Өмір мектебі ІІІ
Сәбит Мұқанов
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
«Өмір мектебі» – жазушы Сәбит Мұқановтың үш томдық мемуарлық романы. Шығарма халықтың жарты ғасырға жуық өмірінің: еркіндік, теңдік жолындағы күрес, еңбек, білім алу жолындағы тынымсыз аттаныстары мен ізденістерін тұтас суреттейді.
ҮШІНШІ КІТАП
БІРІНШІ ТАРАУ
(Роман)
ӨМІРДІҢ ӨРІНЕ
СӘКЕННІҢ САЛТТАРЫНАН
Лениннің азалы күндері алыстаған сайын, менің сырқатым да күннен күнге тәуірленуге айналды. Шамасы он шақты күнде таяққа сүйеніп, тарлау, оңаша палата ішінде жылжып жүруге іліктім. Білетін адамдардың айтуынша, Жайық өзенінің жағасындағы шоқша ағаш ішіне орналасқан бұл емхана, XVІІ ғасырдың бас кезінде, Орынбор қаласымен қатар салынған, алғашқы жүз жылда ол шекаралық комиссияның әскери госпиталы болып келген де, одан кейін азаматтық емханаға ауысқан. Алғашқы кезде емхана қалың орманның ішінде екен. Қаланын, тұрғын халқы ол орманды жыл сайын құрылысқа, отынға кесіп, шексіз қалын, жыныс кейінгі кезде сиреген, шағын шоқшаға айналған, шегіне жеткенше жуандаған қайын, мен теректердің басқы бұтақтары молтақтанып қуарған, олардың басы толған қарғалардың ұялары. Мен алғаш он шақты күнімді осы кең палатаның ішінде, тығыз орналасқан сырқаттардың арасында өткіздім. Оқушыларға ескерте кететін бір нәрсе — емханаға түскен кездегі денемнің қызуы әдетте, сырқат кісінің дене қызуы «40»-қа жетуі, өміріне қауіп туғызады. Ал менің алғашқы екі-үш күндегі қызуым «41»-ден асып, төрт ондыққа барған. Бұны мен кейін сауыға бастағанда ғана білдім. Осы жайды кеңес қылған емдеуші дәрігер:
— Бұндай қызуды көтере алатын жүрек өте сирек кездеседі,— дей келіп,— себебін білуге тырысқанда,— бір ғана жорамал табылды, ол — менің балалық шақта өте ауыр тұрмыста болуым.
Шамасы он екі, он үш жасымда, қар аласапыран болып еріп жатқан кезде, өмірдің талқысымен, алысырақ ауылдағы бір туысыма жаяу баруға тура келді. Ауа райы «қара дауыл» аталатын суық. Үстімде жамаулы жұқа киім. Аяғымда жұлығы жыртылған сірі етік. Осы киіммен еріп жатқан соқта қарды кешіп туысымның үйіне жеткенде, өтіп кеткен ызғардан аяқтарым түгіл, бар денем долыра қызарып ісініп кеткен екен. Содан тек қана тамағымның безі көтерілгені болмаса, ауырмай аман өтіп кеттім. Сол сияқты жайларымды тыңдаған дәрігер:
— Қырық бір жарым градустық қызуды көтеруіңе себеп, денеңнің солай шынығуынан екен,— деді.
Емханаға түскен күндерден бастап, менің қамқоршым — обкомның екінші секретары Абдолла Асылбеков болды. Ауыр күндерде де, жеңіл күндерде де ол күн сайын келіп, емханадан табылмайтын дәрі-дәрмекті, көңіл шабатын ас-суды жеткізіп тұрады. Өзінің қолы тимеген күндері, басқа біреулерді жұмсайды. Аузымның дәмі кіріп, асқа қараған соң-ақ, мен тез торалуға бет алдым. Аз күнде төсектен тұрып, палата ішінде таяқпен жылжып жүруге айналдым. Бұл күндері жалғыз ғана ыңғайсыз нәрсе—маған сырттан дәмді астардың келуі. Отанның шаруашылық күйі биыл жақсарғанмен, ас-су молайғанмен, емханадағы сырқаттарға берілетін тамақ әлі жайсыздау екен. Соған ренжитін олар, маған келетін тәуір тамақтарды көріп, күндеуге айналды. Осындай сөз қарсаңында, оларға «өкімет мүшесімін, қаражатым жетеді» десем, «ә солай ма?» деп тіпті даурығатын түрлері бар. Сондықтан «қайдан келіп жатыр, бұл дәмді астар?» деген сұрауларына, «жақындарымнан» дей салам, олардың кім екенін айтпаймын. Асылбековті «кім?» деп сұраса, «туысым» деймін. Оған емхананың жайын айтсам, «тиісті жерлерге жеткізіп көрейін» дейді, кейін — шара қолданбақ болды дейді. Бірақ, ол шарадан хабар жоқ.
Сондай күндердің біреуінде, сестра келді де:
— Саған жолығуға совнаркомның председателі Сәкен Сейфуллин келді,— деп хабарлады.
— Ә-ә,— деп, шу ете түсті сырқаттар,— Мұқановқа дәмді астың қайдан келетіні енді ғана мәлім болды.
— Ол кімің еді? — деген сұрау қойды сырқаттар маған. Мен шынымды айтып, Сәкенге жазушылық жағынан жақындығымды білдірдім.
— Сондайың бар жігіт пе едің? — деп таңданды олар. Мен сестраға еріп палатадан шығарда,-— өз қамыңды ғана ойламай, бізді де ескер, бұндағы ауыр жайды айт, жеңілдетуге жәрдемдессін,— десті.
— Мақұл,— дедім мен.
Бас дәрігердің кабинетіне барсам (бірінші баруым), Сәкен құндыз жағалы пальтосының түймелерін ағытып, құндыз бөркін қолына ұстап, кең бөлмеде ерсілі-қарсылы жүр екен, бірер рет қана алыстан көрген қоңқақ мұрын, ақ мұрт, көзіне шынысы қалың пенсне киген бас дәрігер орындықта отыр екен. Ленин өлген хабары жарияланғаннан кейін, оның азалы күндеріне қатынаспақ боп, Сәкеннің Қазақстан өкілдерін бастап Москваға кеткенін білем, одан қашан оралғанын білмеймін. Мені көріп тоқтай қалған Сәкен, сәлемімді беріп үлгірмей:
— Ауырып қалдың ба?-—деді маған. Жауабымды беріп үлгермей:
— Хал-жайыңды естідім,— деді. Тағы бірдемені айтып үлгермей:
— Енді төрт-бес күнде шығуға жарайтын жайын, бар екен,—деді тағы, жауап қайырып үлгермей:
— Бұл кісі,— деді бас дәрігерді нұсқап,— қай күні шығуыңды хабарлайды, ат жіберем, алып кетеді.
— Ал мен кетем,— деді Сәкен дәрігерге, бөркін басына қондыруға айналып.
Мен аз сөзбен болса да Сәкенге сырқаттардың өтінішін айта бастап ем.
— Естідім,— деді ол, мені бөгеп,— ол айып,— деді бас дәрігерді нұсқап,— өзгеде емес, анау Ольденбургте. Маған бұрын айтпай, жаңа ғана айтып отыр, емхананың ауыр жайын,— сонымен,— деді Сәкен,— Ольденбургқа «сен» деп сөйлеп,— маған емхана мәселесімен ертең күндізгі сағат төртте келесің, сонда сөйлесеміз.
— Мақұл,— деді Ольденбург түрегеп, басын шұлғып.
Сәкен кетіп отырды. Палатама қайтқан мен сырқаттарға естіген-білгенімді айттым. Олар, «иә, бәсе!» деген үмітті қуаныштарын білдірді. Ольденбургтің Сәкенге сөйлесуінің нәтижесі бірер күннен кейін-ақ көріне бастады: бұған дейін су татитын тары ботқаның бетінде сары май жылтырады, бұған дейін капуста ғана қалқитын сорпаның ішінде аз да болса майлы ет ұшырады, бұған дейін іші шала дүмбілездеу арпа нанның орнына жақсы піскен бидай нан келді. Жатар алдында айран берілді, асқа ауыздары енді ғана тұши бастаған сырқаттар, тамақтанған сайын Сәкен Сейфуллинге алғыстарын айтуда болды. Емханадан мен, сол жұманың аяқ кезінде босандым. Шығардан бір күн бұрын Сәкеннің қызмет бабындағы жәрдемшісі Әлкей Өтекин келді де, ертең алып кетуін хабарлады. Мені алып кетуге келген Әлкейге осы жайды айтсам:
— Сәкен ағай, саған әуелі біздің үйге келсін, ар жағын ақылдаса жатарсыңдар,—деді.
— Мақұл.
Мені боз арғымаққа жегілген фаэтонға отырғызған. Әлкей, Сәкен үйіне әкеп түсірді. Есікті Сәкеннің өзі ашты. Кейде ол басына арқа қазақтарында кездесетін, маңдайын жоғары көтере қайырған, жасыл пайымен тысталған пұшпақ берік киюді, үстіне сол арқаның кең қолтық сырма шапанын, аяғына кең қонышы қара саннан келетін байпақты етікті киюді жақсы көретін. Қазір ол осы киімде екен. Сәкеннің әдетінде жолғасқан адамға сәлемдесу сирек болатын, ол әңгімені сәлемсіз бастап кететін. Бұл жолы да сөйтіп, есікті ашқаннан кейін, берген сәлеміме жауап қайтармастан:
— Бері жүр,— деді өзі коридорға артымен шегініп.
Бастаған бізді, баяғы өзіміз тұрып кеткен бөлмеге әкелді де:
— Осында тұра беріңдер,— деді.
— Мақұл,— дедім мен, Сәкеннің шын ықыласын қайтарғым келмей,— бірақ бұрын бірге тұрған жігітпен.
— Сөйтсең сөйт!
Сол күні рабфактың шаруа белімін басқаратын адамнан сом темірлі кровать алып келдік те, Ғабит екеуіміз бөлмеге тағы орналастық. Бөлме тарлық істеді. Ең алдымен жатуға кровать тар, өн-бойында екі-ақ белдігі бар кроватьтың үстіне фанер төсейміз де, үстіне жұқа одеал ғана жабамыз. Жамылатынымыз да сондай одеал. Құшақтаса ұйықтаған шақта аунақши беретін болуымыз керек. Фанер ондай қимылды көтере алмайтын болу керек, шырт ұйқыдағы Ғабит екеуіміз талай рет шоңқия құлаймыз, оған қарамай төсекті дұрыстап қайта жатамыз. Мәжиттің бұрынғы қысымы — әлі де қысым: ол әлі де бөлменің пешін жақтырмайды, әлі де электр жарығын мезгілсіз жақтырмайды, әлі де шылым түтінін ұнатпайды... Осындай жағдайда тұрғанмен, пәтерінен тез шығып кетуге Сәкеннен ұялдық. Сөйтіп жүріп Сәкенге бойымыз көбірек үйренді де оның мінез-қылығымен жақындау танысып алдық. Ең алдымен сымбатының, келбетінің сұлулығына сәйкес, Сәкен айта қалғандай дені сау адам екен. Сол күйін бағалайтын ол, саулығына нұқсан келтіреді-ау дейтін қылықтардан аулақ екен. Мысалы, сол бір кездегі қазақ оқығандарының арасында насыбай ату салты бар. Бұл өзі жоламаумен қатар, насыбайшыларды сықақтап, ауыздарын әлденеге ұқсатып ыза қылатын. Жас күнінен шылым тартатын ортада болғанмен, Сәкен шылым да тартпайтын. Бірақ оның кілттеулі столында, үнемі қайдағы бір әдемі папиростар сақталатын. Ол үйіне келген қадірлі қонақтардың ішінде шылымшылары болса, сый ретінде бірен-саран ғана беріп, тағы жауып қоятын да, одан кейін жалынса да иіскетпейтін. Қызулау мәжілісте, кейде өзі де әуестеніп, папиросты аздап соратын да, түтінін ішке жібермей, қалың мұртының арасынан будақтата шығаруды жақсы көретін. Сәкен араққа зауқы соқпайтын адам да. Ол кейде, кейбір мәжілістерде ғана аузына тәтті қызыл арақтың дәмін ғана алып, кішкене рюмкаға бір рет құйғанды бір кешке жеткізетін. Тамақты өктеп ішу Сәкеннің салтында жоқ та. Ол таңертең сол күнгі сүттен іріткен ақ ірімшікті шикі қаймаққа жаншып кішірек бір тарелкасын тауысатын да, сүт құйылған бір стакан қою шай ішіп, қызметіне кететін. (Сәкеннің сондағы стакан қоятын тұтқалы әшекейлі күміс подстаканниігі, оның әйелі Гүлбаһрамда күні бүгінге дейін бар). Кеңсе тамағын Сәкен ішпейтін адам да. Түскі астың үзілісі кезінде, ол бір стакан айран ғана ішіп, кеңсе қарсысындағы Жайықтың жағасына жаяу кететін де, қыс болса мұз үстінде, жаз болса көгалда сағатқа жақын серуендей қайтатын, бірге серуендеп, төңірегін қоршаған адамдары, үнемі бірталай болатын. Бәрінің тыңдайтыны — Сәкен, ол қысқаша күлкілі сөздерді айтатын. Үйіндегілер түскі тамақты Сәкен қызметтен келгенде ішетін. Сонда көбіне жейтіні — жылқының етінен жасалған бес бармақ. Майды аз жейтін Сәкен, бес бармақтың семіз болуын ұнататын, сондықтан табақтас адамдар мәре болып қалатын. Семіз еттен қарта мен қарынды, немесе сағыздай шайнауға жақсы деп — жалды жақсы көретін. Олардан бірталай жейтін. Ет тұздығының татымдысын ұнататын. Семіріп кетем деп еттің күлшесін аз жегенмен, табақта молырақ болғанын тілейтін. Кешкі тамағына Сәкен сухаримен шай ғана ішетін. Қантты сирек және шетінен тісімен шекіп қана тататын. Тісімді бұзады деп кәмпит атаулыны жемейтін, бірақ стол үстінде тұрғанын ұнататын. Жалпы алғанда, Сәкен тәттіден гөрі тұздырақ тағамға сүйсінетін. Сәкен «былшиған» деп семіз адамды да, «тыртиған» деп арық адамды да ұнатпайтын. Оның дене құрылысы жағынан ұнататындары — сыла ғана адамдар. Өзін осындай адаммын деп түсінетін ол, (расында солай болатын) бәйгеге қосуға баптаған аттай, денесін үнемі ток, жарау ұстайтын. Семіріңкіреу белгісін ол үнемі кіндік маңынан іздеп, егер қазы біліне бастаса, күн сайын жасайтын әдеттегі гимнастикасын үдетіп, семіздігін ойдағы қалпына келтіргенше тынбайтын, арықтау белгісін Сәкен үнемі мойнынан іздейтін. Ол балуан мойынды адам да. Сонысын мақтан көргендей, біреулермен мәжілістесіп отырғанда басын оңды-солды бұрып, мойнын саусақтарымен жан-жағынан қысқылап отыратын. Сәкеннің бұлшық еттері түйінді және қатты болатын. Ол екі қолының да бұлшықтарын кезек-кезек қысып отырудан тынбайтын. Денесінің былайғы бұлшықтарын көрсеткісі келгенде, «Балуан Шолақ бүйтеді екен» дегенді сылтау ғып, физкультурамен шұғылданған уақытта, «әй, бері келші!..» деп қасына шақырып ап, жонның, санның бұлшықтарын қыстырып көретін. Темірдей қатты бұлшықтарын мақтан көргендей:—«қыс!.. қаттырақ қыс!..» дейтін. Сәкен қызмет күндері екі рет гимнастика жасайтын. Біpі ертемен, ас алдында, екіншісі — кешке жатар алдында. Ертеңгі гимнастикасын, қыста үскірік аяз болмаса, жазды күні нөсер жаңбыр болмаса қора ішінде жасайды; кешкісін пәтеріндегі кең бөлмеде жасайды. Қызметтен бос күндері жаяу не атпен далаға кетіп қап, тоқыраған жерде көбінесе физкультурамен шұғылданады. Сәкен екі мезгіл ұзақ жуынатын адам еді: таңертең және қызметтен, немесе серуеннен қайта. Екі мезгілде ол көйлегін шешіп тастап, кеуде мен басын сабындап тұтас жуады. Қыс күндері үйде жуынғанмен кейде қора ішіне көйлекшең шығып, алақандарын, білектерін, мойнын, кеудесін құрғақ қармен ысқылауды жақсы көреді. Моншаға ол сирек (айына екі-үш рет қана) түседі және үйінде ванниы бола тұра көпшілік моншасына барады. Дене тәрбиесін жақсы ұстайтын Сәкеннің ерекше күтетіні: шашы мен мұрты. Табиғаттан толқындана біткен оның шашы көмірдей қара. Сонымен сән көргендей, Сәкен соңғы жылдарына дейін ұзындау өсіріп жүрді. (Ертеде тіпті жалбыр ғып, иығына түсірген деседі.) Күн сайын таңертең ұзақ жуатын шашын ол кейін қайыратын. Сонда құрғақ түрінде де, дымқыл түрінде де бұйрасы жазылмай, қараңғы түнде жел тербеткен судай боп тұратын. Шашы көмірдей қара Сәкеннің мұрты да қара сұр түсте еді. Оның мұрты ұйпаланғыш түбітті емес, майыспайтын қылшықты болатын; қобыраған қалың емес, қоюлау қияқты келетін; қылшықтары ұзынды-қысқалы болмай жарыса тегіс өсетін де сапары шықшытына жететін, оны алақанымен ара-тұра сипалап отыратын дағдысы бар. Өсіріп жіберсе қаба, қалын, қара сұр сақалы болатын түрі бар да. Сәкен оны күн сайын қырып, орны көгеріңкі көрінбеу үшін, аздап қоңырлау түсті опа жағатын. Сақалының тебіндеген қылтаңы темірдей қатты да. Ол тек төменгі ернінің астына шығатын шоқша «ата-сақалын» ғана өсіріп, ұзарып кететін болған соң, ұшын қайшымен қырқып жүретін. Киімді Сәкен үнемі сәнді, көбінесе европаша киінетін. Ол кезде галстук тағу салты жоқ. Сәкеннің галстугі мойнынан түспейтін. Ол үнемі пілдің сүйегінен жасалады дейтін қатқыл ақ жаға киетін, сондай жең-ұш салатын. Үйінде көбінесе қазақы киімдермен отыратын. Орынборда «қазақ полкі» деген әскери құрам бар, соның сыйлы командирі болғандықтан, Сәкенге полк командирінің киімі берілген. Сәкен кейде тысқа сол киімдерімен шығуды да жақсы көретін. Бірақ күн жылы болса да шинелін тастамайтын, сондағы себебі, сұлу біткен барлық денесіндегі жалғыз кемшілігі — жіліншіктерінің аздап талтақ бітуі де. Соған «қорланатын» Сәкен, көшпелі ат үстінде жүретін аталарымыздан қалған «мұра» дейтін. Ол кездегі әскери адам аяғына етік қана киеді. «Солай киінгенде жіліншіктерінің қисығы көрінеді» деп, Сәкен етігін шинелінің етегімен жабатын. Мұрты ұзын сұлу кескінді Сәкенге әскери киім өте жарасатын. Сол кезде өзін К,ызыл Армияның атақты қолбасшылары: Буденный мен Каменовке ұқсас көріп, мақтанған бейне көрсететін. Осындай бейнесінде, бір қызық оқиға да болған: 1924 жылдың күзінде Орынборға, Бүкілодақтық ақсақал Михаил Иванович Калинин келу хабары алынды. Орынбор оны қарсы алуға даярланып жатты. Ол даярлықты көруге, әлдекімдер, кейде әскери адамдар Москвадан келіп жатты. Тәртіп бойынша, Калинин Орынбор вокзалына поезбен келгенде сыйлы қарауыл қойылмақ, оны Қазақстан соғыс комиссары Шлехманов басқармақ. Ол мұрты қақпақтай, аласа, тығыз денелі, қоңыр өңді, түсі суық адам еді. Кім көрінгенмен қалжыңдай беретін Сәкен, бір күні әскерше киінеді де, қасына Орынбордағы әскери мектептің начальнигі Нұрқан Мусинді ертіп, екеуі әскерше ерттелген салт атпен соғыс комиссариатына барады.
— Сен,— дейді Сәкен Нұрқанға,— аттан түсіп, комиссариатқа кір де, «Калининнің келуіне байланысты, Москваның соғыс округінен Корктың орынбасары келіп қалған, сыртта тұр» деп Шлехмановқа хабарла!
— Ол қайда?—дейді Нұрқан Сәкеннің қалжыңына түсінбей.
— Мен ше?— дейді Сәкен.
Нұрқан қалжыңға енді ғана түсініп, «ұят болмай ма?» десе «ойнай беретін адамым, көтереді. Бар, бірақ сыр білдірме!» дейді. Сәкенді сыйлайтын Нұрқан амалсыз көніп, Шлехмановқа хабарлағанда, ол сасып қалады да, тез сыртқа шығады. Түсін суық ұстаған Сәкен, ат үстінде қадалып отыр. Шлехманов оны тани алмай қалады да, честь беріп, бірдемелерді айта бастайды. Бұл комедияға шыдай алмай Нұрқан күліп жібереді. Сәкен де езу тартып қалады. Сәкенді сонда таныған Шлехманов күліп:
— Бұлай ойнауға бола ма екен?!— дейді де қояды.
Сәкен бір көрмеге мейлінше тәкаппар, кекір мінезді кісі сияқтанатын еді. Ұнатпайтын адамына солай болатыны да рас. Олары «тап жауы» деп санайтындары мен ісі, мінезі халыққа жат чиновниктер. Ал, «өзім» деген адамға, әсіресе қарапайым еңбекші адамдарға Сәкеннен кішіпейіл кісіні табу қиын да. Мысалы ол, осы қаладағы оқу орындарына көп баратын, оқушылардың оқу я жатақханаларын көп аралайтын, көп сөйлесетін, кіші қызметкерлердің пәтеріне қонаққа барудан тартынбайтын адам да. Ондай адамдар Сәкеннің пәтеріне де көп барады. Әдетте, Сәкеннің түскі асын жеке ішуі сирек ұшырайды. Көбінесе стол төңірегін толтырған қонақ болады. Мәжілістері үнемі қызғылықты келеді. Сәкен бірсыдырғы домбырашы адам еді. Домбыраны ол сабаламай ақырын ғана шертетін, саусақтары салалы ұзын, қарулы болатын. Солары домбыраның шектерін іліп, пернелерін басқанда да немесе қарындаш пен қалам ұстап қағаз жазғанда да аздап дірілдейтін.
— Атаман Анненковтың азап вагонынан жұқтырған дертім дейтін Сәкен, өйтуін — іші ызғар сол вагонға үш ай қамалғанда, үнемі тоңазудан арылмайтын денеме қалтырақ пайда болды. Саусақтарымның аздап қалтырауы, содан қалған жұғын.
Домбыра шерткенде, Сәкен күйіне келгендей, қарашығы мөлдіреген үлкен қара көздерін ойнақшытып, қою қара қастарын қимылдатып, кескінін құбылтып отыруды жақсы көретін. Сәкеннің даусы қоңыр болатын. Кейде сол даусын, домбыраның бас пернелерінен шығатын қоңыр әндерге ақырын ғана қойып қоятын. Өзгеге өлең айттыруға жаны құмар да, әсіресе қызмет бабындағы жәрдемшісі — Әлкей Өтекинге. Бұл сымбатты сұлу, әрі сері жігіт, Қазақстанның 1923 жылдың күзінде өткен үшінші съезіне Ақмола губерниясынан келген делегаттардың бірі екен. Орта шаруада бұла, сері боп өскен бұл жігіт (Сәкеннен төрт жас кіші) домбыраны да жақсы тартады екен, өлеңді де жақсы айтады екен. Осы өнері Сәкенге бір көргеннен ұнап қалды да, қазақы жігіт екендігіне, орысшаны нашар білуіне қарамай, өзіне жәрдемшіге алған және өзге жерге емес, өз пәтеріне тұрғызған. Сәкенге серік бола, ол да Сәкенше киініп, екеуі Орынборда «қос сері» аталып кетті. Мінез жағынан Әлкей, құдайдың, ауылша айтқанда — қосшылыққа, кеңсеше айтқанда — жәрдемшілікке әдейі жаратқан жігіті. Ептілігі мен жылпостығында қисап жоқ. Әсіресе, иіліп, бүгіліп, Парижда өскен серіден кем білмейді. Сәкен сол кездің салтына бағынбай, үстіне ең жақсы жұпарды құйып жүретін кісі. Әлкей де сөйтіп, екеуі үй түгіл көшеде бұрқырап жүреді. Екеуі де «әйелдерге жұлдызды» жігіттер саналады. Бірақ икемділік жағынан қылықтары екі басқа: Сәкен тұрпайы мінезді, тұрпайы сөзді адам, әйелдер оны сонда да ұнатады; ал Әлкей бұл мәселеде, барып тұрған джентельмен. Білетіндер —«әйелдерге Әлкейдей реверанс жасай алатын жігіт Орынборда жоқ» дейтін. Бұл жайдағы көптеген әңгімелерге бұл арада тоқтаудың қажеті жоқ. Әншілікке келгенде, ол кездегі Орынборда, Әлкейге таласа аларлық қазақ жоқ. Оның білетін әндерінде қисап болмайды. Арқаның Балуан Шолағының, Үкілі Ыбырайының тағы басқа атақты әншілерінің барлық репертуарын аяқтарынан тік қояды. Дауысы зор емес, бірақ мейлінше сәнді ән орындауы мейлінше тамаша. Міне, осы Әлкей Сәкеннің пәтерінде жиі болып тұратын мәжілістердің гүлі. Ол мәжілістер үнемі ойын-сауықпен өтпейді. Кейде саяси мәселелерде көп сөйленеді. Мезгіл тап тартысының қызу жүріп жатқан шағы. Әсіресе идеология майданында, Лениннің өлуіне байланысты, большевизмге қарсы я қыңыр топтар бас көтеріп, «оң», «сол», «ұлтшыл» деген аттармен қимыл жасауда. Қазақстан жағдайында жат идеяның ең қауіптісі — байшыл-ұлтшылдық. Олардың тірегі — алашорда. Пролетариаттық революцияға мылтықпен де, қаламмен де қарсы шыққан алашордашылар, сол кездегі ұлт саясатына байланысты тіршілік жасауда. Советтен кешірім алған олар, енді өз пікірлерін бүркеншікті түрде өткізуге жанталасуда. Сонда көбінесе пайдаланатындары мектеп пен баспасөз. Сонымен қатар, олар қазақтың жаңа өсіп келе жатқан жас совет әдебиетін өсірмеуге, өшіруге тырысады. Оларға қарсы шығатын революцияшыл жастардың, қазақтан шыққан советтік адамдардың, идеологиялық майданда сүйенетіні — Сәкен. Сондықтан байшыл-ұлтшылдар Сәкенге шабуыл жасап, оның революцияшыл шығармаларын жамандайды. Бұл шабуылда Сәкеннің тірегі — маңына үйірілген революцияшыл еңбекші жастар. Осы қатты жүріп жатқан идеологиялық күрестің әдіс-айлалары көбінесе Сәкеннің пәтерінде кеңес болады, осы пәтерде пландар жасалады. Жастардың революциялық шығармалары Сәкен «Еңбекші қазақ» басқармасына басылуға» деп қол қояды. Олар газетте тез жарияланады. Сәкен бізге өз шығармаларын да оқиды. Бұған дейін оның «Асау тұлпар» деген атпен өлеңдер жинағы, «Бақыт жолына» деген атпен пьесасы шыққан. Бәрі де пролетарлық революция мен советтік құрылыс тақырыбында. 1923 жылдың күзінде, Сәкен атақты мемуары —«Тар жол, тайғақ кешуді» жазуға кіріскен. Ол бізге осы шығарманың бөлшектерін оқып береді. Бұл да шын мағынасындағы революциялық советтік шығарма. Мемуарлар тарихи документтерге сүйенгендіктен, оларды табу оңайға соқпайтындықтан жастар Сәкенге жәрдемдесіп, кітапханалардан, архивтерден тауып береді. Жастарды большевизм рухында тәрбиелеуде, шығармалары советтік жастарға сабақ. Осының бәрін қорыта айтқанда, біз үнемі Сәкеннен шын мағынасындағы большевикті, шын мағынасындағы лениншілді көреміз. Қазақтан осындай адам болуы бізге зор сүйініш.
ӨКІНІШ
Сәкеннің пәтерінде біз ұзақ тұра алмадық. Оған бас себеп тұрақ бөлмеміздің саулыққа және жұмысқа жағдайсыздығы. Тамағымыз тоқ болғанмен, саулыққа күн сәулесі және таза ауа керек. Біздің бөлмеде олардың нашарлығы жоғарыда айтылды. Ал, менің саулығым әлі де дұрысталып болған жоқ: әлі де жөтелем, әлі де жүдеу және әлсізбін, әлі де табиғатым асқа аз тартады. Оқу жағынан, мен қазір рабфактың екінші курсының екінші семестіріндемін. Былай да ауыр оқып келе жатқан кісіге, сырқаттың себебі мен жүрісінен жарты айдай қалып қою, тығыз оқылатын сабақтарды үлгеруге қиындық жасады. Дегенмен үлгірмеуге, оқудың бір жылын босқа өлтіруге болмайды, сондықтан өзіңді өзің қамшылауға тура келеді.
— Жұмыс дегенім екі сала: бірі Сәкеннің айтуымен де, өз ықласымның құлауымен де, «Еңбекші қазақ» газетінің сырқаттанудан бұрын басқарып келген партиялық бөлімін әлі де басқару. Қазіргі басқару, бұрынғы басқарудан әлдеқайда қызық, себебі Лениннің опат болуына байланысты, Ленин жолын өрбітуге байланысты материалдар бәрі газетке осы бөлім арқылы етеді. Ал, ондай материалдардың көптігінде қисап жоқ. Ленинизмнің өркендеуіне, өрбуіне байланысты материалдар жер-жерден күн сайын құшақ-құшақ түседі, солардың ішінде өлеңдердің де саны аз болмайды. Бірақ шын жүректен шыққандығы айқын көрініп тұратын бұл өлеңдердің көбінің көркемдік сапасы нашар, біразы сауаты әлсіз қолдармен жазылған, баспаға еткізу үшін, ондайларды қатты өңдеу керек. Бұл қызметті газет басқармасында үш кісі бөліп орындаймыз: Бейімбет Майлин, Аманғали Сегізбаев және мен. (Ленин туралы сол күндерден бастап жиналған өлеңдер, 1927 жылы Қызылордада менің басқаруыммен, «Ленин» есімді қалын, жинақ болып шықты).
Жұмысымның екінші жүйесі — өз жазуларым. Бір күнгі әңгімеде, Сәкен маған — «Қазақ еңбекшілеріне, Лениннің өмірбаянын қазақ тілінде жазып, баспада жариялауымыз керек, осы міндетті сен атқар» деді. Мен сол кездердегі баспасөздерде, орыс тілінде жарияланған материалдарға сүйеніп, Лениннің өмірбаянын жаздым. Ол еңбегім «Еңбекші қазақ» газетінің де, «Қызыл Қазақстан» журналының да сол бір тұстағы сандарында жарияланды. Бұл — Лениннің қазақ тілінде бірінші рет жарияланған өмірбаяны. «Осы өмірбаянды түсінуге жәрдемші болсын» деген ниетпен, мен «Ленин» есімді ұзақ жыр жаздым; «Крупская жолдасқа көңіл айту» деген атпен ұзақ өлең жаздым. Олар да баспада жарияланды... Міне аумағы үлкен осындай жұмыстарды атқаруға Сәкеннің пәтеріндегі бөлмеміз жағдайсыз болды. Осы жайды Сәкенге айтып, Ғабит екеуіміз Совет үйіне көштік. Совет үйінде жағдайымыздың жақсаруы, оқудың да, жұмысымыздың да ілгері өрбуіне мүмкіндік берді. Менің саулығым да одан кейін жақсара бастады. Дәрігердің ақылы — көктем туа, қымыз шыға, Бурабай курортына кету. Орынбордың осы жылғы көктемі ерте туды. Өткен жылы апрельге дейін сіресіп жатқан қалын, қар, биыл февральдың ортасынан бастап еруге айналды да, марттың басында жер қара тақырланып, жылы ауа райынан тоңы жібіп, іле көктеген шөп, тез қалыңдауға айналды. Былтыр майға дейін сазарып қозғалмаған Жайық өзені, биыл мартты орталай тасып, Орынбор тұсындағы кең алқабына жайылды да, телегей-теңіз боп кетті. «Қаз келсе, жаз келеді, қарға келсе қатқақ болады» дегендей, былтыр күз кетіп, биыл қайтатын қараша қаздардың да даусы ерте естіліп, мартты орталай, аспанда тізбек-тізбегімен, батыстан шығысқа қарай өтіп жатты. Олар менің туған мекенім — Жаманшұбар мен Достың үстінен де осылай қаңқылдап өтеді, одан әрі Бурабай!.. қараша қаздарға ілесіп көңіл де солай қарай ұшады. Қазақтың Орынбор түбінен басталатын кең даласын қаздармен бірге, көңілімнің көзі де шолады!.. Не деген тамаша, не деген қызғылықты көріністер!.. Оларға көңілім ғана емес, көзім де тез жету керек!.. О, туған дала!.. Сәнді дала!.. Қызық дала!.. Осындай көңілді күндердің біреуінде көңілсіздік жағдай да кездесе қалды. Сол жылдың май айының басында, Қазақстан партия ұйымының төртінші конференциясы шақырылды. Мен де делегаттардың бірі болдым. Осы конференцияға дейін тұтасып келген қазақтың республиканы басқарушы коммунистері, төртінші конференция үстінде қақ жарлы болып, содан Қазақстандағы саяси терминология «меңдешевшілдік» және «сейфуллиншілдік» деген жіктер басталып кетті. Осы «жіктердің» тарихы туралы аз сөз. Мен Коммунистік партияның мүшелігіне 1920 жылдың көктемінде өттім. Жалпы оқуым, әсіресе саяси сауатым әлсіз болғанмен, ол кездегі менің ұғымымда, саяси адам, әсіресе коммунист өзі таңдаған саяси жолда мейлінше тұрақты, адал болуға тиісті. Коммунист партиясына мүше болған адам, осы жолдан иненің жасуындай аумауға тиісті. Іс жүзінде жұрттың бәрі олай бола бермеуін өмір көрсетті. Мысалы Қазақстан жағдайын алғанда, Коммунистік партияның жолынан ауа жайылушылықты «садуақасовшылдар», немесе «байшыл ұлтшылдар» аталған топ көрсетті. Бұл топ, сол кездегі қазақ ауылында жүргізілуге тиісті таптық күреске, яғни, Коммунистік партияның тап күресін жүргізу туралы ісі мен программасына қарсы шықты. Бұл топтың идеологиясының арғы тамыры алашордашылдықпен ұштасуы да, Қазақстан Коммунистік партиясының оның қазақтан шыққан адал коммунистерінің оларға соққы беруі де жоғарыда айтылған. Бірақ соққы көргенмен олардың әлі де тіршілік жасау айла-әдісін өзгерту арқылы, түстерін өзгерту арқылы әлі де өз идеяларын іске асыру жолында жарықшақ іздейтіндіктерін, егер ондай жарықшақ табылса, кіре қоюға тырысатындарын алдағы өмір көрсетті. Қазақтан шыққан шын мағынасындағы коммунистер, республиканың үшінші конференциясына дейін тобын жазбай келді де, сол конференцияның үстінде, араларына араздық отын тұтататын алғашқы ұшқын түсті. Сол конференция делегаты — Алма Оразбаеваның Сәкен Сейфуллинді қатты сынға алуы еді. Сәкеннің одан бұрын шыққан «Асау тұлпар» атты өлеңдер жинағында, «Азия» есімді өлеңі басылған. Өлеңнің саяси мазмұны қате: «Азия мен Европаны тапқа бөлмей, біріне-бірін қарсы қояды. Бұл Сәкеннің осы жинақтағы өзге өлеңдерінің, басым көпшілігіне мазмұн жағынан мүлдем қарсы. Осы өлеңді дұрыс сынаған Алма Оразбаева, Сәкеннің Лев Троцкийді мақтаған тағы бір қате өлеңін дұрысқа жорып, өлеңнің ішіндегі «бәнде» (бағынышты) деген сөзді «банда» (талаушы) деген сөз деп түсініп, «Троцкийді банда деп айттың» деп секті. Конференцияны басқаруға ЦК КПСС атынан келген Емельян Ярославский Оразбаеваны қолдады. Ярославскийдің «қазақ коммунистерінің арасындағы ұлтшылдық идеологияның элементі Садуақасовтан басқаларда да барға ұқсайды» деген сөзін қазақ коммунистері ауыр алып, оның атына «біз ұлтшылдықта жоқпыз, адал коммунистерміз» деген арыз жазды. Тарихи документтерде «он төрттің хаты» аталып кеткен бұл арызға қол қоюшылар: Сейітқали Меңдешев, Абдолла Асылбеков, Сәкен Сейфуллин, Жанайдар Садуақасов, Мырзағұл Атаниязов, Шаймерден Тоқжігітов, Хамза Жүсіпбеков, Ыдырыс Мұстанбаев, Хасен Нұрмахамбетов, Мұқатай Жаныбеков, Нығмет Нұрмақов, Мұқтар Саматов, Нұрмақ Басылықов, Нұғман Залиев (конференция есебінің 117 бетін қараңыз). Арызды конференция қанағаттанарлық деп тапты. Оразбаеваның Сәкенге қарсы сөйлеуіне, субъективтік бір жағдай да болған еді. Бізге белгілі Абдолла Асылбеков 1921 жылдың басында, Орынбор қаласында өткізілген Қазақстан партия ұйымының бірінші конференциясына делегат болып кеп, сол конференцияда обкомның мүшелігіне еткен де, одан кейінгі пленумда — обкомның ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі (екінші секретарь міндетінде) болып тағайындалған. Алма — обкомның әйелдер бөлімін басқарған. Обком үйінін, бөлмелеріне пәтерге тұрған олардың арасында драма болғанға, «үйленеді» деген сөз тарағанға ұқсайды. Абдолланың революция жылдары — Бану есімді үйленген әйелі (сенімді жар, адал коммунист еді, 1959 жылы түйнеме сырқатынан Алматыда қайтыс болды) Ақмола қаласында тұрады екен. Абдоллаға да, Бануға да жақын жолдас болған Сәкен, Абдолланың жаңа ниетіне қарсы тұрады да, оған білдірмей Бануды Орынборға шақыртып алады... Сәкенге Алманың ренжуі осыдан деседі... Әр адамның да өзіне тәуелді кемшілігі бар. Сәкеннің бойындағы кемшілік — сынға төзе қоймайтыны, кейде тулайтыны болушы еді. Сол мінезіне бағып, «конференцияға салмай-ақ, өзіме айтса қайтты?» деп, Сәкен Алмаға қатты өкпелеп жүрді және оның бұл сөзін «өз бетімен айтқан жоқ, ақылдасып айтты» деп жорыды, сонда меңзейтіні Сейітқали Меңдешев, өйткені Алма Оразбаева соның тәрбиесінде өскен адам. Сәкен өкпелі адамына жалпақтауды білмейтін кісі еді. Сынауынан кейін Алмаға теріс қараған ол, Меңдешевке де бұрынғыдай жұғыса қоймай, қызмет бабында салқын ғана жүрді. Осы халді садуақасовшылдар пайдалана кетті. Садуақасовтың бір жақтаушысы — Әбдірахман Бәйділдин деген кісі болды. Сәкенмен Омбының учительдік семинариясында бірге оқып, екі жыл кейін бітірген бұл адам, бұрынғы Қызылжар (Петропавл) уезінде көп жыл болыс болған, Бәйділда деген кісінің баласы. Жасынан орысша оқыған, пысық болып өскен Әбдірахман революция жылдары алашордашыл жастар құрған «Жас азамат» ұйымына жетекші адамның біреуі болады, сондықтан да, алашорда партиясының председателі — Әлихан Бөкейханов, 1918 жылдың көктемінде Самара қаласында тұрған Уақытша үкіметтен алаш армиясына құрал сұрауға барғанда, өзіне адъютант қып алады. Бұл кезде «колчактың барлауында да тыңшылық қызмет атқарыпты» деген айыппен, Әбдірахман Бәйділдин 1929 жылы Коммунистік партияның мүшелігінен шығарылып тұтқынға алынды. Сібірде Совет өкіметі орнай, Коммунистік партияға мүшелікке өткен Әбдірахман Бәйділдин, алғаш Қызылжар қаласында уездік партия комитетінің мұсылмандар секциясын басқарды да, 1921 жылы Қазақстан партия ұйымының Орынбордағы бірінші конференциясына делегат боп барып, сонда, баспасөз қызметінде қалып қойды. Басында қызара бөртетін, жиналыстарда, митингтерде көп және шешен сөйлейтін Бәйділдин, аздан кейін садуақасовшылдыққа ауысып, «оңға» тартып кетті... Осы Бәйділдин Сәкен мен Меңдешевтің арасы салқындаған кезде, Сәкеннің пәтеріне үйір болып, қызметтен бос шағында шықпауға айналды. Біраздан кейін Сәкеннің жақын жолдастары бұған наразылық білдірді. Сәкеннің бір мінезі — өзі дұрыс көрген істен оны қайырып алу қиын да. Сол қалпына бағып бір сәтте маған:— «ендігі ақыл айтпаған сен едің. Өлерін білмейтін адам деп отырмысың мені? Ақылыңды басыңа шайнап жақ» деп жекіріп тастады. Менің ол пәтерден кетуіме бір себеп осы еді. Бәйділдиннің Сәкен мен Меңдешевтік, арасына сына қағуы босқа кеткен жоқ. Қазақстан партия ұйымының 1924 жылы майдың ортасында шақырылған төртінші конференциясына, бұрын тұтасып жүретін қазақтың шын коммунистерінің бір жағы — Сейфуллинді, бір жағы — Меңдешевті жақтап, қақ жарлы боп келді. Соның салдары ұйымдастыру мәселесіне де тиіп, көпшіліктің көзінде Меңдешев жағы жеңген боп көрінді, себебі: «Сәкен жағында» дейтін Абдолла Асылбеков «оқуға барады» деген сылтаумен обкомның ұйымдастыру бөлімін басқарудан босанып, орнына «Меңдешев жақтас» дейтін Ізмұқан Құрамысов, «Сәкенге жақтас» дейтін Жанайдар Садуақасов, КирЦИК-тің секретарлығынан босанып, орнына «Меңдешев жақтас» дейтін Ораз Исаев келіп, республиканың осылардай бірталай жауапты қызметкерлері ауысты. Сәкен Сейфуллин совнарком председателінің қызметінде қалды.
— Бірақ ол да уақытша,— дейді, «Еңбекші қазақ» газетінде редактордың орынбасары болып қызмет атқаратын, мен қызмет бабымен күнде жолығатын, қалжың мен өткір сөздерді көп айтатын Молдекең (Молдағали Жолдыбаев) — ол да кешікпей ауысады, бірақ онымен, Сейтақан, да (Сейтқали Меңдешев» ұзақ отыра алмайды. «Тозған қазды топтанған қарға жейді» дегендей, бұлардың айрандай ұйыған бірлігіне ірткі салған Бәйділдиндер сол іріткісін жыл сайын күшейте береді.
Молдекеңнің бұл сөзін Сәкен ағайға айтсам:
— Ештеңе етпес,— дейді, әрдайым. Оптимист ол, жеке кісі қызметте ауыса береді.
Онымен Коммунистік партийный, берік іргесі мыңқ етпейді.
— Сонда да, бұл өкініш хал,— деймін мен.
— Рас,— дейді Сәкен, демін ауыр алып.
ҚАЛЫҢДЫҚ
1924 жылдың күткен көктемі де келіп қалды. Қыстайғы қардан жер аяғы босай, даланы аңсайтын ауылда туып-өскен адаммын. Қазақтың Орынбор түбінен, Жайықтың жағасынан басталатын ұшы-қиырсыз кең даласы, шығысына тартсаң Тарбағатай мен Алтай тауына, күнгейіне тартсаң Жетісу мен Сырдарияға, батысына тартсаң Каспий мен Еділге тірелетінін білем. Қыстай қар астына көмілген бұл кең дала, енді, жер көктей, сай-саласында толқыған сағымы, бұлғаған қол сияқтанып жаздың сауық-сайранына шақырады. Оның үстіне, әлсіз денсаулығымның күзетшісі боп жүрген дәрігерлер де, енді далаға, еркін, таза ауаға, қымызға кетуімді тілейді. Сол тілекті орындауға асыққа.ч көңілімді бір ғана бөгет кідіртеді, ол — оқуым. Саулығымның әлсіздігіне, газетте қызмет атқаруыма қарамай, ол жылдың сабағын, мен бірсыдырғы жақсы алып келе жатырмын. Саулықты сылтау ғып, тілеген жаққа кетіп қаларлық мүмкіншілігім де бар. Оны істеуге, оқу жылының аяғына азғантай ғана уақыт қалды. Жылдың еңсеріп тастаған сабағын өлтіргім келмейді, аз уақытқа шыдап, оқу жылының емтиханын тапсырып кеткім келеді. Жазғы каникулға солайша даярланып жүрген күндерімнің біреуінде, номеріме, Қызылжардан (Петропавл) Жәмпейіс Омаров келе қалды. Бұл кісінің, кім екені оқушыларға «Өмір мектебінің» бірінші кітабындағы алтыншы тараудан («Алыстағы арман» атты бөлімшеде) және екінші кітабының алтыншы тарауынан («Арпалыс» деген бөлімшеде) мәлім. Ойнақы, көңілді, қалжыңқой, жел-өкпелеу Жәмпейіс, номеріме сөйлене кірді.
— Әдейі сынағалы хабарсыз келдім,— деп бастады ол сөзін, амандық-саулықтан кейін.— Сені «КирЦИК»-ке мүше болды» деп, «ақша төбесінен қардай жауып жатыр» деп естідім. Кәне, көрсетші соныңды!..
— Аузымның аққа жаруына азғантай ғана уақыт болған жоқ па, Жәке? — дедім мен күліп.
— Қу шөппен сүрте берме аузыңды! — деді Жәмпейіс, ойнақы кескінін байсалдандырып, суланғыш он, жақ көзін орамалымен сүрткілеп, әр нәрсені саусағымен нұсқай сөйлеп,— кілеммен тыстаған ауыр креслолар анау? Диван да сондай. Бұрын Ригада ғана жасалған спальный гарнитуры мынау!.. Шкафы да, кроваты да, тумбочкасы да карель қайыңынан жасалған! Білесін, бе, бұлардың құны ескі кезде қанша тұрғанын?.. Қымбат!.. Айғыр үйір жылқының құны жетпейді бұл мүліктерге!..
— Менің мүлкім емес қой бұлар, қазына мүлкі ғой!..— дедім күліп.
— Әзірше сенікі! — деді Жәмпейіс даусын байсалдандырып.— Қайырын айт, бала! Бұрын байлардың мүлкі болу керек. Кімдер отырмады дейсің бұларға? Енді сен отырдың. Астамшылық жасама.
— Ондай қылық көрдіңіз бе менен?
— Жоқ. Жәй әншейін, сөздің сырағысы,— деді Жәмпейіс бір креслоға отырып.— Амандығыңды сырттан сұрастырып жүрем. Тілеулес адаммын. Жыл басында қатты ауырды дегенде зәрем кетті. «Жалғыз бейшара еді, аузы жаңа ғана аққа тиіп еді, құдай соны көпсінбесе неғылсын» деп, қорқуымда шек болған жоқ. Одан кейін сауыққаныңды, үкіметке мүше болғаныңды, тұрмысын, түзеле бастағанын түгел естідім. Қайдан келетінін білмейсің, осы Орынбордың күн сайынғы ыбыр-сыбыры Қызылжарға жетіп жатады. Ауырған кезіңде қатынаса алған жоқпын. Қысқа жіп күрмеуге келмей қалды. Мен, өзің білесің, бір күн бай, бір күн жарлы адаммын ғой. Ала қыстай жиналып-теріліп жеткенімше осы болды...
— Шүкіршілік, — деді Жәмпейіс тағы да бөлме ішін көзімен шолып ап.— Біздің қазақтың қолы теңдікке Совет тұсында ғана жетті ғой. Советтен бұрын ең беделді' байлардың да шыққан ең биік шыңы — болыстық қана болатын. Қандай зор оқулы қазағын, ояз бен губернияда тілмаштықтан әрі аса алған жоқ-ты. Міне, енді, «жаман Мұқанның» бір кездегі мұрнынан сорасы аққан жетім Сәбиті, (Жәмпейіс даусын көтере, қолын сілтей сөйледі)— «Киркрай»1 аталатын үкіметтің мүшесі болды!.. Өзімнің шамалауымда, бұл мүшелік, бұрынғы Думаға сайланатын депутатпен қатарлас қой деймін. Бұрын Ақмола губерниясынан патшаның, Думасына депутат боп Шаймерден Қошығұлов деген барған. Ол оқуы жоқ, жәй ғана ақылды қазақ бола¬тын. Ал, сен ше? — деді Жәмпейіс менің кескініме күлімсірей қарап.—- Сен Советтің рабфагында дыңдай студентсің!.. Ақын болуға, ел басқаруға талаптанып жүрген жассың. Тек, тойынғаннан кейін шыққан тегіңді, туған еліңді ұмытып кетпесең болды. Аржағының реті келе береді.
Менің бөлмемде, жұмаға жақын тұрған одан жата-жастана білсем, Жәмпейіс соңғы бірер жылда, Ақмола губерниясының қылмыстыларды табатын (уголовная розыска) мекемесінде ұрлықты тыю ісімен шұғылданатын агент боп қызмет істейді екен. Өзі де бұрын ұры болған адам, қала-даладағы ұрыларды табудың неше түрлі айласын қолданып, үкіметке де, халыққа да орасан көп пайда келтірген.
— Әлі де келтірер пайдам көп,— дейді Жәмпейіс күліп,— ұрылардың мен білмейтін іні жоқ, қайда тығылса да табам. Жалғыз ғана қаупім «қапымды тауып өлтіріп кете ме?!» деу. «Ұрыдан қорыққан мал жимайды, шегірткеден қорыққан егін екпейді» дейді қазақ, қауіптенсем де кірдім осы іске...
— Неге?
— Менің, де қанағыштардың тепкісін көріп өсуім өзіңе мәлім. Жасымда ұрлыққа солардан кек алу үшін кіріскенімді айтқам. Ауылдың кәзіргі ұрылары кедейлер емес, байлар. (Жәмпейіс әр ояздан бірнешеуін санап етті.) Олар — еңбекші халықтың да, социализмнің де жаулары. Ендеше, оларды жойысу, социализм ісіне көмектесу. Рас па?
— Рас...
— Рас болса, ініне су құям олардың, түгел жойыспай тынбаймын!..
— Жақсы іс!..
Денесі де, мінезі де жеңіл Жәмпейіс, ас пен ұйқыдан басқа уақыттарын түгелімен қаланы қыдыруға, мекемелерді аралауға жұмсады. Сөз түріне қарағанда ол көп мекемелерге кіріп, көп адамдармен, әсіресе бастықтармен танысып шығыпты. Олардың әрқайсысына өзінше баға бере сөйледі. Орынбор ішін көп аралаған Жәмпейіс қазақ жастарынан қызыл командирлер даярлайтын, оқу мерзімі екіжылдық әскери мектепке де кіріп, оның комиссары — Нұрқан Мусинмен де танысыпты.
— Ондағы ойым,— деді Жәмпейіс,— дүниеде әскерлік қызметтен жақсы көрерім жоқ. Өзім де құмартқанмен, тағдырым ол қызметті маған жазбады. Тетелес інім — Уәлиді бермек ем, құлқы шаппай, теріс жолда опат болды. Ендігі арманым — кіші інім — Мақыжанды2 әскер оқуына беру. Жасы биыл 17 де. Он сегізден кемді алмайды екен. Документтерін солай жасатып берем. Мусинмен сен таныс екенсің, Мақыжанды әскерлік школаға өткізіп бер!..
Мусин менің өтінішімді орындайтын болды.
— Ал, шырақ,— деді Жәмпейіс бір күні,— Орынборды көрдім. Республика басшыларымен де таныстым. Бетіміз түзелген екен, тек арты қайырлы болсын. Ал, енді ұлықсат болса, мен бірер күнде үйіме қайтам.
— Өзіңіз біліңіз,— дедім мен.— Ту-ту Қызылжардан әдейі іздеп келуіңізге рахмет! Бұйымтайыңыз болса айтыңыз.
— Екі бұйымтайым бар еді,— деді Жәмпейіс күліп,— біреуін алдым. Ол — Мақыжанды оқуға алдырмақ болуың. Енді екіншісін тыңда!
— Айтыңыз.
— «Бас екеу болмай, мал екеу болмайды» депті аталарың. Мынау сәнді бөлмені қаңғыратпай, кәрі шал сияқты «қу тізеңді құшақтамай», бұған бір шүйке басты кіргізу керек!
Оқу ше, Жәке-ау?
— Әйелдің оған бөгеті жоқ.
— Кімге, сонда? — дедім мен күліп.
— Өзім табам. Аманшылық боп каникулға келсең, Қызылжардан қасыңа еріп шығам да, нендей көк мойын қыздардың бірінен соң бірін көрсетем. Содан таңдаған біреуін аласың.
— Жақсы. Көрерміз,— дей салдым мен, Жәмпейістен құтылғым кеп.
Жәмпейіс аттанғаннан кейін, мен Орынборда ұзақ тұрған жоқпын. Дәрігерлердің берген ақылы: «Әуелі Бурабай курортына бар да, бір ай тынық, емдел, өзге жаққа содан кейін бар».
Поезбен Қызылжарға келсем Жәмпейіс күтіп тұр екен.
— Хош келдің,—деді ол, вагоннан түсе берген маған, амандық-саулық сұраспастан.— Елге барып қайттым. Үйленетін қыз таптым. Мынау! — деп, Жәмпейіс оң қолының бармағын шошайтты.— Қалғанын кейін айтам, ал, кәне, жүр!..
Қызылжар вокзалының қақпасынан шыға берген кезде:
— Тұрманын әдемілеп,— деді Жәмпейіс,— екі жорға әкелдім: біреуі — жирен қасқа, оның мінезі ұшқалақтау, үркектеу, бірақ құланның құлыныңдай сұлу; екіншісі — бурыл, оның, денесі жуандау, мінезі салмақтылау, шабандау, ал, егер айдауын келістірсе ертеден қара кешке дейін талмайтын, жорғалаған сайын үдей беретін жылқы. Шүу дегенде жирен қасқа алып кетеді. Біраздан кейін буырыл әкетеді.
— Кімдердікі олар? —дедім.
— Кімдікі екенінде не атаңның құны бар? — деді Жәмпейіс күліп.— Бұған дейін кімдікі болса, оныкі болсын, бүгін екеуі де менікі. Елге де екеуіміз осы жорғаларды мініп барамыз. Қызылжарда бұларға теңдесетін сұлу жылқы да, жорға жылқы да жоқ. Үркек мінезді қасқа, бір жерде жалт беріп тастап кетуі мүмкін. Сен буырылға мін. Ол жолында жолбарыс жатса да үрікпей тарта береді. Мінгеннен кейін тізгінін тартыңқырай ұста. Қамшыменен жұқа шаптан қаттырақ бірер тартып жіберсең, аржағында қол көтертпейді. Тек қана ескертетінім — басы қатты, қызған кезде сүзе жөнеліп, бой бермейтіні бар. Со кезде қолыңды қарыстырып тастап, ие бола алмай қап жүрме.
Бағанаға шылбырынан байланған екі жорғаға келсек, түр-түрпаттары Жәмпейіс айтқандай екен. Вокзал маңайындағы тарсыл-тұрсыл мен у-шуға жирен қасқа елеңдеп, осқырына тыпыршып тұр; ал, буырыл жорға жусаған жылқыдай басын салбыратып, қимылсыз тиыш тұр. Тегі, біраз уақыттан бері жаратып ұстаған болу керек,— екі аттың да бауырлары тартыңқы. Жәмпейіс айтқандай, аттардың тұрмандары әдемі екен: қасқаның үстіне әскерлік жаңа ер-тұрман, буырылдың үстінде күміс жаптырған қазақы ер-тұрман. Екі атта да құйысқан мен өмілдірік. Сол сәндері аз дегендей, жел-өкпе Жәмпейіс екі аттың да кекіліне тоқпақтай үкі байлап тастаған.
— Ал, аттанамыз,— деді Жәмпейіс аттардың шылбырын бағанадан шешіп.
Екеуміз атқа қондық: мен буырылға, Жәмпейіс жирен қасқаға.
— Қызылжардың үлкен көшелерін аралай тартамыз,— деді Жәмпейіс.— Көрсін, қаланың нэпмандары мен тоғышарлары, кешегі люмпенпролетариат — Жәмпейіс Омаров пен кешегі жұлығы шыққан батырақ — Сәбит Мұқановтың совет тұсында қандай дәрежеге жеткенін!
Біз тарта жөнелдік. Жәмпейістің жирен қасқасы ойнақши, қойқаңдай жорғалап, тізгінін берік ұстамаса бетімен лағып кететін. Ал, буырыл шабан егер қамшыны басыңқырап алмаса қатты жорғалар емес. Ол кездегі Қызылжардың вокзалы мен қаласынын, екі арасы шамасы екі-үш километрдей кең алаң. (Кәзір ол екі ара салынған үйлерден тұтасып кетті.) Вокзалдан алаңға қарай шыға бере, Жәмпейіс арпалысқан жорғасының басын іркіп, мені тосып алды да:
— Бас демеп пе ем мана буырылға қамшыны? Өйтпесең шабандауынан танбайды.
— Ал,— деп Жәмпейіс тарта жөнелгенде, қолымдағы жуан қамшыны буырылдың сүбесін ала екі-үш рет қаттырақ көміп жіберіп ем, «енді ұра көрме» дегендей ауыздығын сүзе, тізгінін қарыстыра, дедектей тартты да, Жәмпейістің оқ бойы кетіп қалған жирен қасқасын ілезде қуып жетті.
— Айда! — деді оза берген маған Жәмпейіс бар даусымен қиқу салып, атын шапқылата қатарластырып, — қарама маған! Буырылды жорғасынан жаңылдырма!.. Мен шапсам да ерем. Осыдан Ямскаяға, одан қалалық бақшаға, одан Ленин көшесіне, одан Банковскаяға бұрылып, өзің білетін Аққатынның Қалиының үйіне тарт!..
Жәмпейіс сілтеген жобамен айдап келем. Ол кездегі Қызылжарда машина дегеннің өзі түгіл иісі де жоқ. Көшелерде тарантасқа жеккен аздаған ат қана кездеседі. Тас төселмеген көшелердің бойында тарантастан басқа арба жүрмегендіктен, көше біткеннің жолы даланың жолындай үш торапты теп-тегіс боп жатады да, төңірегіне көгал өседі. Қаланың көшелеріндегі тұрғындары ешкілерін осы көгалға арқандап оттатады. Кейбір шет көшелердің шөптеріне тұяқ тимей, жайқала шалғын боп тұрады. Көше бойларында адам сирек кездеседі... Міне, осындай көшемен Жәмпейіс екеуміз екі жорғаны жарыстыра отырып, бір кезде Аққатынның Қалиының үйіне жетіп, аттардың басын әрең дегенде іріктік. Ауа райы ол күні тымырсықтау, тишулау еді. Қанша бауырын тартты дегенмен, оралымы он шақырымдық жерге екі ат та ақ көбіктеніп, қарқындап қапты. Ашық қақпадан кірсек Жаңыл жеңгей, Мақыжан және бірнеше адам біздің келе жатқанымызды көріп, қора ішінде күтіп тұр екен.
— Хош келдің, қайным,— деді Жаңыл маған.— Жол жайыңды естіп жатырмын. Құсың құтты болсын!..
— Қайдағы құс? — дедім мен күліп.
— Мынау ағаңа,— деді Жаңыл Жәмпейісті нұсқап,— «қалыңдық тауып бер» деп тапсырыпсың ғой?..
— «Табам» деген өзі, мен тапсырған жоқпын,— дедім күліп.
— Әңгіме кімнің тапсыруында емес,— деді Жәмпейіс,— табылуда. Ойдағыдай бір қызды таптым.
— Ар жағын айтпай қоя тұр,— деді Жаңыл еріне,— келе сала кеңірдектен алғандай боп, сөзбен бастырмалатып кеттік қой. Дамыл берейік енді. Сусындап, жүрек жалғап алсын, әуелі. Қалыңдық кеңесін содан кейін баста.
— Мақұл,— деді Жәмпейіс.
Бұл үйдің дастарқаны бай болмағанмен, Жаңыл жеңгей қолда бар тамағын мейлінше дәмді ғып ұстайтын. «Базардан бүгін әкелдім» деген қымыз тілді үйірген тамаша тәтті екен. Ашытқан қамырдан бүгін пісірген қышқылтым бауырсақ пен салқын сары қымызға тойып алғаннан кейін, Жаңыл үй жабдығымен, ауыз бөлмеге кетті де, Жәмпейіс маған қалыңдық әңгімесін шертті.
— Шұбар ат Самайы дейтін елді білуші ме ең? — деп сұрады ол менен.
— Анау, Күрке, Көшке аталатын байлардың, елі ме?
— Дәл өзі. Сонда Қошығұл дегенді білуші ме ең?
— Қай Қошығұл екен ол?
— Қази дейтін баласы Орынборда оқитын.
— Қази Қошығұловты білем. Орынборда Қазақтың педагогикалық институтында оқиды.
— Соның әкесі — Қошығұл. Бой жетіп отырған қызы бар. Аты — Рахима. Бір сыдырғы сымбаты, бір сыдырғы кескіні бар. Бірақ, мәселе онда емес. Сымбат, ажар де¬ген не ол? Бір кезде, осы үйдегі жеңгеңнен сымбатты да, ажарлы да әйел жоқ еді. Екі-үш баланын, анасы болған соң денесі жайылып, мүсіндей сұлу сымбаты да кетті, кескіні әжімденіп, бет ажары да төгілді. Ендеше, әйелдің сұлулығы сымбаты мен ажарында емес, мінезі мен қылығында.
— Ол айтылып жүретін сөз ғой.
— Қазақ әйелінің қыз күніндегі мінез, қылығын білу қиын, өйткені қазақ әдетінде бойжеткен қыз басқа адаммен ашылып сөйлеспейді, жақын жуыспайды, алшақ, сыпайы қалпын өзгертпейді, қашан кездессең де әдемі мінезді, әдемі қылықты көрінеді де тұрады, қазақтың, ең, жақсы жігітті «қыз мінезді» деуі содан, «қыз күнінде бәрі жақсы, жаман қатын қайдан шығады» деген мақал да осыдан шыққан.
— Ал, сонда, қалай білеміз, бұл қыздың қылығы мен мінезінің жақсы екендігін? — дедім мен, әңгімені байыта түскім кеп, қызға әзір құлқым шаба қоймай.
— Маған бұл қыздың әзірге мінез, қылығы қажет боп тұрған жоқ, өнері қажет боп тұр,— деді Жәмпейіс,— бұл бармақ біткеннің домбырашысы. Талай тамаша домбырашыларды көре жүре, екі шекті, сегіз пернелі домбыраны мұндай шебер сөйлеткен жанды кездестірген емен. Құдай өзіне жіп-жіңішке, ұп-ұзын ақ сүйріктей саусақтар берген екен. Домбыраны сабамай, екі шекті оң жақ қолының сұқ саусағымен іліп-шалып қана отырады екен. Сонда неше түрлі тамаша үндер шығарып, маңайыңда мыңдаған бұлбұл сайрағандай халге түседі екенсің!..
Мақтауын жеткіздің,— дедім мен.
— Мақтауым емес, расы Сәбитжан. Талай елді аралай жүре, домбыраны мұншама шебер сөйлеткен адамды көрген емен. Жалғыз осы өнері үшін ғана жар ететін қыз!..
— Одан басқа өнері болмаса ше? — дедім мен күліп.
— Сырттан сұрастырдым,— деді Жәмпейіс салмақты кескінмен,— білетін адамдар мақтайды. «Мінезі де, қылығы да жақсы адам, жақсы жар боларлық кісі» дейді.
Көп сөздің қорытындысы,— мен дәрігердің ақылын ап, әуелі Бурабайға барып, бір айдай дем алатын болдым да, қайтарда Қызылжарға соғып, елге Жәмпейіс екеуміз бірге аттанбақпыз, жолда мен қызды көріп, сөйлесетін болдым. Бірер күн жатқанда, мен Жәмпейістің үй тұрмысымен де таныстым. Өзі айтқандай, соңғы кезге дейін қазақша айтқанда, «қысқа жібі күрмеуге жетпей» келген, яғни тапқаны күн көрісіне бірде әрең жетіп, бірде жетпей, тұрмыстан тарығып келген ол биыл бірталай молайып қапты. Бұрын қонақасыға бірер кило етті тапса тауып, таппаса тілімен сыйлап, су-суанмен риза қылатын Жаңыл жеңгей, «қадақтаған етті қашанғы бере береміз?» деді де, көрші үйдің бір семіз қойын сатып ап, «жолға шыққанша қайныма жарты еті жетеді» деп, жарты етін базарға шығарып саттырып жіберді. Айтуынша, сол жарты еттен бүтін қойдың құнын шығарған. Ішім-жемнің бұлайша молығуын, Жәмпейіс «екі себептен» деп баяндайды: біріншісі — УРО беретін айлық ақы-бағасынан процент төлейді; кейде ол «процент» көбейіп, бірнеше жүз сом тиіп қалатын да күндері болған; Жәмпейістің айтуынша, «қала, даланын, ұрылары қирай ұсталуда; бұл қалыппен бара берсе, алдағы бірер жылдың ішінде, ұрылардың өздері түгіл, иісі де қалмас!..»
— Халыққа, үкіметке менің пайдам осы жағынан тиетін болды,— деп мақтанады Жәмпейіс.— Патша заманында Жәмпейістің өзін де ерте жүретін ұрылар, енді одан қашады; міне, осы халық пен үкіметке пайда ма, жоқ па?
— Әрине, пайда,— деймін мен,— Керемет пайда! Айта берсеңіз, бұл сіздің елде социализм құру ісіне тигізіп жатқан пайдаңыз!..
— Олай болса,— дейді Жәмпейіс, ұры атаулыны құртқаннан кейін, маңайдағы таныс ауылдардың біріне көшіп барам да, онда артель ұйымдастыру жұмысына араласам.
— О да жақсы ниет!
Жәмпейіс тұрмысы молығудың екінші себебін баяндайды.
— Құдайға шүкір,— дейді, аздаған діншілдігі бар ол,— халықтың беталысы жаман емес. Ашаршылық дегеннің аты ешті. Кәзір күнін көре алмай отырған үйді қаладан да, даладан да таба алмайсың Қайыршылық деген де бітті. Кәсіпсіз жан жоқ. Дүние арзаншылық. Ақшаның құны — жоғары. Айына бесті-он сом таппайтын адам жоқ. Сонымен де әжептәуір тұруға болады. Өйтпегенде ше? Саған сойған семіз қойды бес сомға алдық. Ол — қалада. Жақын жердегі селолар мен ауылдарда одан да арзан, үш-төрт сом. Әрірек барсаң одан да сынық. Нанның килосы — он тиін. Матаның әзірге тапшылауы, киім-кешектің аздауы рас. Бірақ адамға бірінші керегі — құлқын ғой. «Жұтқан жұтамайды» дейді ғой қазақ. Тамағы тойса тіршілік жасай бермей ме адам? Киімді жамап-жасқап та күн көрмей ме? Киім әдемілігін іздеу — бір жағынан астамшылыққа жатады. Бұл қалыппен бара берсек, әдеміліктің де аулы алыс сияқты емес.
— Рас деймін мен.
— Соңғы үш-төрт жылда, «НЭП саясаты» деген шықты ғой,— дейді Жәмпейіс.— Ленин марқұм шығарды ғой оны. Данышпаны-ай, жарықтықтың! Халық тұрмыстан тарыққан шақта шығарған саясаты еді, керемет білгіштік болды бұл!.. НЭП-тің буржуйына аздап тізгін беріліп еді, бүлінген шаруаны тез-ақ көтеріп тастады. Біреулер басында Советтің тізгінін «НЭП алып кетуі мүмкін» деп қорыққан еді, байлар жағы қуанған да еді. Үкімет қолында отырған Совет, НЭП-ке алдырта ма? Тізгінін біраз босатып, пайдасын көріп алды да, соңғы бірер жылда, тізгінді қайта тежеп, іздегеніне қарай бұра бастады, сондағы тұтатын берік қолы— үстеме салық (прогрессивный налог). НЭП байлағының ол қолдың қысымына төзер жайы жоқ. Осы Қызылжарда Апақов дейтін өзбек сәудегер барын білесін.
— Білем... «НЭП кезінде керемет байыды» деседі ғой, соны?
— Рас. Былтырлар оның сауда обороты губерниялық тұтынушылар кооперациясынан асып кетті деген. Сол сорлың, үстеме салықты көтере алмай, кәзір абақтыда отыр. Жақын арада сот болып, мал-мүлкі қазынаға алынады деген қауесет бар. НЭП-терің кәзір солайша сүмірейе бастады. «Кімді кім?» сұрауы Совет пайдасына шешіле бастады...
— Ол қандай сұрау?- дедім мен Жәмпёйістің сөзін бөліп, «кімді кім?» деген терминді қаншалық ұғатындығын білгім кеп.
— Өзің білетін сөзің, менен несін сұрайсың,— деді Жәмпейіс сынағым келгенін біліп жәбірленгендей, НЭП саясатын шығарған кезде, Лениннің өзі айтқан жоқ па еді,— «ендігі
мәселе кімді кімнің жеңуінде, яғни НЭП — бізді ме, біз НЭП-ті ме?» деп. «НЭП уақытша саясатымыз, үстемдік онда емес, бізде, ендеше біз жеңеміз» деген емес пе еді? Айтқаны келді де қойды Лениннің. НЭП Советке қажетті кезде пайдасын тигізді де, қажеті азайған кезде тізгіні тартыла бастады. Мына қалпымен, енді аз уақытта НЭП тоқтай ма деп ойлаймын, себебі, енді аз уақытта, оның Советке керегі де жоқ сияқты... Жәмпейістің бұл кеңесін тыңдап отырғанда, менің есіме Германиядағы социал-демократ партиясының көсемі — Карл Каутскийдің Ленин жерленгеннен кейін газетте3 жарияланған хаты түсті. Газеттің бірнеше бағанасын алған бұл ұзақ хаттың қысқаша түйіні —«өзге адам баласының қолынан келмейтін Октябрь революциясын жасаған Ленин, сол революцияны НЭП саясатының жарқабағына қойып кетті, енді көп кешікпей Октябрь революциясы құлайды...» Советтік құрылыстың Ленин өлгеннен кейінгі жарты жылдық практикасының өзі-ақ, «ренегат — Карл Каутскийдің» жорамалы — шатасу екенін дәлелдеп берді. Оған Жәмпейіс сипаттап берген Қызылжар тұрмысы ғана емес, бүкіл советтік отанның тұрмысы куә. Кімді кімнің жеңетіндігін, сол кездің өзі-ақ айқын көрсете бастады... Жәмпейістің үйінде бірер күн жайланып, енді Бурабайда тынығуға жол шекпек болған мені, жақында ғана жүре бастаған «Петропавл — Ақмола» поезына Жәмпейіс шығарып салды да, қоштасарда жалғыз ғана тапсырма берді:
— Қазақта «ер қанаты — ат» деген мақал бар ғой, шырағым,— деді ол,— мендегі екі жорғадан қай қалағаның сенікі. Басымен алам десең де мейлің. Бірақ бұның қайсысын алсаң да жұрт «Жәмпейістің аты» дейді. Ертең, бұйырса, үйленгелі отырсың. Сонда «өз атым» деп мініп баратын бір жақсы жылқың болу керек. Қазақ жылқысының ең тәуірі, не Көкшетауда, не Атбасарда болады. Атбасарға бұл жолы қолың, жетпейді. Көкшетауға бара жатарсың. Бурабай маңайындағы байлардың ішінде, жылқының «қаз мойын, жайма жал» аталатын саңлағы Қарамырзаның Шәкімінде деп естимін. Бұл арада кәзір аттың әулиесі отыз-қырық сом. Көкшетауда одан да арзан болуы мүмкін. Сен Шәкімнің «қаз мойынының» біреуін не берсең де алып қайт. «Сәбит, түу-түу, Көкшетаудан жақсы ат алып кепті» дегеннің өзі неге тұрады! Елге сол атты да, менің екі жорғамды да мініп барайық. Мақұл ма?
— Мақұл,— дедім мен.
«Петропавл — Ақмола» аталатын темір жол ол кезде Көкшетау қаласына ғана жеткен екен. Көкшетау мен Қызылжар арасы жүз сексен километр. Жолда Смирново, Тайша, Азат аталатын үлкен станциялар бар. Жүз жиырма километр жердегі Азатқа біз мінген поезд екі сөткеде әрең жетті. Одан әрі темір жол астына төселген топырақты, көктемде тасыған Азат өзені бұзып кетіп, жүріс тоқталған екен. Оны Қызылжар станциясының жүргіншілерге айтпауы ғажап!.. Біз Азаттан әрі атпен кеттік. Көкшетауда менің Ғалиянұр Балсеитов дейтін жақын жолдасым тұратын. Жасы менімен шамалас. 1921 жылы ақ бандыларды екеуміз бірге қуысқамыз. Кәзір ол осы қаладағы соттың председателі екен. Дәрігерлер оны туберкулезге шалдыққан десетін. Биыл сол сырқаты меңдеңкіреп, Fалиянұр Бурабай тауында бір ай дем алмақ екен. Бурабайға Ғалиянұр екеуміз бірге аттандық. Біз таудың теріскей-батыс жақ етегіндегі, оқушыларға «Өмір мектебінің» екінші кітабынан белгілі Қазығожа Ләтаевтің үйіне барып түстік. Оның баяғы ақжарқын мінезі әлі де сол қалпында екен. Және ол НЭП тұсында бұрынғысынан әлдеқайда ауқаттанып, толық орта шаруалы үй бопты. Біздің жолдасымызды естігеннен кейін:
— Бурабай жарықтық дертке дәрі жер екендігі, русия эмпениясына4 мәлім болған нәрсе ғой,— деп бастады Қазығожа сөзін,— құрт аурудың жөтелінен күркілдеп әрең дем а л ып келгендермен, құяңнан жүре алмай келгендердің талайы бірер айда сауығып кететін еді ғой бұдан. Дүрбелең жылдары жабылып қалған еді ғой бұның курорты. Былтырдан бері со курорт тағы да ашылды. Бірақ кенеуі кетіп бүлінген курорт үйлері әлі тәртіпке келіп жетіле алмай жатыр. Сен екеуің курорт-мурортты қойыңдар да, Оқжетпестің түбіне үй тіктіріп жатыңдар. Жасауымен жақсы кигіз үй тауып берейін. Осы маңда, жарымы — Алшын, жарымы — Кәдір аталатын екі ауылнай ел бар, шамасы бес жүз үйдей. Бурабайда қанша жатсаңдар да Кәдір мен Алшынның қонағы боласыңдар. Лұқсат етсеңдер, өзім де қастарыңа ерем. Осы елдің әнші, домбырашыларын, ертегішілерін, әңгімешіл қарттарын кезекпен келтірем. Сөйтіп күн сайын мәжіліс жасап, рахатта тынықсаңдар, курорттан асып кетпес, кем болмас.
— Әрине, — дедім мен, Қазығожаның соңғы сөздеріне қызығыңқырап, бірақ сыпайылық қып,— екі адам түгіл, талай адамды күтіп жіберуге бұл елдің белі талмайтынын білем. Және соңғы екі-үш жылда жалпы елдің, оның ішінде қазақ ауылдарының шаруасы күрт көтеріле бастады ғой. Қазіргі ауылда қонақасы бере алмайтын үй болмауға тиісті. Сондай жәйін біле тұра, Бурабайда тынықсақ та болады. Қазір де арзан,— тамақ арзан. Қаражатымыз бар.
Сөйлесе келе Қазығожа бізді өз тілегіне көндірді.
Ғалиянұр екеуміз «Оқжетпес» түбіне тіккен ақ кигіз үйде айдай тынықтық. Елдің сыйы Қазығожаның айтқанынан әлдеқайда асып түсті. Кім екенін кім білсін, бізге әлдекімдер күн сайын бір саба қымызы мен бір семіз тоқтысын үзбестен әкелді де тұрды. Одан басқа жейтініміз жылы бауырсақ пен тәтті қаймақ. «Үйде отыра беру көңілсіз болады деп Қазығожа күн сайын ерттеулі үш-төрт ат алдырады да, Бурабайдың сұлу тауын, шалқар көлдерін аралатады. Олардың өн бойында отырған ауылдар да бізді құшақ жайып қарсы алады... Жәмпейіс айтқандай, ауыл арасында да тоқшылық. Оған қосымша айтатын сөз «кімді кім?» мәселесі таптық және әкімшілік істерде де Совет пайдасына шешілуге айналған: ауылдың кедей, батырақтары «Қосшы одағы» аталатын ұйымға бастарын біріктіріп, қанаушылардан жіктеле, олармен таптық күреске түсе бастаған; былтырдан бері бұл аранын, да жергілікті советтерін басқаруға еңбекші таптың өкілдері араласып, олар іске коммунистік партияның таптық саясатын қолдануға айналыпты; қанаушы тап пен оның өкілдері де қарап жатпағанмен, таптық мақсатын іске асыруға тырысқанмен, еңбекші таппен ашық белдесе алмай жасырын тәсіл, астыртын қулық жолына түсе бастапты... Осындай жағдайда мен тез оңалдым. Ал, терісі сүйегіне жабысқандай боп келген Ғалиянұр ілезде қаптай боп кетіп, бұрын денесіне шағындап тіктірген киімдері аз күнде әрең сыйды, көйлегі мен қамзолының жағалары жетпей ғап, түймелерін қайта қадатты. Қазығожаның, елдің еркіне салсаң, жаздай жатсаң да қыңқ ететін түрі жоқ. Бірақ бізде өйтер уақыт жоқ: Ғалиянұр қызметіне қайтуға тиісті, мені үйлену жабдығы күтіп тұр. Халықтың қалтқысыз шын ықыласын көре тұра, біз уақытымыз жеткеннен кейін жалынып отырып лұқсат алдық. Көкшетауға беттеген сапарымызда, біз Қарамырзаның Шөкіміне соға кететін ойымызды айттық.
— Ықтияр өздеріңізде,— деді Қазығожа.— Бірақ ол үйге сіздерді ертіп апара алмаймын.
— Неге?—дедік біз.
— Шөкімнің Нұған, Рақан дейтін екі баласы барын білесің, Сәбит,— деді Қазығожа.— Екеуінде де қос қатыннан бары мәлім. Рақанның тоқалымен көңіл қосып, былтыр үйіме алып келгем. Содан бері ол үйге маңайламаймын.
Қазығожаның әдемі тарантасқа жеккен екі жақсы аты бізді Шөкімнің, үйіне апарып салды. Бұл аса бай үй. Шөкімнің әкесі Қарамырзаға он мың жылқы бітті деседі. Жиырма бірінші жылы есепке алғанда, Шөкімнің өзінде екі мың сегіз жүз жылқы барын көзіммен көргем. Кәзір ол жылқы үш мыңнан асып жығылды деседі. Жасы жетпістен асқанмен Шөкімнің сақал, шашы әлі де көмірдей қап-қара екен. Оның биік, жуан денелі, табақтай жалпақ бетті үлкен ұлы — Нұған әкесінен кәрі сияқты. Ана жылы қырбық қана мұрты бар Рақан, қазір қауға сақалды адам боп, сидам, ұзын денесі толыға бастапты. Шөкім жасында сал болып, атақты Біржан салдың көп жыл қасында жүрді деген сөз бар. Қажақтың ескі өлең, жырларынан білетіндері көп. Бізді Шөкімнің үйі жылы қабақпен қарсы алды. Ертеңіне Шөкімге ат жайын ескертіп ем:
— Болады, шырағым,— деді ол,— осы үйдің отардағы жылқысында үш-төрт жүз ат болу керек. Солардың ең таңдаулысын ал. Және ақшаға алма, жәй ал.
— Отағасы, жәй алудың реті болмас,— деп көріп ем, Шөкім құлағына қол апартпай, «бір атты саған сатып беріп не құдай ұрыпты» деп көнер емес. Нұғанмен оңаша сөйлессем көмекейі бос.
— Жылқыға барайық та,— дейді ол,— таңдаған атыңды ұстайық. Шалға білдірсең ақша алмайтыны рас. Егер, жәй алғың келмесе, өзің біліп қалтама бірдемені тыға саларсың.
Нұған Ғалиянұр мен тағы үш-төрт жігіт, «Шарықтас» аталатын өзенсымақтың бойында жайылып жатқан қалың жылқыны біраз уақыт араладық. Шынында да Шөкім жылқысының түрі, көрген қазақ байларының жылқысынан өзгеше! Ең влдымен, бұл жылқылардың, денесі де. Ірі, өресі де биік, жетерлік. Екіншіден, мама биелерінің жалпақ сауырына адам төсек сап жатқандай, көнектей желіндерінің емізігі жырта қарыс;.жуандығы піл сияқты айғырларының, күдірейген желкелерінен қалыңдай төгілген ұзын жалдарының шоқтығы шашасына сүйретіледі, жерге шұбалған құйрығының қалыңдығы табан құшақ. Жылқы оты — қау мен көде қалын, өсетін Шарықтасының жағасында жайылғандықтан, өрістегі бар тік тұрақ семіздіктен жонынан жарылғалы жүр. Өрісте тағы өсіп, кісінік болған жылқылар, көздері үйренген жылқышылар ғана болмаса, басқа адам көрсе үрке қашады екен, бізге де сөйткенде, жылқышылар «құр-р-р, әй!» деп дауыстағанда ғана ойқастай осқырынып барып әрең, тоқтады. Денесі аса ірі және жуан қарагер айғыр бізді көре мойнын темен сап жіберіп, маңайындағы жылқыны әрі қарай қуып тастады да, бізге қарай одыраңдай шапты, қарт жылқышы: «тәй, жануар» деген соң, аяқтарын кердеңдете желіп үйіріне кетті. Жылқышының айтуынша, бұл айғыр жүрген жерге қасқыр да, жат адам да жолай алмайды, жоласа — адамды аттан алып тастайды, қасқырды тартып, теуіп өлтіреді... Бұл табында аттардың да талай ая көзі бар екен. Мен солардың әрбіріне қызығып ем, қарт жылқышы «оны қоя тұрайық» деп келді де, бір тұста:
— Осы бір шағыр көз шабдарды ұстайық, былтыр ғана үйретіліп, бірер рет қана мінілген ат. Жасы бесте. Осыдан қайрат та, өнер де шығатын жылқы,— деді.
Ат денелі де, көркем де екен. Оңтайлы жылқышылар оның қашқалақтаған еркіне қоя ма, лезде ұстады да алды. Осқырына, үрке қараған ат ұнағаннан кейін, біз оны ноқталап алдық. Қайтқан жолда Нұғанға:
— Ақысы қанша болады?— деп ем:
— Қайдам,— деді иығын көтеріп.— Бір атты ақысыз алатын жігіт екеніңді әкем айтпай-ақ білем. Әкемнің сөзі — сөз, жәй алғың келсе, мін де жүре бер.
— Құнын алыңыз!— дедім мен Нұғанға,— оған қаражатым бар.
— Онда,— деді Нұған,— жобала да, бірдеме бере сал.
— Жоқ, өйтпейік, сізге обал, маған ұят болмасын, толық бағасын алыңыз.
— Қайдам,— деді Нұған,— Базар нарқына қарасаң, топырыш аттың да алды 35—40 сом, бұндай жылқы базарға сирек түседі. Түсе қалса атқұмарлар қыздың қалыңын беріп алады. Ал, сені мен — базарда тұрған жоқпыз, ендігісін өзің біле бер.
Мен ойланыңқырап қалдым да, аздан кейін:
— Елу сом берсем аз болмас па екен?—дедім.
— Өзің, біл дедім ғой,— деді Нұған күмілжіп. Жобасы азсыныңқыраған сияқты. Дегенмен, елу сомды толық баға көрдім де, «ренжімесең мынаған риза бол» деп он сомдықтан бес червонецты суырып, ат үстінен ұсындым. Нұған үн-түнсіз алды да, қалтасына салды.
Бірақ бұл аттың қайыры болған жоқ. Оның уақиғасы төмендегідей: атты жетектеп Ғалиянұр Балсеитов екеуміз Көкшетауға келсек, Қоянбаев Садық дейтін таныс жігіт Қызылжарға қызметке ауысып, екі атқа пәуеске жектіріп, әйелі Мүкәтәймен (Сейфолла Қасқарабовтың қызы) жүргелі жатыр екен. Реті келгенде айта кетейік: талдырмаш тәпалдау бойлы, аққұба, жұқа өңді, көк көзді, шашын «кірпі» ғып қырықтыратын бұл жігіт менімен түйдей құрдас, орысша тәп-тәуір сөйлей, жаза біледі, («революциядан бұрын Атбасарда орысша «двухкласная» аталатын школаны бітірген» деседі) совет тұсында финанс курстарын өтіп, ақша бөлімінде қызмет атқарады. Ол маған Қызылжарға бірге жүруді ұсынды. Мен ризаластым. Шөкімнен алған шағыр көз шабдарым жетекке бос байланды. Бірақ оным «қайырлы сапар» болған жоқ. Біз «дала жолы» аталатын, село, ауылдар сирек кездесетін жолмен тарттық. Осы бетте, менімен пәуескеде қатар отыратын Садық пен Мүкәтәй қастарында адам жоқтай, немесе жаңа ғана қосылған жұбайлардай сүйісуден ауыз жатпайды. Мен бұған кейде күліп, қалжақтап, кейде ұрсысып қалам. Бірақ ғашықтар оған қарамастан, әлсін-әлсін шопылдасып сүйісе береді. Бастапқы күнді біз осылай өткіздік те, әлдеқайдағы елсіз-күнсіз далаға қондық. Серіктерімнің түнгі сүйісі көбейіп кеткенсін, атшы жігіт екеуміз олардан аулақтанып, аттарды алысқа алып кеттік те, аяғын шідерлеп, маңайына ұйықтадық. Ертеңіне әлдене ағаштың қойнауына кіріп қондық. Taғы да сүйіс көбеюін аңдап, атшы екеуміз кешегі дағдымен аттарды аулаққа жетектеп әкеттік те, шідерлеуге кірістік. Сол кезде нақ қасымыздан әлдене жалп ете түскенде, менің тарпаң атым үрке жөнеліп, шылбыры қолымнан сусып шықты да кетті. Босанған ат құладүзге осқырына жөнелді.
— Ойбай, ат кетті! — дедім лаушыға.
Ол «кәне?!» дегенше қашқан ат қараңғы түнге сүңги бастады.
— «Атыңа мін!» дедім лаушыға.
Ол бір атын маған ұстатып, екінші атына мінгенше, қашқан аттың қарасы үзілуге айналды. Атшы шаба жөнелді. Екінші атқа жайдақ міне мен де шаптым. Атым ілезде көзден ғайып болды. Кейін естілген еміс-еміс хабарларға қарағанда, шабдар шағыр тура туған жеріне барыпты-мыс. Шөкім үйі оны «қайтқан малдың қайыры бар» деп қарсы алып, «түбі тұрақты болмас» деп, Ақмолаға ма, Атбасарға ма, алыстағы қалалардың біреуіне апарып сатыпты-мыс...
Мен шабдар шағырдан осылайша айрылдым...
Жәмпейіс ырымшыл адам болушы еді. Сатып алған аттың жолшыбай жоғалуын ол жақсылыққа жорыған жоқ. Содан ба, әлде басқа себебі болды ма, «мен арттарыңнан қуып жетем»—деді де, бурыл жорғаны жеңіл тарантасқа жетіп, қасыма інісі — Мақыжанды қосты да жөнелтті. Аттанарда айтқаны:
— Естуім, Қошығұл біздің қызына құрып жүрген тұзағымызды сезген сияқты. Ол өз дегені болмаса, қисайған жағынан тұрмайтын қыңыр адам. Бірақ қызы көнсе не істейді ол. Шаман, келсе қызға жолығуға тырыс. Өз бетіңмен жолыға алмайтын болсаң, Абылай хажыға ақылдас. Ол ретін келтіреді.
Жолда бірер күн кідірген Мақыжан екеуміз Абылай хажының үйіне түстік. Оның ауылы да, Қошығұлдың ауылы да Қаратомар аталатын сулы өзектің жағасында екен.
— Естідім,— деді Абылай, жол жәйін ақылдасқанда.—- Қошығұлға қалың мал керек. Және «анау-мынау емес, 47-ге бара-бар ақша керек. Оны таба аласын, ба?
— Қанша болады ол, ақшадай?— дедім мен мөлшерін білгім кеп.
Абылай іштей есептеді де, «екі мыңнан кем болмас» деді. Ондай ақша қайда?.. Және қалың малды КирЦИК-тің мүшесі боп жүрген мен төлесем, өзге қайтпек?.. Осы жәйді ақта кеп:
— Қалың-салыңда не ақың бар?— деді Абылай,— қызды көр. Егер қыз көнсе, заңға сүйен де алып қаш.
Абылаймен кеңесіп отырып, маған «жолығу осынша қиын қызға неге құмарланам?!» деген ой келді. Ол ойға еріп кетпей тоқталуыма, Жәмнейістің «жан адам тең келмейтін домбырашы» деуі себеп болды. «Бұл қызды қалай да көруім керек, деп бекіндім мен,— одан арғысын көре жатармын», Қалай көруді ақылдасқанда:
— Қыдырманың Шәкірін білесін, ғой?— деп сұрады Абылай менен.
— Сізбен сауда-дос боп жүретін, биік, жуан Шәкір ғой?
— Ия, сол.
Үйіне неге кеп түсуімізді Шәкір де біліп отыр екен. Қымыз ішіп жайланғаннан кейін:
— Сәбит шырағым, тысқа шығып желпінеміз бе, қайтеміз?—деді ол.
— Сөйтсек сөйтейік, дедім мен.
Оның маған оңаша айтатын сөзі барын жобалағандай, үйдегі өзге жұрт қалып қойды да, Шәкір екеуміз тысқа шықтық. Былайырақ барып отырғаннан кейін, Шәкір желбегей киген гимнастеркесінің тес қалтасынан кисетін суырып, бүктелген газет қағазын жыртып алды да, шылымын жуан бұрап отырып, не үшін келе жатқанымды қысқаша баяндап берді. Сонан кейін, «үйленуге тұрарлық» деп, Қошығұлдың қызын мақтап ап:
— Бұл жолда бірнеше бөгеттер бар,— деді Шәкір,— солардың зоры— қызды айттырып қойған жер. Жанкісі — Самайда Мықтыбай балалары дегендерді білетін боларсың?
— Білем,— дедім елеңдей ғап,— олар: Жәкіш, Әбіл, Әбілтай, Тынымбай, Шыныбай дейтін бес ағайынды адам болатын, қазақ-орыс станицасында жылқы баққан боп тұрып, үнемі жылқы ұрлығын істейтін жатақтар да.
— Жақсы біледі екенсің,— деді Шәкір, сорып болған шылымының түпкі тұқылын, мүштіктен алақанымен қатты қағып, ұшырып жіберіп,— Қошығұл қызын Мықтыбайдың кенжесі — Шыныбайына атастырған. «Оқуы жоқ» демесең, ешкімнен кем жігіт емес.
— Рас...
— «Сәбит Қошығұл қызын алуға келе жатыр» деген сөз ел ішінде дүңк ете түсіп, ауыл арасы кәзір шапқын. Мықтыбай балалары бірінен соң бірі кеп, ат ізін суытар емес. Әбілі маған да келіп кетті. Қайдан естігенін білмеймін, «Сәбит әуелі сенің үйіңе түседі дейді, қызға осында жолығады дейді; бұндай «жеңгетай» болатын халға қашан жетіп ең? Уән руының Шәкірі емес пе едің? Арғы атамыз Самай емес пе еді? Қаның бірге туысым, бүйтуге бізді қалай қидың?!» деп, алды-артымды орап, қашқалақтайын десем бұлтартпай қойды.
— Не дедіңіз оған?
— Не дейін? «Совет заманы. Ұлға да, қызға да ерік. Не десе де заң білер» дедім.
— Маған не дейсіз?
— Қызға жолықтыруға өз ебім келмейді, шырағым. Оған епті інім — Қасен. Ата сақалы аузына біткенмен, ол әлі күнге дейін жастардың ойынынан қалмайды. Мен оған, ертең кешке осы Қаратомар басындағы ауылдардың қыз-бозбалаларын «алтыбақан» ойынына шақыруды тапсырайын «Қошығұл қызын да келтірт» дейін. Сонда қызға сөйлес те ризашылығын ал. Одан әрі,— заңға сүйенерсің. Мен бұл істе бой көрсетпейін.
Шәкір мені ірі денелі, қара өңді, қара-бұйра сақал-мұртты күрілдей сөйлейтін інісі Қасенмен таныстырып, мән-жайды айтқан соң:
— Болады,— деді ол,— Бәрін де реттеймін. Бұған да тәсіл керек. Алтыбақан ұйымдастыруды ауыл жігіттеріне тапсырайын да, өзім Сәбитке ерген боп, ауыл аралап, бой таса қыла тұрайын. Алтыбақан ойынына Сәбит екеуміз әлдеқалай кезіккен болайық.
— О да мақұл,— деді Шәкір.
Қасен екеуіміз Шәкір үйіне ертеңіне іңірде оралсақ, ауылда қалған Мақыжан бізді асыға тосып жүр екен. Ауылдың Қаратомар жағында, жоғарырақ жерде алтыбақанға жиналғандардың көңілді дырдуы естіледі.
— Әзірге бәрінің де реті дұрыс келіп жатыр,— деді мені оңашалап алған Мақыжан сыбырлап,— қызға жолықтым, сөйлестім. Ашық қыз екен. «Көрерміз Сәбитіңді, сөйлесерміз. Оған дейін не айтам» деді. Тегі, «кет, әрі!» емес сияқты, көңілі елеңдеп қалған сияқты. Алтыбақанға да келді, жеңгесі Зейнеппен. Ел-жұрт бұл әңгімені түгел естіген. Қызды көндіре алмасақ үлкен ұят болғалы тұр!..
Біздің іңірде оралуымызды білетін Шәкір, бір семіз тоқтысын сойғызып, үстіне сүр салдырып, іңір асын жасатып қойған екен. Алтыбақан маңайы дулап жатқан шақта оны ішер уақыт бар ма?..
Асты алтыбақаннан орала ішпек боп Қасен, Мақыжан үшеуміз жөн тарттық. Бұл біздің аранын, «рахат түні» аталатын кеші еді. Әдетте, бұл кезде сіркірей қалатын бұлт, бүгін алашабыр ашық. Мұндай түнде кешке қарай буындыра бастайтын сары маса бүгін ертерек түскен шықтан қанаттары суланып, теп-тегіс жатып қапты. Тегі, былай қарағайда қимылсыз сияқтанған алашабыр бұлт ақырын жылжи көшіп жатыр ғой деймін — аспанда сыңысқан қалың жұлдыздың бәрі, теңіз бетінде жүзген кемелердің шамдары сияқты дамылсыз қимылда. Сол жұлдыздармен жарысқандай боп, күн бата қырынан көрінген жіңішке ай да жылдамдата жүзіп, біз алтыбақанға жетпей әлдеқайда жоқ болды. Бірақ ай жоғалғанмен, кең даланы түннің жалпақ көрпесі айқара жаба алған жоқ. Бұл маңайдың май, июль айларында, күн байығаннан кейін аспанның батыс жиегі бозарыңқы түсте қоршап тұратын ақтаңдақ, теріскейге қарай белгісіз жылжып, таңға қосылады. Июньнің екінші жартысы мен июльдің бірінші жартысында бұл ақтаңдақтың жарықтығы, Петербургтың Пушкин сипаттайтын «ақ түніне» ұқсап, «шамсыз кітап оқылмағанмен», адамдар жақын жерден кескіндерін айқын көреді... Бүгінгі ақтаңдақ та сондай екен. Жерге түсіп бусанған шық белуардан келіп, жүрген адам белшесінен шетсіз айдын көлді кешіп келе жатқандай. Осы көлге шомғандай, Қаратомар маңының ауылдары, көлде қалқыған қайықтай қараңдайды. Ойпатқа созыла біткен Қаратомар үстінде шық тіпті қалыңдай, шалшыққа қонақтаған қаз, үйрек, шағала, қызғыш шіңкілдек сияқты құстар дамылсыз азан-қазан, у-шу... Жырақ жерде кісінеген әлдене жылқының дауысы бұл тұсқа талмаусырап әрең, жетеді. Кейбір сақсынған иттер, шыққа тұншығып жатқандай мылқау ғана маңқылдайды. Ең қызу дауыс алтыбақан жақта. Өзге дүние жым-жырт. Денесі жеңіл Мақыжан жүгіре басып бізден озды да, алтыбақан қарасын үзіп кетті. Шаң-шұң дауысқа, көңілді шуға менің де делебем қозғанмен, жүрісі сабырлы Қасеннен озуға ыңғайсызданып, амалсыз қатар аяңдадым. Оның былай да биік денесі шықты түнде тіпті зорайып, «орта денем бар» дейтін менің қасымда, ат қасындағы түйе сияқтанады. Қасеннің былай да жуан даусы түнгі салқында тіпті қалыңдап, ірі бұқаның ыңырануына ұқсап кетеді. Сол даусымен алтыбақанға жеткенше Қасен маған біраз сөздерді айтып та үлгерді. Мақыжан бізден озғаннан кейін:
— Кірісіп қалдық бұл іске, — деді ол,— енді түптемеу бәрімізге де ұят. «Қоянды — қамыс, ерді намыс өлтіреді» дегендей, бұл қызды сенің алмауың өліммен бірдей.
— Егер қыз тисе.....
— Бұл сөз шықпағай еді. Ал шығып қалған соң, егер саған тимесе, ең алдымен қызға өлім...
— Неге?!
— Қызық екенсің ғой, Сәбит, сен! «Негең» не?! Қыз қалың берген жеріне енді барса, Мықтыбай баласы: «Бәлем, қолына іліктің бе? Мұқанның баласына тием деп ел-жұртқа масқара ететін не жазығым бар еді саған? Енді тырп етіп көр, бәлем, әуселеңді көріп алайын: қашан совет өкіметі арашалап алғанша, итаяқтан сары су ішкізем!» деп, отырса
Басқа, тұрса аяққа ұрмай ма? Оның аты «таяқ астында шіриді» деген сөз. Ақылды қыз осыны ойлайды да, саған енді,тигісі келсе де тиеді, тигісі келмесе де тиеді.... Қасен менің басыма бұрын келмеген ойды әкеп салды. Оның айтқаны рас: егер маған қосылмаса, Мықтыбайдың қанішер балалары бұл қызды таяқ астында шірітіп өлтіреді!.. «Сонда, сол өлімге кім кінәлі?» деген ой оралды менің басыма. «Әрине — мен!— деген ой кетпей қойды басымнан, алтыбақанға жеткенше,— мен болмасам, бұл өсек тұтанбас еді, қыз маңдайына жазғанын көрер еді, ендеше, егер қыз ұнаса және көнсе, үйленуден басқа амал жоқ». Алтыбақан дегеніміз: үш-үштен алтыбақанның басын буады да, ортасына жуан сырық байлап, үш тағандата, тік тұрғызады. Екі тағанның арасы да, арқалығының биіктігі де, шамасы — бес-алты метрдей болады. Осы биіктікке, мықты қыл арқаннан біреуі төменірек, екеуі жоғарырақ (адам ырғып мінерлік) үш әткеншек байланады. Соның екі биігіне бір қыз, бір жігіттен, аяқтарын аласа әткеншекке тірей қатар отырады да, екі қарулы жігіт әткеншектерді аспандата қатты шайқайды. Ерсілі-қарсылы қатты шайқалған қыздар мен жігіттер қосыла ән шырқайды... Қыз-бозбалалар кезекпен отырған алтыбақан ойыны ұзаққа созылады. Біз жеткенде алтыбақан құрылып даяр болған екен. Маңайы сыңысқан, сапырылысқан, әзілдесе сөйлескен, саңғырлай кеңесіп, сақылдай күліскен, кейбірі өлеңдеткен қалын, жас; шуласа, жүгірісе, жанжалдаса ойнаған балалар... Қасен бұл топқа сөйлене жақындады.
— Омай-ай, жүрген түрлерін-ай!—деп бастады ол сөзін, — «үндемес» ойнаудан саусыңдар ма, өздерің? Ойын қызып жатпас па, ендігі?
— «Жігіт ағасы» деп сені тосып жүргеніміз де,— деген біреуге:
— Уа, аузыңның ішін.. — деп ақырып тастады Қасен,— мен өлсем өлемісіңдер сонда? Сендерге қараған күні осы ма, қыз-бозбаланың? Бұ не, қыз-келіншектің бір бөлек, жігіттердің бір бөлек жүргені?!. Сыраға араластырған балдай сапырып, бірінен бірін айыра алмастай қосып жібермес болар ма, бұларды ендігі? Қыздыра ойнатып жатпас болар ма?..
— Оны... өзің...— деп келе жатқан біреуге:
— Сөзің бар болсын! — деді Қасен ақырып қап.— Таң ілезде атады. Оған дейін жастар ойынға мауқын басып үлгірсін. Ал, міне бұл ойынның «ханы» менмін,— деді Қасен отыра кетіп.—- Қайда, әлгі Әубәкірдің Шәукері!
— Мен мұнда! — деп дауыс берген адам таяу келіп қалды. Білем: Күркенің Әубәкірінің баласы, жасы менімен шамалас, орысша оқыған, пысық ойыншы жігіт.
— Сен «уәзірім» боласың,— деді Қасен оған.
— Құп, Қасен аға!
— Маған «ханша» тап!
— Тоқсанбайдың қатыны — Зейнеп бар осы жиында,— деді Шәукер аз ойланып,— құрбың. Көнсе соны әкелейін.
— Көнбейтін кім ол?—деді Қасен күркіреп,— қалын, малы төленген. Ықтиярына қарама, сүйреп әкел!
— Жасы үлкен жеңге, өйту ұят қой маған,— деп Шәукер күмілжіп еді:
— Онда сен бар!—деді Қасен, сақалы сапсиған біреуге.
Ол «әкелейін!» деп, жөнелді. Қасен қолымен ымдап Шәукердің басын идірді де, құлағына әлденеменені сыбырлады. Жарайды» деді де Шәукер жөнеле берді.
— Бәрі сенің жабдығын,,— деді Қасен маған да сыбырлап, — қыз-бозбаланы қатар отырғызғанда, сенің ретіңді Қошығұл қызынын, қасынан келтір,— дедім. Бір көрмеге ұялшақтау, тұйықтау сияқты қыз; ал, егер тілін тауып сөйлетіп жіберсең ұтқыр да қыз, сөзден жығылып қап жүрме!
— Көрерміз,— дедім мен...
Бұл сөзді соза түсуге, әлгі сақалды адам, жаулық салынған, ұзын бойлы, ашаң денелі әйелді еріксіздеу жетектеп әкелді де «міне, Зейнеп» деді. Қасен оны өзіне қарай тулақтай жұлқып тартып ап, қолтығына қыса отырғызды.
— Ал, әлеумет! — деді Шәукер анадайдан, қалын, жасты соңына ертіп келе жатып, қатты дауыспен, «хан жақсы ма» ойналады кәзір.—«Хан»—Қасекең, «ханша»—Тоқсанбай ағайдың зайыбы—Зейнеп жеңгей, «уәзір»—мен. Ойын тәртібі белгілі — бір қыз, бір жігіттен аралас отырады. Кім мен кімді қатар отырғызушы — менмін. «Сарбаздарым»— мыналар болады,— деп Шәукер бірнеше жігітті атады.— бұйрығыма көнбегенді «алты қатынның абақтысына»5 айдаймын. Кәне, шеттен бастап, «бура-қотан»6 тәртібімен отырғыза бастаймын,— деп, «уәзір» мен «сарбаздар» іске кірісті. Олар әуелі қыздарды дөңгелете қатар отырғызып қалды да, содан кейін таңдаған жігіттерін біріндеп, таңдаған
қыздарының арасына отырғыза бастады. Кезегім келген нені ІІІәукер «сенің орның осы» деп, сырғи орын берген екі қыздың арасына отырғызды. Біреуін танимын: Шәкірдің қызы — Мағрипа. Екінші қызды маған Рахима деп сол таныстырды. «Бұл, әрине, менің болашақ қалыңдығым» деп жорыдым мен ішімнен. Ол кездегі ауылдың ғұрпында, егде әйел болмаса жас әйелдің әсіресе, қыздың еркекпен, әсіресе жігітпен қол ұстасып амандасуы жоқ. Былайғы амандасудың ішінде де «есенсіз бе?» дегеннен артыққа бармайды. Одан әрі шешен қыз бен шешен жігіт болса, сыпайы әзілдесіп кетеді де, бір жағы олақ болса сөзуары әзілмен бастырмалатып, иықтап алады, екі жағы да сөзге шорқақ болса, «аузын буған өгіздей» үндеспей сіресе отырысады. Менің «сәләмәтсіз бе?» деген сөзіме «қалыңдығым» жауап қайырған жоқ. Онысы несі екенін білмедім де, «әуелі түр-тұлғасын көріп алайын» деп, отырған тұрпатына көз тіктім: шықты салқыннан тоңазуы ма, түнгі күңгірт сәуледен бе, әлде жаратылысы солай ма, қыздың қазақылау біткен дөңгелектеу жүзі, қоқыр қалайы сияқты сұп-сұр; тоңазудан ба, әлде танымайтын, «күйеу болам» деп ойлайтын әлдекім қасына отырудан қымсынуы ма, әлде бетпердесі жыртылмаған ұялшақ қыз ба денесі дірілдеңкіреген сияқты... киімдері ауылша: басында төбесіне үкі таққан, барқытпен тыстаған дөңгелек құндыз берік, сыртында өңірін оқалаған, кең етек, қынама бел пүліш қамзол, оның ішінде көлкіген қосетек жібек көйлек. Менімен таныс, оңашада аздап әзілдесіп те қалған, өткірлеу, сапылдақтау Мағрипа бұл жолы да «жол көріп қалған қыздай» лепілдеп, Рахима мен менің неге қатар отыруымды білетін адамға ұқсап, екеуміздің тұйық арамызды тұтастырып жібергісі келгендей, «Бұ не үндемеу?! Сөйлесе отырсаңдаршы!.. Сәбит, сенікі не, сөз бастамай?! Рахима, неге тіл қатпайсың?» деген сияқты түртпектер жасады... Мен сөз бастауға тырысып, әлденелерді айтқанмен, тұнжырап темен қараған Рахима әзіл сөздерге қысқаша салмақты жауап берумен отырды да алды. Былай естуімде сөз білетін адам. Ендеше мынасы несі?!. Әлде мені сырттай емексіту сөзінен айнып қалуы ма?!. Бұл «сөз үйлеспеудің» қаншаға созылуын құдайын білер еді егер бір сәтте «уәзіріміз»-— Шәукер мен оның екі «сарбазы» келе қалмаса. Жақындап келген олар «қызмет бабымен»:
— Ал, сіздерді хұзырына хан шақырады,— деді қасымдағы екі қыз бен маған.
Мағрипа екеуміз тұра бергенде Рахима қозғала қоймап еді.
— Сіз де тұрыңыз, жолдас! — деді Шәукер оған, ауыл қызына ол кезде қолданбайтын «жолдас» деген сөзді қалжыңды түрде әдейі күле айтып. Сонда да қозғала қоймаған қызға:
— Тұр, Рахима! — деді Шәукер байсалды дауыспен,— бармау ұят болады.
Енді тұрмауды ұят көргендей Рахима созыла түре келді. Сонда байқасам: әйел жынысының талдырмаш орта бойласы екен; ал, аша Мағрипаның арбиған бойы менен де биік. Біздің жақтың «хан жақсы ма» ойынында «хан» мен «ханшаның» хұзырына барған жігіт, қасындағы екі қызды құшақтай көтеріп тұрып, «ханды», «ханшаны», «уәзірді», көтеріп тұрған екі қызды мақтап, үш ауыздан өлең айтады; оған қосылатын, әрқайсысы үш ауыздан «өтірік өлең», «жынды өлең», «сансыз өлең», «кер өлең» дегендер бар; барлығы — 27 ауыз өлең; және бір жігіттің өлеңі екіншісін қайталамай, әр жігіт тыңнан өлең табу керек; әйтпесе, жігіт жазаға» ұшырап, қыздың арасынан шығарылады да, «алты қатынның абақтысына» жіберіледі; бұл, әрине, жігітке «қорлық»; сонда да амал жоқ, «хан» әмірін орындай алмаған жігіт жұртқа күлкі боп, «абақтыға» кете барады... Қара Қасен мені ондай қиындыққа ұшыратқан жоқ, сондағы «жеңілдігі»—тиісті өлеңдерді, қыздарды көтермей-ақ айту. Ол, әрине, менің баяғыдан машық болған нәрсем, сондықтан тұяқ қаққан жоқпын. Міндетті өтеудің сыйы — екі қыздың, да бетінен сүю. Алдында сақалы сапсиған туған ағасы — Қасен отырғанмен, айнала төніп жаутаңдаған көп көз тұрғанмен, тәсіл қолданып, алдымен Мағрипаны сүймек болғанымда ол аузын тосып жабыса қалды... Одан кейін Рахиманы сүйейін десем, бетін теріс бұрып, ырыққа көнбей-ақ қойды; «ханның, жеңгесі — «ханшаның», тату құрбысы — төңіректегі өзге адамдардың өтінішіне құлақ аспады... Не істеуге білмей дағдарған «ханға»:
— Онда не сырнай, не домбыра тартып берсін! — деп өтіндім, Жәмпейістен естіген бұл өнерінің қандай дәрежеде екендігін көргім кеп.
Қыз оған қарсы болған жоқ. Бұл араға оның, домбырасы да келген екен, «шыққа шегі дымқылданбасын» деп, орап әкелген екен. Жеңгесінің қасына отырған қыз, шектің асты-үстін бірдей қағатын «қосбасар» түрінде, домбыраға әлдене тәтті күйді ойнай жөнелді... Барлық елдің де музыкалық тарихында, музыканың шеберлері, нелер ғажап оқиғаларды музыка құралынын, үнімен тамаша түрде баяндап беруі бар ғой; қазақта да «күй» аталатын ондай ғажап шығармалар көп қой... Қыздың домбыраға ұзақ ойнаған әдемі күйі маған сондай бір хикаяны сөйлеп кеткендей болды. Маған бұл — мұң шаққан зарлы хикая сияқтанды. Менің одан ұққаным: «Тағдырдың жазғанын көріп алармын,—деп ауылда жатқан адам ем... Сен тұтатқан өрт келді де сол тиыштығымды бұзды!.. Сені маған үйленеді деген есек өрті маңайымды түгел қоршап, енді мені күйдіруі ғана қалды... Одан бұлтартар жер жоқ!.. Өзіңнен басқа жәрдемшім жоқ!.. Енді қайттім?!. «Күй де, көмір бол» дейсің бе, маған!.. Әлде құтқарамысың?..» Ұзақ ойналған күйдің аяқ жағы жылаумен біткендей домбыра үні дірілдей бастағанда, көзінен жасы саулай жөнелген қыз домбыраны тастай берді де, қалтыраған қолмен қалтасынан орамалын суырып, бетін баса өксіп кетті... Сол түні, Шәукер маған қызбен оңаша жолығысып сыр ашысудың да ретін келтірді. Біз қосылуға сөз байластық. Қыздың жалғыз ғана шарты:
— Арнаулы кісі жіберіп, әкемнің ризашылығын алыңыз!
ҮЙЛЕНУ
Алтыбақаннан Шәкірдің үйіне таң ағара келсем, ауыл шырт ұйқыда жатқанмен, ол үлкен түйе жүн шекпенін, саптама етігін, құлақшынын киіп сыртта жүр екен. «Дәм даяр» дегеннен кейін, үйіне кіріп, жидіп піскен тоқты етін жедік. Содан кейін Шәкір мені сыртқа шығарып сөз тиянағы неге соққанын сұрады. Мен айтып бердім.
— Шырағым,— деді Шәкір мені тыңдап ап,— мана саған қыздың қайын жағынан келетін қиындықты ескертіп ем, одан да қиынын, қызбен сөз байласқан соң айтайын деп ем. Сөз байласыпсың. Қайырлы болсын! Бірақ бұл уәденің салмағы артында екен. «Әкемнің ұлықсатын ал» деген сөз— ең ауыр сөз. Шынымды айтайын,— бұ томардың басында. Қошығұлға тілін алдыртатын кісі жоқ. Мені де ол тыңдамайды, «сен де ақыл үйретейін деп пе едің?»— деп боқтап шығарады. Мен түгілі «осы Уәннің тұтқасымыз» деп жүрген Күркенің Әубәкірі мен Көшкенің Жақыбын да тыңдамайды...
— Кімді тыңдайды, сонда?
— Қайдам...— деп Шәкір аз кідірді де,— бір тыңдаса өзіңнің ағаң — Нұртазаны тыңдайды,— деді.
— Неге?
— Талай құдалықтың, дау-дамайдың айтысына түсіп, көбіне жеңіп шығатын «айыр көмей, жез таңдай» емес пе, Нұртаза? Бұл қатты шалды бір балқытса, сол балқытады.
— Қазақшылыққа бармай, заңға жүгінсе қайтеді?
— Оған қыз көнбейді.
— Неге?
— Қошығұлдың үкідей мәпелеп отырған баласы емес пе ол? Әкесін кеңсеге сүйретіп күйеуге тиеді деп тұрсың ба қызды? Ауыл қызы әлі ондай халға жеткен жоқ. Бұның ретін Нұртаза ғана келтіре алады, ол келтірмесе қыздан күдер үзу керек.
Сөз осыған тоқырады. Мен Нұртазаны құдалыққа жібермек болдым да Қаратомардан Дос көлін жайлап отырған өзімнің туған ауылыма аттандым. Қасымда Мақыжан. Қаратомар мен Достын, екі арасы жиырма бес — отыз километрдей жер болатын. Тоқжарау боп бабына келіп жүрген буырыл жорға бұл мөлшерлі жерге бізді күн жаңа шашырап келе жатқан кезде жеткізді. Бірен-саран мал өргізушілер болмаса, ауыл адамдары бұл кезде жапа-тармағай шырт ұйқыда екен. Қой алдақашан өріп, көзге көрінбей кеткен, Сиырлар жатқан орындарынан жалқаулана жаңа ғана өрісіне шашырай беттеп барады. Алыстан қарағанда, тек Нұртаза үйінің маңайында ғана бірен-саран адам қараңдайды. Өзге үйлер тым-тырыс. Мен әдеттегіше, әкемнің інісі — Мұстафаның үйіне кеп тоқтағанда, төр жақта қараңдап жүрген біреу бері қарай беттеді. Жөткірінген даусынан біле қойдым— Нұртаза. Біздің тарантасымыздың салдары оятқандай, ілезде ауылдағы барлық үйдің де еркектері шапандарын жамыла шығып бері беттеді. Олардың жетін үлгіргеніне сәлемдесіп, бәріміз алқа-қотан отырдық. Қазақта «ел құлағы елу», «отыз тістен шыққан сөз отыз ру елге тарайды» деген мақалдар бар. Оның үстіне «ұзын құлақ» аталатын, алыстағы хабарды тез шалатын да салты бар. Осы сөздердің шындығы мені туған ауылымнан қарсы алды. Шапшаң сөзді, ойнақы мінезді Шәйкен дейтін туысым кімге бергені мәлімсіз сұраумен?
— Бұл Сәбит екеу боп келе жатыр дегені қайда? Әлде, келінді үйге кіргізіп қойдыңдар ма? —деді.
— Бұл сөз кеңейіп бара жатқан шақта:
— Дабырламаңдар,— деді Нұртаза дауыс көтеріп. Жұрт тоқтай қалысты.-—Осы сөздің не қауесет екенін баланың өзінен сұрайық.
Қазақ аулының ескі ғұрпында, «үлкендер» аталатын адамдардың алдында үйленбеген жас жігіт «сөйтем» деп сүйреңдемеуге тиіс; ондай ойы болса, құрбыларына ғана тиіс. Мен де сол салтқа бағынып, үн-түнсіз жер шұқи бастап ем, ашық мінезді, сөзге жүйрік Мырзағазы (Нұртазаның баласы):
— Апыр-ау, шалдар, не болды сендерге, Сәбитті келмей жатып арадай талап? Түн қатып, түсі қашып келгенін көрмей отырсыңдар ма? Әуелі үйге кіріп, дем алуына мұрша берсеңдерші! Сұрайтын сөздерін, болса содан кейін айтарсыңдар,— деді.
— О да дұрыс екен,— десті жұрт.
Жиналғандар тарады. Мен Мұстафаның, үйіне кірдім де, бір аяқ айран ішіп, тәтті ұйқыға кеттім...
Әлдекім оятқанға көзімді ашсам, Мырзағазы.
— Иә,— десем:
— Күн түске тармасып қалды,— дейді Мырзағазы,— жаңалық естісе елеңдей қалатын әдеті бар емес пе елдің? Сені үйленіп келеді деп естіген осы маңайдағы ауылдың адамдары, «келінді көреміз» деп жиналып қалды. Не жай болғанын Жәмпейістің інісінен естідік. Жұрт сонда да «өз аузыңыздан естиміз» деп тарамай отыр.
Мен Мырзағазыға Шәкірдің Нұртазаға жолдаған сәлемін айттым.
— Жөн сөз,— деді Мырзағазы.— Әкем бұл сөзді естіген жоқ. Мен оған жеткізейін.
Шығып кеткен Мырзағазы біраздан кейін оралды да, киініп болған маған «сені кішкене ағаң шақырады» деді. Онысы — Нұртаза. Сол үйге барсақ — лық толы адам. Бәрімен де сәлемдесіп байқасам, Жаманшұбардағы «Аңдарбай — Отарбай» аталатын төрт ауылдан бұнда келмеген ересек еркек жоқ сияқты. Бәрінің қолында бір-бір аяқ қымыз. Нұртазаның жиырмадан астам биесінің сүті құйылатын мол сабасы оларды тегіс сусындата алады. Оның үстіне менің келуіме байланысты бір семіз тоқты сойылып, еті даладағы жер ошақта асылып жатыр. Бір аяқ қымызды қолыма мен де ұстап, көпшіліктің ортасына отырғаннан кейін шешен Нұртаза сөз бастап кетті.
— Ағайын,— деді ол, кеудесін көтеріңкірей, басын шалқайта ұстап, дағдылы қатты даусымен, үйде отырғандарды сығырлау көзімен айнала шолып ап.— «Орнында бар оңалар, орнында жоқ жоғалар» деген осы. Кеше Мұқан марқұм өлгенде, мынау жеті жасар жетім баласы зарлап қалған еді. «Лақ маңырап су ішер, ұлан жылап күн кешер» дегендей, қаршадайынан қаңғырып, білім іздеп жеткен бұл байғұс та міне, енді оқу оқып адам боп, өзі Керсекке («КирЦИК» дегені) мүше боп кеп отыр. «Байбарақ бабам айтатын еді деуші еді үлкендер,— біздің тұқымнан әр кезде бір жақсы шықпай қоймайды» деп.
Жұртқа әдейі әсер еткісі келді ме, шынында да толғанып кетті ме, дауысы барылдап Нұртаза жылап жіберді.
— Кешегі бір күндері,— деп жалғастырды Нұртаза сенің көз жасын көйлегінің жеңімен сүртіп, ауыр күрсініп ап,— бұл атаның баласынан атқа мен міндім. Өз заманымда қатарымнан қалысқан жоқпын, «әрі отыр» дегендер болған жоқ. Ол заман өтті, ендігі заман кедейдікі болды. Бұның да қатарына бізден біреу қосылып атқа мінген соң төбем көкке жеткенмен бірдей болып жүр. Өтірік десе, анау отырған Тайжан, анау Аймолда, мынау отырған Бәтіжан молда айтсын,— деді Нұртаза тағы да көзіне жас алып,— осы бала Керсекке мүше болды деген хабарын естіген күні елу үй Жаманшұбардың ақсақал, қара сақалын түгел үйіме жинап, той жасап, қысқы соғымымның жылы-жұмсағын түгел астырып қонақасы бердім.
Онысы рас,— десті әркімдер дауыс қосып.
— Сол Сәбит енді үйленді деп естіген соң,— деді Нұртаза көзін сүртіп,— менде ес қалды деп отырсыңдар ма? Құдайға сенсеңдер, қуанғаннан жарты есім жоқ.
— Оған нанамыз,— десті әркімдер.
— «Бас екеу болмай, мал екеу болмайды» депті аталарымыз, — деді Нұртаза бәсең, дауыспен,— бұ да үйленіп, үбірлі-шүбірлі болса, Мұқан мен Балсары марқұмның аруақтары аунап жатпай ма қабырларында?
— Рас-ау қоймасты әркімдер.
— Қай жерде көңілі барын және Шәкірдің маған айтқан сәлемін естідіңдер, халайық, — деді Нұртаза,— Қошығұлды білемін. Ол ең алдымен, бір сөзін қайталай беретін мылжың адам, оның үстіне қыңырайған жағынан түзелмейтін — қисық. Оны көндіру оңай емес. Бірақ Сәбиттің құдағиына бармағанда кімдікіне барам? Ағайын,— деді Нұртаза даусын көтеріп, — сендерді осы жайды ақылдасып алуға шақырып отырмын.
— Не «ақылы» бар оның? — деді біреу.— Барам десең бар. Кім саған «барма» дейді?
— Барудың да мәні бар емес пе?—деді Нұртаза,— «Қалыңсыз қыз болса да, кәдесіз күйеу жоқ» демей ме аталарың? Советтік заманда қалың мал құрығанмен, кәде құрыған жоқ. «Кәде» деген атпен қыздың туыстары қалың малдан кем алып жүрген жоқ. Мен сақалды басыммен Қошығұлға барам. Ол менің алдыма «кәдесіз күйеу жоқ» деген сөзді тосады. «Неге олай дейсің» дей алмаймын. Дер едім өзге жұрт кәде алмай отырса. Қалыңсыз Қыз болғанмен де, кәдесіз күйеуді әлі ешкім көрген жоқ. Ендеше, мен де кәде жағын ойлана баруым керек. Керсекке мүше болғаннан кейін жұрт бұл баланың «қойны-қонышы толған ақша» деп ойлайды. Оның үстіне құда түсерге сақалым сапсиып мен барсам Қошығұл, әрине, аузын кең ашады, соны толтырмасаң қызын қолыңа ұстатпақ түгіл, көзіңе де көрсетпейді.
— Шал, сен неменені қиындатып айтып отырсың? — деді шәлкес мінезді тік сөйлейтін туысымыз Итаяқтың Құсайыны.— Қай заман деп отырсың бұны, кәдені соншама шірейтін? Мекалай деп отырмысың? Совет заманы емес пе бұл? Қошығұл қызын ықтиярымен берсе берді, бермесе құдай айтқан советтің заңы тұрған жоқ па алдымызда? Ертең Жәмпейіс келгелі жатыр деп естідік. Сәбит қасына соны алса және мылтығы шошайған бірер милиция алса Қошығұлдың қызы түгіл бүкіл Қаратомардың басын көшіріп әкелмей ме? Осындай оп-оңай істі сонша неге қиындатып отырсың?
Шәлкес мінезді Құсайынға Нұртаза тік келмейтін еді. Сол салтына бағып ақырын дауыспен:
— Былай қарағанға дұрыс сөз ғой, Құсайын, айтып отырғаның,— деді Нұртаза.—-Мәселенің түпкі тетігі Қошығұлда емес, қызында екенін мен де естіп отырмын. Қыздың уәдесі берік деседі, бірақ «әке-шешемнің ризалығын алыңдар депті» деседі. Мен тек, соны ғана айтып отырмын, әйтпесе, қалын, беруге құмартып отыр деймісің? Қошығұлды көндіру үшін аузын толтыру керек, ол үшін бір қырық жетіге татырлық ақша керек. Сәбитке осындайда қараспағанда қайда қарасамыз? Басы мына мен боп, былайғы ағайын хал-қадарынша жарна салуын, керек. Сөйтіп, жаңа ақшамен төрт-бес жүз сомды қалтама ұра баруым керек. Мен ол ақшаны «мә, саған» деп сөзге келмей суырып бермеспін. Құдайдың берген тіл мен жағын жұмсап көрермін. Жаңа заманның заңын да алдына кесе-көлденең тартармын. Сөйтіп» шығынсыз тырысармын, Ал, осыған Қошығұл көнбесе не істеймін? «Қызыңның керегі жоқ деймін бе? Ол мен айтатын сөз емес, күйеу жігіт айтатын сөз. Естуімше, жігітіміздің оны айтатын түрі жоқ көрінеді, осы қызды алмай тынбайтын көрінеді...
Қазақ аулының әдебін, әдетін қаншама сақтаймын дегенмен, маған да пікір білдіруге тура келді. «Сен не дейсің?» дегендей жаутаңдап қарап қалған жұртқа:
— «Қалың деңіздер, «кәде» деңіздер, не деп атасаңыздар да ақша төлеуге риза емеспін. Қыз оған көнбесе, мейілі білсін,— дедім.
— Ендігі сөз қысқа, — десті әркімдер Нұртазаға,— «барам» дедің — бар! Сөйлес қыздың әкесімен! Өнеріңді жұмсап көр! Сәті түсіп, көнсе көнді, көнбесе, бұған қыз табылар, оған күйеу табылар.
Сөз осыған тоқталды да, Нұртаза бір пар атты жектіріп, қасына бірер адам жолдас ап, Қошығұлдың ауылына жүріп кетті. Ол екі-үш күнде оралды. Айтып келген сөзі: бағым қайтқанмен, сұраған кәдесін бермесең, құлағына қол апартар Қошығұл жоқ.
— Мынау! — деп, Нұртаза он, жақ қолының түйген жұдырығын көрсетті.
— Онысы қанша?—деген сұрауға:
— Жүз деп отырмысың? — деді Нұртаза ақырып,— мың сом сұрайды да!..
— Ойбо-о-ой! — десті әркімдер.— «Айрылар тамыр, ердің артқы қасын сұрайды» дегендей, мынасы сұмдық қой!.. Екі қыздың толық қалып, малы ғой, бұл!..
— Әлі де соны айтады — деді Нұртаза.— «Менің қызым күңшаштардың біреуі емес» дейді. «Қызым елге атағы шыққан қыз» дейді. «Сонау Орынбордан іздеп кеп қыз қалаған Керсектің мүшесінен бұндай кәде алмағанда, кімнен аламын»дейді. Міне, естігілерің келсе, Қошығұлдың сөзі осы!...
— Анау — Күркенің Әубәкірі, Көшкенің Жақыбы, Қыжақбайдың Омары сияқты беделді ағайындарын салып көрдің бе? — деп сұрады әркімдер.
— Салдым, — деді Нұртаза.— Айтпап па ем әнеукүні, «Қошығұл қыңырайған жағынан түзелмейтін қисық» деп. Сол салтына бағып, атаған адамдарыңды аяғына да отырғызбады.
Қатыны да қарауыз екен, үйіне түсіп, амандық-саулыққа келген соң-ақ «бұл көксау Нұртаза шылқып жатқан шірік қарта бай дейтін, әдейілеп құда түсе келген соң қойны-қонышымызды толтырып кетер» деп, алдымды орап бір қойды да, мені сөзбен көндірмек боп анау-мынауларды айта бастаған соң: «Әй, Нұртаза, шешендігіңді басқа жерде көрсет! Сұрағанымызды берсең отыр да құда түс, құйрық, бауыр же! Әйтпесе, басты қатырмай, келген ізіңмен қайтып .отыр!» деді. Қанша сөйлескенмен шалы да, кемпірі де сөздерінен танбады. Ақыры өзіме тілдері тиетін болған соң, Көкшенің үйіне қонақтап жатып, кісі салдым. Оған да айтқаныы — әлгі...
— Імм...— десті тыңдаушылар мұрнынан міңгірлеп.— Сәті түспеген құдалық болған екен бұл!.. Бала аузына алмағай еді, Нұртаза, сен бармағай едің бұл енді жалғыз бізге емес, бүкіл Сибан атаулыға ұят болды.
Өкінген жұрт ауылды-ауылына бытырап кеткен шақта, жирен қасқасын екпіндете жорғалатып Жәмпейіс келіп қалды. Нұртаза үйінің алдына кеп тоқтады да:—«Әлгі боқ мұрын Сәбит осында ма?» деп айғай салды. Біз ол уақытта Нұртаза үйінін, қасындағы Бірәлінің отауында қымыз ішіп отыр ек. Далаға жүгіре шыққан бізге.
— Бәрін де естідім,— деді Жәмпейіс, суланғыш көзін орамалымен сүрткілеп, жүріске қызынып алған жорғасының тізгінін тарта ойнақшытып.— Қошығұлдың құлағына қол апартпауына көзім жеткен соң қыздың ағасы — Тоқсанбайға, Орынбордан келіп жатқан ағасы Қазиға астыртын кісі сап: «Мені де, Сәбитті де мерт етіп бұл қай қылықтары? Дүниенің, алды-арты осы ғана болғаны ма? Бұдан кейін атар таң, батар күн жоқ болғаны ма? Қойсын бұларын, көндірсін әке-шешесін»— дедім. Олар «кемпір мен шалға не қыл дейді, сонда?» деп былқылдаған соң екеуіне де білдірмей қызға астыртын кісі салдым. Қыз, айналып кетейін, «әлі де әкеммен сөйлесіп көрсін; араға кісі салмай Сәбиттің өзі келсін; әкем көнсе көнді, көнбесе заңға жүгінуге бейілмін» депті...
— Ә, тәңірі, бере гөр!—деп, менің қысылып жүрген карт аға-жеңгелерім жылап жіберді.
— Ал, бұны былай істеу керек!— деді атынан түсіп. Бірәлінің үйіне кіріп сусындап алған Жәмпейіс,— Қошығұлдың, аулына жәй бармау керек, зәресін ұшыра бару керек!..
— Қалай?
— Сибанда кәзір не көп — оқыған «жырық етек» көп. Бәрін де оқуға апарған — Сәбит. Басы — Ғабит Мүсрепов қып, солардың тайлы-таяқтысын тастамай, түгел апару керек, бір отряд болсын өзі!.. Зәресі осыған ұшпаса, Қошығұлдың жүрегі тас шығар. Қайдан кепті оған ондай жүрек? Әкесі — Кәрібай «тәкаланың жұтында» аштан өліп көмусіз қалды деген. Қашан бітіп еді оған адамшылық? Тоқсанбай атқа мінген соң ғана емес пе аузы асқа, асты атқа жарып, үйіне ақ үзік салғаны? «Иттің бірдемесі дәрі болса, дарияға бірдеме етеді» дегендей, қарап отырып, қорлығы етті ғой мына Қошығұлдың!..
— Япырай десеңші!— десті біздің ауылдың адамдары...
— Дұрыс па осы?—деді Жәмпейіс маған.
— Басқа жол жоқ,— дедім мен.
Біз Қошығұл ауылына жүруге даярландық. Сол бір тұста Ғабиттің да аулына келіп жатқаны естілді. «Төменгі Сибан» аталатын, оның ауылы, біздің ауылдан жетпіс километрдей жер. Соны естіген ауыл адамдары:
— «Ат сатсаң аулыңмен»,— деді маған.— Бұл ақылға төменгі Сибаннан Мақметтің Ғабитің Мәшіктің Рүстембайың Алдабергеннің Әндіғожасын, милициялық қызмет атқарып жүрген Ботбайдын, Шалабайын алдырғаның дұрыс. Әсіресе Ғабитті. Өйткені, ол бұрын осы елде военком да, милиция начальнигі боп та қызмет атқарды ғой. Қызмет бабында қатал болған жігіт қой ол. Қошығұл одан әрі қорқады, әрі сыйлайды.
Қасына біраз нөкерін ертіп, бірер күнде Ғабит та келіп қалды. Жел көңіл Жәмпейіс, әлі де «отряд боп бару керек! деп қыздырғанмен, ауылдың адамдары басу айтты.
— Ұят болар өйту,— десті олар,— қалың топ жинайтын, тартып алуға бара жатқан жоқсыңдар. Шағын ғана адам, сыпайы түрде ғана барыңдар.
Сөз осыған тоқырағаннан кейін, пар-пардан ат жеккен бес тарантаспен аттанатын болдық. Жәмпейіс «УРО-ның ін:ы маңнан анықтап қайт деген жұмысы бар еді, соны орындаймын да, арттарыңнан жетем» деп қалып қойды. Қаратомар басында біз үш-төрт күн алдандық. Бірақ Қошығұл бізді үйіне жолатқан жоқ. Сонда айтары «ашқан аузымды толтырсын да, қызды алып жүре берсін, әйтпесе, қолдан берер қызым жоқ. Қыз ерсе, заңмен әкетем десе, мейілі білсін!» Шәкірдің жорамалынша, Қошығұлдың мұнысы — малқұарлығы ғана емес, екінші жағынан айласы.
— Сенің қалың мал төлемейтініңді ол кәрі қақбас біледі, — дейді Шәкір маған,— сөйте тұра ақша сұрауы, жұрт көзіне сені кінәлі ғып, өзі ақ боп қалу. Біреу-міреу «оның не?» десе, «қалың сұрауым — қашыртқы салуым, кінә— менде емес, онда болсын деуім. Мен сұраған ақшаны, бәрібір тауып бере алмайды, ендеше оған қыз жоқ, өз обалы өзіне» дей салады.
Қошығұлдан қажыған біз, қызына кісі салсақ:
— «Әкем бүйтпес» деп ойлаған едім,— депті қыз.— Көнбеуіне көзім жетті. Уәдем — уәде. Заңға жүгінуге бейілмін.
Шәкір маған, заңға жүгінуден бұрын тағы бір амал қолдануды ұсынды.
— Қошығұлдың — деді ол,— бұл маңда Абылайдан басқа қорқары жоқ, өзгеге өре түрекелгенмен, Абылайды көрсе бұғып қап, алдында бүгежектеп, тіл қата алмайды. Осыған Абылайды жұмсап көру керек.
Шәкір Абылайға астыртын хабар салса,—«Бәрін де естіп жатырмын. Сәбит бар нөкерімен бүгін кешке Қошығұлдың үйіне келсін де түссін. Со кезде мен де барайын, көрейін, көніп тұрған қызын бермейтін Қошығұлдың әуселесін» депті. Біз Қошығұлдың үйіне іңірде барсақ, аспа кәрәсін шамның әлсіз жарығынан кескіндері бозамық сұрғылт тартқан азғана адам отыр. Қошығұл үйінін, біз білетін адамдары түгел. Бәрінің де еңсесі түскен. Төрде, басы қаздың айғырындай қақырайған, орысшалау киінген, тас-түйін боп түйініп, он, жақ білегіне бүлдіргесінен ілген қамшыны екі бүктеп қолына ұстап алған Абылай жалғыз отыр. Он, жақ босағада басын жастыққа қойып, шеке түсе жөтеліп көксау кемпір жатыр. «Бұл тегі, қыздың шешесі болу керек» деп жорыдым. Біз үйдегілермен сәлемдескеннен кейін, Абылайды төңіректей, тердің бос жерлеріне қатарласа отыра қалдық. Абылай сөзін Ғабитқа арнап бастады.
— Шырағым, Ғабит,— деді ол, амандық-саулықтан кейін,— Сибанның ойдағы-қырдағы оқығаны жиналып бұнда келе қалған екенсіңдер. Бәрін сен бастап кепсің. Бірінші айтарым — сапарларың он, болсын. Екінші айтарым — Сәбитке бермеген қызды сүрлеп қоя ма бұл Қошығұл? Осы әңгімені әнеугіден бері үйде естіп жаттым да, ақырын күтейін деп, ат ізін салған жоқпын. Көксау Нұртаза біздің үйге кеп қонғанда, мен айтқам. Ауызға алмағай едіңдер бұл кеңесті, алғаннан кейін қайтудың реті жоқ. Қошығұл қазақы адам. Ол баяғы патша заманымен бірге адыра қалған ескі ғұрыпты көксейді. Кәзіргі заман оның сақалын жұлып қолына беруін надан байғұс білмейді. Қыз көнсе болды. Содан кейін өзгенің әлі келмесе, Қошығұлды мойнын мен-ақ бұрап берейін. Сол Қошығұл әлі де қиқарлығын қоймай жатыр деген соң әдейі келдім. Ал, шал,— деді Абылай төмен тұқырған Қошығұлға бетін бұрып, қалың даусын ызғарлы түрде шығарып.— Айтқаным — айтқан. Сөзді қой да, кәзір бір тоқтыңды сойып, мына күйеуін, мен қосшыларына қонақасы бер! Сейт те, түнде аттандыр!
— Таң атуын күтетін болармыз,— деді Қошығұл күмілжіп.
— Таң-маңның керегі не?—деді Абылай жеки сөйлеп,— күн тәулігінің жиырма төрт сағатында сәтсізі жоқ.
Ауылыңның үстінде топыр болу жетпей жатыр ма? Бұл айтқанымды орындамасаң, екеуміз қанжығада көрісетін болармыз. Ал, мен аттанам,— деп Абылай қамшысын жерге таяна орнынан қозғала бастады.
— Мына кісілерге сойған малдың басын жеп кетпеймісің? — деді Қошығұл.
— Мені сыйлағың келсе, кейін сыйла. Қонақтарыңды риза қыл. Араға кісі жүргізіп біліп тұрам да, егер тағы да арындауықтығың ұстаса, қызыңды өз қолымнан Сәбиттің арбасына салып берем. Оған шыдасаң отыра бер!..
Абылай түрегелді де, үн-түнсіз шығып кетті.
Әй, бейшарасың-ау,— деді анадай отырған Тоқсанбай әкесіне,— осынша шыр-шу шығаратын ештеңе жоқ еді. Ел ішін лаң қылмай әнеугүні ғана орындап жіберетін іс еді. Жат жұрттыққа жаралған, жасы жеткен бала. Қалау ғып отырған адамы— теңі. Не керек еді, жөні кеп тұрған істі осынша шиелендіріп? Ендігі сөзді қой. Мен тойдың қойын әкеліп Соям да, осы Сибандарға ғана қонақасы беріп, қарындасымды қастарына қосып аттандырам. Қошығұл мақұлдағандай үндемей қалды. Шөке түскен кемпір басын көтеріп алды да, сөйлене жылап, дауыс қылды. Сонда айтқаны: «Емшек табы аузыңнан, бесік табы арқаңнан кетпеген Рәшжан-ау, сенен қалай айрылармын?.. Қасқыр әкеткен тоқтыдай, әлдекімнің арбасына мініп кете барғаның ба? Тым болмаса той жасап, ел де шақыра алмадық. Күнәлі қыздай күңгірт түнде аттандыратын болдық. Қайтейін-ау, құдай-ай...» Зарлана жылағанмен кемпірдің дауысы ешкімге әсер еткен жоқ. Қазан әкесіне өкпелеп басқа ауылға кетіп қалған екен. Ғабит оны бізбен бірге отыруға шақыртқан еді, «арбаға осы отаудан шығып мінем» деп келмей қалды.
Қонақасы ішілгеннен кейін:
— Ал, Қошеке,— деді Ғабит Қошығұлға,— лұқсат болса біз енді аттанамыз.
— Оған енді сөз бар ма?—деді ет жер алдында келген Қази.— Ал, енді жылау-сықтау деген болмасын. Ауыл адамдарының бәрі де ұйқыда. Бақырып-шақырып мазасын алмаңдар. Рәшті өзім апарып салам. Үн-түнсіз жөнеліп кетейік.
Қазидің бұйрығын орындағандай, бұл үйден біз аттанғанда ешбір шу шыққан жоқ. Үйден шығарда менің серіктерім «қыз қайда?» дегендей Қазиға қарап еді, ол:
— Шыға беріңдер! Рәш сендерден кейін әке-шешесіне амандасады. Содан кейін жеңгесі Зейнеппен екеуміз қолтықтап апарып, Сәбиттің арбасына мінгіземіз,— деді.
Біз үйден шығып арбаларымыздың маңына бардық. Қараңдаған бір-екі адам отаудан үлкен үйге кірді. Сол кезде манаты кемпірдің барқырап көріскен дауысы естілді. Қыз үн шығарған жоқ. Аздан кейін үлкен үйден қараңдай шыққан бірнеше адам менің арбама жақындады: Қази, Зейнеп, үкілі бөркін тастамаған Рахима... Қыз, тегі, үйде қатты жылап әлсіреген болу керек, менің коробкелі тарантасыма жеңгесі мен ағасы қолтығынан сүйеп әрең отырғызды. Мана Тоқсанбаймен уәделесуіміз бойынша, қыздың қыс-жаз киетін киімдері мен азын-аулақ төсек-орын болмаса, басқа жасауды келер жылы алмақ болғанбыз. Аталған киім-кешектер мен төсек-орындар кішірек кілемге ораған бір ғана бума бопты.
— Сен қайда мінесің?— деген сұрауға:
— Өзіміздің шұбар атқа жеккен тарантасқа,— деп жауап берді Қази.
— Ал, тарттық,— дескен серіктерім бірінің артына бірі сөгіле жөнелді.
Мен арбама зор қуанышпен міндім. Өйткен себебім — үйленуім ғана емес, үйлену күресінде жеңіп шығуым. Әдеттегі үйлену күресінде, бір әйелге екі ер таласады да, қай жеңгені әкетеді. Бұл екі адамның арасындағы күрес қана. Менің күндесім мұндай күреске түсе алған жоқ. Сонда ол, менен емес, қазақ әйеліне бас бостандығын берген Совет үкіметінің заңынан қорықты. Менімен және менің жас жұбайыммен күресушінің аты — ескілік. Толып жатқан түлкі жортаққа салғанмен, ол да бізбен белдесіп күресе алған жоқ, сонда оның да қорыққаны — жұбайыммен екеуміз емес, Совет заңы. Егер бұл заң болмаса ескілікке сүйенген қалын, мал беруші, ру ұранын шақырар еді де, жолда самсаған сары қолмен қамап ап, бері салғанда — қалыңдықты тартып әкетер еді. Әрі салғанда — мені не тұтқындап, не өлтіріп кетер еді. Оны істей алмауы менен емес, Совет заңынан қорқуы. Мұнын, аты —«ауылда әлі де ескі ғұрып мықты отыр» дегенмен, сол «мықтының» қартайып, халының азаюы, жаңа советтік күшке қарумен қарсы шығар күшінің жоғы, болмашы, әлсіз, ұсақ қулыққа түсуі; онымен қанша ұзаққа бара алады ол?.. Мұның аты советтік күш, қарсы күшті саясатта, экономикада ғана емес, мәдениетте де, әдет-ғұрыпта да жеңуге кірісті деген сөз. Ендеше, мен — өзімді партиялық, советтік, мәдениеттік қызметкердің бірімін деп санайтын адам,— мына қызға үйленуімді, жеке басымның ғана жеңісі емес, саяси майданда «кімді кім?» сұрауы тұрған шақта, ескілікті жаңалық жеңуі, яғни — советтік құрылыстың жеңісі деп есептеймін. Ендеше, бұл жеке басыма байланысты қуанышым ғана емес, қоғамдық ісімнің яғни идеямның қуанышы!.. Осы қуанышпен аттанып Қаратомардың ұзыншалау тұмсығын айналып келе жатқан шақта, алдымыздан сырнай дауысы естілді. «Бұ не?!» дегендей елеңдей қалған шақта, қараңғы түнде қараңдаған әлдене салтты бізге қосарлана берді. Тани кеттік — Жәмпейіс. Ол менің алдыма түсіп кеткен кем бірер тарантасты өткізіп жіберіп, маған еңкейе жақындады:
— Ал, шырағым, құс құтты болсын. Тату-тәтті өмір жасаңдар! — деді. Содан кейін сырнайлатып ілгері тартты.
— Жолшыбай біразға дейін саясына қыстаулар салынған шоқ ағаштар кездесіп отыратын еді де, Досқа он бес — жиырма километр қалғанда ормансыз жазық дала боп кететін еді. Сол далаға шыққанша тан, да сіберлеп қалды. |Бізден озық келе жатқан Жәмпейіс дөңестеу бір жерге тоқтай атынан түсті. Бәріміз де оның төңірегіне ошарыла қалдық.
— Аттар, біраз қарқындады,— деді ол.— Қатты айдап кеттім. Енді аздап сарығын бастырайық. Алдымыздан енді қалың ауылдар кездеседі. Сол тұста атқа қамшы салып жүрейін.
— Дұрыс, — десті серіктерім.
Аз тынығып, «ал аттандық!» деген менің серіктеріме Жәмпейіс қызық көрсетті. Оның қолы әйелден бетер шебер болатын. Етік тігу, қайыс еру, ер-тоқым жасау сияқты еркек қолынан шығатын істерге шебер болумен қатар, ол ең шебер әйелдің ғана қолынан келетін нелер әдемі кесте, ою сияқты істерге өте машық та. Қолөнері солай бола тұра, кейбір қимас адамы қолқалап жасатпаса, әйел өнерін былайша кәсіп етпейтін. Жасаған нәрселеріне ақы, пұл алмайтын. Сол өнерпаздығына Жәмпейіс осы жолы да бағып, бір қызық нәрсе әкепті. Онысы — ені тар, ұзынша қызыл шұғаның бетіне ақ жібектен «жойылсын қалың мал» деген сөздерді араб әрпімен ойып, сол әріптерді машинамен тігіпті. Осы әдемі ернегін ол қалтасынан суырып алды да, мен мініп келе жатқан буырыл жорғасының доғасына көлденең керіп байлады. Әріптердің, ойылуы да, тігілуі де өте шебер екен. Мақтаған әдемі ісіне масаттанған Жәмпейістің айтқаны:
— Мен ес білгелі қалын, малға қарсы адам едім. Жеңгелерің — Жаңылды қалыңсыз алып қашқаным да сол еді. Совет өкіметі орнап, қалың малды жою туралы заң шыққанмен, ақшаға айналған түрде ол «пәлең» әлі де қалған жоқ. Мен аралап жүрген қазақ ауылдарында қалын, малсыз ұзатылған бірінші қыз — осы Рахима. Естуімше, Сәбит еліне барғаннан кейін, қалыңдығымен екеуін ой, қырдағы қалың Сибан кезектесіп қонаққа шақыратын түрі бар. Міне, сонда осы доғадан осы ұран шешілмейді; ел аралап болғаннан кейін Қызылжарға барғанда да осылай жүреді; бұл, тек Сәбит пен Рахиманы поезға өз қолымнан шығарып салғаннан кейін ғана шешіледі.
— Дұрыс!— десті серіктерім.
Кейінің тұсынан таң аппақ ата, кейінің тұсынан күн шыға, кейінің тұсынан күн көтеріле, кейінің тұсынан сәске бола өтіп жатқан жайлаудағы қалың, ауылды, кеп пар аттының алдында жирен қасқасын ағыза жорғалатқан оқ бойы отырған және жәй емес сырнайлата тартқан Жәмпейістің жүрісі, оның артында салдырлай жарысқан көп арбалының дыбысы, біз жанасқан ұйқыдағы ауылдардың адамдарын аяқ - өре тік тұрғызды. Кей ауылдың адамдары шуласа жүгіре, таңырқай қалып қойысты да, енді бір ауылдардың тұсында әлдекімдер атқа міне шауып, бізді еріксіз тоқтатып: «қымыз да болса дәм татыңдар!» деді. Біреулер «мал соямыз» деп жабысқанмен, уақытымыздың тығыздығын айтып, әрең ұлықсат алдық. Осы бетте қай ауылдың тұсына кідірсек те, кіммен сөйлессек те Жәмпейістің айтары: ана, доғадағы ұранды оқыңдар! Жұрт үңіле оқиды. Біреулер таңданады. Біреулері күледі. Енді біреулері, «дұрыс болған екен бұларың!» Жәмпейіс оларға қазақ әйелдерінің бостандығы туралы қысқаша лекция оқығандай боп, «Совет өкіметінің қазақ қызына деген теңдігі осылай!»-— деп серпеді... Осы ағызған бетімізбен Досқа жақындасақ, ауылдан ат шаптырым жерде, жол үстінде, қазақтың жаңа түскен келінді осылай қарсы алу салтын сақтап, төрт ауыл — Жаманшұбардың барлық қыз-келіншегі, бозбалалары, балалары аттылы-жаяулы кеп тосып тұр екен. Қазақтың «ұзын құлақ» я «жаяу почта» аталатын хабарының жүйріктігі ғажап: біздің Қошығұл үйінен шығуымызды әлдекім құлқын - сәріде жеткізіпті. Әдет бойынша жаңа түскен келіншекті қарсы алған жастар аттан түсіреді де, алдарына шымылдық керіп, ауылға жаяу апарады. Біз жаңашыл болған боп, өйтуге ұлықсат етпейік деп ек, сапылдақ жеңгем — Кәмел (Мырзағазының әйелі):
— Не деп тұрсың. Жалқы жігіт?7 Сенен басқа кісі қатын алмап па? Әлде, сенің қатыныңның олардан артық бірдемесі бар ма? Ештеңе жоқ, жұрттан бөлшектенетін!.. Малға сатылмады демесең, ертең ол да біз сияқты қасабалы қатын болады. Ата-анасының жоралғысы. Ойнап-күліп ауылға жаяу барамыз!—деп қалыңдығымды қолтықтап алды.
Күйеу ондайда озып кетеді. Біз де сөйтіп ауылға барсақ, жаманшұбарлықтар ақылдасыпты да, жастар еркін ойнап-күлсін деп Бірәлінің ақ кигіз үйін ауылдан оғашырақ тіктіріпті. «Қымызды шелекпен тасып жүрмейік» деп Нұртаза мен Бікәннің жүзден асатын жылқысынан бес-алты сан биені бөліп, сүтін маған тіктірген үйдегі сабаға құятын бопты. Ауыл адамдары хал-қадарынша төсек-орын, аяқ-табақ дегендерді де жинап қойыпты. Жаманшұбардағы ауқатты адамдар өзара келісіп, біздің сойып жеуімізге және қонақтарға сойып беруімізге жиырма шақты қой бөліпті. Тойға соятын малдарды да осылай бөлісіпті. Той біз келген күннің ертеңіне болмақ екен, оған маңайдағы көп шақырылмақ, ат жарыс, балуан күресі, тағы сондай халық ойындары болмақ сияқты. Кешке қарай көп жас жиналды. Біздің төрт ауылдың жастары былай тұрсын, Досты айнала қонған «Өтей — Дәуіш» аталатын төрт ауылдың, Телпек, Қарағой, Шоға, Сәпі ауылдарының қыз-бозбаласынан келмеген жан қалған жоқ. Бір түгіл әлденеше үйге сыймайтын бұлар ойын-сауықты далаға өткізді. Дос маңайының ұйысқан қалың бетегесі, төсеген түйе жүн бөстектен кем жұмсақ емес. Бетеге арасына исі жұпар неше түрлі ұсақ гүлдер өседі. Саяңдау жерлерге шыққан жоңышқаның арасындағы қалын, жидекке малдың бақайы боялып, қышқылтым тәтті исі бұрқырап тұрады. Жастардың тілегіне қарай ол күнгі түн де қоңыржай ашық, ала бұлт, айлы болды. Сауық құрып самбырласқан көп жастардың арасында, аулынан айрылу сағынышы қалыңдай түсуінен бе, әлде, түнделетіп жүріп ұйқыдан қалжырап келгеннен бе, Рахима басына жамылған шәлісінің маңдайын төмен түсіріп жіберіп, томсарған түрде ешкіммен жауап қатыспастан сілейді де отырды. Сауық дүкенін қыздырған жастар сол қалпымен күн шыққанша отырар ма еді қайтер еді, егер таң қараңғысы кезінде торланып келген бір қоңырша бұлт сіркірей бастамаса. Бұдан баспана қылар жері жоқ жастар, әуелі ауылдың отаулау үйлеріне қашып тығылды да, жаңбыр басылғанда: «ендігі ойынды кешке қарай жалғастырамыз» деп, ауылды-ауылына бытырасты. Елде біз айға жақын болдық. Жәмпейіс айтқандай, бізді қонаққа қалың Сибан түгел шақырды. Сонымен, ұзын сөздің қысқасы, айдан артық уақыт елде қонақтап, жолшыбайға қалың ауылдарды аралай отыра Қызылжарға бардық. Осы ұзақ жолдын, үстінде Жәмпейіс доғаға байлаған ұранын еш жерде шештірген жоқ.
— Мұныңыз не?!—десем:
— Осы дұрыс!— дейді Жәмпейіс те күліп.— Орынборға дейін барсын! Сендер вагоннан түскенде жұрт қарап тұратын болсын. Содан кейін шешіп алып қалтаңа сал!
Дегенін істемей қоймайтын Жәмпейіс, «ұранын» вагон есігіне керіп байламай-ақ, қайнаған суды көтеріп, қартаңдау буырыл проводник келіп қалды.
— Бұ не нәрсе?!—деді ол, есік алдындағы сатыға көтеріліп, шүберекті сыртқы маңдайшаға керуге кіріскен Жәмпейіске.
Жәмпейіс жайын айта бастап еді:
— Қойыңыз!—деді проводник суық түспен,— орыс қызын ешуақытта сатқан емес... Әкет, тез!
Жәмпейіс проводникке қарсыласа алмады да, «Мә, ендеше! Қалтаңа сал да, Орынборға барған соң төріңе іліп қой!» деп, ұранды шүберекті маған берді. Содан кейін: «Жолдарың болсын! Бақытың есе берсін!» деп құшақтап бетімнен сүйді. Поезд қозғалғанда, ақырын жылжыған вагонмен қатарласа жүрген Жәмпейіс, есіктен қарап тұрған маған қолын бұлғап келе жатты да, поезд қаттырақ қимылға кіріскен шақта, енді ілесе алмайтынын көріп, екі қолын бірдей көтеріп, жойылсын қалың мал!» деп бар даусымен айғай салды. Қызылжарда «үшінші класс» аталатын вагонге мінген бізді поезд Челябаға әкеп түсірді. Оған шейін біз өте қысыңқы жағдайда келдік: біз мінген вагон плацкартсыз, сондықтан билеті барлардың кім көрінгені ерікті-еріксіз міне береді де, вагонның барлық полкасында, коридорында адам аяқ басар жер қалмайды. Оның үстіне, ішінде не барын кім білсін, әркімнің арқаларында бір-бір жуан қап. Тәртіптің түзеліп жетпеген уақыты болғандықтан ба, әлде қысылып-қымтырылудан ба — жұрт жоқ нәрсеге байланысып, өзара ұрысқан дабырдан құлағың тұнады. Оның үстіне ауа райы сол бір күндері тым тишу боп, былай да ішіне түтін толып, сасық исі аңқыған вагонда дем алдырмайды. Кәзіргі ең шабан поезд (почталық) күн тәулігіне жетпей баратын Челябаға, қызылы-жасылы аралас тіркелген вагондарды әрең сүйреген біздің паровоз, екі тәуліктен аса әрең жетті. Осындай халде біз Челябаға өте қалжырап түстік. Одан поезға отыру бізге тіпті қиынға соқты. Бір адам емес, бес адам емес, дыңдай қырық шақты адамның билеттерін компасировать ету — дүниенің тамығы екен. Осы тамықтан біз үш-төрт күнге шейін шыға алған жоқпыз. Вокзалда иін тірескен адам. Не ішінде, не сыртында отырарлық орын жоқ. Қалың жұрттың ішінде нәрсесін ұрлатып бақырғандар да, төбелескендер де аз кездеспейді. Біздің топтың естияры Рахима екеуміз ғана. Жастары менімен шамалас Рүстембай мен Әндіғожа. Өзгесі он мен он жеті жастың арасындағы балалар. Олар бізге жәрдемдесудің орнына ұрсып, я төбелесіп, кейде бетімен кетіп таптырмай қояды. (Тегі осы жайдың боларын шамаладыды-ау деймін, елден Қызылжарға бізбен бірге келген Ғабит асығыс шығып едім деп, Орынборға бізден екі-үш күн бұрын жүріп кетті.) Кейбір балаларды жергілікті ұры балалар еліктіріп ертіп әкетіп, алысқа апарып тонап та жіберген жайы да болды. Соған да қарамастан балалар беттерімен жайылады!.. Бір күні тіпті масқара бола жаздадық. Жүсіпбек Сатанов дейтін он бес-он алты жасар бала қасына үш-төрт баланы ертіп, шойын жол рельсін бойлап алысқа кетіпті бір жерде стрелкамен ойнап, теріс бұрып қойыпты. Оны алыстан көрген стрелочник, өкпесін қолына ала жүгіріпті де түзетіпті. Сол арада поезд да кеп қап, аман өтіпті. Егер, стрелочник үлгірмесе, әлгі поезд алдағы составтарға соқтығып күл-талқаны шығады екен, сонша адам апатқа ұшырайды екен. Сол жайды көрген темір жолдын, жұмысшылары жаңағы балаларды ұстап ап, вокзалға сүйреп алып кепті де, милицияның қолына беріпті. Олар балаларды вокзал подвалындағы қараңғы бөлмеге қамап қойыпты. Осы хабарды естігеннен кейін жүгіріп барсам, темір жолдың саяси басқармасы да (ТО ГПУ), милиция да балалардың қылығын қаскүнемдікке санап, істерін сотқа бергелі жатыр екен. Балалардың бұл ісінде арам ойы жоғын, білместіктің ғана ісі екенін вокзал бойындағы бастықтарға ұқтыра алмағаннан кейін, мен Челябінің қаласына кеттім де, Губ. ЧЕКА-ның начальнигіне жолықтым. Оған мені тез жолықтыруға себепкер нәрсе — КирЦИК-тің билеті мен кеудеме қадаған қызыл значок. Начальник жасамыстау, байсалды адам екен. Ол табан аузында телефонмен вокзалдан қажетті адамдарын шақырып алды да, қамалған балаларды босатуға бұйрық берді. Сөйтіп, бейғам балалар ауыр жазадан аман қалды. Үш-төрт күн жатқан Челябі вокзалынан біз Кинельге қарай әрең аттандық. Бұл аранын, да жол азабы, өткен жолдың азабынан кем болған жоқ. Дегенмен, тағы да екі-үш күн қиналып жеттік-ау!.. Кинельде ошарылған жүргіншілердің көпшілігі Челябіден де артық екен. Онда да беттерімен жайылған балаларды ұстау, көп баланын, билетіне компасир жасау оңайға соққан жоқ. Сол азаппен төрт тәулікте көрер таңды көзімізден аттырып, бесінші күні кешке, «жалпы» аталатын вагонға отырдық-ау!.. Бұл вагонның ішінде де тығыз халық. Олардың да арасында ұрыс, жанжал, төбелес дегендей, вагонның іші аранын, ұясындай гуілдейді. Айқайласа, жанжалдаса отырып, біз де вагонның бірер купесінен сығылыса орын алдық. Поезд жүрді. Күн батып, мезгіл қарауыта бастады. Қалжырап жүрген балалар тік отырған қалпында (қисаярға орын жоқ) қалғи бастады. Бұл вагонда да электр жарығы жоқ екен, сондықтан проводник әр купеге бір-бір май шамнан үлестіріп өтті. «Сіріңкені өздерің табыңдар деді ол. Бұдан басқа шам берілмейді, сондықтан қажетті уақытында ғана жағып отырыңдар. Таусылып қалса тағы да алам деп ойламаңдар. Нәрсе-қараларыңа сақ болыңдар. Жүргіншілердің арасында ұры-қарылар көп». Бұл сөзді естігеннен кейін біздің топ ақылдасуға кірісті. Ересек Рүстембай мен Әндіғожаның айтқаны:
— Бәріміз де шаршадық. Бірақ мына Сәбит өзгелерімізден өзгеше түрде шаршады. Қызылжардан шығуымызға бір жетіден асып кетті. Сол күндердің ішінде ұйқы, күлкі көрген жоқ. Ас-су ішуге де мұршасы келген жоқ. Ал енді бұны да дамылдатуымыз керек. Ол үшін, әйелі мен бұл екеуі орта полкаға шығып жатсын. Ұйықтасын. Өзгеміз кезекпен күзетке отырайық. Өйтпей-ақ қояр ек, әлгі проводник ұры-қары көп деп қорқытып кетті. Бізде ұрлай қоялық ештеңе жоқ. Ұрының қолына түсерлік жалғыз нәрсе — Рахиманың киім-кешек салған, ана төбеге қойған сандығы. Арамызда келе жатқан жалғыз әйелдің сандығын ұрлатып алсақ ұят болар. Қырыққа жақын кісіміз. Үш-төрт кісі бір сағаттан отырғанда да, таңды еркін атырамыз. Одан арысы — бір тәуекел. Кәне, не дейсіңдер, балалар? Дұрыс па осы?
— Дұрыс,— деп ду ете түсті біздің топ.
Ендеше...— деп Әндіғожа шамды сіреңкемен тұтатты да, қолына тетрадь пен қарындаш алып, кезектесетін адамдардың тізімін жасауға кірісті. Кімдердің бір кезек боп отыруын Рүстембай айтты. Тізім жасалып болды. Содан кейін аздап ауқаттандық та серіктерімнің лұқсатымен, екеуміз орта полкаға шығып жаттық. Кезекке тұрғандар ермек етсін деп қолдарына карта ұстаттық. Күзетке сенгендіктен, Рахима екеуміз ішкі киіммен еркін ұйықтауға ұйғардық.Қазақтың ырымында «шалбар жолға бастайды, етік боққа бастайды сондықтан етікті ешуақытта бас жаққа емес, аяқ жаққа қояды. Біз де етіктерімізді аяқтан шешіп, төсегіміздің аяқ жағына қойдық. Сонымен, қаннен-қаперсіз дегендей, екеуміз де терең ұйқыға кеттік... Әлдене не гүрс ете түскенге шошып оянсам, вагонның іші көрдей қараңғы. Күзетші сыбыс сезілмейді. Төменде де, төңіректе де қор-қор еткен дыбыстар. Есеңгіреп оянған есіме, жоғарыда тұрған сандық түсіп, қолымды созып сипасам, орны бос тұр! «Ұрланған болар ма?!» деп басымды көтере жан-жағын сипасам, ұйықтаған әлдекімдердің денесі былқылдайды... сандық жоқ!.. Мен төсегімнен төменге қарғып түскенде, Рахима да оянып кетті.
