсін. Білгендерін үйретсін. Айтқандарын тыңдап, ақылдарын алып жүріңдер. Айтарым осы! Ертеңіне Құдайменде, Бөкей, Сайын, Байшуақ болып, осынау бір бұл өңірде, тіпті ағаш керегелі, киіз туырлықты ел ішінде болмаған іске қызу кірісіп кеткен. Бұрын қыз ұзату, келін түсіру, сүндет той тұсында ғана әрі кетсе ет асым уақытта ғана ортаға шығысып, күші жеңгені жығып, жетпегені шаң қабумен аяқтала салар күрес өнері дегенге ел ағасының өзі осынша маңыз беріп, бір күн емес, екі күн емес, айлар бойы алыстыра бермек, күрестіре бермек екен дегенді естіген біраз жұрт төрелерінің әбден еріккеніне қапысыз иланған. Бірақ, «Әй, мұның не?» деуге ешқайсысы жарамаған, сыртынан күңкілдесіп, қысыр сөзді қыздырумен тынған. Күздің бір күн жаңбыр, бір күн жел дейтін лайсаңды уағы келгендіктен, жігіттер күрес үйіне деп төре қыстауындағы ат қораны таңдаған. Ішін тазалап, астына тары сабанын молдап тастап, үстінен бірнеше ескі туырлық, оның үстінен алаша, текеметтер жайып, бір бұрышынан үлкен тас пеш орнатқан соң ертеңнен қара кешке дейін алысып-жұлыса берсең де даяр орын болып шықты. Ел-елден шақыртқан бура сан, не бір алыптар, бойлары шағын болғанмен, қайыңның безіндей бекем жаралған, бұлшық еттері білеу-білеу балуандар жиналып келе бастады. – Құдауында, күрес дейтін шіркінді біз ұмытқалы қай уақыт. Әшейін, төре қос атпен арнайы кісі жіберген соң келіп едім, бізде не өнер қалды дейсің?! – деп, сонау ит өлген Ақсуаттан Қаракерейдің «Мұрын» аталып кеткен Сарысының қарт балуаны Қожамберді келген. Қабанбай батырдың жолын, балуандығынан бұрын батыр аты шыққан бұл қарттың атағы бұл өңірге әбден таныс болатын. «Қартайып, шөккен тұсы» дегеннің өзінде алып тұлғасын аттың аты әрең көтерердей, тым кесек еді. Тізерлеп отырғанының өзі Құлжабектей жігіттің түрегеліп тұрғанындай болатын. Арбиған жойдаусыз үлкен қолдарының әр қайсысын бір-бір бала бас шоқпарға ұқсатуға болар еді. – «Қамбар төре сізді келіп қонақ болып қайтсын» дегенге марқайып, екі өкпемді қолыма алып жетсем, «Ақа, асықпай жатып, құрметті қонағым болыңыз, күндіз қолыңыз бос кезде осындағы талапкер балаларға өнеріңізді

үйретіңіз» дейді. Ұмытып қалмасақ, үйретпегенде о дүниеге өзімізбен бірге ала кетеміз бе?! – деп, ішкі Керей елінен Жәнтекей Ақтан балуан жетіпті. Заманында Шиқара атанған қосымша есімінің текке берілмегенін дәлелдейін дегендей, сыптығыр ұзын қара шалға айналғаны болмаса, әлі денесінде артық бір кесім еті жоқ, тұла бойы тарамыстан ғана жаралғандай ширақ көрінеді. – Е, балалар, заман сендердікі. Сендер хан базарда жүрсеңдер, біз одан қайтқан адамдармыз. Үйретеріміз болса аянбаспыз, алайда үйретер ештеңе таба алмай қаламыз ба деп қорқамыз, – деп, екеуі де аузы дуалы қарттар болып, алғашқы белдесулерді тыныш отырып тамашалаған. Бір қызығы, «Той-томалақ, ас-жиын жоқтағы ол не қылған күрес?» десіп жүрген ауыл қарттары «Бұл жиынға атақты Қожамберді мен Шиқара балуандар да келіпті» дегенді естіп, Қамбардың ат қорасына қарай ағылған. Ал қой бағу, жылқы бағу сияқты жұмыспен айналыспайтын бозбалалар да іргелерінде болып жатқан қызықтан қалай құр қалсын. Ауылдың ғана емес, айналадағы жұрттың қара сирақтары да ерте хабарланса керек, көлігі барлары көліктерімен, көлігі жоқтары жаяу-жалпылы дегендей елден бұрын жиналып алған. Сөйтіп, ел қыстауға көшіп келгенше жан баласы көп жолай қоймайтын қысқы мекен өзінше бір думанды орталыққа айналып кеткендей еді. Бұл шаруаның тізгінін өзіне алған Бөкей мырза ауыл қарияларымен ақылдаса отырып, жиналған жұрттың да іздеп келген қызықтарын тауып, риза болып қайтулары үшін олардың ас-суларын, қора ішінде отыратын жайлы орындарын да әзірлетіп қойған. Балуандарды кәдімгідей жұпжұбымен шығаруды, сонан соң жеңгендерді іріктеп алып, тағы солай белдестіруді, сөйтіп ең соңынан шыққан екеудің жыққанына «түйе балуан», жеңілгеніне «өгіз балуан» деген ат беруді ретті деп шешкен. Жиынға арнайы келген Қамбар да бұл дүрмектің мақсатын халайыққа түсіндіріп айтуды жөн көрген. «Төре бірдеңе демес пе екен?« дегендей балуандары бар, басқасы бар алдыға таман отырған бұған қараған. Төре тамағын кенеді. Ол сөйлейтінінің белгісі еді. «Баратты көрдіңдер ме, бұлшық еттері буылтық-буылтық...» «Иә, біздің Буратай да одан кем емес» деген сияқты балуандарға сырттай баға беру шаруасына қызу кірісіп кеткен балалар да жым бола қалды. – Ағайындар, «Бұл төре тағы бір ермекті еріккеннен тауып отыр» демеңіздер. Біреулеріңіз естіген боларсыздар, біреулеріңіз естімеген боларсыздар, мынау Байшуақ қалмақ елінің ризашылығын алып, ортамызға оралғанмен, оның туған бауыры Бараттың аяғында тұсау, қолында матау болмағанмен, қалмақ жұртының алдында қылша мойнын талша ғып көтерер қарызы бар. Ол қарызы қалмақ баласы болып барып, монғолдың балуанын жығып қайту. Сонда ғана Бараттың басына азаттық берілмек. Жыға алмаса, өзінің қара басына түсер қауіп-қатер де жоқ емес. – Астафиралла! – десті қарттар жағы. Қамбар ойын әрі сабақтады.

– «Сый қылсаң, сыпыра қыл» деген. Ақыр, туған ел, өскен ортасынан тағдыр тәлкегімен тым жыраққа шығандап кеткен қос арысты қандасымыз еді деп, қанатымыздың астына тартқан екенбіз, ендеше бұл жиын да азаматтың абыройлы азаттығы үшін ғана емес, бас амандығы үшін пайдасы тиер дейтін бір тірлігім еді. Сол үшін де күні кешегі Алтай-Сауырды ағалатқан қос қария Қожекең мен Ақаңды да кәрі сүйектерін сықырлатып, жер түбінен алдырып отырмын. Сөзімді сыйлап, келгендері үшін мың алғыс. Барат пен Буратайға, тағы басқа күні ертең ел намысы үшін ортаға шығар дәмегөй ұлдар болса, білгендерін үйретсін деген ойым. Бұл күрес додасы бүгін-ертең аяқталар, алайда қос қарияның өнерінен қолүзір алып қалғысы келер жастар осында қалар. Ел намысы жаугершілікте ғана сынға түссе, оны қорғар ерлер торқалы тойларда да қажет болатын. Соны да ойлаған едім, ағайын. – Сөз-ақ қой! – деген Жастабанның атақты байы Солтан ризалығын жасыра алмай. – Жә, төре, бұл батырлар бүгін-ертең «түйе балуан» «өгіз балуан» атану үшін боз киіз үстінде белдеседі екен. Той-томалақ болмаса да ел естіп көрмеген қызық ұйымдастырған екенсіз, төрем. «Құрғақ қасық ауыз жыртар» деген, бұларға атаған жоралғың бар ма? – Әрине, бар, – деді төре. Бұл жиынға қатысқан барлық жігіттің атпен келгені ат жетелеп, жаяу келгені ат мініп қайтады. Ал... – Дат, төрем! Сөзіңізді бөлгеніме кешу етіңіз. Мен де қараң-құраң мал айдап жүргендердің бірімін ғой. «Елден аяған ерінге бұйырмас» деген. Түйе балуанның жолын маған берсеңіз. Атан бастаған бір тоғыз – Солтан айтарымды айттым, ендігісін өздерің біліңдер, дегендей серке мүйіз шақшасын шығарды. – Бәрекелді Солтеке, ерлерді сіз қолдасаңыз, сізді Жаратушы жарылқасын! – деп, осынау тың үрдісті төренің қолдағанын көрген ауқаттылардың ішінен «өгіз балуанға» бәйге тіккендер де, тіпті бүгін-ертең күрес қазысы болып, одан соң ұстаздық етер қос қарт балуанға ақыл ақыны өз мойындарына алғандар да шығып қалды. Мұндайда бәсекеге ауыздық шайнап кірісіп кетер бай-байшікештер қазақы «осалдықтарын» – намысқа шабар бәсекеге келгенде еһелесіп кетер мінездерін көрсетіп-ақ алды. «Оу, біз де ит мініп, ирек қамшылап жүргеміз жоқ, бір жылқы болса да атайық та!» десіп, кеткендер де табылды. Берілер бәйгені анықтасып, күреске түсетін тоғыз жұпты екі-екіден жебелеп анықтап болғанша да қоңыр күздің қысқа күні сиыр түстен ауған еді. Айтты-айтпады, күрес додасы бас балуан мен екінші орынды иеленер балуанды анықтағанша келер күннің түсі ауған. «Төңкеріп таста!», «lштен шал!», «Аруақ-аруақ! Қимылда, қане!» сияқты айғай-сүрең Қамбардың ат қорасының төбесін көтеріп тастардай, тас қабырғаларды дірілдеткендей. Тlпті өз ауылы балуаны намысын жыртамын деп, ортаға жүгіріп шығып:

«Әділ емес, қайта күрессін!» деп онсыз да түте-түтесі шыққан ескі туырлықты тепкілеп, қызыл көзденген шалдар, бозбалалар аз болған жоқ. Бұл күрес додасында да Барат пен Буратайдың шашасына шаң жұқпай шығып еді. Жолбарыстай жылдам, қимылына көз ілеспес Барат әр қарсыласына әр түрлі тәсіл қолданса, Буратай қара күшке салып, көтеріп ұруға ғана бейімдігін көрсеткен. Соңғы күресте Буратай: «Мен Бараттан жеңілемін. Күреспей-ақ жолымды бердім» десе де жұрт шулап отырып, оны белдесуге мәжбүр еткен. Әлде алдын ала жеңілерін мойындап қойған соң, әлде шынында да айласы артты, әйтеуір Буратайдың қара күші сарқылғандай серіппедей бұлтылдап, шиыршық атып тұрған Баратқа ештеңе жасай алмай жаурынына жер иіскеткен. Бұл күресте жеңгендер ғана емес жеңілгендер де құр қалмаған. «Мен де түйе балуанға бір атты атадым» дейтін бәсекешіл ағайындар, оның үстіне Солтан байдың атан бастатқан бір тоғызы бар дегендей, қалмақ елінен әзірге салт атпен сыпа басы ғана келген Барат біраз мал жинап алған. «Ертең Жұмекең әкеміз келіп ие болғанша өзіңіз бас-көз бола жүрерсіз» деп, оларын ағасы Байшуаққа табыстаған. Сөйтіп қос қарт балуанға шәкіртке деп іріктеп алған төрт жігітті ғана қалдырып, екі күнге созылған ойда жоқтағы қызықты Қамбарлар аяқтатып еді. * * * Қыстың не бір ақтүтек боранды күндері болмаса басқа уақытта төренің атқорасында төрт балуанның ыңқ-ыңқ алысып-жұлысқандары, «Иә, аруақ!» деп арыстандай ақырған үндері бір тынбайтын. здері бір уақыт тыныстағысы келсе де төре ұстаздық ақыларын келістіре беріп қойған қос қария тыным таптырмас еді. «Жыланды үш кессең де кесірткелік әлі бар» дегендей, қанша қартайды десе де, әсіресе Қожекеңнің Барат, Буратайлар білмеген біраз әдіс-айласы бар екен. lштен шалу, қырқай шалудың қандай түрлерін қандай жағдайда пайдалану қажет, белбеуден ала көтеріп әкетіп, үйіріп соғу, кеудеден асыра лақтырып жіберіп, басып қалу, екпеттей құлаған кісіні аудару тәсілі – бәрі-бәрінен де қарт балуанның сақтап жүрген айлатәсілі мол екен. Ал Ақтан болса, күрестің ең басты шарты мен жеңістің кепілі деп төзімділік, шапшаңдық, сақтық деп біледі екен. Содан да ол сүт пісірім алысқан соң тер басып, ентігіп қалатындарға ұрсып беретін. «Үлпершек майы аузына тығылып, ентіге беретін жігіттен балуан шықпайды» – деп налитын. – Жүйрік ат шабыста озу үшін, балуан жігіт алыста озу үшін тынысы кең болуы керек. Ол үшін іштегі, тыстағы артық майды ерітіп, күш берер бұлшық ет нығайса қанеки. «Жас кезімде дүңгеннің балуандарынан көргенім бар еді» деп, ол төрт жігітті ауылдың жанындағы биік жотаға бірнеше рет жүгіртіп шығарып, жүгіртіп түсіретін. Суық күндері беттері аязбен қызара бөртіп,

булары бұрқыраған балуандарды көргенде: «Е, міне, нағыз сен тұр, мен атайын» дейтін жігіттер осындай болса керек еді. Шын балуан күрескен сайын ентікпей екілене түссе қанеки. Ентіксе, қарсыласың ентіксін. Оның ентіккені сенің күшіңе күш қосылды деген сөз! Қанша алысып-жұлыссаңдар да тер шықпаса, ол жараған жүйріктей еттеріңнің қатқаны. Балуанда артық май емес, артық ет болсын. Буратайжан, сенің әлі қара терің алынған жоқ. Көп қимылдау қажет» дер еді. Айтты-айтпады, бұлар ешқандай жұмыс атаулыға алаңдамай осы бір өнермен табандатқан екі ай бойы айналысқан соң күштеріне күш, әдістеріне әдіс қосылғанын, тіпті ет асым уақыт жан алып, жан беріссе де тыныстарының біраз кеңіп қалғандарын өздері де сезген. Қарағай қабығына боялған тері кеудешелерін сығып алғандай ақ тер, көк тер болып жүретін жігіттер қайыңның безіндей қатып-семіп, бусанбайтын да болып алған. Оның да жөнін тапқан Ақтан қарт болатын. Ол кісі балуандарды кәдімгі мініс аттары сияқты суытып, таң асыратын. Оларды алыстырып-жұлыстырып, тауға жүгіртіп шығарып, әбден терлеген соң терлері басылғанша біраз жерге желе жорттырып, жүргізіп алады. Сонан соң шөлден қаталап бара жатса да бір қалақ сусын, аштықтан бұрлығып тұрса да жарты шағылдақ құрт татырмай жатқызып қояды. Осылайша екі-үш дүркін қара терді алдырған жігіттер бабына келіп, жараған жүйріктей болып шыға келген. Бұлар осылайша, күрес өнеріне қауырт әзірлікті қыздырып жатқан тұста Нұрәлі бастаған үлкен-кіші барлық кәде, жол-жоралғысымен Байшуақтың келіншегі Бағынзы сұлуды алып келген. Құлжабек сүйегін, басқа бау-шу, жасау-жабдығын Күлімхан бастаған әйелдер жағы даярлаған киіз үйді қыста тігетін емес. Келінді Жұманайдың аядай қысқы бір бөлмесіне түсірген. Қамбардың: «Келінді ақпан айында түсіретін болдық. Сондықтан Барыс пен Шодырға күн суымай тұрып, шағын жай салдырайық» дегеніне Қатша көнбей қойған. – Әдіре қалғыр, көңіл сыйса, сыймай жатқан нем бар, сыйласа білсек сыйысармыз. Кіріп-шығар есігі бөлек болған соң жат болып кетеді. Бағиланы өзім жұмсап, өзім тәрбиелеймін, – деп көнбеген. «Бағынзы» дейтін қалмақша есімін де алдын ала қазақшалап, «Бағила» атандырып алған да сол өкіл ене болатын. Байшуақ пен Бағиланың тойы болардан бір күн бұрын Ахмет имамды шақыртып, екі жастың некесін қидырған. – Жамағат, неке суын ішкенге дейін келініміз мұсылмандыққа мойын сұнып, исламға жан-тәнімен берілуі ләзім, – деген имам таспиғын тартып отырып. – Ең алдымен келін саған өз ықтиярымен келіп отыр ма? Имам Байшуақтың бетіне қараған. Бір-екі жылдан бері болашақ жарымен сөйлесіп жүріп, біраз тіл сындырып қалған қалыңдық төмен қараған күйі: «Өз ықтиярыммен» деп, қысқа ғана жауап берген.

– Бәркелді, балам, – деп, имам басын изеді. – Бақытты болып, қосағыңмен қоса ағар. Ал, сен ше, ұлым, Бағиланы өз ықтиярыңмен жар етпексің бе? – Өз ықтиярыммен, имам! – деп Байшуақ та мүдірмей жауап берген. – «Муслим», – деп, сөзін жалғады Ахмет, – ислам дінін қабылдаған, Алланы мойындаған адам. Мұсылман болу – ынта-ықыласымен Аллаға берілу, пайғамбарымыз Мұхаммедтің (ғ. с.) айтқандарына толық илану, шариғат үкімдеріне түгелдей мойынсұну және исламды дін ретінде қабылдау деген мағына береді. Біздің дініміздегі ең басты ғибраттар: Алладан басқа Құдайдың жоқтығына, Мұхаммед пайғамбардың оның елшісі екеніне сену, Құран Кәрімді оқып-түсіну, намаз оқып, дұға ету, Рамазан айында ораза ұстап, зекет беру, Меккеге қажылыққа барып, ізгілік амалдар істеу, адал жолмен ризық табу... Осының бәріне де ықтиярсың ба, балам. – Ықтиярмын, – деді Бағила шын пейілмен. Имам сөзін сабақтады. «Құран Кәрімнің «Бақара сүресінің» 112-аятында: «Кімде-кім Аллаға шын беріліп, оған бет бұрса және ізгілік жасаса, оның сауабы Тәңірден қайтады» деген. Сауабы Алладан қайтсын, балам. Сен бүгіннен бастап мұсылман азаматтың мұсылман зайыбы болдың. Ниетің қабыл болсын, әймин! – деп имам бетін сипағанда барлық отырғандар шын ықыластарымен бет сипасқан. Имам содан кейін ғана үлкен шара кесеге құйылған неке суын алдырып, оған: «Екеуіңнің пәктіктерің осы судай мөлдір болсын, – деп, сонан соң бір түйір қантты суға салып: «Қол ұстасқан ғұмырларың осы қанттай тәтті болсын, – деп, бір түйір тұзды салып: «Егер, бірде бірің опасыздықпен неке бұзсаңдар дәм атсын» деп, екі жасқа арналған қос сақинаны салып: «Неке қиған күндеріңнің белгісі болып, саусақтарыңда жүрсін» деп, ұзақ дұға қайырып үшкірді. Алдын ала белгіленген куәгер екі жігітті ортаға шақырып, некесі қиылып отырған екі жастың тағы да өз ықтиярымен жұптасып отырғанын сұратты. Екі жігіт мұндай шаруаға бұрыннан әбден ысқаяқтанып алса керек, имамның ескертуінсіз-ақ жұбайдың және зайыптың өздері атқарар міндеттерін талқылап айтып, оны бұлтартпай орындайтындары туралы ант бергізіп, әр сұраққа жауап алған сайын екеуі әндетіп: «Куәгерміз, куәгерміз, куәлікке жүрәдүрміз» деп жариялайды. Және өздері қойған сұрақты жауабымен қайталап, көпшілікке жеткізеді. Содан кейін ғана неке суын жас жұбайларға, одан соң отырғандардың бәріне ұрттатып, кесе түбіндегі сақинаны олардың қолдарына кигізді. Осыдан соң имам дұға оқып, Нұрәлі би бата берді. Әншейінде отырған орнынан үш ұмтлып, әрең тұратын Қатша кемпір жұрттан бұрын кеп, өкіл балаларын құшағына алып, кезеккезек сүйген. Сүйіп жүр, екі көзінен жас плап, жылап жүр. – Әпке-ау, біздерге де сүйетін бірдеңе қалдырсаңызшы, – деп, Күлімхан сұлу келіп, жас келіннің маңдайынан иіскеген. Сол-ақ екен, домбыра күмбірлеп, той басталып кеткен.

Байшуақ пен Бағиланың тойы өтісімен қос балуан қарт: «Ендігісі бір құдайдың қолында, білгенімізді үйретіп болдық. Біз білсек, бұл өңірде Баратты қойып, Буратайға шақ келер мықты жоқ, енді қайда той, қайда қызық болса аттандыра бер» десіп, балуандарына баталарын беріп, мол сыйсияпатпен аттанған-ды. Күрес өнерін үйрену шаруасы осымен тәмамдалып, төренің аттары ашық қорадан жылы мекендеріне оралды. Балуандықтың біраз қыр-сырын меңгерген қос талапкер де ауылдарына қайтқан. Ал Барат пен Буратай «Қамбардың қос бөрісі атанып, қайда той, қайда қызық?» дескендей ізденіп шыққан тұстары еді. Барат діттеген жерден шығып, елге оралса, онда өзінің де тағы бір тілегіне жеткенін білген Қамбар төре ішінен «тәуба-тәуба» деп сүйінген де тұсы еді.

Көрдім де бір сұлуды болдым ғашық, Алашқа білдірмедім аузымды ашып. Жарасқан бал-шекерге күміс қасық, Жүреміз сөйтіп қашан араласы? Халық өлеңі. ТОТЫ Құлжабек Баратты сұқ саусағымен іліп шақырды. – Не айтасың, Құлжеке! Түсің суықтау ғой, тіпті. Әзірге ешкімнен жығылып жүрегім шайлығып көрмесе де өзіңді көргенде екі тізем дірілдеп кетеді, – деген Барат та осы елге келгелі құрдастық базыналары жарасып жүрген мақтаншақ досын арқасынан қаусыра құшақтай. – Менен қорыққаның орынды. «Ақын жігіт дауға жоқ, балуан жігіт жауға жоқ» дегенді аталарың білмесе неге айтқан?! Біз сен сияқты белбеуден ұстап, белдесер айқастың емес, азаматтар ат үстінде көз шырымын алып, көк найзамен тілдесер шайқастың адамы боламыз. Сондықтан да ел шетіне жау тисе Қамбекем алдымен маған... Жігіттің айтарын ұмытып, есе жөнелгеніне күлген Барат: – Батыреке, оны білеміз ғой. Қазір неге оңашалағаныңды айтшы. – Жігітім, «Аяз әліңді біл, құмырсқа жолыңды біл» дейтін сөзді естіген боларсың. Түйе балуан болмақ түгілі түйедей балуан болып кетсең де төренің бір қарпуынан қалмайсың. «Босқа қан-жыныңды шашып алма» деп ескерту менің парызым. – Батыреке-ау, не істесең де айтып өлтірсеңші! – Жаңа ғана көңілді күліп келе жатқан Бараттың жүзі алаулады. Енді болмаса бір мытуынан қалмайтын Құлжабекті бүріп тастайындай болып көрінгенмен, жанына келіп тоқтай қалған. – Сен төренің кіші үйіне барып, жиі-жиі қымыз ішкеніңді қоясың. Бір – де. Сен күлімкөз Күлімхан қымыз ұсынғанда оның саусақтарына саусақтарыңды жанастырғаныңды қоясың. Екі – де. Көзің – көкірегіңнің терезесі. Бәрі көрініп тұрады: жүрегіңнің дүрсілдеп тулайтыны, ішек-қарының мен өкпе-бауырыңның аунап түсетіні, айнадан көрінгендей ап-анық байқалады. Сондықтан, оған қарап, күлміңдегеніңді қоясың. Үш – де. Қамбар сендерді ұтырлап жүріп, қалмақтан өзіне қаратып, көшіріп алғанда некелі қатыныма қырындасын деп барын салған жоқ. Бар болғаны төре ауылының намысын жыртар қолшоқпары, беделіне бедел қосар балуаны ғанасың. Мұны – төрт деп қой. Құрдасының қылша мойнынан буындыра салған бұғалығынан құтылар жол таппай Барат қиналған. Себебі оның сөзінің төркінінде шыңғырған шындық жатқан. Бәлкім, жастықпен, бәлкім мастықпен жүріп байқамаған шығар, «осы қылықтарым оғаш болды-ау» деп, өзі де ой жіберіп көрмеген

болар, алайда кер маралдай керілген Күлімхан тоқалдың мінсіз бейнесі жатса түсінен, тұрса есінен кетпей қу жанын қуырып жүретіні де, содан қымыз ішуді сылтауратып, ол үйге жиі баратыны да рас еді. – Досым-ай, менің ішіме кіріп шыққандай бар сырымды, бар құпиямды дөп бастың-ау. Осал тұсымды. Жан-дүниемді дендей бастаған дертімді тамыршыдай айнытпай айтып тұрсың. Еркімнен тыс есті алған дерттің емін айт, құтылар жолды көрсет. Жоқ әкеңді жоқтатпай жақсылық жасаған жанға жамандық жасар ниетім жоқ, адал асқа тұмсық тығар сұғанақ қара күшік те болғым келмейді. Бірақ жүрек деген итіңнің иесіне бағынбайтын сәтін көрдім. Бағындырып бер дос болсаң. Қас адам күлуге бейім, дос адам жайыңды білуге, көмегін беруге бейім. – Барат Құлжабекке шынын бір-ақ ақтарып салып, қиыннан қисынын тауып, шығарар жалғыз жарылқаушысындай құрдасының бетіне сұраулы жүзбен қараған. – Әрине, ұғар кеуде, тыңдар құлақ болса, көмегіміздің ау-жайын әзірлеп қойған бұл дәдең, – деп Құлжекең мардымсыды. – Кеудем ұғуға, құлағым тыңдауға әзір. Әлде сол Ошыржап уаңның елінде біржола қалып қояйын ба? Әлде ол кісінің монғолға кеткен есесін алған соң екі қолымды төбеге қойып, туған еліме қарай бет түзейін бе? Басқа жолды көре алмай тұрмын-ау. – Таңдап тұрған екі жолыңды да құптамаймын. Қалмақта қалсаң, туған еліңді, қаныңды сатқаның. Еліңе жалғыз қашсаң қалмақты да, қазақты да, ең жаманы бір сен үшін деп туған үйінен, өскен үйірінен амалсыз безінген жалғыз бауыр – Байекеңді де сатқаның. – Ол батыр тұлғалы болғанмен бала мінез танытып тұрған құрдасының бетіне қарап жымыңдады. – Қатын алуың керек! Міне, сені құтқарар жол қайда? Әйтпесе төренің тоқалына көз сүзіп жүрген сен бәлекет басқамызды қайдан аяйсың... – Қалжыңдамашы, Құлжеке. Ешкімнің ала жібін аттайын деп жүрген кісі емеспін. «Тышқан ініне кіре алмай жүріп, құйрығына қалжуыр байлапты» деген сияқты басыма бір кептің түскені рас. Үйленсем де Күлекеңе деген ұры көңілдің басыларына сенбесем қайтем? Ой азабы бой азығынан, тән қанағатынан бекем шықса қайтпекпін?! – Сондықтан да кез келген қатынды емес, түрі-түсі де, мінез-құлқы да тура сол тоқалдан айнымайтын қызды алсаң ше?! Және ондай қызға мына дөдең ойша үкі тағып келіп отыр. Ол төренің туған балдызы, Күлімханның тура өзінен айнымайтын сіңлісі Тоты дейтін ару. Тоты десе тоты, он беске толып, тотыдай таранып отыр. – Апыр-ай, ә, Күлекеңнен айнымайды дейсің бе? Ол бұған дейін қайда жүрген? – Қыз қайда жүруші еді? Өз үйінде, әке-шешесінің жанында болады да. Қазіргі күндері апа-жездесінің үйіне қыдырып келіп жатыр екен. Әй, бірақ қыз он беске келгенше айттырылмаушы ма еді? Тағы бір малы көп байсымақ айттырып қойған болар. Оның үстіне, осы өңірге «Ақ дегені – алғыс, қара

дегені қарғыс», тірі жанға бет қаратпай тұрған Қамбар төремен бажа болуды қай есепшіл қазақ ұмытар дейсің... Күлекең жеңгейдің төркіні өр Керей жағында, Бала Ертістің жағасында болса керек. – Кісіні үздіктіріп алып, тағы бір асу бермес биікке әкеліп тіредің-ау мені. Оның үстіне, Қамбар төре жалғыз ағасы, жалғыз аты бар кедеймен бажа болғысы келер ме екен? Айттырылған жері болса, ел ағасы болып отырып, бата бұздыра қоймас. – Барат бойжеткенді көрмей, білмей-ақ Құлжабек мақтауын жеткізген соң өз күдігін көлденең тартқан. зінің қызға ұнарұнамасы туралы да әзірге басын қатырғысы келмеген. – Сен алдымен қызды көр, – деді Құлжабек маңызданып. – Бәлкім, бойжеткен маған ұнағанмен саған ұнамас. Бәлкім, сен біз үшін мақтаныш болғанмен, ол үшін көп кедейдің бірі ғана шығарсың... Қыз шіркіннің жігітті қандай қасиетіне қарап бағалайтынын кім білген? Қыз болып көрген жоқпыз. Әйтеуір біздің қатын мені бір көргеннен-ақ талып түсті ғой... – Ойбай-ау, Құлжеке-ау, сенің жөнің бөлек қой. Жә, сонымен не ақыл айтасың? – деп балуан досының сөзін бөлді. – Ол бойжеткенмен қалай кездесіп, қалай тілдесемін? Соныңды айтсайшы, кісіні үздіктірмей. – Дөдең ойланбай іс қылып, толғанбай сөз айтпайды. Оны да ойластырып, пісіріп қойғанмын. Бүгін Сайынның үйінде шілдехана бар екенін білесің ғой. Отын-суына көмектесіп дегендей біз де сонда боламыз. Ал саған есік ашық қой. Қонақ қыз да әпкесімен ілесіп, сонда келер... Барат әлде бағы, әлде азапты басының соры, әйтеуір сол күні қатты толқыды. Көптен ұстамаған домбыраны қолына алып, ыңылдап өлең айтты. Тоты қыздың алдында күрестен басқа, қара күштен басқа өнері жоқ қаражаяу жан болып көрінгісі келмеген. Үнемі айтып жүрмеген соң ұмытыла бастаған өз еліндегі әндерді есіне түсіріп азаптанған. Екі кештің арасында Құлжабек бір кіріп, қуандырып кеткен. Төре үйіне кіріп-шыға беретін қызметші ретінде барып, Күлімхан жеңгесінен елеусіз сұрап-біліпті. Ол нәрестеге ит көйлегін тігіп даярлап бармақшы. Демек сіңлісін де ала барады деген сөз. *** Жігіт ұзақ ойланып, ең алдымен Қасқақтан ақыл сұрауды жөн көрген. Барат үшін барын салып, екі жеңін түріне кіріскен Құлжабектің де пікірі бір жерден түйісе кеткен. – Қасқақ Қамбар төреге сөзі өтетін кісі. Оны – бір де. Екіншіден, ет жақын туысы. Төреңді «жә» дегізсе, құдайым берді дей бер. Осы күйеу балаларының арқасында бедел жинап, белін көтеріп отырған қайын жұрты төренің айтқанына «мұның дұрыс емес» дей алмас. Үшінші айтарым, «Менің қатын алуыма көмектес» деп, Қасқақтай адамның алдына сенің жетіп барғаны тағы жараспайды. Ол – осы елдегі төреден кейінгі бедел иесі. Мен сияқты, Байшуақ сияқты жөн-жоралғыны білер біреуді жібергенің жөн...

Солай жігітім, мұндайда әр істің аңысын аңдап, саясатпен, мысық табандап әрекет ету қажет, – деп, Құлжекең мақтана кетуді ұмытпаса да түтіні түзу кеңес берген. Барат оның соңғы пікірін де құп алды. – Құлжеке, бұл ниетімізді Алла құп көріп, ойлағанымыз іске асып жатса, ең бірінші өзіңе қарыздармын. Қайда жүрсем де есіміңді дұғама қосып айта жүрермін. Ал Қаскеңе Байекең көкемнің барғаны жөн болар. Сен адал досым болсаң, ол ағаның да, әке-шешенің де орнындағы адам ғой. Бұған қалай қарайсың? – Әкел қолды, – деп, Құлжекең баланың қолындай кішкене болғанмен балта-балғадан бір босамас мүйізденген шып-шымыр қолын ұсынды. – Келістім! Байшуақ бұл жаңалықты естігенде қуанарын да, ренжірін де білмегендей әрі-сәрі күйде тұнжырап отырып қалған. – Бауырым-ай, елден шығандап алысқа кетпесек бұл күнде екеуіміз де анамыздың айналасына немерелерін өргізіп жіберетін жаста екенбіз. Бәрі де Жаратушының жарлығынан шығар. Ер жеткен жігіттің бойжеткенге көз салмағы, сонан соң сөз салмағы табиғи іс. Оған қарсылық жасау жұмыр басты пенденің ісі емес. Оның үстіне, өз күйімді күйттеп алып, саған «Мұның не?» деуге арым бармас. Тек, бауырым, балалы-шағалы болу етекбастылыққа апарар, етекбастылық «Елге жетсек-ау!» дейтін түпкі арманды алыстата түсердей. Уақыт – төреші оны да шешіп берер. Менің қиналып отырғаным ол да емес. Ойымды онға, санамды санға бөлер жалғыз уайым сенің қарақан басыңның байлауда, аяғыңның тұсауда тұруы болып тұр ғой. Бүгінің жарық болғанмен, ертеңің – бұлыңғыр. Тәңірі жар болып, алдымен өзіңе қуат берсін! Сонан соң уаң мен төреге ғана сенеміз де. – Байшуақ сөйлеп отырғанда Барат кінәлі болған жас баладай кірпігін де көтерген жоқ. Әншейінде көсемсіп, лепіре жөнелетін Құлжабек те ләм-мимсіз. Байшуақ айтқан әңгіменің негізсіз еместігін екеуі де мойындап отыр. – Сонымен, бауырларым, бұл тұйықтың шығар жолы қайсы? Барат басын көтерді. – Ақыл – ағадан. Мен аңдаусыз бір сілтеген шоқпарыммен-ақ Қыдырғалиды жазым, өзіңді елден айырып, жаныңды жаралы еткен айыпкеріңмін. Қаным бір, жаным бір болған соң ғана емес, жуып кетіре алмас кінәлі болған соң да «Жолыңа – жаным құрбан» деп жүрмін. Сондықтан айтқаның болсын, көке! – Жоқ, бауырым, Баратым, – деді Байшуақ та толқып. – Ескі жарамыздың аузын тырнап қайтеміз? Сенің мені аға деп, пана деп санайтыныңды білемін. Мен де сені «Баратым – қанатым» деп білемін. Азамат атанып, алғаш рет көңіліңді көрікті қызға құлатсаң, мен де аянып қалмаспын… Алдымен Қасқақ батырмен ақылдасып барып, төреге сол кісінің беделсалмағын салайық дегендеріңді мақұл көріп отырмын. Қамбекең мен Күлімхан жеңгеміз «жә» десіп, бізді қолдар болса, тұйықтан шығар жолын да

өздері көрсетер. Бәлкім, үйлендіру жайын сенің басыңа бостан күн берілген соңғы уақытқа межелер. Екеуіңнен жасырып қайтейін, бұл ниетімізді төре қуана қоштар, көмектесер деп ойлаймын… Барат ағасының жүзіне үміттене қараған. – Бір елдің мақтанышы болардай сендей жігітті жай көңіл жақын жора қылғаннан да сөзі өтер бажа қылу тиімдірек болар. Сондықтан бұл некені төре төстабандап қолдар деп отырмын. Алты айшылық жолды, алты асу қиянды алыстан өлшеп-пішер біздің төре бұл жолы да қапы соқпас. Қиысқанға өтпес сөздің туысқанға өтерін білгендіктен де ол аянып қалмайды. Егер төреге туыс болсақ, қалмақтан бостан болсақ та өз қазағымыздан кетеріміз қиындай түспек… Бірақ оған да алдағы күндер төреші болар… Мен бүгін-ақ Қасқақ батырмен ақылдасармын, – деп ол орнынан тұрған. Байшуақ ертеңіне-ақ Барат пен Құлжабекке жақсы хабар жеткізген. Тіпті Байшуақ пен Қасқақ батыр төре алдынан бір-ақ шығып, жай-жапсарды жайып салыпты. * * * – Екі жасты қосқанның сауабы бар» демекші, Барат пен Тотының бірбірін ұнатып қалғандары рас болса, мен неге қарсы болайын? – депті төре бірден. – Болашақ бажам бай болмады деп қиялдар кісің мен емес. Бір жұттық мал байлығы өзімде де жетеді. Мен азаматтың басын ғана бағалайтын кісімін. Баратжанды ешбір бай мен бағланнан кем қоя алман. «Жегенге – тоқ, ішкенге – мәз», әкеден бұйырған көп малмен өзі де мал рәуішті біреудің маған бажа болғанын мен де қаламайын. Әйтпесе, сөйлеп, сөзге жарыта алмайтын, қимылдап, істі мандыта алмайтын, мал шашып, қатын алуды өнер көрер өңездер көп қой... Мына әпкесі сіңлісімен бір ауыз тілдессін. «Жә» дейтіні, ықыласты екені шын болса, мен екі жасқа бейілімді бердім. Тек қана Барат осы көктемде болар сынынан сүрінбей есен-аман оралсын. Байшуақтың айтысына қарағанда, Тотының басының бос еместігінен төре де құлағдар екен. Сондықтан да бұл сөз отыз екі тістен асып, сыртқа шықпау керек. Тоты қыз да күні ертең еліне қайтады. Егер де батасы жасалып қойылған бір құдалықтың үстінен астыртын жасалған және Қамбар төренің өзі мұрындық болып жасасқан екінші құдалық жайы қыздың қалыңын жартылай өткізіп қойып, келер жазда тойын жасамақ болған Өр керейдің Шерушілерінің құлағына жетер болса, ел бүлінбек. Оның үстіне, мал берген жасамысқа еріксіз пенде болып, қатын үстіне бара жатқан балдызын теңіне қосуды төренің өзі де парызы санайды екен. Сондықтан Тоты да қамықпай еліне аттанса, Барат та уәделі уақыт жеткендіктен, он шақты күннің мезіретінде уаңның еліне қамсыз жүріп кетеді. Басқа шаруаны төре өз мойнына алады.

Әңгіменің беті бері қарап, төре мен Күлімхан да екеуіне ықыласты болған соң түннің бір уағында Барат пен Тоты Құлжабектің үйінде оңаша жолыққан. Бұл олардың екінші рет дидарласуы еді. Алғашқы жолы... ІІ Алғашқы жолы Құлжекең Бараттың бар еркін өзі билеп алған-ды. «Әй, сенің алдыңа келген азаматты алып ұрғаннан басқа өнерің жоқ па деп қорқушы едім, мына домбыра тыңқылдататын өнерің де бар ма еді?! Естуімше, кіші атамның балаларының домбыра ұстап, күй тартыспайтыны болмайды дейтін. Рас шығар-ау. Бәрекелді, онда күй тартып, бір көрінуің қажет. Бірер ауыз «әу» демейтін қазақ жоқ. Қызбен айтыса қалғандай болсаң, өлеңіңді жұптап қой. Сегіз қырлы, бір сырлы жігіт болмаса, Тоты қыз да кез келгеннің шаужайына орала кетер сұлу көрінбейді» деп қайраған. Бұл шіркін, шынында Құлжабектің айтуы бойынша қам жасап, бір-екі ескі күйді есіне түсірді. Жас кезінде қара домбыраны қолтықтап, домбырашы жігіттердің қасына ілескеннің арқасында біраз күйлерді де бір кісідей тартатын өнері болушы еді. «Ораза-намаз тоқтықта» дегендей, бұл өнерді елден жырақ шыққанда ұмытып, бес саусақ, қос ішек пен тоғыз перненің күйін күйттемей, сойыл-шоқпар, одан соң күреске түскен балуандардың бел омыртқаларын сығымдаумен болып кеткен соң, домбыраны жатырқап-ақ қалыпты. Сабаудай саусақтары икемге келмей, әуреге салған. Дегенмен көңіл қойнауында бұрыннан жатталып жатқан бір-екі күй еске оралды. Бір сәт домбыраға тыным берген шағында Тотымен тілдесу мақсатында екі-үш ауыз қара өлеңді де жұптап қойды. Ол Сайынның дүниеге келген ұрпағына арналған шілдеханаға хан тойына барардай осылайша асығыс қамданып жатқан тұста Құлжекең екі өкпесін қолына алып қайта жеткен. – Ал, балуаным, бәрі де әзірге біз ойлағандай болып келеді. Күлімхан сұлу да Тотысын ертіп, Сайынның үйіне бет алды. Енді кешіккеніңнің жөні жоқ. Тұр киін, қане! – деді ол жан таптырмай. – Қырғын домбырашы болмаған соң сал-серілер сияқты оны алып баруың қолайсыз болар. Шілдехана өтер үйде домбыра болмас дейсің бе?! Айтпақшы сенің өңі түзу киімің де жоқ екен-ау, енді қайттік? Бұл бір ойланбаған шаруа болды-ау өзі... Күреске киер жарғақ шалбар, жарғақ жеңсізбен баратын емес... Менде өңі түзу тәуір киім болғанмен, ол шіркіндер жойдаусыз мына денеңнің қай жеріңе лыпа болады. Ол аңырып отырған Баратты аузына қаратып қойып, сәл ойланды да: – Таптым, – деді қуана дауыстап. – Көкеңнің бір киерлері бар еді ғой. Соларды киесің. Бағила жеңгей, қайдасың? Ойбай, тез! – А? Не болды, а? – деп, бұл күнде бірер қайырым ғана емес, қазақшаға тілі тәп-тәуір сынып қалған Бағила сырттан үрейлене басып, үйге кірген.

– Біз мына қайныңа қатын таңдайды. Сен байыңның жақсы киімін әкел! Тез! – деп, дызақтаған Құлжабектің сөзінен ештеңе үға қоймаған жас келіншек оң жақта тұрған үлкен сандықтың аузын аша бастаған. Сол кезде үйге кіріп келе жатып, әңгімелерін құлағы шалып қалса керек, Қатша апалары жандарына жеткен. – Құдай-ау, мына ұлдың «қатын таңдайдысы» не айтып жүрген? – Апа, мен тұрғанда саспаңыз! Бұл менсіз сіздердің күндеріңіз қараң ғой. здеріңізге Құлжабекті құдай бере салмаса жағдайларыңыз не болар еді? Бір жылдың ішінде қолыңызға екі бірдей келін түсіріп берсем, болғаны емес пе? – деп, әлі бісмілләсі піспеген әңгімені тақатып, онсыз да соңғы кездері ақарлы-шақарлы отбасы болып, бақыттан басы айналып жүрген Қатшаны тағы бір қуанышты хабармен есінен тандыра жаздады. Ол буынынан әл кеткендей сылқ етіп отыра кетті. – Апа, – деген Барат еркелей сөйлеп, – апа, аман жүрсем, ол күнге де жетерсіз. Әзіргісі Құлжекеңнің көп әзіл сөзінің бірі ғана ғой. Оған онша сене бермеңіз. Төре Байшуақты жанына ертіп, ел сөзіне араластыра бастағалы арнайы бір киер беделді киім тіктірген болатын. Сол Байшуақтың биік төбе сусар бөрік, биік өкше қоңыр саптама, қос бойы көк оюлы жырым балақ қызыл қоңыр шалбар мен күдері шапанын киген соң Барат ел жақсыларынан айырмасы болмай қалған. – Құлыным, әкең келген соң өзіңе де осындай киім тіктірсем бе деп жүр едім. «Адам көркі – шүберек» дейтін осы-ау. Төренің ұлдарының бірі десе, жұрт сенгендей құлпырып кеттің-ау, құлыным. Қайта туғандай болдың-ау, – деп, Қатша шешелері де Баратқа қарап, көзін тойдыра алмай жүр. – Сайынның баласының шілдеханасына мен де киініп барайын дегенім ғой, апа. Бірақ, көкемнің киімі болса да ұрлап, киіп тұрғандай өзім бір түрлі ыңғайсызданып тұрғаным. – Барат ақтала сөйледі. – Ой-бу, құлыным-ау, ыңғайсыз түгі де жоқ. Тең-құрбыңның алдына ұялмай бар. Әдіре қалғыр, бұл киімнің көкесіндей ғып тіктіреміз әлі... – Қатша шешесі де аспаннан Жаратушының өзі жарылқап бере салған ұлын әлі киіндіре алмай жүргені үшін өзін кінәлі санайтындай. – Әйтпесе, құлыным, жаман әкеңе бүкіл ғұмырында бітіп көрмеген малды келгелі бері үйірлеп тауып жатырсың ғой. Барат ағасы үйде жоқта бар бір киерін рұқсатсыз киіп шығудан қанша ыңғайсызданса да сол сәтте үстінен қайтып шешіп тастай алмаған. Одан гөрі Құлжекең көрмей тұрып-ақ мақтауын жеткізген Тоты қызға қалай да ұнап қалу дейтін ішкі бір тілек бекемірек шыққандай. – Ассаулау-ма-ға-лей-кум! – деп, Сайынның үйінде отырғандарға озандата сәлемдесіп кірген Құлжабек өзінің қашандағы еркін сөйлейтін әдетімен. Қамбар төре соңғы кездері «Құлжабек үйші», «Құлжабек шебер» деген есіміне қосымша дәреже қосып, дәріптей айтқаннан бері ол төренің өз үйінен

бастап, кез келген үйде өзін еркін сезінетін болған. Шілдеханалы үйде Қамбар, Қасқақ сияқты ел ағалары болғанын біліп, әзілдей кірген. – Ал туманың бауы берік болсын! Мен сияқты айтулы жігіт болсын, мендей бола алмаған күнде мына Барат балуандай-ақ беделді болып өссін!Қамбекемнің тағы болмаса да Қасқақ атасының бағын берсін! – Сәлемші болсаңдар төрге озыңдар. Айтқандарың келсін! – деп есіктен кірген қос жігітті Сайын да қуана қарсы алды. Аузын буып қойғандай үнсіз қалуды жөнсіз көрген Барат та Сайын мен оның келіншегі Мақпалға «Бауы берік болсын айтқан!» Ол есіктен кірген беттен-ақ Құдайменде, Шотан, Байғазы, Әли, Жанғазы сияқты жігіттердің, бес-алты жас келіншек пен қыздардың жиналып қалғанын, төр алдында Күлімхан сұлудың отырғанын барлап үлгірген. Күлімханның оң тізесін ала отырған бейтаныс бойжеткеннің Тоты қыз екенін білген. «Қалай, бір-бірімізге шынында ұқсаймыз ғой» дегендей бірі өзін ел ағасының сүйікті зайыбы ретінде еркін ұстап үйренген келісті келіншек, ал екіншісін бота көзі мөлдіреп, еліктің лағындай тым бейкүнә, тым үркек қыз демесең, ұқсамасаң тумағыр, екеуі де бір текті сұлулықтың егіз үлгісіндей еді. Сол тұнық та терең аялы жанарлар, сол ақша жүз, албырт еріндер, сол қарлығаш қанат қиғаш қас, қолаң шаштар. Тек бірі жиырма мен отыздың арасындағы болған, толған дер шағындағы келісті келбеттің «осындай-ақ боларын» мезгесе, бірі тым балаң, пәк сұлулықтың көрінісі сынды. Ал Күлімханның сол жағына әлі уылжыған жас болғанмен, үлкен кісінің зайыбы болған соң үлкендерше жүруді біраз меңгеріп қалған бидай өңді, толықша келген келіншек, Күлімханның қайын сіңлісі, Қасқақ батырдың кішілігі, былайша айтқанда, Күмісай отырыпты. Оқалы сұлама аппақ кимешегі жарасып, ол да салтанатын жеңгесімен тең ұстағандай, отырысының өзінде ханшаға тән кербездік бар. Құлжабек тағы да бір ерлік жасады. Сайындай жас та болса беделі батпан үй иесі тұрғанда, Шотан, Жанғазыдай жас төрелер отырғанда осы кештің билігі өз қолында жүргендей болып: – Осы біздің Барат та қонақ қой, сондықтан қос қонақты қатар отырғызғанымыз жөн болар, ә жігіттер? – деп, Баратты Тотының жанына қарай күргейледі. – Ол ұсыныстың жауабын күтпей-ақ өзі бастап, төстеп кеткен. – Иә, жөн, Тоты құдашаның көңілді отыруына жараса болды, – деп Сайын да Құлжекеңнің оқыс шешімін әзілмен жуып-шайды. Барат қыз әрі таман ығысқан сәтте жайғаса беріп, оның дидарын жанарымен бір аялай сипап өткен. Бетінің ұшына қызғылт шуақ жүгіріп, ұзын кірпіктері бота көзін далдалапты. Құлжабек досын діттеген жеріне орналастырып болған соң өзі босаға жаққа барып отырды да, қарап отырмай: «Ал енді мен кіріп-шығуға қолайлы есікке таяу жайғасайын. Құлжабексіз бұл ауылдың шаруасы бітпейді ғой» деп, ақталып қойды.

Әңгіме-дүкен, әзіл-қалжыңмен отырып, шай ішіліп, ет желінді. Сонан соң шілдехана өткізудің дәстүрлік жағының билігін өз қолына алған Күлімхан: – Ал, қайын сіңілім – деген Сайынның келіншегі Мақпалға қарап. – Бесікті әкеліңдер. Бүгін «тыштымасын» жасап, батырды бесікке бөлейік. Ат қоюды ертең аталарына қалдырайық. Ол кісілердің алдын орағанымыз жараспас. Ән-күй, ойын-сауық, жастар, сендердің еншілеріңде. Біз сияқты соңында іздеушілері барлар үйлерімізге қайтайық. Сайын баяғы Құлжабек шебердің қолынан шыққан әдемі бесікті әкеліп ортаға қойды. Күлімхан болса, сом күмістен соқтырған қос үзбе білезігін сыңғыр қақтырып, әкеліп қойған бесікті «Ағузу біллаһі мінәш – шайтанірражим Бисмиллаһір – Рахманір–Рахим, сәбиім сені тал бесігіңе салар менің қолым емес құрсағы құтты пір Фатимадан бастап, барша аналардың қолы болғай» деп, өзіне жақындатып алып, алдымен кепкен адыраспан, қылшаның бір-бір жіліншігін тұтатып, аластай бастады: – Алас, алас! Бәле-қала қалас, Тал бесігім, жайлы бол, Нәрестеме сайлы бол! Әрдайым құдайым қолдасын! Әулие, әнбиелер болсын жолдасың! Тілден, көзден сақтасын! Ол сонан соң бесіктің басына шоқпардай үкі, аяқ жағына аюдың тұяқтары тізілген тұмар-алқа тақты. Алдын-ала түбектігі ойылған бірнеше қабат киіз төсеніш, көрпешесін баппен салып, оюлап сырған қолбау, тартпа бауларды тақты. Ең үстінен көгілдір масаты жамылғысын жауып болды да: «Ал «тыштымаларыңды» әкеліңдер» деген Мақпалға. Ағаш тегешке толтырыла салынған құрт, ірімшік, шақпақ қант бүгінгі дастарқан мәзірінде мол болса да, жастар жағы бесікті айнала жүрелей отырысып, масаты жамылғының астына түбектің ойығына қарай қолдарын жүгіртіскен. Барат бесік астындағы көп қол ішінен жанында отырған Тотының нәзік саусақтарын оңай тапты. Жүрегі дір ете қалды. Қыз алақанының жылуы бүкіл денесіне тарап, буынын алды. Көз алды тұманданып, жанары қарауытты. Нәзік саусақтар торғайдың балапанындай бір тыпыр еткендей болды да тынши қалды. Ол қыз жүзіне елеусіз ғана жанар аударған. Кірпіктері тағы да жанарын жауып, бетінің ұшындағы қызғылт рең енді алауға айналғандай. – Тышты ма? – Күлімханның үні екеуіне де тым алыстан естілгендей болды. Түбек ойығынан сауылдап түсіп жатқан құрт-ірімшіктер Барат қолының сыртынан нөсер боп жауды. Бірақ ол сезбес халде. Бүкіл ақыл-есі тоқтап қалғандай, мынау кең дүние, үй тола отырған кісілерді түгел-түгел ұмытқандай. Күректей қолында жып-жылы болып жатқан қыз қолы, қол емес

кесек алтын болып жатса, дәл осындай бақытқа кенелмес. «Тышты ма?» тоқтамаса екен... – Тышты-тышты, – деді Тоты үні сыңғырлап. Бірақ даусы табиғи емес, ерекше бұйығылау, тығылып шыққандай болған. – Тышты-тышты, – деді Барат та асығыс қыз қолын жіберген бойда. Саусақтарына ілінген құрт-ірімшіктің бірнешеуін алып шықты. Бірақ мұның үні де барлығыңқырап, құмығып шыққан. – Сәке, балаңның кәкәсі тәтті екен, – десті кей жігіттер қызыл күрең ірімшікті күтір-күтір шайнап отырып. Сол кезде Күлімхан үлкендік қып: – Олай демеңдер, балалар. Бұл да халқымыздың бір қамқор салты ғой. Әрқайсыңның үйлеріңде шілдехана болсын, ұрпақтарың ұзарсын дегеннен шыққан салт қой. Ырымдап, «тыштымадан» қалталарыңа салып алыңдар. Үйленген, үйленетін достарыңа жақсы тілекпен бересіңдер... Қане, баламызды әкеліңдер. Құтты мекеніне қондырайық, – деп, ол тыштымадан босаған ағаш тегешті бір келіншекке ұсынып, қолына әкеліп ұсынған сәбидің құндағын шешті де оған өзі әкелген иткөйлегін кигізіп, бесікке бөлей бастады. Баланы иткөйлегін кигізіп бөлеген соң масаты жамылғының үстіне қойылған орамалдан бастап, көйлектік кездемеге дейінгі таза заттарды отырғандарға таратып берген Күліхан былай деді: – Қане, домбыра тартар қайсың бар, қазір «Бесік жырын» айтамыз. Сол кезде жігіттердің бірі ілулі тұрған қалақтай қара домбыраны қолға алып, құлақ қүйін келтіре бастады. Барат бұл жігітпен төренің ат қорасында өткізген күрес сайысы кезінде танысқан. Күнде болмаса да жиі келіп күресті қызықтап жүрген бұл кісінің алыстан арнайы келіп жүргенін атының аязды күндері өне-бойы түтіндегендей қатты терлегенінен байқаған Барат бір тыныстап отырғанда: – Алыстан келіп жүрсіз-ау деймін, – деп өзі сауал қойған. – Иә, бауырым, сонау Маңырақтың быдырығында жатқан жылқы өрісінен қатынап жүрмін, – деген ол. – Шамасы өзіңіз де күрес өнерінен құралақан емес боларсыз? – Жоға-а, – деп, жігіт ағынан жарылған. – Біздікі «Шіркін балуан болсам ғой» дейтін бала кездегі қиялдың жетегінде жүрген ғой. Әйтпесе, белдесіп көрген емен... Барат бауырым, өзіңді сырттай танып, өнеріңе тәнті болып жүрген жанмын. Содан да жылқыны көмекшілеріме қалдырып, шапқылап осында келемін. Осы төре жылқысының қосағасы Мұқаткен деген ағаң боламын. Сол таныстықтан соң да Барат оны екі-үш дүркін көріп, ежелгі дос-жар адамдай жылы сәлемдесетін. – Мен бастайын өзің ілесерсің, – деп, Күлімхан Мұқаткенге бір қарап қойып, ән бастады. Сөйлегенінің өзі Баратқа әндей болып естілетін келіншек шынында әнші екен. Сыңғырлаған үні тым әрлі еді. «Шіркін, Тоты да осындай әнші болса ғой» дейтін бір пендешілік ой кимеледі Баратты. Бұл

қызға қолы жетер-жетпей белгісіз күйде отырғанымен қоймай пенде шіркіннің көңілі тым шарықтап, арман қуып кеткенін байқады. Дәл бір қыз бойынан өзгеше мін таппай, тек әнші болуы ғана қалғандай, өзінің орынсыз ойынан ол езу тартты. – Елдің бәрін тең көрер, Көптің қамын өңгерер, Ақылмен бастап, дем берер Басшы болар ма екенсің?! Әлди бөпем, әлди-ай! – Қамбекем сияқты, – деп, Құлжабек сөз қыстырды. Мұқаткен әншіні домбырамен сүйемелдегені болмаса, өзі әнге қосылған жоқ. – Ақ берен сауыт киетін, Ақырып, жауға тиетін, Өлгенше елін сүйетін Батыр болар ма екенсің?! Әлди бөпем, әлди-ай! – Қасқақ атаң сияқты, – деген Құлжекең жаңағы мақамымен. – Тақылдаған таңдайы, Жарқыраған маңдайы, Сөз суырған балдайы Шешен болар ма екенсің?! Әлди бөпем, әлди-ай! – Нұрәлі көкем сияқты. – Құлжабектің орнын тауып айтып отырған жарасымды қоспа тілегіне отырғандар шын риза болысқан. – Темірді жіптей иетін, Ағаштан түйін түйетін, Пайдасы жұртқа тиетін Шебер болар ма екенсің?! Әлди бөпем, әлди-ай! – Бұл жолы өз жеңешемнің ойлап отырғаны темірші Шүкір екеуіміз ғой, енді. Біздей болса да жаман болмас, – дегенде жұрттың бәрі ду күлген. лең айтып отырған Күлімхан да сылқылдай күлді. Ол даусын кенеп, «Бесік жырын« жалғастырды. – Балақай, өсіп жетерсің, Алысқа ұшып кетерсің. Сан белестен өтерсің Есен-сау болшы, әйтеуір! Әлди бөпем, әлди-ай!

– Айтқаныңыз келсін, әумин! – десті көпшілік. Шындығында тербелген бесік, майда қоңыр үнмен қайырылған ән жанына жақса керек, әлі аты жоқ сәби де түймедей танауы пысылдап, ұйықтап кеткен. – Қос жеңеше, анау деген домбырашы болмасам да сәбидің құлағына домбыраның қоңыр үні сіңе берсін, мен бір күй тартайын, – деді Мұқаткен аспабының құлақ күйін келтіріп жатып. – Бәрекелді, жөн сөз. – Бұл күйді «Ақсақ құлан» дейді екен, – деп домбырашы өзінің бұл өнерді тегін қуып жүрмегенін дәлелдейін дегендей он саусағын бебеулетіп, жұртқа ертеден таныс көне аңызды арасында айтып қойып тартқан. «Мынау ханзаданың шабысы, мынау – ақсақ құланның шабысы. Мынау – ұлының қазасын естіртудегі қайғылы хабарды жеткізуі» дейді домбырашы. Ендігі кезектің өзіне келерін сезінген Барат ол сөздің бірін естіп, бірін естімейді. з ойымен әлек. «Көкемнің барын киіп келіп, ыздиып отырғанымда қолым мүдіріп, ұятты болар ма екенмін?» деген ой мазалайды. – Ағайындар-ау, осы Кіші атамның балалары тойға барса да өз домбыраларын ала барады екен деуші еді. Біздің Барат балуанды қашан сынап, өнерін көреміз?! – Бұл да Құлжабек досының мұның өнерін жұртқа көрсетуге мүмкіндік жасап жатқан әрекеті екенін Барат бірден түсінген. Бірақ үйдің іші ысып кетті ме, әлде аса жауапты үлкен сынның салмағы жаныштады ма, таудан, тастан қайтып көрмеген жүрегі өрекпіп, денесін тер буды. – Біз қолымызға домбыра ұстамағалы қай заман, қатып кеткен саусақтар мүдіріп жатса, сөге көрмеңіздер, – деп, ол домбыраға қол созды. – Сәбидің, әке-шешесінің құрметіне бір кезде білгендерімді еске түсіріп көрейін. – Бәсе, бұл қайнымда біраз өнер болса керек еді... – Әлде қолдағаны, әлде демегені, әлде сіңлісінен көз ала алмай отырған жас жігіттің әбестеу қылығын ескерткені, әйтеуір, Күлімхан да көп мағыналы пікір айтқан. Шынында саусақтары қатып кеткен бе, әлде күн құрғатпай жетілдіріп, шыңдап отыруды қажетсінетін қара домбыра мұны жатырқап қалған ба, әлде саусақтары қара домбыраны жатырқап қалды ма, болмаса жан толқынысы әсер етті ме, әйтеуір, қос ішектің әуені өзара үндесе алмай, бей-берекеттеу шыққан. Ол құлақ күйін келтіріп алып, алдымен өзіне таныс ән әуендерін ойнады. Сол қол домбыраның сағасына барып-қайтқан сайын, оң қол қос шекті қаққан сайын буындар тез илігіп, мидың бұйрығына көне бастағандай. Көзінің қиығымен тыңдаушыларына қараған. Ән әуенінің өзіне елтіп отырғандай. Байқатпай тағы да Тотыға жанарын тіктеді. Жымия күліп, бүлдірген ерні әнге ақырын қосылып отырғанын білдірді. – Шилі өзен, қамыс-ай, Бізді ойлай жүр, таныс-ай. – Егделеу тартқан ел ағаларының зайыптары болған соң өздерін егделер қатарына ертерек қосып қойғандары болмаса, жастықтың ауылынан кете алмай отырған Күлімхан мен Күмісай осылай деп әнге үн қоса жөнелген. Оларға Тоты қосылып еді сыңғырлаған күміс үн

Сайынның кең үйін тербеді. Үшеуіне басқалары қосылып, тағы бірер ән салған соң Барат: «Қазтуған дейтін бабамыздан қалған мұра екен. Бұл күйін ол кісі Еділден ығыстырылып көшкен соң туған жерін сағынып тартса керек. Содан күй де үрпақтарына «Сағыныш» дейтін атпен жетіпті. Туған ел, өскен жерін сағынбас кісі болмас. Сондықтан бұл күйді менің де сағынышым деп білерсіңдер. Ол домбыраның құлақ күйін келтіріп отырып, тағы да Тотының жүзіне назар аударды. Шамасы, Байшуақ екеуінің тағдырынан хабардар болса керек, қарақат көздің аясына шық тұнғандай. Жаңа ғана ән салған кезде дидарына ойнап шыға келген тойдың көңілді әсері жоғалып, орнын мұң алмастырғандай. Күй қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған мамыражай өмір шаттығын жырлағандай, бірақ ол ұзаққа бармай теңіздің толқыны, әлде дарияның тасуы, әйтеуір, қос ішек, он саусақ дауылдатып жөнелді. Жаңағы мамыражай өмір терезесінің әйнектері сынды ма, әлде жылаған бала үні ме, бір сұмдықтың болғанын тілсіз домбыра дөп басып айтып тұр. Дауыл тынды, бірақ мұңды бір қоңыр үн шанақтан шығып, отырғандардың жүректеріне бойлады. Аңсау ма, іздеу ме, сағыныш па – баяу қалықтаған саз сол еңсені көтертпеген қалпы келіп қонақтады. Домбырашы көлкемедей орамалын алып, көзіне құйылған ащы терін сүртті. Тағы да Тотыға көзі түсті. Мөлдір жанрының жиегін кіреукелеген жаңағы шық ақша бетіне домалапты. Дем алысы жиілеген, ет-бауыры езіліп отыр. Адасқан қаздай алыста жүрген жігіт жанын барынша ұғып, жаны ашып отырғаны анық еді. Күлімхан жанында отырған сіңлісін бір қолымен қапсыра құшақтап, қысып-қысып қойды. Мал беріп айттырғанның пендесі болып кете барар қызтағдыр ертеңін, сонан соң осынау алаңсыз балаң күнін сағынар сәтін ойлады ма... Оның жанын алдымен әпкесі түсінгендей. – Ту-уһ, қайным-ай, жүрегімізді езіп жібердің ғой. нерің үстем болсын! Бірақ жарқыным, бір көңілді күй тартшы. – Мынау күйді әкелеріміз «Қалмақ биі» деп тартушы еді, – деп, ол көңілді бір әуенді төгілте жөнелді. – Әттең жер тар, әйтпесе билей жөнелер едім. – Құлжабек қутыңдап еді, оған: «Өй, жер жетеді, қане, көрсет өнеріңді» дескен жігіттер. – Мына Аққайша: «Өнеріңді кез-келген жерде көрсете берме, қыздар ашық-мұшық болып қалады» деп ескерткен еді. Бұл жоқ жерде өнерімді көрсетермін, – деп, үйші жігіт жал айтып құтылды. – Ал қайындарым, біз қайтайық. Аққайша, Құлжабек, Тотыны өздерің ертіп әкелерсіңдер, – Күлімхан мен Күмісай орындарынан тұрған. – Жеңешелерім, мынау бесікке салардың кәдесі. Көптей көріңіздер, – деп, Мақпал түгі жалт-жұлт еткен сары алтындай сусардың қағаздай ғып илеген терісін Күлімханның, жылтылдаған бұлғынның терісін Күмісайдың иықта-

рына жапқан. Шамасы, Мақпал «бесікке салар» кәдеге деп қос жеңгесіне алдын ала әзірлеп қойса керек. – Үйбай-ау, мыналарың үлкен сый болды ғой. Рахмет жандарым. Ал тағы да тумаларыңның бауы берік, өмір жасы ұзақ болсын! – деп, екі келіншек сыртқа беттеген. Қыздар мен жігіттер жолы үлкен төре мен батырдың зайыптары кеткен соң әңгіме-дүкенді қыздырып, әзіл-қалжыңға ерік берген. – Баратжан, түйе балуанымыз деп сені сыйлап төрге оздырып едік, шілдехананың гүліндей болып отырған жалғыз құдашамызды тіпті иектеп, күбір-сыбырды көбейтіп барасың ғой, – десті жігіттер. – Өзіміз де жақынырақ таныса алмай емешегіміз құрып отыр. – Күйші екеніңді көрсеттің. Шын өнерпаз болсаң, Тотыны айтысқа шақыр, – десті енді бірі. – Шақырса несі бар?! Қызықтарыңнан аяған өнер – садақа. Бірер ауыз қайымдасу кез келген қазақтың қолынан келер. Бірақ үнімнен Тоты шошынып, ұшып кетіп жүрмесе, – деп, Барат домбыраны қолына алды. – Ал сіз ұшып кетпейтіндей ғып айтыңыз, – деп, Тоты да тұңғыш рет жарасымды әзіл айтқан. Барат домбыраның құлақ күйін келтіріп алып, қоңыр даусымен бастап кетті. – Басыма әсемдікке кидім сусар, Көп жылқым көгалалы көлде жусар. Осы үйге қызық іздеп келемін деп, Тотыжан, бір өзіңе болдым душар. Тоты да сол әуенмен кідірмей жалғастырып кетті. – Кисең ки әсемдікке басқа сусар Көп жылқың көгалалы көлде жусар. Осы үйге қызық іздеп келемін деп, Болдың ба, ойда жоқта қызға душар. – Бәрекелді, міне қызық, – десіп, отырғандар дуылдасып қалды. Барат та бар өнерін салып, жас арудың өзіне ұнағанын бажайлап жеткізген. «Басың байлаулы, аяғың тұсаулы екен» деген сияқты қыз жүрегіне жарақат салар сөздерге жоламай, жеңіл базынамен ғана шектелген. Қыз да барынша сыпайы, әзілге әзілмен жауап беріп отырды. Жай ғана базына, жай ғана айтыс емес, сол арқылы ол да жігіт пейілінің өзіне мүлде ауғанын сезгендей, сонымен бірге, өз көңілінің де «кет әрі» еместігін байқатқан. Барат енді негізгі мақсатына тікелей көшкен. – Үйірі қысырақтың мақпал қара, Шашыңды күндіз жуып, түнде тара. Көңілдің құпиясын ашар едім Тотыжан, сөйлес қылсақ екеуара.

Тоты да қарсы емесін білдірген. – Айтайын айт дегенде айым-қайым, Жаратқан көпке ортақ қып, тілдің майын. Сөйлеске екеуара құштар болсаң Серттесуге өзіңнің бар ма жайың? Сөздің айтылар ең қажеттісі айтылды десе керек, Құлжабек шыр етіп, ортаға түскен: – Оу, бұлар таң атқанша айтысса да жеңісе алар емес қой. Мені жеңешемнен таяқ жемесін десеңдер, енді айтысты доғарайық. Екеуі де тең түсті. Мен Тотыны жеңешеме табыстауым қажет. Аққайша, үй иесінен рұқсат сұрайық. – Таң да таяу шығар, мен де аяңдайын, – деп Барат та орнынан тұрған. Жұрттың ешқайсысы қарсы болмады. * * * – Қалқам, Тотыжан, дала суық қой, тоңып қаларсыңдар, біздің үйге кіріп, сөйлесіңдер, – деп, Құлжабек тысқа шыққан соң әңгіменің төтесіне көшкен. – Біздің Аққайшаның қаймақ қатқан қою шайын ұрттай отырып, дидарлассаңдар сөз оңға басады. Қыз-жігіттің бір-біріне деген ықыласпейілдерін жарасып отырыстарынан-ақ, оңаша тілдесуге қарсы еместіктерін жаңағы айтыс үстіндегі сөздерінен-ақ бағамдаған Құлжабек «жақсылық жасасаң, сыпыра жасаға» көшті. – Сөйт, сіңілім, әлі таң ұзақ қой, – деп Аққайша да қиылған соң қыз да үнсіз келіскен. Құлжабектің балалары ұйықтап қалыпты. Аққайша төргі бөлмеге шам жағып, екеуіне төр алдына көрпе төседі де: «Біз шайдың қамын жасайық» деп, есікті жауып, ас үйге шығып кетті. Тотының қос жанары мөлдіреп, төмен қарайды. Үнсіз. Бараттың да тұла бойы бір ысып, бір суиды. Бағанағы «сөйлес қылсақ екеуара» деген батылдығы желге ұшқандай. Дегенмен, алдымен жігіт ес жинады. – Қалқам! – деді бар сезімін, бар айтпағын түгел-түгел осы бір жалғыз сөздің ауқымына сыйғызып. Қолымен тағы да да ақ үрпек балапандай дір-дір етіп, тізесінің үстінде жатқан қыз қолын аймалады. Кішкене қол қарсылық білдірген жоқ. Тып-тыныш, бәріне де көнген сыңайлы. – Қалқам, мен саған не деп ділмәрсырмын?! Сен «жә» десең жолыңа жаным пида. Менің көзім бүгіннен бастап басқаны көрмес – соқыр, жүрегім басқаға селт етпес – тас кесек... Жайыңнан да хабардармын. Теңің емесін де естіп, емексігенім рас, оны несіне жасырайын... Егер өмірлік серік, сүрінгенде сүйеу, шаршағанда демеу болар деп сенсең мен сендік, қалқам. Қыз кірпігін көтеріп алды, жанары жасқа толып кетіпті. – Ағатай, туған ұясынан теңін тауып, жыламай аттанған қыз бақытты екен ғой. Ес біліп, етек жаппай тұрған тұста құрылған тұзаққа түсер шақ

таянған сайын қу жанымды қалай құтқарамын деп шырылдаған бозторғаймын мен дағы. Сізді Алла я бағыма, я сорыма жолықтырған шығар. Айтқаныңызға көніп, айдағаныңызға жүрдім. Жас жаным, бос мойнымды, бар тағдырымды тапсырдым өзіңізге. Қараңғыда қарманып іздеген жарық сәулелі күнге жеткізе көріңіз, болмаса жетім лақ қып жолыңызға құрбан ғып шалыңыз... – Ол еңіреп жылап жіберген. Барат ес-түсінен айрылғандай жанында аққудың көгілдіріндей ғана болып отырған қызды бауырына қысып, ыстық жасқа толы көзінен өпті. – Мен сіздікпен, Баратжаным! Тек, менің ойланып-толғанбай-ақ сертіңізге серт ұстағанымды оғаш санамасаңыз. Толғануға мұршам жоқ, тағдырымды толайым тапсырдым! Қыздың жылаған үнін естіп, әлде не болып қалды деді ме, ерлі-зайыпты Құлжабек пен Аққайша дәл осы сәтте кіріп келген еді. – О, жаратқан тілектерін бере гөр екеуінің, – деді Аққайша. – Құшақтарың ажырамасын! – деді Құлжабек. – Ең бастысы екеуіңнің серттерің берік болса жетеді, арғы жағын дөделерің өзі қатырады. – Құтты болсын айқасқан құшақ, табысқан жүректерің... Ол шын тілектестігін білдіріп, екеуінің де бетінен сүйген. Жылы су әкелініп, беттерін жуса да жаңа табысқан жас ғашықтар бірбіріне елжірей қарайды. Аққайшаның таң алдында құйған шайын қалай ішіп, қалай қойғандарын да аңғармағандай... * * * Құлжабек пен Аққайшаның құт мекенінде құпиялап екінші рет оңаша жолыққанда Тоты көп бөгеле алмады. Үйінде қарқарадай болып жездесі Қамбар төре отырғанда оң жақтағы қыздың түн кезіп жүруі оны сыйламау болатынын жеткізген. Оның үстіне әпкесі де ықтияттап тапсырса керек. Екеуінің де көңілдеріне медет, дәттеріне қуат етер жалғыз тіректері – Қамбардың қалай да көмектесуге уәде беріп отырғаны ғана. Айттырған жері келер күзге қарсы қалыңдығын алып кетпек. Төре тойға дейін-ақ қам жасап, бір қамалын қарастымақ. Тек қана оның қояр жалғыз шарты, шарты емес-ау ағалық тілегі Бараттың қалмақ елінен, одан әргі моңғол елінен аман-есен абыроймен оралуы. «Сонан соң «Ел құлағы – елу» дегендей сыпсың сөз Тотының жұртына, ең жаманы айттырған жеріне жетіп, істі насырға шаптырмас үшін бұл сырды білер тірі жан бір елі ауыздарына екі елі қақпақ қояды. Тіпті Тотының өзі де туған әке-шешесіне де тіс жарып, сыр ашпауы шарт. Өйткені «Отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге жайылмақ». Егер сөз тарап кетсе, мұның кесірі ең алдымен бұл Бараттың арман қып жүрген болашағына, сонан соң Тотының ертең көрер қызығына кесірін тигізбек. Екіншіден, жұртының ата салтын сақтауларына ұйтқы болуға тиісті төренің өзі бата бұзуға астыртын араласса, соңы бітпес дауға айналмақ». Бұл – төренің ең қатал пәрмені...

Барат та қыздан сырын жасырған жоқ. «Ер туған жеріне» деп ертелі-кеш батысты қалай да бетке аларын айтқанда қыз: «Қайда жүрсең де мен үшін сенің жаның ғана жұмақ» деп, жігіт жанын біржола жай таптырған. «Мен монғолдың бір балуаны емес барлық балуан атаулысымен белдессем де енді не үшін, кім үшін күресерімді білемін» деп сыбырлады жігіт сүйіктісін қимай аймалап тұрып. «Оянсам – «Баратым!» деп тұрып, ұйықтасам – «Баратым!» деп жатармын. Тәңірім жар болсын, арыстаным» деп күбірледі. Тоты ғашығына аймалатып тұрып... Ертеңіне таңы басқаша болып атқан бақытты күндеріне сенер-сенбес болып, Бала Ертіс жақтағы үйіне қарай Тоты жол тартса, екі-үш күннен кейін бүкіл әулие-әнбиелерден бата алғандай өзіне сенген Барат Ошыржаптың еліне қарай аттанған.

Белес-белес белдерден сағым ойнар, Хан басына күн туса тағын ойлар. Азаматтың айтарлық бір белгісі Қай-қашанда халқының қамын ойлар. Халық өлеңі. ТОҒАН І Тоған басы бұрқыраған көк түтін, қазан-қазан ет, саба-саба қымыз, жарқын-жарқын әзіл, қарқ-қарқ күлкі, тура бір Үйдене өзенінің тау аралап келіп, кең жазыққа шығар аузындағы қалың қызыл талы мен ақ балтыр сұлу қайыңы сыбдырласқан жасаңда той болғалы жатқандай. «Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағы» өтіп, жұрт аузы аққа тисе де, қыстан шықпа жаным шықпалап, әрең құтылған дөңгелек, айыр тұяқ мал атаулы көктемнің кенже айының төбесі көрінсе де, әлі терілері шелденбегендіктен, олардың қызылына тістері тие қоймаған жұрттың бәрін де бүкіл өзен сағасын хош иісімен бояған бордақы қос ту биенің жылы-жұмсағының исі еліткендей. Топырақ беті тобарсып, тоң жібісімен-ақ болашақ мол астықтан үміткер әр әулет өздеріне аршындап бөлініп берілген бас арықты құдайдан қорыққандықтан емес, Қаражан ханым уәде еткен бір-бір құнажын байтал немесе бір-бір құнажын сиыр үшін «Ит мініп, ирек қамшылағандай болып жүріп» «Арықтарыңның ені тар, таяз болып кетіпті», «Екі қабағын тік қазбай, түйетайлы ғып қазыңдар» деген сияқты сан ескертпені ести жүріп, бітпестей болған жерлерін әрең бітіргендерін бүгін ұмытқандай. Бірін бірі қажап, қағытысып мәз. – Бетім-ау, қамыт аяқ, қайным-ау, сен не бетіңмен бүгін ет жейсің? Қолыңа қайла алып, қарыс жерді қопарып көрген жоқсың, үйірсек айғырымсып, қатын-қалаштың жанынан шықпай жүруші едің, – деп, бір тайқазанға емініп, еттің көбігін алып жатқан тобылғы жүзді жас қатын әзіл айтқан. Үлкен ағаш тегенеден қымызды шара тостағанға толтырып құйып алып, құныға сіміріп тұрған «қамыт аяқ қайнысы» бөгелген жоқ: – Өзіңнің жаныңа жақындамаған соң, ішің өртеніп бара жатыр ә?! Әйтпесе ханымның өзі: «Жәке, жұртқа құнажын берсем, саған құлынды бие жетектетемін» деген. Қыз-қатындардың менің көзіме түсіп қалу үшін ғана қолдарының ойылғанына қарамай өліп-тіріліп, жер қазғандарын ханым да байқаған екен ғой, – деп, ырсың-ырсың күлген. Екеуінің жарастықты әзілін естімеген болып, үлкен шоқ талдың көлеңкесіне төселген тоқым, терліктерінің үстіне жайғасып алып, жер ошақтарда бүлк-бүлк қайнап жатқан қара қазандардың аузын бағып, қысыр әңгімені қоздатқан бір топ шал дүниенің алдамшы, өмірдің өткіншілігі

туралы бір қирағаттап тастап, биылғы ақ қоян жылғы қыстың жұмсақ, жайлы басталғанымен, ақпанның жуан ортасына ауа үдемелете борандатып, қысып кеткенін сөз етісті. Содан жағалап отырып, Қара Ертістен өтіп, Алтай баурайында отырған жұрттың қатты қыстан жұтап қала жаздағанына жанашырлық білдірісті. – Жарықтық Алтайдың мінезі біздің Сауырға қарағанда тым шадырлау білем ғой, – деді имиген ұзын қара шал. – Жас кезімде бір ағайыншылық шаруамен Алтай асып, Қаратай еліне барғаным бар. Шебер құдай Алтай мен Сауырды Қара Ертістің екі жағасына қатар жаратса да бір анадан туған екі ұлдың бір-бірлеріне мінез-құлықтары ұқсамай туатындары сияқты өзара сырттай ұқсағандарымен жаратылыстары бөлек-бөлек. Сауырдың басында да Алтай сияқты мәңгі мұздары, тіпті мұз таулары болғанмен, шың-құздары Алтай сияқты тым шаншылып, аспанға тік шапшымай, біртіндеп биіктейтіндей көрінді. Содан ба Алтай қыс баласы тым қатал, жүргіншіге жол бергенді қойып, малға өріс бермейді. Қар көшкіні күркіреп, тіршілік атаулыны тұншықтыруға даяр тұратын сияқты. Оның сөзін екінші бір жіпсиген сары шал бөлді: – Әлгі Қараты Қойбастың асында қара үзіп келетін Тастай байдың алтыжеті қосын қалың жылқысының көбі қырылып қалыпты деседі. Жойдаусыз қалың түскен қардан жүре алмай бауырларын қар тіреп, тік тұрған қалыптарында қатып қалған дейді. Қайдан білейін, солай десіп жүр ғой жұрт. – Е, байғұс, біздің төремізбен тірескенде сенгені сол көп жылқысының буы шығар. Тіпті, сауап болыпты, – деп, біреуі қуанған болды. Үнінен табалау да, сырттай болса да өз төресіне жағымсау да айқын аңғарылады. – Тек, – деді жаңағы ұзын қара шал. – Жатқа жаманшылық тілеме, сүрінгенді табалама, бәрі де бір Алланың ісі. Төремен тірессе, тіресер қүшқуаты болған соң тіреседі де. Мен тірессем көздерің көрмеді ме?! «Теңтеңімен, тезек қабымен» деген ғой. Билікте жүргендердің шабысып жүретінін, сонан соң табысып жүретінін талай көрдік қой. Егер барлық адам атаулы тым болмағанда бір жыл тату-тәтті тұрды бар ма, онда қара жер болмаған оқиғаны көтере алмай жарылып кетер еді... Шалдар өз мекендеріне ауызша қайта оралысып, жұрт кейінгі кездері «Барқытбелді» ұмытып, «Тарбағатай» атап кеткен таудыңжәне Маңырақтың қолат-қойнауларын ойша аралады. Жарықтық құйқалы таудың қашан да мыңғырған малды жұтқа бермейтін қадір-қасиетіне сүйсіністі. – Әй, дегенмен осы біздің төренің бәрін де іштен оқып туғанына шәк келтірмеймін, деймін де, – деп шоқша сақал, қол тоқпақтай қара шал сүйсініс білдірген. – Дегенмен, төре атаулының сүйектері асыл болады деген сөз ыпырас деймін де. Әйтпесе бұл қазақ жұтты жаңа көріп пе? Талай рет таяқтарын ұстап қалған қойшыларды, талай мәрте құрықтарын ұстап қалған жылқышыларды көрмей жүрміз бе?! Көріп жүрміз деймін де.

