Лұқпан Бегәлітегі. Наурызғали Бешімов
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Лұқпан Бегәлітегі — «Лұқпан Бегәлітегі. Наурызғали Бешімов». КЕҢ ЖЫЛОЙ
/uploads/1073c5d0-05d6-50ca-8e1e-c4e3670ce78c/cover.png
КЕҢ ЖЫЛОЙ
Кең Жылой біздің елдің жайлаған жер
Қаңтарып көк бестіні байлаған жер.
Сар сазан сартылдаған шаңға сыймай,
Қаңбақты біздер өсіп ойнаған жер.
Әжемнің әні.
Тарихтың ұлы ұстаз екеніне дау жоқ. Бүгінгінің қадір қасиетін өткенді оймен шолғанда тереңірек сезіне бастайсың. Өткен тарихты бүгінгінің безбеніне ойша сала отырып осы заманға жетелеп әкелген жолдың, тарихты жасаған талай ұрпақтың төгілген қаны мен терінің, жұмсаған қажыр қайраты мен жігерінің, жасампаз ой санасының, құлшынысының қадіріне жете түскендей боласың.
Біздің кіндік кесіп өскен Кең Жылойымыз атамыз қазақтың ата жұртындағы барлық өңірлер сияқты айбынды тарихы, мақтан тұтар шежіресі, ұрпақтарға үздіксіз өнеге болып келе жатқан ұстанымдары, қазақ намысын асқақтата білген ұл-қыздары, кішігірім бір ұлтқа мақтан боларлықтай өнегелері мол, азаматы етігімен су кешіп, арғымағы ауыздықпен су ішкен тарих өткелектерінде де абыройы кеміп, киесі көшіп көрмеген өлке. Оның тарихы біздің Отанымыздың ортақ тарихының бір бөлігі.
1930 жылдардың басында аудан территориясында мұнай барлау жұмысы қызу қарқынмен жүре бастады. Бұрғышылар Қаратон, Иманқара, Қарашүңгіл алаңдарын бұрғылады. Қосшағылға барлаушы-геологтарды бірінші бастап келуші дана ойдың иесі, көріпкел, дала академигі Бешім Қызылбасов атамыз болатын. Ол екі шағылдың орта деңгейінде жер бетінде шығып жатқан мұнайды байқаған. Оны сарша тамыз шілдеде меске құйып, түйеге теңдейді де, «ала таяқты оқымыстыларға» апарады. Қосшағыл дүниеге осылай келген. Бешім қарт өмірі бойына КСРО Мұнай халық комиссариатынан арнайы сыйақы алып тұрды.
Құлсары алаңы дамылсыз бұрғы үніне бөленіп тұратын. Мұнда революционер большевик-көрнекті жазушы Сабыр Шәріпов жетекшілік етті. Контордың бас геологы ірі оқымысты Петр Яковлевич Авров болатын. 1939 жылы Құлсары мұнайы Отан игілігіне қызмет ете бастады. Аудан орталығы Қосшағылдан 1954 жылы Құлсарыға көшірілді. Поселке аты бұрын осы жерді мекен еткен, бүтін дейін бейіті сақталып келе жатқан 1822 жылы Маңғыстауда туып, 1902 жылы осы мекенде дүниеден өткен Тінекейұлы Құлсары ата есімімен аталады. Құлсары ата Адайдың Күшік тармағынан. Күшіктен сегіз бала болған. Олар Қареке, Сәмеке, Сам, Қара, Алтынбек, Күміс, Айғыр, Құлшық. Осылардың ішіндегі Айғырдан Тініке, одан Құлсары атамыз дүниеге келген. Атамыздың Шапай, Төлеу атты балалары болған. Төлеуден 3 бала, бір қыз өсіп жетілген. Олар Қилыбай, Ордабай, Қорабек, Моншақ. Ал Қантай туысқаны Күшеннен, Онбай, одан Орысбай, одан Мыңбай, Рзабек, Мырзабек, Төребек, Жақсыбек деген балалары болған. Біздің кездескен Төребек бауырымыздан Жорабек, Серік, Бақытжан, Гүлжан, Ләззат, Жанат атты ұл-қыздары өрбіген. Жорабектен тараған Бауыржан, Марат, Жанар, Болат атты балалары бар.
Атамыздың ұрпағы 1938 жылға дейін Қосшағылда бұрғышы болып істеген. Байдың баласы деп жазықсыз түрткілеп қудалай бергесін Мақтаралға көшіп кеткен, әйелі 1926 жылы туған Сәуле Мұхатаева қырық мылтықтың қызы, қазір де бар. Төлеуов Қарабек ауылдастарымен бірге майданға аттанып, Ленинградты қорғауға қатынасып, Польшаны азат етіп, соғысты Германияда аяқтайды. Соғыстағы ерлігі үшін екі рет «Қызыл жұлдыз» орденімен наградталады. Соғыстан кейін, Мақтаралдың, Слабянкесіндегі Политодел бөлімшесінде гидротехник болып еңбек етеді. Құлсары атамыз жаны жомарт, дастарханы жиналмаған мол дәулетті, өте бай қара қылды қақ жарған би адам болған. Қырық мың жылқысы осы Кең Жылой төсінде еркін жайылған. Осы жерде ибалығымен, ақылдылығымен қалың елді тамсандырған келіні қайтыс болған. Ең алғаш бейітті соған салдырған. Атамыз жүйрік аттар ұстаған. Баптаған жүйріктері бәйгенің алдын бермеген. Қазақта қайда да жаман әдет күншілдік қалған ба, әлде біреулердің айдауына түскен өзінің ағайындары күншілдікпен бәйгеге қосатын жүйріктің қолтығына қара сабын жағып, оның өлуіне себепші болған. Осыдан кейін құсаланып ауырған атамыз өлген жүйрік атты садақа қылып, өзінің тірісінде бейіт салдырған. Бейіт тастарын биелердің сүтіне илетіп, арасына аттың қылын қосып соқтырған. Көз жұмар қарсаңында осы жерден құлағыма бір дүбір естіледі, түбі Құлсары атым өшпес, мені Маңғыстауға ата-бабамның қасына апаруға әуреленбей осы жерге қойыңдар, жылқыларымды қарап жатайын деп өсиет қылған екен. Мен осы әңгімені туған жеріміз жөнінде материал жинау үшін ізденіп Мақтаралдың Политодел бөлімшесіне барғанымда Құлсары атаның ұрпағы Төребек ағай айтқан болатын. Қазірде ол кісі де дүниеден өтіпті.
Балалары Жорабек және басқалары бар. Атамыздың бейітіне елдің сыйлы ағасы туған жердің құрметті азаматы, туған еліміздің белгілі журналисі Кідібасов Қален ағамыз әкімдерге бірнеше рет кіріп белгі тас қойдырған болатын. Содан бері оған ешбір жанашырлық жасалған жоқ. Әруақтарды қастерлеу бәріміздің борышымыз. Қазірде атамыздың бейіті ескірді, күмбезі құлай бастапты, қабырғалары жылдағы жаңбырдан жұқарыпты. Сондықтанда оны күтімге алып, ең болмаса сыртын силикатпен қаптап, келер ұрпаққа жеткізу туған жер перзенттерінің борышы. «Көп түкірсе көл» деп бабаларымыз бекерге айтпаған ғой. Көне көз құйма құлақ қарттарымыздан естігенімізді келер ұрпақ біліп жүру үшін шежіре сырымызды әрмен қарай жалғастырайық.
Құлсары атамыздан кейін біздің өскен өңірімізді Адайдың Жары Майлан руынан шыққан Саламатұлы Сарбас қоныстанған. Байлығында есеп болмаса да, ол өте жомарт адам болған. Аса білімдар, өзінің дін білімімен халықты сусындатып имандылыққа шақырған, Қазақ шежіре тарихын тұңғыш жазған Досжан қазіретті тәрбиелеген, оны Қиуаға ертіп апарып оқуға түсірген, әулие, қажы Дүйсеке Қазіретке Жем бойынан мешіт салып жатқан жұмысшыларға сусын болсын деп бір үйір жылқы мен 5 боталы түйені, ал азық үшін 50-70 сойыс малын айдатып әкеліп берген. Сарбас атамыз қара халықтың қамын бір сәт естен шығармаған. Ақ патшаның жарлығымен бүкіл болысқа түскен салықтың үлесін өз кенті есебінен төлеп жіберген. Әкесі Саламаттың соңғы сапарға шығарылуы намазына жиналған 1000 адамның әрқайсысына едәуір көлемі бар бір теңгелік сом алтын үлестірген. Сарбас атамыздың елге қамқорлығы мен қайырымдылығын бүкіл Кіші жүз білген. Барша Адай мақтаныш тұтқан. Ол малын еркімен тапсырғанмен, қызылдардың құрсауынан Сарбас атамыз да құтыла алмаған. 1930 жылдың аяқ кезінде Үйшік түрмесіне жабылған, одан кінәсіз болуы себепті 1932 жылы абақтыдан босатылған. Тумалары, балалары Кеңес өкіметіне қарсы көтеріліске қатынасып тұтқындалып өледі. Сол жылы өзіміздің Тұрғызбай елді мекенінде аштық пен жоқшылық көріп азаппенен бақилыққа атанады. Өзінің өсиеті бойынша Дүйсеке қорымында жерленген. Бұл аталарымыздан басқа бұл жерді Құлсары атамыздың құдалары елге пана болған абыз қариялар: Сатай батыр ұрпақтары Біл, Бөлекбай, Бәшек, Бектұрған, Қызылбас аталарымыз қоныс қылған.
Олар 1930 жылы Әбіш болысты Қызылқұдық елді мекенінде соңғы рет дастарқан жайып, оны Орынбор жаққа қимастықпен енді бір-бірімізді көреміз бе деп шығарып салған. Бұл конфискінің уақыты еді. Аталған нар тұлғалардың қойылымдары Естекбай мен Бегәлі қорымында. Бұл уақытта Жылойдан 78 молда дінді насихаттауына байланысты түрмеге қамалған. Медреселер, мешіттер құлатылған. Бұхарадан оқу бітірген Жылойдағы қазіргі Бекен түбек аталған, Уықпай елді мекеніне жақын жерде мешіт ұстаған Бекен қария «қызылдардың қорлығын көргенімше Тесік тау (Иранға) асып кетемін, артымнан ешқайсың ермеңдер, кесірім тиер, бірақ та түбінде біздің күніміз туады, саналы ұрпақ іздейтін болады, атым өшпес, Әлжан, сен елде қал, мыналарға көз болып қарасып тірлік жаса» деген екен. Сол қария бір түнде, қою қараңғыны пайдаланып шығып кеткен. Жолда Үстіртте, Руы Алаша күні кеше арамызда болған Қарамолдаға көптеген діни кітаптарын аманат қылып беріп кетіпті. Қарамолданың шығарып салуы шамасы Бекен Қария әкесімен Бұхарада бір оқыса керек. Ол уақытта ол балаң жігіт. Міне, адамдық, сыйластық. Ал сол Бекен қарияның ұстаған Құраны менде әлі күнге дейін сақтаулы. Құлсары тұрғыны Әлжанова Халипа өз атасы жөніндегі естелігінде біздің әжеміз Айтбике атақты дін ғұламасы Мақсым Тәңірбергеннің жалғыз қызы болатын. Ол көз жұмғанша соғысқа кеткен жалғыз інісі Назенді жоқтаумен болды. Атам кеткен соң большевиктер іздеп, үйдегі бар заттарды қалай тәркілегенін айтып отырушы еді деп есіне алады.
Міне, осындай зорлық зомбылыққа қарамастан жастарды еліміздің азаттығы үшін қаймықпай, ешнәрседен сескенбестен, шыбын жандарын ел үшін шүберекке түйіп, перде жамылған партиядан, комсомолдан бөліп әкетуге, оларды өкіметке қарсы шығуға үгіттеушілер Жылой топырағында көп болды. Солардың бірі Оралдың мұғалімдер семинариясын бітірген, Жылойдағы орталық районо қызметкері Меңдіқұлов және оған ерген Абубакиров еді. Бұлар өз қатарларына көптеген жастарды тартты. Алайда өкімет оларды қамауға алып, өлім жазасына кесті. Келер ұрпақ олардың өмір жолдарын зерттеп, ұмытылмасқа ескерткіш қалдырады деп сенеміз. Жылой халқы Алаш Орда қозғалысын қызу қолдады. Бірақта мұнда да жолы болмады. Алаш көсемі Мұстафа Шоқайды көздеріне жас алып өз топырағында Каспий теңізінен Бакуге баратын кемеге отырғызып шығарып салды. Мұстафа Шоқай Жылой халқының бұл сүйіспеншілігін көз жұмғанша ұмытқан жоқ. Көз алдына туған елден алыстаған шағын елестетумен болды, Кең Жылойдан алып кеткен бір түп жусанды иіскелеп, іштегі шерін тарқатты...
Кеңес өкіметі ұсталып кеткен молдалардың, байлардың балаларына да қырғидай тиіп оларды қоғамнан аластатып, жазалап отырды. Мысалға Жылой топырағында екі мешіт ұстаған молда ишан қазірет Еркебайдың баласы Нигметов Насирдің мәселесін қаладағы мектеп комсомолдар ұйымы қарап, оны комсомол қатарынан шығарды. Ал әкелері бай болғандары үшін Қыстаубаев, Болатов, Жайжанов, Қалмұратовтың ерекше мәселелері қаралып, мектептен қуылды. Осылайша 1920 жылы 5 қаңтарда В.И. Чапаевтың дивизиясымен ақтардан тазартылған Жылойда, кулактармен, байлармен және алашорданың мүшелерінен тазарту үшін қызу күрес басталып жатты. Осы уақыттан бастап Жылойда партия ұйымы құрылды. Комсомол ұйымы 1927 жылы 12 қаңтарда құрылып, оларды өз дініне қарсы қойып, мешіттерді құлатуға жұмсады. Бірақ оған қарамастан Адайлар көтерілісі басылмады. Ол жөнінде кеңес қызметкері, райсполкомның секретары, кейін бастығы болған Тағанов Ашығали ақсақал өз естелігінде 1931 жылғы Адайлар көтерілісінен Ақмола, Басшы деген кісілер қаза тапты. Қаңбақты, бізше Жылой 1873 салынған, кейін бұл маңда төрт болыс болды. Әр қорғанда бір пулемет, ол кездегі заң бойынша 200 үй бір болыс құрды, 1931 жылы Жылойда малдың саны 322 мыңға жетіп көбейген. Алайда Адайлардың шапқыншылығы малды 5000-10000 мыңнан ауық-ауық алып кетіп берекесін алды. Жергілікті партия қызметкерлеріне жұмыс жасатпады. Ашекеңнің бұл сөзін сол уақытта 7 қыркүйекте Аудан бойынша партия Гурьев уезінде баяндама жасаған Әлжанов Хобдабай да растайды. Ол өз баяндамасында Адай уезінің ревкомы Әлниязов Тобанияз қағазда басқаша да, ал, іс жүзінде қалың Адайды жақтап, өз ойлаған әрекеттерін өкіметке қарсы жасайтынын айтады. Міне, осыдан кейін өкімет қандай кезең болса да адайдан бірінші басшы қоймау жөнінде құпия шаралар ала бастайды. Адайлар ауылдары, беделді азаматтары, ақсақалдары бақылауға алынып, олардың іздеріне тыңшылар қойылады. Тіпті Адаймен араласқан тумалығы бар, сәлемдескен өздері қойған басшыларды жазықсыз жала жауып, түрмеге қамайды. Дала академигі, абыз ақсақалымыз Жанаш Нұрмахан бір әңгімесінде «Қосымов Жәкула ауатком төрағасының орынбасары еді, 1930 жылдардың бірінші жартысында аз уақыт төраға міндетін атқарғаны бар, кейіннен ауылшаруашылық серіктігін басқарды. Сол азамат жазықсыз ұсталып, түрмеге қамалды. Артында жалғыз қарындасы Рауила Шығанақова жылап қалды. Оны және Жәкуланың баласы Ізбайды қызылдар детдомға тапсырған. Балаларды жаны ашыған әкесінің достары детдомнан ұрлап алып, тығып 1-2 жыл ұстап Ақжан шешесіне тапсырған. Кейін Қосымов Жакула Астраханда ақталды. Босатылғанын естіп, түрмеден шыға бере қуанғаннан жүрегі жарылып өліп кеткен. Неткен қиянат» деп күрсіне еске алады. Тергеу құжаттарын қарап отырсаң шынында солай, Тобаниязбен бір кездесіп шәй бергені үшін Адай көтерілісіне қатысы бар деп ұсталынған, 1932-1933 жылдарда Жылой аудандық атқару комитетінің төрағасы Көзеев Қарабай жетім бабалар үйіне бөлінбейтін мемлекеттік қордан астық бергізіп, көптеген жетім жасөспірімдерді аштықтан арашалап қалған. Кейін мемлекеттік қорды талан-таражға салғаны үшін халық жауы ретінде жазаланған. Ал Жаршық ауылында жәй шаруа адамдары Есниязов Қозғара өкіметке қарсы болған Құрмаш Қосжановқа құдандалы жақын болғаны үшін Ойылда көкжар базарында ұсталып, түрмеге қамалған. Ал інісі Есниязов Махамбетті аштық уақытында балаларына 1 тоқты сойып бергені үшін Гурьев түрмесіне қамауға алған. Балалары Қайрақбай мен Бөлекбай, Аққали көз жұмғандарынша әкесін көз алдына елестетумен өтті. Айта берсең Голощекин саясатынан, қызылдардың зомбылығынан қанша адамның ата тегінің қаны тапталды. Оған кім жауап береді?
Қазақ жерінде жаппай қуғын-сүргін кезінде тікелей НКВД қарайтын қатаң тәртіпті саяси лагерлер, нүктелер жасақталды. Сондай лагерь біздің туған жеріміз Жылой топырағында «ПрорваЛАГ» 1932 жылдан 1956 жылға дейін болды. Бұл жерде қазақтың нағыз қайыспас кітәпті қара нарлары, дала жолбарыстары темір торда, аяқтары кісенделіп жасырын ұсталды. Мұнда көрушілердің айтуынша, қазақ халқының көрнекті ақыны Сәкен Сейфуллин жауапталынған. Сондықтанда Сәкенді зерттеушілер осы құпия саяси лагерьдің құжаттарына тереңірек үңілгені дұрыс. Маған ол жөнінде айтқан сол түрменің бастығының қызымен құрбы болған Батпаш деген кемпір болатын. Ол сол қыздың айтуы бойынша, оған еріп барып Сәкен атамызды көріп, қолынан сусын берген. Бұл жөнінде Астанадағы Сәкен ақын музейінің директоры, ақын Серік Тұрғынбеков жұмыстанады деп үміттенемін.
Кеңес қызметіне ұзақ жыл жұмыс жасаған қарт зейнеткер Шығанақов Телеқұс өз естелігінде былай деп әңгімелейтін еді: «Кеңес өкіметін орнату, колхоз ұйымдастыру оңайға түскен жоқ. Мынадай оқиға әлі есімде. 1931 жылы март айында РИК-тің жауапты секретары Қаратаев Сембай, ақша бөлімінің бастығы Құсайынов Әлібай біздің ауылға келе қалды. Мен ол кезде 17-ауылда (орталығы Кенбай) кеңесінің председателі едім. Олар біздің ауылда байлардан налог жинады, кейбір байлардың дауысын алды. Бұл 1928 жылдан кейін орта байларды конфискалау, байларға қойылған шектеу еді. Жұмысын бітірген екі уәкілді қасына Түктібаев Жиенбай деген кісіні ертіп көрші Ақшелек Буракөл кеңесіне шығарып салдым. Ақшелек Буракөлдің ауылдары барған уәкілдерді ұстап алып сыпырыла көшеді. Кеште Алатау жөніне жібереді. Бұл оқиға 1931 жылы 20 мартта болды.
Жиенбай ауылға келген соң, мен қасыма төрт кісі ертіп, түйемен атылған кісілердің денелерін алып келуге бардым. Құсайыновтың денесін бірден таптық, ал Қаратаев оның қасында болмады. Іздеп қарасақ: Қаратаев жалаңаяқ қашыпты, аттылы адамдар қуып жетіп атып өлтірген, тіпті пышақ та салған. 7 апрельде бұл өлімі туралы акт жасап ауданға тапсырдық. Құсайынов Жылойда, Қаратаев Селебай Жаршықта қойылды.
Сол сияқты Әлішов Молдағалиев зампред, РИК, Құлкенов Қабыл живсоюздың бастығы, Елемесов Құрманғали милиция начальнигі, т.б көп адамдар кеңес өкіметінің құрбаны болды. Төрт адам бір күнде жерленді. Қаратаев Жаршықта, Құсайынов, Молдыбаев Баян-Жылойда. Осы адамдар кеңес өкіметі үшін шәһит болғандар. Елемесов те Жылойда жерленді. Осылар сияқты ел ішіне уәкіл болып шыққан Хайруллин де жоқ болып кетті. Бұл жылдары ашаршылықтан Жылойда адамдар көп қырылды. Осы оқиғаларды көзі көріп, құлағы естіген адамдар: Тағанов Ашығалы, Елеуов Тауман, Қалиев Жақсығали, Байжігітов Сағындық, Жүсіп Сары, Зақарын Керей, Қазбенов Керей, Шөкеев Баязи, олар 1928 жылдан бері осы ауылда халық ағарту жүйесінде істеп еді». Иә, халық өлмешінің күнін кешті. Апатты арам пиғылмен жасап отырған кеңес өкіметіне бас көтеруге әлі жоқ болатын. Бар қаймағын сыпырып түрмеге қамады. Бірақ көрген қорлық, зомбылық іште шер болып, өзекті өртеп жатты. Оның өзін мен жастайымнан қариялардың көңіл күйінен сезетінмін. Мені бауырына басқан нағашы әжем Раш, Ысық руының биі болған, атақты күйші Дәулеткереймен Петерборға патша сарайына шақыру бойынша барған Шолақ Айбасовтың қызы болатын. Ол 14 жасында осы Жылойға болыс болған Бегәлі көкемізге келін болып түсіпті. Кеңес үкіметі келгесін бар дүниесін үкімет тәркілеп, екі қызы Ырысты, Шолпан, ұлы Тұрғалимен 25 жасында жалғыз қалыпты. Атшоңқай шөптің көмегімен балаларын асырап, өмірін азаппен өткізіпті. Аштықтан өлуге қалғанда, көріпкел әулие мұнай тапқан Бешім ақсақал түсінде көріп, үйіне келіп қолғабыс жасап аман алып қалыпты.
Сол әжеміз мені жұма сайын жетектеп, азаттық үшін күрескен Жылой топырағындағы Жаңабай, Басшы, Өтен, Нарымбай, Сұпы Ата, Аралбай, Әжібай, Назар бабаларымыздың басына апарып, олардың елдің азаттығы үшін күрескен ерліктерін жадыма құйып отыратын. Есейгесін түсіндім, оның ішіндегі мұң зар кекке айналып, қалайда келер ұрпаққа аманат қылып тапсыруды мақсат еткен екен. Мен кейін осыған байланысты «Кең Жылой әулиелер мекені» атты поэмамды жаздым.
Мұның бәрін келер ұрпақ туған жерінің тарихын біліп жүрсін дейтіндей тілекпенен айтып отырмын. Біздер тарихымызды ел болып қолға алуымыз ауадай қажет. Өйткені, өз тарихын білмеген ұрпақ ұлт намысын ту қылып жарытпайды. Бұл әңгіме желісі арасындағы ойым. Оны келер ұрпақ дұрыс түсінеді деп ойлаймын. Біздің Жылой поселкесінде 1922 жылы бір ғана бастауыш мектеп болды. Ал Жылой ауданы 1928 жылы 6-майында КазЦИК Президиумының қаулысына сәйкес Гурьев округ болып құрылды. Осыған орай Жылой ауданы құрылып, оған Ембі, Жем-Атырау, Ақжал болыстары қарады. Сол жылғы 17 қыркүйекте жаңа құрылған Жылой ауданы Адай округіне бағындырылды, оның орталығы Ойыл селосында болатын. Ембі болысы бұл ауданның құрамынан алынып, Доссор ауданына қарады. Ежелден іргесі бөлінбеген бір ауданды екі округке ажырату шынында да өте теріс шешім болатын. Жергілікті халық, аудан, болыс аппаратындағы қызметкерлер жоғары орындарға арыз айтты, тілек жолдады. Халықтың осы өтініші ескеріліп, 1929 жылдың бірінші қаңтарында Жылой ауданы Гурьев округіне құрамына кері қайтарылды.
Алғаш құрылған жылдарда ауданда 16 мыңнан астам халық болған. 2967 жеке шаруашылықтың 2812-сі көшпелі екен, немесе отырықшы халық 5,2 процент ғана. Ауданда бірінші басқышты 4 мектеп болды, онда 244 оқушы, 6 мұғалім болатын.
Ауылдық жердегі балалардың 10-14 проценті ғана мектепке тартылды. Мұғалімдердің білім сапасын округ бойынша келтірілген төмендегі мәліметтен округте істеген 254 мұғалімнің арасында жоғары білімді 77, білімі төмен 165 адам бар екен. Осындай жағдайда халықты жаппай сауаттандыру, балаларды мектепке тарту, мәдениет ісін алға бастыру өзекті міндет болатын.
Жылой жеріндегі мектептің ілкі іргесін қалаушылардың сапында белгілі ұстаз Шөкеев Баязи да болды.
Аудан халқы негізінен балық және мал шаруашылығымен айналысты. Отырықшылдыққа айналмаған елді социалистік шаруашылық жүйесіне бағыттау оңай іс болмайтын. Кеңестік дәуірдің алғашқы жылдары шиеленіскен тап тартысы, ру таласы басқа да көптеген қиыншылықтармен қағысып жатты. Ел арасындағы саяси жұмыстың дәрежесі өте әлсіз болды. Мысалы, 1927 жылы 1 желтоқсанда №6 Жылой партячейкасының есебінде 5 коммунист ғана болды. 1928 жылы Жылойда аудандық партия комитеті құрылды.
Партия қатарында жұмысшылар саны артты. Бұл аудан аумағында мұнай барлау, іздестіру, бұрғылау жұмыстарының кең қанат жайған жылдары болатын. Қаратон, Иманқара, Қарашүңгіл алаңдары бұрғылана бастады. Қосшағыл кәсіпшілігінің ашылу тарихын ел жай шаруа Қызылбасов Бешім ақсақалдың есімімен орайластыра әңгіме етеді. Шынында да, Бешім өз өмірінде КСРО Мұнай халық комиссарының дербес зейнетақысына ие болған бірінші адам.
Жылой сияқты шет ауданда газет шығару оңай іс болмайтын. Электр қуаты, телефон байланысы, жол қатынасы қиындық келтірді. Осындай сан қиындықтарды жеңе отырып, "Социалды ауыл" газетінің ілкі саны 1933 жылғы 4 қазанда жарық көрді. Латын әрпімен шығарылған бірінші нөмірде газет аудан партия, кеңес орындары мен кәсіпшілер одағының органы деп жазылған еді. Газетке алғаш қол қойған редактор Төлеген Мұқамбетов. Алғашқы жылы 500 дана болып шыққан "Социалды ауыл" өнеркәсіпті, ең алдымен мұнай барлау ісін дамытуға күш салды. Малшы, көшпелі елді тұрақтандыруға елеулі түрде ықпал етті.
Аудандық газет "Қазақстанның 15 жылдығы қарсаңында" деген айдармен 1935 жылы "Жемнің келешегі кең" деген көлемді проблемалық талдау мақала жариялады. Оның авторы – газеттің белсенді тілшісі, байырғы кеңес қызметкері Ашығалы Тағанов болатын.
1935 жылы Жылой поселкесіне Кеңестер Одағының азық-түлік халық комиссары Микоян келеді. Онымен бірге Қазақстан басшылары Мирзоян, Ұзақпай жолдастар болған. Осы кездесуде Жылойда жылына 10 миллион банкілік балық консерві заводын салу жобасы келісілген.
Облыста Доссорлық Жұмағали Мұқтановты естімеген адам кемде-кем шығар. Ленинді жерлеуге қатысқан абзал азаматтың мұрағатын ақтарғанымыз бар. 1923 жыл. Қарындаш табы өше бастаған құжаттың көшірмесіне кезіктік. Округтік РКИ-дің қызметкері Жұмекең демалысында Жылой, Ракош алқабын аралап, бұл өңірде халықтың медициналық көмекке зәру екендігін жазған. Сол кездің өзінде мұның шұғыл шаралары алынып жатты.
1932 жылы ауданда екі емхана, бес акушерлік-фельдшер пункті, аптека ашылды. 5 балалар бақшасы мен ясли, үш клуб іске кірісті. Ауданға екі дәрігер, сегіз фельдшер келді.
1941 жыл. Сұрапыл соғыс басталды. «Майданға мұнай қанша керек болса, сонша береміз» деген ұран Ембі ерлерін ерен еңбекке бастады. Ембі еңбекшілері «Қазақстан мұнайшысы» атты танк колоннасын жасауға қыруар қаржы жинады. Отан қорына өз қаражатынан 100 мың сом тапсырған коммунист Атыраубай Такиев Жоғарғы Бас қолбасшы И.В. Сталиннің телеграммасы мен құттықтауын алды.
Жылой ауданы соғыс жылдарында мұнайлы алқапқа айналды. Қосшағылдықтар Ембі бойынша үздік алда болды. Екі дүркін Қазақстан мұнай комбинаты мен мұнайшылар кәсіподағы облыстық комитетінің Ауыспалы Қызыл туын жеңіп алды. Ұлы Октябрьдің 25 жылдығын табыстармен қарсы алу жарысында Құлсары кәсіпшілігі Кеңестер Одағы бойынша екінші орынға шықты. Бүкілодақтық кәсіподақтар кеңесі мен мұнай өнеркәсібі халық комиссариатының сыйлығына ие болды.
Соғысқа кеткен ер-азаматтардың орнына әйелдер мен жасөспірімдер келді. Олар жан аямай еңбек етіп, шофер, оператор, бұрғышы мамандықтарын меңгеріп алды. Қосшағыл кәсіпшілігінің өзінде бұрын үй шаруасында болған 133 әйел жұмысқа кірді. 14 әйел тракторист, 15 әйел токарь, сварщик, оператор болды. Құлсары кәсіпшілігінде 130 әйел қоғамдық еңбекке араласты. Патриот қыз Қанапия Қожарақова бірнеше станокта істеп нормасын 250-260 процент орындаумен болды.
Ел басына күн туған ауыр кезде Сәли Шәкірова мен Жанбөпе Мергенбаева мал шаруашылығына үзеңгілес келді. Соғыс кезінде маңызы зор түлік – жылқы фермасын басқарды. Ел алдындағы ерлік еңбегі үшін қос келіншек Социалистік Еңбек Ері атанды.
Ауданның ауылдары мен поселкелерінен соғыс кезінде 4400 адам армия қатарына шақырылды. Олар Ұлы Отан соғысында батырларша шайқасты. Біздің жылойлық жауынгерлер ерлік пен батырлықтың үлгісін көрсетті, олардың ерлігі ұрпақтар жүрегінде мәңгі сақталады. Біздің ауданнан аттанған жауынгерлер Ленинградты қорғап, Сталинград қабырғасында ерлікпен шайқасты. Украинаны, Белоруссияны, Прибалтиканы, Молдавияны, Европаны азат етуге қатысып, Берлинді алды. 1700-ден астам жерлестеріміз ерлікпен қаза тапты. Біз, бүгін өз өмірін бақытты болашақ үшін, өз ұрпақтары үшін қиған жерлестерімізге тағзым етіп, Далабай Жазықбаев, Есқайыр Халықов, Секер Айтжанов, Райхан Ыбыраева, Боранбай Құбаев, Қондыбай Хишимов, Сембай Қаленов және көптеген елге оралмаған ерлер алдында басымызды иеміз.
Соғыста көрсеткен ерліктері үшін біздің сегіз жерлесіміз жауынгерлік Қызыл Ту орденімен наградталды, олар − Рахметолла Қараманов, Үркін Қонаров, Мырзалы Меңдіғалиев, Дүйсенғали Әжіғалиев, Сағынғали Оспанов, Николай Николаевич Бибишев, Шайдыр Демесінов, Есниязов Құлшық. Ал елуден астам жерлесіміз «Қызыл Жұлдыз», «Даңқ» орденімен наградталды. Мәселен, 225 фашистің көзін жойған мерген Халықов Есқайырдың ерлігі талай қазақ жазушысының еңбегіне өзек бола алды.
Жылойлықтар Мәскеу мен Сталинград түбіндегі қанды шайқастарға қатысты. Жауды өкшелей қуып, Берлинге дейін барды. Қазірде ортамызда жоқ абзал ағамыз Рахметолла Қараманов Берлин Ратушасына ту тіккен есімі ел есінде қалған батыр майдангер. Көптеген жерлестеріміз майданнан оралмады. Солардың бірі 21 жасында көп іс тындырып үлгерген қазақ ақыны Далабай Жазықбаев еді. Жалынды жыр иесінің есімі Қазақстан Жазушылар Одағының ескерткіш мәрмәр тақтасына жазылды.
Отанымыздың жерін зұлым жаудан сақтап қалу кеңес жауынгерлерінің қасиетті борышы болды. Қызыл қырандар М.В. Калашников (Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мұнайшысы, Ленин және Октябрь революциясы орденінің кавалері) пен Ш. Жаналиев (зейнеткер) даңқты Кіші Жер үшін кескілескен шайқасқа түсті.
Сондай-ақ жерлестеріміз С.Әбенов, Т.Мыңтұрғанов, К.Сүндетов, М.Силаньтиев, Ш.Иманбаев барлығы 18 майдангер Отан соғысы орденімен наградталса, Жылойдың қырық түлегі Ш.Ізбасов, А.Нығыметов, С.Қозыбаев, Ш.Елдесбаев, Д.Таубаев және тағы басқалар «Даңқ» орденін омырауларына тақты. Аудан еңбекшілері тылда да ерлік үлгісін көрсетіп, жеңісті тездетуге лайықты үлес қосты. Мұнайшылар майдан тапсырмасын орындауда күндіз-түні жанқиярлықпен еңбек етті. Қосшағыл кәсіпшілігі ұжымы майданды мұнай өнімімен үзіліссіз қамтамасыз етіп отырды. Қосшағылдықтар соғыс жылдарында мемлекет қорына 830 мың тоннадан астам мұнай тапсырды. Бұл кезеңдерде іске қосылып жұмыс жасай бастаған Құлсары поселкесінің өзіндік тарихы бөлек, ең алғаш мұнай іздестіру жұмыстары 1938 жылы басталды. Содан сол жылғы 27 мамыр күні №10 ұңғыда мұнай атқылады. Сөйтіп, осы негізде 1939 жылы Құлсары кәсіпшілігі құрылды. Ол іске қосылысымен аудан мұнайының өнімі 60 процентке өсті. Сонымен қатар табиғи газ өндіріліп, сол кездің өзінде-ақ өндіріске тұрмыстық жұмыстарға пайдаланыла бастады. 1940 жылы 4 миллион текше метр газ өндірілді. Ал мұнай өнімі соғыс жылдарында едәуір қарқын алып, тәуліктік өнім 700-800 тоннаға дейін жетті. Сол кезеңде қалыптасқан дәстүр бойынша майдандық бригадалар ұйымдастырылды. Мәселен, жас шебер, Ленин орденінің иегері Бақтығали Тұмағалиевтің бригадасы өз нормаларын 3-4 есеге дейін орындады. Құлсарылықтар осылайша дәйекті жүргізілген жұмыстарының нәтижесінде 1942 жылғы 17 маусымдағы облыстық партия комитетінің «Құлсары кәсіпшілігі мұнайшыларына сыйлық беру туралы» КСРО мұнай өнеркәсібі халық комиссариатының телеграммасын басшылыққа ұстап, екінші тоқсанда жеңімпаз атанды. Жарты жылдықта жоспардан тыс 1809 сапалы мұнай тапсырылды.
Құлсары кәсіпшілігі мұнайшылары Бүкілодақтық социалистік жарысқа қосылып алғашқы айда озаттар қатарынан көрінді. Кәсіпшілік стахановшылары жоғары еңбек өнімділігіне қол жеткізді. Жерасты жабдықтарын жөндеу бригадасы мастері Бектілеуов нормасын 200 процентке, механикалық шеберхана слесары, коммунист Қ.Кенжеғалиев 30 процентке орындады. Демек, сол бір сұрапыл жылдарда мұнайшылар мен бүкіл жұмысшылар күніне 13-14 сағат жұмыс істеп, бар күш жігерін мемлекет тапсырмасын асыра орындауға жұмсады. 1941 жылдың қараша айында бұрғылау мастері, коммунист Т.Меденов (Ленин орденінің иегері, қазір Құлсарыда тұрады) пен А.Александров бұрғылау жұмысын мерзімінен үш күн, коммунист Аязбаев 12 күн бұрын аяқтады. Екі мұнай кәсіпшілігінің партия ұйымы 247 коммунисті біріктірді. Оның 135 өндірісте тікелей еңбек етті, 80 стахановшы мен екпінді атанды. Ол жылдары ВКП Орталық комитетінің партия ұйымдастырушылары Қ.Оспанов иен М.Егоров болды.
Құлсары кәсіпшілігінің мұнайшылары 1942 жылы маусым айында Бүкілодақтық социалистік жарыс қорытындысымен екінші орынға ие болды. Кәсіпшілік ұжымы осы жылдың жоспарын 124,1 процентке орындап шықты. Мұнай өнімін 1941 жылмен салыстырғанда 37 процентке артты. Құлсары кәсіпшілігі мұнайшылары соғыс кезінде мемлекетке 683 мың тонна мұнай тапсырды. Кәсіпшілікке тұңғыш мұнайшы инженер С.Өтебаев пен А.Ю.Каплан жетекшілік етті. Сөйтіп Жылой ауданы мұнайшылары жеңіс сағатын тездетуге зор үлес қосып, қуанышты сәттің куәсі болды.
Соғыс жылдарында ауданда 19 ұжымшар болды. Селода 4290 артель мүшесі еңбек етті. Олардың 80-і коммунист.
Аудан ұжымшарларының еңбекшілері өздерінің патриоттық борышын адал сезініп, «Бәрі де жеңіс үшін» ұранымен аянбай тер төкті. 1941 жылы Бүкілодақтық ілкі коммунистік жексенбілік барысында 11 ұжымшардың мүшелері 6120 сом ақша, 14699 сомның облигациясын, 1762 пұт астық жинап қорғаныс қорына жіберді.
Аманкелді атындағы ұжымның аға шопаны Ә.Сағындықов әр 100 саулықтан 135 қозы алып құрметке бөленді. Егінші Ө.Бөкенбаев үздік жетістігі үшін Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіне қатысты. Ол әр гектардан 30 центнер тары өнімін алып отырды. Сондай-ақ, «Қызыл ту», Сталин атындағы ұжымшарлардың М.Тілепова, К.Ақкөзова, Қ.Жанаева жетекшілік еткен звенолары да тапсырмаларын үнемі асыра орындады. Ал тары өсіруде рекордтық көрсеткішке ие болған «Қызыл Ту» ұжымшарының стахановшы егіншісі Баспаеваның тәжірибесі бүкіл облыс егіншілеріне таратылды.
Аудан село еңбеккерлерінің ерен еңбегі, жеңісті тездетуге деген құлшынысы қоғамның мал санының өсуіне қол жеткізді. Егер 1941 жылы барлық ұжымшарда 44700 қой болса, ол 1945 жылы 100 мыңға жетті.
Сұрапыл жылдарда аудан әйелдері арасында майданға да аттанғандар болды. 1942 жылы 22 шілдеде аудан әйелдерінің арасында бірінші болып М.Г.Соловьева, М.Сұрғай, А.Попова, Х.Кенжиева өз еріктерімен майданға аттанды. Олардан кейін Р.Ыбыраева, Х.Жексемалиева, М.Газизова, Ремизова неміс басқыншыларынан кек алуға бел байлап, ерлікпен шайқасты.
Аудан әйелдері тылда да ерлік үлгісін таныта білді. Қосшағылдық 133, Құлсарылық 130 үй шаруасындағы әйелдер бұрғылау бригадаларындағы, учаскелердегі, цехтардағы ерлердің жұмыс орындарына барып еңбек етті. Сөйтіп, 1941 жылдың 11 тамызына дейін 295 әйел белсене қатысып әр түрлі мамандықты игерді.
Соғыс кезінде әйелдер ауылдық кеңестердің председателі болды, екі әйел колхоздарға жетекшілік етті, он сегіз әйел ауыл шаруашылығында бригадаларды басқарды. Олардың ішінде тұңғыш коммунист қазақ әйел, 1932 жылдан КПСС мүшесі Т.Үмбетованы (ол «КПСС қатарында 50 жыл» белгісімен наградталды) айрықша атауға болады. Ол басқарған Жылой ауылдық кеңесі отты жылдары Ауыспалы Қызыл туын ұзақ уақыт берік ұстады.
Мұнайшылар арасында әйел кадрлары өсіп-жетіле бастады. Құлсарылық Қ.Қожарақова мен С.Самарханова ерекше көзге түсті. Кейін Сүйрік Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып екі дүркін сайланып, Ленин орденімен наградталды.
Соғыс жылдарындағы жоғарғы еңбек көрсеткіштері үшін ферма меңгерушілері С.Шәкірова мен Ж.Мергенова 1948 жылы Социалистік Еңбек Ері атағына ие болды.
Жылойлықтар соғыс жылдарында танкі колоннасын жасауға, қорғаныс қорына қыруар қаржы жинады. Мал дайындау конторының қабылдаушысы, коммунист А.Такиев, «Жаңа Жол» колхозының председателі Б.Бөлтеков, ұжымшар председателі Қ.Өмірбаев және колхозшы Қ.Қанатбаев жеке жинағынан 100 мың сомнан ақша беріп, Сталиннің атынан құттықтау алды.
Сондай-ақ, Жылойлықтар майданға 810 кг жүн, ондаған метр мата жөнелтті. Ауданда 1941 жылғы қазанда жексенбілік өткізіліп, ерікті еңбек шеруіне 1777 адам қатысты, одан түскен 8372 сом қорғаныс қорына аударылды.
1941 жылдың аяғында Қызыл Армия аудан еңбекшілерінен 288 тон, 244 байпақ, 133 құлақшын, 876 қолғап, 694 шұлық, 4658 кг жүн, 678 әр түрлі жылы киімдер алды.
Ембі комсомолдары 1943 жылы наурызда 1400 тонна мұнайды Ленинградты қорғаушыларға жіберді. Бұнда Жылойлықтардыңда қомақты үлесі болатын. Мұнайды табыс етуші делегация құрамындағы Құлсарыдағы комсомол-жастар бригадасының мастері Василий Алексеевич Данченко болды. Ембі мұнайшыларына алғыс хат жолдаған 8-гвардиялық Панфилов дивизиясының өкілдері, қазақ халқының қаһарман батыр ұлы Бауыржан Момышұлы мен Логвиненко былай деп жазғанды: «Қызыл Армия неміс фашисттерін қолындағы қаруымен жайратса, сіздер оларды ерлік еңбектеріңізбен қиратып отырсыздар. Сіздердің мұнайларыңыз бен мұнай өнімінің әр бір килограммы жаудың тамағына қылқан болып тұрып, қазір жау иығынан дем алуда. Мұнай өнімділігін күн сайын, сағат сайын көбейтіңіздер, бұның өзі жеңіс сағатын жақындата түседі». 1942 жылы жазылған бұл хат Кең Жылойдағы тылдағы ерен еңбекке берілген әділ баға еді.
Бүкіл Атырау жеріндегідей Жылойда майданға жауынгерлер жанұясын қамқорлыққа алу ісі кең ауқым алды, айлықтар өткізілді.
1943-1945 оқу жылдарында Құлсарыдағы Абай орта мектебінің ұжымы шын патриоттық жігер көрсетіп, оқу тәжірибе жұмысындағы сапалы көрсеткіші үшін ауданның Ауыспалы Қызыл Туын жеңіп алды.
Аудан еңбекшілері соғыстың соңғы 3 жыл бойы қатарынан облыстық партия комитеті мен облаткомның Қызыл Туын үзбей иеленді. Бүгінде аудан еңбекшілері Ұлы Жеңісті қамтамасыз етуге үлкен үлес қосқанын мақтаныш ете алады.
Аудан еңбекшілері Ұлы Жеңістің тездету жолындағы сапалы қозғалысқа, міне, осылай белсене қатысып, сындарлы жолдан өтіп отыр. Бұл бүгінгі және болашақ ұрпақ үшін зор мақтаныш, биік мерей!
1944 жылы аудан аумағына тасталған фашист диверсанттарының қолынан Киров колхозы eгіc бригадасының бригадирі Байжан Атағожиев қаза тапты. Тылдағы комсомолдар мен жастар жеңісті жақындатуға үлес қосты. 1941 жылы майдандық комсомол бригадасы құрылды. Бұлардың қатарларының көпшілігі Жылой жастары болды. Олар Одақтық жарыста зор жетістіктерге жеткені үшін КСРО Мемлекеттік Қорғаныс комитетінің «Озат комсомол бригадасы» деген атақты жеңіп алды. 1942 жылы күзде 1925 жылы туған Жылой жастары Теңіз ауданы, Ганюшкино поселкесіндегі оқу дайындау пунктінің программасын мерзімінен бұрын аяқтап, Мемлекеттік Қорғаныс Комитетінен өздерін Сталинградты қорғауға жіберуді сұрап, соғысқа атанды. Бұл жылойлық жастар Сталинградты қорғауда жанқиярлық ерлік көрсетті. Соның бірі Тұяқпай атты ақсақалымыз әлі арамызда, Шоқпартоғай елді мекенінде тұрады. Жылой ауданы бойынша Ұлы Отан соғысы жылдарында 2 миллионнан сомнан астам қаржы майданға жіберілді. 104 мың киім-кешек, зат, 17 мың мал жаудан азат етілген республикаларға берілді. Жеңістен кейін бұрынғы майдандық бригадалар енді еңбек бригадалары болды. Жылой Одақтық социалистік жарыстың озаты атанды. 1948 жылы Мақат-Құлсары тар табанды темір жол тартылды. Бұл комсомолдық екпінді құрылыста Жылой аудандық комсомол комитетінін бірінші хатшысы, қазірде елімізге белгілі жазушы Жәрдем Кейкін өзінің ұйымдастырушылық қасиетімен ерекше көзге түсті.
Бір арнаға құйылған ел еңбегі өркен жайды. 1941 жылы 19 колхозда 50 мың қой болған екен. Соғыстың соңғы жылы ол 100 мыңға жетті. Аудан үш жыл бойы облыстың Ауыспалы Қызыл Туын берік ұстап тұрды.
Ауданымызда алғашқы электр станциясы 1946 жылдың желтоқсан айында пайдалануға берілді. Электр қуаты жалғыз ғана "Эллиот" типті турбогенератор арқылы шығарылды. Қуаты 1200 квт-сағат болатын. Бұл Қосшағыл, Құлсары мұнай кәсіпшіліктеріне әзер жететін. Сондықтан 1955 жылы жасалған жоба бойынша жаңа станция пайдалануға берілді. Оның қуаты 15 мың киловатқа жетті. Станцияға әрқайсысы 6 мың киловаттық 2, 1500 киловаттық 2 турбогенераторлар орнатылды. Осындай қуаты мол генераторлар арқылы Қаратон, Прорва, Мұнайлы, Қарсақ, Комсомол мұнай кәсіпшіліктерін электр қуатымен қамтамасыз етуге мүмкіндік туды.
Ұлы Отан соғысынан кейінгі бесжылдықтарда аудан экономикасы қарышты қадаммен өрге басты. Бұл, әсіресе мұнай өндіруге қатты бетбұрыс жасаған жылдар болды. 1959 жылы Қаратон кәсіпшілігі пайдалануға берілді. Бұрғылау жұмысы көлемінің шұғыл артуына байланысты 1952 жылы «Косшағылбурнефть» тресі құрылды. Осы жылдары Мұнайлы, Тереңөзек, Көшкімбет, Төлес, Алтыкөл бұрғыланды. 1947 жылы Қамыскөл ЦЭС-інің бірінші кезегі пайдалануға берілді. Оның қазірге дейін тұрған мұржасын қалап сылаған Бегәлі келіні Шолақ Айбас қызы Раштың құрылыс бригадасы еді. Ал алғаш электр станциясын іске қосып халық алғысын алғандар Қалиев Есберген, Леонов, Первушин, Жандосов Санжарлар еді. Бұл электр станциясының өркендеп өсуіне елге танымал азамат Қорғанбаев Арон өлшеусіз еңбек етті. Қамыскөл поселкесін көркейтті, алғаш демалу паркінің тал шыбықтарын өзі бастап екті, көл жағасын жағалай орман қылды. Оның тәрбиелеген шәкірттері Қалиев Бисенбай, Сәкен Құлтумиев, Тайханов Әбілхайыр, Оңдасынов Мұсағали, Көшкенов ұстаз жолын жалғап, халыққа адал қызмет етті.
Аудан құрылған кезде мұнай-газ іздеу кең өріс алды. 1935 жылы Қосшағыл, 1939 жылы Құлсары мұнай кен орындары пайдалануға берілді. Мұнай алаңдарын игеруде инженер мамандар Петр Яковлевич Авровтың, Н.Н.Михайловтың, Б.Н.Юрекевичтің, белгілі жазушы Сабыр Шәріповтің еңбектері зор болды. Мұнай көздерін алғаш ашушылар қатарында Иван Семенович Крепостин, Ілиясов Құби (екі мәрте Ленин орденімен марапатталған мастер), Қарамендиев Шуаққали, Рақышов Сисен, Дәулетов Тілес, Исабаев Бораш болды.
Ауданда мұнай өндіруді дамыту белгілі инженер мен жұмысшы мамандар: С.П.Хамутов, П.М.Воробьев, Керей Тілепбергенов, Сержан Нұртілеуов, В.М.Калашников, Ж.Сардашев, Д.Үсенов, М.Маташев, А.Есенаманов, С.П.Лапшин, Т.Тобышбаев, Я.В.Лаврентьев, А.Л.Захаренко, С.Өтебаев, К.Х.Оғай, Ш.Д.Оразалиев, И.Н.Качарава, Ю.А.Каплан, А.А.Забницкий басқа да көптеген азаматтар есімдерімен байланысты.
Мұнай өнеркәсібін дамыту қазақ мұнайшы-кадрларының өсіп қалыптасуына жеткізді. Олардың қатарына Социалистік Еңбек Ерлері мұнай барлаушы-бұрғышылар Мұқамбаев Ақашты, Махутов Әбілғазымды, мұнайшы оператор Әбдірахманов Ұлықпанды, барлаушы Балкенжиев Зейнелді, КСРО Жоғарғы Кеңесі депутаты Самарханова Сүйрікті, Есенбаева Мәдениетті, Құбаева Рыстыны, Ленин орденді мұнайшылар Дәулетов Ескендірді, Қазақ КСР еңбек сіңірген геолог-барлаушысы Қалымбетов Бақтыбай, ондаған орденді республикаға еңбегі сіңген мұнайшыларды, жүздеген озаттарды атауға болады.
1980 жылдары Огайск, Теңіз, Королев және басқа мұнай алаңдары ашылып, мұнай өндіру өсе түсті. Оны игеру ісіне шетелдік мамандар кең көлемде қатысты. Техниканың соңғы жетістіктеріне негізделген Теңіз мұнай айыру зауыты салынып, пайдалануға берілді. Ол алғашқы өнімін 1991 жылғы 6 сәуір күні шығарды. Кейін бірегей Теңіз мұнай алаңы мен зауыт негізінде қазақ-американ біріккен кәсіпорын − «Теңізшевройл» құрылды. Ол американдық «Шеврон» корпорациясына қарайды. Бұрынғы мұнай алаңдарында кейін Қисымбай, Ақінген, Аққұдық кен орындары қосылды. Қырықмылтық мұнай алаңында бірінші қазақстандық мұнайшы-кәсіпкер С.Түгелбаевтің шетелдіктермен біріккен «Анако» кәсіпорыны құрылды.
Ауыл шаруашылығы дамып, өмірлік үлкен маңызы бар салаға айналды. Колхоздарды дамытуда Қазбенов Керей, Кенғанов Ажық, Мәмбетов Оңдас, Оразбаев Әбділда, Ақбалиев Тасқара жемісті еңбек етті. Мал шаруашылығынан Сағындықов Әбіш, Кенжебаев Елубай, Дегенов Жұмақшам деген стахановшылар шықты. Қожаниязов Әбдірахман Еңбек Қызыл Ту орденін алғаш алған малшы болды. 1940 жылдардағы ерен еңбегі үшін шопан Арқабаев Нұрмағамбет, жылқышы Дешенов Татан, ферма меңгерушісі Шәкірова Сәли, Мергенбаева Жанбөпе Социалистік Еңбек Ері атағын алды.
1950-1960 жылдары ауыл шаруашылығы айтарлықтай өркендеді. Оған ауыл шаруашылығын көтеру үшін 30 мыңыншылар қатарында келген Мұхтаров Мұқит, Сұлтанов Айтқали, Аязбаев Нұрсұлтан үлкен үлес қосты. Сондай-ақ Құлқайыр Оспанов, Тұрдығали Мәмбетов, Шапих Ізбасов шаруашылықты шебер ұйымдастырушылар қатарынан көрінді. Бұл ауданымызда ауыл шаруашылығында жаңа буын басшылардың қалыптасуына ықпал етті. Солардың ішінен совхоз директоры Сұлтанов Нұржан, Құрманов Қарағұл, Ғилымов Қуаныш, Бозаев Табысбай, Хабдешов Хамидолла, Балмағамбетов Қосымбай, ферма меңгерушілері Биманов Әбдір, Бердиев Ізтұрған, Қазиев Ілияс, Өрбісінов Жексендерді атап өткен жөн. Қоғам игілігіне адал еңбек еткен шопандар Социалистік Еңбек Ері Әбді Дүйсенбеков, Кісенбай Асабаев, «Октябрь революциясы» орденінің иегері екі дүркін Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты Келбатыр Төлесінов, Мейрам Талбаев, Әділхан Байжанов, жылқышылар − «Еңбек Даңқы» орденінің толық кавалері Аманжол Кенжеғариев, Желдеш Әбілдиев ел мақтанышына айналды. Сексен жылда ауданда транспорт, байланыс жолға қойылды. 1928 жылда аудан орталығы Қаңбақты мен уезд орталығы Гурьев ортасында Теңіз арқылы қайықпен, топырақ жол арқылы көлік арба қатысы ғана болса, соғыс жылдары Мақат − Құлсары тартабанды теміржол салынғаннан кейін, 1960 жылдары Мақат – Бейнеу − Қоңырат, Мақат − Бейнеу − Ақтау теміржолдары, тас жолдар салынды, газ, мұнай, су құбырлары іске қосылды. Жетпісінші жылдары байланыс министрлігіне қарайтын автоматты телефон стансасы, бірнеше ведомстволық АТС - тар, үш бағдарламада хабар беретін телеорталық пайда болды.
Аудан тарихы білімнің, мәдениеттің даму тарихы болды. Алғашқы бірінші сатылық бастауыш қазақ мектебін ауданда 1922 жылы уезден келген өкіл Өзбекқалиев Пәміхан ашқан болатын. Қазір он екі мыңнан астам бала оқытатын жиырма бір мектеп, бір училище, екі саз мектебі жұмыс жасайды.
Осы сексен жылда аудандық партия ұйымымен халық депутаттары аудандық Кеңестері атқару комитеттеріне С.Сағдиев, А.Сүйенғалиев, Е.Карпеков, И.Жанғалиев, Д.Оңашев, Б.Құлбатыров, И.Баймұхамедов, С.Айнабеков, М.Айтмұқанов, М.Ғазизов, С.Өтебаев, С.Дошақов, Е.Айсин, Ә.Өтегенов, К.Тәжібаев, О.Балғымбаев, Е.Тауманов, К.Оспанов, Р.Өтесінов, С.Мұқашев, М.Сағынбаев, Ә.Бекілеев, Б.Ізтілеуов, С.Түгелбаев, Т. Жұмағұлов, тағы басқалары басшылық етті.
Алпысыншы жылдар қырқасында Прорва аймағы дүбірге толды. Ембінің іскер маман бұрғышылары осында топтасқан. Социалистік Еңбек Ерлері Әбілғазым Махутов, Ақаш Мұхамбаев, Республикаға еңбегі сіңген барлаушылар Тоғызбай Дәулетов, Мұтиғолла Маташев осы алқапта табысты. Коммунист-мастер Төлеш Құлкелдиев басқарған бригада мол мұнайдың ілкі атқыламасын атқызды. Шағылды сары далада сәнді поселке орнады. Прорва мұнай алаңын игеру ауданның, қала берді республиканың «қара алтын» қазынасына қосылған елеулі үлес болды.
Қазір Ембі мұнай алқабының географиялық картасын алдыңа жайып салып, қиялға шомсаң көз алдыңа бұрала аққан бұлақ елестейді. Майда мұнай толқынының сыбдырын естігендей боласың. Күнде топырағын басып, қиясын кезіп жүрген осы жер астында мұншама байлықтың тұнып жатқанына таң қаласың. Қиялдың шындыққа айналуының бір белгісі. Оған айғақ болған Биікжал экспедициясы. Ембі мұнайын көмкеріп жатқан тұз қабатын көктей өтіп бұл алып ұңғыма жер астына жеті шақырым еніп, мұнай бұлағын іздеген, кейін тоқтап қалды. Бірақ онда істеген бұрғышылар артына өшпестей із қалдырды. Мұнда небір майталман еңбек тарландары еңбек етті.
Аптабы мен аңыздағы мол сұрғылт даладағы мұнайшы мен бұрғышы еңбегінің әр күні ерлікпен пара-пар. Оны көрген сайын тебірене түсесің. Түсінесің де осы бір адамдардың ерлікке тең еңбегіне сүйсініп, олардың алдында бас иіп, тағзым еткің келеді. Шөлді аймақтың төсінде жылма-жыл тіршілік белгісі шам сәулесі көбейіп барады.
Кеңестің атақты ғалымы И.Губкин айтқан миллиард тонна қоры бар мыңнан астам тұз күмбез мұнай аймағының бұл күнде 23-і ғана ашылып, өндіріске енгізілді. Болашаққа қарасақ, бұлақ арнасы молығып, көбейе беретіндігіне шек келтіруге болмайды.
Соңғы он жылда аудан экономикалық географиясы күрт өзгерді. Жем алқабын болат жолдар тілгіледі. Осыдан он жыл бұрынғы жолаушы тартабанды жолды мәртебе тұтатын. Енді Мақат − Маңғыстау, кейін Бейнеу − Қоңырат темір жолы ауданды Орта Азиямен, Кавказбен бір-ақ байланыстырды. Бұрын Ақтоғай жолын салысқан ынтымақты коллектив білек түре еңбек етті. Бұлардың ішінде одаққа есімі белгілі темір жол құрылысшылары да бар еді. Солардың бірі болып, қарапайым еңбек адамы, Социалистік Еңбек Ері Амбрюсенко де қызмет етті.
Соңғы бесжылдықтың ала келген сүбелі сыбағасының бірі Орта Азия Орталық газ құбырының аудан жерінен өтуі болды. Құлсары мен Опорныйдағы жаңа техникамен жабдықталған компрессор станциялары оның мәңгі сөнбейтін жүрегі іспеттес.
Газ құбырын қапталдай мұнай «өзені» селдеді. Жылжыған жылдар ішінде ауылшаруашылығы бейнесі де бүтіндей өзгерді. Соның айтатындай газ құбырын қапталдай Әмудария су құбыры бойлап келеді. Жетпіс сантиметр диаметрлі жерасты өзегі шөлейттегі екі ауданға тәулігіне 15 мың текше метр дария суын төгіп тұрмақ. Сонда шөл дала жайқалған жайылым мен шабындыққа айналады, гүл жайнайды.
Жемнің орта ағысынан Арал төбе бұғалығы жоспарланған. Ол іске асқанда киелі жер Ақмешіт суға кететін еді. Атаның әруағы болар Мәскеуде ЦК-да әлгі құжатқа қол қоюға келгенде ел басшылары белгісіз тылсым күштің салдарынан алма-кезек науқастанды. Ақырында мұсылмандықты жақсы сезінетін Байбақов бұл қазақтың әулиесі Пір Бекеттің жатқан жері, сондықтан да одан аулақ болғанымыз дұрыс деп, қол қоюдан бас тартты. Ал Аралтөбеде салынған үйлер бос қалды. Осылайша бұл жоспар іске аспады.
Аудан орталығы Құлсары поселкесі бүгіннің өзінде сәулетті қалаға қол созды. Ол 70 мыңға таяу тұрғыны бар мәдениетті мекен. Қазір бірнеше микроауданға бөлінген. 7 кинотеатр, 10 кітапхана халыққа қызмет етеді.
Өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы, мәдениеті қаулай дамыған ауданымыз шарықтап өсуде. Аудандағы 17 мектепте он мыңға тарта шәкірт білім алады. Ал осы мектептерден тәлім-тәрбие алып шығып, қазір ғалымдар қатарына қосылған жерлестеріміз қаншама! Аудан жұртшылығы экономика ғылымының докторы Тарабай Шәукенбаевты, ғылым кандидаттары Е.Өтебаевты, Қ.Сыдықовты, Б. Дәулетовты, Ж.Есмағамбетовты, басқа да сан түлектерін мақтан тұтады. Ауданда музыка, спорт мектептері, 2 училище бар. Сәулетті кинотеатры, клубы, кітапханасы жоқ елді пунктті кездестірмейміз. Бұл аймақта 22 медицина мекемесі бар, 200-ден аса білімді медицина мамандары халыққа қызмет етеді. Алда туған жеріміздің 80 жылдық торқалы тойы таяу тұр. Еліміздің тәуелсіздігі арқасында Жылой жері ауыр өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы қатар дамыған, мәдениеті гүлденген өлкеге айналды. Оның бүгінгісі осындай, ал ертеңгі биігі одан да салтанатты болмақ.
1954 жылдан бері Жылой ауданы орталығы болып табылатын Құлсары поселкесі 2001 жылдың 22 қыркүйегінен бастап, Қазақстан Республикасы Президентінің №685-ші жарлығы бойынша қала мәртебесіне ие болды. Құлсары жаңа XXI ғасырға жетіп қала атанған республикадағы ең жас қалалардың бірі. Аумағы 49,811 гектар жерді қамтиды.
Өткен ғасырдағы 30-шы жылдардың басында бұл жерге мұнай тапқан дала философы Бешім атаның арқасында мұнай барлау жұмыстары басталып, шағын барлаушылар поселкесі тұрғызылды. Оның өнеркәсібінің негізгі бастауы сол Бешім атаның мұнай көзін тауып Қосшағылды ашуынан басталады.
МҰНАЙ КӨЗІН АШҚАН БЕШІМ АТА ЖӘНЕ ӘУЛЕТІ
Балаларыма алтыннан да қымбат мұра Отаныма деген
ыстық махаббатымды қалдырдым.
Сократ .
Үлкеннің тыңда сөзін болса зердең,
Ажалсыз пенде өлмейді қайғы-шерден.
Артыңда бір ескерткіш қалдырмасаң,
Тірілікте не болады алған, берген.
Қазақтың қара өлеңі.
Кең Жылой топырағында, жалпы Атырау өңірінде елге танымал Бешім ата әулетін білмейтіндер кемде-кем. Әулеттің бәйтерегі Қызылбасұлы Бешім 1874 жылы Қаңбақты деген жерде дүниеге келген.
Ал ата тек жағынан, келер ұрпақ біліп жүруі үшін, әруақтарды сыйлап, Бешім ата тегін өрбітетін болсақ, ол Солтүстік Алтайдан дән алып Обь өзеніне бетін жуып, атын суарып бертін келе, Қырым топырағын басып ноғайлармен араласып, Кавказға барып із болсын деп, черкестерін қалдырып одан асып, Батысқа жөңкіле көшкен, Түркі елінің негізін қалаған Ашин, біздерше Алшыннан тараған он екі ата Байұлының ішіндегі ағаның үлкенінің баласы Қыдырсиықтан өрбитін Шеркештен бастау алады, яғни Шеркештен Қосым, Бөтік Жауғашты, Қылышкестен, Шумақ, Бөтіктен Жайық, Қойыс. Қойыстан Дербіс (Қаракемпір) Сақау, Сүйіндік, Еламан, Қашқыншы, Дербістен Жанақ, Жапақ Мүней, Әбілқойсары, Сатай, Сатылған, Түрке. Бұлар елде Қаракемпір деп аталады. Оның мәнісі халық аузында шежіре мәліметтер бойынша, Дербіс бабамыз ер тұлғалы, батыр болған адам. Оның ерлігі тарихта Еділ қалмақтармен шайқаста көбірек жазылған.
Дербіс жорыққа кеткенде өз орнына әйелін қалдырып кететін болған. Бір замандарда Дербіс атамыздың атағы ерлігімен шығып, оған қоса халық арасында Злиха шешеміздің де мырзалық даңқы шығып, жомарттығы, қайырымдылығы елге аңыз болған кезеңдерде, үш жүздің игі жақсылары естіп сынамаққа 30-дан астам кілең ығай мен сығай, би-манаптар бас қосып ешбір хабар берместен Дербістің бәйбішесін көреміз деп, жол арылтып қонаққа келеді. Ауылда Дербіс атамыз жоқ болады, ол кісі сол уақытта даугершілік, жаугершілікке кеткен екен. Қонақтарды Злиха шешеміз жалғыз болса да жылы шыраймен, асқан ізетпен иіліп сәлем көрсетіп, танымаса да қарсы алып, үлкендерінің атын байлап, ақжарқын мінезімен қабылдап, әдептілік сыпайылық, қонақжайлылық, меймандостық танытады. Бәрін де жайғастырып, шұбат, қымыз ұсынады. Ойда жоқта келген қонақтарға жылқы алдырып сойдыруға кеш болып қалатын болғасын, Дербіс атамыздың жауға кезек мінетін, жеммен бағымда тұрған семіз жүйрік құла атын қонақтарға арнап сойдырады.Үйге жақын көршілер, туыстар шақырылады. Ет піскенше меймандарға кең дастархан жайылып, дастарханға құрт, ірімшік, бауырсақ, жент, сары май қойылып, қаймақты шәй құйылады. «Бәріңізді де Қыдыр бабамыздай көріп отырмын, қош келдіңіздер», деп әңгімеге тартады. Қонақтардың көңіл-күйін көтеру мақсатында күй тартылып, қазақтың қоңыр әндері шырқалады. Қонақ кәде сұралады. Балбырап піскен ет, жал-жая, қазы-қарта желінеді. Қымыз тартылады. Қонақтар риза болып 2-3 күн қонақтап тынығады. Қонақтарды шығарып салу кезінде оларға сый-сияпат ретінде бәріне де шапан жауып, ат мінгізіп, 2-3 күндік жол сыбағаларын беріп, қызметшілеріне шығарып салуды жүктейді. Осы қонақтар кеткесін көп ұзамай белгісіз қонақтар киіз үйдің сыртына келіп дауыс береді. Жаңа ғана тынығып жатқан, Злиха анамыз шығып «үйге түсіңіздер» деп бірден көп ішінен Сырымның шылбырын ұстап жолдастарымен түсіріп қарсы алады. Бұл оның шілденің ыстық күні жолаушылап Хиуаға бара жатқан сапары еді.
Злиха анамыз олардың шөлдегендерін бірден сезіп Дербіс атаның ағарған ішетін үлкен зереңімен қымыз толтырып құйып береді. Қатты шөлдеген Сырым би қымызды қағып салғанда, маңдайынан тері бұрқ ете түседі. Сонда ол, «Уһ, бір аяқ қымыз - бір кісінің құны екен ғой» дейді. Сонда Злиха шешеміз: «Бұл тек бір ғана кісінің құны емес, екі кісінің құны. Егер де бұл қымыз жоқ болса шөлдеп сіз өлер едіңіз, ұяттан мен өлер едім. Мұны көрген қасыңдағы серіктерің елге не дер еді. Әкең Дат талай қонақ болған Дербіс атаңның төрі еді, өзің 40 биге тұратын ер болып өскен екенсің, Сырым балам, қонақ болып жайғасыңдар» − деген екен. Тағы да мал сойылып қонақасы беріледі. Оларға да шапан жабылып, ат мінгізіледі. Злиха анамызбен қоштасып жолға шыққасын қасындағы жолдастарына Сырым би: «мына Қаракемпір әйел біткеннің әулиесі екен» деп өзінің таңданғанын сездіріпті. Осындай қасиетті аналарымыз алдында парызымызды өтей білсек деп қалың ойға батып тұнжырап, ауыр күрсініпті. Осылайша Злиха шешемізге риза болған елдің танымал мықтылары сұрағандарға Қаракемпірдің ауылынан келе жатырмыз дейді, содан үш жүзге Қаракемпір ауылы болып таралып кетеді. Кейін Дербіс атамыз келгесін шешеміз болған жағдайды басынан аяғына дейін жеткізеді. Атамыз риза болып, абырой болған екен деп, шешемізге алғысын білдіреді. Міне, сол Дербіс атамыздың, Қаракемпір шешеміздің алты баласының ішіндегі ержүрек қалмақтармен соғыста, талайды жер жастандырған қатігез Аюп батырын жекпе-жекте жеңіп, басын алған, Қалмаққырған атты жерді тарихта қалдырған, ерлігін тұлпардың тұяғымен жаздырған Сатай атты батыр ұлы болған. Сол Сатай бабамыздан− Аспантай, Естай, Шоқай, Имет, Үмбет, Сағындық атты ұлдар өрбіген. Аспантайдан− Қарабатыр, Өтембетшолақ, Жандыр, Байшора, Бөршіғай, Естай тараған. Жандырдан− Бектұрған, Бекежан (Бегәлі), Жылқыбек, Жұмыр, Жолдас, Естекбай, Мәстекбай өрбіген. Бектұрғаннан− Райым, Қызылбас, Солтанбек, Бәшек, Бөлекбай атты ұлдар өрбіген. Райымнан− Қалдыбай− Айса− Машырық, Алашбай, Ханбибі, Қанзияш. Қызылбастан− Бешім, Ешім, Сұлтанбектен− Есір, Сарбас. Есірден Оразғали Жұмабай, Бисенқұл, Қожа, Сарбастан− Нұрдаулет, одан Айдынғали. Бәшектен− Алагөз, одан Күмісқали Алтынбек, Қыздарбай, Қайролла. Күмісқалидан- Боранбай, Алтынбектен− Бисембай, Ізбасар, Қыздарбайдан− Жылқыбай, Жақсыекен, Бакөш, Қайролладан− Ұзақбай, Сәрсенбай. Бөлекбайдан Бисенғали. Бегәліден- Біл, Қойшыбай, Тасымбай Тілеген. Сисекен, Тілегеннен− Мусағали, Сисенғали (Сисекен), Сисекеннен− Ырысты, Шолпан, Тұрлығали, Лұқпан. Мусағалидан− Сағымбай, Төлен. Сағымбайдан− Тынышпай. Жылқыбектен− Бекберген. Одан Жарықбас, Қырбас, Төлеу, Көпберген. Қырбастан− Жақсылық, Ашықбай. Жақсылықтан− Амантай-Сәду, Гүлмира. Төлеуден Темір, Көпбергеннен− Ержан, Мырзағали, Ерғали, Берді, Қыдыр, одан Есенбай, Ізтұрған. Жұмырдан− Көптілеу, Деңгел, Боқай, Нәреш болып ұрпақ жалғасқан. Боқайдан− Далапқали, Өтеген. Боқайдан- Бағытжан- Берік. Нәрештен- Өтебалы. Жолдас бабамыздан Төлебай, Садықбай, Серікбай болып тарайды. Төлебайдан− Тапаш, Садықбайдан− Злиха. Тапаштан− Амангелді, Злихадан− Амантұрлы өрбіген. Серікбайдан− Бақтыгерей, Бәтіш. Бәтіштен− Мәжит, Бисембай. Ал Меңдіғазы бабамыздан− Әбижан, Омар, Байдолла, Абижаннан− Жұбан, Жұмажан, Смағұл, Рахымжан, ал Қарабатырдан− Бектілеу, Айғожа− Құлжан, Зейіл, Зәуре. Естекбайдан− Қоңайдар Жақан, Сүйеу, Сүйеуғали. Сүйеуден− Роза, Нәсіп, Гүлнәр, Жаңылсын. Сүйеуғалидан− Орақ, Тасымбайдан− Қатыш, Баян болып ұрпақтары жапырақтай жайылған берекетті ауыл болған. Бұлар Бешім қарттың нағыз туысқан бауырлары. Бешім қарт олардың біреуін де алаламай бауыр тартып, қолынан келетін көмегін аямай, бас-көз болып ағайындарымен бір ауыл болып отырған.
Көне көз қариялардың айтуы бойынша, қазақ еліне мұнай тауып ырыс несібе сыйлаған Қызылбасұлы Бешім ата Дүйсеке, Сұпы қажылардан, ауылдағы өзге де оқулы-тоқулы зиялылардан үйрене жүріп, ескіше сауатты, Құран Кәрімді өз бетімен оқи алған.
Оның осы ізгілікті қасиеттерін сезген сол уақытта болыс болған, Хиуадан діни оқу оқыған тумасы Бегәлі оны жанына өте жақын тартқан. Ол жер дауы, жесір дауына барғанда Бешімді жанынан қалдырмайды екен. Білімдар би шешендер: Бекбенбет, Дәден, Мәтжан, Әбіш сияқты терең ойлы ел сыйлайтын адамдармен елге келген ақын, күйші жыраулар Ақтан, Абыл, Нұрым, Махамбет, Қашаған, Құрманғазы, Өмірдей өнерлі алыптармен дәмдес қылып күйлерін, жырларын, әңгімелерін тыңдайды екен.
Өз заманында оқымаса да ел шежіресін жатқа білу Бешім атаның адамгершілігі мол, дарынды адам болғанын көрсетеді. Ол сабырлылығымен, ұстамдылығымен аты шыққан адам. Оның жүріс-тұрысы мінезіне сай әсем болған. Тым сезімтал, өзі домбырашы болған. Сөздің парқын білген, елге жеткен әңгімелерінен зерделі жанға мұны аңғару қиын емес. Жомарттығында шек болмаған, жарлы кедей, бейшара адамдарға өз қолымен жақсылық жасаудан тынбаған. Елде дарынды балалар көрсе, көкте жаңадан туған жұлдыз көргендей қуанып, жақсылығын қолынан келгенінше аямай, оны білімге үйретіп, өзі ұнатқан кәсіпке дағдылап, оған ақыл-кеңес беріп, сол бағытта үлкен қамқорлық, қолдау жасай білген.
Ел ағасы Бегалы болысты інілік ізеттілікпен қадірлеп қатты сыйлаған. Жалпы Бегалы болыс өзі өмір кешкен заманда еліне көп пайдасы тиген, көпшіліктің, халықтың адамы болған. Ол «Қаракемпірде, Дүйістен терең оқуы бар молда шығар, Бешімнен халыққа несібе сыйлайтын ұлы тұлға ер азамат шығар, ал Жанақтың Жапақ атадағы Жанай әулие ата ұрпақтары Бисбек Жайжан, Қалилерден ел басқаратын адамдар шығар» деп болжаған екен. Шынында Қали көкеміз 1933 жылдан бастап ауылдық кеңестің төрағасы болды, ол кісінің Ұлы Отан соғысына қатысқан баласы, жаны сұлу, мінезі кең, сөзге шешен, парасатты, Кең Жылойдың сәні болған, Ұлы Отан соғысының ардагері Дәулетбай ағамызды көре қалдық. Оның сырға толы шежіре әңгімелерін талай құлақ түріп тыңдадық. Дәм жетіп, топырақтан аулақ болсақ оны бөлек шығарма қылып халыққа жеткізерміз. Ал енді негізгі кейіпкеріміз Бешім ата болғандықтан сөз желісін солай қарай бұрайық.
Қазақ шежіресінің өлеңмен жазған тарихында, ақын Шоңбай Жұбанұлының жазған мынадай өлеңдері бар.
Бегалы,Тынымбай мен Әбіш болыс,
Шаған мен Аламесті еткен қоныс.
Ел еді, жатқан жалпақ жерге сыймай,
Бір шеті «Самырат» пен «Қарақуыс»
Міне, осындағы Бегалы болыс Қаракемпірдегі Бекпенбетті бидің тумасы, оның Шолтыр деген баласы Қызылғұрт Жұбаныштың қызын алатын болғанда соған бас құдалыққа жанына Бешімді ертіп барған. Ал Шолтырдан Мақаш дүниеге келген. Осылайша Бешім әкесінің ағасы Бегалы болысқа еріп жүріп ел көреді, жұрт таниды. Он бес жасынан би-шешендердің өнегелі нақыл сөздерін тыңдап, олардың батасын алып, ақылды парасатты болып ер жетеді. Бұлар кейінде Қияқ ауылын бір жұбын жазбай қоныстайды.
Мені бауырына басып өсірген 1895 жылы туған нағашы әжем, кіші жүздің Шығыс бөлімі аға сұлтанының көмекшісі болған Шолақ Айбасовтың кенже қызы Раш осы Бегалы көкемнің келіні, ол Шеркештің Қаракемпір ауылына 14 жасында 3-отау жасаумен келін болып түсіпті. Келген ауылы бай 90 үйір жылқысы, желіде жетпіс шұбар тайы бар, інгендері боталаған күйлі ауыл екен. Бегалының, Қаражан, Сыйлықыз, Кенжеқыз, Тілеген-Мұсағали, Сисенғали (Сисекен) деген балалары болыпты. Сол кенже баласы Сисекенге құда түсіп киелі Ысықтың ауылынан қалың малын сұрағанынша беріп бізді өсірген нағашы әжемізді алып беріпті. Әжеміз жаны мөлдір, қыз біткеннің сұлуы болыпты. Маған алғаш қазақ батырларының эпосын жаттатып, ел ауызындағы елдің тарихы, ел басынан өткен ұлылы-кішілі уақиғаларды, тарихи қайраткерлер туралы Арал мен Әжібай бабамыз айтқан, ақылды-аталы сөздер мен өнеге өсиеттерді, орыс империясының елге салған зобалаңын, оларға қарсы күресте Жаңабай, Басшы, Байбақты, Өтен, Нарымбай, Төремұрат, Досан бабалардың ерліктерін, қызыл тұманда көрген адам төзгісіз қорлықтарын құлағыма құйып өсірген осы Раш әжеміз.
Нағашы әжеміз 25 жасында 3 баласымен жесір қалыпты. Аласапыран заманды бастан кешеді. Баяғы байлық қызылдармен тоналады, тәркіленеді. Кітаптар, алтын, күмістер киізге оралып жерге көміледі. Аштықты, жоқшылықты көреді. Атшоңқай теріп өлмешінің күнін кешеді. Жалғыз ұлы қайтыс болған соң ботасы өлген інгендей күңіреніп күй кешеді, сол қиналған қара түнек зобалаң 1928 жылы Бешім ата келіп, «Раш, мына заман зар заман болды, бізді алдап арбап соқты, халқын алдаған би оңбас деген осы, елдің қаймағын сыпырып алып, түрмеге айдап жатыр, тек арты қайырлы болсын де, болаттай бол, қалай болған да қара басың мен мына балаларды аман сақтап қалуды ойластыр, жасыма, түбі жақсылық болады» дейді. «Кеше түсімде Бегәлі атамыз мені «Бешім інім, сырқаттанып қалыпсың ғой, қане шыдай тұр» деп, ауырған белімді алақанымен сипап ыстық өткізіп, құлан-таза қылып орнымнан тұрғызып, тұлпарына мінгізіп, Қарашүңгіл әулие бағытындағы Қос шағылдың ортасынан өзім тапқан мұнай бұлағын тереңдетіп кеңінен аштырып бетімді жудырды, «Енді жаныңа қарашы» деді, қарасам өзімнен аумаған, қырандардай қаптаған қара балалар, «Бешім ата, Бешім ата» деп дауыстап қаумалап, мені құрметтеп жоғары көтеріп жатыр. Мен соларды қызықтап тұрғанымда Бегалы атаң ақша бұлттардың арасынан қара тер болып, Алпамыстың Байшұбарын алып келіп, қыздың баласы ыстық болады деп, бір сары баланы үстіне мінгізді, әлгіге ақ қағазбен, алтын қалам сыйлап тұрып, «Балам саған Лұқпан деп, хакім ғалым пайғамбар жолын қастерлеген бабаның атын қойдым, соған лайық бол, алты айналымға дейін жәй бәйге аттарына ілесіп отыр, маңайыңды терең шолып зертте, ал жетінші айналымда тұлпардың басын жібер, қысылсаң ия, Бекет, ия Бекет деп дауыста, мен жаныңда жүремін, еш нәрседен қысылма, енді сен барда менің Бегалы атым өшпейді» деп жалғыз аққуға айналып Естекбай жаққа қанатын қағып ұшып кетті. Міне, менің көрген түсім» - деп әжемізге бар жүрек сырын ақтарыпты. Дүниеге сәби келсе атын Лұқпан қоюын сұрапты. Осылайша тар уақытта Бешім атаның шарапаты тиіп, атасы Бегалының шаңырағын құлатпау мақсатында нағашы әжеміздің өмірге деген іңкәрлігі артып, рухтанып, таңғы шықтай мөлдірлігін сақтап, атасына арнап күнде дұғасын оқып, мені аңсап күтумен болыпты. Бешім атамызды әулие көріпкел деп, қалай айтпассыз, жиырма жылдан соң, яғни 1947 жылы 11-қыркүйекте дүниеге іңгай қағып мен келіппін, есімімді Бешім атамыздың айтуы бойынша ЛҰҚПАН қойыпты. Ақ әжеміз мұнай тамған етегіне орап алып бауырына басып алыпты. Сонымен мен Адай, Мұңал, Тастемір, Қаратай ұрпағы болсам да сол нағашыларымның шаңырағы атында Сисекенұлы Лұқпан Бегалытегі болып келемін. Екі рулы елдің емшегін төл емген ұлмын. Екеуіне де Адайға да, Шеркешке де ортақпын. Бұл екі ру менің қос қанатым. Бала қылып берген соң, әрине, парызыңды ақтау, әруақтар алдында борыш. Ол жағынан келгенде менің, нағашы жұртым Ысық, руым Шеркеш Қаракемпір, Сатай, Беғалы шөбересі боламын. Қазірде орнын жоғалтпай ұстап келе жатқан сол Бегалы ата шаңырағы. Оған ойы тайыз, пейілі тар ақымақ адам болмаса ешкім ренжімес. Адайлар құдайға шүкір баршылық, кең де көп халық ғой, мені берерде бізді ұмытып кетіп жүрмесін деп, жыр дүлдүлі Сәттігүл атамыз аузыма түкіріп ырым жасапты. Бабаларымыз шаңырақ құламас үшін әуелден бұл ізгілікті әдетті ата-дәстүріне айналдырған ғой. Соған қарағанда, кең әлемді мейірімділігімен, кеңдігімен, байлығымен, әдет ғұрпымен, рухани мұрасымен, алтын сандық толы өнерімен, сонау V-VII ғасырдан басталатын ескерткіштерімен, тасқа қашалып жазған Орхон-Енесейдегі жазбаларымен таңдандырған қазақтай бауырмал, қайырымды ғажап ел бұл төрткүл дүниеде жоқ шығар. Өз басым қазақтан артық қонақ жай, қазақтан артық өнерлі, қазақтан артық көнбіс, мейірімді де бауырмал халық бар деп, айта алмаймын. Қазақ әлемдегі ең ұлы халық. Түбі бар адамзатты бір үйлесімділік бейбіт келісімге шақыратын осы қазақ халқы болады.
Бірде көрші ауылда той болатын болып соған бармақ болып жиналғанда ауылға жалғыз атты бір кісі келіп, Жапақтың бір адамын Сатайдың бір жігіті өзара дауласып өлтіріп алғанын соған төрелік айтуға ел ақсақалдары жібергенін айтады.
Содан Бегалы атамыз «Мұсағали мен Сисекеңді шақыр қонаққа жабағы әкеліп, сойсын» деп тәртіп береді. Бешімді үйге алдырады. Шәй үстінде қонаққа «Бұл бір ұят нәрсе болған екен. Ақсақалдарға айт, бір жылға дейін Сатай ауылынан өлген адам құнына қанша және қандай мал алам десе де еріктері өзінде. Ал бір жыл өткесін қара нарға ала жіппен тұсау байлап, шешімін өзім кесіп елді татулыққа шақырар кеңес берермін» деп өзінің аталы сөзін айтқан екен.
Атамыз ұзын бойлы, ақ сақалды, аққұба өңді, шашы мен қас қабағы қудай ақ кісі болыпты.
Бегалы атамыз өз ажалынан үлкейіп көз жұмған. Бейіті Жылой ауданындағы Естекбай деген жерде. Оны маған Сисекен көкеміздің қарындасы Кенжеқыз апамыздың баласы Балжігітов Құдайберген және сол Естекбайға жақын мекенде орналасқан қазір көзі тірі Шеркеш Қаракемпір Жөкен ағамыз көрсеткен еді. Мен басына бейіт ізі жоғалмас үшін темір шарбақтан белгі қойдым.
Бешім, Сисекен атамыздың бейіті де сол кісінің жанында. Жаназал арын Қали ақсақал шығарған. Оны маған марқұм Дәулетпай ағамыз айтып кетіп еді. Маған сол уақытта ел ақсақалдарының, Дербіс атаның бейіті Байқоңырда, ал Шеркеш Қаракемпірлердің белгілі адамдары осы Естекбай қауымында жерленгенін ұмытпауға аманат қылған. Бешекеңнің бір қарындасы, Мұқан, Шабай, Ердәулет, Берідәулет, Төремұрат, Нарымбай, Мизам атты жеті ұлы және өмірден ерте өткен Гүлдәрі, Франсуз атты екі қызы болған. Қарындасы Қосымға шығып, одан Төлеш, Бағыт, Раш атты жиендер туған. Төлеш апамыз Ерғали деген Андагүл Жатайға тұрмысқа шығып, одан туған Өтенов Мұқан, Қуан мен Шалай атты қыз туған. Мұқан аға Қосшағыл, Прорва басқармаларында көп жылдар бас есепші болып жұмыс жасап өмірден өтті. Мұқаннан туған балалар Рахымжан, Қайыржан, Дәмеш бұл күнде әке өмірін жалғастыруда. Бағыт апай Бақтығали деген.
Қосшағыл, Төлес мұнайын алғаш ашқан
Қызылбасұлы Бешім
Академик И.М.Губкин атындағы Мәскеу мұнай институтының студенттері. Бірінші қатарда: Б.Өтебаев, М.Бекжанов, Ә.Бақтыбаев, М.Қыстауғалиев. Екінші қатарда: Ю.Агранов, З.Қамалиденов, Р.Қалмүханов, Н.Марабаев, Н.Бешімов, М.Жұматов, Б.Ізтілеуов, С.Дүтбаев.
«Құлсарымұнай» кәсіпшілігі бастығы Х.Ғабдуллин және Н.Бешімов, Ә.Қарабалин, О.Нақпаев, П.Папучиев.
«Жайықмұнай» басқармасының бастығы Н.Бешімов (оң жақтан бірінші) кезекті мәжіліс өткізуде. 1973 жыл.
Солдан оңға қарай: Әбішсайыров Дәулет, Махамбет аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Қуанышбаев Қапизолла, Сағытжанов Ғабдыхалық, Бешімов Наурызғали, Назаров Алесандр Иванович, Сағытжанов Серік. 1973 жыл.
Ардагер мұнайшылармен кездесу. Н.Бешімов, Қ.Құдабаев, Қ.Оспанов, О.Бердіғожин, Г.Сүлейменова, Р.Сағындықов, Б.Сағынғалиев.
Мақат аудандық партия комитетінің алғашқы бірінші хатшысы Ә.Ипмағамбетовпен кездесу.
Суреттер 38-39Қазақстан Компартиясының XV сьезі. 1981 жыл
Республикадағы аудандық партия комитеттері 1-ші хатшыларының Д.А.Қонаевпен кездесуі.
Байшонас кенорнының 50 жылдығы, 1981 ж. (Солдан оңға қарай, Р.Сағындықов, Б.Қалиев, Н.Бешімов, Қ. Оспанов, О.Бердіғожин, Т. Сүлейменова)
«Жайықмұнай» басқармасының ұжымы
Оңайбай Көшеков бастаған атыраулықтардың әнші Ғ.Құрманғалиевпен, жазушы З.Қабдолов және ақын Х.Ерғалиевпен кездесуі.
«Теңізмұнайгаз» бірлестігінің қызметкерлері. 1986 жыл. 1-Мамыр мерекесі.
Ұлы Жеңіс мерекесінде. 9-Мамыр
Ayыспалы Қызыл Ту тапсыру сәті
Мақат аудандық партия комитетінің, аудандық атқару комитетінің қызметкерлері. 1976 жыл. 1-Мамыр мерекесі.
Н.Бешімов конференция делегаттарымен бірге
«Мұнайшы» қоғамдық қорының кеңес мүшелері. Бірінші қатарда: Н.Бешімов, Ж.Есенжанов, С.Құбашев, О.Бименов. Екінші қатарда: Ү.Әділов, Б.Өтебаев.
Мұнайшылар арасында
«Мұнайшы» қоғамдық қорындағы кездесулер
Алашаға тұрмысқа шығып, бүгінде балалары Шархат, Сақи, Саламат, Түзел, Аман, Қалдан ұрпақтарын өсіруде. Раш ағамыздан қалған Боранбай көп жылдар Құлсары поселкесінің кеңесі болып жұмыс жасады. Өзі өмірден ерте кетті, артында қалған балалары әке жолын қуып ел қатарлы еңбек етуде.
Бешекең балаларын жақсы тәрбиелеп, адамгершілікке баулыған. Бәрінде оқытқысы келген. Бірақта ол кезде ондай мүмкіндік жоқ болатын. Сондықтан тек бір баласын Шабайды ғана өзінің терең әріден ойлайтын ақылдылығымен бар мүмкіндігін салып оқытқан. Осы Жылой жеріндегі жалғыз орысша-қазақша 2-сыныптық мектепке күзде оқу басталар алдында 5-6 ауыл кісілері болып балаларын алып барады. Мектепке келгесін әлгі қасындағылар аттарынан түсіп балаларын ертіп мектеп директорына жолығуға кеткенде, Бешекең қара баласын тасалау жерге жетектеп балам түзге отыратын еді деп, олардан бөлініп қалып қояды. Олар мектептен шаруаларын айтып шыға бергенде баласын жетелеп ішке кіреді. Алдынан қарсы жолыққан мектеп директорына «Ассалаумағалейкум, аман-есенсіз бе, мына қара бала Бөлекбай Бәшектің баласы еді, сізге оқуға алсын деп, көп-көп сәлем айтты» деп қолын алып, жылы ишарат білдіреді. Елге сыйлы байлығы баршылық Бөлекбай Бәшектің есімін естігенде директор қатты қуанып кетеді. Бұл кісілер осы мектепке үнемі қайырымдылық жасап, мектеп мұқтажына керегіне қарай жылда мал бөліп, жетімдерді жебеп өздерінен қаражат бөліп, мектептің құрал-жабдықтарын Орынбордан алғызып, жас мұғалімдерге демеушілік жасап қарасып тұратынын ескеріп, Бешім атаны жылы қабылдайды. Олардың ұқсастықтарына таңданады, тіпті сыпайлылықтары, қарапайымдылықтарының бір-бірінен аумайтынына қайран қалады. Бөлекбайы да, Бәшегі де, Бешімі де бір анадан туғандай, жүріс-тұрыстарына дейін ұқсас, неткен сабырлы, беретті тұқымдар деп, іштей ойлап таңданады.
«Жақсы, жақсы» деп директор оқу басталарда алып келесіз ғой дейді. Оқу басталарға бір-екі күн қалғанда келісім бойынша манағы 5-6 кісі балаларын ертіп мектепке келеді. Мектепке жиналған көп халықтың алдында бір мұғалім оқуға түскен балалардың тізімін айтып таныстырады. Оқуға түскен манағы бес-алты кісінің ішінен жалғыз Бешекеңнің баласы Шабай ғана оқуға түседі. Басқалары аң-таң, болып, «япырма-ай, бұл қалай тек жалғыз сенің балаң түскені?» дейді. Қасындағылар да, иә солай болды ғой деп, тұнжырап, үндемей қалады.
Бешім атамыз сонда «мектеп директоры баланың әкелері Бөлекбай мен Бәшекті сыйлағаны болар, балаларың биыл түспесе келер жылы түсер деп», ақ тілегін білдіреді.
Бәшекеңнің сол Шабай атты баласы мектепті жақсы бітіріп шығып, болысқа хатшы, кейін болыс болады. Шабай да адамгершілігі мол, қайырымды, өте дарынды кісі болған.
1916 жылы орыс патшасы отарлау саясатымен езгілеп, онсыз да күнін әзер көріп отырған қазақ халқына жарлық шығарып, салықты үш есе көбейтіп, қазақ жастарын әскерге алуға заң шығарғанда, бұған наразылық білдіріп ашу-ызаға булыққан Алаш азаматтарының сол кезде патшаға қарсы күреске шыққаны бізге тарихтан белгілі. Осы кезде болыста хатшы болып жасайтын Шабай жергілікті тұрғындардың тізімдері жазылған журналды түгелдей қайта жазып әскерге алынатын жастардың журналдағы туған жылдарын өзгертіп, екі-үш күн журналды сөнген шоққа салып қойып қараса журнал жаңа жазылғаны білінбей, ескі көптен келе жатқан журнал болып шыға келеді. Осылай көптеген жастарды әскерден алып қалады. Кейіннен айтады дейді «Ешкімге көрсетпей өзім жазып едім, байқамай бір баланың туған жылы өзгертілмей әскерге кетті. Соған өкінемін» дейді екен. Шабай атаның өмірі ұзақ болмапты. Артында ұрпақ та қалған жоқ. Үйленген жолдасы Сары Қосым Аманжан қызы Кенжеш, Шөбекең қайтыс болғаннан кейін, әмеңгерлік жолымен қайнысы Ердәулетпен отасады. Дүниеге Наурызғали атты ата жолын жалғайтын ұл келеді. Екеуінің қуанышында шек болмайды. Ердәулет те , Кенжеш те өте қарапайым, жақсы адамдар болды. Үй ішімен, көршілерімен жарасымды, айналасына сыйлы, күйбең тұрмыс-тіршілікте әдептілікті арқау еткен, ибалы да, инабатты жандар болды. Кенжеш шешеміз көп сөйлемейтін, аз айтқанның өзінде санаға терең ой салып, жаман әдеттерден аулақ болуға құлшындыратын, үй шаруасын тындырып істейтін, адалдықты мирас қылған, маңайына жарық төккен шуақты, діншіл иманды жан болған Ал, Ердәулет көкеміз әке жолын қуып мұнайшы, коммунист партиясына мүше болады. Кенжеш шешей жұмыс жасаған жоқ, бала бағу үй шаруашылығымен айналысты. Баласын жастай еңбекке баулыды. Балаларының білім алуына жолдасымен бірге, қиыншылық уақыт болса да бар күшін жұмсады. Молда болмаса да оларды имандылыққа, бір құдайдан қорқуға, піссіміләға үйретіп өзі дүниеден өткенге дейін намаз оқып келді.
Наурызғалидың шешесі Кенжеш, Сары Қосым Андіров Аманжанның қызы. Аманжанның немересі Қарақұл бүгінде Құлсарыда тұрады. Көп жылдар Мақат ауданында партия, кеңес органдарында жауапты қызмет жасаған, інісі Сатқанов Мұхамбетияр төрт қыз, бір ұл өсірген, ұлы Қанатбек Оразғали атамыздың немересі Жамалмен үй құрып Доссор кәсіпшілігінде инженер мұнайшы болып жұмыс жасайды. Ал Мұқаңның бір қызы Сәуле елімізге белгілі мұнайшылар әулетінен шыққан, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Равиль Шырдабаевтың жолдасы, қазірде Астана қаласында тұрып жатыр. Ағамыздың аға-жеңгесі Есқожа мен Миюдің қызы Меруерттен туған Сара жиеніміз жолдасы Амантай балалары өсіп жетілген азаматтар, олар Жаңа Қаратонда тұрады.
Ал, Бешекең болса оқымаса да, оқығандардан кем болмаған, би болмаса да ағайын-туыс арасында сирек болса да кездесіп тұратын, келіспеушіліктерде ақыл-кеңесін айтып татуластырып тұрған. Жиын-тойларда домбыра шертіп өлең айтып, алыстағы ауылдарға барарда үлкен баласы Мұқанды бірге ертіп жүреді екен. Ол кісінің ақылдылығы ма әлде қырағылдығы ма түнде атымен келе жатып, бір кідірген жерде қамшысын ұмытып тастап кетсе, ертеңінде қайтарда сол жерден атынан түсіп тауып алады екен.
1911 жылы Доссордан ағылшындар мұнай тауып, жергілікті халықтар алғашқы рет өндірістегі ауыр қосымша жұмыстарға орналасқандары тарихтан белгілі. Ал 1917 жылдары Кеңес үкіметі орнағанмен, Доссор мұнай кәсіпшіліктері Толстов бастаған ақ гвардияшылдардың қарауында болды. 1920 жылдары Чапаев дивизиясы Мақатты ақ гвардияшылдардан босатады. Осы кезде Лениннің Жайық пен Ембі мұнайын тездетіп алуға болмай ма, мұнай бізге өте қажет деген үндеуі тарап, Жылойда да мұнай көп, оны табу керек деген хабар халыққа тарай бастайды. Мұндай хабарды естіген Бешекең бірінде баласы Мұқанмен бір ауылдан келе жатып өткенде көрген бір қара топырақты жер есіне түсіп, сол жерге барып, қара майды көріп, үкіметтің іздеп жүрген мұнайы осы емес пе екен деп, жаңағы жерден торсығына мұнай құйып, топырағын алып, үйіне келіп отқа жағып қарайды. Май отқа жанып исі шығады. Қуаныштарында шек болмайды. Кім біледі елге ырыс несібе болар деп, ойлайды.
Қалай болғанда да үкіметтің сандалып іздеп жүргені мұнайы осы болар деп, қасына баласы Мұқанды серік қылып ертіп екеуі жорға аттарымен күншілдік жол жүріп Доссордағы мұнайшыларға барып, сол кездегі кәсіпшіліктің бастықтары Лаврентьев пен Авровқа сіздердің іздеп жүрген мұнайларың осы болар деп, оларға табыс етеді. Кәсіпшілік басшылары Бешім қартты жақсы қарсы алып, оныменен бірге мұнай жер бетіне шығып жатқан жерге бірнеше рет келіп, 1927-1928 жылдары экспедиция құрады. Экспедицияға жас геолог П.Я. Авров бастық болып, алғаш мұнай тапқан Бешім қартты өзіне қосбасшы кеңесші етіп жұмысқа алады. Өзі Қызылқұдық деген жерге көшіп келіп, ағаш үйде Бешекеңмен жақсы көрші, тату адал айнымас дос болады. Ол бір күні Бешекеңнен құтқа толы бұл жердің атын қалай атасақ болады деп, сұрайды. Сонда Бешекең оған күлімсіреп қарап, мұнай екі шағылдың арасынан табылды ғой, Қосшағыл деп қоялық дегеніне бәрі бір ауыздан келіседі. Қосшағылдан кейін Авровпен бірге Кең Жылойдың бірталай жерлерін бірге аралап, Төлес деген жерден мұнай табады.Үкімет Бешім қарттың бұл еңбегін ерекше бағалап, Қосшағыл, Төлес кен орындарынан алғашқы ашып мұнай тапқан деп, атақ беріп, дала академигіне өмірлік сыйақы тағайындайды.
Мұқан көкемізбен Жонай анамыздан, Құлбарақ, Маруся атты бір ұл бір қыз болды. Құлбарақ еңбек жолын комсомол кәсіпшілігінен бастап, Қосшағылда мұнайшы оператор болып жұмыс жасап, кейін Құлсары күрделі жөндеу конторында есепші болып еңбек етті, өмірден ерте кетсе де әйелі Түймеш екеуі Қайрат, Марат, Самат, Гүлбаршын, Гүлнар атты өмірге ұл-қыздар әкелді. Бүтінде балалары, келіндері, қыздары мұнайшы болып еңбек етіп әке жолын абыроймен жалғастыруда. Мұқан қарттың қызы Маруся Алматы мұғалімдер институтын бітіріп ұзақ жылдар мұғалім болып жасап, бүгінде зейнеткерлікте. Аққыстауда тұрады, жолдасы Аманбаев Капсих екеуі Абзал, Бауыржан, Алмас атты ұл, Ақмарал, Ақкүміс атты қыздары бүгінде қатарларына сыйлы бір-бір үй болып отыр.
Ердәулеттің жалғыз баласы Наурызғали Мәскеудің мұнай институтын және Алматы партия мектебін бітіріп, ұзақ жылдар бойы мұнай саласында, комсомол партия жұмыстарында жасады. Жолдасы Миірманова Әбілғазықызы Қалыш Саратов мұнай техникумын бітіріп, Қосшағыл, Прорва, Мақат, Доссор, Құлсары кәсіпшілігінде, Ембімұнай бірлестігінде экономика жөнінен жұмыс жасаған, ұлдары мен келіндері, Сатыбалды Мамық, Асылбек-Тоғжан жоғарғы оқу орындарын бітірген инженер мұнайшы болып еңбек етеді. Қыздары Сәкена мен Дәрігүлде мұнайшы, өз теңдерін тауып екеуі екі үй болып отыр. Қанат, Айман, Аманжан деген жиендері бар. Немерелері Ақмарал, Асылжан, Ақтоты, Бекзат, Дана мектепте білім алады, ал Ақмерей ең кіші немерелері бір жаста.
Бердәулет аға да еңбек жолын әкесі Мұнай тапқан Қосшағылдан қарапайым жұмысшыдан бастап, бұрғышы көмекшісі, бұрғышы болып Қосшағыл, Ұшқан, Мұнайлы алаңдарында еңбек еткен. Жеңгеміз Қоңыр екеуі өмірге Аққайша, Майша, Жаңылсын атты қыздар әкелді. Аққайша Қабдол, Майша Қайрош, Жаңылсын Нұрлан атты азаматтармен отау тігіп өмірге Сансызбай, Бақтылы, Ербол, Ерлан, Тұрсын атты жиендер әкеліп, алды отау құрып өмірге ұрпақ әкелуде. Қоңыр жеңгеміз еліміздің азаттығы үшін, азаматтықты ту қылып, жауға шапқан батыр Байбақты ата әулиенің інісі Сарбөпенің қызы, Бешім қарттың екі ұлы Төремұрат пен Нарымбай Қосшағылда алғашқылардың бірі болып білім алды. Еңбекке араласты. Механикалық шеберханада бірі токарь, бірі слесарь болып, еңбектен бақыт тауып жаңа-жаңа қуанышқа бөленіп келе жатқанда екеуін де 1939 жылы фин соғысына алып кетті. 1941 жылы наурыз айларында Төремұрат аға елге келді. Соғыстан ауылға келгенде армияда жүргенде танысқан Меруерт атты қызға үйленген. Ердәулет ағасымен бір үйде бірге тұрған. Қуанышта шек болмады. Жеңгелері қазақша да орысша да біледі екен. Орысша үйретем деп бәрін жинап бәрі бірге болатын, осылай тамақтары тоқ, көйлектері көк деген сияқты Қосшағылда жақсы өмір басталып келе жатқан кезде, неміс фашисті Гитлер кенеттен соғыс ашып, жағдай күрт өзгерді. Ойын-күлкі жөніне қалды. Әр үйден соғысқа азаматтарды алып кетіп жатты. Жақында ғана соғыстан келген Төремұрат аға қайта майданға кетті. Осы соғысқа қатысқан Нарымбай да, Төремұрат та елге оралмады. Жеңгелері екі үш жыл үйлерінде болып кейін өз төркініне кетіп қалды.
Бешекеңнің кіші баласы Мизам аға бес жасында жетім қалып, Наурызғалидың шешесі Кенжештің қолында болды. Мизекең жастайынан еркелеу, әзілшіл, Бешім ата сияқты билік айтпағанмен әзілдеп ел аузындағы айтқыштардың қалжың әңгімелерін айтқанда мәнін келтіріп, түбін түсіріп қасындағылардың таңдандыратын. Мінезі ашық жайдарлы еді. Қиыншылыққа қайыспайтын төзімді, еңбекқор адам болатын. Мектепте де көп оқығысы келмей, Доссордағы ФЗУ -ды бітірді. 1945 жылы Комсомольскіде әуелі слесарь, кейін тракторист болып жұмыс жасады. Орта мектепті бітірмей ақ Атырау мұнай техникумын бітірді. Қосшағылда, соңғы кезде Құлсарыда гаражда механик, өндірістік жабдықтау бөлімінде абыройлы еңбек етті. Жақсылығы болар есімі әлі ел аузында. Ізгілікті мұрат қылған, инабатты, мінезіне бәс жетпейтін ағайынның көркі, сүйіктісі болған, қонақ келсе барымен базар қылатын жеңгеміз Қымбат екеуі өмірге Мәншөк, Сембай, Тұрар, Нұрлан, Нұргүл атты ұл-қыздар әкелді. Мәншөк Алматыда, Нұрлан Құлсарыда. Кіші қызы ауылда елге белгілі ақын Амандық Сасаевтың келіні. Тұрар Атырауда, Нұрлан осы Жылойда ірі шетелдік компанияның осындағы өкілі болып абыройлы қызмет атқарып келеді. Балаларының бәрі теңдерін тауып шаңырақ көтеріп, өз алдына үй болды. Мизекеңмен Қымбаттың өмірін қазірде балаларына қанат болып немерелері жалғастыруда. Міне, қазақ еліне ырыс несібе сыйлаған, алғаш мұнай тапқан, дала академигі, көріпкел бірінші санды мұнайшы барлаушы, қасиетті Бешім атаның әулеті осындай мақтауға тұрарлық қарапайым жандар. Олар Ата жолын қастерлеп, оның атына кір жуытпай, туған халқына аянбай қызмет етіп келеді. Енді қасиетке толы кие дарыған Бешім Атаның елге сыйлаған шоғыр жұлдыздарының ішінде ерекше жарық төккен жұлдызы, мұнайшы ардагер, ел мақтанышы асыл туған, ақыл-ойы кең ағамыз Наурызғали Бешімұлының өмір жолына үңілелік.
АТА ЖОЛЫН ЖАЛҒАҒАН
Келелі істі көппен шеш,
Шиыршық атса еппен шеш,
Асқынған істі асықпай,
Ақылға салып ертең шеш,
Алдыңа қандай дay келсін,
Билік айтсаң тура кес,
«Мұның қалай?» демесін,
Алыс-жақын көңілдес.
Ақтайлық би
Бешім Ата Қосшағылдан мұнай тапқаннан кейін іле-шала барлаушылар назары осы бір Қосшағылды алаңға ауды. 1926-1928 жылдары Н.Н.Тихонович бастаған геологтар тобы Сағыз-Жем алабын зерттеді. 1927 жылы топограф Юркевич, 1929 жылы аудан мұнай өнеркәсібінің қаз тұруына елеулі үлес қосқан Петр Яковлевич Авров геологиялық, ал геолог Н.Н.Михайлов маршрутты гравитациялық түсірулер жүргізді. Қосшағыл қасында геологиялық-геофизикалық жұмыстар қызу жүріп жатты. 1928-1929 жылдардағы зерттеулер ауданның геологиялық құрылымы туралы қызықты мәліметтер берді.
Дегенмен алаңды жан-жақты, жете зерттеу 1930 жылы басталды. Дүбірлі еңбек қызды. Құрал-жабдық аса қиындықпен Гурьев пен Доссордан тасылды. Алаңды зерттеуде атақты бұрғышылар Құби Ілиясов, Төлеп Есеналиев, Иван Семенович Крепостин, Бораш Исабаев үлкен еңбек сіңірді. Мұнда 1933 жылы И.Шидловский, 1934 жылы М.Авдеев зерттеу жүргізді. Қыруар еңбек нәтижесі 1932 жылдың 21 қазаны күні өз жемісін берді. Бұл күні 6-шы санды ұңғыдан 490 метр тереңдіктен мұнай бұрқағы атты. Тәулігіне 250 тонна мұнай беріп келген бұл ұңғының бұрғышылары Рақышев Сисен мен Дәулетов Тілес кен орынын екінші шын мәнінде тұңғыш рет өнеркәсіптік негізде ашушылар атанды.
1935 жылғы 23 қыркүйекте Жылойдың тұңғыш мұнайлы «перзенті» Қосшағыл тарих сахнасына шықты. Тұңғыш директоры болып Н. А. Ерохин, жұмысшы кеңесінің төрағасы Әбіл Сарбалин болды. Жаңа кәсіпшіліктің өркендеуіне оның алғашқы басшылары Долгов, Лысянский, Сағындықов Рахымжан, партия ұйымының хатшылары Рақышев Сисен, Ғизатов Шәкір, майталман мұнайшылар Қарамендиев Шуаққали, Өтеулиев Бисенғали, Боқаев Далапқали, Бердиев Қыдыр, Есеров Оразғали, Оңдашев Төлеген, Мерғалиев Әбдіғали, Бекенов Майлан және басқалары өзіндік үлес қосты.
Қосшағыл мұнай өндіру кәсіпшілігі құрылғаннан кейін жаңадан мектеп, мұнайшылар клубы, бірінші ауыл деп аталатын жаңа үйлер тұрғызыла бастады. Жұмысқа тек Бешім атаның балалары ғана емес, бүкіл осы өңірде тұратын бұрын әр төбенің басында қой-қозы бағып жүретін жастар көптеп орналаса бастады... Ол кезде рушылдық деген жоқ. Ал Қосшағылдың алғашқы директоры орыс азаматы болса да елдің әдеп-ғұрпын бойына сіңіріп, қазақ тілін тым жақсы меңгеріп, жергілікті халықпен тез тіл табысып кетті. Жергілікті мамандарды оқытуға көп көңіл бөлді. Ағайынды Боқаев Нареш, Бағытжан Далапқали, Өтебалы, Есеров Оразғали, Сарыбасов Нұрдәулет, Қалдыбаев Айса, Төлебаев Тапаш, Мұрынов Күзембай, Өтенов Мұқан, Жақашев Раш тағы басқа ағайындар 3-ші көшенің бойында тұратын. Оларға жақын көрші болған Шаленкеев Тұқан мен Рзиев Балағұл ағалардың да ересек болған балалары, әкелері мұнайшы табыстары жақсы болғандықтан, күн көрістері жақсарып, тұрмыс-тіршілігі оңалып қалған мезгіл еді.
Балалар үлкен әкелерімен, әжелерімен клубқа барып кино көретін. Олардың өздері емес, үйге келіп, «кино көресіңдер» деп клуб қызметкерлері шақырып алып кететін. Наурызғали ағаның сол балғын жас кездеріндегі достары Шаленкеев Тұдан баласы Әділ, Аманбаев Ізбасар, Қыстауғалиев Мақсот, Жұмағалиев Мұса деген балалар болатын. Олар бір үйдің балаларындай бір бірінен көп ажыраспайтын. Бірі көрінбесе бір-бірін іздеп, бәрі бас қосып сағынышпен табысатын. Үй шаруашылығында бір-біріне қолғабыс жасайтын. Әкелерінің мұнайшы болғандарын мақтан тұтатын. Бәрінің де жүрек түкпіріне тезірек ержетіп, мұнайшылар, бұрғышылар дайындайтын жоғары оқу орнына түссек деген арман жататын. Қосшағылдың қасиетті құмы оларды тәтті қиял жетегіне алып, тылсым жұмбақ күшпен тербеткендей болатын. Қайран қызыққа толы балалық шақ, сірә, кімнің есінен кетсін!
Ол кезде қазіргідей ойынның түрлері онша көп емес. Негізгі ойын асық атып ойнау, балалар бір-бір шағын дорба асықтарын үйлерінен әкеліп сонымен ойнайтын. Көкжиекке күн ақ әжеміз оттан алған таба нандай қызарып батқанша осы ойын қызу жалғасатын. Сәл қараңғылық түскенде әрбір үйден боталарының есімін айтып шақырған әжелердің сүйкімді қоңыр дауыстары естілетін. Сонда ғана олар үйлеріне тарайтын. Осы бір қоңырқай, бейбіт үнді өзара тату мұнайшылар орналасқан ауылдың 3-ші көшесінің орта жерінде Бешім атаның 8 баласы бір үйде тұрды. Ағайын-тума, көршілер олардың берекетті бірлігіне, жұдырықтай жұмылған тірлігіне өзара татулық жарасымдылықтарына сүйсіне қарайтын. Көбі іштей қаншама дегенмен кие дарыған сезімі данышпан, көкірегі ояу, санасы дана, өзі өмір сүрген дәуірге терең тамыр жіберген, өз заманының халыққа пайда келтірер ұлы болып, ырыс несібе сыйлаған, еңбегімен ел мен жерді көркейткен, ізгілікті игі істерімен есімін мәңгілікке қалдырған Бешім атаның балалары ғой, аталарына қалай тартпасын деп түйіндейтін. Олардан көп үміт күтетін, сүйсіне қарайтын. Шынында көп айтса, тегін айтпайды ғой, бұл үйде атаның ең үлкені Мұқан, онан кейінгі Ердәулет пен Бердәулет және үйленбеген Төремұрат, Нарынбай, Мизам ағаларымыз бен қыздары Гүлдәрі, Франсуз бір-біріне демеу болып сыйластықпен қарап, үлкендері кішілеріне көмегін тигізіп бірге тұрып жатты.
Бешім ата 1933 жылы қайтыс болды. Ал үкімет оның үлкен баласы Мұқанның әкесі Бешімменен бірге жүріп мұнай табудағы еңбегін бағалап, әкесіне беріліп келген 100 сом айлық сый ақыны баласы Мұқанға тағайындайды. Мұқан жұмыс жасамай әулетінің барлық шаруасына қарап, істелмеген жұмыстарды мезгілінде бақылап балаларына жасатып, ақыл-кеңесін беріп жүретін. Еңбек сүйгіш, шаруақор, балаларының бойына осы қасиетімді дарытсам, оқытуға, жақсы адам болып қалыптасуына пайдам тиіп жарасам деп, тыным таппайтын. Қолында бір екі қара малы, бес-алты қой, екі-үш ешкілері болды. Балаларын, інілерін үй шаруасына жанын салып үйрететін. Оларға жан сұлулығы, рухани байлық, ата-ананың тілін алу, үлкенді құрметтеу, адамдарды сыйлау, ізетті де инабатты болу, әрбір адамға сыпайы сөйлеп, сый-құрмет көрсету жөнінде жанға терең ой салатын әңгімелер айтып, оларды дұрыстыққа, отан сүйгіштікке, азаматтық борышын өтей білуге, қиыншылықтарды жеңу үшін табанды болуға баулыды. Наурызғали ағаның әкесі Ердәулет пен ағасы Бердәулет те Бурабайда бұрғышы болды. Төремұрат пен Нарынбай ағалары өте пысық, сөйлеп тұрған ашық мінезді, адамды баурап алатын жаны жайсаң адамдар еді. Жалындаған жастық шақтарында қоғамдық жұмыстарды белсене атқаратын, комсомолдар болды. Мектепте оқыды. Екеуі де Қосшағыл промыселіндегі механикалық шеберханаға жұмысқа кірді. Оларда ата жолын жалғап өздерінің еңбек сүйгіш қасиеттерімен жұмыстарында абыройлы болды. Техника тетігін меңгеріп, өз білімдерін жетілдіруде тәжірибелі майталман мұнайшылардан үлгі алуды әдетке айналдырды. Социалистік жарыс, комсомолдық қозғалыстардың екпінділері атанды. Екеуі де инженер болуды армандайтын. Бұл жылдары Қосшағылдықтар еңбек өнімділігін анағұрлым арттырудың, іске жан аямай берілудің үлгілерін барша қазақстандықтарға өнеге ете білді. Қара алтын дариясын тасқындатты.
А.Стахановтың 1935 жылғы жаңа бастамасы, әсіресе, мұнайшылар арасында тамаша үндестік тапты. Мұнайлы Ембіде алғашқылар болып, аталмыш қозғалысқа қызу үн қосқан С.Зорбаев пен С.Жаңабатыровтың соңынан іле шала Қосшағылдық Қ.Мұстафетдинов пен Г.Кузьмин өздерінің бұрғылау жұмысында стахановтық жаңаша әдісті батыл қолдана бастады. Олардың қуантқан бастаманың батыл ойға құрылғандығы, шынайы жаңашылдығы еді. Жастық жігерін жалынға жанып, еңбек қарқынын үдеткен қосшағылдықтар жыл аяғында өз орталарынан 13 стахановшыны тәрбиелеп шығарды. Қосшағылдық стахановшылар күн өткен сайын көбейе берді. Оған мына мәліметтер айқын куә бола алады: егер 1935 жылы 1 желтоқсанда аталмыш кәсіпшілікте 11 жаңашыл (Доссордан кейінгі екінші көрсеткіш) болса, олар 1936 жылы 1 қаңтарда 25, 1 ақпанда 56, 1 наурызда 102, 1 сәуірде 192, ал, 1937 жылдың 1 қаңтарында 308 болды. Жұмысшылардың еңбектегі ерлігінің, стахановтық әдістің енгізілуі нәтижесінде бұрғылау мен мұнай өндіру қарқыны айта қаларлықтай арттырылды. Қосшағылдағы бұрғылау шапшаңдығы 1936 жылғы қаңтарда 118,4 метр-станок болса, ол ақпанда 357 метрге, наурызда 500 метрге жетті. Ал Кузьминнің қол жеткізген жоғары өндірістік көрсеткіші үлкен ерлік болатын. Оның бригадасы 1936 жылы бұрғылауда 1280 метр-станок шапшаңдық биігіне шықты. Бұл кезде бүкіл Ембідегі орташа жылдамдық 391,2 метр еді. Г. Кузьмин еңбегі бірден талайларды елеңдетті. Ол 1935 жылы 4-6 желтоқсанда өткен ауыр өнеркәсіп стахановшыларының Батыс Қазақстан облыстық слетінде өз тәжірибесін ортаға салу құрметіне ие болды. Г.Кузьмин жаңа әдістің қыруар пайдасын, жұмылдырушылық, тәрбиелік қасиетін тиянақты әңгімелейді. Оның бригадасы 1935 жылы қарашада жоспардағы 300 метрдің орнына 460 метр жер қабатын бұрғылады. Мұндай табысқа бригада жұмысшы күшін орналастыра білу, жұмыстан қалушылықпен машиналардың бос тұруын жою арқасында ие болды. Мұның баршасы пайдалы уақытты бұрынғыдай 65 пайызға емес, 81 пайызға пайдалануға жол ашты.
Қосшағылдықтар стахановтық қозғалысты қолдауда бүкіл Ембі бойынша алда болды, бұрын болмаған талай еңбек ерлігін жасады. Мұнда бір жыл ішінде (1936-37 жж.) стахановшылар саны 12 есе өсті. 1938 жылы 1 қаңтарда мұндағы жаңашылдар бүкіл ұжымының 13,4 пайызын құрады.
Жаңашыл әдісті енгізуде жергілікті мұнайшылар да қалысқан жоқ. Сол 1935 жылдың өзінде-ақ, бұрғылау шеберлері Мұстафетдинов пен Өтегеновтың бригадалары бұрынғы станок айдағы 80-100 метр орнына енді 504 метр және 650 метр шапшаңдығын тез игерді. Стахановшылар сапында осы кәсіпшілікті ашушылар Рақышов Сисен мен Дәулетов Тілес те, атақты шебер Ілиясов Құби да ерен еңбегімен көзге түсті.
1936 жылы Қосшағылдың бұрқақты ұңғыларының саны 61-ге жетіп, жылына 235 мың тонна мұнай өндірілді. Бірінші бесжылдық тұсында бұнда 19 пайдалану ұңғылары қазылып, оның 16-нан мұнай алынды. 4 ұңғы тәулігіне 300 тонна мұнай берді. Жаңа кен орынның қанат жаюына қажетті мүмкіндіктер жасала бастады. Бұл ретте Қосшағылға келіп, оның болашағын ойлаған сол кездегі КСРО ауыр өнеркәсіп халық комиссарының бірінші орынбасары Николай Константинович Байбақовтың (кейін КСРО Мемлекеттік жоспарлау комитетінің төрағасы), Қазақ КСР Халық Комиссарлары Кеңесінің Төрағасы Ораз Жанұзақұлы Исаевтың нақты нұсқаулары үлкен рөл атқарды. 1937 жылдың аяғында қуатты 1600 ат күшіне тең жаңа дизельді электр станциясы пайдалануға берілді. Сонымен қатар кәсіпшілік шаруашылығын электрлендіру ісі басталды. 1935 жылы берілген 726 километрлік Гурьев Орск магистральды мұнай құбыры Қосшағыл мұнайын Орск зауытында өндеуге мүмкіндік берді. Аса қиын ауыз су мәселесі құрылысы 1938 жылы жедел біткен Гурьев Қосшағыл су құбыры арқылы шешілді.
1938-1941 жылдары Жем мұнайлы ауданы өнімінің 26 пайызын негізгі үш кәсіпшіліктің бірі болып Қосшағыл өндірді. Аталмыш уақыт ішінде ұңғылардың ескі қорларынан бүкіл мұнайдың 78 пайызы, яғни екінші бесжылдықтағыдан екі есе артық өндірілді. Міне, осындай ерен еңбектің арқасында халықтың тұрмыс жағдайлары жақсарып, балаларын оқуға беріп, үлкендерін жұмысқа орналастырып жаңа ғана қуаттанып, қуанышқа бөленіп келе жатқанда ойламаған жерден әуелі 1939 жылы фин соғысы, ал 1941 жылы 22 маусымда гитлершіл Германия соғыс жарияламастан Кеңес Одағының жеріне тұтқиылдан келіп шабуыл жасады. Неміс басқыншыларының опасыздық шабуылы және елімізге қарсы соғыс ашуы, біздің Отанымызға елеулі қатер туғызды Сол жылы 3 шілдеде Қосшағылдың орталық көшесінде бағанаға ілінген қара түсті репродуктордан Наурызғали ағаларына еріп барып, сол кездегі ұлы көсем Сталиннің «Жау қатал рахымсыз. Ол біздің маңдай теріміз төгілген жерімізді басып алуды, біздің еңбегімізбен тапқан астығымызды, мұнайымызды басып алуды мақсат етеді», деген сөзін тыңдап, «Бешім атам ашқан мұнайды фашистер алатын болды-ау» деп қатты күйзеліп, көзіне жас алып, көсем сөзінің аржағын тыңдамай үйге қайтқаны бар. Олардың балалығын сұм соғыс ұрлады. Көкірегінде Отанымды қалай қорғасам деген ой жатты. Ел іші құлазыған даладай тұнжырап күрсіне демін ішіне тартты. Халық абдырап қалды.
...1941 жылы наурыз, сәуір айларында Төремұрат ағасы Фин соғысынан оралып сұрапыл қырғи қабақ соғысқа қайта кетерінде Наурызғалиды құтпағына алып иіскелеп, маңдайынан сүйіп, сен жақсы оқы, анаңа қолғабыс жаса деп, аманат тапсырып кеткендей үлкен әсер қалдырған. Оларды шығарып саларда көкелеп соңдарынан жүгіріп қимастық сезімін білдіргені әлі есінде. Соғыс кімге жақсылық әкелген. Ешкімге де... Халықтың жағдайы күрт өзгеріп, өте адам айтқысыз жағдайға душар болды.Үйінен соғысқа кетпеген кісі жоқ. Қошағылдық бір топ Ханым Жексемалиева бастаған қыздар да өз еріктерімен майданға атанды. Барлық ауыртпалық әйелдер мен жастардың мойнына түсті. Жастар майданға кеткен әкелері мен ағаларының орнын басып, соғыс дәуірінің ауыртпалықтарын табандылықпен көтерулеріне тура келді... Әйелдер соғысқа кеткен ерлерінің орнына ауыр жұмысқа шықты. Наурызғали үйіне көрші тұратын Қалдан деген досының анасы Мұқанова Айман жерасты жөндеу бригадасына бұрғышының көмекшісі, ал Есерова Әдемі, Бектілеуова Ағила, Самарханова Сүйрік, Жайлыбаева Нұржауған мұнай өндіруші оператор болып жұмысқа шықты. Ал бүгінде сексен жасқа келген жақын апасы Елеспаева Қатыш жолдасы соғысқа кеткенде оның орнына автокөлік айдайтын ер адам табылмағасын үлкен астаулы ауыр жүк тасымалдайтын автокөлікке жүргізуші болып отырып, сонау Доссор мен Гурьевтен Қосшағыл кәсіпшілігіне ауыр құбырлар тасымалдаған. Кейін автокөлігі ескіріп есептен шығарылғанда, трактор айдаған. Олар екінің бірінде бірнеше тәулік көз ілместен жұмыс істеп жүрді. Өздеріңе берілген еңбек жоспарларын 205 пайызға орындады. Ұран, бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін болды.
Қосшағылдықтар ұлы Жеңіс күнін жақындату үшін бесікте бұлқынып жатқан сәбиіменен бірге күреске шықты. Нәтижесінде мұнай мөлшері 35 мың тоннаға артты. Жұмысшылар адам төзгісіз қиын жағдайда еңбек етті. Осының бәрін көзбен көріп, іштей жүрек сезімімен таразылай білген Наурызғали балалықпен ерте қоштасып, ерте есейгендей болды. Ауылда түнде электр жарығы болмайды, тамақты дүкеннен карточкамен береді. Ала таңнан соған кезекке барады үйдегі балалар. Мизам, Құлбарақ, Аққайша бәрі де оқитын. Олда сол 1941-жылы мектеп табалдырығынан аттап бірінші класқа барды. Қолына қалам ұстатып, әліппені үйреткен алғаш ұстазы Қыстауғалиев Қабжан ағай өте мейірімді, адам біткенге тек жақсылық ойлайтын, қайырымды қарапайым балажанды жақсы адам болатын. Ол класта жүргенде әрбір жасөспірімнің жүрегіне ізгілікпен шырақ жағып жүрген әулиедей әсер қалдыратын. Балалардың тілін тауып, онымен шынайы ыстық қарым-қатынас жасайтын. Әрбір шәкіртінің бойындағы барлық қасиеттерді анықтап, оны дамытуға күш салатын. Жетім балаларды қатты аяйтын. Киімі жоқтарға үйінен ілуге жарайтынын әкеліп беретін. Кластағы барлық шәкірттері оның ыстық алақаны маңдайларынан сипағандай жұмбақ тартылыс күшпенен оған қарай еріксіз ұмтылып, оның әрбір сөзін ұйып тыңдайтын. Салқын, жаңбырлы күндері сабақтан кейін оқушыларды үйлеріне өзі әкеліп тастайтын. Көп ұзамай ол кісі де шәкірттерімен қоштасып майданға аттанды. Сол бір қимастық сәтте Наурызғали жақсы ұстаздың ата-анасынан да ыстық жақын болатынын сезінді. Оның бейнесін жарқыратуды балалық қиялымен өзінің міндеті деп білді. Ол кісі кеткесін мектептің директоры әрі оқу ісі меңгерушісі Карабалин Сүлеймен ағамыз сабақ берді. Бұл кісі көреген, өн бойына инабаттылықты, имандылықты, кішіпейілдікті, адамгершілікті, парасаттылықты өзінің білімділігімен жинап алған ұстаздардың ұстазы, шәкірттердің өмір жолының бастаушысы бола білген ғибратты жан еді. Түр түсі және мінезі жыр дүлділі, әрі батыр Махамбет ақынға ұқсайтын. Ол сөйлегенде әрбір сөзден жалын өрілгендей болатын. Оның істеген әрбір ісі, айтқан сөзі, қорытқан ойы шәкірт бойында бұлжымастай кірпіш болып қаланып қалатын. Мектепте оны бар ұстаз, бар оқушы пір тұтып, айтқанын екі етпейтін. Өйткені, оның сілтеген бағыты өмірде адастырмас сара жол еді. Наурызғалиға Қосшағылды ұстап тірек болып тұрған осы ғажайып бір туар тұлға болып көрінетін. Бұл бір қиын уақыт ғой. Мектепте дәптер, қағаздар дегендер ол уақытта тапшы, тіпті жоқ. Дәптердің орнына орысша кітаптар мен газеттерді, цементтің сары қағаздарын пайдаланып, ал сияның орнына қара майды қыздырып әкесі қолдан жасап беретін. Соғыс басталғалы үйдің тұрмыс жағдайы қиындай берді, киетін киім де жоқ, тамақ та жоқ. Бірақ, сабақты жақсы оқу керек. Бірінде класында сабақ үстінде бір бала тентектік танытып ауық-ауық ыңылдап апайлары қой дегенде болмай, ақыры өлең айтып көнбеген соң, апайлары Карабалин Сүлейменді шақырып келіп, болған жағдайды айтқан. Жас талантты бір көргеннен тани білетін үлкен жүректі ұлы ұстаз, одан көзін алмай «композитор Тұрлан Күзембаев, әдеп сақта, сен түбі «Жеңіс» поэмасын музыкамен жазасың, ол үшін терең білімді, инабатты, көп ізденетін еңбек сүйгіш қайсарлы азамат болу керек» деп, тақтаға борменен Гитлердің сұсты суретін салып, егер де жаман оқысыңдар, ұстаздардың айтқанын тыңдамай, мектептегі ішкі тәртіпті бұзсаңдар мына жыртқыш хайуанға айналған Гитлерден жеңілеміз, ал тек жақсы оқысақ, тәртіпті әдепті болсақ ғана жауды жеңеміз дегені бар. Осы бір ұран тектес ұлы сөз Наурызғалидың жүрегінде өшпестей мәңгілікке жазылып қалды. Осылайша олар жеңіс үшін жақсы оқыды. Ал әлгі бала ақырында ұлы ұстаз айтқандай елге белгілі композитор болып шықты.
Жоғарыда айтқандай халықтың тұрмысы күннен күнге қиындай түсті. Жақын жерде тұратын Жақашев Раш жиен ағасы қолы босағанда Наурызғалидің үйіне келіп, қолғабыс жасап балаларды еркелетіп, майданның хабарын айтып көңілдерін жұбататын. Адамдар бір-біріне сүйеніш болғанымен, жыландай жорғалап елге аштық келе бастады. Бірінде кешкі шәй үстінде олар тұратын көшеден қашықтау жерде тұратын бір толық қара кісі келіп, шәй ішті. Анасы барын алдына қойды. Бірақ әлгі кісі кетер емес. Балаларға аздап тамақ пісіріліп жатқан еді, енді соны күтіп отырғандай ыңғай танытты. Балалар болса қарындары аш, әлі тамақтанбаған, енді не істеуге болады. Сонда анасы балаларына жаны ашып, шыдамы таусылып, қаншама аштық болса да ер адам ар-намысын жықпас болар, мына бүлдіршіндер тамақтансын, ішер, шәйіңізді іштің, енді аш балалардың тамағына ортақ болған ұят болмай ма деп, жүректегі ойын ашына айтты. Әлгі кісі ыржалаңдап күліп үйден азар кетті. Бейтаныс кеткен соң балалар аз-мұз тамақтарын ішіп жүрек жалғап жатқан. Содан таң сызаттанып белгі берер кезде әке-шешесінің күбір-күбір сөйлеген даусынан балалар оянып кетті. Тұрса, есіктің алдындағы бөлмеде тұсаулы тұрған сиырды белгісіз біреу ұрлап алып кетіпті. Әкесіне еріп жүгіріп сыртқа шықса ай сүттей жап-жарық, айнала аппақ қар жауған, қарда сиырдың ізі ұрыны осы бағытпен іздеңдер дегендей сайрап жатыр. Әкесі, 2-3 бала болып сиырдың ізінен жүгіріп келеді. Келесі көшеден тұсаулы сиырды жүргізе алмай сүйретіп кетіп бара жатқан кісіні көріп, әлгі қашамын дегенше қуып жетіп, «Бұл не болғаның, қонағымыз болып малымызды ұрлағаның адамшылыққа жата ма, мына балалардың таңдайын кептіргенде саған құдайдың қарғысы тимей ме, соншама имансыз болғаның не?» деп, әкесі ұрсып, сені соттатып түрмеге қаматқаннан абырой болмас, ендігі жерде ақылың болса ұрлық жасама» деп оны қуып жіберді. Осылайша ел ішінде соғыс уақытында ұрылар да індерінен басын қылтитқан сарпы-ұнтақтарға ұқсап шыға бастады. Жасы үлкендердің ішінде де арсыз адамдар болатынын Наурызғали сонда түсінді. Өздеріне жаманшылық жасаса да әлгі кісіге жақсылықпен жауап беріп ұстамдық байқатқан әкесінің мінезіне сүйсінді.
Жалпы Наурызғалидың әкесімен бірге анасы Кенжеш те өте қайырымды да мейірімді жан болатын. Ішкі жан дүниесінің мөлдірлігі іс әрекетінен көрініп тұратын. Мұқтаж адамдарды есіркеп, оларға қолынан келгенше жәрдемін аямайтын. Жетім көрсе жебей жүретін. Қайыр садақа, бітір, зекет берсе өзін Алланың алдында жеңілденгендей сезінетін.
Ал көршілер десе жанын салатын, оларды бірде бір ренжітіп көрген емес. Олардың балаларын өз баласынан кем көрмейтін. Үйіне келсе қолындағы барын ұсынатын. Бірде Наурызғали таңертең мектепке кетейін деп жатқанында әрі көрші, әрі ағайын Төлеудің баласы Тынымғали келіп тұр. Ол бала кеше кеште үйге келіп кеткен. Сонда Наурызғалидың анасы «тамақ пісіріп жатырмын, қазір үйде танымайтын бір кісі қонақ болып отыр, шәйін ішіп болды, бірақ әлі кетпей отыр, неге екені білмеймін сен бүгін маған ренжіме, таңертең мектепке барар да біздің үйге келіп кет, саған, айналайын, құлақ алып қоямын, жарай ма» деген екен. Тынымғали таңертең сол көрші анасының айтқанын ұмытпай келіп, құлақ жеп мәз болды. Ол аштықта жеген құйқасын өскенде ұмытар ма?..
Соғыс кезінде елдегі жағдай күннен күнге қиындай берді. Қара бұлттай түнеріп, қара табыт жеткізгендей Қосшағылға қара қағаздар келе бастады. Боздақтарынан айырылған жанұялардың өксігі бар маңайды тұнжыратып күрсіндірді, маң далада бой түзеген алып мұнаралар шайқалғандай болды. Жас бүлдіршіндер соғысқа кеткен көкелерінің аман оралуын тіледі. Соғыстың жалын оты жылдан жылға өрши түсті. Жау іргедегі Сталинградқа келді. Көп кешікпей жау самолеттері Қосшағылдың да үстінен өтіп, Иманқара жаққа өздерінің жансыздарын лақтырды. Мұның бәрі халықты үрейлендірді. Көрші ағасы, әкесінің құрдасы әрі туысқаны Айса майданға кетіп бала-шағалалары және жеңгесі Жәмилә жылап қалды. Сондағы Машырық пен Алашпайдың әкесін құшақтап өксігенін көрсең жүрегің мұздап түршігеді. Ал Наурызғалидың әкелері Ердәулет, Бердәулет мұнайшы болғандықтан соғыстан бронмен қалды. Түсінгенге тылдағы жұмыс та өте ауыр, соғыстан кем емес еді.
Осылайша сұм сұрапыл соғыстың отты жалынын етегінен сөндіре алмай жанталасқан, қайғыға толы мұң шер арқалаған 1943 жыл да келді. Әкесі Ердәулетті жаңадан ашылған Комсомол кәсіпшілігіне тәжірибелі маман ретінде жұмысқа жіберді. Бұл жерге әуелі шешесі Кенжешпен үшеуі келіп орналасты. Ол уақытта салынып жатқан үй жоқ. Кәсіпшілік директоры қазақ мұнайшыларының тұңғыш инженері Сафи Өтебаев 1 машина ағаш, қамыс беріп жертөле салып алуға жәрдем берді. Бұл жертөледе, Қазиев Ситекен деген мұнайшымен екі үй болып бір пештің екі жағында отырды. Келесі жылы әкесінің ағасы Мұқан, мамасы Жонай баласы Құлбарақ, қызы Маруся және Мизам аға көшіп келіп өздері бірігіп жеке жертөле салып соған кірді. Тірі адам ізгі тірлігін істейді. Үлкендер майдан үшін мұнай беріп талмастан еңбек етсе, Наурызғали бар күш-жігерін жақсы оқуға жұмсады. Қазақтың тұңғыш мұнай инженері Өтебаев Сафидай болсам, жұмысшылардың ауыр жұмысын жеңілдетсем деп армандады. Сафи атаны сыртынан көріп қарапайымдылығына, ашықтығына таң қалатын. Ол кісінің өзі Комсомол кәсіпшілігіндегі құйма құлақ қарттардың айтуы бойынша мұнай жұмысшыларын алғашқы рет жеті жасында 1916 жылы көрген екен. Ат арбамен сонау өзі туған Қарабаудан жүз шақырым жердегі Доссорға әкеліп, мұнай кәсіпшілігінде жұмыс істеп жүрген ағалары Ғұсман мен Қазиға: «Сафижанды біреуің кәсіпшілік басына алып барыңдаршы. Көрсін мұнайдың жұмысын» дегенде сол сөзді әкесі Өтебайдың аузына құдай салған шығар. Сөйтіп әу баста оның көргені Доссордағы мұнайшы ағаларының азапты өмірі болыпты. Оның сол мұнай кәсіпшілігін көріп, жасөспірім шағында инженер болуды армандаған қиялы ағаларының ауыр жұмысын жеңілдетуді ойлағаннан шыққаны да әбден табиғи құбылыс. Адамды ойламаған адамзатты ойлай алмайды. Жақынына жақсылығы жоқтың шартарапқа да шарапаты жоқ. Сафи ағаның бағына қарай, 1925 жылы күзде Доссорда ФЗУ ашылып, бұрғышы, слесарь, токарь, оператор мамандықтарын оқыта бастайды. Сафи аға оқу бітірген соң 1928 жылы бұрғышы болып шығады. Одан кейін Орынбор рабфагіне түседі. 1931 жылы Баку мұнай институтының студенті атанады. Осы оқу орнында жалғыз қазақ та, тұңғыш қазақ та Сафи Өтебаев болған. Сабаққа алғыр Сафи сондағы факультет комсомол комитетінің хатшысы болған. Ол Бакудегі мұнай институтын бітіргеннен кейін өзінің туған жері Ембінің топырағына келген. Ол кісі Бешім атаны аса қатты құрметтеген. Міне, Наурызғалидың Сафи ағаны көргендегі ішкі толғанысы осындай болатын.
Мектептің директоры Ташенов Қара байсалды, бауырмал өте бір жақсы адам болды. Наурызғали жаңа кластас достар тапты. Олар: Ашығалиев Қошай, Баймағанбетов Қалы, Нұржанов Нұри, Амантұрлиева Салима, Шотықбаев Қайрат, Құрманов Садуақас, Бақтығаз, Арызғұлова Сәлеш, Жамиға, Оразғалиев Сансызбай, Мұханбетәлиев Медеу, Байтаңатов Сайдалылар еді. Оларды майданнан келген жақсы хабарлар қуантып, жас жандарына жігер берді. Кеңес елін мүдірместен басып аламыз деген неміс-фашист басқыншыларының залымдық есебі түгел адыра қалды. Кеңес халқы және оның Қарулы Күштері Ұлы Отан соғысының ауыр сындарының бәріне абыроймен төтеп берді. Олар гитлерлік соғыс машинасын талқандап, Берлинге жеңіс туын тікті. Бұл жеңіс туын алғаш тіккендердің бірі, бірегейі Қосшағылдан майданға аттанған, Кең Жылойдың қаһарман ұлы Қараманов Рахметолла еді. Жеңіс күніндегі қуаныш Наурызғалидің жүрегінде мәңгі сақталып қалды. Адамзат баласы қай уақытта да бәрі бірігіп залымдықпен, зұлымдықпен күрессе, әлемде бейбіт үнді тыныштық құсы еркін қанат жаятынын аңғарды. Соғыстың соңғы жылдары да өтті, бірақ елдің жағдайы бірден оңала қойған жоқ. Қиыншылықтардан шығу үшін бүлінген шаруашылықтарды іске асыру жұмыстары қызу жүріп жатты.
Комсомол кәсіпшілігінде орта мектеп болмағандықтан 1948 жылы 8-ші класты Доссордағы интернаты бар Абай мектебінде жалғастыруға тура келді. Үш оқушыны сол Абай мектебіне алып барған мектеп директоры Ташенов Қара ағай тек ғана Наурызғалиды сол мектептің директоры Сарғұнанов Ораз ағайға алып барып, «мынау тәртіпті, өте жақсы оқитын бала болашағынан көп үміт күтеміз, сен қадағалап қамқоршы болып қарасып тұрарсың» деп тапсырып кетті. Осылайша елден жырақта өз тірлігімен өз күнін өзі көріп күнелте бастады. Ата-анасының абыройы ары, намысы үшін күресті. Олардың атына кір келтірмеуге бар күш-жігерін салды. Бірінші тоқсан басталып кетті, барлық сабақтан да оқуы жаман болған жоқ. Бірақ алгебра мен геометриядан қанша әзірленіп барса да Қанатбаев Бержан атты ұстаз ағай одан сабақты көп сұрайтын, есептерді қайта-қайта шығартып мазалайтын, мұның түп мақсатын түсінбеген Наурызғали кейде оның алдында абыржып, берілген тапсырманы айта алмай қалып нашар баға алатын болды.
Бірінші тоқсан бітті, 2 сабақтан «2-лік» шықты, балалар каникулға кетіп жатыр. Түске жақын мезгіл, бүкіл интернатта тек ғана жалғыз өзі қалған, керуетте көңілі құлазып бүк түсіп жатыр. Көзі сәл ілінгендей болған. Түсінде анасы Кенжеш құлыным неғып жатырсың тұр сағындым ғой, ауылға жүр дегендей ишарат білдірген. Оянса коридорда біреудің келе жатқан аяғының сықыры естіледі. Әлде біреу өз шаруасымен жүрген шығар деп, ол жата берді. Бір уақытта әлгі адам ішке кірді. Наурызғали басын көтеріп қараса мектеп директоры Сарғұнанов ағай, іш бауыры елжіреп қоя берді, ұялғаннан екі беті өрттей дуылдап жылап жібере жаздады. «Бешімов қалың қалай» деп сұрады ол оның ішкі дүниесін бірден түсініп. «Ағай қалым жаман алгебрадан, геометриядан нашар бағаларым бар» деді ол. «Онда маған еріп жүр» деп мектепке бет алды. Сен осы жерде тұра тұр деп, өзі завуч Қанатбаевтың кабинетіне кіріп кетті. Біраздан кейін оны ішке шақырды. Қанатбаев оны қарсы алдына отырғызып алып екі пәннен жиырма шақты есеп берді. Наурызғали бәрін де шығарып берді. Ауызша сұрау қойған жоқ. Сосын екеуін де өзі қарап, тексеріп бестік баға қойып, бірақ тоқсанға үш шығаратын ойын айтты. Наурызғали Ташенов Қара ағайдың өзін Сарғұнанов Ораз ағайға алып барып тапсырып кеткенін сонда түсінді. Ол оқыған интернаттың жағдайы жақсы болмайтын. Іші суық, көбіне балаларға салқын тиіп күрк-күрк жөтеле беретін. Балалар өздері отынға ағаш, малдың қиын іздеп тауып пешке от жағатын. Тамақтың да жағдайы мәз емес. Олар аш та, жалаңаш та болды. Бірақ та қиындықтарға қайыспады, қайраққа қайралған болат қылыштай шыңдалып өткірлене түсті. Шамалары келгенше интернат асханасына кезекші болуға асығатын, сонда бір тойып тамақ жегендеріне мәз болатын. Қайран ұмтылмас балалық бал дәуренай! Интернатта жататын орын да жетіспейтін. Кейде екі бала бір керуетке жататын.
Нағыз достық, мейірімділік мектебі осы интернатта болды. Жүрек жылылығы осында қалыптасты. Өзара сыйластықтың арқасында олар бір үзім нанды бөліп жеді. Бірі ауырса қалғаны ұясына жем тасыған қарлығаштай шырылдап бір-біріне демеу болды. Интернатта Қызылқоғадан келген Тілеубеков Мырзабай, Рахметов Мақаш, Ерғалиев Төлеген деген үш бала Наурызғалимен бір бөлмеде жатты. Каникулға ауылына барып келгенде 1-2 қапшық қуырылған тары алып келетін. Күнде жатарда содан бір уыстан тары жеп, соның арқасында олар кейін аштық көрмеді. Мақаш, Мырзабай, Төлегендер ержетіп еліне танымал атақты мұнайшылар болды.
Каникулдан оралған соң екінші тоқсан басталып Наурызғали жақсы оқитын балалардың қатарына қосылды, Бержан ағай оны 1-ші партаға отырғызды. Сол мектепте бірге оқыған достарының ішінен Батырбаев Мәукен, Аманғалиев Байғабыл, Мұханбетәлиев Демеу Мәскеу мұнай институтын бітіріп, атақты мұнайшы инженерлер деңгейіне жетті. Уақыт тұлпар қадірін біліп, онымен дос сырлас болып көрегенділікпен тізгінінен ұстай білсең ғана аудармайды, ал бос белбеу болсаң кемерінен лақтырып тастайды, не өлі емес, не тірі емес әйтеуір екі аяқты бір жұмыр басты пенде болып жүресің, далада бос қаласың, оған дәлел Наурызғалиды алға жетелеген жылдардың ішкі иіріміне көңіл бөліп қарасаң өзің терең ұғасың.
Доссорда мектепте оқып жүргенде анда-санда үйіне барып шәй ішіп кететін оның тек ғана бір үйі болды. Ол жан досы Мәукеннің үйі. Мәукеннің әкесі Хасан ағай аупарткомда жұмыс жасайтын. Үлкен орында жұмыс жасағанмен қарапайым, өте тамаша балажанды, кең пейіл, жаны жомарт жақсы адам болатын. Үйіне барғанында оның маңдайынан сипап, осы Наурызғалижан түбі аупартком болады деп әзілмен көңілін көтеріп төрге шығаратын. Қондырып, жуындырып өз баласындай қадірлейтін.