— Бұ кім? - деген үрейлі даусы естілді оның.
— Мен,— дедім мен.
— Неғып жүрсің?
— Әлгі... сандық...
— Ойбай, не дейсің?!—деп жыламсыраған дауыспен Рахима да төмен түсе берді. Екеуміз тағы да сипалап көрсек, баяғы бос орын!..
— Құдай ұрған екен ғой,— деп жылап қоя берді Рахима Аяқ жаққа қойған етіктеріміз де жоқ!..
— Сандық со кеткеннен кете барды. Біздің бір өкінішіміз осы болса, екінші өкініш: Кинельден шығарда Орынбордағы достарымызға, әсіресе бір класта оқушы студенттерге «үйленіп келем, Кинельден шықтық» деп поездің, вагонның номерін көрсетіп телеграмма бергем. Ертең Орынборға жеткенде елейтін достар алдымыздан шығады. жалаң аяқ түсеміз? Жаңа үйленіп келе жатқан жұбайлар — жалаң аяқ түсеміз бе? Маған бір серігімнің аяғыма сыятын етігін сұрап киюге болар еді. Әйеліме ондай етік жоқ. Сонда ол жалаң аяқ түскенде, мен қалай етікпен түсем?.. Ол кезде «ұйық» деген құрғыр болмайды. Етіктің ішіне шұлғау оранатынбыз. Біздің шұлғауларымыз да етіктерімізбен бірге кеткен. Сондықтан біз шын мағынасындағы жалаң аяқпыз.
Орынбор вокзалына кеп тоқтасақ орысы, қазағы, қыз, жігіті аралас көп жолдас күтіп тұр екен. Қолдарында букет!.. Өйтетін себебі: рабфак студенттерінің ішінде орыстардан ғана әйелімен тұратын бес-алты жігіт болатын, қазақтан ондайлар жоқ та. Сондықтан менің әйел әкелуім оларға таңсық болған сияқты... «Беттің арын белге түйіп» дегендей, вагоннан сығылыса шыққан халықтың артын ала біз де қолтықтаса шықтық. Күтіп тұрған жолдастар ду ете түсіп, шуласа, құттықтай қарсы алды. Ызың-шу арасында, олар біздің жалан, аяқ екенімізді аңғармай да қалды... Біздің жалаң аяқ екенімізді достарымыздың ішінен, әр нәрсені көпшіліктен бұрын көргіш, бұрын сынағыш Нұрмақ Байсалықов абайлапты.
— Өй, мыналарың не?!—деді ол таңданған дауыспен, аяғымызға қарап.
Мен амалсыздан күле сөйлеп, ұрланған нәрселеріміздің жайын қысқаша айтып бердім.
— Оқасы жоқ,— деп ду ете түсті достар.— Етіктің де, басқа бұйымның да табылуы оңай, сүйіскен жұбай табылуы қиын. Сүйіскен жұбай — өздерің аман болыңдар!., Басқасы табыла жатады!..
Бәріміз сапқа тұрған әскердей қолтықтасып, вокзалдан қалаға жаяу тарттық. Өзгелерінің аяғында етік, әйелім мен екеуміз — жалаң аяқ!.. Ол кездегі студенттер арасында көбірек айтылатын ән мен өлеңнің бірі «Село, товарищи, в ногу» болатын. Қалжыңы ма, расы ма — қолтықтасқан жастардың арасынан әлдекім осы өлеңді бастай жөнелгенде, достардың бәрі де шуласып қосыла кетті, мен де қосылдым...
ЕКІНШІ ТАРАУ
КҮРЕС ЖОЛЫ — ШЫТЫРМАН
МОСКВА САПАРЫ
Ахмет Байтұрсыновтың 1923 жылдың күзінде өтпек болған юбилейін құлатуға қатысу, маған оңайлыққа түскен жоқ. Оның тарихы төмендегідей: менің өлең, жазу ісіне 1917 жылдан бастап кірісуім оқушы көпшілікке мәлім, С одан кейін жазылған өлеңдерімді, поэмаларымды 1924 жылдың күзінде ақтарып көрсем, көлемі көбейіп қапты. Соларды өзімше іріктеп, кітап қып шығаруды ниет еттім. Ол жылдары Қазақстанда арнаулы ұлттық баспа жоқ. Кітап атаулының бәрі, ол кезде Қазақстан оқу комиссариатының «Академиялық орталығы» деген бөлімі арқылы ғана баспаханаға ұсынылады. Сырттан сұрастырсам «Академиялық орталықтың» басқарушысы — Молдағали Жолдасбаев екен. Бұл кісіні жақсы білем, 1922 жылдан бастап, «Еңбекші қазақ» газетінің Редакторына орынбасар болып қызмет атқаратын, онымен жиі жолығып жүрдім. Жуан, ортадан биік денелі, жалпақ бетті, қалың ерінді, қою қасының жалпақтығы бір елі, бір көрмеге түсі суық сияқтанған бұл адам жас жағынан редакция қызметкерлерінің бәрінен үлкен (менен — мүшелге жақын), сондықтан оны біз «Молдекең» дейміз. Ол мінез жағынан барып тұрған кішіпейіл. Қызметіне, жасына қарамай үлкенмен де, кішімен де жампаңдай сөйлесіп, сырласа кетеді. Ол күлдіргі адам еді. Қазақтың, татардың, орыстың ол білетін анекдоттарында шек болмайтын. Оларды добалдай денесін солқылдата күліп айтатын, тыңдаушының да шегін қатыратын. Салт жағынан мейлінше салдыр-салақ та: өтектелмейтін кең шалбарынан қазақша дамбалының балағы шығып жүру, бәтеңкесін аяғына кейде баусыз сұға салу, немесе кендір, жөке, қайыс сияқты жіптермен шанди салу Молдекең үшін түкке де тұрмайтын... Ерекше мінезді адаммен жанасуға жаны құмар Сәкен Молдекеңді «Еңбекші қазақтың» редакторы орынбасарлығына қалап ап, өмір бойы дос болып кетті. Алматыда екеуі бір ағаш үйдің екі жағында көрші болып тұрды. Өзінің айтуынша, Молдекең «ертеден марксист». Бірақ, ұмытпасам, коммунист партиясының мүшелігіне 1920 жылы өткен. Тағы да өзінің айтуынша, туған-өскен жері Батыс Қазақстанда азамат соғысына араласып, қызылдар жағында болған. Мақтануы ма, расы ма Чапаев дивизиясында комиссарлық қызметін атқарған белгілі жазушы Дмитрий Андреевич Фурманов Молдекеңмен танысып, бірнеше кездескеннен кейін: «мен көрген қазақтардың ішінде марксизмге ең тәуірі — сен екенсің» депті-мыс. Ал, іс жүзінде Молдекең кім көрінгенмен үйлесе кететін «жалпақ шешей» де. Тап тартысы қызу жүріп жатқан кезде, «марксист» болып «тап жауы» дегендермен ұстаспайтын, сондықтан оның, «Молдекеңдігі» коммунистерге де, ұлтшылдарға да бірдей боп, бәріне ортақ «Молдекең» боп жүре беретін. Молдекең газет, журналдарға көптеген мақалалар жазған адам. Оның псевдонимы — римше «Ү» болатын. «Қызыл Қазақстан», «Әйел теңдігі» журналдарының, «Еңбекші қазақ», «Жас қайрат» газеттерінің жиырманшы жылдары шыққан сандарын ақтарып көрген кісі, осы «Ү»-ні жиі ұшыратады және оның жазған мақалалары мәдениет тақырыптарында болады. Молдекеңнің диалектикалық және тарихи материализм тақырыбына жазған немесе осы тақырыпта орысшадан аударған мақалалары да аз емес. Кеңселік қызметтерінің үстіне ол Қазақтың педагогикалық институтында саяси сабақ жүргізеді. Мен жинаққа кіргізуге ойлаған өлеңдерім мен поэмаларымды қолдан әдемілеп кешірдім де, (қазақша машинка ол кезде атымен жоқ) «Академиялық орталыққа» алып бардым. Молдекең дағдылы қалпымен қалың ернін кең жая күлді де: «оу, Сәбитім, жақсы келдің» деп, жол жайымды сұрай бастады. Мен келген жөнімді айттым.
— Жақсы. Өте жақсы. Пролетариат жазушыларының шыға бастауы қуаныш. Газет, журналдарда басылған өлеңдеріңді оқып жүремін. Кейі қуандырады да. Ал, енді бұл өлеңдеріңді сен маған тастап кет. Қарындашымды қолыма ала отырып, жақсылап қарап шығайын. Көзіме түскен кемшіліктері болса жасырмай айтайын. Екеуміз де коммуниспіз ғой. Бүкпе сыр бізде болуға тиісті емес. Уақыт жағынан мені қысып кетпе. Жұмысымның көбін, қолымның аз тиетінін білесің. Оқып болғаннан кейін өзім хабарлармын,— деді.
Молдекеңнің хабары ұзаңқырап кетті. Бастапқы кезде мазалауға ыңғайсызданып жүрдім. Кейін жолыға қалғанда сұрасам: «қол тимей жатыр, шырағым. Әлі де аздап шыда» дейді. Біраздан кейін шыдау шеңбері созылып, үзілетін халға жеткендей болды. Мен Молдекеңнің қызмет орнына бардым да, әлі де оқылмағанын көріп, жинағымды өзіме қайтарып беруді талап еттім.
— Әрбір мекеменің өз тәртібі бар ғой, Сәбит шырақ,— деді ол аюдың ыңыранғанындай қоңырқай даусымен.— Ондай тәртіп біздің Академиялық орталықта да бар. «Көркем әдебиет» аталатын шығармалардың кітап боп басылуы үшін Ақаңның визасы керек...
— Ақаң кім?— дедім мен Молдекеңнің сөзін бөліп.— Ахмет Байтұрсынов па?
— Ия.
— Менің жинағымды сол кісіге бердіңіз бе?
— Жоқ, — деді Молдекең басып шайқап.— Енді ғана беруге ойлаймын және тек өзіңнің лұқсатыңмен ғана.
— Оған менің ұлықсатым жоқ.
— Неге?
— Жаудан жақсылық күтуге болмайды. Ол маған жау адам. Оған қаратам десеңіз, қолжазбамды өзіме қайтарып беріңіз.
Молдекең айтыс-тартыста шорқақ та, қорқақ та болатын. Газет басқармаларында бірге қызмет атқарған күндерде Молдекең айтыс туатын мәселелерге жоламай қашқалақтайтын. Егер біреу кей мәселеде өзін кінәлай бастаса, «шырақ,, сенікі жөн» деп көне кететін. Бұл жолы да ол осы мінезіне бағып:
— Қaрағым-ау, о не дегенің? Көбіне шыдағанда, азына да шыда! Ақаң қисықтық қылмас. Өйтем десе жөнге салармыз. Ол кісіге формальный жағы үшін ғана береміз. Өзгесі — өз қолымызда,— деп жалпақтай бастап еді, мен тікейе түсіп:
— Беріңіз, қолжазбамды! Әйтпесе Обкомға барам,— дедім.
Оным жәй «қоқан-лоқым» ғана еді. Обкомның мені 1922 жылдан білетін, сыйлап жүретін бірінші хатшысы Коростылев, со бір кезде әлдене сырқатпен ұзақ уақытқа, әлдеқайда емделуге кеткен; ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, менің әрі тәрбиешім, әрі досым—Абдолла Асылбековтің өткен күз Москваға оқуға кетуі мәлім; оның обкомдағы орнына Ежов келген: бұл СССР-дың Ішкі істер министрі боп 1937 жылдың «халық жауларын» отауда Ежов Орынбордағы обкомға ол Семей губкомынан келді; арық аласа бойлы, қоңыр енді, оң жақ тамағында әлдене жараның үлкен тыртығы бар, тістері сирек, кішкене қара көздері ойнақшып тұратын, істік мұрын, кескінсіз, қырылдаңқырап сөйлейтін бұл адам бірер жолыққанымда салқын сөйлескен соң, қайтып бармағам, енді несіне барам оған? Орынборда обкомнан басқа мекемелерде де жинағымды бастыруға жәрдемдесер кісі жоқ. Бұрын «меңдешевшілдер», «сейфуллиншілдер» аталған жіктер жоқ кезде, республиканың әкімшілік істерін басқарудың ақылы Сейтқали Меңдешевте болатын еді де, идеологиялық істерде Сәкен Сейфуллин жетекшілік ететін еді. Бұл екеуінің арасына 1923 жылдың басынан «суқан» кіріп, «меңдешевшіл», «сейфуллиншіл» жіктер шықты да, аралары жақындаудың орнына күннен күн алшақтай түсті. Сонда жоғарыда айтқандай екі жіктің арасында идеологиялық мәселелерде ешбір жарықшақ болған жоқ: екі жағы да алашордашылдыққа, байшыл-ұлтшылдыққа қарсы, кейбір жеке қателіктерімен қатар екі жағы да коммунистік партияның жолында; сонда екі жағының да өзара таласатыны — портфель, яғни республиканы басқаруда бірінші орында болу; осы «мақсатқа» жетуде, біріне бірі саяси айып та тағуға тырысады, сонда сейфуллиншілдердің меңдешевшілдерге тағар айыбы — «шовинистерді жақтаңқырайды», ал меңдешевшілдердің сейфуллиншілге тағар айыбы —«ұлтшылдарға бейімделіңкірейді». Осы айыптардың элементі екі жағында да аздап бар сияқты, соны түсінісіп, ақылдасып отырудың орнына, күннен күн шалқайыса береді. Байқауымша, олардың бүйтулеріне ұлтшылдар да себеп болатын сияқты. Мысалы Әбдірахман Бәйділдин. Оның кім екені жоғарыда айтылды. Қазақстан партия ұйымының ІІІ конференциясына дейін, Сәкенге қарсылардың ішінде келген Бәйділдин (ол Омбының учительдік семинариясына Сәкенмен бірге оқыған), конференциядан кейін Сәкеннің пәтеріне келгіштеп, оңаша сөйлескіш, бірге серуендегіш боп кетті. Сонда байқасам, «шын большевик— сені ІІІ конференцияда Меңдешев тобы азияшылсың деп кінәлады» деп, Сәкенді мүсіркеген боп, «меңдешевшілдер шовинистерді қолдайды» деп, екі жіктің арасына от жағумен жүр... Аралары осылайша алшақтай берген бұл жіктердің біраздан кейін әкімшілік мәселелерде Меңдешев жағы басым болуға айналды. Абдолла Асылбековтің еткен күз оқуға кетуі содан. Мен 1924 жылдың күзінде каникулдан келсем, «сейфуллиншіл» дейтін Жанайдар Садуақасов КирЦИК-тің секретарьлығынан алыныпты да, орнына «мендешевшіл» дейтін Ораз Исаев отырыпты, сейфуллиншілдердің үлкен» қызметтегі тағы біреулері «кішірейіп», әрқилы қызметке ауысыпты. Сәкен совнарком председателінің қызметінде әлі де болғанмен, «кешікпей бұ да түседі» деген қауесеттен бе, әлде шабыты кеп жүр ме, жазу ісімен шұғылданып, кеңсеге өте сирек баратын бопты... Сөйтіп, «меңдешевшілдер басым болды» дегенмен екі жіктің адамдарына бірдей, коммунистік көзбен қарайтындар, көздерінше де, сырттай да:
— Бәрекелді-ай, жаманға соқпаса нетті, бұның арты!.. «Тозған қызды, топталған қарға жейдіге» соқпаса нетті!..— деп, уайым айтып жүр еді...
Міне осындай жағдайда, өлеңдерімнің жинағын бастыру туралы Қазақстан орталығында мұңымды кімге шаға алам? Жинағымды Молдекеңнің сүйреткіге салуы, осыған байланысты емесін кім біліпті? Осы жағдайларды салмақтай кеп, менің ойым — жинағымды Молдағали Жолдыбаевтан алып, жақын арадағы каникулда Москваға барып, РКП( б) Орталық Комитетіне шағым айтқым келеді. Ішкі шешім солай бола тұра Молдекеңе «Обкомға барам» деген сөзді қадала айтқан соң:
— Жо-жоқ, қарағым, — деді жалтақ мінезді Молдекең еңкейген кеудесін көтеріп, оң жақ алақанын көтере жайып, — Менікі жәй әншейін, былай да реті келгелі тұрған істің ырың-жырыңсыз шешіле қалуын тілегендік еді де.
— Сонымен, сөздің қысқасы,— дедім мен Молдекеңе,— Ақаңның визасынсыз қолжазбаның баспаға қабылданбайтыны рас қой?
— Рас.
— Рас болса, қолжазбамды өзіме беріңіз!
— Сонда, қайда бастырмақшысың, бұл жинақты?
— Оны өзім білем,— дедім де, қолжазбамды алып шығып кеттім.
«Өзім білем» деген жерім — Москва. Қысқы каникулда сонда барып, Орталық партия комитетіне шағым айтпақпын. Москваға менімен серіктесіп сабақтас жолдасымның бірі — Үмітбай Балқашев аттанды. Бұл жолы біз плацкарттық вагонға отырдық. (Кейінгі кездегі Жұмсақ немесе халықаралық вагондар ол кезде атымен жоқ.) Бұрын мінетін «жалпы» немесе «теплушка» аталатын вагондармен салыстырғанда, бұл вагонымыз «тамық» қасындағы «жұмақтай». Жалғыз ғана тиышсыздығы — ішін сірестіре толтырған, сыртынан жіппен шандып буған үлкен қаптармен әлдекімдер кіреді. Ондайлардың біразын жолшыбайғы станцияларда темір жол саяси бөлімі (ТОГПУ) немесе милиция қызметкерлері тінтіп, қаптарынан көнетоз киімдер, көздеген маталар тауып, біреулерін поездан түсіріп жатады; ал, енді біреулеріне штраф төлетеді. Осы жайда ұрсысу, жанжалдасу, шу көтеру, төбелесу сияқты көңілсіздіктер болады. Үмітбай екеуіміз мінген состав бізді Москваға төрт жарым сөткеде жеткізді. Бұл — күн түстен еңкейген шақ еді. Поезд «Казанский» аталатын вокзалға тоқтады. Вокзалдың іші-тысы қаптаған адам екен. Ауа райы — шаңытқан үскірік, буалдыр аспанда сұрлана төнген қалың бұлттан аздап қар ұшқындайды. Вокзал маңына көзіміз үйреніп алғаннан кейін Үмітбай екеуміз мақсатты жерімізге жетудің жайын ақылдастық. Ол кездегі студенттер каникул кезінде басқа бір қалаға бара қалса, жатақханалардан тегін орын берілетіні бізге мәлім. Үмітбайға салсақ, соны істеу керек еді. Менің естуімше, Москвада «делегаттар үйі» аталатын жай бар, республикалық атқару комитетіне мүше адамдардың бәріне де осы жайдан номер беріледі. Оған баруға Үмітбай әрең көнді. Ол кездегі Москвада «автомашина» атты транспорт жоқ. Сұрастырып байқасақ, трамвай көп жерді орап, бірнеше пересадка арқылы барады екен. Одан басқа көлік — извозчиктер ғана. Қазан вокзалының қасында олар қаз-қатар тізіліп тұр. Олардың «фаэтон» аталатын құмырсқа бел, солқылдақ арбалары да, денелері салбыраңқы жуан аттары да, бастарында үлкен малақайы бар, сырттарында белі бүрмелі, етегі кең тондары бар, аяқтарында қалын, пималары бар, мойындарында тұмсықтарына дейін ораған шарфтары бар, түкті ауыздарын қалын, қырау басқан, танауларынан булары бұрқыраған жасамыс атшылары да бір қалыпқа құйып шығарғандай бір-біріне өте ұқсас. Орынборда естуімізше: «Москвадағы мұндай извозчиктердің бәріне бірдей сенуге болмайды. Олардың кейбіреулері баратын жеріңнен теріс алып кетіп, қаланын, әлдеқайдағы түкпірлерінде тұратын ұрыларға апарып береді де, тырдай жалаңаш тонап жібереді, немесе өлтіріп, денеңді әлдеқайда тыға салады». Ендеше мына тізіліп тұрған извозчиктардың қайсысына сенуге болады? Москва бізге таныс емес. Баратын жеріміздің қай жақта екенін білмейміз. Бірақ извозчик жалдамай амалымыз жоқ. Білетін адамдардың айтуынша, Делегаттар үйі бұл арадан жаяу жетер жер емес. Сондықтан жобасы дұрыстау деген қалын, қаба сақалды қартаң орыспен үйлестік те, баратын бағытқа жол тарттық. Ол бізді бірталай бұралаңға салды да «іздегендерің осы» деп әлдене үйдің алдына тоқтады. Вокзалдан бұл үйге дейін қанша уақыт жүріп, жолшыбай не көргеніміз өзімде жоқ. Оны ескерерлік мұрша да болған жоқ қой деймін: төбесі тұманға сүңгіген биік үйлердің арасында ерсілі-қарсылы жөңкілген трамвайлардың шаң-шұң даусымен, «қайда құлатар екен?!» деген қорқыныш есті шығарып жіберді. Осы мазасыздықтан құтылғымыз келгендей извозчикпен тез кездесіп, «Делегаттар үйі» екендігі маңдайшасындағы ірі әріптерден көрінген үйге кірсек басқарушысы буырыл шашты, көркемше, жасамыс әйел екен. Ол менің КирЦИК-ке мүшелік билетімді көргеннен кейін.
— Номер беруге болады, — деді.
— Біз екі адам едік.
— Оқасы жоқ, — деді бақылаушы,— номер берем.
Әйел бізді іші жасаулы, екі кроватты номерге орналастырды. Ол бізге:
— Бір кемшілігіміз — асханалық залымыз ремонтта. Тамақты сырттан ішулеріңізге тура келеді. Ал, шәй қажет болса ұйымдастыруға болады, — деп еді, жолдан қалжырап келген
жағдайымызды айттық та ұйқыға кірістік...
Құрметті оқушы достар!
Бұл шығарманың мақсаты — Советтік дәуірде ғана прогресс жолымен аршындап алға және биікке өрлеп келе жатқан Қазақстанның өмірінен, белгілі бір уақыттарда көрген-білгенді баяндап беру ғой. Қазақстанды Совет Одағының бір бөлшегі дейміз, Одақта Қазақстан ғана емес, барлық бөлшегі де жарыса, тең өсіп келеді. Осы жарыс пен осы өсудің маңдай алдында ұлы астанамыз — Москваның келе жатуын білеміз, бірақ, бұл өсуді көзімізден өткере тұра ол жайда (әсіресе, ұлттық көркем әдебиетте) аз жазамыз; жаза қалған күнде оның коммунизм астанасы екенін мадақтаймыз да, көз алдымыздан өтіп жатқан өсуінің егжей-тегжейіне тоқтамаймыз. Біздің Советтік Отанның экономикалық жақтан да, мәдениеттік жақтан да орасан зор қарқынмен өсуіне бас куә — Москваның, өзі. Бұл өсуді толық сипаттауға, ең кемінде, жеке бір жуан кітап керек болар еді. Ондай кітап кәзір менің құшағыма да сыймайды және оны жазу —кәзір алдыма қойған мақсатым да емес. Менің бұл жолғы мақсатым — өзім номеріне орналасқан «Делегаттар үйінің» орны және төңірегі, содан бері қалай өзгеруінің елесін ғана көрсету. Үмітбай Балқашев құс ұйқылы адам. Қолағаштай қоңқиған зор мұрнымен жатқан үйіндегі ауаның бар тәтті-дәмдісін өзгеден бұрын сорып ала ма, немене, жастыққа басы тие салысымен бөлмені басына көтере қорылдайды да, сені талдырғанша ұйқы бермей, «көзім енді ғана ілінді-ау» деген шақта «әй, ұйықтай береміз бе?» деген даусынан оянып кетесің. Ол «Делегаттар үйінде» де сөйтті: төсегіне жата қорылдай жөнелген ол біразға дейін өзі ғана ұйықтап, маған ұйқы бермеді де, мен шала-шарпы қалғыған шақта: «Ау, ұйықтай береміз бе?» деген даусы құлағыма сап ете қалды. Шала ұйқы болған мен мең-зең қалыпта көзімді ашсам, аппақ, арық кішірек денелі Үмітбай қылқиып төсегінің үстінде отыр. Таң еркін атыпты. Бөлме іші жарық. Өзі көркем шығарма жазбағанмен, сыншылдық салтын да құрмағанмен, Үмітбай біреудің жазғанын ауызша сынағыш адам, соның үстіне көркем түрде сезінгіш адам. Мен ұйқыдан көзімді аша, төсегінде отырған ол, нәзік ұзын саусақты қолын бөлме терезесіне қарай созды Да:
— Анау әдемілікті көрмей, былшиып ұйықтауға бола ма? —деді маған.
Терезеге көз тіксем шынында да әдемі екен: әлдене сорайған биік үйлердің ар жағында, тауықтың қанатындай құлпырған алтын арайлы таң шымылдығы, аспанның шығыс жақ жиегін жоғары қаусырып тұр: түндегі түнерген қалың бұлт кәзір сиреп, былай да көрікті сыртты көркейте түскісі келгендей, жұқа ғана қар себелейді. Таңды тамашалаған Үмітбай екеуміз, сәкісіне түкті кілем төселген жылы бөлменің терезесіне төсектің ішкі киіммен таянсақ, таң нұрына боялған Москваның әдемі бір бөлшегі көз алдымызда жарқырап тұр: тура алдымыздағы кең алаң арқылы төбелері тікшіл, шошайған мұнарасы бар, қызыл кірпіштен салынған, арасында арғы дөңеске көтерілген тас көше бар, екі биік үй көрінеді (оң қолдағысы кәзіргі тарихтың музей, сол қолдағысы— Ленин музейі). Дөңге көтерілген тас көшеден «Василий Блаженный» аталатын бұрама мұнаралы шеркеудің төбесі қылтияды. Оң жақта көрінген қызыл қорған, әрине Кремль; сол жақта, қабырғасы Кремльден аласалау, түсі қоңырлау бір қамал көрінеді, Үмітбай оны «Қытай қаласы» аталатын қамал осы болу керек деп жорамалдайды. Іңірде тамақ ішпей жатқан біздің қарнымыз ашыңқырап қалған екен. Сондықтан сыртқа шығып асхана табу мақсатымен және қаланы көру мақсатымен Үмітбай екеуміз киіндік те төменге түстік. Амандық-саулық сұрасқаннан кейін: Асхана жақын жерде,— деді дежурный әйел,— шығыс жақ терезеден көшенің қарсы бұрышындағы тапал, ұзынша үйді көрген боларсыздар?
— Көрдік.
— Сол қысқа көшенің аты — «Охотный ряд», тапал үйлерде құс ауланатын аңдардың шикі еті және солардан жасалған тамақтар сатылады, Ондай acхананы «харчевня» дейді. Бірақ, — деді әйел қабырға сағатына қарап, — харчевня ашылуға әлі екі сағат бар. Оған дейін төңіректі аралап көріңіздер.
Көшеге шықсақ шыңылтыр аяз екен. Aya — тамаша, «Делегаттар үйі» дегенді енді ғана көз тоқтатып көрсек, кәзіргі Горькиий мен Охотный рядтың бұрышында тұрады екен. Кейін ол үй бұзылып, орнына 18 этажды «Министрлер үйі» салынды. Ескі үйдің есігі Горький көшесіне шығады екен. Ол көшенің сол кездегі ені кәзіргісінен екі есе тар болатын. Кейінгі жылдарда тар көшедегі аласа (ең биігі — үш этаж), сиықсыз үйлер қиратылды да, шалқайған кең көшенің бойына, қазіргі зәулім (сегіз-он этажды), сұлу үйлер салынды. Сондай үйлердің бірі «Москва Советі» (бұрынғы «қалалық управо») тұрған орыннан елу метр кейін шегеріліп, төбесіне екі этаж үстеме үй салынды. Бұрынғы қалпында да кіші-гірім қаланың орамына әрең сиярлық, қабырғалары қалың, алпамсадай ауыр осы үйді бұзбастан, астына алып арба орнату арқылы, орнынан кейін, сүйреген шақта, тамашалап тұрушылардың ішінде мен де болған ем!.. Пәлен жүз мың, (мүмкін миллиондаған) тонналық үй, бір сәтте сүйреген жүктей жылжып жүре бергенде:
— Міне, күш! — деп қайран қалған еді қарап тұрғандар...
Үмітбай екеуміз алғаш көрген тар кезіндегі «Горькийде» ерсілі-қарсылы және жиі жүретін трамвайдан аяқ алып жүру қиын екен. Және шаң-шұң қоңырау. Көшеде извозчиктен басқа транспорты жоқ ол кездегі Москва халқы трамвайға сыймай таласып мініседі. Олардың да шу-жанжалы құлақты тұндырады. Сығылысқан топта әлдекімдерді трамвай басып өлтіріп я жаралап... дегендей бақырған дауыстар да аз емес... Трамвайдан күдер үзген Балқашев екеуміз жан-жақты аздап жаяу араладық. Біз ең алдымен Кремльдің «Тройцкий қақпасы» аталатын (Қызыл алаң жанында) жеріне келдік. Онда күзетте тұрған әскери адамнан сұрасақ Кремльге кіру үшін «бюро пропусков» аталатын орыннан лұқсат алу керек екен, ол Қызыл алаңның теріскей бетіндегі, бұрын «Халық Комиссарлар Советінің канцеляриясы» аталатын, кейін «Мемлекеттің универсалдық магазині» (ГУМ) аталатын үйде екен. Бюро—сағат оннан бастап ашылады екен. Енді қайда баруды ойласқанда біздің зауқымыз «Китай город» қамалының іші-сыртын аралап келу болды. Біз оның ГУМ жақтағы бір қақпасынан кірдік те, әуелі ішін кезіп шықтық. Бұның өзі зәулім үйлі бір үлкен қала. Оның шығыс жақ шетінде қамал ішінде маңдайшасына РКП(б) деген ірі әріпті алтын жазуы бар, жеті-сегіз этажды, терезелері үлкен сұр мрамордан қалаған үй тұр. Көзге ыстық көрінген бұл үйге қалай кіру жайын да Үмітбай екеуміз ақылдасып қойдық. Қаланың ішкі жағындағы қуыстарда, әсіресе, қақпа маңайларында көзге ерекше түсетін бір нәрсе — мезгілдің ертелігіне қарамай суықтан бүрісе түсіп, жерге ескі кітаптарды қатарлап жайған адамдар. «Букинист» аталатын бұл ескі кітаптарды сатушылар кәзір аз, ал ол кезде тіпті көп екен және кітаптарын ете арзан сатады. Мәселен, мен сол букинистің біреуінен, күрең сапиянмен әдемілеп тыстаған, мұқабасының сол жақ бетіне қоладан құйылған келбетін орнатқан Лев Толстойдың «Соғыс және бейбітшілік» атты төрт томды романын, оған қоса сәнделуі дәл сондай екі томды «Анна Каренинаны», оған қоса «Адам және жер» аталатын бес том кітапты,— червонецтың үш сомына алдым!.. Кейінгі 1933—34 жылдары қамалынын, қабырғасы түгелге жақын қиратылып, бірер жерде қақпасы ғана қалған, «Метрополь» мейманхананың тұсында ғана қабырғасынан кішкентай бөлекше сақталған «Китай городтың» бір көргендегі хал-жайы осылай еді. Бұл қамалдың да қиратылған кезін мен көзімнен өткердім. Қиратушылардың айтуына қарағанда, қамал қабырғасының қалыңдығы бестен он метрге дейін екен. Кірпіштері өте қатты боп, ірі динамиттің күшіменен әрең сынған. «Кейінгі ғасырларда,— деседі олар,— бұндай қатты кірпіштер жасалған емес!» Біз «Китай городты» аралап біткенше сағат сегіз де боп қалды. Үмітбай екеуміз «харчевняға» келсек ашылып жатыр екен. Бұл қатардағы иін тіресе салынған көп лавкелердің ішінде «харчевня» біреу ғана емес, әлденеше боп шықты. Мейманханадағы әйел айтқандай оларда, тек тағы аңдар құстардың еттері ғана емес, үйде асырайтын үйрек, қаз-тауық құстардың да еттері сатылады екен. Онымен де қоймай қой, сиыр сияқты малдар да сойылып жатады екен. Бірер күннен кейін Үмітбай екеуміз «харчевняның» біреуі қорасына тірі өгізді әкеп сойғаннан көзімізбен көрдік. Кәзір орнында Москваның ең атақты, ең үлкен, ең көркем мейманханасының бірі боп атқаратын, 14 этажды «Москва» тұрған «харчевияның» ол кездегі сиқы сондай еді. Тамақтанғаннан кейін біздің іздеген адамымыз Абдолла Асылбеков болды. Оның Тимирязев атындағы академияға оқуға кеткенін жоғарыда айттық. Ол Москваға кеткеннен кейін өзара жиі хат жазысып тұратынбыз. Оның адресі «Москва, Тимирязев Академиясы, Төменгі Лихабор селосы» болатын. Сұрастырып көрсек, Төменгі Лихабор қала төңірегінің поезымен баратын жырағырақ жерде екен, трамвай алыстан тоқтайтын екен. Үмітбай екеуміз іздеп барсақ кәзір зәулім биік үйлер салынып, Москваның көркем бір бөлшегі боп кеткен Төменгі Лихабор ол кезде аласа, кішкене, ескірген ағаш үйлі, шағын ғана село екен. Сондай үйлердің біреуінен Орынбор рабфагін 1923 жылы бітіріп кеткен Хасен Нұрмахамбетов бөлме жалдап алады. Хасен Абдолланың идеялық тәрбиесінде болған ең жақын жолдасының біреуі. Сондықтан оқуға барған Абдолла пәтер үйінің тағы бір бөлмесін әперіпті. Абдолла оқуға — әйелі Банумен, кішкентай қызы — Ділкенмен барыпты. Бізді жылы шыраймен қарсы алған Абдолла күні бойы Төменгі Лихабор селосы мен Академияны түгел аралатты. Алдымен Лихабор туралы. Ол — Мәскеудің іргесінде отырып, тұрмыс салты жағынан алыстағы селодан темен болмаса артық емес екен: Қарағайлы қалын, орманның ішінде отырып, үйлерінің көбі кішкене, жөнеу біразының тозығы жеткен, енді біреулері ескіріп қыңырайған, қора-қопсылары нашар және лас, үй тұрмыстары да әлсіз, ыдыс-аяқтары ескі, төсеніштері жоқ, үйлерінің бұрыштарына христиан дініндегі «құдай» мен «әулиелердің» суреттерін іліп, алдына білте шам жағып қойған, адамдары астың алды-артында, жату-тұру мезгілдерінде үнемі шоқынады. Селодағы кішкене шеркеуге барсаң шоқынған жұрт ішіне сыймай, біразы далада тұрады. Абдолла мен Хасен тұратын үйдің иесі де сырты мүләйім-діншіл, қылығында обыр (бұрын кулак болған деседі) адамға ұқсайды. Ол пәтер мәселесінде зәру тосып, Абдолла мен Хасеннің айына алатын стипендиясының үштен бірін, тек жамбас ақыларына ғана алады екен. Төсек-орын және бөлмелерді күту — пәтершілердің мойнында. Бұл аса ауыр шарт. Бірақ пәтершілердің оған көнбеуге амалы жоқ — Академияның жатақханасындағы орын аса мұқтаждарға ғана беріліп, мынау екеуі сияқты пәтер жалдауға аз да болса мүмкіншілігі барларға берілмейді екен. Революциядан бұрын «Петровско-Разумовская» аталған, советтік дәуірде «Тимирязев» есімі берілген ауылшаруашылық Академиясының қарамағындағы салтанатты зәулім үйлер — шағындау әдемі шаһар. Біз оның сыртқы сәулетімен ғана таныстық, сондықтан толық сипаттамаймыз. Хасен жас және бойдақ жігіт. Академияға рабфакты бітіріп түскен ол оқуды жеңіл алып келе жатыр екен. Оның материалдық жағы да жақсы болып шықты: былтырғы жылдың оқуын аяқтағаннан кейін, Академиясы Шығыс Қазақстанға жіберген бір экспедицияға еріпті де, жаздай көп ақша тауып келіп. Ал, жасы со кезде қырықты алқымдап қалған, учительдер курсын революциядан бұрын бітіргенмен, азамат соғысы мен құрылыс жылдарының ауыртпалығы ол оқуын басынан шығарып жіберген Абдолла Асылбековке Академия оқуын алып жүру өте ауыр екен. Материалдық тұрмысы одан да ауыр. Қазақстан үкіметі уағда еткен арнаулы стипендиясын бірер ай ғана жіберіпті де, одан кейін әлдене себеппен доғарып қойыпты. Жиған запасы жоқ. Қарамағында әйелі мен баласы бар. Әйеліне лайықты қызмет табылмаған. Егер Хасен жәрдемдеспесе күн көре аларлық жәйі жоқ. Сондай халде бола тұра, маған жиі жазатын хаттарында ол жайдан түк жазбауы ғажап!
МОСКВАДА
Лихаборға оралып, кешкі шам жағылғаннан кейін, мен Абдолла Асылбековке, Россия Коммунист (большевиктер) партиясының Орталық Комитетіне, жинағым туралы орыс тілінде жазғандарымды көрсеттім. Абдолла орыстың тілі мен грамматикасына өте жүйрік адам болатын, қалам, қарындашты сол қолымен ұстай отыра, әріптерді маржандай тізбектеп ете сұлу жазатын. Ол менің арызымды оқып, аздан қана түзеп шықты да, сол күйінде беруді мақұл көрді. Көшірмесі өзімде сақталған бұл арыздың тарихтық және әдебиеттік мәні болғандықтан, құрметті оқушы жолдастар, сіздердің, алдарыңызға сол қалпында тартқым кеп отыр:
РКП(б) Орталық Комитетінің генералдық секретары
жолдас И. В. Сталинге.
1920 жылдан РКП(б)-нің мүшесі, билет саны
5 17640, Орынбор қаласында тұрушы, Мемлекеттік
рабфак студенті Мұқанов Сәбиттен.
Бұл баяндау хаттың жазылу мақсаты — РКП(б) Орталық Комитетіне Қырғыз халқының мәдени дәрежесін өсіруге себепкер боп жатқан объективтік және субъективтік жағдайларды сипаттап беру. Россия Коммунист (большевиктер) партиясының мақсаты: пролетариат диктатурасын іске асыру арқылы халықтардың мәдениетін көтеріп, коммунизм құрылысына апару екендігі ешкімді де жасырын емес. РКП (б)-нің ССР-жағы халықтарды коммунизмге жеткізу ісінде, бұл саясатты ұлт республикасының бәрінің арасында да жүргізу ісінде, солардың ішінде мәдениет мәселесінде ең артта қалған халықтың бірі - Қырғыз республикасында ерекше табандылықпен жүргізу ісінде бұл мақсаттың аса қажетті екендігі байқалады. 1924 жылдың күзінде Қырғыз республикасы өзінің төрт жасқа толуын тойлады да, өткен күндердің істерін еске ала отыра, алдағы ұлы міндеттерге жоспар жасады. Өткен күндерге көз тастасақ, атқарылған жұмыстар да көп, бірақ атқарылмағаны да аз емес. Халықтың мәдениеттік дәрежесін жоғарылату ретінде РКП(б) тастаған негізгі ұрандардың қалай іске асуын еске алсақ. сол істердің іске асуына байланысты пролетариат диктатурасының іске асуын ойласақ, Қырғыз республикасында жетіспеген нәрселер әлі де көп. Жалпы әдебиеттің оның ішінде көркем әдебиеттің халықтар мәдениетін көтеруде орны ерекше екені мәлім. Осындай әдебиетті қараңғы халықтардың ішіне көп таратып. сол арқылы халықты пролетариат идеологиясымен тәрбиелеуді Қырғыз республикасындағы оқу-ағарту орындары, өкінішін қоса айтқанда, ойдағыдай іске асырғаны көрінбейді. Қырғыз республикасының оқу-ағарту орны, атап айтқанда — Оқу Комиссариаты, оның Академиялық Орталығы қырғыздың ұлттық әдебиетін өркендету ісіне көңілін аз бөледі. Академиялық Орталық құрылғаннан бері Оқу Комиссариаты азғантай ғана кітап шығарды. Олар: бірінші — Мағжан Жұмабаевтың өлеңдер жинағы, екінші — Дулатовтың драмалық пьесалары, үшінші — Байтұрсыновтың ұлтшылдық өлеңдері... Бұл авторлардың бәрі өздерінің ой-пікірінде пролетариатта жат адамдар. Кең толғап сын бермей, қысқаша және шағын айтқанда, олардың шығармалары мазмұны жағынан революцияға қарсы жазылғандар. Басқаша болуға мүмкін емес. Жұмабаев, Дулатов және Байтұрсынов бұрынғы ұлтшылдар партиясы — алашорданың белсенді басқарушылары, кәзір тондарын айналдырып Советке қызмет істеушілер. Олардың совет туралы жақсы шығарма жазуы мүмкін емес. Оған қосымша Академиялық Орталықты Байтұрсынов, Дулатов, Омаров, Шонанов және Жолдыбаев басқарады. Олардың ішінде тек жалғыз Жолдыбаев қана РКГІ(б) мүшесі, қалғандары тырнақша ішіне алғанда, кәзіргі «партиясыздар», яғни бұрынғы алашорда мүшелері. Сондықтан Жолдыбаевтың, анау төрт «партиясыздардың» ықпалында болуы ұғымды. Сол себепті пролетариат рухында жазған авторлардың шығармаларын, «көркемдігі жетпейді» деген сияқты сылтаулар тауып, Академиялық Орталық баспаға өткізбейді. Мен де балалық шақтан әдебиетке әуестеніп жүрген адамның бірі едім. Өзім пролетариаттық семьядан шыққан адам болғандықтан, қырғыз тілінде жазатын өлеңдерімді мен, әрине, қараңғы халқымның еткен уақыттағы ауыр халына, бүгінгі өскелең тұрмысына, алашордашылдарды сынауға арнадым. Осы өлеңдерімді кітап жасау мақсатымен жолдас Жолдыбаевқа берген едім, ол «өлеңдеріңізді аламын, бірақ бағасын беруді Байтұрсыновқа тапсырамын» деді. Бұл жауаптың астында көрініп тұрған сөз,— Академиялық Орталықтың менің өлеңдерімді баспаға өткізбеуі. Осындай жағдай мені РКП(б) Орталық Комитетінен жәрдем сұрауға, жинағымды «Шығыс» баспасынан кітап қып бастыруға жәрдемдесуін өтінуге мәжбүр етті. Қолжазбаның сапасын айырып беруді, Қырғыз көркем әдебиетін жақсы білетін, менің өмірбаянымды да жақсы білетін, РКП (б) мүшесі жолдас Асылбековке тапсыруларыңызды өтінем!» 1924 жылдың 25 декабірінде қол қойылған бұл хатқа өзімнің қысқаша өмірбаянымды қосып, ертеңіне Орталық пария комитетінің үйіне бардым. Ол үйге кіру үшін партиялық билеттен басқа документтің керегі жоқ екен. Есігінде күзетте тұрған, азаматша қарадүрсін киінген адам милиционер боп шықты. (Ол кездегі милиционерде «форма» аталатын киім болмайтын. Азаматша киінетін, револьвер байлайтын). Менің партиялық билетімді көрді де, арызымды кімге апарып берудің жөнін сілтеді. Іздеп барғаным жасамыс әйел боп шықты. Оған амандасты да, РКП(б) атына жазып әкелген арызымды ұсындым.
— Түсінікті, — деді әйел," арызыма көзін жүгіртіп алып, — Қолжазбаңыз қайда?
— Міне! — деп көрсетіп ем.
— Телефоныңыз бар ма? —деді әйел. Мен номерімнің телефонын айттым.
— Қолжазбаңыз бізде қалсын,— деді әйел,— хабарды телефон арқылы күтесіз.
— Сталин жолдасқа жолығуға бола ма?
— Оны ол кісінің өзі шешеді.
— Қалай білдірем, өтінішімді?
— Неге жолыққыңыз келетін себебін айтып, атына запасқа тастаңыз. Мен тапсырам. Жауабын телефоннан хабарлаймын.
— Мақұл, — дедім де, записка жаздым.
Телефон күткен күндері, Үмітбай екеуміз қала аралаудан тынған жоқпыз. «Садовое кольцо» аталатын Москваның бірсыдырғы ішін сақилана орап тұратын көшенің ол кездегі өн бойына қала тілінде «сквер» аталатын бақша өседі. Бақшаның екі жақ шетін жиектей, «Сақинаны» түгел айналып «Б» номерлі трамвай жүреді. (Кейінгі жылдарда ол скверлер түгел сыпырылып, трамвай жолы да алынып, тек кең көшеде автомашиналар ғана жүретін болды.) Үмітбай мен екеуміз осы «Б»ға мініп, «Сақинаны» ерсілі-қарсылы екі-үш рет айналдық та, әрбір тоқталатын жерінде түсіп қап талай алаңдарды түгелге жақын кезіп шықтық. Одан кейін трамваймен қаланың әр жақтағы шетіне кетіп, аз ғана күпиіп, ішінде Москваның іші-сыртынан көрмеген қуыс қалдырған жоқпыз. Жоғарыда мен: «Москва да көз алдымызда өсті» дегенді айттым. Кәзір Москва одан әлдеқайда көңілді. Ескі қаланың ішіне де нелер көркем, зәулім үйлер салынды. Көшелер мен алаңдар да кеңіді, әшекейленді, ескі қаланы төңіректей нелер тамаша орамдар, кей шетте үлкен қалаларға беріспейтін бөлшектер есті... Қорыта айтқанда, Октябрь революциясынан 770 жыл бұрын мәлім болған бұл қаланын, ескі құрылысы мен советтік дәуірдегі жаңа құрылысын салыстырсақ, өлшеусіз көркемдігін былай қойғанда, жаңасы ескісінен әлдеқайда мол болып шығар еді!.. Москваны қыдырып жүрген бір сәтте, Үмітбай екеуміз Халық Комиссарлар Советінің пропускалық бюросынан лұқсат алып, Кремльдің ішіне де кірдік. Түкпір-түкпірін қоймай таңертеңнен кешке дейін қыдырғанда бізге «кімсіңдер? Қайдан жүрсіңдер?» деген адам болған жоқ. Тек, Соғыс Комиссариаты мен Үкімет үйінін, есігінде ғана қарулы күзетші тұрады екен. Одан басқа еш жерде, ешбір күзетші көзімізге ұшыраған жоқ. Біз «Патша-қоңыраудың»8 үстіне мініп отырдық, «Патша-зеңбіректің»9 үстіне де шықтық. Қаз-қатар тұрған көп шеркеудің біз шықпаған мұнарасы қалған жоқ. Сөйтіп жүріп Кремль гарнизонының, начальнигіне жолықтық та, әскерлік казармаларды аралап өттік. «Андреев залы» аталатын патша сарайына кіріп, ішін түгел көрдік, сол сарайдағы І-Николайдың жатақ жәйін да көрдік. «Қарулар палатасы» аталатын сарайда, Романов тұқымынан болған патшалардың сән-салтанат көрмесімен де таныстық. Күнгей жақ алаңдағы «Патшанын, әңгіме жайы» («Царская беседка») дейтін қабырғасы ашық, төбесі шатырлы, орынға кіріп дем алдық. Ақыры «Қаһарлы Иванның үйі» аталатын, қызыл кірпіштен салынған екі этажды, аласа, терезелері кішкене үйге де кіріп, (ол мейманхана сияқты бірдеме екен, ішінде тыныс бөлмесі және буфет бар екен), ас ішіп, бір бөлмесінде қалғып та алдық. Қаладағы «Музей» аталатын үйлерден де біздің, кірмегеніміз аз болу керек. Хайуанат паркін де асықпай түгел араладық. Кешкі уақыттарымызды кино мен театрға бөлетін болдық. Олардың билеті үкімет мүшелеріне тегін. Менің Кир. ЦИК-ке мүшелік билетімді көрсе-ақ қай театр, киноның кассасы болмасын, қос билетті ұстата береді. Енді менің ойыма «Жазушылар ұйымы» аталатын жердің де ісімен танысу түсті. Бұл жөнде менің Орынбордан алып келген екі тапсырмам бар: біреуін—рабфакта әдебиет сабағын оқытатын учителім Карл Карлович Безин берген.
— Егер,— деген ол,— революциялық бағыттағы жазушы болғың келсе, үлгіні Маяковскийден алуың керек, ол үшін, Москвада онымен жолығып танысуың, пікірлесуің
керек.
Екінші тапсырманы Сәкен Сейфуллиннен алғам.
Москвада «Кузница» деген ұйым бар,— дөп тапсырған ол Орынбордан жүрерімде.— Соған кіріп, Гладков, Бахметьев, Березовский сияқты басты жазушыларына жолық. Москвада «Кузннцаны» іздеп барсам, секретарьлық қызметін Владимир Кириллов атқарып отыр екен. Арық, аласа бойлы, ескі өңді, көздерінің алды ісіңкіреген, сақал-мұртын қырған бұл мосқалдау адам, мені жылы шыраймен қарсы алды:Сәкенді ол жақсы біледі екен және «ұсақ ұлттан шыққан шын мағынасындағы пролетариат жазушысы, мәдениетті жазушы» деп жоғары бағалайды екен. Сәкеннің сәлемін және жәй-жапсарымды айтқаннан кейін, Кириллов маған «Кузницаның» бағытын баяндап берді. Мен «Кузиицаның» шығармалық әдістерінен гөрі, ұйымдасу жайларын көбірек сұрастырдым себебі: «Қазақстанда да еңбекші жазушылардың ұйымын құрсақ қайтеді?» деген ойымыз болатын. Ұйым жайын біраз кеңескеннен кейін, Кириллов маған нашарлау сары қағазға басылған, жұқалау өлеңдер жинағын силап, алғашқы бетіне ескерткіш жазды. Мен «Делегаттар үйіне» келе жинақты оқып шығып, ерекше ұнаған «Карл Маркс» атты өлеңін қазақшаға аудардым. Ол өлең бірнеше жинағыма қосылды. Біз Москваға барған шақта, ол кезде ағаштан ғана уақытша жасалған Лениннің мавзолейі әлдене себеппен жабық тұр екен. Жаңа—1925 жылдың ішіне кіре мавзолей ашылды да, біз ұлы ұстаздық мәйітін көріп шықтық. Ол жайда менің жазған бірнеше өлеңім жинақтарыма қосылып жүр. Каникулдың уақыты бітуге жақындаған сайын біз қысыла бастадық, әсіресе — Үмітбай, өзі — тәртіпшіл болғансын оқуынан қалғысы келмейді. Мен де сөйтем. Бірақ Орталық
Комитттен әлі жауап жоқ, арызымның нәтижесін білмей кеткім келмейді. Осындай мазасыз күндердің біреуінде Үмітбай екеуміз «харчевнядан» таңертеңгі асты ішуге бардық. «Аңшылар қатары» аталатын көшенің бойына, әсіресе дүкендер мен «харчевнялардың» арасындағы тақтай дуалдарға ол кезде афишалар көп ілінеді. Біз солардың әрқайсысына бір үңіліп келе жатсақ, бір тұста қатар екі афиша тұр, біреуінде: «Бүгін коммунистік академияның актовый залында каузальность (себепкерлік) және теология (құдайшылдық) туралы философиялық диспут (айтыс) болады» делінген; ал енді, біреуінде —«Тарихи музейдің клубында әдебиеттік диспут болады, онда Владимир Маяковский өзінің шығармалық әдістері туралы сөйлейді» делінген.
— Ал, мұнын, қайсысына барамыз?—дедім мен Үмітбайға.
— Мен философиялық диспутқа барам,— деді ол. Кейін философия ғылымының оқытушысы болған Үмітбай со кезден-ақ осы ғылымға бейім еді.
— Мен Маяковскийге барам!— дедім.
— Әрине, сөйту керек,— деді Үмітбай.
Афиша оқыған күннің, кешіне, мерзімді уақытта тарихи музейге бардым. Ол кештің ауа райы шаңытқан аяз еді. Пештері жағылмаған музейдің іші де өте суық екен, үстіне жиналған көп адамның демінен қалын, бу көтеріліп, үйдің іші буалдыр тұман. Электр қуаты ол кезде Москвада да әлсіз, сондықтан музей ішінің, сәулесі өте көмескі — фоэде дөңгелене жүрген адамдар бір-бірінің қарасын ғана жобалағаны болмаса, кім екенін кескінінен айырып болар емес. Жұрт кең фоэде солай жүріп жатты. Көп адамның тұтасқан гуілі араның ұясына ұқсайды. Жақын келген адамдардың дыбысына құлақ түрсең, сөйлейтіні — әдебиет. Кейбіреулерінің аузында — Маяковский. Оны біреулер жақсылап, біреулер жамандап... дегендей, өзара қызу айтысып жүр...
Ал, Маяковскийдің өзі қайда?..
Бір кезде, фоэнің есік жағынан гармонь даусы естілді. Шаңқылдаған ашық дауысты гармонь, орыстың деревнялық бір әдемі әнін желіктіре ойнап келеді!.. Әлдекім гармоньға дауысын қоса өлеңдетіп, әлдекім қатты ысқырып келеді!.. Гармонь даусына мен ғана емес, фоэдегі барлық адам да көңіл бөліп, дабырларын, жүрістерін доғара қойды. Көмескі сәуледе жол ашқан жұртты қақ жара, үш адам келе жатыр; сырнай оң қанаттағы орта бойлы адамның қолында, оның сол жағында ұзын бойлы біреу, оған таяу тапал біреу; бәрінің де киімі бір түсті: бастарында оң шекелеріне қисайта киген үлкен ала кепка, мойындарында тек бір ғана орай сап, бір ұшын арқасына, бір ұшын өңіріне түсірген қоян жүн қызыл ала шарф; үстерінде жең ұшының жүнін шығара кейін қайырған, етегі тізеге жетпейтін, жағасыз, бояусыз ақ шолақ тон; аяқтарында қарасұр түсті дөрекі пима...
— Сырнайшы — Василий Каменский!— деп қалды біреу.
— Ортадағы ұзын — Маяковский!..— деді екінші.
Сол жақ шетіндегі кіші денеліні — Кирсанов!— деді үшінші.
— Сырнайлата, өлеңдете, ысқырына аяңдаған олар топты жарып, фоэнің сахна жақтағы есігіне кіріп кетті.
Маяковский бүгіп көңілді екен,— десті біреулер,— диспутқа мықтап даярланған болу керек және жеңем деген сеніммен келу керек.
— Бұнысы — жұртқа көз қылуы,— деді әлдекім,— бүгін таяқ жерін біліп, ызалы ашумен келген ғой, әйтпесе көпшілік жиналған клубқа әндетіп кіретін артист пе? Немесе — күлдіргі ме? Бұнысы — қарсы адамдарына жасаған психологиялық шабуылы.
Кешікпей қоңырау да қағылды. Залдың есіктері ашылып,, жұрт кіре бастады. Оның да ызғары фоэден кем сияқты емес. Тек, люстрада жапырлаған көп шамның жарығы фоэден айқындау. Ілезде тастай суық орындықтарға жұрт лық толды. Аздан кейін шымылдығы ашылған сахнаға қысқы пальтосы, аяғында үлкен қара пимасы бар, құлақшынын қолына ұстаған, жалтыр бас, жуан денелі, шүйделі адам кірді. Оған ере екі-үш кісі шықты. Жуанды:
— Демьян Бедный!—деп күбірлесті қасымда отырғандар.
Оны көргенім де маған үлкен олжа сияқтанды, өйткені ол күнге дейін орыстың пролетариат жазушыларынан менің ең көп оқитыным да, ең түсініп оқитыным да, ең сүйіп оқитыным да осы — Демьян Бедный болатын. Ол жиналысты ашты да, Совет Одағындағы жазушылардың әр түрлі жазу әдісін қолданып келе жатқаның көбінің негізгі бағыты бір екенін, яғни — советтік бағытта жазатындығын, олардың да өзара шешілмеген мәселелері көптігін, бүгінгі диспуттың сол мәселелерді сөз етуге арналғанын айта кеп:
— Өзінің творчестволық әдісін түсіндіру үшін, сөз Владимир Маяковскийге беріледі,— деді.
Сахна шымылдығының аржағынан Маяковский көрінді. Ол манағы тоны мен кепкасын тастап, шалбарының балағы пимаға сұғулы костюммен шығыпты. Оның кескінін енді айқын көрдім: ұрты салбыраңқы, сопақтау бетті, түйіліңкіреген қалыңдау қабақты, үші көтеріңкі ұзындау, мұрынды, қалқиған үлкен құлақты, алайған үлкен көзді, сирақтары да, қолдары да ұзын, ақ сұр адам. Ол трибунаға көтерілместен, президиум столының зал жағында адымын кең жаза, ұзын табандарын нығарлай баса, ауыр қимылмен, ойлы кескінмен бірер рет ерсілі-қарсылы жүріп алды да, кенет серги қап, сөйлеп кетті.
— Азаматтар!—деп бастады ол сөзін. Оның зор даусы арыстанның дыбыс бергеніндей гүр ете қалды, зал солқ ете түскендей болды.
— Мысалы,— деп тура бастап кетті сөзін ол,— үш кісіні кәсіпшілер одағы шақырса: бірі — Александр Пушкин болса, екіншісі — Валерий Брюсов болса, үшіншісі — мен, яғни — Владимир Маяковский.
— Oho!—деп дауыстап қалды, анадайдан біреу.
— Тишш!—деді әркімдер.
— Сол үшеуміз кәсіпшілер одағына барамыз,— деді Маяковский,— оның председателі — Томский, ақындардың үлкені деп алдымен Александр Пушкинді қабылдайды. Председатель Пушкиннен халыңыз қалай?— деп сұрайды. Пушкин сұрауға жауап берудің орнына, өзінің «Чернь» деген өлеңін былайша оқып кетеді,— деп Маяковский Пушкин боп, жуан үнін жіңішкертіңкірей, өлеңді оқи жөнелді.
— Браво!— деп қол шапалақтасып қалды бір топ адам, өлең оқылып болғаннан кейін:
— Бұзып оқыды!— десіп шуласты біреулер
Шуласқан жұртты Демьян Бедный қоңырау қағып әрең тоқтатты.
— Осы өлеңді оқығаннан кейін,— деді Маяковский сөзін жалғастырып, кәсіпшілер одағының председателі Пушкинге: «Тұрмысыңызға наразы екенсіз ғой? Өйтетін жөніңіз де бар: пәтеріңіз суық болу керек, киім де, тамақ та шағын болу керек. Бірақ мұның бәрі уақытша қиыншылық.
Сізге тез арада ренжімейтін, риза болатын жағдай жасаймыз. Әзірге бара тұрыңыз!» дейді. Пушкин кетеді. Екінші кезекте Брюсов кіреді. Председатель оған: «Не істеп жатырсыз, Валерий Яковлевич?»—десе, ол өзінің формалистік мына өлеңін оқи бастайды,— деп Маяковский Брюсовтың әлдене өлеңін оқи жөнелді. Біреулер «бұл марқұмның аруағына күлу!» деп, енді біреулер —«дұрыс!» деп, зал тағы да қақ жарыла қалды. Демьян Бедный қоңырауды ұзақ уақыт қағып, гуілді тағы да әрең тоқтатты.
— Сонан кейін,— деді Маяковский Брюсовтың қысқаша өлеңін оқып шығып,— председатель Брюсовке: «Пушкиннің көңілсіздігін кінәламаймын, оның социалистік революцияны түсінбеуі мүмкін. Ал, сіздікі не, Валерий Яковлевич? Коммунист емессіз бе сіз? Сіздің күйректігіңізді кешіруге болмайды. Тұрмыстан сыртта қалғансыз сіз. Оны білу үшін завод пен фабрикаға көбірек араласыңыз!» деп шығарып жібереді.
— Сөз емес!—деп дауыстады біреулер.
— Адал сөз,— деген үндер шықты.
— Сонан, — деді Маяковский,— председатель мені шақырады. «Халың қалай? десе, «Барлық Совет азаматтарының халіндей деймін. «Ол сөзіңді қалай ұғуға болады?» десе, «Социализм құрып жатқан ел емеспіз бе? Оның, ауыр, жеңілі маған да ортақ» деймін. «Не жазып жатырсың?»— деп сұрайды председатель менен, сөзіме риза болған кескінмен. Мен оған, жуырда «Владимир Ильич Ленин» атты поэма бітіргенімді айтам да, былай деп оқи берем!—деп Маяковский поэманы оқи жөнелді. Кейін білсем, бұнысы — поэманың үшінші тарауы екен.
Маяковский қандай ақын екенін мен сонда ғана толық таныдым. Даусы зорлығының үстіне ол мейлінше оқығыш екен. Бұдан бұрын да, соң да талай оқығышты көре жүре мен өлеңді Маяковскийдей шебер оқушыны көрген емен. Өлеңді ол аузымен ғана емес, бүкіл бетінің, денесінің қимылымен оқиды екен және онысы кейбір олақ оқығыштардікіндей босқа қимылдау емес, оқып тұрған өлеңінің мазмұнымен, ырғағымен сәйкес келетін, әрбір өлі сөзге тірі жан бітіретін, былай да көркем өлең, тіпті көркемдендіріп жіберетін қимыл екен! Ал даусының зорлығы,— залды арыстан гүріліндей солқылдатып жібереді. «Міне, қандай оқу!» дедім мен ішімнен, өлеңінің оқылуына қайран ғап, «Міне, қайда Маяковский!» Бұрын баспадан оқығанда шала түсінген поэманың, сырына мен енді ғана түгел түсініп, Маяковскийдің оқу шеберлігі, дауыс қуаты, мені ғана емес, бүкіл залды билеп ап, қашан оқып болғанша, жақтаушылары түгіл қарсылары да дыбыссыз тым-тырыс бола қалды...
— Ал, енді тағы бір өлең оқуға ұлықсат етіңіздер!— деді Маяковский.
Әлгі оқудан құлақтары тұнып қалды ма, немесе, жақсы поэма оқуына риза болысты ма,— залдағылар тым-тырыс еді. Маяковский атақты өлеңінің бірі «Левый Маршты» оқи жөнелді. Шын шу енді ғана көтерілді. Біреу жақтап, біреу даттап... дегендей, оқылған өлеңнің әр шумағы түгіл, әр жолына да тыңдаушылар мән беріп, біреулер қолдайтындығын, біреулер қарсылығын білдірді. Осы таластар Маяковскийдің жуан даусын да көміп кетуіне қарамай, дауылды күнгі сұрапыл толқын арасында бірде көрініп, бірде жоқ боп қалқыған қайықтай, даусы бірде естіліп, бірде естілмеген Маяковский өлеңін де оқып бітірді. Содан кейін сұраулар басталып, шу үдеп кетті. Ол шуды Маяковскийдің өзі тұтандырып, дұрыс сөздерге дұрыс жауап берді де, қисық сөздерге қыңыр жауап берді. Осы сұрау-жауаптың тұсында біреуді біреу тыңдамай, зал у-шу болды да кетті. Председатель қоңырауының ол шуды басуға әлі келмеді. Ақырда, дауға кіріскен залдың шуы басылмайтын болған соң, Маяковский екі аяғын кергіш қып сахнада тұра қалды да, он, қолының үш саусағын еріндерінің арасына қыстырып жіберіп, ысқырып кеп қалды. Енді ғана білдім,— манағы қатты ысқырық соныкі екен. Өткір ысқырудан зал тына қалған секундта Маяковский:
— Білем, кімдердің мені ұнатпайтынын,— деді зілді зор даусымен,— ол„ар пролетариат үнін ұнатпайтындар. Бірақ олар, бұл үнді өшіре алмайды, кешікпей олардың өз үндері өшеді!..
Зал тіпті қатты шулап кетті. Біреулер «Браволап!», біреулер «Долойлап» жатыр... Одан әрі созуға мүмкіндігі жоғын керіп, Демьян Бедный жиналысты жауып жіберді... Сол жиналыстан кейін, мен Маяковскийдің, қай кезде, қай тақырыпта жазылған шығармасы болса да ішкі-сыртқы сырын түгел түсініп оқитын болдым. Маяковскийдің ұлан-байтақ көп шығармаларынан менің әрдайым сүйсініп оқитыным,— соңғы шығармаларының бірі —«Бар дауыспен». Идеялық және көркемдік жағы биік болумен қатар, бұл шығарма маған Маяковскийдің, ғана емес, бүкіл пролетариаттың күрес майданында жеңіп шыққан даусы сияқты көрінеді. Расында да солай. Бұл Социалист Ұлы Октябрь революциясының жеңіс даусы. Сондықтан менің әрдайым:
Тоқтат,
Дүние,
Дабырды!
Не керек күңкіл,
ескі оймен,
Тыңдайық жаңа дабылды,
Жолдас
Маяковскийден!
дегім кеп тұрады.
И. В. СТАЛИННІҢ ҚАБЫЛДАУЫ10
Маяковскийдің кешінен көп кешікпей, бір күні, ертемен делегаттap үйіндегі бөлменің телефоны шылдырлады, тыңдасам ЦК-дан екен. Әнеугі жолыққан әйел. Ол маған «ертең күндізгі сағат 12-де келіңіз, жолдас Сталин сізді қабылдайды» деді. Содан кейін ол кісімен кездескенге дейін менің жүрегім дүрсілдеуде болды.
Өйтпегенде ше?..
Бүкілодақтық Орталық партия комитетінін, генералдық секретары Асылбековтың таныстыруынша, қарт большевиктің, Лениннің сенімді серігінің біреуі, генералдық секретарлыққа, Лениннің көзі тірі кезінде тағайындалған адам!.. Сондай адаммен, мен сияқты рабфак студентінің, жас коммунистің жүздесіп сөйлесуі оңай болып па? Қиын да болса, өтініш беріп қойғандықтан, сөйлесу керек. Не жайлы айту керек, сонда? Үмітбай Балқашев екеуіміздің сол күні ұйқыға кеткенге дейінгі кеңесіміз осы жайлы болды. Өз ойымызша да, Үмітбайдың ойынша да, уақ-түйек сөздермен уақытын алмай, қоғамдық және партиялық мәні бар мәселелерді қозғау керек, олар...
Айтылуға тиісті деген сөздерді мен қағазға тізбектеп алдым.
Ертеңіне мезгілімен барсам, таныс әйелім күтіп отыр екен. Оның бөлмесі,— Сталин кабинетінен оғаш екен. Ол мені, әуелі жәрдемшісіне жолығасыз, «осы бөлме» деп, кішірек бір бөлмеге кіргізді де конторка аталатын биік столдың қасында отырған қара бұйра шашты жігітке таныстырды. Күте тұрыңыз,— деді жігіт,— қазір бірер адам бар. Тез шығады, солар шыққан соң. Олар көп кідірген жоқ. Жәрдемші маған: «кіріңіз!» деді. Мен кіре бергенде, кабинеттің төріндегі тікшілдеу шағын столдың аржағында отырған қара бұйра шашты, қалың мұртты адам маған қабағын түйе қарап алды да, орнынан көтеріліп, салмақты адыммен бері қарай аяңдады. Ішімнен «Сталин, әрине, осы!» деп жорыдым. Менің атымды жазған запискамнан жаттап алған болу керек, ол бөлме ортасында түйісе келе, қолын созды да:
— Сәлем, жолдас Мұқанов!— деді.
— Сәлем, жолдас Сталин.
Тікше столдың бер жағында талдан тоқылған екі орындық бар екен. Сталин маған соларды нұсқап:
— Отырыңыз!—деді.
Мен әдеп сақтап, орындыққа жалп ете қалмай, қасына бара кідіріңкіреп едім, онымды түсінгендей, Сталин өз креслосына бұрын отырды. Мен де отырдым. Ол стол үстіндегі әлде не қағазға көзін жүгірте бастады. Шамасы менің ЦК атына жолдаған хатым. Қолына қарындашын ала, кей сөздің астын сыза қағазды оқып бітіргенше, мен Сталиннің кескін-кейпінен бастап, бұл бөлме ішіндегілердің бәрін көзіммен шолып алуға тырыстым: төртбақтау бөлменің іші кең, еңсесі биік, есігі де, терезелері де жалпақ, бөлменің төрінде түрегеп тұрған, бояумен салынған Лениннің, портреті, оң және сол жақ қабырғаларда Маркс пен Энгельстің кеудеден жоғарғы суреті, есіктің он, жақ босағасына әскери шинель мен фуражка ғана ілінген бұрақ бақан; столдың үстінде әлдене ағаштан жасалған стаканда ұшталған бірі ақ, бірі көк бояулы екі қарындаш, шағындау бір блокнот, олардан басқа ештеңе көрінбейді; тікшіл столда тартпа бар-жоғы бер жағынан белгісіз; қолдасқан шақта Сталиннің бойы өз бойымды «орта» санайтын менен сұңғақтау, үстіндегі әскершелеу кителінен, аяғына киген етігінен қарны қабысқан арықтау сияқтанған. Ажарына қағазға төнген кезде ғана көз жүгіртсем, өңі қоңыр, сүр бетінде сиректеу шешек дағы бар, шашы қара бұйра, қалың мұртының қияғы келтелеу, қасы қою... Аздан кейін қағазды оқып болған сияқтанды да, қарындашын алған орнына қойып, қалын, қабағын көтере маған қарады. Көзі үлкен, қарашығы көмірдей, кірпіктері ұзын екен.
— Шылым шегесін, бе?— деді, суық түсін жылыта қарауға тырысқандай, бәлкім езу жинаған кісідей болған Сталин.
— Шегем,— дедім мен, ондай сұрауды неге бергеніне түсінбей.
— Сталин столының тартпасынан «эпоха» шылымының басталмаған бір пачкасын суырды да, маған ұсынды.
— Өзімде де бар еді, жолдас Сталин.
— Бола берсін. Бұл саған менің сыйлығым.
— Рахмет!— дедім мен сыпайысып.
— Ал,— деді Сталин бұйырғандау дауыспен,— бұдан басқа берер сыйым болмайды.
Алмауға ұялған мен, Эпохаға қолымды соза бергенімде:
— Сіреңкең?— деді ол.
Ол құрғырым да жоқ болғандықтан, мен үндемей қалдым.
— Міне, сіріңке!—деп Сталин тартпасынан бір коробканы суырды да бұны да түгел ал!—деді.
Мен, әрине, ол арада шылым шегуді әдепсіздік көрдім де, «Қожаң берсе қойныңа сал» дегендей, екі сыйлықты да қалтама салып алдым. Іштей қуаныштымын. Ол кезде біз сияқтылардың папирос тартуы астамшылыққа саналады. Ендігі сөз неден басталарын білмей отырғанда, бұл тұйықтан да Иосиф Виссарионовичтің өзі алып шықты.
— Әрине, поезбен келген боларсың? — деді ол.
— Әрине.
— Қалай екен поезд?
— Жаман, —дедім мен, көргенімді жасырғым келмей.
— Неге жаман?
— Іші тығыз. Дем алуға болмайды. Төбелес, жанжал, сөгісу.
— Олардың басым көпшілігі спекулянттар болуға тиісті.
— Дәл айттыңыз. Бәрінде де бір, я бірнеше қап ескі-құсқы, бағалары удай.
— Дәл айттыңыз Солай болуға тиісті,— деді Сталин қабағын қатуландырыңқырап,— біз олармен күресудеміз. Жеңер халге әлі жеткен жоқпыз. Бірақ жақында жеңеміз.
— Қашан ол?—деп қалдым. Спекулянттарға өшігіп жүретін мен.
— Өндірістеріміз, саудамыз, кооперациямыз күшейген кезде. Оларды күшейтуге тырысып жатырмыз.
Бұл тақырып осымен біткен сияқтанып, енді не туралы сөйлесуді ойлағанда, кеңесті тағы да Сталин жалғастырып жіберді.
Коп студент бар ма, рабфакта?— деп сұрады ол.
Бірнеше жүз.
Қаншасы әйел, соның?
— Тең жартысына жақыны.
— Жақсы екен. Қазағы қанша?
— Барлық студенттің бе?
— Ия.
— Отыз-қырық проценттейі болар.
— Қыздары қанша?
— Төртеу.
— Бары ма?
— Бары.
— Неге сонша, аз?
Мен қазақ әйелдерінің, олардың ішінде — қыздардың бұрынғы және қазіргі хал-жайынан білгенімше, тілімнің жеткенінше айтып бердім.
— Бұл шығыстағы ең үлкен мәселенің бірі,— деді Сталин,— егжей-тегжейлі болмағанмен жалпы мәлім мәселе және күрес ашатын мәселе. Әзірге өзге күрестерден босамай жатыр. Жақын арада оған да қолды босатамыз. Содан кейін шешу қиын емес.
Сөз жобасына қарасам, «исламдық шығыс» дегеннен білетіні: азербайжан, өзбек сияқты отырықшы елдердің әйелдер тұрмысы сияқты, көшпелі елдердің әйелдерін аз білетін сияқты. Өмір шындығының осындай «жеңіл» жақтарын әңгімелеуден бастап, Иосиф Виссарионович баспалдақтап ауырларын сұрастыруға айналды. Мәселен ауылда қандай әлеуметтік таптар барын, олардың арасындағы күрестің қалай өрбіп жатқанын, қай таптың күшінің қандайлығын, НЭП саясатының іске қалай асып жатуын, ауыл мәдениетінің қалай өркендеуін... Бұлардың біразына менің жауап берер күшім жоқ. Дегенмен намысыма тырысып, білген мөлшерімде айтып жатырмын. Сталин қажет көрген мәліметтерін блокнотына түртіп отыр, бір сәтте ол:
— Әліби Жанкелдинді білесің бе?— деп сұрады менен.
Мен үстірт білетіндігімді айттым.
— Қазақтың ханы болуды ойлай ма, ол?— деді жымиып.
— Ойламайтын болуы керек,— дедім мен.
— Ойлайды,— деді Сталин жымия түсіп,— дұрысына келген де қазақ республикасының өкіметін сол басқару керек еді. Өйтуге азаматтық және коммунистік тазалығы жеткенмен, білімі, басқарушылық білгірлігі жетіңкіремейді. Бірақ ол адал революционер, шын большевик, батыр жауынгер!...
— Біз де ол кісіні солай түсінеміз және қадірлейміз,— дедім мен.
— Сталин білек сағатына қарады да:
— Біраз уақыт болып қалған екен, енді мақсатты сөзімізге көшейік, ЦК-ның атынан жазған хатыңды оқып шықтым, ақындыққа талаптануың дұрыс. Бірақ барлық талап іске аса бермейді. Сондықтан өлеңдер жинағыңды бастыру, бастырмау мәселесінен бұрын, оны сыннан өткізуіміз керек.
Мен оған бейілмін..
— Өкінішін қоса айтқанда, мен қазақ тілін білмеймін. Жас кезімде аздап әзірбайжан тілін түсінуші едім. Оны қазір ұмыттым. Бұл Москвада қазақ тілін және әдебиетті білетін кім бар?
Мен Абдолла Асылбековті атап ем:
— Тағы? — деді Сталин.
Сол кезде әрі осы қаладағы Плеханов атындағы экономика институтында оқитын, әрі ЦК-ның баспасөз бөлімінде қызмет атқаратын Ғаббас Тоғжанов деген жігіт болатын. Омбының Шарлақ уезінде туып өскен, революциядан бұрын Омбыда гимназия бітірген. Жасы менімен шамалас. Естуімізше атақты байдың баласы және алашорда кезінде, сол идеядағы жастардың көзге түсерлігінің біреуі. болған. Совет өкіметі орнай, Коммунистік партия қатарына кіріп, алғаш «қып-қызыл» боп жүргенде, кешікпей оңшылдыққа ауып кеткен. Мен оны өзімнің идеялық қарсы адамыма санаймын.
Сталинге осы Тоғжановты атап ем:
— Жинағыңды сынатуға соған беру керек!—деді Сталин кг. інді дауыспен.
— Ол маған әділ сын айта ма?—дедім мен.
— Айтады,— деді Сталин шегелеп.
Қарсыласуға ұялдым. Сталин жәрдемшісін шақырып алды да,— мына материалды Тоғжановқа менің атымнан тапсыр, объективтік рецензия берсін!— деді, содан кейін маған:
— Сені тағы да қабылдауға уақытым бола бермес, Тоғжановтың жауабын кеңседен аларсың,— деді.
Бірер күннен кейін мені ЦК-ға шақырды. Тоғжановтың рецензиясы даяр екен. Оқып шықсам әділ жазылған. Өзімде көшірмесі сақталған бұл документтің дәлме-дәл аударылған қазақшасын оқырмандарға сол қалпында ұсынам:
РЕЦЕНЗИЯ
РК(б)П ОРТАЛЫҚ КОМИТЕТІНЕ
Жолдас Мұқанов Сәбиттің өлеңдер жинағы туралы
Жолдас Мұқановтың жинағын 1918—24 жылдардағы жазған өлеңдері кірген. Өлеңдер әр тақырыпқа жазылған. Жолдас Мұқанов ұлтшылдарға қарсы шыққан, бақшылдарға, өтірік коммунистерге қарсы жазған. Қазақтың батырақ, жұмыскерлерін суреттеген. Бірнеше өлеңдерінде қазақ еңбекшілеріне Ленинді, Калининді таныстырған. Ішкі мазмұнына, алған бағытына қарағанда, өлеңдері жалпы жақсы. Әлеумет өміріне коммунисте қараған. Барлық шығармаларында да ол қанаушы тапқа дұшпан боп, еңбекші таптың өкілі боп сөйлеп отырады. Бірақ, бір айта кететін нәрсе, оның, кейбір шығармалары өзінің негізгі жолына қайшы кеп отырады. Бір өлеңінде ол қазақтың өткен дәуірін дәріптейді. Ол кездегі бай да, кедей де бірдей еді дейді; мұқтаждық, құлдық жоқ еді дейді. Бұл арадан Мұқановтың Маркс ғылымымен таныс еместігі көрініп тұр. Жеңіл тақырыпқа жазған өлеңі жақсы болып шығады. Ауыр тақырыпқа: қазақтың өткен күніне, білім күшіне, тап тартысына келгенде сүрініп отырады. Бұндай өлеңдерінің көбі нашар. Көркемдік жағынан тәуірі де бар, жаманы да бар. Мұқановтың түрі мазмұнынан көн жерде ақсап отырады. Оның өлеңінде көркемдік әлі аз. Өлеңдерінің көбі әңгіме сықылданып, оқыған адамды жалықтырады. Осы кемшіліктің бәрімен қатар, жолдас Мұқанов қазақтың коммунист ақыны. Жоғарыда біз, бұл өлеңдердің көбі коммунисте жазылған дедік. Ондай өлеңдер қазақта өте аз. Мұқановтар қазақтың советтік әдебиетінің бірінші қарлығаштары. Ол, әлі жас. Кешегі ауылдағы батырақ. Кәзір оған өте қатты шарт қою (мазмұны мен түрін бірдей шығар деу) дұрыс емес. Ол жаңа жаза бастады. Және үміті көп еңбек көрсетіп отыр. Мұндай жазушыларды сүйеу, көтермелеу керек.
Меніңше, бұл шығарманың нашар өлеңдерін алып тастап, тәуірлерін басу керек.
Ғаббас Тоғжанов
13/1—1925 жыл.
Рецензияны оқып шыққаннан кейін, бас жағына қиғаштап қызыл қарындашпен жазылған бұрыштамаға көз тіксем:
Москвадағы «Шығыс» баспасына!
Жолдас Сәбит Мұқановтың бұл жинағындағы өлеңдердің жақсылары таңдалсын да, олар жинақ боп басылсын.
И:В. Сталин деп қол қойылған.
— Ризасыз ғой, осындай рецензияға? —деп сұрады бөлім қызметкері.
— Әрине! дедім мен, өте дұрыс жазылған рецензия.
— Ендеше, мәселе былай болады: сен енді Орынборға қайта бер. Мына қолжазбаны, «Шығыс» баспасының меңгерушісі Нәзір Төреқұловты шақырып алам да, өз қолымнан тапсырам. Мақұл ма?
Мен жауап бермей кідіріп қалдым. Өйтуіме төмендегідей есептер бар еді. Ең алдымен, Нәзір Төреқұловпен арамыздағы қарым-қатынастар жайын қысқаша баяндап берейін. 1922 жылдан бастап Москвада «Ұлттар» баспасы аталатын мекеме құрылды да, оның қарамағында қазақ тілінде «Темір қазық» атты журнал шықты. Баспаның директоры да, журналдың редакторы да Нәзір Төреқұлов. Осы журналдың 1923 жылы жарияланған І-санында Нәзір Сәкеннің «Асау тұлпар» атты өлеңдер жинағына сын жазып, түгелімен жоққа шығарды. Соның үстіне, жинақты ғана сынамай Сәкеннің қара басын да сынап, жұрт алдында масқара етуге тырысты. Нәзірдің осы мақаласына қарсы, мен Орынборда қазақ тілінде шығатын «Қызыл Қазақстан» журналының 23 жылғы 16-санында «Сынға сын» деген мақала жаздым. Ол мақалада, Нәзір Төреқұловта «объективтік көзқарас жоғын, оның мақсаты— Сәкеннің жинағын ғана емес, өзін құртуға тырысу екенін, Сәкен жинағының жақсы жерлерін көрмеуін, қате, нашар жақтарын теріп ап сынауын, Нәзір қанша жамандағанмен, Сәкен қазақ совет әдебиетінің бастаушысы екенін дәлелдедім. Содан кейін Нәзір маған қатты өшігін жүр деп естідім. Осындай адам менің жинағыма дұрыс көзбен қарай ма, кітап қып баса ма?
Орталық Комитеттің қызметкеріне осы қаупімді айтқан ем:
— ЦК ұсынғаннан кейін басуға тиісті,— деді ол,— баспа бастығына жолығыңыз.
— Мақұл,— дедім, мен таласпай.
«Шығыс» баспасы, «Қытай қаланың» ішіндегі 25 октябрь» аталатын көшеде, төрт этажды үйдің екінші этажында екен. Баспаның қазақстандық бөлімім, бізге өткен тараулардан белгілі Әбдірахман Бәйділдин меңгереді. Оған мен Москваға келген соң кешікпей жолыққам. Пікірлесіп көрсем, оның 23 жылдан, Орынбордан басталған «солақайлануы», қазір үдеген сияқты. Әбдірахманның баяндауынша, Нәзір Төреқұлов, алашорданың Москвада тұратын лидері Әлихан Бөкейханов пен байшыл ақын — Мағжан Жұмабаевтың тілін алады.
— Егер, деген Әбдірахман әнеукүні,— өлеңдеріңнің жинағын «Шығыс» баспасына берсең, Төреқұлов ең алдымен солармен ақылдасады. Олар, әрине, сенің, жинағыңды еткізбейді.
— Енді Орталық Комитеттің ұсынысымен келгенімде?
— Мүмкін тыңдар. Мен білетін Төреқұловтың тыңдамауы да мүмкін. Ол қыңыр адам.
«Бет көрсе жүз ұялады» деген,— деді Әбдірахман, күдігін ескерте келіп,— Нәзірдің кабинетіне кіріп сәлемдесіп, мән-жайыңды айтып шық. Әбдірахманды ерте кірген мені, бұрын көрмеген Нәзір Төреқұлов салқын қабақпен қарсы алды. Оның жарығы көмескілеу кең кабинетіндегі бұлғарымен қаптаған, қоңыр еменнен жасалған ауыр мебельдері тозыңқыраған екен. Толып жатқан аспаптар, қағаздар, кітаптар бұрқыраған, оюлармен әшекейлеген, аумағы зор жазу столының аржағындағы креслода отырған, сақал-мұрты қырулы, басында өзбек тақиясы бар адам, шұқшиып отырған қағазынан басын көтере қоймады. Әбдірахман маған «Нәзір осы» дегендей ым қақты. Басын көтерген Нәзір:
— Отырыңыздар!—деді маған орысшалап, орын нұсқап.
Отырдық. Бет-бейнесіне көз жүгіртсем, өзбек түстес екен. Әбдірахман мені таныстыра бастады. Нәзір менімен көп тілдескен жоқ. Азғана сөздерінің бәрі — өзбекше. Мазмұны ЦК хабарлады, көрерміз, оқырмыз, пікірімізді айтып хат жазармыз.
Ертеңіне Орынборға жүріп кеттім. Кеудемде үміт пен күдік қосарлана кетті.
БӘРІБІР БІЗ ЖЕҢЕМІЗ
Мен Москва сапарынан оралсам. Орынборда бірталай жаңа әңгімелер жүріп жатыр екен. Өткен 1924 жылы бұрын «Түркістан» аталған республиканың: Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркменстан аталып төртке бөлінгенін білеміз. Сонда қазақтың Сырдария мен Жетісу аталатын си! облысы Өзбекстан қарамағында қалуы есімізде. Енді, 1925 жылдың басында, осы екі облыс Қазақстанға қосылады, одан кейін Орынбор губерниясы РСФСР-дің қарауында қалып, Қазақстанның орталығы Ақмешітке көшеді, оның аты – «Қызылорда» болады деген хабар жүріп жатыр екен. Соған қосарлана тарай қалған тағы бір хабар: Сәкен Сейфуллин Халық Комиссарлар кеңесінің председательдігінен түсіп, орнына басқа біреу болады (кім болатындығы туралы толып жатқан жорамалдар бар, қайсысы расқа шығары мәлімсіз), Қазақстан Орталық Атқару Комитетінің председателі Сейтқали Меңдешев те, түсіп, орнына — Адай уезінен шыққан жұмысшы, революционер — Жалау Мыңбаев болады мыс, Қазақстан Орталық Атқару Комитетінің секретары Ораз Исаев өзгеріп, орнына түркістандық Бекайдар Аралбаев болады-мыс. Қазақстан облыстық партия комитетінің секретары боп Сұлтанбек Қожанов келеді-мыс. Өсекшілер мұнымен де тынбай, қазақ республикасының аймақтық, губерниялық уездік мекемелерінің көбінен әлдекімдерді ауыстырып, әлдекімдерді тағайындап жатады. Түркістаннан келетін қазақ қызметкерлері бір қауым сияқты. Олардың ішінде не қасиетті адамдар барын мен көбінесе Дүйсебай Нысанбаев деген адамнан естимін. Жасы Сәкеннен егдерек, толық орта бойлы, дөңгелек бетті, көздерін сығырайта қарайтын бұл адам, Сәкеннің айтуынша, революциядан бұрын орысша оқып, көп жерде писарьлік қызмет атқарған да, революция жылдары большевиктер қатарына қосылған, орыстың Түркістандағы атақты революционерлері Кобызовтың досы және бір қиын-қыстауда оны жасырып, жанын сақтап қалған. Орынборға 1924 жылдың басында келген оны, Сәкеннің ұсынысымен қырғыз (қазақ) автономиялы республикасының ішкі істер Халық Комиссары ғып тағайындатқан. Мінез жағынан Дүйсекең ағып тұрған сөзуар. Бір сөйлесе тоқтамайтын, кейде мезі ғып жіберетін мылжың. Сәкен 1919 жылдың басында Омбы абақтысынан қашып, со жылдың жазында Түркістанға жетеді де, осы Дүйсебаймен танысып үйінде тұрады. Дүйсебай большевик болғанымен рушылдау да адам. Сәкеннің де, оның да арғы түбі — арғын. Дүйсекең Сәкенді осы жағынан жан тартады. Ал, Сәкен ерекше мінезді адамды қызық көретін кісі, сондықтан сөйлесе тиексіз заулай беретін Дүйсебайдың қасында ертеден қара кешке дейін отыра беруге жалықбайды да, ара-тұра «әй, не дедің, қайта айтшы?» деп тағы сөйлетеді. Одан, Дүйсекеңнің манадан бері зарлаған сөздерінің бірі де құлағына кірмеуі аңғарылады. Сонда да сөйлете береді... Осы төкпектің үстінде Дүйсекең талай оқиғаларды айтып, талайларға мінездеме беріп тастайды. Дүйсебайдың айтуынша, Түркістандағы қазақ коммунистерінің арасында екі топ бар: біреуін — Тұрар Рысқұлов басқарады (Дүйсебайдың айтуынша, ол дұрыс бағыттағы топ), екіншісін —Сұлтанбек Қожанов басқарады, бұл — ұлтшылдық бағыттағы топ. Дүйсебайдың өзі Рысқұлов жағын мақтаңқырай сөйлеп, Тұрардың өзіне келгенде:
— Үш жасынан абақтыда отырған большевик дейді.
— «Үш жасынан?!» деймін мен, таңданып.
— Ие, үш жасынан! — дейді Дүйсебай шегелеп.
— Қалай?!.
— Алматы төңірегінде тұратын әкесі,— Рысқұл, кедей, әрі намысты жігіт екен. Сол арғы «Қызыл бөрік» деген елде бір сұлу қызбен көңілдес болады. Осы қызды Саймасай дейтін бай, әрі болыс қалың, мал төлеп, ұзатып әкеле жатқанда, «Асы» жайлауындағы бір таудың тасасында тосқан Рысқұл Саймасайды атып өлтіреді де, Верный (Алматы) қаласынын, полициясына келіп мәлімдейді. Полиция оны абақтыға жабады. Тұрар сол кезде үш жаста екен. Рысқұл оны «Саймасай жағы «қанды қанмен қайтарамыз» деп өлтірер» деп қорқады да абақтыға қасына алады. Тұрар осы школына абақтыдан барып түседі. Рысқұл Сібірге жер ауып кеткенде полиция Тұрарды жетім балалар үйіне береді де, оқуынан айырмайды. Осы үш жасынан абақтыда болу емей немене?
— Айтуға болатын сөз екен. Содан?
— Әрі қарай оқып кетеді. Гимназияны бітірген шақта, Алматыдағы орыс революционерімен танысып, революция қарсаңында Коммунист партиясына кіреді, Октябрь революциясын қуанышпен қарсы алып, Түркістанда совет үкіметін ұйымдастырушылардың, басқарушылардың бірі болады.
Рысқұловты аспандата мақтайтын Дүйсекең, Қожанов жағына келгенде қара тұманды қалыңдатады. Түркістан республикасын,— дейді ол,— алғашқы кезде Рұсқұлов басқарған еді, кейін Кожан°в жағы жеңді де басқару жұмысын қолына алды. Қожанов барып тұрған қу, өжет, іскер адам. Қазақстанға келгеннен кейін ол Смағұл Садуақасов сияқты оңшылдармен ауыз жаласып алады да, қалғандарын ашса аясында, жұмса жұмырығында ұстайды. Оның топтастары: Серғазиев, Есқараев, Аралбаев, Тоқтабаев тағы тағылар, нағыз «сен тұр, мен атайын» дейтіндер. Ескі қазақстанда қызмет атқаратын жігіттерді көріп жүрмін, аналар оларыңның етін жеп, сүйегін мұрындарынан шығарып тастайтындар. Менің Сұлтанбек Қожанов туралы бұған дейін білетіндерім: 1) Совет өкіметіне қарсы өлең-жыр жазудан тынбай келе жатқан алашордашыл ақын - Мағжан Жұмабаевтың Қазақстанда бастыра алмаған өлең поэмаларын 1923 жылы Ташкент қаласында бастырды да, кіріспе сөз жазып, Мағжанды аспанға шығара мақтады; 2) «Алаш» лидері Ахмет Байтұрсынов 1923 жылдың күзінде Орынборда құлаған 50 жылдық юбилейін Ташкентте өткізіп, Түркістан республикасының басқарушы газеті — «Ақжолда» Байтұрсыновты мақтаған мақалалар бастырды, портретін жариялады; Түркістан республикасын Қожанов басқарған кезде (1922-25 жылдары), алашорда партиясының лидерлері: Халил Досмұхамметов, Хайретден Болғамбаев, Мырзағазы Есполов, Жүсіпбек Аймауытов, тағы басқалар Ташкент қаласынан пана тапты да, ондағы «Ақжол» газеті мен «Шолпан» және «Сана» журналдарына ұлтшылдық бағытта, кейде Совет өкіметіне ашық қарсы шыққан бағытта жазған шығармаларын жариялап тұрды. Сондай Қожанов енді Қазақстанды басқаратын болса нені оңдырмақ?.. Оңдырмайды! — дейді Дүйсебай, менің ішіме кіріп шыққандай,— ол ұстаған жерінде тістесіп қатып қалатын адам. Қазақстанның шын коммунистері жұбын жазбай тұтас тұрса, оған төтеп болар ма еді, қайтер еді. Олар өйтпей, бірі «меңдешевшіл», бірі «сейфуллиншіл» боп, сиырдың бүйрегіндей бытырап жатқан жоқ па? «Алтау ала болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді» деген рас. Көрерсің садуақасовшылдармен біріккен қожановшылдар, бірлік-берекеден айрылған меңдешевшілдер мен сейфуллиншілдердің әр жерде соғып сілесін қатырады.
— Мүмкін,— деймін мен, Дүйсебайдың сөзі көкейіме қона бастап.
— Дәл солай болады,— дейді Дүйсебай.— Садуақасовты білмеймін, Қожанов өзге түгіл, Сталинның өзімен де жұлқыса кетуге тайынбайтын адам. Бір жиналыста Сталин Қожановқа қалжыңдап: «Халын, қалай, Шыңғыс хан?» десе, Қожанов оған: «Мен емес, өзің Шыңғыс хан?» депті. Ол сондай батыл сөйлейтін адам.
«Түркстан жігіттері» аталатындарды осылай елеңдей күтіп жүрген шағымызда Орынбор маңының қары еріп, жібіген жері көктей де бастады. Кешікпей Жайық та тасып, тоғай жақ ойпатына телегей-теңіз су да жайылды. Бұл — рабфак студенттерінің жазғы емтиханға даярлана бастаған шағы, сондықтан өзге студенттермен қатар мен де биылғы өткен сабақтарымды мұрнымнан шаншыла пысықтаудың үстіндемін. Осындай халде, түркстан жігіттерінің келуін абайламай да қалар ма ем, қайтер ем егер тұрақ жайым, жоғарыда сипатталған «Совет үйі» аталатын мейманханада болмаса. Әдетте мен таң қараңғысы кезінде оянатынмын да, жуынып ап, рабфактың бес-алты орамдағы жатақханасына жүгіретінмін. Онда студенттердің тан, қараңғысынан қызмет атқаратын асханасы бар. Бұл мезгілде одан басқа асхана ашық болмайды. Отанның жалпы экономикасы соңғы жылдарда жылдан жыл көтерілуіне, азық-түліктің молаюына, дүниенің арзандауына байланысты рабфактың асханасы да дұрысталып, арзан, дәмді тамақ даярлайтын халға жеткен. Сондықтан тамақты көбінесе содан ішетін болғам. Осы дағдымен бір күні мерзімді уақытта оянсам, бұл мезгілде тып-тыныш болатын коридордан тасыр-тұсыр жүріс, сампылдаған сөздер естіледі. «Бұ не?!» деген оймен төсектен тұрып жуынуға шықсам, коридордың көмескі сәулесінен аяқтарында етігі, бұттарында жарты галифесі (солай киіну ол кезде моды да) ішкі көйлектері ғана бар, орамалдарын иықтарына асқан, ерсілі-қарсылы сабылған біреулер көрінеді. Қалжыңдаса сөйлескен дыбыстарына қарағанда (кірі де қазақ. Оларға араласа, мен де көп жуындым. Қасымда жуынғандарға көз қырын тастасам, бәрі де мен танымайтындар. Менің қасымда жуынған арықтау денелі, ұзынша бойлы біреу, басқаларынан көбірек сөйлеп, қалжыңды көбірек айтып күлдіреді. «С» әрпін тілінің үшін тістей айтуына қарағанда «Қожанов осы болғаны ма?» деп ойлаймын өйткені оны сондай шолжың деп еститінмін. Бірақ танысып жатуға уақыт та емес, өйтудің орны да емес — мен жуындым да кетіп қалдым. Біздің рабфакта, менімен бір курста, бір класта оқитын Нұрмақ Байсалықов деген жігіт болғанын жоғарыда айттық. Оның көрінгеннен күдіктенетін адам екенін де білеміз. Оның осы күдігі шектен асып, бір күні әлдекімнің үйіне барып келген шешесіне:—«Әнкей, не сөйлеп отыр екен олар?» депті. Сонда шешесі:—«Мені де сынайын деп пе ең?» — деп ұрсып тастапты. «Алашордашыл» дегеннің етін тірідей түтіп жеуге әзір ол 1924 жылдың күзінде Москваға жүргелі жатқанымда, номеріме ентіге кіріп келді де:
— Москваға жүргелі жатырмысың?— деді.
— Иә, — дедім.
— Ойбай, жүрме!
— Неге?
— Сен кетсең дүние бүлінеді!
— Қандай дүние?
— Алашорда бүлдіреді.
Нені?
Нені бүлдіруін баяндағанда, қызық боп шықты: ол кездегі қазақ алфавиті оның алғашқы «а» әрпін «әліп» (алиф) атайтынбыз, «әліп»—жоғарыдан төмен қарай тік тартқан сызық та (қазақтың оқымаған адамды «әліпті таяқ деп білмейді» деуі содан), сол «таяқтың) үстінде адамның қасына ұқсас көлденең сызықты, қазақтар «қас» деп кеткен, «таяқтың» үстінде «қас» болса «а» болып оқылатын да, егер «қас» қойылмаса әріп санатына кірмейтін. Советтік құрылыстың алғашқы жылдарында-ақ араб алфавиті қазақ жазуын қанағаттандыра алмайтынын көрсетті. Бірнеше әрпі қазақ тілінде жоқ, қазақ тілінің бірнеше әрпі онда жоқ. Осы қиындықты біреулер (әсіресе Ахмет Байтұрсынов) оңай шешпек боп, араб әрпінің түсін өзгерте и бастады: «б» әрпі — астында бір ғана ноқаты бар көлденең сызық болса, «и» әрпінде осы сызықтың астында екі ноқат тұрса, «жаңашылдар» сол сызықтың астына үш ноқат қойып, арабта жоқ, қазақта бар «и» әрпін жасады. Осындай жаңалықтары көп болды. Соның бірі «әліптің қасына» қол салу. Олай ету — қағаз басатын қазақша машинка жасау мәселесінен кеп туды. Араб алфавитін бір әріп, мысалы: «ж», «бас», «орта», «аяқ» болып үш түрлі таңбамен жазылады, сондай әріптердің көбінің «аяқ» аталатыны шұбалыңқы таңбамен жазылып, машинканың әріптік кассасына сыймайды. Осы қитыңдықты жеңілдету үшін, «жаңашылдар» шұбалаңқы әріптердің «құйрығын» кесіп, кассаға сыярлықтай шұнтитқан, осы «науқанның» кезінде, «артық тұр» деп «әліптің» де қасын жұлған. Нұрмақ Байсалықовтың маған апы кіріп, күпі шығып келгендегі қайғысы «әліптің қасы» екен!..
— Сен аттансаң-ақ,— деді ол маған,— алашорда «әліптің қасын» жояды.
Мен қарқылдап кеп күлдім. Күлмегенде ше? «Әліптің қасы» жойылудан Нұрмаққа да, маған да, ешкімге де келер ешбір зиян жоқ. Бұндай күлкілі іске Нұрмақты «алашордашылдардың қолынан шыққан істің бәрі де зиян» деген ұғым итермелеп тұр. Нұрмақтың жек көретін адамына қолданатын сөзі «гад» екенін жоғарыда айттық. Олардың қыбырлағанын байқап отыратын Нұрмақ маған ара-тұра «пәлен гад, пәлен жерде пәлен депті» я «пәлен істепті» деп айтып жүретін. Қожанов жігін «ұлтшылдық бағытта» деп естіген ол «мұндағы гадтарға ондағы гадтар қосылса не болар екеміз?!» деп уайымдайтын. Түркстандықтар Орынборға келген шақта, менің сөз қуарлық уақытым жоқ еді. Өткен қыстың ортасында Москваға барып қайтуым сабағыма бірталай кесір келтіріп, өткізіп алған сабақтардың орнын толтыру, бар сабақтан жазғы емтиханға даярлану маған қиынға түсіп, мұрнымнан шаншылып жүрген күнім де. Сондықтан, мен жатқан мейманханаға түсулерін көре тура олармен танысуға, сөйлесуге уақытым жоқ та. Менде жоқ уақытты Нұрмақ тауыпты. Оның пәтері мен жатқан мейманхана мен рабфак жатақханасының аралығында болушы еді. Ол да күн сайын ерте тұратын. Мен жолшыбай үйіне соғып, аласа үйдің терезесін қаққанда ол шыға қоятын, әрі қарай бірге кететінбіз. Орталық Атқару комитетінің қызметіне ол күнара, түстен кейін баратын. Түркстандықтар келген күні де, оның ертеңіне де Нұрмақ екеуміз сөйттік. Алғашқы күні олардың түнде кеп мейманханаға түсуін менен естіген Нұрмақ: «А-а-а, сөйтті ме? Қожанов деген гадты көрдің бе?» деп қана қойған. Сол күні олардың не істегенін, мен ертеңіне ертемен Нұрмақтан естідім.
— Не білдің?—деді ол маған күндегі дағдымен үйіне соғып, екеуміз әрі қарай жөнеле бергенімізде, жан-жағына қарап ап. ақырын ғана күбірлеген дыбыспен.
— Не жайда дейсің?
Біріккен ұлтшыл гадтардың өткен күні не бітіргенін?
—Жоқ.
— Ең, алдымен,— деді Нұрмақ тағы да жан-жағына қарап ап, аузын құлағыма жақындата ақырын сөйлеп,— обкомға жаңа секретарь келгенін естіп пе ең?
— Жоқ.
— Бұрнағы күні келген. Сенін, мейманханаңда. Екінші этажда. Таныс шыққам. Грузин. Фамилиясы Ненайшвили. Орта жасты адам. Толық орта денелі, жалтыр бас кісі. Бір көргенде сырын түю қиын. Күлегештеу адам, сонысына қарағанда «жігерсіздеу болмаса не қылсын» деп қалдым.
— Айттың ба?, Қазақстандағы ұлтшылдардың жайын?
— Әрине.
— Не деді?
— Күлді де қойды.
Тағы не жаналық бар?
— Өткен күні обкомның бірінші бюросы өткізіліпті. Орынбор губкомында Қазақстан обкомы бөлініпті, оның ендігі аты — Каз. Крайком болатын көрінеді, бірінші секретары — Ненайшвили. Ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі — Сұлтанбек Қожанов. Бюрода соның ғана ұсынысы өтіпті де отырыпты. Ненайшвили ыржақтап күле бергеннен басқа ештеңе айтпапты.
— Не бопты, сонда?
— Сәкен совнаркомның преседательдігінен түсіріліп, орнына Нығмет Нұрмақов бопты.
— Онда жаман емес қой,— дедім мен. Олай дейтінім: Нұрмақовтың кім екенін бірінші рет Сәкен сол кезде жазып жүрген «Тар жол, тайғақ кешуден» оқығам. Оның сипаттауынша, Нұрмақов қазақтан алғаш шыққан революционердің бірі. Семейдің учительдік семинариясын 1917 жылы бітірген Нығмет Нұрмақов сол жылдан бастап революциялық істерге араласады да, Семейде Совдепті құрасушылардың бірі болады. Колчак үкіметі құрылғанда
Нығмет абақтыға алынып, әлдекімнің кепілдігіне босанады. Содан Қарқаралы даласында жасырынып жүрген шағында Совет өкіметі келіп, оның қызметіне белсеніп араласа бастайды. 1919 жылдың күзінен Коммунист партиясына мүше болады. Сәкеннің сипаттауынша, революционерлігінің үстіне Нығмет онымен жандай дос. Нығмет Орынборға 1923 жылдың күзінде Заң комиссары болып келді. Мен онымен Сәкенге еріп барып, пәтерінде таныстым: ортадан төменірек, талдырмаш бойлы, аққұба өңді, бұйра шашты көркемше кескінді ол алғаш көргенде тұйық мінезді, аз сөйлейтін қалжыңға шорқақ адам сияқтанғанмен жақындаса келе, мейлінше кішіпейіл, жалған сөзі жоқ, сөзінде тұрақты, ісінде тыңғылықты, шыншыл, адал коммунист екендігін байқатты; осындай адамның совнаркомға председатель болуы, менімше жаман емес сияқты. Ал, Байсалықов үшін олай емес екен.
— Әрине,— дейді ол,— Нұрмақов ұлтшылдыққа аяқ баспайтын адам. Сонысын біле тұра Қожанов оны совнаркомға әдейі председатель ғып отыр...
— Неге?
— Әзірше жұрттың көзін алдай тұру үшін, «өзіне жақпайтынның бәрін бірдей біржола сыпырып тастады» дегізбеу үшін. Көрерсің — көп отырғызбайды оны. Кезеңі келген шақта, жоқ нәрсені сылтау ғып ұшырады да жібереді. Сөйтудің төсегін әлден-ақ сала бастапты.
— Қалай?
— Наркомпрос Залиевті кешегі бюрода босатыпты да, орнына Смағұл Садуақасовты қойыпты және обкомның бюро мүшелігіне өткізіпті. Бюроның бір мүшесі және Госпланның председателі ғып, өзінің оң қолы — Серғазиевті тағайындапты.
— Меңдешевті ше?— дедім мен асығып, бұрын Дүйсебайдан естіген сөздерімнің біразы Байсалықов айтқан жаңағы сөзден расқа айнала бастаған соң.
— Кир. ПИК-тің председателін түсіру үшін съезд шақырылу керек қой. Әйтпесе, конституцияға қарсы болмай ма? Сондықтан Меңдешевті босату ісін Қазақстанның жуық арада шақырылатын V съезіне қарататын көрінеді...
— Тағы қандай өзгерістер бопты?
— Кир. ЦИК-тің секретары — Ораз Исаев та алдағы съезде босайтын болған соң «оған дейін демалысқа барасың» депті, орнына «уақытша» деп Қожанов өз адамы
Аралбаевты отырғызыпты. Съезде секретарь сол болатын көрінеді...
— Тағы?
— Толып жатыр ондай ауыстырулар. Қайсыбірін санай берейін. Сөздің қысқасы. өткен бір бюроның өзінде-ақ Қазақстан басшылығының 90 процентін «оңға» айналдырып болды, ұлтшыл-гадтар. Бесінші съезден кейін — 100-ге айналдырады.
— Сонда не болғаны?!—- дедім мен қынжылып.
— Оған әзірге ақылым жетпейді,— деді Байсалықов,— саған айтарым: бұрынғыдай періп-соқпай, замана жайы анықталғанша, қаламыңды да абайлаңқырап сілте, аузыңды да сараңдау ұста, Қолында күш тұрғанда ұлтшыл-гадтар құртып жіберуден қашпайды, соған тізгін бермеу керек.
«Несі де болса көріп алармыз» деген оймен, мен өз істеріммен шұғылданып жаттым. Басты ісім — оқу. Сонымен қатар «Еңбекші қазақ» газетінен де қол үзбеймін — мақалалар жазам, материалдарын өңдеуге араласам. Басшылыққа Қожанов келгеннен кейін газеттің редакторы Смағұл Садуақасов болған, Молдағали Жолдыбаев орынбасары боп қалып қойған. Сәкенмен сыйысып қызмет атқаратын ол Садуақасовпен сыйыса кетті. Өйтпейтін қылығы жоқ: жан адамға ешуақытта қарсы келмей, ыңғайына қарай жығыла кететін адамға кім тиеді? Сонда Молдекеңді мен екі рет ренжітіп те алдым. Бірінші — біздің рабфакта оқитын үш қазақ қызының бірі — Зейнеп Тоқбердинаны (кәзір тірі, партиялық қызметкер) әкесі қалың берген біреуге оқуынан айырып ұзатқалы жатқанын естідік. Қыздан сұрасақ, әкесінен шыға алар емес. Сонда да бейшара қызды құтқармақ болып заң орнына барсақ тыңдаудың орнына оған кіріспей-ақ қойыңдар дейді. Қазақстанның ол кездегі заң орындарында «қазақшылықтың» қандайлығын осыдан да байқаңыз). Ақыры қызды құтқара алмадық. Ол ұзатылып кетті. Осы тақырыпта мен жазған мақаланы Жолдыбаев «Еңбекші қазаққа» басып жіберді. Газет шыға күйеуді жақтайтын беделді біреу Садуақасовқа «бұларың не?!» деп ренжиді. Ол Садуақасовтың сыйлайтын біреуі болады, сондықтан Садуақасов Жолдыбаевты шақырып ап: «Менен рұқсатсыз неге басасың?» деп біраз сілкілейді. Кісіге қарсы келмейтін Молдекең «хаталастым» деп мойнына ала кетеді. Мен арқылы сондай сөгіс ести тұра Молдекеңнің маған айтқан ей, қатты сөзі: «Бұдан бұлай бүйте көрме, айналайын!..» Молдекеңді екінші рет ренжіткен - жерімді айтайын. «Қожанов пен Садуақасовтың блогы» аталған топ алғашқы адымынан-ақ «оңға» тартты да, біраздан кейін тіпті ашық кетіп, «байдың балалары», «алашордашылдар» дейтіндерді кеңселерге, оқу орындарына толтыра бастады. Осыған ызаланған мен, «Еңбекші қазақ» газетіне «Құрғақ қиял» есімді фельетон жарияладым. Мазмұны: Кир. ЦИК-тің үйіне кіремін... оның сыртқы есігі қызыл түсті шынымен қапталған болады... Содан сыртқа қарасам: жер де, көк те, барлық жәндік те қып-қызыл көрінеді... Мен «дүниенің бәрі қызарып... коммунизм боп қалған екен», (түсінігімнің түрін қараңдар!) деп ойлаймын... Бір кезде әлдене қып-қызыл адам есікке жақындайды... мен оны «коммунизм адамы екен» деп құрметпен қарсы алмақ боп есік ашсам, өзім жақсы білетін, Совет өкіметіне қарсы бай баласы!.. Мен содан шошынам да: «Ә-ә, бай ұлының сырты қызарған сияқтанғанмен, табиғаты өзгермейді екен» деген қорытындыға келем... Осы фельетонды оқығаннан кейін Қожанов Садуақасовты обкомға шақырып алады да, «мына левакқа осылай жол бере беруді қашан қоясыңдар?» деп қатты ренжиді. Садуақасов Жолдыбаевты қысып: «Ең алдымен, Сәбитті газет қызметінен шығар, екінші мына фельетонды жоққа шығаратын мақала жаз да, әуелі маған оқып, ұнатсам газетке жарияла!» дейді. Бұл бұйрықты орындамауға Молдекеңде әл жоқ. Мені қызметтен шығарарда оның айтқан қатты сөзі: «Шырағым, бұндай фельетонды енді жаза көрме!» Мен газет қызметінен босанғаннан кейін, «Сасқан» деген тұспалды атпен жариялаған мақаласында да Молдекең жанымды ауыртарлық іштеңе демепті. Ең ауыр деген сөзі: «Қызарғанның бәрі коммунизмдік бола ма екен?.. Бұрын урядниктер киетін қаракөк шұға мундирдің астары қызыл болатын. Сәбитше сол урядник те коммунизм адамы ма?..»
Газеттен босаған соң мен түгелімен оқу ісіне берілдім.
Сөйтіп жүрген күндердің біреуінде рабфакта сабақпен шұғылданып, кешке үйге келсем столымның үстінде жуандау бір бандероль жатыр. Сыртына қарасам: «Москвадан —«Шығыс» баспасынан деп жазылған. Жүрегім конвертті ашпастан-ақ қобалжи бастады. «Сыртқы түрі кітапқа ұқсамайды,— деген ой келді маған,— ал сонда, бұл не? Қолжазбамның қайтып келгені ме?!» Әйелім екеуміз конвертті қауіптенген түрде аша бастадық...
Құрметті, оқушы жолдастар!
Бұл арада тағы бір қызық шындықтың бетін аша кетуім қажет. 1933 жылы, Алматыдағы Қазақстан көркем әдебиет баспасы «Толық жинақ» деген атпен менің екі томды өлеңдерім мен поэмаларымды басып шығарды. Осы жинақтың бірінші томына, «Жазушыдан» деген атпен қосылған кіріспе бар. (Кіріспе 1933 жылдың, 19 январында жазылған.) Төреқұлов «Шығыс» баспасында директор боп тұрған шағында (1922—28 жылдары) Бөкейханов, Жұмабаев сияқты алашордашылдарға орыс тілінен аударылатын өзге шығармалар түгіл, Лениннің шығармаларын аудартуы, алашордашылдардың ол шығармаларды қасақана бұзып аударуы әлденеше талассыз фактылармен дәлелденген керек. Жұртқа белгілі сол фактылардан бір ғана мысалды оқушылардың есіне түсіре кетейік. 1925 жылы, Төреқұлов басқарған «Шығыс» баспасында қазақ тілінде, Н. К. Крупскаяның «Халық ағарту туралы Лениннің өсиеті» деген кітабы шықты, аударушы— Әлихан Бөкейханов. Сонда Лениннің! «Особенно ярко встает задача сочетать партийное руководство и подчинить себе, пропитать своим духом, зажечь огнем своей инициативы этот громадны аппарат — полумиллионную армию преподавательского персонала, которая стону сейчас на службе у рабочего. Работники просвещения, учительский персонал, были воспитаны в духе буржуазных предассудков и привычек, в духе враждебном пролетариату, они были совершенно не связаны с ним. Теперь мы должны воспитать новую армию педагогического, учительского персонала, который должен быть тесно связан с партией, с ее идеями, должен быть пропитан ее духом, должен привлечь к себе рабочие массы, пропитать их духом коммунизма, заинтересовать их тем, что делают коммунистых. (Первое издание собр. сочинений. Том XVІІІ, часть 2 я, стр. 170) деген сөзін Бөкейханов былайша қазақшылаған: «Осы күні жарты миллион мұғалім жұмысшы мемлекетінің қызметкері, осыларды партия тіркеген түйедей жетелеп, партия иіне салып, біздің иіспен сасытып (?) біздің партияның отымен жандырып, іс жүргізу керек. Осы күнде көз алдымызда Алатаудың (?) аңғарындай, шығысты жарып шығып келе жатқан күндей ісіміз осы болады. «Біз енді партиямен матасқан (!), партия иіне иленген (?!).. кәмунес малмасына (!) салынып, оның иісін шығаратын кәмунес ісіне еліктетіп (!!)—кәмунес ісіне бетін бұратын мұғалім әскерін даярлауымыз керек». (26-бет, 1925 ж). Лениннің сөздерін қазақшаға бұдан жаман аудару болуға тиісті емес. Осындай сорақы қаскүнемдіктен кітапта аяқ алып жүре алмайсың. Сонда Бөкейханов қазақтың тілін де, орыстың тілін де білмей отырған жоқ. Бұл екі тілді де өте жақсы біледі. Сөйте тура, Ленин сөздерін шатастырып аударуы — ол сөздерді оқушыларына әдейі теріс түсіндіруге тырысу. Төреқұлов Лениннің «1905 жылы» деген атпен шыққан мақалалар жинағын, алашордашыл ақын — Мағжан Жұмабаевқа аудартып басты. Ол аударма да Бөкейхановқа ұқсас сорақылыққа толып тұр. «Жас алашордашылдардың бірі» саналатын Қошке Кемеңгеровтің Советке қарсы жазған «Жаңа жұртшылық жолында» есімді кітабы да Төреқұловтың қол астында жарық көрді... Мен Төреқұловтың өзге жердегі қызметін білмеймін, және білуге тырысып та көрген адам емеспін. Өйтетін себебім: қазақ республикасының елу жылдық тарихында, оның саясатын, экономикасын, мәдениетін басқаруда еңбегі бар адамдар туралы, баспасөзде көптеген мақалалар, кітапшалар, кітаптар шығып келеді. Солардың, қорытындысы сияқтанып, 1959 жылы Қазақ ССР тарихының 716 беттік ІІ томы шықты, 1963 жылдың басында, көлемі 589 беттік «Қазақстан Коммунистік партиясының тарихынан очерк» басылды. Осынша көп тарихи деректердің бір де біреуінде Нәзір Төреқұловтың аты жоқ. Оның аты тек, 1923 жылы «Қызыл Қазақстан» журналында жазған «Сынға сын» есімді менің бір мақаламда, 1929 жылы «Еңбекші қазақ» газетінде Сәкен жазған («Нәзірдің, «Тар жол, тайғақ кешу» туралы жазған мақаласына жауап») бір мақалада ғана аталады. Осы екі мақаладан басқа Нәзір Төреқұлов туралы жазылған баспасөз документі жоқ, сондықтан да оны өзімен істес болғандардан басқа ешкім білмейді. Ендеше жұрт білмейтін адамның өмірбаянын, мен неге зерттеймін? Маған оның қажеті жоқ: Төреқұловты бұл кітапта атаған себебім, өлеңдерімнің жинағын «Шығыс» баспасына өткізбеуіне байланысты қылығын айту ғана. Бұл талассыз факты баспасөзде бұдан 30 жыл бұрын жарияланғаны Төреқұлов директор боп тұрған шақта, Бөкейханов сияқтылардың ықпалында болуы жоғарыда мысалға алған талассыз документтермен дәлелденді. Оларды жоюға ешкімнің де күші келмейді, орыстың данышпан мақалы айтқандай «Қаламмен жазылған нәрсені, балтамен шауып кетіре алмайсың». Москвада қалдырған қолжазбам өзіме қайтып келгеннен кейін енді кімге мұң айтуды білмей, қолынан келері жоғын көре тұра, Сәкенге барып мұң шақтым. Бұл кезде Сәкеннің ұлтшылдар тарапынан соққы көріп, қалжырап қалған кезі еді. Оның үстіне, барлық қызметтен сыпырып тастаумен қанағаттанбай, саяси қарсы адамы — Смағұл Садуақасов Сәкеннің қара басын да тұқырта беруге айналды. Өйтуіне бір құралды Сәкеннің өзі берді. Сәкен өткен 1924 жылдың күзінде Омбы оязына барғанда ұзатылғалы жатқан Көкеш есімді бір қызды автомобиліне мінгізіп алып кетеді. Орынборға әкелгеннен кейін, 1925 жылдың басында әлдекіммен үйіне қайтарып жіберген. Смағұл Садуақасов Сәкеннің осы қылығын мазақ етіп, «Күміс қоңырау» деген атпен әңгіме жазды да, «Қызыл Қазақстан» журналына жариялады. Садуақасов бұдан бұрын да аздап әңгімелер, повестер жазып жүретін, бірақ олары көркемдік жағынан әлсіз болатын. Ал, мынау «Күміс қоңырауы» көркемдік жағынан да бірсыдырғы тәуір шығып, көпшіліктің арасына тез тарап кетті. Әңгіменің басты геройы басқаша аталғанмен, жүріс-тұрыс, мінез-құлық жағынан Сәкен екендігі Сәкенді білетін жұртқа ап-айқын. Сәкеннің былай да жүдеу көңілін бұл әңгіме жүдете түсті. Мұңымды шаққан Сәкенге: «енді не істеу керек?» дегенімді жауап таба алмағандай, Сәкен тұнжырап отырып қалды.
— Әдетте шыдау керек. Жағдайлы уақытты тосу керек, — деді Сәкен біраздан кейін.
— Қандай жағдайлы уақытты айтасыз?—дедім мен.
— Кәзір қазақ ұлтшылдарының белең алғаны көрініп отыр. Бірақ «ұлтшылдық» деген Коммунистік партияның да, Советтік үкіметтің де жеккөретін, күресетін нәрсесі. Олай болса біздің Қазақстанда кәзір белең алған ұлтшылдың да ұзаққа баруға тиісті емес. Булар бұл қалпынан бәрібір түзелмейді, өйткені «ұлтшылдық» деген бұлардың әлдеқалай ұрынған нәрсесі емес, сана-сезімдері ұйыған идеологиялық бағыты. Осы бағытын іске асырмақ боп алдағы күнде де біраз малшынады. Бара-бара асқынады. Содан кейін партия да, үкімет те шыдамай социализм жолынан сыпырып тастайды. Түбінде, бәрібір, біз жеңеміз.
КӨҢІЛДІ САПАР
Біріккен Қазақ республикасының Советтік Бесінші съезі Ақмешітте өтетіндігі жоғарыда айтылды. Бұл сапарға даярлық апрельдің алғашқы күндерінен басталды. Санарға ат салысу үшін «Еңбекші қазақ» газеті де даярлыққа кірісті. Съезд апрельдің екінші жартысында өтпек. Одан бір ай бұрын Ақмешіт қаласына «Еңбекші қазақ» газетінің өкілі боп Бейімбет Майлин жүріп кетті. Ол Қостанайдан Орынборға 1923 жылы келді де, бірер жылдан кейін Қостанайға қайта кетіп «Ауыл» газетіне редактор болды. Содан І925 жылдың басында «Еңбекші қазақ» газетіне редактор болған Смағұл Садуақасов оны Орынборға қайта алдырды. Бейімбет көрінген адаммен дос бола кететін жазушы да. Мысалы, «Еңбекші қазақ» газетінде Сәкен редактор боп жүрген шақта Сәкеннің сеніскен досы боп қызмет атқарды. Байтұрсынов, Дулатов сияқты алашордашылдармен де араласып жүру, оның баспасөзде коммунистік рухта қызмет атқаруына бөгет жасаған жоқ. «Еңбекші қазақтың» жаңа редакторы — Смағұл Садуақасов Қостанайдан шақырған Бейімбетті өзіне әдебиеттік орынбасар ғып алды. Көркем әдебиет мәселесінде Смағұл Садуақасов алашорда жазушылары — Байтұрсынов, Дулатов, Аймауытов, Жұмабаев сияқтыларға жақсы ықласпен қарап, оларды «советтік» аталатын жазушылармен бірлестіруге тырысатын. Советтік жазушылардан ол тек Сәкен Сейфуллинді ғана танып, оны да коммунистік бағытта емес, футуристік бағытта деп бағалайтын. Мені ол «талантсыз бірақ саясатпен шұғылданады, бұл бетінен қайтса жазушы болады, әйтпесе, бола алмайды» деп бағалайтын. Қостанайдан Орынборға келген Бейімбетке Смағұл Садуақасов көңілін көбірек бөліп, «Еңбекші қазақ» газетіне өлеңдерін, фельетондарын, әңгімелерін тоғыта басып отырды. Онымен де қанағаттанбай, Бейімбетке өлеңдер жинағын жасатты да, өзі оған кіріспе сөз жазып, Ақмешіт баспаханасында тез бастыру үшін Бейімбетті әдейі жіберді. Бұған дейін Бейімбеттің ешбір шығармасы кітап боп басылған жоқ-ты. Смағұлдың сипаттауынша, «Бейімбет пролетариат жазушысы емес, крестьян жазушысы, крестьян ішінде кедейдің сойылын соғушы. Бейімбеттің тұрақты геройы — Мырқымбай,— бүкіл қазақ кедейінің «прообразы» (мақаласынан). «Қазақта пролетариат әдебиеті жоқ та, болмайды да, онда крестьяндық әдебиет қана болады» деген тезисті бұлжытпай қолданатын Смағұл Бейімбетті ерекше қолдап, қазақтың Советтік дәуірдегі әдебиеті сөз болса үнемі соны ұстайтын. Садуақасов Ақмешітке съезден жарты ай бұрын жүріп кетті де, орнына Молдағали Жолдыбаев қалды. Съезге баратын делегаттар аттанардан бір жұма бұрын Молдекең мені шақырып алды да, «Еңбекші қазақтан» тілші боп баруды ұсынды. Ішкі ықласым ұната қалып: «Мені газет қызметінен айыптап шығардыңыздар ғой, одан кейін қайта қызмет атқарудың мәні қалай болады?» деп пәлденген болып ем:
— Сөзді қой! деді Молдекең қолын сілтеп,— бар деген соң бара бер!.. Саған бұл ұсынысты жайдан-жай жасап отырған жоқпын. Біреулердің газетке белсенділігі жеткеннен партиялығы жетпейді; ал, енді біреулердің партиялығы жеткенмен белсенділігі жетпейді. Сенде осының екеуі де бар деп ойлаймын...
— Смағұл көне ме бұған? — дедім, өзім көніп қалған қалпымды аңғартқан дауыспен.
— Көнбегенде не істейді? Азар болса тағы сөгіс ecтірмін...
— Ондай іске неге барасыз?
— Газеттің пайдасын ойлағандықтан. Оның жауапкерлігі маған жүктеліп отыр. Не асты, не үстінен кетіп қалсам, жауапкер мен ғана болам. Бұл — жауапты съезд болғалы тұр. Оның ісі туралы жазғанда партиялық көзбен қарайтын кісі керек. Саған жабысып отырғаным сол.
— Мақұл, Молдеке,— дедім мен.
— Бұрынғы Қазақстанның Ақмешіттегі Бесінші съезге баратын делегаттары әуелі Орынборға жиналып, содан арнауды поезбен аттанады. Басқа жақпен баратын поезд ол кезгі Қазақстан өлкесінде жоқ.
Делегаттар мінетін эшелон бірнеше күн бойына әзірленді. Газеттің тілшісі болғандықтан, осы әзірліктің бәрін мен көзімнен өткердім. Он екі вагондық бұл составта «салон-вагон» аталатыны екеу-ақ, біреуі — республикалық басқарушы партия қызметкерлері үшін, екіншісі,— республикалық үкімет басшылары үшін, одан басқалары — купелі вагондар көрінеді. Бұл составтың барлық вогондарының да сырты урандар жазылған қызыл маталармен әшекейленді. Әрбір вагонның есігінің алдына қызыл жалаулар ілінді. Вагондар сәнденіп бітіп, Ішкі істер комиссариатында делегаттарға орын бөлінген шақта мен составтың орта тұсындағы бір вагонға отыратын болдым. Жүрер алдында байқасам, мен мінетін вагонға төрт қызық адамдар отырып жатыр: қазақтың атақты әншісі — Әміре Қашаубаев, атақты ақын-импровизатор — Иса Байзақов, дүние жүзінің чемпионы атағын алған цирк балуаны Қажымұқан Мұңайтбасов, қазақтың мыңдаған әндері мен күйлерін жазып ап, әлденеше том ғып жариялаған композитор — Александр Затаевич. Бұлардың бәрімен де мен жақын таныспын. Вагонға кірсек: Әміре, Иса, Қажымұқан және бір делегатқа бір купе, Затаевич пен маған жөне екі делегатқа бір купе қатар келген екен. Мен өз купеме кіріп орналаса бергенде, көрші купеден қаттырақ жуан дауыс естілді. Қажымұқан даусы екенін тани кеттім. Онымен жіңішке дауысты әлдекім жанжалдасып жатқан сияқты. Қарлыға, бажылдай шығуына қарағанда, бұл дауыс — Исанікі болу керек. «Бұлар неге жанжалдасып жатыр?» деген оймен, неге екенін білгім кеп купемнен шыға бергенде, көрші купеден үрейлі кескінмен Әміре қашып шықты.
— Не болды?!— дедім оған.
— Ойбай, қарағым,— деді ол,— дүние бүлініп жатыр!..
— Не боп?
— Қажымұқан Исаны өлтірейін деп жатыр!..
— Неге?!
— Неге екенін артынан білерсің, бар да арашала, ойбай!
Түсі бұзылған Әміренің даусы қаттырақ шыққан соң, «жаман бірдеме бар екен» деген оймен көрші купеге кіріп келсем, алдымда керемет көрініс тұр: биік (192 сантиметр), жуан (214 килограмм) денелі Қажымұқан талдырмаш, орта денелі (50—55 килодан аспас) Исаны омырауынан қапсыра ұстаған қалпымен, төбесін вагонның потологіне тигізе көтеpіп тұр!.. Тегі, Иса аяқтарымен тепкілей бастаған ғой деймін, шалбарының екі балағын бір қолымен бүрістіре уыстап апты... Үнсіз түрде көзінің бақыраюына қарағанда, Иса қылғынып тұрған сияқты...
— Ойбай, ағатай, босат! — деп Қажымұқанның орта денелі адамның санына барабар жуан, ұзын қолына жармаса кеттім. Аузының үлкендігі табан қарыс, еріндері бір-бір кесек еттей аттың күрек тісіндей жалпақ тістері сирей біткен Қажымұқанның сөздері балпылдай, орашолақ шығатын және «ш» мен «з» әріптерін «с» ғып, «ж» әрпін «з» ғып айтатын. Сондай тілімен, қолына жармасқан маған, пілдікі тәрізді кішкене көзімен (Қажымұқанға ғана кішкене, қатардағы кісіге үлкен көз) сығырая қарады да, арыстандай гүрілдеген дауыспен, көтеріп тұрған Исаны сол қалпында ұстап тұрып:
— Мына зындыны сығарасыс ба, зоқ па?— деді. Иса «өлдім» дегендей қырылдай бастады.
Ойбай, шығарайық, босат!— дедім, жармасқан қолыммен қолын төмен түсіруге тырмысып. Түсіру қайда!.. Мендей тағы бір төрт-бес кісі асылса да илігер қол емес!...
— Шығарайық! — дедім мен, сонда да қолынан тартып.
— Ендесе босатайын,— деді де, Исаны ақырын қимылмен койкаға жатқыза салды. Исаның артистігі де болатын. Сонысы ұстап ойнауы ма, әлде шыны ма, талықсыған кескінмен койкаға құлай кетті...
Не істеуге білмей қалған маған проводник жәрдемдесті. Қиялы ұзын бурылдау мұрты Тарac Бульбаға ұқсаған, бойы дембелше, жуантық бұл қартаң орысты, тегі Әміре жіберген болу керек және өзі Қажымұқанды білетін болу керек, шалалау білетін қазақ тілімен сөйлене кірді.
—Ох, ты, түйе одногорбный, — деді ол, тік тұрған Қажымұқанның кескініне бір қарап қойып,— сен,— деді ол, сұлап үнсіз жатқан Исаны нұсқап,— мына жагошкені11 үльтіреді!...
— Өлмейді, — деді Қажымұқан, — арақ берсем зазылады.
Ырыс па дегендей Иса қимылдан қалды.
— Сен қасақса біледі? — деді Қажымұқан проводникке.
— Аз-мұздап.
— Білсең,— деді Қажымұқан купенің астыңғы екі койкасын түйенін, табанындай жалпақ алақанымен кезек нұсқап, осы екеуінің қайсысына зат дейсің маған?
— Да, пожалуй, па обоих не поместиться! — деді проводник Қажымұқанның денесін көзімен айнала шолып.— Но, мен бұған,— деді Исаны нұсқап,— урун тапқан...
— Сөйте гөр, айналайын орысым! — деді Қажымұқан.
Купеге Кир. ЦИК-тің секретарь! Аралбаев кіріп келді.
Тегі, бұл купеде не болып жатқанын оған да Әміре айтқан болу керек, есіктен күле. сөйлене кіріп:
— Орын тар боп жатыр екен ғой, батырға. Кеңейтеміз, батыр!—деді ол Қажымұқанға.— Сізді осы купеде жалғыз қалдырамыз да, өзгелерді басқа купеге шығарамыз.
— Бос купе бар,— деді проводник.
— Естідіңіз бе, батыр? — деді Аралбаев Қажымұқанға. Ол тура жауап берудің орнына.
— Мен бұларға қалай сыям? — деп астыңғы екі койканы нұсқады.
— Арасына тақтай салдырамыз,— деді Аралбаев. Проводникке «мүмкін бе, өйту?» деп еді.
— Мүмкін емес нәрсе жоқ,— деді ол, Қажымұқанның денесін көзімен тағы да шолып,— қазір дежурный по вокзалға барады, айтады, тақтай алады.
— Бар, онда! — деді Аралбаев проводникке.— Тездет!.. Поезд қозғалғанша үлгер!..
Проводник шығып кетті.
— Былай болса қайтеді?—дедім мен Аралбаевқа,— проводник тақтай әкелсе Қажекеңе төсекті кең ғып, купенің, астыңғы жағына салдырсақ; жоғарғы орындар бос тұрса, өйткені Қажекеңнің үстін аттап шығу қиын болар...
— Дұрыс,— деді Қажымұқан.
— Бос купеге Иса, Әміре, осы купедегі делегат... Айтпақшы, ол қайда?
— Мен мұнда! — деген дауыс естілді коридордан. Есіктен қарасам, Әміре екеуі қатар тұр. Мен сөзімді жалғастыра бердім:
— Және мен — төртеуміз барсақ; Затаевич қартаң және сырқаттау кісі, ол купедегі екі делегат та жасамыс адамдар, үшеуі оңаша қалса, бір-біріне тиышты болар.
— Мақұл,— деді Аралбаев.
Қайдан тез тауып, қалай үлгергенін білмеймін, проводник төрт сирақты жалпақ скамейка алып келген еді, биіктігі де, кеңдігі де вагон койкаларының арасына дәл келе кетті.
— Екі матрац әкелем де қатар жаям,— деді проводник,— мына масты тұрғызыңдар,— деді ол Исаны нұсқап.
Проводник кете, сулық жатқан Иса басын кенет көтеріп алды да:
— Әкел, әлгі жартыны!—деді Қажымұқанға қолын ұсынып. Ол зоқ деп еді:
— Бересің бе, жоқ па? — деп Иса тікіленіп орнынан ұшып тұрып еді:
— Әй, мынау қайтеді, кісі өлтіре ме? — деп Қажымұқан жасқана берді.
— Бер, жаның барда! — деп Иса жағасынан ала түсті.
Қажымұқан:
Өлтіре ме, әй, мынау? Айырыңдар! — деп, Исаға Сол тигізбестен барқырай қалды.
Берсеңші, арағын! — дедім мен шегім қата күліп.
Бермек болған ниеті кескінінен көрінген Қажымұқан қолын кең шалбарының қалтасына икемдей бергенше, Иса қолын жып еткізіп сол қалтаға сұғып жіберді де, жарты литірлік арақты суырып алды. Кет, сық, бәлекет, сонымен! — деп Қажымұқанның сілтеген қолынан шошығандай, Иса коридорға зып берді...
Қажымұқан да, біз де орналастық. Поезд жолға шықты...
Құрметті оқушылар!
Енді сіздерге қасымдағы қызғылықты серіктерімнің жай-жапсарын баяндаудан бұрын, жол-жөнекей көргендер жайынан аздап мәлімет бере кетейін. Бұл жолдын, өн бойындағы табиғат көрінісін мен үшке бөлер едім: біріншісі — Орынбор мен Ақтөбе арасы, бұл екі арада «Орынбор даласы» аталатын бұйратты кең дала жатады, үсті ұйыққан қалың бетегелі бұл далада аздап орман да кездеседі; екіншісі — Ақтөбе мен Арал станциясының арасы, Мұғаджар тауынан, кейбір бұйратты құмдардан басқа белесі жоқ жап-жалпақ, теп-тегіс бұл тұстың негізгі өсімдігі — жусан ғана; үшіншісі — Арал мен Ақмешіт арасы, бұл тұстың темір жолы оң жақта ағатын Сырдария өзенімен жарысып отырады, ара-тұра қалың қамыстық ішін жарып өтеді, сол жақта керілген кең тақыр дала жатады, оның ұшы-қиырына көз жетпейді... Кәзіргі шапшаң поезд екі күнде жететін бұл екі араға 1925 жылдың почталық шабан поезы үш жарым тәулікте әрең жетті. Жол соншалық ұзақ болғанмен сапарымыз көңілді етті. Оған бір себеп: поезд тоқтайтын әрбір станцияда делегаттар эшелонын қарсы алу үшін аттылы, түйелі, есекті, жаяу-жалпылы дегендей, қалын, халық күтіп тұрады. Олар кейде, тіпті қалыңдап, поезға әрең жол береді. Тоқтаған жерлерде митингілер өткізіліп, сөздер сөйленеді, құттықтаулар айтылады. Күткен жұрт саба-саба қымыз, әрқайсысына қойдың басын салған табақ-табақ ет сияқты қонақасы әкеледі. Мен әрбір станцияда біздің эшелонды халықтың қалай қарсы алуы туралы Орынбордағы «Еңбекші қазақ» газетіне хабарлар жазып қоям. Жалғыз жүрсең жаның сая таппастай, ішін кезсең ішің пысып өлердей «көкектен басқа құсы жоқ, көкпектен басқа шөбі жоқ» (Асанқайғы), түйеге мініп алыс сапарға асықпай ирелеңдеп жол тартқан бірлі-жарымды адамнан басқа тұрғыны жоқ, шетсіз-шексіз бұл мидай далада біздің эшелон өте көңілді келе жатыр. Бұрын жүрмеген маған, бұл жолдағы көріністердің бәрі де қызық. Одан да қызығы — серіктерім. Бұлармен бұрын да талай жолығып, ғажап өнерлерін талай көргеніммен, дәл бұл жолғыдай дастарқандас, әңгімелес, сырлас болған емен. Осы жайды, құрметті оқушылар, сіздерге қысқаша айтып беруге лұқсат етіңіздер. Алдымен Әміре туралы. Онымен бірге жолаушылауды, мен «Әннің сапары» дер едім. Әміре Қашаубаевтың қазақ халқының ән өнерінде ерекше орын алатыны, дауысының әдемілігі мен биіктігінен, қазақ халқы түгіл Москваны да таң қалдырғаны, көркемөнердің терең білімпазы Луначарский оны «Қазақ даласының бұлбұлы» деп атауы, 1926 жылы Париж қаласында өткізілген Шығыс өнерпаздарының олимпиадасында ерекше көзге түсіп бәйге алғаны көпшілікке тарихи материалдардан мәлім. Әміренің бойына біткен әншілік өнерін толық сипаттауға жеке және қалың кітап керек болар еді. Ондай кітап жазу, музыкалық оқуым жоқ менің қолымнан келмес те еді. Сондықтан, вагон ішінде айтқан әндері өзіме қандай әсер етуін ғана, тілім жеткенше сипаттап беруге тырысам. Әміре ортадан сәл төменірек бойлы, ақ сарғылт өңді, дөңгелектеу жүзді, тапырақтау мұрынды, жалпақ ерінді, үлкен ауызды, қалқаңдау құлақты, жуан мойынды, қателеспесем, 1886 жылы туған болу керек. Жұрттың айтуынша, әкесі Қашаубай әлдебір болысты өлтіреді де, жазасынан қорқып Семей қаласына қашады. Әміре ол кезде ондардағы бала екен дейді. Қаладан пана тапқан Қашаубай уақ-түйек саудагерлікпен кәсіп етіпті-міс, жас және пысық Әмірені қаланың әлдене саудагеріне қолбалалыққа беріпті-міс. Саудагер Әмірені әуелі мата дүкенінде сатушылық қызметіне үйретіп, артынан әншілік, домбырашылық, сырнайшылдық өнеріне қызығады да, ойға, қырға жүргенде қасына атқосшы ғып ертіп әкетеді. Әміренің әншілігіне жүрген жерінің бәрі қызығып, ойын-тойына таласып шақырады. Біраздан кейін Әміренің атағы зорайып, маңайдағы қала-дала қолдан қолға түсірмейді. Абайдың өлуіне он жыл толуына байланысты, 1914 жылы Семей қаласындағы қазақ интеллигенциясы әдебиет кешін жасағанда Әміре ән айтып, жиынды таң қалдырады да, атағы көтеріледі. Сапарлас болғанға дейін, Әмірені мен тек сауық кештерінде ғана, залдың сахнасында ғана тыңдап жүруші едім. Ол кезде ұлттық театры жоқ қазақ тыңдаушылары Әміре қатынасқан кештерде одан басқаларды тыңдағысы келмей, оны сахнаға ең кемінде он шақты рет шақыратын еді. Кейбір кештерде жұрт Әмірені сахнадан босатпай, бірнеше рет көрінгеннен кейін сахнаға шыға қоймаса, сәкіні тепкілеп, қол шапалақтап отырып алатын, содан кейін амалсыз шығып, бүкіл кешті бір өзі ғана өткізетін. Әмірінің әндерін қазақ қана емес, басқа ұлттардың да адамдары аса зор бейілмен тыңдайтын. Міне сол Әмірем бірге, мен де жолаушылап келем. Кеңесіп, сырласып байқасам, онда әнінен басқа, айта қаларлық қасиет жоқ сияқты. Ең алдымен бала шағынан қалада өсе тұра, әрі орысша тілге өте шорқақ, әрі әліпті таяқ деп білмейтін сауатсыз. Жалпы білімін байқасам, әннен басқа дүниеден хабары өте аз сияқты. Кезегі келгенде айта кету қажет. 1926 жылы Әміре Парижға барғанда, революция жылдары сонда қашып барған алашордашыл Мұстафа Шоқаев мейманханасына іздеп барып жолығады. Саясаттан хабары жоқ Әміре дүниеде бұндай кісі барын білмейді екен, сондықтан Мұстафа Шоқаев өзін таныстырып:
— Мені естіген боларсың?—десе, Әміре шынын айтып:
— О, қалай?! — депті Мұстафа,— әлде мені атамайтын болғаны ма жұрттың?
— Сені атаған кісіні көрген жоқпын,— депті Әміре.
— О қалай болғаны?! — депті Мұстафа,— большевиктер мені ататпайтын болған ғой, тегі?
— Білгілікті кісі болсаң неге атамасын, ешкім білмейтін біреу шығарсың,— депті Әміре.
— Неге білмейді...— деп Мұстафа революцияға, Совет үкіметіне қарсы болған қылықтарын айта бастағанда:
— Әй, доғар, әрі қарай сөзіңді!—депті Әміре жекіріп,— Бет-аузын, құрт тескен жапырақтай боп (Мұстафа қалың бұжырлы, кескінсіз, арық, талдырмаш денелі қара кісі болса керек), ілбиіп елейін деп жүріп, өзің соқтыққыш біреу екенсің ғой. Не әкеңнің құны бар еді, әліңді білмей Совет үкіметімен жұлқысатын? Енді жұртта қалған күшіктей ұлы да жүр!..
— Ә-ә, солай болған екен ғой! — Мұстафа жылап шығып кетіпті.
Осы сөзді айтып келген Әміренің өзі. Соны тыңдап отырып, турасын айтатын Сәкеннің Әміреге:
— Апырай, сенен де бір ақылды сөз шыққан екен,— дегені бар.
Парижда жарты ай жатқан Әміренің есінде бұл ғажап қаланың ғажап сипаттарынан ештеңе де қалмаған. Бар есте тұтқаны — жалғыз Мұстафа Шоқаев. Өңге өнер-білімнен осынша мақұрым боп туған Әміреге, табиғаттың тамаша биік, тамаша таза, тамаша өрнекті дауысты өлшеусіз бере салуы—адам хайран қаларлық көрініс. Әміренің даусы осы поезд купесінің ішінде ерекше байқалды. Арқаның, оның ішінде Әміре әндерінің, басы, Абайдың тілімен айтқанда, «тым ащы», яғни биік айғаймен келеді. Әміре осы айғайға тар купенің ішінде шырқай жөнелгенде қасында отырған кісінің құлақ қоңырауы жарылып кете жаздап, шыдарлық халдан асып кеткен соң екі алақанын баса қояды. Бұл жоғары дауыстың созылғақтығы да ғажап. Оның дауысы үзбестен бірнеше рет жоғары көтеріп, бірнеше рет төмен түсіруге еркін жетеді. Сондай созылғақтығының, биіктігінің үстіне Әміре әндері ете назды, сәнді, құлаққа аса жұғымды болып отырады. Бұған дейін естіген әншілерімнен, мен Әміреге, тек, Сандыбайдың Ыбырайын ғана теңей алам. Бірақ Ыбырай мен көргенде қартайған адам болғандықтан, біраздан кейін дауысы бет тақтайы жарылған домбырадай дарылдаңқырайтын. Ал, Әміре «ертеден шапса кешке озған, ылдидан шапса төске озған» дегендей, ертеден қара кешке үздіксіз ән шырқаса да айнымай, әрбір әні әнді жаңа ғана бастағандай мүлтіксіз естіледі. Оның осы дауысына қызыққан басқа вагонның адамдары кезекпен шақырып әкеткісі келеді. Әміренің барғысы келгенмен Қажымұқан босатпайды.
— Төй, тис отыр!—дейді ол, арыстандай өкірген жуан даусымен, сүзіле, қаһарлана қарап қойып.— Қозғалма, орныңнан! Ән еститіндер осында келсін. Кәне, тіл алмай көр, сирағыңнан ұстап жерге соғайын!
Қорқа ма, сыйлай ма, Қажымұқанның бұйрығын Әміре екі етпейді. Біздің вагонның да, купенің де тамағы өте мол. Жолшыбайғы тоқтаған жерлерде халық алып шығатын дәмнің (көбінесе ет пен қымыз) бірталайы біздің вагонге кіргізіледі. Бұнда Қажымұқан сияқты атағы жер жарған палуанның, Әміре сияқты атағы жер жарған әншінің, Иса сияқты атақты ақынның келе жатқанын білетін біздің составтағы жүргіншілер, жолда тосқан дәмнің біразын осылай қарай жөнелтеді. Кейде Қажымұқан әңгіме айтып, кейде Иса жырлар жырлап, кейде Әміре ән шырқап... дегендей, ұйқы мен тамақтан басқа уақытта сауығы тынбайтын біздің вагонге басқа вагондағылар топырлай толып, көп уақытын осында өткізеді. Ұйықтаған шақтарда ғана болмаса біздің купенің де есіктері жабылмайды, сыймағандары анталай коридорда тұрады. Бұл арада Әміре Қашаубаевтың атына Александр Затаевичті қоса әңгімелемесек, кеңесіміз сыңар жақ қалған сияқтанар еді. Толық, биік денелі, ақ бурыл сақал, мұртты, жасы со кезде елуді орталаған Александр Затаевич менің көптен бергі жақын танысым. Интеллигент поляктың семьясында туған ол балалық шағынан музыкаға құмартып, осы жоғары дәрежелі білім алады да, әрі фортепьяно аталатын музыкалық құралда ғажап ойнағыш және ән шығарғыш болады. Сондықтан, революциядан бұрынғы Украинада әлдене генерал-губернатордың қарамағындағы музыканты боп тұрады. Революциядан кейін әлдене себептермен Қазақстан орталығы Орынборға келген ол қазақ музыкасына қатты қызығады да, жинаушысы, зерттеушісі және жариялаушысы болады. Жиырманшы жылдардың, басында Орынбордағы мекемелердің, қазақ мектептерінің бәрін тынымсыз аралап, ұлылы-кішілі қызметкер демей, мұғалім демей, оқушы демей әнге әуесі барлардың бәрімен кеңесіп, айтқан әндерін нотаға түсіріп жүргенін көзіміз көрді. Партиялық па, coветтік пе, басқа жүйедегі ме,— Орынборда қазақтардың басы құралатын жиналыс не маслихат болса, Затаевич соны төңіректеп шықпай, ән білетіндердің, күй білетіндердің барын алып болғанша тынбайтын. Мазасы кеткен кейбіреулер ұрысса да кек көрмей, кетіп қалудың орнына, талақша жабыса түсетін. Орынборда тапқандарының бәрін алып болған Затаевич, жаз айларында қазақтың кең даласын түгелге жақын шарлап, өз маңайында болмаса былайғы жұрт білмейтін талай әнші, домбырашыларды табатын, олардың да барын түгел нотаға түсіретін. Осындай ізденудің, табудың, жазып алудың арқасында, Затаевич 1924 жылы «Қазақтың мың әні» деген атпен Москвадағы «Музыка» баспасынан қалыңдығы табан қарыс кітап шығарып, барлық әнді де нотасымен қазақша сөзімен бастырған. Бұл аса бағалы жұмысының рахатын да көріп, Россияның және шет елдердің талай өнерпаздары «Мың әнді» де, оны жинап жариялаушыны да жоғары бағалады. Мәселен, француз жазушысы Ромэн Роллан Затаевичке жазған хатында: «Маған сіз Шығыстың бұрын білмейтін ғажап бір дүниесінің есігін ашып бердіңіз. Бұл қайран қаларлық ерлік және көркемдік» деген. Қала, даланы аралаған шақтарында Затаевич Әміремен де талай жолғасып, талай әндерін нотаға түсірген екен. Енді ол бір вагонның ішінде, бір купеде сапарлас боп, Әміренің әндерін көппен бірге құмарта тыңдап отырады да, кейбір әндер айтыла бастаған шақта пенсне киетін үлкен көгілдір көзі түлкі көрген бүркіттей шарасынан шығып кете жаздап, жастығының астында жатқан нотаның альбомын суырып ала сап, қарындашпен бетін шимайлай бастайды. Мәжіліс біткеннен кейін, Затаевич рахаттанған пішінде пенснесін қолына алады да, тыңдаушыларды шолып ап:
— Міне, саған, Әміре!.. Мен мұның барлық әнін сарқып алдым деп жүрсем, беті ашылмағандары да әлі көп екен. Мұның әндік репертуары сарқылмайтын бұлақ. Оны ішіп тауысуға болмайды екен...— деп бұрын естімеген, кәзір ғана жазып алған әндерін атайды. Осы бұлақтың балдай тәтті суын біз Орынбордан Ақмешітке жеткенге дейін ішіп тауыса алған жоқпыз. Бұл сапарды «Ән сапары» деп атаған себебім де сол. Әміренің тұстастарынан да, кейінгілерден де, даусының жоғарылығы, тазалық, өрнектілік жағынан оған таласатын қазақ әншісін мен өзім көрген жоқпын.
Бұл әңгіме аяқталу үшін, оқушылардың есіне тағы бір мәселені түсіре кетейін. Әміре 1934 жылы өлді. Затаевич 1936 жылы. Затаевичтің қабыры — Москвадағы «Новодевичье кладбище» аталатын орында. Қабырдың үстіне ақ мрамордан ескерткіш жасалып, төбесіне Затаевичтің мүсіні қойылған. Постаментте домбыра ұстап отырған тымақты қазақтың бейнесі. Бұл,— жалпы қазақ емес, дәл Әміре. Сондықтан, бұл Әміреге де ескерткіш. «Ән сапары» деген тақырыпты осымен аяқтап, енді «Жыр сапары» деген тақырыпта аздап әңгіме шертейік. Менімен сапарлас адамның біреуі ақын Иса Байзақов екендігі жоғарыда айтылды. Естуімше, ол 1900 жылы бұрынғы Павлодар оязының Баянауыл аталатын жерінде кедей семьяда туады да, жас күнінде әке-шешесінен жетім қап, революцияға дейін жалшылықпен күн кешеді. Осы шақтың өзінде де ол айтқанының бәрін ұйқастырып сөйлейтін, өлеңге суырып салма, бір естігенін екі айтқызбайтын зирек адам болады. Жұрт оны «таз ақын» атайды, себебі,— нашар жағдайдағы жалшы баланың басына қотыр шығады да, ешкім емдемеген соң асқынып кетеді. Осы сырқат оның басынан, тек совет тұсында ғана арылып, 1923 жылы Ташкент қаласында емдетті де, қотырдан жалтыр боп қалған басына үрпиген қалың шаш шықты. Исаны менің алғашқы көруім — 1922 жылдың жазында, Қызылжар (Петропавл) қаласында. «Сондай бір ақын келіпті» дегенге пәтеріне іздеп барсам: түр-тұлғасы жараған киіктей қағылез, бет-аузы бір-ақ уыстай кішкене, «тақия сыймас шекелім» дегендей шекесі жалпая біткен, лақ-текедей сыртына тебе біткен кішкене қара көзді, үші істіктеу, тұмсығы көтеріңкі біткен жіңішке мұрынды сүйір иек, жұқа ерін, жіңішке, ұзын мойнындағы жұтқыншағының үлкендігі кіші-гірім баланың жұдырығындай, көкпардың атындай ойнақы мінезді жігіт екен. Басында жасыл пайымен тыстаған, алдыңғы жағын түре киетін пұшпақ бөрік, үстінде жағасына қара барқыт салған түйе жүн шекпен, аяғында
Қазақы етік, костюмі қалаша.
Оны менен басқа да іздеп барғандар бар екен. Бәріміз өтініп (Иса «пәлдену» дегенді білмейтін) айтқызып көрсек, өлеңді ол аузымен ғана емес, бүкіл бет бейнесімен, басының, денесінің, шапшаң құбылмалы қимылымен еліре, құтырына, екпіндете, қысқасы жындана айтады екен. Өлең айтқанда өз денесінде дамыл жоқ ол қолына алған домбыраға да дамыл бермей, бет тақтайын тарсыл-тұрсыл шерте, ойнақшытып тербет, аспанға сермеп бұлғай, төбесінен айналдыра, белдемесіне басып теріс жағынан тарта, шым-шытырық түрде ойнайды екен. Араб әрпімен хат білетін Иса ол кезде өлеңді жазып емес, ауызша түрде шығарады екен. Сөйте тұра, «тақырып» дегеннің не екенін жақсы түсініп, бұрынғы ауыз ақынындай өлеңге бөгде сөзді араластырмай, барлық сөзін алған тақырыбына байланысты ғана құрастырады екен. Не тақырып туралы айт десең де Иса іркілмейді және ол тақырыпты әдемі өлең түрінде орындап береді. Тақырыпты өлеңге айналдыру үшін Исаға «қысқа» я «ұзақ» аталатын жанрдың бәрі бір. Ол мысалы —«көктем», «бақша», «жаңбыр», «бұлақ», «қыстың басталуы», «боран», «күннің шығуы я батуы» сияқты тақырыптарды (табиғаттық лириканы ол жақсы көріп, көп жырлайтын) оригиналдық әдемі өлеңге айналдырып берумен қатар, халық өмірінде болған күрделі бір оқиғаны, немесе халықтық бір ертегіні өз жанынан ұзақ жырға да айналдырып әкететін. Кейбір ұзақ тақырыпты әлденеше сағаттық уақытты аларлық өлең ғып жіберетін. Араққа ол ертерек үйір болған кісі екен. Өзі оның себебін былайша баяндайтын:
— Мен молдадан сабақ оқыған кісі емен. Арабша хатты өз бетіммен үйреніп кеттім. Содан кейін, сөзіне түсінетін түрікше кітаптардың әсіресе қазақша қиссалардың қолыма түскенінен оқымай қалдырғам жоқ.
— Патша түскеннен кейін,— деп жалғастырады Иса сөзін,— Семейде, қазақ тілінде шыққан «Сарыарқа» газеті мен «Абай» журналын да қуып жүріп тауып ап оқыдым.
— Сөйтіп жүргенімде,— дейді Иса.—«Алаштың» бір қуына кездестім де, ол мені жалшылықтан шығарып Семейге алып кетті. Онда «алашорда» есімді партия құрылып, «қазаққа қамқор боламыз» деп жүр екен. «Алаш азаматтары» аталатын оқыған қазақтар менің ақындық өнеріме қызықты да, қолдан қолға түсірмей, үйлеріне, жиналыстарына шақыратын болды, онда маған өлең шығарттырып тыңдайтын болды...
— Қандай тақырыпқа айттың?—деген сұрауға:
— Алаш тақырыбына болады да,— дейді Иса,— Совет дегеннің не екенін ол кезде мен біле ме екем? Алаштың өзінің не екенін біле ме екем?.. «Қазақ үкіметі» дейді, мақта дейді, мен мақтай берем. Ішкілікті де үйренуім сол кезде. Қонақ болса-ақ арақ болады және көп болады. Қонаққа жиі шақырылам. Өлеңге араластыра, «ал, кеп» ішеміз. Сөйтіп жүріп Исакең ішкілікке салынды да кетті...
— Сол қалпыммен,— дейді Иса жайнаңдап,— мен «Алаш ақыны» боп кетер ме ем, қайтер ем, егер Совет өкіметі орнамаса.
Совет келе, Исаның тақырыбы да советтік бола бастайды. Бірақ ол алаш тәрбиесінен де тез арыла алмай, жиырманшы жылдардың аяқ шеніне дейін, кейбір өлең, поэмасын Мағжан Жұмабаевтың стилінде құрып жүрді. Мінез жағынан, әсіресе ішіп алған шақта, Иса шәлкес, ұрыншақ, ұрысқақ, төбелескіш адам болатын. Бұл қылығын, көбінесе ұнатпайтын адамына істейтін. Тілі аса шәйпау, бейпіл ол күші келмейтін адамның жер-жебіріне сөзімен жетіп, анау қашып құтылмай маза көрмейтін. Ал, сыйлайтын адамының алдында «қыз мінезді» бола ғап, тат қылық көрсетпейтін, несие сөз айтпайтын. Мысалы: Иса Қызылжарға 1923 жылы бірінші рет келген шағында атақты ақын Ыбырай Сандыбаев сонда еді. Хасен Яруллин дейтін атпаз татардың екі этажды үйінің жоғарғы жағында бірнеше қазақ интеллигенциясы пәтерде тұрады. Осылар ақылдасады да, бірін біріне айтпастан Ыбырай мен Исаны қонаққа шақырып, екеуін қапыда айтыстырмақ болады. Осы мәжілісте мен де болдым. Исаның сыншылдық та мінезі болатын, көрген адамына, «сенің кескін, кейпіңе қарағанда, мінезің, қылығың мынадай екен ғой» деп баға бере қалатын, онысы кейде дұрыс та шығатын. Иса Ыбырайды бұрын естіген екен де, (Ыбырай жас кезінде Исаның ұстазы — Құдайберген ақынмен айтысқан, ол айтысты Иса жатқа білетін), бірақ көрмеген екен. Сөйте тұра ақсақалды Ыбыраймен Яруллин үйінде жолғасын сәлемдескенде:
— Апырай, — деді Иса, — иегі мен аузы сүйір біткен, қай шешен еді, мына шал?... Арыстандай жуан біткен мойны, — кең тыныстың белгісі ғой, әлде ұзаққа шабатын ақын
Болар ма?...
Ыбырай да Исаны көрмегенмен, «Керекуден (Павлодар) Қызызылжарға сондай жас ақын келіпті» дегенді естіген екен, сондықтан сөзден ұтылғысы келмегендей:
— Қолға алып үйірсең зырылдауықтай зымырайтын киіктің асығы сияқты, немесе бәйгеге жаратқан дөнен сияқты бұл жас жігіт кім еді?.. Әлде Иса ақын деген осы болар ма?..— деді.
Жұрт «осы арадан айтыс басталып кетер» деп дәмеленгенмен, мәжіліс айтыссыз тарады. Сонда таныса келе, «айтысыңдар!» деп өтінгендерге Исаның айтқаны: Айтысу деген,— не жеңу, не жеңілу деген сөз. Айтысқан соң адам жеңуге тырысады, сондықтан қолдан келген қаруын аянбайды. Оның аты — аяспау, яғни — сыйласпау деген сөз. Ал, Ыбекең жас жағынан әкемдей кісі. Оның ақындық, әншілдік, ән шығарғыштық талантына мен сырттан-ақ бас иіп келген кісімін. Жүзін бірінші рет көріп отырмын. Сондай кісімен айтысу әдепсіздік болады. Исаның бұл сөзіне риза боп, Ыбырай: «өркенің өссін, талабын, мен өнерің ілгерілей берсін» деп, құшақтап бауырына басты. Содан кейін, екеуі кезек-кезек өнер көрсетіп отырды. 1923 жылдың күзінде Иса Орынборға келді де, КИНО12 аталатын мектепке оқуға түсті. Ортадан жоғары аталатын бұл мектептің, араб әрпімен хат танудан артық білімі жоқ Исаны қалай қабылдағанын білмеймін. Бірақ Иса одан сабақ оқудың орнына наркомдардың я былайғы қазақ интеллигенттерінің үйінде қонақтап, немесе жиындарға барып өлең айтумен жүрді. Ақыры, дегбірсіз ол 1924 жылдың күзінде «басымды емдетем» деген сылтаумен Тәшкентке тартып отырды. Содан Орынборға 1925 жылдың көктемінде бір-ақ оралды. 1925 жылдың көктемінде бізбен сапарласқан жолында да, Иса ішкілігін бәсеңдеткен жоқ екен. Қажымұқан да, Иса да революция жылдары Семей қаласында біраз уақыт бірге тұрған деседі. Сол кезде сыр түйісіп, ашына-жай боп алуынан ба, әлде басқа себебі бар ма — Иса ішіп алған шақта Қажымұқанның тыймақ боп алая қарауына да, күрілдей сөйлеуіне де пысқыра қарап, мазасын алып бара жатса, төбелесе кетуден тайынбайды. Күш жағынан Иса Қажымұқанның шертуіне келмейтін адам ғой, сөйте тұра Иса жағасына жармасқан шақта, тышқаннан қорыққан пілдей Қажымұқан қол қатпастан: «ау, мынаны тоқтатсаңдарсы!» деп, күжілдеп бақыра бастайды. Кейбір құтырынған шағында Иса маяға қонған қораздай боп, Қажымұқанның үстіне мініп алады. Егер Қажымұқан сілкіп қалса Исаның күлпаршасы шығар еді. Ол өйтпей: «Әй, мынаны қойғызсаңдарсы!» деп бақыра береді. Қанша «мас болды» дегенмен, қанша «басынды» дегенмен, тегі, «ашуланса батырып жіберер» деп қорқа ма, немене — үстіне ойнақтағанмен, Иса Қажымұқанның жанына батарлық қимыл жасамайды. Исаның ішкен кезіндегі бір әдеті — өлсе ұйықтамау. Кейде қалғыған боп көзін жұмып, пысылдап демін мұрнынан алып отырады да, өзі туралы бірдеме айтсаң «ә, не деп отырсыңдар?» деп, қанталаған көзін кең аша, ұзын өсіп ұйпаланған дудар шашын үрпите, едірейіп түрегеледі. Қалғымаған шақтағы әдеті әлдекімге өшігіп байланысып алады да, жыланды аңдыған мысықтың көзіндей өткір, кішкене қара көзін айырмастан тесірейе қарап қояды. Анау адамның тұрып кетуден басқа амалы болмайды. Сөйтетін Иса ішкен жағдайда да, талай кездесе жүре, маған не тілі тиген, не қолы тиген адам емес. Өрескел қылығына талай рет ренжи тұра, жырға сарқылмас бұлақтай ағатын Исаны мен де өмір бойы сыйлап жүрдім. Бірге сапарлас болған жолы Иса жанынан шығарған суырып салма тамаша өлең, жырларымен, даусы әдемі болмағанмен екпіндей, аса қызғылықты орындайтын әндерімен, вагондас, купелестің ғана емес, сол составтағы талайлардың құлақ құрышын. есінен кетпейтін дәрежеде қандырды. Ол өмір бойы, ақындықтың осындай екпінді қарқынынан үдемесе төмендеген жоқ. Иса 1946 жылдың жазында қайтыс болды. Ол 1920 жылы, Шарбану есімді ауыл қызына үйленген екен. Бұл — оқуы болмағанмен, артистік таланты бар, ақылды, әдепті, сыпайы адам болатын. Қазақ драма театрында ол бірталай рольдерді жап-жақсы ойнады. Исамен екеуі бір-бірін сыйлайтын еді. Өзгеге тентек Иса оған жуас еді, сондықтан үй-ішінде күтімді де болды. Шарбану 1930 жылы өлді. Содан кейін Иса өкпе туберкулезіне шалдықты. Оны ақыры, осы ауру әкетті. Артында: Мәкен дейтін қызы, Ертіс дейтін ұлы қалды. Қызы —актриса, ұлы — педагог. Қажымұқанмен бірге болуды мен «Күш сапары» деп атар едім. Оның өмірі және балуандық әрекеттері туралы замандас жазушыларымның бірі — Қалмақан Әбдіқадыровтың «Қажымұқан» деген ат қойып, басып шығарған кітабы бар. Бұл — жұрттың ең қызығып оқитын кітаптарының біреуі. Сондықтан мен бұл шығармада Қалмақан баяндаған жайларды қайталамаймын. Менің баяндайтыным оның менімен сапарлас болған шақта көрсеткен мінез, қылықтары. Өйтудің алдында егер Қажымұқанды
Алған қалай көруімді баяндай кетсем, артықшылығы болмас деймін. 1918 жылдың аяғы. Үскірік қыс. Мен Омбы қаласында бір жағынан жұмыс істеп, бір жағынан сабақ оқып жүрмін. Омбыда менің жерлесім — Қази Торсанов тұрады. Ол — Омбыдағы облыстық алашорда комитетінде милиция начальнигі. Саяси сауатым ол кезде оянбаған мен жерлес Қазидың пәтеріне көп барамын.