Біздің кісінегендер мен маңырағандарды қыс баласы ақ түтекке бермей келе жатқан Тарбағатай мен Сауырдың қараған, бұталы, құйқалы быдырықтары ғана емес, төреміздің бәрін де алдын ала болжап, қам жасайтын сұңғылалығы ма деймін де... – Иә, айналайынның алды жақсы болды. Әйтпесе қолына қамшы мен құрықтан басқаны ұстап көрмеген жұртқа шалғы мен күректі ұстауды да үйретті ғой. Ет пен сорпа, ол болмаса, құрт-ірімшікті қалжа қылар елің, енді ақ тары егіп, астық жинауды да үрдіс қыла бастады. – Ұзын қара шал қостап қойды. Есіне әлде не түскендей мырс етіп күліп алды. – Енесін ұрайын, біздің ауылдың жаз баласы қымыз бен қызық қуып кететін сенделгіш жігіттері о баста: «Төренің құлақ кесті құлы болдық па?!» десіп, тулаған тайыншадай ыңыршақтарын сындыра жаздағанымен, қазіргі кезде көніп-ақ қалыпты. Жаз шыға шалғыларын шыңап, қайрай бастайтын, айырларын саптай бастайтын болыпты... Қамбар билікті қолға алған соң, бұл елге де басқаша бір үрдіске кірісуге өкім берген. Бұрын жұрттың атына таға, өздеріне пышақ соққанды ғана біліп, сонысымен бала-шағасының көже-қатығын айырып отырған Шүкір ұстаның шаруасын мүлде көбейтіп жіберген. «Бұрын біздің Шүкір көк темірді қамырша илейді» десіп жүргенде білгіштен білгіш артып, шеберден шебер артып, Шодыр мен Барыс дейтін қос орыс Шүкірдің өзіне ұстаз боп кетіп еді. Олардың қастарына шәкірт балғашы ғып екі жас жігітті қосып беріп, ұста дүкенін үлкейттіріп, қайта салдырған. Таудан қарағай өртетіп, қап-қап көмір үйдірген. Тіпті Қара Ертістің тартылған тұсындағы жайылма жерін кешіп өткен керуенімен сонау Алтай асып барып, Үлбі жағасындағы орыстың болат зауытынан біраз темір-терсек те тасытып алған. Содан шалғы, айыр соғу науқаны басталсын. Жаз шыға жайлауда серуен құрып жүрген өңшең жас жігіттерді қуып келіп, өмірі қолға алып көрмеген іске жұмылдырған. Сойыстары мен саба-саба қымыздарын жайлаудан тасытып, біраз уақыт Қамбар пішеншілердің қасында өзі бас-көз болып жүретін. Жаз баласы жігіттердің қызықпен өткізер үйреншікті тіршілігін өзгертіп, азап сияқты болып көрінген істің рақатын қыста көрген. Қозы-лақ, тайыншаторпақ, жабағы-тай дегендер өлмес қорек тауып, көктемге жүдемей жеткен. Әрине, шалғымен шапқан шөп қаншама қоян жон маялар болып көтерілгенімен мініс аттары мен арық-тұраққа болмаса мыңғырған малға, қосын-қосын қалың жылқыға қайдан жетсін, сондықтан малдың негізі қар қалың түскенмен күнгейінде жатпайтын Сауырдың биіктегі қолатқойнауларын қыстайтын. Шалдардың «Қамбармен бірге келген жаңа үрдістердің бірі» деп отырғандары осы пішен дайындау сияқты қыстың қамын жазда қамдау жайы болатын.

– Иә-ә, биыл да жұт бола жаздады емес пе?! Мұндайда малды қойып, адам да көтерем өлгеннің көке жасық шандырын созып қалмаушы ма еді, – деп, жіпсиген сары шал әңгімені екінші бір қиырға жетелеген. – Қайта аруағыңнан айналайын, Қойбас марқұм бастап, Қаражан келін қостап, өсірген осы тары жарықтықтың арқасы ғой елді ашықтырмаған... – Апыр-ай, біз байғұс бұрын деймін де, қара сиыр, бөрте ешкі, торы байталды бағып-қаққанымызға мәз болып жүре беріппіз ғой деймін де. – Шоқша сақал, қол тоқпақтай қара шал насыбайын құдайдың кең даласы жетпегендей өзі төсеніп жатқан тоқымның астына түкіріп тастап, жіпсиген сарының сөзін аузынан жұлып алған. – «Жалғыз дән көз көрім жерге апарады» дегендей, деймін де, жарықтық бір уысын сары майға, не сүтке бөктіріп жесең, деймін де, қарның ашпайды екен, деймін де. Дұрыстап бөрттірмесең, жүректі тесетіні болмаса, жеуге болатын-ақ ас екен, деймін де... – Уа, сөзің бар болсын сенің, – деді малдас құрып отырған кесек бітімді қара шал. – Біздің әлгі Жұманай көсе: «Ой, Алла-ай, ашаршылықты көп көрдім. Ірімшікті сары майға бұлғап жей берген кісі өлмейді екен ғой» деп, бір күлдіріп еді, сенің сөзің де соның арғы-бергі жағынан шықты... Шіркін, Қаражан ханымдар еркек кіндікті болып туғанда елге ырыс әкелер кісі ғой. Еркек болып тумағанның өзінде-ақ жоқ-жітікті асырап отыр емес пе. Ой, Алла-ай, сайда жатқан құдайдың сынаптай сырғыған суын жетелеп, дөңге шығарғанды кім көрген?! Соған қарап, Қойбас марқұм екеуінің киесі бар ма деп ойлаймын. Әйтпесе, өздерің ойлаңдаршы, Үйденеден төрт-бес құлақ суды бөліп алып, Кеңсайдың аузын кесіп өткізіп, Қарақияны бастырып, Қарабұлақтың желкесіне дейін жөңкілтеді дегенге көз көрмесе сенер ме едік. Ана жылы «су Қарақияға дейін барады екен» дегенде: «Қой, еріккен қос қатынның ойлап тапқан ермегі» демеп пе едік. Қаражан бәйбіше биыл сол арықты тағы да қозы көш жерге жетелеп апарып, түренді тыңнан салдырды емес пе?! Бағанадан сөзге көп араласпай, ер-тоқымын жастанып, қорылдап жатқан қызыл шырайлы, тоқ жүзді қария түсінде біраз дүниені биіктен шарлап келіп оянса керек, бұл қу пәнидің күйбің тіршілігіне өзінің тереңнен толғаған пікірін қосты: – Әй, бәрі де – әншейін, жан қинау. Әйтпесе, қай ата-бабам жер тырнап, өзегін жалғап еді?! Ауызға салсаң бытырай қашқан әр дәнін тіліңмен қуалап апарып, кеңірдектен өткізудің өзі бір жұмыс болар сол тарыңды татпаймын да. Әншейін қалмақ қатыны Қойбастың, одан кейін мына Қаражанның қазақ байғұстардың алақандарын ойдыру үшін ойлап тапқан бір кеселді кебі де, – деді қызыл шырайлы қария есінеп отырып. Не болса да өз көкірегінде шемен болып жүрген ойын айтуға белін бекем буса керек, түзеліп отырып, тағы бір кепті бастаған. – Ағайындар, «Халқыңды баста, басқар» деп екі тізгін, бір шылбырымызды Қамбар төренің қолына ұстаттық па? Ұстаттық. Енді сол

халқы төренің «Ашса – алақанында, жұмса – жұмырығында» емес пе?! Билікке қатын-қалашын араластырған қай жақсы дейсіңдер. «Құралай бастаған құс оңбайды, қатын бастаған көш оңбайды» демеп пе еді аталарымыз. Әй, шіркін, бұрығылар данышпан ғой, білмесе айта ма?! Қара жер хабар бермесін, Қойбас марқұмның тегі қалмақ емес пе! Ол жұрттың қатындарын қойғанда, еркектері есті шаруа бастайды дегенге өзім сене алмаймын. Ол аздай мына Қаражан келіннің етек-жеңін түрініп, сол Қойбастың кері кеткен ісін келістіремін деп кіріскеніне таңмын. Баяғы, төренің малын шашқаннан басқа не дейсіңдер. Мен төре болсам: «Әй, қатын, ел билігінде шаруаң болмасын. Ошағыңның басында, қазаныңның қасынан ұзама!» дер едім. Енді ғой қатынға ерік берген соң ойына келгенін ойыншық қып жүргені. – Е, немене басқармай отыр ма, төре? – деп шоқша сақал кішкене сары шал шақ ете қалған. – Тарыны сен жемесең, балаларың жер. «Отқа айдасаң, боққа қашады» дегендей бұл жұрт жасаған жақсылықтан да үркеді екен-ау... – Басқарып жүр ғой... «Шешесімін» деп бір қалмақ қатыны басымызды қатырып еді, енді «Қатынымын» деп тағы бірінің атқа мініп, елдің есін алып бара жатқаны шақшадай басыма сияр емес... – Ол мырс етіп күлген. Шамасы, ойына бір кеп оралса керек. – Баяғыда осы өңірде мен сияқты бір шал болған екен.... – Е, – десті қысыр әңгімені қыздырушы шалдар. – Сол шал халқын жинап алып, бір күні қирағат айтса керек. «О, халқым, – дейді жаңағы шал, қара қасқа ат кермеде байлаулы тұрғанда, қара найза керегеде сайлаулы тұрғанда, қара шал қара бурадай келеңді бастап жүргенде, еш нәрседен қауіп қылып, қам жемеңдер. Еліме жау тие қоймас!» Содан жаңағы елге бір күні қалмақтар тиеді. Қара қасқа ат кермеде байлаулы тұрады, қара найза керегеде сайлаулы тұрады. Халқы «ел қорғаны» болмақ қара шалын іздейді. Үшті-күйлі қара шал жоқ дейді. Ол шалдың жаңа түскен келіні бар екен, сол жазған үлкен әбдірені ашып жіберсе, ішінде тоңқайып, атасы жатыр дейді. – Е, – десті шалдар тағы да жымыңдасып. – Атеке, атеке! – дейді келіні. – Қара қасқа атыңыз кермеде байлаулы, қара найзаңыз керегеде сайлаулы тұр. Халқыңыз қара шалын таппай, қамалып тұр. Не айтасыз? – десе керек. Сонда қара шал: «Адам жан алып, жан беріп жатқанда, қатын атаулы к...тін қысып, жайына жүрсе ғой» десе керек. Сол айтқандай, қатын атаулы шайын қайнатып, баласын ойнатып жүрсе жарасар еді... Қызыл шырайлы «Мен айтарымды айттым» дегендей, тағы да жантая кетті. Бір топ қарттың ағаш көлеңкесін саялап жатып, айтқан әңгімесінен бұл елге соңғы он шақты жылдың мәулетінде үрдіс болып енген диқаншылық, пішен шабу ісін төренің өзі бас болып, қолға алуы қалай талқыласа да,

қарапайымда қалғып жүрер тамам жұрттан дәл қазіргі сәтте қолдау таба бастағанын байқау қиын емес еді. Тікелей төре ортасында отырған ауылды айтпағанда, айналадағы жұрттан арнайы келіп, Шүкірлерге шалғы орақ, қол орақ, айыр соқтыратындар, ағаш ұстасы Сәлмен, Құлжабектерге келіп, құлынды бие, бұзаулы сиыр атап, арбашана шаптырып, әсемдетіп ер жасатыңдар, қозылы қой, лақты ешкі атап, келі ойдырып, келсап жондыратын ағайындар көбейген. Тіпті алыстан ат терлетіп келіп, ұста дүкенін көріп, өнер үйреніп жүрген талапкерлер де шыға бастаған. Жаңалық дегенге бірден елп ете қоймас қазекеңнің бұлайша пысықтық көрсетуі тегін емес-ті. Оның бәріне де ел ағалары арқылы Қамбардың қозғау салып, тыным таптырмай қаузап жүргенін былайғы жұрт қайдан біле берсін. Екі ешкісінің біреуі қыстың суығында аштан өлгенде кемпіріне: «Е, мал іші болған соң, өлім-жітімсіз бола ма?» деп, екінші ешкісі арам қатып қалғанда: «Енді осымен мал шығыны да тоқталар» деп, өзгені емес, өзін де алдарқататын бейғам қазақтың бұл жаңаша үрдістерді ұқпай жүргеннен гөрі ұққысы келмей жүргендері де әлі де көп болатын. Бел ауыртып, шөп шауып, қол ауыртып жер тырнағаннан гөрі бар малының жазда сүмесін еміп, қыста сүбесін шайнап, тыныш жатқанды артық көреді олар. Жұт болып, малы шығын болса да, оның артынан жанын жоғалтса да «Алланың ісіне шара бар ма?!» деп болмысқа көмпістік танытып жататын да осы қызыл шырайлы, тоқ жүзді шалдың санатындағылар. *** Қойбас пен Қаражан арық қазып, тоған байлаған, жер жыртып, дән сепкендерге алғаш рет ақысына Қамбардың байлығын аямай беріп, құлшына кіріссе де, бірінші жылы жаз ортасына дейін арық тартылып үлгермей Қарақияға салған аз егін судан қалған. Онсыз да «Қара жермен алысқан қос қара қатынның әуейі ісіне» мұрттарының астынан күле қараған көпшілік енді күлкілерін тия қойып, мынау қожанасырлыққа таңданбасқа әдділері қалмаған. «Қос қатынның әурешілігін қойшы, соларға ерік беріп, тәмәм жұртты сарсаңға салдырған қошқар қойған тоқтыдай әспеттеп отырған Қамбар төренің өзінің денінің саулығына күмән келтіре бастаған. Олардың осы күмәнді күдіктерін расқа айналдырғандай, жаз шыға барша ер азаматты жинап алып, бас арықтың былтыр бітпей қалған жеріне әкеліп тағы салған. Осы суы түскірді дөңге жетелеп шықпаса, құдайдың алдында күнәһар болатындай Қойбас пен Қаражан: «Ойбай, мына арығыңнан су жүрмейді өрлетіп кетіпсің, бұрылысты су соқпайтындай еңіс жағын түйетайдыландырып, биіктете түс» десіп, ауылдың бар арқанын кердіріп, жұртты әуіреге тағы салған. Онымен тұрмай, былтырғы егістіктің аңызын тіс ағашпен тағы жырттырып, тарыны уыстата шаштырған. «Бас арық» деді меау, «жан арық» деді ме-ау, «бой арық» деді ме-ау, жер шұқып риздық теріп

көрмеген жұртты әбден запы ғып болғанда егіс басына заманның адам естіп көрмеген жаңалығы болып, су жеткен. Онсыз да жайлау қызығынан, бағлан мен бал қымыздан құр қала жаздаған тәмәм азаматты босатып, сушы болар төрт-бес жігітті, сауын мен сойыстық ұсақ мал алып, егіс басында Қойбас марқұмның өзі қалған. Ой, Алла-ай, жұрт жайлаумен келер жазға дейін қимай-қимай қоштасып, етекке түссе, қырман тола қып-қызыл тары. Жеңсік астан қарала қаптардың ауыздары шымшып буылған сыбаға алдымен арық қазғандарға үлестіріліп, «кеусен» деп келушілерге дорба-дорба қызыл маржандай дән тиген. Тұқымдық дәннен басқасы негізінен әр үйге-ақ жетіп қалған. Сол жылы қыс Сәлмен, Құлжабек бастаған ағаш ұсталары қолақысының нарқы көтеріліп, бір баспақ, не бір жабағыға келі-келсап шабуға келіспей кергитінді шығарған. Тарыға дәндеген жұрт енді Қойбас пен Қаражанның тілін табуға ден қойып, егіншіліктің шаруасына қолғабыс тигізуге даяр тұратын еді. Тіпті қайсы біреулер бір-екі жер егістік алып, өздері тұқым себе бастаған. «Апырай, зәуіммен баламды жібергенде бірер табақ тары берсе нелері кетер еді?» деп, бір-біріне өкпелейтіндер көбейген. Халқы Диқан-Ана атап кеткен Қойбас марқұмның жаны бақилық болып кеткен соң, Қаражан ханым Қамбармен ақылдасып, бас арықты Қарабұлақтың желкесіндегі тусыраған кең жазыққа дейін жеткізуге тәуекел еткен. Кең жерге мол су керек. Ол үшін бас арықты ұзартып қана қоймай, Үйденеден шыққан сағадан соңғы аршынына дейін қайта кеңейту керек. Ал, содан соң әркім қалағанынша жер жыртып, егін еге берсін. Айналадағы «кеусеншіл»«, тарыны егіп, өсіріп, орып, бастырып дегендей, тіпті қапқа салып берсең, мұрттарының астынан күліп: «Е, бәрекелді, сен болмасаң мұндай олжаны бізге кім берсін» десіп, «әзір асқа – мәзір», қолынан гөрі аузын қимылдатуды ұнатар керенеу ағайынның бәріне: «Суаратын суын жеткізіп беру мойнымда, тұқымды да өзім берейін! Тек жұртпен бірге, бөлінген жерді жыртып, егінін салып алсын!» деп арнайы кісі жіберіп, сәлем жолдаған. Тісағаштың да даяр екенін айтқан. Ағайындар өстіп тісағаштың жоқтығын айтып, керенаусымасын деп Қаражан бәйбіше ерте бастан Сәлмен мен Шүкірге тапсырма беріп, бәріне де жетер деп бес-алты тісағаш даярлатып қойған. Сәлмен кепкен еменнен таңдап тісағашты шауып даярласа, Шүкір ұста ағаштың жер жыртар соқа бұтағын үшкіл темірмен қаптап, мұқалмайтын ғып жасайтын. «Апыр-ай, ханымның мұнысы жақсы болды-ау!» деп, естіген бетте қопаңдасқанымен, «Мұрны тесіліп, мойынағаш кигізіліп көрмеген асау өгіздермен қалай алысып, жер жыртамыз?» деп тағы да көбі көктемнің шеті көріне қырық сылтау айтысып, одан да ауыл-ауылды қыдырып, соғымның құймышағын, көтенішегін астырып, уыз қағанақ жегенді артық көрісіп, өз жайларымен кеткен. Тек жартысы қырылса, әлі жартысы бар деп сенер көп малы жоқ екіүш кедей-кепшік бірлесіп, бір-біріне селбесіп дегендей жер тырнай бастаған.

«Мейлі, жаз шығысымен қайтадан қыс түспейтіндей көретін, жер беті көгерісімен қызық қуып, сөз қуып жүріп, ақша қардың алғаш шеті көрінісімен: «Биыл қатын-баламды қыстан қалай алып шығар екенмін?» деп, құдайын сонда ғана есіне алар, есер, есер емес-ау, етекбасты жалқау ағайындардың менде қарызы жоқ, – деп, ойлаған Қаражан бәйбіше. – Бәлкім, сонда білер ел емгеннен гөрі жер емгеннің артық екенін». ІІ Қаражанның ерте көктемнен бері ер адамдай аттан түспей болашақ тоған түсер сай-саланы барлап, оны қазуға азаматтарды зорлағандай болып ұйымдастырған еңбегі жанып, тоған да тартылып бітті-ау. Ол үшін қандай айлаамал істемеді. «Күзде тары аласың» деп қашпаған қара сиырдың уызына қаратқанға қай қазақ алақанын күрек-сүйменге ойдыра қойсын? Әр түтін басының жұмыс қолына қарай жерді жиырма-отыз аршыннан бөліп беріп: «Бұрын бітіргенге – бие, уақытында бітіргенге құнажын сиыр не құнажын байталды ақылап, Қамбардың малын осы істің жолында аямауға бет қойған. Мал көзі ыстық қой, жұрт шіркін күн қызған он бес, жиырма тәуліктің ішінде талай қырды белдеулей түскен тоғанды сұлатып салды. Көз шіркін алдап, қателеспесе су сұлу кідірмеуге тиіс. Бүгінгі той сол тоғанның тартылып біту қуанышы мен оған «бісміллә» деп су салу рәсіміне арналған болатын. Бұл өңірде бұрын-соңды жасалып көрмеген «тоған тойы» деген қызықты да Қаражан кішігірім қыз ұзату тойындай ғып, балалардың күресін, жаяу жарысын өткіздіріп, жұртты әбден риза қылған. Тай қазандардағы істіктеп асқан жас еттің сорпасының дәмденгенін әйелдер қауымы жапа тармағай тексерісіп жатқан тұста бір ағаштың түбінен Бурахан қожа ақынның домбырасын сабалаған «Е-е-ау!» деп, қайырар қоңыр үні естілген. Қазан-ошақ төңірегінен ұзап шыға алмай жүрген қатын-қалаштар да «Үйбай-ау, мынау Бурекемнің даусы ғой, әй, Көзжақсым, ошақтың отын қағыстыра тұршы, кішкене ән тыңдап келе қояйын» деп, бір-біріне шаруа тапсырысып, солай қарай жүгіріскен. Манадан бері үлкен шоқ талдың түбіне төселген тоқым-терліктерінің үстіне жатып алып, төрткүл дүниенің төрт бұрышын сөзбен «аралап» қайтқан шалдар да ұйып қалған белдерін жаза алмай, кирелеңдесіп, осылай қарай беттеген. Бурахан қожа ақын қалақтай қара домбырасын сәнмен қағып қойып, шабыттана жырлап отыр. Ақынның ештеңенің, ешкімнің бедел-билігіне қарамай бетке айтатын қасиетін Қамбар төренің өзі де қоштап: «Ақын жалтақ болса, ақиқат адасады. Ақынның пірі – ақиқат. Біздің жас пері Бурахан қожаның ақиқаттан танбайтыны ұнайды» деп, қанаттандырып, қайрап отыратын.

Қаражан ақын қайнысын тоған тойға әдейі шақыртқан болса керек, қауым жиналды-ау деген тұста бүгінгі қызықтың тұздығы ғып, ақынға сөз берген. Ол туған өлкесінің сұлу табиғатын жырлаудан бастаған: – Өр Алтай Сауырменен бірге туған, Тулап кеп әр саладан өзен құйған, Қара Ертіс екі арада бұлаң қаққан, Барша өңір сол Ертістен бетін жуған. Әсем-ау қатар жатқан Сайқан, Сауыр, Торқадай топырағы қара бауыр. Өсірген төрт түлік мал осы арада Құрады сауық-сайран бүгінгі ауыл. – Поу, не депті-ау! Әй, жағың түспей жамандық көрмегір, Бурашым-ай, қолмен қойғандай қылдың-ау, бәрін де, – десіп, шалдар жағы қозғалақтасып қалған. – Е, ары қарай, кідірме, айналайын, – деп, емінді кемпірлер жағы. – Алқабек, Білездік пен Қалжыр, Тақыр, Бөкенбай, Қарабүйрек алда жатыр. Басына Шәкірмістің шыға келсең, Марқадан көрінеді тіккен шатыр. Өр Алтай тау-таулардың бабасы екен, Марқакөл зәмзәм толы сабасы екен. Қара Ертісті қысы-жазы талмай емген Зайсанның нағыз жұмақ жағасы екен. Әр шумақ аспандап келіп, қонақтаған сайын өзен сағасына жиналған кәрі-жас сүйсіне айғайласып, ақынды қанаттандыра түседі: – Маңырақ тұмсығында Құлынойнақ Жататын қожа, төре сонда жайлап. Жағалай Қара Ертісті ауыл қонып, Тулатып, көк шалғынға құлын байлап. Маңырақ мал өсуге болған ұя сетін изен, жусан, қызыл мия. Қаражан Үйденеден тоған тартып, Халқымды асырап тұр Қарақия. Отағасы жоқ жерде өзін ханымдай ұстай білетін, соған орай оңтайсыз сөз, оралымсыз қимылдан өзін сақ ұстайтын, бұл күнде жасы егде тартса да, бәйбішеліктің белгісі осы деп орынсыз толысып кетер қайсыбіреулердей болбырамай, сырт тұлғасын да ерттелген торы аттай сылаң ұстап келе жатқан Қаражанның күн қақты, тотығыңқы жүзіне жарасымды қызғылт реңк жүгірген.

– Е, міне, жаңа келе жатырсың айтарыңа!Төрені қойшы, ол кісінікі халқын сырттан түгендеп, қамқор болып жүру ғой, ішімізді майлап отырған осы ханымның арқасы емес пе?! – деп, қайсыбіреулер бәйбішеге естірте сөйлеп, жағымсып үлгірді. – Қарақия халқыңды асырасын, Бәйбіше, көңіл бірақ тасымасын. Сиырын сауып ішпей, сауық құрған, Көп жалқауға соншама бас ұрасың. Қарақия халқыңды асырасын, Ниет кеміп, талабың жасымасын! Көп жалқаудан бір қайыр шықса жақсы Таратсаң да байыңның мал мен асын. – Өй, мынауың ақыры бізге ауыз салды-ау, ә! – Е, шындық қой айтып отырғаны. – Шындықты айтпаса, бұл ақын бола ма?! – десіп, жұрт өз міндерін мойындағандай кеукілдесіп барып басылды. Бурахан «Ә, бәлем солай ма екен?» дегендей жұртқа жымия қарап алып, сөзінің соңын ақ тілекпен тәмәмдаған: – Демей-ақ егісімді егем кейін, Салбөкселеп тағы да жүрме дейім. Тоғаннан су, егістен ну кетпесін! «Жер сауған тарықпайды» дегендейін! Қаражан орнынан тұрып барып, Бурахан қожаға зерлі шапан жапқан. Ақынды қоштау сөзі мен мадақ әңгіме қардай борады. – Әй, әкем, – деді бағанағы жіпсиген сары шал, ақынға қарап емініп. – Ата-бабамнан бері жылқы баласы мен қой-ешкі болмаса, сиыр сасықты мал екен деп ұстап көрмеп едім, мына ханым тоған қазғаным үшін бізге де бір құнажын сиыр атап еді, ақын болсаң сол жаңа түлігімді өлеңге қосып берші. Бурахан жымиып бір күлді де, жанына сүйей салған домбырасын алып, жаңағы әуенін жалғастыра жөнелген: – Үстіндегі қызыл алтын қойдың жүні, Мал жақсы жылқы деген жаздың күні. Шөл далада түйе мінген қалмайт дейтін Бәрінен сиыр озар күздің күні, – дегенде біраз жұрт мәз болысып, жіпсиген сарыға: «Е, күздің күні шайлық сүтті сенен ішетін болдық» десіп жатты. Табақ-табақ ет тартылып, талай қайқы сапылар ыстық етті қиялай турасып, ауыздар қимылдай бастаған кезде бір үйір жылқы айдаған екі-үш кісінің қара жорға мінген біреуі отырғандарға қарай туралай салған.

Шет жақта отырған қайсыбіреулердің: «Әке-ау, бұл кім болды екен-ей?» деген күбірінен басқа ыстық етпен алысып, жан алып, жан беріп жатқан жұрттың «Қара жорға мінген бейтаныс түгіл қара дию мініп, жан алғыш Үңкір-Мәңкір келе жатыр!» десе де айналасына қарайтын халдері жоқ еді. – Бетім-ау, жұртым-ау, мынаның атқа отырысы менің отағасымнан аумайды ғой! – деген Қатша кемпірдің даусы жұртты елең еткізіп, бәрін өздеріне тақап қалған жалғыз аттыға мойын бұрдырған. – Рас-ей, мынау қалмаққа кеткен Жұмекең жездем ғой! – деді бір жас жігіт орнынан тұра беріп. Сөйткенше Қатша да етегіне сүрініп, жығыла жаздап, шалына қарай жүгірген. Жұмекең жорғасының тізгінін тежемеген қалпы жағалай отырып, табақтарға сұғынған жұрттың жанына келіп бір-ақ тоқтады. – Халқым-ау, барсың ба? Сендерді де тірі көрем деп пе едім, мен бейбақ?! – деп, бір он жыл жау қолында пенде боп жатып, қапастан енді шығып келгендей Жұмекеңнің де даусы қарлыға барылдап, қара жорғадан домалай түскен. Шал алдымен жеткен кемпірін құшақтап көрісті. – Апыр-ау, мынау жеті-сегіз ай торғауытқа барып, қонақтап қайтқанға Меккеден келгендей болды-ау, – деді бір шал жалдың кіртілдегіне тісі өтпей, малжаңдап отырып. – Ойбай-ау, кәрі жездеміз қанша дегенмен жатжұрттың арасынан келді емес пе?! Қой, барып сәлем бермесек, шын шатаққа сонда қалармыз, – деп, ең алдымен Қаражан бәйбіше орнынан қозғалған. Жұманай құсбегі онымен де көрісіп амандасты. Онсыз да қызыл жиектеніп тұратын көзінің аясы жол жүргенде жел тиген бе, әлде ел-жұртын, кемпірін көргенге көңілі босады ма, мүлде қып-қызыл болып кетіпті. – Қаражан ханым-ау, сендерді аман-есен көремін деп кім ойлапты?! – Оу, көрмеймін деп қорықсаң қайтып кетпейсің бе? – деген бір жігітке Жұмекең көрісуін қоя қойып, жалт қараған. – Әй, шырағым, мықты болсаң, жылға жетер-жетпес уақыт жатып, астыңа жорға, үстіңе шапан, алдыңа салып бір үйір жылқы айдап қайтшы, қане! О, несі-ей, адам төрінен көрі жуық қалғанда ел мен елдің арасына қайтсем дәнекер боламын деп қу жанды қуырдақ қып жүрсе, бұл қотанға тышар неме мені сөгеді әуелі, – деп, шалың қалың балдызына айтар мақтанышқа толы назын шақ етіп, бірден ақтара салғанына отырған тәмәм жұрт мәз болысып қалған. Аңқау да аңғырт қария табақтың шетіне отырған бетте жұртының аман-саулығын сұрап, көшелілік танытқандай еді, бірақ шыдамсыздығының кесірінен бірдеңе айтамын деп тағы да күлкіге қалды. – Әй, қазақшылықтарың-ай, осы! Етті өстіп жын-жын ғып сүйегі сылынғанша пісіре ме екен? Біздің торғауыттар... – дей бергенде жұрт ду күлді. – Жездеке, былтыр аттанып бара жатып Ошыржапқа: «Жас малдың етін сылындырып, асып бермесеңдер бармаймын» деп жатқан сіз емес пе едіңіз?!» «Біздің торғауыттар» дегеніңізге қарағанда өзіңіз де торғауыт болып,

солардың дініне кіріп, келең боп жалаңбұт келгеннен саусыз ба? – Қаражан бәйбіше айтқан орынды қалжыңнан кейін Жұмекең де өзінің ағат кеткенін сезіп, мәз болып күлген. Бәйбіше ұзақ жолдан қажып келген қарияны қажамайын, жұртқа да қажатпайын дегендей сыпайы ғана ат-көлігінің аман, өзінің шаршамайшалдықпай жеткенін, барған елінің есен-саулығын сұрастырып білген соң: – «Бітер істің басына – жақсы келер қасына» деген. Дәл келгеніңіз жақсы болды. Алдымен тамақтанып, әл жинаңыз, әңгіме-дүкенді сонан соң, ауылға барғанда қыздырарсыз. Торғауыт елінің жаңалығын, көрген-білгеніңізді тыңдауға жұртты арнайы жинап берермін. Анау қасыңыздағы серіктеріңізді тамаққа шақырсын. Олар кімдер еді? – деген. – Е, олар менің жылқымды айдасып келген өзіміздің торғауыт жігіттері ғой... – Жұмекең табаққа сұғына беріп, осылайша жауап беріп еді, қасында отырған кемпірі шалын шынтағымен бір түйген: – Қараң қалғыр, қу шал-ау, «біздің торғауыттар», «өзіміздің торғауыттар» деп, қайта-қайта тақылдап қоймайсың, әлгі Отыршабың өзіңе торғауыт қатын алып бергеннен сау ма?! – Е, алып берсе несі бар екен? Құдайға шүкір, қартайып, жұбымызға жетіп отырған жоқпыз. Оның үстіне, бір тоқал емес, бірнеше тоқал алсам да дөңгелек тұяқтыны үйірімен айдап әкелдім емес пе, әне! – деп, ол өзенге құлаған сырт қарамы біраз жылқыны нұсқаған. – Әй, шал! Мал-мал деп жалмаңдамашы екі жастың біріне келгенде. Қос құлыным аман болса, өрісіңе мал толар әлі. – Онан да Баратымнан, Баратжаннан не хабарың бар? Соны айтсайшы онан да. Құлыным, кеткелі түсімнен шықпайды, – деп, Қатша да төренің ерекше ықыласы ауған қос ұлдың өкіл болса да шешесі болғанын ерекше мақтанышпен айтатын. Бараттың монғол еліндегі тойға жуырда ғана аттанғанынан хабардар болып отырса да жұртқа көз ғып, әдейі сұрап отырғанын Қаражан да түсіне қойған. – Е, құдай, алғұлым, десе монғолды жеңіп оралар. зім сенімдімін, әйтеуір. Айтпақшы Баратжан: «Күрестің бәйгесімен-ақ біраз малдың басын құрап қойдым» деп еді, оған иелік етіп жүрген біреу бар ма өзі? – деп қария тағы малқорси бастап еді сол сәтте Байшуақ кеп сәлем берген. – Ассалаумағалейкум, көке! – Жұмекең өз құлағына өзі сенбегендей, қалбалақтап, орнынан ұшып тұрған. – Уаңнан бір байталды алған ақылсыздығым үшін бе, әйтеуір бірге туған інімді өзіңізге өкіл бала қылсаңыз да мені сыртқа теуіп едіңіз. Міне, мына апам мені де бала ғып алған. Екі иығына екі кісі мінгендей батыр тұлғалы жігіт қаршығадай ғана қара шалдың екі аяғын жерге тигізбей көтеріп әкетті. Қария да бұл жаңалықтың барлығын Бараттан естіп, бақыттан басы айналғандай күйде болатын. Кемпірін, жұртын есен-сау көрген соң, оның үстіне табыскерлігіне келмей жатып мақтанам деп, қартайғанда тапқан бала-шағасын сұрамағанына өзі де

ұялып қалған. «Сасқан үйрек артымен сүңгиді» деп, Байшуақтың құшағынан босай салып: «Ой-бу, құлдығым-ау, сол! Мен алжыған салдырлап жүріп, сендерді сұрауға да шамам келмей... Әлгі келінжан қайда?» деген. – Жұмеке, келініңіз жаныңызда тұр ғой, «Атамның қашан уақты болып, сәлемімді алады» деп. Шынында да бұл кезде қазақы тәрбиеге біраз қанығып қалған Бағила атасының жанына төстеңдеп жетіп келмей, есік пен төрдей жерде бір тізесін бүгіп, сәлем ғып тұрған. Шал сүрініп-жығылып келіп, келіншектің маңдайынан иіскеген. Бағиланың бұрынғыдай сыптығыр, сылаң емес, жақсылықтың жаршысы болып, тола түскен бітімін көріп, Жұманай ішінен: «Бере гөр, Алла тілекті!» деп күбірледі. – Мынау қалжыңдап отыр десек, торғауыт бұл мылжың көсеңді шын байытып жібермесін! – Құрдас шалдарының бірі қалжыңдаған болып, қарсы беткейде қарамы біраз болып тұрған жылқыны көрген соң қызғанышын жасыра алмай, ашық білдіріп қалды. – Ішің күйсе тұз жала! Күйектей сақал біткенше тірнектей ақыл бітпеген сені бұдан былай шеніме жақындатып, шекпенімнің шалғайынан ұстатсам, қанеки. Жұмекең келіп, көңілдері көтеріліп қалған жұрт мына сөзден кейін тағы бірі атып, бірі қағып, мәз болысып қалған. Ет желініп, сорпа ішіліп, жұрт қолдарының майын саптамаларының қоныштарына сүртіп, бата жасалып дегендей қозғалақтай бастаған тұста Жұмекең ханымға су жаңа сұрақ қойған: – Оу, халайық, мен дабырлап отырып сұрамаппын да ғой. Мына құдайдың қу даласына келіп, дүрілдетіп той жасап жатқаныңның мәнісі не?! Айналада бір үй жоқ, әлде тойды ауылға жасауға болмайды дейтін жаңа низам шықты ма? – Бірақ аңқау қарттың сауалына ханым күлген жоқ, бүгінгі тойдың мәнісін түсіндіре келіп: – Жұмеке, қайта жақсы келдіңіз. Бұл да бір үлкен істің басы ғой, тоғанға су жіберейік, батаңызды беріңіз, – деп, жұртты тоғанның басына қарай бастаған. Баяғыда Қойбас марқұм тоған арықты таудың ағысты өзенінің табанына дейін сұғындыра қазып апарып, тоған арыққа суды жібермейтін шымнан бөгеу жасап қоюды үйреткен. «Су жіберу» деген рәсім ғана болмаса, енді кесек-кесек шымдарды алып тастағаннан басқа жұмыс жоқ болатын. Өзі алдына үйірлі мал салып, көңілі өсіп келе жатқан қария мына құрметтен кейін тіпті шіреніп қалған. Тоғанды жағалап, өзеннің жағасына келді де, соңынан шұбырған халыққа қарап, қолын жайды: – Ләһи, әумин міне – бата Дарысын Қыдыр ата! Қыдырың қиялап келсін,

Бақытың ұялай берсін. Мол суың ырыс әкелсін, Ырысын дұрыс әкелсін! Қамбаң дәнге толсын, Айналаң әнге толсын, әумин! – деп, ол жинаулы шымның үстіңгі біреуін алып тастады. Ханым да: «бисмиллә!» деп бір шымды көтерді. Үлкендер кезек-кезегімен шымды ортайтқан кезде ағынды тау өзені арнасының лықсып тұрған суының шет жағы тоған арықтың табанымен жөңкіле жөнелген. Қалған шымдарды балақтарын түрінген жігіттер су ішінен алып лақтыра бастаған. Балалар сумен жарысып жөнелгенде күрекқайлаларын көлденең ұстаған біраз жігіттер де атқа мініп, арық жағалап кеткен. Үлкен-кіші қаздай тізіліп, ауылға бет алғанда Қаражан бәйбіше де еліне «ырыс апарар» тоғандағы суға ілескен. Дәл осы кезді аңдып тұрғандай ауылдан арнайы кісі келіп, бәйбішеге Қаратай елінен Тастай бастаған екі-үш сыйлы кісінің келіп отырғанын хабарлаған.

«Мал таппас еркек болмас, құрарын айт,
Ұл таппас қатын болмас, тұрарын айт.»
Жақсылық боп оралсын әрбір ісің
Көңілдің қай уақытта тынарын айт.

Халық өлеңі. ШҰРА І Қамбар даладағы шаруасын үйдегі бәйбішесі мен тоқалына көп айта да бермейтін. Ауыл маңының ұсақ-түйек шаруа жайын түгел дерлік өз қолына алған Қаражан бәйбіше де ел қамымен жүрген отағасы ғана емес, ел ағасына айтпай-ақ ауыл ішінің ісін өзі бітіріп, өзі тындыра беретін. Төренің өзіне тиесілі, болмаса отау үйлеріне тиесілі мал-жанның есеп-қисабы ғана емес, бүкіл ауылының көші-қонынан бастап, мыңғырған малды жолымен жұмсау жайына дейін бар билік те бүгінде Қаражанға қарап қалған. Біраз шалшауқандар, ауыл-жұрт, ағайынның әжік-күжік ұсақ әңгімелерін төре әрі төбе би болып отырған Қамбарға жеткізбей-ақ Қаражан бәйбішенің отбасы, ошақ қасынан ұзатпай-ақ шешіп, қиюын келтіре қоятын қабілетін мойындап, оған сүйінішпен қарай бастаған. «Е, «Жаманның басында жатқанша, жақсының аяғында жат» деген емес пе?! Қаражан әділ болып, ақ сөйлеуге тырысса, қасында қарқарадай болып жатқан ел иесіне сөз келмесін дейтін болар. Не десек те заты қатын демесек, аты еркекке бергісіз болып тұр-ау», дейтін олар. Әрине, ел іші болған соң оның осы қылығын жаратпайтындар да бар. Бір тәуірі олардың азая бастағаны да шындық еді. Төренің Тастай байға соңғы кезде тісінің қатты қайраулы екенін, ол қыжылдың қайдан шығып, қай тұста жатқанын да Қаражан бәйбішенің сұңғыла көңілі сезетін. Осыдан аз уақыт бұрын Қалжыр бойында өткен билер сотында Жетібай құнының Тастайға соншалықты неліктен бес батпан болып, ауыр түскенін де іштей бағамдайтын. Су егістікке жеткен соң, оны әрбір жан арықтарға бөліп беру жайын мұрап қып қойған Қайіркенге мұқияттап тапсырған Қаражан бәйбіше атқа асығыс қонған. Отағасы қырбай болған екен деп, Алтайды алып жатқан бүтін бір Қаратай елінің екі тізгін, бір шылбырын нық ұстап отырған Тастайдай ел ағасы Ертіс кешіп, арнайы келіп жатқанда әдейі елемегендей жүріп алуды жөн көрмеген. Әрине, Қамбар төре ауылда болғанда мұның жоқтығы да білінбес еді. Тастай Қаражанның үйіне, үлкен үйге түскен екен, бәйбіше келіп аттан түсіп, ордаға кіргенде төр алдында төрт қабат көрпенің үстінде қос жастықты шынтақтап жатқан қонақ орнынан тұрды. Бәйбіше де қос қолдап сәлемдесіп, емен-жарқын амандық-саулық сұрады. Өз көңілінде алалығының жоқтығын білдірейін дегендей байдың ауыл-елінің, ағайын-жұртының, үй-ішінің есендігін түгелдей тізіп сұрап шығып, отағасымен екеуінің құрдастығына жығып, базына айтқан. – Алтайды билеп жатқан затыңыз бар, Тастай деген атыңыз бар, «Бұл төре матқапыда барсам қайтер екен?» дегендей хабарсыз келгеніңіз қалай,

құрдас-ау?! Қайта мына Күлімхан құрдасыңыздың да қыдырып кетпегеніне қуанып отырмын. Отағасы да, мен де ауылда жоқта келіп қалғаныңызға қысылып қалғаным да рас. – Ханым, төре ел билігімен сыртта көп жүретіндіктен, ауыл арасының шаруасын өзіңіз атқарады деп естіп едім. Бәрекелді, үлгі болар іс екен мұныңыз, – деп Тастай бәйбішенің үйде болмағанына түсіністікпен қарайтынын сездірген. – «Қартайғанда тарлан боз жорға шығыпты» дегендей жорға шығайын дегендіктен емес, біраздан бері көп қарашыны тоған тартып, диқаншылыққа жетелеп жүрген жайымыз бар еді. Сол шаруамен жүріп қалып едім, – деп, Қаражан өзінің үйде болмаған себебін түсіндіріп өтті. – Е, бәйбіше, мен сыншыл да, міншіл де қонақ емеспін. Ауыл арасы алыс болғанмен, бір-бірімізге ниет-пейіліміз жақын жандар емес пе едік. Былтырғы бір төренің алыс жолды жақындата түссек дейтін тілегін орындай алмай қалғаныма өзім де қиналулы едім... «Келісіп алып керіскеннен, керісіп ап келіскен артық» дегенді ұстанған келіс қой, – деп, ойын күңгірт аяқтағанмен, көмейінің қай әуенмен бүлкілдеп тұрғанын сездіріп алды. Өзі тым төменшектеп сөз бастаған қонағын қиын асудан демеп өткізіп жіберейін дегендей Қаражан бәйбіше сөз ауанын әдейі басқа арнаға бұрып, жақын тарта сөйлеген. – Құрдас, шақырып келтіре алмайтын сыйлы қонағымызсыз. Сіздің арнайы келіп жатқаныңызды естігенде құрдасыңыз да бір қуанып қалатын болды. Мынау Кендірлік жағасындағы Жәдік Керейлердің ауылына тойға кетіп еді. Жаңа арнайы кісі шаптырып, келісіңізді білдірдім. Ертеңнен қалмай оралар. Сөйткенше Күлімхан сойдырған марқаның еті қысқы сарыаласымен араластыра толтырған бір астау ет те алдыға келген. Тастайдың ендігі келісін сол екі арадағы салқындықты жылытар жүріске іштей жорыған бәйбіше байға қонақасыға арнайы тай сойғызып, ерекше құрмет көрсеткен. Отағасы оралғанша оның жоқтығын сездірген жоқ. Ауылының әнші-күйшілерін шақыртып, өзгеше думан жасап, қонағын ерекше бір ықылас-ілтифатпен күтіп еді. Сыйлы азамат келген күннің ертеңіне түс ауа ауылына оралған Қамбар да шақырусыз келген қонағына араларында ештеңе болмағандай ашық-жарқын амандасып қауышқан. «Алдыңа келсе атаңның құнын кеш» дегендіктен ғана емес, тағы да сағым болып жеткізбей келген Қараттың белдеуге байланар үміті көрінгенге жібіп дәмеленген. Осы жолы да Кендірліктегі тойда айналасы алпыстай ғана ат шапқан бәйгеде Сұржебе деп әспеттеп ат қойған дәмелі жүйрігі үшінші болып келіп, төренің сағын тағы сындырған. Қамбар Қамбар болып, ел иесі атанғаннан бері адақтап қосқан жүйрігінің шағын бәйгеде бар болғаны үшінші болып келуі дәл бұлайша қорлап көрмепті. Маңдайын басқан сәйгүлігі Аққайыңның

көзден бұл-бұл болып ұшқаннан бері жүйрік те құтаймапты. Аққайыңды Жұрынтай батыр құлағын кесіп құнтитып, бір көзін шығарып кеткелі бұл шіркін Аққайыңмен бірге басынан бағы тайғандай сезінетін. Жылдар бойы не бір айтулы асқа, не бір думанды тойға жүйрік апармайтын. Сұржебенің болмысынан дәмеленіп, осы жолы тәуекел деп еді, бабы келіспеді ме, әлде бағы жүрмеді ме, әйтеуір «Үшінші болып келген Қамбар төренің Сұржебесі» деген жаршының хабарына қуанғаны сол, керісінше торығып қалған. «Қамбар төре ... үшінші» дейтін сөздер соншалықты үйлеспейтін, түсінуге ауыр ұғымдар болып естілген. Дәл сол сәтте атағы аңызға айналған Тастайдың Қарасына деген ынтық көңілі асқынып, «Қалайда, сол Қараны...» дейтін сертке бергісіз байламына беки түсіп еді. Енді міне сол Қараттың иесі үйіне өзі іздеп келгенін естігенде кеудесінде сөне жаздаған үміт оты қайтадан маздағандай еді. – Бәйбіше, қонағыңды ренжітпей қарсы алдың ба? Әйтпесе Тәкең бұл төре ауылы иә құдай болмасаң, иә құда болмасаң, басқаны көзіне ілмейді екен деп жүрмесін! – деп, Қамбар қанша сыпайысығанмен, Тастайға деген өкпесін қалжыңмен елеусіз ғана сүйей салды ғып бір сездіріп қалған. Бірақ қияннан қашқан жалғыз сөздің түрі-түсін жазбай танитын Тастай да келмей жатып, қолқ етіп, алдына түсіп, жорғалай бермейін деді ме, әлде бірден сөз таластырып, хан тұқымына қарсы келіп қайтемін деді ме, әйтеуір сөздің өзіне бағышталған тұсын басынан асырып жіберіп, бәйбішеге қойылған сауалға жауап берген. Бірақ мүлде үнсіз қалмай жарасымды базына айтқан. – О не дегеніңіз, төрем!Бәйбіше домалатып марқасын, шыңғыртып тайын сойып, әнші-күйшілерінің өнерлерін көрсетіп дегендей күтіп-ақ жатыр. Отағасының жоқтығын іздетпейтін бекзада әйел сізде ғана бар ма дедім, құрдас. Дүмі қатты төренің зіл-батпан салмағын бір сезген кісі ер батқан аттай қайқаңдар. Сондықтан құдай болу жазбаған пенде шіркін қолынан келгенін қылар да. Құрдасымның тізесі бір батқан екен деп, жата берсем, жат болып кетерміз деп аңысыңды барлаған келіс қой біздікі. Тастай осылай деп ағынан жарылғанмен де табандатқан екі күн қонақ болып жатқанда да ашылып, жарылып ештеңе айтпады. Осы екі күн бойына «Неге келдің? Айта алмай жүрген кебің не?» деп, төре де сұрамаған. Нөкерлерін ертіп, көл жағалап, саятшылық құрып, құс салды, тау жағалап, таутеке, арқар атты. Одан соң бөктердегі Қаражанның егісі мен тоғанын тамашалатты. – Апыр-ай, төрем-ай, Қаражан бәйбішенің «Жұртты диқаншылыққа жұмылдырып, қарекет жасап жүрміз» дегеніне онша мән бере қоймап едім. Мыналарыңыз біз айналысып көрмеген кеп болғанмен, батыл бастаған тың үрдіс екен. Үлгі алардай үрдіс екен. Мынау қозы көш жерге тоған тартып, су жетелеп жүрген де бәйбішенің өзі болса, ол құрдасым шынында өз

маңдайыңа ырыс болып біткен жан екен, – деп, Тастай шын сүйсініс білдірген. – Е, Қойбас шешеміз бастаған бір шаруа болған соң, «Бұларың не?» демеп едім. Жұрт та ақ тарыға дәніге бастағанын көрген соң, іштей құптағаным да рас, – деп, төре бұл іске өзінің де қолдаушы екенін сездіріп қойды. Тоған жағалап, сырғи ағып бара жатқан мол суды тамашалап жүргенде де қонағы келген шаруасы туралы ауыз ашпаған. Тек үшінші күні түстеніп алған соң аттанамыз деген тұста ғана екеуі ауыл сыртына шығып, жаяу серуен құрған. Тастай әңгімені сонда ғана өзі бастады. – Төрем, ұзында өштігіміз, қысқада кектігіміз жоқ ағайын едік, адам азғырды ма, сайтан азғырды ма, хан тұтқан қарқарадай басыңның қадірін өлшемей, өкпелетіп алған сияқтымын!.. «Қазға еліктеймін деп қарға аяғын үсітіптінің» керін кигендеймін. «Бәлем, солай ма екен!Менің тыңдауға ынтығып жүрген сөзім де осы еді ғой!» дегендей Қамбар мына мойындауды естіген соң іштей айбарланып, іштей масайрап қалған. Бірақ көпе-көрнеу масаттанғанын сездірмейін дегендей, Тастайдың сөзін жұмсартты. – О, не дегеніңіз, Тәке! Екеуіміз де бір-бір елдің бас иесі болған соң, көңіл орнында болғанмен, өмір жықпылында жүріп, барыс-келісіміз, алысберісіміз аз. Әйтпесе бір-бірімізге базына айтып, наз артатындай ештеңе болған жоқ... Ал енді құда болғым келген ниетімді қолдап, қоштамағаныңызды бетіңе шіркеу санамай-ақ қой. Ондайда аталарымыз: «Қызды кім айттырмайды, қымызды кім ішпейді?» демеп пе еді! – Маңдайға біткен жалғыз қызымның еркін жастай біреуге матап берсем, қызығымнан айырылардай көрген соң, ешкімнің сөзіне дес бермей келіп едім. Мен жалған айтқанмен, көкте Жаратқан тұр екен, уәде алысып, қол беріскен соң алды-артыма қаратпай бесіктен белі шықпаған баламды ала жөнеле ме деген үреймен өзіңе де «бата бұза алмаймын» деп жалған айтып едім. Жалған емес-ау жал айтып едім. Алдыма келтірдің. Дүмің қатты екен, өзім ғана емес бүкіл Қаратай баласын тұғырлаттың, төрем! Әлде де қорыққаннан, үріккеннен келді деме. Біз күшке емес, адал іске сенген ел едік. Алайда, күш көрсеткенге тіс көрсететін, кеудемізді өзгеге бастырмайтын, шалқайғанға бас ұрмайтын намысшыл жұртпыз ғой. Менікі, дау жоқ жерде дау тапсаң, жау жоқ жерде жау тапсаң білгеніміз, ел тізгінін ұстап жүргеніміз қайсы дегендік. – Тастай қиялап келіп, айтпағына жақындағанда бір сәт тыныстап алды да, төренің дидарын байқамақ болып, оның бетіне қараған. Төренің арық та емес, толық та емес дөңгелек жүзі ештеңені аңғартар емес екен. Қуанғанын да, ренжігенін де білдірмес сабырлы қалпы. Бірақ әңгімеге қатты ден қойып келе жатқанын байқауға болар еді. Ол да Тастайдың сәл кідіргенін пайдаланып:

– «Балық басынан шіриді». Ел тізгінін ұстағандар қырбай болса, тізгінін ұстатқандарға тимек кесірі. Бұның – білгеннің сөзі, – деп, төре де оны өзімен шендестіре құрған қақпанынан аяғын тартып алуға мұршасын келтірмеуге тырысқан. – Қанша қимағанмен қыз шіркін жат жұрттық емес пе?! Бір бала екеуіміздің арамызға дәнекер болып, бағы өрлеп тұрған Қамбардың өзімен құда қылса, одан артық маған не керек? Жанғазыдай жас төре өз теңі екен, ендеше кешегі құрдаспен бүгін неге құда болмасқа, – деп, Тастай күлбілтілемей-ақ қақпанды өзі басқан. – Тек «Кеше жаушы жібергенде бұлданып еді бүгін кішірейіп, өзі келді» деп, табалаушылық мінез көрсетсең оныңды айт, дос болуға да, қас болуға да тұратын кісімін! – Кел, құда, құшағымызды құдай ғана айырсын! – деп, Қамбар да ендігі ірілік көрсетуді артық санап, Тастайға құшағын жайған. – Малға жарлы кісі емеспін, досқа жарлы екенмін ойлап тұрсам. Жаман қорыққанын сыйлайды. Елім мені сыйласа, ішек-бауыры елжірегеннен емес, қорыққанынан, ыққанынан сыйлай ма деп қапаланамын. Жаның қысылған шақта жаныңнан табылар, басыңа іс түскенде басыңды сүйер шын жанашыр керек екен. Қорқытып шұлғытқаннан гөрі сыйлағаннан қараңа ерген елге зәру екенмін. Түйінді істің түбірін табарда ақыл-кеңес берер, қысылғанда қолтықтан демер дос таптым деп аттанармын. Сондықтан кесіп-пішіп қалың сұрар қазағың мен емес. Жалғыз сұрарым: Алтай бетіндегі досыңның беделін Сауыр бетінде де түсірмеуіңді қалаймын. Екінші айтарым, балалар алдыартын болжап, жақсы-жаманды айырсын. Жастар өздері табысып, базарлы шақтарының думанын қызықтасын. Келер күзге дейін мұрсат берсең деймін. Соңғы тілегім бес ұлдың ортасындағы жалғыз тал гүлдей болып, қызым тым нәзік, ерке болып өсіп еді, бірақ ессіз болып өспегендей, жыламаса екен, жылатпаса екен... з балапандарыңдай бауырларыңа бассаңдар екен... – Тастайдың жат жұрттыққа жаралған перзенті үшін қазірден қам жегендей үні тым мұңайыңқы естілген... – Е, Тәке, бірде ұғысып, бірде бұғысып жүрсек те шығыса алмай қалған, «Еп, бәлем, тұра-тұр!» десіп, көз алартысқан кезіміз болмапты. Бір жылдың төлі, әзіл-қалжыңы жарасар құрдас болсаң, енді міне құшағымыз айқасқан құда болып тұрмыз. Бәрін де бір Алла хош көрсін! Төренің қызын төре алып, қожаның қызын қожа алар тәртіпті ұмытқаным жоқ, алайда саған туыс болуға ниетім ауса, ол да сенің бір басыңды төреден кем көрмегенім деп біл, құда! «Қыз – жат жұрттық» деп жатамыз ғой, алайда жатқа кеткен перзентін ойламас ата-ана болмас. Балаң үшін қам жеме, бүгінде осы елдің анасындай болып отырған анау жаман бәйбішем барлық тәлімін өз қолына алар. Ол жағынан уайымың болмасын. Ұясынан еркімен ұшқан балапаныңды қолымызға еркелетіп қондырып алармыз. Екеуінің әңгімелерінің жарасқанын, жиі-жиі арқаларынан қағысып, төске-төс тигізгендерін жабықтан көріп-ақ жақсылыққа жорып отырған

Қаражан бәйбіше бір табақ қант-кәмпит, құрт-ірімшігін шашуға даярлап, сақ отырған. Отау, кіші үйлердегі Күлімхан, Күмісай бастаған әйелдер мен келінкепшікті де жанына жинап қойған. – Бәйбіше, сүйінші! Бұл келе жатқан жай ғана құрдасың емес, құдай қаласа құдаң болады! – деп Қамбар да үйге сөйлей кірген. – Тілектерің қабыл болсын, қос қарағым! – деп, осы ауылдағы қадірлі аналардың бірі, Қасқақтың шешесі Жәміш қос құдаға шашу шашты. Жаңа табысып, құдай дескен құдалар тағы да бір-екі күн аялдап, құйрықбауыр жесісіп дегендей, шағын бір той жасағандай ауыл елге құдалықтың батасын жасау рәсімім өткізіп барып, түс ауа әрең қоштасты. Тастайдың жанына ерген үш-төрт нөкері қымызға қызара бөртісіп, «құда-құда» десіп, аттарына әрең мінді. *** Мол сый-сияпатпен, тарту-таралғымен аттанған Тастайдың соңынан ілешала қалыңның басы болып саналар «бас жақсы» – құндағын күміспен күптеген түзу мылтық, ақ сауыт, жүйрік ат, бір түйені алдыға салған «бес жиырма» атанған үйір-үйір жылқы айдалып, жоралғының алды Алтай асқан. Қыз көру, үкі тағу сияқты күйеу жігіттің жолдастарымен ұрын бару сапары, одан кейінгі біраз кәдесімен Қаражан бәйбішенің аттанысы басталған істі жедел ширатып, бұрылмастай, бұлтартпастай күйге жеткізген. Әр сапар сайын бірде «қол ұстатар» деп, бірде «ілу» деп, бірде «сүтақы» деп, бірде «тоймал» деп бағалы заттар мен айдаған мал кәдеге кетіп жатты. Оның үстіне балалар да әкелердің ниеттерін құптағандай діттеген жерлерінен оңқай асықтай табыла кеткен. Қанша ерке-шолжың болып өссе де, он алтыға толып, бойжетіп дегендей, «Қыз мұраты – кету» дегеннің парық-байыбын біліп отырған Сұлушаш та қайсібіреулердің қызындай «Әке, бұл дегеніңе қарсымын!» деген жоқ. Ашық жүз, сұңғақ бойлы, еркеліктің кейбір қылықтары іс-әрекетінен байқалғанмен, көрер көзге ессіз бозбала еместігі көрініп тұрған Жанғазы қызға бірден ұнаған. Нәркес жанар, ақша жүз, әдепті тәлім көрген бойжеткенді көргенде бозбала да әке таңдауының қапысыздығына көзі жеткен. Думандатып, өз қызықтары өздерімен болысып кеткен, әрі қалыңдықтың да, күйеу жігіттің де қабақтарынан кірбің табын көремеген ата-аналардың көңілдері де байыз тапқандай еді. Тастайдың сұңғыла көзі осының бәрін де қапысыз сезіп-біліп қуанған. Себебі, атағы бүкіл Алтай, Сауырды дүрілдетіп, тасы өрге домалап тұрған Қамбар төренің өзімен құда болу, анау-мынау емес қарашаңырақ иесі болар кенже төрені күйеу бала ету әркімнің маңдайына бермес бақыт еді. Құдаң зордан болса, жел жағыңа ық, жау жағыңа қорған болары даусыз. –Апыр-ай, – деп ойлаған Тастай Жетібайдың құнына байланысты би сотынан тұрмастай болып жеңіліп, жеңіліп қана қойса бір сәрі-ау, бүкіл

Қаратай елін жерге қаратып қайтқан соң. – Апыр-ай, жат жұрт үшін жаралған баламды төреге бермеймін деп неге кергідім. зіне деп сұратса бір сәрі, төренің ертеңгі қара шаңырағын ұстайтын кенже ұлдан артық қандай күйеу бала керек еді маған? Кергимін деп кеселге ұшырадым. Алып та жығар, шалып та жығар, алпыс айла, қырық қатпар қулығы бар Қамбар сол бір ағат қадамымды алдыма келтірді». Өкінді не, өкінбеді не? Болары болып, бояуы сіңген соң төренің аяғына жығылғандай өзінің іздеп барып кішірейгені жанына қатты батқан. Енді ғой, бәрі де орнына келгендей. Кемтігі толып, кемшілік оңалғандай. Алайда, қу көңіл, неге екені белгісіз, тым алаң... Тастай осының бәріне де құл еді, құдай салды, мен көндім деген күйде еді. Тіпті, құдасының қалыңының бір бөлігі ғана деп әкелген қыруар қылқұйрық пен бес бірдей алтын кесе, тай тұяқ, қой тұяқ жамбы, күміспен күптелеген ер-тұрман, құдағи, құдашаларға арналған асыл тасты білезік, алқалар бастаған мол дүниені көргенде де сырттай құдасының мәрттігіне риза болғанмен, секемшіл қу көңіл қалай да алаңдаулы еді, қызы ғана емес тағы бір қымбаттысын алардай, сонан соң бар қызығы, бар ырысы қызбен бірге кетердей көрініп, әр шыққан күнге қауіптене қарағандай күй кешулі болатын. Тастай байдың ерке шолжаң ерке ұлы болса да еті тірі жігіт болып ержеткен. Атқа тым құмарлығынан ба, әйтеуір өзіне ұнаған асау құнан, дөненді өзі үйретуге әуес болатын. Біреудің басбілегі ғып үйретіп берген атына көп міне бермейтін. Сонда басына жүген кигіздірмей, үстіне ер-тоқым салдырмай арқырай шапшитын шу асау дөнендердің үстіңгі ернін қамшының бүлдіргесімен шұралап бұрағанда адам ырқына бағынғысы келмеген не бір қияңқы жануарлар қорқырап кеп, тізерлеп қалатын. Неге екенін кім білген, сол бір шұрасы түскір көзіне жиі елестеп, өзі шұралағандай бір ой кешуді шығарған. Иә, қауіп қылған оқиға да тамыздың бір тамылжыған әдемі шағында жайлауда отырған Тастай ауылына жеткен. ІІ Қамбардың өзі болмағанмен, көзіндей болған күйеу баласы әрі бас батыры Қасқақ келіпті. Жанында торғауыт жерінен келгелі жылқышылық кәсіпті қойып, төренің сөзін ұстап, сенімді шаруасында, былайша айтқанда, төбе бидің шабарманы сияқты жүрген Байшуақ бар. Тастай да құдаларын құрақ ұшып, қарсы алғанмен барлық жол-жоралғысы жасалып болғаннан кейінгі бұл жүрістен бірдемені сезгендей, қонақтарының беттеріне сұраулы жүзбен қараған. Айтқаны айдай келіп, сезігі шындыққа айналды. Төре буынсыз жерге пышақ ұрып, тағы да жуандық көрсетіпті. Жуандық емей немене, Тастайдың өзі ғана емес, бүкіл Қаратай елінің даңқын аспандатып тұрған Қаратына ауыз салыпты. Қонақтар асықпай қона жатып, дәл кетерле-

рінде ғана бүйімтай сұраған үй иесіне құдасының сәлемін жеткізген. Онда: «Құдай дескен мың жылдық құда болдық. Келініме жасау да бермей-ақ қойсын, Қараның сілекейін алып, қалған қызығын маған қисын! Құдамның сыйы еді деп дұшпан көз ғып ұстайын. Құдай дескен құда екеніміз шын болса, меселімді қайтарып, досқа күлкі, дұшпанға таба қылмасын!» депті. Бұл сөзді естігенде: «Төреге ілескен ер-тоқымын арқалайды» дегендей алдына кішірейіп барып, бүлдіршіндей қызымды өтпей қалардай ғып ұсынған өзімді де ұрып өлтіретін кісі жоқ» деп, Тастай іштей булыққан. Төренің алдына мүрит болып бармас та еді, «Төбемнен тастайтын аспаның болса тастап-ақ жібер» деп, әлі де жата бергендей еді, Жетібайдың құнына түскен жеті жүз қыл құйрықтан бөліс түскен ағайындары емес пе, жанжағынан шуылдасып, миына қаңқу сөздің шегесін қаққан. Олардың ойынша: «Төремен бақ таластырып, оның құда болуын менсінбейтіндей шалқайсаң шүйдеңді тіреп, еңкейсең, маңдайыңды сүйейтін қандай құдіретің бар еді? Әнеки, ішкізбей, жегізбей мыңғыртып айдатып бердірді деген осы. Ол аздай ата қоныс Жамансай да атымен, затымен өзгеріп, іргежаудың мекеніне айналды. Әлі де, Тастай, есіңді жый. Төренің күрзісі төбеңде ойнауы бір бұл емес!» деген. «Ал есін жинап, есесін алғандағысы осы ма?! Қарат емес бұл – атағымды шығарып, даңқымды асыру үшін Тәңірінің өзі аспаннан түсірген бақыт пырағы» деп жүрген дүлдүлін үйірінен бөліп, бөтен белдеуге байламақшы. Қараның бұрынғы атақ-даңқына тағы да даңқ қосып қайтқан соңғы сапардан келгеніне бір ай да тола қоймаған. Үш жүзге сауын айтқан Арқа төсінде өткен беделді бір аста екі жүзден астам не бір аузымен құс тістеген дүлдүлдер қатысқан айтулы аламанда Қараның жұлдызы жарқырап, зеңгір көктен бір-ақ көрінген. Алатау мен Қаратаудан, тіпті арғысы Қарақалпақ елі, бергісі Сарыарқаның өзінен жиналған сан сәйгүлікке шаң қаптырып, сан дәмегейлерге сан соқтырған, сөйткен де «Алтайдың арқар қарасы», «Қаратай елінің мақпал қарасы», «Тастай байдың сандал қарасы» сынды не бір атауға ие болып, Тастайдың есімін бүкіл жалпақ қазақ жеріне жайып жіберген. Тай тұяқ жамбы, қой тұяқ алтын бастатқан бір тоғыз бәйгесі Тәкеңнің бүйірін жаппас-ақ, бірақ қалың елдің ішіне гуілдеп жайылған даңқы мен дақпырты қай байлықты шендестірер?! Қараның ат қана емес, бақ екенін Тастай жақсы білер. Білген соң да төренің бұл қолқасы өзінің қолқа-жүрегін суырып алғанмен бірдей көрінер. Ағайын үшін оны «ат» деп берер еді, бірақ намысы бар азамат басындағы бағын бере ме?! Күні ертең арғымағын алшаң-алшаң бастыртып, жаттың намысын қорғауға апарып қосар. «Шіркін, Қамбардың Қарасының шығандап, дара келісі-ай» десіп, жағымпаздар көпіртер. Әй, бұл қорлықты көргенше сол тұрған жерінде өле қалсашы...» Осындай ызғарлы ой келіп, бүкіл ішек-бауырын мұз кесекке айналдырып, қанын қойылтып тұрған шақта: «Төреңе айта бар, азар болса мыңғырған қараның алдыңғы талауынан одан биылғы ақ қоян жұттан аман қалғанын ебін тауып

тағы алар, қызымды да бермеймін, атымды да бермеймін!» дегісі келіп бір тұрды да ақылын ашуға жеңдіріп, соңғы үмітіне – Қараның туада біткен дөңгелек тұяқтыда жоқ ерек бір қасиетіне қол артып, оңай құтылмақ болған. – Төреге жанымды қиғанда, қасқыр да жеп кететін сырты түк, іші боқ бір тулағымды қимай отырғаным жоқ. Бірақ тай күнінен лақпа қашаған атанып, үйірінен безінген жалқы құлжадай жеке жайылатын Қараны қуып жетіп, құрық салдырып, шалма тастатар тым болмаса жылқыға қайырып әкеле алар дөңгелек тұяқ тумай тұр. «Ұстатпаса бәйгеге қалай қосып жүр?» дер, ондай ұлы шабысқа аттанар күн таяғанда өз-өзінен жараған жануардың келіп қолға тұратын қасиеті барлығын да жасырмайын, – деген еді ол. Айтып-айтпай, бәйге кезі болмаса басқа уақытта басына жүген-құрық тимейтін жануардың жылқыға қосылмай жеке жайылатыны шын болатын. Ал Қараны ұстау үшін бауырынан жараған талай жүйрікті қан сорпа ғып ұтырлап жүріп, ес кетті, жан шықты дегенде әрең ұстайтын. Төре «тағы да бір ес кетіріп, жан шығарып ұстап беріңдер» деп, қолқа салмауы үшін Қараттың бойында жоқ, «ұлы шабыс алдында өзі келіп қолға тұрады» деген пікірді әдейі айтқан. Ол болашақ құдасына айтар сәлемін былай деп тиянақтады: – Құдаға дұғай сәлем деңдер... Өзі келіп ұстап алса да қолынан қақпан, әйтеуір қашаған Қаратқа жетер жылқы баласын тауып мінсе болғаны. Тастай өз тапқырлығына іштей риза болған. Төре де ақымақ емес, дүлдүл Қараны қуып жетіп, ұстар дөңгелек тұяқтың оның қосында ғана емес, аяқ жетер жерде жоғын білген соң сөзге, жосықсыз шартқа тоқтар деп ойлаған. «Төреге Тастай құдасы қашаған Қараны ұстап ал деп рұқсат берген екен, бірақ Қамбар тауда жүрген саяқты ұстай алмай қор болыпты» деген сөзге, күлкіге қалғысы келмейтініне сенген. Қасқақ пен Байшуақ күмістеген ноқта-жүгенін бөктерісіп, құдаларының азды-көпті сый-сияпатына риза көңіл білдірген болысып, биік қарауыл жотаның басында жалғыз жайылып жүрген Қараға жеткізбес қара елестей қарасып, елдеріне көңілсіз аттанысқан. «Бәлем, сендерге сол керек! Мықты болса, төрелеріңнің өзі келіп ұстап әкетсін!» деп, Тастай қыр асып бара жатқан қос сыйлы қонағын жанарымен ұзатып салып тұрып, миығынан күлген. Сөйтсе көз жетпес ертеңгі іс үшін бүгін үзілді-кесілді тон пішу жұмыр басты пендеге жат қылық екен де. Төренің құдаласуының басты мақсаты Қараны ғана емес, өзін де шұралаудың төте жолы екенін сезе бастаған. *** – Апыр-ай, төренің самсаған сары қолға қарсы жалғыз айдағаны жақсы еді ғой, бүйтіп қасқыр жегір бір қыл құйрықтың бодауына байлап, жігерімді құм, тауанымды тас қылғанша! – деген Қасқақ былай шыға бере жуан

сіңір, тоқпақ жалды торысын тебініп қалып. – Жердің үстімен келіп, астымен қайтардай жазығым не еді?! Бұл да бағымның қайтқаны шығар! Батырдың өкпесі қырық сылтау тауып, сұрағанын бермей қойған Тастайдан гөрі алмас қылышты қойшының таяғын жонуға салғандай, қыран бүркітті шіл-кекілікке түсіргендей ғып жұмсамайтын жолға жұмсаған Қамбар төреге бағышталғандай еді. – Налымаңыз, батыр! Төре бір қыл құйрық үшін бас батырын жұмсаса, Тастайдың айтар амалы қалмасын деген есебі болар. Тастай да бұлтарар жолын тауып тұр ғой. Әрине, бұл Қара сайтанның сағымдай сырғып, таутастың тағысы болып кеткенін кім болжапты?! Самсаған сары қолға шауып таныла алмасақ та, біздің де қарынның құрышына сары майдай сақтап жүрген бір кеп болушы еді. Сәті түссе бұл істің де бір қайыры болар деп, әлі түңілгім келмейді менің, – деген Байшуақ. – Тау тағысы болып кеткен жүйрікке бір жетім жебені жұмсап атып алмасаң, оған сақтаған қандай кебіңнің болуы мүмкін? – деген Қасқақ та серігіне ошарыла бұрылып. – Батыр «Арық сөйлеп, семіз шық» деп еді ғой халқымыз. Сондықтан айыпқа бұйырмасаңыз, әзір ол жайды тіптен сізден де құпиялай тұрайын, – деп, Байшуақ тура жауаптан жалтарған соң, Қасқақ та ол сырды әрі қарай індетіп сұрамаған... Олар сол күні-ақ сүйретпе салмен дариядан өтіп, ел орынға отыра-ақ ауыл шетіне іліккен. Осылардың келерін арнайы тосып тұрғандай төрт қанат қараша үйінен шығып, есігінің алдында көйлекшең, дамбалшаң тұрған Жұманай екеуін таныса керек, жебелей басып, алдарын ораған. – Уа, Байшуақ! – деді шыңылтыр дауыс. – Сүйінші, айналайын! – Ойбай алыңыз, көке! – деп, Байшуақ та атынан домалап түсіп, қол тоқпақтай шалды жерден көтеріп алған. – Бәсе, бүгін-ертең бір хабары болар деп едім. Қуатым-ай, азаматтығын күшімен ақтап алған екен ғой! Баратым, менің жалғыз тірегім келді ғой, ә?! Айтшы, көкетай, солай ғой, ә? – Өй, мына жынды неме қабырғамды қирата ма, қайтеді? Қоя бер, ойбай! – деді Жұмекең қуаныштан есінен танардай күйге түсіп, өзін жерден тік көтеріп әкеткен алпамсадай жігіттің құшағынан босай беріп. – Сүйінші алып пайда табамын ба деп жүргенде өзің қабырғамды күйретіп тастай жаздадың ғой, аю сияқты қорбаңдаған неме! Жә, адамды тарпа бас салғанша, алдымен сүйіншіңді атамайсың ба? Текке айтар жаңалығым жоқ, – деп қартың қутыңдады. Бұрын жалғыз аттан басқа қыл құйрық бітіп көрмеген Жұмекең торғауыттардан бір үйір жылқы айдап келгелі кез келген үйдің төріне озып, жалшы-жақыбайлардың ортасынан көп көріне де бермейтін. Малы өрісті бермей жатқан кісімсіп, екі сөзінің бірінде: «Е, құдайдың берген дәулеті бар ғой» деп отырар, малсақсып, екі сөзінің бірінде: «Мен жылқы жақты бір шолып қайтайын, өңшең әңгүдік неме кісі малының қадірін білер дейсің бе?» деп отырар байшікештік мінез тапқан. Төренің қосынына қосыл-

ған малын жиі түгелдеп, жылқышыларға ұрсып қайту да оның әдеттегі жұмысына айналған. Оның осы қасиетін білетін Байшуақ та бөгелмеді: – Сіз сияқты үйірлі жылқым болса бәрін атар едім. Бірақ ондай мал менде жоқ. «Ер мойнында қыл арқан шірімес» дейтін кезім ғой. Бұдан былай да тапқан малымның бәрі сіздікі болсын. Жалпы әке деген баласынан мал сұрамас болар. Баланың малы – әкенің малы емес пе?! – Әй, ұлым, сөз таптың. Менікі жай сөз ғой, – деп Жұмекең ұтылғанын оңай мойындаған. – Онда қуана бер! Екеуіміздің Баратжанымыз жетті аман-есен! Айтпадым ба мен, «Барат мұңғылыңның балуаны түгілі сайтаныңның балуанын да жығады, саспа!» деп. Көктемде, мен қалмақ елінде жүргенде Бараттың ішкертін күш сынасуға бара жатқанын білдім де, жас кезден құпиялап жүрген бір-екі тәсілім болушы еді... – Оу, жездеке, тұра тұршы енді, екі кештің арасында естелік айтпай, – деп, оны Қасқақ тоқтатпағанда Жұмекеңнің әңгімені әлі қаншаға сілтейтінін бір құдайдың өз де білмей қалған болар еді. – Жақсы сөз – жарым ырыс. Бір қуанттың-ау, әкетай, – деп, Байшуақ ағынан жарылған. – Сүйіншімді атадың, оныңа рахмет! Балам болсаң да атаған сүйіншіңді алу парыз. Бірақ сен ертең ат орнына жаман сары байталыңды беріп жүрме, тегінде. Қаны асыл малымның тұқымын бұзып жүрер! – Қорықпаңыз, әке! Сарыны бере қоймаспын өзім де! – Қуанышың құтты болсын! – деп, Қасқақ та қайтадан атына мінген Байшуаққа шын ниетін білдірген. Шіркін, ер азаматқа қаны бір қарындасың, жаны бір жақының – бауырдан ыстық не бар?!. Бараттың да қыстағы бір сөзі ұнап еді. «зімнің бас амандығым, елімнің намысы, жалғыз ағамның ақ тілеуі үшін күресетін мен жықпағанда кім жығады?» деген сенімділігіне сүйсінген. Қамбар өткен жылы Ошыржапқа берген уәдесінде тұрып, қыстай Барат пен Буратайды Қожамберді мен Ақтанның тәліміне салып алған соң да көктем шыққанша қайда жиын, қайда той болған жердің бәріне апарып, талай бура сандармен белдестірген. Жолбарыстай жылдам, оның үстіне айбатына қайраты сай, әрі айла-тәсілдің біразын білетін қос балуаны нағыз «күреспей бердің» өздері болған-ды. Бараттың қалмақ елінен аман-есен жеткені монғол жерінен мерейі артып келгенінің белгісі еді. Төре өзі де іштей: «Не болар екен?» деп толқи күтіп жүрген, оның үстіне басы сынға түскен жігітінің есен-сау ел шетіне келгеніне қатты қуанулы еді. «Атымды бұрынғыдан да аспандатып, құдіретімді арттыра түсу үшін, адам баласынан Баратты, жылқы баласынан Қаратты қолыма бір түсірсем» дейтін пендешілік бір ниет, әсіресе Қойбастың асынан соң қабындап, жанын тыншытпай жүрген осы бір ойтолғақ шақта «Сүйіншілеп!» Құлжабек үйге кіріп келгенде бұл қуаныштың түп төркіні қай

жақтан екенін сезе қойған. Төре түс әлетінде төр алдына қисайып еді, көзі ілініп кетіпті. Тура өңіндегідей түс көріпті. Сауырдың биігінде саятшылық құрып, ұлы таудың ұларына қаршыға түсіріп жүр екен дейді. Қанжығасы қанданып, қаршығасы бес-алты құр, екі-үш ұларды олжолатқан соң енді етекке қарай түсуді ойланып тұрғанда қолындағы қыраны талпынып қоймаған соң ештеңе көрінбесе де құсының томағасын тартқан екен дейді. Қаршығасы қанатын жебей қағып, биіктеп алды да жасындай болып, бір сайға құлдилай құлайды. «Бұл шіркін, бірдеңені көріп түскен екен-ау» деп құс құлдилаған тұсқа шауып жетіп келсе, қол басындай ғана қыраны бөріге түскенін кім көрген?!» Таңырқап тұрған сәтінде Құлжабектің «Сүйіншілеген» даусынан оянып кеткен. – Жігітім, мен де сүйінші сұрайтындай түс көрдім. Шамасы, Барат балуан аман-сау оралған болар, – деді ол басын жастықтан көтере беріп. – Дәл таптыңыз, төрем. Бараттың үш-төрт жігітпен бірге ауыл шетіне таяп қалғанын көрдім де сізге қарай ұмтылдым. Бараттың аман-сау келгені – монғолдың балуанын жеңгені болар, төрем! – Айтқаның келсін!Сүйіншіге қалағаныңды ал! Сол кезде жолаушылар да ешқайда бұрылмастан, төре ордасының жанындағы мама ағашқа аттарын байлап жатты. Төре сыртқа шығып, Баратты бауырына басып есендесіп, қарсы алғысы келген, бірақ жанында шығарып салуға келген Ошыржаптың кісілері болса, төре басымен елпілдегенім жараспас, оның үстіне балуанның есен-сау оралғанына ерекше қуанғанымды сездірмейін деген есеппен, сол сабырлы қалпын сақтап, төр алдында төбедей болып отыра берген. – Ас-салау-ма-ға-лей-кум, алдир!– деп ең алдымен Барат босағаны аттаған. – Төре қанша жерден түрлі саясат ұстаса да одан әрі отыра беруге – өзінің де ұстамды мінезі жетпей қалды. Орнынан ықшам көтеріліп, Баратты бауырына басты. Құлжабектің. «Бараттың аман-есен келгені – монғолдың балуанын жеңгені болар» деген сөзінің өте қисынды пайым екенін білген төре де Баратпен сәлемдеспей жатып: «Жығып келдің бе?» деген сияқты сауалды қойған жоқ. Оған еріп келген Қалатай бастаған қалмақ жігіттерінің көзінше Бараттың, басқасын айтпағанда әрі қарай тіршілік етуінің басты шарты сияқты болған монғол алыбын жығу, немесе одан жығылу дейтін мәселеге төре әдейі жоламаған. Жықпай келу деген түсінікті мүлде ойламайтындай, ал мақсатына жетіп, есен-сау оралу дейтінді солай болуға тиіс заңды құбылыс ретінде қабылдайтындай. Ат-көлігінің амандығын, Ошыржап тамырының, отбасының, барша қалмақ жұртының есен-саулығын сұраумен шектелген. Оның есесіне қуанышты әңгімені жеткізуге барлық әңгімеден көптен хабардар болып жүрген жолаушылардың өздері, қазақтарға өзін бір табан жақын санайтын Қалатайдың өзі бастаған.

– Төрем, біздің Барат батырдың сонау моңғол жерінен үлкен абыроймен оралғанына Ошыржап досыңыздың елі бір қуанса, енді сіздің елді бір қуандырайық деп көп кідірмей осылай бет алдық. – Бәрекелді бауырым, – деген төре балуанға қарап. – Өркенің өссін! Ошекеңнің жығылған намысын қалпына келтіріп қуантсаң, бізді ағайынның арасына есен-сау оралуыңмен қуанттың, Қамбар: «Монғолдардың тойы қалай өтті?», «Баяр балуанды қалай жықтың?» деген сияқты ендігі сәтте мән-маңызды сауалды қойған жоқ. Тек Ошыржаптың Баратты өздерін қуантып қайту үшін ғана жібергенін, ал оны қазақ еліне шығарып салу ісі жол-жоралғысымен бірер айдан соң болады деген сәлемін естіген. Төренің қазіргі сәтте «Тәубә!» дейтіні: ең басты мақсаты – Барат балуанның басына бостандық алуы болса, ол түбі қайыр, орындалды; екінші шарты Баратты ебін тауып, осы елге сіңіріп алып қалу болатын. Құдайға шүкір, ол тілегінің де басы бері қараған сияқты. Тумағанды туыс қылудың жалғыз жолы – қыз-дәнекер болса, сәтін салғанда, Баратты жаратушы төренің туған балдызы Тотыға ынтық етіпті. Бұл жайды естіген бетте-ақ Қамбар төренің іштей қуануы содан болатын. Егер бар беделін салып, осы істі оңтайына келтіре алса, онда төре өзінің бір оқпен үш қоянды бірдей атып аларына сенген. Ең әуелі, Баратқа туған балдызын беріп, тумағанды қыз-дәнекермен туыс етеді. Сөйтіп, өнері асқан жігіттің аяғына тұсау салады. Екіншіден, қай ас-тойда болсын «Төренің балуаны тұрғанда бәйгең кімге бұйыра қойсын!» десе екен дейтін қиялы жүзеге асып, өз мәртебесі биіктейді. Ал үшіншіден, «Мал бергенге жан бердім» деп, көз жасын бұлап жүрген балдызы Тотыны сүйгеніне қосып, сауабына қалады. Мұның сыртында құдай қосқан қосағы Күлімхан тоқалдың өзіне деген алғысы, ризалығы бөлек болмақ. Осындай өз есептерін іштей жұптаған Қамбар Барат қалмақ жаққа аттана салысымен, төре Күлімханды өр Керей жаққа ырғалтып-жырғалтып апарып, төркіндетіп қайтқан. Көптен келе алмай сағынысқан әке-шешесін, ағайынтуысын көріп, Күлімхан марқайса, күйеу бала ата-енесімен қасып-қасып, болашақ бажа туралы сұрап білген. Көп малдың күшімен бәйбіше, тоқалдың үстіне үшінші әйел ғып Тотыны алмақ болып, әукесі салбырап отырған Ителінің елуге иек артқан Сартай деген саппасы екен. Қос қатын алмай жатқан қай қазақ жоқ. Ал он екі де бір гүлі ашылмаған Тотыны қос қатынның үстіне алмақ болған Сартайдың нысапсыздығын естігенде өзі де намыстан жарылардай болған. Бірақ қай істі де сабырмен салмақтап шешер әдетімен сырын білдірмеген қалпы өзі тұстас атасына: «Ал сіздердің не ойларыңыз бар?» деп сұраған. – Е, Қамбаржан-ай, көрге малы түскірді бірге ала кетердей көріп, көрсоқыр болыппын ғой. Боларын болдырып, бояуын сіңдіріп алып, баталасып қойып, опық жеп отырған жайым бар, балалар. «Қай қыз жыламай құтты қонысына қоныпты?» дейтін көрсоқыр ой жетегінде жүріп:

«Осынымыз қалай?» деп Тотыжаннан сұрамаппыз да. Екі жастың біріне келгенде «Бата бұзған» атанғым келмейді, әйтпесе матап берген «қырық жетісі» Тотымның бір күнгі шат күлкісінің садақасы екен де, – деп ағынан жарылған. – Е, бұл жазған өз дегені болмаса, кісі тілін ала ма? Ерікті Тотының өзіне бер. Қаршадай қызыңды қос қатынның үстіне беріп жылатпа дедім. – Күлімханның шешесі Батсай тіпті жылап жіберген. – Өз дегенінен қайта ма бұл жазған. Енді ғой өкінген болып отырғаны. – Берген қалыңын айып-ажынымен қайтаруға шыдасаңыз, Тотыжанды жылатпау үшін мен барымды салдым! Сөзім – осы! – деген ол серт ұстағандай ғып. – Сені берген тәңірден айналдым. Құтқара гөр Тотыжанды – деп енесі жылап жіберген. – Екінші айтарым, – деген төре атасының бетіне қарап, – Балдызымның көз жасы үшін сіздер ғана емес, көріп тұрып, көрмегендей болған Күлімхан екеуіміз де жауаптымыз. Сондықтан жаным ұяда тұрса, Тотыны өзі қалаған теңіне қосамын. Тағдырын толайымымен мына Күлімхан екеуімізге тапсырасыздар. Мал керек болса, мал да болар, алдымен жанның амандығын, Тотының жыламай жүргенін, өз теңіне қосылғанын ойлаған жөн. Енесінің қызынан «Мені Сартайға қисаңыздар бұл босағадан шалқалатып шығарасыздар» деген үрейлі сөзін естігені бар еді, Қамбардың айтқаны да соны меңзеп отырғандай көрінген соң: – Малы құрысын! Жан аман болсын. Тотым екеуіңе аманат! – деп, шеше де үзілді-кесілді тоқтамын айтты. – Бердім ықтиярымды, – деді атасы да шын риза болып. Сол кезде барлық әңгімені көз жасын жұтып, жабықтан тыңдап тұрған Тоты еңіреп келіп, жездесінің аяғын құшқан. – Менің ендігі тіршілігімнің, бар тағдырымның жалғыз тірегі сіз ғана, ағатай! Ата-ене, қыз-күйеу болып осы бір ашыла сөйлестен кейін ертеңіне-ақ Қамбар бүкіл өр Керейді иелігінде ұстап отырған жолы үлкен ағасы Көгедай төреге Күлімхан екеуі сәлем бере барған. Екі-үш күн сыйлы қонақ болып жатып, кетерінде бүйімтай ретінде балдызына араша сұраған. Қамбар төреден бұрын бір Абақ Керей емес, жалпақ қазаққа атағы әділдігімен тараған төре қазақы жолмен Сартайды келеге оңай келтіріп берген. Ол тіпті айып-ажынсыз-ақ берген малын бір жылдың өсімімен қайтарғанына тәубәсін айтып, Көгедей төренің кәрінен құтылғанына қуанған. Осы бір оңтайына келген шешімнен кейін Тотыны ел жайлауға көшкен соң бар жол-жоралғысымен ауылына түсіретінін де ата-енесіне ескертіп аттанған. йткені ол Бараттың аман-есен ораларына сенген еді.

– Жарадың Баратжан, іні болып, сен уәдеде тұрсаң, аға болып, мен де уәдемде тұрдым, – деді астарлап сөйлеп. – Сенің есен-сау оралғаныңның байғазысы сол болсын! Ал Ошыржап тамырдың жайы қалай? Барат олардың да есен-амандығын айтып, сәлемін жеткізді. Ұтынасынның монғол жұртына кеткен есесін қайтарып, сонымен бірге барша торғауыттың атын шығарып келген Баратқа берген уәдесінде тұрған Ошыржап та жігітті риза ғып аттандыратынын айтыпты: «Балам, ағаң Байшуақты сөз байласып жүрген адамына үйлендіріп, уәдемде тұрдым, депті ол. – Төренің алдында саған да уәде беріп едім. Алғың келген малдан қолыңды қақпаймын, алғың келер қалыңдығың болса айт! Онан да қолыңды қақпайын! Хабарыңды білдіріп, төрені қуантқан соң тездетіп қайта орал. Байшуақ пен Бағынзыны де ерте кел. Алдымен осы жерде қуанышымызды тойлап, сонан соң еліңе жол-жоралғыңмен шығарып салайық», – депті уаң. «Уаң мырза, көкем Байшуақ айтқандай, жақсылығыңыз Алладан қайтсын! Кезінде «Мен де қалмақтан қатын аламын!» деп, бір албырттықпен айта салған сөз ғой. Сәті болып, үйленіп той жасап жатсам, өзіңізді арнайы шақырамын ғой», депті Барат ризалығын білдіріп. Құдай берген қару-қайратының арқасы, әлде ертеңінен көрер қызығы болды ма, Ошыржаптың да намысын жоғары ұстап, қалмақ Ұтынасынның өзі болмаса да, «інісі» болып, дегеніне жетіп қайтқан соң уаң уәдесінде тұрып, жас жігіт қалыңдықтан бас тартса да малдан бас тартпайтынын білдірген соң қолын қақпайтынын айтыпты. – Жә, Баратжан, ел ағасы еді деп алдымен маған келіп сәлем бергеніңе ризамын, ал тумаса да туғандай болып тас емшегін жібітіп жүрген Қатша шешеңе бара ғой. Жұмекең жездем қалай баимын деп жүргенде мал айдап келетініңді естіп қуанар. Барып, сәлемдесіп шық, сонан соң келіп әңгімелесерсің, – деп, төре оған жөн-жобаны нұсқаған. Бірақ осы кезде баласының келгенін естісе керек, Қатша да етегіне сүрініп, жетіп үлгіріпті. Тек төренің үстіне баса-көктеп кіруге бата алмай, сыртта тұрса керек, ел иесінің мына жылы сөзін естіген бетте «құлынымдап» есіктен кіріп келген. Кіріп келген бетте Баратты құшағына алып, аналық мейірімімен қауышқан. – Құлыным, бүгін өлсем де арманым жоқ. Маған қарақан басыңның есенсау оралғанынан артық сый жоқ, – деп, есті әйел төре үйінде дауыс салып жыламай, шын аналық қуанышын білдірді. Барат әкелген мал бар ма екен деп кешіккен Жұманай қарт та үйге сөйлей кірді. – Бәрекелді балам! Ошыржап саған да қалағаныңды беретін болыпты ғой. Бәрекелді Мал неге жаман болсын, ертең қатын алсаң да қажет қой! – деп, өз тұрғысынан ғана қуанышын ортаға салды. – Жездемнің арманы артында «Жұманай бай өлгенде» деген сөз қалдыру еді. Балаларыңызбен бірге енді бір екі-үш айғыр үйір жылқы жинасаңыз сол тілегіңізге жақын қалдыңыз, – деп, Нұрәлі де кәрі жездесін бір шалып қалды.

Барат Жұманай мен Қатшаға еріп сыртқа шыққанда есік алдында жанашыр жалғыз жеңгесі Бағила тосып тұр еді. Ол өкіл ата мен өкіл енеден, басқа жұрттан қысылмай келіп, қайнысының мойнына асылған. Ештеңе демесе де шын туыстық сағынышын білдіргендей ықылық атып жылап жіберуі тұрғандардың бәрін де толқытып еді. Барат өткен күзде ағасы Байшуақтың Бағиланы түсірген тойының басықасында болып, қыстай аға-жеңгесінің ерке іні, шолжаң қайнысы атанып, тұңғыш рет өз отбасының жылуын сезінген. Бағила жеңгесі де Қатша шешелерімен бірге жалғыз қайнының анасындай тілеуқоры болып, алыс сапарға аттандырып салып еді. Төре жас қонағы Баратты көп жыл көрмеген туған інісі келгендей қуана қарсы алған соң, осыдан Қасқақ пен Байшуақ дүлдүл Қараны сылаңдатып, жетелеп келер болса, ауыл-аймақты шақырып, құдайы тамақ бергізуді де іштей жұптап қойған. Содан ба, өзі де Ертіс жаққа жиі мойын созып, жолаушыларын қатты күтулі болатын. Тіпті, жолаушылар оралуға ниет қылған үшінші күннің ымырты үйіріле мазасызданып, «Жолаушының кешіккеніне сүйін» дегенді ғана медеу етіп жатқан. зінше пайымдап қараса, Тастайдың мойын бұрып, жал айтар себебін қалдырмай алды-артын торлап-ақ тастаған сияқты еді. Төңірегіне әмірі жүріп тұрған төренің оның үстіне, жаның жәннатта болғыр, Жетібайдың құнын батпандап салып, құдіретін танытқан төбе бидің көңілі бір дөңгелек тұяққа құласа, оған қарсы ешкім де дау айта алмаса керек-ті. Ол аз болса ақыретке дейін бір-бірінен жан аянбас құдай дескен құдалығы тағы бар. Жоқ, Тастай қашып құтылар бұлтарыс-қалтарыс, саңылау-сызат қалдырмай, жан-жағын бекемдеген-ақ сияқты еді... ... Бірақ, өзі асыға күтіп отырған жолаушыларының «төбесі көрінді, жетектерінде ештеңе байқалмайды» деген сөзді естігенде өз құлағына өзі сенбеген. Қырсық қылғандай, екеуінің жол ортадан шаужайларына Жұманай мылжыңның орала кеткенін көріп, зығырданы қайнаған. Дегенмен бұл кезде үйге қайта кіріп отырған сырмінез Бараттың алдында сол қорғасындай ауыр мінезінен танбауға тырысқан. Тек қана: «Е, ол екеуін төрені қойып, тәңірінің өзі күтіп отырса да қырт әкең Жұманай ет асым уақыт ұстамай жіберер деймісің?» деп, бәріне де төзімділігін байқатайын дегендей мырс етіп, күліп қана қойған. Алайда, төресінің жолаушыларды асыға тосып отырғанын қабағынан сезген даяршы жігіттердің бірі Жұманайдың үйіне қарай аяғын жебей басып жөнелген... Қасқақ пен Байшуақ аттарын ордадан біраз жерге алыстатып қағылған мамағашқа байлап, үйге қарай беттегенде орнынан қопаңдап, мазасы кете бастаған Баратқа сүйсіне қараған төре: – Бара ғой, ағаларыңның алдынан шығып сәлем бер, – деп, рұқсат берді. Сол-ақ екен жас жігіт орнынан лып етіп көтеріліп, есікке беттеген. Тағдырдың тәлейімен туған ел, туған жер, барша ағайын-туыстан жырақ, бір-біріне иық сүйесіп қана жүрген қос арыстың аз уақыт болса да, бірінің басына қатер

төнген азапты уақыт ішінде қатты сағынғандарын орданың ішінде отырған Қамбар мен сыртта тұрған Қасқақ жан-дүниелерімен сезініп еді. Бірақ Барат көргенділік көрсетіп, енесімен жанасқан арда емген тайдай ағасына ұмтылмай, алдымен жасы үлкен батырға кішілік қып сәлем берді. – Бақытты бол, балам! Мен сендей азаматтың өз намысын ғана емес, елдің намысын да тайсалмай қорғарына сенгенмін! – деп, Қасқақ жас жігітті бауырына тартып, бетінен иіскеді. – Бара ғой, ағаңмен көріс! Бірақ Байшуақ та көргенділік көрсетіп, үйде қарап отырған ел ағасын, сыртта тосып тұрған ел батырын көп күттірмейін дегендей: «Армысың, аға?!» дегенде, «Бар бол, Баратым!» деген үш сөздің бойына бауырына деген бар сағыныш, бар ықыласын сыйдырып, жауырынынан қапсыра бір қысты да қойды. Төре жолаушылардың ат-көліктерінің, өздерінің аман-сау оралғанын, Қаратай елінің, құдасының есен-саулығын сұрады. з бұйымтайын мүлде ұмытқан кісідей тағы да орасан сабырлылық көрсетіп, оларды дәмге, дастарқанға шақырды. Қос жолаушы әбден қымызға сарықтарын басқан соң ғана төре сұрамаса да, сапарлары туралы өздері әңгімелеуге ыңғай білдірген.

Шаң жұқпас шашасына саңлақ едің,
Шалдыртпай шаршы топта самғап едің
Тұлғаңнан тай күніңде-ақ үміт етіп,
Қадірге жетеді-ау деп таңдап едім.

Халық өлеңі.

САҒЫМСАРЫ

І – Байшуақ-ай, алдымнан асу бермес асқарлы тау кездессе, өткел бермес ашулы өзен кездессе, болмаса жасанған жау жолықса, дәл мұндай тығырыққа тірелмеспін. «Сақалымның ағында, өлерімнің шағында» Тастай қу шешуі қиын жұмбақты тастады ғой алдыма. «Шешемін» деп сен келесің, тумысынан дөңгелек тұяқты шаңына ілестірмеген жығылғыр Қарадан қорқып мен келемін. Қайтпек керек? Қамбар басыммен жердің үстімен барып, астымен қайтпасыма көзің жете ме? – Қамбар соңынан ерген көп нөкерлерінен оңашаланып, озыңқырап шыққанда Байшуаққа тағы қайырылған. – Алдияр, ертеңгі істі бүгін дөп басып айту – Алланың ғана шаруасы. Менің де көзімді ашып, көңілімді оятқалы көргенім – жылқы, соңынан ергенім тағы да – жылқы болған соң, көз шіркін де, көңіл шіркін де алдамас дейтін тәуекелге қол артқан жайым бар. Бәрінің де сәтін Алла біледі, – деп, Байшуақ та төренің алып-ұшқан көңілін демдер сөз айтпады... Бұдан тура бір ай бұрын Қасқақ екеуі Тастайдың: «Жылқысының ішінде қашағанды қуып жететін жүйрік болса келіп, ұстап әкете берсін!» деген, «бермейміннен» де қатқыл шартын естігенде қандай қиыннан қиналмай жол табар Қамбар шарасы таусылғандай, қатты торығып: «Жығылғыр, сол Қара тажалға қолымды созбасам етті, созған соң жеткізсем етті! Жетпейтін болса, көңілге көлденең тұрып, көзге күйік болғанша жерге сіңіп, немесе аспанға ұшып, жоғалса нетті. Әйтпесе жаным тыншып, ішкенім ас болмас!» деген серттен қатты сөз айтып, налып еді. – Алдияр, алдын ала торықпаңыз, – деп, Байшуақ сөзге батыл араласқан. – «Жақсылығыңыздың есесі үшін» деп әлі қайтпаған сол жақсылықтың өтеуін саудаға салмай-ақ қояйын. Сіздің намыс – бәріміздің намысымыз. Менің де бір ойлағаным бар еді, рұқсат болса соны айтайын. Оның көкейіне қандай көгершіннің ұя басып жүргенін біле алмай жол бойы қайыра сұрауды намыс қылғанмен, «Ол не сыр?» деген сауал Қасқақтың да ойында болатын. – Осы Байшуақ жігітіңіз сондай бір әңгіменің шетін шығарып, мені де сөзбуаз ғып қойды. Қане, жарқыным, құпияңды ақтаршы, – деген ол да Байшуаққа кеудесімен еңсеріле бұрылып. Байшуақ болса, Қараны қолға түсірудің өзінше құрған жұмбақты жоспарын айта бастаған: – Алдияр, жеңіліс білмес батыр мен балуанның дәуірі өзінен күші мен айласы асқан батыр мен балуан шыққанша ғана. Ел іші болған соң, ондай жан тумай тұрмас. Алдына мал салмас дүлдүлдің дәуірі одан жүйрік тұлпар туғанша ғана. Мал іші болған соң, ондай сәйгүлік те тумай тұрмас. Мен мал танысам Қараны алар бір қыл құйрық сіздің қосында да жүрген сияқты. – Апыр-ай, Байшуағым-ай, айтқаның ақиқат болғай да! – «Біздің де мыңғырған көп жылқыдан неге бір тұлпар тұяқ тумайды?» деп ойлаушы едім. Аузыңа май, айналайын! Лебізің қандай жақсы еді!– мірі қандай

хабарды болса да салмақты қалпын бұзбай отырып тыңдайтын Қамбар алғаш рет басқаша бір жеңілтектеу мінез танытты. – Айтқаның рас болып, дегеніңе жетсең жолыңа ақсары бас айттым! – Бірақ қазір оның қандай жылқы екенін менен сұрамай-ақ қойсаңыздар екен. Күндердің күні болғанда менің тұлпар тұяғым Қаратпен бәйге жолының үстінде салғыласар. Ол кейінгі күндердің қамы. Ал, бүгінгі сөз Тастайдың Қарасын сауырлап жүріп бұғалықтауда, сөйтіп «Асқанға – тосқан» жасауда ғана ғой. Ойлаған мақсат жүзеге асу үшін маған кемі жиырма күндей мұрсат керек... – деп, бір тоқтаған. – Қалағаның болсын! – деді Қамбар да ойланбай. – Оған дейін жүйрігімді баптап, тағы бір сынап көрейін, сонан соң «Алла» деп атқа мінерміз. Қараттың да өнерін танып болған жоқпын, жүйріктің де жүйрігі бар. Былтырғы, бір жолғы шабысы жүз жылда бір туар тұлпардың аяқ алысы еді. Ал енді өзім сеніп жүрген жануардың одан артық-кемдігіне әзір баға бере алман. Сондықтан да менің алдағы сапарымдағы әрекетім сенімнен гөрі тәуекелге, үмітке көбірек қол артады. Біздің алда болар сапар сырт көз үшін Қаратты ұстауға арналған емес, сіздің жай ғана құдаға қонақтап, болашақ келініңізді көріп қайту сапары ғана болуы керек. – Иә, Тастайдың төрені шақырып кеткені рас. Бұл сөзіңнің жөні бар, – деп, Қасқақ та оны қостаған. Байшуақ әңгімесін одан әрі былай сабақтаған. – Құда сыйыңызды жеп, хайыр-хош айтар тұс таянғанда сіздің алдыңғы бұйымтайыңызды, қашаған Қараны құрықтайтын жылқының жоқтығынан орындай алмағанын Тасекемнің өзі-ақ айтар. Ол сөзге сіз тіпті мән бермеген болыңыз. Әнеки, сонда мен бағымды сынап көрермін. Мен сіздің атқосшыңыз есебінде, сөзінің парқы, існің нарқы жоқ есерлеу біреу болып көрінермін. йтіп құбылуымның мәнін түсінбей қалып жүрмеңіз. Қашағанды қуып жетіп ұстасақ, мақсатқа жеткеніміз. Жете алмағандай болсақ, бұл әрекет сіздің емес, «тәйтік» нөкеріңіздің бір «әумесерлігі» болып қала береді. – Бауырым Байшуақ-ай, алғаш жүздескенімде-ақ кісілігіңмен, жөн білер жобаңмен жүрегімді жылытып едің. Қараны құрықтай алар жүйрігіңді табуың өз алдына, менің намысымды да ойлап, жасамақ қарекеттеріңнен де сұңғылалығыңды тағы көрдім-ау, – Қамбар бір түрлі толқи сөйледі. – Егер осы айтқаның орындалар болса, ағайынды екеуіңді жалғызсыратпау үшін қолымнан келгенді мен де аянбаспын. Туғанымдай ғана жанымда емес, туымдай ғып қолыма ұстармын... Осы сөз байлам болып, Қамбардың құдасына аттанар сапары құпия сақталған болатын. Келісімді күн туғанда ол сый-сияпатын, тартутаралғысын алып дегендей, дүрк көтеріліп, нөкерлерімен ауыл таңғы тәтті ұйқыда жатқанда аттанып кеткен. Байшуақ айтқан сәйгүлікті тумасынан атқұмар төре осы мерзім ішінде қанша көргісі келсе де, берген уәдеде тұрып, жылқы маңына жоламаған.

Кесімді күні Байшуақ астына керген төсектей жараған сылаң қаққан сары бедеу мініп келген. – Оу, мынауың әлгі былтыр Ошыржаптың он қосын жылқысынан таңдап алған жаман сары байталың емес пе?! – деп таң бозынан малсақсып сыртта жүрген Жұманай көсе сығырая қараған. – Тек, жануардың бір басы екеу болып жүретін кезде сүргіндетіп, құлын тастатқансыңдар-ау, ә?! Амал бар ма, қымызы бір үйлі жанды тойдырардай сүтті болғандай екен... – Көке, келер жылғы қымызына тойсақ та болар, – деп Байшуақ өтіп бара жатып, қарттың «обал-ай» деген сөзін тағы естіген. Қамбар, Қасқақ бастаған ауыл ағалары да кеуделі болғанмен онша тұрықты емес, бірақ жүзіктің көзінен өткендей қағілез сары бедеудің былтырғы жетелеп келген сары байтал екенін көргенде Жұманайдан кем таңданбаған... ІІ Тастай құдасы емес, құдайдың өзі келіп жатқандай бүкіл Қаратайдың игі жақсыларын жинап, аянбай-ақ аяғынан тік тұрып қызмет көрсеткен. Ат жетер жердегі әншілері мен күйшілерін, ойын-сауықтың көркі болар басқа да өнерпаздарын алдырып, думан құрғызды. Не бір самаржақ ақындары жиналып, алты алашқа хан болған Абылайдан тартып, әкесі Санияз бен бақ қонып, Қыдыр дарыған Қамбар төренің өзін жырға қосты. Сөйтіп өзгеше, бұл өңірде бұрын-соңды болмаған бір салтанат құрдырып еді. Салтанаттың соңы ғып қонақтарды Алтай аралатып, серуен құрдырып, саятқа шығарған. Құс салдырып, тазы жүгірткен. Алтайдың сұлу табиғатын тамашалатқан. Марқаны жағалатып, Алтайдың биігінде тұрып, шар айнадай жарқырап жатқан осынау ғажайып көлдің керемет сұлулығына қонақтарын тәнті етті. – Осы көлді жағалаған кейбір ағайын «ұшқыш» дейтін майлы балығын аулап, жеңсік ас деп жеп жатады, – деген Тастай елеусіз ғана. Онысы «көңіліңіз қаласа, оны да көрейік» демек еді, бірақ құдасы «Судың құртын кім жеп көрген?» деп жүре ме деп батпаған. Марқадан өрлеп, Тесіктас, Биқазан асты, Алқабек, Теректіні сүздіріп, Тарлаулы, Қызылашыны тамашалатты. Бірақ құдасының алдын-ала кісі салып, сұратқан бұйымтайы туралы келгелі бергі үш-төрт күннің мәулетінде жұмған аузын ашпаған. «Қолыңнан келіп, атың жетсе, атақты Қара дүлдүл – менмін» дегендей бір күні түсте қашаған жалғыз өзі арқардың құлжасындай болып, ауыл сыртындағы бір биік жотаның ұшар басынан көрінген. – Құда, анау көз ұшындағы жалғыз қара арқар, әлде бұғы емес пе? – деген Қамбар әдейі білмеген болып. – Е, құда, не бардың санында, не жоқтың санатында жоқ, даңқынан гөрі дақпырты басым Қарат сол ғой. Қасқыр да жеп кетер бір тулақты сұратқанда, қолымды қақты деп өкпелеген де шығарсың. Жылқы маңына жуымай саяқ кетіп, жеке жүрген жүрісі сол. Оны ұстаймын деу сары далада сағымды

қуғанмен бірдей тірлік... Әйтпесе, жылқымды қосынымен айдап кетсең де, «Оу, мұның қалай?» деп алдыңнан шығармын ба? – Ол құдасының бетіне қарап, жымиып қойды. – Қазір құда болғанымызбен бұрынғы құрдаспыз. Бір жағы құрдастық базынам болсын, осы саяқ қараға жетер атың болса, көр бағыңды сынап. Ұстап алар болсаң, құдай куә «еһе» демейін.. Ал атың жетпесе, маған реніш айтпа! – Ол да көмейіне неше күннен бері кептелген сөзді сыртқа шығарып, бір «уһ» дегендей еді. – Е, Тәке, құрдас болып ішек-қарнымыз араласып қарық болмадық. Ендіенді құда боламыз ба деп құшағымызды айқастырған кезде тау тағысы болып кеткен бір саяғың үшін барымды салып, бақ сынарым жоқ,бәтіреке! – деп, төре де құрдасының бетіне қараған. – Атыңды қимадың ба, әлде мені қинағың келді ме, әйтеуір қоянбұлтағың көбейіп кетті ғой... Осы бір сөзді көптен күткен Байшуақ Тастайдың ойына келмеген бір ұсыныс айтқан: – Құда, – деген ол тым беделді кісілердің әңгімелерін бұзуға тәуекел етіп. – Құда, егер рұқсат болса, арқар боп кеткен қашаған Қараны мен қуалап көрейінші. Мынау жаман сары бедеуім талай қашағанды қуалап ұстаған кәнігі мал еді. Жанына жақын жанасалатқандай болса, шалма тастап көрермін, жете алмасам, сарының текке төгілген бір ащы тері болар да. – Әй, жігітім-ай, дүлдүл Қараға дөнежін шығар тырақыңды салып, босқа күлкі боларсың, – деп, Қамбар да мынау «оқыс ұсынысты» жаңа естіп тұрғандай сыңай танытты. Бірақ оның бұл сөзінің «Құдай жолыңды оңғарсын!» дегенмен бірдей екенін Байшуақ та білмей қалған жоқ. – Онан да, шырағым, бұл ойыңнан қайтқаның жөн болар. Күні ертең күллі Қаратай баласының күлкісі мен табасына қалармыз. – Құда, жігіттің меселі қайтпасын. Шығандап жайылар жүйрігімнің шырқын алдың демейін. Оның үстіне бұл жігітің қашаған қуалар қулығымды әдейі мініп келгенде «Ұстап алып кетсін!» деген уәдесінде тұрмады деп жүрер. – Әй, құда-ай, қашағаныңды үркіткені мен сары бедеудің төгілген тері емес-ау, мені қинайтын! – деп, төре жылы жымиған. – «Тастайдың төре құдасы келіп, дүлдүл Қараны тырақы бедеумен ұстамақ болыпты» дейтін екеуімізге келер елдің сөзінен қорқамын да... – Құрметті құда, қадірлі төрем, – деп, Байшуақ та екеуінің бетіне қарап мағнасыз ыржыйып күлген. «Ойнап келуге жібере қойыңдаршы» деп әкешешеге өтініш жасаған баладан түрі айнымай қалған. «Менің құдам да нөкер болуға жарайтын адамды тапқан екен?» дегендей Тастай да оған мүсіркей қараған. – Рұқсат етіңіздерші енді! Ең жаманы дөнежінімнің жемтігі Алтайда қалар... – Әй, жігітім-ай, «Дөнежінімнің жемтігі Алтайда қалар» десең құдаңның сені ер-тоқымыңды арқалатып, жаяу қайтармасын білген соң айтып тұрған шығарсың. Меселің қайтпасын, бара ғой, – деген Тастай да жымиып. Сонан

соң төреге қарады: – Құда, атқосшыңызға рұқсатыңызды беріңіз. Барып, көрсін. Құдасы шешімін де кідірмей айтқан. – Бедеуі жетсе беделін де, жетпесе ұят-намысын да Байшуақ батыр өз мойнына алса, меселін қайтармайық! Барсын, көрсін. Тек тезірек орал. Осы сөз байлам болды да, Байшуақ ауыл маңындағы мініс аттарының ішінде жүрген сары бедеуге өзі келіп жүген салған. Ол атын ерттеп, түйенің мойын терісінен үш қабаттап ширата ескен жеті құлаш жан арқанын ердің шеттігіне шумақтап байлап жатқанда да Қамбар толқып, «Жолың болсын, бауырым!» деп, батасын бергендей іштей тілегін тілеп тұрса да, Тастайға сыр білдірмей, әңгіме ауанын мүлде басқа жаққа бұрған. – Жарықтық Алтай да биыл ұзатылар қыздай жайнап тұр екен... Іштей арбасып тұрған қос құда әңгіме ауанын әр жаққа бұрғанмен, бір жүйріктің болашақ иесі болудың түйінін шешер сәтте екеуі екі түрлі күйде еді. Біреуі бір үміт, бір күдікте тұрса, екіншісі дүлдүл Қараның шибұт бедеуге шалдырмасына сенімді болатын. Сүт пісірім өтер өтпесте өзіне қарай қиялай салған жалғыз салт аттыны көрген Қара да сынаптай сырғып, қыр асты да көзден таса болған. – Қой, құда күнсімей үйге кірелік, – деді Тастай. – Бүгін түс ауа төр жайлау асып барып, бой жазып, серуен құрып қайтсақ деген ой бар. Сізге арнайы дәм татырсақ деп тосып отырған ағайындар бар еді... Әлде жаңағы қашаған қуғыш жігіттің оралуын күтеміз бе? Оның үнінде «Бір әңгүдік жігітіңнің жұрттың күлкісін келтірер оспадар қылығынан әлі де үмітіңді үзбей отырсың ба?» деген мысқылдың сарыны да жоқ емес еді. Оны төре де, Қасқақ батыр да елемеген болды. – Құда, ертең жолға шығар алдында дем алғанымыз жөн болар, ағайынға үш-төрт күннен бері қонақтап жатырмыз ғой. Құдай қаласа мың жылдық құда болдық. Төр жайлауды келесі сапардың еншісіне қалдыралық. – деп, төре бұл ұсынысқа самарқаулық танытып, сыпайы ғана бас тартқан. – Бүкіл Қаратай еліндегі ағайынның сый-сияпатын көреміз деп қонақтай берсек, қар жауғанша жатармыз. Күн кіші бесінге қарай ауып, сыйлы қонақтар тыста серуен құрып жүрген кезде әлдекім: – Ананы қараңыздар, ат жетелеген біреу келе жатыр, – деп қос құданың жүректерін зырқ еткізген. Бірінің жүрегі қуаныштан туласа, бірінің жүрегі бұлай боларын күткенді қойып, ойлай да алмаған мына шындықтан жүрегін қабындыра жаздаған. Тек «Ә, құдай-ау, ат жетелеген басқа біреу болса игі еді» деп іштей тілек тілеген. – Мінгені де, қосары да баран сияқты көрінеді ғой! – Тастай соңғы үміттің жалына жармасты.

– Қатты терлеген қылаң да баран болып көрінуші еді! – Қамбар жандүниесіне сүйіншідей болып естілген алғашқы хабардың шындығына күмән келтіргісі келмеген. Жұртпен бірге екеуі де көлеңке түсіп үлгірген бір сайды құлдап келе жатқан жылқы жетелеген жалғыз аттыға еміне қараған. – Атқа бір жамбастап отырысы менің «әңгүдігімнен» аумайды екен! – деді Қамбар қуанышын жасыра алмай. – Аусар атшымның Қараны жетіп ұстарын тілесем де, сенбегенім рас еді. – Астындағы көлігі Қараның аяқ алысынан аумайды. «Естімеген елде көп...» деген осы екен-ау, – деді Тастай ішек-бауырын өрттей жалмап бара жатқан өкінішін жасыра алмай. Онсыз да қызыл күрең жүзіне қаны теуіп, күреңітіп кетіпті. Үнінде белгісіз діріл бар. Бәрінің де тыныстарын тереңнен тартуға мәжбүр еткен жүргіншінің Байшуақ екеніне, астындағы атының Қара, жетегіндегі жылқының «ши бұт сары бедеу» екеніне еш күмәні қалмаған кезде Тастай шарасыздықпен тіл қатқан: – Е, хан тұқымы, сенімен тізе теңестіріп, бастас боламын деу қарадан шыққан біз міскінге әлі ерте екен. «Аттыға ілесемін деп, жаяудың таңы айрылыпты» дегенге көзімді бүгін тағы да үзілді-кесілді жеткіздің. Алып та жығады екенсің, шалып та жығады екенсің. Тасың өрге домалап, басың төрде тұр екен... – Тастай тартынбай сөйлеген. «Ием-ау, бақ қайтты ма, тумысымда маған жетер қыл құйрық, дөңгелек тұяқ жоқ деп жүргенде мені ғана емес, сені де масқаралап, тал түсте келіп, бедеумен қуып, шалмалап ұстады деген не сұмдық?» дегендей көзі-басын тер жуып, барып-келіп тұрған Қараға ызалана көз салып қойды. – «Бар байлығым бір төбе де, Қаратым – бір төбе» деп жанымның қызығына балаған жүйрігімді байталыңмен келіп ұстағаның айтар сөзімді тауысып, аузымды буды. Айтылған сөз – атылған оқ». Уәде – құдай сөзі. Қараның ендігі қызығын сен көр, құда! – Құда, таусылмашы! «Атыңа жеттім, аруағымды асырдым» деп, күпінер кісің мен емес. Екеуіміздің табысқан құшағымызға салқын түсіргендей Қарат қара пәле болмасын. Бір дөңгелек тұяқ сенің көңіліңнің садағасы, өзің алып-ақ қал! Мен көптен құрық тигізбей жүрген қашағаныңды ұстап берген-ақ болайын, – деп, Қамбар да шын ниетін білдірген. Жасырары жоқ, о баста төренің «Шіркін, жүйрік Қараны өз намысымды ғана жыртар төл пырақ етсем-ау» дейтін менмендікке ұқсас пенделіктің басым болғаны өзіне мәлім. Ал дәл бүгін дегеніне қол жеткен соң, ондай күй, ондай сезімнен ада болатын. Ең бастысы, құдасы қойған қиын шарттың үдесінен шыға білгені оған ендігі жерде Қараттың өз басынан да қымбат еді. Күні ертең бұл әңгіменің түрлене құбылып, алты алаш болмаса да иісі Найман, Керей баласына тарайтынына күмәнданбайды. Ендігі жасаған мәрттігінің де мұның есебіне ұпай болып қосыла берерінің сөзсіздігін бажайлап тұрған.

– Айтпан, құда! Айтқан екенмін, одан, сірә, қайтпан! Қараның атағы өз атағыңа сай болғай, әумин! – деп, ол батып бара жатқан күнге қарап, бетін сипады... Тастай содан кейін ертеңіне қонақтары жайланып болып, шайланып болып аттанғанша жүйрігі туралы ештеңе айтпаған. Ушыққан жарасының аузын тырнамайын дегендей Қамбар да сөзді биіктен қозғап, жердегі пендшілік, күйбің тіршілікке көп жоламаған. «Адам ғұмыры – жемір уақыттың қас қағым сәті ғана. Әншейін, пенде шіркін пәруәйсыз тіршіліктің қалтарысқатпарына үңілумен, сырттан келер жау болмаса, іргелесінің іргесін қазумен жүріп, сол аз ғұмырында өзі де, көзі де тоймас боқ дүниені қуалаймын, біреудің есебінен қотанын кеңітіп, мал жинаймын деп аңдысумен, арпалысумен жүріп, топырақтан жаралған тәнінің қайтадан топыраққа қосылғанын білмей де қалады екен. Саналы жан иелері санаспай, дүниеауи қызыққа таласпай қабақпен түсінісіп, ғұмыр кешер күн болар ма екен, шіркін!» Төренің сол кеште айтқан осы тектес аспани толғамына шұлғымаған, «сөз-ақ қой!» деспеген кісі жоқ. «Тегін адам хан тұқымы бола ма, тегін адам төбе би болып, Алтай-Сауырды ашса – алақаны, жұмса – жұмырығында ұстай алар ма?», деп ел жақсылары оны іштей мойындап отырғандай. Тастай ғана «Сенімен таласқанның талағы тарс айрылар. Таласпағаның сол болса, тапа тал түсте келіп, малымның басы, ырысымның алдындай көрер жүйрігімді тартып алғаныңды не деп ақтамақсың?» деп ойлаған. Бірақ Тастай Тастай болғалы тұңғыш рет тауы шағылды, іштегі ойын тұншықтырып, сыртқа шығара алмады. Тек қонақтары аттанарда танадай көзі жалтырап, Байшуақтың жетегінде алшаңдай басып бара жатқан Қараның қаз мойнынан құшып: – Жануарым, тұмсығыңнан сыпырып, мәпелеген малым едің. Төрт тұяғыңның садағасына кетейін, мен ғана емес, исі Қаратай, бүтін Найман елінің атағын аспандатып едің. кпем жоқ саған. Қай жарысқа шықсаң да, тілеуқорың болып жатармын! Хош, жануарым, хош, – деп, сілекейін алып, жібек шапанының шалғайына жаққан. Оның жан толқынысын үнінің дірілінен ғана байқауға болар еді. Бар ырысы шайқалып, басынан бақ тайғандай күйде қалып бара жатса да, бірі мерейі асып, мейманасы тасыған сәтін сезінгендей қуаныш кернеп, аттанып бара жатса да құдалық салтымен қимай-қимай қоштасқандай сыңайларын танытты. Бұл сапарына ойламаған жерден намысы сынға түскен сәтте жолына жолдыаяқ қылып, Байшуақты жолықтырған Тәңіріне әбден риза пейілмен олжалы қайтқан Қамбар ауылдан ұзап шықпай-ақ кешелі бері кеудесіне сыймай жүрген ризалық көңілі мен таңданысқа толы сауалын сыртқа шығарған:

– Байшуақ, бауырым-ай, маңдайыма ырыс қып Құдайдың өзі жіберген шығар сені маған. Екі дүниеде ризамын!.. Ошыржап уаңның жер қайыстырған қалың жылқысынан жалғыз сары байталды таңдаған себебіңді енді білдім. Ал, жарқыным, енді айтшы, өнеріне бәрімізді кеше ғана тәнті еткен мұның қадір-қасиетін қайдан біле қойдың? Бәріміз «жаман сары» атап жүрген байталды танығандай жылқы баласының иесісің бе, киесісің бе? Мынауың тұлпардың қу басын құшақтап жылайтын Қанжығалы Ішпекбай баланың аңызы сияқты, көз көрмесе, құлақ естігенге сенбес оқиға болдыау! – Алдияр, ат танырдай асып бара жатқан сыншылығым жоқ еді, құлын күнінен аспанда ұшқан құсты жерде жүріп қуалап ойнайтын ерекше мінезін байқап едім. Кейін қос қолтықтың астындағы бұғана қабырғалардың қанаттана сыртқа тебе біткенін көріп, таң қалдым... – Апыр-ай, рас екен-ау! – деп, таңырқасты жолаушылар маң-маң басып келе жатқан бедеудің екі жағына кезек шығысып. – Қойбас шешеміздің асына келген кезде мына Қараның қабырғасына да көз салғанмын. Сарыдай болмағанымен мұның да бұғана қабырғасының бітісі бөлек... Қазақтың «қолтығының астында қанат біткен» дейтін сөзінің төркіні шын жүйріктің осы ерекшелігіне орай айтылса керек. Түбі Сарының Қаратты аларын сонда-ақ білгенмін. Оның үстіне Қарат жайлауда еркін жайылып жүрген тоқ мал болған соң, «қалай да қуып жетермін» деген үміт еді ғой менікі, – деп, Байшуақ өз құпиясының түйінін тарқатқан. – Көзімізді малдың арасында жүріп ашқан соң ба, әлде әкемнің аруақ қонған сыншылығынан көңілде қалған кеңестерінің жұрнағы ма, жылқы баласының бас-аяғына қарай жүретінім бар еді. Сарыны құлынынан бақылай жүріп, басқа малға ұқсамас қасиеттерін байқайтынмын. Енесі жеті жасқа толып, күш-қуаты кемеліне келген қазақы қарабайыр мама бие болған соң да, бұл жатырда жайлы жатып, жетіліп туған. Әкесі түрікменнің текежәуміті мен қазақы қарабайырдың қасиеттерін қатар алған будан болар деп топшылаймын. Сонан соң Сары жылқы ішінде жусағанда да, төрттағандап мүлгіп тұратынына қарап, «Күнім келгенде төрт тағаным аман болса, өнерімді сонда көрсетермін» деп тұратынын түсінуші едім. – Байшуақ Сарыға сүйсіне қарап қойып, сөзін жалғады. – «Құдай да берген жеріне бере береді» дегендей, Сарының тал бойындағы жалғыз кемшілігі ұрғашы мал болып жаралғаны демесеңіздер, тұла бойынан мін табу қиын. Жаратушы шебер өңшең бір-бірімен үндесіп жатқан жарасым мен келісімді осы жануарға жинап, бере салғандай. Сарының мінезі мінсіз. з күшіне сенген малдың кеңдігі. Жылқы баласының оң жақ бүйіріндегі қабырғасы сол жағынан артық бітеді, ал екі жағы тең бітсе, құдайдың бергені. Қылқұйрықты алдыға салмас сирек туар тұлпарың сол. Тістері жұқалтаң, аппақ маржандай болып, тізіліп тұрса қанеки. Танауы кең, көздері қап-қара, құлақтары сопақша, шүйделі, жалы сирек, алшақ төстабанының арасынан кісі өткендей,

асықты жілігіне қарағанда сирағы ұзындау, үлкен тұяқ, дөңгелек табан, қақпан бел, астау–сауыр, құйыршығы қысқа деген сияқты жақсы белгілердің бәрі де Сарының бойынан табылады... – Апыр-ай, Байшуақ-ай, Сарының дүлдүлдігін ісіңмен де, сөзіңмен де қапысыз сендіріп, қолмен қойғандай дәлелдеп бердің, – деді бағанадан сөзді үнсіз тыңдап келе жатқан Қасқақ батыр. – Ұмытпасам, Сағымсарың – Ошыржаптың төл тумасы. Мен білгенде, торғауыт жылқысы монғолы тұқымдас, өршіл, жүріске қажымас жатағандау келетін сияқты болушы еді. Сағымсарының енесін қазақы қарабайыр дегеніңе жіп таға алмай келемін. Және Ошыржап түрікмен еліне жақын маңнан көшіп келсе де, оның қосынынан текежәумітке ұқсас жылқы баласын көрмеген сияқтымын. зіміздің қалың Керейдің ішінде ғана бірлі-екілі будан айғыр бар деп естуші едім... Байшуақ өте бір қиын сауал естігендей бөгеліп қалды. Бидай өңіне де қызғылт реңк жүгірді. Қандай қиын түйіннің де қисынын қиналмай табар жігіттің бұл бөгелісіне жолаушылар жіп таға алмаған. Байшуақ: – Е, батыр аға, төре тоқтам бергенше қазақ, қалмақ талай барымтақарымта жасап, малды үйірлеп қуаласқан кезден қалған бір белгі болар, – деді де қойды. Бұл сөзді ешкім індеткен жоқ. Алайда үлкен бір даудың басы осы Сарыдан шығарын ол сәтте ешкім де болжаған жоқ. Байшуақ әңгіме ауанын мүлде басқа арнаға бұрайын дегендей: – Батыр аға, байқадыңыз ба, «Қолда өскен төбеттің «күшік» аты қалмайды» дегендей, Сарым дөнежін шықса да, «Сары байтал» аты қалған жоқ. Тіпті Жұманай әкей «Сары тырақы» деп те атаушы еді. Сіз «Сағымсары» деп әдемі де өзіне лайық ат қойып бердіңіз. – Бәрекелді, Сарыңның аты құтты болсын! – деді төре де көңілденіп. Бұл кезде Қамбар төре жоғалтқандарын тауып, кем-кетігін артығымен түгендегендей күйде еді. «Енді ол қандай да бір айтулы ас, торқалы той қазақ жерінің қай түкпірінде болсын батыл басып бара алады. Жай ғана бармайды, балуан түскен жерде «Күрестірмей-ақ жүлдеңді Найманның Байжігітіне беріңдер!» дей алар. Олай дейтіні Қалмақтың Ұтынасының жамбасын күйретіп, монғолдың Байарын төңкеріп тастаған, әлі күнге жаурыны жерге тиіп көрмеген Бараты бар. Ол аз болса, жараған бурадай Буратайы тағы бар. Бәйге болса, «Шаптырмай-ақ бәйгеңді Байжігітітң төресі Қамбарға, маған беріңдер!» деп өктем сөйлей алар. Олай дейтіні, бүкіл Сарыарқа, Алтай-Сауырға атағы кеткен дүлділ Қарасы бар. Ол аз болса, құс қанатты Сағымсарысы тағы бар. – Төренің жаңа ғана көктемдей болып келе жатқан жайдары жүзін белгісіз бір кірбің торлады. Әлде бір көңілсіз жай ойына оралғандай қабағын түйіп, елеусіз ғана кіржиген. – Әттең, әттең алынбаған кегім Қаба өзенінің бойында жатқан Қожамбеттің Жұрынтайында кетті... Бәлкім, алынбаған кек өзімнің де ағат іс, артық әрекетімнің есесі шығар... Алайда, адамның сөзі түзу болғанынан Алланың көзі түзу болғанына не жетсін. Жазықты болсам мен

жазықты едім Жұрынтайдың алдында, жазықсыз жануарым Аққайыңның жапа шеккені әлі күнге естен кетпес. Енді көрсін Жұрынтай маған деген Алланың көзі түзулігін. Мен тірі тұрғанда қос арысым Баратым мен Буратайым, қос қанатым Қара мен Сарыма ешкім де зиян келтіре алмас. Төренің есіне сол бір оспадар әрекетке толы, бұл кезде өзі болмаса өзге үшін ұмыт болған күндер оралған...

Өтіп дәурен барады соққан желдей, Бір кеткен соң зар қылар қайтып келмей. Дос-жарыңның барында қадірін біл Дүниеде жүрмейсің ақыр өлмей. Халық өлеңі. ЕГЕС І

– Қамбар төренің үйі қайсы? – деп, сұраған жолаушы сауын биелерін түнгі жайылымға жайып бара жатқан жас жігіттен – Жол болсын, ағасы! Алыстан келе жатқан жолаушы сияқтысыз-ау деймін? – деді жігіт жолаушыға қарап. – И», шырақ, Өр Алтайдың шығыс тұмсығынан ағатын Қаба өзенінің бойын жайлап жатқан Шерушінің батыры Жұрынтай деген ағаң боламын. Қамбар төре біздің Жабай төреге хабар беріп, мені асығыс келіп-кетсін деген екен. Содан түн қатып, түс қашып дегендей келе жатқан жайым бар, – деп, келісінің жөнін айтқан. Жас жігіт те: «Төренің үйі – анау» деп, нұсқай алмай, кішілік көрсеткен. – Батыр, мен сіздің келгеніңіз туралы шауып барып, құлағдар етейін. Сіз де ақырындап, аяңдай берерсіз, – деп, ауылға қарай шаба жөнелген. Жолаушы ауылға тақай бергенде жігіт алдынан қайта шыққан. – Батыр, қазір төре ауылда жоқ екен. Сізді қарсы алатын даяршы жігіттер даяр отыр. Сізді арнайы тігілген қонақүйге түссін дейді. – Ол жолаушыны басқа үйлерден оңашалау тігілген үйге қарай бастап жүрді. Сөйткенше екіүш жігіт келіп, жапырласа сәлем берісіп, қонақты құрметпен аттан түсіріп алған. Ат-көлігінің аман-сау, шаршамай-шалдықпай жеткенін сұрасып, оны төрдегі төрт қабаттап жайылған көрпеге отырғызып, дастарқан жайып, қымыз әкелді. Ұзақ жолдан сусап, шаршап келген жалғыз атты жолаушы екі шара қымызды бірінен соң бірін жұтып, аузын орамалымен сүрте берген кезде қарақұсынан тиген күтпеген ауыр соққыдан соң аялы көз жанары алайып барып, бір жағына қарай қисая берген. «Баукеспе немені қайтып тұрмастай ғып байлаңдар» деген бөгде дауысты естігеней болды. Одан кейінгісі бұлыңғыр, терең тұңғиыққа батып бара жатқандай бір күй кешті де санасы да ойлау қабілетінен айрылып, тыныштық құшағына біржолата еніп бара жатты.Ол қолын артына қаратып байлап, аяғына темір кісен салғанын да білген жоқ. Есін жинаған кезде жартылай ашық түңліктен күн сәулесі түсіп тұрғанын байқады. «Апыр-ау, мен қайда жатырмын? Көк желкеме тас байлап қойғандай зіл-батпан болып не ғып көтертпейді? Басы неге күйіп-жанып барады? – Мен қайдамын? – деді ол кеберсіген ернін жалап, тіл қатқан. Дәл жанында жан алғыш әзірейілдей болып отырған күйек сақал жуан қара мырса етіп күлген. – Сен, баукеспе ұры, «Мың асқанға – бір тосқан» деп, жасаған қылмыстарыңа жауап беру үшін «Қияметтің қыл көпірінде» тұрсың. Жолаушы біраз үнсіз жатып, кешегі сапарын ойына түсірді. «Байжігітің Жұмығын ашса – алақанында, жұмса – жұмырығында ұстап отырған Қамбар төре сені қалап-сұрап шақыртыпты. Не үшін шақыртқанын қайдан білейін? Әйтеуір, «Жанына нөкер ертпей жалғыз келіп-қайтсын» депті. Сені Қасқақ батырдың қасына қосқысы келе ме, кім білсін. Олай деп ұсыныс айтса, өзіңнің де артыңда еліңнің барын ұмытпассың» деп, Абақ Керейлердің біраз

атасына төрелік етіп жүрген Жабайдың жайма-шуақтатқан хабары есіне түскен. «Төре маған құда түсердей неге шақырады? Жалғыз келсін» дегені қалай? деген сауалына да Жабай: «Саған Қамбар не қыла қояр дейсің? Неге шақыртқанын бара көрерсің» деген Жабай сөзінен кейін жолға шыққаны, одан екі күн жүріп есен-сау жеткені... Төре ауылында қонақ үйге түскені, екі тостаған қымыз ішкені... содан кейін қарағұсынан ауыр соққының тигені есіне түсті. – Не кінәм үшін соққыға жығып, байлап-матап отырсыңдар? Қамбар төре сонда маған не қылмайсың дейді. Сөйткенше киіз үйдің есігі ашылып, жанында екі-үш жігіті бар сусар бөрікті дөңгелек сақал жігіт ағасы үйге кірген. «Шамасы, Қамбар төре сен боларсың» деген ойға келген Жұрынтай оған алара қараған. – А, қаншелек төре! Шақыртып алып, соққыға жығардай әкең Саниязды мен өлтіріп пе едім? Әлде қатыныңның қойнында жатқанымда ұстап алып па едің? Хан тұқымымын деп асқаның ба бұл, әлде тасқаның ба? «Зорсынғанға Алла бар, сом темірге балға бар!» Бүйтіп қорлағанша бірден жоқтауымды асыр, әйтпесе, айтпады деме, өле-өлгенше қолым жағаңда, тісім кеңірдегіңде кетер. – Қолын шешіңдер, кісенімен қашып кете қоймас, – деді Қамбар нөкерлеріне. – Қымыз әкеліңдер. Сарығын бассын. Біреулері қолын шандып байлаған қыл арқанды кездікпен қиған соң тұтқын икемге келмей қаны ұйып қалған қолын уқалап, біраз отырды. Сол кезде сырлы шарамен исі бұрқыраған қымызды көтеріп келген жігіт тостағанды толтыра құйып ұсынған. Батыр оны ішкелі отырған кісі сияқты қолына алды да сол бойда Қамбардың бетіне шаша салды. – Мә, атау керек өзіңе! Жаудың қолынан дәм татқанша шөлдеп, аштан өлейін. Қара халықтың сұрауы жоқ деме, төре. Он екі ата Абақ, ол аз болса, исі Найман, Керей іздер мені. Сонда көрермін беліңнің бекемдігін. Қамбар қабағын шытқан жоқ. Көлкемдей шайы орамалын алып, бетін сүртті. – Бүйтпесең, Жұрынтай батыр болармысың?! «Жаздым, жаңылдым!» деп аяғыма жығылсаң, қадіріңе жетпес едім. «Көп асқанға бір тосқан» дегенді өзің де жаңа меңзедің. «Батыр, батыр» дегенге сен де асып кеттің, Жүреке. Қолыңа бұғау, аяғыңа тұсау салынса, мұны алдыңнан шыққан «тосқан» деп біл. «Арыстан әлін білгенде, құмырсқа жолын білсін» деген де сөз бар. «Бұраудың да сұрауы боларын» ұмытып, менің қосынымды бір емес, екі емес қайыра-қайтара барымталағаныңды есіңе түсіріп, тәубаңа келтірмек болдым. «Мұның – қате!» деп көрші, қане. – Төре, не кигенге, не жегенге жарымаған кедей-кепшік елімді аш бөрідей жортып жүріп, барымтамен асырағаным да рас. Бірақ балашағамның, ел-жұртымның атымен ант етейін, сенің аулыңа ат ізін салып тұрғаным осы. Азамат деп сөзіме сенсең бұдан басқа айтарым жоқ.

Алғанымды көрген кісің болса, кінәмді мойныма қой. Қоя алмасаң, жөніме қоя бер. Бәрібір «өзім жауықтырған бір дұшпаным бар» деп жіберсең де. Ел бсқарып отырған есті төре болсаң, мойныма қояр айыбың болса, адамша шақыртып, болмаса еліме адам жіберіп, айтпассың ба айтарыңды. «Жалғыз келсін» деп шақыртып алып, соққыға жықтың. Байлап-матап, жақыннан жау іздедің. Мен болдым, енді аузым құлыптаулы, тілім күрмеулі. Жұрынтай отты жанарын төренің өңменінен өткізердей зілдене қарап, үнсіз қалған. – Е, батырым-ай, «Жақыннан жау іздедің» дедің-ау. Жақыныңды жау еткен өзің болған соң менде не амал қалып еді? «Мал ашуы – жан ашуы». Әлде төренің малы сұраусыз дедің бе? Жыл-он екі айдың ішінде қосыныма үш рет тиіп, жиыны жүздей дөңгелек тұяқтымды олжаладың. «Куәң бар ма?» дедің. Сүргіндете қуған жылқымның ізі Қара Ертістен өткені сайрап жатты. «Алыстан алсақ із кесе алмайды» деп сонау Ібір-Сібір орыс жерінен, бергі қытай-монғол, қалмақ елдерінен үйрілеп мал тартып жүрген сенің жортауылдарыңнан хабардармын. «Дәніккеннен құныққан жаман», олжаң аз көрініп, енді келіп, Алтай-Сауырды тонай бастадың. Сені ұстасам, сол өзің зар қақсатқан елдің сауабы үшін ұстадым. Сені жазаласам, сол көп жұрттың алғысын алармын. Ұрлықпен жеген жылы-жұмсағыңды желкеңнен шығармасам, Қамбар атым өшсін. Айт қане, айыбыңды мойныңа ал! Төре қанша тепсініп, зілденгенмен Жұрынтай тілін жұтып қойғандай, жақ ашып, бір сөз қайтармай қойған. – Өз обалы өзіне, шынын айтып, кінәсін мойнына алғанша аямай ұрыпсоғыңдар. Аузына бір қасық су татырмай, аштан сілесін қатырыңдар. Бұл зәнталақ қашып кетіп жүрмесін, күндіз-түні көз жазбай күзетіңдер! – деп, Қамбар екі білегін сыбанып, жау түсіргендей болып тұрған жанындағы күйек сақалға қарады. Ол күйек сақал Оспанқұл дейтін барымташылығымен аты шыққан ноқайлау жігіт болатын. Оны төре осыдан бес-алты ай бұрын «Қожандардың ішінде кірме боп жүрген жалғыз үй қырғыз екен, нағыз ақ бауыр сойыд сүйреткен барымташы» дегенді естіп, өзінің кірме, рутайпалардың адамдарын бауырына тартып жүретін әдетімен арнайы кісі жіберіп шақыртып алған. Оспанқұл төренің көңілінен шығып, жай ғана «барып кел, алып келдің» адамы емес, «барып кел, шауып келдің» адамы екенін дәлелдеп үлгірген. Ешкімді аяуды, обал-сауап дегенді көп біле бермейтін, тіпті білгісі де келмейтін Оспанқұл төре емес, Тәңірінің өзі айтқандай оның бұйрығын екі етіп көрген емес. Қамбар үйден шығысымен, ол күркіреп келіп, көлденең түсіп жатқан Жұрынтайды бүйірден ыңқ еткізіп бір тепкен. – Жаныңның барында айт қане, төренің жылқысын алған сенсің ғой! – Әй, қарғыбаулы төбет, жанымды алар Үңкір-Мәңкүр сен болсаң да тоқтат бассыздығыңды. Қара жанымды аман қалдырсаң, осыныңды алдыңа еселеп қайтаруға серт беремін. Айтарым осы ғана, – деді Жұрынтай

Оспанқұлдың бетіне шақшия қарап. – Өз басыңның амандығы қымбат болса, мені өлтіріп таста! Жазадан құтылуыңның жалғыз жолы осы! – Мә, саған олай болса! – Дырау қамшы батырдың жон жотасында ойнады. Бірақ Жұрынтай тісін шықырлатқаны болмаса «қыңқ» деп үн шығармаған. Оны үш күн, үш түн бойы азаптап, сабаса да сол үндемеген қалпы жатып алған. Тұтқынның әлі жақ ашпай жатқанынан хабардар болып отырған төренің де амалы таусылған. Біржолата жоқтауын асырта салайын десе тоқты-торы емес, немесе іздеуі, сұрауы аз қатардағы қарақшылардың бірі де емес, бір елдің найзасының ұшындай болған атақты батырының жоғалып кетуі үлкен лаңға айналарын білді. Тіпті, ел ішінің бүлінері даусыз. Төртінші күн дегенде ол «Мен сілтеген шоқпардың жеңіл болмасын, мен кескен айыптың ауыр боларын жұрт біле жүрсін» деген тағы бір оспадар шешімге келген. Ол бұл жұрт бұрын-соңды көргенді қойып, естіп-білмеген жазаның сұмдық түрі болатын. Оспанқұл өзі сияқты үш-төрт жендетімен Жұрынтай жатқан үйге кіріп,. оның аяғындағы кісенін шешкен. – Өлуге асығып едің, тұр орныңнан! – деп ақырғанда да Жұрынтай қозғалмай жата берген. жөн-жосықсыз тиген ауыр соққыдан көгала қойдай болып ісінген жүзінен бұрынғы мысқылды күлкінің де ізі байқалмайды. Оның үстіне үш күн бойы нәр сызбаған соң да әл-қуаты сарқылғандай. – Кеудесіндегі желбегейі мен жейдесін шешіңдер, – деп, бұйырды Оспанқұл жанындағы серіктеріне. Өзі барып, ошақта сөніп қалған қарағай көмірін әкеліп, Жұрынтайдың жалаңаш денесін, ісіп кеткен бет-аузын күйелеп, бояды. – Енді есік алдына алып шығып, ана қара өгізге мінгізіңдер де ауыл-ауылды аралатыңдар. Оспанқұл жанындағы серіктерімен түйенің жарты етіндей ауыр денесін жартылай жалаңаштап, күйелеп тастаған Жұрынтайды өгізге мінгізе алмай әуіреге түсіп жатқан кезде: «Тоқтатыңдар!» деген дауысты естіп, селт ете қалған. Бұлар жалт қарағанда астындағы атын ақ көбік қып шауып келіп, жандарына тоқтаған Қасқақ батырды көрді. – Өй, өңшең хайуан текті малғұндар! Мыналарың не?! Мыналарың не деп тұрмын ғой сендерге?! – деп, ыржия күліп келіп, атының шаужайынан ұстай берген Оспанқұлды қамшысымен осып өтті. – Маған не қыл дейсіз, батыр-ау?! – деп, неше күннен бері Жұрынтайға ірілік көрсетіп келген Оспанқұл өз бетін қамшыдан далдалай берген. – Төренің бұйрығы осылай болса, біз қайтейік? – Үйге кіргізіп, мына масқаралаған күйесін сүртіп, киіндіріңдер. Мен төреге барып, өзім сөйлесемін. – Ол жерде сұлық жатқан Жұрынтайдың басын көтерді. – Батырым, алтын басыңды аяқпен тепкен оспадарлар үшін мен кешірім сұрайын... Үш-төрт күн елде болмап едім... Қасқақ атына асығып мініп, Қамбардың ордасына қарай шаба жөнелген.

Ол ақ орданың сықырлауығын шалқайта ашып, жараған бурадай буырқанып үйге кірген. Төре төсегінен әлі тұра қоймапты. Бірақ үйдің іргесіне дейін дүбірлете шауып келген адамның тегін жолаушы еместігін сезгендей жібек желбегейін кигелі жатыр екен. Қамбар ештеңе болмағандай босағадан ашулы кірген батырының бетіне күле қараған. Бірақ Қасқақтың бұлайша таң атар-атпастан түтігіп келісінің себебін іштей сезінген еді. – Жүрісің суыт екен, батырым. Ел аман, жұрт тыныш па? Не болып қалды жарқыным? Түрегеліп тұрып айтқан сөздің парқы аз. Төрлет, жайғасып отырып айт айтарыңды. Іші бір жайсыз хабарды сезгендей Қасқақ кіріп келгенде тысқа шыға жөнелген Күлімхан да қазан-ошақтың маңынан құлақ түріп тұрғанын Қасқақ та байқаған. Ол да естісін дегендей ол әдейі бар даусымен тіл қатқан. – Елің де аман, жұртың да тыныш, төрем. Бірақ әзірге ғана. Найманның бір бұтағын биледім деп қалың Найман, Керейдің екі тізгін, бір шылбыры қолымда деп ойлап қалдың ба?! Төре Тәңірі емес. Тіпті жарты әлемді билеген түпкі бабаң Шыңғыс хан да Тәңірі бола алмаған. – Батыр, соңғы кезде көбірек сөйлейтін болып жүрсің. – Көп ісіңді көрмейін, көп қылығыңды естімейін десем де, төрем, көре тұрып көрмегендей, ести тұрып білмегендей бола алмаспын. Бір жұртттың бетке ұстаған батыры Жұрынтайды сонша қорлайтындай артынан іздеушісі, сұраушысы жоқ дедің бе?! Мен ертелетіп, ентігімді баспай келгенде жалғыз Жұрынтайдың намысын жыртып келіп тұрған жоқпын, сенің де алдыңнан шығар үлкен даудан арашалап жатқаным. Ол даудан қалай қашып, қалай құтыларыңды өзің шешерсің. Мені де қара өгізге мінгізіп, бетіме күйе жағып, масқараласаң да енді Жұрынтайды Оспанқұлдай оспадарыңа бермеймін. Еліне жеткізіп, сен үшін кешу өтінермін олардан. – Дүркін-дүркін келіп, жылқымды қуалаған ұрыға жақтаса қалған екенсің. Түбі қайыр болғай! – Нақтысына көзің жетпей тұрып, жазықсызды желкелегенің жараспаған. Бұлтармастай дәлелің болса, билер талқысына салып жазаласаң оны сенің қолыңнан кім арашалап алар еді. Біреудің ақ-қарасына көзің жетпей тұрып, тым жабайы жазаға жығуыңды қоштай алман, – деп, Қасқақ үйден шыға берген. Қамбар да оған ештеңе айта алмай отырып қаған. Бетің бар, жүзің бар деуді білмейтін, патша көңілі қалай шешсе, сол шешімінен таймайтын батырына бір нәрсе айтудан ештеңе шықпайтынын өзі де жақсы білді. «Шынында да мен «Ол малды Жұрынтайдан өзге ешкім де алған жоқ» дейтін ел сөзіне еріп, сол шіркінге босқа ұрындым-ау. Жай ғана ұрынбай Оспанқұл сынды әпербақанның қолына беріп, сотамды артықтау сілтедім-ау осы» дейтін күмәнді ой кешелі-бері иектей бастаған. Бетіне қара күйе жағып, қара өгізге теріс қаратып мінгізіп масқаралағанымда бұдан да артық пәлеге

қалғандай екенмін. Не болғанда да оны Қасқақтың келіп арашалап алғаны дұрыс болды» деген ойға келген еді Қамбар. Шындығында Жұрынтайды Қасқақтың жоқ кезін пайдаланып шақырмаған болатын. «Құлынның қасынуына мылтықтың басуы» дегендей, Қасқақ өр Керей жақтағы бір ағайынның тойына кеткен кезде бірер апта бұрын шақыртқан Жұрынтай да келе қалғаны. Ашу үстінде артық кеткенін сезіне бастаған төре Қасқақтың арашасына да қарсы келе қоймаған. Екі-үш күннен соң Қасқақтың Жұрынтай замандасын Қара Ертістен өткізіп, жолына салып жібергенін естіген. Жұрынтайдан келген кесірді көріп алмақ. ІІ Жыл айналып жетсе де Жұрынтайдың жан жарасы жазылмады. Күндіз қабағынан қар жауып, ешкіммен тілдеспей жатып алса, түн баласы мамық төсек емес, тас үстінде жатқандай дөңбекшіп ұйқы көрмейтінді шығарды. Жазықсыздан жапа шектірген Қамбар төреден және алдап-сулап оның аранына айдап салған, ешнәрседен хабары жоқ адамдай монтансыған өз елінің төресі Жабайдан кек алуға белді бекем буған. «Алдымен ісім Қамбармен болсын, Жабайдың да кезегін асықпай келтірермін» деп түйген. Бір жылдан бері аш бөрідей жортып, жер түбінен жылқы тартуға бірге баратын өңшең аққаптал серіктері тыпыр етпей жыл бойы жатып алған басшылары, Жұрынтайдан күдер үзгендей ауыл үйдің күйбеңімен жүрген болатын. Батыр оларды бір түнде жинап алып, ең сенімді деген жиырма шақты жігіттерді ертіп, Маңырақты бетке алған. Бұрынғы әдеттерімен күндіз қалың тоғай арасына жасырынып, түнде жортып отырып, екінші түннің таңы қылаң бере Кендірлік өзені бойындағы қалың нар қамыстың арасына келіп, бой тасалады. Шолғыншы ғып аттандырған екі жігітіне: төренің қосыны қай жерде; жылқышылары қанша жігіт; қосынның ішінде Қамбардың маңдайына басқан сәйгүлігі Аққайыңы бар ма? – осыларды қолмен қойғандай анықтап келуді тапсырған. Біреулер жөн сұрай қалса, «Ақсуат жақтан келе жатқан Мұрын елінің жігіттеріміз. Шілікті жақтағы нағашыларымызды іздеп шығып едік» деп айтуды үйреткен. Шолғыншылар түннің бір уағында оралған. Айтыстары: «Төренің үш қосын жылқысы Маңырақтың теріскей жақ быдырағында жатыр. Әр қосында екі-үштен ғана жылқышы бар. Көзге бірден көрінетін аппақ қардай Аққайың атты сәйгүлік екінші қосында екен. Және жылқышылар: «Бұл жануар тұлпар тұяқ болғанмен, бала-шаға да ұстап ала беретін соншалықты жуас мал» деген. – Онда бағытымыз төренің екінші қосыны болсын. Біз жылқышыларының бетін қайтарып жүргенде қалғандарың төрт-бес үйір жылқыны бөліп алып шығыңдар. Бұл жолғы мақсат – оның басқа жылқысынан гөрі, қалайда Аққайыңды бірге алып шығу. Сонан соңғы айтарым, сойылдарыңды байқап сілтеңдер. Байдың малын бағып, оған қоса жанып бағып жүрген

жылқышларды жазым ғып алып жүрмеңдер. Тізеден соқсаңдар өздері де аттарынан аунап түсер, – деп, Жұрынтай жігіттеріне тапсырмасын берген. Күні бойы тыңайып қалған аттарымен олар желе жортыспен жылқыға таң алдында келіп тиген. Үн-түнсіз келіп, қалың жылқыны аралап жүрген он шақты салт аттыларды көрген күзетші жылқышының жан даусы шыққан. – Жау-жау! Аттан, аттан! Бұл кезде Жұрынтайдың он шақты жігіті жүз қаралы жылқыны бөліп алып, қуалай жөнелген. Қара барқынданып, тұтас дене сияқты жөңкіліп бара жатқан жылқы ішіндегі ағараңдап көрінген екі-үш қыл құйрықты көрсе де күндіз шолғыншы болып келген жігіттің біреуінен: – Аққайың осылардың ішінде ме? Анықтап көрдің бе? – деп сұрады. – Анау жалғыз атты күзетші ұйықтап тұрғанда жылқыны аралап жүріп көрдім. Саспаңыз, батыр. Діттеген жүйрігіңіз осында. Сол кезде бес-алты қуғыншы да құрықтарын көлденең ұстап, қуып жеткен. – Тастап кет, тастап кет! Бұл – төренің малы. Неге тиесіңдер? – Төренің малы болса, қайтеді екен?! Қане, жандарыңның барында қайтыңдар!Әйтпесе өліктеріңді шашып кетемін! – деп, Жұрынтай тосқауылда тұрған он-онбестей серіктерінің ішінен бөлініп шығып, көлденеңдеп тұра қалған. Астына баран мінген дәу қара ағызып келген бойда ақ сойылын сілтеп қалған. Жұрынтай бұғып үлгірді де арынымен шауып бара жатқан жауына қатарласа беріп, емшекті шоқпарымен оң тізесінен тық еткізген. Дәу қара атының сауырынан аунап түсті. – Қайт қане! – деп, күркіреді ол тағы да. Бетке ұстар мықтылары ат сауырынан аунап түскен соң және тосқауылда тұрған көп аттыны көрген соң жылқышлар тізгіндерін тежеген. Бір-екеуі «аттандап» басқа қосындарына қарай шаба жөнелген. – Қаншасы келер дейсіңдер? Тартыңдар елге қарай. Сәйгектетіп қуалаған қалың жылқы заулаған күйі Кендірлік өзенінен өткенде шығыс беттен таң арайы да көрінген. – Ертістен өткен соң бір-ақ тынығамыз, – деді батыр. – Бұрындары із жасырып біраз жерге барып алып, елге орағытып оралушы едік... – деген серіктерінің біріне Жұрынтай зілдене қараған. – Жасырынып, бұқпантайларым жоқ. Білсін төре, кінәсіз жанды кінәлаудың қалай боларын. Осы жолы малын менің алғанымды да білсін, білсін де көтеріп тұрған аспаны болса төбемнен тастап жіберсін. Қолаяғымды байлап, көрсеткен қорлығынан ауыр болар деймісің?! – деді. Сонан соң айналасындағы серіктеріне қарап сөзін жалғады. – Елге жеткен соң Аққайыңды және бірер айдан кейін болатын жиынның сойысына деп он шақты семізін қалдырыңдар да қалғанын ұрыспай, таласпай, тең ғып бөліп алыңдар.

Бірақ, «Бірер айдан кейін болатын ол қандай жиын» деп, ешқайсысы батып сұрай алмаған. Ол жанына ең сенімді деген екі жігітін ған ертіп, Қайтадан кендірліктің қалың қамысына қара йбет түзеген. – Жігіттер, ақыр келіп қалған екенбіз. «Жақсылығы өткен» бірер азамат бар еді. Қарыз боп кетсем, жараспас. Соны өтеп қайтайын, – деді бар болғаны. «Батырға кімнің жақсылығы өтіпті? Оны қалай қайтармақшы?» Бұл да серіктеріне жұмбақ күйіндегі әңгіме болып қалды. Жұрынтай сол күні де қамыс арасына келіп жасырынған. – Батыр, сіз кімге қарыз болып жүрсіз? – деп, сұраған серікетріне: – Осында, төренің итаршысы болып жүрген Оспанқұл дейтін күйек сақал бар еді. Соған «сәлем бермей» кетсем, азамат басыма сын болмақ, – деп, ол суық жымиған. Сонан соң серіктерінің біріне тапсырма берді: – Сен төре ауылын сырттай бақылап кел. Күйек сақалдың төрт қанат үйі ауылдың бергі шетінде оңашалау тігілген сияқты еді. Өзі үйінде ме екен, біліп келерсіңдер. – Күйек сақалыңғыз кешкілік бір жақтан келді. Алыс жолдан келсе керек, атын суытып, қаңтарып қойды, – деген шолғыншының хабарынан кейін үшеуі де атқа қонып, төре ауылын бетке алған. Жазығы жоқ қатын-баласын шулатып қайтеміз. Оспанқұлдың атын отқа қоятын уақытын күтеміз, – деді батыр серіктеріне. Ауыл шетіндегі үйді сырттай күзетіп жатқан жігіттер көп күткен жоқ. көйлек-дамбалы ағараңдап, тысқа шыққан үй иесі атының ер тоқымын алды да оны жетелеп, үйінен ұзай берген. Сол кезде бір түп шеңгелдің түбінен шыға келген Жұрынтай селебесін Ай сәулесімен жарқ еткізіп, Оспанқұлдың кеңірдегіне тоса қойды. – Үніңді шығарма, иттің баласы! Оспанқұл да тым бейғам сөйледі. – Ә, Жұрынтай батыр, бір айналып соғарыңды біліп едім. Жеткен екенсің ғой. – Тірінің жасаған иттігі тіріден қайтады. Жаныңды алғалы келдім. Иманыңды айта бер. – Өлтірсең бала-шағаны шошытпай, алысқа апарып өлтір. Төреге жағамын деп артық кеткенімді өзім де біліп едім. Жұрынтайға керегі де сол болатын. Оспанқұлды ауылдан ұзатып алып: – Жарайды, Оспанқұл, аяғыма жығылып кешірім сұра. Бәлкім жаныңды қиярмын, – деген. – Жоқ, батыр! Кісі қолымен істегенді мойнымен көтерер болар. «Қылша мойын – талша». Қиялай шап басымды. Кегің қайтар сонымен. – Жалынып, жалбарынсаң, бәлкім, өлтіріп те кетер едім. Мына ерлерше айтқан кесігің кісілігімді оята бастады, – деді де Жұрынтай шоқпардай жұдырығымен талмау жерден бір ұрып, оны жалманынан түсірді. Есін жиып

үлгіртпей тұтқынының дар еткізіп жыртқан жейдесінің бір өңірімен аузын тығындап, ұзын шылбырымен аяқ-қолын шандып байлады да: – Бұдан былай жазығы жоқ жанға жұдырығыңды ала ұмтылмайтын боласың. Төреңе де айт, кешелі-бүгін жоғалтқан малы болса, Қаба бойына келсін, деді де, жігіттеріне «кеттік» деген ишара жасаған. * * * Тамыздың басында Алтайдың Шығыс бетіндегі Қаба өзені бойындағы Қызылқайың деген жерде Қожамбеттің Жұрынтай батырдың асы беріледі», деп сауын айтқан шапқыншылар он-он бес күннің ішінде ат жетер жерді түгел аралап, Найман, Керейдің біраз аталарын адақтап шыққан. Құдай-ау, не дейді? Жұрынтай батыр да дүниеден озып па еді? Е, иманы жолдас болсын марқұмның». «Ол кісі марқұм болған жоқ, әлі тірі». «Не дейді, айналайындар-ау, тірі кісіге ас бере ме екен?» «Е, біз қайдан білейік? «Өзіме тірі кезімде-ақ ас беремін. Ағайынға сауын айтып, хабарландырыңдар» деген соң келгеніміз ғой». Осы әңгіме әр ауылға барған сайын он рет, жүз рет қайталанған болар. Қанша қайталанса да бұл хабарды естіген әркімнің көңіл қойнауында шешімін таппаған жұмбақтай болып, үлкен сауал қалып қойған. Ол – «өзі тірі отырып, қалай асын бермекші?» дейтін мәселе болатын. Қатар отырған көрші ауылдар бір-бірлерінен хабар алысты. «Апыр-ау, Жұрынтайдың мұнысы әзілі ме, әлде шыны ме? Батыр екенмін деп қазақы тіршілікте бұрын-соңды болмаған үрдісті бастағаны қалай? Ел ағасы болып отырған Жабай төре бұған қалай қарапты? Ал біз бір жыл бұрын өлген арысты аза тұтқандай артынып-тартынып баруымыз қажет пе?» Осындай сауалдар көбейіп кеткендіктен, біраз ел ағалары кеңес құрып, «Баралық, көрелік мұның қандай кеп екенін» деген байламға келген. Белгіленген мөлшерге бір-екі күн қалғанда ат жетер жердегі ағайындар сойыс малдарын жетелеп, саба-саба қымыздарын артып, Қаба өзені бойындағы Қызылқайыңға іркес-тіркес келе бастаған. зен бойындағы талшіліктер мен беткейдегі бұта-бүргеннің жапырақтары қызыл күрең және шүкір сары бояуларға малып алғандай бүкіл аңғарға ерекшек өң беріп тұр. Тау етегіндегі кең аңғарға жаздың соңғы айы келгенмен, мұндағы шөп буыны қатып, сарғая қоймаған. Әлі жап-жасыл. Түннің салқындай бастағанынан шөп басына ертеңгілік қырау тұра бастағаннан да маса-шіркейсіз нағыз «шыбынсыз жаз» дейтін малға да, жанға да ерекше бір жайлы кезең еді. Төскейге көше-көше ғып тіктірген қалың киіз үйлерді, алдарынан атқа мініп қарсы алған даяршы жігіттерді көргенде ғана келушілердің көңілдері орындарына түскендей: «Е, мына Жұрынтайың шындаған екен» дескен. Тамыздың алғашқы күні-ақ Қамбар төренің иелігіндегі Жұмық руынан басқасының бәрі де түгелдей жиналып болған.

Үш күнге созылған ас барлық салт-дәстүрлерді сақтап өткізілді. Тек қана қаралы ту болған жоқ, тұлданған ат сойылған жоқ, әйелдері соңғы жоқтау айтқан жоқ, тек қана молда батырдың ата-бабаларына, шеше-әжелерінің аруақтарына арнап, құран оқыды. Қонақтар ертеңгі асқа тойып, ас өтер кең аңғарға жиналған кезде ас өткізудің бар рәсімдерін өз қолына алып жүрген Жұрынтай астына мінген ақ боз атпен жұрт алдына шығып: – Менің асыма деп басымды сыйлап келген ағайын, – деп, дауыстай сөйлегенде жиналып тұрған аттылы, жаяулы қалың нөпір тына қалды. – Ағайын, барша жұртымызда жоқ жаман ырымды бастағаным үшін алысжақыннан келген баршаңыздан кешу өтінемін. Рас, көзінің тірісінде көрін қаздырып, моласын , күмбезін тұрғыздырып қоятындар әр өңірде де болғанын жақсы білесіздер. Ал көзінің тірісінде, ағайынның ортасында отырып, ас берген алғашқы қазақ мен болармын. Оған себеп: біріншіден, көптен көріспеген ағайын, жиналып, жүз көріссін, ойын-сауық көріп, көңіл көтерсін дедім. Екіншіден... – ол көмейіне сөз түйіліп қалғандай біраз кідіріс жасады. – Екіншіден, мен шындығында өлген адаммын. Былайша айтқанда, тірі-өлікпін. – Астафир-Алла, мына шіркін не деп кетті тағы, – деп үлкендер жағы жағаларын ұстаған. Жұрынтай сөзін жалғады. – Елім тарықпасын деген оймен тым-тым алыстағы өрісіне малы сыймайтын, сөйте тұра малшы-жалшысына қотыр тайын қимайтын, оның үстіне, мейманалары асқан сасық байлардан үйірдеп жылқы барымталағаным да рас. Бірақ ағайын, жақыныма, айналама жасаған, әсіресе өзіміздің Жабай төре мен бір шеті Шорға мен бір шеті Маңырақтың бергі бетінде жатқан Қамбар төреге жаманшылық жасамағаныма бір Алла куә. Бөрі де көрші қотаннан қой алмайтын. Сонда да екі төре ымдасып, жымдасып жүріп, мені өткен жылы Ққамбар төре алдап қолға түсіріп, аяққа тұсау, қолға бұғау салды. Құлақ естіп, көз көрмеген қорлық көрсетіп, итаршыларының соққысына жықты. Ол аздай бет-аузымды, денемді күйелеп, қара өгізге теріс мінгізіп, ел-елді аралатып, сағымды сындырмақ болды. Абырой болғанда Қасқақ батырдың арашасымен ол жазадан аман қалдым. Иә, ағайын, батыр едім деп бүгін желке жүнімді күдірейтердей нем қалып еді? Әнеки, бір жыл бұрын-ақ өлген, Қамбар төре өлтірген кісімін. Сендердің алдарыңда тұрған менің тәнім ғана. Жаным, рухым сонда өлген. Ас өлген жанға берілмеуші ме еді! Ендеше бұл ас Қамбар төре өлтірген жаныма арналып отыр. Рас, бірер ай бұрын ол төренің қосынынан төрт-бес үйір жылқысын қуып келдім. Онымен де өлген рухым тірілер ме екен?! Сол кезде ыңыршағы айналған арық ақ боз атқа отын артқан біреу оны жетегіне алып, көпшіліктің сырт жағымен кетіп бара жатқан. Жұрынтай отыншыны қолымен нұсқап тұрып сөзін жалғады.

– О, жылқы түлігінің киесі Қамбар ата, жазығы жоқ жануарды иесі үшін қорлағанымды кеше гөр, мен байбақты... Жұртым, екі құлағы кесіліп, арқасы жеті жерден тесіліп, бір көзін ағызып, осынау астың отынын тасып жүрген анау жануар осындай аста, тойда алдына мал салып көрмеген, атақты дүлдүл Аққайың, Қамбар төренің мақтанышы болған атақты жүйрігі. Жұрынтайдың төренің атақ-даңқынан қаймықпай мынадай ашық жаулыққа баруын біреулер нағыз ерлікке балап, сүйініс білдірсе, енді біреулер жазығы жоқ малды иесінің кінәсі үшін осынша қорлағанына реніш білдіріп, бастарын шайқасқан. Не болғанда да үш күн, үш түн әдемі сауықпен, не бір ұлттық ойын түрлерімен жалғасқан ас аяқталғанда келген қонақтардың біразы Қамбар төренің жазықсыз жанға көрсеткен қорлығы үшін одан түңіліп аттанса, біразы Жұрынтайдың Аққайыңдай тұлпар тұяққа жасаған масқара әрекеті үшін одан түңіліп аттанған. * * * «Ел құлағы – елу» деген, отыз тістен шыққан сөз ғана емес, отыз рулы елдің игі жақсылары көзбен көрген оқиға аз күнде түрлене құбылып, бүкіл өңір жұртына жайылып болған. Әрине, бұл әңгіме хан тұқымдары Қамбар мен Жабай төрелерден қарапайым жұртшылықты шошындыра, тіпті жирендіре бастағандары да шындық болатын. Қасқақтың төреге айтқан ескертуі де айна-қатесіз ақиқатқа айналды. «Қарапайым қарашаны басындырмаймын. Батырына тіземді бір батырып алсам, басқасы сескеніп жүретін болады» деп істеген бір тәуекелі осылайша жиған-терген беделінен жұрдай қылған. Оның үстіне екі туып, бір қалған қандасым, жанашырым деп, Жабай төреге: «Мына жаугершілікте қаншалықты ерлік жасағаны белгісіз, бірақ барымташылықта аты шығып жүрген Жұрынтай ұрыңа ә дейтін ажа, қой дейтін қожа болмай ма?! Бір емес, екі емес жылқымды үш рет бөле қуған сол тәйтіктен басқа кім болсын? Не істейміз?» дегенде Жабай төре отқа май құйған. «Алдаусыратып саған жібертейін. Сол жақтан жоқтауын асыршы. «Көп асқанға бір тосқан». Соның лаңынан менің де көргенім аз емес. Қорықпа, оны сенен ешкім де көрмейді. Куәсіз, жалғыз жібертемін» деп күпініп еді, енді іс насырға шауып, «ойыннан от шыққан» уақытта: «Қамбар інім бір амалын тауып, ана есерді тоқтатсын. Ел бүлінейін деп тұр» дейтін дұғай сәлемін жолдапты. Қамбар төре сол хабарды естігелі бері бұрынғы Жұрынтай кешкен кеп басына түсіп, түнде ұйқыдан, күндіз күлкіден қалған. Пәлен рулы елді жинап, өзіне ас бергенде «Тәнім тірі демесеңдер, жанымды Қамбар төре алған» деген сөзі мұның абырой-атағын түсіргені рас. Ол аздай маңдайына басқан жүйрігі Аққайыңды қорлағаны төренің өзінің намысын аяқпен таптағаны екенін де түсінген. Ақыры, ұзақ ойлана-толғана келіп, Нұралы би, Қасқақ батырды шақырып, ақылдасқан. «Солай да солай ойланбай істеген істің соңы мынандай насырға шапты. Өзгеге сес көрсетемін, сескендірем деп жүріп, өзімді сеспестей ғып тұралатты. Не істемек керек? Ақыл қосыңыздар. Екеу-

леріңізді сол елге жұмсасам барармысыздар? Елдің көзіне күйік болып, тапталған намысымның өзіндей болып жүрген Аққайыңымның жемтігі болса да әкеліп берсеңіздер. Қалған малымды Жұрынтайдан сұрамаймын. Тіпті ағат ісім үшін басымды иіп, кешірім сұрайын» деген. Төренің бұл қадамына о баста-ақ Қасқақ қарсы шықса, Нұралы би де сөзді қысқа қайырған. – Төрем, мұндай ісіңіз үшін, бәлкім, соңғы рет атқа мінермін. Төре түгіл патшаның да ет пен сүйектен жаралған адам екенін ұмытпа. Тыңдасаң, екінші айтарым, ойланбай жасалған қадамның опығы кез келген жазадан, тіпті қазадан ауыр боларын біл, – деп орнынан тұрған. Екі-үш күннен кейін екеуі құр қол оралған. Жұрынтай: «Адамшылығынан жыртқыштығы басым шыққан төрелеріңізге дұғай сәлем айта барыңыздар. Тірідей асымды өткізіп, өз қайғымның тұңғиығынан шыға алмай жатқан міскінмін. «Жылқымды сұрамаймын» десе, жылқысын мен барымталағанша-ақ олар үшін алдын ала жазамды алғанмын. Оны аламын деп әуіреленгенше аспандағы Айға жармассын. Аққайыңын сұраған екен, оны іздесе Өр Керейдің малсақ біреуіне азбан бұқаға айырбастап жібергенмін. Төре елінен де бір азбан бұқа табылар, барсын да айырбастап алсын. Енді қалың қолын бастап келіп, елімді шауып, менің к...ді кесіп аламын десе өзі білсін. Тек ұстарасының өтетініне сенімді болсын», деп сәлем жолдапты. * * * Арада тағы да екі-үш ай өткен соң Қамбар төре Нұрәлі мен Қасқақтың ақылымен айып-ажынын алып, Жұрынтай ауылына барып, кешірім сұрамақ болып бір оқталды да өзін-өзі сабырға шақырған. «Не болса да Жұрынтай кегін еселеп алды. Төре басыммен алдына барғаным – аяғына жығылғаным. Ол қалған беделімнен айрылғанмен бірдей» деген ойға бекінген. * * * Бұл оқиға Байшуақ төре ауылына алғаш рет түн қатып келерден екі-үш жыл бұрын болған еді. Бәлкім, айналасындағылар ұмытқан болар, бірақ төре әр қадамын жасарда Жұрынтай оқиғасын есіне алып, ісінің дұрыс-бұрыстығын көңіл безбенімен өлшеп алар еді... Неге екенін кім білсін, белдеуіне Тастайдың дүлділ Қарасы мен оны қуып жетіп ұстаған Сағымсары қатар байланарда адамдардың оспадар ісінің құрбаны болып кеткен Аққайыңы есіне жиі түсе берген.

Өз күшін жеңілмейді шамалаған Оңбайды ағайынды алалаған. Көнбейтін әділ іске жан болмайды Ер болса, адалына бағалаған. Халық өлеңі. ДАУ І Төре осы бір қайырлы сапардан соң төрт құбыласын түгендеп алғандай «Алла, бергеніңе шүкір!» дейтіндей тоқмейіл күй кешкен. Алтай сапарынан сәтті оралып, көңілге көлеңке, көзге құрт болып түскен аңыз Қараны әкеліп, белдеуіне байлады. Қарадан да бұрын өз намысын қорғап қалды, Тастай құрдасының серттей ғып қойған шартын орындап барып, бағы жүріп, тасы өрге домалап тұрған төре тұқымының айтқанын орындамай тынбайтынын қалың қарашының алдында тайға таңба басқандай тағы бір көрсетіп берді. Ол қалай болғанда да биылғы жылдың олжасына әбден риза еді. Сөзімен де,

ісімен де мырзасына жағып жүрген Байшуақтың көпшіліктің көзін үзілдікесілді жеткізген ат сыншылық, атбегілік өнері мұның қиялын шарықтатып, аспанға шығарған. Жақын маңда болғалы тұр-ау деп ерте танылған дәмелі жүйріктерді ақысын үйірлеп берсе де, өз қосына жинатсам деп қиялдайды. «Оу, бәйгеден кімнің жүйрігі келіпті?», «Е, Қамбар төре тұрғанда кімнің жүйрігі келді, дерің бар ма?! Қаздай тізіліп, қатар келген төренің сәйгүліктері алдыңғы үш бәйгені де иемденіпті!» сияқты досты сүйіндіріп, дұшманды күйіндірер әңгімені естіп жүрер күнді аңсайды. Құдайдың өзі әкеліп берген Байшуақтай кісісі барда ондай күнге де жетеріне төре күмән келтіре алмас еді. Бараты ше? Құрыштан сомдап құйғандай денесінен мін таптырмас балғын балуанның қазір мұз шайнап, бұршақ бүркетін дер шағы. Құдай берген қара күш пен әбжілдігіне біраз балуанмен жан алысып, жан беріскен арпалыс үстінде жүріп-ақ көп өнер үйреніп, айла-тәсіл меңгергені қосылып, нағыз күрес тарланы болған. Ауыл арасының ғана желбуаз, арзан жеңістері емес, берісі – торғауыт, арысы монғолдың түйе балуандарын шаң қаптырып келгені тағы бар. Дәл қазіргі сәтте Бараттың қандай атақтыны да алып ұрарына мырза сенімді. Ол аз болса Баратпен бірге жас арыстан Буратайдың да төре намысын қолдан бермес бір мықтысы екені тағы бар. Барат қазіргі кезде бағы жанып, тасы өрге домалап тұрған төре аулының бас балуаны ғана ма қазір? Алғаш оны көргеннен бері жылдан асар аспас мерзім ішінде «жауырыны жерге тимес» атағы қалың Керей, Найман ішіне кеңінен тарап үлгірді. Алла жазса, алдағы жер түбіндегі болса да ас-тойларға үкілеп қосар Қамбардың жүйріктері мен балуандары да даяр. Аттың аты келер бәйге жолында жүйрігіңді шығандатып жеткізбесең, ердің ері жығар балуаныңды сыннан өткізбесең бұл қазақтың сені мойындауы қиын. Аққайыңнан айрылғаннан кейін төре оны қайтқан бақтың белгісі болмағай деп сары уайымға салынатын, енді қос жүйрік пен қос балуанның оңтайымен орала кетуі жақсы ырымның жоралғысындай көрінген. Осының бәріне де төре іштей тәуба дейді. Ақылмен басқан әр қадамы игілігін беріп-ақ тұр. Малын шашып, беделін салып жүріп қанатының астына алған ағайынды қос түлек қос қанатындай болыпты. Төс табанын салып жүріп, біреудің айттырып қойған қосағының батасын бұздырғанда да сол қос қанатын өзіне туыс қып алуды жұптап еді, шүкіршілік, ол мақсатына жеткен Атасы да ұтылған жоқ, қызының наласынан құтылып, Тотыны жүрегі жаратқан теңіне қосып, уһ деді. Ол аз болса, Сартайға қайтарған қалыңының тұяғын толтырып, айып-ажынын қосып берген. Бараттың уаңнан айдап келгені бар, ел арасынан-ақ күрес бәйгесінен жинаған малы бар, Қамбардың көмегі бар, бай баласындай қырық жетіні матап беріп, биыл ел жайлауға түсе Тотыны толықсытып, Жұманайға келін ғып түсірген. Осынау аспаннан түскендей бақыттан бастары айналғандай күйде жүрген Жұманай мен Қатша да мәз. Шынтуайтына келсе, төренің өз басына да оралған қуанышы қос

кейуанадан бір де кем емес еді. Сәтін салса, биыл күзде алты алашқа жар салып, кенжесі Жанғазыны аяқтандырмақ... Рас, төре үшін жыл ризығы аз болмапты. Дүлдүл Қарасы қандай сынға салсаң да даярмын деп әлекедей жаланып тұрғаны аз болса, оны құрықтап жүріп ұстаған Сағымсарысы тағы тұр. Айыбы заты ұрғашы мал демесең, туысы бөлек сәйгүлік екенін жуырда ғана тағы да көрсетіп берген. Сағымсары мен оны баладай мәпелеп жүрген Байшуақтың атақ-даңқы Маңыраққа Алтай бетінен Қараны жетелеп, олжалы келе жатқанда өздерінен бұрын жетіпті. Кезінде жұрттың жоңғарды шауып, жеңіспен келе жатқан Қабанбайдың өзінің ерлігі мен Қубас тұлпарының ерен қасиеті туралы дастан шығарғаны сияқты, шындығынан гөрі аңызы басымдау бір сөз тарап кетіпті. «Ойбай, Байшуақтың біз менсінбей жүрген жаман сары байталы Тастайдың атақты Қарасының тақымын аштырмай, бұғалықтап ұстапты». «Төрт тұяқтыда мал жетпейді деген жүйрікті біздің төре әдейі байталмен ұстатыпты». «Ешкімді менсінгісі келмейтін Тастай байдың әптігін осылай басыпты»... деген сияқты жалғыз аяқ сөз ел ішіне тез тарапты. «Қолда өскен төбеттің «күшік» аты қалмайды» дегендей, жұрт дөнежін шыққан Сарыны әлі де «Сары байтал» дейтін. Төре ел шетіне келген соң: – Е, ондай-мұндай әңгімені қоздатып қайтесіңдер? Байшуақтай жігіттің ат танып, баптай білеріне сенсеңдер, үлкен олжа – сол. Сонан соң құдам сыйлаған жүйрік Қараға Сағымсарыдай дүлдүлдің қосылып, қосыныма көрік бергенін білсек болар да, – деп сөз соңын өзі байырқалатқан. Сағымсарының шын жүйріктігіне көз жеткізейін деді ме, төре ел жайлаудан түсіп, жұрт күзем қырқып жатқан кезде қарамағындағы Тарбағатай, Маңырақтағы, Қара Ертістің бойындағы басқа рулардың ел жақсыларын шақырып, той жасаған. Үлкен ұлы Абылайдан туған немересі Жанкісіні үш жастан асар-аспаста сүндеттеткен. Дүрілдетіп сүндет той жасағандағы мақсаты да немере сүндетін сылтаурата отырып, биылғы қайырымен қайрылған қуаныштарына құдайы бергені де болатын. Оның үстіне Алтай сапарынан кейін де тоқжарау күйін сақтап, керген төстіктей сұлуланып алған Сағымсарының өнерін шын дүбірлі бәйге жолында тамашаламақ. Ол Байшуақпен ақылдаса отырып, осы бір бәйгеден соң дөнежіннің обалына қалмай, келер көктемде үйірге қоспақ. Жүйріктен тұқым алып, жүйрік тәрбиелеуді ат ұстаған қай қазақ ұмытқан. Ондай ой Қамбар төренің де бүйірінің бір қатпарына пайда болған маңызды шаруаның бірі болатын. Байшуақтың қазақы қарабайыр биенің шыдамды, көмпістігін, қажырлы қайратын, ал текежәуміттің өзі болмаса да будан айғырының жебедей жүйрік, сіңірлі сирақты, тұрықты қасиетін бойына сіңірген тұқым тегін болмайды дейтін байламы оған біраз ой салған. Қасқақ батырдың жол үстінде «Қалың Керей ішінде бірлі-жарым текежәуміттің будан айғыры кездессе керек» дейтін сөзін де есеп-қисапты ертеден құрып қойып, оны жүзеге асыру сәтін әсте қапы жібермей күте білетін төре көңіліне

сол сәтте-ақ түйіп қойған. Ел шетіне келіп, бір-екі күн бел жазып алған соң, Байшуақты Абақтың екі-үш баласы орнап жатқан Қара Ертіс пен Маңырақтың қалың жылқысына «жоқ қарауға» аттандырған. Байшуақ та көп күттірмеді. Іргелес жатқан Жастабан ішінен іздегенін тауып келіпті. Текежәуміттің өзі болмаса да, буданнан туған қарагер дөнен айғырға көзі түсіпті. Айтысы, қарагердің өзінің сырт пошымы дәмелі жүйрік мал екенін танытып тұрса керек. Әрине, жүйрік айғырды жаратып, бәйгеге қосу деген ой төреде жоқ болатын. Ойы – Сағымсары мен қарагердің тұқымын алу. Ол ойға алған ісінің ізін суытпай тұрып-ақ Жастабанға қарагердің өтемін келістіріп төлеп, айғырды алдырған. Ол алдағы күннің шаруасы еді. Әзірге қарагер дөненді көздің қарашығындай сақтап, арнайы күтімде ұстауды Байшуаққа мұқият тапсырған. Сүндет тойының өзі ортаң қолдай байлардың келін түсіру не қыз ұзату тойындай болып, дүрілдеп өткен. Жетпіске жуық жүйрік қатысқан аламанда Сағымсары жеке дара келіп, Қамбардың да, Байшуақтың да бағын тағы бір аспандатып, күпті көңілді біржола тыншытқан еді. Қамбар бұл той бәйгесіне Қараны қоспаған. Күні кеше ғана бүтін бір елдің мақтаныш, тіпті беделі болған жүйрікті «Енді менікі болды, көрдіңдер ме?» дегендей күні ертеңгі құдасын табалағысы келмеген. Оның үстіне «Сенен алған Қараға қарап отырғаным жоқ, жүйрік өзімде де бар. Күні кеше Қараны бұғалықтатып ұстауым да оқыстан болған оқиға емес еді» дегенді сездіріп қою деген ойға да табан тіреген. Қараны бәйгеге қосуға Байшуақ та қарсы болған. – Төрем, жылқы баласы қанша жүйрік, қанша сәйгүлік болса да оны бір жылда екі дүркін аламанға қосу обал. Биылша Қара есін жисын, жаңа мекенге үйренсін. Келер жылы да бағын сынар той-томалақ болар, – деп, нағыз атбегілік байламын айтқан. Байшуақтың тумысынан үйірге қосылмайтын қашаған Қара Маңырақтың ормансыз быдырығын жерсінбей Алтайға қарай тартып кетпесін дейтін қаупі Тастай ауылынан шықпай жатып-ақ ойына оралған. Сонан соң ол Алтайдан аса бере оның көзін байлап, жетекке алған. Ауылға келген соң ғана көзін шешіп, аяғына шідер салып, үй маңында бір-екі апта ұстаған. зі күніне үштөрт дүркін барып, еркелете мәпелеп, сылап-сыйпайтын. Атты қойғанда, балалардың жеуіне таптыра бермейтін шақпақ қант Күлімханның сандығынан табылып, содан бірлі-екіден беріп дәндеткен. «Қарат-Қарат» деп атандырып, шақыратын. Сабынды сумен жуындырып, онсыз да қап-қара мақпалдай жал-құйрығын, кекілін тарайтын. Тал бойындағы жалғыз міні қашағандығы болмаса, қайсі бір тұқымдастары сияқты жымыраңдамай иесін көргенде оқыранып, қаз мойнын бұрар еді. Жаңа иесіне әбден бауыр басты-ау деген кезде жетелеп апарып, бойдақ жылқылардың үйіріне қосқан. Босай салысымен бұрынғы әдетінше безе

жөнелмей Байшуақ: «Қарат-Қарат, мә келе ғой!» деген даусын естіп, жанына өзі келіп, иесін бір қуандырып тастайтынды шығарды. Ол жаңа мекенін жерсініп, әбден үйренсін деген оймен Байшуақ та үштөрт күн жылқышылармен бірге болып, Қараны күзеткен. Қара жылқы қосынынан бірден безе жөнелмей сырттап, жалғыз өзі жайылатынды шығарды. Бірте-бірте ұзаңқырап, Маңырақтың сай-саласын «зерттей» бастаған. Ол қайда барса да соңынан көлеңкесіндей болып қалмайтын Байшуақ жиі-жиі шақырып, қантын беріп қоятын. Ымырт үйіріле ноқта кигізіп, жетелеп әкеліп, үйірге қосатын. Тағы үш-төрт күн өткен соң кешкілік ол үйірге қарай өзі бет алатын болды. Иесі осыдан кейін ғана ауылға қайтып, күн аралатып, екі-үш күнде бір келіп, қайтатын болды. Әр кеткен сайын жылқышылардың одан көз жазбауларын қатаң тапсырар еді. Ақыры ұзақ еңбегі ақталып, дүлдүл қара жаңа «тәртіпке» үйреніп, Байшуаққа да, төреге де көп қам жегізбейтін болды. Дүниенің барлық қисыны төре ойлағандай оралғанмен, осы сүндет тойдың соңы үлкен дауға айналған. Даудың басы маңдайына құт болып келген Сағымсарыдан басталған. * * * Тойдың біраз қызығы тәмәмдалып-ақ қалған. Жұрттың бәрінің осы тойдан көрсек-ау деп ынтыққан үлкен қызығының бірі Бараттың өнері еді. Бірақ бұл жолы төре Баратты боз кілемге шығармаған. Ондағы ойы өзінің мықты балуан екенін өнерін ұштай жүріп, дәлелдеген баяғы Буратай–Бураштың бағын байламау болса, екіншіден, монғол сапарынан кейін даңқы аспандап кеткен Баратымды айтпағанда, оған жетеғабыл, бірақ төре ауылының намысын қорғай алар басқа да мықты балуаным бар дегенді сездіру болатын. Жамбасы жерге тимей жүрген дәмелі деген жас балуандардың бірі Бұрымбеттің Терісайрық бойынан келеген Нартайлағы болатын. Ол біраз талапкерді төңкеріп тастаған соң, тойдың түйе балуаны атанып, жеңімпазбен белдесуді күтіп отырған Борашпен күш сынасу үшін той ақсақалдарынан бата сұраған. Бораш та қай бір атақты балуан сияқты дөң-айбат көрсетіп, өзін шынжырлатып немесе «қырам-жоям» деп, сөз шығындамай-ақ үстіне оюлап тіккен жеңсіз кеудеше мен бұтына серке терісінен жарғақ шалбар, аяғына мәсі киіп, сабырлы-салмақты қалпында ортаға шықты. зінен бітімі кесектеу, жауырынды қарсыласына Борашың жақын келіп, қол алыса бастағаны сол еді, қос дене тұтас бір денеге айналғандай болды да, қас пен көздің арасында Бұрымбеттің Нартайлағы нардай болып, жерде жатты. Бұрымбет жағы өре түрегелген. – Әділ емес! – Белбеуден ұстатпаған соң, күрес бола ма екен?! – Мықты болса, қайыра шықсын!

«Не болса да өздерің шешіңдер!» дегендей Бораш ақсақалдарға қарап, бір тізерлеп отырған. Нартайлақ болса екі беті нарттай жанып, көпшіліктен шешім күтіп, теңселіп ортада жүр. Күректей қос алақанын жайып, басын жиі шайқағаны «қапы кеттім!» дегені екені белгілі еді. Бораштың көзі күдіс бел құла айғырдың үстінде отырған төреге түскен. Ол сәл басын изегендей болды. Енді Бораш орнынан тұрып, қолын көтерген. – Оу, ағайын, мен дайынмын! – Бұл сөзге Бұрымбет жағы қанағат тапқандай сәл тыныштала бастаған. Енді той өткізген ауылдың, яғни төре ауылының кей жарамсақтары дауыс көтерген. – Бір тойда екі жар жоқ! – Жеңілген кісінің сөзі құрысын! Сол кезде төренің даусы естіліп, жұрт жым болған. – Оу, ағайын! Той біздің ауылдың тойы емес пе?! Кеңдігің қайда? «Қапы қалдым!» десе, қайта шықсын! Осы сөз байлам болды да қос балуан ортаға қайта шыққан. Жас мөлшері өзімен шамалас Нартайлақтың тағы да қолын ала берген Бораштың бағанағы қылығынан қорқып қалса керек, қарсыласы бірден бірнеше қабаттап оралған белбеуден шап беріп, жойқын күшпен Борашты жерден көтеріп алып, шыр көбелек айналдыра жөнелген. – Аруақ, аруақ, – десті Бұрымбет жағы орындарынан дүр көтеріліп. – Уәй, не болды?! Лақтырып таста былай! – десті төре ауылының желөкпелері. Сол кезде Нартайлақ Борашты алапат күшпен үйірген қалпы текемет үстіне лақтырып жіберген. Бораш бауырын жерге тигізбеген қалпы төрт тағандап барып, дік ете қалған. Қасына төніп келіп қалған Нартайлақтың белбеуінен ұстай орнынан тұра берді де, мынау зіл салмақты көтере алмаған кісіше күрт шалқая берген. Сол бетімен кете берсе жауырынымен текемет үстіне гүрс етіп құлайтындай. Мынадайды күтпеген төре де ат үстінде қозғалақтап қалған. Барша тамашашылар да демдерін іштеріне тартып, тына қалғандай. Бораш барша тілеулестерінің зәрелерін ұшыра түсейін дегендей кеудесінен басқан Нартайлақты тас қып құшақтаған қалпы одан әрі шалқая түсті де, алапат күшпен бұлт етіп, қарсыласының оң бүйіріне шығып алды. Алға қарай бар салмағымен емініп келе жатқан Нартайлақты соншама тездікпен қырқай шалып, екпетінен түсірді. Оның үстіне өзі де екпеттей жығылып, қарсыласының мойнын әлде қолын қайырды, әйтеуір көзді ашыпжұмғанша Нартайлақты аударып-ақ тастаған. Қарсыласының жауырынын жайылған текеметтердің үстіне жапсыра жықты да, лып етіп кеудесіне мінген қалпы басып қалған. Сол-ақ екен бірнеше жігіт Борашты көтеріп әкетті. – Санияз, Санияз! – десті тамам төре ауылы. – Апыр-ай, мына төре әкесінің атын ұран ғып айтатын болыпты-ау! – Өр Керейден келген қонақтардың бірі ұзын бойлы аққұба шал жанында тұрған жас жігітке сыбырлай тіл қатқан.

– Биаға, моласы Аягөз өзенінің жағасында, Барқытбелдің батыс тұмсығында жатқан әкесі Санияздың атын қырық рудан құрылған төлеңгіттеріне беріпті деп естіп едім. «Құлақ естігенді көз көреді» деген осы шығар, – деді жас жігіт бір түрлі наразы үнмен. – О, құлдығым сол, құрбандығың ғана болып кетейін, сол! – деп ұлына қарай жүгірген сары шал жұрттың аяғының астында қала жаздаған. Сол кезде Бораш та өзін көтеріп әкеткен қошеметшілердің қолынан бір бұлқынып қап босанып шықты да, сүріне құлаған әкесін жерден тымақ құрлы көрмей көтеріп алды. – Тусаң ту! Бұл да мына шалға берген құдайдың бағы ғой, – дескен қарттар жағы риза болысып қалды. – Әй, әгәрәки, біздің Баратты жықсаң бар ма, өзім бәйгеге бір жабағы атайын, – деген Жұманайдың жарықшақ үні естілген. – Ой, жарайсың, Жұмеке, дұрыс! Енді Барат пен Бораш ортаға шықсын! Екеуінің күресін тамашалайық, – десті қызықшыл топ. – Әй, Бораш, шық мықты болсаң Баратпен, – деп, әкесін жерге қоя берген жас балуанның алдында тұрған қара қасқа атты біреу өктемдеу тіл қатып. – Шықпаймын Баратпен! – деген Бораш саңқ етіп. – Біріншіден, мен Бәкеңнің бір мытығанынан қалмаймын. Екіншіден, ол менің ұстазым іспетті адам, ұстазының жағасынан алған қай шәкіртті көріп едіңіз?! – Онан да қорқып тұрмын, десеңші. Бәсе, қойыртпағын сақалына тамызбай іше алмайтын жаман Шелекбайдан батыр ұл қайдан туды деп едімау! – Әй, жігітім, қай малтаңды езіп тұрсың? Барат күреспейді! – деп төре әңгімені қысқа қайырды да, көпшілікке қарап, өңін жылытты. – Әлеумет, Баратқа шықпай-ақ қой деген мен едім. Қиын сапардан шаршап келген соң, дем алсын деп едім. Әлі талай той болады ғой, сонда көрерсіңдер Бараттың өнерін! Оның үстіне, Бораштың «Күш атасын танымайды» деп кеудемсоқтанбай, «Ұстазымның жағасынан алмаймын» деген кісілігіне біз де тоқтауымыз қажет шығар, ағайын. Осыдан кейін ғана қызықшыл жұрт амалсыз басылған. – Омай-ау, қос Саниязды алыстырып қойып, тамашасын көрмек екен ғой! – деп тағы бір жағымпаз қыстырылды. – Естідің бе, Биаға! Алты аласы, бес бересі жоқ екі жұрттың баласы бір Санияз бола қалыпты. – Бағанағы жас жігіт жанындағы мырзасына тағы сыбырлаған. – Иә, ол сөз расқа айналды, – деді Биағасы да үлкен жаңалық ашқандай. Шындығында Қамбар төре бірер жылдан бері айналасына осы елді мекен ететін негізгі жұрт Найман мен Керейге қосыла қоймайтын аз жұртқа ерекше ықылас көрсетіп, бауырына тарта бастаған. Біреуіне жанынан өріс, енді біріне қоныс дегендей ағайыннан ебін тауып, алып бере бастаған. Бір кездері ақсүйек атанған жуан тұқымбыз дегенмен бұл күндері қарашылардан

айырмасы болмай қалған төре, төлеңгіттер басқаға кеткен еселерін түгендейтіндей Қамбар ауылын сағалап, жиналысып-ақ қалған. «Қожа-төре о бастан-ақ еншісі ортақ жұрт едік» дегенді естіген бұл маңдағы аз үй түрікмен Қожалар да кейде «Қызылбас қожа» деп те атала беретін Кетте қожалар да төренің өздеріне деген ерекше ықыласын таныған соң, бұл ауылдардың арасында алыс-беріс, барыс-келіс көбейген. Тарихтың қилы-қилы тауқыметімен қазақ даласының айлап жүрсең, ат жетпес батысынан шығысына келіп, қалып қойған аз үй Алшын мен жаугершілікте пенде болып, ақыры Сауырдың етегіне тамыр жая бастаған аз Қырғыздар да ұлы қорған, қолдаушыларын тапқандай арқа-жарқа болысып, төре ауылына қарай қоныс аудара бастаған. Тіпті әр кезеңде келіп қалған бірлі-жарым Қоңыраттар да бар болатын. Оны Қамбар төре былайғы жұртқа сұраушысы жоқ, іздеушісі алыстағы аз ағайынға жасаған қамқорлық қып көрсете білген. – «Бөлінгенді бөрі жейді». Бірің Төре, бірің Қожа, бірің Алшын, бірің Қырғыз болып марқадам таппассың. Қаныңды ұмыт демеймін, руыңды, аруақты бабаларыңнан без демеймін. Бірақ, ағайын, ортақ ұран ғып, әкемнің аты Саниязды атасақ, ортақ еліміз деп Саниязды танысақ дегім келеді. йткені мен азды жинап көп қылып көрсетсем, басқаны тұмсықпен ілем демейтін, тырнақпен бүрем демейтін бүтін ел ғып біріктірсем, оның бәрі де сол бейіште нұры шалқығыр, әкем Санияздың өсиетін орындағаным болатын, – деген ол осынау аз ауылдың иелері атанған ақсақалдар бас қосқан бір жиында. – Және бұл құран ұстап, ант берер, сонан соң жалпақ жұртқа жар салып, даңғазалайтын да шаруа емес. Өз патша көңілдерің құп көрсе, жүректеріңмен құптап, істеріңмен көрсетер гәп. Төренің бұлардан алары жоқ, берері ғана бар, былайшы айтқанда, қанатымның астындағы бауырым бол дегенінен кім қашсын, бәрі де бәрекелді дескен. Содан бері бұл елде: «Уа, қай туғансың?» десе: «Санияз боламыз, оның ішінде Алшын боламыз», немесе «Санияздың Түрікмен Қожасымыз!» дейтін жаңа бір нұсқадағы жұрт пайда болған. Жаңағы аз ағайын: «Ұранымыз – Саниязды» ұмытып, Қамбардың әкесі, дүниеден кеше ғана көшкен Санияз төрені өздерінің аталарының атасы ғып алғандарын байқамай да қалған. Жұрттың осындай жиын кезінде күңкілдесіп: «Бұлардың ұрандап жүргендері қай Санияз?» деулері негізсіз де сауал емес болатын. * * * Иә, бұл тойда Қамбар бас жүйрігі Қартты терлетпей-ақ бұрын жарыс жолында танылмаған Сағымсары бедеуімен-ақ, бас балуаны Баратты шаршы топ алдына шығармай-ақ бұрын аты да, заты да белгісіздеу екінші балуаны Буратайдың жеңісімен-ақ әзірге ешкімге бет қарата қоймайтынын жалпақ жұртына тағы бір дәлелдегендей еді...

Шатақ ойда жоқта шығып, ашық аспанды бұлт торлап, назағай ойнағандай болды. Сағымсары сылаң қағып, кермеден қара үзіп, дара өтіп, екпіндеп жеткен соң, қалың жандайшап: «Аруақ, Санияздап!» гуілдеп барып басылған кезде, тойды басқарып жүрген төренің ұлы Бөкей мырза жүйрікке берілер сәйгүлік бастаған бір тоғызды ортаға шығартқан. Бірақ жүйріктің иесі ғып Санияз ауылын атаған. Осы кезде жуырда ғана асыл тұқымды айғырын ақысын артығымен төлеп, алған Абақ Керейдің Жастабанының байы Солтан ортаға шығып, дат сұраған. – Датыңыз болса, айтыңыз, байеке! – Айтсам, бұл озып келген жүйрік сары бедеу Санияз ауылынікі емес, Жастабанның, былайша айтқанда, менің малым. Сондықтан, оған берілер бір тоғыз бәйгең де менікі болады. Ағайын, төрені жұрт әділ басшы деп атап жүр. Бекер обалы қане, әділетсіздігін көрген емен. Қане, әділдігіңді білейін, түгел сөздің түбін қозғалтпай, жүйрігімді қайтар! Мына сөзді естігенде басқаны қойғанда, Қамбар төренің өзі де, ашық күнде төбеден жай түскендей тәнті болған. Ол бұл ғұмырында пәле салудың да, жала жабудың да талай түрлерін көрген. Әлдінің әлсізге жасаған зорлығының да неше атасымен кездескен. Кезінде өзі де әділетсіздік жасаймын деп, ұмытылмастай сабақ алған. Енді төренің өзі әлдімін, белдімін деп отырған, тіпті сондай қиянаттардың ақ-қарасын айыратын осы өлкенің төбе биі болып отырған заманда оның өзіне дәл мынандай жосықсыз зорлық жасалып, жала жабылады деп кім ойлаған?! Жала демей не десін? Жөні жоқ, жосығы жоқ «мал менікі» десе. «Жүйрік менікі» дегені – «Сен ұрысың» дегені емес пе? Бұрыннан өштігі-қастығы жоқ, сіз-бізбен сыпайы сөйлесіп жүрген Солтанды ессіз дей алмас еді. Құрдастық, құрбылығына салып, әзілдеді дейін десе, оның да қисыны жоқ. Қамбардан кемі жеті-сегіз жас үлкендігі бар Солтанның тым болмаса «заманым бір еді ғой» деп қалжыңдап, қағытқан сәтін естімепті. Оңай жерден олжа табар пайдакүнем деуге де келмейді. Малмен жусап, малмен өретін, сөйтіп жүріп өлетін байлардың санатына да қосар кісі емес. Беруіндей бере де білетін, алуындай ала да білетін, көз жұмып, мал шашпағанмен орынды тұста орнымен жұмсай да білетін кісі. Қыста балуандар белдесуіне қомақты бәйге тіккен мәрттігіне төренің өзі риза болған. Содан да Қамбар төренің не айтарын білмей, әуелде тосылып қалғаны рас еді. «Шын айтып тұрсың ба?!» дегендей ол ерекше бір таңданыспен Солтанның жүзіне қараған. – Иә, төре, «Таныған алады, тапқан қуанады» деген. Малымды танып та тұрмын, тауып та тұрмын. «Жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты» демегін. Есесі кеткеннің есесін әперер, әділдіктің ақ жолын нұсқар төбе би де

өзің. Той үстінде қызық бұзарың мен емеспін, алайда бұлжытпай таныған соң, бұлтақсыз кеп, шаужайыңа жармасқан жайым бар. – Сағымсарының иесі едім деп торғауыттың уаңы Ошыржап келіп дау айтса сөз басқа. Бедеудің тұмсығынан сыпырып өсірген соның малы екенін, оны ақ-адал еңбегі, қылаусыз қызметі үшін мына тұрған Байшуаққа уаңның өз қолымен бергенін де осында тұрған төрт қара көз түгел біледі. Бірақ Ошыржаптың кеше берген малын бүгін бәйге болған екен деп, дауламасына мен кәміл... Ал Солтеке, сіздің бүгінгі жосығыңызды түсіне алмай аң-таң болған жайым бар. Рас, әділдіктің ақ жолынан білместіктен тайған тұсым болған шығар, бірақ нақақ зорлық жасасам төбемде бір Алла бар. Тайдыра қоймас! Таймаспын да. Сіз «Жер астынан жік, екі құлағы тік» болып қана шығып тұрған жоқсыз. Зорлығыңыз – зордан, жалаңыз – жалған. «Жүйрік те, бәйге де менікі!» деп кез келген айтар. Уәжсіз сөз – соғып өткен желге, ағып өткен селге ат арқандағанмен бірдей! Уәжсіз сөздің соңында жала барын, жала бар жерде пәле барын сіз білмейді деуге аузым бармай тұр. Пәле іздеген кісіге жаза барын да ұмытпаңыз. Уәжіңізді айтыңыз, байеке! Уәжіңіз болмаса, жұрттың қызығын бұзбай, үйіңізге қайтыңыз, байеке! – Уәжім жоқ, төрем. Айтқаным – айтқан, одан сірә қайтпан! Пәле барын, оның соңынан жаза барын білсем де бұл сөзімнен тана алмаймын, төрем. Қара судан қаймақ алғандай ғып қара сөзбен әділ жол табар билерің бар. Күрмеуін шеш күрделі істің, мықты болсаң. «Шегірткеден қорыққан егін екпес». Пәледен қорықсам, бұл істі індетпеген болар едім. Менің бар білерім біреу ғана. Ол жүйріктің менің малым екендігі. – Жарайды, байеке, онда бүгінгі тойдың шырқы бұзылмасын! Ертең, дәл осы жерде билер соты шақырылсын. Төбе билікті Нұрәліге бердім, – деп төре осымен сөз тәмәм дегендей, атының басын бұрып, жұрт жиынынан оқшаулана берген. ІІ – Сөйлеңіз, Солтеке! – деді төренің оң жамбасын ала отырған Нұрәлі даугерге иек қағып. – Менде сөйлей қояр сөз де жоқ. Кешегі айтқаным – айтқан. Сары бие менікі! Өрістен жылқымды қойғанда, қотандағы қойыма дейін кісінегені мен маңырағанынан танимын. Түйсігім алдап көрген жоқ. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деуші еді, Нұрәлі би. Тура би болсаң, мынау түйінді өзің шеш. Айдың-күннің аманында, пайғамбар жасынан асып, малды емес, жанды ойлар шағымда ел иесі болып отырған төренің жағасына жармасқан жалақор да, пәлеқор да атанғым келмейді, – деді Солтан бай байыппен ғана сөйлеп. – «Естімеген елде көп» деген осы екен-ау! Уәжсіз сөзге кім тоқтайды! – деп қалды Жастабанның ағайыны Жәдіктің биі. – Солтеке, «Буынсыз жерге пышақ ұрдыңыз» ба деп қорқамын.

– Сен қорқардай әзір бүліне қойған ештеңе бола қойған жоқ! – деп, Солтан да оны қағып тастады. – Сабыр ағайын, билер сотында отырғандарыңызды ұмытпаңыздар! – Нұрәлі қозғалақтай бастаған жұртты тыныштыққа шақырды. – Дау біреу болғанда – сөз екеу! Үшінші сөздің иесі – төбе би! Ендеше ағайын қысыр сөздің қисыны жоқ. «Сөйлеңіз, төре!» Қамбар қамшысын ортаға тастағанмен, өзі кесік айтқандағыдай суырыла сөйлеп кеткен жоқ. Үн-түнсіз, айналасына барлай қарап, біраз отырып қалды. – Ағайын, мұндайда айтарың болса айтарсың, айтарың болмаса қайтерсің? Жүйрік ат, қыран бүркіт, түзу мылтық, ұшқыр тазы, ер жігіт қана қызығар көздің құрты емес, кей-кейде ел намысын көтерер қазынаң емес пе?! Бүгін Солтекең сол қазынамның біріне көз тіксе, оның төл малы екеніне дәлел айтсын, уәж келтірсін. «Шырамыттым» дегеніңді шырық бұзу, «таныдым» дегеніңді төске шабу деп қана білермін. Дәлелің болса, әділ билік айтылса, қарсы болман, жүйрік те, бәйгесі де сенікі. Дәлелдей алмасаң, ақадал малыма зорлық жасамақ болғаныңды бұл дүниеде де, о дүниеде де кеше алмаспын! «Мал құлағы – саңырау», тұстасыңды қойып, ұрпағың естімейақ қойсын дейтін кесірлі кеп қой бұл! Ол осымен сөз бітті дегендей ортада жатқан қамшысын тізесіне қойып, қымызға қол созған. – Уа, Найман, Керейдің игі жақсысы, сөз сіздерде, кімнің не айтары бар? – деп, Нұрәлі отырғандарға қараған. Бірақ суырыла шыққан ешкім бола қойған жоқ. – Күлбілтелетіп, көсеусіз от көсейтіндей не сөз қалып еді? «Жүйелі сөз жүйесін, жүйесіз сөз иесін табар», мен бүгін даугерден жүйелі сөз естіп отырғаным жоқ, – деген Есенгелдінің әрі рубасы, әрі биі Ахметқан. – Кесіміңді өзің айт, Нұрәлі! Жұрттың бәрі де іштей бір-ақ түйінге келіп отырған. Анау-мынау көптің бірі емес, кешегі бүкіл қазақтың екі тізгін, бір шылбырын қолына ұстаған айбарлы Абылай тұқымы Қамбар төреге қисынсыз жерден келіп жала жапқан Солтанды жығып отырған. Тіпті анау-мынау көптің бірі болған күннің өзінде әділмін деген кез келген би Солтан дауын жақтауға негіз таппас еді. Бірақ Нұрәлі би кесігін айтуға асықпаған. Ол би кесігінен гөрі күнделікті күйбең тіршіліктің сұрағын қойған: – Бай, кешегі: «Өрістегі жылқым мен қотандағы қойымның әрқайсысын кісінегені мен маңырағанынан танимын» дегеніңіз рас сөз бе еді? – Е, өтірік айтар өлерменің мен емес, айдың-күннің аманында өтірік айтардай не көрініпті?! – Онда ағайын, бұл ауылдағы сөз осымен тұйықталсын. Бүгінгі түстікті осы төрт көзіміз түгелімен қозы көш жерде отырған Солтан байдың үйінен

ішелік. Солтеке, сіз аттана беріңіз. Біз де талма түстің тұсында барармыз. Би кесігі сонда айтылады. Әрине, Нұрәлі бидің басына қандай қиял келгеніне ешкім де жіп тағып, байыптай алмаған. Тіпті Қамбар төренің өзінің де «Оу, Нұрәлі би, басы ашылған әңгімені қирағаттай бергеннен не ұтарымыз бар? Піскен істі қысыр сөз, қыңыр қылықпен піспектей бергенше кесігіңді айтпайсыз ба?» деп, тізеге салуына болмаса, осы бір қиюы қашқан қисынсыз дауға өзі билік айтуды ұсынған Нұрәліге баланың ойыны, бақсының жыны сияқты әрекеті үшін өкпе-наз айтуына болар еді. Бірақ айтпады. Басқасы да ләм деп ауыз ашпаған. Себебі би шешімі мен би талабына ешкімнің де дау айта алмайтындары бесенеден белгілі еді. * * * Қонақтар майлы қуырдақ жеп, қымызға қанған соң: «Енді не айтарыңыз бар?» дегендей Нұрәліге қараған. Шақырып келтіре алмас сыйлы кісілер ойда жоқта төрінен табылатын болған соң, семіз құлын жайратып, асығыс әзірлікке кіріскен үй иесі де кісі күтіп, жортып жүрген. – Ағайын, қай-қайсыңыз да ежелден еш-шай деспеген сыйлы қонағымсыздар. Осы бір дау деп дауға тұрмас құрғыр сөзді бастамасам етті, бастап алған соң қалай тастармын? Сөз түйіні менің оңтайыма шешілсе екен деп сыпайысығаным емес. Риясыз пейілі деп қабылдаңыздар. Бүгін асықпай, сыбағаларыңызды жеп, сыйлы қонағым болып аттаныңыздар, – деп, бұлар жайғасқан бетте өтініш жасаған. – Оны енді бүгінгі басшымыз Нұрекең біледі, – деп, төре де арада ешқандай бөгде әңгіме болмағандай достық пейіл таныта сөйлеген. Ол шайқымыз үстінде ерекше бір емен-жарқын, еркін отырды. Кешелі-бері ойда жоқта шыққан сөз туралы тіс жарған жоқ. Не болса да билікті қолына берген Нұрәлінің айтарын тоспақ. Бағана Солтан өз ауылына аттанып кеткенде билердің бірі Нұрәліге: «Ой, Нұреке, билікті ауылдан ауылға көшіп жүріп, үзіп-созып, жыла қонақтап жүріп айтатын бұрыннан әдетіңізде бар қасиет пе?» деп әзілмен астарлап, назын білдірген. Бұл пікірдің түкпірінде: «Басы ашық сөзді бас қатырмай-ақ, осы арада шешпедіңіз бе?» деген төреге жағына сөйлеген пиғылдың шеті қылтиып тұрған. – Азаматтар, даугердің өзі жоқта бұл сөздің қоламтасын көсеп, қоздатуымыз кісілікке жараспас, – деп, төре сыпайы ғана тиып тастаған... Нұрәлі Солтан үйінен қонақ болып аттану жайына мән бере қойған жоқ, бар ойы өзі ойлап тапқан «түйін шешер» жолының дұрыс-бұрыстығын салмақтап отырса керек, бағанадан осы ауылға келулері өздеріне жұмбақ болып отырған билерге қараған. – Ағайын, шешімі қиын қиянды бір іске салған екенсіздер. Мал дауын, жан дауын, жер дауын, жесір дауын бұл қазақ жаңа көрген жоқ. Дәл осындай қиын істің қисынын осылай шешіпті деген бұрынғылардан, Қаз дауысты

Қазыбек биден қалған бір үрдіс бар екен. Мен нар тәуекелмен, көңілде кірбің қалдырмас сол жолды таңдадым. «Ерік өзіңізде!» дегендей Қамбар құптаған шырай білдірген. – Солтеке, тағы бір сауал, қотаныңызда қанша қойыңыз бар? – Е, Алла көп көрсетпесін, қозысымен қосқанда мыңнан асады да, – деді мал иесі. – Бәрекелді, онда маған осы ауылдың қойшысын шақыртыңыз, – деп, ол Солтанға мойын бұрған. Біраздан соң сәлемдесіп, үйге кірген жігітке қарап: – Шырағым, есік алдына екі жерден көген кердіріп, қотаныңнан меңсіз бес қара саулықты және олардың қозыларын енелерінен бөлек көгендет. «Естіп-біліп көрмеген мына кептің соңы не болар екен?» дескендей отырғандардың таңданысы үдей түскен. Бірақ ел ағасы Қамбардың өзі үлкен сабырлылық көрсетіп, үндемей отырған соң, олар да амалсыз істің түйінін шешер ақырын күткен. «Би қара саулықтарды неге көгендетпек, қозыларын бөлек көгендеткені несі?» Осындай сұрақтар әрқайсысының көмейінде тұрса да, ешқайсысы ләм деп тіл қатқан жоқ. Керісінше, дауға емес қыдырып келген қонақтар сияқты биылғы күздің де жауын-шашыны аз, аптапты болар белгісін байқағандары туралы қысыр әңгіме бастаған. Қойшы жігіт үйге кіріп, тапсырманы орындағанын білдірген соң, бәрі де тысқа шыққан. Нұрәлі бидің ерекше тапсырмасы туралы құлағдар болып қалған жалшы-жақыбайлар да жиналып қалыпты. здерінің мырзалары Солтан байдың кешегі төренің тойында бәйгеден озып келген сары биеге таласып, биге жүгінетін болғаны туралы хабардан олар да құлағдар болса керек, күбір-сыбыр әңгімелерінен соны аңғаруға болатын. Түстері де, түктері де бірдей, денелері де бір-бірімен шамалас бес саулық бес қозыдан бөлек көгенделіпті. – Байеке, қойлар мен қозыларды бір көріп шығыңыз да, қозылардың шетінен бастап ағытып, жаңылмай енесінің бауырына салыңыз. Біреуін шатыстырсаңыз, маған өкпелемеңіз, – деп, би шешімін айтқан кезде билердің барлығы да Нұрәлінің тапқырлығына тәнті болған. Оның «рістегі жылқым мен қотандағы қойымды кісінегені мен маңырағанынан танимын» деген Солтанды өз сөзінен ұстап, алдына кез келген басы жұмыр пенденің, тіпті туғаннан мал ішінде көзін ашып, мал ішінде өскен малсақ жанның қолынан келе бермес, күрмеуі қиын күрделі іс тапсырып тұрғаны белгілі болды. Солтан үн-түнсіз орнынан тұрып, әр саулықты тінте ұзақ айналдыра қарады. Сонан соң көгенімен алысып, бұршаққа буына жаздап тыпырласып тұрған қозыларды зерделеуге кіріскен. Сәндеп қойған дөңгелек сақалын оң қолымен сауып қойып, әр қозының көз жанарына дейін үңілген. – Байеке, қозыны босатпай тұрып, енесінің нешінші болып тұрғанын айтуыңыз керек, – деп, би тағы бір шарт қойған.

– Е, бопты, – деді бай шеткі қозының бұршағын ағытып жатып. – Мұның енесі, бер жағынан санағанда екінші тұр. – Жарайды, қозыны жіберіңіз. Көгеннен босаған қара қозы «мына буындырған пәледен құтылдым ба?» дегендей маңырап барып, екінші тұрған қойдың бауырына жетіп, тізерлеп еме бастаған. Жұрт таңданып, бастарын шайқаған. – Енесін де босатыңыз, – деді би. Көгеннен босаған саулық қозысын ертіп, отарға қарай аяңдады. Бай екінші тұрған қозыны ұзақ қарап, саулықтардың жанына келіп, бір қойдың жанында біраз тұрды. Сонан соң қозылардың жанына қайта оралып, екінші қозыны ағытпай, үшіншісін ағытты. – Мұның енесі ең соңғы тұрған саулық. – Ол бұл жолы да барша тұрғандарды тәнті ғып, төрт қозыны енелеріне жаңылмай табыстырды. – Бопты, бопты, – деген Нұрәлі. – Мал танығыштығыңызға Солтеке, дауым жоқ. Енді бесіншінің енесін табу менің де қолымнан келеді. Қойқозыны босатыңыздар. – Жоқ, – деген Солтан қойшыға қарап. – Мынау саулықтың бір қозысы қайда? Байдың қойшы жігітке қойған сауалын естіген жұрт екінші тұрған төлді көгеннен неге босатпағанының мәнісін енді түсінген. – Байеке, кешу өтінемін, бір апта бұрын ит-құсқа алдырып қойған едік, – деген қойшы сөзін естігенде Қамбар да күліп, басын шайқаған. – Қане, ағайын, әңгімені үйге кіріп жалғастырайық, – деді Нұрәлі. Ол Қамбар төренің жанына келіп отырған соң, Солтанға тағы да зейін аударған. – Ағайын, Солтекеңнің малын танығыштығына күмәндарыңыз жоқ шығар. – Жоқ, – десті отырғандар. – Онда Сағымсары – Солтанның малы! Мал өзінікі болған соң, ол алған бәйге де осы кісінікі болмақ. Жұрт мынау күтпеген шешімнен естері танып қалғандай. Қамбардың өңі де күреңітті. Бірақ ашуын ақылына ауыздықтатып отырғандай. Мына шешімді құптап отырғандардың бірі бола қойған жоқ. Бәрі де қаза үстінде отырғандай тым-тырыс. Қайтадан Нұрәлі сөйлеп кетті: – Ағайын, тура би бол деп, сенім арттың. Тура жолдан таймағаныма көздерің жетіп, көңіліңде күдік қалмасын, – деп, ол жүзінен дауда жеңіске жеткенін сездірмей, байсалды қалпын бұзбай отырған Солтанға мойын бұрған. – Байеке, сары биені қашан жоғалтып едіңіз? – Мен сіздерге «Сары биемді жоғалтып едім» дедім бе? Мен даулап отырған жүйрік дөнежін байталында да, жабағысында да, тіпті құлынында да көрмеген малым.

– «Мен не деймін, домбырам не дейдінің?» кері болды-ау өзі бұл әңгіме, – деді отырғандардың бірі. – Ендеше оны менің малым деуіңіздің себебін айтыңызшы. – Мен бұл жылқы емес, оның енесін алдырғанмын. Осыдан тура бес жыл бұрын қалмақтың барымташыларына алдырған бір үйір жылқының ішінде кеткен қоңыр биенің құлыны бұл. Жануардың қарны жер сызып, бүгін-ертең құлындайды деп тұрған кез болатын. Мұның әкесі текежәуміт пен қарабайырдың буданы Шүкірсары дейтін айғырым сол жылы көктемде тышқаншық тиіп өлген болатын. Әкесі мен енесінің қасиеті бойына сіңген малымды тұмсығынан сыпырып өсіре алмасам да, неге танымайын?! – Ой, Алла-ай, саған дауа жоқ шығар, – деген Ахметхан таңданысын жасыра алмай. – Байшуақ, Сағымсарының аты менікі болғанмен, заты сенікі ғой, – деді төре қолынан сусып кетіп бара жатқан жүйрікті алып қалуға бір амалы табылар ма дегендей ең соңғы үмітіне қол созған. Кешелі-бергі әңгімені үнсіз тыңдап, үнсіз ғана жүрген Байшуақ тамағын кенеп, Нұрәліге қараған. Биден рұқсат сұрағаны еді. – Сөйле, Байшуақ. – Алдымен айтарым, би сіз де, бай сіз де бұлтарар жер, бұрыла қашар жол қалдырмадыңыздар. Сағымсары мен үшін қанша қымбат болғанмен, әділ сөзге әуейі ғана жал айтар. Рас, сарыны құлынынан құндақтап алғандай ғып өсірсем де таныған адам тап басып отыр. Ошыржаптың жылқысын бағып жүрген кезімде бір түнде қосынымызға бір үйір малдың қосылғаны шын болатын. Бұл малды тағы да менің қазағымның алдырғанын білдім. Арада төрт-бес күн өтпей сайдың тасындай бір топ жігіт келіп, Ошыржаптың екі үйір жылқысын тартып әкетті. Алғандардың да менің қазағым екенін білдім. Білдім де тындым. Екі жақ та сонымен тыншыған-ды. Рас, сарының енесі есік пен төрдей қоңыр бие еді. Сәйгектетіп қуып келген бетте, байырқылап үлгерместен түрегеп тұрып құлындап еді жануар. Сары құлынның сары алтындай болып жерге түсісімен бір аунап алып, лезде орнынан тәлтіректеп тұрып кеткеніне назарым түскен еді. Одан арғы тарихы ағайынға мәлім, – деп ол сөзін аяқтаған. – Ағайын, көңіліңде күмән қалмас үшін сары биенің менің малым екеніне шүбәсіз сендірудің төте жолын айтайын, – деген Солтан бай. Оның сөзін ешкім бөле қойған жоқ. – Сол Шүкірсарыдан туған бір-екі құлынды айғыр қойғанмын. Сарыны солардың үйіріне қосып көрелік. Олар үйірлеріне қосып алса, мен сарыдан бас тартайын. «Текті айғырдың жатырына шаппасын» бәріңіз де білесіздер. Шүкірсарының балалары да қандасын үйірге қоса қоймас. – Қажеті жоқ. Онсыз да көз жетті, – деген Қамбар төре. – Бұлтарар жерді қалдырмаған соң, бұйырмаған малды қуып қайтейін. Күні кешегі Байшуақ

екеуіміздің үкілеген жүйрігіміз бүгін Солтекеңнің малы боп шықты. Нұрәлі би, қиянды асудан қиялап жол тапқан саған да, исі қазаққа үлгі ғып айта жүрер сұңғылалық көрсеткен, Солтеке, сізге де, осынау ойда жоқта шығып, кейінгілерге үлгі болардай аталы іске куә болған сіздерге де, би ағайындар, айтар алғысым мол. «Малым – жанымның, жаным – арымның садағасы» дейтін елдің баласымыз ғой. Әлі қызығын да тамашалап үлгіре алмаған жүйріктен айырылуымның, несін жасырайын, опындырып отырғанын бүге алман. Алайда бәрінен де арлы боп аяқталған іс-қымбат. Мен соны медет етем, ағайын! Ол сәл тыныстап алды да, Солтанға мойнын бұрған. – Солтеке, өзіңіз айтқандай, еш-шай деп көрмеген ағайынбыз. Иншалла, солай бола берерміз де. Би шешіміне дау айтар кісің мен емес, алайда ағайыншылықпен бір өтініш айтсам берерсің бе? – Бердім! – деп Солтан да ойланбастан. – Берсеңіз, біз «Сағымсары» деп атандырған жүйрік те, оның бәйгесі де сіздікі. Бүгінгі көрсеткен сұңғылалығыңыз үшін біреу емес, он жүйрік берсе де қарсы емен. Өтінішім – қолбала боп бауыр басып қалған Сағымсарының тұқымын алып қалсам деп едім. Көктемде өзіңізден қалап-сұрап алатын асыл тұқым айғырмен үйірлестіру Байшуақтың қиялы еді. Қиялының қанатын кеспе. Сары құлындап, құлыны жабағы болғанша екі жылға маған қи. Сары өзіңе оралғанша бәйгеге шаппайды. – Болсын! – деді Солтан ойланбай-ақ. Түнімен, ертеңіне күні бойы құлынның жылы-жұмсағына мелдектей тойған қонақтар, риза-қош айтысып, ертеңінде кіші бесінде әрең аттанған еді. Бұл үйде кішігірім болса да, мән-маңызы тым зор бір даудың түйіні шешілді деп ешкім де айтпас еді. Құдалыққа келіп аттанып бара жатқандай алғанының да, алдырғанының да жүздерінде не қуаныш, сүйініштің, не реніш, күйініштің ізі жоқ еді. Өйткені олар тым қарапайым болса да қазақы, бірақ барынша әділ шешім, адал кесікке біржола мойынсұнған жандар болатын.

Тағдырына тәңірдің көнбейміз бе, Дәм таусылса, бәріміз өлмейміз бе? Хош аман бол, ағайын, қалдың артта Көреміз бе, қайтадан көрмейміз бе? Халық өлеңі. ҚАРАША ҚАЗ ҚАЙТҚАНДА (эпилог орнына) І Жеңіл көшті Қамбар, Ошыржап, Қасқақ, Жұманай бастаған топ күншілік жердегі Еспе өзеніне дейін шығарып салып, ат басын іріккен. Ірікпес те еді, іріктірген Байшуақтың өзі болатын. – Алдияр, әуелі Алла, одан кейін бір өзіңізге табынармыз Барат екеуіміз тірі жүрсек. Осы құрметіңізге де ризамын. «Көрісер күн жақын болсын!» деген сөзіміз бен қайыр-қошымызды осы жерде айтысайық, – деп, ол атынан түскен кезде жеңіл жүк артылған екі түйе шөгеріліп, барлық салт аттылар түгелдей ат арқасын босатысқан.

Жолаушылар да, шығарып салушылар да көктемнің желкілдей өскен қалың бетегесіне тізе бүккен. Біреулер торсықтағы қымызды алып келді. Қымыз құйылғанша, оны ішіп болғанша да ешкім тіл қатқан жоқ. Бәрі үнсіз. Табысу оңай болғанмен, қоштасу қандай қиын еді. Және тумаса да туғандай болып, біте қайнасып кеткен, енді бұл пәниде тіршілік шиырлары қайтадан ұшыраспауы да мүмкін жандардың қоштасуы... Барат ештеңе де болмағандай гүл-гүл жайнайды. Отанына оралар сәттің туғаны үшін қуанышты екенін жүзінен байқау қиын емес еді. Ал Байшуақтың қызыл шырайлы жүзі қуқыл тартқан. Екі түн, екі күн ұйқы көрмеген адам сияқты қос жанары қызғылт тартқан. Бір қазақтың етегінен ұстаймын деп алдымен төркін жұртынан, сонан соң түскен жұртынан тағдыр тауқыметімен жыраққа кетіп бара жатқан Бағынзы-Бағиланың да күні кеше теңімді тауып, етегінен ұстасам, бәріне де көндім деген Тоты сұлудың да түрі кісі аярлық еді. Бағила екі жасар ұлын құшақтаған қалпы жаутаңдап, біресе Ошыржапқа, біресе төреге қарайды. «Шынымен-ақ бізді құс қанатымен ұшқанда жеткізбес жер түбіне жіберіп қоя бересіздер ме? !» дейтін сияқты. Бірақ бәрі де шешілген, бәрі де мақұлданған бұл сапарды ешкім де тоқтата алмас еді. Бауыр еті баласынан тірідей айрылған Тоты әлі есін жияр емес. Жылайжылай екі көзі ісіп кеткен... Қалай айтқанда да, бұл сапардың әсіресе Тотыға оңай тимейтін жайы бар-ды. Ол айналасы екі жылдай ғана уақыт ең бақытты жан ретінде ғұмыр кешкендей. Адал жар, аяулы азаматпен тағдыр косқан екі жыл ғана. Кешегі армансыз-мұңсыз қыз-дәурен бір төбе болса, көңілі құлаған жанға жар болған осы соңғы екі жылын қамсыз, мұңсыз күйі мәңгі жалғасардай көретін. Тумаса да туғандай болған өкіл енесі Қатша байғұс мұны қызындай ғып күтті. Тіпті қолына шәугім ұстатып, шай қойдырған емес. «Құлыным, құлдығымдап» тәтті дәмін аузына тосып, аналық мейірімін төгіп, үстіне түсті. Ағайынды қос азамат: «Бетті туған жерге түзейміз»деген әңгіменің шетін шығара бастаған тұста, «Бәріне де көнеміз» деп о баста серттей сөзін беріскен Бағила, Тоты абысындар ағайын-туыс ортасынан қанша кеткілері келмесе де амалсыз көніп, іштен тынған. Бұл күнде мал бітіп, соны алданыш қылатын Жұманай қарт та осынау сөзді естігенде қатты мүжіліп, шөгіп қалған. Бәрінен де бұрын бұл сөзді қаралы хабардай ғып қабылдаған шешелері Қатша еді. Шашын жайып, дауыс қылды. Тас емшегін жібітіп, тас құрсағын жарып шығар бір шарана бермеген құдайға налыды. «Аналарыңа бармаңдар!» деп не дейін, «Ата-мекендеріңді ұмытыңдар!» деп не дейін, бірақ екі-үш-ақ жыл қызықтарыңды көрсетіп, қу далада қалардай не жазып едік? Өлсек сендермен бірге өлеміз, әйтпесе қос қубасты тірідей көміп кетіңдер!» деп қиғылық салған. Байшуақ пен Барат қос қарияға жақсылық жасаймыз, бір-екі жыл болса да өздерін балалары, келіндері бар адам сияқты сезіну арқылы бақытты ете тұрамыз деп жүріп, олардың жандарына батып жүрген «тұяқсыздық» дейтін

дерттерін еселей арттырарларын аңғармапты. Барат уақытша емес, тұрақты болғанда ғана бақыт боларын білсе, оларды алдамшы күндермен емексітпеген болар еді. Бұл жайдан хабардар ел жақсылары жиналып, ағайынды екеуін, келіншектерімен ортаға алып, мәжіліс құрған. – Басқаны қойғанда, өзім де қимастарымды енді қайтып көрер-көрмес сапарға аттандырып отырғандаймын. Айыбы осы елде кіндіктерің кесіліп, кірлерің жуылмады демесе бұл ел де екінші бауыр басқан мекендерің болды. «Отандарыңа оралма, аналарыңды ұмыт!» деп ешкім айта алмаса керек. Мен де айта алман. Бірақ келіншектеріңнің, нәрестелеріңнің Отаны осы жер екенін ұмытпаңдар. Оның үстіне, Жұманай мен Қатша сияқты қос мұңлықтың жайы менің де қабырғама батып отыр. Сондықтан, осы елдің басшысы емес ағаларың болып, бір өтініш қылсам, бересіңдер ме, төртеуің? – деп Қамбар жол жүретіндердің бетіне қараған. – Береміз! – деді Байшуақ. – Берсеңдер, мынау қос қарияға алданыш қып, Барат, Тоты екеуің кішкентай сәбилеріңді қалдырып кетіңдер! – Ағатай-ай! – деп, Тотының жан даусы шыққан. – Түсінемін, Тотыжан ең алдымен саған батарын. Сәбиді кепілдік деп, аманат деп ойламаңдар. Елдеріңе барып, қайта оралғанша қазіргі бір жасар сәбилерің қарақұлақ болып, жолдарыңды тосуға жарайтын болады. Қос қарияға «Бала боламыз» дегенді шығарған өздерің едіңдер. Жылатпасаңдар екен. Сөйтіп, Барат пен Тотының өзектері қаншалықты өртенсе де туғалы Қатша әжесі құшағынан шығармаған бір жасар Гүлзатты тірі жетім ғып тастап, аттанып келе жатқан беттері болатын... Байшуақ алдымен сөз бастаған: – «Ер туған жеріне» дейді атамыз. Туған еліңді, туған жеріңді, атаанаңды ұмытсаң, адамдығың қайсы, азаматтығың қайсы?!Өз елінің қадіріне жетпеген өзге жұртты құрметтей алар ма?! Бірақ исі қазақ орнаған жалпақ елді, бөгдем-бөтенім деп айта алармыз ба? дей алмас едік. Тағдырдың тәлкегімен қабырғамыз қатып, бұғанамыз бекімей жатып, туған елден жырақтап кеттік. Кір жуып, кіндік кескен жерге дәм жазса барып бір аунасақ, қос ботасынан тірідей айрылған аруанадай боздап қалған анамыздың тірі болса тас емшегін жібітіп, кеудесін иіскесек, өлі болса, тас моласына барып, тәу етіп, құранымызды оқысақ деп армандаушы едік. Әуелі Алла, одан соң алдияр, өзіңіз сол көптен армандаған мақсатымызға қол создырып, ақ батаңызды беріп, аттандырып салып отырсыз. Не айтайық, Барат екеуіміз, бізге жасаған жақсылығыңыз алдыңыздан шықсын!.. – Еңгезердей жігіттің даусы дірілдеп, үні бұзылды. Аялы біткен қой көзі мұнартқандай. Бірақ қырандай дүр сілкініп, өзіне тез келді де сөзін сабақтады: – Біздің жасар жақсылығымыз сол, атыңызға тәңірідей табынып өтерміз...

Тағы бір айтарым, бәлкім, мынау қос келініңіздің Отанына, өзіміздің екінші мекеніміздей болған Сауыр, Маңыраққа қайтадан оралып та қалармыз. Оны жүрген жол мен барған елдің жайы шешер... Үлкендер ғана емес, шығарып салуға шыққан Бөкей бастаған жігіттер де көздерін шылап, теріс айналысқан. Байшуақтың сөзінен кейін манадан жасын ішіне жұтып, үнсіз жылаған Бағила мен Тотының үні шығып кеткен. – Ағекелерім-ау, қайта айналып сіздерді, әке-шешемді көрер күн болар ма? – Кішкентай ғана құлыншағымды тірі жетім ғып, қалай ғана кетіп бара жатырмын, жұртым-ау! – Сабыр етіңдер! Әке-шешелерің, Гүлзаттарың далада қалған жоқ, елінің-жұртының ортасында. Ал өздерің дәм жазса, азаматтарың Байшуақ пен Барат аман болса, қайта айналып келерсіңдер, – деп, Ошыржап та қос келіншекке басу айтқан. Сол кезде Маңырақтың жатаған жоталарынан асып, Шорға көлін бетке алған қараша қаздардың қиқуы аспанды әнге бөлеген. Тізбектің сүйір бұрышы жерге шаншылардай. – Шіркін, табиғат-ай, – деген Қамбар төре де аспанға күн сап қараған қалпы, – бұлар да туған жерлеріне жеткенше асығып келеді... Сендер де қанаттарың талса да, туған жерлеріңе жетерсіңдер. Туған жерді сағынғанның несі айып?! Жақсы жүрген кісіге бес-алты күндік жолы бар Аягөзімді мен де сағынамын. Ит тіршілікті қуалаймыз деп жүріп, мойын бұра алмаймыз. зім бара алмасам да, мына Бөкей бастаған, Бораш қостаған үш-төрт жігіт сендерді Аягөзге дейін шығарып салады. Ата-әжелерінің басына құран оқытады. Әрі қарай Мойынтыға дейін менің Аягөздегі бауырларым шығарып салар... Ол сәл тыныс алып, үнсіз отырып қалды. – Туыспаған туысым, қиыспаған қиысым болып едіңдер. Төрең болып, төбе биің болып атқа мінсем, сендер сияқты адал ұлдардың қолтығымнан демеуінің арқасы еді. Жыртылған жағам болмаған шығар, бірақ жыртыла жаздаған намысымды жан аямай қорғаған сен екеуіңді бөгдем еді деп қалай айтайын? Еліңе қайтпа десем, басыңа әперген азаттығым қайсы?! Туған жеріңді ұмыт десем, аяғыңа тұсау, қолыңа бұғау салмағаным қайсы?! Анаңды, ағайынды көрме десем, көрсеткен көсегем қайсы?! Екеуің жаныма келгенде кемтігім толып, жартым бүтінденгендей еді, қолғанатым ғана емес, қос қанатымдай едің, қос арыс! Томағаңды ағытып, алыс сапарға аттандырып тұрмын. Ағайыныңа, ел-жұртыңа, күллі Кіші атамның ұлқызына дұғай сәлем деңдер! Жортқанда жолдарың, жолдастарың Қыдыр болсын! Айлап жүрсеңдер де, жеткізбес шалғай сапар болса да, бір қазақтың мекені ғой, жолғасуға дәм жазсын, әумин! – деп, Қамбар бетін сипады. Бәрі де беттерін сийпап, орындарынан тұрған.

Бағанадан толғанысын сездірмей жүрген Барат шыдамаса керек, қарапайым жан бетіне қарауға бата алмас айбарлы төрені құшақтай алып, кеудесіне басын қойды. – Пана іздегендей болып келіп едік, балаңыздай болып аттанып барамыз. Анамызға жетсек, әкемізге де қайтуға асығармыз! – Әрі қарай жылап жіберермін десе керек. Жас жігіттерге қарап, езу тартқан. – Ошыржап мырза, сіз де «Таңдаған қызыңды алып берейін» деп едіңіз. Көнбегендегі ойым да осындай алыс жолдың боларын біліп, шегіншектеп едім. Бірақ мынау Тотымды көргенде бәрін де ұмытыппын. Тотыжан ұмыттырыпты. Енді ересек төртеуіміз жабылып, ортадағы кішкене ұлды ата-мекеніне жеткізсек, сол – олжа. Ал өзім, шамасы орталарыңызға оралған соң, уаңның ауылынан тағы бір қатын алатын шығармын. – Мен де сөйтсем деп ойлап тұрмын, – деді бағанадан көзінің жасын бұлап жүрген Құлжабек те қайта тірілгендей. – Мені бір көрсе қалмақ қыздары қалыңсыз тиер... Бұл сөзге жастар жағы күлісіп, бір сергіп қалған. – Балаларым, ұзақ жолға жүрер алдарыңда көнеден келе жатқан бір аңыз есіме түсіп тұр, – деді Қасқақ. – Баяғыда туған елінен жырақ кеткен бір ұлды еліне ағайындары қанша шақырса да, қайтқысы келмепті. Артынан іздеп келгендер анасы беріп жіберген дәмді береді. Жігіт шешесі әзірлеген құртірімшікті жейді де, үйреніп қалған екінші мекенінен қайтқысы келмейтінін айтады. Жан торсыққа құйып әкелген қымызды ұсынады. Жігіт оны да сіміріп салып, бәрібір қайтқысы келмейтінін қайталайды. «Ендеше көзіндей көріп жүр», – деп әкесінің терсіңді ескі шапанын ұсынады. «Бұл жақта жалаңаш жүр дегендері ме?» деп жігіт оған да мән бермесе керек. Сол кезде жігіттен күдер үзген туыстары аттанып бара жатып: «Қайда жүрсең де аман жүр. Туған жеріңді сағынсаң, осыны иіскеп, мекеніңді есіңе аларсың!» деп оған қурап қалған, бірақ исі бұрқырап тұрған жусан ұсынса керек. Сонда жусанды иіскеген жігіт орнынан атып тұрып, «Ағатайлар-ай, мен де қайтпасам болмайды екен» деп, атына жүгірген екен дейді. Екеуің онсыз да туған жерлеріңе бет алып барасыңдар. Жолдарың болсын! Сауыр, Сайқан баурайы туған жерлерің болмаса да, жастық базарларыңды өткізген думанды мекендерің еді. Сағынсаңдар осыны иіскеп, мауықтарыңды басарсыңдар! Ол еңкейіп, жерден екі түп қара жусанды жұлып алды да, қол орамалын қақ бөліп, екеуіне түйіп берді... Алыс сапарға аттанатындар мен Аягөзге дейін шығарып салатын жігіттер қайтадан құшақтасып көрісе бастаған тұста бағанадан көзінің жасына ие бола алмай өзімен өзі болып жүрген Жұманай ұмсынып алға шыға берген. – Маған құдай ұлын да, қызын да қимап еді, қартайғанда мына Отыршаптың арқасында алдыма мал бітті. Оу, ағайын-ау, ертең мен өлсем,

ол малға ие болар кімім бар?.. Мына екеуіне: «Бала болдыңдар, енді осында қалыңдар» деп қанша жалынсам да көнбеді. «Бұл да құдайдың қылған ісі шығар. Бірақ та кемпір екеуіміздің ермегіміз, алданышымыз бар... Уайымдамаңдар, жаным ұяда болса, ешкімнен кем қылмаспын... – Кәрі жезденің сөзіне біреулер күлсе, үлкендер жағы күрсінген. Қарт қойнына қол сұғып, әлде не түйілген көлкемедей орамалды алып шыққан. – Биыл Шәуешектен келген кіреші саудагер сарттардан сендердің жолдарыңа деп төрт құлынды биеге айырбастап алып едім. Тайтұяқ жамбы ғой! – Бәрімізден де Жұмекең ерледі-ау. – Қасқақ әншейінде сабақты инесін шашау шығармас қарттың мәрттігіне сүйсінді. Жұмекең: «Келіңдерші бермен» деп, әрқайсысымен ұзақ-ұзақ қоштасқан. «Тектім-ау» деп Байшауқты, «текті тентегім-ау» деп Баратты, «мына екеуін алдымен Аллаға, сонан соң сендерге тапсырдым, келінжандарым» деп Бағила мен Тотыны құшағына алды... Екі азаматтың көктем шыға елдеріне аттанатыны жөніндегі сөз піскендеақ, Қамбар жолға даярлықты жедел қолға алып, көліктерді, басқа да керекжарақты әзірлеуді өзі құптаған. Қосарымен мінетін жуан сіңір, алыс жолға төзімді аттарды, жүктері мен азық-түліктерін артатын қос атан, ерулеген жерлерінде пана болатын жеңіл қосқа дейін әзірлеткен. «Ұзақ жолға мал алып жүре алмайсыңдар, кез келген уақытта мал болады» деп асыл тас, алтын-күміс сияқты заттарды жинатып, теңнің бір бұрышына құрым кигізге оратып тықтырған. Жол торыған сырт көз бола қалса, сұқтары түспесін деп көшті жасандырмай, тым қарапайым көрсетуге назар аударған.Оның есесіне ағайындылардың айбарын арттыру үшін олардың бес қаруын қапысыз сайлаттырған. Қамбар және басқалары қос-қос ат мінген ағалы-інілерді қимай шығарып салған кезде күн түске тармасып қалған болатын. Бұлаң құйрықпен суыт жүріп кеткен жүргіншілердің сұлбасы көз ұшынан үзілген кезде ғана Қамбар бір күрсініп, үзеңгіге аяғын салған. Басқалары да атқа қонды. ІІ Бірақ ол дәл сол сәтте бұл өңірді үш маусым қар тұмшалап, үш дүркін айнала көктемнің жасыл бояуына малынған соң, сонау Еділ бойынан Байшуақ пен Бараттың ет жақын ағайындарынан жиырма шақты түтінді қотара көшіріп әкелетінін және бұл өңірді неше маусым қар тұмшалағаннан кейін халқының бірегей ұлы Шоқанның қағаздары мен құжаттарының арасынан табылған «Н.И.Любимовтың Шығысқа сапары кезіндегі жол журналы. 1845 жыл» деген еңбегінде «Тарбағатай етегінде отырған Тамалардың ауылына келіп түстік» деп жазатынын және ғалымның келіп түскен ауылының осы Байшуақ пен Бараттың және ол көшіріп әкелгендердің ұрпағы екенін, һәм ол кісінің: «Қамбар ұрпақтары Шәуешектің арғы жағында (Қытай жерінде жазып отырғандықтан, «арғы жағы» деп отыр; автор), қалмақ

көшпелілеріне жақын жерде мекендейді» деп тәптіштеп тұрып жазарын, сондай-ақ ол аз үй Таманың да «Санияздың Алшындары» атанып, төре ауылының бір бұтағы боп кетерін мүлде білген жоқ еді. Иә, ол сәтте олардың білмейтіні көп еді. Басқасын қойғанда, Қамбар мен Байшуақ қиямет қиындықпен қолға түсірген Қараттың да аяғын кесе басып алып, ешкімге қажетсіз тулақ болып жарыс жолынан қаларын, оның есесіне Сары биенің кейіннен «Солтанның Сағымсарысының» тіпті алдына мал салмайтын өрен жүйріктігін естіп білген, көздерімен көрген атжанды қазақ оны «Сауырдың Сағымсарысы» атандырарын да білмеген. Ол кезде Сағымсары мен Жастабаннан алған айғырдан Қамбардың қолында арда еміп қалған теңбіл сарының күндердің күні болғанда төре ауылының атағын қайта аспандатарын да алдын ала болжаған ешкім болған жоқ. Және көне көз, құйма құлақ қарттар аузынан көшіп, ұрпаққа жетер сөздің қос таудың қуысында, бір Алланың уысында жатқан ел тіршілігін өз шама-шарқынша бір белден асырған Қамбар төре, өз замандастарының айтулы азаматтары болған Қасқақ, Байшуақ, Бараттар туралы емес, тіпті өрен жүйрік Қарат та емес, осы Сағымсары туралы бір әңгіме болып тарайтынын да болжай алмаған.

Соңы.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