Мәукен бүгінде ірі коммерсанттардың бірі, ол қазірде Ақтау қаласында тұрады. Ұлы-қыздары да оқып әр қалаларда еңбек етіп әке жолын жалғастыруда.
Осылайша Наурызғали 1951 жылы Доссордағы Абай атындағы мектепті ойдағыдай жақсы деген бағалармен бітірді. Емтихандар біткен күні мектептің директоры Сарғұнанов ағай оны аудандық оқу бөлімінің бастығы Лұқпанов шақырады деп, ертіп алып барды. Ол кісі жылы шыраймен қарсы алып, «Балам мектепті үздік бітіріпсің, саған Мәскеудегі емтихансыз түсетін Энергетика институтына жолдама бергелі отырмыз, оқуыңды бітірген соң осындағы мұнай кәсіпшілігіне келесің, бізде мамандар тапшы» деп күлімсірей қарады. Наурызғали үн-түнсіз қалды. Ал олар Наурызғалидың бұл қылығына аң-таң. Сәлден соң Наурызғали «Ағалар, мені айыпқа бұйыра көрмеңіздер, мен мұнай тапқан Бешім атамның жолын жалғастыру үшін, әкем Мұқанның аманатын орындауға тек мұнайшы болуым керек, сондықтан да мен бұл жолдаманы ала алмаймын» деп әсем қоңыр даусымен жүрек түкпірінде жатқан ойын жеткізді. Қолына жолдама қағазды ұстап отырған Лұқпанов біраз ойланып отырды да, чокас та болсаң ақылың бар бала екенсің, алған бағытың дұрыс, болашақ мамандықты сүйіп барып таңдау керек, өмірде де солай, көрмей, білмей, ұнатпай сүйе алмайсың, өзің сүймейтін іспен шұғылдансаң, одан өзіңе де, еліңе де пайда болмайды, әркім өзі сүйетін мамандықты таңдауы керек, сонда ғана өмірі сәнді болады, әрі қоғамға көп пайда келтіреді» деп, оны қолдап, ойлаған мақсатына жетуіне тілектестігін білдірді. Сарғұнанов ағай екеуі интернатқа бірге келді. Жолда ол да өз ойын жасырмай айтқанына ризашылығын білдірді. Шынында жолдама алмауының себебі әкесі оған сенің атаң Қосшағылдың мұнайын алғашқы ашқан елге белгілі кие дарыған адам, сен оның жолын жалғау үшін тек Мәскеудегі Губкин атындағы мұнай институтына барасың, мұнайшы боласың дейтін. Оған қоса бірінде олар тұратын Комсомолдағы үйге ағайын Мәскеуде мұнайшылар дайындайтын институтта оқитын Әбу Атшыбаев ағай әкесіне көрісуге келген. Ол қара нардай еңгезерлі, қара өңді бетінде қаны ойнаған, үстінде әдемі жарасымды формасы бар, мінезі ақ жарқын, бауырмал, қоңыр самалдай есіліп, сөйлеп тұрған ізетті жігіт екен. Әкесіне аман-саулығын, қалай оқып жатырғанын айтып, кетерінде Наурызғалиды құшағына қысып, бауырым оқу бітіргесін Мәскеуге мұнайшылар дайындайтын институтқа кел, терең білім аласың, қиналсаң өзім де білгенімді үйретемін деп кеткен болатын. Сол нар ағаның бейнесі көз алдында сақталып, оны үнемі оқуға шақырып, қиялын алға жетектеп жүргендей болатын. Балалық ойына қанат бітіріп алға талпындыратын...
Сонымен 1951 жылы орта мектеп бітірген аттестатын алып, қуанышы қойнына сыймай Комсомолдағы үйіне келді. Анасы Кенжеш маңдайынан иіскелеп қарсы алды. Әкесінің ағасы Мұқанды қатты науқастанғасын дәрігерлер Гурьевке ауруханаға алып кеткен екен. Келесі күні жолға азық-түлігін алып Гурьвке жүретін жол-жөнекей көлікке мініп, әкесінің ағасы жатқан аурухананың бас дәрігері Сүндетов Ахметке жолықты. Ол кісі бірден жақсы қабылдап, амандық саулықтан кейін, «әкең Қосшағылдың мұнайын алғашқы тапқан кісі екен, бар күшімізді салып емдеп жатырмыз. Бірақ әкеңнің науқасы баршылық, әзірше беті бері қайтатын емес, әбден өткізіп алған. Егер қайтыс болып кетсе біз дәрігерлік тәртіп бойынша операция жасап ішкі құрылысын түгел ашып тексереміз, сондай жасамас үшін әкеңді үйіне алып кеткенің дұрыс болар» деп шындығын айтты. Содан ауруханадан шығып базарға барып, Құлсарыға баратын үстіне Қызыл тас тиеген бір автомашинаның жүргізушісіне жағдайын айтып түсіндіріп еді, әлгі жүргізуші Бешім, Мұқан ата есімін естісімен, жүр балам қысылма, әкең елдің адамы ғой, тасы құрсын, бізді адам қылған сол ақсақал еді, жетім күнімде жебеп қол ұшын аямай беріп еді деп, келісе кетті. Жақсы әкенің есімі баласына қырық жыл азық деген рас сөз екен. Сонымен ауруханаға келіп, әкесін сүйемелдеп шығарып үстіне көрпе, киіз салған машинаның ағаш қорабына жайғастырып, жылы орап, жанында өзі отырып Комсомолдағы үйіне алып келген. Ағайын-тума, жергілікті тұрғындар Наурызғалидың бұл ерлігіне қуанып еміренді. Атадан жақсы ұл туса, есіктегі басын төрге сүйрер деген осы ғой, маңдайы жазық келген бала екен, түбі елінің қамын жейтін азамат болайын тұр деп, Бешім атаның немересін мақтаныш тұтты. Бұл сөзді естіген анасы қуанып ел ақсақалдарына қоңыр шәйін беріп, баласына олардың ақ батасын алғызды. Туу хақ, өлу хақ деген рас ғой. Бәрі бір Аллаһтың заңы, өзі береді, өзі алады. Наурызғалиының қызығын көріп, оны туған жердің топырағына алып келгеніне риза болған Мұқан қарт жеті күннен кейін қайтыс болды. Көз жұмарының алдында соңғы рет немересінің маңдайынан иіскелеп, сен атаңның жолын жалғастыр, Мәскеуге қалай да бар оқы, мұнайшы бол деп, аманатын күбірлеп қайталап, қолын қысқан күйінде сәл күлімсіреп, мен артымда Наурызғалидай ұрпақ қалдырдым дегендей кейпін танытты. Өмірдің қас қағым сәттік екенін Наурызғали сонда ұқты. Сол қамшы сабындай уақыт қаншама күреске толы десейші. Әкесін жер анаға тапсырып жылап қайтты. Одан бұйырғаны бір уыс тапырақ болды. Қайтадан күйбең тірлік басталды. Сатып ақша қылып, оны оқуға жіберемін деп жүрген жалғыз сиырды әкесінің кәдесіне жаратты, армандаған оқу қалды.
Үйде шешесі Кенжеш, науқас ағасы Құлбарақ, мектеп жасындағы қарындасы Мәруся қалды. Мизам ағасы ол уақытта Қосшағылда жұмыс жасайтын, өзінің әкесі Ердәулет, үлкен шешесі Жонай 1947,1949 жылдары қайтыс болған. Күн көрістері шешесінің алатын 30 теңге зейнетақысына қарап қалды. Енді қалайда еңбекке тезірек араласып, анасына қолғабыс жасау қажет болды.
Сол үмітпен жұмысқа кірейін деп кәсіпшілікке барса, күнде оны балам әзірше жұмыс жоқ деп бер жағындағы кішкене кеуде соққан бастықсымақтар қайтара беретін. Бір күні сол Комсомол кәсіпшілігінде экономист болып жұмыс жасайтын кең пейілді Құрманов Бисен деген көрші ағасы үйге келіп, оған «Наурызғали, жүр конторға барайық, сені жұмысқа орналастырайын» деп, кәсіпшілік директорына ертіп келеді. Бұл кезде басшылықта отырған ағамыз Қуаныш Құдабаев Фин соғысына, Ұлы Отан соғысына қатысқан, өмірде көргені көп, жұмыста қатаң талап қойғыш, тәртіп бұзушылыққа дегенге жаны қас, ол ұрысса да ақыл-кеңес беруді және кісілікті сақтауды да білетін орынсыз ақырып-жекірмейтін, тартымды мәнді сөйлейтін, өте білімді, үлкен жүректі, терең ойлы, жақсылық жасауға дайын тұратын, жедел шешімді ғажап ұйымдастырушы талай жас ұландардың, қанатын қырандай қақтырып биікке ұшырған, қарауындағы адамдарға қайырымды, мамандардың беделін кемітпейтін, оларға үнемі бағыт беріп, толық сенім көрсете білетін нар тәуекелді, айқай-шусыз, дау-дамайсыз қызмет атқаратын елге сыйлы азамат еді. Ол көрегенділігін білдіріп, мұнай тапқан Бешім ата немересін жылы шыраймен қарсы алды. Жұмыстың ауырлығын айтып, атаңның атағына дақ түсірме, жақсы еңбек ет деп, ақыл-кеңесін айтып оны гаражға машина жөндеуші слесарь қылып орналастырды. Міне, осылайша Наурызғали 16 жасында еңбек жолына қадам басқанына, ата-анасына жәрдемге жарағанына қатты қуанды. Жұмысқа ала таңнан тұрып барып, кешқұрым қайтып, адал еңбегімен көзге түсе бастады. Өзіне берілген тапсырмаларды уақытында орындап алғыр еңбек сүйгіш жігіт атанды. Өмірде естен кетпейтін бір қуанышы, өзін азамат сезініп ата алдындағы жауапкершілікті ту қылып, алғаш еңбек жалақысын анасына әкеліп берген күн еді. Өзіне өмір берген ананы қуантқаны қайдан есінен кетсін.
Қиялында тезірек, адамдар мына сұм соғыстың ауыр күйзелісінен арылып, тұрмыс жағдайлары жақсарып тезірек қуанышқа бөленсе екен деген ізгі тілек жатты. Халықтың әл қуаты артса ғана жоғарғы оқу орнына бара алатынын түсінді. Жұмыстан сәл қолы босаса анасына жәрдемдесті.
Азды-кемді қолға түскен әдебиет кітаптарды қалдырмай сүйіп оқыды. Адамның өзін-өзі танып жаны сұлулығы таза болмай, ол үшін күреспей, көпшілікпен араласпай ата салтты ұғынып, соның мөлдір бұлағынан сусындамай, ізденіп білім іздемей, ата-анаға мейірімді болмай, үлкендерді құрметтемей, ешкімнің хақын жемей жан-жақты дұрыс тәрбиелі азамат болып жетілу жолын өндірісте озат жұмысшылармен, құйма құлақ ақсақалдармен араласа жүріп үйренді. Ұжымдағы ақсақалдар да оны еңбекте тәрбиелеуде аянған жоқ. Барлығы да санадан ғой. Наурызғали олар төккен ізгілік нұрын бойына тез сіңіріп алды. Ол өзінің зеректігі арқасында табиғат жаратылысына ой жіберіп, білімнің бастауы Тәңірде екенін іштей сезе біліп, оны терең қастерлеп, оған мойынсұнып тылсым жұмбақтарына ой жүгіртті. Құдайдан қорқа білді, іштей шешесі, әкесі үйреткен «бисмилласын» тастамады. Ол құдайдан безген адамдардың надандықтан даналық пен тәртіпті елемейтінін, олардың имансыз, арсыз болатынын, қызыл дүние қуып, соған құл болып өтетінін өмірден өз көзімен көріп жақсы мен жаманды жастай айырып талдай білді. Әр түрлі мінез, әртүрлі тағдырларға өзінше іштей шолу жасап топшылады. Жаны сұлу адамдардың сырттай қарапайым, кейде тіпті ұяң болып келетініне ерекше ой бөлді. Оны өзінше зерттеді. Жақсы болу үшін, ақиқаттың ақ жолымен үнемі өзіңді өзің тәрбиелеп көркем мінез қалыптастыру керек екенін әбден түсінді. Ұлы Абайдың қара сөздерін жанына дауа қылды. Соғыс жылдары үзім нанның қадірін ерте білген ол жүрек жылылығы, мейірімділігі жоқ адамның өзімшіл, өр көкірек болатынына әбден көзі жетті, ондайларға мал бітсе жақынын танымай, тек ғана қорыққанын сыйлайтынын өмірде көріп іштей жиіркене білді, шыншыл болды, аманатқа қиянат жасамады, дүние-ақыретте өзіне пайда келтіретін нәрсеге ұмтылды, бас артық дау-жанжал, мылжың сөздерден, бос мағынасыз өзіне қатысы жоқ абырой-беделіне нұқсан келтіретін нәрселерден аулақ болды, өзі үшін адалдыққа жетелеп, адам жанын тәрбиелейтін, иман байлығы мол маңызды болған өз ісімен айналысты. Оған өз міндетім деп, жауапкершілікпен қарады.
Талай шаңырақты ойран қылған соғыс оның жүрегін ашындырып жара салғандай болды. Әсіресе Нарынбай, Төремұрат ағаларын есіне түсіріп, олардың сүйектері қайда, қай жерде қалды екен, туған жерден бір уыс топырақ бұйырмады-ау деген өз ойлары жанын тынымсыз мазалады. Сол соғыс уақыттары күнбе-күнгі хабардан хабарлаған Ленинградтың қаңыраған көшесіндегі өліктерді есептегенде, мылжаланған балаларды көз алдына елестетіп, қатты аяушылық білдіретін, қалың ойға батып егер адамдардың жүрегінде иман әлсіреп, кемелдігін жоғалтса, олардың жан-дүниесі басқаларға игілік тілеуден қалып, оның орнына күншілдік, өзімшілдік, рухани азғындық, әділетсіздік, алдап арбауға ұмтылыс пайда болатынын сезінетін, сондықтан да өмірде адамдарға тек жақсылық жасап, ізгілік дәнін себуге еңбектенсем деп, жастық қиялымен күндіз-түні армандайтын. Арада күндер жылжып өтіп жатты.
Жүрегінде білуге деген құмарлық оты алаулап, өмірдегі өзі көксеген мұратына жеткізетін жолды тынымсыз іздеумен болды. Ең ардақты әрі сүйікті болашақ мамандығыма қалай қол жеткізсем деген ізгілікті ой жанына маза бермеді. Үнемі ой үстінде жүретін. Бір күні оның өмірде сәтті қадам жасауына ойда жоқта мынадай қызықты жағдай болды. Гараждың нормировщигі конторға ауысып, орнына жұмысшылардың арасынан оның міндетін атқара алатын қызметкер іздейді. Бірталай кісімен гараж меңгерушісі және кеңсенің еңбек бөлімінің бастығы Нұрғалиев Бораш сөйлеседі, бірақ бәрі де есепке жоқ, берілген сандардың қосып-алуын білмейді, шот соға алмайды. Жиырмадан астам адам қабылдап әбден шаршайды. Сол уақытта гаражға жаңадан жұмысқа кірген Наурызғали есіне түсіп гараж меңгерушісі Әубәкіров оны да ішке алып келеді. Нұрғалиев екеуі манағы жиырма шақты адам шығара алмаған күрделі цифрларға толы есептерді түгелдей оның алдына қойып, қолына шотты ұстатып, «ал бала мыналарды бізге шығарып бер», деп оған ұсыныс жасайды. Наурызғали тапжылмастан отырып әлгі есептерді санаулы уақыттың ішінде алуын да, қосуын да негізгі дәлдікпенен шығарып береді. Оның зеректік терең біліміне таңданған кеңсенің еңбек бөлімінің бастығы Нұрғалиев Бораш және гараж меңгерушісі, іштегі қызметкерлер орындарынан тұрып уралап, Наурызғалидың қолын қысып құттықтайды. Сыннан мүдірмей өткен ол сол бойы еш нәрсе түсінбейді, сәлден кейін ғана гаражға нормировщик болып тағайындалғанын біледі. Үйге келіп анасын қуантады. Ол бір өмірлік есте қалатын күн еді. Бұл жұмысты да жастай абыроймен атқарып, адал еңбегімен көзге түседі. Ұшқан құстай зымырап бір жыл да өте шығады. Жұмысы жақсы, жалақысы да жаман емес. Жағдайлары бұрынғыдан сәлде болса жөнделгендей. Баласының ішкі дүниесіндегі қайсарлықпен, талаптанғыш қасиетін жетік білетін анасының жүрегінде соңғы кезде қимастық сезім ұялап, қалайда оқуға жинақталып жүрген баласын ботасын қарпып сүйген інгендей еміреніп, алдын кес-кестеп Мәскеуге оқуға барғызбай қасына қара қылып алып қалу қамын ойлады. Ақыры сол ойын жасырмай айтты. «Наурызғалижан, осы оқуға барып неғыласың, 4-класс бітірген жиен Шалай апаң да дүкенші болып жүр ғой» деген еді, оған баласы, «анашым-ау, әкемнің бізге сеніп айтып арман қылып кеткен аманаты емес пе, әруақты сыйламасақ не болғанымыз» деп көсем сөзбен жауап қатты. Оның бұл сөзі анасының жүрек қылын тербетіп, емірентіп баласының ер жеткенін сездіріп бойына ерекше қуат толқынын құйғандай болды. Енді баласының алдына қойған мақсатынан таймайтынын біліп, аналық жүрегінен оған оң сапар тіледі. Ол баласының талантына кәміл сенетін, тек оны ұштай, жетілдіре түсуге қазір жағдайы жоқ екеніне қатты қиналды. Жаңа заманда ғылым-білімсіз ұзаққа бара алмайсың. Тағдырдың қандай талқысына түссе де, ұлының талантын тәрік етуге енді бере алмайды. Ол үшін қандай ауыртпалық болса да, қайғы қасіретке де төзеді. Тек туған ұлы бақытты болса екен деген ақ тілек кеудесінде толқындарынан көбік шашқан теңіздей тулап, үмітін алға жетелеп жатты.
Қай уақытта да жоқшылық талай жомарттың, талай дарынды таланттың жолын байлаған ғой. Жолға жүретін қаржысы да шамалы. Қалай жеткізсем деп, қалың ойға шырмалып отырғанда, сөзге шешен, әзілқой, әрдайым ақ жарқын жүретін жұмыстас Сағымбай ағасы «сені кәсіпшілік директоры Құдабаев Қуаныш жеке қабылдауына шұғыл түрде шақырып жатыр, ол кісінің әскери тәртіпті жақсы көретінін білесің, тездетіп жет» деп хабарлады. Ұшқан құстай конторға жетті. Ол кісі бірден қабылдап, «мынау жолыңа, оқуға түсуіңе тілектеспін» деп 300 сом ақша береді. Міне, озық ойлы өндіріс басшысының әкелік қаражат қамқорлығы. Есептеген адамға бұл анасы Кенжештің бір жылдық зейнетақысы еді. Қазақ мұнайының алғашқы еңбеккерлерінің көш бастаушысы болған, талай қиындықтардан сүрінбей өтіп, өмір жолын кейінгі ұрпаққа өнеге қылған, қасиетті де мейірімді ардагер ағаның сол жақсылығы оның өмір бойы есінен бірде-бір кеткен емес. Жүрегінде жазылып қалды, өзі де сондай еңбегі мен бар күш-жігерін халқына арнап мұнайшылар тарланы атанған асыл туған ағадай елге еңбегімен сыйлы қайырымды болуға белін бекем буды. Анасы қимай маңдайынан иіскелеп, Бешім атаңның әруағы жар болсын деп шығарып салды. Әкесінен аумаған баласының жүрісіне соңынан ұзақ қарап тұрды. Перронды көлдей ырғалтып, көгілдір поезд алға жүйткіп оны үлкен өмір жолына алып бара жатты. Жолдағы станциялар ақ жаулықты әжелердей қолын бұлғап Бешім Ата ұрпағына жолың болсын деп, тіл қатқандай болды. Қазақтың шетсіз шексіз сары даласы дөңгеленіп артта қалып, қалың орман басталды. Кеудесінен жалын атып, келешекке қол созған жасөспірімді Мәскеуге кәсіпшіліктің бас бухгалтері Тәжібаев Саркен алып барып институттың босағасына жеткізіп, маңдайынан сипап, ғылымның табалдырығынан аттатты. Осылайша кие дарыған Бешім атаның немересінің болашаққа деген батыл қадамы басталды. Қолында Бешім атадан қалған үлкен сандық. Іші толған 10-кластың қазақша кітаптары, әкесінің тер исі сіңіп, мұнай тамшылары жұғып қалған ескі арнаулы жұмыс киімдерімен, өзі үнемі сағынатын туған Жері Қосшағылдың бір уыс топырағы, сондай-ақ кең даланың бір түп боз жусаны бар еді. Ауылды сағынғанда соларды иіскелесе тұла бойы жазылып қоя беретін. Институт ішінде өзбегі, орысы, әзірбайжаны, түрікмені бар өзіндей жасөспірімдер сендей сенделіп соқтығысып жүр. Біздің өлкедегі Мақат пен Жылой ауданынан 30-40 шақты балалар келген екен, оларды көріп, туған ауылын көргендей болып қуанды. Бұл кешігіп келіпті. Қабылдау комиссиясы оны 10-шы топқа тізімге алды. Алдыңғы топтардың емтиханы басталып кеткен, күнде сынақтан өте алмай құлап жатқан бір бала. Олардың құлазыған қудай өңін көргенде мен де осылардың күйін кешпесем деп, сескеніп жасық ойға бататын. Бірақ іштен тылсым жұмбақ күш сенің Бешім атаң қазақтан бірінші болып мұнай көзін ашып, халыққа несібе сыйлаған, сондықтан да сен ата жолын абыроймен жалғауға тиіссің деп, дауыстағандай болатын. Сол жүрек даусын ести сала алдынан жарық күн туардай құлшына оқуға кірісетін. Оның табиғатынан зеректігі, алысты болжағыш ақылдылығы, алған бетінен қайтпайтын қайсарлығы, қырағы әрі алғырлығы, жастай ауыр жұмыста шыңдалып әр ісіне жауапкершілікпен қарайтындығы үнемі қанат болып, биікке білім шыңына талпындырумен болды. Емтиханға дайындалудан шаршамады. Алдыңғы топтағылар емтихандарын тапсырып жатты. Бірақта оның ауылынан келген балалардың бәрі емтихан тапсыра алмай елге қайтты. Ол үшін сол бір күн қиын күн болды. Жерлестеріне аяушылық танытып, барынша көңілдерін жұбатып шығарып салды. Тек екі бала болып сыннан мүдірмей өтіп оқуға түсті. Анасына қуансын деп, жедел телеграмма салды. Оның жылы жүзді бейнесін көз алдына елестетті. Сол күні әбден қажып ұйықтағаны әлі есінде. Түсіне күлімсіреп анасы кірді. Қуанып тұрды. Алғаш сабақ та басталды. Бәрі де орыс тілінде. Көптеген қиындықтар көре бастады. Оған қаладағы жатақханадан орын болмай Мәскеуден 30-шақырым жердегі Мамонтовқа деген селодағы жатақханадан орын берді. Табиғаты жұмақ дерсің. Айнала орман, айнала жұпар иісін шашқан жасыл бау-бақша. Таңертеңгі сағат 6-да тұрып поезбен қалаға келіп, сабағына қатынасып, ол біткесін кешкі 10-ға дейін институттың кітапханасында кітаптан бас алмай ізденіп оқып, түнде сағат 11-де қайтадан поезға мініп Мамонтовкадағы жатақханасына келетін. Күндегі тынымсыз тірлігі осылай жалғасып жатты. Білімнің қызығына түсті. Ерінбейтін еңбекқорлық танытты. Кітапхананың көп жыл істеген қызметкерлері оның төзімділігіне, білімге деген ізденісіне таңдана қарайтын. Сондықтан оны қадірлеп сұраған оқулықтарын тез тауып беруге тырысатын. Оның ойына қалталы студенттердей сауық-сайран құру, ресторанға бару, ымдап шақырған суық жүрісті қыздармен шарап ішіп қызықтау дегенің кіріп шықпады. Алға қойған мақсаты тек оқу, тек оқу болды. Екі айдың ішінде біршама орыс тілін меңгеріп те қалды. Ол жетістігін еңбек сүйгіштік қасиетінен деп білді. Осылайша оқудың қызығына енді бойлап түсе бергенінде ол оқитын топтағы балалардан қан алып, оның қорытындысы бойынша оны «қаның аз, бойыңда әлсіздік бар емдеуіміз қажет» деп дәрігерлер сабақта отырған жерінен ауруханаға апарып салды. Мұнда 2 ай жатып емделді. Өзінен бұрын оқуға түскен ағалар және қатар оқып жүрген балалармен ол танысып жақсы араласа білді. Олар: Құмар Балжанов, Әбенов Ислам, Қарамурзиев Текей, Камалиденов Зақаш, Марабаев Нәсіпқали, Ақшолақов Орал, Ізтілеуов Беркін, Дүтбаев Серго, Өтебаев Болат, Батырбаев Маукен, Аманғалиев Байғабыл, Мұхамбетәлиев Демеу, Борамбаев Әндібек, Қалмұқанов Рысқали, Саппаева Жонас, Руслан, Ғалия Сүлейменовтар болатын. Олар қазақ халқының мұнайлы өлкесінің жаңа туған жұлдыздары еді. Олардың білімділігі, тереңділігі парасаттылығы, ел жандылығы сол институтта оқып жүргенде-ақ білінетін. Кейін институтты бітіргеннен соң олардың бәрі де мұнай өндіріс саласында, партия-кеңес жұмыстарында ел мұраты үшін аянбай еңбек етіп, асыл азаматтық тұлғаларын биіктен көрсетіп, ғибратты өмір жолдарын келер ұрпаққа өнеге қылып, Қазақстан мұнайының ардагерлері атанды.
Студенттік өмірдің қиыншылығын да, қызығын да Наурызғали табандылықпен бастан кешті. Тоқ болмағанбен, аш болған жоқ. Анда-санда жиен ағасы Өтенов Мұқан ақша салса төбесі көкке жетіп қалатын. Өз белсенділігімен, бір жақсы дұрыс істеген жері өз жағдайларына қарап, бір курста оқитын Шахмаева Дина, Исаенко Жора деген студенттермен бірігіп, степендия алғанда ақшаларын қосып, асханаға бармай үш мезгіл өздері іштен кезектесіп тамақ жасайтын. Бұл әдіс олардың азды-кемді ақшасын үнемдеуге көп пайдасын тигізді. Киім алуға ауыспағанмен ең бірінші қажетті кітаптарын сатып алуға, күнделікті жолға жұмсауға жарайтын. Киім алуға ол уақытта Наурызғалидың жағдайы болмады. Үш жыл бойына әкесінен қалған тер исімен мұнайдың тамшылары сіңген киімдерін киіп жүрген болатын. Оған арсынған жоқ, жоққа жүйрік жетпейді деген қағиданы місе тұтты. Осылай білімге деген құштарлықпен жылдар жылжып өтіп жатты. Мұқиттай терең ғылымның құшағына ізденумен бойлай берді. Қызығына тоймады. Қыр-сырын тез меңгеріп, туған елге пайдам тисе екен деген асыл арман алға жетеледі. Жаман студент атанған жоқ. Үшінші курстан кейін Құлсарыға екі айға практикаға келді. Өзі оқып жатқан оқу орынын бітірген тәжірибелі маман Нұрмағанбетов Бисекең басқаратын 1-ші үлескіде төрт ай өз мамандығы бойынша аянбай еңбек етті. Болашақ мамандығының қыр сырымен танысты. Алған білімін өндіріспен ұштастыра білді. Алдынан болашаққа кең жол ашылды. Қолына еңбегіне біршама мол ақша түсті. Оның жартысын анасына апарып беріп, оқуға келгесін өзіне бірінші рет киімдер алды. Аяқ киім, жаңа костюм, пальто, бас киім, осыларды киіп қарап айнадан өзін-өзі танымай қала жаздап күлімсірегені бар. Адам көркі шүберек дегенде расқа келеді-ау, тек ішкі жан сұлулықпен сәйкес келсе ғана бәрі әдемі болатыны сөзсіз. Осылайша Наурызғали Мәскеудегі жігіттердің сұлтаны, ең әдемі жігіті болып ЦУМ-нан көңілді шыққаны бар. Ұмтылмас студенттік күндер жалғасып жатты. Төртінші курс практикасын Татарстанның мұнайлы алқабында өткізді. Өндірістік және ғылыми шеңбері кеңейді.
Майталман мұнайшылардан, инженерлерден көріп білген тәжірибелерін болашақ дипломдық жұмыстарына қазірден мұқияттылық көрсетіп жинай бастады. Ол дипломын үздік деген бағаға қорғады. Бұл болашақ қазақ мамандарының үлкен қуанышы еді. Өзімен қатар бітірген өте сауатты Зақаш Камаладинов пен Орал Ақшолақовты Гурьевке жіберді, ал оны Алматы геология министрлігінің шақыру қағазы бойынша, мұнай ғылым саласына Алматыға жіберетін болды. Наурызғали ауылда қалған қарт анасын, сырқат ағасы мен оқу жасындағы қарындасын ойлап қатты абыржыды. Енді не істесе болады. Ойлана келіп институт ректоры Виноградовқа барып, семья жағдайын айтты. Ғалымдардың марқасқасы оны ерекше көңіл бөліп тыңдап, оның жағдайын түсініп, оған Қосшағылдан шақыру қағазын алдыртуын сұрады. Ректордың бұл қамқорлығына қуанған Наурызғали Қосшағылда бас есепші болып жасайтын Мұқан ағасымен хабарласып одан қол ұшын беруді сұрады. Ол кісі ертесінде институт ректоры атына Қосшағыл кәсіпшілігінің директоры Качараваның қолыменен бізге жіберуіңізді өтіне сұраймыз деген шақыру қағазын жіберді. Осылайша 1958 жылы Жылойдағы өзінің Бешім атасының алғашқы мұнай тауып ашқан, қазақ мұнайшыларының ұстаханасы, қазақ жұмысшыларының алғаш қалыптасқан Отаны, топырағы киелі Қосшағылға келді. Кәсіпшілік директоры Качарава Құлсарыға ауысып кеткен екен, орнындағы директор Оразалиев Шамбай, партком Қауқаев Айтжан (кейін Исахов Хакім) кәсіподақ төрағасы Кадіров Сәнді ағалар елін сағынып, қарлығаштай жем берген ұясына ұшып жеткен жас маманды жылы шыраймен қарсы алды. Тездетіп үй берді, ағаларының қамқорлығына риза болған ол тездетіп Құлсарыда тұратын шешесін, ағасы Құлбарақ пен Маруся қарындасын көшіріп алды. Мұндағы қуанышында шек болған жоқ. Жүзінен мейірім нұры төгілген анасын, өмірде тірек болған сырқат ағасын, жанына тілекші қарындасын қуантқанына өзі іштей риза болды. Соларға титтей де болса пайдаға жарағанына шүкірлік айтты. Көптен армандаған еңбек жолы осылайша қуанышпен басталды. Оны кәсіпшілік директоры №1 үлескіге оператор қылып тағайындады. Осылайша өзі армандаған мамандығы бойынша жұмыс жасай бастады. Ол еңбек ететін үлескіде көбі үлкен кісілер екен, ол кезде техника деген өте ескі, бір орталықтан-эксцентриктен 24 ұңғы штанга арқылы жалғасып жұмыс жасайды. Үлескі мастері Есенқұлов Бисенғали, оператор ағалардың үлкені Аққожиев Назар, Тегісбаев Бисенғали болатын. Ал ардагер ана Жонас апайлар оны әлі жас көріп бір жеріңді ауыртып алар деп, оны көп шақыртпайтын. Еңбек сүйгіштік адамның адамдық қасиетінің негізгі өлшемдерінің бірі екендігі баршаға белгілі. Еңбек деген байлық бар, ерінбеген жететін, жоқшылық пен кесірді жермен-жексен ететін-деп, бабаларымыз бекер айтпаған ғой. Наурызғали тынымсыз еңбегімен, жаста болса ұйымдастыру қасиетімен бірден көзге түсті. Көп ұзамай оны үлескі мастері қылып тағайындады. Сол 1959 жылы оның есінен кетпес жүрек тебірентерлік кездесу болды. Сонау қиындығы мол 1926 жылы мұнай тапқан Бешім атасымен жұмыстас болған, әйгілі мұнай маманы профессор Петр Яковлевич Авров өзінің жас күнінде жұмыс жасаған жері Қосшағылға Алматыдан сағынышпен жетті. Киелі жердің топырағын кеудесіне басып еміренді. Бешім атамен бірге отырған киіз үйінің орнын іздеді. Көз алдына өткен өмір белесін елестетті. Жаны теңіздің толқынындай аласұрып тебіренді. Қартайғанда қатарының сиреп қалғанына қатты налыды. Жалғыз қалғандай сезінді. Осындай мұңға батқан шағында оның жанына Бешім атадан аумаған жас жігіт, даланың самалындай ескен қоңыр дауысымен, мен Бешім ата немересімін, сізге амандасуға келдім деген оны құшағына алды. Профессор Петр Яковлевичтің қуанышында шек болмады. Ата немересін маңдайынан ұзақ сүйіп сағынышын басып, жаңа өмірге оралғандай болды. Қайран адам көңілі. Неткен нәзік, неткен сұлу десеңізші. Ал Наурызғали атасын көргендей болды. Міне, «әкең өлсе де, әкеңді көрген өлмесін» деген бабаларымыздың мақалы осындай сағынышты кездесулерден туса керек. Бешім атаның мұнай тапқанда қуанышын бірге бөлген досы, ата немересінің үйінде қонақта болып, оған бек ризалықпен ақ батасын беріп, Алматыға жүрер алдында, Қосшағылдан бір уыс топырақты қол орамалына орап алды. Бәлкім үлкейгесін енді қайтып оралмайтынын сезген шығар. Кетерінде Наурызғалиды құшағына алып қимастықпен қоштасты. Алтын қаламсабын сыйға тартты. Осы бір сағынышты кездесу Наурызғалиға үлкен әсер қалдырды. Бақытын тынбай еңбектен іздеді. Әр түрлі еңбек сатыларынан өте бастады. Бірақ ол мен өстім ғой, толдым ғой деп, масаттанбады, тәжірибелері мол цех бастығы Әбенов Ислам, үлескі мастерлері Есенапиев Төлеп, Райынбергенов Жұмақұм, Танкиев Айдарбай, Мерғалиев Ақтөрелердің өндірістегі озық үлгілерін ерінбей зейін сала үйреніп, білмегенін сұрап алып, өз тәжірибесін толықтырып, олардың ақыл-кеңестерін жанына қанат қылды. Ол кезде машина, экскаватор, трактор деген атымен жоқ болатын, мастерлер ат мінеді, ал өндіріске қажетті тұрба, басқа да құралдарды ат арбамен тасиды. Мұнай желілері жарыла қалса бейнеттеніп оны қолмен қазады. Осындай жұмыстың ауыртпалығынан жұмысшылар кейде ауырып та қалып жатады. Сондай кездерде Наурызғали жұмысшылармен бірге болып сырқаттанып жүрген жұмысшыны сезсе, оған қамқорлық жасап, өз әкесіндей, өз анасындай сыйлап, қанатының астына алатын. Оның осындай биік адамгершілік қасиеттеріне, қоңырқай көркем сыйпаты-кішіпейілдігіне, кең пейілді байсалдылығына, адамдарға деген махаббатына, өндіріс тіпті апаттық жағдайларда ашуға бармай ұстамдылық жасап күрделі мәселелердің өзін ақылмен шешетін ерекше мәрттік ерекшеліктеріне жұмыстастары мен басшылар сүйіспеншілікпен қарайтын. Оның бойындағы осы асыл қасиеттерді бірден сезе білген, кәсіпшіліктің партком хатшысы Қауқаев Айтжан, кәсіподақ ұйымының төрағасы Қадыров Сәнді оны бірден қоғам жұмысына тартып кәсіпшіліктің комсомол ұйымына хатшы қылып сайлады. Кәсіпшілікте 100-ден аса комсомол бар. Ол кезде жастар арасында бұзақы-тентек болып, арақ ішіп, төбелес шатақ дау-жанжал дегендер болмайтын. Оның негізі ұлттар мен ұлыстардың әлденеше ғасырға созылған ұрпақ тәрбиесіндегі ұлттық әдет-ғұрыптары мен дәстүрлерінің озық үлгілерінің жиынтығы халық педагогикасын тиімді насихаттап ұрпақ жүрегіне жеткізуде болатын. Бұған Наурызғалидың да қосқан үлесі аз емес. Ол күнде жұмыстан сағат 6-ларда шығып, жастар арасындағы мәдени шараларды ұйымдастыру үшін мұнайшылар клубына келеді. Ол ауылдағы өнерлі жастардың талантты қабілетін ескеріп, Қосшағыл тұрғындарына өзіміздің ұлттық рухты, тарихы терең, қазақы бояуы мол, махаббаттың символын баян қылатын «Қозы Көрпеш − Баян сұлу» спектаклін қоюды жөн көрді. Өнерлі жастар оны бірден қолдады. Сонымен күнде концертке және спектакльге әзірлікке дайындықтар жүргізді. Дирижері де, режиссеры да өздерінде жұмыс жасайтын досы Аманбаев Ізбасар деген жас геолог болды. Акмұрзиев Бисеш Қозы Көрпеш рөлінде, Шілденова Райхан Баян рөлінде ойнап сахнаға «Қозы Көрпеш − Баян сұлуды» қойды. Бір қойылымда Қарабай болып Ақборанев Нұрбай, кемпірі болып Нәукенова Нұрзия ойнап, елдің сұрауы бойынша совхоздарды аралап жергілікті тұрғындардың ілтипатты алғыстарын алғандары бар. Осындай көпшіліктің көңілінен шыққан жұмыстарын және жоғары ұйымдастыру қасиеттерін ескеріп, 1959 жылдың аяғында оны Жылой аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Тауманов Ерғожа мырза шақырып, оған аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшылығы жұмысын ұсынды. Наурызғали ол кісіге өндіріске жаңа келіп жатқанын, өзі сүйетін мамандықтың қыр-сырына енді-енді терең бойлап келе жатқанын айтып, оны өндірісте әзірше қалдыра тұруын сұрады. Партия комитетінің хатшысы оның бұл ойын бірден түсініп, оған бұл дұрыс деп, өз шешімін айтып келісімін берді. Бұл орынға одан кейін Мәскеуде онымен бірге оқыған жанындай жақсы көретін жан досы, Қаратон мұнай кәсіпшілігінде жұмыс жасап жүрген өте білімді, қиындыққа қайыспайтын, өзінің сеніміне болаттай берік, ер мінезді Бейбарыс бабаның төл ұрпағы Камалиденов Зақаш аудандық комсомол комитетіне бірінші хатшы болды.
Бірінде аупарткомнан хабар келіп «Қозы Көрпеш − Баян сұлу» қойылымын көретіндерін ескертті. Қойылымды соған байланысты олар күндіз қойды, қонақтардың көптігіне байланысты жергілікті көрермендер көп шақырылған жоқ. Жаңадан келген, аупарткомның сол кездегі бірінші хатшысы Өтесінов Рахмет қойылымды жанында еріп келген партия, мәдениет қызметкерлерімен, бастан-аяқ бірге қарап, олардың мұнайшыларға сыйға тартқан өнерлеріне бар ризашылығын білдіріп, оларға халық театры атағын беретін болып кетті. Қосшағылдықтар бұған қатты қуанған. Алайда кейін басқа хатшылар ол кісіге қолқа салып ақылдасып халық театры атағын аудан орталығындағы өнерпаздарға беруге келісіпті. Өмір болғасын түрлі жағдайлар болады ғой, оған Наурызғали ешбір реніш білдіріп, олармен айтысып жатпады. Жергілікті халық жақсы баға бергесін, одан артық сый жоқ деп білді. Оның өндірістегі еңбегі бағаланып көп кешікпей кәсіпшіліктің өндірістік техникалық бөлім бастығы болып тағайындалды. Жасы үлкен, өмірде көргендері көп ағаларынан үлгі өнеге алды. Оларда мінезі орнықты, үлкенге инабатты, кішіге қамқор, ата салттың бұлағынан сусындаған, адамгершілік қасиеті мол ініні жатсынбай бауырларына тартты. Мұның өзі түсінгенге үлкен тәрбие мектебі еді. Қонақта болу өзіңді ұстай білу, ой бөлісу, асылдардың терең ойлы әңгімелерін зерделі көңілмен тыңдай білу, оны көңілге тоқу, мұның бәрі жоғары эстетикалық талғамды талап ететіні сөзсіз еді. Олар кез келгенді ерітпейтін, ізгілік пен жақсылықты ту қылған, ұлттық танымдары терең Жылойдың сол кездегі бір туар ұлдары еді. Қосшағыл кәсіпшілігінде бөлім бастығы, бас маман болып жасайтын Өтенов Мұқан бас есепші, Нарешов Өтебалы, Лепенов Егдеш, Бисенов Лес ағалар оны өздерінен бір елі қалдырмады. Кейін партия ұйымының хатшысы болған Хаким Исахов, кәсіподақ басшысы Қадыров Сәнді ағалар да орталарына жиі алып, ел ауызындағы үлгілі әңгімелерді, бастан кешкен қиын кезеңдердегі оқиғаларды оған өнеге болсын деп әңгіме қылатын. Мұның өзі кейінгі толқын інілерге сенімділік, олардан болашақтың жолында ізгіліктің шуағын таратуға деген үлкен үміті жатқандай болатын. Міне, осындай жаны жайсаң ағалардан үлгі алған Наурызғали киелі алтын дарияның бастау бұлағы, қазақ мұнайшыларының үлкен мектебі, өзінің атасы Бешім ашқан Қосшағылдан, туғанындай бауыр, ар-намыстары кіршіксіз таза, қандай болмасын жүрек сырын бүкпесіз ашық айта алатын, қиналғанда қол ұшын беруге әзір тұратын, адами мәдениеттері өте жоғары Сабыр Ғабдулкаримов, Байтаңат Оңдашев, Жолдас Жетібаев, Нұрбай Ақборанев, Бақтыкерей Шілденов, Бисеш Ақмұрзиевті, ал Құлсарыдан: Қыстауғалиев Мақсот, Оразғалиев Сансызбай, Төлегенов Әлімжан, Кенжешов Хайролла, Молдағалиев Бақтыгерей, Өміров Аманжол, Алдахов Кенел, Тасмұханов Бағыттай жандары сұлу, әрқайсысы бір-бір әлем, абзал достар тапты. Олармен жиі кездесіп араласып тұрды. Ауданда болып тұратын жастар, комсомол жиналыстарында бас қосып, ойларын бөлісті. Өңшең бойдақ басы бос құрдастар өздерінен бұрынырақ үйленіп жанұя құрған, Құлсарыдағы Әлімжан мен Сараның үйіне жиі баратын. Шіркін ұмтылмас сол күндер, ойлап тұрсаң күні кеше сияқты. Бір-біріне пейіл ықыластары түскен, жан-жүрегі қалаған, көзқарастары мен ой-ниеттері үйлескен, мінездері сыйымды, әзілдің түбін ақтарған абзал достар осы үйдің төрінде мәз-мейрам болып жататын.
Осындай қимас жан достарымен, жиі кездесулердің бірінде бұрынғы көрші тұрған, анасын әулиедей сыйлайтын, жүзінен мейірімділіктің нұры есетін, сұңғақ бойлы, жылы шырайлы, үнемі айналасындағылармен жарасымды, үй жайы мен ауласын тап-тұйнақтай ұстайтын, күнде анасына қолғабыс жасайтын, өзі де жинақы, өте еңбекқор, қарапайымдылығымен елге танылған, жергілікті халықтың сүйіктісіне айналған Мария Жақашеваның жақсы дос құрбысы Қалыш аруменен кездеседі. Мұндай текті қыздың жанында кез келген қыз жүрмейтіні айдан анық. Жас қыздың ашаң, аққұба жүзі, биязы күлкісі, қарашығын көлегейлеген түсіңкі ұзын кірпіктерінің астынан сығалаған қарақаттай қара мөлдір сұлу жанары, сұлулықтың, пәк тазалықтың тылсым тарту күшін бойына жинап алған ғажайып жұмбақ әлемнің өзіндей еріксіз жанын баурап, көңілін тәтті күйге бөлеп, көктемдей жүрегіне өріліп, сиқыр күшпен сен мені іздемей қайда жүрсің дегендей үнсіз тіл қатып, орнынан қозғалмастай матап тастағандай сезінді. Өмірінде қыз баланың алдында туламаған жүрегі егізін тапқандай бұлқынып, теңіздің аласұрған жал-жал толқындарындай күйге түсті. Бір көргеннен-ақ ұнатты. Махаббаттың ұлы сезімінің шырағы көкірегінде маздап жанғанын сезді. Танысты. Табиғат бойына сұлулықты үйіп берген, оймақ ауыз, жазық маңдайлы, ибалы ақшыл жүзінен нұр тамған ару да болашақ Тәңір қосқалы тұрған жары Наурызғали екенін сезді. Көп ұзамай ағамыз Қалыш аққуын қолына қондырып шаңырақ көтеруге бел байлап, құда түсірілді. Кенжеш ананың қолы ұзарды. Бағына үлкендерге ізетті, әдепті, үй шаруасына икемді, ісмер, жүріс тұрысы сыпайы, инабатты, жинақы әрі таза, күйеуіне ілтипаты мол, қабағы ашық, биязы, ұстамды келіннің тап болғанына қуанып, Тәңірге күнде алғыс айтуымен болды. Оның тезірек келуін тіледі. Сүйікті ұлына өз ойын айтып ауық-ауық қолқа салды. Ана тілегін тездеп орындауға Наурызғали аға да бар күшін салды.
Қалыш аруды алып келуге жиен ағасы Өтенов Мұхан мен Құлсарыдағы досы Алдахов Кенен барды. Құлсарыдан Қыстауғалиев Мақсот бастаған достарының бәрі келіп, тойды есте қаларлықтай қызықты думандатып өткізді. Осылай 1963 жылы 8-ші наурыз күні екеуі бас қосып, шаңырақ көтерді. Бұл Наурызғали ағамыз бен Қалыш жеңгеміздің өмірлеріндегі ең биік асулары, дәм біткенше ұмтылмас күндері. Жеңгеміз келін болып түскеннен кейін отбасының ұйтқысы берекесі, мейірім мен шапағаттың көзі болды. Оның бұл қасиеттері отбасына жанұя мүшелеріне күн шуағындай әсер етті. Осы көркем мінезімен ағамыздың ықылас-сүйіспеншілігіне бөленді. Наурызғали ағамызды сезімі алдамапты. Алған жары киелі тұқымнан болып шықты, оны артынан білді. Қалыштың ата-бабалары шумақ шеркештер. Олар Жайықтың арғы жағында тұрған. Атасы Мирман діни оқуы терең, алдағыны болжай білген, халыққа көп пайдасы тиген, жабыққанға демеу, тарыққанға пана бола алған, кие дарыған қасиетті елге танымал әулие адам болған, әкесі Әбілгазы 1932-37 жылдардағы ашаршылық пен қуғын сүргіннің қиыншылықтарын көп көрген.
Жазығы әулие молданың баласы болуы. Қайда барса да НКВД-ның бақылауында болды. Қалыштың ең үлкен ағасы Әбілғазиев Малаш жолдасы Зиба екеуі 1940 жылдары Жылойға келіп қарапайым мұнайшы болып жұмысқа орналасқан. Кейін інілері Бақтияр, Жолдас, Жалғас, Рысқалиды, қарындастары Үнзира, Күнзира, Түңіл, Қалыштарды көшіріп әкеліп, барынша ағалық қамқорлық жасап, бәрін де мүмкіндігінше жұмысқа орналастырады, жастарын оқуға берді. Қазірде олардың бәрі де үлкейіп немере шөбере сүйіп отыр. Малаштың өз балалары Нуха, Талап, Мұхит, Марат, қыздары Рабиға, Мустахима, Ғалия, Бану, Рима түгелдей мұнай саласында еңбек етіп, алды зейнеткерлікке шықты. Шаңырақ көтеріп үй болғаннан кейін ағайын-туыстарымен, достарымен қатынастарын үзбей өзара сыйластықта араласа білді. Әсіресе Қосшағылда тұратын Нәреш, Нұрдәулет, Оразғали ата мен Бағытжан, Далапқали Жұмабай, Өтебалы, Мұқан, Құлсарыдағы Машырық, Алашбай ағаларымен туысқандық, бауырластық тұрғыда жақсы араласып тұрды. Адам өмірінде көршінің алатын орны ерекше ғой, өйткені, кісінің тұрмыс-тіршілігі көршіге тікелей байланысты. Көршісіз, көршімен қарым-қатынассыз өмірді елестетіп көрудің өзі мүмкін еместей. Міне, олар осы қағиданы ескеріп көршілер ақысына адал болды. Олардың ала жібін аттамады. Мейрамдарда, жанұялық қуаныштарда олармен дастархан басында бірігіп көңіл көтере білді. Естен кетпес, жақсы көршілері, кәсіпшілікте бас геолог болып жасаған Мақаштың әкесі Балғымбаймен, Райымбергенов Жұмақұл, Қадыров Сәнді, Егдеш, Лес, Мұқан ағаларымен сыйластық жарасымдылықта болды. Оларда бұлардың қуаныштарында бірге, қайғысына ортақтасып бірге қайғырып көңілдеріне өз туғандарындай сүйеніш болды. Әсіресе олар көршілерінің жақсылығын 1964 жылы анасы Кенжеш және дүниеге келген екі нәресте өмірден өткенде көрді. Көршілері жандарынан табылып демеу бола білді. Жасы үлкендері ақылшы, әрі қамқоршы болып, өздерінің көрген білгендерін, өмір тәжірибелерін, қандайда бір қиындық болмасын болаттай берік болу қажеттігін түсіндіріп, үлгі өнеге көрсетті.
Бұл жылдары Жылойда Прорва жаңа мұнай кең орны ашылып, облыстың әр аудандарынан мұнайшылар ағылып барып жатты. Қосшағылдағы жиен ағасы Өтенов Мұқан, Лепенов Егдеш, Адаев Қазжан осы жаңа ашылып жатқан мұнай алаңына барып жұмысқа орналасты. Прорва ел ауызындағы аңызға айналды. Бірінде сонда бас есепші болып істейтін Өтенов Мұқан ағасы келіп «жаңа жерде жұмыс жақсы жүріп жатыр, бірақ есепші бухгалтерлер көп те, ал өндіріс саласын білетіндері жоқтың қасы, Лес ағаңды жұмысқа шақырып едім, ол да келмей жүр» деп ішкі реніш ойын айтты. Үлкен ағаның ішкі дүниесіндегі жас мамандарға деген жүрек дауысын айтпастан түсінген Наурызғали Лес ағасына барып, «Мұқан аға сізді жұмысқа Прорваға бармады деп өкпелеп жүр ғой, барсаңыз қайтеді» деп тілегін айтқан. Ол кісі «сен барсаң, мен де барамын» деп өзіне қолқа салды. Наурызғалидың ойында шынында жаңа орынға барып, өндірістік тәжірибесін шыңдау, қиындықтар соқпағынан өту бар болатын. Сондықтан ол да ағасының бұл тілегіне келісті. Осылайша жалындаған жастыққа тән қызығушылықпен тып-тыныш, жылы әжептәуір лауазымды орындығын тастап, құла түздегі әлі дұрыс салынған үйі жоқ, ауыз су жағдайы тапшы, ала шаң, ыстығы ми айналдырар, бір кездері құлан жорытқан Прорваға бірлестіктің бұйрығымен жер астына су айдау үлескі бастығы болып орналасты. Ал бірге келген Бисекенов Лес ағасы есепші болып тағайындалды.
Басқарманың бастығы Сағидолла Нұржанов, бас инженер Құмар Балжанов, партком хатшысы Халел Салихов бұрында үлкен жұмыстарда жасаған ел басқарған өмірлік тәжірибелері мол, облысқа белгілі азаматтар болатын, оларменен бірден тіл табысып қоян-қолтық жұмыс жасасып кетті. Көп кешікпей бас инженер Құмар ағасы оған үлкен үміт артып Прорва промысылының бастығы етіп қойды. Бұл ұжымда аға инженер Қалиев Бағыт, аға геолог Ізтелеуов Беркін, мастер Аққайыров Мұхамбет, операторлар: Ақториев Бисембай, Идиров Сәнтай, Қапаров Хамит тағы басқа да көптеген жұмысшылар болып, қазудан жаңадан шыққан скважиндерді мұқият қарап іске қосып, мұнай өндіру жоспарын артығыменен орындап отырды. Жаңадан үйлер, мектеп, балабақшалар салынып, Сарқамыс күннен күнге жаңарып жақсара бастады. Әрине, жаңа жер болғасын жұмыс та көп. Қонаққа шақыру да ата-салт бойынша біршама болып тұратын. Бірінде қарлы құйын бораған қатты қыс кезі, кеште жұмыстан келсе поселкеде электр жарығы жоқ, айнала қара түнек тастай қараңғы, қазандыққа барса жалғыз кәріс әйелі май шам жағып абыржып отыр. Әлгі жұмысшы әйел, бу қазанында тоқ болмай тұрып қалғанына бір сағаттай уақыт болды, бастықтардың бірі де көрінбейді не істерімді білмей отырмын дегені, Наурызғали сол бойы, бұл саланы өте жақсы білетін Сәнтайды, тағы да басқа жөндеушілерді, электр монтерлерді жинап алып, электр жарығы болмай қалғанда пайдаланатын дизель станцияны іске қосып тоқ беріп жылуды жүргізіп, халық алғысына ие болады. Осылайша жеті түнде сағат 12-лерде үйлерге, бала-бақшаларға, мектептерге жылу жіберіліп, Сарқамыс поселкесі апаттық жағдайдан аман қалады. Әйтпегенде бүкіл жылу жүйесі қатып істен шығары сөзсіз еді.
Ертесінде таңертеңгі сағат 9-дарда қазандықта кездескен басқарманың бастығының орынбасары Нұрғазы Китуев оған рахметін айтып ризашылығын білдірген. Түнде қатты желден бір үлкен бағана құлап түнде электр жарығы болмай қалғанын білмегенін, бастықтардың Атырауда жүргенін, ал өзінің мұнайшылар поселкесінен бір шақырымдай жерде салынған жеке үйлердің бірінде елге сыйлы ардагердің шақыруы бойынша түнімен қонақта болғанын айтты, ал ол ауылға әлі электр жарық жүргізілмеген екен, осылайша ол бұл хабарды таңертең сол үйден шығып жұмысқа келгенде ғана естіпті. Бұл кезде Наурызғали жұмыс уақытымен көп есептеспейтін. Жаңадан ашылған кен орнына өзіндік қолтаңбамды қалдырсам деп армандайтын. Таусылмайтын жұмыс. Бірінде басқарманың бас инженері Құмар Балжанов оны шақырып алып «Ембімұнай» өндірісі бірлестігінің бастығы Досмұхамбетов Жолдасқалимен өткенде бір кездескенімде саған Қосшағыл кәсіпшілігінің басшылары жібергілері келмей, пендешілік жасап жақсы мінездеме бермегенін естіп, менен сен жөнінде пікірін сұраған. Мен ол кісіге аға, бұл өте қате, Наурызғалидың қолынан іс келетін білімді жақсы инженер деген едім, ол кісі маған, менде солай ойлаймын, деген еді. Енді сол мұнайшылар армиясының қолбасшысы, болмыс-бітімі қайталанбас, бір туар тұлға, іскер ұйымдастырушы, зерек жетекші-геолог, өзіне де, өзгеге де қатал талапшыл, жас мамандардың қамқоршысы Жолдасқали Ахметұлы Досмұхамбетов сені алдына шақырмай-ақ, саған үлкен енім артып, ұңғыларды күрделі жөндеу конторына бас инженер етіп тағайындап бұйрық беріп қойды» деп жақсылық хабарды қуана айтып, ағалық ақ тілегін білдірген.
Сөйтіп, 1967 жылы Нәкең Құлсарыдағы ұңғыларды күрделі жөндеу конторына бас инженер болып келеді. Контор кеңсесі бір құлайын деп тұрған, тозығы жеткен ескі үйге орналасқан екен. Техникалары да жоқтың қасы. Негізгі жұмыс міндеті Прорвадан бастап, Мақат ауданындағы, Байшонас, Махамбет аудандарындағы, Мартыши, Қамышитовый, Ақтөбе облысындағы Кең Қияқ кеніштерінде ескі ұңғыларды күрделі жөндеуден өткізіп іске қосу. Осындай ауқымды да күрделі жұмысқа қарамастан, қолда бары 2 ескі тозығы жеткен агрегат, 4 қыста жүретін «Газ-66», жазда жүретін төрт «Газ-53» автокөлігі ғана бар болатын. Қысқасы, алда тұрған мақсатқа жету үшін бұл техникалар пайдаға толық жарамайтын еді. Бірақ та, маңдайына біткен бағына бұл ұжымда жұмыстың қыр-сырын өте жетік білетін, күрделі жөндеу саласында толып жатқан өнертапқыштық ұсыныстар енгізген, еңбек майталманы отпен судан өткен Дүйсенғали Әжіғалиев бастаған Талпақов Ізтұрған, Кенжеғалиев Қамза, Қаламғалиев Ғайнолла, Жұмағалиев Демеу, Нұрбауов Төлек, Сихов Ораз, Хайруллин Рахым, Молдағалиев Ислаш сияқты өз істерін жақсы білетін инженер мамандармен қатар, еңбек десе ішкен асын қоятын, жұмыста уақытпен есептеспейтін, берілген тапсырманы орындағанша тыным таппайтын, ұжым намысын ту қылып жүрген озат жұмысшылар, агрегат жүргізуші Мұхамбетов Қабдығазы, Қабдрахман, Қаленов Шүкірбай, Шудабаев Сақтаған, Рябцев, Меняев, Малиновскийлер бар екен. Нәкең осы өндірісте тәжірибелері мол ағаларға арқа сүйеп жұмысын бастады.
Жазғы тамыз айларының бір күні Прорвада, Қосшағылдан Айтқалиев Кеңес басқарып, жұмыс жасап жатқан №10 ұңғыдан бригада мүшелерінің қателігінен үлкен атқыма атқылап кетті. Гурьевтен бірлестіктен бас инженер Диментманмен бірге он шақты мамандар келіп, бізді бірден жұмыстан аластатып, Ульяновскіден атқыма басатын арнаулы бригада әкелді. Олар күндіз-түні 7 күн жұмыс жасағанмен атқыманы тоқтата алмай, қолдарынан келмей діңкелері құрыған соң кешке өздеріне жұмыс жасауға рұқсат етті. Енді Дүйсекең мен Наурызғалиға апатпен алысудың сын сағаты басталды.
Сол түні Әжіғалиев Дүйсенғали бастаған жөндеушілер мен дәнекерлеушілері бар 5-6 жұмысшы Маташев Мұтиғолла басқарған бұрғылау конторының шеберханасында ішіне қорғасын құйып ұңғының аузын бекітетін қамыт жасалды. Осылай таңертең сағат 9-дардан бастап, ұңғыманың басына келіп, сағат 12-ге дейін Дүйсекең бастаған 2-3 кісі болып противогаз киіп, газ атқымасына түсіп ұңғының аузын қамытпен бекітіп атқыманы тоқтатады. Бұл хабарды естісімен Сарқамыстағы Прорва конторынан Мәскеудегі министрлікке телефон соғып, атқыманы тоқтату жөнінде ақылдасып, ашулары бойларына сыймай, өз-өздерінен кеуде керіп жарыла жаздап жүрген бірлестіктен келген әлгі Диментман бастаған бастықтар, олардың шеберлігіне аңтаң болып, қуаныштарын бірге бөлісудің орнына оларға ең болмаса рахметін де айтпастан Гурьевке ұшып кетеді. Бұл атқыманың шынында арты өртке ұласып, айналаға қауіп төндіруі мүмкін еді. Сол естен кетпес жеті күннің ішінде атқыма атқылап жатқан ұңғының басында кімдер болмады десейші, Гурьевтен келгендер, Прорва кәсіпшілігінің бастықтары мен мамандары, шамамен жүзге тарта адам... Бірақ солардың ішінен бірде біреуі дұрыс ұсыныс бере алмады. Жалғыз ғана дарабоз тумысынан мұнайшы болып туған, ата-бабаның батасы дарыған, ақ жүректі, досқа адал Маташевтың қарауында бас инженер болып істейтін Нәсіпқали Марабаев Наурызғалиға жаны ашып, противогаз киіп, атқымаға бірге түсіп, апаттық жағдайдың негізін өз көзімен бірге көріп, өзінің даналығымен бірінші кезекте не істеу қажет екенін достық кеңесін айтқан еді. Міне, шынайы достық осындай болса керек. Жанын шүберекке байлап досы үшін отқа түсу кез келгеннің қолынан келмейді. Еңбек жолын Мәскеудегі Губкин атындағы мұнай институтын бітіріп келген соң Құлсарыдан 1959 жылы еңбек жолын бастаған сол Марабаев Нәсіпқали Кең Жылойдың әр мұнараларында өз қолының табын қалдырды. Туған жеріміздің өсіп көркеюіне оның тамған маңдай тері өлшеусіз. Ол еңбек майданында Маңғыстауда өшпестей із қалдырды. Халықтың сүйіспеншілігіне бөленіп, Маңғыстаудың кәтепті қара нары атанды. Қазақ мұнайшыларын дайындауда өз мектебін қалдырды. Талай мамандарды тәрбиеледі. Ол 1988 жылы ұлттық намысымызды ту қылып, қазақтарды басынған Қолбинмен қарсыласып, оның саясатының дұрыс еместігін бетіне айтқан қазақтың қайталанбас бір туар қайсар ұлы. Бабалар рухын қастерлеуді өз мойынына борыш тұтып, Оқпантауда «Адай-Ата» кесенесін салу жөнінде ең алғаш ұсыныс берген және оның іргетасын қалаған қазіргі заманның данышпан азаматы. Оның осы ұлылыққа толы қасиеттері ақын жанымызды тебіренткесін:
Маңғыстауым! Ақ жарма жыр өлердей,
Жұлдыздармен сен келер-деп, елендей.
Көк аспанға зерлеп жазған өшпеске,
Марабаев Нәсіпқали дегендей.
Жырға қос-деп, дауыстайды кең далам,
Мен қуанып ерлігіңе таңданам.
Туған елдің түсірмеске бағасын,
Колбиндерді ала білген жағадан!
От кеудемді кетті-ау менің жыр кернеп,
Өнегеңде қаншама сыр нұр өрнек,
Қызыр баба шалған Ата төрінде,
Халқым үшін тудырған ғой ПІР БЕКЕТ! − деп жырлауымыз сондықтан. Міне, Наурызғали осындай қасиетті достарыменен өзін бақытты сезінді. Болашаққа өз іздерін салып, өздері өмір сүрген заманда ғасыр адамдары атанған, мұнайлы өлкенің ардақтылары: Сағынғалиев Бөлекбай, Балжанов Құмар, Болат Өтебаев, Серго Дүтбаев, Нәсіпқали Марабаев, Зақаш Камалиденов, Орал Ақшолақов, Беркін Ізтілеуов ол үшін алтыннан да өте қымбат. Олар ұлылығыменен оның жүрегіне мәңгілікке жазылған асыл есімдер. Өз заманының, өз уақытының мақтаныштары. Олардың ғибратқа толы өмір жолдары бір-бір кітап болып жазылып та жатыр. Олардың үлгісі жанып тұрған қасиетке толы шырақтай, шешендік сөздері келер ұрпақты сусындатын мөлдір бұлақтай. Жақсы адам жолдастарымен белгілі деген осы. Жақсы достар жаныңды жадыратып, шаттандырып, көңіліңді көтеріп бойыңа жалынмен қайрат жігер нұрын құяды. Мұндай бабалардың алтын сынықтары барында төменде жүруің тіптен мүмкін емес. Жаман болуға ешбір хақың жоқ, туған елің үшін, келер ұрпақтың жарқын болашағы үшін, кеудеңдегі соңғы демің біткенше ізгілік жолында тек лапылдап лаулап жаңа білуің керек.
№10 ұңғының аузын жауып, төңірегін тазартып, тегістеп болып жатқанда Нәкеңді бірлестікке шақырып соған барады, ішке кірсе алдында хатшы орыс кемпірі отыр, Жөкеңнің де, Диментманның да есіктері ашық, тым-тырыс тыныштық, қайсысына кірсем екен деп аздап ойланып Жөкеңге кіруге жүрексініп бас инженер Диментманға кірді. Диментман оны көруі мұң екен, алмақ өші бар жандай айқайға басып, столды ұрғылап, ашуға булығып, өздерің жіберген қателіктерің, неге қарамайсыңдар, өрт болып кетсе одан да жаман болар еді деп, ышқына сөйледі. Ашуланған адаммен ашу шақырып сөйлескенде не болады? Нәкең сабырлық сақтап, байсалды қалпымен оған айтып отырғаныңыз бәрі дұрыс әңгіме, қате Қосшағылдан келген Тойгүл дейтін қарт бұрғышыдан кеткен. Ол Қосшағылда атқыма беретін ұңғыма жоқ, соған еті әбден үйренген, түскі шәйін ішіп алайын деп ұңғыманың аузын жаппай вагонға кетіп қалған, міне, сол жауапсыздықтан болған оқиға екенін оған барынша түсіндірді.
Бір уақытта столда отырған Диментман үн-түнсіз тілі байланып қалған адамдай түсі бозарып, өңі бұзылып, әбсәтте қаны тартылып, ақшаң тартып қуарып, орнынан атып тұрды, бұған не болып қалды деп, Нәкең артына бұрылса бірлестіктің басшысы Жөқең келіп тұр екен. Наурызғалиға осы бір сәтте, ол сауыт киіп келіп тұрған Шеркештің Нұрсұлтан батырындай болып көрінді. Шамасы әруағы бар адам-ау деп ойлады. Әруақты ерлердің адам танитын текті адамның ұрпағына солай көрінетіні бар ғой. Ол кісі қазір бас инженерге алмас қылыш сілтердей, сұқ саусағын көтеріп, «Потише нельзя ли, а ты потом зайди ко мне» деп оған отты жанарын бір аударды да шығып кетеді.
Енді Диментманда үн жоқ, әлде біреу жуан жұдырықпен тас төбесінен тұрмастай қылып ұрғандай есеңгіреп әрі бері үнсіз отырады да, «ладно я тебе объявляю устный выговор, чтобы тебя райком не наказывал» деп бәсеңсіп басылып қалған әлсіз дірілдеген даусымен кете беруіне рұқсат береді.
Сонан соң Наурызғали сескеніңкіреп Жөқеңге кіреді. Бірақ Жөқең жылы шыраймен қарсы алып, амандық-саулық сұрап болғасын, апат жөнінде ештеңе айтпастан, контордың жағдайына қандай көмек керек екенін сұрайды. Наурызғали оның алдында еркін ашылып, өндіріске өте қажетті ауадай жетпей жатқан барлық техника құрал-жабдықтарды тізіп айтып шықты.
Осыдан кейін ұңғымаларды күрделі жөндеу конторына ерекше көңіл бөліне бастады, жаңадан агрегаттар АКО-700 және тағы басқа да жаңа техникалар молынан бөліне бастады. Құлсарыда автобаза директоры Мұхамбетов Ығылман ағаның көмегімен жаңа 3-астаулы «Газ-53» автокөліктері алынып, Прорваға, Мартышиға, Кең Қияққа пайдалануға берілді. Осылайша контор жағдайы жақсара бастады. Әрине, мұның бәрі жас маманды өрге сүйреген қазақтың мақтанышы еңбектегі алғаш ұлағатты ұстазы, Қазақстан мұнайшыларының арасынан бірінші болып Лениндік сыйлықтың лауреаты атағын алған Жолдасқали Ахметұлының арқасы еді. Ол жөнінде тебіреніп айтпауың мүмкін емес. Өйткені, ол мұнайшылардың қаны, жаны, елдікпен, ерліктің ізгілікті өнегесі, ұлттық рухтың желбіреген жалауы болатын. Ол 1916 жылы 15 қыркүйекте Кең Жылой топырағы Ракошта дүниеге келген кешегі Ұлы Отан соғысының от жалын жылдары тұсында ел қайғысын қара нардай көтеріп, қорған болған қолбасшы бір туар азамат. Ембі мұнайшыларының жоғын жоқтап, ерлік еңбекке ұйытқан, ұйымдастырған байсалды басшы, білікті маман болатын. Үстіміздегі ғасырдың бел ортасында елімен бірге қайнасып, ежелгі Ембінің айдарынан жел естірген, мұнайлы Маңғыстаудың байлығын ел кәдесіне жаратуға жол ашқан, Қаныш Сәтбаев тектес қазақ халқының әйгілі төбе геологы еді. «Ембімұнай» бірлестігін ұзақ жылдар басқара жүріп, Жөқең адалдықтың, іскерліктің, өзіне де, өзгеге де талап қойғыштықтың таңғажайып үлгісін көрсете білді. Міне, осы асыл тұлға Наурызғали ағаның еңбек сүйгіштік қасиетін жоғары бағалап оған ағалық мейірімін төге білді. Болашақ ұлттың жас маманын туған баласындай жетекке алды. Алғаш мұнай көзін ашқан Бешім атаның әруағын сыйлады. Ол болмаса мұнайлы өлкенің қара шаңырағында мұнайшылардың қатары өз дәрежесінде көтерілмейтінін алып жүрегімен сезіне білді. Өйткені, төрткүл әлемге қазақтың мұнайының болашағы зор екенін, шетелдіктердің ғасыр бойы іздеген мұнайдың дария бұлағының бастауын Қосшағыл мен Төлестен тауып беріп көзін ашқан дала академигі Бешім Қызылбас ұлы еді. Егерде сол Бешім атада европалық білім болса, орыстың атақты ғалымдарынан асып түспесе кем болмасын көз алдына елестете білді. Ол кезінде, мәскеулік және ленинградтық ғалымдар: А.А Бакиров, М.Ф. Мирчинк, Г.Е. Айзенштад, Н.А.Ероменко, А.Г. Алексин, тағы басқа белгілі ғалымдармен үнемі тығыз байланыста болды. КСРО мұнай министрлігі геология басқармасының бастығы Г. П. Ованесовпен көптеген күрделі мәселелерді, соның ішінде жекелеген жобалау мақсатындағы барлау ұңғымаларын ауыстыру, көшіріп қондыру қажеттігі туып қалғанда, қолма-қол телефон арқылы шешуі Жөкеңнің жоғары беделін көрсетсе керек.
1976 жылдың сәуір айында КСРО Мұнай министрінің орынбасары Н.С. Ерофеевтің қабылдауында бірнеше ірі ғалымдардың 4000-4500 метрлік тереңдікте тек газбен конденсат болуы мүмкін деген шүбәлі оймен Теңіз алаңынан терең ұңғылар қазуға жедел келісім берілмеді. Осы тұста Жөкеңнің терең білгір маман екендігін дәлелдейтін даналық қасиеттері жарқ етті, дүдәмәл мәселеге былайғы маман-ғалымдардың көзін әбден жеткізді, ғылыми тұрғыдағы пайымдаулар, өткір деректер кесе көлденең тартылып, қолға алған істің практикалық жағы мейлінше ойландырды. Соның нәтижесінде Теңіз алаңынан терең ұңғылар бұрғылау мәселесі де мәмілеге келіп, оң бата алуға анық қол жеткізгені талай майталман мұнайшылардың есінде. Бір өкініштісі, ол кісінің көптеген ғылыми еңбектері, ой пікірлері, көптеген жүйелі жұмыстары кезінде жарық көре алмағанын көпшілік геолог мамандар жақсы біледі. Ақиқаттың алдында құлдық ұрмайтын адам жоқ, Жолдасқали Ахметұлы өзінің соңынан ерген мұнайшы қауымы үшін талай мәрте жан алып, жан беріскен бұрынғы одақ көлеміндегі салихалы мәжілістерде, жоғарғы кеңестің алқаларында қызыл кеңірдек айтыс-тартыстарға бас тігіп, мұнайшы әулетінің атынан батыл пікірлер айтудан әсте жалтармайтын ел үшін туған біртуар жан еді.
Міне, ұлтжанды асыл ағаның осы өршіл қасиеттері Наурызғалидың жанын баурап, оған өзі үшін емес ұлт қамы үшін жұмыс істеуге үндеу салған. Компастың тілі тәрізді тек жеңіске бағыт сілтегендей болатын. Наурызғали осы бағытты берік ұстай білді. Соқпағы көп қиын болса да тайсалмады.