Бір барсам, үйінде қонақтар отыр. Солардың ішінде, Қазидың қасында, көп жылқы ішіндегі нар түйедей біреу отыр. Басы, беті, мұрны, аузы, құлағы, қол-аяғы... дегендей, бар мүшесі де зор денесіне сәйкес мол-мол біткен. Тек көзі ғана бет бейнесіне кішірек сияқты. Қази да ортадан биік, толық денелі жігіт болатын. Ананың қасында бұл да, атан түйе қасындағы тайлақтай. Хозяйка — Кәмилә маған туыстау да. Содан:
— Мынау дәу кім?— десем:
— Қажымұқан,— дейді.
Оның атын бұған дейін де естігем. Жүзбе-жүз көруім осы. Мен ол кезде санатқа қосылмаған елеусіз бала жігітпін. Киім-кешегім де жөнеу, сондықтан Қажымұқанның сөзін босаға жақта, стол маңын төңіректеп ас ішкен, даурыға, қызына сөйлескен көпшіліктен бөлек отырып тыңдаймын. Өз сөзінде ол маған мақтаншақ адам сияқтанады, өйткені «осы жасында 56 мемлекетте болып, 56 рет «дүние жүзінің чемпионы» атағын алған, осы атқа белгі — кеудесіне 56 медаль таққан». Дәл саны есімде жоқ, бірақ медалы көп екенін және әр елдікі екенін, кейін өзім де көрдім. Цирк бастықтары зорлап «жығыл» дегенде болмаса, бұны жыққан балуан дүниеде жоқ. Дүниежүзінің ең атақты балуандары үш жылда бір рет Гамбург қаласында жиналып, шын күрескенде бұл бәрін де жеңген. Шұнақ боп қалған құлақтары сонда жыртылып, жалпақ еріндегі тыртықтар сонда пайда болған. Мәжілістегі біреу отырып:
— Шынымен, дүниеде сенен мықты жан болмағаны ма?— десе:
— Бір қыз болды,— дейді Қажымұқан,— Канада қызы. Жігіттік дер кезімде кездестім. «Күшті қыз» деп естіген соң: «әуелі ауырлық көтерісіп сынайын» деп, әрқайсысын он бұттан — жиырма бұт кірді аспанға кезек-кезек лақтырып қаршып тұрдым. Қыз менен кейін, он бес бұттан отыз бұт кірді қаршыды. Содан кейін «бұның күші менен артық екен» деп жорыдым да, «қазақ әйелмен күресуді намыс көреді» дегенді сылтау ғып, күреске түспедім.
Қажымұқанның шынында да орасан мықты екенін, кешікпей Омбы циркінде көрдім: темір жол рельсін түрегеп тұрған қалпында иығына теңдей артып, екі басына он-оннан жиырма кісі мінгізгенде, рельстің екі жағы да майысып, иілген бастары жерге тиеді; жуандығы білектей жұмыр темірді беліне орап, қайта жазды; ауырлығы он бұттық темір сапты балғамен, жиырма бұттық диірмен тасын соққанда (сахнаға өзі көтеріп әкеп), тастың күл-паршасын шығарды; шалқасынан жатып, тесіне жалпақ қалың тақтайды көпір ғып төседі де, екі қолымен екі тізесін тірек қып, «көпір» арқылы бар атқа жегілген, жүгі мол («әрқайсысында 100 бұттан» деседі) екі-үш арба өткізді; сол күні күрескен цирк балуандарының бәрін жықты. Олардың ішінде нелер алыптар бар деседі. Одан кейін де Қажымұқан талай рет ғажап күштер көрсетуіне куә болған мен кейде тілдесіп те жүргенмен, дәл мына Ақмешіт сапарындай әкей-үкей боп сырын ала қойған жоқ ем. Енді Орынбордан поезымыз жылжи салысымен маңына үйірілдім де, аз уақытта әмпей боп кеттім. Ол кезде мен арақ дегенге үйір емеспін де, қыстаса ғана азғантай татып, әйтпесе ішпейтінмін де. Өзі ішетін бола тұра Қажымұқан бұнымды ұнатты. Оның үстіне көркем әдебиет дегеннен хабары аз ол жазушы дегеннің кім екенін ептеп аңғарады екен. Мені сондай жастың бірі деп естіген ол «мені де кәзетке заз!» дейді де, көбінесе қасында ұстауға тырысады. Кейде ол оңаша шүйіркелесіп те қалады. Сондай жағдайда, мені жассынбай сырласа да қояды. Сонда білсем: әкесі Мұңайтбастың бар өмірі қазақ байларында жалшылықта өткен екен, өзі де бала күнінен жалшылыққа тұрған екен, ересек бола кесіп іздеп Қызылжарға кеп бір бай татарға жалданыпты. Сол бай бір күні Есіл өзенінің алқабында үйілген маядан, бричкаға жеккен пар атпен шөп әкел деп жіберсе, қайтарында ауыр жүкті бричка сазға батады да, аттар сүйреп шығара алмайды. Соған ызаланған Қажымұқан аттың біреуін ағашпен басқа соғам деп өлтіріп алады. Содан кейін не істерге білмеген ол «тәуекел» дейді де, өлген атты көтеріп шеп үстіне салып, орнына өзі жегіліп саздан шығарған бричканы қожасының қорасына алып келеді. Қожа ұрсу орнына хайран ғап, үкімет орнына «осындай алып адам бар» деп мәлімдейді, үкімет Қажымұқанды цирктің оқуына жіберіп, содан цирк балуаны болады да кетеді. Оқуға кеткенде ол он сегіз жаста болады. Бұнысына документі бар. Менімен сапарлас болған шақта Қажымұқан қырықты толық орталаған адам. Өзінің айтуынша, қырық жасқа жеткенге дейін денесіне май бітпей, түйін-түйін бұлшық еттері тастай қатты екен.
— Қырықтан асқан соң,— дейді ол,— шарлана бастадым. Одан кейін денем жуандағанмен, салмағым кеміді.
— Кәзір қанша тартасыз?—деп сұрайды әңгімелескендер.
— Айтуға да тұрмайды,— дейді Қажымұқан.
— Дегенмен?
— «Зеңілденіп қалдым» деп отырған зоқпын ба?— дейді Қажымұқан жекіп.
— Сонда да?..
— Кәзір екі жүз он төрт-ақ килограмм тартам,— дейді Қажымұқан мұңайғандай.
— Аз деп ойлайсыз ба оны?!
— Қайратымның толық, денемнің қатты кезінде екі жүз жиырма килограмм тартқан кезім болған еді.
Сөзге доғалдау, бірақ әңгімесі қызғылықты Қажымұқан сөз арасында «мынау пәлен жерде, мынау түген жерде түскенім еді» деп, қалтасына пачкалап салған, толып жатқан фотокарточкалар көрсетеді. Оларының да көпшілігі қызғылықты. Оқушыларға біреуін ғана баяндап берейік. Аяғына қазақы етік, үстіне мол қазақы күпі, басына қазақы үлкен сеңсең тымақ киген, сақал-мұрты қаудиып өскен, былай да биік, жуан денесі, әлгі киімдерден тіпті жуан көрініп, шөптің биік үйген шошағы сияқтанған Қажымұқан үш қасқырды он, қолымен, үшеуін сол қолымен желкелерінен қапсыра ұстап, басынан асыра жоғары көтеpіп тұр!.. Сібірдің үлкендігі тайдай қасқырлары!.. Биік бойлы Қажымұқан бастарын жоғары көтергенмен, қасқырлардың құйрығы жерге шұбалады!..
— Бұл қайдағы қасқырлар?— деп таңдана сұрай қояды фотоны көрушілер.
— Тыңдаңдар, айтайын,— дейді Қажымұқан.
— Ал, тыңдалық,— деп қоршағандар тын бола қалысады.
Айтпақшы, оқушыларға ескерте кетпей, ұмытып барады екеміз,— Қажымұқан да ішетін адамның біреуі. Бірақ оның нормасы да, салты да Исадан басқа. «Ең, көп ішті» дегенде, Исаның жетер мөлшері жарты-ақ литр. Одан әрі басына ие бола алмай қалады. Ал, Қажымұқан таңертең — бір, түсте — бір, кешке — бір рет қана ішу керек, одан артықтың керегі жоқ» деп, күнделік үш астын, алдында ғана болмаса, басқа уақытта арақты аузына алмайды. Ол осы үш кездің әрқайсысында өндіре тартады. Әрбір ішуде оның дағдылы нормасы — бір ширек, яғни — үш литр. «Қызба-қыз» боп кететін шақта ғана болмаса, одан артық ішпейді. Ондай шақ кездессе ширектің екеуін қотарып кетеді. Арақты ол рюмке түгіл стақанмен де ішпейді. Оның ыдысы — литрлік кесе, немесе — сол мөлшердегі басқа ыдыс. Одан бұрын да, ол жолы да, одан кейін де арақты осылай ішуін көре жүре мен ешуақытта Қажымұқанның мас болуы түгіл, тілі күрмелуін де кездестірген емеспін. Оның мас болған белгісі — сөзшеңденіп кетуі ғана. Жайшылықта сөзге доғал ол, көбірек ішсе шешенденіп алады да, өзі ғана сөйлеп, басқаны үндетпей қояды. Әдетте ақылды сөзді аз айтатын ол осындай шағында ғана жүйелі, есті әңгімелерді баяндап кетеді. Мастығының және бір белгісі — бетінен тер құйылады да отырады, әңгімесі аяқталғанша ұзындығы сала құлаш орамалды малшындырып болады. Етті қанша жеуін төменде көресіздер. Біздің бұл сапарымызда ет пен қымыздың да мол екенін оқушыларға жоғарыда ескерттік. Қажымұқан қымызды да ішкіш, етті де жегіш. Біреулердін, арақ ішсе қымыз іше алмайтын, қымыз ішсе арақ іше алмайтын әдеті болады ғой. Қажымұқан оның екеуін де араластыра соғады. Қымызға «түп жоқ» десең сыярлық,— үлкен аяқпен таңертеңнен кешке шейін сіміруден жалықпайды. Етке де мешкей — бағланның, етін жеп қою оған түк те емес. Әсіресе майды сұмдық көп жейді. Және ол басқа жегіштердей майды шайнаусыз қылғымайды, тұз шайнаған түйедей, аузын көпірте, малжаңдайды да отырады. Қозының кіші-гірім тегенедей құйрығын мыти үзіп, ол екі-үш ретте асап бітіреді. Бұл жесіне өз жүрегі айнымағанмен, қарап отырғандардың жүрегі айнып, талайлар Қажымұқан етін жеп болғанша купеден шығып кетеді. Ішіп-жем жайын бұл арада сөз ғып отырған себебіміз — Қажымұқан мешкейлігінің үстіне тамақсау адам. Қарны олқы түссе ол әңгімеге де топастанады, айтқан кеңесінің қызығы да болмай қалады. Сондай жайын білетіндер — оны тойғызып алып сөйлетеді. Бұл жайын тыңдаушылар біле қоймаса. «Ау әуелі аздап қаузалып алайық та!» деп өзі ескертіп қояды. Жолшыбай, станция сайын ағылып кеп жатқан мол қымыз бен етті оның осы жайын білген жұрт купесіне апарып, сусындатып, тойдырып алғаннан кейін, әңгіме соқтырады. Әлдекім күн бұрын хабарланып қоя ма, немене, арақ та жолшыбай мол келіп жатады. Қажымұқан қасқыр жайын әңгімелеуден бұрын, сөзді әрірек бастап:
— Қалшақ қашқан, қызыл келген жылдың қысы еді,— дейді, — заман ауқымын еркін түсіне алмай, түсініп болғанша жата тұрайын деп, Кереку (Павлодар) оязындағы Қыпшақ ағайындарымның ауылдарына бардым да жаттым. Аздан кейін ашыға бастадым. Мен ғана емес, шаруасы шағындардың бәрі де тарықты, оған себеп:— өткен жылғы жаздың тақыр болуы, сондықтан малдың қыста жұтай бастауы, ерсілі-қарсылы жүріп соғысқан ақтар мен қызылдардың егінді ордырмай жапырып кетуі. Қазақтың «ағайын бар болсаң көре алмайды, жоқ болсаң бере алмайды» деген мақалы бар емес пе? Жұтаған, азықсыз ел мені де ұзақ асырай алмады... Сөйтіп, жүдей бастаған шағымда, «Словгород қаласына цирк келіпті-міс» деген хабар естідім. Соған кеткім кеп ауқаттылау бір момын адамнан ат пен шана сұрап алдым да, әйелімді қасыма ертіп аттандым. Былай шыға байқаймын: аттың қатынды ғана сүйрейтін шамасы бар. Мен де мінсем ұзаққа жүрер түрі жоқ. «Жазған құлда шаршау жоқ» дегендей, қорап салған шанада қатынды ғана қалдырдым да, өзім атты жетелеп жаяу жүрдім.
— Қыстың іші — қырау, — деді Қажымұқан аз кідіріп, жасаураған көзі мен көбіктенген езуін сүртіп ап.— Қыстай боранның көп болуынан ба, әлде жолаушының аздығынан ба, ауыл арасының күртік басқан нашар жолынан адамның, да, аттың да аяқ басуы қиын. Бірақ баспағанда амал жоқ, «жол алыс деп кетпеймісің» дегендей, Словгородқа жетпеуге амал жоқ. Сондықтан өзім де қинала тұра, жетектеген атым болдырыңқыраған шақта алдына шөп тастап, азырақ шалдырып алам да, ілгері қарай жылжи берем...
— Апырай, қиын болған екені— деп қояды тыңдаушылар.
— Ұзын сөздің қысқасын айтайын,— деді Қажымұқан,— бірнеше күннен кейін Керекуден әрі асып, сібірлік орманға кірдік. Қонып, түстеніп... дегендей, баптанып жүретін уақытымыз бар ма? Ат шалып, тыныс алса болды, күн демей, түн демей ілгері сырғи береміз... Бір күні түнде, ұзақ жол бізді қалың орманның ішіне әкеп кіргізді. Ай жарық, үскірік аяз... Әлден уақытта атым осқырынып тоқтай қалды. «Бұл не?!» деп қарай қалған шақта төңірегім ұйтқыған боран боп кетті!.. Боран ішінде от сияқтанған әлденелер жылтылдайды!.. «Апыр-ау, не болды?!» дегендей төңірекке барлай қарасам, бізді қалың қасқыр қамап, артқы аяқтарымен қар шашып жатыр екен... От — солардың көздері.
— Мөлшері қанша екен?—деген біреуге:
— Көгендеп қойған қой ма, біріндеп санайтын?—деді.
Қажымұқан жекіп.— Қайдан білем қанша екенін? Әйтеуір, көп!..
— Бұл тегі, қасқырдың ылығатын кезі екен ғой,— десті біреулер,— ондай кезде арлан қасқырлардың қаншық соңына топталып еретіні рас. Жалғыз кездескен адамды сондай шақта қамап, қаруы сай, аты мықты болмаса жеп те қояды.
— Сонымен, не болды?—деседі біреулер Қажымұқанға.
— Болғаны сол,— деп жауап береді Қажымұқан,— мен өзім осы күшіме, осы денеме қарамай қорқақ кісімін, сонда өңгеден емес, жыртқыш аңнан қорқам. Әсіресе — қасқырдан. Қасқырлар жаңағыдай қаптап кеткеннен кейін, жетектеп келе жатқан атты тастай беріп, әйелім отырған тоқыма тал қорабтың ішіне қалай кеп жата қалғанымды өзім де білмеймін... Сол кезде қамаған қасқырлар атымды жаңғыртып жарып жатқанын құлағым естиді, бірақ тұруға дәрменім жоқ — тұлабойым безгек болған кісідей қалшылдап барады. Үстін баса жығылған әйелім «тұншықтым» деп тыпырлайды, оны да тыңдар шама жоқ...
— Қап, мына кісіні-ай!— дейді әркімдер ыз". болғандай.— Тұра сап қайрат қылса ғой, қасқырлардың бірнешеуін соғып алады!..
— Өзім де сөйттім,— деді Қажымұқан.
— Қалай?!—дейді жұрт шу ете ғап,— енді соны айтшы.
Айтса, қасқырлар атты жеп болды ма, болмады ма, білмеймін, оны місе тұтпағандай, кейбіреуі үстіме шығын, сыртқы күпімді дарылдатып айыра бастады. Сол кезде, жан ұшырғандай, қораптан атып түрекелгенімде басыма қарай екі қасқыр шапши берді. Жанталасып қайрат қылам дегенде екеуінің де қолыма желкесі ілігіпті. Сол кезде екеуін де қатты сүзістіріп қаппын... Тағы екі қасқыр жармаса бергенде, мыналарды лақтырып жіберіп, оларды да сүзістірдім... Сол кезде менің қайратымнан шошынғандай болған қасқырлар бытырап қаша жөнелгенде, енді еркінсіп ап ұмтыла беріп ем, қолыма біреуінің сирағы, біреуінің құйрығы ілегіп қапты...
— Болды қызық!—дейді тыңдаушылар ду ете ғап.— Иә, сонымен!..
— Екеуін де үйіріп-үйіріп шанаға соқтым...
— Міне, ер!— деп жіберді сүйсінген біреулер.
— Сонымен, қысқасы, жаңағы алты қасқырды да өлтіріп қаппын, өзгелері қашып құтылды.
— Алты қасқыр аз емес,— деседі жұрт.
— Сонымен,— дейді Қажымұқан,— өлген қасқырларды шанаға салып, қатыным мен бәрін Словгородқа жаяу сүйреп апардым.
— Бәрекелді,— деседі жұрт қол шапалақтап жіберіп.
— Словгородта цирк бары рас екен,— дейді Қажымұқан,— бастығы және көп адамы танысым екен. Олар мені құшақ жая қарсы алды да, әуелі біраз тойындырып, содан кейін қызметке қосты. Соққан қасқырларыммен суретке сонда түстім...
Әрине, әлемге әйгілі күш құдіретіне қарағанда Қажымұқанға алты қасқыр түк те емес. Бірақ мен, бұл айтқанына нанарға да, нанбасқа да білмей аң-таң болдым...
«АЛАШ» ТУЫНЫҢ ЖЫРТЫЛУЫ
Әміре сияқты әншіге, Иса сияқты ақынға, Қажымұқан сияқты балуанға серік болғандықтан Орынбор мен Ақмешіттің арасындағы көзді талдыратын шетсіз-шексіз шөл даладан, бұйра құмдардан қалай өтіп, Ақмешітке қалай таянғанымызды аңғармай да қалыппыз. Біз келе жатқан состав әлдене разъезге тоқтай қалу себебін проводниктен сұрасақ (бұған дейін разъездерге тоқтамай келе жатқамыз):
— Бұйрық солай, — дейді ол.
— Не үшін берілген, ондай бұйрық?
— Білмеймін. Менің білетінім,— Ақмешітке дейін бұдан басқа разъезд де, станция да жоқ.
— Қанша жер, сонда Ақмешіт?
— Он километр.
— Сен барып білсейсі, неге тоқтағанын,— деді Қажымұқан.
Ол айтпай-ақ білгім келіп тұрған адам, вагоннан түсіп қарасам, составтың орта тұсындағы «үкімет вагоны» аталатын екі вагоннан да адам жерге көбірек түсіп жатыр екен, өзге вагондардан там-тұмдап қана. Бергі «үкімет вагонында» обкомның бірінші секретары — Ненайшвили мен ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі—Сұлтанбек Қожанов келе жатқан. Сұлтанбекпен Орынборда, бірге жатқан мейманханада танысып, бірнеше жолғасқаным бар. Өйтуге өзі себепкер боп, танысқаннан кейінгі бір сәтте:
— Тәбит13 тен біддің14 номерге неге келмей жүрдің? Келтейті, кеңетейік, — деген. Іштей ұнатпайтын адамыма жалпақтай қоймайтын салтыма бағып, ат-өтті тілмен:
— Емтихан уақыты, сабақты пысықтаудан қолым тимей жүр,— дегем.
— Тонна да,— деген Сұлтанбек, қызметінің салмағын сала айтуын аңғартқан дауыспен.
Сұлтанбекті «өзімшіл, кекшіл, шамасы келсе қырына алған адамды оңдырмайды, қузаған адамының қыр соңынан қалмайды, құртпай тынбайды» деп естігем. Сондықтан «батырға да жан керек» дегендей, «барсам барайын,— деген ой келген маған,— сөйлесейін, өзінің әуеніне қарай кеңесейін, аржағын көре жатармын». Обкомдағы кабинетіне барған мені Сұлтанбек жылы шыраймен қарсы алып, шүйіркелесе, теңдесе сөйлесті. Оның да өлең жазатынын сонда ғана білдім. Ташкентте қазақ тілінде шығатын «Ақжол» газеті мен «Шолпан» журналындағы — «Тоқпақ» және «Замандас» соның псевдонимі екен. Бірінші рет сөйлесуім демей ол біраз пікірін ашық айтып салды. Саясат жайын, қазақтың тұтас республикасы құрылу жайын, оның өткені, кәзіргісі, болашағы жайын айта кеп, менің баспасөзде жариялаған шығармаларыма (ол жалпы әдебиетті, оның ішінде қазақ баспасын көп оқитын адам екен) бағасын бере кеп былай деді (бұдан былай оны оқушыға түсініксіз тілімен сөйлетпей-ақ қоялық):
— Сен, Сәбит шырағым,—деді жасы үлкен аталық ақылы сияқты дауыспен,— «пролетариат жазушысы болам» дегенді қойсайшы? Сәкен ғой осы жоқ нәрсені бар қылам деп жүрген. Ең алдымен, сол Сәкеннің өзі бола алмайды ғой пролетариат жазушысы. Қайдан болады ол? Бай ұлы болсаң— Адай бол, Арғын болсаң — Алтай бол» демей ме қазақ? Сол Алтайдың ішінде, Сәкен ең ірі атаның бірі — Жәнібекке жататын көрінеді. Әкесі—Сейфолла серілік құрғаннан басқаны білмеген. Сәкен соның мырза баласы боп өскен. Революцияға араласуы,— әлдеқалай бір нәрсе. Мырзадан революционер шыққан емес...
Іштей толып жатқан таласым бола тұра, «бетін түгел көрім алайын» деген оймен, Сұлтанбекке қарсы жауап айтқан жоқпын. Менің өз жайыма келгенде, астыма көпшік қоя сөйлеп:
— Сен, әрине, талапты жастың бірісің. Биографияңнан да хабарым бар. Сенін, әдебиетте де кедейшіл болмауға праваң жоқ. Өлеңдеріңнің көркемдігі жетіп болмағанмен, мазмұн жағынан өз бағытыңда жаман шықпайды. Көркемдік жағынан өсуге уақытын, бар,— әлі жассың. Қызыл езулікті қою керек те, шеберлену жағына күш салу керек. Бұл саған шын ағалық, адамдық жүректен айтып отырған сөзім,— деді.
— Сенем,— дедім мен, әлі де сөз таластырғым келмей.
Менің сыр шеше сөйлескім келмеуін аңғарғандай, Сұлтанбек ақыл айтуым одан әрі созбады да, күтпеген жерден Ненайшвилиді жамандай бастады.
— Барып тұрған набитый дурак, —республиканың алда тұрған міндеттерін маған қысқаша таныстыра келіп,— грузин дегендер салмақты, сабырлы келер болар еді, мынау бір — жыртық шелектей жырқылдап төгілген күлегеш біреу. Сөзінде де береке жоқ өзінің. Аузына не келсе соны оттайды. Кеше айтқанын бүгін ұмытып қалады.
Сұлтанбектің бұл сөзінен шығарған қорытыным: «Ненайшвилиді кетірем де, орнына өзім болам». Одан аңғартайын дегені — деп жорыдым ішімнен —«кім екенімді танып қой» деуі ғой, «менен ығысып жүр» дегені ғой, «әйтпесе — оңдырмаймын» деуі ғой. Мен іштей түйілген, сырттай салқын қандыланған қалпымды өзгертпедім. Енді де өзгермеуіме көзі жеткендей, «мынау бір беріспейтін қыңыр ғой» деп жорығандай, Сұлтанбек алғашқы жылы ажарын суытыңқырады да:
— Ал, Сәбит, сонымен бұл жолығысуды доғарамыз да.
— Ықтиярыңыз,— дедім мен.
— Танысуға шақырған едім де,— деді Сұлтанбек салқын дауыспен, қолын ұсынып,— келіп жүр, қолын, тигенде.
— Мақұл.
Содан кейін Сұлтанбек Қожановпен кездесуім — Орынбордан Ақмешітке жөнеп бара жатқан поездың үстінде. Оған да себеп — Сұлтанбек Қожановтың өзі болды. Ол мейлінше көпшіл адам болатын. Естуімізше, «үлкен қызметкермін» демей, бұрын да базарларға, мектептерге, студенттердің жатақ үйлеріне... дегендей, көпшілік жүретін жерлерде жиі араласады дейтін. Ол сөздің анығын Орынборда көрдік. «Қожанов онда барыпты, мұнда барыпты, олай депті, булай депті...» деген хабар күн сайын естіліп жатты. Бір күні біздің рабфактың жатақханасына келіп (мен жоқ едім), бөлмелерді аралап, студенттермен кеңесіп, қалжыңдасып, асханаға барып тамақ ішіп кетіпті. Бұнысын біреулер «көпшілдігі» десе, енді біреулер «көсем болуға даярланып жүруі, көптің ықласын әзіне тартуы» деседі. Сұлтанбек осы көпшілдігін бір күні поезд ішінде де көрсетіп, состав жүйтки айдап келе жатқан шақта біздің вагонға да кіріп келді. Оның келгенін қаттырақ сөйлегендегі акцентінен аңғардық.
— Әлгі қазақтың атақты балуаны, атақты әншісі, атақты ақыны қай купелерде? — деп айғайлай кірді. Коридорға жүгіре шықсам, бері беттеп келеді екен.
— Ә-ә, Тәбит, сен де осында ма едің? — деді ол қолын ұсынып.— Қажымұқан қай купеде?
— Анада,— дедім мен қолыммен нұсқап.
— Иса мен Әміре ше?
— Бұнда!..
— Бәріңді қонаққа шақыра келдім,— деді ол, Қажымұқанның купесіне жиналған Иса, Әміре, Қажымұқанның әрқайсысын саусағымен нұсқап,— Тәбит, сені де!.. Кәне, кәзір жүріңдер!
Өзгеміз барайық дегенмен, Қажымұқан: «Алла сақтасын!.. поезд айдап келе жатқанда вагон арасынан қалай өтем?.. Және бір емес, бірнеше вагон арасынан?.. Құлап өлер жайым жоқ,— деп көнбеді. Ақыры, бір станцияға тоқтағанда ғана Қожановтың салон-вагонына ба; ып, бірнеше сағат әдемі мәжіліс жасап қайттық. Сонда көрсем, Сұлтанбек шынында да адамшылық қасиеттері мол, ойыншы күлкіші, әзілқой, кеңесқор, әдебиет пен көркемөнерді сүйетін кісі екен. Содан кейін жолғасуым,— поезд Ақмешітке таяу разъезге тоқтаған шақта. Неге тоқтауын білгім кеп, жұрт жиналған «үкімет вагондарының» қасына барсам, қызық оқиға болғалы жатыр екен: қайдан және қашаннан келе жатқан салт екенін білмеймін (менімше, ондай салт бұрын да, кейін де болған емес), паровоз алдына рельстен жүретін аласа темір вагонетке тіркеліпті де, Кир ЦИК председателі — Сейтқали Меңдешев пен секретары — Аралбаев соған мініп, состав Ақмешітке дейін ақырын ғана жылжып баратын бопты. Оларды вагонеткаға Қожанов және республика наркомдары апарып мінгізді. Сонда мені көрген Сұлтанбек.
— Тәбит, сен де мін! — деді маған.
— Неге, Сұлтеке?
— Сен газетшік емеспісің? Ақын емеспісің және де? Мін, қызық болады.
Онысы рас екен. Поезд ақырын жылжи бастады. Оның жүрісіне жаяу кісі де ілесетін. Жолдын, екі жағынан да ойдым-ойдым қамысты саздар кездесіп отырады екен, әйтпесе жол бойы анталаған қалың адам составты бөгеп, жүргізбей де қоятын. Жылжыған составқа жаяуы да, көліктісі де (аттылы, түйелі, егізді, есекті...) ілесе алатын болған соң сазсыз жерге лап қойып алдымызды қоршап алады да, паровоз үздіксіз және қатты бақырған соң, әрең сырғып жол береді. Олар составты жәй қоршамай, у-шу, азан-қазан дауыспен қоршап, құлақты тұндырып жібереді. Оған паровоздың үздіксіз өкіруі қосылғанда естен танғандай боласың. Қазақта «адам үш күннен кейін көрге де үйренеді» деген мақал бар. Сол айтқандай, мен ілезде шуға да үйрендім. Маған шуласа қарсы алған халық та қызық. Бірақ олар, сюжетсіз нашар кино-картинада көз алдыңнан тез өтіп, көңілде сақтап үлгермейтін объектілер сияқты мидан берік орын ала алмайды. Өлгенше естен кетпестей әсер қалдырып к еле жатқандар,— қасымдағы Меңдешев пен Аралбаев. Сейтқали Меңдешевті жасы кішілер Сейдақан, дейтіні жоғарыда айтылды. Жасында орыс мектебінен оқып, революцияға дейін ауыл арасында учительдік құрған ол табиғатында мінезінің биязылығына қосымша, барлық адаммен де шәкіртіндей жұмсақ сөйлесетін. Сырты момақан болғанмен, іші бай да, ескі өмірді де, жаңа өмірді де жақсы білетін адам да. Бір көрмеге тұйық сияқтанғанмен, сөйлесе кетсең шүйіркелесе, сырласа қалатын да әдеті болатын. Ол қазақ ұлтшылдарымен өткізілген шешуші күрестің қалын, ортасында болып, талай айтыс-тартысқа да түскен кісі. Сонда да ол жұмсақ, ақырын даусын өзгертпейтін, сөйте тұра сөзге алғыр адам да. Принципті мәселеде ол ымыраға келмей, өз позициясында қатып қалатын. Ол адал коммунист, коммунистік мағынасындағы интернационалист болатын. Өтірікті, өсек-аяңды білмейтін, түсінгенін тура айтатын. «Соғыс коммунизмі» аталатын ауыр жылдарда ұдайымен бес жыл Қазақстан Атқару Комитетінің председателі болған ол республиканы қиындықтан алып шығуда, экономикасын, мәдениетін көтеруде көп еңбек сіңірген. Сондықтан да советтік адамдар оны жасы егде болғандықтан ғана Сейдақан, демей, бұл сөзді оған құрмет есебінде де қолданатын. Табақтас болын көрмегенмен, мен өзім ол кісіні іштей жақсы көретінмін. Тұйықтық мінезінен бе, үкімет бастығынан түскелі келе жатуын елеуінен бе, әлде, әйтеуір түсетін адамды, «көріңдер, мынаны!» дегендей, тұрақты бастықтардың вагонеткаға мінгізіп, қалын, жұрттың арасынан ақырын жылжытуына қорланудан ба, — әдетте де бұйығы жүретін оның ұнжырғасы вагонетка үстінде түсті де қалды. Жолда сәлемдескендерге де ол салбыраңқы еңсесін көтерместен, тек, сүзіле қарап ақырын қимылмен басын ғана шұлғып, үн қатқан жоқ. Сейдақаңның бұл халы маған аянышты көрініп отырды... Аралбаев биік қапсағай бойлы, жуан сүйекті адам болатын. Басқа түркістандықтардай ол да Қожановқа еліктеп, қара мұртын ернін жиектей қырқатын; сұрғылттау беті сопақтау, көздері бадырайған үлкен де. Түркістан жігіттерінің көбі Орынборға қара барқытпен тыстаған, түбіті қалын, қызыл түлкіден бөрік киіп келген. Бәрінде де жалпақ қайыс белбеу буынған гимнастерке, бәрінде де балағын етікке сұққан шалбар бар. Бұл түрді де жұрт Қожановтың модасына жоритын. Аралбаев солардың бірі де. Маған былайша құрғақ адам сияқтанатын бұрын сыбайлас болмаған Аралбаев, вагонетка үстінде басқаша болып шықты. Ол айғайшыл, елірме жігіт екен. Жолшыбай құттықтаған жұртқа сол ғана жауап беріп, даусы жеткенше, күре тамыры білеудей болғанша айғай салады. Кейде түлкі бөркін қолына ұстай түрегеп кетіп қиқулайды. Қалың жұрттың ішінен оның танысы да көп, біреулері атын атап қана ауызша амандасады да, біреулері қолын ұстап қалады, енді біреулері вагонеткаға отырып, біраз жерге дейін барып түседі. Қалың жұрттың арасын осылайша қақ жарған поезд Ақмешіт станциясына келіп тоқтады. Ол арада да ошарылған халықта хисап жоқ екен. Орынбордағы милиция мектебінің курсанттары бар, республикалық және жергілікті милиция қызметкерлері бар — бәрі жиналып, үкімет адамдарының вокзалдан әрі өтуіне жолды әрең ашты. Аржақ — бақшалы кең алаң екен. Осы алаңға биік жасаған мінбердің үстінде митинг өткізілді. Оны ашушы — Сырдария облыстық партия комитетінін, секретары, бізге белгілі— Әбілхайыр Досов. Ақмешіт вокзалының ішкі алаңында Әбілхайыр Досов басқарған митингте көн адам сөйледі. Олардың басым көпшілігінің кім екені есімде жоқ. Есімде ең берік қалған шешеннің біреуі: арық, ұзын денелі, мұрны қоңқиған, көздері кішірек қоңыр өңді бала жігіт. Ол пионерлер атынан сөйледі. Кейін білсем — белгілі ақындарымыздың бірі — Әбділда Тәжібаев екен. Ол кездегі Ақмешіт — екі этажды үйі бірен-саран ғана, өзге үйлерінің басым көпшілігі бір этаждан, олардың басым көпшілігі шикі кірпіштен қаланған, күйдірген кірпіштен салынған аумақты үйлері азғантай, көшелері тар және қисық. Сол көшелерінің екі шетіне де тізілген ағаштар (әсіресе ақ теректер) қалың боп өскен, көшелерді жиектеп арық аққан. «Маркс пен Энгельс» аталатын екі көшесіне ғана тас төселген, өңге көшелерінің бәрі бұрқыраған шаң. Үйлерінің, төбелері тайпақ, әр үйдің қорасында жеміс бақшасы бар, Сырдарияның теріскей жақ қабағына орнаған Азияның шағын ғана провинциялы қаласы екен. Съезге келген делегаттарға арналған айналасы биік кірпіш қорғанмен қоршалған, оның ішіндегі бірталай үй күйдірген кірпіштен салынып, шатырлары қаңылтырмен жабылған жайлар екен. Бұл үйлер жуық араға дейін — жындыхана болған. Қазақстан үкіметі орнағанда мекемелері жайғасуға осыдан қолайлы үй қалада болмағандықтан, жындыхана Ақмешіттен қырық километр жердегі «Аламесек» аталатын бір орынға көшірілген. Делегаттар осы үйлерге сыйғанынша орналасты да, қалғандары — жаз бос тұрған мектеп сияқты мекендерге жайғасты.
— Сен, бала,— деген Қажымұқан маған, вокзал қасында өткізілген митингте,— қайда орналассам да менімен бірге боларсың.
— Мақұл,— дегем мен.— Иса мен Әміре ше?
— Ол зындардың керегі зоқ, қайда орналасса да мейлі.
Қажымұқанға да орын жындыханадан бөлінген екен.
Оған «зоқ-зоқ, зын-сайтан орнаған зерден қорқам! Өлтірсең де бармаймын!» деп, қорасына да кірмей, сыртта бақырып отырып алды.
— Ал сонда, қайт дейсің?— деген комиссия бастығына:— Сырағым, маған бір оңаса үй тап. У-судан аулақ, қаланың сетіндегі бапты үй болсын. Қонақасыны жұрттан жей жатармыз,— деді.
Ондай үйді амалсыз таппақ болған комиссия бастығының:
— Жақсы. Болсын. Сонда жалғыз жатамысың?— деген сұрауына...
— Мына Сәбитті берсеңдер болады, басқа кісінің керегі зоқ— деді.
Комиссия Қажымұқан екеумізді қаланың, батыс жағында «Айрамбақ» аталатын кең бақшаның әлдене түкпіріндегі қазақ үйіне апарып орналастырды. Қам кесектен яғни шикі кірпіштен салынған бұл кішкене үйде мен ұзақ отыра алмайтын болдым. Оған бір себеп: үйдің қаладан жырақтығы, ертелі-кешті қатынасуы қиын болса; екінші себеп — Қажымұқан маңайының мазасыздығы. Оны «ертегінің батыры» көрген, немесе «аруақ орнаған әулие» көрген жұрт дамыл алмастан, «сабалап — қымызын, астаулап — етін...» дегендей, мол қонақасысымен күні-түні дамыл таппай келеді де жатады. Съезд біз Ақмешітке келгеннен үш-төрт күн кейін ашылды. Осы кезде Қажымұқаннан қашқалақтай жүре, мен қаланың іші-сыртын түгел кезіп шықтым. Оның мен көрген алғашқы сиқы жоғарыда айтқандай түгел аралап шыққандағы сипаты одан әлдеқайда нашар екен. Қала шетіндегі «үй» дегендер үй емес, үйшік. Көбі сұр балшықтан баттастыра салған күрке сияқты бірдеме. Олар жауын-шашынды көтермей құлай бере ме, әлде иелері көшіп кете ме — жеміріле құлағандары да толып жатыр. Қала аралағанда менің көзімді ерекше тартқан көрініс ар жеріндегі алаңында болып жататын базары. Бұл базарларда не көп,— өрік, мейіз, қауыншек сияқты кептірген жемістер көп. «Нишалла» аталатын аппақ бірдеме бар, дәмі қант татиды. Ол жүгерінің ұнынан жасалады екен. Ұнды орта қазан ғып салады екен де, үстіне су құйып, құмшекер сеуіп қайнатады екен. Көп былғай суы сарқылған кезде, қоймалжың аппақ тәтті бірдеме болады екен. Сол қалпында қазаннан алмай, ыдысын әкелген жұртқа ожаулап сатады екен. Біреулер дәмін көреді екен де, ұнатса алып, ұнатпаса кете барады екен. Оның үстіне, көшеде бұрқыраған шаң да қонып, басында аппақ нишалла, кейін қоқырланып, біраздан — қара-қошқылданып кетеді екен. Не деген ыластық!.. Сонда да надан жұрт ожаулап, қасықтап алып жатады!.. Неге десең, «басқа тәттіге әліміз келмейді» деп жауап береді... Ақмешітке келгенге дейін, мен «есек» дейтін мақұлықтың біреуін ғана он екі, он үш жастағы кезімде көрген едім. Содан кейін көруім Ақмешітте. Мұндағы көліктің көпшілігі есек екен: сексеуіл. тал, терек, қамыс сияқты отындарды да таситын солар, адам да оларға көп мінеді. Денесі кішкене бұл хайуанның көтерген жүгіне қарағанда, мықтылығына қайран қаласын. Есектің құлынын «қодық» дейтінін де мен осы жолы білдім. Есектердің мені таңқалдырған және бір қылығы: сәске, түс, кеш... деген сияқты мезгіл мөлшерін білдіруде ол тауық әтешінен кем емес екен. Осы. мезгілдерде бар даусымен бақыра жөнеледі. Көп есек қосыла бақырғанда, маңайды даңғаза ғып жібереді. Ақмешіт маған ұнаған жоқ. Менімше, сол кездегі күйінде, ол республикаға астана болу түгіл, губерния орталығына да әрең-мәрең жарарлық қана. Мұнымен салыстырғанда, мысалы — Қызылжар (Петропавл), Семей сияқты Қазақстан қалаларының астана болуға мүмкіншілігі әлдеқайда көбірек сияқты. Ал, Орынбордың Ақмешіт садағасы кетсін. Бұның қасында ол Москва қасындағы қыстақ сияқты көрінеді. Омбы ше?.. Орынбор мен Омбы соңғы екі ғасырда қазақ көпшілігінің саяси, шаруашылық, мәдениеттік орталығы болып келді. Ендеше, сол екеуінің бірін неге қаламайды, Қазақстан астанасы?— деген сұрауға, «саясатқа жетікпін» дейтін біреулер:
— Қазақ облыстарының бүйірінде шеткері жатыр, араласып тұруы қиын,— деп жауап береді.
— Ақмешіт бүйірде емес пе? Бұған бүкіл Батыс Қазақстан поезбен Москва, Орынбор арқылы, бүкіл Солтүстік облыстар Челяба, Орынбор арқылы келмей ме? «Іргелес» деген Жетісу губерниясының өзі көп күн атпен жүріп кеп, поезға Арыс станциясынан отырмай ма? Сонда, Ақмешіттің несі жақын болады?—деген сұрауға, анау:
— Кәзір солай екені рас, бірақ алдағы аз жылда Қазақстанның барлық түкпіріне де тура баратын темір жолдар салынады, сонда жақындайды. Қала да тез өседі,— дейді ол.
— Несімен? Ірі өндірістер орнарлық ешбір базасы, яғни — шикізаты жоқ. Ауылшаруашылығы да тез өркендеп кететін жер емес. Оқу орындарымен және мекеме үйлерімен ғана өсе ме, сонда? Базасы жоқ қалаға қанша мектеп қажет? Және ауасы күйіп тұратын, мәдениет орны жоқ бұндай қалада оқуға кім құштар болады?—деген сұрауға анау жауап бере алмайды.
— Сонда, шаң басып жатқан осы — сиықсыз, болашағы да нашар қалаға астананы сүйреуші кім?— деген сұрауға:
— Сұлтанбек Қожанов,— деп жауап береді анау,— бұл ара — оның туған жері. Ата-бабалары — осы елдің қожалары. Революциядан бұрын ресми қағаздарда «Перовский» аталып келген қаланы, Совет тұсында «Ақмешіт» ататқан да сол. Енді, ертең ашылғалы отырған 5-съезде «Қызылорда» ататып, Қазақстан астанасы жасатпақ та, шамасы келсе әдемі қалаға айналдырмақ.
— Онысы болса!..
— Болар-болмасын тұрмыс көрсетеді де.
Маған ерекше әсер еткен көріністің біреуі — Сырдария өзені. Атағы жер жаратын бұл өзенді де менің бірінші көруім. Оның суы Есіл өзеніндей мөлдір боп ақпай, сап-сары қоймалжың боп ағады екен. Төңірегіндегі жарқабақтары аласа, кей тұста жазық жермен тұтасқан жайпақ. Сондықтан да ол қатты тасыған жылдары, маңайды селдете басып, адамды да, мал-мүлікті де науыт қып кетеді екен. Ондай тасу — мекендеген елдің сорына қоса, бақыты да: бұл маңның суармалы егіні Сыр тасыса мол шығып, астыққа шаш етектен қарық боп қалады екен. Қолым тиген кейбір уақыттарда мен Сыр өзенінің бойында қайықпен де серуендеп жүрдім. Ақмешіт тұсында енінің жалпақтығы километрге жетіп қалатын Сырдария құбыла ағуын көрсеткісі келгендей, кеше кешке су ортасында көрініп жатқан құм аралдар, таңертең жоқ боп кетеді, кеше сырық жетпейтін терең судан бүгін қайырлы арал шығып қалады. Кейбір тұсында «иірім» аталатын ағыс, түбіндегі әлдене шұқырға құйылып жатқандай дөңгелене иіріліп, ортасы сорпылдайды да жатады. Ол тұсқа қайық жақындай қалса дөңгеленте жөнеліп, тәжірибелі ескекші болмаса, мәнін білгендер батып кетеді деседі. Қаланы, Сырдың суын аралап біраз көргеннен кейін, мен арғы — тоғайлық жағына да шықтым. Онда бұрын көрмеген бұтақтарының бәрі тікенді: шеңгел, жиде сияқты уақ ағаштар өседі екен. Ол беттерде ағаштар ғана емес, қурайлар мен шөптердің де көпшілігі тікенді болады. Боз топыраққа шыққан бұл тікендердің арасында: жылан, шаян, қарақұрт сияқты жәндіктер өріп жүреді. Жұрттың «пәленің мыңы Сырда, бірі қырда» деуі де осыдан болу керек. Meн Сырдың арғы бетінде отыратын егінші ауылдың тұрмысымен таныстым. Бұл ауылдың аты—«Қырық кепе» екен. «Кепе» дейтіні — жер астынан қазып жасаған үй, басында бұндай үй қырық шақты ғана болуы керек. Ал, кәзір көбейген кепені санап болар емес. Кепеде тұратындар: қарбыз, қауын, қабақ, қияр, сәбіз... сияқты бақшалық овощьтарды өсіріп, піскеннен кейін қасындағы — Ақмешітке сатады екен. Дәнді дақылдан көп егетіні — күріш. Оның көлемі азғантай әр үйде, ең көп болғанда— бір гектар, әйтпесе жарты, ширек гектардан, біреулер — өз ішімдігіне қажет бірер қап қана астық өсіреді. Шөптен егетіні — жоңышқа. Қырық кепеде соқа деген атымен жоқ екен. Оның орнына қолданатыны — «омаш» яғни—тіліне ғана темір қаққан айыр ағаш. Омашты жеке ат яки жеке өгіз де сүйрей береді екен, Сондай омаштың өзі де бірен-саран ауқатты адамда ғана бар. Былайғы кедейлерінің (олар басым көпшілігі) егіске пайдаланатын құралы — кетпен. Қырық кепенің барлық егіні арық арқылы қолдан суарылады. Арықтардың үлкенін де, кішісін де кетпеншілер қолдан қазады. Бейнеті ауыр егіншілер арасында да батырағы, кедейі, әлдісі, орташасы бар. Жеке шаруа дәурен сүріп тұрған кезде бұлардың арасында да қым-қиғаш тіршілік тартысы. Осы тартыста, кейінгі кезде кедейлер басым бола бастаған, олар «Қосшы Одағы» есімді ұйымға бас қосып, қанаушыларды совет үкіметінің заңына бағындыруға кіріскен. Жалпы алғанда қырық кепенің тұрмысы,— менің бұрын қазақ аулында көрмеген тұрмысым. «Егіншінің баласы қара борбай» деген халық өлеңі осыларға қарап шығарылған сияқты. Адамдарының көбі, әсіресе — балалары тыртиған арық, күнұзын ыстық күнге күйіп далада жүретіндіктен өңдері қап-қара, киімдері тозыңқы, үй іштері жүдеу... Мен өзім туған жерімде де талай кедей, батырақты көре жүре тұрмыстары дәл бұндай нашарларды көрген емен... «Қаламен, Сырдариямен, оның маңындағы ауылдармен үстірт болса да таныстық-ау» деп жорамалдаған шақта, съездің ашылатын күні де келіп қалды. Съездің, мәжілістері еткізілетін зал — революцияға дейін «Перовский» аталған Ақмешіттері бұрынғы ояздық әкімшіліктің кең, ұзынша ат қорасы болған екен. Совет өкіметі орнағаннан кейін осы ат қора клубқа айналып, төр жағына сахна жасалған. Бірақ ені жалпақ қораның төбесін тіреген ішкі ашалары алынбаған. Біз келгенде осы «клубтың» іші-сырты Қазақстанның Бесінші Советтер съезіне арналған плакаттармен, ұрандармен, жалаулармен, тулармен қып-қызыл ала болып безенген. Ол кездегі Ақмешітте елу киловаттық қана қуаты бар әлектр станциясы қызмет атқарады екен. Оның әлсіз, көмескі жарығының мол үлесі съезд күндерінде «клубқа» беріліп, бұған дейін түнде шамы сығыраятын көшелердің көбі кәзір қап-қараңғы. Мен «клубтың» іші-сыртын съезден бір күн бұрын түгел аралап шықтым. Оның сахнасындағы президиум столының артына желбірете көп тулар ілген. Оларды да түгел қарағанмен, көзге оғаш көрінетін іштеңесін байқаған жоқпын. Мен байқамаған оғаштықты Угар (Мұқатай) Жәнібеков байқапты. Аты да, өмірбаяны да бізге осы шығарманың екінші кітабынан (әсіресе сегізінші тарауынан) белгілі бұл қарт большевик соңғы бірер жылда Орынбор қаласындағы Республикалық милиция мектебінің начальнигі де, Түркістандағы қазақтар бұрынғы Қазақстанға қосылғаннан кейін, республика басшылығына оңшыл-ұлтшылдар отырғаннан кейін, Угар ызалы болғандай, қызметін селсоқтау атқарып, ішкілігін күшейте бастаған. Ол да съездің делегаты. Съезд апрельдің 16-сында басталмақ та. Сол күні ертемен клуб маңайына барсам, делегаттарды көруге жиналған қалың халық көше бойына сыймайды. Осы көпшілікке араласып, әркімдермен кеңесіп жүрген шағымда ту сыртымнан біреу қапсыра ұстай алды. Жалт қарасам— Угар Жәнібеков. Төртбақ балуан денелі, қара өңді, жалпақ бетті оның кескінінен дәл осы сәтте адам шошырлық: қытай тәрізді қиғаштау, кішірек қара көзінің ақ еті қанталап қып-қызыл боп, мөлдірей жасаурап тұр. Былай да қан-сөлсіз, шөген түсті өңі тотыға қалғандай әлем-тапырақ. Қорғасындай қарасұр боп жүретін қалың ерні кәзір жасылдана кезеріп кеткен. Бет-аузының бұлшық еттері дірілдей қимылдап, езуі сол жақ ұртына қарай қисайып тұр. Мас емес шағында ауыр қимылдайтын денесі кәзір жеңілденіп, су толқытқан қайықтай ерсілі-қарсылы ауытқып кетеді!.. Угардың талай мас болған, кейде тіпті қатты мас болған жайларын көре жүре, түр-тұлғасының дәл бұндай бүлінгенін ешуақытта кездестірген емен... Угар мас кезінде үлкен-кіші демей, жеккөрген адамын тілдеп, кейде қолын да жұмсап қоятын. Ал, жақсы көрген адамына қол тигізу түгіл қатты сөз де айтпай, сыпайылығын мөлшерден асыратын да, адам мезілеу болатын. Мені «Қызылжар дәуірінен» (1920 жылдан) білетін ол «пролетарский писатель» деп жақсы көріп, тілін де, қолын да қатпайтын. Оның маған айтар бар ауыр сөзі «пұштиған мұрныңды ұрайын!» ғана болатын. Өшіккен біреуі болса, анау қашып құтылғанша сыбап тілдейтін, немесе сілейтіп сабайтын. Мен Угардың бұл сияқты талай қылығын білем. Угap мені клубтың ішіне алып кіріп сахнаға таянды да: Оқы, ананы, деді ол, президиумға даярланған столдың сырт жағына ілінген көп туларды нұсқап.
— Нені?—дедім мен, оқы деп тұрғаны не екеніне түсінбей.
— Әне бір, жиегін оқамен көмкеріп, шашақпен безеген жасыл тудың бетіндегі жазуды оқы!
Жасыл туға көзімді тіксем: тозыңқыраған шұға, бетіне араб әрпімен: «Лә иләһа илла-илла, Мұхамәдүн Расул алла» деп, оны айнала, «Жасасын алаш автономиясы!» және «Алаштың Ойылдағы атты полкы» деп жазылған! Осындай ту советтік съездің сахнасына, советтік көп тулардың арасына қайдан ілінуі көзі көрмеген адамның ақылына сыймайтын нәрсе. Бұны мен жазушылық фантазиядан туғызып отырған жоқпын, немесе жөнсіз «қызық» іздеп, ойдан жасап отырған жоқпын, шындықта болған ащы фактыны ғана болған түрінде сипаттап отырмын! Жуық арада, Москвада КПСС Орталық Комитетінің қарамағында қызмет атқаратын Марксизм-ленинизм институтынан, Сәкен Сейфуллиннің 1925 жылы ВКП(б) Орталық Комитетіне, қазақ ұлтшылдарымен күресі туралы жазған ұзақ хаты табылды. Сонда, ұлтшылдардың өзге әрекеттерімен қатар, жоғарыда айтылған алашорда туының, Қазақстан бесінші совет съезінің залына ілінуі туралы төмендегідей сөздер жазылған:
— Залдағы қызыл тулардың арасына, Досмұхамметов басқарған алаш үкіметінің құран сөздерімен әшекейленген жасыл туы жайыла ілініпті... Кей жолдастар алаш туының ілінуіне ыза боп, оны жұлып алды. Неге бұлай болуына съезді басқарушылардан кейбіреулер сахнаны құрған орыс қызметкер абайсызда іліпті деп түсіндірмек болды. (Сонда, сол ту қайдан кеп шыққан, бұл сахнаға?! С. М.) Съезден кейін, поезбен Орынборға қайтып келе жатқан шақта, бұрын алашордашыл болған, кейін Оқу Комиссариатында қызмет атқарып жүрген қарт учитель (Елдес Омаров. С. М.) екі жолдастың көзінше, маған шат кескінмен қарады да: «Түптегенде, бізше (яғни — алашордашы) болып шықты. Съезд біздің алашордалық жасыл туымыздың саясында ашылды» деді15.
Алаштың жасыл туынын, қазақстандық бесінші совет съезінің сахнасына ілінуіне, Сәкеннен сақталған және партиялық архивте берік қолда сақталған документте осылай жазылған. Бұл — әлдеқалай іліну емес, әдейі іліну.Әйтпесе ол ту Ақмешітке қайдан келеді, сахнаға қайдан ілінеді?!. Ол ту Сұлтанбек Қожановтың өз сөзімен айтқанда, соңғы кезге дейін алашордашылдардың ықпалында болып келген «қожановшылдық пен садуақасовшылдықтың»16 қолымен ілінген. Осы туды маған көрсеткен Угар, мен «неге бұлай?!» деп сұрап үлгірмей, сахнаға қарғып шығып, жұлқып түсірем дегенде, ілінген тулардың бәрін жығып алды. Оған қарамастан Угар алаш туын бөліп алды да, бір шетін табанына басып тұрып, дарылдата кеп жыртты... Сол күні кешке ашылған съезге Угар қатынасқан жоқ. Оның қайда екенін ешкім білген жоқ. Бірақ алаш туын жыртуын естімеген жан жоқ. Бұл тудың қалайша ілінуіне қайран қалған жұрт бірінен бірі сұрағанмен, қанағаттанарлық жауапты ешкімнен таппады. Сахнаны сәндеу ісін басқарушы адамның айтқан дәлелі—«байқамай ілініп кетіпті!.. Сонда, бұл ту қайда жатқан? Бұнда қалай келген? Соншама ашық жазуларды сахнаны әсемдеушілер қалай көрмеген? Бұл сұрауларға жауап берер жан жоқ... Жындыхана аталатын үйлерде түн ортасы ауа бүліншілік басталады. Шамы сөнген бөлмелерде ұйқтап жатқан ;жұртты әлдекім терезелерін қиратумен оятады. Оның кім екенін ешкім біле алмайды. Жұрттың ертеңіне білгені: бірнеше корпустық жындыхана үйлерінің сау терезесі аз қалған, көпшілігі қираған!.. Есін жиған жұрттың ертеңгі жобалауынша: бұл іс Угардың қолынан келуге тиісті!.. Ал, Угарды іздесе—бұл қалада жоқ!.. Сол бетімен жоғалған Угар бір сәтте туған елі — Қарқаралыға барыпты-мыс деген хабар шықты...
Бірер жылдан кейін Угар қайтыс болды деген хабар естідік.
БІР ВОЛКОМНЫҢ ЖАЙЫНАН17
Бесінші съезд өтті. Мен, әрине, бұл жолы Кир. ЦИК-тің мүшелігіне сайланған жоқпын. Оның бұрынғы председателі Сейтқали Меңдешев түсіп, орнына Жалау Мыңбаев болды; секретарьлығына Аралбаев сайланды. Оқу комиссары Смағұл Садуақасов, Жер-су комиссары Садуақасовтың сенімді серігінін, біреуі Жағыпар Сұлтанбеков, Ішкі істер министрі Сүлеймен Есқараев. Сұлтанбек Қожанов — бұрышты қызметінде— Қазақстан Өлкелік партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі. Нығмет Нұрмақов Халық Комиссарлар Советінің председательдік қызметінде қалып қойды. Жұрттың айтуынша (расы да солай) Қазақстанды ендігі билеуші екі адам ғана: Сұлтанбек Қожанов, Смағұл Садуақасов. Бұл екеуі де Өлкелік партия комитетінің бюро мүшесі. Бесінші съездің қаулысымен Ақмешіт «Қызылорда» аталды да, Қазақстанның астанасы болды. Ауыз біріктірген Қожанов пен Садуақасов оңшыл-ұлтшылдық беттерін күшейте түсіп, мекемелерге, мектептерге бай баласы, алашордашыл аталатындарды толтыра түсті. Соңғы кезде «Еңбекші қазақ» газетінде тілші боп келген мені, редакторы — Садуақасов съезд өткеннен кейін шақырып алды да, турасын айтты:
— Сен де мені жақсы білесің,— деді ол,— мен де сені жақсы білем. Одан айтайын дегенім: мен редактор боп қызмет атқаратын газетте сенің қалуыңа болмайды.
— Мен қайда барам?—деген болдым мен.
— Оны өзің білесің,— деді Садуақасов.— Қызметті мен емес, еңбек биржасы18 тауып беруге тиісті.
Сөз таусылып қалды. «Оқасы жоқ, бір жөні болар» дедім де, мен шығып кеттім. Шығар алдында Садуақасовтың маған айтқаны:
— Есіңде болсын, бұл газетке мен редактор боп тұрғанда, сенің ешбір шығармап, басылмайды.
— Құп.
«Периодикалық баспасөздің беті жабылатын болса, мен қайда барам?— деп ойладым Садуақасовтан шыға бере.— Басқа қызмет қолымнан келмейді. Бойдақ адам болсам бір сәрі. Әйелім бар. Оның аяғы ауыр. Күз баламыз болады. Үш адам рабфактың стипендиясымен қалай тіршілік жасаймыз?! Бұл халде биыл бітіретін рабфакты да аяқтау қиын!..» Осы ауыр оймен Орынборға қайттым. Ақылдасайын деген адамым — Сәкен Сейфуллин туған еліне жүргелі жатыр екен.
— Қанша уақытқа?—десем:
— Белгісіз,— деп жауап берді ол.— Қазақстанның саяси жағдайын бақылап көрем. Қолайлы жағдай туса оралам да, әйтпесе, ел қашан түзеліп болғанша ішімде жүре берем.
— Түзелмесе ше?— деймін мен.
— Неге түзелмейді?—дейді Сәкен менің сөзімді қызық көргендей күліп жіберіп. «Неге күлесін?!» дегендей, мен кескініне сүзіле қарасам, ол ыңғайсызданғандай кескініндегі күлкіні жиып:
— Бұл уақытша қиыншылық,— дейді байсалды дауыспен,— ұлтшылдық пен Коммунистік партияның екі ә.расы жер мен көктей жырақ, от пен судай келісімсіз. Партия ұлтшылдардың істерін байқап отырады да, түзелер түрі көрінбесе, тобықтан жалғыз-ақ қағады. Ұлтшылдардың бірен-сараны ғана болмаса, тобының түзелуі мүмкін емес, өйткені, олар қанаушы таптың өкілі. Табы құрымай олар құрымайды. Табының да, ұлтшылдардың да құлауы ұзаққа созылуға тиісті емес.
Мен өзім де солай ойлаймын. Дегеннен, қанаушы таптың да, оның әзірше республикалық басшылықта отырған идеологтарының да құлауын ұзақ сонар көріп, Сәкенге тұрмыс жағдайымды ақылдастым. Ол:
— Былтыр саған айттым: Шырағым, рабфакты бітіргенше үйленуді қоя тұр деп. Тіл алмадың,— деп ұрсып алады да,— төркіні әлді кісі дейсің ғой, әйеліңді сонда апарып таста да, оқуға алдағы жылда өзің ғана кел,— дейді. әйеліме ақылдассам, «оқуыңа кесір болдым-ау» деп жылағаннан басқа берер ақылы жоқ. Тегі, төркініне барғысы келмейтін түрі бар.
Енді ақылдасатын жалғыз ғана адам қалды, ол — рабфактың ректоры — Шейнессон. Кішкене ғана талдырмаш бойлы, сепкілі қалын, шикіл-сары өңді, жирен бұйра шашты бұл еврейдің негізгі мамандығы — математик. Бұл жүйеде жазған кітаптары бар. Олары орта, жоғарғы мектепте қолданылып жүреді. Оқымыстылығының үстіне, өзінің айтуынша, ол ескі подпольщик, яғни — революциядан бұрын жасырын саяси істерде болған, 19І7 жылдан коммунист, азамат соғысы кезінде. қызыл армияда саяси қызмет атқарған, одан кейін, ЦКРКП(б) осы рабфакты ұйымдастыр деп жіберген. Өзі мейлінше сыпайы адам. Шейнессонмен менің жақын танысуыма рабфактың партиялық ячейкасында екеуміздің екі сайлауда да (1923—24 жылдары) бюро мүшесі боп сайлануымыз болды: ол — ректор болғандықтан, мен — студенттерден. Секретарымыз Будённый дейтін жігіт еді. Негізі — жұмысшы. Жасы со кейде отыздан асқан сақа жігіт. Мен — секретарьдың орынбасарымын. «Сен — жассың, мен — кәрімін. Ячейка жұмысын сен көбірек істе, мен оқумен көбірек шұғылданайын» дейді Буденный. Мінезі жақсы адам болғандықтан көңілін жықпай, жарайды деймін. Ячейканың жұмысы ауыр: студенттердің басым көпшілігі (85—90 проценттей) коммунист, олардың көпшілігі армиядан, қызметтен, жұмыстан келген сақа адамдар, революция жылдарының айғайына үйренген олар, жаза басқан жеріңді көрсе сынай, қыса, кейі — жанжалдаса, тілдей келеді, бірақ өздері — әділ, партиялық іске — адал. Шейнессонды да принципиальдық істерде қатты сынай жүре әсіресе — партиялық жиналыстарда, ректорлығына бағынады, сыйлайды. Шейнессон да партиялық норманың шегінен шығарлық қылық жасамауға тырысады, қапыда жасап қалса — большевикше мойындай кетеді, тез түзейді... Сондай қызметтес болған Шейнессонға тұрмыс жайымды ақылдасқанда «қиын болған екен!» деп аз отырды да:
— Сен былай істе,— деді маған,— кәзір барғын, келген жерге жүре бер. Жаздай өз бетіңмен даярланып күз ертерек орал да, емтихан тапсыр...
— Даярлану орнына тотығып қалмасам...
— Ештеңе етпейді. Оқытушылармен сөйлесіп қоям. Мүмкін, зачеттық книжкеңе былай-ақ қол қойдырып берермін.
Басқа амал болмағандықтан мақұл дедім. Содан кейін, әйелімді ертіп туған еліме тартып отырдым. Ойым — әйелімді туған аулына қалдырып (қазақтың ол кездегі жас әйелі екіқабат күнінде төркініне баруға ұялады), Қызылжарға өзім жеке кету, қызмет жайын сөйлесу, қызмет реті келсе ғана әйелімді апару, әйтпесе туған ауылдың маңайынан қызмет табу. Орынбордан Кинель, Челяба арқылы аулыма деңгейлес Лебяжье станциясына барып түстік. Сол станцияда тұратын туысыма телеграмм беріп қойсам, алдымнан күтіп тұр екен. Ол мені пар жеккен атпен аулыма апарды. Ондағы ең жақын туысым — Мұстафаның Ғаббасы. Оның күн көрісі әлсіз: бұрынғы жыртық үйі әлі бүтінделген жоқ, сауын сиыры бірер ғана, жалғыз-ақ аты бар, қой, ешкі сияқты ұсақ малы жоқ. Дегенмен, Ғаббас намысына тырысып, әйелімді Нұртаза, Еменалы сияқты ауқатты туыстарыма қалдырам деуіме көнбей: «Ашты-тоқты болсақ та бірге тұрамыз, өз үйім ашықса да бұны ашықтырмаймын, Қызылжарыңа жүре бер», деді. Ғаббастың үйінде бірер күн ғана болып, мен губерния орталығы — Қызылжарға бет алдым. Жолда өткен жылдың жазында ғана бұрынғы бірнеше ұсақ болыстардан құралып іріленген «Төңкеріс» атты болыс бар. Атқару комитетінің (Волисполком) председателі — Қапез Мұстафин, партия комитетінін, (Волком) секретары — Шәймерден Бектұрғанов. Осы — Шәймерден екеуміз өткен күзде баспасөз бетінде айтысып қалғанбыз. «Еңбекші қазақ» газетінің төртінші бетіне 1924 жылы «Лениншіл жас» деген атпен жұма сайын комсомолдарға арналған бет шығатын. Сол беттің 33-санында «Жетпіс бес қойдық құлағы» деген фельетон-мақала басылған, авторы — Шәймерден Бектұрғанов. Мақаласында ол мені «Жаз елге кеп үйленумен, тойдан-тойға шапқылаумен күндерін өткізді де, болыстық мекемеге келмеді, Орынборға жетпіс бес қойдың құлағын жеп қана қайтты» деп айыптаған. Мен оған «Лениншіл жастың» 34-санында (1924 жыл, 30-октябрь) «Демагогтік» деген атпен жауап қайтарғам. Мақаламда мен өткен жазда Волисполкомның кеңсесі Қапездің қанжығасындағы қоржында жүріп таба алмағанымды жазғам. Ол кезде Волкомның құрылмауын, кейін құрылған Волкомға мені Қапездің шағыстыруын, онысы — жесіріне үйленгендігіме өшіккен рушылдық екенін, соған алданған Шәймерденнің кінәсі орынсыз екенін айтқам. Оның да, менің де мақалаларымыздың тұздықтары ащылау да. Енді жолда сол Шәймерденді көре, сөйлесе кетпекпін. Волком «Уән» аталатын ауылда, ол ауыл бізге белгілі Қаратомардың жағасында екен. Қайнатам — Қошығұлдың ауылы да сол арада. Ол мені жақсы қабақпен қарсы алған жоқ. Кир. ЦИК-тің мүшесі боп жүрген шағымда, көзімше де, сыртымнан да «күйеуім — Қазақстанды билеушінің біреуі!» деп мақтанатын ол, мен Кир. ЦИК мүшелігінен түсіп қалғаннан кейін.
— «Көженің де көбігі бір күнге шыдайды» дейтін еді. Сенің кер. Сектігің аз уақытқа әрең шыдады-ау; енді тамақты қалай асырайсың? Ғаббасыңның үйін білем — сіңірі шыққан кедей. Қызметке орналаса алсаң құба-құп, әйтпесе қиындыққа ұшырадың!.. Қызылжардан оралуыңды біраз күтем де, кешіксең қызымды үйге алып келем. Қашан күн көрісін, дұрысталғанша бермеймін,— деді.
Волкомиың секретары — Шәймерден Бектұрғанов мені, күтпеген халде, аса жақсы қарсы алды. Ақбұжыр кескінді, дөңестеу ұзын мұрынды, ашаң денелі ол бір көрмеге тұйық сияқтанғанмен, кеңесе келе сырласқыш адам екен. Со қалпын көргеннен кейін, айтыс мақаламда тілімнің қаттырақ тиюіне кешірім өтініп ем:
— Оқасы жоқ,— деді Шәймерден,— айтысқанда не деспейді адам. Мен де мақаламдағы ащы сөздеріме өкінем. Қапездің ұйтқып салуына артынан түсіндім. Ол өзі тым қазақы жігіт екен. Онысын кінәлауға да болмайды, оқымаған, саясаттан хабары жоқ жігіт. Пысық болған соң Волисполком председателдігіне сайлана салған, жуықта болатын Совет сайлауында өзгертпекпіз, саяси сауатты, білімді адамды қоймақпыз.
Волкомда екі-ақ қызметкер бар екен: секретары және іс жүргізушісі. Бюро мүшесі үшеу көрінеді: Волкомның секретары — Бектұрғанов, болыстық атқару комитетінін, председателі — Мұстафин, болыстық жер бөлімінің меңгерушісі Шұғаип Бәшіров. Қазақ ауылдары ол кезде қоныстанбаған шақ. Олар қыстай жер үйде отырады да, жаз киіз үймен жайлауға шығып кетеді, қыстаулары есіз қалады. Болыстық ұйымдар да осы жағдайдан шыға алмай, өткен қыс әлдекімнен жалдап алған землянкада отырыпты да, жаз елмен бірге жайлауға көшіп, Волком Көшкенің Жақыбы дейтін бай адамның ақ киіз үйін айына үш сом беретін боп жалдап апты. Волкомның кеңсесі де, қызметкерлер мен олардың семьяларының тұрар жайы да сол үй деседі. Волисполкомда сөйткен. Шәймерденнің айтуынша алдағы жылдан бастап болыстық мекемелерге бір қолайлы жерден кеңсе және пәтерлер салуға үкіметтен қаражат сұралған. Сол мәселе шешілсе мекеме үйлерін ұйтқы ғып, маңайдан біраз үйлер жинамақ та, мектебін, емханасын, клубын... дегендей мәдениет ошақтарын орнатып, болыстың орталығы жасамақ. Бұлардың пландары кәзір жасалып жатыр, жуық арада үкіметтің қарауына тапсырылады.
— Елдің көшпелі халде болуы, тұрақты мәдениет орталығының жоқтығы, болыстық басқарушы мекемелерді қиын халға түсіріп отыр,— дейді Шәймерден Бектұрғанов,— мысалы: Губкомның тапсыруы бойынша, болыстағы аудандық және ауылдық советтерге қызметкерлер даярлау үшін жергілікті батырақ пен кедейлерден шыққан белсенділерге арнап, осы Қаратомар басында қырық кісілік курс аштық. Қаражат губерниядан берілді, үйді, тамақты тауып беру жергілікті ұйымдарға жүктелді. Біз оларға арнап жаздай тігуге байлардан екі үй жалдап алдық. Соның бәрі басқа ауылдардан жекеленіп дөңгелене қонды да «Волком аулы» атанды. Өткен жылы болыстағы коммунистеріміздің саны үшеу-ақ еді, кәзір — он жеті болыпты.
— Бәрі де сауатты адамдар шығар?
— Бұлардың көбі,— дейді Шәймерден,— алғаш сауатсыз еді, биыл сауатын аштырып жатырмыз. Курсқа келген қырық шақты адамның тоқсан проценті «әліпті таяқ» деп білмейтін батырақ, кедейлер еді. Кәзір олардың газет оқымайтыны жоқ. Партияға кірем деп арыз берушілерге ең қиыны — рекомендаторлар болып тұр. Жаңағы 17 дегеніміздің көпшілігі кандидат. Партияның азғантай ғана мүшелеріне, партияға кірем деушілердің бәріне бірдей рекомендация беру ыңғайсыз. Кейбір арыздардың шешімі ұзаңқырап келе жатқан себебі де сол. Сен осы елдің жігітісің ғой, курсқа келгендердің біразын білетін де боларсың, жақсы білетіндеріңе рекомендация берерсің...
— Көрерміз,— дедім мен.
— Тағы бір жетістігіміз,— деді Шәймерден,— бұл болыста «Батрачком» дейтін ұйым құрылғалы төрт-бес жыл өткен де, бірақ ісі нашар екен: жалшылар мен байларға шарт жасатпай, кейбіреуіне жасатса — шарттың орындалуын бақыламай, ақысын іздеген жалшыларға теңдік әперілмейді екен. Сөздің қысқасы — байлар мен батырақтардың арасы революциядан бұрын қандай жағдайда болса, көп көшеге дейін сондай боп келген екен. «Қосшылар одағы» дейтін мекеме бұрын Түркістанда ғана барын естуші ек. Сол «Қосшы», өткен көктемнен бастап бұл арада да ашылды. Батрачком соған қосылды. Біздің болыстағы «Қошкомның» председателі Ыбырай Төрегелдин деген жолдас. Арғы негізі қарқаралық. Көп жылдар Екібастұздың, Қарағандының шахтасында істеген жұмыскер. Өзіміз әңгімелесіп болған соң шақырам. Ұзын, балуан денелі қара жігіт. Байларға барып тұрған қаһар. Сондықтан да олар Төрегелдинге «Тас көмір», «Көсеу қара» «Асау қара» деген аттар қойып алған. Ол «Қосшылар одағының» жұмысын жақсы басқарады. Екі мыңнан астам үйі бар бұл болыста жүз елуден артық ауқатты шаруа кісі жалдайды, Көшке, Әлти, Сәпі, Құрымбай, Үшсары сияқты ірі байлар жалшыны бестеп-ондап ұстайды екен. Ауқаттылар мен байлардың бәрі қазір жалданған адамдарымен «Қосшы одағы» арқылы шартқа отырады. Шартта жалшыларды уақытымен жүргізіп, уақытымен жатқызу, киімдері мен тамағын дұрыстап беру, ақысын уақытында төлеу сияқтылардың бәрі көрсетіледі. Төрегелдин шартты бұлжытпай орындатады.
Танысып көрсем, Төрегелдин қызық адам боп шықты. Ең алдыменен оның бойы менен бір жарым есе биік екен. Арық денесінің бұлшық еттері тақтайдай қатты, саусағы ұзын және жуан, алақандарының сыртына біткен қаракөк тамырлар темір жолдың айқыш-ұйқыш тораптары сияқты. Қара кескінінде бадырайған үлкен ала көздері — сүзеген бұқаның көзіне ұқсайды, сопақ ұзынша бетінің төменгі ерні түйенікі тәрізді салпы... Ол бейпіл ауыз жігіт екен. Құрбылас адамдарына айтатын екі сөзінің бірі — әкеңнің аузы... Шәймерденнің оңашада айтуынша Төрегелдин байларға тіпті тұрпайы көрінеді: олардың кәлі кілем, жібек көрпе төсеген үйлеріне кіргенде, жаңбырлы күн болса сазды етігімен, жаңбырсыз күн болса — етігін сиырдың жас жапасына көсіп алып төріне шығады екен. Байдың үйі ет асса, ауылдың кедей, батырақтарын шақыртып алып, пышақ үстінен бөліп береді екен: Байдан лауға мінген көлікті мерзімді жерден қайтармай, қашан жүріске жараудан қалғанша босатпайды екен...
— «Өйтуге жарамайды» дегенге,—дейді Шәймерден,— көндіре алмай-ақ қойдым. Алғаш көнген болады да, былай шыға беріп бұрынғы әніне басады. Байларға соншалық мейірімсіз ол еңбекші көпшілікке келгенде, «жатып жастық, иіліп төсек» дегендей, мейлінше кішіпейіл.
Төрегелдинмен сөйлесіп көрсем, «аузын ашса қарны көрінеді» дегендей, аңқылдақ, ақжарқын біреу. Мені ол сырттан жақсы білетін кісі боп шықты. Сауатсыздығын 1923 жылы сауат ашу мектебінен ғана жойып, қазақша әліп-би үйренген ол қазақ тілінде содан бері шыққан газет, журналдардың көбін оқып, тәп-тәуір саяси сауатты адам боп апты. Ол қолына түскен қазақша кітаптардың да түгін тастамай оқып, өлең болса жаттап алады екен. Мәселен, Сәкеннің «Асау тұлпар» атты өлеңдер жинағын, менің — «Кешегі жалшы мен бүгінгі жалшы» дейтін поэмамды түгелімен ауызша айтып береді. Өлеңді ол әндетіп емес, сөйлеп айтады. Сөйлесе, сырласа келе Ыбырай Төрегелдин менің бірталай жылдық өмірімде есіме берік сақтап қалған адамдардың біреуі болды. Ғылым тілімен, оның ішінде — марксизм тілімен айтқанда, әрбір биологиялық дененің, оның ішінде — адамның өсуіне жағдай туғызатын ортасы бар. Бұны химиялық я физикалық мағынасынан рухани жағына қарай көшірсек, әр адамның мінез-құлқы, сана-сезімі де, белгілі және конкретті ортада ғана өсе алатын жеміс. Төрегелдин де сондай. Ол және соған ұқсастар тарихта «Соғыс коммунизмы» аталған уақытта ғана өскен жеміс. Екінші сөзбен айтқанда, бұлар еңбекші таптың Октябрь революциясына тастай қараңғы санамен жеткен бөлшегі. Пролетариаттық революция бұлардың алдына бостандық сәулесін елестетіп, «барар жөнін, әне!» деген соң, ол жөнде не барын және боларын жөнді түсінбесе де қараңғыдан жарыққа ұмтылғандай, жапа-тармағай лап қойды. Қайда, неге бара жатқанын олар іс үстінде ғана түсіне бастап, біреулері осы бетінде өсіп кетті де марксизм мен ленинизмнің биігіне көтеріліп, социализмнің саналы, жетекші адамы болды. Ал, енді біреулерінің санасы өспей, бет алған жөнінде «кеудемсоқтықпен» күнелтті де, не Михаил Шолоховтың Нагульновындай босқа өліп кетті, не «таз кепешін қайта киіп», қолынан қара жұмыстан басқа түк келмейтін, оны да идеал үшін емес, күн көріс үшін ғана атқаратын адам болып қала берді. Бұлардың аз күнгі кеңсе қызметіне дәнігіп, қара жұмысты ұмытып қалған біреулері «төреліктен» айрылғаннан кейін қайыршылықпен өмір кешті. (Мәселен, осы шығарманың екінші кітабында сипатталатын — Алпаң Алпысбай Сүтемгенов)...
Төрегелдиннің одан кейін не болуынан хабар жоқ...
Мен Қаратомар басындағы курста оқитындармен де таныстым. Олардың басым көпшілігі маған расында да мәлім адамдар боп шықты. Менің туған жерім — Төңкеріс болысындағы Волкомның ұйымдасқан шақтағы барлық ісі осы ғана емес, оның жүзден бірі ғана. Біздің азғана істі шұқшия сипаттау себебіміз: кейін ауылдық, аудандық жерде де күшті ұйымға айналған партия, комитеттерінің ісі алғаш қалай басталуын көрсету. Бұлай басталу — сол кездегі қазақ облыстарынын, басым көпшілігіне тән нәрсе еді.
ҚУАНЫШТАН ЖҮРЕК ЖАРЫЛМАЙДЫ
Ел жайымен біраз танысқаннан кейін жүргінші біреуге еріп мен Қызылжарға кеттім. Қызылжарға келе мен Губкомға бардым да, бірінші секретарь! — Гримбладқа жолықтым. Қалың қара-бұйра сақал-мұртын еркіне жіберген қоңыр өңді, дудар бұйра шашты бұл кісі (ұлты — латыш мені жылы шыраймен қарсы алды да, мән-жайларымды баяндағаннан кейін:
— Туған-өскен жерің осы болса, партия қатарына осы қалада кірсең биографияңды айтып отырсың, жұмысқа сені алмағанда кімді аламыз? Баспасөзден де қызмет тауын береміз. Бұл қалада қазақша әдебиеттің не бары — жалғыз газет қана. Қызметкерлері толық болуға тиіс. Сонда да іздестірерміз,— деді.
Ол табан аузында газеттің уақытша редакторы Жанұзақ Жәнібековті телефонмен шақырып алды. Жанұзақ туралы аз мәлімет: жасы сол кезде қырықтарға таянып қалған семіз денелі, аққұба өңді, жалпақ семіз бетті, қасқа маңдайлы, мұртын мұрнының алдына ғана қоятын, сақалын қырып жүретін бұл адам осы Қызылжар қаласында, кедей семьяда туыпты. (1890 жыл болу керек.) Балалық шағында ол Қызылжардағы «Хасен Панамаровтың медіресесі» аталатын татар мектебінде оқып, ортаға жақын білі?,з алыпты. Содан, маңайдағы ауылдарда «молда бала» боп жүрген кезінде 1916 жылдың дүрбелеңі басталып, бұның да жасы қара жұмысқа алынатындардың қатарына ілігіпті. Ол кезде Орынбор қаласында «Қазақ» атты газет шығады. Осы газеттің секретары — Міржақып Дулатов 1910 жылдардың басында Қызылжар қаласында қызмет атқарып, Жанұзақпен сонда танысқан екен. 16 жылдың дүрбелеңі басталған шақта Жанұзақ қашып отырып Орынборға барады да, Дулатов арқылы газеттің экспедиторы боп, қара жұмыстан қалып қояды. Революция жылдары Орынбор қаласында алашорда партиясы құрылып, алаш әскері жасалған шақта Дулатов сол әскердің комиссары болады да, Жәнібеков каптинармус (азықшы) қызметін атқарады. Алаш әскері Торғай жақта қызыл армиядан жеңіліп бытырағанда, басқарушылары қашқанда, Жәнібеков туған жері — Қызылжарға келеді. Совет өкіметі Қызылжарға кеп орнағанда (1919 жылдың күзі), Жанұзақ советтік қызметке, әсіресе оқу-ағарту ісіне белсене араласады, 1920 жылдың басында Коммунистік партияға мүше болады. Жоғарыда айтқандай, бибграфиясында аздаған «шатақ» болуынан қорғалай ма, болмаса мінезі солай ма,— маған 1919 жылдың күзінен бастап таныс болған Жанұзақ Жәнібеков іс тәжірибесінде өте жалтақ адам. Оның, үстіне, мұсылманша білімі орта дәрежеде бола тұра, өзі қалада туып өсе тура, орыс тіліне мейлінше шорқақ. 1921 жылғы бандылар көтерілісінде Жанұзақ екеуміз ЧОН отрядының бір бөлімшесінде қатардағы жауынгер болдық. Сонда — «күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмеймін», деген сөзді Жанұзақтың «нош не спаю, день не хохахаю» деп айтқанын естіп шегіміз қата күлгеніміз бар. Губкомның бірінші секретары ұсынудан ба, әлде менімен көптен таныстығынан ба, Жанұзақ Жәнібеков:
— Қызмет болады,— деп көне кетті.
— Қандай? —деген сұрауға.
— Жауапты секретарымыз әлсіздеу боп жүр, оны басқа іске ауыстырып, орнына осы Мұқанов жолдасты қою керек,— деді. Гримблад та бұны мақұлдай кетіп:
— Әзірге осыған бара тұрыңыз, кейін тағы көрерміз. Мүмкін редактор да қоярмыз,— деді.
Әдетте менің секретарь болатын ісімді бюроның бекітуіне Губкомның үгіт-насихат бөлімі даярлауға тиісті. Оның меңгерушісі — Дейнегі дейтін неміс екен. Бірақ Гримблад омы шақырмай, ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі (бұл қызметтегі адам қазіргі екінші секретарь орнында жүретінін оқушыларға ескерте кетейік) Нұрғали Кодаленконы шақырды. «Кодаленко» дегеніміз Кәдірбеков дейтін адам екен. Оны Нұрғалидың өзі украиншылап алыпты. Ол — төртпақ толық бойлы, қоңыр өңді, толық бетті, қалың қара мұртын жоғарғы ернін жиектей қырқып жүретін, қасы, қабағы қалың, көзі өткір және томпақ, түсі суықтау адам екен. Сырт естуімше — бұл Смағұл Садуақасовтың оң қанатындағы мықты қауырсынның біреуі. Гримблад. оған мен туралы ұсынысын айтып еді: Сіз солай ұйғарсаңыз, болсын,— деп көне кетті. Әңгіме одан әрі созылған жоқ. Тез арада болған бюрода мені «Бостандық туы» газетінің жауапты секретары болсын деген қаулы алынды. Менің, қызметім алғашқы бірнеше айда жаман жүрген жоқ. Ең алдымен айта кететін сөз: Мен қызмет атқара бастаған алғашқы айда газеттің тұрақты редакторы боп Зейнолла Төреғожин дейтін адам тағайындалды. Ол губерниялық сауда бөлімінің, бастығы еді. Бұрын баспасөз орнының ешқайсысында қызмет атқарған немесе оларға қатынасқан адам емес. Жабайы тілмен айтқанда, ол кәдімгі мекеменің қызметкері. Бірақ өзі пысық. Жиналыстарда көбірек сөйлейді және шешен (әсіресе орыс тіліне), оның үстіне Губкомның бюросына мүше. Сырттай естуімше, Төреғожин Атбасар уезіндегі бір білгілікті кісінің баласы. Ой-сана жағынан ол бізге белгілі Нұрғали Кодаленкомен пікірлес, оны редакторлыққа ұсынуы сондықтан деседі. Кодаленконың бюрода дәлелдеуінше — редактор — бюро мүшелерінің біреуі болу керек, оған Төреғожиннан лайықтысы жоқ. Төреғожинның редактор болуы, оны Нұрғали Кодаленконың маған теріс ұсынуы мені алғаш елеңдетіп тастады. Бірақ жүре келе оның тиер залалы жоқ боп шықты: газет материалдарын қызметкерлер даярлайды, мен қарап шығам да, редактордың орынбасары Жәнібековке берем, маған сенетін ол қолымнан өткерілген материалдардың көпшілігін қарамастан, Тереғожинға тек макетін ғана апарып ризаласады; шаруашылық істері басынан асып жататын Төреғожин материалдардың ілуде біреуін ғана Жанұзаққа оқытып, басқалары не екенінде жұмысы болмай, макеттің бірінші бетіне ғана «мақұлдаймын» деп қол қойып береді. Газеттің мазмұны да, сыртқы көрінісінің әдемілігі де бәрімізге ортақ мәселе болғандықтан бүкіл қызметкерлер болып редакторға нұқсан келтірмеуге тырысамыз. Қызылжарда ол кезде коммуналық пәтер азғантай ғана. Оларда тек мекемелердің кейбір басты қызметкерлері ғана тұрады да, өзгелері пәтерді жалдап алады. Мен де сөйттім. Қызылжардағы қазақ мешітінің имамы — Мәһди Ағисов деген адам айына червонецпен он сом (бір қойдың бағасы) ап, үлкен қарағай үйінін, бір бөлмесін жалға берді. Бұл өзі арабтың, иранның, түріктің тілін жақсы білетін, орысша да жақсы сөйлейтін, орысша және қазақша газеттер алдырып оқитын, дүниеден хабары мол, ақылды, парасатты адам, сол кездегі саясат әлемінде ислам дініндегілердің ағылшын империалнзміне қарсы жасалған ұйымының Қызылжардағы бөлімшесін басқарады. Сол үйге орныққаннан кейін мен елдегі туысым Ғаббас Мұстафинға хат жаздым да, әйелімді алып келуін өтіндім. Кешікпей ол да келді. Менің уақытымның көпшілігін газет қызметі алатын болды. Жұмасына үш рет шығатын газеттің номерлеріне материал толықтыру ол кезде оңай емес. Газет сотрудниктерінің өздері болмаса, қалада тұратын былайғы қазақ интеллигенциясы жөнді жазбайды. Кейбір қажетті боп қалған мәселелерге сол жүйеде қызмет атқаратындарға өтініп, мақаланы әрең жаздырып аламыз, біразы жазбайды, біразының жазғаны іске аспайды, біреулері орысша жазып, қазақ тіліне аударамыз. Бас редакторымыз — Зейнолла Төреғожин сығалай қара деп сақтандырып қоя ма, немесе газетте көп жыл қызмет атқарған дағдысы ма — Жанұзақ Жәнібеков газетке кететін материалдың барлығына да, «анасы қайда, мынасы қайда?» деп байланыса береді, сонда өз тарапынан айтар ақылы да, қосар жаңалығы да болмайды. Бүйтуіне редакция қызметкерлерінің бәрі де наразы. Бірақ біріншіден — жасы үлкен кісі болғандықтан, екіншіден — аты «орынбасар» болғанмен газет ісінің бәрін сол жүргізетіндіктен ешкім онымен айтысып, тартыспайды. Бір қызығы — байланысқан бір материалын ешбір өзгеріссіз қолдан қайта көшіріп әкеп берсең, манағы айтқан замечаниелерін ұмытып кетіп: «Міне, енді дұрыс боп шыққан!.. Әрдайым осылай істеу керек!..» деп қуанып қалады. Сонысына ыза болған газет қызметкерлері, әрі ақын — Мәжит Дәулетбаев:
Сабыр19 кетіп орнына басқа тұрды,
Басы жалпақ, төбесі қасқа тұрды,
Алып барған хабарға күдіктеніп,
«Мынаны түзеңдер!» деп бас қатырды,—
Деп өлең жазады, Мәжит туралы бір-екі сөз. Менімен құрдас ол осы Қызылжар қаласының нашар шаруалы шалақазақ семьясында туып өскен. Өзінің айтуынша, әкесі Дәулетбай әлдене себеппен Қызылжарға Нұра өзенінің бойынан келген шикі қазақ екен. Өзі XІX ғасырда жасаған атақты ақын Кертағының Орымбайына (көкшетаулық) туған жиен екен. Мәжит бойына қонған ақындықты «сол Орымбайдың сілемі» дейтін. Дәулетбай Қызылжарға келе кедей татардың қызына үйленеді де, біржола тұрып қалады. Можит содан туады. Жұрттың айтуынша Дәулетбай өмір бойы Қызылжардың бойнасында мал сойып өткен қасапшы. Сонда бар тапқан меншігі — кішірек екі бөлмелі ағаш үй. Дәулетбай Мәжиттің жас кезінде өледі. Тағы да бірep бала қалады. Әйелі үй шаруасынан басқаға жарамайды, жиналған мал-мүлік жоқ, сондықтан семьясы жүдеушілікпен әрең күн көрген, күтусіз ағаш үйі де тозып, мен көрген кезде шатыры шіріп құлаған, қабырғаларының төменгі бөренелері шіріп, үй мыжырайып қисая бастаған. Сондай халде, бала Мәжит татар мектебінде оқып, қолы босағанда татар сәудегерлерінің бұйым дүкенінде сатушы болған.
— Революцияға дейін осылай күн кештім,— дейтін Мәжит.
Мәжиттің түр-тұлғасы да қызық болатын: оның денесі тапалтақтау тырбиған, аяқтары қисық, басы үлкен, шекесі жалпақ, мұрны тапырайыңқыраған, шашы қалың және дудар, қабағы қалын,, көзі шүңірек те. Ол «тек қана шүңіректеу көзім шешеме тартқан, өңге бітімімнің бәрі—әкем» дейтін. Мәжит татар мектебінен орта дәрежелі білім алған. Мектепте орысша да оқып, жап-жақсы сөйлейтін, жазатын. Сондықтан және зиректігінен бүкіл татар әдебиетінің шығармаларын ол жатқа білетін. Өлеңді он үш - он төрт жасынан жазуға кіріскен ол әуелі татар тілінде бастаған да, революциядан кейін қазақ тілінде жазуға ауысқан, сондықтан да қазақша тілі шалағайлау, сөз қоры аздау болатын, ол онысын білдірмеуге тырысып, қазақтың кейбір ескі сөздерін әдейі жаттайтын да, оларды кейде орынсыз қолданатын. Күн көрісі нашар болғандықтан табысын молайту ниетімен бе, әлде, шын ыхласы солай ма — Мәжит қазақ өлеңі мен фельетондарды көп жазып, көркем әдебиетке талғам аз кезде төпеп бастыра беретін. Онымен ғана тынбай, пьесаны да көп жазып, жергілікті сахналарда ойналып жататын. Нашар пьесалары бірер ойналғаннан кейін сахнадан шығып қалса, тың біреуін тағы жазып апаратын. Сөйтіп, бір жылда оның әлденеше пьесасы ойналатын. Соларының ішінен, кейбірі тәп-тәуір де шығатын. Мысалы: «Сорпақпай» аталатын бір пьесасы Қызылжар көлемінен асып, республикалық қалалардың кейбіріндегі клубтарда да ойналып жүрді. Оригиналдық шығармаларды да көп жазумен қатар, Мәжит орыс тілінен және орысшаға аударылған басқа тілдерден де көп шығарма аударды. Олардың да бірталайы газет, журналдарда жарияланды. Ол Шекспирдің «Гамлеті» мен Гогольдің «Ревизорын» да аударып, сахналарда қойып жүрді. Орыстың жер жүзі классикасының, біздің замандағы демократтық және резолюциялық жазушылардың қысқа шығармаларынан Мәжиттің аударған, жариялағаны толып жатыр. Ол оригиналдық және аудармалық шығармаларының аяғына, кейде «Мәжит» деп, кейде «Мәжит Дәулетбаев» деп, кейде «Мәжит Мурийский» деп қол қоятын. Соңғы фамилиясына түсінбей, «бұ не?» деп сұрасақ, Мәжит:
— Әкем Қызылжарға Нұра өзенінен көшіп келген: «Муринский дегенім, «Нуринский, яғни «Нұралық» дегенім,— дейтін.
Қазақтарда «татардың тілі ащы болады» деген ұғым бар. Сол айтқандай, Мәжит жазуында да, ауызша сөзінде де шақпа тіл адам да. Оның мінезі де шыныдай шытырлақ болатын, сондықтан, екі сөзге келмей ұрсыса кету, кейде төбелесе кету — салты да. Ол дене күші азғантай жігіт те, бірақ сонысына қарамай, өзінен әлдеқайда қарулы адамға жармаса кететін, көбіне таяқ жеп қалатын, сонда да төбелесін қоймайтын, ұрсысса жыландай шағып, кімді болса да шыдатпайтын, төбелескісі келмеген адам одан қашып құтылатын. Мінезінің, қылығының сондайлығына қарамай, Мәжит іске келгенде ең адал адамның бірі де. Өсек-аяң, ыбыр-жыбыр, жалған сөйлеу оның салтында болмайтын. Ол не десе де бетке айтатын. Партия қатарына кірмегенмен, идеялық жағынан ол таза советтік адам болатын. Оның қаланың саудагерлерін ауыл-қаланың ұры қарыларын, екі жүзділерді, төрешілдікті сықақтап жазған өлеңдері, фельетондары, мак.алалары 1920 жылдардың ішіндегі «Бостандық туы» газетінен көп табылады. Ол отаршылдық пен ұлтшылдыққа да мейлінше қарсы боп, бұл жағдайда да көп нәрсе жазды. Жазу әдісінде байшыл ақын — Мағжан Жұмабаевтың өлең формаларына еліктей отыра, оны да мысқылдап я сынап жазған бірталай өлеңдері бар. Meн қызмет атқарған шақта, «Бостандық туына» ерекше еңбегі сіңген адамның біреуі — Сәдуақас Жандосов. Татардың Троицк қаласындағы «Медресе Расулия» есімді орта мектебін бітірген бұл адам (жасы со кезде қырықтар шамасында болу керек) революциядан бұрын ауылда татарша мектептер ашып, көп жыл мұғалім болған да, Қазақстананда Совет өкіметі орнағаннан кейін әуелі Омбыда шыққан қазақ газеті (1919 жылы).— «Кедей сөзінде», одан кейін 1920 жылдан бастап Қызылжарда шыққан «Бостандық туында» үздіксіз қызмет атқарады. Ол жуас мінезді, қақ-соқта жұмысы жоқ, іске жалықпайтын, редакция мен типографияда күні-түні отыра беретін, қазақ тілінің грамматикасы мен синтаксисін ешбір мүлтіксіз жазатын, газет техникасына өте шебер адам да. Газет номерін соңғы рет қарап шығуды біз түгелімен соған ғана тапсырамыз. Сәкен ол күні үнемі типографияда болады да, набордың бас-аяғын түгелімен қарап шығып, соңғы оттискасына қол қоймай қайтпайды. Кейде осы жұмыстан үйіне тан, ата оралғанмен ертеңгі қызметінен тағы да қалмай уақытында келеді. Газеттің шығарушысы («выпускающий» боп негізі шалақазақ — Кәрім Балтабаев дейтін жолдас қызмет атқарады. Сөйлеуінде түгелімен татаршалайтын ол, наборға түскен қазақ сөздерін дұрыстауда Садуақас Жандосовтан кем түспейді. Кейбірін өзіміз де білмейтін қазақ ескі сөздерін де Кәрім Балтабаев дәл түсініп, қисық жазылған не терілген әрпі болса мүлтіксіз дұрыстап жібереді. Сондықтан Жандосов пен Балтабаев барда газет ой, сөздік жағынан мүлтік кетеді-ау деген ой ешуақытта басымызға келмейді. Сол бір кезде газеттер төңірегінде «тілші» деген сөз белең алды. Бұлар — жергілікті қалалардан, ауылдардан газетке хабар жазып тұрушылар. Редакция оларға еңбек ақы төлемейді, тек жазғанына ғана аздап гонорар береді. Бұндай тілшілері жоқ қала менен болыс ол кездегі Ақмола губерниясында жоқ. Олардың қолына «біздің тілшіміз» деген сенім қағаз жіберіледі. Осы қағаз бойынша ешбір мекеменің оларға мәлімет бермеуге хақысы жоқ. Олар жазған хабардағы кем-кетіктердің анық-танығын тез зерттеу — жергілікті сот және зерттеу орындарының міндеті. «Тілшіні қудалау» дегенге басқарушы партия және совет орындары сығалай қарап, қатты тыйым салады. Мен қызмет атқарған жылда «Бостандық туы» газетіне қызмет атқаратын тілшілердің саны жүзден астам болды. Сонда ерекше көзге түскенінің біреуі — кейін белгілі ақынымыздың бірі болған — Жақан Сыздықов. Жақан ол кезде Атбасар оязының «Қарақойын» аталатын болысында финанс агенты болып қызмет атқарады. Қысқа хабарларына қоса одан өлеңдер де көп келеді. Олардың аяғына, кейде Жақан деп, кейде Сақан деп қол қойылады. Артынан білсек — Сақан дегені — әйелі екен, Сақа боп та, Жақа боп та жазатын Жақан Сыздықовтың өзі екен. Атбасардың Есіл болысы аталатын жерінен хабарды ол кезде көп жазатын адам — қазіргі қарт журналисіміздің біреуі — Мұқаш Мәжікеев. Ол — хабар жазумен қатар елдегі ауызша әдебиетті де көп жинап, біразын газетке жібереді, біз кейбірін жариялаймыз. Осылай өрбіген тілшілер қозғалысының 1925 жылдың аяғында губерниялық съезі шақырылып, жер-жерден үш жүздей адам қатынасты. Жиналыста жасалған баяндаманың біреуі — қазақтың жас совет әдебиетін өркендету, оның ұйымын құру жайында болды. Баяндаманы мен жасадым. Бұндай баяндама қойылуына аздаған даярлығымыз да бар еді. Ең алдымен 1925 жылдың июль айында, республикалық газеттердің бетінде «Қазақстан пролетариат жазушыларының ұйымын» (Қаз. АПП) құру туралы Қазақстан Өлкелік партия комитетінің бюросы алған қаулы жарияланды. Қаулыда ұйымдастыру бюросына мүше боп Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин және Әбдірахман Бәйділдин белгіленгені айтылған. Ұйымдастыру бюросы Россия пролетариат жазушыларының (РАПП) платформасын (бағытын) қабылдап, қазақ тіліне аударды да, баспада жариялады. Осы кезде «Бостандық туы» газетінің төңірегіне Ақмол губерниясының қала, даласынан көркем әдебиетке, әсіресе - өлеңге қаламы ұшталып келе жатқан бірталай жастар үйіріле бастаған еді. Олардың біреуі — жоғарыда сипатталған Мәжит Дәулетбаев, екіншісі — Жақан Сыздықов, үшіншісі — Қызылжар қаласындағы совет партия мектебінен оқитын, кейін белгілі ақынымыздың бірі болған ғалым Малдыбаев, төртіншісі — менімен бірге рабфакта оқып жүріп, сырқаты арқылы бір жылға тыныс алған, Қызылжарға кеп қызметке орналасқан, кейін белгілі прозашы және сыншы болған Елжас Бекенов, бесіншісі жазуды ол кезде жаңа ғана бастаған, кейін белгілі драматургтеріміздің біреуі боп кеткен, Қызылжардағы педагогикалық техникумда оқитын — Шахмет Хұсаинов, алтыншысы ол кезде Қызылжардағы қазақ мектебінің жоғарғы кластарындағы шәкірт, кейін жазушылықпен айналысқан Абдолла Садуақасов, тағы басқалар. Бұл жас жазушылардың Қызылжарда тұратындары 1925 жылдың күзінен бастарын қосып, әдебиет үйірмесін жасады. Басқарушысы мен болдым. Үйірме мүшелерінің қолжазбалары әрбір сенбілікте оқылып, талқыланып отырды. Үйірме жұмысына қала ішіндегі әдебиетке әуес жастар да қатынасуға айналды. Совет партия мектебінің, педагогикалық техникумының, «Ақтас» аталатын қазақ орта мектебінің қасында әдебиет үйірмелері ашылды. Совпарттың үйірмесін мен басқардым, техникумның үйірмесін — Мәжит Дәулетбаев басқарды, «Ақтастың» үйірмесін, сол мектепте әрі меңгеруші болған, әрі тіл, әдебиет сабағын оқытатын, революциядан бұрын «Айқап» журналы мен «Қазақ» газетінде өлең, фельетондары басылған «Тұр, қазақ!» деген есіммен өлеңдер жинағы шыққан, «Бостандық туына» да мақалалар, фельетондар жазатын, ұсақ пьесалары клубтарда қойылып жүретін Байбатыр Ержанов — Құлақбаев. Бұл үйірмелер «құрғақ қол» болмау үшін, губерниялық партия комитеті «Бостандық туы» газетінің ішінде он бес күнде бір рет әдебиетке арналған қосымша бет шығаруға ұлықсат етті. Сонда жарияланған беттердің бірнешеуі менің архивімде әлі күнге дейін сақтаулы. Бет жариялана бастағаннан кейін жер-жердегі әдебиетке ынтасы барлардан өлеңдер, әңгімелер қардай жаууға айналды. Ақмола губерниясына қарайтын — Ақмола, Көкшетау, Атбасар қалаларында әдебиет үйірмелері құрылған хабарлар келді!.. Міне, тілшілер жиналысында қазақтың жас совет әдебиетінің өркендеуі туралы, оның біздің губернияда да орталық ұйымын құру туралы баяндама жасайтын себебіміз осы еді. Баяндама өз нысанасына жетті — жиналыс әдебиет ұйымын құру туралы қаулы алды. Губерниялық ұйымның бюросы он бір кісіден құралды: мен, Мәжит, Елжас, Шахмет, Абдолла, Совпартшколада оқушылардан — Хайырбек Бимұрзин, техникум оқушыларынан — Хамит Қадырбеков, қаладағы әскерлік бөлімнен — Тайжан Берденов, типография жұмысшыларынан — Мәлік Төкішев т. т... Әдебиет үйірмелері де, оның губерниялық бюросы да тілшілер жиналысынан кейін, әдебиеттік істерін қыздыра түсті. Редакция жұмысы да қалпынша жап-жақсы жүріп жатты. Мен бұл істердің бәріне көңілді түрде араластым. Өйтуіме тағы да бір себеп болғанын айта кету қажет. 1925 жылдың күзінде менің семьялық өмірімнің аспанында жарқырап жұлдыз туды, ол—алғашқы ұлым!.. Бұл қуанышты оқиғаның алдындағы күндер мені аса мазасыздыққа түсірді. Оған бір себеп — қазақтың екіқабат әйелді «бір аяғы көрде, бір аяғы жерде» деуі болса, әйелімнің күні жақындаған сайын «қайтіп кетеді?!» деп қауіптенсем, екінші себеп — туатын күні жақындаған бала. Мен жас күнімнен бала жанды боп ескен адаммын. Панасыз қалған бала кезімнің өзінде мен кім көрінгеннің бесіктегі баласын тербетіп, аяғынан жүретін баласын, ойнатып... дегендей, сол мінезімнен жүрген жерімнің балалы адамдарына аса жағымды болдым. Оны жағымпаздану үшін емес, тамақ асырау үшін емес, баланы жақсы көретін шын көңілден істейтін едім. Орыс поселкелерінде жалшылыққа жүрген шағымда, орыстардың да жас балаларын жақсы көріп, ойнату салтым болатын. Сол қылығымнан бір уақытта таяқ та жегем: Құтырлаған (Екатериновка) қаласында, бала-жігіт шағымда, мен Севастьянов Иван деген қазақ-орыс кулагының үйінде жалшылықта тұрдым. Оның өзі де, балалары да қара шаш, қоңыр өңді болатын. Неліктен екенін кім білсін,— Севастьяновты қазақтар «Мәлке», інісі — Николайды «Көлке» дейтін. Екеуі де еңгезердей ірі денелі орыстар. Екеуі де әскерде казачья сотняның офицері болған, екеуі де станицада атаман болған, екеуі де ішкіш, төбелескіш, тұқымдары көп және бай болғандықтан ұрып кеткіш, екеуі де қазақ тіліне судай, екеуі де қазақ байларымен тамыр, екеуі де жүйрік аттар ұстап, ауыл бәйгелеріне қосады, көбінесе оздырады, екеуі де қазақша семіз соғым (жылқы) сойып, қазақ тамырларына қазақша қонақасы береді, олардан өздері де сыбаға жейді.... Көлкенің «Бәңке» (Ванька) дейтін ұл баласы болды. Шашы қара бұйра, өңі қоңыр, көзі, кірпігі, қасы мөлдіреген қап-қара, денелі, семіз бұл бала маған ауызға сап жұтып қоятын қарақат тәрізді тәтті де, қызық та көрінетін еді. Жұмыстан босаған шақта ермегім осы бала боп ойнатам да жүрем, әке-шешесінен тасаланған шақта қолыма көтеріп ап құшырлана сүйем. Жасырып сүйетін себебім — баласын бүйтуім түгіл ұстағанымды да әке-шешесі ұнатпайды, шовинистік және байшылдық рухта өскен олар мені «киргиз» деп те, жалшы көріп те менсінбейді, жақындасу, сөйлесу түгіл үйлеріне де бас сұққызбайды, әлдеқалай қыдырып бара қалсақ, «айда, пошел!» деп қуып шығады. Бір күні оңашада Көлкенің Бәңкесін сүйіп жатыр ем, әлдеқайдан кеп қалған әкесі мені ұстап алды да, баласының шыңғырып жылауына қарамай, сілейте кеп сабады. Сол қалпында өлтіріп тастар ма еді, қайтер еді, егер, Мәлкенің әйелі кезігіп айырып алмаса!.. Өлтірсе де одан құн алар ешкім жоқ... Сонда да мен сол баланы оңашада сүйе бердім... Баланы осынша жақсы көретін а дам енді өзімде бала болатынын көрген соң не жаным қалсын!.. Қазақ қыздан ұлды жақсы көреді. Сол салт бойыма сіңгендіктен мен де «ұл болса екен!» деп тілеймін... Бір күні әйелім толғатты да врач кеп, оны больницаға әкетті. Бірер күнге созылған «сырқаттың» кезінде мен ұйқы-күлкі көрместен, Қызылжардың «Ямская» аталатын көшедегі қалалық больницасының қақпасын күзетуде болдым... Ақыры, қалжыраған шағымда, акушерка әйел қақпа алдына қуанышты хабар алып шықты,— Ұл!» «Қуанышқа жүрек тулайды» дейді қазақ. Рас сөз екен!.. Тіпті тулап кеткен жүрегімнің жарылмай шыдауына қайранмын!..
МЕЙІРІМСІЗДІК
«Бала деген, шіркін-ай, балдай екен!
Тәттілігі жая мен жалдай екен!
Арып-ашып даладан келгеніңде,
Бал иісін таттырып алдайды екен!
Қанша ауыр жұмыста жүрсе-дағы,
Белің, қарың ешуақыт талмайды. екен!»
Кенен Әзірбаев.
Баланың атын Арыстан қойдық. Оның қызығына тояр түрім жоқ!..
Қызылжарда басқарушылық қызметте тұратын Нұрғали Кодаленко мен Зейнолла Төреғожиннің пікірлес адамдар екенін жоғарыда айттық. Осы аталған кісілердің қатарына Ақмола губерниялық атқару комитетінін, председателі — Мұқаш Орынбаев қосылады екен. Наразы адамдар бұл үшеуін «Святая тройка» яғни «үш әулие» деп атайды екен. «Бостандық туының» қызметіне кірген алғашқы күндерде аздап сескенгенмен, бой үйрене келе, онымды қойдым. Несіне сескенем — Кодаленкода жұмысым жоқ. Губкомдағы жұмысымды үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі— Дейнегодан бітірем де қайтам. Одан жоғарғыларға редактордың орынбасары — Жанұзақ Жәнібеков жүреді. Газеттің аяғына «жауапты редактор» деп қол қойғаны ғана болмаса Зейнолла Төреғожин редакциялық ешбір істерге араласпайды. Басында газет макеттеріне қол қойып жүретін ол біраздан кейін: «өздерің шығара беріңдер» деп қолын да қоймайтын болды. Жәнібековтің қыстыгүні тымаурата беретіндігі, әсіресе — тамағы қарлыға беретіні бар. Сондай шақта газет макетін Төреғожинға өзім алып барам, ол кейде байқаған, көңіл қойған бірдемелерді сұраған болады да, көбіне жарайды деп қоя береді, немесе—Жәнібековтің үйіне апарып көрсетерсің дей салады. Басқарушылардың бірі дегені болмаса Орымбаев әлеуметтік пікірге араласпайтын, кеңсесінің ғана қызметін білетін, мінезі де ауыр, түсі де суық, сөзге сараң адам. «Үш әулиенің» бұл қаладағы әлеуметтік істе ең үлкен атқаратын ісі — тамыр-таныстарын, елдестерін мекемелердің қызметіне көбірек тоғыту. Өзінен басқа ешкімге сенбейтін, барлық дүниеге күдіктене қарайтын Елжас Бекеноввтің айтуынша, Семей губерниясынан келген Орымбаев пен Коделенко, Атбасар оязынан келген Төреғожин, қызмет сапасына көңіл бөлместен елдестерін Қызылжарға және Ақмола губерниясының өзге ояздарына тартып жатыр. Маған оның бәрібір. Оз қызметіме бөгет жасамаса қайда тартса да мейілдері. Мен осылай жүрім жаттым. Істерім де көңілді, үй-ішім де көңілді. Үйге келсем ермегім Арыстаным. Ол — дені сау, бұлтиған семіз, сұлу бала болып өсіп келеді. Бірер айдан кейін күлуге, одан еңбектеуге де айналды, үш-төрт айда сөз сияқты бірдемені уілдейтін болды. Менің жан-тәнім соның үстінде..... Осындай бақытты тұрмысыма 1926 жылдың апрелінде көңілсіздік бастады. Бұл кезде мен Мәһди Ағисовтің үйінен шығып, ұншы Елубай аталатын бір қарт адамның үйіне пәтерге түскен ем. Мәһдиден кетуіме себеп: оның үйінде Сары Төлбаев дейтін жасы мен құралыптас жалшы жалшы жігіт жүрді. Ол 1926 жылдың аштығында Ақмола оязының Жаңаарқа деген ауданынан қаңғырып келіпті де, әркімдерге жалшылыққа тұрып, ақыры Мәһди молдаға тоқтапты. Сары Төлбаев күні бүгінге дейін тірі. Ол менің сол — 1926 жылдан бергі досым. Мәһдиден айрылғаннан кейін әлдеқайдағы мектептен сауатсыздығын жояды да, партия қатарына өтіп, ауылдық және аудандық қызметтер атқарып кетеді. Ол Ұлы Отан соғысы кезінде кіші офицер боп, соғысты басынан аяғына дейін қолынан өткереді, талай рет жараланады, контузия алады, бірнеше медальға, орденге ие болады. Соңғы он шақты жылдағы қызметі — Ақмола облысының Жаңаарқа ауданында әлеуметтік қамсыздандыру мекемесінің бастығы. Әлі күнге шейін орысша хатқа да, қазақша хатқа да шорқақ ол, мінез жағынан ойнақы, қызу, күлдіргі, көңілді адам. Советтің заңын білетін Мәһди молда Сарыны ішім - жемнен, киім-кешектен тартқан жоқ. Оның үйінде Сарыға салмағы түсерлік ауыр жұмыс та жоқ: қораның қарын күрейді, бір сиыр мен бір ат күтеді, мол да ат жегіп шыға қалса божысын ұстайды, үйге қажетті отынды сақтап жағады, суын тасиды... Бұлардың бәрі Сары сияқты кеспелтектей, дені сау жігітке түк те емес. Осы жап-жақсы тұрмысын көтере алмағандай, Сары Мәһдидің қытығына тиетін қылық жасап, жиырма жастай кіші, сұлу кескінді, ойнақы мінезді тоқалымен көңілдес боп қапты. Мәһди денелі, қарулы. Сарыға әлі келетін адам еді. Бір күні Сарыны қылмыс үстінде ұстап алады да, сілейте сабап, үйінен қуып жібереді. Осы жайда Мәһдимен ренжістім де, үйінен көшіп, ұншы Елубайдың үйіне пәтерге түстім. Бұл — тозығы жеткен үлкен ағаш үй екен. Бөренелер арасына салынған мүк ескіріп түсіп қалғаннан кейін, іші-сыртын сары балшықпен майлағанмен, Қызылжардың кейде қырық пен елу градусқа жететін аязына төтеп бола алмай, ішіне қалың қырау тұрады да, күндіз қалын, киінбей отыруға болмайды, түнде қалын, жамылмай жатуға болмайды. Осындай суықта бірнеше күн бүрсеңдеп, ызғары денеге өтуден бе, әлде кенеттен келген пәле ме — базарға кеткен әйелім қатты ауырып келді де, денесінің ыстығы лезде қырыққа барды... Қызылжардың ауруханалары ол кезде жеткіліксіз. Аз ғана ауруханаға сырқат адам сыймайды. Дәрігерге көріну деген де дүниенің мүшкілі. Мүмкіншілігі бар адамдар дәрігерлердің үйіне барып көрінеді, не үйіне шақырады. Meн соңғысын істедім. Бірақ олар қымбат алады. Купицкий деген қарт дәрігердің біздің үйге келуге қолы төрт-бес күнде әрең жетті. Оған дейін булыға жөтелген әйелім, өлерлік халға жақындады. Купицкий жақсылық хабар айтқан жоқ. Оның маған оңашалап айтқаны:— «әйелің туберкулез... жазылуы қиын...»
— Тұқымыңда туберкулез адам бар ма еді?—деп сұрады ол менен. Әйелімнің шешесі көп жылдан бері күркілдеген көксау адам болатын. Мен соны айтып ем:
— Емханаға жатқызамыз да, байқап көреміз, үміт аз...
Емханаға жатқан әйелімнің сырқаты бәсеңдеу орнына күшейе берді. Одан кейін қызметімде береке қалмады, күніне әлденеше рет емханаға жүгірем, үйге келсем емшектен айрылған кішкене бала зар қақсап дамыл бермейді... Осындай ауырлықтың үстіне тағы бір ауырлық киліге кетті. Апрельдің орта кезінде Губкомның секретарь! Гримблад әлдеқайда демалуға жүріп кетті, оның орнында Нұрғали Кодаленко қалды. Бір күні мені Кодаленко кабинетіне шақырыпты. Барсам қанын ішіне тартып сұрланып апты. Сол түспен менің ұсынған қолыма саусағының үшін ғана берді де, айтар сөзін тура бастап кетті: Өткен жылдың аяғында болған XІV партия съезінің, қаулыларына қанық боларсың?—деді ол.
Оқыдым,— дедім мен, бұндай сұрауды неге беруіне түсінбей.
Съезд қаулысының бір тармағында, орысша айтқанда деревняға, қазақша айтқанда ауылға бет бұру барын көрген боларсың?
— Әрине.
— Көрсең,— деді Кодаленко кескінін суыта түсіп,— ауылға бет бұру мәселесінде жергілікті жерлердің қызметіне жіберуге қазақ кадрлері жетпей жатыр.
— Маған не қыл дейсіз?—дедім мен, Кодаленко сөзінің түтіні қалай қарай қисайғанын енді ғана сезе бастағандай боп.
— Губерниядағы және ояздағы жауапты қызметте жүрген біраз адамдарды болысқа және ауылға қызметке жіберуге тура келіп отыр. Сол адамдардың тізіміне сені де қосқалы отырмыз.
— Қайда баруға? — дедім мен, қарсыласуға іштей жинала бастап.
— Қала маңайындағы болыстарға қаланың қызметкерлері де барып тұра алады. Біз жіберетін кісілерді қаладан алыстағы ауылдарға жұмсаймыз.
— Мәселен?
— Ұлытау, Кішітау деген өлкені білетін боларсың?
— Естуім бар,— дедім мен, қайда жіберері көрінген соң ішімді ыза керней бастап; өйткені атап отырған таулары Қызылжардан кеміне мың жарым шақырым болу керек, ол тұстың ең жақын қаласы Атбасар, бес-алты жүз шақырымдай болу керек... Сондықтан:
— Сол маңайдағы болыстардың біреуіне жібермекпіз. Қалай дейсің?—деген Кодаленкоға:
— Мен ондай алысқа бара алмаймын,— дедім.
— Неге?!
— Мен оған қысқаша түрде үй-ішімде болып жатқан ауыр халды айттым.
— Оның бәрі дұрыс,— деді Кодаленко, мен халымды қанша ауыр ғып сипаттап отырсам да шімірікпей.— Бірақ адамның семьялық жайынан басқа қоғамдық жайы да, конкретно айтқанда, партиялық жайы да бар емес пе? Партиялық ұйғарындыға ешбір партия мүшесі қарсы келмеуін жақсы білуге тиіссің. Өзің партия ісіне адал берілдім дейтін адамсың. Бұл арадағы партия — осы Губком. Оның ұсынысын қабылдамау — партияға қарсылық болады. Және сен кедейшіл адамсың. Ауыл кедейлерінің, әсіресе — алыстағы ауылда тұратын кедейлердің таптық сана-сезімі әлі оянбай жатқанын білесің. Оларды, жаны шын ашитын сен сияқтылар болмаса, кім оятады? Сөздің қысқасы, жолдас Сәбит Мұқанов, үй жағдайы дегенді қойып кешікпей аттануын, керек.
— Әйелім бір жәйлі болмай, баламды жайғастырмай, ешқайда да бармаймын.
— Сен кіммен сөйлесіп отырмын деп ойлайсың?— деді Кодаленко тікіленіп.
— Губкомның ұйымдастыру бөлімінің бастығымен, секретарьдың қызметін уақытша атқарып отырған секретарьмен сөйлесіп отырмын деп ойлаймын,— дедім мен де тікіленіп.
— Именно секретарьмен!—- деді Кодаленко маған шұқшиып,— партияның ұсынысын орындамайтын кімсің? Ондай анархияға партия жол бере алмайды. Не партиялық билетіңді мына столдың үстіне саларсың, не партия қаулысын орындарсың.
— Бұл партиялық қаулы емесі— дедім мен де қаным қайнап кетіп ащы дауыспен.
— Енді кімнің қаулысы?—деді Кодаленко ұшып тұрып, кескіні ашудан түтіге қап.
— Кодаленконың!.. Садуақасовшылдықтың!..— дедім мен де орнымнан ұша түрегеліп.
Олай дейтінім, жуық арада Қызылжарға Смағұл Садуақасовтың келіп кеткенін, Кодаленкоға: «Мұқановты газет қызметіне неге қойдыңдар» деп ренжігенін естігем. Садуақасовтың өзі кәзір күшейді... Каз. Крайкомның бұрынғы секретары — Ненайшвили кетіп, орнына Голощекин деген кісі келді, ол бұған дейін тұтасып келген Садуақасов пен Қожанов арасына жік түсіріп Садуақасовты қарсы қою арқылы Қожановты қызметінен қуды. Голощекиннің қазақ қызметкерінен кәзіргі сүйенері — Смағұл Садуақасов десетін. Бұрыннан да соның кісісі саналатын Кодаленко, енді Садуақасовтың, сөзін екі қылар ма?.. «Мені Ұлытау жаққа жіберуі,— Садуақасовтың бұйрығын орындауы» екен деп ойладым да, Кодаленконың ақыруынан қорықпауға, ырқына көнбеуге, несіне болса да шыдауға іштей бекініп алдым. Дауыс көтере сөйлеу себебім до сол. Бүйтуіме ашуға булықты ма, әлде аузына сөз түспей қалды ма, кескіні түтеген Кодаленконың үні шықпай қалды. Meн:
— Сөзім осы! — деп теріс айналып жедел шықтым да, есікті тарс еткізіп қатты жаптым.
Одан кейін аздаған күн өтті. Мен айтып барған хабар, былай да ауыр науқасы жүрегін езіп жібергендей боп, әйелім көп кешікпей дүниемен қоштасты... Екі жылға жақын тату-тәтті өмір сүрген жұбайымды ауыр қайғымен бауыры суық қара жердің құшағына тапсырған күннің ертеңіне Губкомның хат тасушысы пакет әкеп берді. Ашып оқып көрсем, таяуда болатын бюроға шақырылыппын. Барсам мәселе менің елге жүруім туралы екен.
«Үш әулие» түгел отыр.
— Әйеліңнің қайтыс болғанын естідік,—деді Кодаленко, маған байланысты мәселе қаралғанда.— Енді балаңды енді балаңды бір жақыныңа қалдыру керек те, Атбасар уезінің Ұлытау болысына жүру керек. Бюро сені онда волисполкомның председателі ғып жібереді.
— Мақұл, — дедім мен, ендігі қарсыласуда мән жоғын көріп, — әйелінің төркініне «баланы алып кет» деп телеграмм берейін, солар келіп әкете салысымен аттанайын.
— Болмайды ол,— деді Кодаленко.
— Неге?!
— Бірде «әйелім», бірде «балам» деп, партия қаулысына қарсы келе беруге болмайды.
— Сонда, баламды қайда тастаймын?
— Мен қайдан білейін, қайда екенін,— деді Кодаленко, — Қызылжар сенін, қалаң. Осындағы туыс, я таныс біреуіңе таста да жөнел!
— Ондай адамым жоқ.
— Әй, жолдас,— деді Кодаленко жекіген дауыспен,— сен өзің не деген жүгенсіз адамсың? Губкомның секретары сөйлескенде — бой бермейсің!.. Бюроның мәжілісіне келгенде айтып отырғаның мынау! Немене, бюроға да бағынғың келмей ме?
— Бағынамын,— дедім мен. Қисықтық жасап отырған жоқпын. Қайталап айтайын,— мұнда баланы тастайтын жерім жоқ, телеграмм берсем әйелімнің төркіні тез келуге тиісті, соларға тапсырам да, бар деген жерлеріңе аттанам.
— Жоқ, аттанасын!—деді Кодаленко бұйрықты, сызды дауыспен.
Енді сөз таластыруда мән жоғын көрдім де, мен үндемедім.
— Аттанасың ба, жоқ па?—деді Кодаленко, мен үндемей қалған соң «әй, бәлем, жеңілдің бе?» дегендей.
Мен үндемедім.
— Неге үндемейсің? Мылқау боп қалдың ба? — деді Кодаленко. Мен үшін Зейнолла Төреғожин жауап беріп:
— Үндетіп қайтеміз? Айтқан ұсынысыңды қабылдау керек. Бармаса көреміз ғой,— деді.
— Басқа ұсыныс бар ма? —деді Кодаленко, бюро мүшелерін көзімен түгел шолып.
— Жоқ,— деді Орымбаев.
— Ендеше, осылай болады,— деді Кодаленко, бюро мүшелеріне қол көтертпестен. Ешкім үндемеді.
Губкомнан шыға, мен екі жерге телеграмма соқтым: біреуі әйелімнің, төркініне, екіншісі — сол кезде Қызылордаға оралар деп шамалаған Гримбладқа. Қызылорда жауабы аз күнде келіп қалды: екі адреске беріпті: біреуі Кодаленкоға, копиясы — маған. Телеграммаға Гримблад емес, Қазақстан Өлкелік партия комитетінің секретарь! — Голощекин қол қойыпты, сөзі: «Мұқановты елге жіберу ісі тоқтатылсын, ол мәселе Гримбладтың айтуымен жазылған телеграмма. Әйтпесе Голощекин менің есімімді қайдан біледі? Телеграмманың маған келген копиясын Кодаленкоға апарып көрсетсем, бұрынғысынша айғырдай азынамай, момақансып қана сөйлеседі, «біз де алдық» дейді.
— Енді не істе дейсіз? —деген сұрауыма:
— Тұра тұрасын да,— деді Кодаленко.— Тегі Крайкомға телеграмма бергенсің ғой өзің? Губкомның бюросын бір саған жығып беретін Крайком болса көрерміз. Не мен — губком қызметінен кетермін, егер кетпедім бар ғой — қаулыны орындатармын.
— Оны кезінде көрерміз,— дедім де шығып кеттім.
Сөйтіп жүргенде май айы туып, баспасөздің күні — 5-май жақындап қалды. Осы күнді сылтау ғып, Кодаленко сияқтыларды азықтандыратын садуақасовшылдықты әшкерелеу қамына кірістім. Ол үшін қазақтың периодикалық баспасөзінің тарихын жазған боп, садуақасовшылдықтың түпкі тамырын қазғылау керек. Өйтуіме дәлелім де бар: 1905 жылы Петербургта қазақ тілінде бірінші рет шыққан «Серке» газетін, ол кезде кадет партиясына мүше, революциядан кейін оған қарсы болған алашорда партиясының председателі — Әлихан Бөкейханов басқарған. Одан соң 1913 жылы Орынборда шыққан «Қазақ» газетінің басқарушылары Байтұрсынов пен Дулатов та кейін алашорда лидері болғандар. Садуақасовшылдықтың түп тамыры соларда жатады, Садуақасов әрі — олардың шәкірті, әрі — Бөкейхановтың туған қызын алған күйеуі. Баспасөз күніне арнаған мақаламда: қазақ баспасөзінде болған демократтық пен байшыл-ұлтшылдық бағыттардың туу, есу, күресу тарихын сипаттауым керек те, екі бағыттың да таптық сырын ашуым керек. Бүйту, әрине, садуақасовшылдыққа қатты соққы болуға тиісті. Мен сондай мақаланы жазып жүрген шақта елден әйелімнің ағасы — Тоқсанбай мен оның әйелі — Зейнеп кеп қалды. Балам бұл кезде шешесін ұмытып, емізікке үйреніп, жақсы торалып қалған еді. Жаратылысы солай ма, әлде «өлерде сөйте ме»—баланың қылығы, тәттілігінде хисап болған жоқ. Әйелімнің тірі кезінде Марфа есімді әйелді үй қызметіне алған едік. Ол аса таза, ақылды, адамгершілігі зор, тәрбиелі, мінезі оңды кісі де. Баланы ол өз баласынан кем күткен жоқ. Содан да болу керек, бала жарты жастан аса, аяғынан қаз тұрып, аз күнде апыл-тапыл жүруге айналды, «апа, ата, тәте деген сөздерге тілі келе бастады. Шешесінің қабырғаға ілінген фотокарточкесін танып, «кім?» десең, «апа» дейтін болды, мені «кім?» десе, «ата» дейді, Марфаны «кім?» десе, «тәте» дейді... Мені көрсе ұмтылып, ұйқыдан басқа уақытта қолымнан түспейді, не қылық көрсетсең бәрін істемек болып әуреленетін «артист», «балалы үй базар» дегендей, ойнап-күліп мәз-мәйрам боламыз да жатамыз... Тоқсанбай мен Зейнеп келе, Марфа да, мен де ауыр қайғыға түстік: сүйікті ермегімізді оларға беріп жіберуге қимадық, ал бермеуге амал жоқ — Гримблад жақында келеді, одан кейін қайда болса да қызметке ауысам. Егер Қызылжарда қалсам, Марфаға күттіре берер ем, оны шақырып әлдеқайдағы туысы хат жазыпты, бармауға амалы жоқ сияқты... Баламды Тоқсамбаймен жібермеуге амалым болмағаннан кейін, осы қайғыға ұшырауыма бас себеп — садуақасовшылдық сияқтанып, оған қарсы жазған мақаламның уын мейлінше күшейттім. Енді сол мақаланы газетке өткізуім керек. Менің бұл жұмысым шын мағынасындағы конспирацияға20 айналды. Алдымен Жанұзақ Жәнібековтің көзін алдамақ боп, «мына жауапты мақаланы өзіңіз қарайсыз ба, болмаса редакторға көрсетейін бе?» деп ем, «жауапты» деген сөзден қорқа ғап:
— Ойбай, қарағым, редакторға-ақ апар. Өзі-ақ оқып қол қойсын,— деді.
«Қайтіп кетеді» деп жүрегім тұрыңқырамағанмен, Зейнолла Төреғожинға барсам, басқаратын мекемесінің коллегиясын еткізуге әзірленіп, асығып жатыр екен. Мен мақала жайын айта бастағанда, «Жәнібеков көрді ме?» деп сұрады ол. «Жоқ» дедім мен. «Дұрыс жазылған мақала ғой» деп сұрады ол. «Менімше, дұрыс» дедім мен. «Ә-ә, онда жарайды, жібере беріңдер» деді ол. «Сіздің қолыңыз Қажет,— дедім мен,— мақаланы оқып шығыңыз да, ұнатсаңыз қол қойып беріңіз». «Оған қолым тимейді»— деді Зейнолла. «Сіздің қолыңызсыз жіберуге болмайды»— дедім мен. Қолына берген мақаланың, ол әр жеріне көзін жүгірткен болды да, оқып шығуға асыққандай, немесе, ерінгендей, «ә, барсын» деп, қызыл сиямен мақаланың шетіне «басылсын» деп жазды да қол қойды. Ол күні кешке ұйқы көрген жоқпын. Газеттің номерін шығаруға Садуақас Жандосовты жұмсамай, типографияға езім бардым да, наборщиктерге қызметтен тыс ақы төлеуге уәде ғып, өз көзімше номерге баратын материалдарды түгел тергіздім. Өзім корректурасын жақсылап қарадым. метранпажға21 өз көзімше номердің беттерін жасатып машинаға жіберттім, үш мыңнан артық тиражы бар газетті түгелімен машинадан шығарттым. Сөйтіп экспедиторды түнде үйінен шақыртып ап, газет сандары баратын жерлердің даяр адрестерін жапсыртып, топ-топ қып будыртып, редакция атымен почтаға өз қолымнан апарып тапсырдым да үйге қайттым. Қатты ұйқтап қаппын. Біреу оятқанға басымды көтерсем,— Жанұзақ Жәнібеков!.. Оның былай да аппақ бетінің сұры тіпті қашып өліктей көкпеңбек боп, үлкен көзі шарасынан шығып кетіпті. Тоңуы ма, қорқуы ма,— денесі қалшылдап барады...
— Ойбай, Жәке, не болды? —деген сұрауға:
— Бүлдірдің, Сәбит!.. Құрттың!.. Өлтірдің!..— деп жауап берді Жанұзақ, дірілдеген дауыспен.
— Не болды?..
— Міне, болғаны!..— деп Жанұзақ қолыма «Бостандық туы» газетінің түнде өзім шығарған санын ұстатты.
— Бұнда не бар? —дедім мен, түк білмегенсіп.
— Оқы, бас мақаласын!
— Несін оқимын? Өз қолымнан жазылған мақала...
Жанұзақ кісімен ұрсыса, бейпіл сөз айта білмейтін кісі еді. Ішіндегі ашуы қазандай қайнап жатқанын бетінің бұлшық еттері бүлкілдеуі көрсетіп тұр. Осындай халдағы кісі, бері салғанда сыбап боқтап жіберер еді де, әрі салғанда жұдырық жұмсар еді". Осының екеуін де істей алмауына ыза болғандай, Жанұзақ бетін басып, өкіре жылап жіберді де, орындыққа отыра кетті. Мен оны аяп:
— Жәке, жылама! — деп қасына барып ем, тоқтаудың орнына үдеп бара жатқан соң:—ағатай, қой енді!—дедім құшақтап.— Газеттің не пәлесі болса да мен көтерейін, қай жерде болса да «айыпты менмін» деп мойныма, алайын!..
— Оның бәрі дұрыс қой,— деді Жанұзақ жасқа булыға сөйлеп, менің жаңағы сөзімді көңіліне аз да болса медеу көргендей, бірақ саған сенген едім ғой мен, а-а-а...
— Бүліне қоятын ештеңе болған жоқ,— дедім мен, көз жасын орамалыммен сүртіп,— сізді қиналдыратын бас мақала ғана ғой...
— Соның өзі аз боп тұр ма?— деді Жанұзақ, жылауын бәсеңдетіңкіреп, өксу орнына жиілете ықылық атып.
— Менімше, ол мақалада да күдікті ештеңе жоқ. Айтылған фактылардың бәрі тарихи шындықта болған істер.
Тарих, тарих!—деді Жанұзақ кекетінді дауыстап, тарих деген резеңке емес пе, қалай тартсаң солай созыла беретін? Емес,— дедім мен нық дауыспен.— Орыста «что написано пером, не вырубишь топором» деген мақал бар. Оның мағынасы,—«қаламмен жазылғанды, балтамен шауып түсіре алмайсың» деген сөз. Сіз маған осы мақаладан дәлелсіз жазылған пікір тауып беріңіз де, не десеңіз де содан кейін айтыңыз.
— Оның бәрі рас қой,— деді Жанұзақ, енді ықылық атуын да сиретіп, демін күрсіне алып,— «пәледен масайық қашыпты» деседі қазақ. Көрінеу көзге, қызыл көзді пәлеге ұрынатын нең бар еді, шырағым-ау?
— Қандай қызыл көзді пәле?
— Смағұл Садуақасовты айтам да. Әлихан Бөкейханов оның туған қайын атасы емес пе? Оларға жолайтын нең бар еді бұл мақалада? Әсіресе — Смағұлға? Кәзір аузынан жалын шығып тұрған жоқ па оның?
Мен күлдім де, Крыловтың қазақшаға аударылған «Тышқан мен мысық» атты мысалы:
Қаптесер келіп айтты көртышқанға: —
Бір хабар жайылып тұр жер-жаһанға,
Күн туып бізге-дағы, көз ашылып,
Жем бопты мысық залым арыстанға...»
деген жолдарын өлеңдетіп кеттім. Неге өйтуіме түсінбегендей, Жанұзақ үлкен көзін бадырайтып маған қарай ғап:
— Түсінем,— деді сөзімді бөліп,— «тышқанға мысықтан күшті аң жоқ» дегенді ескертуің ғой ол маған? Менің «тышқан» болуым мүмкін, Садуақасов мысық емес» ол ең бері салғанда — ит.
Мен қарқылдап күліп жібердім.
— Неге күлесің?! — деді Жанұзақ.
— Смағұлға лайықты ат тапқаныңызға !.. Ол — Бөкейхановтың жетегіндегі ит, бірақ оған әлі келетіндер толып жатыр...
— Шырағым, сен,— деді, енді қалпына келіп болған Жанұзақ.— Арғы саясатты айтпай, бүгінгіні айт. Ол — мына газеттегі бас мақалаң. Осының пәлесінен қалай құтылуды айт! «Үш әулие» бұл мақаланы көргеннен кейін, терісіне сыймай жарылғалы отыр. Төреғожин қазақша газетті оқымайтын кісі еді ғой. Үйіне «Бостандық туы» газетін жаздырып алатын әлдекім, (тегі — газет құмар біреу болу керек) мақаланы көргеннен кейін, Төреғожинның пәтеріне барады да: «бұны неге басқансыңдар?!» дейді. Оның сызып көрсеткен жерлеріне көзін жүгірткеннен кейін, Төреғожин шошып кетеді де, тез киініп, Губкомдағы Кодаленкоға барады. Ол да шошып кетіп, Орымбаевты шақырып алады. Үшеуі мені ортаға алып қысқанда жанымды шығара жаздады.
— Не деді сонда?
— Почтаға, вокзалға жіберген номерлердің жөнеліп кетпегенін тоқтаттыр!»деп бұйрық берді, «мына мақаланы өзгерттіріп, аталған адамдардың бәрін өшіріп, газеттің бұл номерін қайтадан шығару керек» деп бұйрық берді. Жан-жаққа кісі шаптырсам, буылған номерлердің көпшілігі кетіп қалып, почтада азшылығы ғана қалыпты. Төреғожинға соны айтып барып едім, «газет тарайтын болыстардың бәріне тығыз телеграмм беріп, кері қайтарып жіберуін айт» деді. Мен кәзір сондай телеграммаларды телеграфқа апа« |ІЫІІ беріп, мұнда келіп отырмын. Егер, телеграмдар барғанша газет тарап кетсе, тірі масқара болдық!..
— Жәке-ау, бәрібір түзелмейтін іс бұл,— дедім мен,— Газет елдегілерге ғана емес, қалаларға да көп тарайды ғой. Мәселен, осы Қызылжарда үш жүзден астам адам газетті үніне алып оқиды. Солардың бәрін қалай қайтарасыз?
— Рас,— деді Жанұзақ ауыр күрсініп.— Ал енді, киін!
— Қайда барамыз?
Губкомға.
— Неге?
— Төреғожин «екеуің сонда келіңдер» деді...
— Неге?
— Қайдам!.. Бізді тағы да сілкілейтін болар!.. Мен — көнген кісі — не десе де үндемеспін. Сенін, қарсыласа кететінің болатын. Бұл жолы үйте керме, шырағым!.. Қайтесің былай да ауыр жараны ушықтыра беріп!..
Мен киіне бастадым. Жанұзақ екеуміздің әңгімемізді естіген Тоқсанбай мен Зейнептің көздері бақырайып:
— Апыр-ай, құдай-ай, сақтай гөр!—деп қауіптенумен қатар, Жанұзақты жақтап, «қарсыласа көрме!» деп жалынды.
Meн киінгеннен кейін Жәнібеков екеуміз сыртқа шықтық, редакцияның шанаға жеккен аты қақпа алдында блаулы тұр екен. Екеуміз губкомға тарта жөнелдік.
— Ал шырағым Сәбит,— деді Жанұзақ жолда, жалбарынған кескінмен,— менің бұл мәселеде кінәм жоқ қой. Қосақ арасында бос кетіп жүрмейін. Манағы сөзіңнен танбассың. Ауыры, жеңілі болса да, бұл мақалаға байланысты бар кінәні мойныңа аларсың!..
Бөлісе аламыз да,— деп қалжыңдаған сөзіме: Шырағым, не деп келесің?!—деді Жанұзақ зәресі ұшқан дауыспен. Оның былай да қиналып жүрген жанын тағы да қинай түскім келмей: Жәй айтам, Жәке. Айтқаным -— айтқан. Ауыр болсын, жеңіл болсын,— бар кінәні өз мойныммен көтерем!— дедім.
— Сөйт, шырағым,— деді Жанұзақ қуанып кетіп.— Адал едің ғой, соныңнан тая көрме!..
— Мақұл, Жөке.
Біз Кодаленконың кабинетіне кірсек, «Үш әулие» түгел отыр екен. Мен «Кодаленкодан қатты сөз естірмін» деген оймен келген едім. Неге екенін кім білсін, тек түсін ғана суық ұстағаны болмаса, аузынан мені жәбірлерлік сөз шыққан жоқ. Бар айтқаны:
— Садуақасовтың крайкомда бюро мүшесі екенін білесің. Оған нұқсан келтіретін сөзді крайкомның лұқсатынсыз ешкім де айтуға тиісті емес. Мына мақалаңмен сен партиялық норманы аттап еттің, Садуақасовтың ғана емес, крайкомның атына кір келтірдің. Мақалаңды кезектегі бюрода қараймыз. Оған дейін жолдас Жәнібеков екеуің типографияға барыңдар да, бас мақаладағы барлық адамның атын өшіріп, газеттің бұл санын бүгін қайта шығарыңдар!
— Мен оны істей алмаймын,— дедім.
— Неге?— деді Кодаленко тікіленіп.
— Газеттің ертемен шыққан саны түгелге жақын тарап кетті. Жұрт оны алып оқып отыр. Ертең осы санды қайта алып, алғашқысында бар адам аттарының кейінгісінде жоғын көрсе, не дейді олар?
-— Бұл сұрауды өзіңе бұрынырақ қоюың керек еді,—- деді Төреғожин.— Жұрт алдында біз ұятты емеспіз, өзің ұятты боласың.
— Ұятты емеспін,— дедім мен.— Өтірікті емес, шындықты жаздым.
— Бұл осылай жүгенсізденіп болған,— деді Кодаленко серіктеріне.— Сонымен,— деді маған сүзіле қарап,— тапсырманы орындайсың ба, жоқ па?.
— Орындамаймын.
— Ақтық сөзің бе, бұл?
— Ақтық сөзім.
— Ендеше, бар!—деді Кодаленко ақырған дауыспен есікті көрсетіп.— Мәселені сенсіз-ақ шешеміз.
Мен үн-түнсіз шығып кеттім.
Ертеңіне пәтеріме келген «Бостандық туына» қарасам, кешегі санын қайталапты. Тек, бас мақаланың ішінде менің жамандап сипаттаған адамдарымның аты ғана жоқ. Одан кейін білсем, губком бюросы біріншіден —«газетті ®в қара басынын, пайдасына жаратып, крайком бюросының мүшесі — Смағұл Садуақасовты орынсыз қаралады» деп, жеке ісіме тігілетін қатаң сөгіс беріпті; екіншіден — конфискацияланған газет сандарының құны Мұқановтың есебі берілгенде ұсталып қалынсын,— депті. Бұл мен үшін күтпеген «жұмсақтық» болды. Редакциядан есебімді алғанда, конфискацияланған газеттің құны үшін бухгалтерия менен 45 сом ұстап қалды. Ол жайында Ақмола губерниялық баспасөз басқармасының 1926 жылдың 15-майы күні, 447-номермен берген справкасы менің архивымда сақтаулы. Сөгіс туралы, мен Қазақстан Өлкелік партия комитетінің қасындағы партиялық коллегияға арыз жолдадым. Осы арызым сол жылдың 5-октябрінде қаралып, «Жолдас Мұқановтың мақаласы тарихи шындықты көрсеткендіктен. Ақмола губкомының оған берген қатты сөгісі алынып тасталсын» деген қаулы алынды. Кодаленконың маған бұрынғыдай едіреймеу себебін бюро өткеннен кейін білдім. Сол қаулыдан аз күн кейін Қызылордадан Гримблад келіп қалды. Ол крайкомның жуырда болған пленумына қатынасыпты. Осы пленумда Садуақасовтың оңшыл-ұлтшылдық қылықтары қатты сынға түсіп, наркомдығында уақытша қалыпты да, крайкомға бюро мүшелігінен, «Еңбекші қазақ» газетінің редакторлығынан босапты. Қызылжардағы «Үш әулие» осы дүмпуді естіп «босаңсып» жүр екен. Гримбладтың маған айтқаны:
— Сен енді мұнда қызметте қалмай-ақ қой. Крайкомдағы жолдастармен сөйлестім. Олар сенін, Қызылордаға қайтқаныңды, қызметті сонда атқарғаныңды ұнатады.
— Мақұл,— дедім мен.
Ендігі менің алаңым балам ғана. Одан айырылуға қатты қынжыла бастағанда, бұл халымды тағдырдың өзі «жеңілдеткісі» келгендей балам бір күні қатты ауырып шықты. Таңертең оянсам, қойнымда жататын баламның денесі жалын боп өртеніп барады. Ол күні ұйқы, күлкі көрмей шығып, ертеңіне қарасақ, баланың аппақ денесі қып-қызыл!..
— Бұл, әрине қызылша,— десті тәжрибелі адамдар...
Оның аржағын созбақтап сипаттайтын ештеңе жоқ.
Екі-үш күн қатты қиналған балам, құшағымда отырған қалпында, майдың 12-күні күн шыға жан тапсырды!.. Сол қайғының үстінде, «Сәбидің өліміне» деген атпен өлең жазып, кейінгі кезде ғана жарияланды.
ҮШІНШІ ТАРАУ
ЖАУ ЖАҚТА ҚАЛҒЫМАЙДЫ
ОҢ САПАР
Қайғыдан құса болып жүрген күндерімнің біреуінде пәтеріме Жәмпейіс келе қалды. Бұдан бұрын да жиі қатына» сып тұратын, жуық арада Қызылордаға жүрерімді білетін ол:
— Ал, шырақ, аттану қашан?—деп сұрады менен.
Мен үндемедім. Үйтетін себебім, уақытқа қарасам, ендігі жүріп кетуге тиістімін: жолда туған аулыма соға кетем деп, губкомнан бір айға ұлықсат алғамын, осы мерзімнің ішінде Қызылордаға баруым керек. Сол уақытымның бірталайы Қызылжарда өтіп кеткенмен, «ертең, бүрсігүні жүрем...» деймін де, буынып-түйініп қойғанмен үзеңгіге аяқ сала алмаймын; өзгені қиғанмен, баламның қабырын қимай, күн сайын қоштасқанмен, ертеңіне тағы барам... Сондай халде жүрген адам, Жәмпейістің «аттану қашан?» де» ген сұрауына «ертең... бірсігүні...» дей алмадым, себебі, ол сөзді талай рет айтып, талай рет орындамағам. Неге өйтуімді Жәмпейіс айтпай-ақ ұғатын сияқтанып бетіме сүзіле қарайтын да, ауыр күрсініп, ештеңе демейтін. Бұл жолы үндемеуімді де айтпай түсінгендей болған Жәмпейіс, күрсінудің орнына дағдылы қалпымен жайраңдай сөйлеп:
— Сені қонаққа шақыра келдім,— деді.
Қазақ әдетінде, қайғыға ұшыраған адамды дос-жарандары кезекпен қонаққа шақырып, көңілін көтеру бар. Ол әдетті Жәмпейіс алдақашан орындап, әйелім өлгеннен кейін де, балам өлгеннен кейін де үйіне шақырған. Соңғы бірер жылдарда оның күн көрісі шағындау болатын. Сондықтан «арық атқа қамшы ауыр» дегендей, ішімнен «қонаққа енді шақыруы ауыр болар» дедім де:
— Қайте бересіз, шақырып,— дедім.
— Бұл жолғы қонағым,— деді Жәмпейіс,— сен емеспін, Абылай хажы. Ол кісіге арнап мал сойдым, сен табақтас боласың.
— Неге, байғұс-ау, соншама шығынданып?— дедім мен.
— «Байғұсың» не?— деді Жәмпейіс жәбірленгендей,— бір күн — бай, бір күн — жарлы кісі емеспін бе мен? Бүгінгі тапқанымды ертеңге үнемдеген күнімді қашан көріп ең? Бір малдың реті келе қалды да, үйімнен көптен дәм татпаған Абылай хажыға сойып бергім келді. «Салт басым, сабау қамшым» боп жүрген шағымда Абылайдың сүйемелдеген кездері көп болған. Содан бері «жасы үлкен аға» деп сыйлайтыным, өлім келгенде дәм татыратыным бар. Басқа да бір себебім бар, оны кейін білесің.
Жәмпейістің пәтеріне барсам, Абылайдан басқа қонақ жоқ екен. Қызылжарда біраздан бері жатқан ол әйелім өлгеннен кейін де, балам өлгеннен кейін де пәтеріме кеп, көңіл айтып шыққан. Сонан соң кездесуім — осы. Жәмпейістің аздаған қымызы бар екен, соны ішіп сусындағаннан кейін, «аз уақытқа ғана шаруам бар еді, кәзір келем» деп Жәмпейіс кетіп қалды. Жаңыл жеңгей ауыз бөлмеде ас жабдығымен жүрді, Абылай екеуміз оңаша қалдық. Ашық мінезді, сөзді тік айтатын Абылай суық түсімен кескініме одырая қарап алды да:
— Бұ не, қазылып жүдеп кеткенің?!—деді ағалық көрсетіп ұрысқан дауыспен,— жуықта ғана жап-жалпақ, топ-толық бетің, кедей үйдің кішкене шөміші сияқтанып, бірақ уыс бола ғапты ғой!.. Денеңе тығыз сиятын киімдерің де олқы, торсықтай бетін, омсырая бастапты ғой!.. Қайратты жігіт бола ма десем, сен де осындай бор-кемік, жасық па едің? Сенен басқа кісінің қатыны мен баласы өлмеп не? «Қатын елді қамшының сабы сынды» демей ме қазақ? «Бала — белде, қатын — жолда» демей ме? Кәртайып отырған кісімісің, сен,— «енді маған кім тиеді?» дейтін. Тепсең темір үзетін қыршын жас шағың емес пе? Қатын тұрсын, қыздардың өздері таласып тимей ме саған, мынадай — әйел атаулыға бостандық болған шақта?.. Тәйт, әрі!..— деді Абылай маған тағы да қарап қойып, ақырын жекіген дауыспен,— таста, мұның бәрін!.. «Болған іске болат бол...» да, беліңді тас қып буып ап, тіршілік жолына түс!..
— Аруағыңнан садаға кетейін, хажеке-ай,— деді алжапқыш байлап, көйлектерінің жеңін түрген Жаңыл ауыз бөлменің есігін ашып, басын сұғып,— бұл қайынініме,— деді мені қолымен нұсқап, біз де айтпайды емеспіз. Өзгеміздің сөзімізді жеңіл көреді. Енді, айтқан соң мықтап айтып, сіз осы қайнымды қолыңыздан аяқтандырып жіберіңіз!
Қазақы мінезді Абылай, әйелдің сөзге қосарлануын ұнатпағандай, Жаңылға түйіле қарап қойып еді, ол қаймыққандай бөлменің есігін жаба қойды.
— Қызылордаға жүргелі жатыр деп естідім бе?—деді Абылай маған.
— Солай еді, хажеке,— дедім.
— Алдақашан аттанатын жолыңнан бөгеліп жүр деседі ғой сені, әйелің мен балаңның басына барыңқырап?..
Абылай жауап күткендей бетіме қарап еді мен үндемедім.
— «Қайғы — қара жер, жұтпай тынбайды» депті бұрынғылар,— деді Абылай.— «Құсаның түбі — құрт» депті. Бүйтіп жүріп ауруға шалдығып кетуің мүмкін. Өйтпеу үшін, біріншіден — бұл қаладан тез кетуің керек. Қатын, балаңның қабырын көрмесең көңілін, алыстай береді де, содан кейін біртіндеп суиды. Бұл — бір,— деді Абылай, сөз аяғын шегелегендей нық дауыспен,— екінші —«қайғының уытын қуаныш қана алады» депті бұрынғылар. Бұл қайғыдан арылу үшін қуанышқа бөленуің керек.
— Қалай?—дедім мен.
— Не «қалайы» бар?.. Қатын алу керек!..
Біздің кеңесімізді ауыз бөлмеден тыңдап тұрғандай, Жәмпейіс төргі бөлмеге кіріп келді де.
— Менің де айтып жүргенім осы, хажеке!— деді іліп ала жөнеліп.— Өз сезімді қанағат көрмеген соң, әнеугүні Ғалауетден екеуміз отырып айттық...
— Естідім,— деді Абылай, Жәмпейістің сөзін бөліп.— Өзінің балдызы, Арабтың қызына телитін ойы бар көрінеді ғой оның...
— Дәл түстің, хажы — деді Жәмпейіс,—- Торсанның немересі!.. Бүкіл Керей-Уақтың патшасындай болған адам!.. Өздері қандай көрікті және!.. Арабтың қызы — бет біткеннің, сұлуы дейді... Совет заманы болмаса, кеше есігінде жүрген батырағы —- Сәбитке Торсан сияқты адам қыз бермек түгіл, маңайына жолатпас еді. Енді, бермеске амалы жоқ. «Торсанның немересін алыпты» деген атақтың өз! қандай!.. Сәбит ризашылық берсе, арғы жағының ретін Ғалауетденнің өзі-ақ келтіретін...
— Болдың ба?— деді Абылай ұнатпаған кескінмен.
— Болдым,— деді Жәмпейіс,— сәті түсіп тұрған осы қызды ұйпалап ала қою керек.
— Оны алмайды!— деді Абылай кесіп айтқан дауыспен.
— Неге, хажеке-ау?!
«Төре қызын алмаңыз,
Төрде отырар шалжиып.
Береке байлық таба алмас,
Байы оның мал жиып» —
дегенді естіген жоқ па ең? Торсан тұқымынан қыз алса ол бұған қатын болмайды, бұл оған қатын болады.
— Ойбай, хажеке, сонда қызды қайдан табамыз, бұл Сәбитке?
— Ел емес пе?— деді Абылай.— Іздесек табамыз.
— Әрине,— деді Жәмпейіс, бірақ қай қыз өз бетімен келе қояды, «мені ал!» деп. Табу керек қой оны! «Таптым» деген қыздан мені қуып шықтың, хажеке. Енді өз білгенің болса айт! Бұл Сәбитті үйлендірмей жібермеу керек, әйтпесе жүнжіп кететін түрі бар.
Абылай шылым тартатын кісі болатын. Бірақ жиі емес, сирек тартатын және қағазға қолдан орайтын махорка тартатын. Сол дағдысымен жан қалтасына салып жүретін аузы бүрмелі кисетін суырды да, төс қалтасынан текшелеп бүктеген газетті алып, шылымын үн-түнсіз бұрады, бір шетін аузына тістеп, сіріңкесімен тұтатты, мол сорған түтінді қияғын баспайтын қалын, қара мұртының арасынан бұрқырата шығарды. Сөйтіп, «шылымға мейірім қанды-ау» деген кезде:
— Қыз толып жатыр. Аты қыз керек болса, осы — Қызылжардан да тауып берейін. Бұл Сәбитке —«Жалғыз жігіт қатыны, ат-шалмандай шұлғысын» дерлік пысық, таза, ынсапты, ұятты, арлы қыз керек,— деді.
— Оның бәрі рас қой, хажы,— деді Жәмпейіс,— сонда, өзің сипаттап отырғандай тәрбиелі, бипаз қызды қайдан табамыз бұл Сәбитке?..
— Ұшқалақтығың-ай, бейшара!—деп қойды Абылай, Жәмпейіске алая қарап, ұнатпаған кескінмен.— Мені осы жұмыстың ретін тап деп шақырдың ба?.
— Рас!— деді Жәмпейіс.
— Рас болса мені ойламай келді деймісің, сақалды басыммен?
— Өзім де солай жорыған едім,— деді Жәмпейіс жарамсақтанған кескінмен.
— Ойлап қойған бір жерім бар. Егер ол жер туысым болса, мені «қарына тартты» дей көрмеңдер! Сен — Сыбансын ғой,— деді Абылай маған қарап,— мен — Кешебемін. Көшебе: Жоламан, Таузар деп екіге бөлінеді. Жоламаны: Мәмбет, Үмбет деп бөледі, Мәмбеті — менмін, Үмбеті — мына Жәмпейіс. Мәмбеттен: Жарылғап, Қалжан. Мен — Қалжанмын. Қалжаннан: Майлы, Мұсайыт. Мен — Майлының шөбересімін. Мұсайыттан: Азынаш, Көшер. Көшерден кәзір табаны күректей он үй бар. Мұсайыттың еркек-әйелінде (барлық саны елу-алпыс болар) жөн білетіні — Сатанның бәйбішесі — Зейнеп.
— Ие ол ақылды адам,— деді Жәмпейіс.
— Сатан Зейнептің отызды жаңа орталаған кезінде елді,— деді Абылай маған қарап,— Қожақмет дейтін жалғыз кішкене ұлы қалды. Зейнеп осы баласын күтіп, жас болса да байға тимеді. Ақыры Қожақмет ержетіп, үйленіп бірер балаға ғана әке болған шағында елді. Сол Қожақметтен төрт жасар қыз, бір жасар ұл қалды. Ұлы өлді, қызы — тірі. Аты — Мэриям. Кәзір он бестен он алтыға қарап тұр. Сымбатты, көрікті боп өсіп келе жатқан бала...
«Осы қызды ұсынғалы отыр ма» дегендей Жәмпейістің кескіні ойнақшып, суланғыш он, көзін орамалымен сүрте бастады. «Ендігі айтарымды өздерің жобалай тұрыңдар» дегендей орталанып сөнген шылымын Абылай аузы-мұрнынан бұрқырата отырып:
— Келелі сөзіме енді келейін,— деді ақырын дауыспен, сабырмен.— Қожақметтен қыз қалды дедім ғой, аты — Мэриям дедім ғой. Оның шешесі — Бәт жеңілтектеу, сөзуарлау адам. Байы өлген соң немере қайнысы — Қажымұрат дегенге қостық. Қожақметтің қызы — Мэриям оның бауырында емес, әжесі — Зейнептің бауырында өсті. Біздің Мұхаметжанның Мәрияммен құрдас Хайыржамал дейтін қызы болған, бертінде өлді. Мэриям сол қызбен дос болып, біздің үйге көп келетін еді. Зейнептің, үйіне мен де көп барып, кеңесіп қайтам. Сонда байқасам, бір үйдің жалғыз баласы болған соң аздап еркелігі, тентектігі болғанмен, тәрбиесіне, жүріс-тұрысына, мінезіне қарап жақсы адам бола ма деген үмітім бар. «Емшек табы — аузынан, бесік табы — арқасынан кетпеген», өрімталдай жаңа өсіп келе жатқан бала; менің бұл Сәбитке осы баладан басқа тапқан қызым жоқ.
— Басы бос бала ма?— деп сұрады Жәмпейіс Абылайдан.
— Кішкене күнінде атастырып қойған біреу бар еді, онымен қазір ажырасты. Жақын арада, «Таздың22 байы — Нұрпейіс хажының баласы — Мұхамметқали баласына құда түсем деп жүр» деп естідім. Араларында аздап кәде де ауыса бастағанға ұқсайды...
— Онда қалай болады?!—деді Жәмпейіс.
— Түк те болмайды. Қыздың билігі Зейнепте. Ол менің, сөзімді далаға тастамауға тиісті.
— Олай болса, осыған тоқтаймыз да?— деді асығыс
Жәмпейіс маған қарап.
— Қалай дейсің Сәбит?—деп жылпылдатқан Жәмпейіске:
— Көрерміз, ақылдасармыз,— дедім мен.
— Ол қызды Сәбит қалай көріп, қалай сөйлеседі?— деп жылпылдатқан Жәмпейіске:
— Ойланайын. Ақылдасайық. Ертең менің пәтеріме кел!—деді Абылай.
Ертеңіне Жәмпейістін, маған айтып келгені: сен туған аулыңа бара жатып, жолда Мұсайытқа көрші — Қаратоқа аулындағы Нұртаза қызы — Рабиға апаңның үйіне түсесің. Абылай хажы елінде бұл мәселеге қатынасы болатын сенімді адамдарына астыртып хабар айтады. Қызға қалай жолықтырудың айласын солар табады. Рабиға апаңның, үйіне олар хабарлайды.
— Мақұл,— дедім мен. Ойымда: «Нем кетіпті. Көрсем көрейін қызды. Ұнаса оны көрермін, ұнамаса оны көрермін .." Жәмпейіске осылай уәделестім де, бетімді Қаратоқа ауылына түзеп жүріп кеттім...
Ал, құрметті оқушылар, сіздерден төмендегідей өтінішім бар: бүгінгі күнмен есептегенде, қосылуыма биыл отыз алты жыл толып, отыз жетінші жыл орталанып қалған, осынша жылдың бойынша «әй, шәй» деспей, жұбайлық тату-тәтті өмір сүріп келе жатқан, жеті бала сүйгізіп, алтауын аман ержеткізген, бес немере сүйгізіп, оларды да өз қолынан балапандай баулып келе жатқан, адамгершіл, сүйкімді, адал қылық-мінездерімен үйде «мама», түзде «Мәке» аталған, самай шаштары қылаңдана бастаған «сары қарын» бәйбіше адамды, алғаш қалай көріп, қалай сөйлесіп, қалай сыр түйісіп едіңіздер? Бізге соны толық баяндап беріңіз!» деп, мені қинай көрмеңіздер!.. Бұл «тоқсан сөздің, тобықтай түйінін» ғана айтқанда:; Абылайдың астыртын жіберген сәлемін естігеннен кейін, Зейнеп шешей немересіне:—«қарағым, өзің көнсең мен бейілмін» деген. Немересінің көнгенін көргеннен кейін: «ендігі мәселе заңмен шешілсін: Сәбит аудандық кеңсеге барсын да, «қыз — риза, төркіні — риза емес» деп, немеремді милиция арқылы шақыртсын, мен жұрт көзіне наразы болған болайын, немеремнің уәдеден таймауына өзім кепілмін» деген. Сөз осыған байланғаннан кейін, мен «Бөкен» аталатын көлдің басындағы «Құрымсы» аулына орнаған Төңкеріс ауданының кеңсесіне жүріп кеттім. Болыстық атқару комитетінің председателі — Баязит Тілегенов маған таныс және дос жігіт те. Кейін көп жылдар бойына финанс қызметкері болған, соңғы төрт-бес жылдан бері пенсияға шыққан, ақылды, сабырлы, білімді бұл жолдас менің сөзімді тыңдап алғаннан кейін:
— Милиция жіберу қиын емес, алып келуі де қиын емес. Бірақ, сөз түріне қарағанда, тым жастау адам екен, уәде байласқан қызын,. Кеңсеге келген соң уәдесінде тұрса жақсы, өйтпей туыстарының жүзін жыртпай, уәдесінен тайып кетсе қайтеміз? Сонда саған да, бәрімізге де ұят болмай ма?—деді.
