Абылайдың ақ жолы
Сарбас Ақтаев
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Белгілі қаламгер публицист Сарбас Ақтаевтың бұл кітабы қазақтың елі мен жерін қорғауда, еңсесін биіктетіп, елдігінің тұғырын нығайтуда айрықша орны бар Абылай ханның тарихи тұлғасы мен тағлымды жолы және оның рухын жалғастырған ұрпақтары жайлы зерттеліп жазылған эсселерден тұрады. Мол деректер мен дәйектерге сүйене отырып тумысы бөлек, тұғыры биік ұлы тұлғаның ұлағатты ғұмырбаянынан, терең тарихымыздың шежірелі қайна
Сарбас Ақтаев
Абылайдың
ақ жолы
УДК 821.512.122
ББК 84 Қаз 7-4
А 34
Қазақстан Республнкасы
Байланыс және ақпарат министрлігі
Ақпарат және мұрағат комитеті
"Әдебиеттің әлеуметтік маңызды
түрлерін басып шығару"
бағдарламасы бойынша
шығарылды.
Ақтаев С. А 44 "Абылайдың ақ жолы" (¥лы хан және оның үрпақтары жайлы эсселер) Алматы: — “Ана тілі" баспасы ЖІІІС, 2011ж. — 472 бет.
І8В^ 978-601-251-059-1
Белгілі қаламгер публицист Сарбас Ақтаевтың бұл кітабы қазақтың елі мен жерін қорғауда, еңсесін биіктетіп, елдігінің тұғырын нығайтуда айрықша орны бар Абылай ханның тарихи тұлғасы мен тағлымды жолы және оның рухын жалғастырған ұрпақтары жайлы зерттеліп жазылған эсселерден тұрады. Мол деректер мен дәйектерге сүйене отырып тумысы бөлек, тұғыры биік ұлы тұлғаның ұлағатты ғұмырбаянынан, терең тарихымыздың шежірелі қайнарынан сыр шертеді. Кітап Абылай ханның 300 жылдығына орай шығарылып отыр. Көпшілік оқырманға арналған. УДК 821.512.122 ББК 84 Қаз 7-4 І8В^ 978-601-251-059-1
© Ақтаев С., “Абылайдың ақ жолы”, 2011
© “Ана тілі” баспасы ЖШС, 2011
АҢДАТПА РЕТІНДЕ АЙТАР СӨЗ Ел тарихын еңселендіріп тұратын ерекше бір тұлғалар болады. Көбіне сырт жұрт елінен бұрын ерінің атақ-даңқына қанық болып, халқына сол арқылы баға береді. Әдетте ондай ерек тұлғалар елінің ертеңіне жол нұсқап, оның өрлеуіне соны серпін беріп, тарих көшін ілгері жетелейді. Казақ тарихындағы сондай ірі тұлға, ұлы қайраткер хан Абылай болғаны әмбеге аян. Орыс пен қытай сияқты аранын ашқан екі алып елдің ортасында отырып, ешқайсысына халқын кіріптар етпей, хандығының тәуелсіздігін сақтап қалу үшін ол арыстандай алысты. Екеуінеде есесін жібермей, ыңғайына қарай ықыласын өз жағына аударып, ел мүддесіне пайдаланып отырды. Қазақты ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламаға ұшыратқан қас дұшпаны — жоңғарларды өзара қырқыстырып, өзінөзіне жалматқызып, ақыр соңында тұқымын тұздай құртып жіберу керемет қажыр-қайраттың ғана емес, кемел ақыл-айланың да жемісі еді. Осындай еңбегі үшін де Абылайды 1771 жылы қазақтың үш алашының игі жақсылары, бисұлтандары Түркістанға жиналып, Қожа-Ахмет Ясауидің қасиетті кесенесі түбінде әумин десіп, ақ киізге көтеріп хан сайлады. Оны "бөлшекте де билей бер" саясатын ұстанған орыс патшасы бекітпеді деп, жалпы қазақтың емес, орта жүздің ғана ханы болған деп шектеп тастау әлбетте шындыққа қиянат болмақ Ол күллі казақтың басын құрап, мызғымайтын күшті мемлекет құруды мұрат тұтқан тұғыры биік тұлға. Еншісіне егемен елдің шаңырағын көтеріп, тәуелсіз мемлекеттің іргетасын бекітіп, еңсесін биіктету тиген кейінгі кенже ұрпак, Абылай ханның сол еңбегі мен ерлігін, өнегелі өмірін білуі шарт. Абылай төңірегіне тереңірек зер салып, зерттер болсақ, оның өз кіндігінен тараған ұрпақтардың тарих түндігін көтеріп тұрғандары аз емес. Басқа балаларын былай қойып, Уәли мен Қасымнан өрбіген өрендерін ғана алайықшы. Бірінің үрімбұтағы іргелес отырған өркениетті елден үлгі алып, өнер-білімі озық жұртқа терезе теңестіруге шақырса, екіншісінің өңкей көкжал бөрі балалары халқының бостандығы үшін қасық қаны қалғанша күресіп, отаршылдыққа қарсы өліспей беріспес айқасқа түсті. Абылайдың немерелері Ғұбайдолла, Кенесары, Шыңғыс, Тезек төрелер дәл осындай тұлғалар. Ал ханның немере ағасы Сұлтанбет төре мен оның үзеңгілес серігі Жәнібек тарханның өмірінде ұрпақ ұлағат алар сәттер қаншама. Қала берді, хан тұқымымен бірде келісіп, бірде керісіп, олардың қасиеті мен қабілеті бар қырынан ашылуына себепші болған Зілғара шешен мен Науан хазірет те қазақ тарихынан өз орындарын ойып тұрып алған қайраткерлер. Қарашасыз хан, ақылшысыз әкім болмаған, олар қажет жерінде кеңес беріп, қияс кетсе жөнге салып отырған елбасыларын. Қисықты тезге, қыңырды жөнге салатын әділ таразы ондай абзал азаматтарға қазақ даласы кенде болмаған. Оқырман назарына ұсынылып отырған осы кітап солардың саусақпен санардай санаттағы кейбір өкілдерін ғана қамтиды. Қайсының болсын үлгі тұтарлық ұлағат аларлық өмірі бар сияқты. Тек олар талаптыға кез болып, көкірегі ояулардың кәдесіне ассын де. Қаламгерде де одан асқан мұрат болмасқа тиіс. Автор.
Абылайдың ақ жолы «Өнегелі ақыл-ақыл кеңесі, сұңғыла зердесі арқасында, ол бірден–ақ көреген, кемеңгер деген атқа ие болады. Шынында да қазақтар мұны ұлы істер атқаруы үшін Алланың өзі жіберген елшісі, аруақ иесі деп ұққанға дейін Абылай талай күресті бастан кешіріп, сан сыннан сүрінбей өтті». Ш.Уәлиханов БІРІНШІ БӨЛІМ Ұлан даланың ұлы ханы Алашта Абылайға ер жетпеген
Ел басқару екінің бірінің қолынан келе бермейтін бірегей өнер екені әмбеге аян. Оның үстіне ел ұстаған екінің бірі есте қала бермейтіні де белгілі ғой. Жұмысқа жолмен түлкі боп таққа отырып, халқына қасқыр боп тиген талайларды көне көз тарих біледі. Бірақ олардың атын білгенімен, затын ілтипатқа ілмейді. Демек, ақыл–парасатына, қажыр–қайраты сай, дегдарлығы мен білімдарлығы бірдей, мінезі маңғаз, жүрегі мейірбан жетекші ғана жұрттың жадында ұзақ сақталмақ. Міне, ғасырдан астам атақ–даңқы аңыз әңгімелер арқылы-ақ ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, үдеп бара жатқан Абылай хан осындай қайраткер болса керек. Рас, Абылай күні бүгінге дейін әділ бағасын ала алмай, тарихтан тиісті орын таппай келген қайраткер. Әйтпесе «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламадан» кейін көп ұзатпай қазақ халқының басын құрап, жоңғар басқыншыларына ойсырата соққы беруді ұйымдастыруы ерен еңбек емес пе. Сыңдарлы саясатшы , сарабдал мәмлегер ретінде ол көрші мемлекеттердің бәрімен арақашықтықты сақтай отырып, терезесі тең байланыс жасай білген көреген басшы. Тек 1991 жылдың той ауанымен Ғылым академиясы ғылыми–теориялық конференция ұйымдастырып, оның сан-саналы қайраткерлік қызметін, қаһармандық ерлігін айшықтап көрсетер қыруар құжаттар мен деректерге жұртшылықтың көзін ашқандай болды. Бақсақ, Абылай парасатты елбасшы ғана емес, қабырғалы қолбасшы да екен. Қазақ халқының азаттығы жолында қасық қаны қалғанша айқасқан аты аңызға айналған талай батырлар, басы Қанжығалы Бөгенбай мен Қаракерей Қабанбай болып соның ақыл кеңесіне жүгінген, қажет жерінде жігер-күшіне сүйенген. Небір күрмеуі қиын күрделі мәселе тап келсе, ол дереу билер алқасына салып кеңінен кеңесіп, кемел байлам жасаған. Төле мен Әйтеке, Қаз дауысты Қазыбек сияқты кең толғар кемеңгер билердің, Бұқар жырау сияқты от ауызды, орақ тілді, данагөй ақындардың
ақылына жүгініп болашақ ісіне бағдар алып отырған. Осының өзі-ақ оның халықтың қайнаған ортасынан шығып, соның мұңын мұңдап, жоғын жоқтап, сойылын соққан қайраткер екенін қапысыз аңғартса керек. Асылы, Абылайға бақ та, тақ та оңайлықпен келген жоқ. Оның атасы атышулы Қанішер Абылай Түркістан әмірі болған. Кемшілікке кеңшілігі жоқ, екіжүзділікке қаны қас ол, досқа да дұшпанға да қатал ымырасыз кісі болған сияқты. Жоңғарларға қарсы отыз мың қолды бастап барып ұрысты ойдағыдай ұйымдастыра алмай жеңіліп қайтқан Қайып ханды да кінәсін кешіре алмай өлтіріп жіберген. Сол үшін өзіде қанішер атанып, елден аласталды деген сөз бар. Оның орнын Көркем Уәлі басады. Бірақ оның бақыты ұзағынан сүйіндірмей, хансарайына тұтқиылдан басып кірген жау билеушінің отбасын түгел қырып тастайды. Бір төлеңгіттің тапқырлығы мен адалдығы арқасынды он бір жасар ұлы Әбілмәнсұр аман қалып, қаладан қашып шығады. Бала сол бетімен атақты Төле бидің ауылынан бір-ақ шыққан тәрізді. Тегі, түбі беймәлім жетім баланың алғаш түйе баққаны, одан жылқышы болғаны да анық. Алғаш қауіп ойлап атын айтпай «сіз қалай атасаңыз есімім солай болсын» деген соң би шашы өскен, жүдеубас, шоқпыт шапан баланы Сабалақ атап кеткен. Бұқар жыраудың Ей, Абылай Мен сені көргенде Тұрымтайдай ұл едің, Түркістанда жүр едің, Үйсін Төле билердің Түйесін баққан құл едің,- Деп қазбалайтыны оның өмірінің дәл осы тұсы. Баланың жілік алмақ мінезінен емес пе, елгезек те әдепті, маңғаз да мейірбан жеткіншек ұзамай , осы үйдің туған ұлындай боп кетеді. Қойшықолаңның қойыртпағын ішпейтін, тақыр жерге отыра кетпей, астына күпісін төсеп алатын бозбаланың бойында бір дегдарлық барын алдымен бәйбіше байқайды. Ол және жылқы күзетінен келіп бозбаланың сәскеге қарай биге сәлем бергенінде отағасының селк ете қалатынын да аңғарады. Бір күні бұны жасырмай : - Сабалақ келіп сәлем берген сайын селк ете қалатының не осы? -деп сұрайды. - Қой, қайдағыны айтпай. Есікте жүрген жалшыдан шошып мені қарабасты дейсің бе? – деп би оған сенбейді. - Нанбасаң санап көрші, көзің жетсін, -деп бәйбіше ертеңіне жылқышы келер кезде би етегіне тебен ине қадап қояды. Айтқандай-ақ, жігіт кіріп келгенде би селк ете түсіп, тебен сынып кетеді. Бірақ іш пікірін іште түйіп Төле би тіс жарып ештеңе демейді. Бірде биге кеп сәлем беріп, қона жатқан Қанжығалы Бөгенбайдың көзі жігітке түседі. Жанары ұшқын шашып, оттай жайнаған, тілі орамды, ойы айқын, тұла бойы жалын атып тұрған жігіттің тегін жан емес екенін сезеді де, қырағы
қыр қыраны оны қалмақтарды барлауға ерте кетеді. Одан аман оралып, елге қайтарында: Шырығым, көзің отты бала екенсің, Мінезің бөлек біткен хан екенсің. Жазға салым қалмаққа аттанамыз, Соған да керек болар жан екнсің, -деп астындағы Нарқызыл атын беріп кетіпті. Батырдың хабарлағанындай, келесі көктемде Әбілмәмбет хан қазақтан қол жиып, қалмақтан кек алуға аттанғалы жатыр деген хабар тарайды. Осыны естіген ер жігіт биге келіп, майданға жіберуін өтінеді. - Балам, саған соғысқа барудан гөрі жылқы баққан жақсы емес пе?! -дейді Төле би . - Желіккен дудан, жер қайысқан қолдан қалғанша ер азаматтың өлгені артық қой, - дейді жігіт. Сөзден тосылған би рұқсат береді. Жау тілеп екі көзі шоқтай жанған жылқышы келгенде қазақ қалмақ екі төбеге ошарылып, ортада Қалдан Серінің жиені, әскербасы Қонтәжінің ұлы Шарыш жекпе-жекке батыр сұрап тұр екен. Іркіліп қалған елдің ішінен суырылып шыққан Сабалақ ханнан бата алады да, «Абылайлап» Шарышқа қарай тұра шабады. Әудем болмай қостай боп қоқиып тұрған қалмақ батыры төңкеріліп түседі. Қайтар жолда қазақ қаһарманы қарсыласының басын кесіп алып, «жау қашты» деп қалмақтарға қайтадан ат қояды. Не керек осы ұрыста ол «Абылайлап » ұран сап, «кірген жерін тесік қып , шыққан жерін есік қып», дұшпанның іргесін айрандай ірітіп, тозаңдай тоздырады. Жұрт ұранына қарап, оның төре тұқымы екенін біліп, төбеге көтеріп құрмет көрсетеді. Мән–жайды білген Әбілмәмбеттің ұсынысымен үш жүздің тоқсанға тарта игі жақсылары жиылып, Әбілмәнсұрды Абылай атымен хан сайлады. Бұл 1734 барыс жылы еді, дейді шежіре. Ал ақиқатына келсек, Абылай ағасының көзі тірісінде тағына отыруды ыңғайсыз көріп, хандықтан бас тартқан сияқты. Әуелі ол Орта жүздегі Атығай – Қарауылдың сұлтаны болса керек. Атығай Арыстан ақының Кеңесарыға : Кене хан, жақсы көрсең қарашыңмын, Жек көрсең де өзіңнің алашыңмын. Атаңа алты қатын алып берген Атығай – Қарауылдың баласымын,- дегені де осы ойды анықтай түседі. Ел аузыңда Абылайды алғаш Атығай–Қарауыл хан көтеріп, алты отау тігіп берген деген сөз бар. Оның қырық жыл бойы Көкшетаудан табан аудармай, әлгі екі тайпаның арасында тұруы да тегін емес. Дегенмен ол осы екі руға ғана емес, исі Орта жүзге билік жүргізіп отырған. Яғни, ресми түрде Әбілмәмбет хан атағымен, бар билік Абылайдың қолында болған. Оны Нәйла Бекмаханованың «Көзбаушы келіншек» атты кітабындағы мына жолдары да нақтылай түседі: «Екі ірі шонжар Әбілмәмбет хан мен Абылай сұлтан бастаған, 1740 жылы Ресейдің бодандығын қабылдаған орта жүз байларының арасында да әжептәуір алауыздық бар еді. Патша өкіметі Орта жүз қоныстаған ұлан–байтақ аймаққа Абылайдың ықпалы күшті екенін ескеріп, оған хан боп ресми бекітілуін ұсынды. Алайда Абылай Әбілмәмбет ханмен және рубасыларымен арақатынасын
ушықтырғысы келмей, әрі орыс өкіметіне тәуелді болмас үшін бұл ұсыныстан бас тартты». Бірақ ол қырқыншы жылы Әбілмәмбет ханмен бірге Орынбол генералгубернаторының қабылдауында болған. Сонда оның өзін кіммен болсын терезесін тең ұстайтын, қиуадан сөз тауып, қисынды жауап қайтара білетін зерделі жан екенін орыс зиялылары жазбай таныды. Кездесу сәтін күнделігіне түсіріп алған князь генерал В.Урусов оның орыс әскерінің құрылымын, тіпті қару-жарағының сырын білуге құмарлығына таң қалады. Абылай: «Біздің хан боп кеткен бабаларымыз, жаны таза, атақты, абыройлы адамдар болған. Олар жақсы кісілермен достаса білген, бізге неге солардың жолын қумасқа» деп салмақ сала сөйлейді. Тең тұтса, кез–келген лауазым иесімен достық қатынаста болатынын білдірді. Әр сөзіне ханға жасар құрмет көрсетілуін талап етті. Еліне хан салт атпен қайтты. Әрбір іс–әрекетінде ханнан гөрі өктемірек болған сұлтан өзіне пәуеске әзірлетіп соған отырды», -деп жазады князь. Осы келіссөздің хаттамасында «Ханға қарағанда Абылай әлдеқайда сөзуар, шешен әрі қай сұраққа болсын орынды да орнықты жауап беретін адам екен», - деп жазады. -Қабылдауларыңызға қояр кінәміз жоқ, ендігі жерде орыстың салт-дәстүрін де үйреніп, игеру керек болар, алайда сіздер де біздің әдет-ғұрпымызды сыйлап, бөркімізді шешпей отырғанымызды ерсі көрмеңіздер. Салтымыз солай. Кезінде хан болған бабаларымыздың көпшілігі адал да абзал жандар еді. Түсі игі текті достары да көп болатын. Бізге солардың жолын неге ұстамасқа! Арамыз алшақ болып алыс тұрғанымызбен, жанымыз жақын тұтып, жүрегіміз жалғасып жататын. Міне, мына сізді мен неге аға тұтпаймын, деп ол генерал-лейтенантты баурап алды. («Қазақ-орыс қатынастары », Алматы. 1961). Орыс үкіметі халқына қадірлі, жұртына ықпалды Абылайдан қайтсе де көз жазбауды ойлады. Сондықтан күрмеуі қиын көп мәселелерді сонымен ғана ақылдасып шешіп отырды. Мұндай ықыластың пайдасы 1741 жылы ол қалмақтың тұтқынына түскенде тиеді. Жанындай жақсы көретін жиенін жоқтап (Шәкәрімнің шежіресіндегі осы айтылуы дұрыс, кейбір зерттеушілердің баласы дегені жөнге келмейді. Өйткені қалмақ ханының Әмірсанадан басқа ұлы болмаған-С.А.), Қалдан Серен «Қайдан болса да Абылайды тірі ұстап алып кел, Шарыштың орнына оны өз қолыммен өлтіремін» деп отыз мың қолмен Жалбы деген батырын аттандырды. Ұлытауда аң аулауға шыққан Абылай құмырсқадай құжынаған жаудың қолына ұйықтап жатып қапияда түсіп қалады. Қазақтардың тілегі бойынша Қалданға жүз салып Абылайды босатып алу үшін генерал-губернатор Неплюев Миллер деген майорды бас қылып арнаулы экспедиция жібереді. Өз тарапынан өтіну үшін қазақтың үш жүзінен ел жақсылары және барады. Қалдан Серен олардың бәріне де жауап бермей біраз уақыт дағдартып, бір күні хан ордасына орыс–қазақты жинап, тұтқындағы Абылайды алдыртады. - Сені Шарыш сынды батырымның орнына өлтіргелі отырмын, кәне, қандай арманын барын айтып қал, - дейді хан.
- Айтсам менің үш арманым бар, - дейді сонда Абылай. -Шарышты өлтірсем мен қазақ пен қалмақтың хан майданында өлтірдім. Сіз мені ұйқыда жатқанда ұстап алып өлтіргелі отырсыз. Кескілескен майданда қаза тапсам арманым болмас еді. Екіншіден, қазақ орнықпай жүрген ел ғой, соны жерге орнықтырып, отырықшы өмірге енгізіп өлсем, армансызбын деп ойлаушы ем. Үшіншіден, төрт атадан бері жалғыз едім. Қазір өліп кетсем не бауыр, не бала жоқ, дүниеге келмегендей боламын ғой. Хан төмен қарап отырып, қасындағысы уәзіріне: «Мынаның айтып отырғанының бәрі шын. Әсіресе соның сөзіне зер салшы. Менде төрт атадан жалғыз едім. Әмірсанам да жалғыз. Ол өліп қалса, тұяқсыз кеткенім ғой», - дейді. Сонда Абылай «Алдияр!» деп қол қусырып атып түрегелді. Хан: «Сен неге алдияр дедің, әлде мен өлімнен құтқардым ба? – десе: «Тақсыр, балаңызға ұқсатқаныңыз, құтқарғаныңыз емес пе, мен қалмақша білемін» депті. Қалдан Серен Абылайға разы болып, Әмірсана екеуін дос қылады. Сұлтанның серіктеріне қыруар сый-сияпат беріп, Күндебауырдан (Үзілмес достық) өзімен нәсілдес бір қызды қосып құрметтеп аттандырады. Шәкәрімнің шежіресіндегі бұл аңызда, әрине шындық бар. Әйткенмен артында қалың қазақтай іргелі ел тұрған Абылайды өлтіріп тастауға Қалдан Сереннің жүрегі дауаламағаны және айқын. Бірақ сыйғасый, сыраға – бал дегендей, кейін Қалдан хан дүние салып, Жоңғарияда тақ тартысы күшейіп әке орнына ұмтылған Әмірсана жеңіліске ұшырағанда, оны қанатының астына алып, Абылайда көп көмек көрсетті. Жағдай қиындап, таққа қолдан келер дәрмен болмай, танау қусырылып бара жатқан тұста оны аман – есен орыс патшасына аттандырып жібереді. Абылай әлсізге көмек қолын ұсынып, күштіге қарсы тұру саясатын жүргізе отырып, олардың ортасынан елі үшін ырғын пайда түсіреді. Халықты көтеріліске бастаған Әмірсананы түп етектей қуып, Қытай әскерлері Аягөзге жеткенде Абылай он шақты елшісін ертіп, олармен барып жүзкөрісіп мән–жайын баяндайды. «Ата-бабамыздан бері қарай Жүңге патшасының мейір–шапағатына бөлене алмаған едік. Енді қалың қазақ оның ұлық мәртебесіне бас иіп, бағынышты ел болуды қалаймыз» деп бөгдіханға жазған хатын табыс етеді. Бұл арада да ол ел мұқтажын еске алып, өзара тиімді сауда жасасуды талап етеді. Қазақтармен баспа-бас сауда қытай жағынада қажет еді. Іле даярлықты пысықтасымен-ақ олар ұсынысты қабылдайтынын хабарлайды. Абылайдың өзіне бекзада атағын береді. Аспанасты империясымен келісімге келіп, саяси сауда мен мәдени байланыстырады өрістеті арқылы қазақ шаруалары өз атамекені Алтай, Іле, Тарбағатай тәрізді шұрайлы өңірлерге қайта қоныстана бастайды. Қытайлар тоқсан мың қолмен жоңғарларға қайтып бас көтере алмастай күйрете соққы берген соң өріс тіпті кеңейді. Осы тұста саудамен қатар егіншілікті өрістетуге де көп күш салынады. Ресейден кісі жалдап әкеп, егіншіліктің қыр–сырын үйренуге ден қойылады. «Абылай ыңғайына қарай біресе орыс үкіметіне, біресе қытай үкіметіне бағыныштымыз деп жүрді, - деп жазады орыс тарихшысы А. Левшин. - Ал шын мәнінде бұлардың ешқайсына да бағынбады, өзінше билік, өзінше саясат
жүргізді». Айтса айтқандай XVІІІ ғасырдың 60-70 жылдары Абылайдың қайраткерлік кемелділігі шырқау шегіне жетіп, билігі үш жүздің үшеуіне де жүре бастаған кезеңі еді. Осыдан қауіп ойлаған Ресей үкіметі одан тағы да шекараға келіп ант беруін, хандық атағын бекіттіріп алуын талап етті. Бұндай басыбайлыққа барғысы келмеген Абылай: «Мені хан етіп, халық сайлап, «Көктіңұлы» пәрменімен әлдеқашан бекітіп қойған» деп онша–мұншаға оңайлықпен мойынсұнбайтынын аңғатты. Әрі ол Емельян Путачев бастаған шаруалар көтеріліске орай патша үкіметінің қырдан тірек таяныш іздеп отырғанын кәміл таныды. Таныды да түлкі бұлаңмен бағыныштылыққа ишарат қана жасап, шаруалар көсемін және емексітіп, бұны өзі билейтін елдің отаршылдыққа қарсы бас көтеруіне ұластыруға тырысты. Нәйлә Ермұханқызының «Шаруалар соғысының өн бойында Орта жүздегі көтеріліс тек қана отарлауға қарсы сипатта болып, оны атақты шонжарлар басқарды» деп жазу сондықтан. Бір ғажабы Абылаймен байланыс жасауға алдымен Е.Пугачевтің өзі құлшынады. Сұлтанның қырдағы атақ –абыройына әбден қанық әрі елге ықпалының ересен күшті екенін білетін шаруалар көсемі оны жағына тартса, халықты қозғалысқа қосудың оңай боларын жақсы түсінді. Сол үшін де араға татар бегі Арсылан мен қазақ ханы Нұралыны салып Абылайдың өз халқын Ресейге қарсы көтеруін өтінді. Онымен жүзбе жүз келісім жүргізу үшін Орынбор түбінен он нөкер ертіп, Шүкір мен Баязит деген башқұрттарды жібереді. Олар Абылайды ауылынан таппай оның баласы Уәли сұлтанмен сөйлессе, шалдуар мінез танытып, қолды–аяққа отырғызбапты. Кейін кеңнен ойлап, кемел шешім жасайтын әке баласының шәлкем-шалыс жауабын құптамай ұзақ толғанып барып, ағасы Сұлтанбек және Әбілпейіз сұлтанмен ақылдаса отырып, қозғалысқа қолдау көрсетуге бел буады. Тіпті ереуіл атқа ер салып, Нұралы хан арқылы көтеріліс басшысымен кездесетін уәделі жерге алады. Алайда бүлікшілердің Орынборға шабуылының сәтсіз аяқталуы олардың да жолын бөгеп қалған сияқты. Әйткенмен делебесі қозып алған қыр ұландары шекарадағы біраз бекіністерге шабуыл жасап, патша әскерлерін елеулі шығынға ұшыратады. Осының бәрі Абылайдың қазақты ешкімге кіріптар қылмай, азат ел ету жолындағы қарекет –қимылдары еді. Ойда орыс, қиянда қытаймен арақатынасты осылай ұтымды ұстап, еліне, жеріне нұқсан келтірмес үшін оны орайына қарай өзгертіп отырған Абылайдың бір бүйірінен Орта Азия билеушілерінің алакөздігі де шыққан жоқ. Екі ұлы көршісінің бейтарап, бейқам бір тұсында ол Ташкент пен Ходжентке жорық жасап, Жизаққа дейін жеті шаһарды басып алды. Шығыс шекарасын Алтаймен әдіптеп, терістігін Тобылдан әрі тұйықтаған ол осы жорық арқылы түстік өңірін Тәшкентке жеткізіп, Бұқар хандығымен иін тірестірді. Оның осы тұстағы абырой– беделі туралы бір аңызды кезінде В.В. Радлов жазып алып бастырған екен. Бертін соны халқымыздың ауыз әдебиеті мен тарихының ғұлама білгірі Мәшһүр Жүсіп Көпеев тереңірек зерттеп, дәлелдей түскен сияқты. Оның жазуына қарағанда, Абылай Бұқар ханының тұз сұратқандығын біліпті арнайы жіберген елшілерінен. Үш жүздің баласы қазақтан түйе жидырып, қырық би және Сүйіндік Жанайдарды
атшы қылып қосып беріп, көп тұз тиеп жібереді. Барған Қырық биді Бұқар ханы сыйлаудай-ақ сыйлап жақсы күтеді. Қайтар кезі болғанда Бұқар ханы: -Абылай артық па, мен артық па? – деп сұрайды. Қырық би: - Сіз артықсыз, сіздің асылдығыңыз – Бұқардай шаһарда, алтын тақтың үстінде сары ала алтынға малынып отырсыз. Жеріңіздің асылдығы - Сіздің жеріңізде етікпен намаз оқуға жарайды, - десті. Бұқар ханы: - Абылайдың осы отырғандарыңыздан басқа жіберген кісісі бар ма еді? – деп билерге қарайды. - Қоста бір атшы бала бар, он төртте. - Ендеше соны шақыр. Оны шақырып келеді. Бұқар ханы: - Өй, балам, мен артық па, Абылай хан артық па?-деп сұрайды. Бала: - Абылай артық , тайсалмай. Бұқар ханы: - Абылай менен қалайша артық болады?- деп ежіктейді. - Абылай атасы садағын сағымға көтерткен. Нұрдан пайда болған. Сіздің атаңыз – Ақмаңғыт, Тоқмаңғыт. Біздің қазақтың балалары ойнағанда: «Маңғыт, аузыңа – саңғыт», деп ойнайды. Түбің, тегің жақсы болатұғын болса, ауызға өйдеп алынбас еді, - деп бала жауап қайтарыпты. - Балам, Абылайдың тұрған жері асыл ма, менің тұрған жерім асыл ма?- дейді. - Сіздің өзіңізден Абылайдың өзі асыл, жеріңізден жері асыл. Сіздің жеріңіз асыл болатұғын болса, суды Самарқаннан алдырып ішер ме едіңіз?Абылайдың тұрған жері – Сарыарқа, екі басса – бір тұз, бір үйінен бір үйі тұз сұрамайды, - дейді. Бұқардың ханы сөзіне риза болғандықтан, жалғыз балаға сыйлағаны қырық биге бергеніне тең болыпты, дейді. Содан бала «Жақсы Жанайдар»атанған екен. Кезінде таңдайынан шаң шыққан шешен сол Жанайдарсыз Орта жүзде бір дау шешілмеген сыңайлы. Асылы, Абылай елге сөзі өтер адамды емеурінінен танып, төңірегіне топтастыра білген ғой. Оның әкери жорықтарының көбінесе сәтті аяқталуы да осындай айдынды да, айбынды, ақылман серіктерінің көп болуынан шығар. Ал абырой – беделін асқақтатып, қадір –қасиетін аңызға айналдырып жіберді. Алтыбақан алауыз, қит еткенді кек тұта қоятын рушылдыққа, жікшілдікке осал, сөзге ергіш елді оның аузын айға білеген билерімен сұлтандарын, арыстандай айбатты батырларын ырыққа көндіріп, уыста ұстау үшін ол өз бойындағы бір – біріне кереғар қаһарлы да қайырымды, айбарлы да айлалы, өжетте нәзік болу сияқты қасиеттерді шыңдай білді. Бір жағынан разы болған, бір жағынан ықынған рубасылары мен ірі шонжарлар одан өз тайпасына балаларының бірін жіберіп ел билетуді өтініп жатты. Кезінде қытай Бөгдіханына кепілдікке берген баласы Әділді Ұлы жүздің бір бөлігін билеуге жіберуі де содан. Отаршылдықты арман етіп өткен ханның баласына Талас бойынан қала салып беруіне де мән бар. Жасы ұлғайғанда қырық жыл қоныс еткен Көкшетауды тастап, Түркістан қаласына келіп тұрақтауы тегін
да тегін емес. Осында ол 1781 жылы, жетпіс жасында дүние салып, мүрдесі Қожахмет Яссауи мазарының алдына қойылады. Қаршадайынан жетім қалса да қисапсыз қажыр-қайратымен, түпсіз ақыл– парасатымен туған халқының қадір-құрметіне бөленіп, қарадан хан көтерілген Абылайдың өмір соқпақтарының ұзын-ырғасы осындай. Әрине, басы жұмыр пенде ретінде ол кемшіліктен де ада болмаған. Оны «Абылай» атты очеркінде өзінің ұрпағы атақты ғалым Шоқан Уәлиханов та атап айтқан. Одан асырып бірдеңе айтамын деу әбестік болар. Асылы, Абылай ақылдығы пар, парасатына ақылдығы сай келген сегіз қырлы, бір сырлы қайраткер. Күні кешегі ханның бәрі қанішер қанаушы, бай біткенді қаныпезер қарау, би атаулыны әділетсіз алаяқ, батыр болса безбүйрек, басбұзар деп бағалаған қасаң заманда алты атасынан уызы арылмаған ақсүйек деп Абылай ісінің дұрысын да, бұрысын да теріске шығарып, тарихтан сызып тастауға таялған едік. Тек бүгінгі уақыт лебінің самалы ғана тарихымыздағы ақтаңдақтар туралы ашық айтып, ардагерлерімізді арашалап алуға жағдай жасады. Сол самалдың шипалы лебімен хан Абылайдың, қаһарман Абылайдың туғанына 280 жыл толуын исі алаш баласы торқалы той ретінде атап өтіп, сол арқылы дарабоз данасының тарихтағы тиісті орнын айқындайды. Сол жылдары Алматыдағы басты көшелердің біріне Абылай аты берілуіне орай және бір салтанат өтті. Енді оған Алматының темір жол қақпасы алаңынан ескерткіш еңсе көтерді. Ұрпақтарының ілтипатпен еске алып, елді мекенге, көшелерге есімін беріп жатқаны ұлы бабасының елін отырықшыландыру жөніндегі басты арманының жүзегше асқанының бір белгісі іспетті. Бәлкім көп ұзамай, басқа қалаларымыздан да жоғарығыдай ескерткіштер бой түзер. Абылайды Ордасында хан көтерген ғой. «Абылайдың ақ үйі» Қызылжарда тігілген. Демек, Қызылжардың іргесін Абылай қалаған. Сол жерде Абылай патшасының өзімен, оның ұлықтарымен хат алысып тұрған, яғни, қала тарихы даңқты бабамыздың есімімен тығыз байланысты. Мұны ескермесе бола ма? Кезінде кемеңгер Абай Көкбай ақынға арнайы тапсырма беріп, Абылай туралы тым тәуір дастан жазғызған. Сол дәстүрді енді жалғастырса да кеш болмас еді-ау. Өткенімізді саралау – ертеңімізді бағалау болмақ. Тарихымызды таразылайық, ардақтарымызыды аялалық.
Абылай ханың ағасы – Сұлтанбек
Аңыз арнасында әрқашан ақиқат жататыны аян. Ел аузындағы аңызға қарағанда, айтулы Абылай хан үлкен ұлы Уәлиді өз орнына ерте бастан–ақ ыңғайлаған тәрізді. Отыз ұлының ішіндегі ең өжеті, айбатына қайраты сай Қасымға бүйрегі қанша бұрғанымен қылыш жүзіндей қылпып тұратын өткір, өр мінезді ол билік тізгінін тең ұстай алмай, елді өзінен теріс айналдырып ала ма деп қауіп ойлаған сияқты. Сол себепті ол мінезі біртоға, момын әрі балаларының төлбасы тұңғышы Уәлиді түбінде тақтың лайықты иесі осы болар деп ел билігіне ерте араластырғанға ұқсайды. Тіпті көзі тірісінде елдің игі жақсыларының ризашылығын алып, Орта жүздің билігін түгел соған тапсырды деген де сөз бар.
Жорыққа аттанғанда өз орнына әмісе Уәлиді қалдырып, ел билігін жүктеп отырғаны да осыған айғақ. Осы пікірді сол тұстағы орыс құжаттары айқындай түседі. Шаруалар көтерлісінің көсемі Емельян Пугачев өзін ақ патша деп танып, бодандағы жұрттың көмек беруін талап етіп, арнайы жаушы жібергенде Уәлидің: «Өз атын өзі шақырған көкек құсап өзін өзі бүкіл елдің билеушісі деп жариялап жүрген қанды балақ қарақшыны бас иеміз деп мойындай алмаймын» деп әкесі жоқта үзілді –кесілді жауап қатуы оның обал болмағанын аңғартса керек. Өйткенмен тақтың осындай заңды мұрагері бола тұра Абылай дүние салғаннан соң ендігі ханның кім болатыны талқыға түспей қойған жоқ. Себебі қазақ ордасында бұрын – соңды тақ атадан балаға емес, ағадан ініге мұра болатын бөлекше бір дәстүр бартын. Оның үстіне хандыққа төре әулетінің өкілдері мұрагерлік жолымен емес, жалпы халықтың сайлауы арқылы қол жеткізітін. Ал халық сайлап қойған ханның беделі мен билігі оның атақ дәрежесіне емес, елдің қамын ойлайтын ақыл-парасаты мен іс-әрекетіне байланысты болатыны белгілі. Мұның өзі түбінде билеуші көкірек керіп, менменсіп кетпей, басына хан көтерген халқының қамын жеуіне, бұра тартпай ұдайы әділ шешім шығаруына бірден – бір себеп болған. Белгілі жазушы, беделді тарихшы Мұхтар Мағауиннің айтуына қарағанда, бұл дәстүрдің тамыры ту тереңде жатыр. «Қазақтың хан сайлау дәстүрінің түптамыры біздің дәуірдің ІV-V ғасырларына – көне ғүн дәуірінде барып тіркеледі, - деп жазады ол «Қазақ тарихының әлппесі » кітабында. – Ежелгі Түрік ордасы заманнан төртінші ғасырдан жеткен нақты деректерге қарағанда қағанат тарихындағы төртінші әмірші Мұған хан тақ билігі ағадан ініге, одан соң ағаның баласынан інінің баласына көшетін дәстүрді заң жүзінде негіздепті... Ұлы түрік қағандығының мұрагері, одан соңғы Батыс Түрік қағандығының тарихи жалғасы болып есептелетін Алтын орда ұлысында да ежелгі түрік дәстүріне сай тақ билігі ағадан ініге көшетін заң берік сақталады. Бірақ түрік қағандығындағы реттік тәртіп аттамалы жолмен, дәлірек айтсақ, іріктеу арқылы жүзеге асады, жасы кіші інінің келесісі емес, үлкен-кішісіне қарамай, ең беделді, ең айбарлысы хан көтеріледі. Бұл озық салт Қазақ ордасы заманында одан әрі жалғасып жетіле түсті». Шынында да қазақ мемлекетінің тарихында сонау Керей ханнан бастап, Абылайға дейінгі аралықтағы аты белгілі жиырма ханның бәрі де ашық сайлау тәсілімен халықтың қалауы бойынша таққа отырған. Абылай өзі барында-ақ орнына қойып кеткен Уәлиді хан көтерерде де бұл дәстүрден аттап кете алған жоқ ел. Сайлау барысында Уәли хан көтерілгенімен, тақтан басқа да үміткерлердің пікірі қатаң ескерілген секілді. Оны сол тұстағы Үпі мен Симбир әміршісі Иван Якобидің Мемлекеттік сыртқы істер алқасына жолдаған құпия хатынан айқын көреміз. «Ол сайлауда хан тұқымынан тарайтын өзге төрелердің де мұрагерлік құқығы жайында пікір айтылмай қалған жоқ. Барақ (КөкжалА.С,) әулетінен шыққан Дайыр сұлтанның, Абылай шыққан Уәли әулетінің өкілі Сұлтанбет төренің, Ұлы жүздің әкімі Әбілмәмбет баласы Әбілпейіздің де келісімі сұралды. Олардың сайлауға алдыңғы екеуінің өздері келді де, үшіншісі балаларын ғана жіберді. Алайда олардың барлығы да хан тағынан бас тартып, аталмыш Уәли сұлтанның хан көтерілуіне сөзсіз келісетінін білдірді. Демек, хан тағына Уәлиден
басқа лайық үміткердің болмағанына ешбір күмән жоқ» деп жазады ол (« XVІІІXІX ғасырлардағы орыс-қазақ қатынастары ». ІІ кітап. Алматы. 1964. «Ғылым» баспасы). Бұл орайда Дайыр мен Сұлтанбет жасы жетіп қартайып қалғандарын сылтау еткен. Ал орыстарға еркін бағына қоймаған Ұлы жүздің ірі бір ұлысын билеп тұрған Әбілпейіз Ресей бодандығының қарамағына біржола ілінген Орта жүзге хан болып қазақтың басын қайта құра алмайтынын сезіп, әдейі келісім бермейді. Сөйтіп салт-дәстүрден ауытқыса да Абылайдың алтын тағы үлкен ұлы Уәли ханға бұйырады. Әлгі хандыққа үміткерлердің арасынан Әбілпейіз бен Дайырдың аттары азды-көпті аталып жүр. Ал Сұлтанбет болса оқушыларымыз тұрсын, тарихшыларымыздың өзіне беймәлім тұлға болып келеді. Тарихтың тарам – тарам жолдарынан із кесіп, індетер болсақ, оның Абылаймен терезесі тең төрелердің бірі болғанына көз жетеді. XVІІІ ғасырдағы орыс құжаттарында есімі әманда Абылаймен қатар атаулы оның еңбегі ханмен тең болмағанмен, кемде емес екенін аңғартады. Әрине, орыс ағайындар қазақ есімін қашан дәл де дұрыс жазып еді, бір құжатта ол Сұлтанбет, бірінде Сұлтанмәмет, енді бірінде Сұлтанмұхаммед болып жүргенімен солардың бәрі бір ғана адам, ол Абылай ханның немере ағасы Сұлтанбет. Екеуі де Есім ханның Салқам Жәңгірінен туған қанішер Абылайдың немерелері Абылай хан Көркем Көркем Уәлиден қалған жалғыз таяқ болса, бұл оның інісі Жәңгір төреден туады. Кейде ұлы тұлғалардың тасасында қалып, кейбір кісілердің көзге көп түспей, жүре-бар аұмыт болатыны да бар емес пе. Бұл да атқа Абылаймен қатар мініп, аттары қатар атталғанымен бертін бір ғана ұлыстың сұлтаны болып, қалың қазаққа түгел таныла алмаған тәрізді. Алғаш оның есімі Орынбор комиссиясының бастығы құпия кеңесші, сардар Иван Неплюевтің орыс бодандығына қабылданған қазақтардың ішкі ісіне араласпауын талап етіп, Жоңғар қоңтайшысы Қалдан Серенге 1742 жылғы қырқүйектің 2 – жұлдызында жазған хатында аталдады. Ол: Әбілқайыр хан бастаған Кіші жүз қазақтарының ізін ала Орта жүздің де ханы Әбілмәмбет сұлтандандары бүкіл ұлыс-руларымен көптен бергі өтініштері бойынша өткен 1740 жылы өзіңіз жіберген екі елшіңіздің көзінше ұлық мәртебелі патшайымға адалдығы жөнінде ант беріп, бодандыққа қабылданады. Олардың арасында Сұлтанбет төре мен Жәнібек тархан сияқты басқа да беделді де белді рубасылары бар, деп жазды. Сұлтанбетті және Абылайдың туған ағасы атап көрсетеді. «Айтқандайын, жоғарыда аты аталған қазір өз қолыңызда тұтқында отырған Абылай сұлтан мен өзге қазақтарды олар патша ағзамның боданы болғандықтан оның биік мәртебесіне деген құрметіңіз ретінде тұтқынан босатып, өз ұлыстарына жіберіп, тату көршілігімізді сақтап, беркіте түсерсіз деген берік сенімдемін» деп өз ойын ашық айтады. («XVІ-XVІІІ ғасырлардағы қазақ - орыс қатынастары ».1 кітап. Алматы. 1961. «Ғылым» баспасы). Абылайдың аң аулап жүріп, қапияда калмақтардың қолына түсіп қалып, Қалдан Серенге пенде болып біраз уақыт тұтқында отырғаны тарихтан белгілі. Болашақ ханы жаужүрек сұлтанды жау тұтқынынан босатуға халық көп күш жұмсап, тіпті боданы болған Ресей ұлықтарының да көмек қолын ұсынуын сұрап Орынборға арнаулы өкілдерін жіберді. Олардың басы болып Сұлтанбет төре
келгені сол кездің қүжаттарында сайрап жатыр. Қазақ жұртының өтінішіне орай Орынбор ұлықтары Сыртқы істер алқасымен келісе отырып, Абылай сұлтанды құгқару үшін майор Миллер бастаған арнаулы экспедиция жасақтайды. Комиссияның Карл Миллерге жазбаша берген нұсқауында: “Бұл арадан аталмыш Жоңғар жаушыларын алып, қазақ ұлыстары арқылы аттанасыздар, — деп жазады. Әбілқайыр қазақ ұлыстары арқылы жол бастап жүру үшін Ерәлі сұлтанды қосып жіберуге уәде етіп, ал Сұлтанбет төре мен Жәнібек тархан жол көрсетуге қырғызқайсақтың ең сенімді атақты адамдарын бөлмекші. Жазатайым жол-жөнекей қазақтар тарапынан қастандық болып шабуыл жасала қалса, бәрінің де сазайы берілетініне кәміл сендіріп отыр. Әйткенмен абай болу керек". Сол 1742 жылығы И.Неплюевтің Әбілқайыр ханмен Ор қаласына келген басқада қазақ дүмділерімен, Жоңғар һәм Қарақалпақ елшілерімен жүргізілген келіссөздерінің хаттамасына зер салғанда Сұлтанбеттің кейде хан өкілдігін атқарып кеткені аңғарылады. Онда тамыздың 27 жұлдызында Орға келе жатып, Әбілмәмбет ханның бір шаруамен кері қайтқаны, қасындағы офицерден өзіне әзір мұрсат етіп, демалыс беруін сұрап сәлем жолдағаны айтылады. Оның орнына Орға Абылай сұлтанның бауыры Сұлтанбет төре келгені баяндалады. Ол бұрын бодандық туралы ант бермеген екен. Осы жолы салтанатты жағдайда ұлық мәртебелі патшайымға адалдығы жөнінде ант береді. Оның өнегесімен отыз бес рубасы да сол рәсімді жасайды. Келіссөздер кезінде Абылайды қалмақ тұтқынынан босату жайы кеңнен сөз болған тақылетті. Сөз арасында арнаулы экспедицияға жол бастаушы болып жүру үшін хан жағынан да Жәнібек тархан жағынан да ең сенімді адамдар жіберілді. Ал Абылайдың бауыры Сұлтанбет төре айырықша мүдделілік танытып, өзінің ең сенімді, әрі адал да абзал адамын ту-ту жоңғар билеушісінің өзіне жіберді. – деп атап көрсетіледі. Сол пікірді беркіте түсу үшін Якоби де оны Уәли, яғни Көркем Уәли әулетінен деп жазады. Ал шын мәнінде ол Көркем Уәлидің бауыры Жәңгірден туған немере інісі. Сонда ол Абылайға да немере аға болмақ. Бауырлардың ара - жігін ажыратпай бәрін де бір туған санайтын бауырмал Қазақ дәстүріне сайсақ, әрине, ол Абылай ханның аты жөнінен ең жақын, ет жақын туысы. Сондықтан екеуінің есімі кезінде қатар аталып, құжаттарға қатар жазылуы жарасып-ақ тұрады. Және Шоқан Уәлихановтың орыс үкіметі шынайы ханының өзі тұрғанда да Орта жүз билеушілерінің ішінен, Абылаймен, оның бауыры Сұлтанбетпен көбірек қарым-ұатынас жасады деп жазуыда тегін емес (Ш.Ш. Уәлиханов 5 томдық шығармалар жинағы. Алматы.1965ж.). 1762 жылы Екатерина ІІ өзінің таққа отыруы рәсіміне орай Нұралы хан мен сұлтандарға марапат ретінде берген грамоталар бар. Абылайға арналған осындай мадақ қағазында: «Императорлық ұлық мәртебемізге адал берілген Орта жүз қырғыз-қайсақ ордасының Абылайға және басқа төрелер мен рубасыларына бізден мархабат мейірім» деп жазылған. Мазмұны тура осындай грамота Орта жүзден Сұлтанбет төреге Кіші жүзден Нұралы ханның інілері Ерәлі мен Айшуақ сұлтандарға ғана беріледі. Орта жүздің екі сұлтанына бұл грамоталарды Троицк бекінісінің бригадирі Т. Масыловтың атынан тілмаш Гордеев қырға арнайы келіп, жұртты жинап салтанатты жағдайда тапсырады. Абылай ержүрек батырлығымен,
кең толғар ақылдығымен көзге түссе, Сұлтанбет ел бірлігін сақтар, салқын сабырлығымен, мәмілегерлік байсалдығымен баураған тәрізді төңірегін. Сұлтанбеттің өз еңбегін қалай бағалайтынын, оның 1762 жылғы желтоқсанның 2 жұлдызында патшайым Екатерина ІІ-ге жолдаған хаты да айғақтайды. Әдеттегідей хат: «Асқан мейірбан құдіреті күшті» ұлы ел иесі, бүкіл Ресейдің және басқа алуан жұрттың жарылқаушысы патшайым Екатерина Алексеевна! – деп басталады. -Ұлық мәртебелі құзырыңызға Орта жүз қырғыз-қайсақтарының төресі Сұлтанбет пен рубасылары түгел бас ұрып құдайтағаладан Сізге ұзақ ғұмыр, һәм зор денсаулық тілейді. Оған қоса мәртебелі өзіңізге арнайы жіберілген ұлымыз Орыс сұлтанының серіктерімен бірге елге аман-есен оралғанын хабарлап, сол үшін өзіңізге мыңда бір алғысымызды айтамыз. Ал енді өзіміздей Сұлтан бауырымның өзіңіздің ұлық мәртебеңіз тағайындаған жалақыға ие болып, жылына үш жүз сом алып жүргенін мәлімдей отырып, Сұлтанбет төре - мына мен де Орта жүздің шимаңдай бір жұртына иелік етіп, сұлтан ретінде сеніп тапсырған қызметіңізді қалтқысыз атқарып келемін, алда да атқара беремін. Ұлық мәртебелі өзіңіздің биік құзырыңыз осыны ескертіп, жоғарыдағыдай сый-сияпатын маған да жасар деген үміттемін». Осы парақтың аяғына қызыл сиямен мөр басылып, Сұлтанбет төренің қолы қойылған. Хат барысымен Сұлтанбет төреге де мемлекет тарапынан арнаулы жалақы тағайындалады. Мөр басылған қағаздың құдіретін кәміл білген ол енді патша үкіметінен үй салып беруін өтініш етеді. Кезінде бұл да қағазға түсіп, хатталып қалған түрі бар.Симбир әскери желісінің қолбасшысы генерал-майор һәм сардар Антон Скалонның 1776 жылдың сәуір айында Сыртқы істер алқасына жолдаған баян – хатында бұл жайында ашық айтылады. Орта жүз қазақтарының жай-жапсарын көңіл-күйін сипаттай келіп ол: «Оның үстіне Абылаймен Сұлтанбет төрелердің мынадай тілегі бар, -дейді. - Алғашқысы биыл қыстың қатал боларын болжап, ұсақ-қарасына қажет пішен мен пешке жағарар отын аздық ететінін ескертіп, қонысын басқа жерге көшіріп беруді өтінеді. Ал соңғысы жасының шау тартқанын желеу ғып қыста алаңсыз тұрып өмір сүретін қолайлы үй салып беруді сұрайды. Оған арналған үйді Жәміш дистанциясының тура желісінен Кереку фарфосына шығар жолдың бойынан алғашқы жарты маяктың тұсынан салып берген абзал. Оның өзі де қысы –жазы сол өңірде көшіп – қонып жүреді. Сондай-ақ Абылайдың да үйін көшіру жөніндегі өтінішін сөзсіз орындау керек. Ол үшін арнаулы шебер жұмысшы адамдар жібереу шарт. Әйтеуір олардың өкпе – наз наразылығына жол бермей алдын алып отырған жөн ғой » («XVІІІ-XІX ғасырлардағы қазақ-орыс қатынастары» . ІІ кітап . Алматы. 1964 «Ғылым» баспасы). Сайып келгенде, төре тұқымы қолайлы тұрғын үй мен отырықшы тұрмыстың қадір-қасиетін сол кездің өзінде-ақ жақсы білген сияқты. Сұлтанбет төре туралы көбірек мағлұматты орыс офицері капитан Иван Андреев қалдырыпты. Қызмет бабымен қазақ даласын ерсілі-қарсылы кезіп көп аралаған саясатшы қыр халқының тілі мен ділін, әдет-ғұрпын жақсы біліп, оны талмай зерттеген. Соның арқасында бұл жұртты жақсы көріп, арасында тұрақты
тұрып қалып қойған. Қазір осының сүйегі өзіміздің Семей жерінде жатыр. Оның «Қырғыз – қайсақ Орта жүзінің сипаттамасы» атты еңбегінде (Алматы. 1998. «Ғылым» баспасы) Сұлтанбет төре жайындағы деректер біраз бар. «Кітаптың Жәміштен Железин бекінісіне дейін» деген тарауы Жәміш бекінісінің Ертіс өзенің бойында оң жағалауда жатқаннан басталып, оның осы арадан жеті шақырымдай әйгілі Жәміш көліне таяу екенін баяндайды. Ертістің өзін бойлап жағалай отырған ұлыс-руларды текті төрелер билейтіні, бұл төңіректе бәсентиін, бура-найман, уақкерей, қаракесек, қыпшақ және төртуыл болыстарының жүз жиырма алты мыңнан астам жылқысы жер қайыстырып, ен жайлап жататыны сипатталып, әлбеттен –ақ қыруар деректер келтіріледі. «Қыпшақ болысы Жәміш бекенісінен Ертісті бойлап төмен қарай Железин бекінісіне дейін, тіпті одан әрі қыстақтар мен аралдарды алып кең көсіліп жатыр, - деп жазады Иван Григорьевич. – Бұл болыстың бас иесі Сұлтанбет төре саналады. Оның қарауында әйелдермен балаларды қосапағаның өзінде сайдың тасындай бес мың игі жақсы бар. Сұлтанға тектілігі мен кісілігі ескеріліп, өткен 1778 жылы Кереку фарфосынан жеті шақырымдай жерде өзен жақтан қыста қоныс ету үшін ағаш үй салып беріліпті. Оның үстіне Мемлекеттік сыртқы істер алқасының 1764 жылы наурыздың 13 жұлдызында берілген жұлдызы бойынша ол вице –канцелер Воронцовтан сенімхат алыпты. Соған сәйкес соған семсер сыйланып, жүз елу сом ақшадай жалақы белгіленіпті. Онысын алдағы уақытта өсірмекші екен бірақ сол қалпында қалып қойған көрінеді. Ертіс төңірегіне тамыр жайған осынау текті сұлтаның тұқымы мен үрім – бұтағын біліп, қағазға түсіруді міндет санапкеліп едім. Кереку фарфосында төренің өзі алдымнан шықты. Айтуына қарағанда, олардың түбі ежелгі хандар тұқымнан болып шықты. Оның өз аталарын Есім ханға жеткізіп, арғы жағын нақты айта алмай, әйтеуір түп-тегі барып тарихтан әйгілі кәдімгі Шыңғыс ханға тірелетінін, соның ұрпағы екенін баяндаған болды. Әрине, бұлар кітапқа жазылып қалмаған соң, ата-тегінің шежіресін біле де алмайды ғой. Сондықтан өзімнің қазбалап сұрап іздестіріп жүріп жазып алғанымды алға тартпақшымын». Одан әрі И. Андреев: «Бұлар білетін шежіреге қарағанда бұл тұқымның түп атасы Есім хан» дей келіп, оның екі-ақ баласынан тарайтын әулеттің кестесін жасайды. Есімнен Жәңгір мен Жәнібек туады. Жәнібектен Әбілпейіз әулеті тарайды. Ал Жәңгірден Абылай (кәдімгі қанішер атанған – С.А.) одан Уәли мен Жәңгір туады. Көркем атанған сол Уәлиден атақты Абылай хан туады да оның орнын баласы Уәли басады. Жәңгірден Сұлтанбет төре туады да, оның Орыс, Иман Жәңгір деген ұлдары сұлтан аталады. Шежіре кестесіне Сұлтанбеттің үш-ақ ұлының енуінде де мән бар. Олардың үшеуі де өз алдына ұлыс алып, ел билеп, шын мәнінде сұлтан болғандар. Орыс Сұлтан болса, әкесінің сәлемдемесімен Ор мен Орынбор былай тұрсын, сонау Петербурггке де барып қайтқан. Абылай ханның тапсырмасымен елшілік міндет атқарып, Қытай мен екі арада жүрген белгілі қайраткер . Сұлтанбеттің сұлтан атанбай ел ішінде төре дәулеті деп қана қадір тұтылған тағы да он ұлы болған. Олар: Сейіт, Қарабас, Матай, Қарақас, Кәріпжан, Құлшық, Шаншар, Таймас, Бышқан, Мұқыш. Сөйтіп, бір ғана Сұлтанбет төренің
кіндігінен табаны күректей он үш ұл тараған. Он үші атқа мінгенде, дауылпаз ақын Махамбет айтқандай, жер қайысқан қол емес пе. Алайда көптің азаюы, аздың көбеюі оңай ғой. Кешегі Кеңес үкіметі хан, қожа, би, төре әулеті дегендердің соңына шырақ алып түсіп, қуғынға ұшыратқанда барлығы да «балапан басына, тұрымтай тұсына» бас сауғалап, тұстұсына кетті. Қара орманын қалдырмай, орныңда отырғандарын жауапқа тартты, абақтыға жапты. Дені қазіргі Ертіс қаласынан төменірек «Төре тұмсыққа» тоқайласып, біразі өзен жағалай отырған елге би, төре болып қанатын кең жайған әулет сайда саны, құмда ізі қалмай, қашып - пысып басы ауған жаққа тартты. Көбісі тіпті «төре тұқымынанбыз» деген сөзден қорқып «батырақ, кедей, жалшы» болып шыға келеді. Әйтеуір ол кезде ата сұрасудың әбестік саналғаны жақсы болып, біразы түп-тегін атамай аман қалды. Қырқыншы жылдардың аяғында біздің жоғары кластарда оқып, оңсолымызды танып қалған кезімізде Көкше өңірінде Мұсахан Қанапиянов деген мұғалімнің атағы дүркіреп шықты. Ол директор болып жүрген Сырымбеттегі Казгородок орта мектебі оқу-тәрбие жұмысының жақсылығы, өнерпаз шәкірттерінің көптігі жөнінен алдынғы орынды бермей жүрді. Бүгінгі белгілі қоғам қайраткерлері бірі атақты ақын, екіншісі айтулы сәулеткер Кәкімбек Салықов пен Шота Уәлиханов, танымал мемлекет қайраткерлері Еркін Әуелбеков пен Қажахмет Балахметов сол мектептің сол тұстағы түлектері. Ұзамай Мұсакең облыстық оқу бөлімінің меңгерушісі болып жоғарылатылып, аймақта мектеп құрлысының өрістеуіне, оқудың еңбекпен, өндіріспен байланысының күшеюіне қыруар үлес қосты. Бір орында он жыл жемісті жұмыс істеген оны қызмет жөнінен жоғарылату заңды да ғой. Бірақ бір қызығы ол облыстық атқару комитетінің хатшылығынан бас тартады. Бұны біреулер оның саяси саяздығына сайса, енді біреулер оқу-ағарту жүйесін әбден билеп -төстеп дандайсып кеткені сан-саққа жүгіртеді. Тіпті партиялық тапсырмадан бас тартты деп ол туралы облыстық газетте сын мақала да жарияланады. Бірақ оның бірінен айыл жиған Мұсахан жоқ, өз міндетін жас ұрпаққа ұстаздық ету деп біліп, Сырымбеттегі бұрынғы мектебіне тартады да отырады. Туған ұжымы құшақ жая қарсы алып, ол өзі бастаған ісін одан әрі өрістетті. Оқушылардың тұңғыш оқу –өндірістік бригадасы осы мектепте құрылып, ол республикадағы алдынғы орында тұрды. Бақсақ, Мұсекең басшы кеңес қызметінен оны олқысынғандықтан бас тартпай, елімізде енді ғана басталған оқудың өндіріспен байланысын жеріне жеткізейін деп жүр екен гой. Бастаған ісін аяқтау үшін бұлайша құрбандыққа бару екінің бірі, егіздің сыңарының қолынан келе бере ме. Оны айтқан сөзін екі етпейтін текті адам ғана жасайды. Сол Мұсахан Қанапиянов шын мәнінде текті тұқымнан шыққан екен. Әлгі айтып отырған Сұлтанбет төреміздің тікелей ұрпағы көрінеді. Төре тұқымның шежіресін тізіп жүрген жанашыры Шота Уәлихановтың дерегіне жүгінсек, Сұлтанбеттен Ахмет, Орыс, Үкібай, Тортан туады. Үкібай, тіпті Тортан да ағадайындары еркелетіп атап кеткен Абай, Шоқан сияқты лақап есімдер болуы да ықтимал. Өйткені ол кезде аталарымыздың аты кетеді деп әсіресе әйелдер жағы ер балаларға өзінше ат қойып, болмаса бұрмалап айтатын салт болған ғой. Төре
тұқымы болса баласына атасының, бабасының атын қойып бытыстыра берген. Жоғарыда И. Андреев айтатын Жәңгір Сұлтанбеттің әкесінің, қала береді бабасының аты. Ал ел ауызында жүрген шежіреге жүгінсек, Тортан Сұлтанбеттің әкесінің, қала берді бабасының аты. Ал ел ауызында жүрген шежіреге жүгінсек, Тортан Сұлтанбеттің Матайынан туады. Қайсысынан туса да сол Тортан Мұсаханның бабасы. Одан Қасым, Қасымнан Шыңғыс, Шыңғыстан Қанапия туады. Қанапия кезінде азын-аулақ жиған-тергенін жұмсап, Меккеге барып қажы атанып оралған, оқыған-тоқығаны мол ғұлама кісі екен. Ол ұстаған молдадан төңіректегі 30 ауылдың жастары білім алып, көкірек көзін ашқан. Мінезі де биязы, мейірбан, қайырымды кісі ағайын арасында аса қадірлі болғанға ұқсайды. Сондай зиялы да, биязы, қадірлі де, қайырымды жандарды кешегі Кеңес заманында қасақана құртып жіберді емес пе. Оған Мұсаханның жар жолдасы, алты бірдей алтын асық сынды баласының анасы өзі де ұстаз болған Күләш Сәпиқызының мына естелігі куә. «Қажы атамызды 1928-1930 жылдардың бір күнінде (қазір ол күнді білетін, дәлелдеп айтатын бір адам жоқ) үйінен милицияның адамы алып кетіп, апарып Павлодар түрмесіне қамайды. Атамыздың қартайған шағы екен. Екінші әйелі де қайтыс болған. Екі баласы Исахан, Мұсаханмен күнелдтіп жатқан кезі болуы керек. Балалары жас, он-он екілер шамасында. Іздеп баратын ешкім болмаған. Ақыры ауырып, түрмеде қайтыс болады. Тағылған кінә-қажыға барғаны. Сөйтіп екі жетім бала Омбы жаққа кетіп қалыпты. 1959-1962жылдары біздің Павлодар қаласында тұрған кезіміз еді. Бір жағдаймен түрме тұрған көшеден өткенімізде Мұсаханның жаны түршігіп, түрме жаққа қарай алмай ауыр күрсінгені бар» деп еске алар еді ол («Ұстаз». Алматы. Жібек жолы баспа үйі.1998) Кезінде үлгілі ұстаз, маңдай алды мұғалима болған Күләш марқұм ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, бәрінен де немере сүйіп, жан жары көрмей кеткен қызыққа шүйгіп, Мұсаханнан отыз алты жыл кейін өмірден озды. Үлкен ұлы Сержан білдей бір республикалық мекемені басқарған мемлекет қайраткері. Қыздары Жеміс пен Раушан, Гүлзарасы да жауапты қызметте. Кенжесі Ерлан да қара жаяу емес, ал ортаншы ұлы Бақытжан аты елімізден тыс жерлерге таныла бастаған талантты ақын. Не керек бәрі де еліне елеулі, халқына қалаулы азаматтар. Олардың ішінде, әлбетте, рухани жағынан жақын санап, жақсы көретінім-қаламдас, қадамдас інім Бақытжан.
Дақпырт үшін ұстаған қостілділік, Екіжүзді болуға баулайтындай. Ана тілсіз есейткен ес білгізіп. Не жазып ек заманға алдайтындайдеп ана сүтінен айырылғандай ана тілін ұмыттырып, ата салтына өгей етіп өсірген заманына, қоғамына өкпе-наз айтып өкситін ақын өлеңдерін орысша жазады. Алайда соның өзінде оның жырларынан туған даласының мөлтілдеген көлінің, екпіндеген желінің, сыңғырлаған бұлағының, сыбдырлаған құрағының
ерке үні есіліп, алқызыл гүлінің, алқалы нуының жұпар исі аңқып тұрғандай болады. Бірде ол:
күн еңкейіп қырқадан, әрі аунаса, деме ерте. Жалбыр шашты шыршадан Жолға сұлар көлеңке. Сонда жасын сыптаған Сертті ағашқа кел, ерке! Деп ежелгі сақтарда Кездескен ғой жастар да, - Деп тарих қойнауынан тірілтіп тың суретті тарта қойса, енді бірде: Ұмытып болды жол шалғай, Ұмытып бағзы сүрлеулер . Тірлік тоқтап қалмағай, Ошақта отты үрлеңдер. Талақ еткен тағдырың, Қалтылдаған үмітің Булыға өшкен балғын үн,- Мазалайды күні-түн. Жол шаңы боп қалсамшы. Яки қырда шоқ тал боп. Бәрі өзгенің алдамшы Жадында ұстар соқпақ жоқ,- Деп бұл дүниедегінің бәрі өтпелі, өткінші екенін еске салып, оданда тірліктің барлығын аңғартар жол шаңына айналып, өткен-кеткен пендеге пайдасы тиер қырдағы жалғыз шоқ тал боп қалғаны артық-ау!-деген ой өрбітіп, өзіндік сыр толғайды. Осындай ойлы ақынның қазақ оқырмандарына жете таныстыру, әрине, таяу келешектің ісі. Ал әлгі айтылған ойлар асылдың тұяғы, алтынның сынығы сынды тектінің ғана шабытынан туса керек.
МАЙОР МИЛЛЕР ЖӘНЕ ЖӘНІБЕК ТАРХАН ( Орыс елшісінің жазба туралы ізімен) Шәкәрімнің шежіресінде қалмақ ханы Қалдан Сереннің қолында пенде болып отырған Абылай сұлтанды құтқару үшін Орынбор генерал-губернаторы И. Неплюев майор Миллерді жіберді деген жолдар бар-тын. Орыс елдің айдыны мен айбынын танытып , қазақтың болашақ ұлы ханын тұтқыннан құтқарып аман алып қайту арнайы тапсырылған майор, әрине анау –мынау мәмілегер болмасқа керек қой. Алайда ара-тұра кейбір тарихи туындылардан аты аталып қалғаны болмаса, ол туралы мағлұмат тым тапшы еді. Тек осыдан қырық жыл бұрын ғана қазақстандық ғалым Валентин Басин Мәскеудегі орталық архивтен оның Жонғар хандығына барған сапарынан күнделік ретінде қағазға түсірген жолжазба
журналының бірінші және үшінші бөлімінен тауып , алғашқысын 1961 жылы Алматыда жарық көрген «XVІ-XVІІІ ғасырлардағы қазақ –орыс қатынастары » атты құжаттар жинағына кіргізді. Жаны ізгі оқымысты өзі дүние салар алдында сол журналдың қолындағы фотокөшірмесін түгелімен бұдан шәкірті Ирина Ерофееваға тапсырып кетеді. Ұстаз аманатына адал тарихшы ол қолжазбаны өткен жылдың аяғында Қазақстанда немістілінде шығатын «Феникс» журналында толық жариялап, оған жап-жақсы алғысөз жазды. Онда қазақтың бұрынғы хантөре, би-батырларының біразын көзімен көріп, көбімен дәмдес-тұздас болған орыс елшісі, мәмілегер Миллер жайында тың деректер бар. Ұлы Петрдің сенімді серіктерінің бірі, сенаттың бас хатшысы, географ ғалым әрі ірі экономист Иван Кирилов 1734 жылы Петербургтан Уфаға сапар шегіп, жол-жөнекей Қазан қаласына соғып одан өз қол астына Пенза жаяу әскер полкін алады. Көпті көрген, кісі танитын кәрі тарланның көзі сол жолы нәсілі неміс жас офицер Карл Миллерге түседі. Әншейінде елеусіз, кішіпейіл, елгезек офицердің оған башқұрт, татар тілдерін білетіні ұнап, бірден іш тартады. Тапсырма беріп байқаса, білімі де, білігі де мол, алғыр да тапқыр әрі еңбекқор жас жігіттің бойынан дипломаттық дарын байқалады. Сондықтан сұңғыла Кирилов оны Орынбор өлкесіне ерте келіп, Сыртқы істер алқасының тапсырмасымен Кіші және Орта жүз қазақтарының шекарамен жапсарлас қоныстарына жиі-жиі жіберіп алып отырады. Саяси ахуалмен жергілікті жердің өзінде тікелей танысып, тап болған мәселені табан аузында шешіп, тапсырманың бәрін тап-тұйнақтай орындап қайтып жүреді. Оның үстіне көшпелі елдің тұрмыс салты, әдет-ғұрпы жайында қыруар дерек жинап, қырда жүріп ауызекі қазақ тілін жап-жақсы үйреніп алады. Қызмет бабындағы осындай сапарларда танытқан тамаша іскерлік қабілеті, мәмілегерлік қасиеті оны ұқыпты да жауапты, білімдар да белсенді қызметкерлердің қатарына қосты. Түркі тілдерін тәуір білетін зерделі де зиялы азаматты өлкенің кейінгі әкімдері де бауырына тартып, үкіметтің кезкелген күрделі тапсырмасын тайсалмай орындайтын келешегі мол көмекші деп білді. Патша үкіметінің қазақ даласы арқылы Орталық Азия елдеріне өтіп, сауда байланыстарын өрістетуге бел буғанда алғашқы керуенді бастап барудың Каарл Миллерге жүктелуі де содан болса керек. Мұның онша да мұнша оңай сапар емес екенін К.Миллер бірден-ақ білді. Осының алдында жеті жыл бұрын бұл елдермен сауда қатынастарын қалыптастыру үшін орыс үкіметі полковник Иоганн гербер бастаған бір керуен жіберіп те көрген. Кезінде Петрдің тікелей өз тапсырмасымен Кавказ бен Персияда тәп-тәуір мәмілегерлік іс тындырып қайтқан Гербер саудагер кейпінде барып, қажет жерінде елшілік міндетін де атқарып кетпекші еді. Алайда сапары сәтсіз болып қазақ даласына табаны іліге бере Батыр сұлтан бастаған шекті жігіттерінің шабуылына ұшырап, керуен түгел таланып, өзі әрең қашып құтылып, Петербургке жерге қарап қайта оралған-ды. Бірақ сенім артып тапсырма беріп тұрған соң бас тартуға болмайды. Қажетті нұсқаулардың бәрін алып Миллер 1738 жылғы сарша тамызда Ор бекінісінен сауда керуенімен шығып түстік-шығысқа Ташкент қаласына бет алды.
Сарыарқаны көктей өтіп, Бетпақ даланы басып бір жарым мың шақырым жол жүріп, жетер жерге әне-міне қалғанда Түркістанға тақау Бескемпір деген жерде олардың керуені де тұтқиыл шабуылға тап болды. Ұлы жүздің Қойкелді батыр бастаған шымыр руының жігіттері керуенді түгін қалдырмай талап, елшіліктің бүкіл мүшелерін тұтқынға түсірді. Елшілік жетекшісі жалғыз Миллер ғана Қонай мырза деген бір ел ағасының арқасында аман құтылып, оғып-бұғып Ташкентке жетті. Шаһарда бірнеше апта білдіртпей жүріп, жергілікті тұрғындармен жиі араласып, осындағы Орта жүздің ханы Жолбарыспен байланыс орнатып мән-жайды баяндады. Осында келіп жатқан Орта жүздің белгілі рубасылары Шақшақ Жәнібекпен, Нияз батырмен және Жоңғар әкімі Қасқа ноянмен танысты. Солардың көмегімен келесі жылғы наурызда елшілік мүшелерін түгел қайтарып жинап алып, уақыт ұттырмай қайтар жолға қамданды. Ресейден орта Азияға ең алғаш Бетпақ даланы басып өткен тұңғыш саяханшының керуені маусым айында, әйтеуір, адамдары аман есен Ор қаласына оралды. Сауданы жолға қоя алмаса да ол елдер жайында қыруар деректер жинап, мол мағұлмат алып келген жас офицер қызмет бабымен жоғарылап, майор атағын алады. Әскери атағымен бірге оның елшілік мәртебесі де өсе түседі. Қырқыншы жылдан бастап К.Миллердің есімі орталық және жергілікті өкімет орындарының қызмет құжаттарында жиі ұшырасады. Оны Орынбор генерал-губернаторлары қазақтың хан-төрелерімен, ықпалды рубасыларымен кездесуде ара ағайын сияқты сенімді мәмілегер, дәнекер етіп пайдаланады. Ол хандар мен сұлтандардың ордасына, қазақ ақсүйектерінің ауылына жиі барып, олардың талап-тілегін өлке басшыларына жеткізіп тұрады. Орыс әкімшілігінің олармен ресми кездесуін, келіссөздерін ұйымдастырады. Кезінде Орынбор өлкесінің әкімі В.Урусов Орта жүздің билеушілері Әбілмәмбет хан мен Абылай сұлтанға жұмсап жауапты келіссөз жүргізуді жүктеді. Нәтижесінде олармен Ор қаласында хаттамалық рәсіммен ресми келіссөздер жүргізіліп, қос билеуші ақпатшаға адалдық жөнінде ант берді. Ханға қарағанда сөзге шебер, пікірі ұтқыр , ақылы алғыр Абылай сұлтан майорға сол жолы-ақ жақсы әсер қалдырған еді. Бәлкім, кейін Ресей патшалығына бодан болған Кіші және Орта жүз қазақтарына өктемдікті доғаруды талап етіп, тұтқындағы Абылайды босатуды сұрап Миллерді Жоңғар қонтайшысына арнайы жібергенде оның сұлтанмен осы жақындығы да ескерілген шығар. Ал ол мың өліп, мың тірілген қазақ халқы үшін өмір мен өлім тайталас түсіп, үмітінен үрейі басым болған алмағайып ауыр бір шақ еді ғой. Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламадан кейін бас біріктіріп, күш жиып өзіне-өзі еркін келе алмай жатқан қазақ елі қырқыншы жылдардың басынан бастап жоңғарлардың үстін-үстін шабуылына ұшырап, Есіл мен Тобыл бойындағы қоныстары қаңырап бос қалды. Он мың адамдық ойрат әскерлері енді Ырғыз бойындағы елді тарыдай тоздырып ордың төменгі ағысына дейін тықсырды. Орта жүздің біраз жері уақытша қалмақтардың қоластында қалды. Жеңіске желігіп алған Жоңғар әмірі қонтайшы Қалдан Серен әбден кердең кетіп, қазақ хандары мен сұлтандарына қатаң талап қоюды шығарды. Жоңғарияның саяси үстемдігін
танып, үш жүздің билігін қолыма бер, қазақтың қоныс, өрісін өзім билеймін, алым-салығыңды төлеп, Үргіме аманат жібер деп салды. Ұлы жүз онда болсынболмасын Жоңғар хандығының қоластында. Қалмақ халқының мына талабын талқылап ақыл қосу үшін Кіші жүз бен Орта жүздің бір жарым мың халық өкілдері жиналып, қонтайшының бұйрығына мойынсұну керек болар деген байламға тоқтап Әбілқайыр ханға келеді. Осы екі ортада Орынбор әкімшілігіне Әбілмәмбет, Барақ, Батыр сияқты хан-төрелер қалмақ әміршісіне бодан болуға келісіп, аманатын жіберіп қойыпты деген сыбыс жетті. Жоңғар қонтайшысының қазақ еліне бұлайша қыр көрсетіп тізе батыруға тырысуы, сайып келгенде, патшалық Ресейдің Орталық Азиядағы абыройбеделіне көлеңке түсіріп, оның қазақ даласындағы мақсат-мүддесіне нұқсан келтіріп, елеулі қатер туғызатын қылық еді. Қалмақ пен қазақ бірігіп тұтас мемлекет болып кетсе, ескі елес қайта жанданып, алтын Орданың жаңадан еңсе көтермесіне кім кепіл. Әйтсе шекарадағы орыс елінің түшіркеніп тыныш ұйықтауы неғайбыл. Сондықтан апаттың алдын алу керек. 1742 жылғы шілдеде Сыртқы істер алқасы Орынбордың жаңа генерал-губернаторы И.Неплюевке шұғыл хат жолдап, қайткенмен де Ойрат әміршісі Қалдан Серенге Кіші және орта жүз қазақтарының Ресей боданы екенін мойындатып, олармен дау-дамай, таластартыс туып қалса, оны тек орыс елінің Орынбор мен Сібірдегі әкімшілігі арқылы шешу керектігін түсіндіру қажет деп қатты қадап тапсырады. Бұл үшін қыр тұрмысын, елшілік ісін жақсы білетін, орыс өкіметінің ой-пікірін қалмақ ханына жеткізе алатын бір білімді офицер керек деп және нығарлады. Ақылды да айлалы әрі батыл Орынбор әкімі хатты алысымен жоңғар ханына жедел жіберер елшілікті жасақтауға тырысып, оны аттандырар оңтайлы сәтін күтеді. Ұзамай оның да орайы келе қояды. Кіші жүздің ханы Әбілқайырдың ордасына Қалдан Сереннің хатын алып қонтайшының жаушылары Қасқа мен Мұрын нояндар жетеді. Онда қонтайшы әй-шәй жоқ “Әбілқайырдың баласы Айшуақ сұлтан ақбоз үйімен аманатқа жіберілсін, онымен бірге ең ықпалды тоғыз ру басы ере келсін, әр жүз түндіктен салыққа бір-бір қарсақтан әкелсін” деген бұйрық береді. Генералгубернатор үшін бұл тосын жағдай емес еді. Өз жансыздары арқылы Жоңғар жаушыларының келгенін естіген ол дереу Миллерді шақырып алып жауапты тапсырмамен Әбілқайырдың ордасына жібереді. Ол саяси ахуалды аңдап хан мен Жоңғар жаушыларын Ор қаласына өлке әкіміне алып келуге тиіс болады. Қыр халқымен, әсіресе ақсүйектерімен қашанда тіл табысатын К.Миллер бұл жолғы күрделі тапсырманы да ойдағыдай орындап, Кіші жүздің ханы мен үш жүздің 160-қа жуық өкілін қалмақ пен қарақалпақтың жаушыларын қоса Ор қаласына губернатор И.Неплюевке жүзбе-жүз кездесуге алып келеді. Кездесу кезінде генерал-губернатор Орта жүз бен Кіші жүз Ресейдің тікелей боданы, сондықтан Жоңғар ханының оларға ашықтан-ашық қоқан-лоққы жасап, аманат алуына, алым салуына ешқандай қақысы жоқ деп батыл мәлімдеді. Сол себепті қазақтар мен қалмақтардың ірің-кезек даулы мәселелер тек орыс үкіметімен келісе отырып шешілуі керек. Орынбор әкімі орыс пен ойрат арасындағы қатынастардың дұрыс өрбуіне жол ашар қазақ мәселесін ақыр-тақырына дейін
шешу үшін Қалдан Сереннің үргісіне майор Миллер бастаған арнаулы елшілік жіберетінін осы жиында әдейі хабарлады. Бұл шешімді келіссөзге қатысушылардың бәрі қуаттады. Ал Әбілқайыр хан мен Ерәлі сұлтан, Жәнібек батыр, Сұлтанбет төре майор көшінің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, оның жолжөнекей жүріп-тұруын қадағалап отыруға уәде берді. Шығыстың көшпенді жұртымен тіл табысуда тәжірибесі бар, Ташкентте болғанда Ұлы жүздің біраз ұлыстарын аралап көрген әрі қазақша судай оған кәсіби білігі мен жан-жақты білімі ескеріле отырып бұл жолы аса маңызды мәмілегерлік міндеттер жүктелді. Генерал губернатордың он тоғыз тармақтан тұратын нұсқауында ең алдымен оның Қалдан Серенге жолдаған ресми хатын қолма-қол тапсырып, Ресей бодандығын қабылдаған қазақтардың ішкі ісіне араласпау жөніндегі талабын толық жеткізуді тапсырды Миллерге. Содан кейін мәмілегерлік қабілетін қалтқысыз жұмсап, жоңғар ақсүйектерімен арадағы бұрыннан
бар байланыстарды пайдалана отырып қайткенмен Абылай сұлтанды қалмақ тұтқынынан босатып алуды жүктеді. Жоңғарияға бұрын түскен Сібір жолын шиырламай, қазақ ұлыстарын басып жүріп ескеріліп жолай Ташкент пен Түркістан қалаларын тағы да барлап, Ұлы жүз қазақтарының жоңғар бодандығында екенінің шын-өтірігін айқындау баса айтылды. Сөйтіп құрамында прапорщик Николай Фазухин, геодезист Дмитрий Тохтаров, тілмаш Иван Ерофеев, Капрал Тихон Димитриев және қосшы алты Жайық қазағы бар Карл Миллердің елшілік көші 1742 жылғы 3 қыркүйекте жолға шықты. Сол күні кешкі сағат 10 шамасында Ор өзенінен өтіп қасында баласы Ерәлі сұлтан мен қалмақ жаушысы Қасқа бар Әбілқайыр күтіп отырған жерге келді. Ізінше ханмен қоштасып қайтқалы құпия кеңесші, Сардар әкім Неплюевтің өзі де жетті. Оны шығарып салған соң Әбілқайырмен сәлемдескелі келген Миллерге хан Қалдан Серенге хат жазып, оны жаушысынан беріп жібергелі отырғанын айтып еді, елші жоғары мәртебелі патшайымның атынан қонтайшыға арнайы жазылған генерал-губернатордың хатын өзімен бірге алып бара жатқандықтан жазбаша басқа өтініштің қажеті болмайтынын ескертті. Хан жазып қойған хатын табанда жыртып тастап, қоңтайшыға тілегін ауызша жеткізуді өтінді. Таң алдында олар аттанып та кетіп отыз шақырымдай жол жүріп, екінді кезінде Қарасу өзенінің жағасына келіп Өтеміс батырдың ауылына қонды. Мәнжайды сұаған батырға сапарының себеп-салдарын жасырмай толық баяндап әрі қарай аттанып кетті. Елші жасағы түстік-шығысқа қарай бағыт ұстап, Торғай өзенінің төменгі ағысын бойлап Қарақұмның терістік бөлігін басып, Ұлытаудан бастау алатын әлденеше өзенше-өзектерден өтіп Сарысулатып Қаратау баурайына да иек артты. Түркістан қаласының төңірегінде Миллер серіктерінің бір бөлігін ертіп талас өзенінен өтіп Шудың таудан шығар қылтасына шекараға таяп кеп тоқтады. Осы арада оған Ұлы жүздің Үйсін руының Қоңыр деген бір болысы келді. Елші одан Қалдан Сереннің бодандығындасыңдарма ма, деп сұрап еді “бұрын болғанбыз, үш жылдан бері салық төлегіміз келмей одан бас тарттық” деді. Майор
орысқа бағынсаңдар олар сендерді сырт жауларынан қорғайды деп еді, ол:”Біздің қазақ еркін аңқау халық, міне сенің сапарыңды естіп, қалмақ ханымен келіскелі келеді, олар бір жағынан, қалмақ бір жағынан қысып, орыс әскерлерімен тізе қосып қазақтарды қырып, тұқымын тұздай құртып жібереді деп дүрлігіп жүр” деп салды. Бұл оған ондай ой орыстарда жоғын, жат пікірі болса қазақ ауылдарын баспай-ақ сес танытып сібір жолымен жүрер едік деп ақталды. Бұдан бұрын да жол-жөнекей ол үш жүзге аты мәлім беделді де белгілі Сары, Боқай, Жарылғап, Жанжігіт, Наурызбай, Қожакелді сияқты батырлардың, Алтайбай, Қара би, Мәмбетбай секілді ел адамдарының ауылдарында болып, бәріне де бара жатқан сапарының мақсат мұратын баяндап, орысқа бодан болған қазақтарға тиісуге ешкімнің қақысы жоқтығын, оларды патша әкімшілігі қашанда қолдап-қорғап отыратынын басып айтып, қазақ арасында орыс елі туралы жақсы пікір қалыптастыруға тырысты. Онымен жолыққан жақсы мен жайсаңдардың барлығы сапарына сәт тілеп, қолдан келген көмегін аямай қолдау көрсететінін айтып жатты. Тек бұлтаққа салған Барақ сұлтан ғана болды. Ол арнайы жіберген Ерәлі сұлтанмен ақылдасып, шабарманнан ”тоса тұрсын, барамын” деген сәлем жолдайды және Үйсін руының азаматтарына елшіні бөгей тұрсын деп қолқа салады. Арада он күн өткенде ол Ерәлі сұлтанды ғана жіберіп өзі тағы да келмей қалады. Ыза болған Миллер оған ашынып татарша хат жазып Қожакелді мен Боранбай батырлардан беріп жібереді. Онда ол сұлтанды табаны күректей күннен астам күткенін, ақыры келмеген соң одан әрі көз сарғайтудың қажетсіздігін, ұлысұлысты аралап, азық-түлікті азайтып, аттарды да арытып алғанын айтып әуелі мән-жайды баяндады. Содан соң Барақтың өзімен бетпе-бет кездессе, бұл сапарға жоғары мәртебелі патшайымның жарлығымен осы халықтың пайдасын көздеп шыққанын айтып, ақыл алса оның қалмақ ханына аманатқа баласын жібермеуін өтінеді. Амандық болса Қалдан Сереннің тұтқынынан Абылай сұлтанмен өзге де рубасыларын босатып алып қайтпақ үміті барын білдіреді. Сол күні яғни қыркүйектің 2 жұлдызында К.Миллер қасына Қасқаны ертіп, әрі қарай аттанады. Ерәлі сұлтан оны жиырма шақырымдай жерге шығарып салып кері қайтады. “Қасымда серіктріммен Байғұлақ пен Жәнібек батырдан басқа ешкім қалмады” деп жазды ол. Ерәлі арқылы үкімет сенатына жіберген жолжазба журналында. “Қарашаның 15 жұлдызында қазақ-қырғыз ұлыстары тәмәмдалатын тұстағы Қарашатау деген жерге келіп атбасын тіредік”, деп елші журналының үшінші тарауын бастайды. Арадағы бір жарым ай мерзімде жазған бөлімі белгісіз жағдаймен бөлініп кетеді. Сондықтан сол кезеңдегі саясат сайысы мен тағдырлар тоғысын бақайшақтап білмегенмен, оқиға өрісін осы үшінші бөлімнен де байқауға болатын тәрізді. Зер салып, оқиғаларды саралап отырсақ , Жәнібек батыр елшімен еріп бұл жолы қалмақтарға бармағанға ұқсайды. Зайыры, бұдан төрт жыл бұрын К. Миллердің Ташкентке қалған керуеннің тоналған ізіне түсіп, исі қазақ халқына ұят келтірмес үшін шығынның орнын толтырғалы тонаушылардың түп ізіне түсіп, Ұлы жүз ұлыстарының ішінде қалып қойған
іспетті. Сондықтан елшінің жанында бас көтерер дегеннен жалғыз Байқұлақ қалса керек. Бірақ оның тағдыры оның тағдыры аса аянышты болып бітеді. Елшіліктің ең басты мақсаты – жонғар әміршісімен жүзбе–жүз жолығып, қалмақтардың қазаққа дамыл–тыныштық беріп, ішкі ісіне қол сұғуын доғару жөнінде келісімге келу екені белгілі. Алайда хандық аймағына табан тиген күннен бастап қалмақтардың әрекеті орыс елінің өкілін қайткенмен де қонтайшыға кездестірмеу болғаны байқалады. Кейін мағлұм болғандай, хандықта көкшешек ауруы шығып, оған қоса қоқандықтармен соғысамын деп қалмақтар күйрей жеңіліп, қан жұтып қапа боп отырған ханын сондай қалпында жан пендеге кездестіргісі келмеген болуы керек. Сондықтан бұларға ал беттен–ақ қоныр қабақ танытты. Орыс елшісіне бірден батпай, бар өшін олар алдымен оның қазақ серігі Байқұлақтан алды. Өзгелерден оқшауырақ үй тігіп жайғаса бергені сол еді, әлгінде қандастарына кеткен Қасқа қасында Барғанғы дегені жаушы бар бірнеше қалмақ сау ете қалды. Келе ай –түй жоқ Байқұлаққа бас салып, аяқ-қолын байлап тепкілей бастайды. Жолда келе жатқанда бұл бізді күбінің битіндей жабыласың деп қорлаған. Онымен қоймай тұтқында жатқан өз тұқымының қызына айырбастағалы қолына түскен қалмақ қызын мазақ етіп қазақтардың қойнына салып берген деп араша бермей біраз төпеледі. Ақыры, бұлардың мені бастап келген қазаққа кол жұмсауларың осы арқылы орыс еліне, оның ақ патшасына қыр көрсету деп білемін деп елші зіл тастаған соң әрең тоқтаған соң әрең тоқтаған-ды. Содан бастап жоқтан көргені сылтау ғып, қит етсе оған тарпа бас салатынды шығарды. Қаңтар айы қытымыр болып, қар қалың жауып еді: құдайды азғырып заһарын төктірді, бұның қырына алғанға көктен жауын-шашын жіберетін айласы бар деп Байқұлаққа тағы тиісті. Ақыры, бірде маңайдағы жайсаңдармен, нояндармен әңгіме-дүкен құрып, мән-жайын, ой –пікірін біліп жүретін әдетімен бір нәннің үйінде отырса ауыр жараланып, бір жақ бүйірінен қан сауғалаған Байқұлақ кіріп келіп: «Бұларға сенбе, қарауылмен сені Ташкентке айдап, мені өртеп жібермекші» деп қасына қисая кетті. Артынан қуып ұстағалы келе жатқан оншақты адамды көзі шалып, дереу қолына садақ алып жебелерді суылдатып жібере бастады. Бірді–екілісі құлағанмен көпшілік қойсын ба, бұл қанжарын суырып ап ұмтылған бетте ту сыртынан келіп жабылып жықты да сүйрелеп ала жөнелді. Ертеңіне оның өлі денесін әкеліп шапқылап-шапқылап отқа жақты. Наразылық жариялаған елшіге: «Байбұлақты босқа қорғаштамаңыз, ол өзі жөн білмейтін, жүгенсіз адам екен, бір қалмақты таспен ұрып өлтірді, біреуіне пышақ салып алды, шашы топқа садақ атты, ең соңында қанжарын өзіне жұмсап өліп кетті, Манжа сіздің кісілерден сұрап, себебін анықта деп мені жіберді», деді ертеңіне Қаракөбен зайсан. Басқа қалмақтардың көргенінен–ақ қырына алып қыңыратқып жүргені Байқұлақ орыс елінің өкілдеріне төте жолды көрсетіп қазақ арасымен, кең даласымен алып келгенін кешпей жүр екен ғой. Ал бұл тұста Орынбор әкімшілігінен Тарған атағын алған Жәнібек батырдың немере інісі еді.
Шімірікпестен өтірікті шыңдай ғып, қатықсыз қара көжеге қаймақ тұрғызатын Қаракөбен Қалдан серінің оң қолы Сары Манжаның ең жақын серіктерінің бірі-тін. Осының алдында ғана жалпылдап келіп ананы-мынаны майордан алдап алып хатты Манжаға алып кеткен. Сол сумаң жайсаң тағы келіп мұны Манжа әмір шақырып жатқанын, елшіліктің бүкіл адамымен өзі бастап апаратынын хабарлады. Көптен күткен кездесу болған соң майор тіл қайтарған жоқ. Арнаулы киімін киіп, баруға жиналды. Әмірдің ордасына қалған қадам қалғанда бәрі де аттан түсіріп, қару-жарақтарын тапсыруын талап етті. Ұлы Ресей мемлекетінің офицері үшін семсер қарудан гөрі абырой–бедел бейнесі, онсыз ресми онсыз ресми жиынға баруға болмайды деп майор бас тартты. Ал прапорщик пен тілмаш, геодезист қылыштарын тапсырып киіз үйге қарусыз кірді. Қазақтар ат қаңтарған жерде қалды. Есіктен кіре майор сәлем беріп, амандық–саулық сұрады. Содан соң Манжа жайғасып отыруын нұсқап бөстектің үстіне жастық тастатты. Жайғасып болған соң аз-кем үнсіз отырып әмір елшіден қай жерден келгенін, қай жолмен жүргенін , Жоңғар иелігіне қалай жеткенін сұрай бастады. Майор көп айтып бәрін қайталап қажеті болмас, барлығы да Орынбор өлкесінің әкімі әрі бас сардары генерал Неплюевтің хатында ашып жазылған, оны Қаракөбен әкеп тапсырған болуы керек, деп сөзді созған жоқ. Әмір оған хатты алғанын, генералдың тілекталабымен танысқанын, тек майордың сапарға қайдан шыққанын, қай колмен, кім қалай бастап келгенін білгісі келетінін айтты. Елші оған жоғары мәртебелі патшайымның жарлығымен Ор бекінісінен осылай аттанғанын, сапарының мақсаты өлке ісі сеніп тапсырылған генералдың қонтайшы Қалдан Серенге жазылған хатында айтылғанын баяндады. Ал жол жайына келгенде жаушылар Қасқа және Баранғымен бірге ұлы мәртебеліге бодан болған Орта жүз азаматы Байқұлақ көрсеткен жолымен жүргенін жасырған жоқ. Манжа: майор онда патша ағзамның тура өзінен емес, қазақтың сөзін сөйлейтін генералдың жағынан келген екен ғой, - ал мен қалмақ жағының мүддесін қорғайтын басшымын, деп сес көрсетіп, сөзді бұрмалауға тырысты. Сонда да елде шешек деген дерт шығып әзір басылмай тұрғанын, сондықтан Қалдан Серенге ешкімді жіберуге болмайтынын, тіпті мұның өзі де ол жаққа бара алмай отырғанын дәптетіп жатыр. Оған елші елге тиген індетке өкінетінін, бірақ өзі ауру жайламаған сау өңірден келгенін, жүрген жерінде үйді оңаша тіктіріп , қызметші қалмақтар болмаса, бөтен–бастақ адаммен араласпағанын айтып, қайткенменде қонтайшымен кездестіруін өтінді. Манжа сөзді тағы да бұрмалап : - Ұлы Ресей империясы мен Жоңғар хандығы баяғыдан бері одақ болып татутәтті тұрып келеді. Шырыш бұзып дау-дамай туғызатын олардың бодандары. Өз басым генералдың хатынан кейбір жансақтық пен жалғандықты байқадым. Оны әміршіге көрсетіп ренжітпей , жауабын өзім беремін , - деп салды. -Оның ойын дұрыс түсінбеген боларсыз . Жаңсақ ұғып, жалғанға жоритын екідай пікір туып қалса түсіндір деп генерал мені жіберіп отырған жоқ па. Кәне, күмән туғызып күдік келтірер қандай пікірі бар? – деп майор ежіктей сұрады.
- Өтірік айтып, арандатпақшы дейтінінім – қазақтар қашан орыс патшасының боданы болып еді?! – деді Манжа, - Екіншіден, ол сені ұлы мәртебелі патшайымның әмірімен жіберіп отырмын дейді. Ол бұл туралы ештеңе білмейтін болуы да мүмкін гой. Айтшы өзің, қазақтар орыс бодандығына қашан өткен? Ол Абылай сұлтанды босатыңдар , екі жақта бейбіт , тыныш өмір сүрсін деп жазады. Қалай өмір сүретінімді мен өзім білемін, ол үшін ақылшы ұстаздың қажеті жоқ. - Бұлай айтуыңыз бекер, генерал мырзаны босқа жазғырып отырсыз. Қазақтар патша ағымының бодандығында деп өтірік айтып отыр деуініз теріс. Құлақ қойып тыңдаңдар болсаңыз бәрін баяндап берейін, деп майор түсіндіре бастады. - Кіші жүздің Әбілқайыр ханы күллі туысымен, тұтас ұлысымен көп жылдан бері орыс патшалығының қоластында. Оның ұлы Ерәлі сұлтанның патша ағзамның қызметін атқарғанына он төрт жылдан асты. 1738 жылы ол үрімбұтағымен, бүкіл халқымен Ор бекісіне келіп ақпатшаға адалдығын айтып ант берді. Одан келесі жылы сіздің жаушыларыңыздың көз алдында сол антын салтанатты жағдайда қайта қайталады. 1740 жылы Орта жүздің ханы Әбілмәмбет пен Абылай сұлтан ұлысының бас көтерер адамдарын ертіп келіп өз өтінішімен бодандықты қабылдап, адалдыққа ант берді. Жәнібек тархан бастаған рубасылары да антынан ауымай патша ағзамға адал қызмет етіп келеді. Ол аз десеңіз, төменгі қарақалпақтар да кісі салып , бодандыққа қабылдауды қайта–қайта сұрап жүр. - Әбілқайыр ханды өзіміздікі деп отырсың. Олай болса оны біздің шеткі ұлыстарды шабуға жұмсаған да сендер болдыңдар ғой, - деп қалмақ әмірі қағытып тастады. –Жарайды, қысылма, ондайға жұмсамайтындарынды білемін. Бірақ біз Ресеймен бағзыдан бері одақпыз, ал генералдың мұны өз бетімен шешім қабылдап өздігінен жібергендігін, биік мәртебелі патшайымның тікелей әмірімен аттанғандығын қайта қайталап , өзінше жүрген өлермен біреу емес, ұлы елдің өкілі екенін айтты. - Сенің ұлы елден келгеніңді біз білеміз, - деді бұған Манжа. – Бәлкім, патшаның жарлығымен барсын деп генералдың өзі айтқан шығар. Қалай болғанмен де саған құрмет көрсетуіміз керек. Сіздерге барған елшілерімізді аялай күтіп қабылдап жүрсіздер гой. Жауап қайтарып: «Қалай ойласаңыз да өз еркіңіз, ұлы мәртебелінің атынан келгенім айдан анық» деуге оқтала берген майорға Манжа сөзді көп созудың қажеті жоқ, сөйлей берсе қай жақтан да шымбайға батырып, шамдандырып алар сөз шығуы кәдік, деп кідірді де: - Генералдың хатына жауапты өзім беремін. Үш күнде ол жазылып әзір болады да ,сіздерден беріп жіберемін. Қалғанын генералдың өзі білсін. Патшайымға хатты көрсете ме, көрсетпей ме ол–өзінің еркі, -деді. Елші кері қайтып аман-есен еліне баратын болса бәрін бастан-аяқ бастығына хабарлайтынын айтып, қайтарда өздерін Сібір жолымен жіберуді, ақшаға азық-түлік сатып әперуді өтінеді. Манжа бұған да жауап қайтарап қай жолмен кері қайтаруды өзі білетінін, азық–түлік сатып алуына қарсылық
жасамай , қайта жәрдем көрсететінін айтты. Сонан соң меймандарын шайға щақырып сапар кесемен ыстық шарап ұсынды. Дастархан басында сөз одан әрі жалғасты. Манжа әмір: -Қазақтар ұлы Ресейдің боданы болғанда Тәуке хан Түркістанда тұрушы еді, ал оның Орта жүздегі немересі Әбілмәмбет хан бізге аманат етіп ұлын жіберген. Барақ сұлтан да бір ұлын қайтып алып екіншісін әкелмекші, -деді. –Сәмеке ханның баласы Исасейіт ханзада да бізде аманатта тұр. Ал хан тұқымынан болмаса да, жаны ізгі, жақсы кісі деп жүрген Әбілқайыр ханның біздің шеткі ұлыстарға көрсетіп жүрген қиянаты көп–ақ. Бұдан он төрт жыл бұрын біз оның ордасын шауып қатын–баласын тұтқынға алғанда, қайтып соқтықпасқа ант беріп, аманатқа ұлын жіберуге уәде етіп әйелдерімен балаларын әрең босатып алып еді. Бақсақ, алдап кеткен екен, енді сендерге сатылыпты. -Базына-наз айтар болсақ, өкпе деген бәрімізде де жеткілікті, - деп майор бір ойдың ұштығын шығарды. – Бес жыл бұрын Ташкентке таяп қалған жерде орыс керуенін қалмақтың боданы болып отырған Ұлы жүздің қазақтары талап алды. Демек, оларды жұмсаған сіздер деп кінә артуға болады ғой. Сол көш–керуенде мен өзім болатынмын, -дегенде оны естігенін айтып, азарда-безер болған қалмақты бастырмалайтып майор өз уәжін ортаға салды. – Оны білмеуініз мүмкін емес. Өз әміршіңіз Қалдан Серен маған арнайы жаушы Байназарды жіберіп, керуінді кім тонағаны туралы нақты хабарын сұрап, менің өзіне келіп–кетуіме әмір еткен. Сол Байназардан бізді талаған қарақшылардың басы Қойкелдіге қызыл мөрін басқан хатта жолдаған. Қалыптасқан жағдайға орай ол жолы мен оған келе алмағанмын. Өйткені адал берілген Орта жүз азаматтары әдейі келіп алып кеткен. «Мүмкін, жаушыны Қалдан Серен менсіз жіберген шығар», - деп міңгірлеген Манжаны майор бұра бастырмады. Дәл сол кезде оның Ташкентке таяу жерде көшіп–қонып жүргенін, мән-жайға майордың өз аузынан қаныққалы арнайы іздеп Жәнібек тархан келгенде, ол болған оқиғаны баяндағалы тура Манжанның өзіне тартқанын айтты. Қалмақ әмірінің аузынан «жоққа сот жоқ » демекші, «білмейтінен» басқа сөз шықпады. Осымен кері қайтуға келісіп тарқасты. Арада үш күн өткен соң ақпанның бірінші жаңасында майорды Манжа қайта шақыртып алып, қолына құпия кеңесшісі сардар Неплюевке жазған хатын тапсырды. Ауызша айтар сәлеміңіз жоқпа деген майорға ол: «Ауызша айтар болсаң, менімен бірінші күнгі әңгімеңді баянда, басқа айтатын не бар. Қалғанын бәрі анау хатта», деді. «Қай жолмен жөнелткелі жатсыздар?» -деген елшінің сауалына: «Биыл қыс қатты, қар қалың болды, Сібір жолы қолайсыз, сондықтан Түркістан арқылы жүруге тура келеді. Ондағы Сейіт хан мен Төле биге, ұлы жүз қазақтарының ең басты ел ағасына хат жазып беремін. Олар сені ешбір бөгетсіз Әбілқайыр ханға аман-сау жеткізіп салады. Ар жағынан оның өзі біледі», - деді. -Сенің өз отаныңа аман-есен ойдағыдай жетіп, кейін біздің ханға басты елші болып келуіңе тілектеспін, деді Манжа соңынан сөз қосып.
-Өзіңмен танысып алдық, онда осы жолғы қазақтардың жыртысын–жыртып келгендей емес, мүлдем басқаша қарсы аламыз. «Бұның бәрі ұлы мәртебелі патшайымның еркіндегі іс қой», - деп майор онымен қош айтысты. Ертеңіне жанына ерген күллі кісілермен бірге осы ұлыстан аттанып та кетті. Оларды қасына он бес адамы бар Қотан деген бір қалмақ Жоңғар әскерлері тұрған жерге дейін шығарып салып, ол арадан отыз кісі бұларды Түркістанға дейін жеткізбекші. Одан Манжаның хатпен айтқан тілегі бойынша Сейіт хан мен Төле би бұларды аман-сау Әбілқайырға жеткізіп салмақ. Жолай олар Берік деген жерге тоқтап, отыз шақты қой және ұн-жарма сатып алды. Бұл арадан оларды Бәжі деген қалмақ бастап, Түркістаннан екі күншілік жердегі баяғы Қараша тауға алып келді. Ұлы жүздің белгілі ру басы Бәйітбай бұларды ілтипатпен қарсы алып Түркістанға өзі жеткізіп салмақ болды. Бәжі оған Сейіт ханға жолдаған хатты тапсырып кейін қайтты. Қалмақтардың олай қарай беттей алмай жүрген себебі бар екен. Түркістанда да шешек шаң бере бастапты. Бәйітбай біраз жайды жақсы білетін сұңғыла, сөзуар адам болып шықты. Ол Орта жүзден Түркістанға Жәнібек тархан келіп жатқанын, оның бұрнағы жылы таланған орыс керуені үшін құн даулап, кінәлі шымыр руынан мың жорға алмақ болғанын, оның біразын жинап, енді Қойкелдінің өзінен айып алмақшы екенін, алайда қардың қалың түсіп, жолдың жабылуына байланысты оған жете алмай қалғанын –бәрі–бәрін дәптетіп айтып берді. Содан соң майордан Қалдан Серенге не себептен барып қайтқанын сұрады. Орыс елшісі патша ағзамның атынан, орыс еліне бодан болған Орта жүз бен кіші жүздің қазақтарын шауып, талауды доғаруын ескерткелі барғанын, бірақ індеттің қырсығынан қонтайшының өзіне жете алмай, генерал-губернатордың хатын өзім қолма-қол тапсырамын деп уәде еткен соң Манжаға тастап кеткенін айтты. «Сонда қалмақ басқыншылары қазаққа қайта қол көтерер болса, орыс әскерлері бізді қорғайды ғой?» -деген сұрағына: «Қалдан Серен өз қолын қазаққа қайтып жібере қоймас, олай жасаса ұлы мәртебелі мейірбан патшайым қарауындағы елін қорғансыз қалдырмайтыны сөзсіз» -деп жауап берді. -Біздің қазақ жорытып жүрген аң сияқты халық қой. Қайда кең дала болса, солай қарай жөңкейді, - деп күрсінді Бәйітбай. –Онда олардың қалмақтарға аманатқа бала жіберіп жүргені несі?! Мәселен, Әбілмәмбет ханның, Нияз бен Дәулетбай батырлардың бір-бір баласы қалмақтардың қолында. Өйткенше орыстың ұлы патшасынан рақым күтіп отырмай ма? Енді міне, бір қазақ екіге жарылды. Ұзынқұлаққа қарағанда, орыс әскеріне қарсы тұрар күш жер бетінде жоқ. Далада аң қандай көп болса орыста сондай қисапсыз дейді. Ендеше бізге қайсысы пайдалы болғаны? -Орыс патшаларына бодан болған ба, әлде қалмақ қол астында жүрген бе дейсіз ғой. Оны уақыт көрсетер. Есте тұрар бір жәйт – орыс патшайымның ешкімге қастандық ойламайтыны. Ал қайырымдылығын аяққа басып қас ойлағанды аямайды. Және оның құрығынан ешкім қашып құтылмайды, - деп сөзін шегелей аяқтаған майор Бәйітбайдан Түркістанға кісі жіберіп, мұның
келгенін Сейіт хан мен Жәнібек тарханға кісі шаптыртып, Манжа әмірдің хатын Сейіт ханға жіберді. Қалмақ әмірі онда орыс елшісі Қалдан Серенге көңілге онша қонбайтын мәселемен келген екен, сондықтан қонтайшыға жібермедім, ал сен мұны ешбір шатақсыз Әбілқайыр ханға жеткізіп сал деп жазыпты. Хабар алысымен Жәнібек тархан майорға ізінше Өмірзақ би мен Мергенді жібереді. Ұлы патшаның боданы болғанының белгісі ретінде тарханнан әкеліп олар майордың иығына жібек шапан жауып, ат мінгізеді. Жәнібек ұлы жүздің ішінде жүргенін, таланған керуеннің құнын өндіріп алу үшін Қойкелдіге бірге баруы керетігін айтып, майорға тезірек жетсін деп сәлем жолдапты. Майор өз қосын Бәйітбайга тастап, дереу Жәнібек тарханға тартты. Жолда ол Қонай мырзамен кездесіп қалды. Баяғыда Ташкент түбінде бір ажалдан майорды алып қалган мырза оның осында келгенін естіп арнайы іздеп келе жатыр екен, шүйіркелесе кетті. Елші одан Қойкелдінің айыбын төлер ойы бар ма деп сұрады. Қонай Қойкелдінің бұрындары Жәнібекке мың жылқы бермек болып, артынан қожайынсыз, яғни майордың өзін көрмей, ештеңе бермейтінін айтып, уәдесінен тайып жүр, сізді көрсе ауызба-ауыз өзім келісемін деп қуанып қалар. Өйткені Жәнібек тым көп сұрайтын көрінеді, қырық мың жылқы талап етеді дейді. Жәнібек тарханды ол ¥лы жүз Сұлтанкелді батырдың ауылынан тапты. Ауыл ағасы мейманды құрақ ұша қарсы алып, амандық-саулығын, сапар жағдайын сұрап жатыр. Оның орнына жауапты Жәнібек беріп қалмақтардың бұны Қалдан Сереннің өзімен кездестірмегенін айтты. "Олардың кездестірмейтіні баяғыда-ақ белгілі болған, — деп содан соң майорға қарады. — Сіз Манжаға келген бетте-ақ ол Қалдан Серенге екі жігітін төрт атпен шаптырып, орыс елшісі қазақ ордасы арқылы келгенін және генерал-губернатордан арнаулы хат әкелгенін хабарлап та үлгерген. Демек, Манжа сізді соның әмірімен кері аттандырып отыр. Өйтпесе хан жарлығынсыз ол тырп ете алмас еді". Содан соң батыр жолсерік болып кеткен Байқұлақ жайын сұрап еді, майор кідіріп барып болған жайды баяндады. Ауыр күрсінген Жәнібек қабарып біраз отырып қадды да: "Оның өзіне-өзі қол жұмсауы мүмкін емес. Қалмақтар оны әдейі өлтіріп отыр. Қаһарымен қар жаудырып, алапат суық түсірді дегендері жай сөз, ең бастысы орыс елшісін жаңа әрі төте жолмен алып келді", — деп тоқтады ол. Одан әрі Жәнібек Түркістанга қайтыс болған анасын жерлегелі келгенін айтып, қыстың күні осында Қойкелді батырмен кездесіп, ол талаган орыс керуенінің құнын сұрағанда, ол екі мың жылқы беруте уәде еткен, оның аз деген тарханга тонауға қатысқан жүз отыз адам, оның бәрі үшін жалғыз мен жауап бермеймін ғой деп жалтарғанын, сонымен ештеңе өндірмей тарасқанын баяндады. Қойкелді енді сол айтқанын да әкеп бермей, түлкі бұлаңға салып бұлтақтатып жүрген көрінеді. Майордың өзі келіп қалғаны оңды болды, Жәнібекке сенбегенін иесінің өзіне берер деп үміттенді бәрі. Майор Миллер Қойкелдіге өзіне ертеден таныс Қонайды жібермек болып еді, ол «ілік–жілік болсақ та, арамыз онша емес еді» мән-жайын айтып, оның тілін
бір тапса, осы табар деп өз орнына інісі Жаубасарды жіберді. Қойкелдіге барып қайтып, батырдың рубасыларын жинап алып ақылдасамын, олар не кессе, сол болады, ендігі сөз орыс командирінің өзімен ғана, Жәнібектің бізбен жұмысы болмасын, деген сәлемін айтып келді. Жәнібек тархан мен майор Қойкелді жайлайтын Арыс өзенінің бойына келіп оларға іргелес басқа бір ауылға келіп түсті, Тархан оған өзімен еріп келген Торғай деген жігітті тағы да жіберіп, керуеннің құнын төлер-төлемесін нақты айтуын сұратқан екен ол: «орыс командирі қай ауылда қанша тұрамын десе тұра берсін, онымен өзіміз келісеміз, ал Жәнібек жөнін тапсын», -депті. Осы жерде Қойкелді ақылдасқан Орта жүздегі Мырзағұлдың Сатайы мен Қазыбек бидің інісі Байболат: «Керуеннің құнын төлейтін ештеңе жоқ, орыс мұнда келіп не бітіруші еді, бізде қол астында тұрып жатырмыз ғой, түкте талап етпейді олар», -деп азғырып тастапты. Онымен де қоймай, мазалай берсе майорды өлтіріп таста, сосын тынышталасыңдар деп ақыл беріпті. Ештеңе тындыра алмай салы суға кетіп майор мен дархан көрші тұрған жерге қайтып келді. Келгенмен Жәнібек жай жатпай Үйсінің ел ағаларын жинап алып алдарынан өтті. «Ұлы, Орта һәм Кіші жүз қазақтары Алаш алаш болғалы енші бөліспеген бір бауыр еді. Олардың бір-біріне қару сілтеп соғысқан кезі болған емес. Амал жоқ қолға қару алуға тура келіп отыр. Осы күзбен келер көктемде қайта оралатын шығармыз, енді тура генералдың өзіне барып, жасымның шарғайған шағында, сақалымның ағында ел-жұрттың алдында күлкі еткен Қойкелдіден кек қайтаруға көмек сұраймын. Онсызда бес жыл алдауына сеніп, айтқанына көніп уақытты босқа жібердім. Шыдамныңда шегі бар, орыс әскерін бастап өзім келемін. Тентектеріңді тия алмасаңдар, маған өкпелемеңдер», - деп ашынған батыр сөзін айбат танытып аяқтады. «Қойкелдінің қылығы күллі қазаққа қара таңба болып отыр ғой. Кесірі өзіне ғана емес, осы отырған баршамызға бүкіл халқымызға тигелі тұр. Батыр, әлі де ақылға салып, Қойкелдіге не істесең соны істе, ал қол ертіп әкеп, елге ойран сала көрме», деп өтінді отырғандар. Жәнібек орыс әскерімен келсе, қарақшыдай түн қараңғылығын жамылмай, тапайдың тал түсінде–ақ келіп Қойкелдіні жолдастарымен алдын алып келуін талап етіп, болмаса іргесін түріп қойып ашықтан–ашық шауып алып ойран салатынын айтты. «Қойкелдіні қолтығына дым бүркеп құтыртып отырған Қалдан Сереннің өзі. Қалмақтарға арқа сүйеп, оларға қазір салықта төлемейді. Содан әбден дандайсып кеткен. Егер Жәнібек орыс әскерін әкелер болса бәріміз де солай қарай көшетін шығармыз. Қойкелді өз тұқымымен қайда барғысы келсе сонда кетсін» -десті жұрт. Бұл, оған айтылған ақырғы ақырғы үкімдей естілді. Ашуға мінген Жәнібек сонда да илікпей, келер жылы мені орыс әскерімен күтсін деп сес көрсетті. Келесі күні қонаққа шақырылып майор Миллер мен Жәнібек тархан Қонай мырзаның үйіне келді. Сөз арасында мырза керуен талауға қатысқан шымыр жігіттерінің көбі бұған келіп, құнға не сұраса бәрін беруге әзір екенін, тек несін төлейміз деп Қойкелді ғана қырсығып көнбей жүргенін айтты. Оның үстіне Қонай
мырза майормен еріп Орынборға барып, генерал-губернаторға сәлем беріп, тағзым етіп әрдайым патша ағзамға адал қызмет ететінін көрсетіп қайтпақ ойы барын білдірді. Майор бұл пікірін мақұлдап, онда барғанда генерал Қойкелді жайында өз аузыңыздан толық еститін болды деп қойды. Ертеңіне Бәйітбайдан жоғарыда айтылған сөз Қойкелдіге жетті ме, одан не хабар бар, берешегін әкелген жоқ па деп сұрады. Бұған ол өз ұлын жіберіп, құнды қалай төлеу жөнінде ақыл сұратыпты. Бәйітбай ерегісті доғарып, төле бірдеңелерді осы жолы бер ұлы мәртебелерінің атынан келген адамдардан кешірім сұра, деп ақыл айтыпты. Айтқанға көнбесе өз обалы өзіне. Сосын Бәйітбай майорға мәртебелі генерал мырзаға осы сияқты біраз атқа мінерлердің Қалдан Серіннің қолтығының астына кіріп, балаларын аманатқа жіберіп жүргенін жеткізуді өтінді. Ал патша ағзамға бағынып, бодан болған елдері тып-тыныш бейқұт өмір сүріп жатыр. Ұлы мәртебелі бодандыққа алса, қарауындағы үш жүз түндігімен соның қанатының астына бұның да көшпек ойы бар екен. «Бұрын тұрмысымыз жаманда болған жоқ еді, қалмақтар қәзіргідей басынбайтын. Кейінгі кезде құтырып кетті олар да. Зайырғы, орыстардан қауіп ойлайды–ау деймін. Ал сіздер оған бодан болған соң, басққа жаққа жалтақтамай іргені бір орында беркітіп отырмайсыздарма? Өз басым, Орта жүз ханы Әбілмәмбеттің қалмақтарға жалтақтап, баласын не үшін аманатқа жібергенін түсінбеймін?!» - деп Бәйітбай Жәнібекке бұрылды. Тархан бір мырс етті де: «Қаһарсыздан хан қойсаң –қасиеті болмайды, Үлгісізден би қойсаң –өсиеті болмайды. Пірсізді пір тұтсаң – қаракеті болмайды. Адам бергеннің берекеті болмайды. Айтуын орынды. Ақ патшаға арқа сүйеген алып даланың мазасын енді ешкім алмас. Дала кең, көшіп келсең ойып тұрып қалаған жеріңді береміз», - деп түйді сөзін. Олар Түркістан қаласына келісімен бірден Сейіт ханның ордасына кірді. Хан жылы шырай танытып, жақсы қарсы алды. Майорға ол Манжаның тілегімен жолына азық-түлік әзірлетіп, көлігін ауыстырып тың аттар бермек болды. Тек ертең Қарнаққа барып қайтпақ тығыз шаруасы барын айтып, екі күннен соң оралуға уәде берді. Оған дейін осында алаңсыз тұра беріңдер деп өтінді. Бірақ ол үшінші, төртінші күні де келген жоқ. Меймандар әрі күтіп жатпай жолға шықты. Жәнібекпен қоштасқалы аттанар алдында қала имамы Найып-қожа келді. Жолда олар Сейіт ханды қалмақ жаушысы Торбамен қарсы жолықтырды. Қарақалпақтарға кетіп бара жатқан жаушы оларға бүгін кідіріп, ертең соғыңдар деген тілек айтты. Оған майор бұдан әрі жата берудің жөні жоқ, ас-су сарқылуға таяу, аттар ари бастайды, оның үстіне бұл өңірдің ұрылары да дамыл берер емес, күніне бір бір жылқыны жойып жібереді деді. Сөйтіп, хан қатты ұялып азық-түлік әзірлеп беретінін, ал ақ патша елшісінің сый-сияпатсыз аттануы әбес екенін айтып, бірер күн қалыңыздар деп жалынды.
Сөзге тархан араласып, хан жанында тұрған жаушыға қалтасында жүрген қалмақ әкімі Септенің хатын көрсетті. Жаушы оны оқып біздің әкім сізді мақтап, орта жүздегі ең басты адам депті ғой. Кәдімгі ұлы жүздегі Төле би мен Қойкелді батыр сияқты, деді. Жәнібек іле жауап қатып: - Төле бидің жаны ізгі жақсы, жайсаң жан екені белгілі, ал мені орыс керуенін тонаған қарақшы Қойкелдіге тек теңей көрме. Қалдан Сереннің қашанда сондай ұры–қарыны қолдап құтыртып қоятыны жаман. Сонда Септен де мені соған теңеп пе? – деп сәл кідірді де, ойын әрі қарай өрді: - Септеннің сес танытып қоқандауын қоймай жүргені жақсы емес. Тіпті бізді шауып алып Үргенішке қарай қуып саламын депте қорқытады. Ол үшін алдымен орыстарды өлтіруі керек қой. Ал біз ұлы орыс патшасының боданымыз, ол тірі тұрғанда бізді ешкімге талатып қоймайды. - Жәнібек батырға қыр көрсетіп қорқытпақ болып жүрген Септен оның ұлы мәртебелі патшайымның қанаты астындағы адам екенін білмеген ғой, зады, -деп майорда сөз қосты. Жағдайды пайдаланып елшінің пікірін біліп қалғысы келген жаушы одан: «Қалай, бізбен дос болып барасыз ба, әлде қас болып барасыз ба?» - деп сұрады. «Кек тұтып қас болатындай оқиға жоқ. Жалпы біз дау-шар дегенді қаламаймыз. Тек Қойкелді сияқты кейбір берекесіздердің шырыш бұзғаны болмаса..»деді майор. Жаушы оған Қойкелдінің орыс керуенін тонағанын айтып бұрнағы жылы Қалдан Серенге келгенін, қонтайшы ыңғайсыз іс жасағансын, енді қолыңмен жасағанды мойыныңмен көтересің, ол үшін мен Ресеймен араздаса алмаймын», деп шырай танытпай шығарып салғанын мәлімдеді. «Қалдан Серен олай деген болса, ол баяғыда–ақ төлейтін еді ғой. Орыс керуені тоналды, ал талап алынған қазына әлі қайтарылған жоқ» деп бұл сөздің шындығына күмән келтірген майорға жаушы: «Қазір қайтерге білмей, Қойкелдінің өзі де басын тауға, тасқа ұрып жүрген болуы керек. Бұқарға барса сия ма, ондағы қазақтар енді қабылдай ма? Ал Қалдан Серен ұрыларға ежелден ымырасыз. Сондықтан әрі ойланып бітімге келер-ақ» деген уәж айтты. Сірә, осы болжам дұрыс болған сияқты. Кейін Қойкелді батыр кінәсін мойындап, кешірім сұрап ат-тон айыбы мен екі мың жылқы құн төледі деген сөз бар. Ханның көңілін жықпай Жәнібек тархан мен майор Миллер қалаға қайтып оралды. Сейіт құрақ ұшып қызмет көрсетіп қой сойып, қол қусырып қонақ етті, қазақша бас тартты, өзбекше палау ұсынды, ыстық шарап құйып биік мәртебелі патша ағзамның денсаулығы үшін ішті. Мың да бір алғыс айтқан майорға хан меселін қайтармай, қайта келгені үшін қуанышты екенін, мұны үлкен жұрттың өкілі ретінде аға деп құрмет тұтатынын, орыс елінің бұлардың тілегін де далаға тастамай, қабыл алатынына сенім білдірді. -Сіз ұлы мемлекеттің елшісісіз, сондықтан да аға тұтып отырмын. Ағаға артар үмітімізбен қатар айтар аманатымыз да бар, - деп Сейіт хан мемлекеттің қанаты астына кіріп, өз ағам Әбілмәмбет хан және басқалар сияқты алаңсыз өмір сүргіміз келеді. - Оныңыз орынды тілек, ол үшін көмек қолын созуға болады. Ұлық мәртебелі мейірбан патшайым рахымы түсіп бодандыққа алуы да ықтимал, - деді
майор. – Бірақ сіз Орта жүздің ханы болғаныңызбен Түркістанда тұрасыз ғой. Ал бұл өңір Қалдан Сереннің қол астында. Онсыз бұра басуға қақысы жоқ деп естіп едім. Басқа елдің бодандығындағы жұртты өз қанатының астына алса, патша ағзам әріптесін алдаған болып шықпай ма?! - Жалпы, біз Қалдан Сереннің бодандығында жоқпыз, - деді шынын айтып Сейіт хан. Бірақ бір–бірімізге тиіспей, бейбіт өмір сүріп жатырмыз. Осы жолы жаушы жіберіп, майорды барар жеріне тезірек жеткізіп сал деп тілек айтып жатса, ол көрші қақысындағы қолқасы. Бұрын атам мен әкемнің иелігі Сыр бойын түгел алып жатушы еді, ал қазір мен тек Түркістанға ғана иемін. Қалдан Серен мұнда да тұмсық тығып, қаланы қожаларға менімен бірдей басқартып қойды. Сондықтан ұлы мәртебелі патшайымның бодандығына іліксем, деймін. Орта жүздің, Қоңырат руының басшыларымен әзір бұл жайында ақылдасқаным жоқ, кейін оларды жинап алып кеңесе отырып келісеміз де Орынборға өз елшілерімізді жібереміз. Айтып –айтпай не, бар үмітіміз майор мен, Жәнібек батыр, сізде. Орынборға жеткен соң сәлемдемеді генерал–губернатордың өзіне айтарсыздар, ол патшайымға жеткізер. Осы сый-құрметтен кейін Карл Миллер мен Шақшақ Жәнібек жолға шықты. Түркістан иелігіндегі Қарнақ деген елді мекенге келіп ханның әмірімен майорға деп әзірленген екі қой мен бір қапшық талқан алды. Одан аттанғанда майор мен тарханды сәт сапар айтып шығарып саламыз деп жүзден астам адам жиналып біраз жер еріп жүрді. Бұл сәуірдің 3-ші жаңасы еді. Арада екі күн өткенде оларға осы Түркістан төңірегінде көшіп–қонып жүретін Қоңырат руының қабырғалы адамы Мәмбетей келіп, Қалдан Сереннің тұтқұнында жатқан Абылай сұлтанды босатып, еліне қайтарғанын айтып сүйінші сұрады. Абылаймен бірге Әбілмәмбеттің аманатқа алынған ұлын да ханға қайтарып жіберіпті. Орта жүздің тұтқында отырған азаматтарын босатып, құн төлеп құтқарып алуға келе жатқан олардың ағайындарын Үргіге жеткізбей кері қайтарыпты. Қазақы қара бағдармен Мәмбетбайдың жанынды жүргендер елін шешек жайлағасын босқа құнына қалмайтын деп Қалдан Серен оларды әдейі босатып отыр ғой деп топшылады. Ал Абылай сұлтанды құтқару үшін генералгубернгатордың патша ағзамның атынан қонтайшыға тікелей хат жазып арнаулы елші жібергенін, орыс елінің боданындағы адамды басқа мемлекеттің заңсыз ұстап отыруға қақысы жоқ екенін қаймана қарапайым қазақ қайдан білсін?! Сәуірдің аяғында таман майор мен тархан табаны Орта жүздің шеткі ұлыстарының жеріне тигенде Абылай сұлтанның Қалдан Сереннің тұтқынынан босап шыққанын тағы да нақтылай түсті. Қонтайшы оған келген жақсылығының бәрін жасап отау тігіп беріп, кезінде қалмақтар шауып тонап кеткен Сандық деген Түркістаннан онша алыс емес қалашықты сыйға тартып, сарттар мен кәсіпкерлерді жинап қайта салдырып өзің билік жүргізерсің депті-мыс. Бұл долбарға құлақ қойған Жәнібек тархан өтірік сөзге шын төрелік беріп: -Қалмақтардың қулығын мен жақсы білемін, - деді. – Бірақ басқаларды алдағанымен олар мені алдай алмайды. Дәу де болса, сый-сый-сияпат жасап, еншісіне ел беріп Абылайды өз жағына тартпақшы. Ол да бала емес, ойраттардың соңында сұмдық жатқанын білмейді дейсін бе. Орыстарға одақ болып тұрғанда
қазаққа ешікім де қоқан–лоққы жасай алмайды. Өз басым ұлы мәртебелі ақ патшаға әркез адал болғанмын, адал да боламын. Осы сөзді тыңдап тұрған қазақтар әзір алаңсыз тыныш өмір сүріп жатқаны орыспен татулықтың арқасы екендігіне көз жеткізіп тәубеге келгендей болды. Мымырдың бастапқы күні олар Ор өзенінің жағасына жетті. Жол– жөнекей көзбен көргенін, көңілге түйгенін К.Миллер қағазға түсіріп келген-ді. Онда Қалдан Серенмен тікелей кездесе алмауының тағы бір себебі бар да. Майор Жоңғар хандығында жүргенде тоғауыттардан шыққан Лекбай деген бір қалмаққа кездесіп, ол Қалдан Серенге бұны жібермеген себебі – тап сол тұста оған Қытай елшісі келіп жатқан еді дейді. Айтуларына қарағанда, Қытай еженханы қонтайшыға елшіні жалпы бітім жасасуға жібермеген тәрізді. Орыстар мен Қытайлардың арасында тату көршілік жөнінде келісім шарт бар. Ал орыстар қазақтарға әлсін-әлі шабуыл жасап, талап–тонап жатыр деп жоңғарларды тықсырмақ сыңайда. Сөйтіп қазақ елін, оның ен шалқар даласын өз уысына алмақ. Орыс генералы патша ағзамының атынан елшіні де сол үшін жіберіп отыр. ендеше алдын алып араға түсіп үлгеру керек, деген пиғылмен қытай жағы елшіні дәл сол кезенде қасақана жіберген. Оның үстіне қонтайшының өлді деп қойған інісі Шона тірі шығып торғауыттардан әскер жинап соғысқалы келе жатыр-мыс деген сыбыс және мазаны кетіріп тыныш ұйықтатпаған кез еді ол. Сонда да арнаулы елшінің сапары жеріне жетпегенмен діттеген мақсатын орындап тыңды. Аты аңызға айналып, атағы алысқа кеткен Абылай сұлтанның жоңғар тұтқынынан босауы бір бастан осы Карл Миллердің еңбегі. Оны Шыңғыс әулетінің әйгілі перзенті Абылайдың өзі де мойындап елге орала сала қаракетсіздігі мен қауқарсыздығын бетіне басып, тұтқында жатқанда ат ізін салмағаны үшін Әбілмәмбетке балағаттап жазған хатында ашық айтқан деп жазады Орынбор әкімшілігінің басшысы генерал-губернатор Иван Неплюев. Майорды Жәнібек тархан жанына екі адам ертіп, Ор бекінісіне аттандырады да өзі ауылына қайтады. К. Миллерді бекініске аттандырарда ол құпия кеңесшісі әрі сардар өлке әкіміне хат жазып беріп, Ұлы жүзде болған жағдайларды оған ауызша баяндауын тапсырды. Хатта ол кейбір жарамсақ қазақтардың төменгі қалмақтарға жағынып, жұғыспақ болып барып, содан жапа шегіп жүргендерін, ондай ақымақтарға өзінің іші жібімейтінін айтып, олардан аулақ әрі қауіпсіз болу үшін бұның өз ұлысымен Ор бекінісінің төңірегін жайлап, көшін-қонып жүруіне рұқсат етуін өтінді. Содан соң өзі сәлем беріп, сапар жайын баяндағалы келгенше Әбілмәмбет хан, Барақ сұлтан, Қазыбек би, тағы басқа ру басыларын шақыртып қоюын сұрады. Осы жылы Орынборда да генералгубернаторды ішіне ала отырып, жоғары және төменгі қалмақтар жайында түбегейлі әңгіме жасап нақтылы пәтуаға келуі керек. Егер бұл жолы да уақыт өткізіп алып, Барақ және басқа ру басылары келмей қалса, соның салдарынан ел ішін іріңкезек жайлап, ақыры жалпы жұртқа опық жегізуі ықтимал, деп тәмамдады ол хатын. Әрі батыр, әрі би Жәнібек тархан ұйытқы болған ол басқосудың қашан өткені беймәлім. Бәлкім, үш жүздің жақсы мен жайсандары, батыр бағыландары мен би төрелері бас қосса исі қазақтың бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып,
бір таудың астына бірігіп, ешкімге де тәуекелді емес еркін ел болуы жайында толғаған шығар. Өйткені егемен еркін ел болу халықтың атам заманнан бергі асқақ арманы еді ғой.
Баян-ноян хикаясы
Оқжетпестен Батысқа қарай Апалы–Сіңлі үш ару шыңдары Көкше биігімен ұштасқан тұста еңіске қарай жебедей шаншылып жағалай түзілген жасыл қарағайлар көмкерген айналасы ат шаптырым хан алаңы бүгін жер қайысқан қалың қол. Алаңқай төріне доғаша иіліп кеп тізіле қалған қыз қарағайларға арқа тіреген Тақыт-тасқа төселген қалы кілемде сол қолын беліндегі алдаспанның сабына арта салып, қарағанын емес, қалағанын көргендей жанарын қай-қайдаға қадап қаздиып отырған Абылай сәскеден бері жан-жағына көз тастап тіс жарған жоқ. Еңістегі ақпен өрген бұрымдай қарағай–қайыңы аралас өскен бір желі желекті орманның қойнауына қаз-қатар тізілген ақбоз үйлердің алдында сауық құрған жастардың тау-тасты жаңғырықтыра шырқай салған әні де, жерошақтардан аспанға тік шаншылып ұшқан түтін де селт еткізер емес. Оның қабағын баққандай бағана шапағы Көкшенің ұшар басындағы Шайтантасқа шағылып, төңірекке жалқын бір жібек сәуле себездеген күн көзі алашабыр бұлтқа еніп, өңірге де, көңілге де түсіргендей. Күн болса түске тармасып қалды. Айнала алқа-қотан қаздай тізілген жұрт тықырши бастады. Ханның қалмаққа атанамыз деген хабарын алған бетте–ақ ордаға жиналған ел жарлықты ғана күтіп тұр. Жиналғандар және қазақтың кілең бір ығай мен сығай жақсы–жайсаңдары, сайып қыран батырлары. Олардың арасында кім жоқ дейсің; шөккен қардай қарт қыран Қанжығалы Бөгенбай, оның жас жолбарыс жеткіншегі Жантай, найзасын назағайдай ойнататын бәсентиын Малайсары, оттан да адуын балталы Оразымбет, оқтан да шапшаң сергелі Елшібек, өркеуде ержүрек паң Шақшақ Жәнібек қалмақтың тұтқынында ханмен бірге болған батыр Жәпек бар. Байжігіт, Тасболат пен Толыбай билер, әрі ақын, әрі батыр Қарабұжыр, тыңдаушысын топан жырдың толқынына тоғытатын Бұқар мен Тәттіқара жыраулар, ту баста Абылайды хан көтерген қарауылдың қамқоры Қанай шешен де осында. Бұғаудағы арыстандай бұлқынып, «аттан» деген сөз шықса-ақ атқа қонып тұра тартқалы тұрған батырлар, тақа болмаған соң Абылайдың өзі аға тұтып қадірлейтін Қанай биді ханға салады. - Хание, жауды жатқан орнынан басу үшін ертерек аттану керек еді, - деп Қанай би сөзін бипаздап бастады. – Ерте жүрген жолдан ұтады, кешіккен үлесінен құр қалады. Өңшең көкжал бөріні Бурабайдың жағасына жинап, иіріп отырғаның қалай? Екі иінін жұлып жеп жау тілеп тұрған көкжалдарды атқа қондырмайсың ба? - Баян, батыр Баян қайда?- деп хан ойын қарсы сұрақпен өреді. – Аруақты атынан–ақ қалмақтың қарадай жүрегі ұшып, құты қашатын Баян әлі келмей жатыр ғой. Дұшпанын өрттей жапырып, желдей сапырып мысын басатын Баянсыз
қанатымды қалай жаямын – Наркескен алмас семсер Баян келмесе, бұл жорыққа Абылай аттанбайды, - деп бір-ақ кеседі. Кілең сен тұр - мен атайын көкжал бөрілердің шамына тиіп, намыстандырып алмас үшін сөзін Қанай би батырларға бипаздап, мипаздап тігісін жатқызып жеткізеді. - Елім деп еңіреп туған Баян батырдың күтсе күткендей–ақ ер екені бәріне аян. Жебесі сауыт бұзбаған, найзасы шалғай сермелген күні жоқ батыр «жау!» десе өзі де жатпас еді. Оның кешігуінде бір кәдік бар шығар. Тек қайран сұңқарымыз қапияда торға түсіп, тұлпарымыз аңдаусыз орға құламасын де. Қанайдың осы сөзінен кейін әлгінде ғана өрекпіп тұрған өңкей көкжал бірден басылып, күңірене күрсініп үзенгілес серігін қанша болса да күтуге бел байлады. Қалың қолды талай күн күттіріп ханның өзін қапа ғып, қатты алаңдатқан батыр Баян шынында да – шамырқанса шарт сыңар кескекті ердің сойы болған. Ол жаудан беті бір қайтпай жетпістен асқанша аттан түспеген кәдімгі Уақ Сары батырдың шөбере інісі, Әдетте Уақ Байдаұлы, Жансары, Баржақсы, Шайгөз, Шоға, Мұрат болып бөлінеді. Шоғадан Байшық, Байыс, Сарман туады. Байыстан – Қырғызәлі мен Қозымерек. Қырғызәлі Баян батырдың төртінші атасы, ал Сары Қозымеректен тарайды. Көзсіз батырлығы үшін Сарыны ел Ерсары атап кеткен. Атақты Қожаберген жыраудың «Елім–ай» дастанында «Бөгембай, Ерсары, Асқар, Жабай, Көшек қалмақты қойша қырып, зар еңіреткен» деп осы Сарыны айтады. Олар жауын жайпап жүргенде Баян әлі қатарға кірмеген жас бала. Ол шамамен, қазіргі Қостанай облысындағы Обаған өзені бойында 1714 жылы дүниеге келген. Әкесі Қасболат темірден түйе түйген зергер ұста болған, ал анасы Ажар Сырым батырдың әкесі Даттың қарындасы. Баян Ақтабан–шұбырынды алқакөл сұламаның зардабын көзбен көріп, зар-мұңын көңіл елегінен өткізіп, соның қарымтасын қайтару үшін бар ғұмырын қалмақпен айқасқа сарп еткен әлгі Қожаберген жырлайтын қаһармандардың ерлік өнегесімен тәрбиеленген батырлардың жаңа бір толқының басы. Оның қалыптасуына ағасы батыр Сарының әсер–ықпалы аса зор болғаны айқын. Ат жалын тартып мінуге жарағаннан бастап жауға шабарда екі көзі қанталап түк көрмейтін алып ағасының атын шылбырынан ұстап ұрысқа егізетін ол ұзамай дұшпанға қарсы тізе қоса шайқасатын болған. Екі тарлан бөрідей қалмақтарды қойдай қырып, жапыра қуатын олардың аты «Сары-Баян» деп қатар аталып кеткен. Баянның батырлығымен, батылдығымен ең алғаш көзге түсіп, елге танылуы Абылайға тікелей байланысты. Әбілмансұрдың Абылай хан аталып жоңғарларға қарсы аттанған алғашқы жорықтарының бірі болса керек. Шайқасқа топ бастап алдымен өзі кіретін әдетімен Абылай бұл жолы да қалың қолдан озық шығып кетіп, аз ғана нөкерімен қоршауда қалып қалады. Хан: «жауға шабар қайсың барсың, кәне?» деп үш мәрте қайталағанда тырп етіп ешкім де орнынан қозғала қоймайды. Самсаған қалың найзаға нартәуекел деп бірден кеуде тоса коюы қиын да ғой. Бұл қазақта жауға шабар бір ұл тумаған ба?! – деп Абылай қатты қапаланып қайта ауыстырғанда:
- Қазақ жауға шапса сенен сұрап шаба ма, хан! – деп сонда есік пен төрдей сары ала ат мінген қақпақ жаурын сарысұр жігіт топтан суырылып шығып алға ұмытылады. Қалың қалмақты оңды –солды жайпап, қақ жарып өтіп. Хан қосынын қоршаудан алып шығады. Қоршауды бір бұзған жерде қаша ұрыс салып әрқайсысы топ жарып, қол бастаған өңкей көкжалдар аман құтылып, бас қолға кеп қосылып қайта бұрыла соғып жауын күйрете жеңеді. Дұшпанын жайпап, көңілі жайланып әбден орныққан соң Абылай: - Бағанағы сарала атты батырды тауып әкеліңдер, -деп жарлық береді. Алдында алып келген еңсегей бойлы, сақал–мұрты енді тебіндей бастаған қыран қабақ жас жігіттің, кескін келбетіне разы болған хан: - Жауға шабарың бар бір айттырмай неге үш айттырдың, - деп сұрады. Біріншіде шаппағаным – төрдің төбесі, жолдың басы хандікі. Алдынан кесіп өтпейін дедім, ханием. Екіншіде, іркілгенім – алдында аға баласы Арғын бар емес пе. Алдын орап жолын кеспейін дедім. Үшіншіде – өлімнен басқа қарайлайтын ештеңе қалған жоқ, - депті жас жолбарыс. Бұдан оның ерен батыр ғана емес, сөз жүйесін табатын айтқыр шешен, ой арнасын табатын ақылмен көсем азамат болғаны аңғарылады. Соңынан ұзақ жылдар бойы үзеңгілес серік етіп Наркескен ақылманым деп еркелеткен Баян батыр мен Абылай өзінше хандық дәрежеге ие болған кезінде танысыпты. Ақыл тұрмас қашқанда, Дегбір тұрмас сасқанда. Баяндай ерді көрмейсін Бұрылып жауды шанышқанда, - деген өлеңді Абылай оның осындай ерен ерлігіне дән разы болып айтқан екен деген нақыл бар ел ауызында. Демек, ақылы мен алғырлығына батылдығы мен батырлығына сүйенетін, сүйсінетін сондай сенімді батыры келмейінше жорыққа жол тартпай ханның қасарып отырып алуы тегіс емес. Ал Баян батырдың көп күттіріп кешігуінің де өзіндік сыры, өзгеше себебі бар еді. Бір жорықта жігіттері Баянға батырларша киінген, бес қаруы бойына ілінген, он бестер шамасындағы айдай ару қалмақ қызын алып келеді. Көзі тостағандай, пісте мұрын, гүл ерен жас сұлуға батырдың көңілі бірден құлайды. Бірақ сыр тартып байқаса, қыздың еркімен кеп тұтқынға түсуінің өзіндік себебі бар екен. Анасы – жағалбайлы қызы жаугершілікте қолға түсіп, тілі жат, діні жат қалмақпен еріксіз қосақталып, ғұмыр кешсе де жалғыз қызын қазақ дәстүрінде тәрбиелеп түбінде ана жұртын табуын аманаттапты. «Қазақ ортасына байсырап келгенім жоқ, -дейді ол тағы қазақ тілінде. –Қанша жыл пенде боп қалмақтан перзент сүйсе де, жүрегі мен тілегі туған жұртынан ажырамаған тіпті қалмақша Лағда есімді айтпай, Құралай атаған анамның аманатын орындағалы келдім. Қаласаңыз, қарындасыңыз болайын, аға». Бұның астарында «арамызда біраз бел-белестер жатыр қосылайық деп қинамаңыз» деген тілек жатқанын сезген сұңғылы батыр сезімін сабырға жеңгізіп қызға ерік береді. Еншісі бөлінбей Қойбағар көлінің жағасын бірге жайлаған ауылы аралас, қойы қоралас Ер Сары ағасының жеті ұлы болғанымен, қызы жоқ еді. Ол Құралайды табанда өкіл қыз етіп, киімшең бала ретінде үйге енгізіп ұлан-асыр той
жасайды. Алайда жүрек шіркінге жасар не амал бар. Сараның тоқалдан туған кенжесі тұлғасының төтенше ірілігіне орай құрдастары Ноян атап кеткен Қыстаубай өкіл қарындасына ғашық болып қалады. «Жас жастың тілегі бір, жібектің түйіні бір» деген емес пе. Бірақ бір шаңырақтың астында өкіл болса да «ағалы–қарындастың» қосылуына рұқсат қайдан! Әрі ойланып, бері ойланып, серт байласқан екі жас елден қашып, жат жұртқа қарай бет түзейді. Бұны білген бойда–ақ Сары алла–құдайды жат қып қатты ашуланып, Баян батырды шақырып алып, қашқындарды қайткенде де қуып жетіп өлтір деп жұмсайды. «Қыстаубайды өлтір де киімін қанына бояп, қару–жарағымен әкеп көзімше көм» деп қадап тұрып тапсырады. Аға сөзін екі ету дағдысында жоқ батыр дереу атқа қонып, екінші күні екінді кезінде қашқындарды Жолдыөзек бойында (Қызылжар қаласынан түстікке таман қазіргі Аралғаш ауылы маңында) қуып жетеді. Қайынды орманның қылтасынан батырдың қарасы көрінгенде-ақ. Ноянды сәл оздырып жіберіп Құралай аттан түсіп тұра қалады. «Батыр аға, бұл іске бастан -аяқ кінәлі бір мен ғана, алдымен мені өлтіріңіз» - дейді қыз жалынышты үнмен. Батыр оған қарамай ағып өтіп өтіп Ноянға жеткенде, ол да аттан түсіп, басын иіп тұр еді. -Аға кешір! Бір қателік өтті, кесем десең, міне бас, -деп мойынсұна берген жігіттің жігерін жанығалы Баян ақырып жібереді: -Басты кестіру оңай, жасты өсіру қиын. Тым құрыса айқасып өлсең еді!? Ноян басын тік көтеріп алып беліндегі қылышына барып қалған қолын тартып алады да: -Аға датым бар, тыңдасаң - дейді. -Датың болса айт. -Айтсам, жасағанның жазымы көп. Осы арада Ноян өлсе Ер Сарының бір арам сідігі өлді дер де қояр ел. Ал осы арада Батыр Баян өлсе ел не демек, жұрт бетіне мен қалай қарамақпын. Осы сөзді естігенде батырдың төбе құйқасы шымыр ете қап аттан қарғып түсіп жас Ноянды құшақтай алады. -Сендей жас жолбарысты көзі қиып кім өлтіруші еді. Мен сені өлтіргелі келгем жоқ, ақыл айтып, жөн нұсқағалы келдім, шақыр Құралайды. Ағалы–інілі батырлардың құшақтасып жатқанынан-ақ бір жақсылықтың боларын сезген Құралай жүгіріп келіп Баянның аяғын құшақтай жығылып кешірім сұрайды. -Айналайындар, қайын жұртқа барсаңдар қалмақтар мазақ қып жерсіндірмейді, мұнда қалсаңдар әкелерің өлтірмей тынбайды. Ноянжан қайын жұрт сыншыл, өз жұртың міншіл, ең жақының нағашы болар. Нағышыларың Жағалбайларға тарт. Шешең Мақпал жеңешемнің тілегі де осы. Ал әкене не деп барамын? – деп сәл ғана ойланып жан-жағын шола қарап тұрды да, шоқ қайыңның қылтасынан шыға келген орқоянды садағын тартып қап мұрттай ұшырып «әп, беркелді, алып келе ғой» деп Ноянды жұмсайды. Қоянды бауыздап жіберіп Ноянның жейдесін шешіп ап қанға бояйды да қоржынға салады. Сөйтіп жастарға ақ батасын беріп, сәт сапар тілеп кері қайтады.
Ағасына баласының қанға боялған көйлегін әкеп тапсырады да, сол күні түн қатып хан ордасы қайдасын деп Көкшеге тартып отырады. Батыр баян келісімен жорық дабылы қағылып, Абылай қолы қалмақтарға аттанып, өңмеңдеп Қарқалы өңіріне келіп қалған ата жауын Қара Ертістен асыра қуып тастайды. Баян қатысқан жорықтардың бәрі қашанда сәтті аяқталып, жігіттер ұдайы жеңіспен оралып жүреді. Содан ба екен, Абылай оны ақбурадан кейінгі киесіндей көріп, әсте әспептеп, еркелетіп еркін ұстаған. Абылайдың шөбересі, бабасының төңірегіндегі тұлғаларды терең зерттеген ұлы ғалым Шоқан Уәлихановтың «XVІІІ ғасырдағы батырлар туралы тарихи оқиғалар» атты еңбегінде «Абылай ханның: Үш жүздің өз соңына ерген барша батырларының ішінен қайсысын бәрінен артық көріп, қатты қастерлейсін?» деп сұрағанда ... «Өз батырларымнан Бәсентиік Малайсары мен Уақ Баянды қадір тұтамын, бірі байлығымымен, байсалды мінезімен баураса, екіншісі ақылымен, ержүрек өжеттігімен бәріненде биік тұр» деп жауап береді деп жазуды тіпті де тегін болмасқа керек. Алайда жарық жұлдыз қашанда ұзақ жарқырамай, тез ағып түсетіні бар ғой. Баян батыр да сайын даласын ең соңғы жоңғардан тазарту сияқты асыл арманына жете алмай, жасы қырықтан енді асқанда өмірден ерте озды. Қысқа ғұмыр кешсе де, нұсқа боларлық ерліктер жасап, елге өнеге, ұрпаққа ұран болып қалады. Жалғыз жүріп қол жинап, сан қамалды жеке бұзған ол шағын жасағымен Іле бойында қалмақтың қалың қолымен шайқаста 1757 жылдың жазында опат болды, бұл дерек Шоқанның «Баян батыр мың сарбазымен Қытай империясына дейін қалмақтарды қуып тастап, елге оралып келе жатқанда жоңғарлар у сеуіп кеткен құдықтан су ішіп, біраз жауынгерлері уланып өледі, солардың ішінде батырдың өзі де бар еді» жазғанынан онша алшақта емес. Әйткенмен Қызылжарлық Омаровтың былтырғы қараша айында «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған бір пікірі назар аударарлық. «Батыр Баян 1759 жылы қанды айқаста ауыр жараланады, - деп жазады. -Ол кезде шартарапқа аты шыққан Ерәлі деген емші болған екен, сарбаздары найзаға салып батырды майдан шебінен алып шығып, Қарақаралыға қарай жол тартады. Бірақ еңбектері еш болып, батыр жолда көз жұмады. Оның жерленген жері қаракесектердің Шекшен бейіті Қарағанды облысының Нұркен Әбдіров ауылының аймағында». Осы дерек ден қойғызады. Себебі ол Іле бойында опат болса, оның атында жер болу керек еді ғой. Өзі сияқты Малайсары батырдың атындағы тау талай тарихтан сыр шертіп, осы өңірде жатыр емес пе. Құдайға шүкір, Баян батыр ұрпақсыз емес, үрім–бұтақ зәузаты баршылық. Олар негізінен Солтүстік Қазақстанның Омбы облысымен астасқан жеріндегі Абыл, Жарбол ауылында тұрады. Өз басым сол өңірдегі «Қарағанды» кеңшарында Баян ұрпақтарынан отыз шақты отбасы отырғанын көзімен көріп, берер үйінен дәм де татқаным бар. Ал Ноян Әбілқайыр ханның беделді батырларының бірі болып, біраз жас жасайды. Хан қосынымен «Жаубасарлап» жауға шауыпталай жеңістерге қол жеткізеді. Сондай шайқастардың бірінде әкесімен ұшырасып қалады. Сансапалақ қазақ-қалмақ соғысының бірінде Ер Сары жеті жерден жараланып, аты оққа ұшып, шолақ найзамен шайқасып жүріп қоршауда қалады. Жаралы батырды дұшпан тірідей алып кеткелі жатқанда сол ұрыста жүрген
Ноянның көзі шалып қалып, төніп тұрған қалмақтың шенді батырын шаншып түсіріп, әкесін қоршаудан алып шығады. Есін жиған қарт батыр баласын танып: «Әй, арамсідік, сен әлі тірі жүр ме едің, кет жолымнан!» деп, жарасынан қаны сорғалаған қалпы бұрылып жүре беріпті. Кәдімгі Н.В.Гогольдің «Тарас Бульбасындағы» қарт қазақтың поляк сұлуы үшін отанын сатып кеткен баласы Андрейді өз қолымен бауыздап «өзім тұрғыздым екен, енді өзім өлтіремін» дегені сияқты. Ата салтын аттап, аға беделіне нұсқан келтірген баласының ағатығын, ажалдан алып қалса да кешпейді қарт қыран. Сонда оның сексенге келіп қалған кезі екен. Еліне келе–ақ ұрыста алған жарақаты ушығып дүние салады. Әкесіне өкпелеген Ноян қайтып қарасын көрсетпейді. Тек араға жүз жиырма жылдай уақыт салып, он тоғызыншы ғасырдың аяғына таман оның ұрпақтары Ақжайықпен қош айтысып, Сарының Есіл бойында тұратын әулетіне келіп қосылыпты. Олардан тараған біраз ұрпақ бүгінде Солтүстік Қазақстанның Шал ақын ауданында тұрады. Жалпы Баян батыр тарихи тұлғадан көп зерттелмеген, аты аңызға айналған тамаша тұлға. Ол жайында ел ауызында аңыз–әңгіме, өлең жырларда көп–ақ. Тұстастары Тәттіқара мен Үмбетей жыраудан бастап, талай ақын оның ерлігін ойға азық, жырға қазық етті. Әсіресе, қазақ жырының дарабоз дүлдүлі, ұлы ақын Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баян» дастаны оның атақ-даңқын тіпті аспандатып жібереді. Дастан бойынша түсірілген фильм оны байтақ елімізден тыс жерлерге де танытты. Әсіресе, фильм жарыққа шыққан жылдары ол жайында әр алуан пікір айтылып, біразы газет-журналдарға да ағылып жатты. Солардың бір-екеуі менің қолымда әлі бар. Біріншінің авторы Нояннның тікелей ұрпағы Уәлихан деген азамат. Ол қалмақ қызының аты Лағда емес, Құралай дей келіп, фильмдегі Құралай мен Ноянның Баян батырдың қолынан қаза табуын шындықтан шалғай, шын мәнінде екеуі де тірі қалған, батыр аға біріне де қол тигізбеген. Ноянның бес ұлының бірі Боздақ менің бабам. Одан Жантемір, Жантемірден Сейіс, Сейістен менің әкем Қуаныш туған дейді. Әлбетте жеті атасын білуді парыз санайтын қандасымыздың білігіне дауымыз жоқ. Алайда көркем шығарманың өз шарттылығы да бар екенін есте ұстаған абзал. Кейде кейбір келбетін айшықтап аша түсу үшін кейбір деректерді бұрмалауғада тура келеді. Ең алдымен ұлы ақын Мағжан ел ауызындағы аңыздың аясында қалмай, шығарманың көркемдік қуатын арттыру үшін шын деректі әдейі өзгертіп жібергені анық. Өйтпесе бас кейіпкері қас батыр емес, бор кемік, болбыр, көңілшек біреу болып шығуы мүмкін ғой. Ал фильмнің сценариін сол дастанның, негізінде жазған жазушы Смағұл Елубаев та ақынның аужайынан шыға алмағаны шын. Қосымша деректер жинап, батырдың бүгінгі ұрпақтарымен әңгімелесіп, оқиғаны байытып, ойды ұштай түссе нұр үстіне нұр болар еді. Әйткенмен, екі шығарманың екеуінде де сайып қыран сардар, көзсіз батыр Баянның кесек тұлғасы ойдағыдай сомдалғанын атап айтқан әділ болар. Ел барда ер тумай тұрмайды, ер барда жыр тумай тұрмайды. Баян батыр туралы да әлі талай жырлар туып, талай шығармалар жазылар. Сонда Баян-Ноян
хикаясы да шындықтың шырқауына шығар деп ойлаймыз. Біздің борыш–соған түрткі салып, тақырып тамыздығын тұтату ғана.
Хан Уәли
... Осы жылдың маусым айында жасы алпыс тоғызға толған шағында әкем Абылай хан дүние салды. Сіздің қанатыңыз астында елу жыл қалтықсыз қызмет еткенде өзіне де, өзгеге де нұқсан келтірген жоқ еді. Әкемнің артында отыз ұл қалды. Бәрі де осы ордада сұлтан болып, ел билеп, патша ағзамға адал қызмет қылды... Қарапайым халық жиналып жұртшылық кеңесінде әкемнен кейін мені хан көтеріп, ел билігін қолыма бергенімен, соған өзіңіздің мархабатыңыз бен сенімхатыңыз керек болып отыр. (Уәли ханның 1781 жылғы тамызда Екатерина //-ге жазған хатынан)
Тірлік тасқынында сағат сайын топырлап туып жатқан оқиғалардың бәрін «жаңалық» деп, құдайдың құтты күні қайталап, жап– жақсы сөздің аузын жалақ, арқасын жауыр етіп жүрген сияқтымыз. Әйтпесе, ашылуы дүйім елді дүр еткізіп, тарихқа тетігін тауып кірпіш боп қаланар шын мәніндегі жаңалық табиғаттың сирек сыйындай ілуде бір кездессе керек-ті. Сондай сирек сыйға былтыр белгілі журналист Сүлеймен Ақтаевқа туған ауылындағы өзі оқыған мектептің аты беріліп, шағын мұражай ашылған салтанатқа тап болдық. Жиында сөз алған Қадыр деген қария: - Бауырында осы ауыл отырған анау төбені Қарақылпақ тауы деп атайды. Бұл бір қыдыр қонып құт дарыған жер, - деп бастап ойда жоқ жаналықтың шетін жылп еткізді. – Қырық жылдай хандық құрып, Орта жүзді билеген Уәли ханның мүрдесі осында жатыр. Бұрын « Хан бейіті » аталатын үлкен қорым болатын. Тың көтерген кезде апай-топайын шығарып жыртып жіберіп, күлпарша болған құлыптастардың жұрнағы ғана қалды. Ондағы жазуларды зерделеп оқыса. Ханның зиратын табуға да болар. Журналист ағаның осынау сөзге елең ете қалған қаламдас, қадамдас достары табан аузында атқа қонып көне қорымды ерсіліқарсылы аралап, ханға қойылған құлпытастың сынығын тапты. Сәті түскенде ол құлпытастың жазу жазылған бөлігі екен. Жерде жатып күн мүжіп, су шайып, кейбір харіптер өше бастағанымен, ханның есімі мен дүниеге келген және өткен жылдарын тануға болатындай. - Бұдан қырық-елу жыл бұрын ескерткіштің қаласы бүтін болатын, дейді қадірмен қарт Қадыр. – Айт күндері ақсақалдардың бейіт басына барып аят оқығаны болмаса басқа жұрт көп жуый қоймайтын. «Хан қорымен қастер тұтып, құлшылық етіп жүр деген сөз жабыса ма деп, зәре–құтымыз қалмайтын. Ондай атақ жабысса, ақыры қайдан апарып шығарары белгілі ғой о тұста. Ал тыңға келгендер басың бар, көзің бар деді ме, ай-түйге қарамай қырат– қырқаның бәрін
дар айырып, жыртып тастаған жоқ па. Әйтеуір, ауыл малына өріс қалсын деп Қарақалпақ тауын түгел жыртқызбай аман алып қалғанына да тәубе жұрттың. Батыс жақ жұлығын Қылшақты өзені жалай ағып жатқан осынау жатаған жасыл таудың Қарақалпақ атануы әралуан ойға жетелейді. Өткен ғасырдың аяғында түсірілген бір картада тіпті Қылшақты өзенінің өзі «Қарақалпақ» деп жазылыпты. Арғы–бергі тарихымызда Көкше өңірін қарақалпақтар мекендеді деген деректер ұшыраспайды. Сонда бұл атау қайдан пайда болған? Біздіңше бұның мынадай бір сыры бар секілді. Уәлидің анасы, Абылай ханның он екі әйелінің бірі Сайман бәйбіше қарақалпақ қызы. Ханға ханымдыққа ұзатылған соң ол бері қойғанда бектің не белгілі бір байдың қызы екені айдан анық. Бұрынғы кезде белгілі адамның қызы ұзатылғанда күллі күтушілері, отыншы–сушы, сауыншы–малшылары қоса берілетіні белгілі. Бұл дегеннің өзі тұтас бір ауыл. Демек, Қарақалпақ бегі Сағындықтың қызы Сайман бәйбішенің ауылы қойнауы толы тобылғылы шұбар осы жасыл төбенің баурайына кеп түсіп, тұрақтап тұрып қалған да, тұрғындарының атына орай ол «Қарақалпақ ауылы» деп атанып кетуі әбден мүмкін. Ендеше, Уәли ханның осы таудың етегіне жерленуінің таңданарлық ештеңесі жоқ. Өмірінің соңғы он бес жылын ақыл-парасатымен де, ажар– сымбатымен де баурап алған айдай ару ерке тоқалы Айғаныммен Сырымбет саласында өткізген оның ақтық сапарға аттанарда төрт әйелінен тараған ұрпақтарын таластырмас үшін сүйегін сүйікті анасы жақтан жерге қой деп өсиет айтуы да ықтимал ғой. Қайткенмен де отыз жылдан астам билік құрып, тақтан да, бақтан да әбден мезі болған хан кіндік қаны тамған туған топырағында мәңгі тыным тапқысы келген болуы керек. Алтын алашты аузына қаратқан айбынды әкенің, қызмет қаракеті хатқа түсіп, аты алысқа кеткен баланың арасында, қала берді ғылым әлеміне жарық жұлдыз боп көтеріліп, даңқы жер жарған немеренің көлеңкесінде пәстеу көрініп, онша еленбегенімен Уәли де осал адам болмаған. Хандық атаққа аның қолы Абылайдың көзі тірі кезінде жетіп, данышпан әкенің батасын алғанға ұқсайды. Ол туралы ел аузында алуан түрлі аңыз–әңгіме де аз емес. Солардың бірі Көкшетау облысының бұрынғы имамы Момақан Әлиұлынан жеткен сөз. Өз басым, Момақан молданы сырттай жақсы білемін. Бірер мәрте көруім де мүмкін, бірақ көңіл қойғаным жоқ–ау деймін. «Құдай жоқ» деп келтесінен бір–ақ қайыратын «қызыл коммунистік» ол кезде дін иесіне қандай иілтсін. Оның үстіне кешегі молшылық заманда өлік жөнелтудің ырым–жырымы көбейіп,ырың– жырың болып жатқан жұртқа тоқтау айтып, тиым салмады деп іштей өкпеміз де болатын оған.Дегенмен әкелеріміз білімді, білікті, ғұлама кісі деп аузынан тастамаушы еді. Сөздерінің жаны бар екен, ол артына «Түрік–қазақ тарихы» атты қолжазба кітап қалдырып кетіпті. Ол еңбегі Омбы арқылы Керекудегі белгілі бір ғалымның қолына түскен көрінеді. Шежіренің талас туғызар тұстары көп болғанымен, тынымдық, тағылымдық мәні де аз емес. Ал Момақан марқұмның өз аузынан естіген қариялардың айтуына қарағанда Уәлидің хан сайлануы біраз күшке түскен тәрізді. Аруағынан айналайын,
бұрынғы ел басқарған бабалар казіргідей жағы түскенше билікті уысынан шығармай, тақтан тістей қабысып айырылмай отырып алмаған ғой. Көзі тірісінде– ақ мұрагеріне орын беріп, өзі сырттай айғайшы, ақылшы боп отырған емес пе көбі. Абылай да шау тартып, жасы алпыс алтыға келгенде: «Мен болсам қартайдым, орныма Қасым деген баламды қойсам деген ойым бар. Халқым қабыл көрсе, оны хан көтерсін», - деп қарауындағы елге хабар салады. Хан жарлығын есіткен ел тарту–таралғысын алып орда қайдасың деп Көкшеге қарай ағылады. Жұрттың аяғы қанша жиналып болады деп дегбірсізденіп Қасым төре жүр. «Әлі келіп үлгермеген ел бар» деп, соларды тосқызып тапжылмай Абылай отыр. Расында да белді–белді екі тайпадан әлі ешкім келмеген еді. Олар көпке сөзі өтетін Қаракерей Соқыр Абыз бен Қанжығалының батыр– бағлан билері. Бақса, олардың батырлары жорықта жүріп қап, елі сол қадірлі кісілерін күтіп кешігіп жатыр екен. Ақыры, онша ұзамай олар да жетеді. Қаракерей мен Қанжығалы келген соң топ та түгенделеді. Абыздың Әлдебек, Тәттімбек деген екі ұлының екеуі де батыр екен. Қанжығалы–бәсентиінді Айтбай деген батыр бастап келді. Бәрі де алдымен хан ордасына келіп сәлем береді. Ордада Абыздың Әлдебегі сөйлеп отырған үстіне Қасым келіп кіреді. Кешіккендеріне ренжіп қаңыратқып жүрген төре іш пікірін жасыра алмай: - Мынау аттыға жол, ауыздыға сөз бермей сайрап отырған заржағың кім? – деп қойып қалады, ұнатпағанын ашық аңғартып. Әлдебек айбарлы батырлығымен бірге айтқыр шешен жігіт екен, ешбір іркілмей: Менің атым Әлдебек, Сөйлер сөзім әлі де көп. Жан – жағыңа қарашы, Хан – жалғыз да қара – көп. Хан сайласақ, Қасым – ау, Орта жүздің ішінде Сендей – сендей бала көп. Хан сайла деп Қасымды Атаң Абылай шақырды. Сайламаймыз Қасымды, Болмай жатып басынды. Хан боп елді ұстай ма Тепсінген долы ашулы?! – деп суырып салады. - Біле – білсең «Бай – бір жұрттық, батыр – бір оқтық». Мына сөзіңді қоймасаң саған садақтың бір оғы жалынсын! – деп мінезі шапшаң Қасым сес танытады. Айтарын айтқан Әлдебек әдеп сақтап одан әрі үндемейді. Орда ішінде осыншама адам жиналған жерде тентек төрені жерлей беруді жөн көрмейді. Адамның бәрі бірдей емес қой, Қасымның шалдуар шадырлығы шамына тиіп, шыдамай отырған Айтбай батыр кеп сөзге килігеді. Әу, соқтығардай қотырға
Білмей сөйлеп отыр ма? Үндемей қалай тұрамыз Осындай жиын – топырда Нағашың – қалмақ, әкең – сарт, Басыл Қасым, құтырма! – деп тікесінен бір – ақ қояды. Терісіне сыймай қатты ашуланған хан ұлы енді қаһарын қарсы тіл қатқан Айтбайға төгіп тиісе кетеді. Бес қаруын беліне байлаған батырды мұқатып: - Басына темір киген бұл кім тағы да?! – деп ерекпиді. Сірә үстінде сауыты, басында дулығасы бар аруағы басым айбынды батыр бірден – ақ ұнамаса керек. Жан баласына есесін жіберер Айтбай ма, табан аузында былай деп жауап береді: Руым Ақжол болғанда, Тайкелтірдің баласы – Атым Айтбай батырмын. Өз бетіммен келген жоқ, Тамақ аңдып жүргем жоқ, Атаң Абылай шақырды, Хан сайла деп Қасымды. Сайлауға келіп жатырмын, Талайды көрген батырмын, Келмей жатып ақырдың, Қамалын бұздым неше рет, Жылқысын алып бес рет. Қалмаққа тізе батырдым, Кегін алмақ бар ма ойың Нағашың – қалмақ кәпірдің?! Айтбайдың мынау айтқаны шымбайына батып кеткен Қасым сөздің уытын сөзбен қайтарудың орнына ашуға булығып: «Орданың ішінде отырып «қалмақ» деп бір емес, екі рет айттың – ау, сен!» - деп қылышын ала ұмтылады. Халық көпе – көрнеу қан төгуге жібермейді. Дегенмен орда іші опыр – топыр болып қалды. Көпшілік сабасы түскен соң салмақты сөзге жол береді: - Қасым, сен менімен шынымен – ақ бел шешіп айқасар болсаң жекпе – жекке сыртқа шық. Үйде отырып күңкілдесетің қатын емеспіз ғой, - деп Айтбай орнынан тұра келеді. Сауытын киіп сыртқа шығып кермедегі көк тұлпарына мінеді. Артынан іле – шала Абыздың кіші ұлы Тәттімбек те түрегеледі. Күміс сауытын киіп, қозы күрең тұлпарына ол да мінеді. Екі батыр жиналған жұрттың көзінше қылыштарын жарқылдатып қойдың қу құмалағын найзамен түйреп әртүрлі ат ойындарын көрсетеді. Айтбай батыр көк тұлпарымен матаулы тұрған аттардың үстінен қарғып арғы жағына түседі. Қайран қалған көпшілік қос батырға қошемет көрсетеді. Ошаң етпей ордасында отырған Абылай сырттағы жұртты сабыр сақтап ішке кіріп сөйлеспекке шақырады. Батырлар да, басқалар да түгел келіп болған соң хан сөз бастайды.
- Уа, халқым, хабарым бәріңе де белгілі. Кеңескеннен ел кемдік көрмейді. Не айтсаныздар? Алдымен Айтбай батырды тыңдайын, - дейді. Қанжығалының қалың батырларының арасынан келген бәсентиін Айтбай бұл жолы да іркілген жоқ. Ей, ханием, ханием, Орта жүзге келген соң Жұлдызың туды оңыңнан. Түйе баққан жаяулап Арылдың қалың сорыңнан. Көкбестіні тұлпар деп Таңдап міңдің астыңа Жәнібек ханның тобынан. Сегіз құлаш қорғаннан Қарғып түстің аржаққа Қалмақтың жайған торынан. Жауыңды шауып бақ таптың Алғашқы барған жолыңнан. Көк найзаның ұшымен, Көк тұлпардың күшімен Қақпада тұрған көп қалмақ Қырғын тауып қалыпты Қарулы қайрат қолыңнан. Риза болып ісіңе Жәнібек хан атамыз Хандықты берген қолынан. Сен қартайдың, біз жеттік, Ұрандасаң «Ақжол!» деп, Арғын, Найман, баласы – Бәрі ереді соңыңнан. Бақытты туған адамсың Артықша туған таланды. Сайламаймыз хан қылып Қасым деген балаңды. Хан болған соң айырмас Жақсы менен жаманды. Төрде төре бере алмас, Айырып адал – арамды, - деп бұынғы ойын қайталап Айтбай пікірін нығырлай түсті. Қасымды хан қоюға қарсы екенін бүгежектеп бүгіп қалмай ашық айтты. Айтбайдың екі айтпайтынын, кері қайтпайтынын біліп күдер үзген Абылай енді Әлдебектен сөз күтті. - «Хан соқыр болса халық көр болар, қара соқыр болса тәубәсі зор болар» деген , - деп мақалдай бастап Әлдебек сөзін тақпақтай аяқтады:
- Инабатты кішіпейілден хакім болса, халыққа әділеті мол болар; тәкәппар кесірден хакім болса, жұртына аждаһадай ақырып сор болар, ханием. Абылай бәрінің пікірін мұқият тыңдап көп ойланады, көп толғанады. Елдің игі жақсылары мен батыр, билері Қасым туралы бір ауыз жылы сөз айтпайды. Халық қаламаған соң оны хан қоя алмайтынын білді. Сондықтан көпке қарата тағы бір сауал тастады. - Сөздеріңнің түріне қарап пікірлеріңді түсініп отырмын. Олай болса Уәли деген балам бар, оған қалай қарайсыңдар? - Балаңыз келсін, көрейік, - десті көпшілік. Уәли босаға жақта отыр екен. Түрегеліп көпке иіліп тағзым етеді де, ілгері аттамай отыра кетеді.Көп сыншы емес пе, хан баласының бас – аяғына қарайды да: «Момын екен, мынау ел билей ала ма?» - деседі. Ондайларға қарсы уәж айтушылар да табылып жатыр. «Пысығын да көріп отырмыз, тентегін қойып алып желкемізде жұдырық, төбемізде таяқ ойнатып отырса не істейміз? Момын болса бекзаттығы шығар. Көп үндемесе іштілігі болар. Аз сөйлесе артын бағып, ақылға салады да. Халыққа қамқоршы да ақылдыдан шықпайды ма?! Не керек, сөйтіп Уәли хан сайланған екен, дейді аңыз. Иә, Уәлиді ақ кигізге салып хан көтереді. «Халқына қайырымды болсын, әлсізге қол жұмсамасаң» деп ырым бойынша екі жеңін кесіп алады. Уәлиді хан көтергендегі қазақтың осы ырымын Шоқан жайында кітап жазған ғалым Ирина Стрелькова да қаз – қалпында келтіреді (И. Стрелькова. Валиханов. Жизнь замечательных людей. Москва, 1983 ж.). Әйткенмен, аңызда Қасым төрені тым тұқыртып, ақылын ашуына жеңгізетін ұстамсыз ұшқалақ жан етіп көрсетеді. Бәлкім, бұл көзқарас орыс отаршылдығына қарсы ұдайы күрес жүргізіп, патша әкімшілігінің тынышын алып, елді де дүрбелеңге салып, беймаза еткенінен қалыптасқан да болар. Кеңес кезеңінде қуғынды көп көрген Момақан молданың өзі де қалыптасқан саясаттан бұра баса алмай, Қасым туралы аңыздың көлеңкелі жақтарын ғана жадында ұстап қалуы ықтимал – ау. Қалай болғанымен де, қазақ халқының азаттығы жолында үрім – бұтағы бір ғасырдай қан төккен Қасым төре ұрпақтан әділ бағасын алуы керек – ақ. Асылы, білікті билігімен бүкіл алашты уысында ұстаған Абылайдың Қасым мен Уәлидің қайсысына тағын беруге келгенде таңдауды қоластындағы халқына қалдыруында да мән бар. Аранын ашқан Ресей мен Қытай сияқты екі аждаһаның арбауына алдырмай, тізгінді тең ұстап, қазақ елінің егемендігін сақтап қалған көреген саясат ұстаған кемеңгер Абылайға орнын кім басатыны енжар қарайтын мәселе емес – тін. Сейіл қуып, серілік құрып ел билеуден оқшау жүрген, сырттай момын көрңнетін Уәлиді алтын тағына ие етерде ханның өз себебі болған қасиетті. Енді ғана бүр жарып, тамыр тарта бастаған егемендікті салқын ақылды, сарабдал басшы ғана тамтыратпай ұстап тұра алады. Мінезі ұстараның жүзіндей қылпып тұратын өзгеге құмартып кез келгенге килігетін Қасымға ол қиындау. Сондықтан да ол тақтың тағдырын халыққа қалдырып өз шешімін елдің аузымен айтқызған ғой. Оның үстіне Уәлиді орыс ұлықтары да жек көрген жоқ. Оған куә – құжаттар да баршылық. 1775 Сібір желісінің қолбасшысы генерал – поручик
Денологтың Орынбор губернаторына жазған баян – хаты. Генерал Абылай ханның баласы Уәли мен немере ағасы Сұлтанбеттің ұлы Орысқа және Әбілмәмбеттің Әбілпейзіне жылдық жалақы тағайындалуын талап етіп, бұл сұлтандардың өзі билеген елін уысынан шығармай, тәртіп орнатып, тыныш ұстап отырғанын жазады. Ал Орыс сұлтанның бұндағы бекіністерге түрлі бұйым жеткізіп тұратын Ташкент пен Бұқар саудагерлерін қанаттығы қақтырмай, тұмсықтыға шоқытпай әрі – бері аман өткізіп жүргенін айтады. Шын мәнінде Уәлидің таққа отырып өз бетінше билік құруы 1781 жылы әкесі Абылай хан қайтыс болғаннан кейін басталды. Ал 1782 жылы қарашаның 1жұлдызында оны патша әкімшілігі Қасиетті Петр бекінісінде (қазіргі Қызылжар қаласы) салтанатты жағдайда Орта жүз қазақтарының ханы деп жариялады. Мінберге көтеріліп генерал–поручик Якоби патшайым Екатерина ІІ-нің жарлығын оқып, ол бойынша хан Уәлидің әмірі Орта жүздің күллі халқына, сұлтандары мен рубасыларына түгел жүретінін хабарландырды. Жарлық ахун әрі депутат Мырза Яуышев арқылы татарша да оқылып, соңынан Уәли тағзым етіп құранды сүйіп, ант беріп оның аяғына мөрін басады. Салтанат соңында ханға торқа тон жабылып, қолына қылыш ұсталды, басына бөрікті генерал өз қолымен кигізді. Рәсімге бекіністің әскери құрамы түгел дерлік қатысты. Дабыл қағылып, барабан соғылып, керней шалынып, ханның құрметіне зеңбіректен бірнеше дүркін оқ атылды. Жалпы, Уәли елге жайсыз хан болған жоқ. Ол билік құрып тұрған тұста Орта жүзде өзге жүздерге қарағанда өзара қырқыс, қырғын, төбелес әлдеқайда аз болды. Арқа өңірі қалмақтардан тегіс тазартылды. Аузын айға білеген айбынды да айдынды Абылайға бауыр басып үйреніп қалған ел үшін Уәлидің олқы соққаны да рас. Сонда да ол қой ауызынан шөп алмас аса момын да болмаған секілді. Ретті жерінде айтарын айтып, қарсыласының бетін қайтарып та тастап отырған. Мәселен, 1774 жылы Абылайға сенімхат әкеп Пугачевтен елшілер келгенде Уәли сұлтан: «Абылай өз атын өзі шақырған көкекті патша деп танымайды және қанішер жексұрынмен ешқандай қарым –қатынас жасамайды» деп әкесінің орнына жауап беріп, келгендердің бетін бірден қайтарып татайды. «ХVІІІ ғасырдағы қазақ батырлары туралы тарихи аңыздар» жинаған Шоқан Уалиханов: «Уәли ханның жасында сайқымазақ әзілкеш, әрі шалдуар тентек мінезімен аты шықса керек. Ол кейінірек қырға кеп Абылайға бағынып қасында қалған қалмақтармен арада соғыстың бұрқ ете қалуына да себепші. Қалмақтың жас ноянымен бір жас қызға таласып Уәли биік өкше етіктің нән табанымен тепкілеп бейшараның қабырғасын сындырған екен. Намысқа шапқан қалмақтар шыдай алмай бас көтеріпті» деп жазады (Ш. Уалиханов. Шығармалар, 2–том. Алматы, 19858 ж.). Ел билеуге келгенде Уәли хәл–қадерінше әкесі Абылай салған сара жолды ұстануға тырысады. Әсіресе, сыртқы саясат саласында оның бағытынан аумай, бір жағынан Ресеймен қарым–қатынас жасап, екінші жағынан Қытаймен байланысын үзбей, әрі өрістете береді. Патша үкіметі өз тарапынан оның Шығыстағы ұлы көршісімен байланыс жасауына тыйым салып–ақ бағады. Тіпті Уәли ханға арнайы
келе жатқан Бөгдіхан елшілерін қазақ әскерлері хан ордасына жібермей де қояды. Бірақ қайткенмен оның Қытай өкіметімен қарым–қатынасын тоқтата алмаған. Патша үкіметі өз ықпалын күшейту мақсатымен Уәли ханның тұсында шекара шептерін Орта жүз жеріне қарай біртіндеп жылжыта бастайды. Хандық биліктің шарасыздығы. Қырдағы феодалдық батыраңқылық, рулар арасындағы алтыбақан алауыздық, көшпенді шаруашылықтың дәрменсіздігі солардың отарлау саясатын жүзеге асыруына қолайлы жағдай туғызды. Оның үстіне Уәли ханның ішкі саясатына жергілікті жердің өзінен қарсылық күшейіп кетті. Ханның үстінен патша үкіметіне арыз–шағымдар топырлап түсіп жатты. Патша әкімдері де оның түп ізіне түсіп алып, көрген– баққанын, естіп–білгенін жоғары жаққа хабарлады да отырды. Ол ұдайы Орта жүз арқылы өткен сауда керуендерін тонайды деп те соқты. Ханның алым–салығына шыдамай кейбір рулар көше бастады. Оған Ресей тоқтау салудың орнына өкпелілердің қолтығына су бүркіп, өз ішіне қарай Тобыл және Том губернияларына шақырды. Орыс әкімшілігінен қолдау таппай ел ішіндегі арқа сүйер әлеуметтік күшінен айырылып қалған соң Уәли хан Қытай өкіметімен, Бұқар хандығымен байланысын күшейтуге мәжбүр болды. Осыны аңдаған патша үкіметі Уәлидің билік ауқымын шағындау үшін Орта жүзге тағы да бір хан тағайындады. Ол атақты Барақтың ұрпағы Бөкей болды. Алайда ол онша көп билік құра алған жоқ. 1817 жылы дүние салды. Араға екі жыл салып 1819 жылы дүниеден Уәли де өтті. Сонан соң Орта жүзде хан сайлауы мүлдем тоқтатылды. Сөйтіп, қазақтың ең соңғы сайламыш ханы ұлы ғылым Шоқанның атасы Уәли болды. Бұрынғы балаларындай бұзып–жарып керемет бірдеңе жасап тастамағанмен, жорыққа аттанып қазақ жерінің шекарасын ұлғайтпағанымен Уәлидің хандық құрған тұсын қазақ елі, әсіресе, Орта жүз бейбіт, бейқұт өмір сүріп, басына бас, малына мал қосып, тып–тыныш өмір сүрген мизаншуақ бір кезең болған еді. Ел билеуші үшін бұл да бір тағдырдың бөлекше сыйы болса керек. Оның тарихтағы орны да осымен айқындалады ғой.
Айғаным
Айғаным ханшаны Александр Бірінші патша да білген
Қазақ ханшасы Айғанымның орыс патшасы Александр біріншіге арнайы хат жазған–жазбағаны әзір беймәлім. Зайыры, ол заманда да баса–көктеп жоғары жаққа бірден шықпай, өтініш–тілекті сатылап айту заң болса керек. Сол себепті ханша хатын алдымен Батыс Сібір генерал–губернаторына жолдаған секілді. Оның тілек–талабына терең үңіліп, мұқият зерделеген губернатор өз кезегінде Сібір комитетіне пайымдама–ұсыныс түсіріп, өтініштегі ерекше көңіл бөлер жәйттерді баса көрсеткенге ұқсайды. Ханшаның ізгі ниеті онда да ой елегінен өткізіліп, әбден екшелеген соң ғана патша ағзамның құзырына жеткізілген сыңайлы. Одан патшалықтың қол астына енді ғана енген елдер үшін пайдасы
болар ой–пікір байқаған патша арнаулы жарлық та шығарды. Сонда ұлы елдің ұлық мәртебелі басшысына ой салған бұл қандай пікір болды екен дейсіз ғой ... Аты алты алашқа аян Абылайдан кейін Орта жүзде отыз жылдан астам хандық құрған Уәли қайтыс болғанда оның кіші әйелі Айғаным отыздың ішіндегі жап-жас қана келіншек еді. Ханның қара шыңырағында ордасының иесі болып қалған оның өзінен туған жеті ұлдың таққа отыра кетер кәмелетке толғаны жоқ– тын. Ол екі ортада елдің атқамінерлері бас қосып жіберіп Уәлидің бәйбішеден туған үлкен ұлы Ғұбайдолланы ақ киізге сап хан көтеріп те үлгерді. Көңіл айта келген Байдалы шешенге мұңын шағып: «Хансыз қанырап тақ қалды, қалың дәулет бақ қалды. Хан артындағы қара тұманның ортасында қарманып мен қалдым» деп өзі айтқандай, ақыл алтау, ойы жетеу боп жүрген ханшаның оған мән беруге мұршасы да келген жоқ. Алайда жұрт орданың тізгіні аза тұтып, қара жамылып отырса да ханның орнын суытпай, қарауындағылардан қамқорлығын аямай келе жатқан Айғанымның қолында деп ұқты. Сондығынан да ойдағы орыс ұлықтары, қырдағы қазақ жақсылары ат ізін үзбей ордаға ағылып жатты. Қалың жұрттың осы ықылас–пейілі ме, әлде өзінің табиғи қажыр–қайраты ма, ханша езіліп отыра бермей есін тез жиды. Белін бекем байлап, енді ол алдымен өз отбасының, қалды қарауындағы елдің қамын ойлап, келешегіне көз жүгіртті. Бағамдап байқаса, бәрінің де болашағы ұлы орыс елімен жақындасуда жатқан сияқты. Шығыс тілдерінің біразын жетік білетін оқығаны, тоқығаны мол ханша сондықтан орыс ұлықтарымен де ортақ тіл табысып, қырға шеңгелін салып, дендеп кіріп келе жатқан жаңа мемлекттің саяси һәм мәдени өміріне белсене араласуға ұмтылды. Ал Ресеймен жақындаса отырып, оған өз ұпайыңды жібермеудің бұлжымас бір жолы–орыстың тілі мен білімін игеру де, екіншісі– бірте–бірте отырықшылыққа көшу деп білді ол. Ақылмен атасы Абылай кезінде Қалдан Серенге: «Орындай алмай кетіп бара жатқан үш арманымның бірі – елімді отырықшы ету еді» дегенін Айғаным жақсы біледі. Рас, тоз–тоз боп бытырап кеткен елін біріктіріп, жат табанында тапталған жерін тазартамын деп бар өмірін ат үстінде өткізген айбатты да қайратты атасы ол арманына жете алмай кетті. Ал сол арманның жүзеге асуы үшін отырықшылыққа көшуді бас болып беделі биік төре тұқымы қолға алса, бұның басқалар үшін өнегесі өте мол. Әрине, отырықшы елдің қонысы да, өрісі де тұрақты болуы керек. Оларды тұрақты етіп алуды да алдымен хан тұқымы бастағаны абзал. Осынау ойлар орыс ұлықтарының да көңілінен шығып, діттегенін дөп басты да дереу оны жүзеге асыруға кірісті. Оған патша үкіметі ұлықтарының өзара қатынас қағаздар алмасуы куә. «Орта жүз қазақтарының билеушісі марқұм хан Уәли Абылайхановтың жесірі Айғаным өткен 1822 жылдың қарашасында өз тұрақ–жайымен щекарамызға жақынырақ болу үшін Есіл өзенінің жоғарғы бойынан тұрақты көшіп-қонып жүретін және өзіне қарасты Құдайберді – Атығай һәм Уақ–Керей болыстарының қазақтары түгел сиярлықтай жер сұраған еді, - деп хабарлады Сібір комитеті Батыс Сібір генерал–губернаторы П.М. Капцевич 1823 жылғы 12 тамызда Түмен қаласынан жолдаған ұсыныс– пайымдамасында. Оның тілек–ниетін ілтипатпен қабыл алып, Қызылжар комендантына ханшаның қай жерлерді қалайтынын әрі сол өңірдің желіден
қандай қашықтықта болуы керек екенін өзінен егжей–тегжейлі сұрап білуді тапсырдым. Ханшаның өзіне қажетті мағлұматтарды алғаннан кейін оған жер бөліп, мешіт пен үй салуға жоғарғы басшылықтан рұқсат сұрайтынымды білдірдім. Қызылжар коменданты өзіне жүктелген тапсырма бойынша Айғаным Абылайхановадан хат алып, діттеген құрылысы үшін оның өз болыстарының қыстаулары бар Атығайдың Ырсай мен Бәйімбет рулары отыратын Аютас деген жерді таңдапты. Ол болыстар Есіл өзенінің бойындағы Тұщысу (Преснов) бекінісіне қарама–қарсы жатыр. Алайда, ол Новгород пен Курск губернияларынан келетін шаруаларды қоныстандыруға таңдап алынған жер еді. Айғаным айтып отырған жерлерді анықтап біліп алу үшін әрі биік мәртебелінің Сібір губернияларын басқару жайындағы жарлығы негізінде Новгород пен Курск губернияларынан жаңадан келіп қоныстанушылардың егін егіп, үй–жай салуына қолайлы жер іздегелі өткен маусым айының алғашқы жаңасында Сібір желілік қазақ әскерлері әскери кеңесінің старшинасы Леденеві қасына бір офицер қосып, арнайы іссапарға жібердім. Ол ханшаның өзін қатыстыра отырып, сол өңірдің күллі өрісін, шабындығы мен жайылымын сипаттап маған жазып жіберуге міндетті. Өткен шілденің 16 жұлдызында Г. Леденев маған мынаны мәлім етті. Айғаным өз қарауындағы Атығай һәм Ноғай– Қарауыл болыстарының қазақтарын жинап сұлтан Тортай Шыңғысовтың қатысуымен ақылдаса келіп, қыстауды әлгі болыстардың тоқайласар тұсы Аютастан емес, Сырымбет деген жердегі тау мен көлдің арасынан салуға бірауыздан пәтуа жасады. Аталған болыстардың алғашқысы Сырымбеттің етегінен басып, Есіл бойымен Ново–Никольск ретутына дейін көсіліп жатқан далаға ие болды да, екіншісі Сырымбет тауының сыртындағы ормандардан Борлық өзенін жағалай отырып, қанат жаяды. Уәли ханның жесірі Айғанымның тілек–талабын Сібір комитетінің қаперіне сала отырып, оның ой–ниетін іске асыру пайдасыз болмас еді деп санаймын. Сондықтан Уәли ханның жесірі Айғаным мен оның отбасы үйелмені үшін үй салып беруге Омбы облысының ішкі екі округін құруға бөлінген алпыс екі мын сомның бес мыңын жұмсауды өтінемін. Аталмыш дуандарды құрған кезде бұл секілді іс–әрекет басқа да беделді сұлтандар мен олардың бағыныштыларына ерекше елең еткізерлік сый–сияпат болады. Оның үстіне Омбы облысы құрылғанда қазақ даласында алғаш ашылатын дуанды хан Уәлидің үлкен ұлы Ғұбайдолла сұлтанның жанынан соның қонысына жақын жерден ұйымдастыру белгіленіп отыр» (Шоқан Уәлиханов. Шығармалар жинағы. 5–том. Мақаладағы құжаттар мен хаттардың мәтіні осы кітаптан алынып отыр. Ред.). Бұл ел санасында «Жаңа ереже» деген атаумен сіңген «Сібір қазақтарын басқару жайындағы жарғы» қабылданып, оны жүзеге асыру қолға алына бастаған кезең еді. Айғанымның өтінішін аяқ–қолын сайға тигізбей жедел орындауға кірісіп кетуге бір жағынан осы да себеп болған сияқты. Және жарғыдағы дуандар мен облыстардың басшылары тек қана төре тұқымынан сайлануға тиіс дейтін тармақтың қабылдануына ханшаның тікелей қатысы бар. Осы ойын ол жарғыны жасар алдында ордаға арнайы келіп, жергілікті жұрттың жай–күйімен, дәстүр–
салтымен танысқан граф М.М. Сперанскийге айтып, ұсынысы қабылданбаған жағдайда Санкт–Петербургке дейін барып, өз пікірін патша ағзамның алдында дәлелдеп беруге де бейіл екенін айтқан–ды.(Ирина Стрелкова. Уалиханов.). Сібір комитеті көп ұзатпай 1823 жылғы 19 желтоқсанда «Уәлидің Айғанымына үй салып беру туралы» шешім қабылдайды. Сол құжаттың шетіндегі ашық жерде: «Сібір комитеті. Қазақ ханы Уәлидің жесірін қоныстандыру мәселесін қарау. 1828 жылғы 23 желтоқсанда қаралды. Түпнұсқада граф Аракчеевтің өз қолымен "Биік мәртебелінің өзі С.Петербургте 1824 жылғы 24 қаңтарда бекітті» деп жазылған ескертпе бар. Шешімде негізінен Батыс Сібір генерал–губернаторының пайымдамасы толығынан мақұлданды да, оның өзіне ханым мен отбасы үйелмені үшін шағын үй–мешіт салып беру жүктелді. Онда да қырдағы атақты әулеттерді қоныстандыру үшін ең бір тамаша өнеге болып, басқа да беделді сұлтандар мен оларға бағынышты халықты отырықшы өмірге ынталандыруы ықтимал екені атап көрсетіледі. Ал патша ағзамның жарлығы істің барысын тіпті тездете түсті. Жалпы жарлыққа Александр Бірінші 1824 жылғы 28 қаңтарда қол қояды. Сол құжаттың толық мәтінін таныстыра кеткен артық болмас. «Үкімет сенатынан бүкіл Ресейдің дара билеушісі ұлық мәртебелі императордың жарлығы. 30 сәуір, 1824 жыл. Тобыл мен Том генерал– губернаторы, жаяу әскер генералы әрі сардар Петр Михайлович Капцевич мырзаға. Ұлық мәртебелі императордың жарлығы бойынша қаржы министірі мырзаның баяндамасы тыңдалды. Оның баяндауынша артиллерия генералы граф Аракчеев оған осы жылдың қаңтарында 24 күні ұлық мәртебелі бекіткен Сібір комитетінің ережелеріндегі төмендегідей баптарды хабарлайды: Сібірдегі әскерлерге жер бөліп беру туралы. Қазақ ханы Уәлидің жесірін қоныстандыру туралы. Батыс Сібір генерал–губернаторы қазақ Орта жүзінің иесі Уәли ханның жесірі өз тұрақ –жайымен біздің желіге жақынырақ тұруды тілеп, Есіл өзенінің жоғарғы бойынан өзіне тұрақты көшіп–қонып жүру үшін қарауындағы Құдайберді– Атығай һәм Уақ–Керей болыстарының қазақтары түгел сиятындай жер бөліп беруді сұрағанын мәлімдейді. Желі басшылығы мұқият жинаған мәліметке қарағанда, сол Есіл өзені бойындағы шолып шыққан жерлер кейбір ішкі губерниялардан қоныс аударатын шаруаларға таңдап қойылған екен. Сондықтан Уәли ханның жесірі мен оған бағынышты бұратаналардың тілегі бойынша мекен–жай салу үшін Сырымбет тауының етегі таңдап алынып, сол арадан Есіл өзенін өрлей Сібір желісіндегі Ново–Никольск әскери қонысына дейінгі және Сырымбет тауының сыртындағы ормандардан басталып, Борлық өзенін бойлап кете беретін өңір бекітілді. Аталмаш өтініштің қанағаттандырылуын қолайлы да пайдалы деп тани отырып, генерал–губернатор ойға алған істі жүзеге асыру Уәли ханның жесірі мен бала–шағасына онша үлкен емес үй мен мешіт салып беру үшін қазақ қырында тәртіп орнатуға деп 1823 жылы бөлінген алпыс екі мың сомнан қалған соманың бес мыңын жұмсау керек деп топшылайды. Бұл шараны ол қажетті және аса ұтымды деп біледі. Өйткені ішкі дуандар құруды
нақты қолға алған кезде қырдағы аты әйгілі осындай әулеттерді қоныстандыру басқа да беделді сұлтандар мен оларға бағынышты халық үшін үлгі алар ең тәуір өнеге болып, бәрін де отырықшы тұрмысқа ынталандырмақ. Сондай–ақ Омбы облысы ашылғанда қазақ даласындағы алғашқы дуан Уәли ханның үлкен ұлы Ғұбайдолла тұратын тұсқа жақын жерден құрылмақшы. Осы ұсынысты қарай келіп, Сібір комитеті оны пайдасы аса маңызды, ілтипат көрсетуге толық лайықты іс деп танып, оны толық күшінде бекіту үшін биік мәртебелінің мұрсатын сұрайды. Сібір комитетінің ұлық мәртебелінің өзі бекіткен ережелерін Өзіңіз және Үркіт пен Енесей генерал–губернаторларының һәм қаржы министрі мырзаның дәл әрі сөзсіз орындауын бұйырады. Нақты қол қойған бас хатшы Николай Клоков. Хатшы Пестель Дәрежелі кеңесші Иван Беленкин. Осы жарлықтың ізімен Сырымбетке іле–шала әскери құрылысшылар келді. Ермолаев деген порчук бұрын мешіт салуға қатысты көрмеген болып шығады да ғимараттың кіре беріс алдын теріс жаққа қаратып қояды. Оны байқап қалған ханша мешіт мұсылман тәртібіне сай салынсын деп генерал–губернаторға тағы да талап қойып, үйдің ішін сылап–сырлауды, бір голланд, бір орыс пешін орнатуды, қосымша келушілерді қабылдайтын қонақжай қосуды қазына есебінен тұратын үй мен монша, шошала-сарай, қора–қопса салғызып беруді сұрайды. Сөйтіп, Сырымбетке құрылысшылардың басқа жасағы келіп, орыс үлгісіндегі шағын қалашық салып береді. Бұл қазақ даласындағы мешіті, медресесі, моншасы, мейманханасы бар жаңа үлгідегі тұңғыш мекен–жай еді. Осыған қарағанда, Айғаным анамыз ресми қағаздың құдіретін тым–ақ жақсы білгенге ұқсайды. Ері Уәли ханның мөрін қашан көзі жұмылғанша қолынан шығармауы сонан болса керек. Ал ол қағаздар тілмаш арқылы жазылып,оқылғаннан гөрі өз балаларының қолынан шықан қандай ғанибет. Әрине, ол үшін орыс оқуына беру керек оларды. Өмір ағымын, заман ауанын жетік білетін ханша енді балаларына орысша білім беруге бел буды. Оның патша үкіметінің ұлықтармен жазысқан хаттарының біразы осы мәселелерді қамтиды. Айғаным ханша 1830 жылдың 16 наурызында Сырымбетінде жатып, Көкшетау дуанының әкімшілігіне өтініш жасайды. «Ресей үкіметіне адал берілген менің ұлым сұлтан Шыңғыс Уәлиев орысша оқып, жазып, саясатпен шұғылданғысы келеді, - деп жазады ол. – Менің өтінішім бойынша облыс бастығы мырза оның омбы училищесіне қабылдануына келісімін беріп, оған баруына ауызша рұқсат та еткен. Сол себепті бір бұйрықпен облыс бастығы мырзаға баланы Омбыға алып барар көлік жөнінде ұсыныс түсіруіңізді барынша өтініп сұраймын. Осының бір хабарын күтемін». Соңына Уәлидің Айғаным ханшасы деп қол қояды. Сол жылы сәуірдің 22 күні Омбы облысының бастығы генерал–лейтенат де Сент–Лоран Батыс Сібір генерал–губернаторына ұсыныс түсіріп, «Уәлидің Айғаным ханшасы Омбы училищесіне білім алуға ынталы ұлы Шыңғыс Уәлиевті
қабылдау жөнінде өтініш айтып кірген еді, - деп жазады генерал. –Сібір қазақтары жайындағы биік мәртебелінің жарлығы бойынша сұлтандар мен старшындардың балалары желі бойынша орналасқан әскери–жетімдер бөлімшесіне ғана алынуға тиіс екеніне қарамастан, өздері атағандай оқу орнында орысша білмейтін мұндай жастардың оқуы қиын соғады–ау. Уәли ханшасының ұлын қандай бөлімге ұсыну жөн болар екен? Уәлидің ханшасы ұлын зерек деп мақтағанын ескере келіп, оны Желілік казак училищесінің жанындағы азиялықтар мектебіне орналастырған дұрыс болар деп ойлаймын. Онда білімге деген қабілетін одан әрі шыңдап, орыс тілін үйренуіне барша мүмкіндік ашылар еді... Осы өтінішті жасай отырып, Уәлиевтің білім алудағы жетістігінен Орта жүздің ең атақты әулетінің мүшесі ретінде оның қырды қайта құрудағы үкімет қаракетіне қөмегі тиіп, басқа аталастарының училищемізге түсуіне ықпалы болар ма екен, деген пайдалы нәтижелер күтетінімді және жасырмаймын». Араға ай салып сол де Сент–Лоран «Бек құрметті Уәлидің Айғаным ханшасына» деп, мамырдың 23 күні арнайы хат жолдап, өтініштің қабыл етілгенін хабарлап, баланың оқуға түскенде басқалармен ортақ асханаға барып жүруінің реті келер–келмесі жайында ақылдасып, мүмкіндігіне қарай Омбыдағы бір азиялықтар үйіне пәтерге қою дұрыс болар кеңес береді. Ол хатына іле жауап ала алмаған соң қыркүйектің 19 күні тағы да хат жолдап, «Жауабыңызды ұзаққа созбай, Көкшетау дуанының әкімшілігі арқылы жіберуіңізді осымен екінші мәрте сұраймын. Сонымен бірге Сіздің қаперіңізге мынаны салуды жөн санаймын. Пәтерін жалдар кісіні тағайындау тек өзіңізге ғана байланысты. Өз ұлыңызды кімнің үйіне қойғыныз келетінін айтсаңыз–ақ болды, оның ақысын да, ас суын да үй иесімен келісіп, үкімет есебінен өзіміз төлейміз» деп жазады. Бұл да ханшаның орыс ұлықтарының алдында қадірінің қаншалық екенін айғақтайтын бір мысал. Тегін де өзге елің адамдарымен қарым–қатынасты тек өзара тиімді негізде ғана жүргізіп отырған болса керек. Кәдімгі «есепті дос айырлмас» деген қазақы қағиданы берік ұстанудың үлгісі. 1830 жылғы 18 желтоқсанда жазылған «Уәли ханшасының Омбы облысының бастығы генерал–лейтенант әрі сардар Василий Иванович де Сент–Лоранға хатында да осы сарын айқын сезіледі. «Ұзақ жыл есен –сау болуыңызды тілеп, өзімнің ең ізгі ілтипатымды білдіремін», - деп басталды хат. –Жоғарғы мәртебелі сіздің өткен қыркүйек айының 19 жұлдызында жолдаған №1394 хатыңызды алу бақытына ие болғанымды құрметпен тағзым ете отырып хабарлаймын. Өткен күзде өзіңізбен Қызылжарда жүзбе–жүз кездесіп, келіссөз жүргізгенде ұлымды оқыту үшін Омбыға жіберту жайында өтініш айтып едім ғой. Сондықтан Сіздің отбасыңызға дегени қадір–құрметімді көрсету үшін Омбының өзінде болып қайтқым келеді. Әрине, Омбыға бару үшін жолай ұстайтын ақшаны жіберетін боларсыз деп күтемін. Өзіммен бірге балам сұлтан Шыңғысты да ала келемін. Оны бір татардың үйіне пәтерге орналастырмақпын. Өзіңізге мына жайды да мәлімдеудің артықтығы болмас. Менің балаларымның барлығы татарша хат таниды. Олардың бұрынғы генерал–губернатор Капцевич мырза маған арнайы бекітіп берген Құтмұхамбет Иманқұлов молда оқытқан». Хаттың аяғына сенімді болу үшін деп Уәлидің Айғанымы өз мөрін басқан.
Айғанымның Омбы облысының бастығына 1831 жылғы 15 наурызда жазған тағы бір хаты мынандай: «Жоғары мәртебелі өзіңіздің ең ізгі қамқорлық мейіріміңізге үміт арта отырып, Сізге төмендегідей өтініш–тілегімді айтуға батылым жетті. 1.Орысша оқуға үйретіп, пайдалы ғылымдар бойынша тиянақты білім алып шығуы үшін балаларым Шыңғыс пен Төрежанды (ханың басқа әйелінен туғанымен Айғанымның тәрбиесінде өскен ұлы – С.А.) осындағы училищеге беруге мархабат етіңіз. Олардың алғашқысы жайында өзіңіздің жоғары құзырыңызға ауызба–ауыз баяндағанмын. Енді Омбының Азиялықтар училищесіне тобыл татары, молда Уәлитше Оразметовтың баласы Мұқаметқалиды да шәкірт етіп орналастырсаңыз деп сұраймын. Ол менің балаларыма серік болып, қажет жерінде оларға қызмете те көрсетер еді. 2. Менің күнкөрісімді қамтамасыз ету үшін зейнетақы тағайындалуын қарастырсаңыз екен. Хан Уәлиден қалған мал–мүлікті жеті балама бөліп беріп, әлі кәмелетке толмаған ұлыммен (Шыңғыс) жалғыз қалады. Балаларымның бәрін де патша ағзамның қызметіне бағыштап баулысам деймін. 3. Егін егу үшін әртүрлі тұқыммен және жер өңдейтін құрал–сайманмен жабдықтауға нұсқау берсеңіз екен. Қазақтарды жер жыртып, астық егуге үйрету үшін борышын өтеп болған бір қызметші татар жіберсе игі. Ұн тартатын диірмен салғызып берсе, нұр үстіне нұр. 4. Амандық болса, Сіздің жоғары мәртебелі құзырыңызға кіріп, өзіңізбен жүзбе–жүз ұшырассам деген тілегім орындалатын шығар. Жол–жөнекей бір–ақ соғып генерал–губернатормен де кездеспек ниетім бар. Сол себепті маған өз жолақы ақша жібертіңіз. 5. Менің жанымда жүрген екі би – Жандос Салықов пен Бекей Шапановты старшындыққа көтеріп, тиісті қағазы мен мөрін бергізіңіз. 6. Пікіріммен санасып, жолда мені ертіп жүру үшін дуан әкімшілігі арнайы іссапарға жіберген, Көкшетаудан біз тұратын Сырымбет арқылы 600 шақырым жол жүрген, дуаннан жолақысын ала алмаған тілмаш Сейфуллинге тиесілі ақшасын беру жөнінде бұйрық етсеңіз». Сенімді болу үшін соңын тағы да Уәлидің Айғанымының мөрі басылған. Хатқа қарағанда, ханшаның қамқорлық аясы да, қаракет ауқымы да айтарлықтай кең болғанын аңғару қиын емес. Өз балаларын ғана оқытып қоймай, солардың саясында басқа жастардың да білім алуына қол ұшын беру, елдің егіншілікпен айналысуына жағдай жасау, қарауындағы адамдар мен қасындағы серіктерінің қамын ойлау, керек бір қасиеттер емес пе. Бір ғажабы–оның осы талап–тілектері ұзын арқан, кең тұсауға түспей, табан аузына орындалғаны ғой. Әлбетте ол Айғанымның абырой–беделінің биіктігінің белгісі. Оның қарауындағыларға деген қалтқысыз қамқорлығының тағы бір айғағы 1831 жылғы 15 наурызда Омбы облысының бастығы де Сент–Лоранға мынадай өтініші. Әдеттегідей ол да «Омбы облысының бастығы генерал–лейтенант әрі сардар Василий Иванович де Сент–Лоранға», - деп басталды. «Сонау 1824 жылдың қазан айында мен өзімнің кішкентай балаларымды оқытып, хат таныту үшін жарлығы молда Құтмұхамбет Иманқұловты таңдаған
еді. Осы міндетті орындау үшін оны маған Қызылжар коменданты арқылы жоғары мәртебесі өзіңіздің алдыңыздағы әкім Семен Богданович Броневский бекітіп берген еді. Сол молда содан бері менің қасымда болып, өзіне жүктелген міндетті зор зейін қойып, құлшына атқарып келеді. Ол менің балаларыммен бірге қарауымдағы қазақтардың балаларын да жап–жақсы оқытып, барлығы 24 жастың сауатын ашып, хат танытып шығарды. Қазірдің өзінде 15 кішкекнтай балаға тәлім беріп, еркін оқып жазуға үйретіп жүр. Ииманқұловтың қызметі мен ынта– жігеріне өзім сияқты қарауымдағы халық та дән разы. Осы Омбыға келген соң сіздің ұлық мәртебелі құзырыңыз жоғары үкіметтің атынан өзінің ерен еңбегімен көзге түскен әртүрлі қазақ старшындарын марапаттауға ұсынып жатқанын енді ғана естідім. Сондықтан да Сіздің жоғары мәртебелі назарыңызға молда Имақұловтың қалтқысыз қызметі мен құлшынысты ынта–жігерін салғым келіп отыр. Оны осы жолғы марапаттан тастамасаңыз және келесі сый–сияпаттан қалдырмасаңыз екен деп сұраймын. Осы өтініш тілегім жоғары мәртебелі өзіңіздің махабат–мейріміңізден тыс қалмас деп Уәлидің Айғаным ханшасы. Ал оны орысшаға аударуға лауазымды кеңесші Дабшинский. Ұстазды қадір тұтып, құрмет көрсетпей ұрпақ өспейтінін білген кісінің ізді ісі бұл. Арыз–шағымға аса сергек басшы де Сент–Лоранның аймақтық бастығына мына бір ескертпесі де ерекше назар аудартады. «Уәлидің ханшасы басқа да билер мен старшындарын ертіп, маған келіп, мән–жайын баяндап, арыз–шағымын айтты. Қадым заманнан бері оларға тиесіл Қалқам–Өткел деген жерден бастап Есіл өзенінің жоғарғы ағысына қарама–қарсы жатқан ұланғайыр өңірге қазақтар ешқандай рұқсатсыз баса көктеп кіріп, ағашын кесіп, шөбін шауып, қыруар жайылымымен басып алған көрінеді. Олардың өтініш–тілегін өзіңізге жолдай отырып, Сіздің биік мәртебеңізге желідегі кордан бастықтары мен земство полициясының оларға бақылау орнатып, қадағалап отыруын ұсынамын. Ол өңірдің бірде–бір тұрғыны қазақтардың өрісі, қонысы, жайылымы бар жерден олардың ағаш кеспейтін болсын» деген бұйрық береді 1831 жылы 21 наурыз күні. Шамасы, Айғаным сол жолы осындай өтініщ–шағымды Батыс Сібір Бас басқармасына да берсе керек. Оған Батыс Сібір генерал–губернаторы жаяу әскерлер генералы И. Вильяминовтың Омбы облысының бастығына сол жылы 9 сәуірде жазған қатынас–қағазы куә. «Уәлидің Айғаным ханшасы Тобылда болған кезінде баянхат жолдап, атап айтқанда, төмендегілерді талап етті. Біріншіден, бес болысына тиесілі Есіл өзенінің бойындағы Ново–Никольск редутынан Аютасқа дейін ұласып жатқан жеріне тиіспеуін сұрады. Кейбір казактар ол өңірден үй– жай және қора–қопсы салып, орманын отап, шөбін шауып, қазақтарды ығыстырып жүрген көрінеді. Сондықтан олардың өз малын азық–түлікке айналдыруына қаржысы жоқ деді. Екіншіден, Көкшетау дуанындағы аға сұлтан мен оның қазақтардан сайланған мәжіліскерлерінің қызметші ретіндегі жарғы бойынша белгіленген қызмет мерзімі бітті. Тәжірибеде қылаң беріп жүрген парақорлыққа жол бермес үшін жедел сайлау өткізу керек. Аға сұлтанның өзі, тіпті әкімшілік мүшелері де сайлауға араласпауға тиіс. Тек сонда ғана халықтың өз дауысы үстемдік құрады».
Осы үзінділердің өзінен–ақ Айғаным ханшаның қазақ даласын қызғыштай қорып, көзі тірісінде оны қанаттыға қақтырмауға, тұмсықтыға шоқытпауға бар күш–жігерін салғаны көрінеді. Былайша айтқанда, елдің анасы, жердің панасы болған ханша мүмкін-қадерінше туған жұртының өрісін тарылтқызбаған, өңірін таптатқызбаған. Сол үшін де елдің саяси өміріне белсене атсалысып, аға сұлтандардың сайлауына дейін араласып отырған және оның мейлінше әділ болуын қадағалаған. Әлбетте, мұндай ақылды да ойлы әрі алдағыны көріп, болжай алатын ханшаны патша ағзамның білгені сөзсіз.
Айғанымның жаңа ордасы жайында бір әңгіме
жылдың қоңыр күзі еді. Биағаңның (Бейімбет Майлиннің) Қостанайдағы тойына жолымыз бірге түскен Алтыншашпен, кәдімгі халық қалаулысы, жазушы Жағановамен «сапар оң болсын» айтысқан соң оның салтанаттан кейін аз күн тынығып алғалы Оқжетпеске бара жатқанын білдім. - О, онда Көкшеге де жолымыз бірге түсті ғой. Жол–жөнекей Ақан серінің жаңа ауылына соғамыз. Сәл бұрыс болады. - Ой, Айғаным анамыздың ордасын міндетті түрде көру керек. Мүмкіндік болса бейітінің басына барып, зиярат етіп, дұға оқып қайтқан жөн. Әйтпесе аруақ аттағандай боламыз. Айғаным–ананың басына міндетті түрде барамыз, - деп ол ойын айшықтай түскісі келгендей «міндетті түрде» дегенді шегелей тағы да қайталады. Айтқандай–ақ, той аяқталысымен тура Көкшетауға тарттық, ұлы жазушының жүз жылдық мерейтойына Бурабай басында демалып жатқан жерінен арнайы келген Сәкен Жүнісов пен Қалдарбек Найманбаев Қостанайдан бізбен бірге қайтты. Шекарада Борлық өзенінің үстіндегі биік көпірдің тұсында бізді Айыртау ауданының әкімі Армия Әбілқайыровтың өзі қарсы алып, Шоқан салған суреттер бойынша қалпына келтірген ордаға бірден бастай жөнелді. Ханшаның зираты соның тап түбінде екен. Жолай аятты Ақан серідей сұңғыланы, Науан хазіреттей ғұламаны ертеден зерттеп жүрген Сәкен оқымақ боп келе жатқан–ды. Бейіт басына келгенде ол «әй, күліп қойып, құран сөзін шатастырып алармын» деп қипақтауға айналды. «Онда рұқсат етсеңіздер өзім–ақ оқиын деп шарта жүгініп отыра қалған Алтыншаш «ясиннен» бастап, «кұлһуалланы» үш қайтарды: мақамы да, мәнері де әп–әдемі. Бұрнағы жылы Президентпен бірге бір топ қаламгер Түркияға барып, Ыстамбұлда болғанымызда Ая–София мешітінде садақа беріп, Ұлы Отан соғысында опат болған әруақтарға құран бағыштатқаны есімде. Зайсандағы зілзала зардабын шеккендер үшін шыр–пыры шығып, шырылдап жүретіні, аналар мен балалардың жағдайын жақсарту жөнінде талай толғақты мәселелер қозғап, дамыл, тыным таппайтыны, қазір де мәдениетіміздің қам–қарекетіне көп толғанатыны ойыма оралып, «осы Алтыншаш та Айғаным сияқты ел анасы болуға бет бұрып барады–ау, шамасы!» деген пікір қылаң етті. Осынау ойдың әсері ме, ендігі бір әзірде оның аты аузыма түспей «Айғаным!» деп қалғанымды өзім де аңғармаппын.
Айғанымның жақында қалпына келтірілген ордасы Шоқан шығармаларын зер салып оқығаннан бері көз үйренген суреттерді тірілтіп, қаз–қалпында алдымызға алып келгендей. Биік күмбезді мешіт, қаңылтыр шатырлы үлкен қоңақ үй, ұзынша келген әсем медресе ғимараты, уыз қарағайдан қиып жасалған ас үй мен сарайлар, аула ортасындағы қайыңнан буып шегенделген тұтқалы құдық, айнала сырғауыл шарбақ – бәрі–бәрі көзге оттай басылатын таныс суреттер сияқты. Міне, есіктен төрге дейін тай шаптырым дағарадай қоңақжай. Кезінде қазақтың хан мен қарасы, жақсы мен жайсаңы жиылып мәжіліс құрған құттыхана. Осының төрінде сөз салыстырып, жыр жарыстырып, Орынбай мен Арыстанбай, Ақан сері Есенбай секілді ақын–жыраулар мен әнші сазгерлер де отырған ғой. Ән әуелетіп, күй күмбірлетіп, жыр селдетіп отырған сол сал–серілердің саңқылдаған үні қазір де құлақта жаңғырып жан тербірентетін тәрізді. Орыс саяхатшыларының жол жазбаларын еске алсақ, анау төргі бұрышта терезеден түскен жарыққа қарай түсі сан құбылып, сәуле шашатын биіктігі екі метрдей үнді вазасы тұрған. Түстікке қараған төрт терезенің түбінде жиырма пьесалық орган болған. Органның Алматы консерваториясына жетпісінші жылдары әрең келгенін ескерсек, бұдан екі жарым ғасыр бұрын жасаған орда иесінің мәдениет деңгейі қандай екенін бағдарлауға болады. Есіктен төрге дейін тұтас алып еденде түсі тотының қанатындай алуан бояумен құлпырып түрікпен кілем жатады екен. Оны мешітке әдейі арнатып, Абылай ханның өзі түрікпен шеберлеріне тоқытса керек. Бір өзі бір нарға жүк сол кілемді бертін бандылар тығып қойған жерден тауып алып, он екіге бөліп, қиып–қиып тастапты. Сәбит Мұқанов оның бір бөлігін өз көзімен көргенін, сол екі құлаштай шаршыдан–ақ кілемнің түсі көзің жауын қалай алғанын жазады. Оң жақ бұрыштағы ханымның жатын жайына бас сұққанда жиегі оюланған кимешектің үстіне қарқарадай күндік салған, мамырлаған мама қаздай мол денелі ақ әженің тізесіне басып сап еркелеп жатқан шәкірт Шоқанның шашын сипап шұқылап шаһар тұрмысын сұрап отырған кескін–кейпі көз алдыңа келгендей. Аруағына тағзым етіп, үнсіз бас идік, әрине Қазақ әйелдерінің арасынан алғаш хан міндетін атқарып, Орда жүздің бір кездегі билеушісі болған Айғаным анамыз ғой ол. Ресей әкімшілігінің ресми құжаттарында Уәлидің ханша Айғанымы деген атпен әйгілі ханым хан тұқымынан емес, қара халықтан шыққан. Атығай елінде қарапайым қазақтың отбасында дүниеге келген. Әкесі Сарғалдақ Құдайберді– Бәйімбет арасында бала оқытқан ұстаз молда. Атасы Мәлім қожа да оқыған, көзі ашық, кезіндегі білімді адам болған. Ол өз білгенін балаларына үйретіп, сауатын ашып қана қоймай, олардың ілгері, іргелі жерден оқып, білімді де білікті азамат боп шығуына көп көңіл бөлген. Сондықтан да ол Сарғалдағын сонау Қара Бұқарда оқытқан. Он екі пәнді түгел тәмәмдап елге ғалым–ұстаз болып оралған баласы ел ішінде бірден зор абырой–беделге ие боп, кейін билікке де араласқан. Жұрт оны айтқаны айна–қатесіз келетін көріпкел, әулие деп құрмет тұтқан. Озық ойлы Сарғалдақ ұлдарының ғана емес, қыздарының да оқып, білім алуына айрықша мән берген. Соның арқасында Айғаным да жүйелі білім алып, жеті
жұрттың тілін біліп өседі. Ол әкесінен араб, парсы, шағатай тілдерін үйреніп, шығыс ойшылдарының шығармаларын көп оқиды. Осылай алаңсыз оқып, жауқазындай желкілдеп бой жетіп келе жатқан шағында ауылға Абылайдың тағына ие болған баласы, атақты Уәли хан келді өз нөкерімен. Ханға еріп келген әнші–күйшілер мен саятшы–серілердің өнерін тамашалауға жиналған жұрттың ішінен өңі аршыған жұмыртқадай аппақ, сұңғақ бойлы ботакөз бойжеткен ханның көзіне оттай басылады. Тарам–тарам етіп өрген мойыл қара шашы, күлкі үйірген кірпігі мен әдемі қыр мұрыны сирек кездесер сұлудың сымбатын айшықтап аша түсендей. Жасының біразға келіп қалғанына,бұрын да үш әйелі қарамастан, хан қызға құлап түседі де, атасы Сарғалдаққа сөз салады. Қыздың құны қырық жеті деп, кім мал берсе, сол алатын кез. Оның үстіне хан қолқа сап тұрған соң қожада қарсылық көрсетер хал бола ма: бірден келісім береді. Бірақ өткір, өжет Айғаным бұйрықтысына шартты өзі қояды. «Бурабай бауырында Уәлидің бір емес, үш әйелі, әлденеше баласы бар көрінеді. Оларға апарып қоңсы қондырмасын, мен десе мекенін осы жаққа ауыстырсын» дейді. Хан келісіп, қатын–балаларын Көкше етегіндегі мекендеріне қалдырып, өзі Есілге жақын жердегі Сырымбет тауына кеп қоныс тебеді. Уәлимен отасқан жиырма шақты жылдың ішінде Айғаным оннан астам құрсақ көтеріп, Әбен, Мәмке, Шепе, Шыңғыс, Қанқожа, Әлжандай алты ұл мен Рақия, Нұрила атты екі қыз өсірді, төрт нәрестесі жастай дүние салды. Қанша бала –басты болғанмен табанынан от шыққан уытты, ажарына ақылы сай алғыр Айғаным ханның өзін ғана билеп–төстеп қоймай, оның еліне бірге басқарысады. Кең пейілі мен кемеңгерлігі, мейірбандығы мен меймандостығы арқасында алыс– жақынға бірдей жағып, орта жүздің игі жақсыларының ғана емес, патша әкімшілігінің келім–кетіп өкілдерін де баурап алады. Сонан болар, отыз жеті жыл хандық құрған Уәли жасы жетіп, мың сегіз жүз он тоғызыншы жылы дүние салғанда Ресей патшалығы оның төрт ханымнан туған толып жатқан ұлдарының бірін емес, Айғанымның өзін тақ иесі деп таниды. Ол кезде Айғанымның өз кіндігінен тараған ұлдарының алды он төрт–ақ жаста еді. Абылайдай азуы алты қарыс біреуі шығып, тағы да бой бермей кете ме деп қауіп ойлаған патша үкіметі тақтан үміткер Уәлидің бауырының баласы Сартайды да, шын мәніндегі мұрагер, бәйбішеден туған тұңғышы Ғұбайдолланы да қырына алып, жер аударып жібереді. Отаршылардың ондағы ойы кілең көкжал сен тұр, мен атайын төрелерден илеуге оңай әйел затын қолайлы көруі еді. Қазақтың арғы–бергі тарихында билік айтқан әйел аз болмағанымен, хан атанып, таққа отырғаны жоқ еді. Болса да олардың аты бертінгі ұрпаққа жетпей, ғасырлар қойнауында қалып қойған–ды. Сол себепті Айғанымды орыс патшалығы хан деп білгенімен, қазақтың өзі билеушіміз деп танығысы келмеді. Оның үстіне айбынды да айдынды Абылай ақыл–айламен басын біріктіріп егеулі найзамен жат жұрттан қорғап, іргесін бекітіп кеткен хандық Уәлидің «сен тимесең, мен тимен» дегендей сылбыр саясатының салдарынан бұрынғы беделінен айрылып, ауа жайылып, азайып ыдырауға бет алған–ды. Осындай қиын
–қыстау кезеңде билік қолына тиген Айғанымның соңынан соқпақ салып, елді бірден аузына қаратып ала қоюы оңай емес еді. Қалай болғанда да отыз жеті мүшелінде хан міндетін атқарып, он үш жыл ел билеген ол керемет көрегендік танытып, қазақ халқының болашағы орыс жүртымен тату көршілікте, достық қарым–қатынаста екенін тап басып, тани білді. Ілгері елдердің көшіне ілесу үшін өнер–білім, оқу керек екенін терең түсінді. Заманмен, қоғаммен өрелес болуы үшін ескіше сауатты боп қана қоймай, орысша да оқу керек деп ұқты. Өзгеге өнеге көрсетіп,алдымен өз балаларын орысша оқытты. Әсіресе, төртінші ұлы–Шыңғысқа үлкен үміт артып, көзі қарақат ана қара шаңырақ, хан ордасының болашақ иесін көргендей болды. Ол 1830 жылы наурыздың 16 жұлдызында Көкшетау округінің бастығынан Ресей үкіметіне адал берілген ұлы сұлтан Шыңғыс Уәлиевтің орысша оқып, жазумен, саясатпен шұғылданғысы келетінін, ханшаның өтініші бойынша облыс бастығы оны Омбы училищесіне қабылдауға келісім беріп, оқитын жеріне жетуіне ауызша рұқсат еткенін айтып, Омбыға барар көлігіне көмек көрсетіп, мұрсат беруін өтінеді. Келесі жылғы бір хатында ол Омбының облыс бастығынан орысша оқып, білім алуы, пайдалы ғылымдарды үйренуі үшін балалары Шыңғыс пен Төрежанды сондағы училищеге қалдыруын өтініп, Омбының азиялықтар училищесіне тобыл татары, молда Уәлитше Оразымбетовтың ұлы– Мұқаметқалиды да шәкірт етіп түсіруін сұрайды. Осы өтініштерінің өзінен–ақ Айғанымның жастарға деген қалтқысыз, ұлтқа, жікке, текке бөлмейтін, алалықсыз ақкөңілділігі мен мұндалап тұрған жоқ па? Мұқаметқали молда татардың баласы болса, Төрежан Уәлидің басқа әйелінен туған ұл, былайша айтқанда, күндестен туған томарбас. Бірақ Айғаным бөле–жармай, оқуға ынтасы бар жастардың бәріне бірдей көріп, қамқорлық аясына алады. Асылы, ол қарақан бастың қамынан халықтың мүддесін жоғары қойған кісі. Қараңғы қазақ жұртының жарыққа ұмтылып, білім жолына түсуіне көп күш– жігер жұмсады. Сырымбетте қарапайым қазақ балалары үшін арнайы мектеп ашқызды. Мектептің тірегі де, тұтқасы да жан–жақта білімі бар мұғалім деп білген Айғаным әдейі сұратып оған Қызылжардан Құтмұхамбет Иманқұлов деген ұстазды алдырды. «Бұл молда менің маңымда жүрген мерзім ішінде өз міндетін айрықша ынта–жігермен атқарып, қажыр–қайрат танытты, - деп жазады: - Ол менің балаларыммен бірге төңіректегі қазақтардың 24 баласына тез–ақ хат танытып, тәп–тәуір сауатын ашты. Оның үстіне қарауымдағы жұрттың он бес баласын және оқытып шығарды. Өзім сияқты өзгелер де Иманқұловтың еңбегіне дән разы». Омбыға барғанда биік мәртебелі үкімет алдындағы айрықша еңбегімен көзге түскен қазақ, қырғыз атқамінерлерінің награда алып жатқанына куә болған ханша Омбы облысының бастығы Де Сент–Лоранға: «Сіздің мәртебеңізге мына жәйді жеткізуді парыз санаймын: келесі кезектегі сый–сыяпатыңыздан ынталы да ықтиятты қызмет атқарып жүрген Иманқұловтың ұмыт қалдырмасаңыз екен», - деп жазады. Бала болашағының ұстасы – ұстаз еңбегінің еш болмауын, елеусіз қалмауын Айғаным содан–ақ ескерген, Ұста елемейтін елдің ертеңі жоқ, мектебін
құнттамайтын халықтың болашағы бұлдыр. Ал ханша өзі ашқан мектебінің оқу бағдарламасын жасауға тікелей араласып, оның орындалуын ұдайы бақылап отырған. Соның арқасында ұлдары мен қыздарына сапалы білім, саналы тәрбие берген. Шыңғыстың арғы–бергі тарихын, салт–дәстүрін терең білетін білімдар, Қанғожаның скрипка тартқанда теңдесі жоқ топ жарған күйші болуы да осыдан. Айғанымның ең сүйікті немересі Шоқанның тәрбиесіне сіңірген еңбегі өз алдына бір төбе. Қазақ ойының жарық жұлдызы болашақ ұлы ғылым бес жасында хат танып, жеті жаста жеті жұрттың тілін білсе, ол тікелей әжесінің әсер–ықпалы. Сәби санасын өлең–жыр, аңыз-әңгімелермен, ертегілермен суарып, кішкентайынан–ақ сөз қадірін түсініп, өнерді әспеттеуге үйретті. Жаратылысынан жаңашыл Айғаным қазақтардың мал шаруашылығымен қатар жер сүмесін еміп, егіншілікпен айналысуына да қатты көңіл бөлген. Жермен жұмыс істеп, егіншілікпен шұғылданудың қыр халқы үшін пайдалы екенін баяндап, жоғары жаққа талай өтініш түсіреді. «Егін салу үшін тұқымдық астық бөліп, жер өндейтін құралдармен жабдықтауға жәрдем етсеңіз екен. Қазақтарды егіншілікке үйрететін үш қызметші татар жіберіп, ұн тартатын бір диірмен салғызып, берсе тіпті жақсы болар еді» деп жазды ол Омбы облысының бастығына. Әрине, егіншілікпен түбегейлі айналысу үшін ел ең алдымен отырықшыға ауысып, бір орында тұрақтап тұруы керек. Бұл бағытта да алғашқы үлгіні Айғанымның өзі көрсетеді. Патша әкімшілігіне қолқа салып, Сырымбет тауының етегінен қыстау тұрғызып, тұрақты мекен–жай салып беруін сұрайды. Ол өтінішті Батыс Сібірдің генерал–губернаторы П. М. Капцевич патшаның өзіне жеткізіп, бағалы бастаманың мәнін ашар мәлімхат жолдайды. «Уәли ханның аталмыш жесірі Айғанымның тілегін назарыңызға сала отырып, және өз тарапымнан оның өтінішін орындау пайдасыз емес екенін айта кеткім келеді... Мұндай шаралар басқа да белгілі сұлтандар мен оның бағыныштыларын отырықшы өмірге көшуге ынталандырар үлгі–өнеге болар еді», - деп жазады ол. Александр патша Айғанымның тілегін қанағаттандырып, игі ниетінің жүзеге асуына жан–жақты көмек көрсету туралы жарлық шығарады. Ханымның өзіне төрт жүз теңге зейнетақы тағайындайды. Алайда патшаның жарлығына қарамастан құрылыс жұмысы табандатқан он жылға созылып, мың сегіз жүз отыз төртінші жылы ғана аяқталады. Қазір қалпына келтіріліп, мұражайға айналдырылғалы отырған мекен–жайдың іргесі алғаш осылай қаланған–ды. Оның құрылысына ханшаның өзі тікелей араласып, қонақжайдың ішкі қабырғаларын сылатпай, ақ қозының жүнінен басылған жұқа қатырма киізбен қаптаттырған. Кеңес үкіметі орнап, орда бұзылғанда сол үй аудан орталығына көшіріп салынып, бірде почта, бірде мәдениет бөлімінің кеңсесі болып, бертінге дейін тұрды. Кезінде сол үйде Айғаным қазақ пен орыстың сүт бетіне шығар қаймағы сынды небір сұңғыла зиялыларын қол қусырып қарсы алып, кең дастарқанның басында елдің сан алуан көкейтесті күрделі мәселелерін шешкен ғой. Өз заманының қоғамдық–саяси ахуалын жетік білген ол ел өмірінің ең бір күрмеуі қиын мәселелерін шешуге іркілмей кірісіп, не нәрснің болсын әділет тұрғысынан таразылануын қарастырды. Әділдігімен, алғырлығымен асқан абырой
–беделге ие болған ол ел басқарушылардың әділеттің ақ жібін аттамауын талап етті. Оның «Көкшетау дуанындағы қазақтардан сайланған аға сұлтандар мен мәжіліскерлер жарлық бойынша белгіленген мерзімінен артық отырып қалды.Тәжірибеде төбе көрсетіп қалып жүрген алымқорлықтың алдын алып, жолын кесу үшін және халықтың өз үні ғана қаракет–қимыл жасауды үшін сайлауға тіпті дуан мүшелері түгіл аға сұлтанның өзі де араласпағаны абзал», - деп жазуы әсте де тегін емес. Осыған қарағанда Айғаным патша өкіметі ойлағандай айтқанға көніп, айдағанға жүретін қой аузынан шөп алмас көп момақанның бірі болғанға ұқсайды. Қажет жерінде тиісті талабын да қойып, қалтқысыз орындатып та отырған. Әсіресе, қазақ–орыстардың баса көктеп қазақ жеріне қоныс салуына жол бермеуге тырысады. Ондай оқиға кездессе, табан аузында жоғары жаққа хабарлап, шұғыл шара қолдануды талап етеді. Мәселен, Есіл өзенінің төменгі ағысы бойындағы орманды өз бетімен кесіп, үй салып, қыстақ жасай бастаған, қазақтарды қонысынан ығыстырып, малын өрісінен айыруға айналған қазақ– орыстардың қылығын естіп, бұндай бейбастықты дереу тию жөнінде дабыл көтерді. Осыған орай облыс бастығы де Сент–Лоран Қызылжар округінің бастығына былай деп жедел нұсқау береді: «Уәлидің ханымы мен өзге де ел ағалары һәм біраз билер маған өтініш арызбен келді. Есіл өзенінің төменгі ағысынан жоғары жатқан қалмақ–өткел алқабындағы бағзы заманнан бері қазақтарға тиесілі жерге екінші полктің қазақтары басып кіріп, жалпақ жатқан жайылымдық жерді жайлап, тұрғылықты халықты ығыстырып жатқан көрінеді. Осынау өтінішке тізімді қоса тіркей отырып, сіздің биік мәртебелі құзырыңызға шекарадағы кордан бастықтары мен земство полициясының қазақтардың рұқсатынсыз олардың жайлау–жайылымы бар жерде ағаш кесуіне, шөп шабуына жол берілмеуін ұсынамын». Әрбір ескертпесінен осындай нәтиже шығарып отыруының өзі Айғанымның жоғары ұлықтар алдында айбын–беделі мол болғаны аңғартса керек. Сондықтан да патша үкіметі оның еңбегін ерекше бағалап, барлық іс–қимылын қолдап отырды. Ол өз дәуірінің күрделі қоғамдық–саяси мәселелерін шебер шешіп, өзара жерінің тағдырын талқылауға жан–тәнімен араласып, оны ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетірмеуге жанталасты. Қазақ қырының терістік өңірін геодезиялық жағынан зерттеуді ұйымдастырған орыс ғалымдарына қол ұшын беріп, қажет жерінде олардың жұмысына бақылау да жасады. Қазақстанның орталық және терістік өңірінің өзекті мәселелерін шешерде би болыстардың бәрі де Айғанымның ақыл–кеңесіне жүргінді. Бұл оның ел анасы болғанының белгісі. Ол 1822 жылы патша өкіметінің «Сібір қазақтары туралы жарлығына» орай хандық таратылып, дуандар құрылып, аға сұлтандық енгізілуін де сол аналық кендікпен, кемеңгерлікпен қарсы алып, басқарудың жаңа жүйесі жетілуіне елеулі үлес қосты. Жасы елуге таянғанда бар билікті сүйікті ұлы Шыңғысқа тапсырып, елдің тілеуқоры болып, Айғаным тікелей ұрпақ тәрбиесімен айналысады. Балалары мен немерелері сауат ашып, оқып жаза білуі үшін молда ұстап, мұғалім жалдағанымен, олардың бас ұстазы өзі болады. Ел тарихын терең білетін ол өзі
куәгер болған оқиғалардың суретін көз алдына келтіріп, тілдің майын тамыза айтуы арқылы ұрпағының өнер–білімге деген ынтасын оятып, рухани жетілуіне игі ықпал етті. Ат ізін суытпай оның ордасына жиі келіп, қолынан дәм тататын айыр көмей әншілер мен алтын саусақ күйшілердің, жезтаңдай термешілер мен құйма құлақ қиссашылардың өнері, ел қамын толғаған көсемдер мен таңдайынан шаң шыққан шешендердің өнегесі жастар үшін үлкен бір мектеп болды. Өрнекті сөздің өзі де айтулы шебері, реті келгенде ойын өлеңмен де кестелей қоятын Айғаным сол өнерпаздардың көбімен қимасындай сыйласып, мұңдасындай сырласып, бауырына тартып, базынасын да айтатын. Сондай саңлақтармен риясыз адал адамгершілік қарым–қатынасы жайында ел аузында аңыз әңгімелер де аз емес. Сөз арасыңда солардың бірін қайталап, еске сала кетсек те артық болмас. ... Уәли хан қайтыс болып, бес дуанға намаз айтылғанда арғынның атақты Байдалы шешені жаназаға келе алмайды. Қысқа жіп күрмеуге келмей, «әне–міне келемін» деп жүргенде ханның қырқы да өтіп кетеді. «Қадірлес қария еді, ат ізін салмағаны несі, келіп көңіл айтпағаны несі?» деп ханның қаралы жесірі іштей өкпелеп жүреді. Күндердің күнінде Байдалы да келіп, орданың сыртында тұрып сапарынан хабар білдіреді. Алайда басы қаралы, жаны жаралы әрі өкпелі ханым шешенді қолтығынан сүйеп аттан түсіріп алуға сыртқа шыға қоймайды. Сонда шешен атының басын кері бұрып тұра қай: - Ханы өліп, Қайғырып жатқан, Айғаным. Қара жамылып Ай–күні батқан Айғаным. Ханға сүйеніп, Қоқай көрмеген Айғаным. Қамқаға оранып, Шоқан көрмеген Айғаным. Мен бір сөз айтайын, тыңдашы, - депті. Қара жамылып жоқтау айтуға оңтайлана берген Айғаным құлақ түріп тына қалыпты. Байдалы да тақпақтап төгілте жөнеледі: - Ер қартайды, мал тайды, Екеуледі, ей ханым. Қатын жалқау, ұл ынжық, Төртеуледі, ей ханым. Келін қатал кер болды, Ағайын жат ел болды, Алтаулады ей ханым. Кәрілік пен кедейлік, Егіз келді, ей ханым. Мұның бәрін санасақ, Сегіз болды, ей ханым. Қаусаған жақ, иек бар, Саудыраған сүйек бар. Ауыл алыс жол болды,
Оннан асты, ей ханым.
Шығар жолды осыдан
Өзің тапшы, ей ханым.
Құла бие құлындап,
Келе алмадым, ей ханым.
Келдім енді, кетемін,
Ықылассыз ордаға
Ене алмадым, ей ханым! –
деп атын тебініп жүре бергенде Айғаным жүгіре шығып шешеннің шылбырына оралды. Құрметтеп аттан түсіріп алып, қалтықтап ақ ордаға енгізеді. Төрге жайғасқан соң Айғанымның жоқтау айтып, жылауға ыңғайланып, мықынын таянғанын байқаған шешен: - Айғаным, сен жоқтау айтқалы отырсаң, мен тоқтау айтқалы отырмын. Жоқтауды қоя тұрып, тоқтауды тыңдасаң, қалай болар екен? – дейді. Айғаным аңырып қалады да, Байдалы ағылып кетеді: - Қайрат деген қыран бар, Қайғыға тізгін бермейтін. Қайғы деген жылан бар, Өзекті шағып өртейтін Үміт сенім, тілек бар, Қуантып қуат алдырар. Жылау деген азап бар Қуратып отқа жандырар. Мен қайғыңды қозғағалы келгенім жоқ, Қайратыңды қолдағалы келдім, Айғаным, - дейді. Әдетте, мұндай қадірлі кісі келгенде ханым қара жамылып жоқтау айтып, ол тынғанда төрдегі сәлдесі қара қазандай молда сарнап, құранын күңіренте жөнеледі екен. Қаралы хаым одан сайын езіліп, егіліп, орнынан қозғалмай қайғырып ұзақ отырып қалса керек. Бұл жолы мұның бірі де болмайды. Байдалының келуі қайғылы орданың қалыпты тіршілігін қайта оралтқандай әсер етеді. Сыйлы қонағын өзі күтетін дағдысымен Айғаным орнынан тұрып шай қойғызып, мал сойғызады. Жел қағып, жол соғып, шөлдеп келген шешенге сары шарадан сапырып, өз қолымен қымыз құйып береді. Ханымның қабағы ашылып, жүзі жадырай бастаған соң шешен де еркін жайғасып, шешіле, көсіле сойлейді. Ауыл аймақтың амандығынан басталған әңгіме желісін кең тартып, құлашын еркін сермейді. Шешеннің нақылмен өрнектелген ақыл сөзі Айғанымға әр алуан ой салып, көңілі сергиін дейді. Көңіл кірін кетіргелі ханым да өз тарапынан өкпе– назын іркілмей айтады. - Ханмен сыйлас, халықпен сырлас қария едіңіз. Хан артында қара тұман қалды. Қалың тұманда малтығып мен қалдым. Қараңғыда көзсіз көбелектей қайда қарманарымды білмей, қапа боп қалғанда ат ізін салмағаныңызға өкпелеп те жүр едім. Мен сізді келер, келер де жылатар, жылатар да жұбатар, содан соң ханға
бағыштап жақсы бір аят оқыр деп ойлағанмын. Бірақ мұның бірін де жасаған жоқсыз. Сонда да мен сергіп, бір түрлі көтеріліп қалдым. Мұның мәнісі не? – деп сұрапты шешеннен ханым. - Келген беттен білместігіңді бетіңе айттым. Ол жылатқаным емес пе? Қайғырып жатқан жеріңнен тұрғызып, ас–суыңда өзіңе басқарттым, бұл жұбатқаным емес пе? Ал ханымның қайғысы жылаумен жеңілдемейді, ханның күнәсі құранмен жуылмайды. Сондықтан жылаулатпай, құрандатпай келгенім рас. Мүмкін менің сөзім сенің қайғыңды тереңдетпей, қайратыңды кемелдеткен болар, - дейді. «Оныңыз рас, рас», - деп басын изейді ханым. Бір жұма жатқан соң Байдалыға ат мінгізіп, құлынды бие жетектетіп, қамқа тон кигізіп,аттандырып салады Айғаным (Шешендік сөздер, Алматы, «Отау» баспасы.1992). Абылайдан қалған сол қамқа тон Байдалы шешеннің Жаңарқа ауданындағы ұрпақтарында бертінге дейін сақталыпты. Зерттеуші ғалым, зерделі жазушы Ақселеу Сейдімбековтың айтуына қарағанда соны естіп Евней Букетов арнайы іздеп барып киіп көргенде тон еңгезердей Евағаңның тобығына дейін түсіпті. Соған қарап–ақ тон иесінің қандай атан жілік, аптал азамат болғанын бағамдай беріңіз. Қазақтан да ондай бойы да, ойы да алып даналар мен алыпты өмірге әкеп, халықты аузына қаратқан аналар аз болмағаны ғой. Сондай халықтың қайнаған ортасынан жарып шығып, әйел затынан қазақтың тұңғыш ханы атанған Айғаным анамыз да өткен өмірден. Ол қайтыс болғанда: «1852 жылы қазан айының 19 күні мұсылманша бейсенбіде намаздігер кезінде қазақтың орта жүзінің ханы марқұм Уәлидің жесірі Айғаным Сарғалдаққызы жетпіс жаста дүние салды. 20-сы күні жұмада жерленді. Оның тоғыз ұлы бар еді: екеуі жас кезінде, екеуі жиырмалар шамасында қайтыс болған» деп арнаулы хабар берілді. Айғаным Сәбеңнің «Аққан жұлдызында» Шоқанның анасы Зейнеп келіп боп босаға аттаған күні үзілді деп жазылады. Ал нақты деректер оның Зейнеп пен Шыңғыстың тұңғышы болашақ ғалым Шоқанды бауырына басып, кішкентайынан халық даналығымен сусындатып, сегіз кырлы, бір сырлы жігіт болғанын көзімен көріп, дүниеден озғанын дәлелдейді. Біздер қызықпыз ғой, Шоқанның өзін тәп– тәуір зерттегенмен оның төңірегін тасада қалдырып кете барамыз. Әйтпесе Айғанымның саналы өмір, сан салалы қызметі, соқтықпалы соқпақсыз ортасы өз алдына бір тарих, таусылмас сырлы шежіре емес пе?! Жақында Көкшетаудың Зеренді аудандық газетінен асық досым, бір кездегі белді партия, кеңес қызметкері Олжабай Нұрғалиевтың ол жайында жазғанын оқып қуанып қалдым. Біраз мағлұмат жинап, ханшаның суретін де тауып алыпты. Сол суретті көргенде «Аққан жұлдыздағы» патша мүрагерін қарсы алған кездегі сән-салтанат еске түсіп, Айғанымның әсем бейнесі көз алдыма келіп тұра қалды. «Оның жарқ еткен шырайлы кескіні бұлт арасынан шыға келген күн сияқтанып, жалт еткен көзі ашық аспандағы жалтыраған шолпандай боп көрінді, - Әсемдеп суреттемеуші ме еді Сәбең. – Басында алтыннан әшекейлеп жасаған, өн бойы түрлі–түсті қымбат тастармен безендірілген, маңдайына сиырдың тобығындай үлкен жақұт орнатқан тәж, одан бетіне түсірген жұқа селдір ақ жібек шадыра, үстінде орысша парча, қазақша үштоп аталатын қызғылт түсті мауыты, оның өрнектері алтыннан:
мәнерлі шым жібектен тігілген көйлегі жерге сүйретілген қос етек; аяғындағы оюлы, кестелі биік өкше етігі тек қадам басқанда ғана көзге түседі: тоқпақтай жуан бұрымдары екіге өрілген де, ұшына жалпақтығы алақандай алтын шолпы тағылған, саусақтары мен білектері де қымбат жүзіктер мен сақиналарға толы». Неткен нәзік талғам, ғажайып нақыш десеңші! Сұлулығына сыр мен сымбаты сай келген ажарына ақылы сай осындай аналары болған қазақ халқы ешқашан өркениетті елдер көшінен қалмаса керек. 1994. Жаңа ереже деген не?
Қазақ қырындағы хандық билікті жойып, ұлан даланы дуан–дуанға, болыс– болысқа, ауыл–ауылға бөліп, сиырдың бүйрегіндей бөлшектеп тастаған әйгілі Жаңа ережені бүгін де екінің бірі біле бермейді. Тіпті оны қыр халқы бұдан екі ғасырдай бұрын жарыққа шыққан кездің өзінде де түсініп жарытқан жоқ. Дуан сайын аға сұлтан, болыс сайын кіші сұлтан, ауыл сайын старшын сайлаған атқамінерлердің бас–басына би болып бақталастыруына еркіндік беріп, бетімен қоя берген бұл құжат өз алдына хандық атанып, тұтас ел болып тұрған қазақ қауымын быт–шыт қып бөлшектеді де жіберді. Кезінде керегесін Абылайдың өзі бекітіп, бертін Уалиханның тұсында екі хандыққа бөлінген қазақ мемлекеттілігінің шаңырағы ортасына түсіп, тоз–тоз боп кетті. Әрине, отаршыл патша өкіметі үшін қол астындағы халықтың басын біріктірмей бөлшектеп билеу әлдеқайда тиімді еді. Сол себепті ол бұл әрекетке алдын ала әзірленді. Алдымен Сыртқы департаментін құрып, оның екінші бөлімі қазақ даласы мен Орта Азияға шеңгелін салып, қайткенмен де уыстан шығармаудың жолдарын ойластырды. Дауыл күнгі теңіз айдынындай буырқанып жатқан бұла даладағы бас көтерулерден именіп, осынау сұрқия саясатты ол біртіндеп жүзеге асырды.
Бірінші Александр патшаның бұл мәселені зиялы да зымиян саясатшы, бипаз да білімпаз ғалым граф М.М.Сперанкийге тапсыруы тіпті де тегін емес. Санкт–Петербург діни академиясын тәмәмдап, біраз жыл сол оқу орнында физика мен математикадан дәріс оқыған, өз заманының өте білімдар адамы Михаил Михайловичтің астана жұртшылығы алдындағы беделі аса зор болды. Кейін күншілдік құрбаны болып астанадан аласталып, Нижний Новгородқа жіберіліп, артынан Пензаға губернатор болып тағайындалады. Осы қызметте керемет ұйымдастырушылық қабілет танытып, айрықша көзге түскен оны жаңадан құрылған Сібір губерниясына басшы етіп жібереді. Оған өлкені басқару ғана емес, осы бір ұланғайыр өңірді түбегейлі зерделеу жүктеледі. Содан көрген–білгенін екшеп жасаған түйіні негізінде үкіметке ұсыныс түсіруге міндетті болады.
Граф Сперанский өзі басқаратын өлке тұрғындарының тыныс–тіршілігін, тұрмыс салтын, әдет–ғұрпын, мінез–құлқын мұқият зерттеді. Жұрттың жағдайын жақсарту жөнінде жартымды ештеме жасамағанымен ол осы екі жылдың ішінде қыр халқына билік жүргізу жайындағы жарғының он шақты нұсқасын жасақтады. Соның бірі 1822 жылды шілдеде Санкт–Петербургтың үкімет мәжілісінде мақұлданған «Сібір қазақтарын басқару жайындағы жарғы» еді. Ел ішінде «Жаңа ереже» атанып кеткен бұл жарғыдан болашақ декабрист Г.С.Батеньковты
көмекшілікке ала отырып жазған ғұлама графтың мемлекет қайраткері ретінде орыс үкіметінің мақсат–мүддесін көздеген астарлы да арналы көзқарасы айқын көрінді. Терең зерттеп, түбрлі тексерген қисапсыз көп жұмыстың арқасында алдымен өлкенің өзі Батыс және Шығыс Сібір болып ек губернаторлыққа бөлінді. Құрамына орта жүз кірген Батыс Сібірге губернатор болып Михаил Сперанскийдің ұсынысы бойынша он екінші жылғы Отан соғысының бір батыры генерал–лейненант Петр Капцевич тағайындалды. Бар ғұмыры әскер қатарында өткен генерал бұл қызметке өзін шыңдалған басшы ғана емес, сындарлы дипломат етіп те көрсетті. Алдағыны болжай білетін ақыл–айласы арқылы казактарын көшпенділермен қырқыстан сан мәрте сақтап қалған әккі генерал қырдағы билікті қайта құру бағдарламасын жүзеге асыруға білек сыбана кіріседі. Жарғы шыққан жылы Батыс Сібірдің ұрымтал бөлшегін ұтымды басқару мақсатымен Омбы облысы құрылады. Губернатор өз ұсынысымен қазақ даласын Ресейдегідей дуандар (округтар) арқылы басқаруды ұйымдастырады. Ол Қызылжарға орта жүздің біраз ру басшыларын шақырып алып, «Жаңа ереже» жайында түсінік жұмыстарын жүргізеді. Бас–басына билік құрудың сәті түскелі тұрғанына қуанған атқамінерлер оны бірден мақұлдап, қуаттай кетеді. Орыс әкімдері қолтығына су бүркіп, жел берген алып ұшпа ақындар ол туралы мадақ жырлар толғайды. Осы торға Уәли қайтыс болғаннан кейін халқы хан көтерген Ғұбайдолла сұлтан да қалай түсіп қалғанын білмей, жарғыны «өз қол астымдағы халыққа шын мәнінде пайдалы».. құжат деп санады. Алғаш дуандар мен болыстар хандықтың құрамында болады деп ойлаған ханзада алданғанын ізінше алғашқы екі дуан құрылып, соның біріншісі Көкшетауға өзін аға сұлтан болып сайлағанда ғана біліп, санын бір–ақ соқты. Ондай дуандардың орта жүздің жерінде ғана жетеуі ашылып, өзімен терезесі тең жеті аға сұлтанның болатынын білгенде, әрине, оның өкінішінде шек болған жоқ.
Әлқисса, осылай елді опынтып, ерді өкінткен «Жаңа ереже» деген не өзі? Оны қабылдап, іс жүзіне асырудан кім ұтты, кім ұтылды? Оның қағидаларында кәдеге қазірде жарайтын сәттер бар ма? Олардың екшеп ой елегінен өткізу үшін жарғыға тереңірек зер салып, әуел зерделеп оқу шарт. Сондықтан бұрын ана тілімізге күлима аударылмаған бұл құжаттың негізгі желісін қазақшалауға тура келеді. *** «Сібір қазақтары жайындағы жарғы» деп аталатын құжат өзі жайлы кіріспе пен он тараудан тұрады. Кейбір тарауларының екі–үш, төрттен тармақтары бар бұл ережеде ұзын саны 320 бап бар. Құжаттың мақсат–мұраты кіріспесінде–ақ айқындала бастайды. «Сібір қазақтары көшпелі бұратана халықтар тарабына жатады және олармен тең құқығы бар» деп жазылған. Сондықтан оларға бұратаналар туралы жалпы жарлықтың төмендегі баптары, яғни, біріншіден «Қырдағы басқарудың міндеті мен мазмұны» саласына жалпы қатысуын шығарып тастағандағы көшпелі бұратаналардың құқытары, екіншіден, қадірмен бұратаналар, үшіншіден, олардың заңдары мен әдет–ғұрыптары туралы ортақ негіздері жатады. Сібір қазақтарының елі Омбы облысының ішкі дуандарын құрайды. Сол себепті олардың билігін түзеудің басты арқауы Сібірді басқаруды
жалпы қадағалаудың екінші бөлімінде айқындалған. Ал қазақтар жайындағы осынау айрықша жарғы, бір бастан, оларды басқарудың міндеттері егжей– тегжейлі баяндаудан, қазақтарды басқа бұратаналардан ажырату туралы айрықша қаулыдан әрі осы жарғыны іске қосудың тәртібінен тұрады.
«Бөліну» атты бірінші тарау «Желінің ар жағындағы қазақтардың, олардың қоныстарының қазіргі жағдайына сәйкес бұлар болыстарға, болыстар ауылдарға бөлінеді және кейбіреулерінің осы күнгі аты сақталып қалады» деп басталады. Ал ауылда жалпы 50–70– ке дейінгі түндік болуы, әр болыс 10–12 ауылдан тұруы тиіс. Басқаруға қолайлы болуы үшін болыстар дуандарға бірігеді. Дуанның жалпы 15–20 болысы болуы керек. Дуандардың негізінен бір ру немесе бір ұрпақ деңгейінде жеке–дара өзіне тиесілі шектеулі жері болады, оған басқа дуандардың рұқсатымен ғана кіреді. Жер шектеу шекара бастығына тиесілі жергілікті әскери бөлімдердің офицерлері қатысуымен ғана жүргізіледі. Осылай, құрылған дуандар өз жағдайына қарай шекаралық немесе желіге жақын жатқан болып бөлінеді. Шекаралық дуандар Ресейге тәуелді емес жерлермен шектесіп жататындар, мүмкін–қадірінше олардың азырақ болғаны абзал. Желіге жақын жатқандар шын мәнінде Сібір белдеуіне таяу дуандар. Ереже бойынша өз атауы бар, көбіне өзі орналасқан айтулы жердің атымен аталады.
«Басқару» деп аталатын екінші тармағы – «Басшылық құрамы». Онда ауылдарды – старшындар, болыстарды – сұлтандар басқаратыны айтылған. Сот араласып төрелігін беруі үшін ауылдар мен болыстарда би аталатын қадірменді қазақтар өз атауымен, өз абырой беделімен сақталып қалады. Тұтас дуанды басқару үшін болыстар аға сұлтан сайлайды. Әрбір дуанда дуан әмірлігі (окружной приказ) тағайындалады. Аға сұлтан төрағалық ететін әмірлікте облыс бастығы белгілейтін екі Ресей мәжілістері – қазақтардан сайланып қойылатын екі қазақ мәжіліскері болады. Дуан әмірлігінің штат бойынша өз кеңсесі, тәржімашылары мен тілмаштары бар. Оның полици және сот билігі және болады. Дуандағы ішкі күзетті әзірлікке арнайы жіберілген немесе тұрақты тұратын желі қазақтарының жасағы атқарады. Қажет болып қалған жағдайда бұл жасақтардан керекті адамдар болыстарға да жіберіліп тұрады.
Екінші тармақ – «Сайлау тәртібі». Ауылдарды басқару үшін старшындарды қазақтардың өздері сайлап оны сол қызметке дуан әмірлігі бекітеді. Старшын сайлау үш жыл сайын өтіп тұрады, бәзбір адамның қатарынан бірнеше мерзімге сайлануы да ықтимал. Сұлтан старшын сайлауына қатыспайды, бірақ сайланған адам туралы дуан әмірлігіне хабарлап, өз пікірін қоса білдіруі де мүмкін. Әмірлік сайлауды бұзбайды, оған келіспесе облыс бастығына хабарлайды. Старшын сайлауы ауылдарда жалпы ұсыныспен өтеді, ашық дауысты кім көп алса сол сайланады. Ал сұлтан атағы мұрагерлік арқылы беріледі. Олардың болысты басқаруы атадан балаға мирас болып қана ауысады. Қазіргі салт–санаға орай алдын-ала қауымның келісімін алады. Сұлтанды басқа тұқымнан сайлау қажет болып қалса, облыстық басқарма бекітпейінше оған билік тізгін берілмейді. Егер сұлтанның мұрагері болмаса, оның орнына інісі не жақын туысы бүкіл болыс сайлауы арқылы облыстық басқарманың бекітуімен отырады. Сұлтанның тұқымы түгел таусылып, артында ешкім қалмағанда да осылай жасалады. Атағынан
ажырамағанмен де болыс басқармайтын сұлтанның билікке араласуға хақысы жоқ. Болысты бастап бөлгенде бір сұлтаннан жаңа болыстың құрамына көшкен қазақтар егер болыс қабылдауға келісетін болса, оның ұлының не інісінің қарауына ауысуына болады. Әйтпеген жағдайда сұлтанды болыс сайлауы тағайындайды. Аға сұлтанды тек төрелер ғана сайлайды. Ал қазақтардан жаңа әмірлікке өтетін мәжіліскерлерді байлар мен старшндар сайлап қояды. Аға сұлтан үш жылға, мәжіліскерлері екі жылға сайланады. Бір сұлтанды немесе мәжіліскерді бір мерзімнен артыққа сайлауға тыйым салынбайды. Жалпы сайлау тамыз айында өткізіледі. Орын босап қалса, жеке сайлау жалпы сайлауға дейін уақытша орын басу үшін жүргізіледі. Барлық сайлау дуан тұрған жерде көпшілік дауыспен өткізіледі. Аурулығына байланысты сайлауға келе алмағандар белгілі мерзімде пікірін жазбаша жібереді және оның дауыс күші болады. Өзі келмеген әрі жазбаша пікір жібермеген кісі өткізілген сайлаумен келісті деп саналады. Кімді жақтап берген дауыс саны дуан бойынша жалпы халыққа хабарланады.
Сайлаудың қолайлығынан гөрі халықтың салт дәстүрін қоштау үшін дуан әмірлігі құрған жерде сол өңірдегі қазақтардың той–томалағы өткізіліп, оған қазынадан арнайы қаржы бөлінеді. Сұлтандар мен старшындарға, басқа да қазақтарға жыл бойғы айрықша еңбегі үшін тиесілі марапат пен сый–сияпат сонда көрсетіледі. Сайлауда жеңген аға сұлтанға өз әдет–ғұрпы бойынша көрсетілер құрметі мен қошеметі ашық жасалуға тиіс. Бұл рәсім бұрыңғы сұлтан өз орнында қалса да жасала береді. Той және жыл сайын болып отырады. Жаңадан сайланған аға сұлтан облыс бастығы бекіткенше қызметке кіріспейді. Бекітілсе–ақ болды, ізашарын ешбір дабыра–даусыз ауыстырып, ол жайында бүкіл халықа жария етеді. Бірақ қызметке сайланып осы лауазымға бекітілген күллі қазақ старшындары жоғары үкімет орнының еркінсіз және мұрагеріне істі ауыстырып бермесе, өз құқығы мен жауапкершілігін алып тастай алмайды. Өйткені олар халықты басқару үшін қойылған жергілікті шенеуніктер.
Үшінші тармақ – «Шен салғастыру» деп аталады. Оған қарағанда аға сұлтан өз қызметін атқарып жүрген кезінде барлық жерде Ресей қызметінің майоры шенінде танылып қошеметтеледі. Тіпті аға сұлтан жедел ауыстырылған жағдайдың өзінде ол қадірмен сұлтандар санатында болады. Егер ол сұлтан болып үш мәрте сайланса Ресей империясының дворян дәрежесін сұрауына хақысы бар; шынайы берілген шені және сақталып қалады. Қазақтардан шыққан әмірлік мәжіліскерлерінің шені болмаған жағдайда Ресейдегідей 9–шы сыныптағы қызметші деп саналады. Болыс басқаратын сұлтандар 12–ші сынып шенеуніктері болып табылады. Атаулы шені болмаса старшындар мен билер ауыл басшыларына теңестіріледі.
«Жаңа ережедегі» «Полиция аманаты» аталатын үшінші тарау төрт тармақтан тұрады. Оның бастапқы тармағында дуанды басқару тәсілдері сөз болады. Аталастары сайлап қойғаннан кейін Ресей үкіметі жергілкті басқаруды сеніп тапсыратын аға сұлтан земство шенеунігі болып табылады. Ол тыныштық пен тәртіпті сақтаудың, қарауындағы жұрттың әл–ауқатын жақсартудың күллі тәсілдері мен тетіктерін реттеп отырады. Дуан әмірлігі өзіне тәуелді болыстарға жарлық беріп отыратын, жұрт қатынап арыз–шағым айтып тұратын орын. Жалпы
сұлтандардың бәрі өзіне бағынышты болыстармен бірге осы дуан әмірлігіне тікелей байланысты. Дуан әмірлігінің билігі аймағынан тыс жерлерге таралмайды. Қажет болған жағдайда оның жергілікті басқаруға қатысты мәселе жөнінде көрші әкімшілікпен байланысуына болады. Дуан әмірлігіне жүктелген полиция күзетінің жалпы міндеті алдын–алу және ескерту шаралары арқылы ішкі тыныштықты және әмірлік ішкі дуандардың земстволық сотына ұқсайды және қазақтар туралы солардың құқығы мен жауапкершілігіне ие. Сондықтан әмірлік халықты жаппай апаттан сақтауға, ондай жағдайға тап болса қажетті көмек көрсетуге, жалпының және жалқының сауат ашуына, еңбектен және шаруашылықтан пайда көруіне қамқорлық жасауы; Қазақтардың тонап–талау, барымта, өкіметке бағынбау сияқты әдеттегі бей–берекеттігін жедел жоюға алдын ала шара қолдануы өз бетімен ауа жайылушылыққа жол бермеуі, әрбір қысастықты тергеу мен сот арқылы реттеуі, нақты тәртіп бұзғанды тұтқынға алып жалпы тыныштыққа нұқсан келтірмей сотқа беру, көп кісінің немесе тұтас болыстың қарсы қимылы ұшырасқан жағдайда өзгелерді сақтандыра отырып облыс бастығына хабарлауы әрі соның айтуымен қаракет жасауы тиіс. Қатер төнген жағдайда жолайрықтар мен бекеттерді қаруландыруы қажет.
Зерттеу жүргізбей сотсыз және үкімсіз әмірлік ешкімді жазалай алмайды. Тергеу Ресей мәжіліскерлерін жергілікті жерге жіберу арқылы жүргізіледі және оларға болыстың таңдауымен бірдей би қосылады. Әмірлік ешқандай әскери экспедицияға жасақтамайды, әдеттегі полиия жасағы сияқты өзіне сеніп тапсырылған күзетпен ғана қимылдайды. Басқа дуанға кетіп қалған қызмыскерлер мен қашқындарды қууға болмайды, бірақ тиісті шара қолдануы үшін оның әмірлігін хабардар етуі керек. Далада қолға түскен Ресей боданындағы қашқындарды әмірлік шара көру үшін таяу маңдағы ішкі басшылыққа жібереді. Дуан әмірлігі басқару өзіне сеніп тапсырылған өңірге кім келіп, кім кетіп жатқанын біліп отыруға міндетті. Ол үшін дуан әмірлгінде сұлтандар мен старшындардың тұрған жері, болған өзгерістері түгел көрсетілген нақтылы тізімі, оған болыстар мен ауылдардың жылдың қай уақытында, қай жерде отыратыны, оларда болатын өзгерістер жайында мағлұматтар болуы шарт. Түндік бойынша халық санағын жүргізіп, оны үш жылда бір тексеріп отыруға тиіс. Бәз–біреуге мәңгілік пайдалануға берілген жерлер, оған шешім шығарған мәжілістер жөніндегі мәлімет те соның қолында болуы керек.
Әмірлік өз ведомствосы арқылы өткен сауда керуендері жайында деректер жинап, оны қорғауға міндетті. Сондықтан қазақ даласы арқылы Сібір жерлеріне өтетін кез келген жатжерлік өзі жүретін жердің алғашқы дуанына соғады. Оның әмірлігі олармен сөйлесіп, таяу тұрған кеденге жібереді және қажетті қағазын береді. (Ескерту: жазбаша рұқсат желіге өту үшін кімге болсын қажет). Жазбаша рұқсатты, кездессе, келесі дуанда көрсетуіне болады. Егер керуеннің немесе шетжерлік саудагердің еш жерге соққысы келмесе желі бойында шекара болысынан алған қағазын, жазбаша рұқсатын көрсетеді. Керуендегі күллі кісі немесе жеке жүрген адам тәртіпсіздік жасаса ол жерде тергеуге алынады да одан әрі арғы нұсқау үшін облыс басшылығына жөнелтіледі. Әмірліктің дуан алып жатқан өңірдің ортасында тұрақты тұратын жері болуы керек. Дуан әмірлігі
жалпы ережеге сәйкес жүргізілген жұмысын әрібір мүшесі жазып отыратын журнал ұстауы шарт. Іс орыс һәм татар тілдерінде жүргізіледі. Өкім айтар істер пікір қайшылығы туса, оның атқарылуы аға сұлтанның даусымен шешіледі. Қарсы дауыс облыстық басқарманың қаперіне салынады. Әмірлік қазақтар қалаған діни істермен де шұғылданады. Күллі әскери қызмет пен аймақтағы барлық мекемелер соның билігінде. Бұл күзет әмірліктің нақтылы нұсқауынсыз ешбір іс–қимылға кіріспейді. Күзет тұратын жер бекініс сияқты жасақталып нығайтыла береді. Әрі оған дуандағы бүкіл мекеме орналасады. Дуандар туралы жалпы ережеден тыс жұмыстар арнаулы қаулымен жүргізіледі.
Аталмыш тармақта шекаралық және желіге жақын жатқан дуандар туралы арнаулы бөлімдер бар. Оның біріншісі «шекаралық дуандарда облыс басшылығының өкімімен қазақтарға тиесілі жерлердің шегі тұрақты белгілермен бекітіп беріледі» деген баппен басталған. Одан әрі қазақтардың көшіп кетуіне тиым салынатыны айтылады. Олардың шекарасы дуан әмірлігі бақылауындағы қазақтардың өзі арқылы мұқият қадағаланатын болады. Жібі түзу жерге тұрақты қарауылдар мен шамшырақтар орнатылуға тиіс. Өзіне тиесілі емес жерде жасаған бейбастақтығы үшін қазақтар тыныштық бұзушы ретінде жедел сотқа тартылады. Сауда ісімен келген шет жерліктер жақын жердегі сұлтанға кіріп, әмірлікте көрсету үшін қай болысқа баратыны жайында жазбаша рұқсат алуы керек. Осылай берілген әрбір қағаз жайында сұлтан өз дуанының әмірлігіне хабарлап отырады. Қазақ даласына қоныстанғысы келетін шетжерліктерді олардың өз үкіметінің рұқсатынсыз қабылдауға болмайды. Рұқсаты бардың өзінде де облыс бастығының өкімі керек. Қытай мен қазақ даласы арқылы жүргізілетін сауда жақсы жағдайда әзір осылай өрістеп тұрғанда қазіргі әдет–ғұрыпты қолдауға рұқсат етіледі, алайда орыс саудагерлеріне жолдама хатты аға сұлтандардың өзі немесе шекара билеушілеріне белгілі болыс сұлтандары береді. Оған да дуаннан жазбаша нұсқау керек. Қазақ даласына мұрсатсыз көшіп келетін қытай бодандарын Қияқтыға ұстап беру үшін облыс басшылығына жіберген жөн. Шекаралық дуандардағы ішкі күзет басқаларға қарағанда көбірек болғаны қажет.
«Желіге жақын жатқан дуандар» туралы бөлімде қазақтардың өз қоныстарынан кері қарай рұқсатсыз көшуіне ымырашылық етпеу жөнінде желіге жақын дуандарға айрықша міндет жүктеледі. Желіге жақын көшіп–қонып жүргендердің шаруалар мен басқа да бұратаналар секілді бекіністер мен редуттарға, қамалдар мен іргелес елді мекендерге өз өнімдерін өткізу үшін барып тұруына болады. Ал желінің ішінде шынымен көшіп–қону үшін дуан әмірлігінің земстволық сотпен келіскен рұқсаты қажет. Сөйтіп босатылған қазақтардың тек Омбы облысының шегіндегі жерлерде ғана көшіп–қонуына хақысы бар. Ал дуан жері шегінен шығып кетсе, ол жергілікті ведомстволық сотқа тәуелді болады. Егер қазақтар Сібір губернияларынан да тысқары жырақ көшетін болса, оған облыс басшылығының азаматтық губернатормен келіскені туралы рұқсаты керек. Омбы облысынан тыс жерде тұрған барлық мерзімде қазақтар губерниялық һәм земстволық бастыққа тәуелді болады. Дуан әмірлігінің өзіне сеніп тапсырылған жұртты іште және желінің нақ өзінде тұратындардың қол сұғуынан қорғайды.
Желінің ар жағынан қазақтарға берілген пайдалы тірліктің белгілі шектен шықпауы қадағаланады. Дуанда тұрған ол қазақтар әмірлікке тікелей тәуелді.
«Болысты басқару жөніндегі» екінші бөлім сұлтандар туралы баптармен ашылады. Сұлтандар сеніп тапсырылған болысты болыс басы ретінде басқарады. Сот пен жазаның оған қатысы жоқ. Әрбір сұлтан өз жанында көмекші етіп ұлын немесе інісін ұстауға қақылы. Іс жүргізу үшін сұлтанның орыс және татар тілдерін білетін хатшысы болады. Дуан әмірлігі қажет ететін мәліметтің бәрін тікелей сұлтан беріп отырады. Сондықтан оны өз ведомствосы бойынша оның өзі жинауға тиіс. Жалпы сұлтандар өз әмірлігін аттап өтіп, оның үстінен жоғары жаққа айтылатын арыздан өзге ешқандай жазба қатынас жасамайды. Ауылдағы старшындарға нұсқауды сұлтандар ауызша береді. Және әмірліктен түсіп қалатын бүкіл халықтық құлақтандыру болмаса ешқандай қағаз жібермейді. Сұлтандар сот үкімін орындайды. Сұлтанның жеке жауапкершілігіне күллі жазбаша ережені орындап, жалпы және қауіпсіздікті қорғау, болыстардағы тыныштық пен сабырлылықты сақтау жүктеледі. Зарарлы қастандық жайында хабар алысымен сұлтандар оны дереу дуанға жеткізіп жәрдем сұрайды. Алайда қарауындағы қазақтар арқылы оның ізіне түсіп, кек қайтаруға тыйым салынады. Сұлтандар өз билігін өзге сұлтанның болысына жүргізе алмайды. Тіпті ол ағалық ретінде екіншісінің ықпал етуін сұраған күннің өзінде екеуі де барлық жағдайда дуан әмірлігіне жүгінеді. Жоғарыда белгіленген ережеге қарсы қиқарлық өктемдікпен бара бар деп саналады.
«Ауылдардағы старшындар туралы» баптарда әуелі «старшынның өзіне сеніп тапсырылған ауылды ауыл ақсақалы ретінде басқаратыны айтылады. Старшын өзіне сеніп тапсырылған ауыл қарайтын болыстың сұлтанына тікелей тәуелді. Сұлтанның дербес бұйрықтары бұлтартпай оындалып отырады. Оған талап еткен мәліметтердің бәрі беріледі. Сұлтанның рұқсатынсыз бір жерден екінші жерге көшіп–қонуға болмайды. Өз ауылында тыныштық пен тәртіпті сақтайды. Сұлтанды жанай өтіп ешкіммен қызмет бабында қатынас жасамайды. Халық келісімімен би атағы берілген старшындардың ол дәрежені алуға құқығы бар.
Төртінші тарау – «Шаруашылық аманаты. Оның «Қазына шаруашылығы». Қаржының бекітілуі» атты алғашқы тармағында төмендегілер сөз болады. Дуан әмірлігінің мүшелері – аға сұлтандар, болыс басқаратын сұлтандар, дәрігерлер, хатшылар, тәржімашылар мен тілмаштар тен штат бойынша жалақы алады. Барлық жұмысы үшін дуан әмірлігі кеңескен қаржысын тағайындайды. Жарлыларды жебеу, ауруларды емдеу, оқу құралдарын пайдалану ісіне қаржы бөлінеді. Қырда үй салуға, қолда бар ғимараттарды жөндеп іске жаратуға да едәуір сома көзделеді. Ал ол қаржыны жұмсау мен есеп беру тәртібі және ұмыт қалмаған. Ақша қаражатының бүкіл қозғалысын бақылап отыру үшін дуан әмірліктерінің жанынан әдеттегі тәртіп пен баулы кітап жүргізіледі. Сұлтандар мен старшындар қазына қажетіне жұмсалған қаржы жөнінде жай ғана есеп береді. Соманы баулы кітапқа жазу тәртібі тексеріс пен есеп беру жалпы ережемен жасақталады. Осы тармақта ғимараттар салу да арнайы айтылады. Әрбір дуанда төмендегідей ғимараттар салынуға тиіс: 1)дуан әмірлігі, оның мүшелері,
шенеуніктер, кеңселер, тәржімашылар мен тілмаштар отыратын үй; 2) дін иелері үшін тұрғын жайы бар ғибадат үйі; 3) 150 – 200 адам емдеп шығаратындай аурухана; 4) жеке жай болмаған жағдайда қазақтар жататын казарма. Бұл ғимараттардың алдын ала жоспары жасалып, оған жұмсалатын қаржыны айқындайтын смета жасақталып, жоғары үкімет орнының бекітуіне ұсынылады. Аталмыш құрылыстар салынып біткенге дейін ашылмақ дуандардың мекемелері киіз үйлерге орналасады. Көзделген ғимараттардың шапшаңырақ салынуы облыс бастығының құзырына тапсырылады.
«Алым алу және міндет арту» аталатын екінші тармақтың алғашқы буыны заттай алым туралы. Осынау жаңа өнім енгізілген күннен бастап әрбір дуан барлық алым – салықтан бес жылдық жеңілдік алады. Жеңілдік жылдары қазақтардан тек аурухана мен мектептер, қайырымдылық мекемелері үшін садақа ретінде заттай, малдай ерікті алым ғана жиналды. Өздерінің қазіргі әдетімен қазақтар сұлтандарына да көмек көрсетіп тұрады. Ондай әрбір жәрдем – көмек туралы дуан әкімдері хабардар етіледі. Бұл қол ұшын берудің мәжбүрліктен тумауы үшін қажет. Дін иелеріне қамқорлық көрсету жалпы сұлтандарға жүктеледі. Қазақтардың қайырымдылық мекемелеріне деген қайыр – садақасы дуандарға түседі. Онда баулы кітаптарға жазып, олардың есебін шығарады.
Ондай қайыр – садақа көбіне малмен беріледі де, қажетке жұмсалғаннан қалғаны кейін сатылады. Одан түскен қаржы ақшалай садақаға қосылып, мекеменің үнемін құрайды. Жеңілдік уақыты біткеннен кейін қазақтардан қолына жүз малдан бір бас салыққа алынады, ал түйеден зекет жиналмайды.Облыстық басқарма әрбір жыл үшін алдын ала смета жасап, казак полкының аттарын толықтыру үшін қанша жылқы, желідегі аурухананың қырдағы емханалар мен қайырымдылық үйлерінің қажеті үшін қанша ірі қара қажет екенін айқындап алуға тиіс. Бас басқарма бекіткен мұндай смета бойынша жылдық жинаудан алынған мал түсетін орынға қажет малдың саны жіберіледі. Одан қалған мал кедендерде сатылып, түскен ақша мемлекет кірісіне алынады. Малдың санын сондай – ақ болыстардағы жалпы халық санағы бойынша шығарып, оны үш жылға тұрақты ету керек. Қазақтардан алым жинауды болыстар бойынша жүргізген жөн. Жеке жинағанда малды орынсыз жарамсыз деп шығаруға жол бермеу керек. Әйтеуір ірі қараның дені сау, жылқы мініске жарамды болса жетіп жатыр. Гербілік қағазды қазақтар арасындағы өзара іске қолдануға болмайды, алайда олар мен ресейліктердің арасындағы қаржы ісіндегі зерттеу жұмыстарында бұған заң арнасында рұқсат етіледі.
«Кезекті міндеттер» көрсетілетін тармақшада қазақтардың ұйымдастыруда көрсетілген әрбір ауылдың болыс, сұлтаны мен болыс сұлтанның дуан әмірлігімен, ал олардың облыс басшылығымен қатынасы бар. Ал бұл қатынас қазақтар арқылы жүзеге асырылады, сондықтан әр ауыл салт мінетін аттардан лау беріп тұруға тиіс. Лау тасыған қазақ өзіне сеніп тапсырылған қағазды сақтап, жетер жеріне түгел жеткізіп беруге міндетті. Ауылдардан сұлтандарға аманат сәлемдемелер күнбе – күн болуы ықтимал, ал сұлтандардан дуандарға, аудандардан облыс басшылығына әдеттегі іс бойынша аптасына бір рет шабарман жіберіледі. Төтенше жағдайда арнайы шабарман жөнелтіледі. Қызмет бабымен
аттандырылған ондай адамды барлық шенеуніктер мен қызметкерлер сияқты жазбаша рұқсатымен қазақтар бір ауылдан екінші ауылға жеткізіп тұруға міндетті.
Бұл тараудың үшінші тармағы – «Ішкі шаруашылық». Оның «Халықтың азық – түлігі» атты алғашқы бунағында «Нан қазақ – қырғыздың кәделі тамағы емес» депті. Алайда жылқысы жұттан не індеттен қырылып қалса, амалсыз нанға жүгінеді. Оның үстіне олардың егіншілікке ынтасын ояту үшін аймақта қазынадан нан сату ісін ұйымдастыру керек. Астықты дайындау мен жеткізіп беру облыстық басшылықтың нұсқауымен, Сібір губернияларының кей жерінде байқалатындай нан сататын қосалқы магазиндерге әкелетін тәртіппен әзрленеді. Астықты алғашқы әзірлеуде әрбір дуан үшін қазынадан 30.000 сом несие бөлінеді. Кейін бұл қаржы өз айналымымен өсіп отырады. Ол екі жарым еседей өскендей, аталмыш несие қазынаға қайтарылады. Қалған қаржыны айналым арқылы өзінде іркіп қала алса, онда ол әрбір дуанның азық – түлік жөніндегі экономикалық сомасын құрайтын болады. Бұл соманы қоғамдық қор деп санап, оның есеп – қисабын белгіленген ереже бойынша қадағалап отыру керек. Оған қол жеткізу үшін жұмсалған сол қаржыға астық сатып алып, оны тасып болған соң күзетшілерге, бақылаушыларға және басқаларға пайданың 10 процентін шығару керек. Сату құнын кедейлерге және байларға деп екі жікке бөлген жөн. Алғашқылар үшін жоғарыда белгіленген өсіммен сатып, екіншілер үшін пайданы азайтып, тіпті үстемесіз өткізу шарт. Баға жылдың үшінші бөлігінде бір – ақ айқындалады. Кедейлерге үш пұттан, бірақ одан артық және сатуға болмайды. Нан тек ақшаға ғана сатылады. Бекетшілер мен күзетшілерді облыстық басқарма анықтайды. Олардың жалақысы астықтан түскен пайда есебінен жүргізіледі. Дүкендер мен дүңгіршіктерді шығына бөлінген қаржы есебінен салады. Аталмыш жағдай қазақ даласына астықты еркін сатуға ешқандай қысым жасамайды. Бұл тәртіп қырда астықты еркін сату өрістегенге дейін сақталады. Оның өрістеуіне орай дүкендердегі баға кедейлер үшін де, шаруасы шағындар үшін де Сібір магазиндері туралы жалпы ережені ұстана отырып белгіленеді. Қазақтардың өз жеріндегі көлдерден шығатын тұзды өзара алып сатуды еркін қалпында қалдыру керек. Қазақ – қырғыз қаласында шарап сатуға тиым салынады. Үкімет жыл сайын өткізетін кейбір мейрамдарда аракідік оларға да азын – аулақ шарап сатып алуға рұқсат етіледі.
«Өнеркәсіпті өрістету» деген тармақшадағы бірінші бапта: «Әрбір дуанға бекітіп берілген өңірден аға сұлтан үшін егішілікке, мал шаруашылығына, әмірлік орталығындағы мекемелерге қолайлы бес – жеті шаршы шақырым жер бөліп беріледі. Оны ол қызметінде тұрған кезінде ортақ жайылымдармен бірдей пайдалана алады. Бұл өңірдегі қозғалмайтын мекеме – мүліктерді аға сұлтан орнынан өзі ауысқанда сатып алуына болады», делінген. Осы тәртіппен әрбір қазақ мәжіліскерлеріне екі шаршы шақырымнан жер бөлінеді. Ресейлік мәжіліскерлердің үлесі де осы секілді. Қазақ даласына келіп орныққан казактарға 15 десятинадан жер беріледі. Егіншілікпен айналысып, өзге де шаруашылық орындарын ұстағысы келетіндерге әрбір басына 15 десятина жер бөлу керек. Дуан әкімшілігі олардың жерін қорғаумен қатар, егін салып, оны кәдеге қалай асырып
отырғанын қадағалауға тиіс. Егер бөлінген жерге бес жылдың шегінде егін егілмесе, басқа да шаруашылық жай салынбаса, оны қайтарып алып, басқа біреуге беруге хақылы. Жер бөлгенде бәз – бір өңірге таласушылар көбейіп кетсе, оны жеребе тастау арқылы шешкен ләзім, оған және үш би қатысуы шарт. Уақытша көшіп – қонып жүретін жерге талас туар болса да осылай жасау керек. Жалпы бір дуанда ешкімге бекітіп берілмеген өрісті көшіп – қону үшін пайдаланылатын бос жер деп білген абзал.
Сұлтандарға шаруашылық жай салу үшін жерден үш үлес, ал старшындарға екі үлес беріледі. Егіншілікпен шұғылданып шаруашылық жайлар салу үшін бөлінген жер мызғымайтын меншік ретінде атадан балаға мұра болып қалады. Жер бөлуге келгенде, тәржімашылар мен тілмаштардың құқығы казак офицерлерімен бірдей. Дуандарға орыс мәжіліскерлері мен күзет құрайтын казактар жер өңдеп, шаруашылық жай салуда өнеге көрсетуге тиіс. Өздеріне бөлінген жерде егіншілікті өрістетіп, мүмкіндігі болса, бау – бақша өсіріп, бал арасын ұстауы керек. Сұлтандар, старшындар және басқа қазақтар мұндай шаруаның пайдалылығына көз жеткізу үшін бар күш – қабілетін жұмсап, оларға құрал – сайманмен, ақыл кеңеспен көмектесіп отыруға міндетті. Қазақтардың жыртылған жерін қорғап, егініне мал түсіп кетпес үшін қоршау жасауына жәрдемдесуге және борышты. Егіншілік құрал – саймандарын сатып алуына не даланың өзінде айырбастап алуына облыс басшылығы қамқорлық жасауы шарт. Қырға аттандырылған әрбір жасақтың көшпелі немесе тұрақты ұстаханасы болуы керек. Дуанда алғаш егіншіліктен, бал арасын өсіруден және басқалардан елеулі табыстарға жеткен қазақтардың айрықша марапатқа құқығы бар, оны және жоғары мәртебелінің өзі тағайындайды.
Төртінші тармақ «Сауда» деп аталады да, алдымен оның жалпы ережесі беріледі. Әрбір қазақтың өз бұйымын дуан ішінде және одан да тыс жерлерге емін – еркін өткізуіне хақысы бар. Әрбір қазақ ішкі қалаларға сату үшін малын кеден немесе шекара күзеті арқылы өткізе береді. Сұлтандар шетелге, сондай – ақ желіге тұтас керуен өткізуге де хақылы, тек оларды жөнелту кеден мен шекара қызметі арқылы жүргізіледі. Бөгде губернияда сауда жасау құқығы бар кез келген орыс саудагері қазақ даласына мәлім сауда жасау үшін өз бұйымдарын кеден мен шекара күзеті арқылы алып өте алады. Мәлім сауда үшін қазақтарға бір – бірлеп кіретін Азия шет жерліктеріне сұлтандар өз болысына рұқсат етеді. Сұлтандарға олардан зекет алуға, күллі қауым пайдасы үшін қажет заттар талап етуге рұқсат беріледі. Ал керуендер қазақ даласында ешбір баж салығынсыз жүре береді. Керуендердің қазақ даласында тауар сатуы мен айырбастауы да ешбір салықсыз жүргізіледі.
«Омбы облысының барлық дуандарында орыс зерленген теңгелер мен мемлекеттік ақша ішкі губерниялардағыдай еркін айналымда болады» делінген «Теңге айналымы» атты тармақшада. Ақша мен теңгеге қазақтардың ешбір қысымсыз жасап шығарған бұйымдары мен өнімдерін сатып алуға болады. Ал айырбас сауда бұрыңғы қалпында өрістей береді.
«Кедендер» тармақшасында «шынайы мемлекеттік шекара бекітілгенше кеден мекемелерінің жүйесі Сібір белдеуінде алдағы уақытта да қала беретіні»
айтылған. Сібір желсіндегі кедендер бұрын белгіленген қадағалау белгілерімен сол қалпында қала бермек. Салық ақша жинау да сол қалпы. 1800 жылғы жарлықпен желілер ішінде көшіп – қонуға ауысқан қазақтардан алым алу жөніндегі жеңілдіктерді айтулы мерзімде бұрынғысынша сақтай тұрған жөн. Алайда қазақ даласының нақтылы шекарасы болмағандықтан басты сауда орындары – Қызылжар мен Семейді айлақты кент деп атауға болмайды, сондықтан олардағы керуен саудасына бірінші ғана емес, екінші гильдалы деген атақ беріледі. Сібір желісіне шығатын шет жерліктердің бәрі оған қырдан алған, кеден жазып берген рұқсаттарын көрсетуі керек. Олар үшін бұл қағаз қала немесе земство басшылығы берген төлқұжат есебінде жүреді. Сол секілді желі қазақтарын қосқандағы Ресей бодандары да кедендер мен шекара күзеттерінен өткенде әдеттегі ішкі төлқұжаттарын көрсетуі керек.
Бесінші тарау – «Сот аманаты». Қазақтардың күллі сот ісі үшке: а) қылмыстық; б) іздестіру; в) басқармаға арыз – шағым беру болып бөлінеді. Қазақтарға қатысты қылмыстық істерге: 1) мемлекетке опасыздық; 2) кісі өлтіру; 3) барымта мен тонау; 4)өкіметке ашықтан ашық бағынбау жатады. Басқа істердің бәрі де тіпті ұрлықтың өзі әдет – ғұрып өзгермейінше, арызданып іздестіруге жатпайды.
Тараудың алғашқы тармағы «Қылмыстық істер» деп аталады. Алдын ала тергеу жүргізіп алмай, қылмыстық сот құрылмайды. Тергеу дуан әмірлігінің қарауына түседі. Мұндай жағдайда дуан әмірлігінің мәні ояздық сотпен бірдей. Оның тергеу жүргізген мүшесінің шешім шығарар даусы болмайды. Қылмыстық істер жалпы мемлекеттік заңдар арасында басым дауыспен шешіледі. Сот ісінде аға сұлтанның тек төрағалық қана құқығы болады. Қылмыстық істер жөніндегі шешім облыстық соттың тексеруіне түседі.
«Арызданып іздену істері» деген екінші тармақта күллі зерттеу жүргізу ісінің ауылдар мен болыстардағы билер арқылы жүргізілетіні атап айтылған. Ол істі билер қазақтардң өз салт – санасы бойынша ауызша шешеді. Мұндай ұйғарым табан аузында орындалады да. Егер кімде кім билердің шешіміне разы болмаса, айқын дәлелдемелерін айтып, облыс басшылығына жазбаша арыз түсіріп, істі қайта қозғауына болады. Облыс басшылығы дуан әмірлігі арқылы мұндай іске зерттеу жүргізіп, оны қыр қазақтарының заңмен шешеді. Негізсіз шешім шығарғаны үшін билер өз өкілеттілігін асыра пайдаланғаны анықталғанда ғана жауапкершілікке тартылады.
Үшінші тармақ «Төменгі басшылықтың үстінен жоғарыға арыз – шағым айту жөніндегі істер» деп аталады. Старшындардың үстінен берілетін арыз сұлтандар мен дуанға түседі. Сұлтандардың үстінен арыз аға сұлтанға айтылады да, ол мәні азырағын ауызша шешіп, маңыздысын облыс басшылығына жібереді. Олардың жазықтылары заң бойынша соттасады. Қазақтардың үстінен түскен арыздар мәнсіздеу болса, оны офицер мен жасақ бастығы тексеріп тындыра салады. Елеулі қылмыспен әшкереленгендер басқа да жай қазақтар сиқты сотқа беріледі. Қырда түрлі себептермен жүрген керуендер мен орыс кісілерінен түскен арыз сұлтандарға беріледі де, олар оны белгіленген тәртіп бойынша әрі қарай жылжытады.
Алтыншы тарау – «Айрықша заң күшін беру». Айрықша заң күшін беретін дүние, дәрігерлік істер, уақытша тиым салу (карантин), рухани саладағы ағарту жұмыстары мен қайырымдылық мекемелері. Тармақтың алғашқы буыны дәрігерлік жұмыс. Әрбір дуан қызметшілері үшін және жай адамдар үшін екі емгер белгілейді. Дуандарда тұрақты ауруханалар болады. Бұл ауруханалар көбінесе қазақтардың кедейлерін және науқастарды сыйғанынша қабылдайды. Ауруханалардың күтушілері кедей қазақтардан қабылданып, қоғамның есебінен ұсталады. Дәрігерлік заң күшін беру дивизион докторымен байланысты дуан әмірлігінің қарауында болады. Медицина қызметкерлері қазақтар арасында шешекке қарсы егу жұмыстарын жүргізуге мүмкін – қадірінше күш жұмсауы шарт. Медицина шенеуніктері ауруларды емдеу үшін дуан көлемін аралап тұруға тиіс.
«Уақытша тиым салу (карантин)» атты екінші тармақта мал індетінің алдын алу үшін Сібір желілерінде бірқатар жерден тыйым салу нүктелерін ұстау бұрынғысынша қала береді. Егер малдың індеті желі ішінде күшейіп кетсе, онда тыйым салудың кері әсері болып, қазақ даласын аман сақтауға қызмет етеді. Алайда ол күзет облыс басшылығының қамқорлығы мен жауапкершілігінде қала береді. Егер мал індеті қырға жайылса, дуан әмірлігі ол жайында жедел таяу дуанның бастығына хабар беріп, желіде тиісті шаралар қолдануын талап етеді. Сонымен қатар ол зақымданған болыстар мен зақымданбаған болыстардың арасындағы кез келген қатынасты тыйып, оңтайлы жерден бекеттер орнатады. Дуан өріс өзгертудің қажеттігіне қазақтардың көзін жеткізеді. Дәрі – дәрмек жеткізіп береді. Күмәнді табындарды тексеру үшін жылжымалы пункттер ұйымдастыруға тырысады. Сұлтандар мен старшындар бұл іске қолда барымен көмек көрсетіп, байқалған кесел жайында жедел хабарлап отыруы керек. Оны елемеудің әрбір сәті оған кінә болып тағылады.
Рухани және ағарту саласында заң күшін беру жөніндегі үшінші тармақта «Былайша қарағанда, қазақ – қырғыздардың қазіргі діні мұсылмандықтан гөрі тәңірлікке жақын, мұның өзі олардың көбін ғайсамандыққа (христиандыққа) енгізу үмітін туғызады» дейді. Бұдан облыс басшылығы қырда ерекше қызмет атқарып, түздіктерді титтей де күштемей, сендіріп иландыру ісін, түсінік жұмыстарын өрістетуі керек екені ал дегеннен – ақ аттан салып тұр. Егер бәз – бір аймақта мыңға тарта адам ғайсамандыққа кірсе, облыс басшылығы ол дуанда шіркеу салдырып, жергілікті поп ұстауы үшін жәрдем сұрауға міндетті. Поптар өз жанынан жеткіншектерді заңға, оқып – жазуға және арифметиканың алғашқы амалдарын үйрететін мектеп ашып жалпы басшылыққа халықтың сауатын ашуда қол ұшын беруі керек. Сұлтандар мен старшындардың балалары желілерде ашылған әскери жетімдер бөліміне оқуға түсіп, қазына күшімен білім алуына болады. Бұл балалар оқып білім алып, арифметиканы меңгерген соң ата – аналарына немесе ағайын – туғандарына қайтып оралуына не қызметке орналасуына болады. Әрбір қазақ өз ұлын империя ішіндегі оқу орындарына орналастыруға хақылы. Дін иелері жанындағы мектептерден өзге оқу орындарына қазақтардың түсуіне тиым салу былай тұрсын, қайта оқуына көмек көрсетіледі.
«Қайырымдылық мекемелері» атты төртінші тармақта «әрбір дуанның әмірлігі өзіне сеніп тапсырылған халықтың кедейшілікке ұшырап тарыншылық көрмеуін қадағалап отыруға тиіс» екені атап айтылған. Бұл үшін ол даңғаза дырдуды жоюы керек. Қаңғымалар, қоғамдық мекемелер жанындағы орындарға, ауруханаларға орналастырылып, ауқатты қазақтарға жұмысқа беріледі және ондай жағдайда екі жақты келісімге қол жеткізіледі. Мүгедектерді, кәрі – құртаңдарды, есінен ауысқандарды, жалпы өз еңбегімен күн көруге жарамайтындарды айрықша қамқорлыққа алып, қоғам назарында ұстайды. Осы тектес адамдарды асырау үшін әрбір дуанда мүсәпірхана есебінде үкіметтен бестен – онға дейін киіз үй ұстап, олар үшін аурухана қызметі көрсетілуге тиіс.
Жетінші тарау – «Жауапкершілік». Негізінен мұнда басқару мәселесі сөз болады. Басқарманың жауапкершілігін Сібірді басқарудың жалпы аманатына тіркелген ереже анықтайды. Қазақтар тарапынан ұшырасқан тәртіпсіздік пен бейбастақтық үшін сұлтандар жауап береді. Талау, тонауға немесе барымтаға жол бергені, онымен де қоймай оған өзі арласқаны әшкере болған сұлтан бірден сотқа тартылады. Дуан әмірлігіне бағынбағаны және шетжерлікпен дұрыс қарым – қатынас жасамағаны үшін де сұлтан сотқа беріледі. Дуанның әрбір мүшесінен қысым жасағаны немесе қызмет бабын пайдаланғаны үшін жуапты. Дуан өзіне сеніп тапсырылған күзеттің қимыл – қарекеті үшін де жауап береді. Әмірлік, сұлтандар мен дуандар өзіне сеніп тапсырылған қазына һәм қоғам мүлкі үшін жауапты.
Сегізінші тарау – «Облыс басшылығына айрықша аманат». Облыс бастығы ішкі тәртіпті және сыртқы қауіпсіздікті сақтау үшін барлық тәсілді қодануға міндетті. Сол үшін оның орын алған тонау мен шыққан бүліктің ізіне түсуіне, сондай – ақ, жат жерліктердің шабуылын қолына қару алып тойтаруға хақысы бар. Облыс бастығы Ресейге тәуелсіз жерлермен екі жақты тыныштықты сақтауы үшін сауда істері жөнінде де оң шарттар жасауға және соған ерекше ұмтылуға міндетті. Мұндай шарттардың жоғары үкіметтің бекітуіне ұсынылатыны өз – өзінен айқын. Облыс бастығы қазақтардың сауат ашуына, үй салуына қамқорлық жасайды. Қазақтар тұрған жерді еленетін ету үшін белгілеп береді. Жалпы тәртіп бойынша қажет жерде бекініс бастығы қырдағы жағдайды көзбен көруі үшін өзі шығады немесе айрықша шенеуніктерден жасақталған топ жібереді.
Тоғызыншы тарау – «Қазақтардың айрықша құқығы және әдет – ғұрпы». Ресей боданы бола тұрып әрбір қазақтың қоғам мен өз бастығының рұқсаты арқылы Сібірдің көшпелі бұратаналарына қойылар тәртіп пен құқық негізінде өз мұқтажы, кәсібі мен жұмысы үшін қайда барғысы келсе сонда баруына болады. Басқа да Ресей боданымен бірдей қазақ қырында қыдыруына, заңдастырылған төлқұжат пен көрші губернияға кеден арқылы барып – қайтуына әр қазақтың хақысы бар. Әрбір қазақ қаласа басқа мемлекеттік тарапқа өтіп, империя ішінде қоныс тебуіне, қызметке кіріп гильдияға жазылуына болады. Империя ішінде уақытша бас бостандығымен жүрген қазақтар жергілікті басшылыққа тәуелді, ал басқа тарапқа көшкенде ол соның барлық міндетін атқарады. Міндетті салық төлемін өтеп басқа тарапқа өткен қазақтар бесжылдық жеңілдігін, рекруттардан азаттығын пайдалана алады.
Осы жарғы бойынша ұйымдастырылған болыстарда қазақтарды 1808 жылғы жарлық бойынша таза иелікке алу тоқтатылады, қарауындағы қазақтарға помещик сияқты иелік етуге ешкімнің хақысы жоқ. Бірақ болыс әкімдері оларға халық келісімімен, жоғары басшылықтың рұқсатымен билік ете береді. Сондықтан да кез келген қазақ сұлтанның қысымынан құтқар деп таяу тұрған басшылықтан сұрауына хақылы. Қазақ арасында жүрген өз басында еркі жоқтар өз иелерінде қала береді, бірақ оларды сатуға, басқа біреуге, мұра ретінде қалдыруға қатаң тиым салынады. Аталмыш құлдар мен күндердің саны дуан әмірлігіне белгілі болуы керек, әрі оларды басқа біреуге беру оның рұқсаты арқылы ғана жүргізіледі. Кез келген қазақтың мызғымайтын мүлкі болуға тиіс.
Төрелер қазақ арасындағы мәртебелі де құрметті, тегі асыл тұқымға жатады. Сондықтан да олар дүрелеп жазалаудан босатылады. Осынау ұстынмен қазақтарға жоғары Ресей үкіметімен қарым – қатынас жасауға толық еркіндік беріледі, сонда да төтенше депутаттық жіберу қажетсіз деп саналады. Алайда жоғары үкімет орнының ниет – пейіліне көз жеткізу үшін тұтас дуандардың сұлтандарына Санкт – Петербургке бірлескен депутаттық жіберуіне болады. Ол сол дуанның есебінен халықтың келісімі бойынша аттандырылады. Ондай жағдайда Бас басқарма ол депутаттыққа рұқсат беріп, өз тарапынан бастап барар жасауыл тағайындайды. Жоғарғы үкімет келуі қажет деп тапса, ол депутаттық қазына есебінен жабдықталады.
Оныншы тарау – «Аталмыш жарлық – жарғыны іске қосудың тәртібі». Оның бастапқы тармағы – «Жалпы ереже». Осынау жарғы өзіне қолдау тауып бодандыққа адалдығы үшін ант берген болыстардан бастап біртіндеп іске қосылады да, олардан үлгі алуға желіге жақын көшіп – қонып жүрген басқа болыстар шақырылады. Қырға төтенше жіберілген шенеуніктер мен облыс бастығының жазбаша үндеуі арқылы осы тәртіпті енгізген кезде Орта жүз қазақтарының Ресей үкіметінің ерекше қамқорлығы мен қолдауына ие болуы игі іс екенін бүкіл халық алдында жария етуі керек. Бодандыққа қалтқысыз берілгендер мен желінің ар жағында тұратындардың арасында құқық жөнінен ешқандай айырмашылық болмайтынын, олардың екеуі де ішкі желіге өтіп, қайтып оралуға хақылы екенін жариялаған жөн. Осыдан бастап барымта ел тонау деп табылып, кісі өлтірумен бара – бар саналып, кінәлілер қуғындалып, қатаң жазалатынын паш ету керек. Осы арада қазақтардың өзара қырқысқа жол беріп, бейбастақ тәртіпсіздіктің тізгінін тартпауы, біріншіден, көп ұзамай олардың өзін сорлататынын, екіншіден, ішкі құрылым мен тұрмыстағы жетіспеушілік салдарынан тұтас отбасылардың сақтануға болатын аурулардың өзінен опат болып жатқанын, үшіншіден, керек – жарақтың тапшылығынан қоғамның өзі аластаған қылмыскер алаяқтар саудагер пердесін жамылып, алдап – арбап отына қаратып кеткенін жетесіне жеткізе түсіндіру қажет. Аталмыш жарғының қазақтардың құқығына пайдаланатын міндеттеріне байланысты барлық баптары құлақтандыру сияқты олардың тіліне аударылып, басқа басылып шығуы және жариялануы шарт. Ақыр соңында бұл жарғы тәртіпті қабылдауға олар мәжбүр етілмейтіні, алайда оны қабылдаған соң кері шегінуге жол берілмейтіні жайында үндемей қалуға әсте болмайды.
Дуандарды облыс басшылығының қолындағы қаржысына қарай бірінен соң бірін ашу керек. Басқа болыстардан облыс басшылығының өкілдер талап етуінің, ешкімді де күштеуінің қажеті жоқ. Жалпы бұл жарғы – тәртіпті іске қосқанда иландыру мен дәлелдер келтіру тәсілін қолданып, оның дуанға кірген болыстардың қолдау көріп, қазақтарға қыруар пайдасы тиіп отырғанын баса айту қажет. Жаңа тәртіпті енгізудің табысты болуы облыс бастығының айрықша назарында ұсталуға тиіс. Ол мұның мәнін, тікелей пайдасын қазақтарға түсіндіргенде ақыл – парасатын барынша жұмсап қырағылықты сақтауы, енгізілер тәртіп қалт жіберілмей дәл болуын қарастырғаны абзал. Осы орайда Батыс Сібір генерал – губернаторының Бас басқармасының қарауындағы облыс бастығына ортақ пайда үшін өзіне қатысты барлық әдіс – тәсілді қолданып, қимыл жасауға айрықша билік беріледі. Өзінің қимыл – қарекетін ол Бас басқарманың талап – тілектеріне сай ойластырып, оған атқарған жұмысы жайында ақпар беріп, қажет кезінде көмек һәм рұқсат алып отырады. Дуан ашылғанына екі жыл өткеннен кейін облыс басшылығы көрсетілген ереже бойынша нақты қимыл жасайтын болады. Алғашқы екі жылда шенеуніктерді тиісіншеден көбірек пайдаланып, тәртіпті жиірек тексеруіне тура келеді. Ортақ игілігі үшін облыс басшылығы уақыт өте келе осы жарғыны өзгертуге немесе толықтыруға хақылы, бірақ жоғары үкімет бекітпейінше ештеңе енгізуге тиісті емес.
Осы тараудың екінші тармағы «Жаңа тәртіпке болыстарды қабылдау» деп аталады. Онда жаңа құрылым тәртібіне бір мезгілде алынған болыстардың санын олардың аталмыш басшылықта бекітілу тәсілімен салғастырып отыру жаңа жағдайдың бұрынғыдан тиімді екенін түсіндіруге мүмкіндік береді. Облыс бастығынан қабылдауды өтіну бұрын бодандыққа қалтқысыз берілгендікті айғақтау үшін жасалатын. Мұндай өтініштерді жоғары үкіметтің шешуіне жібермей, осы істің табысы және әрбір дуанның ашылуы жайында ғана хабарлап отыруы қажет. Жаңа тәртіптің енгізілуін айрықша игі салт – дәстүрлермен астастырып, қазақтардан өз әдет – ғұрпы бойынша ант алынуы тиіс. Дуандарды ашқан кезде сайлау өткізіліп, тиісті той – тоймалақ жасалады. Алғашқы сайлауды келесі жылдың тамыз айында мезгілінде өткізіп, сол кезден екі жылдық және үш жылдық мерзімде бастауы шарт. Жаңа тәртіп енгізілер алдындағы жылда кездескен барымта дауын бұрын естен кеткендей емес, зерт жүргізу тәртібімен шешкен дұрыс.
Бұл тараудың үшінші тармағы – «Жаңа құрылымның тәртібіне түспеген болыстарға көзқарас». Жаңа құрылым жағдайына түспеген болыстар қазіргі желінің арғы жағында қазақтармен бірдей деп саналады. Олардың бейбастығынан сақтану үшін ашылған дуандарды жолайрықтарымен және бекеттермен қоршап қою қажет. Осы жарғы бойынша ашылған болыстарда ұшырасқан барымта мен кісі өлтіру оқиғаларының ізіне түсіп, әскери сотқа беріп, жапа шегушілерді қанағаттандыруы қажет. Олардың жерінен өткен керуенге күш көрсету де солай жазалануға тиіс. Дуан аумағында тұратын қазақтардың ісін олардың тұрған жерінің тәртібіне қарай шешкен жөн. Әзір мұндай ішкі құрылым енгізілмейтін Кіші жүз қазақтарына жаңа тәртіпке кірмеген қазақтар сияқты қарау жөн. Егер тұтас дуан құруға келмейтін көптеген ауылдар мен болыстар жаңа құрылым
жағдайына енуге өтініш етсе, көрші дуанның әмірлігіне тәуелді айрықша бөлімше ашып, олардың көбейіп, өз дуанын құруын күте тұрған дұрыс. Не болмаса оны ұйымдасқан дуанның келісімімен соның құрамына қосуға болады.
Төртінші тармақ – «Желінің жылжымалы мүлкі». Күзет есебінде Сібір желісі мәңгі – бақи тұра берер нәрсе емес. Алайда қазақтар алып жатқан жерде тәртіптің тарауына байланысты күзет ілгері жылжып, ақыр аяғында нақытылы мемлекеттік шекараға жетіп тұрақтап тұрып қалады. Бекеттер мен жолайрықтардың қырда уақытша қалу – қалмауын қажетіне қарай облыс бастығының өкімі шешеді. Желілерден шекараға нақты көшуіне жоғары үкіметтің рұқсатынсыз жол берілмейді. Бұндай құрылымға дер кензінде байыпты да жан – жақты жоспар ұсынылып, желі күзетіне тиімді жергілікті жағдай ескерілуі керек.
Сондай – ақ жарғыда Орта жүз қазақтарын басқаруға байланысты ұсынылатын қызметкерлерге қазынадан төленетін жалақының мөлшері де белгіленген. Аға сұлтанның жалақысы жылына сом. Екі Ресей мәжіліскерлері – 1000, екі қазақ мәжіліскерлері – 200, хатшы – 900, әрі столбасы болып саналатын екі тәржімашы – 160, үш тілмаш – 300 сомнан жалақы алады. Жаңа құрылым тәртібі енгізілгенде қырда бұндай дуандар сегіз болады. Олардың ішкі басқаруға кетер шығыны 240.000 сом. Дуандардың ашылуына орай қырда тиісті құрылыстар салу үшін әрбіріне 30.000 сомнан ақша бөлінеді.
Міне, бұрын тұтас әулет, бүтін ру болып бір – бірінен ажырамай біте қайнасып біртұтас отырған халқымыздың бауырмалдығына нұқсан келтіріп, бөлшектеп тастамақ болған «Жаңа ереженің», яғни «Сібір қазақтарын басқару жайындағы жарғының» ұзын – ырғасы осындай. Сібір қазақтары деп отырғаны – Орта жүз, халқымыздың оннан төртінен астамы. Патша үкіметінің әкімшілік бөліністі әуелі содан бастауында зымиян сыр бар. Осы тұста оның уысында екі – ақ жүз бар еді. Кіші жүзді уақытша қоя тұрып, Орта жүзге ауыз салуы сол кезде шеңгеліне түсірген қазақтардың үштен екісін айтқанына көндіріп, айдауында жүргізіп әбден езіп – жаншып, ұлттық өрліктен, халықтық еріктен айыру екені бесенеден белгілі.
Бірақ жарғының барлық талабы бұлжымай еш өзгеріссіз орындалды десек артық болар. Оған өзгерісті сол өмірдің өзі – ақ енгізді. Ең алдымен аға сұлтан тек төре тұқымынан болуы керек дегенге дүйім ел онша көне қоймады, орталарынан өз көшбасшыларын шығарды. Сондықтан жоғары жақтың пейіл бермегеніне қарамай қарапайым қара қазақтың арасынан Құнанбай Өскенбаев, Шоң Едігенов, Ерден Сандыбаев сынды ел адамдары аға сұлтан болып сайланды. Ал болыстардың дені кейін қазақтардың өз ішінен тағайындалды. Олардың арасында тіпті әйелдер де болды. Аты аңызға айналған Ақкелін болысының шығуы содан.
Ал ауылға бөліп тастасақ, бір – бірімен аралас – құраласы азаяды деген де бос дәме болып шықты. Ата қуалап, ру боп бірігудің тамырына мүлдем балта шабу үшін кейін патша әкімшілігі ауылдардың атын жалпы жойып, оларды нөмірлеп те көрді. Алайда қазақтың бір ауыл, бір бауыр болып қауымдаса қоятын қасиетіне ол да көлеңке түсіре алмады. Әйткенмен, орыс әкімшілігінің осындай іс
– әрекеті отаршылдықтың сұрқия сипатын бар болмысымен ашып беріп тұр емес пе! Халықтың ашу – ызаға булығып, бас көтеруінің де бір себебі осы болса керек.
ХАНЗАДАНЫҢ ҚАСЫРЕТІ
ҒҰБАЙДОЛЛА ҚАЛАЙ ХАН БОЛМАЙ ҚАЛДЫ?
Қасиетті орынның құр тұрмасы хақ. Оның үстіне ол құрметті хан тағы болса қайдан бос қалсын. Одан үміт етіп бәс тігетін, бас тігетін дәмегөйлер әлмисақтан – ақ жыртылып айырылған ғой. Сонан да болар, арғы – бергі тарихта шырқырап жан шықпай, бұрқырап қан ақпай тақталас, бақталас дегендер әсте тынған емес. Басқаларды былай қойып, өзімізге ішіктің ішкі бауындай етене Шыңғыс хан мен Ақсақ Темір ұрпақтарының өзара қырқысы осының айғағы. Ондай індеттен тек Абылай әулеті ғана аман. Даланың дарабоз данышпаны артында іріңкезек тудырмас үшін көзі тірісінде – ақ Уәлиді халқына хан көтертіп, тақтың иесі етіп тағайындап кеткен. Әке жолынан аумай, оның осы өнегесін ұстанған хан Уәли де үлкен ұлы Ғұбайдолланы жанына ертіп жүріп, ел басқаруға ерте баулыған еді. Кезінде тақтан үміткер болып, ел талқысына бірге түскен, бірақ халқы қаламай, қалып қойған інісі Қасым төре: «Өзіңнен кейін күні ертең әкеміздің киелі орнына кім ие болуға лайық деп ойлайсың?» - деп сұрағанда: «Кім лайық дегені несі, хан иемнің көзін ашып көрген, аузын ашып сүйген немерелерінің тұңғышы Ғұбайдолла тұрғанда, тақтан басқалардың дәмесі болмасқа керек», - деп хан Уәли бір – ақ кесіп айтқан. Сржан мен Кенесарыдай кілең көкжал, шетінен сен тұр мен атайын сайып – қыран жеті ұлының бірі де жілік тістей алмайтыны көкірегіне шемен боп қатқанымен, ағаның бетіне көп сөз қайырмайтын ата салтымен Қасым қайтып үндемеген.
Ақыры, тағдыр жетіп Уәли дүние салған соң қырқын берер – берместе Атығай – Қарауылдың игі жақсылары жиылып, атасы Абылайдың өз ордасы – Көкше баурайындағы ханның Қызылағашында ақ кигізге көтеріп, Ғұбайдолланы хан сайлап та жіберді. Ол тұста Уәлидің ордасы ақылы асқан ару тоқал Айғанымның тұрағы Сырымбетте болатын. Арасы жүз елу шақырымдай жерден әлде хабар жетпеді ме, әлде хандықты бәйбіше баласына қимады ма, Айғанымның араға жыл салып көңіл айтуға келген арғынның атақты биі Байдалы шешенге: «Ақыл алтау, ой жетеу болып тұр. Хансыз қаңырап тақ қалды, қалың дәулет бақ қалды. Ханды қарытып, биді арытқан қария едіңіз, айтар ақылыңыз бар ма?» - деп зарлануы мен жалбарынуында бір мән бар тәрізді.
Әрине, патша әкімшілігіне салса, қазақ даласына ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстайтын, әрі ханның орнын жоқтатпай ордасында отырған ақылды да ажарлы, өзі жас Айғанымнан артық әмірші жоқ. Оның үстіне Уәлидің өз болмаса да көзі отыр дегендей Омбыдан, Орынбордан, тіпті Петербордан келетін жырық етек өкілдерінің дені алдымен Сырымбетке соғып, қырдың хал – жағдайынан ақпар жинап, мағлұмат алып қайтады. Бұл арада оларға бірнеше тілді жетік білетін сөзге жүйрік, елді арғы – бергі әдет – ғұрпына, тарихына зерек зерделі Айғаным басқалардан әлдеқайда пайдалы. Солардың арнасында қазақтарды билеудің жаңа жобасы жасақталып жатқан кез еді бұл. Сондықтан
патша әкімшілігі Айғанымға неше жерден іш тартып, хан орнында ұстағанымен, не ата жолымен, не заң жолымен ресми таққа отырғызуды ойлаған жоқ. Ал халқы қалап хан көтерген Ғұбайдолланың өкілдігін танудың тіпті ойға да алмай, ұзын арқан, кең тұсауға салуында орыс өкіметінің, сөз жоқ, өз есебі бар еді. Алдымен, жаңа ханның анау мынаудың жұмсаған жағына жығыла кетпейтін бірбет шәлкес мінезі барын олар білген сияқты. Шынында да, Уәли қайтыс болған 1819 жылдан бастап Батыс Сібірдің үш жыл бас губернаторы болған белгілі мемлекет қайраткері Михаил Сперанскийдің Орта жүзде хандықты жойып, орнына аға сұлтандар билейтін дуандар құруды ұсынған «Сібір қазақтары туралы жарғысына» бірінші болып қарсы шыққан осы Ғұбайдолла. Әлкей Марғұланның: «Әкенің мұрасы оның үлкен ұлы Ғұбайдолланың қолына көшуі керек еді, алайда саяси жағдайлар сұлтанның өз құқығын пайдалануына мүмкіндік бермеді», - дейтіні де содан. Орыс өкіметінің хандық билікті жоюына басынан – ақ үзілді – кесілді қарсы болған ол одан патша әкімшілігі қазақ жерінен алғашқы екі дуанды ашуға жер сұрағанда өз ойын ірікпей: «Ақ патша мен Абылай ханның арасындағы келісім бойынша бұл өлкеде қала салуға ешкімнің хақысы жоқ, егер осы ойларыңызды күшпен іске асырсаңыздар, оның салдарына мені кінәламассыздар...» деп зіл тастайды. Оның бүгежектемей тоқ етерін бір – ақ айтар бұл мінезі Ахмет Кенесарыұлының «Кенесары және Сыздық сұлтандар» атты өткен ғасырдың аяғында орысша басылып шыққан естелігінде өте – мөте жақсы ашылған. «Абылай хан уафат болғаннан кейін, - дейді онда, - орнына Обайдолла (Ғұбайдолла, орысша деректердің денінде Абайдолла деп те айтылады – авт.) деген баласы хан болыпты. Шекарада орыс әкімдері, яғни хан жеріне шектес Ақмола облысының ұлықтары қала салу үшін Көкшетау жерін сұрапты, Обайдолла ханға адам жібереді. Хан оларға: «Қала салуларыңа қарсымын. Абылай хан мен Ақ патша екеуінің жасасқан шарты бойынша әрқайсымыз өз жерімізде тыныш отыра берейік. Ал егер жерді күшпен тартып алып, қала саламын десеңіздер онда бұған өздеріңіз жауапты болсыздар», - деп жауап қайтарады. Бұл жауапты алғаннан кейін орыс әкімдері ханды шақыртып алып, кері қайтармай қояды» («Кенесары және Сыздық сұлтандар». Алматы. Жалын баспасы. 1991 жыл)
Ол тұс дерек біткеннің бәрі орысша қабылданып, орыс тіліндегі дүниелер ғана дұрыс деп табылған заман ғой. Бәлкім аударғанда кетті ме екен, бұл жерде елеулі екі қате бар. Біріншіден, Ақмола ол кезде облыс болмаған, Көкшетау дуаны одан бұрын құрылған. Екіншіден, Ғұбайдолла Абылайдың баласы емес, немересі. Кінә аудармашыдан болмаса, оқыған – тоқығаны мол, төрелер әулетінің шежіресін, кімнің кімнен тарайтынын жақсы білетін Ахмет сұлтан Ғұбайдолланы Уәлидің баласы емес, ағасы деп жібермеген болар еді. Дегенмен де, ата тағына мөлтеңдеп, отаршы озбырлардың айтқанына көніп, айдауында жүрмеген қайсар мінезі осы жолдардан мен мұндалап тұр.
Ал: «...орыс әкімдері ханды шақыртып алып, кері қайтармай қояды», - деген соңғы сөйлемдегі пікірді де жоққа шығаруға болмайды. Бұнда болған оқиға қолмен қойғандай айна – қатесіз көрінбегенімен, жалпы жағдайдың ауанын
мегзер сұңғыла болжам бар. Өзінің хандық билігін атасы мен әкесінің тұсындағыдай әне – міне ресми бекітіп қалар деген орыс үкіметінен жоғарыдағыдай жағдайдан кейін күдерін үзген Ғұбайдолла енді үмітін Қытай жаққа артады. Өйткені олар Абылай қайтыс болғанда жылына арнайы келіп ас беріп, Уәлиді ресми хан көтеріп, сенім хатын тапсырып кеткен. Бірақ не себебі бары белгісіз, бұл жолы ол рәсімін созыңқырап жіберді. Төзімі таусылуға айналған ханзада інісі Аббас пен Жантөреге бастатып Бежінге елшілік жіберуге мәжбүр болады. Бірақ олар Еженханның (Бөгдіханның) өзіне жете алмай, бұйымтайын жарым – жартылай ғана бітіріп, Құлжадан кері қайтты. Құр қол да оралған жоқ, Шыңжаң жанжүнінің ханзадаға арналған сәлем хатын ала келді. Онда қулығына құрың бойламайтын әккі әкім Ғұбайдолланың басына бар жақсылықты үйіп – төгіп, егер еженхан қол астына алса, Қытайдағы мәртебелі атақ – дәрежелердің ешқайсысынан құр қалмайтынын, бұл жақтан баратын нұсқау – өкімдерді мүлтіксіз орындап отырса, бұдан да биік сый – құрметке ие болатынын айтып, шала байытып тастады.
Шынтуайтына келгенде, қытай жағы қазақ ханының қайтыс болғанын естіп, оның мұрагері жайында сұрау салып жатыр еді. Олардың ойынша ендігі тақ иесі Аббас сұлтан. Өйткені Қытай императорының Уәлидің көзі тірісінде – ақ оның өзі мен ұлы Аббасқа берген шүршітше, қалмақша және түрік тілінің Кіші Бұқар мәнерінде жазылған сенімхаты болатын. Сонда Қытай үкіметі Аббасты Уәлидің мұрагері деп мойындап, ғұн атаған – ды. Кезінде Шоқан ол сенім хатты өз әулетінде көненің көзіндей мирас боп қалған қымбат қазына деп жазғаны бар (Ш.Уәлиханов. Шығармалар жинағы, 4 том, 300бет). Енді міне, елінің Ғұбайдолланы хан көтеруі оларға алғаш таң көрінді. Оның өкілеттігін бекітудің сөзбұйдаға салынуы да содан болса керек. Елшілік келіп кеткеннен кейін қытай жағы да қаракет – қимылға кірісіп, Ғұбайдоллаға да: «Аспан әмірімен император...», - деп басталатын сенімхатын әзірлеп қойды.
Қазақ даласының төсіне құлағын төсеп қыбыр еткен қимылды, сыбыр еткен дыбысты қалт жібермейтін орыс ұлықтары бұны да бірден біліп дереу іске кірісті. Сібір қазақтарын басқару жөніндегі Сперанский жарлығын жүзеге асыруға шұғыл кірісіп, Орта жүздегі хан билігін жойып, оның орнына орыстың өз әкімшілік құрылымына бір табан жақын тәртіп орнатты. Арқа өңірі дуан, болыс және ауылға бөлініп, саты – сатымен басқаруға көшірілді. Олардың бәрі енді орыс патшалығының иелігі болып саналды. Дуанға аға сұлтан сайланып, оның патша әкімшілігі бекітетін төрт мәжіліскері болатын болды. Екеуі, әрине, орыс.
Алдымен хан орнында отырған Ғұбайдолланың тағдырын шешу үшін қазақ даласындағы тұңғыш дуанды Көкшетау құрды. Сөйтіп Батыс Сібір генерал – губернаторының Сібір комитетіне жазған хатындағыдай: «Омбы облысы ашылған жағдайда қайсақ даласындағы бірінші дуанды Уәли ханның үлкен ұлы Ғұбайдолланың жанынан ол қоныс қып отырған өңірге жақын жерден құру керек», - деген тілегі орындалды. Ұзамай Көкше баурайында 1824 жылғы сәуірдің 29 жұлдызында Көкшетау дуанының ашылу құрметіне ұлан – асыр салтанат өтті. Оған сол өңір сұлтандары мен билері, ру басылар қатысты, қарапайым халық өкілдері де аз жиналған жоқ. Салтанат кезінде артиллериядан салют беріліп, әскер
шеруі өткізілді. Омбыдан облыстық басқарманың төрағасы подполковник Антон Григоровский бастап келген ұлықтардың ұсынысымен алқалы жиында Ғұбайдолла Уәлиханов аға сұлтан боп сайланып, мәжіліскерлері боп қазақтардан Зілғара Байтокин мен Мүсет Жәнібеков белгіленді. Бәрі де құранға маңдайын тигізіп патша ағзамға әркез адал қызмет етуге ант берді. Сайлау ұлы дүбірлі үлкен тойға ұласты. Сонымен, ата жолын ұстанып, әке салтынан аумай билік құруға енді кіріскен киелі тақтың заңды мұрагері Абылайдың немересі Ғұбайдолла Уәлиұлы аяқ астынан патша әкімшілігінің қырдағы бір шен – шекпенді шенеунігі боп шыға келді.
Басқалары қанша қуанып мәз болғанымен бұған Ғұбайдолланың бүйрегі бүлк, сирағы сылқ еткен жоқ. Анау айтқандай қуанарлық не бар, бұл енді көп дуанның басшысы боп қана қалып отыр. Оның үстіне жоғары жақсыз жақ та ашпайсың, қадам да баспайсың. Ал ханның аты қашанда хан. Енді ол атақты Ресей патшасының қайтарып бермейтіні айдан анық. Кіші жүз сұлтаны Арынғазының хан тағының заңды мұрагері екенін дәлелдеймін деп барып «мүйіз сұраймын деп құлағынан айырылған» сияқт табанда тұтқынға алынып, орталық орыс облыстарының біріне жер аударылғаны және белгілі. Ендеше қалған үміт тек Қытай жақтан. Орыс патшалығының қазақ даласына дендеп кіріп, бар билікті уысына ала бастағанын білген Қытай үкіметі қолын мезгілінен кеш сермегенін сезді. XVІІІ ғасырдың орта шенінен Орта және Ұлы жүзбен арада орнай бастаған оң қарым – қатынасты анық өз пайдасына шешіп, қырдың бір бөлегіне өз өкімін жүргізгісі келетіні белгілі болатын. Сол үшін қазақ билеушілерін өзі тағайындап, атақ – дәреже беруді салтқа сіңіріп келе жатқан. Абылайды да бір уәлаятының әмірі деп ұғынып, сенімхат тапсырып жүргені содан еді. Енді Ғұбайдолланы солай тұғырына қондырып алса, қазақ даласының бір пұшпағынан мүше тістеуі сөзсіз. Сондықтан жатпай – тұрмай жедел іске кірісіп, елшілік жасақтады. Ұлы жүздің бір төресі арқылы Ғұбайдоллаға қай жерде, қай мерзімде кездесетінін айтып хат жолдады. Қауыршар тұс – бұдан қырық жылдай бұрын Абылайды аза тұтып ас беріп, Уәлиді хан көтеріп кететін Баянауыл. Ханзаданың өлеусіреген үміт оты қайта тұтанды.
Ғұбайдолланың аға сұлтан боп сайланғанына үш айдан сәл асқан кезде шілденің ортасына таман әмбан бастаған құрамында он шенеунігі бар елшілік үш жүз жауынгерден тұратын жасағын ертіп айтулы Баянауылға сарт ете қалды. Осыны әдейі аңдып отырғандай казактардан тұратын орыстың әскери жасағы кес – кестеп олардың қандай мақсатпен келгенін сұрағанда қытай тоқсабасы түктен де тайсалмай, сапарының мән – жайын түгел баяндап берді. Ең басты мақсат – Ғұбайдолланың өтінішіне орай оған хан атағы берілгенін жария етіп, императордың сенімхатын тапсыру екен. Екінші міндет – азиялықтардың ежелгі әдет – ғұрпы бойынша марқұмның әруағына тәу етіп, үкімет атынан берілетін астағыдай «ақтық» деп аталатын сый – құрмет көрсету. Осы рәсімдерді атқару үшін Ғұбайдоллаға өз өкілдерін жіберіп Баянауылға жедел алдырту екен.
Бұл тұста ханзада Есіл бойындағы жайлауында өз үйіне өзі пенде болып, тұтқында отыр еді. Омбыдан арнайы келген жасақ қия бастырмай ұстап отырған.
Жергілікті патша ұлықтарының өтінішімен қырға әскер шығарлып Ғұбайдолла сұлтанды қамауда ұстап, шақырылмаған қытай қонақтарды Баянауылдан әрмен асырып қуып тастау жүктеледі. Алайда қытай елшісі орыс офицерлерінің қазақ жерінен тайып тұр деген талабына көнбей, өзіне Ғұбайдоллаға хан атағы берілгенін айтып, таққа көтеру рәсімі жүктелгенін, өз үкіметінің рұқсатынсыз бұл тапсырманы орындамай қайтуға тиіс емес екенін айтып, табандап тұрып алды. Ал бұл жақта Батыс Сібір генерал – губернаторының айрықша тапсырмалар жөніндегі шенеунігі Путинцев Ғұбайдолланы Қытай елшілерімен кездесуден бас тартуға үгіттеумен болды. Оның айтуынша, орыс патшасына адал қызмет етемін деп ант беріп, шенді шекпенін жамылған адамның өзге елдің әміршісінен хан тұрсын, жалпы лауазымды атақ алуына болмайды. Бұл қағиданы аяққа басып, өзінше әрекет жасау сатқындық боп саналып, басың сотты болады. Алайда бұндай қоқан – лоққыдан абдыраған да, айылын жиған да ханзада жоқ. Атасы Абылай мен әкесі Уәлидің хан атағы Цин сарайы арқылы бекітілуі олардың Ресейге бодан болуына бөгет жасамағанын тілге тиек етіп иілмей қойды. Осылай тәжікелесіп отырғанда Айдаболдың атақты биі Торайғыр қырық жігітпен келіп, күзеттегі шағын жасаққа айбат көрсетіп, Ғұбайдолланы Баянауылға қарай алды да тартты.
Төре тұқымына тізгін бермей Төртұлы деген рулар одағын құрып, шимандай елді қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай бір өзі билеп тұрған ағасы Шоң бидің «қазаққа хан керек жоқ» дегеніне бақпай, Торайғырдың Ғұбайдолланы хан көтеруге талпынуында мән бар. «Хан елдің елдігін, жердің тұтастығын сақтауға керек, - дейді ол ағасына. – Өзің Уәли ханның бет жүзін көрмей өттің. Бөкейді сайлатпаймын деп сайыс салдың. Қыр аяғында ана хан да, мына хан да жоқ. Олардың орнына орыс жандаралы келді. Ол көп қарғаның ішінде жалғыз сауысқан болып жүрмес, ертең – ақ басқаларын көбейтер. Сондай елің не болады, жерің не болады? Мәселенің осы жағы қазаққа хан керек екенін айтып тұрған жоқ па?! «Міне, ол сондықтан да Ғұбайдолланы Қытай елшілерімен қайткен күнде кездестіріп хандық дәрежесін бекіттіріп алуға барын салды. Бұл оқиға белгілі жазушы Қалмұқан Исабаевтың «Шоң би» романында жан – жақты баяндалған.
Баянауылға енді бір кезең қалғанда қоналқыға қосын тоқтатып, Ғұбайдолла Қытай елшісіне өкілін жіберді. Тап осы тұста түп ізіне түсіп, қуып келе жатқан орыс – қазақ әскері түн жамылып келіп өзі мен досы Торайғырды қолға түсіреді. Бұл жағдай құлағына жеткен Қытай елшісі Ғұбайдолламен жүзбе – жүз кездесуді сұрап өтініш айтады. Сондықтан кездесу орыс офицерлерінің көз алдында, әкімшілік адамдарының тікелей қатысуымен өтуге тиіс болды.
Алдын ала ант беріп қойған орыс жағының мысы басты ма, әлде қырда тағы да бірдеңе бүрк ете қап, бейбіт ел зобалаңға түсіп, обалына қалармын деп ойлады ма, оқиға басталғаннан бері ертелі – кеш тынбай толғанған Ғұбайдолла Қытай елшісіне келгенде өз елі Ресейдің боданы болғандықтан, басқа мемлекеттің қолынан хан атағын ала алмайтынын, ал Бейжінге өкіл жіберіп, өтініш жасағанда орыс заңын білмегендігін айтып, бәрінен де бас тартты. Осы пікірін ол ауызша да айтып, жазбаша да берді. Лажы таусылған Қытай елшілері өзіне жүктелген тапсырмасын орындай алмай отанына қайтты. Ал Ғұбайдолла мен Торайғырды
патша әкімшілігінің ұлықтары қарулы күзетпен Омбыға жеткізіп, түрмеге қамап тастады.
Өз елінде ханды қамауға алып, абақтыға жабудан асқан сұмдық бар ма. Ел ішін дүрлігіп жан – жаққа жаушы шапты, жоғары жаққа арыз айтылып, хат жазылды. Батыс Сібір генерал – губернаторына жазған хатында кәдімгі Абылай ханның ұлы Қасым төре: «Менің әкем Абылай мен ағам Уәлидің мұрагері болып хандық таққа Ғұбайдолла бекітілген» деп, оның қазақ даласының заңды билеушісі екенін айта келіп, тұтқыннан дереу босатуды талап етеді, әйтпесе ел арасы бүлініп кететінін ескертеді. Ханзаданы тұтқындауын тұтқындағанымен ел іші дүрлігіп, ереуіл атқа ер сала ма деп қауіптенген орыс ұлықтары қатты састы. Омбының облыстық бастығы, гвардия полковнигі С.Броневский мен Батыс Сібір генерал – губернаторы П.Капцевич әрі ақылдасып, бері ақылдасып, мәселені өздері шешіп жіберуге жүректері дауаламай, ақыры Сыртқы істер министрі К.Несельродеге жүгініп, ұсыныстарын хатпен хабарлауға мәжбүр болды. «Ұлы мәртебелі сізден Ғұбайдоллаға байланысты қайырымдылық көрсетуді өтініп, оны соншалықты торықтырмайық дейміз», – деп жазды. Министр Қытаймен арадағы қарым – қатынасты сақтап, істі насырға шаптырмас үшін Ғұбайдоллаға патшаның өз атынан кешірім жасатып, аға сұлтандық қызметіне қайта оралуына рұқсат етеді. Ал Торайғырды орыс өкіметінің алдында беделі бар Шоң бидің өзі шығарып алады.
Амалсыздың күнінен болған аға сұлтанның қия басқан қадамын қалт жібермей қадағалаумен қатар, патша әкімшілігі оны өзіне тартып, қалтқысыз қызмет еткізуге тырысып – ақ бақты. Николай І – нің орыс тағына отыру салтанатына қазақ даласынан арнайы шақырылып барғандардың арасында осы Ғұбайдолла мен оның немере туысы Сартай Шыңғысовтың болуы соның айғағы. Сол сапарда ол Александр лентасына тағылған алтын медальмен марапатталып, орыс әскерінің подколковнигі дәрежесін алып қайтты. Қазақ даласындағы қоныстандыру саясатын алдымен ақсүйектерден бастамақ болған патша үкіметі оған сәулетті үй де салып береді. Бірақ бұның бірі де ханзада көңілін көншіте алған жоқ. Хандығы сол кезге дейін сақталып келген Бөкей ордасының ханы Жәңгірдің абырой – даңқымен өз беделі бірдей емес екеніне оның патшаның таққа отыру рәсімінде көзі тағы да жетті. Келе сала ол Санк – Петербургке баласы Болат бастаған елшілер жіберіп, патша ағзамнан халық билікті қайтарып, қазақ даласына енгізілген жаңа тәртіпті тоқтатып, ашылған дуандарды жабуды өтінді. Бірақ патша өкіметі қыр қазақтарының бұл тілектерін ілтипатқа алған жоқ. Оларды алдап – сулап Омбы әкімшілігі арқылы тарту – таралғы беріп кері қайтарды.
Осыдан соң аға сұлтан өз қызметіне бұрыңғыдан да салқын қарап, орыс әкімшілігіне көмектесудің орнына оның далаға ендеп енуіне кедергі келтіріп отаршылдық саясатын әшкерелеуге тырысты. Өзіне қарасты болыстар мен ауылдардың басшыларын жинап алып, жаңа тәртіпке қарсы шығуға шақырды. Аға сұлтанның осынау іс – әрекеті онсыз да отаршылдық тәртіпке қарсы болып, толқи бастаған бұқара халықтың қозғалысына май құйғандай болып шықты. Бұл қозғалыс әуелі сұлтан Саржан Қасымұлының басшылығымен өрбіді. Жайлауға
көшуді желеу етіп, дуандағы қызметін тастап, ханзада сол жиналған жұрттың ортасында жүрді. Алайда атасындай қолбасшылық қабілеті жоқ, саясаткерлік сұңғылалығы терең емес, мәмілегерлік мінезі және шамалы ол қол бастап кете алмай, тек тілекші болып дүрмек ішінде жүрді. Кейін Саржан Түркістанға қарай сырғып, көтеріліс көрігін Кенесары қыздырған тұста «бүлікшілер көсемімен байланысы бар» деп патша өкіметі Ғұбайдолланы қайта тұтқындап, баласы майор Болатпен бірге 1838 жылы Сібірге жер аударып айдап жіберді. Осыған орай Кенесарының өзі 1841 жылы ақпанның 22 жұлдызында Орынбор губернаторы В.Перовскийге хат жазып: «Атығай – Қарауыл еліндегі Ғұбайдолла хан Уәлиұлын ұстап алып кетудің» заңсыздығын айтып, «оны Көкшетау дуанының мекеме басшылары өсек қылып, жала жауып, каторгаға жіберткенін» баяндап, көтеріліске қатыспағанын, өзімен ақыл қоспағанын айғақтап тұтқыннан босатуын талап еткен.
Алайда патша өкіметі Ғұбайдолланы босатуға онша асыққан жоқ. Тек Кенесары қырғыз Алатауында опат болып, көтеріліс әбден басылып жаншылған соң он жылға кесілген жазасын түгел өтегеннен кейін ғана 1848 жылы ол еліне қайтарылды. Ел жиылып, оның аман – есен оралуын тойлады. Сол той үстінде атақты Орынбай ақынның: Хан өтті – ау Абылайдай кеше жүрген, Үш жүздің бір тағдырын шеше білген. Он жылдай Итжеккеннен әрмен кетіп, Ханымыз Ғұбайдолла елге келген. Оралды Ғұбайдолла он жыл жатып, Бұйырған риздығын келді татып. Бас иіп дұшпанына жалынған жоқ, Жалпақтап кебіреудей елді сатып. Биылғы қатты болды қыстың жұты. Орта жүз ырысың бар ел екенсің, Хан келді Ғұбайдолла елдің құты, – деген құттықтауы ел аузында әлі бар. Ғұбайдолланың сонау Сібір түкпіріне іздеп барып, айдау мерзімі аяқталғанша бірге болып, бірге оралған Ұлбөбек бәйбішені көріп ақын: Жар үшін жанын қиып құл боп өткен, Әйелді айт отқа – суға бірге кеткен. Арқадан Итжеккенге іздеп барған, Кім асар ел анасы Ұлбөбектен, – деп жырлайды.
Қорлық пен зорлықтың, рухани кемсітудің неше түрін көріп, жаны жаншылып, тәні тозып оралған Ғұбайдолла елге келген соң көп ұзамай бірер жылдың ішінде қайтыс болады. Патша әкімшілігінің күллі азабы мен мазағы үшін, тәлкекке түскен тағдыры үшін Айғаным балаларын жазықты санап, тірлігінде жуықтамаған оның бар жабдығының басы – қасында Шоқанның әкесі Шыңғыс болып, жылын арнайы атап, ұлан – асыр ас береді. Сөйтіп, жаттың
көрсеткен құрметінен жұртының тартқызған бейнетін артық көріп, халқының қасиетін танытамын деп қасірет шеккен ұлтжанды бір ірі тұлға өмірден өтті.
Ал осы Ғұбайдолла қазақтың ханы бола ма? – деген сұрақ төңірегінде бір толғанайықшы. Біздіңше Уәли дүние салғаннан бастап өзі қашан аға сұлтан боп сайланғанша ол Орта жүздің соңғы ханы атанып, билік құрған деуге әбден болатын сияқты. Халқы қалап, ақ киізге көтеріп, хан сайласа, оны орыс үкіметі мен қытай әміршісінің бекітуінің қазақ үшін қажеті бар ма? Хан олардікі емес, қазақтікі ғой. Бірақ ол хан боп ғұмыр бойы тұрса да, орыс аюы мен қытай аждаһасының арасына түсіп қалса да екеуіне де алдырмаған, ешқайсысының тырнағын даласына салдырмаған қазақ көкжалы Абылайдай бола алмас еді. Өйткені оның кезінде заман да, заң да өзгеріп кетті. Орыс үкіметі отаршылдық шеңгелін далаға дендей салып, бар жерде бекініс орнатып, қазақты тырп ете алмайтын халге жеткізді. Ғұбайдолланың торға түскен тағыдай аласұруы да содан. Хандық қалпында қалып, билік дербес болса, жұртты отаршылар табанына таптатпауға болады деп ойлады ол. Әйтпесе қарақан басының қамын көздер болса, аға сұлтан қызметінде жүргенде – ақ патшалықтың барлық сый – сияпатын көріп, құрметке бөленіп, отыра берер еді ғой. Бұл болса, халқының еркіндігі үшін басын бәйгеге тігіп, отаршылдық саясатына қарсы шықты. Оның осы қарекет – қимылы кейін өрши жөнелген ұлт – азаттық көтерілісіне тамыздық тастады деуге кәміл болады. Ендеше ханзада тағдырына әлі де тереңірек үңіле түскен жөн тәрізді.
Ғұбайдолланың есімі энциклопедиямызда әлі жоқ, тарихи шығармаларда да сирек ұшырасады. Ол туралы кезінде «Ақиқат» журналында жарияланған тарих ғылымының докторы В.Моисеевтің мақаласы мен Көкшетау мемлекеттік университетінің оқытушылары Кәдіржан Әбуов пен Ақбота Бексейітованың шағын жазбасынан басқа ауызға алар әзір ештеңе жоқ. Оның қалтарыс– бұрылысы көп өмір жолы, жалтарыс– іркілісі көп тұрмыс –талайы туралы жалпы не білеміз? Өзімен бірге жер аударылып кеткен баласы Болаттың жағдайы не болды? Кезінде аманатқа алынып, одан Петербургтің Паж корпуснда оқыған ұлы Сұлтанғазы қайда? Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары Сібір кадет корпусын бітіріп, Жетісу генерал – губернаторы В.Г.Колпаковскийдің қол астында қызмет еткен, кейін полковник болған Сұлтанғазы Болат Уәлиханов (зайыры, Болаттың баласы болуы керек) туралы не дерек бар? Бақсыз ханзаданың, тақсыз ханның қатпар–қатпар қыртысты, қайшылығы қат–қабат ғұмырнамасы зерттеушісі табылса, таусылмас тақырып. Жалпы, оның егемендігін алып, бар–жоғын жаңа түгендей бастаған еліміздің тарихына әр берер тұлға екенінде талас жоқ.
«ЖИЫРМА БЕСТІҢ» ЖЫРШЫСЫ
Шоқ шайнап, жалын жұтқан, от жайнап ару құшқан айхай жиырма бестің көзден бұлбұл ұшқаны қашан. Бірақ жасында жігіт бола біліп, жалғанды жалпағынан басқан кісінің не заман, не жылдар өтсе де оған деген сағыныш сарқылмайтын да тәрізді ғой. Асқарға талпынып, аспанда шарқ ұрмақ қыран
қиялдың алтын тұғырындай жиырма бес бір есептен азаматтың талай – тағдырын, болашақ бағдарын айқындайтын сын сағаты да сияқты. Себебі жиырма бесте желпінбеген жігіттің отызда серпіліп орда бұзуы, қырықта ес кіріп халық қамын жеуі, елуде ертеңін ойлап ел ағасы болуы неғайбыл. Сонан ба екен, осынау жігіт жасы ауызға алынса, жымың ете қап, жеңіл бір күрсінбейтін пенде кемде – кем. Ал ол жайындағы әйгілі ән әуелей жөнелсе, қай – қайсымыз да елең қағып, құлақ түрмей қоймаймыз. Ертеден қалыптасқан дағды бойынша бірде ертеңгілік радионы ашып қалсам, кәдімгі «Жиырма бестің» аңырай шалқып жөнелмесі бар ма?! Дабылдай самғап, мамырлай келіп қонатын құстай, арындай басталып, дамылдай келіп тынатын ғаламат ән ғой, шіркін! Сазы да, сөзі де тұнып тұрған сурет. «Беріп кет сақинаңды мыс та болса, жүрейік ойнап–күліп қыс та болса», - деген ынтық жүректің ыстық сезімі ысқаяқ қыстың күнін жайма шуақ жаз етіп жібергендей. Көңілге лықсып құйылған әуен көз алдыңа көшпелі қыр тұрмысының сөзбен салынған суретін көлбең еткізеді. Саптама етігін босағаға сүйей сап, ақ отаудың есігін сыбдырсыз ашып, киіз байпақпен білдіртпей байпаң басып, оң жақтағы шымылдықты қармай берген жігітпен бірге сенің де жүрегің су етіп, денең діріл қағатындай. «Қайғысыз ғазиз жүрек зарламайды, Екі жас бірін – бірі алдамайды. Қаратас ұйқың келсе болар мамық, Шын ғашық сұлулықты таңдамайды», - деген ойлы күйлі шумағының әр жолы жеке–жеке мәтел боп кеткен зарлы–мұңлы, сазды сырлы ән «Жиырма бес екі айналып келмес саған...», - деп өксік өкінішпен аяқталғанда, өзің де әдетте: «Айхай, жалған!» деп көкірегің қарс айырылып ауыр күрсінерің қақ.
Сондай бір әсерге сүңгіп, өзімді–өзім ұмытып кетсем керек, диктордың «Сіздердің тыңдағандарыңыз Салғараның әні – «Жиырма бес», - деген даусы шырт ұйқыдан шошып оятқандай селт ете түстім. Алайда диктор жаңсақ айтып қалған шығар деп, өзімді–өзім жұбатқан болдым. Жоқ, жаңсақ емес екен, әлгі әнді енді бір орындалғанда аталған авторды қайта қайталап әнтектікті тағы да асқындырып ойға қалдырды. Бұрын–соңды сал–серілер мен сазгерлердің арасынан Салғара дегеннің есімі ұшыраспаушы еді ғой. Қазақтың ән әуені мен күй әлемін, оның біртуар дара дарындарының өмірі мен өнерін зерделей зерттеген ғұлама ғалым, саңлақ сазгер Ахмет Жұбанов жұртқа жайған өрен өнерпаздар санатында ол және жоқ. Әлде әркім өз ауыл – аймағынан әлдебір ақын, не батыр шығаруды мұрат тұтып, аты қотанынан аспаған қайсы біреулерді қопақардай ғып көтермелеп жатқан қазіргі әншісымақтардың бірі емес пе екен? Бірақ ғұмыр бойы жайраңдаған жастық шақтың шашпауын көтеріп, әмәнда көзсіз күйіп, ессіз сүюді жыр еткен, айнымас адал махаббаттың мұңшысы, жалынды арман–жиырма бестің жыршысы болып, ел жадында жатталған Зілғараның аруағынан именбей, тапайдың тал түсінде баса көктеп біреудің малын айдай жөнелген барымташыдай, әнін белгісіз біреуге алып бере салғаны ұят емес пе екен?! Оның енді бір өлеңіндегі:
«Ішінде Атығайдың Зілғара едім, Еліме еркін өскен бір бала едім.. Жиырма бес қайта айналып келер болса, Дүниенің төрт бұрышын бұлғар едім», деген жолдары «Жиырма бестің» кімдікі екенін бұлтартпай–ақ айтып тұрған жоқ па. Сол баяғы балталаса бұзылмайтын ұйқас, ағынды жорғасынан айнымайтын ырғақ, бояуы қанық, бедері айшықты өлең өрімі біртума бірегей дарынның қолтаңбасы.
«Дүниенің төрт бұрышын бұлғар едім», - сияқты өршіл де өктем үн өнердің де, өлеңнің де мәйегін жастай еміп, жалғанды жалпағынан басып, дүниені оңдысолды сапырып жүрген ерке, еркін дарын иесінің аузынан шықса керек. Ал Зілғара сән–сәулеттің, ен дәулеттің қызығына жастай шүйгіп, барлықтан салдық құрып, ерлік пен серіліктің тізгінін тең ұстаған өнерпаз. Бұл жөнінде оны Арқаның сал серілерінің алдыңғы толқын ағасы десе де болады. Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырайды былай қойғанда, әйгілі Сегіз сері де оның ізбасары секілді.
Зілғараның ерте өсіп, еркін көсілуіне әулетінің дәулеті жетіп артылып жатты. Атығайдың Құдайберді – Бейімбет тармағының алғашқысынан тарайтын ол мыңғыртып мыңды айдаған ірі байдың баласы. Халық тарихының таусылмас шежіресі секілді Сәбит Мұқановтың айтуына қарағанда, оның әкесі Байтоқаның бір баласына ғана он мың қой, бес мың жылқы, бес жүз түйе біткен. Байтоқадан елге нұсқа, жерге тұтқа Зілғара, Шопан атты екі ұл туады. Шаруа баққан Шопаны ата дәулетінің ұйытқысы болып қалады да, шалдуар да алғыр Зілғара әуелі өнер қуып, сөз ұсайды да кейін атқа мініп ел ұстайды. Айналасын әнімен де сәнімен де, айбынымен де, ақылымен де баурайды. Демек, ол кезінде арынды сазгер ғана емес, жалынды қайраткер де болған кісі.
Орыс патшасының сенімді өкілі, бүкіл Сібір өңірінің әкімі Михаил Сперанскийдің жетекшілік етуімен жасалған «Сібір қазақтарын басқару жөніндегі жарғының» жобасы, яғни – «Жаңа ереженің» 1822 жылдың шілдесінде ресми мақұлдағаны тарихтан аян. Соған сәйкес қазақ даласында хандық билік жалпы жойылып, әкімшілік басқарудың жаңа жүйесі-дуандар, болыстар құрылатын, олардың басында төре тұқымынан шыққан аға сұлтандар мен сұлтандар отыратын болды. Алғашқы дуан Орта жүз хандығының кіндігі тәрізді Көкшетауда құрылып, оған әкесі қайтыс болғаннан кейін халқы іле хан көтеріп, бірақ бұл дәрежесін орыс үкіметі бекітпей бұлтаққа салып жүрген Ғұбайдолла Уәлихановты аға сұлтан етіп тағайындау келісілді. Сөйтіп, 1824 жылғы сәуірдің соңғы күндері осы өңірдегі атқамінерлер мен атақты адамдарды түгел жинап, Көкшенің батыс баурайындағы Үлкен шабақты көлінің жағасында дуанның ашылғанын жариялады. Оған қазақтың алты сұлтаны, жүз алпысқа жуық байлары мен алпысқа тарта билері қатысты. (В.Терещук. «Көкшеттау туралы хикаялар». 1992 жыл).
Салтанат рәсіміне осының алдында ғана ашылған Омбы облысының әкімшілігі мейлінше зор мән берді. Оны облыстық басқарманың бастығы, подполковник А.Григоровскийдің өзі басқарып, жиналғандарға жарғыны өз оқып беріп табан аузында аудартып, оны түсіндіріп тұрады. Содан соң сайлау басталып
бұдан бұрын белгіленгендей, дуанның тұңғыш аға сұлтаны Ғұбайдолла Уәлиханов болып, азуы алты қарыс атақты рубасылары Зілғара Байтоқин мен Мүсет Жәнібеков мәжіліскерлері боп тағайындалды. Бір ғажабы – осы рәсім жөнінде жоғары жаққа жіберілер сенім хатқа дуан басшылары түгел қол қояды да, астына аға сұлтанның емес, кеңесші Зілғараның мөрі басылады. Осы болмашы тетіктің өзі–ақ аға сұлтан көңілінің алаңдығын, ал орынбасарының орыс үкіметі алдындағы беделінің зорлығын аңғартатын секілді.
Шынында да, хан атанып, Орта жүздің билігін қолына енді алуға қамданған Ғұбайдолла үшін бір ғана аймақтың басшылығымен шектеліп қалу олқы соқты. Және оны өзі де қомсынып, іштей қатты қорланды. Оның үстіне орыс үкіметі мойындамаса, хандығыңды біз мойындаймыз деп емексітіп елші жіберіп, бір жағынан қытайлар да құйт–құйттап жатты. Сондықтан ол аға сұлтан сайланғанға көрсетілер сый–сыяпатты да алмай, майор атағы, жақұтпен зерленген алтын медаль, кәмәр белбеу, алтын қылыш сияқты тарту–таралғыға да мән бермей, дуанның ішкі–тысқы жұмысының ешқайсысына араласпай, Бурабай баурайынан Есіл жағасына көшіп, жайлауда жатып алды.
Дуан басқарудың бар ауыр жұмысы Зілғараның мойнына түсті. Аға сұлтаннан үміт үзген орыс үкіметі оның орнына адам іздеуге айналды. Облыс бастығы Сергей Броневский дуан атқа мінерлерін қайта жинап, Абылай Ғаббасовты аға сұлтан сайлап еді, ол да ағасы Ғұбайдолланың ізіне аумай, орыстардан іргесін аулақ салып, ауыл аймағымен орталықтан алысырақ көшіп кетті. Амалы таусылған үкімет 1825 жылы Көкшетау дуанының төрағасының міндетін атқарушы етіп тегі төре тұқымынан болмағанымен халық алдында абырой–беделі күшті, Дуан–үйінің мәжіліскері Зілғара Байтокинді тағайындайды. Шын мәнінде ол бұл міндетті дуан шаңырақ көтерген күннен бастап, барын салып, жанын салып белсене атқарып келе жатқан еді.
Елді ұстап, жерді сақтаудың тиімді де төте жолы орыстармен жақындасу екенін жақсы түсінген Зілғара төраға болысымен басқару ісін ширатып халық арасындағы түсінік жұмысын жетілдіре түседі. Ойлағанының бәрі орындалмағанымен, одан пайда да аз болмайды. Болыс басшылары жергілікті халықты орыстарға қарсы айдап салмай қайта олармен тату тұруға тыныш өмір сүруге шақырады. Қазақ ауылдарының өз арасындағы даушарлар да азайып, тыныштық орнайды. Ең бастысы орыстармен өзара пайдалы қарым–қатынастың үлгісін алдымен жаңа төрағаның өзі көрсетеді. Тату көршіліктен танбай, тиімді қатынастан қашпай, орыс үкіметіне, оның ант берген ақ патшасына адал қызмет етуге талпынады. Зілғараның бұл ынта–ықыласы мен ізгі ниеті көп ұзамай басшылықтың көзіне де түседі. Оған Сыртқы істер министрі К.Несельроденің Сібір губернаторына жазған мына бір хаты куә. «Сұлтан Ғұбайдолла Уәлиев адал қызмет өнегесін көрсете алмады. Сондықтан оларды назардан тыс қалдырып тоғызыншы сыныптағы старшын Байтокинді (Көкшетау өкілі) майорлыққа ұсыну керек», - деп жазады.
Жоғары жақтағы мәртебелі ортаның өзі мойындап, атақ–дәреже беріп құрметке бөлеген Зілғара Дуан–үйінің жұмысын жандандыруға белсене кіріседі. А.Лукин, А.Путинцев сияқты орыс шенеуніктерімен ақылдасып, тізе қоса отырып
күнделікті өмірдің қыруар шаруасын тындырады. Ел ішінде әлі де жетерлік тентектерді тезге салып, тәртіпті жолға қою үшін қаталырақ орыс заңын қолдануды қол көреді. Өйткені барлық малын айдап кетіп жалғыз–жарым адамды ғана емес, тұтас ауылдарды отына қаратып кететін барымташылық қылмысқа жатқызылып, жазаланудың орнына батырлыққа баланып, мадақталатын болды. Сондықтан да дуан аумағындағы болыстар мен ауылдар және жеке адамдар арасындағы даушар Ресей заңдарына сәйкес шешіліп жайғастырылып отырды. Барымташылық көріністері де назардан тыс қалған жоқ, біреудің малын ықтиярсыз айдап әкетушілер ұры саналып сотқа тартылды. Осы орайда атқарған жұмыстың жайын Омбыға хабарлағанда бір жылдың ішінде ғана ірі–ірі отыз үш іс қаралғаны белгілі болды. жаңа тәртіпті бұзып айыпты болғандар белгілі заң бойынша аяусыз жазаланады. Ресми қазылар мен қадрлардың әділ кесімі мен шешімі арқасында мыңдаған жылқы, отар–отар қой ақ–адал иелеріне қайтарылып, қаңырап бос қалған жайылымдар малға қайта толды.
Бірпара даулы іс соттың араласуынсыз бітімгершіл билердің шешімімен дұрысталып, ел іші тыныштық тапты. Жергілікті өкімет орындарынан көмек көріп қолдау тапқан жұрт талап–тілегін, арыз–шағымын айтып дуан орталығына жиі келетін болды. Олардың мұң–мүддесі мұқият тыңдалып, тиісті шаралар қолданылды. Аймақтың тыныс–тіршілігі бір арнаға түсіп, орыс өкілдері мен олардың қазақ одақтастары қыр халқының қалтқысыз сеніміне кіре бастады.
Осы жағдайды арнайы ел аралағалы шыққан Омбы облысының бастығы Сергей Броневский бірден байқап: «Мен бірқыдыру қазақ ауылдарын араладым, бірақ бірде–бірінен титімдей де қорқыныш үрей, сенімсіздік немесе наразылық дегенді байқағаным жоқ, - деп жазды. – Төре–төлеңгіттер мен старшындардың болмашы бөлігі ғана беймаза Ғұбайдоллаға елігіп Қорғалжын көлінен әрі қарай қиян қырға көшіп кетіпті. Тарпаң тентектігімен танымал сұлтан Сартай Шыңғысов басқалар сияқты өз болысымен қайта оралып, Сырымбеттің тау– тасындағы қыстауында отыр... Ханша Айғаным, оның ұлы Әбілмәмбет Уәлиев пен Етек Жандосов игі ниетімен ынта–ықыласы үшін қандай құрметке де лайық. Айрықша алғыс айтарлық бір адам – баяғысынша З.Байтокин».
Облыс бастығы сол сапарында дуанның болашақ орталығы үшін жер таңдап та жүреді. Оның көңіліне алғаш ұялаған Шағалалы өзенінің Елікті тауына қараған сол жағалауы болды. Батыс жағы тақтадай тегіс айдын дала. Қазақ–орыстардың егін егіп, жер сүрмесін сауып, тұрақтап қалуына қолайлы. Бірақ құрылыс бастала бергенде қала түсуіне қарсы қазақтардың шабуылына ұшырайды. Одан өзеннің оң жағалауындағы адырдың асты – Таймас асуынан теріскей тынышырақ жерді таңдайды. Бұл да болмаған соң ну орманды Бұқпа тауының шығысынан Қылшықты өзені ағатын, теріскейі айдын көл, түстігі мен батысы айнала тау, қорған тәріздес қойнауына тоқтайды. Сөйтіп, қазіргі Көкшетау қаласының құрылысы басталады. Әрине, құрылысқа қашанда қол күші, адам күші қажет. Сондықтан Зілғара мен мәжіліскер Мүсет жатпай–тұрмай ел аралап, жұртты үгіттеп қала құрылысына қазақ жігіттерін жинайды. Еңбегіне жақсы ақы алатынына көз жеткен олар бұған ат көлігімен келеді. Орыс үкіметінің отаршылдық саясатын енді сезген сайын дала қазандай бұрқ–бұрқ қайнап
жатқанына қарамастан бөренеден бұралған үйлер көбейіп, кент түзіліп те қалады. Бекініске қажет құрылыстар салынып біткен соң З.Байтокин, А.Лукин және А.Путинцев дуан үйін салуға рұқсат сұрап, 1829 жылғы наурыздың аяғында Омбыға барады. Бұған дейін бар мәжіліс, жиын киіз үйде емес жертөледе өтуші еді. Рұқсат беріліп, қаржы босатылған соң, казак–орыс станицасы кейпіне кіріп қалған Көкшетаудың дәл ортасынан Дуан–үйі кешені салынады. Оның төңірегінде дуан басшылары тұратын тұрғын үйлер бой түзейді. Оларға осы өңірден қазақтар арасында алғашқы болып Зілғара мен Мүсеттің отбасы кіреді. Ұзамай кент ішіне жақындары жинала бастайды. Орыс патшасына адал қызмет етушілердің бұл жақсы, жайлы тұрмысы, әсіресе, төре тұқымның ашу–ызасын туғызбай қоймайды. Жарғы бойынша тек төрелерге ғана тиесілі мәртебелі қызметті қарадан шыққан Зілғараның дөңгелетіп алып кеткені төрелер мен төңірегіндегілердің зығырданын қайнатады. Жоғары жаққа қайта–қайта шағынып, тіпті бүкіл төре тұқымын жұмылдырып, Санкт– Петербургке дейін барып оларға аға сұлтан сайлауын қайта жүргізуге қол жеткізеді. Бұл тұста суық тиіп, сырқаттанып қалған А.Ғаббасов аяқ астынан қайтыс болады да, 1832 жылғы тамыздың аяғында Ғұбайдолла Көкшетау дуанының аға сұлтаны болып қайта сайланады. Ал оның ең жақын көмекшілері әрі дуан мәжіліскерлері болып Алтыбай Марданов пен Сейтен Боранбаев сияқты байлар тағайындалады. Сөйтіп, сегіз жыл аға сұлтан міндетін атқарып халқын іргелі жұртпен елдестіруге жанталасып мансаптап гөрі мақсат үшін тер төккен кемел ойлы көшелі қайраткер Зілғара Байтокин Есіл бойындағы атақонысына оралады. Ән салып, серілік құрып сауық-сайран қуатын жас емес, қалған өмірін ол жүйрік ат, ұшқыр тазы, алғыр қыран ұстап, саятшылықпен өткізуге арнайды. Оның үстіне өлең–жырдың соңына түсіп ақындыққа бой ұру атағы алты алашқа аян дүмбі тұқым үшін ерсі саналатын ұғым табиғи дарынын ұштаумен түбегейлі шұғылдануына тұсау болады.
Бірақ өлеңге деген құмарлық, өнерге деген жанашырлық оның ғұмыр бойғы жан серігі болғанға ұқсайды. Оның ауылы сол өңірдегі әнші–күйшілердің, ақын– жыршылардың алтын діңгек қағбасына айналады. Өнер жолына енді түскендері ес жиып, ат мініп, шапан киіп қайтып жатады. Олардың талабына тамыздық тұтатып, шабытын шамырқандыру үшін ауық–ауық қағып қалып айтып тастап тұрған Зілғара шумақтары ел аузында әлі бар.
Оның осынау ізгі дәстүрін балалары жалғастырып бертінге дейін қаймағын бұзбай алып келген. Оның баласы Әлібек батыр Ақан серінің өкіл атасы болып жас ақынның дарыны ұшталып, жалыны үдеуіне көп септігін тигізген. Жас Ақанның Құлагерін ұлы дүбір бәйгеге қосар алдымен Әлібек ауылына соғып, бата алуы содан. Батырдың бәйгенің алдын бермей жүрген екі торысы бар екен. Құлагерді көрген бетте–ақ ол: «Бала, атыңның әлі шықпаған бірер тері бар көрінеді. Біздің аттармен жарыстырып көрсең қайтеді?!» - депті. Бұл ақылды құп алған сері шабандоз баласына: «Шапқанда бір торыдан оз да, біреуімен құйрық тістесіп қана отыр» деп үйретіп қояды. Сол айтқаны аумай орындалып, Құлагер екі торының ортасында келгенде Әлібек: «Ақанжан–ай, сені мен аңқылдаған ақын
ғана ма деп жүрсем, әріден ойлайтын елшідей, ақылман мәмілегер де кенсің ғой. Әйтпесе мына құла алдына қара түсірейін деп тұрған жануар емес», - депті.
Әрине, Зілғараның аға сұлтандықтан кейінгі өмірінің бәрі саят құрып, сауықпен ғана өтті десек өнтек болар еді. Сол тұстағы алай-түлей қыр тіршілігін бұған соқпай кеткен ұлылы–кішілі оқиғасы кемде–кем. Төре тұқымымен, әсіресе Уәлихан әулетімен іштей бақталас дүрдараз болып жүрсе де, жеме–жемге келгенде оларды қыр халқына талатпай, әділ қазы ара ағайын бола білді. Ал Кенесары жігіттері жайбарақат жатқан ауылын шауып, талап–тонап кеткен соң оған қайтып иілмеді де жібермеді. Қайта орыс үкіметінен қарулы қол алып қашан Хан Кенені Арқадан қуып салғанша дамыл–тыным тапқан жоқ.
Ал Зілғараның ақындығын айтқанда, ол өлеңді өнер деп санағанымен, оны өмірлік кәсіп қылмаған кісі. Тек көңіл күйлерін ара–тұра жырмен өріп, әнмен өрнектеуден аспаған. Демек, ол өлеңді еңбек емес, ермек деп ұққанға ұқсайды. Әйтпесе билік қолында тұрғанда, айналасында хатшылары қаумалап жүргенде ауыздан шыққанын қағазға түсіртер еді ғой. Сол себепті оның бірде-бір өлеңі өзінің көзі тірісінде қағаз бетіне түспеген. Әйтеуір, айтылғандарының кейбіреуін құйма құлақтар көкірегіне қотарып, жадында сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізді. Қазір Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институтының қорында, ғалым-жазушы Ақселеу Сейдімбековтің қолында оның ел аузынан жиналған біраз өлеңі бар. Сол аз дүниенің өзінен оның ақындық екпіні, сазгерлік серпіні айқын байқалады. Оның ел аузында сөзіне сазы сай "Сексен бес" деген бір әні бар. Тыңдасаңыз, "Жиырма бестің" жалғасы екеніне еш шүбә келтіре алмайсыз. Ойнақы әзілмен астарланатын әр сөзден өмірге деген құштарлық лебі есетін сияқты. Сексен бес келіп қапсың қалжыратып, Айтамын, қайтіп өлең алжып жатып. Әлі де бір сұлуды қартайтар ем, Ми берсе майға қосып балбыратып. Молдеке, қоя тұршы иманыңды, Берейін дүниеде жиғанымды. Оқыса иманымды қыз молдасы, Тамақтан иіскер едім ең әуелі Тамұққа бізді айдаса, бізді айдаса, Шалдардан біздей-біздей жүзді айдаса. Тамұққа таршынбай-ақ барар едім, Алдымнан арқан бойы қызды айдаса, — деп тәмәмдалатын әннің "Аспан шырлай бозторғай, сол бір өткен заман-ай! Е-е-ей қыздарай, қош есен бол-ай..." деген қайырмасының өзіақ "Жиырма бесті" еске түсірмей ме. Бұл қарттықтың уысына сыймай, жастықтың уыз шағын қимай, махаббат, қызық мол жылдарын жоқтап жатқан адамның жан айқайы сияқты. Соның өзінде де уақыт салмағына үн-жұрғасы түспей жан қыжылын қалжыңмен шығарған қуақылық қандай десеңізші. Жалпы, Зілғара ұзақ жасап, тоқсанға тақағанда дүние салған кісі болуы керек. Сәлем бере арнайы келген ел адамдарының біріне: "Ағарып кетті менің сақалдарым, Азайып кетті және қатарларым.
Түн болса түндік жауып келеміз деп, Көңіл желпіп қайтады тоқалдарым", — деп әзіл айтатыны осы ойды тағы да айғақтайды. Оның үрім-бұтағы да аз болмаған. Сәбеңнің, Сәбит Мұқановтың айтуына қарағанда оның төрт әйелінен он төрт ұл туған. Олардың ұрпақтары баршылық. Өз басым, солардың бірі, таңдайынан шаң шыққан шешен, алғыр азамат қазір Көкшетау қаласында тұратын Құбаш Әшетовті жақсы білемін. Кезінде қала партия ұйымын басқарған, бірақ турасын айтып, туғанына жақпайтын тік мінезі бар. Бәлкім бұл оның тектілігінен де шығар. Ал Зілғараның інісі Шопан ұрпақтарынан көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Мақтай Сағдиев пен белгілі қаламгер, аудармашы Нияз Сыздықов арамызда жүр. Шүкір, екеуінің де үрім-бұтақ зәузаты жетерлік. Жанашыр зерттеуші шығып, архив қазынасын ақтарса, Зілғара жайында тың деректерді көп табуға, ел ішін аралап жинай білсе, белгісіз өлеңдерін жазып алуға болар еді. Әйтпесе оның азын-аулақ мұрасының өзі ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіп қалар түрі бар.
СҰЛТАН ШЫҢҒЫС
Саясаттан сұмдық сұрқия күш жоқ шығар, сірә. Қалай бұлқынсаң да иығыңнан жаншып ырқына көндірмей, қалай қарсылассаң да айтқанын жасап, айдауына жүргізбей қоймайды. Күні кешегі кеңестің қызылкөз саясаты арғы тегіміз тұрсын, ата-бабамызды да ауызға алдырмай, бұрынғының бәрін белден басып, естен шығарып жіберген жоқ па?! Сондықтан әкемізден арғыны айтуға қарадай үрейіміз ұшып, шетімізден тексіз, түпсіз, дүбәра болып шыға келдік. Зәуде бір бұрынғының адамын ауызға алсақ заманнан оза шауып, қоғамына олжа салған қайраткердің етжақын етене туысы болған соң ғана атадық. Атағанда да әкесі болса, жаңаға жол бермейтін кертартпа жауыз еді деп, баласының бітіспес дұшпаны етіп көрсетуге тырыстық. Амал жоқ, жақсының әкесі болған соң ғана аты аталып, санаттан қалмай жүр дегенге сайғыздық. Сондай солақайлықтың салдарынан атақты Шоқан ағамыздың әкесі сұлтан Шыңғыстың өзі кейде көк есекке теріс мінгізіліп келді. Әйтпесе оның да тарихымыздағы дара тұлғалардың бірі, халқымыздың қалаулы ұлы болғанында дау жоқ. Оған қатарынан оның алты мәрте әр дуанның аға сұлтаны боп сайланып, отыз жылдан астам қырдағы биліктің тізгінін қолында бекем ұстағаны, содан соң да өлкенің бас әкімінің ресми кеңесшісі боп, ғұмыр бойы жерінің жанашыры, елінің ақылшысы болудан таймағаны айғақ. Хан ордасында дүниеге келген Шыңғыс төрт жасқа толар-толмаста әкесі қайтыс болып, негізінен ана тәрбиесінде түлеп қанаттанды. Ерінен алты ұл, екі қызбен отыздың ішінде қалған жас ана әке орнын жоқтатпай, балаларының барлығын абыройлы азамат қып өсіруге жанын салады. Алайда өзінен туған баланың бәрін бірдей көрмейтін әрбір ата-анаға тән міннен ол да ада емес еді. Шешен болар баланы таңдайынан танитын, көсем болар баланы маңдайынан танитын сұңғыла халықтың қызы Айғаным төртінші ұлы Шыңғысты өзгелерден ерекше көріп
кішкентай күнінен-ақ, оған үлкен үміт артады. Кім білсін, бәлкім мұның да өзіндік бір себебі бар шығар. Ел жадында сақталған естеліктерге қарағанда Айғаным осы ұлына толғатып жатқанда ордаға оның ағасы Пірәлі қожа келсе керек. Ертеңіне қарындасы аман-есен босанып аппақ сазандай ұл туады. Хан Уәли қайын ағасына: — Қуанышымыздың ақжолтай куәсі болып жақсы келдің. Енді жиеніңнің атын өзің қой, — деп қолқа салады. — Онда жиеннің аты елге ежелден танымал Шыңғыс болсын, — дейді мейман. — Апырай, бұл төре тұқымына көп тараған есім еді, оның үстіне түп атамыздың да аты осы ғой! ? — деп екі ойлылау болып қалған ханға қожа: — Әлгінде таң алдында қатты ұйықтап кетсем керек, түсіме әулие атам кірді. "Қарындасың ұл туады, атын Шыңғыс қой. Хандардың әуелгісі де, ақырғысы да Шыңғыс болуға тиіс" деп аян берді. Иншалла, елдің ендігі иесі осы жиен болар, — деп себебін айтады. Сонан ба екен, әйтеуір Айғаным басқа балаларынан бөлек бір төбе санап, бұған туғанынан-ақ өзгеше бейіл, ерекше мейір танытады. Сонысына қарай бала да зейінді зерек, ақылды, алғыр болып өседі. Хадимше хатты да басқалардан артық игеріп, көне кітаптар мен қисса жырларды көп оқиды. Оқығаны, тоқығаны едәуір Айғаным такқа ресми отырмағанымен, қайтыс болған хан орнын жоқтатпай, билік тізгінін қолына алып күллі әулетті өзі өргізіп тұрғызады. Жеті жұрттың тілін меңгерген зерделі де білімді әйел өмір ағымын, замана ауанын жете аңғарып, жіті бағып отыратын сұңғылалығы арқасында орыс үкіметімен тез-ақ тіл табысып алады. Сырымбеттегі ордасын жаңғыртып, мешіті, медресесі, моншасы, құттыхана, жатақ жайлары сайма-сай орыс ақсүйектерінің үлгісіндегі сәулетті мекен-жай жасатып алды. Оның отырықшылыққа көшіп, мәдениетті мекен-жай салғызу, жер өңдеп егіншілікпен айналысу, мектеп ашып, бала оқыту жөніндегі ойы Петербургте де қолдау тауып, бұл жөніндегі жарлыққа ақ патшаның өзі қол қояды. Патша өкіметінің өктем саясатын жете түсініп, орыс әкімшілігінің төрешілдік мінезін біліп алған ол мөр мен қағаздың құдіретін өз онтайына орынды пайдаланып, қазынадан жалақы алып, пыруа ыңғайымен Тобыл немесе Омбы барғанда қолақыға дейін төлетіп отырады. Айғанымның тілегін қашанда тіл қайтармай орындайтын орыс ұлықтары оның баласын оқытам деген ниетіне қуана қолдау көрсетеді. Сөйтіп ол көп үміт күткен ұлы Шыңғысты он төрт жасқа толғанда Омбыға алып келіп шекара училищесінің Азия мектебіне орналастырады. Онда басқа ұлттың балаларына орыс тілін үйретіп, болашақ тілмаштарға ғылымның кей түрінен мағлұмат беретін-ді. Сібір қазақтары туралы жарғыға сәйкес ІІІыңғыс училищенің өзіне тікелей түсіп, қазына есебінен оқуына да болатын еді. Орыс өкіметі сұлтандар мен рубасыларының балалары үшін мұндай жеңілдік жағдай жасаған да. Алайда мектепке келгенде Шыңғыс орысша бірауыз сөз білмейтін, оның үстіне жатақханада жатып басқа діндегі шәкірттермен бір дастарқаннан ас ішуіне ислам салты және жібермейді. Сөйтіп, ол амалсыздан пәтер жалдап, дәрежесі сәл төмен, дәрісі де таяздау мектепте оқуға мәжбүр болады. Есейіп ержетіп, бозбала боп
қалған жас төреге мектептегі оқу алғаш оңайға түскен жоқ. Барлығын тастап, туған даласына кетіп қалуға талай мәрте бел байлады ол. Алайда айдынды ананың айбыны оны тырп еткізбей білім теңізін сүзгізді. Ақыры 1834 жылы ол оқуын ойдағыдай аяқтап та шықты. Білімнің қонуы да, толуы да отырған орнына емес, оқыған адамына байланысты емес пе. Оқуын бітіргенде Шыңғыс орысша емін-еркін сөйлеп, өз ойын тәп-тәуір қағазға түсіре алатын дәрежеге жетті. Сондықтан оған Омбы қауымы бірден көз тігіп осы өңірдегі орысша оқыған алғашқы қазақтың бірі деп қарады. Әрине, ол кездегі Омбы қауымы да әр жерден келіп, әр тектен бас құраған ала-құла болушы еді. Сібірге атақ-даңқ іздеп, байлық қуып Ресейдің орталық, еуропалық бөлігінен келушілер аз болмайтын. Астаналық дау-дамай дүрмектің көрігін үрлеп, әбден ығыр болған соң жанға маза іздеп бой тасалап жүргендер де көп кездесетін. Кейбір пысықайлар осы өңірдің ысқаяқ ауасынан байлықтың ыстық буын сезіп, пара алып жұртты жеп, нәпақаға белшесінен батты. Бірақ келгендердің бәрі бірдей содырлы сойқан, ашкөз алпауыт емес. Ізгі ниеті, озық пікірі үшін опық жеп, жер ауып келген абзал жандар да жеткілікті еді. Жас төреге олардың да ықпалы болмай қалған жоқ. Не керек, ол мектеп бітіргенде білігіне білімі, қажырына қабілеті сай, оң-солын әбден танитын сындарлы азамат болып шығады. Кәрі құлақ қариялардың айтуына қарағанда ол ел басқару ісіне де ерте араласқан сияқты. "Шыңғысты керей мен уақ рулары он сегіз жасында Айғанымнан хандыққа сұрап алған'' деп жазады Сәбең, кәдімгі Сәбит Мұқанов ("Жарқын жұлдыздар”. Алматы. Мектеп баспасы, 1964 жыл. 27-бет). Бұл Шыңғыс оқу бітірген 1834 жылға тұспа-тұс келеді. Сол жылы Есіл мен Тобыл өзенінің аралығындағы елді басқаратын Аманқарағай дуаны ашылады. Орта жүз жерінен ашылған басқа дуандарға қарағанда Аманқарағай етек-жеңі тап-тұйнақтай ықшам, әрі басқаруға оңтайлы болды. Әрине, оның ұйымдастырылуына ханша Айғанымның ықпалы аз болмағаны айдан анық. Өйткені Ғұбайдолла мен Зілғара, одан Ғаббас балалары басқарып, Көкшетау өңірі уысынан шығып кетті. Екіншіден, бір-бірімен бақталас сияқты ұдайы іріңкезек туғызып тұратын Орынбор мен Батыс Сібір әкімшілігінің шекарасындағы елдің ретсіз көшіпқонуына, бас көтеріп толқуына да жол бермейтін бір билік нүктесі керек болады. Аманқарағай асылы сондай дуан болуға тиіс. Ал енді оған отарлау саясатына келгенде орталық әкімдерінің алдын орап, алдағыны күн ілгері бағдарлап қияндағы мақсатына көз жүгіртетін Омбы ұлықтары Шыңғыстан ақ адал қолайлы кісі жоқ деп біледі. Сөйтіп күзде жаңа дуанның аға сұлтаны етіп ханзада Шыңғыс Уәлихановты сайлады да жіберді. Аманбасы шоғынан басталып, шығысқа қарай жүз шақырымдай желі тартып тұтаса созылып жатқан қалың жыныс Аман-Қарағай орманының бір ұшы кеп кең шалқар Құсмұрын көліне жете бере көмкерілетін тұста 1834 жылы тамыздың аяғында әп-сәтте ақбоз үйлі ақшаңқан бір қалашық пайда болды. Айнала өңірдің халқы солай қарай ағылып аға сұлтан сайлауына келіп жатты. Алайда сайлауға қарапайым халық жіберілмей би төрелер мен рубасылары ғана қатысты. Олар осы төңірекке танымал жас төре Шыңғысты аға сұлтан ғып сайлап,
хан тұқымына лайық ғұрыппен ақкиізге сап көтерді. Және ырым үшін оның үстіндегі киімін жыртып бір-бір жапырақтан қалтаға тығып жатты. Сонан соң үш орыс ұлығы куәландырып алып келген аға сұлтан сайлауы жөніндегі қағазға өз таңбаларын басты. Әдеттегідей Шыңғыстың иығына шенді шекпен жабылды. Қазақ ақсүйектері мен атқамінерлерінің шешімін Омбы әкімшілігі іркілмей бекітіп, "Жарғыға" сәйкес аға сұлтанға бірден әскери майор атағын берді. Жаңа қызметті жедел жүргізіп алып кету жас жігітке алғаш ауыр да соқты. Жоғары жақ дуан шекарасын белгілегенде қазақтың көші-қон жайын, көш жолын есепке алмаған екен. Қазақ ауылдарының қай жерді жайлы көрсе, солай қарай көшіп жүре беретіні бар емес пе. Осыдан келіп жер дауы деген өмірі бір басылмайды. Оның үстіне басқыншылардан бас паналағандар тайпа-тайпасымен басқа өңірге және босып жатады. Өз ішіндегі барымта-сырымта шапқыншылық деген тағы бар. Осыларды жөнге салып тәртіп орнату үшін жас Шыңғыс жатпайтұрмай көп жұмыс атқарды. Оның оң ісіне сүйінгендер де, күйінгендер де аз болған жоқ. Озық елдің жаңа тәртібін енгіземін деп ол досын да, қасын да жеткілікті тапты. Соның салдарынан жаңа дуан ашылғаны жарияланып, аға сұлтан сайланған ақбоз үйлі қалашық хан базары бар үлкен елді мекенге айналмай, ‘‘Хан түскен" деген ғана атымен қалып орталық кезінде салынған Құсмұрын бекінісіне ауысты. "Хан түскеннен" түстікке таман "Шетбұлақ" деген қайнардың тұсынан басталып, шығысқа қарай он бес шақырымдай созылатын ақ балтыр қайыңды аласа адырлардың "Басбұлакқа" кеп тірелетін жеріндегі тас дуалмен қоршалған бекініс қауіпсіз болатын және гарнизоны тікелей аға сұлтанға бағынатын. Шыңғыс жас жұбайы Зейнеппен алғаш, осы бекіністе арнайы салынған үйде тұрды. Бекіністен батысқа қарай бірер шақырым жерде еңістен шыққан айналасы ақ қайың, көк терекпен көмкерілген "Ортабұлақтың" басына ақбоз үйлі ауыл қондырып, жазда аға сұлтан сонда отырды. Ауыл ортасынан ақ мешіт салғызып, мектеп ашқызды. Сондықтан ол жерді жұрт "Мешіт" атап кетті. Шыңғыс сұлтанның тұла бойы тұңғышы атақты ғалым, айтулы саяхатшы Шоқан, міне, сол "Мешітте" дүниеге келген деген сөз бар. Жігерлі жұмысымен жас төре бірден көзге түсіп, барымтаға қарсы бітіспес күрес ашып, телі-тентектердің біразын жөнге салып, жер дауын дұрыс шешіп, жұртқа жағып қана қоймай, Омбы ұлықтарына да ұнап қалып еді. Кенет бұрқ ете қалған ұлт-азаттық көтерілісінің дауылы дүйім даланы дүр сілкіндіріп сеңдей соғылыстырды, оның алапат құйыны аға сұлтанның да жан жүрегін алай-түлей аласапыран етті. Көтеріліс көсемі кәдімгі Қасым төренің қайсар ұлы — Кенесары, өзінің етжақын туысы, яғни немере ағасы. Былайша алғанда, қазақ ешкімге кіріптар болмай, баяғы Абылай заманындағыдай бөлек хандық болсын деген пікір көңілге қонады, бірақ одан бері де дүние шыр айналып, бәрі өзгеріп кеткен жоқ па. Дәл қазір қазақтың дербес мемлекет бола қоюы неғайбыл. Оған тарихи да, саяси да, әлеуметтік те негіз жоқ сияқты. Бәрі-бәрін уысына жинап алып, орыс үкіметі шеңгелін босатар емес. Қайта дала төріне қанды тырнағын терең қадап, қолы жеткен жерге қала салып, бекініс орнатып, әскерін топырлатып, бекініп алғаны мынау, дәл осындай жағдайда жалаң қол байрақ ұстап бас көтеру — айға
атылып мерт болған арыстанның кебін кию. Неде болса, нар тәуекел деп дүрмекке қосылып кетейін десе, ақ патшаға адал қызмет етуге ант беріп қойғаны және бар. Сөйтіп, Шыңғыс ойда жоқта екі оттың ортасында қалды. Былай бұрылса арба сынар, олай жүрсе өгіз өлер алды биік, арты жар тығырықтан қалай шығарға білмей дал болып алғаш ол қатты абдырады. Оның үстіне көтерілісшілер жағына шығып кете ме деп қауіп ойлаған патша әкімшілігі де түп ізіне түсіп қалт басқан қадамын аңдып бұра бастырар емес. Жайшылықта іш тартып, арқадан қағып жүретін жаны ізгі деген ұлықтардың өзі сырт айналып дөң айбат танытуды шығарды. Бірде сондай ұлықтардың бірі өз сезігін жасырмай: — Кенесарыны күні осы уақытқа дейін ұстап беруге не себептен бел байламай жүрсің? — деп сұрайды. Шыңғыс қарсы сұрақ қойып: — Кең далада ерсілі-қарсылы ескен желді ұстауға бола ма? — деп сұрады. — Жоқ. — Ендеше Кенесары да сол ұйытқи соққан жел. Жел емес-ау алай-түлей құйын. Қазір кұйғытып бір жерден шықса, көзді ашып-жұмғанша жүйткітіп әлденеше белден асып кетеді. Оны құр қолмен ұстау мүмкін емес, — деп жауап береді. Кезінде оған ауыз әдебиетінің інжу-маржандарын жинап, халқыңның дарын-қабілетін танытуға атсалыс деп қамқорсып жүретін Сібір қазақтары облысының шекара бастығы полковник М.Ладыжинский бекіністен қия басып шығушы болма дей отырып, сыртынан Аманқарағай дуанының шекара бастығына "аға сұлтанның намысына тимей, сенімсіздікті сездіріп алмай, оны қырағы қадағалап, ұдайы бақылауда ұстау керек, сезікті бірдеңе байқасаң бірден маған жеткіз!" деп астыртын тапсырма береді. Ал Батыс Сібір генерал-губернаторы, Сібір әскерлерінің қолбасшысы князь Горчаков аға сұлтанның тікелей өзіне жолдаған хатында түлкі бұлаңға салмай тіке кетеді. "Полковник Горскийдің арызын алып, мархабатты мырза, сіздің оның сан мәрте шақырғанына қарамай, Сібір кайсақтары бастығының қызметін атқарушы адамның өкіміне құлақ аспай, бүкіл жаз бойы біздің әскерлердің маңында болудан бұлтарып, талап етілген жол көрсетушілерді және Жарқайың жасағының жанында болатын адамдарды жібермей отырғаныңызды біліп, өзіңіздің қылығыңызбен патша ағзамға деген адалдығыңызға әрі оған жан-тәніңізбен қызмет ететіндігіңізге күдік келтіргеніңізді хабарлаймын, — деп жазады ол. -Мұндай әрі-сәрі, тәртібі күмәнді қызметкерге төзе алмаймын. Сондықтан да Жарқайыңға дереу сенімге әбден лайық елу адам жіберуді жүктеймін. Олардың тәртібі үшін өз басыңызбен жеке жауап бересіз. Артық-ауыс кешірімпаздықтың кезі өткен. Болмаған жағдайда орныңызға сенімдірек басқа бір адам тағайындауыма тура келеді". Енді осындай қаһарлы хаттан кейін бұра тартып бұлтақтап көр. Ал анасы Айғаным мен қайын ағасы Мұса Шорманов Кенесарының қарекет-қимылын хандықты ғана көксеген биліккұмарлық деп ұғып, одан іргесін ал беттен аулақ салған. Сол себепті Шыңғыс қанша солқылдағанымен, Кененің жаушыларымен сөйлеспей қойған. Кенет оның қарындасы Бопай бастаған бүлікшілерінің қолдау көрсетпеді деп Айғанымның Сырымбеттегі мекен-жайын талқандап тонап-талап
кеткені құлағына жетті. Онымен де қоймай Кенесары Көкшетауды шауып, аға сұлтан болып отырған Ғұбайдолланы үй ішімен тұтқындап алып кетіп артынан дін аман қайта әкеп салады. Астыртын байланыстары бар деп күмәнданған патша әкімшілігі онсыз да күдікті көрінген Ғұбайдолланы баласы Болатпен бірге ізінше қамауға алып, Итжеккенге жер аударып жібереді. Амалы таусылған Шыңғыс лажсыздан атқа қонып, патша жасағы жағына шығуға мәжбүр болады. "Құсмұрын дуанының аға сұлтаны Шыңғыс Уәлиханов ақыр аяғында әскери қимылдарға қатысты", — деп жазады сол кездегі орыс газеттерінің бірі. Көтерілісшілерді өз аймағынан аластап, бүлікті басуға сіңірген еңбегі үшін ол мойынға асатын Александр лентасына тағылған алтын медаль алып, подполковник атағына ие болады. Ал екінші Александрдың таққа отыру рәсіміне қатысқан оған кейін полковник атағы берілді. Патша әкімшілігінің сенімді қызметкері ретінде Кенесары қолын Арқадан қууға атсалысқан Шыңғыс оның жақын жұртына көзі тірісінде қол ұшын беруден танбаған тәрізді. Кезінде оның Қасымның екінші әйелінен туған інісі Көшек төре бодандық сұрап келгенде әскери губернаторға жолығып, Омбыға өзі алып барып шаруасын тындырып береді. Петерборда жүрген Шоқанға жазған бір хатында ол Кенесарының ағасы "Саржанның баласы Қошқарбай Катениннің жәрдемімен патша ағзамға кетті" деп хабарлап көретін болсаң қол ұшын беретін боларсың деп емеурін танытады. Оның осы ізгілігін Кенесарының соңына шырақ алып түскен сонау бір жылдары қатеге теліп, атақты ағаларымыздың бірі "Шыңғыс қоғамдық істерде екіжүзді болғанға ұқсайды" деп жазды. Ал бүгінгі күннің күмбезінен көз тастасақ Кенесары тұқымына жақсылық жасаудың мәні туысқандықтан тереңірек жатқан тәрізді. Жалпы, Шыңғыс әулетінің хан Кене балаларымен байланысы көпке дейін үзілмеген көрінеді. Өз басым, 1959 жылы Көкшетаудың "Қаратал" ауылында Шыңғыстың Жақыптан туған тұңғыш немересі жасы сол кезде тоқсаннан асып қалған Құлыш қариямен кездесіп сұрағанымда: "Атам қайтыс болған жылдары, яғни осы ғасырдың басында Түркістан, Ташкент жағынан Кенесары ұрпақтарынан он шақты адам арнайы келіп бата қылып бір айдай аунап-қунап жатып кеткен. Кейбіреулерінің сол жолы ата қонысы — Көкше жеріне көшіп келмек ойы да бар еді. Бірақ төңкеріс болып, дүниенің астан-кестеңі шыққан жоқ па. Ағайын-туған іздеу былай тұрсын, ата-бабамыздың атын айтуға да қорқып іштен тынып ішқұса болдық қой. Сөйтіп, олар сол Ташкент жағында қала берді. Сырт естуімше, үрімбұтағы баршылық сияқты", — деген еді. Ал осы екі асылдың сынықтары бірбіріне магниттей тартылып, бертін тіпті тамырласып кетсе, ол кемел ойлы, кең пейілді бауырмал да ғазиз жан Шыңғыстан қалған үрдіс. Мейлі Шыңғыс мың жерден патшаға калтқысыз қызмет етсе де, ел мүддесін сатып елпектеп ешқашан құлақ кесті құл болған кісі емес. Қашанда халқының қамын ойлап оның өнер-білімге қол жеткізуін көксеп, жүрген жерінде мектептер ашқызып, жастардың татарша болса да, хат тануына қол ұшын береді, қамқоры болады. Қазақтың қабілет дарыны еш халықтан кем түспейтінін таныту үшін ел аузындағы қисса жырларды жинатып қағазға түсіртеді. Оған төрт жасында-ақ отбасында оқып үйреніп, кейін бұл ашқызған Құсмұрын қазақ мектебінде жазуды
тез игерген Шоқанды да тартып, оның ержеткенде әдеби қазыналардың зерделі зерттеушісі боп шығуына себепші болады. Қол өнерінің де үздік үлгілерін жинап, 1850 жылы орыс жағрапиялық қоғамына жеткізеді. Олардың ішінде көк торқамен тысталған түлкі тымақ, төбесіне үкі тағылған кәмшат бөрік, кестелі барқыт тебетей, өңіріне құндыз ұсталған қозы жарғақ, күміспен өрнектелген қалта, күміс шегемен әрленген биік өкше етік, күміс қынды кездік, күміс шақпақ пен күміс оқшантай, халықтың алтын қолды зергерлерінің өнерін паш ететін тағы басқа сирек заттар бар еді. 1865 жылы ол мұражайға шаңырақтың ең қымбат қазынасы — Уәли ханның қалқаны мен дулығасын тапсырады. Ориенталистердің Петербургте өткен халықаралық конгресіне де қазақ тұрмысының біртуар бірегей бұйымдарының біразын жіберді. Сол арқылы қазақ қолөнерінің келешегі мол екенін паш етті. "Жамғу-әттауарих", "Тарихи Рашиди" тәрізді кітаптарды, Әбу Жағыпар Аттахауи, Мұхамед Хайдар Дулати, Жамалидден Ауғани сияқты Шығыс ғұламаларының шығармаларын зерттей оқып зердеге түйген ол Насыр Хұсырау, Ақсақ Темір, Бабыр, Ұлықбек, Әбілғазыдай хакімдердің еңбегі мен өмірін де жетік білді. Әбілғазының "Хандар" және "Түрік шежіресіне" еліктеп, өзі де қазақ шежіресін жинап алғаш тәртіпке келтірді. Орыс елінің тарихын да тәуір білетін ол жоғары жақтан келген ұлықтарды таңдандырып та жүрді. Әлбетте бақ пен тақ ешкімге де мәңгі бақи меншіктеп берілмек емес. Шыңғыстың да үзбей он сегіз жыл билік құрған Аманқарағай дуанымен қош айтысуына тура келеді. 1858 жылы анасы отырған Сырымбеттегі ордаға көшіп келіп екі жылдай Омбыдағы Сібір қазақтарын билейтін басқарманың кеңесшісі болады. Арада екі жыл өткен соң Көкшетау дуанына аға сұлтан боп сайланып, онда 1868 жылға дейін, қашан аға сұлтандық дәреже жойылып, қазақ арасындағы болыстан басқа билікті патша әкімшілігі түгел өз қолына алғанша істейді. Яғни, табаны күректей отыз бес жыл бойы ол билік басында болады. Одан әрі ресми қызмет атқармай өз ауылында ағайын-туыс, үрім-бұтақ, зәузатының ортасында батагөй ақсақал болып өмір кешеді. Қолында ресми билігі болмаса да, халқы хан тұтқан оған қашанда ағылып келіп мұң-мұқтажын айтып, ақыл-кеңес алып қайтып жатады екен. "Адамның бір қызығы бала деген, баланы оқытуды жек көрмедім" деп ұлы Абай айтқандай, Шыңғыс жастарды өнер-білімге үндеп оқуына ұйытқы болған кісі. "Шыңғыстың аға сұлтан кезінде патша өкіметі қазақ ауылдарынан орыс мектебіне бала сұрағанда, әкесі бар балаларды жібере алмай, біраз жетімдерді жібереді. Солардан халыққа пайдалы кісілер (әсіресе дәрігерлер) шықты", — деп жазады Сәбең "Шоқан Уәлиханов" деген ғылыми еңбегінде. Көкшетау төңірегіне осы ғасырдың басында кеңінен танымал болған Бүркітбай, Темірбек тәрізді дәрігерлер сол толқынның түлектері. Өзгелерге өз өнегесімен үлгі көрсету үшін ол ең алдымен өзінен туған жеті ұлдың жетеуін де орыс оқуына берген Қазақ тарихында ғана емес, орыс ғылымында да бірегей құбылыс болған Шоқанды былай қойғанда, оның Мақы деген ұлы Петербургтің көркемсурет академиясын, ал Махмуды Омбының әскери гимназиясын бітірген. Декабрист достары Н.Басаргин, С.Семенов, Б.Штейнгелъмен өмір бойы байланысын үзбегені сияқты,
Шыңғыс балаларының, әсіресе, Шоқанның жолдас-жораларымен өле-өлгенше тығыз қарым-қатынаста болғанға ұқсайды. Оған достарының Шоқан жайындағы естеліктері де куә. Атақты саяхатшы, іргелі ғалым Григорий Потанин Шыңғыс дүние саларынан аз-ақ бұрын арнайы іздеп сәлемдескелі келеді. Жасы сексен беске келіп қалғанына қарамастан қарт сұлтан атқа әлі өзі мініп, салт жүреді екен. Төренің ауылымен жайлауда ала жаздай бірге көшіп-қонып жүріп әнші-күйшілердің өнерін тамашалап, жыр-дастандар мен аңыз ертегілерді жазып алып, аттанар алдында қоштасқалы ханзаданың ордасына соғады. "Аттануға барлығы әзір болғанда, қоштасып шыққалы Шыңғыс сұлтанның ақбоз үйіне кірдім, — деп жазады “Қазақтың соңғы ханзадасының ордасында” деген естелігінде ол. — Шыңғыс Уәлиұлы орнынан тұрып кеп сақалымнан ұстап, өзіне тартты да, біз ұзақ сүйістік. Зайыры бұл қазақ дәстүрінде айырықша бір ілтипат-ықыластың белгісі болса керек. Бәлкім, ол менің жүзіме емірене елжірей қарағанда Шоқанның серігі болған досынан ұлының өзін көрмесе де, көзін көргендей болды ма екен. Әйтеуір Уәлихановтар әулетінің ең бір қимас қымбат естелігі Шоқан жайында ғой. Ал ол осы отбасының ғана әрлі тұтқасы емес, қазақ халқының арасынан күні осы уақытқа дейін шыққан ең мәнді тұлғасы еді”. Шыңғысты берісі қазаққа, әрісі бүкіл адамзатқа осындай абзал ұл сыйлағаны үшін де пір тұту керек қой, пір тұту керек. Әдетте биік тұғырдағы адам көзге де, сөзге де бұрын ілігеді. Билік тұғырындағы кісі жұрттың бәріне бірдей жаға беруге тиіс емес. Жұрттың бәріне жағамын деп жалпақтай берген адамнан жартымды басшы шықпайды. Сондықтан орынды жерінде қатал да, қаһар да бола білу керек. Жайшылықта жайма-шуақ жайдарман болып, өзін елден ерек ұстамаған әкім әркез ұтады. Шыңғыс та осы екі тізгінді тең ұстап әдептен озбаған, астамшылыққа бармаған ел ағасы. Кезінде кейбір жұрт оны "қатал, жауыз әкім" болды деп те соқты. Оны дәлелдеу үшін Қарауыл Көшен ақынның: Бұл залым елден кісі таңдады ғой, Қайдағы бай кісіні жандады ғой. Тауықтан қалғаныңды Шыңғыс алып, Балаңнан басқа нәрсең қалмады ғой, — деген өлеңін алға тартады. Шыңғыстың көзін көрген, сөзін тыңдаған кәрі құлақ қариялардың естелігіне ден қойсақ, бұл сыңарезу солақайлау сын сияқты. Ол адамның жасын емес, басын сыйлаған, күштілігін емес, кісілігін қадірлеген, анау төре, мынау қара деп бөлмеген болса керек. Оның айғағы ел аузында әлі күнге шейін айтылатын аңыз әңгімелер. Солардың бірі менің бабам Кенжеболатқа байланысты. Кенжеболат мыңғырған малы көп болмағанмен, жаны жомарт мырза кісі екен. Айтылған жерде сөзі, ұстаған жерде қолы қалатын қайсарлығы да осал болмаған секілді. Сол мінезі үшін құрбылас, тұрғылас азамат ретінде Шыңғыс та қадір тұтса керек. Бір жұт жылы Кенжекең алты жүз жылқысын Қараой жаққа айдатыпты. Бірер жылқышыға бас боп барған немересі менің атам Ақып сонан небары он алты-ақ жылқы аман әкепті. Сонда бабамыз: "Оқасы жоқ, балам да он алтыда, әкелген малы да он алты, есесін алла берер" депті.
Сырымбеттен Көкшетауға шыққан аға сұлтан жолай екі Қоскөлдің арасында отырған шонжар Шөбек Байсариннің ауылына соғады. Дастарқан басында әңгімедүкен құрып отырып ол “биыл Кенжеболат та жұтап қалыпты. Ауылы жолда ғой, мырзалығы малға біткен бе екен, жанға біткен бе екен — соға көремін" депті. Шөбектің бәйбішесі Жарасбай Кенжеболатгың тете ағасы Күрдектің қызы Шыңғыстан қоныс сұрай барғанда кіші Қоскөлді ал десе: "Хан-ием, менде екі ұл бар еді. Бірінен бірін айырғандай екі көлді бөлгеніңіз қалай?" деп үлкен Қоскөлді қосып алған уытты еркін әйел намысқа шауып ағасының ауылына екі қап ұн, екі бас қант, екі бас шай, өрік-мейіз тәттілерімен қосып бірер жігітке бөктертіп астыртын хабар жібереді. Сұлтан келгенде қарақұлақтанып қалған бір құлынды алып ұрып сойып жіберсе ақ майы ақтарылып түседі. Шайы, майы, бауырсағы, жеміс-жидек, өрік-мейізі, тәттісі үйіліп, дастарқан да жайнап кетеді. Сонда сұлтан: "Кенжеболаттыкі малға емес, жанға біткен мырзалық екен ғой" деп кетіпті дейді. Сол Кенжеболат бірде жерге таласып қап, Оңтай деген төрені таяққа жығыпты. Ол тұста төре тұқымына қол тигізу — алды сотталып жер аударылатын, қалды әлденеше тоғыз айып төлейтін үлкен қылмыс. Зәресі ұшқан Жаулыбай ұрандастары жиналып Кенжеболатқа кешірім жаса деп Шыңғысқа барса жағдайды сезген сұлтан "Жарайды, тентекке таяқ сабақ болсын, ұрыскерістің аяғы сол-ақ болсын" деп кұтқарып жіберіпті. Адамды төре деп жақтамайтын, қара деп даттамайтын әділдік емес пе бұл. Сұлтан Шыңғыстың өмірінен қарапайым халықпен етенелікті айғақтайтын мұндай мысалдар көп-ақ. Лайымда, оның осы өнегесі кейінгілерге де жұғысты болып, ел ұстаған азаматтар өзі еместі өкпеге теппей, жұрттың бәрін бірдей бауыр тұтып, бауырына тартса ғой, шіркін!
НАУАН ХАЗІРЕТ НЕМЕСЕ
БІР ШАҢЫРАҚТЫҢ ШЕЖІРЕСІ
"... Бір кезде Шұңғырша Қарауыл аталатын рудан Бұқара Шәріпке оқуға жіберген Талас баласы Науан табан аудармай он жыл оқып, “он екі пәнді тәмәм ғып” туған еліне қайтып келді. Науан келгенге дейін “хан мешітінде" имамдық құру, бала оқыту міндеттерін Ғалиәкбар есімді татар молдасы атқарған. Ел екеуін салыстырып қараса Науан теңіз де, Ғалиәкбар — шұқанақ. Сондықтан Шыңғыс имамдықты да, мудәрристікті де Науанға берді... Ол Көклан медресесінің үлгісімен “хан медресесінде" ұлдарымен қатар қыздарды да оқытуға ниет етті". Сәбит Мұқанов. (“Аққан жұлдыз” ) Ойды ой қозғайды, сөзден сөз қоздайды, бір пікірді бір пікір түртіп оятады. Күтпеген жерде сап ете қалған мынау сәлем хат та жүрек түкпірінде талай жыл бойы қалғып жатқан бір пікірді оятып жібергендей болды.
Ұмытпасам, Сәкен Жүнісовтің “Ақан сері" романының алғашқы кітабы жарық көрген жыл болуы керек. Журналдық нұсқасын желе-жортып шолып шыкқаным болмаса, романды үңги оқып, ой елегінен өткізе қойған жоқ едім, аяқ астында ауыл жақтан бір хат алып қайран қалдым. Жазған адамын жақсы танимын. Өзіммен тай-құлындай тебісіп тете өскен түйдей құрдас үлкен ұлымен үйінде талай болып, ақыл-кеңесін, тағылымды әңгімесін тыңдаған қадірлі кісім. Қойы қоралас, қотаны аралас Ақан ауылының ақылшы ақсақалы. Кезінде аудан деңгейінде тәп-тәуір қызмет атқарып, кейін туған ауылында ұжымшарға басшы болған. Артынан асыра сілтеудің соғыстан кейінгі соңғы толқынына тап болып партия қатарынан шығып қалғанымен, азаматтық атына дақ түсірмеген. Бертін бұрынғы білімін жаңғыртып, тіріге — бата, өліге — дұға дегендей, дін жолын ұстанып та бір қауым жұртгың сауабын алған. Күнбе-күнгі баспасөзді жіті қадағалап, төл әдебиетіміздің тың туындыларын жібермей оқитын зерек, зерделі қариямен жүз көрісе алсақ әңгіме-дүкеніміз жарасып, біраз мәселенің басын шалатынбыз. Сол қадірмен қарт Шылымның Сейтіғалиы хатын ашына бастап, бірпара жерге барыпты. "Халқымыздан атақты бір адам шықса, соның атына да, затына да күмән келтіріп, тақа болмаса ата-тегін қазбалап, өзімізге қимай, өзге ұлтқа, бөгде жұртқа телитініміз не індет екенін түсінсем бұйырмасын!?" — деп шамырқана шамданып бастаған оның ең алдымен "Ақан серінің арғы атасы Малтабардың түбі өзбек еді" деп жазған Сәбеңе өкпесі қара қазандай екен. "Біз арғынның ішінде Атығай-Қарауыл деген ел боламыз, ұранымыз — Қарақай! — деп сонан соң ақсақал шежіреге ден қояды. — Асылы, ҚарауылАтығайдың ағасы Қарақайдың немересі. Терезесі тең болған соң атағы кіші атасымен бірдей шығып, аты бірге аталған. Әдетте Қарауылды "сегіз ата" дейді. Санай берсе одан әлдеқайда көп. Қарауылдан Мәшек туады. Мәшектен — Ақкісі, Бөлекей, Қарт. Сол Ақкісіден тарайтын Есенбай, Қараша, Ананай, Қоңырша, Атқы, Жауар, Мөнтік, Сары — "сегіз ата Қарауыл" атанып кеткен. Есенбайдан Жақсылық, Шұңғырша тарайды. Жақсылықтан Баян, Түгел, Тәйірберді, Құдайберді, Малтабар, Құлтабар туады. Ақан ағаның атасы, міне, осы Малтабар. Шоқан Уәлиханов Абылай Атығай-Қарауылға хан көтерілердің алдында Жақсылықтың бір байының қолында тұрды деп жазады. Ол он сегізінші ғасырдың басы. Жақсылық рудың атына айналса, бері қойғанда ол Дәулетбайдың жетінші атасы. О тұста өзбек өз алдына ұлт болып айқындала қойды ма екен?! Олай болса, біреу жалған айтып, Сәбеңді жаңсақ жолға түсіріп жіберіп отыр. Ал енді Ғабеңнің Науан хазіретке деген көзқарасы күні бүгінге дейін өзгермегенін былай қойып, тұңғыш түсірген келіні, үлкен ұлының жанжары Мәрзияны оның тоқалы деп жіберуі тіпті мұсылман баласы үшін обал. Хазірет бірінші алғаны жастай қайтыс болған соң, екінші рет үйленгені рас. Бірақ бәйбіше-тоқал ғып қатар ұстаған емес. Міне, ағалары салған сүрлеуден шыға алмай, өз түлегіміз Сәкен де, кәдімгі Шоңайда мұғалім болған Нұрмақтың баласы жазушы Жүнісов Ақан ағаң мен хазіретті тағы да қырқыстырып, Науанды соқыр сенімнің сойылын соққан, барып тұрған қаныпезер қатыгез ғып көрсетіпті. Жарайды, асарын асап, жасарын жасаған Сәбең мен Ғабеңе қарсы сөз айтып райынан сен қайтара алмассың. Қайтсін, олар да кезеңіне қарай көсіліп, заман
ығына жығылған шығар. Алайда әлі жас, өзіңмен шамалас, қадамдас, қаламдас досың Сәкенге сөзің өтуі керек қой. Біле білсеңдер, Науан хазірет Көкшетау дуанында тұңғыш мешіт салғызып, медресе ашып, осы өңірдің жастарына алғаш хат танытып, көзін ашқан ғұлама ғалым, үлкен ұстаз. Сол ағартушылық қызметі үшін патшаның жергілікті әкімшілігіне жақпай қалып, Итжеккенге жер аударылып, Үркітте абақтыда отырып, азап шегіп, жәбір-запа көрген. Дін адамдарының бәрі бірдей дүбәра емес, олардың да білімі терең, білігі кемел, ақылмандары аз болмағанын қашан ғана ұғынар екенбіз?!" Хаттың қысқаша мазмұны осы. Айтса айтқандай, бұрынғының бәрін бұрыс, бүгінгінің бәрін дұрыс деп алақайлап жүріп, асылды ластан, алтынды мыстан айыра алмағанымыз-ау! Өз басым осы хатты оқығанға дейін Науан хазіреттің патша өкіметінің тұтқынына түсіп, Сібірге айдалғанын естімеппін ғой. Ол жөніндегі бар білігіміз "Ақан сері — Ақтоқты" пьесасындағы пайымнан әрі аспапты. Есіме енді түсіп отыр. Қазақ драматургиясының алтын қорына қосылған осы туындының тұңғыш жеке кітап болып басылған нұсқасы қолыма түсіп, оқып шыққан шәкірт шағым. Дінге қасаң көзқараста тәрбиеленіп, қожа-молда дегенге келекелей қарайтын бейкүнә балалығым ба екен, аузынан алланы түсірмейтін анама: — "Науан хазірет, Науан хазірет!" деп пір тұтып, аузыңнан тастамайтын баяғы бас молдаларың барып тұрған мұзжүрек мейірімсіз екен ғой. Жын-шайтан ақынжыршыларға жақ жүресің деп тоқалын тірідей көміпті, — дегенім бар. — Тек, оны кім айтып жүр!? — деп селк ете қалған анам марқұм мол денесімен бұрылып бетіме бажырая қараған-ды. — Аруаққа тіл тигізбе, аллаға шехиетті боласың. Біреулер бұрыс мағлұмат беріп жүрген ғой. Жалпы, хазірет жарықтықтың тоқалы болды деген жалған сөз. Ал Мәрзия — оның үлкен ұлы Қалымтайдың келіншегі. Кәдімгі Шөбек нағашыңның Баялысының қызы. Қалымтайды жастығына қарамастан хазірет қайтқан соң халық қалап Көкшетау мешітіне имам сайлаған. Аласапыран заман ауыртпалығын көтере алмай, өмірден ерте өтті ғой марқұм. Әйелі әлі тірі деген. Жалғыз қызының қолында Жамбыл жақта тұратын болса керек. Бұрынғы жақсы мен жайсаңның жұрнағы қазір тұрымтай тұсына тоз-тоз боп бытырап кетті ғой, — деп ауыр күрсінген анамның ойын әрі қарай әкем өрбіткен-ді. — Ақан ағаң мен Науан хазірет қырғи-қабақ болып, айтысып-тартысып өтті деген тіпті қисынға келмейтін қате пікір. "Бұйдалыда бота тату, бөріктіде бажа тату" дейді ғой атамыз қазақ. Ең алдымен олар бір-бірімен бажа. Екеуі де Тінәлі қажының қыздарына үйленген. Жас шағынан бірер көйлекті бұрын тоздырған үлкендігі бар Науанды Ақан ұстаз тұтқан, ғылым-білім үйренген. Хазірет те ағалық қамқорлығын одан аямаған. Екеуінің татулығына айғақ мынадай бір сөз бар. — Көкшетау қаласына бір келген сапарында әсершіл ақын себездеп тұрған жаңбырға елігіп, хазірет үйінің ауласында тұрып қалса керек. Сыртқа шыққан бажасы: “Ақанжан, жаңбыр жауып тұр, үстің су болады, үйге кірсейші" — депті. — Сонда Ақан: 'Жаңбыр жауа бастаса "Алланың нұрын жұтамын", деп түпсіз мұхиттың тұңғиғынан шығып, сәддеп деген балық аспанға аузын ашады екен.
Мен сол балық құрлы жоқпын ба, нұрдың суына жүзімді жуайын да" дейді. "Ақанжан-ай, бұны қайдан оқып жүрсің?" — деп сұрайды Науан. Бәлен шығарманың түгенінші бетінде деп ақын кітаптың атын айтады. Үйге кіріп кетіп ұзамай қайта шыққан хазірет: "Айтқаның айна-қатесіз!" — деп басын шайқайды. "Пәлі, соны да ұмытып қалып кітаптан қарап жүрсіз бе? " — деп күлген Ақанға хазірет: "Сенің ұмытпайтын себебің — сені атула оқытқан ғой, ал мені адам оқытқан" депті. Ақын әзіл-қалжыңын әрі қарай жалғастырып: — Аспаннан аррахман нұрын шашар, Қорқақтар су болам деп бұрын қашар. — Сол нұрдың бір тамшысы тие ме деп, Дариядан сәддеп шығып аузын ашар, — деп тақпақтай жөнеліпті. Осындай кісілер ірің-кезек болып, қырқысып жүрді деуге бола ма! — деп әкем де біраз жайдан мағлұмат берген-ді. — Қара басып кезінде соған мән бермегеніміз ғой қинайтыны. Сәкен де, өзім сияқты, көкірегі даңғыл, көңілі дария қазына қарттардың тоқығанынан гөрі, кітаптан оқығанын ақиқат деп ұққан ұрпақтың өкілі ғой. Алдағы әзір сүрлеуге түсіп алып таныс үрдіспен діндерді де, діндарды да соққылап, сойып шығыпты. Науан хазірет Тастан байдың талақ тастаған тоқалы, Қантай Сұлтанмұрат әншімен қашып кеткен Қадишаны ұрлатып алып, қырық дүре соқтырып қинап өлтіріпті-мыс. Араша түскен Ақанды көзге іліп ілтипатқа да алмапты. Ашынған ақын: "Еліңе, жеріңе ғәдалат бере келді ме десем, ғәдәуат еге келген екенсің. Мешітіңнен иман иісі шыға ма десем, қабір иісі шығады ғой. Таң атпай зарлап машырыққа қарап азанға шақырды ма десем, құбылаға құлап ажалға шақырған екенсің жұртыңды" — деп Наурызбай имамды бетің бар, жүзің бар демей тіледі де салады. — Ал осылай өзінше ой түйіп отырған Сәкенге барып бірден: "Бауырым, ақиқаттың ауылынан алшақтап кетіпсің, ата-анамның аузынан бала күнімде өз құлағыммен естігеніме қарағанда, Науан хазірет қатыгез кісі болмаған және оның әділеттің ақ жібінен аттап кеткен сәтін де ешкімнен естіген емеспін", — десем ғой, мінезі мағлұм досым: “Бәрін бұрыннан білсең, біткен іске сыншы болмай, нағашы тұқымыңды өзің тірілтіп алсаң, баяғыда қайда қалдың!" деп сарт еткізуі ықтимал ғой. Сондықтан онымен сөйлесу үшін алдын ала дәл дерек, мол мағлұмат жинап, Науанды жақсы білген, дәрісін тыңдаған көген түбіндегі көнекөз қариялармен әңгімелесіп алған абзал. Осы оймен өзім жақсылығын көп көрген қадірмен қарт партия, еңбек ардагері Темірхан Жапабаевпен жолықтым. Өмір ағымымен өрелес отыратын, жаңалыққа жаны құмар зиялы ақсақал романдағы адамдар атының астын сызып, біраз жайды зерде елегінен өткізіп үлгерген екен. Ауыл жақтан алған хатымның мән-жайын баяндап, Науан медресесінің төл түлегі ретінде хазірет жөніндегі қазылық пікірін айтуын өтіндім. . . — Саркен-ай, "Заманың түлкі болса, тазы боп бір шалып қал" деген қағидаға қайсымыз теріс ыңғай танытып, қияс кетіп едік. Дәуір талабына қайшы келмеуді көздеп, қиямпұрыстық көрсетпей, іштен тынып жүрген жоқ па талай жұрт. Абайдың бейнесін айшықтай түсу үшін қарадан шығып хан болған Құнанбайды да құрбан ғып, қасқыр мінез каһар етіп көрсетуге тура келді емес пе. Науан хазіретті де ішкі есебі нық, әліптен аспайтын діннің дойыр қамшысы ғып көрсетпесе, Ақан әділетті ту тұтқан арынды ақын, алмастай өткір азамат боп
адақтап шықпас еді. Сондықтан Сәкенге өкпелеудің еш орайы жоқ, — деп тікірейіп тұратын қайратты бурыл шашын тарамыс саусақтарымен тарай жинап, жанары жаси бастаған қой көзін бұтағына қатқан қасат қарды сілки алмай терезеге төнген алма ағашына қадап, аз-кем үнсіз қалды. — Ал, ағымнан ақтарылып, ақиқатын айтсам, жазушылардың көбі Науан хазіретті орынсыз ғайбаттап, қиянат жасап жүр, — деп ол сәлден соң бір ойдың ұштығын шығарып алды да, соны тарқата бастады. — Жақсы, Мағжан Жұмабаевтың оны жамандауын түсінуте болар. Ақан сері жырларын алғаш жинап, зерттеген және жиырмасыншы жылдардың басында-ақ ол туралы зерделі сөз айтқан жыр зергері ақын тілінің кей тұста діни атаулар араласып тарғыл тартып кететінін хазіретке жақын жүргендігінен көруі әбден мүмкін. Өзгелерінікі енді, ол дін басы болған соң қалай даттаса да сия береді деген әсіре атеистік. Шынтуайтына келгенде, Науан хазірет бір дуан елге білім ұрығын еккен үлкен ұстаз. Ағартушылық қызметі Ыбырай Алтынсаринге жетпегенімен, одан олқы да болды демес едім. Хат білгізіп, қара танытып, талай қара домалақ ауыл балаларының көзін ашып, жүздеген ата-ананың алғысын алды. Бұқардан оқу бітіріп келісімен Көкшетауда мешіт салғызып, медресе ашуға кірісті. Мешітін көрмеген боларсың, медресе үйі бертінге дейін дін аман тұратын... Көз алдыма балалық бал күндерім өткен Көкшетау қаласы келді. Карл Маркс даңғылы мен қазіргі Кенесары көшесінің қиылысқан жерінде бөренеден бұрап салынған ұзынша қарағай үй біз оқыған қазақ орта мектебі болатын. Ауласы атшаптырым сол үйдің шығыс бетінде баяғыда Валериан Куйбышев оқыған бастауыш орыс мектебі болушы еді. Ал олардың түстік жағы ашық алаң да, ортасында үлкенді-кішілі екі күмбезі бар мешіт тұратын. Біз бастауыш класта оқыған соғыс жылдары онда солдаттардың казармасы орналасты. Ол облыс ашылып, қала оның орталығына айналғаннан кейін ғана құлатылды. Ал астыңғы қабаты қызыл кірпіштен өріліп, үстіңгісі қарағайдан қиып жасалған сырты жасыл сырлы тақтаймен көмкерілген, шатыры қызыл қаңылтырмен жабылған медресе үйі бертін облыстық архив мекемесі болды. Тура Куйбышев мектебінің қарсы алдында Карл Маркс көшесінің бойында тұратын арасы кірпіштен өрілген қызыл бағандармен ұштастырылған өрнекті шойын құймамен қоршалған, оюлы дарбазасы бар сол ғажайып ғимарат бертін қаланың бас жоспарына "кірікпейтін" болып құлатылды да, орнына облыс бишігештері үшін бес қабат тұрғын үй салынды. Сөйтіп Науанның өзі тұрсын, ізі де қала төрінен өшірілгендей еді... Мешіт пен медресенің қосалқы шаруашылығы болатын. Шәкірттердің азықтүлігіне де ауылнай-ауылнай, болыс-болыстан жиналған малды оқушылардың өзі күтетін. Жазда шөбін де шәкірттер шауып, үйіп алатын. Былайша айтқанда, қазіргі оқуды өндіріспен ұштастыру дегенді Науан хазірет сол кезде-ақ жүзеге асырған, — деп Темкең хазірет тәрбиесінің тағы бір қырын алға тартты. Медресе дегенмен ол бірыңғай діни біліммен шектеліп қалған жоқ Онда есеп сабағы, кәдімгі төрт амалы түгел арифметика жүргізілді. Замана ағымын аңдаған сұңғыла ұстаз әліпби оқытып, тіл сындырар молдаларды ғана емес, сабақ беруге жаңаша оқыған мұғалімдерді тартып, орыс тілін де үйретті. Петр Тарлышев деген социал-демократ бізге орыс тілінен сабақ берді. Қазақшаға судай, ағып тұрушы
еді, шіркін. Өзіңнің атаң Өскенің Ыбырайы болыс боп тұрғанда ол соның тілмашы әрі хатшысы болған. Бірде қыстың күні көсем жегіп кәшауамен келе жатып Ыбыкең өзімен айтысып жүрген қарсы жақтың жаяу келе жатқан бір жігітін көлігіне мінгізіп алса керек. "Ағажан-ай, жыланды бауырыңа бекер басасың, — деп сонда Тарлышев басын шайқапты. — Жыланның аты жылан ғой, жылынып алған соң шағады". Түсінбейтін сөзімізді табанда қазақшаға аударып орыс тілін тез игеруімізге сол тілмаш көп пайда тигізді. Жаңаша оқуымыздың арқасы шығар, ер жетіп ел ісіне араласуымыз төңкеріс тұсына тура келген біз, Науан мектебінің түлектері: Темірбеков Айтжан, Көшімбаев Жәзит, Жүсіпов Әбутәліп және басқалар жаңа қоғам құруға бірден бел шешіп, белсеніп кірісіп те кеттік. Төңкеріс аудандық атқару комитетінің төрағасы болған туған нағашың Жәзит сияқты мен де Жыланды болысын басқарып, аудан коммунистеріне жетекшілік еттім. Кейін шаруашылық жұмысқа ауысып, Қазақстандағы тұңғыш ірі ауыл шаруашылық кәсіпорындары '"Терісаққан", "Талов", "Дарбаза" кеңшарларының шаңырағын көтерістім. Онан ауыл шаруашылығы министрлігінде жауапты қызмет атқарып, ақыры астаналық облыстың бір мекемесін басқарып тұрып құрметті демалысқа шықтым. Осының бәрі Науан хазіреттің шапағаты. Соның медресесінен алған азды-көпті білімнің арқасы. Рас, дін жолын қуып молдалық қумасам да, оның үлгі-өнегесін, біз сияқты қарапайым қазақ шаруаларының балаларына тиген шапағатын ұмыта алмаймын. Оның өзі де сондай ортадан шыққан. Ол жайында алаштың көсемі атақты Әлихан Бөкейхановтың жазғаны да бар. Шұңғырша болысында кедей шаруаның отбасында дүниеге келген Наурызбай Таласов Бұқарда оқып, ғылымға ден қойып, үздік бітірген шәкірті ретінде медресеге ұстаздық етуге қалдырылған еді. Көкшетау өңірінің қазақтары өзімізге де ұстаздық ететін адам керек деп оны қоярда-қоймай шақыртып алады. Келген соң Дуанның бас имамы сайланып, мешіт салдырады, медресе ашады, сөйтіп қалың қазақ арасына білім шапағын шашып, талай толқын шәкірттер тәрбиелейді. Ал 1900-ші жылдардың басында жергілікті халықты шоқындырмақ болған патша әкімшілігіне қарсы шыққаны үшін тұтқынға алынып, жер аударылады. Дуан халқының қайта-қайта өтініш айтып, табандап сұрап отырып алғанының арқасында екі жылдан соң босап, елге қайтып келіп, сүйікті жұмысын одан әрі жалғастырды, — деп жазған. Біз ұстаз алдын сол сотталып келгеннен кейін ғана көріп, медресе табалдырығын аттаған шәкірттерміз. Біздің алдымыздағы толқыннан түлеп ұшқан Ақмағанбет, Бектас, Кәрміш, Мейрам, Насыр деген зиялылар дін жолынан аумай, өле-өлгенше уағыз айтып өтгі. Науанның әкесі Талас туған жері — Баратайдың түбіндегі Жылгелді зиратында жатыр. Өзі 1910 жылы жетпіс үш мүшелінде дүниеден өтсе керек. Көкшетауда Қопа көлінің жағасындағы қалалық қорымға жерленген, — деп Темкең бәрін де тақтасына келтіріп, қолымен қойғандай ғып айтып берді. Содан соң көп ұзатпай Сәкенмен кездесіп Науан хазірет жайында естіпбілгенімді, ел аузынан жиғанымды, көңілге түйгенімді ортаға салдым. Ойда жоқта үйіме жолданған Сейтіғалидың хатының мазмұнын айтып бердім.
¶ Ондай хаттардың бірпарасын өзім де алып, кейбіреуін оқып бетімнен отым шыққандай ұялғаным бар, — деп ол бірден мойындады. — Қайтсем Ақан бейнесін толыққанды етіп, ақын даусын асқақтата шығарам деп, кезіндегі кейбір қадірлі кісілерге көлеңке түсіріп алғаным анық. Әсіресе, Науан хазірет жайында алдыңғы лектің екпінімен кетіп, асыра сілтеп жібергенімді енді сезіп отырмын. Ол туралы қазірдің өзінде қыруар дерек жинап алдым. Ағайын-туғандарымен, үрім-бұтақ жұраттарымен жүздесіп, ашық-жарқын әңгіме құрып, біраз жайға қанықтым. Бірақ, амал не, бірінші кітап шығып кетті, екіншісі әне-міне басылғалы жатыр. Амандық болса, үшінші кітабымда Науан хазіретке қайта ораламын. Оның өмірбаянына жарық түсіретін бір жарқын бет хазіреттің патша өкіметінің қазақтарды шоқындыру саясатына батыл әрі ашық қарсы шығуы ғой. Келесі кітапта да патша өкіметінің қазақтарды христиан дініне мойынсұндырып, күштеп шоқындыру мәселесі кеңінен сөз болады. Оған Көкше өңірінде қасарысып қарсы тұрған дуанның жарлықпен тағайындап қойылған заңды молдасы Наурызбай Таласов, кәдімгі Науан хазірет. Ол Ақан сері Қорамсаұлы мен көмекшісі Қосшығұловты астыртын елші етіп, Түрік сұлтанына хат жолдайды. Осы үшін мемлекеттік құпия шараларды шетелге паш етті деп, патша отаршылдары оны он жылға Енесейге жер аударған ғой. Осы тұстағы көңіл күйі арқылы оның адамгершілік бітім-болмысын, биік парасатын ашып, ағартушылық қызметін көрсетпек ойым бар. Жарқын бет дегеннен шығады. Қазақтарды шоқындыруға батыл қарсы шыққан бұл ерлік бір адамның өмірбаянындағы арайлы бет болғанымен, жалпы сол саясаттың өзі халық тарихындағы ең бір қайғылы кезең еді ғой. Сондай сын сағат қысылтаяң кезеңде азуы алты қарыс патша әкімшілігіне айбат шегіп, ақылды қаракет жасаған Науан хазіреттің қимылы шынында ел үшін еңіреп туған ердің қаһармандығы. Ұлан-байтақ даламыздың ұшан-теңіз байлығын сүліктей сорып, сол иен-тегін қазынаны шөңгелі шеңгелінде ұдайы бүріп ұстау үшін қырдың ежелгі иесі — қазақтарға патша отаршылдарының жасамағаны жоқ. Қоқан-лоққының да көкесін көрсетіп, алдап-арбаудың, айла-шарғының да неше атасын ойлап тапты. Жұртты бөліп, бірбіріне айдап салу, өшпенділік тамыздығын тұтатып, ағайын арасына от тастау, іштен шықкан шұбар жылан — сатқындарды пайдаланып, іштей іріту — жергілікті патша әкімшілігінің жымысқы саясатының басты бағыттары болды. Осындай қулық-сұмдықтың, зымиян жымысқылықтың ақыры келіп, жергілікті халықты жаппай шоқындырып христиан дініне кіргізуге сайды. Дінінен, ділінен, тілінен айрылған халықтың басыр болған баспақ бұзау сияқты қайда айдаса солай жүретінін олар жақсы бағамдады. Мұсылмандар арасында православие дінін тарату жөнінде сондай ұсынысты тоқсаныншы жылдардың басында патша ағзамға түсіріп те үлгерді. Сол құжаттың кейбір қағидаларын мың тоғыз жүзінші жылдың күзінде Көкшетаудағы қыркүйек базары кезінде патша әкімшілігінің жергілікті бір өкілі қала шіркеуінің басшысымен бірігіп жариялап жіберді. Онда алдымен Ресей империясына бодан болған халықтардың мүмкін қадерінше бір дінді ұстағаны
жөн екенін пайымдай келіп, оған жетудің "жолдарын" баяндайды. Бір бастан ауылдарда мектеп санын көбейтіп, оларда сабақ беретін қазақ мұғалімдеріне шәкірттердің орысша сауатын ашып, бір-бірімен орыс тілінде сөйлесуін қамтамасыз етуді міндеттейді. Мұғалімдер сол маңайдағы топтың білетін адамдарынан тағайындалып, соның ықпалында әрі бақылауында болуы керекмыс. Молдаларды барынша қысқартып, қазақ арасында кісі қолынан мерт болу көп болғандықтан, өлген адамды поптың рұқсатымен және қадағалауымен жерлеуге тиіс. Қыздар мектебін ашып, қазақтың әйел балаларын орысша оқыту ләзім. Түбінде күйеуге тигенде ондай келіншектер бала туған соң еріне ықпал жасап, орыстар жағына шығарады дейді. Сонда қазакдша білім алу тезірек тоқтап, орысша оқу жеделдетіледі. Татарлар мен сарттардың әсерін тоқтату үшін ауылдарда шіркеулер мен мінәжат үйлерін көбейту қажет. Тақа болмаса, қыруар қаржы шығарып, мектеп ашып, уағызшы бергеннің өзінде де ырыққа көнбеді деп әскер шақыртып, крест үстінде қазақтарды күштеп шоқындырып, христиан дінін қабылдауын талап етеміз. Ұзын-ырғасы осы тектес бұл хабар ашық күндегі нажағай шатырындай естіліп, жиналған жұрттың төбесінен жасын түскендей болды. Науан хазірет сол түні-ақ Түрік сұлтанына болған жайды баяндап, сәлем хат жазып, оны астыртын біреулер арқылы Стамбулға жөнелтті. Ал оның көмекшісі мұғалім Шәймерден Қосшығұлов төніп келген қатерге қарсы күш қосып қимылдауды өтініп, ұлы Абайға хат жолдайды. Ұзамай үкімет жарлығына қарсы әрекеттер жүргізді деп, екеуінің үстінен де іс қозғап, қуғынға ұшыратады. Көрінеу көзге қысастық қиянатқа шыдамаған жұрт дереу бас көтеріп жоғары жаққа арыз-шағым бере бастайды. Солардың бірі мың тоғыз жүз екінші жылғы ақпанның 27 жұлдызында Көкшетау қаласының тұрғындары атынан Дала генерал-губернаторына жолдаған Серкебай Әлімбаевтың хаты. Қазір Қазақстан мемлекеттік архивінде сақтаулы тұрған сол өтініштің мазмұны мынадай: Көкшетау қаласы тұрғындарының өз күшімен жұртшылық қаражатына салынған мешіт бар. Облыстық басқарма оған 1886 жылғы 14028 куәлікпен молда етіп Мезгіл болысының қазағы Наурызбай Таласовты тағайындаған. Жұрт сайлаған Наурызбай имам содан бері өз қызметін ыждаһатпен атқарып келе жатқан-ды. Неке қиятын немесе ажырататын, нәрестелерді тіркейтін, өлгендердің жаназасын шығаратын, күніне бес уақыт жай намаз, жұма намаз, айт намазын да үзбей өткізетін еді. 1901 жылғы 20 мамыр күні ояз бастығы келіп Таласовтың қызметіне тыйым салып, іс қағаздарын алып кеткен. 19 қыркүйек күні сегіз болыс елдің би-болыстары мен игі жақсылары бас қосқан төтенше съезде ояз бастығы: "Сендерде, қазақтарда дін жоқ, бұдан былай шариғат жолымен іс атқаруға тыйым салынады" деген секілді сөздер айтгы. "Ендігі жерде бізде неке қию тоқтатылды, жаназа шығарылмайтын болды" дей келіп арыз иесі діни нанымдарға қысым жасалмауын, молдалардың қызметіне жол ашылып, еркіндік берілуін өтінеді (Сапар Байжанов. "Архив — айғақ". Алматы. 1988 ж.) Талайсыз тағдыры Ақмола, Көкшетау, Омбы, Петербург арасында екі-үш жылдай созылған қатынас қағаздар дүрмегіне себеп болған Наурызбай молда акыры үш жыл мерзімге, ал Шәймерден мұғалім бес жылға бас бостандығынан
айырылуға кесіліп, Шығыс Сібірге, Иркутск губерниясына жер аударылды. Тағы да арыз-шағым, өтініш-тілек тасқынының, дуан тұрғындарының табандап сұрауының арқасында екеуі де мерзімінен бұрын босанып, елге аман-сау оралды. Науан хазіретті Енесейден Атығай Бабаназар мен Жанбатыр қажы алып қайтты. Ал Шәймерден Қосшығұлов ІІ Думаға депутат боп сайланды. Әрине, халық үшін төккен тер, еткен еңбек ешқашан ескерілмей қалмақ емес. Жетпіс жыл бойы темір құрсауда іштен тынып, булығып жүрген ел енді міне, өзінің абзал ұлдарына іздеу салып, санатқа қосып, қайта тірілтіп жатыр. Олардың өзі болмаса да көзіндей үрім-бұтақ, зәу-заты баршылық сияқты. Мынау кейінгі хат сондай ұрпақтың бірі, Науан хазіреттің екінші ұлы Қазезтайдың зайыбы Таласова Тоқайдан келіпті. Аты да, заты да таныс кісі тәрізді. Оны орта мектепте оқып жүргенде Қызылсая ауылында көргенмін. Орта бойлы, ашаң өңді, акқұбаның әдемісі болатын. Қазезтайдың өзін де алғаш елу бірінші жылдың көктемінде сол Қызылсаядан көргенмін. "Тұтқыннан босап, Науан хазіреттің баласы келіпті осында” деген хабар дүңк ете қалған. Алқа-қотан қоршаған ақсақалдардың ортасында отырған жерінде барып сәлем бергенбіз. Үстінде ол күнде бізге таңсық шалбарының қыры сымдай қара костюмі бар сұңғақ бойлы аққұба ажарлы кісі екен. Жағасы кіршіксіз ақкөйлегі де кірпияз, кербез кісінің өңін аша түскендей-ді. — Ә, Есжан ауылындағы Ақтайдың баласы екенсің ғой. Онда біздің Шұңғыршаға жиен болдың, — деп жылы ұшырай қарап арқамнан қақты. — Сен осы Көшімбайдың Жәзитінің қарындасы Мәризадан туған шығарсың. — Иә, — деп шешемнің "Шұңғырша” ұрандының бәрін төркін санап, бәрі нағашың деп үйреткені есіме түсіп, басымды изеп жымиып қойдым. — Жарайды, оқыңдар, оқыңдар, жастар! "Білімді — мыңды, білекті бірді жығады” деп халқымыз тегін айтпаған. Оқығанның аты арып, тоны тозбайды. Алған білім әйтеуір бір жарып шықпай қоймайды, — деген-ді ол. — Қуғын-сүргінді көп көріп күдері үзілді ме, оқыған-тоқығаны біраз бола тұрып сол Қазезтай қызмет іздемеді. Қолына түскен жұмысты атқарып жүре берді. Бертін жасы еңкейіп, егде тартқанда ғана әке жолын ұстанып, аз уақыт молда боп жүргенін білемін. — Зайыбының хатынан оның сексен екінші жылы дүние салғанына көз жеткіздім. Асылдың тұяғы, алтынның сынығы еді ғой, жарықтық! Тоқайдың хатында көңіл қояр бір пікір, құлақ түрер бір тілек бар. Кезінде Науан хазіреттің өзі бөренеден бұрап салғызған алты бөлмелі қарағай үйі Көкшетаудың ен ортасында, Пушкин көшесінде қаласы бүтін күйінде әлі тұр екен. Кезінде Ақан сері сияқты атақты адамдар, ол өңірдің небір зиялы игі жақсылары төрінде отырып, мәслихат құрған, қонақ болған құттыхана бүгінде көп қабатты үйлердің тасасында қалып, көзге қораш көрінетін сияқты. Соны жаңа жерге көшіріп, жаңғыртып ескерткіш тақта орнатса, осы аймақтың өткен тарихынан талай сыр шертер еді-ау. Алайда әкесі қайтыс болған соң Көкшетау мешітінің имамы сайланған Қалымтай дүниеден ертерек өтіп, отбасы айдалып кетіп, үйі қазынаға түскен. Ағалы-інілі екі азаматтың өмір-бақи еншісі бөлінбегеніне қарамастан, ол үйге
Қазезтайдың иелік құқын қала басшылары мойындамаған. Марқұм көзі тірісінде қалаға келген сайын зайыбын ертіп өзі туған сол үйге барып, не сыртынан, не ішіне кіріп әкесіне бағыштап аят оқып, бетін сипап, ауыр бір күрсініп қояды екен. Кім білсін, кезінде атағы қазақ даласына кең тарап, қалың елге мәшһүр болған әкесі есіне түсе ме, әлде қыршынынан қиылып ешбір қызық көре алмай кеткен егіздің сыңарындай ағасын көз алдына елестете ме, әйтеуір осы үйге зарығып келіп, жабығып қайтатын көрінеді. Оның ағасы Қалымтайдан қалған жалғыз қыз Ұрқия қазір Шу қаласында тұрады. Қазақ университетін бітіріп, қырық жыл ұстаздық етіп талай ұрпақ тәрбиелеген, үлкен тәлімгер. "Хазірет тұқымынан тірі жүрген екі әйел заты бір жерде тұрып, бір-бірімізге сүйеніш серік болсақ дейміз. Ғұмырымыз енді аз ба, көп пе, атамыздың шаңырағын қалпына келтірсек деген арман бар. Ол үшін ақ-адал өз үйімізді қайтарып берсе игі болар еді" — деп тілекпен түйеді хатын Тоқай. Әлбетте, орынды тілекке Көкшетау қаласының әкімшілігі кұлақ асуға тиіс. Үйдің ендігі заңды иесі осы екеуі екеніне ешкімнің шәгі жоқ. Әйткенмен Науан хазірет тым тұлдырсыз, тұяқсыз да емес. Оның Хұсниабаттан туған Қалымтай мен Қазезтайдан басқа Ғазиза, Гүлсім деген екі қызы болған. Ғазизадан Талғат, Шәуқат, Әнуар деген үш ұл, Фарида атты қыз туған. Талғат Ұлы Отан соғысында опат болды. Қалғандары көзі тірі Көкшетауда тұрады. Ұзақ жыл сауда саласында жемісті қызмет атқарып, құрметті демалысқа шыққан Әнуар Хисматтулин қаланың белді де беделді адамы. Оларға жеке-жеке тоқтар болсақ бір шаңырақтың шежіресі жуыр маңда таусыла да қоймас. Қайткенмен, Науан хазірет халқымыздың тарихынан өзінің ұлағатты ұстаздық орнын алып, қабырғалы қайраткер, қажырлы күрескер ретінде ұрпақ санасына сіңірілуі шарт.
ТЕЗЕК ТӨРЕ
Ақын тілі төске салсаң басты қырқып түсетін алмас қылыш секілді. Ақын тілімен айтылған баға тасқа басылған таңбадай мәңгі өшпей қалып қоятыны да содан болса керек. Бұл, біріншіден, бейнелі де бедерлі сөздің беделін танытса, екіншіден, дуалы ауыздан шыққан уәлі сөзді халықтың дұғадай қабылдап, жадынан шығармайтынын дәлелдейді. Сондықтан арынды ақындардың алмастай алғыр қиғақ тілі кезінде хан-төре мен бай-шораның құтын қашырып, абыройбеделін айрандай төккенімен қоймай, олардың тарихтағы төл тұлғасына да көп көлеңке түсірді. Мәселен, дауылпаз жыршы Махамбет батырдың адуын ашу үстінде айтқан: "Хан емессің касқырсың, қас албасты басқырсың, дұшпаның келіп табалап, достарың сені басқа ұрсын", — дегені өз дәуірінің озық ойлы азаматы болған, қырдан қыруар мектеп ашын, қазақ жастарын оқуға үндеп, өнер-білімге баулыған Жәңгір ханның тарихтағы еңсесін әлі күнге дейін көтертпей келеді. Оны қойып данышпан ақын ұлы Абайдың: “Шортанбай, Дулат пенен Бұқар жырау сөзінің бірі — жамау, бірі — құрау", — деген қос жолын желеу етіп, кешегі шаш ал десең бас алатын сойқан саясаттың тұсында көмекей әулие Бұқар бастаған
абыз жыршыларымызды әдебиетіміздің тарихынан түгел дерлік сызып тастай жаздаған жоқпыз ба?! Сол сияқты айтыс ақындарының алтын діңгегі аталған Сүйінбайдың: "Ассалаумағалейкум, Тезек төре — елден жылқы қоймаған кезеп төре", — деген бір ауыз сөзі үшін ел тарихында өзіндік орны бар, кезінде беделді әкім әрі белгілі ақын болған Тезек төрені күні кешеге дейін тіліміз жеткенше қара бояуды жағып жамандаумен келдік. Белгілі жазушы Бексұлтан Нұржекеев терең зерттеп, кемел зерделеп "Тезек төре — ерек төре" атты мақала жазып ақын төренің ел аузындағы өлең-жырларын, айтыстарын жинап кітап құрастырып шығарғанға дейін ол қазақ тарихындағы қара дақ тәрізді тұлғалардың бірі болып келді. "Тезек төре" деген атпен "Жалын" баспасынан бұрнағы жылы басылып шыққан бұл кітап жұрттың зердесіне жетіп көңіл көзін ашқанша оның абзал есімін тұмшалаған қара бұлттың ыдырай қоюы қиын. Өйткені би мен бек, бай мен бағыланның бәрі бұқара халықтың қанын сүліктей сорған қанаушы, олардан ешқандай ізгілік шығуы мүмкін емес деген қасаң қағиданың санамызға шемен, миымызға мұз боп қатқан тоңын жібіте қою оңай емес. Сонда да сол сеңнің сөгілуіне сәл де болса септігі тиер ме екен деген ниетпен Тезек Нұралыұлы Абылайханов тұралы азын-аулақ ойымызды ортаға салуды жөн көрдік. Абылай хан балаларының алтауы, атап айтканда Шағатай, Тағай, Сүйік, Қамбар, Қасымхан, Әділ халықтың қалауы деген желеумен кезінде Түркістан мен Жетісуға жіберілгені белгілі. Солардың бірі біраз жыл қытай бөгді ханында аманатта болған Әділ төре Ұлы жүз қазақтарының аға сұлтаны болған. Тезек төре оның Нұралы деген баласының отбасында 1821 жылы осы Жетісу жерінде дүниеге келіп жасы елу тогызға қараған шағында 1879 жылдың мамыр айында қайтыс болады. Сол жылғы "Туркестанские ведомости" журналында ол жайында азанама да жарияланады. Аза үстінде қыздары айтқан жоқтауға қарағанда, оның әкесі тым ерте дүние салған секілді. "Бес жасында хан әкем жетім қалған атадан... сегіз жасқа келгенде ақ патшадан хат алған" деген жолдарға зер салсақ, түңіліп тез отығар жетім қозы сияқты ерте есейіп, хатты да бұрынырақ таныған көзі ашық азамат болғанға ұқсайды ол. Өмірден тым жас кеткен әкесінің есімі де ел есінде қалсын деді ме екен, бертін аты-жөнін Абылайхановтан Нұралинге ауыстыруында да осындай бір мән бар сияқты. Жоқтаудың мына бір тұсы да назар аудартады: Отыз беске келгенде Ұлы жүзді билеген, Шарапаты болмаса, залалы жанға тимеген. Елу тоғыз жасында сапар шеккен дүниеден, Естіген елде жоқ шығар хан әкеме күймеген. Жалпы жоқтау әруақтың иманын тасыту үшін шығарылып марапат, мадақ жағы молырақ болғанымен марқұмның өмір жолы жайындағы деректер де аз кездеспейді. Шынында да Тезек төре Ұлы жүз қазақтарының аға сұлтаны болып сайланғанда жасы отыздардың ішінде еді. Бұл Жетісу қазақтарының өміріндегі шытырман шырғалаңы, бұлтарыс бұралаңы көп ең бір ауыр кезең-ді. Ресейге енді ғана қосылған халықтың жаңа көршіге бірден бауыр басып етене араласып кетуі оңай болған жоқ. Бұрын қытайлармен жап-жақсы қарым-қатынас жасап, төрелері
ол мемлекеттен шен-шекпен де алып жүретін. Кезінде Тезекке де қытай штаб офицерінің шені беріліп, көгілдір тасы қоса тапсырылған-ды. Енді міне, баса көктей кіріп жеріне бекіністерін тізе бастаған орыс мемлекетіне басы бүтін беріліп, адал қызмет ету керек. Жетісудың біраз жерін шеңгелінен шығармай, емін-еркін билеп-төстеп Қоқан хандығы және отыр. Қос өкпеден орыс қысып, көк желкеден қытай төніп, коқандықтар тағы да қоқаңдап дамыл-тыныштық бермеген елдің өзін қаулаған қалың өрттің ортасында қалғандай сезінері сөзсіз. Ал одан оңтайлы жол тауып, елін аман алып шығу екінің бірі, егіздің сыңарының қолынан келе бермейтін ерлік. Тезек төренің осындай тығырықтан дұрыс жол тауып тезірек шығуына әрі замана ауанын жіті сезінуіне, біздіңше саяхат сапарларында келіп-кетіп жүретін шөбере туысы Шоқан Уәлихановтың әсері аз болмаған сияқты. Асылы, аға сұлтан өмірінің жарқын беттерінің өзі халқымыздың осы тұңғыш ғалымы, біртуар перзенті Шоқанға байланысты-ау сірә, деген ой келеді. Ғалымның Тезек ауылында бұрын қашан болғаны белгісіз, ал 1856 жылы жазылған "Ыстық көл сапарының күнделігінде" оған соққаны анық айтылады. "Алтынемелден Тезектің ауылы Терісаққан бекетіне таяу Күреңбелде отырғанын білген соң бірден соған тарттым, — деп жазады ол. — Алғаш келгенімде Алтынемелден Ілеге дейін көсіліп жатқан байтақ дала алаулаған алқызыл қызғалдақ еді. Енді ол алау түс оңып, бидайық пен бетеге, ебелек пен шытыр қаулай өсіп кеткен. Іле бекетінен Шеңгелдіге дейін жол жаға бойлап жүріп отырады". Демек, ол Төренің ауылында бұрын да болған. Осы жолы аға сұлтан қадірлі қонағының құрметіне той өткізіп үш дүркін бәйге шаптырған. Ал той-томалақтың ән-күйсіз, ақындар айтысынсыз өтпейтіні өз-өзінен белгілі. Бұл ауылда бес күн болып тәп-тәуір тынығып, Шоқан сапарын әрі қарай жалғастырады. Қарғалы мен ағыны қатты өзендерінің арасындағы Шұбар жазығын басып, Көксудың үстіндегі көпірден өтеді. Төре сазда қазақ-орыстар шөп шауып жатыр екен. Жетісудың басқа өңіріне қарағанда Көксу алқабы салқын келеді. Астығы пісіп үлгермей үсіп кетеді, оның есесіне Теректі мен Үйгентасқа қар түспейді, қыс болмайды дейді. Албандар сол Үйгентастан Құлжаға дейінгі жерді қыстап шығады екен. Ол үшін қытайларга жылына алпыс жылқы беріп отыратын көрінеді. Осындай аралас-кұраластың себебі болар, Ұлы жүз төрелерінің түгел дерлік қытай шені бар. Әйтпеске және болмайды. Орыс аюы мен қытай аждаһасының арасында екеуіне де алдырмай тыныш өмір сүру үшін түлкідей айлалы, сауысқандай сақ сұңғыла саясат жүргізу шарт. Сол себепті о тұстағы шекараға таяу аға сұлтандардың бәрі екі шоқып бір қарайтын әккі кұстай қытай мен орысқа кезек жалтақтап күн кешкен. Ондай ақыл-айладан, әрине Тезек төре де құр алақан еместұғын. Істің мүддесі үшін қытай жағымен де тіл табысып үкіметімен байланыс жасап, орыс үкіметі арасында ара ағайын міндетін де атқарған. Оны Шоқанның Жетісу облысының сол тұстағы губернаторы генерал Г.А.Колпаковскийге жазған хаттары да дәлелдей түседі. "Кеше кешкісін Тезек төренің ауылына жанында жеті серігі бар бас қолдай (шабарман) келді", — деп жазады 1864 жылғы қарашаның 21-і күні. Олар Құлжаның жаңа цзянь-цзюні, бұрынғы Тарбағатайдың аға
әмбәнінан губернатор мен Тезек сұлтанға сенім қағаз әкеліпті. Бұрынғы әкім былтырғы орыс әскерлерімен албаты кақтығысы үшін орнынан алыныпты. Шабарман енді өз есептері бойынша он бес күннен кейін келуге тиіс орыс әскерлерімен кездеспек екен. Олар үшін Түргенде әскерге қажет азық-түлік және киім-кешек әзірленіп жатқан көрінеді. Ал Кұлжаның жағдайы қиын, көтеріліске шыққан дүнгендердің қоршауында қалыпты. Оның үстіне Тезек төреге қырғыздар, бұғы руының байлары Молдабай мен Мұратәлі де кісі салып, хат жолдап ол арқылы губернатордың ілтипат жасап манап сайлап алуға рұқсат етуін сұрапты. Енді бір хатта Тезек ауылына бұрын осында тұрған бір тараншының келгені айтылады. Дүнгендер туралы анық хабарды сол әкеледі. Тараншы бектері осы Тезек төреге өз елшілерін орыс өкіметіне жіберуге қандай мүмкіндік барын біліп келу үшін жұмсапты. Ал сол жылғы желтоқсанның аяғында жазған хатында генералға Шоқан Тезек ауылына күні осы уақытқа дейін Құлжада отырып қалған Павел Богдашин деген казактың келгенін айтады. Қытай өкіметінің ұдайы жылқы мен түйе сұрап маза бермеуінен саудагерлердің бәрі тым-тырақай қашып жатса керек. Солардың бірі болып қашқан бұл сұлтаннан баспана іздеп келіпті. Осыған қарағанда, Тезек төре ойда орыс, қырда қазақ, тауда қырғыз қысылса қол ұшын берер деп көмек сұрап келетін беделі биік ел ағасы болғаны айдан анық. Бірде оған бүлік шығарып жүрген дүнгендерден күмісі мен шайын қосып сый-сияпатымен келіп өз сөзін сөйлеуін өтінгенде екі мемлекеттің арасындағы татулыққа көлеңке түсірмес үшін тарту-таралғыдан бас тартып, антына адалдығын тағы да паш етеді. Сөйтіп ол көрші екі ұлы елдің арасында берік дәнекер болуды өзінің борышы санайды. Ал Жетісу жерін Қоқан басқыншыларынан азат етудегі Тезек төренің еңбегін Сұраншы мен Сарыбай батырлардың ерлігімен қатар қою тарихи әділдік болар еді. Қоқан үстемдігіне қарсы шығып, оның Бішкек пен Тоқымақ қамалын алуда көрсеткен ерлігі үшін алтын медальмен, Қасиетті Станислав орденімен наградталуы тегін болмас. Бүл күреске Шоқанның да белсене қатысқаны оның өмірбаянынан хабары бар жанға аян. "Сот реформасы жайындағы жазбаларын" аяқтап Омбыда жүрген ол 1864 жылдың наурыз айында Оңтүстік Қазақстан өңірін Ресейге қосып алу жөніндегі жорықты басқару тапсырылған генерал М.Г.Черняевпен кездеседі. Оған Орта Азияның жер жағдайын, елінің әдет-ғұрпын жақсы білетін адам ауадай қажет еді. Оның үстіне жорық жағдайын естіген Батыс Сібір генерал-губернаторы А.О.Дюгамельдің әскери министр Д.А.Милютинге жазғанындай, Черняевқа Ресейге өз еркімен қосылу жөнінде алдымен қазақтарға ұсыныс жасап, Ташкент пен Түркістан әмірлері ыңғай танытса келіссөз жүргізу жайында нұсқау берілді. "Осы орайлас қарым-қатынас үшін оның жанында өтемөте епті әрі сұңғыла білімдар, орыс, татар тілдерін жақсы білетін азиялық штабс ротмистр Уәлиханов болады" деп жазды. Көзі ашық оқыған азамат басқарса, халықтың хал-жағдайы жақсарар ма еді деген үмітпен атбасар дуанының аға сұлтандығына дауысқа түсіп, басым дауыс алғанымен, озық ойлы оқымыстыдан секем алып сенбей патша өкіметі сайлатпай тастаған соң, тым құрыса дұшпан көзі болып шенім өсер ме екен деп ол бұл жорыққа келісім берген.
Жорыққа қатысатын Іле жасағы Верный бекінісінде жасақталды. Оның құрамына қазақ жүздігі, жаяу әскерлер мен артиллериядан өзге қазақ жігіттері де кірді. Олардың арасында бір жыл бұрын қоқандықтардан Шолақ қорған мен Созақты босатуға белсене қатысқан Тезек төренің де сарбаздары бар еді. Жауынгерлердің азығы үшін сойыс мал жиналып, азық-түлік керуені жабдықталды. Жорыққа қатысуға тілек білдірген басқа да оқымысты ғалымдар шықты. Жорыққа аттанардан жарты ай бұрын Черняев қазақтар арасында Шоқан әзірлеп берген үндеу хатты таратқан болатын. Онда өздігінен келіп бағынған рубастыларға кешірім жасалатыны жарияланғанды. Және де Шоқанның ақылымен қазақ-қырғыз билерін жорыққа қатысуға шақырды. Жол-жөнекей туындап қалған дау-дамай және басқа мәселелерді билер тезіне сатшіп табан аузында шешіп отыруға бұл таптырмайтын тәсіл болды. Осының өзі-ақ Шоқан үшін әжептәуір жұбаныш еді. Алайда Әулиеатаны алу барысындағы генералдың қанқұйлы қылығы оны қатты түңілтті. Сабыр сақтап, қала бегімен Шоқан бастаған келіссөзді жеріне жеткізудің орнына генерал бұйрық беріп сегіз зеңбіректен бірдей атқылап, шаһардың тас-талқанын шығарды. Жан дегендегі жақындарынан айырылып зарлаған аналар мен жылаған балалардың даусынан төбе шашы тік тұрып, қандастарының жазықсыз көз жасын жүктегеніне қарадай опынып, қатты күйзелген ол отаршыл озбыр да обыр орыс генералымен одан әрі бірігіп жұмыс істеу мүмкін емесін біліп, қолды бір сілтеп өзімен пікірлес бірнеше офицерлермен бірге Верныйға оралды. Сол тұстағы қалыптасқан қиын жағдайға орай Шоқан Омбыға оралмай, тағы да өзі көрген Тезек ауылына тартты. Қолда бар деректерге, ғалым замандастарының естеліктеріне қарағанда, Тезек төренің ауылы анау айтқандай артта қалған шалғай шет болмайтын. Албан тәрізді ірі тайпаның астанасы сынды аға сұлтан ауылына осы өңірдің жақсы мен жайсаңы жиі жиналып, өнерпаздар да ұдайы думандатып жататын. Оның үстіне Шоқан ауылда табан аудармай жатып алмай, ара-тұра Қапалға барып, ондағы оқығандар ұйымдастырған үйірмеге қатысып, астанадан келген, газет-журналдарды да алып кеп оқитын, досжарандармен хат жазысып тұратын. Оған қоса аға сұлтанның қарындасы Айсараға үйленіп, осыдан өзінің жан-жарын, өмірлік серігін тапты ол. Жорықта тағы да көзге түсіп алтын қылышпен марапатталған қайын ағасы оның ақылкеңесіне әрдайым құлақ асып, айтқанын екі еткен жоқ. Рас, сүйек-еттен жаратылған барша пенде сияқты, Тезек төре де кемшіліктерден ада-күде болмаған кісі. Билік тізгінін ұстаған адамдардың көбіне тән бақталас, тақталас пиғылдар онда да болған. Байтақ албанды билеп отырғанын місе тұтпай көршілес суанды да қосып алып уысында ұсгауға тырысқан. Сол үшін оның аға сұлтаны Адамсат төреге талай-талай тізе батырған. Адамсаттың Қапал приставына: "Тезек сіздің қолдыңызда қойдай жуас, ал ауылға барғанда арыстандай ақырады" деп шағынатыны да содан. Оның осы мінезін Шоқан да жасырмай ол өз төлеңгіттерін бір шыбықпен айдап қойдай өргізіп тұрады. Жалпы, сұлтан өзін үкімет қызметшісі емес, албандардың бас иесі санайды, — деп жазады. Биліктің буымен барымташылар ұстап, озбырлыққа
барып зорлық-зомбылық жасаған сәттері де баршылық. Жарылқамыс деген бір кедей қарашысының сұлу келіншегіне қызығып, айналдырып жүріп ақыры тоқалдыққа алғаны кезінде исі үйсін, найманды шулатып, талай ақынның тіліне тиек болған. Соған қарамастан ол қажет жерінде жұрттан жақсылығын да аямаған. Әсіресе орыс ұлықтарымен ортақ тіл табысып қолынан іс келетін, жұртқа сөзі өтетін ықпалды адамдарды бауырына тарта білген. Сол арқылы ел бағып, жұртқа жағып білікті билік жүргізген. Қашанда қатыгездігінен қайырымдылығы, озбырлығынан ізгілігі, менмендігінен мейірімділігі басым түсіп жатқан. Әсіресе, қазақтың тайқы маңдайына сыймай қыршын кеткен ғазиз перзенті Шоқан қайтыс болғанда оның кісілігі мен ізгілігі айрықша көрінді. Ұлы ғалымды ақ арулап қастерлей жерлеп, оның қазасы туралы патша ұлықтарына, облыс әкімдеріне, сонау Сырымбеттегі әкесі Шыңғыс сұлтанға алғаш хабар берген де осы. Қаралы хабар алып, ағасының басына ескерткіш орнатып, жесір қалған жас жеңгесін алып қайтқалы ту-ту Көкшетаудан Жақып төре келгенде құрақ ұшып, барлық жағдайын және де жасайды. Ал Шоқан достарын кейін де бәйек боп құшақ жая қарсы алады. Содан да болар, Тезек туралы жақсы лебіз, жағымды деректерді Шоқанның достары, орыстың даңқты ғалымдары П.П.Семенов ТяньШанский мен А.Г.Гейне қалдырып кетті. Семенов Тянь-Шанский оны Ұлы жүз сұлтандарының ішіндегі ең ержүрек әрі алғыр адам, жалпақ қазақ даласына тегіс танымал кісі деп бағалаған. Ал Гейне 1865 жылғы жолжазба күнделігінде Тезек төреге, оның ауылының тыныс-тіршілігіне тұтас беттер арнаған. "Қазанның 31-і күні. Ертеңгілік бізге албан руының сұлтаны Тезектің өзі келді. Бұл Ұлы жүздегі аса ықпалды адам. Үстіне полковниктің мундирін киген. Тезек онша ұзын бойлы кісі емес. Жалт-жұлт еткен жанары үй-ішін әп-сәтте кезіп шықты. Ол шапшаң әрі ақылды сөйлейді екен. Біз оны түскі асқа шақырдық", — деп жазады генерал. Ертеңіне меймандар Тезекке барады. Ол өз ауылымен күздеуде отыр екен. Қыстауы күздеуінен отыз шақырымдай қашықтықта көрінеді. Төренің ауылы Алтынемел асуынан айтқандай жырақ емес, бір колат аңғардағы бұлақтың басына қоныпты. Сұлтан өз ордасына таяу маңнан сыйлы қонақтар үшін арнайы үй тіккізіп қойыпты. Ұзамай Тезектің өзі де келіп қалды. Аз-мүз іркіліп бәрі үйге кіреді. Үй ішінің өзге ауқатты адамдардың үйінен айырмашылығы шамалы. Тек керегенің айыр басында ілулі тұрған әртүрлі қару-жарақ қана көзге ұрады. Арасындағы Тулада жасалған қосауыз мылтық, оқпаны күміспен күптелген көне тапанша, қайқы қылыш, қорамсағы жебеге толы садақ пен екі айбалта бар. Айбалталардың шебер қолдан шыққаны көрініп тұр. Бас мейман біреуін қолына алып қарап көреді. Киіз үйде бұларды Тезектің бәйбішесі қарсы алады. Қасында әп-әдемі, бірақ беті ұйпаланып үлгерген қызы мен үстінде сары қытай шапаны бар, бет-аузы сатпақ-сатпақ ұлы отыр. Амандық-саулық сұрасқан соң Тезектің қарындасы, Шоқанның жесірі Айсараның отауына кіріп, ерінің мезгілсіз опат болғанына мейілінше өкінетіндерін, тірі жүрсе ақыл-парасатымен де, білген-түйгенімен де
баршаға пайда келтіретінін айтып, шынайы көңіл білдіреді. Сірә қайғыдан қабырғасы қайысып іштей мүжіліп отырса керек, — жесір босап жылаған да, сыңсып үн шығарған да жоқ. Өте-мөте түсі игі әйел екен... "Қарындасының отауында отырғанда Тезек бізге Александр І патшаның албан болыстарын басқару жөніндегі жергілікті әкім Хакімбек сұлтанға 1824 жылы берген сенім хатын көрсетті. Ол оқамен қапталған барқыт пәпкеге салынып, оған үлкен күміс мөр ілініп қойыпты. Сенім хаттан Ұлы жүздің әскерге алудан мәңгі босатылатыны туралы уағдада көзге ұрады" — деп жазады Гейне (Шоқан Уәлиханов. Шығармалар жинағы. 5-том). Бұл үзіндінің бір өзі-ақ Тезек туралы қыруар мағлұмат бермей ме, асылы, ол мыңғыртып мыңды айдаған асқан бай адам емес. Аға сұлтан қайтыс болғанда артындағы қатын-балаларына жеті жүз жылқы, жүз он түйе, тоқсан сиыр қалады. Бұл орташадан сәл ғана жоғары ауқат. Арқа төрелеріндей сән-салтанат қуып, жиһаз жинауға да әуестігі болмаған сыңайлы. Әкімдігі мен ақындығы бара-бара оның байлығы дастарханынан, бары қонақтарының алдынан табылып, осы атыраптың ақын-жыршылары мен күйшілері ауылынан ат ізін суытпай ертелі-кеш думандатып жатқан. Ақын атаулының байыған күні бар ма, бірі келіп ат мініп, шапан киіп жатса, екіншісі келіп, сауын алып, соғымын осыдан айыратын болған. Жастарынан жалт еткен жалын байқаса-ақ, олардың шабытына тамыздық тастап, желпінтіп жел беріп қашан қанаттандырғанша асыққан. Әдетте мұндай өнерге, өлеңге деген қамқорлықты өркениетті елдерде меценаттық дейді. Меценат — ежелгі Римдегі мәмілегер болып патшаға жақын жүретін бір байдың аты. Ол ақындарды қамқор қанатының астына алып үйірме ашып, олардың өлеңдерін насихаттаған, кітаптарын шығаруға қол ұшын берген. Римнің бағзы замандағы белгілі ақындары Вергилий мен Гораций осы үйірмеден шыққан. Бертін меценат жалпы есімге айналып ғылым мен өнердің, әдебиеттің қамқоршы қолдаушысы деген мағынаға ие болған. Меценат деген атақ алып, айдар тағынбағанмен ақын-жазушыларға, әншікүйшілерге қамқорлық көрсетіп қарасып тұратын көзі ашық, көңілі ояу байлар қазақ қырында аз болмағаны аян. Олар біздің бүгінгі байлардай айдаладағы Ялла сияқты әншілердің шашбауын көтеріп шығынданбай, өз өнерпаздарын түлетіп төңірегінде ұстаған. Ұлы Абайдың әкесі Құнанбайдың ауылы аузы дуалы дарын иелерінен арылмай, болашақ ақын бала күнінен кестелі сөз бен өрнекті ойдың мәйегін еміп өскен. Шоқан достарының естеліктеріне үңілсек, Арқа өнерпаздарының ылғи бір ығай мен сығайлары жаз шықса-ақ Шыңғыс ауылынан табылған. Ал медресе ашып, мектеп салғызып, бала оқытуға бой ұрған байлар қаншама. Тезек төре болса, алдымен оның өзі ақын. Бәйгеге түспей жүйрік айқындалмайтыны тәрізді айтысқа қатысып өнер салыстырмай, өлең жарыстырмай ақындық шыңдалмайды. Сондықтан ол өз ауылында ұдайы ақындар айтысын өткізіп, оған әділ қазы ретінде де, ара ағайын ретінде де өзі қатысып отырған. Ұрымтал тұсында сөз семсерін суырып, өзі де айтысып кеткен. Қазіргі күнгі ел аузынан жеткен оның Сүйінбаймен, Түбекпен, Бақтыбаймен айтыстары, Бөгембайға, Құлмамбетке айтқан қағытпалары осының айғағы. Былайша алғанда, бұл айтыстар сюжеттерінде сәл ұқсастық бар бір-бір дастан
тәрізді. Әсіресе Тезек пен Түбектің марқұм Мұқаш Байбатырұлы жырлаған нұсқасының оқиғасы қызықты. ...Бір жылқышы жігіт көл жағалап келе жатса алдынан сайтандай сары ала қаз ұша жөнеледі. Барлап қараса жар-қабақта оның інге ұқсас ұясы бар екен. Онда жатқан үш жұмыртқаның жаңа жарылған біреуінен иттұмсық, жарғақ құлақ күшік сияқты бірдеңе көрінеді. Айнала ұшып кете алмай жүрген италақазға қарамастан жігіт күшікті орап қойнына тығып, қалған екі жұмыртқаны қалтасына салып атқа қонады. Үйіне келісімен жер қазып, інге сап бағады. Алғаш әйелі ит емес деп сенбейді. Ал баласы бауырын көтергеннен-ақ күшікті қолынан тастамай құдайдың құтты күні бірге ойнайтын болады. Бір қар басып жыл асқанда әлгі көзіне көрінген аңды құтқармайтын нағыз құмай тазының өзі болып шығады. Бөкен көрсе таңын айырып, таутеке көрсе тілерсегін қырқып, төңіректен қасқыр, түлкі, қарсақ дегенді қоймайды, тіпті құсты да құтқармайды. Күндердің күнінде құмайдың дабысы Тезек төренің де құлағына жетіп, тазы иесіне ол әуелі сынап көр деп жақын жігітінің бірі Төребайды жібереді. Құмайды бір көргеннен-ақ ұнатқан ол иесін төренің ауылына шақырып кетеді. Хан шақыртса, кедей байғұста не шара, ізінше тазысын ертіп келіп, сыр-сипатын түгел айтып береді. Осы құмайды ендеше ханға қи деп қолқа салған соң жылқышы жігітті қарғысына отыз қой көгендетіп, ат мінгізіп, түйе жетектетіп ауылына қайтарды. Құмай қолына тиген соң сұлтан күмістен қарғы тақтырып, мамық төсекке жатқызып, арнаулы адамға бакқызып оны аңға қосады. Алғыр қыран, жүйрік ат ұстап саят құруды жақсы көретін төренің даңқын құмай тазы тіпті дүрілдетіп жібереді. Бұл кезінде атасы Әділдің өзі аса ардақ тұтқан Түбек ақынның құлағына тиіп тазыны қалап алғалы арнайы жолға шығады. Оның қандай себеппен келе жатқанын алдын ала білген Тезек қарт ақынды сөзден тосып түлкі бұлаңға салып, бұйымтайын бермес үшін әйгілі Құланаян Құлмамбетті әзірлеп қояды. Алайда танымал тарлан жасы тоқсанға тақап қалса да шабысынан танбаған екен. Құлмамбеттің қадамын аштырмай тарпып тастайды. Айтыстың ауаны қайда ауып бара жатқанын бірден сезген сұлтан: "Абайла бұдан былай Құлмамбетім, кәрі айғыр жас айғырды қалай қуды" деп шыдамай, сөзге араласып, "найманнан түлеп ұшып келген" Түбекті қадір тұтатынын айтып, жол-жорасына бір тоғыз, бір қыз атайды. Базынасы бар жерде өтетін кәрі көкжал "бір тоғыз бен бір қызға ертоқымды тұлпар мен бұлғын ішік және құмайды қос" деп салады. Сонда сұлтан оны: Тәубаңнан бүйте берсең жаңыласын, Көрмесең хан Тезекті сағынасың. Төреден ит алды деп ел күлмей ме, Құмайды аузыңа алып не қыласың, — деп қағытады. Үш жүзге даңқы жайылған, діттеген жеріне жетпей тынбайтын Түбек уәжге тоқтамай, болмаған соң Абылайдың әруағын алға салады. Атасының әруағы ауызға алынған соң Тезек те одан әрі салғыласпай: Қайтеді алды-артыңа қарасаңыз Тоғыз да бірталай мал санасаңыз. Әруақтан құмай тұрсын құл садақа, Алыңыз шыныменен қаласаңыз, —
деп қимастықпен құмайын береді. Бұл төренің тектілігін танытатын шын мәніндегі мәрт мінез. Топтан торай шалдырмай, жел сөзде алдына қара салдырмай жүрген кәрі тарланның тегеурініне төңірегіндегі ақындардың бірі де шыдамаған соң Тезек жас дарын, жаңа талап Сүйінбайды арнайы алдырады. Бірақ ақын ағаның жасын да, басын да сыйлайтын, үлкеннің бетінен алу тұрсын үстіне баса-көктеп кіріп баруды әбес санайтын қазақы әдеппен ол Түбектің көзіне түспейді. Бірақ қарт ақын сол түні түсінде жерден топырақ суырып жан біткеннің апшысын қуырып келе жатқан қызыл жел көріп, сыртынан атына қанық Сүйінбайдың осында екенін біледі. Тезекке: "Тіл алсаң сол балаға салма мені" деген тілек айтып "сол болар тұсындағы сұлқылтайың" дейді. Тұлпарды тайынан, жүйрікті шаңынан танитын дана қарттың айтқаны айна қатесіз келеді. Зайыры, Сүйінбай мен Тезектің айтысы осыдан кейін болса керек. Екеуінің де ақындық жалынын, ақындық қарымын айқындаған, көркемдік кестесі айшықты бұл айтыс жайында бұрын да сөз болып жүрген соң оған тоқталмай-ақ, Тезектің Сүйінбайды: Тұсында Абылайдың Бұқар жырау. Хан Әділдің кезінде Түбек тұр-ау. "Әр заманның бар дейді сұрқылтайы" Сұрқылтайым екен ғой менің мынау, — деп мойындағанын айтсақ та жетіп жатыр. Содан бастап екеуі жан аяспас дос болып кетсе керек. Ал жанашыр дос қашанда жылата айтып жаңсақ қадамнан сақтандырып отырған ғой. "Бақтыбай мен Тезек төре" айтысы да өз алдына бір оқиғалы дастан, тіпті түсініктемелерін қосса сахналық туынды да болып кеткендей дүние. Жалайырдан шыққан Бақтыбайдың он алты жасында-ақ ақындықпен аты жайылады. Албырт, жас ақын құрбы-құрдастарының "Өнерің ауылдан аспайды, мықты болсаң өлеңіңді Тезек төренің алдына барып айтпайсың ба!" деген қалжыңына шамданып, хан ордасына аттанады. Жол-жөнекей бір қария кездесіп белінде домбырасы бар бозбаладан жөн сұрайды. Ол ақын екенін, Тезек төренің алдына өлең айтып бағын сынағалы бара жатқанын баяндайды. Сонда әлгі ақсақал: — Балам, тегінде төренің жайын білмейсің-ау, — дейді. — Оның ордасына баратын адам алдымен "Әділдің алтын шаңырағына деп бір атты босағасына байлайды, сосын "асылдың тұяғына" деп төренің өз иығына шапан жабады. Осылайша ескінің ізін жалғап, ежелгі дәстүрді сақтап тарту-таралғымен келген адам ғана төренің табалдырығынан аттайды. Ондай сый-сияпаты жоқ адам даладан келіп, даладан қайтады. Рұқсатсыз кірсең басыңды алады. "Мейлі, даладан айтсам, даладан-ақ айтып қайтармын" деп бекінген Бақтыбай төренің ауылына келіп орданың тұсынан түсіп домбырасын жебей жөнеледі. Бір алладан медет сұрап, Ескененің әруағына сыйынып, үш жүзге "Абылайлап" аты шыққан, кембағал кедей-кепшік, жетім-жесірге шарапаты тиетін Төрені мадақтай келіп: Шешенде тіл, шеберде мін бола ма,
Нашарда шығатұғын үн болады ма. Ақ сүйек хан иемнің тұқымы едің, Бір аттар босағаңды күн бола ма? — дегенде тілінде нәр, сөзінде мән барын байқап қалған Тезек төре ежелгі әдетімен ашу шақырған болып: — Тапайдың тал түсінде үйімнің ту сыртынан келіп айғай сап тұрған бұл қай тентек? Кім де болса бар, басын кесіп алындар! — деп екі жігітін жібереді. Олар кеп "Рұқсатсыз үйінің сыртына келіп айғай салғаның үшін, хан басыңды ал" деп бұйырды десе Бақтыбай: — Төрені даттағаным жоқ мақтадым. Сол үшін басым кетуі керек пе. Басымды төре алмайды, алса құдай ғана алады, — деп жауап қайтарады. Оны естіген сұлтан "Олай болса, сол құдаймен сөйлесіп отырған немені ордаға алып кел" дейді. Ақынның тілі ашынса шешіліп, шабыты шамданса шарықтайтынын жақсы білетін төре екі жігіт жетектеп әкелген бозбаланың үрейін ұшырғалы: "Ее, құдаймен сөйлесіп отырған осы екен ғой. Онда басын алыңдар" дейді жорта. Тезектің оң тізесін баса отырған суан Қожбамбет би сонда тұрып: — Көктемде қой да қоздайды, ит те күшіктейді, қасқыр да балалайды, қой баласы қой болып шөп жейді, ит баласы ит болып боқ жейді, қасқырдың баласы қасқыр болып қой жейді, — деп тақпақтай жөнеледі. — Асылдың басын асыл алмақ емес. Нәсілдің құны сұралмай қалмақ емес. Кейбіреудің жасы құрдас емес, заты құрдас. Мынау Бақтыбайдың өзі құрдас емес, сөзі құрдас шығар. Алдымен аздап сөйлетіп көрсеңізші. Тезек төре енді райынан қайтқандай болып: "Сөйлесең сөйлеші, сөзіңнің түрін көрейін" — дейді. "Бақтыбайдың Тезек төреге айтқаны" дейтін белгілі толғауы дәл осы арада туады. Сонан соң ақын сынының ханды, ханымды қыздарын әуелі мақтау, сосын даттау, тартқан сыйға баға беру, тіпті жұмбақ шешу сияқты қалыптасқан дәстүрлі шарттарынан да сүрінбей өтіп ақындығына көз жеткізеді. Жұмбақты Тезектің өзі айтады. Сен бе едің бәрекелді, Бақтыбайым., Пәтшағар, білемісің жақсы жайын?! Сен өзің ақын болсаң мынаны айт, Кім еді толықсыған күн мен айың? Таппасаң екі-ақ ауыз жұмбағымды Орныңнан тұрмай ажал келді дайын, — деп нос танытады. Бақтыбай да енді айлаға көшіп Төренің өзіне көпшік қоя сөйлейді. Хан Тезек, тегі Абылай Сұлтаным-ай, Қақ жарған сансыз топты торқалым-ай! Сөзге сөз келгеннен соң айта салдым Алла жар өлемін деп қорқамын ба-ай?! Тақсыр-ау, көзің көріп мақтамаймын Күн мен Ай жалғыз өзің Шолпаным-ай! — Таптың, бірақ адастың! — дейді Тезек. Бәрі Әділден тарағанымен бәйбіше баласы Сұлтанмен аты қатар аталғанын ұнатпай. Сөйтіп домбырасын қолына қайта алып төпелеп төгілте жөнеледі:
Хан Тезек — үлкен асқар бел емес пе, Мұхиттың дариясындай көл емес пе. Сұлтаның қу жел қайық болған шақта Хан Тезек мың кісілік кеме емес пе. Сұлтаның жәй төмпешік болған кезде, Хан Тезек сары доңғал дөң емес пе, Сұлтаның жерде қалған тері емес пе, Хан Тезек сілкіп соғар жел емес пе. Сұлтаның қотыр тоқты болған шақта, Хан Тезек бір-ақ қылғыр бөрі емес пе. Адастың айтар сөзден Бақтыбайым, Қызталақ, өстіп айтсаң жөн емес пе?! Дәл осы арада Бақтыбай төрені осал тұстан ұстап, жаңсақ айтқанын еппен ғана білдіреді: Сөйлеп едім жөнделіп, Алдыңызға мен келіп. Ұстай алмадың, тақсыр-ай, Ақылыңды меңгеріп. Кімнен көрдің кемшілік, Сұлтанды адал мал қылып. Өз басыңды таң қылып. Боқ жейтін итке теңгеріп, — дегенде әділқазы болып отырған Қожбамбет: -Алдияр, Бақтыбай жеңіп кетті. Құранда пейішке бірінші балық, екінші қой барады деген. Ал қасқырдың тегі — ит, ол тек тозаққа ғана барады. Бақтыбай оған сізді қимай отыр, — депті. Сөзден ұтылғанын төренің өзі де мойындапты. Бірақ бұл оның өрнегі әсем, бояуы қанық өлең кестесін айшықтай түспесе, көмескілендіре алмайтын еді. Сол жолы ол жас Бақтыбайға: —Мен екі-ақ ақын көрдім. Біреуі — Бақтыбай, біреуі — Сүйінбай. Бақтыбай бетті батыр екен. Өлеңде қарайып алдына қазақ түсе қоймас. Мені әділ төре дейді. Басқа ақындар сыйласа да, қорықса да сен шындықты айттың. Саған Әділдің алтын босағасы ашық — деп батасын беріпті төре. Асылы, "Тезектің бір жағы ақын, бір жағы әкім" деп өзі айтқандай, ол ақындықтан да, әкімдіктен де лайықты орнын тапқан өз дәуіріндегі дара тұлғалардың бірі. Сөз жоқ қабілетінің осы екі қыры да дербес зертгеуді керек етеді. Ал оның өнерге, өлеңге қамқорлыгы өз алдына бір төбе. Жазушы әрі зерттеуші Бексұлтан Нұржекеев: "М.Әуезов "Айтыс ақындарының алтын діңгегі" деп баға берген Сүйінбаймен, атасы Әділдің "сұрқұлтайы" болған Түбекпен, Жалайырдың жүйрігі Бақтыбаймен, құлан аян Құлмамбетпен сөз жарыстырып, ой таластырып өмір кешкен Тезекті қазақ әдебиеті ұмытамын десе де ұмыта алмайды. Ол осы ақындардың бәрін де сынай білген, сыннан өткен соң сыйлай да білген. Тезек — ел тарихынан да, әдебиет тарихынан да сырт қалмайтын адам" деп жазады (Тезек төре. Алматы, "Жалын". 1996 жыл). Оған бұдан артық баға беру қиын болар. Төре десе тіксініп, бай десе безініп бұрынғы атақтылардың бәрінен ат-тонымызды ала қашуға тура келген кешегі заманда талай абзал ата-
бабаларымыздың есімі де, еңбегі де ұмыт болды ғой. Енді соларды қайта тірілтіп, қалың елге жария етер күн туғанда Тезек төренің көзі тірі тұяқтары ата-мұрасын жинастыруға атсалысса, оның тарихымыздағы орны да еңселене түсер еді-ау деген ой келеді.
ӨЛГЕННЕН КЕЙІНГІ ӨМІР
Асылы, адамның табиғаты түпсіз тұңғиықтай тереңіне бойлатпайтын, кемелінен ойлатпайтын тылсым әлем тәрізді ме, қалай!? Біреулер ыңыршағы айналғанша көп жасайды, бірақ артында белгі болар із, айта жүрер іс қалмайды, есімі әу демде өшеді. Ал біреулер қамшының сабындай ғана қысқа ғұмыр кешкенімен артына (өшпес із, өлмес іс қалдырып, есімі мәңгі жасайды. Былайша айтқанда, біреу өзі жүзге жеткенмен, атағы күзге де жетпейді, ал біреу отызға жетпесе де даңқы ғасырға кетеді. Және бұлар тістің суындай аз болғанымен, алтынның буындай, айдың нұрындай жалтылдап, жарқылдап айшықты ғұмыр кешеді. Өлімін өмірмен, мәнді, мәңгі өмірімен ұластырып кеткен оларды халық құйрықты жұлдыздай ақты да өтті дейді. Өткен ғасырда қазақ ойының аспанына жарқ етіп шығып, жалт етіп ағып түскен жарық жұлдыз Шоқан Уәлиханов болғаны бүтінде баршаға аян. Дарынға бай байтақ даланың біртуар сол ұлы перзентінің дүниеге келгеніне 175 жыл толғалы тұр. Әдетте өркениетті елдер оңтайлы сәтін орнымен пайдаланып, ондай ұлдарын ұдайы еске алып, әруағын тербеп әрбір қадамын айшықтай түседі. Жапан даладан дарыған жайбарақаттығымызға басып, біз тіс жарып, тұяқ қимылдатпасақ та, басқа ағайындар Шоқан туралы ұдайы ерте толғанады. Әсіресе, ата көршіміз — орыс жұрты мен қырғыздар оны ертерек қолға алады. Осы орайда оның өзі кезінде білім алып, білікті азамат, байыпты ғалым болып қалыптасқан Омбы қаласында шығатын басылымдар белсенділік танытады десек, әсте артық емес. Бірақ, не пиғылы барын кім білсін, кейбір жарияланымдардың пікірі теріс-шалыс, дау-дамайға бейім. Сондай мақалалардың бірі анау бір жылдары "Ореол-экспрес" атты бейресми газетте жарияланғаны бар. Тақырыбының өзі "Қазақ ханзадасының ойыны ма... әлде өлгеннен соңғы өмірі ме?" деп айғайлап тұрды. "Жоқтан бар жақсы, қалай жазса да еске алып отырғанының өзі қайда жатыр?!" деп өзіңді қанша жұбатайын десең де, мақаланы" мазмұнына қарап мақсатын аңдап, авторының ындыны таза емес пе екен, деген ой тыншытпайды. Ендеше ең алдымен архив үңгіген тарихшы К.Канакидің жұмбақ жазбасын қайта оқып, дүдәмал долбарын алға тартайықшы. "Вологда губерниясының ең бір меңіреу түкпірінде Юг өзеніне төніп ұйқылы-ояу бұйыкқан, санда бар да, санатта жоқ Никольск қалашығы тұр. Финляндиядағы үш жыл каторгадан кейін мұнда Григорий Потанин жер аударылған-ды. Тағдыр теңгесі жерге лақтырсаң, ұдайы бір жағынан түсе бере ме, бір сәт Потаниннің өмірінде жарық сәуле жалт етті. "Құлазыған қоңыр күздің бір күнінде қоңыраулатқан аттар келіп қақпа алдына бас тіреді. "Апырай, тағы да бір жаққа жөнелткелі жатыр ма?" — деп ойладым. Бірақ біреудің атымды атап мені сұраған даусы құлағыма шалынды.
Енді қарасам, үй иесі әйел маған қарай біреуді ертіп келе жатыр... Өз көзіме өзім сенейін пе, сенбейін бе: мынау кәдімгі Шоқан Уәлиханов қой. Петербургтен мені іздеп Шоқан келген! Және жол жөнекей соққаны емес, әдейі іздеп келген мені. Айналайын Шоқаным, менің ежелгі досым ғой!.. Қуаныштан дабдырап тіпті есім шығып кетті. Түні бойы жастыққа да қисаймай, көз шырымын да алмай, әңгіме-дүкенді қыздырып сөйлей бердік. Шоқанның келесі күні жүріп кетуі керек болды. Қайтсін, қызмет бабы солай. Ол қазақ полковнигі еді. Сенсеңіздер бар ғой, ол кеткенде мен баладай еңіреп жыладым. Аспандағы күнім сөніп қалғандай сезіндім..." Баяндалып отырған оқиғаның бір алаңдатар, сыр андатар сәттері бар. Үзінді келтіріліп отырған оқига 1874 жылдың күзінде өткен. Ал Шоқан Уәлиханов 1865 жылдың сәуір айында қайтыс болған. Ежелгі екі дос, ескі жолдас — Григорий Потанин мен Шоқан Уәлихановтың таңғажайып кездесуі кейінгісі дүние салғаннан соң табаны күректей он жылдан соң қауышуы болмақ. Кімді де болсын ойландырып, айран-асыр, таң-тамаша етпей қоймайтын оқиға. Бұл қалай болганы сонда? Потанин мен Уәлихановтың кездесуі жөніндегі деректі М.Х.Свентицкая 1927 жылы "Северная Азия" журналының 5-6-шы кітаптарында басылған "Потанин туралы естеліктерінде" жария етті. Кейіннен бұл жаңсақ деп табылды, Свентицкая ұмытып қалып, оқиғалар мен адамдарды шатастырып алған-мыс дегенмен доғарылган-ды. Бірақ кәміл көз жеткізер бұлтартпас себеп-салдар емес еді бұл. Шоқанның дүниеден өткені ресми жарияланғанға шейінгі өмірінің бір жарым жылы жантөзгісіз тозақ болды. Ресей империясы оның түп ізіне түсіп, кезкелген сәтте тұтқындауға әзір тұрды. Отандастары оның әрбір адымын аңдып, қия бастырмайтын болды. Сондықтан шалғай ауылда Тезек төренің қанаты астында бұғып жүре беру оған қорлық сияқты көрінді. Бұдан құтылудың жалғыз жолы қараңды батырып кету. Бірақ о дүниеге емес, бұдан қырық жыл бұрын мүсәпір шал Федор Күзьмичке айналып тағын тастап ғайып болған Бірінші Александр патша сияқты көз көрмес, құлақ естімес жерге кету керек. Өңін өзгерткен сұлтанды Түркістанға шығарып салып "дүниеден осылай озуына" қол ұшын берген Шоқанды бек сыйлайтын Г.А.Колпаковский болды. Онда да ол Ресей сыртқы істер басқармасының тапсырмасын тындырымды орындап полковник атағын алады. Арада он жыл өткен соң Григорий Потанин оны осы полковник дәрежесінде көреді. Олай болғанда бұл оқиғаның ұштығы А.Врангельдің Шоқан жайындағы естелігінде айтылғандарға сәйкес келеді. Шоқанды ол XІX ғасырдың алпысыншы жылдарының екінші жартысында Парижде ұшыратқанмын дейді. Оның үстіне бұл пікірді сол жылдары Герценнің "Колоколына" атын қоймай біреудің дала тақырыбына қалам тартып тұрғаны да айқындай түсетін тәрізді. Өйткені о тұста бұл мәселені Шоқаннан артық ешкім білген жоқ еді.
Көрдіңіз ғой, қалай-қалай жақауратып, қалай-қалай жалтаңдататынын. Әруақты тебірентіп тіл тигізбегенімен де өлуі күмәнді, көмілуі дүдәмал деп отырған жоқпа! Оган илансақ Алтын Емілдің етегіндегі Көшен тоғанындағы қорымға жерленген ұлы ғалымның өзі емес, өзіне ұқсас біреудің мүрдесі секілді. Жалпы алғанда, осынау күмән-күдікте негіз бар ма? Мұндай қимылқәрекет қазақ деген халықтың мінез-құлқымен сыйыса ма деп ойланған автор болсашы. "Тисе терекке, тимесе бұтаққа"деп перген де кеткен. Сөйтіп, аққа қара, ақиқатқа жала жауып отырғанын аңғармаған тәрізді ол. Ал, шынайы шындық қалай екен? Оны Шоқан жайлы мағлұматы бар әрбір азамат білуге тиіс. Оны үзеңгілес оқымысты орыс достарының, әсіресе қазақ халқының қамқоры болған Григорий Потаниннің жазғанына зер салсақ, қыр ұлының денсаулығы жасынан ақ дімкәстау болғанын білеміз. Зайыры, кадет корпусының тас қабырғаларында өткен күндер оның денсаулығына зақым түсірмей қоймаса керек. Оқып жүрген жылдары жаздай ауылда болып ақ ішіп, қымызбен емделіп, қуат жинап қайтып жүргенімен, батпандап кіріп, мысқыддап шығатын сырқаттан мүлдем құлан-таза айығып кете алмайды. Дегенмен, албырт жас ыңқыл-сыңқылға бой алдырмай, оттай ойнап, шоқтай жайнап жалындаған қалпы тарта береді. Қашқария сапарынан оралғасын да аз-кем тынығып денсаулығын түзеудің орнына жұмысқа басымен сүңги жөнеліп ұшы-қиырсыз мағлұматтарды бір арнаға түсіріп аумақты-аумақты еңбектер жазды. Одан іле Петербургқа шақыртылып, астана зиялыларының алдында есеп береді. Тағы да түн қатып түс қашып көз шырымын алмай жасаған ұлан-асыр жұмыс. Патша ағзамның бұйрығымен Азия Департаментіне жауапты жұмысқа тағайындалған ол астанада сан-салалы қызметтің қайнаған қазанына түседі де кетеді. Әскери-оқу комитетінің Бас штабында, Географиялық қоғамда да істейді. Сөйте жүріп университетте лекция тыңдайды. Әскери-оқу комитетінің тапсыруымен Шығыс Түркістан мен Орта Азияның картасын жасап береді. Кіндік Азияның кемел білгірі ретінде қоғам мүшелерінің алдында қызғылықты лекциялар оқиды. Атына алыстан ынтық орыстың озық ойлы демократ жазушылармен және ғалымдарымен жүзбе-жүз кездесіп, ауыз-екі сөйлесіп және бір өмір мектебінен өтеді. Елдің атағы әлемге әйгілі ығай мен сығайларына терезе теңестіру үшін жар құлағы жастыққа тимей, ертелі-кеш ізденіп, оқып үйренеді. Қисапсыз күшқуатты, көп уақытты талап еткен бұл үрдіс өзі дімкәс денсаулықты тіпті титықтатып жібереді. Оның үстіне Нева бойының тұманды дымқыл ауасы да кәмекілі өкпеге кері әсерін тигізіп, дәрігерлер көкірек ауруының көкжөтелге айналып бара жатқанын айтып, жас ғалымды келер жаз дереу қырға аттандырады. Астанада болған бір жарым жылда бір жарым ғұмырға жетерлік білім жинап, жан-жақты рухани байып қайтқан Шоқанның Сырымбет бауырында туған ауылында өткізген сол 1861 жылғы жазы өміріндегі елеулі бір белестей болды. Борлық бойындағы жаңа жайлауға көшкен бай ауылы ауырып келген жас жігіттің жақсы тынығып, денсаулығының түзелуіне барлық жағдай жасады. Дертке дауа таза ауа, шипалы ас, жақсы күтім, көңілді орта оны тез сергітіп, тез көтереді.
Оған арнап тігілген ақ отау үйдің төңірегі күнде той, күнде жиын, ойынсауық болды да жатты. Жас ғалымның төңірегі кілең бір әнші-күйші, сал-сері, ақын-жыршылар: бірі ән салса, бірі күй тартады, бірі ертегі айтады. Әсіресе Шоқан қобызшы Қанғожаның Құрымбайын, әнші Олжанның Көкенін, ертегіші Қарекені қасынан екі елі шығармайды. Бәрінен бұрын Қанғожа ағасының қобыз бен домбырада, сыбызғыда орындайтын әсем сазды, ерке назды күйлері оның делебесін қоздырып, шабытын шарықтатады. Оның "бақыт — менікі, өнер — Қанғожанікі" деп мәтелге айналып кеткен қанатты сөзі де дәл осы жазда туды. Әкесі Шыңғыс та баласының көңілін аулау үшін Орынбай мен Шөже бастаған Көкше өңірінің атақты ақын-жыршыларын жиі шақырып, қонақ қылды. Шоқан олардан келген сайын жаңа жырлар, қиссалар, аңыз-әңгімелер жазып алып, халық қазынасымен сықалған зерде сандығын жасандыра береді. Шоқанның ақ отауына ән-жырмен қатар мұңзар да ат ізін аз салған жоқ. Көрші ауылдардан кун құрғатпай арыз-шағым айтып келіп, ақыл-кеңес алып қайтатын кедей-кепшік, жарлы-жақыбайлар қаншама. Олардың ауыр тұрмысы, азапты тірлігі ғалым жанына қатты баттады. Оқығаны аз қараңғы халықты қырда қорламайтын, тонамайтын ұлық жоқ. Қорлық-зорлық пен әділетсіздіктен аяқ алып жүре алмайсың. Көрнеу қиянатқа куә бола тұрып қол ұшын бермесең және болмайды. Бұл іс-қимыл жүрегі ізгі ғалым мен жергілікті әкімдердің арасын алшақтата түсті. Оған келіп Айжан деген қасіретті махаббат қосылып, кұлазыған күзгі даладай Шоқан көңілі де қоңылтақсып, өз ортасынан оқшауланып бара жатгы. Қашанда қайғыдан қайрат шыңдай білетін күрескер жан әділетсіздік атаулыға жорық жариялап, мыңмен жалғыз алысуға кірісті. Халықты қараңғылық пен қанаудан, надандылық пен тонаудан, отаршыл әкімдер мен атқамінер топас байлардың езгісінен құтқарудың жолын іздеп, тордағы арыстандай аласұрды. Елді өгіздей өрге сүйреп, өркенін өсіретін де, еңіске тартып, еңсесін түсіретін де басшы деп біледі ол. Сондықтан жұртты көзі ашық, көкірегі ояу, оқығантоқығаны мол адам басқарғаны баршаға пайдалы. Оны өз өнегесімен дәлелдеу үшін ағартушы ғалым аға сұлтан сайлауына да түсті. Алайда адал перзентінің абзал ойын қалың ұйқыдан әлі оянбаған қараңғы елі түсінбей, қара күшке сенген қатал тобыр оны сайлаудан құлатып жіберді. Оған ағайын-туғандар сенгенмен арадағы түсініспестік қосылып достан да, дұшпаннан да көңілі қалып әбден торыққан Шоқан Омбыға кетіп қалады. "Баршамен жалғыз алысудың қиын екенін енді ғана көзім жетіп отыр, — деп жазды ол ақын досы Апполон Майковқа. — Ақиқат қанша жарқын болғанмен, уақыт тұманы күлтелеген жаңсақ жолды жарық түсіріп түзете алмайды екен". Қаладағы жағдай және белгілі. Ию-қию тірлік, таусылмас қоғамдық жұмыс. Шоқан бұл жолы облыстық басқарманың заң комиссиясының жұмысына ат салысып, қазақтың билер сотының төркінін зерттеп, табиғатын ашып береді. Тағы да туған халықтың тарихына ден қойып терең бойлайды. Батыс-Сібір генералгубернаторының өз ұсынысымен жаз бойы Орталық, Солтүстік Қазақстанды аралап, Атбасар, Ақмола, Баянауыл, Қарқаралы, Көкшетау дуандары қазақтарының құқықтық қарым-қатынастарын зерттеп, ежелгі қазылық ғұрпы
жөнінде көлемді еңбек жазды. «1863 жыл Сібірге қайта оралып, Омбыға келгенде мен Уәлихановпен бірнеше мәрте кездесіп, таныстығымды одан әрі жалғастырдым, — деп жазады сол кезең жайында Л.М.Ядринцев. — Ол бәзбаяғыдай сымбатты сұлу, ақжарқын алғыр, астананың сыпайы сырбаздығы тал бойында сол қалпы сақталған, бірақ бұрынғысынан өңі ашаң тартып, әлжуаздау көрінді. Өкпе ауруы меңдеп бара жатқан сияқты. Астананың алдың-дүлдің өмірі зардабын аз тигізбесе керек. Соған қарамай оның Петербургке қайта барғысы келіп жүрді. Неге екені белгісіз, ол ойынан айнып қырға кетіп қалды. Ал артынан оның Ташкентке шеру тартқан генерал Черняевтің жасағына ілесіп кеткенін есіттім". Бәрі де осы Черняев жасағынан басталды. Орта Азияны тереңірек зерттей түсу арманынан арылмаған Шоқан генерал Черняевтің әскери экспедициясына шақырылды. Экспедицияның мақсаты — Оңтүстік Қазақстан мен Орта Азияны Ресейге қосу болатын. Генералға жолбасшы, адьютант әрі аудармашы болған Шоқан бұл міндетті жергілікті халыкден келісіп бейбіт жолымен шешу керек деген байламға келеді. Ол пікірін айтқанда, алғаш генерал да мақұлдайды. ӘулиеАта қамалына кірерде ғалым өз ойын тағы да қайталаған. Алайда патша үкіметінің отарлау саясатының сойылын соғушы содырлы ақкөз отаршыл М.Г.Черняев сөзінде тұрмай, көзіне қан толып, қарусыз бейбіт халықты қынадай қырып, аяусыз тапап жанышты. Оның бұл қанқұйлы қылығына, опасыз озбырлығына шыдай алмаған Шоқан табан аузында Алматыға тайып тұрды. Одан Алтын Емелдегі Тезек төренің ауылына барып, оның қарындасы Айсараға үйленеді. Адам үшін үмітінің алдануынан асқан опыныс та жоқ, өкініш те жоқ. Алдыңғы қатарлы азамат деп имандай сенген генералдан көрген озбырлық пен опасыздық дүниеден баз кешіртіп, бүкіл өркениет атаулыдан түңілткендей болды. Қаншама жан салып, қан кешіп қызмет еткенде отаршы жұрттың өз есебі өзінде екенін бір-ақ біліп сан соқты ол. Жүрегін үңгіп жегідей жеген жан азабы оның діңкесін құртып, дімкәстігін үдетіп жіберді. Ол Жетісу генерал-губернаторы Г.А.Колпаковскийге жолдаған соңғы хаттарының бірінде: "Кеудем шаншып ауырады, өкпеден сары су шығаратын құсық тастың майы, болмаса сондай бір дәрі-дәрмек жібере алар ма екенсіз. Сонымен адал құлыңызды тіпті тәнті етер едіңіз", -деп жазыпты. Ал 1865 жылдың басында ол әкесіне ақтық хатын жолдайды. Онда: "Әбден қажыдым, хал-дәрменім қалмады. Солып-семіп барамын. Саудыраған құр сүйегім ғана қалды. Кешікпей жарық дүниеден де көз жазатын шығармын. Маған енді қайтып ғазиз туғандарым мен достарымды көру бұйырмаған болды ғой. Оған енді ешқандай шара жоқ. Бұл менің ең ақырғы хатым. Қош болыңдар, баршаңды да құшып, аймалаймын", — дейді ол. Араға аз күндер салып Сырымбетке Тезек төреден Шоқанның дүниеден озғаны туралы суық хабар жетеді... Әлгіндей ауыр науқасы күннен-күнге меңдеп, әл үстінде жатқан адамның аяқ астынан жазылып кетіп және он-он бес жыл тағы да алаңсыз өмір сүруі ақылға сияр ма?! Омбылық автор Мария Свинтицскаяның "Северная Азия" журналында 1927 жылы жарияланған мақаласына сілтеме жасайды. Араға жарты
ғасыр түскенде оқиғаның айы, күні, тіпті жылы шатасып кетуі ықтимал дегенге және дау айтпақ. Тіпті Шоқанның өмірі мен еңбегін алғаш зерттеп, талай естелік жазған, толық өмірбаянын тұңғыш қағазға түсірген Григорий Потаниннің шығармаларының ішінен осындай секем сезіле ме? Ол Шоқан жөніндегі алғашқы библиографиялық очеркінің өзінде-ақ: “Қаланы аларда солдаттарга жан түршігерлік тонау мен талауға рұқсат берілуінен оның төбешашы тік тұрып, Черняевтің жасағын тастады да, бірден Верныйға оралды, ұзамай Қытай шекарасындагы Тезек төренің ауылында өмірден отті" деп тайға таңба басқандай анықжазды емес пе! Артынан арага әлденеше жылдар салып, досының әкешешесін әдейі іздеп барып, жазып қайтқан "Соңғы қазақ ханзадасының шаңырағында" атты очеркінде де Шоқанның тірі қалып, дүниенің төрт бұрышын түгел шарлаған тылсым тірлігінен ныспы бар ма?! Қайта Шыңғыс қарияның қазақтың ежелгі іштартар ғұрпы бойынша бұны сақалынан ұстап тұрып, көзінекөзін тақап бетінен сүйгенін, сол арқылы шаңырағының сәні болған ұлын еске түсіргенін таң-тамаша боп жазды ғой Потанин. Жалпы, Шоқанның ажалын ауруынан гөрі жан азабы жеделдетіп жіберген тәрізді. Шығыстағы адал күрескері болған ол орыс елінің отарлау саясатының сойқанын кейін сезді, кеш білді. Кеш білді де бармағын тістеп, өзін-өзі жеді. Смағұл Садуақасовтың: "Осынау сымбатты орыс армиясының офицері өмірінің соңында барлық орыс достарынан безіп, кең қолтық қазақтың шекпені мен қырдың саптама етігін киіп, сахараның шалғайындағы бір ауылда бұл пәниден көшті" — дейтіні содан. Сібір аймағының билеушісі Ядринцевтің өз қолымен жазған мақаласында Шоқан Уәлихановтың қазасы еуропалықтар үшін ескерту, бұл әр орыс адамын ойландырар сабақ, деп атап көрсетуі, әсте тегін емес. Ендеше Шоқанның өмірден ерте өткеніне қандай шүбә болуы керек. Олай болса жер астынан жіп шығарып, екі қүлағын тік шығарып Канаки мырзаның мынау далбастауына не жорық "Кәдімгі қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақтың" кері де. Кәне, енді Герценнің “Колоколымен" байланыс жасап, дала тақырыбына жазып тұрған Шоқан болмаса кім, бұл мәселені о тұста одан артық ешкім білмеген дегенге келейікші. Ең алдымен отыз жасқа дейін бес томга әрең сияр ғажайып, ғылыми, әдеби мұра қалдырған ағамыз құдай бергенін алып кетпесе, азын-аулақ хабар-ошармен шектеледі дегенге кім сенер. Сірә архив маманы Шоқанның аяғын ілешала шыққан Мұхаммед-Садық Бабажанов пен Мұхамедқали Тәукин сияқты оқыған қазақтар болғанын, олардың да озық пікірлі баспасөзге жиі қалам тартып тұрғанын білмейтін-ақ шығар. "Колоколға" қатысып тұрған неге солар болмасқа. Рас, оларды Шоқанның өресімен өлшеу артық. "Оның деңгейіне олар тұрсын Небольсин мырза екеуміз де шендесе алмаймыз. Шоқан Шыңғысұлы — әзір қазақгар арасындағы жеке дара тұлға, айрықша құбылыс. Енді ондай құбылысты ұзақ күтуге тура келеді деп кезінде Бөкей ордасының билеушісі болған Л.Н.Плотников тегін мойындаған жоқ Әрине, қоян көрген тазыдай, қашқан сөзді тұра қумай-ақ, көлденеңді көкатты не айтпайды деп қоя салуга болар еді. Бірақ омбылық тарихшының осыған дейінгі Шоқанға қатысты деректердің бәрін теріске шығаратын сынайы бар сияқты. Тас жармаса бас жарар бөтен сөз, бөгде сөз қашанда қатерлі. Оны дер
кезінде тойтарып тастамаса болмайды. Әйткенмен осының өзі айыл тартқызып, ойлантарлық жәйт. Бір қызығы, омбылық тарихшы тагы бір әскери ірі тұлға Уәлихановтың болғанын білмейтін тәрізді. Ол Шоқанның немерелес інісі, кәдімгі Уәлиден кейін хан көтеріліп, қытайлармен байланысың бар деп Патша өкіметі тұтқындап, жер аударған Ғұбайдолланың баласы Болаттың ұлы Сұлтанғазы Уәлиханов. ¥лы ғалым өзінен айнымайтын, егіз қозыдай түр-түсі де ұқсас туысын жақсы білген, бірақәсіре пысықайлығы үшін онша жаратпаған. Ағасының аруағын сыйлады ма, әлде қазақ жұртымен біте қайнасып кеткен ғалым қарияны көзі тірісінде көріп қалғысы келді ме, әйтеуір Петерборға бір барғанда ол Вологдаға ат басын арнайы бұрып Г.Потанинге барып сәлемдескені анық. Асық досын, асыл досын сағынып жүрген Григорий Николаевичтің оны ''Шоқаным" деп қарсы алғаны және шындық. Сондықтан ол кездегі полковник Сұлтанғазының оның естелігіне Шоқан боп еніп кетуі әбден мүмкін ғой. Кейін генерал шеніне дейін көтерілген С.Уәлиханов та қаламы жүйрік жазарман болған. Бәлкім, "Колоколдағы" біраз дүние соның қаламынан шығуы да ықтимал. Ал, біз ол тұрсын, халқымыздың біртуар бірегей перзенті Шоқан Уәлихановтың саналы өмірі мен сындарлы еңбегін түгел саралап, ой елегінен өткізіп үлгердік пе, өзі? Оған қатысы бар кез-келген деректі зерттеп білген артық емес-ау, тегі. Күні кешеге дейін оның бес томдығының тек қазақшаланған таңдамалыларын гана қанағат тұтып отырдық емес пе? Оның қазақ-қырғыздың түп-тегі мен Орта Азиядағы хандықтар, Шығыс Түркістан туралы еңбектерінің өзі-ақ тарихымызды тереңдеп түсінуге ден қойған қазіргі кезеңде тұтамы ту биедей қымбат та құнды дүниелер. Демек, Шоқан ғалым ретінде де, дарын ретінде де әлі еркін ашылмаған арал, телегей теңіз тарих. Оның рухани әлеміміздегі орнын айшықтай түсу үшін ғалымдар қауымы әлі көп тер төгуі керек. Сайып келгенде, Шоқанның өмірден озғаннан кейінгі ғұмыры — шабытты шығармалары мен тамаша туындылары ғой. Соны кейінгі кенже буын тереңірек түсінсін деп галымның бұрын аударылмаган тарихи шығармаларының біразын орыс тілінен тәржімалаган едік. Лайымда осы мәңгілік мұралар оқырман зердесінен орын тапсын дейміз.
Казақтардың аңыз-әңгімелерінде Абылай айрыкша қасиеті бар киелі, керемет күдірет иесі болып саналады. Абылай дәуірі казақтардың ерлігі мен серілігінің ғасыры. Оның жорықтары және батырларының көзсіз ерлігі мен каһармандығы жырдастандардың арқауына айналған. Ш. Уәлиханов
ЕКІНШІ БӨЛІМ
ЖАСАМПАЗ ТҰЛҒА,
ЖАЛҒАСҚАН РУХ
АБЫЛАЙДЫ БҮКІЛ ҚАЗАҚ ХАНЫ ҚЫП
БЕКІТПЕГЕН КІМ?
Біреуді төбеге бір көтерсек, қайтып түсірмейтініміз неліктен екен, осы? Абылайды Қазақ мемлекеттігін қалпына келтіріп, барша алаш баласын билеген деп қазір жер-көкке сиғызбаймыз. Ал шынтуайтқа келсек, ол Орта жүздің ғана ханы болған емес пе! Күні кешегі Қазақ кеңес энциклопедиясында тайға таңба басқандай ғып тап солай жазылған. Өткен ғасырдағы орыс құжаттары да осыны растайды. Сонда қалай, қазақ мемлекетін жалғыз Орта жүз ғана құраған ба? Кәне, құдайшылығын айтыңыздаршы, өзі!.. Таяуда бір досымның тарпаңдай дігерлеп, екі аяғымды осылайша бір етікке тыққаны бар ғой. Құжат-құжат деп тістей қабысып, әліптен аспай қатып қалсақ, бұған жуыр маңда жауап таба қою да оңай емес. Жалпы «жақсыға сөз ереді» деген халық қағидасында жан бар сияқты. Шынында да, жақсыға сөз еріп, сөз және тез еріп, тұғырдағы тұлғаларды өрмекшінің торындай шырмап тастайтыны анық та. Ол шырмаудан әр кезеңде ел тізгінін ұстап, көптің көсемі, топтың шешені болған кемеңгер бабаларымыздан бастап, бүгінгі Елбасымызға дейін сытылып шығып кеткен ешқайсысы жоқ. Ауыздықпен алысқан алып-қашты сөз қашан болсын құйындай ұйтқып кез келген дәуірді, кез келген қауымды дүрліктіріп баққан ғой. Үритсоқ сол сыпсың сөз, әсіресе, жүрегі от, жігері өрт Сабалақ жылқышының топ жарып шығып, ата жауға «Абылайлап» ат қойған күнінен бастап, сүйегі туған топырағына сіңгеніне екі ғасырдан асса да, Абылай ханның қыр соңынан әлі күнге дейін қалмай келеді. Әу баста оның төре тұқымынан шыққанына шәк келтіріп, түбі, тегі туралы бір байламға келе алмай, әрең басылған жұрт, енді жарықтықтың жансыз суретін дауласқа салып, жақ-жақ болып айтысуға айналды. Абылай бейнесі сөз болса-ақ, ойыма әсте Сәбеңнің, кәдімгі Сәбит Мұқановтың «Аққан жұлдыз» романындағы бір көрініс оралады. Шоқанның екіүш жастағы кезі болса керек. Жаздың жалпағында Шыңғыс сұлтанның Сырымбеттегі ауылына хан ордасына тәу етіп қайтқалы Балта керей Тұрсынбай батыр келеді. Абылайдың қандыкөйлек серіктерінің көген түбіндегі көне көзі боп қалған қарт батырдың сексеннің ішіне молынан енген шағы екен. Аға сұлтан томпаңдап жүгіріп жүрген тұңғышын жетектеп әкеп, қадірмен қарттан бата сұрайды. Бала Шоқанды көрген бойда-ақ қарт батыр еңіреп жылап қоя береді. -Сабыр, сабыр етіңіз, ата! Көңіліңіздің босағаны несі? Жайдан жай неге жыладыңыз? – дейді бәйек болып Шыңғыс қадірмен қонағын жұбатып. -Апыр-ай, мынау кішкентай, ағаға қалай тартқан! Тура, өз аузынан түсіп қалғандай екен. Көзіне көзім түскенде, хан «иеммен үзеңгі қағыстырып қатар
жүрген күндерім, алдаспанды жарқылдатып жауға бірге шапқан кездерім елес беріп өткендей болды. Иншалла, бабасының бақыты қонып, атақ-даңқын айдай әлемге жаятын ұлан осы болғай, -депті қарт қаһарман көзінің жасын тыйып. Әлбетте, бұл Сәбеңнің ойдан шығарған қисыны емес, ел аузында ежелден бар әңгіме. Мұны халқымыздың тарихына ту бастан-ақ құлағы түрік Мұстафа Шоқайдың білгенінде шәк жоқ. Қырқыншы жылдардың басында тұтқынға түсіп, неміс түрмесінде отырған ақын әрі суретші Мәжит Айтбаевқа Абылай ханның суретін салуды тапсырғанда, оның Шоқан бейнесін негізге ал деп ақыл беруі бұл пікірімізді бекіте түседі. Қазақ өнерпазы жау торында жатып салған, жарты ғасырдан астам көзіміз үйреніп, көңілімізге әбден ұялаған Абылайдың сол суретін өзгертеміз деп сан-саққа жүгіртудің не қажеті болды екен? Оразақ деген археолог бауырымыз Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи мазарының қалтарыс қуысынан табылған бір басты Абылайға теліп, ханның жаңа суретін де жасап шығарды. Одан әзірге басына тәж кигізіп, қанша безендіргенмен, зоб ауруына шалдығып, көзі шарасынан шығып кеткен дімкәс шалды ғана көріп жүрміз. Алдияр болса болар, бірақ Абылай емес. Оның үстіне ханның аузында жиырма жылдан астам бір тіс болмапты деген болжамына тағы да түсінбедік. Бәз-бір жерде Қаракерей Қабанбай Абылайға «орыпық» деген екен, деп жылдырмалатады. Мың жерден батыр болса да, ханға батып, табиғи кемшілігін бетке басып «опырық» деп кемсітуі екіталай ғой. Олай десе, одан асқан әдепсіздік, одан асқан әбестік бола ма? Ал әзілдеп айтса, қалжыңдасуға бір тістің де түсіп қалуы жетіп жатыр. Ғалымның сүйенгені орыс дерегі болса, ондағы «беззубый» азусыз, батымсыз деген сөз емес пе?! Аузында бір тісі болмаса, иегі шығып кетіп, адам сөз сөйлей ала ма? Сонда хан ширек ғасырдай сақау боп жүргені дейміз бе?! Жарықтықтың бойын да аямай-ақ аласартып жіберіпті. Арғымақ атқа ырғып міне алмайтын тәпелтек қана біреу болып шыққан. Балалық шағы алапат ашаршылық пен сұрапыл соғыс жылдарына тап келіп, бойы шарлау болып қалған қайсы бір ұрпағы «бабамыздың да бойы біздей ғана екен» деп мәз болғанымен, біз оған қуана да, илана да қойған жоқпыз. Аузын айға білеген барша қазақ батырларын бастап, ұрысқа өзі бас болып енетін жаужүрек сайыпқыран сардарды шапаты ғана бойы болған деген сәуегейлік көңілге қонбайды-ақ. Жалпы Абылай мүрдесін мазардың ішінен іздеуді кім ойлап тауып жүр? Бұдан бір жарым ғасыр бұрын оның ұлы шөбересі ғалым Шоқан оны Қожа Ахмет Ясауи мешітінің түбіне жерленген деп ап-анық жазып кеткен жоқ па еді. Мавзолейдің түстік қапталында күмбезді үш бейіттің «Есім, Тәуке, Абылай зираттары) қатар тұрғанын көзі көрген қариялар әлі де табылатын шығар. Ал бертін құлаған кірпіштері тоналып, орны қалған қабірлердің бульдозерімен тегістеліп жермен жексен болғанын қала тұрғындарының бәрі біледі. Біле тұра жоқты қолдан жасап, зорлану ұлы баба аруағын қорлау болып шықпай ма? Осы орайда жазушы Тынымбай Нұрмағамбетовтің жанайқайын өз басым халық тарихына деген жанашырлық, құдіретті тұлғаға деген құрмет деп білемін. Сол сияқты күні осы уақытқа дейін Абылайдың туған жылының басы толық ашылып, анықталмай жүр ме деген де күдік келеді. Оның дүние салған уақыты
белгілі. 1781 жылғы мамырда Сібір желісінің қолбасшысы генерал-майор Огарев Сыртқы істер алқасына құпия хат жөнелтіп, онда Орта жүз қазақтарының ханы Абылайдың қайтыс болғаны туралы хабарлайды. «Мамырдың 23 жұлдызында марқұмның ұлы Уәли сұлтан, Қожаш батыр мен Тәуекел молданы жіберіп, әкесінің жорықта жүріп, кенеттен жабысқан аурудан 69 жасында опат болғанын, оның елу жылдай Ресей жағына адал қызмет еткенін баяндапты, дұрыс түсінілуі үшін сол хаттың көшірмесін өзіңізге жөнелтіп отырмын» деп жазады генерал (ХҮІІІ-ХІХ ғасырдағы қазақ-орыс қатынастары». Алматы. «Ғылым» баспасы, 1964 жыл. Очерктегі деректердің дені осы жинақтан алынған). Ал Уәли ханның өзі 1781 жылғы тамызда патшайым Екатерина екіншіге жазған хатында былай дейді: «Осы жылдың мамыр айында жасы 69-ға толған шағында әкем Абылай хан дүние салды. Сіздердің қанаттарыңыздың астында елу жыл қалтқысыз қызмет еткенде өзіне де, өзгеге де нұқсан келтірген жоқ еді. Әкемнің артында отыз ұл қалды. Бәрі де осы ордада сұлтан болып, ел билеп, патша ағзамға адал қызмет қылды... Қарапайым халық жиналып, жұртшылық кеңесінде әкемнен кейін мені хан көтеріп, ел билігін қолыма бергенімен, соған өзіңіздің мархабатыңыз бен сенім-хатыңыз керек болып отыр». Абылай ханның, қазіргі айтылып жүргендей, жетпісте емес, алпыс тоғыз жасында өмірден өткені бұл деректерде айдан анық. Сондықтан ханның дүниеге келген жылын 1712 жыл деп алған әрі дұрыс, әрі әділдік болар еді. Дәл осы жылы шілденің 25 күні Қытай Ежен ханының: «Қзақ ханы Абылайдың қазасына белгіленген рәсім бойынша аза тұтылсын» деген жарлығы шығып, баласы Уәлиге көңіл айтып, хан рухына ас беру үшін сарай ұлығының бірі жіберілетінін хабарлапты («100»құжат, Алматы, «Санат» баспасы, 1999ж). Әдетте мұндай құрмет бір ұлыстың ғана емес, бүкіл ұлттың билеушісіне көрсетілсе керек-ті. Асылы Абылайды, Қытай елінің, қазақтың, алғаш Орта жүздің ханы деп танып, тікелей қарым-қатынас жасауы ХVІІІ ғасырдың елуінші жылдарынан басталады. Билікке мұрагерлік жолымен емес, майдангерлік жолымен, батырлығымен көзге түсіп, қолы жеткен ол алғашқы бетте бұрынғы бедел ханның қасындағы атқарушы билік иесі ғана болып, жан-жақпен құлашын кең жайып, байланыс жасай алған жоқ. Әбілмәмбет ағасы жайлы орын іздеп, Түркістанға ауысқан соң ғана, оған ұлы даланың билігі басы бүтін тиді. Ата жолынан аумай, үлкеннің алдын орамай, билікті әдеппен жүргізгеннің өзінде де тізгіннің кімнің қолында екенін айналадағы жұрт жақсы біліп, төңіректегі көршілер Абылайды жаппай хан деп таныды. Бұл оның Қытаймен де, Ресеймен де бірден байланыс орнатып, тату көршілік қатынастарды өрістетуіне жағдай жасағаны сөзсіз. 1757 жылы Қытай Еженханына хат жолдап: «Атабабамыз Есім және Жәңгір хандардан бермен қарай Жүңгоге елімен хабарласа алмап едік. Міне, ұлы мәртебелі патшасының әмірі бойынша қиыр шалғайда жатқан руларыңызға рақымшылық көрсетіліп, олар қуанышқа кенелді. Патшаның мейірімімен мерейленіп, бәріміз де еміреніп отырмыз. Мына пақырыңыз Абылай бүкіл қазақты бастап Жүңгоге ел болуды тілейді. Жүңгонің ұлы патшасы, тілегімізді қабыл алғайсыз», - деп дұғай сәлем жолдағанда, Еженханның қазақ билеушісін «көпті көрген, жөн білетін жағдаймен санасатын, істің ретін табатын»
адам деп танып, «осы адалдық бойыңызда мәңгі тұрса, сіздерді сөз жоқ ұдайы жарылқап тұрар едім. Бізге деген адалдығыңыз, жұртыңызды ойдағыдай басқарып барға шүкіршілік етіп, қауымыңыздың кәсібі мен нәсібін ойлағандай орнықтыруыңыздан табылмақ» деп, оған бірден халдық белгі жіберуі тегін емес. Абылайдың Жүңго елімен жүргізген сындарлы саясаты әлі де шапқыншылығын доғара қоймаған жоңғар басқыншыларының аптығын басып, арынын ауыздықтауға, түптің түбінде бірін-біріне айдап салып, жойып жіберуге жағдай туғызып, елінің еңсесін көтерді. Ақыры, Қалдан Сереннен кейін қалған билеушілері алтыбақан алауыз болған жоңғарлар өзді-өзі қырқысып, жойылып Тарбағатай өңірін қоныстанып алған қазақ рулары жоңғардан босаған жерге қанат қанат жайып, атемекенін қалпына қайта келтірді. Шығыстағы көршілермен тиімді де тату қарым-қатынас қалыптасуы сауда-саттықты ұлғайтып, қазақ қоғамының дамуына игі ықпал етті. Сауданы өрістетумен бірге елді егіншілікке бейімдеуге күш салды. Қытаймен мемлекеттік сауда жасай отырып, өзбек-ұйғырлармен халықтық сипаттағы сауда-саттықты дамытты. Ресейден адам жалдап әкеп жергілікті жұртқа егін салуды үйретті. Хан ретінде Абылай билігінің барынша күшейген тұсы алпысыншы жылдардың аяғы мен жетпісінші жылдардың басы. Бұл кезде қазақ дүмділері мен атқамінерлерінің өзара ырғылжың қайшылықтарын оңтайлы пайдаланып, өзіне қарсы күштерді әлсіретіп, бар биліктің тізгінін қолына алды ол. Хандық билікті орталықтандыру саясаты арқасында оның пәрмені Ұлы жүз бен Кіші жүз қиырларына да жетті. Бір ғана Жетісу қазақтарын, сұлтан болып, оның алты ұлы басқарды. Хан беделінің күрт өсуі әрине Ресей патшалығына ұнаған жоқ. Бодандық рәсімін ұстанып, орта орданың ханы ретінде ант беріп, орыс патшалығына бағынуын талап етті. Алайда, Шоқан Уәлихановтың ашық айтқанындай, «Абылай ант беру үшін орыс шекарасына барғысы келмеді. Мені хан етіп, халық сайлап, Көктің ұлы өз сенім-хатымен бекітті» деп жауап берді. Патша әкімшілігі әр алуан әрекет жасап, Абылай иелігінде елді іштен ірітіп, ыдыратуға да тырысты, тіпті оның өзін ұстап әкетпек те болды. Алайда, Абылай оған қарсы амал қолданып, құрған тордың талайынан сытылып шығып, құтылып кетіп отырды. Осы екі ортада жылы хан Әбілмәмбет қайтыс болып, Түркістанға бір жағынан соның асына, екіншіден, хан сайлауына ағылып келген үш жүздің жақсы мен жайсаңдары Абылайды күллі қазақтың ханы етіп, ақ кигізге көтерді. Сөйтіп халқы қалап оны исі қазақтың үш жүзін түгел билейтін хан етіп тағайындады. Бұл хандық билік қалыптасып, қазақ мемлекеттігінің керегесі қаланып, шаңырағы биіктеген кез болды. Жоңғар хандығының күлі көкке ұшып, қазақтардың жері кеңіп, ата-қонысын қайта іздеп, Алатау, Алтай баурайына, Ертіс пен Іле бойларына өрісін жайып, салқын тау, самал көл жағаларына мыңғыртып мал бағып, алаңсыз өмір сүріп жатты. Дегенмен, елдің батыс шекарасында Е.Пугачев бастаған шаруалар көтерілісі шырыш бұзбай қойған жоқ. Жайық қаласын басып алып, Орға дейін жетіп, шекараға жақын орналасқан қазақ ауылдарын бүлікке үндеді. Міне, дәл осы тұста Абылай хан бастаан қазақ билеушілері сарабдал саясат жүргізіп, жаңа патшамын
деп кеудесін қаққан көтеріліс көсемінің де көңілін қалдырмай, орыс әкімшілігінің де күдерін үзгізбей, тізгінді тің тартып отырды. Ал елдің өз ішінде бүлік шығарғандарды хандық қатаң тәртіптің тезіне салып, түзу жолға түсірді. Қазақ жеріне көз алартып, малына қол сұққан сыртқы жаулардың сазайын табанда тартқызып бақты. Бұған оның Орынбор губернаторы И.Рейнсдорпқа жолдаған мына бір хаты да дәлел бола алады. «...Менің қарауымда сондай-ақ Ұлы және Кіші ордалар да бар, - деп жазады ол. – Ұлы жүз қазақтары Түркістан қаласына таяу, Тәшкент уәлаятында тұрады. Ол уәлаятта менімен жауласып жүрген қырғыздар да бар. Міне, солар біздің адамдарға дамыл-тыныштық бермей, әлсін-әлі шабуылдап, ауылдарын тонап, қатын-баласына дейін тартып әкетіп жүр. Бұндай озбырлықтан біді қорғай көріңіз деп көз-жасыммен өтінемін. Тентектерді тыйсын, бұзықтарды бұғауласын деп балаларым мен бауырларымды, елдің жақсы-жайсандарын аттандырдым. Олардың артынан ата-мекен қамы үшін өзім де атқа қонғалы отырмын». Байқайсыз ба, беймаза дұшпанның сазайын беру үшін ханның өзі бармақ, бас бағып, бұғып отырмақ емес. Бұл отжүрек, отаншыл билеушінің бағзыдан бергі батырлығы мен батылдығы, қашанда қасқайып өзі алда жүретін дәстүрлі дағдысы. Ел іргесін бекітіп, ішкі-тысқы жағдайларды реттеп, хандық биліктің орталықтандырылған жүйесін жетілдіріп, тәуелсіздікті бекіте түсемін деп жүргенде арада алты-жеті жыл өте шығыпты. Кім білсін, әуелі дербес тірлікке дағдыланып алайын деді ме әлде шаруалар бүлігі әлек-шәлегін шығарған үлкен ел аяқ-қолын бауырына алсын деді ме, Абылай бүкіл қазақтың ханы боп сайланғанын орыс үкіметіне кезінде хабарлай қойған жоқ. Тек 1778 жылғы ақпан айында баласы Тоғым төрені басшы етіп, Уәли, Шыңғыс, Ғұмар сынды ұлдарын Дат, Тәуекел тәрізді батырларды, Мәмет Бекшин, Рыскелді Әбділзәлелов, Таңғыт Сатыбалдиев сияқты ел адамдарын ертіп, Орынборға, одан әрі Петерборға елшілік жіберіп, патшайым Екатерина екіншіге хат жолдап, хандық дәрежесін бекітуін өтінді. Осындай өтінішпен оның алдында жолдаған бір хаты жауапсыз қалған соң, ең жақын, жанашыр деген жандардан елшілік жасақтап, арнайы тағы да жіберіп отыр. Алғашқы хатында мынадай жолдар болатын: «Ұлық мәртебелі патшайым, қазақ жерінің билеушісі мен, Абылай хан, көп жылдан бері өзіңіздің нұр жүзіңізді көріп, лебіңізді өз аузыңыздан естуге құмар едім. Асқан ұлы патшайым, әкелеріміз бен бауырларымыздың көзі тірісінде бәрі де сұлтан болғанын қаперіңізге сала кетуге рұқсат етіңіз, міне енді менің иелігімдегі қазақтар мен олардың басқа да билеушілері мені хан болуға лайық деп тауып отыр. Өз қағандығыңызда мені Абылай хан билеуші деп бекітіп беруіңізді өтінер едім». Мына хаттағы тілек те дәл сол тақылеттес. «Айтқандай, биік мәртебелі патша ағзамның ұлық қасиетті сарайына мынаны жеткізуді парыз санаймын: менің бабаларымның туысқандары болып келетін Әбілқайыр мен Әбілмәмбет хандар дүние салып, олар пәниден өткен соң хандық мәртебесі маған қалды, - деп жазады ол. – Олар қайтыс болғаннан кейін күллі қазақ ордаларының Ұлы, Орта және Кіші жүздің, Тәшкент қаласы мен Түркістан уәлаятының хандары мен сұлтандары жиналып, 1771 жылы жалпы келісіммен, мұсылмандардың кие тұтар әулиесі
Қожа Ахметтің мүрдесі жанында дәстүр бойынша дұға оқып, мені қазақтың үш жүзінің ханы деп жариялады. Алайда, қалыптасқан әдетке орай, бұл атаққа мен, ұлы мәртебелі патшайым, өзіңіз бекіткенде ғана ие бола аламын. Сондықтан, маған осы дәрежені қиып, алтын мөріңіз басылған сенім –хатыңызбен бекітіп беруіңізді сұраймын». Патшайым пікір білуі үшін бұл өтінішті Сыртқы істер алқасына жіберген сынайлы. Әрине, отарлау саясатының жөн-жосығы мен жоба-жоспарын жасап, жүзеге асырып отырған арнаулы мекемеге болу ниеті, оны Абылай сияқты ақылды да айлалы, алғыр да батыл адамның билеуі ұнай ма! Канцлер Н.Панин қол қойып, Екатерина екіншіге өз ұсынысын түсіреді. Онда өтініш білдірушіге қара бояуды жағыңқырап, дәйек-дәлелдерін бір бастан жоққа шығару сарыны басым. Ең алдымен Абылайдың үш жүздің хандары мен төрелері ортақ келісімге келіп, бүкіл халықтың басшылық тізгінін өзіне берді дегеніне күмән келтіреді. «Ұлы мәртебеліге алқа мынаны хабарлау ләзім деп біледі, - дейді олар. – Сұлтанның барша қазақтың атынан бұлайша сайлануы өзінің басымдығын әдеттегіден артық бағалауы деп білеміз. Қазақтардың Үлкен ордасы Абылай тұратын Орта жүзден шалғай өзінше бір тәуелсіз қоғам. Алынған мағлұматтарға қарағанда оларға достық ниеті де аздау. Ал Кіші орда да, Орта жүзге тәуелсіз, бөлек өмір сүріп жатыр. Оның патша ағзам 1749 жылы бекіткен өз басшысы Нұралы хан бар. Дәл оның Абылайды хан көтеріге қатыса қоюы неғайбыл дей келіп, Ұлы және Кіші жүздер жайында ләм-мим деп тіс жармай Абылай сұлтанды Орта жүздің қайтадан сайланған ханы ретінде бекітіп жіберіңіз деген ұсыныс енгізеді. Сол күні-ақ, яғни ұсыныс түскен 1778 жылдың 28 мамырында Екатерина екіншінің Абылайды Орта жүздің ханы етіп тағайындау туралы сенім-хаты мен күллі қазақ халқының сұлтандары мен рубасыларына жолдауы жарқ ете қалады. Сөйтіп, отаршыл елдің «бөлшекте де, билей бер», саясаты тағы да өктем шықты. Патша үкіметі үшін біртуар бірегей тұлғадан гөрі, әліптен аспайтын, бұра баспайтын, бас-басына би болар өңшең қиқым басшысымақтар қажет болды. Оны патшайым Орынбор генерал-губернаторы О.Игельстромға «Қырда хандық дәрежені қалпына келтіру қажет болып қалған жағдайда тартыншақтамай, олардың санын арттыра беру керек. Ондай хандар көбейсе, қырда құдіреті болмай, бізге тәуелді боп жалтақтайды да отырады», - деп ақыл бергені айқын айғақ. Хан болып бекітілген соң, Ресей үкіметінің тәртібі бойынша ант беріп, патша ағзамға адал қызмет ететінін жария түрде білдіруі керек. Алайда, Абылай, Орта жүздің ханы деген орыс берген атақты ант беруден, бас тартты. Бұның себебі, әрине, белгілі. Сонда да орыс тарихшысы А.И.Левшин жазып қалдырған мына деректер оның сырын айқындап аша түсетін тәрізді. «1771 жылы Абылай Ресейдің өзіне жіберген хандық шенінен бас тартты. 1778 жылы оны хан етіп, жаңадан бекіткен жарлық Орынборға келіп тағы да түсті. Оған қосымша бір ішік, бір семсер және сусар бөрік жіберілді. Абылайды арнайы келіп, осы сауғаларды алуға шақырды. Сондай-ақ оның Орынборда, Троицкіде немесе Сібір шекарасында ант беріп, Ресейге қарауын талап етті. Бұл талаптар қабыл алынбағаннан кейін Ресей әкімшілігі Абылай өз ордасында үкімет арнайы жіберген бір лауазымды адамның алдында ант берсе де болады, деді. Алайда
Абылай мұндай жағдайда ант беруден бас тартып, табандап тұрып алды. Осылайша Ресейдің оған қойған талап-тілектерінің бәрі де сәтсіздікке ұшырады», - деп жазады танымал тарихшы. Бұдан Абылай ханның орыс үкіметінің айтқанына көніп, айдауына жүретін жеңіл тулақ желөкпелердің бірі емес, айбынымен, айдынымен досын да, дұшпанын да ығындырып, мысы басып тұратын ұлы тұлға екенін аңғаруға әбден болады. Одан патша өкіметінің өзі де айбынып айылын әсте жиып ұста отырған сияқты. Орыс аюы мен Қытай аждаһасының арасында екеуіне де алдырмай икемді игі саясат жүргізген қазақ көкжалының қарекет-қимылы осындай. Оның күллі қазақтың ханы болғанында, не бір ғана жүздің ханы болғанында тұрған ештеңе жоқ. Ең бастысы – оның елінің еркіндігін аңсап, егемендігіне алғаш жол салып бергендігі.
ҚАСЫМ ТӨРЕ
Алмас тілді, адуын жырлы Махамбет батырдың:
Хан емессің қасқырсың, Қас албасты басқырсың. Дұшпаның келіп табалап, Достарың сені басқа ұрсын, - деген шәлкес шумағы қазақ хандарының арасында тұңғыш зайырлы білім алып, қырда алғашқы мектеп ашып, өнер-білімнің өрістеуіне мұрындық бола бастаған Жәңгірді жадымыздан сызып тастатқыза жаздағаны сияқты, дабыл үнді төңкеріс дауылпазы Сәкен ақынның да Қасым төренің тарихи рөліне терісыңғай әсері аз болмаған ау, деп қаласың. Атақты «Көкшетау» дастанындағы: Баласы Абылайханның Қасым төре, Жасынан сотқарлығы басым төре. Бір күні тау ішінде келе жатты, Өзіндей бір топ жігіт қасында ере, -деп өңкей сотанақ сотқарлардың ортасында найза ойнатып келе жатқан сұлтаннан салған бетте-ақ көңіл суытып, көгілдір таулардың иесі мен киесіндей болған ақ бас бураны атып салуы тіптен түңілтіп, хан баласының қаныпезерлігіне көз жеткізбей ме? Тас боп қатқан сол бура аңыз болса да, халық арасында Қасым туралы қатыгез қанішер деген ұғым туғызғаны бесенеден белгілі. Оның үстіне арынды ақынның :
Хан деген жерге тамған қанға құмар, Дірілдеп өлім күткен жанға құмар; Жазықсыз бейпіл жатқан елді шауып, Типыл ғып жер күңіренткен даңға құмар, - деген жыр жолдары кешегі кеңестік солақай саясатқа тамыздық тастап, хан атаулының бәрін қаныпезер, би атаулының бәрін сөз қуған алаяқ деп көрсеткен тұста Қасым тұрсын, оның алты алашқа аты аян әкесі, қазақтың ұлы ханы Абылайдың өзі сан саққа жүгіртілген жоқ па?
Рас, Абылай ханның жасы елуден асқанда дүниеге келген кенже ұлының қой аузынан шөп алмас момын болып өспесі белгілі. Қараған нәрсесін алып, қалаған жеріне барып, еркін ерке өскен баланың тентек болмауы мүмкін де емес қой. Туғанынан-ақ өбіктеп дүйім елдің төбесіне көтергені тағы бар. Бұқар жыраудың ол туғанда: «Басыңа біткен күніңіз, құтты болсын ұлыңыз!» деп құттықтауы да тегін болмасқа керек. Ал Барон Услар «Қазақ даласындағы төрт ай» атты жолжобасына Қасым төренің 1762 жылы туғанын еш дүдәмәл келтірместей етіп атап көрсетеді. Көмекей әулиенің құттықтау жырының да сол кезде айтылғаны күмәнсіз. Оның тарихи дерек-себебі де барлышылық. ХVІІІ ғасырдың ортасына қарай Еділ қалмақтарының жері тарылып, танауы қусырыла бастайды. Орыс патшасының мегзеуімен Дон қазақтарының мыңнан астам түндігі Еділ мен Илеу өзендерінің аралығына келіп қоныстанады. Қалмақтар отырған өлкенің терістігінен келіп, немістер ірге тебеді. Жайық бойында жаңадан қазақ станицалары бой көтере бастайды. Қытай өкіметінің тепкісіне шыдамай Іле өлкесінен ауып келген Серен бастаған торғауыттармен онсыз да өріс-қонысы тарылған қалмақ ақсүйектерінің апшысы қатты қуырылады. Қалмақ ханы Убаши Астрахан губернаторы Н.А.Бекетовке алпысыншы жылдардың ортасында екі мәрте шағым етеді, одан жоғарыға да арызданады. Патша өкеметі даулы аудандардың мәселен шешуді, ұзын арқан кең тұсауға салып, созып жібереді де, ақыры Еділ қалмақтары дүр көтеріліп, Алтайға қарай бет түзейді. Оны көрген орыс өкіметі Орск бекінісінен генерал-майор Трауберг бастаған әскер шығарады. Бұл әскер босқан елді біраз жерге дейін қуып барып, ара-тұра айқасып қалып, өздері де шығынданып, оларды да шығындап кері қайтады. Қанша шығынданғанымен қашқан халық кері қайтпайды. Әсіресе, олар үшін Мойынты өзеніне жеткен тұс қиын соғады. Осы өңірде қалмақтар Абылай бастаған қазақ хандары қолының қоршауында қалады. Жоңғарияға барар жол кесіледі. Амалы таусылған Убаши Абылай ханға елшілер жіберіп мыңнан астам қазақ азаматтарын қайтаратынын мәлімдейді. Елшілер, әсіресе, кіріптар елдің елшілері тарту-таралғы, сый-сияпатсыз келмесі анық. Олардың әкелгенін айналасындағыларға үлестіріп беріп, тартуға келген қаракөз қалмақ қызын Абылайдың өзі алады. Бұқар жыраудың:
Қасым ханның шешесін,
Хан Абылай алған-ды...
Жабы деген қалмаққа,
Тырнағын солай салған-ды, - дейтіні сонан. Осы Топыш ханымды жыр-аңыздарда қалмақтың ұлы ханы Қалдан Сереннің қызы екен дейді. Оны Абылай алғанда Қалдан Сереннің өмірден озғанына ширек ғасырдан асқан-ды. Сол себепті оны торғауыт Сереннің қызы деген шындыққа жақынырақ шығар. Мейлі ол кімнің болса, оның қызы болсын, ең бастысы, қалмақ ханшаның Абылайға кенже ұлын тауып беруі ғой. Кенже ұл қазақ ғұрпында қашан да шаңырақ иесі. Сондықтан оның жасында сәл өзімшілдеу, сәл өркөкіректеу, тіпті тентек боп өсуі ықтимал. Алайда,
еркін, ерке өскен бала есер емес, есті тентек болса несі бар. Хандардың ішінде алтын тағын балаларының біріне көз тірісінде қиған алғашқы әмірші Абылайдың кенжесінен үміт күтуі де заңды еді. Көкшетаудан Түркістан жаққа көшерде ол елдің жақсы мен жайсаңдарын жинап, осы ойын ортаға салғанда түрлі себептермен ұсынысын өткізе алмайды. Бір бастан :
Атаң Абылай шақырды, Хан сайла деп Қасымды. Уа, сайламаймын Қасымды, Болмай жатып басыңды, Хан болып елді ұстай ма Осындай, долы ашулы?! деп Керей, Әлдебек шешен шықса, бәсентиынқаңжығалының атынан Айтбай батыр тұрып: Уа, Абылай, хан ием, Бақытты туған адамның Артық та болар талабы. Сайламаймыз хандыққа, Қасым деген балаңды. Хан болғанмен айырмас, Арам менен адалды. Сен сүйіп қатын қылғанмен, Арғы заты арам-ды, - деп салады. Тентек деген аты тарап кетіп, оның үстіне қалмақ қызынан туған Қасымды жан салып жақтайтындар көп болмай, әкесінің орнына Орта жүздің ханы боп Абылайдың үлкен ұлы, илі-қайыстау, сөзге үйірлігі жоқ үндемес Уәли сұлтан сайланып кетеді. Телі тентек деп жүрген Қасымның соңдағы шыдамдылығын, іші қанша өртенсе де, шу шығармауын, ешкіммен сөз жарыстырмай, көптің шешіміне мойынсұнуын, аға жолына таласпай, әке ұйғарымына бас шұлғуын ашуын қашанда ақылға жеңдіре білетін естілігі демеске бола ма! Хан тағында қырық жылдай отырса да халқы үшін ауыз толтырып айтарлықтай құнды ештеңе жасамай, қарақан басының қамымен қалт-құлт етіп күн кешкен босбелдеу ағасына қанша ренжігенмен ол сыртынан сөз жүгірткен емес. Қайсыбіреулердей жік шығарып, қарсы топ та құрған жоқ. Өзіне сеніп тапсырылған өңірлерде әділ билік құрып жүре береді. Тіпті ағасы дүние салып, орнына оның үлкен ұлы Ғұбайдолла отырғанда да сайдың тасындай сен тұр, мен атайын кілең көкжал алты ұлы бола тұрып, қарсылық көрсеткен жоқ. Қайта қолдан келген көмегін жасап, ақылкеңесін беріп отырды. Кейін патша кеңесшісі М.Сперанскийдің Сібір қазақтарын билеу жөніндегі жарлығына сәйкес хандық билік жойылып, орыстың әкімшілік билігіне жақын жаңа жүйе жасалғанда Ғұбайдолла Уәлихановты алғаш құрылған Көкшетау дуанының аға сұлтаны етіп сайлап, алдап түсіреді. Арқа жерінде ғана ондай жеті дуан құрылып, бүтін бір жүздің ханы жеті дуанның бірінің ғана басшысы болып қалады. Қапы соққанын білген ханзада қызметке зауқы соқпай, халықтың қарсылығына қарамай қазақ қырында қалалар мен бекіністер сала бастаған орыс
өкіметінің отаршылдығына қарсы көтерілген Қасым төренің үлкен ұлы Саржан бастаған көтерілісшілер қосынына кетіп қалады. Одан патша өкіметінің айлашарғысына арандап, қолға түсіп қалып итжеккенге айдалып кете барады. Сонда батыс Сібір әскери губернаторына арнайы хат жазып: «Әкем Абылай мен ағам Уәлидің заңды мұрагері болып, хандыққа Ғұбайдолла бекітілген», -деп оның қазақ даласынынң заңды билеушісі екенін айта келіп, тұтқаныннан дереу босатуды тұңғыш талап еткен де Қасым төре болатын. Әйтпесе , ел арасы бүлініп, ереуіл атқа ер салынатынын, оған тек өкімет жауапты болатынын қадай айтып, қатты ескертеді. Қасым төренің тілегін орындаудың орнына патша әкімшілігі оның өз ізіне шырақ алып түсті. Бұл екі ортада отаршылдық қыспақ пен жаңа жарғының жүзеге асуына қарсы көтерілген халықты бастап, жиырма екінші жылдан бері кескілескен күрес жүргізіп келе жатқан тұңғышы Саржан сұлтан аяқ астынан опат болады. Орыс өктемдігіне қарсы күреске ол Ташкент күшбегінің қоластындағы қзақтарды да тартқысы келіп, Ұлы жүз жеріне бет алады. Содан секем алған күшбегі Қасым төреден тізе қосып күресу үшін келісімге келейік деген желеумен ұлдарын келіссөзге жіберуін өтінеді. Қанқұйлы күшбегі опасыздық жасап, Саржан мен Есенгелді бастап, келіссөзге келген жиырма адамды табан астында қырып салады. Ағаның азаттық туын құлатпай інісі Кенесары сұлтан іліп әкетеді. Патша өкіметі осының бәрінің бастау кезінде Қасым Абылайхановтың өзі тұр деп түсініп, оны тұқым-тұяғымен құртып жіберуге тырысады. Бұны айғақтайтын деректер толып жатыр. Әлбетте, Қасым төре жасы жетіп қалғандықтан, ту ұстап, топ бастап, тікелей айқасқа шықты деген дерек жоқ. Тек қапияда құрбан болған сайыпқыран ұлдарының кегін қайтару үшін Ташкенттің бір беглербегін айламен алдап түсіріп, жүз елу жасаулымен бауыздап тастады деген сөз бар. Қарт қыранның қолынан ол да келуі мүмкін. Бірақ ақ берен киіп, семсер асынып, соғысқа тікелей араласпағанымен, күрес көрігін қыздырып, отаршылардың зәреқұтын қашырып, берекесін кетіріп жүрген қаһарман ұлдарына ақыл-кеңес беріп, жол-жоба көрсетіп, қажет жерінде басшылық жасап отырғанын жоққа шығаруға болмас. Сол себепті орыс үкіметі сан түрлі, сан түсті жансыздары арқылы алдымен соның басқан ізін аңдытып, ұрымтал жерде ойсыратып соғып жіберуге бұйрық береді. Оның бір дәлелі Ақмола дуанының мәжіліскері Меньковичтің 1837 жылғы желтоқсанда жоғары жаққа жолдаған баянхаты. «Көктем шығысымен Қасым Абылайхановтың алабүлік әулетін түп тамырымен құрту үшін батыл шаралар қолдану керек, - деп жазады ол. – Әйтпесе, бір біздің жердің ғана емес, өзге де ішкі дуандардың есерсоқ қазақтары ойына келгенін істеп, қолымызбен жасағанымыздың бәрін бытшыт қылуы ықтимал. Олардың бәрі Қасымның ықпалына еріп, біздің үкіметке қарадай қарсы, әсіресе, орыстарға бағынғысы келмей жаңа округке кіргенге дейінгі еркіндігін аңсайды». Ақтау бекінісінің әскерлерін басқаратын Симоов деген осы ойды одан әрі өрбітіп: «Азиялықтарға тән томаға тұйықтық олардың ой түпкіріне де, ниет пиғылына да бойлатпайды, ал істің нақтылы жағдайы маған былай деп баяндауға батылдық береді. Сіздің жоғары мәртебеңізден хорунджий Рытов пен төрт урядникті, жиырма екі қазақ пен бір фельдшерді мерт еткен бүлікші бұзықтар көзге түссе-ақ
қатаң жаза қолдануды өтінемін. Бұл мақсатқа Қасым Абылайхановтың қандыбалақ қарақшы тұқымын тұздай құртқанда ғана қол жетеді» - деп жазады. Енді бір баянхатта Қасым балаларының, әсіресе, Кенесары сұлтанның Рытов жасағының көзін құртудағы көздегені Ақмола дуанына шабуыл жасау екенін, қоршауға алынған дуан орталығына Ақтау бекінісінен келер көмектің жолын қырқу екенін баяндайды. Әйтеуір, көтерілген халықтың әр қимылын қалт жібермей жоғары жаққа хабарлап отырады. Соған қарамастан қырда көтеріліске тілектестер көбейе түседі. Ол да патша әкімшілдігінің құлағына күн сайын жетіп жатады. Тағы бір хатта Торғай бойында жатқан Қасым төреге қосылу үшін көшіп жатқан болыстардың тізімі беріліпті. Олар – Сайдалы Жанмурзин басқаратын Алтай-Байдалы, Қуандық Байғызовтың қарауындағы Әліке-Алтай, Ермешек Есқариннің қоластындағы Қойлыбай-Шағырай, Арыстан Құдаймендиннің билігіндегі Тінәлі-Қарпық, Жадай Айшуақовтың иелігіндегі Малай-Қалқаман, Ботай Тәнеев билік ететін Төбет-Темеш, Ертай Алтынбаевқа бағынышты АлшынЖағалбайлы болыстары. Бұл болыс басшыларының бәрі рубасы билер мен сұлтандар. Қасым Абылайхановпен олардың балалары бұл кезде Торғай өзенінің жоғарғы бойына қоныстанып, бағаналылықтармен және қыпшақтармен көрші тұрып жатқан-ды. Ал орыс әкімшілігі әлі ішкі округтер құрамына кірмеген бұл рулар Қасым балалары жағына шығып кетіп, көтерілісшілер қатарын көбейтіп жібере ме деп қатты қауіптенетін еді. Жыл тәулігінің әр маусымына орай, күрес қимылдарының барысына байланысты Қасым төре ауылы бірде Торғай мен Ұлытауға, бірде Сыр бойы мен Қаратауға көшіп қонып жүрді. Кейде Ақмешіт пен Әзірет Сұлтанға да соғып кететін. Бірақ қайда барса да басқан ізін аңдып, патша тыңшылары мен жансыздары қыр соңынан қалмаған сыңайлы. Олар сұлтанның әрбір қадамын қадағалап жоғары жаққа тек жағымсыз жағынан жеткізуге тырысты. Сондай деректерге сүйенген Сібір кеден округінің бастығы 1838 жылдың наурызында қаржы министріне, мәселен, былай деп жазды. «Сіздің аса құрметті құзырыңызға Санкт-Петербургқа келгеннен кейін алған ақпарларымды баян етуді борышым санаймын. Өткен жылы қазан айында бұрнағы жылы Ташкент күшбегі ұстап алып, бауыздап өлтірген атышулы тонаушы Саржан сұлтанның әкесі Қасым Абылайханов өзінің қарақшыларымен Сырдария бойына келіп, өзен жағалай көшіп жүрген халықтармен қосылып, оларды Орынбор мен Троицкіден шығып тікелей Бұқарстанға өтетін сауда керуендеріне шабуыл жасауға ұйтқыттады. Сол себепті кейбір бұқар керуенбасылары Қызылжардағы өкілдікке арыз айтып, жаңадан белгіленген Ақтау бекінісіне үміт артып отыр. Зайыры, былтырғы жылдың аяғындағы қазақ даласында етек алған аласапыран толқулар сол Қасымның айдап салуымен басталса керек. Алғаш олар онша елеулі боп көрінбей, Ақмола дуанының хабарламасы бойынша шешуші шаралар қолданылмаған сияқты. Біздің ішкі дуандар құрамына енбеген қазақтар тарапынан болған сол толқулар өрши түсіп, ақыр аяғында нөпір тобырға айналыпты. Ұзын саны үш мың адамнан асқан ол
тобырды бүлікші Қасымның тағы бір ұлы Кенесары басқарып, қырда біздің саудагерлерді тонап жүрген көрінеді. ... Мұндағы шетелдік және ресйлік азияттардың айтуынша, Қоқан ханының Саржанды өлтірген бұрынғы күшбегіні қайта шақырып алып, оған Ташкенттің билігін қайтарып беріпті. Бұның бәрі бейресми жиналған деректер. Алайда, артық-кемі болғанымен дұрыс шығар деп ойлаймын. Қайткенмен де, жедел әрі батыл шаралар керек. Көктем туып, жер жылынысымен Қасым әулеті қарақшылармен қотарылып Хиуаға қарай көшпек деген сөз бар. Сөйтіп, Ресейге қарсы қылықтары мен зұлымдықтары үшін жауап беріп, жазаланудан құтылып кетпекші. Қалай дегенмен де, алғашқы кезде орыс ұлықтары көтеріліс көсемі Кенесарыдан гөрі оның әкесі Қасым төреден көбірек қауіптенген тәрізді, Қырдағы қарекет қимылдың бәрі соның ақылымен өрістеп отыр деп ұққаны анық та. Қарт төренің Ресейден бөлек дербес ел болуды армандағаны рас. Бұл жолда ол көрші Қоқан, Хиуа хандықтары көмек қолын ұсынар деп көп үміттенді. Құдіретті орыс патшалығынан қаймыққан олардың тілі тәтті, діні қатты әміршілері көмек орнына сырттан қанжар сілтеді. Қасым қарт та сол екіжүзді сатқындықтың құрбаны болды. Сұлтанның бұрынғы хат жүргізушісі Құдайқұл Майлыбаевтың 1840 жылдың маусымындағы куәлік-хабарламасына қарағанда, Қасым төре Абылайханов ұлы Көшек, қызы Бопай, Алтай болысынан екі рубасы Тәтей Жұманов және Ханкелді Қошаевпен бірге Хиуамен достық қарым-қатынасы үшін Ташкент күшбегінің әмірімен ұсталып, тұтқынға алыныпты. Бұл деректі сол тұтқыннан қашып шыққан, ұдайы сұлтанның қасында болған урядник Гаврилла Першиннің айғақтамасы айқындап, аша түседі. Кенесары сұлтан қолға түскен орыс адамдарының бірді-екілісін ылғи әкесіне жіберіп отырады екен. Қасым төре оларды табанын тіліп, жұмысқа салып, құлдыққа ұстамай, ішіндіріп, киіндіріп, өз төңірегінен көп ұзатпайтын көрінеді. Тіл білетіндерімен емен-жарқын әңгімелесіп, әр алуан жайларды сұрап біліп отырса керек. Орыс мемлекетінің жай-күйін, әкімшілік құрылымын, әскерлерінің жасақталуын діттеп, зерде елегінен өткізетін болған. Сол тұтқындардың біразына кәдімгідей іштартып, дінге кірсе үйлендіріп, басына жай, алдына мал салып беруге де уәде еткен. Солардың бірі өзі Ақжол атап кеткен осы Гаврила Першин еді. Қасым төре Ташкент күшбегінің арнайы шақыруы бойынша көктемнің аяғына таман жолға шығады. Жанына жақын адамдарымен қоса Ақжолды да ертіп алады. Ұлы мен қызының айтуына қарағанда, кездесетін жер шекарада тұрған Созақ қорғаны болады. Қорғанға келіп олар күшбегінің келуін күтіп, бірнеше күн тұрып қалады. Күткен кісісі келмеген соң олар Әзірет Сұлтан (қазіргі Түркістан) қаласына да барып қайтады. Сөйтіп жүргенде арада бір айдан артық уақыт өтеді. Бұл кезде беклербек те сапарда жүрген еді. Бұқар әмірі сарайымен арада күрмеуі қиын бір мәселе туып, соны шешуге кетсе керек. Қасым төре сарылып жай жатпай, күшбегінің датқа баласына үш мәрте хат жолдайды. Үшеуіне де
ешбір жауап ала алмайды. Күшбегінің намысқа тиіп қорлау үшін жорта шақырғанына көзі жеткен қарт сұлтан жағдайдың нашарлығын енді біледі. Сөйтіп, санасы сансырап отырғанда Хиуаға жіберген кісісінен ол елдің әміршісі сұлтанды бүкіл тұқымымен өз қанатының астына алуға келісіп, күтіп отыр деген хабар келеді. Төре солай қарай көшуге бет түзейді. Жолға шыққан бетте Созақ қорғанынан көп ұзатпай Ташкенттен жіберілген сыпайлар оларды ұстап, түгел тұтқындайды. Жолдастары мен Ақжол да қолға түсіп, қатты таяқ жейді, бетаузына жара түседі. Бірнеше ай Қасым отбасынан бөлек тұрып, қазының болмашы наны мен ботқасын қанағат тұтып, жарымқұрсақ жүруіне тура келеді. Бірде ол тұтқында жүріп, Қасымның қызы Бопай ханшаның бұны әкесіне білдірпей күшбегіне сатып қойғанын құлағы шалады. Болған жайды ол табан аузында Қасым төреге хабарлайды. Төре әуелі күдіктеніп, ақиқатқа көзі жеткен соң Бопайға қайтарып ал деп әмір етеді. Бұйрық тіл қайтармай орындалып, Ақжол басына бостандық алады. Үміті алдап, сенімі орындалмай, өкініштен өзегі өртеніп қапаланған, қорланған қарт сұлтан жиі ауыратын болып, ақыры төсек тартып жатып қалады. Сонда оған жиі кіріп халін біліп тұрған осы Ақжол ғана болады. Басқаларға рұқсат етілмей, қарауыл басқа ешкімді ауруға жібермейді. Бір айдан соң ауруы әбден асқынып қыркүйекте Қасым төре дүние салады. Беклербек жоқ болып, оның жерлеуге рұқсаты алынбай сұлтанның мүрдесі жер құрсағына берілмей бір ай жатып қалады. Беклербек келген соң ғана ол Әзіреті Сұлтан кесенесіне жерленеді. Әдеби, тарихи еңбектердің біразында Қасым төрені Ташкент күшбегі Созаққа алдап шақырып, басын алған деседі. Алдап шақырып алғаны анық. Бірақ сұлтан ауырып өз ажалынан өлгенін мұрағат деректері дәлелдеп отыр. Алайда, аты алты алашқа әйгілі, айбарлы есімі көрші хандықтарды ғана емес, орыс елі сияқты ұлы мемлекетті тітіреткен Қасым төре сияқты әйдік тұлғаны қорлап, құсалықтан өлтіргенше, бір-ақ шауып, басын алғаны артық еді-ау. Оның үстіне тілі ұқсас, діні бір ағайындас ел бола тұрып, ұлық мүрдені топыраққа тапсырмай бір ай жатқызу мұсылмандықты былай қойып, жалпы адамгершілікке сиятын қылық емес қой. Өлім алдында кешірілмес кінә да, күнә да болмауы керек. Анайы заманның, жабайы қоғамның адамы да қатыбас, қаныпезер, қорқау болғаны-ау, сірә. Тарихи тұлғаларды саралауда кешегі кеңес дәуірінде «ақ», «қара» деген екіақ баға болғаны белгілі. Соның салқынынан әлі де арылып болғанымыз жоқ. Сол енжарлықтың салдарынан Қасым төре де тарихымыздан өзіне лайық орнын әлі ала алмай, данышпан әкесі Абылай мен қаһарман ұлы Кенесарының екі ортасында қала береді. Ал шын мәнінде ол қазақтың екі ұлы ханының арасындағы алтын көпір емес пе, елі азат, жері бат дербес мемлекетті армандап, алдымен әулетін, сосын дүйім елін соған үндеген біртуар нар тұлғаның өзі ол. Асылы, табиғатта да, тарихта да адам таңғаларлық бір қызық жайт бар. Бір атадан туған балалардың бәрі бірдей болмайды. Сол сияқты Абылай ханның үлкен ұлы мен кенже ұлының ұрпақтары арасында да бір-біріне кереғар қайшылықтар бар. Уәли әулеті орыс өктемдігіне бірден бас изеп, оның өнербілімін үйренуге ден қойса, Қасым әулеті отаршылдық саясатқа қарсы әлбеттен-ақ
өре түрегеліп, өмір бойы күресіп өтті. Ол қандай қиындық болса да, алапат ауыртпалықтарға қарамастан, орыс отаршылдығына, Орта Азия хандықтарының қастандықтарына, неқилы басқыншылықтарына қарсы сол күрес аттай алпыс жылға созылып,Саржаннан басталып, Кенесарымен шарықтап, Сыздық сұлтанмен бір-ақ бітті. Соның бастау көзінде Қасым төре тұрғаны күмәнсіз. Халқы үшін коң етін кесіп беріп, жанын да, қанын қиюға қашан да әзір болған, елінің қамы мен болашағын, оның тек еркіндігін, дербестігін армандай отырып көксеген оны ұлтжанды азаткер тұлға десек шындықтан әсте шалғай кетпеспіз.
САРЖАН БАТЫР
Қарқаралы мен Көкшетауда ашылған алғашқы дуандардың қазақ даласын одан әрі отарлап, бұлтартпас бұғауда ұстаудың басы екенін бірден біліп, бас көтерген Қасым төренің тұқымы болды. Қарт сұлтанның өзі Көкшетау дуаны ұйымдаспай жатып-ақ Орынбордың әскери губернаторы Эссенге арыз түсіріп, генерал Капцевичтің Көкше тауларының төңірегінде қала салып, қазақтарды қонысынан тайдырып, өрісін тарылтып, сұлтандар мен Тама рулары келіп қосылды. Көтерілісшілер керуен жолдарын бақылауға алып, бекеттер мен дуандарға да шабуыл жасай бастады. Олардың қатары күннен-күнге көбейе түсті. 1826 жылдың ортасында Саржан өз ордасын Бұғылы мен Тағылы тауларының төңірегінде көшіріп, осы жерде оған Қаракесек, Үйсін, Жағалбайлы болыстарының халқы қосылды. Батыр бауыры Есенгелдімен бірге ауылдарды аралап, жұртты орыс өкіметіне, олардың сойылын соғушы сұлтандарға қарсы күреске үндеді. Тиісті өкімет орындарына Саржан Қасымовтың іс-қимылдары туралы хабарлай отырп, Омбы облысының бастығының өзі: «Саржанның айналасына кілең қарақшылар жиналған, олар Ордадағы жалпы тыныштықтың берекесін кетіріп, ұщқалақ қазақтарды желіктіріп, Ресей үкіметі енгізген тәртіпке қарсы көтергелі жүр. Тіпті қарулы қол жинап, дуан орталығына шабуыл жасамақ ойы бар» деп жазды. Айтқандай-ақ Саржан өз жасағымен 1826 жылдың тамызында Қарқаралы дуанына жорыққа аттанды. Одан алдын-ала хабардар болған патша ұлықтары мен аға сұлтан Тұрсын Шыңғысов табан аузында облыс орталығымен хабарласып, жүзбасы Иван Қарбышев бастаған қарулы жасақ алдырады да, дуанды талқандалудан аман сақтап қалады. Патша ұлықтары енді «басты бүлікші» деп көтеріліс көсемінің соңына шырақ алып шындап түсті. Қарқаралы қоршауында Саржанның біраз жауынгер серіктері тұтқындалып, күмән туғызған ауылдар елдің ішкі өңіріне қарай көше бастады. Ал батырдың өзі соңынан ерген ел-жұртымен Орынбор желісіне қарай өтіп кетіп, Троицк қаласына таяу Қыпшақ болыстарына қарасты аймақты қыстап
шықты. Оның бұлай қарай бет түзеудегі ойы Кіші жүз қазақтарын да отаршылдарға қарсы ортақ күреске көтеру болатын. Орынбор қазақтары туралы жарғыны жүзеге асырмақ пиғылы білініп қалып, үкіметке қарсы толқу туындап, оның ақыры Шерғазы ханды тақтан түсіріп, Қалугаға жер аударумен тынып, онсыз да амалы құрып отырған патша әкімшілігі қырдағы бар бүліктің басы Саржан Қасымов деп біліп, оны қайткенмен де құрыққа түсіруге тырысты. Орыс әкімшілігінің үрейін ұшырған тағы да бір жайт көтерілісшілердің барған сайын көп ұлтты сипат алуы еді. Бас көтергендердің арасында қазақтармен қатар қашқын орыстар, тіпті башқұрттар мен татарлар да көбейе бастады. Патшаға қарсы көтерілген аймаққа Қоқан, Хиуа хандығы мен Бұқар әмірлігі сынды көрші елдерден өкілдер де жиі келіп жүрді. Халық қозғалысының қанатын кең жаюынан зәресі кеткен Омбы облысының басшылығы көтерілісті бассыз қалдырмақ оймен Саржан Қасымовты қолға түсіру үшін Қарқаралы округінің күзет бастығы И.Карбышев бастаған арнаулы жасақ құрып, оны жаңа жауынгерлермен, жас офицерлермен, қуатты қарулармен жарақтандырды. Алайда жер жағдайын жақсы білетін көтерілісшілерге мұздай құрсанған ол жасақ та ештеңе істей алмады. Осы екі ортада бұл жоба-жоспар патшаның өзі Николай І-шіге жетіп, ол Саржан сұлтанды ұстауды әзір тежей тұруға нұсқау берді. Өйткені, бұл туралы Ресей өкіметінің жан-жақты ойластырылған сындарлы бағдары керек болатын. Қанды қырғын талай бүлікті бастан кешірген патша үкіметі әлі ұлан даланың ұлы өртіне ұласа қоймаған көтерілісті басудың өзіндік тәсілін іздестіріп, баяғы «бөлшекте де – билей бер» әдісіне қайта басты. Көтерілістің өз топырағында тебіндегенімен , қаулап өспеуі үшін оның басшысына төре тұқымының өзін қарсы қоюға тырысты. Қандастардың өзара дүрдараздығын дұрыс пайдаланып, біріне бірін айдап салу іштен жеген жегідей отаршылдыққа қарсы ортақ ниетке жарықшақ түсіріп, ұлттық тұтастыққа зақым келтіретін олар жақсы білді. Шынында да, орыс тәртібіне бірден бағынып, отаршылдардың қолшоқпары болған Тұрсын Шыңғысов сияқты сұлтандар Саржанның басқан ізін аңдып, жоғары жаққа әр қимылын жеткізіп, адым аттатпауға барын да, жанын да салды. Бағынбаған ауылдарға күш көрсетіп, салық жинады. Сауда керуендерін тонады деп арызды жаудырды да жатты. Соған қарамастан Саржан батырдың ел алдындағы абырой-беделі барған сайын аспаңдап, көтерілісшілер саны лег-легімен қосылған тың толқынмен толыға берді. Қазақтар көтерілісіне Ташкент әмірі жіберген жауынгерлер де қосылмақ екен деген сыбыс шығады. Патша әкімшілігінің ішкі қарсылықтың дала шегінен асып кетуінен қанша қорыққанымен, жағдайдың алдын алып, қарсы лаж жасауға дәрмені жетпейді. 1831 жылдың қазан айында Ташкент күшбегі найзақылышпен қаруланған, түйелерге артқан шағын зеңбіректері бар үш мың қолмен Саржан сарбаздарына келіп қосылғалы жол тартты. Кездесу кезінде күшбегі мен сұлтан патша өкіметіне қарсы күрестің бағыт-бағдарын айқындап, оның Орта Азияға қанды шеңгелін салуына жол бермеудің амалдарын қарастырды. Бұл кезде қырда күтпеген бір күрделі оқиғалар көбейіп кетті. Екі дуанды көпсініп жүргенде, Орта жүз жерінде ғана олардың саны сегізге жеткізілетін
болды. сол билікті пайдалана отырып-ақ халықтың ортақ ісіне пайда тигізуге болар деген ой Саржанға да келіп, ол үзеңгілес досы әрі туысы Абылай Ғаббасовтың ақылымен Ақмола дуанының аға сұлтаны болу үшін дауысқа түсуге бел байлады. Оның бұл ақылшысы Көкшетау дуанын басқарудан Ғұбайдолла бас тартқан соң облыс бастығы Броневский өз бұйрығымен аға сұлтан тағайындаған Абылай Ғаббасов еді. Патшаға қызмет етуден алғаш ол да бас тартып, Саржан қолына келіп қосылып, оның жауынгер жасағының бірін басқарғанды. Көзі ашық, оқығаны бар ол ел арасында отаршылдарға қарсы үгіт-насихатты кең өрістетіп, бірқатар болыстарды патша өкіметіне қарсы көтерген кісі. Кейін жиырма тоғызыншы жылы дауысқа қайта түсіп, Көкшетау дуанына аға сұлтан болып сайланған-ды. Ауылы аралас, қойы қоралас екі дуан елді екеуі уысында ұстаса, қандай дұшпанға да қыр алдырмасы сөзсіз еді. Алайда, аты-шулы бүлікші деген атағы бар, жеті жыл бойы патша әкімшіліген түсінен шошытып, тітіркендіріп келген қаһарлы сұлтанды үкімет ондай қызметке қайдан қойсын. Патшаға адалдығы туралы қанша жерден ант бергеніне қарамастан, оны аға сұлтандыққа сайламай тастады. Оған апшысы қурылған да, айылын жиған да Саржан жоқ, күрес жолын жалғап келешек жайында кеңескелі Қоқан хандығына тайып тұрды. Көп ұзамай ол жанына жиырма нөкер ертіп, Ташкентке барды. Күшбегіне сыйға деп сексен сәйгүлік айдап апарып, он шақты күн қонақшылап қайтты. Күшбегі қазақ сұлтанына болаттан тоқылған сауыт кигізіп, алтын сапты қылыш сыйлады. Оған жауап ретінде Саржан патша өкіметінің отарлау саясатына қарсы күрес қимылын өршіте түсуге уәде берді. Оның Қоқан хандығымен жақындасуы, Ташкент күшбегінің қыруар әскермен Орта жүз жеріне келуі, патша өкіметін қатты алаңдатып, мазасын кетірді. Батыс Сібір генерал-губернаторы Иван Вельяминов бірнеше жазалаушы әскер жасағын жедел ұйымдастырып, көтерілісшілерге қарсы аттандырды. Бес жүз адамнан тұратын жазалаушы жасақ жансыздардың жол нұсқауымен Саржан ауылдарына тарпа бас сап, талап-тонап төрт жүз елудей бейбіт тұрғындары мерт етті. Әсіресе Алтын, Жағалбайлы, Қаракесек рулары қатты зардап шекті. Сұлтанның бір баласы тұтқынға алынды. Қазақ-орыс жасақтары түп ізінен қалмай, қанша қуғанымен жер жағдайын жақсы білетін, ел арасында беделі зор сұлтан қолға түспей, ұдайы құтылып кетіп отырды. Әйткенмен көтерілісшілер патша әскерінің тегеурініне төтеп бере алмай, едәуір шығынға да ұшырап жүрді. Сонда да қалың ел көтеріліс көсемі Саржан Қасымовқа сеніп, оның төңірегіне топтасудан танған жоқ. Сол отыз екінші жылдың өзінде-ақ Қоянды-Тағай болысының он екі ауылы кеп қосылды. Олар Қарқаралы мен Көкшетау дуандарының қарапайым халқынан ұдайы қолдау тауып отырды. Осы қолдау кейбір сәтсіздіктерге қарамастан Саржанның күресті өрістете беруіне өріс ашты. Отыз үшінші жылдың ұзына бойында ол шағын ғана жасақтармен патша өкіметінің құлақ кесті құлы боп, отарлық тәртіптің шашбауын көтеріп жүрген төрелер мен билердің ауылдарына, бекеттер мен бекіністерге шабуыл жасап отырды. Көтерілісшілердің ізіне түсу күшейе түсті. Оларды түпетектен қуа отырып, патша әскерлері Сарысу өзені бойында Ташкент күшбегі салғызған екі қорғанға тап келіп, табанда қоршап басып алды. «Осы тұтқиыл оқиға Ташкент
күшбегін Ресейден қазақ даласын тартып алмақ дәмесінен күдер үзуге мәжбүр етті» деп жазды Барон Ур. Ал оның алты мың адамдық қолмен қазақ даласына кіре тұрып Ұлытауға жеткен жерде генерал-майор Броневскийдің алты зеңбірегі бар мың адамдық әскерінен үрейі ұшып, бетпақдалаға қарай қашуы қазақ жерінен үмітін мүлдем үздірді. Өкімет әскерлері ығыстырған Саржан Ташкент иелігіндегі өңірде жүріп те күресін бір сәт тоқтатпай, жазалаушы жасақтармен шегіне отырып шайқасып, шабылдауын доғармады. Бірақ Қоқан күшбегінен уәде еткен көмек атымен болмады. Сондықтан Саржан ол тұтса Ташкент билігіне қарасты Ұлы жүздің ортасына келіп, оларды және Сыр бойының қазақтарын патша өкіметіне қарсы күреске көтергісі келді. Алайда өзіне бағынышты ауылдардан айрылып қалам деген қауіп ойлаған күшбегі Саржанның көзін жоймаққа бел буды. Сондай арам ниетпен Қасым төреге балалары келісім жүргізуге келсін деп кісі жіберді. Әкесінің айтуымен жанына жиырма жігіт ертіп келген Саржан мен Ержанды және Есенгелдіні өзбектер нөкерлерімен қоса айуандықпен өлтіреді. Адам айтқысыз бұл зұлымдық туралы сол қанды қырғынның ен ортасында он тоғыз жасар Ағыбай батыр да болған екен. Құдай қағып аман қалған Ақжолтай батырдың немере інісі Шынбай Мыңбаевтың осы оқиғаға қатысты естелігі туралы ұлы ғалым, ғұлама тарихшы Ермұхан Бекмаханов былай деп жазады. «Өзбектің бектері, келген қонақтарды құрметпен қарсы алды, - деп еске түсірер еді Мыңбаев. – Қонақтарды күтуге бөлінген өзбектердің ортасында бір қазақ бар екен. Ағыбай одан көз алмай қарап отырады. Ол да сөйлесуге тырысады, бірақ өзбек бектерінің арасында олар тіл қатыса алмайды. Төртінші күні қонақ болғанда кешкі асты түн ортасына дейін кешіктіреді. Қазақ жігіті қолайлы бір жағдайды пайдаланып, Ағыбайға: өзбек бектері бүгін түнде сендердің біріңді қалдырмай бауыздап тастамақшы, ал мен өзі шұбыртпалы руының адамы едім, дейді. Ағыбай оған ат әзірле деп айтуға ғана үлгіреді. Төрелерге сарттардың арам ойын ишаратпен сездіріп, үйден байқатпай шығарып, атқа міне сап шапқан Ағыбай болған жағдайды Қасымға кеп хабарлайды». Он тоғызыншы ғасырдың басында орыс отаршылдығына қарсы бас көтерген бұқара халыққа жетекшілік етіп он жылдан астам кескілескен күрес жүргізген Саржан Қасымов осылай опасыздықтың құрбаны болып, өзбек ағайындардың қолынан қаза тапты. Он жылдан астам созылған ол көтерілістің тарихи маңызы аса зор. Шын мәнінде ол азаттық аңсаған халықты алдағы айқастарға әзірлеген саяси күрестің тағылымы мол мектебі болды.
САРТАЙ СҰЛТАН
Саржан Қасымов бастаған халық көтерілісінің корнекті көсемдерінің бірі — сұлтан Сартай Шыңғысов. Тіпті оны жаңа ереженің енгізілуіне бірден наразылық білдіріп, Жарғыны жүзеге асыруға бірінші болып қарсы бас көтерген қайраткер десе де болады. Хан билігінің де қызығы мен шыжығын бастан кешірген көшпенді халықтың көбі жаңа жарғыны уағыздаушылардың жылмаң сөзіне ұйып,
тың тәртіптің тұрмыс жағдайын жақсартатынына сеніп, өзгерістерді асыға күткен еді. Ол өзгерістерге жалғыз-ақ Сартай сұлтан қарсы шықты. Төңірегінен қаружарақ асынған шабандоздарды шығармай, өз болысының аймағына бөгде бір жанды жолатпай қойды. Казак-орыс әскерлерін көзге де ілмеді. Алайда Көкшетау дуанын құруға жауапты Омбы облыстық басқармасының төрағасы подполковник Антон Григоровский тарпаң төренің қияс мінезін көрсе де көрмегенсіп, өз жұмысын жүргізе берді. Ел аралап, жергілікті жағдайды біліп қайтқан казактардан алғашқы хабар алысымен-ақ генерал-губернатор П.М.Капцевичке хат жолдап: “Құдайға мың да бір тәуба, жұмысым жақсы жүріп жатыр, — деп жазды ол. — Осындай сәттілікті Қарқаралы дуанын ашуға аттанған ілтипатты бастығым Семен Богдановичке де (Броневский) тілер едім. Оның өзіме жолдаған соңғы хатынан ежелгі ұры — тобықтылар өз пікірлестерін сұлтандар елді сатып жүр деп сендіргісі келетінін аңғардым. Менде әзір ондай сыбыс естілмейді. Ұзын құлаққа қарағанда, тек Уәли ханымының күйеуі ғана (Сартай сұлтан) Ғұбайдоллаға қарсы жеке басының наразылығын аңдатып жүрген көрінеді. Дегенмен, мен дала халқынан тек берілгендікті ғана байқаймын..." Сартай сұлтан Уәли ханның туған інісі Шыңғыстың баласы. Хан дүние салғанда отыздан енді ғана асқан Айғаным ханшаны өсек-аяң ермес үшін ағайындар жиналып, ата-баба ғұрпы бойынша әмеңгерлік жолмен Сартайға қосқан. Бұл Абылайдың Сайман бәйбішесінен тарайтын төрелердің ішіндегі еті тірі, ақыл-парасатына алғырлығы сай, тағанды да табанды, бетке ұстар батыр мінездісі болатын. Ол Ғұбайдолланың әке орнына отырып, хан болғанына қарсылық та, қызғаныш та білдірген жоқ. Ал алдауға түсіп, дуан ашып, оның аға сұлтаны болуға келісім бергенін кешіре алмады. 1824 жылғы сәуірдің аяғында Көкшенің батыс бөктерінде үлкен Шабақты көлінің жағасында Көкшетау дуанының ашылғаны ресми хабарланып, Ғұбайдолла Уәлихановтың аға сұлтан болып сайланғаны жария етілген салтанатқа алты сұлтан, жүз алпыстай бай, алпысқа жуық старшын, молдалар мен көптеген төлеңгіттер қатысқанда олардың арасында тек Сартай төре мен оның нөкерлері ғана болмады. Ол өз бауыры Тортай Шыңғысовты да жиынға жібермей, жолдан кері қайтарды. Сұлтанның бұл қылығына облыс басшылары мән бермеген боп көрінді. Дегенмен, облыс бастығының (генерал-губернаторға берген ақпарында ел арасында іріткі салып, бұқараны толқытып жүрген бай-шора, би-болыс, төрелердің қасында Сартай сұлтанның аты айрықша аталып, оны ұстап, заң бойынша тиісті жазасын беру баса айтылып отырды. Шынында да, Көкше өңіріндегі халық қозғалысына жетекшілік жасап, ел басын біріктірген Абылай ханды айрықша қастер тұтатын Қарауыл жұртының өкілі ретінде ол өзінің ісәрекетін көтеріліс басшысы Саржан батырдың қимыл-қарекетімен үйлестіріп отырды. Жергілікті халықтың жаңа тәртіпке наразылығын Сартай сұлтан казак әскерлерінің басшысы майор Алексей Лукинге жазған хатында ештеңе де ірікпей ашық айтады. "Көкшетау дуанына келіп отырған, Алексей Максимович, сізге негізгі ілтипатымды білдіре отырып, сонымен бірге мынаны хабарлағым келеді,
— деп жазады ол ресми түрде. — Мен басқаратын халық дуанға келіп тұруға келісім білдірген емес. Оны олар қып-қызыл шығын көреді. Әрі дуанның салынуын елді де, жерді де тонау деп біледі. Сондықтан оған келудің өзін өлімдей көреді. Ел иесі патшайымның билік құрған кезі мен Абылай ханның тұсында мұндай дуандардың болмағанын ескере отырып, қадірменді майор мырза, біздің сыртымыздан сөз таратпауыңызды сұраймын. Өйткені біз жаратушы жалғыз құдайдың алдында күнәһар болып қалмау үшін өз дінімізді берік ұстауға бекем бел байлап отырған жандармыз. Оның үстіне Қасым төре мен хан Жұма шабарман арқылы маған екі мөр жіберіпті. Айтқан големдеріне қарағанда, бодандықа ешқашан бағынбайтын әрі дуанға ғұмыр бойы бас сұқпайтын көрінеді". Хатпен жете танысып, Лукин оны Қызылжарға, ал ондағылар Омбыға жөнелтеді. Облыс басшылығы ондағы пікірлерден және өзге де дабылдардан өзгеше ой түйіп, Көкшетау округіне атты артеллериясы бар екі полк аттандырады. Орыстар мен қазақтардың арасындағы байланысты қалыпқа келтіріп, тыныштануына мұрындық болсын деп Орынбор өңіріндегі князь Шанышевтің баласы Мұхаммед-Рақым Шафеевті кеңсе қызметкері шенімен тілмаш етіп жібереді. Ал Лукин жасағы төңіректегі тыныштықты сақтай отырып, Меңіреудің қалың жыныс орманын шетінен кесіп, қала құрылысын өрістете береді. Алғаш қаланың Бұқпа тауының батыс беткейіндегі Шағалалы өзенінің жағасында Сартай сұлтанның ата-қонысы Елікті тауына қараған жазыққа салынуы да көп шу шығарды. Алғашқы құрылыстар өртеніп, шабуылға жиі ұшырай берген соң кент ақыры кеп үшінші орын — Бұқпаның шығыс баурайында Қопа көлінің жағасында бой көтерді. Қазақтың сайын даласы сан түрлі оқиғалармен қазандай қайнап, теңіздей толқып, буырқанды да жатты. Бас көтерген ұлыстардың басылар түрі жоқ. Сондықтан олардың алдымен басшыларын қолға түсіріп, ереуілдеген елді басшысыз қалдыру керек. Ақыры, шиыршық атып, шиеленісе түскен жағдайды реттеу мәселесін қараған Омбының облыстық кеңесі осы шешімге келді. Ең алдымен Сартай сұлтанды ұстап, сотқа тарту керек деген байлам жасады. Себебі, көп қарсылық көрсетіп, жаңа тәртіптің енгізілуіне де, орыс бекіністерінің салынуына да қарсы шығып, қала құрылысына қисапсыз зиян келтіріп жүрген соның ұлысы болатын. Алайда аса сақ П.Капцевич бұл қаулыны бекітпеді. Онымен де қоймай, Айғаным ханшаның Сырымбеттегі мекен-жайынан мешіт салуға бұйрық берді. Оңдағы ойы — оны мұсылмандарды патша өкіметінің игі ниетіне иландыру, біртіндеп жаңа тәртіпке көшпенділердің етін үйрету еді. Осы арқылы ол Сартай Шыңғысовқа да, одан асса бүкіл бүлікшілерге жақсы атты көрініп, ықпал жасамақшы. Бұл қадамның елді елең еткізгені анық. Алайда жаңа жүйеге жаны қас төрелер мен дүмділер халықты дүрліктіруді доғармады. Сартай сұлтан өзі уақытша ғана тыншыған сыңай танытты. Ал бай-шоралар ірге көтере бастаған бекіністерді жиі шабуылдап, жаңа құрылыстарды әлсін-әлі өртеп жіберіп жүрді. Бүлікшілер жасағы орыс елді мекендеріне ашық басып кіріп, ойранын шығарып кететін болды. Бірақ А.Лукин бастаган жасақ ойдағыдай қорғана отырып, құрылысты тоқтатпай жүргізе берді.
Дуанды жауып, қала түсірмеу әрекетінен түк шықпайтынына көзі жеткен Ғұбайдолла Уәлиханов аға сұлтан лауазымын сақтай отырып, хан атағын қайтарып беруін өтініп Санкт-Петербургке өз баласы Болат сұлтан бастаған өкілдер жіберді. Мәртебелі патша сарайы қырдан келген қонақтарға құрмет көрсетіп, сый-сияпат, тарту-таралғыны үйіп-ақ тастайды. Бірақ патша әулетінен шыққан жауапты адам хандық атақ қайтып берілмейтінін байыппен баяндап, қыр ұландарын кері қайтарады. Бұны білген аға сұлтан ашық та батыл қимылға көшіп, атақ-дәрежеден де, тарту-таралғыдан да бас тартып, қызметін тастап өз ауылдарын ертіп алып Қорғалжын көлі маңында жатқан Саржан мен Сартай сұлтандардың қосынына қосылып, келімсектерге қарсы келіспес күреске кіріседі. Күрес ошағы Сарыарқаның сауыры — Орталық Қазақстанға ойысып, Көкше өңірінде өмір өз арнасымен ағып жатты. Көкшетау қаласы ірге көтеріп, Дуан үйінің құрылысы басталды. Жаңаша салынған жақсы үйлерге аға сұлтанның қызметін атқарып қалған Зілғара Байтокин мен мәжіліскер Мүсет Жәнібеков және дуан қызметіне кіріп алған қазақтар мен тілмаштар енді. Көшпелі ауылдан келіп, саңғыраған сәнді пәтерге кіргендер ағайын-туыстарын қонаққа шақырып, түздіктердің аузын аштырып, көзін жұмғызған жаңа жайлардың даңқы қырға да кең жайылды. Бас көтеріп, бүлік шығарған сұлтандардың бұл шамына тиіп, шамырқандыра түсті. Олардың наразылығы күшейіп, қарсы іс-әрекеті өршіп кетті. Әсіресе, дуан өзіне қарасты аймақта бас көтерген Сартай Шыңғысовтың қарекет-қимылы айрықша болды. Облыс пен дуан әкімшілігі оны өз жағына тартып, жаңа тәртіптің жанашыры жасаймыз деген үміті желге ұшты. Тарпаң төре төңірегіне тың күштер топтастырып, жұрттың делебесін қоздырып, алды-артына қарамай ашық күреске шықты. Бұл бүліктің зарары мен салдарынан қатты қорыққан Омбының әскери басшысы Сартайды қайткенмен қолға түсіріп, тұтқындауға бұйрық берді. Бұл бұйрықты жүзеге асыру жүзбасы Чириковтың жасағына тапсырылып, ол оны ойдағыдай орындап, С.Шыңғысовты ұстап әкелді. Сұлтан дереу Березовқа жер аударылды. Әйткенмен ол айдауда онша көп болған жоқ. Мәселеге граф К.Несельроденің өзі араласып, оны әуелі Тобыл қаласына ауыстырып, сосын саяси көзқарасы мен білім-қабілетін саралап, сынап көру үшін Санкт-Петербургке алдыртады. Бір ғажабы, ол бұл сапардан Омбы облысы мен Көкшетау дуанының басшылығын ойран-асыр, таң-тамаша қалдырып, қырға алтын медаль тағып, азиялықтардың ғұрпынша шапан жамылып оралады. Әрине, орыс астанасында қазақ сұлтаны Сартай Шыңғысовпен қандай әңгіме болғаны, қандай жүмыс жүргізілгені беймәлім. Бірақ оның төренің өзі үшін тиімді де жемісті болғаны, оны әуелі Қызылжарда, сосын Көкшетауда керемет сән-салтанатпен қарсы алулардың өзі-ақ аңғартса керек. Алғаш тұтқынға алынып артынан патша сарайынан табылып, ел-жұртына сағынып оралған бұл ұлттық батыр ретінде қабылданды. Жерлестері мен діндестерінің, қандастарының қошеметқұрметіне бөленді. Бәрінен бұрын оны хан ордасы Сырымбетте жылы шырай, ыстық рай, кең құшақ қарсы алды. Әдетте ерінің кейбір көзқарастарына келіспей, орыстардың қазақ даласындағы рөлі туралы жиі айтысып қалатын Айғаным ханша сұлтанның
жан әлемінде болған күрт өзгерісті бірден сезді. Сезді де оған ханға лайық қабылдау жасады. Салтанатқа дуанның орыс мәжіліскерлерімен бірге шекара желісінің кеңесшілерін, төренің туған-туыстары мен құда-андасын түгел шақырды. Шынында да, Сартай Шыңғысовтың орыстарға деген көзқарасы осыдан былай едәуір өзгерді. Абырой әпермейтін қырдағы оқиғаларға көп араласпайтын болды. Ал ондай ұрда-жық оқиғалар, қиуасыз қырқыс, таласты тартыс аз болмайтын. Кей жерде олар кең құлаш жайып, арнасынан асып төгіліп жатты. Бұған жаңа құрылыстың қарсыластары мен орыс өкіметі арасындағы келіспеушілік қана емес, ру мен ру арасындағы алтыбақан алауыздық та түрткі болып, араздық отына май құйып өршітіп отырды. Көбіне көп төре тұқымның дуан басынан қызмет алып, лауазымға таласуы кең етек алды. Олардың шамына әсіресе қызметінен бас тартып кетіп қалған Ғұбайдолланың орнын басып, атандай алты жыл дуанды жалғыз билеген қарадан шыққан Зілғара шешен қатты тиді. Мұның өзі Уәли әулетінің қолынан билік тізгіні сусып шығып бара жатқанын білдіргендей еді. Сондықтан аға сұлтан сайлауын қайтадан өткізіп, дуан төрағалығына әуелі Абылай Ғаббасовты, сосын Ғұбайдолла Уәлихановты қайтадан сайлауға Сартай сұлтан араласпай қалған жоқ. Оған бәрінен бұрын хан ордасының құты болып отырған Айғаным ханша белсене атсалысты. Алдымен Айғанымның ықпалымен, сосын ағайын тумалардың акылымен Сартай сұлтан қоғамдық пікірі мен көзқарасын түбегейлі өзгертті. Орыс үкіметіне қалтқысыз қызмет етіп, жаңа тәртіпті орнықтыруға күш салды. Қырдағы жағдайдың едәуір өзгеріп, оңалуға бет алғанын аңдап, ондағы ру басылары мен би сұлтандардың рөлін байқаған Батыс Сібір генералгубернаторы Вельяминов отыз үшінші жылдың өзінде-ақ Сібір комитетінің төрағасы, толық құпия кеңесші Князь Голицинге "Түздіктерді бодандыққа көндіріп, округтер құруға жәрдем жасап, ықпал еткен, адал қызметімен көзе түскен қазақтарды марапаттау" жөнінде ұсыныс түсірген еді. Сол тізімнің бас жағында бұрынғы бүлікші, бүгінгі бағынышты, аса ықпалды сұлтан Сартай Шыңғысов та болды. Сол жолы оған майор атағы беріліп, дуандағы әскери қызметке қабылданды. Көңілі ойда-жоқта опасыздықтан опат болған жан досы, жақын туысы, үзеңгілес жолдасы Саржан батырдың азаттық пен әділет жолында көтерген киелі туын жықпай көтеріліс көрігін одан сайын дүрілдетіп, үдете түскен Кенесары жағында болса да, өмірі патша кеңсесінде қызмет етумен өткен өр де өжет, адуын да алғыр сұлтан Сартай Шыңғысовтың тағдыры осылай қалыптасты. Сөйтіп, қазақтың ұлы ханы Абылайдың тағы бір тұяғы жаны үшін арғы жаққа ұшып, бала үшін бергі жакқа келетін құс сияқты, жаны үшін патшаға қызмет етіп, ертеңінің қамы үшін күреске елеңдеп, екіұдай өмір кешті.
БАЛДАҒЫ АЛТЫН АҚ БЕРЕН немесе
АЛАШТЫҢ АҚЫРҒЫ ХАНЫ
Кенесары Қасымов туралы толғау
"Жазмыштан озмыш жоқ" дегенмен, жазмыштың да өз заңдылығы болатын тәрізді. Оның дәлелі үшін тым алысқа ұзамай, орыстың ұлы ақыны А.С.Пушкинді-ақ алайықшы. Декабристер қозғалысының идеялық дем берушісі әрі ең ізгі тілек қоры болған ол көтеріліс күндері ұзақ сапарда жүріп, Петербургке жете алмай, ереуіл аяусыз басып-жаншылып, жетекшілері дарға тартылғанда ауыр жазадан аман қалды. Кейін одан "сол бір алмағайып күндері астанада болсаң қайтер едің?" деп сұрағанда: "Сөз жоқ, Сенат алаңынан бір-ақ шығатын едім" деп жауап берген екен. Егер ол сол жолы жиырма алты жасында асылып, атылып немесе жер аударылып кетсе, оның орыс көркем ойының іргетасын қалаушы ұлы ақын болар-болмасы неғайбыл еді ғой. Сол сияқты кеңес дәуірінің алғашқы кезеңінде қуғын-сүргінді көп көріп, талай мәрте түрмеге түсіп азап шеккен өзіміздің Мұхтар Әуезов отыз жетінің зұлматында опат болып кетсе, қазақ әдебиетін айдай әлемге кім танытып, ұлы Абайды бүгінгі биігіне кім көтерер еді?! Ташкенттің хан сарайына тұтқиылдан басып кірген қаскөй дұшпан Көркем Уәлидің тұқымын тұздай құртып, басы сұлтанның өзі қып, отбасын түгел қырғанда он екі жасар Әбілмансұрды Ораз төлеңгіт қырға алып қашпағанда, қазақ хандығының еңсесін қайта көтеріп, орыс аюы мен қытай аждаһасының арасында біріне де іш бермей, елін, жерін аман сақтаған Абылайдай ұлы хан, майталман мемлекет қайраткерінің болар-болмасы да белгісіз еді ғой. Оның немересі Кенесарының пешенесіне де жазмыш осындай тағдырды жазған. Ол да аранын ашқан ажалдың аузынан атасы сияқты ойда жоқта аман қалған. Патша өкіметінің отарлау саясатына қарсы кескілескен күресте Қоқан хандығының қолдауына үміт артып, Ұлы жүз жерінде жүрген Саржан сұлтан қол астындағы қазақтарды өзіне қаратып билеп кетеді деп қауіптенген Ташкент күшбегі, яғни беклербегі оны өзімен келіссөз жасауға жіберсін деп әкесі Қасым төреге жаушы жіберіп шақыртып алады. Әкесінің айтуымен інісі Есенгелдіні ертіп жанына жиырма жігіт алып келген сұлтанды беклербек Әулиеатада қонақ қылып сыйлап, төртінші күні түнде бәрін де қырып салады. Тірі тұрса, туысқандарының кегін қайтармай қоймайды деп Кенесарыны да Қарнақтағы мешітте ұстап, зынданға салып тастайды. Қамауда жатып әйтеуір Қоқан ханы Мәделіге жол тауып, кісі салып босатуын өтінеді ол. Мәделінің мейірімі түсіп, "хан тұқымы, ақсүйек нәсілін ханға айтпай тұтқындау теріс болған" деп оны табанда босаттырып туған-туыс, үйелмен-сүйелменімен қайда барып қоныстанамын десе де ырқы деп қоя береді. Ал Кенесары бір жыл зарығып, екі көзі төрт болып зынданда отырғанда жазым боп кетсе, әкесі Қасым, ағасы Саржан бастаған отаршылдыққа қарсы ұлы жорықты кім жалғастырар еді деп ойлайсың. Жазмыш оған ел тәуелсіздігі жолындағы Саржан мен ЕсенгелдіИсатай мен Махамбет көтерген көтеріліс туын құлатпай тік ұстап, одан әрі апаруды бұйыртқан ғой.
Бұның бәрі де бір бастан патша үкіметінің "Сібір қазақтарын басқару туралы Жарлығынан" басталды десе де болады. Кіші жүзді түгел дерлік бодандыққа бағындырып билеп-төстеп алған патша әкімшілігі өктемдігін енді Арқа қазақтарына жүргізіп, байырғы тұрғындарды ата-мекенінен ығыстырып, орнына қаптатып қазақорыстарды қоныстандыра бастады. Бекіністер желісін Орта жүз жеріне дендей тартып, қазақ қырын айқышұйқыш шандып тастауға тырысты. Кейінгі кезде оған қарсылық жасауға қауқары болмаған Уәли ханның дүниеден өтуі отаршылардың көктен тілегенін жерден берді. Жергілікті халық ханның үлкен ұлы Ғұбайдолланы ақ киізге көтеріп таққа отырғызғанына қарамастан, қазақ даласындағы хандық билікті жалпы жоюға жанталасты олар. Қыр халқын ішкі округтер арқылы басқару үшін дуандар құруға кірісті. Алғашқы дуанды хан ордасы — Көкшетаудан ашып, ханның өзін алдаусыратып аға сұлтан етіп сайлап жібереді. Айналасы он-он бес жылдың ішінде мұндай дуандардың саны сегізге жетті. Аяқ астынан патша шенеунігі болып шыға келген Ғұбайдолла бұған қарсы шыға алмай, қалың бұқараның наразылығын қарт сұлтан Қасым төре білдіріп, Сібір генерал-губернаторы Капцевичке хат жолдап, дуандар мен бекіністерді жойып, қазақ қырынан орыс әскерлерін алып кетуді талап етті. Талап орындалмаған жағдайда шарасынан асып-төгілгелі тұрған халықтың ашу-ызасы неге соқтыратынын ескертті. Ескертпеге кұлақ асудың орнына патша үкіметі қырға әскерлерін үстіүстіне төгіп, Ақмола жүйесіндегі бекіністер желісін үш жүз шақырымға созып, Ақтау қорғанын сала бастады. Қонысынан қуылған, өрісінен айырылған елдің сөйтіп бас көтермеске лажы қалмады. Көкшенің терістігіндегі Шабақты көліне таяу сілемі — Бүркітті тауының баурайында 1802 жылы дүниеге келген отыз бес жасар сұлтан бұл тұста өмірлік тәжірибесі толысқан, ақыл-парасаты кемел дер шағында еді. Аға алдын орап билікке көп килікпейтін салқынқанды сабырлы осынау орта бойлы, ашаң жүзді, таңқы мұрын, сары сұр жігіт жауынгерлік тапсырманы қашанда ойдағыдай тындырып, ұдайы жасағының алдында жүріп үрысқа өзі бастап кірісетіні, қиналған жерде қиуадан жол тауып кететіні үшін сарбаздары жанындай жақсы көріп, атақ-даңқы кең жайылғанды. Орыс тарихшысы А.Ф.Рязановтың "Қасымнан тарайтын төрелердің төңірегінде азын-аулақ толеңгіттерінен басқа күші жоқ Алайда, Кенесары сұлтанның қазақтар арасындағы ықпалы орасан зор, сондықтан да жаңа тәртіпке ең бастысы — орыстардың қырға баса көктеп енуіне байланысты рулар соның төңірегіне топтасқан" деп жазуы тіпті де тегін емес. Көтеріліс тізгінін қолына алғанмен, Кенесары бірден бұзып-жарар батыл қимылға бармай, патша ұлықтарымен келіссөз жүргізіп бәрін келісім арқылы шешуді ойлады. “Ата-бабамыз мұра етіп қалдырған Есіл, Нұра, Ақтау, Ортау, Қазылық, Жарқайың, Обаған, Тобыл, Құсмұрын, Олкейек, Тоғызақтан Жайыққа дейінгі жерлер қазіргі патшаның тұсында тартып алынып қайтадан бекіністер тұрғызылды, — деп жазды. Ол Батыс Сібір генерал-губернаторына — Міне, енді күн сайын жерімізге баса-көктеп кіріп, бекіністер салып, халықтың зығырданын қайнатып отырсыздар. Бұл біздің болашағымыз үшін ғана емес, бүгінгі тірлігіміз үшін де қатерлі. Менің тілегім — екі жақтың да халқы мизамшуақ өмір сүруі".
Оның Николай 1 патшаның өзіне сол 1837 жылғы желтоқсанда жазған хаты да осы сарындас. "Сіздің бабаларыңыз патшалық құрған кезде бізде менің атам Абылай хан болып тұрған тұста халық мамыражай бейқұт өмір сүріп, ешкім шырыш бұзған жоқ еді. Екі ел де тыныштыққа көлеңке түсірмей өзара саудасаттық жасап, адамдарымыз алым-салық дегеннің не екенін білмейтұғын. Кейінгі кезде бәрі де басқаша болып, жұрттан алым алынып қысым көрсетіле бастады. Бейбіт қағида бұзылып, бағынышты бастықсымақтарыңыз сізді бүкіл қазақ халқы бодан болды деп алдайды. Атам Абылай билеген жерде сегіз бірдей дуанның құрылуы халықтың ашу-ызасын туғызды. Күллі қазақ халқын қыспаққа салмай, оның рахат өмір сүруі үшін бұрынғы жағдайды қалпына келтіруді өтінер едім" — деп жазды. Ол осылай қазақ халқының біртұтастығын сақтап Ресей қоластында болса да егемен ел дәрежесінде отыруын тілейді. Орынды тілегі орындалмай, өтініші аяққа басылып орыс әскерлерінің қырдағы ойраны үдеп бара жатқан соң ол да айбат шақырып, қайратқа мініп қауырт қимылға кірісті. Онысын және жасырмай, бір ұлыққа жазған хатында орыс жасақтары мен жандайшап сұлтандардың зорлықзомбылығы мен талап-тонауын, қыздарды тартып әкетіп, жас балаларды сатқанын, қаншама қырдағы ауылдарды ойрандап, жазықсыз жандарды өлтіргенін тізіп, өз ойын ашық айтты. "Сөйтіп, аға сұлтан Жамантай Бөкеев секілділердің жасақтары, көптеген бастықгары жазықсыз ауылдарды іргесін түріп қойып талап шаңырағын ортасына түсіріп, күлін көкке ұшырды. 1835 жылдан бері он бес жылдың ішінде ең кемі басты-басты он бес ауылды шауып, түгін білдырмай талап-тонап кетті. Біздің қазақтар бұндай қысым мен қанды қасап қырғынға шыдамай беті ауған жаққа босты. Сонда да олар басқан ізімді аңдып, дамыл-тыныштық бермеді. Сондықтан мен, Кенесары Қасымұлы, қолыма қару алып, өзім бас болып елді ұлы көтеріліске көтеремін",— деп жазды. Былайынша, бұл азуы алты қарыс әулеттің дүшпанға қарсы жарияланған ашық та батыл соғысы болатын. Кенесары болса қазақ халқының де өз туының астына жиналатынына күмәнданған жоқ. Айтты-айтпады, оның жасағының орта жүз арасына енуі қауға тиген (ірттей боп, қазақтар көтеріліс көсемінің төңірегіне тұс-тұстан ағыла бастады. 1838 жылы көтеріліске Ақмола, Баянауыл, Көкшетау, Қарқаралы дуандарының қазақтары келіп қосылды. Орыстың тағы бір тарихшысы Н.Н.Середа жазғандай, "Кенесары өз жасақтарының мәртебелі әміршісі бола білді. Оның рухы дем берген жауынгерлерге еуропалық әскер қолбасшыларының өзі қызығар еді. Жортуылдарда жолындағының бәрін жайпайтын дала дауылындай екпінді де тегеурінді Кенесары ешбір бөгет алдында кідірмейтін, қайта кездескен кедергі оның қайрат-жігерін жанып, шамырқандыра түсіп, көздеген мақсат жолындағы тосқауылдарды талқандар керемет күш бітіріп, одан сайын өршелендіріп жіберетін. Кенесарының бойындағы күллі осындай қасиеттерді көшпенділер биік бағалап, оның қарекет-қимылына қатысушылардың жүрегі басшысына деген шексіз сүйіспеншілікпен соғып, жанын пида етуге дейін барғызады". Ал ағылшындық Томас Аткинсон: "Кенесары қазақтардан ғажайып жауынгерлер даярлады, — деп жазды. — Найза мен айбалтаны тамаша игерген, шапшаңдығына көз ілеспейтін Кенесары жігіттері өзінен күші басым жаудан
қаймықпай соғысып, жеңіп шыға беретінін естігенім бар. Егер білікті офицерлері болса, қазақтар әлемдегі ең әйгілі атты әскер құрар еді. Оларға тарихта даңқы асқан Шыңғыс хан жиһангерлерінің керемет қасиеттерінің бәрі тән". Шынында да оның халықтың қайнаған ортасынан батылдығымен де, батырлығымен де топ жарып шыкқан шұбыртпалы Ағыбай, сүйіндік Жанайдар, ұзынқыпшақ Иман, табын-тама Жоламан,әжіке Бұғыбай, шапырашты Сұраншы, жетірулық Бұқарбай, атығай Аңғал, қарауыл Баубек, қыпшақ Басықара сияқты сайыпқыран серіктерінің әрқайсысы бір қолға төтеп беріп, тұтас жасақты жайрататындай қаһармандар еді. Олардың арасында төске салса бас алған алмас қылыш Наурызбайдың орны өз алдына бір төбе. Бұл батырлардың ішінде Наурызбайдың әпкесі Бопай бастаған өжет қыз-келіншектер және бар. Оның үстіне Кенесары қолы көп ұлтты да болды. Онда орыстар, башқұрттар мен татарлар да бартын. Олардың біразы сарбаздар үшін қару-жарақ жасап, оқ-дәрі әзірлеп тұрды. Сондай-ақ көтерілісшілер санынан қарақалпақ, түрік, өзбек пен қырғыздар да табылатын. Солардың бірі Самарқан мен Бұқарда білім алған Сейдақ-қожа Оспанов Кенесарының ең сенімді кеңесшісі, көмекшісі болып, елшілік қызмет атқарып, ұдайы келіссөздерге қатысып жүрді. Кенесарының өз басы тілі басқа, діні басқа деп ешкімді шеттетпеген сыңайлы. Орыс саудагерлерін жылы қабылдап, жақсылап сыйлап, қалағанын алып отырған. Тіпті тұтқынға түскен орыс солдаттарын да оспадарлық жасап қатты жазаламаған. Оған урядник Андрей Иванов дегеннің мына сөзі куә: "Тұтқында болған кезде бізге қатал қараған жоқ, тек отын дайындау мен құдық қазуға ғана жекті. Кенесарының бұйрығы бойынша тұтқындарды әртүрлі ауылдар мен жеке қожайындарға таратып жіберді. Бір-бірімізді тек ауыл көшкен кезде ғана көретінбіз, басқа уақытта біздерді кездестірмеуге тырысатын. Кенесары қожайындарымыздан бізді дұрыстап тамақтандыруды талап етті және жәбірлеуге жол бермеді". 1838 жылдың көктеміне қарай көтерілісшілердің патша жасақтарымен қарулы қақтығысы ұзаққа созылған әскери қимылдарға ұласты. Әсіресе, Кенесарының сол жылғы 28 мамырда Ақмола бекінісін алардағы шабуылы айрықша болды. Дуанның бекініс қоршауы күшті еді. Айналасынан терең ор қазылып, кірер қақпалардың бәрі құлыптап тасталған-ды. Оны аға сұлтан Қоңырқұлжаның әскерлері күзетіп, горнизонды әскери старшина Карбышев басқаратын. Шабуыл күн шыға басталды. Ұшына тұтанғыш зат байланған жебелер зуылдап қорғанның ішіне түсіп жатты. Қамалдың тұсынан өрт лап етіп, горнизон соны сөндіруге ұмтылғанда Басықара батыр бастаған жасақ алаулаған оттан тайсалмай бекініске қойып кетті. Шабуыл кезінде батырдың өзі ерлікпен қаза тауып, Кенесары оның мүрдесін жау қолында қалдырмауға және алынған шептен сынық сүйем шегінбеуге бұйрық берді. Оның әмірінен рух алған Ағыбай, Иман және Наурызбай жігіттері дұшпанның қарсылығын тойтарып, қамалға басып кірді. Бекініс көшелерінде қоян-қолтық қолма-қол ұрыс басталды. Белдескенде дес беретін қазақтар ма, күн бата бәрін жайпап қамалды өз қолына алды. Аға сұлтан мен горнизон басшысы санаулы адамымен түн жамылып әрең қашып шықты. Ертеңіне бекініс жермен жексен болды.
Сол жылы жаз Кенесары жасағы патша өкіметіне итаршы болып, ел мүддесін сатып, жұртты зар жылатқан би-сұлтандардың басы Қоңырқұлжа етіп, талайын шапты. Қысқа қарай отаршыларға қарсы бірлескен қуатты қозғалыс жасақтау үшін күш жинай бастады. Патша ұлықтарымен жиырма жылдай кескілескен күрес жүргізіп келе жатқан кіші жүздің биі Жоламан Тіленшінің қолын да қосып алды. Кенесарының түп мақсаты бүкіл қазақтың басын құрап, біртұтас мемлекет жасау еді. Ол үшін тәуелсіз Қазақ хандығын қалпына қайта келтіру керек. Онсыз құдіретті орыс патшасы алдында қазақ халқының тәуелсіздігін сақтап қалу мүмкін емес. Сол үшін ол Қоқанға қарасты қазақтарды өзіне тарту ойымен 1840 жылы Қоқан хандығының шекарасына көшіп барды. Айтқанды екі етпейтін елгезек бағыныштым болар деп үміттенген Тәшкент әмірі оны алғаш жылы ұшырай қарсы алып, тіпті сұраған оқ-дәрісі мен қару-жарағын, мылтықтарын да берді. Ұзамай қарауындағы қазақтардың Кенесары ырқына құлап бара жатқанын көріп, оны ұстап өлтіруге астыртын бұйрық беріп, ірі жасақ аттандырды. Алдаумен сұлтанның әкесі Қасым төре қолға түсіп, Созақта опат болды. Бірнеше адам тұтқынға түсіп, қыруар дүние-мүлік тоналды. Осынау зұлымдығы үшін Тәшкент әмірінен Кенесары өшін аңдап тұрып алды. Өзін Қоқанның боданы деп иландырып, Ташкенттің Созақтағы жүзбасын Шу бойына қонаққа шақырды. Жүзбасы құрған торға қалай түскенін сезбей де қалды. Бұл жайында Ахмет төре Кенесарин былай жазады: "Шудың Бесқұлан өткелінің аузына он бес үйді үлкен бір ауыл етіп тіктіреді. Өзі екі жүз жігітімен өзеннің Созақ жақ бетіне шығып, бірін — өзіне екіншісін қонақтарға деп тағы да екі үй тіктіріп, ішіне қалың кілемдер, бұқары жібек көрпелер төсетіп, көпшіктер қойғызады. Қасында жігіттердің оншақтысын ғана қалдырып, қалғандарын ну қамысқа жасырады. Жүзбасы Шуға жеткен соң ақшаңқан ауылды, айнала тігілген ақбоз үйлерді, төңірегіндегі жайылып жатқан малды көріп, көңілі жай тауып, арнайы тігілген үйге еніп, қару-жарағын тастап қаннен қаперсіз тынығуға кіріседі. Олар жайғасқан тұста Кенесары жасырынып жатқан жігіттеріне белгі береді де, ашынып жүрген азаматтар сарттың жуз жауынгерін тырп етуге шамасын келтірмей қырып салады. Опасыз дұшпанынан кегін осылай алып Ұлытау қайдасың деп тартқан Кенесары өз жұртын алып Торғай өзенінің бойына келіп, әкесі мен ағаларына ас береді. Сол асқа жиналған Орта және Кіші жүздің игі жақсылары қазақ дәстүрімен ақ киізге салып оны хан көтерді. Дарынды ғалым, ғұлама тарихшы Ермұқан Бекмаханов жазгандай, патша өкіметі мен Қоқан хандығының Қазақстанға ауыз салуынан туған қайғы-қасіретті басқалардан гөрі басымырақ сезіп, тереңірек ұққан Кенесарының саяси көзқарасы қалыптасуына тәуелсіз қазақ хандығын қайта өрлетуге құлшынган өз отбасы мен айналасының әсері күшті болды. Оның үстіне өзі де билік тізгінін бір қолда ұстамайынша, ойға алған мақсатты орындауға болмайтынын бек білді. Бүкіл қазақтың ханы болып сайлануы оның атақ-даңқын шартарапқа жайып, абырой-беделін аспандата түсті. Алғыр да айлакер қолбасшы алыстан ойлайтын ақылман мемлекет қайраткері де болып шықты. Ол қазақтың әдеттегі құқығына
бірқатар өзгерістер енгізіп, рулық билер қазылығын таратып, хан тағайындайтын кісілерден құралған жалпы қазақ сотын жасақтады. Зекет жинау мен әрлі-берлі өткен сауда керуенінен баж салығын алуға тәртіп орнатты. Одан түскен алым енді қазынаға құйылып, мемлекет мұқтажына жұмсалатын болды. Тұрғындардан өз бетімен зекет жинаушылар ханның қаһарына ұшырап, қатты жазаланды. Келелі мәселелерді шешетін хан кеңесі құрылып оған әр рудың белді де беделді кісілері шақырылды. Хандықты күшейтіп, қуатын арттыру үшін барша қазақтың басын құрау қажет еді. Бұл міндетті орындау үшін Қоқанның қол астындағы қазақтарды тарту керек. Сондықтан ол Қоқан хандығымен соғысқа сайланды. Алайда, екі майданда бірдей ұрыс жүргізуге мүмкіндік жоқ. Сондықтан патша әкімшілігімен уақытша болса да келісім жасап, бейбіт бітімге келген абзал. Сол себепті ол "өзіне биік мәртебелінің мейірімі түсіп, кешірім жасауын өтініп" ең әуелі әскери старшина Лебедевпен хат жазысты. Өз тарапынан бұл тілекті Лебедев Орынбор әскери-губернаторы Перовскийге жеткізді. Сонымен бір мезгілде хан Кене шекара комиссиясының төрағасы Генспен келіссөз жүргізіп, кешірім сұрап, өзін ашындырып, шамына тиген жоғары, төменгі ұлықтардың орынсыз өктемдігі, қисынсыз қыспағы, жазықсыз жазалауы екенін көзін жеткізе баяндап берді. Кенесарының сөзіне сенген Генс оған қол ұшын беріп, хатын әскери министр әрі вице-канцлер Несельродеге жеткізді. Оған жазған хатында Орынбор әскери губернаторы Сібір әкімдерінің тарапынан жасалып отырған орасан қыспақ қазақтардың ашу-ызасын өршітіп, көтеріліске желеу болып отырғанын және айтты. Соның арқасында Кенесарыға кешірім жасалып, тұтқындағы оның жегжат-жұраттары мен туысқандары қайтарылды. Аз-кем тыныс пен Орынбор ұлықтарының қолдауын пайдаланып, Кенесары 1841 жылы Қоқанға соғыс жариялады. Бұл Қоқан мен Бұқар арасында келіспес күрес, бітіспес қырқыс жүріп жатқан кез еді. Соны пайдаланып, Кенесары Бұқар ханының бетін өзіне қаратып, оны Қоқанмен, түбі Ресеймен соғыса қалған жағдайда көмек қолын ұсынатындай етті. Төңірегіндегі батырлары мен төлеңгіттерінен тұратын төрт мыңдық қолына Төртқара Жанқожа батырдың жасағы қосылып, әлуеті артқан ол Созақ пен Ташкентке бірдей шабуыл жасап, екеуін де қоршауға алды. Бес мың сарбаз күзеткен Созақты ол он екі күн шайқасып тас-талқан қылды. Одан Сауран қорғанын алып, жекелеген жасақтары Әзіреті Сұлтанға /Түркістан/ жетті. Созақтан айырылып, салы суға кеткен Қоқан билеушілері Кенесарыны бітімге келуте шақырды. Қазақтарға тиесілі аумақты түгел қайтаруын талап етіп ол келісімге келмеді. Оның есесіне Хиуамен келіссөз жүргізіп оның Қоқанмен арадағы араздығына тамызық тастап өршіте түсті. Кенесарының бүкіл қазақтьщ ханы болып сайланғанын және Қоқан хандығына шабуыл жасағанын ести сала Батыс Сібір генерал губернаторы Горчаков оны дереу Орынбор әскери губернаторына хабарлайды. Оған онша сеніңкіремеген Перовский істің анық-қанығын Кенесарының өз аузынан естуге асықты. Ол күмән-күдік туғызбас үшін айлаға барып, хан сайланғаным бекер, ал Ташкент пен Созаққа Орынбор қоластына қарайтын қазақтарды құтқару үшін шабуыл жасадым деп жауап берді. Сөйтіп генерал-губернатордың арызы аяқсыз
қалды. Орынбор ұлықтарының сеніміне енуі үшін ол уақытша қарулы қақтығысқа бармай азкем кідіріп, сосын әскери қимылын Батыс Сібір уәлаятына аударып, Сырдария мен Телікөл арасындағы алқапты жайлай жүріп орыс бекіністеріне әлденеше дүркін шабуыл жасады. Жазға салым оның жігіттері Көкшетау, Ақмола, Құсмүрын дуандарын дүрліктіріп Обаған өзеніне дейін барды. Келесі жылы көтерілісшілердің қимылы үдей түсіп, үкімет үрейін ұшырар қаһарлы күшке айналды. Перовскийдің орнына келген генераллейтенант Обучевтің өтінішіне орай Николай патша қазақ қырына кең құлашты жорық жариялап, хан Кененің басына бәс тікті. Бақайшағына дейін қаруланып, мұздай қүрсанған бес мың адамдық қолды бастап аға сұлтандар Ахмет Жантөрин мен Баймағамбет Айшуақов, полковниктер Генс пен Бизянов тамыз айында Орынбордан шықты. Омбыдан Қызылжар мен Қарқаралыдан да қарулы жасақтар аттандырылды. 1843 жылдың қыркүйегінде Орынбор жасағымен кескілескен ұрыс басталып, ол бір жұмаға созылды. Бірақ екі жақ та бірінбірі ала алмады. Орыс жасағының көтерілісшілерді күйретпек ойы жүзеге аспай қалды. Жер жағдайын жақсы білетін хан сарбаздары қырдағы құйындай ұйтқып, әредік тұтқиылдан тиісіп, ізінше ізімқайым жоқ болып кетіп, патша әскерлерінің құтын қашырды. Соғыста сокқы жеп әрі күзгі суыққа ұрынған солдаттар кері шегінуге мәжбүр болды. 1844-1845 жылдары Кенесары бастаған ұлт-азаттық көтерілісі өзінің шырқау шегіне көтерілді. Оның ауқымы күллі қазақ даласын түгел дерлік қамтыды десе де болады. Бұл кезде хан Кененің өзі де халық көсемі, дарынды ұйымдастырушы, даңқты қолбасшы, айлакер дипломат деңгейіне көтерілген еді. Ол бастаған елді үш жақтан қоршап құрсауға алып, Қарақұмға шегінуіне жол бермеу жүктелген үш бірдей жасақты қолды жер қаптырып, ойсырата соққы бере отырып кұтылып кеткені және бар. Сол жолы бір жасақты теріс жолға салып жіберіп, патша үкіметіне тілеулес бір бидің ауылын талқандатып, басшысы Лебедев дегенді жазалатып, қызметінен де қуғызды. Жемчужников бастаған Сібір жасағына да соның аяғын кұштырып, Константинов қамалын шапты. Сол 1844 жылдың шілдесінде аға сұлтан Жантөрин мен полковик Дуниковский бастаған орыс әскеріне ұрыс сап, сұлтан жасағын тылдан тиісіп жойып жіберді. Ұрыста қырық төрт сұлтан қаза тапты. Мұны есіткен Орынбор мен Батыс Сібір билеушілері шашын жұлды. Жаз бойы шабуылын бір сәт толастатпаған Кенесары тамызда Екатерина қамалын алып, жүз солдатты тұтқындап, екі мың пұттай астық және басқа қыруар олжа түсірді. Кенесарыны қарудың күшімен жуасыту қиын екеніне көзі жеткен патша үкіметі онымен енді келіссөз жүргізуге тырысты. Хан да орыс патшасымен уақытша жақындасуды жөн көрді. Келіссөз нәтижесінде оның тұтқындағы жақынжұраты босатылып, қапияда қолға түскен сүйікті жары Күнімжан ханым қайтарылды. Қалған мәселелерді шешу үшін бас штабтың қызметкері Герн бастаған елшілік жіберілді. Ол кеткен соң араға біраз уақыт салып Долгов деген бастап қырға тағы бір елшілік келді. Бірақ ол бірімен де келісімге келмей, ежелгі қазақ жеріне орнатылған әскери бекіністер алынбай патшалы Ресеймен ешқандай
қарым-қатынас жасамайтынын ашық айтты. Елшілер кеткен соң сол 1845 жылғы жазда Торғай мен Ырғыз өзендері жағасында тағы да екі бекініс салынды. Патша өкіметінің басқан ізін аңдып, қазаққа енді дамылтыныштық бермейтініне көзі жеткен Кене хан көтеріліс ошағын елдің ен ортасына, Ұлы жүз жеріне көшіруге бел байлады. Оның елдігі мен ерлігінің бесігі болған Сарыарқадан көшуі исі қазаққа қатты соққы болды. Ата қоныстан ауар халық Досқожа бидің даусымен: Алдияр сұлтан Кененім, Қайраты түпсіз тереңім! Атаңыз жаулап өтіпті Қалмақтың Уса, Серенін. Бұл қоныстан кеткен соң Көреміз бе, дүние-ай, Мына жатқан Есілдің Көкорай тартқан өзенін?! Уа, дариға, дүние-ай, Қайтейін жердің қылығын! Бұл қоныстан кеткен соң, Іздесек халқым табар ма Бір қураған шыбығын, — деп зар төкті. Хан да: Ойда — Қоқан, қырда орыс, Хакім болды қаласы. Кімнен таяқ жегендей Біздің қазақ баласы. Алдырып жүрген дұшпанға Өзді-өзінің аласы, — деп халқын бірлікке үндеп, бір орталыққа бағындыратын мемлекет қүруды меңзеді. Оған қол жеткізу үшін Қоқан қарауындағы қазақтарды құтқарып, дала халқын бір орталыққа ұйыстыру қажет. Сөйтіп, Қоқан хандығымен соғыс 1845 жылдың күзінде қайта басталды. Жаңақорған, Жөлек, Созақ қорғандарын алып, Кенесары сарбаздары Ташкент пен Түркістанға қарай бет алды. Ал әскердің негізгі күші Қоқанның Ақмешіт қамалын кеп қоршады. Алайда, әскер арасына індет тарап, қыруар жан өз-өзінен опат болып, шабуылды одан әрі жалғастырудың реті келмеді. Оның үстіне Қоқан мен Бұқар хандықтары озара одақ құрып, қазақтарға қарсы жорық әзірлеп жатты. Сол себепті Кенесары қолы әзірге қоршауды қоя тұрып Балқаш көлі мен Іле өзені өңіріне қарай ойысты. Оларды Жалайыр, Үйсін және Найман елі құшақ жая қарсы алды. Бірақ түп ізіне түскен патша әскерлері бұл арада да маза бермей, генералмайор Иишневский бастаған қол шабуылға шықты. Оның жергілікті сұлтандардың жасағымен қосылған қолы Кене ханды сонда да ала алмай, көтеріліс көсемі қоршауды бұзып, Іленің сол жағасына шықты. Оған келіп Ұлы жүздің батырлары Байсейіт, Сұраншы, Саурық, Тойшыбек пен Байзақтың жігіттері қосылды. Хан енді қытаймен де келісімге келіп, одан әрі Алатау қырғыздарына кісі салып, Қоқан хандығынан құтылып, аранын ашып келе жатқан орыс отаршылдарына қарсы білек біріктіріп күресуге шақырды. Қырғыздарды билеуші Жантай мен Орман манаптар Кенесарының ұсынысын қабылдамай, қайта халқын қарсы қойып, оның қатыгездігі жайында небір сұмдық өсектер таратты. Кенесарыға жақ елдің ауылдарын шауып, жанын байлап, малын айдап әкетті. Атақты Саурық батыр солардың қолынан мерт болды. Бұл қорлыққа шыдамаған Кенесары 1847 жылы қырғыз жеріне басып кірді.
Орыс ұлықтарымен астыртын байланыс жасаған қырғыз манаптарына қысылған кезде Орман бастаған жасақ көмекке келді. Соның арқасында қырғыздар хан жасағын құз қиялы, асуы қиын бір аңғарда қоршауға түсірді. Тоқмақ тұсында бірнеше салаға бөлінетін Шудың суын сол жақ арнаға бұрып, қазақтарды сусыз қалдырды. Кенесары жігіттері төрт күн бойы нәр татпай жарақты жаумен арыстандай айқасты. Тығырықтан шығудың жолын табу үшін хан әскери кеңес шақырғанда Наурызбай: "Маған соғысуға жарайтын екі жүз жігіт беріңізші. Солармен қырғыз шебіне шабуыл жасап, бұзып өтемін" деп ұсыныс жасайды. Кенесары: "Қоршауды бұзып шықсақ біз алды-артымызға қарамай қашамыз. Онда аты жүйріктер ғана құтылып, халықтың көбі қырылады. Әскерге басшы болып жүрген мен қашсам, кейін хан болуға хақым жоқ" деп оған көнбейді. Оның аттарды сойып жиырмасын ғана қалдырып, етін соларға артып жан-жағымызға мергендерді ұстап, қолға найза алып жаяу өтейік деген ұсынысына аттан айырылуды — қанаты қайырылу деп білетін қазақ жігіттері көнбей, таңға дейін көмек күтуге бекінеді. Ал көмекке ұмтылған Ұлы жүз жігіттерін патша жасақтары жолын бөгеп, адым аттатпайды. Оның үстіне Қырғыздармен астыртын сөзі бар Сыпатай батыр мен Рүстем төре аяқастынан түн ішінде өз қолын алып тайып тұрады. Ақыры, хан жасағы қоршауды өздігінен бұзып шығуға жан салады. Қоршау бұзу сәтсіздікке ұшырап, Наурызбай бастаған жігіттер опат болады да, Кенесарыны манаптар қолға түсіреді. Ел аузындағы аңызға қарағанда Наурызбай сол қоршауда шепті бұзып, бір топ сайыпқыран жігіттерімен аман құтылған сияқты. Оған Тама болысының Ақмола дуанының басшылығына 1847 жылы 1 сәуірде жазған мына хаты да ойландырғандай. "Наурыздың басында Кенесары Қвсымов өз жасағымен қырғыздарға шабуыл жасап, бір болыс елін талқандады. Алайда, ұрыста өзі, інісі Наурызбай, ағасының балалары Құдайменді мен Ержан қолға түсті" деп жазады. ІМ48 жылғы 16 наурызда жазылған тағы бір хатта "Бұзақы сұлтан Кенесары Қасымов тау қырғыздарымен соғыста тас-талқаны шыға жеңіліп, бір інісі, екі баласымен тұтқынға түсті. Олардың бәрі де азаптап өлтірілді" деген жолдар бар. Ал ел аңызы Кенесарының қолға түсіп тұтқында жатқанын естіген Науан батыр сыңарынан айрылған арлан қасқырдай алас-ұрып басын тауға да тасқа да ұрып біраз жүреді де, "Кенекемнен жаным артық па?!" деп өзі барып қолға түседі. Інісін көрген хан: "Айналайын-ай, бекер келдің-ау, сен бәрібір құтқарып алмай қоймайды деп, енді болмаса босатқалы отыр еді" деп жылап жіберіпті. Наурызбай өздігінен келіп торға түскен соң қырғыздар жазалауды жеделдетіп, алдымен соны найзаға шаншады. Найзамен шаншып төбеге көтеріп: "Наурызбай енді қалайсың?" деп келекелегенде: "Сенен әлі де найза бойы жоғары тұрған жоқпын ба, сақау қырғыз!" деген екен ол. Тұқым алып қаламыз деп қасына күнде бір қыз салса да, асылымды беріп, дұшпанымды өзімнен асырып жібермеймін деп қырғыз аруларының ешқайсына қарамаған Кене хан жазалайтын жерге әкелгенде алқақотан жиналған жұртқа, шуақ шашқан заңғар аспанға, айнала мұнартып тұрған тауларға қарап алып ән бастапты. Ән тыңдаушыларының бойын баурап, жүрегін жаулап жиналғандарды қатты толқытып, айбалта жарқ еткенде бір-ақ үзіліпті.
Сөйтіп, айбынды қолбасшы, қайырымды қайраткер, айлалы мәмілегер елінің азат, жерінің абат болуы үшін қасық қаны қалғанша күресіп ештеңеден тайлықпаған, ештеңеден қаймықпаған "балдағы алтын ақ берен" батыр Кенесары ажалды да ән салып тұрып қарсы алыпты. Отаршыларға қарсы он жылға созылған күресте ата жұртында азулы жауынан ойсырап бір жеңіліп көрмеген Алаштың ақырғы ханы осылайша діні бір, тілі ұқсас өз бауырларының қолынан опат болады. Жазмыштың жазуы солай дегенмен, ерлікке толы өмірдің өкініші де осы.
КҮНІМЖАН ХАНЫМ Үлкен ауыл көктеуге жуық арада қонғанына қарамастан ертең ұлыстың ұлы күні деп үйлерінің іші-сыртын тазартып, көрпе-жастығын, киім-кешегін сілкіп, шаң-тозаңын қағып, таң атқаннан әбігер тұғын. Жер ошақтар қазылып, қазан көтеріліп, наурыз көже де әзірленіп жатыр. Қыр халқының той десе елеңдеп тұратыны қандай, төңіректегі ауылдардан жарапазан айтып, жастар жиналып, қызық-думан әлден-ақ қыза бастаған. Қыздар алтыбақан кұрғызып, дала төсін әнкүй тербеді. Ер балалар бәсіре тайларын ерттеп мініп, өзінше бәйге ұйымдастырып, қырды қиқуға бөлеп, мәре-сәре. Кешке бір топ нөкерін ертіп, аң аулап қайтуға кеткен ханның өзі оралса, наурыз мейрамы шынымен-ақ қызып, екі-үш күнге созылғалы тұр. Осылай елең қағып отырған елдің көзіне Ақшиті адырынан бері қарай бет түзеген бір көш көрінді. Көштің алдында Кенесарының жасыл туы желбірейтін сияқты. Хан қосын қарсы алуға асыққан жастар адырға қарай тұра шапты. Алда — сұлтанның есейіп қалған үш ұлы. Оларды көріп көрші ауылдан да жұрт ордаға қарай ағылды. Жүрісін жеделдете түскен жаңағы көш жақындай берген жастарды оқжаудырып қарсы алды. Қарсы алушылар жалт бұрылып тым-тырақай жанжакқа қаша жөнелді. Бағанадан бері жол бастап келе жатқан салпы тұмақты салпаң қазақтарды қос қапталында ұстап, қаруларын көрсетпей ортада зеңбірек тасасында бой тасалаған қазақ-орыс әскерлері қылышын жарқылдатып қашқындарды тұра қуды. Әйтеуір аттары әлді, өрі жүйрік хан балалары мен жанына ерген серіктері қашып құтылды да, қалғандарының көбі қылышқа түсті, окқа ұшты. Сөйтіп, тапайдың талтүсінде айналасы бірер сағаттың ішінде жүзге жуық бейкүнә жан қырылды да қалды. Жасақ бастығының бұйрығымен жер жағдайын жақсы біледі деген қазақ жігіттері қашып кеткендерді ұстап әкелуге жіберіліп еді, олар аттары болдырып, алыс ұзай алмай қайтып келді... Бұл Омбыдан шыққан төтенше тапсырмалар жөніндегі шенеунік А.Сотников бастаған әскери жасақтың Кене ханның бәйбішесі отырған үлкен ауылын алардағы бір ғана сойқаны еді. Көтерілісшілердің бет алысын байқап, жүрген жерін барлауға арнайы жіберілген ол Қорғалжындағы жазалаушы жасақты нығайту үшін зеңбірек әкеп, қасындағы қазақтарына есаул Рыбиннің жүздігін қосып алып, қырға із кескелі шыққан-ды. Жансыздары арқылы хан ордасының Жезді өзенінің Қара-Кеңгірге құяр сағасында отырғанын біліп алып, түн пердесін жамылып, тура солай тартқан. Жол-жөнекей Кенесарыға қарсы жақтың жігіттерін
ертіп алып, солардың жол көрсетуімен күндіз жылға-жылғада бой тасалап, түнде суыт жүріп отырып, айтулы Ақшитіге де иек артқан-ды. Ақшитіге он шақырымдай қалғанда олар хан төлеңгіттерінің алғашқы ауылына тап болды. Қырық-отыз үйлі ауыл ұйқыдан енді оянып жатса керек. Хан келіп қалды деп аттылы-жаяу көштің алдынан шықты. Жаза басқанын олар жақындағанда атылған мылтықтан үш адам мұрттай ұшқанында бір-ақ білді. Кері бұрылып қаша жөнелгенмен урядник Смирнов бастаған қарулы жиырма қазақорыс әскері сүңгімен шаншып, қылышпен шауып, мылтықпен атып бәрін де жаусатып түсірді. Аббас төренің Тәукесі мен Торсанының ауылдарына да осылай тұтқиылдан тарпа бас салып, шаңырақтарын ортасына түсіріп, күлін көкке ұшырды. Көзіне түскен жанды түгел қырып, үйлерді түндігін түріп қойып сабақты жіп қалдырмай түгел тонап алды. Бөлтірігін баулыған бөрідей урядник әскер қатарына жақында келген жас қазақтарға білгенін істетіп, қызығына қарап, қарқылдап күлді де тұрды. Әудемге бармай үш-төрт ауылды тыптипыл қылған қанқұмарлар Ақшитінің төбесіне шыққанда күн түске тырмысып қадған-ды. Айнала төңірек алақандағыдай көрінетін адырдан қарағанда ұзындығы отыз, ені он бес шақырымдай алқапта ығы-жығы қырық-елу ауыл жатыр екен. Соның жанжақтан жұрт ағылып жатқан ақшаңқан үйлі ортанғысы ханның үлкен ордасы еді. Қарулы қазақ жігіттерін алға салып, қос қапталға да соларды қойып өз жауынгерлерін көзге түсірмей, ортада ұстап, ту көтерген зымиян жасақ енді тура солай қарай бет түзеді. "Құланның қасуына — мылтықтың басуы" дегендей, ауыл жақтан ат қойып бір топ адамның шыға келгені ғой. Бейкүнә аңқау бишаралар босқа опат болды. Ауылды бәлендей қарсылықсыз әп-сәтте басып алған А.Сотников қасына қырық шақты қазағын қалдырып, жасаққа ерген қазақ жігіттерін хан тұқымының күллі жылқысын айдап әкелуге аттандырды. Ал бұл кезде есаул Рыбин өз қорқауларымен қалған ауылдарды түгін қалдырмай тонап, талап, қарсылық көрсеткендердің қанын судай шашып, аяусыз қырумен болды. Әлде бір мезетте Жаулыбай болысының қазағы Жауғашар Алыбаев пен тілмаш Иван Безверхиев, қайдан іздеп тапқаны белгісіз, жасақ басшысының алдына Кене ханның бәйбішесі Күнімжан ханымның өзін алып келді. Қараторының қисапсыз сұлуы саналатын ханшаның жүзі сұрланып, ыза-кектен жарқ-жұрқ еткен жанары от шашады. Бір баласын қолынан ұстап, біреуін қатты қысып құшақтап алған. Жақұттары жалтжұлт етіп көз арбаған алқасындай асыл тас орнатқан үзбелі білезігіне бір солдат қол соза беріп еді, "Это же султанша!.." деп Сотников дойыр қамшымен оны жауырын ортадан тартып кеп жіберді. Дәл қазір өзіне ешқандай қатер жоғын сезсе де ханым түк көрмегендей болып түс бермеді. Бірер сұраққа сүлесоқ жауап қатты да, қайтып тіс жармады. Сол тұні ол өзінің үлкен ордасында қонып шықты. Бірақ берік күзет, кішкентай балалары батыл байламға бел буғызған жоқ. Кешкісін қазақорыстар таяу өрістегі түйелерді түгел айдатып алып, ауылды айнала алқақотан шөгеріп, өзіндік бір қорғаныс шебін жасады. Жылқыға жіберген жігіттер де келіп, жылқының бері Жезді-Кеңгір қырқасынан асып кеткенін, оған жетеміз деп жүргенде жасақтан көз жазып, жазым болармыз деп қорыққанынан кері қайтқандарын айтты. Олар келіп жайғасқан соң адырдың басынан қараңдаған
біреулер көрінді. Кенесарының қолы қуып келіп қалды ма деп олар зеңбіректі оқтап, қару-жарағын сайлап, әуре-сарсаңға түсті де қалды. Айдап әкелген азынаулақ жылқысымен қазақ жігіттерін де әлгі шөккен түйелерден жасалған қоршаудың ішіне енгізіп алды. Бірақ түнде түшіркеніп ұйықтаған бірі жоқ. Келесі күні жағдайдың шетін екеніне көзі жетіп, бүлікшілер тарпа бас салса, қашып құтылуға болмайтынын білген олар бірден жолға қамданды. Үлкен орданың бүкіл дүниемүлкін буып-түйіп, алаша-текемет, терме-кілем дегендерді түйелерге тендеп артып, наурызға сақтаған сүрдің бәрін жиып-теріп жолазыққа алып, аттанып та кетті. Жол бастап келген қазақ жігіттеріне көрші ауылдан қалағандарыңды алып, қалғанын өртеп кет деп тапсырды. Тек үлкен ауылға тиіспендер, деді. Ордага жиырма шақты тұтқын әйелді қамап, ханның тоқалдан туған төрт айлық қыз баласын қалдырып кетті. Сәби асқазанын сүңгі тесіп кетіп, ауыр жаралы еді. Ал осыдан бес шақырым жердегі ауылын жазалаушылар шапқанда анасы Жаңыл ханым қонақшылап төркініне кетіп, жау қолына түспей аман қалыпты. Қажетін алған қазақтар үйді өртеп, қатты жараланган нәрестені тұтқын әйелдерге қалдырмай үлкен ауылға өздерімен ала келіпті. "Жасақ барлығы отыз шақты әйелдер мен балаларды тұтқынга алды, — деп жазады Орынбор генерал-губернаторына жолдаған баянхатында губерниялық хатшы, жасақ бастығы А.Сотников. — Олардың бәрі де жасақтың жанында, арнаулы айрықша тізімі бар. Тұтқындардан екі ер адам бар еді, бірі — Байболды хат жазып, Кенесары Қасымовқа жібердім. Қолға түскен жиырма түйе, екі жүз жылқы, бес жүздей қойды айдап әкелдік. Үлкен үйден алынған дүние-мүлік тегіс тізімделді... Жасаған жорығымыз пайданы аз түсірсе, бұған бізден гөрі жоғарыда айтылған дуан басшыларының қарекетсіздігі кінәлі". ("Қазақ халқының Кенесары Қасымов бастаған үлт-азаттық көтерілісі". Алматы. "Ғылым" баспасы. 1996 ж.). Қанша қарбытса да жұтқыншағына жұқ болмайтын, ындыны бір тоймайтын отаршылардың обырлығын осының өзі-ақ айтып тұрған жоқ па? Нақақ төгілген қан, жазықсыз опат болган жан олар үшін әдеттегі үйреншікті құбылыс сияқты. Артына қанжоса қып-қызыл із тастаған сол Сотниковтың содырлы жасағы суыт жүріп отырып, наурыздың соңғы күндерінің бірінде Ор бекінісіне де жетті. Әрине, әскери жасақтың ең басты олжасы Кенесарының бәйбішесі Күнімжан ханымды қолға түсіруі еді. Оған ең алдымен патша әкімшілігі қуанды. Қандай тор құрсаң да түспей сытылып шығып, қанша айлаға бассаң да түлкібұлаңға салып ұстатпай құтылып кетіп, жүз қолданып қару жұмсасаң, құйындай ұйтқып барып, ойламаған жерден ондырмай ұрып, қан кақсатып, қаусата жаздап жүрген сұлтанға еңді қатын-баласы арқылы әсер етудің сәті түскен секілді. Күнімжанды іле Орынборға шақыртты. Онымен Шекара комиссиясы төрағасының өзі әңгімелесті. Патша әкімдері Күнімжан ханымды, шынында да, құшақ жайып қарсы алды деуге сиятындай. "Орынборда әскери губернатор тарапынан да, сондай-ақ Шекара комиссиясының төрағасы жағынан да Күнімжанға жылы шырайлы, шын ықыласты қабылдау жасатты. Ол өзіне де, балаларына да қыруар тарту-таралғы алып, сый-сияпат көрді. Оған жылышырай танытып, ілтипат көрсете отырып, шекара басшылығы ханымды өз жағына тартып, осы арқылы Кенесары сұлтанға ықпал етпек болды. Ханымның өзіне жаз шығып, жол ашылған соң қырға қайтып
баратыны хабарланды. Расында да, жол қамы жасалып жатты деп жазады А.Рязанов деген патша шенеунігі. (А.Рязанов. "Кенесары". Тарихи очерк. Алматы. "Айқап" баспасы. 1993 ж.). Алайда қырға күні ертең-ақ қайтарамыз деген уәде ұзын арқан, кең тұсауға түсіп жылдан астам уақытқа созылды. Содырлы Сотников жасағын іле-шала қуғанмен сай-жыраның бәрі тасып кеткен көктемгі лайсаңда жете алмай, көз жазып қалған Кенесары бөлтірігін алдырған арландай аласұрып, кімге соқтығарын білмей басын тауға да, тасқа да ұрды. Жасақты бастап келген жаппас жігіттерінің ауылын шапты. Айналадағы Алтай-Қарпық, қыпшақ ауылдарына да маза бермеді. Ақыры, ол сол 1844 жылғы рамазан айы — қыркүйектің он бірі күні Орынбор шекара комиссиясының жаңадан келген төрағасы генерал-майор М.Ладыжинскийге арыз айтуға мәжбүр болды. “Арызымыз сол: мың да сегіз жүз отыз тоғызыншы жылы Орынборда тұратын әскери губернатор жандарал Генс бізге хат жіберген екен. Падишаһ Ғали ишан хазірет әрбір қылған ісіңізді манифест деп мейірбаншылық жасады дейді. Біз бұл мейірбаншылыққа иланып, оқ атып, қылыш шаппай падишаһтың кең етек, тар қойнын да бастыртпай тұрып едік, — деп жазады Кене хан. — Ал өткен шаһбан (ораза айында келетін айдың аты) айының жиырма бесіне Баймұхамбет, Арыстан, Ахмет сұлтандардың үшеуі үш жерден шығып, құжылдық қылып, Торғай бойында бізді ала алмай қайтты. Оны да көңілімізге алмай, оқ атып, қылыш шауып, падишаһқа қарсылық қылғанымыз жоқ. Биыл өткен наурыз айының жиырма бірінде өзіміз үйде жоқ болып, аңға кеткен уақытымызда Омбы облысы тарапынан бір бөлек жасақпен шыққан законшы Сотников, алтай тайпасы Аққошқар — Сайдалы Құдаймендеұлының, аға сұлтаны Қоңыркұлжаның шағымымен келіп, ауылымызды шауып, бір бала, бір қызымды Күнімжан атты ханыммен қосып алып кетті. Сібірдің бұл қылған қиянатын Орынбордағы үлкендерге арыз етіп айтайық деп Ырғызға келгенде майор Лебедев пен сұлтан Ахмет екеуі қарауындағы жасағымен алдымыздан шығып, бізді орай өтіп барып, Байқадам батырдың ауылын шапты. Бұдан соң бір құдайдың рақымы болмаса, орыстың үлкендерінен мархаббат жоқ екен деп біраз қияс іс қылғанымыздың себебі сол. Орынбордағы бұрынғы үлкендерден үмітімізді үзіп едік. Сол уақытта сіз келіп, Орынборға түсті деген соң мұнша арызымызды өзіңізге айтып, мағлұм қылдық. Орыстың үлкендерінен зорлықтан басқа көргеніміз жоқты. Енді сізден мархабатшылық болар деген үміт бар. Біздің бұл арызымызды падишаһқа жеткізіп, бұрынғы өмірімізді өзімізге қайтарып алып берсеңіз, орыс, қазақтың көз жасының сауабына қалар едіңіз. Бұл тілегімізді мархабат етіп, орындап берсеңіз, қандай уағада қылсаңыз да бармыз. Бұдан бұрын Қарабай сұлтан ағамызды жіберіп едік, оны кері қайтармай қойды. Сол себептен өзіңіздің қол астыңыздағы молда Баймұхамед Иманшаұлымен бір орыс, бір башкұртгы елші ғып жібердік" ("Қазақхалқының Кенесары Қасымов бастаған ұлт-азаттық күресің. Алматы. "Ғылым” баспасы. 1996 ж. Кезіндегі татаршасы аралас тілде жазылған хат сәл-пәл өңделіп алынды. — С.А.). Өзінше жоспар құрып, жоба жасап жатқан орыс ұлықтары хатқа жауап қайтарған жоқ. Ал Күнімжан ханым болса туған жерін, сүйген жарын сағынып,
ауыл-аймағын, ағайын-туғанын аңсап, санамен сарғайып, екі көзі төрт болды. Қаншалық құрмет көрсетілгенмен тұтқынның аты тұтқын. Бірақ бұрынғы ерке наз, еркін мінез қалғанымен, оның еңсесі түскен жоқ. Тобылдағы бір бай татардың үйінде тұрған ханымның сәндігі де, өрлігі де қаз-қалпында "...Сұңғақ бойына жарасқан тіп-тік, қос жұдырықтай қос анары, алтын жамбылы алқасын тырсылдата керіп, аш белі үзіліп кетердей талып, мықынынан төмен бура санды бөксесін мейлінше айқындап тұрады. Үстіндегі шытырман ақжібек көйлек, көгілдір торқа, оқалы қамзол, оның сыртынан шетін құндызбен әдіптеген дүрия қызыл шапан, басында ақ меруерт өрген алтын теңгелері қабаққа түсе сылдыр қаққан қызыл барқыт сәукеле. Сыртынан ақ торғын шәліні көмілдіре жамылды. Құлағына таққан үш буынды сырғалары мен арқасында жарыса түскен тоқпақтай бұрымының ұшындағы төрт қатар шолпысы кілең бір сомдық алтын теңгеден түзілген". (І.Есенберлин. "Қаһар" роман.) Оймақ ауыз, құмай көз хас сұлудың осы келбетін көргенде арнайы іздеп келген Жантөренің Ахметі аузын ашып, аңырды да қалды. Аузына сөз түспей: — Кенесары бұлдаса бұлдағандай екенсің! Қатыгез қарақшының бәйбішесі боп не таптың, одан да маған ерке тоқал бол, — деп әзіл-шыны аралас әлдебірдеңені міңгірлеген еді, оқты көзімен атып жіберердей қадалған ханым: — Төремнің шұлғауының исіне татымайтын саған тоқал боп барғанша, аузы түкті шоқынды хахолға-ақ бармаймын ба! Ойыңдагыны айтып тұрсаң, қойныңа кірген күні кеудеңе мынау қадалады! — деп алтын сапты алмас кездігін қалтасынан суырып алды. "Астапыралла!" деп шошып кеткен әлжуаз Ахмет төре үйден атыла жөнелгенін өзі де аңғармай қалды. Ханымның осы өрлігін орыс ұлықтары да жақсы біледі. Сондықтан қойған талап, айтқан тілегін екі етпей орындайды. Тұтқынга бірге түсіп, қасына еріп келген он жеті қыз-келіншекті баракқа қаматпай, Сібір ведомствосына қарасты қазақтардың үйлеріне орналастыртты. Әрі олармен ауық-ауық кездесіп, мұңмұқтаждарын біліп тұрады. Сол себепті оларға баса-көктеп қиянат көрсету ұшырасқан жоқ Ал Күнімжанның жай-күйін, тұрмыс-тіршілігін патша ағзамның арнайы нұсқауымен үкімет ұлықтарының өзі қадағалап отырды. Оның азық-түлігі мен тұрғын жайына жұмсалатын тәуліктік шығыны жетпіс бес тиынға көтеріліп, күтушісіне ғана күніне жиырма бес тиын төленетін болды. Ғұмыр бойы тұрмыс тапшылығы дегенді білмеген ол тұтқында да не ішемін, не киемін, балаларға не беремін деп алаңдаған емес. Тек мұны жүдетіп, іштей жегідей жеп жүрген — жарға деген сағыныш. Оны ойласа көз алдынан сағымдай сыландап, небір көріністер көлбең кағады... ...Алтайдың Әлке-Байдалы әулеті Есілге құятын Терісаққан бойын жайлайтын-ды. Жаз жайлауында отырған ауыл қыздарының ыстықта өзенге түсіп салқындайтын әдеті. Сол дағдымен бұл құрбы қызы екеуі суға шомылып жүр еді. Кенет өзеннің арғы жағынан: — Армысыңдар, арулар!? — деп біреу дауыстады. Қапелімде абыржып қалған қыздар киім-кешегі жатқан жағаға қарай малти жөнелді де, құрбысы кетіп қап, бұл сәл кідіріп, жігітке көз қырын тастады. Сұңғақ бойлы, екі иығына екі кісі мінгендей қақпақ жауырынды биік қабақ. Жанары өткір ақсары жігіт тіке тұрып
аяқ-қолын бірдей есіп, бір орында қалқып, судан басын шығарып, бұрымын жайып жіберген бұған қадала қалыпты. Бар боларсыз, мырза! — деп сәлемдескенше жігіт жанына серіктері де келіп қалды. Оның Кенесары екенін естігенде жүрегі бір бұлқып, селк ете түсті де есін тез жинап алды. Жігіт тобы әзіл-қалжыңын араластырып,тілектерін орындамаса арғы жағаға өтіп, көйлектерін алып кетеміз деп қорқытты. Еріккен жігіттердің оңайлықпен кетпейтініне көзі жеткен Күнімжан: — Мырза, сонда сіз менен не қалайсыз? — деп, жас төренің тура көзіне қарады. — Қалағаным қиын болса да, сөзде тұрар ма едің, қарындас? — Сөзімде тұрмайтын қатын емеспін, айтыңыз. Қыз аузынан шыққан "қатын емеспін" деген сөзді дәл өз мағынасына түсінген төренің бүйрегі бүлк ете қап, жүрегі қатты тулап кетті. — Жарайды, сөзіңде тұрсаң, біз кеттік. Тек соңымыздан қуып жетіндер. Қалауымды сонда естисің. Уәде ғой? — Уәде. Өзен бойлай жөней берген Кенесары тобын көп ұзамай екі қыз қуып жетті. Уәдесін жұтпай, бейтаныс жігіттерден қорықпай келген уыздай ғана екі бойжеткеннің батылдығына жас төре дән разы болған. Сол кездесуден-ақ Кенесары Күнімжанға көңілі ауғанын жасыра алған жоқ Он жетіге келіп, толған айдай толықсыған бұл да оған құлап түсіп, айтқанына көніп, айлы күнде бақыт құшағында балқыған. Оған өмірінде өкінбейді де. Қайта бақытына бастаған сол бір батыл қадамын қастер тұтады. Әйтпесе, қалың малына үш үйір қаракөк жорғаны матап берген Қоңыркұлжаға тоқал боп кете бармас па еді. Көп кешіктірмей Кенесары да: " Күнімжанды маған берсін" деп кісі салған. Бұл тілекті ой-таразысына тартып Байболат ақсақал алдымен ұлы Тұрсын екеуі ақылдаса отырып, Қоңыркұлжадан келген керді көріп алуға бел байлап, немересінің төлбасы Күнімжанды батырға беруге келіскен. Ұзамай исі Әлке-Байдалы, Аққошқар-Сайдалы болып, тоғыз нарға жасауын артып, күмістеген қара пәуескеге көсем жегіп, ырғалтып-жырғалтып Күнімжанды Көкшетау бауырындағы Қасым төренің ауылына ұзатып салған. Иншалла, есіктен кіре көркімен ұнаған бұл жүре келе жұртқа құлқымен де жақты. Ең бастысы, ақылымен де, ажарымен де баураған бұның бір сөзін Кенесары аяқсыз қалдырған емес. "Айтқанымды екі етпейді" деп, ерін бұл да тізгіндеген жоқ. Ер жарының ғана емес, елінің де игілігі, жалқының емес, жалпының иелігі екенін бек білетін бұл қызғаныш деген қызыл желді жүрегіне әсте дарытпаған-ды. Әмеңгерлік жолымен сұлтанға босаға аттамай жатып жесір атанган Жаңылды қосқанда, қолды-қол ұзартады, емшекке емшек сеп, ұрпақ өрбітуге осы дөп — деп титтей де қарсылық танытпаған. Одан туған ұландар жатыры басқа демесең жатар орны бір болып, бұның балаларымен үлкен үйде бірге өсіп, бір тәрбиеде түлеп келеді. Тірі болса түбіне тартып, шетінен сен тұр, мен атайын дейтіндей сайып қырандар болатын түрі бар. Сұлтанның сөзге тоқтамаган, сөзде тұрмаған сәті сірә болмаған шығар. Айтпайды, айтса сөзінде сертке ұстаған семсердей қатады да қалады. Баяғы
бозбала кезінде жел көрік жастықтың желігімен, кейбір ерегіскен ауылдарын шауып кететін шалдуар мінезі болса керек. Бірде әлде біреулердің айдап салуымен, қасында он шақты серігі бар, Қанай бидің баласы Итқара шешеннің ауылына келіпті дейді. Жүрісі суыт, жүздері суық жігіттердің аңысын бірден аңдаған шешен: Көзімізді сығыр қылдың, Сөзімізді сыбыр қылдың. Өзімізді ығыр қылдың, Малымызды айдап әкеттің, Жанымызды байлап әкеттің. Қарауылда тағы не аласың бар, төрем?! — депті. Қатты ұялған жас төре нөкерлеріне: "Қайтып бұл ауылдың маңын басушы болмандар” деп, атын бұрып алып жөнеле беріпті деп жұрт аңыз ғып айтады. Қайтып өзі де ауыл арасындағы дау-шарға «араласпаған сыңайлы. Кейінгі кезде Кенесары қатыгез деген қауесет жиі естіліп қалып жүр. Әлгі әлжуаз Ахмет төре тіпті "қатыгез қарақшы" деп те салды. Қайтсін, шен-шекпен жауып, биліктің исіне исіндірген орыс қожаларының аузына салып шайнап бергенін айтып көкиді де. Жай жатқан жыланның құйрығын басып, еркін жайылған құланның қыр соңынан қалмай ашындыратын — өздері. Аңдысқан жауда аяушылық бола ма, сосын ханның қолы батып кетсе, ойбайын салып, атандап шыға келеді. Елін ірітіп, жерінен үркітіп, даласына баса-көктей кіріп, қалаларын қаптатып жатқан қаскөйлерге қарсы бас құрап, бетін қайтарайық десе, аз күн тыныштыққа мәз жайбасар момын жұрт аузы бірікпей, бет-бетіне жайылады. Амалсыздан өз ағайының болса да кейде, ондайларға қатты айтуға, тіпті күш көрсетуге де тура келеді. Рас, бірде ұр да жықтау Құдайменде сұлтанның "Исі Қарауылға іріткі салып, ханнан іргесін аулақтатып жүрген Әлібектің Кенжеболатының ең жақын серігі деп Сәрке Медеке батырды тура орданың алдында жазалағаны бар. Алпамсадай аптал азаматты екі қолын артына байлап, тізерлетіп қойып, шекесіне қылбұрау салып: — Кәне, көрсетші, осы тұрғандардың арасында Кенжеболат бар ма? — деп кісімсіді бір жендет. — Шыққыр көзім шықпаса, бұл арада Кенжеболат жоқ, — деді ауырсынса да басқа үн шығармай тісін шықырлата қайраған қайсар батыр. Жендеттер қылбұрауды қайта қысқалы тап бергенде топты жарып кеп есік пен төрдей көшелі тобылғы торы ақбақай аттан қарғып түскен қақпақ жауырынды қыран қабақ қошқар тұмсық қараторы жігіт. — Кенжеболат керек болса — келдім, міне. Әзер болса қанымды ішерсіңдер, бірақ қарулас серігімді қинап, жанымды шырылдатпаңдар. Босат, батырымды! — деп жендеттің қолын қағып жіберді де, жанары жарқ етіп жалт бұрылып жезбен зерленген бұзаутіс тобылғы сапты қамшысын ханның алдына тастай беріп: — Датым бар, тыңда тақсыр! — деді. — Сыйынар аруағы, сүйенер боздағы жоқ жан емен, артымда құнымды жоқтар қалың елім, қасымда намысымды
жоқтар өрендерім бар. Ерсем төріңді бермеймін, ермесем елімді бермеймін. Сыпсың сөзге ерме, жазықсыз жазаға берме, босаттыр анау батырымды! — Түсін тез суытып алып, беліндегі қылышының сабына қолы барып қалған ханға сонда бұрыла беріп Күнімжан: "Жолдасы үшін өз басын құрбан қылғалы тұрған мынау ердің сертіне сен де, елін еркіне бер, төрем" деп күбір еткен. Айтар ақылы қашан да діттеген жерді дөп басатын жарының сөзін сыйлады ма, әлде қастассаң қастығыңа, достассаң достығыңа татимын деп тұрған батырдың тілегін қимады ма, хан келтесінен қайырып: — Босатыңдар батырын! Жолымыздың дұрыстығын күшпен емес, іспен көрсетейік, — деген екен. Содан бастап, оспадар жаза, орынсыз дүре деген тиылып келе жатыр еді. Ордасы ойрандалып, ошағы тапталып, қатын-баласы тұтқында кеткелі бері алтыбақан алауыз елінің басын кұрай алмай онсыз да зығырданы қайнап жүретін хан қазір не күйде екен? Осыны ойласа Күнімжанның ет-бауыры езіліп, егіліп, көкірегі қарс айрылады. Көз алдынан қайдағы бір көріністер көлеңдеп, күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмейді. Ел жақтан хабар күтіп, өлеңдеп ескен желге кұлақ түреді, шыққан күнге көз сүзеді. Осылай жаз өтті, күз өтгі, қыс өтті, тағы бір көктем келді. Ақыры елге қарай бет түзейтін де күн туды-ау. Патша ұлықтары Күнімжанды еліне қайтаруды да өз пайдасына шешуге тырысты. Кенесарының қолында жорықта тұтқынға түскен бір қыдыру орыс солдаттары бар-тын. Күнімжанды және Орынбор түгқынындағы бірді-екілі қазақ батырларын хан ордасына алып барып, айырбас ретінде орыс солдаттарын алып қайту керек болды. Бұл ойды жүзеге асыру үшін алдымен ханымның көңілін табу шарт. Сол себепті басқа тарту-таралғы өз алдына, оған арнап, торқамен тысталған кәмшат ішік тіктірді. Оның бір өзінің ғана бағасы алпыс сом, яғни жиырма жылқының құнына түсті. Күнімжанның көшін бастап бару орыс әскерінің поручигі Герн мен Мұқаметқали Оспанов деген тілмашқа тапсырылды. Аттанардан біраз бұрын генерші Ладыженский Гернді оңаша алып отырып, арнаулы сапарының жоба-жоспарын жасасты. Кенесарының орыс үкіметінің уәдесіне сенбейтінін, сондықтан осының алдында арнайы хатпен жіберілген елшіні айламен құрылған тұзақ деп оған шекесінен қарайтынын алдын ала болжап, ханымы қолына тимейінше сұлтанның беті бұрылмайтынына көз жеткізіп, поручиктің атқарар міндеттерін белгіледі. Ең алдымен оған Кенесары “тобырының ұзын-санын, олардың негізінен қай рудан шыққанын, сұлтанның өз қабілет-қарымын, ел арасындағы абырой-беделін, оның сенімді адамдарын, бүлікшілер арасында қашқын орыстардың бар-жоғын біліп қайту" тапсырылды. Онымен де тынбай, ханымды қадірлеп, ауылына жеткізіп, сұлтанның сеніміне кіріп, Ұлытау жақты аралап, оған жаңа әскери-экспедиция шыға қалса, Торғай даласынан баратын жолды анықтап, жаңадан бекіністер салатын қолайлы орын қарастыру жүктелді. Сөйтіп, Герннің керуені Ор бекінісінен 1845 жылғы сәуірдің жиырма алтысы күні шықты. Қырға қайтар алдында Күнімжан ханым комиссия төрағасынан өзімен бірге тұтқын боп келген он жеті қыз-келіншекті түгел босатып, тиісті сый-сияпатын жасап, бірге аттандыруын талап етті. Комиссия кешірім жасалған соң оны ақырына дейін жеткізу керек деп, күллі тұтқындарды
босатып, бірге ертіп жіберді. Күнімжан өз ордасына көтеріңкі көңілмен оралып, ерінің орыс елімен ымырласуына ықпал етермін деген сеніммен келіп еді. Бірақ бұлардың алдында ғана келіп кеткен Долгов елшілігінің сапары, ол әкелген хатта қойылған талаптар Кенесарының шымбайына батып, қатты шамырқандырған екен. Ханның қарекет-қимылына шек қойылып, басқа мекемелермен Ресейдің рұқсатынсыз қарым-қатынас жасамауы, өз сарбаздарына атақ-дәреже беруіне тыйым салынуы, өз жеріне өз билігінің жүрмеуі, шынында шамдандырар да, ашындырар да талаптар еді. Оның үстіне еш келісімінсіз Торғай бойына бірнеше бекеттер салынуы сұлтанның шыдамын шарасынан асырып жіберді. Айға атылған арыстандай аласұрып, қала түсірмеймін, бекініс салғызбаймын деп қанша қарманғанымен, қара бұлттай қаптап келе жатқан қанқұйлы отаршыларға қайрат көрсеткенімен қайран қыла алмады. Орынбор мен Сібір беттен біртіндеп қабындаған патша әскерлерінің көтерілісшілерді жанжақтан қыспаққа алуына орай жағдай қиындап бара жатқан соң Ұлы жүздің жеріне ойысуға тура келді. Сөйтіп, хан Кене кіндік қаны тамған Сарыарқаны тастап, Шу өзенінің алқабына көшіпті. Отаршылардың озбырлығы мен обырлығына көзі жетіп, патша үкіметіне әбден көңілі қалған Күнімжанның да ерінің ырқына көніп, соның тілеуін тілеп, соңынан ере беруден басқа лажы қалған жоқ. "Кенесарының бәйбішесі Күнімжан азаттық күрестің барлық дерлік өрісті уақиғаларының куәсі болды. Патша үкіметінің отаршылдық азабын бірдей тартып, ханның басына түскен ауыртпалықтың бәрін, өмірдің ыстық-суығын бірге көтерді. Жапар, Тайшық, Ахмет тәрізді хан мирасқорларының анасы Күнімжан балаларын халық үшін күрестің мүддесіне шыңдады деп жазады белгілі тарихшы, профессор Жанұзақ Қасымбаев "Кенесары хан" кітабында (Алматы "Қазақстан" баспасы. 1993 ж.). Шынында да Кенесары бастаған ұлт-азаттық күресін Күнімжаннан туған һәм тәрбиесінде болған Тайшық, Сыздық, Ахмет сұлтандар өткен ғасырдың жетпісінші жылдарына дейін жалғастырған жоқ па?! Сонда бір ғана Кенесары әулеті патша үкіметінің отаршылдығына қарсы жарты ғасыр соғысып, азаттық үшін алысқан болып шықпай ма?! Сондай алыптар туған аналардан айналсақшы.
НАМЫСТЫҢ НАРКЕСКЕНІ
Қазақтың мейірбан да бауырмал қайран қара шалдары-ай! Қайда жүрсе де еншісі бөлінбеген елміз деп ағайын-туыс іздеп, қарамыздың көбейіп, қатарымыздың толыға түсуін тілейді ғой, жарықтықтар. Сондай жаны жомарт, жүрегі ізгі екі қариямен алпысыншы жылдардың ортасында Қызылорда қаласында танысқаным бар. Облыстық Досаф ұйымының бастығы, бізге бөле боп келетін полковник Қаби Өтегеновтың үйінде Көкшетау жақтан келіп қонақ болып жатыр екен. Біреуі белгілі экономист, бертін ұзақ жыл Республика Жоспарлау комитеті басшыларының бірі болған Жарысбектің әкесі Әбутәліп те, екіншісі оның немере ағасы Төлеу екен. "Адам баласы сөйлескенше, жылқы баласы
кісінес-кенше" деген емес пе, әңгімеміз жарасын, әп-сәтте шүйіркелестік те кеттік. -Шырағым, "көп жасағаннан сұрама, көпті көргеннен сұра" деуші еді бұрынғылар. Ел аралап, көп жүретін көрінесің, осы Сыр бойында біздің біраз туысқандарымыз болуы керек, солармен кездескенің бар ма? - деп сұрады әлден уақытта Әбітең. -Жоқ, олар бұл жаққа қайдан келіп жүр? -Онда тыңда, айтайын. Баяғы Кенесары Наурызбай көтерілісінің ошағы Атығай-Қарауыл мен Қыпшақтың қонысы болған жоқ па! Көтеріліс басыпжаншылған соң бүлікке белсене қатысқан деп патша өкіметі, әсіресе, біздің қарауыл еліне қырғидай тиіп, малын айдап әкетіп, жанын байлап әкетіп, жерін тартып алып күн көрсетпейді қойды ғой. Содан ел туған жерін тастап, осы Сыр өңіріне қарай үдере көшуге мәжбүр болды. Көбіне-көп Қылды қарауылдар босып кетті. Жазы би Жанұлының, "Бала Баубек" атанған Баубек батырдың ұрпақтары Сыр бойлап, Бұқар асып кетті деген де сөз бар. Кезінде сол босқын туралы кет "Айқап" па, әлде "Қазақ" газетінде ме, "Қарауылдардың жер аууы" деген мақала да жарияланыпты. Солардың үрім-бұтақ, түқым-тұяғы осы жақта да қалған шығар. Қарияның зердесінің зеректігінен гөрі келтірілген деректеріне таң қалып, басымды шұлғыдым да отырдым. Хан Кене бастаған ұлт-азаттық көтерілісінің өзі сан-саққа жүгіртіліп, оны бұқара халықтың бостандық жолындағы күресі дегендер шетінен шекиетті болып, жаза тартып, жапа шегіп, зардабы енді тарап, зарары жаңа басылып келе жатқан кез ғой, оның тарихына тереңдеп үңілмек тұрсын, ауызға алуға да батпайтынбыз. - Сендер орысшылап ағайын-туғанды онша іздей қоймайсыңдар ғой. Баяғыда Самарқанд, Бұқарға кіре тартып, сауда керуеніне ілесіп, көлігін айдап осы жаққа келіп, үйленіп қалып койған да аталарымыз болған. Іздестірсеңдер солардың да үрім-бұтағын тауып алуға болады ғой. Үрім-бұтақ дегеннен шығады, сендер осы Наурызбайды кім деп жүрсіңдер? - Кім болушы еді, Қасым төренің кенжесі, Кенесарының інісі, Абылай ханның немересі. -Жоқ, ол төре сенің атаң, Қарауыл. Қылды Қарауылда Арлан-Шамай деген ағайынды екі батыр болғанын естіген шығарсың. Солардың өздерінен де асқан өте жаужүрек, жан баласынан беті қайтпаған Қалақ деген батыр ағасы болған, Наурызбай соның қалыңдығы, Қозған Жолдыбай батырдың қарындасы Асылтастан туған. Орын келіп, қалыңдық, ойнап, ұзамай ұзатып алып кеткелі жүргенде қыздың ауылын Қасым төренің жігіттері шауып, айдай ару хас сұлуды төреге әкеп тарту етеді. Сөйтіп, іште келген Науан хан тұқымының шаңырағында шыр етіп, өмір есігін ашқан. Демек, жаны төре болғанмен, жаратылысы кара, Қарауылдың бір тамшы қаны, - деп шежіре қарт бір құпияның шетін шығарған еді. Әрине, тәуірдің бәрін туыс тұтып, жақсының бәрін жақын тартып, туған санайтын қазақы мінез ғой деп, қарт сөзіне онда сенгенім жоқ, қазір де күмәнім көп. Әйткенмен, ой елегіне енді салып қөрсем, ойланарлық сәттер бар сияқты. Асылтасты әкеп тартқанда Қасым төренің жасы алпысты алқымдап, бәйбішесі
дүние салып, тоқалы Қожақ-ханымнан бала көрмей, көңілі құлазып жүрген, қандай болса да бір жас иістен кет әрі емес кезі. Сондықтан есік көрген, бесік көрген деп таңдап, талғап та жатпаған шығар. Алайда, сүйгеніне қосыла алмай құса болған Асылтас тұңғышын қырқынан да шығара алмай, қайтыс боп кетеді де, Науанды Кенесарының бәйбішесі Күнімжан бауырына салып алады. Өйткені, Қазақ-ханымның бауырында бәйбішенің кенжесі бір жарым жасар Әбілғазы болатын. Осылайша Наурызбай туған күннен бастап-ақ, тікелей Кенесарының өз тәрбиесінде болды. Батыр оны өз перзентінен кем көрмегенмен, ата баласысың деп өсірді. Ал хан тұқымының баласы білмейтін өнер, меңгермейтін білім болмауы керек. Алып күш иесі болатыны қаршадайынан байқалған Науанды Кене батырлық салт-дәстүрге тіпті ерте баулайды. Жалпы, Қасым төренің өзі де балаларының батырлығы мен батылдығын кішкентай күнінен сынайды екен. Көкше баурайындағы Күміс көлдің құмына балаларға көрсетіп қанжар көміп, биік төмен жасап, осыдан келіп қарғыңдар деп олардың бір шақырымдай жерге жүгіртіп жіберіп, көзге көрсетеді селебені ала қоятын көрінеді. Жүгіріп келіп қарғыда басқа балалардың жүрегі дауаламай ойқастап жүргенде, Науан әрлі-берлі қайта-қайта секіріп, тіпті жата қалып аунайды екен. Қашаған қуу, құрық, салу, бұғалық тастау, асау үйрету, ат арқасында тік тұрып шабу сияқты ат ойындарының да неше түрін жастай игереді. Келімді-кетімді әскери адамдардан, тұтқынға түскен орыс офицерлерінен, қала берді Кенесарының өз төңірегіндегі батырлардан семсерлесу мен қылыш қолданудың, найзаласудың түрлі тәсілдерін үйренеді. Ол он бес жасында жалаңаш қолымен қару жұмсамай аю алған екен деген де сөз бар. Енді бір әңгімеде ол қарсы шапқан жолбарысты қағып ап алқымынан сығып өлтіріп, өңгеріп үйге алып келіпті дейді. "Кене аға, міне, мынау жыртқышты қан шығармай, қару жұмсамай-ақ соғып алдым", деп үй сыртында тұрған Кенесарының алдына тастай салғанда: "Тәйт әрі, бір мысықты өлтірдім деп осынша мақтанғаның не?!" деп бұрылып жүре беріпті. Бұл оның жас батырды табысқа мастанып, асып-тасып кетпесін деп сақтандыруы еді. Наурызбайдың қайтпас қайсар, қайратты да айбатты, білекті де жүректі болатыны барған сайын айқындала түседі. Бір күні Кенесарының ордасында батыр-бағландар мен бишоралар бас қосып отырып: "Осы заманның асқан батыры Кім?" деген әңгіме төңірегінде пікір алысады. "Бүгінде Ағыбайдан асқан батыр жоқ" деген түйінге теңеп, бәрі оны мақтай жөнелді. Бұл әңгімені әлі жалау көтеріп жорыққа араласпаған он бес жастағы Наурызбай босағада түсі бұзылып, сұп-сұр боп тыңдап отырады. Сол түні Ағыбайдың жылқы күзететін ҡезегі екен. Үркер тастөбеге шығып, түн ортасы болған кезде ай сәулесінің аясымен астына ақбоз ат мінген біреу ағып келіп Ағыбайға тап береді. Айҡаса кетіп Ағыбай найза саламын дегенде, қолынан қаруын тартып алып, өзін киімінен түйреп, үш рет басынан айналдырып лақтырып ҡетеді. Ағыбай біраздаң соң есін жиса аты қасында тұр, ал найзасы жоқ, Кенесары күзетін өзіне тән сынып тапсыратын қырық, арғымағы түгел. Ғұмыр бойы жаудан беті қайтып көрмеген батыр қатты намыстанып, терең күйзеліп үйіне келсе, найзасы өз үйінің алдында сүйеулі түр. Түнде болған жағдайды айтуға ұялып, Ағыбай түске дейін сүлесоқ боп жүреді де, ақыры бастан
кешкенін Кенеге кеп баяндайды: "Жын ба, пері мен, білмеймін, әйтеуір, бір ақ киімді ақ боз атты біреу мені найзасының ұшымен көтерді де,басынан үш айналдырып лақтырып тастап кетті. Найзасын денеме дарытпапты, бірақ киімімдегі орны мынау, Айтайын-ақ, деп едім, алайда айтпасыма және болмады", - дейді. "Е, кім дейсің ол, ойнап жүрген өзіміздің Науан-жан шығар?" депті жайымен жымиып Кенесары. Өзі тәрбиелеп жүрген түлегінің қылығын кек тұтпай, қайта мақтан көріп Ағыбай да жайраңдап, жайылып сала беріпті, Жалпы, Кенесары түбім сезіп қалар деп сезіктенді ме екен, әлде өзіне иілмей кеткен Арлан-Шамай сияқтылардан сескенді ме екен, Наурызбайды алған беттен-ақ, Атығай-Қарауыл батырларының маңына жолатпай, тәрбиесін тек Ақжолтай Ағыбай га ғана сеніп тапсырған, Алайда, сыбыс жата ма, кішкентайынан хан тұқымынан деп кеудесін өрлік кернеп, қөсемдікке қол артып өскен Науанның да құлағына сыпсың сөз жетіп, түбінің шикілігін аңдаған сияқты. Оның Есенкелдінің қызы Қарлығаш пен көңіл қосуы осыған меңдейді. Terі басқа екенін білмесе, ол туған ағасының қызына көз сала ма. Ал оны Кенесары біле тұра Науанды жазаламай, жанындағы серіктеріне қалай қатер тігуін немен түсіндіруге болады. Наурызбайдың тегін Мұхаң, Мұхтар Әуезов те білгенге ұқсайды. Оның "Хан Кене" драмасындағы Бопай мен Науанның оларға шарпысуын қазақ ғұрпында туған апа мен інінің аузынан шығар сөзге жатқызуға келмейтіні де содап болар. Ұлы жазушы жалпы қазақ үшін үлгі қылық, деп білген бе, Қарлығашты немере ағасының қызы деп көрсеткен. Әлбетте, Наурызбайдың тегінде тұрған ештеңе жоқ, төре болсын, қара болсын мейлі, ол исі қазаққа ортақ тұлға, халқының азаттығы үшін шыбын жанын шүберекке түйіп, қасықтай қанын қиған қас батыр. Кенесары да оны атаның ұлы емес, адамның ұлы, хан тұқымының ғана перзенті емес, жалпы халықтың перзенті етіп тәрбиеледі, алдындағы, айналасындағы батыр ағалары да ел Қамын жейтін еңіреген едіге азамат етіп баулыды. Қашанда батырды пір тұтып, батырлықты жыр ететін халықтың жыр-дастандарында Кенесарыдан гөрі Наурызбай көбірек мадақталып, оның ерлік жолы он жеті жасында басталды дейді.Ал тарихи деректерге үңілсек, оның тұсаукесер ерлік қимылы он алты жасында Ақмола қамалын аларда айрықша көрінген. Бекініс үшін шайқас киімі кескі болып, қамалды қорғаушылар көпке дайын беріспей, қазақ салақшылары ұшьна тез тұтанғыш майлы шүберек байлаған жебелерді атқылап, қаланың көшелерінде өрт шыққан. Бекініске бірінші болып басып кірген Басықара батыр оққа ұшқан. Батырдың денесін тастамай алынған шептен бір адым шегінбеуді бұйырған Кенесарының әмірімен Ағыбай, Иман және Наурызбай батырлар бастаған жасақтар қалаға қайта басып кіріп, күлін көкке ұшырды. Осы жорықта жап-жас Наурызбайдың алғырлығы мен айлакерлігі көзге ерек түседі. Оның сілтеген семсерінен аман қалған дұшпан болмайды. 1838 жылғы тамыздың басында Ақмола бекінісі талқандалғаннан кейін Кенесары жігіттері бекіністер мен бекеттерге шекара шептеріне, тіпті дуандарға шабуылды жүйелі өрістетіп, дұшпандарының дайындаған пішіндерін өртеп, қатынас жолдарын талқандап, кәдімгі партизан соғысын жүргізеді. Жазалаушы
жасақтармен бетпе-бет келіп қалғанда оларды ойсырата жеңіп, ту-талақайын шығарады. Ондай шайқастардың ен ортасынан көбіне алып күш иесі албырт Наурызбай көрінеді. Сондай бір шайқаста оның жалғыз өзі дұшпанның он бес солдатын қылышпен шауып тастайды. Ал жекпе-жекте ол жан баласын шыдатпаған. Ереуіл атын ерттеп мінген Кененің жақтастары сатқын сұлтандар мен көнекті сырттан салған бай ауылдарды да жиі шабуылдап шекара шебіне тақау қоныстанған патша құлықтары мен тілмаштардың малдарын айдап әкетіп, сауда керуендерін де қолға түсіріп жүрді. Акмола арқылы Тәшкент пен Хиуаға баратын керуендерді шабудағы көтеріліс көсемінің көздегені Ресейдің көп пайда түсіретін Орта Азия мен саудасының берекесін қашыру болатын. Оның азаттыҡ, жолындағы күрес үшін онша тиімді тәсіл емес екенін көп ұзамай түсінген Кенесары ізінше өзінің көптен көксеген мақсаты - орыс отаршылдарына қарсы бірлесіп күресу үшін Орта жүз бен Кіші жүз қазақтарының басын біріктіруді қолға алды. Ол өзінің жасауылдарын жіберіп, жұртшылық көңіл күйін, көтеріліске көзкарасын білгізіп, тізе ортақ жауына қарсы бірлесіп күресудің жолын қарастырды. Орта жүз аумағындағы бытыраңқы бас көтерулерді біртұтас қозғалысқа біріктіре отырып, Кенесары Кіші жүздегі көтерілістің бастысы Жоламан Тіленшиевпен байланыс жасап, Табын, Тама, Шөмекей, Шекті сияқты өршілөжет, қайтпас-қайсар рулардың азаматтарын өз жағына тарты. Соның арқасында Торғай мен Ырғыз өңірі көтеріліс ошағына айналды. Алайда, екі жүздін де дүмді байлары уақыттың ағымын, орыстың аңысын аңдып, көтерілісшілерге жылы шырай таныту қоймаған-ды. Сол себепті олардың біразына тізе батыруға тура келді. Ондай алпауыт ауылдардың бірі Кіші жүздің Алшын-Жаппасындағы Тілеуқабақ әулеті, оның сен тұр мен атайын көзсіз батыр екі ұлы Әли мен Мұса. Дені асыл тұқымды кіл арғымақ үш жарым мың жылқысы бар, көшкенде ордасының өзін алпыс нарға артатын байдың шөпженді жауға ығын бермесін естіген Наурызбай қасындағы кілең көкжал қырық жігітімен Тілеуқабаққа өзі бармақ, болып, Кене ағасынан рұқсат сұрайды. Байдың ауылы ауылға айдын көлдердің ортасында, анау-мынау жолын тауып бара алмайтын жерде отырғанын, оның үстіне тасқыны тайдай тасты домалататын Үш бурыл суынан өте оңай емесін білетін Кенесары көп ойланып, ақыры інісінің қасындағы Алабай, Дулат, Жәуке секілді серіктеріне сеніп, бата беріп аттандырын салады. Бұл Жүсіпбек қожа бастырып шығарған "Наурызбай-Ханшайым" дастанында ерлік те адемі өрнектеледі. … Хан Кененің інісі Наурызбайдың әлекедей жаланған қырық жігітпен келе жатқан хабары ұзын құлақтан әп-сәтте жетеді. Қанша жерден құлақтанғанымен байдың ауылы Әли, Мұсаға сеніп қозғала қоймайды. Батыр ағаларынан қарындасы Ханшайым әлдеқайда сұңғыла да сергек екен. Хан інісінің алған бетінен қайтпайтын, діттегеніне жетпей, көздегенін қолға түсірмей қоймайтын кайсарлығынан хабардар қыз қайранның алдын алу үшін қыз-келіншектерді жиып, алтыбақан құрып, жорықшыларды түнде ойын-сауықпен қарсы алады. Жас батырдың нендей мақсатпен жүргенін білген қыз жасанған жаудың алдын алуды
ойлайды. Олардың өткелді өздері-ақ тауып, көздеген жылқыны айдап алатынына көзі жеткен қыз әдісін тез өзгертіп, жігіттерге қол ұшын берген болып, жылқыға барар жолды өзі нұсқайды. Бұл қолбасы Наурызбайды торға түсірудің тәсілі еді. Әріден ойлайтын ақылды қыз екі елдің жаулығы өршімеуін көздеп, әрі туысқандық борышын өтеп: "өлімге, күшің жетсе. қия көрме, артыңнан Әли, Мұса ағам барар" деп ескертеді батырға. Жылқыны айдап әкетіп бара жатқанын да ағаларына өзі келіп айтады. Бірак Науанның күші басым болып, екі батырды да түсіріп кетеді. Қыз тағы да айлалап, ел есін жиып күшін біріктіріп, жанын қорғап, малын айырып алып қалсын деген оймен төре қолын үш күн кідіртеді. Алайда, сайдың тасындай сайыпқыран ерлерге ешкім батып қарсы шыға алмайды. Содан ел намысын қыздың өзі жыртып, әкесінен бата алып, батырға өзі шығады: "Еркен пен ұрғашыға олжа түссе, тақсыр-ау сол олжаны қайсысы алар?" деп Наурызбаймен жолыққанда атам заманнан келе жатқан әдет-ғұрыпты алға тартып: Жығылған қатты түсер қыр басынан, Жалғанда кім айырылмаҫ сырласынан. Бойына мін емес пе, тақсыр төре, Жол сұрап олжа алғаның ұрғашыдан, - деп ердің намысына тие сөйлейді. Әділ сөзден аса алмаған мәрт батыр алған жылқысын түгел қызға қайтарады. Бар олжасын қызға қалдыра тұрып Науан:
Ханшайым, артық екен сенің ағаң, Еңбек қып алған малды бердім саған. Құрбандық Кіші жүзге болып кепсің Не сыйлық көрсетесің енді маған? – дейді. Сонда алғаш көргеннен-ақ "сырттаны екен жігіттің" деп ұнатып қалған қыз: "Құдай қылса, қала ма пендеде хәл, тақсыр-ау, ұнатсаңыз өзімді ал!" - деп ойындағысын айтады. Сөйтіп, сапар соңы тойға ұласып, сол жылы күзде Науан барлық жол-жоралғысы мен Ханшайымды Ордаға келін қып түсіреді. Қырғи қабақ екі ел төс түйістірген құда, бас сүйістірген онда болып, ортақ дұшпанға қарсы бірге аттанады. Алайда, қуаныш ұзағынан сүйіндірмей келінінің ақылпарасатына таңданған Кенесарының тілі өтіп, көп ұзамай Ханшайым көз тиіп өледі. Бұл Науан батырдың он сегізге енді ғана шыққан шағы екен. Сонан қайтып ол отау құрмайды. Бар ғұмыры жорықта өтеді. Жорық жолы да ұдайы сәтті бола бермейді. Әдетте ең жауапты тапсырманы орындауға Кенесары Наурызбайды жұмсайды екен. Сондықтан оның тобы ылғи да соғыстың қауіпті тұсында жүреді. Ол қатыспаған бір де бір әскери шайқас жоқ десе де болады. Бірде оны хан Тройцкіден Бұқарстанға бет алған сауда керуеніне жібереді. Наурызбай ол жорыққа тұтқында жүргеніне үш-төрт жыл болып қалған, қазақтың тілі мен дәстүрін әбден біліп алған Николай Губинді тілмаш ретінде бірге ала шығады. Оларға жол-жөнекей жаппастықтардан зекет жинау тапсырылады. Он жеті күн жүріп арала аттарын тың сәйгүліктерге айырбастап алып, жаппастықтарға жетеді. Науанның екі жүз қолына отыз шақты Шөмекей жігіттері қосылады. Ауылда болыс Омар Мәтеновтің өзі болмай шығып, старшын
Мырзабек Құлманов алдын-ала құлақтаңдырып қойған елді зекет бермейміз деп хан жасағына қарсы көтеріп қаруланған қалың елді айдап салады, Олар отыз шақты жолдасымен Наурызбай җатқан ауылды қоршап алып, батыр, әйтеуір, жігігтерімен әрең қашып құтылады. Бірақ Наурызбайдың жетегіндегі атының жүгенін сыпырып әдейі құлап, орыс тілмаш жаппастықтарда қалып қояды. Бұл үшін Науан ағасынан сөз де естиді. Сужарған-Алқау алқабында Жанғабыл би ұйымдастырған жасауыл қырғынында да Наурызбай осындай қатерден аман құтылып кетеді. Түп ізінен қалмай қуған қуғыншылардың біразын жайратып, өзі де Байтабын, Ыссық, Қонай, Төлеген тәрізді серіктерінен айрылады. Тіпті ол барлауға шығып, Өлкейек өзенінің бойында отырған Кенесары ауылын бетке ұстар келе жатқан, жанында Баймағамбет пен Арыстан сұлтандар бар, полковник Бизанов бастаған үлкен қолмен де қақтығысып қалады. Батырдың шағын тобы мұздай қаруланған әскерлер мен шегіні жүріп шайқасады. Шайқас кезінде Науан ауыр жараланады. Сонда да үйреншікті қырдан жол тауып, жау қолына түспей аман құтылады. Орынбор казак полкінің уряднигі Андрей Ивановтың айтуына қарағанда, Кенесары барлық мәселелер жөнінде көбіне-көп Наурызбай мен ақылдасып отырған. Өйткені, ол басқалардан ақылды да қайырымды болған. Қолға түскен орыстарды ұдайы қорғап жүреді екен. Шынында да, Наурызбай көтерілістің өн бойында елеулі қызмет атқарды. Ол әрдайым сарбаздардың алдында жүрген және соңына ертіп ерлікке жігерлендіре білген. Оның түр-тұрпатының, кескінкелбетінің өзі төңірегіндегілерді баурап алатын. Жайшылықта жайдары, қыз мінезді ол айқаста айбаттанып, адам танымастай өзгеріп кетеді екен. "Наурызбай ұзын бойлы, дене бітімі сымбатты сұлу жігіт, - деп жазады қырғыз тарихшысы Б.Солтабаев. - Өңі қызыл шырайлы, жыпжылтыр, бет-әлпеті басқа қазақтарға қарағанда ашаң, атжақты, жанарынан ұшқын атқан қара көзі кісіге байыппен қарайды. Төбесіндегі жалтыраған маржан моншақпен өрілген айдары самайына дейін түсіп тұратын. Сақал-мұрт әлі шыға қоймаған. Айқасқа ол әрқашан түгі күлгін тартып құлпырып тұратын ақ боз ат мінетін. Шайқас кезінде ол оң қолын бос ұстап, шынтағына дейін түрініп, жеңін белбеумен қатты тартып буып тастайтын. Ол қарадай-ақ дұшпанының зәресін үшыратын. Оның шайқаста найзаны қос қолдап ұстағанын бірде-бір қырғыз көрген емес. Әдетте зілдей ауыр найзаны қандай кезеңде болсын бір қолымен ғана ұстауының өзі оның шын мәніндегі алып күш иесі екенін көрсетпей ме. Басына ол қызыл пүлішпен тысталған бұлғын тымак, үстіне тысы қара көк пүліш, іші қап-қара құйрықтары тізілген күзен терісінен тігілген ішік киетін. Ішігінің жағасы, жеңдерінің ұшы және ертегі айнала қара қоңыр құндыз терісімен көмкерілген". Осыған қарағанда, Науан батырдың Арқа сал-серілерінің дәстүрін қалай ұстанғаны өз-өзінен көрініп тұр. Халық, жырларында оны әрі әнші. әрі ақын етіп көрсететіні де тегін емес. Ондай дара тұлғаның тіл-көзге де тез ұшырайтыны заңды. Содан сезіктенді ме екен, бірде Наурызбай: - Ағеке, Кіші жүздің бір сыншы қариясы бар дейді, соған апарып мені сынатып көрсеңіз қайтеді? - деп Ағыбай батырға қолқа салады. Алшында Абыз деген көп жасаған дана қарт барын Ағыбай да, хан Кене де білуші еді. Жанына
жолдас ертіп Науанды алып Ақжолтай батыр сол қарияға тартады. Барса Абыз жағын торғын орамалмен таңып алған, мамық төсекте жатыр екен. Сәлем алып, ол аунап түсіп бүркеніп жатып қалады. Сол жатқаннан келесі түске дейін теріс қараған қалпы қозғалмай жата береді. Қонағасысын жеп қонып шыққан жігіттер қария қайтып тұрмас деп түске тармаса тықыршып қайтуға қамданды. Жас төре қайткенмен Абыздың бір ауыз пікірін білгелі ағаекесіне жалтақтайды. Сонда Ағыбай қарияның төсегіне тақала келіп: - Абыз ата, басыңызды көтермедіңіз ғой. Жанымдағы мына жігіт Қасым төренің кенжесі, Кене ханның інісі Наурызбай деген балаңыз, бағын сынатқалы өзіңізге әдейі келіп еді. Ал мен шұбыртпалы Ағыбай деген боламын, - дейді. Сонда Абыз басын көтеріп: - Е, Ағыбайым, сенің ұраның артыңда қалады, өз ұраныңды өзің естірсің, бағыңның бауы желкеңде екен. Ал Наурызбайға келсем, менің жасым, міне, жүз жиырмада, осы ұзақ ғұмырымда мұнан асқан ержүрек батыр көргенім жоқ. Көкжал бөрінің сырттаны сияқты, жігіттің сырттаны әрі сұлтаны екен. Бірақ адам баласына мейірімі аз сияқты, бағы маңдайында, жаса жиырма бестен аса қоймас. Сендердің келгеніңді мен білмей жатыр дейсің бе, тек бейбақ басым, байқағанымды айтуға өздеріңді қимай, қиналып жатырмын ғой, - депті. Абыздың айтқаны айна-қатесіз келгенін көрмейсіз бе. Наурызбай 1847 жылы қырғыздардың қолынан қаза тапқанда тұп-тура жиырма бес жаста екен. Кенесарының Арқадан келіп Жетісуға табан тірегендегі ойлағаны Алатауды айнала шолпан жатқан Үйсін жұрты мен қалың қырғыз елін өз жағына тартып, аранын ашып келе жатқан орыс отаршылдығына қарсы көтеріп, жұмыла күрес, болатын. Оның үстіне Алатау баурайындағы Ұлы жүз ағайындардың көңіл-күйін білгелі Наурызбайды бас қып елшілер жібергенде сол өңірдегі елді билеп тұрған немере ағасы Рүстем Абылаевтың да сәлемі себеп болды. Ол ақылымды алса, орыс шеңгелін салған жерлерді тастап, өзімнің жаныма көшіп келсін деген еді. Келсе, патша өкіметінің айла-шарғылары бұл елдерді де, әсіресе, тау қырғыздарын шырмауықтай шарман, қыл мойнына құпия құрығын салып та үлгеріпті. Ұлы жүз халқын ереуілге дүр көтере ме деп қорыққан орыс үкіметі қарауында Абакумов, Карбышев және Нюхалов сияқты жасауылдардың жазалаушы жасақтары бар генерал-майор Вишневский бастаған әскер шығарады. Генерал ең алдымен Аякөз, Қарқаралы, Көкпекті, Қапал дуандарының басшыларын көтеріліс жетекшісіне қарсы қойып, оны қазақ-қырғыздың сеніміне кіргізбей, реті келсе Жетісудан жалпы қуып, көзін жоюды көздейді және жоғары жаққа солай уәде береді. Патша жансыздары рулар арасында алауыздық туғызып, дұшпандық отын тұтату үшін діндарларды да кеңінен пайдаланды. Әсіресе, Батыс Сібір мұсылмандарының басшысы ахун Әбрахманов Кенесарыға қарсы күшті жұмыс істеді. Ол ханның кейбір руларға көбінесе қырғыздарға қатысты қателіктерін қалт жібермей өзіне қарсы пайдаланып отырды. Обалы нешік, соған қарамастан Дулат пен Шапыраштының Байсейіт, Байзақ, Бұғыбай, Саурық және Тойшыбек сияқты батырлары ел-жұртымен бірден Кенесары жағына шығып, алдымен Әулиеата, Меркені қоқандықтардан тазартуға белсене ат салысты. Алайда, орыс құлықтары мен жең ұшынан жалғасып,
астыртын байланыс жасап, сый-сияпат, қару-жарақ, алып отырған қырғыз манаптары ымыраға келмей қойды. Кезінде Абылайдың тізесі батқанын әлі ұмыта қоймаған қырғыз атқамінерлері енді оның ұрпағымен жақындассақ, биліктен мүлдем айрылып қаламыз деп қатты қорықты. Оның үстіне тыныш отырмай өз тумаларын айдап салып, көрші қазақ ауылдарының берекесін қашырды. Кенесарының елшілер жіберіп, ортақ дұшпанға қарсы қырғыз-қазақ болып бірге күресейік, алдымен елді қоқандықтардың қыспағынан құтқарайық деген ұсынысын кабылдамай, өре түре келді. Амалсыздан күш қолдану керек болды. Күш қолданылған жерде әділдік сақтала бермейтіні белгілі. Наурызбайдың қырғыз ағайындарға әзірейілдей болып көрінгені де дәл осы тұс. Ол бірлескен күреске күшпен көтеріп көндіремін деп қырғыз айылдарына шүйлікті. Қарсыласқандардың бетін қайтарып, сағын сындырамын, қайтып бас көтерместей етіп қорқытамын деп, тіпті қатаң жазаларға да барды. Артық кетіп, қарсыласының жүрегін тірідей жұлып алған да кезі болды. Мұқаңның "Хан Кене" драмасында Бұғыбай батырдың аузына "бала ер де, батыр да. Осы жүрген қолдың үйдегітүздегісінің ешбірі ол жағынан тең келмейді. Бірақ ерлікті жұмсайтын да, жұмсамайтын да жер бар. Ерлікпен жауды мұқатып, елді артымыздан ертеміз деп жүрміз ғой. Қызуы үстеген шағында Наурызбай жазығы жоқ, дос боларлық елде егер қылады" деген сөзді салуында мән бар. Қызып кеткен шағында Наурызбай алдында от тұрса да тайынбай кіріп кете берген. Сонысынан талай қатерлерге тап болып, ұзаққа да түсіп қала жаздаған. Бірде "Абылай аспас асудан мен асамын" деп, дұшпанын дүркірете қуып жүріп, олардың айласын аңғармай, санаулы серіктерімен мұз аңғарда құрсауда қалып қойғаны да бар. Әйтеуір қиуадан жол тауып, қиыннан соқпақ салатын тапқырлығының арқасында аттарының тоқымын мұзға төсеп, жабысқан киізді жол қылып, аттарын жиілей айқаса жүріп, мұз құрсаудан әрең құтылған. Наурызбайдың да, Кенесарының да қатыгездігін олардың өмір сүрген ортасымен, сол ортаның салт-санасы, мақсат-мүддесі күллі күрес әдісіне әсер еткенімен түсіндіруге болар. Ат жалын тартып мінгелі отаршылдарға жерімді бермеймін, елімді билетпеймін деп, жанын шүберекке түйіп, ұдайы қанды-қасап соғыста жүрген олардың қатал қимыл, қатаң шараға баруы еті үйреніп кеткен дағды да шығар. Соны оңтайлы пайдаланып, қырғыз манаптары Орман мен Жантай халқын Кенесарыға қарсы көтере білді. Жансыздары арқылы көтерілісшілер арасына іріткі салып, Дулат елін хан Кенеден бездірді. Бұл туралы бас манап Жантай Қарабеков Сібір қазақтарының шекара бастығына былай деп жазады: "Кенесары қайтадан шабуылға шыққанда қарсылық көрсетіп, кескілесе ұрысып, оларды үш күн қоршауда ұстадық, Сол сәтте сұлтан Рүстем мен би Сыпатай Әлібеков әскерін алып, олардан бөлініп, Кенесарыға не істесеңдер оны істеңдер деп тағдырын бізге тапсырып кетті. Бауырымыз Орман онда артта келе жатыр еді". Орыс ұлықтарынан қару-жарақ, Қоқан бекеттерінің қосымша әскер алған Орман қолы жетісі мен қоршау құрсауы тарыла түсті. Және әскери кеңес шақырып, қоршаудан шығудың жолдарын ақылдасты. Алайда Наурызбайдың "Ағыбай мен Құрман батырға қосып екі жүз жігіт берсеңіз қырғыз шебіне шабуыл
жасап, қоршауды бұзып өтемін" деген ұсынысын ағасы мақұлдамай, әрқайсысы өз жасағымен құрсауды жеке-жеке бұзып өтпек болды. Кенесарының жасағы қоршауды Қара суық деген ми-батпақты, қорысы көп өзен арқылы бұзып шықпаққа бел буды. Өзеннен өту кезінде көп адам суға кетті. Соған қарамастан сарбаздар ханды аман алып шығу үшін барын салды. Осы сәтте көтеріліске қатысушы Қалиолла Әлібеков былайша сипаттайды: "Кенесарының жүздеген адамдары қара қырғыздардың желкеден тұрған соққысынан суға кетті. Бірақ өліп бара жатып, сүйікті сұлтанын құтқаруға тырысты. Өздерін құрбан ете отырып, олар сұлтанды суға батып бара жатқан атынан ауыстырып, өз аттарын беріп отырды". Бірақ қоршаудан шығу сәтсіз аяқталып, қырғыз манаптары Алмалы сай аңғарында Кене ханды қолға түсірді. Қоршаудан шығуға қанша тырысқанымен күші-басым жаумен шайқаста Наурызбай өзінің жасағымен қоса опат болды". дейді тарихи деректер. Әйткенмен ел аузындағы аңыздарға, ол жайында жазылған жыр-дастандарға қарағанда, Науан батыр бұл жолы да аман қалып, бір топ қанды көйлек жолдастарымен қоршауды тағы да бұзып шыққан тәрізді. Ағыбай батыр туралы бір аңыз-әңгімеде қолға түскен Кене ханнан бірнеше күн бойы дерек болмай кетіп, есін жиып, қайратына қайта мінген Наурызбай Ағыбайға: - Не де болса, қалған үш жүз қолмен жау қоршауын қайта бұзып, Кенеағамды құтқарайық, - дейді.
- Науанжан, жау Кенені өлтіре қоймас, қалған күшімізді жиып, одан да қырғызға елші жіберейік. Құрулы қақпаннан аулақ болған абзал. Әйтнесе, дұшпанның зеңбірегінен қанымыз босқа төгілені. Әркім бет-бетімен қашып, тұрымтай-тұсына, балапан-басына тым-тырақай боламыз, дейді аға батыр. - Ей, аға еске-ау! - депті сонда Науан жылап тұрып. - "Екі қатынның баласы екі рулы ел" деген бұрынғының сөзі бар емес пе. Бір анадан тумағандығын жасады дейді ғой мені ел. Ондай өсекке қалғанша, мен Кене-ағамды жаудан не арашалап алайын, не бірге өлейін". Осыны айтып Науан батыр үзеңгілес есіл достарымен қоштасып, ағасы тұтқынға түскен жерге қарай бет алады. Ол кіріп келгенде: "Айналайын-ай, енді бірер күн бөгелгеніңде сенен қорқып мыналар мені босатқалы отыр еді" деп жылап жіберіпті дейді хан… Тұқым алып қаламыз деп қойнына күніне бір қыз салған Кене ханнан таулары шағылған қырғыздар ерен батыр балғын төреден де дәметті ме екен, жазалау жөніндегі мәміле тағы да бірер апта созылса керек. Осы жөнінде бертін шыққан мынадай бір әзіл әңгіме бар. Қырғыздың атақты жазушысы Қасым әлі Сәбеңді, кәдімгі Сәбит Мұқановты қонаққа шақырып, Майтөбенің тұсына дейін шығарып салыпты. Сонда Сәбең қалжындап: - Қасымәлі, осы біздің қазақтар қырғыздарға қарағанда ақсүйектер мен, қалай? - депті. - Е, сүйектерің аппақ болып әне жатыр ғой, дейді жұлып алғандай қырғыз қаламгері төбені нұсқап. Сәбең сұп-сұр болып кетеді. Сонда қасындағы Мәкең - Мәриям апай Қасымәліге күлімдей қарап:
- Қасымәлі, оған несін шамданасың ауылдарында Наурызбай ағамыздың аузынан түскендей қырғыз жігіттері біраз бар көрінеді ғой, - деп әңгімені әзілге айналдырып жіберіпті. Бұл әншейін ғана әзіл ғой. Алайда, соның өзі намыстың наркескені Наурызбай сияқты ұлы тұлғалардың аты халық, жадынан ешқашан өшпейтінін, әзіл-шыны аралас айтылса да, елді ерлікке, ерді елдікке, бұқараны бірлікке үндеп тұратынын аңғартса керек. Ерлігі Наурызбайдың ерек еді, Хан Кене ақылы асқан зерек еді. Ортада оба ағаштай терек еді. Екеуі қапылыста өліп кетті, Қазақтың баласына керек еді, - деп қарт жыршы, халық ақыны Омар Шипин атамыз айтқандай, елімізге осындай нар тұлғалар әлі де керек-ау, өзі!
БАТЫР БОПАЙ Қыр қызының тағдыры қызық қой. Көшпелі тұрмыс салтына сәйкес қаршадайынан ат жалын тартып мініп, ер азаматтармен әмәнда үзеңгілес жүруіне тура келеді. Үзеңгілес жүрген соң әлбетте жігіт білетін өнердің бәрін ол да меңгеруі керек. Алдына ондай талап қойған қыздардың ынта-ықыласына жалпы әйел затына тән алғырлық, пен алымдылық, қажырлық пен қарымдылық, табандылық, пен тағандылық қосылғанда көп жағдайда олар ерлердің алдын орап кетіп отырады. Сондықтан сайыс пен жарыста, күресте жігіт-желеңге есе жібермей, жеңіп кетіп жүретін қыздардың қазақ қырында аз болмағаны белгілі. Құдыққа құлаған атан түйені екі өркешінен ұстап суырып алатын, құрық тимеген шу асауды құлағынан басып шөкесінен отырғыза қоятын, құнан өгізді бір өзі көтеріп кететін, көкжал қасқырды тобылғы сапты дырау қамшымен-ақ соғып ала беретін апаларымызды ел әлі күнге аңыз етіп айтпай ма. Ал таңдайынан шаң шыққан талай шешендерді шоңқитып, айтыста небір ақындардың аузын аштырмай қоятын жез көмей ділмар да айтқыр шайыр қыздар өз алдына бір төбе. Осыдан келіп көбіне жігітке айтылатын сегіз қырлы, бір сырлы деген сипат негізінен әйел затына лайық па деген де ой келеді. Кенесарының кәдімгі хан Кененің қарындасы Бопай да кезінде сандар ақылына ажары, өжеттігіне өнері, күшіне ісі сай батыр да батыл қыз болған сияқты. Көзсіз батыр, көшелі ақыл иесі Қасым төренің Саржан, Есенкелді, Ағатай, Бопы, Көшек, Кенесары және Наурызбай сияқты шетінен сайрауға емес, самғауға жаралған сайыпқыран алты ұлының арасындағы жалғыз қызы сайыскер-серілік салт-дәстүрде аға-інілерінен қалмауға құлшынып, жастай шынығып шымболаттай шыңдалып өсті. Қыз бала білуге тиіс өнердің бәрін бес саусағындай игерген ол күшке келетін қарекет-қимылда да жігіттердің өзіне дем берген жоқ. Әсіресе ол сайысқа бөлекше шебер еді. Ақ боз аты ойнақтап, құндыз бөркінің үкісі желкілдеп, кәмар белбеуінің алтын-күмісі күнге шағылып жетіп барғанда-ақ белдесуге шыққан жігіттің құты қашатын. Жанаса бере аттан қарсыласын қалай жұлып алғанына көз ілеспейтін. Баяғыда Байгөбек байдың асында бұған бір еркек
тең келмей, бәрі ат сауырынан сырғып, тырапай асқанын жұрт ұзақ уақыт ауыздан тастамай айтып жүрді. Сонда жиналған ел: "Сандал қайындай сымбаттысын қарашы! Сілеусін көзі өңменіңнен өтетін ақсары Кенесарының өзінен аумайды. Жанарының жап-жасыл ұшқын атып тұрғанын көрмейсің бе! Қасымның кілең көкжал бөрі ұлдарын қойып, қызына дейін қасқыр ғой" деп, таңданып таңдай қағысқан-ды. Ал Бопай жақ тартқанда да адырнасын ала өгіздей мөңіретіп, жебесін көз жетпейтін жерге түсіретін қарулы садаққер әрі құралайды көзге атқан мерген. Жиын-тойларда жамбы атып та талай жүлде алған. Аруақты атаның бұлай боп өскен ерке қызы өмір тірлігінде де өзін еркін ұстады. Жастай көңіл қосқан сүйіндік Жанайдар батырға деген жүрек ұшқынын ол көз жұмғанша сөндірген емес. Алайда тәкаппар Қасым біраз елді аузына қаратқан Орынбай бидің жалғызы қанша жерден батыр болса да, қара қазақты төре тұқымымен терезесін тең көрмей, Бопайды Әбілқайыр сұлтанның Сәмекесіне беріп, Ырғыз бойына ұзатқан. Атаның айтқаны әрқашан зан болатын заман ғой, артына қарай-қарай кете барған ерке қыз. Бірақ ол түскен жерінде де тізгінін ешкімге бермей, өз отбасының ғана емес, бүкіл әулеттің билігін уысында ұстап, айбын бай, айдынды жүрді. Сол батыр мінез, батыл қылығы ағасы Саржанның туын жықпай, жолын жалғастырып, ереуіл атқа ер салған Кенесары орыс отаршылдарына қарсы бас көтерген тұста бар қырынан көрінді. Көтеріліс оты қаулап, қырға қанатын жая бастағанда балаларының алды кәмелетке толып, үйленіп үлгерген Бопай қол қусырып үйде қарап отыра алмады. Айналасындағыларға үтір айтып, ері Сәмеке мен оның туыстары Сартеке мен Досанға "атқа қонып көтерілісшілердің бір жағына шығысайық", деп сөз салып көріп еді, керенау төрелер қозғала қоймады. Ыза болған Бопай күйеуіне де, оның ағайын-туғандарына да қолды бір сілтеп, алты баласын алып "көтеріліс ошағы қайдасың" деп тартты да отырды. Сөйтіп ол 1837 жылы өз бақталайын қалың елдің бостандығы жолында басын бәске тіккен көтерілісшілердің тағдыры мен ұштастырды. Қыз кезіндегі арманы мен қайта қауышып, осы Кенесары қосынында Жанайдар батыр мен тағы да табысты, талай жорықтарда үзеңгілес жүріп, қиын-қыстау кезендердің көбін бастан бірге кешірді. Алты бала тапса да артық еті жоқ, құлан мүшелі ханшайым қырыққа таяп қалса да талайлардың көмейіне құрт түсіріп, көзінің жауын алатын-ды. Оның жанында жүретін "жүртым үшін жан пида" деп атқа мінген арғын қызы Алтыншаш пен табын қызы Ақбөкен де өзі сияқты ерге ердей, серіге серідей жолдас бола білетін қайратты да айбатты қыздар еді. Айтқан ақыл-кеңесі қашанда діттеген жерге доп тиетін Бопайды Кенесары ереуіл кеңесінің мәжілістеріне ұдайы қатыстырып, оның ұсыныс-пікірлеріне құлақ, асып отырды. Ереуіл басшыларымен келісе отырып, оған арнаулы қызмет белгілеп берді. "Бопай зекет жинайтын және көтеріліске қосылмаған сұлтандардың мүлкі мен азық-түлігін тартып алатын алты жүз адамдық ерекше топты басқарды" деп жазды белгілі тарихшы Ермұхан Бекмаханов ("Қазақстан XІX ғасырдың 20-40 жылдарында". Алматы, "Санат" баспасы. 1994 ж.) Көтерілістің мән-маңызын жұрттың көбі әлі жете түсінбеген кез. Ел алдағы игіліктен қолдағы тірлік-талшығын артық көреді. Сондықтан көпшілігі көтеріліс
шығынын көтерісуге енжар қарады. Сол себепті біраз жерде "берсең қолыңнан, бермесең жолыңнан" деп күш қолдануға да тура келді. Әсіресе, мыңды айдап отырып мыңк, етпей, түбі не болар екен деп, әліктің артын бағып, жалтақ қағып отырған байлар Бопайдың ашу-ызасын туғызды. Оны ол ереуіл кеңесінде ашық та айтты. - Олардың ақ патшаға жағынып, жаны шығып жүргенінің өзі сол қолдағы байлығынан айырылып қалмаудың амалы, - дейді Бопай қабағын сәл шытып, Патша жандаралдары бекініс салып, келімсектерге аздаған үлес беріп жатқаны болмаса, жердің шұрайлысы әлі де Самеке, Нұралы, Бөкей, Уәли хандардың ұрпақтарында ғой. Мал үшін олар қазақтың жері түгіл, жанын да береді. Бірі бүкіл Есіл, Нұра бойын жайласа, бірі сонау Сырымбет тауының Құсмұрын мен Шұбарға дейін көсілген кең алқапты алып жатыр. Ал өзгелерді қойып бір ғана Уәли ханның анау Айғаным жайлап отырған бөкгерге үш болыс елдің малы сияды. Бопай кенет ағасына ашулана ҡарады. Қашанғы сол қатынды басымызға секіртіп қоямыз?! Қоңырқұлжадай оны да шабатын мезгіл жетті, жібермейсің бе бір батырыңды. - Қатын ауылын батыр шаппас болар, -деп Кенасары қасқыр көрген бүркіттей түйіле қалды. - Қатынды қатын шаппаса, батыр шапқаны ерсі, - деп отырғандар да шу ете түсті. -Мен дайын. Бүгін түнде-ақ жүріп кетуге бармын, - деп қуанғаннан Бопайдың екі көзі жарқ етті (Ілияс Есенберлин "Қаһар" романы). Алайда оған жедел аттанып Аманқарай дуанын шабу тапсырылды. Ол шабылысымен іле-шала Ақмола бекінісіне лап қоймақшы. Ондағы ой Ақмоланы қорғауға Омбыдан жіберілген әскердің бетін солай қарай бұру еді. Бұл тапсырманы Бопай бұлжытпай орындады. Аманқарағайға шабуыл жасап, төңірегіндегі ауылдардан көп мал айдап әкетті. Өзінің бұрынғы күйеуінің ағайын-туғандарының да ауылдарын шауып, өшін алды. Қайтар жолда Сырымбетке соғып, Айғанымның да ордасын ойрандады. Осыған орай Редько деген мәжіліскер Омбы облысының басқарушысы полковник Талызинте: "Сұлтанша Бопай Қасымова өзінің екі жүз адамымен Аманқарағай округінің қазақтарынан көптеген малды тартып әкетті және қайтар жолда Сырымбет елді мекеніне келіп, қойманың құлпы мен есігін бұзып, оцдагы киіз-кілемдерді, елтірі тері және қыруар азық-түлік қорын алып кеткен" - деп жазды. Жалпы, сол жылы Бопай елінің жасағымен Батыс Сібір губернаторлығының терістік-батыс аудандарына үңгір еніп әрекет етті. Дұшпан жеріне ендеп еніп, партизан жорығын жасап, ту сыртынан соққылап, қыруар шығынға ұшыратты. Көтеріліс ісіне белсене қатысып, қырға атағы кеңінен жайылған Бопай Кенесары басқарған ірі шайқастардың бәріне дерлік қатысқан. Оның үстіне өзінің тікелей міндеті бойынша зекет жинай жүріп, одан бас тартқан немесе жалтарған бай-шоралардың, би-төрелердің мал-мүлкін тәркілеген. Бұндайда бата соқпай, қате соғатын сәттер болмақшы да ғой. Сондай бір мезет Бопайдың алтыбас қыпшақтың атақты биі Балғожаның (Ыбырай Алтынсариннің атасы - С. A.) ауылын шабуы болды. Кенесарының іс-қимылына
бұрын да онша бейіл танытпай жүрген би бұл оқиғадан кейін тіпті теріс айналып, қастасып кетті. Әсіресе ауылын батыр шайпау, қатын шапқаны қатты батып, ашукегін кемерінен асырып жіберді. Хан Кененің осылай бір қорықса, соңымнан ерер деген үміті быт-шыт болды. Бар малын айтатын алса да мәрт мінезді нар бидің иілер, иліген сыңайы аңғарылмайды. Амалы таусылған хан енді оған кісі салуға мәжбүр болды. Арнайы хат жолдап: Ойда Қоқан, қырда орыс, Әкім болды қаласы. Кімнен таяқ, жегендей, Біздің қазақ баласы. Бақталас болып жүргені , Ауылының аласы, -деп намысына тамыздық тастап, бас құрап, бірігуге шақырды. Бірақ, арына жанын, жанына малын садака ететін бидің беті бұрылмады. Ол да жырмен жауап қайтарып, ащы болса да шындығын айтып, ашулы хат жолдады. Алдымен Кенесарының қапияда қолға түсіп, ол ордан шығуы қиынға соғатынын, жауы жалғыз орыс емес екенін, қайда барса алдынан тор құрулы тұрғанын, райынан қайтпаса, ғазиз басы қор болатынын ескертіп:
Былай барсаң Қоқан бар, Қоқандаған әкең бар. Былай барсаң үйсін бар, Жүрегінде түйсін бар. Былай барсаң Бұқар бар Жайын болып жұтарлар. Тау жайлаған Қырғыз бар, Жүрекке түскен бір мұз бар, Артыңда қалған орыс бар, Байғүс-ау, мұнда саған қайда қоныс бар…". -деп шырылдаған шындықты шиқанның аузын қасығандай қан қақсатып айтады. Қатеңді досыңнан гөрі қасың көргіш екеніне ханның көзі кәміл жетті. Бірақ, болар іс болды, шегінерге жер жоқ, Оның үстіне Балғожа би сияқты бәрі ашық қарсы шықпағанымен, орыс ұлықтарына жең ұшынан жалғасып, ханды сыртынан сатып, ізін аңдып жүрген басқа да би-сұлтандар мен байлар бұл далада жыртылып айырылады. Бәріне бірдей айтқаныңды білектің күшімен, бишіктің ұшымен орындата алмайсын Сондықтан кейде қатеңді мойындап елді ішке де тарта білу керек. Оның қырық бірінші жылғы маусымда Орынбор шекара комиссиясының төрағасы генерал-майор Генске Сібір әскери жасақтарының қанқұйлы қылықтары туралы хатында өз қателігін мойындап "Алтыбас руының биі Балғожа Жаңбыршинді шапқызған менің өзім, одан өш алуымның өзіндік себебі бар" деуінде осындай да мән жатқан тәрізді. Келесі жылы альфа кеңесшісі Ларионовтың сол шекара комиссиясына баянхатында "Старшын Сабанбай Бекболатов маған қыпшақ биі Балғожа Жаңбыршиннің арызын айтып, арылу үшін Кенесарыға өзі барып, ақыры оның баласына қызын бермек болып, құдандаласып,
татуласып қайтқанын айтты" деген не қарағанда, олардың ортақ тіл табысқаны байқалады. Бірақ жұрттың бәрі Балғожа бидей әріден ойлап, алдағын болжай бере ме. Елдің, жердің қамы қаперіне кіріп шықпай, көз алдындағы қара-құрасына мәз болып, аз күнгі тыныштыққа масайрайтын тоқмейіл тоғышарлар қырда баршылық қой. Оларға беймаза сұлтанның, халықтың қамсыз ертеңін ойлауы бүлікшілдік қана боп көрініп, біразы патша ұлықтарына арқа сүйеп, хан Кененің соңына шырақ алып түсті. Әскери жасаққа жол нұсқап, қапияда ордасын шаптырып, қатын-баласын, ағайын-туған дарын тұтқындатты. Бөлтірігін алдырған бөрідей аласұрған көтеріліс басшысының әсіресе осы тұстағы қарекет-қимылы тым тегеурінді болды. Ол патша үкіметі қарсы айдап салған қазақ сұлтандарының талай жасағының бетін тойтарып, Омбы мен Орынбордан шыққан жазалаушы әскерлерді де әр-әр жерде күйрете жеңіп, ойсыратып кетіп, қазақ қырына баса көктеп кіріп, қаптата бастаған бекіністер мен станциялардың да біразының күлін көкке ұшырды. Осы жорықтардың денінде сарбаздарға дем беріп, ерлікке жігерлендіріп, оның қарындасы батыр Бопай балаларымен бірге қақ ортада жүрді. Алайда кемел ойлы Кене хан қол жеткен табыстарына тоқмейілсіп, масаттана қойған жоқ, Келешектегі күрес жолының қиын-қыстау болатынын ол күні бұрын көріп-білді. Өзін жақтайтын көбі кедей ауылдардың шаруашылығы құлдырай бастағанын да сезді. Жығылғанға жұдырық деп 1844 жылдың қысы да қытымыр болып, шекара аймағындағы шұрайлы жерінен айырылған қазақтардың онсыз да күйсіз малын жұт жалмады. Шекарадағы саудадан қол үзген халық, күнделікті тұрмысқа қажет заттарын таба алмай, наннан да тапшылық көруге айналды. Ұзаққа созылған әскери жорықтардан жұрттың өзі де қалжыраған еді. Аяқ-қолын бауырына алып, ел есін жинап алуы үшін Орынбор губернаторымен жаңадан келіссөз бастады. Бірақ, патша үкіметінің қазақ даласында табаны тиген жерден айырылар түрі байқалмайды. Тақа болмаған соң хан князь Горчаковка: "Бізге Ұлытау, Сарысу және Үшкеңгірден Жыланшық-Торғайға дейінгі өңірді алып берсеңіз, онда ант беруге және оны қандай түрде ұсынылған болса да орындауға әзірміз. Еш уақытта патша ағзамының қол астындағы халыққа қарсы қару көтермеуге уәде береміз" деп өтініш жасауға мәжбүр болды. Үкімет қазақ хандығын қалпына келтіруден қарадай үрейі ұшып, Кенесары өз өтінішінде атап көрсеткен азын-аулақ аймақтың өзін оның қарауындағы елге қимады. Қайта жазалау экспедициясын үсті-үстіне төгіп, көтерілісшілерді жан-жақтан қыспаққа алып, қоршау құрсауына түсіруге тырысты. Амал жоқ, алтын бесік Сарыарқамен қош айтысуға тура келді. Сонда Кенесарының туған жермен қоштасардағы бір сөзін көкшетаулық Бабаназар қажы қағазға түсірген екен. Бұл жыр бір жағынан оның артында қалып бара жатқан еліне өсиеті де сияқты. Бағынба, қазақ, орысқа, Бағынған соң орысқа, Осы бастан қош айтыс Сарыарқа деген қонысқа.
Билік кетер басыңнан, Береке кетер асыңнан, Күйдіруші табылып, Төгіндікпен қурарсың, Көрші-жақын досыңның Қысылып тұрсаң байқамай, Шын көңілді айта алмай, Ер соңыма, қазағым, Басынды бекер шұлғымай. Көрінісі орыстын, Текеметтің түріндей. Ойлағаны жамандық … Жаралан ардан іріндей, Абақты деген үйі бар, Қазалы тұрған көріндей. Кейінгі туған ұрпақтың, Обалына қаларсың, Қорыққайсың көз-жастан, Солардан лағнет аларсың, Ажалдан аулақ әкетем, Соңына еріп ерінбей, - деп, еліне соңғы сөзін айтып, Жетісуға бет түзеді. Ондағы ойы Ұлы жүз қазақтарымен, Алатау қырғыздарымен тізе қосып, білек біріктіріп, старшындар әкеле жатқан апаттың алдын алу еді. Қол ұшын беруін өтініп барған екі ағасы Саржан мен Есенгелдіні аярлықпен мерт етіп, өзі тұтқынынан кездейсоқ құтылған, қарт әкесінің ажалына себепші болған Қоқан хандығынан Кенесары күдерін әбден үзген еді. Қаза табарының алдында "діндесша" деген елдерді тағы бір сынап көргелі шарғайып шау тартқан Қасым төре қырқыншы жылы Хиуа жаққа аттанған болатын. Қасында балаларынан Көкек пен Бопай бар. Жол-жонекей оларды Созақта Ташкент күшбегі қолға түсіріп, табаны күректей бір ай тұтқында ұстайды. Одан Көшекті Ташкентке шақырып алып, Бопайды Әзірет бекінісіне әкеп қамайды. Кезінде Кенесарының тұтқынына түсіп қазақ тілін заматта үйреніп, әулеттің сеніміне тез еніп, "Акжол" атанған урядник Гаврийл Першин де солармен бірге жүрген. Соның жазба деректеріне қарағанда, тұтқында әбден титықтаған әрі қарт, әрі сырқат Қасым сұлтан қыркүйек айында дүние салған. Күзеті қатал болып, оған тұтқындағы кезінде Ақжолдан өзге ешкімді кіргізбеген. Ал қайтыс болған соң, қалада беклербек келмей, төренің мәйіті бір айдай көмусіз жатқан. Қала басшысы келген соң ғана оны Әзірет-сұлтанға апарып, әкесі Абылайдың жанына жерлеген. Тұтқында жүріп Бопай Қасымқызы өзінің ұлы Нұрқанның Ақтөбе жасағының қолына түсіп қалып, тұтқында кеткенін есітіп, қатты егіліп, өксіпөксіп көп жылады, деп жазады Г.Першин. Нұрқан нағашы тұқымына тартқан алғыр да өжет, шынында, болайын деп тұрған бала еді. Жастығына қарамастан көтерілісшілер арасынан өз орнын ойып тұрып қалғанда.
Кенесары қосынын құрғалы шыққан жасақпен ол Сарыкеңгір мен Қаракеңгірдің арасында кездесіп көп қайрат көрсетіп, қатты шайқасқан көрінеді. Бірақ күш тең болмай, орыс жасағы жаралы жігітті қолға түсіреді. Ол Омбы тұтқынында отырып берген айғақ сөзінде былай дейді. "Менің атым Төрехан емес, Нұрқан. Әкем - Сәмеке. Төреміз. Жасым он жетіде. Қадимше оқи білемін. Жазып үйренгенім жоқ. Дінім … мұсылман. Қазақ даласында тудым. Тұрақты ата қонысымыз Ақмола дуанының жерінде. Туған әкем Сәмеке төре мен анам Бопайдың қанаты астында өсіп-өндік. Өзімнен үлкен ағаларым Әли мен Канапия, інілерім Ақбота, Жанас, Маңғаз және кішкентай екі қарындасым бар. Біздің қазақ қырында көшіп-қонып жүретін нағашым Кенесары Қасымов. Күнімжан деген әйелі ұдайы жанында жүреді. Ағасы Көшек інісінің бүлігі үшін қазір Тәшкентте тұтқында отыр. Ресейге бодан болу жөнінде ант бергенім жоқ. Әкемнің, ағаларымның, сондай-ақ нағашыларым Қасым балаларының да ант берген, бермегенін білмеймін. Осыдан үш жыл бұрын Ақмола дуанында анамның ағасы Кенесары басқарған дүрбелеңге орай оған еріп көптеген болыстардың халқы қыр қойнауына ендеп еніп кетті. Әкеммен, өзге де ағайындармен, түрлі болыстардың қазақтарымен бірге біз де Әзіретке көшіп келдік. Оған нағашым қарсылық көрсеткен жоқ. Биыл жазда Тәшкент күшбегінің датқа атағы бар Есенғұл атты баласы әкеме жиі келетін болды. Сол кісі әкесі күшбегінің айтуымен мені Кенесары Қасымовқа елді талауын енді доғарсын деген әмірін жеткізуге жұмсады. Соның әмірімен мен сегіз күндей жол жүріп, Бұланты деген жерде отырған нағашымның ауылына келдім. Ол арадан Ақмола салт атпен жүргенде шамамен он бес күндік жол. Туыс ретінде сәлемдесіп, амандық-саулық сұрасқан соң, нағашыма мен күшбегінің өкімін баяндадым. Ол келіскен сыңай танытып, оған хат жазып бір төлеңгітін жіберді. Нағашы ауылында бес-алты күн қонақ болып, үйге қайтқалы жүр едім, не себебі бар екенін кім білсін, кенет Кенесары екі жүз қарулы жігіт алып, арасына мені де қосып Сарыкеңгір мен Қаракеңгір өзендерінің бойына аттанды. Сол жерде бізге орыс казактары шабуыл жасап тарпа бас салды. Екі жақтан да атыс басталды. Орыс жағынан келген бір бодан қазақтың оң бүйіріме қылышы қадалып, оң қолым жараланды. Жаралы мені екі қазаққа қоса тұтқындап Ақмола дуанына, одан Омбыға алып келді. Содан қайтып, артық жасақтарын көрген жоқпын. Және шабуыл да жасаған емен. Сайып келгенде, мен Әзіретте жүргенде Кенесары нағашымның ауылында қайдан келгені, қандай жерден шыққаны беймәлім көп орыс бар деп естуші едім. Ал Бұлантыда болғанда нағашымның ауылынан бірде-бір орыс ұшыратқаным жоқ, сол алқапта нағашыма бағынышты жүз шақты ауыл отыр еді. Малдары санаулыақ. Тармақтап қойған сауалдарыңызға ештеңе жасырмай, шынайы жауап беріп отырмын. ("Қазақ, халқының Кенасары Қасымов бастаған ұлт-азаттық қозғалысы". Алматы. "Ғылым" баспасы. 1996 ж.). Сол Нұрқан тұтқында отырып, Кенесарының қайта-қайта қоймай сұрап, табандап талап етуі арқасында әрең босап, нағашысының қосынына қайта қосылып, қайда салса да қайрауы келіскен қылыштай алып түсетін сенімді
батырларының бірі болды. Бопайдың батырлығының үстіне дүниеге осындай ұл әкелгені үшін де аспанға көтеру керек-ау, сірә. Жетісу жерінде де ол ағасына тапжылмас таяныш, таптырмас сүйеніш бола білген тәрізді. Өзіне бекітіп берілген бес жүз жігітімен көтерілісшілер үшін үйсін ауылдарынан зекет жинауға қатысты. Байсал тартып, тарпаң тентек мінезден арылғандығы да болар, бұл өңірде оның тарапынан асыра сілтеп, артық кету секілді келеңсіздік кездескен жоқ, Сүйіндік Жанайдар батырдан кейін жан баласына жүрек кілтін ашпаған ол, Мұхтар Әуезовтың "Хан Кене" атты тарихи пьесасында көрсетілгендей, көңілі құлаған қолбасшысы, батыр Әжіке Бұғыбайды кеудеден итермеген сияқты. Бірақ жеме-жемге келгенде біраз серіктері сатып кетіп, Кенесары төңірегіндегілер мен қырғыздардың қоршауында қалып, тағдыры ұстараның жүзіне ілінгенде ханды тастап, қашып құтылайық, леген Бұғыбайға айтҡан Бопай сөзі оның қандай адал да абзал, арі асқақ адам екенін айшықтай ашып, айқындай түседі. "Өліп қалсам да енді саған ермеймін. Әлдеқандай көріп, сұңқар екен деп жүрсем, жемтік басындағы қарға екенсің ғой… Сөйтіп тұрған сен итке еріп, ағамды, арымды садақа қылып, артыңа мінгесіп қашып кетсем керек мен… Тапқан екенсің. Өзіңдей арсыз, жігерсіз жанды… Жоқ, Бопайды олай десең, адасқаның… Жоғал қазір жанынның барында!" деген сөзі оның елінің азаттығына өзінің бақытын құрбан қылатын халық перзенті екенін, қайтпас қаһарман екенін бар қырынан жарқыратып жайып салғандай. Рас, Кенесары Ұлы жүзден бастап, бақтас батыр достар тапты. Байзақ пен Байсейіт, Сұраншы мен Саурық, Тойшыбек тәрізді батырлар оның қуанғанда қанаты, күйзелгенде қуаты бола біліп. қолдау-көмегін аяп көрген жок. Әйткенмен, орыс патшасы құрған тұзақ өрмекшінің торындай қайда барса да аяқ-қолын шырмап, құлашын жаздырмады. Патша ұлықтары қазақ дүмділеріне қоса қырғыз манаптарымен де астыртын байланыс жасап, аузын алып, оларды да Кенесарыға қарсы айдап салды. Ақыры, баяғыда Балғожа би айтқандай, қырғыздардың қолына түсіп, торына шырматылып, қазған орынан шыға алмай, қапияда опат болды. Халык, иесі хандардан, Жетім қалдық айырылып. Екі бірдей қанатым, Топшыдан сынды қайырылып. Балдағы алтын ақберен, Тасқа тиді майырылып… Кенесары кеткен соң, Иесіз қалды тағымыз. Наурызбай төре кеткен соң, Бастан тайды бағымыз. Бұлбұлдай сайрап жүр едік, Байланды тіл мен жағымыз, - ден Нысанбай жыраудың аузымен айтылған халық жоқтауы анғар-аңғарды, шатқал-шатқалды қуалап, сай-саланы, тау-тасты жаңғыртып, елім деп еңіреп өткен есіл ердің өлімін естіртіп, жер-жаһанға жайып жатты. Сол жоқтауды ойша да, ауызша да қайталап, қабырғасы сөгіліп, ағыл-тегіл
егіліп зарлаған қаралы шеру Арқаға қайтты. Соның арасында он жыл бойы аттан түспей, туған елінің азаттығы жолында жорықтың ыстық-суығын барлық ауыртпалығын ер азаматтармен бірдей бөліскен Бопай батыр да бір сәтте ай маңдайын әжім басқан кемпірге айналып, еліне оралды. Зайыры, ол өзі келін болып түскен Ырғыз бойында дүние салса керек. Ақтөбе облысының Әйтеке би ауданында Бопай атты ауыл да бар екен. Сол ауылдың тұсындағы бір төбешіктің басында көне бейіт бар көрінеді. Сол Бопайдың зираты болуға тиіс деген болжам бар. "Егемен Қазақстан" газетінде профессор, тарихшы Төреғали Қаратаев осындай болжам айтты. Алайда ол Бопайды Кенесарының әпкесі деп жазады. Сүйенер дерегі Ермұқан Бекмахановтың белгілі кітабынан "Жұлдыз" журналында 1992 жылы басылған үзінді. Жалпы, бізді орыстың "брат", "сестра" деген сөздеріақ шатастырып бітті. "Дядя", "племяннигі" де дәл сондай. Біріншісі қазақта аға, іні болып бөлінеді де, ал екіншісі апа сіңлі, қарындас боп кете береді. "Дядяны" да аға, нағашы деп жіктеп, "племянникті" жиен, немере іні деп жіктейді қазақ. Қайсысы үлкен, қайсысының кіші екені өз-өзінен белгілі болып тұрады. Ал аудармада абай болмаса, ағаны іні, қарындасты апа деп жіберу оп-оңай. Ерекең кітабын орысша жазған ғой. Сол кітапты бір-ақ жерде, оның өзінде де кесте ішінде "әпке" деген сөз кездеседі. Бәлкім, ол кітаптың түпнұсқасында кеткен де қате болар. Әйтпесе Бопайды Кенесарының қарындасы деп хан әулетін көп зерттеген Илияс ағамыз жаңсақтық жіберді деуге ауыз бармайды. Кенесары, Наурызбай жайындағы халық жырлары мен аңыз-әңгімелердің бәрінде ол қарындасы деп келеді. Кенесарының өзі көтеріліс туын көтерген тұста қырыққа тақап қалған кезі ғой. Апасы онда қырықтан асып кетеді. Ал қырықтан асқан сарықарын бәйбішенің қанша намысқой болса да белсене атқа қонып, қол бастап шыға қоюы неғайбыл. Жарайды, Бопай Кенесарының құй қарындасы, құй апасы болсың — мәселе онда емес. Бәрінен бұрын оның елінің азаттығы үшін білегінің қаруын, жүрегінің жалынын сарп еткен халықтың адал перзенті, қазақтың қаһармен қызы екенінде ешбір шүбә жоқ.
Марал Ишан
Алашқа аты мағлұм Науан хазіреттің сүйікті шәкірті әрі сенімді серігі болған Шәймерден Қосшығұлов жайында біраз мағлұмат білетін сияқты едім. Әсіресе жиырмасыншы ғасырдың алғашқы жылдары күшейіп кеткен патша өкіметінің қыр халқын шоқындыру саясатына қарсы шығып, қазақ зиялыларын төл дінін қорғап қалуға шақырып, ұлы Абайға хат жазып жүрген Көкшетау медресесінің жаңашыл мұғалімі ғой ол. Патша саясатына ашық қарсылық білдіріп, жергілікті жерде қарсы үгіт жүргізгені үшін ұстазы Наурызбай Таласов екеуі итжеккенге айдалып кетеді. Аймақ жұртының жатпай-тұрмай сұрауы, Әлихан Бөкейханов пен Мәмбетәлі Шөбеков секілді қазақ оқығандарының ізденуі арқасында тұтқыннан мерзімінен бұрын босап келеді. Елге оралған соң халқы
үшін қон етін кесіп беретін азаматты жерлестері ІІ – Мемлекеттік думаға депутат етіп сайлаған. Сонда Петербургте жүріп ол қазақтың ана тіліндегі тұңғыш газетін шығарған. Жауында да, дауылда да бір отар қойды адастырмай бастайтын серкедей, қойдай момын елін соңына ертіп, еркін, азат ертеңіне жетелесін деген ниетпен газет атын «Серке» қояды. Алғашқы адамынан-ақ азаттықты армандап, отаршылдық езгі мен қанауға қарсы күрес ашқан үнпарақты көп ұзамай патша үкіметі жапқызып тастайды. Бірақ, бұл, оның қадамын ашып, тізгінің ұстаған Шәймерденнің де, қаламын тербеп, халықты оятуға талпынған өзге ерлердің де тауынын шағып, талабын тұсай алмайды. Кейін дума таратылып елге қайтып оралған соң да Ш.Қосшығұлов халқының бостан болу қамын ойлап, елді өнербілімге үндейді, туған жерінде мешіт салдырып, медресе ашады. Оның кіндік кесіп, кір жуған атамекені Көкшеден Ерейментауға шығар беттегі бүгінгі Ақмола облысының Еңбекшілер ауданы екенін де естігенім бар. Бірақ, оның атышулы Марал ишанның туған немересі екенін білмейді екем. Оның қоғам қайраткері, тарихшы әрі философ ғалым Өмірзақ Озғанбайдың «Рух күрестері» атты кітабынан оқып білдім. «Қасқа айғырдан қасқа тумаса да төбел туады» деген қазақы қағиданың дұрыстығына көзім сонда тағы бір жеткендей болды. Тектің жайсаңдығы, тұқымның жақсылығы түбінде бір тартпай қоймайды екен ғой. Марал ишан болса, он тоғызыншы ғасырдың басында атақ-даңқы Қыр мен Сырға кең жайылып, отаршыл орыс үкіметінің үрейін алған ірі тұлға. Кенесары Қасымов бастаған ұлтазаттық қозғалысының алдында қазақ елін бодандықтан құтқарып, бостандыққа жеткізуге ниет еткен оның іс-әрекеті патша ұлықтарын қатты абыржытып, әбігерге салғаны тарихи шындық. Ол туралы өткен ғасырдың алдында «Дала уәлаяты» газеті, ал он бесінші жылы «Айқап» журналы жазған. Мақалалардың мазмұнына қарағанда, екеуі де орыс басылымдарындағы деректерді арқау еткен сыңайлы. Зайыры, мәселе былай болса керек. Ілгеріде Торғай облысы губернаторының кеңесшісі болып тұрған Г.Краф деген кісі Ресей Сыртқы Істер министрлігінің мұрағатын ақтарып отырып қазақ қырында өзін «әулиемін» деп жариялаған Марал Құрманұлы жайындағы қызықты деректерге тап болады. Шынында да, марал ишан сол тұстағы Сырдария мен Торғай облыстарында тұратын қазақтардың арасында есімі кең тараған танымал тұлға болғаны анық. Оны ел ішінде жұрттың бәрі әулие санап қастер тұтқан. Сол атақ-абыройын пайдаланып, оның өзі де халық арасында біраз сөз тууына, ұлықтардың айылын жинауына себепші болған. Тіпті, орыс астанасындағы басты әкімдер ол жөнінде сұрау салып анықтама –деректер жинауды қажет деп тапқан. Сонда жиналып, министрлік мұрағатында жатқан материалдарды ой сүзгісінен өткізе отырып, кеңесші аталмыш тұлға туралы «Петербургские ведомости» газетіне мақала жазады. Ол мақаласын кеңейтіп кейін Торғайда орыс тілінде шығатын облыстық хабаршыға жариялатады. Әрине, Крафтың Маралға орыс отаршылдарының астам көзқарасы тұрғысынан қарап, оны қайткенмен кемсітуге тырысқаны бесенеден белгілі.
Алайда, оның тарих сахнасына шығар шағындағы қазақ сахарасының хал-жайын баяндауда келтірген деректері әлі де назар аударуға тұрарлықтай. «Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары қазақ даласында бассыздық белең алды. Орынбор әкімшілігіне қарайтын қырда хандық билік үшін қызыл кеңірдек қырқыс қызды да кетті», - деп бастайды ол жазбасын. Расында да, Жантөре хан өлтірілгеннен кейін билікке талас тіпті күшейеді. Таққа отыруға тиіс Шерғазы сұлтанды Әбілхайыр ханның кенже ұлының немересі болғандықтан менсінбей, дүйім халық, әсіресе, төрелер жағы хандыққа лайықсыз деп біледі. Сондықтан Шерғазы сайланғанмен де қырға шығып жұртпен жүз көрісуге батылы бармай қорқып, ордадан шыға алмайды. Оның есесіне Нұралы ханнан туған ақылды да батымды, өткір де өжет Қаратай төре қырды ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап, бетіне жан баласын қаратпайды. Ал Сібір даласында,яғни Арқада хан Уәли әбден қартайып, өзіне қарайтын халыққа ықпалы жүрмей ел арасындағы бейбастықты ауыздықтап, тәртіп орнатуға шамасы келмейді. Осындай алмағайып аласапыран кезде қырдағы ию-қию өмір сахнасында Бұқарда білім алып, тәрбие көрген қазақ азаматы Марал Құрманұлы шыға келеді. Ол өзін ел-жұртын кәпірлерге кіріптар етпей, бодандықтан құтқаратын әулиемін деп жариялады. Әйткенмен заты жуас болғанымен дінге енжарлау қазақтардың арасынан ол көп қолдаушы таба алмай, өзін «отқа күймейтін, оқ тимейтін қас батырмын», деген лақап таратты. Бұрын-соңды халық батырларының арасынан бұндай есімді естімеген жұрт оның батырлығына да шүбә келтірді. Шын мәнінде Марал Құрманұлы азды-көпті білімі бар, кезінде кент ішінен тәрбие алған қатардағы қарапайым қазақ еді. Ол Троицкі бекінісінің төңірегінде көшіп-қонып жүретін керейлердің арасынан шыққан. Әкесі Құрман ел ішінде емшілік еткен тәуіп екен. Тағдыр жетіп ол дүние салғанда ұлы Марал (шын аты Мұса да болуы мүмкін) мүлдем жас қалады. Жақын ағайындары жетім баланы сауда-саттықпен әрі-бері өткен бір бұқарлық саудагер сартқа сатып жібереді. Сарт оны өзімен бірге Бұқарға алып кетіп, бірнеше жылдан соң басына бостандық береді. Бала Бұқарда ұзақ уақыт шығыс ғалымдарынан біраз мағлұмат алып, мол білім жинайды. Бәлкім, оның өз басына азаттық алуы осы білімдарлығынан да болар. Бостан болысымен-ақ ол 1820 жылы Сырдария бойында көшіп-қонып жүретін қазақтардың арасына бір-ақ тартады. Ғылымнан біраз хабары бар, діни білімі терең ол өзін болашақты болжайтын сәуегей, өткенді екшеп, ертеңді біліп отыратын әулие деп көрсетеді. Ақкөңіл, аңқылдақ, аңқау қазақтар алғаш оның айтқандарына құдайдай сенеді. Ісінің оңға басқаның байқаған Марал төңірегіне біраз бақсы-балгерлер жинап, нөкер ертіп Торғай өзенінің бойына көшіп келеді. Орналасып алған соң «осы өңірге көшіп келіңдер» деп айналадағы елдерге жаушылар жібереді. Ақ сәлде салып, ақ киім киген әулиенің атақ-даңқы тез-ақ тарайды. Суқараңғы соқырды құлан таза жазып, ақсақты құлындай ойнатып жібереді екен деп жұрт аңыз ғып айта бастайды. Әу баста Марал ишанның керемет көріпкелдігі, айтқаны келетін сәуегейлігі хақында алып-қашты лақапқа сеніп қалған қыр қазақтары, ақсақалдары мен рубасылары оның маңына көшіп келіп, алқа-қотан қоныстана бастайды. Бірақ өз
елінде кім пайғамбар бола алсын, ұзамай оның кереметіне күмән-күдік туып, жұрттың көңілі суиын дейді. Ем-домы бұрыннан бар үйреншікті қарекет боп, бәрі де жұртты айналасына ұйыстыру үшін ойлап табылған әдіс сияқты көрінеді. Шынтуайтына келгенде, мұндай күмәнда негіз де жоқ емес еді. Жұртты төңірегіне жинаудағы Маралдың көздеген мақсаты – оларды отаршылдарға қарсы күреске көтеріп, орыс елінен бөлініп шығуға үндеу болатын. Кейін ол ойын ашық та айтты. Ресеймен қарым–қатынасты доғарып, бөлек ел болып, бір жерге ұйысып отырықшыланып мал өсірумен бірге егін де егейік деп үгіттеді. Жер сүмесін сауып, егінмен айналыссаңдар ол байлыққа жеткізеді деп егіншіліктің пайдасын насихаттады. «Қазақтардың сол замандағы түсінігі бойынша емін-еркін, көшпелі өмірді тастап азабы ауыр егін шаруасымен айналыс дегені далалықтарға өлімдей көрінеді. Себебі, қазақ осы күнге дейін қара жұмысты ұят санайды. Оның үстіне қазақтардың өзі хандыққа таласып, бүлініп, қырылысып жатқанда Ресейден бөлін дегені қыр адамының ақылына сыймайтын сықылданады. Маралдың мәнісін білген соң жұрт оны әзәзіл алдаушы санап, бірте-бірте бұрынғы жерлеріне көшіп кете бастайды» деп жазады «Дала уәлаяты» газеті. Діттеген ойын жұртпен араға кісі салмай-ақ ашық сөйлесіп жүзеге асыра алмаған соң Марал қазақтарды Ресейден бөліп алу туралы орыс үкіметінің өзімен сөйлесіп, келісуге бел буады. Осы мақсатпен ол Омбыға керей болысының старшыны Байсал арқылы екі хат жібереді. Біреуі Орынбор әскери губернаторы Эссенге, екіншісі, Сібір жеке корпусының командашасы Капцевичке жолданды. Татар мәнерінде жазылған екі хаттың да мағынасы бірдей, ал мазмұны төмендегідей: «Патша ағзамның саясында қолдауын көріп жүрген, Омбыда тұрушы әр алуан ордендердің иегері Жандарал тақсырға бізден тағзым,- деп басталады хаттар әдеттегідей. -Әу бастан бір жаратқан құдай хақ, Мұхаммед пайғамбар мен оның төрт шадияры һәм төрт имамы шын. Әуелі Адам ата, екіншіден, Мұхаммед пайғамбар болғалы сол заманнан бермен қарай мұсылман боп, кәпір боп атанғалы бері біздің арамызда ешқандай қырқыс пен қақтығыс не дұшпандық болған емес. Сыйынып келе жатқанымыз да жалпыға ортақ бір Құдай. Осылайша, бұдан бірнеше жыл бұрын Ресей елінің шегінде бейқұт, бейбіт, жанға жайлы тыныштық болушы еді, жандарал тақсыр. Ол кездегі Ресей патшаларының тұсында орыстар рұқсатсыз қазақ жеріне кіруге батпаушы еді, оған құқықтары да болмаушы еді. Бұл күнде, тақсыр сені мен менің заманымда былай болып тұр. Орыстар қазаққа тиесілі жерді тартып алып, иеленіп кетті. Қазақтар да орыс жеріне кіріп алды. Бұл неге бұлай, бұлай болу себебі неліктен? Әлде бұл сізге де, бізге де байланысты ма, жандарал тақсыр? Сіздерден көп ұзамай қалай хабар алсақ та, біз бен сіздің уақытыңызда орыс болсын, қазақ болсын бүлікшілікке ұшырап отына қарап қалмас. Неге десеңіз, орыстардың барлығы да сіздің қарауыңызда, ал қазақтардың барлығы біздің қарамағымызда. Пайғамбардың тікелей шарапатымен, сізден менің мархабатты патша ағзамға жол тартып жолығуыма мұрсат етуіңізді
сұраймын. Бұл менің ең бір қиылып сұрайтын өтінішім. Сөзімнің қақтығына Иса хазіретті куә етіп қолымды қойып, мөрімді басамын». Аяғында тағы да «бұл хатты апарушы Орта жүздің старшыны Байсал Атакелдіұлы. Мұса баһадүр сендіріп мөрін басады деп жазған. Сібір әкімшілігі қазақ даласында өзін әулие деп жария еткен Марал Құрманұлы деген біреу пайда болғанын, оның Петербургқа барып-қайтуға тілек білдіріп жүргенін Азият департаментіне хабарлайды. Сол тұстағы вице-канцлер граф Несельроде жылғы қаңтарда сібір генерал-губернаторы Сперанскийден хат арқылы Марал өтінішінің мән-жайы туралы пікірі қандай екенін сұрайды. Дәл сол кезде Сперанский Петербургте екен. 1822 жылғы 24 қаңтарда ол граф Несельродеге хатпен жауап қайтарады. «Мархабатты менің төрем Карл Васильевич! –деп жазады губернатор. – Жоғары мәртебелі өзіңіздің қазақ қырында өзін әулие деп жариялап жүрген Марал туралы сауалыңызға жауап қатуды борыш санаймын. Сіздің мәртебелі пікіріңізбен қалқысыз келісімен оның осында Петербургке келуіне рұқсат ету пайдалы болар еді, тіпті корпус командиріне оны орынды бір сылтаумен шақыртып алып осылай қарай аттандыруына бұйрық берілсе, нұр үстіне нұр. Ізгі ілтипатпен өзіңіздің биік құзырыңызға қалтқысыз қызмет етуге әрқашан әзір М.Сперанский». Граф Несельроденің биік мәртебеліге баянхаты бойынша Марал Құрманұлын Петербургке шақыртып алу туралы 1822 жылғы 12 ақпанда жарлық шығып, оны жолға қамдау жөнінде тиісті нұсқаулар беріліп, қажетті жұмыстар атқарылып жатады. Бірақ Марал Құрманұлы бұл қамқорлықты пайдалана алмайды. Оны астанаға алдыру жөніндегі жарлыққа орай генерал Капцевичтің жазған хаты иесінің қолына тимей, Байсал старшынның қалтасында қала береді. Өйткені, Марал ол кезде тұрған жерін тастап басқа өңірге кетіп қалған көрінеді. Маралдың қазақ сахарасынан кетуі турасындағы хабарлар түрлі-түрлі болды. Кейбір сыбысқа қарағанда, ол «Алашшылдардың» шақыруы бойынша солармен бірлесіп, хиуалықтармен соғысып жатқан Бұқар әміріне көмек беруге кетті дейді. Ал бұдан гөрі дұрысырық хабар 1824 жылы алынады. Оған бақсақ, 1823 жылдың жазында хиуалықтардың Бұқараға бара жатқан керуенге шабуыл жасап, қазақ кірекештерінің мың түйесі мен жүз мың қойын айдап алып, елу адамын өлтіріп кеткен хабарын ести сала Марал Құрманұлы ақ адал мал-мүлікті қайтару үшін Хиуаға аттанғалы қол жинайды. Халықты бұл жорыққа көбірек тарту үшін жұртқа жар салып, бұл жолы өзімен бірге жауға қарсы барғандарға оқ өтпейді,қылыш дарымайды деп жариялайды. Дұшпанды жайпап, таланған малды түгел қайтарып олжалы оралатынына сенген қазақтардың көпшілігі Құрманұлының уағдасына қызығып Хиуаға қарсы аттанады. Жүзеге асуы екіталай бұл қатерлі сапардың немен аяқталғаны белгісіз. Марал ишанның бұдан кейінгі тағдыры да беймағұлым. Оның хиуалықтармен шайқаста жолдастары тарап кетіп, жау қолында жалғыз қалып опат болғанын немесе сенген жұртына көңілі қалып, сопылық жолына түсіп кеткенін білмей замандастары дал болады.
Кезіндегі орыс басылымдарының ол жайында жазғандарын саралай келіп «Айқап» журналы өзіндік бір ой түйеді. «Марал Құрман баласы дабыра пайғамбар да емес, әулие ишан да емес, елді қару күшімен қорғау қиялына берілген бір жан,- деп жазады. – Былайғы қауымнан ақылының биігірек, рухының күштірек болуымен асып дара шыққан бір қиялдағы бірбеткей адам. Бала жасынан Бұқарда тәрбиеленген. Ондағы біртүрлі мәдениетке қалыптасқан. Марал қазақ жұртының саяси қалпын һәм шаруа тіршілігін өзгертуді армандаған. Бірақ оның тұтынған аспабы – мұсылманшылдық мақсатына лайықты болмай шығып, халықтың ақылойын өзіне қарата алмады... Алайда, бір нәрсе талассыз, ол жұртына шын ықыласпен жақсылық істеуге талаптанған адам еді». Біздің пайымдауымызша, Марал Құрманұлы оққа да ұшпаған, жау қолында да қалмаған, назаланып сопылық та қумаған. Жорық нәтижесі ойдағыдай болмай, соңына ерген жұртты тарап кеткен соң, сенген халқына көңілі суып, ол Сарыарқаның сауырындағы Бұланды орманы мен Атансор өңірін жайлайтын ағайындарын бетке алып тартып отырған болуы керек. Қалың қоныстанған Ақсары, Күрсары керейлер оны құшақ жайып, хан көтеріп қарсы алған тәрізді. Оған сол ғасырдың орта шенінде осы аймақта болған генерал И.Ф. Бламгертің естелігі айғақ. Ол өзінің «Естеліктер» атты кітабында 1852 жылы әскерилермен бірге Қорған және Қаракөл маңында аялдағанын және осы сапарында әулие Марал ишанмен кездескенін жазады. «Менің жанымдағы қазақтар оның алдында құрдай жорғалады. Содан-ақ менің алып кетуіме олардың көмектеспейтіні белгілі болды. Марал ишан басына сәлде орап қолындағы жылқы құйрығынан жасалынған үлкен желпуішімен үнемі желпініп отырды. Жалпы, жұртына жан-тәнімен жақсылық жасауға талпынған кісі көрінеді» деп генерал оның жаны ізгі, жұртына тек жақсылық қана тілейтін абзал тұлға екенін атап айтады. Сондай біртуар ірі тұлға кешегі кеңес дәуірінде тіпті аты да аталмай халық жадынан, тарих бетінен сызып тасталынады. Үрім-бұтағы дінбасы – ишанның ұрпағы деп шетқақпайланып, қуғын-сүргінге ұшырады.
-Заманында ірі қайраткер болған, халықтың тәуелсіздігі үшін күрескен Марал бабаның ұрпағы болғанымызды мақтан тұтамыз, - дейді оның шөбере қызы Майра Жүнісова. Тәуелсіздік алған қазақ елі ұзақ уақыт ұмыт қалған бабаларымыздың есімін халқымызға қайтарып бергеніне дән ризамыз. Марал ишаннан Ораз, Қосшығұл сынды ұлдар туған. Майра сол Ораздың немересі Болаттың қызы. Ал Қосшығұлдан кәдімгі дума депутаты, жаңашыл ұстаз, өз дәуірінің даңқты перзенттерінің бірі болған Шәймерден туады. Кейін саяси өмірден қол үзіп, бірегей бала оқытумен шұғылданып ұстаздық құрған оны Кеңес өкіметінің қызық саясаты сыйғызбайды. Мешіт салып, медресе ашқан бұрынғы дін иесі деп қыр соңынан қалмай қуғынға түсіріп, түрмеге қамап, ақыры жер аударып тынады. Бір кезде бүкіл аймағы «Шәйкен молда» деп алақанда ұстап, қадір тұтқан азамат ақыр аяғында Омбы жақта аштан өледі. Атақты атасы жайында оның ағасы Қалыштың немересі Сәдуақастың жұрт аузында жүрген мынадай бір өлеңі бар: Қаласы аталыпты Мәтен болып, Жасыңнан атың шықты Шәкең, болып.
Толқыны дүниенің кез келген соң, Өмірден өттің, тәте, әсем болып. Жектің де пар қараны шаналадың, Оқумен шариғатты сараладың. Құдай берген бақ-дәулет арқасында, Дүниенің төрт бұрышын араладың. Оқытып жат пен жақын балаларын, Боларын бұл заманның шамаладың. Осыған қарағанда Шәймерденнен кезінде тәлім алып, тәрбиесін көрген жандардың өзі де, көзі де әлі бар болса керек. Бәлкім, ол туралы кейінгі аздыкөпті ізденістер өрістеп, зерттеулер жүріп, еңбектер туып жатуына солар да себеп болған шығар. Ол жайында жап-жақсы кітап та жазылды. Сол кітаптың авторы, ғылым докторы Өмірзақ Озғанбай айтқандай,өз дәуірінің ақиық азаматы туралы осы уақытқа дейін беймәлім болып келген деректер жинақталып жатса, қасиетті баба алдында перзенттік борышымыз орындалған болар еді (Ө.Озғанбай. Рух күрескері «Елорда» баспасы. Астана. 1999). Көшелі де көрнекті қайраткер Ш.Қосшығұловтың атасы Марал ишан жайында да осындай зерттеулер қолға алынған тәрізді. Әйтеуір қай заманда, қай қоғамда болсын елінің ертеңін ойлап, жар құлағы жастыққа тимей жанкешті күрес жүргізген қажырлы қайраткерлердің есімі ұрпақтан ұрпаққа жетіп есте қалғаны бір ғанибет емес пе. Тек бұл бағыттағы жұмыс жемісті, ізденіс өрісті болсын деңіз!»
Аға сұлтан Қоңырқұлжа
Көкшетаудың қазақ орта мектебінен ауысып сегізіншіге келгенімде сынып жетекшіміз Сұлтан Кенесарин деген бір майдангер екен. Жасы отызға әлі келе қоймаған аласа бойлы, ашаң өңді, ақсары жігіт еді. Аяғындағы қара құрым етік, тізе тұсы төгіліп тұратын көк голифе шалбар, темекі түстес әскери жейде, белін қынай буған жалпақ қоңыр белдік артық еті жоқ сымбатты мүсінін ашып тұратын. Артық сөзге әуестігі шамалы ол сөйлегенде үстіңгі ерні мырс еткендей бір миығынан түріліп, үні тісінің арасынан сыздықтай шығып тек қана әмір беруге жаралған жандай көрінетін. Өзі де соған сәйкес әскери тәрбие мен дене шынықтырудан сабақ берді. Сөзі тақ-тұқ, жүрісі дік-дік, тұлғасы тіп-тіп оның тұла бойы тұрған тәртіп болатын. Сол ағайдың зайыбы Қалима апай да бет біткеннің бәдендісі еді. Бастауыш сыныптарға сабақ беретін орта бойлы аршыған жұмыртқадай аппақ, көзі тостағандай дөп-дөңгелек, желең салынған ақ бөртпе шалысынан қап-қара қолаң шашы самайына қарай төгіле сәл бұйраланып тұратын. Ара-тұра жымиғаны болмаса, жарқылдап бір күлмейтін көркем келіншектің жүріс-тұрысы керемет бір келісім сазындай елең еткізбей қоймайтын. Ал сол күзде келген апайдың әкесі Әмірбек қарт ал дегеннен–ақ ауыл қарияларының қадірменді ақсақалына айналды. Бурыл сақалы омырауын жауып, сапарлы мұртты құлағына жететін балуан бітімді дембелше қарт күні бүгінгідей көз алдымда. Құйрық-жалы төгілген
тобылғы түсті тор биесін сағалдырығынан ұстап құдықтан суарып келе жатқанының өзі сурет сияқты да. Түпті түгендеп, текті екшейтін кез бе ол. Ата сұрасуды былай қойып «халық жауы» атанып қудаланған әкеміздің атын аузымызға әрең алатынбыз. Бірақ, неге екені белгісіз, сол кісілер көзден таса болса да көңілде ұялап қалды. Оқу бітіріп, білім қуып тұс-тұсқа тарап кеттік. Қызмет бабымен жан-жақты жүрдік. Ұлы Отан соғысы аяқталғаннан кейін бір жылдан соң Қызылсая орта мектебіне мұғалім болып келген Кенесариндер төңіректің талай толқын жастарына тәлім-тәрбие беріп, сол ауылда түбегейлі тұрақтап қалды. Осыдан бесалты жыл бұрын Сұлтан ағай өмірден озып, жолым түсіп орнына кіріп шыққанмын. Көңіл айта отырып, сыры кетсе де, сыны кетпеген сырлы аяқтай бетінде бір тал әжімі жоқ, бәйбіше тартқанымен онша толмаған тәлімген жеңгемізбен біраз әңгімелескенім бар. -Ағайдың түбі Ақтөбелік деуші еді, топырағы Көкше жерінен бұйырды. Көкшеде туып-өскенмен түбіңіз Ақмола еді ғой, сонда Алтайдың қай атасына жатасыз? – деп сұрадым. -Қарағым, біз төре боламыз. Қоңыр төреден тараймыз. Атамыз– Қоңырқұлжа. -Қоңырқұлжа?.. -Иә, Қоңырқұлжа Құдаймендин. Жазушылар жер-жебіріне жетіп, тарихшылар топырақ шашып жүрген аға сұлтан Қоңыр төре менің бабам. Оның Аббас деген бір баласынан менің әкем Әмірбек туған. Ел басқарған азамат жұрттың бәріне бірдей жаға бере ме?! Бәріне жағамын десе, жалпақшешей болып, билік тізгігінен айрылады. Тым қатал болса, жұрт жақтырмайды. «Атқа міндің – ажалға міндің» деп халық тегін айтпаған ғой. Бетті, қатты басшы болғанымен, бабамыздың елге тигізген пайдасы да бар шығар. Соның ақ-қарасын айырып жазса ғой, - деп ауыр бір күрсініп тоқтаған еді Қалима апай. Сонда менің көз алдыма шөп басында бурыл сақалын жел желпіп балуан саусақтары домбыра сағағын алқындырып, күй тартып отырған Әмірбек қария, сыртында жал-құйрығы төгіліп, үйездеп тұрған торы бие келіп еді. Апыр-ай, тегін адамдар емес екен-ау, жарықтық! Төре тұқымы деп талай тауқімет тартып, қуғынсүргіннің неше атасын көрген ғой, жазғандар. Тұқым-тұяғы туралы тіс жармай өткен Сұлтан ағадан қай Кенесарының тұяғысыз деп те сұрамаппыз-ау!.. Қалима апайдың не жазса да ақ-қарасын айырып жазса деген сөзі ой салды. Қазақ әдебиетінде тарихи романның өзіндік мектебін ашып берген айтулы қаламгер Ильяс Есенберлиннің Хан Кене туралы атақты туындысы «Қаһарда» Қоңырқұлжа бейнесіне қара бояудың қалыңдау жағылғаны рас. Ол үшін авторды кінәлау әбес болар. Себебі әдебиетте сол тұста үстемдік еткен социалистік реализм әдісіне сәйкес, басты кейіпкердің бағын аша түсу үшін қарсы кейіпкерге қара күйені молырақ жағу заң болды емеспе пе. Сондықтан Қонырқұлжа ісінен де, түсінен де адам шошырлық қүшеңгел қаһарлы кейіпкер болып шыққаны анық. Ал шын мәнінде тарихи тұлға ретінде Қоңырқұлжа қандай қайраткер болған? Оның түбі кәдімгі Керей сұлтанмен тізе қосып, тұңғыш Қазақ хандығының шаңырағын көтеріскен Жәнібектің өзінен тарайды. Жәнібектен –
Жәдік, Жәдіктен – Шығай, Шығайдан – Еңсегей бойлы Ер Есім хандар туған. Ер Есімнен – Салқам Жәңгір, одан туған әйгілі Әз Тәуке Қоңырқұлжаның төртіншісі атасы. Әз Тәукеден – Сәмеке, Сәмекеден – Есімхан, оданҚұдайменде. Осы Құдайменденің, уызы арылмай тоғыз атадан бері билік тізгінін ұстап келе жатқан төренің отбасында 1797 жылы Қоңырқұлжа дүниеге келеді. Сөзінің дуасы, өзінің қуаты мол, епті де бетті төре баласы ел билігіне ерте араласады. Оның билік баспалдағымен тез биіктеуіне патша өкіметінің 1822 жылғы Сібір қазақтарын басқару жөніндегі жарғысы кең жол ашады. Орта жүз жерінде Ресейдің өз ішіндегідей әкімшілік-басқару жүйесіне ұқсас әуелі дуандар құрылып, соның жергілікті басқару орындарына қызметке тұрған Қонырқұлжа патша ұлықтарының көзіне бірден түседі. Сарыарқада алғаш екі дуан Көкшетау мен Қарқаралыда халық бұрынғыдай емес аз-кем тыншып, жағдай біршама түзеліп, мектептер мен мешіттер ашылып жұрттың алды егіншілікке ден қоя бастаған тұста Қоңырқұлжа Құдаймендин, Досан Ханбабин, Сартай генерал-губернаторы И.А. Вельяминовқа Ақмола, Баянауыл, Аманқарағай сияқты өңірлерде жаңадан дуандар ашу туралы ұсыныс түсіреді. Сол ұсыныс патша әкімшілігінде қаралып, мақұлданғаннан кейін қырдағы әкімшілік дуандарының саны сегізге жеткізіліп, соның бірі – Ақмола дуанына аға сұлтан болып Қоңырқұлжа тағайындалады. Бұл 1832 жылдың қыркүйегі болатын. Араға бір жарым жыл салып оған патша армиясының подполковнигі әскери атағы беріледі. Аға сұлтан жаңа орында шынымен–ақ бел шешіп, белсене қызмет етті. Саржан – Сартай сұлтандардың бүлігіне ерген елдің басын құрап, атақоныстарына оралтып, жаңадан болыстар ұйымдастырды. Рас, олардың көбіне өз бауырлары мен балаларын басқарушы етіп қойды. Оған атышулы жарғы әбден мүмкіндік беретін еді. Жарғыда дуандардың, болыстардың басшылары тек төре тұқымынан тағайындалатыны атап айтылған болатын. Сондықтан оның екі бауыры Арыстан мен Бек, ер жеткен бес ұлы – Абылай, Әділ, Биғали, Жанәлі және Шыңғыс болыс басқарды. Жоғары жақ Ақмола бекінісін салуды да алғаш осы аға сұлтан Құдаймендинге жүктелді. Бекініс салуға арнайы келген Шубин жасағына Қараөткелді көрсеткен де алғаш Қоңырқұлжа болатын. Ол кезде Есіл өзенінің осы өңірінде Жарөткел, Кеңөткел, Құмөткел, Тасөткел сияқты өткелдер көп болатын. Солардың арасынан қала салуға қолайлы, қорған болуға да, қоныс қылуға да таптырмайтын, оты-суы мол, тақтайдай тегіс осы араны таңдауы оның жер жағдайын да, ел жағдайын да жақсы білетінін көрсетсе керек. Қазір сол жерде Егемен Қазақстанның елордасы – Астана қаласының тұрғаны де тегін емес. Дуанның басқару мекемелерінің ғимараттары салынып, Сібір корпусы құрамының әскери гарнизоны орналасқан бекініс тез арада пайдалануға беріліп, ол енді Ақтау, Жарқайын, Ұлытау бекіністерінің де құрылыстарына қол-ұшын беріп, көп көмек көрсетті. Осындай қалтқысыз қызметі үшін Анна және Владимир ленталарына тағылған екі бірдей алтын медальмен марапатталды. Ел жағдайын ойлайтын қай қайраткер болсын қол астындағы жұрттың хал-ахуалын айтып, болашағын бетпе-бет ақылдасуы үшін жоғары жақтың қабылдауында болуды көксейтіні белгілі ғой. Қоңырқұлжа да патша ағзамның өзімен жүзбе-жүз көрісіп,
ауызба-ауыз сөйлесуді армандап, Петербордың өзіне өтініш жіберген-ді. Құдаймендиндер әулетінің орыс өкіметі алдындағы айрықша адал еңбегін жоғары бағалаған патша әкімшіліг 1833 жылдың наурыз айында Батыс Сібір генералгубернаторы И.А. Вельяминов пен Омбы облысының бастығы генерал-лейтенант Сен-Лоранға Қоңырқұлжа Құдаймендиннің қасына төрт адам ертіп СанкПетербургқа император Николай І-шінің мәртебелі қабылдауына келуіне рұқсат берілгенін хабарлайды. Қоңырқұлжа қасына сұлтан Бұлқайыр Сарин, би Бекқожа Сапақов, старшын Игілік Өтепов және тілмаш, шоқынған татар Шахмаевты ертіп, 1834 жылдың ақпаныныда Тобыл қаласынан шығып, Мәскеу арқылы сәуірдің басында СанкПетербургқа түседі. Аға сұлтанның ақ патшадан ең басты өтініші-қазақтарды әскери міндеттен босату, яғни қыр ұландарынан әскер қатарына адам алмау және оны арнайы сенімхатпен бекітіп беру болды. Екіншіден, дала халқын үкіметтің көлік қажетін өтеу міндетінен, яғни лауға ат, тасуға адам беруден босату туралы тілек білдірмек. Кім білсін, алғашқы тілекті алға тартқанда ол Ресейдің көрші елдермен, тіпті қоластындағы халықтармен жиі қырқысып жатқан кезінде қандастары туған жерден жырақ жүріп босқа қырылмасын деп ойлады ма екен? Оның пайда-зияны бірдей болған сияқты. Әскери міндетін атқарып жер көріп, ел тани алмай қазақтар ұзақ уақыт көрбілте, жерқорқақ болып келді емес пе. Екіншіден, «қазақтар табиғатынан қорқақтау, жаңалықты бірден қабылдай қоймайды» деген уәжі де көңілге қонбайтын еді. Әйткенмен, екі ұсынысының екеуі де қабылданып қазақтан әскерге жігіт, лауға ат-көлік алынбайтын болады. Қыр қарақшылары мен барымташыларының жолын бөгеу орнату жөніндегі ұсыныс орыс елінің мүддесіне сай келгендіктен талқылауссыз-ақ қабылданады. Қоңырқұлжа сол жолы ақ патшаның жеке қабылдауында бір емес, екі мәрте болып, алға қойған міндеттерінің, күрмеуі қиын мәселелерінің бәрін ойдағыдай шешіп алды. Ұлық мәртебелі императордың өз қолынан Андреев лентасына тағылған гауһар тасты алтын медаль алып, құрмет белгісі ретінде шенді шекпен киді. Бірге келгендердің бәріне де бір-бір алтын медаль мен бір-бір бешпент тиді. Төрт ай орыс астанасында болып, ол сол жылғы тамыздың ортасында елге бет түзеді. Жол-жөнекей Қызылжарға соғып, қарашаның басында Қараөткелге оралған ол аға сұлтандық қызметіне қайта кірісті. Қоңырқұлжа Құдаймендиннің Петерборға барып патша ағзамның қабылдауында болып қайтуы оның абыройын Орта жүздің ішінде аспанға көтеріп, патша үкіметінің саясатына мойынсұнбай жүрген төрелер мен ақсүйектердің мысын басты. Ал 1836 жылғы мамырда оған ақ патшаның мейірімі тағы да түсіп ол Ресей империясының дворяндар тобына мәңгілік қабылданып, алым-салықтан мүлдем босатылды. Император Николай І нің өзі қол қойған дворяндық мәртебе жөнінде диплом тапсырылды. Оған жауап ретінде ол Батыс Сібір генералгубернаторы П.Д. Горчаковқа алғысхат жолдап: «Баршаға мейірбан мәртебелі императордың өзіме және бүкіл әулетіме Ресейдің мәңгілік дворян мәртебесін берген жаңа белгісін алудан асқан бақыт бар ма! Келешекке деген игі-тілектеріңіз
үшін шын жүректен мың да бір алғыс айтамын» деп жазады Қоңырқұлжа Құдаймендин 1837 жылғы ақпанда. -Омбы облыстық басқармасындағылар және Батыс Сібір генералгубернаторлығының кеңсесіндегілер аға сұлтан Құдаймендинмен ұдайы санасып, ой-пікірмен есептесіп отырған, - дейді патша үкіметінің қазақ елін отарлау саясатын терең зерттеп, зерделі еңбектер жазып жүрген көрнекті ғалым, тарих ғылымының докторы Мұрат Әбдіров. – Мәселен, оның өтініші бойынша қазақтан әскер алмау жөніндегі патша қол қойған сенімхаттың көшірмесі қазақ қырындағы күллі дуандарға таратылды. Ал 1837 жылдың көктемінде Ақмола дуанының қазақтары екі жылға алым-салықтан босатылды. Сол жылы қоқандықтардың шапқыншылығы мен қыстың қаталдығынан жұрт бір жарым миллионаға жуық малынан айырылып, қатты жұтап қалған еді. Салықтан босатылуы елге едәуір жеңілдік әкелді. Бұл арада Сібір комитетіне мән-жайды түсіндіріп, талап-тілегін өткізе білген аға сұлтан Қоңырқұлжаның еңбегі зор. Оның өтінішін Николай патшаның өзі де мақұлдаған. Бұл Кенесары Қасымов бастағын ұлт-азаттық көтерілісінің қазаны бұрқсарқ қайнатуға бет алған тұсы еді. Орыс отаршылдығына қарсы ту ұстап, топ бастап, күреске бекем бел буған қаһармандардың қай-қайсысының да алдымен патша әкімшілігінің құлақкесті құлы боп, сойылын соққан жандайшаптарына қатері тігіліп, қаһары төгілетін білгілі. Даланың бір қазанға басы симайтын екі бозқасқа қошқары, екі тарлан бөрісі Кенесары мен Қоңырқұлжаның арасындағы келіспес күрестің, бітпес таластың да себеп-салдары осында жатыр. Екеуі де ақыл-ойы, айла малы, күш-жігері жөнінен бір-біріне алдырмайтын ымырасыз айқастың адамы. Бірі тас қамал тәрізді орыс империясына арқа сүйесе, бірі бас көтеріп, кескілескен күреске бел байлаған халықтың тасқын күшіне сенеді. Сол арқылы елін отарлық бұғаудан азат етіп, Абылай заманындағыдай дербес хандық құрып ен далаға ешкімнің шеңгелін салғызбай, еркін сүруді аңсайды. Қоңырқұлжа болса, оның құрғақ қиял екенін, бақайшағына дейін қаруланған әскері бар орыс патшалығына жалаң қолмен қарсы шығу алапат өртті сусыз сөндіремін деп аттанумен бара-бар деп біледі. Ол орыс елінің өнербілімінен үлгі алып, шаруашылық жүргізудегі озық әдістерінен үйреніп барып үзеңгі теңестіруді ойлайды. Оның үстіне патша өкіметіне береген анты бар, қарауында қолына қараған қыруар халқы бар, сырттай бақылап, жоғарыдан әмір беріп отырған орыс ұлықтары бар ол іші қанша қан жыласа да көтерілісшілер жағына шығып кете алмайды. Дегенмен де кейбір деректерге қарағанда, көтерілген халыққа бүйрегі бұрып Кенесарыға астыртын көмек қолын ұсынды деген де қауесет бар. Тіпті жазалаушы жасақтардан қашқан Кенесары жігіттерін өз қонысынан өткізіп жіберген кезі де болған көрінеді. Ол жайында қазақ жасақтарының командирлері Ақмола мен Омбыға да хабарласа керек. Мәселен, Ақмола дуанының мәжіліскері Менькович 1838 жылғы 4-қазанында Омбы облыстық бастығына: «Бүліктің бастаушысы деп анық айтуға айқын дерегім болмағанымен Байдалы болысының биі Аққошқар Кішкентаевтың еренсіздігінен қазақтар арасында толқулар байқалады, ал оны аға сұлтан подполковник Құдаймендин сырттан ғана бақылап, әділдікке сайып
отырған сыңайлы... Бұл арада Байдалы мен Әліке болыстарының қазақтары Қаракеңгір өзені мен Ұлытау бөктеріндегі қыстауларынан асып, Торғай бойындағы Қасым Абылайхановтың төңірегіне барып топтасқан» деп жазады. Ұзамай-ақ сол жылғы желтоқсанның бірінші жұлдызында Омбы облысының бастығы полковник Талызиннің аға сұлтан Қоңырқұлжа Құдаймендинге жолдаған ашулы хаты келіп жетеді. «Бек қадірменді сұлтан, Аға сұлтан атағымен халықтың сеніміне ие болып, басшылықтың назарына ілініп отырған сіздің ең басты әрі қалтқысыз қам-қарекетіңіз өзіңізге сеніп тапсырылған өңірде, өзіңіз басқарып отырған халықтың арасында қатаң тәртіп пен тыныштық сақтау,- деп жазады облыс бастығы. -Ал Сіз өз міңдеттерңізді жалпы ұмытып кеткенге ұқсайсыз. Рас, тек басшылықтың ғана көз алдында тәртіптің белсенді сақшысы болып көрінеді екенсіз, шын мәнінде округіңізде жаппай бейбастық етек алған: болыстар тарап, Қасымның телі-тентек төрелерінің төңірегіне топтасып жатыр. Ол сұлтандардың содырлары қазақ ауырдарын тонап біздің бір тілмашымызды қолға түсіріп, енді Ақмола елді мекенін талқандау арқылы біздің қырдағы билігімізді құлаптақ пиғылда. Ал аға сұлтан бола тұра Сіз, дуанда отырма, ауылыңызда шалжиып жатырсыз. Осыдан кейін өзіңізге заң бойынша қандай жаза берілуі керек деп ойлайсыз? Алайда өзіңіздің адал берілгендігіңіз бен басшылықтың бұрынғы ілтипатын ескере отырып, өз атағыңызға сай борышыңызға мұқият қарамағаныңыз үшін қатаң сөгіс беремін. Осы хатты алысымен дуандағы орныңызға дереу келіп, аймақта тыныштық орнағанша тапжылмай отырасыз. Төлеңгіттерді алға салып, бабаларыңызды бірден күдікті болыстарға аттандырып, қазақтардың заңға қайшы қылықтарының алдын алып, тыныштық орнатуды және бүлікшілердің іс-әрекетін бақылауды тапсырыңыз. Мұны бұлжытпай орындау борышыңыз». Екі оттың ортасында қалу деген осы. Әйткенмен ант берген патша өкіметінің бұйрығына мойынсұнбай бола ма, тапсырманы алысымен аға сұлтан өз балалары Жаналы мен Шыңғысты көтерілісшілер қосынына жіберді. Алайда олар Тінәлі-Қарпық және Темеш болыстарына келуін келгенімен, одан әрі кенесары ордасына аяқ басуға батылы бармады. Әдеттегі жайбарақат көшіп-қонып жүрген қазақтардың орнына ұлы дүбірге еріп, жаппай атқа қонған, жерін басып алған басқыншылардан кек қайтаруға тас түйін бекінген сарбаздарды көріп, олардың алдағы жоспарларынан да еш мағлұмат ала алмай салдары суға кетіп кері қайтты. Енді аға сұлтан күн сайын Кенесарының шабуылын күтетін болды. Көтерілісшілерден өзі мен отбасын қорғау үшін әскери жасақ жіберуді өтініп, облыс бастығымен жиі-жиі хабарласып, хат жазысып тұрды. Сондай хаттарының бірінде Кенесарыға қосылған қазақтардың барлығы өзін жек көретінін жасырмай: «Кенесары Қасымов Ресей өкіметіне адал берілгендігім үшін сазайымды тарттырып, елеулі зиян келтірудің жолын қарастырып жүр. Оған іш тартып еріп кетуге әзір жүрген осы округтің қазақтары да жағдай жасап отыр» деп жазды. Айтқандай-ақ, 1838 жылдың басында Кенесары Қоңырқұлжа мен оның ағайынтуыстарының ауылдарына шабуыл жасап, он екі мың жылқысын айдап кетті. Осы
барымта шабулы туралы капитан Құлеке Ескенин Батыс Сібір корпусы командирінің адъютанты Спиридоновқа: «Бүгін мен сұлтан Кенесары Қасымовтың Қоңырқұлжа Құдаймендин мен оның бауырларының бар жылқысын айдап әкеткені туралы хабар алдым» деп жазды. Сол жылы Қараөткелден шыққан Қоңырқұлжа және әскери старшын Карбышев бастаған 500 солдаты бар жасақ қарымта шабуыл жасап, Жыланшық бойындағы Айраққұмда отырған Көшек Қасымов пен Сейдақ бидің ауылдарын тонайды. Шабуыл кезінде отыз шақты қыз-келіншек, 25 еркек өлтіріп, 80 адам тұтқынға алынады. Оның есесін Кенесары күзде дуан орталығы – Ақмола бекінісін жермен-жексен етіп қайтарды. Түнде Қарбышев пен Қоңырқұлжа аз ғана жасағымен қамалдан әрең қашып шықты. Аға сұлтан дәл сол бекініс үшін болған алапат айқаста қолға түссе, сол шайқаста шәйіт болып кеткен Басығара батырдың орнына құрбандыққа шалынар ма еді, қайтер еді... Ақмола бекінісінің күлі көкке ұшқаннан кейін көтеріліс ошағы Ырғыз, Торғай төңірегіне ойысып, Қоңырқұлжа Құдаймендинге дуан орталығын жаңадан салуға тура келеді. Көтерілісшілерге қарсы күресі, шашырап кеткен елдің басын құраудағы еңбегі үшін оған 1841 жылғы ақпанда Орта жүз аға сұлтандарының арасында ең алғаш әскери полковник атағы берілді. Ол Ақмола дуанының аға сұлтаны болып үш мәрте сайланып, арада үш жыл үзілісі бар он бес жыл бағы таймай билік тізгінін ұстады. Елу екі жасында өз еркімен құрметті демалысқа шыққанда оған билер кеңесі Нұра бойындағы Бұғылы тауының төңірегін мәңгілік иеленуге шешім шығарды. Өмірден өткенше ол сол өңірді мекендеді. Ақмола дуаны сияқты ұланғайыр аймаққа ұзақ жылдар бойы үздіксіз билік жүргізген аға сұлтан қарауындағы халықтың қамын жеумен қатар, өсіп-өнген әулетінің, өз басының пайдасын да ұмыт қалдырмаған шығар. Алайда дүние қуып, қарауындағы елін қан жылатпаған секілді. Оның некелі үш әйелінен он сегіз ұл, алты қыз туған. Бірақ олардың бірде-бірінің мыңғыртып мыңды айдаған байлығымен аты шыққан емес. Сонда да кешегі Кеңес өкіметінің алғашқы жылдары олардың ұрпақтарынан қуғын көрмегендері шамалы. Жоғарыдағы Қалима апайдың, Әмірбек атайдың бертінге дейін тегін жасырып, ашық айта алмай келгені әсте тегін емес. Cұлтан ағай да солай болар. Бабалары жауласып өткен екі әулеттің ұрпағы бір-бірімен табысқанын айтсайшы!.. Ақмола дуанының алғашқы аға сұлтаны патша әскерінің полковнигі, кезінде үкіметтен талай марапат пен сый-сияпат көрген Қоңырқұлжа Құдаймендиннің есімі ұзақ уақыт ұмыт қалып, аталмай келді. Көркем әдебиетте ол тек жағымсыз жағынан ғана бейнеленді. Бәрі де бұрынғы билік тізгінін ұстағандар шетінен қанаушы, тонаушы деген ұшқары пікірдің салқыны ғой. Өзі өмір сүрген қиын қыстау кезеңіне сәйкес қарама-қайшылығы көп аса күрделі тұлға болған Қоңырқұлжаны өз заманына, өз қоғамына адал қызмет еткен өз дәуірінің перзенті десек қателеспеспіз. Ең болмаса, бүгінгі әлемге әйгілі Қазақстан астанасы орнында осыдан жүз жетпіс жыл бұрын бой көтерген қаланың іргетасын қалаған қайраткер десек те жетіп жатыр.
Асылдың көзі, жасынның өзі
Бір күні хан Кене құрдасы Ағыбай батырды шақырып, алып түнде көрген бір түсін айтыпты: -Көсе, кәне тыңдашы. Бүгін бір түс көрдім. Түсімде сен екеуміз аударыспақ ойнап жүрміз. Қайсысымыз басым түсер екенбіз деп ойлайтын сияқтымын. «Әуелі кім арқалайды?», - деп сұрасаам: «Ел ағасы-хансыз ғой, алдымен сіз арқалаңыз!» - дейсің. Мен сені арқаламай, алдыма ғана өңгеріп көтеріп алдым. Ал кезек саған келгенде, құдды бір қаптағы тезектей иіріп арқаңа сала салдың. Үш жүзге түгел билік құрмағанмен, қазақтың ханы деген атым бар емес пе, бірақ, мыңбасы сенен кем соғып жатырмын. Сенің бағын арқанда, атақ-даңқың артында қалады. Біздің бағымыз болса... Айтқандай, атам Абылайдың әйгілі түсі есіңде шығар. Жалын құйрық жирен атымен жортып келе жатса, алдынан бір жолбарыс көкжал қасқырға айналып, оны бастырмалатып келгенде, бұлаң құйрық қудың қарны жарылып, ішінен бақа-шаян өріп шыға келетін. Ояна келе түсін өзі жорып: «е, менен өрбіген ұрпақ ұсақтап кетпесе игі еді» деп күрсінген екен. Сол сияқты біздің де бағымыз маңдайымызға біткен, атақ-абыройымыз өзімізбен бірге кетедіау деп қоқамын. Әйтпесе, мен де сені арқама салып алмас па едім?! Әй, артымда қалғандар көптің бірі болып кететін-ақ шығар. Сірә, Сыздығымнан кейін солай болады-ау, зады... Әке балаға сыншы емес пе. Сонда небары тоғыз жастағы Сыздықтың басқа балаларынан бір төбе, өз алдына бөлек тұлға болатынан сұңғыла әке әу баста-ақ білген тәрізді. Жалпы, Кенесарының екі әйелінен сегіз ұл өрбиді. Қыздай қосылған қосағы Күнімжан ханымнан – Жаппар, Тайшық, Ахмет, ал босаға аттамай жатып жесір қалған, әмеңгерлік жолымен алған Жаңылдан –Омар, Оспан, Әбубәкір, Сыздық, Жекей туады. Бәрі де сайдың тасындай сұрып, санаткер, саңлақ азаматтар болады. Кене хан опат болған жылы өзі айырықша үміт артқан Сыздығы он-ақ жаста екен. Кенесары қайғылы қазаға ұшырағаннан кейін оның отбасы қалған халқымен Шуды жағалап, Қаратауды сағалап Түркістан қаласына қарай көшеді. Хан балалары алым-салық төлемеу шартымен төңірегіндегі қырық үй төленгіттерімен бірге Құдияр хан болып тұрған Қоқан хандығына қарайды. Негізінен Түркістан хакіміне бағынып, Қоңыраттардың ортасында тұрады. Молда жалдап мұсылманша оқып, барлығы да тәп-тәуір білім алады. Оқумен қатар олар атқа шабу, мылтық ату, семсер сілтеу, қылыштасу және найзаласу секілді әскери өнерді де үйренеді. Ер жетіп, ат жалын тартып мінісімен-ақ Тайшық, Сыздық және Ахмет төрелер әскери қызметке кіріп, соғыс тәсіліне жетіктігімен, ержүрек өжеттігімен көзге түседі. Сол үшін Қоқан хан ағайынды үшеуіне де пансат атағын беріп, әрқайсысын бес жүз жігітке бастық етіп қояды. Ағалы-інілілер осылай біраз жыл әскери қызмет атқарады. Бұл орыс отаршылдардың Орта Азияға аранын ашып, шет жағалап шеңгелін сала бастаған шағы еді. 1860 жылы генерал Колпаковский бастаған орыс әскері Алматыдан шығып, Қоқан хандығына қарасты Тоқмақ қамалын талқандап басып
алады. Тәшкентті билеп тұрған Қанағат шаһ орыс генералының өктем қылығын ести сала қырық мың қолымен Верный бекінісін бетке алып жорыққа аттанды. Жорық сапасында Кене ханның үш ұлы да болды. Қанағатшаһтың жорығынан хабар алған Колпаковский әскерін шекарадағы Қастек бекінісі маңына ошарып, пәруаншының жолын тосып жатты. Асудан асысымен-ақ пәруаншы үш төрені қазақ, қырғыздан құралған жасақ беріп, Ұзынағаш бекінісін алуға жұмсады. Бекіністі алмаған күнде де жауды Қастекке жібермеңдер деп тапсырды. Тәсілқой төрелер шалт та шапшаң қимылдап, дұшпанның қару жұмсауына мұршасын келтірмеді. Зеңбірекпен қаруланған екі жүз солдат жаужүрек жігіттерге жартымды қарсылық көрсете алмады. Тұтқиыл шабуылдың түрінен шошынған Қастектегі орыс әскері кері шегінуге мәжбүр болды. Колпаковскийдің өзі басқарған сегіз жүз солдат қазақтарды зеңбірекпен атқылап Ұзынағаштан тықсырып шығарды. Төртінші күн дегенде Қанағатшаһтың әскері келіп жетті. Келе шабуыл бастап-ақ еді, генерал жеті зеңбіректі түгел іске қосып, дүрсілдете атып берді. Оның оғынан қоқан сарбаздары баудай түсіп, қойдай қырылды. Сол шайқаста-ақ пәруаншы жеті жүз адамынан айырылып кері шегініп, Жиренайғыр бойына барып бір-ақ тоқтады. Келесі күні ол үш сұлтанды шақырып алып, қазақ, қырғыз жасақтарымен Алматыға шабуыл жасауды тапсырып, өзі Қастекке қарай аттанатынын айтып,содан күтетініне сендірді. Төрелер қасына қырғыз манабы Шадыман мен қазақ батырлары Сұраншы мен Байсейітті алып, бес жүз жігітті бастап, суыт жүріп отырып түнделете келіп бекініс түбіне жасырынып жатты. Ертеңіне таң азанда шабуыл жасап, қала сыртында жүрген төрт орыс пен бір шаруа қызын қолға түсірді. Сол күні түсте Қарғалыға соғып, Қастекке келсе пәруаншы жоқ. Бақса, Қанағатшаһ бұлар кеткен бойда-ақ кері қайтыпты. Бұларды орыс әскері соңыма түспесін деп Алматыға әдейі алдап жіберген екен. Үш сұлтан оларды Қайыңды-Ырғайтыда қуып жетіп, қолға түсірген тұтқындарын пәруаншыға тарту етіп,өздері Түркістандағы туыстарына қайтты. Қайтқанда да опасыздықтан опық жеп, салы суға кеткендей, еңселері түсіп, мойып қайтты. Алматы сапары үш сұлтанға да ой салған үлкен сабақ болды. Қоқан ханы қалың қолмен барып Ақмешіт түбінде де ақ патшаның өзі ғана әскеріне еш қайрат қыла алмап еді, бұл жолы да қырық мың сарбазбен орыстың сегіз жүз солдатынан жеңіліп қайтты. Ханында білікті билік, қолбасшысында түкті жүрек жоқ бұндай хандықтың ендігі жерде өзін-өзі қорғай алуы екі талай. Бұлай батылсыздана берсе, орыстар ұзамай бүкіл елін басып алары анық. Сондықтан әліптің артын күтпей-ақ, оңтайлы жолын, ыңғайлы жағын іздестіру керек. Әзір елін басып алып пенде қылмай тұрғанда орыс қызметіне кіріп алған абзал болар. Кенесары балалары өзара отырып ақылдасқанда Тайшық пен Ахмет, міне, осы байламға тоқталды. Алайда, ағасы мен інісінің шешімін Сыздық сұлтан қостай қойған жоқ. Білімі бар, қай жағынан да сауатты, салауатты төрелердің қай жерден болса да ойып тұрып орын табатынына көзі жете отырып ол: -Ата-бабаларымыздың нұсқаған жолын, ұстаған бағытын бұзып орыс жағына шыға алмаймын. Олар Қоқанды алса, Бұқарға барамын, Бұқарды алса, ел
көп қой, басқа біреуін табамын.Әйтеуір, мұсылман баласымен бір боламын. Қайтсем де ата-баба жолынан айнымаймын,-деп бір-ақ кесте. Осылай ағасы мен інісі өз қарауындағы елін алып Сыр бойына көшіп, Ақмешіт қаласына барып, Сырдария облысының әкіміне бағынатынын білдіріп, оп-оңды қызмет алып жатқанда, бұл Түркістаннан табан аударған жоқ. 1864 жылы Қоқан ханының пәрменімен Сыздық сұлтан Созақ пен Шолаққорғанның әкімі болып тағайындалды. Оған орыс шекарасын бақылап, назарда ұстау жүктелді. Әке жолын қуған жаужүрек сұлтанның орыс отаршылдарына, қоқан опасыздарына қарсы күресіне жаңадан жол ашылды. Сол жылы Орынбордан шыққан полковник Веревкиннің әскері келіп Түркістан қаласын қоршап, қала дуалының астын қазып, дәрі қойып жармақ болып жатыр еді. Соны естіген Сыздық төре жедел қол жинап түнделетіп Түркістанға жетті. Келсе қоқандықтар дұшпан жағына ауық-ауық мылтық атып жасқағаннан басқа мардымды ештене істеп жарытпаған көрінеді. Сұлтан өз жігіттерінің ішінен жүзін іріктеп алып, түн ортасы ауа қамалдан шығып, дуалдың астын қазып жатқан солдаттарға тарпа бас салып, бесеуін өлтіріп, қалғандарын қуып, мылтықтары мен аспаптарын алып қалаға оралды. Шаһар басшылығының жайбасарлығы мен қарекетсіздігіне шыдамаған Сыздық төре Түркістан әкімі Мырзадәулетке ойын ашық айтты: -Бұлай бұғып отыра берсек, дұшпанға босқа жем боламыз. Одан да бәріміз түнде қамалдан тік көтеріле шығып, жау шебіне шабуыл жасайық. -Әй, біздің сарттарды қаладан сүйреп шығара алмайсың. Егер сендер өз беттеріңмен шығып қарекет жасаймын десеңдер қарсылық жоқ, -деді әкім. Бұл қимылдан құлақдар болған қаланың бас ақсақалы Жантай деген кісі сол түні полковникке астыртын хабар жіберіп те үлгерді. Түн ортасы ауа Сыздық сұлтан мен Құрбанхан Қосымұлы екеуі екі жүз қазақ жігітімен қамалдан шыққанда орыстардың әзірлік жасап аңдып тұрғаны бірден байқалды. Әйткенмен, нартәуекелге бел буып, шабуыл жасауға тура келді. Орыс жасағы оларды жақындатып алып зеңбірек пен мылтықтан оқ жаудырды. Сонда да жанкешті жігіттер жауған оққа қарамай, аттарын окоптардан қарғытып өтіп, қолма-қол ұрысқа кірісті. Орыстар жағынан қанша адам өлгенін кім білсін, айқас кезінде қазақтардан қырық жігіт және Құрбанхан мағзұм шәһид болды. Шайқас бір сағаттай созылып, екі жақ та өз шептеріне шегінді. Ақыры, жарылыстан қорыққан Жантай бес күннен кейін Түркістан қақпасын өз қолымен ашып, орыстарды шаһарға кіргізді. Қоқандықтардың опасыздығына тағы да тап болған сұлтанның зығырданы қайнады. Амалы таусылған ол енді аранын ашқан апаттан Шымкентті аман сақтау үшін Түркістан әкімі Мырзадәулетпен бірге қосындарын алып, шығысқа қарай жол тартты. Өйткені, Алматы жақтан шығып, Әулиеатаны алған генерал Черняев бұл тұста тура Шымкентке бет түзеп келе жатқан еді. Қоқан тағына қолы жеткен қыпшақтардың көсемі Әлімқұл молда да бір аптадан соң көп әскер алып Шымкентке жетті. Черняев алдын-ала Түркістандағы орыс қолымен хабарласып, Шымкентке батыстан келіп ат қоятын үш жүз солдат шығартыпты. Әлімқұл молда бар әскерін жауып, алдымен генерал келіп жеткенше осы жасақтың көзін
жоюды ойластырды. Екі әскер Ақбұлақ деген жерде беттесті. Түс әлетінде әскерлер аттан түсіп, жаяу шабуылға шықты. Орыс жасағы зеңбірегін оқтап, мылтықтарын әзірлеп, алайда, оқ атпай, қарсыластарын жақындатып алып, үш жүз мылтықтан бірдей оқ жаудырды. Иін тіресіп келе жатқан жігіттердің алғы лебі жаппай құлап, қалғандары жерге жабысып жата қалысты. Тек ту ұстаған Сыздық төре ғана жүз қадамдай жерде жалауын жықпай бір сағаттай тікесінен тік тұрды. Солдаттар оны өршелене атқанда тудың шүберегі шұрық-шұрық тесіліп сау-тамтығы қалмады. Бірақ төреге оқ дарымай, құдай сақтап аман қалды. Бірақ төреге оқ дарымай, құдай сақтап аман қалды. Оққағары бар аруақты батыр екеніне жұрттың көзі тағы да жетті. Әлімқұл молда оны адам жіберіп әрең шақыртып алды. Сұлтан кейін қайтқанда жер бауырлап жатқан жігіттер де онымен бірге қайтты. Ертеңгісін Әлімқұл молда зеңбіректерін алдырып, орыстардың жасағы жасырынған топырақ қорғанды үсті-үстіне атқылап еді, бас көтеруге жарамай дұшпанның көбі қырылып, азы ғана қалды. Сол күні ымырттатын Әулиеата тарапынан көп қосынмен Черняев келіп, Түркістан жолындағы Қосдиірмен деген жерге қонды. Таң атқан соң генерал қырылған жасаған тірі қалған солдаттарды Түркістанға қайтарып, өз қосынымен Шымкенттің шығыс жағына шығып, сап құрғызып солдаттарын ұрысқа даярлады. Молда Әлімқұл да дарбазаны бекіттіріп, зеңбіректерді тамның төбесіне шығарып, ұсақ майлы оқтармен оқтап әзір тұрды. Мыңбай сардар мен Сыздық төреге бір-бір мыңнан сарбаз беріп, керней тартылғанда Қошқарата жағынан атойлап дұшпанға тарпа бас салыңдар деп тапсырды. Бұл екі ортада Черняев қосынын қатар қойғызып қорғанды атқыла бастады. Қапелімде қарсы жауап болмағанда мастаған генералдың бұйрығымен солдаттар енді мылтықты жүгіре атып, жақындай түсті. Сол сәтте зеңбіректер түгел от шашып қоя берді. Орыстардың от тигеніне де, тимегені де етпетінен түсіп жата кетті. Сол сәт керней тартылып, Сыздық пен Мыңбай сарбаздары атойлай ат қойып, тұтқиылдан тиісіп солдаттарды қан-жоса қылды. Аман қалғандары қашып барып генералына тығылды. Черняев ұрысты одан ары созбай, кері шегініп кетті. Әлімқұл сарбаздары оларды Қосдиірменге дейін қуып барып, басшысы Шымкентке қайтты. Сыздық төреге ол жүз жігіт беріп, генералдың басқан ізін аңдып тұр деп Қатынкөпірге қойып кетті. Сұлтан Қосдиірмен маңына барып барлап көріп еді, түн ортасына қарай Черняетің Әулиеатаға қайтатыны мәлім болды. Сыздық дереу Әлімқұлға адам шаптырып жылдам жетсін, Әулиеатаға жеткенше түп ізіне түссек, қалжыраған солдаттарын қырып, генералдың өзін оп-оңай пенде ғып қолға түсіреміз деп сәлем айтады. Жіберген адам Әлімқұлға айтқан екен, обалы нешік, ол табанда сардарларын шақыртып алып ақылдасса, қашқан жауғақатын ер, қуып қайтеміз, оларды өлтіргенмен орыс таусылмас деп, молданың тілін алмапты. Осылай қолға өзі түсіп тұрған жеңіс уыстан сусып шығып кетеді. Сол жылы Черняев Әулиеатаға қыстар қалады. Сыздық сұлтан артынан ешкім келмей тағы да салы суға кетіп, Шымкентке қайтып оралды. Қоқанға қайтарында оны Әлімқұл молда өзімен ертіп бірге ала кетеді. Бұлар Тәшкентте жатқанда араға үш ай салып, Черняев әскері Шымкентке
қайта оралып, орталықтан жіберілген Мырзахмет күшбегінің шалағайлығын пайдаланып,шаһарға басып кіреді. Шымкентте бір айдай тұрып генерал Тәшкентке жорық жасайды. Ол жолы байтақ кентке тісі батпай, қайтып барып Шымкентте қыстап шығады. Сол жылы қыс Тәшкентте болған Әлімқұл молда мен Сыздық төре босқа қарап жатпай, Шымкенттегі Черняевке білдірмей, Сарыағаш арқылы Түркістанды алып, генералды ол жақтан келер көмектен құралақан қалдыруды жоспарлайды. Шымкентке барар жолды кесу үшін сұлтанды алдымен жіберіп, ол Иқанды басып алғанда молданың атты қолы келіп қосылады. Қосынның келген хабарын алып Түркістаннан бір рота солдат шығып Иқанға келе жатқанда Шойынмола тұсынан Әлімқұл сарбаздары бір бүйірден тиіп, бір күн, бір түн шайқасады. Осы жолы баяғы хан Кененің тәсілімен талдарды кесіп, дөңгелете буып әрқайсысын он-он бес адам бетке ұстап, артынан домалата отырып жақындап келіп, қазақорыстармен қоянқолтық араласып, бәрін де қырып салады. Арасынан отыз шақты солдат қашып шығып кері қарай тартқанда оларды Сыздық төре тоқтатады. Осы ұрыста оның аты оққа ұшып, өзі жараланып анталаған жаудың ортасында қалғанда Бердібек деген батыр жігіт астындағы атын беріп оны аман алып шығады. Ендігі бағыт тура Түркістанның өзі еді, алайда,молданың осылай қарай кеткенін естіп Черняев Тәшкентке аттанды деген хабар жетіп, олар хандықтың бас шаһарына қайтып кетеді. Әлімқұл дереу әскер жіберіп, генералдың алдын орап, жол-жөнекей қарсы шығып ұрыс жүргізіп, орыс қолын біраз бөгейді. Осылай уақыттан ұтып қалаға жетіп, қорғанысын күшейтеді. Тәшкентте он екі дарбаза болатын, соның бәрін бекітіп, тыстағы әскерлерді түгел ішкі енгізіп, әр дарбазаға бес жүз сарбаздан қойып, моола оларды күн сайын аралап жігер беріп жүреді. Черняев әскері түскен тұстағы дарбазаға Сыздық сұлтанды қойып еді, бұл жақта атыс жиі болып тұрды. Осылай ұрыс бір айға созылды. Бір күні атысып жатқан сарбаздардың бірінің жанына келіп ақыл беріп тұрғанда Әлімқұл молдаға бір орыс мергенінің оғы тиеді. Ордаға алып барғанда бұл дүниелік емес екенін білген молда Сыздық төрені шақыртты. Ол келіп жеткенше өмірден өтіп кететінін білген Әлімқұл қасындағы сардарларға аманат айтты: «Бұл елді Сыздық төреге тапсырдым, мына жұртты сол басқармаса, басқаларын басшы бола алмайсыңдар», - деп көз жұмады. Сыздық келгенде ордаға қаланың күллі үлкендері жиналып қалған екен, сұлтанға олар молданың өсиетін хабарлады. Келесі күні қала халқының жиналысы болып, Сыздық төрені онша ықылас білдірмегеніне қарамастан қолтықтап Әлімқұлдың орнына отырғызды. Оны әскер басы етіп сайлап, Қоқан хандығы мен қазынаны түгел қарауына берді. Билік тізгінін қолға алған соң сұлтан үш күннің қызмет орнында көп отырып қалғандардың бәрін ауыстырып, бар жерге қолынан іс келетін жас адамдарды қойды. Қоқан жігіттерін қайта жинап, олардың еліне кетерде тоналған аттары мен киімдерін қайтарып, күллі әскерді соғыса алатындай халге келтірді. Түн баласы тыншып жатпай, ол дарбазаларды өзі аралап жауынгерлеріне жігер беріп, сый-сияпат үлестіріп отырды.
Әлімқұл қаза тауып, орнына Сыздықтың отырғанын естіген Черняев: «Тәшкент тағы иесін енді тапқан екен» депті. Тіпті төреге арнайы хат жазып, жаңа орнымен құттықтап, өз өтінішін де айтыпты. Тәшкентті берсеңіз, сізге қай шаһарды қаласаңыз да алып берер едік, орыс өкіметі тұрғанда ол қалалардың билігі үрім-бұтақ, зәузатыңызға мұра болып қалады. Оған келісім-шарт жасап, ақ патшаның қолын қойғызып, мөрін бастырып берер едім. Қазір орыс қызметінде жүрген төрелер көп. Ал сіз Қоқанда жалғыз не бітіресіз, ойлалыңыз деп жазыпты. Сыздық сұлтан сәлем хатқа еш жауап қайтармай, қоғанысты күшейтіп ертеден қара кешке дейін атқылап дұшпанды маңайлатар болмады. Оның қажырлы қимылын көрген Қоқан әскерінің басшылары астыртын кеңес құрып «орыстардың қаланы ала алмайтын түрі бар. Олар кетсе қазақтың мынау төресі Тәшкент пен Қоқанды жалғыз билеп, біз далада қаламыз» деп Сыздықтың көзін жоюға сөз байласады. Бұны біліп қалған тәшкенттіктер барлық басшы адамдармен сұлтанға келіп: «Қоқандықтар деген опасыз халық! Өз хандарын өлтіріп жаман үйренген олар сол зұлымдығын сізге де жасағалы жүр» деп сақтандырады. Көңіліне күдік кірген сұңғыла төре табанда бір амал ойлап тапты. «Қоқандықтардың іштей жау екендігін білдік. Бәрімізді ең мықты дұшпан – орыс әскерінің қамап жатқаны мынау. Бұл қиындықтан шығу үшін Бұқар әмірінің қол астына кіріп, содан көмек сұрайық» деді. Жиналғандардың «ә, бәрекелдісімен» Бұқар әмірі Мұзаффа ханға тарту-таралғымен елші жіберді. Әмірдің шешімі көп күттірген жоқ. Тәшкенттіктердің тілегін қабыл алып, қаланы басқаруға қасына төрт жігітті ертіп Тайшыбек деген тоқсабаны жіберді. Әмірге шаһарды қорғап қалу емес, билігін қолға алу ғана керке болған сыңайлы. Көмекке келер әскерден үміт үзілді. Сыздық қала басшылығын тоқсабаға тапсырып ордадан кетті. Ол кеткен соң дарбазалар күзеті және басқа әскери тәртібі босаңсып, қарсы қимылдар да сиреп, көп ұзамай Черняев батыл шабуыл жасап Камелен дарбазасы арқылы кіріп, Тәшкентті басып алды. Орыстар Тәшкентті алған соң Сыздық төре өз адамдарымен Бұқар хандығына қарайтын Жизақ қаласына келді. Қала бегіне сәлемдескеннен кейін, отбасы үйелменін Жизақ маңына қалдырып, жиырма жігітті ғана ертіп Мұзаффар ханға сәлемдесуге кетті. Бұқар әмірі Сыздықты жылы шыраймен қарсы алып, қасындағы жігіттерге дейін сый-сияпат көрсетіп, Жизақ бегіне мына төрелер мен жанындағы жігіттерге қазынадан жалақы төлеуге жазбаша жарлық берді. Сұлтан Жизаққа қайтып келген кезде генерал Черняев қаладан бес шақырымдай жерге кеп тоқтаған екен. Төртінші күні ол әскерімен қалаға бет алады. Оларға көрші қалалардан келген халық әскері қарсы шықты. Бірақ халық әскері алғашқы зеңбірек оғы ортасына кеп жарылып, бірнеше адам мерт болғасын-ақ тым-тырақай қаша жөнелді. Зеңбіректен ата отырып, солдаттар қала бағына келіп кірді. Орыстар базарға кеткенін сыртынан бақылап жүрген Сыздық төре бақшаны тасалап кеп дуалдың сыртынан алпыс мылтықтан бір мезетте оқ жаудырды. Көшеде топталып бара жатқан солдаттардың біразы топалаң асып, біразы жараланды. Жағдайдың қиын екенін көрген орыстар керней тартып, ілгері кетіп қалғандарын шақырды. Кері оралғандарға тасада тұрған қазақтар оқ
жаудырып, біраз атысқаннан кейін орыстар шегінуге мәжбүр болды. Қаладан шыққан соң солдаттарының бас-аяғын жинап, генерал келіп түскен орнына оралды. Сол арада бір апта жатып, Сырдария жаққа кетті. Бұқар әскері соңына қанша түскенмен мұздай қаруланған орыс қолы маңайлатпады. Сол күндері Жизаққа келген әмірдің қалың қолын Черняевтің соңынан салды. Қалың қолдың ішінен ерлік көрсетіп те, көзге түсіп те жарытпайтынын сезген Сыздық сұлтан өз бетімен қайрат қылғалы әмірден орыстарға Шардара жағынан шабуыл жасауға рұқсат беруін сұрады. Әмір мұны мақұлдап, жол шығынына мың тіллә бергізді. Сұлтан Сыр бойындағы елден жігіт жинап алмақ оймен Шардара жаққа аттанды. Жолай құм арасында босып жүрген жұртты көріп, олардан Черняев әскерінен төрт жүз солдат келіп Шардара қамалын, маңайдағы ауылдарды ту-талақай тонап жатқанын, содан шошып жұрттың құмға қашқаның білді. Жергілікті қазақтан бір жолбасшы алып орыстар жүрген жаққа тартты ол. Көп ұзамай жүк артқан түйелер мен тағы басқа малдарды айдап бара жатқан жүз қаралы атты қазақты көрді де, бұйрат құмдарды тасалай келіп тарпа бас салды. Орыстар да өліспей беріспеуге бел буып айқаса кетті. Қолма-қол айқаста қазақ –орыс атаманы мен бір офицер Сыздыққа бетпе-бет келіп қалды. Офицердің тапаншадан үш рет атқан оғы төреге дарымай, ол екпінмен келіп офицерді де, атаманды да қылышпен шауып түсіп, астындағы арғымақтарын олжа етті. Олардан басқа тағы да алты орысты өлтіріп, отыз ат олжалап, қазақтардың талап алынған мал-мүлкін қайтарып бергізді. Бірен-саран жеңіл жараланғаны болмаса, қазақ жігіттері дін аман.Қашып құтылған атты қазақтар түнде ізім-қайым жоқ болды. Төре қоңыраттардан шағын жасақ жинап, өзенмен жоғары жүзіп келе жатқан орыстың бір кемесімен атысып, кемеге жағуға дайындап қойған отынын өртеп жіберді. Сыр бойында жүріп сұлтан әмірдің Майдажыңғыл маңына жеңіліп Самарқанға қашқанын естіп, өзі де солай барып ханға өлтірген орыстарының бастарын, олжалаған аттарын апарып тарту етті. Әмір оған қатты қуанып, қыруар сыйлық беріп, өзін Бұқарға бірге ертіп ала кетті. Бұқарда жатып ол генерал Черняевтің Петербургке кеткенін, орнына Кауфман деген генерал келгенін, оның Жизақты алуға әзірленіп жатқанын естіді. Бұл жолы ол Кауфманға қарсы аттанған әмірге ермей, оның рұқсатымен өзінің сегіз жүз сарбазын алып, Қазалы жаққа тартты. Сыздық сұлтан келе жатқанын екі жүз атты қазақты Хиуа жақ беттегі Сарыбұлаққа аттандырады. Төрені ілгері аттатпау тапсырылған жасақ бұлақтан екі шақырымдай құм төбеге жайғасып, алпыс адамын аттары мен түйелерді суарып келуге жібереді. Іздегенге-сұраған, дәл сол сәтте бұлақ басына сұлтан жігіттері де келіп жеткен еді.Олар мал суарып жатқан солдаттарды түгел қырып, малдарын тартып алды. Құм төбенің астында жатқан жасақтың қалған мүшелері бұл қырғынды сексеуіл, жыңғыл бұталарын жинатып, оларды оқ өтпестей етіп буғызып, төбенің үш жағынан бірдей домалатып орыс жасағына жақындай берді. Ойламаған жерден жау шыққанын көрген атты қазақтар да алдына тасаланар құм үйіп, атысқа кірісті. Бірақ бума тасасынан оқ боратқан қазақ азаматтары олардың басы қылтиғандарын қағып түсіріп отырды. Сондықтан солдаттарға құмнан қазған үңгірде бұғып жатудан басқа лаж қалмады. Сонда да қызған құм мен аптап
ыстыққа шыдамай алмай, үш дүркін шабуылға шығып еді, үшеуінде де көп шығынға ұшырады. Сұлтан оларды осылай үш күн зықысын шығарып, тапжылтпай ұстады да төртінші күні бастарына сауға беретінін айтып, қағаз жіберді. Бірақ оған жауап болмады. Сосын Ақмешітке жіберген барлаушылары келген соң Қазалыдан тағы да үш жүз солдат шығатынын естіп, қолға түскен аттар мен түйелерді айдап кейін қайтты. Құм үңгірде қалғандардың қаншасы өлі, қаншасы тірі екенін біле алмай кетті. Кейін сұрастырса, он сегіз ғана тірі қалыпты. Ауыл аймағын, ағайын-туғанын сағынған әрі ұзақ жорық жолында шаршапшалдыққан жігіттерін елді-еліне таратып, ең сенімді серіктерін ғана ертіп, Сыздық төре Бұқар қоластындағы Тамды қыстағына барып түсіп, сол арадан құмдағы оқиғаны айтып әмірге хат жолдады. Әмір оған тағы да разы болып төренің Қышкөпір жаққа кеткен әскеріне көмекке баруын өтінді. Жолай ол Жизақтың Қышкөпірге бара жатқан жүз солдатқа кез келіп, олармен де бір сағаттай соғысып, орыстар шегінген соң ұрысты одан әрі созбай сол жерже түнеп қалды. Ертеңіне Қышкөпірге барғанында әмір әскерлері орыстардан тағы да жеңіліп, шегініп бара жатқан үстінен шықты. Келер жылы генерал Кауфман Самарқанға аттанды. Оның бетін қайтаруға әмір бар әскерін жібергенмен, орыстарға еш қайран жасай алмай, қаланы оп-оңай беріп қойды. Генерал қолы одан Каттәқорғанға бет түзеді. Осы жолы да Бұқар әскері түк қайрат көрсете алмай, алғашқы соққыдан соң алды-артына қарамай қашты. Сол ұрыстан кейін соғыс тоқтап, Бұқар әмірі орыстармен бітімге келді. Орыстармен екі арасының ақыры қалай болатынын күте тұр деп Сыздық сұлтанды ол қазақтар мен сайын құм, кең сахарадағы көшпелі елдің барлығына бастық етіп жібереді. Әмірдің үлкен ұлы Әбдімәдік әкесінің орыстармен жасаған бітіміне қарсы болып, әмірге бағынбай қойған бектердің көмегімен өзін хан көтертіп, Ғиссар, Күләб, Қаршы жағынан сойылын соғар қол жинады. Әмірдің ешбір қиянатын көргем жоқ, қарсы шығуым шариғатқа қайшы келер деп ханзаданың қолқа салғанына көнбеген Сыздық төреге жүз алпыс дін қайраткерінің қолын қойғызып, мөрін бастырып, қайтадан хат жазып бүлікшілер оны да өз жағына тартап алды. Сұлтан сөйтіп тағы да бір сұрапыл шайқастарға басымен сүңгіп кетті. Енді оған орыс жасақтарымен қоса, Бұқар әмірінің әскерлерімен де соғысуға тура келді. Соғыс болған соң жеңіс те, жеңіліс те бірге жүретіні белгілі ғой. Ол қазақ арасынан әскер жинап Нұратаны басып алғанда, әмірдің оған қарсы аттандырған он үш мыңдық қолына шұғыл шабуыл жасап, бәрін өзіне қаратып алды. Келесі жолы жіберген әскеріне де алдыңғылардың аяғын құштырып, сарбаздарын тағы да он мың адаммен толықтырды. Үргенішке бет алған Кауфман қолын құм ішінде тосып, ауық-ауық төтеннен ұрып, тұтқииылдан соғып көп зиян келтірді. Ал орыс генералы мен Бұқар әмірінің әскерлері екі бүйірден келіп қысқанда қос соққыға шыдамай бас сауғалауына тура келді. Ендігі үміті Үргеніш еді, оның ханы орыстармен келісіп шаһарын өзі ашып беріпті. Хиуа ханы екі жақтан келіп шүйілген Кауфман мен Веревкиннің тегеурініне шыдамай, елші жіберіп, орыстармен келісім жүргізіп жатыр екен.
Амалы құрып сұлтан өзіне қарасты елді аралап түрікпендерге барып қосылу үшін Әмударияны өрлеп тартып кетеді. Бір күні қызылдың құмы жағынан қырық шақты шабандоз шығып, дарияға қарай құлайды, Тоғайды тасалап қараса, түрікпендер екен. Сосын жанына үш жігіт алып қараса, түрікпеннің біреуі Сыздық төрені тани кетеді. Сұлтан Бұқарда болғанда он мың адамын әмірге көмекке әкелген Мұхаммеднияз сардар екен. Табан аузында ол жүгіріп келіп амандасып, тізгінін ұстап төрені аттан түсіріп алады. Жөн сұрасқанда Сыздық бастан кешкенінің бәрін баяндады. Әмір әскерлерінің қатын-баласын тұтқындап, Бұқарға алып кеткенін де жасырған жоқ. Үргеніш жақтан мал алғалы бара жатқан түрікпендер оны еліне алып кетіп, Нұрберді ханның үйінде қонақ етіп бір қыс қыстатты. «Қазақ пен түрікпен – ағайынды халықпыз. Ал сіз қазақ ханының баласысыз. Пана тұтып келген екенсіз, исі түрікпен боп көтеріліп әмірден кегіңізді алып берейік»- деп еді, нақақ қантөгісті қаламаған төре рахмет айтып, өзін Ауған жаққа Гератқа жеткізіп салуын ғана өтінді. Түрікпен ханы мұны да құп көріп, атқосшыға қырық жігіт қосып беріп Сыздық сұлтанды шығарып салды. Ауған ханының баласы Жақып сардар оның ерлік істеріне әбден қанық екен. Сұлтанды ілтипатпен қарсы алды. Гератта үш ай тұрған соң ол сардармен қош айтысып Балқы, Бадақшанды басып, өзіне бұрыннан таныс Қашқардағы Жақыпбекке барды. Кезінде Түркістанда әскер басы болып тұрып шаһарды орыс алған соң, Бұқар барып, одан Қоқан келіп, одан да абырой таппай бос жүрген жерінен Әлімқұл молда оны Қашқар ханына уәзір қып жіберген еді. Қашқарға жүрерде Сыздық төре қалтасына біраз қаржы да сап берген. Сонан да болар, бүгінде хан көтерілген Жақыпбек оны зор құрмет көрсетіп қарсы алып, үлкен бір лауазым беріп, өлген баласының әйеліне үйлендіріп, оны да ұлым деп атады. Бұл келгеннен соң бір жылдан кейін Жақыпбек Қақардағы орнын мұрагерім деп жүрген баласы Бекқұлбекке мирас етіп, өзі Ақсуға барып, барлық әскерімен сонда ұзақ тұрып қалды. Ақсуды алғалы келе жатқан қытай әскеріне қарсы шыққан жолда Жақыпбек кененнен қайтыс боп, оның орнын өз өсиетінен тыс Хакімхан төре басып, хан болған соң ол Қашқарға қарай жорыққа аттанды.Оған Бекқұлбек бастаған жиырма бес мың әскер қарсы шықты. Жеңіс кезек алмасып, соғыс біразға созылды. Ақыры, Сыздықтың ақылымен Бекқұлбек таң алдында Хакімханға тұтқиылдан тап беріп, жеті сағат соғысып, дұшпанның екі мыңдай адамын қолға түсіріп еді, қалғандары да мұның жағына шықты. Осыдан соң ол Ақсуға барып, бір ай тұрып сол төңіректе қалалардың бәрін өзіне бағындырып, Қашқарға оралды. Алайда төбеден жай түскендей тап берген қытайлардың қисапсыз көп қолына төтеп бере алмай, хан әскерімен Қоқанға қарай жылыстады. Тек Сыздық сұлтан ғана өз жасағымен қытайларға қарсы түн жарымына дейін соғысты. Сол соғыста сол қолыңа оқ тиіп ауыр жараланды. Жарасын елемей шаһардың шетінде түн ортасы ауғанша ұрыс салған ол,таң атқан соң Бекқұлбектін бүкіл әскерімен орысқа қарап кеткен хабарын алды. Лажсыздан ол да орыс алған жердің шекарасынан өтіп, Ош шаһарына келіп, әкіміне хабар берді. Ояз бастығы сұлтанның жараланып келгенін естіп, генерал-губернатор Кауфманға хабарлады.
Кауфман Сыздықты алдына алдыртып, қолын емдеуге дәрігер тағайындады. Жетпіс күнде жарасы жазылып, қолы қалпына келген соң қайта шақырып алып, онымен жеке сөйлесті. Ұсынған мойынды қылыш кеспейтінін айтып, орыс мемлекеті алдындағы күнәсінің бәрі кешірілетінін хабарлады. Сосын Бұқардағы әмірдің қолында қалған қатын-баласын алдыртып, өз тілегі бойынша Шымкент шаһарында жауапты қызмет істейтін інісі Ахметтің қасында тұруына рұқсат берді. Осылай жиырма жылға жуық орыс отаршылдарына қарсы ымырасыз күрес жүргізіп, әсіресе, олар Орта Азияны жаулап алар тұста Түркістан өлкесінде қазақ жігіттері мен түрікпен шабандоздарын бастап, күшті қайрат көрсеткен қолбасшы, өжет те ержүрек жауынгер, қайтпас қайсар қаһарман Сыздық сұлтан озбыр күшке, обыр саясатқа бас июге мәжбүр болды. «Қазақ халқының өз алдына ел болуы үшін күрескен осы ең соңғы сардар, қытай әскері Қашқар қаласын алып, Тарым бойындағы Жақыпбек орнатқан белгілі мұсылман мемлекетін жойғаннан кейін Қашқардың ханы Бекқұлбекпен бірге 1877 жылы біздің қоластымызға келіп кірді» деп жазды бұл туралы кейін орыстың зиялы бір ұлығы Е.Т.Смирнов. Жоғары жақтың нұсқауы ма екен, ол 1886 жылы өмірбаянын өзіне жаздырып алмақ оймен Сыздықпен сөйлесіп, жазу жобасын жасап берді. «Алғашқы көргенінде осынау ойшыл, келбетті келген сабырлы адамның сахараның ештеңеден тайсалмайтын баскесері атанған, жетпісінші жылдары Түркістандағы алғы шебіміздегілердің үрейін ұшырған, күтпеген кезде және біздің осалдау тұсымыздан тап беріп, басқа қазақ, түрікпен топтарына қарағанда ерен қайсарлықпен өршелене шабуыл жасаған партизан, атақты шабандоз Сыздық екеніне нанғың да келмейді», дейтіні оның сонда. Алайда, Сыздық жазу жағына икемі болмады ма, кім білсін, оны інісі Ахмет төреге тапсырды. Ахмет өз әкесін қоса жазып, ағасының бастаған кешкендерін 1887 жылы қазақша қағазға түсірді. Қолжазбаны Сырдария облысының Санақ комитетінің төрағасы орысшаға аудартып, Смирновтың өзіне өңдетіп жеке кітап етіп бастырып шығарды. Бүгінгі біздің хикаямыздағы деректер де сол кітапша мен Ахметтің өз ұлы Әзімхан Кенесариннің архивінен алынды. Сыздық сұлтан кейін қырғыздарға барып әкесінің атақты сарқасқа ерін таптырып алып, алдыңғы қасын сапасымен тілін жіберіп, білеу-білеу алтындарын алатын жолы жанында еріп жүрген нөкерлерінің ішінде жасы онда қырыққа жетпеген Жамбыл ақынның болғаны белгілі. Сонда Жәкең: Сәлем бердік, Алдияр, Орын бердің қасыңнан. Сен бір қалған көз едің, Кенесары асылдан, - деген екен. Шынында да, Сыздық төре тот шалмас асылдың көзі ғана емес, жарқ еткен жасынның өзі сияқты сан қырлы, терең сырлы, ерекше тұлға болған ғой. Тек осынау бір туар тұлғаның тарихымыздан өз орнын әлі де ала алмай жүргені өкінішті.
Сыздық сұлтанның серіктері немесе белгісіз батырлар
Бар кінәсі кешірілгеннен кейін патша ұлықтарының кеңсесінде жауапты қызмет істеп жүрген інісі Ахмет төренің қасында тып-тыныш тұрып жатқан Сыздық сұлтан аяқ астынан уәләят орталығы – Ташкентке шақырылды. Барса, генерал-губернатор Сыр жағалап Қазалы жаққа жүргелі жатыр екен. Кінәз жер жағдайын жақсы білесіз ғой деген желеумен Сыздықтың өзімен еріп жүруін қалайтынын айтты. Әйткенмен, үлкен ұлықтың іш пікірі белгілі еді. Кешегі әкесі Кенесарының жолын жалғастырып, орыс үкіметіне қарсы жиырма жылға жуық кескілескен күрес жүргізген хан ұлының ақыры патша билігіне бас иіп, оның өкілетті өкіліне еріп жүруінің өзі отаршылдардың кез келгенге айтқаның істетіп, айдауына жүргізетінін паш етіп, жергілікті елге сес көрсетудің бір көрінісі болатын. Оны сұлтан да сезді. Сезе тұра бір жағынан бодандықтың бұғауында бұлқынған халықтың хал-жайын көзбен көріп, аужайын байқайын деген оймен қарсылық білдірген жоқ. Сол сапарында ол тосын оқиғаға тап болды. Мыңбұлақ маңындағы бір бекетте қонып жатыр еді, түнде жалғыз отырған оған: «Ассаламағалейкум!» деп бір еңгезердей ақсақалды орыс кіріп келіп қолын ұсынды. Сосын бір қолына ұстаған табақшадағы екі бөлке ақ нан мен бір тәрелке қантты алдына қойды. Іле шығып кетіп бір стақан шай алып келді. Аң-таң қалған төре ақсақал алдына жайғасқан соң: - Айтшы, сен өзің кімсің? – деп сұрады. - Тақсыр, баяғыда Сарыбұлақтың басындағы құм төбенің үңгіріне қамап кеткен көп солдаттың бірімін ғой. Сіздің келгеніңізді естіп, жүзіңді бір көрейін деп әдейі келдім., -деді егді орыс. Сыздық оның мән-жайын, бұл жақтағы жағдайын сұрай отырып: - Сол ұрыста үңгірге қамалып жатқан сендірдің жаныңа сауға бердім, сыртқа шығыңдар, деп үш рет қағаз жазып жіберіп едім ғой. Шықпай қалғандарыңның себебі не? – деді сол оқиғаны еске алып. - Қағазыңызды көруін көрдік. Біразымыз шығып бағынатынымызды айтайық, иілген басты қылыш кеспес деп емексіп едік. Көпшілік шықсақ та өлеміз, шықпасақ та өлеміз, енді айқасар халжоқ, деп жатып алды. Көптен асып қайда барасың. Әйтеуір, жетінші күні Қазалыдан көмекке келген солдаттар үңгірде ынырсып өлгелі жатқан жерімізден шығарып алды. Өлмегеннің аз-ақ алдында шала жансар жатқандарымызды аузымызға су тамызып әрең тірілтіп алды олар, -деді қарт солдат. - Сонда нешеуің аман қалдыңдар? - Сол үңгірде жатқандардан он сегізіміз ғана тіріліппіз.Қалғандарының бәрі өлген екен. Орысқа он сэр ақша беріп, қоштасқан төре ол кеткен соң бір ауық ойға шомды. Бұл оның Бұқардан шығып, жол-жөнекей қазақтардан екі жүздей жігіт жинап, Арғын Жәуке батырдың інісі Өтетілеуді қасына ертіп Қазалы тұсынан Қармақшыны алып, сол елді көшіргелі келе жатқан беті еді. Қызылдың құмымен бірнеше күн жүріп Мыңбұлақ маңына таянғанда алға жіберген шолғыншы келіп,
Сарыбұлақтың басына ұзын саны екі жүзден астам солдаты бар қарулы жасақ келіп жатқанын хабарлады. Генерал Кауфман Сыздық сұлтанның осылай қарай бет алғанын естіп, бірден тойтарып тастау үшін Қазалыдан арнайы аттандырған жасағы еді бұл. Бұйрат-бұйрат құмдарды тасаланып келіп, қазақ жігіттері астына мінген аттары мен айдап алған малдарын суарып жатқан алпыс орыстың жоқтауын бір-ақ асырып, құм төбенің сыртында бейқам жатқан жасаққа «Абылайлап» ат қойды. Қапелімде аттарынан айырылған солдаттар абдырап, бір төбенің басына шығып атысқа кірісті. Сонда олардың арасынан қолында еш қаруы жоқ бір қазақ «Есет,Есет!» - деп ұрандап шыға келді де, тура Сыздық төренің алдына кеп аттан түсіп, алдиярлап бас иді. -Орыстардың арасында жалғыз неғып жүрсің? –деген сауалға ол: -Затым Жағалбайлы, шаруа жайымен қалаға келген жерімде ықтиярсыз ұстап алды да, орыстар жол көрсетесің деп зорлап ертіп әкетті. Жаңа жігіттеріңіз атойлап ат қойғанда сіз екеніңізді біліп, өлсем қасыңызда жүріп-ақ өлейін деп әдейі келдім, - деп жауап берді. – Тақсыр енді сізге бір қызмет көрсетейін. Маған мылтық беріңіз. - Солдаттардан түскен мылтықтан таңдағаныңды ал, - деп рұқсат берді төре. Жағалбайлы жігіт бір мылтықты таңдап алып, орыстарға қарай тура шауып атқан сайын бір-екеуін түсіріп отырды. Атқаны мүлт кетпейтін мерген екен, сол күні одан жау түсірген жауынгер болған жоқ. Күн батып, қас қарайған соң екі жақ та ұрысты доғарып, орыстар төбенің басында жатып қалды. Сұлтан жігіттері бұлақ басына түнеп шықты. Екі жағы да от жағып түнімен қарауыл қойып, бірін бірі бақылады. Ертеңгісін шолып көрсе орыстар жағы біраз шағындалып қалыпты, сонда да қарауы бекем де берік. Сыздық өз қосынын екі бөліп, біреуін төбенің екінші жағына шығып, орыстарға ту сыртынан ат қоюға жұмсады да, өзі бастаған топты осы беттен шабуылдауға қалдырды. Өлсең де айрылма деп туын ала атты Адай сопыға ұстатты. Атой сап айқасқа тұра ұмтылған жігіттерге дем бергелі төре атын тебінсе орнынан қозғалмайды, бақса бауыздауынан оқ тиген екен. Жан-жағына қараса төңірегінде Өтетілеу батыр мен Адай сопы ғана қалыпты. Аттана берген жағалбайлы жігіт жалма-жан ерден қарғып түсіп, атын қылышын жалаң ұстап жауға қарай жаяу тартқан сұлтанның алдына әкеп тосты. Жолдасы үшін жон арқасын оққа тосып, қоң етін кесіп беруге әзір жігіттің сойы деп сондайда айтса болар. Әттең, есімі есте қалмағаны өкінішті-ақ. Ал Адай сопы төменгі Адай елінен шыққан Баймұқамбет деген жігіт. Астына ала ат мініп жүретін. Соған қарап жұрт оны Ала атты Адай сопы атап кеткен. Сопы дейтіні айтқаны келетін көріпкелдігі де бар. Бірде Қожент төңірегіндегі бір тауда түнеп төмен түскенде сопы: «Тақсыр, шүйінші беріңіз, осы жолы аяқ астынан бір олжаға батамыз» дейді. Шынында да Қожент қаласының төбесі көрінген кезде шаһардан жиырма нарға жүк артып шығып келе жатқан керуен көзге түседі. Жан-жағына күзеткен жиырма-отыздай солдат бар. Тұтқиылдан бас салып төре жігіттері солдаттардың көзін құртып, керуенді түгел қолға түсіреді. Енді қараса араларында Адай сопы жоқ. Бұған не болды деп аңтарылып тұрса, қанжығасында бір орыстың басы бар ол аңыратып келе жатыр. Әлгінде сытылып шығып кері қалаға қарай қашқан бір солдатты қуып бара
жатқанын біреулер көрген екен. Ақыры қуып жетіп, басын кесіп алып қайтыпты. Жүрек жұтқан сайыпқыран деп соны айт! Сол олжасымен олар жолсыз жонмен жүріп бір бұзылған ескі қорғанға келмей ме. Сол қорғаннан бір топ солдат шығып тұра шабады. Сұлтан бес-алты жігітке олжа аттар мен түйелерді айдатып ілгері жіберіп, қалған сарбаздарымен орыстарды күтіп алып, құмардан шыққанша қылыштасып ұрыс салады. Біраз шайқасқан соң орыс солдаттары тегеурінге шыдай алмай қашып барып батпақты бір шалшық суға тығылды. Түп ізіне түскен қазақ жігіттері қамыс арасына тығылып жатқан жерінен тауып алып көп орысты өлтіреді. Тарақты Есенгелді батыр мен Сыздық төре соңынан жігіттерін түгендесе арғын Бекқали деген бір ер азамат оққа ұшқан екен. Атақты арғын Жәуке батырдың інісі Өтетілеу отаршылдарға қарсы күресте көп қайрат көрсеткен ержүрек азамат болатын. Қоян-қолтық айқаста қаншама дұшпанды жер қаптырып, жанын жаһаннамға жіберді. Тұтқынға түскеннің өзінде бірнеше орысты өлтіріп қашып шықты. Опасыз Бұқар әмірі Сыздық сұлтанмен жауласқанда қатын-баласын қолға түсіріп бендехана қамап, жігіттерін таратып, жалғыз Өтетілеуді ғана Кауфманға беріп жіберді ғой. Орысқа тізесі көп батқан батырдың кінәсін кешіре алмай генерал оны атқызып жіберді. Жәуке батырдың жасы бұл кезде алпыстан асып қалған-ды. Алпыстан асса да жерін жаттан қорғап, елін бостан ету үшін түн қатып, түс қашып әлі де аттан түспей келеді. Кәрі тарлан жағаласа кетсе, талай дұшпанды қазірдің өзінде жер жастандырады. Жеме-жемге келгенде алдында ажал тілін сумаңдатып өрт тұрса да, от тұрса да ай-түйге қарамай беріп кетеді. Оны Кәттақорған түбінде Кауфман қолымен айқаста өз көзімен көрген. Генералға төтеп бере алмай Әмір әскері тегіс қашып, артынан түре қуған орыс солдаттары мұсылмандарды қырып жатқанда Сыздық сұлтан жүз шақты сарбазымен бір бүйірден тиісіп, ту сыртынан ұрып патша жасағын көп шығынғы ұшыратады. Төреден қашып құтылған солдаттар алдыңғы жасақтарға хабар беріп, кері оралған жүз қаралы қазақ-орыс аттан түсіп Сыздықтың жолына кесе-көлденең тұра қалып оқ жаудырады. Алдында елу қадамдай жерден бір бастық оларға бұйрық беріп тұрады. Соны көрген Жәуке батыр топтан суырылып шығып, атына қамшы басып жалғыз тұрған орысқа ұмтылады. Қапелімде сасып қалған орыс төресі, батырдың мысы басты ма, мылтық та атпай, бұйрық та бермей қалшиып қарсы қарап тұра береді. Жәукені нысанаға алып сығалап тұрған солдаттар ол жақындағанда барып бірден оқ атады. Бірақ жауған оқтан жасқанбаған батыр ағызып шауып келген бойда орыстың төресін найзамен шаншып түсіреді. Сосын аттан түсіп, оның беліндегі оқшантайын шешіп алып, мылтығын иығына асып ерге қайта қонады да, төренің сәйгүлігін жетелеп дін-аман, есен-сау қайтып келеді. Көзсіз батырлық деген осы. Басшысынан айырылған соң солдаттар серкесі өлген қойдай топырлап бей-берекет мылтық атып, топ-тобымен кейін қашады. Қарт батырдың сол ерлігі Сыздық сұлтанның есінен ешқашан кетпек емес. Ондай өрт қимыл, ерен өжеттік болмағанда бұның өзі тұтқиыл торға түсіп, тұтқынға алынары сөзсіз еді.
Ойлап отырсақ, Сыздық сұлтан серік іздеп сарсылмаған да екен. Батылдығы мен батырлығы емес, төңірегіндегілерге деген мейірімі мен пейілін көргендердің бәрі онымен жақын танысып табысуға, жұғысуға тырысады. Тіпті ерден ердің несі артық деп, кеудесіне нан пісіп жүргендердің өзі бір көргеннен-ақ айдың айналасындағы жұлдыздай айналшықтап, оның сеніміне еніп, серік болуға жанын салады. Мәселен, Назар батырмен таныстық тұп-тура осылай болды. генерал Кауфманның қарулы қолы Самарқанды басып алуға аттанғанын естіп Сыздық сұлтан қазақ арасынан мың жігіт жинап алып, отаршылдардың жолын кесуге аттанды. Жол-жөнекей аялдаған ауылдар «қазір халыққа Кауфманнан гөрі Назар гәлчаның (тау тәжігі) қиянаты батып тұр» деп зар илейді. Бақса, тау ішінде тұратын әлгі баскесер төңірегіне өзі сияқты содырлады топтастырып, өткенкеткенді тонап, маңайдағы ауылдардың мал-мүлкін талап, елдің үрейін әбден ұшырыпты. Өзі адам аяғы баспайтын биік таудың басынан қорған соғып алыпты. Осы түскен ауылдың да жүз түйесін айдап әкетіпті. Талайлардың жылқысын үйірүйірмен айдап алып жойып жіберген. Тоқты-торым дегенің оларға тіпті сөз емес. Өзі бұқар әміріне де, орыс патшасына да мойынсұнбайды, өзінше сай өрлеп, сойқан сап, сайран құрып жүрген бір жан көрінеді. Осыны естіген соң сұлтан Назарға адам жіберіп, елден талап алған малмүлкін қайтаруды талап етті. Барған адамдарын Назар батыр: «Мен де ешкімнен кеммін деп жүрген жігіт емеспін, өзіме өзім патшамын. Бұқар әмірі тұрсын, одан зорларға да бағынбаймын және алғанымды қайтармаймын да. Қолынан келсе Сыздық сұлтан мынау тас қамалды басыма құлатсын» деп қайтарады. Мұндай қияс, қырыс жауапты күтпеген сұлтан жасағымен тауға тура Назардың өзіне аттанады. Нұрек тауының құзар шыңына салынған қамал шынында да тым берік екен. Екі жағынан баратын жар қабақты соқпақпен екі атты кісі қатар жүре алмайтын жолы да тым қиын. Сыздық сарбаздарын таудың етегіне тастап, арасынан ең жаужүрек сегіз жүз жігітті іріктеп алып, екі топқа бөліп, бірін өзі басқарып, екіншісін Жәуке батырға бастатты. Екі топ қамалға барып тірелер соқпақпен жоғары тартты. Олар жаяу өрмелеп қамалға таяп қалған тұста Назар батыр алдарынан адам шығарып, сарбаздар қазір қамалға тиіспей кері қостарына қайтса, соғыспай өзі шығып баратынын айтты. Төре келісіп кейін шегінді. Назар да уәдесінде тұрып, жігіттерімен қамалдан шығып, кешке дейін елден алған мал-мүлкін қайтарып, жетпегенінің ақшасын төледі. Келесі күні ол әлеңкедей жаланған бес жүз жігітімен келіп Сыздық сұлтанға қосылып, Самарқанға қарай бірге аттанды. Содан бастап Назар батыр мен Сыздық сұлтанның жұбы жазылған жоқ. Төре қашан сарбаздарын таратып, ауыл-ауылға жіберіп өзі соқа қара басы Түркімен еліне кеткенше олар тізе қосып, білек біріктіріп ұдайы бірге жүрді. Назар батыр озбыр орыс отаршылдарына қарсы күресте де, опасыз Әмір әскерлеріне қарсы шайқаста да алмас жүзді алдаспандай жарқылдап көзге ерекше түсіп жүрді. Ол қиуадан жол тауып, қиындықтан тез құтылып кетуге де шебер сұңғыла сардар еді. Әсіресе, ел ішінен әп-сәтте жігіт жинап ала қоятыны, ұрыста
ұрымтал тұстан беріп кетіп, дұшпанды үріккен қойдай дүркіретіп тұрымтай тұсына ыдыратып жіберетіні-ақ керемет. Қазақ жерін қарсылықсыз жаулап аламыз да қапысыз табанға саламыз деп тарысыңдай келіп, сайын даланың пендесі боп өзі қазақыланып кеткен қарт солдатпен әңгімесінен кейін Сыздық сұлтанның көз алдына жорық жолдары елестеп, жора-жолдастары осылайша есіне түсті. Сайып келгенде, оның үзеңгілес серіктерден, қарулас достардан салымы жаман емес сияқты. Алғаш Қанағатшаһтың айтуымен Ұзынағаштағы орыс жасағына төтеннен шабуыл жасап тұрғанда, солдаттардың зеңбірек атуына мұршасын келтірмей тарпа бас салып, мылтықтырын тартып алып, елді мекеннен қасқыр тиген қойдай дүркіретін қуып шыққанда қасында ағасы Тайшық пен інісі Ахмет төрелер бар еді. Екеуі де әскери өнерді жете меңгерген ержүрек, өжет азаматтар болатын кейін Тайшық қоқанның әлім Бектібай, қаңлы Айдарбек, қоңырат Телқожа батырлар тәрізді үш әскер басының ортасына түсіп, үшеуі бірдей тап бергенде Тайшық Жалаңтөс батырдың ұрпағы Бектембайды түйрегенде найзасы аузынан кіріп, желкесінен шығады. Оны осылай жайратып, Айдарбекке ұмтылғанда бүйірден шүйілген Телқожа батырдың найзасы Тайшықтың сол жақ иығына тиіп, аттан аударып түсірмегенмен, ерен күшпен ерді ат сауырына дейін ысырап тастайды. Бұл қатерден аман құтылғанмен найза сынып, сүңгісі төренің денесінде қалды. Ақыры, сол жарадан ушығып хан баласы опат болды. Ал Алматы бекінісіне шабуыл жасап, бес орысты тұтқындайтын сапарында Сыздықтың жанында Ұлы жүздің атақты батырлары Сұраншы мен Байсейіт болды. Сұраншының Жетісу жерін қоқан басқыншыларынан азат ету жолындағы ерлігі мен ерен еңбегінің айтары жоқ, Байсейіт болса, Хан Кененің қандыкөйлек серіктерінің бірі – Тойшыбек батырдың баласы. Қоқандықтар мен қырғыздарға қарсы күресте бұлтақтамай табандылық танытып көзге түскен жас түлек батырлардың бірі. Кенесары да оны еркелетіп, еркін ұстаған сыңайлы. Хан алдына еркін кіріп, әңгімелесе береді екен ол. Сонысын ерсі көрген әкесі: -Балам, - баса-көктеп хан ордасына жиі кіруді қойсаңшы. Ханның мазасын аласың ғой, - деп ескерту жасаса: -Е, мен Кен-ағама хан деп барамын ба! Батырмен батырша ақылдасу үшін кіремін де ордаға, - жеп жауап қайтарыпты. Сол Байсейіт әкесі опат болғанда он жасқа да толмай қалған Сыздық төреге тұңғыш жорық жолында жетекші болып, алғашқы адымының сәтті басталуына септігін тигізді. Шаяндағы мешіттің ишаны қосым қожаның баласы Құрбанхан мағзұм да жолдастыққа адал, жаужүрек жігіт еді. Созақтың хакімі болып тұрған Сыздық Түркістанды орыс әскерлері қоршап жатқанын естіп, жанындағы бір топ жігіттеріне Құрбанханды қосып алып қалаға түнделетіп жетсе, ондағы қоқандықтар ара-тұра зеңбірек атып жасқағаны болмаса, бір жұма бойы қамап жатқан дұшпанға түк қайрат көрсетпепті. Ерегесіп егескен жау енді қамал дуалының іргесін қазып жарғалы жатыр екен. Сұлтан қасына Құрбанханмен және бірнеше жігітті ертіп, қақпадан жасырынып шығып іргені қазып жатқан солдаттарды қақ желкеден соғып, көбін қырып, қару-жарағын, құрал-сайманын тартып алады. Келесі күні айнала окоп қазып шабуылға әзірленіп жатқан орыс
әскерлеріне лап қойғалы қақпадан шығып тұра шапса, бір жансыздары арқылы құлақтанып қалған солдаттар оқ жаудырып қоя береді. Сонда да алған бетінен қайтпаған қазақ жігіттері аттарын ордан қарғытып өтіп, орыстармен қоян-қолтық араласып аянбай қылыштасады. Құрбанхан мағзұмның бір өзі ғана оншақты солдаттың басын қағып түсіреді. Алайда, қайран сабаз өзі де оққа ұшып мерт болады. Шымкентті Черняев жасағынан қорғауды арыстандай алысып шейіт болған Мыңбай батыр да осындай айбатына қайратты сай қаһарманның бірі еді. Орыс отаршылдарының озбырлығына көне алмай, Бұқар әмірінің Хиуа мен Үргеніш хандарының опасыздығына төзе алмай Сыздық сұлтанның түрікпендерге өтіп, одан Ауған асып, әрі қарай Қарқария тартуға бел буған кезі еді. Бірақ қалай қарай бет алса да, Бұқар жерін баспай өте алмайды. Сондықтан сұлтан мәмілеге келейік деп қыруар тарту-таралғымен үлкен ұлы Сопыбекті бас қып елші жіберсе, әмір оларды тұтқынға алып, Сыздықтың өзін ұстап әкелу үшін әскер шығарады. Әмір қосыны сұлтан жігіттерін дарияның жағасында отырғанда келіп қоршап алады. Сонда сыздықтың алдына соңынан ерген қырық жігітінің басы әрі ақылшысы Жәуке батыр келіп: -Мына сарттарды қырып салайық. Қарасы көп көрінгенмен бізге қарсы тұра алмайды, - дейді ақыл салып. -Бұл қосынды қырғанмен артта орыс, алды әмір қолы тағы тұр, бір жағында – дария, бір жағында – шағыл құм, қайда барып бас сауғалайсың. Соғыс соғыс туғызады, қан қан шақырады, -дейді сұлтан. – Одан да бәріне рұқсат берейін. Елжұрттарыңызға қайтыңыздар. Нартәуекел, басқа салғанда бір өзім жалғыз-ақ көрейін. Алайда Жорабек батыр бастаған Жолдыбай, Мұхамбет, Райымқұл, Ырсымбет сынды ержүрек жігіттер: «Сізден қалмаймыз, қайда барсаңыз, сонда барамыз, шықсақ төріміз, өлсек көріміз бір болсын», деп кісі басына екі аттан алып, азық-түлігін мол ғып әзірлеп бірге жүрген еді. Таң намазынан кейін күн шашырай шыққан тұста сұлтан Әмір қосынының шетіне келіп: -Міне, іздеген Сыздық төрелерің мен боламын, қатын-баламды, үйжайымды қалдырып кетіп барамын, - деп айқай салды. – Ұстаймын десеңдер, келіңдер, келіңдер, ұрыспай беріспеймін, қырғын салмай тоқтамаймын. Сыздық сұлтанның қарадай атына қорқатын сарттар қақ жарылып ортасынан оны өткізіп жібереді. Сондағы соңына ерген бес жігіт оны түркімен Мұхамеднияз батырға табыстап ауылдарына оралады. Шіркін, жолдасы үшін кеудесін оққа төсеп, қанын қиып, жанын беруге әзір қара қазақтың сол сайыпқырын жігіттерін айтсаңшы! Өзі өз болғалы Сыздық төре бар жақсылықты қарапайым халықтан, олардың арасынан суырылып шыққан жаужүрек жігіттер мен көзсіз батырлардан көріп келеді. Ал хан-төре, әмірлер оны тек қиынға салып, қиуасызға жұмсап, ақалын сауып, еңбегі мен ерлігін ғана пайдаланды да, реті келгенде сатып жүре берді. Баяғыда Қанағатшаһ пәрменші бұны генерал Колпаковскийдің мұздай қаруланған қолына қарсы сап, өзі бар әскерімен қашып кетті. Хиуа ханы болса, фон Кауфманның жасанған қолына айдап салып, өзі женұшынан жалғасып орыстармен келісім жасады. Кезінде қызметі көп сіңген
Бұқар әмірі қанқұйлы қас боп шығып, басқан ізін аңдып, көзін құртып жібере жаздады. Ел билеушілерден тек аз уақыт Қоқан хандығын басқарған қыпшақ Әлімқұл молда мен Қашқар билеушісі Жақыпбек сарт қана оның адалдығы мен азаматтығын әділ бағалап, біреуі өлерінде өсиет етіп хандығын тапсырып кетті де, екіншісі өкіл балам деп жариялап, ұлының он екіде бір гүлі ашылмай жастай қалған жесірі, қытай қызы Меруертке үйлендіріп, тағының мирасқоры етпегенмен, әскери ақылшысы қылып, өз жанында ұстады. Жалпы, Сыздық төре төрт әйел алған кісі, олардан өрбіген ұрпақтар бірі жастай өліп, бірі жорықта опат болып, осы қытай қызынан туған Сәли ғана артында қалды. Сол қарапайым халық, қалың қазақ жұрты Сыздық сұлтанды басына көтеріп, ерлігі мен өрлігін, жүректілігі мен жігер-күшін, айбаты мен қайратын, тапқырлығы мен табандылығын жыр-дастанға, аңыз-әңгімеге айналдырды. Сондай аңыздардың бірін халық ақыны Омар Шипиннің аузынан естіген Сырағаң, өзіміздің Сырбай Мәуленов айтушы еді: «Ол кезде ондар шамасындағы ойын баласымын» - деп бастайды екен қарт жырау. -Ауылымыз Ұлытаумен шектес Қарғалы өзенінің Шағырлы деген өткелінде отырған-ды. Сол жылы өзен қатты тасыды. «Өзен тасыса көңіл тасиды, өзен тасымаса көңіл жасиды.» деген қанатты сөз бар ғой халықта. Өзенінің жайылмасына шиендеп көкшалғын қалың өсті. Оның үстіне жаңбыр да жебей жауып, ойды-қырды құлпыртып жіберді. Шаруасы,бар тірлігі көк пен жерге байланысты ел көңілі көтеріліп бір жасап қалды. Сондай күндердің бірінде ауылға Кенесары ханның баласы – Сыздық сұлтан келеді екен деп жұрт қоңақ күтуге әзірлік жасап әбігерге түсті де қалды. Ақ жұмыртқадай шаңқан үйлер тізіліп, төренің өзі түсетін лн екі қанат орда тігілді. Түске таяу қасында төрт-бес жолдасы бар Сыздық та келді. Орта бойлы, жұқалтаң қағылез кісі екен. Жасы елудің ен ішінде. Қаумалаған халық оны қолтықтап аттан түсіріп ордаға кіргізіп төрге отырғызды. Бойы үйренген соң алқақотан қоршаған жұрт одан әрнені сұрай бастады. -Жаныңызды он жолдасыңыз бар, жол жүріп келе жатып бір таудың баурайында қой бағып жүрген бір дәуге жолығыпсыз ғой. Дәу сіздерді үңгірте кіргізіп аузын түйедей таспен бастыра салыпты. Үңгір іші зындандай қараңғы екен. Сіз кіріп келе жатып төбеден жылтыраған бір саңлауды байқап қалыпсыз. Кешкісін дәу келіп жігіттердің арқасынан басып-басып жүріп қоңды біреуін таңдап алып, сирағынан ұстап тасқа соғып өлтіріп, отқа қақтап, етін бұтарлап жеп әбден тойған соң ұйықтап кетіпті. Түннің бір уағында сіз ұйқыдағы дәуді қылышпен шауып өлтіріп, қалған жолдастарыңызды күндізгі көрген саңлаудан шығарып қашып құтылыпсыз. Сол рас па? – деп сұрайды. Сыздық төре қатты тебіреніп, толқып ұзақ үнсіз отыралы да әлден уақытта: -Қайран елім-ай, озбылардың оғынан, опасыздардың жаласынан өзімді қайда қоярға білмей басымды тауға да, тасқа да ұрып жүргенде мені дәумен алысты деп атымды дардай етіп даңқымды аспанға көтеріп жүргенін қарасайшы!... – деп көзіне жас алды.
Қарт ақынның осы естелігінен-ақ Сыздық сұлтанның атақ-даңқы көзі тірісінде-ақ шартарапқа жайылып, ерлік істері ертегі-аңыз боп айтылғаны айқын көрінбей ме?! Бірақ бертінге дейін оның абзал есімі ел жадынан қасақана өшіріліп, орыс деректерінде оның аты біресе Садық, біресе Сыдық болып, азаттық жолындағы ерлік күресі теріс бағаланып, тек көлеңкелі жағынан ғана көрсетіліп келді. Соның салдарынан оның үзеңгілес серіктері, сайыпқыран батырлардың бәрі бірдей атаусыз қалды. Солардың үрім-бұтақ ұрпақтары болса, аталарының қаһармандық ісін еске алып, мақтан тұтсын деген оймен тарихтың осы бір тылсым парағын ақтардық.
Батыр және Жырау
(Сыздық сұлтан-ұлы Жамбылдың досы)
Құйма құлақ қартың болса, жазып қойған хат та, ал ол жүз жасаған ақын болса, ағыл-тегіл тарих емес пе. Екі бірдей аумалы-төкпелі ғасырдың көзі тірі куәсі болған жыр алыбы Жамбыл тұтасып жатқан ел тарихының шын мәніндегі таусылмас шежіресі болған ғой. Бір ғажабы ол екі ғасырдың да елеулі –елеулі деген ұлылы-кішілі оқиғаларына атсалысып қана қоймай, оларды ой елегінен өткізіп, тиісті бағасын да беріп отырған. Кенесары-Наурызбай бастаған халық көтерілісінен кеш туғанымен, оған тікелей қатысқан қаһармандардың талайымен дәмдес-тұздас болған ақынның қозғалысқа деген дербес көзқарасы болғанға ұқсайды. Қырғыз елімен қаншылықты көрші-қолаң болып қоян-қолтық өмір сүргеніне қарамастан, көтерілісшілердің танау қусырылып тығырыққа тірелген тұста оларға тізе батырғанын онша айыптамайды. Тегінде ортақ жауға бас құрап, білек біріктіріп бірге қарсы шығуға уіде байлай тұрып ізінше айнып кеткен ағайындарды ақтауға ақындық ары жібермеген сияқты. Осы пікірді Жамбылдың қаһарман әкелерінің қасиетті күрес жолын одан әрі жалғастырып, табаны күректей он жеті жылдан астам арпалысып Қоқанның да, Қытайдың да, орыс әкімшілігінің өктемдігіне қарсы қайыспай қарсы тұрған Сыздық төремен қимас, сыйлас дос болуы дәлелдей түседі. Атын естіген жан алдын көргенде «алдиярлап» тағзым ететін, сайып қыран сардар Сыздық, сұлтан дос таңдауда талғамсыз болмасқа керек. Туған елінің тәуелсіздігі үшін жан аямай отаршылдармен жиырма жылдай жұлқысқан жаужүрек батыр қоқандықтардың опасыздығын, қытайлықтардың зымияндығын, орыстардың өктемдігін қара бақайына дейін түйсініп тұла бойы түршігіп, қисапсыз қырғын-сүргіннен, жойқын қанды жорықтардын, саяз достардың сатқындығы мен аяр дұшпанның айуандығынан әбден қажып, алты басты аждаһадай орыс патшалығына әлі келмейтіндігіне көзі жетіп, оған қолына қайтып қару ұстамасқа уәде етіп, мәмілеге келіп тыныш өмір сүре бастаған жылдары, қапияда қаза болған әке әруағын тебірентіп, мүрдесіне тәуеп етіп қайтқалы қырғыз-қазақтан таңдап жанына ерткен он жеті ақын-жыршысының бірі Жамбыл
болуы тіпті де тегін емес. Жасы онда қырықтың қырқасына шақпағанымен Жәкеңнің ақындық даңқы дәуірлеп, қандай шаршы топқа да басалқа айтуға әбден жарап қалғанын аңғартпай ма бұл. Атақ-даңқына ертеден қанық еңіреген ерге аңқылдаған ақын да бірден құлай кетіп: Сәлем бердік, алдияр, Орын бердің қасыңнан. Сен бір қалған көз едің Кенесары асылдан, -деп дос құшағын жаяды. Жасы елуден енді асқан, орта бойлы, аса ширақ адам екен Сыздық. Шоқша қара сақалына қылау кіре бастаған бидай өнді бәденді сұлтанның әсіресе көзі әдемі, жанарлы-ақ. Келісті кескінкелбетіне, сыптығыр сымбатты дене бітміне, нәп-нәзік саусақтарына қарап, бақайшағына дейін қаруланған патша әскерлерін орны толмас шығынға ұшыратып бір айдай Шымкентте шендестірмей, екі айдай Ташкентке тісін батыртпай, Түркістан түбінде қазақ жауынгерлердін жүздеп жайпап, үрейін ұшыраған, қорқу-үрку дегенді білмейтін көзсіз батыр деп ешкім ойламайтындай. Ал енді осынау ойлы, сабырлы адам сөйлеп кеткенде есіліп, көсіліп, көзі от шашып, жүзі бал-бұл жанып мүлдем танымастай өзгеріп кететіні дүйім жұртты таңқалдырды.
Сыздық атың жайылды
Бұл өңірге жасыңнан.
Айбатыңды көргенде
Дұшпандарың бас ұрған.
Даңқыңды естіп жүруші ем
Шартарапқа шашылған.
Ақ жүзінді көрген соң,
Енді мауқым басылған, -
деп Жәкең батыр ағасына дән риза болады.
Қырғыз ағайындар бас манабы Орманның үйіне түсіріп, арнайы үй тігіп, мал сойып, қол қусырып қонақ етіп құрметпен қарсы алса да, алғаш әкесінің кегін жоқтап жүрмес пе екен деп Сыздықтан қатты сескенеді. Алайда сөйлесе келе сұлтан жұрттың жүрегіне жол туып жылы рай туғызады.
-Мен сендермен шабысқалы келгенім жоқ, табысқалы келдім. Сен де қандас, жандас туысымсың. Жан ашуы үстінде әкемді өлтірдің деп кінә қояр жайым жоқ. Жалғыз –ақ тілегім: әкемнің сүйегін бер – аталарыма қосайын, алтын жүзігін бер – қолыма салайын, сарқасқа ерін бер – астыма басайын. Бар бұйымтайым осы, - дейді.
Қырғыз қандастар хан Кененің алтын жүзігі мен сарқасқа ерін табанда тауып, әкеп береді. Бірақ сүйегін тауып бере алмайды. Хан «Он бір жыра» деген жерге жерленген екен. Қабірін білетін кісі өліп қалыпты. Басқа тап басып білетін адам болмай шықты.
-Қап, болмас! – деп Сыздық сарқасқа ерді аударыстырып отырады да,алдыңғы қасын қанжармен қақ айырып, ішінен жіліншік-жіліншік алтын алады
да: -Әкемді өлтіріп қанын ішуді білгенмен, алтынын алуды білмеген екенсіңдер. Уақысы жоқ, бұл да болса бұйырған нәсіп қой! –деп қалтасына салады.
Арнап келіп алғаның
Алтын-жүзік, сарқасқа ер.
Атаңыздың аруағын
Сыйлайды екен бір тайпа ел.
Екеуінің қалғаны –
«Он бір жыра» деген жер.
Оны да айтты ағайын,
Іштен шықты қайғы-шер.
Атаның не арманы
Іздеп келіп артынан
Бата қылса сіздей ер, -
деп қылыш мінез қылшылдаған Жамбыл осы оқиғаны табан аузында жыр
жолдарына айналдырады. Онда:
Ауылға жүр, қонақ бол,
Атан алып, ат мініп.
Аттанарсың Сыдеке,
Ата жолы деген сол, -дейтін де жолдар бар.
Ақынның қонаққа шақырғанын құп алып Сыздық сұлтанның Жамбыл ауылына келгені беймәлім. Ал сол жылы оған арнап шығарған осы өлеңнің бертін әдеби хатшысы Ғали Ормановқа өз аузымен айтып түсініктемесін жазғызғаны анық. Бұл өлең ақынның көзі тірісінде әзірленіп, 1946-жылы жарық көрген толық жинағында басылғанды. (Жамбыл Жабаев. Алматы, 1946).
Жалпы Жамбыл Сыздықпен кездесіп бірге жүрген күндерін аузынан тастамай жырдай ғып айтады екен. Сол кездесуден кейін Сыздық батыр жайында ертегі үлгісіндегі үлкен дастан шығарған. Онда батырдың жалғыз көзді Дәуге жолығып қап үңгірге қамалғаны, одан қалай аман құтылғаны әсем де әсерлі жырланатын көрінеді. Кезінде оны өзі қызық етіп айтады екен. Бірақ қағазға түспей бертін ұмыт болған. Іздеушісі келіссе, ол дастанды есте сақтаған кісілер әлі де табылып қалуы ғажап емес.
Ұлы жыршыны осынша баурап, шабытына тамыздық тастаған сұлтан Сыздықтың тегін адам емес екені белгілі болар. Ол қазақтың ең соңғы ханы кәдімгі Кенесарының бел баласы. Хан Кене опат болғанда артында сегіз ұл қалады. Бәйбішесі Күнімжаннан –Жапар, тайшық, Ахмет; ал тоқалы Жаңылдан – Омар, Осап, Әбубәкір, Сыздық және Жекей. Осы сегізінің ішінде қаражаяуы жоқ, шетінен сен тұр, мен атайын жүрек жұтқан көкжалдар. Сонда да әкесінің он жасында қалғанымен әке жолын айнымай жалғастырып, жиырма жылдай ат үстінен түспей отаршылдармен арыстандай алысқан Сыздықтың орны өз алдына бір төбе. Ол жайында архив метериалдарын тірнектеп жинап, біртіндеп аударып қазақ оқырмандарына жеткізуге жан салып жүрген қарт қаламгер Ғалым Ахмедовтың: «Сыздық сұлтан өз елдерінің азаттыға үшін күрескен ӘлЖазаирдың /Алжир/ Әбілқадыры, Мағриптың Әбділкәрімі, кавказдықтардың шейх Шамилі сынды бар өмірін ел үшін жұмсаған, халқының ана сүтін ақтаған
нағыз қаһарман адам», -деуі қадірлі ақсақалымыздың аузынан айтылған әділ де ортақ баға.
Әкесінің әскери айла-әдістерін түгел еншілеп, оны тың тәсілдермен байытып, тұтқиылдан шабуыл жасап талай сын сағаттарда жеңіп шығып жүрген жауынгер қолбасшының ерен ерліктері туралы інісі Ахмет төренің «Кенесары және Сыздық сұлтандар» деген кітабында бірқыдыру тәуір айтылған. Сол кітапты өткен ғасырдың аяғына таман Сырдария облыстық санақ комитетінің төрағасы, генерал-майор Н.И.Гродековтың тапсыруымен комитет мүшесі Е.Т.Смирнов орысшаға аудартып жарыққа шығартады. Оған жазған алғы сөзінде ол: «Сөз жоқ, бұл құдай ерекше зерде берген дарынды, жаны жас, қарапайым халыққа айтайын деген ойын да, сөзін де еркін жеткізе білетін шешен, қайратты тасыған қажырлы адам. бұқар,Хиуа, Қашқар хандарына соғыс, саясат жөнінен оның қандай абзал ақылшы, үлкен ұлық болғанына, бетімен жайылған жартылай тағы қыр шабандоздарының басын біріктіріп, қалайша уысында ұстағанына, Түркістан шебіндегі жаяу әскерлеріміздің қардай боратқан оғына сол аламан топты қасқая қарсы шапқызғанына, солармен Қызылқұмның сілейіп жатқан өлі шөлінің бір шетінен талмастан талай жортып аңдаусыз отырған жауына тайсалмай тап беріп жүргеніне, дұшпаны оны не үшін «сахара бас кесері» атағынына өзімен жүздескенде көз жеткізесің» , -деп жазды. /Ахмет Сұлтан Кенесарыұлы. Кенесары және Сыздық сұлтандар. Алматы. Жалын. 1992/. Осының өзі-ақ досы тұрсын, дұшпаны да мойындап, оған ден қойғанын аңғартса керек.
Бір ғажабы оның оққағар қасиеті. Не тылсымы барын кім білсін, ол әмәнда жауған оқтың ортасынан аман шығады. Оған бірер мысал мынау. 1864 жылы Қоқан ханының перменімен Созақтың хакімі боп тағайындалған Сыздықты хан тағына отырған қыпшақ Әлімқұл молда пансат атаған қайтарып беріп, Шымкентке келе жатқан Черняев жасағына қарсы шабуылға өзімен бірге ала шығады. Генералдың әскеріне қосылғалы Түркістаннан Шымкентке қарай тағы бір жасақ жол тартады. Әлімқұл ол жасақты Черняев келіп жеткенше құртып жібермек болады. Орыстар жағы соны сезіп қап, зеңбіректерін оқтап, мылтықтарын сайлап әзір отырады. Бірақ аттан түсіп жаяу шабуылға шыққан қазақтар жақындағанша оқ атпайды. Ту ұстаған Сыздық сұлтан өзі бастап жүз қадам жереге келгенде орыстар оқты жаудырады-ай келіп. Бірін бірі тасалап келе жатқан жігіттердің алғы легі жаппай құлап, кейінгілері жабысып жата қалады. Тек Сыздық сұлтан ғана ту ұстаған қалпы бір орнынан қозғалмай жауынан жүз қадам жерде бір сағаттай тік тұрады. Солдаттар оны өршелене атқанда тудың шүберегі шұрық-шұрық тесіліп, сау жері қалмайды. Бірақ сұлтанға оқ дарымай дін аман шығады. Әлімқұл оны адам жіберіп шақыртып алады. Келесі күні ол алпыс адаммен генерал Черняевтың екі жасағына тұтқиылдан ат қойып, қылышсойылмен соғысып-ақ, қыруар шығынға ұшыратады. Енді бірде әкесі Кенесарының әдісімен жауына шөп буып, домалатып барып, аңдаусызда тиеді. Сөйтіп есауыл Серовтың екі жүз адамын түгелге жуық қырып салады.
Орыс деректтерінде Садық, Сыдық болып жүретін Орта Азияда патша үкіметіне, хандарға, қытайларға қарсы батыр, ақылды сардар осы Сыздық. Өткен ғасырда ол туралы орыс тілінде түрлі мақалалар көп жазылып қоймай, Карузин
деген жазушының романы да шыққан. Өзіміздің амангелді Иманов тоқсаныншы жылдары онымен жолығып, батасын алыпты деген де сөз бар.
Осындай біртуар бірегей тұлғамен «Сен бір қалған көз едің, Кенесары асылдан» деп дос, жолдас болуы Жамбылдың өміріндігі ақын абыройын асырып, атағын аспандата түсер арайлы сәттер екенінде дау жоқ.
Иә, «Кенесары асылдан» дегеннен шығады. Осы бір ауыз сөзбен-ақ кемел ойлы ақын халық көтерілісінің көсеміне өз бағасын берген жоқ па еді. Осы көзқарасынан Жәкең тірі күнінде ешқашан танбаған тәрізді. Ал Жәкеңнің 1982 жылы жарық көрген екі томдығындағы:
Кенесары, Наурызбай
Алатауға оқ атқан,
Өз хандығын қорғаған.
Заманында Кенені
Қырғыз-қазақ қарғаған.
Қарғаған соң қалың ел. Бастарын өзі жалмаған, - деген жолдарға жөн болсын?! Біз бала күнімізде оқып, жадымызға тоқыған, «Клим батыр» жырында Хазіреті Ғали да, Ескендір Зұлқарнайын да, Рүстем мен Манас та Климнің деңгейіне жете алмағанын жырлай келіп:
Кенесары – Наурызбай.
Жауына қарсы оқ атқан,
Оғын қардай боратқан
Олар да бұндай болмаған, - деуші еді ғой. Сонда Жәкеңнің көзі таюын тыпырши күтіп, жоғарыдағы жолдарды қай пысық қоса қойды екен, ә? Әлде оны партияның Кенесары бастаған ұлтазаттық қозғалысы туралы сыңарезу саясат ұстанып, кейін қаһарлы қаулы қабылданатынын күні бұрын көре білген кемеңгер етіп көрсеткісі келген біреу ме? Сондай себептермен оның «Менің өмірім» дастанындағы:
Түнерген ел қабағы жабық жатыр,
Бірі тоқ, мыңнан өзегі талып жатыр,
Ел басқару қарынның қамы ма еді,
Ит те, құс та тамағын тауып жатыр.
Асқақтаған адамда тоба болмас,
Ел қорғаған адамда мола болмас,
Елден туып ер болсаң елге қара,
Шірік қурай ауылға қора болмас, -
деген шумақтардың арасына бәз-біреулер:
Қазақтың ханға құмар Кене ханы,
Кеше ғана басылған шыққан шаңы,
Хан болмады қан ішкен қасқыр болды,
Белгісі жоқ көмілген мола мәні, - деген төрт жолды сыналап тығып жіберген. Кәдімгі қазіргі әсіресе сәнқой жастардың бүп-бүтін джинсиіне жапсыра салған жамауы сияқты. Бұндай жымысқы жолмен Жәкең жырларын толықтырамын десек, ата ақынды
асқақтатудың орнына аласартып алуымыз кәдік-ау. Алмас жүзіндей алғыр ақын айтқанынан қайтпасқа керек. Бір мақтаған адамын қайта даттауы ақылға қонбайды. Сондықтан оның Сыздық сұлтан сияқты Кенесары туралы пікірі де тұрақты болғаны сөзсіз. Олай болса ұлы ақынның жыр жинақтарын қайта құрастырғанда әлгіндей жамап-жасқап жаңсақ пікір тықпалаудан аулақ болған абзал. Асылы, Жәкеңнің көзі тірі кезінде өзімен ақылдаса отырып әзірленген, кәдімгі Сәбит Мұқанов алғы сөз жазған қырық алтыншы жылғы басылым жыр алыбы шығармаларының келер жинақтарына негіз етіп алынса артық болмас еді. Әйтпесе жібекті түте білмей жүн етіп алып жүрерміз.
Ахмет сұлтан Һәм оның ұлы Әзімхан
Көзі тірі боп арамызда жүрсе, бүгіндері туғанына ғасыр толып, жүздің жалынан ұстағанын ұлан-асыр той ғып жататын ағамыз, танымал жазушы, тамаша тәржімашы Ғалым Ахмедовтың мына бір сөзінде үлкен мән бар. «Қай халықтың болса да, ең маңызды ескерткіші – оның тарихы, - деп жазған еді ол. –Сол тарихымызды әлі күнге дұрыстап тани алмай, біресе бұлай ауытқып, оқушы қауымды шатастырып келген едік, енді ғана ақ-қарамызды айырып, ақтаңдақ қалған жерлерін анықтай бастадық. Сол ақтаңдақтардың ең бір үлкені – халқымыздың ұлт-азаттық жолындағы күресі, осы бағыттағы, Ресей патшалығына бағынғаннан бергі жердегі Сыры, Исатай Махамбет, Жанқожа, Есет, Кенесары, Жоламан қозғалыстары, Иса, Досан, Сақыр бастаған адай көтерілісі қазақтың жері үшін, елі үшін бар өмірін сарп еткен ел санасын оятқан Әлихан, Ахмет, Міржақыптардың күресі әлі күнге дейін толық зерттелген жоқ. Әріден басталып аяғы он алтыншы жылға дейін тізбектеліп келетін, одан кешегі Желтоқсанға жалғасатын осы оқиғаларды бір ізге салып дұрыс бағасын бере алмай келеміз. Халық аңыз еткен ер азаматтарымызбен, олар жайындағы тарихи жазбалармен, хиса-аңыздармен оқырман қауымды, әсіресе жастарымызды әлі таныстыра алмай жүрміз. Бұл еңбектердің рухани маңызын бағалай білуіміз керек. Осы қатарда Ахмет сұлтан Кенесарыұлының Кенесары мен оның баласы Сыздық сұлтанның өмірі жайында жазып кеткен еңбегінің орны бөлек...»
Шынында да он тоғызыншы ғасырдың алғашқы жартысында орыс отаршылдығына қарсы жиырма жылдан астам кескілескен күрес жүргізіп, қазақ даласын дүр сілкіндірген ұлт-азаттық күресінің көсемі Кене ханның өмірін оның өз баласынан артық кім білмек. Кезінде Сырдария облысын билеп тұрған орыс ұлықтарының бірі Е.Н.Смирновтың қолқа салуымен жазылған қаһарман хан мен оның күрес жолын жалғастырған батыр баласы туралы хикая орысшаға аударылып, сол ғасырдың сексенінші жылдарының аяғында жеке кітап болып шыққан еді. Кеңес өкіметінің қызылкөз, қыңыр саясатына орай Кенесары бастаған
халық қозғалысы көнені көксеген кертартпалық деп танылған тұста Ахмет сұлтан жазған кітап та мұрағат қойнауына сүңгітіліп, жұрт көзінен жыраққа жіберілгенді. Ел тарихына енжар қарай алмайтын, оған қатысты құжаттарды тірнектеп жинай жүретін, әсіресе, Алаш қайраткерлері мен Орыс думасының алғашқы қазақ депутаттары жайында қисапсыз көп құнды деректер қалдырған ғұлама ағамыз Ғалым Ахмедов сол кітапты Мәскеуге бір барғанында Ленин атындағы кітапханадан кезіктіріп, қызылкөз сақшылары басқан ізіңді аңдып, бұлтартпайтынына қарамастан, астыртын көшіріп алыпты. Тәуелсіздік таңы атып, еліміз егемендік алысымен-ақ оны ана тілімізге аударып, қазақша оқитын қалың қауымның кәдесіне ұсынды ол.
Енді еңбектің түп иесі Ахмет төренің өзіне азды-кем тоқталмаса болмас. Ол Кенесарының бәйбішесі Күнімжан ханымнан туған үш ұлдың кенжесі. Хан қаза тапқанда небәрі бес-ақ жаста екен. Бұғалыққа бой бермеген асау тарпаң ханның үрім-бұтақ зәузатын қас жауы көріп, патша өкіметі қанша қудалағанмен бұқара халық олардан безген жоқ. Қайта қанатының астына алып, қамқорлық аясында ұстап қорған болды. Шу өзенінің сағасынан өріс, Қаратау баурайынан қоныс беріп, Кенесарының бала-шағасы қырық үй төленгітін ертіп, ауыл-аймағымен еркін көшіп-қонып жүруіне жағдай жасады. Хан әудеті Түркістан хәкіміне қарап, алым-салық дегеннен босап, қоңыраттардың арасында алаңсыз өмір сүрді. Балалары бәлиғатқа жасы жеткенше молда жалдап ауылда оқып, одан медресеге түсті. Оқумен қатар, олар әскери өнерді де жете меңгеріп, ер жеткенде ат құлағында ойнап, көздегенін мүлт жібермейтін сайыпқыран шабандоз болып шықты. Жаужүректігімен жастай көзге түсіп, ел аузына ерте іліккен ағалары Тайшық пен Сыздық сұлтандарға еліктеп өскен Ахмет те аса алғыр еді. Ағаларынан әрі сәл зерек, хатқа жүйрік болды ол.
Алғаш Қоқан хандығының қоластында болып, әкесінің күрес жолын жалғастырып, орыс отаршылдарына қарсы айқасқа шыққан Кенесары балалары қоқандықтардың опасыздық жасап, кез келген жерде сатып кететінін көп ұзамайақ сезді. Көпе-көрнеу құрсанған жаудың ортасында қалдырып, қаскөй арамдық жасағандығына көздері жеткенде Ахмет пен Тайшық төре қоқандықтармен атқұйрығын кесісіп, орыстар жағына шығуға бел буды. Ал Сыздық сұлтан атабаба жолынан таймаймын деп Қоқан билеп тұрған Түркістанда қала берді.
Оны айтқанына көндіре алмаған ағасы мен інісі Сыр бойына көшіп Ақмешіт қаласындағы Сырдария өңірін билейтін генерал Дебуға жолығып, орыс өкіметіне бағынатынын білдірді. Екі бердей сұлтанның өз жағына шыққаны патша өкіметіне жақсы болды. Қазақ төрелерінің беделін пайдаланып, қоңырат пен қыпшақ руларының бір бөлегін және сунақтардың біразын ол оп-оңай өзіне қаратып ала қойды. Төрелер болса қандастарын отаршылдардың ұрда-жық оспадар қылықтарынан сақтандырып, екі араға от тастап алалық туғызбауға тырысты және қоқандықтардың шапқыншылығынан қорғап, тұтқиыл шабуылдарды тойтарып отырды. Сондай айқастардың бірінде Тайшық сұлтан ауыр жараланып, ақыры сол жарадан опат болды.
Ал Ахмет төре патша өкіметінің қызметінде қалып, әралуан жорықтарға қатысып, түрлі лауазымдарға ие болды. шу бойында орыс пен қоқан шекарасында
тұратын қазақ, қырғыз руларын өзара қақтығысқа ұрындырмай, екі жақты қыспаққа түсіп қалудан сақтауға көп күш салды. 1867 жылы орыс патшалығына қарасты Түркістан өлкесі құрылып, генерал-губернатор келгеннен кейін ол Шымкент уезі бастығының көмекшісі болып тағайындалды. Осы орында ол үзбей жиырма жылдай істеп, өңірдегі қазақ рулары мен орыс әкімшілігі арасындағы қарым-қатынасты реттеп, қандастарының мұң-мүддесін қорғап, олардың жанашыр қамқоршысы болды. Күллі төре тұқымы соның төңірегіне жиналып, ол Кеңесары әулетінің алтын қазығына айналды. Орыс отаршылдарына қарсы табаны күректей он жеті жыл соғысқан Сыздық сұлтанға патша өкіметі кешірім жасағаннан кейін осы Ахметтің жанына көшіп келіп, алаңсыз өмір кешті. Мал ұстап, егін екті, бау-бакша ұстады. Бес қат намазын қаза қылмай, қолы боста кітап оқыды, арғыбергі саясатты ісінен біліп отырды. Ахмет Кенесарин аталмыш қызметте табан аудармай 1887 жылы жаңа сайлау өткізілгенше істеді. Сайлаудан соң ол орнынан босатылып, жылына 750 сом зейнетақы алатын боп, заңды демалысқа шықты. Зейнетке шыққаннан кейін ол көп жасамай, келесі жылдың қараша айында қырық жасында өмерден озды. Ахмет сұлтанның өз кіндігінен Исмайыл, Ыбырай, Мұқан, Әзімхан, Шырынхан деген бес ұл тарайды. Олардың аты ауызға ілініп, атағы айырықша шыққаны – Алаш қозғалысының көрнекті қайраткері Әзімхан Кенесарин. Ол 1878 жылы Шымкент қаласында дүниеге келген. Қалалық училищені ойдағыдай бітірген соң Әулиеата уездік басқармасында әуелі іс жүргізуші, сосын хатшы болып қызмет істеді. Оның іскерлік қабілеті мен бай біліміне генерал –губернатор Галкиннің өзі де тәнті болды. Әсіресе, он алтыншы жылдың жазында өлкеге шегіртке қаптап, Шу мен Мерке аймағының егін-шөбін отап, жер қыртысын жалмап, қу тақырға айналдырып тастағанда тұтқиыл апатты тоқтатудың жолын тауып, жобасын жасаудағы оның еңбегі ерекше болды. «Апаттан құтылудың ауыр салмағын уез кеңсесінің бастығы білімі аса бай отыз жасар Әзімхан сұлтан Ахметұлы Кенесарин өз мойнымен көтерді» деп жазды сол тұстағы бір басылым. Туған халқының өнер-білімі бар жұрттардың қатарына қосылып, еркін, азат ел болуын аңсайтын ой-санасы ояу,озық пікірлі азамат ретінде Әзімхан да Алаш қозғалысынан қалыс қалған жоқ. Сол кездегі Сырдария облысындағы Алаш идеясының туын алғаш көтергендердің бірі болды. 1917 жылы шілдеде Орынбор қаласында өткен алғашқы Жалпы Қазақ Құрылтайына делегат болып баруы соның айғағы. Сол құрылтайда ол Мұстафа Шоқаев, Санжар Аспендияровпен бірге бүкілресейлік құрылтай жиналысына Сырдария облысынан делегат болып сайланды. Алғашқы қазақ құрылтайында күн тәртібіне қойылған көкейкесті мәселелердің бірі қазақтың саяси партиясын құру болды. Сол жылы қазақтың тұңғыш саяси партиясы құрылып, оның аты Алаш деп жарияланды. Сөйтіп, Әзімхан Алаш партиясының керегесін қалап, шаңырағын алғаш көтерушілердің бірі болды. Ал сол жылдың аяғында, яғни желтоқсан айының басында өткен екінші жалпы қазақ-қырғыз құрылтайында ол төралқаға сайланып, төрағаның төрт орынбасарының бірі болған.
Бұл құрылтайдың күн тәртібіндегі басты мәселе қазақ автономиясын құру туралы болды. Ол жөнінде Әлихан Бөкейхановтың өзі баяндама жасап, Сібір, Түркістан автономиялары сияқты дербес қазақ автономиясын құрып, оны Алаш атауды ұсынды және оның алда атқарар міндеттерін жік-жікке бөліп, жіліктеп саралап берді. Бұл мәселе жөнінде Түркістан автономиясының министрі Мұстафа Шоқаев та өз ойларын ортаға салды. Ол Түркістан автономиясына Жетісу мен Сырдария облыстарының қазақтары әзірге қосылмағанын айтып, егер Алаш автономиясы құрылатын болса қазақ-қырғыз баласының басы қосылып, бір орталыққа бірігетінін білдірді. Сонымен, Алаш автономиясын жариялауға сөз байласып, оған қарасты облыстарды сол кезеңдегі апатты жағдайлардан аман алып шығып, ойран-топан бүліктен қорғау мақсатымен уақытша ұлт кеңесі құрылып, ол Алашорда үкіметі аталатын болды. Уақытша тұрағы Семей қаласы боп белгіленген Алашорда сол сәттен бастап қазақ-қырғыз халқының билігін өз қолына алды. Үкімет құрамы жиырма бес адамнан тұратын боп, он орын қазақ арасындағы басқа ұлт өкілдеріне қалдырылды. Алайда Алаш автономиясын қашан жариялау мәселесіне келгенде делегаттардың пікірі қақ жарылып, екідайға түсті. Бір жағы автономия күні бүгіннен-ақ ресми жариялансын десе, екінші топ арамыздағы жат жұрттың пікірін біліп, әуелі милиция жасақтап алайық деді. Сырдария облысынан келген делегаттар Ахмет Шегіров, Мұстафа Шоқаев, Әзімхан Кенесарин екі жағына да қосылмай қалыс қалды. Олар негізінен автономия қазір жарияланбаса, Түркістан автономиясына қосыламыз деп нос танытты. Сондықтан құрылтай Алашорда үкіметі бір айдың ішінде Түркістан қазағын Алашқа қосып алуға тиіс. Ал қосып ала алмаса, өз автономиясын ресми жариялауға ерікті деген қаулы қабылдауға мәжбүр болды. Түркістан қазақтарымен сөйлесуге Алашорданың бас үкіметінен Бақыткерей Құлманов, Міржақып Дулатов және Тұрағұл Құнанбаев жіберіледі. Олар осы өңірдің қазақтарымен келісуі үшін Сырдария облысының қазақ съезін шақыруы керек еді. Уақыт тығыз. Шаруа шұғыл. Мәселе мәнді болғандықтан құрылтай атаулы мерзімнен бес күн бұрын шақырылды. Оған әр болыстан бір-бір өкіл және Түркістанның жақсы мен жайсаңдары, сүт бетіне шығар зиялылары түгел қатысты. «Съезді шақырған бюроның бастықтары тағы да Абылай ханның ұрпағы Әзімхан төре Кенесарин мен Қоңырат Байзақ датқаның баласы болған. Төрағасы сол Әзімхан төре...» деп жазады. «Тар жол, тайғақ кешуде» Алашордамен ғұмыр бойы тарысы піспей кеткен дәуір дауылпазы Сәкен Сейфуллин. Съезде сөз сөйлеп, бастапқы қазақ құрылтайында білдірген жер мәселесі жөніндегі пікірлерін одан әрі өрістетіп, жерді, ең алдымен, оның түп иесі қазақ шаруаларына беру керек деген ұсыныс айтты Әзімхан. Оның Алаш автономиясын бірден жариялап жіберуіне қолдау көрсетпеуінің себебі бар сияқты. Ата-бабалары бастан кешкен қазақтың қилы тарихы мен қиын тағдырын еске түсіріп, алкеттім асағыстыққа бой алдырмауды ойлаған сияқты ол. Халықтар жаппай бас көтеріп, бір-бірімен қырқысып жатқан жағдайда, Ресейдің өзінде тұрақты өкімет орнамай тұрғанда автономия алып, өз алдына еркін ел болып кету мүмкін емес деп
топшылаған сыңайлы. Сондықтан әліптің артын бағып, дүниенің бір жайлы болуын күткен серіктерінің ау жайынан аса алмаған секілді. Кеңес өкіметі орнағаннан кейін 1921 жылы Әзімхан Кенесарин Сырдария ревкомының хатшысы болып сайланып, жаңа қоғамдық құрылыстың қалыптасуына хал-қадерінше қызмет қылды. Одан кіндік қаны тамған туған қаласы-Шымкентке ауысып, уездік жер бөліміне алдымен нұсқаушы болып, сосын бөлім меңгерушісі боп жоғарылады. Бұл жоқ-жітік үдеп, күнкөрім үшін сабылап, жұрттың ерсілі ерсілі-қарсылы сапырылысып жатқан тұсы ғой. Сол босқын елді байыздатып жерге орналастыру, бір орынға тұрақтандыру жөнінде ол көп жұмыс істеді. Әсіресе, ашаршылық жылдары тұрмысы жұтаң Бөген өңірінің халқын аштықтан аман алып қалуға қисапсыз күш-жігер жұмсады. Маман гидротехник ретінде ол жиырма төртінші жылдан бастап Бөген-Шаян каналын салуға қатысты. Өңірді суландырып, ырыс арнасына айналдырар ірі құрылыста ол жазықсыз жазаға ұшырап, ұсталып кеткенше істеді. Отызыншы жылдары Кеңес өкіметі кең өрістеткен қуғын-сүргіннің дойыр қамшысы, ең алдымен, ел қамын ойлап, ертеңін көксеген зиялы қаумның басына үйірілгені белгілі ғой. «Буржуазиялық ұлтшылдар» деген желеумен қазақтың елді ізгілікке бастар сауатты да салауатты маңдайалды азаматтары қамауға алынып, жер аударылып жатты. Қамауға алынғанмен, айтарлықтай дәлелдер жетіспей, Жүсіпбек Аймауытов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Жұмақан Күдерин сияқты қазақтың маңдайға басқан жұлдыздары айдалған алғашқы алапат тасқыннан аман қалды. Алайда, түп ізіне шырақ алып түскен «үндеместер» қоймай, 1937 жылы тамыз айында Оңтүстік Қазақстан өлкесінің қауіпсіздік қызметкерлері оны өз үйінде ұстап, тағы да қамауға алды. «Қоқан автономиясының үкімет мүшесі болған» деген айып тағылып, ақырында атылып кетті. Сөйтіп, хан Кененің тағы бір тұяғы қапияда өмірден өтті. Тұқымын тұздай құртпақ болып, қыр соңынан қалмай орыс патшасының ұлықтары қанша қудаласа да, Кеңес өкіметінің қызыл көздері қанша қуғынсүргінге салса да, Хан Кененің үрім-бұтағын жойып жібере алған жоқ. Жазықсыздан-жазықсыз атылып кеткен Әзімханның өзінен ғана төрт ұл, үш қыз қалды. Бәрі де еліне елеулі, халқына қалаулы азамат болды. жалпы, Әзімхан төре екі мәрте үйленген кісі екен. Алғашқы алғаны Бөген бойындағы Жалайыр Батырша болыстың қызы, атақты Бейімбет балуанның ұрпағы-Әнипа. Одан Натай мен Мұхаметхан деген екі ұл, Халида атты бір қыз туады. Әнипа жастай қайтып, Әзімхан балалар бөтен біреудің көзіне қарап жетімдік көрмесін деп балдызы Зухраға үйленеді. Хухрадан екі ұл, үш қыз туады. Олар Мадияр мен Тәуке, Нәпуса және Аян мен Баян. Тәрбиесінің негізі әкесінің көзі тірісінде қаланған бұлардың бәрі де қазақтың ғылым-біліміне, өнеріне өзіндік үлес қосқан азаматтар. Натай мен Мадияр Кенесариндерді қазақ сиғызбағанымен орыс пен өзбек сыйлап, Мәскеу мен Ташкент төбеге көтерді. Екеуі де атақ-даңқы бүкіл одаққа белгілі ірі геологғалымдар. Ал ата-бабалары мен әкесі және ағалары туралы деректер жинап, еңбектер жазып жүрген Нәпуса Кенесаринаны алғаш Көкшетауда Хан Кененің туғанына ұшыратқан едім. Сондағы оның: «Қазақтың ең соңғы ханын тәуелсіз
Қазақстанның тұңғыш Президентінің өзі ұлықтап, жылы лебізін білдіріп, мерейтойын ашып беруі қандай ғанибет» деген сөзі күні бүгінге дейін құлағымда. Бабасының мерейтоына ол өзінің «кенесары ханның қызметі – патша құжаттарында» атты жаңадан жазылған тарихи-толғау еңбегін тарту еткен еді. Алтынның сынығы сынды, асылдың тұяғы атына кір шалдырмай арғыбергіні жіті зерделеп, жете зерттеп жүретін Нәпуса апайдың айтуына қарағанда, Шымкент қаласының орталық бір көшесінде кезінде Ахмет сұлтанның өзі тұрған үлкен бақша-бауы бар он бөлмелі үй болған екен. Бертін онда отбасымен баласы Әзімхан тұрған. Ол ұсталған соң үй қалалық коммуналдық шаруашылықтың қарауына көшіп, балалар бақшасы болыпты. -Сол үйді Абылай мен Кенесары хандарға арналған мұражайға айналдыру мақсатын көздеп, 1996 жылы Шымкент қаласына арнайы барған едім, бірақ еш нәтиже шығара алмай қайттым. Қазір жаңа құрылыс көп жүргізіліп жатыр ғой, тақа ол үй сақталмаған болса, қаланың басқа жерінен бір орын тауып мұражай ашуға болар еді. Өмірінің ақырға жылдарын оңтүстікте өткізген Абылайханнан бастап оның ұрпақтары, әсіресе Кенесары әулеті, Оңтүстік Қазақстан өңірінде, көбінесе Шымкент қаласында туып, өсті. Ондай мұражайы болса, облыс орталығының да беделі біраз өседі ғой, - дейді Нәпуса Кенесарина. Осы іспеттес өтініш билік орындарына да түскен болуы керек. Игіліктің ерте-кеші жоқ, орынды өтініш құлағына жетіп, көкірегін ашар ұйымдар да табылып қалар. Әмин!
Дума комитетіндегі қазақ қызы
Бұдан бес-алты жыл бұрын Мәскеуде шығатын «Жизнь национальностей» журналының түскені бар. Баяғыда Кеңестер Одағының шаңырағы астында бас құраған саналуан ұлттардың тыныс-тіршілігін кеңірек көрсету үшін Максим Горькийдің бастауымен дүниеге келген журнал дәл осылай аталған еді. Бертін жабылып қалған сол басылымды жаңғыртып, тоқсаныншы жылдардың басында Ресей Федерациясының Ұлт істері мен федеральдық қатынастар жөніндегі министрлігі жаңа жағдайға орайластырып, жарыққа қайта шығарды. Оған түрткі салып, ұйытқы болған Мемлекеттік думаның Ұлт істері жөніндегі комитеті еді. Журналды аудара қарап ақтарғанда, көзіме алдымен түскені «Тұтас ғасырға созылған дау-талас» атты мақала болды. он тоғызыншы ғасырдың аяғынан бастап, өткен жүзжылдықтың ұзына бойында ұлттық-мәдени автономия мәселесі айтыстартыс пен дау-таластың бұрқаған дауылын ауық-ауық туғызып келгені белгілі. Сондықтан да Ресей думасының «Азаматтардың ұлттық-мәдени бірлестігі туралы» қабылдаған заңы аталмыш мәселеге қойылған соңғы нүкте сияқты еді. Оның үстіне қоғамдағы қауырыт экономикалық һәм саяси реформалардың кең құлаш жаюы мәдени-ұлттық қатынастардың мәнін айшықтай түсіп, ерекше екпін туғазғанын айта келіп, автор Ресейдің ұлтаралық қақтығыстардан әлі де ада-күде арыла алмай отырғанын атап көрсетіп, себеп-салдарын тарих қойнауынан іздеп, өткен кезеңдерге ой көзін жібереді. Осы орайда автордың ел тарихын терең біліп,
ғылыми тұрғыдан жан-жақты талдай алатын шеберлігі, тың пікірлер түюі тәнті етеді. «Азаматтық қоғамның ашықтығы ұлттық азшылықтың құқығын шектей алмақ емес, - деп жазады ол. –Ресей Федерациясы аз ұлттардың құқығын қорғау жөнінен Еуропалық кеңестің алдында жауап береді. Бәлкім, ол жауап жеке заң немесе декларация тұрінде болар. Әрине, оны уақыт көрсетеді. Ал мұның маңыздысы басқада: тарихи жағдайларды, ең бастысы, бүгінгі таңда қалыптасып отырған шынайы ахуалды есептей келгенде, азаматтардың қоғамдық бірлестіктердің ең бірегей түрі-ұлттық – мәдени автономия болып табылады. Ол әншейінде айта беретін ұлттық даму дегеннен азаматтық қоғамға тән мәдени құндылықтардың мәнді мәселелеріне біртіндеп көшуге жәрдемдеседі. Ұлттымәдени автономия дегеніміз, адамның ұлттық мәдени қажеттерін айқындауына тең құқық беретін қоғамдық бірлестіктің бір түрі. Сондықтан оған дәстүрлі қөзқарас шеңберінен шығып, жаңаша қарау қажет». Мақала авторы тарих ғаламаның кандидаты, Мемлкеттік думаның ұлт істері жөніндегі комитенінің кеңесшісі Раушан Қанапиянова екен. Өз басым, Раушанның атына да, затына да көптеген қанық болатынмын. Кезінде ол Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінде жауапты қызметте болып, кейін Ақмола облаткомы төрағасының орынбасары қызметіне жіберілген. Одан КСРО Жоғарғы кеңесінің аппаратына жауапты қызметке шақырылып, Одақ тарағаннан кейін оны Ресей думасының Ұлт істері жөніндегі комитетіне алып қалады. Онда алғаш кеңесші болып істеген ол қазір комитеттің аппарат жетекшісі. Ұлт істері жөніндегі көптеген келелі мәселелерге ұйытқы болып жүрген ол бұдан төрт жыл бұрын Түркі тілдес халықтардың салт-дәстүрін сақтауға ықпал ету жөнінде әйелдредің аймақаралық қоғамдық ұйымын құрды. Оның ұйым президенті ретінде атқарып жүрген жұмысы ауыз толтырып айтуға тұрарлықтай. 1999 жылы осы ұйымның мұрындық болуымен Мәскеуде Еуразия әйелдерінің Бүкілресейлік жиналысы өткізілді. Оның тақырыбы да елең етерліктей: «Аумалы-төкпелі әлемдегі әйел: жанұя және мәдениет һәм ұлттық дәстүрлер». Оған орыс елінің әр өңірінен: сонау Сахадан бастап Қалмақ,( Татар, Башқұрт Республикаларынан, Орынбор мен Камчатка облыстарынан, Қырымнан өкілдер қатысты. Әзірбайжан, Қазақстан және Украинадан меймандар келді. Жиналыста қазіргі қоғамдағы әйелдердің рөлі мен орны, олардың қоғамдық-саяси өмірге қатысуы, мәдениет пен отбасындағы салт-дәстүрдің сақталуы мәселелері талқыланды. Еуразия әйелдерінің үкіметтік емес ұйымдарының ассамблеясы туралы ереже бекітілді. Аталмыш аймақ аралық ұйым Ресейдегі қазақ ұлысының ғана емес, күллі түркі тектес халықтар арасында қыруар ағартушылық жұмыс жүргізеді. Түркі әйелдері кездесу кештеріне өз қандасын көбірек тартуға тырысады. Қазір Мәскеуде қазақ тілін оқыту жөнінде жексенбілік сынып жұмыс істеп, онда жетіден он төрт жасқа дейінгі балалар оқиды. Қазақ қыздарының хореографиялық ансамблі «Россия» концерт залының сахнасында жиі-жиі өнер көрсетіп, көрермендерін дән разы етіп жүр. Кейде мұндай концерттерге Қазақстан облыстарынан да өнерпаз шақырылады.
Бұрынағы жылы осы ұйымның бастауымен Алматыда «Қазіргі ұлттық киімнің асқақ сәні»атты халықаралық бірінші конкурс сәтті өтті. Оған достастық елдерінде тұратын көптеген түркі халықтарының өкілдері қатысты. Ал былтыр күз ұлттық киім үлгісінің осындай халықаралық екінші байқауы Мәскеу қаласының өзінде өткізілді. -Бұндай байқауларды өткізу – ұлттық қоғамдық ұйымдардың суретшілер мен сәнгерлер және дизайнерлердің шығармашылық одақтармен ынтымақтаса жұмыс істеуінің бір тиімді түрі, - деген еді Раушан Мұсаханқызы газет тілшісімен сұхбатында. – Мәселе мынада: қазіргі сән үлгісінің классикалық ежелгі киім түрлеріне зер салып, назар аударуы біздің байқауларымыздың кәсіби ғана емес, қоғамдық саяси маңызын да күшейте түседі. Ұлттық киім үлгісін алға тарту жәй ғана сән-салтанаттың ауқымынан асып, ұлттық-мәдени автономия бірлестігінің шығармашылық арнадағы маңызды туындысына айналғалы тұр. Сайып келгенде, бұл байқау әйел затының өз қарым-қабілетін танытуына мүмкіндік туғызатын ұтымды шара. Аймақаралық әйелдер ұйымы өз жұмысына Ресейде тұратын танымал қазақ қыз-келіншектерін де кеңінен тартып отыр. Олардың арасында СанктПетербургтағы Мемлекеттік поляр академиясының ректоры, профессор А.Шаукенбаева, Әлемдік экономика институтының ғылыми қызметкері Д.Өтегенова, Омбыдан А.Жақыпова, Орынбордан Р.Ахметова, Алтай өлкесінен Т.Мұхтасырова, Мирный қаласынан Г.Бейсенбаева сияқты әкімшілік қызметкерлері және О.Жанайдарова, Г.Жексенбина, А.Адамова секілді мәскеуліктер бар. Солардың ынта-жігері арқасында орыс астанасында наурыз мейрамын атап өту қолға алынып, қайта қалпына келтірілді. Бір жылдары бұл мейрам Одақтар үйінің Бағанды залында да өтті. Әрине, әйелдердің қабілет-қарымы той-томалақ, ойын-сауық өткізумен не жоғарыдағыдай ісмерлігімен, он саусағынан өнер тамған шеберлігімен ғана шектелмесе керек. Олардың ел билеу ісіне де белсене қатысып, мемлекеттік қызметті де дөңгелетіп әкететінін өмірдің өзі дәлелдеп отыр. Бұған Ресейдің Дума комитетіндегі қарындасымыз, қандасымыз һәм жерлесіміз Раушан Қанапиянованың күллі еңбек жолы айғақ. Ол өзін қызмет тегершігінің көп тетігінің бірі санаудан әсте аулақ. Қашан, қайда қызмет атқарса да өз ісіне асқан жауакершілікпен қарап, жаңалық іздеп дамыл-тыным таппайды. Ұдайы үйреніп, ізденіс үстінде жүретін жерлесіміздің қаламынан мағынасы терең, мазмұны кемел бірнеше кітаптың тууы да содан. Осылардың ішінен «Мемлекеттік қызметтегі әйел: қазіргі саясат және келешек » пен «Әкімшілік басқару элитасы құрылымындағы гендерлік ара қатынастың философиясы» атты екі еңбекті айырықша атап өткен абзал. Бұл екеуі де тарихи, танымдық, деректік материалдарға мейлінше бай еңбектер. Олардан орта ғасыр ойшылы Корнелий Агриппаның тәпсірлерінен баста, орыс патшайымы Екатерина ІІ мен ағылшынның «темір ледиі» Маргарет Тэтчердің қарекет-қимылдары туралы тың деректер мен дәйектер табасың. Осыларды алға тарта отырып, ол бүгінгі таңда ел басқару ісінде әйелдердің әлі де аз екенін айтып, одан арылудың жолдарын нұсқайды. Отандық және шетелдік тәжірибелерді талдау ғана басқаруы XX
ғасырдың аяғына таман өз мүмкіндігін түгел сарықты, егер адамзат енді әйелдердің әлеуметтік-экономикалық және мәдени өмірге қосар үлесін мемлекет басқарудағы еңбегімен теңестірмесе, ондай мемлекет өркениет жолымен өрлей алмайды, деген батыл тұжырым жасайды ол. «...Қоғамда қазір әйелдердің саясаттағы рөлі туралы көбірек айта бастады, - деп өз ойын нығарлай түседі автор. – Шынында да, халықтың әйелдер құрамының саясатқа ден қоюы әдеттегі әйелдер қозғалысынан тыс албаты өрістеп барады. Мұның себебі не дейсіз ғой. Ең алдымен, елде бір тұтас әйелдер қозғалысы қалыптаспаған. Әйелдердің саясатқа ден қоюы әкімшілік-басқару құрылымындағы ерлердің қасталық қарсылығына тап келді. Әзірше әйелдер бізде іс жүзінде мемлекеттік басқарудан шеттетілген. Ал бүкіл әлем бүгінде әйел – бүкіл әлемге қатер» деген қағидасын сілкіп тастап, олардың мемлекеттік мәселелер шешуіне мүмкіндік туғызып отыр. Соңғы жылдары Ресейде әйелдердің болмашы билік құрылымына қатысуының өзі ұлғаюдың орнына азайып кетті. Қыз-келіншектердің, барлық деңгейдегі биліктен бойын аулақ салу үрдісі үдеп барады.Шын мәнінде қазір Ресейде билік басында әйел заты жоқтың қасы. Сонау кеңес кезеңіндегі Екатерина Фурцеваның көзіндей болып үкімет құрамында Валентина Матвиенко жүр еді, оның өзі де жақында біо өңірге президенттің өкілетті өкілі болып кетті. Оған қарағанда үкімет құрамында үш бірдей әйел министр бар Қазақстанның жағдайын иман-таразы екен. Үлкен бір ұлы елдің кемшіліктерін осылайша тайсалмай ашып айтып, қаймықпай бетке басып отырған қарындасымыздың батылдығына тәнті боласың. Оның еңбектері бүгін туып, ертең ескерусіз қалатындай емес, қоғамның көкейкесті мәселелерін көтерген ұсынарлығы, ұғынарлығы көп дүниелер. Қазіргі қыз-келіншектер өмірдегі қиындықтарды қалай жеңбек, оларға көмектесетін кім бар, табиғи дарын-қабілеті мен мүмкіндіктерін кәдеге қалай асыруы керек, әлде отбасы, ошақ қасы болып жанұя аясынан шықпай отырса бергені жөн бе, болмаса бәріне қолды бір-ақ сілтеп, мәдени, саяси және кәсіби жайсаңдардың ортасынан өз орнын ойып алуға белді бекем буғаны абзал ма? – деген сияты сан алуан сауалдар самсап алдан шыға келеді. Біздіңше, оның жауабын ең алдымен әйелдердің өзі біледі, тек оларға бөгет болмай, қол ұшын бері қажет. Қарындасымыз Раушан Қанапиянованың кітаптары тоқсан тару сол мәселелердің түйінін табуға көмектесерінде күмән жоқ. Есіміне ертеден қанық, еңбегімен көптен таныс сол қарындасымызбен былтыр Көкшетауда хан Кененің 200 жылдық мерейтойы күндері кездесуге тура келді. Ол да төре тұқымының бір тұяғы көренеді. Түбі Абылай ханның немере ағасы Сұлтанбет төреден тарайды. Өзі қырқыншы жылдардың аяқ шенінде Көкшетау қаласында мұғалімдер отбасында дүниеге келіпті. Әкесі сол өңірге әйгілі ұстаз Мұсахан Қанапиянов он бес жылдай облыстық оқу бөлімін басқарып, партиялық қатаң тәртіпке бас имегені үшін қудаланып, ақыры ауыр науқастан Ертіс бойында дүние салған. Одан қалған үш ұл, үш қыздың бәрі де бүгінде еліміздің бетке ұстар санаткер азаматтары. Солардың бірі – Раушан Мұсаханқызы қазір Ресей Мемлекеттік думасының Ұлт істері жөніндегі комитетінің аппаратын басқарып отыр. Ол ежелден көрші екі елдің арасына ғана дәнекер болып қоймай,
бүкіл достастық мемлекеттерін мекен еткен түркі тілдес бауырларымызды байланыстырып отырған алтын көпірдей көрінеді маған. Мерейі үстем қарындасымыздың мәртебесі дәйім өсе бергей!
Шежіре шертер сыр көп
Жасыратыны жоқ, кешегі кеңес кезеңіндегі қасаң тәртіп тұсында атамыздың затын айту былай тұрсын, атын атауға батылымыз бармады емес пе. Әкеден әрі асып, түбіңді, тегіңді түгендей бастасаң, ұлтшыл деп түп ізіңе түсті. Соның салдарынан жеті атасын білмейтін жетесіз болып шыға келдік көбіміз. Шежіре атаулыдан ата қуып оқшауланудың нышаны деп ат-тонымызды ала қаштық. Ал, шын мәнінде, шежіре дегеніміз әр бұтағынан тарих сыры тамылжып тұрған мәуесі мол бәйтерек екен ғой. Оған біразымыздың көзіміз енді ғана, еліміз тәуелсіздік тізгінін өз қолына алған соң жетті. Шежіре түзіп, халқымыздың түп тегін айқындауды көзі ашық қазақ оқығандары өткен ғасырда-ақ қолға алған көрінеді. Осының арқасында қазақтың төре, қожа тұқымдарының шежіресі тәп-тәуір жинақталып, кейінгі ұрпаққа опоңды жетті. Қазақтың түп тегі туралы Шоқан Уәлиханов кезінде көлемді еңбек жазып. Онда тіпті қырғыздардың да ататегін ажыратып ол Еуропа жұртшылығына он тоғызыншы ғасырдың ортасында-ақ таныстырып үлгерген. Қазақтың үш жүзінің шежіресін жинап, ру-ру, тайпа-тайпаның кестесін түзуді қолға алған басқа да көзі ашық азаматтардың аз болмағаны анық. Алайда олардың жиған-тергенін көбіне орыс саяхатшылары пайдаланып, тіпті деректі алған адамдарының атын атуды да қажет деп таппаған. Тек поляк жазушысы Адольф Янушкевич қана қазақтың қайдан шыққаны жайындағы аңыз-әңгімені аузынан алғаш естіген Құнанбай би туралы жылы лебіз қалдырған. Әйтпесе, қазақ қырын зерттеген еуропалықтар оның кең байтақ қойнауындағы көл-көсір қазынасы сияқты, ел зердесіндегі тарихын да тегін олжа деп білсе керек. Сондықтан бізге халқы үшін қоң етін кесіп беріп, ұлты үшін отқа түсуге де әзір болған Шоқан деректерінің маңызы ұшан-теңіз. Шоқан қазақ төрелерінің шежіресін Барақ ханнан, кәдімгі Әз-Жәнібектің әкесі Барақтан бастап таратады. Оның өз деректерінің алтын тіні етіп алдымен Әбілғазы Баһадүр мен Қадыралғали Жалайридың еңбектерін алғаны бесенеден белгілі болып тұрады. Әдетте қазақ төрелері Ежен ханнан тарайды деген пікір бел алып келген ғой. Ал, Әбілғазы оның Тоқай Темірден де Ежен сияқты Шыңғыс ханның Жошысының Батыймен (Сайын хан) бірге туысқан баласы. Сонда Шыңғыс ханнан Жошы, Жошыдан Тоқай Темір, Тоқай Темірден Өзтемір, Өзтемірден Қожа, Қожадан Бәдік (Бадақұл), одан Орыс хан, Орыстан Құйыршық, одан Барақ туады. Қазақ хандығының іргесін қалаған, халық Әз-Жәнібек атап кеткен Әбу-Сейіт осы Барақтың ұлы. Жәнібекпен бірге қазақ хандығының негізін қаласқан Керей Сұлтан – Орыс ханның немересі Болаттың баласы. Шоқан шежіресі бойынша, Жәнібектен Сүйік, Қасым, Қамбар, Батыр, Тоқта-Күшік, Жабай, Тұрсын, Жәдік сияқты сегіз ұл туған. Сүйік – Кіші жүз ханы Әбілқайырдың алтыншы атасы. Әкесінен кейін Керейдің баласы Бұрындықтан
тақты алған Қасым – атақты Хақназар ханның әкесі. Ал Жәдіктен Шығай, Еңсегей бойлы Ер-Есім және Ондан сұлтан туады. Осы арада Шоқанның «Қазақ хандары мен сұлтандарының шежіре өрмегі» деген шағын жазбасына тоқтала кеткен артық болмас. «Сонымен, қазақ сұлтандарының бір желісі аңыз бойынша қызыл жалаулы сұлтандар деген атпен Орта Азиядан ғаламат оқиғалар аңсап аттанған жалғыз атты жиһанкез жігіттен тарайды, - деп жазады ғалым. – Төрелердің бұл тармағының төл басы әнгіме төңірегіндегі Құрамадан тамыр тартатын Ұзыноқты Ондан сұлтан. Бір тойда ол артығырақ сілтеп жіберген бе, белгілі бір құрамалықтың қанын ішіп, он екі құлаш оғын алып, қара арғымағына қарғып мініп, елінен кетіп қалғанын айтыпты. Сол бетімен ол әкесінің досы Әлібекке (белгілі Төле бидің әкесі) кеп мән-жайын баяндапты. - Жақсы-ақ жігіт екенсің, -депті бек. – Саған жаным ашып тұрғаны. Бірақ бұл жерде қалуыңа болмайды. Шу өзенінен арғы өңірде төрелер мен қожаларды қадір тұтатын бір тайпалар көшіп жүреді. Қожа бола алмассың, ал төре болып танылуың әбден мүмкін. Өйткені өжет әрі атқан оғың мүлт кетпейтін мергенсің, соларға бар да, өзіңді төремін деп таныстыр. Сөйтіп, ол әуелі Кіші Ноғайлыға, содан соң қазақтарға барады. Жаужүрек батыр жігітті жұрт төре деп біліп, жауға шапқанда қол бастар сұлтан ғып сайлайды. Әйгілі Ораз Мұхамед – осы Онданның баласы. Осылай дей тұрағанымен «Жылнамалар» жинағынаң авторы Жалайри Онданды Тәуекел хан мен Есім ханның бауыры деп атайды» (Шоқан Уәлиханов. Шығармалар. ІІІ том. Алматы, 1985 жыл.). бұл аңызға қарағанда, Ондан Сұлтанның түбінде бір кәкір бар сияқты. Ал Шығайдан Тәуекел мен Есім хандар туғанына еш талас жоқ. Есім ханнан – Жәңгір (тарихтан танымал Салқам Жәңгір), Құдайменде сұлтан (Сырдақ), Қайып хан. Салқам Жәңгірден Тәуке хан мен Уәли, Бақы сұлтандар өрбиді. Уәлиден кәдімгі қанішер Абылай, одан Көркем Уәли, одан Әбілмансұр (атақты Абылай хан) туады. Бақыдан – Ибақ, одан Сұлтанбет төре. Сәулеткер досымыз Шота Уәлиханов бертін түзген төрелер шежіресінде осы дерек негізгі алынған. Он сегізінші ғасырдағы орыс саяхатшысы, кезінде Сұлтанбет төремен талай кездесіп, сұхбат құрған Иван Андреевтің жазбалаларында Сұлтанбет Көркем Уәлидің бірге туысқан бауыры Жәңгірдің баласы. Кейінгі кеңес тарихшысы Евгений Кычановтың Шыңғыс хан туралы кітабының Алматыда «Жалын» баспасынан шыққан нұсқасына берілген шежіреде ол Көркем Уәлидің Абылай ханмен бірге туысқан ұлы болып жүр. XVІІІ-XІX ғасырлардағы қазақ-орыс қатынастары жөніндегі құжаттарда да ол көбінесе Абылайдың туған бауыры деп жазылады. И.Андреев жазып қалдырған деректерге қарағанда, Сұлтанбеттен он төрт ұл туған, олар – Орыс, Иман, Тортан, Жәңгір сұлтандар мен Сейіт, Қарабас, Матай, Қарақас, Кәрібжан, Құлшық, Шаншар, Таймас, Бышқан, Мұқыш. Тортаннан елімізге енді мәшһүр бола бастаған Қанапияновтар әулеті тарайды. Көне құлақ қариялардың айтуына қарағанда, Сұлтанбеттің сұлтан атанған ұлдарының бірі деп жүрген Тортан осы Матайдың баласы секілді. Сәбеңнің, кәдімгі Сәбит Мұқановтың қазекем жеті атасына дейін жаңылмай барады да, арғы жағын бұлдыратып, божыратып жібереді дейтіні де осындайдан айтылған ғой.
Дегенмен, ата тегін тірнектеп тізіп, ел жадынан жинап жүрген зерделі қарттарға да құлақ аспай болмайды. Кезінде керекулік Естай Исаұлы Сұлтанбеттен тоғыз ұл қалған деп, солардың шежіресін қағазға түсіріпті. Сұлтанбеттің үлкен ұлы, Абылай ханның жұмсауымен Қытайға екі мәрте елшілікке барған әкесі сияқты, мәмлегерлік шаруамен көрші жұртқа жиі барып тұрған Орыс сұлтан. Одан Қанғожа, Қанғожадан Тәтен, Тәтеннен Арынғазы, Арынғазыдан Бәстеми, одан Мағауия туады. Күрлеуіт руының төресі болған екінші ұлы Иманнан Жантемір мен Жантөре туады, олардан қыруар ұрпақ тарайды. Үшінші ұлы деп жүрген Тортан әулеті жайында деректер жеткілікті. Сұлтанбеттің бір ұлы Үкібайдан Серғазы, Жанғазы, Бөлтірік атты үш ұл. Бөлтіріктен Бексейіт, Күнсейіт, Сыздық сияқты үш ұл туады, олардан ұрпақ баршылық көрінеді. Ботай деген бесінші ұлдан Самат пен Таңтөре Саматтан Абылай, одан Рамазан, Таңтөреден Әмірхан. Ақтілес руының төресі болған Матайдан Айшуық, одан Мәмбетәлі мен Менден. Жолаба қыпшақ руын басқарған Құлтай төреден Бегалы деген жалғыз ұл. Одан Нұрғазы туып, Нұрғазыдан Мұқыш, Мұхамеижан, Ахметжан, Қалижан сынды төрт ұл болған. Сағал қыпшақты билеген Құлшықтан Әбәйілда мен Матақан. Құлатай қыпшақты бастаған тоғызыншы ұлы Қараштан Әбілқайыр, одан Жүсіп төре. Тағы да Шоқан шежіресіне зер салсақ, тағылым болар біраз жайға қанығамыз. Абылай ханның он екі әйелінен отыз ұл, қырық қыз болған. Бірінші әйелі Хиуаның ханы Қайыптың қызы Қарашаш ханым. Одан ұл болмаған, екі қыз туып, біреуін Қөқжал Барақтың ұлы Дайыр ханға, біреуін Құдайменде сұлтанға берген. Екіншісі, қарақалпақ бегі Сағындық-Шуақбайдың қызы Сайман ханымнан Уәли хан туады. Үшіншісі, Қытай асып кеткен қашқар бегі Кенже сарттың қызы Бабақ ханымнан-Шеген, Рустем, Осман, Сыздық, Әбітай мен Абдолла. Төртіншісі, қожа қызы әйгілі Сарғалдақ әулиенің қарындасынан үш ұл: Тоқа, Қосым және Арық. Бесінші, Қалдан Сереннің туысы, қалмақ бегі Хошу мергеннің қызы Топыш ханымнан Қамбар мен Қасым, аты-шулы кенесары ханның әкесі Қасым. Алтыншысы, қалмақ ноянының қызы Тоқта ханымнан – Сығай, Тағай, Сүйік туады. Жетіншісі, қара қырғыздан қолға түсен Татыш ханымнан біреуі Тәукенің Тұрсынына ұзатылған екі қыз. Сегізінші – қалмақтан қолға түскен, елжұрт Сұлу атап кеткен Өрес ханым, одан – Шама төре. Қалған төртеуі – СайынКөбен, Шаған, Мүнтім, Тулақ ханымдардың бәрі де қалмақ қыздыры. Олардан бала болмай, біреуі Қарашаш, біреуі Сайман бәйбішелердің қолында жүреді. Бір ғажабы – Шоқан шежірелерінде Абылайдың қазақ ханымдары, олардан өрбіген ұрпақтар атымен жоқ. Аңызға қарағанда, оған Арғынның Атығай-Қарауыл рулары ғана алты отау көтеріп бермеуші ме еді. Атақты Арыстанбай ақынның Хан Кенеге «атаңа алты қатын алып берген Атығай-Қарауылдың баласымын» дейтіні қайда?! Сайман ханымнан Уәлиден басқа үш ұл: Әділ, Есім, Шыңғыс туған. Осылардың ішінде көбірек зер салынып, тереңірек зерттелгені Уәли хан әулеті. Жетісу қазақтарының ханы болған, Тезек төренің атасы Әділ туралы да аздыкөпті мағлұмат бар. Есімнен Шалабай, одан Жұма мен Батырхан туғаны да белгілі. Ал Шыңғыс ұрпағы жөнінде әлі қағазға түскен ештеңе жоқ. Осы әулеттің
Кәбира атты құйма құлақ бір келінінің айтуынан жазып алған деректеріме қарағанда, Шыңғыстан Оңтай, Сейітқұл атты екі ұл туады. Оңтайдың бәйбішесі Ұмыттық Шұбыртпалы Ағыбай батырдың апасы екен. Оңтайдан –Жанбөбек, Әлжан, Бексұлтан, Сақып, Жақып, Күшен, Адай, Әпен деген сегіщ ұл. Жанбөбектен – Мұхитан, одан Пішенбай мен Кішібай. КішібайданБалтабай, Сансызбай, Наурызбай. Бұл соңғысы күні кешегі белді партия қызметкері, профессор, жағрапия ғылымының докторы наурызбай Мұхитанов марқұм. Сақыптан – Сәдуақас, Мәлгәждар, Баялы. Сәдуақастан – Жұман, Жұмабек, Мәлгәждардан – Қанат, Баялыдан – Қазыбек пен Арыстан. Күшеннен – Шабан төре, одан рахмет. Сейітқұлдан Құрман, Байқан туады. Байқаннан туған Придон Ұлы Отан соғысында опат болды. құрманнан – Әбутәліп, одан қалған жалғыз ұл Жанбала бар өмірін ағарту саласында ұстаздықпен өткізді. Оның немере інісі Қайырлы Құрманов – Көкше өңірінің көрнекті азаматы, Бурабай курортының бас дәрігері. Жалпы Шыңғыс әулеті баурайында Көкшетау қаласы тұрған Бұқпа тауынан батысқа қарай желі тартатын Елікті тауын мекендейді. Сондықтан оларды жұрт «Елікті төрелері» атайды. Кенже буынынан атақты Абылай хан шыққан Орта жүз төрелерінің бірер әулетінің ата тегін таратқанның өзінде қаншама мағлұмат пен мұндалап алдыңнан шығады десейші. Шынында да, шежіре шертер сыр көп қой.
Соңғы сөз орнына
немесе Абылайдың Ақ үйі
Абылайдың Ақ үйі аңызға айналғалы қашан. Ақ үй тұрсын, ол түндік көтерген Қызылжар қаласының іргесі қалануы да тұнып тұрған аңыз болатын. Ауыздан-ауызға ауысып, ұрпақтан-ұрпаққа ұласып, жылдар жотасын көктей өткен сол аңыздардың біріне зер салсақ, бағзыда бір орыстың Петр, Павел деген екі кәсіпкер жігіті қазақ ханы Абылайға келіп, қала салатын құнан өгіздің терісіндей ғана жер беруін өтініпті. Өгіздің терісіндей жерге моласын салмаса, кент тұрғызып не жарытады, бұл кәпірлер, деп ойлаған ұлан қырдың билеушісі әлгілердің бетін қайтармай, бірден рұқсат беріпті. Әбжіл жігіттер табанда малмаға салған өгіз терісінен таспа тіліп, онымен атшаптырым жерді орап ап, айнала қазық қағыпты. Қазіргі Қызылжар қаласы ерке Есілдің әсем иінінде алғаш осылай еңсе көтеріпті дейді. Әуелі ол Қасиетті Петр қамалы аталып, орыс отаршылдарының Арқа алабына билік жүргізіп, қамшы иіріп отыратын табан тірер берік бекінісі болған көрінеді. Алаяқ кәсіпкерлердің алдап соққанын соңынан сезген сұңғыла хан орыс ұлықтарының ұлы даланы билеп-төстеп, ойына келгенін істеп, еркінсіп кетуіне жол бермей, оспадарлықты тежеп отыру үшін жаңа кенттен өзіне дербес үй салып беруді талап етеді. Орыс патшайымы Екінші Екатеринаның әмірімен Қызылжар қаласында он сегізінші ғасырдың алпысыншы жылдары қазақ ханы үшін арнайы
ақшаңқан зәулім үй салынады. Оның бөлек кеңсесі, моншасы, қонақ түсетін жеке жайы және болады. Қыста жағатын отынын, қолға қарайтын малға қажет пішенін дайындау жергілікті ұлықтардың мойнына жүктеледі. Бұның бәрі кезінде қағаз бетіне түсіп, құжаттармен бекітіліп отырған. Деңгейі мұндай болмағанымен, осындай мекен-жай Ертіс бойынан Керекуге жеті шақырымдай жерде Абылайдың арғын-қыпшақ, керей-уақтың төресі болған ағасы Сұлтанбекке де салынған. Ұлы хан қыс айларын көбіне осы Ақ үйде өткізіп, кезек күттірмес мәселелер женінде ақылдасқанда да қырдың жақсы мен жайсандарын, әкім-қара, бишораларын осында жинап отырған сыңайлы. Ал жазды ұдайы Көкшедегі Қылшақты өзенінің бойында Қызылағаштағы Хан ордасында өткізген. Абылай көзі тірісінде өз тағын мирас еткен үлкен ұлы Уәли хан да Ақ үйде жиі болғанға ұқсайды. Оның шаруалар көтерілісінің көсемі, өзін Үшінші Петр патшамын деп жариялаған Емельян Пугачевтан ұлы ханға сенімхат әкеп, жаушылап келгенде оларды «Абылай өз атын өзі шақырған көкекті ешқашан патша деп танымайды және қанішер жексұранмен ешқандай қарым-қатынас жасамайды» деп қайтарып жібергені де осы үй болса керек. Жалпы, жасы ұлғайған сон Абылай бар билікті баласы Уәлиге беріп, тағын да соған тапсырып, өзі Түркістан жаққа көшіп, әулие-әмбиелер топырағында дүние салғанға дейін Ақ үйден қазақ қырының игі жақсылары ат ізін суытқан емес. Одан әрі «байтал түгіл бас қайғы» дегендей, ханның ордасы тұрсын, хандық атақтың өзіне қауіп төнді. Араға отыз жыл салып, қазақ даласында хандық билік жойылып, қыр елі жеке-жеке дуандарға бөлініп, оларды аға сұлтандар басқарды да, Қызылжардағы хан ордасы, талай жезтаңдай жыршылар мен арынды ақындардың өлең-жырына арқау болып, аты аңызға айналған Абылайдың Ақ үйі иесіздікке ұшырады. Бертін ол әскерн гарнизон ауруханасына айналды. Ал ханның заты тұрысн, атынан кірпідей жиырылып, қарадай шошитын кешегі кеңес өкіметі кезінде Ақ үй абақтыға да айналды. Оның қалындығы бір құлаш кірпіш подвалында менің әкем ғана екі мәрте жатты. Алғаш «халық жауы» деген жалған жала жабылып. Қолымаға айдалғанша қамалды да, айдаудан қайтқан соң үш тәуліктің ішінде әскери есепке тұрмағандықтан тағы да төрт ай жатты. Әйтеуір, әскер қатарына алынып, майданға аттанатын боп пәледен әрең құтылды. Сол соғыс жылдарынана бастап, бұл үй бертінге дейін тозығы әбден жеткенше әскери бөлімнің казармасы болды. Қеңес өкіметі қайткенмен де оның хан ордасы екенін халық жадынан өшіру үшін амал-айланың бәрін қолданды. Бірақ бұқара халық, ұлы әміршісінің қанды көйлек жолдастары мен сырлассыйлас серіктерінің ұрпақтары қазақ қырының киесі сынды Ақ үйді естен шығарған жоқ. Тіпті оны мемлекет қорғауына алынған ескерткіштердің тізіміне де кіргізіп қойды. Тәуелсіздігіміздің торқалы тойының төлбасындай болып Абылай ханның туғанына 280 жыл толуын атап өтер тұста Ақ үйді қалпына келтіріп, ел тарихының ескерткіші ету жөнінде мәселе де қозғалды. Алайда үй сыртынан сыпсың сөз жүгіртіп жаман үйренген кейбір керауыз келімсектер «Абылайдың Ақ үй деген аңыз ғана, болса оның құжаттары неге жоқ?!» деп байбалам салып ере тұра келді. Есіктен кіре сала төр менікі деп, үй иесін де енгізісі келмейтін, арын аттап, ұятын таптаған ондай ождансыздарды сол өңірдің
орыс тілді басылымдары қолдап, шулап қоя берді. Олар белгілі ғалым В.Басиннің «XVІ-XYІІІ ғасырлардағы Ресей мен Қазақ хандығы» атты кітабыңдағы Абылай хан үшін Есіл өзеніне таяу жерде бөренеден бұрап, ағаш үй салып берілді, деген бұлтартпас дерегін де қаперге ілмеді. Сол кезде Қызылжар, Көкшетауда тұратын қаламдас, қадамдас бауырларымның қалай күйзеліп, қатты күйінгені күні бүгінге дейін көз алдымда. Сөйтіп, танауынан арғына көрмейтін үйкүшік шалахат өлкетанушылардың «Қызылжарда хан сарайы болмаған» деген тоғыршалық байбаламы салдарынан Абылайдың Ақ үйі қараусыз қалып, құлауға айналды. Үстіңгі қабаттың бөренелері мен тақтайлары ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіп, астыңғы қабаттың қызыл кірпіштен соғылған қалындығы сала-құлаш қабырғалары ғана қалды қаңқайып. Сәтін салып, бітер істің басына білікті басшы тап келмегенде, Ақ үйдің кейінгі тағдыры қалай болатынын кім білсін. Бұдан бес жыл бұрын басқа ағайындар басым түсіп, баса көктеп үстемдік етіп тұрған облысқа ұлтжанды жаңа басшы Тайыр Мансұров келіп, тарихи мұраға бірден назар аударды. Облыс басшылығы Ақ үйдің тарихын зерттеп, іздестіру жұмыстарын кеңінен өрістетті. Ресейдің бүкіл мұрағаттарына сұрау салынды. Жауап та көп күттірген жоқ. Ресей империясының Мәскеудегі сыртық саясат архивінен Санкт-Петербургтің, Омбы мен Орынбордың мемлекеттік мұрағаттарынан табылған тарихи құжаттарынан Ақ үй құрылысының қолға алынғанынан бастап 1765 жылы аяқталғанына дейінгі жұмысының барлық кезеңдері алақанға салғандай сайрап жатты. Тіпті Канцлер М.Воронцовтың Сенат пен Сыртқы Істер алқасына Абылай сұлтанға салынатын ғтмараттың шекарадан алыс болмауын ескерткені де ап-айқын. Құжаттарға қоса құрылыстың жоспары кейбір ғимараттардың сипаттамасы мен сызбалары да жіберіліпті. Мұны көрген мамандардың басым бөлегі Зансарайы қалпына келер болса, қаңқайып тұрған қабырғалар мен ірге тасты түгел сыпырып тастап, жобаға қарап отырып, ғимаратты жаңадан салу керек деген ұсыныс айтысты. Құрылыс жайын мамандардың біразын жақсы білетін облыс әкімі мүмкін-қадерінше ғимараттың ежелгі сұлбасын сақтап, тарихи бейнесін бұзбау керек деген байлам жасады. Бірақ бұл жобалардың қайсы болсын қыруар қаржы, жоғарғы жақтың қолдауы мен рұқсатын қажет ететін еді. 2005 жылдың ақпанында Тайыр Аймұхамедұлы Елбасымыздың арнайы қабылдауында болып, Абылай ханның Ақ үйінің жай-жапсарын бастан-аяқ баяндады, оны қалпына келтіру жөніндегі ойларын ортаға салды. Ел тағдырына байланысты мәселеге елең ете қалатын Нұрсұлтан Әбішұлы оның әңгімесіне ынта қойып, ықыласпен тындай келіп, аталмыш ескерткішті қалпына келтіру халқымыздың мәдени мұрасын сақтаудағы маңызы зор оқиға болатынын атап айтып, істі дереу қолға алуды тапсырды. Құрылыс жұмыстары екі жыл бойы іркіліссіз жүргізіліп, осы жаздың аяғында жеріне жеткізілді. Тамыз айының соңына таман «Абылай хан резиденциясы» атты тарихи-мемориалдық кешеннің ашылу салтанаты өтті. Оған Елбасының өзі қатысып, Ақ үй алдынан бой көтерген биіктігі сегіз метр тас
тұғарда арындаған асау тұлпардың үстінде семсерін сілтеп, Шығысқа қарап тұрған Абылай хан ескерткішінің жібек бауын қиып кешінді ашты. Сол салтанатта сөйлеген сөзінде Елбасымыз: «Әрбір халықта есімі ешқашан ұмытылмайтын дара да дана тұлғалар болады, - деп атап айтты. – Біздің қазақ халқы үшін Абылай сондай есім. Ол әрі дана қолбасшы, әрі батыр, әрі үлкен өнер иесі, әрі ғажап дипломат болған жан. Абылайдың елге сіңірген еңбегін жоғары бағалаған ақындар мен жыраулар оны ғасырлар бойы айбынды сүренмен еске алып, халықтың рухани рухын көтеретін жалынды ұранға айналдырып жіберді. Еліміз егемендік алып, тәуелсіз болған соң ғана біз Абылайды халқымызға қайтара алдық... Енді бізді ұлы бабамыз Абылайдың айбынды рухы қолдап елемез гүлдене берсін!». -Абылай хан резиденциясы «Мұражай кешеннің ашылу салтанатында еліміздің Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ұлы хан қала салып, халқымды отырықшы қыла алмадым, елімді егіншілікке үйрете алмадым, үш жүздің басын біртұтас ете алмадым деп өкінген екен, біз қазір соның бәріне қол жеткіздік деп еді, - дейді облыстың бүгінгі басшысы Серік Біләлов. Шынында да, соның бәріне бейбіт өмірдің, ұлттар мен ұлыстардың берік ынтымағының арқасында қол жеткені айдан анық. Оның айқын мысалын облысымыздың өмірінен-ақ көріп отырмыз. Тыныштық пен татулық бар жерде табыс мол, талпыныс зор болмақ. Абылайдың Ақ үйі қазір қазақтың ұлы ханының қастерлі қызметі мен ғибратты өмірінен шежіре шертетін тарихи мұражай. Оның табалдырыңын тебіренбей, толғанбай аттай алмайсың. Мұражайдың әсем безендірілген залдарынан даланың дарабоз данасы болған данғайыр ханның қазақ жерінің тұтастығы мен тәуелсіздігін сақтау жөніндегі ересен еңбегі мен ерлігін куәландыратын құжаттар мен ол туралы баяндалатын тарихи кітаптармен танысасың. Бұл қастерлі құжаттар орыс –қазақ қатынастарының қалай қалыптасқанын, қиындықтарын жасырмай, қасіреттерін асырмай, еш боямасыз баяндап береді. Ханның қонақ күтетін, демалатын бөлмелеріне кіргенде өзіңді бұдан үш ғасыр бұрынғы ел өміріне, халықтың тұрмыс-салтына сүңгіп кеткендей сезінесің. Аруақты ханның ел ағалары мен ру ақсақалдарымен кеңес құратын мәжіліс бөлмесінің терінен тақта отырған Абылайдың балауыз мүсініп көріп дір ете қаласың. Қабырғаларға ілінген қару-жарақтары мен ат-әбзелдерін көріп, оның ғаламат талғамына тәнті боласың. Ел тарихынаң дақ түспес, тот шалмас осынау бірегей ескерткіші халық зердесінің уақыт дауылы мызғыта алмастай тамыры ту тереңде жатқанын паш етеді. Сайып келгенде, Абылай хан қазақ тарихында теңдесі жоқ айрықша тұлға. Ол орыс елі үшін де он сегізінші ғасырдың орта шенінде екі халықтың арасындағы қарым-қатынасты айқындаған басты тұлға болып, Ресейдің Шығастағы саясатының табысты шешілуіне әсер еткен қайраткер. Оны қытай билеушілері исі қазақтың ханы деп танып, ұдайы ілтипат білдіріп отырған. Ал Абылай болса, орыс аюы мен қытай аждаһасының арасында екі алыпқа да алдырмай қазақ елінің тәуелсіздігі мен қазақ жерінің тұтастығын сақтай білген
шын мәніндегі кемел ойлы кемеңгер басшы. Оның ұлы істерін жалғастыруды өз өмірінің мұраты санайтын Елбасымыз мұражайдың қадірлі қонақтарға арналған тілек кітабына бірінші болып пікірін білдіріп, осы ойды байыта түсіпті. «Қазақтың Ұлы ханы Абылайды еске алу тарихымызға тағзым ету болып табылады. Абылай хан армандарын орындаған біздің буын өткен тарихтан тәлім алып, қазақ халқының бірлігін мәңгі сақтауымыз қажет. Сонда ғана ел тәуелсіздігі мәңгі болмақ. Бабалар аруағы әрдайым бізді қолдасын! Н.Назарбаев» деп қол қойыпты. Сол кітапқа біз де өз қолтаңбамызды қалдырдық. Бұл күндері Абылайдың Ақ үйіне жиі ағылады. Оларды ат үстінде ұлы ханның өзі қарсы алып, «Қош келдің, көп күткен кенже ұрпақ!» деп тұрғандай. Өз басым Ақ үйді қалпына келтіріп, көртің кәдесіне асыру аймақ жұртшылығының ерен еңбегі, бұрынғысы бар, кейінгісі бар – облыс әкімдерінің азаматтық ерлігі деп білемін.
МАЗМҰНЫ 1. Аңдатпа ретінде айтар сөз................................................................................3. 2. Абылайдың ақ жолы ........................................................................................4. Бірінші бөлім. 3. Ұлан даланың ұлы ханы .............................................................................4-11. 4. Абылай ханың ағасы – Сұлтанбек............................................................11-19. 5. Майор Миллер және Жәнібек Тархан ..................................................19-36. 6. Баян - ноян хикаясы...................................................................................36-42. 7. Хан Уәли.....................................................................................................42-49. 8. Айғаным......................................................................................................49-57. 9. Айғанымның жаңа ордасы жайында бір әңгіме.....................................57-66. 10. Жаңа ереже деген не?...............................................................................66-82. 11. Ханзаданың қасыреті. Ғұбайдолла қалай хан болмай қалды?.............82-89. 12. «Жиырма бестің жыршысы»....................................................................89-96. 13. Сұлтан Шыңғыс ......................................................................................96-104. 14. Науан Хазірет немесе бір шаңырақтың шежіресі ..............................104-113. 15. Тезек төре...............................................................................................113-124. 16. Өлгеннен кейінгі өмір............................................................................124-130. Екінші бөлім. Жасампаз тұлға, жалғасқан рух 17. Абылайды бүкіл қазақ ханы қып бекітпеген кім?..............................131-137. 18. Қасым төре..............................................................................................137-144. 19. Саржан батыр.........................................................................................144-147. 20. Сартай сұлтан.........................................................................................147-151. 21. Балдағы алтын берен немесе Алаштың ақырғы ханы .......................152-161. 22. Күнімжан ханым ...................................................................................161-169. 23. Намыстың наркескені............................................................................169-179. 24. Батыр Бопай............................................................................................179-187. 25. Марал Ишан............................................................................................187-193. 26. Аға сұлтан Қоңырқұлжа........................................................................193-199. 27. Асылдың көзі, жасынның өзі................................................................200-209. 28. Сыздық сұлтанның серіктері немесе белгісіз батырлар....................210-217 29. Батыр және Жырау................................................................................217-222. 30. Ахмет сұлтан Һәм оның ұлы Әзімхан.................................................222-227. 31. Дума комитетіндегі қазақ қызы...........................................................227-231. 32. Шежіре шертер сыр көп.......................................................................231-234. 33. Соңғы сөз орнына немесе Абылайдың Ақ үйі...................................234-238.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру