TELEGEI

Home

Түркістан солай туған

Мұхтар Әуезов

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Түркістан солай туған

Қазақтың заңғар жазушысы, қоғам қайраткері Мұхтар Әуезовтің шығармашылығы XX ғасырдың қайталанбас құбылысына айналды. М.Әуезов шығармаларында халықтың тыныс-тіршілігін, арман-мақсатын, тарихи болмысы мен бүгінгі келбетін көрсетіп берді. Алғашқы жылдары жазылған көркем туындыларында елдің тұрмыс-т...

Директор туралы очерк
Жолсызда жүрген вагон

Бүгін таң атқалы үшінші тәулік те толды. Үздіксіз ауыр, шабан, мимырт жүріс әлі аяқталған жоқ. Тек тасбақадай тырбанып, бірқалыпты шақыр-шұқыр, тарсыл-күрсіл салып, айдалада жалғыз әлектенген "ДТ-54" тракторын көресің. Айнала құлан елсіз, мүлде меңіреу. Трактор тына қалса, теңіз түбіндей үнсіздік әлемі басады, ол мелшиген жым-жырт. Өткен тәуліктер ішінде бұл трактор көрмеген азап қалған жоқ. Қалың қатпар Қаратау, қала берді аяғы жоқ, басы жоқ, бүгіле, созыла жатқан ұзақ қатар Ақтау таусылар да емес. Тегістеліп, оңайлар да емес. Сондай бейнетті меңіреу кешудің тағы бір қиын өрін майталман батыр трактор жаңа ғана бар пәрменімен жеңіп шықты. Әуелі шаршы өрдің жиегіне төс табандап жабысты. Күртілдеген үніне бұрқылдаған көк түтіні үзіле-үзіле ілесіп, алыптың өзі жотаға шыққан. Сәлден соң бұған ере артына тіркелген адам айтпас келеңсіз жүгі көріне берді. Қарауытып, қаңқиып, абажадай үлкен қалпымен қалтылдап, қалықтап о да келіп жотаның қырына ілінді. Трактордың үш күннен бері сүйрегені осы бір ақылға сыймас, келеңсіз жүк. Ол - үлкен бір қызыл үй. Тек қана дөңгелегі жоқ, кәдімгі өз орны, өз рельсінде, өрескелі жоқ үлкен қызыл вагон. Төменде бес рельстен шана табанындай табан жасап орнатқан қызыл вагон екен. "Үш ұйықтаса ойына кірмеген" құлан елсіз жолсызда, "ақ қар, көк мұзда" Жөн аталған үлкен өлкенің жиегіне жаңа ғана кеп иек артты. Трактордың қасында жаяу жай ғана басқан аласа бойлы, шүңет көк көзді, шолақ ақ тонды, ақ пималы жүргінші жүндес қолғабын жоғары созып көтерді де, төмен сілікті. Тракторшыға "тоқта" дегені. Трактор тоқтай берді, бірақ мотор өшірілген жоқ, тек әлсіреткен күйде ол діріл қағып, бүлк-бүлк, дүңк-дүңк соғып тұр. Екеуіне де мәлім қатты бір байлау бар. Не де болса, бұлар еш уақытта моторды тоқтатып, өшірмек емес. "Не глушить мотор, только не глушить" — дескен екеуінің өлімнен қайтпастай, айнымастай байлауы болатын. Тракторшы Новиковтің өңін жел қаққан, аяз сорған. Ұйқысыз жүдеген қалпында оның реңі қазір қара көк тартқан. Соның есебіне кішкене шошақтау көздерінің жасыл бояуы қоюланып, айқындай түскен. Жаңағы бұйрық бойынша тоқтаған тракторшы моторды әлсіретіп қоя салысымен жерге түсті.

— Ух, құрып кетсін бұл Джон! Ит Джон. Бұған жетеміз бе, жолдас директор, жоқ па? — дей берді.

Қажығанын мойындағысы келмеген жолдасы қысқа ғана үн қатты.

— Жонға жеттік, Жонға шықтық, міне! Бірақ ол әлі қуантпайды, Новиков, сені! — деп, артқы қызыл вагонға қарай жүрді.

Бұлардың ендігі әңгімесі жол азығын салған қаптың қасында созыла берді. Кепкен нанды сырты бозғыл тартқан колбасамен қосып жеседі. Тоңазып қатқан сары майды бұлар томар-томар омырып жейді. Түн бойы ас ішпеген екеуі таңертең елең-алаңда тамақтанбай шыққан. "Жонға ілініп жетіп алып, сәскелік асты сонда ішейік" дескен. Тоқтаған жайлары да осы еді. Аспан ылаңы әлі айықпаған. Жақын заманда айығардай түрі де жоқ. Жұмарланған қою сұр бұлт қана қаптаған. Жотадан айналаға көз жіберсе, көз тоқтарлық бірде-бір қарауытқан бұдыр жоқ. Тек қана ақ көрпесін қалың жамылған, дүңкиген қалың-қалың жоталар жатыр. Кей жақта көкжиекке шейін созылып жатқан ұшан-теңіз ақсұр дала, суық дала. Жүргіншілерге әлі соншалық жат, жұмбақ дала. Бірде-бір жерде адам жайы білінбейді. Қала, село былай тұрсын, қалқиған жалғыз-жарым қора да жоқ. Алдыңғы күн мен кешелер сирек те болса ие болғандай мал фермалары кездесуші еді. Адамы аз жалғыз-жарым үйлері ғана бар сирек отар, қашарлар болып еді. Екі жүргіншінің көңіліне бүгін елсіз құлазыған жапан түз жәйі әбден мәлім. Олар бұл маңнан, бүгінгі жолдан адам мекенін күтпейді де. Бірақ көз бен көңілге соншалық жат, жайын дүние аса суық тартып, орасан өгейлік андатады. Екі ұртын мұздақ колбаса мен қара нанға көмейлете толтырып алған Новиков, зорға сөйлесе де, бұл жол мен Жонға қатты наразылығын айтады.

— Күншуақты Қазақстан... Жақсы-ақ екен, несін айтасың!

Жолдасы қостай түсті:

— Тым құрыса Қостанай мен Павлодар облысы болса бір сәрі. Февральдың аяғында Қазақстанның жылы жағында, Жамбыл облысында бұндай қалың қар, бұндай ұзақ қыс болар ма?! — деді. Новиковтан гөрі көбірек білетін де түсінетін қалпы бар. Өзімен-өзі ойлана сөйлескендей боп, біраз жайларды таратып айтып кетті.

— Рас, биыл "отыз жылдан бері болмаған ауыр қыс болды" деді маған облыс қызметкерлері. Бұл жолдың қиындығын көп айтысып еді. Бірақ сонда да, дәл сен екеуміз көргендей, мұншалық қалың қар, мұндайлық меңіреу дүниені күткен емеспін. Біз қазір "Жон" деген жерге жеттік. Осы жаңағы шыққан өрден былай қарай, анау ұзаққа кетіп жатқан жота, мынау көлбеп жатқан адырлар, төбелер бәрі енді сол біздің болашақ совхоздың жер шегіне кіреді. Бірақ не керек, әлі де, Новиков, екеуміз алда тататын ащы азап көп. Мынау жүк, мынау ақырын жүріс, ауыр жолсыздық жағдайында екеуміз бүгін түнге шейін алдағы кішкене пунктке жете аламыз деп сенбеймін. Одан да асай түс колбасаны! Майды және молырақ аса, болмаса өзіңнің моторың да әлсіреп жүрмесін. "Не глушить мотор!" Ол тракторға ғана айтылған емес! Қажымасқа, берілмеске, тоқтамасқа сен екеумізге де арналған ұран! — деді.

Ширақ бойы сергіп, ұсақ тістерін ақситып, өзгеше бір сілкінгендей боп қатты күліп алды. Шүңет қабағының ішінде терең орнаған үлкен көздері Новиковке қадала қарайды. Дем бере, жандана барлап, жылы сәуле төкті. Бұның көзі өзгеше бір қажырдың, сабырлы ақылдың көреген көздері тәрізді. Көз реңі жасыл көк емес, ақшыл көк. Адамның түсіне ғана емес, ішіне де қарағыш шыншыл көзінде сирек бір саналы оттар қалушы еді. Новиков бұның жаңағы айтқан жайларын ұғына тыңдап тұрып, өзінше бір долбар айтты.

— Осы күндерде көп совхоздар Қазақстанның ең суық жағы солтүстік облыстарға орнап жатыр ғой. Оларға бізден де қиын шығар!

Бұған оның жолдасы екі ұдай жауап берді.

— Қиыны да бар, бізден жеңілірек жәйі де бар!

Ол өзі Қазақстанға жүрерден бұрын жалпы осы республиканың экономикалық, географиялық жайларынан әдейілеп оқып алған көп кітаптар мәліметін еске түсірді.

— Рас, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, тіпті Көкшетау, Ақмола облыстарының бәрі де бұл жақтардан суық. Қары қалың, бораны да көп. Бізде мынау қар, мынау ұзақ қыс сирек болатын жәй! Бірақ сонымен қатар ол жақта таулар аз. Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар, көп жерінде Көкшетау, Ақмолада тегіс далалар мол. Онда трактор сенің тракторың көрген қорлық азапты дәл бұндай көрмейді. Біз сияқты поезд станциясынан тоқсан километр жерге орнаған және жолының бәрі тау, ой-шұңқыр, тасқия, жар-жыра болған совхоз жоқ деуге болады. Не деген сөз? Бір ғана вагонды болашақ совхоз орталығына жеткізу үшін екеуміз трактормен бүгін үш күн сүйреп келеміз! Осы жолдың әрі жырақтық, әрі ой-шұңқыр, тау-тасты қиындықтары Солтүстік Қазақстандағы совхоздарда жоқ деуге болады. Біздің жайсыз жағымыз дегенім осы. Сондықтан әлі де баса бер, Новиков, тарта бер! - деп, өзінің термосындағы ыстық шайының ең соңғы кружкесін Новиковке төңкере құйып берді.

Сәл тынығып, тамақтанып бой жылытып, серги түскен қалпында ауыр жолдың жолаушылары тағы да мимырт жүріске басты. Аяздап қалған машина шықырлай шықырлап, сықырлай күтірлеп, қалың қарды жентектеген күйде екі жағына ыршыта шапшытып, лақтыра отырып, Жонның күдір жотасымен баяулап тарта берді. Бұлыңғыр күңгірт сәуле арасында айнала айқын көрінбейді. Сұрқай аспан мен ақсұр дала ұласып, кілегей сұйық сұрғылт бір бояуға батқан. Жон маңы жүргіншілерге тағы бір тың әлек әкеле бастады. Бұрынғы ойда, сай-қолатта келе жатқандай емес, жотаның үсті қатты ызғырық аязды жел аңқытуға айналды. Новиков тракторды жүргізе отыра енді жиі-жиі аузы-мұрнын уқалай бермесе, үсінетін тәрізі бар. Жолдасы жел өтіне тоңа бастаған беті-мұрнын сақтау үшін сырт айналып, арқасымен шегіне жүріп, беті-қолын уқалай берді. Жон үсті жақында жауған қарын қуғылайды. Алыс жиек қана емес, жақын жерлердің өзінде де ирек-ирек күртіктер үстінде түтіндей, құйындай бұралып шалқи түсіп, жаяу боран — ақ жорға жүре бастады. Күн анық аязды, желді борасынға айнала берді. Жонның қарының да бұрынғыдан әлдеқайда қалыңдай түскенін Новиков түйілген қабақпен алыстап келеді. Айқын жол жоқ. Бұларды бастап келе жатқан бірер машинаның ескі сүрлеуі ғана. Ол кей жерлерде боран астында басылып қалады. Кей тұстарда омырылған томар-томар қар кесектерін, үлкенді-кішілі қиыршықтарын көрсетіп қояды. Кешке де, таңғы елең-алаңда да, қазіргі жаяу боранда да жат жолдағы жатырқағыш жолаушы-тракторшыны бастап келе жатқан соқыр жол осы. Жон енді біразда кей тұстарда жақпар тастарды, қатпарлы қатар төбелерді, сирек бұталарды жиілетті. Боран қара тастан да, қалтылдаған тікенді шеңгелдің үсті-басынан да, бауырынан да ұйтқып өтіп жатыр. Новиковтің көзі тек қана алда, соқыр жолда болатын. Ал жолдасы соңғы сәтте сол жақтағы бір жайға қадалып, тоқтай қарап қап еді. Оның көзіне сонау селдір аласа бұтаның түбінен көтеріліп, қалқиып тұрып, қайта құлап түскен бір жан иесі елестеді. Көрінді де, құлап жоқ болып кетті. Аспанға созылған қолдар байқалған тәрізді. Әуелде жолаушы бұл көрінген тау ешкі бола ма, анау мүйізі ме деп қалып еді. Кейін жиырыла құлаған бейнені көргенде, көңілде күдік қалған жоқ. Жылдам басып трактордың қатарына омбылай жүгіріп кеп жетті де, тағы да дағдысынша қолғапты қолын жоғары көтеріп, төмен бір-ақ сілкіп, "тоқта!" — деген бұйрық берді. Новиков тоқтады да, таңдана қарады. Жолдасы сол қолымен жаңағы жақты нұсқап тұрып: "Анау жерде біреу жатыр! Меніңше, сол адам!" — деп еді. Новиков бұның неге тоқтағанына қайран болып: "болса болсын!" — деп, қайтадан баранкеге қолын сала берді.

— Тоқта, ол адам болғанда боранда үсіп жатқан адам болу керек!

— Но, несі бар, біз не істейміз?

— Не істеу керек? Түндегі боранда адасып, ұшып өлгелі жатқан адам болса, біз көмек етпейміз бе?!

— Қандай көмек?! Не айтасыз? Көмекті менің өзіме етсін, мен де ұшып өлгелі келем, жолдас директор! Бөгелмейік! — деп, тракторды жүріске қайта басты.

Директор оны иығынан қақты да, қайта тоқтатты. Енді даусы шаншыла ширап, қатаң шығып еді.

— Мен көмек ету керек деймін, құтқару керек деймін! Ұқтың ба? Ол адам! Мүмкін өлгелі жатыр.

— Қалай көмек ет дейсіз?

— Бұр тракторды.

— Но... жолдас директор, тастаңыз ол қылжақты!

Директор өткір көзін қабақ түйе зілдене қарады.

— Бұрылып барамыз, бұрыңыз тракторды! Түсінесіз бе, адам өлгелі жатыр дегем жоқ па мен сізге?!

Новиков те тістеніп, ашулана түсті.

— Қайдан бұрам, жолдан шықсақ, қайтадан таппаймыз мынау ит ізді, адасамыз. Өлген адамды айтсаңыз, алда да, біздің өзіміздің совхоздың адамы да өлгелі жатыр. Үш күн болды азықсыз! Біз болсақ жете алмай келеміз.

Директор өзінің нық байлауына енді ашумен түйілген еді. Қарды тепсіне тұрып:

— Бәрібір біз қауіпке түскен адамды тастап кете алмаймыз. Түсінесің бе, біз совет адамымыз. Бұр деймін қазір тракторды!

Новиков те ызамен қарсылыққа басты.

— Машина үшін мен жауап беремін. Алмаймын мойныма ол жауаптылықты. Жолда тағы тас, бұрыла алмаймын! — деп, жағын тістеніп, тракторды қозғай берді.

Қазір тотыққан сарғыш жүзіне қып-қызыл ашу қаны ойнаған, кішкене ширақ денелі ақ тонды адам енді жүгіріп ұшып, трактордың алдына шығып тұра қалды. Новиков тақалса да, ол тапжылған жоқ. Тракторшы бас шайқап, қыңыр жолдасын жасыл көзімен оқтай атып, тоқтай берді.

Сол кезде саңқ еткен қатты үнмен қысқа ғана жалғыз бұйрық айтты директор:

— Мен бұйырамын, бұр!

Трактор жиыны екі жүз метрдей жерде көрінген жаңағы жалғыз селдір бұтаға соншалық жай жылжып, қиналып, шықырлап, байбайын сала, бар лағынет қарғысын айта зорға жетті. Тікен түбіне директор ұмтыла жүгіріп бұрын жетіп еді. Қалың қардың ойылған құдықта түбінде бүк түсіп жатқан кішкене дене көрінді. Адам... қазақ киімді. Басында шүберек, үстінде шапан. Әйел! Директор құдыққа үңіле келіп, бұны екі жағынан қаусыра құшып, жоғары көтеріп алды. Жүзіне қараса, тасқа түскен таңбадай құрысып, сұрланып-сұрланып түскен қалың қатпар әжімі бар, арық, жүдеу, кішкене кемпір екен. Қазақ кемпірі. Қабағын сәл ғана жиыра көтеріп, көзін болымсыз ғана ашты да: "алла!" — деді. Екі жағы қалтылдап, өне бойы дір-дір қаққан, ұшып жаурап біткен сорлы жан, адам қолы бойына тие бере, сіресіп, есінен айрылып, талып кетті. Енді трактордан түскен Новиков те көмекке келген еді. Екі еркек шүйкедей кемпірді көтеріп алып, вагонға әкелді де, тоңазыған есігін шықырлата ашып жіберіп, төменгі аласа полкаға әкеліп жатқызды. Енді екеуі бірдей "спирт, спирт!" — десіп, тезінен кемпірдің екі қолын, кеудесін, аяғын, өне бойын спиртпен ысқылай бастады. Салқын вагон ішінде аузына да спирт тамызды. Бойы сәл қызынып, жан кіріп жылына берген кемпір, аузына ащы спирт тамшылары сирек тістері арасынан өткенде, барлық бет-жүзін тыжырта, ышқына "уһ" деді. Жарты сағаттай бұның өн бойын уқалап, ысқылап жан шақыртқан екі еркек енді кемпірдің есі кіре бастағанын аңғарды. Реңі оңған, бозғыл қоңыр тартқан ажарлы көздерін енді анық ашып, екі орыс адамына ұғына қараған кемпір алғыс белгісіне ишарат жасап, басын шұлғи берді. Директор енді одан орысша жөн сұрап: "Сенің атың кім? Сен кім?" — деп еді, кемпір түсінбеді. Құлағы да көмескі естиді. Ол өз жанынан көкейін тескен бір ауыз сөзін айтуға ынтығады.

— Сада... Садаға... Садағаң кетейін. Садаға!.. — дей береді.

Директор мен Новиков оның атын "Садаға" қойып
алды.

— Садаға, сен қай колхоз? — деп сұраған директорға:

— "Ждан!" "Жданов!" - деді.

Екі жолаушы "Жданов" деген колхоз атын естігенде, қатарынан елең етісті.

— Біздің көрші колхоз!.. Біздің база қасындағы колхоз! Жолдағы Жданов атындағы колхоз! — деп, кемпірге екеуі кезегімен бас шұлғыды. Қолдарымен өз кеуделерін ұрып, алға қарай, Жданов атындағы колхозға қарай қол сілтеді.

"Біз де сол Жданов атындағы колхозға қарай барамыз!" дегендей кемпірге түсінікті белгі жасады. Бір тірі жанды өз қолдарымен өлімнен құтқарғанына қазір тракторшы Новиков та өзгеріп, көтеріле сергіп қалған. Ол енді бұрыштағы азық қапшығы ішінен өзінің термосын алып кеп, кемпірге үлкен шыны шай ұсынды. Екі жақтан нан, май берісіп жатты.

— Садаға, іш! Сен өлмейсің, көп жасайтын кемпір Садаға! — деп, енді директор мен Новиков өздері құтқарған саналы жүзді кемпірге әзіл де айта бастады.

Осы күні Жонның ұзақ, cap жотасын аса баяу жүріспен даңғаза қып зорға шиырлаған үлкен көлік кешке шейін жүрді. Әлі де Жон деп аталғанмен, бұл өлке бір тегіс емес екен. Үш-төрт рет Новиковті аса қатты қинаған, әуре-сарсаң еткен тік шаншылған құлаберісте болды. Ұзақ көлбеп созылған шаршы өр де кездесті. Тоңы қатып, құлай түсіп, кемерленіп жатқан шүңет сай, тар жыралар да табанынан тартқандай боп "ДТ-54" тракторына тістесе жабысты. Сіресе қысып, жібермей жатып алған жерлер көп болды. Ең соңғы, бейнетті бір жер, бұлар баратын база болмысқа екі жарым-ақ километр жердегі терең жар еді. Дәл сол араға кеш бата кеп ілінген, мейлінше қажыған жүргіншілер төрт сағаттай кесел жардың тұтқынынан шыға алмай, әлекке түсті. Бүгін күні бойы вагон ішінде үлкен тонға оралған кішкентай кемпір бүрісіп құнысты да, жан шақырып жата берді. Жолдың ор-жыралары, өр-қиялары вагонның еденінде оны әрлі-берлі көп домалатқан еді. Кемпір әйтеуір қалың тонға шымқана оранған күйінде сол тонымен бірге "Алла, құдай!", "Ойпырым", "Садағаң кетейін", "Алда, жасаған!" дей түсіп жата берді, қала берді. Тек жеті түн мейлінше болып, айнала қоңырқай қара қошқыл дүниеге әбден ауысқан шақта ғана жүргіншілер алдынан кішкентай терезелердің қызғылт сары оттары көріне берді. Жақын жердегі адам жайы бес-алты жерден көрінді. Енді біразда үнсіз меңіреу жотаны өзінше оятып, көп иттің үре жүгірген үндері естілді. Директор күні бойғы омбы қардағы жаяу жүрісте өне-бойы ұйып, талып, шаршаған болса да, енді сақылдап күліп жіберді.

— Иттер! Туғандар, сүйікті иттер! Үріңдер, келіңдер, тек үріңдер! — дегенде, суық жүзді Новиков те балаша күлді.

Адамзат мекеніне өлі дүниеден зорға құтылып жеткендері үшін бұлар сондай қуанышты еді. Жүргіншілер мақсат еткен мекеніне жете берді. Бұл арада өңшең кішкене аласа қазақ қорасы болатын. Жиыны он шақты қора болғанда, бәрінде де кішкентай аласа терезелерде әлсіз жарық қызғылт сары сәуле береді. Кешкі оттар сөнбеген, ауыл әлі жатпаған екен. Күрілдеп дүрсілдеген трактор ауылға тақай бергенде, жаңағы иттерге ілесе алдан ереуілдеп шыққан адам саны да мол екен. Осы көлікті жүргіншілерді асыға тосқан адам тобы андыздап жүгірісе, дабырлап сөйлесе, алдан шығып қоршалай берді. Директорды тани бере жүгіре кеп құшақтай алған жас қыздар, еркектер дабырлап қуана қарсы алып жатыр.

— Алексей Иванович, родной!

— Директор, қымбаттым!

— Туған әкем! Неге мұнша кешіктіңіз?

— Біз сізді сағынып, көксеп өлер болдық қой!

— Сіз шыққалы үш күн, үш түн. Біз біліп отырмыз.

— Боранда адасып, ұшып өлді ғой деп те қорқып едік.

— Жеткеніңіз қандай жақсы! — десіп, Новиковті да, директорды да қамап қоршап алған жұрт әлі бұлардың аузын ашырмай, дабырлап шуласа, таласа сөйлеп жатты.

Директор жол қиыншылығын қатты бір қарғап, қысқа атап алды да, қарсы алған адамдардан өз жөндерін сұрай бастады.