Уәде берік болғанмен, Баязиттің мына сақтандырған сөзінен кейін менің жүрегім қобалжи бастады. Себебі — қыз маған киіктің лағы сияқтанған еді: адамды кенет көргенде жыта жөнелетін тағы лақ сол адамның қолына қапыда түсе ғап, бойы үйреніп алса, адамға үй хайуаны ешкінің лағынан әлдеқайда жақын болатынын, еркелеген бейнеде маңайыңа үйіріліп, соңыңа еріп жүретінін тұрмыста талай көргеніміз бар. Ал, сол лактың, егер аз күн жоламасаң жатырқап қалатыны да, жолағың келсе қаша жөнелетіні де бар. Мына жас қыз да сөйтсе не істемекпін?!.
Ойым осылай толқыған мен:
— Нар тәуекел!— дедім Баязитке.— Жіберейік милиционерді!.. Қасына сенімді адам қосайық.
— Кімді?
— Имақ Тоқпановты.
— Білем. Бірінші ауыл советтің председатель Қолайлы адам.
Аудандық милиция начальнигі — Самарқан Жүмәділов дейтін, кіші милиционер Қасым Сәдуақасов дейтін жігіттер болатын. Екеуі де көңілді, ойнарқы адамдар. Қасым — әнші. Сол кезде біздің елге «Майра» дейтін ән тарап, ең жақсы орындаушы — Қасым болғандықтан, ел оны «Майра» атап кеткен. Болыстық атком жұмсаған Самарқан, Қасым, Имақ — үшеуі кешке аттанып, ертеңіне ертемен қызды алды да келді. Бірақ қыз жалғыз келмей, «бұл қорлыққа көнбейміз, қызды бермейміз» деген даурығумен, Жарылғап — Қалжан аталатын бес ауылдан жетпіс-сексен салт кісі ере келді, қолдарында бір-бір жолдағаш!.. Соларға еріп, қыздың шешесі — Бәт, әжесі — Зейнеп, өгей әкесі — Қажымұрат, не¬мере ағасы — Шұғайып келді. Түн қатып келген кісілер тынығу үшін Бөкен басындағы ауылдарға бөлініп орналасты. Баязит Тілегенов қызды Бекболаттың Жақиясы деген адамның үйіне жеке түсірді. Ендігі тәртіп: қыз да, еріп келгендер де дем алғаннан кейін — бәріміз де кеңсеге бармақпыз. Оған дейін қыз милицияның күзетінде болып, туыстарына да, маған да жолықтырылмақ емес, не көрсек те, қыздан кеңседе жауап алғанда көрмекпіз... Менің қасымда немере ағаларым — Мырзағазы мен Ғаббас, інім— Шәкен бар еді. Оларға кеңсе маңында жүрген менің бұрынғы мұғалімім — Хамит Махмудов қосылған. Бұл жақындарымда зәре жоқ. Мен де тиышсызданудамын, себебі Имақтың және милиция қызметкерлерінің айтуынша, қыздың шешесі мен әжесі маған қосылуына қарсы; басқа туыстары да солай, қыздың өзі де сенімсіз сияқты, өйткені — әжесінен айрылмайды, жолшыбай екеуі бірге келді, сыр тартпақ боп «қалайсың?»—десең шапылдап маңына жуытпайды... Онда, қиындау екен!— деседі достарым,— қыз уәдесінен танып кетсе, тірі масқара болдық!.. Біраздан кейін бізге хабар келді: қыздың туыстары аудан басқарушыларынан,— «қыздан жауап оңаша алынса екен, ол арада Сәбит болмаса екен; егер болса — жас қыз қорқады да, сөзінен жаңылып қалады» деп өтініпті. Буған кейбір басқарушы —«мақұл да сөз екен» деп көніп қалғанмен, Баязит Тілегенов —«Қызбен сөйлесуге бес кісіден комиссия сайлайық: аткомнан — мен болайын, прокурор болсын, аудандық соттың председателі болсын, қыздың бір жақыны, күйеудің, бір жақыны болсын» депті. Бұл сөзді естігенде, менің жақындарым:
— Бұл не қылғаны, Баязиттің?! Достығы ма, қастығы ма? Не де болса, қыз бен жігітті көз бе көз сөйлестірген жақсы еді ғой! «Бет көрсе жүз ұялады» демей ме? Қызды төркіндері ширатып әкелсе, оңаша сөйлескенде танып кетуі оп-оңай емес пе?—деп даурықты. Мен:
— Баязиттің, айтқаны дұрыс: оңатын жар болса уәдесінде тұрады да, оңбаса — қала береді,— деп ем, жасы үлкен Мырзағазы маған жатты да ұрысты.
— Сен де жоқты айтады екенсің ғой!—деді ол.— Қыз танып кетсінші, не болар екенсің!..
— Не болам?
— Кешебенің жайын естіп отырмын. Түнде келгені бар, кейін қосылғаны бар — жүз елуден астам адам, Бөкеннің айналасында ерттеулі аттарын қаңтарып, шылбырларын қолдарына ұстап, қамшыларын белдеріне қыстырып, білектерін түріп, топ-топ боп даяр отыр.
— Не істейді сонда?
— «Ақылды бола ма» десем, сен де қызық екенсің ғой,— деді Мырзағазы кейіп,— «не істейді» не?! Сонша адам жапа-тармағай ат қойып бассалса, жалғыз сен түгіл, бүкіл кеңсе боп не істейді? Ауданда қызмет атқаратын айналасы бес-алты милиционер кімге төтеп бола алады? Отырған жерінде тапайды да кетеді!..
— Оны істей алмайды,— деді Хамит,— баяғы қазақы заман емес, не банды кезі емес, тарпа бассалатын; тиыштық кез, заң бар уақыт, сондықтан қол жұмсауға қорқады; уәдесінен танса, қыздарын алады да, ауылдарына қайтады.
— Сонда не істейтінін білесін, бе?— деді Мырзағазы Хамитқа.
— Не істейді?
— Бүкіл Кешебені Досболдың Есімі басқарып кеткен көрінеді. Ол өздеріңмен бірге оқыған адам. Совет келе болыстық атком бастығы болып та қызмет істеп, бертінде өкпе ауруына шалдықты да босанды. Есім білмейтін заң-закүн жоқ. Ол —«тек қызымыз ойдағы жерден шықсын деңдер, егер шыға қалса, қызды, ағасы Шұғайыпты және бірер жігітті алам да, осы арадан пар аттатып Қызылжарға тартам; Сәбиттің содан кейінгі әуселесін көріп алам!.. Советтің он, көзі болмақ түгіл, кім болса да, «тапа-тал түсте, біреудің жас қызына зорлық қыл» деп ешкім айтпаған болар. Ол да заң-закүнге бағынатын шығар. Совет заңы «орлықты көтермейді» деп кіжініп отыр дейді. Шұғайып Есімге: қарындасым берік, одан қорықпа! депті...
— Бұндай болса, қиын екені де рас,— деді Хамит та солқылдап.
— Сонымен,— деді хабар әкелген адам,— Баязит «күйеу жағы кімді бөледі екен, комиссияға соны ертіп кел» деді маған.
— Басқа амал жоқ па?—деді, қорқыныштан қоңыр түсі қаракөктене қалған Мырзағазы, жан-жағына қарап, қалтыраған дауыспен.
— Не болады?— деді Хамит,— заңға қарсы келуге болмайды. Сұраған кісісін жіберейік. Кім барады, сонда?
— Сенен басқа лайықтымыз бар ма осы отырғандардың ішінде?— деді Мырзағазы Хамитқа.— Заң тілін біле аламыз ба, өзгеміз? «Тәуекел» деп сен бар!..
— Дұрыс!— десті өзгелері.
— Барсам барайын,— деп, ақ өңді Хамит, қуқылданған кескінмен орнынан түрекелді.
— Ә, құдай!—деді Мырзағазы жылап жіберіп, көзінен шұбырған жасы омырауына құйылып, алақандарын жая екі қолын жоғары көтеріп,— я ата-бабаның аруағы!.. Қысылған жерде демеуші едіңдер ғой!.. Жебеп-желей.., к-к-ө-өрріңдерде-е-ер!
Жасқа булығып аржағын айта алмаған Мырзағазы, дірілдеген қолдарымен бетін әрең сипады да, өксіп кетті. Бірге отырған өзге достар да бастарын төмен салбыратып, саусақтарымен көздерін сүртті. Хамит үйден шыға беріп, бір адым кейін бұрылды да:
— Біреудің есік алдына шығып қарап тұрыңдар. Комиссия бас қосқан үйден шыққанда, жақсылық болса мына орамалды көтеріп шығармын,— деп, шалбарының қалтасынан үлкен, қызғылт орамалын көрсетті. Одан арғы сөзін айтуға шамасы жоқтай, киіз үйдің есігін тарс қойып жапты да, көзден ғайып болды.
Біздің ішімізде, осы ауылдың сақа жігіті, Мырзағазының бажасы, менімен де көңілдес, ауыл арасында «жол біледі» дейтін — Дөненбайдың Сүгірбайы отыр еді. Хамит кете, әлі де жылап отырған Мырэағазыға:
— Бұл не, жамандық шақырып отырғаның? Жігіт басыңмен жылағаның не қылғаның?! Жақсысын емес, жаманын-ақ айтайық: «қыз уәдесінен танды» дейік, сонда, осы Сәбит қатынсыз қалады деп отырмысың? Біздің бір болыс — Алдайда23, кем болса мың қыз бар шығар, солардың қай таңдағанын арбасына салып беру міндетін мен-ақ алайын!.. Тоқтат, жылауыңды!—деп ұрысты.
— Рас қой,— деді Мырзағазы, жылауын доғарып, ықылық ата сөйлеп,— «өлімнен ұят күшті» дегендей, ұятынан қысылам да, әйтпесе, Сәбитке қыз табылатынын білем...
— «Әліптің артын бақ» дегендей, несі болса да сабырмен күтейік, — деді Сүгірбай,— мен де түкті қошқардың тұқымы едім, ырымым теріс кетпейтін сияқты еді; «тас түскен жеріне ауыр» деп, бұл істің Алдай қотанында болуы бізге де жеңіл тиіп тұрған жоқ; «не боп кетеді?!» деп бізде де зәре жоқ, бірақ, «еншалла, арты жаман болмас» деп үміттенем, себебі — кешеден бері — оң көзім тартып жүр, оным — теріс болмайтын еді...
— Әумин!— деді Мырзағазы, сөнген үміті тұтанғандай боп.
— «Жақсылық болса, Сәбитті үйімнен аттандырайын» деп, тағы бір қозымды сойып, етін астырып жатырмын,— деді Сүгірбай.
Аузыңа май!— деді Мырзағазы,— ырымың жақсы екен, есік алдына сен шық та, комиссия отырған үйге көз тік!
— Сен ше?
— Менің оған дәтім шыдамас,—«жаман айтпай жақсы жоқ», Хамит тысқа орамалын көтермей шықса, жүрегім жарылып кетер. Дос адамсын, әрі ара-ағайынсың, бақылауда сенің тұрғаның жөн.
Сүгірбай «жарайды» деді де шығып кетті... Уақыт тасбақадай ғана жылжиды... Бір минут — бір күндей... Не болғанын естуге құмартқан жүрек, біреу кенеттен «тәйт!» деп қалса жарылып кетерліктей!.. Сондай халде, қанша уақыттың өткенін кім білсін,— те¬мен қарап тұнжырай қалған біздің құлағымызға,— шүйінші!— деген дауыс сап ете қалды!.. Бәріміз бірден басымызды көтеріп үлгірмей, Сүгірбай үйге кіре беріп:
— Шүйінші!.. Шүйінші!..— деді бар даусымен.
— Иә?—деді отырғандардың бәрі орнынан ұша түрегеп.
— Хамит қызыл орамал көтеріп шықты!
Біз дүркірей сыртқа шықсақ, орамалын көтерген жеңіл денелі Хамит ұша жүгіріп келеді екен!.. Ол да «шүйінші!» деп келеді... Загстен еткен біз Сүгірбай үйінде қонақта болдық та, Қызылорда сапарына Лебяжье темір жол станциясынан поезбен жүрмек болып аттандық. «Салттысы, арбалысы...» дегендей бізді бір қоналқа жерге дейін көп достар шығарып салды. Ертеңіне аздаған ғана адам еріп, қалың топ қоштасты да, сол арада қалып қойды. Біз жөнеле бергенде, олардың шуласа айтқаны—«Он, сапар!»
Жұбайылық өмірдің оң сапарына Мәкен, екеуміз осылай аттанған едік...
КазАПП-тың ҚҰРЫЛУЫ
Біз Қызылордаға июль айы бастала жеттік те, Сапар Мұстафин дейтін жігіттің үйіне түстік. Көптен сот қызметкері боп келе жатқан, Жоғарғы соттың коллегия мүшесі және азаматтық істердің басқарушысы болып қызмет атқаратын ол, менімен көптен таныс, көңілдес болатын, пікір, іс жағынан адал коммунистің қазақша саналатын, шыққан тегі Ақмолалық, орысша да, қазақша да сауатты адам. Июль айы басталған бұл шақта, Қызылорданың, бұлтсыз аспанында шаңқиған күн жалын атып күйіп тұр екен, көлеңкеде болмаса, үйренбеген адам күн көзінде дем алып болар емес. Нәзік денелі, жұқа өңді Сапар да бұл ыстыққа шыдай алмай, терезелерге қоңыр түсті перде құрып, сумен шылаған сәкінің үстіне дымқос кенеп төсетіп, сонда жатып қана дем алады екен. Кеңсенің қапалығын Сапар айтып жеткізе алмайды... Аңқамыз кепкен адам, Сапардың пысық, қалада өскен, ортаға жақын білімі бар, мінезі жатық әйелі, Мәриямға бір шайды тезірек қайнаттырып, ағып терлей отыра, сусынымызды қандыра ішіп болғанша, сөзуарлау Сапар, Қызылорданың мен көрмегеннен бергі жаңалығын айтып та бітірді. Оның баяндауынша,— Орынборда бірлескен «оңшыл-ұлтшыл» аталатындардың пашпырты бітуге жақын: Биыл Каз. Крайкомға секретарь болып келген Филипп Исаевич Голощекин, іскерлігінің үстіне тәсілқой адам боп шығып, Садуақасов пен Қошановты өзара атыстырды да, араларына жік түсіріп, ақырда Қожановты Садуақасовқа жеңдірді. Крайкомнан қуылған Қожановқа Қазақстан өлкесінен қызмет берілмей, Тәшкендегі досы, Өзбек орталық партия комитетінің секретары Икрамовқа паналады. Одан кейін, Голощекин Садуақасовтың өзін де қолға алып, крайкомның көктемде өткен пленумінде біраз сілкіледі. Кәзір Садуақасов басқа ұрған аттай жасқаншақ болып ұлтшылдық пікірін бұрынғыдай көрнеу айта алмайды, бұқпантайлап өткізуге тырысады. Ол қулығына, кәрі большевиктердің бірі саналатын, патша өкіметі кезінде коммунистік партияның жасырын қызметінде жүріп мейлінше ысылған, революция жылдары ақтар Екатеринбургтен24 құтқарып алмақ болған екінші Николайды өз қолынан атқан Голощекин бола ма?.. Садуақасов кәзір желді күнгі қайықтай су үстінде қалтылдап отыр, заман толқыны тағы бір қаттырақ ырғап қалса төңкеріліп батып кететін түрі бар.
— Ұлтшылдарды осылай бүрумен қатар,— дейді Сапар,— Голощекин қазақтың тәуір коммунистерін көтере бастауға айналды: Қожанов пен Садуақасовқа тізе қосқан күндерде, Совнарком председателі — Нығмет Нұрмақовты шетқақпай ғып, қызметінен қууға бет алған еді. Кәзір Нұрмақов Голощекиннің «бір» деген сенер адамы. Наркомзем Садуақасовтың оң көзі — жағымпаз Сұлтанбеков еді ғой, «ол жуық арада ауысып, орнына Москвада оқып жатқан Абдолла Асылбеков келеді десіп жүр. Кир. Цик-тің председателі — Жалау Мыңбаев та Садуақасовқа жақтас адам екенін білесін. Оның тағдыры да алдағы күзде еткізілетін Совет съезінде шешілмек. Орнына кім болары әзірге мәлімсіз. Мыңбаев соны сезіп, «сырқатпын» деген сылтаумен, туған жері — Маңғыстауға кетіп, балықшылар арасында, теңізде жүр деп есітем. Кейінірек көрінген жас жігіттердің ішінде өсуге мүмкіндігі бар сияқтанғандардың біреуі — Ораз Исаев еді. Бірлескен ұлтшылдар оны қудалаған еді ғой. Содан бері туған жері — Жымпитыда ауылдық қызметте жүреді екен. Голощекин оны шақыртып ап, крайкомның ұйымдастыру бөлімін басқаратын Ребаконға орынбасар ғып қойды. «Жуық арада бөлім бастығының өзі болады» деген қауесет тарап жүр. КЦСПС25тің председательдігіне Ізмұқан Құрамысов тағайындалды. Ол да «солшыл» аталып жүретін коммунистін, бірі еді ғой. Оның қарамағында профсоюздың әлденеше Цекасы бар, Құрамысов солардың бәріне де Кәрім Дүйсекеев, Орымбек Беков, тағы солар сияқты жұмысшы табынан шыққандарды бастық қойып жатыр. Крайкомның үгіт-насихат бөлімін Дмитрий Фурмановтың «Бүліншілігінде» сипатталатын Жетісу большевигі Ораз Жандосов басқарады. Бәрін атап тауысу қиын. Кейбірін білмеуім де мүмкін. Сөздің қысқасы — Голощекин Қазақстан басшылығын большевиктендіруге мықтап бет алған сияқты.
Қалада болып жатқан күнделік жаңалықтарды жұрттан бұрын естігіш — Әбдірахман Бәйділдин де жуық арада Моссквадан Қызылордаға келіп, кәсіпшілер одағының оқу жұмысын басқаратын Цекасына председатель болған екен. Сырт естуімше және баспада шығып жүрген мақалаларынан байқауымша, соңғы кезге дейін, Сәкен тілімен айтқанда пеонапионалистердің (жаңа ұлтшылдардың) бірі боп жүретін Бәйділдин, Қызылордаға келе солақайланып, Смағұл Садуақасовтан бастап, «ұлтшыл» атаулыға қатты шабуыл жасап жүр. Көркем әдебиет мәселесінде солай. Осы қылықтары үшін, бұрын жеккөретін оны кейінгі кезде сырттай ұната бастағам. Сонымды білгендей, мен Сапар Мұстафиннің үйіне түсе бір құшақ кітапты қолтықтап (солай жүру әдеті те) кіріп келді.
— Сволочтар! —деді ол маған, амандық-саулықтан кейін, бетін алақанымен желпи сөйлеп,— яғни — ұлтшылдар, конкретно — қожановшылдар, республика орталығын осындай күйіп тұрған қалаға әкеліп, оның үстіне — түк көркі жоқ қала... ыстығынан дем алуға болмайды, бұрқыраған шаңнан адам құмығып өлетін, осындай қала астана бола ала ма?!. Бұл ұлтшылдардың қазақ астанасынан жұртты әдейі жирендіру үшін істегені!.. Онымен оңған жоқ өздері: сиырдың бүйрегіндей бытырай бастады, кешікпей бәрінен де құтыламыз, сонан кейін астананы будан көшіру керек!..
— Қайда?—деді Сапар күліп.
— Табылады. Мәселен — Ақмола.
— Ол тым кішкене қала ғой,— деді Сапар,— және теміржолсыз тұйықта жатыр. Басқа облыстар оған қалай қатынасады?
— Ақмола ма, басқа ма,— әйтеуір астананы бұдан көшіру керек! — деді Әбдірахман.
— Ол келешектің жұмысы ғой,— дедім де, мен Әбдірахманнан әдебиет жайын сұрап кеттім, себебі — былтыр газетте жарияланған хабарға қарағанда Әбдірахман Бәйділдин КазАПП-тың ұйымдастыру бюросына мүше де.
— На мертвой точке,— деді Әбдірахман.
— Неге?
Сакен ағаң былтыр күз кеткеннен Қызылордаға әлі оралған жоқ. Естуімше, елінде ит жүгіртіп, құс салып... дегендей, серілік құрып жүрген сияқты. Жақын арада Голощекиннің қолын қойғызып, крайком атынан шақырту жібердік. Енді келуге тиісті. Әзірге хабар жоқ. Мұнда аты бар жазушы — Бейімбет Майлин ғана. Ол ұйымдастыру ісіне жоқ кісі екен. Крайком арқылы тапсырғанымызбен, маңайына жазуға талапты жастарды үйіре алмай-ақ қойды. Менің профсоюз жұмысынан қолым тимейді. Әдебиетте аты бар басқа кісі жоқ. Сені крайком арқылы шақырттырған себебіміз де сол. Қызылжарда болған халыңды есіттім. Садуақасовтың ондағы сволочтары енді ұзақ тұра алмайды, бет-бетіне қуылады. Сенін, мұнда келгенің жақсы болды: саясат орталығы, өсетін жер...
— Сонда қандай қызметті лайықтап жүрсіңдер бұған? — деді Сапар Әбдірахманға мені нұсқап.
— Жазушылар одағына секретарь қоймақпыз, Бірақ онда еңбек ақы жоқ, ақыны —«Еңбекші қазақ» газетінен бергізбекпіз.
— Қалай?
— Газеттің партиялық бөлімін басқарады.
— Редакторы кім болды, сол газеттің?— деп сұрады Сапар.
Олай дейтіні — Садуақасов редакторлықтан өткен көктемде босанып, уақытша редактор болып Тұрар Рысқұлов қол қойып жүрген, кейінгі кезде ол да өзгеріп, «уақытша» деген атпен Шәймерден Тоқжігітов қол қоятын. Бәйділдиннің айтуынша: Тұрар Рысқұлов — қазақтың мүйізі қарағайдай, жоғарғы саясатқа араласып жүрген мықты қызметкерінің бірі. «Екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды» дегендей, Голощекин мен Рысқұловтың басы бір республикаға сыймады. Голощекин ескі большевиктігінің, жақсы жақтарының үстіне, барып тұрған — эгоист. Оған ақылдасу керегі жоқ, билеу керек. Рысқұлов ондай ырқына көнбеді, сондықтан Голощекин одан дипломатиялық әдіспен тез құтылды.
— Онымен кішірейген жоқ қой Рысқұлов. РСФСР Халық Комиссарлар кеңесінің председателіне орынбасар болды ғой,— деді Сапар.
— Голощекинге оның қайда барып, кім болғаны қажет емес, Қазақстаннан кеткені қажет.
— Сонымен,— деді, бұл сөздің арғы жағын қазғысы келмеген кескінмен Сапар Мұстафин—«Еңбекші қазақ» газетінің редакторы кім болатын болды?
— Ғаббас Тоғжанов,— деп жауап берді Бәйділдин.— Ол Москвада әрі оқып, әрі ЦК ВКП(б) нің баспасөз бөлімінде қызмет істейтін еді ғой. Голощекин редакторлыққа сұраған екен, ЦК бермек болыпты. Жуық арада келеді десіп жүр.
— Мен ойланып қалған кескін көрсеттім. Онымды түсіне қойғандай:
— Тоғжанов байдың баласы екені рас,— деді Бәйділдин, — жас кезінде алашордашылдық бағытта хаталасты да. Бірақ Москвада Плеханов атындағы экономикалық институтына түсіп марксизммен танысқаннан кейін және ЦК-нің аппаратында біраз жыл қызмет атқарғаннан кейін идеологиялық мәселелерде түзелді. Кәзір ол қазақ жастарынан марксизмге сауатты адамның біреуі.
— Сауатты болу бар да, сол сауатын дұрыс іске асыру бар ғой, — деді Сапар,— «көн құрысса қалыбына барады» дегендей түбінде қыртысына тартып кетпесе?..
— Жалпы курс дұрыс болсын де,— деді Әбдірахман,— курс дұрыс болса, жеке адам қисайғанда ешқайда бара алмауын Қожанов пен Садуақасов тобы көрсетіп отыр. Тоғжанов олардан күшті емес. Ал, курсты алсақ Голощекин республиканың саяси бетін партия жолына бұруға айналды. Ендеше, — деді Байділдин маған,— Тоғжановтан бай баласы деп үрікпей, «Еңбекші қазақтың» қызметіне бару керек. Бұл — крайкомның үгіт-насихат бөліміндегі Ораз Жандосовпен, ұйымдастыру бөліміндегі Ораз Исаевпен келісіліп қойған мәселе. Крайком сені іздеп отыр. Асты ішкеннен кейін екеуміз Жандосовқа барайық.
— Мақұл,— дедім мен.
Жандосовты бұрын көрген жоқ едім. Бәйділдин екеуміз кабинетіне кірсек шоқша қара сақалды, қысқалау қою мұртты,, көркем кескінді, сымбатты орта денелі сұлу жігіт екен. Жасы сол жылы жиырма сегізде боп шықты. Сәнге қойғандай сақал-мұрты жарасып тұр!.. Ораз қазақша сөзді де, орысша сөзді де жұмсақ, әдемі айтатын, мінезі аса сыпайы жігіт боп шықты. Әбдірахман мені таныстырғаннан кейін:
— Сіздің бұл ұсынысқа қарсылығыңыз жоқ шығар?— деді ол, қызметке қайда қойылуым туралы ұйғарындыларын айта кеп.
— Жоқ,— дедім мен.
— Ендеше, біздің адас — Исаевқа барайық,— деді Жандосов.
Ораз Исаевты мен Орынбор дәуірінен білетін едім. Онымен алғаш Сәкен Сейфуллиннің үйінде танысқам: жиырманшы жылдардың алғашқы жартысында Халық Комиссарлар советінің председателі боп қызмет атқаратын Сәкен, 23 жылдың күзінде Орал облысына совет съезін өткізуге барып қайтқан. Орынбордан автомобильмен шыққан Сәкен Жайықты жағалап отырып, Текеге (Орал) барған да, одан бірнеше уездік қалаларды аралап кеткен. Ораз Исаев ол кезде Жымпиты қаласында уездік партия комитетінің секретарь! екен. Сол сапарда достасқан оны, Сәкен Қазақстанның Орынборда өтетін ІІІ-ші Совет съезіне делегаттыққа сайлатқанда, машинасына мінгізіп Орынборға ала келген, өзінің пәтеріне жатқызған. Мен Оразбен сол кезде таныстым. Орта, дембелше бойлы, қоңыр өңді, жалпақтау қазақы бетті, мұртын кеңдеу танауының астына ғана қоятын. Ораз адамға жақындасқыш, сөйлескіш, ойыншы, қалжыңқой жігіт екен. Менімен де сөйтіп, бір көргеннен: «ә-ә, білем сені, пролетарский писатель, шығармаларыңды оқыдым!» деп жанаса кеткен. Чапаев отрядында болғанын айта кеп, ол маған азамат соғысына қатынасқан адам екенін аңғартқан. Бір сөздерінің ретінде алашордаға қарсымын деген сөздің шет-пұшпағын шығарып қойған, екеуіміз солайша тез ұғынысып, бірден-ақ дос бола қалғамыз. Секретарьлықтан түсіп еліне кеткеннен бері Исаевты көрген жоқпын да... Енді көрсем, қоңыр кескіні әжімденіп, күлегештеу мінезі байсалданып, аз жылда егде тартып қалған сияқты. Есіктен кіре, ол «ә-ә-ә, Сәбит келген екен ғой!» деп стол сыртындағы орнынан түрекелді де, оң қолын созып қарсы жүрді:
— Жолдас Ребаконға кірейік,— деді ол, бізбен қолдасқаннан кейін басқа сөзге келместен.
Биік, толық денелі Ребакон аз сөзді кісі боп шықты. Исаев оған менің жайымды айтқаннан кейін: «Ертеңгі бюрода қарайық» деді де қойды. Біз шығып кеттік. Ол күні біз жаңа қонысты тойладық. Сонда бірге болған Әбдірахман Бәйділдин ертеңіне ертемен жетіп келді де, әуелі, «осынша көп ұйқтап!» деп ұрсып ап:
— Ал, тез киін!— деді маған.
— Қайда барамыз?
Голощекинге.
— Неге?
Жаңа телефонмен сөйлесіп, сенің жайыңды айттым да, бюро алдында қабылдауын өтіндім. Жарайды деді.
— Сәскелік асты ішіп алайық.
— Құрысын, сәскелігің! Қолы тимейтін адам. Жауапкер қызметкерлердің де талайы қабылдауында бола алмай жүр. Саған әлдеқалай сәті түсе қалды. Бол, тез?..
— Әй-түйге қаратпаған Әбдірахман екеуміз тысқа шыққанда:
Мүмкін, өзіңді ғана қабылдауы,—- деді ол жолшыбай маған,— мен қабылдауында болып жүрген адаммын. Кабинетінде ерсілі-қарсылы жүріп сөйлеуді ұнатады, сөзін бөлгенді жек көреді. Сәкенді әлдекім жамандап қойған ба, қалай, — әлі дидарласпағанмен, сырттай ұнатпайтын қалпын байқадым. Ол жағынан сен сақ болып, ыңғайына қарай көш: жамандаса, сен де жамандай бер...
— Не деп?..
— Былай... әлгі,..— деді Әбдірахман күтпеген сұрауына кенет жауап таба алмағандай сасқалақтап, жіңішке, ұзын саусақтарын ербеңдетіп, үлкен көзілдірігінің үстінен сүзіле қарап, — Сәкеннің аристократтығы бар ғой, менменси қалатын?... Сонысын айтып... және... ұйымдастыру, басқару істеріне олақтығын айтып...
— Мен оларды айтпаймын...
— Ендеше үндемей құтыл, шала білетін адам сияқтанып.
— Көрерміз,— дей салдым мен.
Жәрдемшісі айтып шыққаннан кейін, Голощекин мені ғана қабылдады. Кеңірек кабинетінде ол, расында да, екі қолын шалбарының қалтасына салып, ерсілі-қарсылы жүр екен. Менің кіргенімді аңғармады ма, әлде елемеген болғысы келді ме—берген сәлемімді алмады, қарамады, жүрісін доғармады. Мен түр-тұлғасына көз жүгіртіп, босаға алдында үн-түнсіз тұрдым да қойдым. Голощекин: қалың ақбуырыл шашты, үші қысқа қалың мұрты мен иегіне ғана шошитқан сақалы да ақбуырыл, сүйір иек, дөңес мұрын, сүйір тұмсық, аққұба кескінді екен. Киімдері — түс-түрімен түп-түгел Сталинше киінген: френш, шалбар, жылтырата майлаған етік: жүрісін де соған ұқсатып, аяқтарын сылбыр басады... Бір сәтте ол әлде не есіне түскендей кілт тоқтап, «ұмытқаным — сен екенсің ғой» дегендей маған жалт қарады да, «отыр!» деп орын нұсқап, мен отырғаннан кейін тағы да әлгі жүрісіне сап сөйленіп кетті:
— Бәйділдин маған айтты. Исаев та айтты. Оқасы не? Жазушылардың ұйымдастыру бюросына уақытша секретарь болуға бекітеміз бүгінгі бюрода. Арғы істің тетігі өздерінде. Қазақта пролетариат жазушысы жоқ деседі. Ол сөздің қисыны келеді: пролетариаты жоқ елде жазушысы қайдан болады? Кедейшіл жазушылар бар дейді. Ол да ақылға сияды — қазақта да кедей бары рас. «Кедей» деген «ұсақ буржуа». Одан ешуақытта идеолог шыққан емес. Байқап көреміз: партияның басқаруымен, мүмкін, өсер ондайлар. Болар-болмасын істе көрерміз!.. Мақұл ма?—деді Голощекин, тоқырап, маған қарап.
— Мақұл,— дедім мен.
— Маған айтарыңыз бар ма?
— Жоқ,— дедім мен.
Қызылордаға кешікпей Сәкен де келіп қалды. Оның былай да қоңырқай өңі жылға жақын аңшылап далада жүргендіктен шегрен бұлғарыдай жылтырап апты. Бұрын да ұзын, қалың мұрты енді тіпті молайып, талпынған қаршығаның қанатындай, екі жақ ұртын жауып кетіпті. Бәйділдин Сәкенге Қызылорданың Маркс және Энгельс аталатын көшелерінің тоғысқан жеріндегі биік ағаш үйден үш бөлмелі жақсы пәтер даярлап қойған екен. Сол пәтерде, сол күні кешке Қызылордада тұратын қазақ жазушыларының бірнешеуі бас қосты: «Әдебиет сыншысымын деп жүретін — Әбдірахман Бәйділдин, әңгімелері, фельетондары газет-журналдарда көп басылатын — Әбдірахман Айсарин, жұмысшы табынан көтерілген жазушы дейтін — Орымбек Беков, прозалық шығармалары және әдебиеттік мақалалары газеттерде көріне бастаған — Елжас Бекенов, қазақ педагогика институтында оқып жүріп, өткен жылдан бері артист бола бастаған, күлдіргі сезді — Сейфолла Байғожин, партиялық коллегияда қызмет атқаратын, әдебиет мәселесіне белсенді араласатын — Хамза Жүсіпбеков, ГПУ- де қызмет атқаратын, журналистикаға көптен қатынасы бар — Әбдірахман Бегишев тағы біраз адам. Әдебиет мәселесін, әсіресе,— ұйымдастыру мәселесін талқылаймыз» деп жиналғанмен, бұлардың мәжілісі солғын етті. Олай болуға бір себеп; Сәкеннің бұл мәселеге салқын қарауынан еді. Өзге біраз адамның сөздерін тыңдап алғаннан кейін, салмақпен тыңдап отырған Сәкен, «сіз не дейсіз?» дегендерге:
— Сөйлегенде не деймін?—деді, ондайда салмақтана, қабағын түйе қалатын қалпымен,— әдебиет профсоюз емес, көрінген еңбекші мүше бола беретін. Аржағында таланты болмаса, қанша сүйрегеніңмен жазушы жасай алмайсың. Өзі төбе көрсетпесе таланты барды табу да оңай емес. Қайдан іздейсің оны? Қалай іздейсің? Табылғанның бәрі жазушы бола ала ма? Мысалға осы үйде отырғандарды алайық. Егер осының бәрі жазушы болса, ұйымды ойланбай-ақ құра беруге болар еді. Кейбіреудің көңіліне келсе де айтайын: олай емес қой бірақ!.. Жазушы болуы былай тұрсын, бола ма деген үміт беретіндері көп пе ең алдымен? Аз ғой ондайлар!..
— Сонда, сеніңше не істеу керек?—деді Сәкенге еркіндеу сөйлесетін Әбдірахман Бәйділдин.— Ұйым құрмау керек пе?
— Сен олай кекетпе.— деді Сәкен тігіне кеп,— ұйым керек болса құра бер. Онда менің не ақым бар. Менің айтып отырғаным: ұйымға шын жазушы ғана алынсын да, өтірік жазушы кірмесін.
— Кімнің өтірік, кімнің шын жазушы екенін немен өлшеу керек, сонда?
— Шығармасымен.
— Онда бізге ұйым құрудың қажеті жоқ.
— Неге?
— Сен атап отырған «шын жазушы» қазақта кәзір қанша? Алашордашылдарды қоспағанда, ондай жазушылар: (Байділдин бармағын бүгіп отырып санады) Сәкен — өзің — бір, Бейімбет Майлин — екі, мына — Сәбит Мұқанов — үш... тағы кім?
Бұл сұрауға жауап болмай қалды. Аз кідірістен кейін Орымбек Бековтың тапқан жауабы:
— Өсеміз де, алдағы күндерге. Сол күндерге арнап КазАПП-тың платформасын құра бермейміз бе?
Жұрт осы ұсынысты мақұл көрді. Оның жобасын жасау маған тапсырылды. КазАПП-тың маған тапсырылған платформасы жазылды да, 1926 жылдың 4-октябірінде еңбекші қаламгерлердің жалы жиналысында талқыланып бекілді. Сол күннен бастап КазАПП осы платформаның бағытында қызмет атқарды. Қазақ совет әдебиетінің белгілі бір дәуірінде туған, бұрын баспада жарияланбаған бұл платформаны, тарихи документ есебінде енді жарияласақ, еткен дәуірдің тарихи шындығын түсінуде пайдадан басқа келтірері болмас деп ойлаймыз.
1
Патша үкіметін, отаршылдық саясаты бірінші жақтан, қазақтың байлары, ақсүйектері, екінші жақтан құл қылған қазақ еңбекшілерінің де көзі Октябрь төңкерісімен ашылды. Орыс пролетариатының қолдауының арқасында қазақ еңбекшілері де тегістік негізіне құрылған кеңесті республика жасады. Қазақ еңбекшілері де қазіргі күнде коммунист партиясының нұсқауымен социалистік дәуірге беттеді. Қазақ еңбекшілері Октябрь бастаған жұмысты жәрдемдесіп орнына келтірісуге орыс пролетариатымен бір жолда.
2
Пролетариат тап күресін аяқтап, өзіне дұшпандарды соғыс майданында жеңіп шықты. Шаруа, әкімшілік екеуі де соның қолына көшті. Бірақ әлі де болса пролетариаттың, әсіресе қазақ еңбекшілерінің түгел қолына алып болмаған жұмыстары бар: соның бірі — салт-сана (идеология) майданы. Қазақ байлары орыс байларындай Октябрьдің таяғын оңдап жеген жоқ. Ауылда әлі де болса байлардың, байлардың өкілі — алашорданың ықпалы бар. Мұны партия ашық айтып отыр. Жаңа шаруашылық саясатты бетке ұстап (НЭП) қазақтың байлары соңғы кезде салт-сана жүзінен ықпалын жүргізуге жұмыла кірісуде. Сондықтан қазақ жағдайындағы кәзіргі мықты күрестің біреуі салт-сана майданындағы күрес. Салт-сана майданындағы мықты құралдың біреуі — көркем әдебиет. Сондықтан қазақтың пролетариат, қарашаруа жазушылары жалпы қазақ еңбекшілерінің салт-санасын тәрбиелеп, еңбекші бұқараны социалдық дәуірге жетектеуге, еңбекші таптың мақсатына теріс пікірлермен күресуге партияға көмектес болулары керек.
3
Қазақ еңбекшілерін Октябрь төңкерісі оятты, орыс еңбекшілеріндей қазақ еңбекшілері төңкерістің қазанына қайнап, тәжірибе көрген жоқ. Ұйымдасқан пролетариаты бар, төңкеріс тәжрибесі бар орыс елінде де байлардың салт-санасы пролетариаттың салт-санасымен жағаласып келеді. Қазақ жағдайына келгенде байлардың салт-сана таласы өте күшті. XX ғасырдың басынан басталған ұлтшылдық. 1917 жылы февраль төңкерісінен кейін жасалған байшылдық (алашорда),— осылардың бәрі де қазақтың ұлтшыл байларына, байшыл жазушыларына салт-сана жүзінен жол ашты. Октябрь төңкерісіне қарсы аттанған ұлтшыл және байшыл жазушылар қазақ еліне тамырын жайды. Октябрьдің артынан шыққан қазақтың еңбекші жазушылары сауаты аздығынан, ұйымы жоқтығынан байшыл жазушыларға төтеп бола алмады. Осы себептен Октябрьдің артынан да недәуір уақытқа шейін байшыл жазушылар өз дегендерін істеп, ықпалын жүргізіп келеді. Осымен қатар, қазақ пролетариат, қара - шаруаларының да, оның ақын, жазушыларының да санасы өсіп келеді. Бұрынғы бірен-саран жазушыларға: жұмыскерлерден, жалшылардан, кедейлерден, орта шаруалардан жазушылар қосылды. Салт-сана майданында күресін күшейте бастады. Жаңа шаруашылық саясатының тұсында партия үгіттен көрі іске көбірек жұмылды. Мінеки осы ұранды (өсіпжетпегенімен) салт-сана майданында орындайтындар еңбекші жазушылар. Олай болса олардың басын қосып тәрбиелейтін тиянақты ұйым ашу керек.
4
Қазақ елінің көпшілігі қарашаруа, оның көпшілігі кедей мен орташа. Фабрик, заводтарымыз, ұйымдасқан жалшыларымыз да жоқ емес. Қазақстанның кәзіргі жағдайында және пролетариат жазушыларының ғана ұйымын ашу әзірге ертерек. Соның үшін 1925 жылдың басында ашылған Қазақстандық пролетариат жазушыларының ұйымына аздап өзгеріс кіргізуге тура келеді. Бірақ негізге Москвадағы пролетариат жазушылар ұйымының (РАПП.) бағыты алынды. Өзгертілген ұйымның аты: «Қазақстандық пролетариат— қарашаруа жазушыларының одағы». Бұл одақ кемшілігін іс жүзінде түзеп, қазақ еңбекшілерінің әдебиетін өркендетеді.
5
Тапшылдық дәуірде басқа жұмыстар таптан тысқары болмауы сықылды, тап тілегінен тысқары жайылатұғын әдебиет те болмайды. Тапшыл әдебиет әуелі өз табынын, жырын жырлап, содан кейін өз табынын, мақсатымен жалпы адамзаттың бағытын көздейді. Соның үшін Одақ қазақтың пролетариаты мен қарашаруасының санасын тәрбиелеуге жарайтұғын әдебиетті ғана өркендетуге күш жұмсайды. Жұмыскер мен қарашаруаның жаңа тұрмысқа қарай беттеген беталысына жәрдемдес болмаған әдебиетті керексіз деп табады.
6
Бұл Одақ Орталық Партия комитетінін, 1925 жылғы көркем әдебиет туралы жасаған қаулысын қолданады. Сол қаулының жолымен іс істейді. Көркем әдебиетте тапшылдық бағыт алып, партияның саясатын жұмыскерлердің, қарашаруалардық арасына таратысуға жәрдемші болады, жұмыскер, қарашаруадан шыққан жас жазушыларды осы тілекке баулиды. Біздің одақ пролетариат, қарашаруаның бір бөлімі болғандықтан тұрмысқа диалектика-материализм көзімен қарайды.
7
Жұмыскер қарашаруа әдебиеті байлар әдебиетіне қарсы тұрады. Еңбекшілдік бағыттан теріс әдебиетпен күреседі. Соңғы кезде қазақтың байшыл жазушылары өздерінің пікірлерін астарлап, сөздерінің сыртын көбірек сырлап, білгізбей еткізуге айналып жүр. Еңбекші жазушылары әдебиеттің сыртын қандай сұлу қылуға тырысса, ішін де сондай маңызды етеді. Марксшіл-төңкерісшілдік бағытымен қазақ еңбекшілерінің салт-санасын тәрбиелейтін сөздерді жазады. Тұрмыста бар болған болуға мүмкіндігі бар нәрселерді жазады. Ескі тұрмыстан жазғанда қазақ еңбекшілеріне үлгі боларлықтарын, болмаса ескі тұрмыстың жамандығын суреттейтіндерін ғана алады. Өткен дәуір мен кәзіргі дәуірді салыстырып, келешекке қырағылық жасайды.
8
Төңкерістің және тап соғысының зардабы қазақ елін де құр қалдырған жоқ. Аштық, жұт, соғыс коммунизмі, тағы сондай оқиғалардың көбі жазылмай келеді. Төңкерістің арғы жағында қазақтың қанішер хандары, батырлары, парақор болыс, би ауылнай, ақсақалдары; еңбек жегіш байлары; төңкерістің, тап соғысының кезіндегі оқиғалар; алашорда — осылардан да жазылғандар аз. Бұл оқиғаларды лық жазып, қазақ әдебиетшілерінің, алдына тарту жұмыскер-қарашаруа жазушыларының зор міндетінің біреуі.
9
Қазақтың еңбекші жазушыларының қаламы әлі төселіп болған жоқ. Олардың жазғандарының көбінде мазмұн мен р (форма и содержание) екеуі тең түспей тұр. Көркем әдебиет бұл екеуінің тең болуын қатты керек қылады. Мазмұн мен түр екеуі қатты байланысты нәрсе. Егерде осы екеуінің тең болуын көздесе, көркемдік өзінен өзі шығады. Еңбекші жазушылардың міндеті осы екеуін де ақсатпау.
10
Өлең, әңгіменің ескіден келе жатқан түрін одақ керексіз қылмайды. Түр үшін ешкіммен таласпайды да айрылыспайды. Бар түрлерді түзеп өн, беруді мақұл көреді. О д а қ т ы ң к ө з д е й т і н і : жазылған өлең, әңгімелерді басынан аяғына шейін мазмұны толық болуы; екі мағыналы, астарлы қыламын деп түсініксіз болып қалмауы; пікірінің жұмбақсыз ашықтығы.
11
Қазақстан қара бұқарасынан шыққан жазушыларының біразы әлі де болса қайда барарын білмей жүр. Бұлар кейде байды, кейде еңбекшілерді жырлайды. Одақ оларға байшыл жазушыларға қараған көзбен қарамайды. Оларды өзіне тартып, тәрбиелеп, еңбекшілдік бағытқа көшіруге тырысады.
12
Қазақтың да байлар табы әлі өшіп жеткен жоқ. Олай болса олардың жыршылары да тірі. Қазақстанда еңбекшілер үстемдігі нығайған сайын қазақтың байлары әлсірей береді. Сондықтан қазақтың байшыл жазушыларының бұдан да жаман ышқынатын дәуірі туып келеді: егіндік-пішендік жерді бөлу, ауылды кеңестендіру, партия ұясын, қосшы одағын, жалшылар ұйымын ашу, әйел азаттығын іске асыру, кәсіп орындарын (завод, фабрик) жыл сайын күшейтіп, жұмыскерлердің санын арттыру, сан-сапасын күшейту, кедейлердің, жалшылардың сауатсыздығын жойып белсендіру — осылардың бәрі де байлардың ажалы жақындауына себеп болады. Қазақ байлары жыл санап әкімшіліктен, жердей, судан, малдан айрылады. Мұндай дәуірде қазақтың байшыл жазушылары баймен бірге еріксіз тулайды. Соның, үшін одақ олармен қатты күреседі.
АЛҒАШҚЫ АДЫМДА
Платформасы қабылданған жиналыста КазАПП-тың ұйымдастыру бюросы құрылып, председательдігіне Сәкен, секретарьлығына мен сайландым. Мүшелігіне Бейімбет Майлин, Әбдірахман Байділдин, Хамза Жүсіпбеков, Орынбек Беков өтті. Еңбек ақыны «Еңбекші қазақ» газетінен алып, оның партиялық бөлімін басқарам. Ұйымдастыру бюросының істері де сол бөлмеде жүріп жатады. Газеттің редакторлығына кешікпей Ғаббас Тоғжанов тағайындалды. Шарғалау бойлы, ашаңдау денелі, сарғылт өңді, көк көзді, шашы кірпіше тікірейген, беті қушықтау, көнтек ауыздау, жасы менімен құрдас бұл жігіт, кескін-кейпі жағынан қазақтан гөрі татарға ұқсаңқырайтын. Ғаббасты мен алғаш 1918—-19 жылдардың қысында,Омбы қаласында көрдім. Сол кезде гимназияда оқитын ол, ұйымдарына «Жас азамат» деген ат қойған алашордашылдардың ішіндегі жастардың біреуі болатын. Сол қыста осы бағыттағы жастар, елде «алаш полкына» деп жәрдем жинағанда, Ғаббас та бір топты басқарып, қанша жәрдем жинай алғанын, алашорданың Семейде шығатын газеті «Сарыарқаға» жариялаған. Омбыда болатын жиналыстарда, Ғаббас алашорданы мадақтайтындардың біреуі де. Сырт естуімізше ол Садуақас Тоғжанов - дейтін ауылдағы атақты байдың баласы. Сол хабар рас болып, Ғаббастың әкесі — Садуақас 1928 жылы, үкіметтің ерекше декретімен мал-мүлкі конфискеленген бес жүз семьялы қазақ байларының тізіміне кірді. Сібірде, оның бір бөлшегі — Ақмола губерниясында Совет өкіметі орнаған шақта, Ғаббас Тоғжанов коммунист партиясының қатарына кірді де, Батыссібірлік ревкомның инструкторы болып шыға келді. «Білеміз» дегендердің айтуынша, Ғаббас партияға өткен күз алашорда партиясының председателі — Әлихан Бөкейханов Қарқаралыда өткізген мәжілісте «енді алашшыл жастарға коммунист болудан басқа, советті іштен шіріту амалына кірісуден басқа жол қалған жоқ» деген ұран тастағаннан кейін кірген.
— «Бізді қапшыққа жасыра алмайсың» деген орыс маралы сияқты, Тоғжанов «коммунистігінің» алғашқы бірер жылында советшіл болып жүрді де, одан кейін, Қызылжарда шығатын «Бостандық туы» газетіне ұлтшылдық мазмұнда бірнеше мақала жазды. Сол қылығы үшін, жергілікті партия ұйымдары қудалай бастаған соң, 1922 жылдың күзі болу керек, Ғаббас Москва кетіп, ондағы Плеханов атындағы экономикалық институтқа түсті. 1924 жылдың аяғында Москваға барған шағымда, Ғаббастың институтты бітіруге жақындап жүруі, әрі ЦК РКП(б)-ның баспасөз бөлімінде қызмет істеуі жоғарыда айтылды. Менің «Шығыс» баспасына ұсынған өлеңдер жинағымның қолжазбасына Ғаббастың дұрыс рецензия жазуын да оқушыларға жоғарыда ескерттім.
«Еңбекші қазаққа» редактор болып келген Ғаббас, алғашқы кезде маған нашар көзқарасын өзгертпеген қалпын байқатты. Оның сипаттауынша, қазақ совет жазушыларының ішінде, пролетариаттық идеологияға ең жақыны — менмін. Ол осы пікірін келер жылы «Әдебиет мәселелері» деген атпен шығарған кітабында да дәлелдеуге тырысты. Маған солайша қарайтын Ғаббас, Сәкенге алғашқы адымнан-ақ қарсы келді. Осы себебін тауып жиналыстартарда да баспасөз бетінде де Сәкенге қарсы науқан ашуға кірісті. Сәкенді біржақты кінәланған мақалаларды «Еңбекші қазаққа» бастыруға мен қарсы келе берген соң, Ғаббас орыс тілінде шығатын республикалық газет «Советская степьті» пайдаланып, біразын сонда бастыратын болды. Сәкен де қарап жатпай, сол газеттің бетінде «Идеология майдандағы жаңарған ұлтшылдық»—«Неонационализм на идеологическом фронте» деген мақала жариялады. Онысы рас та еді, мақалаларында, сөздерінде Коммунистік партияның тонын жамыла кететін Ғаббастың, ішкі мазмұнында садуақасовшылдықтан айырмасы азғана болатын. Ол да «қазақта тап бар», «тап күресі бар» деген сөзді бүркемелей айтып, марксизмді бұл жөнде ашық жақтай қоймайтын. Ғаббас Тоғжановтың осындай бағыт ұстауын, Сәкен де, оның сенімді достары да күн бұрын болжаған еді. Елден Қызылордаға келген күндерінің біреуінде, Сәкеннің үйіне бара қалсам, Турар Рысқұлов отыр екен. Ол екеуінің революция жылдарынан достас, пікірлес екендіктерін білем. Ғаббастан бұрын «Еңбекші қазақ» газетіне Тұрардың аз уақыт редактор болуы жоғарыда айтылған. Жаңа редактор туралы Сәкен мен оның болжалы: «көн құрысса қалыбына барады», жақын арада ғана алашордашыл болған байдың баласы, қазір тырнағын жасырған мысық, ерте ме, кеш пе шын сырын көрсетпей қоймайды, өз табынын, жауы деп санайтындарды, алдағы күндерде талай тырналайды, жара да түсіреді, бірақ ол жеңбейді, біз жеңеміз, себебі — өкімет байдікі емес, еңбекшілердікі. Осы кеңестің үстінде және одан кейін жолыққан шақтарда, мен Тұрар Рысқұловтың табанды большевик екендігін көрдім. Қызылордадан Москваға көшкенде, ол Мұратбаев көшесіндегі 19-санды пәтерін маған беріп кетті. Мен Тұрармен одан кейін де жолығып жүрдім, әсіресе 1930—35 жылдары Москвада оқыған шағымда. Ол жайға кейін толығырақ тоқталам. Крайкомның секретары — Голощекиннің республикалық басқарушы қызметкерлерден арқа тіреу еткен адамдары үшеу болды: Совнарком председателі — Нығмет Нұрмақов, Крайкомның ұйымдастыру бөліміне меңгеруші болған— Ораз Исаев және Ғаббас Тоғжанов. Қазақстанға өзі келгенге дейін, яғни 1925 жылға дейін «бұл елде советтік құрылыс болған жоқ» деген қате теорияны іске асырмақ болған Голощекин, осы мәселеде бас «теоретик» қып Ғаббасты ұстады. Ғаббастың ықпалымен, Сәкенді ол да жек көрді, сонысын байқаған Сәкен, Қазақстанда жеті-сегіз жыл басшылық еткен Голощекинге бір рет те барып жолыққан кісі емес. Бейімбет Майлин туралы аз сөз. КазАПП-ты ұйымдастырушылардың, оның платформасына қол қоюшылардың бірі болғаны жоғарыда айтылды. Орынборлық дәуірде де көріп, істес болып жүргенмен, Бейімбетті менің жақын тануым — Қызылорда дәуірі. Мен Қызылордадан 1926 жылы келсем, Бейімбет Қызылордаға өткен жылы республикалық мекемелермен бірге көшіп, орнығып қалған екен. Оның қазірде көзі тірі әйелі — Күлжамал, ол кезде жас келіншек: Ауылда туып өскен, газет оқырлық қана сауатты, мінезі ақ-жарқын, «қазақы» аталатын бұл әйелді, Бейімбет Қостанайдағы туған елінен, Қызылордаға келе алдырыпты. Бірер баланын, анасы болып қалған Күлжамал, қазақы жеңге ретінде, ойын-күлкіге де жақсы, дастарқаны да кең, асы да мол, сондықтан Бейімбет тұратын пәтер күн сайынғы қонақтан арылмайды. Газет, журналдарда өлеңдері, фельетондары, очерктері жиі басылатын, өлеңдерінің және әңгімелерінің, жинақтары көлемді кітап болып басылған Бейімбет, қаражат жағынан мол тұрады. Сондықтан Қызылорданың бағасы арзан қойынан (үш сомнан бес сомға дейін), Бейімбеттің үйі күн ара біреуін сояды деуге болады. Күн сайынғы мол қонақ, ол қойдың етін бір асқаннан қалдырмайды. Ет пен қымыздан, бауырсақтан басқа тамақ ол кездегі қазақ қызметкерлерінің үйінде қолданылмайды. Бейімбеттің өзі сырашылдау кісі. Егер қостаушылар болса, қымыз орнына сыраны сіміреді де отырады. Жасау-жиһазды Бейімбет үйі жинаған емес. Төсек-орыннан басқа жалғыз мүлік — Күлжамалдың төркіні берген, орта мөлшерлі, әдемі түкті кілем. Бірер кроваттан басқа мебель оның үйінде болмайды. Асты жерге жайған дастарқанда ішеді. Ыдыс-аяқтары да жобалғы. Бейімбеттің өзі қалаша, бірсыдырғы тәуір киінеді. Күлжамал қазақылау, сыпайы ғана киінеді. Бейімбет «Еңбекші қазақта» редактордың орынбасары болып қызмет істейді. Ол күшті журналист. Газетке өлеңдер, оқшаулар жазуды 1914 жылдан бастаған, советтік дәуірдің алғашқы бес-алты жылында Қостанайда шығатын ауыл» газеті мен Орынборда шығатын «Еңбекші қазақ» газетінде кезекпен қызмет атқарған, сол кезде Қазақстанда шығатын «Қызыл Қазақстан», «Әйел теңдігі» «Лениншіл жас» журналдарының бәрінде де өлең, әңгімелерін оқушыларын үздіксіз жариялайтын ол, мерзімді баспасөздің ісіне мейлінше кәнігерленіп алған кісі. Оның денсаулығы күшті болатын, сондықтан ара-тұра мызғып алғанда, немесе тамақ ішкенде болмаса, уақытының көбін жазуға жұмсап, күні-түні отыра беруге ерінбейтін. Кейде серуендеп жүріп, түн ортасы, таңға жақын, таң атқанда... мезгілдерде пәтерінің қасынан өте берсең, терезесінен шамының жарығы жылтырап тұратын. Қызылорданың жазғы тишу күндерінде, бөлмесінде пысынап отырғанмен, (ол тершең болатын, әсіресе таңқылау кішкене мұрнының ұшы қоңыр жай уақытта да тепшуден арылмайтын) терезесін ашпайтын, себебі — ол «жеті қорқақтың бірі» де: қараңғы уақыттарда жалғыз жүрмейтін, «түнде пәтерінен тысқа шықса, тапаншасын қолына ала шығады» деген сөз болатын, «бір сәтте, (Алматыда), жарық айлы түнде тысқа шығып, қораның әр жағынан көлеңкесі көрінген өз сиырына мылтық атты» деген қалжың болатын; тағы бір сәтте (Қызылордада), үйіне келген азғана қонағымен, түнгі мезгілде терезесін ашып қойып, Бейімбет қарта ойнап отырса, сырттан әлде не бір жас жігіт терезе табалдырығына қарғып шығады да, қолын қалтасына салып, «тез қашыңдар, әйтпесе атам!» дейді, Бейімбет қора жаққа тұра қашқанда, қонақтары да оған ере шығып, ұры бос қалған бөлмеге кіреді де әлденеше киімді құшақтап алып кетеді. Содан бері, түнгі мезгілде терезе ашуды Бейімбет мүлдем қояды. Бейімбеттің кеңседегі кабинетіне, пәтеріндегі жұмыс бөлмесіне ерте бар, кеш бар, оны үнемі жазу үстінде жолықтырар ең. Оның сыраға құмарлығын жоғарыда айттық. Кеңседе отырған шақтарында, ол жақын арадағы сыраханаға әлсін-әлсін барып, сусынын қандырып келетін, ал пәтеріндегі жазу столынан сыраға толы графин үзілмейтін. Ол қоңыр өңді, жиі бұжырлы, көзінің үстіңгі еті томпақ, таңқы мұрны қайқылау, төменгі ерні салпылау, кескінсіздеу жігіт болатын. Тістері сарғылттау да. Оны «көп тартатын шылымның ысынан» дейтін. Шашы көмірдей қара және бұйралау болатын. Оны дударландыра, ұзын ғып өсіретін. Жазумен шұғылданған шақтарында, Бейімбет қаламды он, қолымен жүргізіп, сол қолымен маңдай шашын бұрап отыратын, шылымды үздіксіз тартып, бірінен соң бірін тұтататын. Пәтерінде жазып отырғанда, стаканға құйған сыраны әлсін-әлсін ұрттай беретін. Басқа бап тілемейтін. Жұмысының көптігі және өнімділігі жағынан Бейімбетке теңдесетін қазақ жазушысы, әсіресе — журналисі аз болатын. Бейімбет сұлу жазатын адам да және өте жылдам жазатын, жазғанын қайта көшіретін әдет онда жоқ та. Түзетуді де аз жасайтын. Қазақ грамматикасына ол жүйрік те. Орысшаны шалағай білетін. Жазудан шаршаңқыраған кезде, негізгі ермегі екеу болатын: бірінші балаларымен ойнау, (ол өте бала жанды адам да), екінші — жастыққа шалқасынан жатып, домбыра тартып, баяу дауыспен өлең айту. Домбыраны ол Қостанай салтымен төпеп, соққылай тартатын. Қоңыр үнмен өлеңді де жап-жақсы айтатын. Сонда көбірек айтары: Қостанайдың тел әні «Угай-ай» мен, Балуан Шолақтың «Ғалиясының» бір түрі. Бұл түрді Бейімбеттен басқа кісіден естіген емен. Идеологиялық жағынан Бейімбет жазушылық өмірбаянының алғашқы адамынан-ақ кедейшіл демократ. Бұлай болуы жалпы өмірбаянына байланысты. Өзінің және оны білетіндердің айтуынша, Бейімбет қазіргі Қостанай облысының «Таран» аталатын ауданында, Аят өзенінің жағасында, «Шаңқан» аталатын төбенің етегінде туған. Кейін оның бір псевдонимі —«Шаңқан» болуы содан көрінеді. Бейімбеттің әкесі — Жармағамбет Майлыұлы аңшылықпен күн елтетін жарлы жігіт екен. Бейімбет әкесінің он тоғыз жасында туады. Баласына алты ай толғанда Жармағамбет өледі. Елдің аңызында, аңшы Жармағамбет аққуды атып алады да, «қасиетті құстың кепиетінен өледі». Бейімбеттің жастай қалған шешесі (атын ұмыттым) Жармағамбеттің Бақберген есімді інісіне қосылады. Одан басқа — Байжан деген де інісі болады. Күн көрісі нашар Жармағамбет еліндегі Мұқамжар деген байға жалданып, революцияға дейінгі өмірлерін соның есігінде өткізеді. Бейімбеттің шешесі сол байдың сауыншысы болады. Бейімбет те бала шағында осы байдың қой-қозысын бағатын малайы (жалшысы) болады. Кейін оның псевдонимі «малай» болуы содан екен. Мұқамжардың ауылында жәдит мектебі болған. Бейімбет алғашқы сауатын содан ашады да, одан әуеле, көршілес Троицк қаласындағы медіресе Расулиядан, одан кейін, Уфадағы медіресе Ғалиядан оқып, татарша орта білім алады. Содан кейін ауыл арасында мұғалім болып жүргенде, февраль революциясы жасалады. Бұл арада бір айта кететін нәрсе, байшылы болсын, демократты болсын, орысша я татарша оқығаны болсын, революциядан бұрынғы қазақ интеллигенциясының ішінде «милләтшіл» болмағаны кемде-кем. Сонда олардың «милләт» деп отырғаны—«ұлт». Бірақ ол кезде, «милләтшылдық»—«ұлтшылдық» мағынасында қолданылған жоқ, «халықшылдық» яғни «туған халқын сүю, соның мұң-мұқтажын ойлап, отарлық халдан, ұлт теңсіздігінен шығару, азаттыққа жеткізу, шаруасын, мәдениетін өркендету» мағынасында қолданылады. Ішкі мазмұнында, бұл «милләтшылдық» тұтас бірдеме болған жоқ. Оның ішінде, қазақтың қанаушы табын қолдайтын байшылдары да, еңбекші көпшілікті қолдайтын демократтары да болды, ақыры, революция жылдары, бұл екі жүйенің жігі айқын ашылып, байшылдар Октябрь революциясына қарсы кетті, демократтардың, біреуі—ерте, біреуі—кеш!.. дегендей, басым көпшілігі Октябрь жолына түсті. Осындай демократтардың ішінен, өзгелерін былай қойғанда, Октябрь революциясын қазақтан алғаш қабылдаған, соның жолымен бұлтарыссыз ілгері басқан Сәкен Сейфуллин де революциядан бұрын «милләтшілер» ауқымынан аса алған жоқ, оған «Өткен күндер» есімді бірінші өлеңдер жинағы куә. Бейімбеттің мнлләтшылдығы Сәкеннен көрі қалыңдау болды. Опын, себебі — әдебиеттік алғашқы адымдарында, Бейімбеттің Орынборда шығатын «Қазақ» газеті арқылы көтерілуінде еді. Бұл газетті шығарушылар және Октябрь революциясына дейін басқарушылар, кейін «алашорда» көсемдерінің қатарында болған Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатов екені мәлім. Бұл газет бетінде, Бейімбеттің «Мұқтаждық» аталатын өлеңі 1915 жылы жарияланды. Мазмұны -— ауыл кедейінің кедей семьядан шыққан оқуға талабы бар жастың, күн көрісі жағынан халының өте ауырлығы, аңсаған мақсатына жете алмауы. Осы сарын Бейімбеттің революцияға дейінгі жазған өлеңдерінің бәрінде де бар. Сонымен қатар Бейімбет қазақтың Октябрь революциясына дейін қалам сілтеген ағартушылары сияқты, шығармаларында қазақ қоғамының өміріндегі үш нәрсеге үнемі қарсы болып отырады: бірі — байлардың кедейлерге қорлығы, екіншісі — діншілдердің қазақ халқын қараңғылыққа шырмауы, үшіншісі — қазақ әйелдерінің әлеуметтік өмірдегі теңсіздігі. Бұның аты — шын мағынасындағы демократизм, шын мағынасындағы тапшылдық. Аржағы осылай әдемі келген Бейімбет, февраль революциясының кезінде біраз адасыққырайды. «Қазақтың» көсемдерін пір тұтатын олар февральдан кейін, Октябрьге қарсы «алашорда» партиясын құрғанда, бұны «халықтық партия» деп ұққан Бейімбет «алашордасына» деген өлең жазады да, «алаштың» Семейде шығатын газеті — «Сарыарқада» жариялайды. 1918 жылы, алашорданың Орынборда шақырылған бірінші съезінен кейін, осы съездің қаулысымен, «алаш әскері» құрылғанда, (әрине, большевиктерге қарсы), Бейімбет бұл әскердің Қостанайдағы бөлімшесіне еркімен кіреді, осы тақырыпта «Еліме» деген атпен өлең жазып, ол да «Сарыарқада» басылады. Бұлардың бәрі де саяси жағынан қате өлеңдер. Революцияның алғашқы жылдарында осылайша қателескен Бейімбет, теріс жолға түскенін тез аңғарады да, әйелі — Күлжамалдың және біздің адамдардың айтуынша, «алаш әскерінен» ат-матымен қашып, ауыл арасында тығылып жүреді, туған өлкесіне 1919 жылдың күзінде орнаған Совет өкіметінің ағартушылық және баспасөздік қызметтеріне белсене араласып кетеді. Сол күндерден бастап, Совет өкіметін, оның қазақ еңбекшілдеріне берген бостандығын социалистік құрылысты қуаттап көптеген өлеңдер жариялайды. Бейімбет шығармаларының осы желісі өмірінің ақырында дейін, үзілген жоқ. Мен Қызылордадан 1926 жылдың жазында келгенше, Бейімбеттің баспадан екі кітабы шыққан екен: бірінші — 150 беттік өлеңдері мен поэмаларының жинағы, екіншісі — 61 беттік «Күлпаш» атты әңгімелер жинағы. Соңғы кітапқа кірген бес әңгіменің «Күлпаш» аттысы ғана 1921 жылы болған аштыққа арналған да, өзгелері ислам дінін әшкерелеу тақырыбына жазылған. Біз бұл жолы әңгімелердің емес, өлеңдер мен поэмалардың жинағына, әсіресе өлеңдерге қысқаша тоқтаңқырап өтеміз. 1915 — 25 жылдар арасындағы қазақ поэзиясында Бейімбет өлеңдерінің орны ерекше. Осы бір тарихи кезеңде, ауыл кедейінің тұрмысын Бейімбеттен терең ұққан да, терең жырлаған да қазақ ақыны жоқ. Оның кедейлерге Мырқымбай». Мағыналық жағынан: «кедей, Мырқымбай, Бейімбет» үшеуі бір-ақ есім. Бір мазмұнда түйіскен бұл есімдердің жоғарыда атаған он жылдық өмірінен, барлық тіршілігін, мұң-мұқтажын, арманын, ол армандардың қаншасына жетіп, қаншасына жетпегенін, жеке шаруа кезіндегі барлық күшті және осал жақтарын түгел көреміз. Мырқымбай — кедей. Бірақ, ол, жалпы қазақ атаулыға тәуелді кедей емес, жарты көшпелі, жарты отырықшы тұрмысты ауылдарда кездесетін кедей. Ол — малшы батырақ емес, егінші батырақ. Мырқымбайдың мұқтаждықтағы өмірі, Бейімбеттің «Кедейдің кейістігі» деген өлеңінде айқын көрінеді. Оның мұқтаждығы, шаруаның өзге жүйесінде емес, егіншілік шаруасында. Шаруаның осы түрімен ғана күн көргісі келетін Мырқымбайға, революцияның алғашқы кезінде соқа-сайман да, көлік те, егістік тұқым да жетпейді, Оны, яғни қазақтың кедейлерін бұл ауырлықтан Совет өкіметі ғана шығарып, Мырқымбай 1924 жылдан бастап, яғни — жаңа үнем саясатының алғашқы жылынан бастап, соқа-сайманға да, көлікке де, тұқым қорына да, азық-түлік пен киім-кешекке де жаруға айналады. Бұған Бейімбеттің «Айт, шу, ала атымнан» басталатын өлеңдері куә. Күн көрісі жылдан жыл осылайша жақсарған Мырқымбайлар, яғни қазақ кедейлері, әуеле—«Мойын-қос» (ТОЗ) болу арқылы ақыры, коллективтік ірі шаруаға айналады. Барлық жанрдағы шығармаларын қазақ кедейінің өміріне, оның бақытты тұрмыс жасауына арнаған Бейімбет Майлин, революциялық, советтік дәуірде қызған тап күресін, ешуақытта ұмытпайды. Сонда ол, қанаушыларға үнемі қарсы, үнемі еңбекшілердің ғана мұң-мұқтажын сөйлеп, солардың ғана бақытын көздейді. Шығармаларын осылайша өрбіткен Бейімбет, идеология майданының басқа тартыстарына араласқан адам емес. Бұл майданда, сол кезде жүріп жатқан айтыс-тартыстардың Бейімбет ешқайсысына қатынаспайды, ешбір жиналыста сөйлемейді, бұл тақырыпта ешбір мақала жазбайды, сондықтан ол, салғыласып жататын екі жаққа бірдей жағымды; қазақ совет әдебиетінің өзге кадрларының көбінде достары да, дұшпандары да бола жүре, Бейімбетке дұшпандық көрсеткен кісі кездеспейді, оны ұлтшылдар да, советшілдер де «Биеке» деп, үнемі құрметтейді. КазАПП-шылардың басым көпшілігі Бейімбеттей емес. Олар жиналыстарда, баспасөз бетінде жиі ұшырасатын айтыс-тартыстардың қызу және қалын, ортасында жүреді. Солардың бірі және бірегейлерінің бірі — Орынбек Беков. Бұл адамның есімін мен ең алғаш, рабфакта бірге оқыған жолдасым, оқушыларға өткен тараулардан белгілі — Нұрмақ Байсалықовтан естідім.
— Нағыз жұмысшы семьясынан шыққан,— деп сипаттайтын еді Нұрмақ Орынбекті,— балалық шағында орысша екі кластық школаны бітірген ол, орысшаға да, қазақшаға да ағып тұрған шешен, өткір жігіт болып есті. Революцияның алғашқы жылдарынан совет мекемелерінде қызмет атқарды. 20 жылдан партия мүшесі. Әдебиетті де жақсы көреді. Тәрбиелесе жазушы болып кетуі мүмкін. Оны Қазақстан орталығына алдыру керек.
Орынбекті «Тар жол, тайғақ кешу» атты шығармасында Сәкен де еске алып, жұмысшы табынан шыққан, революция істеріне, советтік құрылыс істеріне белсене қатынасқан талантты, талапты адам ғып сипаттайды. Сондықтан мен Орынбекті көруге құмартам. Орынбек Қызылордаға менен бір жыл бұрын келіп, еңбек комиссариатына қызметке кіріпті. Сол жылы Қызылордадағы республикалық жоғарғы сотта бір ірі іс қаралады: 1921 жылғы аштықта, Семей губерниясы, «Торғай уезінде ашығып жатыр» деп естіген қазақтарға жылу жияды да, ұсағы-ірісі аралас мыңнан астам мал басын айдатады. Бұл жұмысты белгілі алашордашыл жазушы — Жүсіпбек Аймауытов басқарады. «Осы малдар аштарға емес, Торғайдағы пысықтар мен байларға үлестірілген» деген қылмысты іс көтеріліп ақыры 1925 жылы Аймауытов бастаған топ абақтыға алынады да, ісін жоғарғы сот қарайды. Сонда қылмыстыларға қоғам айыптаушысы болып Орынбек Беков тағайындалады. Архивте сақталған бұл іске қарағанда, сот мәжілісі қылмысты істің көлемінен шығып, саяси мәні бар іске айналған: ұлтшылдар осы іске байланысты, Совет өкіметін, оның системасын кінәлау әрекетіне кіріскен; олардың бұл әрекетіне тойтарыс беруге, Қазақстанның басқарушы ұйымдары Орынбек Бековті лайық көрген. Беков бұл жұмысты зор шешендікпен, ақылдылықпен, іскерлікпен, білімділікпен ойдағыдай орындап шыққан. Содан кейін үкімет пен партияның алдында абыройы көтеріліп, мен Қызылордаға келген шақта Орынбек Қазақстан кәсіпшілер одағының «Жер-орман жұмысшылары» аталатын орталық комитетін басқарады екен. Танысып көрсем, менен екі жас үлкен Орынбек, шынында өткір, шешен, іскер адам. Орысша екі кластық бастауыш мектепті ғана бітіргенмен, өз бетімен оқу арқылы орыстың және европаның арғы-бергі әдебиетін жақсы біледі. Ескішіл молдадан ғана «әліп-би» таныған ол, іздену-шұғылдану арқылы қазақтың жаңа жазуын да жақсы меңгерген, қазақтың да арғы-бергі әдебиетін көп оқыған. Советтік мектептердің ешқайсысында оқымаған ол, өз бетімен зерттеу арқылы марксизм-ленинизм ғылымына да қанған. Әсіресе эстетика мәселесінде. Оған марксшылдық көзбен қарайды. Қысқасы, өркендеуіміздің сол бір кезеңінде Орынбек Беков қазақтан шыққан табанды коммунистердің, біреуі. Осы табандылығын ол әдебиеттік айтыстарда да көрсетіп жүрді. Орыстың да, қазақтың да тіліне шешен ол, қарсы адамдарды сылдыр сөзімен емес, ақылымен, білімімен, дәлелімен, логикасымен жеңеді. Әсіресе, Ғаббас Тоғжановты. Орынбек қу тілді, мысқылшыл да адам еді. Айтыстарда ол осы өнерін де қолданып, қарсыларын күлкіге айналдыратын. Қазақтың советтік социалистік әдебиетін жасауға, Орынбек сөзде ғана емес, істе де қатынасты. Ол өзі басқаратын жұмысшыларының орталық комитеті арқылы тапсырма беріп, Сәкенге белгілі поэмасы —«Ең,бек шарт жалшылар қорғанын» маған «кешегі жалшы мен бүгінгі жалшыны» («Батырақ»), Рахымжан Малабаевқа ауылдың ескі әдетін сықақтайтын, клубтарда ойналатын аз актылы комедиялар жаздырып, бәрін де баспадан кітапша ғып шығартты. Солардың ішінде өзінің қаламынан туған, қазақ еңбекшілерінің Октябрь революциясына қатынасын көрсететін «Ұлы жолға бір қасық қан» есімді көркем жазылған хикаясы да бар. Бұл кітапшалар идеология майданының сол кезеңіне көп пайда келтірді. Орынбек Беков осы бағытынан өмірі таусылғанша (ол да 1937 жылғы жеке адамды дәріптеу дәуірінің құрбаны болып кетті) тайған жоқ. Оған талассыз көп дәлелдің біреуі, «Социалистік Қазақстан» газетінің 1965 жылы 3-мартта шыққан, 51-санындағы «Шығарма айнасы — шындық» деген мақала. Әдебиеттік айтыстар осылайша жүріп жатты. Алғаш азғантай ғана адамнан құралған Каз АПП-тың қатары жыл санап кеңи түсті. Осы өсу жолында Каз АПП қатарына жастардан алғаш келген, кейін қазақ совет әдебиетінің күрделі кадрларының қатарына қосылған кейбір жазушылар туралы қысқаша баяндай кетейік. «Тан, атпайын десе де күн қоймайды» дегендей, жазушылық іске талабы бар жастар редакция мен бюроға шақырусыз-ақ келе бастады. Мысалы, қазақ совет әдебиетінің кәзіргі ең күрделі ақынының бірі — Асқар Тоқмағамбетов. Бір күні әлдекім есік қаққанға кіріңіз!— десем, толықшалау орташа бойлы, жирендеу өңді, жирен бұйра шашты, маңдайында кокардасы бар, төбесі жасыл, ернеуі күрең фуражкелі, белін бұрамалы, шашақты ақ белбеумен байлаған, жаға-жеңі кестелі қисық жаға көйлегі бар, бұтында сүр кенеп шалбары, аяғында сандалы бар жас жігіт кіріп келеді. Бұл кім?—дегендей қолдаспақ болып орнымнан тұра бергенімде, жирен жігіт кездерін жыпылықтата қағып, тырбықтау, толықтау саусағымен қолымды алды да, сөз айтудың орнына, шалбарының қалтасынан бүктелген әлде не қағазды суырып маған ұғынды. Оқып көрсем, белгілі бір жазушымыздың запискасы.
— «Мынау — Асқар Тоқмағамбетов дейтін бала, Ташкенттегі Су шаруашылық техникумының оқушысы,— деп жазыпты ол запискада.— Ақындыққа талабы бар жастың бірі. Өлеңдерін маған оқып жүреді. Көпшілігі ұнайды. Әсіресе — тілі. Қазақтың байырғы тілін жақсы білетін жігіт. Жазғы каникулға туған жері — Қызылордаға кетіп барады. Осы жігіттің өлеңдерімен танысып, ұнатқаныңды «Еңбекші қазаққа» жариялауыңды өтінем!»
Кеңесіп көрсем кәзір де сөзге сараң Асқар, ол кезде тіпті бұйығы екен. Сұраған сөздерге қысқа ғана жауап қайырады, аз сөзің көздерін жиі қағып, күле айтады. Асқардың, өлеңдегі аяқ алысы маған бірден ұнады. Көп өлеңдері шешен тілмен келісімді жазылған. Тақырыбы түгелімен советтік және күнделікті тұрмыс жайында. Мен олардың ішінен Ленинге арналған «Суретің міне тұр» деген өлеңді ерекше ұнаттым да, «Еңбекші қазақтың» ертеңіне шыққан номеріне жарияладым. Содан кейін Асқар өлеңдерін редакцияға жиі тоғытатын болды. Бірақ табиғатында ұялшақ оның өлеңдерін редакция өзінен гөрі досы, жерлесі, құрбысы — Жұмабай Есбатыров (кейін баспасөз қызметкері болып кетті) көбірек әкеледі. Ол «Асқар екеуміз мынадай өлең жазып ек» деп әкелгенмен, сөз де, әріп те Асқардікі екендігі айқын көрініп тұрған соң, мен «Жұмабай» дегенді өшіріп, «Асқар» дегенді ғана қалдырам. Жұмабай оған арланбайды, Асқардан записке әкеледі де, басылған өлеңдердің гонорарын алып жүреді. Асқар осы бетімен ақын және фельетоншы боп кете барды... Екінші мысал — қазақ совет әдебиетінде біраз жыл бойына елеулі ақындардың бірі боп жүріп, соңғы кезде тоқырап жүрген Қалмақан Әбдіқадыров. Ол 1926 жылы «Еңбекші қазақ» газетінде редактордың хатшысы болып қызмет атқарады. Автомашина ол кездегі Қызылордада атымен жоқ. Мекеме бастықтары фаэтон я тарантас жеккен атпен жүреді, біреулер — салт мінеді. «Еңбекші қазақта» кәрілеу, жалкаулау, ірі денелі торы ат бар. Фаэтонға жегілген ол ұзақ күнге көбінесе бос тұрады, себебі редактор жиі қатынасатын үкімет үйі «таяқ тастам жерде» жап-жақын, оған атпен барудың қажеті жоқ. Қызылорданың шаңқиған ашық күнді жазы өте ыстық, сондықтан торы ат та, оны жүргізуші — Қалмақан да көшені жиектей есетін жуан теректердің көлеңкесінде тұрады. Сонда байқасам, атшының қолынан кітап, қағаз, қарындас түспейді, кейде кітапқа шұқшия үңіліп, кейде қағазды тұқыраңдай жазудан бас алмайды. Мен бұған көңіл бөлдім де, бір күні атшының қасына барып таныстым. Жасы мен құралыптас, түр-тұлғасы арабтың бәдәуилеріндей қатып қалған арық қара, бет бейнесі де соларға қатты ұқсайтын Қалмақан Қызылорда облысының Шиелі ауданындағы батырақ семьясында туған екен до, ес білгелі сәудегер өзбектердің есегін айдап, Орта Азияда бармаған жері, көрмеген қаласы жоқ екен. Бала шағында аздап қана қадымша оқыған ол, сапар шегіп жүрген шақтарында тәжіктің және өзбектің тілдерін үйреніп алыпты да, ол тілдерде жазылған кітаптарды түсініп еркін оқитын бопты. Ол Орта Азия классиктерінің талай шығармаларын оқыған. Кәзіргі оқып жүргені — Әбілқасым Фердаусидың, «Шаһнамасы» екен. Кітап оқу арасында ара-тұра өлең де жазады екен. Оларын оқып көрсем, өлең жазарлық қабілеті бар, бірақ саяси және эстетикалық сауаты аздықтан, түрі — фольклорлық, мазмұны — шалағай. Жалпы жобасы — кедей, батырақтың азаттығын, қанаушы таптың озбырлығын сипаттамақ болады. Мен осы атшыдан да совет ақынын шығару мақсатымен, онымен үйір бола бастадым. Ол менің қызмет бөлмеме я пәтеріме келіп, мен оның фаэтонының қасына я тұрған үйіне барып... дегендей, екеуміз жиі және қат-қабат араласып кеттік. Осы сөйлесулерден кейін оның қаламынан советтік тақырыпқа тәп-тәуір өлеңдер туа бастап, «Бірлік» атты өлеңі «Еңбекші қазақ» бетінде жарияланды да, одан кейін аты газетте жиі көрінді. Үшінші мысал — қазақ совет әдебиетінің қазіргі ең күрделі ақынының, сыншысының бірі — Әбділда Тәжібаев. Бір күні қызмет бөлмемнің есігін біреу қаққанға, кіріңіз!— десем, оң жамбасынан сылти басқан, серейген арық бойлы, қоңқақ мұрынды, сығырлау көзді, қара шашы жалбыраған бала-жігіт кіріп келді. Тани кеттім: өткен жылы Орынбордан Қызылордаға Қазақстанның бесінші совет съезіне келгенде, вокзал алаңында болған митингте пионерлер атынан сөйлеген Әбділда Тәжібаев!.. Мен оны танығанмен, ол мені танымайды екен. Маңдайынан сорғалаған терді ұзын, жіңішке саусақтарымен сыпырып тастап, жатырқаған бейнеде, дірілдеңкіреген дауыспен қалтасынан бір тарақ қағазды суырды да маған ұсынды. Оқып көрсем —«Мұнда саған орын жоқ» деген өлең екен. Мазмұны — Әбділда қызмет іздеп бірнеше мекемеге барса, бәрі де орын жоқ деп алмапты. Соған ызаланған Әбділда, фельетон түрінде жаңағы өлеңді жазыпты. Бұл кезде «Еңбекші қазақ» басқармасында жер-жерден түскен, советтік тақырыптарға жазылған өлеңдер көбейіп кетіп, таңдамалыларынан газетке қосымша ретінде «Сыйлық» атты жинақ жасалып жатыр еді, құрастырушы мен едім. Әбділданың әлгі өлеңі ұнаған соң, «Сыйлықтың» ішіне кірді. Әбділда өзі газеттің фальсовщик аталатын қызметіне орналасты, сол күннен бастап өлеңдері де газет-журналдарға жиі жарияланды. Қазақ совет әдебиетіне екпіндей келген жастың бірі марқұм Тайыр Жароков. Оны мен ең алғаш Орынборлық дәуірде қазақ педагогика институтында оқып жүрген шағында көргем. Ол кезде Тайыр сұлу кескінді, сымбатты, денелі жасөспірім де; институттың оқу үйі, рабфак оқу үйінің қасында болатын. Бір мезгілдегі сабақ үзілісінде біз сапырылыса араласып кететінбіз. Қарсы жақта «ит бақшасы» аталатын алан, бар. Араласқан оқушылар соған кіреді де, біреу қалжың айтып, біреулер өлеңдетіп, біреулер ойын көрсетіп, енді біреулер өлеңдерін оқып... дегендей әртүрлі өнер жүйелері ортаға түсіп жатады. Сонда өлеңдерді, әсіресе өзінің өлеңдерін екпіндей оқып, көзге оғаш түсетіндердің бірі — Тайыр. Мен онымен тез танысып, пікірлес болып алдым. Кейін қадірлеп «Тәкең» атап кеткен Тайыр қулық сөзге шебер еді, сонда оның бір айтатыны:
— Менің өлеңдерімнің көркемдігінен кемшілік табылар. бірақ саяси қатені ешкім таба алмас.
Онысы рас та. Әдебиет майданында қырық жылдай қалам сілтеп, мыңдаған жол өлең жазған Тайырдың бар шығармасында коммунистік идеяға шын беріліп, биікке өрлеу айқын көрініп тұратын. Ол осы жолынан ешуақытта тайған жоқ. Қазақ совет поэзиясына оның түсірген олжасы орасан. Міне, осылайша қазақ совет әдебиетінің қатарына, советтік тәрбияда өсіп келе жатқан талапты, талантты ақын, жазушылар күн санап, ай санап, жыл санап дегендей қосыла берді, көбейе берді... Ұйымдастыру бюросының қызметі де, ісі де ілгері және биікке өрледі... Көркем әдебиет ұлттық мәдениеттің бір ғана бұтағы екенін білеміз. Тек советтік дәуірде ғана қарқындай және кең өскен қазақ ұлтының мәдениетінде, осы дәуірде ғана туып, тез гүлденген, тез шырынды жеміс берген бұтақтың Біpeyі — қазақтың ұлттық театры. Оның қалай туып, қалай өсуінен қысқаша әңгіме шерте кетейік. Революциядан бұрын қазақта ұлттық әдебиет болды да, ұлттық театр болған жоқ. Оған бас себеп — қазақ халқының көшпелі өмір сүріп, жаппайға жақын сауатсыз болуында еді. Көшпелі елдің тұрмысында ұшырасатын халықтық жиындарда, ойын-сауықтарда театр элементіне ұқсайтын көріністер аз кездеспейді. Мысалы: ақындар айтысы — ескі гректің сахнаға екі артист қана шығып ойнауына (диаложный театр) ұқсайды; сол гректің «мим» (сөзсіз ойнайтын) театры, қазақтың «үндемес» я «мыршым» ойнауына ұқсайды; қазақтың «хан жақсы ма?» ойыны ескі римнің «сатурнали» театрына ұқсайды; қазақтың ат, күрес ойындарында цирктің ойындарының элементі көп... Бұдан басқа да театрсымақ ойындар қазақтың әдеттік өмірінде толып жатыр. Қазақта Европа театрының түрін жасау, ең алғаш, орысша оқыған қазақ жастарынан шықты, онда да,— жиырманшы ғасырдың оныншы жылдарының бер жағында. Сол кезден бастап Омбы, Орынбор, Саратов, Тәшкен сияқты қазақ жастары көбірек оқитын қалаларда драмалық үйірмелер көріне түсіп, олар театрға ұқсас сауық кештерін жасай бастады. Мысалы, 1914 жылы Семей қаласында, Абай Құнанбаевтың қайтыс болуына он жыл толуға байланысты Семейдің жастары жиналыс өткізіп, әлдекімнің қысқаша пьесасынан спектакль көрсеткен. Осы үйірмелер Октябрь революциясынан кейін Қазақстандағы көп қалаларда ұйымдасып, спектакльдер көрсете бастады. Мысалы — Ақмола қаласынын, жастары 1918 жылдың жазында Сәкен Сейфуллиннің «Бақыт жолына» деген пьесасын ойнаған. Сондай ойындар әр жерден кездеседі. Қазақстанда Совет өкіметі орнай, драмалық үйірмелер тіпті көбейіп кетті. Ол кезде қалалар былай тұрсын, ауылдық жерлерде де спектакльдер қойыла бастады. Мысалы — Байбатыр Ержановтың «Көр азабы» дейтін ислам дінін сықақ қылатын бір актілі комедиясы, жиырманшы жылдардың басында, ауылдағы қазақ мектептерінің көбінде ойналып жүрді. Байбатыр демекші, сол кезде «драматургтер» де көбейе қалды. Мысалы—1920—21 жылдары Қызылжар қаласындағы кооперацияда Ахмет Баржақсин деген жігіт қызмет істеді. Ол Сәкенмен құрдас және дос адам еді. Орысша орта білімі бар. Орта бойлы, ашаң өңді, қыли көзді, әйел дауысты осы кісі 20 жылдың қысында, ең кем дегенде жиырма-отыз пьеса жазған шығар. Қызылжарда Сақау Баймағамбет деген бай болған. Соның үлкен ағаш үйі «Мұсылман клубы» аталып, қазынаға алынған. Осы клубта комсомол жастардың күшімен жұма сайын жаңа спектакль көрсетіледі, ойналатын пьеса — Ахмет Баржақсиндікі. Бұрын қазақ театрын көрмеген қала халқы, «спектакль болады» деп көшелерге жарнамалар жапсырылса-ақ, ағыл-тегіл келеді де, сол спектакль қайталанып көрсетілсе келмей қояды, себебі—«пьесаның» да, «артистердің» де нашарлығында. Содан кейін Ахметке «жаңа пьеса жазып бер» деп барсақ «бірер күнде келе қойыңдар» дейді. Уәделі кезде барсақ, бірнеше актылы «драма», я «комедия», я «трагедия» даяр тұрады. Жаңа спектакльге жұрт тағы да қаптап келіп, екінші рет көрсетілгенде, тағы да келмейді... Ахметтің бір қыста көп «пьеса» жазып тастау себебі осында. Осындай «ахметтер» сол кездегі Қазақстанның көп қалаларынан шыға бастады. Мәселен, Батыс Қазақстанның сол кездегі «драматургі»— Рақымжан Малабаев бірер жылда жүзге жақын «комедия» жазған. Тәшкент қаласында тұратын Ғұбайдулла Балақадыров те одан кем түспеген. Байбатыр Ержановтың да «пьесалары » қырық-елуден, асып жығылады. Сол бір тұста қазақтан шығып қалам ұстағандарда «пьеса» жазбағандары болды ма екен? Бұл — ірі күлерлік, әрі қуанарлық жағдай. Күлкісі — белгілі. Қуанышы — сол, алғаш қаулай шыққан драматургтердің арасынан, жарыста: Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезов, Бейімбет Майлин, Мәжит Дәулетбаев сияқты шын мағынасындағы драматургтер пайда болды. Кәзір кең өріске шыққан, кемелденген қазақ драматургиясының берік іргесін і олар қалады. Қазақтың халық сүйетін артистері де осылай өркендеді. Кейін қазақ сахнасының мақтанышы болған, драматургияның жоғарғы дәрежесіне жеткен «Еңлік — Кебек», «Абай», «Қызыл сұңқарлар», «Қозы Көрпеш — Баян», «Ақан сері — Ақтоқты» сияқты қазақ пьесаларының рольдерін тамаша орындаумен қатар, Шекспир, Лопе де Вега, Мольер, Гоголь, Островский, Горький сияқты дүниежүзілік драматургияның асқар таулары жазған пьесалары да қазақ сахнасында биік мәдениетпен ойнаған, сондықтан заңды түрде халық артисі деген зор даңққа ие болған: Қалибек Қуанышбаев, Серке Қожамқұлов, Елубай Өмірзақов, Құрманбек Жандарбеков, Күләш Байсейітова, Қапан Бадыров, Қанабек Байсейітов, тағы басқалар шын мағынасындағы театрдың сахнасына жергілікті драмалық үйірмеден келгендер. Бұлардың бәрі де халықтың қалың ішінен шыққан, халық өмірімен тығыз байланысқан, көрермендердің көңілін тамаша өнерлерімен ұйытқан шын мағынасындағы артистер. Осындай артистер барын көрген Қазақстан үкіметі, 1925 жылдың аяғында, газетке жариялау арқылы халыққа белгілі ойыншылардың (артистердің) таңдамалыларын жинап алды да, Қызылорда қаласында «Қазақ театры» есімді мәдениет ұйымым жасап, 1926 жылдың басында осы театр шымылдығын ашты. Қазақ театрының тарихы сол күннен басталады. Бұл театр ашылғанда, мен Қызылжарда едім. Газеттерден сондай театр ашылды деген хабарды естігенде, мен қуанышы қойнына сыймаған адамдардың біреуі болдым. Өйтуіме бір себеп—туған халқым қазақтың мәдениеттік өмірінде, көркемөнердің жаңа түрі — театр тууы болса, екінші себеп — мәдениеттің осы түріне өзімнің, де ерекше қызыға қарауым еді. Адам жас шағында не өнерге құлаш ұрмайды. Мен де сөйтіп, жиырманшы жылдардың басында Сақау Баймағамбеттің үйінде ойналған кіші-гірім спектакльдерде бірталай роль атқарғам. Кейін, 1923 жылдың күзінде, Орынбор қаласынын, ең үлкен клубы —«Свердловта» «Еңлік — Кебек» спектакілі көрсетіліп, кәзіргі халық артисі — Серке Қожамқұлов Еспембет ролін, мен — Көбей ролін ойнағам. Бірер күннен кейін «Еңбекші қазақ» газеті спектакльге баға беріп мақала жазғанда, мені тәуір ойнады деген. Содан кейін (күні бүгінге дейін) «артистікті» доғарған мен, спектакльді көрушілердің ғана емес, қызыға қараушыларының бірі болып келем. Сондықтан, газет бетінде «қазақ театрының шымылдығы ашылды» деген мақаланы оқығаннан кейін, сол театрдың спектаклін көруге қатты құмарта бастадым. Мен 26 жылдың жазында Қызылжардан Қызылордаға келсем, театр артистері демалысқа кетіп қалған екен. Олар сентябрьде ғана жиналды. Театрдың үйі — былтыр Қазақстанның бесінші совет съезі мәжіліс құрған — бұрынғы ат қора, кәзіргі — клуб екен. Артистер келді деген хабарды естіген соң-ақ театрға жетіп барсам, коллектив Көжебай Ерденаев деген драматургтің «Малқамбай» есімді күлдіргі пьесасынан спектакль даярлауға жиналыпты. Театрдың уақытша режиссері — өзімнің ана жылғы «Еңлік — Кебек» спектакілінде ойнаған әріптесім — Серке Қожамқұлов. Кейін қазақ сахнасының ең ірі шеберінің бірі болған, Қазақ ССР халық артисі деген даңққа ие болған, қазір жасы алпысты орталағанмен сахна бәйгесінде үзбей шауып, талай ғажап жүлделер алып келе жатқан Серке Қожамқұловпен мен спектакльде ғана емес, былайша да көп кездесіп, (әсіресе Бейімбет Майлиннің, үйінде. Ол екеуі — бір елдік. Серке алғаш Бейімбет арқылы көтерілген) тату құрбы ретінде» зіл-оспағымыз жарасып жүретін. Серкеден кем танымайтын, достығымыз да сондай, әрі — менімен бір жыл туған тол — Елубай Өмірзақов та театрда артист екен. Кейін: Отелло, қазақ батыры — Аманкелді Иманов, ұлы Ленин сияқты қиын рольдерді тамаша орындауы арқылы, қазақ театрының көрермендері жанындай жақсы көріп кеткен, қазақ республикасының халық артисі — Елубай Өмірзақов, театрда актер ғана емес, сол театрды ұйымдастырушылардың, басқарушылардың бірі екен. Серке мен Елубай арқылы мен жаңа театрдың өзге актерлерімен де таныстым. Бұл арада олардың бәрін сипаттап жатудың қажеті жоқ. Менің тек екі актерге ғана қысқаша тоқтай кеткім келеді. Біреуі — СССР халық артисі — Қалибек Қуанышбаев, екіншісі — Қазақ ССР халық артисі — Құрманбек Жандарбеков. Маған бұл екеуінің өмірбаяны — халық арасынан театр сахнасына алғаш келуші таланттардың бәріне тәуелді өмірбаян сияқтанады. Француздың жәрмеңкелік театры» деген кітапты жұрт оқыған болар. Сонда айтылатын сөз: орта ғасырдан Францияда жәрмеңкелерді аралап ойын көрсетіп жүретін адамдар болған. Ешбір жерде театр сабағын оқымаған, ойыншылық, яғни — артистік табиғатына біткен олардың өнерлеріне халық аса қызыға қараған. Театрлары бар қалалардан алыс тұратын, немесе ондай театрларды көруге шаруасы мүмкіндік бермейтін әдемі киімсіз, ақшасыз еңбекші көпшілік, жәрмеңкелік театрларды қызықтап, ол кезде шын мағынасындағы халық театрлары осылар ғана болған. Бұндай театрлар мен артистер орта ғасырларда жалғыз Францияда ғана емес, дүние жүзіндегі көп жұртта болғанын да білеміз. Сол кезде орыстың «скоморох» аталатындары да осы топқа қосылады. Мұндай «халық театрлары» мен «халық артистері» қазақтың да мәдениеттік өмірінің өн бойына ұштасып келе жатыр. Аржағын айтпағанда, үстіміздегі—XX ғасырда жасаған. Балуан Шолақ, Шашубай, Кенен тағы басқалар тамаша ақындығының үстіне шын мағынасындағы «жәрмеңкелік артистер». 1916 жылы, жасы алпыстан асқан шақта, «халықтың босандық күресіне араласты» деп, қазақ байлары мен орыс кулактары тасадан атып өлтірген Нұрмағамбет Баймұрзин (халық сүйіп қойған аты—«Балуан Шолақ») жиын-тойларда жүлде бермейтін атақты балуан, әрі зор әдемі дауысты әнші, әрі тамаша әндер шығарған композитор, әрі сырнай мен домбыраға ойнағанда бармағынан балы тамған күйші, әрі асау атты үйреткіш, үйреткен аттардың үстінде цирк артистерінен бетер ойнағыш, қазақша айтқанда, «бір сырлы, сегіз қырлы» жігіт болған. Оның шәкірті, 84 жасында, 1950 жылы қайтыс болған Шашубай Қошқарбаев та халық жиындарында өнер көрсетуде ұстазынан кем түскен жоқ. Өзге өнерлерін былай қойғанда, 75 жастағы Шашубай Қоңырат кенінен Балқаштың мыс заводына жаяу келе жатады. Жолшыбай ерсілі-қарсылы ағылған машиналар қолын көтерген Шашубайға тоқтамайды. Содан кейін Шашубай бір машина жақындай бергенде, екі аяғын аспанға көтеріп, екі қолымен жер тіреп, төбесінен тік тұра қалады. Бұл көрініске хайран қалған шофер тоқтай ғап, танымайтын шалдан «бұның не?!» деп сұраса, «қолымды көтергенге ешбір машина тоқтамаған соң, аяғымды көтеріп тұрғаным еді» дейді. Шофер күледі де, Шашубайды қасына мінгізіп алады... Кәзір жетпістің сегізінде отырған, Балуан Шолақтың да, Шашубайдың көзін көріп, қасына ерген, солардың үлгісімен халқына күні бүгінге дейін талмай қызмет атқарып келе жатқан халқымыздың ең сүйікті ұлының бірі — Кенен Әзірбаев та «сегіз қырлы» адамның бірі. Осы ғажап өнер иелері қазақ тарихының өн бойынан ешуақытта арылған емес. Қайталап айтқанда, бұлар шын мағынасындағы халық артистері. Қалибек Қуанышбаев та осы топқа қосылады. Бұрынғы Семей губерниясының Қарқаралы уезінде 1893 жылы кедей үйде туған ол, кішкене күнінен «қу бала» атанып, оқыған молдасынан бастап, мінез-қылықтағы кем-кетіктерді сықақтап жүреді. Сол маңда, біздің ғасырда «Қоянды» деген атпен Россияның ең үлкен жәрмеңкесінің бірі ашылған, оған барлық Орта Азия елдерінің, Қиыр Шығыстың, Қытайдың, Москва, Петербургтан бастап россиялық қалалардың сәудегерлері келетін болған. Ат жетер жердегі қазақ ауылдары болса-болмаса да келеді. Жәрмеңке жаздың ең жақсы шағы — июнь — август арасында болады. Қазақтың көптеген «жәрмеңкелік артистерінің» бет пердесін ашуға осы Қоянды да себеп болғанға ұқсайды. Мысалы, қазақ халқының біздің ғасырда әйелден шыққан атақты сырнайшы, домбырашы, әншісі, композиторы — Уәли қызы Майраның халыққа кең танылуына Қоянды жәрмеңкесі себеп болған. Қалибек Қуанышбаев та сөйтіп, көгі күнге созылған қызу жәрмеңкенің талай кештерінде, даусын бірде — бала, бірде — кемпір, бірде — шал, бірде — жігіт боп құбылтып, талай қызық ойындар көрсетіп, тыңдаушылардың күлкіден езуін жинатпайды екен. Сондықтан Қызылордада ашылатын қазақ театрына артист іздегенде ауызға Қалибек те алынып, үкімет атынан алғаш шақырылғандардың біреуі болған. Театрға келгеннен кейін де театрдың ешбір теориялық курсын өтпеген Қалибек Қуанышбаев, табиғат берген аса зор таланттың күшімен Шекспирдің, Горькийдің, Әуезовтің, Мүсреповтің, Тәжібаевтың, Әбішевтің, Хұсаиновтың, тағы басқалардың пьесаларынан талай күрделі рольдер алып, шыңына шығара ойнап берген адам. «Үш күн күлмесем ауру болам» дейді, әдеттегі өмірінде күлегеш Қалекең. Ал, сахнада ол күлдіргі рольдермен қатар, драмалық я трагедиялық рольдерді де тамаша орындайды. Міне қазақтың тұңғыш театрының бірегей артистерінің біреуі — денсаулығының әлсіздігінен кейінгі бірер жылдап бері пенсияға шыққан, аты қазақ театрының тарихына алтынмен жазылған — осы Қалекең. Құрманбек Жандарбеков туралы аз сөз. Менен төрт жас кіші ол, 1926 жылы алғаш танысқанымда денесі де, кескіні де сұлу, жүзіктің көзінен еткендей жылпос, ойнарқы жігіт екен. Құрманбек күні бүгінге дейін, «аузын ашса іші көрінеді» дерлік, айласыз, ақкөңіл, аңқылдақ, театрдан басқа білері жоқ, бар өмірін соған ғана бағыштаған, шын мағынасындағы сахналық қана адам. Оның актерлік өмірі Қалыбектен басқашалау құрылады. Қалибек революциядан бұрын ержетіп, көшпелі ауылдың арасында жәрмеңкелік театрдың артисі болып үлгірсе, Құрманбек бұл өнерге талпына бастаған кезде, оның туған өлкесінде (бұрынғы Сырдария облысы, Шымкент уезі) Совет өкіметі орнап, Қалибекше бала шағынан жәрмеңкелерге барудың орнына, советтік мектептің оқуына түседі. Құрманбектің әкесі — Жандарбек те домбырашы, өлеңші, қырымпоз... дегендей сері жігіт екен, шаруасы орташа болған. 1916 жылдың оқиғасында, өз маңындағы көтерілген жігіттерге басшы болды деп, Жандарбекті патша үкіметі Қызылжар жаққа жер аударып жіберген, содан үйіне революция болғасын ғана оралған. Кішкене күнінен пысық, зирек Құрманбек, мұсылманша хатты бес-алты жасында танып, 1920 жылы, он алты жасында, Тәшкендегі «Минпрос» аталатын қазақ педагогика институтына түскен. Бірақ ол сабақпен шұғылдану орнына, институт қасында ұйымдасқан драма үйірмесіне араласып, аздан кейін соны басқарып кеткен де, кешікпей артист аты шыға бастаған. Кейін ол үйірме артистік труппаға айналып, Тәшкенде және ол кезде «Түркістан» аталатын республиканың өзге қалаларында қызғылықты спектакльдер көрсетіп жүрген. Қазақ үкіметі Құрманбекті қазақ театрына осы труппадан шақырып алады. Алғашқы алты-жеті жылда Құрманбек драмалық театрдың сахнасында әрі рольдер ойнап, әрі режиссерлық қызмет атқарды. Отызыншы жылдардың бас кезінде драмалық театрдан музыкалық театр бөлініп, Құрманбек жаңа театрдың актері де, режиссері де болады. Бұл театр Абай атындағы операға айналғанда Құрманбек әншілдік пен режиссерлік қызметін қатар әкетеді. Отыз жылдар бойына қазақ сахнасын көріктендірген адамның бірі болып келген Құрманбек кейінгі жылдарда консерваториянын, педагоктік қызметіне ауысты. Бірақ онымен Құрманбектің қазақ театрының тарихынан еңбегі мен алған орны ешуақытта өзгермек емес, оның аты қазақ театрын алғаш жасаушылардың және қадырлы адамдардың бірі боп қазақ тарихында қала бермек. Театрдағы еңбегі Қалибек пен Құрманбектен кем түспейтін, халық алдындағы, тарих алдындағы қадыр-құрметі олармен тепе-тең келетін қазақ актерлері мен актрисаларын да осылардай жеке тоқтап, жеке баға беруге болар еді, бірақ өйту — бұл жолғы міндетім де емес және оның орны да бұл емес. Сондықтан бұл сөзді әзірге осымен доғарып, 1926 жылы шымылдығы ашылған қазақ театрынан алғаш көрген спектаклімнің сиқы туралы қысқаша айта кетейін. Ол жылы демалыстан қайтқан актерлердің алғаш даярлаған спектакілі — Көжебай Ерденаевтың «Малқамбайы» екені жоғарыда ескертілді. Жас театрдың жаңа спектакіліне қызығуым сондай — мен «Малқамбайдың» репетицияларын түгелімен көзден өткердім. Сонда байқасам, атағы «театр» дегенмен, репетициялары драмалық үйірмелердің даярлауынан ұзап кете алған жоқ екен. Пьесаның аты — Ерденаевтікі болғанмен, актерлер қажетті жерлерде сөздерін өзгертіп алулары былай тұрсын, кейбір картиналарды да жаңадан жазып, спектакль текстін пьесаның алғашқы текстімен салыстырғанда, танымастықтай өзгеріп кетіпті. Сондағы түзетушілері — Елубай Әмірбақов. Елубай кейбір сөздерін, диалогтарын, монологтарын, кейде—картиналарын өзгерткенмен, пьесаның түпкі мазмұны толық сақталыпты, ол: қалын, малдың қамауында отырған байдың қызы есігінде жүрген Малқамбай жалшымен көңіл қосып, совет заңы арқылы екеуінің де қолы азаттыққа жету. Осы оқиғада етіп бара жатқан озбырлық дәуірдің етегіне жармасқан бай мен бәйбіше жұрт алдында күлкі болады. Бұл — қазақ халқының сол бір тұстағы өркендеу сатысында аса қажетті және өте прогрессивтік тақырып. Сондықтан болу керек,— спектакльді көруге құмартқан жұрт, болашақ төрт-бес постановканың билеттерін күн бұрын сатып, кассаның көшеге қараған жабық терезесінің маңдайшасында —«пәлен күнге дейін билет жоқ» деген жарнама ғана тұр... Күткен спектакльдің күні де жетті. Басталар шақта барсам, театр үйінің алдында «билетін, бар ма?» дегендер кешеге сыймайды. Біреулер, маңдайында «билет жоқ» деген жарнама тұрғанмен, кассаның жабық терезесін жұдырықтап «билет!., билет!..» деп айқайласады... Үшінші қоңыраудан кейін театрдың тар залына адам лық толып, орындықтарға сыймағандары тік тұрды. Көрермендердің келбеті де қызық: қалаша, ауылша киінген адамдар аралас, кішкене баласын жетектеп, емшек баласын көтеріп келген әйелдер де аз емес. Түні былай да қапырық Қызылорданың тар театрына қалын, адам сығылыса толған соң, тер сасып кеткен залда дем алу қиын. Есіктерді ашайын десе далада билет іздеп тұрғандар ақтарылған судай лақ ете түсетін. Спектакль бастала, далада тұрған жұрт әлсіз тақтай есіктерді жұлқылап, топсаларын үзіп жіберді. Ашылған есіктерге сырттағы жұрт топырлай кіргенде жүріп жатқан спектакль лажсыз тоқтады, шымылдық жабылып, залдың көмескі шамы жағылды, театр директоры бер жаққа шықты да:
— Ал, халайық, тиышталуларыңды өтінеміз!.. Сынған есіктер ашық-ақ тұрсын... Залға сыйғанша отырыңдар да, сыймағандарың ашық есіктерден көре беріңдер!..— деді.
— Дұрыс!— деп ду ете түсті жұрт. Содан кейін пысынап жылаған балалар ғана болмаса, былайғы жұрт тын бола қалысты...
Спектакль онымен дұрыс жүріп кеткен жоқ. Үш перделі комедияның алғашқы пердесі ойналып боп, екінші пердесінің ең қызық тұсы ойналып жатқан шақта сахнаның шамы жалп етіп сөнді де қалды. «Жарық!.. Свет!..» деп жұрт дуылдағанмен, ешбір нәтиже шықпай, ақыры қараңғы сахнадан — жолдастар!.. Кінә бізде емес, электр станциясында. Телефонмен сөйлестік. Тез береміз деді. Сабыр!—деген қатты дауыс естілді. Шам тез жанбады. Залдың ауыр ауасына тұншыққан көрермендердің көпшілігі тысқа шығып жан шақырды. Күндізі ыстық Қызылорданың кейбір түндері қоңыржай боп, тынысты кең алғызады. Бүгін де солай екен. Айлы, алашабыр бұлтты, салқындау самалды әдемі түн. Жақын жердегі Сырдарияның қамысты қопаларынан ұшып кеп, ызыңдай шағып мазаны алған масалар болмаса, демалыс тіпті тамаша боларлық Көшедегі жұрттың аузындағы сөз — спектакль. Оның әзірге жарымын ғана көргенмен және үзік түрінде көргенмен, халық спектакльдің маңызы мен барысы туралы да, жеке рольдердің ойналуы туралы да қызу айтысып, біреулері жанжалға да келіп жүр. Бір кезде шам жанып, қоңырау қағылды да, жұрт спектакльді манағы түрде тағы да көруге кірісті. Ойын қыза бастаған шақта, шам тағы да сеніп қалды. Тағы да у-шу. Тағы да қимыл-қозғалыс. Тағы да сабылыс. Тағы да айтыс-тартыстар. Спектакльдің аяқ жағында шам тағы да сөнді. Бұл кезде түн ортасы алдақашан ауғанмен, жиналған көпшіліктен шашау шықпай ақыры спектакльді аяқтап, таңға жақын тарады... Кейін Шекспирдің, Гогольдің, Горькийдің, тағы басқа классиктердің, заманымыздағы шебер драматургтер: Лавреневоң, Киршонның, Треневтің, Әуезовтың, Погодиннің, Мүсіреповтың, Корнейчуктің, Абдолла Қаһардың, тағы басқалардың пьесаларын сахнада биік дәрежеде көрсетіп келе жатқан Қазақ академиялық драма театрының алғашқы адымдары осылайша басталған еді.
ҚАЙҒЫ МЕН ҚУАНЫШ
Мен үшін 1926 жыл өте көңілді өтті. Оған бас себеп: күрестің және істің аса қызу қарқынмен жүріп жатуында еді. «Күрес» дегенім — тап тартысынын, майданындағы саяси арпалыстар. Біріншіден — жалынды жастық шағым болғандықтан, екіншіден —«марксизм-ленинизм жолына саналы түрде түстім» деп сенетін адам болғандығымнан, Қазақстан жағдайындағы бұл күрестің тереңіне Қызылордаға келген соң да күп беріп түсе жөнелдім. «Қазақстан жағдайындағы» деп отырғаным — идеологиялық майданда, алашордашылдармен, олардың үндестері — байшыл-ұлтшылдармен күресу. НЭП-ке емексіп бастарын көтеруге айналған: Мыржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Қошке Кемеңгеров, Екеу сияқты ашық алашордашыл жазушылар жиналыстағы сөздерінде, баспада жариялаған мақалаларында:
— Қазақта «қанаушы», «қаналушы» деген таптар болған да емес, болмақ та емес, ендеше қазақта таптық әдебиет жоқ және болмайды да, олай болса қазақ жазушылары тапқа бөлінуді қойып, таптық емес, жалпы қазақтық әдебиетті өркендету керек. Ол үшін «байшыл», «кедейшіл» демей, қазақ атаулы жазушыны бірлестіріп, ұйымның атын «Алқа» қою керек,— деген пікірді өткізуге тырысты.
КазАПП аталатын ұйым төңірегіне топталған қазақ coвет жазушыларының әдебиет майданына не ұранмен түсуі, оның жоғарыда жариялаған платформасынан белгілі. Осылайша, ешуақытта келісімге келместік дәрежеде бір-біріне қарама-қарсы тұрған «КазАПП» пен «Алқаның» арасын жақындастыруға ынта жұмсап, әрелдік ролін атқаратын байшыл-ұлтшылдар жүреді. Алашордашылардың белсенділері жоғарыда аталды. КазАПП платформасын жақтаушылар да белгілі. Әрелдік туын көтеретіндердің алдында Смағұл Садуақасов, Ыдырыс Мұстанбаев, Ғаббас Тоғжанов, Шәймерден Тоқжігітов, тағы басқалар жүрді. Саяси майданда жеңілген алашордашылдар сөздерінде де, мақалаларында да жалтақтай, тайқақси қимылдайды. Әрелдіктер олардан әлдеқайда батыл. Олар, бір жағынан совет әдебиетінің де намысын жоқтаған боп, алашордашылдарға қарсы шыққан боп, іс жүзінде қазақ совет әдебиетінің бастаушы кадрларына, әсіресе бұл әдебиеттің негізін қалаған кейін Сейфуллинге таяқтарын қаттырақ соғады. Бұл жөнде ерекше көзге түсетін адам, жасы менімен құрдас — Ғаббас Тоғжанов. Әкесі — Садуақас Тоғжанов 1928 жылы қазақ үкіметі ерекше декретпен кәмпескелеген 500 байдың тізіміне кірген, ал баласы Ғаббас жасынан орысша оқып, революцияға дейін гимназия бітірген, алашорда дәурен сүріп тұрған кезде оның ең белсенді жасынын, бірі болған, туған жерінде Coвет өкіметі орнай сала коммунист партиясына мүше боп, ревкомдық істерге араласқан, бірақ кешікпей байшылдық мысы шыға бастаған соң қызметтен қуылып, Москваға кеткен, онда Плеханов атындағы экономикалық институтқа оқушы болып түскен, оны аяқтауға жақындаған кезде, РК(б)п Орталық комитетінің баспасөз бөліміне инструктор болып кірген, (1924 жылы менің Орталық комитетке берген өлеңдер жинағымның қолжазбасына рецензияны осы кезде берген)... Талдырмаш аласа бойлы, шикіл сары өңді, шегір көзді, сопақтау бетті, көнтектеу ауызды, сойдақтау тісті, шашын «кірпі» ғып қоятын Ғаббас Тоғжанов, 1926 жылы Москвадан Қызылордаға келіп «Еңбекші қазақ» газетіне редактор болғанын жоғарыда баяндадық. Қазақстан Өлкелік партия комитетіне (крайком) сол жылдың басында секретарь болып келген Филипп Исаевич Голощекин, басқарушы қазақ қызметкерлерінен: Нығмет Нұрмақов, Ораз Исаев, Ғаббас Тоғжанов үшеуін ерекше қадірлеп, республиканы басқару мәселесінде соларға сүйенді. Қазақстан өмірімен аздап танысқаннан кейін, Голощекин «Қазақстанға Октябрь келген жоқ екен, оны енді жасау керек екен» деген «теория» шығарды. Бұл пікірдің мейлінше қате екендігіне, Октябрь революциясының идеясы мен ісі Қазақстанға да алғашқы күндерінен бастап келуіне, жиырманшы жылдардың орта кезінде Қазақстанда да социалистік құрылыстың шаралары қызу жүріп жатуына кәзір ешкімнің де күдіктенуге дәлелі жоқ. Бірақ «Сталиннің оң қолы» аталған Голощекин, басына келген сандырақты іске асырмақ боп, Сталин атына Қазақстанда «кіші Октябрь өткізу керек» деп хат жазады да, мақұлдаған ризашылық алады. (Бұл документ кейінгі кезде табылып отыр.) Содан кейін Қазақстанның ешбір жағдайымен есептеспей, ешбір әдіс-айла қолданбай, көп шараларды қирата, омыра атқарған Голощекиннің, республикаға қанша залал келтіргені мәлім. Сол көп залалдың біреуі —1928 жылы 47 миллионға барған Қазақстан мал шаруашылығының басын үш жылдан кейін үш миллионға түсіруі, қазақ халқын қатты ашаршылыққа ұшыратып, ойсырата кемітуі!.. Қазақстанда Голощекин «саясаты» дәуірлеген кезде оның теоретигі — Ғаббас Тоғжанов болды. Тоғжановтың басқаруымен «жікке қарсы» күрес ашылғанда, жаңағы «әулие үштіктен» басқа қазақ коммунистері, біреуі «пәленшіл», біреуі «түгеншіл» деген атпен, түгелге жақын «жікшіл» болып шықты. Тәжірибелік істерінде елеулі қателіктері болғанмен, Қазақстанда Совет өкіметін орнатысқан қазақ коммунистері: Әліби Жанкелдин, Абдолла Асылбеков, Нығмет Нұрмақов, Сәкен Сейфуллин, Сейтқали Меңдешев, Мырзағұл Атаниязов, Абдірахман Әйтиев, Қабылбек Сармолдаев сияқты большевиктердің бәрі «жікшіл» атанып қуғынға ұшырады. Тоғжанов сойылын өзге «жікшілдерден» гөрі Сәкенге қаттырақ сілтеп, оны сол кездегі қазақ әдебиетінің ең зиянды адамы ғып көрсетуге тырысты.Өйтуіне жеке басына байланысты себебі де бар еді: Сәкеннің араб әрпімен басылған «Тар жол, тайғақ кешу» есімді кітабының 359-бетінде Ғаббас Тоғжановтың алашорда және Колчак әскерінің пайдасына елден жылу жиғандығы сипатталған. Бетіне осындай өшпес қара таңба басқан Сәкенді Тоғжанов әрине жақсы көрмейді... Сәкен де бұл таяққа жонын тосып тұрған жоқ. Ол да қарсы қайрат қып, республикада шығатын «Советская степь» газетіне 1927 жылы «Неона» шюнализм и его наступление на идеологическом фронте» («идеологиялық майданда түсін бояған жаңа ұлтшылдық») деген мақала жариялап, Ғаббастың ұлтшылдық қателерін әшкереледі. Талас пікірлерін былай қойғанда, Ғаббас Тоғжанов со кездегі қазақ әдебиетшілерінің елеулісінің біреуі еді. Қазақ әдебиетінің сын мәселесінде, біреуді «оңшыл» деп (Садуақасов, Мұстанбаев т. б.), біреуді «солшыл» деп (Сәкен, Бәйділдин, мен т. б.), енді біреулерді «байшылдар» деп (Мұхтар, Мағжан т. б.) айыптайтын Тоғжанов26 өзін марксист — ортодокс27 санап, «дұрыс бағыттағы кісімін» деген пікірді бекітуге тырысатын; сонда бедел тұтатын марксистері»: Плеханов, Бухарин, Троцкий, Луначарский болатын, өз сөзін бекітетін «дәлелдерді» солардың шығармаларынан алатын; көркем әдебиет тақырыбына талай мақалалар, кітапшалар және жоғарыда аталған көлемді кітапты жаза жүре, Тоғжановтың бұл мәселе жайында Маркстан, Энгельстен, Лениннен қалған бай мұраларға сүйеніп » жазған еңбегін көрген емеспін. Көп мақаласының қорытындысы сияқты боп шыққан кітабы—«Әдебиет және сын мәселесінде» Тоғжанов маған «Сәбит өзгелерге қарағанда көркем әдебиетте пролетариат тілегіне жақындаған ақынның бірі. Тапшылдық жолы, тап тілегі Сәбит өлеңдерінде айқынырақ айтылады. Сәбит, сөз жоқ, төңкерісшіл ақындарымыздың ең кедейшілі» (82-бет) деп баға бергенмен, ол екеуіміз де үнемі қызу айтыста болдық. Ол кезде, Тоғжановқа қарсы жазылған мақала, Тоғжановтың өзі редактор болып отырған «Еңбекші қазақ» газетіне басыла береді, ең көп дегенде — газет, сноска ретінде, өте қысқа түрде, бұл мақаланың несіне қосылып, несіне қосылмайтындығын ғана айтады және жиналыстарда, баспасөзде қатты айтысып қалғандар, бірінің үйіне бірі қонаққа барып, ойнап-күліп жүре береді, араздасу, кек сақтау болмайды... Осындай айтыстарда, баспасөзде — Тоғжанов, жиналыста — Сәкен басымдау болып жүрді. Көпшілік Сәкенді жақтайды, Голощекин басшылығы Тоғжановты сүйейді. Сонда, екі жағы да «жеңдім», «жеңілдім» демей, үнемі арпалысады да жатады... Бұл күрес бізге қызық сияқтанып, кейде—жыға, кейде — жығыла, кейде «итжығыс түсе» жүріп арпалыстан шаршамаймыз... Осындай қызу күресте жүрген шақта, немере ағам — Мырзағазы Нұртазиннан: «Ғаббас Мұстафин атылып қалды, тығыз түрде елге жет!» деген телеграмма алдым. Ғаббас та немере ағам. Ол өткен жылы ауылдық советке председатель боп сайланған. Содан кейін маған жазған хаттарында ауылда жүріп жатқан тап тартысының мәселелерін баяндай кеп: «үкіметтің байларға қолданатын саяси-шаруашылық шараларын орындамауыма мүмкіндік жоқ, осы істер үшін олар маған өшігіп жүр, қапымды тауып жазым қыла ма деп қорқам» дейтін. Мына атылуы содан я басқа себептен екенін білу үшін және елі я тірісін білу үшін телеграмма берілген Пресногорьковкаға молния соқсам, Мырзағазы: «өлді, жазымы кісіден болды» деп жауап береді, қандай кісі екенін айтпайды, «тығыз түрде кел» деген сөзін қайталайды... Телеграмдарды көрсеткеннен кейін, қызмет атқаратын мекемемнен еліме барып қайтуға ұлықсат алдым. Ендігі алаңым — екі қабат әйелімнің туар айы-күнінің жақындап қалуы. Телеграммаларды көрген ол да ұлықсат етті. Мен тез оралмақ болып, еліме поезбен жүріп кеттім. Мырзағазы мені Қорған мен Қызылжар арасындағы Лебяжье станциясында қос атпен қарсы алды. Оның баяндауынша: Ғаббас қызмет бабымен ауылдарды аралап жүргенде Қызылжарда губерниялық қызметте жүрген біреу (мекемесінің, өзінің, атын ұмыттым) командировкаға келді де, «құс атайық» деп, «Алыпқаш» аталатын қопалы үлкен көлдің жағасына Ғаббасты ертіп әкетеді. Олар ауылдан ұзап, көлдің тасасына кеткеннен кейін мылтық даусы естіледі. Біраздан кейін әлгі адам шаршаған бейнеде жүгіріп ауылға келеді де, «дем алып отырған шақта, мылтық, қапыда атылып кетіп, Ғаббас қатты жараланып қалды» дейді. Ауыл адамдары атқа міне шауып барса, қос ауыз мылтықтың оқтары кіндік түбінен шоқтала тиген Ғаббас шала-жансар жатыр екен. Тілге келе алмаған ол, ауылға жеткізгенше жан-тәсілім қылады... Ол арадағы ауылдардың руы — Алдай. Біздің руымыз — Сибан. Алдайлар «Сибанның қолына түссе өлтіреді» деп, атушыны қалаға қашырып жібереді...
— Сонда, қалай деп ойлайсың, мұнысын? Қапыда атуы ма, әдейілеуі ме?— деген сұрауға:
— Менімше, әдейі атты,— деп жауап береді Мырзағазы.
— Неге деп ойлайсың?
— Сен өзің қызық екенсің ғой, Сәбит!— дейді Мырзағазы кейін.
— Неге?
— Негең не, ойбай-ау?.. Мен саған айтпадым ба,— «бай»,«құлақ», «алашорда» деп әркімге соқтыға беріп жүрсін. Олар да тірі жан. Қапыңды тауып мерт қып кетпесін. Сақтан!..» деп?
— Айттың. Осы айтушы сондай адам деп ойлайсың ба?
— Кім екенін білмесем де, құдайға күнәлі болсам да айтайын: нақ сондайдың өзі! Бұл, сөз жоқ, сенде кегі бар адам. Өзінің кегі болмағанмен не туысының,, не жолдас-жорасының кегі бар кісі. Тіпті болмағанда, осы маңайдағы біреу жұмсап отыр мұны, аузын ақшамен тығындап тастап...
Осы күдік көңіліме ұялағаннан кейін, мен ауылға барып, Ғаббастың нашар тұрмыстағы үйіне біраз жәрдемдестім де, өлтірушінің кім екенін және неге өлтіргенін анықтау үшін Қызылжарға жүріп кеттім. Онда жақын жолдасым Әбдірахман Айсариннің үйіне барсам Қызылордада қалған әйелім алдымнан шықты. Оған Қызылордадағы әлдекімдер «Сәбит сені тастап, елінен қатын алайын деп жатыр» депті де, өсекке сенген жас адам, босанатын айы-күнінің жетіп отыруына қарамай поезбен келіпті. Ғаббасты өлтірушінің аты-жөнін іздеп тапсам, қылмысты болған соң қашты ма, әлде қорғаушылары «бой таса қыл" деді ме — Атбасар жағына кетіп қапты. Сот және прокурор мекемелеріне арыз берсем, «қарармыз, тексерерміз» дейді де қояды, кісі өлген екен деп селт етпейді. Ол мекемелердің бастықтары кім екен деп сұрастырсам, не байдың, не алашорданың бірдемесі болып шығады... Олай ізденуден іштеңе өндіре алмаған соң, губерниялық атқару комитетінің председателі — Ұзақбай Құлымбетовке барып шағым айттым. Ол табан аузында прокурорды шақырып алды да, «бұл істі тез және қолма-қол зерттеп, нәтижесін маған хабарла» деп тапсырма берді. Зерттеушімен бірге аттанатын болдым. Әйелімді дәрігерге көрсетсем, «жолға шығуға болмайды, жақын арада босанады» дейді. Қызылжарға қалдырып кетейін десем, әйелім көнбейді. Босанғанша қасында болуға зерттеуші күтер емес.
— Енді не істеу керек?— деп ақылдасқанда:
— Ауыл әйелдері дәрігерсіз-ақ босанып жүрген жоқ па?—- деді ол.—«Нар тәуекел» деп бірге аттанамыз.
Біз елге қос ат жеккен тарантаспен жүріп кеттік. Зерттеуші елден ештеңе шығара алмады. Ғаббас атылған шақта қасында өлтірушіден басқа жан жоқ, сондықтан жауап алған жұрт «көрмедік те, білмейміз де» деп қана жауап береді. «Енді өлтірушіні қолға түсірмей бұл мәселені анықтау қиын» деді де, зерттеуші Қызылжарға қайтып кетті. Біздің ауыл ол кезде бізге белгілі — Дос келін жайлап отырды. Біз —Ғаббастың үйіндеміз. Оның жазғы жыртық киіз үйі тігуге жарамаған соң. Мұқыштың Әлімі деген байлау жігіттің ақ отауын сатып алдық. Ал малға бірер сауын қосып, азық-түлік тауып... дегендей, бұл үйдің нашар тұрмысы біраз жөнделді. Ендігі уайымы — алдағы күннің жайы: Ғаббастың жас әйелі екіқабат — шаруаға жарамайды, шешесі — Сілеусін — кәрі, қарындасы — Маржан — жас, сондықтан оқудан келген жас інісі — Шәкенді қалдырудан басқа амал жоқ!.. Маған бұл да уайым болды. Одан басқа уайымым — әйелім, «бүгін бе, ертең бе?» деп маң етіп отыр, жасы он жетіге жаңа шыққан тұмса адам, бірінші босануы, сондықтан толғақ азабының не екенін білмейтін сияқты. Ал, аз да болса ғылымнан хабарым бар менің тиыш отыра алатын түрім жоқ, сондықтан акушеркасы бар жерді сұрастырсам, ең жақыны — Стап (Пресногорьковка) біздің Достан жүз елу километрден артық жерде!.. Осылайша не істеуге білмей сандалудың салдарынан, Мырзағазы екеуміз мықты пар атты тарантасқа жектік те Стапқа жүріп кеттік.
Құрметті оқушы!
Мен әдетте бейғам адамның біреуімін. Менің поездан, самолеттен... деген сияқты көліктерден талай рет қалып қоюымды түгел жазса әрі қызық, әрі қалың кітап болар еді... Мүмкін, бір кітапқа сыймас та еді... Мына сапарда да солай болды. Суыт жүріп келе жатқан Мырзағазы екеуміз жолда, жайлауда отырған «Андателі» деген руға соқсақ, сол арадағы көп ауыл балаларын сүндеттетіп, ұлан-асыр той жасап жатыр екен. Тойға маңайдан келген адамда қисап жоқ. Жиында алуан түрлі ойындар болып жатыр. Біз де сол тойға алданамыз деп пәлеге қалдық: «Андателіге» көршілес «Нұрымбет» деген ел, «тойыңа шақырасың да, бәйге аттарыңды жарысқа біз келмей жібересің» дейді де төбелес шығарады. Қымызға мас болған жұрт сатыр-сұтыр шапқыласып, отыр-топыр төбелеске кіріскенде оларды айырмай кетсек, талайларының жаралануы, кәтте — кісі өлуі мүмкін. Қазақ әдетінде екі ру төбелессе, үшінші ру араша түседі. Ондай ру — біздің Сибан боп шықты. Тойға келген Сибан адамдарын бастап біз арашаға кірістік. Сол шабыста және кінәласқан екі жағынын, дауын бітіруде жүріп, бірер күнді еткізіп аппыз, Стапқа акушеркаға баруды ұмытып кетіппіз... Сөйтіп жүргенде, арт жағымыздан «әйелін, толғатып қалды. Стапқа барып акушерка әкелуге, енді кеш: ол үшін екі-үш күн керек, оған дейін толғатқан әйел де бір жайлы болуы тиісті. Мырзағазы екеуміз осы жайды ақылдастық та, кейін қайтуға ұйғардық. Қатты жүріспен түнделете жүріп отырып, таң біліне ауылға келсек, толғақтан қатты қиналған әйелді, надан ауылдың қараңғы әйелдері одан жаман қинап жатыр екен. Бұндайда олардың қолданатын «шаралары»: киіз үйдің шаңырақтағы екі желбауын төмен түсіреді де, іштерін адам асылып отырарлық қып байлайды, қашан бала туғанша, толғатқан әйел осы бауға асылып отырады. Қашан бала туғанша еркек атаулы бұл үйге бас сұғу түгіл, маңына да жоламайды;әйелдерден де «тәжрибелі» дейтін қартаңдары ғана кіреді. Бала туар уақытынан кешіксе, күшпен түсіруге тырысып, әйелдің кеуде жақ ішін белбеумен тас қып байлайды да, баланы күшпен темен саумалайды; Егер бала оған да тумаса, азаптанған әйел әлсіресе, «марту» я «албасты» дейтін «жын буды» деп, ол жынды үркіту» үшін, қазан, ошақ, леген сияқты темірлерді заңғырлата қағады. Айғыр, бұқа, қошқар сияқты малдарды әкеліп, сыйса үйге кіргізеді де, сыймаса есік алдына байлайды. Сырттағы адамдар да үйдегі әйелдер де, ата-бабаларының аруағына сыйынын у-шу, азан-қазан болады... Біз келсек ауыл дәл осындай халде екен: Мұстафа үйінің маңындағы азан-қазан, у-шу, қаңғыр-күңгір дыбыстан толғатқан әйел түгіл, тыңдаған сау адамның да басы айналарлық!.. Үйдегі әйелдердің «болмайды» деуіне, қарсыласып жібермеуіне қарамай, үйге кимелей кіріп келсем, жіпке асылған әйелімде кескін-кейіп жоқ: бет бейнесі қағаздай боп-боз боп, есі ауғандай, көздерінің қарашығы жоғары қарай төңкеріліп барады...
— Ойбай!— деп, қоршаған әйелдерді жан-жаққа лақтырып, талықсыған әйелімді, асылған жіптен құшақтай көтеріп, басын тіземе сүйей отыра бергенімде, жас баланың даусы шар ете түсті... «Ақ түйенің қарны жарылды!» деп шу ете қалды үйдегі қатындар. «Ұл!.. Ат-ұстар!..» деп айғайлап қалды біреулер... Одан кейін не болғанымды өзім де білмеймін... Әлден уақытта білгенім — әлдекім, әлде не дымқос, салқын нәрсені маңдайыма басып, басымды жастықтан көтерді де:
— Мә, мынаны жұтшы!—деп, екінші адам аузыма аяқ тосты. Татып көрсем мұздай салқын қымыз екен. Соны құмыға сіміргеннен кейін, есім жиналғандай болды.
Басымды көтерген — Смайылдың Қасымы дейтін немере ағам. Ол көзі алақандай, мұрны қоңқақ, сақалы селдір, мұрты ұзын, түсі суық адам еді. Қобыз тарту, құмалақ салу сияқты, аздаған бақсылығы да болатын. Тегі, маған сол «өнерін» көрсету үшін келуге тиісті — есім жинала бастаған шақта:
— Жын кетті!— деді, денесін дірілдетіп, даусын зіркілдете шығарып,— жатпа, Сәбит, енді бұл арада!.. Тұр, тысқа шық!..
Сусын берген Мырзағазы екен. Ол мені сүйемелдеп орнымнан тұрғыза бастағанда, сапылдақ қатыны — Кәмел қасыма кеп:
— Ойбай-ай, мына Жалқы жігіттің (мені солай деп атайтын) жасығын-ай және қатын жандысын-ай!.. Сенен басқаның қатыны бала таппап па соншама қиналып?! Қатыныңның ұл тапқанын білдің бе, шүйінші!..— деп маған қарай қолын созды.
Бала есіме сонда ғана түсіп, «қайда екен?» дегендей жан-жағыма қарасам, қарындасым — Маржанның қолын» да, жөргекке оралған титімдей еркек баланын, тоңази ыңырсыған дыбысы шығады... Ауыл ғұрпында, «жеңге» аталатын әйелдердің «қайын іні» атты адаммен қатты ойнайтын әдеті. Осы үйдегі мені жақын жеңгелерім де сөйтіп жабыла кетті де, қалтамдағы орамал, махорка салатын кесет, бәкі, қажетті мөлшерде ақша салған күмәжнек сияқты нәрселерімді «шүйіншіміз» деп талап алып:
— Қатынбысың қатындардың арасынан шықпайтын, ұят емес пе қып-қызыл жігіт басыңмен босанған әйеліңді төңіректеп?.. Бала туғанда сақтаған құдай, әлі де сақтайды. Әрмен жүр, араласпай!.. Енді маңайлап көрші, түйебас қып, үстіңдегі бар киіміңді шешіп алайық та, өзіңді далаға тырдай жалаңаш шығарайық!— деп үйден қуды да шықты.
Қуса қуа берсін!.. Көңілім тоқ!.. Қуанышым қойныма сияр емес!.. Бұл тасыған қуанышты босқа төкпей, түгелімен құйып аларлық жалғыз ыдыс — өлең ғана... Сондай бір өлең көңіліме үйіріле бастады да, маған осы өлкенің парнасы28 сияқтанатын Достың дөңіне көтерілдім. Дөңнің шоқысы сияқты оба барын білеміз. Мен обаның төбесіне шықсам жан-жақтағы жалпақ дала, түнде түскен шықтық буына бөленіп, телегей теңіз тәрізді ақырын ғана толқып тұр екен. Осы теңіздің аспанмен астасқан қиырында тотының қанатындай құлпырған тармақты сәулесін кең жая, алтын күннің нарттай жанған жиегі де көріне бастады. Аспанға ақырын көтерілген күнді, мен бүгін туған ұлымның бейнесіне меңзедім де, дөңгелек аумағы жерден жоғарылауын күтіп тұрдым. Күн жиегі көріне, жерді жапқан шықтың бозамық, буы, ыдыраған бұлттай, жан-жаққа сөгіліп тарай бастады. Енді мен бәйшешегі құлпырған кең даламен де, жалтылдай жайнаған күнмен де бетпе-бет тұрып қалдым. Мені, менің әке-шешемді, ата-бабамды, үрім-бұтақ, зәу-затымды тудырған мына даланың үстінде, анау күннің астында ұлымның да тууы, мен үшін ғана емес, туған, өскен далам үшін де өшпес бақыт сияқтанды... Мен отыра қалдым да, жеңгелерім мана тартып алғанмен, өзіме қайтарып берген қалталық блокнотым мен қарындашымды алып, «Әнекей, нұрлы күн де көтерілді!» деген өлең жаздым.
Шықты ол түні бойы безек қағып,
Жан кешіп баратқандай өзек талып.
Кейде ышқына тынысын жиілетсе,
Кейде баяу алады тежеп барып.
Кейде беті қызарып жалын оттай,
Кейде сұп-сұр бола ғап қаны жоқтай.
Жан тамыры кей кезде аттай тулап,
Бәсең тарта қалады кейде соқпай.
Кейде қасқыр талаған құлындай боп,
Дауысы құлағыма шаңылдай кеп
Тиген кезде, миы су болған жандай
Бас айналып кетеді, дыңылдай кеп...
Дүниеге адам келу неткен азап!..
Сонша ауыр азапқа шыдау ғажап!
Бірақ жеңге, шешелер бойы үйренген,
Кейісем-ақ етеді мені мазақ,
Оларша, бұл сырқаттың аты «ұмытшақ».
«Келін де ұмытады, біз ұмытсақ»,—
Деп күлісіп, пісіріп «жарысқазан»29.
Кіндіккесер жабдығын жүр дұрыстап,
«Толғағы қатты болды неге мұнша?..»—
Десең, берер жауабы «Жас қой тұмса!. »
Қиуасыз бір жеңге әзілдейді:
«Болад,— деп,— толғақ қатты, ұл боп туса:
Осылай азаппенен таң да атты.
Толғақ та безектетіп жиілетті...
Талықсыған тұмсаны марту30 басар
Деп бір кемпір қазанды қаңғырлатты!..
Бір кемпір басты «тәңірім, қинатпаға!..»
Біреулері сиынды Бибатпаға31
Маған жер-көк сілкініп, сатыр-күтір
Жатқандай боп сезілді қирап дала!..
Дала кең, бірақ онда пана жер жоқ!
Жәрдем беріп жан сақтар дәрігер жоқ!
Қалжың ғып әйелдерден, барлық білген
Жәрдемін жасап жатыр әбігер боп...
Маңдайдан тер сорғалап ағып кетті,
Көз қарайып, жүрек те талып кетті...
Сол кезде «шүйіншілеп» дуылдаған
Бір дауыс үйдің ішін алып кетті...
Дем берді жүрегіме осы дауыс...
«Уа, қайным, бұл ес ауу — неткен ауыс?!
Уа, шүйінші атұстар!—деген кезде,
Денеге қайта оралды бойда бар күш.
Сап етті құлағыма сонда «іңгә...»
Қуанып ол дауысқа, «Мәкем тың ба?»—
Дегендей жалт қарасам, есіктен күн
Сығалап, бөлей ғапты бетін нұрға!..
Жұлдыздай жана ғапты көздері де,
Ширығып пыси ғапты сөздері де!..
«Есіңді жина, қорықпа» дейді ақырын,
Онысы хал-жайымды сезгені де.
«Қарыны ақ түйенің жарылды» деп
Жеңгелер түйебас қып жабылды кеп...
Оянып бүкіл ауыл «шүйіншіге!»
Жан-жақтан біздің үйге ағылды кеп,
Бәрі де «құтты болсын» айтты шулап,
Кеудеге сыймай жүрек кетті тулап!..
Ытқыған қуаныштың ыстық қаны
Жүйелеп бар тамырды кетті қуалап.
Елжіреп мас боп кеттім қуанышқа,
Әрең деп көпке еріп шықтым тысқа,
«Қуаныш құтты болсын» дегендей-ақ,
Шу ете қалды көлде барлық құс та.
Алдымнан бір самал жел есе қалды,
Бір қоңыр бұлт сіркіреп көше қалды.
Гүл аралас жайқалған жасыл шалғын.
«Қуаныш ұзақ болсын!»—десе қалды.
Шаттықтан білмедім не істерімді...
Не сыймен бұл құрметті өтерімді...
Әлемге қуанышты жырламақ боп,
Әнекей, нұрлы күн де көтерілді!..
ШІЛДЕХАНА КҮНДЕРІ
Босануын ескі ғұрыптың қоршауында өткізген ауыл әйелдері одан кейінгі ырым-жырымдарын да сол ғұрыптың жолымен жүргізді. Менде оларға қарсы шығарлық күш болған жоқ. Мысалы, мені үйден қуып шыққаннан кейін әлін түгел жиып үлгермеген әйеліме, жеңгелерім зорлықпен еріткен табан-аяқ сары май жұтқызған. Әйелдердің одан кейінгі қылықтары да қызық. Атын Арыстанбек қойған баланын, (бұрынғы Арыстанды еске сақтау есебінде қойылды. Кейін «бек» дегені түсіп қап, Арыстан болып кетті) кіндік шешесі — Злиқа жеңгей («Өмір мектебінен» аты мәлім—Шәйін ағай Тілегеновтің әйелі) қалжаға қой сойып түгелімен асып пісірген етін біздің үйге астаумен алып келді. Әдет бойынша, бұл қойдың тұтас асылған мойны, ыстық қалпында, босанған әйелдің қолына беріледі екен де, ол пышақ басқа құрал жұмсамай, етін түгелімен тістеп қана жеп таусады және мойын сүйектерінің жігін бұзбастан таза ғып мүжиді де, содан кейін сүйектердің тесігіне ағаш өткізіп, баланың қырқы толғанша кереге басына іліп қояды екен, содан кейін аяқ баспайтындай, ит иіскемейтіндей ғып, жерге көміп тастайды екен. Олай етпесе, «баланын, былқылдақ болып туатын мойны, қырық күн түгіл, одан кейін де бекімейді-мыс, жеп тауысса тез бекиді-мыс». Злиқа әкелген семіз қойдың майлы мойын еті екі килограммадай бар еді деседі, жас босанған әлсіз әйелге оны жеп тауысу, әрине қиын, бізше — мүмкін емес. Бірақ қалжаға жиналған әйелдер, босанған әйелге бұл ырымды бұлжытпай орындатқан; әйел әлсіздігін, мұншама етті сау шағында да жей алмайтынын айтса: «сен жемесең, біз де жемейміз» деп, шуласып отырып алған; қалжа желінбеуге мүмкін емес, себебі, ырым бойынша, ол желінбесе туған баланың дені сау болмайды, бесігінде ауруға шалдығады... әйел мойын етін амалсыздан жеп тауысқан!.. Ауыл салтында баланы үш күннен кейін бесікке бөлеу керек екен. Біздің туыстар «бұрынғы бесікке бөлемейміз, тілеу тілеп, бесікті жаңадан жасатамыз» деп ұйғарды. «Бала өмірлі болады» деп, бесікті жеті кемпірдің таяғынан жасату әдеті бар екен. Сол жеті кемпірдің таяқтары жиып алынды да, содан ауылдағы ағаш шебері, қазақша әдемі бесік жасады. Ырым бойынша, «бесікке жын-шайтан жоламау үшін» бас жағына үкінің тұяғы бар аяғын байлайды екен. Ондай аяқ Дос көлінің маңындағы оншақты ауылдан табылмаған соң, Шәйкен дейтін туысымыз, Достан он бес-жиырма шақырым жердегі Ақсуат келін жайлайтын «Күлмес» елінен тауып әкелді. «Бесікке салар» аталатын тойға арнаулы қой сойылды да, Сибанға қараған үш ауылдың қатын-қалашы түгел шақырылды. Бесікке бөлер алдында балаға «ит көйлек» аталатын, арқа жағы жырық көйлек кигізеді де, (ол — бала «ит», «рахитта» аталатын ауруға шалдықпасын деген ырым) баланы жеті кемпірдің тақымынан өткізіп ап, содан кейін, туған балалары тұрақты болған кемпір ғана бөлейді... Одан кейін, «етіне жара түссе тез жазылады» деп, қырық күн тұзды сумен ғана шомылдырады екен, «денесі тығыз және оңтайлы боп өседі» деп, қырық күнге дейін, бесіктен шешілген сайын «сылау май» аталатын, тортасынан айырылған маймен денесін түгел сылап, «өс, өс!..» деп, аяқ-қолдарынан созғылайды, «жарыққа пері жоламайды» деп, қырық күнге дейін бесіктің қасына шам жағып қояды екен. Қырық күн толғанда, баланың «ит-көйлегін» шешіп алады да, иттің мойнына кигізіп, ауылды жағалай қуады да, содан кейін көйлекті ит мойнынан алып, өртеп жібереді, баланы одан кейін бөлерде қырық қасық сумен шомылдырып, ал суды қырық қатынға түкіртіп, адамның аяғы баспайтын жерге төктіреді екен... Ескілік мықты отырған ауылда бұл ырымдардың ешқайысына қарсы келуге болмады. «Осылардың керегі қанша?» деген сөзіңді құлаққа асар адам жоқ. Төбелесуге болмайды— оларды табан аузында бәрібір жеңе алмайсың. Және «идеологиялық жағы» демесең, балаға ол ырымдардан кейін жатқан залал жоқ сияқты. Ғасырлар бойы сүйегіне сіңген әдет-ғұрыпты, аз күнде, жалғыз адам қалай жеңесің. Кәзір Коммунистік партияның мүшесі, бір заводта машина құрылысының инженері боп қызмет атқаратын, социалистік салт-сананың үгітшісі боп жүрген балама, «сен ауылда туып, осындай ескі ырымдарды басыңнан өткерген едің» десем, нанғысы келмейді, ертегі кереді. Ал, расы солай!.. Ауыл байғұстың ол кездегі әдет-ғұрпы сондай еді. Азғантай ғана жыл өткенмен, ол ырымдардың кәзіргі социалистік ауылда ұшығы мен пұшығы да қалған жоқ. Мен, тек, көзім көрген ырымдарды ғана сипаттап отырмын. Көзім көрмегені одан да көп болуы керек. Біраз ырымдарды көзден көрмеуіме себеп — баламның қырқынан шығуын күткен күндерімнің көбі — маңайдағы ауылдардың қонаққа шақыруымен өтуі. «Хан-жайлау» аталатын мезгіл. Радиусы жүз километрден асатын Дос маңайының жайлауы. (Бұл жайлауға 1954 жылдың бержағында жиырмадан астам тың совхоздары орнап, жарты миллион гектардан артық жерді игерді де, шынымды жылдары 40—50 миллион пұттай астық өсірді.) Жайлау беті — тұщы сулы толған көл. «Түгін тартса майы шығатын» құнарлы топырақ. Жабағыдай ұйысып жатқан қалың бетеге. Түрлі түсті гүлдері қымбат тастардай жалдаған көкарай шалғын. Көлдерді жағалай қонған ауылдар. Ауыл маңайы сыңысқан қалың мал. Оған дейін көшпелі өмір сүріп келген ауылдарда мал бағудан басқа жұмыс жоқ. Мың қойға — бір шопан» «мың жылқыға — бір Қамбар» дегендей көп бақташы керегі жоқ. Сиыр мен түйе өз беттерімен жайылып жүретін, мекеніне айдаусыз келетін жануарлар. Бұрын күн-көрісте байға жалынышты кедей-батырақтар Совет өкіметі еңбектерін қорғаудың арқасында жапа-тармағай әлденіп алған. Біздің үш ауыл — Сибанның ең кедейі!—Асылбектің Шәмілінде сол 1927 жылдың жазында: алты бұзаулы сиыр, бір өгіз, бір азбан бар екен. Сонша сиырдың ағын місе тұтпай, «қымызсыз отыра алмаймын» деп, Батрашком арқылы, ауқатты ағайыны Аймолдадан жаздай сауып ішуге екі бие алған. Он мыңдай үйі бар бүкіл Төңкеріс ауданында «Артель», «коллектив» деген, үш-ақ жерде бар деседі: Майбалықта, төменгі Сибанда және Айымжанда. Олардың да әрқайсысының үйлері жиырма — отыздан аспайды дейді... «Күнде жиын, күнде той» болып жатқан күндерде ойын-тойды ерекше көріктендірген екі жігіт болды, бірі — кәзір 68 жасқа келген Есембай Шыныбайұлы, екіншісі — кәзір 59 жасқа келген Итібай Әлібайұлы. Осы екі жігітті қысқаша таныстыра кетуге ұлықсат етіңіздер. «Керей аталатын руда «Қапсыт» аталатын бір бұтақша бар. Есембайдың руы Қапсыт ішінде Қараша. Оның әкесі — Шыныбай кедей адам болғанмен сол маңайдағы атақты әнші екен. Өткен ғасырдың екінші жартысында, ханзада (наследник) кезінде Александр ІІІ аталатын патша біздің арадағы қазақ-орыс (казачество) станицаларын басып Сібірге өтіпті. Қазақтың байлары мен бектері соның жолын тосып той қылғанда, Шыныбайдың әніне ханзада хайран ғап, «шіркін, Петерборда айтқызар ма еді!» депті-мыс. Есембай әкесінен жастай жетім қалған да, күн көрер дәулеті, асырар адамы болмаған соң орыс поселкелерінің малын бағып кеткен. Ол да жас күнінен әнші, домбырашы, сырнайшы боп, орыс селоларында, қазақ ауылдарында мәжілістің гүлі болған. Бала жігіт кезімде Есембайды ауылда да, селода да бірнеше рет көргем, ол маған ән мен күйдің «құдайы» сияқтанған. Артынан «қысқа жіп күрмеуіне келмеген» Есембай, әлде не поселкеде орыстың әлде не жесір қатынын алып, шоқынып кетіпті деп естігеміз... Бұл революциядан бұрынғы хабар... 1925 жылдың жазы. Орынбор рабфагында оқып жүріп. жазғы каникулға туған аулыма келдім де, біраз тыныққаннан кейін, Қорған қаласынан поезға мінбек боп аттандым. Қасымда Мырзағазы Нұртазин және екі-үш тарантасты серіктер бар. Қорған облысының біздің ел жақ бетінде орысша — «Половинский», қазақша — «Ақ сиыр» аталатын ауданы бар, соның «Марай» дейтін селосы бар. Серіктерімнің айтуынша, шоқынған Есембай осы — Марайда тұрады. Біз оның үйіне сұрап кеп тоқтадық: орыс поселкелерінде, кулактарда ғана болатын биік еңселі, төбесі қаңылтырмен жабылып, жасылмен боялған, қақпасы, терезелері оюмен әшекейленіп сырланған, тақтаймен қоршаған ауласы көп, аса салтанатты қарағай үй екен. Есембай бізді терезеден көрген, біразымызды таныған болу керек — жүгіре шығып қақпасын ашты да, құрметпен қарсы алды. Орта бойлы, оңтайлы денелі, бұйра шашты, дөңгелектеу қызыл шырайлы бетті, оң жақ бетінде үлкен қара меңі бар, көркемше жігіт болатын. Мен көргеннен айырмасы — үш жағын ширатып, қысқалау қою қара-сары мұрт өсіріпті. Шай-пұй ішіп жайланғаннан кейін, Есембайды оңашалап хал-жайын сұрасам — ертеде, жалшылықта жүрген шағында, Марайға келеді де, осы үйге жалшылыққа тұрады. Иесі — шаруасы күшті кулак болады. Аз жылдан кейін кулак өледі, әйелі Есембайдан он шақты жас үлкен болғанмен, жас жалшыға қызығады. Кедейліктің тақсіретін тартқан Есембай, оның бай мал-мүлкіне қызығады. Ол — діннің дәуірлеп тұрған кезі. Ендеше әйелге үйлену үшін, Есембайдың христиан дініне көшуі, яғни — шоқынуы керек. Есем¬бай бұл шартқа амалсыз көнеді...
— Шоқынған адамды,— дейді Есембай,— қыстыгүні көлдің ойығына жалаңаш малып алады екен. Мені де сөйтіп, бір емес, үш малғанда да, «господи, благослави»-дың (жарылқай гөр, тәңірім) орнына «алла!» деп шықтым да, содан кейін поп «дініне қатты екен» деп шоқындырмады. Әйелмен біз некесіз тұра бердік. Есембай әйелін «ақылды, шаруашыл, өзімді қатты күтеді» деп мақтады. Олардан бірнеше бала туған да, кішкентай қыз ғана тірі ғап, өзгелері өлген. Әйелдің бұрынғы байынан туған ұл-қыздары кәзір есейген. Олар Есембайды папа деп сыйлайды екен.
Есембайдың тіршілігіне бұл жаман жағдай емес. Тек қана қолайсыз жағы — шаруасы әлі де ірі кулактың даражасында тұрған бұл үйді,— үкімет көп кешікпей қырына алуға тиісті, сонда көп жылғы жалшылықтан жақында ғана құтылған Есембай, ертең «кулак» есімді қарғысқа ұшыраса қайтпек? Мен осы жайды айтқанда, ақылды Есембай қорқа қалды да, «не істеу керек?» деді. Өз ықтиярына салса, Есембайдың бұл үйден кетер түрі жоқ. Не орысша, не қазақша сауаты жоқ, газет-журнал дегенді оқымайды, селода болып жататын жиналыстарға басуға әйелі ұлықсат етпейді, сондықтан саяси дүние ол үшін қараңғы екен. Аз жыл болса да кулактық шаруаның, иесі саналған оның Совет өкіметі туралы ұғымы, әрине — кулакша... Мен оған бұл шаруасының бүгін болғанмен, ертең болмауын, қайталай ұғымына лайықтай айтып, әрең дегенде түсіндірдім. Содан кейін махаббатпен емес, күн көріс салдарымен қосылған кулачихадан айрылуға бекінді. Қалай айрылуға менің берген ақылым:
— Мені Қорғанға апара жатқандар кейін оралғанда арбаларына жасырын мініп, туған еліңе тартып отыр. Онда сен сияқты батырақтарға арнап ашқан сауатсыздықты жою мектебі бар, содан оқып, әуелі хат біл. Одан әрі сені заман ағымының өзі жетектеп әкетеді...
Есембай екеуміз осыған келістік.
Енді 1927 жылы көрсем, сауатын ашқан, хат таныған, советтік құрылыстарға белсене қатынасқан Есембай, ауылдағы дыңдай белсендінің бірі боп алыпты. Жалшылықта қарлыққан оның даусы енді бұрынғысынан да қатты ашылып, жаңылған домбыра мен сырнайға саусақтары қайта шеберленіп, жұрт жиналатын жерлерде әнге шырқа-а-а-ап жүр!..
— Неге үйленбейсің?— десем.
— Қыз таңдап жүрмін,— дейді.
Есембай сол көтерілгеннен көтеріліп кете барды. Туған жерінде біраз уақыт белсенді болған ол 1928 жылдың жазында Ташкент қаласында жүн саудасы жайын оқытатын алты айлық курсты бітіріп, әуелі «Әулиеата» (кәзіргі— «Жамбыл») облысының Шу, Сарысу аудандарында жүн даярлайтын контораны басқарып, отызыншы жылдардың басында Зайсан қаласындағы осы қызметке ауысты. Көп жыл көріспегенмен, біздің арамыздан жиі жазатын достық хаттар үзілген жоқ. 1935 жылдың күзінде мен Москвадағы оқуымды аяқтап, Алматыға келдім. Аздан кейін Алматыда жүн-жұрқа қызметкерлерінің республикалық маслихаты шақырылды. Соған Есембай да келіпті: баяғы жеңілтек мінезді, ойыншы, әнші қалпы; Зайсанда қазақтың қызына үйленіп, бірер балалы болыпты... Мен әнші Есембайға арнаулы жазумен домбыра сыйладым. Осы жазу оның біраз жыл бейнет көруіне себеп болды: 1937 жылдың күзінде, «халық жауы—Сәкен Сейфуллинмен байланысты» деген айыппен мен партия қатарынан шығарылдым да, осы оқиға газетте жарияланды. Зайсандағы культ адамдары газетті оқиды да, «халық жауы — Сәбит Мұқановпен байланысты... оған куә — домбыра бетіндегі жазу» деп Есембайды абақтыға алады. Есембай «мен Сәбитті жау дегенге сенбеймін» деген сөзінен танбайды... Ақыры, оны осы айыппен «арнаулы үштік» спец. тройка: аталатын сот он жылдық жазаға кесіп, лагерьге жібереді... Жұмыскер Есембай, ағаш кесу ісінде он жылын жеті жылда өтеп Алматыға қайтып келді... Коммунистік партияның, жиырмасыншы съезінен кейін, Есембай партия қатарына қайтадан алынды, үкімет оған пенсия берді, кәзір аман-сау, Қостанай облысының Пресногорьков ауданында тұрып жатады... Ендігі аз сөз Әлібаев Игібай туралы. Біздің Қызылжар уезіндегі Бес болыс Керейде ән мен күй екі руға ерекше қонған деседі: бірі — Шағалақ, екіншісі — Таз. Бес жүз үйлі Тазда домбыра шертпейтіні, ән салмайтыны жоқ дейді; қалжыңдайтын адамдар —«Таздың иті де ән салып үреді» дейді. Игібайдың, руы осы — Таз. Оның туған әкесі — Тәжібай да, асырап алған әкесі — Әлібай да (Тәжібайдың туған ағасы) ірі әнші болған адамдар Тәжібай баласы—Рамазан (Игібайдан екі жас үлкен) бармақ біткеннің домбырашысы болды. Тәжібай да, Әлібай да' кедей шаруалы адамдар екен. Бірақ олар жалшылыққа тұрмай, күндерін (ауық-сайрандарға араласып ән айтумен өткізген. Игібай да жасынан домбырашы, әнші болған. Талдырмаштау орта бойлы, аққұба кескінді, қыр мұрынды, томпақ қара көзді, қалың бұйра шашты бұл сұлу жігіт, жиырманшы жылдардың алғашқы жартысында Қызылжардың педагогикалық техникумін бітірген. Бірақ оқып жүргенде де, одан кейін біраз жыл мұғалім болғанда да, сабақпен я оқытқан баламен шұғылдануынан ойын-тойда өлең айтқан уақыты көп болған. Отызыншы жылдардың ішінде ол Алматының, Қызылжардың театрларында артист болып (ол жағы күшті емес еді), филармонияларында әнші болып жүрді де, Отан соғысында азаматтық борышын өтеп, аяғынан мүгедек боп келе мұғалімдігіне қайта орналасты. Сол қызметінде әлі күнге дейін келе жатқан Игібай, ұлы, қызының ержетуіне, әйелі — Кәукәрдің сары қарын бәйбіше болуына қарамай, жиын-тойға әлі де көп араласып, қыз-қырқынға әлі де өзеурей қарап, ән айтқанда әлі де құтырынып, теке-көзденіп кетеді. Қоңырқай, биік және әдемі даусын әлі де жақсы сақтаған. Көп жыл бойына жүрген маңының әнмен құлақ құрышын қандырған, кейінгі жастардан талай әншілер бұны еліктей, шәкірт бола шыққан, қыз мінезді Игібайды халық мұғалімдігінен гөрі, «әншіміз» деп, шын көңілден қадыр-құрмет тұтады... Есембай мен Игібайдың, тамаша әндерін халық ертеден қара кешке дейін дегендей, немесе — күні батқаннан таң атқанға дейін дегендей, қанша тыңдаса да жалықпайды. Сөйтіп жүрген күндердің біреуінде төменгі Сибаннан Имақ Тоқпанов келе қалды. Менен төрт жас үлкен ол кішкене күнінен жалшылықта жүрген де, одан тек, менің үгіттеуіммен, 1925 жылы ғана құтылып, «Төңкеріс» аталатын болыста ашылған сауатсыздықты жою мектебіне түскен. Одан кейін туған елінде, екінші номерлі ауылдық советтің председателі болды деп естігем. Ол әлі де сол қызметінде екен. Табиғатында ақылды, сабырлы жаралған ол, таныс адамдардың ұғымында «қыз мінезді» жігіттердің біріне есептелетін. Сауатсыздар мектебіне түскенге дейін саяси дүниеден қараңғы да. Енді сөйлесіп көрсем — ауыл жағдайында дыңдай сауатты адам. Кейінгі отыз шақты жылда, отызыншы жылдардың орта кезінде Алматыдағы партия мектебін бітіріп алғаннан басқа уақытын түгелімен аудандағы партиялық және баспасөздік қызметте өткізген, кәзір құрметті пенсионердің бірі болған қарт коммунист (партияда 1925 жылдан) Имақ Тоқпанов, саяси өмірінің алғашқы адымынан бастап күні бүгінге дейін лениндік жолдан бұлжымай келе жатқан адамдардың бірі. 1927 жылдың жазында жолыққанда да, ол саяси тақырыпта менімен салмақты сөйлесіп, өз көңілімде де түйткіл болып жүрген бір мәселені тап-баса қалды, ол — Совет Одағындағы, оның ішінде — Қазақстандағы крестьяндардың болашақ тағдыры туралы, әсіресе — сол бір тұстың қазақша терминінде —«қара шаруа» аталатын қазақ крестьяндарының тағдыры туралы. Марксизм ғылымының терминінде, крестьянның екінші аты — ұсақ буржуазия, яғни — жетекшілдік негізге құрылған бұл ұсақ шаруа иесі, жағдайына қарай ірі буржуазияға айналып та кете алады; ал, егер, пролетариатпен одақ боп, Коммунистік партияның басқаруына кірсе, крестьяндар социалистік ұлы күшке де айнала алады. Бұл сөздің растығын 1917 жылы болған Октябрь революциясы айқын көрсетті, Лениндік партияның жұмысшы табы мен крестьян одағы деген ұранына еңбекші крестьян түгелімен үн қосты да, сол жылғы Февраль және Октябрь революцияларының барлық ауыртпалығын пролетариатпен бірге көтерісіп, Совет өкіметін қолдарынан бірге жасасты, сондықтан да, советтік үкіметтің гербасына жұмысшы мен крестьян таптарының достық белгісі болып, орақ пен балғаның бейнесі орнатылды. Крестьян мәселесі мұнымен ғана шешіліп қойған жоқ. Советтік құрылыстың жағдайында, саяси-шаруашылық мәселеде крестьянның бетін қайда бүру туралы саяси айтыстар басталып кетті. Партиялық терминде «солшыл» аталатындар: «крестьянның кедейі мен батырағын ғана совет үкіметінің баурына тартып, орташа мен кулактарын құрту керек» десті; «оңшыл» аталғандар: орташа түгіл «кулактарға да тимейік» деп, «байи беріңдер!» ұранын шақырды. Ленин жолын берік тұтқан Коммунистік партия солшылдарға да, оңшылдарға да қатты соққы берді. Партияның ұраны — кедей крестьяндармен одақ бола тура, орта шаруалы крестьяндарды да бауырға тарту, крестьянның тек кулактарына, яғни — қанаушыларына қарсы болу. 1914 жылы басталған бірінші жиһангер соғысының, 1917 жылғы екі революцияның, одан кейін бірнеше жылға созылған азамат соғысының, Отанымыздың шаруашылығын, әсіресе — крестьян шаруашылығын қатты күйзелтіп кеткені мәлім. Осы күйзелген шаруаны қалпына келтіру үшін, Совет өкіметі «жаңа үнем» аталған (НЭП) саясат шығарғанын да білеміз. Бұл саясаттың дұрыстығын жиырманшы жылдардың орта кезінде қарқындай өскен шаруамыз айқын дәлелдеді. Соның бір куәсі — қазақ аулының шаруасы. Қазақ аулындағы бұл кездің басым шаруасы—малшылық. Жиырманшы жылдардың орта кезінде бүкіл қазақ халқының жүзден сексен проценті мал шаруасымен шұғылданушы еді десек, асырып айтпаған болар ек. Жаңа үнем саясаты кезінде қазақтың мал шаруашылығы, бірінші жиһангер соғысының алдыңғы жылдарынан да асып кетіп, ресми санақтың өзінде елу миллион басқа таянып қалды. Байлардың санақта жасырған малдарын қоссаң, одан да асып кетеді... НЭП тұсында, қазақтың байларының ғана емес, орташаларының ғана емес, кедейлерінің де мал басы қатты өсті. Оған айқын куәнің бірі — біздің ауылдың ең кедейі — Асылбектің Шәмілінде 1927 жылы алты бұзаулы сиыр, бір өгіз, бір азбан бар екенін жоғарыда айттық. Сол тұста, барлық ауылдың кедейі де осындай болған еді десек, асырып айтуымыз емес, болған фактіні көзге елестетуіміз ғана... Сонымен, қайталап айтқанда, жиырманшы жылдардың орта тұсында Отанымыздың ауыл шаруасы, оның ішінде — қазақтың мал шаруасы мейлінше өсті. Бірақ бұл, қоғамдық шаруаның өсуі емес, жеке шаруаның өсуі; ал, жеке шаруаның негізінде ұсақ байлық, оның аржағында — ірі байлық жатыр. Советтік құрылыстың мақсаты жеке байлықты емес, қоғамдық, яғни — социалистік байлықты өркендету. Ендеше, крестьянның бетін жеке байлықтан қоғамдық байлыққа қарай қашан және қалай бұру керек? Мал шаруашылығы есіп, ауқаты молайған ауылдардың арасында, 1927 жылдың жазында қонақтап жүріп, мен өзіме осы сұрауларды қойған едім де, жауабын таба алмай, Қызылордадан я Москвадан табу үшін, оларға тез жету үшін, туған баламның қырқынан шығуын асыға күтіп жүр едім. Имақ Тоқпанов маған осындай ойдың үстінде кезікті. Өз сұрауыма өзім жауап таба алмай жүрген мені, Имақтың келуі тіпті шатастырған сияқтанды. Жасы үлкен ағалығын сатып еркін сөйлейтін ол, маған амандық-саулықтан кейін, әуелі өлген ағам — Ғаббасқа «қайырын берсінін», туған балама «құтты болсынын» айтып ап, іле сұрау артынан сұрауды жаудыра бастады.
— Ел қалай екен, жақсы ма екен?— деп бастады ол сұрауын,— тоғайып па екен халық?— деп жалғастырды.
— Жақсы екен.
— Ауқаты қалай екен?
— Байып, күпсіп түр деген осы болады да,— дедім мен,— бұрын бір байдың байлығы шалқуын бейнелеп айтқысы келген адам —«иті де май жемейді екен» дейтін. Ауылдың кәзіргі байлығы маған сондай байлыққа ұқсайды.
— Ол рас. Ал енді, саған бір сұрау: осы жеке байлықтың түбі бізді, яғни Кеңес елін қайда апарады?
— Қайда апарсын?—дедім мен саяси қулыққа салған боп,— социализмге апарады да.
— Қалай, сонда? Өсіріп жатқан ауылдық шаруамыз — жекешілдік. Социалистік дегеніміз — қоғамдық. Жеке шаруадан қоғамдық шаруа жасауымыз үшін, жекелерді бірлестіруіміз керек емес пе?
— Әрине...
— Қашан, сол?..
— Оны жоғарғы партия және үкімет орындары біледі де.
— Соларға араласып жүрген жоқпысың сен? Ендеше білуге тиістісін ғой бұл шараның қалай басталуын?
— Мен оны білмеймін.
— Мен сені білетін шығар деп ойлаған едім,— деді Имақ, демін ауыр алып, ойланып қалған кескінмен.
— Қайдан білем?— дедім мен,— басқарушылық қызметте жүрген адам емеспін...
— Ал енді, осы ойландыратын мәселе,— деді Имақ менің сөзімді бөліп,— Октябрь төңкерісін жасаудағы, кеңес үкіметін құрудағы мақсатымыз: әуелі социализм, соған жалғас коммунизм қоғамын құру ғой. Оның не екенін бір бірімізге түсіндірудің қажеті жоқ. НЭП саясатынан да аздап хабарымыз бар. Менімше, НЭП өзіне жүктелген міндетін атқарып болған сияқты, енді екінші дәуірге, яғни — ауыл шаруасын социалистік жолға түсіруге, яғни — жеке шаруаларды қоғамдық шаруаға айналдыра бастауға көшуіміз қажет сияқты!..
«Мәссаған, кешегі батырақ—Имақ!.. Енді оның басына оралған сұрауларға жауап беріп көр!..»
— Бұл,— дедім мен Имаққа шынымды айтып,— сенің ғана емес, ауыл тұрмысын көргеннен кейін менің де басыма оралған, бірақ жауабын таба алмаған сұрауларым. Жоғарғы жақпен сөйлесіп алмай, әлі де жауап айта алмаймын. Саған берер уәдем: Қызылордаға қайтқан соң, қажетті адамдармен кеңесіп көрейін де, олардың тапқан жауабы болса, саған хатпен хабарлайын.
— Мақұл,— деді Имақ.— Бұл кәзір екеумізді ғана емес, бүкіл коммунист атаулыны, ол ғана емес, советтік саналы азамат атаулыны түгел толғандыратын мәселе. Менімше, басқарушы партия және үкімет орындары да бұл мәселені ойланбай, тиісті шарасын алаңдамай жатпаған болар...
— Менімше де солай...
— Осы мәселелер жайында, кейде, «үлкендерге хат жазсам қайтеді?» деп ойлаймын да, тағы да «ретін келтіріп жаза алам ба» деп бір ойлап, «жазсам, арнаған адамымның қолына тие ме» деп екі ойлап, «тигенмен, жауап қайыра қоя ма» деп үш ойлап, енді саған ақылдасып алайын деп келдім. Әу-жайыңды да көріп отырмын. Енді несіне жазайын. Қолың жеткен үлкендерге сөйлес те, жаңалық болса маған хабарла. Ондай хабар мен үшін емес, ауылдағы саяси сауаты аз коммунистер мен советтік белсенділер үшін керек. Мен сені мазаласам, олар «сен не білесін,?» деп мені мазалайды...
Одам әрі Имақ екеуміз ауыл арасының хал-жайын кеңесіп кеттік. Бұл әңгімені де Имақ бастап:
— Төңкеріс ауданында екі-үш жерде артель ашылғанын естіген боларсың? — деді.
— Естідім.
— Артель деген аты жақсы болғанмен, ісі әлі нашар: ең алдымен, үй сандары аз — біздің төменгі Сибанда құрылған артельге тоғыз-ақ үй бас қосты, соқа-саймандары, көліктері аз, шаруалары шағын, сондықтан қысқа жіптері күрмеуге келмейді.
— Күшейту үшін не істеу керек?
— Үй санын көбейту керек. Сонда мал саны да, адам саны да көбейеді, артельден тыс отырған кедейлердің жұмыссыз жүрген жігіттеріне еңбекке араласуға мүмкіндік туады, кәзір олар жұмыссыз босқа сабылып жүр.
— Неге?
— Ауыл жігіттері шетке кетіп кесіп іздеуге әлі үйренген жоқ. Ауылдағы байлар бұлардың бәріне жұмыс тауып бере алмайды.
— Кедейлер артельге жаппай тартылу үшін не істеу керек?
— Ең алдымен, байлар мен кулактардың үгіт-насихатына тыйым салу керек.
— Қандай үгіт-насихатына?
— Олар кәзір кедейлер арасына: «Артель болсаң бір үйде тұрасың, бір қазаннан ас ішесің сенікі, менікі деген мүлік болмайды, біраздан кейін сенікі, менікі деген қатын да болмайды, меншікті қатын болмаса, өзімдікі деген бала да болмауы өзінен өзі белгілі; «бай», құлақ» дегендер кешікпей жойылады, содан кейін үкімет азық-түлікті сенен алмағанда кімнен алады? Одан кейін өзіңе тоқ-жарау боларлық тамақ қалдырады да, қалғанын сыпырып алады да отырады, сол жоқшылықтан өмірде шыға алмайсың» деген сөзді қатты таратып жүр. Саяси санасы өсіп кетпеген кедейлер бұл үгітке елеңдеп те қалады.
— Өйтпеу үшін не істеу керек?
— Шаруашылық жәрдем беру керек.
— Мәселен, қандай?
— Кедейлерде кәзір мал басы жеткілікті. Ірі қараға шаққанда, малы бес-алты басқа жетпейтін кедей, кәзіргі ауылда жоқ.
— Ендігі жетпейтіні не?
— Егін. Өзің білесін,, біздің қазақ егінші ел емес қой.
Қырдағы көшпелі елдерді былай қойғанда, екі жүз жылдан бері орыс поселкелерімен «аулы аралас, қойы қоралас» дегендей көрші болып келе жатқан біздің осы Төңкеріс ауданында Әлти, Торсан сияқты бірер байлар ғана болмаса, егін сепкен қазақты көргенің я естігенін, бар ма?
— Жоқ. Солайша, егін салмай өскен қазақ ауылдарының, олардың ішінде — кедейлерінің, егер ерекше жағдай жасамаса, соқаның тұтқасын ұстап егін айдауға мойны жар берер түрі жоқ. Мысалы, біздің ауылдағы тоғыз үйлі артель көлігі, сайманы, құнарлы жері, себер тұқымы даяр бола тура, биыл бес-ақ десятина егін септі.
— Неге?
— Егін ісіне ата-бабасынан мұра болып келе жатқан дағдыланбаушылық.
— Оны бұзу үшін не істеу керек?
— Шіркін,—деді Имақ, қиялға кеткен пішінмен,—ауылмен селода ұйымдасқан артельдерге бір-бірден трактор берсе!.. Халықтық санасына қандай төңкеріс жасар еді ол!.. Революциядан бұрын мен Қорған қаласында тұратын орыс помещигі — Смольныйда жалшылықта тұрдым. Жүз десятинадан артық егін себетін еді ол. Әуелі жерді көлікпен жыртып жүрді де, жиһангер соғысының алдында, «Америкадан сатып алдым» деп трактор әкелді. Осы тракторды көреміз деп, жан-жақтан шұбырған халықты көрсең,!.. Әсіресе — орыс крестьяндары!.. Олардың құлақ естір жерден келмегені жоқ шығар... Сонда, солар, тракторды көріп тұрып, бастарын шайқап, таңдайын қағып: «Шіркін, осындай трактор Россияда да жасалып, селоларға тараса!» деп арман ететін еді. Сол арманы — әлі де арман. Орыс селоларына барсаң, кедей жақтары —«Отан байып келе жатыр, ендеше үкімет те баюға тиісті, сол үкімет трактор заводын салып, тракторды неге көбейтпейді екен?.. Селоларға неге таратпайды екен?.. Бізді «артель болыңдар» деп үгіттейді. Атпен артель боп оңа аламыз ба? Егер трактор берсе!.. Әне, сонда көрсетер ек, артельдің не екенін!..» деседі. Мал баққан қазақ кедейлері тракторға, әрине, егінші орыс кедейлеріндей мән беруді әзірге білмейді. Білмесе де әкеп беріп жұмысқа салдырсаң, үгітсіз-ақ түсіне кетер еді пайдалы екенін!.. Естисің бе осы жайда жоғарғы жақта әңгіменің бар-жоғын?
— Неге естімеймін?— дедім мен.— Мен ғана емес, өзің де күнде естіп жүрсің.
— Қалай?
— Партияның Отанды индустрияландыру ұранын білмеймісің?
— Білем.
— Сол ұранның ішіне трактор, басқаша ауыл шаруашылық машинелерін жасайтын заводтар салу да кірмей ме?
— Солай ма өзі?—деді Имақ ойланып қап.
— Енді қалай?.. Күшті техникамен қаруландырмай егін шаруасы қарқындамайтынын партия сені мен менен артық біледі. Отанды индустрияландырудың бұл мәселе ең зор бұтағының бірі.
— Рас, солай екен-ау,— деді Имақ, ойлы кескінін өзгертпей.— Ал енді бұл жұмысқа қашан кіріспекпіз, сонда?
— Менің білуімше, кәзірдің өзінде-ақ шет пұшпақтап кірісіп жатқан сияқтымыз. Мысалы — Харьковте трактор заводы салынып, іске кірісуіне екі-үш жыл боп кетті. Әзірге шығарған тракторы көп емес тәрізді. Бірақ отанымызда сондай завод салынып, іске кірісуінің өзі — алдағы зор істердің бастамасы. Бірден қарқындатып әкетуге біраз бөгеттер де барын көріп жүрміз. Бірінші бөгет — соғыстар әлегінен бүлінген шаруамыздың енді ғана икемге келе бастауы; екінші бөгет — партияның Отанды ірі өндірісті елге айналдыру саясатына оппозиционерлер аталатындар қатты қарсылық жасауы. Бұл бөгеттерден әлі де құтылып болмағанмен, партиялық идеяның үстем болуын көріп отырмыз...
— Рас,— деді Имақ, «ол жайда менің де аздаған сауатым бар» дегісі келген кісідей.
— Бірақ,— деді ол, сөйлеуге ыңғайлана берген мені қолын көтеріп бөгеп,— сол оппозиционерлердің ауыл-селолардағы тірегі саналатын бай-кулактар да қарап жатқан жоқ. Олар қолдарынан келген қарсылықтарын жасап бағуда.
— Қалайша?
— Мен ауыл арасында қызмет атқарып жүрген адаммын ғой, сондықтан ауыл байларының не істеп жүргенін айтайын...
— Ие?..
— Осы Дос келінің маңын мекендейтін Сәпінің төрт баласында былтырғы жылы екі мыңдай жылқы барын білесің ғой?
— Білем.
— Содан кәзір бес жүз жылқы қалды ма екен...
— Қайдам...
— Мен білем, қалған жоқ.
— Өзге жылқылары қайда?
— Сатып бітірді.
— Неге?
— Не ғажабы барын білмейсің: Москвада, Қызылордада байлар мен кулактарға қарсы қандай саяси-шаруашылық шаралар жүргізу туралы қаулыларды, жергілікті байлар мен кулактар, сол қаулылар жарияланардан әлдеқайда бұрын біліп отырады. Мысалы, қазақ байлары иеленіп келген егіндік, шабындық жерді кедейлерге бөліп беру туралы қаулы биылғы көктемде жарияланды ғой. Соны байлар былтыр естіп, рулас кедейлерді күн бұрын қайрап тастаған. Кәзір сол қаулыны іске асыру үшін ауылдарды араласаң, «қазақта байдың жері деген жер жоқ, жер атам заманнан бері ата-ата боп тұтас пайдаланып келе жатқан мүлік, ендеше жер бөлістің керегі жоқ» деп кедейлер шу ете қалады. Ол пікірдің хата екенін ұғындыру өте қиын. Кей жерлерде қалай түсіндірсең де ұқпайды. Мысалға Әлтимен көршілес отырған Кешек аулын алайық. Шамасы қырық үйдей бұл ауылдың ішінде, Қаратілеудің Төрежаны сияқты бірлі-жарымды байшігеші болмаса, өзгесінде, ата-бабасынан бері Әлтидің жалшылығында жүрмегені жоқ, көбі — Әлтидің құлы сияқтылар. Солар, әнеугүні жиналыс еткізгенде: «Бізге ешкімнің де жерінін, керегі жоқ, ол жерді жыртар көлігіміз де, соқамыз да жоқ, себер тұқымымыз да жоқ, шөпті көп шабарлық малымыз да жоқ» деп, үкіметтің қаулысына қол көтермей отырып алды. Сол қалпында әлі отыр. Нe істейсің оларға? Ұрамысың, соғамысың?
— Ұрма да, соқпа да, үгітте!
— Ол маңайдан Әлти үйінің көзі жоғалмай, үгітіңді тыңдар түрлері жоқ.
— Оның да уақыты алыс болмауға тиісті,— дедім мен, құлағымды қаққан бір «жел» есіме түсіп.
— Мен де естідім,— деді Имақ, ішкі ойымды айтпай түсіне ғап, қазақтың ірі байлары алдағы жылда ерекше декретпен кәмпескеленеді десіп жүр ғой.
— Қайдан естідің оны?
— Ойбой, Сәбит-ай!— деді Имақ күліп,— мана айтпадым ба: «Москвада, Қызылордада тышқанның жорғалағанын ел күн сайын естіп отырады» деп? Байлар ондай декрет боларын менен де бұрын естіген. Сәпі балалары сияқты байлардың жылқыларын қарата сатып жатуы да сондықтан. Былтыр ғана мың жылқысы бар байлардың көбінде, кәзір жүз жылқы да жоқ. Әлтидің былтырғы екі мың жылқысынан кәзір екі жүз жылқы бар ма екен? Әй, бола қоймас!..
Жалғыз жылқыны ғана емес, өзге мал-мүліктерін де байлар солайша, астыртын жытырып жатыр. Көрерсің, кәмпеске болғанда байлардың мол мал-мүлкінің ұшығы мен пұшығы ғана қалады!..
— Тыйым салуға болмай ма бұған?— дедім мен.
— Қалай болады?—деді Имақ. Шетсіз-шексіз кең далада кімді аңдып, кімге ие бола аласың?.. Өткенді қайтара алмайсың. Қалғанына ие боламыз десек, байларды ендігі жылы емес, биыл кәмпескелеу керек. Одан басқа тыяр жол жоқ!.. Қазақстан үкіметіне айта бар осыны.
— Айтайын,— дедім мен.
Қандай ақылды, саналы болып алған біздің Имақ Тоқпанов!
«ТӨҢКЕРІС»32 ТОЙЫНАН КЕЙІН
Имақты ізін шала, біздің үйге Төңкеріс аудандық партия комитетінін, биылғы жылдың басында сайланған секретары—Хасен Мусин келе қалды. Жұрт оны «Кәсен-Мүсен» деп аты мен фамилиясын қосақтап атайды екен. Сырттан естуімше Кәсен-Мүсен ескіні де, жаңаны да жақсы білетін, айла-әдісіне найза бойламайтын қу жігіт. «Қырыққа келген қырқылжың» дегендей, бет-аузы әжімденіп қалған, қылтаны сирек «қытай мұртты», көсе иекті, көзі күлімдей сөйлейтін, ашаң денелі, қоңыр өңді Кәсен-Мүсен, жалпы мінезі солай ма, әлде мені «үлкен қызметкер» көре ме — «қарағым-шырағымдап», жампаңдай сөйлейді. Өзін «Спасстың жұмысшысымын» деп таныстырған ол, «Сәбит, шырағым» дей отыра әуелі өмірбаянынан қысқаша мәлімет беріп етті: әкесі — Мұса Спасс заводында өмір бойы жұмысшы болған, өзі де сонда туған, бала кезінде завод школынан аз жыл орысша хат және тіл білген. Содан кейін завод конторасының қызметінде болып, революция жылдары большевиктерді жақтаған, Колчак кезінде қашқын боп жүріп, Совет өкіметі орнағаннан кейін, аудандық халық судьясына тағайындалған. Содан, біздің Төңкеріс ауданына райком секретарь! болып келген. Ол әуелі:
— Сәбит шырағым, кеш келді деп ренжіме. Туған еліме демалысқа кетіп, жуырда ғана оралдым, саған амандасайын^ танысайын деп келдім,— дей отыра, менде жұмысы барын айтты.
Бірі — өткен күзден бері, Майбалық аталатын шалқар көлдің жағасына, Төңкеріс ауданының орталығы боларлық қала салына бастаған, үкімет оған көп қаражат бөлген екен. Кәзір сол қаланың негізі орнап боп, кеңселік, пәтерлік, мәдениеттік және жекелік көп үйлер салынып та үлгерілген. Халқы түгелімен қазақ екен, бұл, қазақтың Төңкеріс ауданында орнаған бірінші селосы көрінеді. Әрі бірінші село, әрі аудан орталығы болған бұл қаланың планын Қызылжардан әдейілеп келген архитектор жасап, «осы өлкедегі ең көрнекті село болады» деген екен. Бұл жайды ұзақ және қызғылықты түрде баяндай кеп:
— Халықтың ынталылығы сондай,—деді Кәсен-Мүсен — аз айдың ішінде: банктан, милициядан басқа аудандық мекемелер түгел сиятын үлкен кеңсе, банктың өзіне сегіз бөлмелі үй, милицияға да сондай үй, қырық төсектік емхана, үш дәрігерге пәтер, залына бес жүз кісі сиятын клуб, жақында ашылатын аудандық газетке редакция, мал дәрігерінің қорасы мен үйі салынып бітіп, ішіне жұрт кіре і.астады. Бұлардың бәрі де жаңа қарағай бөренеден салынғандар. Қарағайды Қорған уезінің орманынан отатып, атпен, өгізбен тасып алдық.
— Көп көлік керек қой соншама қарағайды тасуға?
— Әрине,— деді Кәсен-Мүсен, мақтанғандай мұртынан күліп,— бір-ақ тасыдық!.. Бұрын қала боп көрмеген қазақ байғұс, «енді қала боласың» дегенге қуанды ма, немене — ауыл-ауылды аралап жүріп шақырғанда, бармаймын деген жігіт болған жоқ. Осы күні ауылда не көп — жігіт көп. Және көбінің қолы бос. Әлекедей жаланған солар жапа-тармағай аттанатын еді, егер бәріне жұмыс тауып бере алсақ. Бізге керегі жүз шақты жігіт қана болды, сондықтан «мен де барам» дегеннің бірталайына рахмет айтып босаттық. ('онда да, қарағай кесуге жүздің орнына екі жүздей жігіт барып, ылғи құлшынған, қайратты жас немелер балтаменен-ақ, қол арамен-ақ құшақ жетпейтін қарағайларды әпсәтте құлатып, орманды қиратып жібере жаздады. Еркіне салсаң, сол маңайдың қарағайын заматта тып-типыл қылатын. Біз Лесхоздың таңбалап берген қарағайларын таңдап қана кестірдік. Жаңағы аталған үйлердің, бәрі — солар кескен қарағайдан салынғандар. Әлі тасып алмағанымыз да толып жатыр. Олардан әлі де бірнеше үлкен үй шығады.
— Тасуы қалай болды сол кесілген қарағайлардың?
— Одан да қиыншылық көрген жоқпыз. Ешкім де көліктен бетімізді қаққан жоқ. Біз, әрине, көліктің көбін малы бар байлардан жинадық. Олар да қуланып алды ғой, кәзір: көлік және арба сұратып жіберсең, ілуде біреуі ғана болмаса, меселіңді қайтармайды. Бұл елдің байларында бричка көп болады екен. Көлік тартса, жүк сия береді ғой оларға. Бөренені қыс арнап жасатқан шаналармен, жер аяғы босай — бричкалармен тарттырдық. Пар өгіз, пар ат дегендер дүниенің жүгін тасиды екен. Екі жүздей жігіт қарағайды жығып шыдатпаса, екі жүзге тарта парлап жеккен көлік, тасып та шыдатпады.
— Сол бөренелерді үйге қиыған кім?
— Біздің елде мақал бар еді,— деді Кәсен-Мусен күліп...
— Не деген?
— «Керейден ұл туса, ағашқа күн туады» деген. Мен туып-өскен жақта ағаш аз ғой, сондықтан біздің елде балташы да аз болады. Біздің елдің қазақтары: қазақ арба, киіз үйдің сүйегі, ашамай ер, тегене, табақ, ожау, сандық сияқты ағаштан жасалатын нәрселерді ерте кезде Атбасар мен Қараөткелдің жәрмеңкелерінен сатып алушы еді. Сонда кімнен алдын, дегенде, Керейлерден десетін едік. Керей дейтін рудың ағашшы екенін сонда еститін едік. «Неге олай?» деп жүрсем, Керей дегенін, орман ішінде отыратын ел де, ағаштан жасалатын нәрсеге шебер келуі содан екен ғой. Сол шеберлігін Майбалық қаласының үйлерін қиығанда да көрсетті. Керейлер: балталары ағашқа кірш-кірш кіреді, сілтеген құлашы мүлт кетпейді, шапқан жерін, құралмен өлшеп кескендей, мінсіз, дәл түсіреді. Бұл Керей дегеннің «ағаштан түйін түйеді» деуі рас екен. Ағашқа шебер екен бұл Керейің, патшағар!..
— Мақтауыңыз жетті, Хасеке!— дедім емен күліп,— ал, сонда жұмысқа жылдамдығы, істерінің өнімділігі қандай болды?
— Ол да сұрапыл. Екі жүз жігіт кесіп, екі жүз пар көлік тасып үлгергенше, балташы жігіттер қолдарына тиген бөренелерді қиып та үлгерді. Әлгі айтқан үйлердің тез салынып болуы да сондықтан. Одан кейінгі істері де қызу жүріп жатыр.
— Ғажап іс екен, Хасеке, бұларыңыз!..
— Өзім де солай ойлаймын. Жеке адамдар салған ағаш үйлер де кәзір көше-көше болып кетті! «Майбалық» атаған қаламыз кәзірдің өзінде-ақ, бұл маңайда ең сұлу деп атайтын, 250 жылдық тарихы бар Преснов (қазақша «Капитан» ғой) станицасынан әлдеқайда көркем!...
— Тамаша екен!..
— Тек Совет өкіметі ғана аз уақытта жасайтын керемет емес пе бұлар?
— Әрине.
— Ал, Сәбит шырағым,— деді Хасен Мусин, аздап қабағын шытып ап,— осы үлкен жұмысымызға аздаған кінәрат кездескелі тұр.
— Қандай?— дедім мен елеңдеп.
— Демалысқа кеткен шағымда, аудандық атқару комитетінің председателі Ғұбайдолла Тасмағамбетовті, әлдекімдер: «мынау — іргесі қаланып қалған аудан орталығының, әсіресе кеңселердің тойы болмаушы ма еді? Қазақ салтында отау тіксе де той жасайтын еді ғой. Ал, мұнда бір емес, бірнеше мың отауға тұрарлық үйлер салынды. Қазақ отау тіксе, іші құтты болсын деп, құрмалдық сойып той жасайды да, босағасына құрмалдықтың қанын жағады. Сендердің де сөйтулерің керек: «бір емес, бірнеше мал сойып ұлан-асыр той жасау керек» деп желіктіріпті. Серілеу, қазақылау Тасмағамбетов мына сөзге елігіп қапты да, желіктіргендерге:—«Мақұл, жасайық. Сонда оған соятын малды, басқа жабдықтарын қайдан табамыз?»—депті. Ол оңай,— депті аналар,— елде осы күні не көп,— мал көп. Кеңсеге той жасаймыз, «байғазы әкелуші болса қой демейміз», деп осы ауданға түгел сауын айтшы, ең алдымен, тайлы-таяғы қалмай түгел келеді және бір тоқтысы мен бір саба қымызын арта келеді. Мырзасынған біреулердін, «құлын, тай немесе— ту бие жетектей келуі де мүмкін...»
— Ғүбайдолла,— деді Хасен Мусин қабағын қаттырақ шытып ап,— осы сөзге шын желігіп, ешкімге ақылдаспастан бүкіл ауданның, барлық аулына да сауын айтып қойыпты. Естуімше, ауылдар сабасы мен тоқтысын әзірлеп даярланып жатыр дейді.
— Рас,— дедім мен.— Сауын осы көлдің басына да айтылып біреулер «мұны қайтеміз?» деп маған да ақылдасты. Мен «қате болар, бұндай сауын айтылмас» деп нанбап едім, ақыры расқа шықты. Менің «қой!» деуіме қарамай, осы көлдің басындағы ауылдар даярланып жатыр. Мысалы: Сәпінің үш үйі — үш ту бие, Мәмектің үш үйі — үш құнажын байтал; Кендірбайдың Қожақметі, Жоламан балалары сияқты орта байлар бір-бір тайдан; былайғы орташалар,— бір-бір қойдан апарады екен. Кедейлер де «санаттан қалмаймыз» деп, екі-үш үйден бірігіп тоқты-торым даярлап жатқан көрінеді. Біздің ауылдағы ауқатты адам — Нұртазаның Мырзағазысы «Мен не апарам?» деп әкесіне ақылдасса, сарабдал әкесі: «Арбаңа бір ту қойды баса барсаң жетеді» депті. Мырзағазы «Жүз шақты жылқымыз бола тұра, маңыратып қой апарғанымыз ұят емес пе? Бір байталды қасқыр да жеп кетеді, санаттан қалмайық» депті.Осы жөнде әкесі мен баласы ұрсысып қап, әкесі баласын: «Сауынға мал апарған байдың жаны қалады деп отырсың ба? Байтал түгіл — бие, бие түгіл—түйе апарсаң, тіпті малды үйірлеп апарсаң да, байдың аты — бай. Совет өкіметі байды бәрібір жақсы көрмейді, бәрібір байды құртпай тынбайды. Қашан тартып алғанша, малымның қызығын өзім көре тұрам, жаныма тисең,, тай түгіл тышқақ лақ та бермеймін, жоғал, басымды қатырмай!» деп қуып шығыпты. Кейіген Мырзағазы «Мына шалды қайтем?» деп маған келіп еді, мен «Араласпаймын» дедім.
— Хал осылай!— деді Хасен Мусин ауыр күрсініп.
— Жақсы хал емес,— дедім мен,-— Осы жақын арада ғана естіп, ауданға барып бұл қалай?! дегелі, шамам келсе — қойдырғалы жиналып жүр едім, өзіңіз жақсы кеп қалдыңыз. Ал енді, осы тойды болдырмаудың, шарасы бар ма?
— Жоқ!— деді Хасен Мусин кесіп айтқан дауыспен тағы да күрсініп.
— Неге?
— Той болады деп жарияланған күнге бір-ақ жұма қалды. Аумағы мың шақырымдай ауданның бір жұмада атпен ширегін де аралап алмайсың. Аралағаныңмен, желігіп отырған жұрт келмей қоймайды. Келтірмеуге кеш қалдық, Келіп қалса, той жасамай амалымыз жоқ. Біз жасамасақ, өздері жасайды. Не істейсің оларға? Қуып жіберуге — қалың көпшілік — күшін, келмейді. Облыстан әскер шақырамыз ба соған бола? Шақырғанмен келе ме ол? Тойды желіккен жұрттың өзі бастап жіберсе, бас-аяғына ие бола алмай, тіпті масқараға ұшырауымыз ғажап емес.
— Ендеше не істеу керек?
— Менімше, бұл тойды өзіміз басқарудан басқа жол қалған жоқ.
— Ендеше, неменесіне уайымдайсыз? «Шешінген судан таймайды» дегендей, жақсы өткізудің жабдығына кірісіңіз.
— Саған соны ақылдасуға келдім,— деді Хасен Мусин.—«Жаман айтпай жақсы жоқ» дегендей, әуелі бұл тойдың «жаман болар-ау» деген жағын ойлап алайық.
— Қандай жамандығын айтасыз?
— Ол мынадай:—деді Хасен Мусин,— салықты баса салып, кезінде төлей қоймаса, үстемелеп өсіріп жіберіп, оны төлемесе сотпен алып, өзін абақтыға жауып, кедей-батырақтармен шарт жасатып, оны орындамаса ақысын сотпен әперіп, жерден-судан қақпай ғып, тәуір жерді кедейлерге әперіп, тағы да толып жатқан ауыртпалықтар жүктеп... бай, құлақ дегендердің сілесін қатырып келе жатқан жоқпыз ба?.. Осы істерімізді кектемейді деймісің, олар?.. Әрине, кектейді!.. «Күш қазандай қайнайды, күресерге дәрмен жоқ» дегендей, амалсыз жүреді. Титімдей мүмкіншілік беріп көрші, қайтер екен сол бай қулактар?.. Сүліктей қадала қалады!.. Оның бір куәсі — ана жылы осы маңайда көтерілген бандылар. Сонда қазақ байлары да қосыла кеткен жоқ па, бандыларға?
— Рас, қосылған...
— Советке деген кегі ішінде қыж-қыж қайнап жүрген байлар мен құлақтар төңкерістің тойына келгенде, шамасы жетсе бүлік шығаруға тырысады...
— Қалай?..
— Қазақ тойында болатын ат шабыс пен балуан күресі қанды қыздырып жіберетін нәрселер емес пе? Баяғы рушылдық өмірден қалған, қазақ атаулының бойына мықтап сіңіп, әлі берік отырған «ру намысы» бар емес пе? Ат шабыс пен балуан күресінде қызбай ма, сол намыс?.. Кәзір елде не көп — сауатын бие көп. Ендеше, бұл тойға ағыл-тегіл келетін қымызда хисап болмайды. Қымызға қызған жұрт, ат шабыс иен балуан күресінде жанжалға кіріссе, қалай ие бола аламыз оған?
— Ондай қауіп бары рас,— дедім мен.— Бұндай жанжалды болдырмау үшін не істеу керек деп ойлайсыз?
— Оның да жалғыз-ақ жолы бар.
— Қандай?
Осы тойды сенің басқаруың керек.
— Неге?
— Алдымен, ел — сенікі. Оның үстіне, ел аралағанда байқаймын,— қалың, көпшілік сені «арамыздан шыққан жазушы» деп сыйлайтын сияқты. Сен осы елдегі барлық рудың да тоқтаулы адамдарын жинап ап, тойды жақсы өткізіп бер деп өтін. Содан кейін олардың әрқайсысы өз руына ие болады да, тойды жанжалсыз өткізеді.
Хасен Мусин екеуміз қалай ақылдассақ та, тойдың түзу өтуіне бұдан басқа әдіс таба алмадық. Ақыры екеуміз әр рудың, тоқтаулы жігіттерімен ақылдасуды ұйғардық. Сол адамдарды Майбалыққа шақырып ап ақылдасқанда, бәрі бірдей жамырамай, іштеріндегі жасы үлкеннің және беделділерінің бірі боп, сөзді Қыдырманың Шәкірі бастап кетті:
— Айтылған сөздің бәрі де түсінікті,— деді ол,— сөз таластырып жататын мәселе емес бұл. Аудан бәрімізге ортақ. Оның жаманаты, жақсы аты да ортақ. Той жабдығы бізге тапсырылатын болса, абыройлы өтуіне жанымызды саламыз және ойдағыдай өткізуге сенім де бере аламыз. Осылай ма, жігіттер?
— Әрине, солай,— десті басқалары.
Той жабдығын міндетіне алғандардан комиссия құрылды: бастығы — мен болдым, орынбасарым — Қыдырманың Шәкірі болды. Комиссияның өзге мүшелері жұртты тойға әзірлеп әкелуге елді-еліне тарады да, Шәкір екеуміз Майбалықтағы әзірлікті басқару үшін қалып қойдық. Шәкір тойды басқарғыш адам екен. Ол комиссия мүшелерінен басқа, өзіне сайдың тасындай жүз шақты епті жігіт таңдап алды да, бәріне де оңтайлы жақсы аттар мінгізіп, той қызметін соларға басқартты. Тәртіп төмендегідей болды: той жарияланған күні қонақтар қабылданып, аудан-ауданға бөлініп орналасты да, бәріне кешке қонақасы берілді. «Қонақасы» дегеніміз — ет. Қымызды тонға келушілердің өздері көл-көсір ғып, бірнеше күнге жетерліктей алып келген. Ет мол. Қымыз барда қазақ шай тілемейді. Басқа тамақ ол кездегі ауылда жоқ. Тойдың ойын-сауығы ертеңгі күнге жарияланды. Онда: ат шабыс, балуан күрес, жерден жамбы алу сияқты ойындар болмақ. Ертеңге шабатын аттардың тізімі бүгін алынды. Бәйгеге қосамыз деп әкелген аттың саны жүз елудей екен. Солардың ішінде, көзге ерекше түскені — қайқы қара бие, орысша аты —«Метеор». Бұл — Свердлов қаласынан келген: белі қайқаң, арқасына адам төсек сап жатарлықтай кең, шоқтығына адамның созған қолы әрең жетерлік биік, астынан адам жүгіріп өтерліктей өрелі, сандары күпшектей жуан, тірсектері жолбарыстай майысып жатқан, тұяқтары от орнындай жалпақ, басы бір метрлік ұзын, азу тістері қабандай қарсы біткен, қалалы жердегі жылқы заводтарында болмаса, қазақ ауылдарының арасында кездеспейтін мал. Лақап бойынша бұл қайқы қара бие Москва, Ленинград, Киев, Новосибирь, Омбы сияқты қалалардағы ипподромдарда бәйге бермей жүр. Свердлов ипподромы бұл тұлпарды «Төңкеріс» тойына әдейі жіберіпті. Алып келген адам далада ипподром жоғын біледі екен де, кел айналдыра шабуды ойлап келген екен. Бәйге аты бар өзгелер «Біз олай шабуды білмейміз» деген соң, «Метеордың» иесі төмендегідей шарт қойды:
— Он километр жазық жолды өлшейміз. Әрбір километрге, ең жүйрік деген аттардан, екі-екіден тосқауыл қоямыз. «Метеор» түпкі он километрде тұрған екі атпен бері қарай жарысады. Жолдағы әр километрде тұрған аттар қосылып шаба береді. Сонда, бергі бір километрде тұрған екі тын, атты ішіне қоса, түптен қосыла шауып келе жатқан жиырма аттың бәрінен де озбаса, мен басқа аттардың бәйгесіне мың сомның червонецін беремін, егер «Метеор» озса, мың сомдық червонецті маған бересіздер!..
Жүйрік аттың, иелері бұндай егеске түсуді де, түспеуді де білмей аңырып қалған шақта, Қытырлаған (Екатериновка) қаласынан бәйгеге бірі—бурыл, бірі — жирен қасқа екі ат әкелген Мәлке және Кольке Токоровтар аталатын екі казак-орыс, қазақтарға төмендегідей ақыл береді:
— Бұл «Метеорды» біз білеміз,— дейді олар,— он километрге, ол жиырма атыңның бәрінен де озатын ұшқыр жылқы. Одан озамыз десеңдер, ең кемі — жиырма километрден шабыңдар. Сонда, біріншіден,— ақпар биенің қарқыны басылып қалуы мүмкін, екіншіден — сұлы жеп жүрген жылқы қазылы болады, қазылы жылқы алысқа шаба алмай, біраздан кейін ентігіп қалады.
Жұртқа бұл ақыл қонады да. «Метеордың» иесіне шабу, шаппау ықтиярын; біз бәйге аттарымызды, бұл арадан отыз километр жердегі «Ашамай» аталатын көлден жарыстырамыз» дейді. «Метеор» иесі бұл шартқа көнгісі келмегенмен, көпшілік жеңді де, ақыры, биесін әдейі әкелген бәйгеден қалдыра алмай, Ашамайға ол да жіберетін болды. Бас бәйге: бір түйе, бір бие, бір сиыр. (Жұрттан тегін келіп жатқан малды комиссия аясын ба?.. Алдында келген он бес аттың бәйгесіне, ұсағы-ірісі аралас, қырыққа жақын мал тігілді). Аттар алысқа айдалатын болған соң, біраз жұрт қосуға қорықты да, жүз елудей аттан бәйгеге қырық шақты ғана ат кетті. Олар шабатын жеріне түнгі салқынмен жөнелтілді. Аттарға қастық болмау үшін комиссия мүшелерінен және милиция қызметкерлерінен арнаулы адамдар жіберілді. Олар бәйге жолының өнбойына шашырап бақыламақ болды. Тойға жиналған қалың жұрт ол түні көз шырымын алған жоқ. Қайдан алады олар? 1916 жылғы көтерілістен бастап, бірінші жиһангер соғысын, екі революцияны, азамат соғысын, аштықты басынан өткерген ауылдардың көп жылдардан бері қалың топ боп бас қосып отыруы осы «Төңкеріс» тойынын, үсті ғана. Сондықтан бірін-бірі көптен көрмеген ағайын-туған, тамыр-таныс, құда-анда, жекжат дегендей, халық шұрқыраса амандасып, шүйіркелесе кеңесіп, қайғыларына жыласып, амандық-саулықтарына қуанысып, мәз-майрам болысып жүр, Оның, үстіне әр жерде — сауық-сайран. Көптен не табылмайды. Әңгімешілер де, әнші-күйшілер де табылып, маңына үйірілгендерді қарық қып жатыр. Есембай, Игібай сияқты атақты әншілердің «пышағы құйрық үстінде»: олар бір топтан екінші топқа шақырылып, қолдан қолға тиер емес!.. Ертеңгі балуан күресіне кімді түсіру де сөз болып, күші асқанды шығару үшін, сан жер¬де бақ сынасу күресі қызу өтіп жатыр. Біз — комиссияның, бір топ мүшесі, осы топтарды салт атпен аралап, қызықтарына батып жүрміз... Бір сәтте бір тұстан шу шыға қалды. Бұл не?! деп жетіп келсек, қалың жұрт әлдекімдерді қоршап тұр. Атты омыраулата, кимелей кеп сұрасақ, Қорған қаласында ойын көрсетіп жатқан цирктан, «Сары сайтан» («Желтый дьявол») аталатын бір дәу жігіт, Ырымбайдың Мырзақметімен ғана күресем деп әдейі іздеп кепті. Сол кезде жасы жиырма бестерге келген, аса ірі денелі, аусарлау мінезді Мырзақмет, маңайдағы қазақ ауылдарының «бас балуаны» атанған адам. Темір жол станцияларына барып қара жұмыспен кесіп қылған шақта, әрқайсысы алты бұттан, үш қап, не бидайды, не ұн сияқты ауырлықты, көп баспалдақты сатымен, дем алмастан, элеватордың ең биігіне aпаpa береді және бұл көтерістен ұзақ күнге талмайды деседі. Ал, онымен күресем деп келген цирк жігіті — одан да ірі екен. Бетінде сары матадан киген жамылтқышы (маскасы) бар. Жұрт Мырзақметке: «Мына дәумен ұстаспа, мерт боларсың» десе, аусар мінезді ол: «ол да мен сияқты бір қатыннан туған шығар, күресем!» депті. «Сары сайтанның» шарты — циркше алысу. Мырзақмет «мен ондай күресті білмеймін. Еркін ұстасып, қай күші асқанымыз әкетеміз» деген. Ақыры, екі жағы да осыған көнді. Шолақ дамбалдан басқа киім кимейді, жалаңаш денелеріне тас қып белден мата белбеу ғана буынады. Бәйге червонецпен жүз сом. Алқа-қотан отырған қалың халықтың қоршауында, екі балуан ұстаса кетті. Бірақ бұлардың ұстасуы, бұдан бұрынғы қазақ тойларында күресетін балуандарға ұқсаған жоқ. Мал бағып өскен қазақ аулының теңеуін қолданғанда, бұлардың өзара жұлқысулары, екі сақа айғырдың аянбай алысулары сияқтанды. Үйірлері жақындап қалған шақта, бір-біріне тұра ұмтылған айғырлар, одыраңдай жақындап кеп, әуелі қол ұстасып танысқан цирк балуандары сияқты иіскесіп тұрады да, содан кейін «ал, төбелесті бастадық» дегеннің белгісі сияқтандырып, шаң еткен ащы дауыспен, оң жақ алдыңғы аяқтарын қағысып қалады. Содан кейін денедегі бар қаруын жұмсап, аянбай төбелеседі де, жеңілген жағын жеңген жағы сауырын айғыздай тістеп, алысқа қуып тастайды. Мына екі балуан да сөйтіп, әуелі күжірейісе жақындасты да, қолдасып алғаннан кейін ыңғайға жармасқан сияқтанып жұлқыса жөнелді. Қолы белбеуге қай бұрын ілеккен жағы, екіншісін лақтырып жіберсе, ұшып түседі деген анау, дік ете қалады да, қайтадан жармаса кетеді. Осылай, айғырларша арпалысқан күрес біразға созылып, екі жағы да «бүйтуден ештеңе шықпайды екен» дегендей бір ұстасқанда, енді айрылмастан, бұқаларша тіресті де тұрды.
— Бұлар енді, тәсіл аңдысты!— деп шуласты жұрт.
— Екі жағы да қалжырап қалды. Енді бұлар жығыспай айрылады,— десті біреулер.
— Тыныс алғалы тіресіп тұр. Көрерсіңдер, жұлқыс қайтадан басталады,— десті тағы біреулер.
Әлдекімдер «Сары сайтанды», енді біреулер — Мырзақметті... дегендей, әркімдер екі балуанның қимылдарына баға беріп я мінеп мақтап жатты. Аздан кейін жұлқыс қайта басталды. Сол кезде Мырзақмет «Сары сайтанды» іштен оң аяғымен шалып кеп алды. Сары сайтан оны сол қалпымен аша-бұттан көтеріп әкетті.
— Ал, тастады!— деп ду ете қалды халық. Бірақ, халық асыққанмен, «Сары сайтан» тастай алған жоқ. Неге екенін кім білсін: ол Мырзақметті көтерген қалпымен, тас-құдайдай қимылсыз қатты да тұрды.
Енді не боларын білмеген жұрттың үңілген көзі — сірескен екі балуанда: біреуі шалған аяғы мен қолтықтан ораған қолын босатпайды, біреуі аша-бұттан алып көтерген қолын босатпайды... Бір кезде шаң бұрқ ете қалды!.. «Қайсысы жықты? деп ду етті төнгендер. Сол арада аудандық емхананың дәрігерлері тұрған. Балуандар мертіксе, шұғыл жәрдем көрсету соларға тапсырылған. Оларға көмекші — қоршаған жұртты қақпайлап тұрған милиция қызметкерлері... Ұмар-жұмар болған екі балуанды медицина және милиция қызметкерлері ажыратып алғанда, араларында мен де жүрген едім, жыққан — Мырзақмет екен. Бірақ «Сары сайтанды» жығу күшінен асқан ол талықсып кетіп, милицияның бірер қызметкері сүйеп әрең тұрғызды. Шалқасынан құлаған «Сары сайтан» талып қалған адамдай қимылсыз жатыр. Дәрігерлер оған әлде не дәріні иіскетті де, әлде не дәріні уколмен беріп, әуелі есін жиғызды. Сонда ол алған деміне бөгет болғандай, бетіндегі маскасын жыртып басынан суырды да, лақтырып жіберді: жалпақ бет, жайқын сары жігіт екен. «Бұғанам!»—деді ол ыңырсып... Дәрігерлер оны носилкаға салды да көтеріп әкетті. Артынан білсек: «Сары сайтанның» Мырзақметті көтеріп тұрған қалпында қары талып жерге түсіреді, сол кезде Мырзақмет оны оң жамбастан сыпыра шалып, төбесінен шаншылдыра жыққанда, екі бірдей бұғанасы да омырылып кетеді... Сол мертігуден ұзақ жатып, әрең жазылған «Сары сайтан» күрестен қалыпты-мыс. Ойын-той қызып жатқан шақта жарысқа кеткен аттардың алды көрінді деген хабар келіп қалды. Қазақты ондайда иығынан басып отырғыза алмайсың. Сондай салтын білетін біз, күн бұрын қам жеп, бәйге берілетін он бес атқа, астарына жүйрік ат мінгізіп, он бес адам даярлағамыз. Аттары номерленген олардың әрқайсысы, шауып келе жатқан аттарды кезекпен тосып алады да, қатарласа шауып, қағаздағы номері түйілген орамалын, атта шауып келе жатқан балаға береді, бала басындағы орамалын оған береді, баланын, орамалында өз атын және ат иесінің атын жазған қағаз түюлі болады. Сонымен, екі жағынын, да жалған сөзге бұлтарар мүмкіншілігі қалмайды. Бәйгенің алдында Кәрібайдың Мұхамметжанының атақты «Қурай күреңі» жеке келді. Одан кейін бірінің соңынан бірі я қатар келген алдыңғы он бес аттың белгілері алынды. Кейінгі бәйге берілмейтін аттарды қарсы алуға, қайта шапқан қалын, жұрт мүмкіндік те берген жоқ және қарсы алудың қажеті де болған жоқ... Тек қана, ойда тұрған сұрау: «Қайқы бел, қара бие қайда?!.» Оны іздетсең бәйгеден қалып қойған оқиғасы былай бопты: түнде айдатқан бәйге аттары баппен ақырын жүріп отырып, Ашамай көліне тан, сіберлей жетеді. Бастап барған комиссия адамдары аттардың аз уақыт сарығын бастырып, балаларды сусындатып, содан аттардың бәрін қаз-қатар тұрғызады да, «ал, жолдарын, болсын » деп қоя береді...
— «Шүу!» дегенде,— дейді көзі көргендер,— «қайқы қара бие» қалың аттың алдына түсе жөнелді.
— Оған алғаш,— дейді атқа шапқан балалар,— екі-ақ жылқы ілесті: бірі—Кәсен хажының «Қараторғайы», бірі — Мәлке Токаровтың жирен қасқасы...
— Бес-алты шақырымға дейін,— дейді «Қараторғайдың» басына мінген бала,— жирен қасқа мен қайқы қара бие үзеңгі теңдестіре қатар отырып, кезек-мезек бірінен бірінің басы ғана озды, ал мен сол шамаға дейін құйрық тістестіріп, қиқуға бастым да отырдым.
— Неге?
— Бәйгеге бара жатқанда, орысымыз бар, қазағымыз бар, бүкіл Қазақстаннан шабатын аттардың балалары: «қайсымыз озсақ та, бәйгені бір-бірімізге қияйық, бірақ Сіберлеуден («Свердлов» дегені) келген қайқы қара биені оздырмауға тырысайық. Ол үшін, биеге қай бұрын жеткеніміз қатарласпай, я озбай, қыр соңынан түсіп қиқулайық та отырайық» деп уәделескеміз.
Мен «неге өйттіңдер?» деп сұрамаймын, себебі,— бала күнімде бәйге атына мініп, өзім де көп шапқам. Сонда, «озады-ау» деп қауіптенетін аттың артына түсіп ап біраз қусаң,, бері салғанда тығылып, әрі салғанда болдырып қалатын. Қазақстан балаларының қай бұрын жеткені, қайқы қара биені осылайша қуа береді де, орта жолдағы «Ит балың» аталатын көлдің тұсында, қалың қуғынға ұшырап қалжыраған бие ұшып түседі... Сол маңда тосқауылда тұрған комиссия мүшелері, түтіккен биенің үстіне көлден салқын су әкеп құйып, денесіне саз жағып, әрең аман алып қалады... Биенің иесі бәйге алмауына кейіген жоқ, биесінің, аман қалуына қуанды, өйткені ауыл арасындағы бәйге атынын, бағасы, ең көп дегенде жүз-жүз елу сом болып тұрған шақта, қайқы қара биенің қазыналық құны бес мың сом екен!.. Екі-үш күнге созылған «Төңкеріс» тойы дау-жанжалсыз ойын-күлкімен әдемі тарады. Қалың жұрттың қонақасына көптеген мал сойылғанмен, бәйгеге де, басқа ырым-жырымға да көптеген малдар үлестірілгенмен, «кеңсенің байғазысына» деп жиналған малдардың қалдығын тойдан кейін есептесек, ұсағы, ірісі бар,— әлі де бес жүзден астам бас бар екен. Комиссия бұл малдарды осы маңайда жақын арада ғана ұйымдасқан «Калаптайларға» («коллективті» ол кездегі ауылда солай атайтын) бөліп беруді ұйғарды. Аудан басшылары оған қарсы болған жоқ.
Хасен Мусин тойды басқарушыларға мың бір алғыс айтып таратты.
— Сендердің арқаларыңда ғана аудан басшыларының, олардың ішінде — менің жаным аман қалды,-— деді ол комиссия адамдарымен қоштасқанда,— әйтпегенде, тірідей масқара болатын қалпымыз бар еді...
Бірақ, Хасен Мусиннің жаны онымен аман қалған жоқ. Қызылордаға қайтқаннан кейін елден хат алсам, тойдан аз уақыт кейін, Хасен Мусин Майбалық көлінің суына кетіп өлген. Оқиға былай болған: Оспан Медетов дейтін аудан қызметкерін қасына ерткен Мусин көлдің жағасына келеді де, сол тұста тұрған қайыққа мініп, көл ортасынан құс атайық дейді Оспан. Мақұл дейді. Күн желкемдеу екен. Олар көлді орталап барған шақта жел қатайыңқырап, толқын молаяды... Сонда қайық аударылып кетіпті-мыс та, Хасен суға батып, Медетов төңкерілген қайықтың арқасына мініп үлгеріпті-мыс, оның айқайлаған даусымен әлдекімдер екінші қайықпен келіп, құтқарып алады... Бұл жайда екі түрлі жорамал болады: біреуі—«байлардың жұмсауымен, Оспан Медетов Хасен Мусинді әдейі ертіп шығады да, көл ортасына барғанда ұрып жығып, сушыл өзі төңкерілген қайықтың арқасына міну тәсілін табады да аман қалады. Екінші жорамал,— жоғарыда айтқандай,— табиғаттың, мылқау күшіне жабу... Мен өзім екі жорамалдың қайсысына нанарымды әлі күнге дейін білмеймін... Біраз уақыттан кейін жиекке толқынмен шыққан Мусиннің денесі шынығып үлгерген, сондықтан ұрған таңбаны табу қиын болған, атқан таңба жоқ... Куәландырар ештеңе болмағанмен, «қастықпен өлтірді» деген айып тағылып, Медетовке қоса Төңкеріс ауданының жергілікті қызметкерлерінен тоғыз адам абақтыға алынды да, сотта жазаға кесіліп, біраз жыл азап тартты.
«Төңкеріс» тойының ақыры осылай тарқады.
АЙТЫСТАР АРАСЫНДА
Ғаббас пен Хасеннің, өлімдері мені ойландырып тастады. Бұл екі өлімді де мен тап жауларының советтік құрылысқа жасаған шабуылдарының бір түріне жорыдым. Олай ойламағанда ше? Ғаббас—ауылдық советтің, Хасен — аудандық партия комитетінің секретары. Бір жылдың ішінде олардың екеуі бірдей кісі қолынан қаза табуы, әрине, ойландырарлық оқиғалар. Бұдан менің жасаған қорытындым: Біріншіден—«жау аяған жаралы қалады», екіншіден — жаудың шабуылынан біздің шабуыл күштірек болуға тиісті, себебі — үкімет олардың емес, біздің, қолымызда. Тап күресінде, менің қолымдағы қаруым — қаламым. Күш, қуатым жеткенше оны бұрын да аянбай сілтеп келе жатқамын, енді де аянбай сілтеуге міндеттімін. Және өз сілтеуіммен ғана қанағаттанбай, көркем әдебиет майданында еңбекші көпшіліктің сойылын соғушылар тобын көбейте түсуге міндеттімін. Соңғы міндет менің қоғамдық жұмысым ғана емес, партияның маған арнап тапсырған жұмысы, себебі, мен Қазақстан пролетариат, қара шаруа Жазушылар одағының ресми секретарымын ғой. Секретарь демекші бұл ұйымның председателі Сәкен Сейфуллин екенін білеміз. Жалпы жұмыста ақылшы бола жүре, идеологиялық мәселеде дұрыс ақыл айта жүре, Сәкен ұйымдастыру ісіне орашолақ адам еді. Жиналыс дегендер оның жек көретін ісі де, аса бір қажеттісі болмаса, көп жиналыстарға келмейтін. Мінезінің кекірлігіне, салтында серілігіне қарап, еңбекші көпшіліктің арасынан шыққан қарапайым жазушы жастар Сәкенге оншалық үйір де бола қоймайтын. Көбірек араласатын маған ол ұйым жұмыстарын «өзің істей берсейші» дейтін де, күнделік ісіне қатынаспайтын... Сәкеннің өйтуіне сол кездегі республика басқарушыларының салқын қарауы да себеп болды. Басқарушы адамның өзі шақырмаса, Сәкен оған ешуақытта сұранып барған кісі емес. Мысалы, Қазақстанда алты-жеті жылдай басқарушылық қызмет атқарған Голощекиннің кабинетіне ол бір рет те басын сұғып көрген емес, басқаша жағдайда да бірде-бір рет кеңесіп көрген кісі емес. Неге өйтесіз? деген сұрауға, Сәкен: «жұмысым болмаса, несіне сөйлесем?» деп жауап беретін. Сол кездегі совнарком председателі — Ораз Исаев пен Каз. ЦИК председателі — Ерназаровқа да ресми түрде жолыққан емес. Сондықтан да, Ерназаровқа Сәкенді менімен шатастырып, (өйту мүмкін емес нәрсе, Сәкен мен менің түр-тұлғамда ешбір ұқсастық жоқ), бірде Елтай ағайдың маған:
— Шәкен33 шаған елден біраж өлеңдер жинаштырып әкеп ем,— деп үлкен тетрадь бергені бар. Мен «Шәкен» дегені «Сәбит» дегені екен деп ойласам, расында әлгі өлеңдерді Сәкенге бермек екен, ол өлеңдерді елге шыққан бір сапарында қасына ере қалған Орымбек Беков жинастырып берген екен.
Сәкеннің кекірлігіне, өзіне жампаңдамауына, бармауына қарады ма, әлде біреулер ол сондай адам деп теріс түсіндіріп қойды ма, Голощекин Сәкенді жеккөрген қалпынан өзгермей кетті. Сәкенді жеккөретін Ғаббас Тоғжанов, оның осындай қалпын пайдаланып, әдебиет туралы мақала жазса, үнемі Сәкенді жолды-жолсыз түйреумен болды. КазАПП-тың практикалық істеріне Сәкен аз қатынасқанмен, былайғы мүшелері партия алдында, халық алдында мойындарына жүктелген міндетті. абыроймен көтеріп әкетті. КазАПП үш мәселеге ерекше көңіл бөлді: бірінші — әдебиеттегі байшылдық-ұлтшылдық бағытқа қарсы күресті күшейте түсу, ол үшін әдебиет майданында жүріп жатқан айтыстарды қоздырып, байлардың да, байшылдықтың да таптық сырын айқындай түсу, сөйтіп, тап жауына еңбекші таптың өшпенділігін күшейту; екінші — еңбекші жазушылардың қатарын көбейту, олардың шығармаларын газет-журналдарда ғана жариялаумен қанағаттанып қоймай, топталған түрде де, жеке түрде де кітап қып жариялау; үшінші — еңбекші жазушылардың әдебиеттегі шеберлігін өсіруді үздіксіз қолға алу. Көркем әдебиеттегі байшылдық-ұлтшылдықты әшкерелеу жұмысы қазақ әдебиетінің, даму тарихында 1927— 28 жылдары ерекше қарқынмен жүрді десек, асырып айтпаған болар едік. Оған куә — сол кездегі газет-журналдардың бетінде жарияланған көптеген мақалалар. Мен осы қызу айтыстың қалың ортасында жүргендердің бірі болдым. Байшыл-ұлтшылдар пікірлерін бүркеншекті түрде өткіземіз деп тырысқанмен, совет әдебиетінің бағытындағылар олардың бет пердесін тез сыпырды да, кім екендіктері халық алдында айқын көрінген ұлтшылдар саяси ажалы жақындағанын сезіп, бір жүйелері:
«Сонау оннан34 мен аулақ,
Мен тоқсанмен35 біргемін»—
(Мағжан Жұмабаев)
деп, бұрынғы таптық бетінен жалтаруға тырысты. Ал, енді біреулері: «мен айтысты доғардым» (Қошке Кемеңгеровтің мақаласы) деп, таптық қаруын тастаған болғансыды. Оған газет бетінде «Мен айтысты доғармаймын» деген жауап — мақала жарияладым. Айтысушы екі топтың арасында толқып жүретін біреулер,— «Бетім олай емес, былай» деп (Ілияс Жансүгіровтың мақаласы) біржола пролетариат әдебиетінің бағытына ауысты. Сөйтіп, қазақ әдебиетіндегі байшыл-ұлтшылдар 27—28 жылдары идеологиялық майданда қирауға айналды. Бұл жылдарда қазақ совет әдебиетінің кадр саны көбейді де, көркем әдебиетке арналған газет-журнал болмағандықтан, шығармалары саяси газет-журналдарға сыймауға айналды. Осы қажеттік 1927 жылдың жазында, «Жыл құсы» атты әдебиеттік альманах туғызды да, оның арты 1928 жылдан бастап ай сайын шығатын «Жаңа әдебиет» журналына айналып кетті. Қазақ совет жазушыларының шығармаларын журнал да сыйғыза алмайтын болған соң, 1927 жылы «Ленин» деген атпен қалын, кітапша басылды, оған қырықтан астам қазақ авторының ұлы Ленинге арнаған өлең, әңгімелері кірді. Келер жылы жетпіс шақты қазақ авторлары қатынасқан, Социалистік Ұлы Октябрь революциясына арналған «Ақындар шашуы» есімді жинақ басылды. Жеке авторлардың жалпы жинаққа сыймаған шығармаларын Қазақстан Мемлекет баспасы дербес кітапқа айналдыра бастады. Өлеңдер жинағы бұрын басылып жүрген Сәкен Сейфуллиннің, Бейімбет Майлиннің жаңа жинақтарын қоспағанда, осы бір тұста (1927—28 жылдары) Ілияс Жансүгіровтің, Асқар Тоқмағамбетовтің, Жақан Сыздықовтың, Қалмақан Әбдіқадыровтың, Ғалым Малдыбаевтың, Әбділда Тәжібаевтің, Өтебай Тұрманжановтың алғашқы өлеңдері жарық көрді. Өзімнің де екі өлеңдер жинағым, «Кешегі жалшы мен бүгінгі жалшы», «Октябрь өткелдері», «Сұлушаш» дейтін поэмаларым осы жылдарда кітап боп басылды. Жиырманшы жылдардың орта кезіне дейін, қазақ әдебиетінде проза жанрының ойдағыдай өркендемеуі, бұл жанрдың кітап боп аз басылуы мәлім. 27—28 жылдарда проза жанры да қаулай өсіп, бұрынғы — Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин сияқты прозаиктердің шығармаларына: Орымбек Бековтің Ұлы Октябрь революциясының Қазақстанда қалай іске асуын сипаттайтын «Ұлы жолға бір қасық қан» есімді хикаясы, осы тақырыпта, бір-ақ мәселені кеңірек, көркемірек толғаған Ғабит Мүсреповтің «Тулаған толқыны», Ғабиден Мұстафиннің советтік құрылыстың алғашқы жылдарына арнаған «Ер Шойыны», Жұмабай Орманбаевтың еңбек ерін сипаттайтын «Жылқышысы», Рахымжан Малабаевтың ескі салтты сынап, советтік жаңа салтты дәріптейтін қысқаша пьесаларының жинағы, Елжас Бекеновтің советтік құрылыстың қазақ әйеліне берген бостандығын баяндайтын «Жәмила қалай сауаттандысы» тағы басқалар жеке-жеке кітап боп қосылды. Осы шығармалардың биік шоқысындай болып, Қазақстанда азамат соғысы қалай өтуін ең мол, ең көркем сипаттайтын, қазақ прозасының тарихында саяси және көркемдік құны ерекше—Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешуі» қалын, кітап болып шықты... Осынша қызу істің қалың ортасында жүрген шақта, маған екі мәселеде қатты ұялуға тура келді, әсіресе әдебиетте аға тұтатын — Сәкен Сейфуллиннің алдында. 1927 жылы жарияланған бір мақаламда, мен «адамның миында әртүрлі сезімнің өзіне тәуелді бөлшектері бар» дей келіп, «көркемдік сөзімнің де өз бөлшегі бар» дегенді айтқам. Осы жайда оңаша сөйлескен Сәкен; «Кім айтты саған, ондай бөлшек барын? Қай ғылым айтты? Анығын білмегенді неге топшылайсың?» деп ұялтты. Екінші рет одан қаттырақ ұялуға тура келді. Оның тарихы төмендегідей: 1927 жылы Қазақстанның алтыншы Совет съезі болып етті. Осы съезде Каз ЦИК-тің председателі боп Елтай Ерназаров сайланды. Съезге делегат боп келгенде, Елтайдың фамилиясы — Тышқанбаев болатын. Ол — әкесінің аты екен. Председательдікке сайланар» да, республика басқарушылары «бұл фамилия қазақ құлағына ыңғайсыздау» деп, арғы атасының есімімен Ерназаров деп өзгертті. Ерназаров менің білмейтін адамым. Айтушылардан естуім: Түркістан маңындағы көшпелі ауылдан шыққан кедей шаруа, партия мүшесі, жергілікті советте председатель болған адам; Одақтық келемде ВЦИК-тің председателі әрі жұмысшы, әрі крестьян Калинин болғандықтан, көршілесің өзбекстанда — диқаншылар арасынан шыққан Ахунбабаев председатель болғандықтан, басқа адам табылмағандай, Қазақстанда ауыл кедейі деп, Елтай Ерназаровты председатель қойды. Мен бұл сөзге сендім де, сайлау өткен күннің ертеңіне, «Еңбекші Қазақ» газетінде «Елтай елдің ағасы» деген өлең жарияладым. Сол күні мемлекет баспасындағы кабинетімде отырған шақта, телефон шылдырлай қалды, тыңдасам — Сәкеннің, даусы.
— Неғып отырсың?— деді ол, ұнатпайтын кезде шығаратын тұрпайылау үнімен. Неліктен өйтуін түсіне алмай:
— Қызметімде отырмын,— дей салдым.
— Қолың тие ме, қазір?
— Не істеуге?
— Маған келіп кетуге.
— Тигізуге болады.
— Ендеше, тезірек келіп кет.
— Мақұл.
— Бірақ, үйде емес, үй қасындағы бақша ішінде, гүлдер еккен алқаптың төңірегінде болам.
— Жақсы.
— Бірақ, тез!..
— Мақұл.
Мен не де болса, аса қажетті бірдеме шығар дедім де, айтулы жерге асыға басып жеттім. Биік бойлы Сәкен кеудесін көтере, басын шалқайта жүретін, сән үшін қолына кавказдың күмістеген таяғын ұстайтын. Солай жүрген шағында егер ұнатпайтын адамы болса, денесіне емес төбесіне қарап, аңғармағандай өтіп кететін. Гүлдерді айналып жүрген Сәкен, сол «кесірлігі» ұстағандай, қиғаштай кеп жанаса берген мені көрмегендей, одырая өтіп кетті. Мен жылдамдай адымдап, қатарласа беріп ем маған қалың, ұзын, сұлу мұртын тікейте, қабағын қарыс жаба, үлкен қара көзін қадай қарады да:
— Қайдан жүрсін?— деді салқын дауыспен.
Өзіңіз шақырдыңыз ғой, жаңа!—дедім мен, неге қайдан жүрсін? деуіне түсіне алмай.
— Газетке бүгін шыққан өлеңіңді оқыдың ба?
— Онда не бар екен?—дедім мен, елеңдей ғап, ішінде, «қате басылған сөз болғаны ма?»—деген қауіппен.
— Бәсе, не бар?— деді Сәкен тікіленіп.
— Мен сізді түсінбей тұрмын,— дедім мен.
— Сен, немене,— деді Сәкен,— бұл заманның Державины36 болғалы жүрсің бе, ода жазып, бастықты мақтап.
Менің Елтай Ерназаровқа арнап бүгінгі газетте жариялаған өлеңім, Сәкенге ұнамауын енді ғана жорамалдадым да:
— Патшаны емес, халықтан шыққан Кеңес председателін қошеметтеп жазған өлең ода бола ма?— дедім.
— Жүре-жүре сөйлесейік!— деп маған оқтана қараған Сәкен орнынан жылжи берді, мен қатарласа бердім.
— Қазақстанның жауапты қызметінен Қожановтың өзі кеткенмен рухы кеткен жоқ. Биылғы жылдың басында Шымкент қаласында Сырдария облысының совет съезі болып өтті ғой. Сонда шалақазақтау бір өзбек «Калашкен һәкәмнің өзі һам күрпиновщик» деп Голощекинді көзінше тілдегенін естімеп пе едің.
— Естігем.
— Сол съезде, Қазақстан съезіне Сырдария облысынан делегат боп өтуге тиісті Голощекин, дауысқа қойғанда ете алмай ғап масқара болғанын естідің бе?
— Естідім.
— Содан кейін коммунистердің фракциясын шақыру арқылы, делегаттарды жекелеп үгіттеу арқылы, Голощекин Қазақстан съезіне делегат боп әрең өткен ғой. Соны ұйымдастырған қожановшылдар емей кімдер? Елтайды байқаусызда председательдікке сұғып жіберген де солар.
— Мақсаты не,сонда?
— Іс білмейтін адамды үкімет бастығына қойғызу арқылы үкіметтің қадырын кетіріп, жұрт алдына келеке қылу!.. Сондай кісіге,— деді Сәкен маған тағы да адырая қарап,— жақсы білмейтін кісіңе, өлердей мақтап өлең жазасың!.. Ода емей немене бұл?
Мен мойындағандай, жауап берместен төмен қарадым.
— Поэзияны «қасиетті» деп өзің айтасың,— деді Сәкен, мені енді ұялтудан гөрі ойға түсіруге ыңғайланған дауыспен.— Жұрт та айтады. Өлең, тек адамның, жан-жүрегінен суырылатын сыры ғана болуға тиісті. Оны не болса соған жұмсап қорламауымыз керек!..
— Түсінікті, Сәкен аға!.. Бұдан былай өйтпеуге уәде берейін!..
Бұл тақырыпты осымен доғаруға болар еді, егер артында айтар азғана, бірақ жұртқа әйгілірек жақсы сөз тұрмаса. Ол сөз, Елтайдың өзі туралы емес, туған ұлы Бимырза Елтайұлы Ерназаров туралы. Алтайдың өзі туралы айтар сөз қысқа: Каз ЦИК-те 1935 жылға дейін үздіксіз председатель болған оның ешкімге зияны тиген жоқ. Табиғатында жұпыны жаралған опын, қылық-мінезі туралы толып жатқан анекдоттар бар, оларды бұл жерде айтудың, қажеті жоқ. Осындай адамнан советтік отанымыздың ең ардақты ерінің бірі атанған ұл туғанын, 1945 жылы, Семейде шығатын «Екпінді» атты газетте «Жорықта жолдасы болған кітап» деген әңгімесінде, Жекен Жұмақанов халыққа да, тарихқа да өшпестей ғып паш етті. Жекен бұл әңгімені ойдан шығармаған, оны көзімен көрген оқиғадан алып жазған. ...Ұлы Отан соғысы қатты қызын жатқан күндердің біреуінде немістер шабуыл жасап, екі жақ та қатты қырғынға ұшырайды. Бір белесті бетке ұстай, ұмтылған жауды отап жатқан біздің бөлімшенің (ішінде Жұмақанов та бар) көзі крестьянның алдыңғы қыратта тұрған кішкене үйіне түседі. Осы үйге жаулар неше рет ұмтылғанмен, әлдекімдердің үйден атқан оғынан жапырыла құлап, тірісі кейін қашады, бірақ онымен жаудың шабуылы кемімейді... Үйдегі белгісіз адаммен ұзақ арпалысқан жаудың біреулері, әлден уақытта үйге жетеді де ерт береді. Үй лаулап жана бастайды... Үй ішіне бекінгендер, жауды үй маңына сонда да жолатпай, ұмтылған жаудың талайын жайратады!.. Мұншама ерлікті көріп тұрған біздің бөлімше, үй ішінен атқылаушылар, өзіміздің адамдар екенін көреді, бірақ қорғауға жау біздің жаққа мұрша бермейді... Аздан кейін, жалын мен түтінге көмілген үй қулады... Кешке жақын біздің бөлімше, орнында күйігі қалған үйді алып, «мұнда кімдер болды екен?!» деп қараса, үйдің подвалында, пулеметтің қасында қатып қалған, киімдері де, денесі де өртенген жалғыз ғана адамның елігі жатады!.. К.ойнында шала өртенген документтеріне қараса — Бимырза Елтайұлы Ерназаров!..
Оның қойнынан беттері күйген —«Жұмбақ жалау» романы да шығады!.. Немістің қалың қолына күні бойы жалғыз өзі төтеп боп, талайын қырған, ешқайсысын жақындатпаған, ақыры, жау жасырынып келіп үйді өртегенде, түтінді жалынға тұншығып, күйіп өлгенше дес бермеген совет батыры — Бимырза Елтайұлы Ерназаров туралы Жекен Жұмақанов газетте жариялаған әңгімені оқығанда, саналы батыр ұлдың өліміне төбе құйқаң шымырлай қынжыласың да, ерлігіне шалқи Шаттанасың да!. Осындай ұлдан да, оны тудырған ата-ана мен халықтан да айналып кетсең болмас па!!..
ҚОШ, ЖАМАНШҰБАР
Қызу айтыстар арасында жүріп, мен өз бойымда елеулі бір кемшілік барын айқын аңғардым, ол—жалпы марксистік теорияға, оның ішінде — әдебиет теориясына піспегендігім. Мен бітірген рабфак — орта білімнің ғана орны екені мәлім. Оның өзін де, бір жағынан — аз сауатпен түскендіктен, екінші жағынан — қоғамдық істерге көп араласқандықтан, ойдағыдай бітіре алған жоқпын. Рабфактан кейін, саяси және әдебиеттік білімді өз бетіммен оқу арқылы молайтуға тырыстым. Бірақ бұндай біліммен еркін шұғылдануға уақыт аз, тәжірибелік жұмыстар қолды байлай береді. Сол бір тұста әдебиет айтысына қатынасушылардың көбірек қолданатын кітабы: Б. Г. Столпнер, П.С.Юшкевич дегендер құрастырған «Литература и искусство в марксистском освещении» есімді кітап болатын. Құрастырушылар бұл кітапқа кім көрінгенді тықпалап, әдебиеттегі «марксшілдердің,» санын көбейтіп жіберген. Солардың ішінде, 27—28-жылдарда пікірлері мен істерінің ленинизмге жаттығы айқындалған Троцкий, Бухарин сияқтылар да жүретін. Бірақ олар әшкереленгенмен, қазақ әдебиетіндегі оңшыл-байшылдар олардан мысал алудан тынбайды. Совет әдебиетіне қарсы жақтар осылай істесе, әдебиеттік айтыста марксиспіз дейтін: Сәкен Сейфуллин, Әбдірахман Бәйділдин, Хамза Жұсыпбеков, Ілияс Қабылов сияқтылар сөздерінде, мақалаларында, Плехановты көбірек атайды да Ленин еңбектерін мысалға аз келтіреді. Бұлардың маған бір ұнамайтыны осы жағы болса, екінші ұнамайтыны өз тұсындағы өмір шындығын сипаттайтын шығармаларға аз үңілетіндігі. Мысалы, Әбдірахман Бәйділдин — әдебиеттегі беделділерден құшақ-құшақ мысал ала жүре, қазақтың байшыл-ұлтшыл жазушыларын қатты сынай жүре, советтік бағыттағы қазақ жазушыларының ешбір шығармасын терең талдап көрген емес, ол шығармалардың жетістігі я кемшілігі неде екенін баяндап берген емес. Осы олқылықты толтыруға тырысқаныммен, мәселені кең қаусыруға және маркстік-лениндік көзқараспен қаусыруға менің білімім жете бермейді, сондықтан 1928 жылдың жазында Ленинградтың Мемлекеттік университетіне оқуға кетуге бел байладым. Менің ол тілегіме басқарушы орындар қарсы болған жоқ. Қазақстан «Мемлекет» баспасының бұған дейін мен атқарып келген бас редакторлық қызметіне, өткен жылы Омбыдағы ауыл шаруашылық академиясының бірінші курсын бітіріп, одан кейін Бармашинодағы (Бурабай курортының қасында), ағаш техникуміне мұғалім болып барған Ғабит Мүсрепов шақырылатын болды. Бұл арада бір ескерте кететін бір нәрсе: Ғабиттің өмірі және жазушылық қызметі туралы жазып жүрген кейбір қаламгерлер, оны, шығарма жазуға рабфакта оқып жүрген кезінде қабырға газетінен бастаған деседі. Бұл жаңсақ пікір. Ғабиттің «Тулаған толқында», (өзінің қойған аты «Теңіз текпісінде» есімді хикаясының қолжазбасы «Қазақстан» баспасына 1928 жылдың көктемінде Омбыдан келіп түсті. Оның алдында баспадан «Әмірхан бидайығы» («Американский пырей») дейтін ауыл шаруашылық тақырыбына жазған кішкене кітапшасын басқамыз. «Теңіз текпісінде» автордың алғаш жазған көркем шығармасы болғандықтан мазмұнында да, түрінде де елеулі кемшіліктер бар екен. Соларды хат арқылы дұрыстату баспаға бір күшке түсті. Осы кезде арамызда жүрген хаттарға қарап, оның әйелі Хұснидың маған әйел мен еркектің арасында болатын ыстық сүйіспеншіліктерді білетін едім, еркек пен еркек арасында екеуіңдей болған махаббатты бірінші көруім деп жазған хаты бар. Оның кепілі сияқты хаттың біреуін мысалға келтіруді қажет көрдім:
«Сәбит!
Бүгін сенің хатыңды алдым. Әңгіме менің «Теңіз тепкісі» жайында болғасын, мен де сол туралы жазбақпын. Негізінде оны қысқартып, яғни түзегеніне алғыс айтпасам ренжімеймін ғой. Бара салысымен басу жағын қарастырғаның мені ілгері сүйремесе кейін кетірмес. Біраз елігіп алғашқы екпінмен көр-жерді жазып тастауым .да мүмкін Шарт деген жағын өзгертуге құмар еместігім саған жасырын сыр болмауы керек. Мен гонорарын емес, еңбегімнің өзін бағалаймын. Менің, көбінесе көкейімді тесетін ақшасы емес, жазғанымның іске аса алғаны екендігін аңғар. Енді хатыңды бөлшектейік: Мен әр бөлімді нығыз түймегендігімді білем. Бірақ оның өзіне бір баға бермекші едім. Көркем әдебиетте менің бір сүйетін нәрсем, жалғасы білінбей көбінесе, жалғасы келесі бөлімді оқып отырғанда ғана сезілсе екен деймін. Мүмкін бұл ескірген түр болар. Сөйтсе де мен осыны ұнатам. Жазушылар әсіресе байламын көрсетіп қоятыны бар, мен оны ұнатпаймын. Менің Гогольді сүйіп оқитынымды білетін едің ғой, көбінесе ол маған осы жағынан ұнайды. Қазіргі бет алыста жасырын жақтар аз болу керектігін біле тұрсам да, мен ұнатқанымды істеп едім. Әрине, сендер көп. Әр жерде тексерген боларсыңдар. Бұлай болғасын көпшіліктің ауқымы ұйғарды мен риза. Одан соң, көпшілік көптен бері төселіп келе жатқан, бауыры жазылғандар, мен — шикі. Сондықтан сендердің, көпшіліктің бетінен алуым әлсіздігімнен басқа нені көрсетер дейсің. Менің тағы бір ұнатпайтыным: алған теманың өзінен басқа ешқайда бұрылмайтын әдет. Мұны мен жеккөрем. Әсіресе болмысы, тұрмысы... тағы тағылардың, ізі түсіп отырса екен. Осы күні (меніңше) жазушылар «саяси жақ» деп алғанда, басқа жағын ақсақ тастайды. Мен оған қарсымын. Сондықтан қай күнде болса да, менің жазғандарым көлденең материалды көбірек қосып отырады. Бұл әдетті (әзір жүзеге асыра алмаған әдетті) түбінде жазып кете алған күнде де тастамаспын деймін. «Теңіз тепкісіне» де бірталай көлденең материал кірген себебі сол еді. Етістік деген бір ит қой. Өткен, қазіргі, келешек уақыттары араласып кетуі мүмкін. Алғашқы хатымда біраз беттерді көрсетіп едім ғой. Сөйлемнің аяғы көбінесе сказуемоеға тоқтайды да, сұмдық бәле болады. Түгел алғанда, алғашқы адым әлсіз екендігіне не күдік болсын, кейбір алып тастаған жеріңе қарсылығым болса да баспаға беріліп қалғасын, әңгіме қысқа ғой. Мысалы: «Теңіз тепкісі» мен «Тулаған толқынның» қайсысында адамгершілік, достық көп екеніне таластан кейін ғана мойынсұнар едім. Матвейдің бай екені бір жанды жасыруға бөгесі жоқ еді. Өйткені, ол саудагер, қазақтардың балығын алып, үнемі еңбегін жейді. Байлар көбінесе, іштен жейтін әдетін ескермеген екенсің. Қысқасы, кітапшаның басылғаны үлкен қуаныш. Түзегеніңе алғыс. Сыншылар кемін көрсетсе тіпті жақсы. Қайтадан сенің хатыңа келейік (басына қарай). Сенің «ағаш қамшың» маған да тиетін секілді (кейбіреулер «бәлен жолдамын» деп, босқа қомпиятыны бар ғой, сол секілді болып кетпесе?). Өйткені қалам сүйген болып, «идеология» деп шатасудан құр емеспін ғой. Басқалардың неге қатынаспайтынын білмеймін, өзім туралы мынаны ғана айта аламын: мен болып жатқан айтыс-тартысқа қатынаспаймын демейім. Айтысты ұнататынмын да, ешкімді сынап көрмесем де, сынауды жақсы көретін әдетім де бар. Қорықпаймын да, түсінемін де. Бірақ мен қалам сүйе бастағалы мынадай екі кесір ұшыраттым: бірі, айтыс болып жатқан жерден алыс жатқандығымнан, кезінде қол жетпей қалады. «Е. Қ.»37. Көбіне дұрыс келмейтінін білесің ғой. Әлгі Шаймерденнің, де, тағы біреулердің, Елжастың, Бейімбеттің, тағы басқалардың сынын көргенім жоқ, естідім ғана. Солар секілді нәрселердің көбі көрсетілместен кетеді, кейде басын, кейде ортасын, әйтеуір бірдемесін толық оқи алмай қаласың. Солай болғансын қатынаса алу қиын. Мен жазу ісіне қатынаса бастағалы жазатын орындардан кеудеге итеру болмаса, өзіне тарту көргем жоқ. Жазуға жаңа араласа бергенімде «Е. Қ.» бостан босқа шығарып тастағанын білесің, бе? (Бейімбет, Смағұл тағы басқалары.) Өзге өзге болсын, Бейімбет көрер көзге құйыршықтанып мені алдауға кірісті. Алдамастан тура айтса қайтеді? Әрине, жазу үшін газет маңында қызмет міндет емес. Мадагаскарда жатып та жазуға болады. Бірақ газет күнбе-күн сабақ береді. Одан кейін де газетке жазып қарадым. Ең нашар дегендерімді басады да, жақсы дегендерімді баспады. Саған айтылмаған мынадай бір әңгіме болды. Былтыр «Оқшау сөз» бәйгесі кезінде Омбы оқушылары бірігіп «Е. Қ.»қа екі оқшау жібердік. Біреуі «Қалаудың өмірі», екіншісі «Май сасыса тұз себеді, тұз сасыса не себебі!» деген оқшаудың иесі Қартқожа еді. Сөзін құраған мен едім. Екі рет Омбы оқушыларының алдында оқып, сынап түзеп жібергенбіз. Біреуі де басылмады. Өйткені бірі (алғашқысы) Аббас туралы да коммунистерді түйрелеуіміз« дін, өзі бір қате болар. Бірақ біз кім екені туралы, ашық түсіндіріс бергеніміз жоқ. «Көменес» ағынан ешнәрсесі жоқ еді. Баспады. Екінші рет барлық оқушының қолын қойып «басылуын» сұрап жаздық. Міне осы арада бір иттік араласты. Біздің хатымызды конвертін жыртып оқыпты да, «Е. Қ.» Қызылжардағы «Б. Т.»ға айдап кеп қалыпты. Сыртында «Айсаринға» деген бар да. Дәлелі сол. Бірақ хат емес, мақала болғасын, мақала екенін конвертті жыртып, оқып көргенсін Айсарин неге қудырады? Міне бұл иттік. Күздігүні «Көлеңкенің көлеңкесі» деген бір оқшау тағы жаздым. «Е. Қ.» өз кемшіліктерін айтса, баспайтынын, әсіресе басындағы қызметкерлерінің қол жаулығы болып кететін жақтарын айтқан едім (Дұрысында баяғы Сәкен, Молдағали, Смағұлдардан бері қарай Аббасқа дейін «Е. Қ.» арқылы өз әдістерін жүргізбеді дей аласыз ба?) Бұл және басылмады. «Е. Қ.»ға жазу да таныс біреуің болмаса, мақалаңды оқу да қойылды. Сөйтіп газетке қатынаспай, күнбе-күнгі хабардан, айтыстан сырт қалдым. Жаза алсам кітап жазғым келді. Осынын, барлығы «Ағаш қамшы етпей не қылады? Бір ұйымның. тілектес жолдастардың маңайында болсам, мүмкін қатынаса алған болар едім. Жөндеп жаза алмаған соң кеудеге итеру дұрыс та шығар. Бірақ өйтпес едім. Қаламынан үміті бар адамды бауырға тартар едім. Мінекей, Сәке осындай жайлар мені күнбе-күнгі айтыс-тартыстарға қатынастырмай келді. Мені нағыз сүйетін жақтарымнан жырып тастады. Үміт кеспе, кейін орталарыңа барып, ат ерттеуге жарармын. Сен оқуға барамын дейсің бе?—Қайда? Қашан? Неге? Тоқта! Ендігі жылы бірге Литхудқа барайық! Жарай ма? Жаз! 15 майда елге келу ерте. Сәбит! Ғабит мына хатын аяқтамай кетіп қалған екен. Почта келіп қалғасын мен беріп жібердім, қалған сөзі болса тағы жазар. Өзімізден бәріңізге көп-көп сәлем! Хат жазыңдар. Мен өзіме тиісті ақшаны күтіп тұрмын.
Достық сәлеммен Хұсни.
18/1V 1928 жыл».
Көңіліміз соншама жақын болған, көркем әдебиет жұмысына белсене қатынаса бастаған, идеялық көзқарасын дұрыс деп санайтын Ғабитті Бурабайдан Алматыға баспаның бас редакторы қып шақыртуға, мені оқуға босатуға крайком көнді де, мен семьямды қалдыра тұру мақсатымен туған аулыма сапар шектім. Ауыл Дос көлінің басында екен. Сонда жатқан күндердің біреуінде маған Хасен Нұрмұхамметов келді. Бұрынғы Атбасар үйезінің Есіл ауданында, кедей семьяда 1899 жылы туған ол, қадым молдасынан сабақ оқып, біраз жыл елде «бала молда» боп жүреді де, революция жылдары Атбасардан шыққан большевик — Әділбек Майкотовпен (Колчак үкіметі 1918 жылы қылышпен турап өлтірді) танысып, революциялық істерге тартылады. Осы еңбегі үшін Атбасарда 1919 жылы орнаған Совет өкіметі, (ревкомның председатель—кейін, Ұлы Отан соғысы кезінде, екі рет Совет Одағының Батыры атағын алған, кәзір пенсияда жүрген қарт генерал-лейтенант Николай Денисович Веднеев) сол жылы Омбыда ашылған алты айлық совет-партия мектебіне оқуға жібереді. Сонда бірге оқыған жолдастары Хасен Нұрмұхамметовтің зиректігіне қайран қалады.
— Мектепке түскенде,— дейді олар,— Хасен орыс тіліне өте шалағай еді. Аса зер салып оқудан ол алты айдын, ішінде орыстың сөзін де дұрыс сөйлеп, жазуда да ешбір хата жібермейтін болды.
Совет-партия мектебін бітіргеннен кейін, Хасен бірер жыл ауыл арасында партиялық және советтік қызметтерде жүреді де, 1921 жылдың күзінде Орынбор рабфагының екінші күрсіне оқуға түседі, 23 жылдың көктемінде рабфакты озат бітіріп, Москваға, Тимирязев атындағы академияға оқуға кетеді. (Ол кездегі тұрмысын жоғарғы бір тарауда қысқаша баяндағамыз.) Академияны аяқтаған ол, қасындағы аспирантураға орналасады да, мен туған өлкенің топырағын зерттеу экспедициясын басқарын шығады. Хасенмен мен рабфак дәуірінен таныс, сырлас, пікірлес адам болатынмын. Кәзір де сол салтымызға бағып, аз тыныстағаннан кейін, Дос көлін айнала серуендеп кеттік. Уақ-түйек әңгімелерден кейін Хасен маған жалпы қазақ ауылдарының, олардың ішінде — мен туған ауылдың болашағы туралы әңгіме айта бастады.
— Қазақтың атам-заманнан бері көшпелі халық екенін білеміз,— деді ол,— оның басым көпшілігі советтік дәуірге де сол күйінде келді. Қазақстанның суармалы егісі бар оңтүстігінде революциядан бұрын да, кәзір де аздап егін салатын қазақтар бар деседі. Олар, ең көп дегенде, қазақ халқының бес-он проценті ғана.
Жері егінге аса қолайлы Солтүстік Қазақстанда, Костанайдың байы — Смайыл Жаманшалов, бұл аранын, байы — Әлти Көкенов, Қызылжар байы — Қуанышовтар сияқты аздаған ғана адам революциядан бұрын егін шаруасымен шұғылданған. Былайғы қалың, қазақтың басым көп» шілігі ондай кәсіппен айналыспаған.
— Рас,— дедім мен.
— Ал,— деді Хасен,— Солтүстік Қазақстанда, яғни бұрынғы Ақмола және Семей облыстарында, Торғай мен Орал облыстарынын, солтүстік жақтарында, қара топырағы егінге аса құнарлы жердің қанша екенін білемісің?
— Жоқ.
— Бұл аталған өлкелерді 1903—-1909 жылдарда зерттеген Щербина экспедициясының мөлшерлеуінше — отыз миллион гектардай!..
— Япырай, сонша мол екен-ау!..
— Расында, одан да мол. Ал, соншама тамаша жердің кәзір қаншасына егін салып отырғанымызды білесің бе?
— Көп болса, он процентіне. Өзге құнарлы жер соқа тимеген тың қалпында босқа жатыр. Осы Дос жайлауының маңайындағы көлемі жүз шаршы километр жерде, егін сеп« сек бұрқ ете түсерлік, миллиондаған бұт астық берерлік, жарты миллион гектардай тың, жер бар!..
— Апырай, ә!.. Ал енді, соншама жерді, егін шаруасына неге пайдаланбаймыз?
— Оңай жауап бере қоятын мәселе емес ол.
— Неге?
— Кәзіргі бытырап отырған жеке шаруаның ол тыңды игеруге күші келмейді.
— Бірлестірсе қайтеді, сол жекелерді?
— Сонда да күші келмейді.
— Неге?
— Олардың қолында жүк күші — өгіз бен ат қана, сайманы — соқа ғана. Қазақстанның бар тыңын түгел көтергің келсе, бүкіл көлігін жинағанда, оннан бірін жыртып тауыса алмайды. Соншама тыңды түгел игеруге Қазақстанның кәзіргі адамы да жетпейді.
— Совхоздарды көбейтсе ше?
— Оларға адам мен көлік керек емес пе?
— Трактор және басқаша түрлі күшті мәшинелерді көбейтсе ше?
— Гәп осында,— деді Хасен,—- бұл партияның да, үкіметтің де ойланып жүрген мәселесі. Отанымызды индустрияландыру жабдығына ауыл шаруасын техникаландыру ісі де жатады. Индустрия мәселесі шешілмей бұл мәселе де шешілмейді.
— Қашан шешіледі ол?
— Партия да, үкімет те бұл мәселені кәзір қолға алу үстінде. Мәселенің ойдағыдай боп жылдам я шабан шешілуі, халықтық және мемлекеттік экономиканы жылдам я шабан көтере алуымызға байланысты.
— Осы үлкен мақсатқа қазақ еңбекшілері тез жетудің бір тетігі — көшпелі қазақ ауылдарын қоныстандыру, аз үйлі ауылдарды топтау. Өйтпеген күнде ауылдың экономикасын да, мәдениетін де ойдағыдай көтеруге болмайды.
— Рас,— дедім мен,— бұл сенін, я менің аузымдағы сөз ғана емес, қазақтың саналы еңбекшілдерінің бәрінің аузындағы сөз. Ендігі мәселе осы игілікті іске қашан кірісуде ғана.
— Қазақстанның жер байлығын анықтау мәселесіне үкімет бұдан үш-төрт жыл бұрын кірісті. 1924 жылдан бастап мен де бұл іске қатынасып келем. Содан бері жаз айларында қазақ даласына шығып жер өлшейтін және топырағының, суының сапасын бағалайтын экспедициялардың жұмысына араласу үстіндемін. Семей, Ақмола, Торғай аталатын облыстардың жерінде зерттеуіне араласпаған участоктерім аз болуға тиісті. Ендігі мәселе—көшпелі ауылдарды тез қоныстандырудың практикалық шарасына кірісуде ғана қалды.
— Сонда, қашан?—дедім мен.
— Дәлдеп айту қиын. Дегенмен, үкімет тарапынан жүріп жатқан даярлықтарға қарағанда, алысқа ұзамауға тиісті.
Отанымыздағы крестьян табының, олардың ішінде қазақтардың, бүгіні және болашағы туралы біраз кеңескеннен кейін:
— Менің бір ұсынысым бар,— деді Хасен.
— Қандай?
— Сіздің ауылға бұл арадан көшу керек.
— Неге?
— Бұл маңайдағы ауылдар бұл жайлауға жаз айларында ғана шығады да, қысты күні орманды өлкелерді сағалап бытырайды ғой. Ауылдар отырықшы тұрмысқа көшіп, егін шаруасымен айналысқаннан кейін, жайлауға малшылар ғана келеді де, былайғы көпшілік қыстауына біржола орнығып, егін кәсібімен шұғылданады, сонда сенің екі-үш аулын, кең жайлаудың ортасында шошиып қалай отырады? Жайлаудағы қалын, малдың арасында егін кәсібімен қалай айналысады?
Сонда не істе дейсің, бұл ауылдарға?
— Жалаңаш жайлаудан орманды жерге көшу керек те, жұрт қатарында отырықшы тұрмысқа айналып, егін шаруасымен шұғылдану керек.
Біраз пікірлескеннен кейін Хасен екеуміз сөзді осыған қойдық та, ауыл адамдарымен ақылдаспақ болдық. Олар екіге жарыла қалды: ескі мекеннен келген қарттар (оларды ата мекені—«Қарағаштан» патша үкіметі 1894 жылы қуып, амалсыздан жайлауға келуін, «Жаманшұбар» аталатын жерге мекен тебуін біз осы шығарманың бірінші кітабынан білеміз). «Бұрынғы ата-мекенімізді берсе көшеміз» деді де, Жаманшұбарда туып-өскендер «от жаққан жерімізден ешқайда кетпейміз» десті. Хасеннің картасынан қарасақ «Қарағаш» аталатын жер — біздің ауылдар көшкеннен бері қазыналық участок болып келеді екен. Революциядан бұрын оны орыстың я қазақтың байлары жыл сайын жалға алып, егін себеді де, мал да жаяды екен. Революциядан кейін участок пайдаға аспай бос тұрады екен. Осы участоктің жайын көріп қайтуға, жаманшұбарлықтар арнаулы адамдар жіберді, ішіне мен де қосылдым. Бәріміз барып көрсек: егіндігі де, шабындығы да, жайылымы да, орманы да мол, жалпы көлемі он мың гектардай тамаша жер екен. Жаманшұбарлықтар ол участокке ұйи қалды... Ендігі мәселе — үй санын көбейтіңкіреуде, себебі,— он мың гектар жерді, алпыс үйлі Жаманшұбар игере алмайды. Қосымша үйлер тез табылды. Қарағаш участогінің жері жақсы екендігін білетін ауылдар «бізді алыңдар» деп жаманшұбарлықтарға жан-жақтан кісі сала бастады. Ақыры, Таңат және Күйкей аталатын ауылдармен бірлесетін болды да, жалпы сандары жүз үйге жеткен соң, «әзірше осы болады» деп тоқырасты. Содан кейін ішімізге Хасенді ала, он шақты адам пар-пар атпен Қызылжар жүріп кеттік, мақсатымыз — Губерниялық Жер бөлімінен ұлықсат алу. Жер бөлімі бізді қуана қарсы алды да, участокты беру документтерін аз күнде қолымызға ұстатты. Көшуге бекінгенмен, орнынан қозғала қою жаманшұбарлықтарға жеңілге түскен жоқ. Олар, біріншіден — отыз төрт жыл бойына құтты қонысы болған Жаманшұбар мен Дос келін қимаса, екіншіден — сол жылдардың бойында қаза тауып, Жаманшұбар зиратына жерленген туыстарын қимады. Осы жайларды айтып, жыласып-сықтасқан олар, киіз үйлерін жығардан бұрын, «аруақтармен қоштасамыз» деп, үй басы мал сойды да, тайлы-таяғы қалмай Жаманшұбардағы зиратқа барды. Онда: біреудің әке-шешесі, біреудің аға-інісі, біреудің апа-қарындасы, біреудің бала-шағасы... дегендей әркімнің өз аяулысы, өз қимасы бар. Алыста қалған Жаманшұбарға жүз километрдей жердегі Қарағаштан оралмастай көріп, әр адам өз туыстарының қабырын құшақтап, қоштасу сөздерін айтып жатыр... Жүректің терең түкпірінен ақтарылған бұл сөздердің толқыны мені де қалқыта жөнелді. Қалың зираттың (санағанда, шамасы — екі жүзден астам кісі екен) шығыс жақ жиегінде екі төмпе болып, менің бейшара әке-шешемнің, қабырлары жатыр. Ана бір жылдары біп-биік ол төмпелер кәзір аласарып, үстіне қурайы аралас қалын, қау өсіп кеткен, енді аз жылда жермен жексен болуға жақын. Ол кезде келсем ғой, таба алмай қалам!.. Ендеше, табатын белгі қойып кетуім керек. Сонда не?.. Бұл маңайда тас жоқ. Ағаш қақсаң не өртке күйеді, не шіриді... Ендеше не істеу керек? Ойыма малдың сүйегі түсті. Ол табылатын да болды: өзге жаманшұбарлықтар құрмалдыққа қой шалғанда, дәулетті Нұртаза тай сойған. Тайдың сүйегі, әсіресе — кәрі жілігінің сүйегі қалын, болады, ол өртке күймейді, қу сүйекті аң жемейді, тез шірімейді, ендеше — ұзаққа сақталады... Еті мүжілген кәрі жілікті әкем мен шешемнің бас жағын ала, ортан беліне шейін жерге сіңіріп қақтым... Астарын ішіп-жеп, баталарын оқып, зираттан ауылға беттеген қалың жұртқа қосыла, менің де ақтық айтқан сөзім.
— Қош, Жаманшұбар!..
Сол кеткеннен мен Жаманшұбарға 26 жылдан кейін оралдым. 1954 жылы, бүкіл қазақ даласына қосыла, Дос жайлауының да тыңы көтеріле бастады. Жаманшұбардың нақ іргесіне, Докучаев есімді астық совхозы орнады. Осы совхоздың алғашқы адамдарымен бірге барып, қар кеткен шақта зиратты көрсем, әкем мен шешемнің қабырлары арасына қаққан кәрі жілік, жерден жоғарғы жағы аппақ күмістей боп, жерге кірген жағы — алтындай сап-сары боп әлі сол қалпында тұр екен. Содан кейін Москваға барған бір сапарымда, «Новодевичье кладбище» аталатын зираттың шеберлеріне әке-шешеме арнап, қара граниттан құлпы тас жасаттым да аты-жөндерін, бір бетіне қазақша, бір бетіне орысша жаздырдым, ол тасқа қоршау боларлық шарбақты Алматы заводында шөгеннен құйдырдым: 1955 жылдың жазында әке-шешемнің басына осы ескерткішті орнаттым да, «бұны енді сақтайтын ұл-қыздары сендерсіңдер» деп, шарбақ есігінің кілтін Докучаев совхозына туысқан халықтардан келген жұмысшылардың қолына табыс еттім. Олар салтанатпен қабыл алды. Кілт содан бері совхоз директорының сейфінде сақтаулы. Сөйтіп, Мұқан ағаң мен Балсары апаңның ұлдары мен қыздары, кәзір Совет Одағының көп халқынан да табылатын болды.
ЖӘМПЕЙІСТІҢ ӨЛІМІ
Жаманшұбарлықтар Дос көлінің басына тіккен үйлерін жығып, жүктерін арта бастаған шақта, әлдеқайдан қаңғалақтап Жәмпейіс келе қалды. Бұл сапарда ол өз атымен емес, жолшыбайғы ауылдардың аттарымен лаулатып кепті. Жәмпейістің жырақтан естігіш құлағына, біздің ауылдардың Жаманшұбардан Қарағаш участогіне қоныс аударғалы жатуы да шалынған екен. (Біз әнеу күні Қызылжарға барғанда Жәмпейіс үй ішімен елге көшіп, артельге мүше боп алды деп естігеміз. Қайда, қай ауылдың артеліне барғанын біле алмағамыз). Ұшқалақ мінезді Жәмпейіс үйлерін жығып жатқан ауылға, желіге қиқулай келді. Ауыл шетінде топталып тұрған адамдарға тура беттеп, тарантасқа жектірген атты екпіндете жақындап, кілт тоқтаған ол жерге қарғып түсіп, әуелі Нұртаза сияқты қартаң адамдарға сәлем беріп алды да, Құсайын сияқты құрбыларын әдеттегі қалпымен боқтай, қалжыңдаса сөйлеп:
— Уа, шелдің дуадағы — Жаманшұбар, сен де енді ел боп санатқа кіріп, көлге қонатын болдың ба?—деді.
— Тоқта, сен Байшұбар38 — деді Жәмпейіс, қандай қылжақ болса да орайын тауып жауап бере алатын құрдасы, тентек мінезді Құсайынды сөйлеуге ыңғайланған қалпынан, қолын көтере тоқтатып,— сөзге қонақ бер!..
— Ал, айта ғой!—деді Құсайын тоқырап, «жауабым даяр» дегендей жұтына күлімсіреп.
— Айтсам: көшіп баратын участогіңді алақанымдай білем. Жердің патшасы!.. Тамықтан жұмаққа көшкелі тұрсың, Жаманшұбар!.. Жаңа қоныстарын, құтты болсын!..
— Айтқаның келсін!.. Әумин!..— десті жаманшұбарлықтар
— Ал, қалай көшу бұл?— деді Жәмпейіс жиынға,— артель боп көшу ме?.. Жеке қалыптарыңмен бе?..
— Немене?.. Артель болсақ біріге келіп пе едің?—деді Құсайын.
— Маған қарама!.. Мен артельге алдақашан кірген кісімін!
— Соқ, өтірікті!— деді Құсайын, нанбағандай, (тегі ол, Жәмпейістің артельге кіргенін естімеген болу керек),— сен артель болсаң ешкінің құйрығы көкке, түйенің құйрығы жерге жетер.
— Неге?
— Жасыңнан ұрлықпен, парамен күн көрген арамтамақ, сен қалайша ортақ қазанға көне қалдың?
— «Ойын сөзге шын жауап» деген,— деді Жәмпейіс,—- расын айтады Құсайын. Бірақ бұл не, менің кейінгі кездегі ой-санамды білмеген адамның, не он жыл ұйықтап оянған адамның сөзі.
— Ал, айта ғой, неге олай екенін!— деді Құсайын, жәбірленгендей.
— Ол ұзақ кеңес,— деді Жәмпейіс.— Буынып-түйініп дегендей көштерің даяр боп қалған екен. Мен бұл ауылды әдейі іздеп келген адаммын. Қарағашқа дейін бірге барып, шаңырақтарыңды бірге көтеріспей, жаңа қоныстың құрмалдығын бірге жеспей кетпеймін.
— Мақұл,— деді Құсайын.
Біздің ел жүгін қазақы тарантас, ырдуан сияқты арбаларға артып көшеді. Мал айдаушылардан басқа салт жүретін кісі аз болады. Қора-қопсыларының саймандарын кейін кеп артуға уәделескен біздің ауылдар, жазғы үйдің мүлкін арбаларына артты. Жұрттың бәрінде тарантас бола бермейді. Ондай үйлер бала-шағаларын жүк үстіне отырғызып, ересектері көлік басына мінді. Жәмпейіс екеуміз қорапты тарантасқа екі атты пар жектік те, қатар отырдық. «Оңаша айтар кеңестерім бар» деп, Жәмпейіс қасымызға басқа адамды алмады. Егер үдере көшсе, біздің ауылдар Достан Қарағашқа, көп болса үш-төрт күн жол шегер еді. Олар өйте алмады. Жолшыбай отырған қазақ ауылдары алдарынан шығып, неге көшіп келе жатқан жайларын сұрасты да, әңгімелесіп, ерулік беріп дегендей бөгесін бола берді... Бұндай тоқтаған жерлерде жаманшұбарлықтар атынан, көбінесе, сөйлейтін адам — Жәмпейіс. Қайда, кімдермен кеңессе де, Жәмпейіс екі мәселенің ғана төңірегінде гәп шертеді: бірі -— көшпелі қазақ ауылдарының отырықшы тұрмысқа айналар уақыты жетуі, екіншісі — жәй ғана отырықшы болмай, жаппай артельге айналуы. Осы пікірлерін айту үстінде Жәмпейіс кей әңгімені ойынан қурап, отырықшылыққа айналғалы келе жатқан біздің Жаманшұбарды «ұйымдасқан артельге де» айналдырып қояды. Өзі артельге мүше болған адам, «артель» дегеннің не екенін, оның, халыққа қандай пайдасы барын жақсы білетін сияқты. Осы білгендерінің бәрін «артель болған» біздің Жаманшұбардың басына үйіп-төгіп, оны ертең-ақ осы маңайдың ең үлгілі артелі боларлық бейнеде суреттейді. Осы әңгімесінің үстінде ол суретші де болып кетіп, біздің ауылдың алдағы құрылысын, ісін, істердің жемістерін баяндағанда, өзгелер былай тұрсын, «жазушымын» дейтін менің өзімді де қызықтырып жіберіп, сөздерін тамсана тыңдаймын, кейде, сол сөздерден болашақ шығармаларыма тақырып алғандай боламын. «Жаманшұбар артелін» Жәмпейістің, сипаттауына, мен түгіл, жаманшұбарлықтардың өздері де қызығып қап, бөгде адамдардың көзінше әңгімешіні ұялтқысы келмей, айтқандарының бәрін рас деп мақұлдайды да, өзара оңаша кеңескенде: «Жәмпейісіңнің мынау айтқаны рас болса, ондай артельден ешкім де бас тарта қоймас» деседі... Сөйтіп, Жәмпейіс, отырықшы және артель болудың идеясын таратуда, сондай тұрмыс жасауға көшіп келе жатқан жаманшұбарлықтар үшін де, кеш жолындағы басқа ауылдар үшін де, іздесе әрең табылатын үгітші!.. Жүріс үстінде келе жатқан шақтарда Жәмпейіс маған, өзінің артельге неліктен мүше болу жайын, осы тоқтамға әкелген жолдар жайын баяндап кетеді. Оқушы көпшілікке қайталау сияқты көрінгенмен, Жәмпейіс кешкен өмір жолына қысқаша және қорытқан түрде, тағы да шолу жасап кетейік: бұрынғы Ақмола облысының Петропавл үйезінде, Преснов — қазақ болысының үшінші аулында, жарты көшпелі ауылдың кедей семьясында, Омар есімді кісіден 1888 жылы туған ол ауылдас байлардың қозысын, қойын бағудан бастап, кішкене күнінен жалшылықта турады. Ересектеу кезінде Құртайдың Мұқышы дейтін ауқатты біреудің, пішенін шабуға жалданып, пішеншілер көрші ауылдан тоқты ұрлап сойғанда, жаласы Жәмпейіске қалады да, сотталарын көрген ол орыстың Курганский аталатын селосындағы жатақ жездесі мен апасына қашып кетеді. Сонда біраз жыл орыс кулактарына жалшы боп жүрген шағында, табиғатында зирек және пысық ол, орыстың тілін де, жазуын да жақсы біліп алады. Сол бетінде сырнай, өлең мен, үйреніп, орыстың қыз-бозбалаларының сауықтағы гүлі болады... Осылай жүрген Жәмпейіс бір сәтте орыстың сұлу қызына (Жәмпейістің өзі де сымбатты, бірсыдырғы кескінді жігіт еді) ғашық болады. Қыз оған «шоқын» деген шарт қойды. Жүрек жалыны бұған да көндірген Жәмпейіс, христиан дініне «әне көшем, міне көшем» деп жүргенде, бұл хабарды еліндегі туыстары естиді де, шоқынуын «намыс беріп», шеркеуге кіріп үлгермей, Жәмпейісті ұрлап әкетеді. Еліне апарған ағайындары, Жәмпейіске: «Қалаған қызыңды ал да, ауылда тұр, әйтпесе өлтіреміз» дейді. Ондай оқиғалардың талайын естіген Жәмпейіс ауылдан кетпеуге амалсыз көнеді. Бірақ ауыл қызынан кім көрінгенін емес, сынап жүріп таңдағанын алуға рұқсат сұрайды. Ағайындары оған көнеді. Жәмпейістің ыхласы қызға емес, қартаңдау ағайынның .нас, сұлу әйелі — Жаңылға түседі. Оған қосылу үшін бұл маңайдан кетуі керек. Қайда? дегенде, сырлас біреуі «Қызылжарға» дейді. Жәмпейіс сол ұсынысты қабылдап, Жаңыл екеуі түн жамылып зытып отырады... Оларда «салт басы, сабау қамшысы» дегеннен басқа мал да, қаражат та, мүлік те жоқ. Ендеше: пәтері, киімі, тамағы... дегендей, қалайша күн көріп, жер басу керек?.. Жәмпейіс байлардан ұрлап күн көреді... Революция болып, Отанымыздың тіршілігі жаңа негізге көшкенмен, атақты ұрылардың біразы жойылғанмен, ұрлыққа дәндегендердің қалдығы советтік дәуірге де келіп, енді: Ақмолада — Мәнсен, Костанайда — Мақыштың Есмағамбеті, Омбыда — Фазылдың Данияры, Қарқаралыда — Бапының Мәдиі сияқты орысша, қазақша оқығаны барлар ұрлықтың тізгінін ұстай бастайды. Социалистік құрылысқа жасаған қарсылықтарының бір түрі сияқтанып, елдегі байлардың көбінің азамат балалары түнгі жортуылға, яғни ұрлыққа аттанады. Осы «жаңа» түрдегі ұрылардың да ұяларын бұзып, өздеріне тыйым салуда Жәмпейіс және ерекше еңбек сіңіреді. Осы жайларын ұзақ баяндай кеп:
— Біздің қылмыспен күресетін ұйымдарымыздың қатты қимылдауынан,— дейді Жәмпейіс,— елде ұры дегендер таусылуға жақын. Олардың кәзіргі азын-аулақ қалғандары бұрынғыдай топталып көзге түспей, топырлатып айдамай, жым жолмен бұғып қана жүріп, уақ-түйекті ғана қымқырады.
— Оларды да жоюға болады ғой?—деймін мен.
— Әрине,— дейді Жәмпейіс.— Бірақ мен енді ол жұмысқа араласпауға бекіндім.
— Неге?
— Жасым болса биыл — қырықта. Денсаулығым да күшті емес. Шынымды айтқанда, ұрылармен күрес үстінде олардан жалап-жұқтап жүрген күндерім де болмай қойған жоқ, өйтпесем, ойдағыдай күнелте алмайтын болдым. Совет келе онымнан біртіндеп тыйылдым да, бертінде атымен қойып кеттім. Содан кейін «адал еңбегіммен күн көрейін» деп бекіндім де, былтыр Қызыләскер ауданында, Аю аулында ұйымдасқан артельге көшіп кеп, мүше боп орнықтым. Жаңа қонысқа екі бөлмелі қарағай үй салып алдым. Артельдестер мені мал бригадасын басқаруға тағайындады. Ол жұмысты жақсы меңгеріп кеттім. Енді осы тұрмыстан басқа іздерім жоқ. Сені «оқуға кетейін деп жатыр» деп, ауылың қоныс аударғалы жатыр деп естіген соң, әдейі амандасып, қолымнан аттандыруға келдім.
— Рахмет, Жәке!
— Ал, енді бір ақыл айтсам аласың ба?— деді Жәмпейіс
— Естиік.
— Алсаң ғана айтам, әйтпесе айтпаймын.
— Естиік те, енді!
Жәмпейіс аз кідірді де:
— Оқуға бармай-ақ қой дейін деп ем,— деді.
— Неге?— дедім мен таңданған дауыспен.
— Біріншіден,-— деді Жәмпейіс,— былтыр туған ұлың биыл жастан асып, тәй-тәй жүре бастапты, «тіл-аузым тасқа»—үріп ауызға салғандай болып келеді екен!.. Осындай балаңды артыңа қалдырып, несіне барасың оқуға?.. Мың сабаққа тұрмай ма, осы баланың бір күлгені.
— Ол рас,— дедім, Жәмпейістің, ұлды аңсаған сезімін, сол сәттегі кескін құбылысынан аңғарғандай боп,— баланың қымбат екені рас. Мен де сіз сияқты балажан адаммын. Сөйте тұра оқығым келеді, өйтуім — өзім үшін ғана емес, туған я туашақ балаларым үшін, және халқым үшін...
Жәмпейіс екеуміз осы тақырыпта білаз пікірлескеннен кейін мен оны сөзден жеңген сияқтандым. Мақұл,— деді Жәмпейіс,— бұл жөннен жеңілдім дейін. Тағы да бір сөзім бар, ендеше.
— Айтыңыз.
— Артельге кіруден екінші мақсатым — қала, даладағы ұрылардың қалдығынан көз таса болу еді. Маған өш көптеген ұрылар, қапымды тауып жазым қыла ма деп қорқам. Қызылжарға соғып, мені ондағы бақылау орындарына тапсырып кетесің, бе, қайтесің?
Жәмпейістің үрейде жүруі кескінінен көрініп тұр. Жаңағы сөзін аяқтағанда, оның көзінен жасы сорғалап, ыңғайсызданғандай теріс айналып кетті. Аянышты хал. Қорқатын қауіп. Бірақ біріншіден — менің бақылау орындарына тапсыруым не жәрдем етеді оған?.. Шын аңдыса алмай қоя ма ұры?.. Екіншіден—ауылдың көші-қонына алданып оқуға баратын уақытым тым таяу қалды, оған үлгеру үшін, тұстас қала — Қорғанға тез жетіп, поезбен кетуім керек. Жәмпейіске осы жайларды айтып ем:
— Мақұл,— деді ол, амалсызданған кескінмен,— жолын, болсын. Бірер күнде мен де аттанып, жолда Болатнайдың (Новорыбынка) базарына соғам да, одан әрі үйіме кетем. Тәңірінің маңдайға жазғанын үйде тосам.
Менімен қоштасарда Жәмпейіс бұрын байқамаған мінез көрсетті. «Ал, енді қош болыңыз!» деп қолымды ұсынған шақта, былай да жасаурағыш көзінің мөлтілдеп тұрған тамшысын сүртпестен, мені бассап құшақтай ап, өксіп жылай жөнелді. Төңіректеп тұрған жұрттың тоқтау айтқан сөздеріне ол құлақ асқан жоқ... Ақыры, құшағын өз бетімен жазбауына, жылаудан тыйылмауына көзі жеткендей әлдекім» дер оны менен күшпен айырды. Сонда да орамалымен бетін басып, екеуін тыймайтын болған соң, біз: «ал, қош!» дедік те, пар атты тарантасқа отырып жүріп кеттік. Жәмпейістен онымен де құтылған жоқпыз. Салт атқа мінген ол жеті-сегіз шақырым жердегі Еламан аталатын дөңде қуып жетті де, енді өксімей жылап қоштасты.
— Неге бүйттің?—деген сұрауға:
— Енді қайтіп көрісеміз бе, жоқ па?—деді ол ықылық атып.
— Неге көріспейміз?
— Қайдам!.. «менде жау көп» деген жоқпын ба? Солардың біреуі қапылыста жазым қылса бақыл бол.
«Болашақ апатты — ет жүректің сезуі ықтимал» деген ғылымдық. жорамал расқа шықты. Мен Ленинград университетіне барып орналасқаннан аз күн кейін ауылдағы інім — Шәкен Мұстафиннен хат алсам, үйіне қайтып бара жатып, жолда Болатнайдың базарына тоқыраған Жәмпейісті әлдекімдер айуандық азаппен өлтіріп кеткен. Оқиға былай болған: Жәмпейісті әлдекімдер (кім екені әлі күнге мәлімсіз), Болатнай станциясына жақын жердегі қалың, орманның ішіне алып кіріп, адамның айтуға аузы бармайтын түрде, пышақпен тірідей турайды!.. Сол кезде, «Жәмпейіспін!.. Құтқарыңдар!» деп шыңғырған даусы орман шетінде жатқандардың құлағына шалынады. Қарусыз олар қараңғы орманға кіруге қорқады... Таңертең хабарланған милициялар келіп көрсе, Жәмпейістің сойған малдай мүшеленген денесі, бір орында үюлі жатады...
Сорлы Жәмпейісті жендеттер осылай өлтірді...
ТӨРТІНШІ ТАРАУ
ҚАРСАҚПАЙ САПАРЫ
АРТҚА АЛАҢДАУ
Семьямды ауылда қалдырып Қызылжарға келсем, қазіргі тарихшы, этнограф, академик Әлкей Хақанұлы Марғұлан сонда жүр екен. Онымен Абдолла Байтасов есімді мұғалімнің үйінде танысып, жай-жапсарларын сұрап ем, Ленинградтағы шығыс тілдерінің институтында оқитынын айтты. Ол менің де Ленинградқа оқуға баруымды мақұлдап, келе қалсаң менің пәтеріме түс деп адресін берді. Өзі аз күнде Ленинградқа жүріп кетті. Мен Ленинградқа поезбен кеп түскен күні «шүмектеп құйған» жауын екен. Ол қалада да автомобиль аталатын көлік болмай шықты. Әдетте, мұндай ірі қаланың вокзалының қасында тізіліп тұруға тиісті извозчиктерден бірен-сараны ғана көрінеді, өзгелерін жаңбырдан ықтаған жұрт мініп кетуге тиісті. Мен бұған дейін талай нөсер жауынды көрген сияқты едім. Мына нөсер олардың бәріне де ұқсамайтын сияқтанды. Мұнда су жерге тамшылап емес, шелектеп құйып тұр. Солайша төпеген жаңбырдан айналадағы биік үйлердің денесі емес, елесі ғана тұманға бөленген шыңдай бұлдырайды. Менің сыртқы киімім — жазғы жұқа пальто ғана еді. Оның ішінде — жаздық костюм. Извозчик іздеп вокзал алдында жүгірген шағымда, киімдерімнен өткен су денемді малшындырып жіберді. Жандәрмен дегенде күймелі фаэтонға жегілген атты әрең таптым. Баратын адресімді сұраған извозчик алатын ақысына аузын кеңірек ашты. Ол бес сом сұрады. Мұнысы — ауылдағы бағамен ту қойдың құны. «Сонша ақы алатын қанша жер?» деп сұрасам, бурыл сақалды қартаң извозчик: «көп жер!» дейді де, «Қымбатсынсаң мінбе!» — дейді. Саудаласайын десем, «біз аламыз» деп қасымда біреулер тұр. Амалсыздан ризаластым. Екеуміз жөн тарттық. Малшынған судан денем тоңази бастаған соң мен күйме ішіне кірдім де, бүрісе отырдым. Жолшыбайғы қала үйлеріне қарап отырарлық дәрменім болған жоқ. Шабан атпен, ақырын бүлкілмен ұзақ жүрген извозчик бір сәтте әлдене аласалау үйдің көше жақ есігінің алдынан тоқтады. Қақпасындағы жазуына қарасам ул. Декабристов, екен.
— Іздеген үйіңіз осы,— деді извозчик. Мен оған:
— Үйге кіріп, қажетті адамымды тауып, сізбен содан кейін есептесейін,— деп едім, ол:
— Күтуге уақытым жоқ. Ақшамды беріңіз де, арбадан түсіңіз,— деді.
Амал қанша!.. Қалтадағы азғана ақшамнан 5 сомды қинала суырдым да извозчикке ұстаттым. Ол жөніне кетті. Жауыннан қорғалаған мен жүгіре басып қрыльцоның шатырын паналап тұра қалдым да, ішкі қоңыраудың кнопкасын бастым. Аз уақыттан кейін биік бойлы, мұрты қақпақтай мосқал адам есік ашты да, сәлеміме жауап қайтармастан:
— Неғылған адамсың?— деді.
Мен жөнімді айттым. Қақпақ мұрт «естіген жоқпын» деп иығын көтерді де, есікті жаба қойды. Енді не істеуге білмей, кетіп қалудың ретін таба алмай кідіріп тұрғанымда есік қайтадан ашылды. Әлкей! Терезелері үлкен, еңсесі көтеріңкі, сарымен боялған сыртын кір басып қара-жағал түске көшкен, кей жерінің сылауы қопсып қотырлана жарылған, тұрпаты шағындау, екі этажды бұл көнетоз үйдің іші көз тартарлық жап-жақсы екен: өрнекті әдемі бояулармен сыланған, төбесі де әшекейленген, ішінде картиналары, сәнді мебельдері көп. Әлкей осы үйдің екінші этажындағы терезесі қораға қараған, жарығы көмескілеу кішкене бөлмесінде тұрады екен. Үлкенірек бір бөлмесінде Әлихан Бөкейханов, қос қабат кішіректеу екі бөлмесінде әйелімен Мұхтар Әуезов пәтерде тұрады дейді. Әлихан командировкада екен. Мұхтар әйелімен қала сыртындағы дачада екен. Әлкеймен жөн сұрасып үлгірмей есік қағылды. Кіріңіз! деді Әлкей. Ашылған есіктен әлгі қақпақ мұрт кірді. Әлкей оны «осы үйдің иесі» деп таныстырды, ұмытпасам, фамилиясы Эйхенвальд болу керек Ұлты—эстон. Қақпақ мұрт менімен тағы да тілге келместен, Әлкейге:
— Бұл кісі мұнда тұруға келген адам ба?—деп сұрады, мені иегімен нұсқап.
— Оқуға келді,— деді Әлкей.
— Жатақханасына баратын болар?—деді эстон.
— Әрине, — деді Әлкей күмілжіңкіреп,-— Бірақ ол жайда бұл жолдаспен әлі кеңесіп үлгірген жоқпын. Мүмкін, жатақханаға баруы, мүмкін пәтерде тұруы.
— Сонда,— деді эстон қалың, ұзын мұртын уысымен бұраңқырай сипап қойып,— бүгін қайда қонады бұл?
— Меніңше, осы үйде,— деді Әлкей, маған жалтақтай қарап қойып.
— Өйтуге болмас,— деді эстон, былай да солғын түсін суытыңқырап.— Бұл қалада тіркеусіз кісі тұрмайтынын білесіз. Тіркелмей бұл үйде қонуға болмайды.
Әлкей қымсынған бейнемен «бүгінше...» деп келе жатыр еді.
— Ол да болмайды,— деді эстон кесіп айтқан дауыспен, — Милиция біліп қойса бұған да, маған да штраф тарттырады.
— Тіркелуге кешікті ғой, қызмет аяғы болып қалды ғой! деді Әлкей күмілжіп.
— Ол менің жұмысым емес,— деді эстон.
Онда,- деді Әлкей амалсызданған кескінмен,— қонғанына ақша алыңыз! Бір күнге ақша ала алмаймын. Ол үшін жаңадан таза төсек салу керек, ертең, ол төсекті жинап тазарту керек. Төсек салынғаннан кейін бір күн жатса да, бір жұмыс жатса да бәрібір. Егер бір жұмалық ақысын төлесе, қондыруға болады. Ертең милицияға тіркелсе, бір жұма жатуына болады.
— Қанша ақша аласыз?— дедім мен.
— Жұмасына он сом,— деді эстон.
— Бір күн қонсам да ма?
— Ол ықтияр өзіңізде. Төсегімен, күн сайын жинауымен осы сияқты бір бөлмені сізге бір жұмаға беремін. неше күн тұрсаңыз да еркіңіз.
— Әлкей-ау, мынауың не деп отыр?— дедім мен қазақша тілмен.— Сендерден де осылай қымбат ала ма? Жоқ, менен ғана ма?
— Ұзақ тұратын адам болғандықтан, бізден онша қымбат алмайды,— деді Әлкей.— Оның есесін басқа жақтан ұтады: мәселен, Бөкейханов жаздай командировкада жүргенмен бөлме ақысын төлеп тұрады; Мұхтардың дачаға шығуына да екі-үш ай болып қалды, ол да төлейді. Кішкене бір бөлмесі бос тұр. Саған беретіні — сонысы болу керек.
Аз күн тұрады деген соң қымбат алғысы келіп отыр-ғой деймін.
— Мұны жөнге келтіруіңе болмай ма?
— Мен пәтер мәселесіне араласпайтын едім...
Сөз қысқарып қалды. Көнуге тура келді. Эстонның, «тіркеусіз тұра алмайсың» дегені бекер екен. Сұраған он сомын қолына ұстатқаннан кейін «оңай олжа таптым» дегендей, ол мұртын тағы да сипаңқырап қойып:
— Ертең я бүрсігүні асықпай тіркетем,— деді.
Жаңбыр ертеңіне басылды. Мен ауасы қоңыржай кішкене бөлмеде ұйқымды қандырып ап, маңайдағы асханадан ауқат жасадым да, «Василий аралы» аталатын жерге, Нева өзенінің батыс жақ жағасына орнаған, сырты сарғылт түсті университетке бардым. Оқуға алыну документтерімді сол күні реттеген дирекцияның маған жалғыз ғана ескерткені: «Жатақхана жоқ. Оған дәмелендірмейміз де. Пәтерде тұрып оқисыз. Сабақ аз күнде басталады». Пәтер табу оңай болған жоқ. Сонда, бөлме табылмайды емес (олардың қалада көптігі көшелерде күн сайын жапсырылатын жарнамалардан көрінеді), қалтадағы ақшамның аздығы бөгейді. Қызылордадан қалтама бірталай ақша тиеп шыққаныммен, «анаған... мынаған...» дегендей, барымды есепсіз жұмсай беріп, Ленинградқа азғантай ғана қаражатпен түскем. Эстонға пәтерге төлеймін деп, бұрын көрмеген қаланың сән-салтанаттарын кейде жаяу, кейде извозчикпен аралап көремін деп, алғашқы бір жұманың ішінде тиын-тебенімді тауысуға жақындатып алғам. Мұндағы тұрмыста аяқ басқан жерімнің бәрі ақшалы. Шамама қарасам, ондай шығынға ұзақ төзе алар емеспін. Бірақ «кейін қайту» деген сөз ойға кірер емес. Мен оқуға шелдеп келген кісімін. Оның жолында не қиындық көрсем де төзуге бел байладым. Сондағы үмітім.— Қызылордадағы қазақ баспасы. Оның менен кейінгі бас редакторы болып келуге тиісті адамы — Ғабит Мүсрепов. Оған мен хал-жайларымды айтып хат қалдырып кеткем.
— «Адасқандар» есімді роман жазуға кірістім,— дегем хатымда.— Шұғылдана жазудың үстіндемін. 28 жылдың аяғына дейін аяқтаймын деген үміттемін. Сонан шарт жасап аванс берулеріңді өтінем.
Ғабиттің жауабы кешігіңкіреді. Ленинградта мені жоқшылық қысыңқырай тусті. Сабақ басталып қалды. Ол мейлінше қызық. Тастап кетуге мүмкін емес. Енді не істеу керек? Менің қалталық күміс сағатым болушы еді. Өзі дағарадай үлкен де, шығыршықты күміс бауы бар. Эстонның бөлмесіне үшінші жұма үшін төлейтін ақшам болмағандықтан, бір күні маңайдағы барахолкаға осы сағатымды алып бардым. Қашан да, қандай қымбат нәрсе болмасын, аларда — бағалы, сатарда—бағасыз болатыны белгілі. Ол кездегі магазиндерде ұшыраспайтын бұл сағатты комиссионкаға қояйын десем, әрі кесетін бағасын арзан, әрі—«ақшаңызды сағат сатылғаннан кейін ғана аласыз» дейді. Қашан сатылады ол! Менде белгісіз уақытты тосарлық күй бар ма? Комиссионканың бағасын білмей ме, әлде зәру тоса ма,—«барахольщиктер» сағатымды қолына ұстап көреді де жарты я шірек құнын ғана беріп, кейін оған да алмай тәлкек қылады. Сағат екі-үш күнге дейін өтпеді. Жоқшылық қыса түсті. Әсіресе, эстон менен дәндеп алғандай, екінші жұмасы аяқталуға айналған шақта: кәне, үшінші жұманы төлеп қойыңыз!— деп алақанын жайды. Жобасынан шамалаймын,— эстон ақшамның сарқылып келе жатуын сезетін сияқты. Сонда да мен қысылған сайын өшіге түсіп, барымды сорып алғысы келетін түрін көрсетеді. Енді не істеудің амалын білмей сасып жүрген кезде, Ғабиттен күткен ақшам келіп қалды. Және бірталай ақша, дыңдай екі жүз сом! Міне, мұнымен тұруға болады! «Договор жасадық, өзіңе қол қоюға жіберіп отырмыз. Соны талғажау қыла тұр. Роман жазу — оқуыңа кесір келтіретін болмасын. Ақшадан тарықтырмаспыз. Шығармаңның сәтті болуына тілектеспіз... Сен екеуміз университетке бірге бармақ едік қой,— деп жалғастырыпты Ғабит, хатының аяқ жағын,— уәдеңе жетпей, мені «қақпаныңа» түсірдің де кете бардың. Мұндағы жұмыс қызу да, жақсы да екен. Атқаратын қызметім — Мемлекеттік баспаның бас редакторлығы. Сонымен қатар, өз бетіммен оқу арқылы әдебиеттік білімімді де көтеру ниетіндемін. Сенің маған әзірге көрсеткен жақсылығын, сол болсын — филология факультетіндегі бірінші курстың әдебиеттік программасын жібер және сол программа бойынша қолданылатын кітаптарды жібер». Мен Ғабиттің бұл өтінішін тез орындап, ішіне программа қосқан бір топ әдебиет оқулықтарын бандерольмен почтаға салдым... Ғабиттен келген екі жүз сом мені байытып жіберді. Мен енді «қанымды сүліктей сорып отырған» эстонның қармағынан шығуға тырыстым. Оның сәті де түсе кетті. Ленинградта студенттердің «Жерлестік» (Землячество) аталатын ұйымы бар. Ондай «жерлестік» бұл қалада Совет Одағының ұлт республикаларынан келген студенттердің бәрінде де бар. Қазақ жерлестігіне Ленинградтың жоғарғы оқу орны да бар. Қазақ жерлестігіне Ленинградтың жоғарғы оқу орындарында жүрген студенттер түгел қатынасады. Жерлестіктің мақсаты: ай сайын бас қосып, туған республикасының хал-жайынан мәліметтер білу, ұлттық сауық кештерін жасау, республика тақырыбына баяндамалар ұйымдастыру, республикадан берілетін жәрдем-қаражатты күн көрісі әлсіз студенттерге бөлу тағы-тағылар. Қазақ жерлестігіне Қазақстаннан барған екі жүз елудей студент қатынасады. Олардың 70—80 проценті қазақ. Председателі — Политехника институтында оқитын — Темірболат Телжанов, секретары — Энергетика институтында оқитын Ыбырай Тәжиев. Жеті кісіден құралған бюро бар. Мүшелерінің біреуі — менмін. Осы жерлестіктің бір мәжілісіне жиналғанда мен Темірболатқа пәтер жайымның ауырлығын айтып ем:
— Табу оңай,— деді Темірболат.— Өзің, тұратын пәтерге де, университетке де жақындау тұста жақсы пәтер бар. Өткен жылы бірнеше ай тұрып шыққан пәтерім. Иесі — неміс, қарт кемпір. Фамилиясы Киор. Біреуі инженер, біреуі артист — екі баласы бар. Олардың әйелдері бар. Пәтерді кемпір билейді. Үйі өте мәдениетті. Мен жалдаған бөлмесі бос тұр. Телефоны бар. Кең, жақсы бөлме. Менен айына он бес сом алған. Сенен де одан қымбат алмауға тиісті.
Темірболат атаған пәтер Плехановская, 42 аталатын үйдің алтыншы этажында екен. Неміс кемпір Темірболаттың жасаған ұсынысына бірден көне кетті. Аса тәртіпті, үй де таза және тиыш бөлмеде тұру менің сабақпен шұғылдануыма да, жазумен шұғылдануыма да тамаша жағдай жасады. Ең алдымен сабақ туралы. Университет сабағының көпшілігі лекция. Оларға барсаң да болады, бармасаң да ештеңе етпейді: Тек, оқытушы мен студенттер басын қосып пікірлесетін семинарлық сабақтан қалмасаң болғаны. Лекция үстінде мейлінше қызық жағдайлар да ұшырасады. Мәселен, шығысты зерттеуде атағы мен беделі дүние жүзіне жайылған академик Василий Владимирович Бартольд (1869—1930). Оның ғылымдық мәні аса терең томдарын мәдениетті жұртшылық өте зор бағалайтыны белгілі. Осы академик бізге Орта Азия тарихынан лекциялар курсын оқыды. Беделі сонша зор, білімі сонша терең бұл адамды табиғат бірнеше жағдайдан қағажау қылған. Мәселен: ол кезде жасы егде тартқан Бартольді бұдан бірнеше жыл бұрын паралич соққан екен де, оң жақ аяғы мен қолы селкілдейтін, басы қалтақтайтын боп қалған екен. Осы сырқаты кейінгі кезде ауырлаңқырап, аяғынан жүруге жарамай да қалатын бопты. Бірақ тәртіпке үйренген ғалым сырқауына қарамастан лекция сағатынан ешуақытта қалмайды. Кейде оны зембілге (носилкаға) сап көтеріп әкеледі де, трибунаның қасындағы креслоға отырғызады. Бартольд табиғатында қыли және кекеш боп жаралған адам. Оның айтуына аса қиын түсетін «б», «п» сияқты еріндік әріптермен «т», «д» сияқты таңдайлық әріптер. Мәселен —«попытка» немесе, «тетрадь» сияқты сөздерді айту — Бартольдқа дүниенің азабы. Мұндай сөздерді ауыр тұтығып бөлшектеп айтуына көптеген минут керек. Содан қысыла ма, әлде дағдысы ма — тұтыққан шақтарында қыли көздері ойнақши айқыштанып, басы ерекше қалтылдап, қол-аяқтары ерекше селкілдеп кетеді... Оның осындай жайын көрген аудитория толы студенттер біртіндеп сирей бастайды да, кейбір лекциялардың, орта тұсынан былай азшылығы ғана қалады. Кей лекциялардың аяғына шыдаған студенттің саны төртеу-бесеуден аспайды. Бірақ Бартольдың қызығы — лекция оқыған адамдары аудиторияда қалын, болсын, жұқа болсын, кейде тіпті бірен-саран ғана қалсын — оған көңіл бөлмейді, лекция академиктік екі сағатын тауыспай орнынан қозғалмайды. Біраз профессорлар академиктік сағатты ортасынан бөліп, өзі де демалады, студенттерге де демалдырады. Ал Бартольд денсаулығының кемдігіне қарап, уақытты босқа өткізгісі келмей ме немене — дыңдай екі сағаттың бойына кекештеніп селкілдейді де отырады. Неге екенін кім білсін, оның осындай халін көре тұра, лекциясын аяқтатпай бытырай тұра, студенттер Бартольд оқыған лекцияның бас кезінде кең аудиторияны үнемі лық толтырады... Әдебиет сабағының курстары да бізде үнемі қызғылықты түрде көңілді өтіп жатты. Оларға бару міндетті болмағанмен, мен ешбір профессордың, доценттің ешбір лекцияларынан қалмаймын, өйткені ешбір кітаптан таба алмайтын көп мәлімет аламын. Маған лекторлардың бәрі де қызық. Солардың ішінде ерекше қызығы — әдебиет теориясынан лекция оқитын профессор Килтуяло (аты мен әкесінің атын ұмыттым) және тілден сабақ беретін Л. Якубинский. Ең алдымен Килтуяло туралы: биік, семіз денелі, бурыл шоқша сақалды, қысқалау мұртты, шыққан тегі украиналық бұл профессор, әдебиет тану ғылымында «социологиялық мектеп» аталатын әдісті жақтаушы адам. Оның, баяндауынша, адамның өзге қылық, мінездері «социологиялық системаға» байланысты болуы былай тұрсын, өзінің жеке басына ғана жататын: ұйқы, күлкі, есінеу тағы-тағылар «түгелімен социологиялық системаның қарамағында». Әдебиеттік белгілі бір көзқарастан шыққан шындықпен байланысы аз бұл әдісті студенттер оңашада келекеге айналдырып, бұл тақырыпта неше түрлі шек қатарлық анекдоттар шығарады. Бірақ тәртіпке қатал профессордың алдында ол қылықтарын көрсетуге батпай, жым-жырт болады да отырады. Якубинский арық, орта бойлы, жұқа өңді, нәзік сүйекті, кілбигендеу адам. Оның, үстіне — құлағының мүкісі бар. Содан ба, әлде тіл мәселесімен шұғылданатын адам сөздің дыбыстарын ашық естігісі келе ме — әдетте ол былайғы жұрт мүлтіксіз еститін дыбыстарды, «Ә?.. Не дедің,?..» деп студентке қайта-қайта айттырып, кейде қалжыратып жібереді. Тілдің әдебиеттің тарихында «формальдық мектеп» аталатын ағым бар ғой. Бұл ағым «символизм» аталатын бағытпен қаны-жыны бірігіп араласып жатады ғой. Біздің Якубинский осы екі ағымды араластыра қолданып, лекциясына дәлел боларлық мысалды, көбінесе орыс символистерінің сырты бояулы, мағынасы көмескі я түсініксіз шығармаларынан келтіреді. Студенттер бұл әдіс туралы да толып жатқан анекдоттар шығарып, сабақтан бос уақыттарында шектеріміз қата тыңдаймыз. Біздің сабақтарымыз осылайша қызғылықты түрде жүріп жатты. Мен Ғабиттің өтінішін орындап, өзім өтіп жатқан сабақтардың толық программасын да, қолданылатын оқулықтарды да оған жіберіп жаттым. Меніңше, кейін қазақ әдебиетінің күрделі жазушыларының бірі болған Ғабит Мүсрепов, шын мағынасындағы әдебиеттік сауатын осы программа мен кітаптардан бірінші рет ашты. Маған қаланы аралап, оның іші-сыртындағы сарайларын, музейлерін, шеркеулерің ескерткіштерін, каналдарын, көшелерін көру, қала төңірегін көру оқудан кем қызық болған жоқ. Аздан кейін қала сыртына кеңірек жайылып: Шлиссельбург қамалы, Патша қаласы, Гатчина, Петергоф сияқты тарихы да, көркемдігі де тамаша орындарды бір емес, бірнеше рет көріп қайттым. Ол кезде қала сыртындағы тарихи орындардан көруге ең қиыны — Кронштадт ата¬латын арал екен. Россияның теңіздегі соғыс күші орналасқан бұл қамалды көру үшін соғыстық ұйымдардан рұқсат беру керек екен. Мұндай рұқсатты алуға, алғашқы күндері талай рет талаптанғаныммен, қолым жетпей жүрді. «Ит қорыған жерге өш» дегендей, көруге құмартқан Кронштадты мен ол күндері мұнарасының биіктігі жерден 97 метр «Исааки соборының» төбесінен ғана шолдым. Күзгі күндерінің көбі не жаңбырлы, не тұманды келетін Балтық жағасындағы Кронштадт Исааки төбесінен тек ашық күндері көзге мұнартып қана шалынады екен. Ақыры, пропуск аталатын қағаз қолыма қыс ортасында ғана тиіп, бір сәтте құмартқан Кронштадты да күн ұзын араладым... Ленинградтың, іші-сыртынан алған әсерлер басқа сыймастық дәрежеге жетті. Оларды қағазға түсіру үшін өзге жұмысты тастау керек. Ал менің негізгі жұмысым — оқу... < ондықтан жазуға елірген көңілді еріксіз тұсап, Петергоф аталатын очерктен басқа, бұл тақырыпқа ештеңе жазбадым. Бірақ:
Орыстың сулы жеген мәстегіндей
Бозбала жата алмайды қызға үйренген.
деп қазақ өлеңінде айтылғандай, оқу дегенмен жазуға үйренген адам — жазбай да отыра алмайды екен. Мен де сөйтіп, қаланың, оқудың қызығына ықылық атарлықтай тоя жүре, жазу жұмысымды да ұмытқан жоқпын. Сонда айналдырғаным — жоғарыда атаған —«Адасқандар» романы. Оны жазып бітіру — оқуым үшін де керек: оқуға қаражат керек. Ол жағынан бар сенгенім — осы роман. Оны да еске тұта тұра, романды тез жазуға жетектеген нәрсе — оның материалы. Бұл арада, сол материалдар жайынан оқушыларға аздап шертсек, артықшылығы жоқ қой деймін. 1928 жыл, апрель айының аяғы, Қызылорда қаласы. Ол жылғы жаз ерте түсті ме немене, апрельде күн ысып та үлгерді. Көптен жаңбыр жаумау салдарынан, Қызылорданың тас төселмеген май топырақты көшелерінен көтерілген шан, адамды құмықтырып жіберерлік. Есік, терезені ашсаң, шаң түтіндей бұрқырап үйге кіреді. Бірақ ашпауға амалың жоқ — тымырсық ыстықтан тынысың тарылып өліп кете жаздайсың. Шаңнан қорғанарлық жалғыз әдіс — терезеге сүзгі (марля) сияқты ауаны бөгемейтін, шаңды жібермейтін жұқа бірдеме құру. Ыстықтан қорғанарлық жалғыз әдіс — үйдің тақтай сәкісіне су шашасың да, үстіне дымқос кенеп төсейсің. Сондай орынға отырып қана жаза аласың. Бұл — менің «Сұлушаш» поэмасын жазып жүрген шағым еді. Әлгіндей жағдайда сирағы аласа дөңгелек үстелге шынтақтай отырып жазумен шұғылданам... Бір сәтте, «Ойбай, өлтіріп кетіпті!» деп шуласа жүгірген көпшіліктің даусы құлағыма сап ете қалды. Мен елеңдей қалдым. Өйтуіме себеп — жуық арада осындай бір шудың аяғы зәремді ұшырған оқиғаға соғуын көргенім бар. Сол шуды ести сала, терезеден сыртқа жүгіре шығып, жұрт топталған жерге барсам, көшедегі арықтың қасында күре тамырларынан фонтандай атқан қанын алақанымен басып, жанталасқан қимылда әлдекім етпетінен жатыр! Жұрт аударып көрсе — газет, журналдарда өлеңдері көп басылып жүретін Ғұбайдолла Балақадыров дейтін ақын! «Жедел жәрдем» оны арбасына сап алып кеткеннен кейін бұл оқиға қалай болуын сұрастырсақ: бишара ақын бөлмесінде сақалын алып отырып, әлдененің салдарымен кеңірдегін ұстарамен орып жіберген екен де, қаны атқылаған тамағын алақанымен басып терезеден сыртқа шыға құлаған екен. Неге өйтуі әлі күнге дейін мәлім емес. Ол Совет дәуірінде ғана жаза бастаған, советтік тақырыпқа ғана жазатын, өлеңдері күйректеу келетін, қуат жағынан жап-жақсы ақын болатын. Денесі арық, түрі қан-сөлсіз қара сұр, еріндері үнемі кезеріп жүретін, көз қарасы өткір, шашын иығына түсіре жалбыратып қоятын, шешіле сөйлеспейтін киіктеу бұл ақын, тегі психикалық сырқаттан азап шегетін адам болуға тиісті, өзін өзі бауыздауына осыдан басқа себеп болмауға тиісті... Ғұбайдолла Балақадыровтың өлімін көруден шошып, бір жұмадай аурып қалғам... Мына шу да құлағыма сол сияқты естілгендіктен, трусимен ғана отырған денем өзбектің жұқа ала шапанын іле сап, сыртқа шыға келдім. Ойбайласқан жұрт бір жаққа қарай жүгірісіп барады. Жалан, аяқ, жалан, бас қалпыммен мен де оларға қосыла жүгірдім. Қатарласқан әркімдерден «Кім өлген? Кім өлтірген?» деп сұрасам, «білмейміз» дегеннен басқа жауап бермейді. Әлден уақытта жұрт төңірегіне ошарыла қалған есік, терезесі салынбаған, шикі кірпіштен жаңада ғана тұрғызылған кішкене үйге жеттік. Қоршаған жұртты кимелей, терезеге жетіп үйдің ішіне үңілсем, боялмаған ақ тақтайлы сәкісінде әлдекім етпетінен сұлап жатыр, оның қарақұсынан көпірши аққан қан сәкіге жайылып жатыр!.. Өліктің ар жағында аузынан қан сорғалаған жас жігітті екі милиционер қолын арқасына байлап, күшпен ұстап тұр! «Бұ не?!» дегенше қаптай қалған көп милиционер есік, терезеден үй ішіне үрейлене қараған жұртты сырды да, өлікті де, қолын байлаған жігітті де алып шығып, атқа жеккен тарантастарға салып әлдеқайда алды да кетті. Не оқиға болғанын мен сол күннің кешіне дейін біліп үлгірдім: өлген жігіт — өзіме таныс «Еңбекші қазақ» газетінің қызметкері — Мұстапа Көшенов екен; қолы байланып, аузынан қан аққан жігіт — Мұстапаның туған бөлесі, Шымкенттегі Педагогика техникумының оқушысы Сұлтанбек Әбеуов екен. Екеуі де торғайлық. Сұлтанбек елінде Бәтима деген қызбен көңіл қосады (екеуі бастауыш мектепте бірге оқыған). Олардың қосылуына ел ішіндегі ақсақал, атқамінерлер бөгет болады. Қыз олардан шыға алмайды. Сұлтанбек өкпелейді де оқуына кетіп қалады. Қыз да ауылда қалып қоймай, жергілікті советтік орындардың жәрдемімен Қызылордаға оқуға келеді. Ол қалада тұратын торғайлық қызметкерлерге, елдің қызға жәбірленген ақсақалдары: Кімге қоссаңдар да еріктерің, бірақ Сұлтанбекке қоспаңдар» деп хат жазады. Олар осы өтінішті орындайды да, қызды алдастырып Мұстапа Көшеновке қосады. Бұл хабарды естіген Сұлтанбек Шымкенттен Қызылордаға әдейі кеп, қапысын табады да Мұстапаны жоғарыда сипатталған түрде өлтіреді. Қысқаша айтқанда, уақиға жайы осылай.. Бұл оқиғаның тамырын қазып байқасам, патриархальдық-феодалдық ескілік пен советтік жаңалықтың қатты түйіскен жері сияқты. Осыны анықтау үшін менің абақтыдағы Сұлтанбекпен де, Бәтимамен де сөйлескім келді. Прокурордың рұқсатымен абақтыға барсам Сұлтанбектің сөйлесер халі жоқ екен — ұстауға келген милиционерлермен алысқан шақта жоғарғы екі күрек тістері сынып, содан бет-аузы көнтиіп ісіп кетіп, аузы сөйлеуге келмей қапты. Ол маған записка арқылы ғана сөйлесті. Сонда айтқаны: «Уақиғаны дұрыс түсіну үшін, ен, алдымен Шымкентте қалған күнделігімді және Бәтеске арнаған өлеңдерімді оқыңыз. Олар жатақханада қалған. Қазір прокурордың қолына түсуге тиісті». Сұлтанбек бұл документтерді қарап шығуыма рұқсат беруін өтініп, прокурорға хат жазып берді. Документтер прокурорда екен. Ақтарып көрсем ескілік пен жаңалық күресінін, ғана емес, шын сүйіскен жастардың, айнымас махаббатының айқын ізі де жатыр. Бәтимамен сөйлессем, Сұлтанбек айтқан сөздердің көбін растайды. Бұл уақиғаны тереңірек түсіну үшін, мен Қазақстан Жоғарғы сотының коллегиясына арыз бердім де, сот мәжілісіне қоғамдық айыптаушы боп қатынасуға рұқсат алдым. Сот мәжілісі апрельдің 29 күні, Қызылордадағы кинотеатрдың залында ашық түрде басталды. Председателі — Ерімбетов, мүшелері — Исхак, Байжанов, Бәтима Мұсағалиева, хатшысы Әубәкіров. Прокурор — Сұлтан Жантуаров, айыпкерді қорғаушы адвокат — Дебагон, коғамдық айыптаушы—менмін. Үш күнге созылған сот мәжілісі маған қажетті материалды түгелімен анықтап болды. Бұл, әрине, романдық материал. Оны менің жазуым керек. Сонда атын не деп қоям?.. Сот мәжілісінде талассыз анықталған нәрсе — Бәтима опасыздық жасамаған, оны ескілік тұманы адастырған. Ендеше, ескілік салдары бақыт жолынан адастырған екі жастың трагедиясы туралы жазатын романға «Адасқандар» дегеннен лайық ат жоқ. «Адасқандар» романын жазуды мен Қызылордада бастадым да, жолшыбай тоқтаған жерлерде жұмысымды жалғастыра жүріп, аяғын Ленинградқа алып келдім. Мұнда сабақтарыммен шұғылдана, қаланың іші-сыртындағы әдеміліктерді тамашалай жүре романның алғашқы редакциясын 1928 жылдың 14 декабрі күні аяқтадым. Араб әрпімен жазылған бұл вариант 424 бет болып шықты. Оны тағы қарап шығуға қысқы каникул болып қалды да, тұрған пәтерім жайлы, қаражатым жеткілікті болғандықтан, туған аулымда қалған семьямды алып қайтуға поезбен аттандым. Қорған мен Қызылжар арасындағы Лебяжье станциясынан тосып алыңдар деп аулыма телеграмма бердім. Лебяжьеде мені жамағайынымыз — Әбілжан Сақтаров, немере ағаларым — Сәрсек Еменалин, Мырзағазы Нұртазин тосып жатыр екен. Ол маңай қақап тұрған қыс, әрі түтеген боран. Туыстарым станцияға семіз малдарын сойып әкепті де, еттерін өткізіп, ақшасына астық алыпты. Ауыл маңында астық жоқ дейді. Әбілжан (қазір 87 жаста, әлі де атқа ырғып мінетін пысық) жас күнінен «мазасыз» атанған адамның біреуі болатын. Ешкімге залалы жоқ, өз шаруасы өзіне жететін бұл адамның, мінезі мейлінше күйгелек те. Ауылда өз жұмысын түгел үлгеретін ол өзгелердің жұмысына да бас-көз болып, «әу, анау жерде анауың, мынау жерде мынауың, ретіне келмей жатыр» деп маза бермейтін. Оның ұйқысы — құс сияқты адам. Күн демей, түн демей, жаз демей, қыс демей оны үнемі жұмыс үстінде көресің. Өзі «әліпті таяқ деп білмейтін» сауатсыз. Сөйте тұра зиректігі ғажап — бұрын көргенін ешуақытта ұмытпайды. Көзінің жітілігінде күні бүгінге дейін хисап жоқ, қияда тұрған малдардың әрқайсысын түсі, түгімен айырып береді. Әбілжан сол сергектігі мен пысықтығын бүгін де істеп, Лебяжьеге қонған түні біресе «күн райын көріп қайтам» деп, біресе «таңды мөлшерлеп қайтам» деп бізге ұйқы берген жоқ. Бір шығып келгенінде «боран толастаңқырады» деп қайтты ол. Тағы бір шыққанында «жолымыз болды, боран ашылды» деп қайтты. Ендігі күтетіні — таң. Менде сағат бар. «Таңның білінер уақытын соған қарап айтам» десем:
— Сағатын, не білуші еді, тәйірі,— деп кейиді Әбілжан,—тетік сағатта емес, үркерде. Бұл көздің үркері — таңға жақын аспанның батыс жақ жамбасына барады. Ол алдатпайды. Сағаттан алданып қаламыз.
Бір сәтте қатты қалғып кеткен бізді Әбілжанның даусы оятты.
— Оу, тұрыңдар!—деген даусы сап ете қалды, шырт ұйқыдағы біздің құлағымызға.—Үркер батыс жақ жамбасқа таянып қалды. Қораздар да шақыра бастады. Шай қыздыртып ішкенімізше таң да сіберлейді. Үрлесін басқан жол ауырлау да болар. Екі-үш күннен бері еркін тыныққан аттар бабында, олардың қолқасы аман болса, бүгін ауыл қарасын көріп те қалармыз. «Ас адамның арқауы» дегендей, тамаққа тойып алайық та жүрейік.
Біз асқа тойдық та тан, бозара атқа қондық. Мен Мырзағазының шанасына отырдым. Оның жеккені — зор денелі, еті семіз, желісіне жылқы ертпейтін қара көк айғыр. Ол үйірге қарамаған күндерінде ертеден қара кешке болдырмай жортатын жануар. Мен Мырзағазының шанасына айғырдың осы жайын білгендіктен отырсам, «менің қасыма отыр» деген Мырзағазының ойы басқашалау екен. Станциядан шыға ел маған сұраулар қоя бастады.
— Бұған дейін ауылда орысша «Тоз», қазақша «Мойын қос» аталатын артельдер бар еді ғой,— деп бастады ол сұрауын,— оларға ұйымдасқан үйлердің саны аз еді ғой. Әлі де көбейіп мәз болған жоқ. Бірақ алып-қашты сөздердің, ыңғайына қарағанда, алдымыздағы көктемнен бастап артель болмайтын жан қалмайды деседі ғой. Осы не сөз?
— Қайдам,— деп жауап бердім мен,— шаруашылық жұмыста емес, оқуда жүрген адаммын, сондықтан ауыл-селоның жаппай артель болуы дәл қашаннан басталарын білмеймін. Менің білетінім — ондай шара ерте ме, кеш пе басталуға тиісті.
— Оны біз де білеміз,— деді Мырзағазы.— Мен жұрттың айтқанын айтып келе жатырмын. Артель болу алдағы жаздан қалмайтын көрінеді. Бұл анық хабар. Және алдағы артельдің аты «Тоз» да, «Мойын қос» та емес, «колхоз» болады деседі. Рас па сол?
— Мүмкін,— дедім мен.
— Ал енді, екінші мәселеге келейік,— деді Мырзағазы,— колхоз болуға байланысты, қазақтың байлары, орыстың кулактары түгел жойылып, мал-мүлкі колхоздың қарамағына беріледі де, өздері жер ауады деседі. Осыдан не білесің?
— Бұл да маған мәлімсіз сөз,— дедім мен.
— Мен сені қаны бірге туысым, немере інім, шынын айтар деп сұрап едім,— деді Мырзағазы, кейіңкіреген дауыспен,— сен маған шыныңды айтпай отырсың, Сәбит. Енді ол сөзді қозғамай-ақ қояйын. Осы өкімет не ойлайды сонда? Қанаушы тап аталатындарға қарсы әртүрлі саяси шаралар қолданбақ болады да, онысын сол қанаушы таптан жасырған болады. «Ел құлағы елу» емес пе? Қоян екеш қоян да жауынан сақтанбай ма? Қанаушы тап деген де адам емес пе? Алдағы күндерде өзіне қарсы жүретін саяси шараны күн бұрын естіп отырмай ма ол? Соған қарап, қорғанудың, қамын жасамай ма?
— Не істейді, жасағанда?— дедім мен.
— Істейтінін айтайын,— деді Мырзағазы,— былтыр ғой қазақтың ірі байларын кәмпескелеу науқанын жүргіздіңдер? Сонда ғой байлардың көп малын кедейлерге беріп, қарық қыламыз деп ойладыңдар? Қылдыңдар қарық, аталарыңның басын? Өзің білетін ірі байлардың бәрі қарамағындағы қымбатын күні бұрын сатып бітірді де, кедейлердің артеліне ұшығы мен пұшығын ғана ұстатты.
Расын айтып келеді Мырзағазы. Олай болуын өткен жаз өзім де көргем. Мысалы: 1926 жылдың, санағында жылқысы — мыңнан, сиыры — үш жүзден, қойы — екі мыңнан асатын Әлти Көкенозтың үйінен конфискация жұмысын басқаратын комиссия не бары алпыс шақты жылқы, жиырма шақты сиыр, жүз шақты ғана қой алған; ішіне асыл жиһаздарды толтыра буған үлкен кілемдердің біреуі де табылмаған; миллионердің үйіндегі ыдыс-аяқтардың нелер қымбат сервиздері өз еркіне берілгенде алып жүруге мүмкіндігі жоқ мол ыдысты: «кедейлерге бергенше қиратып кетейін» деп Әлтидің Маржан есімді келіні қора ішіне шығарған да балтамен уатып, іске жарағысыз сынығын тастап кеткен. 28 жылы кәмпескеленген байлардың көбі осылай істеген. Егер осындай хал ауылды колхоздандыру тұсында қайталанса, тап ретінде жойылды деген аты ғана болмаса, колхоздардың одан көрер шаруашылық пайдасы не?.. Сондықтан, Мырзағазыға:
— Колхоздану науқанында да осылай болады деп ойлайсың ба?—деген сұрау бердім.
— Енді қалай болады?—деді ол.— Бай-құлақ дегендерін бұл пәлені өткен күзден бері естіп, мал-мүліктерінің, ақшаға өтетіндерін сатынып-сұғынуда. Құтырлағанда өзің білетін Токоревтің ұшан-теңіз байлығы төрт баласында, кайр қаңқиған қарағай үйден басқа түк те қалған жоқ.
— Өзің ше?
— Мен,— деді Мырзағазы кейіген кескінмен,— көресімді өзгеден емес, туған әкемнен көріп отырмын. Мал басын көбейтуден басқа түк білмейтін бишара, замана жайын айтып, өтетін малды сатып бітірейік десем: «алла сақтасын, айта көрме!» деп зыр ете қалады. Оның еркіне салсам, бір малды да саттырар емес. Өзіңе белгілі, соңғы уақытқа шейін мен әке тілінен шықпай, ырқына көне беретін едім ғой. Биылғы күзден бастап амал жоқ қарсы шығуға тура келді. Әкемнің ойбайлап-байбайлағанына қарамастан, қорада семіртіп тұрған он шақты атан өгіздің төртеуін сойдым да, осы сапарда Лебяжьеге әкеп өткіздім. «Мал не құтқа, не жұтқа бітеді» дегендей, біздің үйдің малы құрғыры соңғы жылдарда өсіп кеткен: жылқымыз жүзге таянып қалған, сиыр да елу шақты, ұсақ қара — үш жүзге тарта бар; өткен жаз шөп жақсы шығып, кезінде шауып, маяны көп үйіп алғамыз, сондықтан мал атаулы семіз, ішінде пышаққа ұстамайтыны жоқ.
— Соларды,— деді Мырзағазы қатты күйінген дауыспен,— өзге байлар сияқты біз де сатып, сойып бітірейік десем, анау көксау ағаң рұқсат бермейді. Бұдан бірер жыл бұрын біздің үй бұл болыстағы байлардың орта тұсына әрең қосылса, қазір болыстағы ең бай үй — біздікі деп санауға болады.
— Енді қайтпексің?— дедім мен.
— Қайтушы ем,— деді Мырзағазы,— шамам жеткенінше сатам да, қалтама ақша басам. Сенен жасыратын сыр жоқ: ертең бай боп кәмпескеге іліксең басы әкемнен бастап, біздің үйдің бар жанында үстіне бір-бір қабаттан дұрыс іліп шығар киім жоқ. Менің өзімде бір ғана көнетоз көйлек-дамбал мен жеңіне жамау кірген бір ғана көнетоз камзол-шалбар бар!
Онысы рас. Екі жүз үйді Сибанның ең ауқаттыларының бірі бола тұра, Нұртазаның үйі өмірінде жарқырап та, артық та киім көрген емес, жасау-жиһаз да жинап көрген емес. Ыдыс-аяқтары да сондай... Осынын, бәріне айыпты — жалғыз Нұртаза ғана. Сараңдық жағынан ол Гогольдің Плюшкині... «Неге бүйтесің?» деген кісіге: «Тәңірім жарқырап киюді, жарқырап тұруды ұнатпайды. Пайғамбарым өте жұпыны тұрған. Мен содан артықпын ба?» деп жауап береді. Ауылдағы адамдардың кеңесіне құлақ тіксем Мырзағазының, айтқандары рас. Бай-құлақ аталатындардың ішінде Нұртаза сияқтылары кемде-кем. Көпшілігі ақшаға өтетіндерін қирата сатуда. Бай-құлақтардың бұл қылығына ауылда тыйым салушы естілмейді. Және қалай салады ондай тыйымды? Ауылдағы азғана белсенді бай-құлақтардың бәріне ие бола ала ма? Оның үстіне, бірталай белсенділердің бай-кулактармен «жең ұшынан жалғасып», өзі тойғаннан кейін, көрсе де көрмеген, білсе де білмеген боп жүргені байқалады. Ауылдағы қиыншылық бұл ғана емес екен. Бұдан да қиыны — алдағы көктемнен бастап жаппай колхоздасады деп отырған кедейлердің басым көпшілігі, сол колхоз дегеннің не екеніне әлі де түсінбейді екен, «тап жауы» аталатындар оларға: «Бізді жойған соң бар салмақ саған түседі, оны сен де көтере алмай құлайсың» десе, бір жүйе кедейлер соған нанып, қорыққан, сасқан түрде: «Біз қайтеміз?» деп менен сұрайды. Мен олай да бұлай деп түсіндірген болам, оған олар: «Ие, бәсе» деп сенген сияқтанады. Ал өзге ауылдарда қалай? Олардың да кедейлері (әрине, осы ауылдікі сияқты. Оның бәріне колхоздың не екенін түсіндірерлік үгітшілер керек, ондайлар ауылда өте аз сияқты, «ауыл белсенділері» аталатындардың, көбі колхоздың не екенін өзгеге түсіндірмек түгіл, өзі де түсінбейтін сияқты. Бұл жайды жақсарту үшін не істеу керек? Әрине аудандық партия және совет мекемелеріне барып естіген-білгенді хабарлау, пікірлесу керек. Өйтуге аудан орталығы — Майбалық біздің ауылдан жүз отыз километрдей жерде тұрады, қыс төте жолды қар басып, алыстан орағытады, оған төрт-бес күн керек. Менде ондай уақыт жоқ. Сондықтан -райкомның жаңа секретарь! — Махмұт Қаңтарбаевқа хат жаздым да, әйелім мен баламды алып Лебяжьеге жүріп кеттім. Одан Ленинградқа жол тарттым. Бірақ арттағы ауыл жайына қатты алаңдап кеттім...
ТҮЙЕМЕН ТАСЫҒАН ЗАВОД
Қызылордада мен Ғабит Мүсіреповтың пәтеріне түстім. Оның семьясы туған аулына демалысқа кеткен екен. Қасында, жуық арада Қызылжардан Қызылордаға қызметке келген, белгілі ақынымыз — Жақан Сыздықов бар екен. Ғабиттің де ол кезде «тап тартысы» дегенге белсене қатынасып жүрген, алашорда дегенге, оның «идеологиясы» дегенге қарсы қаламын қатты сілтеп жүрген шағы. Қазақ баспасында бас редактордың қызметін атқарумен қатар, ол КазАПП-тың да басқарушыларының біреуі екен. Қызылордаға келген бір жылдық уақыттың ішінде ол республика астанасындағы мәдениет басқарушыларымен де, саясат басқарушыларымен де жақын танысып, көбімен әкей-үкей боп та үлгіріпті, сондықтан республика басшыларының есептесетін, ақылдасатын адамдарының бірі бопты. Қызметімен қатар, ол мен Ленинградтан жіберген программа бойынша кітаптарды көп оқып, әдебиеттік сауаты ашылған, ол жайда саналы пікірлерге келген, пролетариаттық идеология аталатын майданда көзге көрінген күрескер адамның біріне айналыпты. Республика қызметкерлерінің мән-жайын сөйлескенде: «ендігі тәуіріміз осы болатын түрі бар» деп, Ғабит Қазақстан Халық Комиссарлар Советінің председателі — Ораз Исаевты көтеріңкірей сөйледі. Мен Оразды Ғабиттің рекомендациясынсыз-ақ жақсы білем. Онымен ең алғаш орынборлық дәуірде танысқанымды жоғарыда қысқаша баяндағам. Кейін 1926—28 жылдары Қызылордада тұрған шағымда Оразбен қызмет бабында да, үйінде де араласып жүретін адамның біреуімін де. Қазақ жазушыларынан оның көбірек жан тартатыны мен болатынмын. 1926 жылдан бастап, кадрларды қандай қызметке қоюдың, тізгіні көбінесе Оразда болды. Алғаш ол крайкомның ұйымдастыру бөлімін меңгерушіге орынбасар болғанмен. қызметкерлерді, әсіресе қазақ қызметкерлерін қалап орналастыруды қолынан таратты. Бұл ісінде ол жерлестігіне, руластығына емес, іскерлігіне қарады. Бұл жағынан Ораз Исаев қазақ республикасында бұрын-соңды басқарушы болып келгендердің ең объективный адамының бірі. Ораз орысша тілге де, қазақша тілге де шешен, алғыр және іскер адам да. Содан ба, әлде бағынышты болуынан ба — Қазақстанның ол кездегі барлық қызметкері, әсіресе қазақтар Ораздың маңайына көбірек үйіріліп, оны бедел тұтты. Ол кездегі қазақ қызметкерлерінің арасында да «оң», «сол» дегендер болғанын білеміз. Голощекин басшылығы осыларға шабуыл жасағанда аямай соққы берушілердің біреуі — Ораз Исаев еді. Осы бетінде ол, өзгелерді былай қойғанда, өзіне алғаш рухани жетекші боп, саяси іске баулыған Әбдірахман Әйтиев пен Сейітқали Меңдешевті де қатты сынады. Өзгелер сияқты елеулі қате-кемшіліктері бола тұра, Әйтиев те, Меңдешев те Октябрь революциясының жеңісіне қарумен қатынасқан, Қазақстан Совет үкіметін құруға, оны басқаруға белсене қатынасқан адал большевиктердің қатарынан құрметті орын алатын кісілер. Ұлтшылдықпен, жікшілдікпен қатты күресе отыра, Голощекин басшылығында болған бір кемшілік — кейде объектившіл болғансып, әлдекімдерді көтермелей де қоятын. Мысалы, Әлімхан Ермеков. Ол алашордашылдық қозғалыстың үлкен лидерінің біреуі болған. Жиырманшы жылдардың орта кезінде Голощекин осы Ермековті көтермелеп, Госпланның председателінің орынбасары қып тағайындады да, бір сөзінде: «Біз социализмді Ермековтердің қолымен құрамыз» деген ұран тастады... Мен 1929 жылдың жазында Қызылордаға келсем Халық Комиссарлар Советінің председателі Ораз екен. Ғабит үйіне түнеген күннің ертеңі — жұма еді. Ол кезде мұсылман аталатын ұлт республикаларының бәрі де жұма күні тыныс жасайды. Мен оған қарамастан Ғабиттен адресін алдым да Қызылорданың арбакеш аталатын жадағай извозчигін жалдап, Ораздың, жаңа қаладағы пәтеріне тарттым. Ол бақшалы кең қорасы бар особняк екен. Бойына жастан біткен мінезі ме, әлде «үйленгеннен» кейін пайда болды ма — Ораздың бір әдеті кісімен жүре, өлеңдете сөйлесетін еді. Ол Батыс Қазақстанның, әсіресе Мұхиттың әндерін жақсы көріп (өзі со жақта туып-өскені есімізде) әрдайым мұрнынан ыңылдап айтып отыратын. Бүгін де ол сөйтіп, әлсін-әлсін Мұхиттың «Кіші айдайын» ыңылдай берді, онысы менің қытығыма тиіңкіреп отырды. Ораз әдебиетті, оның ішінде қазақ әдебиетін үзбей оқитын және оқығаны туралы пікірлері бар адам болатын. Арнаулы әдебиет курстарын өтпегенмен, көркем әдебиеттің теориясын да, тарихын да тәп-тәуір білетін. Оның әрбір шығармаға айтатын пікірлері елеулі, салмақты болатын. Біз бұл жолы да Оразбен қазақ әдебиетінің қазіргі жайы туралы пікірлесіп алдық. Оның бұл кездегі алға ұстағысы келетін жазушылары, прозада — Ғабит Мүсрепов, поэзия — Әбділда Тәжібаев екен. «Актуальді жазушы» деп ол Асқарды да жақсы көретін. Ал қазіргі бағасында Асқар жеңіл кавалерия сияқты да, Ғабит пен Әбділда салмақтылау, табандылау сияқты. Сәкен Сейфуллин мен Ілияс Жансүгіров екеуіне Ораз өкпелі екен. Сондағы дәлелі: «Өткен жылы қазақтың ірі байларын кәнпескелеу науқанын өткіздік. Филипп Исаевичтің (Голощекин) айтуынша, бұл шара — Қазақстанда жасалған «кішкене Октябрь». Осы үлкен саяси науқанға Сәкен де, Ілияс та белсене ат салыспай, Сәкен «Қара арба» деген атпен, Ілияс «Кәмпеске» деген атпен поэмалар ғана жазып доғарды. Екі поэма да көңілдегідей емес, екі поэманың да мазмұны партия қойып отырған талаптан төмен, олардан Әбділда Тәжібаевтың, «Айдалған бай» атты поэмасы идея жағынан да, көркемдік жағынан да жоғары». Туралап айтпағанмен Ораз маған: «сен де бұл науқанның, сыртында қалдың» дегендей ыңғайын білдірді. Мен оған соңғы кездегі уақытымызды оқуға ғана арнап жүргенімді айттым. Жазғы каникулды қайда өткізуді ақылдасқанымда:
— Сен бұл жолы ауылға емес, өндіріске бар,— деді Ораз.— Олай дейтінім: жаппай колхоздану науқанын, біз Қазақстанда әлі толық жүргізген жоқпыз. Өйтуге күзден бастап кірісеміз. Өндіріске бар дейтін себебім — Қазақстанның кен байлығы қазір молаюға айналды. Алдағы аз жылдың ішінде біздің республика ауыр өндіріс жағынан Совет Одағындағы республикалардың көбінің алдына шығатын болды. Осы зор істің бастамасы сияқтанып, еткен жылы Қарсақпай мыс заводы ашылды. Оның қазіргі аты —«Қазақстан». Әлі кемеліне келмегенмен, бұл заводтың атқарып жатқан қызметі көп. Сен бұған дейін ауылдағы кедей-батырақтардың тұрмысын көбірек жазып келдің. Өндіріс тақырыбына тиіп-қашты ғана барып жүрсің. Оның заңды да, өйткені, өндіріс орындарында болған жоқсың. Қарсақпайдаты жұмысшылардың жетпіс-сексен проценті қазақ деседі. Олар шын мағынасындағы қазақ пролетариаты. Және советтік дәуірдегі пролетариат. Олардың тұрмысымен, ісімен танысқаның жөн. Қарсақпайдың бүгінінен болашағы әлдеқайда зор. Ол жайды да білуін, керек.
Исаевтың сөзі маған қонымды көрінді. Осы ойымды айтқанда:
— Ендеше,— деді ол, ұсынысын қабылдауыма риза болған кескінмен,— Қарсақпайға тез баруыңның сәті де түсіп тұр. Алдағы екі-үш күннің ішінде сол заводқа Филипп Исаевич барып жұмысшылармен танысып қайтпақшы. Сен сонымен бірге кет.
— Егер ертсе,— дедім мен.
Олай дейтінім: Қызылордада үш жыл қызмет атқарған шағымда, Голощекинмен бір рет те шүйіркелесіп сөйлескен емен. Біреулер мені сырттан жамандап қоя ма, әлде мінезі аристократтау адам менсінбей ме, жиналыстарда ғана кездескенім болмаса, былайғы жерде қабылдаңыз деген өтінішімді орындамайтын. Осы жайымды Оразға айтып ем:
— Прием сұрап өзіңнің барғаның мақұл,— деді Ораз,— Филипп Исаевич самолюбиесі күшті адам. Кісі арқылы сөз салуды ұнатпайды. Және шалың сен көргеннен біраз өзгерді. Алғаш кеудесін көтеріп, «өзім би, өзім төс» деп одырая келгенімен, асауды үйреткіш қазекеңдер жан-жағынан түрткілеп, біраз жуасытып алды. Арызсыз жүрмейтін әркімдер Голощекиннің үстінен Сталиннің атына бюрократ, диктатор, менмен деген арыздарды айдап, бір ретте Сталин «Голощекинге «байқа!»—деп сақтандырса керек. Содан бері батырын, оншалық кеуделей бермейді.
Ораздың айтқаны рас та, рас емес те боп шықты. Расы: кабинетіне кірген маған бұрынғыдай кекіреймей орнынан тұрып, қарсы алып амандасты; рас емесі: Сталинге еліктейтін дағдысымен екі қолын шалбарының қалтасына сала, ерсілі-қарсылы жүре сөйлесті және тым аз сөйлесті.
— Оқуға кеткеніңді білем. Ал қалай оқыдың?— деп бастады ол амандықтан кейінгі әңгімесін. Мен оқу жайын толығырақ баяндауға айналған едім:
— Оны қоя тұр, келген шаруаңды айт!— деді Голощекин. Мен Қарсақпайға бару ойымды баяндай бастап ем:
— Оны да қоя тұр,— деді Голощекин,— барғаның мақұл. Жазушыларға ендірісті көру керек. Ал сонда менің не қатынасым бар бұл сапарға шығуыңа?
Мен бірге ала кетуін өтінетін сөздерімді бастап ем:
— Мақұл,— деді ол, тағы да сөзімді бөліп,— бүрсігүні таңертең таң біліне Жосалы станциясынан табысатын болайық.
Жосалыға мен москвалық поездің әдеттегі вагонымен барып түстім. Бұл — таңның жаңа сіберлеп келе жатқан кезі еді. Голощекин мініп келген үкіметтік вагон да осы составтың артына тіркеулі екен. Ол вагонның ағытылғанын, қай жерге қойылғанын бақылап тұрдым да, состав жөнелгеннен кейін қасына бардым. Вагон алдында киімі әскери формалық талдырмаш, аласалау бойлы, дөңестеу ұзын мұрынды, жұқа өңді, қайыс белбеуіне наган асынған адам тұр екен. Таныссам — Қазақстан ОГПУ-інің39 начальнигі Ольманский екен. Менің Голощекинмен Қарсақпайға бірге баратыным оған мәлім боп шықты. Ол да КСНХ-нің40 меңгерушісі — Макагон де Голощекинмен Қарсақпайға бірге барады екен. Бізге «фордик» аталатын америкалық жеңіл машина даярланыпты, оны бізге Қарсақпай заводының дирекциясы әдейі жіберіпті. Басқа жеңіл машина Жосалыда жоқ екен. Айтушылардың сөзіне қарағанда, Қарсақпай заводы Жосалыдан бес жүз километрге жақын жер. Жолшыбай аралары алшақ бекеттер ғана кездеседі. Олар да бірер үй ғана. Жүретін жолымыз әрі қазылып, әрі шаңы бұрқырап... дегендей, машинаға аса қолайсыз. Бекетсіз жерлер сусыз шел. Бекеттердің, де көбіне су алыстағы бұлақ я құдықтардан түйемен тасылады.
— Ендеше,— дейді бұл жайды айтушылар,— біріншіден, бұл сапарға қосалқы машина алмай шығуларыңыз қиын, екіншіден, машинаға қажет жанармайды да, азық пен сусынды да мол алып шығу керек, өйткені, бекет араларындағы бір шелде машиналарыңыз тұрып қалса, ашығып та, шелдеп те жазым болуларыңыз мүмкін.
Қосалқы машина жайын сұрастырсақ, завод экспедициясының қорасында тұрған он шақты грузовиктің біреуі де жолға жарамсыз екен. Голощекин гараж бастығын кеудемсоқтыққа салып қысып еді, ол:
— Бер десеңіз берейін, қай тәуірін берейін, бірақ шоферлердің және механиктердің айтуынша бұл гараждағы машиналар сенімсіз. Ең тәуір дегенін берейін. Ал егер жолда тоқтап қалса, бізді кінәламаңыз.
Машиналар жайынын, сондайын көре тұра, «тәуекелге бел байлап» дегендей, Голощекин ең тәуір деген грузовиктен екеуін даярлауды бұйырды. Олар гараждың хал-қадарынша даярланып, таң еркін атқан кезде запас бензин мен ас-суды грузовиктердің біреуіне артып, біз екі грузовик, бір легковикпен жолға шықтық. Жол өзінің қандайлығын Жосалы станциясынан Солтүстік шығыстың арасын ала Қарсақпайға жөн тартқан алғашқы адымымызда-ақ көрсетті. Кең жолдың торабы, былай қарағанда, жусанды сұрғылт далаға тегістеле, қасқая тартқан сияқтанғанмен, жөнеле бергенде байқасақ, торапта тегістенген ұлпа шаңның асты қиқы-шойқы оқап екен. Машиналардың доңғалақтары қиқалаңдай шайқалғанда, ішінде отырған адамның шек-қарны үзіліп кетерлік. Доңғалақ қимылынан қобырай көтерілген қою шан, машинаны жауып жіберіп, терезеден тук көрсетпейді. Егер қарсы я қатар келе жатқан машиналар болса біріне-бірі қақтығып, қирап қаларлық. Біз алғаш «фордикке» бірге мінгенбіз: Голощекин шофердің қасына, Ольчанский арт жақтағы ортаға, Макагон — оң жағына, мен сол жағына. Машина жаңағыдай теңселе бастаған кезде біз біріміздің, үстімізге біріміз құлап, кейде бастарымыз да қатты соқтығып қалып, әуре-шікіре болдық. Оның үстіне, фордиктің есік, терезелерінен ішіне кірген шаң, тұман боп кетіп, қақалып өлуге айналдық. Бұл халде жүру мүмкін болмағандықтан, мен артымызда келе жатқан грузовиктің біреуіне отырдым. Қасымдағы екеуінің шыдағысы келді. Жосалыдан ұзамай күн де көтеріле бастады. Бұл — кәдімгі Қызылорданың аспаны бұлтсыз шаңқайған ашық күні. Жәке «әуе айналып жерге түскен» дегендей, мейлінше ыстық күн. Машинаның тулай шайқалуына, шаңның бұрқырай құмықтыруына, шаңқиған күннің жалындай алауланған ыстығы араласқан соң берекеміз кете бастады. Дегенмен ілгері жылжып біраз жер барған шақта мен мініп келе жатқан грузовик тоқтады да, одан әрі жүре алмайтындығын көрсетті. Не істеу керек? Айдалаға тастап кету қиын. Және машина қалғанмен, шоферының қалар түрі жоқ. Ол боқтампаздау, бейбастақтау біреу екен. Машинаның тетігі бүлінгеннен кейін «Қазақстан» аталатын заводтың былапыттамаған түгін де тастаған жоқ. Соған қоса: «не тас жол жоқ, не темір жол жоқ, осындай шел даланың жырағына завод салды»,— деп Қазақстан басшыларын да тілі жеткенше сыбап алды. «Шофердың мұнысы — Голощекиннің, қай қызметте екенін білмеуден болар» дегендей, «аузынан ақ ит кіріп, қара ит шығып жатқан» шоферға, Ольчанский жақындап барып сыбырлап еді, анау бәсеңдеудің орнына үдеп кетті. Шофердың былапыт сөзіне төзбегендей Голощекин аяңдап алысқа кетіп қалды. Боқтаудан ештеңе өнбеуіне көзі жеткендей болған шофер: «Машина қала берсін, одан жаным қымбат, мен өлгенде үйдегі үш балам менен жұмыссыз әйелімді асырайтын ешкім жоқ», деді де, жүруге жарайтын екінші грузовикке мініп алды. Шоферға істер амалдары жоқ, серіктерім:
— Енді не тұрыс бар,— деді біріне бірі,— бұзылған машинаны қалдырайық та ілгері жүрейік.
Өзге серіктерім фордикке мінді. Мен екінші грузовикке міндім. Шаңытқан ыстықта ілгері жылжыдық. Күн көзі жоғарылаған сайын тынышсыздық күшейе түсті. Енді жолдың қиқаңынан, шаңның бұрқырауынан, күннің шыжуы қаттырақ батып, адам жүріп болар емес. Енді не істеуге білмей келе жатқан шақта алдымыздағы «фордик» тоқтады. Біз де таяндық. Машина есігін ашып шыға келген серіктерімнің үсті-басы менен бет-аузы шаңнан көрінбейді, қаққан киімдерінен құрғақ топырақ гуілдеп түседі. Шаңға қақалудан, ыстыққа шыжудан ауыздары сөз сөйлеуге әрең келді... Өздері өлердей шөліркеген. Сусындарын қандыру үшін грузовикке артқан жәшіктегі сыра, лимонад сияқты ішімдіктерді алып көрсек күнге қызып, жылымшы татып кеткен — ішу түгіл ауызға аларлық емес. Сонда да амал жоқ, шөліркеген жұрт құныға жұтып, әрең дегенде жан шақырды... Маңайда адамзат көрінбейді. Көп уақыт жүргенімізбен, «бекет» деп атаған мекеннен ешқайсысы әлі ұшыраған жоқ. Бірақ жалыны лаулаған ыстықта, шөл далада тұрып болмайды, сындықтан амал жоқ, ілгері жылжыдық. Мезгіл түске тармасып, өлдік-талдық деген шақта бір бекетке жеттік-ау! Онысы — бұйраттанған қалың құмның етегіндегі кіп-кішкене, ап-аласа, шатырсыз жападан-жалғыз ғана землянка екен. Ал маңайда кейі шөгіп, кейі тік тұрып ошарылған түйелермен, олардың арасында топырлай жүрген адамда хисап жоқтай. Жүндері күзелген, терілері қара қайыстанған жүдеубас түйелердің бәрінін, де арқасына жүк тиелген. Олардың, маңайында жүрген қазақы киімді адамдардың үсті-басы жөнеу, өңдері жүдеу, жоқ азабын тартқандары жүріс-тұрысынан да, кескін-кейпінен де байқалып тұр. Бекеттің хал-жайымен таныссақ, жанға рақат ештеңесі жоқ екен. «Тиыштықпай» аталатын бұл бекет Жосалыдан жүз жиырма бір километр боп шықты. Өзі кішкентай екі-ақ бөлмесі бар жалғыз ғана үй. Оған жолаушылар түгіл, көп жанды үй иесінің өзі зорға сияды екен. Сонда да қарасын кәріп тоқырайтын жүргіншілер, үйдің төңірегіне ғана тыныстайды екен. Күндізгі панасы — шөктірген түйенін, көлеңкесі ғана, түнгі панасы — ашық аспанның асты. Бұл бекетте жолаушыға сататын азық атымен жоқ екен. Оларға тек су ғана беріледі... Суды қайнатуға ашық аспанның астынан жер ошақ қазылған да, жаңбыр жауса қорған болсын деп төбесіне биіктеу сөре орнатылған. Талай уақыт түтінге шалынудан свренің тіреу ағаштары да, үстіне жапқан қамысы да ыстан қарақұрым боп кеткен. Қазан үлкен екен, шамасы он шақты шелек су сиярлық. Ал осы қазанның сыртына қалыңдығы қарыстай боп жабысқан ысты былай қойғанда, ішіндегі кірінің өзін саусақпен сыпырып аларлық. Үй иесіне мұны неге жумайсыңдар десек, ақысын бермеген істі кім атқарады? Бізге ешкімнің де берер пұлы жоқ, ендеше тазартып азабымыз не? деп жауап береді. Ол ақыны кірешілерден неге алмайсыңдар десек, төлемейді дейді. Қазанның «тазалығы» сондай болғанмен, шөліркеген жолаушылар қайнаған лай, лас суды амалсыз ішеді екен. Ішпейін десе маңайында басқа су жоқ. Бұл жайды білетін кейбір жолаушылар көшпелі елдің дағдысына бағып, үйінен сабаға. торсыққа құйып су алады екен де, ішіне ащы құрт тастап, жолшыбай шайқалатын қышқылтым сусынды үнемдеп ішеді екен. Азыққа алатындары: сүрлеген ет, тұздаған май, айраннан жасаған сүзбе, кептірген құрт пен ірімшік сияқты көп күнге бұзылмай шыдайтын азықтар. Бұл жайды көрген Голощекин: кінәлі бекетші емес, біз деп мойындаған болды да, кешікпей түзейміз деп уәде етті. Голощекиннің бұл маңға қону түгіл, ұзақ аялдар түрі жоқ, көрінгеннің бәрінен жеркеніп, алыстан сұрастырмаса, ешқайсысына жақын жанаспайды. Бекет жайымен аз уақыт үстірт танысқаннан кейін Голощекин ілгері жүруді ұсынды. Сонда білсек, екінші грузовигіміз де жүруге жарамайтындай боп бұзылып қапты. Шоферлер әдейі бұзды ма, немесе расы ма, Голощекин: көріңдер, түзеңдер деген бұйрықты қайталап айтқанмен, өз шоферына да байқатқанмен, машина қалып қоятын болды. Не істеу керек? Бекетке қонуға мен әзірмін, өйткені тоқыраған азғана уақыттың ішінде кірешілердің әрқайсысымен сөйлесіп байқасам, бұлардың бойында Қарсақпай заводының қалай салынған тарихы жатқан сияқты. Қазақтың кең даласының орта тұсындағы айдалаға орнаған заводқа ең жақын темір жол станциясы — біз шыққан жосалы екен. Одан кейінгі жақыны — солтүстіктегі, сібірлік бірінші темір жолдың станциясы — Петропавл. Ол Қарсақпайдан мың километрден астам көрінеді. Осындай жырақтықта, өткен ғасырдың аяғында орнаған Қарсақпай заводы революция жылдары жабылып қалған да, Совет үкіметі бұл істі жиырманшы жылдардың орта тұсында қолға алып, заводты өткен жылы ғана қалқайтқан. Мәселе, осы қалқайтуда. Кірешілердің айтуынша, заводтың бойына сиятын машиналардың барлық бөлшектері Жосалыдан Қарсақпайға түйелермен ғана тасылған. Кірешілер бұл тақырыпта керемет қызық әңгімелер шертеді. Ол әңгімелер маған біздің советтік заманда ғана туатын ғажап эпостың жеке тараулары сияқтанады, әрбір кіреші сол эпостың бір геройы тәрізденеді. Олармен кеңескенде мен ғажап хикаялардың ұзақ жібін шетінен суыра бастағандай болам. Ал осы жіпті молырақ суырайын десем, екінші грузовиктің де жүруге жарамауына қарамай, Голощекин ілгері тартамыз дейді. Голощекинге қарсы шығар күшіміз жоқ, біз аттануға бел байлаған шақта, қарнымыздың аша бастағанын байқадық. Ауқаттанып алуға Голощекин де ризаласты. Әкеле жатқан тамақтарымызды көрсек, бәрі де жылып кеткен. Жасамыс Голощекин көпті көрген тақыстығына бағып: Бұларды салқындату үшін құмды тереңірек қазып, астына көме тұру керек, сонда тез суиды»,— деді. Онысы рас екен. Құмның қияқ өскен саздауықтау бір тұсына: консерва, колбаса, сыр, арақ, сыра, лимонад сияқты тағамдардан бес кісіге бір тоярлығын апарып көміп ек, «биенің бір сауыны» дерлік уақытта суына қапты. Біз қоян-сүйек, еркек, баялыш сияқты тырбиған ағашсымақтардың арасына үлкен одеалды жайдық та, тамақ ішуге кірістік. Макагон мейлінше ашқарақ адам екен, оның үстіне түбі түскен мақтаншақ. Мана жәшіктерден тамақты осы Макагон суырған. Сонда ол серіктерін өз үйінен алып шыққан тамақтармен сыйлауға ойлаған екен. Заводта жасалатын тамақтардан басқа ол: котлет, жұмыртқа, пирожки сияқты үй тағамын да ала шығыпты. Соларын алдымызға төсеген қағаздардың үстіне жайды да, «Біздің Фаечка өз қолынан пісірген еді, ол асқа өте шебер»,— деп әйелін біраз мақтап ап, жеуімізді өтінді. Фаечка пісірген котлетті ауызға сап көрсек әрі майсыз, арық еттен туралған, әрі тұзы татымаған, әрі сыртына бір елі боп күйген қамыр жабысқан дәмсіз бірдеме. Тойған кісі оны аузына алмақ түгіл иіскер де емес. Бірақ ашығыңқырап отырған біз, шүңіректеу ыдысты толтырған көп котлетті тауысуға жақындатып тастадық. Ольчанский жолшыбай қуақылау мінезін көрсеткен. Ол тамаққа шепік адам да, Голощекин қомағай екен. Котлетті сол екеуміз өндіре жедік. Біз тамақты қомағайлана соғып отырған шақта, жан-жағына алақтай, үсті-басын сипаныңқырай отырған Ольчанский кенеттен:
— Ойбай,— деп қалды да, орнынан атып тұрды.
— Не?!—деп селк ете қалдық өзгеміз.
— Кеудеңе шаян жорғалап бара жатыр,— деді Ольчанский, котлетті аузына толтыра шайнап отырған Макагонға.
Ол, кәне деп үрейлене қозғалғанда, ұзындығы сұқ қолға жақын бір көкпеңбек шаян кеуде тұсынан басына қарай барып қалғанын өзі де білмей, «ах!» деп атып түрегелді. Шаян ұшып кетті. Бәріміз де үрейлене түрегелдік. Сонда, Ольчанский:
— Сіздерді қорқар деп айтпаған едім, бұл арада қарақұрт, бүйі, шаян сияқты шаққыштар құмырсқадай өреді. Жылан да қаптап жүреді. Және ылғи улы жыландар. Жылдың бұл мезгілінде зәрлі мақұлықтың қайсысы шақса да адамды өлтіріп жібереді,— деді.
Бұған дейін біраз қаужалып, «ішімізге ел қондырып» алудан ба, әлде қорқыныштан ба, енді қайтып жерге отырған да жоқпыз, ас та татқан жоқпыз. Бекет маңынан жиренген серіктерімнің қонса қонар жері осы — құмның арасы. Ольчанскийдің, жаңағы сөзін естігеннен кейін, егер аяқ-қолын байлап жықпасаң Макагонның жатар жайы жоқ. Мінезі ауырлау Голощекин желпеңдей қоймағанмен, Макагонның жүрейік, кетейік деген ұсынысына қарсы болмады Бірақ жүре қою да оңай емес. Қанша айналдырғанмен грузовик іске аспады. Ендігі сенетініміз — фордик қана. Ол жаңа да, күшті де машина екендігін жолшыбай көрсетіп келе жатыр. Жолдағы бір құмда өзінің шірене ұмтылып шығып кетуімен ғана қоймай, фордик артымызда құмға батып қалған грузовикті де темір арқанмен тартып шығарған. Жасы отызды орталаған, балуан денелі шоферымыз салмақты, сабырлы адам. Жолшыбай қиналып қалған жерлердің ешбірінде жат қылық көрсеткен жоқ. Машина да, шофер да сенімді болғанмен, жеке тартып кетуге ет жүрек сескеніңкірейді. Әзірге жүріп келгеніміз — жолымыздың төрттен біріндей ғана. Үші алдымызда. Кірешілердің айтуынша, алда да асуы қиын талай бұйрат құмдар кездеседі. Кім біледі: «Өзекті жанға елім бар» дегендей, «сынбайтұғын темір жоқ, өлмейтұғын өмір жоқ» дегендей, машиналардың бірдемесі әлдеқалай бүлініп тоқтаса, ел жоқ, күн жоқ деген шел далада қиналуымыз, тіпті жазатайым болуымыз ғажап емес. Естуімізше, осы жаздың басында ғана Қарсақпайдан келе жатқан бір топ адамның грузовигі айдалада сынған да, ешбір жүргінші кездеспей, еш жерден су табылмай, түгелімен шөлден өлген .. Соны естігенде қорқақ Макагонның көздері шарасынан шаянды көргеннен кем шықпайды. Оған салса кейін де қайтып кететін ойы бар. Осы ойын Голощекинге сездіріп еді, Сталинді алдына тарта сөйлейтін Голощекин:
— Болмайды ол. Иосиф Виссарионовичке «Қазақстан» заводын өз көзіммен көріп қайтам деген уағдам бар. Заводтың хал-жайында біраз қиыншылық бар деп есітем. Соларды көзіммен көріп, ЦК ВКП(б)-нің алдына мәселелер қоям, заводқа міндетті түрде барамыз,— деп кесіп тастады. Бұл сөз сонымен бітті. Біз үлкендеу бір конистерге және машина багына бензинді лық толтырып алдық та, сыйғанынша тамақ пен сусын ап, ілгері жүріп кеттік. Бұл жолмен әлденеше рет сапар шеккен шофер күндіз түгіл түнде де адастырмай, мақсатты мекенге жеткізуге сендіреді.
— Егер жолшыбай ойға келмеген бөгет ұшыраспаса, ымырт жабылғанға дейін завод қарасын көріп те үлгіреміз,— дейді ол.
Біз елсіз-күнсіз айдаламен жападан-жалғыз машинамен айдап келеміз. Жол бойы ала-құлалау. Кейде бұйрат құмдар да кездесіп отырады. Ондай жерлерде жүру күшіне тигенмен, мықты машина шірене ұмтылып алып шығады. Кейде жап-жазық тақырлар да кездеседі. Олардың кейбірі бор сеуіп тастағандай, алыстан ақ шаңқан боп көрінеді. Шофердың айтуынша, мұндай тақырлар — көктемгі қау суынан көлшік боп жататын қақтардың кепкен орны. Олардың қаттылығы да, жайлылығы да, тегістігі де жаңа төселген асфальттан кем болмайды екен. Тақырлардың үстінде, кейде жол аталатын іздер атымен жоғалып кетеді. Шоферымыз өте жолшыл адам боп шықты. Кесіп өтетін тұсы кейде елу-алпыс километрге дейін созылатын, бетінде ешбір із көрінбейтін ақ тақырлардан шофер жөнінен жазбай, үзілген даңғылдың торабын тура тауып отырады. Осылай жөнеп келе жатқан біздің алдымызда, күн батуға бейімделіп бара жатқан шақта алыстан өркештене бұйраттанған құм белестер көрінді. Таянып келсек бергі жақ жазықта түйелеріне жүк артқан көп кіреші шұбап барады екен. Біз олармен жанаса, лезде басып еттік. Биік бұйраттарға жақындаған шақта:
— Бұл жолдың бойындағы ең ауыр тұсы — осы бұйрат,— деді шофер.— Бұйрат құмның шығыс жағын молырақ орап өтетін бір жол бар, оның жүз километрдей бұрыстығы бар, егер онымен кетсек заводқа түн ортасын аударып жетуіміз мүмкін, ол жол жүруге жеңілдеу, ал екінші жол мына алдымыздағы бұйраттарды кесіп өтеді. Оның тұрқы көп болса отыз-қырық километр. Мен Жосалыға барарда айналма жолмен жүрген едім. Мына бұйратты кесіп өтетін жолмен былтырдан бері жүрген жоқпын. Басқа шоферлардың айтуынша, бұйраттың, жолы кей тұста қиын көрінеді,. кей жерінің торабы терең қазылып, машина төс-табандап тұрып қалады деседі. Содан қорқып машина көп жүрмейді. Машина біраз уақыт жүрмесе, торапқа шөккен құм, шаң өз салмағымен басылып, қатқыл жерге айналып кетеді. Қазір солай ма, жоқ па ол арасын білмеймін. Қалай дейсіздер? Тәуекел деп бұйратпен асып кетеміз бе? Болмаса айналып жүретін жолға түсеміз бе?
— Оны өзің білесін, де,— деді Голощекин.:— Өзіңе және машинаға сенсең төтесімен жүр, әйтпесе айналып өт.
— Қайдам,— деді шофер,— жолдын, жайын кесіп айтуға болмайды. Менің айтатыным: қатқыл жерге доңғалағы іліккен тұста, бұл машина ешқайда бөгелмейді. Ал егер жолдыңторабы терең, қазылып, төсі тіреліп қалса, онда, әрине, алып шығады деу қиын.
Голощекин серіктеріне ақылдасып еді, мен: өздеріңіз біліңіздер дедім. Ольчанский айналмалы жолға түсуді ұнатты, ал дегбірсіз Макагон заводқа тез жетейік деп төте жолмен тартуды ұсынды. Голощекин де соны ұнатты. Біз тәуекелге бел байлап, бұйрат құмның арасына кірдік те кеттік. Құмның жолы шынында да ауыр екен. Қалын, ішіне сұғынғаннан кейін бұйрат биіктеніп, жондары кіші-гірім тау сияқты боп кетті. Кей жері құлдыраған еңіс, кей жері тікейген ер, кейбір тұстарында жолдың торабы өшіп кетеді. Бірақ жолын шофер адаспастан әлдене ылди, ерлерді кезіп отырып үзілген жолдын, жалғасын тауып алады. Машина мықтылығын бұл тұста да көрсетіп келеді. Қандай есілген құмдарға кездессе де, қалай қақалса да, еш жерде тұрып қалмай шірене, өкіре сүйреп шым-шымдай алып шығады. Торабы қазылған жерлерде де сондай. Төстабаны отырмаса, тұтқыр құм қанша сіресіп ұстағанымен, еріксіз алып шықпай қоймайды. Ондай уақытта менің есіме қазақтың: «Төстабаны жер сызған, атан жүрер жол екен, төсегінен түңілген атам жүрер жол екен» деген мақалы түседі. Ескі ұғымда «төстабаны жер сызған» қиын жолдан алып шығатын ең мықты көлік — атан болса, техника заманының ең мықты атаны, маған мынау фордик сияқтанады. Осылай қинала жүріп келе жатқан шақта, жолдың екі жағынан өркештене көтерілген тұста, торапқа отырған қою шаңды есе әрең келе жатқан машина, төсі қатқылға тірелді де «так!» деп тұрды да қалды. Шофер шығуға қанша тырысқанмен машина жылжи алмай, табаны жер қаппаған доңғалақ босқа зырылдап, қою шаңды бұрқыратқаннан басқа ештеңе бітірмеді. Сол шаң машина ішіне де құйылып, дем ала алмайтын халге жеткен соң біз есіктерді ашып сыртқа шықтық. Құм белестерді тасалап кеткен күннің батуға бет алғандығы батыс жақты күреңге бояған түсінен көрініп тұр. Шофер да машинадан түсіп, доңғалақтардың астына күректің сабын тықса, тораптың түбіндегі қатқылға, доңғалаққа тағы бір доңғалақ жалғамасаң, жетер емес. Күннің кешкіріп бара жатуынан ба әлде мана етеміз деп сендіруінен бе,— сабырлы шофер енді сасқалақтаңқыраған түр көрсетіп, жолдың алдыңғы жағын біраз тұсына шейін көріп қайтты.
— Хал ауырлады,— деп қайтты ол,— бұл тұстың торабы терең және ұзақ жерге дейін қазылған екен. Одан шығуымыз үшін торап ортасындағы қатқылды уатуымыз керек. Оны істеуге бір кісі түгіл, жүз кісінің де шамасы келмес еді.
— Сонда, ұсынысын, не?— деді Макагон. Шофер оған салқын ғана жауап беріп:
— Осы арада қонуға тура келеді. Бұл жолмен ма¬шина жүрмейтіні көрініп тұр. Ендігі сенім — манағы түйелерде ғана. Солар тартып шығармаса, басқа амал жоқ,— деді.
Алдыңғы жақты алысырақ шолып келуді ойлағандай, шофер үн-түнсіз ілгері кетті де, құм төбелердің арасына жоғалды. Расы ма, әлде қуақыланып Макагонды қорқытқысы келді ме,— машина қасында қалған Ольчанский аздан кейін өзіне-өзі сөйленіп:
— Бұл тұста да қарақұрт пен шаяндар еріп жүретін болу керек. Олар күн бата тіпті құжынап кетеді. Сақтанбасақ, шағуы оп-оңай,— деді. Бұл сөзге өзгемізден бұрын Макагон елеңдеп қап:
— Сақтанғанда не істеу керек?— деді.
— Оған жалғыз ғана амал бар,— деді Ольчанский,— машинаның жерге таянған тұсын бензинмен сүртіп, исін шығарып қою керек. Жылан-шаяндар, қарақұрттар сонда ғана келмейді деген сөз бар. Сөйту керек те машина ішінде отыруымыз керек.
— Онда шофер керек боп қалды ғой,— деді Макагон абыржып.
— Сен,— деді ол маған,— шоферды қуып жетіп қайтарып әкел.
Макагон мені бұған дейін де талай жұмсап, кейде ретсіз жұмсап, діңкеме тиіп келе жатқан. Мана котлетін жегеннен кейін «сен маған борышты болдың» дегендей, тіпті басынып ап, ананы, мынаны істе деп мазамды ала берген соң, әуелі «жасы үлкен» деп сыйлағаныммен артынан бірер рет бетінен қауып та тастадым. Бұл жолы да сөйтуге әрі басқа серіктерімнен ұялып, әрі Макагонның жанталаса қысылып тұрғанын көріп, мен шофер артынан кеттім. Қуып жетіп сұрасам, Ольчанскийдің айтқаны бекер екен.
— Ол кәпірін, машинаға жақындамасын,— деді шофер,— ал егер жақындай қалса, қандай тесікке болса да кіреді. Түнде көп өретіні рас. Бұл мезгіл — шаққыш кезі екені де рас. Шақса уыты күшті болатыны да рас. Егер шаға қалса, әрине, сеспей қатырады.
— Сонда не амал бар?—деймін мен үрейленіп.
— Машина маңайына үйірілмесін десек,— дейді шофер,— жарық жақпау керек. Жақтың-ақ қаптап кетеді.
Жолдың машинаны бөгемейтін тұсы жырақ та емес екен, шамасы екі жүз метрдей ғана.
— Соған ілігу қиын боп тұр,— деп кейиді шофер.— Егер іліне қалсақ, арғы тұста бізді кідірткендей терең қазылған торап кездеспеуге тиісті.
Біз машинаға оралсақ серіктеріміз не істеуге білмей сандалуда екен. Дала қарауытып барады, машинаның ішіне кірсе де, сыртында тұрса да, қорқатындары — шаққыштар. «Қорыққанға қос көрінеді» дегендей, маңайында шаққыштар қаптап кеткен, тік тұрған үстеріне өрмелеп келе жатқан сияқтанып, бір жерде орныға алмай қимылдай беріседі, үсті-бастарын қағына беріседі. Біраздан кейін түн қарауытып алды. Тек аспанда ғана бұлт жоқ, сондықтан жыпырлай жарқыраған қалың, жұлдызға көз тігуден басқа ешбір ермек жоқ. Әрі жас болғандығымнан, әрі ішім пысқандықтан, мен ыңырсып әндетейін деп едім, сіркесі су көтермей тұрған серіктерімді ренжіткім келмей үнімді өшірдім. Ендігі үн алыстан және әр жерде ұлыған қорқаулардың дыбысы ғана. Олар біздің исімізді сезгендей, талатып жегізсе деп «тәңірісінен» тілегендей, кейде, үн қоса үздіксіз ұлиды да, ол тілегі болмасына көзі жеткендей кейде шәуілдеп үреді!.. Біздің біреуімізді іліп ала жөнелгісі келгендей, қараңғы түнде қап-қара боп жапалақтар да жалпылдап кеп, төбемізге таяна, қайқайып қайта шығады. Әлденелер пысқырған, ысқырған, шулаған тәрізденеді. Әлденелер маңымыздан жүгіріп, жорғалап өткен сияқтанады... Біз осындай халде көрер таңды көзімізбен атырдық. Тан, біліне құлағымызға алыста барқыраған түйелердің де дыбысы шалынды. Сонда ғана құмнан құтылу үміті кеудемізде тұтанғандай боп серги бастадық... Бірақ түйенің аты — түйе, даусы алысқа жеткенмен, оның аяңы шабан. Даусына құлақ түрген бізге жүк артқан түйелер шыдамымызды бітіріп әрең жетті. Бұл араны ұзартпай, қысқартып айтқанда, арқанмен қатар жеккен екі пар түйе, машинаны тоқыраған жерінен сүйреп шығарды да жолдың қатқыл тұсына жеткізді. О, түйе, түйе! Атамзаманнан бері осындай жалпақ шөлдердің, бұдан да жалпақ: Сахара, Гоби, Бетпақдала сияқты шөлдердің бұзылмас, шаршамас көлігі боп келе жатқан түйе! Осы ұзақ сапарда үздіксіз бақырсаң да, үздіксіз боздасақ да, талай рет талығып шексең де, тарих артқан жүгіңді мақсатты жеріне жеткізбей тоқтаған күнін, жоқ! Енді міне, ірі индустрияға да қызмет атқарып, советтік бірінші бесжылдықтың бір заводын қазақтың кең даласына арқалап әкеп, социализмге де қызмет атқарып жүргенің мынау! Не деген шаршамайтын жануар едің, жарықтық түйе!
ДАЛА ЖҰЛДЫЗДАРЫ
Машинамызды түйелер тартып шығарғаннан кейін біз кейістік көрген жоқпыз. Ілгергі жолда да бұйрат құмдар кездескенменен фордиктің оған қақалар түрі жоқ. Құмдар сирей жазық далалардың да түсі кешегіден өзгерді. Бүгінгі жазықтар кешегідей ақ тақыр емес, қиыршық құм төселген қызғылттау түсті тақыр. Мұның да машинаға жайлылығы тамаша. Кешеден бергі бүгежектеуіне ыза болғандай щофер қызғылт жазықта машинасын ызғытып-ызғытып алады. Ол кезде циферблат 80—90, кейде 100-ді көрсетіп қояды... Осылайша зымырап біраз жерді ұтыңқырап алған шақты алдымыздан жолды шаңдатқан машина көрінді де, жақындаңқырап кеп тоқтап, ішінен шыққан әлдекімдер бізге тоқтаңыздар дегендей қолдарын көтерді. Біз жүйткіп кеп тоқтай қалдық. Күтіп тұрған екі адамның біреуі атан түйедей биік денелі, толық адам; екіншісі — орта бойлылау, арықша жігіт, үшіншісі — толықшалау, ортадан биіктеу адам екен. Биік бойлы өзін «Қазақстан» заводының директоры Ковалевпін деп таныстырды. Толықшалау, орта бойлы — аудандық партия комитетінін, секретары Телеляев екен. Үшіншісі — шофер.
— Кеше келеді деп күткен сіздер келмегендіктен,— деді Ковалев Голощекинге,—бұларға не болды дегендей алдарыңыздан әдейі шығып келе жатырмыз.
— Уақытында шыққан екенсің,— деді Голощекин, Ковалев кекеткен дауыспен.—Кеше Жосалыдан тосып алуың керек еді, жолдын, жаманын білесің, жалғыз ғана ма¬шина жіберумен қанағаттанып отырғансың. Жортса аңның аяғы, ұшса құстың қанаты талатын елсіз дала. Өзі — ұрттам суы жоқ шел. Сондай далада машина бір жерде сынып қалар, кейістік көрер... тіпті шөлдеп өлер деп ойламағаның ба?!
Бірдемелерді дәлел қылғысы келгендей кескінмен, Ковалев сөйлеуге ыңғайланған еді:
— Үндеме!— деп ақырып қалды Голощекин.— Ұялудың орнына, себеп таппақшысың!.. Мен сенімен,— деді ол Ковалевке қабағын түйе қарап,—заводта сөйлесем!.. «Тау Мұхамметке бармайды, Мұхаммет тауға барады» дегенді естіген жоқ екенсің. Мен саған көрсетем кімнің кімге баруын!..
Жасы үлкен деп, крайкомның секретары деп сыйлауынан ба, әлде арты босырақ боп қорқуынан ба, Ковалев Голощекиннің алдында арыстан көрген қасқырдай бұғып, тартқан азбандай мықшиды да қалды.
— Жөнелдік!— деді Голощекин. Біз жөнеп кеттік.
Алдымыздағы даланың енді топырағының түсі ғана емес, есімдігінің түсі де өзгеруге айналды. Жосалыдан шыққалы жарысып отырған баялышты, жусанды даланын, арық қасқыр сияқты қарасұр өңі біртіндей түлеп, кең өлкенің әр жерінде әуелі қазақ қыздарының беркіне тағатын үкі сияқтанып сирек ескен селеулер кездесті де, ілгері қарай жиілене беріп, ақырында қалыңдаған селеу таңғы самалдан ырғалып, толқыған теңіз сияқтанып кетті. Ырғалған селеу желпіп салқындатқандай, әуе райы да өзгеріп, кешегі шан,ытқан құрғақ ыстықтың орнына, енді жанға рақат самал есті. Тастақ даланын, жолы да аса тиышты. Шіркін арқанын, осы бір шағынын, жанға жайлысы-ай!.. Кешегі бір кеңесінде Ольчанский өткен жылы Қарсақпайға Атбасар жағынан келіп қайтуын айтқан. Сонда көргенін аңғартқысы келгендей:
— Сонау бір бұлдыраған кездеріңізге шалына ма?— деп сұрады ол бізден, қолын ашық терезеден ілгері қарай созып. Бұл кезде төңірегімізде телегей-теңіздей толқыған селеуді сағым толқыны басып кетіп, біз кең теңіздің үстінде қалқыған қайықтай боп келе жатқамыз. «Теңіздің» әр тұсында алысты-жақындылы жүзіп жүрген кемелер сияқтанып, әр нелер бұлдырайды. Оларды Ольчанский «пәлен төбе... пәлен тау...» деп таныстыратын. Мына нұсқағаны да сондайлардың біреуі болар деген оймен біз жауап бере қоймап ек: — Қарсақпай — сол!— деді Ольчанский, сағымда қалқыған қомақтылау бірдемеге созған қолын қадай нұсқап,— ол биік жардың төбесінде салынған завод, сондықтан сағымсыз күнде де көзге алыстан шалынады.
Тез жетуге асыққанмен, сағыммен бұлдыраған завод бірталай жерде боп шықты. Ендігі алдымыз — жолы жақсы белестеу дала болғандықтан фордик екпіндей жүйткіп, арттағы грузовикті ілестірмей кетті. Біз оны Қарсақпайға таяна тосып алдық. Со бір тұстағы төбеден қарағанда, ойпатқа Қарсақпай қаласының — қала дерлік сиқы жоқ екен: үйлері төккен тезектей жалпиған ығы-жығы, үйме-жүйме бірдемелер және өздері сай-саланы қуалап кең жайылып кеткен. Завод расында да «Қарсақпай» аталатын өзеннің арғы биік жарына одырая орнапты. Бер жағында жарқыраған суды Ольчанский өзенді бөгеп жасаған көл дейді. Көлдің бергі шетінде көше тәртібімен салынған, ағараңдаған аласа үйлерді дирекция қызметкерлеріне, мамандарға салынған үйлер дейді. Қаланын, сиықсыз үйлерінде жұмысшылар тұрғанын айта кеп:
— Ол белімдегі үйлердің сыртқы сиқы осындай болса,— деді Ольчанский,— ішкі тазалығы одан да нашар. Бір-біріне жанаса, сығылыса салынған үйшіктердің алдында әр семья жасаған дәретхананың өзінен жаздың ыстық айларында дем алуға болмайды. Үйшіктердің арасында жер астынан қазылған үңгірлерді мекендейтін семьялар да аз емес. Қала ішінде су да жоқ: құдық қазуға суы тым тереңде жатады жәке көбінесе ащы болады. Бұлақ бұл маңайда жоқ, тұрғындар суды сонау көлден шелекпен тасиды, бірақ осы суды, ең алдымен завод пайдаланады да қорытылған мысқа араласқан су уланады. Сондықтан борға сүзіп өткізбей ішуге болмайды, үнемі олай сүзуге бор жете бермейді. Ондай кезде тұрғындар судан қатты тарығады, жәлеп-саудагер сонымен пайдаланып, суды өзеннің уланбаған жоғарғы жағынан бөшкелеп тасиды да, сүттен қымбат бағаға сатады. Сөйтіп байығандар да аз емес. Осы Қарсақпайда Орыс-Омар аталатын, фамилиясы — Уатбаев дейтін біреу болған. Орыс-Омар дейтіні — бала кезінде Атбасардағы школадан оқып, орыс тілін жақсы білген, қазақтармен орысша сөйлесетін болған: «Компания Зингер» аталатын ұйымда агент болып, ауылдарға іс тігетін машиналарды сатқан. Кейін көп жыл ағылшын концессионеріне подрядчик болған. Сол кезде ауыл адамдарына да, завод жұмысшыларына да істемеген қиянаты жоқ. Ол Совет тұсында сауданы тіпті үдетіп, бұрынғыдан да қатты байыған. Соның үстінен түскен арыздарды біз зерттеуге кіріскеміз. Әнеугүні әдейілеп кісі жіберсек, Орыс-Омарды Ұлытау жақта әлдекімдер өлтіріп кеткен...
— Міне, қайда иттің баласы!— деп қойды Макагон.
— Су жайы мұнда осындай, Филипп Исаевич,— деді Ольчанский Голощекинге,— қысты күнгі хал,— тырнақшаның ішіне алып айтқанда —«жеңілдеу». Бұл араға қалың қар түсіп, төрт-бес ай жатады. Қаланың, заводтың қыстай бұрқыраған түтінінен қардың түсі қоңырланып кетеді. Тұрғындар сонда да уы бар дейтін өзен суынан залалсыз көріп, ыс басқан қарды ерітіп ішеді, сонда қазанның түбінде қоймалжың лай қалады дейді.
Голощекин білем дегендей бұл сөздерді елеусіздеу тыңдады. Макагон безобразие деп желпеңдей қалған еді, Голощекин білмей қайда жүрсін дегендей, алая қарап қойған соң, анау үнін өшірді. Біз солайша кеңесіп тұрғанда арттағы грузовик те жетті. Машинадан Ковалев те, Телеляев те түсті. Ковалевтің түрі манағы мықшиған қалпынан әлі түзелген жоқ екен. Бізге Телеляев қана үн қатты.
— Бұл қалада,— деді ол,— әзірге мейманхана салынған жоқ. Келетін сыйлы адамдарға арнап төрт бөлмелі бір жаңа үйді ұстап тұрамыз...
— Өзге қонақтарын, қайда жатады?—деді Голощекин сөзін бөліп.
— Жалпы жатақханаға,— деді Телеляев.
— Ол қандай үй?
— Ұзын барақ. Ортасында ұзын коридор. Коридордың екі жағы үлкенді-кішілі боп тақтаймен бөлінген. Әйелдерге, еркектерге, семьялыларға арналған бөлмелері бар. Асханалық кең бөлме бар. Екі жақ шетте су қайнататын бактар бар.
— А-а... солай екен!..— деді Голощекин ыңырсыңқырап.
— Басқа жайды орнығып сөйлесерміз,— деді Телеляев,— қазір мейманханаға барайық.
«Мейманхана» дегені: қорасы, үйінін, іші-сырты тап-таза, кеңдеу төрт бөлмесі бар, ас пісіретін бөлмесі бар, төңірегі шарбақпен кеңдеу қоршалған, қорада дәретханасы бар үй екен. Бөлмелеріне төсеніші жақсы кроваттар, сәнді мебельдер қойылған. Ең тәуір деген бөлменің ішінде телефон бар. Біз үш жүйе орналастық: Голощекин телефонды бөлмеге, Макагон кішілеу бөлмеге, Ольчанский мен екеуміз кеңірек бөлмеге, төртінші бөлме асханаға әзірленген. Орналасып, сілкініп, жуынып... дегендей, бабымызға келіңкіреген шақта асқа арнаулы бөлмеге шақырылдық. Біз сыртта жүргенде стол үсті жиналып ас саймандары түгел даярланып қапты, әр түрлі салқын тағамдар қойылыпты. Стол үстінде графинға толтырыла құйылған сұйықтан басқа ішімдік көрінбейді. Ол сұйықтың арақ я су екені мәлімсіз. Оны татып көргісі келгендей, Голощекин қырлы стаканға орталау қып құйып алды да, аузына апара бергенде арақ исі шықпады ма, немене, ұрттамастан қоя қойды. Содан кейін шынысы қалын, пенсне арқылы қараған көздері шарасынан шығардай боп, екі қолын шалбарының қалталарына салып, қарны шартия, столды айнала үн-түнсіз кердеңдеп жүрді де қойды. Жасы және қызметі үлкен Голощекин отырмаған соң, біз де отыруға ыңғайсызданып, әр жерде екеу-екеу боп тұрып қалдық. Менің қасымда Ольчанский тұр. Ол аздан кейін көзін Голощекинді ұрлап маған қысты да, жусаған түйедей сопайып тұрған Ковалевке жақындап, әлденені құлағына сыбырлады. Ковалев далаға шық дегендей маған иегімен ым қағып, өзі шығып кетті. Мен ере шықтым.
— Айтуға бата алмаған ем,— деді Ковалев маған,— шарап керек екен. Жақын жерде біздің ларегіміз болушы еді, соған барайық.
Ларектің сатушысы: ұзыны мен көлденеңі бірдей, жуандығына екі кісінің құшағы әрең жетерлік, жас шамасы — отыздың орта тұсында дерлік, реңі аршыған жұмыртқадай аппақ, бұғағы кеудесіне салбыраған, ойнақы үлкен қара көзді, денесін бөлек-бөлек майлардың басып кетуі болмаса, кескінді сұлу әйел екен. Ковалев оған:
— Мына жас жігітке,— деді мені иегімен нұсқап,— қажет көрген шарабының бәрін беріңіз, ақша алмаңыз, қонақтар кеткенге дейін сөйтіңіз, құнын қағазға жазып қойыңыз да, артынан маған беріңіз,— деді.
— Мақұл,— деді әйел.
Таңертең жолыққан жобасына қарағанда, Ковалевті мен: «Тегі, ішкіш біреусің ғой!»—деп жорығам, өйткені бет-аузы ісіңкі де және жақындап сөйлескенде аузынан арақ исі келген, сондай қалпы бола тұра, мана бұқтырып тастаған Голощекинмен қатар отырып арақ ішуге қымсынды ма, немене, семіз қатынға тапсырма бергеннен кейін:
— Мен енді кетем,— деді маған.
— Қайда? — дедім мен.
— Филипп Исаевичтің астан кейін заводты көруге зауқы соғуы мүмкін, сондықтан алдын ала қарап шығуым керек.
Ол кетіп қалды.
Мен ешуақытта ішкіш атанған кісі емеспін. Жасымда діншіл боп өсудің салдарынан ба, (арақ-шарап дегенді мұсылман діні арамға сайып, ішуден тыяды ғой) әлде жағдайым солай болды ма, қалаға он екі, он үш жасымнан бастап араласып, ішетіндерді ерте көргеніммен, сыра дегеннің өзін мен жиырма бірінші жылы бірінші рет таттым. Ақ арақ есімді ішімдікті мен 1924 жылы үйленген тойымда ғана ішіп, өмірімде бірінші рет мас болдым. Одан кейін де мәжілістерде ғана мөлшерден аспайтын дәрежеде жұтып жүрдім. Қызыл арақ дегенді қант татиды деп, «әйелдің арағы» деп ішпейтін едім. Шараптың ішінде коньяк дейтіні болатынын білемін, оның күшті екенінен де хабарым бар, бірақ біріншіден, мен сияқты «төмен» қызмет атқаратындардың арасында коньяк ішу моды болмайтын, біз демократиялық арақ деп ақты ғана қолданатынбыз; екіншіден, коньяктың құны өзге арақтардан ащылау» болатын, оны біз сияқтылардың қалтасы да көтермейтін; осы себептермен, Қарсақпайға барғанға дейін коньяк есімді арақты мен татып көрген жоқпын да. Енді міне, Ковалев бастап апарған арақ-шараптың ларегінде коньяктың неше түрлі сорттары қаз-қатар тұнып тұр!.. Өзі — тегін!.. Коньяктың үш және бес жұлдызды аталатыны барын білем. Олар да өзара түр-түрге бөлінуінен хабарым бар. Ал жалпы естуімше үштен, бес әлдеқайда күшті де, қымбат та. Мені осы қымбат деген жағы ойландырыңқырап қалды. Ысырапқа үйренбеген басым, арзанырағын алуды ұйғардым. Семіз әйелге сол ойымды айтып ем:
— Неге? !— деді ол, әдемі көздерін төңкере, сұлу аппақ тістерін көрсете, маған жымия қарап қойып.— Тегін берілетін коньяк, қымбаттырағын алыңыз !.. Бес жұлдыздының, ішінде «двинді» алыңыз!.. Арменияда шығатынын, дүние жүзіне атағы жайылғанын, Парижда болған дегустацияда алтын медаль алғанын естіген боларсыз?.. Одан артык коньяк жер шарында жоқ!.. Бұрқыраған ароматты иісінің өзі неге тұрады? Жақсы жұпар сепкендей, бөлменің ішін алып кетті, деміңді рақаттана аласың!..
Әйелдің мақтауы жетті. Бұрын білмейтін мәліметтерді айтқандықтан, «двинге» қызығып та қалдым. Дегенмен, «коммунист — қарапайым болу керек» деген сөз есіме түсіп:
— Маған үш жұлдыздыны берсеңіз болады,— дедім.
Асығып тұрғандықтан, әзілдескісі келген қалпын көрсеткенмен, әзілдесе қоймауымнан ба, әлде «арзан арақты алған мынау не ақмақ не, бұрын мұндайды ішіп көрмеген надан» деп ойлады да, әйел ойнақы кескінін тез өзгертті де:
— Қанша аласыз?—деді салқындау түспен.
— Бесеуін,— дедім мен, «бүгінше ішуге осы мөлшер жетер» деген оймен. Әйел полкадан бөтелкесі жуантықтау, аласалау, «үш жұлдызды» коньяктың бесеуін суырды да қолыма ұстатты. Мен оларды қолтығыма қыстым да шығып кеттім. Ac бөлмесіне кірсем, Голощекин бір бұрышта Телеляевпен шүйіркелесіп отыр екен, Макагон мен Ольчанский екінші бұрышта үнсіз отыр екен. Мені көргенде бәрі де орындарынан түрегелісті.
— Қолтығыңа қысып, көрсетіп әкелгенің не қылғаның?— деді Макагон маған жекіңкіреген дауыспен. Ольчанский «оттай берсін» дегендей көзін қысып қойды. Голощекин мен Телеляев үндеместен, «енді тамақты бастайық» дегендей стол қасына кеп отырысты. Өзгеміз де отырдық. Тегі, аппетитін ашып алғысы келді ме, немесе қандай коньяк екенін көргісі келді ме,— столға отыра салысымен Голощекин коньяктың бір бутылкасын ұстады да, пенсненің астынан бутылканың этикетіне қарады. Содан кейін маған ұнатпаған кескінмен:
— Бұдан басқа түрі жоқ па екен?— деді.
— Бар екем,— дедім мен.
— Мәселен?— деді Голощекин.
— «Двин?—дедім мен ең таңдаулысын атап.
— Оны неге алмадың?
Мен айыбымды мойындағандай үндемедім.
— Осыны да ақын дейді,— деді Голощекин, стол басында отырғандарды көзімен шолып.— Шараптың, жақсысы мен жаманын айыра алмайтын, арзанына ұмтылатын бұл өзі — не қылған ақын?!
Голощекин жауап күткендей сүзіле және ұзағырақ қарағанмен, серіктеріміздің ешқайсысы ештеңе дей қойған жоқ.
— Әлде, бағасы қымбат па екен? Ақшаң жетпеді ме?— деді Голощекин маған.
— Тегін алдым,— дедім мен күмілжіген дауыспен.
— Міне қайда, ақмақ!..— деді Голощекин. Ольчанский маған көзін қысып қалды да:
— «Двинді» тез әкеле ғой!—деді.
Мен бес бутылка «двинді» мойындарынан ұстап кіріп кеп ем, Голощекин күліп жіберді. Бутылканы қолына ұстаған Голощекин жем басқан бүркіттей көңілденіп:
— Міне бұл — шарап!.. Кәне, құй!..— деп маған ұсынды.
Қоңылтай, талдырмаш денелі Ольчанский араққа тез берілетін адам екен. Жүз грамдық рюмканың екеу-үшеуін қаққаннан кейін, тілі күрмеліп, былай да ұзын мұрны созыла түсіп, былай да кішірек көзі тарыла түсіп, жас балапандай басы қылжақтады да қалды. Аздан кейін құларлық халге келген соң, мен оны сүйемелдеп бөлмемізге кіргіздім де төсегіне қисайттым... Райкомның секретарь! Телеляев, крайкомның секретары Голощекиннің алдында әдеп сақтағандай көтерген әрбір рюмкасын сыздықтай ғана татып отыр. Бұрын дастарқандас болып көрмеген Голощекиннің жасы ұлғайған кісі бола тұра, ішкілікке төзімділігіне қайран қалдым. Ол қанын ішіне тарта сұрланып алады екен де, әр бокалдың тамшысын қалдырмай сіміреді екен, сонда да араққа жеңілген белгі бермейді екен. «Аттыға ерем деп жаяудың таңы жыртылады» дегендей, Голощекиннен қалыспаймын деп отырып Макагон біраздан кейін қатты қызып қалды. Бірақ ол да тез құламайды екен. Былай да мылжың адам, мас болғаннан кейін тіпті көп сөйлеп, тыңдаушыны тойдырып жібереді екен. Сонда айтатыны: толып жатқан себептер тауып, Фаечкасын, немесе атқарып жүрген қызметін мақтай беру... Mac болғанға дейін ол Голощекиннің қабағына қарап, ұнатқан қалпы байқаса ғана көп сөйлеуші еді де, егер ұнатпағанын сезсе, айтып келе жатқан сөзін орта белінен кесіп тоқтата қоюшы еді. Мас болғаннан кейін бұл «әдептілігін» мүлдем ұмытып, Голощекиннің әуелі «ақырын!» деуіне, мазасы кете бастаған кезде «жетеді!» деп сөгуіне қарамай дарақыланып, даңғазаланып кетті. Мен, әрі жасымның кішілігіне, әрі оқушы екендігіме бағып, әрі «кісі асына сабыр» деген мақалды есте тұтып, шамалап қана ішіп отырдым. Менің тын, жайымды байқап отырған Голощекин Макагонның мылжыңынан қалжырауға айналған шақта:
— Мынау шошқаны апар да жатқыз!—деді бұйырған дауыспен.
Өзімнің де мазам кетіп отырған адам, Голощекиннің бұйрығын естігеннен кейін, Макагонның қасына барып: «жүріңіз!» деп ем:
— Кет әрі, оттамай!—деп қолын бір-ақ сілтеді. Әкет легенді ымдады Голощекин түсін суыта түсіп.
Тілге көнбейтін түрін көрген Макагонды, қолтығынан жұлқылай жөнелдім. Кіресілі-шығасылы есі бар ол менің сүйреуіме қорланғандай жұлқынып еді, онысына қарамай жатқан бөлмесіне алып кірдім. Ол менімен төбелескісі келгендей, оң жақ иығымнан соғып қалады. Жалпы әлі жоқ па, әлде мастық жеңді ме, жұдырығы батқан жоқ. Дегенмен ызаланып кеттім де Макагонның биік, семіз денесін қатты сілтей, кроватына алып ұрдым. Ол менің жағамнан ұстай ап, киімімді жыртқысы келген қимыл көрсетті. Мен одан сайын ашуланып, алқымынан сол қолыммен мытыңқырап, шекесіне оң қолдың қаттырақ түйген жұдырығымен екі-үш peт нұқыңқырап қалдым. Ендігі арпалысуда мән жоғын ұққандай Макагон бетін әрі қарата аунап түсті де, демін қатты, ауыр тартып сұлық жата қалды. Оны солайша жайғастырғаннан кейін ас бөлмесіне шықсам, шалымның да төмен жалбыраған басындағы қоңқақ мұрнына киген пенснесі селкілдеп, тілі күрмеліп қапты. Телеляев екеуміз оны қолтықтап төсегіне апардық. Шешіндіріп жатқызғанда ол қарсылық көрсеткен жоқ. Аздап дегенмен, мен де ішіңкіреп қалған сияқтымын. Бірақ әлі ұйқы келер түрі жоқ. Сондай халімді сезгендей:
— Далада біраз жүрсек қайтеді?—деді Телеляев.— Бұл аранын, бұл кездегі түні қоңыр жай, рақат болады.
Мен Телеляевтің жай-жапсарын серуенге шыққаннан кейін ғана сұрадым. Біз қаладан ұзап, жусан иісі бұрқыраған белестер арасын кезіп кеттік. Сонда сұрастырсам Телеляев қазақ даласының қалың ортасына XІX ғасырда орнаған Атбасар қаласында, кедей семьяда туып өскендіктен, бұл айналада отырған қазақ ауылдарымен «қан-жыны араласып», «бірге өсіп, біте қайнаған» бала болғандықтан Телеляев қазақтың тілін де, ғұрпын да жақсы біледі екен. Ол революция жылдары большевиктерге жанасып, олардың жасырын жұмыстарына жәрдем беріпті. Колчак тұсында орысша —«Марияновка», қазақша «Амандай» аталатын орыс поселкесінде кедей крестьяндар мен кедей қазақтар ақтар өкіметіне қарсы көтеріліс жасаған. Телеляев сонда да большевиктердің тапсырмаларын орындап, көтерілісші крестьяндар арасына үндеулер таратқан. Көтерілісшілер қан-жоса боп жеңіліп, ұйымдастырушылары қолға түскен, ішінде — қазақтан шыққан алғашқы большевиктердің бірі — Әділбек Майкөтов бар. Ақтардың жендеті—атаман Шайтанов отряды Майкөтовты Атбасар көшесінде қылышпен турап өлтіргенін Телеляев көзімен көріп, кейін Совет өкіметі орнағанда жасырынған жендеттерді ұстап берген. Өзі советтік дәуірде әуелі комсомол, одан кейін коммунист болып, жиырманшы жылдардың саяси-экономикалық істерінің көбіне араласқан, Қарсақпай райкомының секретарьлығына сондай жұмыстардан көтерілген. Сөйлесе келе Телеляев ақылды да, байсалды да, парасатты да адам боп шықты. Ол күнгі түн, Телеляев айтқандай, шынында да тыныс түні екен. Өткен кештен бастап аспанды қоршап алған қалын, бұлт кең даланың, өнбойын түгел жауып, біз алғаш қою қараңғылықтың ішіне сүңгіп кеттік. Біраздан кейін теріскей жақтан салқындау самал Со« ғып, лебіне қарағанда жаңбыр айдап келе жатқан сияқтанды. Бұл тыныс жанға аса рақат боп, тынысымды ішіме кең тартып келем. Самал тербеткен жусанның ашқылтым исі тынысты тіпті кеңітіп, ауа орнына рақат жұпарын жұтып келе жатқан сияқтанам. Желдің сыбыры ма, жел ырғалтқан өсімдіктің сыбдыры ма,— төңірегімізден әлде ие сумаңдай жорғалап өткен сияқтанып, жайбарақат деніміз кейде сескеніңкірёп те қалады. Ара-тұра тышқан, тараққұйрық, қосаяқ сияқты ұсақ аңдар елес бере жүгіріп өтеді. Шелдегі түннің жыршысы —«жылқышы» аталатын құс әлдеқайдан ысқырады. Кейде қара-құрым түсті түннің жыртылып түскен пұшпағы сияқтанып, жапалақтар да жалбаң ете қалады... Алғашқы адымдарымда, мен мана ішіңкіреп алған арақтан зеңгіген басыммен әуре болдым. Сондықтан да Телеляевке кәкір-шүкір ғана сұрақтар бергенім болмаса, күрделі әңгімелер сөйлескен жоқпын. Түнгі салқын самалдан, бұрқыраған жусанның иісінен біраздан кейін басым тәуірленуге айналды. Телеляевпен байсалды кеңесім содан кейін басталды. Мен одан «Қарсақпай» аталатын өндірістің жай-жапсарларын сұрауға кірістім.
— Бұл өндіріс үш жүйеге бөлінеді,— деп бастады Телеляев жауабын, бірінші — Қарсақпай заводының өзі, мұнда мыс қорытылады; екінші—«Жезқазған» руднигі, онда мысы қорытылатын кен тасы бар, ол Қарсақпайдың шығыс жағында алпыс километр жерде; үшінші — Қарсақпайдың батыс жағында, алпыс километр жерде тұратын «Байқоңыр» көмір ошағы, кенді қорытатын көмір содан тасылады.
— Мәселенің қиыны,— деп жалғастырды Телеляев сөзін,— кен мен көмірдің тасылуында. Олай дейтінім: Қарсақпай мен Жезқазған арасына және Қарсақпай мен Байқоңыр арасына былтыр ғана салынған тар торапты темір жол бар. Ол жол заводқа қажетті шикізатты кезінде тасып үлгіре алмайды. Одам да қиыны — темір жол әлгі аталған өндірістерге барып тұйықталады да, әрі қарай аспайды, заводта қорытылатын жүздеген тонна концентратты41 ең жақын темір жол станциялары — Ақмолаға, немесе Жосалыға түйемен тасимыз. Қарсақпайдан олар бес жүз километрден астам жерде.
— Бұдан кеп туатын мәселе,— дейді Телеляев,— Қарсақпайға тез арада темір жол әкелу қажет. Оны «Ақмола — Петропавл» аталатын темір жолдан тарту қолайлы.
Сонда,— дейді Телеляев,— Байқоңырдың әрі алуы азап, әрі сапасы нашар көмірінен Қарағандының шексіз мол, сапасы биік, алуы оңай көміріне қолымыз жетеді. Қарсақпай заводы сонда ғана ойдағыдай өсе алады.
— Бұл өзі үкіметтің алдына қойылған мәселе ме?—деп сұраймын мен Телеляевтен.
— Қойылған,— дейді Ол.— Бірақ неге екенін кім білсін, Қазақстан үкіметі бұл мәселеге салғырттау қарап жүр. Голощекиннің келуі — бұл істі тездетер деген сенімдеміз.
Мен Телеляевтен заводтың болашағы туралы әңгімелер сұрап ем:
— Оны Қаныш Имантаевич Сәтпаевтан сұрауыңыз мақұл,— деп жауап берді Телеляев.
Қарсақпайда мұндай есімді инженер барын естігем. Өзін бірер рет көргенім де бар. Бірақ дидарласып, сөйлескен адамым емес. Қаныш осы маңайдағы кендерді зерттейтін геологиялық партияларды басқарады екен.
— Заводтың қысқа я ұзақ жасауы, кеңуі я тараюы,— деді Телеляев,— мыс кенінің аздығы мен молдығына байланысты. Қаныш Имантаевичтің айтуынша, Қазақстанның Арқа аталатын өлкесінде жатқан жалпы кенінің олардың ішінде — мыс кенінің молдығы ұшан-теңіз. Ол кендерді түгел пайдаға асыру үшін, Қарсақпай заводы бұдан бір емес, он... жиырма... отыз есе дегендей молаюы, күшеюі керек. Арқанын, кен байлығын түгел пайдаға асыру үшін,— дейді Қаныш Имантаевич,— үлкеюге тиісті деген Қарсақпайдың ең зорайған талай заводтар салынуы керек...
— Бұдан арғысын,— дейді Телеляев,— Сәтпаев жолдастың өзінен сұраңыз.
— Мақұл,— деймін мен.
— Ал енді,-— дейді Телеляев,— сіз боп, мен боп, басқаларымыз боп Голощекинге бұл өндіріске байланысты біраз мәселелер туралы ой түсіруіміз керек. Олай дейтінім,— қарт большевиктің бірі болғандықтан және біздің республиканы басқаруға жіберіліп отырғандықтан, ВКП(б) Орталық Комитетінің алдында беделді адам деп есептеймін. Орталық Комитет пен Одақтық үкімет араласпай, Қарсақпайдың өркендеуіне байланысты мәселелер шешіле алмайды.
— Қандай мәселелер?—деймін мен.
— Темір жол жайын айттым,— дейді Телеляев.— Одан басқа күрделі мәселелер де толып жатыр. Мәселен, қала құрылысы, оның ішінде пәтерлік және мәдениеттік құрылыстар. Қарсақпай — социалистік дәуірдің, заводы. Мұның инженерлері мен техниктері ғана емес, жұмысшылары да зәулім жақсы үйлерде, мәдениетті пәтерлерде тұруға тиісті. Қаланың қазіргі жайын, сыртынан болса да көріңіз. Мұндағы үйлер — үй емес, үйшіктер. Социалистік пролетариат мұндай үйде тұруға тиісті емес. Олардың, балалары оқитын жақсы мектеп керек емес пе? Тыныс уақыттарында мәдениетті демалу үшін әдемі клубтар, кинотеатрлар керек емес пе? Балалар яслилері, балалар бақшасы дегендер керек емес пе? Қазіргі Қарсақпай қаласында ондай мәдениетті үйлер жоқ, бары — нашар және жеткіліксіз. Осы халден бұл өндіріс тез құтылып, Қарсақпай заводының қасында да, оның кен ошағы — Қазақстанда да, көмір ошағы — Байқоңырда да социалистік мәдениетті қалалар орнауы керек. Азық-түлікте де әзірге молшылық жоқ. Киім жағы да тапшы...
— Бұлар да Қазақстан үкіметінің алдына қойылған мәселелер ме?
— Әрине,— деді Телеляев,— жергілікті партия, комсомол, совет, профсоюз, дирекция осы мәселелермен шұғылданбағанда немен шұғылданады? Біз бұл мәселелерді Қарсақпай комбинаты іске кіріскен күннен бастап көтеріп келеміз. Шешіп үлгірген мәселелеріміз де аз емес. Біраз күрделі мәселелерді тез шешіп беруде Қазақстан үкіметі шабандық жасайды, сондықтан бұларды енді одақтық орталық партия комитеті мен одақтық үкіметтің де алдына қоймай болмайды...
Телеляев екеуміз кеңесіп отырып, әлден уақытта әлдене бір төбешіктің басына көтерілдік. Сол арадан завод төңірегінде жалтыраған электр жарығы түгел көрінеді екен.
— Біраз жерге келіп қалған екенбіз, осы тұстан кейін оралсақ та болады,— деді Телеляев.
— Мақұл,— дедім мен.
Қараңғы түнде, алыста шоқтала жарқыраған Қарсақпай заводының электр сәулесі, маған кейбір қараңғы түнде сөгілген бұлт арасынан жылтырай қалатын «үркер» есімді жұлдыздар тобына ұқсап кетті. Мен осы әсерімді Телеляевке айтып ем:
— Дұрыс салыстыру,— деді ол.— Расында да солай. Бұл жарықтар қазақтың аумағы алты Германиядай кең даласының ортасына келіп түскен — социалистік үркер. Қазақ даласының қай жеріне, қай уақытта, қандай заводтар орнауынан сіз хабардар болуға тиістісіз. Оны қайталаудың артықшылығы жоқ. Қазақтар Россия империясына өз еркімен қосылғанмен, патша үкіметі оларды екі жүз жылдың бойына «өгей бала» орнында ұстап, колония есебінде пайдаланып келді. Капиталистік мемлекеттердің көбінің артында жүрген патшалық Россия, қазақ даласының астындағы байлықты да, үстіндегі байлықты да өз күшімен игере алған жоқ. Ол жайда жолдас Сәтпаев сізге менен әлдеқайда толық айтып бере алады. Менің айтайын дегенім: қазақтық жұмысшы табын кеңейту және оларды социалистік бай мәдениетке ие қылу мәселесі. Мысалы, Қаныш Сәтпаев қиялдап жүрген «үлкен «Қарсақпайды» жасай алсақ, қырық-елу мың жұмысшы еңбек атқаруға тиісті. Оған болашақтағы: үлкен Қарағандыны, үлкен Екібастұзды, үлкен Риддерді тағы сондай жаңадан ашылатын аса ірі өндірістерді қоссақ, жұмысшы табынын, саны нелер жүз мыңға жетуге тиісті. Солардың ішіне қазақтың да мыңдаған жұмысшылары орын алуға тиісті...
— Әрине!
— Сонда,— деді Телеляев,— қазақтың пролетариаттық жазушыларын да біз біріндеп емес, ондап санармыз деймін!
— Рас! — деймін мен.— Шындықта іске асқалы тұрған сөз.
— Сонда,— деді Телеляев, қолымен алыста үркердей шоқтала жарқыраған Қарсақпай заводының электр шамдарын нұсқап,— қазақтың кең даласында электр сәулесіне бөленбеген түкпір қалмайды. Оның аты — Ұлы ұстазымыз Лениннің тілімен айтқанда,— «Совет өкіметі мен электр қуатын қосқандағы аты — социализм!..»
Жаны бар заттай, біздің бұл сөздерімізді естіп құлақ асқандай Қарсақпай үркерінің жұлдыздары бұрынғысынан да жарқырай түседі...
«БОТПАЙ»
Ертеңіне кешірек ояныппыз. Мені әлдекім «тұрыңыз!» деп түрткенге көзімді ашсам, Голощекин екен.
— Бұлайша көп ұйқтауға болмайды,— деді ол салмақты кескінмен. Түр-тұрпатына қарасам тынығып та, тыңайып та алған сияқты. Терезеден сығалаған күнге қарасам, түске тармасып қапты. Мен Голощекинге түнгі серуендеп қайтқан жайымды айттым. Ол маған:
— Оның өте жақсы болған екен,— деп мақұлдады.
Ольчанскийге қарасақ үстіндегі одеялын серпіп тастап, тыртиған арық денесіне, барлық киімінен трусиын ғана іліп, шалқасынан далия жатыр екен. Сонда ғана байқадым: өмірінде шыр бітпеген а дам сияқты, денесінің барлық сүйегін сыртынан санап аларлық. Голощекин оның, бұл түрде жатуын ұнатпады ма, әлде, түнде аз ішкенмен тез мас болуын есіне түсірді ме:
— Жүнін жұлған тырнадай ғой мынау! — деді одырая қарап қойып.— Оят өзін! Содан кейін Макагонды да оят.
Ол да ұйқыда көрінеді. Мен далада біраз серуендей тұрам.
Голощекин есікке жөнеле берді де, кроватьтан түсе бастаған маған «мұнда кел!» дегендей ымдады.
— Ескертіп қояйын,— деді ол қасына барған маған сыбырлаңқыраған дауыспен.— Кейбіреулер арақ ішкеннің, ертеңіне пахмель жасайды, білетін бе ең оны?
— Естігенім бар,— дедім мен.
— Естісең,— деді Голощекин,—қазіргі ішетін сәскелік аста пахмель болмайды. Арақтарды жинатып, кухнядағы шкафқа жаптырып қой. Заводқа, жұмысшылар арасына барғанда аузымыздан арақ исі шығып тұрса ұят болады.
— Мақұл.
Ольчанскийді әрең дегенде ғана ояттым.
— Ә-ә, сен екенсің ғой,— деді ол былшық басқан көзін уқалай кең ашып,— Бас сүйегім сынып бара жатқандай! Миымның ішіне мыңдаған құрт кіргендей солқылдап барады... Басымның ауырлығы бір пұт қорғасын құйғаннан кем емес... Ішіме де жалын кіргендей бүрістіріп тұр!.. Мен соншалық көп іштім бе, Сәбит Мұқанович?
— Жоқ,— дедім мен,— көп дегенде 300 грамм болар. Бұрыннан солайсыз ба, әлде осы жолы ғана ма, тез жығылып қалдыңыз!..
— Араққа осал екенім рас,— деді Ольчанский,— оның үстіне, біздің қызмет бабымыз да ауыр ғой. Үнемі қалжырап, шаршап жүреміз. Оған қосымша — кешегі жол да қатты соғып тастапты. Ал енді,— деді ол екі шекесін алақанымен қатты қысып,— пахмель жасамай он,алар түрім жоқ. Көп керегі жоқ, елу грамм жетеді... Әкеп беруіңізді өтінем!..
Мен Голощекиннің сақтандырған сөзін айтып ем:
— Пахмель жасамай төсектен тұра алатын халім жоқ,— деп жалынды Ольчанский.
Қиналып отырған кісіні кеңеспен тағы да қинай түскі.м келмей, мен кухняға бардым да аспаз әйелдің «директор ешкімге де тамшы арақ татырма деп тапсырып кетті» деуіне қарамай, жарты стакан коньякты Ольчанскийге алып келдім. Ол аңқасы кепкен адамдай, коньякты ашырқанбастан қылғи салды. Сонда ғана басынан қалың бұлт серпілгендей, манағы өлекселенген көзіне жан бітіп, алқам-салқам боп отырған денесі сергіңкіреді. Содан кейін киініп болғанша денесі арақтан мүлдем айығып қалған сияқтанды.
— Мұны Филипп Исаевичке сездіре көрме,— деді ол маған.
— Әрине,— дедім мен.
Ольчанский жуынуға кетті. Мен Макагонды оятуға бардым. Бетін түндегіден теріс қаратып жатқан ол қалың ұйқыда екен. Мен әуелі «соған да оянар»деген оймен қаттырақ қақырынып ем, селт етер түрі жоқ. Денесін ақырынырақ қозғасам, оған да оянар емес. Содан кейін қаттырақ сілкілеп ем, түс көрген адамдай бірдемелерді былдырақтап, кірпіше жиырыла түсті. Оған да оянбасын көрген соң қаттырақ жұлқып-жұлқып қалдым. Ол есеңгіреген адамдай, «һа-һа-һа..» — деп басын көтере берді. Әуелі мені танымағандай былшықты көзін көкірек ашты да: «Не?.. Не?..» деді маған. Оян! дедім мен. Сонда ғана кім екенімді танығандай неге жұлқылайсың?! деп ақыраңдай түрегелді. Мен Филипп Исаевичтің тапсырмасын айтып ем сөзіме құлақ аспай, сабағысы келгендей жұдырығын түйе, тістерін қышырлата, көздерін едірейте жақындай бастады. Мен оның екі қолын ұстай алдым. Арақ жеңуден бе, я табиғатында күші аз ба,— қолдарын босатқысы келгендей Макагон жұлқынып еді, суырып ала алмады.
— Жібер, сволочь! — деді ол, күші жетпеуіне ызаланып.
— Өзің, сволочь! — дедім мен жібермей.
Әлдекім есікті тырсылдатып кіре берді. Біз жалт қарасақ — Голощекин!.. Біз қолымызды босатып аңыра қалған шақта:
— Не болды ? — деді Голощекин.
— Жәй, әншейін,— дестік Макагон екеуіміз. Голощекин Макагонға тесіле қарап алды да:
— Ал тез киін! — деп шығып кетті. Мен де оған ере жөнеле беріп ем, Макагон жауырынымнан қапсыра ұстады да, кейін тартты. Мұнысы несі?! дегендей кескініне қарап ем:
— Столда ішімдік бар ма? —деп сұрады ол.
— Су мен шай бар,— дедім мен.
— Арақ ше?
Мұның да пахмелсіз оңар түрі жоқ сияқты. Халі аянышты. Бірақ мал қанша!.. Оған да Голощекиннің сөзін айттым. «Қайтсең де жүз грамм тап!..» деп жалынды Макагон. Мен не істеуге білмей тұрғанда бөлмеге Ольчанский кірді де асқа шақырды. Макагон дастарқан басына кешігіңкіреп, өзгеміз тамаққа біраз қаужалып қалған кезде келді. Халі әлі де өте нашар екендігі әрең сүйреткен денесінен де, алқам-салқам бет-аузынан да көрініп тұр. Сондай жайын көргеннен кейін мен Голощекинге:
— Бұл кісіге жүз грамм пахмель жұттырмай реті келмес Филипп Исаевич,— дедім.
— Мақұл,— деді Голощекин Макагонның түр-тұлғасына қарап ап,— тек, жүз ғана грамм! Одан бір тамшы да артық болмасын.
Мен әкеп берген жүз грамды қағып алғаннан кейін, Макагон ширау орнына болбырай түсті. Мынау оңбас дегендей, Голощекин орнынан турды да, ал, кеттік! деп жөнеле берді. Ольчанский екеуміз де көтерілдік. «Мен де барам» дегендей орнынан сүйретіле түрегелген Макагонды Ольчанский қолтықтап алды. Бізді тыста, кешегі өзіміз мініп келген фордик пен Ковалев мініп келген грузовик күтіп түр екен. Сол арада Ковалев, Телеляев және үш-төрт адам тұр. Олар заводтың инженерлері екен.
— Сонымен,— деді Голощекинге Телеляев,— сіздің ұйғаруыңыз бойынша, әуелі заводты көреміз де!
— Солай келістік қой,— деді Голощекин.
Макагон тысқа теңселіп, көздері сүзіліп, ықылық ата түкірініп, әрең шыққан еді. Сонысын ұнатпады ма немене:
— Бұл машинаға,— деді Голощекин «фордикті» нұсқап,— мен, Ковалев, Ольчанский және ақын — төртеуіміз мінеміз. Өзгелері грузовикке отырсын.
Завод қақпасына жете «фордик» тоқтады. Ковалев кілті салулы қақпаны ашатын адамды іздеп кетті. Сол араға грузовик те тоқтай бергенде ішінен әлдекімнің өкірген даусы естілді. Байқасам — Макагон!.. Шофердың қолтығынан сүйеуімен грузовиктен әрең түскен ол лақылдата кеп құсты... Мен де жүгіріп барып сүйесе бердім... Ковалев қақпа күзетшісін тауып әкелгенше өкіре құсқан Макагонның халі бітіп те болды... -— Кейін әкетіңдер! — деген даусы шықты Голощекиннің «фордик» ішінен. Макагонның былқылдаған ауыр денесін төрт-бес кісі грузовик алдына әрең көтеріп мінгізді. Ол кейін оралды. Біз фордикпен қақпа ішіне кірдік... Телеляев «кішкене завод» дегенмен бұрын мұндай заводты көрмеген маған Қарсақпай ұшы-қиырсыз ірі завод сияқтанды. Бұл заводпен танысуды қазақша кең орысша руда аталатын тастарды көруден бастадық. Мөлшері ірілі-ұсақты, түсі сұрғылт, тұла бойында жылтырағы кәп бұл тастар Жезқазған шахтасынан алынады екен де, поезбен кеп завод төңірегіндегі арнаулы бір алаңға төгіледі екен. Бізге консультация берген қақпақ мұртты қартаңдау инженердің айтуынша, кесек тастардың іші тола мыс. Кен тасы аталатын кесектерді үлкендігін екі жарым миллиметрлік қылып, «Блек» аталатын машина уатады екен, ол конвеер арқылы «Сайманс» аталатын машинанын, өңешіне құйылып, тас арада 3—8 миллиметр болып ұсақталады екен, одан кейін «Марси» аталатын диірменнің өңешіне құйылып, ұндай боп үгіледі екен. Одан әрі, суға шайылып, тұнған металл элементтері кенді тез қыздырып балқытатын әлдене заттармен араласып, қызуы 700—800 градустық пеште құрғатылады екен, одан кейін металды «порода» аталатын тас пен балшықтан айыру үшін кенді, қызуы 1200—1400 дей келетін пешке салады екен. Сонда балқыған концентратты пеш шүмегінен шойын қалыптарға ағызылып, кірпіш-кірпіш боп құйылған концентратты металл түстерін өзара ажырататын заводтарға жібереді екен. Заводтың ішін аралай, онда құрылған нелер ғажап машиналардың өнімді және игілікті істерін көре жүре, бір нәрсеге өкінуге тура келді. Консультация беруші инженердің айтуынша, мұндағы машиналардың бәрі де түгелімен Америка, Германия сияқты капиталист елдерден сатып алынғандар. Ондай машиналарды шығару дәрежесіне советтік құрылыс әлі жеткен жоқ.
— Бұл көп жылдың қиындығы емес,— дейді инженер,— аз жылдың ғана қиындығы. Партия мен үкіметтің Отанды ірі индустриялы елге айналдыру ісіне кірісе бастауы мәлім. Бұ істің, қызу қарқынмен кетіп бара жатуын да білеміз. Алдымыздағы екі-үш бесжылдықтың ішінде біз шет елден ешбір машина сатып алмайтын, Отанымызға қажет барлық машинаны да өз қолымыздан шығаратын халге жетеміз.
Инженердің бұл сөзі қуантады. Коммунистік партияның Отанымызды индустриялы мемлекетке айналдыру туралы шығарған қаулы-қарарлары маған енді тіпті түсінікті көрінеді. Алғашқы бесжылдықтан туған перзенттердің ең көріктісінің, ең қуаттысының бірі болған — Қарсақпайға келіп, оның мән-жайымен танысуды өзіме үлкен бақыт санаймын... Голощекиннің де бұл заводты бірінші көруі. Ол да заводқа келуіне риза. Ал былтыр заводтың ашылуын көрген Ольчанскийдің айтуынша, алғаш байқалған кемшіліктердің бірталайы жойылып, айналасы бір жылдың ішінде техникамен қарулану жағынан да, қауіпсіздікпен қамтамасыз етілу жағынан да, тазалық жағынан да, еңбек тәртібі жағынан да Қарсақпай елеулі түрде алға кетіп қалған. Голощекиннің манағы бір көңіл күйіне қарағанда заводты ғана көріп, Қызылордаға оралар ойы бар сияқты еді. Енді, мына өнімді, мәдениетті заводты көргеннен кейін Ковалевке:
— Бүгін ертерек жатын, ұйқыны қандыру керек те, ертең ертемен әуелі Жезқазғанды, одан кейін Байқоңырды көруіміз керек,— деді.
Ертеңіне автомобильдердің әзірлігін көре тұра Голощекин Жезқазғанға поезбен баруды ұйғарды.
— Тар торапты темір жолмен жүріп көрген жоқ ем,— деді ол,— оны да байқау керек.
Тар торапты поезда кісі мінетін вагон жоқ екен. Жүк вагондарының кейі жабық, кейі ашық. Ауа райы жайлы болғандықтан, Голощекин «платформа» аталатын ашық вагонға мініп баруды ұсынды. Алпыс километр жердегі Жезқазғанға, елсіз-күнсіз бұйратты даламен бару — маған мейлінше қызық сияқтанды. Голощекин де көңілді келеді. Өткен түні жақсы тыныққан болу керек,— Макагонның да ажары бүгін жақсы. Оның әнді жап-жақсы айтатын даусы бар екен. Халықтық және революциялық әннің ол бірталайын біледі екен. Солардың біреуін мұрнынан ыңылдай бастағанда:
— Жап-жақсы даусын, бар ғой өзіңнің,— деді Голощекин.— Көтеріңкірей айт!
Макагон «Варшавянка» аталатын әнді бар даусымен шырқай жөнелді. Оған Ольчанский қосыла кетті. Мен де қосылдым. Бір куплетті орталай, Телеляев пен Ковалев те, оларға еріп бірге келе жатқан үш-төрт инженер де қосыла кетті. Бәріміз қосылғанда тәп-тәуір хор боп шықты... Жезқазған жолындағы даланын, өнбойынан әр жерде кездесетін мақлұқ — «зорман» аталатын тышқан екен. Мұндай тышқанды менің бірінші көруім. Тараққұйрықтан үлкенірек, күзеннен кішірек, жуантықтау, түсі сарыбөртелеу келген бұл тышқан, білетіндердің айтуынша, тек «Торғай даласы» аталатын өлкеде ғана өседі, өзге жерде жоқ. Терісі бұлды зорманды жергілікті халық көп аулайды екен. Саяси айыппен Қарсақпайға жер ауып келген кейбір мамандар Қарсақпай қасындағы түрі нашар жұмысшы поселкесін кемітіп сөйлегенде: «Зорман қаласы» дейді екен. Біз жүріп келе жатқан даладағы зорманның көптігінде хисап жоқ. Поезды тоқтатып қумасымызды біле ме, немене, поезд дүрсілін естігенде оттап жүрген орнында қазықша қақшиып тік тұра қалады да, ұзақ жерге дейін сол қалпын өзгертпейді... Қанша «шабан жүреді» дегенмен, жолшыбай тоқтамай ағызған тар торапты поезд көңілді келе жатқан бізді Жезқазғанға тез жеткізді. Оның даңқы зор болғанмен, қала, село демек түгіл хутор дерлік те түрі жоқ екен. Бары — тұрқын ұзарта салған, бойы аласа, азғантай ғана барактар мен қаз-қатар тігілген көнетоз, көбі жыртық киіз үйлер (ұятын алға сала айтқанда, мен «Жезқазған» аталатын жерге содан бері барған емен. Сырт естуімше — жаңағы барактар мен киіз үйлер орнына, қазір үйлері зәулім және көркем, мыңдаған халқы бар, социалистік әдемі қала өскен). Жезқазғанда жеті шахта қызмет атқарады екен, біз олардың біреуіне ғана түстік. Шахтаның ауыз жағы терең құдық қана. Оған «бадья» аталатын кебежесымаққа кіріп, қолдан жіберетін арқан арқылы түседі екен. Құдық іші ешбір сәулесіз қап-қараңғы, сондықтан адамға жер жұтып бара жатқандай қорқынышты сезім пайда болады екен. Шахтаның асты жан-жаққа үңірейе тарайтын коридор. Әр тұсына шахталық керосин фонары ілінген, өн бойы төбесінен тақтаймен жабылып, асты жуан бөренелермен тірелген. Мұндайды «штрек» дейді екен. Штрек іші қара көлеңке. Шахтада қазылған кенді штректе құдық түбіне дейін төселген рельс арқылы жүретін темір вагонеткалармен жұмысшылар жаяу сүйрейді екен. Бастаушы инженер бізге кен тасын «шпор» есімді бұрғымен тесіп жатқан жерді де, тесілген тастарға динамит қойып қирататын тұсты да көрсетті. Бір арада инженер бізге,— егер көрем десеңіздер, динамитті қазір де атқызуға болады,— деді.— Орын, қажеті болмас,— деді Голощекин. Өзгелерін білмеймін, өзімнің «шахта» есімді үңгірге бірінші рет кіруім еді. Бұл — мыс кені қазылатын шахта. Мыс есімді металл, мен білетін металдардың ең арзаны. Сонша «арзан» мыс, осындай ауыр бейнетпен қазылып,қорытылады екен-ау!.. Шіркін, адам, не деген еңбекқорсың, не деген тапқырсың!.. Инженердің айтуынша, Жезқазған шахтасында қазір жүріп жатқан ауыр еңбек алдағы аз жылда жеңілденеді, қазіргі қол күші онда механизмге ауып, бар істі машина атқарады да, адам сол машиналарды басқарып қана тұрады, оған қазіргідей ауыр салмақ түспейді... Алдағы саналатын капиталистік елдерде — қазірдің өзінде сондай. Біз де сондай халге кешікпей жетеміз... Рас шығар... Әзірге шахта бейнеті қандай ауыр!.. Біз ірі өндірісті қандай ауыр бейнетпен жасап жатырмыз!.. О, менің еңбекші замандастарым! Пролетариаттық революцияның да бар ауыр салмағын сен көтеріп, бақыт сапарына бастайтын Коммунистік партияны да, оның он, қолы — Советтік үкіметті де сен құрдың. Осы партияның, осы үкіметтің бастауымен, аштық, жалаңаштыққа шыдап, аса ауыр бейнетке төзіп, коммунизм құрылысының бұзылмас берік іргесін қалап жатқаның мынау!.. Инженер айтқандай, алдағы күнде барлық істі де машина атқаруына сенеміз. Сонда да сенің ауыр еңбегіңнен туған игілікті істер ұмытылмас, барлық ісін техникаға атқаратын коммунизм қоғамы, бақытты өмірінің іргесін ауыр бейнетпен қалап берген сені ешуақытта да аузынан тастамай, үнемі алғыс айтар!.. Біз сыртқа баямен ғана емес, бөлшектене жалғасқан сатылармен көтерілдік. Олай көтерілу бәрімізден гөрі жасы егде тартқан Голощекинге қиын болды. Басқышта да тұнған қараңғылық екен. Біз өрлеп келе жатқан жиырма шақты сатынын, әрқайсысында жиырма-отыздан басқыш бар сияқты. Төбесінен үнемі суы сорғалап тұратындықтан, саз балшық баттасқандықтан басқыш атаулы түгелімен тайғақ. Содан, әрі тайып кетем бе деп қорқасың, әрі алдағы басқыштар мен сатыларды қараңғылықта сипап әрең табасың. Солай өрлеу адамға қандай бейнет десеңші!.. Мана, шахта түбінен сатыға ерлерде: сен жассың, қарулысың, көзің жыты, алдына сен түс! деп Голощекин мені ілгері жүргізген. Сол ұсыныспен қараңғы үңгірдегі сатыларды өрлеп келе жатқан бетімде аяқтарымның сіңірі түйіліп, бұлшық еттерім жүруге жарамастық халде талып қалады. Кейінгілер не жайда екен? дегендей ара-тұра дыбыс берсем, жақынырақ жерде Ольчанскийдің даусы, одан кейін — Голощекиннің даусы естіледі. Орта тұста келе жатуға тиісті Макагон, неге екенін кім білсін, дыбыс бермейді. Ольчанский намысына тырысқандай «шаршадым» дегенді айтпайды. Голощекин шынын айтып: «Оу, тоқтаңдар!.. Аяқ-қолым талып қалды!.,» деп айғайлайды. Жүруге халім жоқ,— деді ол біраздан кейін,— аяқтарым басуға жарамай қалды!.. Оған амал қанша!.. Төмен түсіп демеуге, арамыз алшақ сияқты. Әрі, өзім де талып келе жатқан кісімін, сондықтан ішімнен: «Сорлы шал, амалда, тырыс!..» деймін де, жәрдемдесерлік дыбыс бермеймін... Сөйтіп отырып, шахтадан өлдік-талдық дегенде әрең шықтық-ау!.. Сыртқа шығуы мұң екен, Голощекин жазық жерге сүйретіліп барып, аһлап-үһлеп құлап кетті. Қасында отырған бізге ол Европада, Германияда болып, шахталарын, әсіресе, Рурдың шахталарын баяндап:
— Олар мұның қасында алтын сарайдай,— деді.
— Сондай халге біз де тез жетуге тиістіміз ғой,— деді Телеляев.
— Тиісті екені рас,—деді Голощекин,— бірақ оған бірталай уақыт бар әлі. Біз қазір экономика және техника жағынан капиталистік аталатын мемлекеттердің көбінің артындамыз. Оларды қуып жетіп қатарласқанша, кейбірінен озғанша, бізге әлі талай уақыт керек...
Голощекин бұл сөздерді жаны ғана емес, тәні де ауырған бейнеде қабақ шыта айтты. Өйтуінің себебін тағы да өзі түсіндірді.
— Ет қызуымен әлгінде байқамай қаппын,— деді ол, қисайып жатқан қалпында, байбалам сала әрең, қозғалып,— манағы басқыштармен өрлегенде, денем дал-дал боп қирап қапты. Тегі, мен машинаға носилкамен көтеріп мінгізбесе, осы жатқан жерімнен тұра да алмаспын!..
«Ойбай, о жерім!.. Ойбай, бұ жерім!..» деп сарнай бастаған Голощекин сол арада ұзағырақ жатар ма еді қайтер еді, егер маңында бір нәрсе сыбдыр ете қалмаса.
— Жылан!..— деп көзі шарасынан шыға ақырып қалған Макагон, манадан бері «мен де өлердей қалжырадым» деуіне қарамай, орнынан атып тұрды да, шегіне берді.
— Кәне?—деп Голощекин де жан-жағына қараса, ұзындығы бір құлаш қара шұбар жылан жақын тұста жорғалап барады екен. Голощекин де шаршауын ұмытып, opнынан жас адамдай қарғып тұрды да, бері қарай қашты. Біз де түрегелдік. Телеляев жайымен кетіп бара жатқан жыланның қасына жүгіріп барып, желкесінен етікті табанымен баса қойды. Жыланның құйрық шағы оның етігінің қонышына орала қалды. Телеляев қылғынып аузын аңырайта ашқан жыланды босатпай басып тұрды да, жылтыңдаған тілін суырып ап сілкіп жіберді. Содан кейін аузына бір баялышты тістетіп «енді улы тісі де жоқ» деп мойнынан ұстаған жыланды тулаған қалпында қамшыдай үйірді. Зәреміз ұша қараған бізге:
— Енді қорқатын ештеңесі жоқ,— деді Телеляев.— Тілін жұлып, тісін қаққаннан кейін жыланды қойныңа сап жүрсең де ештеңе етпейді.
— Сонда да, босат!.. Лақтыр!..— деп айғайлады алыста үрейленген Голощекин. Телеляев жыланды лақтырып жіберді де бері жақындады.
— Ағылшындар осы арада шахта қаздырған кезде,— деп сөйлене келді Телеляев,— бұл маңайдағы жыланның көптігінде хисап жоқ еді, дейді қарттар. Жыландар шағып шыдатпаған соң, ағылшындар қордасына керосин сеуіп ертеді. Жылан аса бауырмал махлұқ екен: өртеніп жатқанының үстіне басқа жақтағылары шұбап келеді екен де отқа өз беттерімен атылады екен!
— Күн кешкіріп барады,— деді Ковалев Голощекинге,— бүгін осы арада боласыз ба жоқ Қарсақпайға қайтасыз ба?
— Қайтамыз,— деді Голощекин.
Қарсақпай мейманханасына келіп қонған күннің ертеңіне Голощекиннің денесі қимылдауға жарамай қалды. Ол асты да кроватының қасына қойған стулдан әрең ішті. Одан кейін дәрігер келіп байқаса, бірер күнге дейін төсектен турар халі жоқ екен. Кешегі программа бойынша бүгін біз Байқоңыр көмір ошағына бармақпыз да. Естуімізше, Байқоңырдың шахтерлері Голощекинді түскі смена кезінде келеді деп күтіп отыр. Голощекин оларға барып сөз сөйлеуге тиісті. Өйтуге қазір халі жоқ. Ендеше не істеу керек? Дәрігерді жөнелтіп, Голощекиннің қозғала алмайтын хал-жайын білген завод басшылары шалға: енді не істейміз? — деген сұрау қойып еді, ол: ыңғайсыз болды! деп біраз басын шайқап отырды да:
— Менің жылжи алмауымды көріп отырсыңдар,— деді Голощекин,— шахтерларға: жолдас Макагон, жолдас Ольчанский, мынау ақын, Ковалев — төртеуін, барыңдар. Телеляевтің менде жұмысы бар.
Голощекиннің бұйыра сөйлеуіне қарсы шыға алмайтын Макагон қалып қойғысы келген бейнемен кеше шахтаға түсуден өзінің де денесі қатты аурып тұрғанын ескерте бастап еді;
— Барасың,— деді оған Голощекин шегелей айтқан дауыспен.— Сен бармағанда кім барады? Шаруа сенікі. Бұл өндіріске байланысты істеріңде салақтық та, олақтық та, ескерусіздік те болғанын өзің көрдің, өзгеміз де көрдік. Социалистік ірі ендірісті мұндай халде ұстауыңды ешкім де кешпейді. Мұндағы бар қиындықты, оның ішінде — Байқоңырдағы қиындықты көзіңмен көріп, кемшіліктерді қалайша тез жөндеу жайында Крайкомның бюросына ұсыныс беруге тиістісін,. Ендеше Байқоңырға бармауыңа болмайды. Жөнеліңдер тезірек! Жұмысшылар күтіп қалмасын. Айтылған сағатта жетіңдер!..
— Ковалевтің жолшыбай баяндауынша, Байқоңырдағы барлық шахтаның саны онға тарта, солардың қазір іс атқарып жатқаны — жартысы ғана, олардың ішіндегі ең тәуірі — шахта номер 5. Біз соны көреміз.
Жолымыз бізді әуелі Байқоңыр селосына апарды. Оның да үйлері үй емес, үйшік боп шықты. Селода не кеше, не орам дегеннің ешбір белгісі жоқ. Үйшіктердің бәрі біріне бірі тіркесе салынғандықтан, бәрі үйме-жүйме жап-жалпақ бірдеме боп тұтасып кеткен. Бірнеше үйшіктің қасындағы қорасымақ қуыстарда мойындары мен еркештері шошайған түйелер көрінеді. Байқоңыр селосын орай жүрген біз 5-шахтаға келсек, маңында әр жасты, әр жынысты, әртүрлі киінген бірталай адам түр екен, жүзден тоқсан тоғызы қазақтар. Біздің машинамыз тоқтай қалғанда, ошарылған жұрт. «Ура!.. Жасасын үкімет!.. Жасасын партия!» деп шу ете қалысты. Голощекиннің келмеуін естігеннен кейін:
— Ой-о-о-ой ..— деп наразылық білдірген дыбыстар естілді жиын арасынан.— Со-о-лай-а?!.. Немене кеп қалды екен оған, кенеттен?!.. Бізді мұңдарын шағады деп қашқалақтамаса жарар еді! Әдейі ауырмады ма екен?.. Қап, әтте-ге-не-ай, келмей қалғаны жақсы болмады!..
Ковалев жұрттың шуын әрең басып, Голощекин жолдасқа айтатын сөздеріңді, мына кісіге айтыңдар деп Макагонды нұсқады. Макагон мен көпшілік арасында мен аударушылық қызметін атқардым. Көпшіліктің Макагонға айтқан сөздерінің ұзын-ырғасы: өндіріс қауіпсіздігінің нашарлығы, өндіріс құралдарының жетімсіздігі, техниканың жоқтығы, шахтаға түсіп шығудың қиындығы, көмір шаңына былғанып келгендерге жуынарлық моншаның жоғы, көлікпен тасып ішетін ауызсудың өте тапшылығы, кейде шөліркеп қалатындықтары, басқарушыларының істеріндегі кемшіліктер, пәтер жайларының нашарлығы, өндіріс азығы мен өндіріс бұйымының ойдағыдай жетпеуі, кейде тарығып қалатындықтары, дәрігер жәрдемінің жетіспейтіндігі, балалары оқитын мектеп үйінін, тарлығы және күтімсіздігі, тағы тағылар... Бұл талаптардың бәріне Макагон түгіл табан аузында, Голощекиннің өзі де қанағаттандырарлық жауап бере алмас еді. Ол да, тек ескерерміз... жөндейміз... деген сияқты жалпылама жауап берер еді. Макагон сөйткеннен кейін: «Ой- бо-о-ой... мұнікі бос сөз ғой, тәйір !.. Талайын естіп жүрміз ғой, мұндай құрғақ сөздердің. Қой, қысыр сөзге буаз болмай, жұмысымызға тарайық. Ақысына аз-көп алайық еңбектен тиімдісі жоқ екен!»—деп жан-жаққа тарай бастады.
— Ал енді,— деді Ковалев Макагонға, жаңа смена адамдары шахтаға топырлап түсе бастаған кезде,— біз де түсетін болармыз?
— Әрине,—деді Макагон сылбыр дауыспен. Жобасына қарағанда оның түсе қояр пейілі жоқ сияқты. Бірақ түспегенде амалы қанша? Голощекиннің бұйрығын орындамайтын күші бар ма оның?
Біз бұл жолы да шахтаға баямен түстік. Оның да қараңғылығы — кешегі Жезқазған шахтасынан кем емес... Әлден уақытта бадья тоқтап, штрекке шықсақ, коридорының әр жеріне керосин фонары ілінген ол Жезқазған шахтасындағы коридордан әлдеқайда аласа екен. Бізді осындай штрекпен шахткомның председателі — Жездібай бастап жүрді. Мұнда да қазылған көмірді вагонеткалармен тасып, сыртқа баямен шығарады екен. Бөгесіні көп қара көлеңке жолмен үнемі еңкеңдеп жүру бізге, әсіресе, бойы ірі Макагонға оңайға соққан жоқ. Әлден уақытта, әлдене бір кеңдеу қуысқа жеттік те тоқтадық.
— Уһ, қалжырап әрең жеттім ғой !..— деп Макагон отыра кетті.
— Осы арадан,— деді Жездібай, қасқырдың апанындай үңірейген бірдемелерді қолымен нұсқап,— ботпайлар басталады.
— Ол не сөз?— дедім мен.
Ботпай — қазақтың Ұлы жүзіне қарайтын бір рудың аты. Ботпай есімді адамдар да ұшырасады. Бірақ осы сөздің мағынасы не екенін өзім де білмеймін, тіл мамандарынан сұрап та біле алмағам. Міне енді, осы Ботпай шахта ішінде алдымнан шықты.
— Орыстың «подбой» деген сөзін білуші ме едің?— деп сұрады Жездібай менен.
— Білем.
— Білсең жер астын үңгіп барып көмір қазатын орынды орыстар «подбой» дейді, ол сөзге тілі келмеген қазақ жұмысшылары —«ботпай» дейді.
Қазақ есіміндегі «ботпайдың», мына айтылып тұрған «ботпаймен» ешбір байланысы болмауға тиісті, екеуі екі жайда шыққан, екі мағынадағы сөз емес пе?
— Ал енді,— деді Жездібай, «ботпай» жайын түсіндіргеннен кейін,— соның біреуіне кіріп көреміз бе?
— Әрине,— дедім мен.
— Бірақ онда тік жүре алмайсың, көп жерде еңбектейсің, кейде не қырыңнан, не етбетіңнен жата қап жылжисың...
— Олай жүруге бола ма?—деді Макагон үрейлі дауыспен.
— Неге болмайды?—деді Жездібай,— сменаға келген жұмысшылардың бәрі де күн сайын ботпайларға осылайша әлденеше рет кіріп шығады.
— Жатып жылжитын тұстардың тұрқы ұзын ба?— деді Макагон.
— Жүз метрден қысқа ботпай жолы жоқ. Алысы — үш-төрт жүз метрге барады.
— Соншалық жыраққа бауырынан жылжып қалай жетеді адам? !
— Жетпегенде амалы қанша?—деді Жездібай.— Осы көмірсіз Қарсақпай заводы тырп ете алмайды. Ендеше ол кемірді қалай да алу керек!..
Байқоңыр көмірінің қандай жағдайда, қалай алынуы түсінікті болған сияқтанды. Енді шахтердің қайланы қалай шауып, көмірді қалай қопарып жатқан жерін көру керек. Шахтаға кеше түсуден денесі қатты аурып қалуын сылтау ғып, Макагон «ботпай» аталатын үңгірге кірмейтіндігін айтты. Ковалев талай көріп жүргенін сылтауратты. Менің тәуекелге бел байлап кіргім келді.
— Ал онда мен бастайын,— деді Жездібай маған.
«Ботпайға» алдымен Жездібай, одан кейін мен кірдім. Менен кейін Ольчанский кірді. Үшеуіміздің де қолымызда шахтаның, керосинді фонары. Біраз жерге дейін біз тізерлей, шынтақтай жылжып отырдық. Ботпай іші үнемі солай болса өкінетін де, шаршайтын да түріміз жоқ... Аздан кейін жағдай өзгеріп, жерді бауырлай жылжи бастадық. Ұзақ уақыт бүйтуге тізе де, шынтақ та талып қалады екен. Сөйте бастаған шақта кейде оң жақ, кейде сол жақ қырымыздан жылжуға айналдық. Бұлай жылжу да адамға ауыр екен... Жылжып келе жатқан қуысымыздың, тек төбе жағы ғана тақтаймен тірелген, тірегі де, тақтайы да әлсіз: егер жылжып келе жатқан тұстан балшық, не тас опырылып түссе, табанмен басқан құмырсқадай жаншыла қалатын жайымыз бар... Сондай қысаңшылықта, алдымда сырғып келе жатқан Жездібай еркін сырғып, артында әрең еріп келе жатқан Ольчанский екеуімізбен далада жылқы бағын жүргендей сөйлеседі. «Келе жатырмын» дегенді білдіргісі келгендей, артымдағы Ольчанский маған анда-санда тіл қатып: Япыр-ай, осындай таршылықта да адам еңбек атқара алады екен-ау!.. деп таңданады да, мен тоқырап жақындаған шақта, шіркін, жұмысшылар-ай, қандай қиындықтан тіршілікке қажетті нәрселерді шығарасың! деп сүйсінеді.
— Рас! — деймін мен.
Қазақта «құмырсқа да қырық шақырым жерге бара алады» деген бір теңеу бар. Сонысы рас екен. Тар қуыста бауырлай жылжумен біз ботпай аталатын қуысқа да жеттік-ау! Ол қуыс та кеңдік жағынан оңып тұрған жоқ екен. Онда да адам шоқиып отырарлық орын жоқ. Онда да жұмысшылар май шамның жарығына шағылысып жылтыраған көмір қыртысын қайлаларымен жантая соғып үгітіп жатыр. Ковалевтің түсіндіруі рас екен: бұл арадағы көмір пластасының ең қалың жері 20 сантиметрден аспайды. Байқоңырдағы одан қалын, көмірдің 70—80 проценті күл, завод пешіне жағуға жарамайды, ал мына жердегі көмірдің пластасы жұқа болғанмен сапасы жақсы. Тар ботпайға біздің қаупіміз күшейе түсті. Көмірі алынған тұста тақтай тіреулер алынады екен де, төбедегі балшық опырыла түсіп жатады екен. Онда басылып я қамалып қалу қаупі жылжып келген жолымыздан күштірек. Бірақ «шешінген судан таймайды» дегендей, біз ол араның көмірі қалай қазылуын жақсылап тұрып көрдік. Жұмысшылармен де кеңесіп, біраз сырларын, тілектерін білдік. Біз осындай жағдайда көбірек отырып қалар ма ек, қайтер ек, егер бір сәтте барлық шам жалп етіп сене қалмаса!
— Не болды?.. Не болды?!..— деп қалыстық, қою қараңғылыққа көмілген Ольчанский екеуміз.
— Боздық42!.. Боздық!.. деген—дауыстар естілді жан-жақтан.
Қараңғыдан бас айналады ма немене, біздің тынысымыз тарыла бастады. Боздық! деген дауыс жан-жақтан үндесе, қатты шықты. Әлдекім бізге: шахтаға ауа жіберіп тұратын түтік бұзылып қалған болу керек, шамдардың сөнуі содан, енді аз уақытта ауа жеткізілмесе, тұншығып кетуіміз мүмкін... Зәреміз енді тіпті қатты ұша бастады. Тыныс тіпті тарайып баратқан сияқтанды... Өкпе қабынып, жүрек алқымға тығылуға айналды...
— Апыр-ай, шынымен тұншыққанымыз ба?—деп қысылған даусы естілді Ольчанскийдің...
Боздық!.. Бы-Ме-Те!.. деген үн ботпайдың ішін кернеп кетті... Ішімізге тартар дем жоқтықтан басымыз айналып, есіміз ауғандай халге жеткен шақта жақын тұстан сіреңкенің, оты жылт ете қалды!.. Сол от ботпайға ауа сүйреп әкелгендей, аңырайта ашқан аузымыз бен қусырылған танауымыздан дем кіре бастады... Біз құрғақтан суға тастаған балықтай жанданып жүре бердік! О, ауа! Садағаң кетейін, ауа!.. Шамдар қайтадан жағылды. Ботпай ішіне май шамдардың ала көлеңке сәулесі тағы да түсе бастады. Сонда білсек: әлгінде жұрттың «Бы-Ме-Те» деп шулағаны «БМТ» аталатын, сырттан шахтаның тар үңгірлеріне ауа беріп тұратын машина екен. Сол машина әлдене себеппен аз уақытқа ғана тоқтағанда ботпай ішінің хал-жайы әлгіндей!.. Ал егер ұзағырақ тоқтаса ше?.. «Қылға ілінген өмір» деген осы болады да!..
— Мұндай халдің,— деді Ольчанский,— ұзаққа созылуы мүмкін емес екен. Мұны тез жақсартып, шахтадағы жұмысшыларды қауіпсіз тыныс тартарлық халге жеткізудің уақыты болған екен. Мен енді үкіметтің де, партияның да алдына ең алдымен осы мәселені қоям.
— Рас,— дедім мен.
Біз ботпай аталатын үңгірмен осылайша таныстық.
ҚАЗАҚ ТАРИХЫНЫҢ ТҮЙІНІ
Үш-төрт күннен соң менің, серіктерім кейін оралды. Оларға біз мініп келген «фордик» және серіктесуге бір жаңа грузовик берілді. Аттанар алдында Голощекин Ковалевті бұрынғыдан да жаман бұқтырып алды.
— Түгел аралап көрмегенмен,— деді ол пенсне арқылы шақырайған көздерін атқылай қарап,— басқарып отырған өндірісінің жайын ұғып болдық. Істерін, түкке тұрмайды, әсіресе, жұмысшы табынын, тұрмысын жақсарту жөніндегі істерің. Олардың тұрмысы патшалық Россия кезіндегі жұмысшылар тұрмысынан ұзап кете алған жоқ. Қазір пролетариат диктатурасының дәуірі екенін білесін,. Менің Москвадағы, Ленинградтағы, Свердловскідегі жұмысшылардың қазіргі тұрмысымен таныстығым бар. Отанымыз өткен жиһангерлік және азаматтық соғыстардың, аштықтық, контрреволюцияның, қаскүнемдіктің зардабынан әлі де түгел арылып болмағанмен, әлгі атап отырған жерлердегі завод, фабрикалардың, шахталардың жұмысшылары сенің жұмысшыларыңнан әлдеқайда жақсы, әлдеқайда мәдениетті тұрады. Басқаша болуға тиісті емес. Егер жұмысшы табының тұрмысын қанаушы тап үстем кездегі жағдайынан жақсарта алмасақ, онда революцияның керегі не? Пролетариат диктатурасының керегі не? Бұлай істеу — марксизм-ленинизмнің ғылымына қарсылық болар еді.
— Сен, жолдас Ковалев,— деді Голощекин қадала түсіп,— осы айтып отырғандарды білмейді емессің, жақсы білесің. Сөйте тұра жұмысшылардың тұрмыс жайын мынадай нашар халде ұстауын, — қазақтың әлдеқайдағы алыс даласында жатқан өндіріске кім келеді, кім көреді дегендік. Бұл қылығың, ең алдымен коммунистік емес, бері салғанда — салақтық, әрі салғанда — партияға жат қылық. Мұндай халді бұдан әрі қалдыруға болмайды. Жақын арада есепті баяндамаңмен Крайкомның бюросына шақырыласың. Мен көрген-білгендерімнің ешқайсысын да жасырмаймын. Жолдас Ольчанский мен Макагон да айтуға тиісті...
— Әрине,— десті ана екеуі қосарланып. Былай да мықшиып отырған Ковалев енді тіпті мықшия түсті.
— Бюроның қандай тынымға келерін күн бұрын атай алмаймын,— деді Голощекин,— мүмкін, кемшілігіңді қатты айтар да, түзетуге жағдай жасар, мүмкін ауыр жаза қолданар.
Далаға шығып машинаға отырар алдында Голощекин менімен қоштасты да: ал, ақын, көріскенше сау бол. Бұл өндірістің, өзін де, аумағын да түгел арала, жақсылап таныс. Тәуірі болса да, нашары болса да жасырмай жаз. Мүмкін, көрген-білгеніңді менің өзіме хат түрінде жазып та жіберерсің. Мүмкін, сенін, хатыңды Ковалевтің бюрода баяндамасы тыңдалғанға дейін алармыз,— деді.—• Сен, жолдас Ковалев,— деді Голощекин оған мені нұсқап,— мынау ақынның жүру-тұруына, уақытын көңілді өткізуіне толық жағдай жаса.
— Мақұл,— деді Ковалев.
Голощекин тапсырып кеткеннен кейін Ковалевтің менен ешнәрсе аяғысы келген жоқ. Оның ықтиярына салса, Қарсақпайдан кеткенімше осы мейманхананың бір бөлмесінде тұра беретінмін. Қажетті ас, су да жеткілікті берілетін. Оның үстіне:
— Көліктен де тарықпайсыз,— деді Ковалев, Голощекинді біраз жер шығарып салып қайтқаннан кейін.—Тарантас жеккен бір жақсы ат, қажет көрсеңіз ерттеулі ат, ұйқыдан басқа уақытында мейманхананың қорасынан кетпейді. Кісі ертіп жүрем десеңіз оларға да ат тауып беруге болады. Машинаға мінемін десеңіз де даяр: фордик Жосалыдан оралғанша жақсы бір грузовикті қарамағыңызға беріп қоям, фордик оралғаннан кейін қайда барамын десеңіз де дайын тұрады.
Ковалевтің мұнысы маған «жұмақтық жағдай» болғанымен, жұмысшылардың қалың арасында тұрып, тұрмысымен терең танысуға ниет еттім де директорға алғыс айтып, Қарсақпайға келгеннен бері таныс боп жүрген жұмысшы, жасы мен құралыптас — Біләл Әбеевтің «Зорман қаласы» аталатын поселкедегі жұпыны ғана кішкене жер үйіне көшіп алдым. Заводта көсеуші (кочегар) боп қызмет істейтін, қазақша шығатын газет, журналдарды көп қарайтын оның жап-жақсы сауаты бар. Әкесі Әбей революциядан бұрын ағылшын қарамағында қалған заводта кеп жыл көсеуші болған. Ол мен барардан бірер жыл бұрын өлген. Біләл де жеті-сегіз жасынан көсеушілік іске араласқан. Завод революция жылдары тоқтағанда, маңында қалған азғана күзетшілердің бірі Әбей болған. Завод жаңадан ашылуға бет алғанда алғашқы күндерінен бастап Біләл өз мамандығына кіріскен. Оның әйелінің аты — Қасым. Еркекке ғана қойылатын мұндай аттың әйелге қойылған себебін сұрасам: әкесінің ұлдары өле беріп, бірнеше баладан кейін туған қыз болғандықтан, артынан ұл туар ма деген ырыммен қойыпты дейді Біләл. Қазақтың халықтық өлеңінде: «Бір жерге екі жақсы қосылмайды» дегенмен, Біләл мен Қасым бірін-бірі тауып қосылған адамдар. Олардың екеуі де өте жақсы мінезді, өте тәртіпті, бірін-бірі сыйлап, қас-қабақтарына қарап отыратын, ешуақытта да ренжіспейтін адамдар сияқты. Мен бұл үйге Голощекин кетпей тұрғанда бірер рет келіп дәм татқам, сонда менің серіктерімнен қалып қоюымды естіген жұбайлар: салығыңыз біздің үйде болсын, хал-қадарымызша күтерміз деген, мен мақұл дегем. Әбеевтің үйінде бірнеше күн болып, мен заводпен де, жұмысшылардың тұрмысымен де, бірсыдырғы танысып алдым. Қала тұрғынының жүзден тоқсан бесі қазақ деген сөз рас екен. Олардың тоқсан бесі — шын мағынасындағы жұмысшылар. Араларында бұрынғы жұмысшылар мен олардың семьясынан шыққандар да аз емес. Бірақ басым көпшілігі — ауылдан келген кедей, батырақтар. Бұрын байларда жалшы боп келген олар былтыр қазақтың ірі байлары кәмпескеленгенін көргеннен кейін, қалған бай-құлақтар биылдан бастап тап ретінде жойылуын естігеннен кейін, ендігі күн көрісі социалистік еңбекте қалуына көздері жеткеннен кейін, қаптап өндіріс орындарына, олардың ішінде— Қарсақпай заводына келе бастапты. Бірақ оларды түгел сыйғызуға қазақтың, кең даласында жаңа ғана ұшқындай бастаған азғана өндірістің, оның ішінде Қарсақпайдың құшағы жетпей жатыр екен. Бұл жайды айта кеп:
— Алдағы бірер бесжылдықта,— дейді Телеляев,— жалғыз Қарсақпай комбинатының төңірегінде елу-алпыс мың жұмысшы болмақ. Сонда, қазақ даласында ашылған өндірістерден жұмысшы артылу түгіл, жетпей де қалады.
Ол, әрине, болатын нәрсе. Қазақтан болашақта жасалатын қалың жұмысшының, мына Қарсақпайдағы әзірге азы,— қаланып жатқан іргесі сияқты. Бұлар енді қайтып қозғалмастай берік қаланып жатыр. Кешегі көшпелілерде бүгін берік қоныстанудан басқа, завод жұмысына тұрақты орналасудан басқа, ой жоқ. Сондықтан әркімнің тар қорасында жақсылы-жаманды кигіз үйі я қосы шошайғанмен, жұмысшылардың басым көпшілігі өндіріс ісінен қолы босаған шақтарын шикі кірпіштен болса да баспана жасауға жұмыла жұмсап жүр. Алдағы аз жылда мұндай үйлерден мәдениетті зәулім үйлерге шығуына бәрінің де сенімі берік... Сол күндері мен пәтеріне әдейі іздеп барып, Қаныш Сәтпаевпен де таныстым. Әдейі деген сөзді қолданып отыру себебім: мен ол кезде идеологиялық майданда «солақай» аталатын адамның бірімін де. Өзім қаналушы таптың семьясында туып, Октябрь революциясына дейін қаналған жағдайда өскен адам, «қанаушы тап» дегенге, «қанаушы таптан шықты» деген адамға өш болатынмын. Естуімше, Қаныш Сәтпаев та бай семьяда туып-өскен адам. Оны бұдан бұрын да сыртынан бірер көргенім бар. Бірақ ойымда әлгіндей «түйткіл» жүргендіктен, мен оған жанаса, таныса қоймайтынмын. Енді Қарсақпайға келе, Телеляевтің «бұл өндірістің бүгінін де, болашағын да ең жақсы білетін адам осы» деген сөзін естіген соң тезірек жолығып сөйлесуге ойлап ем, уақытының көбін далада, кен зерттеу жұмыстарында өткізетін ол біраз күн қолға түсе қоймады. Бір күні келді деген хабар алдым да үйіне бардым. Балуан биік бойлы, басына дударлана қара бұйра шаш өскен, қазақы жалпақтау бетті бұл жігіт (1898 жылы туған) мен бұрын көргенде ақшыл-сарғылттау өңді еді. Енді уақытының көбін далада, күн көзінде өткізгендіктен, өңі қызыл-күреңденіп апты. Ол мені аса жылы шыраймен қарсы алды.
— Келгеніңізді естідім,— деді Қаныш,— сыртыңыздан білем. Шығармаларыңызбен де таныспын. Орыстың советтік әдебиетінде өндіріс тақырыбына жазылған шығармалар бірталай, мәселен: Серафимовичтің «Темір тасқыны» мен Марнатта Шагинянның «Гидро-Электро централі» тағы басқалар. Біздің, қазақ әдебиетінде жеке өлеңдер мен әңгімелер болмаса өндіріс тақырыбына арналған күрделі шығарма жоқ деуге болады. Көрмеген нәрсені жазу қиын. Өндіріске келгеніңіз жақсы.
Мен ол пәтерде кешке дейін болдым. Осы мезгілдің ішінде Қаныш мені «Жезқазған» аталатын өндірістің тарихымен, бүгінімен және болашағымен қысқаша түрде таныстырып та үлгірді.
— Жезқазғандағы мыс кенінің кейбір пұшпағы,— деп бастады Қаныш әңгімесін,— жердің сыртында шығып жатады. Ондағы таза мыстың проценті кейде он бес - жиырмаға барып, балғамен соққанында үгіліп кетудің орнына жентектеле түсетіні кездеседі.
— Бұл арада адам тұрудың тарихы,— деп жалғастырады Қаныш сөзін,— қола заманынан да әрірек болуға тиісті. Олай дейтінім осы маңайдағы таулар мен жарлардың етегінде көптеген үңгірлер кездеседі. Солар тағылық дәуірдегі адамдардың мекені болу керек. Осы маңайда «Қара кеңгір», «Сары кеңгір» аталатын екі өзен бар. «Кеңгірдің» түпкі этимологиясы екі сөзден құралған сияқты: кең және «үңгір», «кеңгір»—«кең үңгірден» шыққан сөз сияқты.
— Үңгірдің,— дейді Қаныш,— нелер кереметі де кездеседі. Мысалы: осы арадан Қорғалжын көліне қарай жүргенде шамасы екі жүз километрдей жерде «Айдақарлы -Құдайберді» аталатын үңгір бар. Оның түбіне әлі ешкім де жеткен емес, себебі, әрман барған кезде ауа таусылып, шам жанбай қалады. Елдің көшпелі кезінде осы үңгірге талай ру артық нәрселерін қоймаға тастап, аузына бірер үй ғана күзетші қалдырып кетеді екен. Бертінде СССР Ғылым Академиясының арнаулы экспедициясы үңгірдің «түбіне жетеміз» деп талаптанғанмен амалын таба алмаған.
— Жезқазғанның жер бетіне шығып жатқан я бертінгі тайызда жатқан кенін,— дейді Қаныш,— тарихта «қола» аталатын дәуірдің адамдары қорытып алғанға ұқсайды. Оған куә боларлық бұл маңайда шұқырлар, қорытқанда қалған қоқыстар, тіпті кейде кесек жездер мен мыстар кездесіп қалады. Кейбір орыннан со кезде кен қорытуға жұмсалған қарулардың да қалдығы ұшырайды. Соған қарағанда, заманына қарай, мыс қорытушыларда елеулі мәдениет болғандығы байқалады...
Қарсақпай маңайының өткен тарихынан біраз мәліметтер беріп алғаннан кейін Қаныш Сәтпаев бергі тарихына оралады. Оның айтуынша өткен ғасырдың қырқыншы жылдарында, Қарағанды аталатын жерде көмір барын білген орыс купеці — Ушаков, әуелі сол араны иесінен жүз сомға сатып алады да, одан кейін, 1874 жылы Жезқазған төңірегін елу сомға сатып алады. Жезқазғанның ол кездегі аты — «Ақжал» екен деседі. Ушаков Қарағандыны да, оның маңайына салған Спасск мен Нілді мыс заводтарын да, Ақжалды да ағылшын капиталистеріне аукционға (жалға) сатады.
— Сонда,— дейді Қаныш жымиып,-—қазір Отанға миллиондаған сом пайда беретін Ақжалды Ушаков ағылшынға екі жүз елу мыңға сатқан екен. Бұ да заманы үшін ұшы-қиырсыз көп пайда.
Ағылшындар Ақжалды ертерек сатып алғанмен мысын пайдалану ісіне 1904 жылдан бастап кіріседі. Олар алғашқы бір-екі жылда зерттеу жұмысымен шұғылданады.
— Әрине,— дейді Қаныш бұл жайды баяндай кеп,— жер бетіне мыс кенінің кейбір пұшпағы ғана шықпаса, қалыңы тереңде жатады. Ағылшындар оны зерттеген кезде, қажетті техниканы алыстағы қазақ даласына түгел жеткізе алмаған. Сондықтан елу метрден әрі кете алмаған. Мыс кенінің қалыңы жүз метрден арғы тереңдікте жатады.
— Ағылшынның таптым дегені,— дейді Қаныш,— қазіргі біз тапқан запастың жүзден бірі ғана. Соны да пайда көріп Қарсақпай заводын орнатқан. Завод жылына ең көп дегенде бес мың тонна мыс берген. Ағылшын капиталисіне осы мыс та жұмсаған шығынынан әлдеқайда артық пайда берген.
Революция жылдары ағылшындар қашады да, Қарсақпай заводы да, Жезқазған да, Байқоңыр да бос қалады. Совет үкіметі оларға күзетші қояды. СТО-ның43 ұйғаруы бойынша, Қарсақпай заводын жүргізу мәселесі 1925 жылдан бастап қолға алынады. Со жылы Москвада «Атбасар тресті» дейтін мекеме құралады. Директоры — Дыбец. Ол революциядан бұрын Американың мыс қорыту орындарында көп жыл қызмет атқарған инженер екен. Россияға 1917 жылы қайтқан. Қарсақпай заводын жүргізу ісі осы— «Атбасар трестіне» тапсырылады. 1926 жылы, май айынын, басында Томскідегі технологиялық институттың тау-кен факультетін бітірген Қаныш Сәтпаев, өзі сұрану арқылы Атбасар трестінің қарамағына келеді. Бұл — Қарсақпай заводын жаңадан жүргізу я жүргізбеу мәселесі қызу сөз боп жатқан уақыт екен: біреулер «заводты ашып, бұрын мәлім болған кенді қорытып алу керек» дейді екен; енді біреулер «онда құнға тұратын мыс кені жоқ, болмашы іске күш жұмсап әуре болмайық, заводты ашпайық» дейді екен. Таласқа түскен бұл екі мәселенің қайсысын жақтауға білмеген трест, әуелі Жезқазған маңындағы кен запасын зерттеп ап, Қарсақпай заводын ашу-ашпау мәселесін содан кейін шешуді ойлайды. Қаныш Қарсақпайға осы кезде барады да, кен зерттеу партиясын басқаруды трестен сұрап алады.
— Қажетті адамдар мен құралдарды алып 1926 жылдың жазында осы маңайға келсем,— дейді Қаныш,— жабылған заводтың орнында «тұяғы мен мүйізі» ғана қалған, заводтың мүліктерін маңайдағы ел талап та, ұрлап та тауысқан, машиналардың көбінің бөлшектері, кейбірінің қаңқалары ғана қалған, шахталарды су басып кеткен...
Қаныш бастаған геологиялық партия кең даланың аспандағы кен запасын зерттеу жұмысына кіріседі. Оның жұмысы аз жылда көп жеміс беріп, табылған кеннің запасы ағылшындар айтқаннан әлдеқайда көп боп шығады. Содан кейін Қарсақпай заводын жаңадан жүргізу мәселесі өзінен өзі шешіледі.
— Заводты салу,— дейді Қаныш,— жиырма жетінші жылдан басталады. Оның бөлшектері алыстағы темір жол станцияларынан түйемен тасылғанын естіген боларсыз?
— Естідім,— деп, мен Телеляевтің сөздерін айтып берем.
— Бәрі рас,— деді Қаныш.
Завод 1928 жылдың 7 ноябрі күні «Қазақстан» деген атпен ашылды. Салтанатты мәжілісіне Қазақстан үкіметінің атынан Қазақстан орталық атқару комитетінін, сол кездегі председателіне орынбасар — Әліби Жанкелдин келеді. Әлекеңді бәріміз де білеміз,— дейді Қаныш,—ол қазақтан пролетариаттық революцияға алғаш араласқан аз ғана қазақтың біреуі. Бірақ ол кісі республиканың бірінші басқарушыларынан емес және мыс мәселесіне мамандығы бар кісі емес. Содан кейін республика басшыларынан көрінгені — өзіңізбен бірге келгендер. Олар Қарсақпай өндірісіне көңілдерін енді бөлмесе, бұған дейін бөлмей келді. Заводтың бүгінгі жайы туралы біраз әңгімелескеннен кейін мен оның, болашағы туралы әңгімелер сұраймын.
— Мыс кенінің бұл маңайда әзірге табылған запасының өзі,— дейді Қаныш,— Совет Одағының өңге жерінде табылған запастан әлдеқайда асып кетті. 1941—45 жылдары болған Ұлы Отан соғысында, бейнелеп айтқанда, «жауға атылатын жүз оқтың тоқсанын Қазақстан берді», осынша мол мыстың басым көпшілігі Жезқазғаннан алынады.
Біраз уақыт әңгімелесіп отырғаннан кейін:
— Жазушы адам естігеннен гөрі, көзімен көргенге қаттырақ әсерленеді деседі,— деді Қаныш жымиып,— бұл маңайды аралап көрерлік ойыңыз бар ма?
— Бар,— дедім мен.
— Өзге әңгімені содан кейін кеңессек қайтеді?
— Мақұл,— дедім.
— Көретін жерлер көп,— деді Қаныш.— Ең алдымен, бұл — Қарсақпай төңірегі — қазақ тарихына түйін болған жердің біреуіне ұқсайды. Бұл маңнан тарихтық мәні бар талай ескерткіштерді көресіз.
Ковалев уәдесіне жетті. Менің жер аралау ниетімді мақұлдаған ол Жосалыдан оралған фордикті беруде сөз де айтқан жоқ. Маған жақсы серіктер де табыла кетті: біреуі — қазақ халқына атағы шыққан ақындардың бірі — Қалмағанбеттің Тайжаны, екіншісі — бұрын атын естімеген — Жылқайдардың Иманжаны, үшіншісі — заводтан қосылған инженер (атын ұмыттым). Алғашқы екеуі маған Біләл Әбеевтің үйіне әдейі іздеп кеп жолықты. Олардың естуінше,— мен елдегі қазақ ақындарын тауып, өлеңдерін жазып алуға шығыппын. Бұрын атын да еститін, өлеңдері мен әндерін де еститін Тайжан, атақты Ыбырай ақын Сандыбаевтың туған жиені боп шықты. Оның — шешесі Бопыш Ыбырайдың бір әке, бір шешеден туған апасы екен. Тайжанның түр-тұлғасы да, бет бейнесі де аумаған — Ыбырай. Ыбырай ол кезде сақал, мұрты қара-бурыл тартып қалған егде адам. Тайжан қара сақал, қара мұрт адам екен. Ыбырай жеңілтек, ойнарқы, қалжыңбас, не айтса да өлеңдетіп, ұйқастыра сөйлейтін, сықаққой, күлегеш. Тайжанның да мінез-құлқы сондай. 1884 жылы туған Иманжан — қияқты ұзын қара мұртты, шоқша қара сақалды адам екен. Ұлытаудың төңірегін мекендеген оның әкесі Жылқайдарда жүз елу түйе, жеті-сегіз жүз жылқы, бірер мың қой болған «Доңыз» аталатын жұтта (1911 жылы) бұл малдар қатты жұтқа ұшырап, Жылқайдар орта дәулетті ғана кісі боп қалған. Ол мұсылманша оқыған адам екен. Баласы — Иманжанды ол Бұхарда оқып «он екі фәнді тәмам қып келген Әмірғали Құлтыбай ұлына сабақ береді. Иманжан арабтың және иранның тілдерін жақсы біліп шығады. Жігіт кезінде Иманжан салдық құрып, ел ақтап кетеді де, қазақтың атақты ақындары мен әншілері: Ақан серімен, Балуан Шолақпен, үкілі Ыбыраймен көп уақыт бірге жүріп, өнерлерінен үлгі алады, Бірақ олар туралы ауызша әңгімені көп білетіндігі болмаса, Иманжанның өзі домбыра да тартпайды, ән де айтпайды. Өйтуіне тілінін, аздап тұтықпасы барлығы бөгет болған сияқты. Өйткенмен, жазба түрде өлеңдер шығаратыны бар екен. Олары халық фольклорымен араласып жатады. Елдің тарихтық, мәдениеттік әңгімелерінен, әсіресе, өлең фольклорынан білуінде ұшы-қиыры жоқ. Заводтан төртеу боп аттанғанмен, бірер күннен кейін «менің қажетім аз сияқты» деді де инженер бір тұстан қайтып кетті, өзге үшеуіміз үнемі сапарлас болдық. Қасымдағы екі адам да өте көңілді кісілер. Тайжан тоқтаған жер түгіл, жүріп келе жатқанда да әндеткен өлеңнен ауыз жаппайды. Қазақ даласын кең аралаған адамның біреуі бола тұра, талай шежірелермен кездесе жүре Тайжан «шежіре» аталатын білімге шорқақ кісі. Өзі ақын бола тұра, «фольклар» аталатын халықтық әдебиетті де аз біледі. Оның өте жақсы білетіні — ән. Арқаның: Біржан сал, Ақан сері, Балуан Шолақ, Ғазиз, Құлтума сияқты атақты композиторларының әндерінен оның нағашысы— Ыбырай Сандыбай ұлынікі. Тайжанның шешесі, Ыбырайдың туған апасы екенін жоғарыда айттық. Осы Ыбырай мен Тайжанның алғаш жолғасуы қызық. Ал Ыбырайдың туған-өскен мекені — Көкшетау облысының «Жаман жалғызтау» аталатын жері. Бұл екі ара бес-алты жүз километрдей жер. Сондай бола тұра Тайжанның әкесі — Қалмағамбет Ыбырай әкесі — Сандыбайдың қызын алатын себебі: қыз таулық жерді мекендейтін оның елі жаз айларында Есіл өзенін жайлайды екен де, маңайға Сандыбай руы — Қарауыл да көшіп кеп, екі ел бір-бірімен араласып кетеді екен. Қалмағамбет Сандыбайдың қызына сондай шақта үйленген. Тайжан кішкене күнінен сайқы-мазақ, жындылау боп өсіп, әркімді өлеңмен сықақтап маза бермейтін болады. Он бес-он алты жасқа жеткен шамада ол тіпті құтырынып, маңайдағы елдің, мазасы кетеді. Жұрт оны «жынданды» деп байлап тастайды. Біраз уақыт жатқанда үйіне сөзі тыңдаулы әлдекім кеп түседі де:
— Бұныкі жын болмау керек, нағашысы Ыбырай ақынның аруағы қонғалы жүрген болу керек. Ыбырайдан бата алса, жыны жазылады да, ақын боп шығады, бұны соған жіберу керек,— дейді.
Мезгіл — қыс басталған шақ екен. Со кезде Қарсақпай заводында қорытылған мысты түйелерге артып, алыстағы Петропавл темір жол станциясына апаратын кірешілер жолға шығады. Ыбырайдың мекені «Жаман жалғызтау» осы жолдын, үстінде болады. Әкесі Тайжанның «бармаймын» деп байбалам салуына қарамастан, киізге бөлейді де, кірешіге қосып Ыбырайға жібереді... Ыбырайдан «бата алғаннан» кейін Тайжанның «жыны» жазылып, ақпа ақын болады. Алдағы жылдың жазында Ыбырай оны үйіріне қоспақ боп көшкен елмен алып жүреді. Нағашысы аталған Қарауыл руынан да, туған нағашысы Ыбырайдан да зор сый-құрмет көрген Тайжан, рахмет ретінде:
— Халқым сүйіп атымды қойған Тайжан,
Егіз туған анадан Арғын, Найман,
Осы арада бөтен еш жұмысым жоқ,
Бата алғалы келіп ем Ыбырайдан.
Бірің емес, бәрің, де нағашымсың,
Саздау жерге өрбіген ағашымсың.
Осы жолы Тайжанды сыйлап жібер,
Бұдан былай Тайжанның бағы ашылсын.
Халқым сүйіп атымды қойған Тайжан,
Егіз туған анадан Арғын, Найман,
Он екі ата — Қарауыл, сегіз ата — Дәуіт,
Жиенге ұмытпайтын тиді пайдаң.
деп алғыс айтады.
Ыбырай әнді екпіндете, сәндендіре айтатын адам да. Оның даусы аса биік болатын. Тайжанның даусы одан төмен. Ал әнді екпіндете, құбылдыра, құлаққа жағымды қып айтуда «Ыбырайдың аузынан түсіп қалған». Оның өзі де талай тамаша әндер шығарып, халық арасына кең тараған. Соларға халықтан үйренген әндерін қосқанда Тайжанды «таусылмайтын ән қоймасы» деуге болады екен. Бірге жүрген он бес шақты күннің ішінде, кейбір ерекше сүйген әндерімізді өзіміз өтініп қайта айттырмасақ, Тайжан үнемі соны әндерді айтады да отырады. Олардың ішінен, менің өмірде естіме" ген әндерім де аз кездеспейді. Көңілді түрде сапар шеккен бір Қарсақпай төңірегінің алысын да я жақынын да демей, көңілге алған жерлерінің көбін араладық. Он бес шақты күнде машинамен қанша жерді аралап түсуге болатыны белгілі. Бірақ қажетті орынның бәрін түгел көру үшін, осы жазды түгелімен соған арнауымыз керек сияқты. Ондай уақыт Иманжан мен Тайжанда бар да, менде жоқ. Менің жақын арада ауылыма барып, одан семьямды алып оқуыма кетуім керек. Жарты айлық уақытта Қарсақпай төңірегінен көргендерімнің бәрін сипаттасам қалын, кітап жазуға тура келер еді. Бұл жолғы міндет ол емес, сондықтан көрген-білгендердің, тек қысқаша елесін ғана көрсете кетем. Ең алдымен жер, суы туралы Қарсақпай төңірегі негізінде шөліркеген дала болғанмен, көлдері мен өзендері де аз емес екен. Мысалы бір ғана Ұлытаудың өзінен: Жыланшық, жетіқыз, Шығырлы, Қараторғай, Қаракеңгір, Жезді сияқты өзендер тарап, олар да әлденеше өзенсымақтар мен жыраларға тарамдана бөлініп кетеді. Торғай, Кеңгір сияқты суы мол өзендердің тұрқы жүздеген километр жерге созылып, талай елді сусындатады. Егер осы өзендердің айдаладағы «құрдым» аталатын,құмдарға сіңетін жолдарын бөгесе, одан да көп халықты сусындатар еді. Қарсақпай даласында көл де көп. «Тоғанастың тоқсан көлі» осы даланың теріскей бетіндегі жақын жерде. Олардың біразы көктем суынан кейін тартылады екен де, мыңдаған тонналық жемшөп боларлық шалғын өседі екен, бірақ ол кезде оны шабатын ешкім жоқ. Көшпелі ел соңғы жылдарда отырықшылыққа айналып, бұл маңайды жайламайтын болған, көлдерге жыл сайын қалың өсетін шалғын бұрынғыдай мал тісті мен тұяғы тимеуден қорысты қопаға айнала бастапты. Кейбір суы терең, көлдер әлі де шалқар қалпында екен. Мәселен Жезқазғанның теріскей жағындағы — Барақ. Мұны XVІІІ ғасырда өткен Көкжал Барақ есімді қазақ батыры жайлаған екен дейді. Көлдің аумағы да үлкен, түбі де терең, суы да тұщы сондықтан балық та көп өседі екен. Оны аулаушы адам болмағандықтан, кейінгі кезде тіпті көбейіп кетіп, «Балық сасыған Барақ» атаныпты. Мен жиегінде тұрып көлге көз тіккенде қайраңында ойнаған балықтардың көптігі—илеуінде құжынаған құмырысқадай екен!.. Жерінің жалпы көрінісі бұйраттау келетін бұл тұста әр жерде шоқиған таусымақтар да көрінеді. Олардың ең, үлкені — Ұлытау. Мұның, ұзын тұрқы — 80 километр, көлденеңі — жиырма километр деседі. Батыстан шығысқа қарай тұтаса көсілген бұл тау кей жерінде асу бермейтін биік екен. Өнбойы жан-жаққа тарамданған өзендер мен бұлақтар, олардың бойында өскен жыныс орман мен қалың шөп. «Ұлы» деген есімді қазақ бұл тауға бекер бермеген сияқты. Көшпелі қазақ руларының осы тау төңірегінде талай рет бастары түйіскен сияқты. Оған бірталай белгілер бар. Мысалы, Қарсақпайдың күнгей жағында, Сарысу өзенінің аяқ тұсында «Таңбатас» аталатын жер бар. Осы жардың қиясына қазақ есімді халыққа кіретін рулардың, бәрінің де рулық таңбаларының белгісі табылған. Бұлар тарихи материалдарда көретін таңбалармен дәл келеді. Егер қазақ рулары осы тұста бастарын қоспаса бұл дәлелді таңбалар жылтыр қара тастың бетіне қайдан шабылады? 1723 жылы «Жоңғар хандығы» аталатын қалмақтар қазақ елін қирата шауып, солтүстік пен күнбатысқа қарай қан жоса қып қуғаны тарихи фактылардан мәлім. Осы жаугершілікке сол жылғы тақыршылық пен жұт та қосылып, босқын қазақтың қатты қырғынға ұшырағанын бұл ауыр жыл қазақ елінің тарихында «Ақтабан шұбырынды, алқакөл-сұлама» деген атпен қалғанын білеміз. Сонда қоныс іздеп қаңғырған қазақ ауылдарының бір жүйесі Ұлытау өлкесіне де келген. Оның бір айқын куәсі — атақты ақынымыз Абай Құнанбаевтың үшінші атасы Ырғызбай, қазіргі Ақтөбе облысындағы Ырғыз өзенінің бойында туғандықтан, атын — Ырғызбай қойған; Тобықты руындағы Кеңгірбай би, Ұлытаудағы Кеңгір өзенінің бойында туған. Тобықты руы, қазіргі мекені — Шыңғыс тауына осы Ұлытаудан көшіп барған. Қазақтың бертінде жасаған атақты ақыны Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің мекені Баянауыл тауында. Иманжан Жылқайдаровтың айтуынша, Көпеевтің бесінші атасы — Бесім. Ол Ұлытаудың бойын мекендеген, Ұлытаудағы «Бесімнің бес саласы» деген сайдың аты содан қалған. Осылар сияқты тарихтық мәні бар мекендер Ұлытаудың бойында да, оның шығыс жақ бетінде қырық бес километрдей жерде тұратын Кішітаудың бойында да, өзендер мен көлдердің бойында да көп кездеседі. Біз солардың қазақ тарихына байланысты кейбіреуіне ғана қысқаша тоқтай кетейік. Ең алдымен, «Алаша ханның күмбезі» аталатын мазар. Қазақта «Алаш алаш болғанда, Алаша хан болғанда» деген мәтел бар. Қазақ шежірелерінің айтуынша, Алаша — қазақтың бірінші ханы. Тағы солардың айтуынша, қазақтың «алты алаш» деген атауына: башқұрт та, түрікпен де, қарақалпақ та, өзбек те, қырғыз да кіреді. Сонда қазақпен алтау болады. Аталған елдердің шежірелерінде де осы сөз бар. Бұл, тегі, баяғы «Селжүк түріктері» аталатын мемлекеттің тұсында болғанға ұсайды, сол кезде жоғарыда аталған халықтардың басы бір мемлекетке қосылғаны рас. Алаша ханның күмбезі Ұлытауда болуы қайран қалдыратын көрініс. «Майлықия» аталатын өзеннің жағасына орнаған бұл күмбез күйдірілген кірпіштен төрт қабырғалы боп жасалған да, мұнаралы төбесі — киіз үйдің төбесі тәрізді бүріліп барып біткен. Архитектуралық жағынан Алашаның күмбезі Орта Азияда көп кездесетін мазарлар мен мешіттерге ұқсайды. Қай заманда салынғаны белгісіз бұл, күмбездің кірпіштерінің қаттылығы сондай: оны ғасырлар бойына қыздырған күн сәулесі де, өкпек жел де (бұл тұстың желі жыл тәулігіне арылмайды, кейде өте қатты болады), жаңбыр мен қардың сулары шайып та өзгерте алмаған. Олар күні кеше қаланғандай. Мазардың сыртқы кірпіші түрлі түспен боялып, қазақтың «ши» аталатын өрнегіндегі кестелерге ұқсайды. Ол бояулардың да ешбір жері не оңып кетпеген, не кетілмеген. Екінші әңгіме — «Жошы ханның күмбезі аталатын мазар. Жошының кім екені бізге мәлім. Ол атақты монгол — Шыңғыс ханның үлкен ұлы. Шыңғыс хан жаулап алған жерлерін: «Алтын орда», «Көк орда», «Ақ орда» деп үшке бөлуі, Алтын орда Еділ өзенінің бойына (қазіргі Саратов пен Волгоград ортасындағы «Сарайшық» аталатын жерде). Көк орда — Самарқандта, Ақ орда — Пекинге орнауы мәлім. Жошы Алтын орданың бірінші ханы болған. Жошының нақ қай жылы туып, қай жылы өлгені мәлімсіз. Оның, әкесі Шыңғыс 1155—1227 жылдары жасаған. Жошы әкесінен бұрын өлді деседі. Сонда ол ХП ғасырдың аяғында, XІІІ ғасырдың басында жасаған адам. Бір жобада «Жошының тұрағы Ұлытау болған, Сарайшық қаласын оның баласы — Бати салған» деген сөз бар. Содан ба екен, әлде елдің шығарып алған ертегісі ме екен— «Жошы ханның моласы» деген күмбездің Ұлытау маңындағы Кеңгір өзенінің жағасында тұруы анық. Жошы жайында айтылатын төмендегі ертегіні еске түсіре кету қажет. Қазақта «Ақсақ құлан — Жошы хан» дейтін атақты күй бар. Оның шығу тарихын қазақтар төмендегідей баяндайды: Жошының жақсы көретін бір баласы нөкерлерімен аңға шыққанда алдарынан бір үйір құлан кездеседі. Мерген бұл үйірден айғырын садақпен атып жаралайды. Хан баласы осы айғырды қуып құрықпен ұстаймын дегенде айғыр теуіп өлтіреді... Бұл ауыр қазаны Жошыға айтуға ешкім батпайды. Себебі, Жошы: «Кімде-кім ұлымның өлімін естіртсе, құлағына қорғасын құйып өлтірем» дейді. ?Күрт содан қорқады. Бірақ айтпасқа тағы болмайды... Жұрт не істеуге білмей дағдарғанда, бір қобызшы: «Мен бұл қазаны ханға күйдің дыбысымен аңдатам» дейді. Жошы ордасына жиналған көпшіліктің алдында, қобызшы Жошыға баласының өлімін күй арқылы баяндап береді... Сонда Жошы: «Естіртуші адам емес, қобыз» дейді де, қобыздың бетіне балқып тұрған ыстық қорғасынды құяды. Қобыздың жарты беті қапталмай үңірейіп тұруы содан» дейді ертегі... Құланға өшіккен Жошы хан маңайда ұшырағандарының бәрін қырғызады да, «Енді бұл маңайға келмейтін қылам» деп, айдаладан тұрқы ұзын канал қаздырып су жібертеді, атын «Құлан өтпес» қояды. Бұл есімді өзендері әлі де бар. Тарихта Едіге есімді би болуы, бір кезде ол Алтын орда ханы Тоқтамысты өлтіріп, 1391 —1395 жылдары Алтын орданы басқаруы мәлім. Ұлытаудың батыс жақ биік шоқысының ұшар төбесінде «Едіге моласы» деген мазар да бар. Едігенің бұл араға қайдан кеп өлуі мәлімсіз. Ұлытаудың бір қойнауында «Кенесары қорғаны» деген жер бар. Өткен ғасырдың алғашқы жартысында Кенесары Қасымовтың Россияға қарсы шығуы, орыс армиясынан сырғып Орта Азияға қарай беттеуі мәлім. Сол бетінде Ұлытауға мекендемек боп, қорған соқтыруы рас та сияқты... Қорғанның кетілген, қираған қабырғалары әлі де сақтаулы. Ұлытау мен Кішітаудың, олардың маңындағы өзендердің өнбойында — «пәлен байдың, пәлен батырдың молалары» деген күмбездер толып жатыр. Солардың біреуі Кеңгір өзенінің, жоғары жағасына салынған Сандыбай байдың күмбезі. Бұл тарихқа белгілі Ерден батырдың (1808—1862) әкесі. Оның мазары да тұр және құрылыс жағынан—Алаша мен Жошы хандардың мазарларының көшірмесі. Біздің заманның қарт большевиктерінің және жазушыларының бірі — Сабыр Шәриповтың 20 жылдардың орта кезінде, қазақтың ас беруі туралы «Қызыл Қазақстан» журналына жазған мақаласы бар, сонда: «Ұлытау маңайын жайлаған Бағаналы руының байлары соңғы елу жылдың ішінде асқа елу мыңдай бие, бір миллиондай қой сойды» деген мәлімет бар. «Көзімен көрген адамдардың айтуынша,— дейді Сабыр әлгі мақаласында,—- Сандыбай байдың асына 500 бие, 5000 қой сойылған!..» Қарсақпай өлкесін аралап жүргенде, біз талай тұста жер астының кенін зерттеп жүрген геологиялық партияларды да көп кездестірдік. Олардың айтуынша, қазақ даласының, оның ішінде «Арқа» аталатын өлкесінің жер астындағы кен байлығында мөлшер жоқ. Бір жердегі партияда біз Қаныш Сәтпаевпен де ұшыра' сып қалдық. Біраз кеңескеннен кейін:
— Атаң қазақтың,— деді Қаныш маған,— өткен ғасырдың ортасына дейінгі өмірі өзіңіз көргендей. Ол — көшпелі өмір. Көшпелі елде село да жоқ, қала да жоқ. «Қазақтікі» деген даладан, сен тек Алаша мен Жошы сияқты хандардың. Сандыбай сияқты байлардың бірен-саран молаларын ғана кездестіресің. Село, қала салмауы былай тұрсын, көшпелі қазақтар көш жолының бойына, ұзақ жасарлық құдық та қазып кетпеген.
Өткені сондай болса,— деп жалғастырды Қаныш сөзін, XІX ғасырдың ортасынан бастап қазақ тарихында жаңа бет ашылды, ол — кең даласының әр жерінен кендердің табыла бастауы еді. Бірақ толып жатқан жағдайлардың себебінен советтік дәуірге дейін бұл кендер іске жөнді аса алған жоқ...
— Енді,— деді Қаныш көтеріле сөйлеп,— қазақ даласының астында жатқан бай кеннің бәрін түгел қопаруға мүмкіндік туды. Орыс ғалымы — Менделеевтің системасы бойынша, металдың тоқсаннан астам, түрі болуға тиісті. Олардың ішінде, ғылымның әлі игере алмағаны да бар.
БЕСІНШІ ТАРАУ
АУЫР АСУДА
Ер — халық аса қатал күресінде
Құламай сүрінсең де тұра бардың
Тікенді дулығаң бар үлесіңде
Тоқтатпа, алшаңдай бас, жарқын алдың!..
Н. А. Некрасов.
ЖЫЛАНДАР ПАТШАСЫ
Мен туған еліме Қарсақпайдан Атбасар қаласы арқылы жүретін болдым. Шамасы бес-алты жүз километр дерлік бұл араға екі жолмен баруға болады екен: бірі — автомашинамен кету, екіншісі — атпен жүру. Ат жолын «Шәштінің жіңішке жолы» деседі. Бұнымен ертеректе қалың ел көшіп, даңғыл боп жатады екен. Кейінгі жылдарда көшу сиреп, даңғыл жіңішкелеу сүрлеу ғана боп қалған. Сондықтан әртінірек «хан жолы» аталатын бұл даңғылды, бертінде «Шәштінің жіңішке жолы» дескен. «Шәшті» дегені «орыс» деген мағынада айтылады-мыс. Олай дейтіні — Кенесары қолын қуған орыс әскері осы сүрлеумен жүріпті-міс. Автомобиль жолының үстінде кәзір ел жоқ десті, сондықтан жолшыбайғы жерді, елді көре бару үшін мен атпен жүретін жолды атадым. Шәшті жолымен жүруге бекінген маған серік те табыла кетті, ол — Қарсақпайдағы қазақ мектебінде оқытушы — Алиакбар Хасенов. Жасы менен аздап үлкендеу бұл мұғалім, 1920 жылдың жазында, Қызылжар қаласында ашылған екі айлық курста менімен бірге оқыған. Со кезде танысып, достасып үлгерген Алиакбарды содан кейін көріп отырғаным осы. Менің Қарсақпайға келгенімді естіген ол алғашқы күндері іздеп тапты да, шүйіркелесе амандасып, пәтеріне алып барды. Үй шаруасында жүретін әйелі — Рабиға ауыл тәрбиясында ескен сыпайы мінезді, кішіпейіл, қонақ күткіш адам екен. Бұл үйге мен Қарсақпайда тұрған күндері жиі барып жүрдім. Атбасарға атпен жүрмек болған ойымды Алиакбар да, әйелі де мақұлдай кетті. Олар жазғы каникул кезінде туған ауылдарына барып дем алмақ екен, ол ауыл Шәшті жолының үстіндегі Қыпшақ өзенінің бойында екен. Бірге аттанбақ болған бізге аттың да реті келе кетті. Транспорттан қолымды қақпайтын Ковалев әуелі:
— Атпен жүрем деуді қойыңыз. Ол — ұзақ және азапты жол. Автомобильмен таңертең шықсаңыз Атбасарға кешке жетесіз,— деді де, мен өз ниетімнен қайтпағаннан кейін, қорабы кең тарантасқа мықты пар ат жегіп берді және жол білетін атшы берді. Бұл пар ат бізді Алиакбардың дуылына жеткізіп сап қайтатын болды. Тарантасқа Алиакбар, әйелі — Рабиға мектеп жасындағы ұлы Мағзұм мен Серік, мен, атшы — алтаумыз кең сыйып, Шәштінің жіңішке жолына түстік. Жол Қарсақпайдың теріскей шығысынын, арасын ала тартады екен. Алғашқы күні біз «Сары кеңгір» аталатын өзенді бойлай жүрдік. Егіншілер оның алдын бөгеп, жағасына аздаған гектар тары себеді екен. Суару арқылы өсетін ол тарынын, биылғы шығымы ғажап: сабағы қамыстай биік және қалың шыққан оның ішіне кірген адамның бойы көрінбестей, дәнді мол тартқан күрең түсті басы шашақтана иіліп, қолыңмен жол ашпасаң, арасынан жүргізбейді. Атшының айтуынша, бұндай тарының гектары ең азына екі жүз елу, үш жүз пұттай дән береді.
— Шіркін,— дейді атшы, есіп тұрған тарыны аралап көріп,— кең далада босқа ағып жатқан өзендердің бәрін де осылай бөгеп, осы маңдағы құнарлы топырақтың бәрін тары егісіне айналдырып жіберер ме еді!.. Қанша мол астық алынар еді, сонда!..
— Рас!.. —дейміз Алиакбар екеуміз.
Сары кеңгірдің тоғанынан арғы жағы жіңішке ғана жырадан жылжып жатқан тайыз су боп кетті. Сонда да ғажабы — осы судың ішінде шабақ, алабұға сияқты балықтар өріп жүр!.. Кейбір тұста ұзындығы кебістің басындай сазандар да кездеседі...
— Бұларды,— дейді атшы,— осы даланын, түлкісі мен қарсағынан басқа аулайтын ешкім жоқ.
— Судан қалай аулайды олар?
— Тәсілін табады...
Біз ол күні Сары кеңгірдің жіңішкеленген бір тұсында түнедік. Қаңғыр-күңгірі жоқ, елсіз-күнсіз айдала. Әр жерде далалық құстардың, ғана дыбысы естіледі. Бізде мылтық жоқ. Күндіз үлкендігі құнан қойдай боп теңкиген дуадақтар кездесіп отырған. Олар өмірінде кісі көрмеген бе, көрсе мылтықшы кездеспеген бе, әлде бізде мылтық жоғын сезіне ме — сойылмен соғып аларлық тұсқа дейін келтіріп, содан кейін ғана ұшып ыза қылған. Дуадақтардан көрген осы қорлықты, біз түнде түлкілерден де көрдік. Олар да адам көрмеген бе, я бізде мылтық жоғын сезе ме,— қараңғы түнде от жағып, пісіріп алып шыққан тамағымызды жылытқан шақта, жарыққа шағылысқан көздері жап-жасыл боп, таяқ тастам жерде шоқиып отырады. Тұра жүгіріп қусаң, «жете алмайсың» дегендей, шоқаңдай жүгіріп мазақ етеді, сен орныңа қайтқанда артыңнан асыранды итіңдей еріп тағы да жақын жерге шоқияды. Астан кейін Рабиға мен балалары тарантастың қорабына жатты да үстеріне көрпе жауып ұйқыға кірісті. Алиакбар екеуміз де біраздан кейін үйықтар ма ек, қайтер ек — егер саздауық жердің қалың масасы үн қоса ызыңдап, үстімізде топалап жүріп алмаса, денеміздің ашық жерін шағып, мазамызды кетірмесе. Масадан жазаланған, Алиакбар екеуміз, жағасына қалың шие өскен өзеннің жіңішке жырасын бойлап серуенге кеттік. Атшымыз жақын жерге тұсаған көліктердің қасында қалды. Арбадан ұзаңқыраған шақта, Алиакбар мені өзінің қысқаша өмірбаянымен таныстырып кетті. Біздің арғы түбіміз Арғын аталатынын білетін боларсың,— деді ол.— Арғынның ішінде біз Алтай дейтін бөліміне жатамыз. Ол да он шақты болыс ел. Алтайдың ішінде, еткен ғасырда Аққошқар. Сайдалы дейтін атақты адамдар болғанынан хабарың бар шығар.
— Естідім,— дедім мен.
— Сайдалының атағы байлықпен шыққан,— деді Алиакбар.— Ал, Аққошқардын, аты -— кісілікпен шыққан. Өткен ғасырда бұл өлкеге Шыңғыс Уалиханов аға-сұлтан болып тұрған ғой. Аққошқар соның қарамағында кіші сұлтан болып қызмет атқарған. Бірінші Николай патша Романов өлген жылы, одан кейін орнына баласы — екінші Александр патша болған шақта. Аққошқар Шыңғысқа еріп Петербургке екі рет барған. Аққошқардан Шонан, Нұғман, Хасен, Хамза туған. Мен Хасеннің баласымын.
Өмірбаянымен осылайша таныстырған Алиакбар, біраздан кейін тағы бір кеңестің ұшығын шығарды.
— Менімен немере Қазкей деген жігіт бар. Жасында мұсылманша да, орысша да оқып, екеуінен де жап-жақсы хат білген. Осы Қазкең— дейді Алиакбар, демін соза алып,— өткен жылы мал-мүлкі кәнпескеленген 500 қазақ байының тізіміне кірді.
— Неге? — дедім мен.
— Ауқатты адам еді,— деді Алиакбар күрсініп.—Бірақ, мал жиғаннан басқаны білмейтін сасық бай емес еді, жаңашыл адам, шаруасының бәр түрін де мәдениетті өсірген еді Жылқылары, сиырлары асыл тұқымнан еді. Өзге байлар кәнпескеден қорқып, артық малдарын сатына бастаған шақта Қазкей сатпаған. Сөйтем деп мал саны кәнпескеге толды да, сасық байлардың қатарында кете барды.
— Қайда?
— Бұл маңайдың байлары Арал теңізіне жер аударылды. Қазкей де үй ішімен со жаққа жөнелтілді.
— Ал, енді осы кеңесті маған айтудан мақсатын, не? — дедім мен Алиакбарға.
— Кейбір байларды кәнпескелегенде маңайындағы кедейлер мал-мүліктерін талап алғандай үлесті. Ал, Қазкейді, кәнпескелегенде кедейлер оның мал-мүлкін алғысы келмей, үкімет адамдары зорлағандай әрең алғызды. Мәселе онымен де тынбай со кедейлер алған мал-мүліктерін жасырын түрде қайтарып беріп жатыр деп естимін.
— Кімге? — дедім мен.
— Қазкейдің, немере туыстары: Ысхақ пен Мәжитке. Олардың үйлері Ақмола облысының Қарақойын ауданынан Қызылорда облысының көршілес ауданы — Қарсақпай жеріне келіп отыр деп есітем. Жолдан бәлкім бұрыстау болғанмен, егер сен қарсы болмасаң соға кетуді ойлап келем.
— Мақұл,— дедім мен.
Біз ертеңіне өзен бойымен ұзақ жүрген жоқпыз. Теріскей шығысқа туралап келе жатқан өзен, бір мезетте оңға қарай ойыса бастады, со кезде:
— Мәжит үйіне соғу үшін, біз солға қарай икемделе жүреміз,— деді атшы.
Ол бетте сүрлеу сияқты із ғана бар. Ол да даланын, әр тұсында жоғалып кетіп, әрең табылады. Жасамыстау атшы Ковалев айтқандай жолшыл адам екен. Сүрлеу жол талай рет үзіліп, жалғасқанмен ол адасқан жоқ. Жолы нашар далада тоңқылдаған арбамен күн ұзақ жүріп шаршаңқыраған кешірек шақта, бұйраттау жазық даланың әлдеқайдағы тасасынан аспанға шаншыла шыққан көк түтін көрінді.
— Мәжит үйінің түтіні болуға тиісті,—деді атшы.
Алдағы бір белеске көтерілгенде, әріректегі саян, тұстан, бірі — бозамықтау, бірі — қоңырлау екі киіз үй көрінді, маңайында әр түліктен бірталай мал өріп жүр. Жақындаңқырап келсек, екі үйдің сырт жағынан қаққан желі маңында толық айғырдың үйірі дерлік жылқылар жусап тұр. Тұсаулы түрде оттап жүрген аттар да бірталай. Үйлерге жақын тұста көгенделген бірсыпыра қойды әлдекімдердің жүндеп жатқаны байқалады... Біз киіз үйлерге жақындаңқыраған шақта алдымыздан екі-үш ит үріп шықты. Солардың даусынан ба, әлде жолсыз даламен келе жатқан арбаның салдырынан ба,— әлдекімдер екі үйден де тысқа өріп шыға келісті. Бабында жүрген семіз аттар ауыздықпен алысып, үйлерге таянып қалған шақта, қарап тұрғандар «Алиакбар!..» деп шу ете қалысты. Көшпелі ауылдағы ауқатты үйлер жайлауға шыққанда, ат байлайтын айырбұтақты ашаларын ала келеді де, үй сыртындағы жырағырақ жерге қадап қояды. Сондай аша бұл үйде де бар екен. Аттардың басы ашаға кеп тірелгенде күтіп тұрғандар жүгіре басып бізге қарай жүгірді. Арбадан түскен Алиакбармен, әйелі Рабиғамен, балаларымен құшақтай амандасқан олар, «мынауың кім?» дегендей, маған қарай қалысты. Алиакбар мені оларға, оларды маған таныстыра бастады. Мәжиттің әйелі — Қази деген адам, өңі қараторының сұлуы да, сымбаттысы да екен. Жасы отыздарды орталаған оның биіктеу денесі семіз емес, бірақ сомданып, әйелдік тұрпаттың тамашасы дерлік қалыпқа жеткен. Бәлкім сопақтау бет бейнесінің барлық бөлшектері де бірінің сұлулығы басқаларын шешіп тұрғандай саймасай келген. Түнгі ашық аспанның өн бойын жарқырата жұлдыздар арасында, ерекше әсем көрінетін толған ай тәрізденіп, үлкен мөлдір қара көздері, қоңыр ажарына жұқа ғана толқында сәуле себеді. Қазидың осындай түр-тұлғасына көңілім толған мен, ішімнен: «жемесе де май жақсы» дегендей, осындай әйелдердің бары жақсы! — деп қойдым. Алиакбар мен Рабиға сыртынан таныстырғандай, Қази адамға жұғымпаз, сөйлесімпаз. жарқын мінезді адам екен. Мәжиттің ағасы Ысқақ бай баласы дегені шаруа баққыш, мінезі тұйық, жұпыны адам боп шықты. Оның менімен шамалас баласы — Жұсыпбек (соңғы жиырма шақты жылда Алматы қаласында кіші милиционер боп қызмет атқарады) жұғымды, бауырмал жігіт екен. Ендігі аз кеңес — осы үйлердің маңайында топталған малдар мен жиналған адамдар туралы. Адамдардың басым көпшілігі Қыпшақ өзенінің бойынан келіпті. Кейбірі осы үйлердің туыстары, ал енді біреулері: бұл үйдің қойшысы, жылқышысы, сиыршысы, сауыншысы, бақташысы... дегендей, өткен жылға дейін есігінде жүріп келген жалшылары. Сырт қараған кісілер олар алысқа көшкен «ағайынына» амандық білуге келген сияқты. Туыстарының осылай келуі де рас тәрізді. Жалшылар жай келмей, кәнпеске кезінде үлеске алған малдарын айдай кепті. Солардың шаруашылық жәй-күйлерін оңаша сұрастырып көрсем, шекелері шылқып отырған жандар емес, көбінің «қысқа жібі күрмеуіне келмей», күн көріс жағынан тарығып жүрген адамдар. Сондай халде бола тұра, кәнпескеден алған малдарды пайдаланбай, Мәжиттің үйіне айдап, әкелуі, сол кездегі бір жүйе кедейлердің, саяси сана-сезімі қаншалық оянғандығын көрсетеді... Обалы не керек жылы ажармен қарсы алған бұл үйдің, әсіресе Қази жеңгейдің күтуінде кемшілік болған жоқ. Сонда біздің, әсіресе менің кім екенімді білмей күткен жоқ, біліп күтті. Қазидың да, Жұсыпбектің де қазақша сауаты бар екен. Жаңашыл Қазкей кәнпескеге ілігіп жер аударылғанша Орынборда, Ташкентте шығатын қазақ тіліндегі газет-журналдарды да, көркем әдебиет кітаптарын да үйіне алдырады екен. Соларды Қази мен Жұсыпбек үлесе оқитын көрінеді. Мысалы, мен баспада жариялаған шығармалардан олардың оқымағаны жоқ. Қази жеңгейдің «Сұлушаш» поэмасын ерекше қызығып оқыдым деуіне қарағанда, оның да өз Алтайы болғандығы сезіліп тұрады. Сонысын оңаша кеңескенде аңғартсам:
— Жастықта не болмайды дейсің шырағым,— дейді Қази жымиып, «—өткенге — салауат, қалғанға — берекет» дегендей, тілекті арттан емес, алдан тілейміз де!..
Бұл үйдің еркіне салса, біз жаздай жатсақ та мыңқ етер емес. Ондай уақытымыз болмағандықтан, біз аз күннен кейін жүруге рұқсат алдық. Осы үйде қонақтап жатқандардың көпшілігі бізбен бірге жүретін болды. Бәрі де салт атты. «Сендер де салт мініңдер, десті олар бізге,— тарантаста Рабиға мен балалар ғана отырсын». Біз ризаластық. Ол¬ар Алиакбар екеумізге ерттеулі екі жақсы ат ерттеп берді. Ендігі бетіміз — Алиакбардың туған ауылы. Оның Қыпшақ өзенін жайлайтыны жоғарыда айтылды. Мәжит үйі отырған жерден атпен суыт жүрген кісіге Қыпшақ екі-үш күндік жер екен. Біз аттарды қинамай, асықпай жүріп отырып, бес-алты күнде жеттік. Серіктеріміздің көпшілігі көңілді адамдар болып шықты. Ең, көңілдісі — Шайхы есімді жігіт. Денесі ықшам, жеңіл, бір сыдырғы әдемі кескіні бар, жасы менімен құрдас бұл жігіттің мейлінше ойнақы, қулықшыл, қалжыңбас екенін Мәжит үйінде көргем. Онымен бірге болған жерде күлкіден ауыз жимайтынбыз. Өзі осы үйдің алшақтау туысы екен. Әнеу күні басқа серіктері, Мәжит үйінің амандығын білуге баратын боп жиналған соң, бұл да бірге шыға ғапты. Өзінің — айтуынша үйінде қартаңдау шешесі, бойжетіп қалған қарындасы, жақында үйленген әйелі, бесікте баласы бар екен. Сонша жанның қарап отырған малы: бір құлынды бие, екі бұзаулы сиыр, ұсақ-ұлаңы аралас — бес-алты қой, ешкі және астына мініп жүрген денелілеу құнан. Алыс жолдың мінісін көрмеген құнан, жолда қолау боп, Мәжит үйіне ақсаңдап әрең жетіпті. Онда біраз күн тыныққан құнан мініске тағы да жарағанмен, аяғынан әлі де сылтыңқырайды. Шайхының қызығы — ойыншылдығында ғана емес, жыланға батылдығында. Біз жүріп келе жатқан далада әр түрлі жыландар жиі кездесті. Соларды көрсе-ақ болғаны Шайхы құнанынан түсе қалады да, тұра қуады. Қашқан жыланды ол қуып жетіп, желкесінен етікті табанымен басады да, жылтылдаған тілін жұлып тастап, мойнынан қапсыра ұстаған жыланға қамшысының өрімін тістетеді.
— Сонда,— дейді Шайхы,-— жыланның у төгетін тісі өрімде қалады да, содан кейін шақса да уыты болмайды.
Жыландарға сонша еркін Шайхы бірге келе жатқан біздің жолшыбай діңкемізді құртатын болды. Бірме-бірге алыса кетсек, оған көбіміздің күшіміз жетеді. Содан орлана ма, әлде ойыншылдығы ма, Шайхы көрінген жерден жыланды ұстап алады да, тілін жұлып, тістегі уытын төктіргеннен кейін, әке, құлдық!.. деуіңе қарамастан, тулап жүрген жыланды мойныңа байламай, қойныңа салмай тынбайды. Денесі де мұздай суық жыланнан денең тітіркеніп жаның шығып кетерліктей халға келесің!.. «Үш күннен кейін көрге де үйренеді» дейді қазақ мақалы. Алғаш зәреміз ұша ышқынғанмен біз шайхының бұл ойынына да аздан кейін үйрене бастадық. Содан кейін Шайхы бізге жыландар туралы кеңестер айтатын болды. Ол. ғажап кеңестерді қайталауға бұл кітапта орын жоқ. Тек қана айтарым бұл әңгімелерінен, Шайхы маған жыландардың патшасы сияқты көрінеді. Алиакбар Хасеновтың Қыпшақ өзенін жайлаған ауылында мен бес-алты күн жаттым. Бұл өзен — айналасы үш-төрт жүз километр боларлық «Қорғалжын теңізі» дейтін сорға, батыс жағынан онымен жарыса ағып со теңізге құятын Керей өзені бар екен. Қыпшақ та, Керей де қазақтың үлкен руларының аттары екендігі белгілі. Бірақ кәзір бұл арада Қыпшақ руынан да, Керей руынан да ешбір ауыл жоқ. Ол рулар бұл араны ертерек ғасырларда мекендеп кеткен сияқты. Шайхының ауылы Алиакбар Хасеновтің аулынан алысырақта екен. Бірақ ол күн сайын маған келіп, салт атпен ауылдарды да бірге аралап, серуенге де бірге шығып жүрді. Әнегүніден бері байқауымша, Шайхы жыландарға ғана «патша» емес, өсімдіктің, хайуанаттың, талай сырларын білетін, қара тәжірибелі адамның барып тұрған табиғат танығышы екен. Бұл жайда да Шайхы маған талай қызық әңгімелерді айтып берді. Мысалы, қазақша қоқиқаз, орысша фламинго аталатын құстың барын мен бірінші рет Шайхыдан естідім. Кейін білсем бұл құстың арғы атасы Оңтүстік Америкадан шыққан. Шайхы қоқиқаздың бір балапанын кішкене күніңді ұстап ап асырап отыр екен. Кәзір үлкейген. Қызғылт сидам сирақтары тырнадай биік, денесі де тырнадай ашаң, қоқия біткен тұмсығының түсі қан-қызыл, жалпы түсі тырнадай сұр, қанаттары қызыл бұл құс Совет Одағында, жаз айларында Америкадан ұшып кеп, тек Қорғалжын теңізін ғана мекендейді екен. Шайхы маған бұл құстарды «Жумақтан келеді екен, адам жақындаса, көзден ғайып болады екен» деп ертегілік түрде сипаттады. Оның баяндауынша, қоқиқаз кең теңіздің нақ ортасындағы аралды мекендейді оған жан адам жете алған емес. Ертеректе,— дейді Шайхы — әлдекімдер қайықпен бармақ болғанда, аралға жақындаған қайықты қоқиқаздар сабалап суға батырып жіберген, содан кейін жан жолай алмайтын болған. Осы арада айта кететін сөз: мен 1958 жылы Қорғалжын теңізіне барсам, СССР Ғылым Академиясының хайуанаттар институтынан қоқиқазды аулауға арнаулы экспедиция келген. Ол біраз қоқиқазды ұстаған. Қалай? деген сұрауға берген жауабы. Әуелі қоқиқаздың мекенін үстінен самолетпен барлап алдық. Теңіз ортасында арал жоқ екен. Қоқиқаздар су астындағы саз балшықты қопарып биіктетеді екен де, су бетінен жоғарылаған балшықтан, ішіне өздері еркін сиятын үйшік-ұя жасайды. Төбесі бүріле жабылған үйшіктің есігі болады. Осындай бірнеше үйшік, циркульмен сызғандай кең дөңгелектің бойына жасалып, үйлері алқа-қотан қонған қазақ аулына ұқсайды екен. Үйшіктердің ортасына балшықтан кең алқап жасалып, қоқиқаздар сонда ертелі-кешті билеп, әндетуді жақсы көреді екен. Экспедиция осы жайды барлап алғаннан кейін, теңіздің әр тұсынан моторлы қайықпен түнде түседі. Күндіз түссе жақындатпай ұшып кетеді. Түнде қайықтың алдына электр фарын жағып барса, жарықты қызық көре ме, әлде жарыққа шағылысқан көздері көрмей қала ма,— қолмен ұстап аларлық жерге келтіреді.— Қоқиқаздың саны көп екен,— дейді экспедиция адамдары.— Бәрін де ұстап алуға болатын. Біз өзімізге керекті мөлшерде ұстадық та қайттық. Тұрғын адамдардың айтуынша, мынадай айналы апатқа ұшыраған «жумақ құстары», қайықтар кете азан-қазан, у-шу боп аспанға түгел көтерілген де, әлдеқайда кете барған. Бұл маңайға енді келуі неғайбыл. 1960 жылы Қорғалжын маңынан келген біреу — сол қоқиқаздар со кеткеннен оралған жоқ деді. Қыпшақ және Керей өзенінің бойында отырған ауылдардан мен толып жатқан достар таптым. Солардың ішіндегі ең жақын досым Шайхы болды. Аз күннен кейін, бұл маңайдағы елдер, жақын арада ашылуға тиісті Атбасар жәрмеңкесіне баруға даярланды. Мен де олармен бірге аттанатын болдым. Жәрмеңкеге барар күші жоқ Шайхы бізден қалып қойды. Екеуміз жылағандай боп әрең айрылыстық. Қандай жақсы адам еді ол!.. Содан бері жолғасқан да, хабарласқан .да емеспіз. Мен жазған бірнеше хатқа жауап жоқ. Қайда кеткенін, не болғанын кім білсін!.. Соншалық жақсы көрген «жыланның патшасы» кейде түсіме ғана кіріп, талай тамаша қызықтарды көрсетіп жүреді...
ЧЕМБЕРЛЕНДІ ШЕКЕДЕН АТУШЫЛАР
Атбасарға біз арада үш-төрт түнеп бардық. Өткен ғасырдың орта тұсында, патша үкіметінің қазақ даласындағы бекінісінін, бірі есебінде салынған бұл қала шап-шағын, әп-әдемі екен. Ол кездегі үйлерінің саны, әрі кеткенде бес жүзден аспауға тиісті. Іргесі қаланғаннан бері бұл қалада жыл сайын жаз ортасында атақты жәрмеңке ашылып, айдан артық уақытқа созылатын болған. Оған, батыс жағы — Москва — Петербургтан, күнгей жағы — Алматы — Тәшкенттен, шығыс жағы — Қытайдың Құлжа, Шәуешек қалаларынан сәудегерлер жиналып, өндірістік бұйымдарын өткізетін болған, мыңдаған бас малдар сатып алатын болған. Атбасарда мен өзім бұрын болып көрген жоқпын да. Естуімше, бұл маңайдың жылқыларының да, қойларының да ірілігі және көркемдігі ерекше. «Алтайдың қаз мойыны» аталатын қазақ жылқыларының түр-тұлғалары арғымақ зәліптес ірі де, сұлу да екен. Қойларының ірілігін «тайынша бұқадай»деуге сиярлық. Бәрі де құйрықты қойлар. Құйрықтарының үлкендігі— жастықтай дерлік. Кейбір сектер мен бойдақ қойлар құйрығын көтере алмай, бөксесінен шөгіп қалатын болған соң, арттарына екі доңғалақты кішкене арбашық байлап қойған. Мал мамандарының айтуынша, ондай қойлардың ет салмағы— 100 килограмнан, құйрық», салмағы — 20—30 килограмнан асып түседі. Салмағы - 200 килограмнан артатын қошқарлар да кездеседі. Жармеңкеге жиналған малдың көпшілігінде хисап жоқ екен. Тұрғын қарт адамдардың айтуынша, Атбасарға мұншама мал түскен жыл сирек болған. Малдың мұнша көп жиналу себебін білетін адамдардан сұрасам; алдағы жылда мал атаулы артельге алынып, жеке қолға бір жылқы, бір сиыр, төрт-бес қана қой-ешкі ұстайды деген қауесетпен, әркім де артық малын сатпақ боп Атбасарға айдап келген. Н Э П тұсында бұл маңайдың да малы көбейіп, кедейлер орташа болуға, орташалар бай болуға жақындап қалған екен. Оны әнеукүні Қыпшақ пен Керей өзенінің бойында өзім де көргем. Сол арадағы кеп ауылда екі-үш құлынды биесі, үш-төрт сауын сиыры, он бес-жиырма қой-ешкісі жоқ кедейді табуға болмайды дескен. Орташа мен байларды былай қойғанда, со кедейлердің де көпшілігі артельде сыбағасына тиетін малдан артылатын малдарын жәрмеңкеге сатпақ боп айдап кепті. Жәрмеңкеде мал көп те, алушы аз. Бұл — жеке сәудегердің ауыздықталған кезі. Олар қасаптық қана сауда жасай алады. Оған қанша мал кетеді? Малды мемлекеттік сауда орындары ғана көптеп алады. Бірақ даярлау планы сондай-ақ болды ма, әлде Атбасардың биылғы жәрмеңкесіне мұнша көп мал жиналады деп ойламады ма — мемлекет саудасы жәрмеңкенің алғашқы күні-ақ тойып қап, «планды екі жүз елу процент орындадық, енді алуға мүмкіншілігіміз жоқ» деді де отырды. Алушы жоқ жәрмеңкеде малдың құны мейлінше темен түсті: сатыла бастаған кезде бағасы бес-алты сомға жеткен ту қойларды алушы азайған шақта, саудалаған кісіге төрт я үш сомға ал деп жалынды. Сиыр мен жылқы да осындай. Таласып алушылардың орнына таласып сатушылар көбейген соң, тегінге жақын қойды сатып ап союшылар көбейіп, қазақтың бейнелі сөзімен айтқанда, қала, дала «қан сасығандай» болды... Осы жәрмеңкеде мен Москвадағы Тимирязев академиясының тәрбиесінде өскен агроном — Хасен Нұрмұхамметовпен жолығып қалдым. Атбасар маңы оның, туған жері екен. Көптен достас жігітпен қалың жәрмеңкені салт аралап жүрген шақта, осы жақтағы қазақ даласының бүгіні мен болашағы туралы маған әңгіме шертіп қояды.
— Мысалға, Есіл ауданын ғана алайық,— дейді ол.
— Басым көпшілігі қазақтан құралған бұл ауданның биылғы егіс көлемі 500 гектардың тұсында ғана. Ал, жерінің мөлшері— миллион гектардан асып жығылады. Және «түгін тартса майы шығады» дегендей, қара топырағының қалыңдығы метрден асатын, егін сепсең ұйи қалатын тамаша жер. Соның бәрін меңгеріп, теп-тегіс егін өсірсе, отанға қанша астық берер еді!..
— Бірақ, бұл,— деп жалғастырады Хасен Нұрмұхамметов сөзін,— орыс тілінің заңымен айтқанда,— «таудың аржағындағы жұмыс» емес. Оған алдағы екі-үш бесжылдықта жетіп қаламыз.
Хасеннің сол жорамалы расқа шығып, 1954 жылдан кейін тыңы игерілген Есіл ауданының даласы 1956 жылы 90 миллион пұттай астық өндіріп алды!.. Мен ауылыма Атбасардан атпен кеттім. Қасыма, негізі Көкшетау елінен шыққан. Атбасарда мұғалімдік құрып жүрген Теміров Ережеп ерді. Жолда екі қонып жетеміз де¬ген Сырымбет тауына дейін тарантасқа парлап жеккен екі мықты атты бес сомға жалдадық. Біз алғашқы күні, қарағайлы қалын, орман жамылған Ақан тауының етегіндегі Ақан көлінің жағасына қондық. Көлдің о шеті мен бұ шетіне көз жетпейтін үлкен екен. Суы тұщы. Асты құм қайран. Маңында ел көрінбейді. Көкшетау уезі аталатын өлкенің табиғаты, әсіресе, таулары, ормандары, көлдері ғажап сұлу жаралғанын, біз көзбен де көріп жүреміз, көркем әдебиеттен де көп оқимыз. Уездің өнбойына бытырай біткен осы көркемдіктердің мен бұған дейін көпшілігін көрген едім де, Ақанның тауы мен көлін естігенім болмаса көрген жоқ едім. Енді көрсем — бұ да сәндене киінген сұлу келіншектей безеніп тұр, тымық күнде тұнған шалқар көлінің, жап-жасыл көрінген суы, көлеміне көз әрең жететін лағыл тасы сияқтанып мөлдіреп
тұр!.. Осындай да сұлулық болады екен-ау табиғатта!...
Менен бес-алты жастай кіші Ережеп (отызыншы жылдардың бас кезінде қайтыс болды), аздап өлең жазатын. Әнді жақсы шырқайтын сері жігіт те. Атақты Ыбырай ақын Сандыбаевтың ауылында туып, сарқытын ішкен ол, Ыбырай шығарған тамаша әндерді түгел біліп, оқиғасымен айтып беретін. Оның да Ақанның тауы мен көлін бірінші көруі екен. Ол да Ақанға елти қызығып:
— Сонау көгілдір түсте мұнартқан Ақан тауына барып қайтсақ қайтеді?— деді маған.
— Қалай?
Ережеп көл жағасында тұрған кішкентай қайықты нұсқады. Екеуміз барып көрсек, тақтайларының әр жері қаңылтырмен жамалған екен, сонда да әр тұсынан жылаған су кіріп жатыр, үстінде ескегі тұр. Мен ол қайыққа мінуге жүрексінгенмен, Ережеп жалынған соң, амал жоқ отырдым. Ол ескекші екен. Маған да қызмет табылып, қайықтың жырығынан жылап кірген су кілки бастағанда, екі алақаныммен көсіп ап төгіп отырдым. Біз көлдің орта тұсына бардық-ау деп шамалаған тақта, ашық аспанның батыс жағынан шөкімдей қара бұлт түйіле қалды да, лезде молайып, оң бүйірімізден дауыл басталды. Жаңада ғана айнадай жарқырап теп-тегіс боп жатқан су, енді қалың толқынға айналып сапырылып кетті. Толқын бетінде кішкене қайығымыз тайдай тулап, қаптап келген толқындарға сүңги бастады. Бірақ, не қасиеті барын кім білсін, толқын көмген қайық батып кетпей, үйректей қылқыңдап қайтадан шыға келеді... Біз енді қайықты билеуден қалдық, енді оның еркі бізде емес, толқында болды. Талай рет төңкеріп тастай жаздаған ұбақ-шұбақ толқын, ес кетіп, жан шықты деген шақта, бізді манағы жағаға айдап тастады. Бұл қас қарая бастаған шақ еді. Біз көл жағасына қондық... Ережеп Теміров жолдағы туған аулында қалып қойды. Мен ауылыма қарай тарттым. Бұл бетте Есіл өзені бар. Содан өткеннен кейін естісем, жолдағы Үшкөл жайлауында,— менің қайным — Мұсайт аулы да отыр екен. Сол ауылға деңгейлеп келген шақта, кең жайлауда тұнып отырған ауылдардың арасындағы әр жерде топталған салт адамдар көзіме ұшырай кетті. Тойға жиналған адамдар дейін десем, бетімен бытырамай, салтты әскердей, бөлім-бөлім боп сапқа тізіліп алған. Бұлар кімдер?! Әлден уақытта, әлгі топтардың біреуіне жақындасам, аттарын шерте аяңдатқан олар әскерше қосылып ән айтып барады. Әніне құлақ тіксем, Советтік дәуірде, қазақ әскерлеріне арнап әлдекім шығарған:
Нәсір-нәсір жан-ай,
Жанымыз да құрбан-ай.
Бас байладық, бел будық,
Бостандықтың жолына-ай.
деп басталатын ән мен өлең. Салттылардың жүру тәртібі де әскерше. Бұл қайдан келген әскер?!.. Тарантасқа жеккен пар атты екпіндете желдіріп, ән айтқан топқа жақындаған шағымызда алдымыздан бір салтты бері қарай шоқыта тартты. Біз оны тосқандай, аттарымыздың жүрісін бәсеңдеттік. Шоқытып келген адамға қарасақ: талдырмаш денелі, қоңыр өңді, көркемше кескінді жасөспірім қазақ. Ол бізге жақындай беріп.
— Әә-ә, Сәкен екен ғой!.. Ассалаумағалайкүм,— деді. Мен оны танымадым. Жас жігіт менімен қолдаспақ боп, астындағы атын тебініп еді, үркектеу жылқы жақындатпады. Кескін-кейпіне қарағанда, жігіттің жасы он жеті, он сегіздің шамасында сияқты.
— Иә, шырағым, қай елсің?—деп сұрадым мен, жігітке сәлемдескеннен кейін.
— Самаймын,— деді ол.
— Қай Самайсың?
— Толыбай Самаймын.
— Онда кімнің баласысың?
— Бекіш деген кісінің баласымын.
— Атың кім?
— Хакім.
Есіме түсе кетті. Пионер жасында көргенім бар. Әкесін де білем. Үйінде де болғам. Одан бері төрт-бес жыл еткендіктен, тосырқап қаппын. Ол менің келетінімді естіп, «осы жолаушы болар» деген жорамалмен қарсы алыпты. Амандық-саулықтан кейін.
— Анау топталған салттылар кімдер?— деп сұрадым Хакімнен.
— Әскер ойынына баратындар.
— Қайдағы әскердің?
— Жақын арада қазақ аудандарында әскер жасындағы жігіттердің аудан орталығының қасында екі айлық әскер ойынын өтуін естіген жоқ па едіңіз?
— Естіген жоқпын. Сонда, қай жастағылар ойнайды?
— Он тоғыз бен жиырма бестің арасы.
— Өзің неғып жүрсің, мұнда?
— Жігіттерді әскер ойынына шақыруға әрбір ауыл советке комиссиялар шыққан еді, мен осы араға келген комиссияның мүшесімін.
— Қандай қызметте едің?
Аудандық комсомол ұйымында нұсқаушымын.
— Сонда, анау жігіттер аудан орталығы — Майбалыққа аттанып бара ма?
— Бірер күннен кейін барады.
— Кәзір неге топталып жүр?
— Әскер ойынына баратын болғансын жігіт атаулы қуанышта. Олар ауданға аттанғанша аттан түсер емес. Кәзір жүр десең де кете баратын. Мерзімді күнге әрең шыдап жүр. Комиссия ең таңдамалыларын ғана алды. Өзгелерінің де барғысы келіп, бізді де әкетіңдер деп жалынады. Ауданда биыл ойнайтындар мың-ақ жігіт. Жарамды жігіт одан әлдеқайда көп. Бәрінің орын жоқ дегенді тыңдағысы келмейді. Олар да ат үстінде. Ойынға баратындардан, бармайтындардың қалмау қаупі бар, Біз оларды түсіндіру үстіндеміз.
— Кім басқарып апарады оларды, ауданға?
— Мен,—деді Хакім Бекішев тәкаппарсыған дауыспен.
— Әскери ойынында болып па едің?
— Қайдан болам,— деді Хакім күліп,— жасым он сегізде. Армия 'қатарына алдағы күзде алынам.
— Ендеше қалай басқарып жүрсін,, анау жігіттерді?
— Басқару емес, ауылдарынан аттанғанша бастарын қосып, араларында үгіт-насихат жұмысын жүргізу ғана.
— Түсінікті. Ат пен ер-тоқым кімдікі, сонда?
— Әр жігіттің өзінікі. Осы күнгі ауылда аты жоқ үй жоқ. Ер-тұрмандары да сай...
Бұдан аз жыл бұрын ғана әскер деген сөзден зыр ете қалатын қазақтар, баласынын, армия қатарына баруына мейлінше ынталанып алған. Кәзір олар, баласы әскер ойынына шақырылғандары қуанышты, шақырылмағандары ренішті екен. Реніштілердің талайы маған келіп, «біздің балалар неге алынбайды?» деп өкпе айтты, алдыруымды өтінді. Түсіндірген сөздерім құлақтарына кірмеуін көрген соң, мен ауданға барайын, сөйлесейін деп құтылдым. Ол күннің кеші күндізгіден де қызық болды. Ауылдар арасына құрылған алтыбақан төңірегіне қызыл іңірде жиналған адамда хисап болған жоқ. Бұл жиынға еңкейген кәрі мен еңбектеген сәбиден басқалар түгел келді деуге болады. Олар ойын-сауықпен көрер таңды көздерінен атырды. Қонақ үйіме тан, ата қайтқанмен, ұйқымды қандырып үлгермей тойға шақырылдым. Балалары әскер ойынына баратындар жасаған той екен. Той да кең далада әзірленіпті. Сойылған қойда хисап жоқ. Біреулер тай-тайынша сияқты ірі қараны да шалып тастапты... Осындай тойдың жігіттері Майбалыққа аттанғанша созыла беретін түрі бар, сондықтан, Үшкөл басында үш-төрт күн қонақтағаннан кейін мен ауылыма беттеп жүріп кеттім. Мені біраз жерге дейін Хакім Бекішев салт атпен шығарып салды.
— Сіз, Сәке,— деді ол маған қоштасқан шақта.— Майбалыққа соқпай кетіп қалмаңыз. Жігіттердің ойынын көріңіз.
— Мақұл,— дедім мен.
— Қазақтың, революциядан бұрынғы тарихында, ұлттық әскері болды деген мәлімет жоқ. Шыңғыс хан тұсындағы монғолдардың шабыншылығы туралы жазған бір хаттарында, Карл Маркс: «Ол кезде сайланған армия болған жоқ. Армиялық қызметті, үлкені-кішісі, әйелі-еркегі боп халық тұтас атқарды»,— дейді. Менімше, осы пікірді, Октябрь революциясына шейін тарихының өнбойында көшпелі тұрмыс өмір сүрген қазаққа да қолдануға болады. Менімше, қазақ халқының үш жүзге бөлінуі осыдан шыққан. «Жүз» менімше — соғыстық термин. Орыс ішіндегі казачество аталатын тайпаның, әскер қызметінде «сотяға»,— яғни жүзге бөлінуі қазақша «жүзбен» ағайындас. Бұл баяғы, орысша «половцы», қазақша — «қыпшақ» аталатын мемлекеттің тұсында (X—XІІ ғасырлар) қыпшақтар мен орыс казачествосының аралас дәурен сүрген уақытынан қалған термин болуға тиісті. Біреулер «қазақ» пен «казак» «казачество» деген сөздердің мағынасы бір деседі. «Жүзге», немесе «он,», «сол», «орта» аталатын қосындар, көшпелі халықтардың бәрінің де тарихында бар, мәселен: монғолда, қырғызда, түркпенде, бәдәуи арабтар да, тары басқаларда...
Тарихының, өнбойында жауларынан «жүз» боп қорғанған қазақтар, атақты тарихшы — Рашидиддиннің айтуынша, монгол Шыңғыс хан Аму бойындағы Хорезм хандығына шабуыл жасағанда, Хорезм армиясының басым көпшілігі қыпшақтар, яғни — қазақтар болған. Бір мәліметте, алтын орда ханы — Батидың Европаға жасаған жорығында қазақ та болыпты-мыс, қазақтың «барар жерін, Балқан тау, о да біздің көрген тау» деген мақалы осыдан қалыпты-мыс деген сөз бар. Совет жазушысы Вячеслав Яковлевич Шишковтың «Берлин алынды» есімді романына сенсек, (1-кітап) орыс армиясы 1761 жылы шабуыл жасап Берлинді алған шақта, қамалды бірінші боп бұзушы — қырғыздың (қазақтың) атты әскері болған. Қазақ халқы Россияға өз еркімен XVІІІ ғасырдың ортасынан бағынуға кірісті де, бұл бағыну — XІX ғасырдың, ортасында аяқталды. Осы уақыттың ішінде патша үкіметінің отаршылдық саясатына қарсы қазақ даласында үлкенді-кішілі көтерілістер, соғыстар боп жүрді. Соның аяғы 1916 жылдың көтерілісіне кеп соқты. Сол көтерілісте атағы шыққан Аманкелді Имановтың қосынында,(Торғай даласында), қару ұстап күреске шыққан ерлердің саны 40 мыңға таянды деген мәлімет бар. Халықтың бостандығы мен тәуелсіздігін қорғаған Аманкелді армиясы, Октябрь революциясынан кейін Қызыл Армияға қосылып, қазақ даласында Совет өкіметін орнатуға қатынасты. Көп ғасырлық тарихы бар қазақтың бірінші рет тұрақты армия жасауы осыдан басталады. 1920 жылдық күзінен Советтер Одағының құрамында, қазақтың Советтік Социалистік республикасы құрылды. Соған байланысты, со жылдың күзінде республиканың opталығы — Орынборда қазақ полкы ұйымдасты. Одан кейін, Сібірдегі Бийск аталатын қалада қазақтан атты әскер полкы құрылды. 1921 жылы Батыс Сібірде болатын кулактар мен байлардың Совет өкіметіне қарсы жасаған көтерілісін негізінен осы полк басып, бандыларды жойды. Осы Бийск полкы құрылар алдында, менің туған жерімнен әскер қатарына жігіт жинау мәселесімен губерниядан Жәнәбіл Найманғожин деген кісі келген еді. Мен туған ауылымда демалыста жатыр едім. Біздің Сибан аталатын екі жүзден астам үйлі ру әскерге бір ғана жігіт беруге тиісті екен. Әскер деген сөзге әлі де үрке қарайтын ауылда, сибандықтардан баласын еркімен бер.етін жан табылмай, бәрі жиналып, ер баласы коп Алдаберген деген кедей адамның Әндіғожа есімді жас жігіт баласын орталарынан жалдаған. Армия қызметін абыроймен өтеп қайтқан Әндіғожа Алдаберген ұлы Байсақалов, одан кейін Қазақ педагогика институтын бітіріп, соңғы кезге дейін ауылдық мектепте мұғалім болды да, жақында пенсияға шықты. Жиырманшы жылдың бас кезінде, қазақтың әскер деген сөзден түсінігі сондай болса, аяқ кезінде әскерге баруға таласып жатуы мынау!.. Бұл қазақтардың отан қорғау деген түсінігінің аз жылда қанша биік өсуіне куә... Естуімше, 1929 жылдың күзінен қазақ жастарының дені саулары жаппай армия қатарына шақырылмақ. Майбалықта жүретін ойын осы игілікті және улы істің бастамасы көрінеді. Осындай игілікті істің басын көрмеуге, Майбалыққа бармауға бола ма?!. Хакім Бекішевке Майбалыққа барам деп уәде беруім осыдан. Жолда бірер қонып туған ауылыма жетсем, оның әскер жасындағы жігіттері Майбалыққа аттанып кеткен екен. Ішінде, менің немере інім, Шәкен Мұстафин да бар. Қазақтың ескі ғұрпында, жолаушы шыққан ер адамды, әйел жөнелтіп салмайды, оған тіпті, жол болсын деген тілек те айта алмайды. Ескі ғұрыпта әйелдердің бұндай қылықты істеуі, ердің, жолына кесел болады. Біздің ауылдық адамдары да осы ескі ырымға бағып, Майбалыққа аттанған жігіттерді еркектер ғана апарып салуға кетіпті. Шәкеннің үйінде ондай еркек жоқ. Жасы қартаң тартқан шешесі — Сілеусін ағыл-тегіл жылауда екен. Бұл әйел маған кішкене күнімнен шеше сияқты болған адам. Ол үй ішіне де, ағайын-туғанға да аса жайлы және сыйлы адам болатын. Жоқшылық тұрмыста хат білмей өсіп, үй шаруасынан басқа іштеңе көрмеген Сілеусін апайдың саяси өмірден ешбір хабары болмайтын. Әскер ойынына бару дегенді, ол да соғысқа бару мағынасында түсініп, зәресі жоқ екен... Осындай «мұңын» шағып, менімен жылап көріскен ол, әуелі баласы — Шәкен Майбалықтағы әскер ойынына жөнелгенде, үйінде ертіп апарар еркек болмағанын айтып біраз зарланды да, одан кейін маған.
— Асыңды іш те, Майбалыққа аттан!— деп бұйырды ол.— Сөйт те, Шәкенді үйге алып қайт!
— Апа, ол болмайды!.. Менің босат дегеніме босатпайды,— деген сөзіме Сілеусін апай түсінбей-ақ қойды. Оның ойынша, дүниеде менің, қолымнан келмейтін іс жоқ екен, жұрттың бәрі де мен не айтсам соны орындай береді екен?.. Өйте алмауымды, қалай айтсам да ұқтыра алмаған соң; сөйлесейін, босатуға тырысайын деп алдарқаттым да, Майбалыққа жүріп кеттім.
Ойнаушылардың уақытша казармасы Майбалық көлінің батыс жағындағы дөңесте қалын, өскен Айғайшоқ орманының арасына құрылған. Казарма аталатын орынға, көше-көше боп қаз-қатар киіз үйлер тігілген, оларды қоршай қорған есебінде, айналасы соқамен жыртылған. Ойынды басқаратын штаб пен команда бастықтарына арналған киіз үйлер казармадан аулағырақ, қалың орманның жиегіне тігілген. Бас командир, Қызылжардағы гарнизонның начальнигі — Трифанов жолдас екен (аты мен әкесінің атын ұмыттым). Саяси басқарушы Әбілхайыр Әзмұқанов. Облыстық партия комитетінің, атынан, сол кездегі партиялық коллегияның секретары Аманбай Қаспақбаев келіпті. Бұл жиналған жігіттердің ішінде коммунистер болмағандықтан, партиялық ячейка құрылмапты. Комсомолдық ячейканың секретары жоғарыда атаған Хакім Бекішев. Әскерлік қосын екіге бөлінеді екен: бірі— (басым көпшілігі) әскерлік ойынға қатынасушы жастар, екіншісі— (азғантайы ғана) ойнаушылардың аттарын күту, ер-тоқымдарын жинау я ерттеу, ас-суларын даярлау, отын тасу, тағы солар сияқты шаруашылық істерді атқарушылар. Соңғылары — бай, құлақ балалары екен. Оларды «жат таптың балалары» деп, ойынға қатынастырмай, күтуші қызметке ғана қойған. Ол кездің армиялық заңында осындай тәртіп болды ма, жоқ па, оншасын мен білмеймін, ал, менің көзіме әскер қатарына шақырылғаннан кейін, жат таптық дегенмен, бұл жігіттерді бұлайша ұстау, көрінеу көзге — қорлау сияқтанды. Кейбіреуімен сөйлескенде, өздері де соны айтты. Мен бұл лагерьде төрт-бес күн болдым. Осы мерзімнің ішінде командирлерімен де, жігіттерінің бірсыпырасымен де танысып үлгердім. Бәрі де ауылда еркін өсіп үйренген жігіттер болғанмен, азғана күннің ішінде армиялық тәртіпке бағынып, командирлерінің айтқанын екі етпейтін, шашау шығармайтын бопты. Ойнаушы жігіттер үшін үлкен бөгет — туған ауылдарынан әдейі келген жақындары. Олар, бірінші жағынан, әскерлік ойынды қызық көріп келсе, екінші жағынан ойынға келген жігіттер ашығып қалардай, үйлерінен дәм әкеледі екен. Дәм дегендері — арнап сойған қойдың етімен, саба мен торсықтарға толтырған қымыз. Ондай дәм ойынға қанша жігіт қатынасса, сонша келіп және үздіксіз келіп, Айғайшоқ орманының ішімен, Майбалық көлінің жағасына сыймай кеткен. Бәрін ішіп-жеу керек болса, әскерлік ойынды доғару қажет сияқты. Командирлер әкелген дәмдерді жігіттерге әуелі аздап татырған да, артынан, дәм дегеннің ұшы-қиыры болмай көбейіп кеткен соң қабылдамай қойған. Ыстық күнде қойдың пісіріп әкелген жас еті сасып, құрттап... дегендей бей-берекет бола бастаған... Трифанов атты әскерде тәрбиеленген адам екен. Өзі ат ойынын жақсы білетін ол, қазақ жігіттерін: «Табиғатында кавалерист болып жаралған адамдар екен, әскерлік приемдарға аз күннің ішінде жаттығып кетті»,— деп аса мақтайды. Жігіттер мен Трифанов арасында алғаш бір ғана «көңілсіздік» болған: кавалериялық әскердің заңында атқа қамшылар жағынан, яғни он, жағынан міну керек, қазақтар аттанар жағынан, яғни солынан мінеді. Трифанов ойынға қатынасатын жігіттерді әскерлік әдіске үйретпек болғанмен, олар «ата-бабамыз мініп келе жатқан жағынан отырамыз» деп көнбепті. Ақыры, Қаспақбаевпен, Әзмұқановпен ақылдаса кеп, Трифанов жігіттердің тілегін орындапты, өйтпейін десе, жігіттердің жаңа әдіске жаттығуы қиын бопты.
— Менімше,— дейді Трифанов, осы жайды айта кеп,— атқа он, жағынан емес, сол жағынан мінген қолайлырақ сияқты. Олай дейтінім, бұл әдіспен мінгенде, үзеңгіге сол аяғыңды саласын, да, аттың шоқтығынан сол қолыңмен ұстайсың, сонда он, аяғын, мен он, қолын, бос болады. Қару он, қолға ұсталады. Ендеше қысылшаң боп қалса, атқа бұлай міну — жауға қару жұмсауға әлдеқалай оңтайлы.
— Соғыстың тарихында,— деп жалғастырады Трифанов сөзін,— кавалериялық әскер ең алғаш шығыста құрылған ғой. Мәселен, Гунның, немесе Шыңғыс ханның соғысқа араласатын адамдарында жаяу кісі болмаған. Олар бейбітшілікте де соғыста да үнемі ат үстінде жүрген, батыстың бірінші қолбасшысы — Александр Македонскийді алсақ оның армиясында өзі мен офицерлері ғана атқа мінеді екен де, былайғы жауынгерлері жаяу жүреді екен. Европада кавалериялық әскер бертінде ғана шыққан. Ендеше, шығыстың атқа міну әдісі, европаның атқа міну әдісінен тұрмысқа жақынырақ сияқты.
Трифанов қазақтардың мергендігіне де хайран қалады. Ең алдымен,— дейді ол,— жігіттердің көпшілігінің көзі жырақтан және дәл болжайды, атқыштардың көпшілігінің оқтары нысанаға дәл тиеді. Бұл еркін далада туып-өсіп, көздері алыстан шалып үйренгендіктің нәтижесі болу керек. Казарманың бір шетіндегі далаға тир, яғни — мергендікке үйрену орны құрылған. Жігіттер әскерлік ойыннан бос уақытта соған барып мергендік салыстырады. Әдеттегі тирдің нысанаға алатын нәрсесі қағаздың ортасына дөңгелете салған қара сызық. Мына тирде ол тәртіп бұзылып, қара қағаздың орнына империалистік Англияның со кездегі сыртқы істер министрі — Остин Чемберленнің бас бейнесін қойыпты. Оның Совет өкіметіне мейлінше қарсы болғанын, советке қарсы күштердің бәрін тұтастыруға тырысқанын, «Чемберлен» деген сөз, Советке жаулықтың символы сияқтанғанын, біз тарихи деректерден жақсы білеміз. Ол кездегі біздің советтік баспасөз осы жайда толып жатқан мақалалар жазатын, көркем әдебиеттен де талай шығармалар, әсіресе, өлеңдер баспада жарияланып, Асқар Тоқмағамбетовтың осы тақырыпта жазған өлеңінде «Чемберленді шекеден ат!» деген өлең жолы болатын. Майбалық басында әскерлік ойын өтушілер, «Чемберленнің тирдегі қара бояумен салынған суретін атқанда, Асқардың әлгі сөзін қолданып, «Чемберленді шекеден ат!» деседі екен. Тирді Хакім Бекішев басқарады екен. Ол атқаны мүлт кетпейтін мергендердің біреуі. Жігіттерді мергендікке үйретіп жүрген оның қолына винтовка берген адамға айтары:— «Чемберленді шекеден ат!.. Сонда ол сеспей кетеді...». 1943 жылдың басында мен Хакім Бекішевті Белорус майданында жолықтырдым. Армия қатарына 1929 жылдың күзінде алынған ол осы қызметінде ұзақ уақыт болып, Ұлы Отан соғысына бірінші күнінен бастап қатынасқан екен. Соғыстың басында ол капитан, 1943 жылы менімен кездескенде подполковник екен. Негізгі қызметі армиялық штабта да, атқыштық (снайперлік) ісіндегі инструктор екен. Осы қызметінде, үнемі соғыс майданының алдыңғы қатарында болып жатыр екен. Бірінші Белорус майданы тұрған жерде, генерал Галицкий қызмет атқарады екен. Майданның алдын көргім келген маған Галицкий Хакім Бекішевті қосып берді. Бұл жайды түгел жазса ұзақ хикая болып кетер еді. Кәзіргі тақырып ол емес, сондықтан оқушыларға бұл тақырыпта тағы бірде оралуды уәде етіп, әзірге мәселені келтесінен қайыра тұрайық. Қарағайлы қалың орманды аралай жүрген біз, орманның батысындағы белестеу алаңға таң біліне жеттік. Белестің бергі етегіндегі қазылған траншеяда біздің алдыңғы шеп бекініп жатыр екен, «соның аржағында немістің бекінісі бар» деседі. Біздің бекіністегі солдаттар жақ та үш-төрт күннен бері тым-тырыс екен... Біз траншеяда аз отырғаннан кейін, жау жақтан ауыз сырнайының дауысы естіле қалды. Сығалап байқасақ, әлдене солдат, белестің биігіне көтеріліп келеді... Оның артынан бірінен соң бірі төрт-бес кісі көтеріле бастады. Хакімге «бұ не?!» деп сыбырласам, «психологическая атака» дейді... Онан әрі сұрауға қасқыр көрген бүркіттей, Хакімнің өткір қара көздері деңге көтерілген жауларды тесіп барады...
— Ат,—деп бұйырды ол, қасымызда тұрған кіші офицерге. Офицер алдыңғы жауды автоматының қарауылына ала берді.— Чемберленді шекеден ат!..
— Не дедіңіз?— деді офицер түсінбегендей.
— Шекеден ат! деймін,— деді Хакім, өз шекесін саусағымен шұқып.
Офицер тартып жібергенде, алдыңғы жау төңкеріліп түсті. Өзгелері әрі қашудың орнына бері жүгірді... Арт жақтарынан көбірек адам көтеріліп, бәрі де бері жүгірісті... Біздің шептен атыс үдеп, жаулар жапырыла құлады да, біразы кейін қашты. Олардан аман құтылғаны аз болды...
Тағы да тыныштық басталғанда:
— Есіңізде ме, Сәке,— деді Хакім маған,—29 жылдың жазында, Майбалықтың басында болған қазақ жастарының әскерлік ойыны?
— Есімде.
— Сондағы тирде, «Чемберленді шекеден ат!» деуіміз есіңізде ме?
— Есімде.
— Қазіргі Чемберлен — Гитлер болып тұр ғой. Біз онда Чемберленнің суретін атсақ, енді Гитлердің өзін атып жатырмыз. Қазақ жігіттері де қатты соғысуда. Олардың ішінен де талай атқыштар, талай ежет ерлер шықты. Жаудың беті жапырылды. Енді оны өзінің, апанында атып өлтіретін күн жақындады. Естірсіз,—неміс фашистерінің, түпкі іні — Рейхстагқа су құйып, соңғы жау Гитлерді атқанда ішінде қазақ та болуға тиісті.
Хакімнің айтқаны расқа шықты: біздің, армия Берлинді алған шақта, өртеніп жатқан Рейхстагтың төбесіне Советтің туын тіккендердің бірі қазақтың ардақты ұлы, қаһарман жауынгер — Рақымжан Қошқарбаев. Ұлы Отан соғысында бұндай зор даңққа жалғыз Қошқарбаев емес, қазақтың мыңдаған жігіті ие боп, үш жүзден астам қазақ Совет Одағының Батыры деген абройға ие болды, солардың ішінде, шығыстан шыққан шолпан жұлдызындай боп, қазақтың екі қызы: Мәншүк Мәметова мен Әлия Молдағұлова да жарқырайды. Талғат Бигелдиновтің кеудесінде, батырлық жұлдызының екеуі жалтырайды. Үкіметтік награда алған және бір емес, сан рет алған қазақтардың есебі қырық мыңдай. Солардың, біреуі —Хакім Бекішев. Соңғы жылдарда пенсияға шығып, Қызылжар (Петропавл) қаласында тұратын, кейін денесі шарланып, жуандаған, бірақ бұрынғы ақжарқын мінезі өзгермеген, кеудесі ордендер мен медальдарға сыймайтын бұл гвардия полковнигінің «Чемберленді шекеден ат!» деген сөз сүйегіне сіңген мәтелі боп алған.
— Біз, ақырда,— дейді ол, қалжыңды кескінмен,—шекеден Чемберленді емес, Гитлерді аттық. Сөйтерімізді біліп, мезгілінен жаңылмасам, 1944 жылы берген бір бұйрығында Гитлер: «Россияны жеңгеннен кейін, екі халықтың қолына мылтық ұстатпау керек: бірі — орыс, бірі — қазақ» деген.
— Білем, дедім мен,— Орталық «Известия» газетінің І945 жылдың жазында шыққан бір санында, күлкі ретінде, осы бұйрықтың мазмұны жарияланған.
— Гитлер арманына жете алмай өлді,— деді Хакім күліп,—орыстың да, қазақтың да, одақтағы басқа туысқан елдердің де мылтықтары оқтаулы. Олар Гитлерлерге де, Чемберлендерге де төтеп бере алады...
ЖАҢА КҮШТЕР
Мен биыл да екі себеппен оқудан қалып қоятын бол¬дым. Әуелі, бірінші себеп туралы. Өткен қыс Ленинградта тұрып шыққан пәтерім әйелім мен балам келгенше маған өте жайлы болды да, одан кейін жайсызданды. Өйтуіне бас себеп: бір жарым жасқа толған балам—Арыстан. Баланы ұнатпайтын үй болуын, мен өмірде бірінші рет осы пәтерде кездестірдім. Пәтер иесі — Киор дейтін неміс кемпір екендігі жоғарыда айтылды. Шалы ертерек өлген, оның, үйленген екі баласы бар: біреуі -— Карл Карлович Киор, екіншісі — Евгений Карлович Киор. Карлдың әйелі — Елизавета Михайловна аталатын — орыс, Евгенийдің әйелі — Татьяна Августовна аталатын — полячка. Карл мен Елизавета драмалық театрдың артистері. Евгений әлдеқайдағы заводтың инженері. Оның әйелі Татьяна мамандығы мұғалім болғанмен, соңғы жылдарда ешбір қызметке орналаспай, үйінде бойын сыланумен ғана жүретін адам екен. Өзі сымбатты да, көрікті де әйел. Жасы отыздардың, ортасында болу керек. Татьяна мінез жағынан барып тұрған мещанка. Ол ешкімді де менсінбейді, ешнәрсені де ұнатпайды. Осы мінезін білетін ол үйдің адамдары оған жақпайтын қылық істемеуге тырысады, алдында құрдай жорғалайды. Татьянаның дағдыланған тиыштығын, менің балам келді де бұзды. Баланың аты бала. Жүгіруге, былдырлап сөйлеуге жарап қалған, дені сау бала кең пәтердің әр бөлмесін де шарлайды, бай жасаулы пәтердің әр нәрсесін де қызық көріп шұқылайды. Татьянаның қалын, түбітті, қара тұмсықты кішкентай ақ иті бар. Өзі барып тұрған ойыншыл. Бұрын Татьяна көшеге жетектеп шығудан басқа ермегі жоқ ит, менің баламды көрген сағаттан дос боп алды да, көрмей тұра алмайтын халға жетті. Тек, даладан үйге кірсе-ақ болды, баланын, қайда екенін исінен тауып алады да, алысып-жұлысып ойнайды да жатады. Буыны әлі қатып болмаған, сүрінгіш, жығылғыш баланы ит ешуақытта да жәбірлемей, ырқына көніп, не тісін, не тырнағын батырмайды. Ол кездегі Ленинградта, ясли, бақша сияқты балалар үйі өте аз, барына апарып көріп ек, орын жоқ деп алмады, сондықтан пәтерде ұстауға тура келді. Мен күндіз оқуда болам. Әйелім үй шаруасымен ішке-тысқа шығып-кіріп жүреді. Пәтеріміз алтыншы этажда, отынды күн сайын астыңғы подвалдан тасып жағамыз. Әйелім сырттағы шаруаға кеткенде бала кемпірдің қасында қалады. Ол таяққа сүйеніп әрең жүретін кемпір, сондықтан жалпы бақылауы болмаса, баланы алдандыруға шамасы келмейді. Еркімен ойнаған бала әр нәрсені қозғайды, шашады. Бұлар Татьянаның жек көретін ісі. Ит үйде жүрген уақытта, Татьянаға тіпті тиыштық жоқ... Мазасы кеткен Татьяна алғаш сыпайылық қып, көзімізше балаға ұрыспай жүрді де, еті үйрене келе, әуелі баланы бөлмемізге әкеп тастап, артынан жекіре ұрсып қуып шығуға айналды. Біз Татьянаның бұл қылығын алғаш елемеген боп жүрдік те, артынан замечание жасайтын болдық. Осыдан біртіндеп барып, қатаңдау сөзге келу, кейде ұрсысып қалу басталды. Содан кейін Татьяна бізді бұл пәтерден шығарудың қамына кірісті. Өзге Киорлар онысын мақұлдаған жоқ. Әсіресе — кемпір. Бірақ, тентек келінге не істейді?.. Оның қолынан келгені қыс аяғына шейін шыдау.
— Одан кейін өкпелемеңдер, осы бастан жәйлі пәтер іздеңдер,— деді кемпір.
Қаланы қанша кезіп іздегенімізбен, бізге ондай пәтер табылмады. Неге екенін кім білсін, сол кездегі Ленинградта пәтерден көп нәрсе жоқ. Күн сайын бағаналарға, дуалдарға жапсырылатын жарнамалардың ішінде пәтер ұсынушылар да көп кездеседі. Таныс адамдар да талай бос бөлмелерді атайды. Солардың, қайсысына барсаң да, әуелі «ә, қош келдіңіз!.. Бөлме бар!..» деп тұруға қолайлы талай бөлмелерді көрсетеді; балам бар дедің-ақ жылы жүзін тез суытып; онда ретіміз келмейді дейді. Біз жазғы каникулға осы сандалумен қайттық. Оның, үстіне, алдағы күзде екінші баламыз дүнияға келуі мәлім болды. Егер, жалғыз ғана балам болса, әйелімді биылша туған ауылыма тастап кетуге болатын еді. Ол ойымды інім Шәкен Мұстафин қолдағанмен, әйелім қолдаған жоқ, Бір баланы ауыл жағдайында қиналып босанғам,— деді ол,— екінші баланы да солай тууға қорқам...
Дәлелді сөз. Оқудан биылша қалуыма бір себеп осы болды.
Енді, екінші себепке келейін.
Майбалықта жүріп жатқан әскер ойыны аяқталар шақта біздің үйге Аманбай Қаспақбаев келе қалды. Онымен мен қызылордалық дәуірден, яғни 1925 жылдан таныспын. Әкесі де, өзі де Ақмола оязындағы Спасовка мыс заводында жұмысшы болған бұл адам, сауатты совет тұсында ғана танып, ауылдық советтен бастап губірналық жауапты қызметке шейін көтерілген кісі. Жасы менен аздап үлкендеу. Мінез жағынан бұл аса сыпайы аталатын, жағымды, қылықты жігіттің біреуі. Хатты кейінірек танығанмен, партиялық курстардан өту арқылы, өз бетімен іздену арқылы Аманбай Қаспақбаевтың қазақша да, орысша да жап-жақсы сауаты бар. Ол, әсіресе — саяси сауатқа жүйрік. Маған қонаққа келген Аманбай біздің ауыл орналасқан қалың орманның арасында серуендеп жүріп, маған саяси күрделі мәселенің біреуін әңгімелеп кетті.
— Крестьян деген сөздің мағынасы не екенін екеуміз де жақсы білеміз,— деді ол,— оның тарихымен де таныстығымыз бар. Крестьян мәселесіне ленинизмнің қалай қалайтынын да білеміз. Солай ма?
— Солай болуға тиісті,— дедім мен.
— Осы крестьян,— деді Аманбай,— алдағы жылдың басынан, бүкіл тарихында кездеспеген бір асудан асқалы тұрғанын естіген боларсың?
— Қандай асуды айтасың?
— Ауыл шаруасын жаппай колхоздандыруды, осы негізде, бай, құлақ дегендерді тап ретінде жоюды айтам.
Бұл мәселеден жалпы хабардар болған мен, жаппай колхозданудың отызыншы жылдан басталуын естіген жоқ едім. Аманбайдың айтуынша Бүкілодақтық Орталық партия комитеті осы жайда қаулы алып, жергілікті партия ұйымдары бұл науқанды дұрыс өткізу әзірлігіне кірісе бастаған.
— Саяси мәні зор осы істі әрбір еңбекші крестьянға ұғындыруға тиістіміз бе? — деді Аманбай.
— Расын айтқанда,— деді Аманбай,— санасы еркін оянып болмаған кедей-батырақтар былай тұрсын, осы істің мәнін ауыл арасындағы жетекші қызметкерлердің біразы да шалағай түсінетін сияқты.
— Оны мен де байқап жүрмін,— дедім мен.
— Байқасаң,— деді Аманбай Қаспақбаев,— осы мәселені оларға ұғындыру, «білеміз» дейтін біз сияқты коммунистердің хасиетті міндеті сияқты. Және, өзге жылда емес, биыл, яғни,— крестьян табы бұрынғы тарихында асып көрмеген жетекшілдік тауынан асқалы тұрған шақта. Осы қиын асудан оларды құлатпай, мертіктірмей, сүріндірмей аман алып өту, өзін шын коммунистпін деп есептейтін әрбір адамның хасиетті міндеті!.. Рас па?!..
— Рас,— дедім мен, аз ойланғаннан кейін.— Сонда, не істе демекшісін маған?
— Істе дейтінім: биылша оқуыңды доғара тұр да, ауыл шаруасын жаппай колхоздандыру науқанына аралас.
— Қандай қызмет атқар дейсің маған?— дедім, іштей көне бастап.
— Оны Округтік партия комитеті шешер,— деді Аманбай.— Мен бюро мүшелерінің біреуі ғанамын. Бюроның өзге мүшелері маған ақылдасса, екі қызметті қатар ұсынар едім: бірі — округтік газет «Кеңес ауылына» редактор болу, онда кәзір редактор жоқ; екіншісі — Совпартшколаға сабақ беру, онда кәзір саяси сабақтан мұғалім жоқ. Курсанттардың жүзден тоқсан бесі — қазақ деуге болады. Оқыту қазақ тілінде жүреді. Мен сол мектептің партиялық ұйымында тұрам. Жігіттердің басым көпшілігі ауылдан келген кедей, батырақтар. Мектепті бітіргеннен кейін олар ауыл арасына барып қызмет атқаруға тиісті. Хал-қадарымыз жеткенше олардың саяси сауатын ашып жіберуіміз қажет.
Аманбай екеуміз келістік. Уәделі кезде Қызылжар келсем Округтік партия комитетінің секретарь! Брусницин, менің келерімді біліп отыр екен. Оған Қаспақбаев екеуміз бірге кіріп танысқаннан кейін өзінің мақұлдауын айта кеп:
— Алдағы бюрода бекітеміз,— деді.
Бюро мені үш іске қатар тағайындады: бірі—«Кеңес ауылы» газетінің редакторлығы, екіншісі — Округтік партия комитетінің үгіт-насихат бөлімін меңгерушінің орынбасарлығы үшіншісі—осы қаладағы Совпартшколаның саяси сабағын жүргізетін мұғалімдік. Окружкомның секретары Брусницин бюродан бұрын сөйлескенде мен бастапқы екі қызметке тіл қайырған жоқпын. Үшіншісіне біраз таласыңқырадым, өйткені Совпартшколада биылғы өтетін саяси сабақтың мән-жайын сұрап көрсем, өзге саясат туралы емес, партияның ауыл шаруашылығын жаппай колхоздандыру туралы қолданатын саясаты жайыңда екен. Бұл мәселеден жалпы хабарым болғанмен, мен сабақ берерлік даражаға көтерілген кісі емеспін. Соны айтып қашқалақтағанмен секретарь мені бұлтартпай, өз дегеніне көндірді. Сондағы дәлелі:
— Жаппай колхоздандыру мәселесі Партияның XV съезінен кейін қолға ерекше алына бастаған соң біз осы істі ауыл, село ішінде басқара алатын кадрлерді даярлауға кірістік. Әсіресе ауыл арасында, өйткені селоға жіберерлік қызметкерлеріміз жеткілікті де, ауылға жеткіліксіз. Соны ойлап, былтырғы және биылғы наборда қазақтар жағын баса алдық. Ауылда өскен олардың көпшілігі орысша тілге шорқақ болғандықтан, сабақтың көбін, әсіресе саяси сабақты қазақ тілінде жүргізуді ұйғарған едік. Өзге сабаққа керекті оқытушылар табылғанмен, саяси сабаққа таба алмай жүр едік. Қаспақбаевтың айтуынша, сен бұл сабақты апара алатын сияқтысың, ендеше бас тартпа!..
Көнуге тура келді. Брусицин программа жәйін Окружкомның үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі—Дейиегомен ақылдасуды ұсынды. Бюродан кейін сөйлескенде:
— Жалпы негізі болмаса,— деді Дейнего,— ауыл шаруашылық мәселесіне мен де жетік емеспін. Оны Окружкомның ауылшаруашылық бөлімін меңгерушісі — Костенко жолдаспен ақылдасуың керек.
Костенко да ақыл айтып жарытпады. Ол: негізгі материал ғып осыны қолданарсың деп, әлдекімнің басқаруымен он шақты адам боп құрастырған «СССР-дің экономикалық саясаты» деген қалыңша кітапты ұсынды. Бұдан таппағаныңды мынадан қарастырарсың деп қолыма көптеген авторлардың аттары мен шығармаларының аты тізілген, бір буда қағаз ұстатты. Одан қажетті материалды теріп алу үшін көптеген уақыт керек сияқты. Мен Костенкоға осы жайды айта бастап ем:
— Ол сөзіңді тыңдамаймын,— деп жауап берді Костенко сөзімді бөліп.— Сабақ оқытуың бюроның шешімімен бекілген нәрсе, ендеше бас тартуға болмайды. Оқулық кітап пен көмекші кітаптарға қарап отыр да, күнделік сабақты өзің даярла!..
Бұған да көнуге тура келді.
Газетке редактор болу маған қиынға соқпады: бұл қызметтен біраз тәжірибем бар адаммын, редакцияның өзге қызметкерлері де іс жайын білетіндер. Газеттің жауапты секретарьлығына кәзіргі белгілі драматургтарымыздың бірі Шахмет Хұсаиновты алдық. Осы қаладағы педагогикалық техникумды биыл аяқтағалы жүрген оны, «ауқатты адамның баласысың» деген сылтаумен дирекция оқудан шығарып жіберген екен. Со кезде қысқа актілі пьесалар, көркем әңгімелер жазуға кіріскен Шахметпен сөйлесіп көрсем, газет ісін білетін сияқты, сондықтан «табы жат» дегенге қарамай, редакцияның секретарьлығына алып өз қызметін тез меңгеріп кетті. 1926 жылдан бастап кең жайылған тілшілер тобы кәзір мейлінше кеңіп, «Кеңес аулына» хабар жазып тұрмайтын тілшісі жоқ аудан да, ауылдық совет те округте жоқ екен. Тілшілердің материалы күн сайын бұрқырап түсіп жатады, олардан ауыл тіршілігінде нелер боп жатқанын күнбе-күн біліп отырамыз, газетімізді сапалы шығару үшін бұл материалдар бізге көп жәрдем берді. Үгіт-насихат бөліміндегі жұмыстың ауыр жағы Дейнегода. Өзі (ұлты неміс) білімді де, тәжірибелі де, мінезді де адам. Қазақ тіліндегі үгіт-насихат жайлары туралы ол менімен ақылдасып отырады. Алғаш қиындыққа түскенмен, қысыла-қымтырыла даярланғаннан кейін, Совпартшколада саяси сабақты жүргізу де менің жанымды қинаған жоқ. Костенко айтқандай, алдағы сабақтарды күн бұрын даярлап алам да, білгенімді жатқа соға берем, оным оқушыларды қанағаттандыратын сияқты. Совпартшколада алты жүзге жақын курсант болды. Олар екі курсқа және бірнеше класқа бөлінеді. Тәртіп бойынша әр топтың, әр кластың саяси сабақтан да өз оқытушысы болу керек. Ондай адамдар табыла қоймады ма, немесе, Округтік партия комитетінің қаулысымен жіберілуімнен бе, — Совпартшколаның дирекциясы бұл жұмысты түгелімен маған артты. Мен лекциямды топтар мен кластар бірігіп жиналған үлкен залда оқитын болдым... Сабақ ретке қойылды-ау деген шақта, Окружкомның секретары Брусницин мені шақырып алды да:
— Саған тағы да бір міндет артқымыз келді,— деді.
— Қандай?— дедім мен.
— Өткен күзден бастап осы қалада трактористтер курсын ашқанымызды білетін боларсың.
— Білем,— дедім мен.-—Барып та көрдім. Онда мен туған өлкеден де біраз жігіттер келген.
— Осы курста оқушылардың тең жарасына жақыны қазақ екенін көрген боларсың.
— Көрдім...
Бәрі де жергілікті партия және комсомол ұйымдары іріктеп жіберген жастар.
— Көрдім...
— Сенің,— деді Брусницин жымия қарап,— Совпартта өткізіп жатқан саяси сабақтарыңның сапасы жаман емес деп естимін. Соңдықтан, осы сабақты трактористердің курсындағы қазақтар арасына да жүргізуіңді мақұл көріп ек...
— Оған менің уақытым жете ме?—дедім мен.
— Жеткізесің— деді Брусницин.
— Ол қиын,— дедім мен.
— Неге?—деді Брусницин.
— Естуімше, трактористер курсында сегіз жүздей адам бар көрінеді. Тең жарасы қазақ болса, төрт жүздей деген сөз. Әрі Совпартшколаға, әрі соншалық трактористерге сабақ беру — физический мүмкін нәрсе емес.
— Менімше, мүмкін!..— деді Брусницин кескінін салмақтандырып...— Окружкомның ұйғаруы осылай.
Көп кешікпей трактористер курсына да саяси сабақты өткізе бастадым. Жақын таныссам, бұндағы жастар да «ығай мен сығайлар» дерліктей. Совпартта аздаған сақа жігіттер кездесуші еді, трактористер ішінде жасы он сегізден төмені, жиырма екіден жоғарғысы жоқ, жас мөлшері сондай бола тұра ауылдағы саяси-шаруашылық науқандарға араласып, ысылып келмегені кемде-кем. Түгелімен — комсомол. Коммунистері де аз емес. Жергілікті партия және комсомол ұйымдары: денелі, ақылды, сауатты жігіттерді таңдап жібергенге ұқсайды. Атқаратын қызметтерім осылайша қызық және қызу боп өтіп жатқан күндерде, өз үйіме де үлкен бір қуаныш кіріп, 1929 жылдың 14 ноябірі күні екінші ұлым туды да, атын француз революционер! — Жан Поль Мараттай болсын деп,— Марат қойдық... Тіршілік осылайша қызу, қызғылықты түрде өтіп жатты. Міндетті қызметтердің үстіне қоғамдық қызметті де ұмытпай, 1930 жылдың басында Қызылжар қаласында жазушылар ұйымын құрдық. Оның белсенді мүшелері — Мәжит Дәулетбаев, Шахмет Хұсаинов, Елжас Бекенов сияқты көркем шығарма жазуға тіс-қаққандар. Жаза бастаған, немесе, жазғысы кеп жүрген жастардан, ұйым маңына қырық-елудейі топталды.«Кеңес ауылы» газеті олардың шығармаларынан апта сайын бет беріп тұрды. Ұйым «Жарыс» атты альманах шығармақ боп материал жинай бастады. Сөйтіп жүргенде, Алматыдағы педагогика институтының студенті, ақындық аты халыққа мәлім бола бастаған Әбділдә Тәжібаев келе қалды. Қылығы, мінезі, жазушылығы қызу ол Қызылжардағы ұйым ісін Қыздыра түсуге жәрдемдесті... Жұмыстар осылайша жүріп жатқан шақта, март айының бас кезінде, Қазақстан Өлкелік партия комитетінен мені корреспонденттердің Алматы қаласында өтетін І съезіне шақырған хабар келді. Біздің округтен тағы да он шақты адам баруға тиісті екен. Солар жиналғаннан кейін, екі жолмен жүретін болдық: мен — поезбен Кинель — Оренбург Арыс арқылы баратын жолмен, өзгелері — Новосибирь — Семей арқылы баратын жолмен. Алғашқы жүйелі оқуды рабфагынан алған, жастық шағымның бірнеше қызғылықты жылдарын ішінде өткізген Орынборды аңсап барсам, қанаушы тапты жою науқаны бізден бұрынырақ басталып, қаланың нэпмандары науқанға қарсылық ретінде, базарға азық-түлік түсірмей, ас-су жағынан Орынбор қатты тапшылық көріп тұр екен. Оның үстіне бандитизмнің де аздаған исі шығып, қаланың электр шамы жанбайтын әр тұсында адамды тонап, өлтіріп кету басталған екен. Орынбор қазақ автономиясының орталығы болған шақта, онда қазақтың тұрақты өлкелік милиция мектебі ашылған. Сол мектеп Орынборда әлі де бар екен, бастығы, Қазақстанда белгілі қызметкерлердің бірі болған, Сүлеймен Есқараев.
— Азамат соғысы кезінде,— деді ол маған,— Орынбор революцияға қарсы казачествоның берік бекінісінің, бірі болғаны белгілі. Со кездегі ақ казактардың қалдығы кәзір бас көтеріп, жеке түрде де, ұйымдасқан түрде де Советке қарсы қылықтар жасап жатыр. Бетіңмен жүремін деп солардың біреуі жазым ғып кетпесін.
Орынбор—Ташкент темір жолының Қызылорда қаласына жақын жердегі бір станциясында, жұмысшы семьясында туған, өзі де бала шағынан жұмысшы болып, орта білімді орыс мектебінен алған Сүлеймен Есқараев адал коммунистің, таптық мәселеге қатты қарайтын лениншіл адамның бірі болатын. Орынборда да ол осы бағытынан бұлжымай, бай, құлақ,'нэпман, ақ, ұлтшыл атаулының бәріне мейлінше мейрімсіз екен. Ол басқаратын милиция мектебінде үш-төрт жүздей курсант бар екен, бәрі де әлекедей жаланған жастар және жұмысшылардың, кедейлердің, революционерлердің балалары. Қаланын, іші-сыртындағы тәртіпті сақтау соларға тапсырылған. Аудандарға да осы мектептен отрядтар жіберілген. Команда Есқараевтың қолында. Азамат соғысына қатынасып, ақтар мен басмашыларды жойысқан Есқараев, жауды әшкерелеудің, жоюдың талай тәсілін біліп шебер қолданады екен. Арық денелі, қара өңді оның кескіні өте суық жігіт болатын. Соған тап жауына қарсы жүргізіп жатқан қатты қимылы қосылғанда, жау дейтіндердің одан зәресі кетіп, қарсы келмеуге, көзіне көрінбеуге тырысады екен. Сүлеймен Есқараев со бір кезеңде тап жауына ең қатал адамның бірі болды. Есқараев мені өз пәтеріне жатқызды, бірақ маған алданар уақыты жоқ. Үнемі күзет пен шабуылға жүреді. Үйіне соққан сайын жау атаулының қарсылық әрекеттері туралы да, біздің адамдардың кейбір өрескелдігі туралы да неше түрлі қызықтарды айтып келеді. Олардың ішінде нелер комедия да, драма да, кейде,— трагедия да ұшырасады. Оларды тыңдау қызық болғанмен, үнемі ат үстінде жүретін начальниктің үйінде ішім пысатын болды да, бірер қонғаннан кейін рахмет айтып, бет алған жағыма жүріп кеттім. Темір жол жүрісі тәртіптелген бертінгі уақытта, Қызылжардан поезбен шыққан адам Алматыға бес-алты күнде барып жүрді. Ал, мен Кинельде, Орынборда кідірген күндерімді қоспағанда, поезд үстінде он шақты күндей сапар шектім. Орынбордан Ташкенттік поезбен жүріп келген біз, Арыс аталатын станциясынан Алматыға қарай ойыстық. Осы арадан, 1928—31 жылдары салынып біткен Турксиб темір жолы басталады. Бұл бетке менің бірінші шығуым, сондықтан жол бойындағы көріністердің бәрі де маған қызық. Жетісу жерінен өтетін Турксиб темір жолы, Қаратау мен Тянь-Шань тауларының арасындағы саяңмен. жүріп отырады екен. Бұл тұсқа Қаратаудың дөңестенген аласа сілемі ғана келеді екен. Арысқа жақын жерден басталатын Тянь-Шань, әрі қарай жүрген сайын биіктеп, біраздан кейін карлы жотаға айналып кетті. Біздің Сібір жақта әлі сірескен қыс. Ал, бұл тұста көктем ерте шығып, таудың жотасынан басқа жердегі қар еріп кеткен. Темір жол бойы да қара жер. Таулық тұстың жағдайына қарай, Турксиб темір жолы бірнеше жерде ирелеңдей жүріп, кей тұста тау тұмсығын тескен туннельден де етеді. Арыс пен Алматы арасына кәзір күн тәулігіндей ғана уақыт жүретін поезд, жаңа жолдың торабы бекімегендіктен айдап кетпей, ақырын ғана жортады, кейбір өрлерге составты екі паровоз тартады. Осындай қарқынмен, біз Арыс пен Алматы арасында үш күндей жүрдік. Алматыға жақындаған сайын, оң жағымызда жарысып келе жатқан Тянь-Шань тауының тұлғасы биіктей берді. Біз жүріп келе жатқан қара жердің фонында, қар жамылған бұл таудың жотасы, күннің әр мезгілінде әр түспен құбылып, ешбір суретшінің қолынан келмейтін ғажап картиналарды, көзімізді қызықтыра алдымызға тартты да отырды!.. Бірінші Алматы станциясына біз іңірде жеттік. Білетін адамдардың, айтуынша, қала ол станциядан сегіз километрлік жерде. Станция мен қала арасы елсіз: сол жағың жазық дала боп кетеді де, он, жақта қалаға жеткенге дейін қалын, бақшалы орман жарысып отырады. Қатынас көлігі аттар мен есектер ғана. Қалаға атпен кетейік десек:
— Оң қолдағы орманда,— дейді, біреулер ақыл айтып,— үнемі ұры жүреді, түнгі мезгілде жолаушыларды талап алады, кейде өлтіріп кетеді.
Жол бойы қорқынышты деген, мен Бірінші Алматыдан жадағай тарантасты арбакеш жалдап алдым да, тәуекелге бел байлап қалаға жөнелдім. Ол күнгі ашық аспанда жыпырлаған жұлдыздың қалыңдығы мен бұрын көрмегендей. Біз Алматыға беттеген шақта қаракөк түспен мұнартқан биік таудың аржағынан, әуелі тақ сияқты бозамықтау сәуле көрінді де, атымыз ілгері жылжыған сайын сәуленің түсі ағарыңқырай беріп, біраздан кейін, өркештенген асқарлардың аржағынан күдістеу алтын сызықтың шеті көріне бастады. Онымыз — көтеріліп келе жатқан ай екен. Біздің айдаумен зорға бүлкілдеп келе, жатқан шабан атымыз қалаға жеткенше, тау тасасынан көтерілген ай аспанның биігіне өрлеп үлгерді. Бұл айдын, дөңгелене толып болған уақыты екен. Аспанның ашықтығынан ба, әлде тау жотасын жапқан кіршіксіз ақ қарға шағылуынан ба, мұншама жарқын жүзді айды, мен бұдан бұрын көрмеген сияқтымын!.. Ал, өркештенген таудың жотасы ше?.. Ол ығы-жығы шөгіп жатқан гигант түйелердің өркешіне ұқсап, қырқасының әр тұсында сүйірлене қалған. . . Ашық аспанға сыймастай боп жыпырлай жалтылдаған жұлдыздардың, аса жарқын ай жүзді айдың, ай сәулесі түскеннен кейін сүттен де ақ боп кеткен тау қырқаларының, солардың бәрінің үстін айқара жауып мөлдіреген қап-қара түннің бәрін тұтас алғанда, адамды қатты әсерлендіретін ғажайып дүниесіне ұқсайды!.. Алматы қаласына мен бірінші келе жатқан адаммын. Естуімше: Россия империясының шығыс жақ шетіне, орыс армиясының бекінісі ретінде, «Верный» деген атпен, шамасы бұдан жүз жылдар бұрын орнаған бұл қаланын, түрі, европалық қалалардың ешқайсысына ұқсамайды. Бұл «Казачая станица» аталатын селолардың ішіндегі үлкенінің біреуі. Жері оқтын-оқтын сілкініп тұратын қалада, тастан кірпіштен қалаған ешбір үй жоқ, оның үйлері — тек ағаштан қиылғандар. Қала тұрған жердің жазы да ұзақ, ашық күні де коп, суы да мол болғандықтан, барлық көшелердің екі жақтауына жиі егілген сәулет ағаштары қалыңдай, биіктей өсіп, үйлердің бәрін шымылдықтай бүркеп тұрады, әр қораның ішінде кең көлемді жеміс бақшасы бар... Қала осы арадан басталады деген тұстан, біз қалаға емес, аллеялы қалың орманның ішіне кіріп кеткен сияқтандық. Ол кездегі Алматыда он бес мың киловат-сагаттық-ақ электр станциясы қызмет атқарады екен, оның сәулесі үкіметтік азғана үйлерді жарықпен қамтамасыз етеді де, былайғы үйлерде, әр үйдің қақпасынын, алдында кәрәсін фонарының жарығы ғана жылтырайды екен. Атшының айтуынша, біз Алматының Лепсі (кәзіргі Фурманов) көшесімен і;еле жатырмыз. Бұл көшенің бойында екі этажды үй атымен жоқ екен. Бір этажды үйлердің де көпшілігі кішкентай көлемді, еңсесі биік, үлкен ағаш үйлер сирек кездеседі... Менің іздеп келе жатқан үйім Ғабит Мүсреповтің пәтері. Естуімше, ол соңғы кезде Қазақстан Оқу Комиссариатының көркемөнер бөлімін басқарады. Осыдан бірер жыл бұрын, «Еңбекші қазақ» газетінің бетінде қазақ совет әдебиетінің актуальді мәселелері жайында Ғабит екеуміз қаттырақ айтысып қалғанбыз. Содан бері көңілім қоңтораздау болып жүрген мен, бірге өсіп, біте қайнағандай болған Ғабиттің пәтеріне түсуге ұялып келем... Көптен көріспей сағынысқандай болған Ғабит екеуміз ол күнгі таңды көзімізден атырып кеңесуде болдық. Толып жатқан әңгімелердің ішінде Ғабит айтқан күрделі кеңестің біреуі, «Еңбекші қазақ» газетінің редакторы —Ғаббас Тоғжанов пен Сәкен Сейфуллин арасында біраз жылдан бері келе жатқан кикілжіңнің, соңғы кезде тағы да өрши түсуі.
— Оған себеп,— дейді Ғабит,— өткен күзде, партия қатарын тазалау шараларының кезінде, Сәкен Сейфуллинді тексеру болды.
— Неге?— деймін мен.
— Тоғжановтың Сәкенді жек көретінін білесің,—дейді Ғабит.-— Соңғы бес-алты жылдың ішінде ол екеуі баспасөз бетінде қатты алысып жүр ғой. Тоғжанов газетте редактор болуын және Крайкомның секретарь! Голощекиннің қолдауын пайдаланып, Сәкенге таяқты көбірек соқты. Осы мәселе партия қатарын тазалау кезінде тағы көтеріліп, Тоғжанов және оның, кейбір қолдаушылары Сәкенді қаралауға, реті келсе партия қатарынан шығартуға тырысты. Бұл тексеру, Қазақ педагогика институтының бес-алты жүз кісі сиярлық үлкен залында өтті, өйткені жиналған халық одан кіші залға сыймайтын болды.
— Осы залда,— деп жалғастырады Ғабит әңгімесін,— Сәкенді жақтаушылардың даусы Тоғжановты жақтаушыларды басып кетіп, қазақша айтқанда, тоғжановшылдар аяқ асты боп қалды. Жұмысшылардың, еңбекші интеллигенцияның, студенттердің Сәкенді сүйетіндігі бұл жолы да айқын көрінді. Олар Тоғжановты және оның сыбайластарын сөйлетпей, мінбеден қуып түсірді. Сәкен туралы: «Қазақтан алғаш шыққан большевиктердің бірі, жалынды революционер, Қазақстанда Совет өкіметін құрысушылардың бірі, сондықтан да оны жиырманшы жылдардың бас кезінде халық үкімет бастығы сайлаған, қазақ тілінде Октябрь революциясы туралы, азамат соғысы туралы, советтік құрылыс туралы көркем әдебиетте алғаш қалам тартқан кісі — Сәкен, осы бағытында әлі де келеді, бұндай жақсы адамымызды Тоғжанов сияқты, әкесі ірі байлардың қатарында конфискеленгең өзі алашордаға қатынасқан, коммунист партиясына тонын айналдырып киіп келген ұлтшылға талатпаймыз!..» деп шуласты. Голощекин басқарған Крайкомның ойы Сәкенді осы тазалауда партия қатарынан шығару, не халық алдында бетіне кір жағу екен. Ол ойлары болмай, партия жұртшылығы, еңбекші көпшілік, Сәкенді әшкерелету түгіл, кір жұқтыру түгіл, тазалаудан үлкен құрметпен алақандарына көтеріп алып шықты.
Сәкенге,— дейді Ғабит сөзін аяқтап,— соңғы кезде, сын көзімен қарап жүретін адамның біреуі мен едім ғой. Жоғарыда айтқан тазалауға дейін, мен оны халық мұншама қадірлейді деп ойламайтын ем. Енді көзім жетті: Сәкен советтік қазақтардың кәзіргі ең аяулысының біреуі екен!... Еңбекші жұртшылықтың,— дейді Ғабит,— содан бері Тоғжановқа өшігуінде хисап жоқ. Олардың еркіне берсең түтіп жерлік түрі бар. Голощекин басшылығы оған жібермей, Тоғжановты қорғаштаумен келеді. Мәселе онымен де тынбайды ғой деймін, егер менің естіп, көріп жүргендерім рас болса, осы съезде де Тоғжановқа қарсы шығушылар табылып, быт-шытын шығару мүмкін. Ғабиттың жорамалы дәл келді. Тілшілер съезді Қызыл Армия үйі клубында ашылды. «Баспасөздің кезекті міндеттері» деген тақырыпта баяндаманы Ғаббас Тоғжанов жазады. Одан кейін жарыс сөз басталып, бірінші боп мінбеге палуан орта денелі, қоңыр өңді, қабағы қалың, беті жалпақ, сақал-мұрты қырылған орта жасты біреу шықты.
— Жолдастар,— деп бастады ол сөзін,— менің атым Ырыспай, фамилиям Мәмбетпаев. Жасым биыл отыз бесте. Соның жиырма жылын Қарсақпай мыс заводында қара жұмыс істеп өткердім. Мен әдебиетші емеспін, газетші де емеспін. Бірақ газет-журналды оқып тұрарлық сауатым бар адаммын. Совет газетінің қандай газет екенін сіздерге түсіндіріп жатудың қажеттігі жоқ. Бұл — еңбекші тапты жақтаушы, қанаушы тапты әшкерелеуші газет. Ендеше, біздің Қазақстанның партиялық бас газеті — «Еңбекші қазақты» еңбекші таптың қамын ойлайтын адам басқару керек қой. Бізде олай болмай отыр. Газеттің редакторы Ғаббас Тоғжановтың атақты байдың баласы екенін, әкесі былтыр ірі байлардың қатарында кәнпескеленгенін, өзінің азамат соғысы кезінде алашордашыл болғанын жақсы білеміз. Осындай адамның совет газетіне редактор боп отыруы тан, қаларлық іс. Тоғжанов қой терісін жамылған қасқыр. Оның редактор болғаннан бері бүлдіргені аз емес. Бұдан былай бүлдіртуге болмайды. Мен сіздерден,—деді Ырыспай Мәмбетпаев, залда лық толып отырған съезд делегаттарына,— Тоғжановты редакторлықтан алу туралы қаулы қабылдап, Крайкомға берулеріңді өтінем...
Дұрыс деп ду ете қалды зал. Съезді Крайкомның екінші секретары Ізмұқан Құрамысов басқарып отырған. Мәмбетпаев айтқан ұсыныс оның күтпеген кеңесі болу керек, сондықтан зал Ырыспайдың сөзін мақұлдап шулай қалғанда, көздері шарасынан шығып кете жаздады. Залдағы шу президиум столындағы қоңыраудың қатты қағылуымен әрең басылған шақта, залдан:
— Маған сөз!..— деген дауыс естілді. Жұрт қарай қалса, тапал, талдырмаш бойлы, қазақы дөңгелек кескінді біреу. Тани кеттім: Петропавл уезінің Төңкеріс болысынан шыққан, көп жыл жалшылықта жүріп, 1925 жылы сауатсыздар мектебінен хат таныған, содан кейін ауылдағы белсенділердің біреуі боп кеткен Шаяхмет Айтпаев. Кейінгі жылдарда оны Петропавл уезінің Омбыға шектес Қызылту ауданында, Қосшылар одағының председателі деп еститінмін. "Өзінің ептеп газетке хабарлар жазып жүретін әдеті бар да, сондықтан, Ақмола округінен тілшілер съезіне баратын делегаттардың біреуі боп сайланып, Алматыға Омбы арқылы жүретін хабарын алғамыз.
— Жолдастар,—деп бастады Шаяхмет сөзін,— мен Ғаббас Тоғжановтың туған елінде қызмет атқаратын адаммын. Былтыр оның әкесі — Садуақаспен, ағасы Нұрке ірі байлардың қатарында кәнпескеленгенде, сол жұмысты қолымнан өткердім. Олар шынында да нағыз қанағыш ірі байлар. Менің айтайын деп тұрғаным ол емес. Тоғжановтың бай әкесімен, бай ағасымен әлі де байланысын үзбеуі. Мен Нұркенің үйінен Ғаббастың: «Биыл ірі байлар кәнпескеленеді. Сол тізімде сендер де барсыңдар. Оған дейін мал мүліктеріңнің бағалысын сатып үлгеріңдер!»—деп жазған хатын қолға түсірдім. Міне, ол хат!— деп Шаяхмет Айтпаев қалтасынан бір қағазды суырды да, нанбаған кісі болса, тиісті жерде көрсетуге болады. Бұл хат Тоғжановтың өтірік коммунист екенін дәлелдейді, сондықтан мен Ырыспай Мәмбетпаев жолдастың ұсынысына қосылам,—- деді.
— Түсінікті!.. Дауысқа салу керек!— деген дауыстар естілді, залдың әр тұсынан.
Шулаушылар залды басына көтеріп кеткен соң, Құрамысов:
— Дауысқа қоямыз!— деп айқайлады. Зал бәсеңдеді.
— Екі ұсыныс бар,— деді Құрамысов. бірі — Тоғжанов орнында қалсын деген...
— Ондай ұсыныс жоқ!— деп ду етті зал. Біреулер:
— Партиялық демократия қайда?.. Көпшіліктің ұсынысын дауысқа қоймау қайдан шыққан?!—деп дауыстады....
Ақыры, көпшіліктің ұсынысы дауысқа қойылғанда Тоғжанов орнынан алынсын дегенге бүкіл зал қол көтерді. Кім қарсы, кім қалыс қалды дегенге қолын шошайтқан жан болған жоқ. Содан кейін, Құрамысов екі сағаттық үзіліс жариялады. Осы үзіліс кезінде,— деді ол,— коммунист делегаттар Крайкомның мәжіліс залына шақырылады. Мәжіліс залындағы жиналысты Голощекиннің өзі басқарды. Тоғжанов туралы съезде алынған қаулы, оның да күтпеген іcі болу керек, сондықтан ашуына мініп, мейлінше түтеп алған. Бұл,— деп бастады Голощекин сөзін,— съездегі барлық делегаттардың пікірі емес, оларды азғырып жүрген жеке адамдардың пікірі. Крайком коммунист делегаттардан сезъдің Тоғжанов туралы алған қаулысын бұздыруды талап етеді. Кімде-кім партияның бұл тапсырмасын орындамаса, мәселесін бюрода қараймыз. Кәне, қалай дейсіздер?' Крайкомның, тапсырмасын орындайсыздар ма, жоқ па?
Басын төмен тұқыртқан жұрттан ешкім үндемеді.
— Бұл не тым-тырыс?—деді Голощекин, шодырайған көзін шарасынан шыға түсіп.— Крайкомға, яғни партияның жолына қарсылық па?
Әлі де ешкім сөйлей қоймаған соң, Құрамысов орнынан көтерілді де:
— Мәселе түсінікті ғой, Филипп Исаевич,— деді Голощекинге.-— Ешбір коммунист мен партия жолына қарсыммын деуге тиісті емес. Тоғжанов туралы мәселені қайта қарау туралы съезде ұсынысты өзіңіз жасаңыз. Содан кейін ешкім де қарсы бола алмайды. Егер, бірен-саран шығамын дегендер көрінсе, онымен де сөйлесіп көрерміз.
Съезге Голощекин барды да, съездің Тоғжанов туралы алған қаулысын қате деп, Тоғжановты: оқымысты, іскер, марксист, жақсы газетші деп мақтай кеп, алынған қаулыны бұзу, Тоғжановты орнында қалдыру туралы Крайком атынан ұсыныс жасады. Ол ұсынысы, әрине, «өтті»... Бірақ бұл өту» Тоғжановтың да, оны қолдаушы Голощекиннің де жеңісі болған жоқ. Үзіліс кезінде залдан шыққан делегаттар әр жерде топталып: «Бұ не?!.. Осындай да демократия бола ма?!. Жоқ, бұл советтік те, партиялық та демократияға жатпайды!.. Бұның аты — диктаторлық!.. Бұны ЦК ВКП(б)-нің құлағына жеткізу керек, Голощекин сияқты жүгенсіздерді партиялық тәртіпке шақырту керек!..» деген сөздерді айтты. Сондай шағымдар болды ма, әлде партиялық міндетін дұрыс атқара алмады ма, одан аз жыл кейін Голощекин де, Тоғжанов та қызметтерінен абыройсыз босанды... Съезден кейін, мені Ізмұқан Құрамысов Крайкомдағы кабинетіне шақырып алды. Бұл кісімен мен Орынбор дәуірінен, яғни 1923—24 жылдардан таныспын да. Домаланған кішірек бойлы бұл адам, мінез-қылықтарында «мейлінше демократ» дейтіндердің, «идейный коммунист» дейтіндердің, «ұлтшылдыққа, байшылдыққа қарсы» дейтіндердің біріне саналатын. Ғұрпында да ол демократтық мінезін қолданып «бұқара» я «төмендегі» аталатындармен көп араласып, олардың кейбіреулерінің үйлеріне де келіп жүретін, кейбіреулері үйіне де барып жүретін. Мен де сондайлардың біреуімін де. Сондай шақтарда ол өзін мейлінше жұпыны ұстауға тырысып, ойыны, шыны аралас әңгімелерден ауыз жаппайтын және күлкілі кеңестерді көбірек айтуға тырысатын. Оның үйіндегі отырыс-тұрысы да, ас ішуі де қазақша болатын. Ac бөлмесі үнемі қазақша жиылып, стол, орындық қойылмайтын, асты кілем үстіне төсеген көрпеде отырып, жастыққа шынтақтап жатып ішуді жақсы көретін. Күн сайынғы түстік асы — бесбармақ болатын. Ол мейлінше шайқор адам да. Шайды батыстық қазақтардың салтымен, нәлін кесеге жұғардай ғып үнемі қою ішетін, оған тек, қаймақ қана құйғызып, кеседегі шайы «күрең қасқа» болатын, сондай шайдың бір самауырын тауысқанда әрең қанатын. Кеңседе де соны істеп, түс мезгілінде жәрдемшісіне «қанғанша кісі кіргізбе» деп, кең креслоға кішкене денесі көміле, малдасын құрып отыратын да, мұрнының үші ғана терлеп, самауырға бара-бар өзбек шәйнегіне толған күрең шайды қасына қойдырған электр плитасына қайнатып қойып, қаймақ қатқан «күрең қасқаға» қанатын, қызметке содан кейін кірісетін, әйтпесе, басым ауырып жұмыс істей алмаймын дейтін. Қызылордалық дәуірдің алғашқы кезінде Құрамысовтың үйіне мен жиі қатынасушы ем, сонда ол өзін пролетариатпын деп, мені пролетариат жазушысы деп, таныстықтың үстіне, пікірлес боп жүруші еді. Ол кезде оның да Тоғжановқа көзқарасы мендей болатын. Енді 1929 жылдың аяғында байқасам, Голощекиннің ықпалымен бе, әлде, көзқарасы өзгерді ме, Тоғжановты жақтайтын сияқты, сондықтан мен оған жұғыса қоймай, өзі шақырмаса бармаған да болар ем. Бұрынғы салты болса, ол мені үйіне шақырса керек еді. Өйтпей, жәрдемшісі арқылы кеңсесіне шақыруын, менен пікірі алыстауына жорыдым. Құрамысов күлегеш адам еді. Ол қисынды жерде де, қисынсыз жерде де күле беретін. Крайкомдағы кабинетінде де сол мінезін көрсетіп, амандық-саулықтан кейін күле айтқан сөздерінің түрі төмендегідей боп шықты:
— Сен, Сәбит, менің, саған қалай қарайтынымды жақсы білесің... Хе-хе-хе!.. Сәкеннің революционер екені рас, бірақ, ол қанаушы таптан шыққан адам, хе-хе-хе! Ал сен нағыз еңбекші таптан шыққан адамсын, хе-хе-хе!.. Мен сені бағалайтын адаммын. Бірақ сендегі жетпейтін нәрсе, ...жағдайды есептей білмейсің!.. Тоғжановтың кім екенін мен сенен кем білмеймін, хе-хе-хе!.. Сөйте тұра, оны неге жауапты қызметте ұстап отырмыз. Орнын баса қоятын кісіміз жоқ, хе-хе-хе!.. Бірақ, ондай кісі табылады. Мәселен, Москвадағы Коммунистік университетте оқып жүрген — Садық Нұрпеисов, хе-хе-хе!.. Ол да, өзіңдей батырақ. Қазақстанда көп жыл комсомол ұйымын басқарғанын білесін,, хе-хе-хе!.. Ақылды да, білімді де кадр боп өсіп келе жатыр!.. Біздің ойымыз, университетті бітіргеннен кейін Тоғжановтың орнына соны қою, хе-хе-хе-хе!..
Құрамысов салмақты сөздеріне осынша көп күлкіні араластыра айтқанда, тыңдап отырған менің де күлкіден шегім қата жаздады. Оның неге күлуін менің білмеуім сияқты, менің неге күлгенімді ол да білмеген болар. Осындай күлкісі аралас мәжілісте бірталай уақыт отырып, тәтті шайын бірге ішкеннен кейін, мен кетуге ұлықсат сұрап ем:
— Мақұл,— деді Ізмұқан Құрамысов,— енді жолығуға уақытымыз келе бермес, хе-хе-хе-хе-хе-хе. Біз, Филипп Исаевич екеуміз ақылдасып, сенін, Алматыға келуіңді мақұл көрдік, хе-хе-хе-хе-хе.
— Неге?— деп сұрадым мен, бұл жаңалық хабарға елеңдей ғап.
— Қайтесің себебін сұрап,— деді Құрамысов,— партия солай ұйғарған соң, келмеуіңе болмайды, хе-хе-хе-хе-хе.
Мен Қызылжарда атқарып жатқан қызметтерімді айта бастап ем.
— Білеміз,— деді Құрамысов,— бәрін де білеміз, хе-хе- хе... сонда да, осында келуіңді мақұл көрдік, хе-хе-хе.
— Қандай қызметке, сонда?
Оны Алматыға келгеннен кейін ақылдасамыз, хе-хе-хе...
Мен Құрамысовқа, егер басқа қызметке ауысатын болсам, одан бұрын оқуымды аяқтап алғаным жөн ғой деген сөзді дәлелдеріммен айта бастап ем:
— Оны да Алматыға келе сөйлесерміз, хе-хе-хе...— деді Құрамысов.
— Сонда қашан шақырылмақпын Алматыға?
— Оны өзіміз хабарлаймыз. Әзірге, Қызылжарыңа қайта бер, хе-хе-хе.
— Мақұл,— дедім мен,— хабарларыңызды күтем. Тек қана айта кетерім, мені қызметімнен алуға себеп болған өзге емес, Тоғжанов. Ол менің идеялық қарсы, адамым екені рас, бірақ, съезде оны орнынан ал деуде менің ешбір қатынасым жоқ. Бірінші боп сөйлеген Мәмбетпаевты көру түгіл, естіген де емен. Съезде жеті-сегіз жүздей делегат болды. Соның бәріне Тоғжановқа қарсы қол көтерткен мен емеспін. Мен олардың, көп болса төрт-бес-ақ процентін танимын, өзгелері танымайтындарым. Ендеше, оларға қалай ықпал жасай алам?.. Тауыққа күлкі боларлық сөз ғой бұл!.. Съезд делегаттарының бәрі де саналы адамдар. Олардың әрқайсысы өз ар-ұятына ғана бағынады, Тоғжановқа қарсы қол көтерсе, саналы түрде көтереді. Бұл — делегаттардың сана-сезімі оянуына ғана дәлел. Өзіміз оларды тапшыл бол деп үйретеміз де, үйреткенімізді істесе, неге істейсің деп қыспаққа аламыз!.. Осындай партиялық принцип бола ма? Лениндік принцип емес қой бұл!..
Құрамысов мені үн-түнсіз тыңдап алды да, сөзімді доғарғаннан кейін:
— Айтып болдың ба?—деді, күлместен, салмақты кескінмен.
— Болдым,— дедім.
— Партиялық политика дегенді білемісің сен?
— Білем.
— Политиканың ісі болса ше, бұл?
— Менімше бұл политиканың емес, политикантствоның ісі.
— Не дейсің?—деді Құрамысов, ашулана қалған кескінмен.
— Естідіңіз ғой, не дегенімді?
— Егер осы сөзіңді Филипп Исаевич естісе ше?
— Мейлі. Жолықса өзіне де айтар ем, осы сөзді. Сізге айтарым және жәй Құрамысов деп емес; Крайкомның секретары — Құрамысов деп айтарым: біздің кәзірде де, болашақта да сүйенер күшіміз Тоғжановтар емес, оған қарсы боп қол көтерген жаңа күштер!.. Советтік күш дейтініміз осы. Ол күштің жалпы аты — еңбекшілер. Біз осы күшпен ғана есептесуге, соны ғана бағалауға, соған ғана сүйенуге міндеттіміз. Ленин жолы — осы.
Дұрыс дегендей, Құрамысов басын төмен тұқырды... Мен шығып кеттім...
УАЭПТОН СТИВСЬЭН ҚАТЕЛЕСТІ
Мен Алматыдан Қызылжарға ай жарымдай уақыт жүріп оралдым. Ол кезде бұндағы дүниенің астан-кестені шығып дегендей, тап тартысы ерекше қызу қарқынмен басталып қапты. Бұл шараға қаланың, да, қанаушы тап атаулысы түгел ілігіп, мал-мүлкі кәнпескеленіпті де, өздері тап асауы ретінде тұтқынға алыныпты. Менің пәтерімде Нұртазаның Мырзағазысы жатыр екен. Оның айтуынша, ауыл-селодағы бай-құлақтардан да кәнпескеге ілікпегені жоқ. Осы науқанға әкесі — Нұртаза да ілігіп, со маңайдан Қызылжарға айдалып келген бай-құлақтардың ішінде, осы қалада қамауда жатыр. Қамау деген сөзді бұл арада әлдеқалай қолданып отырған жоқпын. Қаланын, және ауыл-селоның қанаушы тапқа жататындарын түгелімен Қызылжарға жинағанда әлденеше мың боп кетіп, абақтыға сыймағанын сарайларға қамаған. Тамақты оларға туысқандары апарып береді екен. Мырзағазының айтуынша, суық сарайға қамалғандардың тұрмысы өте ауыр. Ауыл-селодағы тап жауларының малдары артельдерге, колхоздарға бөлініп берілген де, қымбат мүліктері ақша бөлімдерінің қарамағына көшіп, бәсеке саудамен (торг) сатылатын болған. Мұндай мүліктер бай-кулактарда азғантай. Олар қымбаттарының біразын сатып үлгерген. Қала байларында қымбат мүлік кеп, сататын базары жоқ, сондықтан олардан кәмпескеленген кілем, ішік, басқа түрлі асыл киім, қымбат ыдыс-аяқ, мебель... сияқты үй мүліктері Қызылжар сарайларына лық толған. Алушы аз болғандықтан, Ақша бөлімі жиналған мүліктерді арзан бағаға сата бастаған. Мәселен, маған таныс бір қызметкер қалалық бәсеке саудадан, ұзыны он метр, көлденеңі бес метр, тамаша ернекпен тоқылған ирандық жібек кілемді бір бұзаудың құнына сатып алған. Оңай олжа тапқыштар, арзан бағаға алған қымбат мүліктермен үйлерін толтырған. Менің әйелім «Зингерь компаниясының» жаңа аяқ машинасын бір бөлке нанның құнына алып, өзге арзан мүліктерді алуға мені тосып отыр екен. Мен «Зингерьді» складқа қайта апарттырып тастадым... Үйімде Көпжасардың Омары деген кісі де қонақтап жатыр екен. Ол менің әкеммен бірге туған Зейнеп есімді апасының баласы, жасы со кезде елулерді алқымдап қалған көксе адам, өмір бойы өз еңбегімен ғана күн көрген, шағын ғана шаруасы болған кісі. Омардың айтуынша, жақында ғана басталған жаппай колхоздану науқаны кедей-батырақтарға да оңай тиіп жатқан жоқ. Жүз процент колхоздандыру ұранымен өтіп жатқан бұл науқанда жергілікті басқарушы ұйымдар, колхозға кіру-кірмеуі туралы ешкімнен де лұқсат сұрамай, үй атаулының бәрін «сен де колхозға мүшесін» деп шетінен жаза береді. Жоғарғы ұйымдардың нұсқауларында, колхозға мүше болатын еңбекшілердің көлігі, соқа-сайманы сияқты өндіріске қажетті меншіктері ғана орталық қолға түсуге тиісті де, мінер ат, сауыны, ұсақ малдары, үй-ішінің мүлкі, бақша егетін жері жазғы-қысқы үйі өз қарамағында қалуға тиісті. Ауыл-селода кәзір жүріп жатқан науқанда бұның бәрі ұмытылып, ешкімнің де колхоз меншігіне айналмаған нәрсесі қалмапты. Осы жайда, ұрыс-жанжал сияқты көңілсіздіктер де аз болмапты. Жанжалдасқан адамдар тап жауына саналып, байларға қосыла тұтқынға алына бастапты, менің жиенім — Омар Көпжасаров та біздің үйге осындай жазадан қашып кепті... Омардың бұл айтқандары, бүгінге дейін мен оқыған партиялық қаулы-қарарларға қайшы келетін нәрселер. Сол ойымды айтпақ боп Округтік партия комитетінің секретарь! Брусницинға барсам, аудандарға командировкаға кетіп қапты. Оның орнында отырған Костенкоға айтсам, сөзіме құлақ асудың орнына:
— Бұның барып тұрған оппортунизм. Менен басқа кісіге естіртпе, бұныңды!..— деп ұрсады. Мен оған өзім білетін партиялық қаулы-қарарларды айта бастасам:
— Қате ұққансың, ол қаулы-қарарларды қайтадан оқысаң басқаша түсінесің,— дейді.
— Мен түсініп оқығам ол қаулы-қарарларды,— десем:
— Сен Окружкомға өз пікіріңді диктовать ету дәрежесіне әлі жеткен жоқсын. Ақыл айтуды қой да, айтқанды орында,— дейді.
Газетте қызмет атқару мейлінше ауырға соқты. Колхоздандыру науқанын жергілікті орындардың қате жүргізуі туралы редакцияға күн сайын құшақ-құшақ хат түседі. Кей фактылардан жан шошынарлық. Осы жайды Костенкоға айтқанда: Бұл оппортунизміңді доғарасын ба, болмаса мәселеңді Окружкомның бюросына қояйын ба?—деп ақырды. Содан кейін Брусницин командировкадан оралғанша аузымды жаптым.
— Не істеуге білмей сасқалақтап жүрген күндердің біреуінде мені кабинетіне Брусницин шақырды.
— Кеше ғана келіп ем,— деді ол телефонмен сөйлескенді, — қажетті мәселе бар. Тығыз түрде келіп кет!..
«Костенко мені жамандап қойған болар,— деген ой келді маған,— әйтпесе неге тығыз шақырады!..». Брусницинның кабинетіне барсам, өткен жылы осы Петропавл уезінде бірінші боп ұйымдасқан «Шағала» астық совхозының партком секретары Нұрыш Данияров отыр екен. Ол менің жақсы білетін жақын жолдастарымның бірі. Алғашқы білімді «Русско-Киргизская школа» аталатын оқу орнынан орыс тілінде алған ол революциядан бұрын селолық учитель боп жүрген де, советтік құрылыстың алғашқы жылында партияға кіріп, ауыл арасындағы партиялық қызметтерде болған. «Шағала» совхозы бұрынғы «Ақмола губерниясы» аталатын кең өлкеде (кәзір ол: Солтүстік Қазақстан Көкшетау, Целиноград, Қарағанды және Қостанайың шығыс жағы боп бес облысқа бөлінеді) бірінші боп ұйымдасқан кезде, Округтік партия комитеті Нұрыш Данияровты оған парткомның секретары ғып жіберген. Жасы мен құралыптас ол орысша да, қазақша да ете сауатты, ақылды, байсалды, іскер адам болатын. Түсі қоңыр, көзі қара-көк, мұрнының үші көтеріңкі оны хохолсың деп қалжыңдайтынбыз. Өзі ойыншыл, қалжыңқой, ісіне мейлінше адал, ете іскер жігіт болатын. «Шағала» совхозында бірнеше жыл абыройлы қызмет атқарғаннан кейін, облыстық жауапты істерде жүрген шағында, 37 жылдың науқанына ілікті де, хабарсыз кетті. Кейін «елді», «қылмысы жоқ болғансын ақталды» деген хабар алынды.
Нұрыш Данияровпен де, Брусницинмен де амандасқаннан кейін:
— Сенін, «Шағала» совхозына барып қайтуын, қажет боп қалды,— деді маған Брусницин.
— Не себепті?—деп сұрадым мен.
— «Шағалаға» Америкадан үш кісі келе жатыр: біреуі — инженер-механик Уаэптон Стивсьэн, екіншісі — комбайнер Эдгар Томпсон, үшіншісі — анау екеуінің тілмашы Фридман.
— Олар неге келе жатыр?
— Біздің механикалық күшіміз әзірге жеткіліксіз екенін білесің,— деді Брусницин,— «Шағала» совхозына біз Америкадағы ең зор фирманың бірі — «Кемпбеладан» бірнеше комбайн алдырамыз. Олар жолда келе жатыр. Жоғарыда аталған американдықтар комбайнды түсіндіруге келе жатқандар.
— Неге олай?!—дедім мен.
— Біздің заводтар әлі комбайн жасап үлгерген жоқ. Өткен жылы біз «Шағаланың» да егінін лобогрейкамен шапқамыз. Биыл комбайнмен шаптырмақпыз. Өз комбайнымыз жасалғанша Америкадан ала тұруға тура келді. Бізге комбайн сатқан фирма, механиктерін уақытша, комбайнды біздің адамдар игергенше қоса жіберуді шарт қып қойды. Оған көнбеуге болмады. Алтынға жалданып келе жатыр иттің балалары. Қымбатқа жалданып келеді. Биылша төземіз. Ендігі жылға өз кадрларымызды даярлаймыз.
— Менің не қатынасым бар бұған?
— Қатынасың,— деді Брусницин,— шекарадан поезбен тоқтаусыз келе жатқан олар, әсіресе, инженер Уаэптон Стивсьэн әр нәрсені сұрағыш, білгіш адам көрінеді. Жолшыбайғы станциялардан да кездескен адамдардың, әсіресе, шығыс кескінді адамдардың көбіне, қай ұлтсың? Тілдерің қандай? Ғұрыптарың қандай? деп, тілмашы арқылы сұрап келе жатқан түрі бар. Берген сұрауларының жауабын книжкесіне жазып алады дейді. Бұл араға келе де сөйтуі мүмкін. Егер қазақ жайында сұрай қалса, дұрыс жауап беретін адамға сені ұйғарып, «Шағала» совхозына барған алғашқы күндерінде қасында жүруіңді мақұл көрдік.
— Мен қанағаттандыралық жауап таба алсам,— деп ем, Брусницин:
— Бюро мүшелерімен келісілген сөз. Баруың қажет,— деп қысқа қайырды. Нұрыш Данияров та осы мәселе жайында шақырылған екен. Ол совхозына бүгін қайтып кетіп, алыстан келе жатқан қонақты жақсы қабылдау ісін даярламақ болды. Мен америкалықтар келе жатқан вагонды тосып, со вагон тіркелетін Петропавл—Ақмола поезына мінбек болдым.
Күткен поезд Новосибирь — Москва составымен таңертең келді. Америкалықтарға Владивостокта берілген арнаулы вагон составтың соңында екен. Тіркеліп келген поезынан ол ағытылды да, жаңа составқа тіркелгенше алысырақтағы тұйыққа қойылды. Америкалықтардың вагоны тіркелгеннен кейін, Петропавл — Ақмола составы жүріп кетті. Мен әдеттегі вагондардың біреуіне отырдым. Смирново станциясы Қызылжардан қырық километр жерде. Америкалықтардың вагоны сол станцияда ағытылады да, жолаушылар «Шағала» совхозына автомашинамен кетеді. Смирново мен «Шағала» арасы да қырық километрден астам жер. Қашан ұйымдасуын, шаруашылық күйінің қандайлығын сыртынан білгеніммен «Шағала» совхозына менің де бірінші келе жатуым. Кәзір әдемі, үлкен қалаға айналып кеткен Смирново станциясының, орнында ол кезде өзі кішкене, өзі ластау, вокзалсымақ тұрады, оның маңайында азын-аулақ үйшік-сымақтар мен жұмысшыларға арналған сиықсыз ұзынша барактар бар. Америкалықтарды осындай станцияға түсіру — былайша ұят та сияқты. Бірақ ұялғанмен «Шағалаға» тұстас станция сол ғана... Мен вагоннан түссем, Нұрыш Данияров бастаған «Шағала» совхозының бір топ адамы америкалықтарды күтіп жүр екен. Олар вокзалдағы әлдене кішірек үйді америкалықтарға даярлап, тыныққысы келсе деп төсектер әзірлеген, ауқаттанғысы келсе деп тамақ әзірлеген. Составтан ағылған вагонға мен шағалалықтармен бірге бардым. Тұйыққа қойылған вагоннан үш адам шықты: бірі — арық та, тырнадай тырбиған ұзын бойлы (Стивсьэн осы екен), екіншісі — семізше денелі, орта бойлы адам (Томпсон осы екен), үшіншісі — кішкене бойлы, қоңыр өңді, тығыз бұйра шашы бар, басына берік кимеген талдырмаштау біреу (Фридман осы екен). Соңғысы орысша тілге ағып тұр. Кейін білсем, революция жылдары Россиядан Америкаға ауған, соның подданствосына кірген жебірей боп шықты. Америкалықтар Смирново станциясының сиықсыз түріне сынай қараған кескінмен төңірегін біраз шолды да, әзірленген үйге грузовик машинамен барды. Фридман арқылы кеңескенде олар станцияда азғантай-ақ уақыт тоқтағысы келетінін білдірді. Жалпы жобаларына қарағанда, даярланған тамаққа зауқы жоқ сияқты. Столға даярлаған ішім-жемдіктердің арасынан олардың көзі «орыстың ащысына» түсті. Осы арақтан бірер жүз грамды тартып алғаннан кейін, америкалықтардың зауқы тамаққа да шауып, стол төңірегінде бірер сағат отырып қалдық. Сонда америкалықтардың көзі маған көбірек түсіп, Фридман арқылы кеңесуге тырысты.Аз уақыттың ішінде олар қазақтың, этникалық этнографиялық, тарихтық жайларынан біраз нәрселерді сұрап та үлгерді. Мен ол сұрауларға, хал-қадарымша жауап беруге тырыстым. Біраз кеңескеннен кейін:
— Біз білетін материалдарда,—деді Стивсьзн маған,— қазақ халқы әлі де тағылық даражада жүрген қауым сияқты еді. Сіздің айтуыңызша, олардың өзіндік тарихы, мәдениеті, әдебиеті болып шықты. Бұның бәрі біз үшін күтпеген жаңалық.
«Шағала» жолының үсті ормансыз жап-жазық дала екен. Шамасы, Смирноводан жиырма километрдей жерде о шеті мен бұ шетіне көз әрең жететін, ортасы да, шеті де жалтыр, шеткі бір қабатына сақиналана қамыс өскен шалқар көл кездесті. (Ұмытып барады екеміз, бұл сапарға шыққан мезгіл — жердің қары түгел кетіп, тоңы жібіп, жаңа көктің тебіндеп қалған шағы.) Шағала аталатын кәл осы екен, бұл маңайға орнаған совхозға соның аты қойылған екен. Желкемдеу ауадан беті ақ көбіктене толқып жатқан көлдің өнбойында: қаз, үйрек, шағала, қызғыш тағы басқа құстар сыңысып жүр. Тегі, құсы мұншама көп көлді кермеген бе, немене, америкалықтардың көздері шарасынан шығып, біраз аңшылап аларлық ниетін білдірді.
— Әуелі, совхозға барып., орналасыңыздар, — деді оларға Нұрыш Данияров,— содан кейін қашан келеміз десеңіздер де ықтиярларыңыз.
Совхоз орталығы, «Шағаланың» аржағында жиырма километрдей жердегі «Сандық», «Тайынша» аталатын дөңгелектеу, кішірек екі әдемі келдің арасында екен. Революциядан бұрын қазақ даласында жыл сайын болатын үлкен жәрмеңкелердің біреуі «Тайынша» — осы Тайынша көлінің жағасында өтеді екен. Былтырғы көктемнен бастап ірге тепкен совхоз аз уақыттың ішінде бірталай ағаш үйлерді (бұл арада өзге түрлі құрылыс материалы жоқ) салып та үлгеріпті. Дегенмен, еткен жазда да, биылғы көктемнен бастап та, жұмысшылардың бірталайы қазақтың кигіз үйлерінде мекендейді екен. Ауылдардың жаппай колхоздануына байланысты мал-мүлкі кәнпескеленген қазақ байларының бүтін ақ үйлері бұл, совхозға биыл мол беріліп, олар ауылша дөңгеленіп емес, көше тәртібімен қаз-қатар тізіліпті. Жуық арада ғана салынып біткен төрт бөлмелі бір ағаш үй — америкалықтардың тұрақ жайына арналған екен. Олар сонда орналасты. Мен Нұрыш Данияровтың пәтеріне түстім. Біз шай ішіп жайланғанша, америкалықтардың жақындағы «Сандықкөл» мен «Тайыншаны» жаяу жағалап құс атуға кеткен хабары естілді. Ол күні америкалықтарға ерген біз, грузовик машинамен күні бойы «Шағала» совхозының жерін араладық. Бұрын жан-жақтан бірнеше жүз ауыл кеп жайлайтын бұл өлке түгелімен совхоздың сыбағасына тиген екен. Жердің көлемі жарты миллион гектардай, оның екі жүз мың гектардайы егінге аса қолайлы қара топырақ. Совхоз былтырдан бері соның он бес мың гектардайын ғана айырып, биыл бес мың гектарына ғана егін сеуіпті. Бір совхозда осынша кең осынша құнарлы жер барын көргенде таң қалған америкалықтардың көздері шарасынан шығып кете жаздады. Бай жердің пайдаға асқанын да, аспай жатқанын да біраз көргеннен кейін олар енді өздерінің ойына келген замечаниелерін айтты. Олардың сөзінше, Америкадағы ең зор деген фирма, ең көп дегенде 15—20 мың гектардай-ақ қана егін себеді екен. Мәселен, осы америкалықтар келген Кемпбеланың 19 мың гектардай-ақ жері бар, бір маусымда соның, көп болса, он-ақ мыңын пайдаланады да, өзгесін тыңайтуға, өңдеуге қалдырады.
— «Шағала» совхозының жерін игеру үшін, бір емес, ең кеміне 15—20 совхоз ұйымдастыру қажет,— деді Стивсьэн,-— бірақ советте оншалық совхозды ұйымдастырарлық күш жоқ. Адамы жеткенмен, техника жетпейді.
Советтік техниканың жеткілікті жасалуы туралы сондай ойдағы америкалықтар, механизаторлар кадрларын жасау туралы да осы мөлшерде ойлайды екен. Ол ойлары «Шағала» совхозының жерін алға шарлаған күні-ақ бұзылды. Өткен қыста Қызылжарда оқыған трактористердің жиырма жігіті «Шағала» совхозының сыбағасына тиіпті. Бәрі де әлекедей жаланған жас жігіттер және кілең қазақтар. Солардың ішінде, соңғы жиырма шақты жылда аудандық, облыстық, республикалық жауапты қызметтерде келе жатқан Қанапия Мұстафин да бар. Ол менімен елдес жігіт. Шорағұлдың Мұстафасы дейтін әкесі кедей шаруалы бола тура қазақ тілін де, орыс тілін де жақсы білетін, сондықтан орыстың да, қазақтың да сәудегерлеріне көп жыл приказчик болған пысық адам болатын. 1954 жылы 96 жасында қайтыс болған ол 1906 жылы туған баласы Қанапияны жас шағынан сабаққа берген. Совет өкіметі орнай, әуелі — пионерге, одан комсомолға кірген Қанапияны аудандық комсомол ұйымы еткен күз Қызылжардағы трактористер курсына жіберген. Америкалықтар қазақ трактористерінің ішінен әуелі сонымен жолғасты. Биік балуан денелі, таңқылау мұрынды, қара-қоңыр, өңді, қабағы қалың бұл жігіттің қарамағында «универсал» аталатын трактор бар екен, оны Қанапияның ұршықтай үйіруіне американдықтар қайран қалды. «Қазақ түгіл орыста да жөні түзу тракторист жоқ» деген үғымда келген олар, Қанапия Мұстафиннің және онымен бірге келген басқа трактористердің бұл механиканы мейлінше жақсы білетіндігін көрді. Совхоз даласын аралап, орталысына қайтып келе жатқан шақта:
— «Россияда тракторист жоқ» деген ойымыз хата екен,— деді Уаэптон Стивсьэн.— Бүгінгі көрген трактористеріміз, биллиард тілімен айтқанда, Американың ең таңдаулы тракторисіне бес шарды бұрын бере алады.
— Барлық шарды да сіздерден түгелімен бұрын алып,— деді Нұрыш қуланған кескінмен,— алдағы аз жылдың ішінде құрғақ қалдырып кетуіміз де ғажап емес.
— Мүмкін,— деді Стивсьэн, намыстанғандай кескінмен, — бірақ мәселе трактористе емес, тракторда ғой. Қажетті мөлшерде трактор жасап алу советтік экономиканың, әсіресе, оның ірі өндірісінің қолынан жуық арада келмейтін іс. Ірі өндіріс жасау үшін — ірі көңілді болу жеткіліксіз. Оның бәрі экономикаға, әсіресе финансқа байланысты. Сіздердің финанстық халдарыңыз ойдағыдай болу үшін көптеген жыл керек.
Біз Уаэпток Стивсьэнмен бұл мәселеде де сөз таластыра қойған жоқпыз. Несіне таластырамыз? Қай жұмыстың қалай атқарыларын заман, халық шешеді. Сол Стивсьэн кәзір тірі ме екен?.. Тірі болса, со кезде жалғыз-ақ астық совхозы бар бұрынғы Ақмола губерниясының бестен бір бөлшегі — Солтүстік Қазақстан облысында ғана (бұрынғы Петропавл уезі) кәзір 72 совхоз барын, облыс екі миллион гектардай егін сеуіп, жыл сайын екі жүз миллион пұттай астық алуын біле ме екен?.. Осы бір облыстың өзінде ғана он екі мыңдай трактор, сегіз мыңдай комбайн, жеті жарым мыңдай автомашина барынан хабардар ма екен? Республикада 1962 жылы 105410 трактор, 100846 комбайн, 1157 совхоз бар. Егіс көлеміміз — 25,791, 100 гектар! Советтік Қазақстанның болашағы кәзір осындай болды, Уаэптон Стивсьэн мырза!..
НАЙЗАҒАЙШЫЛЫҚ КҮНДЕРДЕ
«Шағала» совхозында болған азғана күндерде, мен өте қуанышты да, ренішті де халде жүрдім. Қуанышым бұрынғы Ақмола губерниясының территориясында бірінші боп былтыр ғана ұйымдасқанмен «Шағала» совхозының бүгіні де жарқын, болашағы одан да жарқын. Бұл совхоздың қарамағындағы жердің құнарлы екендігі жоғарыда айтылды. Осы кең жердің тең жарасына жақыны, тек қана көтеруді күтіп, дән сепсе бұрқ еткелі тұрған тын. «Совхоздың биылғы сепкен егіні бес-ақ мың гектардай» дедік. Бұл маңайдағы егіннің «тәңірісі»— жаңбыр. Маман адамдардың айтуынша, со жаңбыр осы жазда бір де тамбаған күннің өзінде, бар құнары бойында бықып тұрған асыл қара топыраққа көктемдегі дымқылдың өзімен-ақ егін жақсы өсе алады, орта есеппен ір гектардан он, он бес центнерден астық алуға болады.
— Ал енді бар ғой,— дейді бұндай пікір айтушылар,— қажетті кезінде жауын болды бар ғой, «Шағаланың» әр гектарынан отыз-қырық молынан түседі, алды қырық, елу центнер беріп қалуы мүмкін.
Биылғы егіс науқанын көңілдегідей еткен совхоз, алдыңғы жылға да осы бастан даярлық жасап жатыр. Жоспар бойынша, алдағы жылда 19 мың гектар жерге астық себілмек. Сол егіннен, бері салғанда миллион жарым пұттан артық астық алынбақ, әрі салғанда үш-төрт миллион пұт астық алынбақ! 1920—21 жылдың қысында, прод-разверстка уақытында, Ақмола губерниясына қарайтын бес уезден мұншама астық жинай алмағамыз... Міне, енді жалғыз «Шағала» совхозының өзі бес уезден асып түскелі отыр! Алдағы жылдарды бұндай совхоздардың қазақ жерінде талайы ұйымдасады!.. «Шағала» совхозы әзірге егін шаруасымен ғана шұғылдануда. Алдағы аз жылдың ішінде оның мал шаруашылығы да молаймақ! Өйтуге жағдайы толық: жайылымы да, шабындығы да тамаша екі жүз мың гектардай жер әзірше құлазып бос жатыр. Совхоз қарамағындағы жерде қаптаған көл, олардың суаттысы да, шабындығы да аралас. Білетін адамдардың айтуынша, жайылымы мен шабындығы осынша мол совхозда қыс айларында ғана қорада он мыңдай сиыр, он бес-жиырма мыңдай қой ұстауға болады... Жаз айларында одан екі-үш есе артық...
— Құсты да пәлен мыңдап есіруге болады,— дейді совхоз директоры.— Астығымызды молайтып алғаннан кейін, ол шаруашылыққа да кірісеміз.
Жоғарыда айтылған сөздерден, «Шағала» совхозынан қуаныштан басқа ешнәрсе көрмейтінін, мәлім боп тұр. Оны көргенде тілейтінің: құнарлы тыңы осы «Шағала» совхозының жері сияқты аса мол Қазақстан жерінде осы сияқты совхоздардың көбейе, өркендей беруі... Жеке шаруалардың бытыраңқы ұсақ шаруаларын, яғни — батырақтарын, кедейлерін, орташаларын біріктіріп, оларды социалистік шаруа құрудың жолына түсіру, марксизм-ленинизм қағидасынан өрбитін мәселе екенін, осыны Россияда Совет Одағы Коммунист партиясы басқарып отырғанын мен жақсы білем. Өзім осы құрылысқа белсене қатынасушылардың біреуімін, сондықтан Коммунистік партияның, XV съезінде ауыл шаруасын жаппай колхоздандыру ісіне кірісу туралы қаулыны оқығанда, буған дейін алысырақта елестеген үміттің біреуі енді қолға ілігердей болып, мен қатты қуандым. Биылғы оқуымнан қалуыма бас себептің бірі — осы болғаны жоғарыда айтылды. Менімше, тарихтық та, экономикалық та, саясаттық та, мәдениеттік те мәні зор бұл істі ұйымдасқан түрде ақсатпай алып баруға болатын еді. Бірталай жерде солай болып та жатыр. Мәселен, 1930 жылдың, есеп-санағын алғанда, Украинаның колхозданған крестьяны — 38 процент, Солтүстік Кавказда — 55, Орталық Еділде — 20, РСФСР-дың қара топырақты орталық өлкелерінде — 15... Ал, Қазақстанды алсақ, сол жылы жеке шаруаларының 64 процент! колхоздандырылған. Бұл, тек, шаруаларды қыстаудың арқасында болған «жетістік». Қазақстанда, әсіресе, Ақмола облысында «колхозға тілесең де, тілемесең де кіресін» деген науқан басталды да, колхоздастырушылардың қолына іліккендердің көбі колхозға қысыммен кіріп, ілікпегендері беті ауған жаққа қашты, осыдан барып бүкіл Қазақстанда откочевничество яғни — кеше қашу басталды. Мұндай жаппай көше қашу Совет Одағының Қазақстаннан басқа өлкесінде болған жоқ, сондықтан колхоздану кезінде жергілікті ұйымдардың асыра сілтеуінде, ең қатты соққыға ұшырағандар Қазақстандықтар болды. Голощекиннің әпербақан басшылығы Қазақстанды сондай халға келтірді. Осы айтылған асыра сілтеу апатының, бір пұшпағын ••Шағала» совхозының төңірегінде көзімнен өткердім. Бұл совхоз «Бейнетқор» аталатын әкімшілік ауданға бағынышты екендігі жоғарыда айтылды. Со жылы аудандық партия комитетінін, секретары болып Сейіт Сәрсембаев қызмет атқаратын. Бұл жолдасты мен 1920 жылдардан бері білем. Қоғамдық ісін комсомолдың белсендісі боп бастаған ол (жасы менімен шамалас), кешікпей коммунист партиясының қатарына өтті. Одан кейін совет-партия мектебін бітіріп, ауыл" дық қызметтерде жүрді де, жуық арада Окружком оны Бейнетқорға» аудандық партия комитетінің секретары ғып тағайындады (көп жыл культтің азабын шеккен ол аман оралып, бұрынғы стажымен партия қатарына қайта алынды. Кәзір — пенсионер). Аудан орталығы — Смирново станциясына жақын жердегі «Шолақ Досжан» аталатын мекенде екен. (Кәзір — Смирнова да, «Бейнетқор» да емес, «Совет» деп аталады). «Шағала» совхозында жүрген күндерде, ауыл-село еңбекшілерін жергілікті белсенділер колхозға еріксіз тықпалап жатқанын, осыдан қашу-пысу басталғанын райкомға айтпақ боп «Шолақ Досжанға» келсем, Сейт Сәрсембаев кеңсесінде екен. Сөзді менен бұрын оның өзі бастады:
— Сәбит, сен жоғарырақта қызмет атқарып жүрсің біз төменіректе, ауыл арасында жүрміз,— деді ол,— жоғарғы саясатқа менен гөрі сен жетігірек шығарсын. Ауыл-селоның ұсақ шаруаларын бірлестіріп колхоз жасаудың қажеттігін бәріміз де білеміз, бұны мезгілі жеткен іс деп ұғамыз. Бұл істі атқаруға әзірміз. Сөйте тұра, түсінбестік бір жағдайлар күшейіп барады. Партияның қаулысында, оған сәйкес жазылған нұсқауларда ауыл-селоны колхоздандыру ісін, асықпай ақылмен жүргізуге тиістіміз, ал іс жүзінде олай болмай бара жатқанын өзің де көріп жүрсің, біз де көріп отырмыз.
— Рас,— дедім мен.
— Мен білетін деректерде, үстіміздегі жылда ауыл-селодағы еңбекші шаруалардың жиырма - жиырма бес проценті колхоздануға тиісті, ал облыстан келіп жүрген нұсқаушылардың бұйрығы жүз процент! Округтен келген нұсқаушыға «бұнымыз тым асығыстық емес пе?» деп көріп ем: «бұныңды менен басқа ешкім естімесін!..» деп өзіме ақырып тастады... Жақып арада Окружкомның, секретарь! — Брусницин келіп, оған да айтып ем, «темірді қызған кезде соқ» дегендей, науқанның қызып жатқан кезінде жеке шаруаларды біріктіріп үлгеруіміз керек, науқан өткен соң кеш болады» деді... Осы не сөз?... Бұдан не білесін сен?
— Ештеңе де білмеймін,— дедім мен.
— Менімше,— деді Сейт Сәрсембаев, сезімі толқыған кескінмен,— бұның аты — Лениннің кооперативтік планын бұрмалау.
— Мен де солай ойлаймын,— дедім.
— Ал, осыны не істеу керек?—- деген сұрауға, Сейт екеуміз біраз уақыт жауап таба алмай сандалдық та, ақырда мен Қазақстан Крайкомының секретары — Голощекинге хат жазатын болдым. Сейт Райкомның секретарына мұндай хатқа қол қою мүмкін емесін айтты...
Хал, жай күн сайын қиындай берді. Қайда кететіндерін кім білсін,— темір жол бойының станциялары мен разъездерінде барлы-жоқты мүліктерін арқалаған қатын-қалаш, бала-шағаларын шұбыртқан адамдар сыймайды... Бәрі де жүдеу... Сөйлессең жөнін айтпайды... Сейт Сәрсембаевпен келіскендіктен және өз арым да қыстағандықтан, Петропавлда, ауданда, ауыл-селода тап жауларын жою ретінде жүріп жатқан науқанда көзім көрген қате, кемшіліктерді болған күйінде түгел тізіп, мен Қазақстан Крайкомының секретары — Филипп Исаевич Голощекин атына жолдастық хат жолдадым. Ауыр халде жүрген күндердің біреуінде, Окружкомнан тығыз түрде Қызылжарға қайт деген телеграмма алдым. Не себепті олай шақыруын біле алмай асығып келсем, Қызылжарда бірталай өзгерістер болып жатыр екен. Ең алдымен, Москвадан, Орталық партия комитетінен ауыл-селоны колхоздандыру мәселесінде қателесулер болып жатқанын, оны тығыз түрде түзеудің қажет екенін айтып телеграмма кепті. Окружкомның секретары Брусницин мен ауыл шаруашылық бөлімінің меңгерушісі Костенко қызметтерінен босанып, секретарьлыққа Москвадан Рошаль жолдас кепті... Мен Қызылжарға барған күннің ертеңінде қалалық партия активінің, жиналысы болды да, Рошаль баяндама жасады. Қайдан, кімнен естігенін кім білсін, жаппай колхоздану науқанында, жергілікті жерлерде болып жатқан қателіктерден Рошальдың білмейтіні жоқ сияқты. Асыра сілтеуді қатты сынға алған Рошаль, оны тез түзеу мәселесі жайында нұсқаулар айтты. Осы нұсқауды іске асыру үшін, округтік активтің көпшілігі жер-жерге баруға ұйғарылды. Менің сыбағама «Еңбекшілер» ауданы тиді. Бұл ауданның орталығы Бурабай курорты мен Степняк алтын заводының аралығында екен. Аудандық партия комитетін, секретары — Шаяхмет Бекбауов. Көптен білетін менің бұл жолдасым, қулана сөйлеуді жақсы көреді.
— Осы науқан басталғалы,— дейді ол,— найзағай (молния) деген пәле шықты. Найзағай-телеграмма, мына шеті— Қызылжардан, ана шеті — Алматыдан күн сайын қара бұлттай төніп келеді де, зеңбіректей шатырлаған дауыспен төбемізден айқыш-ұйқыш жарқылдайды кеп. Жер бетінің өзегін суырардай бұрқан-тарқан дауылдатады кеп! Шүмектете жауындатады кеп!... Сөйтіп, саған ойландыру түгіл, дем алдыруға да мұрша бермейді. Сондай сұрапылдың астыңда есіміз шығып шапқылағанда, не істеп, не қойғанымызды білмей де қалыппыз... Естігеніміз де, білгеніміз де жүз процент колхоздандыру!..». Егер Орталық партия комитеті бұл асыра сілтеуді уақытында біліп, уақытында түзеу шарасына кіріспесе талай бүліншіліктер жасалатын еді... Бүлдіргеніміз де аз емес, оны түзеуге мүмкіндігіміз де бар сияқты.
Біз сол күні аудандық партия активінің жиналысын өткіздік. Айтылған сөздерге қарағанда, асыра сілтеуде нелер сорақылықтар жасалған. Мысалы,«бай-кулак» аталғандардың мал-мүліктері түгел алынып, ездері осы ауданның «Майлы сор» деген қиыр атырабына «жер аударылған», сол араға «байлардың қаласы» аталатын поселка жасамақ болған. Ауылдардың көшпелі кезінде жұрт жаз айларында ғана жайлап кететін бұл жалаңаш далада ел де жоқ, үй де жоқ екен. Байлардың киіз үйлері колхозға берілген, қолдарында не көлігі, не құрылыс материалы, не азығы не соқа-сайманы жоқ. Сонда «найзағайшылар» осы бай-кулактар немен тіршілік етіп, қалай күн көреді деп ойлады екен? Ашық далаға апарып, қашып-пыспау үшін айнала қарулы күзет қойған олар, егер туыстары мен жекжаттары жасырын түрде тамақ жеткізбесе аштан қырылып қалады екен. Ондай жәрдемдесушілердің біразы күзетшілердің қолына түсіп, «тап жауының» қатарына қосылған. Біз «байлардың қаласын» тығыз түрде таратып, еңбекке орналасуына мүмкіндік бердік. «Байлар қаласынан» басқа да қамау орны бұл ауданда аз емес екен. Біреулерді «байларға құйыршықсың» деп, енді біреулерді колхозға кірмегені үшін «найзағайшылдар» кім көрінгенді, кез келген үйге, қораға, сарайға қамай берген. Мұндай қамалушылардың саны тіпті көбейіп кеткен. Біз оларды да тез босаттырдық. Босатылғандардың ішінде нелер қызық адамдар да болып шықты. Біз жүздеген фактыдан екеуін ғана мысалға алайық. Бірінші мысал, кәзір филология ғылымының докторы, Қазақстан Ғылым Академиясының мүше-корреспонденті, профессор Есмағамбет Ысмаилов жайында. Кішкене күнінде әке-шешесінен жетім ғап, (1911 жылы туған), жасынан ауруға шалдыққан ол әуелі Көкшетаудың, одан кейін Қызылжардың жетім балалар үйінде тәрбиеленген, онымен мен 1926 жылы Қызылжардың жетім балалар үйінде таныстым. Ол кезде менің «Бостандық туы» газетінде секретарь боп қызмет істейтінімді оқушылар біледі. Осы шақта мен жоғарыда аталған жетім балалар үйінде тәрбиеленушілер арасында әдебиет үйірмесін басқарушы ем. Жасы он бестер шамасындағы Есмағамбет осы үйірмеге қатынасатын еді. Әрі жетім, әрі кемтар, әрі талапты болғандықтан мен оны көбірек қолдап, қабырға газеттеріне өлеңдерін жариялауға себепкер болатын ем... 1929 жылдың күзінде Қызылжарға кеп «Кеңес аулы» газетіне редактор болсам, Есмағамбетім қазақ тіліндегі жетіжылдық мектепті бітіргелі жүр және тәп-тәуір өлең жазатын, жиналыстарда әдебиет туралы пікір айтатын адам болған екен. Мен оның бірер өлеңін «Кеңес аулы» газетінің әдебиеттік бетіне жариялап та жібердім. Тағы бірнеше өлеңдері, 1930 жылдың басында шыққан «Жарыс» атты альманахқа кірді... Еңбекшілер ауданына асыра сілтеу жұмысын түзеуге барып, жазықсыз қамалғандарды босатуға кіріссем, бір топтың ішінде Есмағамбет Ысмаилов та жүр!
— Уа, сен қайдан жүрсін?! — дедім мен оны тани кетіп.
Сұрастырсам, ол 1930 жылдың басында, жетіжылдықты бітіруге азғантай ғана уақыт қалған шақта, туған аулына кетіп, колхоздың секретары болыпты, сол қызметте жүріп, асыра сілтеуге қарсы болам деп, жергілікті белсенділер «байға құйыршықсың» деп қамап қойыпты. Мен оның оқуын тастауына ренжіп қатты ұрыстым да, қамаудан шығарғаннан кейін:
— Ал енді, бүгіннен бастап Қызылжарға жөнел! Сонда, жуық арада, жоғарғы мектептерге оқушылар даярлайтын алты айлық курс ашылады. Директоры Хамза Дәуітов дейтін кісі. Менің жолдасым. Мен оған записка жазып сені қабылда дейін. Өтінішімді орындауға тиісті,— дедім.
Есмағамбет менің ақылымды алды да, запискемді қалтасына сап, Қызылжарға жүріп кетті. Алты айлық курсты бітіргеннен кейін, Есмағамбет со жылдың күзіне қараң Алматыға барып, Қазақ педагогика институтына түспек болды, оның дирекциясы «оқуын, жетпейді» деп ала қоймайды. Со кезде Алматыға мен де бара қап, Каз ПИ-дың директоры — Санжар Аспандияровқа және Әдебиет кафедрасының меңгерушісі — Сәкен Сейфуллинге айтып, Есмағамбетті тіл және әдебиет факультетіне алдырттым. Содан кейін жоғары білімді бітіріп, ақыры профессор боп шықты... Екінші мысал да қызық. Махмұт Қаңтарбаев деген жігіт болды. Туған жері, жоғарыда сипаттап отырған Еңбекшілер ауданы. Советтік мектептерде тәрбиеленген ол, - 1920 жылдардың ортасынан бері қарай аудандық, облыстық және республикалық партиялық қызметтерде жүрді де, 1952' жылы 47 жасында гипертония сырқатынан қайтыс болды. Махмұттың әкесі Қаңтарбай кедей болған адам. Оның үлкен ағасы Ахмет көп жыл жалшылықта жүрген. Қарта дейтін ағасы біраз жыл мұғалім боп, кейін Қазақстан Ғылым Академиясының қолжазба бөлімінде қызметте жүр. Махмұт жасында қол өнеріне бейім боп, өлген адамдардың басына қоятын құлпытас шабуды кәсіп еткен. Бұндай тастың жазуын да өз қолынан қашаған. Сондай жазулардың төменгі жағына өзінің атын, фамилиясын тасты шауып бітірген күнін жазып қоюды әдет еткен... Жаппай колхоздану науқанының кезінде, Қаңтарбаевтарға өшіккен біреу: «Махмұт Қаңтарбаев жасында молда боп, өліктердің аруағына табынған, оған талассыз куә — байлардың молаларына шапқан тасы, сондай тастарда өзінің қойған қолдары бар» деп арыз береді. «Найзағайшылдар» тексеріп қараса,— рас! Олар Қаңтарбаевтардың үстінен материал жасауға кіріскенде, ауылдағы Ахмет Қаңтарбаев сасады да, тілін алатын адамдарды жұмсау арқылы, Махмұттың қолы қойылған тастың бәрін көрлерінің басынан құлатып, кісі көрмейтін жерге сүйреттіре бастайды... Бірақ тастың саны бірталай болғандықтан, бәрін сүйреуге шамасы келмей, құлатқан тастың бірталайы көр басында қалып қояды... Біз бұл «найзағайшылдықты» да түзедік. Артынан жолыққанда Махмұт Қаңтарбаев екеуміз осы жайды еске түсіріп шегіміз қатқанша күліп алушы едік... Асыра сілтеу ісін Еңбекшілер ауданында бірсыдырғы түзеп үлгерген шақта, менің атыма Қызылжардағы Окружкомнан «Қызылжарға тез жет» деген «найзағай» кеп қалды. Онда барсам, «Алматыға тез жет!» деген «найзағай» жатыр екен. Сол қалада өткізілетін газет тілшілерінің бүкіл қазақстандық мәслихатына шақырылыппын. Маған қоса облыстық және республикалық газеттерде көп жыл тілші болған, газет қызметкері Шаяхмет Айтбаев шақырылыпты. Алматыға поезбен баратын екі жол бар: бірі — Новосибирск, бірі — Кинель арқылы. Екеуінде де жолшыбай бірнеше жерде басқа поезға ауысып мінеді, екеуімен де Алматыға бес-алты, кейде он шақты күнде жетеді. Шаяхмет Новосибирь жағын, мен Кинель жағын қолдадым. Оның, себебі, сол қалада туысы бар екен; менің себебім — осы сапарды сылтауратып, жастық шағымның бірталай қызғылықты күндерін өткізген Орынбор қаласына соғып, көре кету. Естуімше, Орынборда Қазақстанға тәуелді екі мектеп қалған: бірі—милициялардың өлкелік курсы, екіншісі — «Үлгілі тәжірибелі» аталатын қазақ тіліндегі орта мектеп. Соңғысының директоры, рабфакта бірге оқыған, маған жақын таныс — Біржан Манкин. Мен Қызылжардан шығарда, барар кезімнің мөлшерің айтып, Манкинге телеграмма бердім. Сол мөлшерде ол мені поездан қарсы алды. Мен барған шақта ол байғұстың оңбай қалған кезі екен. Әлденеден шатысып «ұлтшыл» деген айыпты арқалаған да, директорлықтан босанған. Сағынып барған Орынборда бірнеше күн болғанда, мен милиция курсының начальнигі, бұрын үстірт білетін Сүлеймен Есқараевпен жақын таныстым. Өзіндік жарқын тұлғасы бар Сүлейменмен сөйлесе келе, мен ең алдымен оның аса қызғылықты өмірбаянын біліп алдым. Қызылорда қаласындағы темір жол жұмысшысының семьясында туып өскен ол, бала шағында білімді орыс школынан алады да, қазақ еңбекшілерін бақытсыздықтан, тек советтік құрылыс қана құтқарады деген ұғыммен, туған жеріндегі революциялық істерге белсене қатынасып, совет өкіметін ұйымдастыруға, оны жауларынан қорғауға араласады, сондықтан өкімет оны, алғашқы адымдарынан-ақ ВЧК-аның жергілікті өкілі ғып тағайындайды. «Түркістан» аталатын өлкенің ол кездегі бас жауы, байлар мен ұлтшылдардан құрылған «басмашы» аталатын бандиттер. Олардың мақсаты, Орта Азияны Совет Одағынан бөліп, байшыл Түркияға бағындыру. Сондықтан да басмашылар көтерілісің бір мезетте, Түркияның монархист пашасы, Әнуарбек басқарады. Арғы тірегі, империалистік Англия. Бірнеше жылға созылған басмашылдықты жою, совет үкіметіне өте ауырлыққа түседі. Осы «жүкті» көтеруде Сүлеймен Есқараевтың қызметі ерекше болды. Әуелі Түркістанда, одан кейін Қазақстанда жауапты қызметтер атқарған Сүлейменді, Қазақстан астанасы Орынбордан Қызылордаға ауысқанда, өкімет оны республикалық милиция курсының начальнигі ғып тағайындайды. Мен барған кезде, Орынбордың жағдайы өте ауыр екен: патша өкіметі қазақ даласының батысын, одан кейін Орта Азияны жаулап алуында берік қамал болған бұл қала азамат соғысы кезінде революцияға қарсы ақтардың атақты атаманының бірі — Дутовтың бірнеше жыл салық салған жері. Сол рух мен барған кезде де көтеріліп, қазақ-орыстың ауыл шаруасын колхоздандыруға қарсы кулактары әр жердей көтеріліс өртін тұтату қамында екен. Солардың ошағын сөндіруде ең ауыр салмақ бес жүздей курсанты бар милиция школына түскен екен. Салмақ ауыр болғанмен, революциялық істерге көп араласып, жырынды болып дағдыланған Сүлеймен бұл ауыртпалыққа қыңқ етер емес. Ол тұтанғысы келген ошақтардың бықсығын кезінде сезіп, отын жандырмай, мезгілімен сөндіру әрекетінде екен. Бұл жөнде ол маған нелер қызық оқиғаларды айтты. Сол әңгімелерін күзет орындарынан келген сақтық хабарлар бөле берді. Олар қай жерде, нендей қауіптер барлығы туралы. Сүлеймен солардың, бәрін ретке келтіреді де, әңгімелерін жалғастыра береді. Кейде бір көрер таңды көзімізбен атқызамыз. Сонда байқайтыным: Сүлеймен қызметінде аса сергек, сақ, көреген, ақылды, айлалы, тапқыр, адал коммунист. Ол осы қасиетін өмірі кесілгенше түгел сақтады. «Кесілгенше» дейтінім: 1937 жылдың, дүрбелеңінде, «халық жаз^ы» деген жаламен ол «жойылды». Бірақ адал коммунистін, аты өлмей культтің кесірі әшкереленгеннен кейін, өзінің қасиетті орнын тағы алды. Көп сөйлесіп, көп сырласқан Сүлеймен, Алматыға жөнелген мені поезға шығарып салды да, екеуіміз бұдан кейін достық қарым-қатынасты үзбеуге уәделестік. Алматыда тағайындалған күнде ашылған тілшілердің мәслихатының бір қызығын айта кету мақұл: Мәслихат жүріп жатқан кезде жарыссөзге шыққан Шаяхмет Айтбаев:
— Тап жауының баласы басқарып отырған газет қалай оңады? Мысалы, республиканың басқарушы газеті —«Еңбекші қазақтың» редакторы Ғаббас Тоғжанов оның әкесі Садуақасты, 1928 жылы ірі байлар қатарында конфискелегенде, мен сол елдегі болыстық қосшылар одағының бастығы едім. Сонда үйін тінткенде, Ғаббастың ағасы Нұрекеге «артық малдарыңды тез жойыңдар, әйтпесе конфискеге ілігесіңдер» деген хатын таптық. Ол хат тиісті орындардың қолында. Сондай Ғаббас «Еңбекші қазаққа» не редактор болады? Мен оны орнынан босатуды ұсынам! — деді.
Съезді басқарып отырушы ұсынысты дауысқа қойғанда, залда қол көтермеген адам қалған жоқ. Осы қаулы крайкомға жеткеннен кейін Голощекин тас-талқан боп ашуланып, қаулыны өзгерту, екінші хатшы Құрамысовты жұмсапты. Делегаттар оны қанағат көрмей, қаулысын өзгертпеді. Содан кейін коммунист делегаттар крайкомға шақырылып, осыны бастап жүрген сенсін, деп Голощекин мені жазғырды, коммунистерді қаулыны өзгертуде міндеттендірді. Ақыры Голощкин бұйрығы орындалды. Съезден кейін, мені крайкомның үгіт-насихат бөлімін меңгеруші, Садықбек Сапарбеков шақырды да, Қызылжардан Алматы қызметіне ауысуды айтты. Жасы мен құралыптас, орысша да, қазақша да сауатты бұл жігіт, саяси білімді де коммунистердің бірі болатын; үй таныстығымыз болмағанмен, іс таныстығымыз болып, идеологиялық майданда бағыттас жүретін бұл жолдасты мен іштей жақсы көріп, сеніп жүретінмін. Білім жағынан да, ұстамдылық жағынан да, мінез-қылық жағынан да Садықбек Сапарбеков маған болашағы зор адам сияқтанатын, (шынында солай болатын бұл құрметті жолдас та культтің құрбаны боп кете барды!).
— Сені Голощекин шақыртып отыр,— деді ол.
— Неге?
— Ауыл-селоны колхоздандыру туралы оған хат жазуың рас па?
— Рас.
Ауылды колхоздандыруда көрген қателіктер мен кемшіліктер туралы Голощекин атына жазған хатым болған еді. Ғаббасқа қарсы жік жасап жүр деп ойлаған мені Қызылжардан алдыруға сол хатты сылтау қылатын түрі бар сияқты.
— Сол хатын, ұнамаған,— деді Садықбек маған.
— Неге? Мен онда шындықты ғана жазғам...
— Философия тілімен айтқанда, «әрбір шындық,—относительно,— деді Сапарбеков күліп,— Голощекин бұл хатыңды өзіне атқан оққа жоритын түрі бар.
— Неге?
— Ол,— деді Сапарбеков күле түсіп,— 27 жылдан бастап Қазақстанда «кіші октябрь» жасауға кіріскен кісі емес ме?.. Қазақстан крестьяндарын, әсіресе, қазақтарды жүз процент колхозға тартуды Голощекин өз «октябірінің» жалғасына санайды.
— Сонда ол,— дедім мен,— Октябрь революциясы кедейлерді жою үшін емес, байларды жою үшін жасалғанын ескере ме?
— Енді қалай?— деді Сапарбеков кекетінді күлкімен,— сол революцияны жасауға қатынасқан адамның бірі емес пе Голощекин?
— Ендеше, мынасы не?..
— Не екенін өзім де білмеймін,— деді Садықбек Сапарбеков, күлкілі кескінін байсалдандырып,— менің білетінім: Голощекиннің бар істегі таянышы — Сталин.
— Сталин де біледі деп ойлайсың ба, осы асыра сілтеуді?
— Әрине, біледі. Білмесе: «Табыстан бас айналу» деген мақаланы жаза ма?
— Біле тұра жол бергені ме сонда, бұл асыра сілтеуге?
— Менімше, солай!..
— Осы шал крестьян табының кедей-орташаларын ауызша ұнатқанмен, ұсақ буржуйға санап, істе одан қорқатын сияқты, сондықтан мына коллективизация кезінде бұқтырып, жекешілдік санадан бетін қайтарып алғысы келетін сияқты.
— Бірақ мынасы — бет қайтарудан әрірек сияқты боп барады ғой?
— Әй, Сәбит! — деді Садықбеқ — әңгіме ғып отырғанымыз — екеуміздің қолымыздан келетін іс емес. Ақыры неге соғарын өмір көрсетер. Голощекин сенің оқуға кетуіңді талап етеді.
— Оқығым келмесе ше? — дедім мен күліп.
Ол болмайды,— деді Сапарбеков,— Қазақстанда Голощекиннің сөзін екі қыларлық адам жоқ.
— Ұғымды,— дедім мен,— сонда қайда барып оқуым керек?
— Оны ақылдасармыз. Әзірге «Әдебиет майданы» журналында редактор бола тұр.
— Мақұл.
Сапарбеков август айында шақырып алды да:
— Саған әзірге ермек боларлық оқу табылды,— деді.
— Қайдан? —дедім мен.
— Москвадан.
— Қандай оқу?
— Академик Маррдың есіміндегі Тіл білімінің институты.
— Мен тіл маманы емеспін ғой, және боларлық ниетім де жоқ.
— Ол есеп емес,— деді Сапарбеков күліп.— Табылғанына бара тұр. Артынан қалаған бір институтыңа ауыса саларсың.
Мен аз күнде документтерімді дұрыстадым да, Тіл білімі институтына жүріп кеттім. Қырық шақты ғана аспиранты бар институттың директоры Ионнисян есімді армянин екен. Бұл өзі елеусіздеу бір институт па қалай, биыл алуға тиісті бес аспиранттың орнын толтыра алмапты, сондықтан мені құшақтай алды. Институттың Пушечная көшесіндегі бір үйдің жарты подвалды, әрі қара-көлеңке, әрі дымқос, бірнеше бөлмелі жатақханасы бар екен, соның біреуі маған тиді де, Алматыдағы семьямды көшіріп алдым.
ТАЙГАДАҒЫ ТУЫСТАР
Марр атындағы институттың оқуын алып жүру маған қиынға соққан жоқ. Оның бірінші курсында: саяси экономия, тарихтық және диалектикалық материализм, КПСС тарихы, XVІІІ—XІX ғасырдағы орыс әдебиеті, Маррдың яфетикалық теориясы жүреді екен. Бұлардың ішінен — яфетикалық теориядан басқалары маған таныс сабақтар. Мен оларды Ленинград университетінің бірінші курсында өтіп, бәрінен де экзамен тапсырғам. Марр институтының программасы бойынша да сондай мөлшерде ғана өтіледі екен. Яфетикалық теория да оншалық қиын сабақ болмай шықты. Тіл ғылымында академик Марр ашқан бұл теорияның дәлдігінен гөрі жорамалдары көп, сондықтан сұрауларының жауаптары да көбінесе жорамал ғана. Яфетикалық теорияның лекцияларын академик Маррдың өзі оқиды. Әкесі — шотланд, шешесі — грузинка бұл адамның кескін-кейпі нағашы жағына тартқан. Ол қалың қарабуырыл мұртын еркіне жіберген де, сақалын шоқшаландырып қана қойған. Денесі сылалау, ортадан төмендеу. Іліміндегі қате я дұрыс айтылған жақтарын былай қойғанда, ол тіл ғылымының теңізі сияқты адам. Ең алдымен, ол жетпіс-сексен тілде сөйлесе алады екен, солардың ішінде неміс, ағылшын, француз, итальян, орыс тілдерін жетік білетін көрінеді. Ғалымдығы сонша зор Маррдың табиғатындағы бір кемшілік — былдырлай сөйлеуіне түсінудің қиындығы. Оның өзінен кітаптары әлдеқайда түсінікті. Россия коммунист партиясының тарихында, адамды съездің қаулысымен партия мүшелігіне алу болған емес. Партияның XVІ съезінде осы тәртіпті өзгертіп, Марр партия мүшелігіне съездің қаулысымен алынды. Марр институты оқу орны емес, аспирантура саналатындықтан мұнда лекциядан гөрі семинарлық сабақтар көбірек өтеді екен. Ол да айына бір реттен артық болмайды, сондықтан уақытты библиотекада өткізіп, сабақты асықпай даярлауға мүмкіндік толық. Маған ең ауыры тұрмыс жағы болды. Ең алдымен пәтер жайында біраз сөз. Пушечная көшесінің 7 номерлі үйіндегі подвалда жеті бөлме бар екен. Соның әрқайсысы аспирантураға биыл түскен жеті семьяға берілді: әйелі, мектеп жасында баласы бар, ұлты чуваш Васильевке; әйелі ғана бар, ұлты бурят—Сунькуевқа; екі қызы, әйелі бар, ұлты армян — Тертерянға; жесір әйел, ұлты марийка — Ивановаға; баласы, әйелі бар, ұлты якут — Оюнскийге; әйелі, баласы бар, ұлты — жебірей Коганға және маған. Өткен күзге дейін овощь магазині болған, одан кейін әлде не себеппен Марр институтының қарамағына беріліп, іші фанерамен бөлінген, кеңдеу бір бөлмесі жалпылық кухняға арналған, ішінде суы және дәретханасы бар, подвалдың іші мейлінше дымқос. Батарея қанша қызғанменен бөлмелердің іші үнемі бусанып тұрады. Менің кеңдігі отыз шаршы метрлік бөлмемде алғашқы айларда екі балам, әйелім, он үш -он төрт жасар немере қарындасым — Назира және мен — бесеуіміз тұрдық. Жақын жерде балалар бақшасы болмады, жыраққа апаруға қол да тимеді, қаражат көтермеді. Менің айыма алатыным —60 сом стипендия. Ол күн көріске жетпеген соң, әйелім біз тұрған үйдегі тігіншілік шеберлігіне жұмысқа кіріп, айына қырық сом алатын болды. Жүз сом айымызға шақ-ақ жетеді, онда да шай мен нанға ғана. Қосымша болатын тамағымыз,— жылқының қарны мен қартасы. Москвада тұратын татарлар осы қаладағы мұсылмандарға арнап жылқы сойып сатады. Мысалы, жылқы етінін, килограммы 3 сом десек, қарын-қартасының, килосы, көп дегенде, 15—20 тиын. Біз қасапшы татардан ылғи жылқының майы туралған қарны мен қарталарын аламыз да, үйге әкеп тазалап қоямыз. Күн сайын ет орнына да, май орнына да семіз қарын мен қартаны соғып алсақ қарынымыз ашпайды. Егер осы арзан қарын, қарта болмаса біз ол қыстан өте жүдеп шығар ек. Қыс ортасында біздің семьямызға үшінші бала қосылатын болды. Алғашқы екі баланың өзін әйелім мен екеуміз кезектесіп қарап жүргенде, үшінші баланы күту қиын болатын сияқтанды, сондықтан аш-тоқ болсақ та бірге көрерміз деп, ауылдан ағам Мұстафаның қарт әйелі — Сілеусінді алдырдық. Назира мектепте. Қыс ортасында дүниеге қыз бала келіп, бурят жолдасым — Сунькуев атын Жанна қойды.
— Бұл,— деді ол,— француздың Жанна Д' Аркы емес, біздің тілде гүлдің аты.
Біз бір бөлмеде осылайша қысылып-қымтырылып тұрып жатқан шақта, Лаура есімді кішкене қызын құшақтап, Сәкен Сейфуллиннің әйелі — Гүлбаһрам келе қалды. Стенографиялық курсқа орналасқан Гүлбаһрам, бірер ай менің, бөлмемде тұрып, оқуға кеткен шақта, қызын Сілеусін жеңгейге тастайтын болды... Ол қыстың оқуы жеңіл болғанмен, тұрмысын ауыр өткіздік. Алдағы оқу жылынан бастап тұрмыстың түзелу белгісі көрінді. Москваға барғаннан кейін мен «ВАПП44»-пен тығыз байланысты боп, жиналыстарына жиі қатынасып жүретінмін. Со кезде мен орыстың бірнеше басты жазушыларымен танысып, дос боп алғам. Солардың бірі — Александр Фадеевті. Ол ВАПП-тың секретарьларының бірі боп қызмет атқаратын. Осы Фадеевпен сырласқан бір ретте, мен күн көріс жайымды баяндап бергем. Ол аз ойланып:
— Бұны жеңілдетуге болады,— деді маған.
— Қалай? — дедім мен.
— Сен жаңа оқу жылының басынан ИКП-нің45 әдебиет бөліміне көш, ол айына 250 сом стипендия береді және әр аспиранттың жағдайына қарай, жатақхана береді,— деген.
Мен бұған қызығып, Фадеевке сол институтке орналастыр деп едім, ол, институт ректоры — Волгинмен, менің, көзімше телефон арқылы сөйлесіп, алатын болды деген. Марр институтының, ректоры Ионнисян менің Қызыл профессура институтына көшуіме қарсы болған жоқ. Волгин де уәдесіне жетті. Институт Остеженко көшесінің 53 номерлі үйінде екен. Ол —- Москва өзенінің үсті арқылы салынған Қырым көпірінің нақ қасында. Маған Волгин осы үйдің астыңғы этажынан, терезесі қалың бақшаға қарайтын екі бөлмелі жатақхана берді. Стипендияны июльден бастап төлейтін болды. Үлкен екі балам қора ішіндегі балалар бақшасына орналасты. Пушечнаядағы дымқос, жаман пәтерде өкпесі қабынып ауырған алты-жеті айлық қызым — Жанна, ИКП жатақханасына көшкеннен кейін дүниемен қоштасты. Жандай сүйетін Жаннаның атын — 1945 жылы туған кенже қызымызға қойдық... Қызыл профессураның үйіне көшкен шақта әйелімнің немере ағасы Шұғайыптан хат келді. Ол өткен жаз елінен көшіп, Сібірлік бірінші және екінші темір жолдардан өтіп, тайганың ішіндегі совхозға барып орналасқанын хабарлады. «Мен ғана алыстап көшкен жоқпын,— деп хабарлапты ол хатында.— Біздің маңайдағы ауылдардың кем дегенде тең жарасы РСФСР-дың деңгейлес: Челяба, Свердлов, Қорған, Тюмень облыстарына бытырап кеп жатыр. Елден алған хабарға қарағанда, көшпей қалғандар қатты жүдеген, кей жерде, адам шығыны да болған. Біз келген жерде кесіп бар, кесіпті жерде азық бар...» Шұғайып хатының аяғында менің келіп кетуімді өтініпті. Оның адресі: Тюмень облысы, Тугулим ауданы, Тугулим совхозының үшінші бригадасы. Оған бару үшін Свердлов пен Тюмень арасындағы Қармақ разъезінен түсіп, аржағына атпен кету керек. Шұғайып отырған совхоз бөлімі — Қармақтың теріскей жағындағы тайга ішінде 80 километрдей жерде көрінеді. Мен поезбен екі-үш күн жүріп Қармақ разъезіне түн ортасы кезінде келдім. Бұл үйлері кіп-кішкене ғана, селосы да шағын, электр жарығы жоқ, қарағайлы қалың орманның алаңына орнаған разъезд екен. Шығар алдында Шұғайыпқа телеграмма бергем. Разъезге келсем тосқан ешкім көрінбейді. Күзетші начальниктен сұрасам:«кісі тосқан қазақты көрген жоқпын» дейді. «Бұл маңайда қазақ бар ма?» десем, начальник мені сыртқа алып шығады да, алысырақ тұста жылтыраған отты көрсетіп, «кеше осы разъезден түскен көп семьялы қазақтар болу керек. Өздері ашыққан, орналасатын жер іздейді» дейді. Менің қазақтарға барып, кім екенін білгім келді. Тайганың жазы салқындау болады деген соң мен қамзол шалбарымның сыртынан әскерше тігілген шинель кигем, аяғыма етік кигем, басымда қара бұйрадан дөңгелек бөрік. Әлдеқалай заман болады деп қалтама браунинг пистолетін сала шыққам. Оның үш-төрт обоймалық запас оғы бар. Қолдағы жүгім — көйлек-көншектерімді салған чемодан. Тәуекелге бел байладым да, алыста жылтыраған отты бетке ұстай жөнеп бердім. От жақын көрінгенмен, недәуір уақыт жүріп жеттім. От маңайында әлденелер үйме-жүйме боп қараяды. Күмбірлеген дауыстар, балалардың ыңырсыған, жылаған үні естіледі. Мен тіпті жақындап келсем жалыны биіктей лапылдаған оттың төңірегі ығы-жығы адам. Олар жүктерін отты айналдыра үйіп қойыпты. Түнде от маңында отырғандардың төңірегін көре алмайтын әдеті. Қараңғы жақтан келе жатқан мені, отты төңіректегендер тақау кеп қалғанша абайламады. Тым жақын кеп қарасам, кәрісі, жасы, еркегі, әйелі... дегендей, әркелкі адам. Біреулері қисайып, бірін-бірі жастана ұйқыда жатыр. Біреулері қалғып-шұлғып ұйқылы-ояу отыр. Біреулері сырқат адамдай ыңырсиды... Бәрінін, де киім-кешектері, кескін-кейіптері жүдеу. Халдарын көргеннен кейін мен тамағымды қырына дыбыс бердім. Қалғығандар шошып кеткендей бастарын көтеріп алды да, жан-жағына үрейлене қарай бастады. Мен қазақша сәлем бердім. Менің түр-тұлғамды сонда ғана көргендей, оянғандары ұйықтағандарын оятуға айналды.
— Келіп қалды!— деді біреуі оятқандарға. Оянғандар «кім?!» дегендей абыржи бастағанда:
— Менен үрейленбеңіздер,— деп өзімнің кім екенімді және қайда баратынымды аз сөзбен айтып бердім.
— Ойбай-ау, мынау расында да Сәбит қой,— деді әлдекім кескініме үңіліп. Тани кеттім, жиырмасыншы жылдардың басында, Петропавлда өзіммен мұғалімдер курсында бірге оқыған жігіт!
Екеуміз құшақтаса кеттік. Құшағымызды жазысқаннан кейін, мән-жайларын сұрасам, асыра сілтеу кезінде туған жерінен қашып шыққан адамдар. Барлығы жүз семьядай. Жылдан аса уақыт мекен іздеп әр жаққа көшкен олар, осы маңайда жұмысшы керек қып отырған совхоз бар дегенді естіп, поездан кеше кеп түсіпті. Өздері мейлінше жүдеген, тамақтары да, қаражаттары да таусылған, киімдері де тозған, сатар мүліктері де жоқ, бала-шаға, кәрі-құртаң жағынан шығын да бола бастаған. Бастаушылары жаңағы мұғалім. Оның, айтуынша, мұншама көп семья бір өндіріске сыймапты, кәсіп табылғанмен, пәтер табылмапты, бөлініп орналасқылары келмепті, сөйтіп бірімен бірі іліге шұбап жүргенде қатты күйзеушілікке ұшырапты. Мұғалім екеуміз таң сібірлей разъезге келсек, бришкаға жеккен семіз екі пар ат түр. Иелерін іздеп тапсақ, біздің Төңкеріс ауданында Тәйкөт балалары аталатын Аяған және Еңсеген деген жігіттер. Мән-жайларын сұрасақ Тәйкөтке қарайтын он шақты үй осы жаққа ауып кеп, жақын тұстағы «Қызыл тайга» совхозының мал фермасына жұмысқа орналасыпты. Мен оларға ашыққан қазақтардың жайын айтып ем:
— Біздің совхоз жұмысшыға шөлдеп отыр,— деді олар,— қанша үй болса да сыйғызады, тек аш-арық деп жүрмесе.
Тәйкөт балалары мұғалім екеумізді совхоз орталығына алып бармақ болды. «Қызыл тайга» совхозының орталығы Қармақ разъезінен қырық километрдей жерде екен. Ит мұрны өткісіз дейтін қалың тайганың іші. Ол маңайдың алаңқы жерлерінің өзі саздауыт келіп, арбаның доңғалағы батып отырады. Аяқ аттаған сайын бұтақтан бұтаққа секіріп ойнаған тиындарды көресің. Аюлар да кездесіп қап жүреді,— деседі Тәйкөт балалары. Аналар — аюдың іздері,— деп сазға түскен іздерді көрсетеді, бірақ аю ұшыраса қойған жоқ. «Тәйкөт балалары» деген сөзге тоқтай кетейік. Тәйкөттің әкесі Кавказдан жер ауып келген шөркеш екен дейді. Тегі, атақты Шамильдің қозғалысына қатынасқан адам болу керек. Қазақ арасына келе Тәйкөт қазақ қызына үйленеді де, Керей руындағы «Таз» аталатын бір бөлшегінің адамы боп кете барады. Кавказдағы қанішерлігін мұнда да істеп,— дейді ол туралы білетін адамдар,— Тәйкөт талайдың қанын ұрттады. Тәйкөттен Садақбай, Бүйрекбай, Түйтебай туады. Солардың ішінен, Садақбайы да қанішер болған. Оған бір мысал: жас кезінде ұры болған Садақбайды, со кезде болыс— Малдығұлдың Сүлеймені деген адам ұстап әкел деп кісі жібереді, ол адам қайтпайды. «Неғып жатыр, біліп кел» деп тағы біреуді жіберсе, о да қайтпайды. Үшінші адамда қайтпайды... Содан кейін, Сүлеймен көп қолмен келсе, Тәйкөт әлгі үш жігітті қораның ішіндегі ашаға байлап тастап, пәле салу үшін бойжетіп отырған қызын сүйреп әкеледі де балтамен басын шауып түсіріп, қастарына тастайды, өзі жақын жердегі орыс селосындағы урядникке шауып кетіпті.
— Осы пәледен,— дейді білетін адамдар,— Малдығұлдың Сүлеймені малдың күшімен әрең құтылып, мың, шақты жылқысынан айрылып, кедей боп қалды...
Садақбайдың да Сүлеймен есімді баласы болған (жасы тоқсаннан асқан ол әлі де тірі, тың, деп есітем). Ол да жігіт жұмсап ұрлықты судай сапырған адам. Осы Сүлейменді Колчак үкіметінің тұсында ақтың он шақты солдаты ұстауға келеді. Сүлеймен оларды алдап-сулап асқа қаратып, шайына меңдуана салып береді де қылжиып мас болған шақта қару-құралдарын тартып ап, винтовкаларының сүмбісімен жігіттеріне сабатады. Сүмбі осқан денелерінде таңба қалмау үшін, үлкен қазанға тұзды суды шым-шым ғып ысыттырып, таяқтаған адамдарды малып шығарады.
— Сонда,— дейді көрушілер,— адамның сыртқы жарасы ішіне түсіп кетеді екен де, дененің сырты түк көрмегендей болады екен.
Сілейтіп сабаған он солдатты, Сүлеймен тарантастарына өлім халында салады да, келген жолымен қоя береді... Кейін, айдаладағы ағаш ішінен олардың сасып кеткен өлімтігі табылады... Тәйкөт балаларының мұндай істерін терсе қалық кітап болар еді. Олар осы қылықтарын тайга ішінде де істеп, өштескен талай адамның басын жойыпты. Бізге серік боп келе жатқан Аяған да, Еңсеген де бұндай қылмыстарын жасырмастан соғады. Тәйкөт балалары бізді «Қызыл тайганың» орталығына аман апарып түсірді. Орта жасты, биік, толық денелі директор — Бобровых, біз айтып барған хабарға қуанып кетті. Адамдардың жүдеу-жадау халын ескерткенде:
— Оқасы жоқ,— деп жауап берді ол.— Эпидемиямен ауырған адамдар емес, тұрмыстан жүдеген адамдарды торалтып алу оңай. Жүз үйдің, адамы бізге көптік істемейді. Бәрін де пәтермен қамтамасыз етеміз. Ас-суды да аямаймыз,бірақ ашыққандарға сіңімді болу үшін дәрігердің ақылымен тамақтандырамыз.
Бобровых он шақты бришкеге семіз пар аттарды жектірді де қасымызға парткомың рабочкомын, агрономын, дәрігерін қосып жөнелтті. Біз со күні кешке совхоз орталығына оралып үлгердік. Жүдеп келген семьялардың бәрі де пәтерге орналасты. Олардың қайсысына қай тамақты, қай мөлшермен, қашан беру туралы совхоздың дәрігері меню жасады. Мен «Қызыл тайганың» орталығында төрт-бес күн болдым. Ашыққандар дәрігердің қарамағына түскеннен кейін адам шығыны бірен-саран ғана болды. Мен қазақтардан да, дирекциядан да лұқсат ап, қайнымның аулына кеттім. Бобровых тарантасқа мықты пар ат жегіп берді де, атшысына мақсатты жеріне жеткізіп салмай қайтпа деп тапсырды. Одан әрі де тайганың қалың қара орманы, одан әрі де қазақша ««томар», немесе «қопа», орысша «болота» аталатын саздар жиі кездесті. Кейбір саздарда тарантастың доңғалағы күпшегіне шейін батады, қарулы семіз аттар шірене тартып әрең шығады... «Тугулим» совхозындағы менің қайындарым да жақсы орналасқан. Олар сиыр фермасында екен. «Аузынан ақ май ағады» дегендей, мұнда да мейлінше тоқшылық. Қайтқан жолымда «Қызыл тайгаға» соқсам: әнеугі аш-арықтың ешқайсысын танып болар емес: бәрі де тойынған, ажарланған! Әсіресе балалары!.. Олардың көбі сүтке бөккен қозыдай томпиып, семіріп апты. Жұмысқа жарайтын адамдардың, бәрі де қызу іске кіріскен. Көпшілігі нормаларын үш-төрт есе артық орындайды екен. Бобровых та, қарамағындағы қызметкерлер де бұл қылықтарына мейлінше риза...
САРА ЖОЛМЕН
Мен «Қызыл тайгадан» туған еліме соға кетуді ниет еттім. Өйтуіме жағдай да туа қалды. Совхоздың бір грузовигі Тюмень арқылы Қорған қаласына барып қайтады екен. Боровых маған осы машинамен кетуді ұсынды. Осы машина Қорғанның аржағында екі жүз километрдей жерде тұратын ауылыма апарып салатын болды. «Қызыл тайга» мен Тюменнің арасында «селолық» аталатын арба жолы ғана бар екен. Тайгалық қалын, орманның арасын кесе жүретін бұл жолдың өн бойында сазды тұс көп кездесті. Күшті машина олардың кейбіреулерін елемей өтіп кеткенмен, кейбір тұстарында батып қап, шірене сүйреп әрең шығады. Сөйтіп, 70 километр жердегі Тюменьге тәулік жарымда әрең жеттік. Одан арғы жол да оңып жатқан жоқ екен. Тюменнен селолар арқылы Қорғанға тура тартатын бұрынғы арба жолымен кәзір жүруге болмайды десті. Асфальтты жол, тас төсегендері ол маңда атымен жоқ екен. Бар жол — аудандарды аралай жүретін грейдер ғана. Біз амалсыздан осы жолға түстік. Жолшыбай біресе оңға, біресе солға, біресе ана бүйірге, біресе мына бүйірге... дегендей, бұлтақтай жүрген біз, кәзіргі асфальт жолмен жарты-ақ күн жүретін Тюмень мен Қорғанның арасында төрт-бес қондық. Азабы ауыр болғанмен бұл жолмен сапар шегуіме мен өкіне қойған жоқпын. Біз аралап келе жатқан жолдын, өн бойы не шұбырып көшіп келе жатқан, не жолшыбайғы орыс колхоздарына, совхоздарға, өндірістерге орналасып үлгерген қазақтар. Орыс туыстардың оларға көрсеткен жәрдеміне жанын, риза болады. Егер осы жәрдем болмаса мал-мүліксіз босып жүрген олар қырылып қалатын. Көшу үстіндегі көп адамды бірден жақсы орналастыру оңай де емес екен. Осы қиындықты жеңуге аудандарда, селоларда арнаулы комиссиялар құрылған. Тюмень мен Қорған арасында ауып жүрген қазақтардың хал-жайын көргеннен кейін, менің туған ауылыма баруға зауқым соққан жоқ. Несіне соқсын — оның да жай-күйі өзге ауылдардікіндей болу керек, сондықтан Москваға тез қайтып, Орталық партия комитетіне көрген-білгенді айтқым келді.
Москвада Сталиннің секретары — Поскребышевқа қолым әрең жетті.
— Қағазға түскені мынау еді,— деп арызымды ұсынғанда:
— Бұны бермей-ақ қойыңыз,—деді ол маған.
— Неге?— дедім мен.
— Сіз айтып отырған жайлардың, бәрі жолдас Сталинге кәзір мәлім, қателік түзелуге тиісті,— деді.
Одан кейін де Қазақстанның, халы жеңілдену орнына ауырлай түсу туралы хабарлар келіп жатты... Оған амал қанша! Халықтың ауыр халына жүрек сыздай отыра, ИКП-дағы оқуыммен шұғылдана бердім. Москвада жауапты қызметте қазақтан үш адам бар: бірі—ВКП(б) Орталық комитетінің, инструкторы — Әбілхайыр Досов, екіншісі — ВЦИК секретарының бірі — Нығмет Нұрмақов, үшіншісі — РСФСР Халық Комиссарлар Советі председателінің орынбасары — Тұрар Рысқұлов. Осылардың ішінде менің ең көп білетінім де, ең жақын сырласым да Досов еді. Мен оған Қазақстанда болып жатқан уақиғаларды айтып, қатені түзеуге араласуын өтініп ем:
— Біздің қолдан келмейтін іс,— деді Досов.
— Неге?..
— Өзара айтқанда,— деді ол,— Қазақстанда осынша бүліншілік болуға бас себепкер — Сталиннің өзі.
— Неге?!—дедім мен шошынғандай...
— Голощекин біздің республикаға секретарь боп 1925 жылы барды ғой. Содан бірер жыл кейін Сталиннің атына: «Қазақ аулына Октябрь революциясы әлі келген жоқ, оны енді жасау керек» деген мазмұнда ұзақ хат берген. Сталин ол хаттың үстіне «мақұлдаймын» деген резолюция қондырған. Голощекиннің, Қазақстанда кәзіргі жасап жатқан бүліншілігі — сол резолюциядан шығып жатқан нәрсе, Қазақстанның ерекше бүлініп жатуы да содан.
Менің басым айналып кеткендей болды. Өйткені ол кезде мен Сталин тарапынан халыққа қастық болады деген пікірді басыма келтірген адам емеспін де. Оның үстіне, 1930 жылдың көктемінде Сталиннің «Табыстан бас айналу» деген мақаласын баспасөзден оқығам, ол мақаланың сөздеріне сенгем... Енді, міне, Досовтың айтып отырғаны мынау!
— Мен саған ешуақытта қастық ойлаған адам емеспін,— деді Әбілхайыр, менің ауыр ойға шомған қалпымды байқағандай,— достықтан басқа ешнәрсе ойламаймын. Қазақстанда болып жатқан жайды түзеу, тек Сталиннің ғана қолынан келеді, «құдай» соның көкейіне бірдеме құйса — құйды, құймаса «қазақ деген елдің соры біржола қайнағаны!» деп біле бер. Өзіңе айтарым,— бұл мәселе жайлы ешкімге де аузыңды аша көрме, ашам деп, қосақ арасында босқа өліп кетпе!
Сөз қысқарып қалды. Дегенмен, мен аузымды ашпай қойған жоқпын. Біраз күн толғанып жүріп бір сәтте Нығмет Нұрмақовтың үйіне бардым. Ол да Досовтың сөздерін қайталады... Одан біраз кейін Тұрар Рысқұловқа бардым. Оның сөзі алғашқы екеуінен басқаша шықты.
— Менімше, — деді ол,— Қазақстанда болып жатқан асыра сілтеудің нақтылы жайын Иосиф Виссарионович толық білмейді.— Оған бұл жайды жеткізу — Қазақстанды білетін адамдардың міндеті. Туған халқымыздың тағдырына қайғыра білмесек, оның басына түскен қиындықты жеңілдетуге тырыспасақ біз неғылған коммунист қазақпыз?
— Сонда не істеу керек?—деген сұрауға:
— Орталық партия комитетінін, атына хат жазу керек,— деп жауап берді Рысқұлов,— ондай хатты беруден ешбір айып жоқ. Әрбір коммунист ойын толғатқан нәрсені партияға айту—уставпен берілген право. Жалғыз сізден ғана емес, бұндай хаттар Орталық комитеттің атына Қазақстанның көп жерінен түсіп жатыр. Мен де осы жайда үлкен докладное әзірлеп ЦК-ға жақында бермекпін.
Көрген-білгенімді сипаттаған хатымды Орталық комитетке жолдадым да, бір данасын Рысқұловқа апарып бердім. Бірер айдан кейін ол мені кеңсесіне шақырды да Орталық комитетке жазған докладнойын оқып берді. Докладнойда Қазақстанда жаппай колхоздану басталғаннан бергі болып жатқан сорақылықтар, әр облыстың тіршілігінен алған фактілермен дәлелденіп жазылған екен. Докладнойды тұтас алғанда, Қазақстанда болып жатқан жайларды түгелімен айқын, ашық түрде көрсетіпті. Бірақ Қазақстандағы асыра сілтеу онымен түзелген жоқ. Жергілікті біреулер де Голощекин басшылығына хаттар түсірем деп таяқ жеп қапты. Мәселен, сол кездің партиялық документтерінің ішінде, «заявление пяти» («бестің арызы») деген бар. Арызға қол қоюшы бес адамның ішінде қазіргі атақты жазушымыз Ғабит Мүсіреповтың, көп жыл партиялық қызметте болып, культтің кесірінен қазаға ұшыраған Мансұр Ғатауллиннің де қолы бар. Өзге үшеуінің аты есімде жоқ. Арыз иелері Қазақстанда болып жатқан асыра сілтеудің халыққа, әсіресе — Қазақстанға қаншалық күйзеушілік келтіргенін ашып жазған. Крайком басшылығы бұл хатты шам көріп, арыз иелерін бюрода талқылап, партиядан шығарып жібере жаздаған. Содан кейін арыз айтқысы келгендер ауыздарын тас қып жұмған. 1931—32 оқу жылдарын осындай ауырлықтың үстінде еткіздім. 1932 жылдың жазындағы каникулда туған ауылыма барсам халдері былтырғыдан да мүшкіл. Енді не істеу керек?! Со жылы Бүкілодақтық Орталық партия комитеті, ішіне РАПП-ты қоса, Совет Одағындағы ұсақ әдебиет ұйымдарын біріктіріп, Бүкілодақтық жазушылар ұйымын құру туралы қаулы алған. Съезге дейін ұйымдастыру бюросы құрылып, оның председательдігіне — Максим Горький, секретарьлығына — партияның жауапты қызметтерінде болған Александр Сергеевич Щербаков тағайындалған. РАПП кезінде жиналыстарына араласып жүретін мен, Совет Жазушылар Одағы құрылғаннан кейін одан да жиі араласып, бірнеше рет Горькийдің қабылдауында да болдым. Енді 1932 жылдың жазғы каникулында ауылға барып қайтқаннан кейін, болып жатқан халдерді айтуға, Алексей Максимовичке кірдім. «Асыра сілтеу» дегеннен жалпы мәліметі бар ол, мен сипаттаған түрде болуға тиісті деп ешуақытта ойламаған екен. Мен фактілерді көрген түрінде айтып бергенде, Горькийдің зәресі ұшып кетті.
— Бұндай болуға мүмкін бе?!—деп, түсі қашқан ол түрегеп кетті де, дағдылы қалпынан қаттырақ жөткіріп, трубкасының түтінін құныға тартып, қаттырақ бұрқыратты. Түтін жөтелін тіпті күшейтіп жібергендей, аздан кейін булығып қалды да, диванға отыра кетті. Мен түрегеп қасына барып едім:
— Су-у-у!..— деді сырылдаған демін әзер алған Горький.
Берген суды құныға жұтып алғаннан кейін, басын біраз шайқап отырып:
— Социалистік системада бұндай хал болуға мүмкін емес қой!—деді.
— Әрине,— дедім мен.
— Жолдас Щербаковқа да айту керек бұны,— деді Горький ол Орталық партия комитетімен тығыз байланысты кісі ғой. Өзім де қарап жатпаспын, аузым жеткен жолдастарға айтып, Қазақстанды бұл ауырлықтан шығаруға қолдан келген жәрдемімді берермін.
Горькийден бе, Щербаковтан ба, Рысқұловтан ба, басқалардан ба — 1932 жылдың аяғында Крайкомның басшылығынан Голощекин алынып, орнына сыннан өткен лениншілдердің бірі—Леон Исаевич Мирзоян барады екен деген қауесет шықты. Бұл қауесет расқа айналып, 1933 жылдың басынан Қазақстанның басшылығына Мирзоян отырды. Қазақ халқының санасына «Мырзажан» деген аты мәңгілік сіңіп, тарихының өн бойында рақмет айтатын бұл тамаша большевиктің баруы—Голощекин тұсында болған асыра сілтеумен, одан туған салдардың бәрін тез жойып, қазақ халқы социализмнің сара жолына түсті де, өріне аршындап ілгері басты.
АЛТЫНШЫ ТАРАУ
ӨНЕРДІҢ ӨРІНЕ
МЫРЗАЖАН
Леон Исаевич Мирзоянды Қазақстанға 1933 жылдың февралінің басында кетті деп естідік. Алматыға бара сала, асыра сілтеуді түзеу жайында оның қолданып жатқан шаралары, күн сайын дерлік Москваға естіліп тұрды. Бәрі де игілікті хабарлар. Мирзоян қызметке барғаннан кейін асыра сілтеу және оны түзеу тақырыбында көркем әдебиет шығармаларынан да бірталайы газет, журналдарға жарияланып жатты, солардың ішінде көпшіліктің көңілін ерекше бөлгені — Сәкен Сейфуллиннің «Қызыл ат» есімді поэмасы. Бұл поэмада асыра сілтеудің партия жолын бұрмалаудан болуы, оның зияны сипаттала кеп, бұл қателікті партияның тез түзеуге кіріскендігі айтылады. Сол кезде осы тақырыпта жазылған шығармалардың ішінде, мазмұн жағынан да, көркемдік жағынан да алдыңғы қатардағысы — осы. Мирзоян барғаннан кейін халықтың да, оның ішінде интеллигенцияның да, колхозшылардың да рухы күн санап көтерілуін естіп жатамыз. Мирзоян бастаған игілікті істерге менің де араласқым, жәрдемдескім келеді... Сөйтіп жүрген күндердің бірінде, (май айынын, аяқ шені болу керек) Москваға Мирзоян келіпті деген хабарын естідім де, мейманханадағы номеріне барып жолықтым. Биіктеу қапсағай денелі, ірі сүйекті, қуаңқылау кескінді, көздері үлкен, қоңқақ мұрынды, мұртын танауының астына ғана қойған, тістері жалпақ және ұзын бұл адам кәп тыңдап, аз сөйлейтін және сабырмен сөйлейтін кісі екен. Оның айтуынша, асыра сілтеу кезінде Қазақстанның қатты жүдеп қалған халқы, үкімет ерекше материалдық жәрдем көрсеткендіктен, аз уақытта тойынып қатарға қосылып қалған. Оның, үстіне, биылғы жаздың беталысы да өте жақсы: егіс науқаны кезінде және планнан арта, сапалы орындалыпты, егіннің көктеуі жақсы, Қазақстанның барлық жерінде де жауын...
— Егер осылай бола берсе,— дейді Мирзоян,— республиканың биылғы астығы шаш-етектен келетін.
Асыра сілтеу шағында Қазақстанның мал шаруашылығы да мейлінше құлдырап темен кетуін цифрлармен айта кеп:
— Бұны да тез көтерудің қамын жасап жатырмыз,— дейді Мирзоян,— бірақ бұрынғы санын толтыру — көп жылды тілейтін сияқты...
Мен Мирзоянға өзімнің не істеуімді ақылдасып ем:
— Тілімді алсаңыз, оқуыңызды тастамаңыз, біржола аяқтап қайтыңыз,— деді.
Жазғы каникулда қайда болуды ақылдасқанда:
— Мен мысалы,— деді Мирзоян,— Қарағанды көмір ошағына баруыңызды қалар едім. Өйткені іс масштабы әзірге үлкен болмағанмен, болашағы өлшеусіз зор. Көмір запасының молдығы жағынан, көмірінің асылдығы жағынан, Совет Одағында Донбасс пен Кузбасс көмір ошақтарынан басқа Қарағандыға теңдесері жоқ. Кәзір «Ақмола — Қарталы» темір жолын салу мәселесі қозғалып жатыр. Осы жол біткеннен кейін, Совет Одағындағы ең ірі металлургия комбинаты — Магнитогорск көмірді алыстағы Донбасс пен Кузбастан емес, жақындағы Қарағандыдан арзан бағамен тасиды. Сапа жағынан Қарағанды көмірі олардан кем түспейді,— коксалануы да жақсы.
— Қарағанды күшейе келе,— деп жалғастырады Мирзоян сөзін,— Магнитогорскіні ғана емес, Қазақстанның барлық өлкесіне де қаулап өскелі тұрған өндірістік гиганттарды жоғары сортты көмірмен қамтамасыз етеміз.
Жазғы каникулға шыға мен поезбен Қызылжарға бардым. Онда губерниялық атқару комитетінін, председателі — Сүлеймен Есқараев екен. Көптен таныс және достас ол маған губернияда болып жатқан жаңалықтарды айтып берді.
— «Құтты қонақ келсе қой егіз табады, құтсыз қонақ келсе қойға қасқыр шабады» дегендей,— деді ол,— Голощекин кезінде «жеті жұт бірдей келіп», егін де шықпай, шабындық та болмай, жұт үстіне жұт бола берген еді. Биылғы жылдың беталысы тамаша!.. «Сұмырай келсе су құриды» дегендей Голощекин кезінде бұл облыстың көлдері мен өзендері де тартылып қалған екен. Биыл Есіл қатты тасып, алқабына су мол жиналғандықтан, кәзір шалғынына жатқан құлын жасырынады, егер шауып үлгерсек малдың бірнеше жылдық азығын даярлап алатынбыз. Көл атаулының да биыл бәріне су мол келді. Жергілікті кәриялардың айтуынша, егін мен шөптің мұншама шығуы бұл аранын, жерінде сирек ұшыраған...
— Егер, былтыр я биылғы жылдың басында келсең ашыққан халықтың өңінен зәрең ұшар еді,— деп жалғастырады Сүлеймен Есқараев сөзін,— «адам жылқы мінезді: бір күнде жүдейді, бір күнде торалады» деген қазақ сөзі рас екен. Мирзоян келгеннен бері аштар тез тыңайып, кәзір дағдылы күйіне келіп қалды. Халық кәзір өте көңілді...
Туған ауылыма баруды ниет еткен маған Сүлеймен Есқараев өзінің газигін берді. Ауылым Қызылжардан 250 километр шамасындағы жерде. Оған «Линия» аталатын қазақ-орыс станицалары арқылы баруға да болады, жолшыбайғы қазақ ауылдарын аралап баруға да болады. Соңғы жол жырағырақ болғанмен ауыл жайларын көре кеткім келді. Есқараевтың айтқандары рас екен: егін, шөптің шығымы да орасан, малдары да түгін тартсаң майы шыққандай — семіз, адамдардың да өңдері жақсы, өздері көңілді. Халықтың аузында — Леон Исаевич Мирзоян. Ауылдың қарапайым адамдары оның атын Мырзажан қойып алған, біреулері оны қазақ деп те естіген: Біреулер: «Лениннің жиені деген сөз рас па? Жас күнінен Лениннің қасында жүріп, сабақты өзінен алғаны рас па?» деп, толып жатқан сұрақтар береді, толып жатқан «хикаялар» айтады... Бәрі де жақсы көретін адамды көтермелей айтудан шыққан сөздер. Жалпы алғанда, асыра сілтеу партия жолы емесін, «найзағайшылдардың» ісі екенін халық ұғып болғанға ұқсайды.
— «Қаз келсе — жаз келеді, қарға келсе — қатқақ болады» дегендей,— дейді жолшыбайғы халық,— Голощекин бұл елге қарға боп кеп қырсығын тигізді, Мырзажан қаз боп кеп, жаз әкелді.
Мен туған ауылыма барсам ондағы хал да жақсыланып қалған екен.. Бірер күн тынығып, аудан орталығы — Майбалыққа барып қайтуға жиналдым. Көлігім — Есқараевтың, машинасы. Біздің ауылда Дүйсеннің Кәсені деген адам болғанын, оқушылар «Өмір мектебінің» бірінші кітабының басындағы «Менің туу тарихымнан» деген тармағынан біледі. Осы адам туралы тағы да аз сөз. 1959 жылы 78 жасында қайтыс болған алып денелі, момын мінезді бұл адамның өмір-бақи кәсібі өрім еру болды. Қайысты өз қолынан илейтін ол (басқанын, илеген қайысын жақтырған емес) қамшы, құнт, жүген, айыл, тартпа, шлия сияқты ат саймандарын қолынан еріп те, түйіп те жасайтын еді. Оның өрімі өте сұлу, өте берік болатын, сондықтан Кәсендікі деген ерімді жұрт таласып алатын. Оған жан-жақтан, әсіресе, революциядан бұрынғы байлар мен мырзалардан заказдар көп түсіп, бәрін бірдей орындауға үлгіре алмайтын. Сонда ол ешкіммен саудаласпай, бергенін ғана алатын. Содан ба, немене,— ерім кәсібімен күні-түні шұғылданатын Кәсеннің байыған кезі болған емес. Бірақ дөңгелек шаруасы өзіне мол жететін ол кісіден ат, ас сұрап та көрген емес. Өмірінде еріммен ғана шұғылданған, мінезі ауыр ол ауылдағы ойын-сауық, айт-той сияқты думандарға да желігіп көрмеген адам. Жырақтағы думан түгіл, өз аулында болып жатқан жиынға да бармай, қайыстарын ере береді. Неге бармайсың? деген адамға: «жұмысымды тастап қайтем» дейді. Кейде құрбылары, әсіресе, ойын-тойшыл құрдасы — Тоғанастың Нәзірі Кәсенді айт-тойға еріксіз алып кетеді. Сонда ол сіріден жасалған талас қоржынына кезектегі ерімін және оған қажетті саймандарын салып алады да барған жерінде, жұрт шапқылап ат үстінде жүргенде, мініп барған тарантасының тасасына отырып ап, өрімін айналдыра береді. Кәсен жаназадан басқа жиналысқа да бармаған адам. 1930 жылдан бастап өлгенге дейін колхозға мүше болған ол жиі етіп жататын жиналыстардың ешқайсысына бармай етті. Ал тәртіп жағына мейлінше мықты. Колхоз тапсырған істі оның орындамаған кезі болған емес. Колхозда да ол өрімшілік қызмет атқарған. Әз колхозының қажетін өтеп болса, көрші колхоздардан өрімге заказ алып, орталық қорға көптеген пайда түсіреді. Дәулеті тәп-тәуір бола тұра, Кәсен жылқы малын ұстамаған: одан айраным жақсы деп қымыз ішпеген, сорпаға қара мал еті тәуір деп соғымына үнемі сиыр ғана сойған, аяңға егіз тиышты деп ат мінбеген... Машина атаулының ол қарасынан шошып мінбек түгіл маңына да бармаған... 1933 жылдың жазында, ауылда жолықсам, Кәсеннің сырқаты меңдеңкіреп жүр екен. Мен оны бірнеше күн әурелеп, аудан орталығы — Майбалықтағы емханаға көрінуге әрең көндірдім. Жылдамырақ барамыз деген соң ол мәшинеге мінуге де көнді. Бұл тегі, сырқатының жанына батыңқырау салдарынан болу керек. Біздің, ауыл мен Майбалықтың арасы 30 километрдей. Екі арада тура жол бар. Бұрын бұл жолдын, бойында отыратын ауылдар жан-жақтағы колхоздарға тарап, кәзір елсіз. Біздің ауылдан қозғалған машинамыз зымырай жөнелгенде, артта отырған Кәсеннің: «алда, алда...»деген дыбысы естілді. Жалт қарасам, зор денесі креслоға әрең сыйып, екі көзін алақанымен баса, жантая жатып қапты... Әлден уақытта Кәсеннің:
— Ойбай, Сәбит, өлдім!..— деген даусы шықты. Тағы жалт қарасам, Кәсен креслодан темен түсіп жатыпты. Мен:
— Шыда, Кәсеке!.. Аздан кейін үйреніп кетесіз...—деп ем, ол:
— Өліп барам!... Шек-қарным аузыма келді!.. Тоқтат! — деді. Әлі де үйреніп кетер деген оймен, машинаны тоқтатпап ек:
— Тоқтат!.. Әйтпесе, есікті ашам да қулаймын!—деп ышқынған даусы естілді Кәсеннің. Тағы қарасам, жанталасқан Кәсен машинаның, есігін ашуға қарманып жатыр екен... Енді, амал жоқ, тоқтатуға тура келді.
Басы айналып қалған Кәсенді, мен машинаның есігінен сыртқа әрең, түсірдім. Жерге аяғы тие сұлай кеткен ол, есінен танғандай, халы біткендей біраз уақыт сулық жатты...
Аздан кейін есі еніп, әлін жиған Кәсенге:
— Енді, ілгері жүрейік!..— десем:
— Алла сақтасын!..— деп басын шайқайды. Сөзіме көндіре алмаған соң:
— Ендеше, кейін қайтайық,— десем.
— Алла сақтасын!.. Айта көрме, шырағым... Құдай енді бұл пәлеңе отырта көрмесін!..— деп зыр қағады.
— Ал, сонда, ауылға қалай жетесін?.. Маңайда жүргінші көрінбейді. Ауыл жеті-сегіз километрлік жерде қалды... Аяғыңнан басып боп жүре алмай жүрген кісісің... Осы күйіңде қалай жетесің? Айдалаға тастап кетуге болмайды... Тәуекелге бел байла да, не ілгері, не кейін жүр, қай қалағаныңа апарып тастайын, десем Кәсен:
— Алла сақтасын!— дегеннен басқаны айтпайды, машинаға мінуге көнбейді, көтеріп мінгізуге, шамам келетін кісі емес...
Кәсен екеуміз егеспен екі-үш сағат тұрып қалдық. Менің бар амалым таусылды, бар сөзім сарқылды. Енді не істерге білмеген уақытта:
— Ал, Кәсен аға,— дедім мен,— не ілгері, не кейін жүруге көнбедің, күн болса кешкіріп барады, сені жаяу тастап, өзімнің машинамен кетуім ұят. Ұятынан бұрын, жападан жалғыз қалған сені қасқыр жеп кетсе не істеймін? Ел-жұртқа өйтіп масқара болғаннан, егер машинаға мінбейтін болсаң, мен оны осы арадан тік жолмен Қызылжарына қайтарам да, өзім көлік кездескенше қасыңда болам, кездеспесе — аштан өлсем де қасыңнан кетпеймін...
Шоферымыз қазақ тілін жақсы білетін орыс еді. Ол да Кәсенге машинаға мін деп жалынған. Оған да көнбеген соң, мен Кәсенге жаңағы сөзімді шоферға көзімді қысып қойып айтқам. Ол менің қулығымды түсінгендей:
— Ал, яхши, менікі енді кетеді... Кизилжар тартады... Тура барады,— деді де, машинасына мініп, моторын дүрілдете бастады. Кәсен онысын ойын көргендей үндемеп еді, шофер көлденең жолға бұрылып жөнеле бергенде, расы екен дегендей:
— Сәбит, тоқтат ананы!—деді.
— Тоқтамайды,— дедім мен кейіген кескінмен.— Неге тоқтайды? Сен дәрі болсаң маған дәрісің, айдаладағы шофер не қылады сені? Сөзге көнбейтініңді көріп тұр... Тастайды да кете барады... Оған не істейсің?
— Тоқтат!.. Шақыр!—деп Кәсен жылжып бара жатқан машинаға басын көтере, үрейлене қарады.
— Мінсең шақырам, мінбесең несіне шақырам?—дедім мен.
— Мінейін,— деді Кәсен жеңілген дауыспен.— Ажалым осыдан жетіп тұрса амалым жоқ... Құданың бұйрығы солай шығар...
Мен айғай сап, машинаға жүгірген болдым, машина тоқтамаған боп әрі қарай жылжыды да, ойқастап барып бұрылды... «Әлі де мазасызданса, демеу болайын» деген оймен, мен машинаның артына Кәсенмен қатар отырдым. Ғылымда не дейтінін білмеймін, тәжірибелік өмірден таңғаларлық бір көрініс бар: бұрын насыбай атпаған кісіге насыбай аттырып, содан кейін асқа тойғызса, басы айналып бар ішкенін құсады да, содан қайтып насыбайдан басы айналмайтын болады; қымызды көп ішкісі келген кісі, әуелі мөлшерден асыра ішіп құсса, артынан қанша ішсе де құспайтын болады; етті көп жегісі келген кісі де сөйтеді... Өмірде осындай көріністер көп кездеседі... Біздің Кәсен де сөйтті. Мана үйден шыға басы айналып, машинадан өлім халында түскен ол, енді қайтадан мінгенде қыңқ етер емес, басында үрейленген сияқты болған, аздан кейін машинаға әбден кәнігі боп жүрген кісідей, кескіні манағыдай қуқылданудың орнына жайраңдай бастады. Содан кейін, жан-жағына қызықтай қарап:
— Мынауыңның өзі жүйрік аттан да жүйрік пе, қалай?!. Тегі, мынау тұлпардан да озар!..— деп терезеден көзін алмады. Аздан кейін ол еркінсіп кетіп:
— Әлі де айдаңқырай түс десең қайтеді? Шабысының жеткен мөлшерін көрсек қайтеді?!..— деуге айналды.
Солай ағызып келе жатқан біз «Қарамырза шоғы» аталатын ағашы бар қырқаның жонына көтерілдік. Бұл жонның батыс жағында, қалын, ағаштың шетінде, ертерек өткен Құнияз есімді байдың күйген кірпіштен жасаған күмбезі бар да. Соңғы жылдарға дейін сақталып келген бұл күмбездің кірпіштерін жақын жерде ұйымдасқан «Преснов» совхозы, құрылысқа - керек деп тасып әкетіп, орнында кірпіштің үгінділері ғана қалған. Осы зиратқа келгенде:
— Сәбит шырағым, машинаны тоқтатайық,— деді Кәсен.
— Неге?—дедім мен.
— Құныкеңнің қолынан дәм татып ем, сарқытын ішіп ем, артында қалған ұрпақ жоқ еді, дұға ғып өтпеуім ұят болар,— деді. Тоқтағым келмеген мен:
— Қайтесіз оны? Жолшыбай толып жатқан зират кездеседі, соның бәріне тоқтап дұға қыла берсек, Майбалыққа бүгін жете алмаспыз,— деп ем, Кәсен:
— Өзге аруақ бір бас, Құныкем бір бас. Оған дұға оқымасақ, құдайға күнәлі, аруаққа шет боламыз,— деп көнбеді. Ақыры, сен тоқтамасаң, мен тоқтайын деп машинаның есігін ашуға айналған соң, жолдын, нақ күмбезді жанап өтетін тұсына бөгелдік. Құнияз бейітінің басына екеуміз қатарласып отыра қалған шақта:
— Ал, Сәбит шырағым, аят оқып жібер,— деді Кәсен маған.
— Ойбай, Кәсеке, аят оқымағалы қашан, мен ұмытып қалғам,— дедім мен.
Кәсен менімен сөз салғыластырып біраз отырар ма еді, қайтар еді, егер, шөп қалың шыққан жылы қаптап ұшатын сары маса — төбемізге төнген бұлттай үйіріле қалмаса. Олар денеміздің ашық жеріне қонып шаға бастасам кейде, жанталасып сипаландым да:
— Кәсеке, оқырың болса, тез оқы! Әйтпесе, масаға таланып отыра алмаймыз,— дедім.
Кәсен амалсыздықтан көніп, «құлқуалдасын» қайыра бастады, бірақ онысында «дұғалықтан» тамтық жоқ екен... Маса талаған Кәсен, шала білетін, дұғалығының өзін шала-шарпы былдырата сап тез бітірді де:
— Ал, аттанайық!— деді. Екеуміз тағы да қатар отырдық, машина жөнеп берді... Енді машина жүрісін елер Кәсен жоқ, жүйрік атпен шауып келе жатқандай, екі көзі жайнап барады...
— Шырағым Сәбит,— деді Кәсен, былай шыға,— осы жұрт Мырзажан деген біреуді көбірек атап кетті, сол өзі кім?
— Жақсы деп атай ма, жаман деп атай ма?— деп сұрадым мен.
— «Жақсы» дейді.
— Кәсен аға, сізше қалай? Ленин жақсы кісі ме?..
Бұл қай сұрауын,?..— деді Кәсен кейіген кескінмен.— Бүкіл жұртқа жақсылық көрсеткен оны «жаман» деуге кімнің аузы бара алады?
— Осындай оңаша келе жатқан шақта айтуға болады ғой — дедім мен Кәсенді сынамақ боп.
— Әңгіме,— деді Кәсен,— көптің арасында я оңаша болуда емес қой. Сәбит шырағым, ішкі сарайыңда ғой. Жақсы десең де, жаман десең де сол сарайдан шығарып айту керек қой.
— Менің де естимін деп келе жатқаным сол.— дедім мен,— Ленинді жақсы көрсең де, жек көрсең де шыныңды айт деп келе жатырмын.
— Шырағым,— деді Кәсен,— мен «құдай — бір, пайғамбар — хақ» деп жүрген кісімін. Құдай мен пайғамбар алдында өтірікші боп көрген күнім жоқ. Қашан да расымды айтып келе жатқан адаммын. Саған да расымды айтам: Ленин — тегін кісі емес, оған аруақ орнаған кісі, құдай тағала оны жылаған көптің көз жасын исін деп жіберген. Сондай адамды жаман деуге, құдайға күнәлі боп, аруаққа шет боп, аузым қалай барады?.. Ленин—халықты сүйген адам. Халық та оны сүйеді. Ондай адамды құдай да сүйеді. Мен де Ленинді шын көңілден жақсы көрем!
— Ендеше,— дедім мен Кәсенге,— Мырзажанның жақсы адам екені рас. Ол Лениннен сабақ алған кісі...
— Тура, алдында отырып оқыған ба? — деді Кәсен, «сабақ» деген сөзді молда беретін сабақтың мағынасында түсінгендей.
— Алдында отырып!...— дедім мен, бұл сөзді көп созғым келмей.
— Е-е-е, бә-се-е-е-е! —деді Кәсен иланғандай,— ел мұншама мақтаған, осынша жақсы адам қайдан шықты десем ұстазы мықты екен ғой. Халықтың қамын ойлап, көз жасын иген ұстазына да шәкіртіне де мың сан рақмет!.. Ендеше, мың жасасын Мырзажан!
ҚАРАҒАНДЫ
Мен Қарағанды қаласына поезбен түнде келіп түстім. Итжон аталатын дөңестің күнгей жақ саясына орнаған бұл шағын қаланын, тұла бойы электр жарығына тұнып, ашық түндегі жиі жұлдызды аспандай болып көрінеді екен. Мені осы қалада шығатын «Қарағанды пролетариаты» газетінің, редакторы Жұмабай Орманбаев қарсы алды. Тапалтақ, толық денелі, басы дене шамасына қарағанда үлкен, ақ-сарғылт өңді бұл жігітті мен кептен білем. 1906 жылы кедей семьяда туған ол революцияға дейін жалшылықта жүріп келген де, одан кейін сауатын ашып, комсомол қызметкері боп кеткен. 1920 жылдардың орта тұсында Тәшкендегі Орта Азия Коммунистік университетін бітіріп, одан кейін Қызылорда қаласында «Лениншіл жас» газетіне редактор болған. Одан кейін бірер жыл аудандық газеттерде редактор болып, 1932 жылда «Қарағанды пролетариатына» сұранып келген. Мінез жағынан ол мейлінше ашық, қалтарысы жоқ, үнемі тура сөйлейтін, аздаған тәкаббарлығы және серілігі бар адам. Қарағандының патриоты боп үлгергенін Жұмабай Орманбаев амандық сөздерден кейін-ақ білдірді. Қарағандының вокзал дегені кішкене ғана үйшік екен. Келім, кетімі көп бұл станцияға жүргіншілері вокзалға сыймағандықтан айналасындағы тақырдың әр жерінде сапырылысып жүр, ошарылысып тұр. Станция төңірегінде электр жарығы жоқ. Газ шамдардың сәулесі қараңғы түннің сояуын жеңе алмай төңіректі тұмандандырып, елестерін әрең көрсетеді. Мен Жұмабайға:
— Қарағанды дегендерің осы ма? — деп бастап, станцияға көңілімнің толмауын айтып ем:
— Ол рас,—деді Жұмабай—қаланы көргенде көңіліңнің бұдан да артық көншімеуі мүмкін. Бірақ бұның, бәрі айналасы төрт-бес жылдың ішінде өзгеріп, одан кейін соқсаңыз, салтанатты социалистік қаланы көруде күдігіңіз болмасын.
Жұмабай тарантасқа жегулі ат алып шыққан екен. Мені өз пәтеріне апарып түсірмек болған ол ойлы-қырлы жалаңаш далаға орнаған Қарағанды қаласының, кейі жарық, кейінің жарығы көмескі, кейінікі қараңғы, әр қилы көшелерін аралай жүріп келеді.
— Қарағанды деген қала осы ма? — деп сұраймын мен, менсінбей.
— Осы,— дейді Жұмабай қымсынбай.— Айтпадым да әлгінде, бұның әзірге қала сиқы жоқ деп? Сол айтқаным айтқан. Манағы сөзімді қайта айтайын: әдемі Қарағандыны көргіңіз келсе, бұл араға төрт-бес жылдан кейін оралыңыз.
Біз мініп келе жатқан аттың басы бір этажды ұзыншалау үйге кеп тірелді.
— Бұрын ағылшындардың конторы болған үй,— деді Жұмабай тарантастан түсе беріп.— Кәзір қызметтегі адамдардың пәтері. Бұл үйде он шақты семья турамыз. Менің қарамағымда есігі бөлек екі бөлме бар.
Үйінде даяр тұрған шайды ішіп, етті жеп болғанша Жұмабай мені Қарағандының өткен тарихымен де, бүгінімен де, болашағымен де қысқаша таныстырып үлгерді. Оның айтуынша, бұл арада көмір барын XІX ғасырдың орта тұсында аңшы қазақ ашқан. Соңына тазы ерткен осы қазақ көзіне шалынған бір түлкіні қуады. Тазы сыпыруға жақындап қалған кезде түлкі інге кіріп кетеді. Ақшы іннің аузын таспен бекітеді де, аулынан кісілер әкеп қазады. Сонда, тереңірек жерден бұрын көрмеген ғажап тас шығады: түсі қара, өзі жұмсақ, жағып көрсе маздай жөнеледі! Бұ не ғажап?! Аңшылар түлкіні соғып алады да, бұрын көрмеген, естімеген тас тапқандарын аулына айта барады. Жұрт жиналып кеп тағы да көрсе,— жанатын тас! Маңайдағы ел оны отын орнына пайдалануға кіріседі... Осы хабар әуелі старшынға, одан — болысқа жетеді. Болыс орыс әкіміне айтады... Осылай біреуден біреу хабарлана кеп, ақыры Ақмоланың, сәудегері — Ушаков естиді де, астында көмірі бар «Итжон» өлкесін елу сомға сатып алады, содан кейін көмірді қаздырады да, маңайдағы қалаларға саттырады... Кешікпей Қарағандыда асыл көмір бары Европаға естіліп, француз капиталисі — Карно Ушаковтан елу мың сомға сатып алады. Со кезде, со маңайда «Спасовка», «Нілді» аталатын ұсақ мыс заводтары ашылып, Қарағанды көмірін солар пайдаланады. Бірақ қазақтың темір жолдан алыс шел даласында орнаған мыс заводы да, көмір ендіру ісі де қарқындап кете алмайды. 1857—87 жылдардың арасында Қарағанды не бары — 300 мың тоннадай-ақ көмір өндіреді.— Бұл — кәзіргі Қарағандының ең артта деген шахтасының бір айлық қана өнімі. 1887—99 жылдары мыс заводтары да, Қарағандының шахталары да жабылады. 1899 жылдан бастап қайтадан іске кірісіп, революция жылдарына дейін қызмет атқарады. Осы мерзімде қазған көмірі 815 мың тонна ғана. Бұл да кәзіргі орталау шахтаның ай сайын өндіретін көмірі. Революция жылдары қашқан шет ел капиталистері Қарағанды шахталарының бәрін суға толтырып, ауыздарын опырып, іске жарағысыз ғып кетеді. Қарағандыны іске асыруға Совет үкіметі 1930 жылдан бастап шахталарының ішіндегі суды шығарумен қатар, көмір запастарын зерттеуге кіріседі. Тазаланған шахталардан 1930 жылы 30 мың тонна, 1931 жылы — 278 мың тонна көмір алады. Мен барған 1933 жылдың планы миллион жарым тонна екен.
— Жыл сайын осылай ілгерілей беруге тиістіміз,— дейді Жұмабай Орманбаев.— Бірақ әзіргі өндіруіміз, капиталистік елдердің көмір ендіруімен салыстырғанда темен жатыр. Кәзір Қарағандыда қызмет атқаратын он шақты шахтаның бір жылда қазатын көмірін Американын, техникамен қаруланған шахтасы бір айда қазады.
— Кәзіргі көмір өндіру әдісіміздің,,— деп жалғастырады Жұмабай сөзін,— революциядан бұрынғы әдістен ешбір айырмасы жоқ. Шахтерлер көмірді кәзір де қайламен қазып жатыр.
— Жұмысшы саны қанша? — деп сұраймын мен.
— Үш мың шамасындай. Бәрі де қазақ. Және көпшілігі ауылдан келген жастар.
— Аз ғой,— деймін мен,— будан көбеюге тиісті ғой?
— Әрине, деп жауап береді Жұмабай.— Зерттеушілердің айтуынша, көлемі үш мың шаршы километрге созылатын көмір пласталарында. миллиардтаған тонна асыл көмір жатқан көрінеді. Партия мен үкіметтің мұншама мол көмір байлығын тез пайдаланбауы мүмкін емес. Ол үшін шахта атаулыны дүние жүзілік соңғы табыспен қаруландыру керек. Әне, сол кезде, бұл Қарағандыда талай тың шахталар ашылады, жұмысшылар бірер мыңдап емес, он мыңдап та емес, жүз мыңдап жиналады!...
Жұмабайдың болжалы дұрысқа шығуын Қарағанды көмір ошағы советтік аз жылдың, ішінде дүние жүзіндегі ең мол, ең қарулы, ең мәдениетті шахталардың алдыңғы қатарынан орын алуын бұл арада баяндап жатпаймыз. Ол халыққа мәлім жәйт. Ол түні жақсы тыныстап, ертеңіне сәскелік астан кейін Қарағанды көмір ошағының директорына барып таныстық та, әуелі қаланы, төңірегін, айналасын көріп түспек боп грузовик машина сұрап алдық. Жеңіл машина директор мен бас инженерден басқаларда жоқ екен. «Ескі Қарағанды» аталатын қаланын, (кәзір ол танымастай жаңарып өзгеріп кетті) ол кезде расында да қала сиқы жоқ екен: ойлы-қырлы, тастақ, тақыр белестің сай-саласына ығы-жығы, иін тіресе салынған бір этажды, сиықсыз ұзын тақтай барактар; немесе дөңестің етектерін жырып салған жеркепелер, жаяудың, аттың жолдары ол кепелердің үстімен де ирелеңдей тартылып жатады: барактар мен кепелерге кірсең, кейінің іші үйшік-үйшік боп жұқа тақтаймен бөлінеді де, біразының іші бөлінбестен, «о шеті мен бу шеті тай шаптырарлық» дейтін, орта тұсынан жол ашып, екі шетіне сәкі салған баспанада, бықыған қалың адам (іштерінде бала-шағасы мол семьялар да көп) қаз-қатар тұрып тіршілік жасап жатады. Жұмысшылардың мұндай үлкен баспанасын менің бірінші көруім. Тұрғындардың бәрі де көмір ошағының қызметкерлері. Олар — болашақ үлкен, бай, салтанатты Қарағандының ірге тасын қалаушылар. Сондай адамдардың баспанасы әзірге мынадай нашарлығын көріп, іштей қынжылғаныңмен, сол сәтте жарқын болашағын көз алдыңа елестете қоясын да, қазақтың «бейнетсіз зейнет жоқ» деген мақалын еске алып, жарқын болашағын да тез көруге асығасың!.. Бірер жылдан кейін оны да көрдік. Кәзір — 1963 жылы барып көрсең, жаңа Қарағанды Совет Одағының, жергілікті ең үлкен, ең сұлу, ең мәдениетті қалаларының бірі!.. Қарағанды қаласының бұрын «Итжон» аталатын белесті тақыр далаға орнауы жоғарыда айтылды. Ол бекерге «итжон» аталған жоқ екен: сол жонға шығып тұрып төңірегіңе көз тастасаң, күнгей жағында көгілдір түспен жоталанған Байдәулеттің аласа тауынан басқа қарашық тілерлік биігі жоқ, шетсіз-шексіз кең дала!.. Өн бойына ақ селеулі қалың бетеге өсетін бұл далаға «тәңірім» суды өте тапшы берген. Мысалы, Қарағанды қаласы орнаған, радиусы елу-алпыс километрлік белесті далада «Соқыр» аталатын жалғыз ғана өзенсымақ бар, ол да жас ортасына шейін үздік-үздік боп, жан мен малдың ішуіне жетпегендіктен, тұрғын ел атын «Соқыр» қойған. Белесті «Итжон» деуі — ел «Соқырға» көктемде, суы бар кезде ғана қонып, жаздың басқа айларында құлазып бос қап, қасқыр, түлкі, қарсақ сияқты ит нәсілді аңдардан басқа мақлұқ жортпайды екен. Қазақтың «сусыз жердің суы арам» деуі содан. Жаз айларында малға «оты арам»— Итжон, қыс жылқы малының құты: оның қалын, бетегесі жылқының ең сүйкімді, ең құнарлы тамағы. Қар түсе ол маңға жайылған жылқы, аз уақытта майдан шайлап қалады. Сондықтан да «Арқа» аталатын боз бетегелі бұл кең далаға жылқы өзге жерден кеп өскен. Революциядан бұрынғы қазақ байлары: Азна, Сапақ, Мәті, Дәулен, Адам, Байтұрсын сияқтылардың әрқайсысы оң он бес, жиырма мыңдап жылқы есірген. Қарағанды даласында «қараған» аталатын тобылғы тәрізді ұсақ ағаш өседі. Даланын, «Қарағанды» аталуы содан. Қазақ ауылдарының, көпшілігі дәурен сүрген кезінде, кей жылы қыс жаңбыр жауып мұздақ боп, шөп қатып қалса, тебіндегі жылқы малы қалын, өсетін қарағанның басын шалумен қыстан жұтаудың орнына семіріп шығады екен, өйткені малға жұғымы тамаша! Сондықтан да бұл елде «қараған қарағым тұрғанда, қанды жұтқа қараман!» деген мәтел шыққан. Қарағанның тағы бір ғажабы — бұрынғы отынсыз ауылда жұрт оны отынға қырып алса, немесе күз, көктемде өртенсе, көктем суымен қаулай шығып бір жазда жетіліп болады. Көктемнің, күздің жаңбырлы салқын күндерінде, күземде жүні қырқылған жалаңаш қойға, қалың өсетін қараған ішінен артық жылы баспана жоқ... Міне, жер жүзіне аты жайылған Қарағанды өлкесінің қарағаны мен бетегесі осындай!.. Су туралы тағы да аз сөз: Қарағанды қаласы «Итжонның» шөліне орнауын айттық. Осы қаланын, теріскей жағында 25 километрдей жерде Арқанын, атақты өзенінің бірі — Нұра, батыс жағында Нұраға құятын—Шерубай Нұрасы ағады. Мен 1933 жылы барғанда, шөлдегі Қарағанды суға тарығып отыр екен:«Соқыр», жарытпайды, екі Нұрадан бөшкемен тасыған су да жетпейді, алдағы күнде суды үлкен Нұрадан түтікпен тартпақ... Алға ұмтылып айтқанда,— соңғы жиырма жылда Нұра өзені бөгеліп, айналасына ат шауып жете алмайтын дария көл жасалды да, жағасына «Қазақстан магниткасы» аталған атақты Теміртау металлургия заводы және күші зор «Қарағанды электр станциясы» (Кар. ГЭС) орнады. Көлдарияның суы олардан артылып, кеңіген Қарағанды өндірісін де суарып тұр. Енді бұл су да тапшы боп, үстіміздегі жетіжылдықтың аяғында Қарағандыға Ертіс өзені бұрылып келмек. Сонымен Қарағандының су мәселесі біржола шешіліп болады... Тақырыбымызға оралайық: Қарағанды жерінін, сырт бейнесін де көре жүріп, мен негізгі мақсатым — көмір ошақтарымен, шахталармен танысуды да ұмытқан жоқпын. Бұндағы шахталардың құрылысы да, ісі де Байқоңырдан мүлдем басқаша боп шықты. Мұның штректері әрі кең, әрі биік, әрі іші электр жарығымен сәулеленген; қазылған көмір мұнда вагонетканы қолмен итеру арқылы емес, электрлі вагондармен тасылады екен. Қарағанды шахтасының көмір қыртысының қалыңдығы кей тұсында бес-алты метрге жетеді, ең жұқа дегені — метр шамасында. Одан жұқа қыртысты бұл шахталарда алмайды екен. Қарағанды көмірінің, сықса майы шыққандай қап-қара түсі, электр жарығына шағылысқанда қара майдай жалтылдайды... Көмірі осынша мол, осынша асыл, осы мол, асыл көмірді алуда техникасы да, жұмысшы кадры да, олардың мәдениеті де мейлінше өскен Қарағандының кейінгі жылдарын сипаттауға делебем қозғанмен жазып отырған кітаптың, оқиғасы 1936 жылмен аяқталатындықтан, кейінгі Қарағандыны сипаттау ісін алдағы уақытта жазылуға тиісті кітаптардың сыбағасына қалдыра тұрам. Қарағандының іші-сыртын бірнеше күн көріп танысқаннан кейін Жұмабай Орманбаев маған Байдәулет тауына барып, аңшылап қайтуды ұсынды. Мені көндіргеннен кейін:
— Ана жылы Қызылордада тұрған шақта сіз Сәкеннің, үйіне көп араласатын едіңіз ғой,— деді ол,— сонда жоғарғы ернінің жырығы бар, шегір көздеу, ақсары өңді, қулықшы, ойыншы бір жігіт Сәкен үйіне келе беретін еді ғой. Есіңде ме сол жігіт?
Мен аз ойландым да:
— Ә-ә-ә, әне біреу екен ғой!.. Аты кім еді соның?— дедім.
— Мұқажан.
— Фамилиясы кім еді?
— Байтурин. Өзі осы маңайда жүр. Құралайды көзден атады дейтін мерген. Аңға соны ертіп шықсақ шаш етектен қарық боламыз.
Жұмабайдың айтқаны тура келді. Байдәулет тауының өнбойын, одан әрі «Нұраталды» мен «Шерубай Нұрасы» өзендерінің бойын бес-алты күн бірге кезгенде мен Мұқажанның мергендігіне қайран қалдым да жүрдім. Мылтығының қарауылына іліккенді құтқармайды. Байдәулет бойында қоян көп болады екен. Солардың оқ шалар жерге келгенінің, Мұқажан бәріне дарытады. Және ол аңның қай жерінен тигізейін деп сұрап алады да, басынан, көзінен, қолтығынан. бүйірінен, аяғынан деген ұсынысты айтсаң, оғын дәл со жеріне тигізеді. Біз аралаған далада дуадақ та көп екен. Ол аңшыны аз көрген мақлұқ па немесе, қасына жақындағанша қоңқылдап отыра береді екен. Мұқажан дуадақтардың кез келгенін сұлата береді. Қасқыр, түлкі сияқты жыртқыштар бізге ұшыраспады. Ал ін аузында шоқиып отыратын суыр, тараққұйрық сияқтылардың талайы да Мұқажанның оғынан қаза тапты. Ұсынған мылтығы қан қаппай қоймайтын Мұқажанның атқыштығына қайран қала жүре, мен оның екі жолғы мергендігін өмір бойы естен кетпестей жадыма сақтадым. Әуелі, біріншісі туралы. Мұқажанның, шегір көзінің көргіштігі ғажап. Ат үстінде келе жатсын, жаяу келе жатсын, ол аңсыраған бүркіттей үнемі жан-жағына тесіле қарайды да отырады. Сонда Жұмабай екеуміздің көзіміз шалмайтынды оның көзі шала қап: Ойбай! Әне, аң,! Әне, құс!— деп елеңдей қалады. Оның ықшам, тарамыс денесі мейлінше оңтайлы. Алыстан абайлаған дуадаққа, қоянға, немесе басқа аң мен құсқа, таса жерлермен өңкеңдей жүгіргенде шапшаң да епті... Осындай әрі қырағы, әрі епті Мұқажан бір күні бір қыраттың үстінде бізбен жаяу келе жатты да:
— Ойбай, ана қара!— деп, етпетінен жата қалып әлденеге қолымен нұсқады. Мұндай қылықты Мұқажан кейде ойнап, кейде шындап істейтін: ойнағанда көрдім дегені өтірік боп, бізді босқа әуре қып жерге жатқызатын шындағанда көрдім дегені рас болатын. Ол мына жолы да жатыңдар деп ым қақты.
— Не?— дедің екі жағын ала жата қалған біз сыбырлап.
— Әне бір шиге қараңдаршы,— деді Мұқажан маңдай алдымызда әу дерлік жерде биіктеу боп өскен бір түп шиді нұсқап.
— Онда не бар?
— Сол шидің, нақ үстінде, биікте шырылдап тұрған бозторғайды көресіңдер ғой?
— Көреміз...
— Шидің басында со торғайды арбап тұрған жыланды көресіңдер ме?
Жұмабай екеуміз қанша қадала қарағанмен шиге оралған жыланды көре алмадық.
— Енді азғантай уақытта,— деді Мұқажан,— сол торғай арбалып жерге құлайды да, жылан жұтады. Оны істетпеу керек.
— Қалай?!
— Жыланның басын көздеп атам да сұлатам!..—деп Мұқажан Сәкеннен сыйға алған қосауыз мылтығының аузын шиге қарай ыңғайлай берді. Әп-сәтте мылтық даусы гүрс ете түсті...
— Құлады,— деп тұра жүгірді Мұқажан. Біз де жүгірдік. Ши түбіне барсақ, сала құлаш көр жылан тулап жатыр. Мұқажан оның желкесінен етікті табанымен басып тұрып көрсетсе, тұтаса тиген бытыра оғы бас сүйегінің мыж-тыжын шығарыпты!..
— Міне, мерген!.
Мұқажанның екінші мергендігін айтайын: Нұраталды өзені жаз күндері әр жерінен үзіліп, тереңді-тайызды қарасу боп жатады екен. Бір кеште үлкендеу қарасудың жағасына кеп жайланғалы жатыр ек, әлдеқайдан екі сұқсыр үйрек зымырай ұшып келді де, жалтырға қона қалды.
— Қап, мына үйректердің еркінсуін-ай!— деді Мұқажан.— Екеуін де қағып түсірсем қайтеді?
— Қаға алсаң,— дедік біз.
— Ендеше, әкеле қояйын,— деп, қарасудың бержақ шетіндегі бір түп талды бетіне ұстай, мылтығын қолына ала, Мұқажан өңкеңдеп жүгіре жөнелді. Мен де өңкеңдеп соңынан ілестім. Суға сүңгіп, шығып ойнаған үйректер тал түбінен оқ шалатын жерге жуықтады, со кезде:
— Біреуін сүңги бергенде бөксе жағынан, енді біреуін судан шыға бергенде басынан атып түсірсем қайтеді?— деді Мұқажан, қасына жетіп қисая кеткен маған сыбырлап:
— Еркің,— дедім мен.
Мұқажанды сынағысы келгендей, үйректің алдыңғы жақта жүзгені, шолп етіп сүңгіді де кетті. Аздан кейін басы қылтың ете қалғанда, қосауыздың он, жағы гүрс ете қалды. Бұл дауыстан сескенгендей, кейінгі үйрек сүңги бергенде, қосауыз тағы да тарс етті...
— Болды,— деді Мұқажан киімдерін шешіне бастап.— Екеуі де оққа ұшты. Кәзір алып шығам.
Суға жүзгіштігін Мұқажан бұған шейін де көрсеткен. Жалаңаштанып алған ол қарасуға қойып кетті де, су бетінде қалқыған екі үйректі де алып шықты. Оқ расында да біреуінің басынан, біреуінің бөксесінен тиіпті!.. Осы сияқты нанарға да, нанбасқа да болмайтын қызық уақиғаларды Мұқажан Байтурин көп айтады. Оның күлкілі әңгімелерінде де хисап жоқ. Аңшылық туралы да нелер қызық хикаялар біледі, соның біразын өз басынан өткерілген ғып сипаттайды. Мысалы:
— Баяғыда еститін ек қой,— бастайды Мұқажан бір әңгімесін,— көмірдей қара қасқыр болыпты, қасқыр атаулының арланы екен, ешкімнен де қымсынбай, малды жарып жеп жүре береді екен, жұрт қууға бата алмайды екен, қуамын деген біреулерді атынан жұлып ап жазым қылған екен деп. Сіздер осыған нанасыздар ма?
— Ертегі ғой ол,— деймін мен.
— Мен де солай ойлайтын ем,— деді Мұқажан,— көзбен көрген соң иландым.
— Қалай?!
— Шешем кішкене күнімде өліпті де, алыстағы нағашы әжем алып кетіп, сонда өсіп жігіт боппын, жасымнан аңшылап далада жүруді қызық көріппін, соныма қарап, жылқысы көп нағашым мені жылқышыларына қосыпты. Үш-төрт адамбыз. Кезек ұйықтап кезек бағамыз. Ара-тұра аңшылап та қоямыз. Қанжығамыздың қанданбайтын күні жоқ деуге болады. Кейде қарсақ, кейде түлкі, кейде қасқыр дегендей, ара-тұра жыртқыш аңдарды да соғып аламыз.
— Бір күні,— деп жалғастырады Мұқажан әңгімесін.— мен қоста ұйықтап қалдым да, серіктерім жылқы күзетіне кетті. Олар таңертең сұмдық көрдік деп келді. Не көрдіңдер? десем: қара қасқыр болады деген рас екен, біреуін емес, екеуін көрдік, бірі — арланы, бірі — қаншығы сияқты. Жүгіруге жарап қалған екі бөлтірігі бар. Олар да көмірдей қап-қара... Қара қасқырлар біздің күзетіп жүргенімізді көре тұра жылқыға таң ата тиді де, үрке қашқан бір семіз биенің таңына жабысып жарды да тастады. Көре шапқан біз сойыл көтеріп жақындап келсек, қашатын түрлері жоқ... Сонда ғана ертегіде айтылатын қара қасқырлар есімізге түсіп, сойыл сілтеуге бата алмадық!
— Рас па екен?!—дейміз біз.
— Тыңдаңдар!.. Растығын көресіңдер,— дейді Мұқажан.— Мен со қасқырлармен алысуды ниет еттім. Бір күн туыппын, бір күн өліппін, не оларды соғып алайын, не өзім мерт болайын деп бекіндім. Сөйттім де қысы-жазы қасқырды құтқармай соғатын жүйрік қара айғырды жараттым...
— Ия?!—дейміз біз, не боларын естуге құмартып.
— Айғырымды бабына келтіргеннен кейін,— дейді Мұқажан, — қасқырлардың қайда түнейтінін бақыласам, Қарағандыда капиталистер бұзып кеткен бір шахтаның ішін мекендейді екен. Аңдып жүрген күндердің біреуінде бөлтіріктерін ерткен екі қара қасқыр айдалада кез келе қалды. Алыста көрінген олар, әуелі маған аңыра қарап тұрды да, бөлтіріктерін ерткен қаншығы апанына қарай тартты, арланы алдымнан ойқастай берді. Не де болса тәуекел деп, мен арланға тура ұмтылдым. Ол мені алдастырғысы келгендей біраз жер тоңқаңдай шауып отырды да, қаншығы мен бөлтіріктері апандарына жақындаған кезде, қарсы қарап жатып алды. Ә-ә-ә, сен де бұрынғы қара қасқырлардың әдісін қолданайын деген екенсің. Нар тәуекел!.. Екеуміздің бірімізге ажал жеткен шығар деп айғырды тебіндім де, тұра шаптым. Бұрын қасқыр соғып үйренген бұл айғыр, жеткен қасқырды алдына келсе тарпып, артына келсе тебетін. Айғырым мына жолы да соны істеп, жатқан қасқырды тарпа бассалмақ болғанда, жатқан қасқыр оның танауына шапшыды. Айғыр қасқырды тарпи бергенде, мен үстінен сыпырылып түсіп қалдым. Қасқыр маған ұмтылғанда, айғыр оны қос аяқтап теуіп кеп жіберді. Ұшып кеткен қасқыр тұра қашты. Мен айғырды ұстап мінгенше, қашқан қасқыр жырақтап кетті. Со бетінен жеткізбестен апанына барып кірді.
— Осы ұялы қара қасқыр,— дейді Мұқажан, әңгімесін аяқтауға ыңғайланған қалпын көрсетіп,— со шахтының ішінде әлі де жүр дейді, енді кісі көрсе қашады дейді...
— Жұрттың сол «қара қасқыр» деп жүргені, жер астындағы көмір емес пе екен? — деймін мен күліп.— Қасқыр да табиғаттың мылқау күші, көмір де мылқау күші. Көмірдің күші қасқырдың күшінен артығырақ. Қарағанды даласына жер жаралғалы таптырмай жүрген бұл «қасқырды», адамзат енді ғана тауып, енді ғана пайдаға жаратып жатқан жоқ па? Халықтың ертегі ғып жүргені осы «қасқыр» болар!..
— О да мүмкін,— дейді Мұқажан.
БІРІККЕН БІЛЕКПЕН
Мен «Қарағанды — Алматы» аталатын вагонмен Қызылжар, Новосибирь, Семей арқылы жүретін поездардың, бірінен соң біріне тіркеліп, Алматы қаласына келдім. Ондағы ойым: біріншіден — республика басшылығы өзгергеннен кейінгі жаңалықтармен танысу, екіншіден — өткен күз, Одақтық Орталық партия комитетінің, қаулысымен РАПП аталатын жазушылар ұйымы жойылып, орнына «Совет жазушылар одағы» аталатын ұйым құрылғаннан кейін, Каз. АППта жойылып, орнына «Қазақстан совет жазушылары Одағы» аталатын ұйым құрылғаннан кейін, соның жаңа жағдайларымен танысу. Әзірге Қазақстан жазушылар ұйымының да, Бүкілодақтық жазушылар ұйымының да, өзге республикадағы жазушылар ұйымының да съездері шақырылған жоқ. Бұл ұйымдарда ұйымдастыру бюролары ғана құрылып, алдағы съездеріне даярлық жасап жатыр. Қазақстанда ұйымдастыру бюросының председателі — Ілияс Жансүгіров, секретары — Қадыр Қуанышов. Бұл бюроның не қызмет атқарып жатуын сипаттаудан бұрын, Қазақстанда қашан, қандай жазушылар ұйымдары құрылудан қысқаша мәлімет беріп кетейік. Мәдениетті елдерде жазу тарихы, оның ішінде көркем шығарма тарихы ерте басталған елдерде, мәселен, орыста көркем әдебиет үйірмелері XVІІІ ғасырдан ұйымдасып, олардың біразы әдебиет ұйымының қызметін де атқарған. Советтік дәуірде орыстың бұндай үйірмелері көбейіп, бәрі де советтік құрылысты жақтай отыра, жазу әдісінде әр платформадағы ағымды жақтайтын әдебиеттік ұйымдарға айналып кетті. Жоғарыда атаған РАПП солардың біреуі ғана. Шын мағынасындағы жазба әдебиеті XІX ғасырдың екінші жартысынан басталған, бұл түрдегі жазушыларының революциядан бұрынғы саны бармақпен ғапа есептерлік қазақ жазушылары, советке дейінгі дәуірде жазушылар үйірмесін, немесе — Жазушылар одағын құрарлық халге жеткен жоқ. Тек, Абай Құнанбаевтың тірі кезінде, оны немере інісі — Шәһкәрім Құдайбердин, ақын балалары: Ақылбай, Мағауия, дос ақындары: Көкбай, Әріп төңіректеп, шығармаларын Абай үлгісімен жазуға тырысқан деседі. Абай өлгеннен кейін бұл топ бытырап, әрқайсысы өз бетімен тіршілік құрған сияқты. Қазақтың революцияға дейінгі жазба әдебиетінде бұдан басқа әдебиет үйірмесі сияқты топты естіген жоқпыз. Революциядан бұрын шыққан «Қазақ» газетінің «Айқап» журналының төңірегіне жиналған аздаған қазақ жазушыларын үйірмелік, ұйымдық халға жетті деп айта алмаймыз. 1917 жылғы екі революцияның алғашқы күндерінен-ақ қазақ әдебиетінде де біріне бірі қарама-қарсы екі бағыт басталды: бірі — Октябрь революциясын, пролетариат диктатурасын, Совет өкіметін, коммунистік бағытты жақтап, жырлауда қазақ совет әдебиетінің алғашқы жолын тартқан Сәкен Сейфуллин бастаған бағыт; екіншісі — Октябрь революциясына, Совет үкіметіне, коммунистік партияға қарсы шыққан, революцияға қарсыларды мақтаған Мағжан Жұмабаев бастаған бағыт. Алғашқы жылдары жекеленіп күрескен бұл екі бағыттың адамдары, жиырманшы жылдардың орта тұсында топтасқан, яғни — ұйым құрған бағытқа айналды: Сәкен бастаған топ, 1925 жылдан кейін КазАПП аталған ұйым төңірегіне үйірілді, бұл ұйым кешікпей өзінің платформасын, яғни -— көркем әдебиетте ұстайтын бағытын жариялап, ресми ұйымға айналып кетті; ал, Мағжан бастаған топ «Алқа» атты ұйым құруға тырысты, бірақ бұл ұйымның мақсаты советтік құрылысқа, яғни—тап тартысы арқылы социализм ісіне қарсы болғандықтан, мезгіл — советтік жағдай болғандықтан, «Алқаның» идеясын жеке мақалаларда айтқаны болмаса, ұйым ретінде қимыл жасай алмайды. Сонымен, қазақ әдебиеті, Орталық партия комитетінің 1932 жылғы қаулысына, бірі — ресми ашық түрдегі (КазАПП), екіншісі — бүркенішті түрде («Алқа») екі-ақ ұйыммен келді. Бұл уақытқа дейін, мысалы — орыс әдебиетінде платформалары біріне-бірі қайшы, бірнеше ұйым болғанын, солардың бәрі «Совет жазушылар одағы» аталған жаңа ұйымға қосылғанын жоғарыда айттық. Қазақстанда олай болған жоқ. «Алқадан» қазақ совет әдебиетінің одағына бірлі-жарымды адам ғана қосылды, КазАПП мүшелері Совет жазушылар одағына түгел кірді. Ендігі аз сөз — солардың, ішіндегі кейбір басты жазушылар туралы. Қазақ совет әдебиетінің алғашқы жолын Сәкен Сейфуллиннің тартуы туралы жоғарыда айттық. Оны кейбір әдебиет тарихшылары соңғы кезге дейін «қазақ совет әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі» деп келді. Егер «негізін қалаушылардың бірі» болса, оның қатарында тағы біреулер тұру керек қой. Расында олай емес. Қазақ совет әдебиетінің туын 1917 жылы бірінші боп көтерген Сәкен Сейфуллин, революцияның алғашқы үш жылында, қазақ тілінде Октябрь революциясын, совет өкіметін, коммунистік партияны, оның көсемі В. И. Ленинді жападан-жалғыз жырлады, бұл үш жылда аталған тақырыптарда Сәкенмен қатар бұл тақырыпқа жазған жазушысы болған жоқ. Осы үш жылда, Сәкен көркем әдебиеттің бар жанрында да революцияны, социалистік құрылысты мадақтайтын бірнеше шығарма туғызды, ендеше, бұның аты «негізін қалаушылардың бірі» емес, сол негізді қалаушының бірден бір өзі. Соңғы екі-үш жылдың ішінде, қазақстандық тарихи документтердің бәрінде де осылай жазылып жүр. Бұл Сәкенге әділ берілген баға. Өмір бойы осы бетінен таймаған Сәкен, Қазақстанда да Совет жазушылар одағы құрылған шақта; жазушылық стаж жағынан да, идеялық жағынан да, шығарма жазуға шеберлік жағынан да қазақ совет жазушыларының ағасы және ұстазы еді. Бейімбет Майлин туралы. Ол да қаламды революциядан бұрын, Сәкенмен қатар ұстаған жазушы. (Жас жағынан Сәкенмен құрдас.) Жазушылық қадамының алғашқы кезінде мектептік сауаты да (Уфадағы «Медресе Ғалия» аталатын татар орта мектебінің алғашқы бірер класын ғана бітірген), саяси сауаты аз болғандықтан, революция жылдары, аз уақыт қазақ ұлтшылдарының ықпалына түсіп қателесуі бар. Қазақстанда Совет өкіметі орнай, Бейімбет ол қатесінен шұғыл арылып, қазақ еңбекшілеріне Октябрь революциясы берген бостандықты, советтік құрылысты белсене жырлайтын жазушы болып кетті. Өйтуі табиғи нәрсе боп шықты: Бейімбет қазақтың ең кедей семьясында туып өскен, әкесі де, туыстары да өмірлерін жалшылықта өткізіп, советтік дәуірде ғана «ауы — атқа, аузы — асқа жарыған», Бейімбеттің өзі де революцияға дейін жоқшылықтың тақсіретін тартып, байларға жалшы да болған, оқуды да аса таршылықпен оқыған, Қазақстанда советтік құрылыс басталған күннен, осы құрылысты белсене жырлаған Бейімбет шығармаларын түгелімен қазақ кедейлерінің революциядан бұрынғы таршылық өмірін, революциядан кейінгі азат құрылысшы өмірін жырлауға арнады. Осы тақырыпта ол поэзияда да, прозада да, драматургияда да, журналистікте де көптеген құнды шығармалар жасады. Сөйтіп, ол да Қазақстан жазушылар одағы құрылу кезеңіне қазақ совет әдебиетінің аға, құрметті жазушыларының бірі бон келді. Қазақ совет әдебиетінің, алғашқы кадрының бірі — Ілияс Жансүгіров. 1894 жылы туған ол, кейін табылған материалдарға қарағанда жазушылық ісіне 1917 жылдан бастап кіріскен. Оның бірер өлеңі, алғаш, 1917—19 жылдар арасында Семей қаласында шыққан «Сарыарқа» газетінде басылған. Советтік баспасөзде Ілиястың өлеңдері жиырманшы жылдардың алғашқы жартысында Алматы қаласында шыққан «Тілші» газетімен, Ташкенде шыққан «Ақ жолда», осы қалада шыққан «Шолпан» және «Сана» журналдарында «Таңқыбай» немесе «Матай» деген псевдониммен жарияланып жүрді. Ілияспен жүзбе-жүз танысуым 1927 жылдың жазы. Бұл кезде Ілияс Москвадағы журналистер институтында оқып жүр. Жазғы каникулға шыққан Ілияс жолда Қызылордаға соғып, Қазақстан Мемлекет баспасына өзінің өлеңдер жинағын ұсынды. Мен ол кезде аталған баспаның бас редакторы едім. Ілиястың қалдырып кеткен қолжазбасынан (жалпы көлемі 20 баспа табақтай). Мемлекет баспасы үш баспа табақтайын іріктеп алды да, «Сағанақ» деген атпен 1928 жылы кітапша етіп басып шығарды. Мен алғы сөз жаздым да, «Ілиястың, өлеңдерінде тап күресі айқын емес» дегенді айттым. Осы жайда Ілияс екеуміз газет бетінде айтысып қап, кейін түсіністік. Оған бас себеп— 1928 жылы ерекше декретпен қазақтың ірі байлары кәмпескеленген кезде, 1929-—30 жылдары, ауыл шаруасы жаппай колхоздану негізінде байлар мен кулактар тап ретінде жойылған кезде, қазақ совет әдебиетінде осы науқандарға ең белсенді қатынасқан жазушының бірі — Ілияс Жансүгіров боп, таптық күресті екпіндей жырлады. Ілияс бұл кезде КазАПП басқарушыларының бірі болды, сондықтан да оның 1930 жылы баспасөз бетінде жарияланған платформасына Ілияс, Бейімбет, мен үшеуміз қол қойдық, сондықтан да, 1932 жылы КазАПП жойылып, Қазақстан совет жазушылар одағының ұйымдастыру бюросы құрылғанда, Ілияс оның председательдігіне тағайындалды. Бұл Ілиястың жазушылық ісінің де марқайған кезі еді. Оның «Жер-су суреттері», «Гималай», «Күй», «Күйші» сияқты бірталай басты шығармалары осы кезде жазылды. Қазақ совет әдебиетінің алғашқы буынына, шығармалық өмірбаяны революциядан бұрын басталатын Сәкен Сейфуллинді, Бейімбет Майлинді, Ілияс Жансүгіровті, тағы басқаларды қоссақ, екінші буынның шығармалық өмірбаяны жиырманшы жылдардың орта кезінен саналады. Бұл топқа Асқар Тоқмағамбетов, Жақан Сыздықов, Өтебай Тұрманжанов, Ғалым Малдыбаев кіреді. Бұлар да Қазақстан совет жазушылар одағын КазАПП арқылы қаламдары төселіп, халыққа жазушылық аттары танылып келгендер. Қазақстан совет жазушылар одағының ұйымдастыру бюросы құрылған кезде, оның бір мүшесі боп Ғабит Мүсрепов белгіленді. Бұл әлдеқалай белгілену емес еді. Жазушылық өмірбаяны 1928 жылдан басталған ол, осы басқышпен тез көтеріліп, аз жылдың ішінде әдебиеттің екі жанрынан халыққа әйгілі боп қалды: бірі — көркем проза, екіншісі — журналистік. (Драмалық шығармалар жазуға 1932 жылдан кейін кіріскендіктен, бұл жүйедегі зор табыстарына, бұл арада тоқырамаймыз.) Алғашқы адымын прозадан бастаған Ғабит, жиырманшы жылдардың аяғында, отызыншы жылдардың басында ауыл шаруасын колхоздандыру тақырыбына бірнеше әңгіме және хикая жазып, олары қазақ әдебиетінің қымбат қорына қосылды. Қаламгерлік (публицистика) іске жиырманшы жылдардың орта кезінен кірісіп, саяси және әдебиеттік тақырыптарға бірталай мақалалар жазған, осы істерінде коммунистік бетін айқын көрсеткен Ғабитті Қазақстан Өлкелік партия комитеті 1933 жылдың жазында республиканың басқарушы газеті — «Социалистік Қазақстанға» редактор ғып тағайындады. КазАПП мүшелерінен 1930 жылдардың бас кезінде марқайып қалған ақынның біреуі — Әбділдә Тәжібаев болды. Жазушылық тарихы 1927 жылдан басталған, кедей семьядан шыққан, советтік балалар үйінде тәрбиеленген оның алғашқы адымынан-ақ таптық, партиялық беті айқын болды. Бұл кездегі әдебиеттік көзқарасында және жазушылық әдісінде Әбділдә Сәкенмен, менімен үндес еді, әсіресе — менімен, екеуміз де ол кезде солақайлау едік, сондықтан да оның 1933 жылы «Жаңа ырғақ» деген есіммен басылған өлеңдерінің бірінші жинағы, менің алғы сөзіммен шықты. Отызыншы жылдардың басынан қазақ совет поэзиясында жарқырай шыққан ақынның біреуі — Тайыр Жароков. Содан бері социалистік заманымен қатар аттап келе жатқан, үнемі өрлеу жолында келе жатқан Тайырдың «Бесжылдықтың балғасы» сияқты, «Күн тіл қатты» сияқты жалынды өлеңдері халықтық жырға айналып кетті. КазАПП-шылдардың бұл тізімін кеңейте түсуге болар еді, өйтуге орын да аз және өйтудің қажеті жоқ, себебі — бұл арада біз КазАПП тарихын жазып немесе оған баға беріп отырған жоқпыз, тек «Қазақстан совет жазушылар одағы» аталатын ұйымның кадрлары қайдан келуін елестетіп қана отырмыз. Қайталап айтқанда, бұл одақтың алғашқы мүшелерінің жүзден тоқсан тоғызы — КазАПП-шылдар. «Алқадан» Қазақстан совет жазушылар ұйымына жалғыз Мұхтар Әуезов қана келді. Неге келу себебін ол, «Казахстанская правда» газетінің 1932 жылы, 10 июньде шыққан 131-санында жариялаған ұзақ хатында толық баяндады. Оқушыларға мәлім бұл хатты біз талдап жатпаймыз. Тек қана айтарымыз — Мұхтар қазақтың ұлттық әдебиетіне ғана емес, ұлттық мәдениетіне де зор олжа қосты. Мұхтар қазақ совет әдебиетінің мақтанатын шығармаларының бірі — «Абай» романын жазды, көптеген бағалы әңгіме, хикаялар, пьесалар тудырды, ғылымда да бағасы зор еңбектер қалдырды. Осылайша қаулап өскен қазақ совет әдебиеті, мен 1933 жылдың жазында Алматыға келсем, бір тілекпен, біріккен білекпен ілгері дамып барады екен. Бұл жәйт те менің көтеріңкі көңілімді биіктете түсті...
БАР ЕВРОПА ОСЫНДА
1933 жылдың жазында Қазақстаннан көңілденіп қайтуым бұған дейін оқуға алаңдаңқырап жүрген қалпымды түбірімен өзгертті. Мен енді білекті сыбанып дегендей, сабақтарыммен қатты шұғылдануға кірістім. Орысша қысқартып айтқанда ИКП, ол үш әріпті қазақшылап ұзағырақ аударғанда Қызыл профессорлар институты болатын бұл оқу орны аспирантура делінгенмен, одан бірталай өзгешелігі бар еді. ИКП, ең алдымен, сол кездегі ең жоғарғы партиялық мектеп саналады да, аспиранттыққа, тек қана партия мүшелері алынды және жалпы партия мүшесі емес, көп жыл партиялық жұмыстарда болып, ысылған, сақа коммунистерді алды. Оқыту жағынан да ИКП мен аспирантуралардың арасында айырма бар. Аспирантураларда лекция атаулының бәрін тыңдай беру міндетті емес. Ал, ИКП-да ешбір лекцияны тыңдамауға лұқсат жоқ, егерде кейбір аспирант мұны істей қалса, ертеңіне дирекцияға немесе парткомға шақырып зықысын шығарады. Аспирантураға — лекторлардан үнемі консультация алып тұру әр аспиранттың өз ықтиярындағы ғана нәрсе, ИКП-да әрбір сабақтың лекторымен ай сайын ақылдасып тұруға міндеттісің; оқудың семестр аталатын жарты жылдығында аспирантураларда оқушылардың қалай келе жатуы тексерілмейді, ал ИКП-да алғашқы жарты жылдың аяғында, оқу жылының ақырында барлық сабақтан да не біліп, не қоятыны сұралып отырады. Аспирантураларда дене шынықтыру сабағына бару-бармау әркімнің еркінде, ИКП-да күн сайын ертемен және түс кезінде екі рет өтетін дене шынықтыруға бармауға болмайды. Әлдекім бұл тәртіпті бұзса, дирекция оны да қысымға алады. Аспирантура өзінің оқушыларын ғана біледі де, егер ерекше бір жағдай болмаса, оның семьялық халімен шұғылданбайды, ИКП-да әр аспиранттың әйелінің немесе қарамағында тұратын басқа адамдардың балаларының немен шұғылдануын тексеретін арнаулы комиссия бар. Ол комиссия еңбек етерлік жасқа жеткен, бірақ жұмысқа орналаса алмай жүрген семья мүшесі болса, табан аузында орналастырудың қамына кіріседі. Бақшалық я оқу жасындағы балаларды да жүйе-жүйесімен орналастырып, жақсы тәрбиеленуіне жағдай жасайды. Жұмыста жоқ, бірақ балаларын күту ғана ісінде отырған әйел болса, оларға арнап әртүрлі мәдени үйірмелер ашады, дені сауларын ерлерімен бірге дене шынықтыру ойынын өтуге міндеттендіреді (мен өзім ИКП-ға оқуға түскенге дейін физкультура аталатын ойынды сабақ ретінде өткен кісі емен де, ауыл қызы боп ескен, тұрмысқа шыққаннан кейін балаларымен алданған әйелім де солай болатын, екеуміз ИКП үйінде тұрған бес жылымызда физкультура сабағынан ешуақытта қалып көрген жоқпыз). Партиялық жоғарғы мектептердің санатына қосылатын ИКП-ның кітапханасы былайғы аспирантуралық кітапханалардан әлдеқайда бай: Совет Одағында шығатын кітаптардың бәрін де міндетті түрде алумен қатар, ИКП кітапханасы СССР-дағы таңдаулы кітапханалардың қатарына қосылып, шет елден де толып жатқан тілдегі әдебиетті алады. Оның жабық фонд аталатын бөліміне кітапханалардың көбіне түспейтін, не табылмайтын кітаптар келіп жатады; (мысалы, мен шет елде қашып жүрген Советке қарсы кейбір жазушылардың шығармаларын осы жабық фондтан оқыдым). ИКП-ның оқулық аудиториялары да, жатақханалық бөлмелері де өте тәртіпті, таза; мұндағы асханада дәмді тамақ арзан бағамен беріледі. Қысқасы, ИКП ерекше жақсы жағдайда ұсталатын азғана оқу орындарының біреуі. Осындай жағдайда оқығандықтан, ИКП аспиранттарының маңдай алды едім десем мақтанғаным болар, жуан ортасында жүрдім деуге аузын еркін барады. Мен ИКП-да саясаттық немесе гуманитарлық өзге сабақтарды жақсы алып жүрумен қатар, көркем әдебиеттің тарихы, теориясы және шығармаларымен ерекше шұғылдандым. Дүние жүзілік және орыстың классикалық көркем шығармаларды менің өмірде ең көп оқыған шағым осы ИКП-ның тұсы. Профессорлардың бәрі де ығай мен сығайлар. Өзгелерін айтпағанда, бір Луначарскийдің семинарлық оқытуында екі жыл болудың, өзі неге тұрады!..
— Көлденең сөзге көңілін бөлуіме кешірім өтініп, оқушыларға Луначарский туралы төмендегі бар эпизодты айта кетейін: 1932 жылдың күзі. Дүние жүзілік көркем әдебиеттің ең зор өкілінің бірі — Гетенің қайтыс болуына жүз жыл толуына байланысты Совет Одағында да юбилей өткізілетін болды. Москвадағы салтанатты жиналыс, Коммунистік академия ұйымының клубында шақырылды. (Ол үй Ұлы Отан соғысы күндерінде жау тастаған бомбадан өртеніп, мәдениеттің нелер қымбат мүліктері бүлініп я құрып кетті.) Екі мың кісі сиярлық залға жұрт лық толған шақта, баяндамашының жүрегі қысылып қап, жиналыс болмау қаупі туыпты. Сол жиналыста жүрген Анатолий Васильевич Луначарскийге (1875—1933) жиналысты басқарушылар қайтеміз? дегенде, ол: үшінші қоңырауды бес минут кешіктіріп берсеңіздер тоқталатын мәселелерімнің тақырыбын белгілеп, даярланып үлгерем,— депті.
Бес минут кешігіп ашылған жиналыста Анатолий Васильевич үзіліссіз үш жарым сағаттық баяндама жасады. Тақырыбы: «Гете және оның дәуірі». Осы тақырыпқа сөйлеген ол со дәуірдің не оқиғасы қай кезде неліктен болуын, оған Гетенің қарым-қатынасын түгелімен жатқа біледі екен. Сонымен қатар неміс тілінде толып жатқан томдық шығармалар жинағы бар Гетенің, қаламынан туған еңбектерді де жатқа соғады екен. Баяндамасында осы еңбектердің көп жерінен кесек-кесегімен мысалдар алып жатса айтып бергенде басына мұншама көп шығарма сиюына тыңдаушылар қайран қалып, мынаның басы ми мұхитының арнасы ғой!— деп отырысты. Бұл баяндаманың стенографиясы артынан қалын, кітап боп басылды. Анатолий Васильевич жалғыз Гетені ғана емес, дүние жүзілік классиканың бәрін де осылай білетін!.. 1933—34 оқу жылдарының сабағын жақсы өткізіп, туған ауылымда колхоздың председателі боп жүрген інім — Шәкен Мұстафиннің шақыруымен, семьямды алып жазғы каникулда қонаққа бардым. Тұрмысы былтырғы көктемнен түзеле бастаған ауылдар, олардың ішінде — менің туған ауылым мейлінше жақсарып кеткен. Адамы тоқ, малдары күйлі, егін-шөптері шығымды... дегендей, ауыл адамдарының «қағанағы қарқ, сағанағы сарқ». Бұндай жағдайға келтіргені үшін олар партияға да, үкіметке де сансыз алғыс айтады. Ауылдың жақсы тұрмысын көріп, тынығып қайтқаннан кейін, оқуға тағы де көңілді кірістім. Сабақтарым жақсы жүріп жатқан шақта, 1934 жылдың 29 январы күні пәтерім тағы бір қуанышқа бөленіп, үшінші ұлым — Алтай туды (ол кәзір әскерлік инженер). 1934—35 оқу жылының сабағын аяқтап, экзамендерімді түгел тапсыруға жақындаған шақта, институт секретары маған Қазақстан өлкелік Партия Комитетінің секретары Леон Исаевич Мирзоян шақырғанын хабарлады. Ол Москвадағы «Национал» мейманханасында екен.
Амандық-саулық сұрасып, хал-жайды біліскеннен кейін:
— Биылғы каникулды қайда еткізуге ойлайсың?—деді Мирзоян маған. Мен туған ауылыма баратын ниетімді білдірдім.
— О да мақұл,— деді Мирзоян маған жымия қарап,— бірақ мен ауылдың биылғы рахатын семьяңа қиып, өзіңе басқа жаққа баруды ұсынар едім.
— Қандай жаққа?
— Кеше,— деді Мирзоян,— Орталық партия комитетінің үйінде, мен Челяба облыстық партия комитетінін, секретары — Кузьма Васильевич Рындин жолдасты жолықтырдым. Көптен бергі жақын жолдасым еді. Ол менен: егер, мүмкін болса, осы жазда Челяба облысына қазақтың артистері мен жазушыларын жіберіңіз,— деп өтінді. Себебін сұрасам Челябадағы ірі өндірістерде қазақ жұмысшылары көп екен. Қиыншылық жылдары көшіп барғандар көрінеді. Облыстық партия комитеті оларға ерекше көңіл бөліп, түгелімен өндірістерге орналастырған, мәдениеттік жұмыстарын да қолға алып, балаларына қазақ тілінде мектептер ұйымдастырған, Магнитагорда қазақ тілінде «Магнитагор жұмысшысы» деген газет шығарған. Рындин бұл жұмыстарды жеткіліксіз көреді, өркендете түсудің қажетін айтады, Қазақстаннан жәрдем сұрайды.
— Мақұл жұмыс екен,— дедім мен.
— Мақұл болса,— деді Мирзоян, молырақ жымиыңқырап,— осы игілікті іске сені де жұмсауға ниет етіп отырмын. Каникул кезінде семьяңды ауылыңа апарып сал да, өзің кешікпей Челябаға жет. Одан әрі не істеуді Обкоммен ақылдасарсың.
— Мақұл,— дедім мен.
Мирзоян столының үстінде жатқан жалпақ блокнотына жуан қызыл қарындашпен әлдене сөздерді жазды да, конвертіне сап қолыма ұстатты. Былай шыға оқысам, Рындинға менің аты-жөнімді айтып, тиісті жәрдемдер көрсетуін өтініпті. Мен үй-ішімді туған ауылыма апардым да, Челябаға тез оралып, мейманханасына түстім. Оның ресторанында тамақтанып отыр ем, аласалау бойлы бұжырлау бетті татар қасыма келе қалды.
— Фамилиям Шарипов (атын ұмыттым),— деп таныстырды ол өзін,— шушы Челябада чығатын татар газиті «Челяба ічшіләріндә» мұхаррирмін, яғни — редактормын. Сіз Сабит Муканов тугілсіз ми?
— Иә, — дедім мен қолдасып.— Мені қайдан білдіңіз?
— Былайша ұқшатқан идім, «шушы кіші булыр ми» дип.
— Мұнда келетінімді қайдан білдіңіз?
— Тиз арада мині Обкумның раисі, яғни секретарь! — Кузьма Васлиьевич Рындин иптәш чақырып алған иді дә; бізнің араға қазақ шағиры Сабит Муканов киләргә тиішлі. Сізні шуңа прикрипить итәрбіз, қашында булып консультировать итәрсіз дигән иді. Біз сіздән Обкомға телеграмма килір дип күткән идік. Аз күннән бирі, мин һәр уақыт телефон білән сұраштырып юргән идім, ник кишікті? дип ойлаған идім. Мінә, хазір сізні кургәіп «шул Сабиты шушы қазақ булмағай иді» дип ойлаған идім. Очень удачно чықты!..
Ертеңіне Рындиннің кабинетіне Шарипов екеуміз бірге бардық. Секретары бізді хабарлауға кіргенде, оған ере тапал бойлы, жуантық денелі, орыс кескінді адам шықты да, менімен бұрыннан таныс адамдай:
— А-а-а, келген екенсіз ғой, жолдас Мұқанов? Хош келдіңіз!—деп қолымды алды да босатпаған қалпымен, жетектей кабинетіне кірді. Есікті Шарипов жапты.
— Сіздің келуіңіз жайында маған Леон Исаевич Москвадан звонить еткен. Кім екеніңізді және неге келетініңізді айтқан. Сізді бұдан ертерек келе ме деп жорып, мына Шарипов жолдасқа қарсы ал және өзің ғана емес, Обкомның үгіт-насихат бөлімінің бастығына хабарланып, оны да ала бар, осындағы жазушылар мен артистерден де өкіл болсын. Горкомнан, Горком комсомолдан өкілдер болсын деген едім. Оны істей алдыңыздар ма, жолдас Шарипов?
— Бұл кісі хабарсыз келіп қалды. Мейманханада әлдеқалай таныстым,— деп жауап берді Шарипов.
— Ол қалай?!—деді маған Рындин.— Қазақтың жазушысы Челяба пролетариатының арасына келеді де, біз оны қарсы ала алмаймыз! Мүмкін бе, бұл?
— Кешіріңіз,— дедім мен күліп,— ең алдымен, мен әзірге айта қалғандай жазушы емеспін; екіншіден — мен құрметке емес, іске келген кісімін. Ісіме жәрдем етсеңіздер маған көрсеткен құрметіңіз сол болады.
Мен Рындинға Мирзоянның хатын тапсырдым. Ол көзін жүгірте оқып шықты да:
— Телефонмен айтқаны бұдан әлдеқайда кеп. Соған қарағанда, мен сізді сақал-мұрты бар жасамыс адамға санаған едім. Сіз жас жігіт екенсіз,—деді. Содан кейін:
— Мейманхананың ас жағы шамалы деп естігем,— деді Рындин.— Бұл ақын тамақты заводтың асханасынан ішетін болсын.
Рындин стол қасындағы кнопканы басып, секретарын шақырып алды да, мен баратын заводтардың бәріне, мені «жақсы қабылдауды қамтамасыз ет» деп тапсырды. Челяба облысындағы ірі өндірістермен танысуды біз қаланың жақын тұсында, Мияс өзенінің жағасына орнаған электр станциясынан бастадық. Құрылысы 1930 жылдан басталып, 33 жылы қызметіне кіріскен бұл станция Совет Одағының ол кездегі ең ірі станциясының біреуі екен, күш-қуат жағынан дүние жүзіндегі ірі электр станцияларымен таласады дейді. Бірер күн станция ішіндегі машиналарды көріп шықтым. Мен физика ғылымына піскен адам емеспін, сондықтан инженерлер берген түсініктен ұққаным аз. Менің ұққаным: Челяба электр станциясы Қызылжарда, Орынборда, Ленинградта, Москвада көрген электр станцияларының бәрінен де әлдеқайда зор! Ғылымның соңғы табысымен қаруланған бұл электр станциясының төңірегіне жұмысшылардың тамаша көрікті қаласы орнаған екен: бәрі де үш-төрт этажды үйлер, балық көшелері де кең және түзу, олардың өн бойына жуықта отырғызылған ағаш шыбықтары жақсы өсіп, жайнап тұр, үйлердің төңірегі, қаланың әр тұсындағы алаңдар гүл бағымен безенген... Мен бірталай пәтерлерді де көріп шықтым, әсіресе — қазақ семьяларының. Электр станциясында ондай семья үш мыңдай. Олардың көпшілігіне жаңа қаладан жақсы пәтер берілген. Бірақ ата-бабасынан бері мал өсіріп үйренген қазақ емес пе, кейбіреуі, (олар да бірталай адам) заводтың дүкендерінде қазыналық бағамен азық-түлік мол бола тұра, малды өз қолынан сойып жеуді, қымыз бен сүт сияқты ақты өз қолынан сауып ішуді жақсы көріп, қолдарына ірілі-ұсақты бірталай мал ұстайды. Сондықтан қорасы тар үлкен үйлерге малымыз сыймайды деп, пәтерді не жаңа қаланың шет жағынан алады, немесе, берілген жақсы пәтерлерді алмастан өз күштерімен, қасында кең қорасы бар үйшік сап алады екен. Бұл қалада қазақ мектебі бар. Үйі жақсы. Мұғалімдері, оқу құралдары жеткілікті. Олар түгелге жақын, жұмысшылар арасында үгіт-насихаттық және мәдениеттік істерді жүргізуге араласады екен. Орыс тілін білмейтін қазақ жұмысшыларына арналып бірнеше қазақ дәрігерлері шақырылған. Мектеп қасында қазақ жұмысшыларына арналған жақсы кітапхана бар. Сауатты жұмысшылар «Магнитагор жұмысшысы» газетін ғана оқумен қанағаттанбай, Қазақстандағы қазақ тілінде шығатын газет, журналдарды да алдырып оқиды екен. Мен бұлардың бәріне қатты риза болдым. Расымды айтқанда, қазақ жұмысшыларының мәдениетті пролетариат түрінде тұруын осы Челяба ГЗС-інде бірінші рет көруім!.. Челяба қаласынын, төңірегінде мен тағы да екі ірі заводпен жақсылап таныстым: бірі — жоғары сапалы болатты қорытатын ферросплав, екіншісі — Челябаның ЧТЗ трактор заводы. Екі өндірістің де төңірегінде жақында ғана орнаған тамаша жаңа қалалар! — Бұларда да мыңдап қызмет атқаратын қазақ жұмысшылары. Одақтағы туысқан елдердің жұмысшыларындай ауқатты және мәдениетті тұрады... Ферросплавтағы мартен пештерінен таудан құлаған бұлақтай саулайтын болаттың қып-қызыл тасқыны қалыптарына құйылған соң, кейінің жуандығы ертегіде айтылатын — айдаһардай, кейінікі— жыландай боп қанқызыл түрде ирелеңдей жөнеледі де, әлде не тұсқа барып ошарылған соң, салқындап жасыл-қоңырлау түске айналады. Со кезде шынжырға асылған магнит темірінің кесегі төбесіне жылжып кеп, біріне-бірін жабыстыра, вагонға толатын жуандылы-жіңішкелі темірлерді көтеріп әкетіп, аржағындағы бос вагондарға артады екен. Бұған дейін мен қуаты инені ғана тарта алатын магнитті көргем. Магниттік мынау кесек—бірнеше тоннаны тартып әкетеді! Міне қайда күш!.. Кейін ол кезден әлденеше күшейген ЧТЗ сол шақтың өзінде де, егер өз көзіммен көрмесем нанбайтын ертегі сияқтанды. Заводтың бір шетінен кесек темір боп кірген материал ілгері қарай тынымсыз жылжып, әр тұста трактордың әртүрлі бөлшегі боп құйылады да, әрі қарай біріне бірі шұбырып, даяр трактор түрінде шығады да жатады. Бұ не деген таусылмайтын тасқын! Бұ не деген жылдамдық! Бұ не деген күш!.. Челяба төңірегін біраз аралағаннан кейін, мен «Челябаутоль» аталатын көмір ошағына да барып қайттым. Бұның шахталары мәдениетті, техникалары күшті болғанмен, көмірінің сапасы Қарағандыдан әлдеқайда төмен, сондықтан, бұл облыстың коксалы көмір тілейтін өндірістері қажетін алыстағы Кузбастан тартады екен. Одан әлдеқайда жақын тұратын Қарағандының көмірі сапа жағынан Кузбастан кем түспеуін челябалықтар жақсы біледі. Құрылысы жақында ғана біткен «Петропавл — Қарағанды» аталатын темір жолмен Қарағандының көмірі келе де бастапты. Оны жеткілікті түрде тасу үшін, жуық арада Ақмола — Қарталы темір жолы салына бастамақ. Челябада айға жақын болғаннан кейін, мен поезбен Магнитагор қаласына жөнелдім. Ол кезде, Челяба облысының қарамағында «Мағнитагор» аталатын округ болған, оған бірнеше аудан бағынған. Оған біз түнде жетеді екеміз. «Қаласының түнгі көрінісі қызық болады» деген соң Челябадан шыға, мен проводникке «Магнитагорға жақындағанда оятарсың» дедім де ұйықтап қалдым. Ол оятқанда купеден коридорға шықсам, терезеден бұрын өңім түгіл түсімде де көрмеген ғажап байқалады: оң жақ бетте, жырағырақ жерде, дүние өртеніп жатқандай, көлемі аса үлкен және биік қызыл сәуле жылтырайды! Қасымда тұрған біреуден:
— Анау, қызыл сәуле не?—деп сұрасам:
— Магнитагор комбинаты,— деп жауап береді ол.
Аты-жөнін сұрасам, Магнитагор комбинатының инженерлерінің біреуі. Мен оған қызыл сәуле ішінде көрінген от тасқынды нұсқап:
— Анау не?!—десем, менің бұл өндіріске жаңа ғана келе жатқанымды естіген ол:
— Екі түрге бөлінеді ол тасқын,— деп жауап береді,— бер жағындағы кең шүмектен сарқырама судай саулап жатқан тасқын — мартен пешінде балқытылған темір. Қызуының градусы мыңнан асатын пеште балқыған ол темір шүмектен далаға қарай ақтарылады да, астынан жылжып кеп тұратын вагондардың арқасындағы шойын қазандарға құйылады. Бір мартеннен аққан темір әлденеше қазанды толтырады. Бұндай мартен пештері магнит заводында әзірге тоғыз. Олар үздіксіз қызмет атқарып, балқыған темірді кезекпен ақтарудан күн тәулігінде тынбайды. Әрірек тұста жарыса ақтарылып жатқан қызыл тасқындар батареялардан коксаланып шығып жатқан көмірлер. Оның не екенін білуші ме едіңіз?
— Естуім бар, анығын білмеймін,— дедім мен.
— Онда қысқаша баяндайын,— деді инженер,— ішкі қызуы 1000 градусқа жететін немесе одан да асатын мартен пешін кемеліне келтіру үшін, көмір атаулының бәрі жарай бермейді. Оған коксаланатын көмір керек, яғни, құрамында майы көп көмір керек. Көмірді коксаландыру деген сөз — оның асылын қоқысынан ажыратып алу деген сөз. Өйту үшін, асыл көмірді арнаулы батареяларда күйдіреміз де, майын шүмек арқылы бөлек ағызып, жентектелген бозғылт түсті асылын бөліп аламыз. Сонау жанар таудан ақтарылған оттай тасып, қып-қызыл түсті тасқындай құлаған нәрсе батареясынан қызу күйінде ақтарылып жатқан коксалар. Инженер одан кейін мартен пешіне төгілген темір кенінің қорытылуына, яғни судай сұйық боп балқуына қажетті жемдерден, қоқыстан басқа да бірталай элементтерді баяндап кетті, онысын темір қорытудың арнаулы курсын өтпеген адам ұға аларлық емес.
Магнитагор комбинатынан түнде ақтарылған темір мен көмірдің қып-қызыл тасқынына таңдана қарап тұрғанда, станцияға жетіп тоқтағанымызды аңғармай да қаппыз. Бізді Округтік партия комитетінің үгіт-насихат жұмысын меңгеретін — Солдатова бастаған бір топ адам қарсы алды. Ол Орынбор рабфагында менімен кластас боп бірге оқыған жолдасым еді. Содан кейін көрген жоқпын-да. Менің мұнда келуімді Челяба Обкомы Окружкомға хабарлаған екен де, Солдатоза достық көңілін білдіруге әдейі келген екен. Қарсы алғандардың ішіндегі екінші адам, «Магнитагор жұмысшысы» газетінің редакторы Балтабек Асанов екен. (Ол кәзір Петропавлда шығатын «Ленин туы» газетінің жауапты редакторы.) Маған жуықта салынып біткен салтанатты мейманхананың екінші этажындағы «люкс» даярланыпты. Кештік асты Солдатова, Балтабек және үш-төрт жолдас боп бірге іштік. Астан кейін өзгелері кетті де, Асанов қалып қойды. Таңға жақын ажырасқан Балтабеқ Магнитагор өндірісінің қайдан шыққанын қысқаша баяндап етті. Ерте уақытта, бұл арада қазақтың Жағалбайлы аталатын руы мекендеп жүреді екен. Оның атақты лироэпосы «Қыз Жібек» — осы маңайда туған екен, поэманың, геройы — Жібектің:
«Әуелде бас қосқаным Жағалбайлы,
Жылқысын көптігінен баға алмайды:
Өлгені Төлегеннің рас болса,
Құдайым Қыз Жібекті неге алмайды?
деуі содан екен. Сол поэмада:
Базарбайдың Төлегені,
Ерте туған көбегені,
Алпыс жігіт басшы алып,
Сексен жігіт қосшы алып,
Ақ Жайыққа жөнеген.
деген жолдары бар ғой. Емельян Пугачевтың көтерілісіне дейін қазақ тілінде — «Жайық» орыс тілінде — «Яик» боп келген өзенді көтерілістен кейін патша үкіметі — «Урал» деп атауға бұйырғанын білеміз. Сонда да қазақтар күні бүгінге дейін «Урал» демейді, Жайық дейді. Ақ Жайық деп осы Жайықтың Орал тауынан шығатын жоғарғы жағын атайды екен. Өзеннің таудан басталар жерінде «Белорецк» деген орыс қаласы бар, қазақтар оны «Талқала» дейді. Осы «Белорецк»,— «Белая рекадан», яғни «Ақ өзеннен» («Ақ Жайықтан») шыққан. Қазақтың Кіші жүзі Россияға XVІІІ ғасырдың алғашқы жартысында бағынғанын білеміз. Жағалбайлы Кіші жүзге жататын ру. Соның атам-заманнан бергі мекені — Ақ Жайық болған. Бертінірек орнығып қалған азшылығы мен барған шақта, қалын, Жағалбайлы бұл тұстан алыстап, Ақ Жайықтың Белорецк мен Магнитагорек арасындағы жағасында, тоғыз жерде колхоз боп отыр екен. Магнитагор заводына қажетті темірдің кені со маңайда жақын екен. Кен алынатын жақпар тасты таусымақты, орыстар Магнитный деп атайды. Таусымақтың жотасында екі шоқы бар. Біреуінің қазақша аты — «Айдахарлы» (жергілікті орыстар оны «Айдарлы» дейді), екіншісінің аты — «Әтеш» (орысша — «Аташ»). Осы есімдердің шығу тарихы қызық. Шоқыда магнит тасынын, барын бертінге дейін ешкім білмейді екен. бірақ тұрғын халқы әрдайым екі түрлі ғажапты байқайды: біріншісі -— егер бұлт шығып, күн күркіресе жайдың жалтылдаған оғы, үнемі Айдахарлының төбесіне жарқ-жұрқ түсіп жатады, жұрт мұны: «со шоқынын, астында айдахар жатады-мыс, жайдың оты соған түседі-міс» деп ертегі шығарады, содан шоқы «Айдахарлы» атанады; Екіншісі — Жайықтың жағасында отырған казак-орыс станицасының бір қызы ертеректе шошқа бағып жүріп, әлгі екі шоқынын, біреуіне шыққанда, етігінің табаны әлдене тасқа жабысады да қалады, қыз суырып ала алмайды, етігін тастап кетуге қимаған қыз, қысында бақырып жылайды да отырады, оны естіген әлдене жүргінші қыздың, қасына келеді де, етікті тастан әрең ажыратып алады; осы хабар үкіметтің құлағына тигеннен кейін Россияның Ғылым Академиясынан арнаулы экспедиция жіберіліп тексеру жүргізсе, жаңағы жердегі будырмақ тастың бәрі темір кені боп шығады және темір проценті аса жоғары — 30,40. Темірдің асыл және мол кені табылуға, етігінің темір шегелі табаны тасқа жабысқан қыз, ол қыздың шақырған әтештей бақыруы себеп болғандықтан, ол шоқының атын жұрт «Әтеш» деп кеткен. Экспедиция «Айдарлы» мен «Әтеште» хисапсыз мол темір кені барын, ол кен жердің астында емес үстінде тау-тау боп үйіліп жатқанын ашып қайтады. Осынша мол темірді қорытып алуға патшалық Россияның күші жетпейді. Бұл жұмысты қолға алуға Совет өкіметінің мұршасы 1930 жылдардың басында ғана келеді. Бүкілодақтық Орталық партия комитетінің 1930 жылы, 15 майда шыққан қаулысына сәйкес, Магнитагор заводы салына бастайды да, бір жылдан кейін іске кіріседі. Содан бері үнемі өркендеу жолында келе жатқан завод темір өндіруде. Совет Одағындағы ғана емес, дүние жүзіндегі ең ірі заводтармен қатарласып қалған. Алдағы мүмкіншілігі одан да зор... Магнитагордың іші-сыртын аралау жұмысында мен бір айдай болдым. Осы мерзімнің ішінде комбинаттың жайымен де, онда қызмет атқаратын инженерлер мен техниктердің, жұмысшылардың тұрмысымен де кең таныса жүре, бұнда атқарылып жатқан істердің масштабына, қуатына, өнеріне қайран қала жүре, өмірімде естімеген бір қызыққа кездестім. Балтабек екеуміз бір күні жеңіл машинамен Магнитагор округтік аудандарын аралауға шықтық. Шоферымыз ойыншы және көңілді жас жігіт. Қаладан шыға:
— Осы сапарда,— деді ол, күле сөйлеп,— мен сіздерге Бүкіл Европаны аралатып түсірем.
— Қалай?! —дедім мен.
— Қалай?! — деп қайталады мені бұған дейін округтің аудандарын аралап көрмеген Балтабек.
— Рас айтам,— деді шофер.— Сіздер осы сапарда Европаның бірнеше атақты қалаларында боласыздар.
— Қандайларында? — дедік шофердің сөзіне әлі де түсініп болмаған біз.
— Оны іс жүзінде көрсетем.
Шофердың айтқаны расқа шықты. Бастапқы күні ол:
— Бүгін Варшаваға қонамыз,— деп еді, кешке жетіп қонған селомыздың аты «Варшава» болып шықты. Одан кейін біздің алдымыздан: Берлин, Гамбург, Брюссель, Гаага, Париж, Версаль, Вена, Будапешт, Прага... деген сияқты селолар бірінің артынан бірі кездесе берді. Солардың ішінде, Париж төңірегіндегі патшалар сарайының бірі «Фер-шен-Пенуаз» да келіп шықты!
— Бұ не?! Қайдан шыққан есімдер?! — деп сұрасақ, шофер «кейін айтам» деп жауап бермейді. Былайғы жұрт тан білетін адамдар табыла қоймайды.
Жарты айдай жасырған бұл құпиясын шофер бізге қалаға оралып келе жатқан күні ғана ашты. Оның мәні төмендегідей боп шықты: орыс пен француздардың арасында 1812 жылы болатын соғыста, Наполеон әскерін қирата жеңген орыстар еш жерде тыныс алдырмай Парижға шейін қуады, ақырда Парижды да алады. Орыс армиясында «Ноғайбақ» аталатын христиан дініне шоқынған татарлардың атты қосыны болған, жолшыбайғы қалаларға шабуыл жасағанда, осы қосын алда жүріп. талай қамалдарды бұзады. қақпаларының кілтін алады... Орыс Европадан ұлы жеңіспен қайтқаннан кейін Бас қолбасшы — Кутузов, Россияның со кездегі патшасы — І Александрға ноғайбақтарды мақтайды. Патша оларға қатты риза боп, кәзіргі Магнитагор орнаған Жайық жағасында бос жатқан кең далаға село-село ғып орналастыруға, әрбір селоға Европада ноғайбақтар бұзып алған қамалдардың атын қоюға бұйрық береді. Бар «Европаның» Магнитагор маңынан табылатын себебі осы екен! Магнитагор округінде бір айдай болып, мен Челябаға оралдым. Кузьма Васильевич Рындинға кіріп, көрген-білгендерімді, алған әсерлерімді айтып бердім. Ол Обкомның бюросын өткізуге әзірленіп жатқанын айтты да:
— Молырақ кеңесуді ертеңгі кешке қалдырайық. Ертең — демалыс күні. Шұбар қол атанатын тамаша келіміз бар. Айнала өскен қалың қарағай, көл жағасында Обкомның демалыс үйі бар. Машинамен баратын жер. Бірге барамыз. Облыс басшылары мен мәдениет қызметкерлерінен де біраз адам барады. Бәрі сізбен қоштасу құрметіне,— деді.
Шұбаркөл шынында да ғажап екен. О шеті мен бұл шетіне көз жетпейтін, суы әрі тұщы, әрі терең көлдің үстінде біз моторлы қайықпен біраз жүрдік, қармақпен балық та ұстадық. Көлдің айналасына ғана емес, маңайындағы жазық даланын, бәріне тұна өскен қарағайлы, қайыңды. терегі аралас орманның де ұшы-қиырына көз жетпейді. Осы орманның ішінде, осы көлдің жағасында талай демалыс үйлері және балалар лагері орнап. маңайында үздіксіз сауық өтіп жатады екен... Тынысқа іздесе тапқысыз дейтін жер!.. Обкомның демалыс үйіндегі банкетке жүзден астам адам шақырылған екен. Арнаулы духовой оркестр шақырылыпты. Ол ойнағанда шалқар көлмен, шексіз орманның бүйірі солқылдап, делебесі қозғандай жаңғырыға үн қосып кетті... Бізді еркін дем алсын дегендей жиі ұшырасатын жаңбыр да жаумады. Жарық ай жүзген қаракөк аспанның бер жағын перделей, жұқа ғана алашабыр бұлт көшті. Бұлттан көрінген ай да, сансыз жұлдыздар да, теңіз бетінде жүзіп бара жатқан кемелердің жарығындай дірілдей теңселіп, қара мақпал аспанды ерекше көркемдендіріп жіберді... Кең көлдің өн бойында жыпырлаған қалың құс, оркестр үніне делебесі қозғандай дамылсыз ұшып-қонып, у-шу болды... Неткен рахат дала!.. Демалыс үйінің ұзын және кең террасында ұйымдасқан мәжілісті Рындинның өзі ашты.
— Кеше,— деді ол сөзінде, жиналғандарға мені таныстыра кеп,— Мұқанов жолдаспен сөйлескенімде, маған ол Магнитагор округіндегі селолардың бірнешеуі европалық қалалардың атына ие болғандығын айтты. Бұл есімдер бұрын атау орнына ғана қолданылса. енді шын мағынасында қолдануға болады. Біздің облыстағы ірі өндіріс орындары сияқты, әсіресе Магнитагор сияқты заводтар кәзір европалық мемлекеттердің, көбінде жоқ. Біз алдағы аз жылда бүкіл Европаны басып озып, капиталистік мемлекеттердің алдында келе жатыр дейтін Америкамен жарысқа түсеміз. Арғы аз жылда одан да озамыз. Әзірге айтарым,— деді Рындин маған қарап,— хош келдіңіз совет жазушысы. Қанша жазушы келсе де тақырып тауып береміз. Өз сөзіңізбен айтқанда,— «бар Европа осында!..»
ҚАЗАҚ ӘНІ АСПАНДА
1935—36 оқу жылының басына мен мезгілінде оралдым. ИКП-ның оқу курсы 35 жылдың аяғында бітеді де, одан әрі диссертация даярлау жұмысына кірісеміз. Оқу курсын жақсы аяқтадым. Барлық экзаменді де тапсырдым. Енді, диссертацияға кірісер алдында Алматыға барып, жолдас-жораларды көріп, қаланың жаңалықтарын керіп, көңіл көтеріп қайтқым келді. Басшылық ісіне Леон Исаевич Мирзоян барғаннан кейін республиканың экономикасы да, мәдениеті де қызу қарқынмен көтерілуін естіп те, көріп те келем. 1934 жылдың күзінде Алматыға да барып, жаңа игіліктерін көріп қуанғам. Солардан бірнеше мысал. Ең алдымен мектеп мәселесін алайық: Қазақтың ұлттық мектебі,— Октябрь революциясының жемісі екенін білеміз. Қазақстанда Совет үкіметі орнай сала ауылдарда да, қалаларда да қазақтың бастауыш мектебі — мыңдап, орта мектебі — жүздеп. жоғарғы мектебі — ондап... дегендей қаулап өсті. Бұл жұмысқа үкімет жыл сайын миллиондаған сом қаражат жұмсады. Іс қарқыны солай бола тура, республика басшыларының салақтығынан ауылдарда да қалаларда да, мектептің жаңа үйлері қажетті мөлшерде салына қоймады. Мысалы, отызыншы жылдардың бас кезіне дейін Алматыдағы мектептердің көбі ескі үйлерде болып келді. Мирзоян басшылығының ерекше қолға алған мәселесінің біреуі осы. Ол кезде Қазақстанның Оқу комиссары боп Темірбек Жүргенов тағайындалды. Мектептен алған мамандығы экономист болғанмен, бұл жігіт мәдениет мәселесіне де жүйрік қазақтың біреуі болды. Орта Азия университеті 1926 жылы бітірген ол республиканың әртүрлі қызметін атқарып жүрді де. Мирзоян келе Оқу комиссарлығына тағайындалды. Бұл қызметінің алғашқы күнінен-ақ оның көңіл бөлген үлкен мәселелерінің, біреуі — мектептерге мәдениетті үйлер салу. 1933—1937 жылдарда Жүргеновтің ынта жұмсауымен республикада салынған мектептің жақсы үйлерін жүздеп санауға болады. Бір ғана Алматының өзінде, ол қалаға көрік беретін 18 мектеп салғызды. Оқу кітаптарын, оқу құралдарын молайтуға да Жүргенов өте көп еңбек сіңірді. Мен, Қазақстан республикасы ұйымдасқаннан бері оқу жұмысын басқарып келген адамдардың бәрімен де таныспын. Жүргеновті солардың ішіндегі ең күштілерінің бірі еді десем еңбегіне лайық баға ғана болар еді. Мирзоян тұсында республиканың жоғарғы мектептері де өсті. 1934 жылы Алматыда Қазақстанның бірінші Мемлекеттік университеті, Тау-кен институты ұйымдасты. Со тұста Қазақстанның бірнеше қалаларында педагогикалық институттар ашылды. Іргесі 1932 жылдан бастап қаланған СССР Ғылым Академиясының Қазақстандық филиалы да аяғын нық басып, Қазақстанның байлығын зерттеуде, экономикасын, мәдениетін өркендетуде ғылымдық жәрдемдер бере бастады. Мирзоян қазақ халқының, көркемөнерін алға бастыруда да қызу іске кірісті. Бұл игілікті жұмыс Крайкомның 1933 жылдың күзінде алған қаулысынан басталды. Соған сәйкес 1934 жылдың басында Алматыда музыкалық театр құрылып, Мұхтар Әуезов жазған «Айман — Шолпан» атты музыкалық пьесаның, Бейімбет Майлин жазған «Шұға» атты музыкалық пьесаның спектакльдерін көрсетті. Со жылы Алматыда халық өнершілерінің республикалық слеті шақырылып, қазақ күйшілерінің, қазақ әншілерінің. қазақ ақындарының ішінен аса үздік шыққандары табылды, мәселен: күйшілерінің ішінен қазақтың, халықтық қарт композиторлары — Дина Нұрпеисова, атақты әншілер мен композиторлар ішінен — Шашубай Қошқарбаев, Кенен Әзірбаев, ақындардан Жамбыл Жабаев, Нұрпейіс Байғанин, Нартай Бекежанов тағы тағылар.. . 1935 жыл одан да артық жеміс берді. Осы жылдың басында Алматыда Қазақтың Мемлекеттік филармониясы құрылды. қазақ музыкасының, құралдарынан ұлттық оркестр ұйымдасты, көктем кезінде Алматы қаласында мәдениет съезі ашылып, қазақтың ұлттық өнерінің таңдаулы өкілдері қатынасты, әр салада ғылымдық мәні зор баяндамалар жасалды. Қазақ мәдениетінің осылай қарқындап өсуі менің де делебемді қоздырып, оқуымды тез бітіруге, Қазақстанға тез қайтуға, қызу істерге араласуға асықтым... 1936 жылдың басында, қысқы каникул кезінде Алматыға барсам, қазақ мәдениеті, оның ішінде — көркемөнері, әсіресе, театр өнері бұрынғыдан да биіктеп кеткен. Қазақтың Мемлекеттік опера театры соңғы кезде екі спектакль даярлап сахнада қызғылықты түрде -жүріп жатыр екен: бірі — сөзін Ғабит Мүсрепов, музыкасын Евгений Брусиловкий жазған «Қыз Жібек», екіншісі — сөзін Бейімбет Майлин, музыкасын Евгений Брусиловский жазған «Жалбыр». Осы арада музыкасы деген сөзге қысқаша түсінік бере кетейік. Аталған екі спектакль түгіл, олардың алдында көрсетілген «Айман — Шолпан» мен «Шұғада» да композитор тыңнан жазған музыка өте аз, олардың музыкасы түгелге жақын қазақтың халықтық ән-күйлерінен құрастырылып жасалған. «Қыз Жібек» пен «Жалбыр» да осы ізбен кеткен. Брусиловскийдің еңбегі — қазақтың тамаша ән-күйлерін әдемілеп құрастыра білуінде. Осылай құрастырудың арқасында, қазақтың бұрын жеке айтылатын әндері көп кісі қосылып айтатын хорға айналып кеткен, кейбір жеке әндер арияларға, дуэттерге, триоларға айналып кеткен. Бұрын домбыра мен қобызда жеке ойналатын ән-күйлер, енді оркестрге түсіп, мәдениеттің аса үнді аспаптарымен тамаша боп орындалуға айналған. Сонымен, қазақтың халықтық музыкасы — Евгений Брусиловскийге, Евгений Брусиловский қазақ музыкасына тығыз байланысып, біріне-бірі өмірлік міндетті боп қалған... Кейінгі композиторлар да осы жолмен келеді. Қазақтың халықтық бай музыкасының әлі де талай композиторға, талай операға таусылмас азық боларлық түрі бар! Қазақ музыкасын биік белеске шығаруда ерекше еңбек еткен мәдениет орнының біреуі — Қазақстанның Жамбыл атындағы Мемлекеттік Филармониясы. Филармонияның ең үлкен еңбегінің бірі — қазақтың музыкалық аспаптарынан оркестр құру. Оны ұйымдастыруда еңбегі ерекше адам — кәзіргі белгілі композиторларымыздың бірі, академик — Ахмет Жұбанов. Оркестр жасаудан бұрын қазақтың, ұлттық музыка құралы: домбыра, қобыз, сыбызғы ғана болғанын білеміз. Осы құралдардың дауыстарын күшейтіп, жаңарған аспап түрінде шағаруда қазақтың атақты қолөнершісі — Қамар Қасымов қарттың да еңбегі зор. Қамардың қолынан жасалған даусы күшті жаңа домбыра мен қобызға Ахмет Жұбанов европаның симфониялық оркестрінен бірталай құралдарды араластырып, айта қалғандай ұлт оркестрі жасалып шыққан. Кейін бұл оркестр дүние жүзіне әйгілі оркестрдің біреуі болды. Қазақтың музыкалық театрының спектакльдерінде рольдерін ерекше қызғылықты түрде атқарып жүрген: Қанабек Байсейітов, Күләш Байсейітова, Құрманбек Жандарбеков, Шара Жандарбекова, Манарбек Ержанов екен. Солардың ішінде көпшіліктің ерекше сүйетіні Күләш Байсейітова. Мен оны 1934 жылы «Айман — Шолпан» пьесасындағы Айман ролінде, одан кейін «Шұға» пьесасында Шұғаның ролінде көргем. Ол кездегі жас қыздың (1912—1957) рольдерді жақсы ойнауы жұртты қызықтырып, «бұдан ірі актриса, ірі әнші шығады» деген үмітте болатын. Енді, «Қыз Жібек» пьесасында — Жібектің, «Жалбыр» пьесасында Қадишаның ролін ойнауын көрсем, Күләш ол үмітті ақтапты. Қазақстан астанасы — Алматыда қазақ мәдениетінің гүлдене өсіп биіктеуін көрген мен Москваға зор қуанышпен қайттым. Бірақ көңілім қобалжудан да құр болған жоқ. Өйтпегенде ше? Алдағы көктемде, Москвада қазақ көркемөнерінің онкүндігі өтеді. Қазақ спектакльдерін көруге Одақ астанасы Москваның мәдениеті жоғары адамдары келеді. Біздің артистер солардың көңілдерін қанағаттандыра ала ма, жоқ па? Қанағаттандырса—құба-құп. Ал, егер қанағаттандыра алмаса ше? Менің көңілімді қобалжытқан соңғы ой... Қазақ көркемөнерінің декадасы 1936 жылдық 17 майы күні СССР Мемлекеттік Академиялық Үлкен Опера театрының филиалында ашылды. Бұл үйге спектакль басталардан біраз уақыт бұрын кірсем, фоэде жиналған адамның көптігіне көз тұнады. Соңғы қоңырау қағылып, жұрт залға лық толды.. Шам сөнер алдында менің он, жақ қатарыма кеп, орыстың атақты артисі — Иван Михайлович Москвин, оның аржағына — әйелі, орыстың атақты артисткасы — Алла Константиновна Тарасова келіп отырды. Москвинмен менің аздаған таныстығым болушы еді. Әйелін сахнада я көшеде ғана көретінмін. Иван Михайлович мені әйеліне таныстырғаннан кейін, ерлі-зайыпты екеуінің арасына отыруды өтінді. Музыка түсінікті болар,— деді ол маған,— ал, спектакль — музыкалық драма көрінеді ғой, оның прозалық сөздеріне түсінбеспіз, не айтып жүргендерін білмеген соң, қызығы да болмас.
— Мақұл,— дедім де, екеуінің арасына отырдым. «Қалай болар екен?» деген ой жүрегімді қобалжытып, тиышсыздандыра бастады. Онымды «қасымдағылар біліп қалар» дегендей, шамның, тезірек сөнуін тілеймін...
Міне, шам да сөнді. Залдың іші қара-көлеңке бола бастаған шақта тиышсыздануым бәсеңдеу орнына үдей түсті. Со кезде Ахмет Жұбанов дирижер болған оркестр, «Қыз Жібектің» увертюрасын қыздырып ойнай жөнелді. Бұл тамаша музыка менің қобалжыған жүрегімді аз да болса бәсеңдеткен сияқтанды... Міне, сахна да ашылды. Декорациясы — үлкен масштабта көркем жасалған қазақ киіз үйінін, іші. Аздан кейін серуендеп жүрген бірталай қыз-бозбала шықты да әндетіп, билеп дегендей, ойнай бастады... Әне, серік қыздарымен Жібек те шықты... Оған іштей құмартатын Бекежан қарақшы келді... Алыстан құмартып іздеген Төлегеннің де, киіз үй сыртынан ән айтқан үні естілді... Кешікпей, нөкерлерімен сахнаға о да кірді... Бұл көріністердің бәрі не екенін, геройлардың не айтып жүргенін Тарасова мен Москвинге сыбырлаған дауыспен кезек-кезек қысқаша түсіндіріп отырдым... Бір сәтте, сахнаға қадала қарап отырған Алла Константиновна Жібектің әлдене сөзін аударып бермек болған маған, «қажеті жоқ» дегенді ымдады. Москвинге қарап ем, ол да сөйтті. Екеуінің, де кескіндерінен көргенім,— артистердің, олардың ішінде — Күләштің әндері мен ойындарына мейілінше ықылас қоя қарап, мейлінше ықылас қоя тыңдап отыр. Жан-жағымда отырған өзгелеріне қарасам да кескін кейіптері менің көршілерім сияқты. Олар көздерін әсіресе Күләшқа тігіп, ол ән айтқанда да, драмалық қимылдар жасағанда да, дыбыстарын кейде ақырын, кейде қатты шығара шырқаса да,— «ох! Қандай тамаша! Қандай таза ойнайды! Қандай сенімді ойнайды!»— десіп қояды. Мен көршілеріме әлі де түсіндірмек қалпымды көрсетсем Тарасова да, Москвин де құлағыма сыбырлаған дауыспен, «қажеті жоқ... бәрі де түсінікті! Бәрі де тамаша!»—дейді. Бұрын да ойындарын жақсы көретін Күләш маған кәзір онысынан өлшеусіз өсіп кеткен сияқты. Мен кәзір, сахнада артистка Күләшті емес, өмірінің барлық шындығымен жарқыраған Жібек қызды көріп отырмын... Менің көріп отырғаным ойналып жатқан өмір емес, шын жүріп жатқан өмір; мынау көріп отырғаным — шындық өмірдің елесін ғана көрсететін спектакль емес, сол шын өмірдің дәл өзі; Күләштің бұл ойынындағы кескінінің, мына құбылысында, денесінің мына қимылында, әндеткен я сөйлеген шақтағы дауысының құбылысында: «мынасы — артық, мынасы — кем» дерлік ешнәрсе жоқ; оның барлық қимылы, барлық үні дәл өмірдің өзінен өрбіп жатқан шындыққа сәйкес шығады! Күләштің сондай қалпын көргенде: «Апыр-ау, спектакльде де шындықты осынша дәл және қызғылықты көрсетуге болады екен-ау?!» деймін ішімнен. Антракт болған шақта мен екі көршімді қолтықтай фоэге бірге шықтым. Сонда олардың екі жағымнан үн қоса маған айтқаны: Күләш Байсейітованың мына ойыны — ойын емес, ертегі!.. Опералық кейбір актер мен актрисалардың дауысы жетсе, ойыны жетпей, ойыны жетсе дауысы жетпей жүреді. Байсейітованың бойына бұл екі өнер бірдей дарыған. Станиславскийдің: «актердің шеберлігі — өмір шындығын нақтылы күйінде көрсете білу» десе, мына Байсейітова соның өзі. Сахнада өмір шындығын мұншама сенімді көрсету — актер атаулының қолынан келе бермейді, ол тек, ірі таланттың ғана қолынан келеді. Байсейітова сондай талант екен! Орыс сахнасының заманымыздағы ең шеберлерінің қатарына жататын ерлі-зайыпты бұл екі адамның мына сөздері — менің ұлттық намысыма зор рух берді... Екінші акт басталды. Оны да көрермендер, әсіресе, менің екі көршім бар ықыласымен тыңдап, мадақтаған дауыстарын әлсін-әлсін шығарып отырды... Соңғы актіде, яғни Жібектің Төлегенді сағынатын, одан кейін өлгенін еститін кезінде, Күләш алғашқы актілердегі ойынынан да биіктеп, дауысы да ерекше ашылып кетті. Со кезде көршілеріме қарасам, екеуінің де есі шығып кеткендей, Күләштің ойынынан басқа ешнәрсеге көңілдерін бөлер түрлері жоқ. Мен олардың бұл сезімін бөлмейін дедім де, көзімді сахнаға тіктім... Аздан кейін, алдымды түтін шалған сияқтанып. көзім бұлдырап барады... «Мынау не?!» дегендей уқалап көрсем, саусағыма дым сезіледі!.. Сонда білсем, Төлегеннің елімін естіп зарланған Жібектің дауысы шыққанда, өзіме де білінбестен көздерімнің жасы ыршып кетіпті. Мынауым ұят болған екен! Көршілерім біліп қалмасын!» дегендей, қалтамнан орамалымды алып, көзімді сүрттім де, «бұлар неғып отыр екен?» дегендей қарадым... Қарасам, сізге өтірік, маған шын — Алла Константиновна да жылап шұбырған жасын сүртсе, қызғылықты ойынды көруге бөгет болар дегендей, жасқа толы көздерін сахнадан алмайды!— Иван Михайлович көзін сүртіп отыр... Жан-жағыма қарасам, тағы біреулер де жылауда екен... Ал, залды толтырған көрермендердің бәрі тастан жасаған мүсіндей боп, қимылсыз қатып қапты... Спектакль аяқталғанда, қазақ артистеріне түрегеп қол шапалақтаған көрермендер ұзақ уақыт тұрып алды. Сахна бірнеше рет жабылып ашылғанмен, олар кетпеді. Шымылдық жабылған шақта да, ашылған шақта да олардың бір ауыздан шығарған үні: «Жасасын қазақ халқы! Жасасын оның өрге басқан өнері!.. Жасасын қазақ халқының бұлбұлы — Күләш Байсейітова!»
Осы шудың, арасында Иван Михайлович Москвин менің құлағыма сыбырлады да: Сіздің бұл актриса, дүние жүзіндегі ек, алдыңғы қатарда тұратын сахна шеберлерінің бірі екен! Құттықтаймын!— деп қолымды алды. Алла Константиновна да соны айтып:
— Бұл ғажап өнер, ғажап дауыс. Күләш Байсейітова биікке көтерген қазақ әнінің — бұдан да биіктей түсуіне тілектеспін!— деді...
Аруағыңнан айналайын біздің Күләш, қазақ әнін аспанға осылайша биіктеткен еді!..
ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНІҢ ТОЙЫ
Онкүндіктің алғашқы сауық кештерінде Леон Исаевич Мирзоян болған жоқ. Бұдан бірер ай бұрын әлде не сырқатын емдетуге Парижға кеткен ол, онкүндіктің қорытынды концертінің қарсаңында ғана оралды. Поезбен келіп Белорус вокзалына түскен Мирзоянды қарсы алушылардың ішінде мен де болдым. Қазақ көркемөнерінің онкүндігі Москвада жоғары дәрежеде өтіп жатуынан Леон Исаевич хабардар екен. Бұл қызу думанның жаңғырығы радио арқылы Парижға да естіліп, Мирзоян тыңдап отырыпты.
— Александр Затаевичтің«Қазақ халқының, 1000 әні» деген жинағына Ромен Ролланның жоғары баға беруін баспасөзден білеміз,— деді Мирзоян вокзалдан қарсы алушыларға,— француздар, олардың ішінде париждықтар қазақ музыкасын естуге содан бері құмар екен. Москвадағы қазақ концертін радио арқылы естіген олардың маған жолыққаны «ғажап екен» десті...
Мирзоянның менің өзіме алып келген игілікті хабары,— «Сұлушаш» поэмасының француз тіліне аударылып, Париждағы бір баспада шығуы. Онкүндік зор абыроймен аяқталды. Күләш Байсейітоваға «СССР халық артисткасы» деген атақ берілді. Қазақтың бірнеше артистері мен артисткаларының кеуделеріне ордендер тағылды. Қазақ көркем әдебиетінің өкілдерінен екі адамға Еңбек Қызыл Ту ордені берілді: ауыз әдебиетінің биігі — Жамбыл Жабаевқа, жазба әдебиеттің биігі — Сәкен Сейфуллинге. Онкүндік мерекесі өткеннен кейін, мен Леон Иеаевич Мирзоянға жолықтым да, алдағы жазда Сәкен Сейфуллиннің, әдебиеттік еңбекке кірісуіне 20 жыл толуын Қазақстанда тойлауды өтіндім. Неге өйтуімді дәлелдемек болғанда:
— Білем,— деді Мирзоян,— Сәкеннің өміріне де, ісіне де қанықпын. Ол шын мағынасында революционер-большевик, қазақтан шыққан бірінші пролетариаттық жазушы. Юбилей өткізу жайында ойланайық. Жолдастармен ақылдасайын. Өзім хабарлайын.
Хабарланған күні барсам, Сәкеннің юбилейін алдағы июль айында өткізетін бопты. Мирзоян маған бір ұсыныс айтты. Кеше кеңескенде мен оған диссертациямды Москвада жаз ортасында қорғап, Алматыға күз оралуымды айтқам. Ол үндемеген. Бүгін айтқаны:
— Сіз не үшін оқыдыңыз? Ғалым, я педагог болу үшін бе? Білімді жазушы болу үшін бе?
— Әрине, соңғысы үшін,— дедім мен.
— Онда,— деді Мирзоян,— сіз диплом қорғауға уақыт кетірмей, Алматыға тез қайтыңыз да, жазушылар ұйымының жұмысымен және шығармалық істеріңізбен шұғылданыңыз.
Ол мені осыған көндірді.
Алматыға бара Казкрайком мені Қазақстан жазушылар одағының басқарма председательдігіне тағайындады. Онда менің қолға ерекше алған жұмысымның біреуі — Сәкен Сейфуллиннің әдебиеттік қызметі жиырма жылға толуға байланысты өткізілетін юбилей. Жазушылар одағы бұл жайда бірталай шаралар өткізуге жоспар жасады да, басқарушы орындардың бекітуіне берді. Юбилейлік жиналыста баяндама жасау маған тапсырылды. «Сәкенді білемін» дейтін адамның бірі болғаныммен баяндамаға даярланғанда оның өмірінің революциядан арғы жағын шалағай білетін боп шықтым. Осы олқылықты толтыру үшін білмейтінімді Сәкеннің өзінен сұрап алмақ боп пәтер үйіне бардын. Ол Карл Маркс пен Виноградов көшелерінің бұрышындағы үлкендеу ағаш үйде тұратын. Кең қорасында жақсы бақшасы болатын. Сәкеннің айтуынша, төрт ұлы, екі қызы болған, әкесі Сейфолла өмірінде балаларын қолына да алмаған, сүймеген, иіскемеген адам екен. Мен Сәкенді де солай көруші едім. Баланы едәуір жасқа келгенде көрген ол, Гүлбаһрамнан туған бірінші қызы — Лаураны (28, я 29 жылы туған болу керек) иіскеген де, сүйген де емес деседі. Ал, 1936 жылдың басында туған улы — Аянды жақсы көруінде хисап болған жоқ. Үйіне барсам, Аянды мойнына мінгізіп, екі аяғынан қолымен ұстап алған Сәкен қора ішінде серуендеп жүр екен. Келген жайымды естігеннен кейін, Сәкен мақұл, кеңесейік деді де, баланы шешесіне беріп, есігінің алдына қалын, боп өскен талдың тасасындағы қуысқа төсеніш, тапал стол, қымыз, ыдыс алдырды да, қою, дәмді қымызды ішіп отырып кеңеске кірістік. Мен одан революцияға дейінгі өмірін қысқаша баяндап беруді өтіндім. Ендігі сөзді, сөз араластырмай, Сәкеннің өзіне берейік. Мен қазақтың «Арқа» аталатын кең, даласының нақ ортасында туып-өскен адаммын. Арқада Ор, Аба дейтін, төбесіне атпен шауып шығатын екі тау бар. Менің ата мекенім Аба тауының қойнауында Қарашілік деген жер. Абаның бойы толған бұлақ. Көктемде тасып күз үздік-үздік қара су боп кететін Жаман дейтін өзен де бар. Таудың салаларына қайыңы, терегі, талы, шілігі аралас қалын, орман өседі. Қыраттары қызғылт бұйра тас. Тау төбесіне шықсаң, алыста адақтай біткен шоқылардан басқасы, ұшы-қиырына көз жетпейтін кең дала. Мен туған даланын, ауылдары қысты күні тау сағаларында қыстайды да, жаз алысқа көшіп, Абадан бес-алты жүз километрдей жердегі Ақмола қаласына таянып барады. Біздің ауылға ең жақын қала — осы Ақмола, ең, жақын село — орысша «Успенский», қазақша «Нілді» аталатын мыс руднигі, ол Абадан 150 километрдей. Біз қазақтың Арғын аталатын руына жатамыз. Оның ішінде Қуандық, оның ішінде — Тоқа. Тоқаның өзі бертінде бес-алты болыс ел болды. Тоқа ішінде бізді Мырзамбет дейді. Одан — Ескене, одан — Байбек, Одан — Жәнібек, одан — Оспан, одан — менің әкем — Сейфолла. Жәнібек Тоқа ішіндегі бай тұқымның да, мықты тұқымның да бірі болған. Оспан жас жігіт кезінде еледі де, Сейфолла бір жарым жасында жетім қалады. Алты жасында шешесі өледі. Оны Оспанның туған ағасы — Мақажан тәрбиесіне алады. Мақажан бай да, мықты да болған кісі. Сейфолланы ол бұла ғып өсіреді де, 18 жасында үйлендіріп енші береді. Әйелінің аты—Жамал. Әкем одан басқа әйел алған емес. Жамалдан: мен, Мәлік, Әбен, Мәжит деген төрт ұл, Рахима, Сәлима деген екі қыз, барлығы — алты бала болдық. Менің ата-бабаларымның түстері жирен-сары болған. Әкем де солай. Інім—Мәжиттің Орымбек дейтін ұлы мен (1930 жылы туған), Рымжан деген қызы (1932 жылы туған) жирен-сары боп аталарына ұқсаған. Сондықтан да ол екеуін жақсы керем. Жамалдың балалары түгелімен өзіне тартып, қоңыр өңді, қара шашты, қара сақал-мұртты болды. Менің де кескін-кейпім, түр-тұлғам аумаған шешем. Ол бойшаң, сымбатты, кескінді кісі еді. Бай туысының қолында бұла боп есуден бе, табиғаты солай ма — әкем жүйрік ат, қыран бүркіт, алғыр тазы, тигіш мылтық серілік құрған адам. Өзі көздегенін құтқармайтын мерген болған. Тазысы мен бүркітіне бір жылдың сонарында жүз шақты түлкі мен қасқыр алдырған шағы бопты. Өте домбырашы, гармоншы, дойбышы адам. Әнді де бірсыдырғы жақсы айтады. Шешем сабырлы, ақылды, балажан, ер күткіш, үй күткіш әйел еді. Әкем не серілік құрып, не аңшылап... дегендей жыл тәулігінің көбінде үйде болмайтын, «дөңгелек қана дәулеті бар» дейтін шағын шаруамызды туыстар бағысатын (шаруа дегенім — мал ғана. Мен туған өлке малдан басқа шаруамен шұғылданбайтын), бала-шағасын шешем ғана тәрбиелейтін. Балаларын ол әдепті, ынсапты, мінезді ғып есіруге тырысты. Мәліктен басқамыз солай боп өстік қой деймін. Мәлік шадырлау, жанжалқойлау, төбелескектеу болып өсті. Мен туған өлкеде мектеп, медіресе деген оқу орындары болған емес. Бар оқытушы — «тіл сындырғыш», ескішіл, надан молдалар. Бала кезімде әке-шешем мені осындай молданың біреуіне сабаққа беріп, қадым оқуымен мұсылманша хат таныдым. Бірақ. әкем мұнымен қанағаттанбай, орыс оқуына беруді қиял етіп жүрді. Бір жылы мен он жастан аса берген шақта, Нілді заводына жұмысқа бара жатқан біреу кеп қонып, әкем «сонда барып орысша оқы» деп мені ілестіріп қоя берді. Нілдіде мен алғашқы жылы саудегерлеу бір орыстың үйінде қол бала боп жұмыс істеп, аздап орысша тіл үйрендім. Содан кейін завод қасындағы екі кластық орысша школаға оқуға түстім. Бұл заводтың ағылшын капиталисінің билігіндегі кезі. Жұмысшылары қазақтар. Аздап орыс та бар. Тұрмыстары нашар: ақыны аз алады, шахта жұмысы ауыр, жатақ үйлері жаман, лас, еңбек қорғау деген жоқ, шахта құлап талайлар мертігіп, талайлар өліп жатады... Олардың құнын сұрайтын ешкім жоқ! Сұрағанмен бере ме? Ағылшын мен оның шабармандары жұмысшыларды ит-қорлықта ұстайды... Көнбейін десе—басқа тамақ асырар жері жоқ... Мал дегеннен — ада. Күшінен басқа сенері жоқ... Ауылда да таршылықта тұратын кедейлер, жалшылар болады ғой. Жұмысшылардың тұрмысы олардан әлдеқайда ауыр... Осындай ауыр халдегі жұмысшылар 1905 жылдың қысында көтеріліс жасады. Бір күні ертемен оянып сабағыма баруға тысқа шықсам, Нілдінің ойлы-қырлы тақыр далаға орнаған поселкесінің іші азан-қазан, у-шу!.. Әне жерде де, мына жерде де топталып жүрген адамдар!.. Қолдарына қызыл жалау ұстаған!.. «Бұ не?!» деп жақындасам, жұмысшылар ағылшын капиталисі тұратын үйді де. конторды да қамап апты. Сөздері — «жұмыс сағатын азайт!.. Ақымызды көбейт!.. Тұрмысымызды жақсарт!..» Капиталист тығылып қалған... Шабармандары үйді қамаған жұмысшыларды әрең ұстап тұр... Не істерін білмей сасқан капиталист маңайдағы қазақ ауылдарының байларына, өкімдеріне кісі шаптырып, олар жұмысшыларға «тілектеріңнің бәрін орындатамыз» деп уәде береді, көнбейін десе, «ендеше елден жігіт жинап әкелеміз» деп қоқан-лоқы жасайды. Жұмысшы аз (екі мыңдай), қарулары жоқ, ел көп, одан көп жігіт жиналса төтеп бола алмайды және ағылшын да «тілектерін орындаймын, Ақмолаға барып ақша әкелем де, тұрмыстарын түзеймін» деп уәде берген. Төрт-бес күн ереуіл жасап жұмысқа шықпаған көтерілісшілер капиталисті және байлардың «уәдесіне» амалсыз тоқтады. Ақмолаға кеткен капиталист ақша орнына қарулы отряд алып кеп, көтеріліске басшы болғандарды түгелімен тұтқынға алды да, қол-аяқтарын кісендеп, үскірік қыста Ақмолаға жалаңаш-жалпы күйде жаяу айдап кетті. Өзгелерін «бас көтергеннің бәрін үстеміз» деп қорқытты... Жұмысшылар амалсыз бас иді... Кейін білсем Нілдінің көтерілісі Москва, Петербург сияқты қалаларда 1905 жылы болған революцияның ұшқыны екен. Нілді көтерілісін — осы араға айдалып келген большевик ұйымдастырыпты. Ол тұтқынға алынушылардың ішінде кеткен. Нілді көтерілісі менің жүрегіме өшпес жара түсірді. Білімім, сана-сезімім өскен сайын, бұл жара ұлғая берді... Оның қалай жазылуын білмей жүрген шақта 1912 жылы Омбыға бардым да, учительдік семинарияға оқуға түстім. Оны 1916 жылы бітірдім. Осы уақытта, Омбыда жасырын қызмет атқарып жүрген большевиктермен таныстым. Бүкіл жұмысшы атаулының, бүкіл еңбекші атаулының қанау құлдығынан қалай құтылу жолын маған солар үйретті. Мен солардың жолына түстім... Сәкеннің революция жылдары коммунист (большевиктер) партиясының жолына түсуі, Қазақстанда Совет үкіметін құру ісіне қызу араласуы. Колчак диктаторлығы кезінде абақтыға алынып ауыр азап шегуі, одан 1919 жылдың басында қашып шығып, жеңімпаз Қызыл Армияға қосылуы, 1922—25 жылдары Қазақстан үкіметін басқаруы, одан кейін, жазу ісімен қатар республиканың жоғарғы мектептерінде әдебиет тарихынан педагог — профессор болуы мәлім. Осынша көп еңбектерін білетін халық, 1936 жылдың июль айында, қазақ драма театрының кең залында (ол кезде Алматыда одан кең зал жоқ та) өткізілген Сәкеннің юбилейінде хисапсыз көп жиналды. Олар залға сыймады. Біреулер «жиналыс бақшалы кең қораның ішінде өткізілсін» деп еді, көпшілікке орындық жетпейді, жерге отыруға өткен бірер күнде қалын, жаңбыр болғандықтан — дымқос; сондықтан жиналыс залда өтті.
Юбилей биік дәрежеде өтті. Одан түнделетіп тараған халық аузындағы сөз:
— Бұл, Сәкеннің ғана тойы болған жоқ, бүкіл қазақ совет әдебиетінің бірінші және үлкен тойы болды!..
Июль, 1961 жыл.
Март, 1963 жыл.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру