TELEGEI

Home

Публицистикалық мақалалар

Хамит Ерғалиев

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Публицистикалық мақалалар

Ұлы жеңістен кейін қазақтың жарқырап айтылған өлең жәрмеңкесінен орын тауып, көзге түсу қандай талантқа да оңай соқпады. Осындай үлкен думанда қазақ поэзиясына бірден келген Хамит Ерғалиевтің дауысы құлаққа ерен естілді. Мұнда жалынды публицистика, философиялық ой толғау, нәзік психологиялық тебі...

САЙЛАУҒА СӘЛЕМ!

Совет Конституциясы әр біріміздің құпиямызды қымтаулы сандықтан да берік сақтайтыны баршаға аян. Ал егер сондай бір өзара сырымызды жария айтамыз, ашық білісіп-ұғысамыз десек, оған да ерік берген осы Конституция. Баспасөз, радио, телевизор сияқты небір қуатты құралдар сондай мақсатына жетуге де жәрдемші Ендеше мен осы жолы өзімнің, правомды пайдаланып бір жолдаспен баспасөз арқылы ашық сырласқым келіп отыр. Құрметті Қалқабаев жолдас! Мен Сізбен бұрын-сонды қол беріп, жүз көріскен жан емеспін. Ұзынағашта, қарт ақынымыз Жамбыл өскен жайлауда қой бағып жүрген жап-жас жігіт екенсіз. Өмірбаяныңызды өзіміздің Жоғарғы Советтегі жолдастардан сұрап алдым. Жап-жас жігіт екенсіз дедім ғой. Әңгіменің бір орайына оны да пайдалана кетейік. 1938 жылдың жазында, мен жас сайлаушы боп, Казак ССР Жоғарғы Советіне депутат сайлауға барғанда, мен ғана емес-ау, бүкіл қазақ халқы өз өлкесіндегі сайлауға бірінші рет қатысқан сағатта Сіз дүниеге келген екенсіз. Сол үшін де атыңызды Сайлау қойыпты ғой. Ағалығымды арқаланып, сен дейінші: әкеңмен де тұстас көрінемін. Отан соғысын жеңіспен аяқтап, бір сыпырамыз елге қайта оралғанда сенің әкең қайтпай қалыпты, қаза болыпты марқұм. Суреті арқылы ғана танисың ғой сен оны. Жетім. Иә, жетім деген атау неткен жадау, жабырқау еді десеңші!.. Бірақ, сен оны басқаша түсінесің ғой: әкең жоғын білсең де, әлсіреп, өгейлік көрмеген соң, әрине солай болады. Байдың қойын бағам деп басын жарғызған жетімді сен мықтағанда кітаптан білетін шығарсың. Жә, оны қоялық. Сайлау, сен Қара Қастектің қалаулысы. Қазақ ССР Жоғарғы Советінің депутаты екенсің. Коммунист және де коммунистік еңбек бригадасын басқарушы, аға шопан екенсің. Әлденеше әріптестеріңе ұстаздық етіп жүрген насихатшы да көрінесің. Білімдар, көргенді кісінің жолы бұл. Біздің қоғамда жеті класс бітіру аса көп оқу емес қой. Білімдар дегенде оны айтып отырған жоқпын. Жиырма бестегі жігіт қашан да мосқал емес. Көргенді дегенде оны айтып отырған жоқпын. Шабытпен істелген еркін еңбектің құдіретті күшіне не жетсін! Сегіз жыл еткен ерен еңбек сені ересек шағыңда қанша биіктерге көтеріп шыққанын қарашы! Сексен жыл еңбек етіп те өмірге көңілі көншімей өткендер аз ба?.. Жүзге келіп те түк көрмеген, су қараңғы соқырдай өмір кешкен, ұстаздық етпек түгіл, шәкірт те бола алмай, үлгі-өнеге үйрене алмай кеткен жандар тап осы қазақ даласында да аз болған жоқ еді ғой. Қоғам, қоғамның заңы. қоғам тарапынан адамға берілетін право — әңгіме, міне, осыларда. Көрсеткішіңе көз жіберіп ем, 1961 жылы әрбір жүз саулықтан 127 қозы алыпсың да, ал 1962 жылы соны 131-ге жеткізіпсің. Заңдылық деп біз осыны айтамыз: егер бұл екі санның орнын алмастырсаң — келесі жылы алғашқыдан кем түссең, осының өзі қоғамның заңды дәстүрін бұзғандық болар еді. «Правомыз шексіз» деп жырлайтын ақындардікі ағаттық. Шегініске шек бар. Тіпті бір орында тоқырауға да правомыз жоқ. Сен соны әбден білгендіктен әлгідей істегенсің.

Біреу емессің, бірнешеу емессің, тіпті көпсің сен.

Қаскелеңнің сауыншысы Медеуова Сақыбы, Оңтүстіктен әріптесің Жүнісов Әлиякбар, ақтөбелік «Алғадан» тракторист Балсары Шәбікова, Алматының кондитер фабрикасындағы Дүкенбаева Мәриям — бұлармен, бұлар тұрғыластың көбімен сен Жоғарғы Советтің сессиясында әлсін-әлсін кездесіп, кеңесіп, халық мемлекетін басқарысып отырсың. Сен сонау қой шетінде, дөң басында да оңаша отырып, осы ел тағдырын ойлайсың. Оқитын кітабыңа дейін қойныңда, қолыңда жүретін көрінеді. Ғалымдардың мал өсіру жайындағы кітабынан үйрене жүре, оған да қосар түзетерін болады екен. Ойшыл, білімдар адамның ісі осындай-ақ болатын шығар. Тынымсыз ойлау, жаңалық жайларын іздестіріп отыру депутаттың ғана парызы емес, әркімнің өз жүрегінен өніп жатқан әмір ол, бақыт ол. Оны осынау бақыт Конституциясы қанымызға еккен деп айту артық емес. Мен сіздердің шаруашылықтарыңызбен таныс емеспін. Бірақ, шынымды айтайын, осыдан апта бұрын Қара Қастектегі бір үйге барғанымда, жол шетінде бұғып-бұғып тұрған тоқал тамдар тойдырған жоқ көзімді. Мүмкін сен Алға өндіріс басқармасындағы «Красный колос» колхозына бармасаң да, ол жайлы оқыған шығарсың. Онда әдемі бес мектеп, бес клуб, аса бай кітапхана, балалар бақшасының үшеуі бар екен. Мәдениет сарайы, жатақхана, қонақ үй де даяр, үй-түздің бәрі электрмен қуаттанған. Онда қызық-қызық кештердің түрі көп: Коммунистік еңбек екпінділерінің кеші, механизатор күні, орақ тойы, шопан күні аталатын жарқын-жарқын календары бар олардың. Міне сол кештер кәсіптес адамдардың ортақ ойласып, етене білісуіне көп сеп, себеп дейді. Ал, Нұра совхозы шопан бригадаларын ірілендіріпті: он төрт адамнан құралған бригада 2200 қойды бір танапта бағады екен. Асылы, қойда да көбірек болғаныңа не жетсін! Қиыншылықты да жолдастарыңмен бірлесіп жеңгеніңе не жетсін! Толық қанды өмір бар жерде дала екеш дала да құлазымайды. Артель, совхоз орталықтарын әсемдеумен бірге, шаруашылықтың шашау жағын да шоғырландыру, адамды коллективте жетілдіру тамаша заңымыздың талабы. Мен мұны мал өрісіндегі өмірдің майталманы, сардары деп айтып отырмын саған. Еңбектің ең бір үлкен зейнеті — ақысы емес-ау, адам санасын арттырары той. Мал жақта қазір көптеген жастар жүр, пенсияға шығып-шықпай қарттар жүр. Ал, адамның жастық шағы мен кәрілігіне біздің заңдай қамқоршы қайда бар?!

Сөз соңы:

— Молырақ еңбек ет те, молырақ қызығын көр! Біздің заңдағы азамат правосының асылы, нәсілі — осы! Совет адамының еңбегі жасасын! Совет азаматының өмірі үстем болсын!

Сайлау, саған сәлем!

1964 жыл.

ТАМАША РАКЕТА

Жол мәнісін жүрген біледі. Ұзақ-ұзақ шерулеп отырып, бел-белестен асқан сайын кейінгі жаққа қайырылып қарайтынын бар-ау. Неше қайқаң сай-сала, ойдым-ойдым орман-тоғай, заңғар таулар көк жиектен әрі қарай ығысқан соң-ақ көзден таса болады да, белгі-бейнесі ғана көңілде жатталып қалады. Тіпті бағзы бір қорған төбе, шағын-шағын асулар ұзаған сайын ұмытылады-ау! Адам ұрпағы артта қалдырған тарих тұрқы да осыған ұқсас деседі. Әрине, оны бекерге саю жөн емес. Ғаламат зор танылған нелер оқиға «қағаз бетінен. қарт аузынан» дегендей, тым алыстан талып естіледі. Қазақ шежіресіндегі «ақтабан шұбырынды» секілді азап-сор тарихын қай жұрт бастан кешпеген, қашан ұмытқан?! Ел біткеннің күллісі неше айтса да бел-белес, асу деп сондайын айтқан, бақытсыздыққа төтеп берген елдігі мен ерлігін ғана жырлаған. Ал, пәлен тұста бақыт бұлағының бастауы, қайнары қалды дегенді ешбір жұрт тарихынан естімедік. Адамзат тарихында алғаш рет еркіндікпен егіз туған совет ұрпағына келсек, оның жыры басқаша басталады. Ұлы Октябрь социалистік революциясының алып тұлғасына қайырылып қарасаңыз, сіз одан ұзаған сайын ол зорайып, бір жағынан арқаңызға асқар зәулім тіреу болып көрінеді де, екінші жағынан ол кейінгі тарихта қалған оқиға сияқты болмай, маңдай алдыңыздан жарқырайды, құс жолындай даңғыл тартып, ілгері қарай шексіз созылып жатады. Мезгіл-керуенді адам зәузатымен бірге алға бастырады, жетер мақсатқа жетелеп, асықтырады. Ұлы Октябрьдің ғажайып тұлғасы біздің көзімізге ғана бұлайша көріне ме? Жоқ, ол жер бетіндегі ақ тілекті адам атаулының баршасына арайлаған таң тәрізді. Ұйқы — дамылсыз түнімен жүрген жолаушыдай шаршап-шалдыққан жұрттар көзі оның нұр-шапағына қанша қараса да тоймайды, оны өздерінің арман-қиялы, ертеңгі жарқын келешегі деп біледі. Россия. Ленин, Октябрь, Совет, Социализм. Коммунизм делінетін ұлы-ұлы атауларды әр жұрт өз бақытының мөлдір бастауы, мол қайнары, ендігі тірліктің тірегі деп таниды. Ұлы Октябрьден бақыт тарихы басталды да, бұл күндерде миллиардқа жуық мұңсыз жандар шежіресі жасалды. Қасірет көлеңкесі қара жердің қалған бетінен де бірте-бірте шегініп барады. Ешбір кемеңгер ақын жаза алмастай даналық дастаны ай сайын дүниеге келіп жатқан осынау кезеңде менің ойыма, сөз жоқ, сіздің ойыңызға да, өткен айдың екінші жартысы оралады. Бас-аяғы, бар болғаны екі аптадай ғана уақыт еді-ау ол! Ал, сол аз ғана уақыт адам баласының келешегі үшін мың дастан тудырып кетті десем де, бұл айтқаным жеткіліксіз, анағұрлым аз көрінеді.

— Бейбітшілік, Еңбек, Бостандық, Теңдік, Туысқандық, Бақыт! Осынау терең мағыналы алты сөз біздің қасиетті жұлдызымыздың бас тармағына алтын нұрмен жазылды да, адамзат көзінің алдына жарқырап тұра қалды.

— Барлығы да адам, адамның игілігі үшін! Коммунизм Программасы таяудағы жиырма жыл ішінде өзге молшылықтармен бірге адам мазмұнын өлшеусіз байытатынын бір сәт ойлап көрсеңіз. Ар-ұят, ожданмен, өз жүрегіңнің әмірімен мінсіз жұмыс атқаратын, біріміз үшін бәріміз, бәріміз үшін біріміз жан аямай еңбек ететін, қасиетті адам атының беделін бұрынғыдан бетер жоғары көтеретін мезгілде осы жүрген әр біріміздің өмірбаянымыз жасалады екен. Тамаша ісі, өмірбаяны бар азамат болудан артық мақсат қайсы?! Бүгінгі біздің ұрпақты дәл осы заманмен тұстас тапқан ата-анадан мың мәртебе айналайын! — десең де артық па?! Олардың қарызы өтелер ме, сірә?!

Арманға қарай асығып,
Азапты бірдей бөлгендер,
Тоқшылық үшін ашығып,
Өмір үшін өлгендер, —

есімі коммунизм адамдарының жүрегінде мәңгі сақталады.

Совет коммунистерінің XXІІ съезінде Орталық Комитет жасаған баяндамада Программа үш сатылы ракетамен салыстырылды. «Мұның бірінші сатысы — біздің елімізді капиталистік дүниеден құтқарды, екінші сатысы — елімізді социализм шыңына көтерді, ал үшінші сатысы — елімізді коммунизм орбитасына шығаруға тиіс. Мұның өзі тамаша ракета!» — делінді. Иә, жолдастар, бұл тамаша ракета. Бұл ракетаның кабинасында біреуміз не екеуміз ғана емес, баршамыз түгел бармыз. Баршамыз заулап келеміз. Біз коммунизм орбитасына жарқырап шыға келгенде жердің күңгірт, қараңғы жағында жүргендер бізге басындағы тақиясы құлап түскенше қарайды да, қызығады, біздің бағытымызбен зымырай жөнелмек болады. Дәл сол оқиғаны осы жүрген біздің ұрпақ өз көзімен көреді екен. Неткен бай сыбаға, неткен бақыт десеңші! Тамаша ракетаны қозғаушы күштің құдіреттілігін айтсаңшы! Оған ең ұлы энергия — коммунизм құрылысшыларының энергиясы қуат беруде. Рас-ақ емес пе?! Қарашы Қазақстанға! Мен мынау бір бейнелі пікірді неше дүркін жазсам да, қайталап жаза бергім келеді. «Сары белден сарғайып таң атады» деп басталатын халық өлеңі тозығы жеткен көне мұра. Республиканың көп жерінде күннің кезі де бұрынғы ұясынан шығып, бұрынғы ұясына қонбайды. Күн көзі көбінше алып шахталар арасынан, қалың егін ішінен, магнитті завод трубаларының түбінен. ақ шаңқан мектеп үйлерінің шатырларынан жарқырап шыға келеді де, мұнай мұнараларының қалың ортасына, күріш, макта далаларына, мәуелеп тұрған жеміс бақтарына барып қонып жүреді. Тіпті теңізде де шығып келе жатқан күнді қаптап жүрген ақ желкендер арасынан көріп қаласыз. Еңбек біздің елде күнмен бірге көрініп, түнмен бірге жердегі қалың жұлдыз ішінде қайнап жатады. Біз Қазақстанды табиғат байлығының тамаша қоймасы деп атаймыз. Сол ұшан-теңіз байлыққа байланысты мынадай да бір ой келеді мұншалық мол жатқан ырыс-қазына бір жағынан адам қажетін өтесе, екінші жағынан сол адамның өз бейнесін де өзгертіп, оған артынша қабілет. атақ-даңқ, аса жоғары сана берді. Даңқты еңбек болмаса, даңқты ерлер де болмас еді. Жеке-жеке адам басы шамшырақ, тұтас-тұтас кәсіпорны шамшырақ, қалың шамшырақтан құралған қалалар қанша?! Біздер, журналистер түрлі-түрлі еңбеккерлерге жиі барамыз, шабытымыздың қайнар бұлағы солар болған соң, олардан қыл елі ажырауды қылмыс көреміз. Айтайын дегенім ол емес. Айтайын дегенім: біз қай тарапқа барсақ та қазіргі қарапайым еңбекшінің ой-пікірі бүкіл ел, бүкіл дүние тағдырымен сабақтастығын аңғарамыз. Әркім өзінше мемлекет қайраткері, қоғам қайраткері дәрежесінде тетелес тұрғанын байқатады да, бойына бір құдіретті күш құяды. Алжир, Конго, Лаос жайы, Берлин тағдыры — осының барлығына берер дұп-дұрыс бағасы бар ойлы жолдасыңды кенші, малшы, диқандар арасынан көргеніңде төбең көкке жетіп-ақ қалады-ау. Бір кезде мұнша байтақ далада жан күйзелтіп жалғыз Шоқан, жалғыз Абай ойлаған ел тағдыры өзіне баршамыздан қамқор тапты. Біздерді «коммунизм құлдары» деп көкитін мырзалар осыған не дейді екен? Еңбегі мен ақыл-ойы азаттық алған адам қабілетінде шек жоғын біле ме солар? Сірә, білетін болу керек: еркіндік дегеннен есі шыға, зәре-құты қалмай қорқады ғой өздері. Сондықтан да олар Қазақстанға Никсон сияқты «коммунизммен уланбайтын» сенімді өкілдерін ғана жібереді. Жүгері орудан тәжірибе алмасу үшін, біз диқандарды Америка Құрама Штаттарына іссапарға жұмсай береміз. Ал олар өздерінің қарапайым адамы Қазақстанға келейін десе, виза бермейді, қорқады. Міне, Ұлы Октябрьдің қасиетті Отанында бүгінгі адамдар осындай. Олар тамаша ракетамен шын зейнетті өмірдің шыңына, сана биігіне самғап келеді. Миллиард жылдар бойы өзінің жабайы орбитасынан жаңылмаған жұмыр Жер енді біздің орбитамен — коммунизм орбитасымен қозғалуға бет алды. Империалисттер космосқа еркін шырқап шыға алмаған соң, онымен де жауласты деуге болады. Жерден сыртқары жатқан қараңғы түкпірге неше миллион ине лақтырды. Лақтыра берсін, бәрі бір сол қараңғы космостың өзі де жарқын келешекке жақсы қызмет ететін болып келісім берді. Алдағы уақытта біздің тамаша ракета Жердің серігі емес, Жер де, космос та оның серігі болады. Баршамызды алға қарай заулатып алып келе жатқан сол тамаша ракета — коммунистік өміріміздің ұлы Программасы жасасын!

1962 жыл.

МАҒЛҰМ ХИКАЯЛАР МАҢЫНДА

Совет ақындары халықтарымыздың өзара достығы мен ауыс-түйіс араласы жайлы шабыттана кеп жырлағандықтан бұл салада олардың ұшқыр қиялы шарламаған ой түкпірі жоқ. Кейде тіпті қармауға келмейтін бағзы бір фантастикалық цифрлар ойыңа оралатыны қызық. Әсіресе, қанаттас, қатар жатқан республикалар жайлы ойлағанын ылғи солай шығады. Қырғыз, түркімен, тәжік не өзбек жерінен көтерілген ылғал-будың неше тоннасы сағат сайын бізге жетеді екен, — деп те ойлайсың. Жаз айларында бал арасы арқылы күн сайын неше тонна гүл шырыны бір республикадан екіншіге тасымал болып жатқанын да білгің келеді. Тоқтаусыз ара-қатынастың осы сияқты заңдылығына ұғым әбден дағдыланған себепті де, өз республикаң жайлы өзге туысыңа айта бастасаң, сол өзі көп онша «дүние ашу» (открытие) бола қоймайды. Және сол жаңалық дегеннің өзін досың сенен бұрын біліп, сенен бұрын-ақ сүйсіне құптап отыратыны қызық. Қазақ әдебиетінің Өзбекстандағы апталығы кезінде жасалып магниткамыз жайлы сөз қозғауымыз-ақ мұң екен, залдан ала топы киген бір инженер жігіт:

— Оның бірінші прокаты біздегі болат қорыту заводына келесі күні-ақ келіп жетті,— дегені ғой. Оған айтамыз деп тұрған жаңа хабарды сол жігіттің өзінен құп алғанымызды біз бір-ақ сезіндік. Түркіменстанда да дәл осындай жағдай болды. Гурьевтегі мұнай өңдеу заводы туралы айтқалы келе жатқан сөзімізді аузымыздан қағып алып, қатардағы бір жұмысшы түрікмен:

— Біздің осы балаң заводымыз дал соның күнделік жетегінде келеді, - деді.

— Тоқтаңыз, солай ма еді өзі,— деп аңырып тұруға ғана тура келді. Ал, Алматының кілем тоқу артелі Ашхабад фабрикасының бір филиалы десе болғандай екен. Мұндағылар фабрика тіршілігінің, бәрі-бәрін көріп келген бізден бетер жетік баяндап отыр. Мұндай мысалдар ұшы-қиырсыз. Мәселен, мен биылғы дақыл даласының жайларын немесе оның мыңнан бір мысалы О.Қозыбаевтың жауапкершілігіндегі Аманкелді өндіріс басқармасының биыл мемлекетке 15,5 миллион пұт астық тапсырғанын тағы да бір хабар етіп жазсам, өзі біліп отырған осы жайға тағдырлас тәжік досым таңдана қояр ма?.. КПСС Орталық Комитетінің ноябрь Пленумында баршаға белгілі болған бұл сипатты хабардар оның да көкірегіне ұялаған-ақ шығар. Сол сияқты еңбекте намыс туын көтеруші Надежда, Тұрсынойлардың алпыс екінші жылы немен аяқталғаны маған да мағлұм. Ол ол ма, тіпті биылғы бізде болған қуаңшылық пен қиын күрестен бастап, суретшілер ісіндегі ара-кідік ақаулыққа қынжылғанымызға дейін бауыр-туыстың баршасына аян. Өткен жылдың өндіргені мен алдағы жылдың бюджетіне дейін алақанымызда. Қарапайым тілмен айтқанда, біріміздің қаржы-қаражатымызды да екіншіміз біліп отырамыз.

Соңғы жылдың ішінде біздің республикамызда жапан түз есебінен жайлы қоныс болған жер қанша десеңші!.. Айтуға ғана оңай, аңыздан көркем, әсерлі осынау алып шындыққа күлліміз куәміз. Коммунизм салтанатына бағышталған бұл өзгерістерді Қазақстандықтар ғана емес, бәріміз-ақ сағат сайын сезініп отырдық. Айта берсеңіз, бейбіт дамудың бұл процестерін Кариб теңізі маңындағы күйзеліс күндері де бір минут тоқтата алған жоқ. Өзгеріс демекші, сол өзгерістердің зор біреуі — алғашқы адам жайлы айта кетсем деймін. Бұрын «алғашқы адам» деген атаудың өзі жабайылықты аңғартушы еді Байтақ қазақ жерінен, барлық адам атынан космосқа шырқап шыққан кешегі жігіттер де тәуліктер бойы планетадан бөлек тұрмыс шеккені үшін алғашқы адамдар аталды. Бірақ мұның мағынасы бағы заманнан бері қалыптасқан ұғымға қарама-қарсы, яғни бұлар адамзат арманының шынынан шырқап асқан алғашқы адамдар ай, жұлдызға бізден гөрі бір табан жақын жандар. Я, XX ғасырдың алпыс екінші жазы космостың да адам мен адамды өзара сөйлестірген, орысша сөйлестірген, орысша әсерлі бір ән шырқатып, дуэтке сахналық еткен шағы болды. Сөйткен космос перзенттерін де Қарағанды даласы қабыл алды. Жоғарыда айтылған шындық хикаялары жайлы ән-күй, әсем би молшылығы да баршамызға ортақ аян. Кремльдегі съездер сарайынан сан-тарапқа мағлұм болған, «Қазақстан дастаны» аталған кешегі бір кезекті концертіміз естеріңізде шығар. Қасиетті Москваға, Лениннің өз қасына барып өнер көрсету дәстүрі мұны да үлкен шежіреге енгізіп алды. Сол мәртебелі сахнада сайраушы бұл шақтың бұлбұлы өзіне дейінгі мұңдар заманының мұңлығын «ол менің апам еді дейтіні бар-ау!.. Осынау тетелес екі ұрпақтың аралығын қандай алшақтықпен теңесеңіз де баламы табылмайтын көрінеді (Көтеріле білген кісіге космос та бір-ақ сағат...) Осы мақалада қырық жыл жасаған СССР-дің біздің ауылдағы ең бергі жылынан әрі қарай әлі шыға алмай отырмын. Және осынау соңғы жылдың аса сұңғақ бойына ұсынған қолым маңып барып, жете алмай жатқандай сезінемін. Ол заңды да шығар: ғасыр ішінен ғасыр басталған жыл ғой бұл. Ұлы Октябрьден бергі құс жолындай сайрап жатқан жарқын жолымыз, даңқты жылдарымыз былтыр ғана дүниеге келген коммунизм Программасын Отан ана құрсағында жетілдірді. Біз ол жылдарда ұлы симфонияның прологын жырлаппыз. Енді халықтың материалдық және рухани азығын одан бетер мол өндірудің дер шағында отырмыз. Еліміздің ендігі тұтыну қабілеті көп-көп өскендігін Сырдарияның өзі де сезіне бастағандай. Ол да бекерге лепірмей, барын байсалды жұмсауға бет алыпты... Мұндай құбылысты сезіне қалған сайын «дүлей табиғат дүйім жұрт талабының құлы» деп, мың мәртебе айтқаныңа жалықпайсың. Алып кемеге алыс сапар лайық деп орыс халқы дәл-ақ айтқан.

— Советтік Социалисттік республикалар Одағын дереу құрайық. Ол бізге қажет-ақ

Бұл цитата емес, жан сарайында жайлы сақталған Ленин сөзі.
СССР. Бұл атауды бірінші айтқан адам Ленин.Өйткені авторы да Ленин.

Елдік, теңдік, бауырластық, құлсыз, қожасыз құдіретті еңбек, бақыт ырыздығын тепе-тең бөліп тұтыну, тұтас тұлға болып, бар тамырға бір жүректей ортақ орталық жасау — жаңағы ұлы атаудың ішінде бәрі-бәрі түгел бар-ау осының! Апат, қасірет дегеніңіз маңынан жүрмес алып тұлға, менмендігі және жоқ мемлекет — ақ тілеулі жан біткеннің арқа сүйеуі, ұстазы да болған ұлы держава! Сенің адресіңе де біреулер бірдеңе демек болады-ау... Бұған дейін де біздің керуен талай-талай үдере көшіп, бұралқы иттердің қанша бірі үріп-үріп қала берген. Соны ұмытқысы келгендерге сөз де шығын. Ағаның астамшылығын да көрмей, тетелес емес-ау, тең өскен біздер өзгеден артығырақ білеміз бұл мемлекеттің қадірін. Қазақта бұрынғы «қанды-көйлек» достар «өлмей ажыраспайық!» дейді екен. Жақсы-ақ айтылса да, осы нақыл бұл күндерде ескірді. Біздің өлсек те ажыраспаған өнегеміз бар: қара жердің қойнында құрбанымыз да құшақтасып бірге жатыр. Біздерді «коммунизмнің құлдары» деушілерге жауап даяр. Біз оларға «Дүниеде коммунизм идеясына жанын бағыштаған адамнан артық, одан бақытты кім бар өзі — деп, тіке, тікесіне қараймыз. Туған күнінен бастап адамның жан-тәнін ірітіп-шірітіп бастайтын буржуазияның салдақы тәртібі садағам кетсін, демес пе едіңіз. Жемсауым толық күйде дүние салдым, армансызбын дейтін банкирдің өзі қарғыс арқалап өледі екен. Ал нағыз адам қарғалу, лағынат арқалап кету үшін тумаса керек еді Қолымызбен қайтадан жаратып жатқан жеріміз — гүл бәйшешек десек, біз соның шырынын мұқият жинауға жаралған бал арасы боламыз. Ұлы идеялымыз — құнарлы жерге сепкен дән десек, біз соған нәр берер жердің мөлдір бұлақ, көктегі ылғал бу боламыз. Сөз басында айтылған осынау ылғал бу мен бал арасы сияқты, біздер үшін де ешқандай шекара болған емес. Отан жерінде омарта біреу-ақ біз үшін, дән-ырыздығы, дәм-сыбаға біреу-ақ Бейбітшілік, еңбек, бостандық, теңдік, бауырластық пен бақыт — міне, бұлар құдай сыбағасы да емес, құл сыбағасы да емес, совет халықтарының сағат сайын алып отырған үлесі, социалистік: системаның ырыздығы. Ақ пейілді адам біткеннің бәрі алақан жайып, осы ырыздықты көктен күткенін қойды. Күрсінбей бұғау бұзып, күрескер жолына түскен қанша бір қара, сары нәсілдер СССР маршрутына маңдай түзеді. Бұл заманда СССР мен Күн — егіз. Егер қазіргі қасиетті де, қатерлі тұста егіздің бірі жоқ болса, екіншісі бұл планетада сөзсіз сөнер еді.

1964 жыл.

МЕЗГІЛ МЕКЕНДЕРІ

Планетамызда тағы бір жылдың календары түгесілді Оның ең соңғы қағазын біреулер жырлап жыртты, біреулер жылап жыртты. Басқаша айтсақ, дүниеде ескі жылдың ырза боп та, ыза боп та аттанған адрестері бар. Оңтүстік Вьетнам, Конго сипатты ұлт бостандығы үшін ұрыс-дабыл қағып жатқан бағзы бір елдерде ескі жылдың ең соңғы сағатына да адам есебінен құрбандық берілді Отаршылардың оғына душар болған патриоттар туған жерінің топырағын құшақтай жығылса, бөтен құрлықтан барғандар өзінің туған жерінен жырақта — далада қалды. Сондай бір ғана ұрыс аймағындағы екі ұдай өлімге мезгіл бағасы екі түрлі Америка, Бельгия кейіптес елдердің бағызы бір мосқал әйелдері Жаңа жыл алдында жан кешкен ұлдарынан әлі хабарсыз да шығар. Мезгіл, міне, осыған ызалы. Жапон теңізінің жалпақ бетінде басқа елдер тарапынан балық аулау бабымен, келісім бойынша келісіп-барысып жүрген баржа-кемелер де бар, су астымен сұғынған жүгі басқа «Жүзгіштер» — «Келме!» деген жерге кеудесін тықпалағандар және бар. Атап айтқанда, американдық атом қайығын су астымен сумаңдатып, жапон жағасынан шығарған өткен жылдың бір календары Шығыс тарапынан қарғыс алды, лағынет естіді. Мезгіл, міне, соған ызалы. Осы секілді сотанақ іске қаһарман ғасыр қашан да ызалы. Әлемнің әр түкпірінен әрқилы есептесіп, бір жерге берерін беріп, бір жерден аларын алып аттанған ескі жыл көбінесе көңілді кетті тарихқа. Ескі жылдың кем-кетігі толтырысып, опық жемей, қонақ асы жеп ырзашылықпен қош айтысқан ел-мекендері көп-көп. Ол жерлерде сол қонақ асының дастарқандары әлі жиылған да жоқ. Әуе толқындарындағы әсерлі үн, ән-күй, әдемі сыр, хрусталь сыңғырларына дейін өз мекендерін паш етіп жатыр осы күндерде. Қабылдағыш жанына қанша көп барсаңыз, сонша көп естисіз оны сіз: бәрі де ортақ тілімізде — орысша, жай-күйлерін біздер үшін білгізіп жатыр. Шынымды айтайын, осы мақаланы жазар алдында социалистік елдерге құлағымды күндегіден де көбірек тостым.

— Қайта жасарғандай қайратты кәрілік!.. Бақытты жастық шақ!.. Жана қарым-қатынас!.. Жаңадан салынған пәтер-үй, мәдениет сарайы, жаңа завод, жаңа совхоз!.. Жаңа!.. Жаңа!.. Күндегінің күллісі — жаңа!.. Қайда да қала-дала дамылсыз даму, өрлеу бағытын хабар етеді Бәрі де чех ақыны айтқандай:

Көне жылды көңілді шығарып сап,
Жаңа жылды сүюге жаратылған.

Осынау жаңа системаның ең жарқын ортасында, ең биік беделімен Ұлы Октябрь Отаны бай, байтақ жатыр. Бұл Отанның сонау шығыс қиырынан табалдырық аттаған Жаңа жылдың алғашқы минуты астанаға дейі алты-ақ сағат жол жүретіні баршаға аян. Тап бір екінші кезектегі жұмысшыдай, жолдағы объектінің бәрін де ескі жылдан қабылдап келеді ол. Сонсоң ғана «Мен келдім, мен қызметіме кірістім!» деп, Кремль куранттарынан жар шашады. Ал мынау даңқты жетіжылдықтың ең соңғы Ерен жылы дабылын қатты қағып келіп отыр! Әуелі алдыңғысын айтайық: біздің алпыс төртіншіміз — нағыз ардагер азамат боп шықты! Сол себепті ол да, тап бір қимас жандай, Отанның қиырынан-қиырына өтініп өтіп, сағаттар бойы жүріп алды. Біздің қазақстандықтардың өзі оған астанаға жеткенше-ақ дәмін беріп, онымен үш сағат бойы үнемі қоштасты. Ол аса қадірменді, бейбіт береке жылы болған соң қауым боп сөйттік. Өткен жылғы өнім атаулының күллісі «Жомарт сан, жоғары сапа!» талабымен мемлекет меншігіне қосылды, бәріміздің бәcіpeмізге айналды. Қараңызшы: 85 миллион тонна болат, 62 миллион тонна шойын, 223 миллион тонна мұнай, 551 миллион тонна көмір, қыруар химия заттары. Электр энергиясының өзі соғысқа дейінгі жиырма жыл бойындағыдан бір жарым есе көп. Өткен жылдың олжасы санға шағып айтқанда осы ретпен орасан зор, жырдан жылы, қуатты да боп жалғаса береді. Қанша кәсіп орны, алаң-көше, қаланың авторы болды десеңізші өткен жыл! Белорустың жаңа «МАЗ-ы» секілді, арғы жылы адам білмеген, талай тамаша техникаға өткен жыл өз мөрін басты. Оның сонау «ғарышқа» — космосқа барып қайтқан кемесі де өзгеден өзгеше: бүкіл лабораторияны коллективімен түгел көтеріп, жерге есен-аман түгел түсірді Тентек теңіздің ауызға алғысыз ащы суын да тұщы кәусәрге, сусынға айналдырған жыл — осының өзі. Бұл жыл елдің экономикалық картасын ғана емес-ау, әкімшілік картасына дейін қайта жасады. Ел басқарудың ерен, нағыз ленинше стилін біржола қалыптастырды. «Бос даурығу, бекер мақтану» бәpінe де тиым орнатты ардагер алпыс төрт! Партияның Орталық Комитетінің октябрь, ноябрь Пленумдары, Жоғарғы өкіметтің соңғы, даңқты сессиясы тарихқа алпыс төрттің атымен жазылды. Адамды бейкүнә күйдіргіш бюрократтар тағы да там-тұм төбе көрсетпек болғанын осы алпыс төрт аңғарып, партияның батыл қолымен жөппелдемде жөндеп жіберді. Түптеп келгенде, жыл өнімінің дені ішіп-жеп түгeсіп, киіп тоздыратын қоймадағы қор емес, ұрпақтан-ұрпаққа ауысатын мол мұра, дәулет қой. «Сол қазынаға жыл ішінде біз не қостық?» деп, әр жердің тұрғыны өз тарапынан ойлайтын елде, естияр адам атаулының күллісі уақытқа өзін жауапты сезінетін елде тұрамыз біз. Бұл жағынан тебіренсеңіз, байтақ Қазақстан қашан да бар тұлғасымен көз алдыңызға келеді. Меніңше, астықтың өзі мәңгі сақталмыш азық. Отан қамбасы ортаймас, тартылмас теңіздей табиғат. Жалғыз-ақ айырмасы: теңіз өзендері көктемде құйса, мұның өзендері күзде тасиды. 940 миллион пұтты соңғы кезде соған апарып біз құйыппыз. Абай мен Мұхтар сүйген Қарауыл өзенінің бір көктем тасуындай дер ем мен оны! Қазақстанның үлкен болаты Қарағандының алғашқы сом теміріне алпыс төртінші жылы күәлік берді. Енді оның да бесіктен белі шықты. Ол енді қыруар замандарға қызмет етеді Толысып туған жылы болса да, тоқтап тұрар жылы болмайтын Ертіс-Қарағанды каналы, Гурьев-Астрахань темір жолы сипатты алып құрылыс та ғасырымыздың алпыс төрт жасында қолға алынды. Сырдарияның қайта жаралған, адам қолынан арна тапқан жылы да осы алпыс төрт. Ақын шалқуынан да шабыттырақ шындық осылар. Шабыт демекші, өткен жылғы өнер өнімдерінің, де көбі тұтас халықтың тұтынуына жарарлық сапада, елдің үлкен рухани қазынасына үлес боп қосылды. Ақын-жазушы, суретші, композитор, артист, кинематографист — бәрі де тынымсыз толғаныс, батыл барлау, іздену бағытын ұстанды. Нәтижесі — ұлылы-кішілі жүлдеден үміткер шығармалар шықты. Орыс әдебиеті мен өнерінің онкүндігі Қазақстандағы өткен жыл оқиғаларының бел ортасында биік бір жота боп қалды. Бұл өзі қазақ халқының қашанғы арманы, Абай арманы да болатын. Сонау, Пушкиннен бері қарай тамыр тартқан қарым-қатынас қазақ жерінде толық салтанат құрып, ақыры аға жұрттың қаһарман мәдениетін қазақ қабылдады. Кең, тең отырып, келелі кеңестер, озық ойлар қозғадық. Қазақ Республикасының Yкіметі орыс мәдениетін наградтады. Иә, жыл олжасы жатқан бір тарау-тарау дастан ғой! Бәрінен бұрын осыларды туындатып, жетілдіріп жатқан адамды айтсаңшы! Өткен жылы да құрмет алтын кітабына көп-көп ерлердің есімі жазылды. Ол — еңбекші адамның ересен жоғары санасы, ар-намысы алтынмен жазылып, тарихқа табыс етілді деген сөз. Алпыс төртінші жылдың метрикасын алған, күәлігіне соның мөрін бастырған туындылардың бірсыпырасын айтқанда, бірегейін әдейі соңға қалдырдық. Үлкен-кішіміз орнымыздан тұрып, алдына барып бас иетін азаматтар бар-ау! Осы жүрген бәрімізден де ұзағырақ; өмір сүретін арманымызды, жанымызды жалғастыратын, ісімізді. ізімізді де ілгері апаратын солар ғой! Соларды құттықтайық!

— Алпыс төртінші жылы туған кішкентай азаматтар! Алғашқы жаңа жылдарын құтты болсын! Берекелі бейбіт өмір кешіңдер! Ата-ананың перзенті далада қалу атымен құрысын!

Даңқты жетіжылдық жеті тараудан тұтасқан ұлы Симфония десек, алпыс бес — соның, эпилогы! Ұлы Октябрьдің елу жылдығына еңкеймей енетін есік ол! Біз оның маңдайша, табалдырығын, босағасын болаттан, мәрмәрден соғамыз!

— Жаңа жылымыз бәрімізге де баянды бақыт жылы болғай, бауырлар, достар! Мезгіл мекені біздің Отандай болсын! Календарь беттерінің күнде біреуін жырлап тұрып жыртайық!

1965 жыл.

ДӘУІР СӨЙЛЕЙДІ

— Көктем — қашан да көктем, ол дүние-тіршілікті көркейтеді, көбейтеді! — деп баяғы заманнан бері адам баласының бәрі айтып келеді Ол рас, әрине. Осыдан жиырма жыл бұрынғы сұрапыл соғыстың соңғы көктемінде жаралы ағаштың өзі де жапырақсыз қалған жоқ Окоптар үсті де әп-сәтте көгеріп шыға келген-ді. Ал сол «көктем көркейтеді, көбейтеді!» деген сөз қанша айтылса да, көнермейтіні қызық. Жылдағы көңілің өзінше құлпырып, шешек атады да, әлгі сөзін, жаңаша әрленіп, әлденіп жатады: бірін-бірі қайталаған көктем көрген емеспіз.

Дәл осы сәтте менің көзім көбіне терезеде. Бұл терезеден биыл осымен оныншы көктемнің көркіне қараймын. Өзгерістің жылдағысын жылда белгілеп қоямын. Басарық бойы бір жылдары кедір-бұдыр көгеріп, қасында қақ суы көлкіп жатушы еді, балалар сол суды кешіп ойнап, «кеме» жүздіретін-ді. Енді сол жер ойыншық кеме емес, жүз бала жүзетін төрт бұрышты, тамаша бассейн боп кеткен. Көшіп келген жылы Мұқан Төлебаев екеуміз барып әңгіме шертетін көк дөңес те бір жылы жоғалып, ол орынға атақты Абай проспекті жарқырап шыға келді. Проспектің ортасы гүл-салаға айналды да, екі бетінде самсаған зәулім сарайлар сап түзеп болды. Бассейннен бергі барактар мен тоқал-тамдар орнына былтырғы жылы архив басқармасының алты қатар үйі салынып еді, қазір сол үй Құрманғазы көшесіне қарай тағы да созылып қалыпты. Оның шатырын, терезелерін де берідегі биік теректердің үстінен көріп отырмын, яғни, биылғы теректер жаңа Алматыны жарқыратып, төбесіне көтеріп тұрғандай көрінеді маған. Май мерекесінің сол жаңа үйдегі жағалаулары да әлгі бәйтеректердің басынан желбірегендей. Міне, бұл бір ғана терезе алдындағы көктем мен көктем айырмашылығын танытатын құбылыстар. Ал біздің байтақ Отанымызда осындай терезенің неше миллиард екенін кім санапты?!.. Бір терезенің алдын ғана емес-ау, бүкіл елімізді тұтас көріп отыруға да бәріміздің-ақ көзіміз үйренген. Ұлы Отанымыздың әр сәттегі тынысын тыңдап отыруға да дағдыланғанбыз. Қазақстанның қай жерлеріне жаңадан асбест, титан-магний комбинаттары, қай жеріне алюминий заводы орнығып бекіді. Әлі барар жеріне жетіп болмаған темір жол, асфальт жол, канал құрылыстарының қайсысы осы сағатта қанша белестен асты — бәрін көріп отырмыз. Бұған қарағанда, жаңалықты көру бізге жаңалық емес деп айтуға да болады. Бірақ, ересен өскелең өміріміз небір ғажайып шындықтарды алдымызға әкеп ақтара салғанда таңырқауымызды қоя алмайтынымыз тағы бар-ау!..

— Аспаннан арғы ғарышта кәдімгі нағыз адам — совет адамы жаяу, адымдап жүр, жүзіп жүр. Жердегілер оның дидарын көріп, сөзін де тыңдап отыр...

Кешегі марттың ғана хабары еді ғой осы. Осыдан аз күн бұрын өзге түгіл, өзіміз қайран қалған жай еді бұл. Ал қазір ше?.. Қазір әрбіріміз сол Алексей Леоновтың көзімен бүкіл жер шарын космостың үлкен терезесінен де көріп отырмыз, қара құрлық атанған Африканын көп жері көгеріп, көріктене бастаған, Латын Америкасында да бұлттың жыртылған жерлері бар. Әттең, сонымен бірге әлі де туырылып тұрған қара бұлт қанша десеңші!.. Мұхит үстінің мұнарту себебі де содан ғой. Бірақ бұлттың күнді көзден жасыра алмайтыны сияқты, жерді де өне бойы бүркеп тұра алмайтыны бәрімізге аян. Алыс космостан тып-тыныш көрінген аралдардың көбі-ақ — бұлт астында бұлқан!.. Беляев пен Леонов жарты мың километр биіктен жерге қарағанда, солардың көзіне түскен бір ғаламат — Сайгон үстіндегі нажағай еді-ау... Жеті секунд ішінде он бес дүркін жарқ еткен әлгі нажағай — сол тұсқа да адамзат көктемінің ақ жаңбырын төккізгелі тұрған құдіреттің күштің дүмпуі Американ империалистерінің қара құзғындай қалбаңдаған бомбашыларына Вьетнам халқының дәл тигізген оғы еді ғой ол. Космостан, көрші планеталардан өмір пайдасын іздестіруді мақсат қып, адам қиялы алысқа шырқап жатқан шақта Джонсон жендеттері жердегі өзіміздің төл көктемге төбеден бомба тастап, тіпті улы газ шашып, ядролық ракета жұмсап жүр.Бірінші май, міне, тап осындайларға о бастан-ақ қарсы жаралған.

— Осы көктем янкидің ол тараптан кетуіне кепіл болсын! Бүгінгі бүкіл әлем талабы, әрбіріміздің өміріміз осы. Американдық азаматтар да осы талаппен ақ үйдің іргесін солқылдатып, есігіне ереуілмен барып тұр.

...Біз жаңағы космос терезесінен әлі қарап отырмыз. Көз алдымызда — Бірінші Майға қараған түнгі жер шары. Шығыс Еуропадан Тынық мұхитқа дейін біртұтас қызыл-жасыл жұлдыздар шоқ-шоғымен гүл болып көкке атылады. Бостандық аралының үсті де сондай жалынды гүлмен жарқырап көрінеді.

— Салют!

— Тағы да, тағы да, тағы да салют!

Иә, социализм лагерінің салюты мұхиттан молырақ! Өзге тараптағы тұңғиық түнекке де шапағын шашыратып жатқан сол туыстар салютінің таңы. Олар осы салютпен соғыстан соңғы жиырма көктемді мұңсыз, олжалы өткеріп, енді алдағы көктемдердің жемісін бірлесіп бітік өсіруге серт, сенім берісе бастады. Совет-поляк халықтарының кешегі Договоры кепіл соған. Туыстар пейілінің тұтастығын, жан-жарастығын, ортақ мақсатын қадір тұтқан қаншама ойшыл қайраткерлер көптеген Компартиялар атынан жуырда ғана келелі кеңес құрды. Ол кеңес сонау орта шендегі зор, аса жарқын жанған аға жұлдыздың түбінде өтті. Совет — Вьетнам, Совет — Монғол мазмұндамаларына да сол жұлдыздың түбінде қол қойылды. Сол, сонау зор, аса жарқын жанған аға жұлдыз — Москва. Осы ғасырдың отты жаршысы ол! Москва март айында елдің ең бір үлкен ұранын тағы да көтерді. КПСС Орталық Комитетінің март Пленумы біздің биылғы көктемді барлық мағынасында бастап келді. Байтақ Отан жеріндегі әр топырақтың өз дақылын, өсімдігін, төлін құнарымен табыстырған, еңбекке адам ықыласын арттырған, қауым-қауым шаруалар шабытын өрлеткен тамаша форум болды бұл. Өткен шақтың өкінішін де аса бірлікпен талдап көрсетті Март Пленумы — шын мағынасында, биылғы көктеміміздің авторы. Көктемде шалқыған көңіл күйімізд!н төтелей төркіні— сол! Енді басқаны қойып, осыған орай сырласайық! Орал облысындағы «Березовский» совхозының шопаны, облыстық coветтің өткен марттағы сайлауында халық қалаулысы болған Шәмші Тәбішев біздің бір тілшіге:

— Әттең-ай, осы маусымдағы әр тәулікте қырық сағат болса ғой!.. Көктем жұмысының көлемі мезгілінен көбірек боп тұр! — деген екен. өте терең айтылған сыр. Мұны, шынында да, қырық сағаттың қызметі бар, жауапкершілікті жан түкпірінен өндірген адам ғана айта алады. Сол Шәмші қысты ығыстырып, оның есебінен көктемге мезгіл, яғни орын алып берген: қойды қыста төлдету дегеннің мағынасын өз басым осылай ұғамын. Бұл жолдас биылғы көктемде әрбір жүз саулыққа жүз жиырма төрт қозы емес, қой қосып шығарып отыр. Қайталап айтайық, асылы, адам жанына өзгенің бұйрығынан гөрі өз жүрегінің әмірі ықпалдырақ. Бұл күнде әркім-ақ жыр толғағы қысқанда шырт ұйқыдан оянар ақын сипатты.

Іріленген шопандар бригадасы да әзірше балаң көктемде көрінген төлдей. Ал оның болашағы асқар таудай зор. Қауым-ортадан бір сәт оқшау қалмай, төңірек қамқорлығын сағат сайын сезіне, өз ықпалыңды жолдасына да тигізе жүргенге не жетсін! Ондай бригадаларға әркім-ақ қаланып-өтініп барады да, бүгінгі ортақ ойланып, алдағыны бірлесіп арман етуден соны жақындата түсейік деуден жалықпайды. Биыл Қазақстанның бидайымен бірге күріші, тарысы мен сұлысы да бөгде дақылға өз орнын босатпақ емес. Әр дақыл — өз топырағының аруы. Бұл шындықты да бір ауыздан қолдап, ұран көтеріп отырғандар сол дала бапкерлерінің өздері. «Даланың бабы да баланың бабындай!» дейді олар. Бұл да ынта-жігерден, творчестволық толғаныстан туатын ой. Ынта!.. Түптеп келгенде колхоз бен совхозды ынталандыру дегеніміз сол жеке адамды, яғни шопан, зоотехник, механизатор, агроном Шәмшілердің өз ықыласын өсіру, солардың еңбегін қымбаттырақ бағалау боп шығады. Олар еңбек пен табыс — егіз екенін біледі. Адамды еңбек пен табыс екеулеп тәрбиелейтіні де әмбеге аян. Біздің қоғамның мүшелері «көп беріп, аз ал» дегенді өз жүрегінен өндірмесе, өзгенің аузынан қиын жылдарда да естіген емес. Міне, енді табыстың көктемгі селдей шалқып, таситын шағы туды. Табыс пен табыс салығын қайта қарау шараларында осындай тамаша сыр бар ғой, жыр бар ғой. Еңселі, кең мектеп үйі, балалар бақшасы мен клуб, әдемі пәтерлер, ыстық, таза моншалар мен мәуелі бақтар егінші-малшы қоныстарына ересен мол баратын болды. Бірінші Май — батыр Май табиғатына тән алып қозғалыс, міне, осылай болса керек! КПСС Орталық Комитетінің былтырғы Ұлы Октябрь мерекесінен аз күн бұрын өткен октябрь Пленумы биылғы Май қарсаңындағы март Пленумын тамаша даярлап еді. Ал, март Пленумы Май даласының өмірін барлық жағынан өте бір көркем де, қуатты көктем етіп даярлады. Бұл іске ауылдың шаруалары ғана емес, жұмысшы мен интеллигенция да жұмыла қол қойды. Пионер баланың да, пенсионер ағаның да назар-ықыласы дала дабылына ауған шақ. Иә!.. Май маужырап, өзінің барлық тамаша бояуымен даламызға. Тіпті сонау қарлы шыңға қарай да өрмелеп шығып кетті. Қаланың көше-алаңдарын, сквер бақтарын әдемі киіндірді, тереземіздің, алдын көркейтіп, бөлмемізге де жапырағын әкеп жайып салды. Сол сияқты көңілімізге де тағы бір тамаша көктем орнатты ол. Адамның іші-сыртын бірдей жадырататын осы ленинизм көктеміне, коммунизм көктеміне қанша қарасаң да көз тоймайды, жұпарын жұта бергің келеді. Оның қайталанбас көркіне қайран қаласың да отырасың! Оның жер бетіне жайыла түскенін жаныңмен тілейсің! Өйткені, бұл көктем қызғалдақ маусымындай қысқа емес, мәңгі жасайтын, мәңгі жасара беретін көктем ғой.

— Ал, кәне достар! Мәңгі көктемнің жұпарын жұта берейік! Бірінші Май көшесімен биік мақсатқа қарай алшақ адымдап, оның туын жоғарырақ көтерейік! Оның асқақ жырын бәріміз қосылып аспанға шығарайық! Міне, дәуір үні, замана сөзі осындай.

1965 жыл

АЛЫСТАҒЫ ДОСЫМА ХАТ

Көктем сайын адам көзі гүлге құштар болатыны өзіңе мәлім. Сен екеуміз Бірінші Май келгенде де сөйтеміз: оның таңы қылаң берсе болғаны, үйде тағат тауып отыра алмай, дереу терезеге жүгіреміз, ерсілі-қарсылы ағылып жатқан халыққа қараймыз. Сол көп ішіндегі достарымыздың бірімен болмаса, бірімен кездесу, сырласу үшін сыртқа да шығып кетеміз. Парадта, санатта да ортақ ойды бірге толғаймыз. Бұрын-соңды жүзі таныс емес еңбеккермен де етене шүйіркелесе қалатынын бар-ау... Ол ол ма, тіпті ешқашан көрмеген, келешекте көрісе алмауын да ықтимал, әйтеуір өмірде барын көкірегін ғана сезетін әрі сүйетін бейтаныс досына да лебіз білдірсем деп шабыттанатын шағың осы Бірінші Май күні жиі кездеседі. Менің осы хатты жазуыма да тап сол бір соңғы сезім түрткі салды: сенің тұрағың дүниенің қай түкпірінде екенін білмесем де, осы хатты өзіңе арнап жазайын дедім. Әзірше менің білетінім — әйтеуір сен бір жерде еңбек етіп жүрсің (еңбек етпейтін адамға бұл хаттың ешбір қатысы жоқ). Сол себепті де сені досым деп, бір лебіз білгізбекті мақсат еттім. Не жайлы айтсам екен деп бірсыпыра ойландым да, ақырында екеуміздің тағдырымызды жалғастыратын бір тақырыпты таңдап алдым: атап айтқанда, менің республикамның шетелдермен байланысы жайлы сөз қозғағым келді. Менің Қазақстаным елу елмен экономикалық байланыс жасайды екен. Мүмкін соның ішінде сенің елің де бар шығар. Мүмкін, бізге тіпті сенің еңбегіңнің жемісі де белгілі бір бұйым боп келіп жүрген шығар. Солай болса тіпті жақсы, әрине. Қазақстанда ересек-егде түгелдей еңбек етеді. Сен оны білуге тиіссің. Өйткені бірінің жағдайын бірі білуге еңбеккер жандар қашан да құштар ғой. Сен Қазақстанның территориясын географиялық карта, әртүрлі әдебиеттер арқылы білесің. Оның жеріне бес Франция яки, он бір Англия сыйып кететіні өзіңе аян болу керек. Ал, оның экономикалық қуатын сен тек бұлардан ғана емес, біздің өлкеден барған бұйымдардың маркасы арқылы да білесің-ау деп ойлаймын. Қазір біз ондай бұйымдардың үш жүз түрін шығарамыз. Мұндағы бірінші ақындар отты өзен боп тоқтаусыз ағып жатқан Қазақстан магниткасын Сырдарияға, ағыл-тегіл астығын теңізге теңейді. Көп запасты көмір, мұнай, түрлі-түсті металл, мыңғырған мал — осының барлығына да балама бар біздің поэзияда. Сол себепті де біз шығарманы шындық тудырады дейміз. Біздің халықтвапра «Мал аласы сыртында, адам аласы ішінде» дейтін мәтел бар. Мүмкін, ескіні ғана еске тұтып, алыстағы Қазақстанның ақуалын көрнеу жүдетіп айтушыларда бар шығар. Қыс айларында көзсіз көк-ала дүлей боран ғана ысқырып, жазда күллі тіршілікті күйдіргіш аптап-анызақтың сары желі ғана сарнап тұрады деуі де мүмкін бағзы іреулердің. Өйткені бұдан 40-45 жыл бұрынғы ақуал шынында да солай еді. Көп жерлерде көктемнің өзі де жапырағын жастай солғызып, аз аптаның ішінде асығыс өте шығатын-ды. Ол біздің қазақ деген атымызға қайтадан ие бола бастаған, жаңа ғана есімізді жинап жатқан жылдар еді. Ол уақытта шет елдермен сауда қатынасын жасауды ойлауға да мұрша болған жоқ. Тіпті ол кезде біз британ келімсектерін жерімізден біржола қуып жаттық қой. «Әуелі әлді тұрмыс, әрлі өмір жасап алып, шетпен сауданы содан соң қолға алыңдар. Ағайын көмегін аямайық!» деп, орыс пролетариаты да, өзге туыстар да қосыла қолғабыс етті. Біз онда біріңғай ішкі байланысты ғана күшейттік. Өсекшілер аузына ілігіп жүрген сол бір өткен шақ деп өзіңде ойлаған шығарсың-ау. Сөйтсе де анықтай кеткеннің артығы жоқ дегенім ғой. Қазақ мемлекетінің шет елдермен экономикалық байланысы отызыншы жылдардан басталады. Бірақ, ол жылдары қазіргідей елу емес, бес-ақ елмен алыс-беріс жасалған. Азияда батыс-Қытай, Ауған, Монғол, Еуропада ағылшын, неміс жұрттарымен... Ол тұстағы бізден шығарылған негізгі товарлар жүн, қой сеңсеңі мен аң терілері, балықтың консервісі мен уылдырығы болатұғын. Ал, енді ше?.. Ендігінің дені өнеркәсіп өнімдері. Советтік Қазақстан — қуатты индустрияның мекені екенін менсіз-ақ сол айтып береді саған. Әрине, мен сауда саласының маманы емеспін (журналист, ақынмын ғой. Оны айтуды ұмытып барады екем, кешірерсің). Тіпті сауда саласының маманы болғанның өзінде де сыртқа шығарылатын өнім-бұйымдардың өңкей тізімін жатқа тізу қиынға соғар еді. Ақтөбе рентген заводының қоладан құйылған маркасы отыз елге таныс. Сол елдердің ішінде Куба, Гана, Мали, Непал, Индия да бар. Оралдың арматур, Ақтөбенің ферросплав, Шымкенттің химфарм заводтары жөнелтіп отырған бұйымдардың мазмұнымен мақтанбасқа ешбір еркім жоқ. Ол бұйымдар — әлі де буыны бекімеген, әлсіз елдердің бойына құт-қуат, керек десек, дәл айтқан боламыз. Досым-ау, өзің ойлашы!.. Барлық мағынасында Қара құрлық атанған Африканын қазіргі жағдайында дәрі-дәрмектен бағалы не бар?.. Мыңдаған ана-бала, кәрі-жастың өмірін ажалдан арашалап, жұқпалы жаман аурулардан жазып, қысқасы, ежелден бері ауру Африканы бойына сіңген дертінен айықтырып жатқан сол дәрі-дәрмек қой. Ендеше, біліп қой, солардың ішінде біздің Шымкент шипасы да бар. Ал, революцияға дейін менің халқым да дәрі-дәрмекке зәру болған жұрт еді. Реті келгенде айта кетейін, жұқпалы ауру-індеттің азабы мен ажалы — қоғамдағы қорлықтың үлкені екені әмбеге аян. Ол өзі қашан, қай жерде болса да отар елдің қашса құтылмайтын қақпаны. қол-аяқты бірдей буып тастайтын бұғауы көрінеді ғой. Біздің халқымыз бір кезде соны өз басынан өткергені себепті де, бүгін өзгенің дертіне дару бермекті аса мәртебелі мақсат тұтады. Жә, әлгі әңгімемізге қайта оралайық. Қазақстан жыл сайын өзінің экономикалық диапозонын қас пен достың көз алдына көрме күйінде жайып салады. 1961 жылдың өзінде 59 түрлі шаруашылығы мен халықаралық көрме-жәрмеңкесінің жиырма төртіне қатысты, жолы болып, өнім-бұйымдары өте жоғары бағаланды. Гурьевтің мұнай айыру заводы Куба үкіметінің жүлдесін алды. Бразилия мен Польшада, Бирма мен Чехословакияда, Венгрия мен ГДР-де, басқа да көп-көп елдерде, совет көрмесі салтанат құрған жерлердің бәрінде де Қазақстанның өз жиһазы бар. Бұл байланыс жыл сайын қанатын кең жайып, өзінің келелі мақсатын өтеп отырғаны сөзсіз. Қазақта «Береген қолым — алаған» дейтін мақал бар. Тамаша өнім-бұйымның талайы дүниенің әр тарапынан бізге де келіп жатады. Солардың ішінде өз басым өте бір артықша бағалайтын бұйым бар. Оның аты — алғыс. Шынында да одан бағалы импорт болмаса керек қой: жаһанға бағыштаған еңбегін жанып, ер зат өзінің шыққан төркініне әлемнің түкпір-түкпірінен сан тілде алғыс, ақ тілеу жеткізіп жатса, жаныңа содан жайлы не бар өзі дүниеде?! Мүмкін сен жүрген жерге де сондай жүрек жүлдесі — алғыс, ыстық ықылас, басқа жақтардан, бізден де баратын шығар. Ләйім де солай болғай!.. Алыс-беріс, ауыс-түйіс сауда қатынасын жасаған екі тарап материалдың жағынан ғана емес, моральдық жағынан да ұтады ғой. Сайып келгенде, ел мен елді, адам мен адамды ұғыныстыратын да сол абзал, адал еңбектің жемісі болмақ. Біреуге-біреудің тілеулестігі білуден туатындығы қақ. Оның үстіне, бұл тұстағы адамдардың өзара барыс-келісі, дидарласуы, біраз уақыт жұмыстас болуы етек алып келеді. Әсіресе, осы соңғы жәйт — адамдарды достық, туыстыққа тура жетектейтін құдіретті күшке айналды. Кейінгі жылдардың тәжірибесінен біз осыны анық көріп отырмыз. Біздің Қызылорда облысында күріш өсіруші жас жігіт Кеңесбай Алшоразов Кубаға барып, ондағы өз әріптестеріне бұл дақылдың қалай өсірілуі жайлы, ұстазы Ыбырай Жақаев туралы да көп-көп сырлар шертті. Жігіттің өз колхозына жазған хатынан аңғарғанымыз — оның революцияшыл Куба өмірін қызыға зерттегенді. «Кубада көрген жаңалықтарымның ең бір тамашасы деп мұндағы жұрттың жаппай оқып-үйренуге құштарлығын айтар ем» депті ол. Ал, Бұқтарма ГЭС-нің бұрынғы прорабы Александр Петренко елдегі достарына Арабиядан былай деп жазды: «Кеше бір қарт араб жолымнан күтіп тұрып, маған үш-ақ ауыз сөз айтып қалды: «Совет, жолдас, рақмет!» Мен мұны үлкен сыйлық дәрежесінде қабыл еттім. Осыны Отанына ала барғайсың дегендей ишарат білдірді ол. Қуанып қолын қыстым. Алақаны көн-тақы, аса қалың екен: ішім елжіреп қоя берді. Сол Асуан гидроузелінде Петренкомен бірге монтажшылар бригадирі боп істеген Әкім Ермеков те осыған ұқсас бірнеше хат жазды. Иә, совет адамдары еңбек адамына елжірей, оның табысына жанымен қуана біледі. Дос табысына қуанудың бағасын білгендіктен сөйтеді олар. Жұмысшы-шаруа өкіметі жаһанда жалғыз боп тұрған шақта біздің табысымызға дүниенің дүйім пролетары шексіз қуанып, қол ұшын бергені белгілі. Тағдырластың табысына қуану содан бергі дәуірдің дәстүрі ғой. Импорттың бәрі бірдей бағалы емес. Сондықтан біз оған қатал сын көзімен де қараймыз. Сапасы нашар матаға да мақтау жоқ. Ол өзінен-өзі аксиома ғой. Менің айтқалы отырғаным ол емес. Біреудің бақытын біреу тонап, нанымен бірге намысын да тартып алып жатқан капиталистік елдерде адам жиіркенетін ақуалдар да бар-ау... Арын ақшаға айырбастау, тіпті тәнін де саудаға салу, ту-ту арғы, жабайы заманның жалаңаш, салдақы салтын жаңалық деп ұсыну, мұрат-мақсатсыз, селқос өмір кешу — осы сияқты толып жатқан тозғын әрекеттерді де «экспортқа» айналдырып, солардың жәрмеңкесін ашқысы келетіндер әлі бар-ау әлемде. Егер сенің елің де осынау індеттен әзірше айықпаған болса, амалсыз өкінемін, сені аяймын. Саған қиын: күллісін көргенде күйінесің ғой әрине... Бірақ... Бірақ сол күйік қатты ашуыңды қазандай қайнатқан шақта одан жалпы күрестің жалыны әлсіремей, қайта қоза түсетіні абзал. Алыстағы жанашырыңмен де табыстыра түсетін сол күрес. Советтік Россияға қарсы даярланған қару-жарақты кемеге тиеудің орнына суға батырған жүкші-матростарды, дөкерлерің талай елдің тарихы біледі. Ол өзіңе айтпай-ақ аян. Ендеше, әлгі мерездерден «экспорт» жасамақты көздейтін бағзы бір бұзықтар өзгеден бұрын өз ішіндегі сенен қорқады. Сол үшін-ақ, өмірге өте керек адамсың ғой сен. Дүниеде импорт болуға да, экспорт болуға да міндетті, аса қымбат, тіпті баға жетпес бір товар бар-ау. Оны товар деп атаудың өзі де дұрыс емес әрине (баға жетпейтін нәрсе сатылмайды ғой). Әйтеуір елден-елге мол таралуға тиісті қажет болған соң солай деп отырмын. Бейбітшілік идеясын айтамын. Онсыз өнім-бұйым, тұрмыс қажеті, алым-берім жайлы айту маған да, саған да мағынасыз. Осыны есімізде сақтайық. Ұл-қызымызға тозбас мұра, өлмес өсиет етіп осыны қалдырайық. Меніңше, сен екеуміз талай рет кездескен болуымыз керек. Кездесетін де шығармыз. Өйткені сен жалғыз емес, миллион емес, екінің бірі де емессің, одан көпсің ғой. Май күні, ортақ мерекеміздің осынау күшелінде саған айтайын дегенім осы еді. Деніңе есен-саулық, еңбегіңе еркіндік, ерлігіңе жеңіс тілеймін.

1965 жыл.

ЕЛДІК ЗАҢЫНАН ТОЛҒАНЫС

Осынау бір озық дәуірде беделі аса жоғары, мерейі мейлінше үстем болған Ұлы Октябрь Отанында мерекелі күндер көп. Әйелдер мен балалардың, әскери адамдардың, көмірші, мұнайшы мен теміржолшының балықшы мен мұғалімнің, милицияның, баспасөз бен радионың — бәрінің де арнайы, салтанатты календарьі бар. Әрбір ұлт республикасының туын, гербін көтеріп, гимнін ойнатып, жаһанға азаттық атынан жар салатын күндеріміз және бар. Бұл айтылған торқалы тойлардың күллісінен совет адамдарының бірде-бірі тысқары қалмайды, күллісін бүкіл халықтың сайран-сауығына, салтанатына айналдырамыз. Өйткені әлгі күндердің әр бірі, түптеп келгенде, азат адам мен еркін еңбектің мерекесі көптің бақытын көздің қарашығындай қорғаудың салтанаты, достық пен туысқандықтың демонстрациясы. Ендеше, мұның өзі ерекше елдігіміздің негізгі заңынан туған шындық. Ал, біз ерекше елдігіміздің негізгі заңы деп Совет Конституциясын айтамыз. Календардың алтынмен апталған бүгінгі беті әлгі салтанаттардың әзіз анасы — Совет Конституциясының өзіне бағышталған. Бұл — біздер үшін ерекше арайлы, аса шырайлы күн. Мұны әрбіріміз-ақ бақытымыздың туған күні деп атаймыз. Әр жылдың осынау бесінші декабрьіне жақындаған сайын кісі өзінше бір ой толғағына бергізеді, жеке патриоттың іc-қимылында, тұтас қоғам қозғалысында байқалатын түрліше жай-күйге әркім-ак, өз тарапынан өлшем-меғдар жасайды. Соған сәйкес өз ісі мен сырын да сынақтан еткізеді. Өз басым, көбінше, біздің Конституциядағы қасиетті қағидалардың ортақ бір табиғатына жыл сайын ой жүгіртіп, соның төңірегінде қызыға қиялдаймын. Ол — өсу есебінен өзгеру заңы. Жоғарғы советтің сессияларында негізгі Заңның қай статьясы өмір мен өз арасында қандай қозғалыстар жасайды? Мен осыған үңілу арқылы, өз міндетін атқарып болған шараларды, оның, орнына тура қалған келелі мақсаттарды қызыға бақылаймын. Өсу есебінен өзгеру заңы деп отырғаным осы. Күн сәулетті Конституциямыздың құдіретті күні де осында. Ол өзінің ұлылығын бір орнынан ғана паш өтетін тау емес. Ол үнемі қозғалады да, өмір үнемі қозғалтады. Бұл тұрғыдан алғанда, алпыс бесінші жыл көп өзгерістердің куәсі болды. Ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіптің пайдасына, әрбір жұмысшы мен шаруалар пайдасына көптеген заңдар шығып, қарарлар бекіді. Халық дәулетін басқару принципі көп салада қайта құрылды. Демек негізгі Заңның талай статьясы тағы да бір тамаша, жаңаша сөйлеп жіберді. Біздің Конституцияда Коммунистік партияның басшылық рөлі де, оның халықтық өкіметпен біте қайнаған бірлігі де аса зор мақтаныш пафосында жарқын әріптермен жазылып еді. Ленин партиясының о баста-ақ қасиеттеп көтерген ұлы ұраны — жұмысшылар мен шаруалар одағы орақ пен балға бейнесінде мемлекет гербі боп құпталып еді. Содан бері партия мен өкімет ел өмірінің егіз соққан жүрегі боп, жеңістен-жеңіске, биіктен-биікке, соқпақсыз-ақ соныға бастап келеді. Совет Конституциясы мен совет коммунистерінің ұлы Программасы — біз баратын бірақ бағыттың компасы ғой! КПСС Орталық Комитетінің осы жылғы март, сентябрь Пленумдары жасаған шешімдер мен Жоғарғы Совет сессиялары шығарған заңдар тағы да сол ежелгі бірліктің дәл шыққан дәлелі болды. Бұл екі Пленум экономикамыздың екі арнасын бұрынғыдан бетер кеңейтіп қана қойған жоқ, көкейде жүрген көп армандарымыздың үстінен түсіп, басқару жүйесіндегі бағзы бір жөнсіз айғайдың аптығын басты, адамның ынта мен санасына салиқалы кеңес қосты. Әр азамат өз тарапынан кең ойланып, өнімді іс қылудың қажеттігін, Конституциядағы еркін-дарқан праволарын коммунизм пайдасына батыл, жомарт жұмсау қажеттігін жыл ішіндегі жиындарда, баспасөз бен эфирде барынша байсалды айтты. Право туралы айтып қалдық-ау... Иә, право. Бұл сөздің де қуатты, қуатсыз шақтары тарихқа аян. Бұл сөздің қазір де әр елде әрқилы әл-қуаты бар. ...Қанауға праволы... Қаналуға праволы... Жала жауып та нан табуға праволы... Зорлықпен де, ұрлықпен де күн көруге праволы... Тәнін сатуға да праволы... Баласын жөргегімен қараңғы көшеге қалдырып кетуге де праволы... Ища!.. Неткен мерез жайлаған мезгіл еді, сол өзі?!.. Сол бір алжыған алапес, сайқал мезгіл біздің тума топырағымыздан әлдеқашан жоғалса да, әлі күнге шекті «менің, планетамды мекендеп отыр-ау» деген ой басына келгенде, ызаң ыршып көзіне бір-ақ шығатыны бар-ау!.. Буржуазия да «де-мо-кра-тия!» деп аузын көреді. Оның да өзінше конституциясы бар. Бірақ, ол — жансыз, салқын, сары тап болған жазу ғана. Онда жазылған праволардың қарапайым еңбекшіге ешқандай қатысы жоқ. Бір кезде алаулап жалғыз туған жарық жұлдыз — Совет Конституциясы тола келе, топ жұлдыз болғанда «соның бірі — біздікі!» деп, қазақ кедейлері де жаһан алдында жалба тумағын көтере сөйлеп еді. Бұл күнде сол Бір топ жұлдыз кеп жұлдызға ұласып, социализм лaгepінің нұрлы шапағы көп елдің үстінен көлеңкені ысырып тастады. Қазақ енді қараңғыдан жарыққа бірінші шыққандар санатында әлемге өмір өнегесін ұсынып отыр. Жанағы жалба тұмақты бақыттың алғаш нұрымен жуылған бас киім ретінде тарих музейіне табыс еттік. Бүкіл еліміздегідей, Қазақстанның қала, дала, ауыл-қыстақтарында да көп ұлтты туысқан тұрғындар өмір тұтқасын ұстауға Бір жеңнен шыққан қолдай. Сол Бір сом білектер баяғы бесжылдықтар тұсындағыдай, жеңістердің соңғы жетіжылдығын да күн астына күмбез етіп көтерді. Биыл — сол күмбездің қаланып бірер жылы. Бұл өзі шаруашылықтың, ғылым мен мәдениеттің тағы бір шалқып өскен, басқа республикалар сияқты, Қазақстанның да картасына ете көп өзгерістер енгізген кезең болды. Сонымен бірге салт-дәстүрімізге де сан-қилы жарқын жаңалықтар келді. Жуырда газеттердің қолға бірінші іліккен біреуін алдым да, әдейілеп тұрып, жаңа ақуалдар жайлы сөз тіркестерін тердім. Бір жерде «Осынау облыстық газеттің ішкі бір бетін қоғамдық ред-коллегия даярлайды. Ол бетон авторлары — депутаттар» десе, тағы бір мақалада «Баспасөз бен хат таратушы балалар тобы — үлкен қолғабыс» делінген. «Халықтық бақылау», «Шопан күні», «Өндірістегі қоғамдық көмектесу тобы», «Насихатшылар заводпен танысты», «Балалардың көшедегі тәртібін бақылайтын милиция бөлімшecіндe жасөспірім дзержинскийшілер кезектесіп қызмет көрсетеді», тағы, тағы осындай көптеген жарқын жазбалар көз алдымнан табыла берді. Міне, өз правоңды коммунизм пайдасына жұмсаудың түрлері деген нақ осылай болып келеді. Бұларды оқығанда жаның жадырап, кереметтей бір кең тыныстап қаласың. Ел аралап, ауық-ауық жүріп тұруды өзіне парыз көретін журналистер мен жазушылар біраз уақыт үйінде отырып қалар болса, қоңылтақсып, тіпті құлази бастайды. Осының өзі де жайдан-жай емес: олардың шабытын шындық шақырып үйреткен. Бір топ ақын-жазушы жуырда Гурьев облысында болдық. Ортамызда жасы алпысқа жаңа толған Әбу Сәрсенбаев жүрді. Сол кісінің зал толы жұрт алдында айтқан мынадай бір сөзі бар:

— Бізде біреуді заңсыз мадақтау — масқарамен тең. Маған айтқан жылы сөздеріңізді мен заманымыздың заңына бағыштаймын. Жүрегімді жүдетпеген соңын елі. Онсыз менің тілім титтей, құным құрттай. Нан-тұз куә, үйде біраз отырсам, үнім жөнді шықпай қалады.

Өте дәл айтылған сөз.
Әбуге пионерлер тобы тағы бір жерде:

— Азаматтығың арқасында ғана ақынсың! — деп еді бұл сөз әлгі лебізге өзінен-өзі тұп-тура жауап болды да шықты.

Иә... Совет азаматы өзінің Конституциядағы праволарын жатқа біледі деу аз. Оның праволары қан тамырын аралап отырып, сағат сайын жүрегіне жүз рет құйылады. Бірер сөз үндеу жайлы. Заңымызда әркім-ақ үндеуге праволы. Жеке адам сияқты, тұтас коллектив те ұйымдасып үндеуге праволы. Мысалға жүгінейік. Солтүстік Қазақстан диханшылары мен Лениногор кеншілері осы тұста, Коммунистік партияның XXІІІ съезі қарсаңында мінсіз еңбек етейік деп, жалпыға жар шашып отыр. Бұлар өздері даусыз алдынғы сапта болғандықтан, яғни үндеуі заңды, үлгісі даяр болғандықтан сөйтіп отыр. Ал, заңды дүбірге қашан да делебең қозбай, қосылмай отыра алмайсың. Көрдіңіз бе, елімізде елеулі қимылдың бәрі де заңды праволарымен келеді де, қоршаған ортаға қозғау салады. Алдымызда партияның әлгі айтылған тағы да бір тарихи съезі таяу. Ол алда тұрған асқар таудай міндеттерді аса көрегендікпен белгілейді. Азамат соған ең алдымен еңбек жемісін тарту етіп барып, сол арқылы келелі парызын өтеуге өзін-өзі даярлауы шарт. Күн сәулетті Конституциямызды дүниеге келтірген осынау ұлы күннің салтанатына орай, дос-туыстарға өзіне бақыт, ісіне сәт тілейміз.

1965 жыл.

КЕЛЕЛІ МАҚСАТ - КЕҢ ТЫНЫС

Осы кітаптың ең соңғы редакциясы қаралып біткен шақ біздің отандастарымыз, қала берді дүйім дүние халықтары айлар бойы асыға күткен аса зор оқиғамен тұстас келді. Советтік құрылыстың бірінші Елужылдығына эпилог, екінші Елужылдығына пролог саналатын осынау алда тұрған бес жыл біздің ұрпақ, өмірінің тағы бір эпопеясын, ұлы симфониясын, жаңа бір шежіресін жаздырмақ. Ендігі очерк, публицистика, суреттемелердің кейіпкерлері - қатарымызда бірге жүрген қаһарман дос, туыстарымыз күні ертең-ақ көп-көп жаңа қырларымен көрінері сөзсіз. Сағаты соққанда оны да өз алдына кітап етіп ұсынармыз. Соған дейін жазушыға да, оқушыға да қатысы бар мына бір төмендеп сырларды шертумен шектеле тұралық. Осыдан аз-ақ, уақыт бұрын Алматыдағы Коммунист проспекті жайлы өз сезімімді өлең түрінде жазып, оның жарқын өзгерістеріне жаныммен тебіренген едім. «Менің көшемнің тынысы» деп атағам-ды оны. Сол көшем қазір тағы да өзгеріп кетті. Өте шұғыл өзгеріп кетті. Газондар пұшпаққа қарай көп-көп ығысып, асфальт арнасы алшақтап, бұрын да дархан көше одан бетер даңғылдана түсті. Шешен домбыраның ішегіндей сыңғырлап, екі беткейде жарысып жатқан мөлдір бұлақтар жүйесі де бір-бірінен сәл қашықтап, қою қозғалысқа орталарынан мол орын қалдырды. Өміріміздегі күнделікті өзгерістердің үлкен де, үрдіс қимылдың барлық көрінісі осыған ұқсас. Өткен март пен осынау апрель ел тіршілігінің саяси-экономикалық, ғылыми-мәдени тараптарына да көктемнің нұр, шуақтарын көп себелеп тастады. Бусана бөріткен жер үстіндегі күн жылуындай, тепе тебіндеп, бірден тұтанған балғын гүл, балапан көктей, жүлге-жүйеге жамырай жүгірген мөлдір бұлақтардай көңіл ашар, шабыт шақырар оқиғалар осы бір екі айда ересен көп көрініс берді. Жаңа бесжылдық директиваларының жобасы жалпының қалың құптауы мен қапысыз талғам-талқысынан туған ортақ ойларды, бүкіл дала-қала жұрттарының даналығын бойына сіңірді. Одақтас республикаларда совет коммунистерінің форумдары бірыңғай биік өтіп жатты. Сол санатта Қазақстан коммунистерінің XІІ съезі де ұлы дәуірдің ұранын көтерді, өткен шақтың түгел табысын түйіндеді, кемсін жайларды да батыл сынады. Сөйтіп, шындығымызды шынықтыра түсті, алдымызды айқындап, жүк-міндет, қарыз-парызымызды жол-жөнімен жоспарлап берді. Бұл тұста қоғамдағы күллі коллектив Ленин партиясының XXІІІ съезіне тап сонау Ай спутнигін даярлаған. Әлем саяхатына атом сүңгуір қайықтарын даярлаған қауымдардай-ақ қам істеді. Даңқты цехтар мен дала қостарында қанша миллион қақпа, шатырлар үстінде жарыс туы жалындай шалқып, көкіректегі берік сезімдер сертке ұласып жатты. Ежелгі лениншілдер дәстүрі қанына сіңген халқымыз құрметті еңбек вахтасына тұрды. Әлемдегі бірден-бір революцияшыл партияның гимні «Интернационал» ең әуелі осылайша Отанымыздағы 232 миллион жасампаз жандар атынан, оның он екі миллион жасақты коммунистері атынан дүние координаттарын дүр сілкінтіп сонау алыстағы Ай төңірегіне сонсоң барды-ау! Міне, КПСС XXІІІ съезі қарсаңында Отан осылайша кемеңгер көкірегін кере тыныстады, бекіп те болмаған Бесжылдық өнімдері көктемгі тау дариясындай тасып шалқып, құт-береке теңізіне құйылып жатты. Даңқты Октябрь пленумының, одан кейінгі март, сентябрь пленумдары аталған коммунист форумдардың қарар-шешімдері барлық салада салтанат құрып, ғылым мен практикадағы қаһармандық, әзіз әмірші жүректің ынта-жігері қайрат-күші қанатын кең жайып келді. Осындайда абзал халқымыздың теңдесі жоқ тереңде, биік ұлылығын ұққан үстіне ұғып-ақ қаласың!.. Көптен күткен 29 март Москва сағатына онды соқтырды. Оның үні дүниедегі оң, теріс тілекті күллінің құлағына күмбірлеп еркін естілді. Эфирді жаяу борасындай жайлап алған «ала-қаншық», түрлі-түрлі болжал-топшылаулар тоқтала қалды. Мәртебелі Кремльдегі Съездер Сарайының сырты мен іші әлемдегі әрқилы бақылаушының көз алдына келіп тұтасымен тұрып алды. Телевизормен ұзақ уақыт үнсіз беттесіп, тебіренген дос та, көрнеу көкірегін қарсы айырған қас та көп болғаны қақ. Үміт-сенімнің үлкен хартиясына өз елімізден басқа сексеннен астам елдің ақ, тілеулі ардагер ұл-қыздары қадірменді қонақ сипатында қатысты емес пе. Құрлықтардың баршасынан құттықтау тасқынын телетайп, телеграфтар мінсіз, мігірсіз құптады. Съезд өз жұмысын баяғыша байсалды бастап кетті. Орасан ойшыл, көреген көсем де, шешен күндер шерулеп, бірінен соң бірі өтіп жатты. Еліміз екі апта бойына созылған осы съезге өз өкілдерін тана емес, бүкіл арман-тілегін апарды. Бес мыңға жуық делегат соңынан тоқсан мың құттықтау, хат-хабар, ұсыныс, рапорттар съезге барша тараптан барып жатуы осы жайды айқын аңғартты. ...Өзін шын Отан мен партия патриоты санайтын жазушы, журналист, ортақ ойлы қаламдас дос осынау болған ұлы жиынның жарқын идеясын жалпыға насихаттау жолында іркілмей ізденеді, алып шындығымызға арқа сүйеп отырып, толып жатқан толғаныстарға ұйып береді. Содан барып шын сөз түгел түрімен жүрекке жол табады. Әрине, съезд әсерінен соң іле-шала туып жатқан әзіргі күндер қалам иесін қайтадан бір іс барлауға барғызады. Күн проблемаларының күллі звеносымен қан-жігерін қаруландырады: әдетте ең әуелі әсерге сөз берілетіні заң. Бұл мақала да сол әзіргі әсер ұшқыны болмақ. Совет коммунистерінің ХХІІІ съезіне мезгіл үш ағайынды болып қатысты деу әбден орынды. Өршіл, өндіргіш өткен шақ болып жатқан барша қозғалыстың барометрі бүгінгі күн мен кемеңгер келешек бұл съезге шешуші дауыспен тегіс, тең праволы қатысты. Үш мезгілдің ұжым ұйғарысымен эстафетаға сөз берілді. Туған жердің бет-бедерінде арғы кезеңдер сияқты өткен жеті жылдың да өрнегі өз бояуымен бір ұдай, қайталанбайтын географиялық карта болды. Қашыққа шалқаймай-ақ, Қазақстанға көз жүгіртсең де ол саған оттан ыстық, айдан айқын көрінеді. Барлық атырап та әлгі бір сөз басындағы Алматы көшесіндей көркейе өзгеріп, жасарып келіп, ендігі мезгілге толық есеп берді. Біз Қазақстанда көптеген зор-зор өндіріс ошақтары етек-жеңін елсіз жапан үстіне де жайып жібергенін көрдік. Республикада соңғы жеті жыл ішінде жеті жүзден астам іpі-іpі жаңа кәсіп орны пайда болған десек, солардың әрбіреуіне мезгіл тың мекен де тауып берді. Бұрынғы үлкен-үлкен, алып дегендеріміз де үрдіс өзгеріп, 535 жана цех сол бұған дейінгі ірілер қанатынан ірге тепті. Сөйтіп, индустрияның аға буыны саналатын алғашқы ошақтары да қуатына қуат қосты. Бұл — оның жыры да өзгеріп кетті деген сөз. Ал, тұрғын жайлар ақуалы ше?.. Тың қоныстың үй-жайлары өз алдына... Қарт заман қалдығы — саман лашық, құжыра тамдар жеті жыл ішінде құдды басқа бір белгісіз жаққа жер ауып кеткендей, көше-көшеден аумақ-жұмағымен алынып тасталды. 42 миллион шарты метр комфортқа Қазақстанның көпшілік жұрты көшіп қонды. Мысал үшін айта кетейін, ондаған жылдар бойы өзгерудің бір орайын келтіре алмай, баяғы баз қалпында күзгі, күйік бетегедей жермен-жексен тырбиып кеп жататын бір қалашық болушы еді. Арғы заманның жоқ-жітік балықшы, пәдретші, алып-сатары саудагер, жалдап-жатақтары мен сүргіндегі қарашекпендер салған өңшең бір тозғын, тоқал үйшіктер жүрегімізді жүдетіп-ақ бітіп еді. Өзгелер өзгеріп, жаңарып жатса да, неге екені белгісіз, осы бір быжырқай міз бақпаушы еді. Бір кезде ел аузында үйшік атанған, Жайықтың Еуропа тарапындағы көне Гурьевті айтып отырмын. Былтыр барғанда соның да тынышы кете бастағанын көріп, тынысым біраз кеңейіп қалды. Сөйтіп, бұрынғы көне кварталдар да атын қалдырып, затын өзгертіп алған. Осы маңайда бір сәт ойланып отырсаңыз, жас жетіліп, қарт жасарып, талай ұрпақ табысып жатқандай тамаша бір жайлар ғой бұл өзі!.. Жоғарыдағы бір сөзімізде далалар есебінен қалалар көбейді дедік те, сол әр қаланың өзіндік сырын сипаттамалық. Шойын, кокс, титан, магний, синтетикалық каучук, глинозем, асбест, картон, күрделі минералдың тыңайтқыштар — сайып келгенде осының әрқайсысы өз алдына бір қала. Темір қаласы, мұнай қаласы, дән-дақыл қаласы, ауыл шаруашылық машинасын жасайтын қала, экономикадағы «А», «Б» категорияларының басқа да толып жатқан тұлғалы ошақтары — мұның бәрі әр қала тұрғындарының өзгеден өзіндік мамандығын да айқын аңғартады. Бір комплексті мамандар қауымының тірлігінен тыс ондай шаһарда тұру, тұрғындар тізіміне тіркелу ұят. Халықтың тұрмыс-жағдайы тағы да кемелденіп, іс адамына стимул (ынта) сыбағасы мол берілді. Өміріңнің қызығы өзіңнің қимылыңда ғана. Қоғам береген қолыңды қақпайды — алаған да сен боласың. Бұл айтылғандар ел өмірінің елгезек жаршысы нағыз ақынның найзағай, ракета шапшаңдығымен шалқып көтерілетін, асқақ жырлайтын аңыздан артық шындығы. Орталық Комитеттің кешегі есебінде жол-жөней болса да қынжыла атап өткен әне бір некен-саяқ, намыссыз жазушысымақ біреулердің ғана көзі жетпейтін көкжиек, тап бүгінгі күннің тамаша шындығы осылар. Әрине, бұлармен замандас олқы жайлар да жасырын емес. Өсудің де өзіндік кемшілігі болатыны әзелден-ақ темір логика. Адымды қозғалыстың сәл ағат, оқыс серпіні де аракідік ықтимал. Мысалға ауыл шаруасындағы ақуалды алайық. Тұтас салмақтағанда ауыл секторы бұл тұсқа қала қатарынан сәл кейінірек, қалып келді. Съезд соның себептерін жетік ашты, ірілі-ұсақты кемсін, қателер қатты мошқалды. Даурыға мақтану, орынсыз төбеден түйіліп әкімсу, жерді баппен пайдалану орнына бет-албатты түбіттей түткізу, жоспарды жөнсіз, жөппелдем өзгерту сияқты ғылымға жат ғибратсыз қылықтар қырсығын түбірімен отаған Октябрь пленумына съезд мінбесінен биік баға берілді. Съезде өткен шақтың осыншалық жан-жақты есебін бүгінгі күніміз бұлайша қабылдай отырып, келер күндердің жол-жоспарын айқындады. Ендігі жерде егінші, бағбан, бақташылар кәсіпшілігіне екі есе назар-ілтипат, қаржы-қаражат жұмсалмақ берік кесім, шешім боп құпталды. Егін тыңы мен мал тыңын егіз дамытып отырған Қазақстан үшін бұл өзі тіптен айрықша проблема. Тура осы проблемамен туысып, етене табысып алу қаламы қуатты қайраткердің бас парызының бірі болса керек: Көзіміз қаныққан көп жайлар осы бір тұста тұнып тұр. Ауыл тағдырына араласып жүргендер санатында бедел-достармен бірге берекесіздер де жоқ емес. Басшылық ісін арқаланбақ түгіл газды су мен балмұздақты адал сата алмайтын, қадір-қасиетінен хабарсыз әулекі кейбіреулер әлі де кездесіп қалуы ықтимал. Тек солар ғана қадалмыш қаламға аяусыз нысана да, қалған құбылыстардың барлығы-ақ жарқын шабытқа жалын бермек. Келешек жайына келсек, қазіргі таңда әрбіріміз-ақ құрылыс объектілерін жобалайтын инженерге ұқсаймыз: «Пәлен жердегі болашақ сарайдың архитектурасы, іші мынадай, сырт көрінісі мынадай болмақ» деген суретті баспасөз бетінен жиі ұшыратушы едік қой. Сол сияқты біздің жүрегімізде де болашақ шындықтың бой-тұлғасы тірі тіркестерімен жатыр. Бесжылдық директиваларының әр жолына көзіңіз түссе-ақ, көкірегіңізде көптеген бір қызық қимылдар пайда болады. Жалғыз-ақ ден қоя оқи білсеңіз болғаны!.. Мәселен... Мәселен, алдағы Бесжылдықта орта мектеп мұншалық көбейеді, институттардың, ғылым ордаларының саны мұншалық артады деген жазулардың мағынасында келешек сменамыздың (өміріміздің жарқын жалғасының) өзінен бастап, әлі күнге шекті әйгілі емес құрал-жабдықтары мен лабораториялар көз алдыңызға елестемей ме?! Мәселен... Мәселен, қол еңбегін жеңілдету еткен елу жылдың ең бір ұлықтан ұлық ұраны болған еді. Ол проблема шебер шешілген-ді. Ал, мынау директиваларда ақыл-ой еңбегін жеңілдету ұраны ең алдыңғы, ең ірі жоспарға қойылғандардың, бірі болып, көз, көңіл объективін түгел алып тұрған жоқ па?!.. Қапшағайдың ГЭС, теңіздері, Қарағанды-Ертіс каналы, айшылық жерден құрдымға тартылған құбырлар сипатты өмір өзегінің жем-сусындары қайран туған жеріңізді сізге қайтадан бір таныстырып шықпай ма?!.. Қазақстан қашан да кең-байтақ- Қарақұйрық,, ақбөкені асыр салған. Үкі, қояндары үрке қоймаған әуелгі қалпындағы жер әлі де баршылық десек, осы директиваларда оның, ертеңгісі де өз алдына бір ұдай сүренді сурет. Жердің үстіңгі қабатынан-ақ үлкен табылатын кесек рудалардың ашық карьері, ақ, қызыл, жасыл шатырлы жаңа үйлер, стадион, монша, клубтар, белден-белге жарқырап асып жатқан шойын, асфальт жолдар, маңдайына өз республикамыздың, өз заводымыздың маркасын жаздырып алып, қаптап жүрген Қазақстан тракторлары — әлгі айтылған көкіректегі көптеген қызық қимылдар осылайша тізбек-тізбек болып келе береді Коммунистік коғам құрудың ұлы Программасында өте дәл де, тұжырымды жазылған қасиетті бір қағида бар-ау: «Бәрі де адам үшін!» деп, шапағатты ұран шашып тұр ғой ол. Сол бір ұлы заңға барша табиғатымен бағынған ендігі мезгіліміз елдің жұмыс күні де қысқартып, оны аптаның бес күніне түсірді. Екі күн ұдай емін-еркін демалыс дегеніңіз адамның жеке өзіндік, семьялық тағдырына — ұлы мәніндегі ұяға деген партия ілтипатының, лениндік гуманизмнің салтанаты. Біз бір сөзбен үй деп атайтын қасиетті меншік мекенімізді Ленин кішкене мемлекет деп тегіннен тегін айтпаған ғой. Мұның өзі де, өсіп өзгеру жүйесі күрделі, айна-қатесіз мемлекеттік механизм. Әсіресе, біздің Отанымызда, дәл осы дәуірде... Әрине, үй ішіндегі сан қилы тіршілікті санап жеткізе алмайсың. Бірақ, солардың ішінде ылғи бір ойыңның ортасын алып тұратын бірегей бір жайлар бар-ау. Шәкірт балаңның маңдайынан сипап, ойындағысын білу, күнделігін тексеріп, мектептегі жетекші, ұстаздарына жолығу, орайын тапқанша шөлдеп жүрген кітабыңды оңаша бір ұйып отырып оқу, өзгеден өзі ғана ерек нақ сүйеріңмен адамға бір-ақ рет берілетін әзіз өмір жайлы әрқилы әңгіме шертіп, пікір түгендесу, жан-жарастығы мол дос семьялармен барыс-келіс, ұғыныс баптары — осы айтылғандардың әрбіреуі-ақ құл-мезгілгі құмарың емес пе?.. Міне, енді мұның да сағаты екі есе ұзарып отыр. Келешектің кескін-тұлғасы үйде-түзде осы сипатта көрінеді. Жалғыз-ақ, директиваларды жалан көзбен емес, жаныңмен оқып, ден қоя, түгел түсіне білсең болғаны... Сонда сен де, өз әріптесім, дүйім дүбірге ат құрғатпай араласасың. Жыр, хикая, табиғатына жаңа бір ой, образ орамдары, тіл тіркестері, ырықтан тыс тамаша ырғақ, әсерлі әуендер келеді. Әдебиетіміз кемеңгер кейіпкерлермен толыса түседі. Соңында әдебиет жайлы бірер сөз. Өз басым халық шаруашылығының өзге саласынан өнер-әдебиет саласы кемсін, кенже-нәрегей деген пікірмен, кім айтса да, келісе алмаушы едім. Соның дұрыстығына съезд тағы да көзімізді жеткізді. Жаман шығармаларымыз жақсыларымызды сызып тастау үшін жазылмаған ғой. Олар оған дәрменсіз. Оның үстіне, жаман шығарма бесжылдық жоспарда жоқ. Партия съезі әдебиетімізді де әл-ауқатты, өнімі бітік, көп мәніндегі көркем кәсіпшілік деп биік бағалап, оған да ендігі мезгілдің ересен салмақты жүгін жүктедің аса зор сенім артты, тазалықты талап етті. Өз анасына қор сөз айтып, қол көтермек болған жетесіз жеке біреулерді өнер иелерінің санатынан өшіріп берді. Мұның бәрі көңілді сергітіп, берік сенімді бекіте түсетін, шабыт шақыратын жанды, жалынды медет, әз әкенің қалтқысыз қамқорлығы. Өзінің баяғы батыл бағытынан айнымас тапшыл, революцияшыл әдебиетіміздің қасиетті дәстүрі қашан да дәуірлеп, салтанат құра береді. Біздің не қилы күрестерде шыныққан қаһарман социалистік реализм коммунистік қоғамның материалдық, рухани байлығын даналықпен даярласады. Жазушылар съезі де жақын, ұрымтал тұста тұр. Ол партия съезінің жарқын идеяларымен жарақтанып, білгір, биік етеді деген сенімге әрбіріміз иеміз. Ол съезде де барды байсалды бағалап, жоққа жол табамыз; көркем ісіміздің көлемді бесжылдығын бір ауыздан құптап алып, сонсоң тағы да бір құлшына жазар болармыз. Қазіргі уыздай әсер әлі-ақ өзендерден енген терең теңіздей шеңберленіп барып, адамның артықша ақылгөйі, адал досы — кітапқа кірер болар!

Іске сәт, әріптес достар!

1966 жыл.

ҚАРТАЙДЫҚ, ҚАЙҒЫ ОЙЛАДЫҚ

(АБАЙ)

«Тоқырау» атанған кезеңді өтіп, «Қайта құру» делінген заман тұсында мен Қазақстан Жазушылары одағының секретариатына өз жұмысымнан есеп берген екем. Соңғы он жыл ішінде атқарған істерімнің бірсыпырасы сонда айтылыпты. Сондағы әңгімені кейінгі іc-әрекетіммен толықтырсам, оқырман жетпіс пен сексен жасым аралығында менің не істеп, не қойғанымнан хабардар болып қана қоймай, заман ағымымен менің арақатынасымды да аңғара алатын секілді. Сондықтан бұндағы ашық айтылған әңгімені шығармашылық туралы шығарма деп те, кәрі автордың кәнігі достарына ішкі дүниесін іркілмей айқара ашқаны деп те қабылдауға болар. Қалай дегенде де бар-жоғымды түгендеп отыратын ойшыл оқырманнан артық мені білетін кімім бар, өмірімде тым болмаса бір мәрте соңғы соқпағыма сол да бір көз жіберіп көрсінші дедім. Жасы ұлғайған адамның мұндай шешімге келу себебі айтпаса да түсінікті ғой...

Әлгі кабинеттегі әңгіме былайша басталып, былайша өрбіген екен: Он жасында өлең сөзімен әуестеніп, жиырма жасында жазғандары баспа жүзін көрген әдебиетші едім. Содан бері де шығармашылықпен үзбей айналысқан адам жетпіс жасынан кейінгі еңбегінде өзін өзі жинақтай бастайтын секілді. Осы жолғы Сіздердің тілек-талаптарыңыз да өз лабораториямды осылайша сезінуіме себін тигізді. Сол үшін-ақ Сіздерге рахмет жаудырамын! Есеп беруге кірісер алдында мынадай мағлұматтар бере кеткен де теріс болмас: Соңғы үш жылға дейінгі тиянақталған шаруа деп төл поэзиямның үш томдығы, прозаның қысқа жанрынан іріктелген (новелла, эссе, көркем очерк, көсемсөз) бір томдық жарық көргенін айтар едім. Бұдан басқалары, атап айтқанда, сахнаға, саз өнеріне тәуелді туындыларым, әдебиет туралы әр кездегі ой-пікірлерім өзге тілдерден қазақ тіліне аударғандарым, — бәрі де әр тұста шашылған күйінде қалып тұр. Алла абыройсыз қылмаған соң шүкіршілігімді несін жасырайын, мен һәм менің туындыларым туралы жұртшылық пікірі де бір кітап құрайтыны достар қатерінде болғаны жөн... Жә, енді іске кіріселік. Әуелгі сөз бұл күндердегі менің шығармашылық принципім хақында. Халқымыз қай заманда да енжарлықты құптамаған, қатты-қатты шенеген. Ондайларға ашу-ызаны Абай да аспаннан алмаған, елдің шымбайыма батқан шындық болатын. Бұл тұрғыда ел өзінің азаматына имандай сенсе, алдымен сол сенімге ақын иелік еткен. Ел қатарлы парызымды етегелі ажалмен — фашистермен жағаласқан жаман күндерде де осы принцип желеп-жебегендей еді. Арқа-жонды еңбекпен арытпай абырой таппасымды жетім күннің өзінде-ақ жетік біліп үлгергем. Қазір де менің көз алдымда еңбексіз құлай құшардай ештеңе жоқ. Оның үстіне неге де, кімге де енжар қарай алмаймын. Кімнің аузынан шықса да көкірегіме ұяламаған уағыз менен қолдау таппайды. Сол принцип те әркімге әр қилы әсер қалдырады. Құдай солай жаратқан соң оған қылар амал қайсы?!. Соңғы үш, үш жарым жыл ішінде ел өмірі ересен зор өзгерістерді бастан кешірді. Тарихты әділетті жолмен тәртіпке келтіріп жатырмыз. Бұның өзі Қазан төңкерісінің жетпіс жылдығымен тұспа-тұс келе қалды. Осылайша сәтімен орайласқан оқиғалар маған бір емес, үш бірдей поэма жаздырды. Үшеуі өзара сабақтас үшеуіне ортақ сыр біреуінен біреуіне ұласып жатқандай. «Суыт жүріс» деп аталатын біріншісінде қазақтың біріне бірін жауықтырып қырғынға ұшыратқан Қоқан хандығы мен орыс патшалығының залым саясатын әшкерелегендерді, атап айтқанда Шоқан Уәлиханов пен Сүйінбай Аронұлының ортақ іc-әрекетін суреттеуді мақсат еттім. Осынау екі алыптың аңсаған шындығы сипатында Қазақ төңкерісінің қазақ аулындағы алғашқы жеңісін алып, сопы «Сурет сыры» делінетін дастаныма өзек еттім. Бұнда халқымыздың басына әңгіртаяқ ойнатқан казачество тәртібі талқандалып, Қазақтың өз жеріне иелік етерін тағыда бір толғап көрейінші дедім. Ширек ғасырдан бері жалғастырып келе жатқан «Жылдар, жылдар» атты поэмалар топтамасының үшінші штабын Қазақстандағы «Қайта құру» дәуіріне жетелеп әкелдім. Дәлірек айтқанда, жылнама іспетті үлкен дүнием менің өзімді осыған жетелеп әкелді. Бұл шығармада Республиканың кешегі бір қалғып кеткен қалпынан оқыс оянған сілкінісі көрініс берсін дедім. Жуық арада жойылып бітпесін білсем де, сойқан қылықтарға қарсы соғыс жарияладым: Мансапқор, жағымпаз, жалақор, жікшіл, парақор, жүзге бөлгіштерге нәлет айту барысында өзім де бір сыдырғы шер тарқатқан секілдімін. Өзге өлең, балладаларыма келсем, жағдай төмендегідей; Әз тұрғыластарым — соғыс пен еңбек ардагерлері осынау сын сағаттарда ел алдынан көрінбегенде, оңайлықпен оңғарылмай жатқан істің, басындағыларға ағалық ақыл қоспағанда қайтпек?.. Дара-қылық бел алған шақта отбасының өшуі, шаңырақ шайқалысы молайған тәрізді. Содан мәңгі тірі аяулымыз деп жүрген махаббаттың өзі зақымдалмады ма екен?.. Махаббат тарыққанның қашып тығылатын жан саясы емес пе еді?.. Арақатынасымыз бері салғанда дүрдараз күйге ауысқан табиғатпен табысу жағымыз не халде?.. Осы сияқты тақырыптарға көптеген өлеңдер жазып, әлгі сұрақтарға өзімше жауап бердім. Сөйттім де, әлгі, ұлылы-кішілі шығармалардан «Жедел Толғау» деген атпен он баспа табақ кітап құрастырдым. Оны «Жазушы» баспасы өткен жылдың бас шенінде оқырман қолына тигізді. Өтірік айтып жүрмесе, «Социалистік Қазақстанда», «Қазақ әдебиетінде», «Жұлдызда» пікір айтқандар кітабымды ризашылықпен атады. Бәлкім рас та шығар. Өйткені, сондағы жырлардың өздері де өтірік сөйлемеген секілді еді. Дұрыс десеңіз де, бұрыс десеңіз де бір шындық: Осы тұстағы жырларымда күрсіне отырып бас шайқау басымырақ. Басқаша айтсақ, енді қол жеткен шын сөз бостандығы жағдайында менің жырларым құрық әкеткен асаудай ашына сілтейтінді шығарды. Көкейдегі көп түйткілдің түтіге сыртқа тебуі қапы кеткен жерлермен қатар, кезінде ашып айта алмаған қатігездікті де дұрыстап қармасам деді. Оны әсіресе әлгі кітаптан кейінгі туындыларымнан көбірек байқауға болар еді. Менің жазу столымның тартпасында торкөз сызықтары бар екі жүз беттік қалың дәптер жатыр. Соның жиі сызылған жолдарына жаңа жырларымды түгел түсіріп келемін. Оның беттері де түгесілуге жақын. Бұндағы жырлар көбінше топтама (цикл) түрінде жазылған. Алған тақырыпты жан-жақты саумалаудан құдды көген бұршақтарындай түйіншектер түзіледі екен. Әуелі солардың маусымдық басылымдарда жарық көргендерін еске түсірейін. Бүгінгі жас ақындар жастық шақтың барынша қызулы өрлігі мен ойшылдығын, оған қоса жан дүниесінің интимдік жақтарын келістіре жырлап жүр. Олары өте заңды табиғи құбылыс. Білгірлікпен, тапқырлықпен сезімге әсерлі қондыра, әсем жазылған жоғары мәдениетті жастар поэзиясы жалпы қазақ өлеңінің мәртебесін арттыра түсті. Бұған, әрине, шексіз қуанамыз. Сөйте тұра, неге екені белгісіз, осылар жастық дәуреннің табиғатына тән қатерлі сақындыратын жақтарын қазбалап жатпайды. Егер жастық шақтың тәтті селіне бірыңғай тамсанар болсақ, ол айтулы кеудемсоқ әрі инфантиль делінетін шикі кербездер мен әсіре серілер тобын көбейте түспей ме?.. Адамға бір-ақ мәрте берілетін қайран жас дәуренді түк бітірмей түгесетіндерді қайтеміз?.. Әке-шешесінің қаражатымен қатын-баласын асырайтындардың қай жері жас?.. Жұрт көзінше желкесінен сүйрелей құшақтағанға мәз болатын қыздардың қай жеріне қызығарсың?.. Бір ғажабы, осының бәрі өмірде бар да, өлеңде жоқтың қасы. Жас ақындар бұл жағына барып намыс жыртуды өздеріне айып көретіндей, тіпті содан өлеңдерінің бет моншағы үзілетіндей сезінеді. Жо-о-оқ, бұны сынаудан өлең беделі төмендемейді. Мәселен, баяғы Кердері Әубәкірдің «Заман ақыр боларда су тартылар, қарап тұрған жігітке қыз артылар» дегені әл-күшін әлсіретті дей аласыз ба? Заман ақыр болмай-ақ әлгі айтылғандар көзге ұрып жатқан жоқ па?.. Мен «Жұлдыз» журналының биылғы бірінші кітабында жарияланған он бес шақты өлеңімде осынау проблемалардың проблемасын өз әлімше біраз жерге көтеріп апарған болдым. Бұл топтаманы «Жастық шақпен біргемін» деп атадым. Тағыда саны он беске тарта бір өңкей элегияларым топтамасын осы жылғы наурызда «Социалистік Қазақстан» газетінде жарияладым. Бұл қазақ жеріндегі экологиялық нәубетке күйіну ғана емес, күш жинастыру, сарынында жазылды-ау деп ойлаймын. Теледидар, радио арқылы, сондай-ақ түрлі жиындарда егіле-төгіле сөйлей беруіме де себеп осы болып жүр. Бұның жанды, жансызға тигізіп жатқан зиянды зардабы кімге де болса байыз таптырмақ емес. Тіл экологиясы туралы әңгімеге де осындай күйде қатысып жүрмін. «Өз тілім мен өлеңім» деп те тебірендім. «Мәдениет және тұрмыс» журналында публицистикалық толғаныс түрінде сөйлей отырып, қазақ тілінің қалжырау себептеріне тоқталдым. Тегінде бұл тіл мемлекеттік статус алмайынша көтерем қалпынан әлденіп кете алмайтынын құдайдың зарын қып жүргендердің біреуі біз боламыз. Сөйтіп, мен біздің өлкеміздегі экологиялық дағдарыстың осынау екі түріне де қарсы еңбектеніп келемін. Іләйім да бұл бағыттағы жалпының енбегі жақсы нәтиже бергей!.. Мен малды ауылда туып, кейін алты жылға жуық атты әскерде болдым. Ұлы Отан соғысына эскадрон командирі дәрежесінде қатыстым. Жылқы малының ерекшеліктерін бір кісідей білемін. Адам да табиғаттың перзенті. Жануарлар тіршілігінен байқалатын толып жатқан жәйттер оған да ортақ. Әсіресе мен біліңкіремейтін осы түліктің өз бетімен жасайтын әрекеттерінде де, иесімен арақатынасында да адамдағы неше түрлі типтерді айнытпай көз алдыңа әкелетін қылықтар бар. өз мақсатыма осыны ұтымды пайдалансам, соның өзі ақыл айтудан әлде қайда әсерлі болатындай көрінді де, бұдан толып жатқан коллекция жинастырдым. «Қазақ әдебиеті» газетінің тұтас бір бетіне орналасқан «Арқамнан ер-тұрманым арылмаған» атты топтаманы оқығандарыңыз бар шығар. «Арғымақ», «Жабы», «Хас жүйрік», «Бедеу», «Сыңар езу», «Сүріншек», «Шу асау», «Қашаған», «Арбадан шыққан», «Жауыр», «Қазақ жорғасы» болып келетін еді ғой. Кейініректе бұл топтамаға «Қой торы», «Қарашыл», «Айғыр», «Азбан», «Сәурік» дейтін жана өлеңдер қосылды. Аттарынан-ақ байқап отырған шығарсыздар. Соңғы қосылған өлеңдерде әлін білмеген әулекінің де, намыстан жұрдай жетесіздің де, сондай-ақ намысты қолдан бермейтіндер мен отбасы, ұжым бүтіндігін жанын сала қорғайтындардың да прототиптері осы арада екшеліп жатыр. Бұған тереңдей түскен сайын топтаманың танымдық (познавательный) маңызы екінші кезекке ығысып, мен күрделі мақсатқа көшкендеймін. Өйткені, қасымда Джек Лондон отырғандай сезіндім. Аты шулы репрессияға байланысты, азаматтардың ақталып, тарихтың тәртіпке келтіртуіне байланысты әңгіме мені де сан қилы соны ойларға тоғытты. Жалпы жағдай өз алдына ғой, темір торға қамалмасам да, мен тартқан тақсіреттер және де жеткілкті болатын. Ашына жазылған өлеңдерден басқа тұтас бір поэма әлгі дәптерге түсті. Оны араға уақыттар салып әлі де қайта қараймын. Көңіл күйін шертетін жеке-жеке лирикалық жырлар мен толықтыру күтіп жатқан басқа да топтамаларым жоқ емес. Оларды әзірше өзім ғана білуге тиіспін. «Ғұмырнама» делінетін кеңейтілген ақындық өмірбаяным онбес баспатабақтай проза болды. Мемуарға ұқсас бұл еңбегімді қай уақытта кондициясына жеткізерімді өзім де білеймін. Әйтеуір, асықпаймын. Қазір кісінің өмірге өзі арқылы шығатын уақыты емес. Әзер болса шала піскен қалпында қалар. Маған соның қағазға тусу факттысының өзі де жетіп жатыр. Жаңадан жазылған эссе, публицистикалық толғаныстарым, шығарма мен шығармашылар туралы мақалаларым да маусымдық басылымдарда көрініп жүр. Бүгінгі қазақ поэмалары туралы үлкен баяндама жасап, газеттерде оны да үздік-үздік жарияладым. Сол еңбегімде бүгінгі эпиктер практикасынан бір тоға теориялық түйіндер түзген болдым. Кешегі Олжас туралы аз ғана пікірімнің ішінде де жаңаны көрудің нышандары бар. Басын құрастырса, осылар да өз алдына бір кітап болғандай. Вильям Шекспирдің шығармаларынан жүйелі түрде аударып келе жатқан жұмыстарымды жалғастырып, соңғы жылдары оның «Сон в летнюю ночь» атты комедиясын «Дуалы түнгі думан» деген атпен қазақшаладым. Оны ТЮЗ бен Жамбыл театры өз сахналарында көрсетіп. Софоклдың «Эдип патшасын» аудартып алған Әуезов атындағы Академтеатр бұл жұмысқа күні бүгінге дейін кіріскен жоқ. «Құрманғазы» операсының либреттосы не күйде орындалып жүргенін көруге бармадым. Неге деп сұрамай-ақ қойыңыздар. Соңғы үш-төрт жыл ішінде жазылған жаңа өлеңдерім мен поэмаларымның он баспа табақ көлеміндегі жинағы орыс тіліне аударылып жатыр. Оны «Жазушы» баспасы тоқсан бірге жоспарлап отыр. Осыны даярлау үшін де қыруар уақытым кетті. Қазақша оқи алмайтындар да тірлігімнен хабардар болсын дегенім ғой. Әйтпесе, әдеттегіше жартыкеш күйде көрінерімді қазірдің өзінде де сезініп отырмын: Аудармада Абай мен Махамбеттің жолы болыпты да, біз қалыппыз ба?! Өз мүмкіндігімше қоғам жұмысына да қатысып жүрмін. Басқарма мүшесімін. Соғыс, еңбек ардагерлерінің, советтерінде бюро мүшесімін. «Қазақ әдебиеті газетінің редколлегия мүшесімін. Екі көздің операцияларына дейін теледидарда «Жас ақындардың мүшәйрасы» дейтін бағдарламаны біраз уақыт жүргізіп келіп едім. Қазір оны тоқтаттым. Шүкір, «жөндеуден өткен» көне кездерім әзір ептеп оқуыма, жазуыма жарайды. Бірақ, үш отбасының бір пәтерде тіршілік қылуы біз сияқты қарт адамды қажытады екен. Соғыс мүгедегіне, еңбек ардагеріне жеңілдік маған тек осы жағынан ғана көрсетілуге тиісті-ақ. Бұлай дейтін себебім, үй жағдайы, жалпы тұрмыс жөнінде мен жазушылар одағы тарапынан жәрдем алып көрмеген адаммын. Хабар аяқталып қалды. Жарты ғасырдан артық уақыт бойында қазақ поэзиясымен бірге жасасып келесіз, оның бүгінгі жағдайы туралы өз пікіріңізді айтпайсыз ба деген сұрақ алдымнан шықпай тұрғанда қысқаша болса да сөз соңын соған арнайын. Әділетсіз қатыгездіктің құрбаны болған ардагер ақындардың ақталуына байланысты ұлттық поэзиямыздың өмірбаяны біргелкі түгенделді, тұрқы тұлғаланып, беделі биіктеді. Әрине, әр заманның өз сөзі бар, ол да оқырманның талғамына, өсу дәрежесіне қарай бой көрсетеді. Әсіресе өлең техникасы оныншы, жиырмасыншы жылдардағыдан айтарлықтай өзгерді. Абайдан үйрене отырып, Абайша жаза бермейтініміз секілді, Ахмет, Мағжан, Шәкәрімдер техникасы да ендігіге эталон бола бермейді. Өйткені, біз жазба поэзиямыздың есейген шағына ие болып отырмыз. Сөйте тұра аталған ақындардың бүгінгі күн талабымен құшақтаса көрісіп жатқан басқа бір жағы бар: Оларда тежелу деген болған емес. Олардың «ағат басты» делінген жерлерінде де іркілмей ағынан жарылу ғана бар. Ел өміріндегі көкіректі қарыс айыратын қасіретті де олар егіле-төгіле айта білді, сол үшін де күйді. Оларды алдынан тосып алған темір қақпан ендігінің жолынан алынып тасталған заманда, әрине, сол батылдық ендігі жастарға бірден бір мектеп. Бұл — бір. Жас жағынан менің алды-артыма маңайлас ақындардан соңғы отыз жыл ішінде өлгендері мен бүгінгі көзі тірілерінің поэзиясы жұттан арып шыққан түліктің көкке аузы тигендегі қоң жинауын еске түсіреді, лауазым иелерін дәріптеу дәуіріне майдан отынан жаратылған ақындар таусыла табынған жоқ. Олар ерлікті өлім мен өмір арпалысын жеріне жеткізе жырлаудан ауытқымады. Бұлар жалған айғай-шуды, жалаңаш ұранды жасампаз лиризмге, өмір романтикасына қарай ойыстырды. Бұл — екі. Алпысыншы жылдардан кейінгі толқын болса, ол құдды ертеңге шыққан қорықтай қою қошқылданды. Бұлар заман кеңшілігіне қоса поэзиямызға үлкен біліммен келіп қосылды. Бұл — үш. Өлең өмірін оңға бастырған осынау үш бірдей үлкен фактормен есептесе келгенде өз басым бүгінгі таңдағы қазақ поэзиясын әлсіз деп айта алмаймын. Осы күндерде айтылып жүрген өкпенің бәрі де өскен поэзияның міндетін ғана белгілейді. Ал, осылайша өсіп жетілген поэзияға бүгінгі көзқарас қандай дәрежеде? Міне, бұл сұраққа менің берер жауабым мүлде басқаша, керісінше кетеді. Жақында «Қазақ әдебиеті» газетінде. Сәкен Иманасов поэзия қамын кім ойлайды деген бағытта мақала жариялады. Бұған біреулер «аузын қу шөппен сүрткен екен» деп те қарайтын секілді. Жо-оқ, тіпті де олай емес. Жақсы поэзияға жағымды көңіл таныту мүлдем ұмытылғаны өтірік пе? Күні бүгінге дейін поэзияның маманданған өз сыншысы да жоқ. Соның кесірінен насихат жұмысы кері бағыт алды, өлең өтпейді деген өсек қалыптасты. Түптеп келгенде, осының өзі поэзияға ғана емес, сауатты халқымызға жабылған жаладай: Алты миллион халықтың поэзияны жарты проценті де оқымайды дегенге кім нанады?.. Жазба түрдегі мәдениетті өлең өнерін қорлау шегіне жетті. Біз қазір тығырыққа тіреліп тұрмыз. Поэзия кітаптарын кітапханаларға бөлушілер мен дүкендерде сатушылардың дені иіс алмас ноқайлар. Соның ақыры неге әкеліп соқтырды?.. Қазір тоқырау кезіндегі он мың тиражға зармыз. Маңдайға ұстап отырған ақындарымыздың жаңа кітаптары да екі жарым мыңға құлдырады. Қайта құру заманында сөз патшасынан бұлайша безетін болсақ, қазақ тілін тірілткеніміз қайсы?.. Міне, менің көңіліме түйіп отырған бүгінгі қазақ поэзиясының ақуалдары осындай. Қателескен жерім болса түзету міндетін өздеріңе қалдырамын. Жә, енді, достар, не десеңіздер де құлағым соған тосулы.

Міне, осыдан алты жыл бұрын жазушылар одағының секретариатына үш жылдық еңбегімді осылайша таратып, ұлттық поэзиямыз хақындағы кейбір ойларымды осылайша жинақтап айтып берген екем. Сондағы аттары аталған шығармалар мен одан кейінгі жылдарда жазылған туындыларымнан бүгіндері бес кітаптың басы құралыпты. Осы оқып отырған кітабыңыз — солардың соңғысы. Бес кітаптың үшеуі ақындық өнердің, екеуі прозалық еңбектердің жемісі болып шықты. Торкөзді қалың дәптер жаңа өлең-жырларға толып қалды, олардың көпшілігі әлі де болса толықтыруды тілейді деп едім ғой. Солар қапысыз қайта қаралғаннан кейін «Шер Толғау» атты өлең-жырлар жинағы боп жарық көрді. Қазақстан туралы топтамаға оннан астам өлең қосылғанда жылнама жырлар осы ғасырдағы елеулі оқиғаларды қақас қалдырмаған секілді. «Алаш Ордаға» шабуыл, тәркілеу, ашаршылық апаты, репрессия, әдебиет пен өнер тарихына таяқ жұмсау, экологиялық апаттың, тың игеру науқанының көлеңкелі, көңілсіз жақтары, желтоқсан оқиғасы секілді оқтын-оқтын қайталап соққан нәубет өміріміздегі жарқын эпизодтардың ара-арасына бұзып-жарып кіріп алғанда бар шындық өз бояуына иелік етіп, Бүкіл Республика бейнесі бүкпесіз жыр кестесіне түгел түсті деп ойлаймын. Шығармашылық жолымда қапы кеткен, айыз қандыра айта алмаған тұстарымның есесін толтырған осы «Шер Толғау» кітабы болды деуімнің себебі де осы арада жатыр. Бұл осы он жыл ішінде «Жедел Толғаудан» кейін жарық көрген екінші кітап қой. Проза тілінде жазылған он бес баспатабақ, шығармашылық ғұмырнамамды да енді жатқыза бермей, денсаулығым ауыр сырқаттарға бой бермей тұрғанда ел қолына тигізетін деген ниетпен. «Жалын» журналына табыс еттім. Жартысы жарияланып, жартысы кезек күтіп жатқан бұл еңбегім сексен жылдығыма осы кітаппен жарыса кітап болып та көрініп қалар деп отырмын. Төртінші жарық көрген дүнием деп «Сонеттер» кітабын атай отырып, оны бүкіл алпыс жылдық шығармашылық өмірінің маңдай алдына апарып қояр едім. Олай дейтін себебім қазақ поэзиясында бұрын-сонды «Сонеттер кітабы» болмағандығынан ғана емес (әрине, оны да ескеру ерсілік етпес), әңгіме басқада: Вильям Шекспир сонеттерінің кітабын жұртшылыққа қазақ тілінде оқыту үшін аттай алты жылымның ең қымбат уақыттарын сарп еткенімді жыр сүйер қауым біледі. Алайда сол кітапты шығарып алып, одан кейінгі он төрт жыл бойында қандай ой азаптарына оратылып қалғанымды ешкім білген емес. Бұл кісінің «Ричард-ІІІ», «Гамлет» сияқты ұлы трагедияларын да, «Дуалы түнгі думан» атты комедиясын да қазақ тіліне аударған едім ғой. Бәлкім Шекспир лабораториясына солай қайта-қайта кеуделеп кіре бергенім себеп болды ма, — қалай десеңіз де сол кісі жиі-жиі түсіме кіріп, қазақша айтқанда, аян бергенінен танбай қойды. Жан-тәнімен атеист адамның бұл сөзіне күлсеңіз күле беріңіз, шыны сол: Түсімде неше мәрте көрсем де мен қазақшалаған сонеттер үстінен үлкен көздерін бір аудармай, соған төнді де отырды. Ол маған: «Басқадан бұрын Баян, Жібек, Еңлік неге еңсеңді көтермейді?.. Мені қозғаған шығыс шындығынан туғаның қайсы?.. Әлде талай ұлағатты ұрпаққа ұмыттырған нигилизм, ездік пе сенің еңсеңді езіп-жаншып жатып алған?.. Онда сол сұлу қасірет пен сұрқиялық екеуі екі жақтап-ақ түн ұйқыңды түгел бұзса керек еді ғой?.. Тым болмаса осы жағын ойлатуға да жарамадым ба?!» — деп отырғандай көрінді де тұрды. Шынында да ана мен ашнадан басталатын махаббаттың барша құдіреттіні құлай сүйетін қағидасы қайда қалды?.. Абайды жылатқан жеккөргішпен жексұрын көрінгіштер ылайсаңы төңірегімізде ығып тұрса ше?.. Шарапатын шам түбінен оздыра алмай іш құса болған ірілер төңірегімізде тұнып тұрса ше?.. Осы жалпы жан тазалығының, адалдықтың өзі арманға айналып бара жатқан жоқ па?.. Міне, осынша, тіпті бұдан да көп суық сұрақтардың жауабы кеудеңді кернеп тұрса, сол ең алдымен сонет жанрының ащы да, тұщы да азығы емес пе?.. Соңғы төрт жылымды түгелге жуық сонет жанрына жұмсап, содан дардай бір кітап беруіме ақиқаттың осындай қилы-қилы серпіні себін тигізді. Несін жасырайын, қартайғанда тап мұншалық тағы бір қырымнан таныламын деп ойлаған емес едім. Жолдастарыма берген жоғарыдағы есебімде «Эссе, естелік, әдебиет хақындағы пікірлерім соңғы он жыл бойы жиналмай шашырап қалып жатыр» деген едім ғой. Оқығалы отырған осы кітабыңыз солардан іріктелген. Мұндағы әңгіменің дені өзім жақсы білетін арғы-бергі мемлекет, қоғам қайраткерлерінің ғибратты ғұмырларынан, төл әдебиетіміз бен ұлттық өнеріміздің татымды тарихынан сырлар шертеді. Қазір өзіңіз оқи бастайтын бұны бұтарлап жатпай-ақ қояйын. Әрине, әңгіменің түп қазығы автор түсінігіне негізделгендіктен одан оқырман алажақ әсері де әрқилы болуы заңды. Соның қайсы бірін де құрметпен құптарлық кемел жасқа келдік. Қартайып қайғы ойлауға, арман ұлғайтуға шынымен-ақ жарап үлгерген болсақ, соңғы он жыл ішінде берілген бес кітап соның куәлігі бола алса, бізге соның өзі де артығымен жетіп жатыр.

АЛДЫ - БАБА, АРТЫ - ІНІ

Күй атасына - тағзым

Жырыңнан бұрынғы сырың да сол болған соң «жарықтық сол сырдың өзі неден басталған еді?» дегенді әр орайда зердеңе орнықтырып, тірі сурет, қимыл-қарекет қалпында сақтайды екенсің. Сол құдды әлгі әзірде болған оқиғадай ойлаған сайын жаныңа жақындай түседі екен. Бұл күндерде біреулер дастан, біреулер өлеңмен жазылған роман десіп жүрген менің «Құрманғазы» атты еңбегімде:

Елемей зекіргенін бір шалдың да,
Естімей десе біреу: қамшы алдың ба?
Таянып екі жағын осы бала
Күйшінің жатқан еді қарсы алдында, —

делінетін өлең шумағынан оқырман Ұзақ есімді ұстазының қарсы алдында күйші өнерінің құдіретіне есі кете елтіп жатқан қаршадай Құрманғазыны көреді ғой. Шынында ол ақынның ойлау жүйесінен енген сурет емес, менің алты жасар кезімде өз басымнан кешірген нақты бір оқиғаға негізделген. Туып-өскен жер табаны біздің ауылға Құрманғазының Азғырынан да, кейінгі қонысы Сахмадан да әлдеқайда жақын Қабылан дейтін күйші жаз айларының бірінде біздің үйдің қонағы болды. Кешкілікте малды жайғап болған соң жиналған қанаттас ауыл адамдары есіктері үлкен кісілерден ауыспаған алты қанат үйдің іргесін айнала түргізіп сыртқа да тығыз орналасқан. Ел ағасының еркесі — мен ғана аспалы шамның астында, Құрекең шәкірті кәрі Қабыланның қарсы алдында жаңағы бала Құрманша жатып алсам керек. Ол сәттегі менің ұғымымда домбыра ұстағанның бәрі дерлік атын ауызға алмай күй шертпейтін Құрманғазы — осы кісі. Қабылан Құрекеңнің қай күйі қандай жағдайда туғанын ауызекі айтып отырып тартатын кісі екен. Түннің бір уағына созылған қақтығыс-соқтығысы мол тарих пен кеудеңе тура сөйлеп сұғынатын сиқырлы саздарға мен де көзімді бір ашып, бір жұмып ұйып қалыппын. Соны жеңгем Балқия алқа-қотан алдында ұйықтап кеткелі жатыр деп ұққан. Үлкендердің алдын орап ол жерге бара қою жас келінге қияметтен қиын. Әйелдің өтініші бойынша ауыл жігіттерінің біреуі есік жақтағылардың ара-арасымен бұқпантайлап келіп мені сирағымнан тартып ала қоймақ болғанда қолыма іліккен кілем пұшпағын өзіммен бірге түре тартып әрі оқыс айғайлап, елдің тыныштығын бұзыппын. Осы орайда Қабылан былай депті:

— Белгілі күйші Ерғали Ещанов осы баладай сәби шағында үйіне түстеніп күй тартқан Құрманғазыға жаңағыдай есі кете елтіп, ақырында өзіңмен бірге мені ала кет деп жалынса керек. Күйші үйрек басты шанасына мінерде қасқыр ішігінің шалғайына тығылған баланың сағын сындырмай ел аралағанда апта бойы ала жүріпті, «періштеге көрсеткен құлшылық қызметімнен ата-анасы құлағдар болсын, алаңдамасын, баласын апарып саламын» деп хабаршы жіберіпті. Мына бала да атасының шарапатына елтіген шығар. Қорықпаңдар, бұны ұрлап әкеткендей менің қасқыр ішігім де, шанам да, шарапатым да жоқ.

«Боз шолақ атты боқ дүниені» ысырып тастап, тағылық, тасырлық дегендермен табиғаттың өз тілінде салғыласа білген саз дүниесінің алыбына адам атаулының ойшыл үлкені де, ойсыз сәбиі де бәрібір болғаны ғой сонда... Зады, өз құдыреті кеулеп кіре алмастай саңлаусыз сана жоғына көз жеткерген ұлылық уытты қасиеттерін уыстап шашқанда біз соны сезбейтін де секілдіміз. Құрманғазыны отыз төртінші жылдан бастап біз насихаттадық, алыстарға атын шығардық дейміз. Оған дау жоқ, әрине. Насихатымыздың бәрі бірдей оның пайдасына шыға бермегені де даусыз. Мен бұның қай жағына да осы жолы тоқталамын. Қай тұлғаның болса да сондай жағдайларын өмірі мен қызметін сөз ететін кездерде жөнге бақтырып қалмасақ, басқа уақытта соның ұтыры келе бермейді. Кешегі күннің кесірін кесетін уақыттың енді туғанын өзіміз де мойындап жатырмыз ғой. Осындай негізгі әңгімеге ауысардың алдында әлі пікірімізді жалғастырып, осы кісіні бізге дейін білген қалың жұртшылық қай дәрежеде танығанын аңғартатын бір шындықты тағы да білгізбек керек. Шайтани аралында жерленді деп жүрген Құрманғазы зиратын мен 1952 жылғы сапарымда қалмақша Күрлік, қазақша Албасты төбе деп аталатын биік жотаның басындағы көне қорымнан тауып қайттым. Оған мені Құрекеңнің көзінің тірісінде көріп қалған Ыбыр аға Досәлиев бастап апарып, құлпытасын көрсеткен. Құлпытасқа байланысты әңгімені сәл кідірте тұрып мына жағдайды айталық. Осы төңіректе 1929 жылы сотталып қамалғандар лагері тұрған кезде Құрекеннщ бұрынғы зираты — басында айы бар, тұтастай ағаштан тұрғызылған көк шатырлы биік мазары қиратылып, отқа жағылған. Біз көріп тұрған аласа соқпа бейіт — Құрекең немересі Құбаш марқұмның ашаршылық жылы әліне қарай істеген әрекеті екен. Соны көріп бір түрлі құлазып тұрғанымда Ыбыкең:

— Сен өйтіп күйзелгеніңді қоя тұр, — деді де, әуелі биік жотаның тура түбінен жанап өтетін үлкен жолды нұсқады. — Әне, анау түйе арбадан түсіп жатқан екі қатын, бір еркекті көрдің бе?

— Көріп тұрмын.

— Көріп тұрсаң, солар осы тұстан озып, жолдын сонау бір иініне іліккенше жаяу жүріп өтеді. «Жалды атасының» (елі оны солай атаған) тұсынан өткенше көлікті жолаушының бәрі сөйтеді.

Әңгімені одан әрі айтқызбай-ақ түсінуіме биіктігі саржындай ағаш діңгек, оған байланған (құраны оқылып, түйіншектеріндегі ақшалары алынған) түрлі-түсті шүберектер.

— Жә, енді, — деп Ыбекең сөзін жалғастырды. — Сен бұл кісіні Кеңес өкіметінің арқасында әулиеге айналды деп тұрған шығарсың, соқпаның ішіне секіріп түсе сал да, мына менің таяғыммен сыпаның төңірегіндегі кез келген топырақты түртіп ашып көрші. Тапқан олжаларыңды бір-бірлеп маған көрсете бер.

Шынында да топырақтың асты емес-ау, ара-арасы түгелдей тұнып тұрған дерек дерсіз. Мен табысыма насаттанып, тер шыққан сайын өз жұмысымды қыздырып, уысыма іліккеннің ақсақалға бір-бірлеп ұстата бердім. Ол маған әр буйымды ажыратып айтты да, алған жеріме қайта жасыртып отырды.

— Бұл — құраннан сүре.

— Міне, мынау Керенскийдің ақшасы.

— О, мынау Мекалайдың сөлкебайы ғой.

— Тоқта, тоқта! Мына қағазыңыз не болды екен?... Сірә осыныңыз «Бақырғанның» бір жері ау деймін. Айтпақшы, бұнда қиссалардан талай сөз тасталған. Тасталған емес-ау баяғы көк шатырлы пәтердей мазардың барында осында олардың тұратын орны да болған. Мынау желмен ұйытқып, соқпаның ішінен шыға алмай әбден түбітше түтілген мамықтар — сол хиссалардың қағазы. Осының көбі — көзінің тірісінде татаршадан өзі оқыған нәрселер. Өзіне ақ паспорт беріп қуғын-сүргіннен құтқарған правитель Мақаш Бекмұхамбетовпен Бапаспен де (Дәулеткерейді айтады. — Е. X.) байланыс ұстап, солардан да оқитын ол-пұл алып тұрса керек.

Бір дорба ұсақ тасты не өзінің абақтыда, не шешесі Алқа мен әйел) Әуестің үйде отырып бал ашқандағы сәуегейлік құралы деп жорамалдадық. 1959 жылы біз басын басқаша қарайтқанда бұларды экскаватор түгелдей жапырып тастаса керек. Атырау мұражайына алынған құлпытас пен өзінің өсиеті бойынша киізге орап көмілген (асына сойылған) күрең биенің басынан басқаны көре алмадық. Құлпытасты ашқан Астрахань татары өлген жылын «1889» деп жазудың орнына «1879» деп жазып (бірі жоғары, бірі төмен қарап тұратын «7» мен «8»-дің ашасын алмастырып қойғанын Құбаш төбе басына әкелгенде бір-ақ білді деп, оны да Ыбыр растап берді. Тас бойынша 73 жасында опат болған адам 1810 жылы туған болады. Менің ауыл мектебінде бірге оқыған досым Өтешқали Есмағамбетовтың шешесі Әуеске немере сіңлі болып келеді. Сол кісі бір сөзінде «жалды жездем жылым барыс дейтін секілді еді» дегені үшін осы «1818» жылды мен де қуаттадым. Қамалған, қашып шыққан Астрахань, Орынбор абақтылары, жер аударылып, айдалып барып қайтқан Үркіт (Иркутск), бірде «Боз қаңғыр» атанып ақсұр атпен, бірде Асанқайғыша мая мініп аралаған қазағының жер-суы — қайдан да тағдыр татқызған дәмі — осы адамның өмірбаянын құрайды дейміз-ау. Түптеп келгенде осыларды «өмірбаянның» өзі деп білмек әділ емес. Бұлар — қазақ өмірінде ешкімді қайталамаған, ешкім қайталай алмаған, қайталауы мүмкін де емес ұлы дүниелердің жаратушысы адамға берілетін аз өмірде толық болмысымен көрініп үлгеруі үшін Алла Тағаланың үсті-үстіне асықтырып тынышсыз тықпалаған қозғалыстары ғана. Олар өлмейтін өмірбаянды азықтандырып қана отырды. Бірауық желе-жортып өтелікші: онсыз да жаралынын жанын күйзелткен «Ақсақ киік», ызаға тиген «Ақбай», ақкөкірек те адуын «Адай», «Айжан қыз», бір мезет бұлт астынан жарқ ете қалған күн көзіндей «Айда бұлбұл, Ақжан-ай», кенет тұлданып, ұлы мұратын көкке жаныған «Кішкентай», ар биігінен «Аттан!» салған «Төремұрат», басқа тіршіліктің бірі жанып, бірі сөніп жатса да мейірімі, төліне тілеуі түгесілмейтін шеше—«Қайран шеше, сен аман бол!» ...Қайсы бірін айтасың, осынау қонысынан қуылған көшпендінің «Жігерін» ояту үшін теңіз де күрсіне долданып «Көбік шашқан». Құдай-ау, бұ дүние не боп кетті?! Бұ қазақтың қашанғы қат-қабат соры аздай, орыстың зеңбірегінен миымыз зеңгіп еді, өрді қынадай қырып, жерді жаулап алып еді. Шығыстың зынданың да өз заңымен сыйыстыра ал маған жұрттың енді даладай дарқан үйін, сазын да абақты дейтін аждаһа жұтар болды ма?! Мәуелі бағынан басқа жерде сайраған бұлбұлды кім көріпті?! Жо-жоқ, жатқа жағынғандар темір торға тыққызған өнер сұлтанына тек қана «Кісен ашқан», «Түрмеден қашқан» жөн. «Бұқтым, бұқтым, жыраға бұқтым», сайға бұқтым», сөйтіп құтылдым деп қашқын жан сырын ақтарып отырған адамы сатқын боп шыққанда одан да безген. Туған топыраққа «Бекер келдім» күйі сонда туған. Ұлан-байтақ Сарыарқаға сапар содан басталған. Қайран «Сарыарқа»!.. Бұл күй қазақ жұртының бірінші нөмірлі елұраны емес пе?! Осы қазақ тұтас бір ту түбінен табылғанда нар жайылған жерден жау қайырған еді ғой! Қан тамырға осыны қыздырып сіңірген бір саз бар десек, сол «Сарыарқадай-ақ» болар. Орыс өмірімен арақатынастан туған «Балбырауын», «Перовский», «Лаушке», «Машина» мен «Не кричи, не шумилердіц» ызаға булыққан сарындары түгіл көңілді дегендері де Құрманғазы қаһарын төкпеген бір сәтті де білгізбейді. «Серпер» мен «Бал қаймақтың» өзі де ел дәмі ерінге тиген мезетте, немесе отбасы бүтінделген бір сәтте талайғы аңсағанын ғана еске түсірген ерке дүниелер. Бірақ іштері — шамадан тыс ірі. Ұлы күйші-композитор шығармашылығы осылайша жүріп отырып, ең соңғы «Итог» деп аталатын күйіне жеткенше қанша дүниелер туып, қаншасы жер астына кеткендермен бірге жоғалғанын бір құдайдың өзі біледі. Өзін жекеге жатқызып, аз ғана малын тартып алғанымыз үшін Алматыға шақырғанда да келмеген Ерғали Ещановтың бір өзі ұстазының алпысқа жуық күйін бермей кеткенін немересі Ғ. Қайрөшевтен естігенбіз: Ол тәкаппарлықта шәкірттеріне Құрманғазының өзінен ауысқан. Қараға да, төреге де өз қадірін осылайша өткізген Құрманғазы да пенде емес пе, «Исатай менен Махамбет өкіне ме екен өлдім деп?!» дей отыpa өзінің де опық жеместей асқақ сезімін бір орайда аңғартып алады: «Өзіммен ұлы дұға бір түсетін ұл туар мендей сірә қатын қайдан?!» дейтін де сөзі бар ғой оның. Құрекеңнің елмен бірге қилы-қилы өмір кешкен шығармалары біздің тұсымызда бағы жанып, қазақ жері тұрмақ, бұрынғы Кеңес одағына, одан дүйім дүние тараптарына танылғаны әмбеге аян. Көптің көзі көргеніне әділ, оларды өзімізден де жоғары бағалаған жұрттар бары айтылып, жазылып та жүр. Жалпы бұл салада қазақ музыка зерттеушілерінің еңбегін қалай марапаттасаң да соған татиды. Сауаттылыққа, ақиқат ісіне адалдыққа аңсап жеткен зиялы жандар ең алдымен халық қазынасына айрықша құрметпен қарады. Солардың ішінде Құрманғазы мен оның тағдырластарына бола академик Ахмет Жұбанов төккен терді айыра-бөле айтпасақ, оны құдай да кешірмес. Ол кісі Орынбор, Орал, Атырау, Нарын, Астрахань, бергі Мұғалжар, Арал, Сыр бойларынан да Құрманғазы күйлерін тартушылардың талайымен тапты. Ол басқалармен қатар ұлы күйші-композитор еңбектерін де теориялық жағынан жүйелеп, халыққа түсінікті тілмен кітап күйінде де оқытты, өзі тұңғыш құрастырған ұлт аспаптары оркестрінің қуатты да әсем үнімен құлаққа құйды. Содан кейін-ақ Құрманғазыға Күй Атасы деген құрметті атақты халықтың өзі берді. Құрманғазының есімімен аталған әлгі оркестр жарты ғасыр бойы есейіп, есейген сайын өрісін ұзартты — батыс, шығыс елдерін түгел дерлік аяқтай аралады. Соның үлгісімен бас құраған басқа ұжымдар да талай құрлық жұрттарын қазақ өнеріне тәнті қылды. Соның бәрінде күй атасының баға жетпес классикалық туындыларына ақ, қара, сары нәсілдерінің қайсы бірі де айрықша назар аудармай қала алмады. Тіпті баяғы орыс журналисі Н. Савичевтей «музыкадан сауаты болса бірінші жұлдыз осы болар еді» деп шарт та қоймай, «мынау адамыңыз жиырма бірінші ғасырдың музыкасын жасаған ғой» деушілер де табылды. Осы орайда мынадай бір қызықтарды айта кетудің жөні келіп тұр: «Оркестр Сарыарқаны» бастап жібергенде орындарынан дүрліге көтерілген қытай солдаттары сол күйді аяқтарынан тік тұрып тыңдады» деп Ахмет Жұбанов айтып келген еді. «Вашингтонда, Біріккен Ұлттар Ұйымының залында «Төремұратты» тартқанымда бір американдық қасыма жүгіріп келіп, маған артыңнан іздеп барамын деді» дегені Қаршыға Ахмедияровтан да естідім. Бұлар өз алдына, мына сырт адамның сөзіне қараңыз: «Ертеректе мен өз «Құрманғазымды» орыс тілінде Мәскеудегі көркем әдебиет баспасынан екінші мәрте шығартқалы барғанымда сол баспаның, директоры Валерий Осипов маған өзінің, бір әрекетін былайша жеткізді:

— Америкаға сапарым алдында астана дүкендерін аралап, керек жерінде сыйға тартуға татитын, ол жақта кездесе бермейтін бұйым іздедім. Бір дүкенде Құрманғазы күйлерінің күй табағы кездесе қалды. Үйінде болғанымда соны менің қолымнан алған үлкен бір музыка қайраткері (атын айтып еді, ұмыттым — Е. X.) дереу ойнатып жіберді де, Құрманғазының мекенжайын сұрады, хат жазып, қонағым болуын өтінейін деп едім деді.

Міне сізге дүйім дүние жұрттарының Құрекеңді құптау дәрежесін білгіңіз келсе. Бұрынырақта А. Жұбанов Құрманғазы күйлерінің елу шақты нотасын кітап етіп шығарған еді. Қаршыға Ахмедияров қазір соған жаңадан жиналған 21 күйді қосып баспаға табыс етті. Бұған қарағанда «ел іші-кенішінің» ата мұрасынан әлі де берері бар деп үміттенуге болады. Ұлы мұраны әлі талай баһадүрлер алдына молайтып, байытып апару болашақтың ісі. Құрманғазының композиторлық өнерімен танысқандар оның ғаламат виртуоз күйшілігіне де табынумен келеді. Қарапайым күнделікті өмірде де біреумен сені кім, қалай таныстырады, соған қарай да жұрт қабағы жұмылып, ашылады деген емес пе, бұл арада бір тоға бөліп алып, арнайы алғыс айтатын топ — дирижерлер шоғыры. Аханның ізін ала Шамғон Қажығалиев, Нұрғиса Тілендиев, Алдаберген Мырзабеков есімдері тұлға сипатында тұруға тиісті. Әлгі аталған Қаршыға да біраз уақыт қажырлы қайрат танытты. Атаның атындағы академиялық оркестрді Айтқали Жәйімовтың бүгінгі басқаруындағы өзіндік өрнегі ел құлағын тағы да елең еткізді. Құрманғазы күйлері Қазақстан композиторларының операларында, симфониялық шығармаларында, хор капелласының орындауында, «Аманкелді» киносынан бастап сан салалы фильмдерде талантты пайдаланылғанда бұрынғыдан бетер құлпырып, күй атасы арманының ақиқатқа айналғанын көрсетті. Е. Брусиловский, М. Төлебаев, Қ. Қожамияров, F. Жұбанова, Б. Байқадамов, М. Қойшыбаев, Е. Рахмадиев, Б. Жұманиязов, С. Мұхамеджанов, К. Күмісбеков секілді классиктеріміз бен соған жетеғабыл таланттарымыздың қайсы бірі де Құрманғазыдай сөз дүниесінің сардарына қарыздар емес, бәрі де әулеттік парызын өтей білді. Бұл күндерде Құрманғазы шығармаларын жинастырып зерттеушілер баяғы А.Затаевичпен, тіпті Б.Ерзаковичтермен де шектелмейді. Ахаң үлгімен бұл бағытта Қ. Тастанов марқұм қанша көз майын тауысты. Профессор Қ. Мұхитов та бұл жұмыспен жылдар бойы шұғылданып келеді. Соңғы әзірде Тұмат Мерғалиев өзінің ізденгіш тапқыштығымен көзге түсіп жүр. Осы жігітке жалғыз-ақ айтарым: күйдің Құрманғазы қолынан шыққандығы қуатынан, ауқымды тарихынан сезіліп тұрмаса кез келген домбырашының «білгіштігіне» иланба. «Көбік шашқан» деп бір нұсқаны тартқан адамның осы жігітке берген түсінігін оқығанда жағамды ұстағаным естен кетпейді... Әрине, музыка мамандарының теориялық жағынан бара алмай жүрген иірімдері, алып тұлғаның ашылмай жатқан құпия құбылыстары бәлкім бар да шығар. Ол жағын өздері бізден де жақсы біледі. Қалай болғанда да олар атқарған жұмыс ұшан-теңіз. Айт та айт, Құрманғазының өзін қоршаған саяси-әлеуметтік ортаға көзқарасын бағалауға келгенде қайыстай қасаң қалыптасқан бір жақты, керек десеңіз, тіпті теріс пәтуаға амалсыз бас шұлғымағандар кемде-кем десек, оның жөні бір басқа. Оған да ораламыз. Ана құрсағында нәр бөліскен, табиғат таластырмай, ана сүтін де екеуіне екі емшектен бұйыртқан егіз перзенттей тіршілік деп саз бен сөз бірлігін айта алсақ керек. Қазақта тіпті «кіндігің бір ме?!» дейтін де сөз бар-ау. Саз бен сөз бірінсіз бірі қозғала алмай қалған жағдайда менің ойыма осы бір тіркес жиі оралады. Ол өзінше ғой... Егіз туған адам да есейе келе екі түрлі тағдырға иелік етеді. Ақындық өнер мен композитор туындыларының ондай түрлері бары да белгілі. «Тоқпағы мықты болса киіз қазық жерге кіреді демекші, Құрманғазы күйлерінің құдіретті тартылыс күші замандардан бері қалыптасқан сол заңдылықты да бұзды: Көкірегін жарып шыққан жырлары көбінше күңіренген күйге ұқсас Тәжібаев Әбділда ақын «Көбік шашқан» күйіне сөз жазды. Сөз болғанда қандай!... Оны қазақ хор капелласының орындауында тыңдасаңыз көзге жас үйірмей отыра алмайсыз. Күйдің жырға айналған тұстары менің «Құрманғазымда» да ұшырасып отырады. Құрманғазыға өлең-жырларын арнаған ақындар арасынан Жұбан Молдағалиев пен Жұмекен Нәжімеденовтің терең ойлы тебіреністерін бөліп айтуға болады. Амантай Сатаев екеуміз күй атасын бейнелейтін бір сценарийді киношы назарына ұсынып көріп едік, одан берекелі бітік өнім алдық деп айта алмаймын. Марат Ысқақов екеуміз театр сахналарына шығарған пьесаны да әдеби-режиссуралық жақтарынан қайта қарау керек секілді. Ғ. Жұбановамен келісім бойынша либреттосын мен жазған операның өзіне де өмір талабы тұрғысынан қайта бір оралсақ деген ойдамыз. Құрманғазының мерейтойын бұған дейін де атап өткен кездеріміз елдің есінде. Оның рухы риза болғандай істерімізді ешкім де жоққа шығара алмайды. Жоғарыдағыдай тындырған жұмыстарымызды қорытып, қала, қыстақ, ауылдарда жиындар өткіздік, талай шаруашылықтар мен кешелер, консерватория мен ұлт аспаптар оркестрі де оның есімімен аталды. Тоталитаризм заманында істеген істеріміздің бәрі бірдей көз қуанта алмаған да шығар. Қазақтың өңкей бір кемпір-шалдарын опера театрына толтыра жинап, соларға Құрманғазының өмірі мен шығармашылығы туралы министріміз орысша баяндама жасаған күнді де көрдік. «Домбыраның заманы өтті, оны мұражайға тапсыру керек» деген бір пысықай бастық тұсында да «Көбік шашқан» мен «Кісен ашқандар» күңірене күрсініп, «Жігер» мен «Теріс қақпайлар» тепсіне күш көрсетіп жатқандай сезілді. Соншалық талайғы қоқыс таптаурын боп нығыздалып қалған жердегі иіс-қоңыс қапелімде қайда кетсін-ау... Күй атасының мынау 175 жылдығы әңгімені ақиқат арнасына бұрынғыдан әлдеқайда әділ әрі батыл бағыттамаса, басқаны білмеймін, біздің буын өмірден өкініп аттанатындай қылықтар да бар. Әлдеқашан дүниеден озған адамның тірліктері қам-қарекетін көпе-көрінеу өз мүддесіне қарай бұрмалап, өз қажетіне жарата алса ғана жақсы деп, оған жарата алмағанның күллісіне күл шашқан саясаттың Құрманғазыға қылған қиянаты да аз емес. Белгілі бір тарихи тұлға туралы барша мағлұматтардың екшелген ең бір сығынды селі энциклопедияға енгізіледі ғой. Содан үзінді оқытар алдында басын ашып айтарым: бұл мақаланы сол кезде кім жазса да тек қана осы қалпында өткізе алар еді. Сондықтан Ж. Рсалдии қысылатын дәнеңе де жоқ. Бұнда былай делінген: «Қ-ның бүкіл өмірі мен творчествосы әлеуметтік әділетсіздік пен қанаушылыққа, озбырлыққа қарсы күрес жолында өтті». Егер сол әділетсіз, қанаушы, озбыр бұдан соңғы сөйлемде өз атымен аталып тұрса, оған кім қарсы?.. Бұл арада мақала кімдерді жазғырып тұрғанын ішіңіз сезіп те отырған шығар. Олар, әрине, баяғы сол «Би-болыстар мен байлар». Бұның енді бұқпантайға салатын түгі де жоқ. «Би-болыстар мен байлардың» ар жағында тұрғандар — солардың өздері емес, отар иелерінің итаршылары. Қазақты қонысынан қуған орыс басқыншыларының өздері түгіл солардың қол шоқпарын ел басқарған (Исатай, Махамбет ceкілділep де көп болды ғой) адал ерлерден, ел сыйлап, береке-бедел тұтқан дәулетті адамдардан бөліп алып айтуға да аузымыз бармай тұр ғой. Өз өтірігімізге шынымен сенсек правительдің өзі қаматқан адамын өзі ақтағаны қалай деп те дауласар едік. Жоқ, ол дерекке біз үндемей отырып, ішімізден соған имандай иландық. Бұл — бір делік. Екіншіден, әкімі бар, басқасы бар — елдің игі-жақсыларына түгелдей қарсы бұзақы кімге қажет?! Құрманғазыны соншалық азғын рөлде «мадақтауға» қия алдық па?.. Құдайдан күштімісің, амал құрығанда соған да қидық, қиянат емей немене бұл!

Еділ үшін егестік,
Жайық үшін жандастық,
Қиғаш үшін қырылдық,
Тептер үшін тебістік,

Теңдікті қолдан бермедік! — деген адамды арманға балап, солар да «өкіне ме екен өлдім деп» деген, әттең сол кезде «Кішкентай» боп қанды айқасқа қатыса алмай қалдым-ау деп, соған симфонияға бергісіз шығармасын арнаған Құрманғазыға ойлап тапқан орнымыздың сиқы әлгі. Елім деген ер екендігіне генерал-губернатордың өзі сендірген, орыстың шынжырлы төбеттеріне (урядникке) «Не кричи, не шуми!» деп, құдіреті күй қуатымен зекіген қайсар қаһарманның шын болмысын ашып айтсақ, Шортанбай, Мұраттарша сорлап қаларын да ойладық, әрине. Қалай болғанда да оның өмірлік позициясын А.Затаевичке «конокрад» деп жамандағанымыздай көпе-көрінеу ұсақтаттық. «Ұлы» деп отырып та «ұры» дедік. Өз басым Дөңбай қажы мен Байғазының егес, ерегесіндей ауыл арасындағы ұсақ жанжалға Құрманғазыны араластырған жоқпын. Старшина Ақбаевты Перовскийдің алдында құрдай жорғалатқанда старшина болғаны үшін емес, Құрманғазыны орыстың жазалаушы отрядына өз қолымен ұстап беріп, абақтыға айдатқаны үшін сөйттім. Оны да мен аспаннан емес, өмірде дәл солай болған оқиғадан және «Ақбай» күйінің өз ішіндегі зығырданы қайнаған, ауық-ауық шарасынан асып-төгілген ашу-ызадан алдым. Қысқасы, Құрманғазы Сағырбаев адам, азамат ретінде кім болған деген сұраққа ендігі зерттеушілердің жауабында осы бір ойсыраған олқылықтың орнын толтыру шарт. Шарасыздан берілген жартыкеш, жалған бағадан бас тартатын күн туды. Саз сардары Сағырбаев отаршыл саясаттың озбырлығына еш төзбеген, тұтастап соған қарсы, өр, өжет тұлға. Ол Әз Тәуке мен Абылайды, Сырым, Кенесары, Исатайды білсе де тап тартысы дегеннің не екенін білген жоқ. Ол — бар болғаны музыкадағы Махамбет. Мынау бөлек-бөлек БАБА баптасып, ATА беделін салғастырып жатқан «ерке» де, ерсі тұста «Құрманғазы шынында да дара тұрған жарық жұлдыз» десек біреулер соған да бәлкім бұрынғыдан бетер тарынар. Тарынсын... Құрманғазының саздарынсыз бір концерт, эфир экрандарда бір күн өтпесе де, әр шаңырақта тойларда соның күйлерін шалқытып, халықтың аса аяулы адамдары дүние сала қалғанда соның күйлерін еңіретіп отырып та тарынып келдік қой. Сол тарынудың салдарынан күні бүгінге дейін бейшараның еш жерде ескерткіші де жоқ. Бұрынырақта соның ескерткішіне бәйге де жарияланған. Қатысушыларға арналған орындарына қарай жүлдесі де төленген. Сонда бірінші жүлдеге ие болған өз жұмысына байтақ қазақ жерінен орын таба алмаған күйінде Кенбаев Молдахмет марқұм да зарлай-зарлай дүниеден өтті. Бәлкім Кеңестің 1988 жылы шыққан энциклопедиялық сөздігінде аты аталған шығар десем, онда да кезіндегі облыс хатшыларының аты бар да, үш мәрте Еңбек Ері Қонаевтың жоғы секілді, бүгінгі сазгерлердің талайы бар да Сағырбаев жоқ. Ғылым пайдасына деп қабірден қазып алған Құрекең сүйегін елден сыртқары жерге итеріп тастай бермей, жұртшылықтың, шеттен келген қонақтардың да оның басына барып тәуеп етуіне ыңғайлы Атырау қаласының бір жеріне жерлейік деген өтініш орталық партия комиетіне де жазылды. Оған академиктер Ғ. Mүcірепов, Э. Марғұлан, A. Нүсіпбеков, жазушы Д. Снегин, мүсінші X. Наурызбаев, ішінде біз де бармыз — барлығы оншақты адам қол қойғанбыз. Идеолог хатшымыз, жаңағыша, «қазақ байлары сиғызбаған соң орыс жеріне өзі барып жатқан» дегенді ойлап шығарып, біздің өтінішімізді бюроға да салғызбай қойған. Өтірікке не шара, шынында ол кезде Астрахань губерниясына қараған ол аймақ та қазақ жері болатын. Ескерткіш демекші Құрекңнің портретін X. Наурызбаев та, М. Кенбаев та, Э. Смайылов та жасады. Н. Шаяхметов бас сүйек бойынша деп өзінше мүсіндеген болды. С. Романның бір жұмысын қазақ энциклопедиясының бетінен көрдім. Қай еңбек те өзінше ойлы, өзінше нәрлі ақ шығар. Бірақ, осынша көп Құрманғазының бір адамды танытқандай ортақ бет әлпеті байқалмауы мәдениетіміздің жетілгендігін аңғарта қояр ма екен?... Абай айтқандай, алдыңғы аға толқынның ізін кейінгі іні толқын басып, бәрі де бұрынғыдай көрінуін көрінер-ау. Сөйтсе де әр толқынның алдыңғыдан алған-ақ, адал аманаты кейінгіге саф күйінде сақтап бере білуі мезгіл мінезіне де байланысты көрінеді ғой. Әйтпесе өз өрнегімен өзіне дейінгі байытып қалдырудың орнына көне жүзіктің көзін сындырғандай, дүниеден артын жұтатып аттануға кімнің ары барсын. Әл-қадерінше, аштық пен қырғын соғыстан өмірге әрең қайтқан біздің жарадар буын да намысты қолдан бермеудің амалдарын аз істеген жоқ. Олжасызда емеспіз. Сонда да дегеніміз бола берді ме?.. Кешегі күндері әдеп, ибадат, әруақтан имену дегендерден тұл көргенсізге сенбесе де «сен білесің» демеске шарасыз болған буынның енді не істемекті ойға алса да соны тындырғанша алас ұрып асығуы заңды. Жасыратын несі бар, осы жүрген біздер бізден кейінгілер қарғамаса да, қабақ шытар межеден алыстап жарыған жоқпыз. Белгілі бір тұлғаның тойын тойлап, соның төңірегінде пікір қозғасқанда тағдыры соған ұқсас тағы басқаларға мерейтойын күтпей-ақ қызмет көрсетпекті ойластырған жөн. Өйтпесек қолдан жасалған тарихтарды қалпына қайтарып үлгере алмаймыз. Уақыт озған сайын алдымыз сиреп, артымыз қоюланып жатқан өзімізді де ұмытпалық, «Өгізге туған күннің» салқыны «бұзауға» да оңай тимеген. Азын-аулақ қалған өмірімізде адам бойындағы кісіліктің, ар-ұяттың үстемдік таныта бастағанын қасымыздағы ортақ мүдделі үлкен-кішіден дем-тыныс денемізбен де сезіне жүрсек дейміз. Бас пайдамыздан бұрын арақатынастағы жан семіртер жақсы дәстүрдің орнығаа бастағанына көз жеткеріп, көңіл тоғайтып өтсек деп біз соны көксейміз ғой. Солайша шын бармын, бауырмын деген баршамызды Құрманғазының аруағы қолдасын!

1993 жыл.

БІЛІСКЕН ЖАЙЛАРДАН БІР ТОҒА СЫР

Ахмет Қуанұлы Жұбановтың өмірі мен өнері хақында естелік айтушылар санатынан көрінейін деген ой менде әсте болған да жоқ, болмақ та емес. Оған осынау өз алдына дүбірлі бір дүние туралы білген-түйгенімді басқа мақсатқа бағындырғаным себеп: Құрманғазы қазақтың ұлттық өнеріндегі ол ғасырлық тағдырынан озық танылса, бұл кісінің тұлғасы соның басқа бір дәуірдегі баһадүр жалғасы сипатында оқылсын дедім. Сонда бұл екі адам туралы жазғандарым арғыны бергіге ұластырып жатқан ақындық дилогия болып шықты. Қандай қуатпен жазылғанда да сол туындылар поэзиямызға өлең дүниесінің өзінше бір зары мен ары болып орныққан секілді. Қиындығымен қызық, ең бір қымбат естеліктер қиял қыздырғанда өздері де тағылымын тарауихқа көшірді. Содан соңғы қалпым сарқылған сабадай болса, оның несі айып?!. Мен бұл жолы өзімнің Ахаңмен арақатынасымнан ғана азын-аулақ ишарат танытамын. Бәлкім оны да білгісі келетіндер бар немесе түбінде бар болып шығуы мүмкін ғой. Бұл кісіні Отан соғысынан елге оралған кезімде, яғни сәл кешеулеп кездестірдім. Сөйте тұра қайсы бір адами қасиеттерінен алдын-ала хабардар болған да жайым бар. Табиғаты жұмсақ адамның да талабы қатал болады дегенге о боста сенбей жүрдім. Кейін соған да сендім. Қалайша дейсіз ғой?.. 1938 жылы Жамбыл шығармашылығының 75 жылдығына қатысқалы Атыраудан Алматыға келдім. Сол жиынға келген оралдық досым Қайырғали Байғалиев екеуміз астанадағы бір кешті филармония қорасындағы тоқал тамда тұратын атақты күйші Уахап Қабиғожиннің үйінде өткіздік. Уахаң отбасы желінқаптап сауып отырған ешкінің лағын біз екеуміз сатып алып, күйшіні өзінің үйінде қонақтадық, Виртуоз домбырашының ғаламат өнерін құныға құптай отырып, ара-арасында әңгіме де айтқыздық. Ас та келіп, оған бас та тартылды.

— Осыдан аз күн бұрын, — деп бастады ол осы орайдағы бір әңгімесін,—Ахметпен райласарда бұл лақтың басы кесіліп қала жаздаған. Оның сойғызбай кеткен малы, балалар, сендерге бұйырды.

— Ағатай-ау, ол кісімен нағып жүз шайысып қалып жүрсіз? — деді Қайырғали үзіп алғандай.

— Қой, құдай сақтасын, өйткен жерім жоқ. Дегенмен бір ұят іс қылғаным рас еді.

Уахаң одан арғысын ішке ірке тұрып, әңгімені ежелден ел аузында жүрген бір баланың ағат ісінен бастады:

— Бір топ бала төбе басында асық ойнап жүрсе ауылға қарай бір салт атты келе жатыпты. Өзгелерінен тентектігі басымырақ, барлығына үкімі де жүретін Серікбай деген біреуі айтыпты: «Ана келе жатқан менің нағашымның жігіт болған баласы. Бәріміз алдынан ауыл иттерінше жарыса шауып шығайық та, жан-жағынан арсылдап, атын жүргізбей қоялық.

Барлық бала басқа міндетті атқарудай-ақ атқарса да, аттың құйрығынан тістейтін ерекше долы төбеттің рөлін ойнаушы табыла қоймаған. Сонда Серікбайдың тізесі батыңқырап жүрген бір-екі қу:

— Бәрімізден батыр сол, бір қапса Серікбай қабады, ал, ал, Серікбай қабады!.. —деп, арсылдай беріпті. Шынымен-ақ соған қаны қызып кеткен тентек құйрыққа ауыз сала бергенде ат теуіп жіберіп, содан байғұс баланың жағы қисайып қалыпты, — деп, үй ішін бір күлдіріп алды да, Уахаң әңгімесін әрі қарай жалғастырды, — шынында біздің жағымызды қарыстыратын да қылығымыз жоқ емес, тәтті айтса сақалымызбен тайраңдап, қатты айтса қарысудың не жөні бар: Осындағы күйші, сыбызғы, сырнай, қобызшы деп жүргендердің бәрі дерлік күні кеше өз бетінше өрістеген әр елдің әпендесі емес пе, қит етсе «ойбай мынаның алды қатты, аяздай ызғарлы» деп жан-жақтан құлағымды сарсытқасын ба, әлде өзім де қатал емтиханды солай сезіндім бе, — әйтеуір, әлде қалай бір ренішке бой алдырып, Ахмет үстінен арыз беріп қалып едім. Тіпті менің сөйткенімді артынан соны қайтып алып келіп отырғанымды, Ахмет осы үйде кеше ғана өз аузынан естіп-білді, ішек-сілесі қатқанша күлді. Оркестрде де әншейіндегідей бет-бетімізбен жамырап жатсақ, сол үшін де бетімізден сүймек керек пе?.. «Өнер мен өсек, жанығу мен жалқаулық, — қайсы бірін алсаңыз да өзара бітіспес жау» деп, біз нотаға үңілген күні-ақ басын ашып айтқан ол.

— Уаха, сонымен Ахаңды сіз бізге қандай адам деп түсіндірер едіңіз? — дедім мен ұзын сөздің аяғында.

— Мен білетін Ахмет — екеу: Сахнадағы сұлтаннан сұсты, сардар Ахмет, жайшылықтағы жайсаң, жібектей есілген, жігіт Ахмет.

Міне, менің Ахан туралы ең алғаш алған мағлұматым осындай. Осы мінездемені қуаттайтын бір эпизодты кейініректе Латиф аға Хамиди аузынан да естігенім бар. Ол кісі былай деген еді:

— Ахаң бір кездерде дирижерлік қызметке мені де жекті. Оркестр ырқыма көнбей бара жатса дереу қол шапалақтап тиып тастаушы едім де: «Ал, қайтеміз, дұрыстап жұмыс жасаймыз ба, жоқ, әлде Ахаңа барып айтамыз ба?.. — деуші едім. Содан соң-ақ саз жүйесін тауып, сайрап жүріп беретін.

Қырқыншы жылдардың аяқ шенінде марқұм Қабидолла Тастанов Ахаң шақырып жатыр деп, бір жолы мені Ағаның үйіне ертіп барды. Бұған дейін мен істейтін «Соц. Қазақстан» газетінің редакциясына бір келгенде Құрманғазы туралы балладамның бір жерінен әңгіме арасында үзінді айтып, бөгде бір дастарқан басында өз өтініші бойынша әлгі нәрсемді домбыраға қосып молырақ толғағаным да бар еді. Тегінде солардың бір септігі болды-ау деген едім, расында да солай екен. Түстік тағамнан соң, мені жұмыс бөлмесіне бөлек қабылдап, Құрманғазыны қаншалық білетінімді, қалай түсінетінімді сұрастырды. Болашақ операға либретто керектігін де шет-шепірлеп аңғартты. Либреттодан гөрі өзіме жақынырақ жанр арқылы көрінсем деген ойымды мен де сездірдім. Кімге де «Сіз» деп сөйлейтін әдетіне бағып, өзінен аттай он жасы кіші маған да:

— Сонда сіздің оң жанбасыңызға орайласып тұрған жанрдың аты-жөнін білуге болмас па екен, Хама? —дегені. Мен қысылсам да қысылмағансып:

— Шамам келгенінше көлемді дастан жазбақ ойым бар дедім.

— Дастан іші драмасыз болмайды, оныңыз да жөн шығар. Ойлағаныңыз іске асар болса Құрманғазы тақырыбын сіз де бір қанаттан қаусырып, ек!і жақтан тапқан-таянғанымыз ортақ арнаға ойысар еді — дегенді ол, жаңағыша жеңілдетпей, әр сөзіне айрықша бір салмақ арта сөйледі. Сөйтті де ол маған оң қолын созды. Мен оны екі қолыммен ұзақ ұстап тұрдым. Өйткені, нақ сол сәтте «Ұлы Құрманғазы рухы бұл кісімен де тумай туыстырар болды ма?!» деген сезімге бой алдырып та үлгерген едім. Айтса айтқандай-ақ, аз уақыт ішінде іргесі бір іні болдым мен оған. Бас-аяғы сегіз жылға созылған «Құрманғазы» атты өлеңді роман (екі кітап) жазылып біткенше, бастапқысы қайта толысып, екеуі бір мұқабада қайта басылып шыққанға дейін Ахаң жалықпай сұрап, жайды біліп отырды.

Бірінші кітап жарыққа шығысымен, екіншісін күтпей-ақ, «өлтіре сынайтын», «сойып тастайтын» заман таяғын мен де жеудей-ақ жедім. Оған Әуезов сияқты Жұбанов та қатты ренжіді. Ахаңның сондағы көңіл жұбатқан сөзі әлі есімде: Ондайдың талайын көрген Ахаң: «Керуен көшкенде үруге тиістінің правосына тиіспек обал болады» деп те күлдірген еді. Біздің жан жарастығымыз ерекше ширыққан бір тұс Ахаң басына ауыр күн туған шақ еді. Барлық атақ-лауазым дегеннен жұрдай қып, жұмыссыз қалдырған соң, қолы бос Ахаң «Победасын» біздің терезе алдына көлденең қойып, жиі-жиі қонағымыз болатұғын. Ұсақ балалар арасында екеуден екеу отырып әңгіме шертетінбіз. Бірде мен әлгі кішкентай достардың бірі жылап, бірі күлген ызы-шуына ызаланып: «Қап, мына мелочь немелердің қылғаны-ай!..» дегенімде, сөзді табанда тапқырлығына батып Аха: «Осы шылдырлаған мелочеңыз ертең шытырлаған қағаз ақша болғанын аңғармай да қаласыз» деп, келіні мен кемпір-сампырды күлкіге бір тоғытқан еді. Сол сәтте бұған дейін өзін жазықсыз күйдірген бір жиналыстағы сөзі есіме түсті. «Жаптым жала, жақтым күйенің» шегіне шыға сөйлеген бір кекеш кісіден кейін сөз алып:

— После глубокоуважаемого такого-то мне что-либо сказать трудно, тем не менее в порядке соуса что ли... — деп бастағанда залдағы жұрт қыран-топан күлкінің астында қалған еді.. Иә, ойламаған жерден ойып түсетіні оның осындай да бір шешендік қыры аңыз сипатында айтылатын.

Сөйтіп жүрген Ахаңмен қатынас пышақ кескендей тиылып, арада екі апта өтті. Мен оны екінің бірі деп ойладым да, телефон шалмай, әлгінің артын бақтым: Менің ойымша, не Бекманов, Сүлейменов, Ысмайылов, Жұмәлиевтер кеткен жолмен темір торға барып бас сұқты, не Әуезов Мұхтар, Сәтпаев Қаныш салған қасқа жолмен Мәскеу асып, бас сауғалау қамына кейін. Абырой болғанда, алдыңғыдан амандығын жасыл ленталы машинкаға басылған сәлем хаты жеткізді. Оның алғашқы хабары былайша жазылған: «Баяғыда біздің елдің бір еті тірі кедейі дәулетті ағайынына қоңсы қонып, малына қарасып жүреді екен. Бір күні қонақ көбірек түскен бай үйінің сабадағы қымызы сарқыла бастағанда үй иесі даяшыға әлгі жігітті нұсқап: «Оған айран берсең де жарар» десе керек. Ызаға булыққан азамат өз табалдырығын аттай беріп:

Кел, қатын, үйіңді жық, біз көшелік,
Екеуміз ақсақ, көкке мінгеселік,
Басына Қызылжардың қонып алып,
Биылша қымыз ішпей күн кешелік, —

деген екен. Сол айтқандай, бұл күнде біз дегеніңіз Мәскеу шаһарының тұрғыны болып жүріп жатырмыз». Халықтардың әкесі көз жұмғалы аз-кем болса да заман оңғарылып, азаматтар әлгі екі тараптан да елге қайта оралған тұста менің баяғы досым Қайырғали Байғалиев Мәдениет министрі болып қызмет атқаратын. Бір жақсы кештің буымен Ахаңды түнгі сағат үште сол үйге баруға көндірдім (шұғыл шаруамыз болған). Машинасының рөлі не ағайдың өзін отырғызып жетіп келсем, сол үйде қырғыз министрі атақты әртістерімен қонып жатыр екен. Төсегінде ұйықтап жатқан Қайырды сирағынан тартып ояттым да, ас үйде отырған Ахаңның алдына алып бардым. Екі халықтың жақсы мен жайсаңына таң рауанында табақ тартқан сол бір думанды түн әлі есімнен кетпейді. Әз аға мен асыл құрбыма қылған шамадан тыс шадыман еркелігімді қалай ғана ұмытуға болар?! Арақатынасымызда оқта-текте шәлкем-шалыс келіп қалған мінезді де көбік құрлым дарытпаған, намыстың нарқын көтерер сәттерде де өзінен өзі қорғасындай құйылып, түсіп отыратын талай қызық эпизодтарды мөлтек қалпында мөлдіретіп қағазға түсіре берсем, бәрі де оқылар еді-ay... Әттең денсаушылық бабында емес—әйтсе де солардың тағы да бір екеуін алға тартып көрейін. Құрманғазы зиратын тауып, Ахаңа да, өзіме де қажет бірсыпыра деректер жинастырып қайтқан соң, араға екі жыл салып, 1954 жылы Астрахань облысының сол аймағына Ахаңды да өзім бастап апардым. Барсақ отызыншы жылдардағы Қазақстан өкілдерінен (шолақ белсенділер қиянатынан) запы болған ел біздің де сұрақтарымызға состия қарап, сенімсіздік сыңай танытты. Тоқтаған жердің бәрінде-ақ екі күн бойы қатқан бауырсақ пен қара шай ішіп, мініп келген қатерімізге қоналқаға ішегіміз шұрқырап аш қайтып жүрдік. Баяғы балаң шақтағы Қабиғожин үйінде іске қосқан айла-шарғыны осы тұста бір пайдаланғым кеп, ертеңгі ас үстінде Ахаңа: «Қой сатып алып сойғызалық та, Құрекеңе бағыштап құран оқыталық. Сонда бұл ел бізге имандай сенеді, бұлақтың көзі ашылады» дедім.

Бұны естіген академик баладан бетер қуанды десем сенесіз бе? Ол былай деді:

— Кешегі пысқырынып отырған қисық шалдың қорадағы қойы ішінен бір аймүйізді бозқасқа ісек көріп едім түзге шыққанда. Сұрағанын беріп соны сойғызалық. Ерегескесін құранды да сол шалдың өзіне оқытып, кешті де сол үйдің өзінде өткізелік.

Атырау облысының Теңіз ауданынан бізді бастап барған Үмбет Сужиков бұйрығымызды бұлжытпай орындап, шалдың үйіне төңіректі түгел қатыстырды. Қонақасымызды өнерпаздар өсіріп жіберді, арғы-бергіні білгіштер де табылды. Содан кейінгі күндерде әлгі думан әр үйде жалғасын тауып отырды. 1959 жылы Құрманғазы кесенесінің ашылуы салтанатына барғанымызда сол адамдар Ахаң екеуімізбен тура мағынасында жылап көрісті. Күнделікті күйкі тірліктен бір мезгіл сейілмек үшін Алматының ішінде де, қалаға қатынас жатқан елді мекендерде де талай тамаша кештерді бірге өткіздік. Бұл күнде Қапшағай көлінің түбінде қалған Іле поселкесінде қона жатып өткізген күн тәулігінің өзіне тоқталмай-ақ, қайтар жолдағы біздің бір назды диалогқа назар құлатайын. Көңіл делбеген түнгі отырыста Ахаң қай тағамнан да онша көп тартынған жоқ. Келесі күнгі ертеңгі ас пен түстікте де «арбакеш ащы су ұрттамайды» деп, көзелек қойғызбады. Кіші бесін әлетінде Алматыға бет түзедік. Мен алдынғы кабинада, жасыл «Волгасының» роліндегі Ахаңмен қатар отырмын. Өзіме керек жол азығым алдыма қойылған. Мамыр айындағы Алатау маңдай алдымнан тап бұл жолғыдай байып көрінген емес. Тау бүгін құдды бір үсті-басы үлбіреген келіншектей. Басқаша айтсақ, кемпірқосақ киініп алған дерсіз: Ақ, көк, қызыл, жасыл белдеулер жанарыңа ұйып, жаныңа от тастайды. Ол аз дегендей, жолдың екі бетіндегі қыр мен жазықтың қызғалдағы бүкіл даланы бүркеп алған. Сәскеде желіп өткен жаңбырдан кейінгі даланың жұпар иісін ашық терезеден құныға құптап-ақ келемін. Бірақ, осының бәрі маған аздай. Бір жерге аз-кем аялдау керек-ақ секілді. Кім біледі, біздің қолымыздан бір шоқ гүл дәметіп отырғандар да болуы мүмкін ғой... Бұл күндерде жұрттың біреулері дұрыс, біреулері әдейі бұрмалап айтып жүрген сондағы біздің диалог сұлулыққа соншалық елтіген ерке сезімнен туған еді ғой. Бір сөзін өзгертпей қағазға түсірсек ол диалог былай оқылады:

— Аха!

— Құлағым сізде.

— Бөрене, әк, темір мен бензин исіне қазір-ақ тұмсық тойындырамыз ғой. Осынау бір жотаға аз-кем аялдап ауа жұтайық та.

— Қайтесіз, күн кешкіріп қалды. көз байланбай үйге жетіп алайық.

Едәуір қызған адам әншейінде ойға орала қоймайтын қисық қиялға, татымы дөрекілеу тапқырлыққа бейім тұрады дегенің құлағым шалғаны болмаса, көрген жерім есімде жоқ еді. Осы жолы соның өз қиялымнан енгенше куәлік еттім: «Бұл кісіні бір жерге қайтсем де тоқтатуым керек. Қайтіп?.. Әрине не бұл кісі тоқтап тұрып реніш білгізердей өтірік жанжалдасу керек (ол ұят болар), не жолын бөгердей оқыс бір сөз тауып күлдіру керек. Соңғысы дұрыс деп шешкен қиялымның сондағы қармап қалғаны:

- Аха!

— Құлағым сізде.

— Дүниеде менен құдай ақын бар ма?..

— Дүниенің жүзі болған соң сізден де мықты біреу-міреу, бәлкім шығып қалар.

— Жоқ қой ол.

Енді Ахаң ренжи бастады. «Осы шынымен айтып келе ме, шатасқаннан сау ма?!» дегендей, бетіме оқыс бұрылып, тіктеп қарады.

— Жоқ қой ол! — деп, мен де езеурей түстім.

— Ау, біреулер күні ертең осыны да өсек қылады ғой.

— Дәлелдесем кім қалай өсек қыла алады?..

— Немен?.. Немен дәлелдейсіз? — деген Ахаң дауысы осы тұста байырғы қалпынан басқаша, қаттырақ шықты. Диалог осылайша шырқау шегіне жеткенде мен де оған оқыс бұрылып:

— Білсеңіз айтыңыз, — деп бар дауысыммен айғайладым, — Дүниенің жүзіндегі қай құрлықта, қай елде, қай ақынның шофері академик?..

Шалқақ отырған шағын денесін еріксіз еңкейте бір селк еткізді де, жүздің үстіндегі шапшаңдықпен ағып келе жатқан машинаны күйветке тақап барып күрт тоқтатты. Моторды өшірді.

—Мұндайда шофер кісі тоқтап тұрып күлмесе болмайды,—деп, езуін жинай алмай жатқандардың бірінен бетер рахаттана күлді. Әсіресе сыртқа шығып, екі қолымен ішін басып жүріп еңкейе күлгені ұзаққа созылды. Содан кейін ол жүк қоймадан бір кездерде майлық, сулық сүлгілердің арасына тығылған коньякты суырып алып, капоттың үстіне дастарқан жайғызды. Сондағы айтқаны:

— Шоферлерді тексерушілер де шаршап үйлеріне қайтқан шығар, мен де ішейін!

...Менің әлгі «олжамды» «Ахаң айтты» қылып жүргендер — онсыз да аса салмақты емес мені шөп басына шығарып, Ахаңа да академиктігін өзі қызықтайтын жеңіл мінез телігісі келетіндер ғой. Бұдан кейін жаңағы «біреулер осыны да өсек қылады» дегенің әулиенің сөзі емес деп кім айта алар?!. Дирижер Ахаң күйші ғана емес, әнші де, жырау да бола алған. «Батақтың Сарысын», «Қыз Қосайды» оншалық бабына келтіріп айта алардай термеші әзір маған ұшырасқан жоқ. Ғабит Мүсірепов Жазушылар Одағына мүшелікке алайық дегенде Ахаңның көнбей қойғаны болмаса шынында да ойы өнікті, тілі жатық жазушы еді ғой. Қазақша, орысша жазылған кітаптары қос тілі көркем сөз иесіне қай күні қайсымызды тәнті қылмаған?!. Екі адам арасындағы еркін-дастарқан қарым-қатынасты аңғару үшін, яғни олардың өзара пендеуи пернесін басып керу үшін осы штрихтар да жарап қалар. Ал менің өзінше дара жаратылған дарабоз дарын хақындағы көркем таным, талғамдарымды білгісі келгендерге «Күй-Дастанымды» ұсынамын. Енді соны оқып көріңіз.

МЕНІҢ ПІРІМ СҮЙІНБАЙ

Ойламаған жерден орайына келе қалатын істер де адам өмірінде болмай тұрмайды. Соңғы жылдардың бірінде мен Сүйінбай болып киноға түстім. Жігіттер қоярда қоймай қолқа салған соң қартайған шағымда сөйттім. Әрине, одан мен киноактер бола қалған жоқпын. Ондай болудың маған қажеті де жоқ қой. Оның үстіне киношылар менің сөзімді дұрыстап шығара да алмады. Алайда бұл әрекетім ұлы бабамыз бейнесінде бір сәтке болса да көрінуіме және де ақындық арқамды қоздырған осы жағдай Сүйінбай Аронов, Шоқан Уәлихановтардың патриоттығы мен даналығын мадақтайтын дардай поэма жазып шығуыма себін тигізді. Бәлкім соның арқасында да осынау салтанатты жиынның алғашқы лебізіне ие болып тұрған шығармын. Ендеше, ең алдымен Сүйінбай рухына тағзым етіп басымды иемін. Осы залдағы, осы өңірдегі бүкіл Сүйінбай ұрпағын, бүкіл қазақ жұртын ұлттық мерекеміз сипатында танылатын осынау торқалы тоймен перзенттік жүрегімнен құттықтаймын! Ендігі азғантай сөзімнің ара-арасына еніп отыратын өлең шумақтарын әлгі айтылған өз дастанымнан деп білгейсіз. Ақынның төл сөздері сіздерге онсыз да белгілі ғой. Дәл Қазір бұл шумақтар маған Сүйінбай туралы өз түсінігімді тереңірек аңғарту үшін керек.

А, Жел суда жезтаңдай Сүйінбаймын,
Сөз піріне мен бекер сиынбаймын,
Өжет туған о баста елімді айтсам
Қорғасындай балқимын, сұйылмаймын,

Сары азамат сардары ерімді айтсам,
Жаны жомарт қазақтың сыйындаймын,
Намысыңа тиетін жерімді айтсам,
Тау суындай тасимын, тиылмаймын.

Дерт қысқанда Ебінің үй жығатын
Құла-топан желіндей құйындаймын.

Иә, ол осындай ақын болған. Ол кезде осындай ақынның ғана барар жер, басар тауы мол, жолы ұзақ болған. Бір беткейі қырғыз, өзбек елдерін қаусыра, қазақ жерінде Сырға жуықтап, екінші беткейі Семей губерниясының бірсыпыра тайпаларын қамти отырып, Шығыс Түркістан шетіне де оның атының аяғы жеткен. Қызының айтуына қарағанда Сүйекең тіпті Қызылжар тарапында да болғанға ұқсайды. Бұл өз елін, қанаттас жатқан өзгелердің де тыныс-тіршілігін жүру арқылы жетік білгенін аңғартатын қашықтық. Ал одан бергі мезгіл меғдары-ше?.. Сүйінбай мұрасы мен мирасы біздің ғасырдың орта шеніне шырқап шығып алғаннан кейін ұлағатты мектепке айналып кетеді. Арғы-бергі межесін жинақтағанда Мақыш, Бармақ, Бақтыбай, Арғынбай, Мәйкүт, Шүкітай, Үмбеталы, Нұрила, Кенен, Ләтипа, Саяділ, Орынбай, Жақсыбайлар Сүйекең мектебінің тұтас тұлға-тұрқын құрастырса, оның мәртебелі басында бүтін бір ғасырлық өмір кешкен шежіре шешен, кемеңгер Жамбыл отырды. Жамбыл соншалық ұзын өмірінде әрбір атқан таңмен Сүйінбай рухына мінәжат етіп, ол менің пірім еді дегенін бүкіл дүние жүзіне жария қылды. Сүйінбай өмірін кейінгі ұрпаққа таныстырып қана қоймай, оның шығармашылығын ғылыми негізде жүйелеген Ілияс Жансүгіров, Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Мәлік Ғабдуллин, ақын шөбересі Сұлтанғали Садырбаев, сондай-ақ Мубәрәк Үмбетаев, Сәрсенбі Дәуітовтердің еңбектерін айыра-бөле жоғары бағалаймыз. Көркем әдебиетте Сүйінбай бейнесін жасаған Саяділ Керімбеков пен Әбділдә Тәжібаевтың дастандарына енді менің поэмамды қосып айтудың да оғаштығы бола қоймас. Осындай биік беделіміз Сүйінбай Аронов туралы өз сөзімізде қандай тұжырымдар жасауға болар еді? Меніңше Сүйінбай неге болса да шұғыл шүйлігетін, көк жүзінен көз бермей түтеп төгілетін нөсер спетті ақын.

Шаңқ етті тау тарланы ұшарындай,
Тымбас ол айтарынан іші арылмай.
Домбыра долы сөздің қапталында,
Қақтығыс сатыр-сұтыр қақпағында.

Немесе:

Сүйінбай басқаша бір серпілгелі
Ашынды, аш бурадай селкілдеді
Кім білсін, мына жұртқа бәлкім іштей
Сендерді сілкіп алу сертім деді.

Бұл оның өнерін жалпыға жайып салар алдындағы ақындық мінез көрінісі делік. Ал іштегі діттеген жеріне бақсақ, халықты мақтамайды, жақтайды, ылғи да жақтайды; халық қайғысын арқаланған шағында бұл кісі от болып өртеніп отырады. Мәселен Шоқанға жиналған жұртшылық алдында тарихтағы аты шулы ауыр хабарды тек Сүйінбай ғана былайша айта алса керек:

Уа, Шоқан, уа, туыстар,
Көкірегімде құса толы қуыс бар.
Ыдыс емес көкірегім
Ішіне құйса у ұстар.

Ішімде дертім көп жатыр,
Сөйле де, сарна деп жатыр
Кешегі көрген сұмдығым
Жанымды мүжіп жеп жатыр,

Көрдім ғой не бір мазақты,
Көрдім ғой не бір азапты, —
А, Қоқанның ханы қырып салды
Қазаққа жұмсап қазақты,

Ақ патшаға қараған тайпаға
Орнатып кетті дозақты, —
Боздақтың басы кесіліп,
Көргендердің көзі ақты,

Айдап-матап малды алды,
Сүйем деп сұлу жанды алды.
Үй орнында құл қалды,
Көңірсіген қан қалды,

Жынданып кеткен қария
Тау ішінде сандалды,
Сүйінбай сорлы құдайдан
Соққының зорын сонда алды.

Бұл бұл ма, Шоқанмен оңаша сөйлескенде тереңде жатқан түпкі сырын ол былайша ақтарады.

Өлімнің жолы қысқа-ды,
Өмірдің жолы ұзақ-ты
Ұзағын оның қайтермін,
Мойынға салса тұзақты, —

Орыстың добы жарылса,
Оңдыра ма о жақты,
О жақтағы қазақты
Балалап тұр байқасам

Бір ғазаптан бір ғазап,
Біз жақтағы бергі жақ, —
Саңқылдаған самұрық,
Өзінше ойға, қырға жақ,

Ала-құла арғы жақ —
Қара құзғын қарға жақ,
Екі араның жемтігі
Баяғы сол бір қазақ.

Қаны қашқан сұр қазақ,
Кәлимаға келе алмай,
Өлейін деп тұр қазақ.

Ол тіпті бетпе-бет келіп қарама-қарсы тұрған екі әскердің аралығында оққа басын байлап, оларды бітімге келтіру үшін ақ жалау көтеріп елшілікке бармақ ойы барын да Уәлихановқа мағлұм етеді. Ақынды ондай қayіп-қaтepлі жерге салу әбестік, тіпті Сібір мұндай таяқ тастам жерде өшіп қалуы ықтимал аралыққа жұмсау қылмыс болады деп, Шоқан Сүйінбайдың бұл шешіміне үзілді-кесілді қарсы шығады, әскерден бойыңызды аулақ ұстаңыз деп қанды жорыққа да қатыстырмайды. Сүйінбай ел ішіндегі қылықтардың қандайына да қатты ашынып, ыза кернеген шақтарында мынау төре, мынау қара деп жіктемеген ғой. Ол кіші болса да жеріне жеткізе шеней білген. Сол заманның сесі мол ызғарлы деген адамдардың бірі Тезек төреге «Елден жылқы қоймаған кезеп төресің» дегенін өздеріңіз білесіздер. Ел басына әлгідей зобалаң туған шақта сол Тезек төреге:

Батпау үшін кезің бұл сал буатын,
Асып-тасып тұрған жоқ әл-қуатың,
Не жөнің бар сары бел, сары желде
Күмбірлетіп күймемен аң қуатын?! —

дегенді әрине тек сол Сүйінбай ғана әбден айта алады.

Тіпті өмір бойы өзі мұңын мұңдап, жырын жырлаған халқының қайсы бір келеңсіз қылықтарына бола қара қазандай өкпесін ақтара салғаны да кәміл. Мәселен, мынадай деңгейде де сөйлегені анық деп айта аламыз:

Өрекпу бар... Өну жоқ... Нәрің қайда?..
Бабаң қанға сіңірген арың қайда?..
Тұлымдыңды тұл қылып жау жалғанда
Тұтастықты көксеген зарың қайда?..

Құлақ қайсың, көз қайсың, ауыз қайсың?
Бір-біріне қалайша жауыздайсың...
Ел емес пе ең бір бүтін кімге бола
Біреуіңді біреуің бауыздайсың?..

Арыз-құрыз, жік, жала «есеп» өссе,
Бір-біріңді жоқ қылар өсек өссе,
Өз шешеңнің емшегін өзің турап,
Итке тастау дегенің осы емес пе?!

Жоғалды ғой бірлесіп қам қыларың,
Ыдырау ма өсиет қып қалдырарың.?..
Осы болса қайтерсің, ағайын-ау,
Өлеріңнің алдында қалжырарың.

Сүйінбайдың ақындығынан сыртқары жатқан қайраткерлігін айыра-бөле айтпак керек. Біз оның мемлекет басқару ісіне ресми тұрғыда араласпай-ақ, араласқан әкімдерден әлдеқайда ұтымды істер істегенін де білеміз. Білетіндігімізді растайтын мына бір шындыққа жүгінсек те жетер:

Жыл бойы бер дегендей енші маған,
Туыста бар дегендей мол сыбағам,
Ту сонау Хан-Тағынан Қасқараулап,
Қастекке, Қаскелеңге ел шұбаған.

Жұпарын жұтқызып сай-саладан гүл,
Ырғын ел қоныс тепкен даладан бұл.
Теңселіп тең үстінде бір кездерде
Сол жақтан ауып келген бала Жамбыл.

Болмас деп бұл әрекет тосын ісім,
Мұрат қып туыстардың қосылысын,
Бүтіндей бір тайпаның көшін бастап
Әкелген ол жолы да осы кісің.

Ал осылайша бір ел үстіне бір елді көшіріп әкеліп жарастықпен қоныстандыру, жайлау, қыстау, күзектерін дау-дамайсыз бөліп беру секілді аса қиын істерді жүзеге асыру ақын қолынан келе қоятын шаруа ма?.. Тарихта осыны істеген Сүйінбайдан басқа қай ақынды білеміз? Бір себептермен ата-мекенінен ауа көшкен албан жұртының алдын бөгеп, көшін тоқтатқан жеріне мәңгі-бақи орнықтырған Сұраншы батыр ерлігінен де мынау салмақтырақ секілді. Өйткені, бұл арада Сүйекең оңай жолмен емес, Қоқан хандығының сұлтан, датқалары билеген елдің бір қанатын астыртын азғыру арқылы көшірсе керек қой.

Бұл сөз бұған дейін еш жерде жарияланбаса да қағазға түскелі біраз уақыт озды, бүкіл бір система тозды. Сүйекең өмір бойы арман еткен дербес мемлекет те дүниеге келді. Осылай деп ауыз-екі айту ғана оңай іс. Кеше ғана біреуге кіріптар болған қолы қысқа адам не заманғы қора-қопсыны үй-жайымен қопарып алып тастап, оның орнына мәуелі бағы бар сарай салар болса, соған қанша уақыт, қанша қаражат, қайрат берер едіңіз?.. Осынша қияметтен қиын мұрат шындыққа айналып болғанша әлгі байғұстың жүрегі мен жүйкесіне түсетін жүк салмағын қай мөлшерде топшылар едіңіз?.. Міне, қазір біз тап сондай хал-күйден босанып та болған жоқпыз. Атқарылар парыз — әлі ұшан-теңіз. Соған қарамастан әлдеқашан көміліп қалған көп-көп тарих мұраларын қайтадан қазып алып, жаңа қозғалысқа қосылған тірі дәулетке айналдырып жатырмыз. Сүйінбай жырларындағы, жалпы Сүйінбай әрекетінің бәр-бәріндегі көп көксеудің бірінші кезектегісі де осы болатын. Әлгі оқылған сөзде де айтылды, Сүйінбай қазақ жұртының тарыдай шашылмай, бүтін, еңселі ел болуын талап ете жүріп, ол үшін шартты түрде қаһарман қажеттігін өсиет қылған еді. Президенттік мемлекеттің басында бір перзентінің отыруы ол өсиеттің де салтанат құрғанын аңғартса керек. Сүйінбай ат аяғы жетер жерді адақтаса, оның Абайдай інісінің рухы күні кеше бүкіл дүние жүзінің сүйікті қонағы болып, Жидебайына кеше ғана аман-есен оралды. Осы салтанатты шеру будан төрт-бес жыл бұрын өтсе ғой, партияның арқасы деп ұлардай шулар едік. Жоқ, бұл Абайды Абай сатысына көтерген Сүйінбайлардың арқасы. Осылайша дүние жүзін тағы да аралап қайту үшін Жамбылдың да бір аяғы үзеңгіде тұр. Ал Сүйінбайсыз Жамбыл кім еді?.. «Менің пірім Сүйінбай, сөз сөйлемен сиынбай!» — дегенде Жәкең өз пікірін осы сапарда да желеп-жебеп бірге жүрерін білгендей әсер етеді маған. Тегінде, тоқсандағы Жамбылға қатыгез деген заманның да назарын құлатқан осы Пірі болар ма?.. Жоқ, тіпті олай да емес. Сүйекең рухы өз балаларын жұмсап, елеусіз жатқан қарияны соларға таптырып алған да, қаһарына қайта мінгізген. Сүйінбайды осылай түсінбек керек.

1990 жыл.

БІЗ БІЛЕМІЗ АҚЫНДЫ КІМ АТҚАНЫН

Егер аяулы дос Евней Букетовтың Абзал Қарасартовпен үнтаспаға жазылған ауыз екі әңгімесі газетте жарияланбаған болса, мен де бұл мәселені қозғамай-ақ қояр едім. өйткені, бұл трагедияның анық-танығына бұған дейін көз жеткерген секілді едік. Ал, мынау әңгімедегі Қарасартов естелігі біз білген шындықпен мүлде жанаспайды. 1959 жылы Шәкәрім Құдайбердиев ақталып, «Қазақ әдебиеті газетінде оның бірнеше өлеңі жарияланды. А. Қарасартовтың ақынға қаншалықты «жаны ашитынын» біз сонда көргенбіз. Ол жоғарғы орындардан кірмеген есік қалдырмай, айғайын сала жүріп, ақынның өлгеннен кейінгі өмірін тағы да өшіртіп тастаған. Қарасартов Қазақстан Жазушылар одағына да келген. «Банда бастығын ақтамақшы адамдардың өздерін жауапқа тарту керек!» деп столды соға даурыққаның өз құлағыммен есітіп, өз көзіммен көргенім де бар. 1963 жылы Қазақстан Орталық Партия Комитетінің идеология жөніндегі секретарьі Н. Жанділдин мені шақырып алып, Шәкәрім мәселесін егжей-тегжейін тексеріп, содан қорытынды шығару үшін он екі адамнан комиссия құрылғанын, председателдігіне менің тағайындалғанымды айтты. Комиссияның құрамына Тайыр Жароков, Сәду Машақов, Жекен Жұмаханов секілді белгілі ақын-жазушылар, Академияның бір-екі тарихшысы және жергілікті Семейлік жолдастар енгізілген. Біз Орталық Комитетте арнайы бөлме алып, аптадан артық уақыт архив ақтардық. Оларды өзіміз жинақтаған деректермен салыстырдық. Содан кейін екі баспа табақ көлемінде қорытынды жазып бердік. Онда ақынның банда әрекетіне ешқандай қатысы болмағанын дәлелдедік. Бірақ, неге екені белгісіз, біздің сол қорытындымыз ол кезде істің бетін оңға бастыра алмады. Бұл арада семейлік жолдастардың, (облыстық партия комитетінің секретары Ә. Кәкімжанов, Абай аудандық партия комитетінің бірінші секретары К. Нұрбаев, ғалым жазушы Қ. Мұхаметханов, жазушы К. Оразалин) өздері және өздері құрған комиссиялары арқылы өлшеусіз көп көмек көрсеткенін айыра бөле айту керек. Бұлар Шәкәрімдікөзімен көрген үш жүзге жуық адаммен ауызекі әңгімелесіп, айтқандарын қағазға түсірген. Оған қоса ақын өлімінен хабардар жетпістей адамның жазба түрдегі мағлұматтарын да осы жолдастар жинастырып берді. Ауызекі айтушылар ақынның жоғары мәдениетін, білімдарлығы мен қайырымдылығын, кісі өлтірмек түгіл біреуге тұрпайы сөйлеуді білмейтін сыпайылығын сыр етіп шертеді. Қалың малға еріксіз сатылған жерінен Кеңес органдарына ертіп барып бас бостандығын әперген ақынға алғыс айтқан қыздың (кейінгі кезде кемпірдің) хаты да бар. Ал, жанағы көрген-білгендерін өз қолынан жазып бергендер ақынның Қарауыл оқиғасына ешқандай қатысы болмағаның бір ауыздан қуаттайды. Бәрінің-ақ айтары: «Шәкен заман бетін жете түсіне алмай ортадан оқшауланды» дегенге ғана саяды. Шынында да ол бала-шаға, ет жақындарына: «Мен қартайдым (жетпіс үшке қараған кезі еді ғой), сендер маған алаңдамай, білімдеріңді көтеріп, заман ағымына қарай қызмет қылыңдар. Ал, мен аз қалған өмірімде өзіміздің Шақпақ төңірегінен саят-жай салып алып, ың-шыңсыз оңаша жерде көңіл күйлерімді қағазға түсіремін, зеріккенде аң аулап бой сергітемін», деген көрінеді. Айтқанындай-ақ, «Ұмытылғанның өмірі» атты поэмасын, көптеген лирикалық өлеңдерін ол осында жатып жазған. Бұл, әрине, Қытай өтуді немесе бүліншілікке қатысуды ниет қылған адамның ісі болмаса керек. Жә, бұның бәрі әншиін жалпы жағдайды анықтай кетейік дегеніміз ғой. Енді атышулы трагедияның өзіне келейік. Қарасартовтың Шәкәрім Қарауыл үстіндегі атыс кезінде өлді деуі шындық емес. Оның өлімі бұл оқиғадан бір ай кейін мүлде басқа жағдайда, басқа жерде, атап айтқанда Керегетаста болған іс. Оның сүйегі Бақанас бойындағы Құрқұдыққа сол жерден апарылған. Бұл кісінің «Білмедім Шәкәрімді кім атқанын» деуі де шындық емес. Білген. Оны дәлелдеушілер көп. Газеттік мақаланың көлемінен аспау үшін мен солардың ішінен оқиғаны көзімен көрген, бірінің сөзін бірі растап толықтыратын екі-ақ кісінің мәліметіне сүйенсем де жетер. Өйткені, сол кезде бұл екеуі екі тараптың адамы еді, яғни осы оқиғаның ауыртпалығын екі түрлі жағдайда жүріп бастан кешірген жандар болатын. Бұлардың біреуі Қарасартов тобындағы Айтмұрза Түңлікбаев та, екіншісі Шәкәрім тобындағы Бердеш Әзімбаев. Екеуінің сөзін де есімде қалған күйінде бұлжытпай қағазға түсірсем, төмендегідей суреттерді көрер едіңіз: А. Түңлікбаев: Мен 1928 жылдан партия мүшесімін. Бұл оқиға тұсында Қарасартовтың қарауында чекистік қызмет атқардым. Бандалар Қарауылды шауып, Олжабайды өлтіріп кеткен соң араға үш күн салып Шәкәрім аға біздің үйге келді, қатты ауырып жатқан тоқсандағы әкемнің көңілін сұрады. Сонда ол: «Қарауылдың балшық үйін қиратып, кісі өлтіргенде жексұрын көрінгеннен басқа не шығарды?.. Өңшең ақымақтардың ісі бұл!» деп, бүліншілікке қатысқандарды қатты жазғырып отырды. Сонда бұның банда болғаны қайсы?.. Ал, ақын қазасына келсек, ол былай болған: Таң мезгілі. Күздің бір бұлыңғыр күні еді. Жерді қырбық қырау басқан боқырау шағы. Күзетте тұрған башқұрт Халитов анадайдан мұнартып көрінген бір топ аттылардың бізге қарай беттегенін көрген. Осы хабар құлағына тиісімен оларды банда деп ойлаған Қарасартов бізге бірден-ақ «Атыңдар!» деп бұйырды. Одан-бұдан мылтық атыла бастаған соң аналар іркіліп қалды. Сол кезде іркілген топтан біреуі үзіліп шығып, атының жорғасын төгілдіре бізге қарай беттеді, және де қайта-қайта қолын көтеріп, залалсыз адамбыз дегендей белгі берді. Жақындағанда Шәкәрім екенін бәріміз-ақ таныдық. Бірақ, «Атысты тоқтатыңдар!» деген бұйрық болмаған соң башқұрт Халитов оны бір емес, екі дүркін атты. Шәкәрім атының жалын құша беріп жерге құлап түсті. Аты да оңбай жарақаттанды. Шәкеңнің бізге бірдеңе деуге де шамасы келмеді. Ат, түйе мінген қалпымызда біз оны қоршап біраз уақыт үнсіз тұрдық. Бұл кезде Шәкең серіктері зым-зия жоқ боп кетті. Қaпeлімдe жан тәсілім қыла алмай қиналып жатқан қарттың қаруын, үстіндегі киімдерін бұйрық бойынша жұрт ілесіп ала бастады. Қасқыр ішік, тымақ, саптама етік, сырма бешпент, шалбар дегендеріңіз бір-бірлеп алынып болған соң ақ қыраудың үстінде ақ жейде, ақ дамбалымен қан жоса боп ақ сақалды шал жатты. Сонда начальник маған:

— Әй, тобықты, сен неге алмадың?.. — деп зекіді.

— Мен алатын несі қалды?.. —дегенді мен ызаға булығып айттым.

— Өзін ал! Бақанасқа жеткіз! — деп бұйрық берді. Мен түйемді шөгердім де, астымдағы ере киізді жайып жіберіп, соған өлікті ұзын күйінде орап, екі жерден арқанмен бунап, түйенің бір жағына екі өркешінен ілдім. Өзім түйеге жайдақ мініп, Бақанасқа да жеткіздім. Маған басқа бір жолдас болысқанда да қалың тонды түгел аударып жарыта алмадық. Біздің аса қиындықпен ойған жерімізге қарттың ұзын денесі симаған соң соған отырғыздық та жүзін жасырдық.

«Мен алатын несі қалды?» дегендді ызаланып, жасқа булығып айтқаным үшін Қарасартов маған сенімсіздік көрсетіп, мені он бес тәулік бойы гауптвахтада ұстады. Сол уақыт ішінде ол өзінің қорқытып жаздырған адамдарының бәріне «Шәкәрім банданы ұйымдастырушы болды» дегізіп үлгерген. Гауптвахтадан шыққаннан кейін мен де сол сарында жазуға мәжбүр болдым. Ал, Халитовты дереу басқа жаққа шығарып жіберді. Айтмұрза Түңлікбаевтың бізге өз қолымен жазып бергендері осылар. Бұл жазбада «басымнан оқ тиіп осы жолы жарадар болдым» деген сөз жоқ. Б. Әзімбаев: Біз өз туыстарымыздан төрт-бес адам жиналып Шәкәрім ағаның хал-күйін білгелі Шақпақтағы саят-мекеніне барғанбыз. Ағаның бір ауық аң аулап сендермен бірге көңіл сергітейін деген тілегі бойынша шыққан бетіміз сол еді. Таң мезгілі. Күн бұлыңғыр болатын, Шәкәрім аға бұл жолы өзінің Абай сыйлаған маузерімен шыққан-ды. Бір жазықта аттылы, түйелі адамдардың шоғыры мұнартып көрінді. Солай қарай беттей бергеніңізде неше мәрте атылған оқтан секем алдық та, іркіліп қалдық. Шәкең: «Тегінде бұлар әнеугі банданы қуып жүрген отряд шығар, мен соларға жолығып жөнімізді білгізейін, сендер осы арада аялдай тұрыңдар» деді де, жүріп кетті. Барған бетінде екі дүркін мылтық атылды. Бүліншіліктің барлық пәлесін біздің тұқымға телігісі келеді дегенді де есітуші едік. Шәкеңнің атып өлтіргенін бірден сездік. Бұлар кім болғанда да оны өлтірген соң бізді сірә да аямас дедік те, сол бетімізбен Қытай өтіп кеттік. Міне сізге ақиқаттың анық-танығы керек болса. Советке қарсы бір ауыз сөзі де жоқ, қылдай қиянаты да жоқ адамды сотсыз-дәнеңесіз атқызғаннан кейін Қарасартовтың қорықпасқа, бар пәлені өлген адамның үстіне үйіп-төкпеске шарасы қайсы?.. Жылдар бойы көлеңкесіндей қасынан қалмаған осы үрей оған ақынды бір емес, екі дүркін өлтіртті. 1959 жылы жоғарыда айтылған әрекеттерін істемей жайына жүре берсе де ешкім оның жағасына жармаспас еді. Ал, ақынның мол мұрасы осыдан отыз жыл бұрын-ақ түгелдей ел дәулетіне айналған болар еді. Қарасартов сталинизм тұсындағы психологиядан елдің әлі де болса арылып болмаған кезеңін шебер пайдаланды. Букетовпен әңгімедегі оның Шәкәрімге деген «ыстық ықыласын» ең ақырғы қорғаныс қамалы деп түсінген жөн. Абзал Қарасартов өмірінің басқа жағында біздің жұмысымыз жоқ. Ал, оның ақын өліміне байланысты шындықтан жалтарған жеріне түзету енгізіп, бұдан былай өмір-бақи өзгермейтін ақиқатты бүгінгілер түгілі келесі ұрпақтың да ұғымына орнықтырып кетуге міндеттіміз. Ол ақиқат былай:

— Шәкәрім Құдайбердиев ешкімді өлтірген жоқ, ол ешкімді біреуге өлтірткен де емес. Қайран Шәкең тарихтағы бейкүнә күйген ақындар санатында дүниеден өтті.

1989 жыл.

ЖЫРДЫҢ АҚ БАС АҒАСЫ

Сәбит Мұқанов туралы эссе «Кәдімгі Сәбит Мұқанов» атты естеліктер жинағына, одан соң «Өмір өрнегі» аталған өз кітабыма енгізілді. Бұл кісі туралы әр кезде жазған өлеңдерімді ақындық шығармаларымның үш томдығынан теріп оқуға болады. Прозашы, драмашы, әдебиет зерттеушісі, сыншы, аудармашы Сәбит Мұқанов творчествосы жөнінде пікір білгізген жерім жоқ. Бұл салалардың қайсы бірі жөнінде де көсілте қалам тартуға менің даярлығым болған емес. Оған ендігі жерде тіпті де мүмкіндігім жоқ. Жалғыз-ақ осы мақалада, ақындық творчествосына қарай ойысар алдында, осы тұлғалы прозашының ірілігіне азғана штрихтар арқылы інілік ізет танытып ету өзіме парыздай. Әйтпесе Сәбит прозасы жөнінде жазылған еңбектер өте көп. Сондықтан да одан әлде қайда жеңіп, аз зерттелген поэзиясын төңіректеген жөн болар деп ұйғардым. Же, әуелі әлгі уәде бойынша Сәбең прозасын аз сөзбен сырттай ғана жанап өтелік. Баяғы Орал, Атырау рабфактарында бірге оқыған достар жатақханадағы тумбаның үсті түгілі ішкі түбіне тықсаң да өзімнің сұраусыз ала беретін, жоғалтып та жіберенн кітаптарым мені де сақтыққа үйретті-ау деймін, оқытушым Зұлқайнар Оразақаевтан аз күнге тіленіп алған «Адасқандарды» кішігірім чемодандай алғашқы басылымындағы «Жұмбақ жалауды» да жастық астындағы қалың төсеніштің тұйығына тұтқындап оқығаным есімде. Олардан алған әсерімнің күш-қуатын қазір аз сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Әйтеуір түсімде де көбінше соларда суреттелген өмірдің қалың ортасында жүруші едім. Өзім туған он алтыншы жылдың қазақ даласындағы дүрбелеңі, Ақпан төңкерісінің екі ұдай егес ерегесі мен Ұлы Қазан жеңістері, ауылдың советтену — бәрінің де оңайлықпен орайласпағаны аяныш, қызғаныш, өкініші, мақтаныш дегендей сан қилы сезімдерді көкірегіме көгендеп тастады. Біз бұл кітаптарды саяси сабаққа айналдырдық. Ал, «Есіл», «Балуан шолақ», «Темір тас» романдары қазақ жұртының төңкеріске дейін де қарап жатпағанын, ашына буырқанған отаншылдығын, тағдырлас, қаналған қарапайым жұрттардың достығы суреттелді. Сөйтіп олар біздей жастарға ең алдымен тарих танытты. Елдің экономикалық, саяси-әлеуметтік, сондай-ақ мәдени өміріне шұғыл киліккен істерді автордың өзі де аттан түспей атқарысқан еді. Қайтарып берері мол еркін еңбекті, толымды тұрмысты аңсаған ел-жұрт «Уақытша қиыншылықтың» қашанға созыларын да ешкімнен сұрап білуді әдетке айналдырмаған. Тоғаю жолындағы күресте ашығудың өзі бір ғанибет деп мадақталды. Өзіміз, өзіміз емес-ау, халықтар әкесі осылай заңдастырған қағидадан алшақ кету, ол кездегі сыншылардың айтуынша, кітап бойынша мін-тұғын. Осындай жағдайда жазылған «Сырдария» романы Ұлы Отан соғысы жылдардағы тыл патриоттарының ерлік еңбегін жырлады. Автор бұрынырақтағы кітаптарына кейініректе кері оралып, олардың талайын мүлде өзгертіп, кеңейтіп жазды. «Адасқандар» көлемі жағынан екі есе ұлғайып «Мөлдір махаббат» деген атпен қайта басылды. Өз басым бұдан автордың қаншалық ұтқанын айтып бере алмаймын, ал «Жұмбақ жалаудың» бір сыдырғы орысша, қазақша өңделіп, жақсарып «Ботакөз» аталғаннан кейінгісі сондай-ақ бұрынғы «Менің мектебім» атанған романның кейінгі кезде «Өмір мектебі» атты трилогияға айналуы Сәбит прозасын ғана емес, бүкіл қазақ әдебиетінің өркешін биіктетіп жіберді. «Тыңдағы толқындар» романы мен «Тыңда туған байлық», «Алыптың адымдары» атты дүниелерінде классик жазушы өз деңгейін төмендетпеді деу қиын. Тегінде ол да себепсіз болмаса керек. Жерді беталбатты жүндей түткен жауапсыздық салдарын Сәбит күні бұрын сезбеді деу де қиын. Сәбит Шоқан туралы «Аққан жұлдызды» жазды. Егер ол осы тақырыпқа жобалаған төрт кітапты түгел жарыққа шығарып үлгергенде қазақ әдебиетінде тағы да бір асқар Алатау пайда болмақшы еді. Әттең, оған жақындап келгенде қайран Сәбеңнің өмірі үзіліп қалды. Бірақ, жазып үлгерген жағы да бүгінгі, келешек ұрпаққа — аса қымбат мұра. Жазушы соңғы ауырып жүрген күндерінің өзінде де фольклор мен жазба мұралардан бір кітап бастырып шығарды. Сәбең прозалары түгелге жуық орыс тіліне, отанымыздағы көптеген басқа халықтар тілдеріне де аударылды. Оларды бірсыпыра шет ел халықтары да өз тілдерінде оқиды. Жоғарыда аталған шығармалардың сахнада қойылып, киноға түсірілгендері де толып жатыр. Ал, ақынның өлең-дастандары мұншалық жан-жақты еркін өрістей алған жоқ, Бұған әрине, поэзия кінәлі емес, автордың бағзы бір кезеңдерде прозаға баса назар аударуынан болса керек. Негізгі тақырыбымыздан сәл ауытқып, еске түсіреріміз осылар ғана. Жә, енді Сәбит Мұқанов есімді үлкен ақынның творчествосы туралы азын-аулақ өз ойымды ортаға тоғытып көрелік. Сәбеңнің ақындығы жөнінде осыдан отыз бес жыл бұрын «Қазақ әдебиеті» газетінде жариялаған бір сыдырғы өз ойларым бар екен. «Сырласу» деген атпен жарық көрген бұл мақала әр жылдардағы өлеңдерінің бір томдық таңдамалы жинағы баспадан шығуына орай жазылыпты. Бірақ, өзінің табиғатына қарағанда сол сезім рецензия деуден гөрі өз түсінігімнің сипаттамасына ұқсаңқырайды. Өзінде де сондай бір аңғартпа (оговорка) бар. Оның үстіне газет шыққан күнгі сәске меғдарында телефон арқылы ырзашылық білгізген Сәбең де «Сырласу» деген аттың өзін сол бағытта танығаны есімде. Енді бүгін Сәбит Мұқановтың жалпы ақындық творчествосы хақында аз-кем ой түйндегелі қолыма қалам ұстағанда алдымда жатқан «Сырласуды» қайтсем екен деп көп ойландым: «Бүгін де айтылар сөздің негізін қамтып жатқан осыны сәл кеңейтсем бе екен? Кеңейту үстінде екінші ұзын өмірі әлдеқашан басталып кеткен авторға көзі тірісінде ұсынған азын-аулақ талап тілегімді алып тастасам ба екен? Сонда үлкен кісімен сырласқаным, соған ол кісінің риясыз көзқарасы, менің сондағы шама-шарқымды қомсынбағаны, бәрі де сызылып қалмай ма?... Сәбеңнің үлкен демей, кіші демей кісі тыңдағыштығының өзі бүгінгі бағзы бір шамшыл, өмірі сын көрмеген жолдастарға ескертпе болмас па?.. Тіпті басқаны қойғанда, «мен сол кездің өзінде өнегелі ақынды мінсіз мінез деген едім» деп, өтірік сәуегейсігенім өзіме жараса қояр ма?.. Ол жолы жаза басқан жерлерім болса, соған көзімнің тірісінде өз аузымнан пәтуа тағайындасам, дұрыс деген түсінігімді әлі де қуаттасам, кейінгіге керегі сол емес пе?.. Қой... негізгі пікірім осы «Сырласуда» жатқаннан кейін соны өз күйінде қалдырайын да, қосымша (поэмалары туралы да) пікірімді соған тіркейін деген байламнан ақыры аса алмадым. Сонымен, 1955 жылғы 10 маусымда жарияланған «Сырласудың» бір үтірін де өзгертпей қайталасақ, ол төмендегіше оқылады.

Бұл мақала әдеттегі рецензиялардан гөрі, оқушының хатына ақынмен сырласуына бейімірек. Сол себепті Сәбит Мұқановтың өлеңдер жинағына енген барлық өлеңді тізіп, бас-басына баға беру міндетін алмаймыз, —тек ақын творчествосының кейбір негізгі мәселелері жөнінде ғана пікір айтпақпыз. Сәбит өлеңдерінің осы таңдамалы жинағы баспадан шықты деген хабарды естігенде оны оқуға асыққандар аз емес шығар. Жарыққа жаңа ғана шыққан кітапты оқуға ынтығу әркімнің-ақ басында болады. Бірақ, көптеген оқушының дәл осы жолы асығуына себеп ол болмаса керек. Өйткені мұндағы өлеңдердің дені дерлік жұртшылыққа ертеден таныс. Сонау баяғы бір кезде, халық алғаш рет қара тани бастаған тұста арап әрпімен басылған жырлар да кездеседі. Нақ сол себепті де сол өлеңдермен ұзақ жыл бойы көріспеген ескі достай, дидарласуға ынтық болғандар көп-ау деп ойлаймын. Әрине, жиырмасыншы жылдарда, одан да бұрын жазылған өлеңдердің бүгінгі көзбен қарасаңыз жетіспейтін жайлары толып жатыр. Олар ең алдымен аса көркем жазыла бермеген. Бірақ, бұл үшін бүгінгі Сәбитті кінәлауға тіпті де болмайды. Ол жырлар өз дәуірінде поэзияның әдемі үлгілері еді. Ал өлең мәдениетіне әдемі үлгілер әкелген авторды қай тұста болса да ол үшін кінәламас болар. Ескі өлеңдерді қайта бастырғанда оларды мүлде жаңарта редакциялау бүгінгі Сәбиттің қолынан келмейді деп ешкім де айта алмайды. «Ескі өлеңнің: ішкі өміріне бүтіндей «Төңкеріс» жасау оның қолынан әбден келетін еді. Бірақ, өз еңбегін өңдеу дегеннің жөні осы деп, дәл бұлай істеуге болмайды. Ондай жолға қазақ кеңес поэзиясының жүріп өткен ізін сыпырғышпен сипап тастауды көздейтіндер ғана тәуекел дей алады. Айта берсек, осы ертеректе жазылған жырлардағының кеміс жайлары қазіргі көзге кәрі ананың әжіміндей жылы ұшырайтын да сияқты. Ол тұстағы шығар маларымыз бүгінгі үлкен Сәбитті де, ізін баса келген өзге ақындарды да дүниеге әкелді, жетілдірді десек артық емес. Сондықтан біз ақынның ширек ғасыр бұрын жазылған өлеңдеріне ерекше құрметпен қарап, олардың бағалы жағын айтсақ дейміз. Алғашқы жырлар туралы бөліп айтудан бұрын кітаптың өне бойындағы бір тұтастықты атап көрсетпей болмайды. Мұнда қайғы-қасіреттің терең түбінен шаттықтың биік шыңына тура тартқан өрлеу бар. Осы өрлеу бойында бұл поэзияның бүкіл азаматтық күрес жолы үзілмей, біріне-бірі жалғасып, дамып жатыр. Коммунист ақынның бұл кітабын партия туралы шығармалардың жинағы деуге болады. Ұлы күрестеріміздің, даңқты жеңістеріміздің ұйымдастырушысы — Коммунистік партия бұл кітаптың негізгі кейіпкері. Оның ұлылығы нақты оқиғалар, құбылыстар арқылы өлеңнен өлеңге ауысқан сайын толығырақ көріне береді. Кітаптағы әр қайсысы әр кезеңде жазылған жүз елуден астам өлеңнің көпшілігінің өзара тұтастығы, міне, осында ғой деп білеміз. Ақын поэзиясын қазақ даласында кескілескен тап күресі тудырады, сол шынықтырып, сол өсіреді.

Бір қалыппен өткізіп, талай жылды
Көріме алып кірермін қайғы, мұңды.
Бар ләззатым: бишара қабіріме
Отырып бұлбұл сайрар жазғы тұрғы.

Дүниеге келгеніне қатты өкінетін бишара Шоқпыттардың (соның ішінде Сәбиттің өзі де) бұл сарындас мұңнан ақын бір жола құрып бітуге қалған елді көреді, бір деп қалам ұстағанда-ақ он жеті жасар өлеңші «қой, сен бүйтіп қамықпа, ілгері ұмтыл, талап ет, өжет бол!» деген ұранын көтере келеді. Өлеңі «тұрпайы, бұдыр тастай» жас қойшының бір дегеннен елді саналы күреске шақыруы сол жылы жеңген төңкерістің жемісі болатын, тарихи күрес ұшқыны жас Сәбит көкірегінен лап етіп тұтанарлық тамызық тапқанды, «қайдан кеп жабысқанын ақын оты» оның өзі де сезіп үлгермей қалған-ды. Міне, осы кезден бастап бұл поэзия ел өмірімен бірге тыныстайды. Бұл жыр жер-суға ие болған, бірақ әлі қолы хат білмейтін елге білім жолын нұсқайды, мал орнына күн кешкен Батсайы, Мүслима, Мәликелердің ендігі жайлары жүзіне бұл жырлардың жаны жылынады, жалынды жас коммунистердің қанқұйлы ақ бандалар, құйыршықтар қолынан өлуі бұл жырды ыза-кектің көз жасымен суарады, күреске белсендіре түседі.

Денедегі ыстық қанды суытпаңдар!
Ұмтылып жетер күнге жуықтаңдар!
Қыр басына шық-тағы кейін қара,
Арманда өлгендерді ұмытпаңдар.

Империализмге жалданған опасыз ұлтшылдар қотандағы төбеттей әр төбенің бауырында шәуілдеп үріп қала береді өмір керуені көшін ілгері тартып кете береді, жырда жыл сияқты алға озады. Ақыры бойын түзеп, бұғанасын бекітіп қалған әсем жыр «Еңбекші қазақ» газетімен бірге ел аралауға шығады. Ақын бұл тұста нені көреді?

Керегемен тербеліп.
Желбірейді Қызыл Ту,
Үй іші толған жалба жең
Кейі күбір, кейі шу.

Газет, журнал жайылған,
Үймелеген оқушы. —
Жалықпашы, қарағым,
Оқышы, інім, оқышы...

Бұлар ақынның баяғы Шоқпыттары «Сиыры үшеу, қозысы, қойы бесеу, екі пар құнан өгізімен ешкілері — әлденешеу» Шоқпыттардың енді өлгісі келмейді, оқудағы баладан жеміс күтіп, өздері де бірдемені білмекке әуестенеді. Дегенмен «қоғам кемшілігі», «Ел ішіне бақсы емес, дәрігер керегі, байшылдар қылығы әлі де болса көзге айқынырақ ілігіп, бұл тұрғылас мәселелер ақын тақырыбын кеңейте, қаламын үшкірлей түседі, ащы сықақ, юмор керек жерінде өлеңнің құрылысына дейін жаңа леп кіргізеді, диалог өлең дүниеге келеді.

— Мынау қай тап топтанған?

— Менің табым.

— Бұлар не етпек?

— Қарсы алды мейрамдарын.

— Бұл қай мейрам?

— Теңелген күні бүгін.

— Неше жүз жыл құл болған олар жаным.

— Кім құл етті бұларды?

— Бай құл етті.

— Кім бастады, қолдары қалай жетті?

— Білмесең мен айтайын. Бұл құлдарды

Құлдықтан Ленин бабам азат етті.

Бәрінен де жас индустрияның алғашқы перзенттерін көргенде жыр мүлде жаңарып, бүкіл табиғатын өзгертіп сала беретіні қызық (ақын бұл тұста, оқуда, орыс поэзиясынан еркін сусындау дәуірінде, мүмкін ол да өз әсерін тигізген шығар). Бұл пікірді, әсіресе «Қазақстан» атты өлеңге байланысты айтып отырмыз. Сөйтіп, бұл ақынның жиырмасыншы жылдар мен одан да сәл бұрынырақ жазылған өлеңдері жұртшылыққа кең көлемде танылады, оның өзіне ғана тән ақындық бетін айқындайтын атақты «Сұлушаш» поэмасының өмірге келуін қамтамасыз етеді. Кітапқа енгізілмегендіктен поэмаларға тоқталмаймыз. Шағын мақалада оларды қоса қамту мүмкін де болмас еді. Шын мәніндегі жақсы жырға, тіпті жасыратыны жоқ, әлі күнге шекті еш бір қазақ кеңес ақыны жасай алмай жүрген өлеңге біз отызыншы, қырқыншы жылдар арасында кездесеміз. Бұл дәуірде ақын алдына өмір қойған міндет түбірімен өзгерді. «Социалистік құрылыс — ұлы сарай, соған өз қолыңмен қазық қағыс», енді саған Шоқпыттар кездеспейді, ендігі сенің көретінің, шабыттана жырлайтының дүниежүзілік «мәдени бәсекеге» бел байлаған жасампаз, білімді халық дейді өмір оған. Көрнекті қоғам қайраткері ұлы заманымыздың жыршысы өзінің осы масатын барынша жоғары сезінеді.

Мен өзгедей емеспін жалаң әнші,
Мен әншімін егінші, ұста, малшы.
Өндіргіш қол, тапқыр ми менде ғана.
Сондықтан бар табиғат маған жалшы.

Өмір ұсынған, ақын қабыл алған осы талап атақты «Майға сәлем», «Сөз — Советтік Армия», «Я — тысяча», «Колхозды ауыл осындай» жырлары бұлар арқылы үлкен суретші, новатор Сәбиттің өзін тудырады. Ақын бұларды өзіне дейінгі халықтың мол, саф алтындай қасиетті қазынасын, әсіресе Абай қалдырған мұраны, олармен бірге ұлы орыс поэзиясының тамаша үлгілерін бойына еркін сіңіре отыра. өз заманының шындығын өзінше нақыштайды. Сәбит, өзі айтқандай «Абайша да, Пушкинше де, Маяковскийше де, ешкімше де» жазбайтын, өзінше ғана жазатын кісі. Оған бұл қасиетті талантымен бірге өмір берді. Күнделікті өмірдегі ғажайып өзгерістер ескірген шындыққа ақын шабытын тұп-тура қарсы аттандырады, осыдан келіп өлең мазмұнында революциялық өрлеу туады. Мұны растайтын екі-үш мысалға тоқталып өтпей болмайды. Абайдың «Жазғытұры» өлеңі мен Сәбиттің «Майға сәлемі» — екеуі де жылдың бір мезгілі мен елдің сол маусымдағы тіршілігін нағыз шындық тұрғысынан әдемі суреттеген өлеңдер. Бірақ бұлардағы екі шындық бір-бірімен мүлдем келіспейтін қайшылықта. Абайдың көктемге арнай айтқаны:

Безендіріп жер жүзін тәңірім шебер,
Мейірбандық дүниеге нұрын төгер,
Анамыздай жер иіп емізгенде
Бейне әкеңдей үстіне аспан төнер.

Мұнда көктемгі жер мені емізеді деу, табиғаттан рақым күту бар. Сол заманның шындығы да осы болатын. Ал, Сәбиттің көктемге арнап айтқаны:

Қырды қырқып, жолында тасты жарып,
Сен шөлдер деп шөлдерге қаздым арық.
Сұлу су сылдыр қағып, Бетпақ дала
Шөлін кезді, сусында, досым, барып.

Мұнда көктемгі жер мен емізеді, деу табиғаттан рақым күтпеу бар. Бүгінгі заманның шындығы да осы. Сондай-ақ, Абайдың «Күз» деген өлеңінде егін екпей көшіп жүрген елді қайтқан тырна аспаннан ғана көріп, бөгелмей өтсе, Сәбитте «егінге жолай алмай «күзетушіден», ыза боп тыраулайды тырна қатты». Сол сияқты нақты адам образы да үлкен өзгерісте ашық бояумен көрініп отырады. Соның бір мысалы «Колхозды ауыл осындайдағы» Кенбай қарт. Шынына келсем, бұл өзі баяғы Шоқпыт. Өзгерген, өскен, дегенше жеткен Шоқпыт. Ендігі әрекет-мақсаты да өзгеше. Сол себепті оның аты да өзгерген. Өмір шындығынан туған жаңа мазмұн өзіне лайық жаңа түр іздейді. Осыдан өлең табиғатына өзгеріс енгізу талабы туады. С.Мұқанов жолдас осы жайды қазақ совет ақындары арасынан ең бірінші болып ойластырған ақын және жаңалық табу жолындағы барлау жұмыстарының денін табыс ретінде тұрақтандырған ақын. «Ертегі, өлең-жырлардың, шежіренің бай, көркем, сұлу антологиясы» болған Кенбай қарттарға мол мінездеме беру үшін, осындай құрал керек-ақ. Сол сияқты Маяковскийге берілетін рапортта да: Сен

бастаған полктың
Кім шықпақшы алдына!
Құдық поэзиядан
Патшашыл Спекулянттарды да, —

деу әбден заңды әрі жаңа.

Үлкен ойды жеткізе айту үшін, аса күрделі өлең сөйлемін жасау дегенде бүгінгі ақындық дәуіріміз үшін ең бір тиімді жұмыс.

Табиғаттың тарихында бірінші рет
Түннің қара қылшықты түні түлеп
Түн күндізге айналып, қалғытпады
Түн болса, тынығымпаз миды жүрек.

Осы бір-ақ сөйлемдегі ұғымды қара сөзбен бермек болсақ, оны бір бетке әрең сыйғызуға тура келер еді. Сәбиттің қырқыншы жылдарда, соғыс жылдарында жазған өзге өлеңдері де («Жүрегімді мандат қып», «Мен кіммін» деп мақтанам», «Кітапхана», «Маршалдың приказы», «Гвардия бауырларға», т. б.) ерекше сөз тілей қоймайды. Өйткені, бұлар жоғарыда сөз болған белгілі жырлардың топырағында өскен бір нәсіл. Рас, бұлар ақынды тақырып жағынан біраз байытады. Әсіресе Отан қорғау тақырыбы осы тұста айрықша мол жырланады. С.Мұқановтың осы кітабында көзге айқын көрінетін бәрімізге ортақ бір мақтаныш бар. Ол — әр тұста нақты бір науқанға арналған өлеңдердің уақыт озған сайын күнделікті мәнділіктен тарихи мәнділікке ауысып отыратындығы.

«За охрану» — деп жинап
Алған қайран бақыр-ай.

немесе.

Елде оқу аз, кедейлер хат білмейді
Қараны — қара, ақты олар ақ білмейді, —

дейтін жолдар да бір кезде жұртты күреске жұмылдыру мақсатында жазылған болса, енді бұлар өзге мақсатта оқылады. Атап айтқанда, бұлар өз тұсындағы өмір шындығымен таныстыру мақсатында, демек, тарихи материал ретінде оқылады. Осы фактының өзі-ақ «күнделікті (злободневный) өлең» дейтін ұтымды жоққа шығарады. Әрбір жаңа оқиға тудырған жақсы өлең сол оқиғаның куәлігі сипатында өмір сүре алады. Өткен жолы, көтерілген белесі үлкен ұлттық-кеңестік поэзиямыз мұнысымен де беделді. Сыншылардың кейбірі әдетте мақаланың екінші жартысында кемшіліктерді одан-бұдан теріп алып айту шартты деп түсініп жүр. Біз сол түсінікті құптағалы отырғанымыз жоқ. Егер Мұқанов жолдастың кітабына принципиалды тұрғыда қойылатын талап-тілегіміз болмаса, біздің мақаламыз осы жерде аяқталған да болар еді. Мүмкін онда бұл мақала «Сырласу» деп аталмас та еді. Ең алдымен, автор соңғы кезеңде өзінің осы ірі шаруашылығына дұрыс көзбен қарамай жүр. Тіпті өзге жанрлардағы жұмыстары ақын поэзиясын лабораториядан шеттету есебінен жүргізіп келеді. Бұл жағдай ақынды өлеңмен аз айналастырып қана қойған жоқ, сонымен бірге көріне көзге тотықтырды. Ақынның өзінің ақындығынан тосырқап қалғандығы соңғы некен саяқ жазылып жүрген өлеңдерінен байқалып отырады. Оның ұсақ мысалдарын тергіштеп жатпай, ақынның Кенбайға дейін келген баянды әрі ылғи өсіп, толысып отыратын кейіпкерлері соңғы өлеңдерде кездеспей жүргенін айтсақ та жеткілікті. Мұқанов Кенбай, Мәликелердің бүгінгі жанын, арманын жете біле бермейді десек, артық кінә емес. Екіншіден, батыл табылған жаңалықтардың инициаторы бүгін ізденуін қойғаны өкінішті. Өлеңнің бүгінгі өмірімізден үндес үлкен философиясын ашу үшін бізге ең алдымен мол тәжірибе иелерінің, соның ішінде Сәбиттің қатынасы керек. Ал, былтыр ғана жазылған Балтық жырларын Сәбит өлеңі деу қиын. Олар көркем ой қазанында жөнді қорытылмаған, жалаң бақылау материалына бейім, үлкен шабыттың қатынасы сезілмейді. Бұл тұрғылас өлеңдер мастер Сәбиттің қолынан шыққандығы себепті де басқаға көңілсіз әсерін тигізбей, яғни, өлеңге қойылатын жалпы талапқа нұқсан келтірмей тура алмайды. Осы жағын ескеріп-ақ, бұл автордан бүкіл қазақ совет поэзиясы алдындағы өз жауапкершілігін ерекше сезінгенін тілер едік. Рас, Кавказ жырлары да соңғы кезде жазылған. Біз оларды жақсы емес дей алмаймыз. Алайда, оның «жақсы емес» өлең жазуға правосы жоғы өз алдына, тіпті жақсы өлең жазу да Сәбит сияқты ақынға аздық етеді. Біз Сәбиттен өте талантты жырлар күтеміз. Алтынды белден шыққан жерден қазғымыз келгені үшін, бізге ешкім де өкпе айтпаса керек. Мұндай талап қойылмайынша, советтік классика әр тұста жетекші, жан-жақты толысып отырмауы ықтимал. Міне, бұл кітапты оқып шыққанда авторына осындай ырзашылық, осы тұрғылас талап-тілек айтылу заңды сияқты. Үлкен кеме үлкен теңізде жүзуін барған сайын мол көрсете берсе екен. Бір ауыз сөз кітап шығарушылар туралы. Баспаның мәдениетсіздігі, ондағылардың жауапкершілікті жөнді сезінбеуі жайлы көп айтылса да, сол айтылғандардан тобықтай түйін жасамауы жүйкені құртатын-ақ болды. Емле қатесі көптігі оқушыны ылғи бөгейтіні өз алдына, тіпті сол қателер баспаны идеялық жағынан да бейпіл ауыздыққа ұшыратып тұр. Сәбитте: «Сөзім оқ, үнім найза» болса, баспадан шыққанда «Сөзім жоқ, үнім найза», Сәбитте «Волхов пен Днепрдей асауларды бөгедік» болса, баспадан шыққанда «Колхоз бен Днепрдей асауларды бөгедік» болып өзгерген. Бұған әншейін ағаттық деп қарауды қоятын мезгіл әлде-әлдеқашан жетті. Советтік баспасөздің бас міндеті — қырағылықты жоғары ұстау. Оған ешкімнің нұқсан келтіруіне жол жоқ. Ендігі аз-кем пікір оның поэмалары хақында болмақ. Соған дейін мына бір жәйттердің басын аша кетейін. Жоғарыдағы мақаладан азын-аулақ сын оқыдық. Онда, «Автор соңғы кезде өзінің осы ірі шаруашылығына дұрыс көзбен қарамай жүр, тіпті өзге жанрдағы жұмыстары ақын поэзиясын лабораториядан шеттету есебінен жүргізіліп келеді. Бұл жағдай ақынды өлеңмен аз айналыстырып қана қойған жоқ, сонымен бірге көрінер көзге тотықтырды», —делінген ғой. Мұның ақырғы сөйлеміндегі «Көріне көзге тотықтырды» деген тұжырымның әділ еместігіне бүгін көзім анық жетіп отыр. Қай жанрда да ақынша сөйлей білген қаламгердің тотығуы мүмкін еместігін, әрине, Сәбең білуін білді, бірақ дауласқан жоқ. «Негізгі пікірі дұрыс албырт неменің алдында ақталып жатам ба», — дегені шығар. Ал осының алдындағы, артындағы сөйлемдер ол кезде дұрыс айтылған сын болатын. Олардың енді дұрыс болмайтындығы Сәбеңнің дүние салғандығына байланысты емес. Әрине, менің сыным әсер ете қалып еді деп мақтанбаймын. Ал, Сәбеңнің бұдан соңғы жылдарда қыруар поэзия жасағаны әмбеге аян. Басқасын былай қойып, «Жұпархан», «Алдабергенов туралы аңыз» атты роман тектес поэмаларды, философиялық ойға құрылған «Хамитқа жауап» атты жыр туралы толғауын алсақ та жеткілікті. Міне, осы үлкен-үлкен дүниелер біздің сынымыздың бәрін сызып тастады. Ол кісінің өзіне де кейініректе тап осылай деп айтқаным есімде. Сәбең өз шығармаларының корректурасын қарау жағына келгенде салақ болатын, баспадағылар ол кісінің сенімін ақтай бермейді. Мағынасы тұрпайы түрде өзгеріп кеткен сөздердің екі-үш мысалы «Сырласудың» аяғында да көрсетілген екен. Сондай кемшіліктер соңғы басылымдарда жоқ емес. Он екінші томды ашып жіберсеңіз де, бірінші беттегі «Сұлушаштың» кілтіне, бәріміз жатқа білетін қасиетті прологқа қараңызшы. «Тап қолыма медеу қып ұстар талым» — дейтін сегізінші жолдың бастапқы сөзі«Топ» (группа) болып тұр. Бұл кітаптың ішінде де сүрінетін жepлepіңіз баршылық. Қысқасы, Сәбит жырларының текстологиясын түгендеу алда тұрған жұмыстардың үлкен біреуі екенін ғалымдар ескерсе деймін. Жә, енді поэмаларына қатысты аз-кем ойларымызға көшелік. Алдын-ала ескертейін, мен ашқалы отырған ешқандай Америка жоқ Мен тіпті жүз бөлмелі Сәбит сарайынан өзіме бөлек қуыс дәметпеймін. Неге?.. Ақын поэзиясының ұзына бойын, көлденең көлбеу, белдеу бойлықтарын зерттеуші сыншылар жетпіс жыл бойы жете шарлады. Осы қыруар жұмыс барысында талай қызықтың куәсі болдық. Мен бұл арада Сәбиттің идеялық тынысына диагноз тағайындау үшін тамырын ұстап көргендердің есептен шығарып тастаймын. Мезгіл мерезі Сәбит атынан садаға!.. Ал, қалғандары ше?.. Қалғандары бұл салада көп күні сарп етті. Олардың жұмыстарын, әзіл-шынын араластыра, натуралды күйге көшіріп айтсақ, олар Сәбит Мұқановты қарсы алдынан, ту сыртынан, қырынан, төбесінен төніп те түгендеп көрді. Жасыратыны жоқ, елпең қағып иегінің астынан қарағандар да болды. «Осы Сәбит — өзі ме, емес пе?!», «Осының өзі мынау төңкеріс тұсында қайта жаратылған Махамбет болмағай?»... «Осы Сәбит Маяковскийдің қазақ поэзиясына көшкен түрі боп жүрмесін?» Мұндай жорамалдар жоғалып, көрініп жүр. Обалы нешік, «Сәбит — өзі емес» деп те ешкім айтпайды. Бірақ салыстырмалы цитаталар әлі ақ ауық-ауық жарысып-жарысып алады. Зерттеу барысында Сәбит поэмаларынан қарасөз (пересказ) жасап, кітап та шығарып жүр бу жұрт... Осы бағыттағы істер нәтижесінде ғалым боп өскендер де, есімі ұмыт қалғандар да баршылық. Мұндай жағдайда қазылар қатарына енгендей менде не қуат болсын?! Менің анық білетінім Сәбиттің тек қана өзі екендігі. Мен оның «ешкімше де» емеспін дейтінін он тоғыз жасымда, сонау 1935 жылы Сәбең Оралға барғанда, өзінің көз алдында бір поэмасынан үзінді оқып тұрған кезімде сезгем десем, оным сәуегейлік емес. Сол кездің өзінде ақын жаратылысының сондай екеніне қарапайым интуициям иландырған. Ендігі менің әншейін бір ақынның эпикалық қуатынан алынған екінші ақынның әсері ғана. Түрі, түсі, ісі арқылы бірінен бірі бөлек талай адам бейнесін өлеңдерден де көргенбіз. Сол өлеңдер де шытырман ой қозғалысына сізді бір шама тоғытып алмай тоқтамайтын. Ақындық «Мен»-нің өзі де бірде көктем, бірде күз, бірде тұлпар, бірде өгіз болып нақты жұмыс атқаратын. Содан-ақ Сәбиттің ең алдымен лирик емес, ең алдымен эпик ақын екендігін білуші едік. Прозадағы романдарға да ол осыдан шығып барып жүр. Өз түсінігімізді бүкпесіз ашық айталық, қазақ кеңес поэмасының негізін салушылар санатында интеллигент ақындармен қатар шыққан жалғыз пролетар эпик — осы Сәбит Мұқанов. Ол бірден-ақ табиғатының талабына бақты. Атап айтқанда, ол ерліктің, серіліктің, сұлулықтың бәрінен бұрын бишара Күңшаштың жетім қалған, ар намысы тапталған он үш жасар Балбөпесін көрді, алғашқы дастанын соның көз жасымен суарды. Дәл сол жылы Балбөпені өлмейтін, жұрт қатарлы өмір кешетін жағдайға іліктірді де, өзі оның арғы түп төркініне қарай ат маңдайын түзеді. «Жетім қыз» атты дастанында Күнәйім сұлуды тарих тұңғиығынан бері тартып ала алмаған соң, өмірден әрі қарай — «о дүниеге» жөнелту арқылы қалмақ тұтқынынан босатты. Күнәйім биік жар қабақтан күркіреп жатқан жойқын өзенге секірерде қалмақтар кескен ағасының басын құшақтатып жібереді. Сәбит өзі қатігез тарихқа қанша лағнет айтса да:

Татулық, достық жапсырмақ
Ел мен елдің арасын, —

деген сеніммен қайтты. Өзі өмір сүріп отырған мезгілге қайта оралғанда Сәбит көңілі жай таба қалды дейсіз бе?!. Қайдан-ау...

Менде ақындық жалғыз сөз —
«жалшы» деген! —

деп, айғайын сала, ауылды кеңестендіре бастаған жерге келсе, байдың қаншырдай қатқан жазғытұрғы жарау бурасы жаншып, шайнап тастаған Қарашұнақ, есімді сорлы жалшының сүйеп шашылып жатыр. Сәбит бұл орайда бай тоқалы Гүлжан сұлуды Қарашұнақ баласы Қозыбаққа қосып барып кек алады. Бұл дастан да дүниеге «Батырақ» деген атпен келді. Араға екі жыл салып, білімін бір тоға толықтырған соң да ақын баяғы беттен қайтқан жоқ. Қазақ кеңес эпикасының асқар шыңы делінген атақты «Сұлушаш» трагедиясынан Сәбең өлеңді роман жасап шықты. Беу, дариға-ай!.. Еңлік пен Кебектен тым болмаса құндақтаулы шарана қалды деп еді... Ол өсіпті, өніпті деген сөз бар. Қыл құйрығына байлаулы екі жасты тепкілеп өлтірген. Екі шақырым жер шапқылағаннан кейін қан сиіп тоқтаған шу асау да тірі қалған еді... «Әй, айуан-ай, сенен өткен тағылар құлағыңнан бұрап ұстап бұйрық еткен соң, сен қайтейін деп едің?!» — деп, оның да сыртынан талай пенде мүсіркеп қараған шығар. Ал, мынау төрт бейбақтың артында қасқыр жеген торы төбeлдің төрт қара тұяғынан басқа не қалды? Бұл Сәбитке оңай соқты дейсіз бе?!.. Масқара қаза соңынан қаза қағазға түскен сайын қайран Сәбең ауыр-ауыр күрсініп, қалам ұстаған қолының сыртымен көзін неше дүркін сүрткен де шығар-ақ.. «Шығар-ақ» емес, нақ солай болараның өз аузынан естігенім де бар екен-ау. Жә, дәл осы араға ойдың негізгі бір түйіншегін қалдыра кетелік. Бұлайша өңкей бір сорлының өмірге өксу үшін келгенін, бейбақтардың түгелдей әрі дегеніне, әрі жасына жетпей өлгенін қазақта бұдан бұрын кім өз жырына өне бойы өзек етіп алды екен?! Жоқ, Сәбиттен бұрын ондай эпик болған жоқ. Жаратылысы жаңашыл (новатор) деген атақ Сәбит Мұқановқа ең әуелі осы үшін беріледі. «Неше жүз жыл бойына қисапсыз төгілген осынша көз жасы мен қанның сөзсіз сұрауы бар... Соны сұрау, қарымта қайтару Сәбит үлесіне де тиген. Сонда қайтпек, немен қаруланбақ керек? Өзіне дейінгі аһ ұрған абыздың гөй-гөйінен, бақсының зілді-зікірінен, сарнауық тақуа жыршының Тәңірге қылар зарынан Сәбит кәдесіне асқандай не бар?.. Солардан бірдеңе алу керек пе? Жоқ, әлде сыртқы қабығы сыдырылмаған бөренеден де дөрекі, ірі, тастан да ауыр әрі суық, оттан бетер күйдіргі сөздерді өз бетімен термек керек пе? Жоқ, елде? Жалбыр тымақ, Шоқпыт шидем, қазан Тұтқыштарын күрескер адамға айналдыратын сөздің құдіретті құдайын қолдан жарату керек пе?.. Қасіреттің астына от қойғанда ол қарғыс боп қайнау үшін, сосын қанаушы таптың қара жүрегіне дәл даритын жасын жайдың оғы болмақ үшін қаһарлы сөздің қаптаған қара бұлтын жасақтау керек пе?.. Осындағы абыз, бақсы, молда, жырау сөздерінен өзгенің бәрі керек. Сәбит соның бірін қалдырмай өз қажетіне тұтынды. Өзінің формуласымен айтқанда, ол өзіне кеңестік сөзден Армия жасақтады. Болмысынан жаңашыл (новатор) етіп жаратқан да, шын мағынасындағы классик эпик дәрежесіне көтерген де — оның сондай Сәбит бола алғандығы. Әрине, жаңашылдықта аспаннан алынбайды. Оның да қайнар көзі бар. Ол халық өміріндегі өзгерістерден суыртпақталады. Ал, халық қашан да, қандай өзгеріс тұсында да өзінің болмысынан енеді. Ендеше, халық пен Сәбит, яки дәстүр мен жаңашыл талант жазбай қосарланып осы арадан көрінбес болар ма?.. Мына бір штрихтарға қараңыз. Бір күні Сәбең үйіне барып отырғанда:

— Домбыраңыз ылғи да осы қол созым жердегі журнал қойылатын жатаған столдың үстінде жатады. Соны үнемі шертіп отырасыз ба? — дедім.

— Шерткенде қандай... Бұған ақырындап ән де қосамын. Сөйткенде ұлттық нәр жиналады.

— Өлеңдеріңіз домбырамен термелеп айтуға көне бермейді ғой...

— Мен саған бәрін емес, ұлттық нәрін айтып отырмын. Бұған қоса тағы да еске түсіретін бір жайт. Ел аралағанда кез келген үйдің сыпырылмаған алашасының үстіне отыра кететін, аса таза емес ыдыстағы қымыз-шұбатты да талғамай сіміріп салатын Сәбитті исі қазақ білуші еді. Бұл кісінің дастандары да нақ сондай ел тіліне, ел ұғымына етене жақын жаратылған. Сәбең дастандарында халықтың мақал, мәтел, нақылдары мол естіледі. Сондай-ақ Сәбең сөздері де ел аузында жиі жүреді. «Шыңы тік», «құзы құлдыр», «сылдыр су, сыбырлақ жел» т. б.

Мұқанов дастандары қою оқиғалы келеді деушілер дәл айтады. Оқиғасыз жерді сюжетке ден қойғыш ақынның табиғаты тартпайды. Жоғарыда өлеңі де оқиғалы дегенбіз. Жалпы бар ғой, бұл ақынның ұғымынша, өмірде оқиғадан оқшау орын жоқ. Байқап отырсаңыз Сәбеңнің барлық дастандарында сел қыбыр еткен қимыл дереу бүкіл төңірегін астан-кестен күйге келтіреді. Жаңашыл таланттың дәстүрмен біте қайнасқан жерін, міне дәл сондай тұста әбден көруге болады. Гүлжан тоқал Қозыбаққа қосылып, байды жерге қаратқанда «көгілдір тартып көк күледі, көгала болып шөп күледі». Балбөпе далаға шығып жылағанда айналадағы өсімдік атаулы өздерінің шаштарын жұлады. Алтай өлерде төңірегі түгел өртенеді. Сұлушаш, Күнәйімдер жардан секірерде төмендегі толқындар да, «Қайран сұлу, өксей бермей, өзімізге келші, кезек-кезек тербетіп ұйықтайық та, қайғыңды ұмыттырайық!» дегендей, жүзі суық болса да аяушылық қылады. Ал, қазақ бұл тәсілдерді (приемдарды) қай кезде де жатсынбақ емес. Эпик Мұқанов өзінің жалт ойнаған қою қорғасын бұлттай бір кезеңін осылай тамамдайды. да, «қара айғырмен жүйткітіп» отырып күнгей беттегі екінші кезеңіне шығады. Жүйріктігі себепті қолды болып, жанжалдың ақырында иесін түрмеге қаматқан құлагер аттай («Құланың құны» дейтін де дастаны бар ғой) «бір кісі мінетін» сәйгүлік емес, «мың кісі мінетін» Сәбит Қара айғырының бітімі бөлек-тұғын. Ол тіпті көсіле шапқанда әр тұяғының ізінде қазан шұңқыр, ор қазылып қалатын тарихтағы Тарғынның Тарланы, Қобыландының Тайбурылы да емес-тұғын. Түркістан мен Сібір арасын жалғастырған Сәбит Қара айғырының ізі бүгін қарасаңыз да «шойын жол» боп мәңгі-бақи жосылып жатыр. «Жүйткі, қара айғырым» дастанының алғашқы оқырмандарын айыра-бөле тани білу керек. Олар аттарына міне-міне паровозбен жарыса шапқан, разъезд сайын вагондардан кітап, мата, қант, чай, «шайтан арба», трактор, жана завод, мойын серік жабдықтарын сатып алғандар болатұғын. Шыны керек, бұл дастанды әркім өз бетімен оқу дәрежесіне әлі де жете қойған жоқ еді Дегенмен, жоғарыда біз әңгіме еткен жыр кітаптарын қойға сатып алған көшпенділер бұл тұста тұрақты қоныстанып болған. Кешке қарай жұрт жиналған қызыл отауда да бұл дастанды сауаттылар дауыстап оқыған-ды. Ол кезде «Қанды көл» атты Сәбең дастанындағы Малдыбай қолынан қаза болған Әбіл балалары әкесінің қаны төгілген шұрайлы жерге иелік етіп те үлгерген. Бұл шежіре ме?.. Шежіре... Бұның бәрі жақсы-ау, досым!... Ал, әлгі күнгей бетке шыққанның өзінде көзге ұрып тұрған мына сұмдыққа не дер едіңіз? Бір ғана 1926 жылы үш дастан жазған Сәбит Мұқанов «Қара айғырдан» кейінгі аттай бес жыл бойында дүниеге бірде-бір поэма келтірмеген. Осы тұста жазылған прозаларының өзі де басқа уақыттың тақырыбына тайқып шыққан. Бұл маған бұршақ ұрған бақта бұлбұл сайрамай қалғандай әсер етеді. Қазақ жұртын аштан қырған асыра сілтеудің ұлы трагедиясы қайран ақынның жүрегін жұтатқан да, сол жүректің басынан у боп үнсіз төгілгендей... Бұл шежіре ме... шежіре...

Менің Досжан атам да:

— дүбірді көрсем қозамын,

— Сабыр етіп тұра алмай! — дейтін бір сөз бар еді. Сол кісі айтқандай, әбден толысқан отыз бес жасында, әлгі іш құсадан арылып Қызыл профессураны бітірген шағында, бұрынғыдан да кеңірек дүниеге кеуделеп кіру үшін Сәбит ақын артықша бір дүбір күткен еді. Бүкіл дүниені дүр сілкіндірген Челюскин жорығына арнап поэма жазу конкурсы Сәбит тілегіне сәтімен орайласты. Жарыста бірінші жүлдеге ие болған «Ақ аю» дастаны эпик Сәбиттің дәстүр мен жаңалық бірлігін тағы да бір биігірек сатыға көтерген дәуірін белгілейді. Айуанды адамша сөйлету де ежелгі канон. Қазақ нақылына сүйеніп бір сөзбен айтсақ, бұнда Қара аю Ақ аюға намаз үйретеді. Бұны жұрт табиғат тағылығын адамға табындыру туралы жыр деседі. Әрине, солай. Жалпы цивилизацияға тың маршрут белгіленген жорық жыры деп айтады. Әрине, солай. Тіпті Қара аю мен Ақ аю айтысында хан емес, қара билеген елдің ақ патшалықтарға сесі де бардай. Тап күресінде шыңдалған тарлан ақын бұл шығармасында екі системаның арасын ерекше жіктейді.

Көрпесі мың метр мұз, демі үскірік,
Демінен айдаһардың желі ысқырып.
Ұйықтауға мәңгі, көрпе тұйықталған,
Тұншығып өзі ашпаса, кейде ышқынып,

Маңына жуығанның бетін қарып,
Басындың деп долданып, мұзын жарып,
Құшағына қысып ап, тұншықтырып,
Тереңіне батырып қылған ғарып.

Он жолдан құралатын екі шумақ өлеңде әрең аяқталған осынау аса күрделі сөйлемде саналы түрде қарсылық (басындырмаймын дейтін), әрине, табиғат тарапынан емес. Бұл арада, ақынның айтуынша, «Төңірегі тереңге батырып ғарып қылатын» капитал дүниесіне табиғаттың дүлей күші параллель ғана. Егер менікі қате түсінік болса: «Мұхитта Кремльдей коммунизм Ордасын қаласуға араласты» демес еді ақын. Осы поэмада космосқа шығуды көксеу де, адамның соған шығатынына сену де бар. «Мен әлі айға да мінемін, күнге де мінемін» дейтін жерлері соны аңғартады. Ақынмен келіссең де, келіспесең де оның таным-сенімі осындай. Жырдың ішкі динамикасы мен сыртқы бітімі мәдениетті поэзия-фольклорлық шеңберге симаған үлгісін осы өлеңнен анық көріп отырмыз. Бұл бізге Сәбит жаңашылдығын қайталап айтқызады. Иә, Сәбитке дейінгі кезеңде оған ұқсас ақын ұшыраспайды. Міне, осыдан соң ақын жиырма сегіз жыл бойы поэма жанрымен қоштасып, яғни, 1963 жылы жазылған «Жұпарханға» дейін бұл салада қалам тартпай қойды. Мен де өзім эпикалық жанрда әрекеттеніп жүргендіктен, Сәбең осы бағытқа бәлкім бұрылар ой салармын деп сынаған едім ғой. Жасы алпыстың бесеуіне толып, шашы аппақ қудай болған шағында Сәбең сырт елдерді көбірек аралады. Ұзақ-узақ сапарларда көрген неше түрлі қызықтарын біздерге әр жерде ауызекі әңгімелеп, жол жазбаларын жазудан ауыспайтын секілді еді. «Жұпарханның» қай арада дүниеге келгенін сезбей де қалдық. Сөйтсек, екі жыл бойында жаза жұрт, бір жерін де білгізбеген. Менің мінезім де қызық қой, сол тұстағы бір ел басқару тәсілі жұртқа ұнамаған шолақ белсенді «елден бұрын оқып алыпты» деген соң, «маған да оқытыңызшы», деп қыстырыла қоймадым. Маусымдық баспадан оқыған үзінділер мені онша үйіртіп әкете алмады. Тым кешігіп оқығандағы әсерім қандай дейсіз ғой? Кезінде «Жұпархан» хақында пікір білдіргендер жөн қайта алмаған тәрізді. Зерттегіш мамандар оны енді айтса жөн-ақ болар еді. Меніңше, көтеріп тұрған жұп не қарағанда, бұл өзі өлеңмен жазылған романға бейім. Ара-арасында жұрт отыратын әдеттегі қара сөздері өлеңге айналып кеткен хисса деп тануға да болар. Бұл шығармада ұйғыр елінің бастан кешкен тұтас бір дәуірі жатыр, сол тұстағы ұйғыр милләтының образы сомдалған. Осынау тағдыры топырақпен біте қайнасқан егінші жұрттың жүрген жерінде құм да құлпырып жаннат сипатына кешеді деген идея жырдың ұзына бойына өзек болған. Шамсинурдың Жұпар атануы да содан. Ұйғырдың жігіт-қыздарының бір-біріне махаббаты да өзі өсірген бақ саясында ғана өмір сүре алады, ал ол заңды жат біреуін ұшан-теңіз байлығы да, басқыншылық күші де бұза алмайды. Тұтқындағы Жұпардың өз есіміне «Хан» деген дәрежелі сөз қосылған тұста елу себебі де содан. Сүйікті Жапарына қосыла алмасына көзі жеткен Жұпар Қытай ханына қатын болуды өзінің ғана емес, елімнің арын сату деп түсінді. Егер ер Жапар өз елінде егінге су шығарғалы жүріп қаза болса, Жұпар сұлу ол үшін өзін жыланға әдейі шақтырып өлмеуі де мүмкін еді. Иә, ел бүтіндігі мен махаббат мұраты қашан да егіз. Сол негізде қыз өлсе де, жеңілмей өлді. Сәбең мәселеге бұл жағынан келгенде сұлулықтың құдіретті армия қуатынан осал емес деген тұжырым жасайды. Арудың ішкі жан сұлулығына берілген бұл сипаттамадан тіпті де кем түспейтін дене сұлулығын суреттеу үшін ақын оған достың емес-ау, дұшпанның көзқарасын пайдаланады. Жұпарды көргенде басы айналып, есінен танып қала жаздаған Қанси хан «Жердің жүзін жылыту үшін жаратылған сұлу екен!» дейді. Осынау бағаның астарында «ата қонысынан қуып шықсаң да, қырылса да жұлдызын жаулатпайтын ел екен» деген ұғым жатыр. Жұпархан, яғни бұрынғы Шамсинур ешқандай бекзаттан емес, бар болғаны кетпенін иыққа салып, су жағалаған мұраптың қызы. Әу бастан еңбекші таптың жырын жырлаған ақын бұл жағдайды интернационализм идеясымен тұтастырып, екі мұратына бір-ақ жеткен. Жыр жақсы оқылады. Бұрын да еркін ұйқасып отыратын өлең өзінің байырғы қайратынан қайтпаған. Сәбиттік сөздің нормасы да бұзылмаған, шығыс поэзиясына тән табиғат мінезінің ақын көңіл күйімен одақтастығы да «Сұлушаштағыдай» сақталған. Жасы жағынан біршама шау тартқан Сәбең ақырғы дастанында «Қазақ даласының бүгінгісі мен артта қалдырған жағына қайтадан бір көз жіберіп көрейінші!» дегенді мақсат тұтқан тәрізді. Шығармасына негізгі кейіпкер етіп өмірге бар әрі өзімен тұрғылас адамды сол үшін алғандай. Оның ол тарапқа да, бұл тарапқа да бұрылып жіті қарауына Нұрмолда Алдабергенов өмірінің септігі мол еді. Поэманың «Алдабергенов туралы аңыз» аталуы да тегін емес. «Жарты мыйы қалғыса, жарымы тұрған күзетте» Нұрекең марқұмның аңыз сипатты өмір кешкені рас. Мұқанов кейіпкерлерінің өрлеу жолымен жұрт отырар болсақ, осы Нұрмолдаңыз тумысында — баяғы Шоқпыттың дәл өзі. Бұл да жетім бала шағында бай қойын баққан кісі. Одан кейін де көп уақыт аузы аққа тиіп жарымаған. Жоғарыдағы бір орайда «бұршақ ұрған бақта сайрамай қалған бұлбұл» жайлы сөз шеті көрініп еді-ay... Мына поэмадағы Нұрмолда сол тұсқа соққанда:

Адамның «ас» дегеннен
Мысық құйрық татқаны,
Күнде «қашан өлем мен?», —
Жан біткеннің айтқаны.

Голощекин антұрған
Осындай халге келтірген.
Күнкөрер күш сарқылған
Айрылды ел түрден, —

демей ме?

Ол кезде «жүрегінің басынан у боп, үнсіз төгілген ақын дертінің енді ашына дыбыс бергені осы емес дей аласыз ба?.. Иә, біз бұны ұрдажықтар кезінде қағазға түспей қалған, іште өртенген жырдың, жанығы деп білеміз. Бұл шежіре ме?.. Шежіре!.. Кейін, басына «жалғанның антологиясын» жинаған Кенбай қарт кезеңіне көтерілгенде Нұрмолданы екі мәрте Ер атануы ғана күтіп тұрған еді. Сәбит енді дала академигінің бұл сатыға биіктеген тұсын да көзімен көрді. Қашанғы қажымас қаһарманының Неру, Хо-Ши-Мин, Фидель Кастролармен жүздесті, есімі жер-жерге кең жайылып, жырға айналған шағында, әрине ол:

Кең жайылған бұл жырға
Дауысымды мен қосайын,
Тарлан тартқан боз жорға
Бүлкілдеп аяқ басайын, —

дейді де, ел, жер жайлы ұғым өркенін ұзаққа созады.
Осынау жерге сан ғасыр
Жүрдің-ау, қазақ, сыя алмай!..
Ұйықтап бай, хан — масыл,

Төбелестің-ау ұялмай!..

Алдабергенов басқарған ұжымшардың ақ шаңқан шаһарына жеткенше. оның келесі күнгі мерей тойына қатысқанға дейін қайран Сәбең осылайша ауыр-ауыр күрсініп үлгерген... Ендігің—елдігің жөніндегі ақын өсиетін тек осының өзінен таратсаң да жетер... Міне, Сәбит Мұқанов поэмаларынан ерекше қастерлеп, екшеп алған әсерлерім осындай. Арғы жағынан қандай да болса бір жалғасын тауып жататын биік шыңдар болады. Қазақ кеңес поэзиясында да ондайлар бар. Солардың қайсыбірімен де бой таластыра алатын Мұқановтың ақындық творчествосы дербес тау екені ұтыры келген жердің бәрінде айтылды.» Ал, дербес таудың аласа шоқыларын тек өзінің биігінен ғана көре аласыз. Құзында тұрып құзарын да көресіз. Табиғаттың ондай бітіміне өнер пайғамбарының бірі болмаса бірі түзету енгізді дегенді естімедік. Біздің білетініміз, Сәбит ақын тауының баурайында қайнар бұлақтарының көзі бітілмейтін өскелең өмір жатыр. Не бір замандардың шебер жаратылған шежіресі де осында.

1990 жыл.

БҰҒАН ӘСПЕТ ҚАЛАЙ ҚАРАР?

Әспет — Сафуан Шаймерденовтың «Мәжнүн тал» повесінде бірегей бой көрсеткен аса уытты, жас болса да, оқып-тоқығаны мол ойшыл, керек жерінде адуын да, аржайы қыз. Жәнеде ол тағдырдан тартқан тақсіретін жан баласына тіс жарып айтпаған ару, ұстамдылықтың да ұлағатты бейнесі — бір өзі дерсің. Бәрінен бұрын осы қаршадай қыздың көркем дүниені танығыштығын айтсаңшы. Ал, Сафуан секілді, қартая келген жас шамасымен шаруасы жоқ, күнделікті ұғым ұстастыру, таным-білім таластыру арқылы шындық аренасына шықпай отыра алмайтын кісіні тап осы Әспет көзімен көру маған тиімдірек: Біріншіден, кейбір жағдайда сол қыз автордың өзімен мінездес, сарапшылығым сәл жансақ басқан жерде соның обал-сауабын осынау жүрегі пәк пендеге жүктей салу да тиімді. Өйткені, қыз талғамына өкпе жүрмейді. «Қыз аузынан шыққан сөз ащы болса да пәк» деп Сафуанның өзі де жазған. Илансаңыз, осы дос әзілі аралас пікір ішінде толып жатқан шындық бар. Жаңа біз тізбектеп шыққан қыз бойындағы қасиеттерге жеке-жеке әрекет қылу мүмкіндігін берсеңіз, солар Сафуан шығармашылығының түгелге жуық басын құрастырып шығар еді. «Болашаққа жол» романынан бастап, «Мінез», «Мезгіл», «Қарғаш», «Жыл құсы», «Ит ашуы», «Сыбызғы сазы», «Қызыл гүлдер» (аттарынан-ақ көріп отырсыз) тағы басқалары болып, біріне бірі ұласа келген кітаптардың «Ағалар алақанына» дейінгі ұзына бойына қарап отырсаң, ылғи бір азабы мол сұлулықтың құлақ кесті құлдарына тап боласың. Бір қызығы, солардың ішінде сен де жүргеніңді көрмейсің. Ал, ондайдан басы бостарды Сәкен оқып тұрған адам етіп көрсетпейді. Бұның бәрін бұтарлап айту үшін көп төзім мен көлемді сөз керек. Оның екеуі де менде жоқ. Ол жағына жетіктер, шүкір, менсіз де бар ғой. Мен өз тануымдағы Сафуан жөнінде онда да Әспеттің көмегімен, азын-аулақ пейіл танытамын. О баста өнерін өлең-жырмен көрсеткен жастардың көріктірек біреуі осы кісі еді. Есейе келе құдай соны прозаға айырбастатса амалың қанша. Өмірдегі жағымды-жағымсыз қуатты қозғалыстарды ақынша сезіну қасиетін өзінде қалдырса, басқа жанрға ауысқанда тұрған не бар деп, дәл осы араға мен білетін Әспет бір килікпей қалмасты. Рас, мен арада қызбен айтысқан сайын жығылып қала беретін суретші Бағдан болғым келмейді. Бұл пікірмен келісе саламын. Жалғыз-ақ, сол көздің өзінде ел өлеңді осы жігіттен, бұл тағдырлас Тахауи, Тәкен, Зейноллалардан осал жазатын кейбір әріптестерінің күні бүгінге дейін ақындықтан айнымайтынын әрі өсіп мандымайтынын Әспет бөлме салық қылмаса болды. «Ағалар алақаны» атты кітаптағы деректі көріністер Сафуанды бізге бала кезінен бастап білгізді. Сол кітапқа жазған рецензиямда бұл жігіт жайлы көптеген ойларымды мен де айттым. Соларды қайталамау үшін бұл жолы не десем де бүгінгі, осынау күрт өзгерістердің қызығы мен қысталаң шағындағы Сафуанды ғана төңіректеймін. «Өз жұмысың тұрғанда басқаны қайтесің» қағидасын қатаң ұстайтын, әсіресе өнер адамын гармония мен хаос аралығынан сұрыптап танитын Әспетке бүгінгі Сафуанның күнделікті күш салып жүрген әрекеттері ұнай қояды деп айта алмаймын. Бәлкім көркем қаламнан уақытша болса да қол үзген, қораларында басқа лауазым машинасының тұмсығы қылтиып тұрған жазушылардан ол қыз өз жаратушысын ажыратып ала да білер. Бірақ, қазір өнерде өндіре туындап отырған тұлға жоқтығын Әспетте көрмей отырған жоқ. Бәріміз-ақ жоғалтқанымызды жоқтаудан, ардың ісін әлдендіру жолындағы айтыстардан ауыспай жатырмыз. Түптеп келгенде, бүгінгі үміт пен күдік, берекесі қашқан тұрмыс пен соның өтеуіне келіп жатқан ұлттық ұтыстарымыз, алда тұрған қиындығы белгісіз белестер — осылардың қосындысы ертеңгі ұлы шығармалардың уыты, тіпті ашытқысы болмаса не қылсын... Айтулы Арт-кононада алдында да осындай ауыр да, үнсіз бір болатұғын. Әспетке ұнаса да, ұнамаса да біздің жолдасымыз бұл күндерде дегбірсіз. Интеллигенцияны тебірентер жайлардың қайсы бірінен де Сәкең тежеліп қала алмай отыр. Бәлкім бұған әліптің артын бағатын уақыт жоқтығы себеп шығар. Адамды өзімсінудің сол бөгде кісінің өзін саған жақыныңнан да жақынырақ, тартымдырақ көрсете білуінде. Осындай адамдардың ішінде жүрегінің түбіне жеке-дара орнығатындары да болады. Адамды бағалаудың осынау шамадан тыс өлшемін Шаймерденов талап нормасы деп түсінсе, оның да себебі бар. Бұл кісінің баяғы өгей анасы Бейіске перзенттік махаббатымен таныс оқырман оны жақсы біледі. Бейіс апайдың екі жетім бөбекке сіңірген еңбегін жазушы ана сүтінен де асырып бағалайды ғой. Міне, осынша асқақ адамгершілік Сафуан баршаның бойына дарыту мүмкін емеспін біле тұра, солай қарай бура тартып отырады. Ол — ол ма, тіпті осы кредоны ол жақсы түгілі кәззаптың алдына да қасақана көлденең тартады. Желтоқсан оқиғасын асқындырып, өртті қоздырып қойып, өзі кабинетте бұғып отырған Колбинге кейінгі бір орайда Шаймерденовтың не дегені естігендердің есінде шығар:

—Жүр, екеуміз жаяу шығып, алан-көшелерді аралайық. Сонда исі қазақтан біреу саған тиіссе, соның өзін-ақ қазақта ұлтшылдық болғаны деп санай сал. Соның күйігінен көзіңше мен-ақ отқа өртенейін өлейін.

— Ха-ха, ха, ха!..

Басын шалқайта жығып қарқылдай күлген Колбинге Мінбеде тұрған Шаймерденов жауабы:

— Міне, міне... Осы күлкіңіздің түбін түптеңіз! — деген астарлы қарымта болды. Бейіс мейірбандығына қарама-қарсы жаратылған безбүйрек қолында ел тағдыры, қаймана қанғыбас қолында ұлт тағдыры тұрса талантқа тағат, дегбір дегендерді кім берсін?.. Жазушы жаратылысында бұлайша күйіп-пісу бұрын да болған. Бірақ, оны қамағаның қайта шығармайтын темір торлар тежеп келген. Бүгінгі беймазаның үлесіне салауат, мінбесі тигені үшін тап бүгінгі тауар-тағам тапшылығына ренжімеу керек. Отаршылықтың қорлығынан қорқынышты емес бұл кемді күнгі кедейшілік.

Тағдыры біреуге тәуелді болған жерде тон тоналмай, бедел берекесі ұшпай қалмайтынын екі халық бастан кешсе, соның біреуі қазақ шығар-ақ. Содан да болар, қазақ ғасырлар бойына елдігіне еркіндік ала алмаса да ұл-қызын өлмей беріспейтін өжеттікке тәрбиеледі. Алысқа бармай-ақ Әспетке қараңызшы: Ол жан дегенде жалғыз бөбегі жер бесікке беріліп, тілегі кесілсе де арамзаға арын таптатпаған ару. Әспет, ол — арамызда тірі жүрген Әлия, Мәншүк, ол — кешегі желтоқсан құрбандары — Қайрат пен Ләззат рухында да көріне алады. Және де: «Баяннан басқаша танылмаса ол несіне Айша-бибі болып тарих төрінен таң атырады?!.» дегенді айта алған Әспет. «Тоқтардай жігіт болмаса қазақтың ғарышқа қатысы қанша дер едік»-ті де осы отырғанда сол қыз менің құлағыма құптатқандай.

— Суверенитет —дербес, еркін... Мейлі ол Егемендік бола қойсын... Ал, оның үстіне өзге жұрттар «Тәуелсіз» дегенді айыра-бөле айтатын себебін білесіз бе?.. — деп алып, Сәкең соны түсіндіру үшін сан тарихтарға самғап жөнелетұғын. Өйтетін жөні болды. Қазақстан тәуелсіздік жарияланып болғанша, жасыратыны жоқ, парламентіміздің құлағын шулатып-ақ бақты:

— Неменеден тосылады, осы біз соның ала жүрмесек, алғы шепте атымыз сүріне ме?..

Бұл өзінше бір ұдай көңіл күйін танытса, енді бірде:

— Біріккен Ұлттар Ұйымына бірінші тілек бізден түсті... Орта Азиялық ағайындар Нұрсұлтан айтуымен бас қосты... Немесе:

— «Известия» газеті Үндістанмен қатынасты Қазақстан бұрын бастап, Ресейдің алдын орап кетті деп жазды. А, бұл арада қызғанышта жоқ емес!.. — деп, соған риясыз, құдды балаша қуанады. Бір ғажабы, бүгін достарына айтқан сөздерімен араға аз күн салып, не телеэкраннан, не эфирден, не газеттен көрініп, есітіліп, оқылып жатады. Иә, ел еркіндігі, ел азаттығы туралы заңдар қабылданған тұстарда жарғақ құлағы жастыққа тиіп жарымағандар санатынан Сафуан жиі көрінді. Жас жазушының шығармасына шылбыр тастау, классик жазушының музейін ашқызу, мазарын көтерту — бәрі де оны мазалайды. Осыдан жарты ғасыр бұрын әділетсіздіктің қанды қармағына іліккен ұлы жазушылардың атын білген жастар затына да ғибыратхана сипатында еркін енуге тиісті ғой. Оларға Сафуандар алдынан дәріс жетелеп жеткізбек парыз емес пе?.. Бұл бағытта Сафуан талай тағылымды баяндамалар жасады. Қысқасы, бұндай істермен айналысуды Сәкең бұл күндері тәңір тапсырмасы деп ұғады-ау деймін: Осының бәрі өз шығармаларының төрт томдығын баспаға даярлау секілді аса жауапты, яки, жүкті мезгілмен қатар, қарбалас жұрт жатты.

Қысқа күнде қырық мәрте қайталап қозғасақ та тағына тақымын орнықтыру әлі алыста жатқан Алдияр — қазақ тілінің тағдыры болса керек. Әрине, заң бар, заман пейілі түзік бағыт алды, ел құлағы елең еткелі тілімізге тиек емес, тірек болардай тәлім-білім ұялары да одан-бұдан орын тебе бастағаны бар. Алайда осылар ішкі сарайын талайдан бері тат тұтқан машинаның от алғаны секілді ғана серпін. Егер ол қасқа жолда қайта заулап үлгермей тағы сеніп қалса, бастапқы еңбектің бәрі зая. Тіл шеруінің алдыңғы шебінде дабыл қағылды дегеніңізбен артқы қосындар әлі айылын да жинаған жоқ. Алматы бикештері баяғы сол дағдыланған тілдерінде сауысқанша самыржақ. Солардың санасына саңылау бармаса, сыртты қойып, іштің өзінен-ақ табалаушы табылады. Ал табаның заһары әлжуаздарды тауы шағылған жаққа қайтып беттетпей қояды. Міне, осыны жазушының бәрі бірдей Сафуанша сезінсе ғой: Тәңір жарылқағыр Смағұл Елубаев екеуі жидірмелете қаққан дабыл талай құжаттың, дүниеге келіп, іске қосылуына себін тигізді. Бәріміз қол қойған «Тіл тағдыры — ел тағдыры» атты айтулы үндеудің өзегіне от дарытқандар да осылар. Жасыратыны жоқ, осыған қол қояр жерге келгенде соған жүрегі дауаламаған жазушылар да байқалып қалды. Әспет, қарағым, сен аңғарып жүресің бе, өзіңнің ер мінезді болмысыңды жалпыға жария қылған Сафуан ағаңды осы жұрттың бәрі бірдей жақсы көре бермейді. Жеке бастың топшылауы болмаса, себебін кесіп-пішіп айту қиын. Өз басым «Тура биде туған жоқ» принципінен шегіп жүрген запалы шығар деп ойлаймын, әйтеуір, ол да беделдің бет-жүзімен санаспай, ащы шындықты қатты айтатындар қатарында өзіне тиесі нәпақасына кешеулеп жетіп жүреді. Ешкімге жала жаппай, адалына баққан сынға қалтарыстан қарымта даярлау беделдің ісі ме?.. Айтпақшы, Әспетжан, сенің «Пікір таласта бедел қару бола алмайды» деген өз сөзің де бар екен-ау. Рас, «Ештен де кеш жақсының» игілігін Сафуан да аз игеріп жүрген жоқ. Обалы кәне, Алматыда тежелген тегершік Мәскеуде қалыпты қозғалысына еніп, бүкілодақтық кәсіподақ сыйлығына лауреат та бола алды. Бәлкім «Ағалар алақанының» шарапаты шығар, соңғы әзірде десеңіз де, ақыры осы кітап үшін Қазақстанның мемлекеттік сыйлығы да берілді. Сафуан, Тахауиларды халық өз жазушымыз деп танығалы қашан. Бәлкім сол атақ та бір күні алдыңғыларша жай басып, жалпақ алып келе жатыр. Айтпақшы, ендігі жерде өз парламентіміз еңбек, ерлік қаһармандарына жаңадан түрліше түймелерін де заңдастырар. Бұл әншиін сөз ұтырына қарай ойға оралып жатқан жәйттер ғой. Әйтпесе, бедел хақында өзің айтқандай, талант жуған жағдайда атақ та жалған жарақ.

— Дегенмен атақ еңбекке беріледі ғой. Бедел қолдан жоғарылату арқылы да жапсырыла береді.

— Қарағым Әспет-ай, алдымды орай беріп, айтпасты айтқызатын болдың-ау. Сенің ел таныған ерекше қыз болуыңа сіңірген менің де еңбегім бар: Мен «Мәншүк талдың» алғашқы нұсқасына тоғыз тілек айтқам. Соңғы редакциясында солардың көбін-ақ Сафуан ескерген. Автор соны ер қашан «Көлбақа терісіне жазылған тоғыз талап» деп еске алып отырады. Шығарма қатты ұнағаннан кейін авторды мен ресторанға шақырып, пікірлерімді сондағы қол сүртетін қағаз сүлгіге жазып бере салғам. «Көлбақа терісі» деп жүргеніміз сол. Әңгіме желісіне сенен де мықтырақ Инешті араластырмай, саған іш тарту себебімді біліп қойғанын абзал. Әрине, осы арада сен тағыда: «Аға, ұрыспаңызшы, менің жаңағы айтқаным неге жөнсіз. атақ еңбекке берілетіні өтірік пе?..» дегелі отырсың. Алған атағына еңбегі татымаса-ше?.. Ондайлар аз ба?..

Тағы бір айтайын дегенім — Сафуан екеуміз жазушылар одағының аппаратында жұмыстас болғанда аңғарғандарым: Бұл жігіт партияға мүшелік жарнасын мезгілімен төлей бермейтін. Бір күні жиналысқа салып, жанын сірідей қыстық. Ол өз айыбын кәдімгідей мойындаған болды. Одан шыға бере Қайнекей Жармағамбетов екеумізге айтқан сондағы сөзін енді еске түсірсем, соған күлгеніміз бекердей: «Төрелердің салығынан уақытында құтылмасам, сол иттерің аштан өле қала ма?..» дегені әлі есімде. Аппараттағы өз міндетін мұнтаздай етіп орындауын орындайды-ау, бірақ, сағат пен Сафуан арасы көбінше үйлесіп таппай, жұмысқа кешігіп келе беретін. ҚЖО-ға (Қазақстан Жазушылар Одағы) уақытымен келіп, алтыны толтырмай кетпеу — Сафуанша, еңбек тәртібі емес, еңбек адамын бекер қаңтарып арытатын формализм. Осы ұғым да оны бір күні бастығымыз Ғабиден Мустафиннің алдынан бір-ақ шығарды. Мен Шаймерденовтың жұмыстан шығаруға қарсы ереуіл ұйымдастырдым (Сафуан осы күнде «ереуіл сізден басталған» деп күледі). Айтқанынан қайтуы қиын Ғабекең бұйрыққа қолды қоятын еді, оны мынадай бір оқыс «оқиға» тоқтатты: Шамкенов өз танауынан қозы құмалағындай бірдеңені жұмырлап алып, шертіп кеп жібергенде сонысы әлде қалай Fабекеңнің, алдына, тура стол үстіндегі әйнекке барып топ ете қалсын. Онымен қоймай, әлгісі үлкен кісі үрлегенде түскен жеріне жабысып жатып алсын... Соны көрген жұрттың қыран-топан күлкісі ағайдың ашуын лезде таратып жіберді. Бұл арада айтпағым — зады, ойда жоқ жерден қисын (теория) түзу Әспетке осы кісінің өзінен ауысқан. Жә, Әспетжан. жанағы бір бастала түсіп үзіліп қалған әңгімені тірілтейікші. Иә, кітаптарының аттары айтып тұрғандай, Сафуан бітімінде сұлулықтың, махаббаттың михнаткеш жаршысы. Ананың, әкенің балаға, ағалардың іні-қарындасқа махаббаты, қыз бен жігіттің қызғын махаббаты, ерлі-зайыптылар арасында есейіп өсіп, кейбіреулерінде өшіп жататын махаббат (соңғысын солай деп атау да қиын) — бұның бәрі де жаршыға тыным таптырмай жырлататын, жылататын да күрделі күштер құдіреті. Бұл да Атом электр станциясы секілді саушылығында рахат, бір жері зақымдалса — апат. Осы рахат пен апат аралығында жетпіс жас жасағанда да қайсарлығынан қайтпау оңай шаруа ма?.. Тыныш отыруды құдай әу баста бұйыртпаған соң олай да, бұлай да шарқ ұрып әрекет қыласың. Баянды да, Айша-бибіні де қайталамайтын біреулердің дүниеге келмегін көксеп, сол бағытта тер төгесің. Соның бәрі көңілдегідей көрікті болып шыға бере ме?.. «Қайдан-ау...» дейсің бе, дұрыс айтасың. Бірақ сен қызды мен білемін, суретші Бағданға өткізген сыныңды жазушы Сафуанға да жүргізе аласың. Тағыда: «Аға, ұрыспаңызшы, деп алып, Аға, сіз бәрібір Гавриэль Гарсия Маркес емессіз дегенді сен Сафуанға да айта аласың (сенен оны күтуге болады). Шынында да солай ойласаң мына сұрағыма жауап бер: Халыққа сендей қазақ қызы арқылы шыққан жағдайда сенің сол Маркесің Сафуанға айналып кетпесіне кім кепіл?.. Роман жанрының өзі қазақ үшін жаңаша жазу болса-ше?.. Бізде аты роман, заты олай еместер әлі көп...

— Мөлдір дегенге неге сонша жармасасың, Әспет?.. «Мөлдір» деген сөздің өзін сен қалай түсінесің?-

— Сіз ше?..

—Айтайын: Бұлақ та бастауынан мөлдіреп шығып, жүре-бара құла-құба күй кешеді. Баяғы түбіт иек балаң Сафуанды «Мені қалай үйлендірмек болды» деген әңгімеден оқыдың ғой. Сонда бұл өзі өз болып алғашқы қызыққан қызына қора-қопсы сыртындағы оңаша бір қалтарыста кездесудей-ақ кездескен. Бірдеңе демек ойы барын аңғарған есті қыз ілтифатын да ірікпей, бұның лебізін күткен. Сөйтсе бұның қыз аулына ертіп келген әулекілеу ағасы «осыны айт» деп үйретіп қойған ноқайлықтан басқа өзінен өнер лебізі жоқ екен. Сондағы бар айтқаны: «Сен алтайы қызыл түлкісің де, мен қиядан көретін қыранмын. Сен зытып бергенде мен сені іліп түсемін!.. «Осы арада сен тұрсаң, сен де анау есті қызша ақырын ғана сырт айналып тайып тұрар едің ғой, Әспет. Жөн-жосықсыз асау махаббат алқымына кептелген байғұс бала жыларман күйде қалды да барды. Меніңше, «мөлдіріңіз» — осы. Енді мықты болсаң, осынау екі Сафуан аралығында жатқан елу бес жылды сарапқа салып көр.

Дәл осы жеме-жемге келген жердегі Әспет жауабын мен де қуаттаймын. Ол баяғы ернін ғана тигізген шампан құюлы фужерін екі алақанымен сыртынан сипай, ұзақ ойлана отырып былай дер еді.

— Сафуан ағаға өмірін қайтадан бастау құқы берілсе өткен жылдарының, айларының, күндерінің, біреуінен де бас тартпас еді. Осыншаның барлығын азаптан жинаған азаматқа басқаша болудың қажеті қанша?!.

— Солай... Көмегіңе рахмет, көріктім!

1992 жыл.

ІНІ ЛЕБІЗІ

Көп жанрлы қазақ әдебиетінің бірден-ақ іргесін ірілендірген алты-жеті адамды Ғабит Махмұтұлы Мүсірепов Алыптар тобы деп атаған еді. Әбден ойланып болмай өз пікірін білгізе бермейтін осы адамның өзін де көзінің тірісінде сол Алыптар тобының бел ортасына қойып отырушы едік. Және жұрттың сол бағасы соншалық жарасып та тұратұғын. Бірақ, соңғы түйе жүгінің ауырлығын айту жағы әр қилы мөлшерде аңғарылатын. Бұл бағаның бір шеті еппен емеурін танытып, үнін үнемдеп (Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесіне үш ай ғана бастық қылғанымыз секілді) кібіртіктеп жатса, енді бір шеті арнадан асып-төгіліп, құдайдың осы бір пендесін бүкіл сексен асқан өмірінде «жаңылмаған жақ, сүрінбеген тұяқ» дәрежесінде танып жүрді. Соңғы көпірмеге ол зәру еместігі себепті де қасын қиғаштандыра қарап, бір түрлі ыңғайсызданса да, жөні түзік пейілдер тұсында көңілдің ішкі толқынын іркіп қала алмай: Еркектер өзара сүзісуге шебер де, сүйісуге олақ келеді, бетінің бір жерінен сүйер едім, әйел болып жаратылмаған өзіңнен көр» деген секілді есте қалардай ескертпелермен шектелер еді. Осы ризашылығын ол кісі менің «Іні лебізі» деген өлеңіме байланысты айтқанды. Ал, сол өлеңде мынадай жолдар болған:

Артық, кем сөз ауанына ермей біз,
Аға дейміз, Ақын дейміз, Ер дейміз.
Махмут ұлы мәшһүр Ғабит! Іләйім
Күнде сенің мазаңды ала бергейміз.

Күнде емес-ау, түнгі ұйқыдан тұрғызып,
Телефонға жалаң шапан жүргізіп: —
Ақыл керек, кеңес керек!.. — дейтұғын
Ерке зорлық біздер үшін бір қызық.

Өмір —дауыл!.. Бөлмейді қыс, күзді бұл.
Сұрапылда тағдыр қанша үзді гүл!..
Алыптардан қалып қалған бір дарақ,
Өкпек желде шулап тұрған бізді біл!

Сөйлесем де қанша ділмәр қазылып,
Сен тұрғанда қайда маған қазылық,
Сабырың мол-ay, сараңдаусың ұрсуға,
Тек осыны кешеулетпей қазір ұқ!..

Шынында да, қартайған сайын молырақ тыным берудің орнына түн ұйқысын түгел бұйыртпаған кездеріміз көп болды. Партияның үлкен үш, үкіметтің үш дедік пе-ау, әдебиеттің, музыканың, театрдың, киноның үш дедік пе-ау,—қойшы, әйтеуір, осылардың бас-басына сағат тағайындап, соның әрқайсысына Мүсіреповтың кешікпей келуін талап еттік. Әл-қуаты азайған ұлттың тілі мен ұлағатты бітімінен көз жазып қалмау проблемасы оның өзін де өле-өлгенше беймаза қалпынан босатпады. Бір кезде осы кісінің өзі алып берген жазушылар үшін Қазақстанға жоғарыдан түскен ұлық бұйрығы бойынша біреулер тартып алғалы жатқанда да екі Ғабең жұбын жазбай жұмсалды. Сөйте жұрт, қартайған адамның басқадан қайырымдырақ болу құқына да қол сұғып, оныңды қой деп бұйрық раймен түгендескенімізді жанағы ақынның өлеңінен де көрдік қой.

— Мен ендігі әрі олай істемеуге уәде беремін, — деп, құдды бір шәкірт баладай шатынып, зал толы жұртты бір күлдіргені талайдың есінде бар да шығар.

Иә, қауырт жұмыс үстінде қартайған бұдан басқа алып біздің арамызда болған емес. Оны басқадан бақыттырақ қылған да, бәлкім, осы соңғы түйенің ауыр жүгін арқалай білгендігі шығар-ақ. Ендеше Ғабит Мүсірепов өлгеннен кейін мақталып жүрген марқұмдар санатына кірмейді. Бәрін де өз құлағымен естіп, көзімен оқып, тоқып та кетті. Ғабең рухы алдында арылып бір айтайын дегенім осы. Естеліктің ерекше бір қасиеті — онда әркім еске алып отырған адамың өзінше танып, жұртқа да өз арақатынасы арқылы танытады ғой. Мен де ел қатарлы Ғабеңді баяғы «Қос шалқар», «Көк үйдегі көршілер», «Талпақ танау» атты әңгімелері «Қозы Көрпеш — Баян сұлу» трагедиясы арқылы өзімше таныған болдым. Бәрінде де — майдандасқан қастасымен ымыраға ыңғайы жоқ бір Ғабит. дүниені дүрліктірген, өзіне де осал соққы боп тимеген «Желкелер неге қышидысы» әлгі онсыз да бірбеткей ожар түсінігімді тереңдете түсті-ау деймін. Ойлау жүйесі ер мінезді драмадан жаратылған осы адам шығармашылығына қайтсем жұғысам деп жүрген мен — рабфак студенті — жазғы демалыс кезінде жұмысшылар күшімен «Қозыны» Мақат сахнасына шығардым. Спектакльді қоюшы да режиссері де — бір өзім. Қарабайдан өш аларда Ғабеңе көмектесейін дедім бе екен, — әйтеуір, өзім Жантық рөлінде ойнадым. Ал, келесі, 1939 жылы Қазақстан жазушыларының екінші съезіне келгенімде «бөрік алып қашуға ғана жарайтын» дәрменсіз сыншыларды қапысыз қатты сынаған Ғабитті көріп, «жоқ, мына кісі ұрыншақтың бәрін бірдей құптай бермейтін құпиясы мол адам боп шықты» деген ұғымға ойыса бастадым. Бірақ, Қайырғали, Сүгіралы — Байжан, Амангелді, Еркебұлан, әйел затынан қаһарман Ұлпан, құс баласынан Қыран тұлғалары кейінгі қабырғалы туындылардан самсап шыға-шыға келгенде Ғабиттың өзі батыр деген бастапқы позицияма біржола орнықтым. Иә, аса сезімтал, сұлу сурет иесі, сөлді, сөрелі сөздің зергері мен үшін бәрінен бұрын батырлығымен мектеп. Өмірде де НКВД назарына «Бейімбет жау болса мен де жау» дегені секілді, нағыз ер мінезді шығармашылықтың шебері еді ғой жарықтық. Өзгелер еліктесе де тап солай етіп шығара алмайтын өз кемшілігі өзінше тұрыпты ғой. Ал, Ғабең жалпы үлкеннің де, кішінің де орнын бағалай білген кісі. Кішіге кісілігін дәлелдейтін деректер өзімнің арақатынасымнан да табылады. Әуелі үлкенге ізетінің ірілеу бір үлгісін оқылық. 1938 жылы Жамбыл шығармашылығының 75 жылдығына баяндама жасау үшін жоғарыдан талай адамға тапсырыс берілген. Солардың бірінші кезектегісі Орталық Партия Комитетінің ұйымдастыру бөлімін меңгерушісі Бекболат Мустафин болған екен, оған аяқ астынан «халық жауы» деген атақ жапсырыла қалып, қамауға алынды. Екіншісі де сондай бір сенімзідікке душар болып, үшінші кезек әлгі аппараттағы мәдени-ағарту бөлімін меңгерушісі Ғабит Мүсіреповке келеді. Бірақ, ол бірінші хатшыны Халық Комиссарлары кеңесінің төрағасы Ораз Исаевтың баяндамашы болуына көндіреді. Осы бір орайды әңгімелей отырып, тапсырыс алған күні-ақ тамаша баяндама жасап берген Исаевтың білгір, сұңғыла шешендігін Ғабең айрықша бағалаған. Ғабеңмен менен де гөрі жиірек араласқан Сафуан Шаймерденовың айтуынша, ол кісі Ораз Исаев хақында әр кез әрлі пікір білдіріп отырған көрінеді. Ал, нақ осы кезде Исаевты білмейтін біреулер, әйтеуір үкімет басы болғаны үшін, Голощекинмен қосақтап жазғыру бағытын ұстанған. Мен жуырда жарияланған Исаев туралы мақаламда («Халық Кеңісі», 10. 01. 92) бұған да тоқталғам. Біреуді біреу «өлтіре сынау» өмір заңына айналған заманда менің «Құрманғазы» атты шығармамның бірінші кітабы сондай күйге ұшыраған. Екіншісі енді ғана жарық көріп, әлі пікір өзгеріп үлгермеген де кез еді. Дегенмен Мұхтар Әуезовтың ұнамды көзқарасы жазба түрде қолыма түсіп үлгерген-ді. Сол кездегі бірінші бастығымыз Ғабең маған телефон соқты:

— Ертеңгі сағат оннан бастап екеуміз «Құрманғазыны» тұтастай оқып шығалық, одаққа кел.

Дастанды оқуға уақытында кірісіп, кіші бесін әлетінде аяқтадық. Аралықта күрең шаймен жарты сағатқа қана үзіліс жасадық. Ол кейбір тарауларды тапжылмай отырып тыңдаса, енді бір бөліктерін ту сыртымнан бір қолын иығыма артып қойып, өзі де жарыса оқып тұрды-ау деймін. Ақырында айтқаны:

— Ты собака, бар, бара бер үйіңе. Бұл енді сенің шығармаң емес, халықтың мүлкі.

Қайтыс болардан аз бұрын. яғни, арада ширек тасыр еткен соң, жазушылар алдында ұзақ сөйлеген ақырғы аталы сөзінде баяғы сол көкірегіне ұялаған көңіл хошын екі ауыз жайсаң лебізбен есіне түсірді. Бұл кісі менің талай шығармамды өз қолынан өткерді. Некрасовтың «Ақын мен азаматын» аударғанымда соны түпнұсқамен салыстыруға да уақыт бөлді. Қазақ поэзиясының өзі басқарған орысша антологиясына шығарма іріктегенде менің эпиктігімді ескеріп, «Біздің ауылдың қызы» мен Чапаев туралы поэмамды енгіздірген де өзі болатын. Менің сол Чапаев жөніндегі «Оралдағы отты түнімде» Ғабеңнің «Қазақыландыра түс!..» деген пікірі ерекше ескерілген болатын. Ал, «Сенің өзенің» атты дастанымды Мәскеуге жүрер алдында оқып, Құсыни апайға қалдырып кетіпті. Қолжазбаның ашық жеріне: «Оқыдым. Жақсы екен. Көзі де, көңілі де жаңа екен!.. Айналайын!..» деген маржандай тізілген әсем жазу менің архивімде сақтаулы. Ғабең бірде Бейімбет ағасының үйінде шараптан босаған рюмкасын жарға лақтырып сындыра беріпті. Оның солайша еркелегенін Биағаң бәйбішесі Гүлжамал жеңгей бірде мақтана еске алған еді. Сондай-ақ, кезінде біз де өз ағамызға еркелеп бақтық. Мен Ғабеңнің қара «ЗИЛ»-ін тауға сұрап мініп, тасқа да соқтырғам. Жұбан екеуміз тәбәрік аламыз деп, Ғабеңді өмірде басын сұғып көрмеген кафеге де апардық. Одан хабардар Шолпан, Құрекеңдер (Жандарбековтер) біздің үстімізге келіп, ол аз дегендей, Қытайға кетіп бара жатқан қырғыз әртістері (Киізбаева, Бишенәлиева т. б.) және қосылып, Ғабеңді аттай мың сомға шығындандырғанбыз. Кімнің кім екенін бірге жол шығып ел аралағанда біліңкірейсің. Өзінен өзгенің абыройын ойлауға мәдениеті кісілігі де жетпейтін жетесіздің талайын көрдік қой. Ал, Ғабеңмен екеуден екеу жол шекпесек те қанаттас жатқан республикаларға топ құрап барғанымызда елде неше сапарлас болдық. Ол отырғанда сенің арқаң кең: Өлке іздеп, астанамыздағы жаңалықтар хақында, тіпті қасыңдағы сен жайлы да оның келістіре әңгімелеп береріне сен сенесің де, ол өз биіктігімен сені соған сендіреді де. Дастарқан басындағы сауық кештерінде Ғабең қасындағы жол серігін ыңғай қанаттандырып, көрнеу өсіріп отырар еді Сайып келгенде, ағайынмен қауышудың сондай кештері мәдениет, әдебиет төңірегіндегі талай тарихты айқара ашып та тастайтын. Ғабеңнің өзінен үйренген осы тәсілдің мән-мағынасын одан да ірілендіріп бір пайдаланайық деген ұсынысты мен осы кісінің сексен жылдығы қарсаңында айтқан едім. Менің ондағы жоспарым бойынша, жеке меншік машиналары барлардан автокеруен жасақтап, Алматыдан Ғабеңнің Қызылжарына дейін ғылыми-көркем шеру күндерін өткізуге тиісті едік. Бұл ұсынысты жолдастар да, Ғабеңнің өзіде құлшына құптаған. Той иесінің әйелі ауырып қалып, ойлағанымызды орайына келтіре алмадық. Аракідік Ағаның сәл артық артқан салмағын ауырсынған інілері болды десек те, «Тай тулап үйірінен шыққанды» көрмедік. Әз арамызда жан баласы оның бетіне жел болып тиген емес. «Mүcіpeповті мақтаудың керегі жоқ, Мүсіреповпен мақтану керек» деп академик Қабдолов айтқандай, б!із оның есімін, Еңбек Ері деген атағын да туған әдебиетімізге бел тұттық. Ал, осы кісіні қатыгез бейуақ қанша дүркін ренжіткенін еске алудың өзі ауырдан да ауыр. Арғы отызыншы жылдар оқиғасын қопара қозғап жатпағанда да, соңғы бір сорақылық сыртқа жадымыздан жарып шыға береді. Сәбит ағай апта бойы сарылып отырып даярлаған сол уақыттың тәп-тәуір баяндамасы әуелі шартты түрде Үлкен Үй дейтін де оқылып, сол үйден қайта шыққанда жылы сөз атаулыдан жұрнақта қалмаған. Тойға бәріміз бірлесіп даярлаған тартуымызды үйіне алдында кіргізіп қойған біздер, бетіміз күйіп, есігінен де қарай алмағанбыз. Елу жылдығына орай жарық көрген жаңа кітабының қаламақысын Ғабең түгелдей облигацияға өткізіп жіберген. Енді құдай сондай бейуақтың бетін аулақ қылсын! Ғабит Mүcіреповтің тоқсанға толған мәртебелі мерейін бүгінгі тәуелсіз қазақ елінің жарқын болашағына бағыштайық! Иә, мен оның тоқсан жылдығына арнаулы «Қазақ әдебиеті» газетінде өз естелігімді осылайша екшеп өзімше тұжырымдаған едім. Аяулы ағаның сенен артықшылығы сағынған сайын сараланып, уақыт озған сайын тыңнан тынымсыз опық жегізетінін, тірідегі қайран аға қадіріне жетім көңіл жеткіштігін Мұхтар Әуезов денесін жерге берерде Ғабеңнің өзі айтқан еді. Неткен көреген абыз еді жарықтық!.. Ғабеңсіз өткен бір жыл ішінде желтоқсан оқиғасы бел омыртқадан оқыс тиген соққыдай ұл-қыздарымызды ұрып жыққан сағатта алдымен Ғабеңнің қысталаңда аспай-саспай аз айтып, мәз ризалайтын бір ауыз лебізін жоқтағаным есімнен кетпейді. Содан басталған сағынышым сарқылар емес: Дағдарыс қазақтың тіліне тірелсе де оны жоқтайсың. Жаңбырдан кейінгі жеуге жарамсыз саңырау құлақтай қаптап кеткен «жаңа сөзсымақтарды» көрген сайын көксейтінің — Ғабең: Ол барда ондай оспадар «ойшылдарға» жол жабық болушы еді. Өзі айтқан алыптардың ақырғысы болғандықтан ба, әйтеуір мен тыңдаушы азайып ақыл айтушы, үйретуші көбейген сайын да алдымен Ғабеңді жоқтаймын. Ол көкірек көтерген адамды Іләм дегенінен-ақ байқап қалып, «тым ақылды екен, сонысынан қорқамын» деп алып, артынша соны баттитып айтқанын баспа жүзінен көретінбіз. Біреуді біреу ұлы десе, іле-шала улардай шулау әдетке айналған бүгіндері ортамызда ол отырса «Толыспаған Толстой» деген Мұхтар сөзін қалай ұмытасыздар» деп те бәлкім айтар еді. Өзінің кекшіл, күншілдерге «кең жерге сиып тұрып та сиыспайсыңдар» дейтінін еске түсіретін «есеп» бұл күндері кешегіден кем түспей жатқанда да оның тура жаратылған тұлғасы келіп тұнжырап тұра қалады менің көз алдыма. 1954 жылғы жазушылар съезі қарсаңында «Казахстанская Правда» газетінде жариялаған мақаламда Ғабеңді «осы кісі — ең алдымен ақын адам» деген едім. Маған олай дегізген оның ақ өлеңдері ғана емес. Өз тарапыңнан бір сөз қоспай, қай шығармасын өлеңге айналдырсаң да орасан ойшыл ақиық ақын алдыңа жан салмай аңырап шыға келер еді. Және де жаны ашыған халқын шегіне жеткізе шеней білетіндігін ескерсең, сол өзіне дейінгілерден Абайды ғана еске түсіреді. Суреткерлігі де сондай: Ұлпанның суға шомылғанын оқып отырып мен: «Ойпырмай, мынау «Қар аппақ, түлкі қызыл, бүркіт қара, ұқсайды қаса сұлу шомылғанға» болды да шықты ғой!» деп, айқайлап жібергенімді ұмытпаймын. Баяғы «Бесеудің хатындағы» қайсарлығы өмірінің қай тұсында да әлсіремегені жаңағы бір сөз арасында айтылып та қалды ғой. Тәңірдің әлгідей тәлкегіне ұрындырған өзінің «50 жылдық мерейтойы тұсында қаламақысының орнына облигация алғанда оның тұрмыс жағдайы мәз емес еді. Оның тап сол күнгі одан бетер, ашықтан ашық қарсылығын енді айтайын: Оған автомашина сыйлау үшін өзара жинастырған ақшаның ішінде Мұқан Иманжанов екеуміздің мың сомымыз да болатын. Салтанатты жиын соңынан әйдік тойға әйелдерімізбен барамыз деп әсемденіп-ақ «келгенбіз. Әлгі сұмдықтан кейін Ғабең табалдырығынан аттауға жүрегіміз дауаламай үйлерімізге қайттық та, ертеңіне бізден гөрі аралас-құраласы молырақ, Қайнекей Жармағамбетовтен түнде қандай ахуалдар болғанын сұрадық.

— Шақырылған қонақтардың 80 проценті келмеді. Бізді — азын-аулақ адамды кішкене бөлмеге өзі бастап апарар алдында залдың кіре берісіне тұрғызып қойды да:

— Әуелі сендер Мүсірепов дейтін аңшы адамның мергендігіне көз жеткізіңдер—деді. Сөйтті де, қолына салмақтап ұстаған бойы аузы ашылмаған бір шампанды ұзын столды бойлата сілтегенде жасақтай самсап тұрған шөлмек атаулыны жамсатты да салды. Екінші, үшінші қатарды да солайша түгел жайратып:

— Енді жүріңдер, басқа бөлмеге барып азықтанайық, — деді.

Кейінгі жылдардың бірінде осынын pac-өтірігін Ғабеңнің өзінен сұрағанымда ол маған:

— Оны істеген менің қолым деп ұғынбақ әділ емес, жарты ғасырлық өмірімді солайша күйретпек болған қорлықтың қолы еді ғой ол,—деп, таратып көтерген саусақтарын сол күйінде бір-ақ сілтеді. Еңіреген ер өз қолын солайша бір-ақ сілтемегенде менің көзімнен жас көрініп қалуы да мүмкін еді.

Өз басым шерменде күйде аз өмірін араққа түгестірген таланттарға да кешіріммен қараймын. Дегенмен Ғабең бола білгенге не жетсін!.. Жұрт қорқып жүрген жылдарда мен сөйттім деп бөсетін бүгінгі мақтаншақтарға да оның осы позициясы бәлкім ой салар... Көзінің тірісінде жазылған осы мақала аттас әлгі өлеңімнің аяғында «Зерек ойлы, зергер тілді ұстазым, Ұлы мезгіл ұрпағына сен керек!» деген едім. Сол сөзім әлі де өзгермек емес.

1992 жыл.

ТОЗБАЙТЫН TОЛҒАУ

Көркем тірліктің көзі ашық, көкірегі сергек михнаткеші өзінің тоқсан жасын үздіксіз іспен тоғайтқанды қазақ интеллигенциясы өз шоғырынан көріп-білген емес. Ауық-ауық қатты сілкінетін таулар тарихындағы айтып келмейтін апат арты да өзінен кейінгі тылсым тіршілік жүйесіне көбіне берекелі биік пен еңіс, шұрайлы жазықтар жасап қалдырады. Әлгі мөлшердегі ата жасынын жартысын да бұйыртпай, тағдыр тәлкегіне душар еткен ақын-жазушыларымыздың ізін ала келгендерге алла тағаланың бұл да бір сондай рахымы мол, өнікті өтеуі шығар: «Тоқсанға һәм соған жетеқабыл аталар тізбегін көріп отырып, мен өмір заңының осындай жағын да ойлаймын. Өйткені, қарымды қаламгер толтырған тоқсаныңыз алдымен аузы дуалы, қаламы қағылез абыз арнасын кеңейтеді. Халықтың рухи қазынасы да көбінше солардан өнеді. Турасына көшсек, бұл біздің үзіліп қала жаздаған үдеміз. Еңкейе, үнсіз отырып ойларға берілгенде елдің ертеңімен қапысыз қауышатын көреген қария көз жұмғалы не заман! Бәлкім сол сәуегейдің атқан таңмен бірге хатқа түсіп, сәт сайын оқылып отыратын лебізі осы аталардың жан дүниесінен сыртқа сыр аңғарта бастаса-ше?.. Тіпті «бәлкім» емес-ау, көргенше әділ куәлік ете алатындар оны қазірдің өзінде байқап та үлгерсе керек («Мен кешеден келдім бүгінге» — Ә. Тәжібаев, «Ғасыр мен ғасыр беттесіп» — Ә. Сәрсенбаев т. б.) Бұл жолғы әңгімеміз өзінше бір тоға қызық адам хақында. Ащы-тұщы өмір сабағын әркім өз мүмкіндігіне қарай пайдаға асырады дегенде біз бастапқы, атаның қаны, ананың сүті дарытқан, мүмкіндікті айтатын-ақ шығармыз. Бүгін тоқсан жасына тоқырамай жеткен, еңбегін ел меншігіне көшіру үстінде көнеріп те көңілін көншіткен Әбу аға (Әбуғали) Сәрсенбаев сол бастапқы болмысында баршаға баладан бетер иланбақ үшін жаратылғандай. Оның ойынша, адам атаулы оған адалын ғана айтады. Қуанышына келсек, онысы — құдды құл мінездес: Лебізіңнен рахым райы белгі берсе — сөз бітті — ол сені құшырлана құшақтап, бетіңнен сүйеді. Ал шындық шіркін ойлаған жерінен шықпай қалғанда басқаша бапқа көшсе. ол оның өмір сабағынан жинақтаған, әділ емес әрекетке қарсылығы деп түсінбек керек. Сондай жағдайда ол өз бойында жоқ деп жүрген қаталдыққа да қайран қалып, әсіресе әбігерге ұрынады. Осыны байқамасам мен Әбекеңнің баяғы алпыс жылдығында:

Әбу ақ қой шағала, желкеннен де,
Қуанғанда сүйеді ол желкеннен де.
Ақша бұлтқа қарайды ол аспандағы,
Жердегі бір пасықтан жиіркенгенде, —

деп жаза алмас та едім. Әлгіше тумыстан, тұрмыстан жинақтағанның қосындысын қорытсақ, осы арада сен тиіспегенде — мойны бос момақан, намысына жұғыссаң өз қайратына өзі нанбайтын нағыз қазақ жатыр. Осы бір нағыз қазақ — ақын болып, жазушы болып, жас ұрпаққа оқулық та жазып бере алатын педагог-жазушы болып жаратылса, оны халық мүддесімен қабысқан жерінен жік табамыз деп бос әуреге бой алдырудың қажеті қанша?! Әбекеңнің шығармашылық өміріндегі бары мен зары түгелдей халық қолына көшіп бoлғaны туралы жоғарыда айттық. Мен түрлі жанрда жазылған сол қазынаның негізінде бірі мен бірі сабақтас үш сала жатқанын ғана еске түсіремін (жарға, ерге, елге құлаған махаббатының бәрі соның ішінде).

Бұл кісі — балықшы баласы, өзі де балықшы болған.

Құндағынан бас шығарып бастапқы көргені—теңіз. Шығармалығында терең түбін түптемей тынбаған тақырыбы да — теңіз. Ұлы өзеннің теңізге еңсеріле құлаған жерінен «Еділ толқыны», «Ақ маралдың жүрегі» атты дастандар туып, Әбекеңнің ақындығын оқытса, «Толқында туғандар» мен «Теңіз әуендері» оның роман ауқымынан шыға алатын шежіре жазушылығын, ал «Теңіз махаббаты»—драматург екендігін елге танытты. Менің шамалауымша Әбекең поэзиясының лирикалық жан жүйесінен өте жиі ұшырасатын теңіз тебіреністері ақынның ой тереңдігіне өлшем болғандай. Ақ бас толқыннан көтерілген «Ақша бұлт» арулар басындағы шаршыдай шаққан шалқыса, қалың қара бұлттар қорғасындай ауыр ақуалдарға қызмет қылады. Белгілі бес томдығының қай тұсында да теңіздей телегей толғаныстардан қаламгер қайрат жинайтұғын. Балық батағасындағы озбырлыққа қарсы күресте жетілген, балықшы тұрмысы оңғарылып, басқаша бақыт ұстағанда соған да басшылық ете білген кемеңгер кейіпкерлер Әбекең шығармаларында көркем бір көрме залын толтырғандай болған. Сөйткен теңіз жыршысын бүгінгі құрдымға бет алған Арал, тартылған талай дариялар, уланған толқындар, ол аз дегендей, төңірегін түгел жалмап жұтқалы бас көтерген Атырау теңізінің аждаһа мінезі шерменде күйге душар еткенін оның соңғы парақтардағы пақырына күрсінісінен және көріп отырмыз. Әбекеңнің бір сәт тізгінін босатпай берік ұстайтын, қайта айналып соққан сайын жаңа ойларға ойысып отыратын тақырыбының бірі — өзі қатысқан Ұлы соғыс оқиғалары, сондағы жеңіске жетелеген ерлік пен бірлік көріністері. Осыдан біраз жыл бұрын «Қасиетті махаббат» атты өлең-роман жанрына келіңкірейтін еңбегінде мүлде бір жаңа, тартымды тәсілмен сол соғыс туралы жылнама, шешен шежіре жариялаған еді. Одан кейінгі публицистикалық толғаныстарында ұлтаралық қатынастар төңірегіндегі адамның жарым жасын кемітетін опасыз қылықтарды — есіктен кіріп, төр менікі дейтіндер сықылдыны кінәраттай отырып та, соғыстағыдай жандар жарастығын аңсайды. «Жар рухымен сырласу» делінетін дастаны арқылы өзінің ең бір ежелгі арнасы — махаббаттың құдіретті күшін тағы да алға тартады. Поэмадағы асыл жардың өмірдегі өзін көрсем-ау дейтіндер де болуы мүмкін, әрине. Бұл арада жырдың сиқырлы сыры, тартымды табиғаты да жаңағыдай жақсы адам бітіміне бірегей тәнті қылмақ өз алдына, бұның бұлайша егіле-төгіле жаратылуының басқа да бір жағы барын жұрттың бәрі біле де бермейді. Оны мына бізден сұраңыз. Біз сізді талайғы таныс аяулы апаңызбен табыстырсақ, оның рухымен өзіңіз де жеке шүйіркелесіп, бәлкім оған Сіз де іштей бүгінгі тіршіліктің бағзы бір тігісі сөтіліп тұрған жерлерін айтып, шама келгенінше шағынып бағарсыз. Бұл кісіні өмір бойы шығыс қызының шырағданын жоғары көтеріскен атақты журналист Ләзиза Серғазина апаңыз деп біліңіз. Егер ол кісі Әбекеңнің сүйікті зайыбы болмағанда сонау «Ақмаралдың жүрегінен» бергі жердегі ағыл-тегіл махаббат хикаясы тап сол өз дәрежесінде жыр достарының жан жүйесіне отты қуатымен орныға алар ма еді?.. Осынын өзі — өз алдына дербес тұрған бір жауапсыз сұрақ... Ләзкен қиын, қызық делінетін тауқымет те, тамаша да кезеңнің бәрін бастан кешірген баяғы Қызыл Отау қызы еді ғой. Ақын оның қадір-қасиетін қазбалай жоқтаса, оның да, басты себебі бір ғана жалғызсырауда жатқан жоқ (құдай ісіне құм шашпақ та жоқ). Әйелдің жақсы қылығымен жан тоғайтып дағдыланған ақын осы шығармасының өзінде-ақ шолақ қабілеттен қатты шошынады. Оны оқып отырғанда сіз өзіңіз-ақ бүгінгі баянсыз некелердің бет пердесін паршаласам дейсіз. Әбекеңді кеудесін қарыс айыра күрсіндіретін махаббат азасы — туған жерді — қазақ жұртының қасиетті мекенін шексіз сүюмен сабақтас жатыр. Оны өз алдына таратып айтпай-ақ, ақынның тағы бір экологиялық элегиясынан көреміз. Айтып отырған шығармам — жанағы сөз басында жақша ішінде алынған «Ғасыр мен ғасыр беттесін». Бұнда табиғатқа ғана емес, адамның өзіне, оның бүкіл болашағына төтесінен төнген апат сөз болады. О баста бұл шығарма «Кезектегі ғасыр перзентінің жан дауысы» деген атпен жарық көрген-ді. Атының өзінен-ақ байқап отырған шығарсыз, абыз қартыңыз әлі дүние есігін ашпаған, ұлты қазақ перзенттің жан түршіктіре шырқыраған құлындағы даусына құлақ түргізеді: «Баяғы замандардан соры арылмаған осы халыққа мынау мыстан ғасыр опа берген бе, сірә?.. Дүниеге келе қалғанда мен қандай күй кешермін?.. Басар жер, ішіп-жерлік несібем, жұтар ауам у болмаса нетсін?! Ол тұрғай әуелі, тағдыр маған адамға тиесілі жеті мүшені түгел бұйыртар ма?!. Тіпті осы халықтың өзі бүтін күйде өмір сүрдім дей ала ма екен?.. Осынау қатыгез ғасыр тең жартысын қырып салғанда, қалғанын қалай бүтін деп санауға болар?.. Усойқы кезең жұртын соңынан ерткен ерлерді екі талмап бір жұтқанда басқаларының иығында қалған басы қайсы? Құр бекер кеудемен кимелеген бассыз нәсілде баба болған ба?!. Бабасыз ескен баланың ұлт, жұрт болғанын кім көрген?».. Ақын дүниеде жоқ сәби пірін осыншалық үреймен жыр қанатына қондырып алып, зар биікке зауласа. сіз де одан үзіліп қала алмайсыз... Ендеше сіз осы арада, сөз басында «Әлде қашан көз жұмғаны» айтылған көсем сәуегеймен кездесіп те қалғандайсыз. Шеңбері шексіз кең жатқан кемел махаббат деп осыны айтсақ керек!.. Қилы-қилы кезеңдерде ат құрғатпай жол жүруге дағдыланған, елдің әлеуметтік өміріне етене араласып әбден ысылған қалам һәм қоғам қайраткері осынау сын сағаттарды ашық айтыстарға белсене араласуын тоқтатқан жоқ. Әсіресе әлсіреп қалған қазақ тілінің, мешеулеген мектептердің тағдыры оны ерекше алаңдатты. Әбекеңнің бір кездерде баспа жұмысын басқарысып, оқулықтар жасасқанын әлгі бір сөз арасында да аңғарттық. Елдің осы бағыттағы жоғын жоқтап алыс-алыс сапарларға шығып кетіп жүрді. Көрмей қалған көз, жүрмей қалған аяқ, босап қалған буындар қай сағатта да мазасыз шал жарлығына шарасыздан көнді. Осыдан аздаған жылдар бұрын ол Астрахань облысындағы қазақ елін аралап қайтқан бетінде үкімет басшыларына тура мағынасында жылап барған, эфир мен телеэкранды үсті-үстіне пайдаланғаны да бар. Еңбегі зая кетпеді. 1ске жауапты азаматгар сол өңірге барып қайтқаннан кейін қазақ тілінде мектептер ашылып, радио торабы іске қосылды, аймақтық қазақ газеті өмірге келді. Сол кезде жазылған бір мақаламда осы бір өнегелі іс өркенін ұзартып, республика жерінен сыртқары жатқан өзге тараптардағы қазақтар тұрмысына оңды әсерін тигізсе тамаша болар еді деген едім одан кейінгі жағдай маған мәлім емес. Аяулы ақын-жазушыларымыздың тірлігінде төңірегіне шам жарығындай шашыраған шарапатын күнделікті өмірімізге ауызекі айтысып, естелік түрінде жазып та жүрміз ғой. Арамызда ардақ тұтып отырған Аға кісі туралы да осындай бірер ауыз жылы лебіз білгізсек, одан шындық шырайланбаса жұтамасын білудей-ақ білеміз-ay... кісінің үстінен кінәрат сөз жүгіртпесе іші ауыратын біреулер де бoлaды-ay... Сол біреулердің біреуі бір орайда ұялмай-қызармай осы адамды да жершіл-жікшілдер қатарына қосты. Егер соның қиқымдай шындығы болса, туған топырағымыздың жуықтастығы үшін-ақ мен бұл кісіден бойымды аулақ ұстар едім. Жаңағыдай «Әбу ақ «қой шағала, желкеннен де» деген сөзімнің жалпыға жария түрде қайтып алар едім. Қаратау маңайының Зияш Қалауовасы, Талдықорғаннан Қанипа Бұғыбаевасы — екеуі де осы үйдің бой жеткен қызы болатын. Екеуін де әз әке Әбу, аяулы ана Ләзиза өз қолдарынан ұзатқан. Екеуі де осы ұядан ақын боп ұшты. Жезқазғанның Баубек Бұлқышеві, тағы да Талдықорғанның Құдаш Мұқашеві, Ақтөбенің Қуандық Шаңғытбаевы, Жымпитының Абдолла Жұмағалиеві — бәрі де Әбекеңнің әр жерден теріп дегендей, өз үйіне жетелеп әкелген жеткіншектері болған. Аталғандардың ішіндегі майданда қаза тапқан екі марқұм өле-өлгенше осы үймен хат жазысып, майдан газетіндегі Әбекеңмен де байланыстарын үзбеген. Осыдан артық оған қандай мінездеме қажет?.. Құбылмалы құлқы мол тентек теңіз үстінде он екі он үш жасынан дүлей дауылдар азабын күн демей, түн демей үлкендермен бірге бөліскен кісі елгезек те бейнетқор дағдысынан бір сәт жаңылмаған ғой. Кәрілік төсегі қимыл-әрекетін қысқартып тастаған бүгіндері де жалғыз қызы Райханға түннің бір уағында ойына оралғанды сол мезетте қағазға түсіртетін көрінеді. Осы қылығы мынадай бір эпизодты менің есіме еріксіз түсіреді: Бұл адам жалпы жағдай тығырыққа тірелгенде тура мағынасында өзін өзі ұмытқандай. Баяғы оқулық шығаратын баспа директоры кезінде жанын сірідей қысқан қауырт жұмыс бұның өзін де, қарауындағы өзгелердің екеу-үшеуін де түнгі жұмысқа жеккен. Сондай күндердің бірінде, түнгі сағат екілер шамасында Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы Шаяхметов (ол кісі де түнгі жұмысты күндізгіден кем пайдаланбаған) телефон соғып:

— Бұл кім? — десе керек. Қолжазба әуресімен әбден қалжырап отырған Әбекең әкесінің атын да қапелімде есіне түсіре алмай, сондағы бар тапқан амалы:

— Әй, айтып жіберіңдерші, осы менің фамилиям қалай еді?

Алыс-алыс гүлдерден шырын тамшыларын тасыған бал арасындай қазақ тәржімешілерінің бірі де — осы Әбекең. Бұл кісі қазақ тіліне аударғандардан А.Пушкин мен М.Лермонтовты, Ш.Петефи шығармаларын атасақ та жетер. Орыс, түрік, эстон тілдеріне өз шығармалары да аударылды. Әңгіменің ақырында оны да айта кетелік. Аударма тұрғай, түпнұсқасының әлі оқылмаған талай дүниесі «қарт қойнында қалаш» күйінде қалып тұр. Ел пайдасына сарқа жұмсалған маңдай-тер, табан-ет дегендеріңіз есте елеусіз қалған ба, — салтанатты сағаттарының бірінде оның омырауына көз жүгіртсеңіз көп медальдар үстінен жеті орденін көрер едіңіз. Соның біреуі — тәуелсіз Қазақстан Президент өз қолынан тапсырған «Парасат» ордені. Зейнетке қоса бейнетінің өзін парызындай құптаған тоқсан жастағы абыз адамға:

— Қартайдым деп қажыма, еңбегің — ел аузында тозбайтын толғау! — дегеннен асып не айта аламыз, — иншалла, расы да сол.

1995 жыл.

ЖАЛТАРЫССЫЗ ЖАЙСАҢ ЕДІ

Қасым Аманжолов туралы «Кіші Ата» аталған естелігімді кейінірек жазғандықтан да екшеп-елеп айтарымды сонда қапысыз қамтыған секілдімін. Ол еңбегім маусымдық басылымдарда жариялана келіп, ақыры «Өмір өрнегі» атты кітабыма орныққан. Бұл жолғы ара-арасында жырлап та жіберетін аз ғана сөзімде Қасым менің жеке басым үшін кім еді, қазір мен оны қай дәрежеде түсінемін дегенді қысқа да болса әдейі қысылмай аңғартамын. Өйтпесем, «мына кісі мақтанып отыр» дейтіндей жалаң қабат ойлаушыдан қаймықсам, шындық шырайын солғындатып аламын. Әрі-беріден соң, өзіме деген Қасым ықыласымен мақтанудан да қашпан.

— Өзім секілді жетімнен жетілгелі тұрсың ба қалай?.. Ақыры бастаған екенсің — тартынба!..

Бұл Қасым Аманжоловтың отыз бесінші жылы Орал қаласында, Оразғалиев Шәкір үйінде қойын дәптерімнен өлең оқығанымда айтқан бір лебізі еді.

— Сен бала осы өлеңнің ендігі тағдырын маған тапсыр да, жөніңе жүре бер!

Бұл Қасым Аманжоловтың отыз алтыншы жылы Орал облыстық «Екпінді Құрылыс» газетінде өзінің редакциялауымен алғаш рет жарияланғалы отырған өлеңім қолына тигенде айтқан ағалық жарлығы еді.

— Өзіне мәлім, мен мәймеңкені білмейтін кісімін... Қара да тұр, сенің осы дүниең төңірегінде саған жағымды көп сөз айтылады. Ал, тап мына жеріне келгенде мен сен болсам бүйтер ем...

Бұл Қасым Аманжоловтың қырық жетінші жылы Алматыда «Әке сыры» атты поэмамды қолжазба күйінде бірінші болып оқығаннан кейін өз үйінде отырып топшылаған болжамы болатұғын. Ал елу екінші жылы «Біздің ауылдың қызы» атты дастаныма арнайы жазған мақаласының ақырында ол:

Құнаныңда кекілге шоқ таққансың,
Дөненіңде топтан озып шапқансың.
Бесті бол да бас бәйгені ала бер,
Дұшпан күйіп, достарың бір мақтансын! —

деп өзінің табиғатына тән кең жайсаңдығымен ағалық ақ тілеуін ақтара салған. Осынша нақты, мағлұматтардан кейін оның маған өле өлгенше ұстаздық қылғанын дәлелдеп жатудың қажеті қанша?!. Сөйте жүріп ол мені өзіне тетелес жолдасы да санаған.

Ақынның әлгі өлеңіне орай, оның аруағына қарата енді айтарым:
Бас бәйгені ал деп едің маған сен.
Одан бері ақты қанша ағар сел...
Шүкір, әзір желге жемтік еместей

Өзің өлшеп, жомарт кескен бағаң сол.
Оқпан-оқпан белден асқан талайғы,
Мені де жұрт бапты бозға балайды.
Шүкір, әзір еңселіктен тер кеппей

Жана берсем, жаным соны қалайды.

Қасымның маған танытқан көп ықыласының азғантай өтеуі бәлкім сол болған да шығар, бірақ, ол үшін емес, күні бүгінге дейін айтылмаған ащы бір ақиқат басын аша кетудің орны осы деп, білгізбегім бар. Жадыңа жайсыз орныққан естеліктің ескерткіш қуаты болады. Айтайын дегенім — Қасым дүниеден өткен тұстың және соған дейінгі тіршілік тәртібінің қатыгез, тар пейіл мінезін танытатын жәйіт. Соның ызғарынан бұл күндері аққұла арылып кеткен болсақ, бәлкім, бұны ұмытқан да болар едім. Ақын көз жұмған күнгі қоналқада кірпік қақпай күзетінде болған Есмағамбет, Қапан Сатыбалдин үшеуміз қазалы хабарды түні бойы телефон арқылы таратып, сәскелікте одақта президиум мүшелерінің бас қосуына себепші болдық. Мәжілісте жерлеу комиссиясының жұмысын ұйымдастыру президиум мүшесі ретінде маған жүктелді. Зират басындағы қаралы жиынның ең ауыр сөзін де еңіреп тұрып өзім айтып шыққан едім ғой. Сонда қаптап тұрған қалың ел де аспан астын күңірентіп жіберген. Бұған дейін өз қолынан тап мұндай мезгілсіз ауыр өлім атқарып көрмеген әдебиетшілердің аза тұтуында шек жоқ еді де, дәрмен кемшін болатын. Ол өзінше ғой, ал, әлгі кабинеттегі мәжілісте, сол кездегі бірінші бастығымыз Ғабиден Мустафин: «Ал, бұған қандай қам қылар жағдайымыз бар?» — деп, ең алдымен Әуезовке, Мұқановқа, Mүcіpeпов, Жароковтарға қарата сауал салмағын салды, әдеби қордың берекелі берері жоғын да бірден айтты. Сонда кемінде үш, әйтпесе бес минут бойы іләм деп жақ ашқан жан батасы болмады. Тегінде, біздің өлген-жіткенімізге назары құлағандай жоғарғы жақ бар дейтін ұғым ешкімнің миында қалмаса керек. Әлгі үнсіздіктен кейін Әуезов сәл қозғалақтап ақырын жөткірінді де:

— Әркімнің хадари халіне қарай жәрдем жинастырса қайтер еді?.. — деді. Ендігі жұрт ұйғарымы солай қарай ойысатын түрін байқадым да, есікке тақау жақтағы орнымнан оқыс көтеріліп: «Сонда бұл кісінің өмір бойы жырын жырлаған, жауынан да қорғасқан халқы мен үкіметі, партиясы қайда қалады?.. — дедім. Мұқан о баста ортадан осындай бір тілге тиек күтті ме, кім білсін, әйтеуір оның іле-шала айтқаны:

— Е, жөн, жөн, мына Хамит жөн айтады. Ғабиден, сен жоғарыңа жол тауып көрші!

Егер тамаша азамат, Совмин төрағасы Тайбеков ешкіммен ақылдасып-мақұлдасып жатпай-ақ, ескі ақшамен 25 мыңға қолды қойып жібермегенде «тым жомарт екенсіз» деген мыстан мысқыл ол кісіні үлкенірек үй жағынан қағытпаған да болар еді. Сол жылы балаларымен көрші болған кез1імде осыны мен Елекең марқұмның өз аузынан естігем. Тірлігінде жылы сөз есітіп те жарымаған аса үлкен ақынның өлімі тұсында біздің осылай қалтырап-дірілдегенімізді де бүгінгілер білуге тиіс. Өйткені, тіріні тануға келгенде әлі де сол межеден ұзап кеткеніміз шамалы. Оны мен биылғы бір мақаламда проблема сипатында көтергем, жаңғырығы көне демесеңіз... Жә, әлгіде бұл күндері Қасымды қай дәрежеде түсінетінімді айтамын дедім ғой. Енді соны жақын арада жазылған мына бір кішкене өлеңімнен аңғарып көріңіздер:

Қайран менің мәңгі жас Қасым Ағам!
Думаныңның бұйырды асы маған.
Тетелестің құпта сен құлшылығын
Жетпіс бесте қуаты жасымаған.

Бұл тойда мен қалайша қалыс тұрам,
Жүрегімді жүйрікпен жарыстырам!
Бәрін көргіш бүгін сен секілдісің
Қалықтаған аспанда алыс қыран.

Көзбен шолып күллісін жердегінің,
Шаңқылдайды құлаққа желдегі үнің.
Дауысыңа дұға оқып ел ағасы,
Бас жығады сәждаға жөндеп інің.

Бос даурығу көңілді көншітпейді,
Палуанға да ортаға ел шық дейді,
Ұлан-асыр жиында осы жүрген
Әр кім сені өзінше меншіутейді.

Сен көрмеген мен айтсам шөбереңді,
Пір тұтуға даңқыңды шебер енді.
Ең ақырғы дұшпанға қарғысың да
Қара тасқа біржола шегеленді.

Еш қаһардан енді сен тосылмайсың,
Баяғыша демейсің «Досым қайсың?..»
Тірлігіңде шоқ шайнап, от түкірген
Ақын Қасым, бұл күнде осындайсың!

1991 жыл

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