— Сендер тегіс тірімісіңдер? Аштан өлген жоқсыңдар ма? — дегенде, бірнеше жастар даусы ащы үнмен жарыса шықты.

— Ашпыз! Нан кеше бітті.

— Ыстық тамақ ішпегелі үшінші сутке.

— Нан әкелдіңіз бе? Азық келді ме? — дескенде, барлық отыз-қырық еркек, әйел аңыра анталасты.

— Келді! Нан да, ет те, май да, колбаса да, тары, күріш — бәрі де бар... Одан өзгесі де бар. Енді өлмейсіңдер! — деп, Новиков те қалжыңдады.

Директор ашық үніне салып қатты дауыстап күле түсті де:

— Өлмейсіңдер! Сендер түгіл, далада үсіп өлгелі жатқан кемпір Садаға да өлген жоқ. Міне, мұны көріңдер! Білдіңдер ме, біз боранда ұшып өлгелі жатқан колхозшы кемпірді де құтқардық. Осы колхоздың бір кемпірін де өлімнен айырып алып келдік! — деді.

Ол барып вагонның есігін ашқанда, кемпір тонға оранған күйінде жерде шоқшиып отыр екен. Енді жаңағы жиын ішінде үнсіз тұрған бес-алты қазақ әйелі, еркектер де бар екен. Солардың арасынан кемпірді шырамытып, қатты дабыстап, ұмтыла жүгірген жас әйел үні шықты.

— Апа! Апатай! Тірімісің, бармысың! — деп, кемпірді бас салып құшақтай жылап, бір жас әйел жабысты.

— Не дейді, апа-ау, бармысың? Қайран aпa! — деп, түлкі бөрік киген, биік бойлы, қара сақал Сәлмен деген колхозшы ұмтылды.

Енді директор мен Новиковті қарсы алған достары тегіс аңырып, үнсіз ғана тұрып қалып еді. Өйткені бұлар көрген ендігі жайлар өзгеше қызық, оқшау хал болды. Бірі үстіне бірі ұмтылып, біреу "апа" деп, біреуі "әже" деп, бір әйелдер "Сақа", "Сақыш апа", "ойбай, тірі ме ең, біз саған жаназа оқып қойып ек", "Шарламаған жеріміз, шапқыламаған тау-тасымыз қалды ма?", "Сені адасып кетті деп, екі күннен бері барлық осы ауыл ат үстінде сабылумен болғамыз жоқ па?" - деседі. Ендігі барлық жайларды жыласқан, қуанып күліскен қартаң әйел мен еркектер, жастау жігіт, келіншектер, мектеп жасындағы қыздар, ұлдар қалың шуға айналдырды. Кемпірді қара сақал Сәлмен құшақтап көтеріп апты. Соның қолында тұрып кемпір өз қолын көтеріп, шулаған жұрттың үнін басты. Енді сәл бір жым-жырт халден оң бетін директор мен Новиковке бұрды. Екі қолының саусақтарын соларға қарай соза бергенде, кәрі көздерінің ыстық жастары да сорағытты.

— Айналайын!.. Бар алғысым мынау екі орысыма. Баламнан көрмеген, байымнан көрмеген, құдайымнан көрмеген рақым мен достықты осы екеуінен көрдім! Садағаң кетейін, мен десеңдер, күте көріңдер. Өліп қалып ем... Қар астында қалып ем. Иманымды айтып, үзіліп болып ем... Екеуі көрден аршып алды. Қатып қалған, мұз боп қалған өлі денеме жан берді. Мен дегенің, осындағы өрен-жараның мен үшін сендер де осыларға қарыздарсың. Садағаң кетейін, садаға!.. — деп, екі кішкентай қолымен директордың қолын қысып алып, өзіне тартты, оның қолынан сүйгісі келіп еді.

Директор сақылдап күлді де, бұл қимылға қысылып ұялып:

— Е, ол жарамайды, Садаға, ол керек емес! — деп, күлген бойында қолын жұлып тартып алды. Сол қалпында кемпірді құшақтап, арқасынан қағып-қағып қойды.

Жолаушылар мен ауылдағы жандардың ең алғаш кездескен минуттары осындай еді. Сәлден кейін он шақты ғана қоралы ауыл үйдің бәрінде ойда жоқ тамаша бір мейірлі, көңілді жылылық, достық сезілді. Он үйдің бесеуі сол сәтте, сол түнде ауысып, келесі бес үйге көшті. Бұрыннан кеп, осы арада суық кенеп шатыр астында жатқан отыз-қырық адам барынша қуанды. Алғыстарын айтып, Жданов атындағы колхоздың колхозшылары әдейі босатып берген бес қораға — жылы баспанаға жапырлай кірісті. Директор жақсы біледі, осы он қорада отырған қой фермасындағы шаруа үйлері совхоздың жаңа келген жұртына барынша жақсы пейілмен, дос ажармен қараса да, әлі де суық қыс өздерін де жүдетіп тұрғандықтан, көп көмек көрсете алмай отырған. Рас, олар ерте-кеш демей, өздерінде бар азығымен ыстық ас әзірлеп беріседі. Жиі-жиі самауыр қойып, әр топ адамды бөліп-бөліп, әр үйге шайға шақырысады. Алғаш келген аз топты аудан қызметкерлері кеп қарсы алғанда, мұндағы колхозшылар да жамырасып, жылы шыраймен тосып алған. Бірақ, сонда да үй-жайдан жәрдем ете алмай тұрысқан. Енді Сақыш кемпір келісімен өз жайын айта бергенде, бұл ауылдың бар үй адамдары совхоздың директорын соншалық мейірленіп, қатты сүйсіне дос көріскен. Ал Сақыш болса, осы он қораның екеуінде оның балалары тұратын. Біреуінде ертеде ұзатылған қызы, тағы екі қорада қадірлес қайындары және бір үш қорада өзінің бауыры, төркіндері болатын. Қысқасы, бұл осы колхоздың ырысты бір анасындай тегіс қадірлі кемпірі еді. Ол "Ақтоғайдағы" кәрі абысыны шақырып барған да, сол "Ақтоғайдың" бір жас әйелімен, ат-шанамен жолға шыққан еді. Жолшыбай боран басталғанда, бұлар жолдан адасқан. Кейін шана бір оқапқа соққанда, келіншек пен кемпір қатарынан жығылып, асаулау ат шанасын тепкілеп қашып кеткен-ді. Содан кешегі күн таңертеңнен кемпір мен келіншек ақ боран ішінде адасып қаңғып, көп кезген. Ақыры кемпір әлі бітіп, келіншектен айрылған да, "осы арада өлдім" деп екі рақағат намазын оқып, сол анау бұтаның түбінде ұшып тоңып қалып қойған-ды. Енді кемпір ғана жылы жайға жеткен жоқ. Осы күн түн жарымына шейін бес қораның он шақты жылы тамдарына қырық шамалы совхоз адамдары мәз-мейрам боп жайғасып жатты. Бұлардың да жылы жайға бойы қуанып, мейірленгені сонша, әкелген тамақты да ұзақ уақыт асып, ыстық ішіп, оған бір қуанысады. Өздері үйінен шығып, мекендерін босатып берген "Жданов" колхозшыларына кең сарайға кіргізгеннен бетер алғыстарын айтысады. Олай ететін орны да бар... Осыдан бес күн бұрын директор бастаған алғашқы үш машина, бораннан бұрын осы адамдарды мынау суық панасыз жат жотаға әкеліп тастаған еді. Бұл арада мынау ақ қар, ақ боранда ең алдымен адамдарын сақтау ең үлкен міндет екенін біліп, директор сол күні қайта шапқан-ды. Ол неғылса әуелі қызыл вагон, вагондар жеткізіп алмақ еді. Сонымен, бірінші қызыл вагонды бірінші "ДТ-54" тракторымен сүйреп келген болатын. Әрі азық, әрі алғашқы баспана алып жеткені осы. Оны бұнда тосқан адамдары да болашақ совхоздың ең басты, ең қажет қымбат жандары. Бұнда осы директордың қарамағына, жауаптылығына өздерінің еңбегін, болашағын, ендігі өмірін, тірлік тағдырын да тапсырған бас агроном, жай агрономдар, бас инженер, партия ұйымының секретари, комсомол қызметкерлері, механизатор, тракторшы, комбайншы, өңшең еркек-әйел қымбат жандар, асыл мамандар болатын.

— Айналайын!.. Бар алғысым мынау екі орысыма. Баламнан көрмеген, байымнан көрмеген, құдайымнан көрмеген рақым мен достықты осы екеуінен көрдім! Садағаң кетейін, мен десеңдер, күте көріңдер. Өліп қалып ем... Қар астында қалып ем. Иманымды айтып, үзіліп болып ем... Екеуі көрден аршып алды. Қатып қалған, мұз боп қалған өлі денеме жан берді. Мен дегенің, осындағы өрен-жараның мен үшін сендер де осыларға қарыздарсың. Садағаң кетейін, садаға!.. — деп, екі кішкентай қолымен директордың қолын қысып алып, өзіне тартты, оның қолынан сүйгісі келіп еді.

Директор сақылдап күлді де, бұл қимылға қысылып ұялып:

— Е, ол жарамайды, Садаға, ол керек емес! — деп, күлген бойында қолын жұлып тартып алды. Сол қалпында кемпірді құшақтап, арқасынан қағып-қағып қойды.

Жолаушылар мен ауылдағы жандардың ең алғаш кездескен минуттары осындай еді. Сәлден кейін он шақты ғана қоралы ауыл үйдің бәрінде ойда жоқ тамаша бір мейірлі, көңілді жылылық, достық сезілді. Он үйдің бесеуі сол сәтте, сол түнде ауысып, келесі бес үйге көшті. Бұрыннан кеп, осы арада суық кенеп шатыр астында жатқан отыз-қырық адам барынша қуанды. Алғыстарын айтып, Жданов атындағы колхоздың колхозшылары әдейі босатып берген бес қораға — жылы баспанаға жапырлай кірісті. Директор жақсы біледі, осы он қорада отырған қой фермасындағы шаруа үйлері совхоздың жаңа келген жұртына барынша жақсы пейілмен, дос ажармен қараса да, әлі де суық қыс өздерін де жүдетіп тұрғандықтан, көп көмек көрсете алмай отырған. Рас, олар ерте-кеш демей, өздерінде бар азығымен ыстық ас әзірлеп беріседі. Жиі-жиі самауыр қойып, әр топ адамды бөліп-бөліп, әр үйге шайға шақырысады. Алғаш келген аз топты аудан қызметкерлері кеп қарсы алғанда, мұндағы колхозшылар да жамырасып, жылы шыраймен тосып алған. Бірақ, сонда да үй-жайдан жәрдем ете алмай тұрысқан. Енді Сақыш кемпір келісімен өз жайын айта бергенде, бұл ауылдың бар үй адамдары совхоздың директорын соншалық мейірленіп, қатты сүйсіне дос көріскен. Ал Сақыш болса, осы он қораның екеуін де оның балалары тұратын. Біреуінде ертеде ұзатылған қызы, тағы екі қорада қадірлес қайындары және бір үш қорада өзінің бауыры, төркіндері болатын. Қысқасы, бұл осы колхоздың ырысты бір анасындай тегіс қадірлі кемпірі еді. Ол "Ақтоғайдағы" кәрі абысыны шақырып барған да, сол "Ақтоғайдың" бір жас әйелімен, ат-шанамен жолға шыққан еді. Жолшыбай боран басталғанда, бұлар жолдан адасқан. Кейін шана бір оқапқа соққанда, келіншек пен кемпір қатарынан жығылып, асаулау ат шанасын тепкілеп қашып кеткен-ді. Содан кешегі күн таңертеңнен кемпір мен келіншек ақ боран ішінде адасып қаңғып, көп кезген. Ақыры кемпір әлі бітіп, келіншектен айрылған да, "осы арада өлдім" деп екі рақағат намазын оқып, сол анау бұтаның түбінде ұшып тоңып қалып қойған-ды. Енді кемпір ғана жылы жайға жеткен жоқ. Осы күн түн жарымына шейін бес қораның он шақты жылы тамдарына қырық шамалы совхоз адамдары мәз-мейрам боп жайғасып жатты. Бұлардың да жылы жайға бойы қуанып, мейірленгені сонша, әкелген тамақты да ұзақ уақыт асып, ыстық ішіп, оған бір қуанысады. Өздері үйінен шығып, мекендерін босатып берген "Жданов" колхозшыларына кең сарайға кіргізгеннен бетер алғыстарын айтысады. Олай ететін орны да бар... Осыдан бес күн бұрын директор бастаған алғашқы үш машина, бораннан бұрын осы адамдарды мынау суық панасыз жат жотаға әкеліп тастаған еді. Бұл арада мынау ақ қар, ақ боранда ең алдымен адамдарын сақтау ең үлкен міндет екенін біліп, директор сол күні қайта шапқанды. Ол неғылса әуелі қызыл вагон, вагондар жетісіп алмақ еді. Сонымен, бірінші қызыл вагонды бірінші "ДТ-54" тракторымен сүйреп келген болатын. Әрі азық, әрі алғашқы баспана алып жеткені осы. Оны бұнда тосқан адамдары да болашақ совхоздың ең басты, ең қажет қымбат жандары. Бұнда осы директордың қарамағына, жауаптылығына өздерінің еңбегін, болашағын, ендігі өмірін, тірлік тағдырын да тапсырған бас агроном, жай агрономдар, бас инженер, партия ұйымының секретары, комсомол қызметкерлері, механизатор, тракторшы, комбайншы, өңшең еркек-әйел қымбат жандар, асыл мамандар болатын. Бүгінгі кеште жылы жайға бойлары сүйсінген, іштеріне ыстық, дәмді ас түскен осы топ әр қора, әр бөлмеде, ас жанында, төсек-орын үстінде отырысып айтысқандары Алексей Иванович жайы. "Қажырлы, төзімді, құрыш мығым директор Строгов" жайы ұзақ еске алынған-ды. Жамбыл облысы, Сарысу ауданында Жон дейтін елсіз, ессіз құла дүзге орнай бастаған "Түркістан" атты (үлкен атты) болашақ совхоздың директоры – күндізгі біздің танысымыз, директор Алексей Иванович Строгов сол болатын.

Бас уайым – баспана Келер күн тағы да айнымаған жүдеу сұр аспан қабағы ашылған жоқ. Желдеткен аязы бар айналада әлі де ақжорға жүріп жатыр. Жақсы тынығып, ерте тұрған Строгов қасына партия ұйымының секретары қазақ жігіті Тұрсынов дейтін қызғылт сары серігін ертіп алып, қазақ қораларын аралай бастады. Бұлар жүре бере көңілді бір жайға таң қалысты. Бірнеше күннен бері жұмыссыз, амалсыз құста болып, айласыз тұсаулы отырған әр сала істің адамдары қазір Строговтан да бұрын тұрып, жаппай іске кірісіпті. Тұрсынов та Строговтан бұрын таң қыландай бере тұрып, бұл жайлардың шет-жағасын көріп, кейбір жолдастарға әлдебір қора, әлдебір баспана жайларды көрсетіскен болатын. Енді өздеріне тиген бес қора жайға талай түрлі тіршілік іргесі орнап жатыр. Бір қораға почта — байланыс орнатып, соған ілес бір бөлмесіне дәрігерлік пунктін кіргізіпті. Тағы бір қораға рабком өзінің лавкасын жайғастырып жатыр. Бұл арада, әсіресе осы келген жұртқа өзгеше қажет болған асхана орнап жатыр. Тұрсынов өзі белгілеп, бір кішкене үйдің екі бөлмесін совхоз дирекциясы қызмет етуге жарайтын баспанаға айналдырыпты. Бұнда директор, бас агроном, бас инженер, партия ұйымы, комсомол, кәсіподақ орындарының ырымдары ең алғашқы ұя-үйшігін құрып жатыр. Әзірге соншалық тар жерге талай тірліктің басы сығылыса, жайғаса бастауы өздеріне қызық та, бірақ сонша қымбат та көрінеді.

Тар қабықтың ішіне талай дүние амалсыз тоқайласып, бастарын түйістіріп тұр. Осы бес қораның қатарына бұрынырақ келген палаткалар да қайта келіп қанат жайып, орналаса берді. Кейбірінің сырты боз, тағы бірі сұрғылт және біреулері көк түсті палаткалар орналасқанда, солардың тап ортасына түнде жеткен қызыл вагон да жайғасты. Қазір оның темір пешінің мұржасынан будақ-будақ түтіні шығып, ең алғашқы мәдениет елшісі өзіне бөлек жылы мекен боп, жұртты "кел мұндалап" шақырып тұрғандай. Құнтиған тиянадай бойы мен жаңа қызыл бояуы, ұқыпты терезелері, кіре беріс басқышы -бәрі де бұл вагон үйді өзгеше жаңа тірліктің ең алғашқы кесек ұрығы, қызық бір ұйтқысы сияқты көрсетеді. Жаңа тірлік ұйыстыруға бар ынта-бейілдерімен кіріскен мамандар, басшы қызметкерлер, ер-әйелдер, үй қызметіндегі әйелдер бол сын, бәрі де бес қораның төбесі жабық, пана лапасы болса, соның бәрін толтыра керней пайдаланып жатыр. Сол ретте сиыр қора, шошала, тар далаң, етхана болсын, бәрі де адам жайына айналып, ауыз үй түгел кернеп толып қапты. Тіршілік қазаны жақсы, сау, қызу бір ырғаққа түсіп, әр жерде жаңа өмір, жаңа дүниенің жан тамырлары қызған қазандай шымыр-шымыр қайнайды. Бұдан бұрынғы, Строгов келер алдындағы күндердің ең үлкен қиыншылығы отын еді. Қораларын босатқан колхозшылар үйген қиларын, сақтаған жапаларын, шеңгел, томарларын да келген қонақтарына ырзалық, дос мырзалықпен бөліп беріп жатыр. Осы жайлардың бәрін өр жерге бас сұғып, шолақ қана тілге келіп, аңғарып шолып алған Строгов енді Тұрсыновқа бар жұрты атынан колхозшыларға алғыс айтуды тапсырды. Тұрсынов Сәлмен бастаған қарасақал, бисақалдың, әр жастағы әйелдердің жиырма шақты кісілік тобын жинап алып, өз жанынан да қазақша бапты достық, сыйластық сөздер айтты. Строговтың көп атынан білдірген ырзалығы мен алғысын жеткізді. Осыдан кейін қалған жайды Тұрсынов пен басқа көмекші жолдастарына тапсырып, Строгов қазір тезінен қайтадан кешегі жолмен, тоқсан километр жердегі сонау Шолақтауға және асыға жөнелетін болды. Ол жерде болашақ совхоздың алғаш базасы. Темір жолдың үзілген жері болғандықтан, сонда соңғы он күннің ішінде осы совхозға арналып келіп жатқан дүние мүлік көп екен. Сонымен қатар Жамбылдан және Ташкенттен осы совхозды құрушы қалың топ, көп маман ер-әйел қайраткерлер ағылып келе бастаған. Олар келе орнайтын баспана қажет. Ол үшін енді Строговтың және Новиковтей мықты тракторшылардың жақын үш тәулік ішінде бар істейтіні бір-ақ шаруа. Ол — мынау алғашқы келген қызыл вагон жолымен дәл сондай он, он бес вагон және талай палаткалар жеткізу. Шолақтауға келген "ДТ-54", "С-80" тракторларын кешегі бірінші вагонды әкелген ретпен, сол тәжірибе бойынша, Строгов өзі енді бірі артынан бірін үздіксіз жөнелтпек. Бұл жерден қайта трактор айдамайды. Ол жерге келіп тоқтағанның бәрін кешегі Новиковше, соның тракторынша жолға салады, іске қосады. Осы жайды бас инженер, бас агроном және Тұрсынов үшеуіне байлау етіп айтты да, Строгов қазір қызыл вагон алдына кеп тоқтаған өз машинасы "Газ-69"-ға қарай бет қойды. Бұл тоқтағанда, машинадан агроном әйел Нина Петровна секіріп түсті де, шофердің қасына кеп, оның иығына өзінің екі қолын салды да, бетін басып жылап жіберді. Шофердің де кесек жүзінде, жүдеу қабағында қатты кейіс бар. Бір еркек, бір әйел бұның екеуі де қайғылы жылаулар екен. Строгов өзі отыратын жақтан шофердің қасына лып етіп секіріп, шапшаң отыра қалды да, жаңағы екі мұңлы жанға бар еңсесімен бұрылды. Бір қолымен шоферді құшақтап, екінші қолымен әйелді басынан, бетінен сипады. Оның ыстық, толық жүзіне салқын алақанымен майда қағып, жұбату айтты.

— Нина Петровна, алтыным, жыламаңыз! Тек жыламаңыз, мықты болыңыз. Ал Васяға айтатынымды мен қазір айтамын. Одан да кішкене қызыңызға, ана Надяға шапшаң барыңыз. Соны сақтаңыз!

Нина Петровна қалың, жасы мөлтілдеп сорғалаған ып-ыстық, қып-қызыл жүзін Васяның иығынан көтеріп ала берді. Бұл шақта шофер Вася да танауын қос-қостап тартып, үлкен қара көздерімен кесек-кесек ыстық тамшыларын ірікпестен ағызып отыр еді. Нина Петровна бұдан үзіле бере, Строговқа жасты жүзін тура қаратты да, соңғы ғана сөздерін айтты.

— Мен мына Васяға үйде отырма дедім. Қазір Алексей Ивановичке ер де, өз руліңе отыр да, жүріп кет, тез кет дедім. Мен соны бұйырдым! Болмаса, бұл менің қасымда отырса, Алешаны ойлап тек жылай беретін, қайғыра беретін. Тура отқа түскендей жана беретін болды. Барсын! Енді Алеша жоқ, бізге ол қайтпайды. Бар, Вася, милый... Мен туралы уайымдама! Барыңдар, жүріп келіндер! — деп, сөзінің аяғында: — Біз бұл жерге уайым төгеміз деп келгеміз жоқ. Шыдау үшін, дегенімізге жету үшін келдік! Бар, Вася, милый, ұмытпа осынымды! — деп қала берді.

"ГАЗ-69" ойнақы батыр машина, кешегі трактор келген ізбен жүйтки тартып жөнелді. Машинаның артқы орнында, бұл жердегі тракторшыдан Строгов тандап, әдейі ертіп алған комсомол тракторшы Ткаченко деген жігіт бар еді. Артқы орнында ол үнсіз жалғыз отырды. Базадан үзіліп шыға бере, Алексей Иванович шофердің арқасынан құшқан қолын әлі де алмай, оны арқаға қағып отырып, аса бір жақын жан, жанашыр дос үнімен сөйледі.

— Вася, Василий Захарович, мен Нина Петровнаға жаңағы сөздері үшін... сені бүгін осылай жүргізгені үшін соншалық ырзамын да қайранмын! Мен ол үшін қуанып қайран қалдым. Қандай қайратты жан, жақсы жан! Ал ол сенің сондай жақсы әйелің. Анада сол! Алеша жақсы бала еді. Кім ойлаған бұндай болады деп. Ол кеше ғана өліп, сендер бірің әке, бірің шеше, сондай жақсы баланды мынадай бөтен шетте, суық жат далаға, суық жердің бауырына кеше ғана бергендерің аса ауыр. Мені де сондай қинайтын қаза. Бірақ Нина Петровна саған да, бәрімізге де барды айтты. Сенің мынау қазіргі шығысың, Вася, сенің өзіңнің де азаматтық қасиетің, батылдығың. Мен сені осындай шақта дәл осындай батылдыққа, қайратқа табылатын жас дейтұғым. Ал сен екеуміз көп жылдық жолдаспыз, білесің ғой. Талай қиыншылықтардан да өткен едік қой. Қайғыңа мен ортақпын. Менің достығым, менің көмегім әрқашан сенің жолыңнан табылады. Енді шыда... Қайратқа бас!

Вася үндемей ғана Алексей Ивановичтің қолын қатты қысып сілікті де:

— Рақмет, Алексей Иванович, түсіндім. Болды, бәрі болды! — деп, кеудесі дірілдеп, демі де қатты бір өксікпен шығып, ащы ауыр бір күрсініп алды. Сөйтті де, үндеместен алдағы жолды бағып, машинасын алпыс километрлік шапшаңдыққа мегзеп алып, тістене түсіп тарта берді

Жаңағы Строговтың "көп жыл жолдас болған едік", "сынасқан едік" дегені шын болатын. Осыдан бес жыл бұрын, Москва түбіндегі Чехов атындағы МТС-те Строгов директор болып тұрған шақ еді. Бір күні оның кабинетіне күтпеген шығыс адамы, жақсы киінген, биік бойлы, жалпақ қалың бетті бір жігіт кеп кірген еді. Үстінде қара көк велюр күздік пальтосы бар, басында сұр велюр шляпа, қолында жұқа сафьян, перчатка. Ол келіп кіргенде, Строгов орнынан тұрып, қабылдап отырғызып, жөн сұрардан бұрын, ең әуелі, Совет Одағына шеттен келген қонақ екен деп ойлаған. Кореядан ба, Қытайдан ба, неғылса Россияның шығыс жақтағы дос көршілерінен келген қонақ деп білген. Бірақ сөйлесе келе, жаңағы шығыс жүзді жас орысша ағып тұр. Қасына ерген нөкері, көмекшісі де жоқ. Содан әрі сөйлесе бере ол Строговты мүлде таң қылған. Соғыстан қайтқан, Совет Армиясының қатарынан шофер-механик боп қайтқан өзіміздің Совет Одағының азаматы екен. Аты Василий Захарович болғанмен, фамилиясы Матайбаев. Шығыс адамы екендігін фамилиясы айтты.

— Сіз қай ұлтсыз? — дегенде, жас жігіт өзін: "қазақпын" — деді.

Сол Матайбаев Вася жеті жасар бала шағында, 1931 жылы Семей облысында Ново-Шульба ауданында әке-шешесінен бірдей айрылып, детдомға түскен екен. Оның осыдан кейінгі бар өмірі армияға барғанша детдомда, совет мектебінде, әр алуан интернатқа өткен. Соғыстан ол әрі механик, әрі бірінші категория шофер боп келген соң, Москваның түбінде тірлік бастаған. Сол шақта агрономдық оқуды бітіргелі жүрген жас орыс қызы Нинаға үйленген. Строгов басқарған МТС-ке Матайбаев өзі жақсы шофер, әйелі жақсы агроном боп, екі бірдей қымбат маман боп кіріскен. Содан бері бес жыл ішінде бұлардан Алеша деген ұл туған. Қазір үш жасқа келген Надя деген қыз да туған-ды. Бірін-бірі сонша жақсы көріскен екі жас аса бір сау, таза мәдениетті және үлгілі өмір құрды. Олардың өздеріне меншікті Москва түбінде, Чехов МТС-інің жерінде, кішкене көл қасында, қарағайлы тоғай арасында төрт бөлмелі жақсы дачасы да бар еді. Бұлар білімге де ынтық, тәжірибесі де таза, өздері аса тату мінезді бір семья болып алған. Сол себепті Строгов үй ішімен Матайбаевтармен жақын туыстай, ежелгі достай қатты табысып, араласып кеткен болатын. Өткен қыстың басында Москва облыстық партия комитетінің басшы адамының бірі Строговты шақырып алып, Москва партия ұйымының атынан тыңға аттану тапсырмасын білдірген. Бұл тапсырма қандайлық жауапты, қадірлі, бірақ сонымен қатар қаншалық қажыр, қайратты, төзім, бейнетті керек қылатын сын сапар, зор тапсырма екенін басшы жолдас Строговқа аз сөзбен қатты түйдірген. Ойда жоқта үстіне құлағандай үлкен өндіріс басталғалы тұрғанын көпке шейін үндемей, жауап қатпай, шапшаң ойлап шыққан Строгов, сол кабинеттен шықпай-ақ қысқа ғана сөзбен ырзалығын, баруға бекінгенін айтқан. Рас, үйіне келіп, әйеліне білдіргенде, көздің жасы да болды. Алғаш бұрқырап шыққан наразылық та айтылды. Строговтың мінезін қабылдамау, сынау, кінәлау да болмай қалған жоқ. Бірақ Строгов тез жиналып, сапарға аттануға да беттеді. Сол күнде өзге адам емес, МТС-тің бар қызметкерлері арасынан тек Вася Матайбаевқа ғана ол сөз қатқан.

— Мен Қазақстанға барамын. Сенің туған жеріңе, туған еліңе барамын. Суық жақ, тұрмысқа аса қолайсыз дейді. Алғашқы айлар әсіресе неше түрлі жабайылық жағдайға да шыдауды керек етер. Бірақ мен барамын. Шынымды айтайын, партия тапсырды: "ол жақта сенің Отаның! Жақсы болсаң, сүйікті мекенің де бола алады!" деп тапсырды. Мен бұл жаққа қайтамын деп бармаймын, бәлки, шын-ақ ендігі бақытымды сол жақтан іздермін. Маған тек сенімді, қайратты жолдас қана серік бола алады. Ешкімді үгіттемек, ертпек емеспін. Әйелімді, үйімді де осында қалдырамын. Олар сол мен тұрған жерге өздері қызығып, қуанып баратын болғанша, мен тіпті шақырмаймын да. Бірақ түбінде солар барады деп сеніп кетемін. Білім бар, еңбек етуге қол төзімді, жарамды! Қалғанның бәрін мезгіл көрсетеді. Ересің бе? Жалғыз сені ғана шақырмаққа бекініп ем!..

Сонда Вася Матайбаев салған жерден өз басы қызынып, сүйсіне көнген болатын. Ол да Москва түбіндегі өздерінің қазіргі рақат ұясынан қиын қияға кететінін жақсы түсініп отырып-ақ, Строговқа еруге құлшына түскен. Жалғыз-ақ оның салған жерден ауызға алғаны, шарт қып сөйлегені Нина Петровна болатын.

— Әрине, мен сіздей айтпаймын. Нина Петровнаны наразы күйінде қалдырып кете алмаймын. Оған менің батылым бармайды. Біз екеуміз өмірде ешнәрсені біреуіміздің қарсылығымызға қарамай істеуге баспаймыз деп, ант-серт беріскеміз. Сондықтан, әрине, Алексей Иванович, ол қарсы болса, мен бармаймын. Бірақ ойлаймын, ол өзі агроном, жақсы агроном, өзіңіз білесіз. Баратын жағы менің туған жағым, оның білім көмегін тілеп отырған Отанымыз. Және тіпті менің балаларымның да жартылай Отаны ғой. Нина Петровна барады деп ойлаймын. Мен сізбен бірге ала кетем деп ойлаймын!

Мінезді, ойлы дос, жас ана, өнерлі агроном кешкі шай басында Васяның аузынан жаңағы айтқан жайларды үнсіз тыңдап шықты. Сөйтті де, біраз ойланып, кіріп-шығып жүріп кеп, Васяны мойнынан құшақтағанда, қасына жабыса отырып кеп:

— Вася, қымбаттым, мен бекіндім, мен көндім. Әйда, ереміз Алексей Ивановичке. Барамыз сенің туған өлкеңе, күншуақты Қазақстанға! — деген болатын.

Сондағы Нина Петровна жаңа Васяны жылап жөнелтіп салған қайғылы ана. Сондағы Василий Захарович Матайбаев, міне, қазір үнсіз күйде қалың қабағын түйе түсіп, "ГАЗ-69" машинасын күн ұзын алпыс километрлік шапшаңдықпен жазбай айдап Жоннан өткен, "Ақтоғай" шегінен асқан, түс ауа берген кезде межелі "Шолақтау" станциясына тақап келген өнерлі шофер болатын. Осы бетте Шолақтаудағы базасына жету-ақ мұң екен, асыға, қауырт істейтін істер басталды. Мезгіл де тығыз-таяң болатын. Февраль аяқталып келеді. Ал бұл жақтағы жылдағы мерзім бойынша марттың басынан жер айдауға кірісу керек. Сонымен, бір жақтан осы Шолақтауға соңғы күндерде жаңа совхозға арналған аспап, машина, зат-бұйым және әсіресе Жамбыл мен Ташкенттен екі жақтап тыңдағы іске кірісуге беттеген көп адамдар лек-легімен ағылып келіп жатқан. Әйтеуір Строговтың бір ғана жұбаныш етер тірегі сол болды - келген адамдардың арасында әзір тұрған шофер, тракторшы, комбайншы, әр алуан механизаторлар табыла-табыла кетті. Бұлар жүргізіп әкететін әр түрлі жүк машиналар, самосвалдар, тракторлар тағы да жап-жаңа қалпымен үрдіс келіп, "Түркістан" совхозына жөнелтуге әзір еді. Осы қатарда базадағы адамдар мен жаңа баратын жандарға әсіресе азықтан, тұрмыс-жайда қатты тығыз қам жасау қажет болатын. Сол себепті Строгов базаға қарай ертенді-кеш, сәт сайын, күн сайын төрт тәулік бойында тыным алмастан машина, мүлік, сан алуан жүк заттарын жөнелтумен болды. Адам атаулысына азықтан басқа отын қамын да, жарық жайын да, жататын төсек-орын, жатын жай, көрпе-жастық, простыняға шейін бас-басына санап, арнап, тиянадай етіп түгел қамдап жөнелтуді ұдайы өзі бақылады. Бұл жөнде қасына ере келген Матайбаев, шофер Ткаченко екеуі де үздіксіз көмегінде болып еді. Осы төрт күн ішінде өзі мен Матайбаев екеуі Жонға қарай созылған, салқар-салқар көштей болған автомашиналарды, тракторларды ұзатып салып, базаға екі рет келіп қайтысты. Соңғы төртінші күнде қайтадан базаға тағы бір айналып келе жатқан жолда Строговтың көзі Вася Матайбаевтың қырын отырған өңіне тоқтап еді. Ол бұл күндерде өзгеше қарайып апты. Онсыз да кесек мұрны зорайып, сорая түсіпті. Жақтары солып, соншалық шұғыл жүдеп өзгеріп кеткен екен. Бұл халде жігіттің ұйқысыз, тынымсыз, ашпа-жалап, күйсіз, тынымсыз өткен күндері де белгі берген болу керек. Бірақ сонымен қатар жаңадан ғана өз қолынан суық қара жерде, жапан түз, жат жақта, жалғыз ғана томпиған мола боп қалған Алешадай бес жасар ұлының қайғысы да қатты зардабын батырған тәрізді. Ол уайым орны бітпес жарадай. Ең алғаш бұл татқан ащы удай. Оның аты — әсте ұмытылмас аталық уайым! Сол жара сырттан жасырынып, қазір бұның ішіне, жалғыз өзінің ғана өзегіне түсіпті. Өзге дүниеден ұрланған құпия сыры өз ішіне аса тереңдеп батып алған. Неғұрлым солай болған сайын, іші-бауырға жайылған удай болып, ауырлап, қиындап алған. Бірақ сол қалпында осы жас сырттай, құрыш темірдей шынығып апты. Сууы жеткен асылдай қатайып, шымырап алған. Аз ұйықтайтын Строгов бүгін "Ақтоғай" колхозына тақай бергенде, Матайбаевтың жаңа анық байқалған қатты өзгеріс, ерекше жүдеулігін аңдады.

— Вася, сен бірнеше күннен бері жөнді ұйықтаған жоқсың. Кел, осы "Ақтоғайда" тоқтап, бір үш сағат ұйықтап алайық, не дейсің? — деп еді.

Мезгіл кешке тақап келе жатқан. Вася бұл ұсыныстың әдейі осы Васяның халін аяғаннан айтылған ұсыныс екенін сезді де, директордың айтқанына мойындағысы келмеді.

— Жоқ, Алексей Иванович, оныңыз не, керек емес! Мен!.. Мен бе? Ұйқы түк емес. Одан да жұрт жатқанша базаға жетеміз! — деді. Тағы да сілкінгендей бойына қайрат жиып алды да, түнге қарай ширай түсіп, тарта берді.

Кешкі ауа тағы да қатты ызғырықтап, аяз қатайып келеді. Әнеугі Жонда Сақыш кемпірді тауып алған жотаға бұлар кеп ілінгенде, дәл сондағы көріністей боп тағы бір қызыл вагонды және бір алып батыр "ДТ-54" тартып барады екен. Ақырын басып жылжыса да, жазбай, талмай ілгері басып барады. Шолақтаудан шыққалы жүрдек машиналы бұлар жолдағы алдыңғы күндерде өздері жөнелткен көп тракторларды, кейбір жүк машиналарын әлсін-әлсін басып озып келе жатқан. Өз әдеті бойынша әсіресе вагондарды әкеле жатқан тракторлардың тұстарына жеткенде, Строгов машинадан түсіп, әрбір тракторшымен амандасып, сөйлесіп, жай-күйін жете сұрап, тракторлардың бабын, майын, моторын анықтап, тексере біліп алады. Әсіресе ұзақ сағаттар, күндер бойы шоферлердің, тракторшылардың азық-жайларын, киім-бұйымын, тоңған-тоңбағанын үнемі сұрастырады. Әр адамның аты-жөнін іс үстінде жақсы біліп келе жатқан. Ал адам атына зейіні сондай алғыр екен. Әзір өзінің тракторшылары, болашақ шоферлері кімдер екенін, қандай жандар екенін де аңыстайды. Іс үстінде жақсы танысумен барлап, андап келеді. Бұлар Жонның жотасына жаңа бір ілінген кезінде базаға қарай бара жатқан қызыл вагондардың орта тұстағы біреуін қуып жетті. Строговтың мөлшері бойынша осы бара жатқан бесінші вагон болу керек. Оны тартқан тракторды жүргізуші әнеугүні базадан өзі алып келген, жас тракторшы Ткаченко болуға тиіс. "ГАЗ-69" омбы қарды осып отырып гүрілдетіп кеп қызыл вагоннан өтіп, трактордың қатарына жеткенде, Строгов машинадан секіріп түсті. Қараса, Ткаченко дегені анық екен. Ол зорға дегенде езу тартып, таныс директорына амандасты да, сәл тоқтай берді. Беті, иегі ісінгендей, көгере қызарып барбиып алған Ткаченко Строгов көзіне соншалық қатты тоңған адам тәрізденді. Киіміне де жаңа көз салып еді. Мынау аязды желдің өтінде күн ұзақ жүріп келе жатқан жастың адам сияқты киімі де жоқ екен. Строгов оның бойына қарап шошып кетті. Жаны ашып, сескенуі сондай күшті еді. Ткаченконың үстіне кигені жалғыз ғана фуфайка. Строговтың даусы қатты, шапшаң шықты.

— Ткаченко, сен мүлде мұздағансың ғой. Киімің қандай жұқа, неге айтпадың? — дей сала, өзінің тонының сыртынан мойны, жағын орай салған кең қалың шарфысын өз мойнынан лезде жұлып алып, Ткаченконың иығына жаба берді.

Ткаченко осы кезде Строгов пен Васяны қайран қалдырып, сақылдап қуанғандай күлді де, кесек, ажарлы үнімен:

— Ничево, товарищ директор, все в порядке! — деді. Сондай ширақ жүзбен қайратты ажар көрсетті. Қажитын түрі жоқ, мойымас отты жастың қызуы көрінді.

Вася сүйсінгеннен күліп жіберді:

— Бұл әр уақытта осылай. Алдыңғы күні кетерінде мен "Киімің жұқа" дегенімде және де осы сөзді айтқан, "Ничего, товарищ шофер, все в порядке!" деп.

Ол Ткаченконың мінезінен, қасарлығынан өзі де қайрат алғандай қуана күлді. Адам үшін... Қайратты, қажымас жас қуаты үшін, жігері үшін қуанып, сүйсіну бар еді. Бұл жайларды Строгов та жақсы аңғарды. Мынау қасында тұрған екі жас, екі комсомол бір сәтке бұның өзінің мықты талмас қанаттарындай аңғарылып қалды. Екеуі де өзінің вахтасында сақ тұрған, сергек тұрған қажымас та, қырағы да сақшылар тәрізді. Бұндай адамдармен істесуге болады. "Тек осындайларым көбірек болса екен" деп қалған еді. Күле түсті де, көп сөйлемей, Ткаченко үнсіз ғана бас шұлғып, жымия тұрып қоштасып, Строгов машинаға қайта мінді. Сол күні таңға жақын базаға қызыл вагонын сүйреген күйде Ткаченко да жеткен. Келесі күн сәл күншуақ шақ, түс ауған кезде адамды, дүниені сәл қуантқандай болды. Аз сәтке жарқырай қалған еді. Көруші көзі енді андаса, Жонда ең алғашқы өзгеше бір алуан кішкене көше пайда болған тәрізді. Жиыны он шақты қызыл вагон қатарласа, қарсыласа тұрып қапты. Бәрі де жіңішке аласа темір мұржаларын түтіндетіп тұр. Іштерінде ұядай-ұядай жылы мекен-жайлар туып жатқаны аңғарылады. Сол вагондарға жалғас біреуі көкшіл, біреулері сарғыш, сұрқыл, біреулері аппақ шатырлар жалғаса тігіліп қалыпты. Бұл шатырдың бәрінің де сырты брезент, астары қалың шұға және үшінші қабат боп ақ мата ұсталған. Осындай үш қабат жамылшысы бар палаткалардың жылуы мен жайлылығы суық күнде соншалық көңілдегідей болмағанмен, бұның да аты қиын күннің қолдан келген баспанасы болатын. Сол бар палатканың ішіне жағалай, тиянадай, таза койкалар тұрып қалған. Бәрінде жатын орын, төсек-жәй, бұйым-жабдығы жап-жаңа да тап-таза. Осылайша елсіз, жөнсіз қу дала Жон жотада бұрын әлсіз орнаған он шақты жұпыны қоралардың жандарына жаңаша тіршілік ұйтқысы орнай бастады. Әзір о да әлсіз. Уақытша жеңіл орнап жатқан болашағы үлкен, мол тіршілік алғашқы уыз қабыршағы есепті. Строгов бастаған тың өмірдің ең алғашқы шақтары, таң сәрісі есепті тұңғыш сәттері осылай болатын.

Ту далада тұщы борозда Март айының алғашқы күндері жетсе де, Жон әлі қыстан арылған жоқ. Күн болар-болмас қана жылынғандықтан, қар өте баяу, сылбыр ғана еріп жатыр. Бұл кезде базада болашақ совхозға жұмысқа жиналған жұрт саны жүзге тартып еді. Совхозға керек адам саны үш жүз шамалы болғанда, соның үштен бірі жетті де, қалған екі жүз шамалы адамды Строгов асыға күтетін. Ол селектор арқылы Шолақтауға да "келген бар ма?" деп, ертенді-кеш көп сұрау салады. Атаған адамдарды жеткізбей жатқан болашақ Совхозтрест басшылығына да маза бермей, дігір салады. Қысылған бір кезінде облыстық басшылыққа да наразы болды. Күйген, асыққан сөздерін айтып, қысталаң жайларын білдірді. Егісті, совхоздық жоспарлы істі сан салада асыға бастау шарт. Облыс және совхоз министрлігі уәдені орындамай, дегенін бере алмай тұр. Онсыз да аса ауыр, жайсыз көктемде басталатын қалың еңбек, қауырт істердің кедергісі өздері болып барады. Обкоммен сөйлескен бір кезінде Строговтың аузынан шапшаң, күйгелек сөздер шықты. Ол Москвадағы ең үлкен бір адамның атын да атады. Сол кісі өз аузымен тапсырма беріп, өз бұйрығымен тыңға жіберген қайраткерлердің біреуі осы Строгов еді. Сонда қажет көмекті өзі бермек боп серт еткен-ді. Күйіне сөйлесіп отырып, Строгов шыдай алмай жаңағы үлкен кісіні ауызға алған.

— Сіздер көмекті керекті шақта бермейтін болсаңыздар, мен ана кісінің өзіне тура арнап мұң шағатын болармын! — дегенге шейін барған еді.

Қысылғаннан, күйгеннен айтқан. Сол айтқанына кейін өзі "жеңілдік, ұшқарылық болды-ау" деп өкінген де болатын. Ал іс жөнінде облыстық партия басшылығына қатты қынжылып айтқан сөзінің әсері болмай қалған жоқ. Облыс бойынша беретін адамдарын табыс етіп болған облыс басшылары осы "Түркістан" совхозына керек болған адам күштері қайдан келетінін, қашан жететінін барынша жіті іздестіріп, деректер алды. Кеше түнде облыстық Совхозтрест Строговке хабар етті. Бұның совхозына беттеген қосымша адамдар Кавказдан, Ереваннан — жалпы Армениядан жіберілген екен. Жақында сол топтың келуін тосып, Строгов қолында бар жүз шақты адамымен әр сала шаруасын бастай беру шарт дескен. Осы хабар бүгін таңертең құлақтарына тиді ме, болмаса бірталай күннен бері жетер Жонға келіп алып, тек қарлы далаға қимылсыз қарап отырудан қажыды ма?! Таңертеңгі астан кейін бір топ тракторшы Строгов отырған қызыл вагонға кеп кірді. Бұлардың алдында келе жатқандар — Новиков, Ткаченко болатын. Соларға ілесе амандаса дабырлай кірген, әскер қатарында танкист болып, Ташкент жағынан келген комсомол мүшелері: Целигородцев, Кокарев, Попов бар. Олар сөздерін баптап, созып бастамай-ақ, салған жерден келген мақсаттарын айтты. Екеу-үшеуі дабырлап қатар да сөйледі. Алғаш бастаған Новиков пен Ткаченко болатын.

— Жолдас директор, Алексей Иванович, жолдас Строгов, келіңіз бастайық! Егісті! Болды! Қашанғы қуыс аспанға қараймыз да отырамыз. Рұқсат етіңіз! Тракторшыларымыз даяр, жырта бастаймыз! — десті.

Строгов бұл кезде екінші бөлмеде отырған бас агроном Трегубовты үнсіз ғана белгі етіп қасына шақырып ап еді. Сол бөлмеде отырған Вася Матайбаев пен Нина екеуін де бірге шақырды. Тракторшылар аз емес. Бір жақсысы, әзірге жиылған жұрттың ішінде трактордың санына жететін тракторшылар мол еді. Бұлардан өткен күндерде төрт бригаданың алғашқы топтары құралған. Енді зерігу ғана емес, бойларына қайрат-қажыр жиған, алдағы еңбекке қызыға, қызына кіріскісі кеп тұрған анық жастардың ажары аңғарылды. Строгов Трегубов пен Нинаға тракторшылардың талабын теріс көрмеген ажармен, ақыл сала сөйлесті.

— Қалай көресіздер, мотор, маман күштеріміз міне келіп, сіз бен біздің есігімізді дүсірлетіп тұр. Бастаймыз ба, жоқ па?

— Әлі қар қалың ғой, — деп, бас агроном байлау айта алмай күдіктене берді.

Нина да құптай қоймады.

— Бұл жердің жылдағы мерзімді сырын білу керек, жергілікті адамдармен ақылдасқан жөн.

Бұл сөзді Трегубов аса мақұл көрді.

— Қар қалай кетеді, лайсаң батпақ ұзақ жата ма? Біз Жонды да, жалпы Қазақстанның бұл жағын да әлі аз білеміз. Ақылдасқан теріс емес! — деген.

Строгов тракторшыларды аз бөгеді де, Васяға: "ендеше, осы ауылдың үлкендерін шақырып кел!" — деді. Ана тілін Вася ұмытқан жоқ еді. Рас, ол тілі қазақша, әсіресе кексе адамға келеңсіздеу болғанмен, Вася орысша ойлаған ойларын қазақша жақсы жеткізе алатын. Ол көңілденіп:

— Жақсы. Мен сіздерге қазір аксакалский совет жиып әкеп берем!

Оның " аксакалский" деген сөзін түсінбей қалғандар көп еді. Нина Петровна "шалдардың советі" деп жұртты күлдіре түсіндіріп берді. Арада біраз уақыт өткенде Вася бір топ колхозшыны ертіп келді. Енді вагон тарлық ететін болған соң, қазақ колхозшыларды, тракторшыларды ертіп, директор далаға шықты. Келген колхозшылардың аттары Строговқа өлең сияқты естілді. Олар: ағайынды Әлмен, Бәрмен, Сәлмен болатын. Бұлардың Сәлмені — Сақыш кемпірдің баласы. Бурыл сақалды Әлмен, Бәрмен — Сақыштың қайындары. Ал екі шал Досан, Есен — Сақыштың төркіні, бауырлары. Қазір де қунақ, сөзшең, ширақ кемпір Сақыштың өзі де қасына келген қара кемпір Әселді ерте кепті. Строгов осы қарттар тобын жағалай қол алысып, күле сөйлеп, жақсы қабыл алды. Анық "аксакалский совет" деп, жаңағы Васяның қалжың сөзін өзіне үйреншікті сөз етті. "Аксакалский совет", оның председателі Садаға!" — деп, Сақыш кемпірдің қолын көп, ұзақ сілікті. Сақыш та бас изеп, бұған үлкен дос мейірмен қарай түсіп, "садаға, садаға" - деді. Директор мен бұл кемпір екеуі анадағы боран күннен бастап бірін-бірі күле түсіп "Садаға" деп айтысатын. Жердің, көктемнің жөнін сұрасқанда, Досан қарт, Әлмен, Сәлмен үшеуі ойлана, біріне-бірі ақыл қоса сөйлесті. Артынан олардың байлауын екі кемпір де, Есен мен Бормен де қостады. Вася орысшаға аударғанда олардың ақылы бір жерден шыққан. Ең әуелі, бұлардың айтуынша, осы араның жері, топырағы қар кетісімен аса тез құрғайды екен. Сондықтан бұлар, өздері білуінше, жылда неғұрлым жерді ерте айдаса, сол жақсы десуші еді. Тіпті қармен аралас іле-шала жыртып тастаса, содан әбзелі болмас еді. Осыны өздері жылда айтса да, маңындағы колхоздар шабан-шардақ болып, әр жылда кеш қимылдап, кеш салады екен. Және бір айтқан жайлары: бұл арада жерге су онша терең сіңбейді. Нанбасаңдар, осы бір метрдей жерді қазып көріңдерші. Тереңге батқан суды көрмейсің. Ал жер бетіне жақын дым бұл араның күні көктем шыға, қатты қыза жөнелгенде тез құрғап кетеді десті. Строгов мынау сөздерде үлкен тәжірибе және ақылды байқағыштық бар екенін қатты еске алып қалды. Тағы да әзілдеп, "Садаға" деп кемпір Сақышты иыққа қақты да:

— Садаға, сен қалай дейсің, егінді бүгін егуге бата бересің бе? - деді.

Вася әуелі "благоволить қыласың ба?" деп алды да, бата деген сөз аузына түспей, қос қолымен бетін сипап, "дұға бересің бе?" — деді.

Сақыш түсінді де, күліп:

— Ал, ек бүгін! Жақсылап ек, диқан баба жәрдемшің болсын, бісмылда алдауақпар! — деп, жұртты ду күлдірді.

Жергілікті колхозшылардың сөзін өзінше жеке ойымен мықтап ескеріп ішке түйген Строгов, қазір сол естігенін анықтамақ болды да, Ткаченконы бір тракторға мінгізіп, әзір плугті тіркеп, андау үшін әр алуан тереңдікпен жерді айырта бастады. Бар тракторшылар мен агрономдар қасына ерген күйде, Строгов трактордың, плугтің ізімен жүріп отырып, қолдағы метрмен жерді өлшеді. Кейін тракторды тоқтатып, бір-екі жерді тереңдете қазғызып көріп еді, жаңағы қарттардың айтқаны рас боп шықты. Топырақтың дымдануы 35-40 сантиметрден ары емес. Ал 60-70 сантиметрге барған тереңдікте топырақ мүлде құп-құрғақ, әсте сыз өтпегендей. Бұл байқау Строговқа де, екі агрономға да анық бір байлауға келерлік тәжірибе көрсетті. Осы сағатта әр жерде қадау-қадау барысып, жаңағыдай шұңқырлар қазып, жердің дымын өлшеп, сызып андап шығысты да, бағанадан тракторшыларға бермеген жауабын Строгов енді келіп нық байлап, бір-ақ айтты.

— Россияның кей қырларындағы крестьяндар айтатын бір мақал бар еді. "Сей в грязь, будешь князь" — деген. Мен "аксакалский советтің" теріс айтпағанын аңдап тұрмын. Жолдас тракторшылар, сіздер дұрыс қозғалған екенсіздер бүгін. Рақмет оларыңа! Ал ендеше, қазір-ақ бірінші боразданы Малец бригадасы атынан, Целигородцев, сіз бастаңыз. "ДТ-54" тракторы сіздікі ғой.

— Менікі. Ол әзір тұр! — деп, Целигородцев рапорт бергендей сақ етіп ажарлы жауап айтты.

Бұрын төрт бригаданың ішінде Малец бригадасы осы базаның жақын маңайын алған болатын. Базадағы бүгінгі жиыны жүзге тартқан жұртшылық енді біраз минуттың ішінде көңілдене дабырлап, сергек қозғалып, бір араға топтала берді. "Жданов" фермасының кәрі-жасы, бала-шағасына шейін және жүгірісе жиналып, ентелей келісті. Осы топтың алдында "Түркістан" атты иесіз Жонға келіп ірге тебе бастаған совхоздың тынды айырған бірінші бораздасы тартыла жөнелді. "Уралаған" көңілді топтың алдында қары аралас қара жерді қарс айыра жөнелген бұрынғы жақсы танкист, бүгінгі сенімді тракторшы комсомолец Целигородцевтің "ДТ-51" тракторы. Келесі күні қатардағы бірінші бригадада бірінші боразданы Воробик тартып жөнелді. Үшінші, төртінші бригадалар да бұдан бірнеше күн бұрын үлескен өлкелеріне барып орнап алған. Дәл осы күні бір сағатта бастамаса да, біреуі елең-алаң ертеде, біреуі сәскеде, тағы бірі түске тақау кіріссе де, бар бригада алғашқы бораздаларын сыдырта тартып бастаған-ды. Строгов қасына Трегубовты, Нина Петровнаны ертіп алып, күні бойы "ГАЗ-69" машинасымен жортты. Васяның тынымсыз жүрісіне түсіп, алғашқы егіс күнін өз көздерімен атқаруда, бастауда болатын. Сонымен, алғашқы екі-үш күн ішінде барлық пәлен мың гектар болатын көктемдік eгіc, Жонның совхозға тиген бар шегіне жайыла тарап, айқын іздермен сызыла, созыла бастады. Жонның жотасы мен қобысын, үлкен-үлкен беткейі мен белесін, жазығы мен қойын-қолтығын бөлек-бөлек квадраттарға өлшеп кесіп, бөліп тастасып еді. Күлше қоңыр топырақтың кей жерде қар аралас қатпарын аудара, саралай тіліп, күйлі машиналар тынымсыз ырғақты күйге басты. Осымен үш күн ұдайынан көсілген еңбек күндері алғашқы жемісті өнімді цифрларға сайды. Бұл күндерде біреуіне біреуі тіркес келе жатқан көп тракторшылардың алдына ұзап түскен, бірінші боразданы тартқан Целигородцев. Ол үш күн ұдайымен күндік норманы үш жүз проценттен асырып ада қылды. Төрт бригадада норманы екі жүз проценттен түсірмей істеп келгендер бар. Бірде-бір тракторшы норманы жүз елу проценттен кем бастаған жоқ. Бұл күнде аттары Строговтың, агрономдардың аузынан жиі естілетін тракторшылар: Новиков, Ткаченко, Воробик, Пешкин, Леонтьев сияқтылар. Целигородцевтің үшінші күн кеш бата жұмыс тоқтатып қайтар шағында Строговтар қасына келіп еді. Бригадир Малец те осы араға келді. Оның қасында жаңа құрылған комсомол ұйымының секретары механик Геннадий Безродный ұзын бойымен кең адымдап, ширақ жүріп келе жатқан. Целигородцевке тақай бере, машинасынан түсіп келіп, Строгов жақын күндердегі бір жайды есіне алды.

— Мен басында күдіктеніп ем. Егіске ерте шығар деп ем. Сендердің істегі өнімдерің бар күдікті жоққа сайды.

Жонның қысын Целигородцевтің тракторы мықтап қуды. Күннің жылына бастағанын, бүгін қардың көп ерігенін байқадыңдар ма? — дегенде, Целигородцев қатқыл жуан даусымен қысқа ғана сөз қайырды.

— Земля подсказывает. Тракторшылар соны сезген болар.

Нина Петровна өзінің агрономдық тәжірибесіне мынау еңбек адамының мағыналы бір шындықты айтып қосқанына сүйсіне күлді. Безродный үмітшіл, сенімді жүзімен жаңағы сөзді қатты күліп қостады да, қысқа бір жақсы байлауын айтты.

— Кім батыл болса, сол жеңеді. Ол біздің дәстүріміз. Инженер, агрономдар ол батылдықты бастамай тұр еді. Олардан тракторшының қолы батыр болды! — деп, агрономдарға әзілмен соқтыға сөйлеген.

Трегубов агроном әуелде тартынған өздері емес, инженер Богданов екенін ескертті. Бұған Строгов өзі ара түсіп еді.

— Богданов жас инженер! Мүмкін бұрынғы ескі традицияларды аз білер. Бірақ сол күні ол барлық күрделі плугтер түгел іске қосылады деп сене алмады. Сондықтан ғана тартынған. Жас болсын бірақ, бұрынғы традицияны білмесе де оқа емес. Богданов пен біз, сіздер боп, бәріміз оз традициямызды, жаңа традициямызды жасаймыз! — деді. Ширақ үнмен көтеріле, жұдырығын түйе, қолын сілкіп сөйледі.

Осы күні кешке кішкене көше болмыс алаңында, жатын үйлер бойларында лек-легімен жүрген еңбек ерлері мол көрінді. Олар тракторшылар, механиктер, шоферлар, әлі саны аз болса да, біріндеп келе бастаған құрылысшылар, су, электр мамандары болатын. Осы кеште алғашқы күндер тәжірибесін ақылдаса аңдап алу үшін Строгов пен агрономдар, бас инженер Богданов, партия ұйымының секретары Тұрсынов асхананың алдында, ашық аспан астында, аяққа басып тұрған күйде алғашқы бір шолақ жиын жасады. Строгов еңбек күндерінің әуелгі жақсы дерегін тракторшылар мен мамандарға, бригада бастықтарына тез айтып білдірді де, енді бұдан былайғы күндерде үдей түсетін бір шаруа шарасын атады. Тракторлар күндіз ғана емес, қар кетіп болғанды тоспай-ақ, соңғы күндердегі күндізгі тәжірибені еске алып, түнде де істейтін болу керек. Соған әр тракторға, жеткенінше қолда бар тракторшыларды қос-қостан бөліп беру керек. Бригадирлерге осы арада, осы кеште сол іс нақтылы шешілуі тапсырылады. Бірақ дәл осымен жалғас әлі адам саны қатты жеткіліксіз боп жатқаны, әсіресе тракторшылар жетпей, аз боп жатқаны көп аталды. Қысқа-қысқа сөзбен Малец те, агрономдар да, инженер Богданов та адам жетпей жатқанын үлкен олқылық есебінде, сәл наразылықпен де атап өтісті. Бірақ бұлар білуші еді, кейінгі көп топтың келмеуіне, бөгелуіне бұндағы жұрттың бірде бірі жазықты емес. Әсіресе директор Строгов бұл жөнде жауапты емес. Сондықтан бұлар өз наразылығын сыртқа арнай айтысқан. Бірақ осы минуттарда бір бұл жай емес, енді Строговты қысатын басқа халді бүгін өзін сүйсіндірген жақсы тракторшылар да айтып жіберді. "Ең әуелі асхана мезгілімен тамақтандыра алмайды. Жатын орын суық. Күндіз ыстық ас іше алмайды. Түнде ұйқы шала. Бар астың өзі де мезгілімен ауызға тимейді. Мынау кішкентай лашықта ас деп кезек күтіп тұрса, жұмысқа бару емес, тек қана шіретте күнелту керек. Әлі талай күн осы араға арнай бастаса да, дәрігерлік орын көмекке жарамай тұр. Керек десе, ішетін су да, қара судың өзі де лай және сол да үнемі бола бермейді". Біреулер темекі жоқтығын да үлкен наразылықпен айтып қалды. Бұл наразылықтардың бәрінің орны бар. Әлі рабком дүкенін құра алмай ұйлығып жатыр. Орналасып алмай, құр қаптардың ішінен қол-қолға сатуға да орай жоқ. Асхана күн жылына ма деген үмітпен Сәлмен қорасына орнады. Тамдары ғана емес, бұрынғы шошаласы, сиыр қорасына шейін тақтай жайып кеңігенсіп еді. Бірақ жүзден аса адамды шын-ақ мезгілімен тамақтандыра алмай тұр. Әрбір еңбекке жегілген жақсы азаматтар аузынан жаңағы естілген наразылықтар Строговты қатты ширықтырып, қинап тұр. Ол ешкіммен де дауласқан жоқ. Өзі де ақталмады. Асхананың, жатын орынның, рабкомның кемшіліктерін жаңағы тракторшылардан да бетер сынап, өз жанынан қосып, айта түсті де, енді барынша сол күйді түзеу үшін істеліп жатқан әрекеттерді айтып берді. Жұрттан өтінгені, бірнеше күнге сенім, төзімнен түгел айрылмауды ғана сұрайды. Өзі қазір-ақ бөгелместен Шолақтауға жөнелмекші. Бұндағы әр алуан қиыншылық пен жоқшылықты түзеуге жөнелмекші. Дегеніндей, Нина мен Васяның қасында отырып, шала-шарпы тамақтанып алған Строгов және қасына Васяны ертіп жеті түнде Шолақтауға тартты. Жамбасына мұз батқандай, "астынан су шыққандай" дейтін тынымсыз күндер мен түндер үздіксіз қарбалас қам-қарекет үстінде өтті. Шолақтауға жеткен соң Вася түн бойы ұйықтамаған себепті, Строгов оны тынығуға қалдырып, өзі жалғыз кеткен. Түнде машинада мызғыған еді. Бүгін таңертең кеңселерде қызмет басталар шақта Строгов жұмысқа кірісті. Тың тұяқ, тіпті күйлі тәрізді. Оқыған бұрынғы мамандығы механизация, электрофикация факультеті болғандықтан, Строгов, тегінде, бұл жүрген механизмдердің көптен көбін үйреншікті атай білетін. Чехов МТС-інде бес жыл бойы басшылық қызметте болғанмен, ол кейін шыққан машиналарды да үнемі өзі жүргізіп талдап, ізерлеп оқып, танып, біліп ала жүретін. Сонысы қазір көп кезде бұның бүгінгі еңбегінде ұдайы керегіне қатты жарап жүр. Өздері түсіп жүретін кішілеу пәтердің жалғыз төсегіне Васяны жатқызып, ол "ГАЗ-69"-ға өзі келіп отырып, өздігімен жүргізіп кеткен. Строгов бүгінгі аспанға қарай бере, көңілденіп жөнелді. Күн ашық, жылы. Аса бір жайлы, ерте көктем шағын танытып тұр екен. Ішінен "тек Жонда да осындай ашық күн болса екен. Тракторшылар тым құрыса жылы ашық аспан астында сәл сүйеніш, қуат алғандай болар еді" деп қалды. Шынында, бүгін Жонда да күн ұзын тамаша бір маужыраған күншуақты ұзақ шақ болды. Барлық Жонның бойына шанжау-шанжау тарап түсіп, өз квадраттарын көмкере кертіп жүрген тракторшылар бүгін бұл жат жақтың тамаша бір жайларын молынан көрісіп жүр. Түпсіз кең, мөлдір көк аспанда шырқау бір биікте салқар-салқар топтарымен ақ қанаттары күнге шағылыса соншалық мол аққулар өтіп жатты. Сұңқыл-сыңғыр әдемі бір үндері кейде тына қалып, тыңдаған жанға ақ қанаттардың сытырлаған үндерімен ілесе жетеді. Eң даласында жүрген Нина Петровнаға мынау аққулардың қатарлары ғажайып боп сезілді. Әсіресе олардың сұңқыл үндері жоғарғы октавамен анық, әсем естіледі. "Аққу әні деген осы ма екен? Өмірде алғаш көрген, аспанда жүзген топ аққуларым осы еді, қандай ғажайып?" деп өзімен-өзі сөйлескендей. Аққулар бір сәтте, бұның қызыққан көңіліне жер мен аспан арасының өзінше ортақ елшісі тәрізденді. Бүгін таң сәскеден бәрі сымпылдап асыға ұшқан, үшкіл қатарлы ұшқыр үйректер де жоғары-төмен самғап кетіп жатты. Тракторшылардың көбі білмеуші еді, Жонның терістікке қараған еңіс деңгейінде үлкен шалқар тұщы көл болатын. Оның айналасы, аралдары қазіргі көктем күндерінде сыңсыған үйрек, қаз, аққу, аққұтан тәрізді үлкен құстарға сыймайтұғын. Кейде аққулардың ізімен, асықпай баяулап тағы бір топтар маңады. Олар үйіріліп ойнағандай құбыла құйқылжиды. Бұл көп оралып, аса қатты қиқулап, құраулап ұшқан тырналар. Бұндай топтар бұлтша ауып, жәйлап кетіп жатыр. Тағы бір тракторшылардың үстінен салмақты, сұлу қатармен, байыпты үн салып, қоңыр қаз тобы кетті. Ауа жөңкіле созылып, жаңағы көл жаққа қарай өтіседі. Машиналарында жүрген шоферлар, тракторшылар, әp алуан мамандар, агрономдар бүгінгі мейірлі күншуақ жаққа көп сүйсінеді. Аспан әлеміне жан бере кестелеп, әр алуан әсем сәнімен өтіп жатқан жыл құстарын тың айырушылар қуана тамашалайды. Ткаченко, Воробик, Новиковтер жыл құстарын жаз нышанын әкеле жатқан жақсы келгіндердей қарсы алды. Тағы біразда қардан мүлде арылған бозғыл көделі күнес қыраң да, кей беткейде қыр құстары да көріне бастады. Ғажап қызық мінезі бар көкшіл сарғыш дәу дуадақтар кезікті. Шұрылдап ұшатын қара бауыр бұлдырық та келді. Әсіресе қызық құстар: безгелдек пен ұзын сирақ, бадырақ көз тарғақтар. Осы құстардың көп тракторшыларға бұрын мүлде мәлім болмаған мінез-дағдылары ерекше көрінеді. Ең әуелі бұл құстардың бәрі де машинадан қорықпайды, қашпайды. Трактордың сартылдағаны, түтіндеп, тасырлатып жүргені оларға бейне бір өсіре қызық, тамашадай. Адам техникасын Жонның бұл құстары аса бір аңырған, тамашалаған халде қарсы алғандай. Олар кетпей отырып алысады. Жерден жем де алмайды. Бар ынтасымен машиналы қозғалысқа қызыққан жәндіктей көрінеді. Тарғақ, безгелдек сияқтылар өздері де тың айырушыларға аса бір қызық, жұмбақ құс тәрізденді. Олар жерде отырғанда, жорғалап жүргенде, жер қылаң, бозғыл, қоңырқай болып бір көрініс береді. Ал ұша жөнелсе болды, тарғақтар қара ала боп, жарқылдап ұшады. Қоңыр сұр безгелдек атаулы ұша жөнелгенде, әлдеқандай сиқырдай, ертегілік құбылысқа ауысады. Бейне бір цирктегі фокусшінің айлалы құбылысындай жаңағы қоп-қоңыр құс көз алдыңнан дырылдап ұшып, аспандай бергенде, өңшең аппақ құсқа айналып кетеді. Әрі суық, әрі жансыз жат көрінген Жон атаулы жотаның бүгін тағы да бір қызық түрде жанданғаны байқалды. Осы Жоннан терістікке қарай ұзап барғанда, көлденең кезігетін мол құм бар. Сол құм көп жай жануарлардың қысқы-жазғы мекені. Әсіресе ол құмдарда соңғы жылдарда мүлде мыңғырып өсіп кеткен бөкен қалың болатын. Жонның өзінің де кейбір қия шаттарында және жақындағы Қаратау, Ақтау сілемдерінде арқар, таутеке барды. Бұлар Жонның байырғы аңдары. Ал осы өткен қыста Жамбыл облысына қалың түскен ақ көрпе қыс аяғын ұзартты. Қалың қар құмға да түсті. Суық одан да ерен қатты болды. Сонымен, барлық Сарысу, Талас аталған ауданның елі бұрын өздері көрмеген ауғын бөкен топтарын көретін. Әсіресе февраль ортасынан бері қарай малда жүрген, жолға шыққан жүргінші, малшылар мен Жон жотаға шыққан аңшылар: "биыл бөкен ауып келді" деп көп әңгіме етісетін. Кейбіреулер тобымен жүрген мол санын көреді. Тағы біреулер кем қойғанда 10-15-тен жүрген шашыранды топтарын таниды. Бүгінгі ашық күнде, айнала дүние айқын көрінген шақта, тракторшылар жаңа қызық көре бастады. Бір бригада емес, төрт бригаданың бар тракторшылары байқаса, бұрынғы елсіз жым-жырт боз дала бүгін қызық бір қозғалыс-қимылдарға ауысыпты. Қыбырлап, жайылып ешкілер кетіп бара жатады. Жақыннан үрке қашып, трактордың даңғырынан орғып секіріп, безіп жөнелген асау тағылар ойнақ сап кетеді. Кейбір шақта әлденеше рет трактордың алдарын көлденең кесіп, ағыза жортып, ақтаңлақ арқар тобы жосып өтеді. Бастарындағы дағарадай иір мүйіздері соншалық жарастықты. Бөлек сәнді бас киім, бекзадалық сән киімін сақтай безген тәрізденеді. Ақтаңдақ топтарымен жүйткіп жосылған бөкендердің бауырларында жаңа ғана туған ши аяқ лақтары да қалыспайды. Ұшқан құстай ағындайды. Асланы мен даласы, жер-көгі осындай неше алуан әрі күшті, әрі сұлу жан иесіне толы Жон бүгін тынды меңгеруге келген жаңа жұртқа әлдеқайда жақын, жылы көрінді. Жылы шақ, әсем күншуақ ұдайы үш күнге созылды. Сол үш күнде тынды айырған тракторлардың еңбек өнімдері алғаш күндерден және де үдеп, аса түсті. Өз машинасының соңынан ерген әлденеше жүк машиналарын азық-түлік пен бұйым аспаптарға сықап алған Строгов, суткеге жетпей қайта оралды. Соңғы қарды қатты кетірген жылы күндерді ол мол пайдаланды. Арада төрт-бес күн өткенде енді бір бригаданың өзіндік "дала қостары" орнады. Азық-ас айналасындағы, база басындағы таршылық сейіле түсті. Әр қостың жатын жайларын, асқазанын да өзді-өзі аймағына апарып шапшаң орнаттырған еді. Істің дамуы, тіршіліктің орныға бастағаны бір жаңалыққа тың жаңалық қоса берді. Жаңа совхоздың жан-жақты жанды тіршілігі Строговтың бастап нұсқап, қозғау салуы арқылы өз арнасына түсе бастады. "Түркістан" атты қабырға газетінің Безродный басшылығымен шығып қалғанын жұрт көрді. Кейбір трактор бригадасы орнаған қостарда "жауынгерлік листоктар" ең алғашқы қадамын бастады. Көпшілік қайратты қызмет атқарған орындарда, әр тұста, көрсеткіш тақталар ұйымдастырылды. Тұрсынов пен Безродный, Строговтың өзіндей, тынымсыз, дамылсыз әрекетке ертелі-кеш демей ауысқан. Енді Жонның ұзақ бойына, сан километрге созылып түскен қостар атаулының бәрінде демалыста дауыстап газет оқылатын болды. Кішкене базаның бір қорасына жаңа келіп, қатарын түзеп орнай бастаған кітапхана аса бір қомағайлықпен оқитын оқушыларын таба бастады. Қар кетіп бола бере электрші Селестин, Китаевтар аз ғана базаға тұңғыш жарығын беріп, суық жайларды жылы жарықпен қуанта жайната бастады. Инженер Гольдин маңайдағы өзен сымақ, болымсыз бұлақ-бастау атаулыны есепке алды... Қар суынан туып, жар-жыраны толтыра сарқыpaп ағып жатқан "күркілдек", "сарқырамаларды" үнемі өлшеп, көктем күнінің су режимін тынымсыз зерттеумен жүрді. Строговты дәл осы тұста қатты қызықтыратын азын-аулақ жер шегі бар. Ол — үш судың арасы. Осы база орнаған аз ғана ауқым болатын. Құрғақ қырат, биік жонға келе бере, Строговтың қатты ойлағаны су, су ғана. Сонда осы өңірдегі тәуір су аталатын үш бұлақ-бастау дәл осы база тұрған жерге жан-жақтан жамырай ағып, тақау келуші еді. Олар Жамансары, Үшбас, Ақбұлақ деп аталатын кішкене өзен, Ұзынбұлақ, көзді бастаулар еді. Қазір су маманы инженер Гольдин осы суларды тегіс өлшеп, ізерлеп танып болып қалған. Қай тұстан бұлақты бөгеп қол жасайды. Совхоз орталығына қай арадан арық тартады. Ауыз су, суарғыш су, кейін жайлы пәтер, жақсы үйлерге кіретін су тартқыштар суы қайдан алынады. Сол жөнінде оның Строговқа ақылдаса мәлім ете бастаған жайлары Строговтың көңілін қатты жұбатқандай. Жамансары деген ұзынша бұлақтың аяғын Гольдин бүл өңірде өмірбақи егіліп көрмеген: картоп, овощь, бау-бақша дақылдарын суаруға арнайды. Биылғы жылдың өзі үшін он гектардай бөлекше жер меншіктеп алыпты. Қарды кетіріп, көктемді жылытқан бес-алты күн алғаш түйілген құбақты, жүдеу жүздерді де мейірлендірген. Кейбір көңілді жылытып, жұбата бастаған. Еңбек те, тірлік те тың өлкеде күйлі трактордың жүрісіндей өз ырғағына түсіп, жылжып аға бастады. Егістің көктемдік жоспары үшін күндіз-түні істейтін егіншілер бұл міндетті орталап кеп еді. Дәл осы шақта Шолақтаудан кішкене базаға қарай тартылған жота жолдарды бұрқыратып, шандатып көп жүк машиналары ағылды. Саны 200-ге тартатын адам ақтарыла келе берді. Строговтың көптен күткен топтары. Бірақ көп қиындық олардың қатарында, қосарында ілесе келмек. Себебі, олар мұнда соншалық тығыз керек болумен қатар, бұндағы тұрмыс: азық бабы, баспана, мекен-жайы әлі де әзір емес. Әлі де таршылық та қысталаң. Бұндағы таршылықты, тек соңғы күндердің жылылығын пайдаланып, қос-қостарға бөле таратып, сәл сейілтіп келе жатыр еді. Енді қалың топ үзіле-созыла келмей, барлық ауыр селімен, бар салмағымен ақтарыла құлады. Бұл келгендер Кавказдай жылы жақтан жиналған жандар. Осылар келе бере, бір Строгов емес, оның серіктері — агроном Трегубов, бас инженер Богданов, партия ұйымының секретары Тұрсынов, комсомол ұйымының секретары Безродный және рабком бастығы, әсіресе алғашқы ауыр салмақ оның иығына түсетін Мендияров ұзақ сағаттар тынымнан, тыныштықтан айрылды.

Қат-қабат Көптен күтілсе де, шұғыл ошарыла, қауырт келген топ, өзімен бірге күн райының жайсыздығын да ала келгендей болды. Кеш бата күн ызғырықтап, суық жел шықты. Күндізгі ашық, жылы күн беймаза суық кешке ауыса берді. Бұл жай орналаса алмай жатқан көпшіліктің күйін әсіресе кетіре түсті. Ашығу, тоңу, қажып талу — бәрі араласа келген соң, көпшіліктің арасынан наразылық сөздер, қатаң үндер, тіпті суық салқын, тұрпайы мінездер таныла бастады. Бұрынғы жүз кісіге көп шірет жасап, сақал-мұрты өскен, жүдеу жүзді адамдарға толып кетті. Шаң-шұң, ұрыс-қағыс сөздер естіліп жатыр. Строгов қазір қасына рабочком Березинді және Васяны ертіп алған еді. Келген адамдармен бір жерде агроном Трегубов, бір топта инженер Богданов жайғастыру қамына кірісіп жүр. Соңғы күндерде сақтықпен қатарлап тіккізген палаткалар бар еді. Соларға апарып, ең алдымен жатын-тұрғын жайларын көрсету бірінші кезек іс болды. Бұл ретте палаткалар екі жүз кісіге лық толған еді. Содан кейінгі бір кезек ас-азық жөнінде болғандықтан, жаңағы сәл жайласқан топтар онсыз да тар, аласа ас үйлерді кернеп алған. Келген топтың тракторшысын, механизаторын, комбайншыларын, шоферлерін және құрылысшыларын, өз тізімдері бойынша, бөлек-бөлек жіктеп алысты. Мамандық ыңғайларына қарай бригадаларға, тиісті топтарға бөліп жатты. Төрт бригадаға бөлініп тарайтын жаңа тракторшылар, шоферлер, механизаторлар қазір ең алдымен өзді-өз бригадаларын, бригадирлерін бөліп алысты. Бұндайда салғаннан салмақты мінезбен өз жайын түсініп, тез ұғына кеткен адамдар аз болған жоқ. Тракторшы Погосян, Геворкиян, шофер Казарян, комбайншы механизатор Старовойтов, Агаян сияқты талай адамдар салғаннан-ақ екшеліп, бұнда қарсы алған жұртқа жылы жүзбен бой тарта береді... Еңбек жөнінен, жатын-жай жағынан да атап берген қалыпта даусыз қабыл алысты. Бірақ Строговта тыным жоқ. Ол палаткадан палаткаға, асханаға, рабкомға жүре түсіп, тығыз істер тапсырып, рет түзеп жүрген шақта, келген адамдардың арасынан бір шоғыр адам бұның артынан қалмай, ұдайы наразылық сөздер тастап, үнемі шұбырып оралып жүр. Қараңғыда жүздері де айқын көрінбейді. Қара көз адамдардың сақал-мұрттары өскен қалпында, ашулы сөздері мен аппақ тістері жарқ-жарқ ашылады. Жан-жақтан қатар жарыса саңғырлап, қатты айтқан сөздері өте шапшаң. Аласа бойлы, ұсақтау денелі Строговқа олар бүгінгі кештің қара суық желіндей, қаптай соғады. Наразылық сөздер, ауыр айыптар да тасталып жатыр.

— Мынадай суық, мынау қыста бәрімізді тек шүберектің астына малша қамамақсыз ба?!

— Сіз тынды жыртуға көмек күткен директор емессіз. "Келгені ауыра берсін, мұздап қата берсін" деген адамсыз!..

— Осындай қиыншылықта, мұншалық адамға жаны ашымас бюрократ қана сіздей болады!

Ашулы бес-алты кісінің сырт жағында осындай шолақ-шолақ наразылық сөздер айтылып жатыр.

— Қызыл вагондарға өздері кіріп алған!

— Жылы қоралардың бәрін өзінің сүйіктілеріне берген бұлар.

— Мына палаткаларда қандай аязды жел аңырап тұр, кіріп көрші.

— Күні бойы ашығып келдік, тоңып келдік, тым құрыса ыстық су да әзірлемегенсіз?!

— Бұл келген адам ба, жоқ мал ма?

— Біз жылы жақтан келдік. Киімдеріміз жұқа. Палаткада бір түнде тегіс ауырып шығамыз!..

— Бәріміздің жауаптылығымыз ертең сенің мойныңа түседі! — дегендей ұрысқақ, ызалы шытынаған сөздер

Строговтың аузын да аштырмайды. Бағанадан бір сағат бойында, қас қарайғанша Строгов, Березин, Васяның соңынан жауар бұлттай үнсіз түйіліп жүрген қалың бір шоғыр бар. Жаңағыдай тұтас қамап, қаптаған әділетсіз, ызалы сөздер осы топтан шықты. Строгов ең әуелі бұлардың кімдер екенін білмек болды. Кейбір қатты сөзді айғайлап айтқан бір-екі ұзын бойлы, ашаң жүзді адамдардан:

— Сіз кімсіз? Сіздің фамилияңыз кім? — деп жөн сұрап еді. Жаңағылар айтпады. Оларды жақыннан қоршалай тұрған, бас киім киісі өте сүйкімсіз көрінген бір тығыз топ, жөн айтпай, қаптай шулап қоя берді.

— Фамилиямыз неге керек?

— Кейін кінәлап, жазаламақ боласыз ба?

— Біз бәріміз тең адамбыз. Айтылмайды фамилиямыз!

— Бәріміз де путевкамен келген, тыңда еңбек етуге келген совет адамымыз! Сол біздің атымыз!

— Жайғастырыңыз бізді!

— Анау жылы қоралар тұр, сонда жайғастырыңыз! — десіп, тағы да қамап алды.

Өршелене сөйлеген бір-екі адамның аты-жөнін ақырындап білмек боп, Вася мен Березин өздеріне тақау тұрған кісілерден сұрап еді. Олар да айтпады. Осы кезде дәл осы бір араға түйіліп үйіріліп қалған топтың дәл сыртынан, бар жұрттың дабырын баса, салқын, салмақты үнмен сөз қатқан көлденең бір адамның даусы шықты.

— Жолдастар, тоқтаңдар! Жылы жай ма? Қазір соның жөнін біз шешіп көрейік. Көне, былай тұра тұрыңыздар! Жол беріңіз! — деді де, биік, кесек бойлы, батыл жүзді, қазақ пішінді бір жігіт ортаға кеп кірді. Строгов, Березин, Матайбаев сияқты бұндағы таныстарымен қолды қатты қысып амандаса берді.

— Жолдас Сандыбаев, қашан келдіңіз? Жолдас Сандыбаев, міне, мезгілімен келдіңіз! — деп, Строгов жаңа келген адамға айнала жұртты мегзеп, алақанын дөңгеленте созып, көрсете берді.

Сандыбаев орысша жақсы сөйлейді екен. Мынау тұрған бар жиынға анық естіртіп, нық байлаудай сөз қатты. Бар өрекпуді басқандай жайлар айтты.

— Мен бағанадан естіп тұрмын. Әңгіме жылы мекен жөні ғой? Бұл жолдастар алыстан келді, күн ұзын тоңып келді. Қазір суық түн болып келе жатқаны және рас. Жайларын қатты ұғынамыз. Бұлар Шолақтаудан шықты дегенді ести сала, Сарысудан, Байқадамдағы райкомнан әдейі келдім. Мәлім етейін, жолдастар, бұл арада сіздерден жасырып, аяп тұрған жайлар жоқ екенін, ақылдарың бар, жақсы түсінесіңдер! Бірақ жаңа мен ең соңғы шараны істеп келдім. Мынау жерде бұрын бес қорасын совхозға беріп, бес қораға ауысып, таршылықта қысылып отырған қазақ колхозшылары — "Жданов" колхозының мүшелері бар еді. Мен жаңа солармен тегіс сөйлесіп келдім... Бүгін түн ғана шыдап, сабыр етулеріңді өтінеміз. Таңертең сол колхозшылардың он семьясы түгелімен өздерінің жазғы киіз үйіне шықпақшы да, бар қораларын, тамдарын сендерге босатып бермекші! Алыстан келген киімі жұқа, науқастау адамдар болса, қазір тізімге ал да, таң атып, күн шығысымен там, қораларға жайғастырыңдар, Строгов, Березин! — деген еді.

Осы сөздің соңына ілестіре қалтасынан электр фонарын алды да, жаңа Строговқа жөнін айтпай тұрған адамдардың жүздерін жағалай жарық етіп өзі де таныды, жолдастарына да танытты.

— Рақмет бұл көмегіңе, жолдас секретарь, дұрыс айтасыз, — деді де, Строгов алдындағы топқа қайта бұрылды.

— Ал кәне, жаңа "ауырамыз, нашармыз, киімдеріміз жоқ" деген сіздер, сіздер едіңіздер ғой! — деп, жаңа өшіге қамалаған адамдардың бәрін қолымен нұсқап тұрып: — Жүріңіздер, сіздердің тізіміңізді жасайық! Өздеріңізбен бірге жасайық! — деді. Топты енді өзі шақырып, Сандыбаев, Березин үшеуі жарығы бар вагонға қарай тартты.

Бірақ бұл бұрыла бергенде, жаңа ол нұсқап көрсеткен жеті-сегіз суық жүзді адамдар әдейі іркіле берді. Топқа араласып, кейіндеп тарап-тарап, бой тасалап кетісті. Өздері оқшауланып бөліне бере, Строгов Сандыбаевтың білегін қатты қысты.

— Мезгілімен келгенің қандай жақсы болды. Колхозшылар оңай көнді ме? Өздеріне қиын емес пе? Балалары да бар. Кемпір-шалдары да аз емес. Мыналар болса шетінен іpі, cay, мықты еркектер ғой! — деп еді.

Сандыбаев оны тыныштандыра сөйледі:

— Қазақ колхозшылары сені жақсы көріп, жақын тұтып апты. Олар қонақшыл халық. Бірақ мынау келгендерге бермейді, саған береді! Өздері ертең киіз үйлеріне суық та болса шығады. Оларды қалай көндіргенімді мен саған кейін айтам. Ал осының орайына "Ждановқа" сен туған әкеңнен бетер қарыздарсың! Соны дәл осы кеште әдейі есіңе саламын, Строгов!

Строгов көңілдене күліп, көне берді.

— Оны сен маған айтпай-ақ қой! Мен әнеугүні айтып ем ғой саған. Атаусыз, шартсыз-ақ мен "Ждановқа" шефтік етем. Есінде болсын, ол менің еркектік сертім. Ал совхоз тек аяққа басып алсын, сонан соң "Жданов" колхозы емес, осы арадағы "Үшбас", "Жданов", "Ақбұлақ" колхозының бәрі де менен сондай, ойларында жоқ көмек алғанын көресің. Осыны істемесем, мен Строгов болмайын. Ал мынау лағынет суық түнде сондайлық жылы достық жәрдем еткен "аксакалский советке" мен өзімді баласындай қарыздармын деп білемін. Осыны сен біліп қой, Сандыбаев! — деді.

Екеуі, бірі райкомның бірінші секретары, біреуі жаңа совхоздың директоры боп, айтып жатқан жаңағы сөздерінде ниет, бағыттары бір болғанмен, өзді-өз жұртшылығының қамы үшін де үздіксіз ойлайтындарын тұспалмен айтысып қалды. Және сол жайларын аңғарыса бере, қарқылдап күлісіп алды. Сандыбаев "Шолақтаудан екі жүз кісі Жонға бір-ақ аттанды" деген хабарды өзінің кеңсесінде отырып, Жамбылдың обкомынан соққан телефон хабарынан біліп еді. Ауданның Шолақтауда тұратын өкілі арқылы тіпті анықтап, келер сағатына шейін білген. Солардың жетуімен жалғас туатын ең алғашқы қиыншылықты ол алдын ала жақсы андаған. Строговқа ол: "қысылған шақтарында райисполком бастығы Алпысбаев екеуміз үнемі қасыңнан табыламыз" деп, қалжың аралас серт беретін. Жолаушылар тобы келерден бір сағат бұрын ол, Сәлмен, Бәрмен сияқты, анау бес қорадағы колхозшылардың ортасына келген. Солардың кемпір-шалын, жас-кәрісін жиып отырып, мейлінше мол сөйлесіп, нақтылап келісіп шыққан-ды. Райком секретары тыңға орнаған совхоздың қасындағы қазақ колхозшыларымен осы кездесуде жай ғана емес, мәнді-жөнді қажет сөз сөйлескен. Келелі кеңес құрған-ды. Сандыбаев бұл әңгімені Бәрмен қарттың үйінде жасаған. Жалғыз бұл жер емес, аудан орталығында, әр жиылыста, көп колхоздарда, осы қыс ішінде өзі айтып жүретін бір жайды бұнда колхозшыға ұғымды етіп баптап айтты.

— Сендерге мың да бір рақмет. Ақ қар, көк мұзда қысылып келген, толып жатқан жаңа жұртқа өз мекен-жайларыңды бердің. Өздерің қысыла, қымтырыла отыруға шыдадыңдар. Неге солай істедіңдер? Аудан сіздерден соны неге өтінді? Онымыз, осы совхоздың өзгеден бұрын дәл осы кешеге шейін тек көшпелі болып, тек қана мал баққан елге ерекше пайдасы тиеді, үлгісі ауысады дескеміз. Өздерің айтшы, осы совхоз күн санап өз тірлігін, еңбегін бастағалы бұрын бұл өңірде болмаған өнеге, үлгі барын байқамайсыңдар ма? Көне, сондайды андадыңдар ма? - деп сұрап, бір тоқтап еді.

Үй иесі Бәрмен сөзге шапшаң араласып, секретарьдың сөзін қостай жөнелді:

— Бәрекелді, көріп отырмыз! Ең әуелі елдің ендігі берекелі тірлігі машиналы аспаптың құдіретінде екенін көріп тұрмыз! — дегенде, Сәлмен де күнде өзі тамаша етіп жүрген бір жайын айтты.

— Шіркін, мынау өнерлі қолмен жерге еңбек еткенде осылай етсін! Біз айырсақ, жердің шымы мен топырағы қойтас-қойтас боп тамырланып қала беретін. Мыналар топырақты күлдей етіп, ұнтақтай майдалайды екен ғой. Қарашы, жыртқан жерлері ұндай, ұлпадай боп жатыр ғой!

Досан, Есен, Әлмен, Бәрмен де қатарынан таңдай қағып, бастарын шұлғып, аса сүйсінген ажар танытты. Сандыбаев бұлардың әрқайсысының жүзін барлап, қадала қарап отырып, шын сүйсінген күйлерін таныды. Қатар сөйлеген жұрт бірінен-бірі үдетіп, совхоз еңбегін мадақтап жатыр.

— Ұлтарақтай ала қалдырмайтынын қайтерсің?

— Егістің қызығы майдалау екен ғой!

— Жерді қандай терең айырады!..

— Бұларға қарасаң, біздің жыртқанымыз жыртқан емес?!

— Біз тек жердің бетін ғана тырналап жүріппіз!

— Ой, тағы бір қасиетін көрдің бе? Осы мандаты су атаулының бір шелегін шетке жібермей, тағы есепке алып, керекке жаратқалы жатыр ғой!

— Екпейтін дәні болмаса керек. Неғыса Жонның қызығын бұлар өзі де көргелі жатыр, елге де игілігін берер-ақ.

— Тек қана жыл жақсы боп, дегені оңғарылсын. Жон ғана емес, бұл атырапта бұрын жан көрмеген жақсылық әкеле ме деп тұрмын! — деген соңғы сөзді Сәлмен түйгенде, Бәрмен Сандыбаевқа бас изеп қадала отырып, байлау сөзін айтты.

— Міне, Мардан жолдас! Бұлардан жақсылықты осылай күтіп отырған еліңіз біз!

Колхозшыларды осылайша біраз сөйлетіп алған соң, Сандыбаев және бір көптің есінде қалар сөзді айтты.

— Бұл орнап жатқан жұрт тек егіншілік қана емес, біздің аудан колхозшыларына әлі талай өнеге көрсетеді. Тек тани біл де, үйрене біл. Бұлар әлі үйді қалай салғанды, баланы қалай баққанды, ауруды қалай емдеуді көрсетеді. Дәл осы үйіндегі жарығың, отын-суың, жатын-жайың — бәріне де өнерлі жұрттың үлгісін әкеп қосады, — дегенде, колхозшылар өздері ішінара білісіп жүрген бір жайларын айта бастады.

— Строгов айтып жүр, — деп, Сол мен директордың өзіне оңаша бір айтқан уәдесін сөйледі.

— Мынау алған үйлерің үшін кең сарайдай үйлер салып береміз! — дейді.

Бәрмен мен Әлмен қостай жөнелді:

— Балаларың оқитын мектепті келістіреміз! Клуб, кино, аурухана, монша атаулыны да жақсылап салуға көмектесеміз, — дейді.

Осы кезде Сақыш та Строговтың бір сөздерін еске алады.

— Отырған үй-іштерің, бұйымдарың, жатын-жайларың әзір бәрі де ескі, жақсы емес. Колхоз бұндай болмау керек, колхозшы жақсы тұру керек, — деп, өзіме кездескен сайын: "жақында болады, бәрі басқа болады" дейді. Мені ылғи сөзбен семіртіп жүреді, жолың болғыр, — деп, күліп қойды.

Осылайша өрбіген әңгіме аяғында Сандыбаев бүгін әдейі келген шаруасын бұл жұрттың кеңесіне салған. Совхозға бүгін тағы толып жатқан адамның қауырт кеп қалғаны, олардың сендей соғылып, айдалада жатқаны үлкен қысымшылық боп отырғанын айтты. Сонымен, биыл сәл ертерек болса да, жылда осы үйлердің киіз үйге шығып, жақын судың бойына қонып отыратын әдетін ескертті. Сөйтіп, мынау қалған бес қораны да ертеңнен бастап босатып, дос көмекті, Строговқа дос көмегін жасауды кеңеске салып еді. Бұл жайдағы сөз біраз созылғанмен, ақыры колхозшылар тегіс көнді де, байлау жасасты.

— Жыл шықты ғой, күн жылынған деген осы да! Бұрын да осы кезде киіз үйге шыға беретінбіз.

Бес қораға он үй боп қысылып-қымтырылып отырғанша, байлау осы болсын.

— Әр үй аузы-мұрнынан шығып, бала-шағасымен, ыдыс-аяғымен, жатын-жайларымен қысылып-қымтырылып отырғанша, келіндер, киіз үйге шығып алайық! — дескен-ді.

Осы байлау көптің аузымен, көп атынан жасалған байлау болған соң, Сандыбаев елдің ықыласына ырзалық айтты. Және Строговтың атынан бұл жұртқа берік уәде сияқты жақсы бір жорамал білдірді. Онысы, совхоз күзге шейін осылай көшірген колхозшыларға "Жданов" орталығынан үлгілі орын-жай жасап беретінін ауызға алды. Осы істің орындалуын райком өзі үнемі ескермек. Мына қарттарға сол сөзін анық түсіндірді. Бұл колхозшылар көрсеткен меймандостық, тілектестік жәрдемді барлық ауданға үлгі етіп жеткізетінін Сандыбаев тағы да айтқан. Колхозшылармен осындай байлауды жасап алған соң ғана жаңағы қысталаң шақта, Строговқа райком секретары мезгілді көмегін жеткізген. Осының орайына енді Строгов, Березин, Тұрсынов сияқты кісілерді оңаша алып отырып, бүгінгі келгендер туралы жауапты бір байлаулар жасасқан. Бұл кеңес бойынша олар ертең жарық шақта бірнеше жиналыстар өткізбек. Комсомолдар, кәсіподақ мүшелерінің жиналыстары болмақшы. Келген жұртты анық аңыстап, алғаш күннен танып алмақшы. Облыстың басқа аудандарына да келіп жатқан қалың топтардың арасында, көп жақсылардың ішінде әлдеқалай жаман жандар бірге сұғынып кетіп жүргені бұларға мейлінше мәлім. Луговой ауданының жаңа совхозында бір-екі бұзық сотталып та кетті. Жыртқыштық, бұзарлық әрекеттері жұртшылық алдына мойындарына қойылды. Шыққан жайлары бұлдыр алаяқтар, бұзақы бұзықтар да осындай қалың жұрт арасына сүңгіп кірмек болады. Сол жайды қысқа ғана тұспалдап атаған Строгов, Сандыбаев екеуі бір ойларын анықтай түсті. "Жаңа әр алуан сөз тастап, аты-жөндерін әдейі айтпай, жалтарып кеткен адамдардың, тегі, аңқау көпті алғашқы қиыншылық сәтінде адастырып кетуі қиын емес. Бәрі де путевкамен келгені рас. Бірақ сол путевкалар кейбір қалалық ұйымдарда көп талғаусыз, асығып беріліп кеткені де бар". Сондықтан да, үлкен, игі істің бойына ілесіп жүре түсетін ошағандар болады, болып та жүр. Оқшау жатқан шет ауданға бұл совхоз тек астық өндіру үшін ғана келгенін әрбір жауапты адам өте жауапты түрде аңғару шарт. Бұл совхоз коллективі барлық ісімен, бар коллективтік мінезімен, жеке адамдарының үлгісі, отаншылдығы, бас қасиеттерімен де анық социалистік шаруаның, социалистік мәдениеттің, советтік мінез-қасиеттердің де үлгісі болсын. Сол үшін де бүгінгідей шын қиыншылықты пайдаланып, жат сөз, жаман мінез байқатушыларды әсте елеусіз қалдырмау керек. Дер кезінде, сағатында анықтап, әйгілеп танып та, танысып та отыру шарт екенін айтысқан. Бұл кеңестің соңынан қараңғы жердегі жатын орнына жалғыз келіп, суық төсегіне киімшең жантайған Строговтың ойында көп жайдың қам-қарекеті бар еді. Солар бірі үстіне бірі қат-қабаттап, көпке шейін тыным алдырмады. Әзіргі шақтың бәрі, дәл бүгінгі осы Жондағы күн мен түн тәрізді. Тамаша боп маужыраған көңіл ашар, жарқын күннің кеші қара суық. Түні қатал. Аңқыған аязды жел. Айнала наразылық және бой көрсетеді. Көңіл жұбатар алдағы үлкен үміт бұлттан шыққан айдай, кейде ол қуантып, дем беріп, қанат бітіріп қалғандай болады. Қысқасы, өз жайы дәл осы шақтарда отқа бір түсіп, суға бір шомып, сол ыстық пен суық арасында амалсыз, алма-кезек күйіп, тоңу қалпында екенін ойлады. Бірақ дағдылы кең мінезі, ашық ойы қайтадан өз арнасына келіп, өз халіне өзі езу тартып күле түсті де: "шыдай түс, ширай түс!" — деді. Көзі ұйқыға бара жатқан соңғы бір секундтар шағында, жаңағы қараңғы кеште өзін қамап алып, әділетсіз қатал кінәлар ақтарған үш-төрт суық жандардың жылтылдаған көздерін, жарқырап ақсиған тістерін көз алдына келтіре-келтіре барып ұйқыға кетті. Ауыр ұйқыға батты.

Етекке оралған ошаған Таң атысымен, деген жерінен шығып, бес қораны босатқан колхозшылар он шақты киіз үйлерін тігіп алды. Строгов сол сәтте бес қораның бар қуысын түгелімен ақтатып, жыртық есік-терезе, тесік жабыншы болса, соның бәрін бітеп, бүтіндеп шапшаң әзірлетті. Енді қыс аяғы таусыла бастаған шақта, пеші жоқ болса да, мал қора, далан, шошала тәрізді қуыс атаулының бәріне тақтай жайғызды. Нар жасатып, асығыс әрекетпен көп адам жайларын әзірлетіп алды. Сонымен, осы күні кешке "шатырда тұрмаймыз, палатка суық" деп, кешеден наразылық айтып жүргендердің көбін жаңа жайларға әкелді. Төсек-орындарын бас-басына таза күйде арнап беріп, ойда жоқтан, өзі күтпеген халде жап-жақсы орналастырды. Осы қоралардың бір үлкен мал қорасын жақсылап ақтап, төбесін кленкамен ұқыпты етіп қаптатып жіберіп, ұзын тақтайлардан стол, орындықтар жасатып, жаңа келгендердің ас үйін де бөліп жайлап алды. Бір отырғанда 50-60 кісі сыярлық ас үй, баспана бұдан да шықты. Осылайша ас үйі, жатын жайы тегіс ретке келіп алған соң, кеше ойлаған жиылыстың бір молын Березин басқарып, рабочком жиылысы ашылды. Өткен түн мен бүгінгі күн ұзын Тұрсынов партия мүшелерін жиып, кең сөйлесіп алған. Безродный комсомол мүшелерімен көп жайдан мол әңгімелесіп, қажет бір мәжіліс өткізген. Қалай да күні бойы Строгов, Тұрсынов, Безродный, Березиндер келген адамдардың бәрін де әp сала мамандық істеріне жіктеп, топтап бөліп-бөліп алған-ды. Агроном Трегубов, Нина Петровна Матайбаева көп адаммен өз беттерімен танысып, анықтап білген деректерін, әр адамға аталған тапсырмаларын Строговқа мәлімдеп отырды. Бүгін ерте келген төрт бригада бастықтары өздеріне тиетін шоферді, тракторшыны, механизатор, комбайншыларды бөлісіп, танысып, өз топтарына орайлап алды. Шоферлердің біразымен Вася Матайбаев та кезек-кезек сөйлесті. Қайдан келгенін, кім болғандарын жақсы біліп, біразының аттарын да жадында сақтап қалды. Тракторшы Новиков, Целигородцев, Воробик, Ткаченколар да өз мамандық ретіндегі серіктерімен көп сөйлесіп, білісіп қалған-ды. Бұл шақ, тегінде, көктемдік егіс жоспарын совхоздың орталап, орындап қалған кезі еді. Енді қалған 50 проценттік көктемгі егіс жоспарын алдыңғы істелген кезден жітірек, азырақ уақыт ішінде, тіпті аз күн ішінде аяқтау керек. Кешкі жиылыста осы жөнде Березин мен Строгов өздері алдын ала сөйледі. Бұрынғылар мен жаңа келгендердің тұтас міндетін айтып шыққан соң, жаңа келген адамдар арасынан бірнеше кісі жазыла сөйледі. Тракторшылардан Петросян, Мазарян, Дафтян, механизатор Старовойтов енді өздеріне қадірлі міндет алғандарын, бұл жақта бар ықыласпен, бар қажыр-қуатпен саналы еңбек ететіндерін айтып өтті. Петросян мен Старовойтов өз сөздерінде осы совхозға бір жолғы егіске ғана емес, мүлде осы Жонды, Қазақстанды ұзақ тұрғын мекені етпекке келгендерін айтты. Петросян бар жиынды өзгеше жылы көңілмен тұтас сүйсіндірген бір сырын да ашты. Ол өзін Советтік Қазақстанға күншуақты Армениядан әдейілеп жіберілген өкілі деп түсінеді. Соны айта келе, жиынға өте мейірлене қараған ажарлы, сұлу қара көзін жиі қағып қалып, аса қымбат жайды айтты.

— Мен туысқан Армения республикасынан, туған Ереван қаласынан туысқан Қазақстан сахарасына айрықша белгі әкелдім. Күншуақты Ереван ана топырағы ғасырлар бойында өсіріп келген жақсы сорт үзімнің бір топ лозасын туған Қазақстанның бұрын жеміс өсірмеген Жон деген даласына туғандық белгісі есебінде әкеліп, өз қолыммен орнатпақпын. Сол лозадан үзім өсірмекпін! Бұрын капуста өсіріп көрмеген Жоннан Ереван үзіміне жаңа, жақсы рақат мекен жасамақпын! — дегенде, барлық жиын соншалық үлкен қызулы достық ынтымақпен дулатып соғып қол шапалақтады.

Келген көпшілік пен бұрынғы тұңғыш азшылық совет азаматтары дағдылы мерзімді жолмен таныса табысты. Мәжіліс жамырасып қосылған жақындардың жиынындай боп басталып еді. Бірақ сол жиында бір үш адам жайсыз сөздерге басты. Вася шетірек тұрып, кеше түнде түстерін нобайлап қалған адамдар осылар сияқты. Кешегі іңір қараңғылығында Строговты қысып қинап, қатты қатал үндер қатқан топтың ішінде осы үшеуі анық тәрізді. Бүгін солар бірі артынан бірі сөйледі. Жайнаң көз, ұзын тіс Шарафьянов пен қоңыр қасты, қызыл шырай, сарғыш көзді, сирек тісті Ағабеков және анық сотқар көзді, шолақ мұрынды, балуан денелі, зор басты Мотов. Бұлардың үшеуі де түндегі бетпен: "Бұл совхоз келетін адамдарға мүлде көңіл бөлмеген. Тұқым мен машина, аспаптан басқа түкті ойламаған. Біз оңтүстіктің — жылы жақтың адамымыз. Бұнда түндерде Сибирьдің аязы. Ал бізді апарып, әлдеқайда сиыр қораға, құс қуыстарына, шошқа тұрмайтын түкпірлерге тықты. Оны "қамқорлығым, мезгілімен еткен әрекетім" дейді. Колхозшыларда бізге деген жан ашу болмаса, олар еркімен сол жаман паналарын бермесе, не болар едік? Әлі біз тамаққа да қанағаттанғанымыз жоқ. Үш күннен бері ашпыз! Енді бәрімізді бөліп-бөліп, тағы да қарлы, суық далаға, палаткаларға айдамақ. Біз директордан жауап талап етеміз! Барлық келген екі жүз кісі атынан айтамыз! Қайда әкелдіңіз бізді? Біз адам ба, мал ма?.. Совет адамдары үшін жауап беріңіз. Біз барлық келген жұрттың тапсыруы бойынша сөйлеп тұрмыз. Өзіміз ғана емес, көптің атынан сөйлеп тұрмыз!" — деп, үшеуі "е" дескендей қайта-қайта баса сөйледі. Шарафьянов алғаш пәле сөзді өзі бастап айтып өтіп, енді Ағабеков, Мотов қостаған соң, орнынан атқып тұрып, биік бойымен біресе шалқиып, біресе құлашын жая, сіңірлі саусақтарын Строговтарға қарай лақтыра, нұсқай сөйлеп, кезек күтпей лапыра берді. Мотов сөзінің аяғында ол тағы да көпке анық кесір жұқтыра айғайлады:

— Өткен түн бойы екі жүз кісі жалаң қабат суық шатыр астында бүрісіп отырдық. Таң атқанда талай жұрт жөтеліп, суық тиіп ауырып та шықты. Осы үшін жауап бересіз, жолдас директор. Қазір жауап тілейміз көп атынан! - деп тепсіне түскен.

Бұның бүлік айғайы өзгені емес, ең алдымен өздерімен келген Ереванның қалың көпшілігін қатты ыза қылды. Сол көптің ішінен үш-төрт адамын еріксіз сөйлетті. Олар бірі артынан бірі шықты. Ең алдымен бұлар жаңағы үшеуін "көпшілік білмейді" дегенді айтты. Және "оларға көп атынан осындай сөзді сөйле деп ешкім тапсырған емес. Көптің атын бұлай пайдалануға оларға право берілген жоқ. Біз білеміз, бұл жерге тыңға келдік. Тың деген сөз — барды баян етеді, әзір тұрған нәрсе жоқ, барды қолмен өзіміз тұрғызамыз" — десті. "Шарафьяновтар бұл жақтан курорт, санаторий, сән сарайлар іздеп келсе, адасып келген. Бұлардың, тегі, баратын адресі әсте Қазақстан, Жамбыл облысы, осы Жон болмау керек!" — деген сөзді қатты мысқыл ажарымен Геворкиян айтқанда, зал тағы да ду күліп, бар жиын қол соқты. Жаңағы арзан айғайшыларды кінәлап, сынап өткендей болды. Бірақ, осымен қатар аңғарылған тағы бір жай бар. Шарафьянов жалғыз емес көрінеді. Залдың әр жерінде, Строговтың байқауынша, әдейі тарап отырған он шақты кісі бар сияқты. Олар әр алуан айғай үн қатып, жаңағы үшеуін ақтап, қостап қойысады. Қалың ду ішінде Строгов сол қарсы сөйлегендерді ұға түскісі келіп еді. Үлкен, сергек ойлы көздерін үзік-үзік сөз тастап тұрған айғайшыларға кезек-кезек тастап өтті. Олар: "Шарафьянов дұрыс айтады", "бәріміз үшін сөйледі", "сиыр қораға қуанып жалған айтасыңдар ма?" — деп, Геворкиянға бет бұрып, кекесін сөздер айтып жатыр. Бірақ бұлар долы, сотқар көрінгенмен, саны аз ғана. Көпшілік алдыңғы Петросян, кейінгі Погасяндар бетінен бұлжымай, ойдағыдай шықты. Строгов бұл жайында Тұрсынов пен Березиндер сөйлеген соң, жиылыстың жабылуын мәслихат етті. Өзі әдейі сөйлеген жоқ. Көптің талабын әлі келгенше аз күн ішінде, барынша орындамақ ниеті барын айтты. Сол жолда еш нәрсесін аямай, қам-қарекет ететінін қысқа ғана, нақтылы ғана білдірді де, әдейі сол аз сөзбен тоқтады. Іс адамының, қам-қарекет, үздіксіз қимыл үстіндегі еңбек адамының көпке тез байқалатын ажары мен дағдысын танытты. Осыдан кейін жаңа келген топ та жұмысқа басты. Енді бір-екі күн өткенде мамандығы жоқ екені анықталған Шарафьянов, айғайшы Ағабеков, Мотов, Дювов, Пыжов деген тәрізді кісілер қалың топтан бар жайлары бөтендеу боп көрінді. Олар шофер да емес, тракторшы да емес, механизатор да емес, ешбір білім, мамандық алған да адамдар емес боп шықты. Шын мамандықтарын жасырса да ғажап емес. Енді осылар "біз де келдік" деген боп, "біз де әдейі тың айырысуға келдік" дескен сөздерді сағат сайын айта жүрді. Сөйтіп, орайын тауып осы базаның басындағы жұмыста қалды. Біреулері құрылыс жұмысына, тағы бірі электр монтерлігіне және бірі киномеханиктің қасына, енді бірі бухгалтерия маңына орналасты. Жақын жерден үнемі бақылай, аңди жүру үшін бұлардың бригадаларға бармай, орталықта қалғанын Строгов бір есептен теріс те көрген жоқ. Бірақ олардың әрқайсысымен кейде өзі сөйлеседі. Бірде сырттай жөндерін сұрастырады. Тағы бірде ойдағыларын айтқызады. Неғылса өзге топтан бөлек көріп, осыларды қатты ескере бағып жүрді. Шарафьянов болса өз тобымен енді тез ғана өзгерген, ақылы кірген кісілердің қалпын көрсетіп жүрді. Орналасқан жұмыстарында үш-төрт күннен соң олар тегіс ширап, құжыңдап, аса үлкен бейіл бере лыпыл қақты. Бірақ осы күйде төрт-бес күн өте сала, Шарафьяновтың түртуімен Мотов, Пыжов екеуі және Агабеков қосылып үшеу болып, Строговтан подъемный сұрай бастады. Сөздері сондай орынды, қонымды-ақ. Ол жақта біреулерінің кәрі шешесі қалыпты. Енді біреуінің жас балалы әйелі қалыпты. Олар онда жалаңаш, ас-азық қоры жоқ. Бұлардың өздерінің де үстінде лыпасы, аяққа шарығы жоқ дегендей. Шынында, өздерінің көптен бөлек жерден шыққан белгісі есепті жыртық-жамау киімдерін Строговқа көлденеңдетіп көрсете берісті. Тағы бір сәтте бұлардың өтінішіне Шарафьяновтың өтініші де сондай қосылды. Кейде олар Строговқа жұмыс кезінде мезгілсіз жайларда, тіпті далада да мазасыздықпен орала берді. Бұларды басқарып істетіп жүрген дұрыс адамдардан Строгов әрқайсысының еңбек жөнін сұрайтын. Сұраған сайын бәрінің жұмыс жайға, еңбек әрекетке соншалық ынталы, пысық, ширақ екенін есітеді. Строгов ең әуелі осылардың бәрін де өзінің бір еркіне көндірді. Онысы көшеде, кез келген жерде орала беріп, өз бастарының жұмысымен Строговты алаң ете бергендеріне тыйым салды.

— Мен тыңдамаймын! Кеңседен тыс жерде өздерің жұмыстарыңды тастап, мені ісімнен бөгеп, бұлай орала беруді мүлде тоқтатыңдар! Айтпақ жайларыңды мен отырған ана кішкене орын бар, қызыл вагон іші, соған келіп отырып сөйлесіңдер. Болмаса сендер үш жүз адамсыңдар, ойлаңдар, сол үш жүзің мені жұмыс уақытында бір-бір минуттан бөгесеңдер де, менің еңбек күнімнің бес сағаты соған кету керек. Жұмыс участогі үлкен, білесіңдер! Осы соңғы сөз болсын! Енді маған далада оралмандар, — деп, Шарафьяновты бастық етіп, бес кісілік топтарына нық, салқын бір ажар танытқан.

Осыдан кейін тағы үш күн өтті. Жаңағы адамдар түзелген ажар байқатып, Строговтың мазасын да алмады. Ол сұрастырса, жұмыстың да қара қыртысын айналдырып, жұлқына істеп жүрген боп шығады. Осы тәрізді өзгерістерін, мінез өзгерістерін көрсеткен осы жүдеу топқа Строгов бір күн амалсыз жалынды. Олар тағы кепті. Шарафьянов көзіне жас алып, жыламсырап жалына сұраған соң, директор сенді де, дегендерін берді. Ол топ осыдан соң да үнсіз, мінсіз, қатардағы қайрат адамдары болып ап, адал, түзу еңбекке басты. Осы шақта апрельдің бесі де жеткен еді. Көктемгі егіс жоспары пәлен мың гектарға барды. Жон деген үлкен өңірдің қалың сауырын бұл күнде ұшан-теңіз қоңыр барқыт жабыншы жапқандай. Игі еңбектің ізімен толды. Атаған саннан әлдеқайда артық боп орындалған егіс жоспары өлі Жонның жотасына жаңа, басқаша тірлік дәнін көмді. Тұңғыш жоспарды осылайша мезгілімен және мөлшерден асыра аяқтауы жаңадан орнап жатқан совхоздың өктеп жеткен жеңісі боп танылды. Елсізге, қиян алысқа, тау сыртына ақ қар, көк мұз аралас барып орнаған жұрт, тек алғаш ірге тебу ғана емес, дегеніне жетіп, мойындарына жүктелген Отан міндетін ада қып, үдеп шықты. Облыс басшылығы мен аудан жұртшылығы бұл жайды шынымен қуаныш етті. Сол көпшілік орындардың тілектес көңілін білдіріп, Сарысудың аудандық комсомол комитеті достық әрекет жасады. Көктемдік егіс жоспары біткен күні аудан орталығы Байқадамнан аттандырған комсомолдар тобы базаға келіп құттықтап, қуанысқан сөздер мен сый белгі де әкеліп тартты. Олар шофер да емес, тракторшы да емес, механизатор да емес, ешбір білім, мамандық алған да адамдар емес боп шықты. Шын мамандықтарын жасырса да ғажап емес. Енді осылар "біз де келдік" деген боп, "біз де әдейі тың айырысуға келдік" дескен сөздерді сағат сайын айта жүрді. Сөйтіп, орайын тауып осы базаның басындағы жұмыста қалды. Біреулері құрылыс жұмысына, тағы бірі электр монтерлігіне және бірі киномеханиктің қасына, енді бірі бухгалтерия маңына орналасты. Жақын жерден үнемі бақылай, аңди жүру үшін бұлардың бригадаларға бармай, орталықта қалғанын Строгов бір есептен теріс те көрген жоқ. Бірақ олардың әрқайсысымен кейде өзі сөйлеседі. Бірде сырттай жөндерін сұрастырады. Тағы бірде ойдағыларын айтқызады. Неғылса өзге топтан бөлек көріп, осыларды қатты ескере бағып жүрді. Шарафьянов болса өз тобымен енді тез ғана өзгерген, ақылы кірген кісілердің қалпын көрсетіп жүрді. Орналасқан жұмыстарында үш-төрт күннен соң олар тегіс ширап, құжыңдап, аса үлкен бейіл бере лыпыл қақты. Бірақ осы күйде төрт-бес күн өте сала, Шарафьяновтың түртуімен Мотов, Пьвков екеуі және Ағабеков қосылып үшеу болып, Строговтан подъемный сұрай бастады. Сөздері сондай орынды, қонымды-ақ. Ол жақта біреулерінің кәрі шешесі қалыпты. Енді біреуінің жас балалы әйелі қалыпты. Олар онда жалаңаш, ас-азық қоры жоқ. Бұлардың өздерінің де үстінде лыпасы, аяқта шарығы жоқ дегендей. Шынында, өздерінің көптен бөлек жерден шыққан белгісі есепті жыртық-жамау киімдерін Строговқа көлденеңдетіп көрсете берісті. Тағы бір сәтте бұлардың өтінішіне Шарафьяновтың өтініші де сондай қосылды. Кейде олар Строговқа жұмыс кезінде мезгілсіз жайларда, тіпті далада да мазасыздықпен орала берді. Бұларды басқарып істетіп жүрген дұрыс адамдардан Строгов әрқайсысының еңбек жөнін сұрайтын. Сұраған сайын бәрінің жұмыс жайға, еңбек әрекетке соншалық ынталы, пысық, ширақ екенін есітеді. Строгов ең әуелі осылардың бәрін де өзінің бір еркіне көндірді. Онысы көшеде, кез келген жерде орала беріп, өз бастарының жұмысымен Строговты алаң ете бергендеріне тыйым салды.

— Мен тыңдамаймын! Кеңседен тыс жерде өздерің жұмыстарыңды тастап, мені ісімнен бөгеп, бұлай орала беруді мүлде тоқтатыңдар! Айтпақ жайларыңды мен отырған ана кішкене орын бар, қызыл вагон іші, соған келіп отырып сөйлесіңдер. Болмаса сендер үш жүз адамсыңдар, ойлаңдар, сол үш жүзің мені жұмыс уақытында бір-бір минуттан бөгесеңдер де, менің еңбек күнімнің бес сағаты соған кету керек. Жұмыс участогі үлкен, білесіңдер! Осы соңғы сөз болсын! Енді маған далада оралмандар, — деп, Шарафьяновты бастық етіп, бес кісілік топтарына нық, салқын бір ажар танытқан.

Осыдан кейін тағы үш күн өтті. Жаңағы адамдар түзелген ажар байқатып, Строговтың мазасын да алмады. Ол сұрастырса, жұмыстың да қара қыртысын айналдырып, жұлқына істеп жүрген боп шығады. Осы тәрізді өзгерістерін, мінез өзгерістерін көрсеткен осы жүдеу топқа Строгов бір күн амалсыз жалынды. Олар тағы кепті. Шарафьянов көзіне жас алып, жыламсырап жалына сұраған соң, директор сенді де, дегендерін берді. Ол топ осыдан соң да үнсіз, мінсіз, қатардағы қайрат адамдары болып ап, адал, түзу еңбекке басты. Осы шақта апрельдің бесі де жеткен еді. Көктемгі егіс жоспары пәлен мың гектарға барды. Жон деген үлкен өңірдің қалың сауырын бұл күнде ұшан-теңіз қоңыр барқыт жабыншы жапқандай. Игі еңбектің ізімен толды. Атаған саннан әлдеқайда артық боп орындалған егіс жоспары өлі Жонның жотасына жаңа, басқаша тірлік дәнін көмді. Тұңғыш жоспарды осылайша мезгілімен және мөлшерден асыра аяқтауы жаңадан орнап жатқан совхоздың өктеп жеткен жеңісі боп танылды. Елсізге, қиян алысқа, тау сыртына ақ қар, көк мұз аралас барып орнаған жұрт, тек алғаш ірге тебу ғана емес, дегеніне жетіп, мойындарына жүктелген Отан міндетін ада қып, үдеп шықты. Облыс басшылығы мен аудан жұртшылығы бұл жайды шынымен қуаныш етті. Сол көпшілік орындардың тілектес көңілін білдіріп, Сарысудың аудандық комсомол комитеті достық әрекет жасады. Көктемдік егіс жоспары біткен күні аудан орталығы Байқадамнан аттандырған комсомолдар тобы базаға келіп құттықтап, қуанысқан сөздер мен сый белгі де әкеліп тартты. Келген жолдастар база басындағы қызмет адамдарын жиып алып, жарқын жүзбен жақсы талаптар да, тілектер де айтысты. Бұларға жауап берген сөзінде Безродный совхоз жұртшылығы атынан анық жас жалынын, жаңа қауым үмітін өршіл, әсем сөздермен айтып шықты. "Шөлді — көлге, даланы — дәнге толтырамыз, базаны гүлге ораймыз. Ауырды — жеңілге, шалшықты — айдынға айналдырамыз", — деген сөздері сенімді топтың ұраны есепті еді. Ауданнан келген жастар атынан сөйлеген жас оқытушы комсомолка Жанаева осы сөзді айтқызатындай өзгеше бір талап та қойған.

— Біздің аудан сияқты шеткері жатқан, бұрын көшпелі болған аудан совхоздан көп жаңалық пен жақсылық күтеді. Сіздер тек қана астықты аймақ емес, советтік социалистік мәдениетті аймақ жасауға мол жаңалық қосатын топсыздар. Көп совхоздан бөлекше, ерекше осындай, тарихтық қадірлі міндеттерің де бар қауымсыздар! — деген.

Бұл екі жастың осылайша алма-кезек айтысқан тілек, талаптарын Строгов аса бір сүйсінген ажармен тыңдаған. Аудан жастарының сыйын да бұндағы жиын үлкен алғыс ажарымен қабыл алды. Қол соғып тұрған көпшілікке көрсете түсіп, Жанаева өз сыйларының алды етіп "Родина" атты радиоқабылдағышын көтеріп шықты. Бұған ертең жеті-сегіз ер-әйел жолдастары да қолдарына бір-бір сый бұйымдарын әкеп ұсынды. Онда патефон, сағат, шахмат, домино тәрізді көпшілікке керек бұйым, сыйлар бар еді. Осыларын өткізе сала, Жанаева бар совхоз жұртшылығына аудан халқы атынан жіберілген ең үлкен, ең қадірлі сыйды жақсы серпіп, жалт еткізіп желпіне көтерді. Ол — Қазақстан республикасының Қызыл туы болатын. Осы туды жастар атынан қабылдап алып тұрған Безродный тың бір серт айтты. "Енді 20-ыншы майға дейін, бір жарым ай ішінде алдағы үлкен міндет — пар айдау жоспарын жоғары сапада орындап шығамыз!" — деді. Барлық совхоз жұртшылығы атынан кең үнмен, үлкен сеніммен сол уәдені паш қылды да, серт етті. Енді күн жылынып, көпшілік тіршілігі арнаға түскендей боп, өз ырғағын тапты. Сау механизм қалпында күн санап дами берді. Атаған мезгілде сол жоспар, мол жоспар да орындалды. Нелер ұзақ далалар ойдағыдай жыртылды да, мыңдаған тракторлар совхоз жеңісінің, табысының кең іргесін нық орнатты. Енді егіс үстіндегі еңбекпен қатар, құрылыс ісі де күн санап көп үйлер іргесін қалап келеді. Және бір сала — қызық келешегі бар еңбекті инженер мелиораторлар бастаған. Бірнеше ай бұрын алыс қана қиялдай көрінген бір жоспар, іс болуға тақап келеді. Тегі, совхоз қаласының ең үлкен арманы да, ауыртпалығы да судың жайы екені Строговқа былтыр, осы араға қыс басында келген шағынан өте мәлім болатын. Сол күннен бастап ол болашақ база, қала жанында су қоймасы ретінде қол жасап алуды шарт еткен. Сонымен қазір Жамансары дейтін кішкене бастаудан, қала қасында көл жасау ісі қолға алынды. Бірақ көлдің көлемін, табанын қай жерден қалай етіп aлy әңгімесі Гольдин мен Строгов арасындағы көп кеңеске айналған. Қазір Гольдин белгілеген жерде Строгов өз көңілін нық бекіту үшін Вася Матайбаевты өз машинасымен Сәлмендерге жіберді.

— Менің бес-алты досым, "ақсақал советін" жиып әкел, Вася! Ақыл-көмектері, дос кеңестері қатты керек болды, соны айт! — деген.

Сол шалдар келіп, көлге өлшенген жерлерді жағалай көріп шығып, Гольдин мен Строговқа өздерінің кеңесін қорытқан байлауын айтты. Олардың ойлары бойынша, инженердің көлге белгіленген жері қолайсыз. Жамансарының бастауын бұлар жақсы біледі. Ол жолшыбай қосылып отыратын үлкенді-кішілі көз-көз, көп бұлақтан құралады. Осы жердің топырағынан ба, тасынан ба, кей бұлақтар, сол көз бұлақтар кей жылдарда бітеліп қалады. Жамансарыға, ортақ арнаға су бермей қалатын кездер болады. Ондайда Жамансары осы совхоз орталығы тұрған жерге де үзіле-үзіле зорға жетіп жығылатын. Ал көлді Гольдин сондай екі бұлақ үстінен салмақ бопты. Көлдің табанының астына бұлақтың көзі түскен соң, ол үнемі бітелмей тұрса жақсы, ал кей жылдардай өздігінен бітіп қалатын болса, көзей алмайсың. Көліңе түсетін судан тапшы боласың! Одан да ақсақалдар ақылын алатын болса, көлдің табанын әлі де екі километрдей төмен түсірсін. Бұлақтар бітеліп қалған шақта көзеп отыру оңай. Олардың кеудесі ашық тұрсын. Ал көлің қалаңа жақындай түседі. Өздерінің туған жерін жақсы пайдаланбаса да, бар жағдайы жағынан жақсы білетін қарттар Строговқа бұл жолғы кеңесімен де қатты қажет ақыл қосты. Ол ақсақал кеңесінің байлауын нық жақтады да, жас инженер жолдасына "аксакалский советтің" айтқанын істе деп қатты бұйырған. Сол кеңеспен істеле бастаған көл де аяқтауға тақап келеді. Көл біте салысымен, болашақ қаланың бар көшелеріне арық жүргізу, ал арықтар жағасына тек қана жеміс ағаштарынан бақшалар, көк қатарлар орнату жоспары да жасалып жатты. Строгов бұл жайға өзінің тағы бір алысқа өрлеп, үдей түскен қиялын қосады. Суды айтса, болашақ жеміс бақтарын, көк өсімдік қатарын атай бастаса, "алыс бір қиялым сол — өзіміздің жердің ұзақ айналасына, көлденеңі 50 метрлік қоршау тоған орнатсам. Совхоз жөніндегі ең бір ыстық қиялым сол" дейтұғын. Бұнысы да жас совхоздың қиын кешегісі мен жылы күндегі бүгінінен туған қиял. Әсіресе тамаша келешекті андаған жігерлі ойдың көрікті өрісі. Өзгеше бір күлім қағып, бұлың беріп, қуанта тартып тұрған болашағы. Осындай әр тарапты мол тірлікті, әр тараптан келіп туыса табысқан еңбек елі күн санап алға бастыра бастады. Еңбек, тілек жанды тірлік игілігінің бәрін қосып ізденген жақсы топтың тұтас тірлігі күн санап дамып келе жатты. Бірақ сонымен қатар осы табыстардың бәріне бір сәт іштерімен шындап жылынбаған, ден қоймаған кейбір кесір жандар да әр кезек, әр түрлі сұмқай мінездер көрсетіп қап жүрді. Олардың ортасынан бұл күнде оқшауланып шыққан Шарафьянов. Ол өзі сөзшең-ақ. Ілінісетін, кесір шығаратын кездерді жақсы біледі. Тәсілқой да айлакер. Подъемныйын алып, онысы бойға сіңіп болған соң, енді Ағабеков, Мотов, Пьжов, Дивов сияқты адамдарын өзіне мүлде еліктегіш етіп алған. Әрқайсысы өздері жүрген ортада қайдағы бір қиын, қысталаң шақта, ауыздары көпіріп көріне қалады. Әлі совхозда арылмаған қиыншылық, жеңілмей жатқан ауыртпалық сондайлық көп. Қазір де таршылық пен тапшылық мол-ақ. Адам басы жеңіл палаткаларды амалсыз паналап, жайғасқан тәрізді болса да, әлі де мәдениет орындарына, көпшілік мекемелері мен әр бөлек кеңсеге, ұйымға жай жеткіліксіз. Шолақтау сияқты азық-түлік, пұл-зат, аспап-мүлік беретін ең жақын орталық болса 90 километр жерде, қиян ұзақ алыста жатыр. Сондықтан да күн санап, бірде азық жетпей, бірде жағармай, зат-бұйым болмай қалады. Аса ділгір қажет аспап-сайман тапшылықтары да күн санап, кейде сәт санап кезектеп қысып, қинап отырады. Сондықтан да Строговтың өзі, жақын көмекшілері әлі біртұтас күн қыспақсыз, қиналусыз, толық тыным алып көрген емес. Ал Шарафьяновтар болса, бойы үйренген сайын, айлакер, тәсілқойлықпен Строговқа өшігіп алған кісідей әр алуан кесір-кеселдер жасап қойысады. Әрдайым совхоз коллективінің белсендісі көрінбек боп, шағын жиындарда сөйлеуік, сигнал бергіш кісі болады. Бұлардан үзілді-кесілді арылып алайық десе, өздеріне көп пұл-қаражат беріліп қалған. Және жүре түзеледі, жөнге келеді деген үміттен Строговтың совет адамына сенгіш көңілі арылмай да жүрді. Енді тағы бір кезектерде Шарафьяновтың араласпайтын сөзі, кіріспейтін жері болмауға айналды. Ол рабкопқа да сын айтады. Рабочкомға да белсенді сөйлейді. Мәдениет кешіне ырза болмай, іріткі жасайды. Кейде дирекцияның жауапты адамдарының басшылық ісіне де сұғанақ тұмсығын сұға кіріп, іздегені әрдайым әлек пен бүлік бола беруге айналды. Сирек те болса кей шақта ол ішіп те алады. Ондайда сотқар, содыр, бір кісіге әлі жететін төбелескіш те. Осы мінездерін әркімге әйгілі, сүйкімсіз адам есебінде таныта жүрсе де, ол өз жайын анық, қаталға, сынға ұшырататын кезеңдерге соқпай жүр. Тек бір күні ғана рабкоптың лавкесінен қант-шай ала келген бір колхозшыны сыртынан кеп желкесінен алып, сүйрей жөнелген еді. Лавкеде тұрған Мерқадіровты айғаймен әшкерелеген кісі боп айыптап, балағаттап та сөйледі. Бұл сөзінде қазақ сатушы қазақ алушыға ғана жасырын сататын дүниелік бар, дейді. Бізге көрсетпейді, совхоздың өз жұмысшыларына жоқ деген нәрсені колхозшыға неге сатады? Қазақ Мерқадіров қазаққа ғана неге сатады? — дегендей ұлт арасының да суық сөзін айғайлап айтып, әлек бастады. Ол желкесінен тартқан колхозшы Сәлменнің жиені Жақып дейтін мықты жігіт болатын. Өзін сүйрелеп, тілге келмей масқаралаған Шарафьяновты ол топшысымен бір-ақ қағып ұшырып жіберді. Анау боқтық жұмсап, қайта ұмтылайын дегенде, Жақып ызалы, оқты көзін сүзе қарап, "келіп көр!" деп, қолындағы дырау қамшысының өрімін қыса білеп тұрып алды. Шарафьянов айғай мен пәле сөзді айтып, көп бажылдаса да, төбелеске бата алмай, тайқи берді. Строгов біліп, бағып, тізіп жүрген Шарафьяновтар мінезінің соңғы бірі осы еді. Бұл жөннен оны рабочком әдейі соңғы жасаған сотқарлығы үшін көп алдында талқыға салатын болды. Сол жиылыс ертеңге белгіленген сыбысын алдын ала біліп алған Шарафьянов кешке Строговтың үстіне сұраусыз кіріп, бес жолдасын ерте келді. Қолында жеті кісі қол қойған арыз бар. Сөзі — бүліктен таймас кесірдің сөзі. "Сендер, бұл жердегі басшылық — дирекция тыңға келген, өзі тіленіп келген жұртты ренжітіп отырсыңдар. Мынау жеті кісілік қалың тобымыз наразымыз. Сендер өзара сынды айтушының аузын басып, өшіруге дағдыланғансыңдар. Сондықтан айыптысыңдар және, директор Строгов, өз басың көпшілікті алдадың! Келген шақтан осы күнге шейін екі жарым ай өткенше саналы совет адамдарының отаншыл талабын жоққа сайдыңдар! Ылғи алдаумен келесің. Сол алдау мен қорқыту сенің, директор Строговтың жалғыз қолданатын құралың мен әдісің. Осы себепті біз кетеміз, жол қаражатымызды бер. Біз Ереванға қайтамыз! — деп, суық түспен сөйлеген әлек сөзін аяқтады. Строгов сол арада Березинді және орынбасарларын шақырып алды да, жаңағы Шарафьянов ұсынған арызды ғана оқып беріп:

— Міне, жай осындай. Ертеңге арналған жиынды екі сағаттан соң екінші палаткаға бүгін шақырайық. Мынау жолдастардың талабына, топталып берген арызына жауап берейік. Ол міндетіміз. Түсінікті ғой! — деді де, бұндайдағы қайратты тапқыр мінезі бойынша, қысқа ғана сөйлеп, өзге сөзді тыйып, доғарып қойды.

— Сіздерді тыңдап болдық. Сөзді екі сағаттан соң сөйлесеміз, жауапты сонда естисіз! — деді де, Шарафьяновтарға өткір көзін қадалта, тік қарады. Сызды, салқын қараған бойымен ұзатып салды.

Жиында сөз ұзаққа барған жоқты. Строгов өз сөзінің кезегінде бір-ақ нәрсені айтты. Қысқа ғана, тұжырымды үкімдей басып айтты.

— Сендер Ереваннан келдік, Ереванға қайтамыз! — дедіңдер ғой. Ал мен айтайын, осы арызға қол қойған Шарафьянов, Ағабеков, Дивов, Мотов, Пыжов, сіздер Ереванға қайтпайсыздар. Рас, тың жерден кетесіздер, бірақ сіздердің баратын жерлеріңіз Ереван емес. Біз білеміз, біліп болдық, сіздер Ереваннан келген жоқсыздар! Сіздер ешбір тұрақты мекен-жайдан шыққан кісілер емессіздер. Бәріңіз де бар жерде жүретін, бірақ бір жерге де орнықпайтын, біздің қауымнан түгелімен арылып бітпеген, соңғы бір сүйкімсіз "қалдық" аталған жандарсыз. Бірақ қайда барсаңдар да, мынау тізім сіздердің соңдарыңыздан ере жүретін тізім! Ереванның жақсы жұртшылығын, қасиетті совет халқын біз сендерге былғатпаймыз. Ол қаланың қауымы атына жала жаптырмас үшін мен мына тізімді сақтаймын. Сендердің шындарыңды шынымен әйгілеп отыру үшін сақтаймын. Және естерінде болсын, осындай күндерде мынау тыныш, адал совет жұртының азаматтық асыл еңбегінің үстінде жасаған әр әлектерің үшін, бұл күнге дейін істеген еңбектен сан есе артық еңбек етуге сендер мәжбүр боласыңдар! Бүгін мынадай арыз жазып, жасаған айыптарыңды айлар бойына түзеймін деп ойламаңдар. Дәл осындай бір ғана оңбағандық, іріткілік сұм мінездің өзі үшін кем қойса бір жыл, әйтпесе жылдар бойы тек кешірімнің ғана, айыптың ғана еңбегін істейтін боласың шеттеріңнен!

Осы сөздер Строговтың өзінің ғана арлы, намысты, ызалы жүрегі атқан жиреніш сөз емес, адал еңбекке енді шынымен қызығып, қуана берілген үш жүз кісілік қалың жиын, қасиетті қауымның сөзі мен сезімі еді. Бар жиын бірнеше адамның аузымен, көптің шынайы қосылған ызалы, әділ ашу демімен де бүліктерді таңбалап әйгілеп шықты! Строгов сол арқылы ашудың сөзін үлкен бір шешендікпен сөйлеген. Тәжірибелі, іскер адам болу үстіне, бұл білімді, өнерлі, ойлы адам қалпында кейде осындай жиындарда қалың топтан қара үзіп, шоқтығы асып шығып кете алатын. Ол тілге, ойлы сынға шеберлігін осындайда өз коллективіне таныта жүретін. Жұрт бұның саналы да ызалы сөзін құптап, өзін қостап болатын. Өзін сүйрелеп, тілге келмей масқаралаған Шарафьяновты ол топшысымен бір-ақ қағып ұшырып жіберді. Анау боқтық жұмсап, қайта ұмтылайын дегенде, Жақып ызалы, оқты көзін сүзе қарап, "келіп көр!" деп, қолындағы дырау қамшысының өрімін қыса білеп тұрып алды. Шарафьянов айғай мен пәле сөзді айтып, көп бажылдаса да, төбелеске бата алмай, тайқи берді. Строгов біліп, бағып, тізіп жүрген Шарафьяновтар мінезінің соңғы бірі осы еді. Бұл жөннен оны рабочком әдейі соңғы жасаған сотқарлығы үшін көп алдында талқыға салатын болды. Сол жиылыс ертеңге белгіленген сыбысын алдын ала біліп алған Шарафьянов кешке Строговтың үстіне сұраусыз кіріп, бес жолдасын ерте келді. Қолында жеті кісі қол қойған арыз бар. Сөзі — бүліктен таймас кесірдің сөзі. "Сендер, бұл жердегі басшылық — дирекция тыңға келген, өзі тіленіп келген жұртты ренжітіп отырсыңдар. Мынау жеті кісілік қалың тобымыз наразымыз. Сендер өзара сынды айтушының аузын басып, өшіруге дағдыланғансыңдар. Сондықтан айыптысыңдар және, директор Строгов, өз басың көпшілікті алдадың! Келген шақтан осы күнге шейін екі жарым ай өткенше саналы совет адамдарының отаншыл талабын жоққа сайдыңдар! Ылғи алдаумен келесің. Сол алдау мен қорқыту сенің, директор Строговтың жалғыз қолданатын құралың мен әдісің. Осы себепті біз кетеміз, жол қаражатымызды бер. Біз Ереванға қайтамыз! — деп, суық түспен сөйлеген әлек сөзін аяқтады. Строгов сол арада Березинді және орынбасарларын шақырып алды да, жаңағы Шарафьянов ұсынған арызды ғана оқып беріп:

— Міне, жай осындай. Ертеңге арналған жиынды екі сағаттан соң екінші палаткаға бүгін шақырайық. Мынау жолдастардың талабына, топталып берген арызына жауап берейік. Ол міндетіміз. Түсінікті ғой! — деді де, бұндайдағы қайратты тапқыр мінезі бойынша, қысқа ғана сөйлеп, өзге сөзді тыйып, доғарып қойды.

— Сіздерді тыңдап болдық. Сөзді екі сағаттан соң сөйлесеміз, жауапты сонда естисіз! — деді де, Шарафьяновтарға өткір көзін қадалта, тік қарады. Сызды, салқын қараған бойымен ұзатып салды.

Жиында сөз ұзаққа барған жоқ-ты. Строгов өз сөзінің кезегінде бір-ақ нәрсені айтты. Қысқа ғана, тұжырымды үкімдей басып айтты.

— Сендер Ереваннан келдік, Ереванға қайтамыз! — дедіңдер ғой. Ал мен айтайын, осы арызға қол қойған Шарафьянов, Ағабеков, Дивов, Мотов, Пыжов, сіздер Ереванға қайтпайсыздар. Рас, тың жерден кетесіздер, бірақ сіздердің баратын жерлеріңіз Ереван емес. Біз білеміз, біліп болдық, сіздер Ереваннан келген жоқсыздар! Сіздер ешбір тұрақты мекен-жайдан шыққан кісілер емессіздер. Бәріңіз де бар жерде жүретін, бірақ бір жерге де орнықпайтын, біздің қауымнан түгелімен арылып бітпеген, соңғы бір сүйкімсіз "қалдық" аталған жандарсыз. Бірақ қайда барсаңдар да, мынау тізім сіздердің соңдарыңыздан ере жүретін тізім! Ереванның жақсы жұртшылығын, қасиетті совет халқын біз сендерге былғатпаймыз. Ол қаланың қауымы атына жала жаптырмас үшін мен мына тізімді сақтаймын. Сендердің шындарыңды шынымен әйгілеп отыру үшін сақтаймын. Және естерінде болсын, осындай күндерде мынау тыныш, адал совет жұртының азаматтық асыл еңбегінің үстінде жасаған әр әлектерің үшін, бұл күнге дейін істеген еңбектен сан есе артық еңбек етуге сендер мәжбүр боласыңдар! Бүгін мынадай арыз жазып, жасаған айыптарыңды айлар бойына түзеймін деп ойламаңдар. Дәл осындай бір ғана оңбағандық, іріткілік сұм мінездің өзі үшін кем қойса бір жыл, өйтпесе жылдар бойы тек кешірімнің ғана, айыптың ғана еңбегін істейтін боласың шеттеріңнен!

Осы сөздер Строговтың өзінің ғана арлы, намысты, ызалы жүрегі атқан жиреніш сөз емес, адал еңбекке енді шынымен қызығып, қуана берілген үш жүз кісілік қалың жиын, қасиетті қауымның сөзі мен сезімі еді. Бар жиын бірнеше адамның аузымен, көптің шынайы қосылған ызалы, әділ ашу демімен де бүліктерді таңбалап әйгілеп шықты! Строгов сол арқылы ашудың сөзін үлкен бір шешендікпен сөйлеген. Тәжірибелі, іскер адам болу үстіне, бұл білімді, өнерлі, ойлы адам қалпында кейде осындай жиындарда қалың топтан қара үзіп, шоқтығы асып шығып кете алатын. Ол тілге, ойлы сынға шеберлігін осындайда өз коллективіне таныта жүретін. Жұрт бұның саналы да ызалы сөзін құптап, өзін қостап шықты. Бірақ жиылыс соңыңда өзінің қараңғы, тар ғана жатын жайына келгенде, Строговтың көңілінде әлі айтылып болмаған және бір ызалы наразылық бар еді. Жиында оны айтуға болмайды. Бірақ сол Шарафьянов, Ағабеков, Мотов сияқты алаяқ сұм адамдарды осы жаққа жіберген адамдарды кінәлады. Осыларды топқа қосып жіберген кейбір ұйымдардың өкілдерін Строгов бүгінгі сәтте жалғыз жеке ойында қатты айыптап отыр. Сол адамдардың бірде-бірін жүз көрсе, дәл кездессе, Строгов нелер қатал сын айтып, ар сотына тартар еді. Тыңға... осындай өзгеше даңқ алған тыңға, ел, Отан жорығына кім болса соны жіберуге қайтіп батылы барған?! Әлде салғырт, үстірт жауапсыз оймен "тіленіп жүр, бара берсін" десті ме? Немесе "неміз кетеді, ол жерде түзеп алар, құтылайық" деп, әркімді жете тексермей, кім екенін білмей-ақ жібере салу болды ма? Бір мұнда, "Түркістан" совхозында ғана емес, Строгов былтырғы, биылғы көңілсіз тәжірибелерді жақсы біледі. Әр облыста, әр совхозда бірен-саран сұмдар болып отырған, бүгін де болып отыр. Сотталғандары, аласталып қуылғандары да бар. Сырлары мен шындары ашылуға тақағанда бірен-саран қашып кетіп жүргендері де белгілі. Солардың көбі бұрынғы ұры, хулиган, жалқау тәрізді әлдекімдер. Оларды тыңға қарай жібере салғандар Строгов көзінде Отан алдындағы жауапсыздығы үшін айыпты адамдар болып көрінеді. Осындай шыншыл ойы әділ ызамен улана түскен Строгов, бүгін түн ортасына шейін көп аунақшып ұйықтай алмай, тыным таба алмай жатты. Сол жиын соңынан үш-төрт күн өткенде, Ағабеков, Мотов, Дивов үшеуі совхоздан қашып та кетті. Бұлар подъемный ақшаларын ақтамай, үкімет сыбағасын жеп қашқан қылмысты жандар еді. Солар кетісімен Шарафьянов шұғыл өзгерді. Ол жаңағы кеткендер мінезін қатты сынап, ұдайы ұрсып, балағаттаумен болды. "Теріс айтқан едік, кетеміз дегенді тек директорға оңай әсер етеміз деп айтқан ек. Болмаса шынымен кетеміз деу менің өз ойымда болған емес-ті. Мен әнеугі жиын соңынан ұялғам да, тоқтағам! Мыналар иттер екен! Білмедім, олар жөнінде адасыппын. Жауларды, жауыздарды совет адамы екен деп адасып, танымай қаппын!" — деген сөздерді, тыңдаушы жиын таппаса да, базадағы бірнеше жүз адамның жарымынан көбіне сусылдап, тыным таппай шешен қып, ащы өкініш етіп айтып жүр. Ал өз басы осыдан соң көпке дейін бұрынғы бүлік мінез, бәле сөздерін тоқтатып, тапсырған жұмыстарға лыпыл қағып жүретін көнбіс те елгезек адам боп алды.

Салқын белде сары алтын Жонға келіп орнағанына бес-алты ай болған, адал еңбек сауған совхоз жұртшылығы жаз ортасынан аса берді. Бұл шақта игі еңбек өзінің мол жемісін бере бастап еді. Самал тау, салқын бел Жон деген өлке ұшан-теңіз алқапты басқан сары алтындай астық даласына айналды. Бұрын адам еңбегі қыртысына қол тигізбеген өлі өлке қан қазына өңірі боп жаңара, жаңғыра берді. Қазір ендігі шақта Строговтың өз көңілінше соншалық баяу басса да, совхоз қаласының құрылысы да көрнекке шығып, дамып келеді. Кішкене қала туып, өсіп жатыр. Бірнеше үлкен үйлерін Строгов өзі өтініш етіп тастан да салғызған. Алты пәтерлі үйлердің тас іргесін, сыртын қол табанын қазғанда сындырып шығарған тастардан әдейі салғызды. Болашақ қаланың көшелері бірнеше қатар болып қаланған төрт пәтерлі, жалғыз қабат стандарт ағаш үйлерден тізіле бастады. Рас, бұл үйлердің алдағы үміттей қызықтырып тұрған болашағы жақын, жақсы көрінсе де, әлі анық біткен бірде-бір үй жоқ. Тұратын үй былай тұрсын, әлі кеңсеге, мәдениет орындарына, көпшілік мекемелеріне де арналып салынып жатқан жайлар аяқталған жоқ. Бұл совхоздың құрылысын өз міндетіне, шефтік ретінде серттесіп алған Түркістан әскерлік округі еді. Оның әскер тәртібімен, өз палаткаларымен, машина, күш-көлік аспаптарымен, мамандарымен келген топтары жаз шыға іске кіріскен-ді. Басталып, істеліп жатқан үйлері, мекен-жайлары көп-ақ. Бірақ Строговтың ішін қыз-қыз қайнататыны олардың темпісінің шабандығы. Өз қолына берілген совхоз міндеттерін егіс ретінде, басқа құрылыс жөнінде өзінің ырқына көндіріп, әрі жіті, әрі ширақ, шапшаң істеуге тырысқан Строгов, мынау құрылыс жөніне келгенде шарасыз. Сол амалсыздық іштей көп толқытып, қинап жүр. Жігерлі, шапшаң, іскер адам қаншалық тынымсыз тыпырласа да, құдіреті жетпейді. Барлық совхоз болмысының осы бір үлкен саласындағы шабандық, Строговтың ендігі дерті десе болғандай. Қазір соның үстіне тағы бір үлкен алаң, беймазалық қосылды. Астық орылып жатыр, бірақ жабық қырмандары жоқ. Ал тазаланып әзір тұрған астығы тау болып үйіліп келеді. Міне, бүгінгі күн бір қырманның өзінде тап 12 мың центнер бидайы қызыл тау боп үйіліп, жабусыз, қоршаусыз тұр. Облыстық совхозтреске бұның бәрі мәлім. "Союзтранс" машиналарын жіберуге әлдеқашан серт етсе де, міндетін орындамайды, кешігіп отыр. Жауын жауса, не болмақ. Тек биылғы жаз ортасынан бергі құрғақшылық қана көңілге демеу болады. Бірақ сондай күйде, шарасыздық күйде отыру, соған көну де Строговтың жаратылысына, барлық іскер дағдысына қарсы, ерсі жайлар. Осы күй мұны қатты қинаған себепті, ол облыстағы жаңағы екі үлкен жауапты орынмен қатты айғайласып, ұрысып та қалды. Көп күннен бері айықпай жүрген және бір ауыр уайым тағы бар. Совхоздың қолына тиген бар комбайны мінсіз, ақаусыз бар санымен түгел қызмет етіп жүр. Астық науқаны алдында, Строгов өзіндегі маман атаулысын түгел жаз бойы жұмылдырып, комбайндары мен тракторларын барынша түп-түгел жақсы әзірлеп алған. Бұл жөнде өзінің де білімі механизация, электрификация факультетін бітірген сенімді мамандық болатын. Әсіресе бүгінгі орны мен міндетіне бұл табылып қойылған басшы. Алғыр, білгір командир болатын. Бұның күрделі комбайндары мен өзі жүретін комбайндары және сабан үйгіш тіркеуі, қысқасы, бар агрегаттары егіске өте бапты боп, сай күйде түгел араласқан. Бірақ сонда да күйлі комбайндардың толық ісі әзір ұдайы арылмаған бөгеттерге тіреліп жүр. Әрбір үлкен егін даласының сар жайқын беткейінде, не мол жазығында, не қырат жотасында әлсін-әлсін боздап тұрған комбайндар үні естілгенде, Строговтың шекесіне шық еткендей тиеді. Не жоқ, комбайнның бункері дәнге толады да, сол дәнді алатын самосвалды шақырып тұрып алады. Ал самосвал болса жеткіліксіз, аз ғана. Оны облыстан сан сұрап, тағы да жетерлік қып ала алмай жатыр. Бұл жөнде болып жатқан хал, Строгов шындап қиналып ойлаған шақта қылмысқа барабар көрінеді. Не деген сөз? Комбайндар күйлі тұр, күні-түні істеуге егіні де бар, әзір тұр. Ал өнімсіз, қыбырсыз тоқтауға сәт сайын ұшырауда. Барды, оңайды, асылды аламын десе, қол жетпей тұрған дәрменсіздік қинайды. Осы соңғы халдің барлық ащы күйін Строгов бүгін Сарысу ауданының секретары Сандыбаевқа түгел санап айтып отыр.

— Облысқа барарда маған соғып, жайымды біліп кет те, обком мен облисполкомға әдейілеп айта бар! — деп, Строгов Сандыбаевқа өтініш айтқан.

Сандыбаев кешкі жұмыс аяқтай берген кезде совхозға келген де, еркінірек сөйлесіп алу үшін Строговты жақындағы "Жданов" колхозына ертіп әкеткен. "Ждановқа" келгенде, Строгов Сәлмен үйінің сыртына тоқтаған машинасынан секіре түсіп, киіз үйдің сыртынан еркін дауыстап, үйреншікті әзілмен дабыс берді.

— Қайда! Менікі Садаға қайда?

Үйден Сақыш қатты күліп, қарсы жүре бастап:

— Е-е, келе бер, Садаға! — деді.

— Садаға, қалай, қол-аяқ сау ма?

— Айналайын Садаға, қол-аяқ сау, өзіңнің де дені-қарның сау ма? — десіп екеуінің амандасуы Васяны, Сәлменді және әсіресе Сандыбаев пен оның шофері Әбішті қатты күлдірді.

Жаңағыдай жақсы шыраймен шұрқырасып амандаса бастағандары болмаса, Строгов қазақшаны осыдан ары білмейді. Сақыш болса орысшаны мүлде білген емес. Сонымен екеуінің жақсы бейілдері амалсыз тілсіз тоқырап қалатын. Қазір секретарь мен директор Солменнің, Садаға кемпірдің үйінде. Дәмді шайды ұзақ іше отырып, екеуі совхоз әңгімесін қастарындағы Вася мен Әбіш шоферден жасырмай-ақ айтысып алған. Орысша тілді шала білетін Сәлмен мен Садаға-Сақыш бұлардың әңгімесіне мүлде бөгет болған жоқ. Жасырын айтатын да жайлар емес. Жаңағы қиыншылықтарды Строгов Васяға әбден иландырғаны сонша, Вася өзі де әрбір комбайн боздаған сайын қабағын шытып, Строговтан бетер қынжылып, қинала түсетін. Енді біразда совхоздың бүгінгі қиыншылығын әңгімелеуді аяқтасқан еді. Строгов осыдан әрі қазақ колхоздарына және де өзінің сыншыл достық талаптарын қадалта, қатты қып айтып отырды. Ол Васяны тілмаш қып Сәлменмен қызық әңгімелеседі. "Колхоздарында орнатқан бірде-бір жеміс бақшасы жоқ. Үйлерің нашар салынған. Қора жайларың да бұрынғы көшпелі қазақтан озған жоқ. Қызыл отау дегенің тоқ басындағы жыртық үй. Жауын да жауады, жел де соғады, алтындай асыл қазына, жақсы кітаптарды оқушыдан бұрын солар тоздырып жыртып жатыр. Клубтар жоқ, мектеп те бұзау қамайтын үйшіктен артық емес, бүйтіп тұруға болмайды. Ертең қастарында совхоздың үйлері тегіс салынып, қаласы тұрғанда миллионер колхозсыңдар, өз тұрмыстарың үшін ұялатын боласыңдар!" — деген. Бұл сөзді Сәлмен мен оның шешесіне "солай, Садаға!" деп қойып, "айтқаным рас емес пе, Садаға? — деп Сақышқа мақұлдатып, сақылдап күліп, әзіл етіп айтады. Оның атаған, әділ айтқан сындары мен мінездері бір ғана "Жданов" колхозы емес, Сарысу ауданындағы талай колхоздарға түгел жетіп жатқан әділ талап, қажет сын еді. Сандыбаев бұл тәрізді қамқор азамат талабына мойындағаннан басқа дау айтқан жоқ, айтпақ та емес, "Жданов" колхозы ғана емес, көршілес "Үшбас", "Ақтоғай" колхоздарына да Строговтың дос-жар атағы мол жайылған. Бұл күндерде, ол өздері қыста Жоннан көшірген он, он бір семьяға бұрын бұл өңірдің колхозшылары салып көрмеген жақсы-жақсы үйлер салғызған-ды. Сәлмен мен Сақыштың, Бәрмен, Әлменнің, тағы басқалардың да көңілдері дән ырза. Олар күн санап колхоз ортасындағы еңсесі биік, өзі жарық, өзі кең екі бөлмелі, үш бөлмелі үйлеріне кіргелі отырған. Строгов бұл колхозшылармен көп айлар бойында жиі араласа жүріп, қазақ тіршілігін жақсы біліп алған. Осы үйлерге келе қалса, мынау ыстық шақта Вася екеуі ғана Сақыштың бір самауыр шайын түгел ішіп кете беріседі. Ол қымызды қазақша ішеді. Түстік, кештік асты да қатты сүйсініп, мақтай отырып жейтін. Осы кештегі әңгімеде Строгов және де Сандыбаев пен Сәлменге қаратып, бұл өлке халқының, шөлге жақын отырса да, су қадірін аз білетінін сынға салды. Кішкентай ғана өзенше "Үш тастың" совхоз қасынан ағатын болымсыз бойын совхоздың әйелдер бригадасы бақшаға айналдырған еді. Қазір, міне, 12 гектар сол бақшада мынау Матайбаевтың әйелі Нина Петровна бастап көрсетіп берген агрономдық үлгі бойынша жас әйелдер бригадасы тамаша бау-бақша өсіріп алыпты. Алдағы қысқа совхоздың барлық жандары картоп, капуста, қияр, помидор, сәбіз сияқты өсімдіктерге мейлінше қамтамасыз етілген. "Қазір діңкиіп өскен қауын мен қарбыздар қандай көз тартады, көңіл ашады. Бұндай істі "Жданов" колхозы қолға алмаған!" — дей отырып, Строгов бұрын өзі істеген Чехов атындағы МТС-ті де сынап сөйледі:

— Енді ғана ойыма келеді, өзім де өкінем! Соншалық мол су, көл, өзен, бұлақ атаулының ортасында отырып, керек десе бір шелек суды не бақшаға, не жеміс бағына жақсылап пайдалану бірде-бір жанның ойына келген емес.

Жон жайына, совхоз келешегіне қайта ауысқанда, ол биыл алған егіске толық ырза еместігін айтты:

— Рас, биыл жауыны аз, шөлге бейім ауыр жаз болды. Бірақ сонда да еккен егін шықпай қалған бірде-бір гектар жер болған жоқ. Себебі, бұл жақтың күні ұдайы салқын болғандықтан, күндіз қандай ыстық, шел болса да, сол түн салқыны егінді ұдайы демеп отырады екен. Бұдан соң келесі жылдарда мен гектар басыма биылдан екі есе артық астық алып отыруды партия мен үкіметке алдын ала серт етем! Оған осы биылдың өзінде жасаған Трегубов, Матайбаева үшеуіміздің бір тәжірибеміз әбден көзімізді жеткізді! — дей отырып, ол соңғы бір қызық сырын ашты.

— Мен мына Сәлменнің бір сөзінен көп тәжірибе түйіп едім. Ол Васяға: "керегі не, біз ойдағыдай жыртпаймыз. Бұл арада жер қыртысы тез кеуіп кетеді. Егіске адал еңбек сіңірем деген кісі неғұрлым терең жыртса, сол жетіседі" деген екен. Біз сол сөзден агротехникалық түйін түйдік. Сонымен, алпыс гектар жерді әдейі байқау ретінде терең жыртқызып ек. Сол гектарлар қазір өзге барлық жерлерімізден екі есе артық өнім беріп отыр. Алдағы жылдардың міндеті не болатынын біздің совхоз биыл барлап алды деп отырмын! — деді. Осыны мәлімдей кеп, жақсы бір қиялға сайды.

— Жон деген өлке мені отқа бір, суға бір салып қинап жүрсе де, мен бұны сонша жақсы көріп алдым. Ендігәрі бұдан ешқайда кетпес тұрғыны етуге айналдым. Мен мұның тастарында ортқып жүрген арқарларын да сүйемін. Совхоздың жақын заманда жарқырап гүлденетін болашағын да аңсаймын. Және сол совхоз тапқан, жеткен жақсылықтың бәріне, бар үлгісіне, дәстүріне осы "Жданов", "Үшбас", "Ақтоғай" колхоздарын да жеткізуді арман етемін. Сол үшін бір жылдан соң, мен Садағамен Вася арқылы емес, өздігімнен сөйлесетін боп, оның тіліне де үйренермін! — деді.

Строговтың бүгін бар қиыншылығын сәл сәтке сілкіп тастап, осылайша дүр сілкінгендей қалпына Сандыбаев сүйсіне қарады. Шабан шаруалы ауданына, қалың колхоз жұртшылығына Строгов өз совхозымен әдейі бір келген игіліктей. Бірақ солай сүйсіне тұра, ол Строговқа әзіл айтты.

— Сен осында алғаш келгенде жуан, балғын, қалың сияқты едің. Қазір жұқарып, қатайып, кішірейіп кетіпсің. Осындай тынымсыз ойдан жұқардың-ау? Бойдағы артық жүктен арылып, тек алға қарай қанат қағуға әзірленіп, өзіңді өзің ширатып алған тәріздісің. Жақсы да болса жаңағыдай мазасыз ойды ойлай жүре артық салмақты тастап үлгердің-ау, солай ма? — деп еді.

Строгов сақылдап күліп жіберіп, Сандыбаевтың ойлы әзіліне сүйсінді де, оның көзіне өзінің шыншыл, анық көреген көзімен қадала қарады. Сандыбаевтың әзілін Строгов құп көргендей белгі етіп, өзінің жұқарып жүдеген жүзін сипап, кеуде, қарын тұсын да қолымен нұсқады. Тынымсыз күндер, жұмалар, айлар Строговтың қайратын жанып, ой мен бой қуатын өткірлеп, шынықтыра түссе де, ет дене көп қажыған, жүдеген еді. Жағы солып, үлкен көздері шүңірейіп, терең қабақ астына бата түскен. Ол сол халін шаққан жоқ. Бірақ бұрын да әсте семіз емес денесінің ауыр салмақтар себебінен арыған, жадағанын айтты.

— Білесің бе, мен беймаза, сол жаңағы өзің айтқан себептермен қазір он алты килограмм салмағымды кеміттім! — деген еді.

Сандыбаевтың көңіліне бұл жайлар бүгінгі әңгіме соңында аса бір жақсы ой салды. "Түркістан" совхозының бұл өлкеге әкелген партиялық, советтік, социалистік бүгінгі, жарқын келешегі дегенді жинап айтса, соның бір қымбат жиын тұлғасы осы Строговтың өз бойынан да көрінгендей. Партияның әдейілеп жіберген өкілі — бұл директор, үлкен сенімді анық ақтай алатын үлгілі азаматтың өзі. Бұлар ас ішіп болғанда, жарық айлы түн өте жайлы, салқын самалымен "Жданов" колхозының ұйқылы өлкесін желпіп тұр еді. Жайлы ұйқының кезегін жым-жырт бағып тұрғандай. Бірақ алдарында асығыс міндеттері тыным бермес екі азамат, самаладай жарық түнде аз толастап ап және де асықтыра шақырған еңбекке қарай тарта берді. Ұйқы, тыныштық орнына Строгов пен Сандыбаев тысқа шығып, екі машина аралығында қатты ғана қол қысысып, дос бейілмен қоштасты. Машиналарына міністі де, екеуі екі жаққа қарай, түн тыныштығын бұзып, үрген иттер мен будақтаған шандарын соңдарынан ілестіріп, шұбатып, алдағы күнге қарай тарта берді...

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