Жұмысшылардың тұрмыс жағдайын жақсартуға да ерекше көңіл бөлініп конторда құрылыс мекемесі болмаса да Нәкеңнің бастамасы бойынша, өз күштерімен, өз жұмысшыларына тұрғын үйлер сала бастады. Ол кездерде құрылыс материал деген жетіспейді. Қалайда жергілікті өндіріс басшыларымен тіл табысуың керек. Оларға бірден бір көмектескен сол кездегі кірпіш зауытының директоры, жастайынан қиындық көріп, Орал қаласындағы жетім балалар үйінде тәрбиеленген, өз маңдай терімен еңбекте өскен, ауданның сыйлы да ардақты азаматтарының бірі Қалпақбаев Сағатқали ағамыз болды. Сен қаншама жақсы білікті инженер болғанменде керекті құрал-саймандарың, техника-құрал-жабдықтарын, қарауындағы жұмысшылардың тұрмыс жағдайы болмаса жұмыс жүрмейді, жақсы атақ та ала алмайсың, осындай қиын кезеңде қол ұшын беріп көмектескен Мұхамбетов Ығылман, Қалпақпаев Сағатқали, Ізбасов Шафих ағаларға Нәкең шексіз риза, қарыздар, сондықтан болар әлі бүгінге дейін оларды бірде-бір ұмытқан емес. Әлі есінде күрделі жөндеу конторына бас инженер келген кезінде, аудан басшыларын танымайтын оны ауаткомның төрағасының ауыл шаруашылық жөніндегі орынбасары Ізбасов Шафих шақырып жатыр деген хабар келеді. Шәкенді бұрында сырттай білгенмен, бетпе-бет кездесіп, сөйлесіп көрген емес. Ірілігіне қарап қатты кісі болар деп ойлайтын. Сонымен не керек аупарткомға барып Шәкеңе жолығады. Ол кісі жылы қабылдап, ертең таңертең сағат 9-дарда «Қазақстан» совхозына барамыз соған дайын бол деп, шақырған мақсатын айтады. Ертесіне совхоз орталығына барып, совхоздың директорының орынбасары Балжігітов Қапанменен үшеуі совхоз шаруашылығын аралайды. Мал қораларды, жазда қой қоздайтын жерлерін, қойшылардың тұрмыс жағдайын, көзбен көреді. Малшы ардагерлер және мамандарменен кездеседі. Мектепте болып оның директоры Кең Жылойдың абызы Жанаш Нұрмаханменен танысады. Бұл ғажап ғұлама ұстаздың мөлдір бұлақ бастаудан шыққан сыршыл шежіре әңгімелерін тыңдайды. Кейін осы ағаларымен араласып туған інісіндей бола білді. Олар Нәкенді өз ініміз деп қадірледі. Арада сенім, құрмет, ынтымақ орнады. Олардың сенім жүгін көтере білді. «Қазақстан» совхозының шаруаларына өзі кеткенінше қамқорлық жасап тұрды. Жыл сайын қой төлдетуге көмектессе, отызға тарта адамды мал азығын дайындауға бөліп отырды. Жем суын бөгеу жөніндегі игі істері де сүйсінерлік. Тек «Қазақстан» совхозында ғана он жеті бөгет болатын. Совхоз осы бөгеттер арқылы шабындық жерлерді суландырып, екпешөптің көлемін арттыратын. Бұл маңызды жұмыстарға Нәкең қиындықтарға қарамай қажетті техникалар бөліп отыратын. Сол мерзімдерде бірнеше сенбілік өткізіліп, оған жүздеген адамдар қатынасты. Техникалық көмек көрсету, жаңадан құрылыс салу, жөндеу жұмыстарын жүргізу, концерт беру, лекция оқу өз алдына бір төбе. Осы жұмыстардың бәрінің басы қасында Нәкеңнің өзі жүрді.
Жұмыста біршама оң жетістіктерге жете бастады. Көрсеткіштері жақсарды. Ең маңыздысы жұмысшыларды жаңа үйлерге кіргізіп қуантты. Осылайша бар күш-жігерін халық игілігіне жұмсап жүргенінде 1968 жылы «Ембімұнай» комбинатының бастығы Жолдасқали Досмұхамбетов шақырып «сені Құлсары кәсіпшілігіне бас инженер етіп жібергелі отырмын, Ақтаудағы «Қазақстанмұнай» бірлестігінің бастығы Сафи Өтебаевқа хат жаздым, ол қол қойып бұйрық шығарады» деп жаңа жұмысында жетістіктерге жетуге ағалық ақ тілегін айтқан.
Осылайша Наурызғали аға, Құлсары мұнай басқармасына бас инженер болып тағайындалды. Бастығы Ғабдуллин Хамит, партком хатшысы Айтжанов Бекен, Артығалиев Дәуіт, кейін Беклиев Әбутай, бас геолог Қарабалин Әбілқайыр, бас мамандар Нигматуллин Шамил, Қонабаев Шәмша, Ондашев Байтаңаттар жұмыс жасайды екен... Ғабдуллин Хамит ағамыз Мәскеудегі мұнай институтының түлегі, бұған дейін Терең-өзекте жасап, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне депутат болған, елге белгілі тұлға. Оның бүкіл саналы өмірі мұнай өнеркәсібімен байланысты. Жұмысты ұйымдастыру қасиеті жоғары Хамекең, Наурызғали келген бойда-ақ жылы қабылдап, «жақсылап жұмысыңмен таныс, нағыз көмек керек болғанда ғана маған айтарсың. Өндіріс билігін толықтай өзіңе бердім» деп жұмыс бағыты жөнінде ақыл-кеңесін айтып, оған үлкен сенім жүгін жүктеді. Ол кезде поселке тұрғындары газды Құлсары мұнай өндіру цехынан алатын. Хамекең газды кімге бересің өзің біл, мен оған араласпаймын деп өз ойын ашып айтқан.
Бір күні ауданға Сафи Өтебаев келіп, ол кісімен кездесу үшін көптеген мекеме басшылары аудандық партия комитетінің үлкен залында күтіп тұрды. Көп кешікпей Сәкең келіп залға кірерде шеттен бастап бәрін де танитын кісідей аттарын айтып, әзілдесіп, Наурызғалидың қолын алып тұрып мынау кім бала деп сұрайды. Сонда Хамекең, «бұл жігіт жақында өзіңіз бұйрық беріп «Құлсарымұнайгаз» кәсіпшілігіне бас инженер етіп тағайындаған Бешімов Наурызғали ғой» деп таныстырады. Бұл сөзді естіген Сәкеңнің жүзінде қуаныш ойнап, «жақында Наурызғалиды бас инженерге ұсынған Досмұхамбетовтен хат келді, мен атасы Бешім оқымай-ақ мұнай тапқанда, оқыған инженер баласы мұнай таппайтын ба еді деп, бұйрыққа шабыттана қолды қойдым ғой» деп сол жерде тұрғандардың бәрін күлдірді. Бұл Сәкеңнің елдің жастарын, қарияларын да ұмытпай, әрдайымда жүрегіне сақтап жүретін ізгілікке толы адамгершілік қасиеті еді. Оның орныменен әзіл араластырып сөйлеген бір ауыз сөзі Наурызғалиға баба аманатын жеткізгендей жанына таусылмас күш қайрат берді.
Өндірісте жасап жүргендер кілең білікті ертеден келе жатқан мамандар, жоспар орындаудан кемістіктері болған жоқ. Кадр таңдауда да Хамекең онымен ақылдасып келісімін алып отырды. Қосшағыл, Құлсары қосылып жаңадан ЦИТС (орталық инженерлік техникалық қызмет) құрылып оның бастығына Хамекең оған кімді қойған дұрыс болады деп сұраған. Бұл орындағы қызметкер бас инженерден кейінгі өндіріске жауап беретін адам болғандықтан Нәкең оған еңбексүйгіш, тәжірибесі мол, Мұнайлы цехының бастығы Қонабаев Шамшаны ұсынған. Алайда партком хатшысы болуы керек, бұрын партия жұмыскері болған бір мұнайшы инженерді ұсыныпты. Сонан бұл хабар комбинат бастығы Жолдасқали Досмұханбетовке барады. Өндіріс мәселесін терең білетін Жолдасқали аға бұл мәселені сол бойы шешу үшін бірден бас инженерге телефон соғып «Бешімов саған ЦИТС-тің бастығына кім керек?» деп сұрайды. Нәкең «Мұнайлы цехында көп жылдар бастық болып келе жатқан Қонабаевты» дегенде, бірлестік бастығы Жөкең, жеке өзің ұсыныс хат жаз да маған шұғыл жібер» деп ауызша бұйрық береді. Осылайша Қонабаев Шамша сол күннен бастап ЦИТС бастығы болып, тағайындалады. Ол бұл сенімді өзінің адал еңбегімен ақтап, еңбекте абыройға бөлене білді. Өзіне жақсылық жасаған адамды ұмытпады.
Бірінде түнгі сағат 3-терде Шамша Нәкеңе телефон соғып, Құлсарыдағы мұнай жинайтын қазаннан өрт шығып жатқанын хабарлайды. Енді не істесе болады? Ол кезде көлік жоқ, содан басқа амал болмағасын ойланбастан екеуі жүгіріп барса төбесінен қызыл жалын атып қазан өртеніп жатыр. Екеулеп қазанның үстіне өрт сөндіргіш (қапшықта) ұнтақты шығарады. Енді өрт шығып жатқан тесікке жаңағы ұнтақты саларда, Шамша марқұм «сен шықпа, өлсек біреуіміз өлейік» деп Нәкеңді шығармай, өзі шығып тесікке қапшықтағы ұнтақты салып 1-2 сағатта өртті сөндіреді. Ертесінде оқиғаның болу себебін тексеріп қараса бұл өртке себепші болған жалғызбасты оператор апамыз болған екен. Кадр мәселесін шешу қай уақытта да күрделі де жауапкершілікті талап етеді ғой. Екінші рет басқарманың орынбасарлығына аупартком ауданға белгілі азамат, бұрын совхоздарда ұзақ жылдар директор болған Мұхтаров Мұхит деген кісіні ұсынады. Хамекең аупарткомға келісім бере қоймаған. Содан соң олар қайта бірлестік бастығына шығады. Жөкең тағы бас инженер Наурызғалиға телефон соғып, «сен Мұхтаров Мұхитты білесің бе, иә, білсең кісіні бастықтың орынбасары етіп бүгіннен бастап жіберемін, өзің көмектесесің» дейді. Нәкең болған жағдайды Хамекеңе барып айтады, жақсы келіссең болды, Ұлы Отан соғысында отпен оқтың арасынан өткен ардагерін Жөкеңнің сыйлағаны ғой, бірақ саған көп ауыртпалық түседі, мен сол үшін алдында келіспеп едім деп, Хамекең оған күлімсірей қарап жылы ишарат білдіреді.
Шынында да Нәкеңе көп мезгіл жұмыс бағытын алып кеткенінше Мұхит ағаға көмектесуі керек болды. Бұл жылдары Құлсары басқармасының ұжымы жақсы жетістіктерге жетіп жүрді. Айлық жоспар орындалмаған мезгіл болған жоқ. Көптеген адамдар ордендер мен медальдарға ие болды. Бірінде аудандық партия комитеті жоғарыдағылардың сұрауы бойынша, Қаратоннан бір мұнайшыны Социалистік Еңбек Ері атағына, ал Құлсары мұнай кәсіпшілігінен Октябрь революциясы орденіне 1-ші участок операторы Абдрахманов Ұлықпанды ұсынған екен. Кім-кімде өз ұжымының абыройын қорғайды ғой, сол мақсатта Хамит Ғабдулин, Әбутай Беклиев, Дәуіт Артығалиев ағаларына еріп Нәкең аупарткомға барып Соцалистік Еңбек Ері атағын алуға Абдархманов Ұлықпанның ғана лайықты екенін, өндірістің бас инженері ретінде терең баяндап дәлелдеп шығады, жанындағы нар қасқа ағалары қостайды. Шынында Лұқпан аға ең жұмысы ауыр, бірінші участокте оператор болатын. Ал операторлық жұмыс оңай емес. Оған екінің бірі жарай бермейді. Ол кезде қолдан тұрбадан жасалған качалкалар бір орталықтан штанға арқылы жалғанып жұмыс істейді, оның біреуі тұрып қалса, оны қосып жіберу жіберу үшін қалған 23-ін де тоқтату керек. Осындай қиын кезде ең алыстағы сордың ортасындағы качалкаларға керзі етігімен су кешіп барып қадағалап, майлап керекті сальнигін салатын осы Абдрахманов Лұқпан аға еді. Оның үстіне жиналыстарда жұмысты жақсарту жөнінде озат жұмысшы ретінде өз пікірін ашық жақсы айта алатын. Сол айтыста олар жеңіп шығып ол Социалистік Еңбек Ері атағын алды. Нәкең сол атақты өзі алғандай қуанды. Оны марапаттауға келген облыстық партия комитетінің қызметкерлері Лұқпан ағаға батыр атағын, Хамит ағаға орден, ал Наурызғалиға Қаз КСР Жоғарғы кеңесінің грамотасын береді. Лұқпан аға бұл атақты ақтады. Қазақстан компартиясы XIV сезіне делегат болып барып, халқымыздың ұлы перзенті Д. А. Қонаевтың алдында сөз сөйлеп, мұнайшылардың тұрмыстық жағдайларын жақсарту жөнінде ұсыныстарды батыл жеткізді.
Құлсарыда тек мұнай өндірісі емес, поселке ішін көгалдандыру жұмыстары жасалып Құрсайдан 1-ші ауылға дейін су жүйесі жүргізіліп, жазғы клуб, саябақ салынып, халықтың демалуына жастардың кешкі уақыттарының тиімді өткізуіне поселкелік кеңестің төрағасы Ибраев Оразбен бірігіп біршама жұмыстар жасады. Алтыншы ауылдағы саябаққа бағбан әрі күтуші етіп байырғы мұнайшы Шотықбай ақсақалды, Қамыскөл жанындағы баққа күтуші етіп Садуақас қартты тағайындады. Сол саябақтар зейнеткер ақсақалдардың арқасында көркейіп өсіп поселкеге сән берді.
Ауыл адамдары сол бақтың ішінде кино, концерттерін көріп тыныстайтын. Шахмат, дойбы ойнайтын шағын бөлмелер. Сондай-ақ жастар билейтін тап-тұйнақтай алаң болатын, қоғамдық-тәртіпті мұнайшылардан құралған халық жасақшылары қадағалайтын. Жастар жағы шеттеу қалын ағаш ішінде өздері ұнатқан арулармен аптығып жүздесіп жататын. Қайран жастық күндер-ай! Бірде халықпен кездесуге Жылой топырағына келген өкімет басшысы Премьер-министр Нүрлан Өтепұлы Балғымбаев мұнайшылар клубы алдында қуана жүздесіп, «Лұқпан, баяғы біздер ойнаған саябақ қайда кетті?» деп сұраған. Мен амалсыздан нарықтық отап кетті ғой дедім. Қазіргі мұнайшылар командирлері, ағаларының қалдырған аманатын күте алмады ғой десем, кесірім ауылдағы інілерге тиеді ғой деп, ойладым. Жабырқаған көңілін жұбатып оған, менің алғаш ұстазым, оның әлдилеген анасы Бәтен Тәңірбергенқызына арнап жазылған «Ақ бесігім Кең Жылой» жыр кітабымды жұртшылықтың көзінше табыс еткенмін. Нұрланның туған жерге деген сүйіспеншілігін, келе сала өзі ойнаған саябақты, ел мұраты үшін аянбай еңбек еткен, халықтың мақтанышы Кең Жылойдың көркейіп өсуіне зор үлескен қосқан, есімі ел аузында аңыз болып сақталған бір туар тұлға, қара қылды қақ жарған, атақты Қаратау бидің ұрпағы, әкесі Өтептің осы ауданға хатшы болып келгендегі тұрған үйдің орнын, бала кездегі достарын сағынып іздегенін сол бойда сезімнен өрілген жалынды жырға айналдырып оқып бергенмін. Мұндағы жиде талдардың исі тіптен бөлек болатын, әсіресе көктемде жұпар шашқанда жәннәт бағына тап болғандай сезінетінсің. Бақшаларға су жіберуді ұйымдастырушы, тұңғыш рет поселке ішінде адамдар жүретін тротуар жолдар салдырған сол уақытта кеңес төрағасы болған Ибрайұлы Ораз ағамыз еді. Ол өндіріс басшыларының аудан тазалығына араласуына көптеген жұмыстар жасады. Поселкенің көркеюіне, тазалығына ағаштар егуге мектеп оқушыларын тиімді пайдаланатын. Оларды өзінің жалынды сөзімен туған жерін сүйе білуге жігерлендіретін. Қасынан Наурызғалиды бір елі демалыс күндері де тастамайтын. Оған қандай техникалар керек, тіпті су айдайтын мотордың жағдайына дейін көрсететін. Өйткені, оған ең бірінші көмек беруші сол Наурызғали болатын. Оның туған жердің көркеюіне қосқан зор үлесін бағалап, сөзге шешен, ұлағатты ұстаз болған Орекең депутаттардың мәжілістерінде, партия пленумдарында, жалпы шаруашылық, жиналыстарда өндіріс басқарып отырған басшыларды поселке кеңесінің мүшесі Бешімов Наурызғалидан үлгі алуға шақыратын. Нәкеңнің сол Ораз ағамызбен ауыл арасына жүргізген су желілерінің құбырларының қалдықтары әліге дейін, елімізге жеңіс күнін жақындатқан Рейхстагқа алғашқы ту тіккендердің бірегейі, қазақтың батыр ұлы Қараманов Рахметтолла Естібайұлы ағамыздың атындағы көшенің бойында сақталған. Оны көрген сайын жаны жайсаң Ораз көкеміз еске түседі. Сол көше күбірлеп есіңде болсын өткендер деп тіл қатқандай болады. Сол уақытта бұл көшеге егілген қара ағаштарға қазірде елу жылға жақын уақыт болыпты. Олардың өздерінің өзі сол уақыттың өшпес куәсі. Жанынан өтсең өткен күннен сыр шертеді. Бірақ тыңдай білетін ақын жүрек керек. Мұнда Наурызғали ағаның жалындаған жастық кезіндегі ізгілікке толы іздері сайрап: жатыр. Осындай есте қаларлықтай еңбектерімен көзге түскен Наурызғалиды, 1971 жылы Ембімұнай бірлестігі бастығы Жолдасқали Ахметұлы Досмұханбетов шақырып, «Дүйсенғали Әжіғалиев ағаң шаршадым, жұмысымнан босат және менің орныма тек ғана өндірісті жетік білетін, жұмысшылармен тез тіл табыса алатын, адамгершілігі мол, білікті инженер Бешімовты жібер» деп саған жақсы мінездеме беріп отыр. Мен бұл асыл ардагердің тілегін қабылдап, бүтіннен бастап сені директор қылып тағайындадым» деп өз ойын кесіп айтады және Дүйсекеңді далада қалдырмай сұраған жұмысын беру жөнінде ақыл-кеңесін берген. Жұмысына сәттілік тілейді. Дүйсекеңнің Наурызғалиды адамгершілік тұрғыдан сыйлап бағалайтыны, оның есінен кетпейтін бір оқиға себепші болуы керек. Ол жағдай былай болған еді.
Нәкең қарауына бас инженер болып жақында ғана келген кезінде Дүйсекең 2-3 күнге Мақат ауданындағы үлескілерді аралап келемін деп кетеді. Сол жақта жүріп, малға шөптің қажеттілігіне байланысты Қошқардан үйіне бір астаулы машинаға адам көзі қызығатындай жайылып тиелген бидайық жусаны араласқан шөп жібереді. Ол кезде шөп шабуға рұқсат жоқ болатын. Құлсарыға кіре берісте, сол кездегі ҒАИ-дың бастығы Серікбаев Нығметтолла ұстайды. Жүргізушілерді дірілдетіп ұстап отырған, ол кісі көп ешкіммен сөйлеспейтін. Жүргізушіні көлігімен милицияға әкеліп, құжаттарын тексергенге дейін қамайды. Анықтағаннан кейін өзін босатады. Жаны көзіне көрінген, жанұясында шүпірлеген бала-шағасы көп жүргізуші бастығы Дүйсекеңнің жоқ болуына байланысты, шыға сала ынтығып кеңседегі бас инженер Нәкеңе келеді. Болған жағдайды тегістей баяндап, менің ешбір кінәм жоқ, бастығымыз Дүйсекеңнің бір машина шөбін әкеле жатыр едім, милиция ұстап алып 2-3 сағат қамауда болып, азар дегенде жалынып, өлердегі сөзімді айтып, қолхат беріп, жарты сағатқа сұранып шықтым, машина шөбімен сонда тұр дейді. Нәкеңнің Құлсарыға жаңадан келген кезі, еді аудан бастықтарының көбін танымайды. Тек аупарткомның бірінші хатшысы Саламат Мұқашевпен бір-екі рет кездескені бар. Бірінде аудандық комсомол конференциясына Қосшағылдан делегат болып келгенінде, Сәкең шақырып жәй амандасқаннан кейін, аудандық комсомол комитетіне екінші хатшы етіп Қосшағылда мұғалім болып жасайтын бір қыз баланы сайлағымыз келеді, сен қалай қарайсың деп, одан өз пікірін сұраған болатын, Нәкең сәл кідіріп, «Сәке, ол кісі хатшы болып жасай алмайтын шығар» десе, қасында отырған комсомолдың бірінші хатшысы реніш білдіріп, «бұлар солай орысша сөйлейтін кісіні жақтырмайды» дегені. Сәкең Нәкеңе жақсы түсінікті сен жүре бер деп, сол конференцияда жаңағы қыз баланы екінші хатшы етіп сайлайды. Бірақ жарты жылға жетпей оны хатшылықтан босатады. Екінші рет Прорвада кәсіпшілік бастығы ол өндіріс меңгерушісі болып жүрген кезінде, партком хатшысы Халел Салықов телефон соғып тезірек кел дегесін, кеңсеге келсе Саламат Мұқашев екеуі отыр екен. Сәкең сыпайы байсалды мінезімен жәйлап өндірістің жағдайын сұрай келе, «биыл Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің сайлауы болады, соған кандидатты жаңадан ашылған Прорвадан ұсынғымыз келіп еді, сіздерде кандидат болатын әйел адам бар ма?» дегенінде Нәкең аз ойланып, Мақат жағынан келген Есенбаева Мәдениет дейтін, жолдасы, балалары бар мұнайшы оператордың атын атағанда, Сәкең де, Халекең де біздің де ойлағанымыз сол кісі еді деп, оған ризашылығын білдіргені бар. Сол Есенбаева Мәдениет екі рет қатарынан Жоғарғы Кеңеске депутат болып сайланды. Бірақ Нәкең жоғарыда айтылған мәселе бойынша аупарткомға баруды дұрыс көрмейді. Милиция бастығын танымайды, сонда да бастығы ұятқа қалмас үшін белді буып милицияға барады. Милиция бастығы полковник Иманғалиев Сәлім жанары өткір, ызғарлы, төрт таған орта бойлы толық қара кісі, сәлемін салқындау алып, қабағын түйген күйінде қабылдайды. Нәкең жаңадан келген бас инженер екенін, Дүйсекең ауылда жоқ, оның жіберген шөбін милициялар машинасымен осында қойғанын, ал ол кісінің өзінің естімегенін, соған байланысты бір сапарға кешірім беріп, босатып беруге көмектесуін өтіне сұрайды.
Аудандық партия комитетіне хабарлама дайындап, басы қатып отырған милиция бастығы, оның адамгершілік қасиетіне, әдептілігіне риза болып, қабағы күн көзіндей ашылып, оған көзінің астымен бақылап қарай, «сөзіңе қарағанда өзіңдікі емес, әлі үйің де көшіп келген жоқ, бірақ жұмыстас басшың үшін кешірім сұрап келіп отырсың, біреулер бастығы сүрінсе қуанар еді, сен болсаң бар ауыртпалығын өзің көтеріп, кісілік, кішілігіңді көрсетіп отырсың, сендей жандар қоғамда сирек, кімде болсаң текті атаның ұрпағы болдың, сен үшін ескертумен босатайын, келесіде бұл келеңсіздікті қайталамасын, басшылар өздері тәртіп бұзып заңды сыйламаса не болады, өзің менің айтқанымды жеткізіп айтарсың» деп жүргізушіні машинаға тиелген шөбімен босатады. Милициядан шыққасын Нәкең бірден шөпті, Дүйсекеңнің үйіне апарып түсіргізіп, айналасын тап-тұйнақтай жинатып кетеді.
Осы күндері есте қаларлық тағы да бір оқиға болады. Құлсары кәсіпшілігінің бастығы Хамит Ғабдуллин телефон соғып, бір мұнайды көп беріп тұрған ұңғы тұрып қалды, өзіміз ондай алатын емеспіз, тездетіп бір бригадаңды жіберерсің, бірлестіктегі бөлім басшыларымен келістім деп көмек сұрайды. Сонан Құлсарыдағы ұңғыларды күрделі жөндеу цехының бастығына бір ұңғыда көптен бері жасап тұрған бригаданы тездетіп жаңағы Хамекең айтқан ұңғыға көшіру туралы тапсырма беріп, ертесіне таңертең жұмыс барысын білмекке барса, цех бастығы бригаданы көшірмеген, әрі өзі жоқ. Сол бойда басында тұрып, бригада шеберіне тапсырма беріп, бригаданы кенеттен тұрып қалған мұнайды көп беретін ұңғыға көшіріп ішке келсе, партком хатшысы «жолдас Бешімов, сіздің мәселеңізді қараймыз» деп телефон соғады. Содан парткомға барса барлық партком мүшелері толықтай жиналған, өзі кеше бригаданы көшіруге тәртіп берген цех бастығы да партком мүшесі екен, ол орнынан тұрып, мына Бешімов бізге келмей жатып тәртіпсіздікке жол берді, бір айдан бері бір ұңғыда жасап тұрған бригаданы мен келіспесем де басқа ұңғыға көшіріп жіберді. Оның бұл әрекеті дұрыс емес, партиялық жаза алуы керек деп, өз ұсынысын білдіреді. Нәкең болса Құлсарыдағы ұңғылардың бәрі де Құлсары кәсіпшілігіне қарайды. Қай ұңғыда қандай жөндеу қажет екенін өздері біледі және қазіргі ұңғыдағы бригаданы басқа ұңғыға көшіру бірлестік басшыларымен келісілгенін оларға түсіндіреді. Алайда оның орынды дәлелдемесіне қарамай оған жазықсыз сөгіс жариялайды. Енді не істеу керек, Дүйсекең болса ауылда жоқ. Көп ойланып аупарткомның бірінші хатшысы Саламат Мұқашевқа барып барлық болған жағдайды баяндайды. Ертесінде ауаткомның ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Д. Артығалиев, өндіріс бөлімінің меңгерушісі Қ. Құлетов келіп кезектен тыс партия жиналысын ашып, орынсыз жазғырған хатшыны босатып, жаңадан партком хатшысы етіп ұзақ жылдар осы мекеменің кеңсесінде еңбек және мамандар бөлімін басқарып келген Әуелбаев Әлден ағаны отырғызады. Екі-үш күннен кейін келген Дүйсекең болған жағдайға қанығып, Нәкеңе ағалық ризашылығын білдіреді. Талайды көрген қарт ардагер, қуанғаннан «мен аупарткомға барып, сені орныма осы конторға директор етуін сұраймын» деп өзінің ішкі тебіренісін де сездірген. Оған Нәкең еңбегінің сатусыз, аға алдындағы міндеті екенін түсіндіреді. Міне, майталман Дүйсекеңнің есінен кетпей, жанында өшпестей жазылып қалған Нәкеңнің өзіне деген инабаттылық сыйластығы еді. Сонан бері 3-4 жылдай өткен. Бірақ сол бір адамгершілік, інілік мейірімнің ағаға деген ыстық ықыласты шуағын Дүйсекең ешуақытта ұмытпапты. Тіпті оны туған баласынан да артық көретін. Ал Нәкең болса оны туған әкесіндей сыйлайтын. Өйткені, Дүйсенғали ағаның өмір жолы, оның өз еліне, халқына қалтқысыз адал еңбек еткен қызметі барша жас мұнайшыларға үлгі болатын. Ол 1926 жылы Гурьев қаласында алғаш рет мектеп табалдырығынан аттап, екі жыл қазақ сыныптарында сауатын ашады. Ал 1928 жылдан бастап екі жыл орысша білім алады. 1930-шы жылдары «Ембі мұнай» тресіне қарасты өндірістен қол үзіп оқытатын, жас мұнайшыларға бастауыш мамандық беретін екі ФЗО (фабрика-зауыттық оқу) мектептері болатын. Олар Атырау қаласында және Доссор кәсіпшілігінде еді. Дүйсенғали Әжіғалиев 1930 жылы Атырау қаласындағы ФЗО мектебіне алынып, оны 1932 жылы ойдағыдай тәмамдап, жөндеуші мамандығын алып шығады. Мектепті жақсы аяқтаған жас маманға «Ембі мұнай» тресінің кадр бөлімі білімін одан әрі жетілдіру үшін Атырау мұнай техникумына оқуға жолдама береді. Жасынан білімге құштар Дүйсенғали аталған техникумды 1936 жылы үздік аяқтап, бұрғышы мамандығын алып шығады. Онымен бірге оқу бітіргендер осы техникумды аяқтаған екінші түлектер еді. «Ембімұнай» тресі жас маманды Доссор кәсіпшілігі мұнай өндіру цехына бастық қылып тағайындап үлкен жолға жолдама береді. Осылайша алғашқы еңбек жолы Доссор кәсіпшілігінде басталады. Осы кезде Доссор кәсіпшілігінің байырғы жұмысшысы, кейін 1937 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесінің 1-ші сайланған депутаты Зорбаев Сабырғали, мұнай өнеркәсібінің құрметті мүшелері Оғай Кипониймен, Качарава Иванмен бірге қоян-қолтық еңбек етеді.
Тоталитарлық жүйенің қуғын-сүргіні Қазақстан мұнай кәсіпорындарын да айналып өтпеген. Көптеген маман мұнайшыларға «халық жауы» деген айдар тағылып, қуғынға ұшырайды. Солардың бірі, Мәскеудің тау-кен академиясын бітірген, 1930-1937 жылдары «Ембі мұнай» тресінде жауапты қызметтер атқарған Алашордашы Әтшібаев Беркінғали еді. Ол 1938 жылы «халық жауы» деген жаламен атылады. Сауатты мамандармен қатар, қарапайым жұмысшылар да қуғын-сүргінге ұшырайды. Техникалық қауіпсіздендіру шаралары әлі жетілмеген заманда жұмыс барысында әр түрлі өндірістік апаттар жиі болып тұратын. Әрбір осындай оқиғадан соң апаттың болғанына кінәлі адам деп, бірер жұмысшы жазаға тартылып, «халық жауы» деген айдар тағылатын. Бірде осындай өндірістік апаттан соң Дүйсекең бір жұмысшыны «буржуазиялық ұлтшыл», «жапондардың жіберген жансызы» дейсіздер. Қайдағы ұлтшыл, қайдағы жансыз, қараңыздаршы, тіпті сауаты жоқ, қара танымайтын адам емес пе, әділет қайда?» деп араша түседі. Сөйтіп біреудің тағдырына арашаға түскен Дүйсекең сол кездегі жазалаушы орган НКВД-ның нысанасына ілігеді. НКВД оның үстінен құжат жинай бастайды. Мұның арты неге соғатынын жақсы сезген Дүйсекең әскер қатарына сұранып, 1940 жылдың ақпан айында әскерге алынады. Осылайша оның өмірінің келесі бір белесі басталады. Ол Ұлы Отан соғысы басталған кезде алғаш Брест қамалын қорғауға қатынасып, қанды шайқасқа түседі. Кеңес әскерімен Белоруссия орманы мен Украина батпағы арасында, одан соң Смоленск облысы жерлерінде соғыстың ең бір ауыр кезеңін басынан кешіп, Отанын қорғайды. Талай рет қоршауда қалып, оны бұзып өтіп, қасық қаны қалғанша соғысады. 1945 жылы ақпан айында бір қанды шайқас кезінде Дүйсенғали Әжіғалиұлы немістің жаңбырша оқ жаудырып тұрған дзотын жояды. Қызыл әскерлерге ілгері жылжуға толық жағдай жасайды. Сол күні немістің мергені атқан оқ жақ өкпесін тесіп өтеді. Екі ай шамасында Львов қаласындағы әскери емханада емделіп келген кезде өзін дивизия командирі Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынғанын, бірақ орнына қызыл Ту орденіменен марапатталғанын естиді. Оның себебі қоршау кезінде жау қолына түспесін деп партия билетінің өртеніп, болмауынан екен. Ол майдан даласында Елань, Лузики, Залесье, т.б. елді мекендерде алты рет жарақаттанып, емделіп, қайтадан майданға оралған. Соғыс жылдарында III дәрежелі «Даңқ», «Қызыл Ту», Отан соғысының бірінші дәрежелі ордендерімен, Берлинді алғандығы үшін және Праганы азат еткені үшін және т. б. медальдарменен марапатталады. 1945 жылы қараша айында әскерден елге оралған ол көп кешікпей мұнай өнеркәсібіне қызметке орналасады. Осыдан бастап ол мұнайлы Ембідегі белгілі кәсіпшіліктер Қошқар, Қаратон, Доссор, Тереңөзек, Жантай, Қарсақ, Құлсарыда цех бастығы, өндірістік-техник, бұрғылау-техникалық бөлімдеріне басшы болып қызмет атқарады. 1963 жылдан бастап Құлсары ұңғыны күрделі жөндеу кеңсесінің директоры болып жиырма жылға жақын еңбек етеді. Осы жұмыс жасаған жылдарында ол өзінің өнер тапқыштық қасиетімен өндіріске көптеген ұсыныстар енгізе бастайды. Оның жүзден астам ұсыныстары тіркеліп, мемлекетке мыңдаған сом қаржы үнемделеді. Өнердегі бұл табыстары «Ембімұнай» өндірісі саласындағы күрделі де қиындығы мол мәселелерді түбегейлі шешуге ықпал етеді. Ол осындай жаңашыл өндірістік табыстары 1972 жылы «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнертапқышы және рационализаторы» деген құрметті атаққа ие болды. Атырау өңірінде дүниеге келіп, мұнай өндірісін дамытуға зор үлес қосқан дарынды майталман мұнайшы ағаның енгізген техникалық жаңалықтары әлі күнге дейін өндірісте қолданылып келеді. Міне, осындай ерен есте қаларлық еңбектерімен, ел үшін маңдай терін төккен талай жас қыранды баулып, биікке ұшырған, соғыс және еңбек ардагері атанған абзал ағаны қартайғанда далада қалдырмай қадірлеп Нәкең оның өзі сұраған жұмысын берді. Оның бұл інілік қамқорлығына ұжым мүшелері бек риза болып алғыстарын білдірді. Мұның өзі ардагерлерді сыйлай білудің ғажайып үлгісі еді.
Конторға директор болып жасаған жылдарында жұмыс жақсара түсті. Жаңадан гидравликалық жару арқылы мұнай өнімін көбейту әдістерін қолдана бастады. Жөндеуге келмейтін ұңғыларға екінші ствол қазу арқылы да мұнай алына бастады. Жұмысшылардың тұрмыс халдерін жақсарту үшін, конторда құрылыс мекемесі болмаса да, жұмысшылар үшін жеке тұрғын үйлер салыну жалғастырыла берді.
Конторда жағдайы қиын Мартыши, Кеңқияқ үлескілері болатын, мұнда жататын жатахана да, асхана да жоқ, бригада мүшелері бір вагонда сыймай жататын, отыны да жоқ, тамағын тоқпен пісіретін. Міне, осы үлескілерге болашағы көп болғандықтан бірден бар күшті соған салып оның жағдайын жақсартуды қолға алды. Бұл ойын ұжым мүшелеріне ашық дәлелдеп түсіндірді. Олар бір ауыздан қолдады. Бұл жерге ұжымдағы ең беделді озат қызметкер Ислам Молдағалиевты бас қылып жұмысшылармен әуелі Кеңқияққа, кейін Мартышиға сенім артып жібереді. Ең бірінші Кеңқияққа жіберу себебі білген адамға Кеңқияқ мұнайының ерекшелігі сол онша тереңде емес, тайызда орналасқан деп айтуға болады, күкіртсіз, парафині шамалы, шайыры бар, барынша сапалы болып табылады. Кеңқияқ, Мартыши кенішін игеру барысында оның қызығы мен қиыншылығы аралас жатыр. Біріншіден, мұнайы тым қою. Екіншіден, мұнаймен бірге көп мөлшерде құм шығады. Үшіншіден, мұнайдың құрамындағы су өте тұщы. Біріншісі, жердің астынан мұнайды алып шығуды барынша қиындатса, ал екіншісі, құбырларды, қондырғыларды әлсін-әлсін бітеп қалып ауырлатады. Ал үшіншісі, қыс айларында жиі-жиі қатып қалып, құбырлардың, қондырғылардың қалыпты жұмыс істеуін қиындатады. Міне, осы қиындықтарға мойымастан еңбек етіп басқарманың бір қалыпты жұмыс жасауына жағдай туғызу қажет'болды. Көптеген алда кездескен қиыншылықтарға қарамастан тәжірибелі маман Ислаш аға Кеңқияқта, Мартышида бұрын қазылып іске қосылмай қалған көптеген скважиндерді іске қосып, олардың жұмыс жағдайларына, басшылардың көмегімен қажетті көңілден шығатын жағдайларын жасайды. Қиындық қисапсыз екен деп Нәкең қарап отырмайды. Орындаушылық тәртіпті қатаң жолға қояды. Өндіріс жоспарларын орындаумен қатар әлеуметтік жағдайды жақсарту, өндіріс базасын ұлғайту, жергілікті халықты жұмысқа тарту, үйрету, тұрақтандыру, өндірістік шаруаларға қажетті бөлімшелерді құру сияқты және басқа да кезек күттірмейтін қарбалас жүрер жұмыстарды абыроймен ұйымдастырып жүргізе білді. Ең бастысы жұмысшыларды тұрғын үйлермен қамтамасыз етті. Шефке алынған мектептердің оқушыларының арасында оларды кәсіптік-техникалық училищелерге, техникумдарға және жоғарғы оқу орындарына жіберуге бағытталған жұмысты мақсаткерлікпен жүргізді. Осындай мақсатпен жоғары кластардың оқушылары үшін кеніштерде, ұңғымаларды күрделі жөндеу үлескілерінде танысу экскурсияларын өткіздірді. Жас мамандарды инженерлік қызметке тағайындап, кейін оларды әлдеқайда жауапты жұмыстарға жоғарылатып отырды. Қазірде зейнеткерлікке жақындаған, мектепте оқып жүріп атақты күйші композитор Тоқсанбай Құлтумиевтің құрған домбыра оркестріне қатынасқан өнерлі азамат, жоғары білімді, білгір маман Ермекбаев Амангелді, ортамыздан ерте кеткен жаны жайсаң Сарекенов Бисен марқұм сол уақыттағы Нәкең тәрбиелеген жас мамандар еді. Үнемі тынбай ізденіспен күрмеуі мол мәселелерді жергілікті өндіріс басшыларының тілін тауып шеше білді. Оның жұмыстағы ұйымдастыру қасиетіне қызыққан совхоз басшылары, өздерінің фермаларын аралатып, жағдайларын айтып көмек сұрайтынды шығарды. Жұмысы өрге басты. Ел ішінде абыройы артты. Ол өндірісті жетік білетін, кішіпейіл сабырлы басшы болды. Бар еселі еңбегін Кең Жылой өңірінің экономикалық бейнесін өзгертуге жұмсады. Бірақ тағы да қызмет орнын өзгертуге тура келді.
1973 жылы «Жайықмұнай» мұнай-газ өндіру басқармасы құрылып, сол кездегі бірлестік бастығы Бөлекбай Сағынғалиевтің ұйғаруымен жаңа басқарманың іргесін қалау үшін соған бастық болып тағайындалып келді. Басқармада бұрын Байшонас кәсіпшілігінде жұмыс жасаған А.И. Назаров бас инженер, Сағытжанов Серік бас механик, Нұрмұханов Айтмұханбет, Қалмұханов Рысқали, Нұрғалиев Бораш, Амантұрлин Тарахи бас мамандар болып жасады. Жаңа жердің аты жаңа жер, алғашқыда қиындықтар өте көп болды, кеңсе де жоқ, жалғыз жатахана, асхана да, кеңсе де сол болатын, мұнайшылар вахтамен әр жерден ағылып келеді. Жолдың жағдайы ешбір сын көтермейді. Тасымалдайтын көліктердің жағдайы мәз емес. Осының бәрін бір жүйеге келтіріп, жұмысты басынан бастап ұйымдастыруға тура келді. Бұл қиыншылықтардың уақытша екенін түсіндіріп, ардагерлердің, озат жұмысшылардың қатынасуымен жиналыс өткізді. Неден бастау қажет екенін шешіп алды. Ол еңбек тәртібі, әркімнің өз жұмысына жауапкершілікпен қарай білуі еді. Жаңадан құрылған ұжым жұдырықтай жұмылып алға ұмтылды, бәрі де аянбастан еңбек етті. Соған қарамастан алғашқы айда жоспар орындалмады, келесі айда да жоспар жоқ, бірақ мүмкіндіктері бар. Күнде жұмысына талдау жасап отырған Нәкеңді, «атқыма беретін ұңғыларымыз бола тұрып жоспар орындамауымыз қалай?» деген сұрақ еріксіз мазалады. Рас атқыма беретін ұңғылардан қанша май алатыныңды бірлестіктің геология бөлімі қызметкерлерімен келісіп отыруың керек, ол дұрыс делік. Сонда кедергі болып отырған не нәрсе? Осы мәселені тез шешу үшін ол бас инженер мен бас геологты шақырып, атқыма беретін ұңғыларымыз бола тұрып жоспар орындамауымыз қалай, осы, өз ойларыңды ортаға салып, маған тездетіп жоспарға шығу шарасын жасап берулеріңізді сұраймын деп тәртіп бергенде, бас геолог Айтекең «мен Жолдасқали Досмұханбетовтың келісімі болмай сізге ондай шара жасай алмаймын» деп қалды...
Мұндайды ол кісіден күтпеген Нәкең, ашуға берілмей, рас айтып отырсыз ба деп, сұрайды. Ол болса, иә, рас деп жауап қатады. Сонымен не керек өндірісті қалай өрге шығарсам деп жаны күйіп жүрген Нәкең әлгі бас геологке сабырлы байыппен «маған бүгін жоспарды орындауға шығу шарасын жасақтап беркітуге әкелмесеңдер ертеңнен бастап жұмыстан үшеуміздің де босатылатынымызды ескертемін» дейді. Әлгі екеуі де үн-түнсіз кабинеттен шығып кетіп, 1-2 сағаттан кейін жоспарға шығу туралы жасаған шараларын бекітуге әкеледі. Нәкең жасақталған шараны ұзақ уақыт терең талдап қарап, дұрыстығына көзі жетіп бекітеді.
Бұрғылаудан шыққан ұңғымаларды қаншама жіберуге әзірлеп қойғанменде көп мөлшерде мұнай ұңғымаларға қосалқы станция тұрғызылмай электр қуаты берілмеген еді. Тіпті жиналған мұнайды айдайтын тұрба да тұрғызылып болмаған, ал мұнай өндіру жоспары ай сайын өсіп келеді, егерде өндіріс жағдайы осы күйінде тұрса, қысқа қарай жоспар орындалмай қалуы әбден мүмкін еді. Еңді бұл қиындықтан қалай шығу керек?
Нәкең «Жайықмұнай» басқармасына келген күннен-ақ Махамбет аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Капизолла Қуанышбаевпен, ауатком төрағасы Дошу Шененовпен өте жақсы байланыста болды. Ауданның қоғамдық жұмыстарына белсене араласты. Пленум мүшесі, аупартком бюро мүшесі болды. Басқарманы қиыншылықтардан шығаратын жол іздеп Нәкең аупартком хатшысы Капизолла Қуанышбаевқа барып, жаңадан ашылған мұнай өндірісінің қиыншылық жағдайымен толық таныстырады. Сөйтіп жүргенде бір күні оның жұмысын обком бюросында тыңдайды деген хабар келеді. Обком түгіл партком бюросында тыңдалып көрмеген ол, қатты шошып кетеді. Енді шегінер жоқ, бар ойын қағазға түсіріп көз ілместен дайындалады. Сын сағаты басталады.
Содан обком бюросында оның баяндамасын тыңдағаннан кейін обком хатшысы Саламат Мұқашев, «Жайықмұнай» басқармасында оң жұмыстардың жақсы деңгейде жасалып жатқанын айта келіп, Нәкеңнің ел болашағының игілігі үшін көтерген мәселелерін, «Ембімұнай» бірлестігіне емес, «Гурьев Дор-Строй», УМНП, «Гурьев Энерго» басқармаларына байланысты екенін терең талдап түсіндіріп, соларға барлық жұмысты қазан, қараша айларына дейін бітіру керек деп нақты тапсырма береді. Осылайша олар бұрын босағасынан аттай алмайтын облыстық мекемелер басшылары оларға берілген тапсырманы орындау үшін ақылдасуға өздері келетін болды. Барлық шаралар түгелдей орындалып, олар жылдық жоспарды артығымен орындап шықты. «Жайықмұнай» басқармасы бүгінде облыстағы ең мұнайы көп, абыройлы да беделді басқарманың бірі болып есептеледі. Мұндағы сол уақыттағы екінші негізгі мәселе, жұмысшыларға тұрғын үй салу жұмысы болатын. Алайда бірлестік басшылары жаңадан шығып жатқан вахталық әдіспен жұмыс жасаймыз деп, жұмысшыларға үй салуға, тіпті Аққыстаудағы СМП-мекемесінен қалған үйлерді алып пайдалануларына рұқсат бермей қойған. Бірақта Нәкең шешінген судан тайынбас дегендей, өз бастамасымен бірнеше үйлерді алып, өз күштерімен жөндеуден өткізіп, «Жайықмұнай» басқармасындағы өндіріске өте қажетті деген Райымбергенов Жұмақұл, Молдағалиев Ислаш, Бөлекбаев Бағытжан сияқты мамандарға үй бергізеді. СМП-дан қалған кеңсе мен клубын да мұнайшылар үшін сатып алады. Ел үшін тілегі ақ адамға Тәңір берейін десе молынан беретіні рас қой. Дәм айдап, бір күні обкомда КСРО Мұнай министрі Шашинмен кездесу болмасы бар ма. Барлық басшылар шақырылған. Зал лық толы. Атыраудың марқасқалары алдыңғы қатарда жайғасқан. Төрде Мәскеуден келген үлкен қонақтар. Кездесуді ел алдындағы парызын өтеуді берік ұстанған, ел басқарудағы еңбегі орасан зор, мұнай өнеркәсібінің дамуына тыным таппай ерекше мән беріп жүрген обкомның бірінші хатшысы Саламат Мұқашев ашып, облыстың жағдайымен таныстырады. Бірер кісі сөйлегеннен кейін облыстық атқару комитетінің төрағасы Оңайбай Көшеков төрдегі Мұнай министрі Шашинге «осында жаңадан ашылған «Жайықмұнай» басқарма бастығы қатынасып отыр, соны тыңдасақ қайтеді» деп ұсыныс білдіреді. Министр қолдайды. Зал бұл жас инженер не айтар екен дегендей тым-тырыс. Сілтідей тына қалған. Өткендегі обком бюросында ысылып, азды-көпті көргені бар, жұмысшыларға үй салдыруға рұқсат алсам деген ішкі толғанысымен Нәкең мінбеге шығады. Ол «Жайықмұнай» басқармасын ашқаны үшін, мұнай министрі Шашинге рахметін айтып, жұмыстарымыз жақсы, жоспар орындалуда, тек бір қиыншылық бар, жұмысшылар-мұнайшылар жұмысқа сонау жердің түкпірі Өзеннен бастап, 14 елді мекеннен шаршап, жол соғып келеді. Қысылысып вагондарда жатады, жазда өте ыстық, қыста іші суық. Көптеген мұнайшылар соның салдарынан ауырып та қалып жүр.Үй жоқ, Сізден мұнайшыларға тұрғын үй салуға рұқсат сұраймын деп, жүректегі бар жанайқайын жеткізген кезде, Мұнай министрі орнынан тұрып, бірлестіктің бастығы Сағынғалиевке «үй салуға рұқсат етемін, бұйрықты қазірден бастап әзірле, осында қол қойып кетемін» деп келісімін береді. Бұдан артық қуаныш бар ма? Баяғыдан шешілмей жүрген күрделі мәселе ел ардақтысы Саламат Мұқашев пен Оңайбай Көшековтің даналығының арқасында сол жерде шешіліп, халықты қуанышқа бөледі. Міне, осы күннен бастап, Аққыстауда мұнайшылар үшін тұрғын үйлер салу басталды. Алғашқы мұнайшы Бөлекбаев Бағытжанның үйінің іргетасын Нәкеңнің өзі қалағаны әлі есінде. Ол болашақта Исатай ауданының ашылуына, оның орталығы Аққыстау поселкесі болуына көп себепкер болды.
Алда атқарылатын жұмыстар әліде көп еді, бірақ бір жылдан кейін, яғни 1974 жылы Бөлекбай Сағынғалиев бірлестікке, өзіне орынбасар етіп алып кетті. Бірлестікте жұмысы мұнайшылардың әлеуметтік тұрмыс жағдайы, автокөлік мәселесі болса да сол кезде бірлестіктің негізгі тірегі болған, мұнай кенішін игерудің білгірі, практикалық тәжірибесі өте мол, алдағыны болжағыш, шебер ұйымдастырушы, бас инженері Балжанов Құмар ағаның науқастанып қалуына байланысты, жоспар орындалмай тұрған, 1966 жылы 17 желтоқсанда ашылған, Кеңқияқ кенішіне оған жиі барып тұруына тура келді. Оларға қолдан келер көмегін, аяған жоқ. Кеңқияқ кәсіпшілігінің басшылары И.И Качарова, С. Дүтбаев жақсы білікті мұнайшы инженерлер оның ұсыныстарын түсіністікпен қабылдап, өндірісті алға дамытудың дұрыс шараларын алып абыройлы еңбек етті. Мұнай қайтарымын арттыру мақсатында негізгі объектілерді игеру қабаттарға су айдау арқылы жүргізілді. Бұлардың қуаты артуына байланысты ұңғымаларды орналастырудың тың жүйелері іске қосылды. Мұнда Нәкең еңбек озаттары мұнай өндіру жөніндегі мастер С. Жоламанов пен И.Р Тихомиров, Н. Жиенбаевтармен танысып, олардың айырықша еңбектерін бағалай білді. Осылайша ұлттық дәстүрді қадірлей білетін «келінтөбесі» бар Кеңкияқтың оттарының жарқырай беруіне Нәкең өзіндік қолтаңбасын қалдырған. Еңбек күйімен күмбірлеп, бар мақсаты Отан ырысын арттыруға ұмтылған күндері ұшқан құстай зымырап өтіп жатты. Бірлестіктегі жұмыста да бірде-бір тыным жоқ болатын. Бір жұмысты бітірсең, екінші жерден бір жұмыс дайын тұратын.
Бірінде І-мамыр мерекесіне қарсы қалалық парткомнан бір жауапты қызметкер телефон соғып, «мұнайшылардың бұрынғы ескі клубын тездеп құлатып тегістеңдер, орнына бір орыс әйелінің гүл ұстап тұрған ескерткішін қоямыз» демесі бар ма? Бірлестік басшысы Бөкең ауылда жоқ, Құмар аға науқас, содан Нәкең обкомға бірінші хатшы Саламат Мұқашевқа барып, «Сәке, клубтың жағдайы кеткен, бірақ біз оған күрделі жөндеу жасаймыз. Мұнайшылар клубы мұнайшыларға керек» дейді. Наурызғалидың мұнайшылар үшін жаны күйіп тұрғанын әріден сезген, терең ойлы Сәкең оған байсалды үнімен, біздер І-мамырдан екі күн бұрын сол жерлерді аралаймыз, соған дейін жұмыс жасап, көрсете алсаң қалдыруға болар, көрерміз деп, үміттендіреді. Бұған қуанған Нәкең ішке келе сала барлық құрылысшыларды жинап клубтың күрделі жөндеу жұмысына кірісіп, 10 шақты күнде 3 жағын силикат кірпішпен қаптатып, терезелерін, есіктерін ауыстырып жөндеп қояды. Мереке алдында әзірлікті қарауға шыққан комиссия ішінде Сәкең де бар еді, ол кісі ештеңе деместен, оларға іштей риза болып кеткен. Осылай бұрынғы мұнайшылар клубы жақсы жөндеуден өтіп, бүгінде Дина Нұрпейісова атындағы мұнайшылар Мәдениет үйі болып, қалай аман қалғанын келер ұрпаққа сұлулығымен ұғындырып өзі айтардай жарқырап тұр.
Бұл кездер қазақ мұнайының ардагері, қажымас қайрат иесі, ғасыр жобасына жол салушы Бөлекбай Сағынғалиевтің кәрі Ембінің мұнайын көбейту жөнінде үлкен мақсат қойып, күні-түні дем алмастан еңбек етіп жүрген кезі. Бұл уақытта «Ембімұнай» бірлестігі көп болса жылына 1-2 млн. тонна мұнай беретін. Бөкең мұнай өнімін 30 млн. тоннаға дейін көтеруге болады, ол үшін тұз қабатының астындағы есепсіз мұнай шөгіндісін игеру қажет екенін дәлелдеп обкомға барып өз ойын айтады. Бірақ обкомның бірінші хатшысы Саламат Мұқашев ауылда болмай, басқа екінші хатшы Сергеев, бюро мүшелері Клинчевтер келіспей, сен қайдағы 30 млн. тонна мұнайды айтып отырсың деп, оның ғылыми жорамалын түсінбегендіктен келемеж қылып, әжуалайды. Ол ішке келіп орынбасарларына болған жағдайды айтады. Сонда Нәкең еңбексүйгіш, біртуар талант ағасына алған бетіңізден қайтпағаныңыз дұрыс деп өз ұсынысын білдіреді. Мұндай сенімді, тілектес орынбасарлары барына қуанған Бөкең, арада аз күн салып, іс сапардан оралған С.Мұқашевқа, О.Көшековке барып, өз ойын дәлелдеп оларды сендіреді. Болашаққа үмітпен қараған, халықтың мұңын жоқтап қамын ойлаған ел басшылары обком атынан СОКП Орталық Комитетіне хат жазып, Министрлер Кеңесіне, Мұнай министрлігіне Ембіде мұнай көзін ашу үшін тапсырма беріп қаражат бөлінуін сұрайды.
СОКП ОК-нен тиісті тапсырма болғанмен де мұнай министірлік басшылары көп мезгіл келісім бере қоймай, бірлестік басшылары Б.Сағынғалиев, Ж.Досмұханбетов, Қ.Балжановтар талай рет Мәскеуге барып, ақырында мұнай алаңдарын ашу үшін рұқсат алады, қаражат бөлінеді.
Б.Сағынғалиев Атырау қаласының шығыс жағынан жаңадан өндірістік база салып, барлау бұрғылау басқармаларын құрып, Ресейден геодезиялық партиялар шақырып, құрылыс тресін, автокөлік басқармаларын ашып аянбай еңбек етті. Бұл ел болашағы үшін істелініп жатқан жұмыстарда Нәкеңнің де қосқан зор үлесі бар еді.
1975 жылдың қыркүйек айында оны бірлестік басшысы Бөлекбай. Сағынғалиев шақырып алып, «Наурызғали, сен қазір обкомның бірінші хатшысы Саламат Мұқашевқа бар. Сені Мақат ауданын көтеру мақсатында бірінші хатшы етіп жіберетін ойы бар, ал бармаймын десең өзің біл, мұндағы жұмысың да жаман емес ғой» деп өз пікірін айтады. Бірақ обкомның аты обком. Нәкең Саламат Мұқашевқа барып, үлкен тұлғаның ұсынысына қарсы болмағанмен, «Сәке, өте жауапты қиындығы мол жұмыс қой, мен жасай алар ма екенмін» деп өз ойын жасырмай айтады. Нәкеңнің адалдығына риза болған, кадр таңдауда мұқияттылық танытып қателеспейтін, өзінің, сеніп ұнатқан адамдарына қамқорлығын аямайтын, талай жас мамандарды тәрбиелеп, сыннан өткізіп қанаттарын биікке қақтырған обком хатшысы Сәкең оған «қорықпа, жасайсың» деп, ақ тілегін айтып сенім білдіреді.
Содан Алматыға барып Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Бірінші хатшысы қазақ халқының мақтанышы, торлап тұрған қалың қызыл тұманның өзінен ақылға қонымды жол тауып, даналығымен, ұлылығымен еліне пайдасын тигізіп, оның ата салт дәстүрін, өнерін, мәдениетін, тілін, дінін қастерлеп ұлы достыққа негіздей сақтап халқынан алғыс алған Д.А.Қонаевтың қабылдауында болды. Ол кісі бұрын қандай жұмыста болғанын, мына бекітілмек болып отырған хатшылық жұмысты жасай аласың ба деген ұсақ пенделік сұраулар қойған жоқ, орнынан тұрып елдің амандығын сұрап жақсы амандасқаннан кейін, Нәкеңнен «сен ескі мұнай кеніші Ескенені білесің бе?» деп сұрады. Нәкең, «иә, жақсы білемін, осы Мақат ауданында мұнай кәсіпшілігі» деп жауап қатты.
Қазақстан көсемі содан кейін әңгімесін жалғап, кешегі Ұлы Отан соғысы кезінде Ескене мұнайшылары жеті рет КСРО Қорғаныс министрлігінің ауыспалы Қызыл туын жеңіп алғанын, сол жетінші туды Ескене мұнайшыларына өзі апарып тапсырып сонда мәңгі қалдырып кеткенін айтып, мұнайшыларға өзінің ыстық сәлемін жеткізуді аманат қылады. Оның жаңа жұмысында жетістіктерге жетуіне ақсақалдық ақ батасын береді. Бұл Ұлы адаммен жүздесу оның өміріне өшпестей із қалдырды. Даналықтың мөлдір бұлағынан сусындап шыққандай болды, оны көргеніне өзін бақытты сезінді. Елге қанаттанып қайғы. Осы жылдың 18 қыркүйек күні Мақат аудандық партия комитетінің пленумында обкомның бірінші хатшысы Саламат Мұқашев өзі арнайы келіп оны жаңа хатшылық жұмысына отырғызып кетті. Осылайша ол ауданды басқару жұмысына кірісті. Ең бірінші жұмысы ел ақсақалы Қонаевтың аманатын орындаудан басталды.
Биік дейтін биікте емес, белес-белес белі бар сағымдай сары дала. Осы даланың арасын аралай, қойнын қуалай сүйретіле созылып жатқан сорлар тұзды көлдер. Доссор осындай көлдерді бірінің екі бетіне қақ жарыла орналасқан. Ортасында ойпаңдағы сорда кәрі Доссордың жүрегі соғып тұр. Қадала қарап, тыңшыға тыңдасаң да мұнайлы өндірісінің алып жүрегі осы жерде дүрсілдеп жатқанын айқын сезінесің. Бүгін бүкіл Атырау аймағына, онан әрі Маңғыстау түбегіне, Еділ Жайық арасында Жем бойы, Темір Ойыл Орал өңіріне күре тамырлары жайылған осы өндіріс жүрегінің соға бастағанына ғасырға жақындап қалды. Дәлірек айтсақ, мұнайлы Ембінің Қарашүңгілден кейінгі атасы. Қазақстанның мұнай өнеркәсібінің бастауы. 1911 жылы 29 сәуірде Доссорда үшінші санды ұңғымадан күшті атқыма атты. Бұл атқыма Доссордың аса бағалы қазынасын ашты. Бұл атқыма бүкіл Қазақстан мұнайының бастауы болды.
Доссор дегенде Гурьев облыстық партия комитетінің бір кездегі бірінші секретары Мүхамбет Айтуұлы Есеновтың 1966 жылы 28 ақпанда Мақат аудандық XXIV партия конференциясында айтқан мына сөзі еріксіз есіңе түседі. «Доссорды Ембі, Доссорды мұнай өнеркәсібі, Доссорды мұнайшы кадрларды, жұмысшы табын қалыптастырушы, Доссорды Одақта мұнай өндірудің екінші әдісін бастаушы деп білеміз». Доссор дегенде естен кетпейтін тағы бір оқиға 1967 жылы Гурьев облысы Ленин орденімен наградталды. Сол награда құрметіне үлкен той болды. Гурьевке Алматыдан бастап республиканың тұс-тұсынан қонақтар ағылды. Сонда Қызылқоға ауданының кең даласында әскери сынақ жүргізіп жатқан армияның командирі келді. Ол өз сөзінде: «Ешқандай өңдеусіз-ақ самолетке құя сала ұшуға болатын Доссордың аса сапалы, әлемде жоқ мұнайы үшін тост көтеремін» деген еді. Ал белгілі жазушы Константин Георгиевич Паустовский сонау 1930 жылдың өзінде былай деп жазған: «Ерлік дегеніміз бұл Доссор. Ұлы Ембі үшін күресуде. Теңізшілер үшін Рио-де Жанейроның дүние жүзіндегі ең көрікті гавань болып естілетіні сияқты ұлы Ембі деген сөз Доссор, Мақат, Байшонас та солай естіледі». Өткен жылдарда Доссор да, бүкіл Ембі өңірі де үлкен өзгеріс даму жолдарынан өтті. Ондаған жылдардан астам мезгілде Доссор екі түрлі өмір белесін бастан өткерді. Көптеген өзгерістер болды. Қазірде Мақат мұнайлы ауданының әкімшілік орталығы Доссор мұнай-газ өндіретін үлкен басқарманың штабы тұрған орталық.
Бұрында бірлестікте жұмыс жасап жүргенінде, өзі 3 жыл бойы интернатта жатып орта білім алған жері болғасын сағынып өткен өмір жолдарын еске түсіріп Доссорға анда-санда келіп тұратын. Білім алған ұясына соғып, ұстаздарына сәлемдесіп қайтатын. Міне, енді хатшы болып келгесін тереңірек танысуға 3-4 күн барлық поселкелерді, өндіріс орталықтарын аралап шықты. Бірақ оған қай поселкелердің де оңып тұрғаны жоқ болып көрінді, әсіресе Доссор мен Мақаттың жағдайы тіптен ұнамай қалды. Үйлері, мектептері, бала бақшалары әбден тозған, ескірген, 3 жол салатын үлкен басқармалары болғанымен бір шақырым да асфальт жолы жоқ. Мақат арқылы Өзбекстанға Саратовтан газ құбыры жүреді, бірақ мұнайшылар оны пайдалана алмай, үйлерінде көмір жағады. Су жүйелері тозғандықтан кез-келген жерде жарылып, ішетін су далаға кетіп жатыр. Тазалық жоқ, тұрғындар арасында инфекциялық аурулар пайда болып, көп адам ауруханаға орналасқан. Олармен сөйлескенінде аурухананың да жағдайы мәз емес екеніне көзі жетті. Доссордың қақ ортасында автокөлік жүретін тар ағаш көпір бар, онда жылына 2-3 рет жол апатынан адамдар өлімі болыпты. Ауданда қоғамдық тәртіпті сақтау да өз деңгейінде емес, ұры-қары, бұзақылық, маскүнемдік, сауда-саттық белең алған. Енді не істесе болады? Жалғыз өзінің бұл келеңсіздіктермен күресуге күші жете ме? Қалай жөнге қоюға болады, кімдерге арка сүйесе жұмысы алға басады? Қаптаған қара бұлттай сұрақтар еріксіз терең ойға батырды. Ақырында ел ағаларын өзі іздеуге шықты. Оған арланған жоқ. Құдайға шүкір мұнай өлкесінің қара шаңырағында көп жалдар партия, кеңес саласында еңбек еткен қызметкерлер, талай шәкірттерді тәрбиелеген ұлағатты ұстаздар, белсенді келер ұрпақ қамын ойлаған мұғалімдер және мұнай өндіру саласында ұзақ жылдар жасаған ардагерлер атап айтқанда: Санбаев Хамза, Құсайынов Нұр, Ізтілеуов Кенжеғали, Қалиев Бораш, Өтегенов Қайыр, Жақашев Дүйсен, Сарғұнаев Ораз, Қанатбаев Бержен, Жанасов Азат, Үмбетбаев Елемес, Тәжібаев Саркен, Текеев Тәжібай, Сегізғалиева Жібек, Құлмағамбетова Сәлім, Сарбалиев Халық, Беғалиева Ырысты, тағы да басқада көптеген ардагер ақсақал ағалар, апалар бар екен. Міне, осы ел жайсаңдарымен ақылдасып, жергілікті халықтың қатысуымен көп мәселелерді ортаға салып талқылады. Алда істелетін жұмыстарға елді жұмылдырып игілікті шаралар жасақталып бекітілді. Осылайша белін бекем буып, қиындығы көп жұмыс болса да сескенбестен іске кірісіп кетті.
«Азат басың болсын құл, қолдан келмес іске ұмтыл» деген ұлы данышпан Абай ақынның қасиетті сөзін жанына жалау қылды. Халыққа сәлемі түзу болды. Адамдар арасында жақсы қарым-қатынас қалыптаса бастады. Мен бірінші хатшы екенмін деп, тұрпайы мінез көрсетіп, кекірейіп кеуде соғуды білмеді. Қарға мақтанып сұңқар болмас, есек мақтанып тұлпар болмас дегендей тумысынан қарапайым, қоңыр, кішік, мақтануды білмейтін, есерлікке, астамшылыққа жиіркенішпен қарайтын ол әдептілікті, адамгершілікті, игілікті, жақсылықты өміріне арқау етті. Мінез құлқын әдеп ережелеріне сай ұстады. Ата-бабаларымыздың халықтық тұрмыс тіршілігі оның күнделікті тұрмыс-тіршілігінде көрініс тапты. Жұмыста уақытпен есептеспеді. Ер қадірі еңбекте деп білді. Ел сенім артқан екен, енді сол сенімді қалайда ақтауға, бүгінгі істеген ісіне ертең халық алдында жауап бере алатындай болуға, елдің ырысын арттыруға бар күш жігерімен беріліп тынбай талпыныс жасады. Кештің бір уақытына дейін тапжылмастан жұмыста болды. Кім-кімге де есігі айқара ашық, ешкімді алаламады. Ақтығын білдірді. Жергілікті халықтың мұң-мұқтажын айта келген ел ақсақалдарын ілтипаттап қарсы алып, оларға қолдан келген көмегін бере бастады. Қандай заман болсын адам баласы имандылығын жоғалтпауға тиіс екені баршаға мәлім. Нәкеңді осы ауданға келгелі бір жұмбақ тылсым күш әулие Байбақты Атаны есіне салды да тұрды. Оған бармаса жұмысы жүрмейтіндей көрінді. Әруақты аттаған оңбас дегендей, өзі де күнде тағзым етуге барғысы келді де тұрды. Түсіне анасы ауық-ауық кіріп әулие атасына қарай бағыт сілтегендей болды. Бірақ коммунистер заманы. Ата салт дәстүрге, дініне, тіліне удай қарсы. Ақылмен іс қылмасаң өзекті өртер өкінішке ұрынуың әбден мүмкін. Ертең бірінші хатшы молда екен, әулиеге сыйынуға барыпты деп, әлде бір наданның айтпасына кім кепілдік бере алады? Бұл дүниеде жаман ауру күншілдік кеселіне ұшырағандар қаншама? Нәкең осы жөнінде оңаша отырып көп ойланды. Ақыры бес намазын тастамайтын басына Құран кәрімді жастанып, не іс бастаса да ақ ниетімен бісмілләмен бастайтын ақ жүректі әкесі мен шешесі есіне түсіп, тәуекелге бел байлап, жанына ауткомның төрағасы Аманиязов Алдабергенді ерітіп, ата басына дұға етіп, көңілі тынышталып, арқасынан ауыр жүк түскендей жаны жай тапты. Халық естіді, бірақта бір адамның да аузынан жоғары жаққа ол жөнінде бірде-бір сыбыс, өсек бармады. Қайта ұлтжанды, иман жүзді дінін, тілін сүйетін өжет ұл келгеніне іштей қуанды. Халық оның бар ізгілікті бастамасын сол батылдығы үшін жұмыла қолдады.
Жұмысты Доссордың ортасындағы құлайын деп тұрған ескі көпірді бұзып, қайтадан кеңейтіп жаңа құбырлар төсеп, екі жағынан адамдар жүруге қолайлы автокөліктер еркін сыйысып жүретін жаңа үлкен көпір салудан бастады. Ауданда іш ауруының көптігіне байланысты, Алматыдан, Атыраудан санэпидимология станцияның мамандарын тез шақыртып, оларға болып жатқан оқиғаларды өз көздерімен көруге қолғабыс жасап, бірге акт жасақтатып, ескі су жүйелерін ауыстыру үшін КСРО мұнай министрлігіне хат жазып, қажетті құбырларды алғызды. Ойлаған жұмысты іске асыру да оңай болған жоқ. Кейбір көптен жұмыс жасап келе жатқан адамдарды ауыстырып, зейнет жасына келгендерді демалысқа жіберу керек болды. Көп жылдар Жылой, Мақат аудандарында партия жұмыстарында, соңғы кездері Мақат ауатком төрағасы болған Назымов Мұса жол құрылыс басқармасының бастығы болып жасайды екен. Ол кісімен ауыл төңірегін аралап көрсе, бірде бір дұрыс жол жоқ. Жасы жетіп қартайған Мұсекеңнің енді бұл жұмысты алып жүре алмауы мүмкін. Осы ойларын ол обком хатшысына барып айтқанда, Сәкең зейнеткерлікке шығарғаның дұрыс, бірақ оған сен не бересің демесі бар ма. Нәкең мұнда да дұрыс жолын тауып, «Сәке, мен ол кісіге әуелі мемлекеттік дәрежедегі дербес зейнеткер атағын, астына мініп жүрген автокөлігін және құрылыс мекемесінде кеңседе отырып жасайтын жұмыс беремін» деп жауап қатады. Бұл ұсынысты қуанышпен қарсы алған Мұсекең зейнеткерлікке қалады.
Аудандағы ең үлкен жол құрылыс мекемесі ДСУ-ға жаңадан Прокуденко деген жас маманды тағайындап, битум жасайтын зауыт жасап, Доссор поселкесінің бүкіл ішкі жолдарын, Мақат Доссор, Сағыз Доссор асфальт жолдарын салдырды. Ол кездерде құрылыс материалдары болмағандықтан Доссордан кірпіш зауытын салып, жергілікті халыққа емделуге жеңіл болу үшін Ескенедегі емхана-санаторияны Доссорға көшірткізді. Халықты азық-түлік, жеміс-жидекпен қамту мақсатында Мақатта сүт зауытын және жаңа заман талабына сай сауда базарын аштырды. Мұнай өндіру басқармасы арқылы асыл тұқымды сиыр малын ұстап, ал Мақатта Қызылқоға ауданымен келісіп мал сою пунктін ашты. Жылой ауданына қарағанда Мақат ауданының жер жағдайы халықтың тұрмысына қолайлы емес, аудан көлемінде өзен деген атымен жоқ, соның салдарынан шөптің шығуы да нашар, жергілікті халық қолға ұстаған бір-екі жандығына шөп таба ал май қиналады. Осы жағдайды білген Нәкең облыстық партия комитетіне өтініш жасап Қызылқоғадағы 8 совхоздың екеуін беруін сұраған. Оған үкімет басшылары рұқсат етпеді. Осылайша өтініші дұрыс шешілмегесін, ауданға су келтіру мақсатында 1976 жылы Доссордан 150 шақырым жердегі Ойылдың тұщы суын Доссор мен Мақатқа бұрып келтірді. Бұл есте қаларлық оқиға болды. Халықтың қуанышында шек болмады, демалыс күндері олар оған барып демалып жүретін болды. Халықты қуантқанына өзі риза болды. Ел үшін аянбай еңбек ете берді.
Осындай ауқымды жұмыстарды Нәкең өзім жасадым демейді. Мұндай жұмыстарды жасауға біріншіден жергілікті мұнайшылар, теміржолшылар, құрылысшылар болса, облыс басшылары Саламат Мұқашев, Оңайбай Көшековтің және үлкен мекеме басшыларының да көмегі аз болған жоқ.
Сол кездегі халық бақылау комитетінің бастығы X. Салықова, асыл тұқымды сиыр малын алуға көмектессе, «Саратов-Трансгаз» бастығы Есет Әзербаев Әмудариядан келетін су құбырынан мал суаруға аяусыз су беріп тұрды. Жанын үнемі мазалап жүрген ендігі мәселе, қоғамдық тәртіптің сақталуына ерекше көңіл болды. Мақатта, әсіресе, шойын жолшылар поселкесінде, ішімдіктің салдарынан жастар ғана емес, үлкен азаматтардың да тәртібі нашар болатын. Төбелес, бұзақылық, кісі өлтіру оқиғалары адам жанын түршіктіретін. Осы келеңсіз жағдайдың тамырына түпкілікті балта шабу мақсатында Доссордан ішкі істер бөлімін Мақатқа көшірткізді. Ол ізгілікті іс бірден өзінің нәтижесін беріп қылмыстың саны күрт азайды. Халық жасақшыларын тиімді пайдаланды. Әсіресе мектептермен тығыз байланыс жасап жасөспірімдер тәрбиесіне ерекше мән берді. Аудандық партия комитетінің хатшысы Л Н. Свечникова, ауатком төрағасының орынбасарлары З. Дабысов, Ж. Нақбаев, оқу бөлімінің меңгерушісі Д. Ерғалиева жас ұрпақты тәрбиелеуге барлық ардагерлерді, қалың жұртшылықты, ата-аналарды жұмылдыра білді. Елге еңбегі сіңген ел ақсақалдары елеусіз қалмай олармен кездесулер ұйымдастырыла бастады. Орал облысында тұратын 1924 жылы алғашқы Доссор партия комитетінің бірінші хатшысы болған А.Ипмағамбетовті, Атырауда тұратын Кеңестер Одағының батыры Қайырғали Смағұловты шақырып, аудан халқымен, мектеп оқушыларымен кездесулер өткізіліп тұрды. Жергілікті тұрғындар түгелдей қазақша сөйлегенмен сол кезде Доссор мен Мақат көшелерінде көбіне орыс тілінде жазылған ұрандар болатын. Ауданға ауатком төрағасының орынбасары болып Жұмаш Нақбаев келгесін бұл ұрандар ана тілінде жазылып, бұрынғы кемшіліктер түзетіліп, ұлттық дәстүрге, ана тіліне ерекше мән беріле бастады...
Наурызғали ел ырысын молайтуға аянбай күш-жігерін жұмсап, ала таңнан жұмысшылармен бірге өндіріс орындарында жиі болатын. Алдына мұнай бұлағының көзін табуды мақсат қылып қойды. Өткен Ұлы Отан соғысында елімізді жеңіске жеткізуге мол үлес қосқан Мақат ауданының мұнайы деп мақтанышпен айтуға болады. Оған Ескене мұнайшыларының тылдағы өрен ерліктері үшін жеті рет КСРО Бас қолбасшысының Қызыл Туын алып желбіретіп, келер ұрпаққа аманат қылуы. Бұл қажет десеңіз әлемде болмаған тарихи оқиға. 1943 жылы Ленинград халқы аш жалаңаш қоршауда қалғанда қырандардың ұясы, мұнайшылардың ұстаханасы Мақат ауданынан ардагер мұнайшы Қауқаев Айтжан, Сүлейменов Күреңше және Дьяченко деген үш азамат, еңбек озаттары қарша бораған оқтардың астыменен, жалынға оранған жолдарменен Ленинградтықтарға (1 состав поезд) 1 эшелон 1400 т Ескене мұнайын апарып беріп халықты қоршаудан құтқаруға зор үлес қосқандары тарихтан белгілі. Бұл қаншама ғасырлар өтсе де ұмтылмайтын ерлік. Сол Ұлы Отан соғысы кездерінде жазушы, ақын Асқар Тоқмағанбетов айтқандай «Мұнайшылар мұнай бер, соны сенен сұрайды ел» деп, Мақат мұнайшылары бірде-бір тамшы мұнайды ысырап қылмай, жеңісті жақындату үшін, еңбекте ерен ерліктің өнегесін көрсетіп үкіметке тапсырып отырды. Мақат мұнайшыларының ерлік бастамасы бүкіл төрткүл дүниені аузына қаратты. Мақат мұнайы елге ырыс, несібе сыйлады. Жылдар өткен сайын Доссор, Ескене, Сағыз, Қошқар, Мақат, Комсомол мұнайы азайды, таусылуға жақындады. Міне, ауданда, яғни Доссорда, Мақатта үйлер салынбауының бір себебі сол болатын. Баяғы өрен-қыран тектес мұнайшылардың берер мұнайы аз болғандықтан жоғарғы жақ, яғни Мұнай министрліктері көп көңіл бөлуді қойған. Сондықтан да бірлестік басшыларымен бірге ауданға келген күннен бастап ол, мұнай өнімін көбейту жолын іздеді. Бұрын қазылып мұнай шыққан, сол уақытта консервацияда тұрған Алтықол кенішінің мұнайын Құлсарыда жасап жүргенінде, ала алмағаны еске түсіп, сол кенішті қалайда игеру мақсатында рұқсат сұрап, біраз қиыншылықтарға қарамастан «Ембімұнай» бірлестігі бастығы Б.Сағынғалиевтің көмегімен күніне 100 тн мұнай беретін Алтыкөл кенішін іске қосып алды. Ботақан кенішіне бұрғы салдырып бірер жылдан кейін ол да мұнай беріп іске қосылды. Екі бірдей мұнай кенішін қосып алғандарымен, ауданда мұнай өнімі аздық етті. Сондықтан да бірлестіктен қазақтың төбе геологы Жолдасқали Ахметұлын ауданға арнайы шақырып, мұнайшылармен кездестіріп, мұнайы бар жаңа аландарды бұрғылау жұмыстарын бастауды сұрастырды. Жөкең Мақат мұнайшыларының сұраныстарын орындау мақсатында соңғы жылдары денсаулығының нашарлығына байланысты сырқаттанып қала беретініне қарамастан, Мәскеуге барып, өзінің беделін салып КСРО Мұнай министрлігінен Доссордың қасындағы Батыс Доссор алаңына бұрғы салуға рұқсат алып берді.
№706 ұңғымада бір жылдай жұмыс жасаған «Ембімұнай» бұрғышыларды бір күні ұңғыдан атқыма атқанын хабарлап, бүкіл Доссорлықтар болып жаңа атқыма басына барып қуанып, бөріктерін аспанға атты. Алайда қуаныштары ұзаққа бармады. Бұл ұңғыны сынақтан өткізіп іске қосуды, тәжірибелері жоқ, бұрын мұндай жұмыстарды тіптен жасап көрмеген күрделі жөндеу конторының бір бригадасына тапсырылған. Олар жұмысты дұрыс атқара алмағандықтан бұл үлкен үміт күткен ұңғыдан апат болып, қуантып көкке атқылаған атқыма су сепкендей басылып тоқтап қалды. Ал барлаушылар болса бұл жерде мұнай жоқ деп бригадасын алып кетті.
Міне, өз жұмысына жауапсыз қарау қандай өкінішке соқтырады. Нәкең басын қара тасқа соққандай қиналды. Оны қолдап басқа ұңғы қазуға келіскен, бірлестіктің бас геологы Балғымбаев Мақашқа биліктегілер пенделікпен рұқсат бермеді. Ал Жөкең болса өмірден өткен болатын. Жағдай қиындай бастады. Қазақ КСР құрылыс комитетінің шешіміне сәйкес аудан орталығынан, басқа поселкелерде тұрғын үй салуға рұқсат етпеді. Әсіресе Мақатта 1920-1930 жылдары салынған үйлер азып-тозған, адам көргісіз күйде болатын. Мұнай министрлігі болса Мақат-Доссор басқармаларын қосып, алдағы уақытта мұнайшылар вахталық әдіспенен жұмыс жасайды деп шықты. Сондықтан да амалсыздан облыс партия ұйымының алдына аудан орталығын Мақатқа көшіру туралы мәселе қоюға мәжбүр болады. Бір аудан орталығын екінші жерге көшіру, әрине, оңай жұмыс емес, көптеген қаражатты қажет етеді, бірақ соған қарамастан сол кездегі облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Оңайбай Көшеков, облыстық атқару комитетінің төрағасы Есен Тасқынбаев және облыс партия комитетінің мүшесі Бөлекбай Сағынғалиев ауданға келіп, Мақат поселкесін түгел аралап шығып Нәкеңнің жергілікті халықтың мұң-мұқтажын ойлап берген ұсынысының дұрыс екеніне көздері әбден жетіп, Қазақстан Компартиясына арнайы мәселе қойып, Д. А. Қонаевтың өзінің қатысуымен өткен бюрода аудан орталығын Доссордан Мақатқа көшіру туралы шешім қабылдайды.
Осылай 1980 жылы аудан орталығын Доссордан Мақатқа көшіріп, Макатта 30-40 жылдан бері салынбаған жаңа тұрғын үйлер, мектеп, аурухана, бала-бақшалар салына бастады. Мұнайшылар поселкесіне халық армандаған көгілдір газ беріле бастады. Мақаттағы тарихы мол Бәйгетөбе поселкесі темір жол вокзалынан 1-2 шақырым жерде тұрғанмен, темір жол поселкесіндегі мектепке онда тұратын оқушылардың баруы өте қиын болатын. Өйткені, екі арада 14-16 шойын жолдың рельстері өтеді, сабаққа асыққан жас балалар кейде тұрған темір жол составының астынан өтеміз деп, кейбірі қайғылы жағдайға ұшырайтын. Міне, осы қиындықты жеңу мақсатында КСРО теміржол министрлігінің орынбасары Соловьевтің келуіне байланысты, оған жағдайды түсіндіріп, Бәйгетөбе Вокзал аралығына адам жүретін аспалы көпір тұрғыздырып халық алғысына ие болды.
Ендігі үлкен мәселенің бірі шалғайдағы Сағыз, Қошқар, Комсомол поселкелерін көшіру еді. Бұл жөнінде, бірлестік бастығы Бөлекбай Сағынғалиев және сол кездегі УС-99 құрылыс тресінің бастығы Абаджиевтің алдына Қазақстан Компартиясы XIV съезінде жүргенінде мәселе қойып оң шешім тауып шешкен. Міне, соның арқасында Мақаттан 100 пәтерлік бір үй тұрғызып, соған Сағыз мұнайшыларын түгел көшіріп алып, оларды қуантты. Тағы да ел үшін ерінбей ізденісте болды.
Мұнай аз болғанмен ауданды дамытудың басқа да жолдары бар болатын. Мақат тоғыз жолдың торабында орналасқан ең үлкен теміржол салаларының бірі. Республика бойынша тепловоздарды жөндейтін үш-төрт локомативтік депоның біреуі осы Мақатта. Мұнда мыңдаған адам жұмыс жасайды. Бірақ мұнда әлде де жасалатын жұмыстар көп, оның бірі Мақат Индер темір жолын салу. Кезінде коммунистер көсемі Лениннің ГОЭЛРО жоспарында Мақат-Александров Гай жол құрылысы басталып, қаржының болмауына байланысты тоқтап қалған болатын. Бұл жол салынса Мақаттан Ресейге тіке шығуға болады. Міне, осы мәселені аупарткомда теміржолшылардың қатынасуымен ұзақ талқылап, Мақат Индер темір жолын салу керек деп шешімге келіп, облыстық партия комитетіне мәселе қояды. Нәкеңдердің бұл ұсыныстарын қабылдаған, облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы О. Көшеков бұл мәселені XV съезде Қазақстан Орталық Комитетінің алдына қойды. Д.А. Қонаев бұл ұсынысты қолдап, Мақат Индер жолын салуға үкіметтен қаражат бөліп, тез салынуына көмектесті.
Мұның бәрі Нәкеңнің ел үшін ізденісінен туындаған ізгілікті бастамасы еді. Ол сол жүректегі елге деген ақ ниетімен бір кездерде артта қалған Мақат ауданын республика бойынша танымал алдыңғы қатарлы аудандарға қосты. Осы Мақат ауданында бірінші басшы болып он жылдай істеген кездерінде Наурызғали аға халықтың нағыз адал перзенті, еліміздің шын мәніндегі білімді азаматы екендігін дәлелдеді. Адамның қадірі оның адамгершілік қасиетімен қатар, бітірген істерімен өлшенеді ғой. Нәкең сол ұзақ жылдар басшылық жұмыстарда істегенде қандай жұмыс болмасын оның қыры мен сырын жетік білетін, іскер ұйымдастырушы, болашақты болжай алатын басшы екенін таныта білді. Ең маңыздысы соңынан бірде-бір жаман сөз ермеді. Есімі халық алдында кіршіксіз тазалығының арқасында аңызға айналды, құрметті азаматымыз деп қадірлеп, халықтың өзі жақсы адам деген баға берді. Түсінгенге осыдан артық мәртебе бар ма, меніңше, бақыт деген осы. Туған халқыңның сенімін ақтай алсаң одан асқан қандай арман бар!
Әрине, ағамыздың қырандай самғап осындай биіктерге жетіп, елдің сыйлы азаматы болуына жанұясындағы тазалығы судай мөлдір, сүттей ақ, қандайма қиындық көрсе де сілтінің тұнығындай бұзылмаған, ата салт-дәстүрінің мөлдір бұлағынан сусындаған, үлкендерге ақ қайындай иіліп, ибалығын өмірлік серік қылған, ағамыздың жапырақтарын жайып орман қылған, аққу үнді маңдайы жарқыраған, текті ұядан ұшып, тектілікті ұрпағына дарыта білген, текті қыз, біздің ақ жеңешеміз, әрі апамыз Қалыштың меймандостығы, мейірімділігі ақылдылығы, үйіне атбасын тіреген адамға «Қырықтың бірі Қыдыр» деп қарап, дәрежесіне қарамай дәм татқызбай шығармауы, танысын, танымасын жылы шыраймен қарсы алып ізеттік көрсете білуі, ағайынға, дос-жарандарға сыйластығы, олардың араласып етене жақын болуына бауырмалдығы, қонақ күту әдептілігі, аупарткомның әйелімін деп, түрленіп орынсыз басқаларды сынап мінеп, сөзбенен билік құрар іске араласпауы, мінезінің көктемдей нәзік сұлу көріктілігі, балаларына әкесінің қадірін білдіріп, қасиетін түсіндіріп отыруы, қысқасы, жан жолдасының нағыз сүйеніші, ең жақын өмірлік серігі бола білуі үлкен себепші болғаны сөзсіз. Ал мұны ақындық жүрекпен келер ұрпаққа үлгі өнеге үшін айта алмасақ күнәге батқанымыз. Өйткені, бұл тірлікте өзіңе өмір сыйлаған ананың мейірімінен асқан шуақ жоқ. Сондықтан болар жаратушы Алланың елшісі Мұхаммед ғ.с. пайғамбар ақыл-кеңес сұрағандарға, «Бұл тірлікте ең әуелі анаңды сыйла, анаңды сыйла, анаңды сыйла» деп, үш рет қайталауы тегін емес. Өмір күрес. Бұл майданда ешкім жалғыз жауынгер бола алмайды. Алға жетелейтін аға, туған бауырыңдай жақын шынайы тілектестікпен араласатын дос керек.
Қанша жуан болса да,
Жалғыз ағаш үй болмас,
Қанша жақсы болса да,
Жалғыз жігіт би болмас, − деп аталы сөз қалдырған бабаларымыз, жігіттің жақсы-жаман болмағы өскен ортасы, жора-жолдасы және жанұясындағы достыққа байланысты деп бағалаған. Осы қағиданы берік ұстай білген Наурызғали ағамыз табысқан достарына әр уақытта да адал, ізгілікті қатынаста болды. Оларды үлкен-кіші деп алаламай, құрметтеп сыйлап, қадір тұта білді. Бастарына қиындық жағдай туындаған кезде қолынан келер қол ұшын ұсынып жандарынан табыла білді. Соларға арқа сүйеді. Жақсыны алыс, жаманды жақын демеді. Биліктемін деп, біреудің қақын жеген жоқ. Сыйлас адамдарымен берекелі бірлікте болды. Жетістіктеріне кеуде соғып мақтанбады. Қазақты бүкіл әлемге ерлігімен танытқан Бауыржан Момышұлының:
Қара қазақ ұлымын,
Жалпы жатқан елдегі.
Бұқараның бірімін,
Баяндаған істерді.
Мен істедім демейін,
Мен істеді дегенше,
Мың істеді дегенмін,
Мен мыңдікі болмасам,
Ер елдікі болмаса,
Кім істеді дер едің? − деген ұлағатты сөзін терең ұққан ағамыз, Мақат ауданында көп жылдар бірінші хатшы болған уақытында жемісті игілікті жұмыстардың атқарылуы тек өз еңбегім деп есептемейді.
Жауапты жұмысты атқарған кезде, жанына қанат берген ағаларын, достарын мақтанышпен атап еске алады. Шынында ел басқарған көпті көрген облыс басшылары болған, бүкіл ғұмырын халқына қызмет етуге арнаған, мұқияттылығы мұхиттай терең қазақ мұнай өнеркәсібін дамытуға қосқан үлесі ұшан-теңіз, парасаттылығы мен пайымы, адамгершілік пен әділдігі, іскерлігі мен талапшылдығы, халықпен етене байланыста болған, ардагер мұнайшылар, ел басқарған асылдар жөнінде, олардың өмір жолын келер ұрпаққа үлгі өнеге қылып, соңғы демі біткенше қолынан қаламын тастамаған, өзінің де өмір жолы ғибратқа толы кие дарыған қасиетті қайталанбас биік тұлға Саламат Мұқашев парасаттылық, әдептілік пен имандылықтың, қарапайымдылық пен ұлағаттылықтың жалауы болып, ата жұрттың аманатын адал ақтаған, еліміздің экономикасы мен мәдениетінің өркендеуіне сүбелі үлес қосқан қоғам қайраткері Оңайбай Көшекұлы мен Кең Жылойдың Алатауы атанған елдің мақтанышы Есен Тасқынбайұлы оның ауданды көркейту жолындағы көтерілген ізгілікті бастамаларының бәріне де қолдау көрсетіп, ағалық қамқорлықтарын жасап отырды. Ал өзімен бірге жұмыс жасаған аупартком хатшылары Б.Юсупов, Л.H. Свечникова, бөлім бастықтары Б.Демегенов, Д. Аманшиев С.Мұқанбетов, Қ.Елемесов, Л.Приданова, Б.Тоқмамбетов, А.Елеусінов Б.Кейкішов, Тоқпақовтар әрі ақылшы, әрі кеңесші, жауапкершілікті өзімен бірдей сезінген, өз міндеттеріне адал беріскен сыйлас достары болды.
Кадрлерді іріктеу, жұмысқа алу оқуға жіберу саласында өзінен кіші болса да, бұрыннан партия жұмысында жасап келген Демегенов Бағыттың еңбегі өлшеусіз еді. Мінезі дарқан даладай кең, жаны жомарт, ішкі жан дүниесі сұлу, өнер дарыған, көпшіл достыққа өте таза адам болатын. Өмірден ерте кетті. Ол жұмысқа адам алған кезде онымен ақылдасып, жұмысқа алынатын адамның біліміне, біліктілігіне, қабілеттілігіне баса назар аударатын. Аупарткомда жасаған А.Аманиязов, Н.Насенков, Г.Сүлейменова, З.Дабысов, Ж.Нақбаев, К.Бисенов, Е.А.Ерғалиев, Д.Б. Ерғалиева, партком хатшылар: Қ.Талпақов, Б.Батырбаева, Қ.Өтегенов, Б.Қалиев, Д.Жақашев, мұнай-газ өндіру басқармасының басшылары С. Дүтбаев, X. Дүйсебаев, О.Сәрсенбаев, Ә.Оразов, М.Қилыбаевтармен ортақ тіл табысып, қоян-қолтық сыйласып жұмыс жасады. Талай қиын күрделі мәселелерді бірігіп шешті. Басшы болу оңай емес. Бұл жұмыс кез келген адамның қолынан келе бермейтін, батылдары да жетпейтін өте ауыр міндет. Осы жағдайды өз басынан кешкен Наурызғали аға өзіне жақсы ізбасар тәрбиелеуге ерекше көңіл бөлді. Оларды сенім артып жоғарылата білді.
Ол Мақат ауданында 10 жыл жұмыс жасаған кезінде жоғарыда айтылған азаматтармен тек өндірісті өркендету, үй салу, жол салу, завод салу, мәдениетін дамыту, шаруашылықты жөндеу емес, халық арасында соның ішінде жастарға тәрбие беру саласында да көптеген жұмыстар жасады. Ал Доссор, Мақат шалғайдағы поселке тұрғындарымен олардың мұң-мұқтажын шешу үшін ол кездесулерге мекеме бастықтарын, милиция, сот, басқа да денсаулық, білім беру салаларының басшыларын қатынастырып, халық алдында олардың есеп беруін ойдағыдай ұйымдастыра білді. Ашып айтқанда, ол кез келген басқару ісінде жұмыстың жөн-жосығын біліп ғана қоймай, өзінің жетекшілік қасиетімен қалың ортаға әсер етіп, оларға үлгі болып, көпшілікті артынан ерте білді. Ол хатшы болған уақытта оның алдына барып біреу жабығып шығыпты, ол әлде біреуді жазықсыз жазғырыпты деген сөз жоқ. Оның өз-өзінен тұлданып, қабағынан қар жауып, орындығын бұлдап, қарауындағы адамдарды тықсырып отырған уақыты болмапты. Қай уақытта да жылы қабақ, жайдары мінез танытатын. Айналасына адамдарға тек жақсылық ойлайтын адам бола білді. Ағамыздың ұшқыр ойлары, парасаттылығы әр қызметкерді жігерлендіріп, алда тұрған қандай болмасын істерді атқаруға жетелеп отырды. Ол өте қарапайым болды. «Ұлық болсаң кішік бол» деген халқымыздың даналығын берік ұстап, үлкенге сәлемі, кішіге ағалығы бар, артықшылықты, астамшылықты жаны сүймейтін кіршіксіз таза азамат болды. Ол партия комитетінің бюроларында, пленумдары мен партия шаруашылық активтерінің жиналыстарында өндірісті басқаруда мекеме басшыларының кемшіліктерін бетіне айтып, тайсалмай батыл сөйлейтін, әділ сынайтын, ешкімнің ар-ожданынына тиіп пәле жауып, асыра айтпайтын, қара қылды қақ жарған әділ сөздің сардары бола білді. Оның барлық өмір жолы мәрттікке толы. Қаншама қиындықтар кездессін, бәрін де мәрттікпен жеңе білді, қара басын ойлап, билік үшін достарын сатпады, қандай дауыл болса да олармен бір болды. Мұрағаттағы құжаттарға үңілсек, ол басқарған бюрода бірді-бір қарар орынсыз қабылданып көрмепті. Жауапкершілікті жұмыстағы адамдардың бірде бірі орынсыз жазаланбапты. Шынында, Нәкең мамандардың тұрақтылығына ерекше назар аудара білді. Осы сияқты қасиеттерімен оның адамдар арасындағы беделі арта берді. Сыйластық, өзара түсіністік артты.
Оның қандайда күрделі іс болмасын әділ шешім ала білетініне көпшілік қайран қалатын. Мұндай істің көбі бюрода қаралады ғой. Наурызғали ағамыз айыпты дегендердің бәрін партиядан шығару керек деген мақсат қойған жоқ. Оған себепші есіне кетпейтін төмендегі бір оқиға еді. Комсомол кезінде Жылойда жұмыс жасап жүрген уақытында парткомның бюросына бір ересек жұмысшы шақырылып мәселесі қаралған, әлгі азамат әйелімен көп жылдар бірге тұрса да әйелінің мінезі шәлкес долылау болып тіл табыса алмаған көрінеді. Оның үстіне екеуінен бала болмағандықтан әйелімен ажырасып, басқа әйелге үйленгісі келген. Жаңағы ісісі парткомға кіріп келгенде хатшы жағдайына терең үңіліп қарамастан, «қалай әйеліңмен қосыласың ба?» деп сұрақ қояды, ол кісі аздап кідіріп бірдеме айтқысы келді. Хатшы сен әйеліңмен қосыласың ба, әлде айырыласың ба деп қайта-қайта сұрап, әлгі адамды қыспаққа алып ештеңе айтқызбайды. Ақырында, айқайдан запы болған жас жігіт әйеліммен айырылатын шығармын деп ойын азар қиналып айтады. Хатшы «олай болса, партбилетіңді таста да жүре бер» деп есікті нұсқайды. Осындай жағдай оған Мақат ауданына келген кезде кездесті. Темір жолда жасайтын жас жігіт бұрын күйеуінен айырылған Доссордың тұрғыны бір әйелге үйленген екен. Мінездері үйлеспегесін айырылатын болған. Аупарткомның бөлім қызметкелері, партиялық комиссиямен келісіп жаңағы азаматты партиядан шығару керек деп ұсыныс беріпті. Әлгі азаматты бюродан бір күн бұрын шақырып, әділ шешім алынуы үшін Нәкең өзі сөйлесіп қараса оның әйелімен айрылысуына себептер жеткілікті екен. Өйткені, әйелі тәуір жұмыста, күйеуін менсінбейді, кешке үйге көбіне арақ-шарап ішіп келеді, сосын өзі ұрыс керіс бастайды. Жігіттің шыдамы таусылады. Араларына бала жоқ. Міне, нағыз шындығы осындай. Мұны анықтап білген Нәкең бюро мүшелері алдында олардың айрылысуына қарсы болмай, ал жас жігітті сөгіс беріп партия қатарында қалдыруды ұсынады. Бюро мүшелері оған бір ауыздан келіседі. Осылайша жас жігіт әділдікке риза болып, Нәкеңнің жақсылығын күні бүгінге дейін айтып келеді. Кейбіреулер партия шаш ал десе бас алады дейді. Ол дұрыс емес шешім қабылдау тек уставка жазылғандарды сол күйінде орындау емес, ол сол іске жауапты адамның көзқарасына байланысты. Тағы бір жағдай 10 класта оқитын қыз бала бірге оқитын кластасынан жүкті болып қалған. Аудандық білім беру бөлімі бастығы Дәмеш Ерғалиева, Нәкеңнен ақыл сұрап, ата-аналарымен келісіп, жастарды кешкі мектепке беріп, үйлендіреді. Ал заңға қарасақ кәмелетке толмаған ер бала сотталуы керек. Ал түрмеде ол бала қандай болмақ, одан қандай адам болып шықпақ? Міне, осыларды ойлаған Нәкең бәрін де ақылмен шеше білді.
Басқа аудандарға Қарағанда Мақат ауданының мұнайшылары жиналыстарда өз пікірлерін, өз ойларын қысылмай тіке ашық айтып, нақты ұсыныстар беретінімен ерекшеленеді. Бірінде Сағызда болған жиналыста бір мұнайшы Бөлекбай Сағынғалиевка «қыс жақындап қалды, малға деген шөбімізді шауып әзірлеп қойдық, бірақ әкелуге көлік жоқ. Мына цехтың бастығы үйіне 5 машина шөп түсірді, арасында бізге неге бермейді» деп шағымдарын ашынып айтады. Сол жиналыс үстінде Бөкең бірден шешім қабылдап, бастық әуелі өзіне емес мұнайшыларға көмектесу керек екенін айтты. Халықтың шөбін тасуға көлік бөлгізеді. Енді бірінде Мақаттағы мұнайшылар клубында тұрғындармен аупартком, ауатком, милиция, прокурор қызметкерлері қатысқан кездесуде бір жас әйел «мен жақында ОРС-тың қоймасына барып, балам ауырып қалғасын, бар болғаны 200 гр сары май сұрадым, бірақ қоймашы май жоқ деп маған бермеді. Сонда тұрғанымда осы жиынға қатынасып отырған аупарткомның бір қызметкеріне қоймашы 2 кг май берді. Ал маған сонда сырқат балам үшін қиналып тұрғанымды көріп тұрып, ең болмаса 100 гр май бермеді» деп шындықты шыңғырта айтып сойып салды.
Міне, осындай әңгімені, ашық бетке айтылған сынды естіген басшылар болашақта мұндай қателіктер жібермеуге тырысатыны сөзсіз. Коммунизмге жақындап қалдық дегенмен де халықтың тұрмыс-жағдайы ол уақытта онша болмайтын. Бірде Нәкеңе үлкен ақсақал қарт мұнайшы «ауырамын, 10 күн болды тамақ ішуді қойдым. Өміріме ризамын, бір сұрауым, қарағым, ертең көз жұмғанымда мені орап шығаратын кілем жоқ, соған көмектес» деп мұң шағады. Нәкең қартқа тездетіп кілем алып беріп алғысын алады. Сондағы әлгі қарттың қуанғанын айтсайшы. Нәкең халықтың жағдайын түсініп, Доссор мен Мақаттағы өзге басшыларына «еш уақытта «жоқ» деп айтпаңдар, ең болмаса 200 гр үнді шәйін беріңдер» деп тәртіп беретін. Сол тәртіп ол кеткенше бұлжымай орындалып тұрды. Оның бұл жақсылығын Сарбалиев Халық атты ақсақал «елде Бешімов барда құдайға шүкір шәйімізді, майымызды алып тұрдық» деп мақтанышпен айтатын. Ал Ырысты апамыз Наурызғали елдің ырысы ғой, ұл біткеннің адамгершілік қасиеттері сондай болса деп тілейтін. Бұл ана тілегі, жүрегінің лүпілі ел мақтаған басшы інісіне ризашылығы болатын.
Нәкең қол астындағы қызметкерлерді жіті қадағалап, оларды атымен атап жеке отырып жиі пікір алмасып отыратын. Олардың көзқарастарына көңіл бөліп, кейбір осал тұстарын дер кезінде ескеріп, сынықшыдай сылап жөндеуге көп септігін тигізді. Ол айналасындағы адамдармен байланыс жасауда өте білгір шебері болды. Сөйлеу мәдениеті, сүйкімді қоңыр дауысы, киінуі, жүріс-тұрысы өте тартымды, өз ортасына қатты әсер ететін. Проблемасы бар жұмысшыларға бар ниетімен көмектесті. Тіпті қайтыс болған кісінің жаназасын оқыту үшін Байшонаста тұратын жалғыз молданы алдыратын. Оны қарауында қызмет жасаған жайсаң жандар әлі ұмытқан емес. Осындай жақсы қатынастардың арқасында жұмыс алға басып, әрі адамгершілік сезімдерді ұлғайтып ізгілікке бастады. Жұмысшылар өздеріне жанашырлықпен қарайтын әділ басшы бар екенін біліп жұмысқа құлшына кірісетін. Бұл тірлікте сүрінбейтін тұяқ бар ма, ондайда жазғыруға әзір тұратындар да баршылық, ал Нәкең құлағанды демеп, бірінші қателігі болса ақыл-кеңесін беріп аяғынан тұрғызуға, партиядан шығармауға ақылменен жол іздейтін. Өйткені, ол уақытта партия билетінен айырылсаң, жұмыстан да босатылып, итке лақтырылған сүйектей далада қалатынсың. Өмір сүрген ортаң да, қоғамың да сол партия заңымен өмір сүргесін құлағанды, сүрінгенді қылмыскерден бірде бір кем көрмейтін. Міне, Наурызғали аға бұл жағдайды жете түсініп партиядан шығаруды мақсат қылмайтыны сондықтан еді. Бар мүмкіндігінше жақсылап ойлауға ұмтылатын. Қандай заман болса да адам имандылығымен, кісілігімен, арының тазалығымен ғана азамат деп бағалайтын. Иманды болу орын таққа қарамайды. Ол кісілік қасиетің. Сондықтан да айналаңа жарығыңды түсіру, адамшылық жасау, перзенттік борышың. Нәкең солай істеді де. Мамандар таңдағанда бөлім басшыларымен кеңесіп ағайын, туыс-жолдастығына қарамай, оның біліміне, қабілетіне ерекше маңыз бөлді. Қолынан жұмыс келетін, жұмысқа адал берілген жас мамандарды көтерді. Олар бұл сенімді ақтады. Мақат мұнай өндіру кәсіпшілігі мен АРЗ-зауытын басқаратын үлкен кісілер еді, оларды көп төмендетпей орындарына Қарсақ мұнай цехының бастығы, еңбек сүйгіш,туған жерін жанын салып сүйетін, қайсар мінезді, алған бағытынан қайтпайтын, әділ, достыққа адал, мұнай институтын бітірген Қилыбев Мақсотты, «Жайықмұнайға» қырандай алғыр, өзіндей мәрт мінезді, жаны дархан, терең білімді бас механик болып жасаған Сағытжанов Серікті ұсынып қойғызды. Серағаң бұл үмітті толықтай ақтады. Әке көрген оқ жонар дейді қазақта. Серағаңның әкесі Қабдыхалық ақсақал бүкіл өңірге танымал, беделді болған адам. Еліміздің экономикасын көтеруде аянбай еңбек етіп зор үлес қосқандардың бірі. Сол әке қасиетін бойына жастай сіңірген ол қандай жұмыс болмасын абыроймен атқара білді. Мен Серік ағамызбен ол «Теңізмұнайгаз» акционерлік қоғамына 1995-жылы бас директор болып келгенінде танысқанмын.Танысуға мынадай жағдай себеп болған, бірде мені іздеп жазушы Советхан Ғаббасов пен Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясы Батыс бөлімінің академик хатшысы, академияның толық мүшесі Шмидт Мұсаұлы Айталиев іздеп келді. Шәй үстінде шаруаларын айтты. Советхан ағамыз «Халық педагогикасының негіздері» деген тұңғыш рет ғылыми негізделген 30 баспа табақ кітап жазып бітіріпті, енді соған демеуші іздеп жүргендерін айтты. Ол уақыт елдің өтпелі кезеңді бастан кешіп, экономикалық қиындықтан шығуға күш салып жатқан қиын кез болатын. Құлсарыдағы түтіні түзу жалғыз «Теңізмұнайгаз» акционерлік қоғамы, ал оның басшысын танымаймын, бірақ тәуекелге бел байлап көрейік деп Серағаңа барып жағдайды айттық. Серағаң жайдарлы жақсы қабылдады. Біздің жағдайымызды түсінді, сол кітапқа демеуші болуға келісті. Біздердің қуанышымызда шек болмады. Кітапты жазудың өзі түсінген адамға бір қиын, оны жарыққа шығару одан да қиын, ал шыққасын өресі бар оқырман табу тіптен де қиын, мекеме жағалайсың, оны түсінетін де, түсінбейтін де басшылар бар. Жазушының өмірі қазіргі заманда, жергілікті халық немесе қалтасы мол иманды бір кәсіпкер қолдамаса тіптен адам төзгісіз киын. Оны өз басынан өткізгендер ғана біледі. Осылайша біздер сол бір қиын кезеңдерде Серағаңның жомарттық жақсылығын көріп қуанғанбыз. Сол ел мақтанышы Кең Жылойда Пір Бекеттің мешітін салдыруға бар күшін жұмсаған ағамыз Нәкеңнің сүйікті шәкірттерінің бірі еді. Нәкең, СМУ дейтін мұнайшыларға үй салатын құрылыс мекемесіне бастық етіп, Кеңқияқ кәсіпшілігінде жұмыс жасап жүрген жас, өз ісінің шебері, мінезі даладай кең, ақжарқын, ашық қуанса қатарына теңіздей ақтарылған, ұйымдастыру қасиеті өте жоғары құрылыс инженері Юсупов Нұрланды әкелді. Өндірісте жұмыс бар жерде қай уақытта да тартыс дау-дамай түсінбеушілік болып тұрған ғой. Осы Юсупов Нұрланды СМУ-ға әкелерде құрылыс трест басшылары, Мақаттың бірінші хатшысы жердің түбінде жатқан Кеңқияқтағы бір шикі сары дөңгеленген жас баланы сұрайды, реті руы Шеркеш, Қаракемпір, Сатай, Бешімовтің тума жақыны білем деген әңгіме шығарады, бұл хабар обкомға дейін жетеді. Бірақта дана ойлы, адам жанын сөз бастауынан бірден түсінетін Өңкең, әлгінің пендешілігіне ескерту беріп, бұл мәселені Наурызғали ағаның пайдасына шешеді. Шынында Нәкең мамандарды біліміне, қабілетіне қарап бағалайтын, ал руға бөліну, ағайын туманы жанына жинау дегенді білмейтін. Мұндай келеңсіздікке барса тіптен жұмыс жүрмейді және халық алдында қарабет болу сондай арсыздықтан деп ойлайтын. Кейін Юсуповтың ата тегін сұрастырып білсе, руы жауға ту байлап шапқан Құдайке батырдың ұрпағы Адай екен. Бұл жөнінде Оңкеңе айтып, оны неге шақырғанын түсіндіріп, Юсуповты Мақатқа осылайша алдырған. Аудан тұрғындарына қажетті мекеменің бірі жол құрылыс басқармасына жас инженер Төреғалиев Келдібайды, Доссор кәсіпшілігіне өз мамандығын жетік білетін Сәрсенбаев Отжағарды тағайындады. Бұл өзгерістердің бәрі де Аупарткомның ұсынысымен, жан-жақты жіті талқыланып болған. Ал сенген азаматтары сенімді ақтады. Қилыбаев Мақсот Мақат мұнай өндіру басқармасын он жылға уақыт басқарып, биік көрсеткіштерге қол жеткізді. Халықтың алғысын алды. Осы жылдардың бәрінде халық қалаулысы болып талай депутаттыққа сайланды. Бұл кезеңдерде оның басшылығымен мұнайшылардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту бағытында біршама істер тындырылды. Мұнайшылардың тапсырмасымен аудан орталығында жаңа емхана, аурухана, жұқпалы аурулар диспансері бар үлкен дәрігерлік кешен іске қосылды. 1176 орындық мектеп үйі салынып, мұнайшылар мөлтек ауданында 150-орындық балабақша ғимараты бой көтерді. Мақсот Қилыбаев бұдан кейін Жылой ауданының әкімі болды. Бұл уақытта Мақсот өзінің нағыз халық үшін туған азамат екенін толықтай көрсете білді. Жылой халқын өзінің шебер ұйымдастырушылық, жұмыскерлік қасиетінің арқасында топан тасқын су қатерінен аман-есен сақтап қалды. Күні бүгінге дейін сол Мақсот Қилыбаевтың ұмтылмас ерлігін халық келер ұрпаққа өнеге қылып, есімін аңыз қылып айтып келеді. Ал ақжарма жыр ақтарған ақындары, ел үшін туған ер Мақсот деп жырға қосумен келеді. Ол бұдан кейін «Қарашығанақ» АҚ президенті қызметін атқарды. Ал қазірде өзінің бабаларының маңдай тері тамған, топырағында қазақтың әулие көріпкел батыры Байбақты Ата жатқан, қасиетті де киелі қарашаңырағы Доссорда мұнай газ өндіру басқармасында ұзақ жыл басшылық жасап келеді. Ал Келдібай Төреғалиев болса жол құрылыс ДСУ74 мекемесіне келгеннен кейін асфальт жасайтын зауыт тұрғызып поселке ішінде асфальт жолдар салғызды. Жұмысшыларына тұрғын үйлер салып берді. Әкім болып аудан халқының әл ауқатын жақсартуда көптеген істер атқарып, бүгінде «Ембімұнайгаз» бірлестігінде жол құрылысын басқарып келеді.
Бұл азаматтардың өмір жолдары ізденген жазушыға дайын роман-эссе десе болады. Міне, Наурызғали ағамыз тәрбиелеген, сенім артқан сол кездегі жас мамандары, шәкірттері абзал азаматтары. Олардың көбінің еңбектегі ерліктері, өмір жолдары осы, аталарынан, ағаларынан ақ бата алып, мұнайшы ардагер ақсақалдардың мәңгілікке жағып кеткен жарық жұлдыздары Мақсот Қилыбаев, Келдібай Төреғалиев тәрізді болып келеді. Бұл ұмтылмас ізгілік жас мамандарды тәрбиелеудің ғасырлардан ғасырға жалғасар өнегелі жемісі.
Сол кезде де, қазірде де сен маған бір кезде көмектеспедің деп реніш білдіргенді Наурызғали ағамыз әлі күнге дейін естіген жоқ. Бұл меніңше оның айналасындағыларға тек жақсылық ойлап, тек жақсылық істей білгендігінен шығар. Наурызғали аға қоғамның бір мүшесі болғандықтан, оған өз пайдасын тигізіп аянбай еңбек етті. Кез келген еңбекті барша адамдардың игілігі үшін жасады. Өзінің еңбек ететін ортада өзін қарапайым әдеппен ұстап, қарауындағылармен іш тарта сөйлесе білді. Бәлкім өмір жолының табысты болуы осыған да байланысты болар.
Бірақ жұмыс жасап жүрген уақытында түсініксіз бір екі жағдай болды. Келер ұрпаққа өнеге болып, жамандықтан, сатқындықтан жиіркеніп жүруі үшін оны да айтып кетуді жөн көрдім. Қазақ КСР-ның Жоғарғы Кеңесіне сайлауға қызу әзірленіп жатырған уақыт болатын. Ауатком төрағасы сайлау участоктеріне бюллетеньдерін бөліп беріп, бір айға Алматыға оқуға кеткен. Бір күні Мақатта «Газпромда» жиналыста отырса обкомның бірінші хатшысы Саламат Мұқашев телефон соғып, Доссордағы бір участокте 500 сайлау бюллетені жетпей қалған көрінеді, тез барып іздеп табыңдар, бәлкім бөліп бергенде қате кеткен шығар деп, тапсырма береді. Мұны Наурызғали аға ести сала Доссорға келсе облыстың атқару комитетінен кісілер келіп тексеруге жұмысқа кірісіп кеткен. Бұл қалай, мен басында тұрып білмеймін, естімеймін, менен бұрын обкомдағыларға кім айтқан? Анықтап білсе, оны оған айтпай бірден обкомға хабарлаған өзінің бір хатшысы көрінеді. Осылай екі күн бойы әлек болып іздеуменен болады, бюлетеньдер жоқ, ештеңе де таба алмайды. Саяси науқанда бұл келеңсіз жағдай бірінші басшыдан бастап, бүкіл аудан белсенділеріне қара дақ. Енді не істеу керек. Ақтын отын ақымақ сөндірмейді дегендей үшінші күні таңертең сағат 6-ларда біреу Нәкеңнің үйінің есігін қағады. Ашса ауатком төрағасының орынбасары З.Дабысов пен Қалмұқан Орақов деген азамат. Нәкең амандасқаннан соң «жәй ме, тыныштық па деп сұраса, әлгілер иә, жәй ғой, біз бәріміз жабылып күндіз-түні іздеп жүрген бюллетеньдер ауатком қызметкерінің бірінің сейфінде тұр. Бізге бер десек бермейді» деп жақсылық хабарларын айтады. Шынында да солай болып шықты. Бастапқы бюллетеньдерді үлестіріп бергенде 500 бюллетень қалып қойған екен. Абырой болғанда сол сайлаулары ұйымшылдықпен дұрыс өтті.
Екінші болған оқиға бұрынғы облыста бірінші хатшы болған ел ағасы Саламат Мұқашев Республикалық кәсіподақ комитетінің төрағасы жұмысынан Маңғыстау облысының обкомына бірінші хатшы болып барғанын естіп Наурызғали аға телефон соғып құттықтайды. Амансаулықтан кейін Сәкең, сіздерге орталықтан ешкім келген жоқ па, осында пленумға қатысып кеткен ЦК хатшысы Мирошкин Бешімовтың үстінен арыз бар, оны жұмыстан алатын шығармыз деп кеткенін жанашырлық танытып хабарлайды. Наурызғали аға сол бойда өзіміздің обкомның ұйымдастыру бөлімінің бастығы Тынышбай Оразовқа телефон шалып, хабарласады. Оның не істейін деп жатырсың дегеніне ертең Алматыға партшколға сессияға баратынын айтады. Тыңшекең болса ертең іште бол, орталықтан қонақ келе жатыр дейді. Ертесіне Т.Оразов қасында Орталық Комитетінің бір қызметкері бар ішке кіріп келіп, «мынау сенің үстінен жазылған арыз» деп бір қалың дәптерді қолына ұстатып, «өзің осы жерде қозғалмастан, ешкіммен сөйлеспестен отыр, біздер тексереміз» деп, қастарына еріп жүретін бір кісіні қосуды сұрайды. Сонымен тексеру басталады. Нәкең қозғалмастан терең ойға батып, әлгі қолына ұстатқан қалың дәптердегіні оқып қараса ішіндегінің бәрін өзі біледі және ауатком төрағасы біледі екен. Сол төрағаны тексеруге келгендерге қосып жібереді. Екі күн өтіп үшінші күн дегенде әлгілер толықтай мұқият тексеріп болады. Орталық Комитетінің қызметкері Наурызғали ағаға келіп «өте таза, әділ, кіршіксіз таза азамат екенсіз, көп кісімен жолығып ашық сөйлестік, бәрі де сіз жөнінде жақсы пікірлерін айтты, сізге арсыз біреулер босқа жала жапқысы келіпті. Ал бұны жазып отырған осы іштегі бір қызметкеріңіз, мен оны іздемеймін, өзің тауып ал. Тап осылай деп обком хатшысы Оңайбай Көшековке баяндаймын» деп қош айтысып кеткен.
Ертесіне ауаткомның төрағасын шақырып алып, ал мына арызды кім жазған деп ойлайсың дегенінде, ол білмеймін деп өзіне шаң жуытпайды. Нәкең олай болса осы арыздың ішіндегі айтылғандардың бәрін түгелдей мен білемін, сосын сен білесің. Бізден басқа адам бірін білсе, бірін білмеуі мүмкін. Сонда мен өзімнің үстімнен мұндай шағым жала хат жазбаймын ғой, енді кім жазуы мүмкін дегенінде, ол пендешілікпен өзі біреуге жаздырғанын айтады. Соңынан тексерушілер ЦК-ға барып ақиқатты баяндағандарында хатшы Мирошкин «мүмкін емес, ең болмаса Бешімовке сөгіс беріңдер» деп байбалам салады. Обком хатшысы Көшеков оны бюроға шақырып алып, «мен саған тек үстіңнен арыз хат болғаны үшін, ауызша сөгіс беремін» деп оны жаладан қорғап қалады. Иә, өмір болғасын жақсыны да, жаманды да көресің.
Кейбіреу билікке жету үшін аяғынан шалуға ұмтылып түрлі қарекеттерді білдірмей жасайды. Өз жанында жүріп ор қазған ондай пасықтарды көріп еріксіз қынжыласың. Олар қол жеткен жердің бәрінде де жүректеріне перде тағып әрекет етіп бағады. Күншілдігін сездірмейді, бетіңе күліп қарайды. Ал барлық қулық сұмдығы ішінде жатады. Мысыққұйрық деген арам шөп бар. Оны сұлыдан айыра алмайсың және өзін тез құрту да қиын. Оның тұқымы төзімді-ақ, қандай жағдайыңа да бейімделгіш келеді, көктемде қайта бой көтеріп бүршіктеніп шығу үшін жерге тіпті өздері көміледі. Сөйтіп, өмірлік айналым заңы бойынша мысыққұйрық қайта піседі, тұқымдары тікенек қылқанға оранып жерге түседі. Жаңбыр жауып, күн қыздырғаннан кейін жандана түскен қылқандар жыбырлап, дәндері қоңыздай болып топырақ астына жасырынады да, арам шөп қайта тірлікке ене бастайды. Егістіктерімізді осы арам шөптен тазалауға көп күш жұмсалады. Ол өте құбылғыш келеді. Таза сұлымен будандасқаннан арам шөп гибрид береді. Онда онымен күресу тіпті қиындай түседі. Себебі, ол таза сұлымен будандасқаннан соң өзін жасырып, пайдалы сияқты көрінеді. Біздің соқпағы көп алуан қырлы өмірімізге билік үшін арам шөптей өтіп алатыны аз емес. Жоғарыда айтылған партия атағын жамылған пенделер соның бір мысалы. Олар қай-қай заманда да болған. Агрономдар арам шөптерді құртып келеді. Ал, ақын біткен жыр еткен «адамзат көктемінде» тек жақсылықты көктету үшін біз не істеуіміз керек? Қоғам әділ болу үшін тек Нәкеңдер емес, барша адам баласы жамандықпен, жалғандықпен, әділетсіздікпен, өзінің ғана қалтасын ойлаған жемқорлармен бірігіп ашық күресуі керек. «Адам ғұмыры қамшының сабындай қысқа» дейтін ата-бабаларымыз. Әсіресе жалынды жастық шақ қайта оралмайды. Ол шаршауды, ашығу дегенді алға тартпайтын өмірдің шұғыл кезеңі. Болашаққа берік негіз қалайтын кезең сол албырт дәурен. Кім болатыныңды іспен дәлелдейтін жұртшылыққа көрінетін және олардан әділ баға алатын да сол кез. Өзге замандастарындай Наурызғали ағада сол қиын-қыстау жоқшылықтың қатал қыспағына төзіп, шыдамдылық танытып, халқымызға аянбай еңбек етті. Өз қамы емес халықтың қамын ойлай білді. «Жақсы ай мен күндей, әлемге бірдей», «Жақсы келді дегенше жарық келді десеңші, жақсылықтың лепесін ала келді десеңші» деген халқымыздың нақылдарын іс жүзінен дәлелдеп, өзінің адамгершілік қасиеттерге тұнып тұрған жан екенін жете келер ұрпаққа ұқтырып, осындай болу керектігін, өзінің моншақтаған маңдай терімен, әдептілік кіршіксіз тазалығымен, айналасындағыларға қайырымдылығымен, адалдығымен, ақылдылығымен, жан сұлулығы көркем мінезіменен, ізгілікті толы іс-әрекетімен имандықты жалау қылып, ата-баба жолын жалғап бар жүрек даусымен жар салып үндеу тастағандай жақсылыққа ізгілікке шақыра білді. Оның осы жан қуаты күшімен жинаған рухани байлығына, жақсылықты ғана көздеген ізгілікті істеріне толғана қарап шаттықтан кеудеңді шабыт кернеп толқындары аласұрған теңіздей тебіреніп, алдында сондай ағаң болғанға шексіз қуанып, еріксізден жан дүниең елжіреп, ойыңа ұлы данышпан Абай бабамыздың:
«Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,
Және хақ жолы осы деп, әділетті», – деген өлең жолдарын еске түсіресің. Мұндай жан сүйсінерлік күйге түсіріп отырған жақсы ағаның ұлы қасиеті. Ал жақсыдан өнеге алсаң қор болмайсың. Наурызғали ағаға ұқсап туған еліңді, туған халқыңды шынайы жан-тәніңмен сүйе білсең бойында ұлттық рухың қалыптасқан еліңнің патриоты болғаның. Өз уақытында негізін Әбунасыр әл-Фараби жүйелеген, хауас, имани гүл, жуанмәртілік ілімдеріне жол тартқаның. Ал сол жолға адам тәрбиесінің қоғамда атқаратын рөлі зор екенін сездіріп, өзінің өмір жолындағы үлгі өнегесімен ізгілікке шақырып отырған Наурызғали аға мәрт дара тұлға екенін анық танып біліп, ғибратқа толы өнегелі жолына қаныққан сайын, кәусар бұлақтан сусындағандай терең үңіле бересің, қызығасың, менің де ұрпағым осындай еңбегімен абыройлы ел азаматы болса екен деп, жаратушы бір Аллаһтан тілейсің, армандайсың.
Ол өнегелі тәрбиелі ұрпақ өсірді. Ұлдары мен қыздары бәрі де жоғары білім алып әке жолын қуды. Немерелер сүйді, ата болды. Нәкең келіндерімнің бәрі ибалы жақсы жандар деп мақтаныш тұтады. Оның себебі де бар, құдаларының бәрі де оқыған, сауатты, елге сыйлы адамдар. Оралда тұратын құдасы Мұфтахиев Қажымұрат, Исатай ауданында көп жылдарын, яғни саналы ғұмырын сонда өткізген, құдасы Аманбаев Қабижан, атыраулық Халелов Бари, Жылойлық Азанқұл партия кеңес органдарында жұмыс жасап, мұғалім болып жас ұрпақтарға дәріс берген елге танымал адамдар.
Құдасы Ермағанбетов Тәжмұқан ұзақ жылдар мұнай өндірісі саласында еңбек етсе, енді бір құдасы Амандық Сасаев мұнайшы ардагер, әрі бірнеше жыр кітаптары жарық көрген белгілі ақын. Атырауда тұратын құдасы Сұханбердиев Бағыт пен Рашида құдағай халықтың құрметіне бөленген елімізге танымал дәрігерлер. Ал қолындағы екі келіннің бірінің әкесі, ұл-қыздарының бәрін оқытқан, оқымысты атанып жүрген Қасымғалиев Махмут. Мәскеудің мұнай институтын бітірген баласы Қанатбек жақында арнайы шақыруменен «Қазмұнайгаз» компаниясына жұмысқа кетпекші. Екінші құдасы Жылойда көп жылдар аупарткомның бірінші хатшысы болып, елге еңбегін сіңірген, туған жеріміздің көркейіп гүлденуіне зор үлес қосқан, есімі халық жүрегінде сақталған Әбутай Беклиев ағамыздың інісі, атақты мұнайшы Бисенов Елеусін аға, ал құдағайы бүкіл ғұмырын ұстаздыққа арнаған, республикамыздың оқу білімінің үздігі, талай қарлығаштарды білім ұясынан қанаттандырған, бүгіндері зейнеткерлікке шыққан, жанынан шуақ төккен Зияда апай. Нәкең құда-жекжаттарменен, нағашыларымен үнемі сыйласып, қатынасын үзбей келеді. Жиендерін де өзіндей көреді. Оларға деген бауырмалдығы тіптен бөлек. Әдептілігі, адамгершілікті, игілікті жақсылықты өміріне арқау еткен Нәкеңнің инабатты ғұмырында ата-бабаларымыздың халықтық тұрмыстық тіршілігі, күнделікті өмірінде тұрмыс тіршілігінде осылайша әдепті сыйластықпен көрініс тауып келеді. Мұның өзі келер ұрпаққа үлгі өнеге екені сөзсіз.
«Заман қамын ойлаған даналықтың белгісі, адам қамын ойлаған саналылықтың белгісі» дейді дана халқымыз. Осы қанатты сөзде асыл ағамызға арналып айтылғандай. Әрқашан ақылшы, жол сілтеуші, кемшілікке төзбейтін, батыл да әділ, мәдениетті ол, тек ел, өндіріс басқарушысы емес, ол қазақ халқының, мұнайшылар өмірінің шежіресін тарихын, олардың проблемаларын көтеріп мағыналы мақалалар да жариялап жүр. Оның облыстық, республикалық баспаларда жарияланған «Қосшағылдан Теңізге дейін» «Қарттарымызды қамқорлайық», «Қосшағылға жетпіс жыл», «Мен көрген Кең Жылойдың жайсаңдары» атты және тағы басқа шығармаларын оқушы жұртшылық жылы қабылдады.
Қазіргі кезде кез келген қалам тартар адам өзін тарихшымын, жазушымын дейді. Бірақ кез келгеннің баяндауы тарихилық жағынан алғанда халық танымымен қабыса бермейді. Халық өзінің биігінен баға береді. Ол баға шынайы әділ баға. «Халық айтса қалт айтпайды» деген дана бабаларымыз. Ал Наурызғали ағамыздың Атырау облыстық мемлекеттік мұрағатындағы және жеке мұрағаттық қорында сақталған жазбаларын қарап таныссаңыз оның солай екендігіне шек келтіре алмайсыз. Ол өзінің еңбек жолының барысындағы тарихи ойларын, қағаз бетіне түсіргендерін, жариялаған материалдарын, тиісті орындарға жазған хаттарын, өмірдеректік, қоғамдық және қызмет бабындағы жарлықтар мен шешімдерді, кейбір өміри мәселелерге көзқарастық, адамдық қатынас жазбаларын, фотоқұжаттарды, өзін марапаттаған арнайы құжаттарды ғылыми, мазмұндық және мерзімдік жағынан ретке келтіріп, мұқият сақтай біліпті. Мен оған қатты қуандым. Бұл дүниелер біріншіден, Наурызғали Бешімов деген қандай тұлға, оның болмысы, көзқарасы, білімі мен білігі қандай болған деген сұрақтарға жауап береді, екіншіден, сол кездегі яғни ағамыз өмір сүрген заманда саяси құрылым қандай болған сұрақтарға жауап береді. Үшіншіден ағамыздың ғылыми, біліми, тарихи көзқарастары қандай болған, оның сол кездегі жеке бастық моральдық-этикалық қалпы мен оның өсіп жетілу эволюциясын айқындайды. Осылардың бәрі жеке іс папкаларында мұқият жинақталған.
Бұлар алдағы уақытта да, болашақ ұрпақтар үшін жұмыс жасайтын материалдар. Міне, Наурызғали ағаның көрегендігі осында жатыр.
Мен Наурызғали ағадан көп жақсылық көрдім, екі рет үлкен жолда сапарлас болғаным бар. Көрген жақсылығымның бірін айтсам, Жылойға ішкі істер бөлімінде істеп жүргенімде жұмыс бабымен облыстық ішкі істер басқармасының бастығы генерал Өтегенов Наурыз Әлжанұлы өзінің зайыбымен туған інісі Сергейдің баласының үйлену тойына келді. Бұл кісі облыстық басқармаға бастық болып келгесін қызметкерлерге ешкім істей алмаған ізгілікті істерді жасады, қызметкерлерге Атыраудың ең жақсы жерінен аурухана салдырды, милиция бастауыш дайындық мектебін, басқарманың бес қатарлы әкімшілік үйін, спорт залын, көлемді футбол ойнайтын алаңын және тағы басқа жұмысқа қажетті нысаналарды іске қосты. Өзі Ұлы Отан соғысына қатынасқан ардагер. Әкесі Әлжан 35 жылдары біздің елде аупарткомда істеген. Жұмыста талапшыл, бірақ ішкі мәдениеті өте жоғары, адамшылығы мол, білімі терең кісі болатын. Бәріміз барымызша сыйлап жатырмыз. Анасы Макила Басшы атамыздың қорымында екен соған барып басына тәжім етті. Дұға оқыдық. Бес-алты күн болды. Мені жанынан тастамады. Басынан өткен небір ғажап әңгімелерді айтты. Туған баласындай көрді. Шығарып салатын уақыт келді. Енді басшымызды жолдасымен үн-түнсіз жіберуге ыңғайсызданып, ата-салт дәстүрімен Мақатқа дейін шығарып салуға рұқсат сұрадым. Ол кісі ойланып тұрды да келісті. Мен ол кісіге сездірместен Мақаттағы ағамыз Нәкеңе телефон соғып жағдайды айтып, үлкен кісіні жолда қарсы алып сый-құрмет көрсетіп жіберуін өтіндім. Айтқандай Нәкең өзінің жолдастарымен жолда қарсы алып, генаралымызға қонақ болып кетуді өтінді. Осылайша қазақтың елге еңбегі сіңген айбынды, Отан үшін адал қызмет атқарған, балалығын Кең Жылой топырағында өткізген, өмірі ерлікке толы тумысы бөлек текті қазақ генаралын, ағамыздың арқасында көңілін көтеріп, риза қылып жібергеніміз бар. Бұл біздің ата салт-дәстүріміз. Ол, Сырым баба ұрпағы, қайталанбас бір туар ірі тұлға шәй суға зәру емес, бірақ ата-баба дәстүрімен ақ ниеттен сабақтасқан сыйластық кім-кімді де елжіретпей қоймайды. Міне, бұл жерде маған Наурызғали аға менің ойымды айтпастан сезіп, қол ұшын созды. Менің Саламат Мұқашевке арнап жазған «Кең Жылой» әнімді шырқатты. Ағамыздың бұл ініге деген ізет кісілігін қалай ұмытарсың. Көрсеткен өнегесін, сыйлаған жақсылығын немен қайтаруға болады. Алайда, Нәкең жасаған ісінің ақысын сұрап, не оған міндетсінген адам емес. Менен басқа да қаншама адамға жақсылық жасады десеңізші?
Ол әрдайымда, елім, жұртым, халқым бақытты болса екен деп аңсайды. Кіндік қаны тамған Кең Жылойым көркейсе екен деп тіледі. Жас келген сайын оған деген сағынышы арта түсті. Сол мақсатты өз ісімен, еңбек сүйгіштігімен, адамдарға тек жақсылық ойлайтын көркем мінезімен, өзінің барын халқымен бөлісіп, мұқтаж адамдарға демеу болып, ағаға тыныс, ініге пана болып жамандыққа жақсылықпен жауап беріп пейілінің кең, көңілінің дарқандығымен дәлелдеген жомарт жан. Рухани қазынаға ие болған нағыз бай адам.
Мақат ауданында абыройлы да сыйлы аупарткомның бірінші хатшысы болған, 10 жылдан аса мезгіл жұмыс жасап келген ағамыз 1985 жылдың күзінде жаңадан ашылған «Теңізмұнайгаз» бірлестігіне бас директордың әлеуметтік тұрмыс және мамандар мәселесі жөнінде орынбасары болып келді. Бұл жұмыр басты екі аяқты пендеде қай уақытта да біреудің жаңа жұмысқа келгенін, біреудің жұмыс орнынан кеткенін талқыламай бос отырған уақыты сірә болған ба? Бұл мінез әсіресе қазақта басымдау. Он жылдан аса абыройлы, елге сыйлы болып жүрген жерінен бір күнде неге келе қалды деген сыбыс әңгімелер де болды. Ал Нәкеңнің өзінен билігі бар орындықтан айырылып қалдым-ау деген реніш сезімі байқалған жоқ, қайта жүзінен туған жерге де жеттім-ау деген шаттықтың табы жүзінен тебініп сезіліп тұрды. Біреуден орнынан түссе қайғырып, енді өмір сүре алмайтындай күй кешетіндері бар ғой. Наурызғали ағаның бұл қасиеті мені таң қалдырды. Артынан сұрап білдік. Нәкеңді жұмысынан босатқан Қазақстан Компартиясы да емес, облыстық партия комитеті де емес екен. Облыстық обком хатшысы Оңайбай Көшеков оны шақырып алып, «ал Наурызғали, он жылдан аса жұмыстас болдық, жұмысыңа өте ризамын, бірақ амал қанша Орталық Комитеттен бір бөлім бастығы Мақат ауданына хатшы етіп басқа ұлт өкілі, орыстан әйел адамды қою керек деп тәртіп берді, соған байланысты мен хатшы қылып Л. Н. Свечникованы қойғым келіп отыр. Ал сен қалада қалғың келе ме, әлде аудандарға барғың келе ме, қайсысын қалайсың, жұмыс тауып беремін» деп өз ойын айтады. Нәкең өзінің туған жері Кең Жылойды таңдайды. Ел ақсақалы Оңайбай Көшекұлы Мәскеудегі мұнай министрлігіне ертіп алып барып, жаңадан ашылған, КСРО Мұнай Министрлігіне тікелей қарайтын «Теңіз мұнайгаз» бірлестігіне бас директордың орынбасары етіп жұмысқа орналастырады. Осылай 1985 жылы дүние жүзіндегі ең үлкен кен орындарының бірі Теңіз кен орнын игеруге алғашқылардың бірі болып келеді. Бұл кезеңдер туған жеріміздегі Қосшағыл, Құлсары, Мұнайлы, Қаратон сияқты кәсіпшіліктердің кешегі Ұлы Отан соғысы кезінде жер асты байлығы есепсіз көп алынуына байланысты мұнайдың азайып, халықтың тұрмыс жағдайы нашарлап, тұрғын үй мекемелердің ескіріп тозып тұрған уақыттары еді. Теңіздің ашылуы Ембінің қайта түлеуі деп жергілікті халықтың қуанышында шек болмады.
Ауданымызда дүние жүзіндегі ең үлкен мұнай алаңдарының бірі болып есептелетін бұл «Теңіздің» түз астын қазуға алғашқы нүкте қойып және барлық қиыншылықтарына қарамастан алғашқы мұнай алына бастауы өзіміздің Губкиндеріміз ғылыми атағы болмаса да академиктен кем болмаған геолог Жолдасқали Досмұхамбетов пен жұмысты жақсы ұйымдастырған және өте іскер мұнайшы инженер Бөлекбай Сағынғалиев ағаларымыз. Соңғы кездері денсаулығының сырқаттана бастағанына қарамастан «Ембі мұнай» бірлестігінің бас геологы Жөкең Мәскеудегі Одақ Мұнай Министрлігіндегі геологтарға бірнеше рет барып, бұл жерде тұз асты 4-5 км тереңдікте көп мұнай қоры бар екенін дәлелдеп алғашқы картасын жасап, Мұнайы Теңіздей көп болсын деген ақ тілегімен, жаңа ашылар кен орнының «Теңіз» деп атын қойған Жолдасқали Досмұхамбетов болатын. Бір өкініштісі Жөкең армандаған «Теңіздің» қызығын көре алмай кетті. Оның ел үшін көксеген мақсатын орындауда, оның ізгілікті жолын жалғап, Теңіздің толықтай ашылуына «Ембімұнай» өндірістік бірлестігін 1971-1986 жылдар аралығында басқарған, қажырлы еңбегіне риза болып қазақ халқының көсемі Дінмұхамбет Қонаев жоғары бағалаған, Мәскеу Кремльде қарағайдай қаптаған министрлердің ортасында Теңіз кенішінің болашағы жөнінде нақты экономикалық талдаумен тұжырымды пікірін жеткізе айтып, Кеңес Одағы Министрлер Кеңесінің Төрағасы Алексей Николаевич Косыгинді өзінің терең білімділігімен таңдандырған, өзінің сол мәнді баяндамасымен Кеңестер Одағының бас хатшысы Леонид Ильич Брежневтің назарына ілігіп, оның көңілінен шығып, Теңіз болашағына жол аштырып қол қойдырған, қазақ мұнайы қолбасшыларының бірегейі, ел үшін қажымаған, сан-алуан қиыншылықты бастан кешкен, мұнайменен жастайынан қолын жуып, соның исіменен өскен, сор кешіп, маңдай терін сорғалатып талай мұнай кенішін аралаған, жеті қат жер астымен сырласып, оның құпиясын меңгеріп, 20-дан астам мұнай кенін ашқан, бір туар талант, ұтымды ұйымдастырушы Бөлекбай Сағынғалиевтің еңбегі ерекше зор болатын. Ол бүкіл әлемге танымал Теңіз кенішін бірінші ашушы. Оған дәлел ол бұл жерді барлау бұрғылау, қазу зерттеу сол техниканың жоқ кезінде, оған қоса тұз астының мұнайымен газына аралас шығатын күкіртке шыдайтын құралдар болмаса да ол 1976 жылы №1 ұңғыға бұрғы қадауы көзсіз ерлікпен бірдей еді. 1979 жылы осы № 1 ұңғы тереңдігі 4-5 километрге дейін қазылып алғашқы сынақ болардан бір ай бұрын Наурызғали аға Мақат ауданынан аупартком хатшылары мен ауатком қызметкерлерін, мұнай өндірісі кәсіпшілігі бастықтары, барлығы сегіз кісіні бастап, тікұшақпен осы № 1 ұңғыны сынақтан өткізу комиссиясының төрағасы Бөлекбай Сағынғалиевке келіп ақ тілегін білдірді. Сары майдай сақтап, бабына келтіріп дайындап әкелген бір бөшке қымыздарын, ыстықта жұмыс жасап жатқан жұмысшыларға сыйға тартты. Ата-бабаларымыздың ұрпағына қалдырып кеткен «Ұлық болсаң, кішік бол» деген ұлағатты да қасиетті сөзін жанынан еш тастамай, ағасына деген ыстық ықыласын, кішіпейілдігімен, көңіл байлығымен, жомарттығымен көрсете білген Наурызғали інісін Бөлекбай аға құшақ жая, қуанышпен қарсы алды. Екі киіз үйге Саратов, Волгоград, Новосибирскіден сынаққа қатынасуға келген, барлығы жиырмадан аса Одақ мұнай институттарынан келген 30-40 ғалымдарды жинап Наурызғали інісі бастап келген қонақтарға жасалған және енді жасалатын жұмыс жобалармен таныстырды. Ғалымдар өз пікірлерін айтып, ашық араласып әдептілік жолымен ағасын сыйлай келген Наурызғалиды алғысқа бөледі, рахметтерін айтты. Ол әкелген қымыздан ішіп мәз-мейрам болып қалды. Бөлекеңнің інісінің кісілігіне риза болып, қимастықпен қоштасты. Көп кешікпей Бөлекең өзінің басшылығымен «Теңіз» кен орнында мұнайдың көп екенін іс жүзінде дәлелдеп шықты. Осы еңбегі үшін ол «Халық қаһарманы» атағына толықтай лайық жан еді. Өйткені, сол Теңізді ашудағы оның қайыспас қайсар ерлігі кім-кімді де тебірентпей қоймайды. Өз өмір жолын, мұнай тарихында мұнараларды қалам қылып жазған, Жөкеңдей алыптардың жолын жалғаған, жаратылысынан мұнайшы болып туған қайталанбас тұлға, туған жерімізге көрші Волгоградтан 10 бұрғылау бригадасын көшіріп әкеліп Теңізге салды. Алғашқы офисі де, жатақханасы да қазақтың киелі ағаш үйі болды. Өз аймағында алдыңғыларға қосымша тағы он бұрғылау бригадасын құрды. Алғашқы кезде бір мезгілде 20 ұңғы қатар қазылды. Ұңғылар сынақтан қатар өткізіліп, 2миллиардтай мол мұнай қоры, 2,0 триллион текше метр газ шамамен есепке алынды.
Алайда бұл байлықты игеру оңайлыққа түскен жоқ. 1985 жылдың 24 маусымында түскі 12 сағатта № 37 ұңғыдан тосқауылға тоқтамайтын мұнай бұрқағы сыртқа атылды. Оның соңы дүлей өртке ұласты. Жалын аумағы бірден 100 шаршы метрді алды. Бірнеше жерде көлшік болып жиналған мұнай қамбалары, машиналар отқа оранды. Мұнай бұрқағының жел қуған жағында жалынның ізі 5 шақырымға дейін жетті. Жер солқылдап жанып жатты. Мұның зардабы атом бомбасынан да жаман болатын. Өйткені, атқылап жатқан мұнай бұрқағында күкіртті сутегі бар. Ал ол адам денсаулығына күллі зиян екенін бәріміздің де білетініміз сөзсіз. Аузынан от бүркіген № 37 аждаһа төрт жарым мың метр, салмағы 160 тонна болат құбырларды әбсәтте балқытып далаға қамырша илеп лақтырып тастады. Улы газбен жоғары көтерілген ауаның температурасы 500 градусқа дейін жетіп, ауада ұшқан құстар от үстіне құлап жатты. Аң біткен күңіреніп далаға сыймады. Осы оқиғаны көзбен көріп жазған «Өртте қалған аққулар» атты өлеңімде мынадай жолдар бар:
Теңгедей алтын шашылған,
Жалаңдап ойнап от тілдер.
Мұнара отқа асылған,
Дүбірі шапқан естілер.
Құйындай өткен ізінен,
Қорғасын мыстай жер балқып,
Қабыртқа темір езілген,
Омырауында тұр қалқып,
Көзінен аққан қанды жас,
Шапшыған бұлтқа ақ мамық,
Күкіртпен мұнай аралас,
Зәрлі уын үзбей ақтарып.
Алапат барын сезбеді,
Аққулар ұшқан ән салып.
Көз тартқан сұлу тізбегі,
Жарыққа қонды алданып.
Ышқынып соңғы тіл қатты,
Сұлулық сазын білдірмей,
Жарқылдап алтын қанаты,
Құлады ұшып үлгермей,
Қызыл рең отқа бір-бірлей.
Даусын-ай түндей азалы,
Кетер ме әсте құлақтан,
Қайғысын жерге жазады
Қанаттарымен қан аққан...
Міне, көз алдыңызға осы суреттемені елестетсеңіз қандай экологиялық апат, қандай сұмдық болғанын сезініп тұла бойыңыз түршігеді.
Жалын бұрқағының биіктігі 220 метрге жетті. Кең Жылой бүкіл әлем назарында болды. Дүниенің қызыл нүктесіне айналды. Барша адамзат апатты ауыздықтауға қол созды. Осы әлемде бұрын-соңды болмаған апаттың аузын ауыздықтауда оқиға болған жерде көз ілместен басшылық жасап Бөлекбай Сағынғалиевтің өзі жүрді. Мен ол кісіменен сонда таныстым. Есімнен кетпес бір оқиғаны айту інілік парызым деп білемін. Облыстық ішкі істер басқармасы арнайы тапсырмаменен сонда көмекке жіберген болатын. Бөлекбай ағамыз жатақханадан өзіне көрші бөлмеден орын берді. Күндіз-түні мігір жоқ. Екінші күні түнде әлдебіреу есік қағады. Ашсам Бөлекбай ағамыз. «Ал, Лұқпанжан» біздер бір әскери полктен өртеніп жатқан ұңғыманың привентерін атқылауға жаңадан шыққан танкі алдырғанбыз, сол танкіні трайлермен тиеп алып келе жатқанда К-700 жүргізушісі аударып алыпты. Адамдар да жарақат алғанға ұқсайды. Ал не істейміз? Мен заң бойынша қазір апатқа қарсы күрес штабының бастығы КСРО Мұнай өнеркәсібі министрінің бірінші орынбасары Валерий Игревскийге хабарлауым керек» деп, өз ойын айтты. Мен ағамыздан штабқа хабарламауды өтіне сұрадым. Өйткені, барлық хабарламаны шет елдің құпия жұмыстарының қызметкерлері ауа толқындары арқылы ұстап, оны өршітіп бояп, сол бойы эфирге шығаратын. Ал ағамыз хабарласа өзіне зиян, елге сіңірген еңбегі көкке ұшып жұмыстан босады деген сөз. Сондықтан да жанымызға сенімді ғана адамдарды апарып оқиға болған жерді көруге ұсыныс жасадым. Сусылдаған құмға аударылған болат танкінің несі кетсін, жанында үрейлері ұшқан бір офицер, екі солдат жүр, оларға басу айтып, достық ілтипатымызды көрсетіп, жүрек басарлық сусынымызды ұсынып, өзіміз қауіпсіздік үшін ішіндегі шашылған снарядтарды жинақтап далаға шығарып, маңайдағы жол жөндеушілерден екі трактор алып буксирмен тартып таңғы 5-ке дейін танкіні аяғынан тіке тұрғыздық. Танкінің ұңғысына зиян келмегенін білу мақсатында атқызып қарадық. Бәрі де ойдағыдай болып шықты. Аударылған жерінде ешбір белгі қалдырмадық. Сол сәттерде Бөлекбай ағамыз маған аждаһаға шабуыл жасауға үнсіз дайындалып жатқан ұлы әскери қолбасшыға ұқсап көрінді. Неткен қайсарлық, неткен жүрек жұтқан ерлік десеңізші. Өртті сөндіруге Украина, Белоруссия, Кавказ, Сібірден ең білікті мамандар келіп жатты. Өртті сөндіруде 29 қазан 1985 жылы Украинадан келген Владимир Павлович Бондаренко ерлікпенен қаза тапты. Бөлекбай ағамыз бұл жас жігіттің өліміне қатты күйзеліп, оны сүйегін еліне аттанарда қаралы митинг ашып, менен оның рухына арнап сөз сөйлеуімді сұрады. Мен «Теңіз Прометейі» деген өлеңімді оқыдым.
...Тыңдадық нық басып,
Бара жаттың ұлы іске.
Құшағыңды кең ашып,
Өлмес өмір жеңіске!
Кеуде тосып жасқанбай,
Тілсіз жаумен жекпе-жек.
Алыстың да, тасқындай,
Ажа ұмтылдың от жүрек.
Ойнақтаған мәз күліп,
Қызыл оттың тілімен.
Қызыл әріп жаздырып,
Есіміңді біз білген.
Дүлейленген ажалдың,
Көзін жауып ойдың да.
Мәңгі алауға айналдың,
Кең Жылойдың қойнында.
Міне, ұлы достық жемісін қорғау үшін құрбан болған украин жігітіне Бөлекбай ағамыздың жанашырлық танытуы, оның адамгершілік қасиетінің биіктігін көрсетеді. 400 күнге созылған арпалыста, шетелдік «Қамертон», «Отис» компанияларының көмегімен өрт сөндірілді. Осы уақыттарды Бөлекбай Сағынғалиев штабқа тікелей басшылық жасап сол алапат майданның басында болды. Бұл теңдесі жоқ ерлік еді. Теңіз кенішін қайсар ағамыз осындай адам төзгісіз азаптарды бастан кешіп ашқан.
Осылай «Теңіз» кеніші іске қосылып одақ мұнай министрлігіне тікелей бағынатын «Теңізмұнайгаз» бірлестігі құрылды. Бірлестікке алғашқы бас директор болып Татарстаннан Ясавеев деген азамат өз командасымен келді. Ол жақсы да жайсаң адам екендігін жергілікті халыққа ізгілікті істерімен, инабатты мінезіменен көрсете білді. Алғашқы кезден бастап-ақ тұрғын үйлер, мектеп, бала-бақша, сауда үйлерін салуды қолға алды. Бес қатарлы тұрғын үйлері бар, бес ықшам ауданын салды. Жолдар асфальттанып, көптеген жаңа өндіріс базалары тұрғызылды. Ал Одақ Мұнай министрлігі басшыларының жергілікті халыққа деген көз қарасы жақсы емес екендігі олардың іс-әрекеттерінен байқалып тұрды. Бірлестік Мәскеуге қарайтын болғандықтан жұмысқа негізінен Ресейден келген келімсектер алынды. Ал жаңа салынған үйлер де бірінші кезекте соларға берілетін болды. Министрлік басшылары жергілікті халықпен санасқысы келмеді. Бірінде бірлестікте аудан басшыларының қатынасуымен болған жиналыста КСРО Мұнай Министрінің орынбасары Филоновский деген беті бүлк етпестен сөйлеп, жергілікті мұнайшыларды Қаратоннан әрі жібермеңдер, Теңізде тек Ресейден келген орыс мамандары жұмыс жасауы керек дегені бар. Осылай еден жуушыға дейін Ресейден алып келіп, бірінші кезекте соларға үй бергізді. Тек бас директор Ясавеевтің адамгершілігінің арқасында жергілікті жастарды жұмысқа орналастыруға, мұқтаждарына үй беруге мүмкіндік туды.
«Теңіз» кенішінде салынып жатқан «Газ» зауытының құрылысына да ерекше көңіл бөлінді. Бірақ зауытты басқаратын біздің облыста мамандар болмағандықтан Ясавеевтің тапсырмасымен Наурызғали аға Ақтөбе облыстық партия комитетіне барып Кеңқияқ кен орнындағы «Жаңа Жол» зауытында бастық болып жұмыс жасап жүрген Ю. Плыкин деген азаматты әкеліп директор етіп отырғызды. Бұл кісі де қарапайым жұмыстың адамы екен, жергілікті жас мамандарды жұмысқа реніш білдірмей қабылдап отырды. Бірақта алғашқы күннен бастап-ақ осы күшті деген КСРО Мұнай Министрлігі «Теңізді» игере алмайтындығы байқалды. Оған дәлел алдында айтып өткен № 37 ұңғыдан атқан мұнай мен газ жыл бойы өртеніп, оны қанша жұмыстанса да сөндіре алмай, американдықтардан көмек сұрап, мамандар шақыруы болатын. Сол Америкадан келген мамандармен 2 рет болған отырысқа бірлестіктің бас геологы Гудрынмен бірге қатынасқан Наурызғали аға, одақ мұнай министрлігінде құрамында күкірті көп мұнай мен газға қолданылатын құрал-жабдықтардың жоқ екенін мұнайшы инженер ретінде толықтай байқады.
Ресейліктер «Теңіз» кенішін өздері игере алмайтынын түсінген соң Америкамен келісім жасауға бет алды. Абырой болғанда осы кезде ғасырлар бойы халқымыздың армандап келген егемендік таңы атып, Тәуелсіз Қазақстан Республикасы болып жарияланған соң Теңіз мұнай алаңы өзімізде қалды. Бірақта, Ресей мұнайшылары игере алмаған мұнайында күкірті көп кен орынын өзіміздің де игеріп кетуіміз мүмкін емес еді. Тек біртуар мемлекет қайраткері, еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Әбішұлының ақылды да парасатты іскерлігінің арқасында ғасыр жобасы жасалынып, американдықтармен бірлескен кәсіпорнын құруға мүмкіндік сәті туды. Ол 1990 жылы маусым айында Теңіз мұнай көздерінің мол байлығын игеруге уақытша болса да «Шеврон» корпорациясына бөлек құқық беретін бірлескен ниет протоколына тек Қазақстанның қол қоюын талап етті. Соның арқасында Республика алғаш рет осындай келісімге қол қойды. Мәскеу министрліктері тарапынан үлкен қарсылықтар болды. Мәскеудің жөнсіз араласуын шектеу үшін Қазақстан «Шевронмен» жұмыс істейтін өзінің жеке өндірістік компаниясын құрды. Шілденің орта шенінде Назарбаев жоғары басшылықпен кездесу үшін «Шеврон» штаб-пәтері орналасқан Калифорнияға ұшып барды. Үкімет бағдарламасының бір бөлігі ретінде түрлі компаниялар, оның ішінде «Шеврон» кіретін американ сауда консорциумы бірнеше ондаған бірлескен кәсіпорындар жүйесін салуға Қазақстанға көмектесуіне келісімін даналық көрегенділігімен қол жеткізе білді. Бұл бір өте қиын кезең болатын. Өндірістер тоқтап, кейбірі жабылып жұмысшылар жалақысын, зейнеткерлер зейнет ақысын уақытында ала алмайтын. Сол кездерде «Құлсарымұнай» басқарма бастығы Қарабалин Әбілхайырмен халықты азық-түлікпен қамтуда бірталай жұмыстар атқарды. Бартермен қапшықтап ұн әкеліп мұнайшыларға бөліп беріп отырды. Құлсарыдан 150 шақырымдай жердегі «Жаңасудан» бақша еккізіп жеміс-жидекпен қамтамасыз етті. Қосалқы шаруашылық ашып мал ұстады.
Әрине, шет елдің аты шет ел, олар бізді көркейтейін деп келген жоқ, әуелі өздеріне пайда табу үшін жұмыстанды. Алғашқы кезде жергілікті жастарды жұмысқа алмады, ал алған қара жұмыстағыларға жалақыларын өздерінен көп төмен беріп келді. Соның салдарынан қазақ жастары арасынан ашу наразылықтары бой көтерді. Бұл күрделі мәселелерді шешуде бұрынғы аудан әкімі С.Нақбаев, соңғы жылдары әсіресе облысқа әкім болып Бергей Рысқалиев келгесін оң шешімін табуда. Ол облыс басшысы ретінде шет елдік компаниялардан қазақ жұмысшыларын жұмысқа көптеп тарту, еңбек жалақыларын талапқа сай уақытында беру, техникалық қауіпсіздікті мұқият сақтау мәселесін дер кезінде талап ете білді. Міне, соның арқасында, жұмысшыларды орынсыз қысқарту болмай, жұмысшылардың жалақысы көтеріліп келеді. Қазірде ТШО мен Қарабағанда шет ел мекемелерімен жұмыс жасайтын облыс әкімшілігінің қызметкерлері бар. Бүгінде ТШО-да жұмыс жасайтындардың 80 пайызы қазақстандықтар, оның көпшілігі Жылой жастары. Бірлескен «Теңізшевройл» мекемесі биылғы 2008 жылы тек Жылой ауданына 12 млн. доллар көлемінде демеушілік көрсетпекші.
Нәкең 1995 жылы зейнеткерлікке қалғанымен қоғам жұмысынан қалған жоқ. Бұрынғы «Құлсарымұнайгаз» қазірдегі «Жылоймұнайгаз» басқармасында осы уақытқа дейін ардагерлер кеңесінің төрағасы болып жасап келеді. 2002 жылдан бастап Нәкеңнің ұсынысымен сол кездегі басқарма бастығы болған Мақсым Ізбасовтың, «Ембімұнай» бірлестік бастығы болған Махамбет Батырбаевтың қолдауымен соғыс және еңбек ардагерлеріне мереке сайын сыйлық, сырқаттанып қалғандарына материалдық көмек беріліп келеді. 2003 жылдан бері басқармада «Қамқор» қоры жұмыс жасап, тұрмысы ауыр қамқоршысы жоқ зейнеткерлерге қаржылай көмек ұйымдастырылған. Бұл қордың ашылуына да Нәкеңнің сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Сонымен бірге Нәкең еліміздің танымал озық ойлы ардагер азаматтары: Асқар Құлыбаев және Марабаев Нәсіпқали, Ақшолақов Орал ашқан Алматыдағы «Мұнайшы» қоғамдық қоры арқылы да басқарма зейнеткерлеріне көмек ұйымдастырып келеді. Бүгінде тұрмысы ауыр 6 зейнеткер аталған қордан ай сайын 10 мың теңгеден көмек алуда. Мұның бәрі Нәкеңнің мұнайшылар үшін ізденістерінің жемісі. Оның әрбір басқан ізі шежіре, таңғы шықтай тұнып тұрған мөлдір әңгіме. Бірде Наурызғали ағамыз Құлсарыға жұмыс ауыстырып келгесін Атыраудан өзіне адал еңбегіне Бірлестік арқылы бөлінген жаңа «Волга» автокөлігін алатын болып, мені бірге ертіп кетті. Халық даналығы туғызған «Адамның жақсылығын да, жамандығын да білу үшін жолға бірге шық, жол оның қырларының бәрін толықтай ашып береді» деген ұлағатты ой жиынтығы бар ғой. Ол кісі жетпістен асқан өмірінің саналы кезеңінде талай жолға шығып, талай адамдармен үзеңгілес болған, жол бойындағы тосын және қызық оқиғалардың талайын бастан кешіп, мол тәжірибе жинақтаған нағыз тарланның тарланы ғой. Міне, осы алғашқы екі күндік сапарлас болу, жол салмағын бірге көтеру оның «кітапты қара нарлық» болмысын жарқырата көрсетіп бергендей болды. Содан бастап Наурызғали ағамен арамызда терең түсіністіктік орнады. Бұл әдептілік қатынас менің түсінігімде, сыйлас аға мен інінің арасында ғана болатын сенім сезімі болса керек. Мен содан бері жаны таңғы шықтай мөлдір, періштедей көркем мінезді қанат қылған Наурызғали ағаны өзіме бауыр ағадай көріп кеттім. Сол жолда ағамыз, әулие батыр Байбақты атамыз жөнінде және өзіміздің туған жердегі әулиелер жайында, құйма құлақ қарттардан естіген көп әңгімелерін майын тамызып, бабына келтіріп айтып берді. Жаңа көлік алғасын ертесінде жолдың ауырлығына қарамай ата басына арнайы бардық. Дұға оқыдық. Ата топырағына аунадық. Құдығынан су іштік. Азырақ тыныстадық. Қайтарда жолда ағамыз маған: «Лұқпан, әйгілі орыс жазушысы Лев Толстойдың дүниеден өтерінен біраз бұрын, дәлірек айтқанда 1901 жылдың 20 ақпан күні Ресей Синодының арнайы шешімімен, оны мен МҰХАММЕДТІҢ (С.Ғ.С.) үмметімін деп, мұсылмандықты мойындағаны үшін барлық шіркеулерден аластатылғанын білесің бе?» деп сұрады. Мен барымша әлемді таңдай қақтырған ұлы жазушының Исламды жан тәнімен мойындағанын, «Мұрат Қажы», «Қазақтар» тағы басқа шығармаларында дініне берік мұсылман халқының өршіл де адал, шапағатты да, қаһарлы бейнесін шебер суреттегенін айттым. Ағамыздың терең мағыналы сұрақтары маған жол бойы терең ой салды. Мен оның нағыз біліктілігіне таңдандым. Міне, даналық, ойлы сөзбенен жанындағы адамға әсер ете білу деген осы. Бір-ақ сұрағында ғасырлардың жүгін көтерген қаншама философиялық толғаулар жатыр. Оған ақын болып тусаң тебіренбеуің тіптен мүмкін емес.
Кейін сол жолдағы жүрек қылын тербеп өткен әсердегі ұшқыннан жалын лаулатып, «Кең Жылой әулиелер мекені», «Әулие батыр Байбақты Ата», «Мәдинада Мұхаммед», «Түркістанда Қожа Ахмет», «Маңғыстауда Пір Бекет» атты кітаптар жаздым, бұл кітаптар әуелі жеке кітаптар болып шығып, кейін соңғы үшеуі біріктіріліп Алматыдағы «Нұр Шапағат» баспасынан «Құдіретке тағзым» деген атпен жеке кітап болып шықты. Міне, жақсыдан шапағат деген осы, ағамыз жанымызға терең ой салмағанда кім біледі, ол кітап жазыла ма, жазылмай ма? Бәрі де жақсы адамның мейірімділік шуағынан.
2007 жылы Алматыдағы баспадан «Сүйе біл Отан анаңды» атты 33 баспа табақ толық шығармашылық жинағым шықты. Жазушылар Одағының съезіне қатынастым. Орталық баспаларға шығармаларым шықты. Астанаға шақырып теледидардан өлеңдерімді оқытты, Алматыдан қазақ радиосы сұхбат алды, Атырауда Жантөрин атындағы филорманияда шығармашылық кешім өтті. Наурызғали ағам мұнда да телефон шалып ақ жүрегінен шыққан пікірін айтты. Ақын сәби деген рас ғой, ағамыздың бұл мейірімділігіне маған бауырсынып көңіл бөлгеніне қатты қуандым. Кейін Құлсары басында аудандық әкімшілік пен мәдениет бөлімінің ұйымдастыруымен өткен кешіме қатынасып, ақ батасын беріп, иығыма шапан жауып, астыма тұлпарын мінгізіп ақындық аққу көңіліме қанат бітіріп, көкке бір-ақ көтеріп тастады. Сондағы менің қуанғанымды көрсеңіз ғой! Ағамыздың сөз өнеріне айырықша көңіл бөліп, сөз құдіретін терең түсініп, оның мәнділігі мен айқындылығына, түйінділігі мен әсерлігіне өте ерекше мән беретінін ұқтым:
Сөз жібек жіп, жыр кесте,
Айшығы айқын көрінбес
Өрнексіз тігіп баттаса
Шашудай болып шашылар,
Меруерттей асыл сөз деген,
Жыршылардың шәйірі,
Асыл сөзді езбеген,
Нысананы дәл басып,
Қалаған жерден көздеген.
Кей жақсының мінезі,
Еділ менен Жайықтай,
Ағып кетіп сөйлейді
Тілі жүйрік болған соң, – деп Дулат ақын бабамыз жырлағандай, жақсы сөз жанға жібектей жайлы тиеді, ақылды адамның сөзі тәрбиелі, тәртіпті жүйелі келеді. Тілге жүйрік болу адамға аса жарасымды сипат. Нәкеңнің сондағы қуатты да әсерлі сөзі менің жүрегімде өшпестей болып жырға айналып жазылып қалды. Ағасы бардың жағасы бар деген осы. Кейде қатарында жүрген аға-інілердің бірсыпырасы, тіпті ешнәрсе болмағандай тіл-аузы байланып қалғандай бір ауыз жылы сөзін қимайтындары бар ғой. Бір ауыз жылы сөз деймін-ау, біздің Кең Жылойда бұрынғы уақыттарда болып көрмеген, күншілдік жаман әдет ауруға тап болып, өзі суын ішкен құдығына ұялмастан түкіріп, кешегі сыйласып жүрген ағасына бүгінде тасадан тас атып, өстім толдым, болдым деп, орындығында кеуде керіп түрленіп жүргендер қаншама? Ондай байғұстарды көрсем айға қарап үрген күшіктерді көргендей қынжыламын, бишараларды аяймын. Қайтерсің өмір болғасын, ағын да, қарасын да көресің. Наурызғали ағаның творчестволық кешіме қатынасуы менің сенімімді нығайтты. «Бір ауыз сөз ел бұзар, бір ауыз сөз ем болар» дегендей пірлі ауыз, даналық пен парасатты серік қылған Наурызғали ағаның қуат беруі оның жанының мөлдірлігі, асылдығы, оның ақындар жанын зеректікпен ұғатын ірі кесек тұлға екенінің дәлдік өлшемі ғой.
Менің білуімше, Наурызғали аға әр уақытта салауатты, әр уақытта кішіпейіл, әр уақытта ұстамды, әр уақытта терең, әр уақытта тегеурінді, кішіні кіші, үлкенді үлкен, қатарын қатарша сыйлайтын, кең пішілген, жаны биязы, Алланың бергеніне шүкіршілік қылған, қолда барға тәуба қылып «Азға қанағат» деген қағиданы өміріне серік қылған, қандай заман болса да бір қалпынан таймайтын, халық ішінде жақсы адам аталған, елдің бағына біткен айналасына жарығын молынан түсірген, болмысынан ерекше жаратылып, асыл туған, әрбір сәулесінің нұры жырға айнажан Кең Жылойдың өшпес мәңгі жарық шоқ жұлдыздарының бірегейі. Ұлы суреткер Ғабең, біз драматург Әуезовпен мақтанамыз деп айтқанындай, біздер өз туған жерімізде елге несібе сыйлаған, жақсы мінездің иесі Бешім атаның немересі Наурызғали ағамызбен мақтана алуға толықтай негізіміз бар. Ата жолын жалғасаң, осы асыл ағаңдай жалғай біл! Оның өмір жолына үңіліп келер ұрпаққа: «Аянбастан қызмет қыл халқыңа, кір келтірме ата-баба салтына» дегің келеді. Біздің туған жердің перзенттері осы қарапайым да жаны сұлу Наурызғали ағасының өнегемен өрілген ғибратты ғұмырынан үлгі алып, ата-баба жолын қастерлеп, Ұлы жаратушымызды терең тани біліп, пайғамбарымызға махаббатымызды артырып, имандылықтан сусындап кемелденіп, даласындай кең, байлығындай жомарт, әулиелеріндей ақылды да байсалды, жауға ту байлап шапқан батыр бабаларындай қайсарлы, өнерлі де, тынбай білім іздеген келер күннің бақ шамы, заманына сай өз ісін жетік меңгерген, туған елдің адал намысты азаматтары болулары қажет. Әрбір қырдың, әрбір төбесін әулиелерін қоныстаған, алдында бағыт сілтер ақыны Бешім ата немересі Нәкеңдей, Fабдулкәрімұлы Сабырдай, Мырзабекұлы Исламдай, Тасмұқанұлы Бағыттай, Бозданұлы Бағытжандай ағалары, Кейкін Жәрдемдей, Нұрмұхан Жанаштай көреген, ой-толғамдары терең абыз аталары барында, біздер топырағын емірене сүйген атажұрттың, мәңгілік жырға қосылар Кең Жылойдың ұлдары мен қыздарының жаман болуға ешбір қақысы жоқ!
Атақты ақын-жыршы Әбубәкірдің «Инабат ердің базары, ақ жүзінің ажары. Инабат ердің азығы, бақыт пенен дәулеттің ұстайтұғын қазығы» деген қанатты асыл сөздері ойға оралады. Осы ұлағатты қағида Наурызғали ағаның және оның өзіндей бай мінезді, жандары кіршіксіз таза, әділ үзеңгілес достарының сүйегіне сіңген ерекшеліктері десек асыра айтқан болмас. Ағаларымыз алдымызда аман-есен сау жүрсін! Ауырмасын, сырқамасын! Олардың өнегелі өмір жолдарынан үлгі өнеге алуға жалықпайық, олардың маңдай терімен ізгілікке толы жағып берген алтын шамдарын сөндірмей, қадірлеп ұстап келер ұрпаққа жеткізуге барымызша ат салысайық. Қарияларының еңбегін ескеріп бағалай білген ел бақытты. Оны жадымызда үнемі сақтау біздің қасиетті борышымыз! Соны ұмытпайық, ағайын.
ҰРПАҚ САБАҚТАСТЫҒЫ
Қайрат етер мезгілде,
Жүк көтерер нардай бол.
Ақыл айтар мезгілде,
Мың жасаған шалдай бол...
Бауыржан Момышұлы
Қазақстанды өркендетудің 2030 жылға және индустриалдық-инновациялық өркендеудің 2015 жылға дейінгі стратегияларында республика мұнай өндірісін аршынды қадамдармен ұлғайтып, оның қуат көздерін әлемдік нарыққа шығару көзделіп отыр. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев бұл жайлы қуат қорларын тасымалдаудың барынша тиімді жолдарын жасау экономиканың жоғары қарқынмен дамуына, Қазақстан халқының әл-ауқатын көтеруге бағытталған еліміздің өнеркәсіптік саясатының маңызды тармақтарының бірі болып табылатындығын бірнеше рет атап көрсеткен болатын. Осындай жауапты мәселені ауданымыздың байырғы ірі кәсіп орындарының бірі мұнай тасымалдаушы кәсіпорын, Кең Жылойдың алтын арнасы Құлсары мұнай құбырлары басқармасы абыройлы еңбектеріменен сүбелі үлес қосып зор табыспен шешіп келеді. Басқарманың тарихы өте тереңде. Кен инженері Кирпичников 1794 жылы «мұнайдың мол қоры бар екендігіне күмән жоқ, апайда тұщы судың, елді мекендер арасындағы қатынас жолдарының, жем-шөп даярлауға жарамды шабындықтардың болмауына байланысты бұл байлықты игеру өте қиынға түседі» деп атап көрсетіпті. Батыс Қазақстанның мұнай қоры байлығын өндірістік деңгейде игеру тарихы 1911 жылы Орал-Каспий мұнай қоғамына қарасты ұңғымалардың бірінен 200 метр тереңдіктен 30 сағаттың ішінде 17 мың тонна мұнайды сыртқа атқан аса қуатты атқыманың негізінде Доссор кен орнынан шикізат алудан басталды. 1912 жылы Орал-Каспий мұнай қоғамы көмірсутегілік шикізатты тасымалдау проблемасын Доссор өндірісінен Ракушаға дейін 62 версталық (1 верста-1,06 км) мұнай құбырын салу арқылы шешті. 1913 жылдың ішінде өндірілген мұнайды теңіз арқылы тасымалдау үшін Доссордан Ескене өндірісі арқылы Үлкен Ракуша қалашығына 6 құбыр тартылып, олар таяз жағалар арқылы кемелер келе алатын айдынға дейін 7 верстаға ұзартылды. Мұнай құбыры бүкіл ұзына бойына астына тіреу қағылып, жер бетінен көтеріліп жүргізілді, кейбір сор (батпақты) тұстарда қағылған қадаларға орнатылды. Мұнай айдауға көлбеу-поршенді екі жақты қозғалысты (120x350мм) 3 «Вейзе-Монский» насосы, қуаты 6 ат күшіне тең «Горнсби» және әрқайсысы 45 ат күшілік 2 «Атлас» двигателі пайдаланылды. Өндірілген мұнай қорын сақтау үшін Доссорда әрқайсысы 200 000 пұттық 2, 100 000 пұттық 2, Ескенеде 50 000 пұттық 2, Мақатта 50 000 пұттық 2, Ракушада 100 000 пұттық 2, яғни жалпы сыйымдылығы 1 000 000 пұттық 8 қазандықтар орнатылды. Бұрғылау алаңдарында да мұнай жинағыштар салынды. Мұнай құбырының құрылысына қажетті түтіктер мен басқа да материалдарды тасуға күш көліктері мен жүк машиналары пайдаланылды. Құбыр құрылысы 1913 жылдың қазан айында аяқталып, онымен мұнай айдала бастады. Ембі ауданы 1914 жылы мұнай өндіру жөнінен Ресейде Баку мен Грозныйдан кейінгі үшінші орынға шықты. Алғашқы кезде резервуарлар мен құбырлары жетіспеуінен өндірілген мұнай жердегі ашық қазан шұқырларға құйылды. 1928-1932 жылдары Орал-Ембі бассейінде көмірсутегілік шикізаттың көздері табылды. Осыған байланысты мұнайды өндіру ғана емес, оны тасымалдау күн тәртібіне қойылды.
КСРО еңбек және отан қорғау кеңесінің 1932 жылдағы 16 маусымындағы Каспий Орск мұнай құбырын және Орск қаласында мұнай тасымалдау зауыттарын салу туралы № 714 қаулысымен енгізді. Осылайша құбыр тұрғызу жұмысы басталып, 1935 жылы желтоқсан айында бітеді. Ал 1963 жылы Өзен-Жетібай-Шевченко мұнай құбыры, 1967 жылы Өзен-Құлсары-Куйбышев магистралдық мұнай құбырлары құрылысы басталып, 1969 жылы Өзен-Құлсары-Гурьев құбыры пайдалануға берілді. Осы мұнай құбыры 1970 жылы Куйбышевке дейін жеткізіліп көмірсутектік шикізаттарды Гурьев пен Куйбышевтегі мұнай құятын пункттерге тасымалдауға мүмкіндік тудырды. Еліміздің мұнай өңдеу зауыттарына қара алтын бұлақтарын жеткізу мақсатында 1965 жылы мұнай-газ өнімдерін құбырлар арқылы тасымалдайтын магистралдық басқарма (УМНПП) құрылды. Құлсарыда 1968 жылы желілік өндірістік диспетчерлік станция құрылып, оның алғашқы бастығы болып Мекебаев Орынғали тағайындалды. Кейінірек Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталған ол өзіне тапсырылған жұмысқа бар күш жігерін жұмсады. Мекемеге қажетті мамандар мен жұмысшыларды өзіміздің жергілікті жерден алды. Оларды оқытты, жастарды өз баласындай қамқорлады. Осылайша ол алғашқы білікті мамандарды, жұмысшыларды қалыптастырды. Станцияда ілкі салынған пештердің алғаш операторлары Серік Жұмашев, Мақсот Наров, Құбай Қаналиев, электромонтерлер Борис Салов, Бағыт Мәмбеталиева болды. 1970-1972 жылдарда №4, 5, 6 пештер салынып, пайдалануға тапсырылған. Ал 1972-1974 жылдарда №7, 8 пештер, мұнай айдау стансасы, қазандық және басқа обьектілер салынған. Сонымен қатар мұнай құбырларын құрастыру жүріп жатты, олар енді үшеу емес сегіз болды. Мұнай құбырында жұмыс жасаушылар саны 100-110 адамға жетті. Жылдан жылға биікке қанат жайған станция Мекебаев Орынғали ағамыздың арқасында даңқы республикаға танылып, үлкен іргелі абыройлы басқармаға айналды.
Басқарманың әрі қарай дамуы, «Теңіз» алып мұнай кенінің ашылуына тікелей байланысты. Мұндағы мұнайшылар мен құрылысшыларды ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында 1986 жылы Құлсары Теңіз су құбырлары және Теңіз Құлсары мұнай құбыры салынып бітті.
1987 жылдың аяғында Астрахань-Маңғышлақ су құбыры аяқталып, Құлсарыда су тазалау қондырғысы іске қосылды. Ал 1990 жылы қыркүйек айында Еділдің суын Маңғыстауға жалғастыратын (ВНС-№8) су айдау станциясы салынып бітті.
Бүгінде іргелі ұжымды мұнай қайнары Қосшағылды ашқан Бешім қарттың шөбересі Бешімов Асылбек Наурызғалиұлы басқарып келеді. Ол өзінің еңбек жолын Мәскеудегі И.М. Губкин атындағы институтын бітіргеннен кейін 1991 жылы осы басқармада технологиялық қондырғыларды жөндеу слесары болып бастап еді. Содан бергі уақытта осы жұмыс саласында инженер, цех бастығы, бас маман, УЭМТ бастығы, басқарма бас инженері сияқты барлық еңбек сатыларынан абыроймен өте білді. Сол жолда оған біріңғай жаны жайсаң жандар кездесті. Ол өзін ең алғаш жұмысқа баулыған Ерғалиев Қадірбайды ең басты ұстазым деп есептейді. Үнемі ізденуменен өндірісте мол тәжірибе жинақтады. Жас маманның өз ісіне деген іскерлігін ескерген жоғарыда отырған басшылары оған сенім артып 2002 жылы Орал қаласындағы «Мұнай құбыр басқармасына» бас инженер қылып тағайындайды. Бұл жерде де Асылбек еңбек биігінен көріне білді. Өндіріске жаңа технологиялар енгізуде көп еңбек сіңірді. Басқарма республика бойынша зор табысқа жетті. Осы еңбегін жоғары бағалаған «Қаз-Транс-Ойл» компаниясы басшылары оны 2006 жылы «Құлсары мұнай құбыры» басқармасының бастығы етіп тағайындады. Содан бері осы басқармада аянбай еңбек етіп келеді. «Атаның баласы болғанша адамның баласы бол». Осынау қанатты сөздерді өміріне серік еткен Асылбек осы жасына дейін жан баласына жамандық жасамаған жігіт. Керісінше басына іс түскен пендеге қол ұшын беруге, қамқорлығына алуға әрдайым асығып тұрады. Өзінің еңбек жолы басталған қара шаңырағын мақтаныш тұтады.
Ұжым ардагерлерін сүйенішім деп, оларды жоғары бағалайды. Асылбектің бойындағы жақсы қасиеттің бәрі де адамгершілік, қамқорлық, сияқты үлкен азаматтық белгілері. Қай жерде де ұжым басшысы болу оңай емес. Осыны қатты ескерген Асылбек қол жеткен табысқа тоқмейілсіп кеуде соққан жан емес. Ол бар күш-жігерін өндірістік және орындаушылық тәртіпті одан ірі нығайтып, өндіріс көрсеткіштерін жақсарту мақсатында ішкі мүмкіндіктерді молайтуға ең бірінші жұмысшыларға барлық жағдайларды жасауға ерекше мән беріп келеді. Міне, соның арқасында ол басқаратын Құлсары мұнай құбырлары басқармасы жемісті табыстарымен, еліміздің экономикасының дамуына сүбелі үлес қосып келеді. Маңғыстау, Жылой мұнайын қабылдап алып жөнелтуде жемісті істері аз емес. Тәжірибелі ардагер мамандардың, еңбек озаттарының арқасында мұнай тасымалы нысандарының сенімді және апатсыз жұмысы қамтамасыз етіліп отыр. Мұнай өндіру көлемі жыл сайын өсіп келеді. Ал оны қабылдап, жөнелтуге орасан күш-қуат керек екені белгілі. Ұжымда бұған толық мүмкіндік бар. Басқарма мұнай қабылдау жұмысымен бірге Өзен-Атырау-Самара бағытына құбырмен мұнай айдауды және Астрахань-Маңғыстау бағытында су тасымалын қамтамасыз етеді. Мұнайды Прорва, Қара-Арна, Терең-Өзек, Қосшағыл, Оңтүстік Қамыскөл, Қырықмылтық, Орысқазған, Солтүстік Қотыртас, Молдабек кен орындарынан үздіксіз қабылдап келеді. Басқарма бойынша мұнай қабылдау көлемі 2 млн. тоннадан асады. Ал құбыр арқылы Өзен-Атырау-Самара бағытына айдалатын мұнай құбыры 13 млн. тонна көлемінде.
2005 жылдың 6-айында қабылданған мұнай көлемі 987156 тонна болса, 2006 жылдың 6-айында қабылдаған мұнай көлемі 1078908 тоннаны құрайды. Өзен-Атырау-Самара бағытына 2006 жылдың 6-айында 985536 тонна мұнай айдалса, биылғы жылдың 6-айында 1092181 тонна мұнай айдалған. Ал Қиғаш-Еділ ауыз суының былтырғы келуі бұрынғыдан әлдеқайда артық.
Барлық магистралдық жүйелердің жұмыс тиімділігін арттырып, оның сенімді әрі ырғақты қызметін сақтап қалу алдына қойылған міндеттерді шешудегі басқарманың ең басты еңбегі деуге болады. Магистралдық құбырлар жүйесі арқылы жөнелтілетін мұнай көлемі 2006 жылдан бері үзбей өсіп келеді.
Кәсіпорынның басты байлығы өз істеріне жан-тәнімен берілген, өз ісіне шебер мамандар. Қазіргі уақытта ұжымда 571 адам қызмет атқарады. Ұжымның орта жасы шамамен 35-40 жас арасындағы қызметкерлерді құрайды. Ұжымда жұмысшылардың, инженер қызметкерлердің білімін арттыруға ерекше көңіл бөлініп келеді. Олардың квалификациялық білімін жоғарлату мақсатында республикадан шет жерлерде және орталық оқу комбинаты арқылы мамандықтарын жетілдіріп отырады. Бүгінде 56 адам жоғарғы оқу орындарында оқиды. Олардың 7-уі басшы қызметкерлер. Көптеген жұмысшылар жоғары оқу орындарында сырттай оқып келеді. Жұмысшылар мен қызметкерлердің еңбек көрсеткіштерін жыл сайын қорытындылау мақсатында ұжымда мамандығы бойынша жеңімпаздар, үздіктер анықталып, оларға жемісті еңбектері үшін материалдық сыйлықтар беріліп тұрады. Мысалы, 2005 жылы үздік мамандығы бойынша 1-ші орынға Қанатов Жұбанышбек, 2-ші орынға Жұмалиев Айтқали, Бақыт Шынар, 3-ші орынға Құлмұрзиев Ұзақбай, Бисешов Қазбек, Маратов Қанат сияқты оператор жұмысшылар ие болса, биылғы 2006 жылдың 6 айында 1-ші орынды НПС-Прорва, 2-ші орынды НПС Қосшағыл, 3-ші орынды құбыр желісін жүргізуші Ауеспаев Талғат жеңіп алды. Жеңімпаздар түрлі-түсті теледидарлар мен музыкалық орталық сыйлықтарымен және диплом грамоталарымен марапатталды. Ұжымда жұмысшылардың еңбек заңдылығын қорғайтын әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерін шешетін кәсіподақ ұйымы өз жұмысын жұмысшылардан құрылған комитет мүшелерімен ақылдасып жүргізілетін іс-шараларды үнемі бекітіп отырады. Ұйым өндірістегі мәдени-көпшілік шараларды өткізуге ұйтқы болуда. Атап айтқанда мерекелерді атап өту, Наурызды тойлау, қызметкерлер мен жұмысшылардың туған күндерін өткізу дәстүрін жалғастырып келеді. Жұмысшылардың денсаулығын сақтау, емдеу-сауықтыру орындарына жолдама беру басты міндеті. Зейнеткерлерге, жұмысшыларға үнемі көмек көрсетіліп тұрады. Қазіргі таңда 20 жылдан астам мұнай құбырлары саласында тер төккен ардагерлер Сарманов Оңдасын, Мұхамбетсалиқов Санжан, Сазмағамбетов Қуандық, Нұржан Құбайдолла, Қонилов Нұрғали, Жылгелді Әлібек, Абдрахманов Нұризан тағы басқа ардагерлер өздерінің тәжірибелерін жас мамандарға үйретіп оларды қанаттандырып келеді. Басқарма ұжымы төтенше жағдай және азаматтық қорғаныс жұмыстарына ерекше мән беріп келеді, бұл жұмысты ұйымдастыруда басқарманың осы саладағы инженері Таппатия Бекеновтің еңбегін ерекше айтып өткен жөн. Азаматттық қорғаныс жөнінде бұл күнде цехтарда 11 бөлімшесі бар, оларда 500-дің үстінде жұмысшы еңбек етеді. Барлық бөлімшелерде жұмысшылар осы қорғаныс жөніндегі құрылымдарға тартылып жеке құрамдарда 245 адам қамтылған. Олар өрттен қорғану, құтқару, тағы басқа төтенше жағдай не азаматтық қорғаныс тәсілдерін меңгерген.
Ұжымның биік асуларға жетіп, халық мақтанышына бөленуіне басқарманың технологиялық көлік және арнаулы техникалық цехы ұжымы да сүбелі үлестерін қосып келеді. Олар құбырлардың қауіпсіз жұмыс жасап апаттық жағдайдың орын алмауына ерекше мән беріп, өз міндеттерін абыроймен атқарып жүр. Бұл цехтағы автоколонна диспетчері, еңбек ардагері, жастардың ақылшысы, көлік саласында 40 жылдан астам уақыт үзбестен еңбек еткен Бекенов Қосайдың еңбегін ерекше атаған жөн. Айта берсе Кең Жылойдың алтын арнасы атанған бұл басқармада істелініп жатқан жемісті істер аз емес. Дала философы, алғаш мұнай тапқан Бешім ата шөбересі басқарған, ұйымшыл, берекетті ұжымның алдағы уақытта да жақсы көрсеткіштерге жете беретініне кәміл сенесің.
Наурызғали, Қалыш, қызы Дәрігүл, Кисловодск қаласы
Нәкеңнің 70 жасқа толған мерейтойындағы құттықтау. Оңнан солға қарай: Қ.Тасқынбаев, М.Ізтлеуов, Т.Әбілгазиев.
Нәкеңнің 70 жасқа толған мерейтойындағы құттықтау. Оңнан солға қарай: Қ.Тасқынбаев, М.Ізбасов, Т.Әбілгазиев.
БЕШІМ АТА МЕН ӘУЛЕТІ ҚАҚЫНДА ҚОҒАМДЫҚ ПІКІР
Сыйламас болсаң ер ғұрпын,
Қаларсың жалғыз сен бір күн.
Алауыз болса ел-жұртың,
Қаңғырумен барабар.
Ақылсыз ойлап іш тоғын,
Ақылды бағар іс соңын.
Талқыға ерте түссе кім
Көселіге асыл барабар.
Мақтымқұлы.
МҰНАЙ ТАПҚАН
Жолым түсіп Құлсарыға барып, кезінде ауданға, мұнай бірлестігіне басшылық еткен Ембінің белгілі инженер-мұнайшысы Бешімов Наурызғалидың келін түсірген тойына қатынастым. Той қазақтың ұлттық салты сақталған, ойын-күлкі мен көңілді де мәдениетті түрде өтті. Осы тойда жас жұбайларға игі тілек, ақыл-өсиет айтқан, ақ батасын бергендердің ішінде Қалиса деген қария ананың сөзі маған көбірек әсер берді. Ол кісі сөзін: «Мұнай тапқан атамыздың мұнайшы шөбересі мұнайшының мұнайшы қызына үйленгеніне және олардың торқалы тойын қызықтап отырғаныма өте қуаныштымын» деп бастады.
Мұнайшы құдасы Қосшағыл кәсіпшілігінің қазіргі басшысы Бисенов Елеусін екені белгілі, ал «мұнай тапқан» атасы кім болды екен деп елеңдеп қалдым. Осы сәтте: «Атау, Ата! Сарқыраманың арғы жағында, сылдыраманың бергі жағында маңыраманы ұлыма жеп жатыр, жанамаға білемені алып тез жете көріңіз» деген асыл аңыз есіме түсе кетті. Қазақтың келіндері-ай! Қандай сыпайысың, ақылдысың, шешенсің, тапқырсың деп қалдым. Өлең айтып, құрбы-құрдастарымен әзілдесіп, құдаларды да қағытып тойдың сәнін келтіріп отырғандардың бірі Бектұрғанова Жақсекең қарттар отырған төр жақты меңзеп: «Қазір ғой жүздеген инженерлер жүріп, миллиондаған қаржы жұмсап, қыруар техникамен 20-30 жылда бір мұнай көзін ашса газетке жазып, киноға түсіріп, байрақ беріп қапылып жатады. Ал, біздің бабамыз болса бір тиын шығынсыз-ақ Қосшағылды тауып берген емес пе. Осы аңғарымды атамыз туралы неге жазбайсыңдар?» деп, ойын-шыңын араластырып сауал да салып қойды. «Мұнай тапқан» Бешім екені енді анықталды. Ол кісі туралы бұрыннан да естуім барды. Осыдан кейін ауданда, облыс орталығында кездескен кейбір ардагерлерден Бешекең туралы сұрап біраз мәліметтер алдым. «Мұнай тапқан ата», «Мұнай тапқан қайынаға» болып аталып кеткен Қызылбасұлы Бешім 1874 жылы Жылой елді мекенінде туған, үнемі жылан қырқалы Жем өзені мен кәрі Каспий теңізінің кең алқабында өмір сүріп еңбек еткен, 59 жасында дүние сальшты. Ел аузында осы қарапайым сауатсыз шаруаның ақылдылығы, парасаттылығы, еңбекқорлығы туралы түрліше әңгімелер айтылады. Өзінің әжептәуір домбыра тартып, ән шырқайтын өнері де болыпты. Осы өңірде торқалы той, қаралы садақа, алқалы ас Бешекеңсіз өтпейді екен. Жекжат-жұрағаттарымен қарым-қатынасын үзбей, ауылдарды жиі аралап, жиналған топтың арасында тым жақсы әңгіме айтатын, қасіретті хабарды естіртетін, қайғылыны жұбататын жатық сөзді кісі болса керек. Бұндай қадірлі қасиеттер жұртты сүйсіндіреді, өзіне бедел береді.
Көп жүрген көпті көреді де, көп біледі ғой, Бешекең, табиғаттың аз-мұз ерекше құбылыстарын байқап қалса болғаны, оларға әдейі зейін қойып, зер салып жүретін әдетін жұрт байқайды екен. Әсіресе әр жерден кездесетін шөп шықпайтын, топырағы майса-жұмсақ ойдым-ойдым қара тақырлар дала қырағысының назарын аударады. Ыссы күндері май топырақ еріп шұқыршақтарға жиналған сұйықты өзінше зерттейді. Оны торсыққа құйып үйіне әкеліп отқа жағып та көреді. Сүйтіп көптен бері естіп жүрген пайдалы да құнды мұнай екенін анықтайды. Кешікпей (1926 жылы) тапқан табысын торсыққа толтырып Доссордағы «ала таяқтыларға» (ол кезде геологтарды жергілікті халық осылай атаса керек) әкеліп тапсырады. «Мақат ауданы мен Жылой жерінің құйқасы бір, жусаны мен бұйырғынының тамыры тектес, тұзды көлдері ұқсас. Сондықтан біздің ауданда да мұнай қоры болуға тиіс, қараңдар да табыңдар» деп талап қояды. Бешімнің жүгін қабылдаған жетекші инженерлер «оқымаған оқымыстымен» ұзақ әңгімелесіп, мұнай шашырандыларының қайда, қанша, қандай көлемде екенін анықтап, келесі кездесу жоспарын белгілеп, алғысын айтып шығарып салады. Осы жылы жас мамандар әлденеше рет әдейі келіп Бешекеңнің тапқан қара дақтарын өз көздерімен көріп, қолдарымен ұстап сенімін нығайтады. Орталыққа ресми түрде хабарлап, геологиялық барлау жұмысын жүргізуге тиісті қаржы, құрал-сайман, көлік сұрайды. Келесі жылы болжамшыл қазақтың көрсеткен үмітті жерлерді зерттеу үшін арнаулы ұжым ұйымдастырылып П.Я.Авровтың басшылығымен игі іс басталып та кетеді. Бешімді қос басшысы, көш жетекшісі ретінде жұмысқа қабылдайды. Әсіресе, оны геологиялық қарта жасау үшін жер, су, жол аттарын белгілеуге пайдаланады. Ал, сұйық май жылтырап бетіне шығып жатқан жердің аты болмағандықтан, оған «Қосшағыл» деп өзі ат қояды. Себебі, ол жосыла біткен екі шағылдың орталығында еді. Айта кетейін, осы тұста құм, шаң көтеріліп көкті көрсетпей мұнартып тұратын күндер жиі кездеседі. Мысалы, 1975 жылы Қосшағылда 116 сағат топырақ, дауыл соққаны, оның салмағы 100 тонна болғаны туралы Алматы ғалымдарының хабарлағаны әлі есімде.
Бешекең Қосшағылдан 13 шақырым жерде орналасқан экспедицияда Авров пен бірнеше жыл көрші тұрып, қойын-қолтық жұмыс істеп, тату-дос болыпты. Өзінің жергілікті халық арасындағы беделін пайдаланып мұнай іздеушілер топтарына қазақ жастарының көптеп келуіне ықпалын тигізді. Өткен 30-жылдардың азабы мен мазасына тап болған көптеген ауыл азаматтары Бешімнің төңірегіне жиналып қуғын-сүргіннен құтылып, аштықтан аман қалады. Ембі Мұнай комбинатының алғашқы бастығы А.В.Лаврентьевтің, ғалым-геолог П.Я.Авровтың Атырау мұнайшыларына сенімі зор болғаны соншалықты, олар жаңа Мұнай алаңдарын игеруге қазақтардың күші де білігі де жететінін, басқа жақтан жұмысшылар тасудың қажеті жоқтығын үнемі дәлелдеумен өткені туралы ресми деректер көп. А.В. Лавреньтев 1967 жылы маған жазған бір хатында жергілікті мұнайшылардың еңбек сүйгіштігін сүйсіне айтып, өзіне көрсеткен қамқорлығы үшін олардың ұрпақтарына шын жүректен шыққан алғысын жеткізуді өтінген-ді.
Бұдан 60 жыл бұрын Қосшағыл кенішінен алғашқы Мұнай атқымасы атты, ал 1935 жылы пайдалануға тапсырылып, ірі Мұнай кәсіпшілігі құрылады.
Сөйтіп Жылой ауданының экономикасына Қарашүңгілден кейінгі тұңғыш ауыр өндіріс енеді.
Қосшағылдың маңызы тек «қара алтынның» қорын көбейтіп, өнімін өсірумен шектелмейді. Әдейі дайындықтан өткен мамандардың, іс жүзінде үйреніп тәжірибе алған жұмысшылардың көбеюімен байланысты аудан территориясын түгел зерттеуге мүмкіндіктер туады. Құлсары, Мұнайлы, Қаратон Мұнай құрылымдарын тез итеруге пайдасы тиді.
Гурьев-Қосшағыл су құбыры тұрғызылып құрғақ өңірге айықтың тұщы суы келді, су мен бірге жаңа тұрмыс келді.
Қосшағыл-Орск Мұнай құбыры салынып Ембінің Мұнайын зауыттарға тіке жөнелтетін болды, жұмысшылар біраз бейнеттен құтқарылды.
Мақат-Қосшағыл тар табанды темір жолы, Гурьев-Қосшағыл автомобиль жолы төселініп бүкіл Ембі өңірінің шаруашылықтары жүгін тез де тиімді тасуға мүмкіндік алды, жолаушылар қатынасы оңайланды.
Ауданның орталығы Қосшағылға көшіріліп облыстың өндіріске көзқарасы өзгерді, байланысы күшейді, мәдениет және білім беру мекемелері көбейді, тұрғындардың тұрмыс жағдайы жақсара түсті.
Әсіресе өткен отты жылдардағы Қосшағылдың Ұлы Жеңіске қосқан үлесі ауқымды болды.
«Мұнайшылар, мұнай бер!
Соны сізден сұрайды, ел!» − деген Асқар Тоқмағанбетовтің Атырау азаматтарына арнаған ұраны 1943 жылы осы өңірде жарыққа шыққанды. Қосшағыл ұжымы талай құнды бастамаларға мұрындық болып аудан экономикасына қомақты үлес қосқаны, тікелей куә болғандықтан, есімде әлі сақталуда. Қосшағылдың жетістіктері жоғары бағаланып көптеген барлаушылар, құрылысшылар, бұрғылаушылар сыйлықтар алды, құрметті атақтарға ие болды, омырауларына ордендер тақты. Елді абыройлы іске жетектегендердің бірі Қызылбасұлы Бешімге жаңа мұнай алаңын ашқаны үшін «Ембі мұнайын алғашқы ашушы» деген құрметті атақ берілді. Ал, үнемі өзінің жанында жүріп жұмыс жасаған баласы Мұқанға өмірлік пенсия тағайындалады. Бешімнің өмірден өткеніне биыл 60 жыл болса да аты әлі ұмытылмаған, жылдан-жылға қасиетті бабаның отбасы ұлғайып, әулеті өсіп, ұрпақтары Атырау өңіріне жапырақтарын кең жаюда. Бешекеңнің жеті баласының екеуі соғыста қаза табады, ал қалғандарының бәрі тұрақты мұнай өндірісінде істеген, олардың балалары да ата-бабасының сара жолына түскен. Кең Жылойдың кең пейілді, ақ ниетті, еңбекқор да шыдамды азаматтары Қосшағылдың қара алтынын 60 жыл Ресей зауыттарына күні-түні үзбестен айдап мемлекет пен партияның тапсырмасын бұлжытпай орындап тұрды.
Кәсіпшілік басшылары, мамандар, жұмысшылар әр ұңғыманың бар мүмкіндігін сарқа пайдаланып, Төлес, Алтыкөл сияқты шағын аландарды ашып, әйтеуір Мұнайшылар ұжымын таратпай қара алтынның кең арнасы «Теңізге» жеткізді. Көне шаруашылықты ескірген мүлкін тым сүңгі кетпей тұрғанда пайдалану үшін Қосшағылда ірі мал совхозы ұйымдастырылып байырғы тұрғындардың тұрмысын жақсартуға қосымша жағдай жасалды. Осылардың бәрін ойлап отырсаң өткен қиын заманның ауыр жүгін көтере жүріп, табиғаттың тауқыметіне көніп адал еңбегімен халқына қамқорлық жасаған кәсіпшіліктің басшылары еріксіз еске түседі. Қосшағылдың қиындығын жеңгенмен рахатын көре алмай өмірден өткен, не зейнеткерлікке шыққан жұмысшы ардагерлерді де ұмытпай есімін еске сақтау ұрпақтың міндеті де мақтанышы болуға тиіс. Ілиясов Алғазы, Юсупов Сары, Оразалиев Шамбай, Махамбетов Жәрдем, Иманғалиев Қалау, Қадіров Сәнді, Жаналиев Демеу, Түйтімов Оразбай сияқты бұрынғы ұжым басшыларының қиыншылық кездерде шаршағанда шашыратпай, күш біріктіріп, өндірісті өрлетіп мұнайшылар қауымының еңсесін түсірмей өмірін жалғастырған еңбегі ел алғысына бөленуі дұрыс-ақ. Қазіргі «Ғасыр жобасының» тамыры тереңде екені белгілі. Бүгінгі миллиардтап, миллиондап есептелетін «қара алтын» мен «көгілдір отынның» төркіні сол Бешімдердің заманында жатырғаны айдан анық қой.
Сондықтан өзі ашып айдарын қойған өндіріске «Бешім атындағы Қосшағыл мұнай кәсіпшілігі» деген ресми атақ берсе орынды да әділ болар еді деп ойлаймын.
Жылыойдың жерін баспаған, елін көрмеген қартадан ғана шұқыған, аспандағы тұсынан ұшып өткен кісілердің аттары да көлемді мұнай құрылымдарына қойылып жатыр ғой, Бешекеңе бұл артықшылық болмас. Бешім сияқты заманынан озып туған таланттар жарық жұлдыздай тез өтіп кетеді, оларды дер кезінде байқап еске сақтап қалғанға не жетсін.
Кең Жылойда көп жыл еңбек еткен, соғыс және еңбек ардагерлері Атырауда аты белгілі қоғам қайраткері, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғибадолла Абдолов кезінде Бешімнің өмір жолын зерттеуге талаптанғанын айтып, оның еңбегі ескерусіз қалмауын қоштайды.Тіпті ірірек, болашағы молырақ өндіріске Бешім аты берілген жөн болар еді деген пікір айтады. Атырау экономикасының негізгі салаларының бірі мұнай ғой. Сондықтан Мұнайшылар қауымын ұлғайту, осы өндірістік мәні мен маңызын атадан балаға жеткізіп ұластыру, оны бүкіл өңірдің байырғы да орнықты шаруашылығына айналдыру құрметті міндет, зор мақсат.
Саламат МҰҚАШЕВ.
(«Атырау ардагерлері». «Өлке» баспасы.
Алматы. 1994 ж., 73-75 бет).
ҮЛКЕН ТАРИХ ОСЫЛАЙ БАСТАЛҒАН
Қазақтың Бешім Қызылбасов сынды абзал азаматы қиыншылыққа қарамай Қосшағыл өңірінен жер бетіне шығып жатқан қара топырақты атына өңгеріп алыс аймақтағы қалаларға апарып талдау жасатып, экспедиция шығарып, Қосшағылдай алып мұнай кенін ашқанын көпшілік біле бермейді. Бешім ақсақал жоғарғы геологиялық комитетке Қосшағыл айналасындағы Төлес, Алтықөл, Қосшағылдың Қаратон жағындағы Жиырма алты деген жерлерде мұнай қорының бар екенін хабарлаған. Қазір сол жерлердің бәрінде де мұнай өндіріледі. Егерде Бешім ата мұнай көзін ашпағанда, біздер қазіргі жағдайға жетпеген болар едік. Мұнайшылардың барлық бастауы БЕШІМ АТАДАН басталады. Оны ешқашанда ұмытпауға тиістіміз. Қазақтағы мұнай ғылымы сол кісіден тамыр алады.
Әбу АТШЫБАЕВ.
(«Коммунисттік Еңбек», 1960 жыл 12 тамыз).
ЕСІМІ МӘҢГІ ҚАЛҒАН БЕШІМ АТА
«Жаның жай тапсын десең, еңбектен».
Ж.Ж.Руссо.
...Мезгіл әлі ерте, маусым айының басы. Бітік өскен шөптің жұпар иісі аңқып атады. Көңіл-күйді сергітіп, адам сап таза ауаға бей-жай болып, жан рахатқа батқандай. Күн ашық, айнала тым-тырыс. Қой-ешкіде, түйеде шөпті орып жеп, мұрындары пыс-пыс, күрт-күрт күйсеп жатыр. Аспан шайдай ашық, әр жерде ақша бұлт суреттей.
Анау жоғарыда бір даланың таз бас қара құсы қалықтап жүр. Реті балпақ тышқанға шүйілгісі келеді. Қашанда ешкі жарықтық тышқақтап, алға шығып, бұра тартатын әдеті емес пе? Мына жүз қаралы малдың ішінде отыздан аса ешкі бар. Анау ешкілердің алдыңғы жағындағы желкесі күзелген тайдың жалындай одырайған, бөкен сан сұр теке шөптің тәуірін теріп жеп, ілгерілеп барады. Шамасы мал екі сағаттай жайылғасын, енді жерге қадала жайылмай, жүре шалып, ешкілер соңынан ере береді. Түйелер қозғалар емес, жерге қадала жайылып жатыр. Бешім үлкен шағылдың сор жақ бетінде, қабақта отырған. Бір мезгілде әлгі сұр теке бастаған ешкілер алдындағы сор жиегіне қарай маңырасап жүгірді. Қойларда соңдарынан еріп барады. Малмен көзін ашып, мал жайын өте жақсы білетін Бешім ұсақ мал суды көргенде осылай маңырасып шабатынын еске алып «мыналар неге шуылдасты» деп тұрып, солай қарай жүрді. Жақындап келгенде, ешкілер де, қойлар да аңтарылып, бір су сияқты сұйыққа қарап тұр. Әлгі сұйық едәуір жерді алып, жайылып жатыр. Қасына келгенде оның су емес екенін біледі. Әлгі сұйыққа жақын келгенде өзінің күлімсі иісі бар, қоймалжың май екенін байқайды. Өзі сордың су шайып, жарқабақ еткен ернеуінен «бырқ-бырқ» деп шығып жатыр. Қолымен ұстап көрді. Бұрын біреуден «Қайнар сайында осындай май шығып жатады, ол малдың қотырына жақсы ем болады екен» дегенді естіген. Мынау да сол май болды деп іштей түйді. Малды кейін айдап үлкен шағылдың теріскей, батысындағы ойпаң әкеліп дамылдататын, өзі алып шыққан сусынын ішіп, демалды...
Ертесіне үлкен ұлы Мұқанды ертіп өзі көрген жердегі топырақ аралас мұнайды торсыққа құйып алып, жолға шалап сусын алып құла атыменен Доссорға жетіп, мұнай іздеп, жерімізді зерттеп жүрген экспедиция бастығы П. Я. Авровқа көрсетеді. Ол мұнай екенін бірден біліп, келесі күні бір топ инженерлермен Бешім атаға еріп мұнай шығып жатқан Қос шағылдың ортасындағы жерді көреді.
Қуанышында шек болмайды. Қарапайым дала адамының даналығына қайран қалады.
Осылайша тарихта Бешім Қызылбасұлы Қосшағыл мұнай кенін алғаш табушы, көрсетуші, ал оны ашушы Петр Яковлевич Авров болып мәңгілікке жазылып қалды. Бұл жөнінде Жылой энциклопедиясында: «...Қосшағыл, Төлес кен орындарын алғашқы ашушы Бешім Қызылбасұлы. 1926 жылы геолог П.Я.Авровқа құм араласқан қара майды көрсетеді» делінген. Осындағы екінші сөйлем дұрыс деп есептеймін. Менің түсінігімше «табушы» мен «ашушы» бөлек ұғым. Олай болса, Қосшағыл мұнайын тапқан, көрсеткен Бешім Қызылбасұлы, ал оны ашқан, зерттеген, Мәскеудегі Губкин төрағалық еткен мемлекеттік комиссияға баяндап, ғылыми дәлелді тұжырым жасап, арнайы Қосшағылға бұрғы салуға рұқсат алғанда академик Петр Яковлевич Авров.
Қалай болғанда да осы екі алыптың Қосшағыл кенінен түйісуі тегін емес. Асқан білімді, жаны жайсаң зиялы, ерінбейтін еңбеккер Петр Яковлевичпен, қарапайым сауаты жоқ болса аңғарымы биік, өмір тәжірибесі көп, даланың қыры мен сырын жақсы білетін, еңбектен жон арқасы жауыр болған Бешекеңнің тоғысуы, Жылой тарихында ең тұңғыш өндіріс орны Қосшағылдың тез іске қосылуына бастау болды. Қашанда Ұлы мен Ұлының бір-бірін тез түсінетіні айтпасақ та түсінікті. Соның нақты бір дәлелі осы Бешекең мен Петекеңнің ісі.
Енді Бешім ұрпақтары бүгінде ұрпақтары жайылған, біршама елге айналды. Бешімнің өз бауырынан өрген балалары Мұқан, Бердәулет, Мизам, Нарынбайлар бәрі мұнай саласында еңбек еткен, бүгінде жоқ. Бешім әулетінің бүгінгі көзі тірі үлкені, мұнай саласының ірі, білікті маманы, Мәскеу мұнай институтын бітірген, елге белгілі азамат Наурызғали Бешімов. Наурызғали Бешімнің немересі. Наурызғали Кеңес заманында аудандық партия комитетіне бірінші хатшы болған екі-үш Қаракемпір Шеркештің бірегейі біртуар азаматы. Жоғары партия мектебін бітірген саяси тұлға.
Бешімнің тағы бір немересі Бешімов Құлбарақ еді, ол бүгінде жоқ. Бешекеңнің шөберелері, туажаттары өмірге келіп, алды өсіп, өз орнын тауып жатыр.
Олардың көбі мұнайшы, жоғарғы білім алғандар. Бешімнің шөбересі Бешімов Асылбек КРНУ мекемесі бастығы, ал Бешімов Сатыбалды инженер мұнайшы. Бұлар Наурызғали балалары.
Мен осы мақалаға эпиграф етіп Ж.Ж.Руссоның «Жаның жай тапсын десең еңбектен» деген сөзін таңдауымның өзі, осы Бешекең сияқты еңбеккер, бармын деп аспайтын, жоқпын деп саспайтын қазақтың кәдімгі құмырсқаша тырбыңдап еңбек етуден жалықпас, аңғарымды қара шалының тарихқа «Кен табушы» атанып, аты қалып, ол әлі ұмытылмай келе жату себебінің қайнар көзі еңбекте деу еді. Міне, сол Бешекең еңбегі жанды. Оның жаны жай тапты. Тарих көші ілгері кетіп барады. Ол көштің санында Бешекең жоқ. Ол көштің санында Бешекең ұрпақтары келеді. Оларды білікті инженер, жігерлі ұйымдастырушы, белгілі азамат Наурызғали Бешімов бастап келеді. Ал, Бешекең болса арманы орындалып, жаны жай тауып, ұрпағының мынау шұбалған, мығым көшіне разы болып, рухымен жебеп тұр. Бешекең еңбегінің өзінің жемісті болғанына разы. Еңбек даңққа бөлейді. Оның ішінде еңбегіңді ұрпағың мойындап, оны ілгері апарса ғана ол даңқың аспандай түседі.
Бешім әулеті қазақ мұнайы тарихында өз орны бар, мұнайшылар әулеті. Қазақтың оның ішінде Ембі Орал мұнайлы аймағындағы айтулы мұнайшы әулеттері. Қарамұрзиевтер, Атшыбаевтер, Шырдабаевтар, Балғымбаевтер, Досмұхамбетовтар, Өтебаевтар, т.б. сияқты үлкен мұнайшы әулет. Бешім Қызылбасұлы парасатты жан дейтінім осыдан. Нағыз мәніндегі адам ғана алдын болжайды. Соған орай амалын жасайды. Ертеңгі өмірдің ісін дөп басып, соны қолға алып, іске асыру үшін еңбек етеді. Бешекең де сондай алдын ойлап, дәл түскен, парасатты жан.
Қосшағыл өзінің 70 жылдығын 2005 жылы атап өтті. Осы үлкен тойдың бір мәңгілік есте қалар киелі ісі Қосшағылға Бешім атына бір көше берілді.
Ол көшенің бойындағы шағын саябақ ішіне Бешім Қызылбасұлына ескерткіш белгі орнатылды.
Бұның бәрі құптарлық іс. Бірақ Бешімді ұлағаттау не насихаттау осымен тынбауы тиіс. Бешімді бүгінгі ұрпаққа білгізудің бір жолы, Қосшағылдағы №2 мектеп базасында «Бешім күні» деген тұрақты шара өткізу, мектепке Бешім атын беру. Оның бағдарламасына спорттық жарыстың бір түрі, Бешім туралы, оның әулеті туралы оқушыларға насихаттау, қазақ мұнай өндірісі, жер асты байлығы туралы әңгімелер өткізу, бір класта Бешім сабақтары т.т. өткізу, Бешім ескерткішіне гүл шоғын қойып, ертеңгілік өткізу. Міне, осының дәстүрге айналдыру үшін екі-үш жыл Бешімнің ұрпақтары өздері қолға алып, ұйымдастырып, «Бешім атындағы жүлде» белгілеп күн тәртібіне енгізсе игілікті іс болар еді. Қалай болғанда қазақ мұнай өндірісі саласында ғасырларға жол салған, Бешім Қызылбасұлының мәңгілікке өшпес өз орны бар, мұнай тарихында есімі мәңгі қалған, парасатты дара қайталанбас тұлға.
Төреш БАЙЖҰМИЕВ.
(«Мұнайлы Астана», 4 қыркүйек 2001 жыл).
ТОЛАССЫЗ БАЙЛЫҚҚА ҰЛАСҚАН ТОРСЫҚТАҒЫ МҰНАЙ
Атырау дегенде алдымен мұнай мен газ ойға оралады. Жер астындағы осынау табиғи байлықтарды сөз еткенде оны ел игілігіне жаратушылардың ерен еңбегі туралы айтпау тіптен мүмкін емес. Өйткені, әр кезеңде жер асты майын өндіруге бірнеше буын өкілдері атсалысты. Қарашүңгілден басталған қара алтынның алғашқы бұрқағы алынғалы да бір ғасырдан асты. Одан беріде игерілген кен орындарына да ғасырға таяу уақыт өтті. Қара алтын өндірісіндегі жаңа кәсіпорын «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ құрамындағы «Ембімұнайгаз» өндірістік филиалына қарайтын Қосшағыл кен орнында бұл күндері 70 жыл бұрын еңбек еткен мұнайшылардың немере-шөберелері жұмыс жасайды. Өйткені, бұл кәсіп династиялық мамандық ретінде қалыптасқалы қа-ша-ан!..
Атадан балаға, баладан немереге ата кәсіптей жалғасқан мұнайшылық кәсіптің бастауында Бешім Қызылбасовтың есімі ерекше аталады. Ол Жылой ауданындағы Қосшағыл кен орнынан мұнайды алғаш тапқан қазақ. Осынау көңілі даладай дархан қарияның кейінгі ұрпағының қамы үшін жасаған ұлағатты ісін дәріптеу әрі есте қалдыруды көздеген «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» акционерлік қоғамының президенті Жақып Марабаев Қосшағыл кентіндегі бір көшеге Бешім Қызылбасовтың атын беріп, ескерткіш-барельеф орнатуға ұйытқы болды. Нарықтық қатынастың менеджменті мен менеджерлігін жетік меңгерген жас басшының бұл қадамы барша мұнайшылардың ризашылығын тудырғаны ақиқат.
Бешім қарт қара алтынды қалай тапқан?
Қосшағыл кен орны ашылуының тарихына шолу жасасақ, ел аузындағы аңызға бергісіз әңгіме желісі былайша өріледі: Бешім Қызылбаев деген қарт 1926 жылдың жаз айында көрші ауылдан келе жатып, шағылдар арасындағы қара қоңырланған жерді байқайды. Атынан түсіп, зер сала қарағанда қою қара майдың жиналып қалғанын байқаса керек. Осы өңірдегі шаруа адамының білімі болмаса да елдегі болып жатқан оқиғаларға құлағын түріп жүретін, былайша айтқанда, мұнай туралы, оны игеруге талпыныс жөнінде желдей ескен жағымды жаңалықтардан үнемі хабардар, көзі ашық, көкірегі ояу азаматтардың қатарындағы Бешім қарт жер бетіне шыққан майды торсығына құйып, топырағын дорбасына салып алады. Қозыкөш жерден үйіне келген соң торсығындағы майды отқа жағып көреді. Пышырлап алаулай жанған майды мұнай деп топшылаған Бешім қарт оны шалғай болса да Доссордағы мұнай кәсіпшілігіне жеткізу үшін атына мініп, желе жорта жөнеледі.
1911 жылдан бері Доссордың жоғары сапалы қара алтын селін тасытып жатқан мұнай кәсіпшілігіндегілер торсығына мұнай, дорбасына майлы топырақ салып әкелген ауыл ақсақалын жылы ұшырай қарсы алды. Өйткені, ел ішіндегі мұндай жершіл көнекөз қариялардың жаңа кен орындарының ашылуына септігі тиетіні даусыз еді. Бешім қарт әкелген майлы топырақтан көз алмай, өз байламын қапелімде айтута асықпаған кәсіпшілік басшылары зерттеу жұмысын сол кездегі жас геолог, кейіннен осы саланың білгір ғалымы атанған профессор Петр Авровқа тапсырады. Меркі өңірінде кіндік қаны тамып, қазақтармен етене болып ержеткен П.Авров геологтарын ертіп, Бешім қарт көрсеткен шағылдар арасына әлденеше рет келді. Әр келген сайын Бешім қартты қасынан тастамай, жолбасшы етіп жұмысқа алады. Осы қарияның көмегімен Жылой өңіріндегі кен орындарының қартасын жасаған дейтін дерек те шындыққа жанасатындай.
Торсығына май құйып алған Бешім қарт та, оның айтқанына иланып қана қоймай, шағылдар арасына ілесіп келген П.Авров басқарған өзге геологтар да зерттеу, бұрғылау жұмыстарына үлкен үмітпен кіріскен еді. 1932 жылғы 28 қарашада №6 ұңғымадан 450 метр тереңдіктен алғашқы мұнай бұрқағы атқылады. Алғашқы ұңғыманың тәулігіне 250 тонна мұнай бергені мұнай іздеушілерге жол көрсеткен Бешім қартты да, геологтарды да, бәрінен бұрын сол өңірдегі дүйім жұртты алабөтен қуанышқа кенелтті. Геологтар жаңа кен орнын таптық, ауыл адамдары мұнайдың қадірін көреміз деп қуанған еді. Жергілікті халықтың үлкенді сыйлайтын дағдысын жақсы білетін П.Авров жолбасшы болған қариядан мұнай шыққан жерге ат қоюын өтінеді. Дала академигі атанған Бешім қарт шағылдар арасындағы мұнайлы жерге «Қосшағыл» деген атаудың жон екенін алға тартқанда, геологтар да осы уәжге тоқтам жасапты. Осыдан кейін Бешім қарт пен геолог Петр Авров Қосшағылға таяу 13 шақырым жерге көшіп келіп, татулығы жарасқан көрші, жақсы жолдас болыпты.
Кеніштің игерілгенін ұрпағы көрді
Қосшағыл кен орнын өнеркәсіптік игеру 1935 жылы басталды. Дәл сол жылдың 23 қыркүйегінде Қосшағыл кәсіпшілігі құрылуымен Жылой ауданында мұнай игерудің алғашқы қадамдары жасалды. Бұрын мал мен құстан өзге ештеңе көрінбейтін ен далада техниканың гүрілі естіліп, әр төбенің басында отырған ауыл жастары өндіріске тартылды. Бірақ, тағдыр Бешім қартқа туған дала төсіндегі дүбірлі еңбекті, мұнай барлайтын, өндіретін технологияның тетігі қазақ жастарының қолына тигенін көруді жазбаған екен. Ол кәсіпшілік құрбылардан екі жыл бұрын, 1933 жылы өмірден озды. Дегенмен, оған кейіннен «Қосшағыл кен орнын алғаш ашушы» деген атақ беріліп, геологтарға мұнай көзін тауып бергені үшін өмірлік жәрдемақы тағайындалыпты. Оны әкесімен бірге күні-түні геологтармен аралас-құралас жүрген үлкен ұлы Мұзсан алып тұрған. Неге екені белгісіз, Мұқан 1951 жылы өмірден озғанда, жәрдемақыны төлеу де тоқтап қалды.
Жалпы Бешім Қызылбасовтың ұлдарының бәрі дерлік Қосшағыл кен орнын игеруге атсалысқан. Ердәулет, Бердәулет дейтін екі баласы соғыс жылдарында бұрғышылыққа жұмысқа алынып, кейіннен атақты бұрғышы, бұрғылау шебері, мұнай өндіруші оператор болып абыройлы еңбек еткен. Төремұрат, Нарымбай есімді балалары да еңбек жолын осы кен орнында бастап, 1939 жылы фин соғысына аттанған. Екінші дүниежүзілік соғыстың қан майданынан екеуі де елге оралған жоқ. Ең кіші баласы Мизам ғана ұзақ жылдар мұнай саласында еңбек етті. Бұл күндері Бешім қарттың ұрпағынан тараған 47 немере-шөберелері мұнай өнеркәсібінің білгір мамандары атанып жүр. Сондай немерелерінің бірі Наурызғали Ердәулетұлы Бешімов.
Мамандық таңдауыма, өмірімнің дұрыс арнаға түсуіне жол сілтеген екі азаматтың адамгершілік, ағалық көмегін әлі күнге ұмытпаймын.
1951 жылы мектеп бітіріп, енді оқуға аттанамын деп тұрғанда әкем қайтыс болды. Ол менің бала кезімде: «Мәскеуде мұнай оқуы бар, сені соған оқытамын» дейтін еді. Бірақ әкем дегеніне жете алмады. Тұрмыстың қиын кезеңі ғой, қапелімде жұмыс табу да оңайға түспеді. Құрман Бисенов деген көрші тұратын ағай мені Комсомол кәсіпшілігінің директорына ертіп апарып, жөндеушілік үйренуші етіп жұмысқа орналастырды. Сол кәсіпшіліктен бір жылдан соң Мәскеудегі мұнай институтына оқуға аттанарда мекеме басшысы Қуаныш Құдабаев ағай: «Жолыңа жаратарсың» деп маған 300 сом ақша берді.
Бұл менің екі баламен ауылда қалған анамның екі жылдық зейнетақысына тең қаржы еді. Осындай адамгершілігі мол азаматтардың қамқорлығы арқасында Мәскеуден білім алдым. 1958 жылы мұнайшы-инженер мамандығымен еңбек жолымды Бешім атам қара алтын тапқан Қосшағыл кәсіпшілігіндегі №1 учаскеде оператор болып бастадым. «Құлсарымұнайгаз», «Жайықмұнайгаз», «Теңізмұнайгаз» секілді ірі кәсіпорындардың басшылық , Шафих Ізбасов, Саламат Мұқашев, Оңайбай Көшеков сынды азаматтардың сенім білдіруімен Мақат ауданы партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін абыроймен атқардым. Осы қызметте жүріп, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Д.Қонаевтың қабылдауында болтанымды әр кез еске алып жүремін. Қайда жүрсем де Бешім атам салған мұнайшылық кәсіптегі отбасылық жолдың үзілмеуін ойлайтын едім. Қазір шүкір, ата жолын жалғастырған балалар, немерелер бар, деп еске алады өткен күндерін ардагер мұнайшы Наурызғали Ердәулетұлы.
Қосшағыш кен орнының игерілуі бір әулет ұрпағының мұнайшылық кәсіпті меңгеруіне түрткі болды десек, үстірт пікір қалыптасар еді.
Шындығында Қосшағыл кәсіпшілігінің ашылуы қазақ мұнай өнеркәсібінің қалыптасуына қосылған үлес екені өз алдына, тұтас бір ауданның өндірісті өлкеге айналуына ықпал еткені жасырын емес.
Кәсіпшілік ашылған 1935 жылы Қосшағылда жаңа тұрғын үйлер, мектеп, мәдениет үйі секілді әлеуметтік нысандар бой көтерді.
Арада үш жыл өткенде Жылой ауданының орталығы Қосшағылға көшіріліп әкелінді. Ал бұл кәсіпшілік ретінде бой көтерген елді мекеннің инфрақұрылымының дамуына жол ашты. Сол кезде Қосшағыл-Атырау су құбыры, Ор қаласына маңдай тіреген мұнай құбыры, Қосшағыл-Мақат тар табанды темір жол желісі тартылды.
Осылайша Қосшағыл үш-төрт жылдың ішінде аудандағы ірі өндіріс ошағына айналды.
Бір эшелон мұнай
Әрине, қазақ жастары арасындағы инженерлер тапшы болғандықтан, кәсіпшілікке бастапқыда Ресейден келген Н.Ерохин, И.Пермяков, А.Смирнов, А.Гусев секілді мамандар басшылық жасады.
Бірақ, олардың мол тәжірибесінен талмай үйреніп, бұрын таңсық болған жаңа мамандықтың қыр-сырын меңгеруге талпынған қазақ жастарының шоғыры көп болды. Мәселен, кен орнындағы алғашқы мұнай бұрқағы атқылаған №6 ұңғыманы қазған бұрғышы Сисен Рақышев Бакудің ірі кәсіпшіліктерінде шыңдалған ресейлік кәнігі мамандардан қалыспай, қазақтардың қандай кәсіпті де тез игеруге икемді екенін танытты. Сисенмен бірге аса көп оқыған-тоқығаны болмаса да Боранша Құлбаев, Қыдыр Бердиев, Майдан Бекенов, Оразғали Есіров, Айтқожа Бектілеуов, Далапқали Божаев, Раш Жанақов, Төлеген Оңдашев, Әбдіхалық Мерғалиев, Құби Ільясов, Бисен Қарамұрзиев, Бораш Исабаев, Мендібай Есмағамбетов, Бисенғали Есенқұлов, Төлеп Есенәлиев сынды мұнайшылар ерен еңбегінің арқасында бригада, үлескі шебері бола жүріп, кейінгі толқынға өнеге көрсетті. Соғыс жылдарында ерлердің орнына оператор, машине, трактор жүргізуші, ұңғымаларды жер асты жөндеуші болып еңбек еткен аналар да бар. Олар 12-14 сағаттан ауыр жұмысқа жегіліп, мұнай өндіруді тоқтатқан жоқ. 1941 жылы Қосшағылдық мұнайшылар жексенбілікке қатысудан 4000 сомнан аса қаржы жинап, Отан қорғау қорына тапсырды. Ал 1943 жылы Қоңырша Сүлейменова, Айтжан Қауқаев пен Василий Данченколар Қосшағыл және Ескене кеніштерінің мұнайы тиелген бір эшелонды неміс басқыншыларының қоршауына қалған ленинградтықтарға жеткізіп беріпті. Оқ пен оттың ортасындағы арпалыс сәтті бастан кешкен кеңес әскерлеріне бір эшелон мұнай жеткізудің қиындығы айтуға жеңіл көрінгенімен, үш мұнайшының өмірі қыл үстінде болғаны анық еді. Жеңіс сағатын жақындатқан жанқиярлықтың үлгісін Қосшағылдықтар осылай да көрсеткен.
Қосшағылдан қанат қаққандар
Алғашқы жылы Қосшағылда 18 ұңғымадан ғана мұнай өндіріліп тұрды. Жыл ішінде 56 мың 431 тонна мұнай алу, әрине, аз көрсеткіш емес. Бір жылдан кейін мұнай берген ұңғымалар саны 110-ға жетіп, 234 968 тоннаға дейін мұнай өндірілгені кәсіпшілікті игеруге белді бекем буған қазақ-орыс мұнайшыларын қанағаттандырды. Алайда, кей жылдары мұнай көлемінің азайып кететіні де кездесіп отырды. Мұны мамандар кен қабатының суланып кетуімен түсіндіреді. Тегінде өнім көлемінің еселеп артуы мамандардың геологиялық-техникалық шараларды біліктілікпен қолдана білуіне байланысты екені дау тудырмайды.
Қосшағылға білікті қазақ мамандарының келе бастағаны соғыс жылдарының аяғы болатын. Сол кезде кен орнына геологтар Н.Имашев, М.Сазонов, Г.Хакимов, Қ.Қарамұрзиев, М.Балғымбаевтар келіп, қара алтын қорын көбейтумен бірге, мұнайшылардың тұрмысын жақсартуға да атсалысты. Ал 50-ші жылдардың аяғында Қосшағылда Ислам Әбенов, Нәсіпқали Марабаев, Оңайжан Райымбергенов, Нұрбай Ақборанов, Асқар Рзиев, Жолдас Жетібаев, Бақтыгерей Шілденов, Елеусін Бисенов, Байтаңат Оңдаш, Мыңжас Әбдіғалиев сынды жас инженерлердің еңбек жолы басталды. Қосшағыл кенішінен қанат қағып, мұнай өнеркәсібінде шыңдалған қазақ инженерлері арасынан қалалық, облыстық деңгейдегі басшылар, мұнай өндіру басқармасының бастығына дейін көтерілген азаматтар шықты.
Өнім еселене береді
Еліміздің әр аймағында экономиканы өркендетуге белсене араласуымен елге танылған осындай азаматтар еңбек еткен кеніште соңғы жылдары мұнай өндіру көлемі біртіндеп артып келеді. Құрамына Ақінген, Құлсары, Төлес кен орындарын біріктірген Қосшағыл мұнай өндіру цехында 2001 жылы 4066 тонна қара алтын өндіріліпті. Былтырдан бері 4686 тонна мұнайдың өндірілгені, алдыңғы жылғы көрсеткіштен біраз ілгерілеудің барын байқатады. Биылғы табыс та аз емес, жеті ай ішінде 2705 тонна қара алтын қайнарын тасытқан қос шағылдықтардың жыл соңында былтырғы өндірілген өнім межесінен асудың мүмкін екені байқалып отыр. Бұған «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» акционерлік қоғамы құрылғаннан кейін өндірісті басқарудағы тың қадамдардың, соны ізденістердің серпін бергенін мұнайшылар жасырмайды. Цех бастығы Құмар Оразалиевтің айтуынша, қазір Қосшағылда еңбек ететіндер негізінен Жылой ауданының тұрғындары. Ерлермен бірдей мұнай өндіруге атсалысып жүрген әйелдер де жеткілікті мұнда. Мұнай қоры және бір рет барланып жатса, әлі талай жылға жетуі ғажап емес.
Бешім Қызылбасов ақсақалдың аңғарымпаздығымен ашылған шағылдар арасындағы кеніштен 70 жыл бойы ел игілігіне жаратылған 5,175 миллион тонна мұнайының көлемі осылайша еселеніп жатыр.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ.
(«Егемен Қазақстан», 8 желтоқсан 2005 жыл).
ЖЫЛОЙДЫҢ ТҰҢҒЫШЫ –
БЕШІМ АТА АШҚАН ҚОСШАҒЫЛ
Өткен ғасырдың ХХ-шы жылдары өлкеде мұнай барлау жұмыстары кеңінен өріс алды. Оған себеп, Бешім Қызылбасұлы (18741933) деген қарапайым қазақтың геолог-барлаушыларға көрсеткен бір торсық мұнайы болатын. Жер бетіне шығып жатқан көлкіген мұнайды көрген Бешекең «қара алтын» іздеушілерге тұра шапқан-ды. Жалпы жақсылыққа жол бастаушы болғандығын түсінсе де, Бешім Қызылбасұлы өзінің өте бай кен орнын тұңғыш ашушы болғандығын, өзі ат беріп, әспеттеген кен орнында өзінің баласы, ұрпақтары ел ырысын молайта еңбек ететіндігін білген жоқ-ты. Оның есімі сөйтіп Қарағанды мен Екібастұз көмір кен орындарын тұңғыш ашушылар Апақ Байжанұлы мен Қосым Пішенбайұлының есімдерімен қатар тарихқа енді. Бешімнің еңбегіне орай сол кездегі үкімет оған және баласы Мұқанға (1951 жылы қайтыс болды) өмірлік дербес зейнетақы тағайындады.
Бешімнің қуанышты хабарынан соң Қосшағыл алаңын 1927 жылы топограф Б.Н.Юркевич, 1929 жылы көрнекті геолог, мұнайлы Ембінің игерілуіне өлшеусіз үлес қосқан ғалым, кейін республика Ғылым академиясының мүше-корреспонденті болған Петр Яковлевич Авровтар геологиялық зерттеулер, геолог Н.Н. Михайлов аргидратты гравитациялық түсірулер жүргізді. Бірақ қатал табиғи жағдайда кен орнын тез игеруге мүмкіндік бермеді, ол кезде құм төсін тілген тақтайдай жол, жарамды көлік және электр қуаты болмады. Соған қарамастан геологтардың орасан зор күш-жігерімен 1932 жылы іздеу жұмысы жандандырылды. Қосшағыл алаңы жете зерттелді.
Қиындығы мол болған көлік мәселесі 1933 жылы Батыс Қазақстан облыстық партия комитетінің (ол кезде Атырау осы облысқа бағынатын-ды.) «Қосшағыл кен орны үшін 300 түйені көлік үшін бөлу туралы» арнаулы қаулысының қабылдануына орай шешілді. Мұнай зерттеу партиялары үшін қажетті құрал-жабдықтар Атырау қаласынан және Доссор кенішінен осы түйелі көлікпен тасып, жеткізілді.
Алаңның оңтүстік қанатының батыс бөлігінде 1931 жылдан бастап тереңдігі 250 метр 1-санды ұңғы жұмыс жасай бастады. Бірақ бұрғышылар табысқа жете алмады, ұңғы күткендей нәтиже бермеді.
Үлкен қиындықтар артта қалған соң, 1932 жылы қазанның 21-інде бейнеттің де зейнеті көрінді-ау. Осы күні 6-шы санды ұңғыдан 490 метр тереңдіктен тұңғыш мұнай бұрқағы атқылады. Қосшағыл қойнауында аса мол өнеркәсіптік мұнай барлығын паш еткен бұрғышылар Сисентали Рақышұлы мен Тілес Дәулетұлы еді. Олар шын мәнінде Қосшағыл кен орнын екінші рет ашушылар болатын. Аталмыш ұңғы тәулігіне 250 тонна мұнай беріп тұрды.
Сөйтіп, орасан зор еңбек жемісін берді. Осыған орай жаңа мұнайлы кенті Қосшағылдың іргетасы осы 1932 жылы қаланып, оның жұмысшы кеңесінің тұңғыш пленумы 1934 жылы мамырдың 15-де өткізілді.
Кен орнының жаңа мұнайлы белдеулерін іздеу жұмысы 1956 жылға дейін жалғасып келді: ұзын саны 200 мың метрден аса бұрғылау іс мүмкін болды. Алаңда 3,5, 7, 9, 11, 13,15, 16-шы санды ұңғылар жұмыс жасады, өнеркәсіптік пайдалануға 25 белдеу, 9 ұңғы алынды.
Кен орнынан жалпы алғанда 25 мұнайлы қабат табылды. Оның жерасты құрылымы тұзды күмбезді болып келеді. Өнеркәсіптік мұнай тұтас және бор қабаттарынан алынады. Өнімді VI юра қабатының жер бетінен тереңдігі 700 м.
Геология ғылымының білгірі, академик М.М. Губкин Қосшағыл кен орнының ерекше қасиеті туралы былай деп жазған екен: «Қосшағыл мұнайында бензин көп, одан 40 процентке дейін бензин алынады, оның октандық саны 76,5-ке тең, бұл оны ерекшелік жағдайға келтіреді, ол ТЭС антидекаторын қосу оның октандық санын 92-ге дейін көтереді» («Большая Эмба». М., 1937,24-бет).
Айтулы кен орнының қысқаша сипаттамасы, міне, осындай болады.
Кен орны 30-шы жылдардың аяғына дейін Мақат ауданының иелігінде болғанды. 1938 жылы қарашаның 14-де Қосшағыл кенінің Жылой ауданының орталығына айналуына орай, кен орны да осы ауданның иелігіне кірді. Сөйтіп, ол Жылой ауданы өнеркәсібінің тұңғышы болып есептелінеді.
Жаңа мұнай кәсіпшілігінің осы тұстағы дамуына оның тұңғыш бастықтары А.Долгов, Г.Лысенский, Р.Сағындықов, байырғы мұнай шеберлері Ш.Қарамендиев, Ш.Ғазизов, К.Фомин, И. Крепостин, Б.Өтеулиев ж.б. ерекше еңбек сіңірді.
Қосшағыл мұнайшы қауымының үмітін бірден-ақ ақтай бастады. 1936 жылы мұнда 61 бұрқақты ұңғы жұмыс жасап тұрды, олардың жылдық мұнай өнімі 235 мың тоннаны құрады. Қосшағылда бүкіл Оңтүстік Ембі алабындағы бес кен орнында бұрғыланған барлық пайдаланудағы бұрғылардың 36-ы жүзеге асырылған-ды. Бұл мұнайлы Ембідегі ұңғылардың өсуіне мүмкіндік берді. Ғалым Т.Шәукенбаевтың дерегіне қарағанда мұнда пайдаланатын 19 ұңғы бұрғыланды, олардың 16-сы мұнай беріп тұрды, оның ішіндегі 4 ұңғыдан күніне бұрқақты жолмен 300 тонна «қара алтын» өндірілді.
30-шы жылдардың аяқ шенінде кәсіпшілікті электрлендіру ісі басталды, бұл 1935 жылы пайдалануға берілген қуаты 1600 ат күшімен тең дизельді электр стансасының арқасында мүмкін болған-ды.
1935 жылы кәсіпшілік мұнайын тасымалдауда үлкен рөл атқарған, ұзындығы 726 шақырым, Гурьев-Орск магистральды мұнай құбыры салынды. Енді Қосшағыл мұнайы Орск зауытында өңделе бастады. Көп ұзамай, кәсіпшіліктің стратегиялық маңызының өсуіне байланысты Мақат-Қосшағыл тар табанды темір жол салынды. Ал ауыз судың өте өткір мәселесі 1938 жылы Гурьев-Қосшағыл су құбырын тартуға орай сәтті шешімін тапты.
Соғыс қарсаңындағы жылдарда Қосшағыл мұнай кәсіпшілігі үнемі озаттардың қатарында болды. Ембіде мұнай өндірудің өсімі негізінен үш ірі Мақат, Байшонас және Қосшағыл кәсіпшіліктерінің есебінен мүмкін болып отырды. Олар бүкіл өндірілген мұнайдың 67 пайызын берді, оның ішінде Қосшағылдың үлесі 26 пайыз еді. Бұрқақты мұнай өндіруде жаңа кәсіпшіліктердің Қосшағыл мен Құлсарының (1939 жылы пайдалануға берілген еді) есебінен жүзеге асты, екеуінің үлесі бүкіл өнімнің 5,5 пайызын құрады.
Жұмыс жасап тұрған ұңғылар қоры бойынша күшті қарқынмен суды қабаттарға айдау әдісімен де «қара алтынды» өндіру арттырылып, 193841 жылдары Қосшағылдағы ескі қорлар есебінен Ембідегі мұнайдың 78 пайызын өндіру мүмкін болды, бұл екінші бесжылдық тұсындағыдан 2 есе көп-ті. Бұл жылдары бұрғылау жұмыстары да аса қарқынды өсіп тұрды, кентте бұрғылау бригадасын қамтыған бұрғылау кеңсесі болды.
Қосшағылдықтардың мерейі Ұлы Отан соғысы жылдарында ерекше өсті. 1941 жылы мұндай 5 мұнай өндіру цехы және бұрғышылардың 5 бригадасы, 3 вахтасы, 6 цехы еңбек өрістетті. Стахановшылар майдандағыдай екпінді еңбек етті. Мұнай өндіру шеберлері Өтешов, Егізбаев және Есенғалиевтар өздерінің айлық тапсырмаларын үнемі асыра орындап отырды.
Атақты мұнайшы Бораш Исабаев басқарған комсомол жастардың 6-учаскесі 1942 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мұнай комбинаты мен Шығыс мұнайшылары одағы облыстық комитетінің ауыспалы Қызыл туымен марапатталды. Бұл арқылы кәсіпшілікті мұнай өндіру ісі 1940 жылмен салыстырғанда 35 мың тоннаға теңеліп еді.
Қосшағылдық жастар мұнайлы Ембінің өркендері қаһарман Ленинград қаласының жас қорғаушыларына сыйлық ретінде жоспардан тыс 1 эшелон, яғни 1400 тонна мұнай жөнелткенде де ерекше көзге түсті.
Ел басына күн туған шақта Қосшағыл кен орнындағы әйелдер ерлерінің, аға-інілерінің орнына бұрын үй шаруашылығында болған әйелдер тұрды. Қазақ қыздары арасынан шыққан тұңғыш инженерлердің бірі, соғыс жылдарында Атырау облыстық партия комитетінің әйелдер арасындағы жұмыс жөніндегі бөлім меңгерушісі болған М.Бегалиева астанаға жолдаған бір хабарламасында Қосшағыл кәсіпшілігі әйелдерінің еңбек ерлігін мақтанышпен жазып еді: мысалы, слесарь Берденова өз жоспарын 205 пайызға орындап жүрді, үй шаруашылығындағы 67 әйелден құралған екі бригада қысқа дайындық ісіне елеулі қолғабыс етті, әйелдер 8 күн бойы траншея қазған еді. Оспанова мен Құлшығаеваның бригадалары 40 текше метр топырақ қазды.
Қосшағыл Қосшағыл болғалы 5 миллион тоннадан астам мұнай өндіріп отырғанын айту да оның шын мәнінде бүкіл мұнайлы өлкеде елеулі орын алғандығын айна-қатесіз айғақтайды ғой.
Кен орны әуелден-ақ мұнайлы кадрларды тәрбиелеудің ұлағатты ұстаханасы болып еді. Өнегелі ұяда атақты геолог, Лениндік сыйлықтың иегері Имашев Нәрен, республиканың еңбегі сіңген геологы Хакімов Ғалымжан абыройлы еңбек етті. Қосшағыл КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері Кенжеғалиев Сәден, КСРО-ның құрметті мұнайшысы Бәйітов Кенжебай, Қазақстан мұнайшылары арасындағы тұңғыш стахановшының бірі Жаңабатыров Сүлеймен және басқа көптеген майталман мұнайшыларды тәрбиелеп шығарды.
Мұнай кәсіпшілігінің қалыпты дамуына оның әр кезеңдегі басшылары Ілиясов Әлғазы, Жүсіпов Сары, Каплан Арон, Юдович, Качарава Иван Николаевич, Оразалиев Шамбай (Қазақстанның еңбегі сіңген мұнайшысы атанған бұл ардагер, Ұлы Отан соғысына қатысушы азамат, аға кәсіпшілікті 20 жылдан астам басқарды) Жанәлиев Демек, Оспанов Құлқайыр және басқалары көп күш-қуат жұмсады.
Бүгінгі күні де, құтты мекенде Ембі мұнайын тұңғыш ашушылардың тамаша ұрпақтары ағалар мен аталар дәстүрін абыроймен жалғастырып келеді.
Биылғы жылы 70 жылдық мерейтойын атап өткелі отырған Қосшағыл мұнай кәсіпшілігі қазір Қазақстандағы ескі кен орнының бірінен саналады. Бірақ, ол әлі де басқалармен қатар республикамыздың мұнай қорын молайту ісіне өзіндік үлесін қосып келеді.
Аманғали ӘМІРЖАНОВ,
өлкетанушы-тарихшы.
Мақпуза ҒАЙНЕЛОВА,
Атырау облыстық тарихи-өлкетану мұражайының бөлім меңгерушісі.
(«Атырау», 4 қыркүйек 2004 жыл).
БІРТУАР ТҰЛҒА
Наурызғали Бешімов хақындағы мөлтек әңгіме
«Мұнайшы» газеті бүгінгі санынан бастап «Бірінші» атты мақалалар циклін жариялай бастайды. Әңгіме өзегі мұнайлы ауданымызды әр жылдары басқарған аудандық партия комитетінің бірінші хатшылары, аудандық атқару комитетінің төрағалары, аудан әкімдері хақында болмақ. Бұл жұмысымызға сіз де қатыса аласыз, құрметті оқырман! Өзіңіз қызмет еткен кезде немесе шаруаңыз түсіп барған кезде көмектескен, лауазымды көтеруіңізге ықпал еткен, еліне елеулі болған бірінші басшылар туралы жазып, редакцияға жіберуіңізге болады.
Төменде ауданды 11 жыл бойы басқарып, халық үшін көптеген игі іс тындырған біртуар тұлға Наурызғали Бешімов туралы мөлтек әңгімені назарларыңызға ұсынып отырмыз.
1975 жылдың қыркүйек айында Мақат аудандық партия комитетінің I хатшысы болып ауданға Наурызғали Бешімұлы келгенде мен Мақат мұнай-газ өндіру басқармасында партком хатшысы болып еңбек етіп жүргенмін. Сол мезгілден бастап күнделікті өмірде, еңбекте осы азаматтан көптеген үлгі алдым.
Ол өз жұмысын өндіріс ошақтарын, кенттерді аралаудан бастады. Еңбекшілердің, жергілікті халықтардың хал-ахуалдарымен танысуды алдына мақсат қойды. Соның арқасында ауданның мұң-мұқтажын дер мезгілінде жоғарғы басшылардың алдына мәселе етіп қойып, шеше білді.
Бұған дәлел Нәкең ауданда құрылыс-құрастыру басқармасын (СМУ) ашуға мұрындық болды. Себебі, көне аудан болса да оның инфрақұрылымы, әсіресе әлеуметтік жағдайлары өте нашар еді. СМУдың құрылуымен көп жылдан шешілмей келе жатқан аудан өміріне қан жүгірді: тұрғын үй, мектеп, бала-бақша салу басталды. Осы жылдар аудан халқы үшін айырықша мезгіл болды.
Аудан орталығы Доссордан Мақатқа қоныс аударған кез Наурызғали Бешімұлының ұйымдастырушылық, іскерлік қабілеттерінің көрінген жылдары еді. Жұмыс ауқымы ұлғая түсті. Осы тұста кенттердің ішіндегі жолмен қатар Доссор-Мақат тас жолын тез бітіру керек болды. Бұл жолдың маңыздылығы ескеріліп, Наурызғали Бешімұлы облысымызға жұмыс бабымен келген сол мезгілдегі жол салу және пайдалану министрі Х.Бекболатовты ауданға шақырып, шешті. Министр құрылыс материалдарын Алматыдан жіберуді өз міндетіне алып, бізге ауданнан көлікпен қамтуды сұрады.
Көлік бөлуді I хатшы облыс автокөлік тресінің бастығы Серік Жаниязовпен келісіп, Доссор автокөлік кәсіпорнының директоры Тельман Әбіловке жүктеп, күнбе-күн автокөлік шығуын бақылауды маған тапсырды. Мен сол кезде аупарткомның II хатшысы болып еңбек етіп жүргенмін.
Бақылауға алудың басты себебі, автокөлік кәсіпорны тек аудан мекемелері емес, бүкіл облыс мекемелерінің тапсырмасымен айналысатын еді. Сондықтан көлік шаруашылығын күнделікті бақылауға алып, араласқанның арқасында жол құрылысы өз мәресіне жетті. Бұл аудан өміріндегі елеулі жұмыс еді.
Сол уақытта ауданда теледидар көру төменгі деңгейде болатын. Осы мәселені жақсарту үшін облысымызға іс-сапармен келген Қазақ КСР-нің байланыс министрі Сәбит Мұқанұлы Байжановтың Қызылқоға ауданына барғанын пайдаланып, Нәкең оны ауданға шақырып, мәселені шешті. Яғни, бір жылға жеткізбей қазіргі 246 метрлік телемұнараның секцияларын алдырып, құрастырып, аудан халқының көгілдір экранды сапалы көруін қамтамасыз етті. Нәкең облыстық кеңестің депутаттығына кандидат, Гурьев теміржол бөлімшесінің бастығы Аманкелді Селбаевты пайдаланып, Бәйгітөбеге су құбырын, су қазанын және бастауыш мектеп салуын қамтамасыз етті.
Мақат стансасының тоғыз жолдың торабы екені сөзсіз. Сол кезде ол әр он екі минут сайын пойыз қабылдайтын нағыз қайнаған орта еді. Бірақ станса жолдары арқылы өтетін көпір жоқ, адамдар, балалар теміржол үстімен жүретін. Бұл әсіресе, ескі Мақатқа барып оқитын оқушылар үшін, Бәйгітөбе халқы үшін қауіпті болатын. Бірнеше адам жылжымалы құраманың астында қалған кездері де болды. Бұл станса паркінің үстімен аспалы көпір салу міндетін қойды. Наурызғали Бешімұлы Батыс Қазақстан темір жол басшысының алдына Бәйгітөбе халқының өмірін қауіпсіздендіру мақсатында темір жол тораптарының үстінен өтетін аспалы көпір салу мәселесін қойып, шешімін тапты. Әрине, түрлі қиындықтар да кездесті. Бірақ Нәкең өз мақсатына жетті, қазіргі үлкен көпір әлі де халық игілігінде.
Осы жылдары аудан орталығында 1176 орындық жаңа мектеп, төрт 280 орындық бала бақша, (4 ауылда, СМП-137, 67 участок, темір жол мөлтек ауданында), 18 пәтерлік 5 үй, 4 пәтерлік 10 үй және 1-2 пәтерлік 40 шақты үй ескі және жаңа Мақатта, оған қоса теміржолшылар мөлтек ауданында 80-90 пәтерлік бірнеше үйлер салынды. Осының ішінде мұнайшылар үшін 90 пәтерлік, бір үй салынды. Үй салу мәселесі тек аудан орталығымен шектелмей Доссор, Байшонас, Комсомол кенттерінде де қарқын алды. Сонымен қатар Доссорда да жаңа бала-бақша іске қосылды.
Тұрғын үй мәселесінің өз деңгейін табуы, шалғай тұрған Сағыз кентінің жағдайын шешті, яғни ескі кенттің халқын орталыққа көшіру жүзеге асты.
Тағы бір атап көрсететін жетістік, тек Мақат кентінде 6 бала-бақша жұмыс істесе, оның 4-еуі 280 орындық болуы, немесе бала тәрбиелеу мәселесі толық шешілген еді.
Қазір Мақат жұртшылығы бала-бақша тапшылығын сезініп отыр. Себебі, Нәкең салттан бала-бақшалар жеке үйлерге, сот, полиция, телекоммуникация мекемелеріне беріліп кеткен. Ал сол кезде бала-бақша мәселесін шешкен Қазақстандағы екі аудан болса, соның бірі біздің Мақат еді. Ауданда құрылыс қарқынының дамуына Доссорда ашылған қызыл кірпіш шығару мекемесі де өзінің қомақты үлесін қосты.
Халықтың әл-ауқатын, тұрмысын жақсартуға өндіріс жоспарының орындалуының маңыздылығын ескере отырып, өндіріс саласында Алтыкөл, Ботахан, Орысқазған кен орындарын игеруге тікелей қамқорлық жасап, қадағалап отырды. Себебі бұл жұмыстар ауданда мұнай өндіру жоспарын орындап қоймай, өнімді арттыруға да тікелей қатысы бар еді. Нәкеңнің басшылығымен Мақат-Индер темір жол құрылысы салынды. Көптеген әкімшілік ғимараттары, аурухана кешені, спорт залдары іске қосылды.
1984 жылы Мақат аудандық партия комитетінің (ұйымының) құрылуының 60 жыл толу мереке тойын Н.Бешімов шеберлікпен ұйымдастырып, жоғарғы сатыда өткізді. Келер ұрпақ өткенін ұмытпау мақсатында ел үшін еңбек еткен асыл ағалардың өмір жолын ұлағаттап, туған жердің тарихи жолы өрнектелді. Сонау Орал қаласынан ауданымыздың бірінші партия ұйымының I хатшысы Әміртали Меңдігерейдің Ипмағамбетовтың қатысуына мүмкіндік жасалды. Бұл жетістіктердің бірден-бір себебі Н.Бешімовтің кадрларды тани және олармен жұмыс жасай білуі. Мысалы, қатардағы АРЗ-ның механигі Келдібай Тілеубергенұлы Төреғалиевты ДСУ-74 бастығы, Қарсақ мұнай цехының басшысы Мақсот Байболұлы Қилыбаевты Мақат мұнай-газ өндіру басқармасының бастығы, Асқар Паритұлы Дабысовты №137 құрылыс-құрастыру поезының бастығы, Нұрлан Юсуповты құрылыс-құрастыру мекемесінің бастығы, Едіге Ильясұлы Сағындықовты ЛПУ-дың бастығы, Амантай Сарсенбаевты локомотивтік депоның бастығы қоюы және т.б. Осы жасалған жұмыстар да аудан экономикасының дамуына және жетістіктерге жетуіне әсерін тигізді.
Сонымен қатар Наурызғали Бешімұлының күнделікті жұмысындағы бір ерекшелігі алыс кенттерден келген азаматтарды кезексіз қабылдауды әдетке айналдыруы және қандай адам болмасын (лауазымына қарамай) жылы сөйлеп, жылы шыраймен қарсы алып, үлкендерге құрмет жасап, кішіге қамқор болған азаматтығы еді. Қабылдаудың нәтижесінде қойылған сауалдар дер уақытында шешімін тауып отырды.
Наурызғали Бешімұлы өзінің еңбекқорлығы, кісілігі, іскерлігі, ұйымдастырушылық қасиеті арқылы бізді, халықты өзіне тарта білді. Оның әлі күнге дейін мақаттықтардың жүрегінде «өте іскер азамат» атануы да содан.
Қазір ол Құлсары қаласында тұрады. Сондағы мұнайшылардың ардагерлер кеңесін басқарады.
Беркін ЮСУПОВ.
(«Мұнайшы», 30 наурыз 2007 жыл).
ЖЫЛОЙДЫҢ АРДАҚТЫЛАРЫ
Жапырақ жайған бәйтерек, немесе Жылойдың тұңғыш мұнайшы абызының өнегелі өрімдері (ұрпақтары) туралы.
Қасиетті Жылой топырағында дүниеге келген Бешім Қызылбасов қарапайым қазақтың ұлы болған. Ол ауылда туып, бабалар топырағында, аталар мекенінде өскен. Оқу-білімі жоқ. Бірақ Қызылбас қарттың ақылды да зерделі баласы болған. Биыл Бешім қарттың туғанына (1874 жылы туған) 130 жыл, ал дүниеден өткеніне 70 жыл толады.
...Әр елде, әр жерде, жалпақ жұрт, қалың қауымның ардақ тұтып, құрмет көрсететін өнегелі әулеті болады. Ондай әулет кісіні байлық дәулетінен немесе даңғаза даңқымен қызықтырмайды, олар халықты қарапайым қалпымен, елге қадірлі ісімен қаратады.
Соның бәрінің арғы бастауында ар-иман, ақыл-сана, игілік пен инабаттылық тұрады. Осындай абырой беделге ие болып, ел жұртының ыстық-ықыласына, зор ілтипатына бөленген бақытты жанұялардың бірі Бешім қарттың әулеті, оның ұрпақтары дер едім.
Қазақта «алып бәйтерек» және «бәйтеректің бұтағы» деген ақылды да, киелі сөз бар.
Жер бетінде бәйтерек ағаш тым биік әрі бұтақтарын жайып, желкілдеп жайылып, кең аймақты алып өседі.
Құдай жазғандай, текті ауылдың табиғаты да осы бәйтерекке ұқсайды.
«Еліңде кімің бар?» дегенде, сол бәйтерек сынды бетке ұстар адамды үлкен-кіші бірдей көңілі марқайып айтар еді.
Сондай атасының өнегесін, әкесінің еңбек жолын жалғастырып келе жатқан адамдардың бірі, есімі Атырау жұртшылығына, мұнайшылар қауымына көптен танымал, мұнайшы-инженер, тектінің тұяғы, Бешім Абыздың немересі, Ердәулетұлы Наурызғали деп есептейміз.
Наурызғали Бешімов 1934 жылы Жылой ауданы, Қосшағыл елді мекенінде дүниеге келген.
1941 жылы Қосшағылда бірінші сыныпқа оқуға барып, 1951 жылы Доссордағы Абай атындағы орта мектепті бітіріп, кәмелеттік аттестат алып шығады, өкінішке орай сол жылы әкесі қайтыс болып, жоғары оқу орнына баруға мүмкіншілігі болмайды. Екі жыл комсомол кәсіпшілігінде машина жөндеуші слесарь болып жұмыс жасайды.
1953 жылы кәсіпшілік директорының жолдамасымен Мәскеу қаласындағы академик Губкин атындағы мұнай институтына оқуға түседі.
1958 жылы Наурызғали Бешімов институтты тәмамдап, инженер-мұнайшы мамандығын алғаннан кейін өзінің кіндік қаны тамған Жылой ауданындағы Қосшағыл мұнай-газ өндіру басқармасына жұмысқа келеді. Алғашқы еңбек жолын қарапайым мұнай өндіруші-оператордан бастап, учаске шебері, кәсіпшіліктің өндірістік техникалық бөлімінің бастығы болып аса жауапты қызметтерді атқарады.
Жас маман инженер кәсіпшіліктің өндірістік жұмыстарымен қатар қоғамдық партия, комсомол жұмыстарына да белсене араласа білді. Қосшағыл мұнай-газ өндіру басқармасының бастауыш комсомол комитетінің хатшылық қызметінде өз дәрежесінде атқара білді.
1964 жылы «орда бұзар орта жасында» Наурызғали Бешімов «Ембімұнайгаз» өндірістік бірлестігінің әкімшілігінің шешімімен өз жұмысына аса жауапты, ыждағаттылығы үшін жаңадан ашылған Прорва кәсіпшілігіне мұнай өндірісі бастығы (зав.пром.) болып тағайындалды.
Жаңа басшы, жас басшы бұл жұмыста да өзінің қарапайым адамгершілік қасиетімен, байсалды іздемпаздығымен, жаңа кен орнындағы жаңаға деген құштарлығымен, еңбеккерлерге деген ілтипатымен ұжым мүшелерінің құрметіне бөленді.
Жаңа жұмыс орындарында мұнайшылардың мұқтаждарының бастан асып жататыны бесенеден белгілі жәй ғой. Сол мұқтаждықтарды болдырмау үшін Наурызғали жарғақ құлағы жастыққа тиместен, күн-түнімен санаспай еңбек етеді. Мұнайшылардың ең жақын қамқоршысы бола білді. Жаңа кен орнының жұмысы өз ырғағымен алға басып жүре береді. Мұнай өнімін алу күн санап өсе түседі.
Прорва кәсіпшілігі жұмыстың барлық көрсеткіштері бойынша бірінші орынға көтеріледі.
Бірлестік басшылығы білікті инженер Наурызғали Бешімовты 1967 жылы Құлсары ұңғыларды күрделі жөндеу конторына бас инженер, 1968 жылы Құлсары мұнай өндіру кәсіпшілігіне бас инженер, ал арада көп уақыт өтпей-ақ 1971 жылы аталған конторға директор етіп тағайындалады.
Шынында бұл кезде контордың жұмысы өте ауыр болды. Облысымыздағы барлық кен орындарын Оңтүстікте Прорвадан бастап Мақат ауданындағы Байшонас, Исатай ауданындағы Мартыши, Ақтөбе облысындағы Кеңқияқ кәсіпшіліктерін қамтыды.
Кәсіпшіліктердегі мұнай бермейтін ұңғыларды нақты есепке алып, олардың әрқайсысына дер кезінде жөндеу жұмыстары жүргізіліп, іске қосылып отырды.
«Әлі есімде, дейді Наурызғали 1967 жылдың июлінде Прорвада №10 ұңғыдан күшті мұнай-газ атқымасы атып кетті. Біз бар білігімізді салып өртке айналдырмай тез тоқтаттық. Бұл біз үшін үлкен абырой болды» деп мақтанышпен айтады.
Осындай үлкен жұмыстардың арқасында көптеген жаңа кен орындары, айтулы Мартыши кен орны пайдалануға берілді.
1973 жылы жаңа кен орнында «Жайықмұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасы ұйымдастырылды. «Ембімұнайгаз» өндірістік бірлестігінің шешімімен, облыстық партия комитетінің бюросының келісімімен Наурызғали Бешімов «Жайызмұнайгаз» өндіру басқармасының тұңғыш директоры болып тағайындалады.
Бұл, әрине, облыс басшыларының Наурызғали Бешімовке білікті маман, жан-жақты жұмыстардағы ұйымдастырушылық қабілеттеріне сенгендігі, үлкен үміт артқандығы деп бағалауға болады.
Бұл лауазымда да Наурызғали Бешімов «Еліңе құл болмасаң, би болмайсың» деп атақты Жетес би айтқан қағиданы басшылыққа алып, мұнайлы өңірдің экономикасын дамыту, халқының түрлі әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін күш жігерін, білім-тәжірибесін аямады.
Облыстық партия, атқару комитеттерінің, «Ембімұнайгаз» өндірістік бірлестігінің тікелей қамқорлықтарының және Махамбет аудандық партия, атқару комитеттерінің, жергілікті кәсіп орындармен түрлі шаруашылықтардың көмектерінің арқасында кәсіпшілік тез арада аяғынан тік тұрды.
Жоспарлы жұмыстар түгелдей іске асырылды. «Жайықмұнайгаз» басқармасының жылма-жыл мұнай өндіру жоспары артығымен орындалып, ел экономикасына ауқымды үлес қосыла берді. Мұнай өндіру жыл санап өсіп отырды деп бүтінде мақтанышпен еске алады Наурызғали Бешімов мырза сол жылдардағы жұмысының нәтижесін Махамбеттен бөлініп жаңадан Исатай ауданы құрылып, оның орталығы Аққыстау елді мекені болуы да сол мұнайдың арқасында болғаны сөзсіз.
1974 жылы Одақ мұнай министрлігінің бұйрығымен Наурызғали Бешімов «Ембімұнайгаз» бірлестігінің бас директорының орынбасары лауазымына тағайындалады. Бұл, әрине, мұнайшы-инженердің еңбек жолының жоғарғы баспалдағы іспеттес еді. Себебі Наурызғали Бешімов бұған дейінгі істеген қай жұмысына да, қай лауазымында да болмасын өзін қарапайым адамгершілік қасиеттерімен, жоғарғы парасаттылығымен, байсалды іскерлігімен, жаңаға құштарлығымен, еңбеккерлерге деген ілтипатымен, ұжым мүшелерімен сыйластығымен көрсете білді.
Ол жылдары қандай дәрежедегі лауазым иесі болмасын партия, комсомол, кәсіподақ комитеттерімен қоян-қолтық жұмыс жасау дәстүрге айналған.
Осы дәстүрмен қызмет бабында үлкен практикалық тәжірибе жинақтап есейеді, абыройы асады.
Наурызғали Бешімов түрлі партиялық, қоғамдық жұмыстардағы құштарлығымен облыс, партия кеңес ұйымдары басшыларына таныла бастайды.
1975 жылы Гурьев облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Саламат Мұқашев Наурызғали Бешімовты мұнайлы өлкенің қарашаңырағы Мақат ауданының партия комитетінің бірінші хатшылығына жұмысқа ұсынады.
Сайлау алдында Н.Бешімов Қазақстан Республикасы Коммунистер партиясы Орталық комитетінің Бірінші хатшысы Д.А. Қонаевтың қабылдауында болып, ел ақсақалының батасын алып келеді. Мақат ауданының партия конференциясы Наурызғали Бешімовты бір ауыздан бірінші хатшылыққа сайлайды.
«...Өзім жақсы білетін, республикамызға алғаш мұнай кен орны ашылып, алғаш мұнайшы-жұмыскерлер тобы ұйымдасқан, әлемге даңқы әйгілі Мақат-Доссор, кезінде көсеміміз: «Мақат, Доссор мұнайын жеткізіңдер» деген сөзі құлағымда тұнып тұрса да, алғаш Мақатқа қадамымды аттап, тұрақты жұмысқа келгенімде, ауданның елімізге, үкіметке берері көп болғанымен, қайтарымының халқымызға жетпегенін бір-ақ білдім. Аудан орталығы Доссорда үйлердің бәрі ескі, тозған, су құбырлары ескірген, түрлі инфекциялық аурулар көбейген, ауруханаларда ескірген, әрі тар. Мақат, Доссордың жері батпақты, көшелерінде тас жол төселмеген, жүріп-тұруға қиын болды» деп бүгінде еске алады Наурызғали...
Қай кезде де елдің елдігін ойлаған Наурызғали Бешімов істің орайын келтіріп, халықтың жай-жағдайын шешуге ұмтылған.
Аудан тізгінін ұстаған тұста-ақ экономиканы өрлету, елдің еңсесін, әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін сан саладан тұратын арнайы бағдарлама жасалды.
Доссор мен Мақатта бұрын-соңды болмаған құрылыс жұмыстары етек жайды. Жаңа көп қабатты тұрғын үйлер, мектеп, бала бақша, аурухана-емхана, қонақүй, түрлі кеңсе ғимараттары бой көтерді. Көше, автожаяу жолдар асфальттана бастады. Мақат-Индер темір жолы салынды.
Халықты сүт, ет, жеміс жидекпен қамтамасыз ету мақсатында облыс басшыларымен келісіліп бұл мәселелерге түпкілікті шешімін тапты. Аудан тұрғындары алғашқылардың бірі болып теледидар хабарларын тамашалауға мүмкіндік алды.
Облыс басшыларының көмегімен ауданда асфальт қызылтас зауыт салынып, көшелер мен жаяу жолдар асфальтталса, Макат Доссор Сағыз, Байшонас Қарсақ тас жолдары төселді. Шалғайда орналасқан Ескенедегі мұнайшылар санаториясы Доссорға көшірілді.
Алтықөл, Ботақан, Орысқазған мұнай аландары іске қосылып, ауданның экономикасы өсіп, халықтың тұрмыс жағдайы едәуір жақсарды.
Бағдарламада аудан орталығын Доссордан Мақатқа көшіру болса бұл мәселе Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің I хатшысы Д.А. Қонаевтың қатынасуымен қаралып, оң шешімін тапты.
Аудан орталығы 1981 жылы Доссордан Мақатқа көшті.
Бұл шынында да ауданның шарықтау кезі болды.
Мақат ауданында осындай істің бәрін Наурызғали Бешімов атқарды деуден аулақпыз. Онда өзі басшы боп жұмылдырған командасындағы кадрлардың еңбегі бар екені даусыз. Ол жақсы команда жасақтай білді. Наурызғали Бешімов бірінші хатшы кезінде кадрларды орнымен пайдалануға, алдымен олардың әрқайсысының қабілетіне аса мән береді. Олардың көпшілігі тәуелсіз еліміздің халық шаруашылығының сан саласында абыройлы еңбек етуде...
Мұнайлы Мақат ауданында партия комитетінің I хатшысы болып он жылдан аса абыройлы жұмыс жасаған Наурызғали Бешімов 1985 жылы дүние жүзіне белгілі «Теңіз» кен орнына бірлестіктің бас директорының әлеуметтік және кадр мәселелері жөніндегі орынбасары болып барды.
1985 - 1993 жылдары Құлсарыда бұрын соңды болмаған 5 ықшам аудан, 5 қабатты тұрғын үйлер, мектеп, бала-бақшалары, жылу жүйелері, асфальт жолдар салынса, мұнда да Наурызғалидың еңбегінің елеулі үлесі бар екені сөзсіз.
Еліміздің бірінші мұнайшысы атақты Бешім қарттың тұяғы-бел немересі Наурызғали Ердәулетұлы Бешімовтың өмір деректерін, еңбек жолын бұдан әрі тізбелеуді мақсат етпедік, тек айтулы басшы, білікті, білімді маман, мұнайшы-инженер болып қалыптасқан жолының қайсыбір айшықты беттерін ғана парақтадық.
Бүгінде Жылой ауданы мұнайшыларының көшбастаушы («Құлсарымұнайгаз» өндіру басқармасының ардагерлер кеңесінің төрағасы) ақсақалдарының бірі болып саналып отырған Наурызғали Бешімов мұнай өнеркәсібіндегі ұзақ жылдар бойғы жемісті қызметі үшін «Құрмет белгісі» орденіне, В.И. Лениннің туғанына 100 толу құрметіне «Ерлік еңбегі үшін», «Еңбек ардагері» медалдарына ие.
Бұларға қоса Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамоталары, Мұнай Министрлігінің Мақтау грамоталарымен марапатталды.
Бірнеше рет аудан, облыстық кеңеске депутат болып сайланды. Қазақстан Коммунистер Партиясының XIV, XV съезіне делегат болып қатынасты.
Қазақстан Республикасының дербес зейнеткері. Зайыбы Мирманова Қалыш та мұнайшы-экономист. Екеуі екі ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірді. Ұл-қыздары да ата-анасының мұнайшы мамандығын таңдап алыпты.
Бүгінде Бешім қарттан тараған ұрпақтарының бәрі дерлік мұнай өнеркәсібінің саласында еңбек етеді. Олардың жалпы саны 48. Құдай көпсінбесін делік.
Мұның бәрін саралап айтып отырғанымыз, Наурызғали аға осындай асыл қасиеттерімен, үрім-бұтағымен тамырын тереңге жайған бәйтеректей болып, таяуда жетпіс жасқа толғалы отыр.
Бағбан секілді абзал адамның тәрбиелі бала-шағасы алып бәйтеректің бұтағындай болып, көктеп, жайқалып өсіп келеді.
Қазақтың әрбір ауылына осындай тамырын тереңдеткен бәйтерек керек. Бәйтеректердің саялы бағы бар. Бұтақтары пана болады. Биігі алыстан көзге түседі...
Осындай бәйтеректердің есімін де, ісін де жастардың, ұрпақтарымыздың жадына құя білгеніміз абзал.
Ол үшін, мұнайшы ақсақалдар, облыс, аудан әкімшіліктерінен бірінші мұнайшы Бешім қартқа Қосшағыл елді мекенімен кен орнының атын, ал оның немересі Наурызғали Бешімовке Мақат, Жылой аудандарының «Құрметті азаматы» деген атақ беру керек деп есептейміз.
Нұр-Мұхаммед ЕСЕНӘЛІҰЛЫ, зейнеткер.
(«Мұнайлы Астана», 4 қыркүйек 2005 жыл).
НАУРЫЗҒАЛИ БЕШІМОВ 70 ЖАСТА
...Өткен ғасырдың елуінші-алпысыншы жылдары Қосшағыл кәсіпшілігі ірілендіріліп, онда көптеген жас маман-инженер, техниктер келді. Олардың ішінде Наурызғали Бешімов, Жолдасқали Жетібаев, Байтаңат Оңдашев секілді мұнайшы мамандармен қатар ҚазМУ бітірген Ізбасар Аманбаев та болды.
Жас бар жерде, жалын бар, олар әсіресе, комсомол ұйымын жандандырып, өздеріне жетекшілікке Наурызғалиды сайлап алды. Ал ол өз кезегінде жастарды еселі еңбек етумен қатар қоғамдық істерге жұмылдыра білді.
Кәсіпшілікте алдымен спорт жан-жақты дамыды. Спорт алаңдары жасақталып, түрлі жарыстар көбейді. Қосшағыл кеніші олар да оза шауып бәйге алып жүрді.
Әлі есімде, кенттің клубы күні-түні жастардан арылмайтын. Түрлі концерттер қойылып, мәдени-үгіт бригадасы ұйымдастырылатын. Көрші кәсіпшіліктер мен кеңшарларға концерттік гастрольдерге баратынбыз.
Наурызғали мұнымен де қоймай, көркемөнерпаздардың «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» пьесасын сахнаға шығаруына мұрындық болды. Ізбасар режиссерлік талантын көрсетсе, Бисеш, Жолдасқали, Нұрзия, Еркін, Райхан секілді жастар кәдімгі әртістерше ойын көрсетті. Оларға жұртшылық тәнті болды. Біздің пьесамыз түрлі өнер байқауларына қатысып, жүлделі орындар алып жүрді.
Өндірісте де түрлі жастар бастамалары көрініс тапты. Өнертапқыштық ұсыныстар ұлығыланып тұратын. Жас мамандар кеңесі көп нәрсеге мұрындық болды.
Жас та болса бас болған Нәкең кәсіпорын басшыларымен қоян-қолтық, сыйластық ахуалды жұмыс істеді. Оның ұсынысымен, бірнеше жас жоғары оқу орындарына жіберілді. Нәкең тоқымын қағып, оқуға аттанғандардың бірі өзім болдым.
Қазір ойлаймын, Наурызғали Бешімұлы сол жас кезінде-ақ болашағынан үміт күттірген адам екен ғой. Оның облыс мұнай өнеркәсібі мен Мақат ауданына сіңірген еңбегі ұшан-теңіз.
Нұрбай АҚБОРАНОВ.
(«Мұнайшы», 22 қазан 2004 жыл).
ОЛ « ҚҰРМЕТТІ АЗАМАТ» АТАҒЫНА ӘБДЕН ЛАЙЫҚ
Наурызғали Бешімұлының 70 жылдығы қарсаңында аудан әкімдігі мен мәслихатқа «Құлсарымұнайгаз» МГӨБ ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Б.Оңдаш пен кеңес хатшысы Б.Кенжеғарадан белгілі, инженер-мұнайшы, ауданды басқару ісінің ардагері Наурызғали Бешімовке Мақат ауданының «Құрметті азаматы» атағын беру жөнінде ұсыныс хат түсті. «Көңілде жүрген ой еді» дегендей, бұл көпшілік қауымның есіндегі жәйт еді.
Құлсарылық ардагерлердің ұсынысына 2550 оқырманы бар «Мұнайшы» газеті де қосылды. Нәкеңді осы құрметті атаққа әбден лайық азамат деп түйеді. Аудан басшылығы мен мәслихат та бұны өз дәрежесінде түсінеді, мәселе жуық арада өз шешімін табады деген сенімдеміз.
«Мұнайшы» газеті.
20 қазан 2004 жыл.
ОПЕРАТОР ҚАРЫҢДАС
«Қыз көрсең жүрген күліп вахтадағы –
Ол біздің Құлсарының ақтамағы»... деп басталатын ән шағын ауылдың мұнайшы қыздарына арналған еді. Жергілікті сазгер, марқұм Тоқсанбай Құлтумиевтің басқа да ән-күйлері сол кездегі ауыл өнерпаздарының орындауында республикалық қазақ радиосынан шырқалғанына куәміз.
Қанатын кең жайған Отанымыздың қартасындағы елеусіздеу бір нүкте болғанымен, Құлсары поселкесі ол кезде қайнаған өмірдің ортасы болатын. Мектептен жаңа түлеп ұшқан ұл-қыздар кәсіпшілікке, жұмысқа орналасып, өз орындарын тауып, Абай атамыз айтқандай, бір кірпіш боп қаланып жатты. Қандай жұмыс та маңдай термен атқарылатын болғасын бағалы той, дегенмен бұғанасы бекімеген жасөспірімдер өндіріске имене келіп, еңбекте шыңдалатын.
Құлсары кәсіпшілігіне қол ұстасып қатар келген қос құрбы Мәрия мен Қалыш та мұнайшы мамандығына осылайша бет алған. Арасынан қыл өтпейтін татулығымен, салмақты мінездерімен, көріктілігімен, байсалды кейіптерімен бойжеткендер көптің көңілін жаулап алды. Бұрын мектепте оқып жүргенде, алыстан қол бұлғағандай болған мақсаттары мұнайшы болу еді, ол армандары орындалды. Өндірілген мұнай арнайы қазандарға жинақталып, одан лабораториялық тексеруден өтіп, сосын құбырлармен жөнелтіледі. Алынған өнімнің орнын толтыру үшін жерасты қабатына ілеспе су мен газ айдалатын. Осы ортада еңбек етіп жүрген Мәрия мен Қалыш та мезгіл өткен сайын өздерін баулыған шебер мастер А.С.Соколов, операторлар Т.Сисенов, Ж.Ербосынов сынды ұстаздарынан қалыспай еңбек етті, сөйтіп жүріп, өндірістегі тәжірибені біліммен ұштастыру мақсатында Саратов мұнай техникумын ойдағыдай аяқтап, мамандық алды. Ол кездерде қоғамдық жұмысқа өте мән беріліп, жастардың жұмыстан бос уақытын тәрбиелік бағытта пайдаланатын еді ғой. Ауылдағы көркемөнерпаздар үйірмесінің жұмыстарына комсомол, партия ұйымдары қатты назар аударып, мұнай кеніші орналасқан әр поселкенің жұмысшы-тұрғындары арасында көркемөнерпаз байқау-жарыстары ұйымдастырылатын. Бұған ауылдағы үлкен-кіші түгел ат салысуға ұмтылады. Мұнайлы, Қосшағыл, Қаратон поселкесінен не бір саңлақ өнер иелері жиналып, қорытынды концертті өткізер еді. Жиналған халықтан клубтың ішінде ине шаншар орын болмай, екі қапталдағы есіктен тікеден-тіке қарап тұрар көрермендер қаншама?
Өндірістегі ауыр жұмысты ер адамдар тәрізді қажырлылықпен атқарып жүрген комсомол қыздарды, бір күні комсорг Бағыт Тасмұханов шақырады. «Алдағы көктемде өтетін ауданаралық байқауға өз күшімізбен қойылатын спектакль дайындалмақ, соған сіздер де қатынасасыздар». Сөз осы. Көп дайындықпен Бейімбет Майлиннің «Шұғаның белгісі» повесі бойынша жасалған сахналық қойылым көрермендердің көңілінен шықты. Пьесадағы кербез, оқыған Әбіш ролін Шәмші Қонабаев, Шұғаны Бәлима Жұмашева, Қойшыны Сақтаған Шудабаев, Күлзипаны Қымбат Есалиева марқұмдар ойнаса, Шұғаның анасын Мәрия, жеңгесін Қалыш сахнаға шығарды.
Жылдар жылжып өтіп, жастар өндірісте есейді, еңбекте бағы жанды деген бар ғой, жұмысың еленсе бұдан асқан бақыт бар ма?
Еңбектегі жетістіктеріне орай Мәриям мен Қалыш та талай мақтаулар мен мадақтарға ие болды. Сол мезгілде екі тілде жарық көрген одақтық «Біздің қарындастар» — «Наши сестры» кітабында жұмыс мезгіліндегі суреттері басылып, зор қуанышқа бөленген. Тапсырылған қандай жұмысты да абыроймен тиянақты атқаруларына орай құрбылардың бірі Мәрия Жақашева аудандық комсомол комитетіне хатшы болып сайланса, Қалыш Мирманова басқармаға экономист болып жұмыс ауыстырды. Екеуі де өмірлік жар тауып, тұрмыс құрды. Екеуінің де жары елге танылған атпал азаматтар: марқұм Мұқашев Саламат аға Мәрия апай екеуі қайда жүрсе де Наурызғали Бешімов пен Қалыш екеуінің отбасындағы байланыс желісін үзбейтін.
Азаматтарының атына нұқсан келтірмей, апаларымыз үй шаруасын да, бала тәрбиесін де, өздерінің қызметін де абыроймен атқаратын.
Бүгінде 70 жасқа келген Қалыш пен Мәрия апалардың бала кездегі достығы бұрынғы қаз-қалпында. Ұлды ұяға, қызды қияға қондырып, немере-жиен сүйіп отырған әжелердің еңбек жолы кейінгіге үлгідей, Жалпы, Жылойдың қыздарының сұлулығы, ізгілігі туралы:
... Атыңнан түскен қайтып, міне алмайсың,
Қалқаның судан қайтқан ізін көрсең, − деп жырлаған жігіттердің, басқан ізіне де ғашық қыла білген қыздардың ұрпағы бүгінгімен ұштасып жатыр.
«Оператор қарындас» әніне арқау болған бір кездегі мұнайшы қыздардың — бүгінгі ардақты аналардың қарапайым өмір жолының бір үзік сыры осындай.
...Сүймейді качалканың тоқтағанын,
Тындырып қайтады, ылғи, вахта жағын.
Сол қызды көрген сайын, Құлсарының,
Жайқалған гүліме деп таң қаламын.
Мұстахима МАЛАШҚЫЗЫ.
(«Кең Жылой», 9 желтоқсан 2006 жыл).
ЕРЕН ЕҢБЕК ЕТТІК
Биылғы жыл аудан мұнайшылары үшін атаулы кезеңдерге толы. Өйткені, Мартыши кен алаңындағы ұңғыдан алғаш мұнай атқылағанына 35 жыл, «Жайықмұнай» басқармасының шаңырақ көтергеніне 25 жыл толады. Осыған орай қос өзен аралығындағы өрлеу-өркендеу кездерінде өзім куә болған, өз көзіммен көрген жайлар еріксіз ойға оралады.
1958 жылы Құлсарыда С.Рысқалиевтің бригадасында бұрғышы болып жұмыс істеп жүргенімде, мені Жетібайдағы күрделі жөндеу конторына жіберді. Барсам бастығы Алдақов Хасан деген азамат екен. Осы мекемеде бригада басқардым. Ол кезде жұмыста қиындық өте көп еді. Ең алдымен бригадада жұмысшы маман жоқ. Әр жерден қосылған адамдар жер үйде тұрып жаттық. Суға дейін зәруміз. Скважиналарға қолмен құдық қазып, су айдаған кездеріміз болды. Жоспар бойынша төрт станок жұмыс жасау қажет болса, бізде бары бір ғана станок жұмыс істеді.
1959 жылы мамыр айында Атырауда мұнай мәселелеріне арналған Бүкілодақтық кеңес өтті. Кеңесте Еділ-Жайық аралығындағы мұнайды игеруді қолға алу міндеті қойылды. Сол жылы Алматы қаласында да үлкен кеңес өтті. Оған мен де қатыстым. Кеңесте Орталық партия комитетінің бөлім бастығы Ю.А.Андропов сөз сөйледі. Кең иықты, зор тұлғалы, сұсты кісі екен. Ол бізде жасалып жатқан жұмыстардың нашар екенін қатты сынға алды. Маңғыстау өңіріндегі бұрғылау-барлау жұмыстарында кемшіліктер көп екені жөнінде мен де сөйледім. Ол кезде Батыс Қазақстан барлау-бұрғылау тресінің бастығы Ғартман мен Гусев деген кісілер еді. Кейін Маңғыстауға Халел Өзбекқалиев деген азаматты жіберді. Содан бастап Оралдан қажетті станоктар, техникалар бөліне бастады. Мамандар мен жұмысшыларға жағдай жасалды. Сондай-ақ бұл кездерде барлық жерде мұнай көздерін іздестіру жүргізіліп жатты.
1963 жылы Мартышида алғаш мұнай атқымасы атқылады. Ол тәулігіне 117 тонна мұнай беріп тұрды. Ал 1968 жылы Мартыши мұнай алаңы іске қосылды. Одан әрі Қамысты, Жаңаталап, Гран алаңдары бірінен соң бірі пайдалануға берілді.
1971 жылы Құлсары күрделі жөндеу конторына Кеңқияқ және Қамысты кен алаңдарын іске қосу міндеті қойылды. Контор басшысы Бешімов Наурызғали бұл жұмыстарды атқаруды мен жетекшілік ететін цехқа жүктеді. Сол жылы күзде Кеңқияққа барып, екі «Бакинец-ЗМ» станогімен тәулігіне 12 сағаттан еңбек еттік. Ұңғымалар онша терең емес. Тынымсыз еңбектің нәтижесінде берілген үш ай мерзімдік жұмысты 1 ай 16 күнде толықтай аяқтап ауылға оралдық. Ауылға оралған соң бір айлық демалысымды алып, демалыс үйіне кеткенмін. Сол жерден мені кейін шақырып алып, Қамысты кең алаңына жұмсады.
Әлі есімде, желтоқсанның 26-сы күні пойызбен Атыраудан Аққыстауға келдік, вокзалдан бізді контор директоры Н.Бешімов, бас инженер Д.Жұмағалиев, директордың орынбасары Х.Кенжебаев күтіп алды. СМП мекемесінің жатаханасынан 4-5 бөлме алып берді. Бас инженер Демеу Жұмағалиев екеуміз сол күні кеште Қамысты кен алаңына барып, іс барысымен таныстық. Екі станок бар екен. Бірақ жұмыс өнімсіз. Бір қазан суды Мартышиден Қамыстыға жеткізу үшін «МАЗ» автомашинасы 6-8 сағат жүріп барады екен. Ол кезде бүгінгідей тас жол жоқ, жер батпақ. Техникалары ескі. Бары бір цистерна «МАЗ», бір агрегат, бір вахтаға арналған «ГАЗ-53» автокөлігі. Кешкі сегізде жұмыстан шығып Аққыстауға жеткенде сағат түнгі он бір болушы еді.
1972 жылы цехқа жергілікті жерден жұмысшы мамандар дайындауға кірістім. Себебі, басқа жерден келіп жасайтындар біз үшін тиімді емес, ең алдымен оларға жататын орын керек, тамақ керек, іс сапар шығындарын төлеу тағы бар. Сөйтіп жергілікті жерден алған кадрларымызды екі-үш ай ішінде мамандыққа үйреттік. Марқұм Нәбиев Бапан, қазірде еңбек демалысындағы Қатпенов Олжабай, Қайыржанов Темірхан, әлі күнге өндірісте еңбек етіп келе жатқан жүргізуші-машинистер Атшыбаев Сираж, Мұхтаров Өтеп сол жылдардан бастап өндірістің ыстығы мен суығына шыңдалып, бар қиындықты иығымен көтер білді.
1972 жылы мамыр айында бірлестіктің бас директоры Б.Сағынғалиев, контор директоры Н.Бешімов комиссиямен келіп, пайдалануға берілген ұңғымаларды қабылдап, жұмысымыздың қарқынына ризашылықтарын білдірді. 1972 жылы Мартыши кен алаңындағы фонтанды ұңғымалар өнімділігі азайып, тоқтай бастады. Жерасты жөндеу цехы, оған қажетті техникалар, құрал-жабдықтар жоқ. Оларды Құлсары мен Доссордан әкелу көп жұмыс, бөлек шығын болатын. Сондықтан да қазіргі жерасты жөндеу цехының жұмысы бізге күрделі жөндеу участогіне жүктелді. Уақытпен санаспай еңбек етуге тура келді. Нәтижесінде екі-үш айда фонтанды ұңғымаларды насосқа жалғап, кеш өндірілген өнімнің орнын толтырдық.
1973 жылы «Жайықмұнай» мұнай-газ өндіру басқармасы құрылып, іске кірісті. Құлсары күрделі жөндеу конторының директоры Наурызғали Бешімов осында басшылыққа жұмсады. Нұрмұханов Мадхат, Ю.Н. Балдуев кен алаңында бұрыннан істеп, өндірістік қыр-сырын жетік меңгеріп қалған маман кадрлар еді. Жаңаталап, Гран кен алаңдарын тез арада іске қосып, еңбек өнімділігін арттыру міндеті тұрды. Геологиялық-техникалық шаралар; жаңа технология өндіріске кеңінен енгізіле бастады. Жалпы басқарма «Ембімұнай» бірлестігі мұнайының 70 процентін өндіріп келді.
Мен қазір зейнеткермін. Өндірістің кешегісі мен бүгінгісі көз алдымда. Зейнет демалысына кеткенше ұңғымаларды күрделі жөндеу конторының Аққыстаудағы учаскесіне басшылық еттім. Өндіріс аландарының қай-қайсысында да қолымыз тимеген, аяғымыз баспаған аймақ кемде-кем. Бүгін мен сол жылдары бірге, бір салада еңбек етіп, мұнайлы Ембінің, оның ішінде қос өзен аралығының жер асты байлығын игеруге атсалысқан әріптестерім Айдынғалиев, Қ.Рысқалиев, Қ.Балжанов, М.Түтимов, О. Өмірзақов, Н.Бешімов, Н.Балғымбаев, А.Нұрмұханов, Қ.Ізтелеуов, А.Балашов, М.Хасанғалиев, Б.Бөлекбаев, Қ.Шартиков, Қ.Сыехов, Ү.Жалғасбаева, Ғ.Малекеева, Б.Дүйсебаев, З.Есенов, С.Намазов, Т.Қайыржанов, О.Қатпенов, С.Атшыбаев, марқұм Т.Қазбаев, С.Бапанов сияқты азаматтарды сүйінішпен еске аламын. Сол жылдардағы жас кадрлар М.Нұрмұханов, Б.Сматуллин, Б.Нәрембаев, Б.Ележанов, Табынбаев, Жакиев, А.Қонысқалиев, А.Таженов, А.Ғабдуллин, Ө.Ізмағанбетов бүгінде шыңдалған мұнай саласының мамандары, барлығы да іскер ұйымдастырушы білгір басшылар. Сондай-ақ өзімнің қарамағымда еңбек еткен Қазиев Серік, Есқалиев Мұрат, Мұқанов Сейфолла сияқты жігіттердің бүгінгі іс-қимылын мақтан тұтамын.
Ислам МОЛДАҒАЛИЕВ,
(«Нарын таңы», 11 сәуір 1998 жыл).
ІЗГІЛІК ПЕН МЕЙІРІМ ТОЛЫ ЖҮРЕК
Ертеден даңқы алысқа Кең Жылойдың ұл-қыздарының ішінде қару алып елін қорғаған батыры, қалам алып жұртының жәйін жазған жазушысы, халқының саулығын сақтауға тырысқан балгер-бақсы, елінің қара алтыны мұнайын игілікке жаратуға жұмыстанған майталман маманы барлығын баршамыз білеміз. Осы бір жұлдызды шоғырдың ішінде Наурызғали Бешімұлы Қызылбас тегі болғаны бүкіл Атырау аймағы, қала берсе біздерге зор қуаныш әрі мақтаныш...
Шындығында, Алла тағаланың бойына дарытқан, өз жарасымына қиюласқан зеректікпен алғырлық, ақыл мен қайырымдылық, еңбекке деген ынта-ықылас, шындықты адал сүю, әділетті құрметтеу Наурызғали Бешімұлын бүкіл елге танытты, көптің құрметіне бөледі. Шың басынан түспеген қыран, шын талант тас жарып шығады.
Біреуге дауыс көтеріп, ақылын сезімге жеңдіріп көрмеген, биік азаматтық позициясынан ешқашан айнымаған тұғыры биік бұлттан асқан шыңына шығуы кез-келген жұмыр басты пенденің маңдайына жазыла бермесе керек. Бүгінде ауылының асыл ардағы болып отыр. Ағаштың саялығын көлеңкесіне қарап бағалайды. Ізгілік пен мейірім, даналықпен парасат адалдықпен адамгершілік, сергектікпен жігердің бәрі өзінен табылады. Елін таныды, елі өзін таныды.
«Құданы Құдай қосады, үйірі басқаны ноқта қосады» деген. Наурызғали Бешімұлы бізге құда. Маған тете Капсих Аманбайұлы 1938 жылы туған ағам қарындасы Марусямен отбасын құрды. Үш ұл, екі қыз жиендері бар, бәрі де өз алдында тіккен шаңырақтарының иелері. Исатай ауданының орталығы Аққыстау ауылында тұрады. Қонымды киім киетін Қалыш құдағай су орнына сүт беретін, шәйі сорпаға тұратын қызыл сөздің қырманын қыздыруға әуестігі жоқ, ұл өсіріп, қыз тәрбиелеген ардақты ана.
Кезінде мал шаруашылығымен айналысқан ауданда, сонау 1973 жылы аудан аймағында мол мұнай көзі болуынан, «Жайықмұнай» басқармасы құрылды. Алғашқы басқарма бастығы болып Бешімов Наурызғали қызмет атқарды. Бұл бір ағы мен қарасы алма-кезек келіп жатқан, үскірігі басым болған дәуір еді. Соған қарамастан бастық Бешімов Наурызғали аудан ауылының малын баққан баласын, қой қайтарған қызын басқарма өндірісіндегі қызметке қабылдап, қатарға қосты. Бүгінде бұлардың бір қатары мұнай мамандығының марқасқалары атанды. «Әр балдың өз дәмі бар» дегендей, қыран құстай құйындаған мінезі барлармен тіл табысып, бір жағадан, бір жеңнен қол шығарып дегендей жұмыстар жүргізді. Аудан экономикасы мұнайдың арқасында көтеріліп, халқының әл-ауқаты жақсарды. Бір кезде көлік құралы ретінде қатынасқа ауыл арасында мотоциклмен жүретіндер «Жигули» автокөлігіне отырса, бертін келе шетелдік автокөліктерін мініп жұмыстарына баратын жағдайға жетті. Байрақты бәсекеде бақтары жанды. Қамыстан қабырғалары тұрғызылатын үйлердің орнына қызыл тастан қабырғасы қаланған үйлер, мекеме ғимараттары тұрғызылды. Қаладан, басқа аудандық, ауылдық жерлерден кезекті маусымға шығатын жұмысшылар тобы тұрақтандырылып, аудан орталығы Аққыстау селосынан мұнайшыларға көптеп үйлер тұрғызылып, пайдалануларына берілді. Сонадайдан көз тартқан, қараңғы түнде ғарышта жылтылдаған жұлдыздай баурайтын үйлер көбейді. Табанына құлық жағып қой баққан, қыр қазағының ұлдары, телефон сымына тізіліп қонған қарлығаштай қатарласқан коммуналдық-қала шаруашылығына тән, барльщ жағдайы жасалған үйлерге орналасты. Жұмыр жердегі тіршілік көзі жарасымды жалғасын тапты. Қиялға беріліп өмір сүруден қашатындардың саны көбейді. Тарихы терең, қойнауы сырға толы аудан жерінің мұнай игерілді. Сұлу мен сымбаттың арасын ажырата білетін, бол мысы биязы жандар мұнайшылардың арасынан шықты. Береке бірлік, өміршең тірлік қуаты шалқыды. «Құс қанатымен бұлттан асады, ер талантымен елден асады» деген халық мәтелін шындыққа айналдырып, адамның дүлділі атанды. Алайда біткен іске сыншы көп болатыны белгілі. «Ембімұнай» өндірістік бірлестігіндегі биліктің билігін ұстанғандардың ішінен, қуаныштың орнына, қызғаныш туғызып, ала көзбен қараушыларда көп болды. Басқа жерден келетіндердің де тұрақтандырылуына, оларға үй жайларды тұрғызуға қарсы шыққандары жасырын емес. Жұмыр басты адамның осы бір ақылға сыймайтын пендешілігін қойсайшы. Есектің үстінде келе жатып түйенің үстіндегі адамның аятын тартатын әдетіміз бар той.
Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында ыдырап кеткен Кеңес Одағының министрі Шашин Ресей жеріндегі зауыттарына мұнай қажеттігін туғызуынан «Ембімұнай» өндірістік бірлестігіне келген еді. Шикізат көзі мұнай Қазақстанда өндірілгенмен, өңдейтін зауыт Ресейде болатын. «Көлді қызғыш қориды, қызығын басқа көреді» дегендей, тасымалданып алынған мұнайды өңдеп, барлық пайдасын өздері көретін.
Облыстық партия комитетінің хатшысы, облыстық атқару комитетінің төрағасы, мұнай-газ өндіру бірлестігі, басқарма басшылары және аталмыш мұнай министрлері қатысқан ауқымды жиналыс өтті. Осы жиналысты Наурызғали Бешімұлы мінбеге шығып облыстың әр жерінен кезекті маусымға жұмысқа шығатын жұмысшыларды тұрақтандыруға, Аққыстау поселкесінің іргесінде күн батысқа жүргенде, оң жақта қалатын темір жолдың арғы бетіндегі «Гран» деген жерге қоныстануларына үйлер тұрғызуды, өндірістің өркендеуіне өзіндік маңызы зор өзекті мәселе етіп қойды. Кең иықты, шалқақ кеуделі, жалпақ жауырынды сом, төрттаған шомбал денесін мінбеге құйып тастағандай екен. Бүгінде әлемге әйгілі егемен ел үшін бұл өркениетке өрлеудің тарихи бір кезеңі еді. Наурызғали ағамыздың ізгілікті бастамасын, байыппен тыңдап, ел үшін тер төккен ерлігіне таңданып, сабырмен жауап берген Министр сөзін сағызша созбай оны қолдап Граннан мұнайшыларға арнап үй тұрғызуға тәртіп беріп кетті. Ақкөлден бастау алатын, айдынының астында ағыны жоқ өзектің жалғасын Гран ауылының ішімен өтеді. Қоныстануыңа қолайлы ауылда табыстан намысты биік қоятын, сөздері ойларымен үйлесіп тұратын, көнеден көші үзілмей келе жатқан, өндіріс өнімді болсын, азамат өмірлі болсын деп тілейтін, мәтіні қысқа мағынасы терең сөз саптай білетін мұнайшылардың үйлері тұрғызылды. Халық Нәкеңе шексіз алғысын айтты. Оның есімі әлі халық ауызында.
Үлкен жүректі абзал құдамызға:
Туысынан байтақ елді қызықтаған
Төбеде қалықтаған қырандайсыз,
Танылған кісілік мол қасиетпен,
Талмасын самғағанда қанатыңыз! − деген ізгі тілегімізді білдіргіміз келеді. Оның ғибратты өмір жолы келер ұрпаққа өшпес өнеге екенін, оның Аққыстаудай қала салдырғанын мақтаныш сезіммен атаймыз.
Әлімжан АМАНБАЕВ.
(«Мұнайлы Астана», 11 қыркүйек 2001 жыл).
ЗЕЙНЕТКЕР ҚАМЫН ОЙЛАҒАН ЖАН
1990 жылы «Құлсарымұнайгаз» басқармасы бастығының шаруашылық жөніндегі орынбасары жұмысына елге танымал азамат Бешімов Наурызғалидың тағайындалғанын естіген едік. Көп кешікпей Нәкең Қаратон аймағына келіп мұнайшылардың жағдайларымен таныса бастады. Мен ол кезде басқарма кәсіподақ комитеті төрағасының Қаратон аймағы бойынша орынбасары болып жасайтын едім. Ол жылдары Қаратон поселкесінде су құбыры жүйесі жоқ, қоқыстар далаға шығарылмай үйіліп жататын. Поселкедегі қазандықтар мұнай жаққаннан қара күйе болып көшені ластап бүлдіретін. Осындай кемшіліктерді өз көзімен көргеннен соң, Нәкең басқарма басшылары алдына тазалық сақтау жөнінде мәселелер қойып, поселкенің тазалығын жақсартуды қолға алды. Әуелі мусоровоз машинасымен экскаватор бөлдіріп поселкенің қоқыстарын шығарудан бастады. 1994 жылы сол кездегі өте білімді инженер Қаратон аймағының бастығы Рзиев Асқармен бірлесіп, Теңізден Құлсарыға өтіп бара жатқан газдың жүйесін Қаратонға газ тартып, көтельныйлар мен асханаларды газдандырды. Сол жылдары Қаратон поселкасын экологияға байланысты түгел көшіру мәселесі жоғарғы басшылардың алдына қойылған болатын. Бұл мәселе шешілетін болғандықтан Нәкең поселка тұрғындарының жанұя санын есептеп, болашақта қанша үй тұрғызу керек екенін тездетіп шығаруды тапсырды. Сонымен 1993 жылы Қаратон жұртшылығын Жаңа Қаратон қонысына көшіруді Нәкең бас болып бастаған еді. Міне, мұндай маңызды мәселенің басында Наурызғали өзі бас болып жүрді. Осындай елдің қамын ойлаған басшының қамқорлығы арқасында Қаратон тұрғындары жаңа қонысқа 2001 жылға дейін көшіп болды. Бұл Нәкеңнің басшы ретінде ұйымдастыру қабілетінің мол екенін көрсетті. Халық алғысын алды. Нәкең зейнеткерлікке қалғаннан кейінде мекемеден қол үзбестен оның қоғамдық жұмысына ұдайы араласып отырды. «Құлсарымұнайгаз» басқармасынан қалған зейнеткерлердің көп екенін ескеріп, Нәкең басшылар алдына басқармада ардагерлер кеңесін құру мәселесін қойды. Бұл мәселе басшылар алдында оң шешімін тауып, 2002 жылы ардагерлер кеңесі құрылып, оның төрағасына Наурызғали Ердәулетұлы бір ауыздан сайланды. Нәкең жан-жақты іздене жүріп, кейбір мекемелердің өз зейнеткерлеріне материалдық көмек көрсететінін естіп, «Құлсарымұнайгаз» басқармасының бастығы М. Ізбасовтың, «Қазакойл-Ембі» ААҚ-ның президенті Батырбаевтың тікелей қолдауымен бұл мәселені түбегейлі шешті. Соның арқасында басқарма зейнеткерлері жылына төрт рет атаулы мейрамдарда 10 мың теңгеден көмек алып келеді. Сонымен қатар зейнеткерлердің жетпіс, сексен, тоқсан жастарға толғанында, немесе зейнеткерлердің өзі, әлде жанұя мүшелері қайтыс болғанда алатын материалдық көмектерін заңдастыруға атсалысты. Сонымен қатар Нәкең «Құлсарымұнайгаз» басқармасы жанынан «Қамқор» қорын ашуда көп еңбек сіңірді. Бұл қордың негізгі мақсаты жанұя жағдайлары төмен жағдайлары төмен зейнеткерлерге тұрақты материалдық көмек көрсетіп тұру болатын. Бұл мәселе де оң шешімін тапты. Басқарма жұмысшылары жылына бір рет бір күндік табыстарын қорға аударып тұратын болып шешілді. Бұл қордан «жаңа Қаратоннан жағдайы төмен Шонаева С, Ғайсина А, Өтепқалиева А. тағы басқа көптеген зейнеткерлер көмек алып отырады. Жаңа Қаратон поселкесіне көшіп келгеннен кейін, яғни 2002 жылы Нәкең мені шақырып алып, ардагерлер кеңесіне мүше болуымды сұрады. Себебі Жаңа Қаратонда тек «Құлсарымұнайгаз» басқармасынан қалған 120-дай зейнеткерлер бар еді. Мен оның ізгілікті бастамасына келісіп, содан бері Нәкеңмен бірге қоғамдық жұмыс атқарып келемін. Басқармада, ауданда өтетін мәдени шараларға зейнеткерлерді қатынастыруды ақылдасып шешеміз. Қаратон зейнеткерлерінің атаулы, жасқа толғандарын, сондай-ақ поселкеде болып жатқан өзге де істерді мен Нәкеңе хабарлап отырамын. Ол біздегі барлық зейнеткерлердің тыныс-тіршілігін үнемі назарда ұстап келеді. Тіпті Нәкең поселкеде қайтыс болған кейбір зейнеткерлердің үйіне келіп көңіл айтып, үнемі көмек көрсетіп тұрады. Бізде тағы бір дәстүрлі нәрсе зейнеткерлерді мұнай өндіру цехтарында болып жатқан жаңалықтармен таныстыру отыру ізгілікті дәстүрге айналған. Мысалы, біздегі зейнеткерлерді Тереңөзек цехының жаңадан салынған жатахана мен асханасының ашу салтанатына қатынастыру немесе Ақінген, Қисымбай мұнай алаңдарынддағы мұнайшылардың қазіргі тұрмысымен таныстыру үшін, арнайы автобус бөлдіріп, оларды апарғанымыз үлкен әсерлі болды. Зейнеткерлер бұрынғы өздерінің жұмыс жасаған жерлерін көріп, қазіргі өзгерістерді көріп рухани күш жігер алып, қуаныштарын жасыра алмай, осы игі істерді ұйымдастырып жүрген Нәкеңе үнемі алғыстарын айтып жатады. Мен бұл естелігімде Нәкеңнің арты тегі бүкіл Қазақстанға белгілі мұнай тапқан Бешім қарттың ұрпағы екенін, иә «Жайықмұнайгаз» сияқты үлкен мұнай-газ өндіру басқармасының алғашқы бастығы болғанын немесе артта қалған Мақат ауданында 10 жыл бірінші басшы болып, оны алдыңғы қатарға қосқанына тоқталып отырғаным жоқ. Мен Нәкеңнің зейнеткерлікке қалғаннан кейінде, өзінің білімін, ұйымдастыру қабілетінің өте жоғарылығын, басқармадағы 700-дей зейнеткердің жағдайын жақсартуға, олардың күнделікті өмірден тыс қалмауына аянбай жұмыстанып отырғанын келер ұрпаққа үлгі болсын деп жазып отырғаным. Алға қарай да оның жұмысының жемісті болуына тілектеспін. Зейнеткерлердің қамын ойлаған ел ағасына айтатын алғысымыз шексіз.
Қаршыға ИНЕБАЕВ.
БЕШІМ АТАДАН ҚАЛҒАН КИЕ
Жылойдың тұңғышы Қосшағыл мұнай кенішінен бастау алған, қазіргі Теңіз мұнайы әлемде ерекше серпінмен аталады. Қосшағылдың ортасындағы жер бетіне шығып жатқан мұнайды, Бешім ата халық несібесіне жарар деп құйып алып, кен іздеуші маман геологтарға көрсетуі нағыз ерлікпен тең еді. Біздің атамыз Бешімнің ардақты да абыройлы істің бастаушысы болғанына бұл күндері ұрпақтары мақтаныш етеміз. Еңбекқор, ақылды, көкірегі ояулығы арқасында атамыз тарихта мәңгі өшпес жалғасын табар мұра қалдырды. Атамыздың балалары: Мұхан, Ердәулет, Бердәулет, Төремұрат, Нарымбай, Мизам есімді ұлдары болған. Олардың бәрі де ата жолын жалғап, мұнай саласында аянбай еңбек етті. Ағаларым Төремұрат, Нарынбай Отан соғысына аттанып, екеуі де елге қайтып оралмады. Әжем ақылды, пысық, еңбекқор әрі өнерлі жан еді, тамаша әнші болатын. Соғысқа кеткен балаларын әнге қосып, жоқтап отырушы еді. Есімде қалғаны:
Сағынған соң мұңға батып айтам ән,
Қос құлыным қашан келер майданнан
Есіме түссе кемсеңдедім егіліп,
Қашан бітер сұм соғысың у жайған,− деген өлең жолдары. Оның жүрегі рақымдылық пен мейірбандыққа толы болатын. Бірақ соғыс оты оның да жанын жаралады. Маған майданға кеткен ағаларым аман-есен оралатындай болып сезілетін. Олар аман келсе тұрмысымыз жақсарар еді-ау деп қиялдайтынмын. Көкем, папаларымнан жастай айырылып қалдық. Бар ауыртпалық әжем мен ағаларыма түсті. Бұл қиын-қыстау кезеңдерде мен мектепте оқитынмын. Соғыс ауыртпалығынан құтылу үшін әжем екеуміз сиыр да бақтық. Мизам ағамыз механизатор болып еңбек етті. Тәтем Құлбарақ жас кезінде аурушаң болды. Ауыр жұмысқа жарамағасын кейін өндірісте есепшілік жұмысын атқарды. Жастай қарапайым жұмысшы болған, мәрт мінезді Наурызғали аға 1953 жылы Мәскеудің Губкин атындағы мұнай институтына оқуға түсті. Оған қатты қуандық. Әжем біздерді, қиындықтарды жеңе білуге, имандылыққа ақылды болуға тәрбиеледі. Қазақ халқының ұлы жырауы Дулат бабамыз:
«Ақылменен теңгеріп,
Қайратыңа дем беріп,
Өзіңді өзің меңгеріп,
Қайырудағы сұңқардай,
Мезгілімен жем беріп,
Қымтап ұста тізгінді.
Анадан да сақ болып,
Тарпаң атқа мінгендей,
Алдыңа бесік өңгеріп,
Мақсатыңа сүйтіп жет!.»− деп жырлағандай, біздерді жақсыдан үлгі алуға, жаманнан аулақ болуға, өзімізді өзіміз меңгеруге тануға үйретті. Білімге талпындырды. Бәріміз Наурызғали ағаның оқуды бітіріп келуін асыға күттік. Ауылға каникулға келгенде ол бізге жақсы әсер қалдыратын. Оның ақылдылық, рахымдылық, әділеттілік қасиеттері жанымды баурап алатын. Анасына қолғабыс жасаудан қол үзбейтін. Кітап оқу, шахмат ойнауды ағамыздан үйрендік. 1958 жылы ағамыз институтты ойдағыдай бітіріп ауылға келді. Алғаш еңбек жолын Қосшағылдан бастады. Әжем үш ұлын үйлендіріп, екі үлкен ұлдарына енші беріп бөлек шығарды. Өзі кіші ұлы Нәкеңнің қолында болды. Бала-келіндеріне қатты келмейтін, немерелерін жанындай жақсы көретін еді. Сол жақсылығымен 1964 жылы ұзақ науқастан кейін дүние салды. Бірақ шүкіршілік тау тұлға Наурызғали аға мен аққу үнді, жаны шуақ, туғаннан жаратылысы әдепке толы Қалыш жеңгемнің өнегелі тәрбиесін көріп өстім. Қос тірегім мені адал, шыншыл, сабырлы болуға, адамдармен қарым-қатынас жасағанда үлкен жауапкершілікті, яғни ар-ұжданды сезінуге тәрбиеледі. Қайырымды әрі игі істер жасауға бейімдеп, үйретті. Олар бауырларына, ағайын тумаға өте қайырымды болды. Жоғарғы оқу орнына студент болған кезімде қолдан келер бар көмектерін аямай, үнемі қамқорлық жасап, ақыл-кеңес беруменен болды. Қалыш жеңгеміз салмақты мінезімен, қарапайым да төзімді ұстамдылығымен отбасының ұйтқысы, берекесі, мейірім шапағат көзі бола білді. Оның бұл қасиеттері жанұя мүшелеріне күн шуағындай әсер ететін. Осылайша жеңгеміз Нәкеңмен жаны жарасып тату-тәтті күн кешті. Елге ибалы қадірлі келін атанды. Ұрпақ жалғастырды. Мұның бәрі бізге өшпес өнеге болды. Жұмыстың қай саласы болмасын өзіндік қиындығы болады ғой, соның ішінде мұнай саласында істеу үлкен ізденісті қажет ететіні сөзсіз. «Мұнайлы мекен» атты облыстық газетте Наурызғали ағаның «Ақ Жайыққа 35 жыл» атты мақаласы шықты, мұнда сол Исатай ауданының іргетасы қалай қаланғаны, қаншама қиындықпенен жүздессе де жұмысшыларменен бірігіп жеңе білгені жақсы айтылған. Әрине, қиындықты жеңе білгенді кім-кімнің де жұмысы алға басады, басшылармен де, жұмысшылармен де, тіл табысып, олардың жасаған жақсылығын ұмытпай, арада бірнеше жылдар өтсе де, әлі күнге дейін есте сақтап жүруі жүрек тәрбиесінің мықтылығы, адамгершіліктің үлкен белгісі деп есептеймін. Өзінің білімі мен тәжірибесін әріптестеріне, кейінгі жастарға сеніп артып үйрете біліп, бірге жұмыстас болған азаматтарды қадір тұтып, олардың еңбектегі ерліктерін келер ұрпаққа жеткізу ұлағатты өнеге емес пе? Оның өзінің еңбек жолы мені әрдайым толғандырады. Ол Қосшағылда мұнай өндіру үлескісінің шебері, өндірістік техникалық бөлім бастығы, онан кейін 1964 жылы жаңадан ашылған «Прорва» кәсіпшілігінің бастығы, «Құлсарымұнайгаз» өндіру басқармасының бас инженері, ұңғыларды күрделі жөндеу конторының директоры, «Жайықмұнайгаз» басқармасының директоры, «Ембімұнай» өндірістік бірлестігінің орынбасары, Мақат аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болды. Осы жұмыс жасаған жерлерінің бәрінде де белгіленген жоспар, жоғарғы органдардың тапсырмалары орындалмай қалған кез болған жоқ. Кейін еңбегі еленіп «Құрмет белгісі» орденіменен, Лениннін туғанына 100 жыл толуына байланысты медалімен, бірнеше рет Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Бірнеше жыл басшылық жұмыстарда жүрген кезінде де кішіпейіл, адамгершілік қасиетімен көріне білді. Өзінің маңдай теріменен халықтан алғыс алып, ата жолын абыроймен жалғап, еңбегі жанып, халқына қалаулы, бүкіл Атырау өңіріне танымал азамат болды. Ағамыздың бұл асыл қасиеттері маған әріден көрмесем де мұнай тапқан Бешім атамнан мирас болып қалған ерекше киедей болып көрінеді. Ол кісінің есімі аталып дәріптелген сайын от кеудемде ата-бабаға деген тұнық сағыныш сезімі салтанат құрады. Еріксіз елжіреймін. Ұлы жаратушыға алғыс айтамын. Қара шаңырағымыздың даңқын шығарып, мерейін үстем қылып асырған Наурызғалидай туған ағамның, жаны күн нұрындай шуақ төккен Қалыш жеңгемнің барына шексіз қуанамын. Оларға деген ризашылық сезімім шексіз. Ол үйдегі әке жолын жалғастырып, мұнай саласында абыройлы еңбек етіп жүрген інілеріме еңбектерің табысты болсын, қосақтарыңмен қоса ағарыңдар дегім келеді. Ағамызбен, жеңгемізге Тәңір саулық берсін. Ғұмыр жастары ұзақ болып, балаларының, немере жиендерінің қызығына кенеліп, жапырақтары жайылып ортамызда аман сау, біздерді қуантып көшбасшыларымыз болып жүре берсін деген тілекті тағы да бар жүрек дауысымен жырға айналдырып қайталағым келеді: Жан аға! Асқар тауым пана болған, Сен десем қанат болып асыл арман. Көгілдір көктемдердей желек тартып, Құтпағым қуаныштан гүлге толған. Аянбай еңбек еткен елім үшін, Бабамның қалған алтын сынығысың. Самғай бер қырандардай биіктерде, Бойында сарқылмасын қуат күшің!
Маруся Мұқанқызы БЕШІМТЕГІ .
ЖАНЫМНЫҢ ЖАРЫҚ ЖҰЛДЫЗЫ
Әйел, түсінген адамға гүл сияқты. Гүлге су қандай қажет болса және суға қанған гүл қалай құлпырса, күйеуінің ықылас-сүйіспеншілігіне бөленген әйел де солай жайнай бермек. Мен Тәңір қосқан қосағым, босағамның алтын діңгегі, жанымның жарық жұлдызы Нәкеңнің арқасында алты алашқа танымал, мұнай тапқан дала философы Бешім атаның киелі шаңырағына келін болып түсіп, ұрпақ сүйіп ана атандым. Талай қиындықты бірге бастан кештік. Отағасының жақсысын асырып, жаманын жасырып, көп нәрсені қас қабағынан-ақ түсініп оған сүйеу бола білдім. Тіршілік болғаннан кейін, ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды, мұндайды асқындырмай, болдырмауға бар күш-жігерімді салдым. Барымша төзімділік таныттым. Өйткені, өмірдің өзі мені талай қиындықтарға толы, сұрапыл дауылы мол, қатпар-қатпар мұз басқан соқпақтардан өткізген болатын. Менің әкем Әбілғазы, атам Мейірман өз маңдай терлерімен күн көріс қылған жәй шаруа адамдары еді. Атам сталиндік репрессияның құрбаны болды. Әкем 1946 жылы мен бірінші класқа барып оқып жүргенде қайтыс болды. Оның жарқын бейнесі жүрегімде жазылып қалды. Менің бойжеткенімді көре алмай арманда кетті. Жанұяда анамыз Қалисамен тоғыз бала қалдық. Бәріміз де жас балғындармыз. Ол кезде ел соғыс зардабынан етек жеңін жинай алмаған қиын кезең болатын. Көптеген қиыншылықты, жоқшылықты бастан кештік. Бірақ майыспадық, сынбадық. Тез есейіп жетілсек деген тілегімізге Тәңір қарасты. Біздерін жетегіне алып өмір керуен көшіне қосқан, Ембіге еңбегі сіңген атақты бұрғышы, үлкен ағамыз Манаш болды. Зиба жеңгеміз екеуі қолда барын аямады. Балаларынан жырып үзім нанның жартысын біздерге ұсынды. Әбден есейіп ержеткенімізше қарасты.
Нәкең 1953 жылы Мәскеудің Губкин атындағы мұнай институтын бітіріп келіп, Қосшағыл мұнай кәсіпшілігінде еңбек жолын бастады. Ал мен Саратов қаласындағы мұнай техникумын бітіріп келіп Құлсарыдағы мұнай кәсіпшілігінде оператор болып еңбек ететінмін.Тағдыр табыстырған соң жанұя құрып қуанышқа бөлендік. Бұл күн мен үшін мәңгілікке есте қалар күн. Мен түскенде енемнің қуанышында шек болмады, ол кісі көп уақыт сырқаттанып жатты. Сонда да ақыл-кеңесін, қамқорлығын аямады. Мені өзінің туған қызындай көрді. Ал мен енемді өз анамдай сыйлай білдім. Қолымнан келгенше ата салт жолыменен мәпеледім, алдынан бірде-бір кесе көлденең тарпаң мінез көрсетіп өткен уақытым болған жоқ. Үнемі алғысын алғанға қатты қуанушы едім. Адамның өмірдегі басты қуанышы бала сүю. Кімде-кім өз ұрпағының жалғасқанын аңсайды. Міне, осы бір аңсаған арманым орындалып, ең бақытты кездерді бастан өткердім. Енем бір жылдан кейін дүниеден озды. Ағайын-туманың ортасында ақ жуып арулап, соңғы сапарына шығарып салдық. Нәкеңнің қарындасы Маруся Алматы қаласындағы политехникалық институтта оқитын, одан қолдан келер көмегімізді аямадық. Анасының жоқтығын білдірмеуге тырыстық.
Нәкең өз атасының ашқан Қосшағыл кен орнында бір-екі жыл жұмыс жасағасын жаңадан мұнай көзі ашылған Прорваға жұмысқа кірісті. Бұл жердің ыстық ауасы, көз аштырмас борасын шаңы, үйренбеген біздерге көптеген қиындықтар туғызды. Жаңа салынған үйлер өте салқын болатын, көмір жағу, күл шығару күйбең тірлік адамды қажытатын. Нәкең өндіріске алатаңнан кетіп, түннің бір уақытында келетін. Өндіріс жаңадан ашылып жатқасын оның істелер жұмыстары өте көп болатын. Осы кездескен қиыншылықтардың бәрін, ынтымағымыз жарасып, ақыл парасатпен, шыдамдылық төзімділікпен жеңе білдік. Біраз жылдан соң Нәкең жолдамаменен Құлсарыдағы Күрделі жөндеу конторына, одан кейін Құлсары мұнай кәсіпшілігіне бас инженер, ал 1973 жылы «Жайықмұнай» басқармасына бастық болып тағайындалды, қай жерде адал еңбегіменен көріне білген оны 1974 жылы Ембімұнай бірлестігі бастығының орынбасары қылып жоғарылатты. Бұл кездері көшіп қону Нәкеңе алыс жаққа баруына қиындау соқты. Өйткені, балалар кішкентай, үйде қарасатын үлкен кісі жоқ. Қандай жұмыс болмасын өз ауыртпалығы болады ғой. Ал мұнай өндірудің азабы өте күрделі, білімменен, тәжірибені талап ететін, қыр-сыры мол жұмыс. Нәкеңнің бір тыным тапқанын көрген емеспін. Ала таңнан сол баяғы бітпейтін жұмыс. Қазір ойлап қарасам сол азапқа толы қиындықтарды жас болғасын толықтай сезбегендейміз. Нәкеңнің еңбегін бағалап 1975 жылы облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Саламат Мұқашев Мақат ауданына бірінші хатшы болып баруды ұсынды. Ол кезде партияның айтқаны заң. Сонымен сол жылы Мақатқа көшіп келдік. Тағы алдан қиындығы мол жұмыстар күтіп тұрды. Нәкең бұл кезде небәрі 39 жаста болатын. Жұмысқа құлшына кірісті. Халықпен тіл табысып, оның мұң мұқтажын жоқтау, көңілінен шығу, әрине, оңай шаруа емес. Нәкең бар күш қайратын халық үшін жұмсады.
Қызмет еттің Отаныңа еліңе,
Құт дарытып аға барған жеріңде.
Қарапайым халықпенен бір болдың,
Еңбегіңмен сыйлық тартып төріне, − деп ақын інісі Лұқпан жырлағандай, оның бар болмысы елін еңбегіменен қуантсам деген тілек болды. Оның халыққа істеген сауапты қызметтері көп. Сол еңбектерінің арқасында халықшыл басшы атанды. Базы біреулерге ұқсап жоғарыдан не айтылса соны істеп, орындығы үлкендерге жағынып, жақсы атты болуға қызықпады. Ол ешқашанда біреудің айтқаны бойынша біреуге баға бермейтін, кім болса да өзі танып, біліп алғаннан соң ғана адамды қолынан келетін жұмысқа тағайындайтын. Мақат ауданында істеген уақытында, сол ауданның экономикасы көтеріліп, халықтың тұрмыс жағдайы едәуір жақсарды. Ауыл халқының мәдениеті артты. Осындай адал еңбегінің арқасында Мақат атағы шыққан ауданға айналды. Ал оның бұл табысына мен қалай қуанбайын. Біздер жанұяда төрт бала өсірдік. Солардың бәрі де осы Мақаттан орта мектепті бітіріп жан-жаққа оқуға аттанды. Тәңір беріп егіз туған үлкендеріміз Сакена, Сатыбалды болды. Сакена Ақтөбенің медициналық институтының емдеу факультетін бітіріп біраз жылдар Теңіз мұнай кенішінің ауруханасында еңбек етті. Кейін әке жолын жалғастыру мақсатында маркшейедер мамандығы бойынша екінші институтты бітіріп, қазір Атыраудағы ТШО-ның офисінде жұмыста. Ал Сатыбалды ұлымыз бен келініміз Ақмамық екеуі Алматының политехникалық институтын бітіріп, «Құлсарымұнайгаз» басқармасында өздерінің мамандықтары бойынша еңбек етуде. Асылбек ұлымыз Губкин атындағы мұнай институтын бітірген. Қазірде Құлсары мұнай айдау құбырлары басқармасының басшысы. Келініміз Тоғжан Алматының медициналық институтын бітірген болатын, жолдасы Асылбектің баяғы біз сияқты көп көшуіне байланысты ол да екінші мұнайшы мамандығын алып, сол салада еңбек етіп келеді. Қызымыз Даригүл, химия-технологолиялық институтты ойдағыдай бітіріп, жолдасы екеуі өз мамандықтары бойынша жұмыс жасайды. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны аласың» деген қазақтың мақалы бар ғой. Келіндерім өте әдепті ибалы, адамгершіліктері мол. Қал-жағдайларымызды айтқызбай-ақ аңғарады, көңілдерімізді тауып мерейлерімізді өсіріп келеді. Бәрі де тәрбиелі ортадан шыққан. Құдаларымыз жергілікті мұнайшылар, жанұяларында ұлдарын қадірлеп азамат етіп, қыздарының көңілін жықпай, оған айрықша қамқорлық жасап ардақтап, біліммен сусындатып оқытып, перзенттерін жан-жақты етіп өсірген абзал жандар.
Қазірде жанұямызда алты немере, үш жиен өсіп келеді. Үлкен сүйікті немереміз Ақмарал биыл мектепте 10 сыныпта оқып жатыр. Сабаты жақсы, өмірдің кілті ғылымды үйренуге құштар, құдай қаласа, ол да мұнайшы болады деп ойлаймыз. Біздер қай жақта жүрсек те жандары жайсаң, айналасындағыларға қайырымды, достыққа адал, адамгершілік қасиеттері мол азаматтарменен қоян-қолтық араласып, олардың қарым-қатынастағы жақсы қасиеттерін қабылдай білдік. Олар: Өтебаев Сафи, Досмұханбетов Жолдасқали, Мұқашев Саламат, Бөлекбай Сағынталиев, Құмар Балжанов, Зақаш Қамалидинов, Болат Өтебаев, Серго Дүтбаев, Нәсіпқали Марабаев, Беркін Ізтілеуов тағы басқа елімізге танымал азаматтар болатын. Осы абзал жандардың бәрімен кезінде көрші дәмдес болдық. Доссыз ауыз тұншымас дейді қазақта. Оларды әлі күнге дейін қадір тұтамыз. Әрине, олардың көпшілігі бұл уақытта бұл жалған дүниеден өтті, бірақта жақсы қасиеттері жадымызда сақталып, ұрпақтарымызға мәңгі үлгі болып қалды. 1986 жылы Мақатта он жыл, он ай жұмыс жасаған соң Нәкеңді жаңа ашылған «Теңізмұнайгаз» бірлестігіне орынбасар етіп жіберді. Осы жерде абыройлы қызмет атқарып екеуміз де зейнеткерлікке шықтық. Қазірде өмірде көрген азды-көпті қиыншылықпен өткен, еңбегіміздің зейнетін көріп, немерелеріміздің ортасында, соларға тілекші болып біреуміз әже, біреуміз ата болып бойларына имандылық қасиеттерді дарытсақ деп қоңыр күй кешіп жатқан жағдайымыз бар. Ұлы жаратушының бергеніне шүкірлік етеміз. Біздің ұрпақтар мұнай тапқан қасиетті атамыз Бешім атаның жолын үзбей жалғастырып келеді. Атамыз мұнайын алғаш ашқан жерде қазір де шөберелері еңбек етуде. 2005 жылы Қосшағылдың 70 жылдығын тойлап шөберелері атасына бюст қойды. Әруаққа тағзым етіп ас берді. Бұл ізгілікті шараға республикамыздың түкпір-түкпірінен көптеген ардагер азаматтар келді. Ата салтымыз бойынша бәріне шапан жаптық.
Өткен күнге көз жіберсем, Нәкеңнің Атырау облысының көптеген мұнайлы кеніштерінде өзіндік қолтаңбасы қалды. Балаларым үшін осының бәрі өнегелі үлгі деп білемін. Нәкеңнің бір тамаша қасиеті өз қолынан келгенше кісіге жақсылық жасау. Мұқтаж адамдарға көмектесу. Мінез-құлқын әдеп-ережелеріне сай ұстай білуі. Осы қасиеттері балаларын сүйсіндіреді. Нәкең қазірде зейнеткерлікте болса да «Жылоймұнайгаз» басқармасында ардагерлер кеңесінің төрағасы және мұнайшы қоғамы қорының кеңес мүшесі ретінде абыройлы қызмет атқарып келеді. Оның қазірде ойлайтыны зейнеткерлер қамы, солардың мұң-мұқтажы. Нәкең екеуміз өмірдің 45 жылын бірге өткізіп келеміз. Сан-алуан қиыншылықты да, қызығын да бастан кештік. Міне, әдемі қарттыққа да жеттік. «Жанұядағы тыныштық, ынтымақтық өмірдің бақыты сол» деген екен данышпан қарияларымыз, осы қағиданы ұрпақтарымыз терең ұғынып жалғастырып келе жатқанына қуанамын. Біздер үлкен ұлымыз Сатыбалдыменен бірге тұрамыз. Қолда төрт немереміз бар. Балалы үй базар дегендей, солардың сәби күлкілеріне шомылып отырмыз. Бәрі де бір Алланың қолында ғой. Өмірге ешқандай өкпем жоқ. Тағдырыма бек ризамын. Бармын деп асқаным жоқ. Жоқпын деп сасқаным жоқ. Ешкімге қиянат жасамай, артық сөз айтпай, қайыр садақамызды беріп, жетім-жесірді налытпай, өтірік жалған айтпай, барына шүкіршілік қылып, үлкендерді ардақтап тату-тәтті өмір сүріп келеміз. Әр кез ағайын тума үшін есігіміз айқара ашық болды. Қонақтарымызды құдайдай сыйлай білдік. Біздердің ендігі тілегіміз балаларымыздың, немерелеріміздің амандығы. Адал мінезбенен ізгілікті жол салған Нәкеңнің жолын сол балапандарымыз жалғаса болғаны. Ардагерлерін қастерлеп кітап жазу да оны шығару да қазіргі нарықтық заманда оңай шаруа емес. Біздің елге несібе сыйлаған, алғаш мұнай көзін ашқан атамыздың еңбегін бағалап, кезінде осы кітапты шығаруға қол ұшын ұсынған «Мұнайшы» қоғамдық қорының құрылтайшысы, алғашқы атқарушы директоры болған марқұм Нәсіпқали Марабаевқа жанын жәннатта болсын, артында қалған Ләйлаң, балаларын аман болсын деп ақ тілегімді айтқым келеді. Сондай-ақ қордың кейінгі атқарушы директоры болған Беркін Ізтілеуовке және қазіргі басшысы Сайлау Жылқайдаровқа және ұжым мүшелеріне жанұямыз атынан шексіз алғысымызды білдіреміз.
Бешім ата келіні Қалыш
МЕЙІРМАНҚЫЗЫ .
ӘКЕМ АСҚАР ТАУЫМ
Бабаларымыз «Төріңнен қарт кетпесін» деп тілеген халық. Жасы үлкенге құрмет ету, қарттың бүгілген беліне сүйеу болу біздің ата дәстүріміз. Өзіңді өмірге келтірген тіршілігіңе нәр берген ата-ананың алдында адамның парыз-міндеті өлшеусіз. Ананың ақ сүтін, әкеңнің адал күшімен үміт сенімін ақтау біздің қасиетті борышымыз. Менің әкем Наурызғали Ердәулетұлы Бешімтегі жастайымыздан бізді бар жақсылыққа бейімдеп, анам екеуі ата дәстүрдің құндағында әлдилеп, қасиетті ана тіліміздің уызына қандырып өсірді. Балаларының бақыты үшін қолынан келгенін аямады. Біздерді еңбексүйгіштік, адамдық, мейірімділік, есейгенде өз күнімізді көруге, аянбай еңбек етуге үйретті. Біздерге өмір берген Қалыш анамызды құрметтеуге бала кезімізден құлағымызға сіңіре білді. Мінез құлқымыздың қалыптасуына ерекше мән берді. Ұлттық спорттық ойындар арқылы өзіміздің туған жердің, пана болған елдің намысын қорғауды мақсат тұта отырып жалықпауға, шымыр болуға өз намысымыздан ел намысын жоғары қоюға, ардан жанды садақа етуге, малды жанның садағасы етуге үйретіп, елжандылыққа, ұлтжандылыққа баулыды. Біздерді бала кезімізден елге белгілі күйші сазгер Рысбай Ғабдиев ағамыз жетекшілік ететін музыка мектебіне берді. Соның арқасында жастайымыздан еліміздің замана бұлбұлдарының өмірі мен шығармашылық еңбектерімен сусындадық. Бабаларымыз тарихын күймен жазып кеткендей сезіндік, әсіресе Абай бабамыздың музыкасы мен өлеңдері жанымызға үлкен әсер етті. Әкеміз өте халықшыл, көпшіл, дос жарандары көп болатын. Жұмысы қаншама көп болса да біздерден бірде қол үзген емес. Ол сәл бос уақытында біздерге мұнайшы ардагерлердің ерен еңбектерін, өзінің ұстаздарының мейірімділігін, достарының кең пейілділік кісілік қасиеттерін, өзіміздің Бешім атамыздың қалай мұнай көзін тапқанын үлгі өнеге қылып әңгімелеп беретін.
Мен 1965 жылы Сарқамыста туғандықтан жастайымнан мұнай исіменен мұнаралар арасында өстім. Кейін әкем Бешім атамыз мұнай көзін тапқан Қосшағылды көрсеткенде қатты тебіреніп мен де мұнайшы боламын дегенім бар. Осылайша біздің сана сезіміміздің ерте оянып рухани өсіп жетілуіне әкеміз көп әсер етті. «Әкеге тартып ұл әсер, анасына қарап қыз өсер» дегендей мен әкеме тартып өстім.
Орта мектепті Мақаттан бітіргеннен кейін 1982 жылы Алматыдағы Қазақ политехникалық институтқа оқуға түсіп, оны 1987 жылы ойдағыдай бітірдім. Еңбек жолымды «Теңізмұнайгаз» басқармасында оператор болып бастадым. Осы жұмыс жүрген уақытта әкемнің атқарған жұмысы, сіңірген еңбегі, абзал азаматтығы жайлы ардагерлерден естіп, өзіміздің мұнайшылар әулетінен екенімізді терең сезініп қуандым. Әке абыройын жоғары ұстауға талпындым. Өндірісте еңбек ардагерлерінен көп тәжірибе жинақтадым. Кейін инженер-технолог, мастер, жетекші инженер, аға техник-геолог сияқты еңбек сатыларынан өтіп, 2006 жылы Бешім атам ашқан Қосшағыл учаскесінің инженер-технологы жұмысын атқардым. Ал 2008 жылдан бері ППН− цехының бастығымын. Менің еңбектегі бар жетістігім, әкемнің үлгі өнегесі және оның қамқорлығынан деп білемін. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» демей ме атам қазақ. Ата-анамның берген тәрбиесі арқасында, Аллаһты ұмытпай имандылыққа жақын болып өстік. Үйдегі тәрбиенің жемісі болар, жұмыс істеген жерімді қолымнан келген жақсылықты істегім келіп тұрады. Мұның бәрі әкемнен жұққан қасиет-ау деп ойлаймын. Қазір мен де төрт баланың әкесімін. Ініміз Асылбектің жұмыс бабыменен үнемі көшіп қонуына байланысты әке-анамызбенен бірге тұрамыз. Балаларымның әже-ата тәрбиесін көріп отырғанына шексіз қуанамын. Ата-ананың сөзін сыйлап, оларға құлақ асу, пікірлес болу отбасы тіршілігінің бір ғанибеті, Тәңірдің сыйлаған бағы той. Жолдасым Ақмамық екеуміз оларды риза қылып, қуанышқа бөлеп, сенімдерін ақтасақ деп бар күш-жігерімізді салып келеміз.
Ата-ананың ақылы,
Даңғыл қара жолмен тең.
Жақсылардың ақылы,
Гауһар шырақ шаммен тең, − деп ақын жырау бабамыз Дулат айтқандай, ата-анаңды тыңдап, оларға сүйеніш бола біліп ержеткенге не жетсін. Ағайын туыс, дос-жараңдардың, жанұя мүшелерінің қатынастарын арттырып, береке-бірлігіне де ұйытқы болып отырған сол әкемізбен анамыз. Атақты Базар жырау:
Атасы жақсы қандай-ды,
Асқар бір зәулім таудай-ды,
Анасы жақсы қандай-ды,
Арайлап атқан таңдайды,
Ағасы жақсы қандай-ды,
Асылың биік жалдай-ды,
Інісі жақсы қандай-ды,
Дұшпанның көзін салмай-ды
Әйелі жақсы қандай-ды,
Жарқырап жанған шамдай-ды,
Баласы жақсы қандай-ды,
Көңілінде арман қалмай-ды.
Келіні жақсы қандай-ды,
Тындырып жанын жайлайды.
Осылар түгел болмаса,
Өрісі ердің оңбайды,- дегендей біздің өрісімізді кеңейтіп, жанымызға рухани байлық сыйлап, тереңнен тыныс беріп, ынтымақтымызды арттырып, маңдай тер моншағын құба түзге сіңіріп, Бешім бабам жолын жалғап, мұнайшы әулетінің аманатын бізге сеніп тапсырған асқар таудай әкем өмірдегі тірегім Наурызғали әкемді перзенттік жүрегіммен мақтаныш тұтамын. Мен оған өмір бойы қарыздармын. Оған тілейтінім зор денсаулық! Немерелерін қызықтап ортамызда ақылшымыз болып, Жамбыл ата жасына жетсе екен деген перзенттік ақ тілек. Елге қалаулы әкең болса қалай қуанып пір тұтпассың.
Сатыбалды НАУРЫЗҒАЛИҰЛЫ.
АҚЫЛМАН АҒА
Нәкең (Наурызғали Бешімов) жөнінде әңгіме қозғалғанда мына бір ғибрат сөздің еске түсе кеткені бар: «Терлеп еңбек етпегеннің тілегіне жеткенін көргенім жоқ». Осы нақылды айтқан халқымыздың қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлының өзі де аянбай еңбектеніп, жалықпай үйренгенінің арқасында даңқ тұғырына көтерілді ғой. Қосшағыл мұнайын ашқан қара шалдың қара торы немересі Наурызғали да ерінбей ізденіп, тер төгіп қызмет еткен соң ғана құрметке бөленді деген орынды.
Байқампаздығы арқасында атаның аты Одаққа әйгіленіп, отбасының күнкөрісі ортан қолдай еді. Бозбала осыған марқайып, әрі өндірісте жүріп тапқан тиын-тебенін малданып жүре берсе де, ортан қолдай жұмысшы атанар еді, әйтсе де, есімі дәл қазіргідей ардақталып, мұнайлы өлкенің шежіресіне алтын әріппен жазылар ма еді?!
Санасында осындай ой атой берді ме, Нәкең онжылдықты бітірген соң бірер жыл өндірісте жұмыс жасайды да, Мәскеудегі мұнай институтына оқуға аттанады. Оны бітірген соң туған жеріне оралып, мұнайшы оператор болып орналасады. Әріптес ағаларынан білімі жоғары болса да, тәжірибесі аз жас маман олардан үйренеді, өзіне арсынбады. Сақа жұмысшылардың қолдап істегенін ұстаздарынан естігенімен сабақтастыра білді. Ізденісі басшылардың назарына ілікпей қалған жоқ. Жыл өткен сайын өндіріс жетекшісі ретінде сатылап өсе берді. Мұнай өндіру шебері, мұнай өндіру бөлімшесінің меңгерушісі, күрделі жөндеу басқармасының бас инженері, бастығы, мұнай-газ өндіру басқармасының бастығы, бірлестік бас директорының орынбасары-мұнайшы инженер Нәкеңнің көтерілген биіктері осындай. Алайда, Нәкең өзін таза шаруашылықты ұйымдастырушы ретінде ғана танытқан жоқ, ол ұжымдардағы қоғамдық ұйымдарға жетекшілік жасады. Ауданның саяси-қоғамдық өміріне белсене араласып, қалыптасқан басшы, іскер ұйымдастырушысы санатында көрсете білді.
Мақат аудандық партия комитетінің бірінші хатшылығына сайланғанда Н.Бешімовтың жоғарыдай қабілеті мен кісілік қасиеттері ескерілсе керек.
Біздер, ауданның кейінгі толқын азаматтары, Нәкеңнің тәрбиесімен шыңдалдық, оның өнегесімен өндіріс жетекшісі, ұжым басшысы ретінде қалыптастық десек, ағаның еңбегін асыра бағалағандық емес. Олай дейтінім, Н. Бешімов ауданның бірінші басшысы ретінде жергілікті мамандарды тәрбиелеуге, әсіресе, жастардың білімі мен мәдениетін өркендету ісіне жұмылдыруға баса назар аударды. Өздерін маман ретінде танытқан, ұжымда жақсы жақтарымен көріне білген жастарды басшылық жұмысқа батып жұмсап отырды. Айталық, құрылысшы инженер Асқар Дабысов № 137 құрылыс құрастыру поезына, теміржолшы-инженер Амантай Сәрсенбаев Мақат локомотив депосына бастық болып тағайындалды. Хатшы сенім артқан жас мамандардың барлығы дерлік абырой биігінен көріне білді. Біразі қазір де одан да жоғары лауазымды жұмыстарды атқарып жүр. Мысалы, № 29 жол-құрылыс басқармасының бастығы жұмысына жұмсалған Келдібай Төреғалиев аудан әкімі, «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамы бастығының орынбасары, Мақаттағы желілік-өндірістік басқармасының бастығы Едіге Сағындықов бүгінде ірі газ айдау қоғамы басшыларының бірі. Мен де ағамыздың шапағатын көрген жандардың бірімін. Бірінші хатшы қол қойған ұсыныс бойынша 1981 жылы «Мақатмұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының бастығы болып тағайындалдым. Сол тұста мұнайшылар жоспардан шыға алмай, қиыншылықтарға кездесу және бірқатар шаруашылық ұйымдастыру жұмыстарын жолға қоюдың нәтижесінде табыс биігінен көрінуге қол жетті.
Мұнайшылардың тұрмысын жақсарту, мәдени-әлеуметтік сұраныстарын қанағаттандыру бағытында көптеген шаралар жүзеге асырылды. Мұнайшылар шағын ауданында орта мектеп, бірнеше екі, төрт, он сегіз және бір тоқсан пәтерлік бір үй салынды. Тұрмыстық-әлеуметтік жағдайы нашарланып кеткен Сағыз кентіндегі мұнайшылардың отбасылары Мақатқа көшіріліп әкелінді. Орталықтан жылытатын қазандыққа газ құбыры тартылып, мұнайшылардың үйлерінде көгілдір отын жағылатын болды.
Н.Бешімовтың тікелей араласуымен Алтыкөл, Ботақан кеніштері мұнай бере бастады. Аудандық партия комитеті аймақта жаңа мұнай кенін ашу жөнінде батыл ұсыныстар жасап отырды. Әсіресе, Батыс Доссор, Гурьев дөңесі айлақтарын игеруді батыл күн тәртібіне қоюдың нәтижесінде бұрғылау жұмыстары қолға алынған-ды. Бірақ соңғы жағы сөзбұйдаға салынып кетті.
Нәкең кейінгі жылдарда кіндік кескен Жылойына барып, мұнайшылығын жалғастырды. Бірақ кәсіби тіршілігін тәрбие жұмысымен сабақтастырудан қол үзген жоқ. Ол әдетін зейнеткерлікке шыққаннан соң да тастамай келді.
Бүгінде «Құлсарымұнайгаз» басқармасы ардагерлер кеңесінің төрағасы, «Мұнайшы» қоғамдық қоры қамқоршылық кеңесінің мүшесі ретінде белсенділік танытып келеді.
Нәкеңді халық тамырлары тереңге бойлаған үлкен отбасының ардақтысы, мұнайшы қауымның ақылман атасы санатында құрметтейді. Соларға қосыла отырып, мен де «Мұнайдың иісі бұрқырап, аман-сау жүрші, асыл аға», − дегім келеді.
Мақсот ҚИЛЫБАЕВ .
АРНАУ
ТОРСЫҚ ТУРАЛЫ СЫР
Бұл сырды тыңда,
Ойла, күйге бөлен,
Туған жер топырағын сүйген өрен.
Дала ғой сырласып кең даласымен,
Бешім қарт келе жатты баласымен.
Қысқарту ұзақ жолды аңсағаны,
Жолаушылар сызылтып ән салады:
«Білген дала сұрлана, нұрлана да,
Шөліркемей жетсек-ау бір қараға.
Қыз баланың қылықты мінезін айт,
Бір ерлік жасау керек ұл балаға»...
Кім көрген бұрын сірә, бұл ғажапты,
Сортаңда жылжып ағып жылға жатты.
Жаздады көліктер ішіп ала,
Қараса, аққан «судың» түсі қара.
Қасиет, құдірет, деп сыр түйеді,
Бір атты, бір түйелі.
Түсінді ме, кім білсін тылсымына
Әлгілер әлгі майды
Құйып апты торсығына...
(Шөлдетпейтін кім болса да жолшыны,
Торсығы ғой шалап толы торсығы).
Бұл өңірді бұрын тек мал даусы бар,
Содан соң қаптап кетті барлаушылар.
Көп екен құпия тең шешілмеген,
Жөн-жосықсыз құмың да есілмеген.
Торсық толы олжасын Мәскеуге,
Жолдамапты ғұлама Бешім бекер.
Төбеңнен жөңкіп көшкен ақша бұлтың
Туған жер өзіңді ұлың бек сағынды.
Танытты қасиетіңді осынау бір,
Басынан атқан фонтан қос шағылдың.
Бітпес керек бұл байлық отсыз жанға,
Жалғады бұрғышылар таңды таңға
Қосшағылдың фонтаны тәулігіне
Атқылады «қара алтын» 400 тонна.
Бұл фонтан елге бақыт ала келді,
Оятып маңғаз жатқан дала-белді.
Таратты маңайына шұғыласын,
Қаратты бір өзіне бар әлемді.
Сан ғасыр үнсіз жатқан дала сұлық,
Аз күнде шыға келді аласарып
Самсады маңғаз-маңғаз мұнаралар,
Болып тек аспандағы таласы бұлт.
Саған қимай қоштасты батырындай,
Шапағын да күн нұры шапағындай.
Өз атанды ей, Ембі, Бешім деп біл,
Көмір атасы Байжанның Аппағындай.
Бас ұрып топырағына сиынған соң
Бұл өлкені дей алман жиылған сор.
Ең алғаш қазанға емес, құбырға емес,
Және майы торсыққа құйылған соң.
Атырауда өзіндік ою бөлек,
Ою бөлек жасауды жою керек.
Айналайын адамдар, сол торсықты
Тауып алып музейге қою керек.
Айтуар Өтегенов.
МҰНАЙ ТАПҚАН
(Атақты Қызылбасов Бешім туралы аңыз)
Ғасыр көші көшкен алға қозғала,
Жанға ыстық қысыңда да, жазда да.
Көк жүзіне ілініп ап таңда әсем
Бозторғайы шырылдаған боз дала.
Бар шаттығы, бар бойында мұңды әні,
Аз емес-ау бұл даланың жұмбағы.
Көз қаратпас күмістейін жалтырап,
Күн көзіне шағылысқан құмдары.
Жусан исі аңқып тұрар көктемде,
Қазақ үшін кең далаға жеткен не?
Сан ғасырлық тарих шығар алдыңнан,
Ой жүгіртіп көңіл қойсаң өткенге.
Осы дала бүгіп жатқан жұмбағын,
Шешу үшін сынамады кім бағын.
Сол жандардың бірі біздің Бешім қарт,
Аңыз етіп айтып берем тыңдағын.
Тас төбеңде көкшіл аспан жамылғың,
Жалын төгіп жүргізеді әмір күн.
Жел тұрғанда желпінеді кей кезде,
Сусылдаған су сияқты шағыл құм.
Емес оған мақтаныш та көп керек,
Шыққан талай көкжалдармен жекпе-жек.
Иесі көңіл белес болды бір ауық,
Қой соңында салпақтайды көк төбет.
Адал жаны арамдықтан, күнәдан,
Бар бақытын маңдай терден сұраған.
Ойға батып күрең аттың
Қойын жайып келе жатты бір адам.
Малы аманда жаны жайлы жол құтты,
Онан артық бақ тілемес ол тіпті.
Кең далада көзі шалып келеді,
Бітік өскен жусан, шытыр, мортықты.
Жүрегіңді еріткесін шалқып жыр,
Саясында тербетеді салқын қыр.
Әсемдікке көз тіккендей осынау
Көк төсінде бір қыран құс қалқып жүр.
Арманды адам қашан тұсап шек қойды,
Ауылға айдар мезгіл жақын көп қойды.
Көк қыранын көріп қартың ішінен,
Маған да бір қанат бітсе деп қойды.
Жан еместі өз ісіне сырғалаң,
Жайлы жерден шықты малы жылда аман.
Көзі түсіп кенет тоқтап қараса,
Қара сұйық ағып жатыр жылғадан.
Уақыт өзі келтіреді есебін,
Мұнай жайлы айтып еді кеше кім?
Торсығына құйып алды әлгі қарт,
Сол сұйықтың ұғып нәсіп өлшемін.
«Алдап тұр ма жүрегіңді үміт құр,
Кімге керек сасық иіс, былық бұл.
Ей, Бешім-ау сен де алжып жүрсің бе?»
Ат үстінде қара кісі күліп тұр.
− Қинайсың ғой білместікпен басқа жан,
Ай далаға кім байлығын тастаған.
Бұл сұйықты күнде көрем, − дейді әлгі,
Жайған малдың тұяқтарын ластаған.
He айтады мына кісі масқара-ай,
Қарт көңілін толғандырған басқа жай.
Тұлпарына ілді апарып торсығын,
Қара кісі күлді екен деп тастамай.
Ел айтады мұндай бүгін аңызды,
Адам болған Бешім көпке жаны ізгі.
Кеш үйіне оралғасын сұйықты,
Жанып жатқан отқа келіп тамызды.
О, керемет, жалын лаулап бергені,
Емес екен еріккеннің ермегі.
Ақ тілегі аппақ нұр боп төгіліп,
Қуанышы қарт жүрегін тербеді.
Арман жолы бастағандай Асқарға,
Ашылғандай алдан бақыт басқа арна.
Сол сұйықты торсығына толтырып,
Шабдар атпен тартты қартың Доссорға.
Сарғыш тарта бастаған шақ шөп күзгі,
Асыл арман елге деген ниетте ізгі.
Әшейінде ұзақ жолды Доссорға,
Шабдар аты бірақ күнде жеткізді.
Болсадағы күздің кезі, жол жаман,
Қарт көңілін толғандырған арман ән.
Аласа үйлер, қисық-қисық көшелер,
Доссор онда бүгінгідей болмаған.
Түк таппайсың жан жағыңа қарап та,
Мұнайшылар тұрып жатыр барақта.
Бешім қартым торсықтағы мұнайын,
Табыс етті бас геолог Авровқа.
Кім ойлаған шырқалар деп шырайлы ой,
Жазып келсем болар деген бір аз бой.
Авров келіп құттықтады Бешімді,
Мынау сұйық біз іздеген мұнай ғой.
Қосылғасын елге келіп бастары,
Хабарды естіп қуанысты жас, кәрі.
Келер жылы Авров тұрып сөзіне,
Әлгі жерді бұрғылауды бастады.
Көк жүзінен ысырылып бұлт әрі,
Кім шырқамас көңілінде тұрса әні.
1932 жылы, №6-ұңғыдан,
Атты аспанға таза мұнай бұрқағы.
Өз шешімін тапты ақыры батылды ой,
Қуаныштан халық тойлап жатыр той.
Шағыл-шағыл құм төбелер,
Бешім сен, Деді Авров осы жердің атын қой.
Жақсыларға кең дүние тар емес,
Мал бағу да қазақ үшін ар емес.
Бешім қарттың ақыл ойы жетерлік,
Бос белбеулі есі кеткен шал емес.
Зерде берген жүрегіне жаратқан,
Айтуға да той-думанда жарапты ән.
Билік болса Бешім айтсын дегізіп,
Дүйім елді өз аузына қаратқан.
Тасалаған салқын кезде ойықты,
Баққан малы жазы-қысы тойыпты.
Қосшағылға қарап Мешім қоршаған,
Қосшағыл деп жердің атын қойыпты
* * *
Артын білсе адасқанның несі айып,
Туған жерің құт мекенің бесігің.
Білместікпен айтқан сөзге Бешімнен,
Қара кісі сұрап кепті кешірім.
Ер көгерер деген халық батадан,
Жақсылардың жүрегінде жатады ән.
Ел риза сондықтан да есімін,
Бешім демей, «мұнай тапқан» атаған.
Мұнай бүгін қарттан қалған мұрамыз,
Білместікті білгендерден сұраңыз.
Ел ішінде ертегідей еседі,
Жыр боп, нұр боп жаңғырығып бұл аңыз.
Сынбай елдің бақытының бір талы,
Атқан мұнай қанша жылдар бұрқағы.
Қосшағылға ескерткішін орнатты,
Бешім қарттың соңына ерген ұрпағы.
Амандық САСАЕВ .
МҰНАЙ ТАПҚАН БЕШІМ АТА
(баллада)
Жаратылған бөлек келбеті
Ұрпақтары мәңгі айтатын асқақ әні.
Кең Жылойдың тарихының бір беті
Мұнай тапқан Бешім қарттпан басталған.
Кең Жылой күн бесігім жәннат бағым,
Дауысыңды өң бойымнан жоғалтпадым.
Ұқсын деп шежіреңді келер ұрпақ,
Алдыңда тағы міне, сыр ақтардым.
Шағырай! Бұл ауылдың басты ұраны,
Бесіктен жаттап өскен, жас ұланы.
Жыр қылып Ер Сатайдай жан бабасын,
Ағылтқан өң бойынан асыл әнді.
Есейіп сол ұядан қанаттанып,
Жанына жалау қылған талапты анық.
Баласы Қызылбастың Бешім жігіт,
Қос шағыл төсінде тұр шырақ жағып.
Япырма-ай, мұнайма бұл ел іздеген,
Өзгеге өгейсініп емізбеген.
Ашсын деп алтын сандық кілтін өзі,
Ұланын күте білген төзімменен.
Басынан кеткен небір қасіретті,
Қоңырқай топырағы қасиетті.
Қарағым, әр тасыңды сүйе біл! − деп
Айтқандай бабам болып өсиетті.
Жанына және бір даналық сыр,
Кешегі дара біткен далама гүл.
Ағылшын май таба алмай қапаланған,
Күбірлеп жеткізгендей Қарашүңгіл!
Құлыным теңіз толған, астың мұнай,
Әр қыры әулиелер, үсті Құдай.
Өсірген Кең Жылойда ырыздығың,
Қадірле, сырын ұғып сүйіп құлай.
Жанына мәңгі өшпейтін қуат берген,
Сырласып осылайша Рухтармен
Құм басқан боз төбеде ұзақ тұрды,
Кеудесін тербегендей бұлақты өлең!
Жеткізер қуанышпен келер күнге,
Бұл майда ырыс берер кемелді елге
Торсыққа құйып алып барсам ба екен,
Доссорда кен іздеген инженерге.
Осы ойын теңіздетіп ақтарыла,
Айтпақ боп ауылдағы қарттарына,
Бет алды Қойсарыда мекен еткен,
Туған үй, алтын шуақ ақ таңына.
Қуаныш! Қарттарымның бәрі келді,
Бастады Қосшағылдан әңгімені.
Жеткізді май көргенін отқа жанған,
Мұнай ма? Бірақ оны кім біледі.
Ел үшін қорған болып жан қия алар,
Кеудесі ақыл толы дариялар.
Оң ісін мақұл көріп Бешіміне,
Ақ бата беріп жатты қариялар!
Қарағым, жерге құт боп жауын жауар,
Ел құты − азаматы, асыл жандар.
Ырыстың кілтін тапсаң халқың үшін,
Дәйімде ақ жол болсын асығыңдар!
Торсыққа құйып алып қара майды,
Таңсәрі нұр шашқанда жанға жәйлі.
Ақпаннан сұрап алған жүйрік атпен,
Ол кешті бөгет бермес терең сайды.
Көкжиек күлім қағып, төсіне ілген,
Айнала көз тойдырмас жасыл кілем.
Жанына таусылмайтын дем бергендей,
Жұпарлы боз жусанның исіменен.
Па шіркін! Туған жер-ай таңғажайып,
Анандай емірене құшақ жайып.
Ұлының оң сапарын тілегендей,
Әр тасын жолындағы нұрмен шайып.
Жол алыс, өтті талай көп белдерден,
Сүйгізген омырауын ақ көлдермен,
Төсінде аққу, қазы гәкку қағып,
Бір тұтас үн шығарып күмбірлеген.
Қарасаң сұлулыққа көз тоя ма,
Кең далам малынғандай сан бояуға.
Қарашы, түлкі шапты анау жерден,
Жетсем деп қырдан қашқан ор қоянға.
Осылай сан сурет үзілмеген,
Бабамның жортып өткен ізіменен.
Доссорға жетіп қалды іңір тарта,
Алысып ішіндегі сезімменен.
Алыстан сәнді бір үй көз тартады,
Бақшасы қандай әсем ортадағы.
Бұрғаны аттың басын солай қарай,
Егіске жоқ еді-ау деп қазақ жағы.
Кеудеде дөңбекшейді толқын үміт,
Бақыттың алдан шығар үнін күтіп.
Иә, Бекет! − деп түскенде жүйрігінен,
Алдынан қарсы шықты орыс жігіт.
Япыра-ай, жан екен бір жүзі жылы,
Ойнаған келбетінде күннің нұры.
Қош ағай келдіңіз - деп, амандасып,
Ат басын байлау үшін өзі тұрды.
Жары да ибалықтың назыменен,
Иіліп ақ қайыңдай нәзік үнмен.
Білдіріп жатыр оған ыстық лебіз,
Қонағын күткендей бір қадірлеген.
Бұл неткен бауырмалдық, ізеттілік,
Жаныңа қуанышты түлеттіріп.
Келгенде алыс жолдан бауырындай,
Қарсы алған жақсылықты тілеп тұрып.
Ол өзі баяндады асықпастан,
Кешегі аштық кезде Қазақстан.
Жер ауған жаудың ұлы болса-дағы,
Жайыпты өз ұлым деп кең дастархан.
Анасы көз жұмғанда дәм таусылып,
Көрсетпей жаны жомарт ел тапшылық.
Қойыпты Кең Жылойдың төбесіне,
Тілеумен ұрпағына мол жақсылық.
Асырап қазекемнің қара шалы,
Жазылып кетер деумен жарасы әлі.
Сипапты маңдайынан өз ұлындай,
Таудай боп, жетілгенше аласаны.
Оқыпты Петербордан білім алып,
Бұл жақтың сан байлығын біліп анық.
Әр жерден мұнай іздеп жүреді екен,
Бақытқа кенелесің! - деп біздің халық.
Енді сөз майға ауысты торсықтағы,
Петр дос, бірден ашып ой саптады.
Әлде бір шыны ыдысқа құйып қарап,
Бешімді мұнай бұл! - деп құшақтады.
Көңіл-ай шалқып жатқан теңіздейін,
Қалайша жырдан толқын өргізбейін.
Екі дос қуаныштан құшақтасып,
Көтерді бірін-бірі егіздейін.
Бұл сәтті аңсаттырған арман қанша,
Екеуі бір-біріне таң-тамаша.
Даламның өзі оқытқан данышпаны,
Кеңесті досымен таң атқанша.
Бөлеген жүректерін сезім күйге,
Сәбидей жаңа келген дүниеге.
Келісті қол алысып екі туыс,
Байлығын Қосшағылдың игеруге.
Ұзамай жапан дүзге қоныс теуіп,
Көрші боп, достықтың нәр дәнін сеуіп.
Орнатты кең далама мұнаралар,
Жеті қанат жер астынан ырыс теріп.
Терімен моншақтаған маңдайлардың,
Идіріп Жер-Ананың балдай жанын.
Ағылтқан қара алтынды тасқындатып,
Қосшағыл! Бешім − атам арай таңым!
Наурызғали Бешімұлы дегенде
Асқар тауым дара біткен асқағым,
Бабалардың өнеге қып бастауын.
Сусындатып парасатпен дем беріп,
Қанша жанды тынбай алға бастадың.
Жаратылған нар тұлғасың ел үшін,
Сағынышым өлең болып өрілсін.
Сен барында қуаныштың шегі жоқ,
Еркелеп бір аунап кетер төрімсің.
Негіз болар менің жазар әніме,
Күш қуатты сенен табам әліде.
Жарық төккен жұлдызымсың жаныма,
Сұлулықтың үңілдірген мәніне.
Бабалардың қалап алып кеңдігін,
Өн бойыңа сыйдырғансың ерлігін.
Тандандырған еңбегімен жан-жақты,
Танымайды бұл Алашта сені кім!?
Мұнай тапқан Бешім қарттың ұлысың,
Кең Жылойдың желбіреген туысың.
Дербіс бабам, Сатай батыр ұлынан,
Шашырап түсіп бізге жеткен нұрысың!
Тәжбен тақтың көрсең-дағы түр-түрін,
Қарапайым қоңыр күйде тірлігің.
Мәрттігің мен жомарттығың баяғы,
Кісіліктің қастерлеген тұғырын!
Өн бойында кең әлеммен тұтастық,
Ұғынғанға даналықпен сыр ашып,
Үн тастайды бабалардың Рухынан,
Кеуделерге шырақ жағып, ой тасып!
Туған халқым сүйсінердей ер жүрек,
Ұл өсірдің, қыз өсірдің мәпелеп,
Бергеніне шүкірлік деп Тәңірдің,
Қанағатпен күнде айтасың ақ тілек!
Абыройың Алатаудай асқақтап,
Алда жүрсің абыз аға көш бастап.
Қуанамыз сіздей асыл болғанға,
Жақсыларсыз өмір қалай гүл шашпақ!
Аға болса алға дәйім жетелер,
Арманына сүрінбестен жетеді ер.
Кең Жылойдың дара туған жұлдызы,
Жарығыңды інілерге төге бер!
Соңғы демім біткенінше кеудемде,
Арланбаймын жан бауырым деуден де.
Сен көрінсең тіл қатады мына әлем,
Имандылық атты ұлы сөйлемде!
Жетелеген ойлы сезім тереңге,
Жаралғансың әуел бастан өлеңге.
Дөңбекшиді от кеудеде жыр теңіз,
Бешімұлы Наурызғали дегенде!
Лұқпан Сисекенұлы БЕГӘЛІТЕГІ.
ЖАН АҒА
Жалпақ жатқан шұғылалы кеңістік,
Көк жиекпен ұштасқандай көрісіп.
Барлығынан Наурызғали ағамның,
Сезіледі кендігімен, демі ыстық.
Қарай білсең оның басқан іздерін,
Көресің сен мұнайшылар жүздерін.
Маңдай термен жазған олар ерлікті,
Ұрпақ үшін аямастан өздерін.
Қарамастан қарлы құйын боранға,
Мұнай іздеп көз ілместен Отанға.
Жеті қабат жер астымен сырласып,
Сескенбеген аңызақ жел оттан да.
Ұран болып ата мекен, ел деген,
Олар әсте басқа мақсат білмеген.
Бар еңбегін сыйға тартқан халқына,
Туған өлке осылармен гүлдеген.
Бешім ата ашқан бастау бұлақтан,
Қауыз жарып бәйшешектей гүл атқан.
Ата жолын жалғастырып кейінге,
Ізгіліктің нұрын өрген шуақтан.
Не көрсе де көппен егіп алтын дән,
Бөлінбеген қарапайым халқынан.
Айналайын, пейілі кең жан аға,
Өзіңді айтсам, Кең Жылойым шалқыған.
Оза біліп даналықпен ғасырдан,
Ізгілігін халық үшін асырған.
Бешім ата рухын биік қастерлеп,
Дәлелдедің туғаныңды асылдан!
Тайсалмастан қиындықтардан от өрген,
Нардың жүгін ерлікпенен көтерген.
Әр ізінде инабаттың жалауы,
Сырластырған бізді келер көктеммен.
Не жетеді өнегелі парқыңа,
Аянбастан қызмет қылдың халқыңа.
Елім деген сендей ерлер көбейіп,
Туған жердің үлес қоссын даңқына!
Далам жатсын қуаныштан көсіліп,
Мен жырлайын самал желдей есіліп.
Халқы барда қолтығынан дем берген,
Жасай берер НАУРЫЗҒАЛИ БЕШІМОВ.
Мұқтар Лұқпанұлы СИСЕКЕНОВ .
ҚҰТ ҚОЙНАУЫМ ҚОСШАҒЫЛ
Шаңдауыт, шағыл құмды сардаланың
Кім білген «құт қойнауға» айналарын,
Толғатып кенді құрсақ ойда-жоқта
Ағытты мұнайдың сел арналарын.
Төбеден күн қарайды шоқтай жанып
Аңызақ, аптабы тұр оттай қарап.
Кезікті жолында оған «қара көлшік»
Бешім қарт нардан түсті, тоқтай қалып.
Торсыққа алды құйып «сұйықтықты»,
Сезбеді − ол алдан тосар биіктікті.
Сезбеді − ол құлпын ашып тұрғандығын
Құйылар елге ризық, ырыс-құттың.
Табыстап тапқан олжа жаңалығын
Барлаушы геологқа берді дағы...
Бір торсық мұнай болды − мұнай көзі...
Бешім қарттың − тарихта аты қалды.
1932-ші жыл болатын,
Зерттеу ісі тұр − Қосшағыл кен алаңын.
Көлік те жоқ, электр қуаты жоқ,
Жая алмады өндіріс кең құлашын.
Партия пленумы жарлық берді,
Көлікке 300 түйе алып берді.
Үйшікпенен Доссордан кен алаңның
«Түйе керуен» қажетін − тасып желді.
Кенді игеру түспеді − оңайлыққа
Белшесінен батты сан қиындыққа.
Берекелі іс, адал тер, қол күшімен
Тірелмеді сонда еш тығырыққа.
490 метрдей тереңдікте,
250 тонна тәулігіне
Қосшағылдан, 6-шы ұңғы алғаш
Бұрқақ атты, бар болар есіңізде
Ерен озық еңбектің үлгісі бар
Сисен, Тілес, Бисендей бұрғышылар,
Паш етті олар молдығын «Қара алтынның»
Бұрқақтағы қазылған ұңғысы әр.
Мың тоғыз жүз отыз бес, қыркүйекте
Ашылды Қосшағылдай құнды нүкте.
Жылойдың − өнеркәсіп тұңғышы ол
Сапасы мұнайының тұр биікте.
Гурьев пен Орскнің арасында
Тартылды мұнай құбыры магистраль.
Салынды тар табанды темір жол да
Қосшағыл мен Мақатқа қатыс құрал.
Қуаты − 1600 ат күшіндей,
Іске қосылды, − дизельді станция.
Гурьевке тартылды су құбыры,
Сусыз, токсыз мүмкіндік болмас, сірә.
Қиындыққа мойымай, қайыспадық,
Еңбек десе ер тұрмас байыз тауып.
Бүгін жетті желісті жетпіс жасқа,
Тойланбақшы мерей той, ойын сауық.
Құт қойнаудың үңіліп астарына
Тоқталайын қаһарман аттарына.
Кейбірі өтті − өмірден бақи болып
Кейбіреуі − зейнеткер жатарында.
Ерохин, Рахымжан, Алғалар,
Қазығын кеннің алғаш қаққан жандар.
Нәрен мен Ғалымжандай геологтар
Қара алтынды таба алғыш − бағдаршамдар.
Жақсыға тойда арнадым жыр маржанын
Мұнайшы − Сафи ата, Ел ардағы
Наурызғали ағамыз − еңбегі ерек
Белгілі Бешім қарттың − ол ұрпағы.
Қазақтың еңбек сіңген мұнайшысы
Шамбай Оразалиев Дүйсенұлы.
Іскер маман, білікті, парасатты
Өндірістік тұғырдың − биік шыңы.
Исабаев Бораш пен Шайқы әкем
Мәртебелі мұнайшы − мақтан етем.
Тарландар көп тарихта жасар мәңгі,
Ақындары жырына арқау еткен.
Мемлекет сыйлықтың иегері
Сәден Кенжеғалиев − еңбек ері.
Байтаңат, Мыңжас және Елеусіздер
Ағалар көш бастаған − ердің ері.
«Қазмұнайгаз» төрінде − Көш басында
Теңеледі − Ұзақбай текті асылға.
Өр тұлғалы ұл осы елдің төл перзенті,
Кіндік қаны − тамыпты Қосшағылда.
Сүлеймен, Құби, Демеу, Ақтөрелер
Мұхитты жарып шығар − ақ кемелер.
Олардың салып кеткен сара жолмен −
Тасытып «Қара алтынын» − Көш жөнелер.
Құтты болсын мерей той жетпіс келген!!!
«Ақінгендей» інің − бар артыңа ерген.
«Құт қойнауым Қосшағыл» сарқылмашы
Әлі биік өрлей бер мұнай селмен!!!
Жаңыл БАЙЕДІЛОВА .
АҚҚЫСТАУДАН ЖЕТКЕН АҚ ТІЛЕК
Өндірісте қалды ізіңіз қаншама
Сан ардагер айтатұғын тамсана.
Акқыстауда дәріптейді көп адам,
Халық үшін төр төкті деп жар сала.
Мақатта да, Атырауда қалды ізің,
Асқақтады абыройың жұлдызың.
Қуанбайық біз қалайша шаттанып,
Өнегеңді өрісті етті ұл-қызың.
Әкесіндей көрсе сізді қарындас,
Жиендердің алғысы мол арылмас.
Көп жасаңыз асыл аға елменен,
Өзің барда көңіліміз тарылмас.
Жанында боп Қалыш aпa жарыңыз,
Аяласын айналаңыз − барыңыз.
Төріңізден той кетпесін шалықтап,
Бейбіт күннің шуағы боп әніміз.
Сендер бізге қуат берер нұрсыңдар,
Көз алдымда көкірегімде тұрсыңдар.
Өздеріңсің менің жастық бал күнім,
Сан асуда тірек болған шың құздар.
Сендер десе қуаныштан тулап жыр,
Нағашылап, ағалаған жүрек тұр.
Қабыл алшы ниетімді ұғынып,
Аққыстаудан алып жеткен тілек бұл!
Қарындасы МАРУСЯ
Жиендері: АБЗАЛ, БАУЫРЖАН, АЛМАС .
МЕН ДЕ АТАМДАЙ БОЛАМЫН
Бешім бабам мұнайдың көзін ашқан,
Атам менің қастерлеп ізін басқан.
Сол жолдармен келеді жан әкемде,
Әулет туын көтеріп бала жастан.
Жан шуағын мен үшін төккен күнде,
Асыл әжем сау болсын тілек менде.
Қара алтынның ағытқан бұлақтарын,
Мен де атамдай боламын ержеткенде.
Асылжан Наурызғалиев БЕШІМТЕГІ
8-сынып оқушысы.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру