Сапарнамалар
Әбіш Кекілбаев
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Ялта мен Анкара, ежелгі Шам қаласы, Мекке менен Мәдина туралы жазбалар – тарихи және танымдық дерекке бай, мағлұматы мол дүниелер. Автордың өзіндік ой түюі, суреттеуі мен сипаттауы ерекше. Ақжан Машанов секілді әйгілі ғалыммен сапарлас болудың қызығы өз алдына бір бөлек. Жапон сапары бірнеше тара...
ҰЯ МЕН ЖЕБЕ
Қия жолдар мен қиян жылдар сыр шертсе
Төбедегі тұнық көк әлі аспан деп аталмаған кезінде,
Төмендегі құрған жер әлі ешқандай ат аталмаған кезінде...
Ежелгі акад дастаны «Энума Элиштен». Осы жерде тас пен миуа арасында өмір сүресіңдер... Угарит текстерінен. «Елің-жұртың өркендесін, гүлдесін, Басына ешбір қауіп-қатер келмесін!»
Ежелгі хеттердің Темепин жәйлі мифінен.
Алыс сапар қашан аттанып кеткенше кісіні асықтырып та, қобалжытып та бітіреді. Асығатының сол – сапарыңнан өңшең бір көз көрмегенді көріп, құлақ естімегенді естіп қайтатындай сезінесің. Бір кездегі бабаларыңыздың, расында да, аттанғанының бәрі жаңа жер, айтқанының бәрі жаңа сөз болған ғой. Қобалжитының — осының өзі бекершілік емес пе екен... Бұл ғаламда бізден бұрынғылардың көзіне ілікпеген, аузына түспеген не қала қойдың дейсің? Әсіресе, өз төсінде не болып, не қойғанын мыңдаған жылдар бойына хатқа түсіріп, жатқа соғып келе жатқан біз баратын өлкеде тап ондай тосын, таңсық ештеңе табылып жарытпас... Алайда жастайыңнан оқып, естіп құлағында қалған өлкеге аяқ басу да, кішкентайыңнан топырағында аунап-қунап көңіліңде қалған өлкеге қайта оралғандай кісі тебірентерлік оқиға шығар...
Біз самолет салонына осындай екіұдай күйде бас сұқтық.
Таң атқалы Москва күзінің селдір бір кісіні көлегейлеп көлкештеніп тұрған көкжиек әп-сәтте шайдай ашылып жарқырап қоя берді. Лайнер қос қанаты қайқаңдап, бірер аунақшып түскен соң-ақ, мамық түбіттей түтіліп жатқан сұрқай бұлттар төмен сырғып, шымқай аспан төріне самғап шыға келдік. Мұндайда не көзін жұмып ап ұйқы соғатын, не газет-журнал ақтарып тұқшыңдап кететін жолаушылар бүгін бәрі иллюминаторға үңіле қойыпты. Жер бетіндегі сәл нышанды қағыс жібермей, жарыса тіл қатысып қояды.
— Ау, мынау Ростов қой!
— Азов теңізін қара!
— Ялтаның үстінде келеміз. Анау алабажақ пляж емес пе?!
Төменде — зәулім биіктен де зәреңді алып суық көрінетін сұсты тұңғиық. Күзге қарай ақ селеуленіп жататын теңіз беті бүгін жаңа сүрткен әйнектей жып-жылмағай. Біраз уақытқа дейін солай самолеттің бауырына жабысып, шетсіз-шексіз көлбеп жатып алған көк айдын көп ұзамай таусылды. Томар бояуға боялған майлақы тері шалбардың тақым тұсындай ширатыла қатпарланып қалған қарақошқыл жоталар жолықты. Тілім-тілім боп жарыса созылған аңғар сайлардың табанында ирелең-ирелең жіңішке жолдар ақсияды. Оқта-текте шиқанға жаққан көк дәрідей оқыс бажбиып ойдым-ойдым көгалдар ұшырасады. Шынында да, мына бір араның кейпі күнде көп жүріп әбден қақталып қалған кісінің бетіндей жалақ-жалақ... Кенет бұлт етіп бір аунап түскен самолеттің бауырының астынан қуырған бидайдай тым-тырағай бытырап жатқан қызыл-қоңыр үйлер көрінді.
Ол — Анкара.
Түстікке беттеген сайын жер реңі қуқылдана түсті. Қоңырқай жоталар құмдауыт құба далаларға, құба далалар сиырдың тіліндей салпыншақ-салпыншақ айна тақырларға алмасты. Енді бір кезде олар да таусылып, күн көзіне шағылысып, жарқ-жұрқ еткен шағырмақ сорлар көбейді. әуелі ақ тосаптанып басталған өлі айдын қайтадан шалқыған ұлы теңізге ұласты. Ол — әйгілі Жерорта теңізі. әлемде одан көп жазылған, көп жырланған, көп суреттелген не бар дейсің? Біз де шұқшиып-ақ келеміз. Ежелгі аргоневтардың төсі қайқиған кербез кемелері де, жыпырлай керілген делдиме желкендері де көрінбейді. Қалтарыс мүйістерден шыға кеп, аршындай жүзіп кеп, тарпа бас салып аламан-асыр жасап кететін теңіз қарақшыларының да қарасы көрінбейді. Атақты айдын отқа ұсталған темір табаның ернейінен төгіліп кете жаздап тұрған еріткен майдай боп күңгірт мөлтілдеп жатыр. Не қарауытып, не ағартып, ештеңе көзге шалынбайды. Самолет қанаты қайқаңдап тағы да құрлыққа ілікті. Әуелі мұнартып көрінген жіңішке-жіңішке көгал қойнаулар тағы да сол жер беттенген жермешел тауларға ұласты. Самолет тағы бір қайқаңдағанда о да жоғалып, құбақай дала қайта қылаң берді. Қылаң бергенімен қоймай, терезенің ішіне кіріп кетердей болып бірте-бірте жақындап келеді. Күнде көріп жүрген сар қаспақ қыраттар... Күнде көріп жүрген саздауыт қатқыл жазық. Күнде көріп жүрген қалбалақтаған қалқан құлақ локаторлар... Бізді ең алдымен аптап аймалады. Трапқа аяқ салар-салмаста лап берген жалын леп бет-аузымыздан ештеңе қоймай, енді бауырымызға еніп барады. Анадай жердегі қос қабат әуе вокзалының ұзынша үйінің алдындағы селдірлеу адам шоғыры бізге ентелей қарайды. Біздің де көзіміз жан-жағымызда. Тап алып-жұлып бара жатқан таңсық ештеңе жоқ сияқты. Мынау әуе вокзалындағы абыр-сабыр да, тандырдың аузынан шыққан ыстық лептей аптап жалын да, енді қонған самолетке ентелей қараған қызықтаушылар да — үйреншікті көріністер. Сүйтіп, бағзының саясатшыларының көзі ең алдымен бейтаныс нәрсеге түссе, біздің көзімізге ең алдымен етене нәрселер ілігеді. Сыңайы, ел мен ел арасындағы байланыстың алуан түрі молайып, жұрт үйінің төрт қабырғасының ортасында-ақ шар тарапты түгел шарлап келгендей бәрін көріп, бәрін біліп отыратын біздің тұстарымызға не көрсетсең де, бәрібір таныс, бәрібір белгілі боп тұратын сияқты. Бір кездегі шикі кірпіштен салынған колхоз қоймаларын еске салатындай абажадай кең, күн түспейтін қара көлеңке, әрі тұла бойыңды тітіркендіріп қоя берердей сап-салқын әуе вокзалының ішінде қоңырқай сұр киімді шекара офицерлері мен таможня өкілдерінің тексеруінен өткен бойда, қайтадан сыртқа шықтық. Біздің алғашқы таңғалғанымыз автобус болды. Оның біздің автобустардай емес, артқы жағында самауырдың мұржасындай қайқиып шығып тұрған екі түтігі бар екен. Бірақ, біздің таңғалғанымыз ол да емес. Манадан бері күнде тұрған автобустың іші сап-салқын. Отырғыштарының қасындағы жылтырақ түтік тіреулерге қолың тиіп кетсе болды, мұп-мұздай боп қарып алады. Оның сырына кейін барып түсіндік. Құба жазықта сәл қарауытып көрінетін жіңішке асфальт жолға түсіп ап, шығысқа қарай беттеген автобустың терезесінен көп ұзамай оқшау бір түйе жүн көрпенің түсіндей биязы көп қабатты үйлер көзге шалынды. Хиссаларда, батыс, шығыс жазушыларының бағзы кітаптарында көп айтылатын Шам, Дамашық, Дамаск қаласы осы. Тұлдыр жалаңаш қос қыраттың қойнауына сұғына созылып жатыр. Терістік жақ шеті сарғыш жарқабақ таудың басына дейін өрмелеп кетіпті. Сол бір ығы-жығы үйлер быжынаған қыратқа көзің түскенде көңілің өз-өзінен селт ете қалады. Магарат ад-дам... Қанды кеуек... Дамаск шаһарының терістік батыс бетіндегі Касьюн тауының үстінде... Құз жартастар түбіндегі аран үңгірдің аузында оймақтай қан тамған жер әлі күнге дейін қызарып жатады-мыс. Ол арадан Дамаск мен Барада өзенінің екі бетіндегі алқап алақаныңдағыдай түгел көрінеді. Ежелгі араб саясатшысы Ибн Батута өз кітабында жер бетінде алғаш қастандық жасалған жер туралы осылай деп жазған-ды. Бұл аңызды білмейтін адам кемде-кем. Адам ата Хауа ананы жұбым деп таныған бойда, ол жүкті болады. Дүниеге Қабыл туады. Інжілдегі аты — Каин. Адам ата мен Хауа ана екінші жолы табысқанда тағы да ұл сүйеді. Ол — Абыл. Інжілде — Авель. Қабыл егін салып, дихандық құрады. Абыл мал бағып, бақташы болады. Ағалы-інілі екеуі жер бетінде тек дихандық пен бақташылықтың ғана негізін салып қоймай, адамдар арасындағы өшпенділіктің де негізін салады. Олардың бұл кетісуін Інжіл мен шариғат екеуі екі түрлі түсіндіреді. Інжілдің айтуынша: тәңірі диханның еңбегінен бақташының еңбегін жоғары бағалаған. Соған шамданған Қабыл Абылды оңашаға жекпе-жекке шақырады. Шариғаттың айтуынша: барлық пәле — әйелден. Адам ата мен Хауа ана екі ұлдан соң қыз сүйеді. Ол ағалы-інілі екі жігіттің екеуіне де бірдей ұнайды. Ал қыз екеуін бірдей жақсы көрмейді. Абылға көбірек ыңғай танытады. Соған тарынған Қабыл Абылды оңашаға жекпе-жекке шақырады. Жекпе-жекте ол өзінің туған інісін өлтіреді. Сол оқиға анау сар қабақ қыраттың үстіндегі Магарат ад-дам деген жерде болыпты-мыс. Сүйтіп, адамзаттың ең алғаш екі тумаластың арасындағы қанды жанжалдан да алған мехнатты тарихы, аңыздың айтуынша, осы Сирия топырағында басталыпты. Ендеше біздің самолеттен түспей жатып теріскей жақтағы сар қабақ тауға назар аударуымыз тіпті те тегіннен тегін емес-ті. Осы өлкеде ежелгі мифтердегі оқиғалардың да, адамзат қоғамының көп ғасырлық тарихындағы оқиғалардың да іздері молынан ұшырасса керек. Жан-жағымызға алақтап көп қарай беретіндігіміз де сондықтан. Бірақ, аңыз бен шындық аймаласып аралас жатуға тиісті бұл өлкеден біз әзір ондай ғажайып ештеңе байқай қоймадық. Көзімізге шалынғанның бәрін көңілмен ұғынып келеміз. Бұл шаһардың бүйтіп бүкіл бір алқапты шірей толтырып жатуында да таңғалатындай ештеңе жоқ сияқты. Ол — жер бетіндегі ең ескі елді қоныстардың бірі. Дамаскінің аты шамамен біздің заманымызға дейінгі 1500 жылы жазылған ежелгі мысыр текстерінде де, ассирия тақтайшаларында да ұшырасатын көрінеді. Тіпті Інжілдің өзінде Содом мен Гоммора падишалары арасындағы соғысқа байланысты Дамаскінің аты аталады. Ендеше сол ежелден бар қаланың тұрғындары жыл өткен сайын ұлғая түспесе, кемімесі белгілі. Қазіргі есеп бойынша олардың саны 850 мыңнан асады. Бірақ, бұл — толық емес мәлімет. Көне қаланың көшелері мен қуыс-қуыстарында ешқандай ешқайда есебі жоқ талай пенде тіршілік кешіп жатыр. Соған қарағанда, бұл шаһардың халқының саны миллионнан әлдеқашан асып кетсе керек. Миллионнан астам халқы бар қаладағы құрылыстың көбі бір қабатты, аз қабатты үйлер. Ендеше, ондай шаһар шамалы жерге сия қояр ма?! Бізге Дамаск архитектурасында да түсінбейтіндей ештеңе жоқ сияқты. Әсіресе, шығыс стиліндегі әрі жеңіл, әрі әсем шағын бірнеше қабатты үйлер ерекше көз тартады. Кейбір махаллалар тұтасымен сондай үйлерден тұрады екен. Қай-қайсысына қарасаңыз да, жиырмасыншы ғасыр архитектурасының артық әлекей-күлекейден атымен ада қарапайымдылығы мен ежелгі шығыс архитектурасының әсем мүсінділігінің шебер үйлесімін танисыз. Қабырғалар жер өңдес қоңырқай түске боялыпты. Оларды осы араға әкеп ешкім орнатпағандай, өздері жер денесінен бой көтеріп өсіп шыққандай. Бірақ, біржолата жер беттеніп, көзге шалынбай тағы қалмайды. Микроклиматқа лайықталған көлеңкелі балкондар мен лоджиялар терезеге күн түспес үшін жасалған жасыл түсті шабақ-шабақ ағаш перделер, қабат-қабаттың арасындағы биязы бозақ сызықтар үйлердің шөл аймақтың бір өңкей қоңырқай аясынан бөлектеп, даралай түскендей. Алайда, даралаудың жөні осы екен деп, ез аясынан алып қашып, контрастқа жүгіріп, қоңыр шүберекке ақ жамау, не сұр жамау жапсырғандай қылып, оғаш оқшауламапты. Үйлер бір-біріне әрі ұқсайды, әрі ұқсамайды. Силуеттегі әркелкілікті бояудағы біркелкілікті толықтырып, махаллаларға тұтастық бітіріп тұр. Қала шебер колорист суретшінің қолынан шыққандай. Көше — қаланың дидары деп тегін айтылмаса керек. Дамаск архитектуралары осы қағиданы терең түсініп, берік ұстанатын сияқты. Мұндағы көше көзіңді шаршатып, назарыңды әр тарапқа алып қашпайды. Көбі бағзыдан қалған тар болса да еңсеңді басып, төбеңнен төніп, кимелеп тұрған ештеңе жоқ. Үйлердің мүсінділігі көшенің тарлығын байқатпайтын оптикалық есепке құралған. Көп ғасырды бастан кешкен шаһарда мынау ана ғасыр, анау сонау ғасыр деп көзге шұқып көрсететіндей мен мұндалап тұрған кереғар айырмашылықтар байқалмайды. Күні кеше ғана салынып біткен жаңа коттедж бен ескі медресе бірін-бірі мансұқтап тұрған жоқ, қайта бірінің ажарын бірі асырып, жарасып тұр. Мұнда талай ғасыр емес, талай халық, талай мәдениет тоқайласқаны бірден сезіледі. Бірақ, қала дидарынан сол әр алуан дәстүрлердің қырғиқабақ соғысын емес, қайта олардың тереңнен тамырласқан үйлесімін көбірек көреміз. Дамаск көшесінің бұл сипаты тек осы қалаға ғана тән бір қасиетті емес, күллі адамзат мәдениетінің өлмей-өшпей келе жатқан бір өміршең мінезін танытқандай. Сирия астанасына алғаш аттанғандағы осы әсерімізді кейінгі күндердегі саяхаттарымыз одан әрі орнықтыра түсті. Бізді алып келе жатқан автобус қаланың қақ ортасындағы байланыс үйі алдындағы кең алаңның күнбатыс қапталындағы «Ориент палас» («Шығыс сарайы») мейманханасына келіп тоқтады. Самолеттен түскелі мұрын жарып келе жатқан күңірсік иістен мейманханаға түскен соң да құтыла алмадық. Қара көлеңке қонақжайдың іші қоңыр салқын. Бірақ, әлгі бір иіс мұнда да мұрын жарып тұр. Сүйтсек, ол күйген саздың иісі боп шықты. Зәулім биік коридордың қырық бұлтарма қалтарыстары-ақ көп екен. Соның талайынан өтіп, ең үстіңгі қабаттағы номерімізге кеп тірелдік. Есікті ашып ек, номердің іші көзге түртсе көрінбестей тастай қараңғы. Табалдырықтан енді аттай бергенімізде маңдай тұсымыздан біреу бір сарнап ала жөнелді. Қапелімде дір ете қалдық. Шамды қай жерден жағатынымызды әлі білмейтіндіктен, сипалап жүріп, орнымызды таптық. Сипалап жүріп, жүгімізді қойдық. Сипалап жүріп, қол жуатын бөлмені іздедік. Бір уақытта әлдебір ауыр есікке тап болдық. Итеріп көрсек — әлгіден де тас қараңғы бөлме. Одан әрі «саяхат шегуге» жүрегіміз дауаламай, кері қайттық. Номеріміздің қандай екенін дұрыстап көре алмаған қалпымызда төмендегі айлапат холлаға қайта түстік. Сол астыңғы қабаттағы рестораннан сусындап тамақтанған соң шаһарды аралайтын боп сыртқа шықты. Қаз-қатар столдар, кіршіксіз ақ дастархандар мен ақ салфеткалар, жайлы креслолар, электр қуатымен салқындатылған таза ауа, сызылған сыпайы даяшылар бәрі іште қалды да, табалдырықтан аттай бере... Басқа бір көрініске тап болдық. Басқа бір ғасыр жайындағы бейтаныс фильмді көріп үйреншікті көшеге қайта шыға келгенде осындай бір сезімге ұшырайтынсың. Жоға, бұл жолы көшедегі үйреншікті тіршіліктен баяғыдағы ұмыт ғасырлар жайындағы фильмге тап болғандайсың. Не де болса, бір-біріне атымен ұқсамайтын екі дүние атақты астананың атақты мейманханасының қақпасының алдында ай құшақ қауып табыса кетті.
— Мсье, мсье...
Жалт қарасам — анадай жердегі темір бағанның түбінде оратылып жатқан ала-құла кір-кір шүберекке жан бітіп, маған қарай жылжып жақындап келеді. Өзі жақ жаппай сөйлеп келеді.
— Мсье, мсье...
Біреу дымқыл қолымен оң қолымнан ұстай алды. Бұйра шаш, қылқан мойын бала көзі телмеңдеп қиыла қарайды. Оң қолымен білегіме жармасып, сол қолының алақанын жайып тұр.
— Мсье, мсье...
Біреу балағымнан ұстап алып жіберер емес. Қарасам — әлгіндегі ала шүберек жетіп кеп шалғайыма жармасып жатыр. Ала шүберегім адам боп шықты. Мұрты едірейген егде кісі. Бір көзі, екі аяғы жоқ. Жаңғыз көзінің өзі өңменіңнен өтіп барады. Қолы қандай тегеурінді. Тырп еткізер емес. Бұл мұңдарға тәңірдің ең болмаса екі қолын аман қалдырғаны қандай сауап болған. Маңайына жолап кеткенді қайыр садақа алмай жібере қоятын түрі жоқ.
— Мсье, мсье...
Тағы бір қайыршы тап болды ма деп селт ете қалып ем, осында қосылған тілмашымыз Жаппар деген жігіт екен.
— Мұнда кідіруге болмайды!
Онысына сосын түсіндім. үлкен үйдің көлеңкесі болған қайыршы екен. Бәрі мейманханадан сау етіп шыға келген біздің топқа жан-жақтан лап қойысты. Көшеде келе жатып, сәл кідірсең — көретін күнің осы. Бағзы шығыс дастандарында өріп жүретін қауыс-қауыс қайыршылардан Дамаск көшелері әлі арыла қоймапты. Күні бойы ыстықтан бас сауғалап жатқан қала тұрғындары зауал ауа түгел көшеге шығыпты. Көшенің ана бетінде де, мына бетінде де тап тротуардың бойына от жағылып, қазан асылып, тамақ пісіріліп жатыр. Тұсынан өте берсең, жылмаңдаған бала жігіттер біреуі пилав, біреуі ыстық суға қайнатып пісірген жүгері сабағын, біреуі кәуап, самса ұсынып бір-бір айқайлап қояды. Бір жағыңнан қайыршылар, екінші жағыңнан саудагерлер жапыраса жармасып жатқан мынандай кешеде қыдырып серуен құру да тап онша оңай шаруа болмай шықты. Бірақ, әуес көңіл бәріне де бой бермей, алғаш беттен қайтпай, тартып келеміз. Құлағымызға да маза жоқ. Омырауына әлденеше шүмегі бар иір мойын қуман асынып, мұздай су сатып жүрген балалардың жез тостағандары сыңғырлайды. Оған ығы-жығы жаяу көпірден жол сұраған автобустар мен жеңіл машиналардың әр алуан әндеткен дыбыстары қосылады. Бір уақытта шаһардағы жүздеген мешіттер мен медреселердің муәзіндерінен азаншылардың тек мынау ғана емес, сонау сарғайып жатқан құба шөлдерге де түгел жетсін дегендей, шырқай созған қоңыр үндері күңірене жөнеледі. Осынау ерсілі-қарсылы жөңкіліс таң атқанша толастамайды екен. Күні бойы тарс жабық тұратын терезелердің шабақ-шабақ ағаш перделері де түнде серпіледі. Ашық терезеден көшедегі қозғалыстың сан қилы үні бөлмені кернеп кетеді. Жоғарғы қабаттағы біздің бөлмеміздің бір есігі төбедегі ашық алаңқайға шығады екен. Кеудеден келетін тас кернеуден жан-жаққа тамашалай көз тастадық. Төменде жөңкіліп жатқан көп от. Оттар жан-жақтағы сар қабақ тауларға да шапшып шығып кетіпті. Жердегі оттан көктегі жұлдыздар көрінбей қалған. Күндізгі қоңырқай қала түнде қызылды-жасылды шоқ боп жөңкіліп, құж-құж қайнап жатыр. Номерге келгесін де шамалыда көз іліне қоймады. Ашық терезеден жер бетіндегі алуан елдердің алуан маркалы автомобильдерінің үндері, алуан елдердің алуан тілдегі сездері ду, жабыр-жұбыр естілді де жатты, Мына қалада мынау абыр-сабыр тіршілік тәулік бойы осылай тасып, қайнап жататын болса керек. Мынау өлкеде мынау абыр-сабыр тіршілік талай ғасыр тап осылай тасып-қайнап жатқан болса керек.
Оған осы өлкенің біз білетін тарихының өзі-ақ айқын куә болғандай. Ескі діни аңызда айтылатын Адам ата мен Хауа ана Сирияда тіршілік құрды ма, Иракта өмір кешті ме, жоқ Цейлон аралын қоныстанды ма — оны тәптіштеп, шындыққа жете алмасың белгілі. Ал кәдімгі ең алғаш үңгір жайлап, аң аулаған ежелгі бабаларымыздың ең бірінші мекен еткен өлкелерінің бірі Сирия екеніне ешкім дауа айта алмайды. Осы заман археологтары сондай ежелгі қалалардың бірі Угаритты осындағы Латакия портынан он бес шақырымдай жерден тауып отыр. Сирия мен Ирак шекарасынан табылған күн астындағы Мари қаласында осыдан алты мың жыл бұрын да тіршілік болыпты. Бұл өлкеде алғашқы құл иленуші мемлекет бес мың жыл бұрын құрылыпты. Біздің жыл санауымызға дейінгі XІV-XV ғасырларда Сирияны Мысыр перғауындары, одан бір ғасыр өткен соң Кіші Азияда пайда болған Хет патшалығы жаулап алыпты. Арада төрт ғасыр өтер-өтпесте іргелі Дамаск патшалығы пайда болып, ал кейін Ассирия, Жаңа Вавильон, Ахеменидтер патшалығы, Александр Македонский, Селевкидтер мемлекеттерінің құрамына кіріпті. Біздің жыл санауымызға дейінгі алпыс төртінші жылы Мысырдан Кіші Азияға дейін созылып жатқан Пальмира патшалығын құлатқан римдіктер Сирияны да қол астына қаратыпты. Біздің жыл санауымыздағы ІV-VІІ ғасырларда Сирия Византия империясының боданында болыпты. Жетінші ғасырда оны арабтар жаулап алыпты. 661-750 жылдары Дамаск — Испаниядан Индияға дейінгі аралықты алып жатқан үмия әулеті мемлекетінің астанасы. Х-ХІ ғасырларда Сирияның көп аймағы селжүк түріктерінің қол астына кешеді. XІ-XІІІ ғасырларда жүз алпыс жыл бойына ел крест ұстатушылар шапқыншылығына ұшырайды. Оларды қуып шыққан мысыр мемлекеттері үш ғасырға жуық ел тізгінін ез қолдарына ұстайды. Ал 1516 жылдан бірінші дүниежүзілік соғысқа дейінгі екі аралықта бұл ел Осман империясының қарауында болады. Біздің ғасырдың жиырмасыншы-қырқыншы жылдарында Сирия Францияның мандатты территориясына айналады. Елдегі ұлт-азаттық қозғалыстың 1943 жылы бірінші ұлттық үкіметі құрылады. 1958 жылдың февралінде Сирия Египетпен қосылып, Біріккен Араб республикасын құрайды да, 1961 жылдың күзінде қайтадан бөлініп шығады. 1963 жылы елде өкімет басына Арабтың социалистік партиясы келеді. 1966 жылдың қысында сол партияның солшыл қанаты билік алады. Елдегі ірі-ірі әлеуметтік өзгерістер содан кейін ғана басталды. Сирияның мынау біз келіп жатқан 1968 жылдың октябріне дейінгі тарихы, міне, осындай. Ол тарих тек бір елдің ғана емес, күллі адамзат бастан кешкен тарихты да түгелге жуық қамтиды десек, артық айтқан болмас едік. Дамаск қаласынан сексен шақырымдай батыста жатқан Нахр әлкәлб-Ит өзені аңғарындағы жартастарға ежелгі Мысыр перғауыны Екінші Рамзестен бастап, осы заманғы француз генералы Де Голлға дейінгі бұл өлкеге басып кірген барша әскер басы өз қолтаңбасын жазып қалдырыпты.
Сол сан-сапат өткелектердің ізін Сирия топырағынан да түгел табуға болады. «Исламның киелі көне қалаларында осынау кешкі мінәжат тұсында әлге дейін екі көзден айырылып қарп болған жаршыларға шақыртады; ғаріп немелердің күн байырдағы жер бетінің ғажайып сұлулығын көріп көңілдері азбайды ғой! Ал, тәңірім әлі жарық дүниенің нұрын көруден айыра қоймаған жаршылар азан шақырарда көздерін тас қып жұмып алады... Олардың даусынан да ықылым заманалар мен сұрғылт шөлдердің айықпас зары бәрібір естіліп тұратындай». Ертеңіне таңертең ашық терезеден бір шерлі дауыс зарлап қоя бергенде Буниннің «құмай құстың көлеңкесіндегі» осы бір сөздері еске түсті. Сөйтсе — көшенің екінші бетінде мешіт бар екен. Оның муәзінің зарына шаһардасы екі жүз елу бес мешіттің барлық муәзінінің зары қосылғанда дүниеде бұдан асқан ғажайып капелла болады деп ойлау еш мүмкін емес. Жер-көк түгел күңіреніп кеткендей. Кеше күндіз қараңғыда бөлмемізге кіріп келгенде бізді қарсы алған жұмбақ дауыс та — осы муәзінің үні екен. «Ықылым заманалар мен сұрғылт шөлдердің айықпас зары...» қандай тауып айтылған! Ықылым заманалар мен сұрғылт шөлдердің айықпас зарын тыңдап, таусылмас сырын тыңдағысы келген жан мынау таң атпай жатып шыжықтай шыжғырыла бастаған ежелгі қалаға соқпай өте алмайды. Расында да, көшенің өне бойына қазан асып, кілең қуырдық қуырып жатқандай, шаһар сәске болмай күңірсіп кетті. Көк аспаннан телміре төнген ыстық күн кешегі бізді ұстап алатын қайыршылардың көздеріндей. Өңменіңнен өтіп, ішіп-жеп барады. Ештеңені аяр емес. Шыжғырып жатыр, күйдіріп жатыр. Күйген тастың исі, саздың исі, қызған темірдің исі, бензин исі, қасыңнан өткен араб еркектерінен мүңк ете қалатын шетелдік әтірлердің исі, тротуарларда тізіліп қалған тіленшілерден шығатын қолаңса исі, резинканың исі, полиэтилен, целофан исі... Иіс-қоңыстың дүниежүзілік жәрмеңкесі осында көшіп келгендей. Күн биіктей түсті. Сол бір от ожау аямай сапырылыстырып жатқан алапат қазандағы алабөтен қуырдақ шыжғырыла түсті. Кісілердің беті, үйлердің қабырғалары манағыдан бетер қуқылдана түседі. Мұндағы күн көзі сварщиктердің темір балқытып жатқанда шығаратын өткір көк сұр жарығына ұқсас көз қаратпас сұйқылт сәуле төгіп тұрғандай. Аптап пен саяның, күн көзі мен көлеңкенің шын айырмас білгісі келген пенде сәске шамасында Дамаск көшесін аралап, Ал-Хамидие базарына барсын. Ал-Хамидие... Базар емес, ол бір бөлекше әлем... Қаланың ішіндегі қала. Тамұқтың ішіндегі пейіш. Шілдедегі қаңтар. Мына қаланың ыңыршағын айналдырған кедейлік тұсында да ол жарлы боп көрмепті. Дүние түгел күйіп кете жаздайтын ыстықта да ол қапырық болып көрмепті. Алда-жалда Мұзды мұхиттың әлдебір пұшпағынан сытылып шығып, осы араға жеткен үскірік борандардың тұсында да оның іші мұздап көрмепті. Күн қызбай жатып күллі шаһарды бауырына тартып, құшағына алатын кеңпейіл базардың ішіне біз де келіп кірдік. Әуелі көшедегі ыстықтан қалай құтылғанымызға қайран қалдық. Сәлден кейін әлгінде ғана ауырсынып қарымызға іліп алған жылы киімдерімізді иығымызға қайта іле бастадық. Біраз кейін тастағы ми қайнатар ыстықты атымен ұмыттық. Оны ойлап жатар мұрша қайда! Ал-Хамидие — үлкен жабық қала. Батыстан шығысқа қарай келіп өтетін орталық көшесінің ұзындығы бір жарым километр деседі. Сол көшені екі қапталдан қаумалап әлденеше көше жарыса созылып жатыр. Сол көшені екі қапталдан әлденеше көше жарыса жүгіріп кеп, кесіп өтіп жатыр. Сол көп көшенің бәрі де күңгірт көгілдір шынымен жабылған Базардың аты базар ғой. Мұнда дүниенің төрт бұрышынан келген бұйымдар түгел бас қосқан. Ол жайындағы әңгіме айтыла жатар. Біздің көзіміз ең алдымен сеңдей соғылысқан халыққа түсті. Жер бетіндегі барлық нәсіл, барлық ұлт осында кеп тоғысқандай. Жер бетінде өткен барлық ғасыр осында кеп тоғысқандай. Мынау базардың жер бетіндегі ең бай этнографиялық музейлердің еш қайсысына дес бере қояр түрі көрінбейді. Анау етегі жер сызған ала көйлектің аты күнбаз деседі. Оны, немесе одан гөрі шолақтау көйлек пен төменгі жағына жіліншік пен жіліншік боп тарылып кететін ұзын шалбар кигендер — қыстақтардан келген шаруалар көрінеді. Далаңдаған кең көйлектің сыртынан өңіріне зер жүгіртіп түйе жүн қақпа шекпен кигендердің көшпелілер екенін өзім де танып тұрмын. Бастарындағы екі иықтарына жабылта түсіріп, маңдай тұсында күңгірт жіппен буып тастаған торы ала орамал укалдарын алып тастаса, мұндай сыптығыр қаралар біздің ауылда да толып жүр. Бастарына укал жапқанмен, үстеріне шекпен кимей, Европа үрдісіндегі пиджак ілгендер дәу де болса қаланың қара шекпендері шығар. Киген киімнің матасының түсі мен өңіріндегі әдібіне қарап, қай кісінің қай өңірден келгенін айыруға болатын көрінеді. әйелдер де бастарына орамал байлайды. Бірақ, еркектерінен өзгешелеу. Көбінесе аш белдерінен төмен түсіріп, шұбалтып жібереді. Көк ала шыттан тігілген сыптима шалбар, дәл сондай көйлек не кофта киген қыз-келіншектер жиірек ұшырасады. Шамасы, бұл күнделікті күйбең тірліктің жасауы болса керек. Ал, анау зер салып қойылған қымбат гүлді көйлектер, жеңсіз камзолдар, сыртынан желеу жапқан тығырық бөріктер — сән киіміміз, салтанат киіміміз деп өздері-ақ айтып тұрғандай. Олардан да біздерге етене сипат көргендейміз. Қара шәйіге оранып алған бұраң белдер — қаланың әйелі. Алабажақтау киінгендері — даланың әйелі. Өйткені базарға сандары жарқырап шортпен келген европалықтар еркектер мен олардан сәл тақыл мини-юбка киіп келген европалық әйелдерге қара шәйіге оранғандар бұрылып та қарамайды, алабажақ киінгендер таңдайларын қағып, таң-тамаша қалады. Киімдер мынау сендей соғылысқан көп адамның қайсының қайда тұратынын ғана емес, қайсысының тегі қайдан шыққанын да айқын анғартып тұрғандай. Базарда кімнің көп, кімнің аз кездесетініне қарап, мұндағы халықтың ұлттық құрамынан да хабардар болғандайсың. Сирия халқының тоқсан проценті — арабтар, үш жүз мыңдайы курдтар, жүз отыз бес мыңдайы — армяндар. Бір кезде Түркиядан қашып келгендер. Олардан басқа жұрттардан мұнда әл-Жазира аймағы мен Хабура өзенінің алқабында — ассириялықтар, Латикияда түрікмендер мен түріктер, Халеб пен Дериада черкестер тұрады екен. Бірақ, әл-Хамидиенің қоңырқай көшелерінде иін тіресіп жүргендердің көбі — сириялықтар емес, жан-жақтан келгендер. Олардың арасына бес құрлықтан келгендерді түгел табуға болады. Мұнда жер бетіндегі барша тілдің бәрін де естуге болады. Дегенмен, орыс сөзін естігенде құлағың елең ете қалады...
— Товарищ, товарищ...
Жаңа базарға кірерде бір топ бала біздерді көріп айқайлап қалған. Шамасы, орысшадан білетін жаңғыз ауыз сөзі болса керек.
— Товарищ, товарищ...
Базар ішінде қарсы жолыққан сұрғылт шалбар, сарғыш көйлек киген мұртты қара торы жігіт орысшаға сайрап тұр.
— Сіздер қайдансыздар?
— Қазақстаннанбыз.
— Ендеше, танысып қоялық. Атым — Ахмед. Москвада оқығанмын. Қалай, ол жақта әлі күн жылы ма?
Жаңа танысымыз жан-жағымызға алақтай қарап, әрі ығы-жығы халықтан жол тауып жүре алмай келе жатқан біздің жағдайымызды көрген бойда түсінсе керек.
— Қарсы болмасаңыздар, базарды мен аралатып көрсетейін.
Бұнысы жақсы болды. Әйтпесе, манадан бері қайдағы бір жылмаңдаған балалар бірінен соң бірі қасымызға «мсьелеп» жетіп келіп, біреуі қолын ана жаққа, екіншісі қолын мына жаққа сілтеп, жолымызды кескестеп, жүргізбей қойып еді. Қайыршы екен дейін десең, үсті-бастары күтімді, киімдері сәнді. Сөйтсе, мыңдағы дүкен иелері әрқайсысы осындай бір қара бала ұстайды екен. Олар базарға келгендерді өз қожайындарының дүкеніне шақырып, кім көрінгеннің қолына жармасып, күні бойы осылай зар қағады да жүреді екен. Қасымызға Ахмед келгесін олар бізге жолаған жоқ. Шамасы, Ахмедті де өздері сияқты бір қожайынның жандайшабы деп ойласа керек. Шынында да, бұл базарда Ахмедтің ағасының дүкені бар боп шықты. Ол да бізді көріп, жалпылдап қалды. «Бірдеңе керек пе, маған келіндер. Бәрін тауып беремін», — деп бәйек болады. Ахмед ағасының дүкеніне көп аялдатпай, әрі алып жүрді. Оның екінші ескерткені — мұндағы бұйымдардың тұрақты бағасы жоқ. Кім көбірек саудаласа алатын болса, сол ғана керекті бұйымын қалаған бағасына ала алады. Әйтпесе, жылмаң төс саудагердің атаған бәсіне алам деп, қалтаңды бірден қақтырып алу мұнда түкке тұрмайды, Саудадағы ондай қулыққа бола мұнда ешкім ешкімді айыптап жатпайды. Шығыс елдері үшін сауда — адал енбектің бір түрі. Айтқанына еткізсе — жақсы саудагер. Ол үшін мақтамасаң, жазғыра алмайсың. Мұнда сауданың қандай қастерлі екенін осында келген жұртқа қарап-ақ түсіне беруге болады. «Алың, алың», — деп қолыңа жармасып тұрғандардың ішінде ата сақалы аузына шыққан қарттар да, бесіктен белі енді шыққан жастар да жеткілікті. Сауда жасап тұрған түгел дерлік еркектер. Саудагердің ең үлкені — дүкен иелері. Олардың көмекшілері, шақырмашылары, жүкшілері бар. Базардың қай көшесінің қай қабатындағы кішкене бөлмеге бас сұға қалсаң, бірдеңе алмай қайта шығып кетуің — қиынның қиыны. Ал, жайма базардың саудагерлері олардан да өткен алпауыз. Бүкіл базарды бастарына көтеріп, айқай салып жүргендер де солар. Бұл топтағылардың ең азулысы — бұйымдарын екі доңғалақты арбаға салып қыдыртып сататындар. Қарсы жолықса, жолыңды кескестеп тұра қалады, ту сыртыңнан жолықса, қуып жетіп, иығыңнан тартып тоқтатады. Құлды бір оның бірдеңесін жымқырып алып бара жатқан адамдай көлденең жұрттан қысылып, қаралай қуысты боласың. Олардан кейінгілер бұйымдарын жерге шүберек, дастархан не газет жайып тастап, соған салып сататындар. Олар жеңіңе жармаспайды, балағыңа жармасады. «Пышақ па, өшіргіш пе, түйреуіш пе, түйме ме, бояу ма — әйтеуір бірдеңе ала кетпейсіз бе?» — деп қиылады. Көбінесе әлгі шалшабыр саудагерлер осындай отырмалардың арасынан көп ұшырасады. Олардан өте бергенде арқаларын жарға сүйеп, аяқтарын айқастырып тастап, жол тосып тұрған жасөспірімдер жолығады. Олар кітап, газет, журнал, альбомдар ұсынады. Сыртында жалаңаш әйелдер мен сүйісіп жатқан еркек пен ұрғашының суреті салынған басылымдар — ең қымбат бұйымдар. Ең соңында, базардың не кірер, не шығар аузында ең кішкентай саудагерлер тап болады. Олардың ең үлкендерінің өзі оннан асар-аспас. Құйтақандай алақандарындағы лоторея билетін, қағаз қыстырғыш, кір қыстырғыштарды, резинка сағызды ала кетіңіз деп шыр-шыр етеді. Бұл базарға кірген шетелдіктер тек қалтасын ғана қақтырып қоймай, жүйкесін де сарқып шығады. Бірақ, оған бәрібір соқпай өте алмайды. Шығыс еліне барып тұрып, базарды көрмеген ол қандай саяхатшы!!! Ежелгі римдіктер үшін монша қандай қызмет атқарса, ежелгі шығыс патшалары үшін базар да дәл сондай қызмет атқарған. Ежелгі билеушілер өзінің қай әрекетінің қандай қоғамдық пікір туғызып жатқанын базардағы жұрттың не айтып жүргеніне қарап аңғарып отырған. Қазіргі шығыс базарының саяси ықпалы әлдеқашан әлсіреп кеткенмен, психологиялық атмосферасы бәз-баяғы қалпында сияқты. әл-Хамидие базарынан біз ежелгі шығыс дастанын қайта бір оқып шыққандай боп аттандық. Көшеге шыға бергенде манадан бері соны күтіп тұрғандай, көктегі әзәзіл күн шекемізді аямай шағып, шыжғырып ала жөнелді. Әлгі даң-дұңның бәрін ұмытып, жаңағы сап-салқын күңгірт көшелерге қайтадан жып бергің келеді. Әл-Хамидие базарындағы саудагерлердің ең үлкен одақтасы осы — оттай ыстық күн сәулесі болса керек. Одан қорыққандардың бәрі жан-жақтан «алың-алың» деп жарыса жармасып жатқан қан талапай базарға қуана-қуана баратын тәрізді. Базардан шыға сала жым-жырт алаңқайға тап болдық. Көкпен таласқан зәулім бағандар бізге: «бұларың кім еді?» — дегендей кекірейе қарайды. Олардың кекірейе қарайтын да жөні бар екен. Бұл — бір кездегі арамейлер құдайы Хададтың құрметіне тұрғызылған киелі мекеннің орнына салынған Юпитер храмына кірер қақпаның жұрнағы. Храм алаңы айта қалғандай: қос қапталдағы қабырғаның ұзындығы 310 метр, қарсы аландағы қабырғаның ұзындығы 380 метр. Зәулім бағандардың биіктігі 16 метр. Осындай зәулім ғимараттың салынғанына жүз елу жыл толмай жатып, император Феодосий тас талқанын шығарып талқандап, Шоқындырушы Иоанның құрметіне Византия базиликасын тұрғыздырыпты. Осы заманның 706-715 жылдарының арасында салынып біткен үлкен мешіттің құрылысы сонау Бірінші Уәлидің тұсында басталыпты. Гидтің ауызынан шыққан осы сараң мәліметтің өзі-ақ біздің тек мынау сәнді ғимараттың ғана емес, ежелгі тарихтың ішіне де бір сүңгіп шығатынымыздан хабар бергендей. Сыртынан қарағанда мөлиген тас қорған. Жағалай биік тас қабырғамен қоршап тастапты. Біз кішкентай тесіктен ақша төлеп, билет алдық. Еркек жағымыз туфлиімізді қолға ұстап, бас киімдеріміз барымыз бас киімдерімізді кидік. Бас киімдеріміз жоғымыз орамал бүркендік. Әйелдерге малынған қара шапан берілді. «Төмен етекті жыныстың» өкілі киелі ғимаратқа тұла бойын түгел қымтап кіруге тиісті, Ағаш есікті еппен ашып, вестюбльге аяқ бастық. Қабырғалар мен көктегі күмбез түп-түгел мозаика суретпен әшекейленіпті. Миуа баққа бөленген әлдебір тас қорғандар бейнеленіпті. Бұл ежелгі христиан храмынан қалған жұрнақ. Сурет ұзындығы 35 метр, биіктігі 7,5 метр шаршы алаңды алып жатыр. Кейбір өнер зерттеушілері мұнда тек ежелгі Дамаск ғана емес, Иерусалим, Антиохия, Византия да бейнеленген деп есептейді. Не де болса, көне мозаикада тас қорғандар алма ағаштар, құрмалар, кипаристер, сарқырап ағып жатқан өзендер болмаса, тірі мақұлық аттан ештеңе көрінбейді. Мұсылман билеушілері өздері қайта салдырған ғимараттың ішіне бұл суретті аман қалдыруының сыры да сол себепті болса керек. Табанын теп-тегіс тас төсеп көмкерген кең аулада тұрмыз. әлгінде ғана жан-жағыңнан әркім өз бұйымын ұсынып анталаған ың-жың осы заман сұсты сұр тасқа айналып, үн-түнсіз мелшиген қалпы-ақ сұңғыла сыр шерткен өткен заманға жол берді. Кең ауланың үш жағын аркалар қоршапты. Мозаика суретпен әшекейленіп тұтас төртінші жақ қабырғаның алдына әдемі күмбез тұрғызылыпты. Бұл — халифтың қазынасы сақталған орын. Оған жер бетінен кіретін есік жоқ. Ауланың қалған үш жағында үш мұнара бар. Мұсылман мешітінде мұнара орнату да осыннан басталыпты. Құрылысшылар осы арадағы ежелгі римдіктер храмының төрт бұрышындағы төрт мұнараның жұрнағын тауып алады. Бас сәулетшіге олар қатты ұнайды. Ол есік мұнараларды жаңғыртып, қайта қалауға көңілі кетеді. Сүйтіп, мұсылман мешітінде муәзін — бес рет намаз тұсында басына шығарып азан шақыртатын мұнара салу үрдіске айналады. Мынау мешіттегі төрт мұнараның ең ежелгісі — төрт қырлы қалындық мұнарасы. XІІ ғасырда салыныпты. Күнгей батыстағы мысыр мамлюктеріне тән үрдіспен бунақтап нақышталған әдемі Мұхамбет мұнарасы 1488 жылы тұрғызылыпты. Қайса мұнарасы деп аталатын мұнара 1340 жыл салыныпты. Шариғаттың айтуынша, адамзаттың басына ақыр зобалаң туғанда, қол ұшын беруге көрінетін Ғайса пайғамбар енді көрінгенінде осы мұнарадан түсетін болса керек. Мынандай биік мұнараның басына күніне бес рет шығып түсетін азаншының азабы да аз болмаған сияқты. Бірақ, ауыр еңбектің бәрін жеңілдетіп баққан біздің ғасырымыздың азаншыларға да пайдасы тиіпті. Қазір олар бесінші қабаттағы кішкене бөлмеден ешқайда аттап шықпайтын болыпты. Алдындағы қылтиып тұрған микрофонға аузын жақындатты-ақ, биік мұнараның басына орнатылған дыбыс күшейткіш аппарат жер-көкті көтеріп сарнап қоя береді. Мешіт ауласында тұрғанда гидіміз Джафар деген араб жігіті бұл араға Ақсақ Темірдің де аяғы жеткенін, оның осы біз тұрған аулада отыз мың адамды дарға асып, қылышпен шауып өлтіріп, көптеген сәулетші шеберлерді Азербайжанға алып кеткенін күйзеле айтты. Әрине, күйінетіндей оқиға. Алайда, мен осынау Шығыс архитектурасының марқасына таңдана, тамашалай қарап тұрып, бұл ғимаратта Ашхабад маңынан табылған ежелгі аршақидтер астанасы Ниссаны, Орта Азиядағы Маргиана мен Согдианың, Бактрияның көне қалаларын салған сәулетшілердің араб әскер басылар кісендеп айдап әкелген талай ұрпағының қолдары жатыр-ау деп ойладым. Кім біледі, алып сарайдың еңсеңді басардай ересен боп көрінбей, нәзік, жеңіл, әсем, биязы көрінуі де оны салып жатқанда құрылысшыларға әміршінің қабағынан қар жауған өктемдігінен гөрі алыста қалған еліне деген сағынышы, кешегі бейбіт күндерді ойлаған жүрек дірілі көбірек әсер еткендігінен шығар. Сәулетшілер сарай кескініне өздері шеккен тауқымет пен азаптан гөрі армандары мен аңсарларын көбірек бейнелеген тәрізді. Сұсты емес — сұлу, айбынды емес — паң мешіттің ішіне кірдік. Ұзындығы 137, көлденеңі 38 метр сәулетті залдың еденіне мыңнан астам кілем төселіпті. Оның бөрі мінажатқа келгендердің әкелген сыйлығы. Мұнда Шам шаһары тұрғындарынан гөрі өзге елдердегі мұсылмандар көбірек келеді. Дамаскіліктерге қаладағы бұдан басқа 255 мешіт те жетеді. Ал мұсылманның киелі орыны Үмия мешітіне намаз оқып, мінәжат етіп қайтуға күнбе-күн Түркиядан, Ираннан, Ауған менен Алжирден, Эль-Кувейт пен Ирактан, Пакистан мен Мысырдан ел асып, жер асып, шаршап-шалдығып жеткен діндарлар жиылады. Олар мынау қоңыр салқын кең сарайда күні бойы болып, бес рет намазын оқып, намаздың арасында бір-бірімен танысып, өз елдері, үкімет басылардың қазіргі саясаты, базардың нарқы, ауа райы жайлы әңгіме соғады. Мешіттің ішінде христиандар тұсынан қалған құрбан шалатын тас бар. Исламнан бұрынғы Жақия пайғамбардың табыты да сонда тұр. Екі тас бағанның арасындағы мәрмәр табыттың қасынан ертелі-кеш адам кетпейді деседі. Кішкентай балаларын жетектеп барып, еріндерін тигізеді, Мұндай табыт Стамбул мен Хомста да бар көрінеді. Оларда да Жақия пайғамбардың басы жатқан көрінеді. Таяу Шығыс елдерінде бір әулиенің бірнеше жерден ұшырасуы — жиі кездесетін жәйіт. Мешіттің ішіне ауладан жиырма екі есік арқылы кіруге болады. Екі қатар орнатылған коридор бағандары мінәжат залын үш бөлікке бөледі. Бұл мешіт мұсылманның діни архитектурасына мұнарадан басқа тағы да екі жаңалық енгізген. Оның бірі — дұға оқуға арналған алыпар-михраб, екіншісі — құран оқып, уағыз айтуға арналған кафедра — мін бар. Өзінен бұрынғы христиан архитектурасының талай үрдісін жаңа діннің қызметіне жаратқан бұл мешіт мұсылман әлеміндегі ең үлкен киелі орындардың бірі.
Ол қашан салынды? Кім салдырды? Неге Үмия мешіті деп аталды?
Бұл сауалдардың жауабын алыс ғасырлар сарабынан ғана таба аламыз.
Екі дін, екі мәдениет ай құшақ қауып табысқан мынау ғимарат ойыңа сол екі дін, екі мәдениет бетпе-бет шарпысқан қилы кезеңді түсірді. Осыдан он төрт ғасыр бұрын, әлі мұсылман діні шықпаған кезде де араб дүниесі үшін Дамаск шаһарының орны зор еді. Жерорта теңізі мен Қызыл теңіз арасында жөңкіліп жататын сауда керуендерінің еш бірі бұл қалаға соқпай өте алмайтын. Сол кезде сондай көп керуеннің бірінде түйеші боп жүрген болашақ Мұхамбет пайғамбар да осы қалаға әлденеше рет соғыпты деседі. Ол рас па, өтірік пе — қолмен қойғандай айқын ажыратып бере алатын ешкім жоқ. Алайда сол тұста Жерорта теңізі мен қызыл теңіз арасындағы керуен жолының бойындағы Мекке қаласын құрайыш тайпасының билегені рас. Ендеше, Батыстың байлығын Шығысқа, Шығыстың байлығын Батысқа тасыған сансыз керуендердің бұйдасының солардың қолында болғаны да рас. Сол бұйда ұстап, түйе жетелеген көп құрайыштардың арасында Мұхамбет Ғұбайдулла баласының жүргені де рас. Он баулы құрайыштың арғы тегі қайдан шығып, қайдан өрбігенін ешкім білмейді. Тарихтың білетіні — Мекке мен Мәдиненің маңында жамырай көшіп, оқшау шыққан керуен мен бөлектеу жайылған мал болса, тап беріп бұйдасына жармасып, тақымына басып жүре беретін әрі барымташы, әрі бақташы осы тайпа Ғұсай деген ру басының тұсында Меккені басып ап, отырықшылыққа көшеді. Сол Ғұсай дүние алғанда үлкен ұлы Әбдалдара ел билейді. Ол өлгесін інісі әбді Манап тізгін ұстайды. Әбді Манап төрт ұл сүйіпті. Соның ең үлкені Әбді Шамстан екі бала туыпты. үлкенінің аты — Үмия. Кішісінің аты — Хашим. Мұхамбет соның Хашимынан тарайды. Әкесі Ғұбайділдадан тіпті кішкентайында, анасы Әминадан алты жасында жетім қалады. Оны атасы Әбді-әл Мүталлип бауырына басады. Атасы да өлгесін, әкесінің бауыры Әбутәліп қолына алады. Арғы түбі Меккені билеген ақ сүйек тұқымнан шыққанмен болашақ пайғамбар жетімдіктің де, кедейліктің де тауқыметін аз тартпайды. Қаршадайынан Хадиша деген саудагер жесірдің керуенін тартады. Ол керуен Дамаскіге бара жатқан жолында Бусра деген қалаға соғып тұрады екен. Ол қалада Бахира атты діндар тұрыпты. Ол Сирия христиандарынан шыққан уағызшы еді. Бахира 413 жылы Эфес соборынан Египетке аласталған Нестордың жолын ұстанып, Ғайса пайғамбарымның адамдық табиғатын тәңірлік табиғатынан ажырата білуді, сондықтан оның анасы Мәрияны пір тұтпауды уағыздайтын. Бір күні Бахира уағызын тыңдап тұрғандардың арасынан бейтаныс бала жігітті көреді. Ол жұрт тарап кеткесін де тұрған орынынан тапжылмай тұрып қалады. Тіпті қасына жақындап келген Бахираны да сезбейді. Кәрі діндар мынау көкірегіне кие қонғалы тұрған жасты өз құжырасына алып кеп, Ғайса пайғамбарымның өмір жолын айтып береді. Бұл кездесу жас жігіттің көкірегінде өшпес із қалдырды. Ол туған қаласы Меккеге қайтып кеп, үйреншікті кәсібімен шұғылданып жүре берді. Тындырымды көмекшісін саудагер бәйбіше қатты ұнатады. Ақыры олар үйленіп тынады. Ол кезде болашақ пайғамбар жиырма бесте екен де, Хадиша қырықта екен. Мұхамбет өз дініне әуелі әйелі Хадишаны сендіреді. Енді ол екі әулеттің адамдарына уағыз айтып бастайды. Оларға Бахирамен болған кездесуін баян етеді. Кәрі діндар: адамзат Ғайсаның киесіне түгел иланбады, айтқанына ермеді; енді оларды түгел иландырып, түгел көндіретін тағы бір пайғамбар туады; сол дәу де болса, сен шығарсың, — депті. Сөйтіп,болашақ пайғамбар өзін жекедара тәңір Алланың жердегі уәкілімін деп алғаш рет жариялайды. Бірақ жаңа дін аштым деп ойламайды. Ол өз шаһарластарының бірден көп тәңірге табынатынына қарсы шығып, жаңғыз тәңірге ғана сиыну керек деп үгіттейді. Оның бұл уағызы жылма-жыл тәңірлер кеп бас қосады-мыс делінетін қағбаның тасына кеп құлшылық ететіндерден қыруар пайда түсіріп отырған мекемеліктерге ұнамайды. Ақырында ол 622 жылдың 24 сентябрінде үш жүз мүридімен Мекке қаласына төрт жүз километр жердегі Медине қаласына көшіп кетеді. Мұсылмандардың хижра жыл санауы осы оқиғадан басталады. Ол кезде Мәдине қаласында иудай дініндегілер тұратын. Олар да көп тәңірге сиынушылыққа қарсы-тұғын. Ғайса пайғамбарымның жүзеге асыра алмай кеткенін жүзеге асыратын жаңа пайғамбар туады деп сенетін. Мұхамбеттің келуі олар үшін іздегенге сұрағандай болды. Жаңа пір еврейлердің Иерусалимдегі киелі орны — Ыбрайымның жаңғыз ұлы Ысқақты құрбандыққа шала жаздайтын қара жартасына сыйынады. Бұл оны жақтаушылардың санын көбейте түседі. Мұхамбет еврей дініндегілерден басқаларды да өз жағына шығаруға тырысады. Ол үшін еврейлер мен христиандар бұрынғы пайғамбардың жолын түгел түсінбеген, олардың айтқандарын өз тілдеріне түгел аудармай, үзіп аударған, содан жаңсақ ұғымдар туған; тәңірдің сөзін айна-қатесіз түгел білетін жаңғыз мен ғанамын деп жар шашады. Ол Иерусалимге табынып, Мұса мен ғайсаны пір түтумен қоса, Меккені де киелі қала деп танып, ондағы әулие орындарға да сыйынуды уағыздайды. Бұл Мұхамбеттің тек мединалықтардың ғана емес, көрші көшпелі тайпалар тарапынан да қолдау табуына жағдай жасайды. Арабтан түбегінде Мұхамбеттің абыройы аса бастайды. Ол кезде Мекке қаласын үмия әулеті билейтін. Олар жарлы-жақыбайлау Хашим руынан шыққан жаңа пірді мойындамай, Мәдинеге ауып кетуге мәжбүр еткен-ді. Арабтардың аңызы бойынша: Үмия мен Хашим бір туыпты. Арқа терілері жабысып туған. Оларды сол арада шыдамсыз біреу қылышпен шауып ажыратыпты. Оны естіген өзге ру басылары: «қап, екеуін сылап-сипап отырып ажырату керек еді, енді олар қылыштасып ететін болды ғой», — деп өкініпті. Ислам тарихына көз салсаңыз да, үмия әулеті мен Хашим әулетінің мәңгі-бақи жауласып, атысып, шабысып өткенін байқайсыз. Мұхамбет пайғамбарлық құрған кезде оның соңына мықтап түскен Үмияның ру басы Абу Суфиан еді. Мұхамбет Мәдинеге барып, құрайыштан қорлық көрген өзге тайпа өкілдерінен қарақұрым қол жиып алған соң, Мекке тұрғындарының әлденеше шабуылына қатты тойтарыс береді. Күштің Мұхамбет жағына ауып кеткенін анық түсінген Абу Суфиан ез тайпасынан жасырын Мұхамбетпен келіссөз жүргізе бастайды. Жаңа діннің орталығын Мекке қылуға, бұрын құрайыштар сиынып келген алланы бүкіл мұсылманға ортақ құдай деп сыйынуға, құрайыштардың киелі жері Қағбаны бүкіл мұсылман әлеміне ортақ әулие орын деп тауап етуге пәтуа байласады. Сүйтіп, Абу Суфиан да мұсылман дініне кіреді. Мұхамбетті жақтаушылар Меккені ұрыссыз алады. Меккенің бүкіл мұсылман әлемінің діни орталығына айналуы құрайыш саудагерлеріне шаш етектен пайда түсіретін-ді. Абу Суфиан пайғамбармен татуласып, қызын береді. Мұсылман халифаты құрылған тұста Суфиан тұқымы Сирия, Палестина, Ливанды билейді. Мұхамбет пайғамбар дүние салған соң, мұсылман қауымын әуелі Мұхамбеттің екі қайын атасы Әбу-Бәкір мен Омар басқарды. Оларды пайғамбардың әмірін жүргізуші «халиф» деп атайды. Омар өлген соң, билік Үмия әулетінен шыққан пайғамбардың күйеу баласы Османның қолына көшеді. Сөйтіп, билік қайтадан Үмия әулетіне тиеді, Османның тұсында үмия әулеті бұрынғысынан да байып, бұрынғысынан да айбындана түседі. Әсіресе, Абу Суфианның кіші баласы, ағасы Иазидтің орнына Сирияға билеуші болған Мағауияның беделі тіпті күшейді. Ол Османнан кейінгі халиф, Мұхамбеттің қызы Фатиманың күйеуі, әрі пайғамбардың немере інісі Әзіреті-Ғалиді (Мұхамбет пайғамбардың әкесі Ғұбайдулла мен Әзірет-Ғалидің әкесі Әбуталип тумалас кісілер) мойындамай, дүрдараз саясат ұстайды. Әзірет-Ғали бар болғаны бес жылдай ғана халифтік құрып, 661 жылы Куфа қаласының мешітінде намазға кіріп келе жатқан жерінде «хариджидтердің» («безінгендердің») қанжарынан қаза табады. Енді ел басына Сирия әміршісі Мағауия ибн Абу-Суфиан келеді. Атақты Үмия әулетінің өктемдік дәуірі осылай басталады. Ұзақ жылдар Сирияны билеп, ежелгі мәдениеті бар жергілікті араб тайпасы кельбиттерден қыз алып, әбден сіңісті боп кеткен әрі отырықшы, іскер, сауатты қайын жұртын зор тірек тұтқан Мағауия халифат астанасын Дамаскіге көшіреді. Бұрын үлкен керуен жолындағы сауда қаласы Шам тоқсан жыл бойы ел билеген үмия әулеті тұсында бүкіл мұсылман дүниесінің астанасына айналып, атағы күллі дүниеге тарайды. Үмия әулеті тұсында мұсылман діні, араб өктемдігі Арабия түбегінен әрі асып, өзге елдерге де жайылады. Араб арғымағының дүбірі Кавказ бен Орта Азияны, Египет пен Пиренейді де тітіркентеді. Орта Азияға араб қылышы алғаш рет Мағауияның халиф кезінде тиеді. Мағауияның әскер басы Саид ибн Осман XІІ ғасырдың жетпісінші жылдары Бұқараны алып, Хорасанға әмірші болады. Ол бастап берген істі жетінші ғасырдың аяқ тұсында Амудария бойы мен Маверенахрға (Самарқанд төңірегі) бас салған Убайдулла ибн Зийад жалғастырып, Түркістанды, Ауғанстанды, Иранды, терістік Индияны дінге қаратқан атышулы Кутейба ибн Муслим аяқтайды. Олардан күллі терістік Африка мен күнгей Пиренейді (қазіргі Испания) жаулап алған Мұса ибн Нусейр де қалыспайды. Сүйтіп, Үмия әулеті, Абу Суфиан тұқымынан шыққан Мағауия І, оның ұлы Жазид І, немересі Мағауия ІІ, Мерван тұқымынан шыққан Мерван, Абу ал-Мәлік, Уәлид халиф боп тұрған кезде мұсылман діні дүниедегі ең үлкен діндердің біріне, Араб мемлекеті үш құрлыққа бірдей тараған жер жүзілік империяға айналды. Олардың тұсында көпшілігі көшпелі тайпалардан тұратын арабтар өздері жаулап алған Византия мен Кавказдың, Түркістан мен Персияның, Индия мен Египеттің ежелгі мәдениетіне мұрагер боп ғылым қуған, қала салған, егін еккен отырықшыланған мәдениетті ұлт боп қалыптасады. Араб халифатының айдыны асып, атағы жайылған да сол Үмия әулеті үстемдік құрған жылдар еді. Шам шаһарындағы жүзден астам жау шапқыншылығы мен жүзден астам жер сілкінісіне ұшыраса да, әлі күнге міні құрамай тұрған әйгілі мешіттің Үмия мешіті деп аталатынын естігенде, ойыңа осы тарих оралады. Шамасы, о да араб халифаты шаршысына толып, шалқып тұрған әлгі тұста салынса керек. Әдетте шет аймақтағы мұсылмандар исламның Қағбадан кейінгі киелі орындарының бірі — Шамдағы осы мешітті «Мағауияның мешіті» деп те атайды. Бірақ бұған илана қою қиын. Сирия әміршісі Мағауия ибн Суфиан — аса дарындылығымен көзге түсе қоймаған адам. Оның тұсында Сирияны мекендейтін жергілікті христиандардың монофизит, несториан, Маронит шіркеулерінің мұрты да шағылмағаны белгілі. Таққа отырған күннен бастап пайғамбар әулетімен шайқасып өскен Мағауия өктемдік үшін тайталасқан қырқылжың соғыстар тұсында қайын жұрты кельбиттермен бірге жергілікті христиан дін басыларын, діні жат алыпсатар саудагерлерді, грек-сирия интеллигенциясын зор тірек тұтты. Пайғамбар әулетімен әбден өштесіп алған Мағауия тұқымы тіпті Меккені жаулап алып, қасиетті Қағбаға оқ атуға дейін барды. Ендеше, Мағауия халифтың христиандардың әйгілі Юпитер храмының орнына мұсылман мешітін орната қоюы тіптен екіталай-ды. Біздің бұл күмәнімізді мешіттің төбесіндегі күмбездегі «Алла, Мұхамед, Әбубәкір, Ғұмар, Ғұсман, Хасан, Хұсайып» деген жегі тармақ жазу да күшейте түседі. Мағауия әкесі қырын қарап өткен Мұхамбет пайғамбар мен Ғұмарға да онша алып-өше қоймағанын былай қойғанда, өзі әзіреті-Ғалидың халифтығын мойындамады, оған қарсы қолына қару алып соғысты, оның Мұхамбет пайғамбардың қызы Фатимадан туған үлкен ұлы Хасанды өзі өлтіртті, ал әлгі ұлы Хұсайынды 680 жылы Мағауияның баласы Жазид І-нің жұмсауымен Убайдулла ибн Зиад өлтірді. Ендеше, сүйткен Мағауияның тек араб түбіндегі ғана емес, күллі мұсылман қауымындағы үстемдікке таласқан саяси бәсекелестері Әзірет Ғали, Хасан, ғұсайындардың атын өзі салдырған әйгілі мешіттің төбесіне жазып, көкке көтеріп, құрмет тұтуы тіптен ақылға сыймайды. Үмия әулеті Мағауия тұқымы, Мерван тұқымы деп аталатын екі тармаққа бөлінеді. Мағауия тұқымына — Абу Суфианнын үлкен әйелінен тараған Мағауия І, Жазид, Мағауия ІІ халифтар, Ал Мерван тұқымына — Абу Суфианның кіші әйелінен тараған Мерван, Абдрал Мәлік, Уәлид І халифтар жатады. Мерван тұқымы үмия әулетінің туын жыққан жоқ, Мағауия тұқымының басқыншылық, өктемшіл саясатын ұстанды. Бірақ, Мерван тұқымынан шыққан екінші халиф Әбді-ал Мәлік (685-705 ж. ж.) тұсында араб дүниесінде елеулі реформа жасалды. Жаңа халиф мұсылман діні тараған, арабтар жаулап алған елдерді одан әрі арабтандыра түсу саясатын ұстанды. Ол да бұл өзгерістерді ең алдымен халифат орталығы орналасқан Сирияға жүргізді. Мағауия тұқымы тұсында Сирияда іс қағаз жергілікті тайпалар тілінде жүргізілетін, енді бірыңғай араб тілінде жүргізілетін болды; Мағауия тұқымы тұсында мұсылмандар да, христиандар да бір шіркеуге барып, мінәжат ететін-ді, (мәселен, Дамаскідегі, Баальбектегі, Пальмирадағы Юпитер шіркеулеріне христиандар барып мінәжат қылса, мұсылмандар да барып намаз оқыған), енді христиан шіркеуі мен мұсылман мешіті өз алдына енші айырды, арабтар жаулап алған жерлерде мұсылман мешіттері көптеп салына бастайды. Ендеше, Шам шаһарындағы ежелгі римдіктердің Юпитер храмының орнында тұрған мұсылмандар әлемдегі жеті ғаламаттың бірі деп есептейтін әйгілі мешіт те сол тұста салынса керек. Мешіт ауласынан шыққан бойда шағын бақтың төріндегі аласа шаршы үйге кірдік. Ол — мұсылман дүниесінің белгілі қайраткері, крест ұстаушылар жорығына қарсы соғысқан әскер басы, ислам тарихын жазушы Салахатдиннің күмбезі. Үмия мешіті мен Салахатдин күмбезінің арасы көп болса жүз елу метр. Ал осы екі ортада төрт ғасырлық тарих жатыр. Үмия мешітінің құрылысын бастаған Бірінші Уәлид тұсында бүкіл Терістік Африка Араб халифатына қарады. Тарика қолбасшылық еткен әскер оның құрметіне Дже-баль ат-Тарик (Гибралыпар) — Тарика тауы аталған бұғаздан өтіп, Европаға аяқ басады. Бірақ осынша ұлан байтақ империяны ұзақ уақыт тұтастықта ұстау да оңай шаруа емес-ті. Бағындырылған жерлердің бірінен соң бірінде наразылық өрті өрши түсті. Ереуілшілер көбіне өз ниетін діни себептермен бүркелемейтін. Әсіресе, Әзіреті әлі төңірегіндегі талас бір тыншымай-ақ қойғаны. Ирандықтан әлі мен оның ұрпағын Мұхамбеттің бірден-бір мұрагерлері деп тануды талап етті. Олар қос өзен арасындағы сектамен тізе қосысты. Бұл секта пайғамбардың нағашы ағасы Аббастан тарайтын-ды. Сол тұқымның белгілі өкілі Абу әл Аббас 749 жылы өзін халиф деп жариялады. Оның әскері 750 жылы Дамаскіні басып алып, тас-талқан етіп күйретіп, Үмия тұқымын біржолата тақтан тайдырды. Үмия әулетінен шыққан соңғы халиф Мерванның басы алынды. үй-іші түгел құртылды. Тек Хишам халифтың немересі Абд ар-Рахман ғана аман-есен қашып құтылды. Ол 756 жылы Испанияға жетіп, кейін екі жүз жыл өткен соң мәдениеті мен саяси ықпалы жағынан күллі Европаны басып алған Кордова халифатының негізін салды. Аббас әулеті орталықты Тигр өзенінің бойына көшірді. Халиф Мансур 762 жылы жаңа астана Бағдатты салдырды. Жаңа халифатқа Харун ар-Рашидтың тұсында Византияның өзі салық төлеп тұрған. Алайда Аббас әулеті тұсындағы соншалықты қуатты мемлекет те үмия әулеті тұсындағы биікке көтеріле алмады. Ал арабтардың мәдениет саласындағы ол ғасырларда жеткен биігі, расында да, айта қаларлықтай еді. Оған мынау үмия мешітінің өзі-ақ куә болғандай. Мұндай ғимаратты салдыру үшін асқан сәулетшілік өнермен қоса тыңғылықты білім қажеттігі айтпасақ та түсінікті. Арабтар өздері жаулап алған елдердің енер, біліміне шекелерінен қарамай, зейін қойып үйрене білді. Сол арқылы көп ұзамай өздері өнер таратушыға, білім таратушыға айналды. Жиһангерлік соғыстар тұсында үш құрлықты басып өткен арабтардың жетік білген бір ғылымы — география. XІІ ғасырда аль-Идрис география оқулығын жазып, 71 картадан тұратын атлас бастырып шығарды. Олардың ішінде дүние жүзінің де картасы бар еді. XІІІ ғасырда арабтар алғаш рет глобусты ойлап тапты. XІV ғасырда араб саясатшысы Ибн Батута сол кездегі адамзат білетін елдерді түгелге жуық аралап шықты. Кіші Азия, Месопотамия, Персия, Индия, Цейлон, Бенгалия, Қытай, Суматра, Солтүстік Африка, Египет, Сирия, Шығыс және Батыс Африка, Испания... Бір адамның ғұмыры үшін және сол кездегі қатынас жолын ескергенде адам таңқаларлық құбылыс. Ибн Батута Солтүстік Европаны «түнек елі» деп атапты. Оған қарай аяқ баспапты. Бірақ, оның тәуекелі тұрмаған «түнек елін» кейін отандасы Ибн Фадлан ашты. Ол осы саяхаты тұсында Орта Азияда, Қазақстанда, Еділ бойында болып, біздің Отанымыз жайында құнды мәліметтер қалдырды. Жүйрік атты арабтар тек алыс елдерге ғана құмартып қоймай, шырқау аспанға да шұқшия зер салыпты. Құла түзде ашық аспан астында қой түнетіп өткен бәдәуилерден бастап, зәулім мұнаралардың басындағы жұлдызшыларға дейін көктегі самала жарықтардың тылсым сырларын қызыға бақылайтын. Сонау X ғасырда әл-Батани Птоломейдің қатесін тауып, күн қозғалысының заңдылығын ашты; жердің өз осінен айналғандағы ауытқу мөлшерін де алғаш рет сол арабтар айқындады. Арада жүз жыл өткен соң оның отандасы Хасан ибн әл Хайтан Эвклидтің қатесін тапты. Адам көзінен ешқандай сәуле тарамайтынын, аспан денелерінің өздері жарық шығарып тұратынын анықтады. Жер үстіндегі атмосфераның қалыңдығын алғаш рет сол дәл өлшеп берді. Оны Бэкон мен Ньютон да, Коперник пен Кеплер де, Леонардо да Винчи мен Галилей де ұстаз тұтады. Кеңістіктің сырына осынша қанық арабтардың оның өлшеміне мән бермеуі әсте мүмкін емес еді. Олардың математиканы өркендетуге қосқан үлесі де орасан зор. Арабтар жаулап алған кезде Европа әлі рим цифрларын пайдаланатын. Онда сандық мәндер белгілі бір әріптермен белгіленетін. Мұндай сандық жүйені түсіну де, ол бойынша есептеу де соншама қиындыққа түсер еді. Ал Индияда санау жүйесі басқаша бағытта дамып келе жатқан-ды. Арабтар ол жүйені әуелі әздері үйреніп, кейін бүкіл дүние жүзіне таратты. 800 жылдары Мұхамед әл-Хорезми ро жүйені одан әрі жетілдірді. Арифметикалық төрт амал мен бөлшек сандарды анықтауды түсіндіретін «әл-Кабр-уәл-мүкагәла» «Бөлшектеу мен салыстыру» атты оқулық жазды. Ол Испания арқылы Европаға тарағанда «Алгебра» бұрмаланып кетті. Сөйтіп, қазіргі пайдаланып жүрген цифрларды дес беріп, «үнді цифры» дейді. Цифр деген сөздің өзі арабтан шыққан. Сифр — бос кеңістік деген сөз. Арабтар «нел» деген ұғымды солай атаған. Содан қалған адамзат сандық мағына беретін таңбаларды цифр атап кеткен. Жиһанкез арабтар кеңістікті өлшеп үйренумен қоса, ондағы табиғи аяның сырын зерттеп білуге де көп ыждаһат бөлген. Енді араб оқымыстыларының арасынан жан-жақты білімдарлар шыға бастады. Олардың бірі — ІX ғасырда өмір сүрген әл-Кинди. Математик, физик, астроном, табиғат зерттеушісі, философ медик, музыка зерттеуші. Бұл тұста арабтарда медицина айта қаларлықтай дамыды. Оған 900 жылы ар-Рази жазып шығарған медициналық энциклопедияны айтсақ та, жеткілікті-ақ. Оның жұқпалы ауруларды зерттеу мен емдеуге сіңірген еңбегі орасан зор. Шешекті, құяңды емдеу мен бүйрек пен қуыққа түскен тастарды аластаудың тиімді әдістерін ойлап тапқан. Ар-Рази Демокриттің атом туралы ілімін жетілдіріп, ғылыми атеизмнің негізін салады. Шығыс медицинасын одан әрі жетілдірген — Әбу әли Хусейн ибн Сина. Ол он сегіз томнан тұратын «Саламат кітабында» өз заманындағы ғылым жетістіктерін тыңғылықты жүйелеп берді. Осындай кемеңгер ғалымдардың бірі — біздің отандасымыз Әбу Нәсір Мұхамбет ибн Мухаммед ибн Тархан ибн Узлағ әл Фараби ат-Турки. Өз заманының аса ірі ғылыми қайраткері болған бұл адамның өмірінің көбі осы Сирияда өткен. Денесі қаланың Бабусағыр — Кіші қақпа деген зиратында жерленген. Бірақ қабірі табылмады. Одан бері кішкентай зират ішіндегі қабірлердің әлденеше қабаты топыраққа айналып, үстіне әлденеше рет жаңадан кісі жерленген-ді. Мұндай зираттан бұдан он ғасыр бұрын жерленген қабірді іздеп табу еш мүмкін емес. Әл Фарабидің Бабусағырда жерленгенін осындағы Кеңес елшілігі қызметкерлері зираттың жерленетін кісілерді тіркеп отыратын ескі журналынан іздеп тапқан. Араб ғалымы, әсіресе араб медицинасы туралы сөз қылғанда, Дамаскідегі 1154 жылы сұлтан Нұр-ад-Дин Зеңгірінің пәрменімен салынған Нури атындағы емхана жайында айтпай кетуге болмайды. Сол аурухананың бас дәрігері Усабийяның жазуы бойынша сол жасыл желекке бөленген аса ірі емдеу комплексі болғанға ұқсайды. Сол емханада жатып сары аурудан жазылған мысырлық қолбасшы әл-Мансур Калауи Каирдан дәл осындай аурухана салуға ант беріпті. Сол уәдесінде тұрыпты. Мысыр қолбасшысының Дамаск ауруханасына келіп емделуінде аса үлкен мән бар. Ол мұнда ойнап келмеген. Атам заманғы жұрнағы да қалмаған аурухана жайында әңгіме мен қазір біз қасына келіп тұрған Салахатдин күмбезін байланыстырып тұрған — бәріміз баяғыда мектепте жүріп тарихтан оқыған крест ұстағандар жорығы. әлгі аталмыш аурухана сол жорық тұсында қолға түсіп, көп қазына төлеп әзер құтылған франк королінің қаражатына салынған-ды. Аурухана... Король... Салахатдин,.. Бұл арада қандай байланыс бар екеніне түсіну үшін тағы да тарихқа жүгінуге мәжбүрміз. Аббас әулеті тұсында араб мәдениеті мен мұсылман елдері мәдениеті бұрынғы қарқынмен өсіп-өркендеп жатқанмен, халифаттың саяси қауқары әлсіреген үстіне әлсірей берді. Оған Аббас тұқымының әлсіздігі емес, ол заманның жағдайында мұншалықты ұлан байтақ империяны бір қолда ұстап тұрардай экономикалық, саяси күштің жоқтығы әсер етті. Ежелгі шығыс тарихшысы Рашилдин айтқандай, атқа мініп күллі ғаламды жаулап алуға болатын болғанмен, ат үстінде отырып, күллі ғаламды билеу еш мүмкін емес еді. 756 жылы Испанияда Үмия әулетінің жаңа мемлекеті пайда болды. Ирактың ішінде зинджалар көтерілісі шықты. ІX ғасырдың екінші жартысында Орта Азия мен Ирак Бағдатқа мойын ұсынбады. Көп ұзамай Сирия, Египет, Палестина солардың жолын қуды. Мұндай жағдайда Бағдат халифаттары өз отандастарына сене алмады. Өз қолдарындағы билікті қорғау үшін жалдамалы түркі жауынгерлерінің көмегіне жүгінді. Көшпелі селжүк тайпасы Аббас тұқымының әлсіздігін пайдаланып, олардың қолына діни билікті қалдырып, саяси билікті өз қолдарына алды. Селжүк сұлтандары мен Фатима әулеті арасында билік үшін талас басталды. Ол таластың ең қызған жері Сирия еді. Фатима әулетінен шыққан алтыншы халиф әл Хакім 1009 жылы жаулап алынған Иерусалимді тонауға бұйрық берді. Христиан дініндегілердің киелі орындары көп зардап шекті. Бұл Батыс Европа діндарларының байбалам салуына жағдай жасап берді. 1095 жылы Оңтүстік Францияның Клермоне қаласындағы соборда Екінші Урбан папа крест жорығын бастау туралы уағыз айтты. Ол жорыққа баратындардың барлық күнәсін кешуге, тапқан олжаларын өздеріне беруге уәде етті. Сырт көзге діндарлар қозғалысындай көрінген бұл құбылыстың әралуан саяси-экономикалық астарлары барды. Европа елдерінде XІ ғасырда түгел дерлік феодалдық үстемдік орнады. Ол өнеркәсіп пен сауданың өркендеуіне жағдай жасады. Ол кездегі сауда көбінесе Шығыс мемлекеттерімен жасалды. Өздерінен әлдеқайда бай, әлде-қайда мәдениетті шығыстағы көршілеріне Европа елдері сұқтана қарайтынды шығарды. Оның үстіне 1095-1097 жылдары қатты құрғақшылық болды. Елді аштық жайлады. Жұрт шөп жеп қоректенді. Тіпті адамды адам жейтін әдет тарай бастады. Қолына қару ұстай алатындар ірі феодалдардың, шіркеулер мен монастырлардың иелігіне қол сұғатынды шығарды. Қарақшылық, талан-тараж етек жайды. Мұндай жағдайда, католик шіркеуі аш жалаңаштар мен қарулы қарақшылардың қара нөпір нөкерін теңіздің ар жағындағы елдерге айдап салудан басқа жағдай қалмады. Олар Иерусалимдегі Ғайса пайғамбарым табынатын храмды дінсіздерден босатуды, пайғамбар туып, өскен Сирия мен Палестинаны мұсылмандардан азат етуді уағыздап бақты. Жаңа елдерге жетіп, бірден байып кетуді армандаған қара нөпір, шындап келгенде, «пайғамбарым табыты жатқан» Иерусалимнің қайда екенін де білмейтін. Жол-жөнекей тап болған жердің бәрін тонап бақты. Олардың төмпешіне алдымен ұшыраған Шпейердегі, Вормстағы, Майнацтегі, Кельндегі еврей қауымдары болды. Сол беттерімен Константинопольге де жетті. Византия императоры қырып-жойып келе жатқан бұралқы топты шығысқа асырып жібергенше асықты. Азия жағалауына аяқ басқан алғашқы топты селжүктер тас-талқанын шығарып қырып салды. Бірақ шығысқа қарай жапырыла беттеген қара нөпір онымен басыла қоймады. Келесі жорықтар тұсында Жерорта теңізінің Синай Түбегі мен Антиохия аралығындағы жағалауына жетіп, Яфдзаны, Аккраны, Триполиді, Антиохияны иемденді. 1099 жылы армандаған Иерусалимдеріне де жетті. Ондағы мұсылмандарды шетінен ұстап ап, бауыздай бастады. Сирия мен Палестина жерінде бірнеше крепостнойлық мемлекеттер пайда болды. Олар жаулап алған жерлерінде крепостнойлық право орнатты. Крест жорығына қатысушылар теңіз жағалауынан алысқа ұзап шыға алмады. Басып алған жерлерінде Европа үрдісімен мықты бекіністер салды. Бірақ жергілікті халықтардың дүмпуіне бәрібір төтеп бере алмады. Мұндай азаттық қозғалысын мынау қазір қасына біз келіп тұрған шағын шаршы күмбездің ішіндегі екі табыттың бірінде жатқан Салах-ад-Дин басқарды. «Діннің ары» атанған бұл адамның шыққан тегі — араб емес, курд. Ол Фатима әулетіне сіңірген еңбегі үшін Каирда уәзір боп тағайындалады. Көп ұзамай, яғни 1171 жылы, халифты орнынан түсіріп, Сирия мен Египеттің билігін өз қолына алады да, крест жорығына қатысушыларға қарсы айқасқа шығады. Тивериад көлі жанындағы алғашқы шайқаста-ақ келімсектерге ойсырата соққы береді. Көп ұзатпай Иерусалимді жаудан босатады. Крест жорығы ұстаушылар Тир мен Тартус арасындағы аядай алқапқа барып тығылуға мәжбүр болады. Мұсылман елдерінен жолы болмай, сабаздар жол-жөнекей Константинопольдің шаңын қағады. Таланбаған жер қалмайды. Қабірдегі табыттарға дейін тінтіледі. Папаның сайыпқырандары сүйтіп өздерінің византиялық діндестерінен өш алады. Атақты Византия содан қайтып қалпына келе алмайды. Аккрадағы бекіністің 1291 жылғы жеңілісімен крест жорығы біржолата тәмамдалады. Папа сайыпқырандары жете алмағанмен, бұл жорықтың Европаға тигізген ықпалы күшті болды. Ол кезде артта қалған Европа Шығыстан көп жаңа өнер, жаңа мәдениет үйреніп қайтты. Жер өңдеуді, жаңа кәсіптерді, шыны балқыту мен мата тоқуды меңгеріп қайтты. Көптеген ғылыми еңбектер мен қыш ванналар да Европаның көп жеріне сол жолы аяқ басты. Крест жорығын тойтару Салах-ад-Динді арабтардың ұлттық қаһарманына айналдырды. Кейінгі жылдардағы отаршылдарға қарсы күресте қаза болғандар да соның күмбезінің қасына жерленді. Салах-ад-Дин аты тек Шығыста ғана емес, Батыста да кеңінен мәшһүр. Ол өлген соң жеті жүз жылдан кейін осы өлкеге аяқ басқан Германия кайзері Екінші Вильгельм Салах-ад-Динді нақышталған ағаш табытынан шығарып алып, өзі әкелген мәрмәр табытқа салып қайта жерледі. Қазіргі күмбездің ішінде екі табыттың мәрмәрі — Салах-ад-Диндікі де, оюлед ағаштан жасалғаны — жақын уәзірінікі. Үмия мешіті жанындағы терезесі ағаш шарбақтармен көлеңкеленген жатаған үйге су алып бара жатқан, бетіне перде жапқан талдырмаш қызды көрсетіп, гидіміз Джафар:
— Сирия — шапқыншылықты көп көрген ел. Басқыншы кімді аяйды, нені аяйды! Соны ойлаған ел әйелінің жүзі мен үйінің терезесін әдейі көлегейлеп ұстайды, — деді.
Әйелдердің бетін көлегейлеген перденің көбі түсіпті. Ал әйнекті көлегейлеген перделер әлі орнында. Шамасы, сириялықтар терезесіне ағаш шыбық пердені баяғыда шауып кеткен жаудың көзіне емес, шақырайған күннің көзінен қорқып ұстайтын болса керек.
Біз барған күздің өзінде 28-35 градус ыстық боп тұрды.
Мұнда жыл бойына январь мен февральдің тоғызында төрт-бес күн ғана күн суытатын көрінеді. Онда да температура бес градустан төмендемейтін сыңайы бар. Бірақ, газеттер соның өзінде суықтан кісі өліп жатқанын хабарлап тұрады деседі. Ал, қазір Дамаскіде күн күйіп тұр. Көшедегі қозғалыс азайған. Жұрттың көбі не үйлерінде, не базарда. Біз үмия мешітінен шыға сала көлеңке-көлеңкені сағалап әлдеқайда беттеп келеміз. Кенет алдымыздан сыртында ешқандай нақышы, ою-өрнегі жоқ, жер өңдес қып сазбен сыланған биік дуал тап болды. Сол сұрқай дуалдың әлдебір жеріндегі кішкентай есікке бас сұқтық. Табалдырықтан аттай бере өз көзімізге өзіміз сенбей, тұрып қалдық. Құлағымызға ен. алдымен сылдыраған су үні келеді. Қоңыр мәрмәрмен нақышталған бірнеше фонтан қақ ортада қаз-қатар тізіліп мөлт-мөлт су атып тұр. Тек фонтандар ғана емес, ішкі үлкен ауланың табаны мәрмәр шаршылармен әшекейленіпті. Саялы ағаштар мен алқызыл гүлзарлар көз жауын алады. Ауланың үш жақ қапталы аласа айвандар. Солардың арасымен мынау пейіш бағындай әдемі сарайды аралай бастадық. Ол шығыс үрдісімен екі биікке бөленеді екен. Бірі — сәлемдік, екіншісі — һарамлық. Сәлемлікке тек еркектер ғана бас сұға алған. Мұнда көбіне көп іс бабындағы мәслихаттар өткен. Ал һарамлық — күллі үй-ішілік тіршілікке арналған. Мұнда тек етене досжарлар болмаса, көлденең адам аяқ серіппейді екен. Қазір осынау әдемі сарай — Сирияны Түркия билеп тұрған кездегі өмірді бейнелейтін музей. Балауыздан кісі бойындай қып жасаған сол кездегі тұрмысты, әдет-ғұрыптық баяндайды. Бұл сарайды түрік сұлтанның XVІІІ ғасырда Сирияны билеген әкімі Асад-паша әл Әзім салдырыпты. Ол Дамаскіде бірнеше медресе, мешіттер үйлер салдырған. Соның әдемісі және біздің заманымызға өз қалпында жеткені — осы сарай. Дамаскіге жолы түсіп бара қалғандардың ешқайсысы мұнда соқпай кетпейді. Асад пашаның үй-іші мен қызметшілері тұрған осы сарайдың кең ауласы мен он-сан бөлмелері аралай жүре, біз үстеріне торғын көйлек киіп, бастарына мәлінтіп алабажақ шәлі жапқан түрік әйелдерін, тығырық бөрікті түрік қарияларын көрдік. Олар біздің өзара сөйлескен сөздерімізге түсініп қап, алыстан елендей қарап тұрды. Бір-екеуі шыдай алмай қастарымызға келді. Жөн сұрадық. Алепподан келіпті. Онда түріктер көп тұрады дейді. Біз: «Назым Хикметті білесіздер ме?» — деп сұрадық. Екі жас жігіт тістерін ақситып күліп жіберді. «Ол бізден, Алепподан.Әкесінің тұрған үйі әлі бар». Ақынның әкесі Алеппода бірнеше жыл губернатор болғанын білетінбіз. Енді олар жөн сұрады. Жөнімізді айттық. «қазақтармыз» деген жауабымызға екі жас жігіт анық түсінбей, өзара таласып қалды. Біреуі:
— Сонда түріксіздер ме? — деп сұрады. Екіншісі біздің жауабымызды тоспай:
— Түріктер. Сол жаққа бізден кеткен түріктер, — деп кимелей кетті.
Жас жігіттің қате жауабын егжей-тегжей түзетіп жатуға ол арада уақыт болмады.
— Жоқ. Сіздер бізден кеткенсіздер, — деп арқаларынан қағып, күле қоштастық. Аң-таң екі жігіт аңыра қарап тұрып қалды.
Расында, мынау Әзім сарайы тек Сирия тарихында емес, күллі Шығыс тарихында өшпес орын алған және бір айтулы заман жайында сыр шертетін ескерткіш еді. Әлгі екі жігіттің біздің тілімізге түсініп, түрімізді танып тектес санауында бір мән жатса, бізді ездерінің қазіргі Отанынан шығысқа қарай тарап кеткен тұқымдастары деп қарауында екінші мән бар еді.
Енді соған келейік:
Қазіргі Анатөл түріктерін этнографтар нәсілі жағынан ақ нәсіл евроейдтер деп, тілі жағынан алтай тілі тобына жататындар деп, мәдениеті жағынан европа мен азия мәдениетіне бірдей сіңген будан мәдениет иелері деп қарастырады. Түріктер Бұндай күйге қалай жетті? Біз бұл сұраққа жауап беру арқылы Сирияның араб халифаты құлағаннан кейінгі көп ғасырлық тарихының біраз қабатын қамтимыз. Евразияның картасына үңілсек, батыста ғарпат таулары, шығыста Хуанке өзені аралығында ұлан асыр созылып көл көсір далалар жатқанын байқаймыз. Мұндай өсімдікке жарлы шөл және шөлейт аймақта көшпелі мал шаруашылығынан басқа тиімді кәсіп табыла қоймайтыны сірә белгілі.
Содан да болар, әлгі айтылған өлке әу бастан-ақ көшпелілер мекені болыпты. Мұндағы тарих білетін алғашқы көшпенділер — Днепр мен Алтай арасындағы сан алуан обаларға сан алуан көсемдерін жерлеп қалдырған көшпелі тайпалар. Олар біздің жыл санауымызға дейінгі үшінші мыңжылдық тұсына осы арадан жан-жаққа тарай бастапты. Бірқатар Батыс Европаға, бірқатары Кіші Азияға (хеттар), Иран, Ауғанстан (ежелгі ирандықтар), Индияға (ежелгі арийлер) кетіпті. Олар Орта Азия, Қазақстан, Оңтүстік Сібір аймақтарына да аяқ басыпты. Кейбіреулері (тохарлар, астар т.б.) Орталық Азияға дейін жетіп, біздің жыл санауымыздың алғашқы мың жылдығында Монғолия мен қытайдың солтүстік-батыс аймақтарын жайлапты. Сол тайпалардың шығыс жағында тағы бір ірі тілдер тобы — алтай тобы пайда болған. Бұл тілдерде көшпелі түркі, монғол, тұнғыс-манжұр тайпалары сөйлеген. Көшпелі мал шаруашылығының экономикалық тағдырын жайылыс, жайылыс тағдырын климат, климат тағдырын географиялық факторлар шешкен. Сондықтан көшпелі тайпалар ұланғайыр географиялық кеңістікте ешқандай шек-шекараны мойындамай емін-еркін көшіп-қонып жүре берген. Тарихтағы халықтардың ұлы көшкіні ұғымды да солар тудырған. Егер Евразия біздің жыл санауымызға дейінгі ІІІ-ІІ мыңжылдықтар тұсында патшалық индоевропалық тайпалардың батыстан шығысқа қарай үдере көшуіне куә болса, біздің жыл санауымыздан аз-ақ бұрын сол қара нөпір ұлы көшкіннің шығыстан батыс аймақтарға қалай қайта оралғанының куәсі болды. Бұл ұлы көшкіннің ішінде түркі тайпалары да келді. Тарих білетін. Ішіне түріктер араласқан алғашқы көшпелілер одағы — гүндер. Гүн одағының негізгі ядросы шығыс аймақтарда монғолдардан, батыс аймақтарда түріктерден құралды. Біздің жыл санауымызға дейінгі бірінші ғасырда гүн одағының екі қанаты екі бөлек ыдырап кетті. Батыс гүндер Орта Азияға кеп, жергілікті сақ, массагет, алан секілді иран тұқымдас көшпелілерді қосып ап, Батыс Европаға тарай бастады. Батыс гүндер құрамында аландар сияқты иран тұқымдас тайпалар, ханты-мансы, утор тайпалары да болғанмен, негізінен, түркі тайпаларынан тұрды. Түріктердің тарих санасына батыс гүн одағы ыдыраған соң барып шығуының басты сыры да осында болса керек. Европаға сол тұста келіп сіңген түркі тайпаларының тағдыры тарихтан белгілі. Аварлар сан жағынан өзінен әлде-қайда көп көрші халықтардың құрамына сіңіп кетті. Суварлар немесе суваздардың аты қазіргі Еділ бойындағы түркі тұқымдас чуваш халқында қалды. Хазарлардың соңы Каспий маңында қаджар атты түркі руларын құрып, біраз уақыт Иранды билеп тұрды. Болғарлардың атын Кавказдағы өзі тектес балкарлар мен Дунай бойындағы бір кезде өздері жаулап алған славян тайпалары иемденіп алды. Сөйтіп, түркілердің Европаға келген тобы өз дербестігін сақтай алмай, бет-бетіне тозып кетті. Ал Азияда... Азияда VІ-VІІ ғасырларда Түрік қағанаты құрылып, Каспий теңізінен Хуанхэ өзеніне, Тибет шөлдерінен Орал тауларына дейінгі жерді алып жатты. Түріктер адамзат цивилизациясына өзіндік үлес қосты. Енбек бөлісудің ең алғашқы түрі боп есептелген көшпелі мал шаруашылығы әдістерін одан әрі жетілдірген солар. Ер-тұрманды, шалбарды ойлап тауып, қуатты атты әскердің дамуын жеделдеткен солар. Скифтер тұсындағы ауыр доңғалақты жайбасар арбаларды жеңіл доңғалақты жедел арбаларға алмастырған тағы солар. Доңғалаққа тәуелсіз, түйеге жүк теңдеп көшу тек жазықтықтармен ғана шектелмей, биік тау бастарындағы шыбынсыз жайлауларды игеруге қолайлы жағдай жасап, түркілер көш-қонының географиялық аясын одан әрі кеңейтті. Мұндай ойлы-қырлы жерлерде көшіп-қонуға ынғайлы киіз үй — адамзат тарихында тек түріктер ғана ашқан жаңалық. Түріктерден бұрын мұндай баспананың арбаға тігетін шатыр, қонған жерге қалқитып қолдан тұрғызатын чум сипаттас түрлері ғана болатын. Түріктер чумды алашүң деп атаған. Өйткені, әлгіндей жеңіл баспананың сыртын қолдан тоқылған теру алашамен жапқан. Анатөл түріктері осы кезге дейін күн ыстықта төбесін жауып жасайтын жеңіл күркені алашық дейді. Орыс тіліндегі «Лачуга» деген сөздің төркіні де осыдан шыққан. Біздіңше, «алаш» ұғымы да қайдағы бір алапес адамдарға да, ала-құла аттарға да емес, осы баспананың атына байланысты секілді. Скифтер арбалар жүре алатын жазықтарды ғана жайлап-қыстаса, түріктер арба бара алмайтын таулы аймақтарға да аяқ басты. Ондай қиын-қыстау қоныстарға арбаға тігіп, шатыр апармай, түйеге, атқа артып, лашық апарды. Көрші тайпалар мынау жаңа көшпелілерді шатырда тұратын өзге көшпелілермен шатастырмас үшін баспаналарының атынан шығарып алашұқ, алаш атап кетуі мүмкін ғой. Тарихта мұндай оқиғалар аз ұшыраспайды. Мәселен, орыстың «юрта» деген сөзі осы түркі тілдеріндегі «юрт», «жұрт» сөздерінен шыққаны айтпай-ақ көрініп тұр. Көшпелілер жұрт деп киіз үй тігілген жердің орнын ғана емес, сондай үйлер көп қонған ауылды, сондай ауылдардан тұратын елді де айтқан ғой. Содан келе-келе бұл сез «халық, ел» деген мағына алып кеткен. Бәлкім, алашұқ та осының кебін киіп, баспанадан елдің, халықтың атын білдіретін мағынаға ие болса, таңғалатындай не түр?! Не де болса, әу баста алтай тауларынан келген түркі тайпаларын «алты алаш», «Алтайдан шыққан алты ала», «алпыс екі баулы алаш» деген сөздің «ата», «арыс» мағынасында жүруі де кездейсоқ емес сияқты. Бір кездегі балаларымыз ер жетіп, енші алып кететін ересек балаларының бас басына отау тігіп бере алмайтындай кездеріңде оларға кереге, уық, бау еншілеуі әбден мүмкін ғой.
Жә, бұл өз алдына әңгіме.
Ежелгі түрік мемлекетінің өз тұсындағы саяси ауа райына жасаған ықпалы айта қаларлықтай болса керек. Әйтпесе, ол жайында сол кездегі қытай, армян, Византия, иран жылнамаларында соншама жиі айтылар ма еді?! Оның үстіне, олар Орхон, Енисей өзендері бойындағы құз жартастарға өздері бастан кешкен ең басты оқиғалар жайында қашап жазып кеткен ғой. Олардың адамзат мәдениетіне қосқан ең асыл үлесі де сол — ежелгі түркі жазуы. Ол жазу түптеп келгенде, ежелгі арамей жазуының бір бұтағы сияқты. Таяу Шығыстағы арамей жазуы Азиядағы согдиалықтарға, согдиалықтардан Сібірдегі түріктерге бір-ақ жеткен. Ендеше, ол жазудың да әу бастапқы Отаны осы: Жерорта теңізінің шығыс бетіндегі аймақ, ертедегі арамейлердің ежелгі ата-мекені. Түріктер ежелгі римдіктер сияқты өздерін қасқырдан тарағанбыз деп түсінген. Жаугершілік тұсында бүкіл бір рулы ел түгел қырылады. Иесіз жұртта жаңғыз бала аман қалады. Оны бөлтірігінен айырылып, азалы жүрген қаншық қасқыр емізіп өсіреді. Кейін сол қаншық қасқыр әлгі баладан он ұл табады. Ол он ұл көрші Турфандағы тохар жұртынан қыз алып, түркі тайпаларын өрбітеді. Осы аңыздың өзі-ақ түркілердің будан екенін аңғартқандай. Оның құрамында ежелгі индоевропалық тайпалардың үлесі мол болса керек. Ирандықтардың киелі кітабы «Авестада» шығыс аймақтарға тарап кеткен сақтарды «жүйрік атты турлар», олар жайлайтын өлкені «Туран» деп атапты. Кейбір ғалымдар «түрік», «түркі» сөзі осы «турдан» шықпады ма екен деген болжам айтады. Не де болса, көшпелі түріктердің тілінен, тұрмыс-салтынан өзінен бұрынғы индоевропалық көшпенділердің ықпалы көбірек байқалатыны — дау туғызбайтын басы ашық мәселе. Түрік қағанаты да өзінен бұрынғы көшпелі мемлекеттердің қайғылы тағдырынан құтыла алмады. әуелі батыс қанатқа, шығыс қанатқа бөлініп, екі ыдырады. Кейін ол екі қанаттың өздері де бет-бетіне тозып кетті. Енді бір кезде осы тозғын тайпалардың бәрінің басын біріктірген «түрік» деген жиынтық этноним ұмытылып, оның орнына өз беттерінше отау тігіп шыққан ұсақ жұрттардың — қарлұқ, қаңғар, қырғыз, қыпшақ, түркеш, ұйғыр, хақар, огүз, түрікмендердің аты шықты. Олардың да келе-келе басқа тайпаларға қосылып жаңа жұрт болып кеткендерінің — қарлық, қаңғар, қыпшақ, огүздерінің аты біржола құрып, тек жеке дара түтін түтетіп қалған қырғыз, ұйғыр, хақас, түріктер секілділердің аттары ғана біздің заманымызға өз қалпында өзгермей жетті. Ежелгі түрік мемлекетінің бұлай быт-шыт боп кетуіне оның экономикалық негізі болған көшпелі мал шаруашылығымен шұғылданатын тайпалар одағының қай-қайсысына да тән өріс ыңғайына қарай ортаға ұмтылудан гөрі ортадан қашу, ортақтастықтан гөрі дербестікке ұмтылу тенденциясымен қоса сол кездегі халықаралық жағдай себепші болды. Түркі мемлекеттерінің тиянақ тапқан жерлері — Орта Азия мен Орталық Азия. VІІІ ғасырда Орта Азия арабтар шапқыншылығына ұшырап, мұсылман дініне кіре бастады. Бірақ олар арабтар тізесінің астында ұзақ отырмады. ІX ғасырда огүз тайпалары бас біріктіріп, өз алдына хандық құрды. Олар жан-жағындағы өзге түркі тайпаларына түрткі жасай бастады. Хазар хандығы мен Еділ бойы болғарларының хандығы сол огүздер тепкісінен шыдай алмай біржолата құлап тынды. Бірақ осынша күшейген огүз одағының көп ұзамай өз басына да зобалаң туады. XІ ғасырдың орта шамасында Орта Азияға Орталық Азиядан жаңа түркі тайпасы — қыпшақтар басып кіреді. Қыпшақтар дүмпуіне шыдай алмаған огүздердің бір тобы — Киев Русі мен Византияға қарай шегінеді, екінші тобы — Хоросан мен Иран ауады. Екінші топтағылар арасында Селжүк руы ерекше көзге түседі. Сүйтіп, тарих сахнасына жаңа жұрт — түрікмендер шығады. Түрікмендер өзге огүз тайпаларынан гөрі жергілікті иран тұқымдас халықтармен көп араласып, ежелгі сақтар мең аландардың, согдиалықтар меғ хорезмдіктердің жұрнақтарын өз бойына дарытады. Сүйтіп Сырдария, Жаңадария, ғуандария бойында жүрген монголоидтерге көбірек келетін оғуздар Копетдаг бөктеріне жете бере қоңқақ мұрын ат жақты дөңгелек көз европеид сипатқа көшеді. Бұл — Бағдат халифатының аса әлсіреп тұрған кезі еді. Өз отандастарынан қолдау таба алмай қысым көріп отырған Аббас әулеті Таяу Шығысқа жөңкіліп кіре бастаған түрікмендер мен огүздерді өз мүлделеріне қызмет еткізуге тырысады. Оларға Византиямен шекаралас аймақтардан жер беріп, ол тараптан келетін шапқыншылықтарға тосқауыл жасайды. Сарайдағы әскери гвардияны да негізінен селжүктерден ұстанды. Әскери күшпен қоса саяси ықпалға да ие болған огүздер Иранды, Сирияны, Азербайжанды жаулап алып, өз мемлекетін құрады. Олар Торғауыл бек сұлтанның тұсында Араб халифатының астанасы Бағдатқа басып кіреді. Бұл кезде күнгей шығыс елдері жаңа келімсектерді басшы руларының атымен Селжүк түріктер деп атап кетеді. Селжүктер 1071 жылы Макцикерттің түбінде Византия әскерін тас-талқан етіп, император Роман Диогенді тұтқынға түсіреді. 1080 жылы Никеяны алып Мәрмәр теңізге, одан бес жыл өткен соң Смирнаны алып, Эгей теңізіне жетеді. Крест ұстаушылардың алғашқы жорығы оларға біраз уақыт бөгесін болады. Бірақ, көп ұзамай түріктер Анатолияны алып, бітеді. Олардың бұлай тез жеңіске жетуіне Византия мен Армениядағы ішкі тартыстар себепші болады. Ал ол кезде жаңа селжүк одағының ұйымшылдығы күшті еді. Сүйтіп XІІ ғасыр аяғында жаңа Рум сұлтандығы күшті мемлекетке айналды. Тек 1243 жылғы монғол шапқыншылығынан кейін біраз әлсіреп барып, қайта күшейді. Монғолдар бұл аймаққа ұзақ кідіре алмады. Ал Анатолияға монғол шапқыншылығынан қашқан түркі тайпалары келген үстіне келе берді. XІІІ ғасырдың аяқ тұсында Тигр мен Евфрат аралығына Орта Азиядан кеп қоныстанған қара қойлы, ақ қойлы түрікмендер ХГУ-ХҮ ғасырлардағы Шығыс Анатолияда аса зор саяси ықпалға ие болды. Бұрынғы Рум сұлтандарының орынында пайда болған жаңа сұлтандықтардың арасынан Осман бидің ұлысы айрықша күшейді. Осман бидің мұрагерлері бір кездегі атақтары жер жарған Араб халифатының, Византия мемлекетінің, монғолдар үстемдігінің құлдырай бастағанын шебер пайдаланып, XІV-XV ғасырда жаңа қуатты империя құрды. Ол 1453 жылы Константинопольді басып алып, өздеріне астана етті. Алты ғасырдай өмір сүрген Осман империясы Азия, Африка, Европаның біраз жерің қамтыды. Солардың арасында XVІ ғасырда жауланып алынған Сирия да бар еді. Сирия төрт ғасырдай түріктердің қол астында отырды. Ежелгі Дамаскіде әзім сарайы солай салынды. Сол сарайда бізбен жолыққан түрік жігіттерінің ата-бабалары бұл өлкеге солай келді. Бір кездегі көшпелі тайпа отырықшыланды. Ежелгі Греция, Византия, Финикия, Сирия, Египет, Кавказ мәдениетінен үйреніп, жаңа мәдениетке ие болды. Атышулы империялардың саяси, рухани мұрагерлеріне айналған жаңа жұрт енді бір кезде көшпенді болды, басқа жақтан ауып келді дегенді жақтырмайтын мінез шығарды. Орта Азия төркіндерін ататпай: «бұл жер әуелден біздің ата қонысымыз», — деген қисын таратты. Византия империясының құрамында болған ежелгі хеттарды өздеріне ата-баба санап, солардың мәдениетінен қалған жұрнақтарды өздеріне мирас тұтты. Сөйтіп, Анатөл түріктері Орта Азиядан келген болмай, Орта Азия түріктері Анатолиядан кеткен деген қисындар туды. Ұлттық сананың өсіп-жетілуінің осындай бұралаңдары болатыны әуелден белгілі. Белгілі бір ұлттардың мәдени, саяси даму жолын сөз еткенде оны жалпы адамзаттың тарихтың көкейтесті контекстінде қарастырудың керектігі де осыдан туады. Бұл ретте Сирия сияқты тоғыз жолдың торабында тұрып, тек қана бір ұлт, бір дін, бір мәдениетке ғана тән емес, күллі адамзатқа ортақ оқиғаларды бастан кешірген елдердің өткен тарихына ыждаһатпен зер сала білгеннің пайдасы зор. Ол адамзат бастан кешкен әлеуметтік даму жолдарының барша халыққа бірдей ортақ болғанын ұқтырады. Тарих ортақтығы тағдыр ортақтығын туғызады. Тағдыр ортақтығы күллі адамзат болашағы жолындағы ортақ жауапкершілікке үндейді. Адамзатты бөлінбес бір ұғым деп түсінетін гуманистік үрдіс қана ұлт пен ұлтты, мәдениет пен мәдениетті алалаушылықты білмейді. Ал отаршылдық езгі ондай алалаушылықсыз өмір сүре алмайды. Отарлаушы отарына қалай да үстемдік жасап, олардан мәдениеттірек, іскерірек көрінуге тырысады. Адамзат цивилизациясының алтын ұялары Мысырды, Элладаны, Византияны, Сирияны иемденген. Турция олардан өзін қайдан кеммін деп ұқсын! Түріктердің өз тарихын Анатолиядан іздеп, басқа жаққа көп мойын бұрғысы келмейтіндігі де сондықтан. Түркияның қол астындағы төрт жүз жыл — көпті көрген көне Сирияның ежелгі соңы да, жаңа тарихының басы да еді. Бұл төрт ғасыр — Сирия үшін мігірсіз күрес жылдары болды. әмір Фагр-ал Дин XVІІ ғасырдың басында Сирияның біраз жерін түрік басқыншылығынан босатты. Бірақ көп ұзамай, 1635 жылы қолға түсіп, Стамбулда дарға асылды. Арабтардың одан кейінгі бас көтерген кезі — XІX ғасырдың басы. Ереуілдің қызған жері — Египет. Бұл қозғалыстың басында бір кезде Түркияның окупациялық әскерлерінің құрамында Египетке барған албан әскер басы Мұхамед Али тұрды. Ол күресті Сирия өмірі Екінші Бәшір де қолдады. Бірақ, бұл түс дүниежүзілік капитализмнің жаңа күшейіп келе жатқан кезі еді. Капитализм дәмін татқан батыс Европа Араб Шығысында не болып, не қойып жатқанына сырттай қарап отыра алмады. Ол тұста араб мемлекеттері түгел, оларды тізесіне басып отырған Түркияның өзі Европа мемлекетінің қолындағы қақпақылға айнала бастаған-ды. Енді, міне, сол империалистік саясаттың салқыны біздің алдымыздан тағы шықты. Сирияның ұлттық музейінің көп экспонаттарының орындары үңірейіп бос тұр. Қалаға келген күні сейілдеп жүріп, үстіне тарғыл-тарғыл киім киген әскери адамдарға таңырқай қарағанбыз. Оның сырын енді түсіндік. Астанадан бар болғаны жетпіс километр жерде — Израиль әскері. Әлгі тарғыл киімдер маскировка боп шықты. Музей директоры сақтық жасап, ең құнды экспонаттарды жасырын қоймаларға тығып тастапты. Қалған экспонаттардың өздері-ақ тарихтың тоғыз жолының торабындағы ежелгі елдің өткені мен кеткенінен көл көсір шежіре шертеді екен. Бұл елде не жеткілікті, экспонат жеткілікті.,. Ол үшін тіпті музейге барудың қажеті шамалы. Ол үшін тек жан-жағыңа мұқият үңіле білсең болғаны. Міне, мәселен, автобус терезесінен өңмендей төніп, өзі үңіліп тұрған мынау көше... Қаланың Тура көше деп аталатын ең ұзын, ең ежелгі көшесі барған сайын тарыла түсті. Құлды бір ғажайып үңгірге кіріп келе жатқандаймыз. Тағы да тарих қойнауына сүңгіп бара жатқанымызды сезіп келеміз. Бұл — ежелгі римдіктер қаласының махаллалары тұрған аудан. Қазір ол шаһар, негізінен, жер астында. Көне тарих бізді көрмей кете ме деп, жер астынан өзі бас көтеріп қарап жатқандай, төрт бес жерде теңкиіп-теңкиіп, ежелгі қақпа мен ескі колонналардың жұрнақтары состиып-состиып тұр. Автобус ығы-жығы жұрт жиылып, жаназа шығарып жатқан армян шіркеуінің қасына кеп тоқтады. Өңшең қара киінген мынау адамдар да әлгі ежелгі тас бағандардай жер астынан өсіп шыққандай. Үн-түнсіз мелшиіп-мелшиіп тұр. Гид бізді борпылдақ құм топырақты тобығымыздан кештіріп, еңкеймей кірсең маңдайыңды соғып алатындай елеусіздеу аласа есікке бастады. Табалдырықтан аттай бере шымнан соққан жермешел залдың ішінде анталап тұрған ағаштарға көзіміз түсті. Ол залдан өткесін ылғи жезден жасалған қоқыр-соқыр қаптап жатқан екінші залға келдік. Сосын аядай ғана тар аулаға шығып, ортадағы түрлі-түсті тастардан жасалған шытымақ хауыздан су іштік.
— бұл «Мың бір түн сарайы», — деп аталады, — дейді гид.
Бұның қай жері «Мың бір түн»? Аңғарылып біз тұрмыз. Біздің сол ойымызды түсінгендей, гид ауланың оң жақ қапталындағы есікке беттеді. Алдымыздан жалт-жұлт етіп, алтын мен күміс шайып нақыштаған, ағашпен көмкеріп тастаған үлкен зал жолықты. Босағада тұрған қызметші жан-жағымызды дұрыстап қарап алуға да мұрша бермей, төргі бөлмеге оздырды. Оған еніп едік, ар жағынан жарқ-жұрқ еткен тағы бір зал тағы шақырып тұр. Залдар бірінен-бірі өтеді. Қабырғалар өңшең алтын, күміс шайған күрең ағашпен қапталыпты. Төбе де, еден де солай. Қатты күрең ағаштың бетіне әсемдігі мен нәзіктігі жағынан айтуға тіл жетпестей өрнектер салыныпты.
Ежелгі Шығыс стиліндегі жиһаздар қойылыпты.
Біздер:
— Баяғы Шахеризада да тап осындай бөлмеде тұрған шығар, — дей беріп ек, есік алдындағы қызметші:
— Бұл бөлме, шынында да, «Шахеризада бөлмесі» деп аталады, — деп жымсиды.
Біз аң-таңбыз. Дәл қазір осынау ғажайып сарайдың бір жұмбақ есігін айқара ашып, Шахеризаданың өзі кіріп келсе, сенетіндейміз. Сөйтсек, осының бәрін жергілікті шеберлер жасайды екен. Дүниедегі дәулеті асқандар осында кеп, өзі үйлерін жиһаздатып алатын көрінеді. Мынау салтанатты «Шахеризада бөлмесі» теңіз асып, құрлық асып, Нью-Йорк, Париж, Рим, Мадрид, Мюнхендегі талай баспанаға өзі кешіп баратын болып шықты. Ортасында хауыз тұрған тар ауланың терістік жағалауындағы тәпене үй — Шам шаһары зергерлері жасаған бұйымдардың көрмесі. Одан әлгі қалталылар әйеліне әйгілі Дамаск торқасының алуан түрін, өзіне атақты алтын балдақ, күміс мойнақ шығыс қылыштарын ғана емес, күрең ағашқа алтын, күміс, жезден өрнек төккен сәнді кабинет, қонақжай, асхана жиһаздарын да жасатып ала алады. Бұл — аты дүниенің көп ел, көп жеріне мәшһүр, жергілікті кәсіпорын. Мұндағы бұйымдардың бәрі бармағынан бал тамған шығыс зергерлері мен шеберлерінің қолынан туған. Кәсіпорынды атамзаманғы тоқыма станоктарынан басқа ешқандай машина жоқ. Мына кереметтің бәрін бағзы балға мен қашау жасапты. Көздің жауын алатын арқауына алтын, күміс жалатқан нәзік Шам торқалар манағы кіреберіс залдағы қиқы-жиқы дөрекі ағаш станоктарда тоқылатын көрінеді. «Мың бір түн» сарайынан шыққасын Касио тауының бір жотасына шығып, Дамаскінің кешкі көрінісін қызықтадық. Етекте әр алуан мемлекеттердің тулары желбіреген елшіліктер үйі. Әрқилы мемлекеттер бірінен-бірі асыруға тырысып, бәсекеге салынған елшілік үйлерінің қай-қайсысы да жергілікті архитектуралық стильді қатты қадағалапты. Төменде тырым-тырағай шашылып жатқан көне қала кешегі аэропорттан келе жатып қарағандағымыздай емес, біртүрлі жұмбақтана түскендей. ЬІмырт түсе маздап қоя берген самала шамдар да: «Жолаушы жігіт, біздің шаһар қалай екен?» — деп, іштеріне бір сыр жасырып тұрғандай, сиқырлана жылтылдайды. Ертеңіне терістік шығысқа қарай көлбей созылған Кассио тауларының жүлге-жүлгелерін қуалап, өрге тырмысқан тас жолды байлап, елді аралауға шықтық. Қос қапталда күн жеп тастаған сар кемік бор таулар. Оқтын-оқтын тар қолаттың әлдебір ұры жырасынан жол торыған қарақшының жең ұшынан оқыс жылт еткен алмас қанжарындай тез көрініп, тез жоғалатын жылымшы бұлақтар ұшырасып отырады. Кейде ту төмендегі табан жазықтан алақандай жасыл көгал, көк мәуе бой көрсетіп қалады. Жол жиегіндегі мыж-мыж жақпар тастардан не тауып жайылатыны белгісіз, тастан-тасқа тырмысып ешкілер жүр. Астанадан шыға бере кідіріс қылған жеріміз — Саадней. Тәпене таудың бөктеріне жапсыра қалаған қарапайым баспаналар шетінен шағын, шетінен әсем. Біреуінің қақпасын жанап, біреуінің төбесін жалап өтіп, тап-тар тау жолы ирелендейді. Сол бір сиқыршының қолындағы шыбықтай мың құбылған ирелең жолдың көріп отырғаны тек артқы жағындағы ирек түтіні мұржадай будақтаған біздің автобусымыз ғана емес. Осы бір тап-тар тау соқпақ сонау ықылым замандардан бергі тарихтың ұланғайыр ұлы сүрлеуіне ұласады. Расында да, мынау қазір біздің автобусымыздың қасына кеп үймелесе қалған қара сирақ араб, армян, грек, еврей балаларының бағзы бабалары да тап осы таудың өзінен қашап салған мұнтаздай баспаналарының тап табалдырығының алдынан өткінші өмірдің біз секілді талай жұмыр басты пенделерін ғана емес, адамзат тарихында өлмес-өшпес ат қалдырған талай саңлақтарды да тап осылай анталай қарап тұрып, талай алыс сапарларға аттандырып салған-ды. Мынау тар көшені бойлап, Жерорта теңізі арқылы ел асып, жер асып келген Европа бұйымдары ұланғайыр әл-Жазира шөлейтін басып өтіп, бір шеті сонау Индияға, бір шеті қытайға дейін жол шегетін сауда керуендері өткен. Анау етектегі кең алқаппен біздің жыл санауымыздан әлденеше ғасыр бұрын Мысыр абыздарынан перғауын атанған Александр Македонский Ніл мен Жейкунның ортасындағы ұлан байтақ өлкелердің бәрін жаулап ап, парсы абыздарынан мүйізді құдай — Ескендір Зұлқарнайын атанып қайтқан. Сонда атақты жаһангердің жер қайысқан қалың қолының қоржынында кеткен ескі грек, мысыр кітаптары араға ондаған ғасыр салып, Убайдуллах ибн Зиад пен Мүсілім ибн Күтейбаның әскерінің қоржындарында тұңғыш жұлдыздар картасы, алғашқы музыка әліппесі, медицина, математика, философия трактаттары боп қайта оралған-ды. Осынау тар жолдың бойында жауынгердің қоржынында Батыстың асылы Шығысқа, Шығыстың асылы Батысқа, талай саудагердің қалтасында Шығыстың алтыны Батысқа, Батыстың алтыны Шығысқа әрлі-берлі сапырылысыпты да жатыпты. Қойшы қазақтардың аузында әлі күнге түспей келе жатқан «Мағұрыптікі машырыққа бұйырып» деген мәтел де алғаш рет сол замандарда айтылған-ды. Осы бір тап-тұйнақтай тар жол тек патша сарайы мен патша сарайын, базар мен базарды ғана емес, ел мен елді, мәдениет пен мәдениетті де үзбей байланыстырып тұрыпты. Оның бойымен Аристотель, Платон трактаттары Туранға өтсе, Самарқан мен Хорасанның оңаша құжыраларында дүниеге келген соны қисындар мен жаңа жырлар араб арғымағының сауырында Шамға қайта оралып, теңіз өтіп Кородова асып отырыпты. Ол кезде әлі дүниеге ұрғыны да жоқ Париж бен Лондон, Берлин мен Женева кітапханаларында адамзат тарихы мен болмыс туралы ғылымның классикалық нұсқалары солай тап болған-ды. Егер ел мен елдің арасында осындай жолдар болмаса, кім біліпті, әлгі асыл қазынаның бүгіндері жұрнағын да таба алмай қалар ма едік, қайтер едік... Тап осы тар жол мынау көзге бейтаныс болғанмен, көңілге әбден таныс өлкені менің өлкеммен де — қазақ даласымен де әлденеше ғасырлар бойы жалғастырып жатыпты. Оның бойымен бұл өлкеге тек Ақсақ Темір ғана емес, атақты Әбу Нәсір әл Фараби де аяқ басқан-ды. Оның Отырардан басталған ғалымдық жолы осы Дамаскіде тамам болғанын жоғарыда айттық. Бір кездегі жолаушыларын аяқ жетпес алыс өлкелерге бастаған елгезек жол енді біздің алдымызға түсіп, көз жетпес алыс ғасырларға бастап келеді. Мың бір тағзым саған, көпті көрген көне жол! Талай қан қасап алапаттың тұсында шаң боп, ұшып жоғалып кетпей, жер бетінде әлі күнге жатқаныңа бір мың бір рахмет... Көне тарих шым-шымдап көңіліңе оралған айын төңірегіндегінің бәрі көзіңе бұрынғыдан гөрі ыстығырақ көріне бастайды екен. Таң атқалы тамсанып, таңырқап келе жатқан таңсық нәрселердің бәрі енді бір сәт етене таныс нәрсе, таныс көріністей елестеп кетті. Біз келе жатқан жол бірте-бірте төмендей берді. Жан-жақтағы көкжиек тұтас көрінді. Бірте-бірте жазық жерге шыққанымыз беп-белгілі болып тұр. Айнала теп-тегіс. Жер бетін бозтайлақтың жүнінен иіріп тоқылған түйе жүн шекпенмен түгел қаптап тастағандай. Бір өң, бір бедер. Тіпті көзің сүрінер бұта, жыра ештеңе байқалмайды. Бір кездегі кәде ме, жусан ба — бірдеңе топырақтың астынан әзер бұлтияды. Дамаскіден көп ұзап шықпай жатып, Сирияның ұлы көші басталды да кетті. Бүкіл ел осындай шөл жазықтан тұрады. Тек Жерорта теңізімен шектесетін тұста ғана енсіз жіңішке өлке таулы ағашты боп келетін көрінеді. Қалғаны осындай көз қарықтырар құба сұр дала. Дөңкиіп жатқан шағылдар да көрінбейді. Сирия шәлі — теңіз деңгейінен бес жүз-сегіз жүз метр биіктегі ұланғайыр тақтайдай үстірт. Жер бетін теп-тегіс қып қалыңдығы бір метрдей қиыршық құм тұтастыра жапқан бір өң, бір бедер боп көрінетіні де сондықтан. Өсімдікке аса тапшы. Кейбір ойдым-ойдым ойпауыт алқаптар болмаса, бұта екеш бұта да кездеспейді. әлгіндей ойпауыттарға жаңбырдан, қардан су баратын болса керек. Ұлы шел жауын-шашынға да кенде. Жыл бойы таматын ылғалдың мөлшері 50-100 милиметр шамасы. Мұндай жапан түздің ауа райы айтпаса да белгілі. Жазда ыстық қырық бес, елу градусқа дейін барады дейді. Қыстың өзінде күндіз жиырма градус, түнде он градус жылы. Мұндай шыжыған күнге не шыдасын. Шөп түгілі топырақтың өзі күйіп кеткендей. Таспадай созылып жатқан бір тілік асфальт жолдан басқаның бәрі қуырған құмдай қызғылт тартып көрінеді.
Бірақ, мен үшін бұл да таңсық емес. Таныс көрініс.
— Мынау сенің Маңғыстауың ғой!
Қасымда отырған белгілі ғалым Ақжан Машанов мені бүйірімнен түртіп қалып, теріскей жақты иегімен нұсқады. Алыс көкжиектен қаспақтанып, әлдене қарауытты. Жол бірте-бірте солай қарай бұрылып келеді. Әлгі қарайған бір-біріне мұрнынан тізіп тіркеп қойған түйелі көштей тізбек-тізбек таулар боп шықты. Жақындаған сайын адам қиялы жетпестей сан алуан кескін-кейіпке көшіп қырық құбыла бастады. Әр шоқы әр қилы елес береді. Біреуі ашынған бурадай өңмеңдеп тап бергелі тұрса, екіншісі күйсеп жатқан сары атандай бүлк етпей кербез маңқияды. Әне біреуі ну жағалауға енді жетіп жүк түсіре бастаған кемедей, жан-жағы ығы-жығы. Ал әне біреуі баяғыда бар халқын жау айдап әкетіп, адыра қалған тас қорғандай сұп-суық та, сұп-сұлық... Расында да, көзіңе талай нәрсені елестетіп осындай сеңгір тұмсықтар мен өркеш шоқылар Маңғыстауда, Ақтау мен Қаратау арасында сар кемік жарқабақтарда жиі ұшырасатын еді. Жұрттың бәрінің көздері тауда. Абажадай автобус барған сайын тарыла түскен құрдым құз қойнауға біртіндеп ене түсті. Жан-жақтан құж-құж құздар өңмендеп еңкейіп, төбеңнен төне қарайды. Кейде сүзіскен текедек тоқтаған екі құздың ортасынан оймақтай ғана тар саңылау жылтырайды. Құйрық жағына папирос қыстырып алғандай, темір мұржасын бұрқ-бұрқ сорып келе жатқан сары ала автобус ештеңеден тайынбайды. Сол тар саңылауға да қойып кетеді. Бір қапталымызда етектен тау басына дейін кітап жиғандай үйлері бірінің үстіне бірін текшелей тұрғызған ғажайып қала жатыр. Қапелімде өз көзіңе өзің сенбейсің. Бұл — Малули қаласы. «Малули» — Ғайса пайғамбар сөйлеген арамей тілінде «шетсіз-шексіз кеше» деген сөз. Қазір дүние жүзінде арамей тілінде сөйлейтін үш-ақ елді мекен қалыпты. Оның біреуі — осы Малули. Малулидің «шетсіз-шексіз көше» атануы да тегіннен тегін емес. Онда жүріп келе жатқан көшең, зер салып қарасаң, астыңдағы қаз-қатар үйлердің төбесі боп шығады. Жер бетіңде көп қабатты үйлері көп қалалардың жеткілікті екені, сірә, белгілі. Ал көп қабатты көшесі бар қала — жаңғыз осы Малули. Шынына келгенде, сонау тау басынан төмен қарай саты-сатылап ирелендеп төмен түсіп келе жатқан жаңғыз кеше. Малули — дүние жүзіндегі ең ежелгі қалалардың бірі. Ғайса заманында оның жолын қуғандар Рим империясы әкімшіліктерінің зобалаңынан қашып кеп паналап отырыпты. Олтурасында халық аузында мынандай аңыз бар екен. Такла деген патша ғайса жолын ұстанған жалғыз қызынан безініп, оны дарға асуға бұйырады. Қыз туған қаласын тастап, құла түзге қашады. Жасақшы қалың әскері соңынан қуып береді. Қашқын қыз осы араға жеткенде қарсы алдынан андыздап тұрып алған тауларды көреді. Тәңірге жалбарынып, жылап жібереді. Сонда иін тіресіп тұрған құз жартастар қашқын қызға қарс айрылып жол беріп, ол өтіп кеткесін, қайтадан тұтасып, қасқиып тұра қалады. Қуғыншы әскер лажсыз кері қайтады. Шынында да, жол білмейтін жат елдік әскердің мынандай үңгір-үңгір тар қойнауға батылдары барып кіре қоюы да екі талай еді. Бағзы әскердің батылы жетпесе, жетпесін... Біз отырған сары ала автобустың белі қайқаңдап, тау басына шықпай тоқтайтын түрі көрінбейді. Жан-жағымызға ентелей қараймыз. Қайса жолын қуғандар мұнда бекер қашып жүрмеген екен. Айнала үңірейген ұры кеуектер. Жақпар-жақпардан тамшылап су ағып жатыр. Тау басына шыққасын, анадай жердегі қатқыл жазықтан ернекке қарай құлдырай құлаған тастақ жүлгенің бойында бұдыр-бұдыр табиғи тастардан қалай болса солай қарай салған тәпене үйге көзіміз түсті. Балақырын тізесінен жоғары шиыршықтап орап алған екі-үш қара бала құйрықтары шошаңдаған бір үйір ала құлақ лақтарды сол үйдің қасынан өргізіп, жүлденің арғы бетіне айдап шықты. үйдің қасындағы бұдыр тастардан қалай болса солай өре салған шаршы ауланың іші ешкі мен қойдың құмалағынан аяқ алып жүргісіз. Бір жағын тасқа бастырып, екінші жағын ысқыланбаған тақтай таяқшаға байлаған кендір жіптің бойында сәбидің жөргегі болу керек, әлде бір шүберектер жайылыпты. Консерыден босаған қалбырдан құйрығы селтиген қарақұлақ кішкене күшік шылп-шылп су жалап жатыр. Есіктің қарсы алдына кеп тоқтаған автобустан түсіп жатқан біздерді көріп, шаштарын желкелерінен асырмай дөңгелете қиған орақ тұмсық, сидаң қара торы әйелдер бір-біріне ым қағысып, сыпсыңдаса қалды. Олардың не дегеніне біз түгілі, тілмашымыз Джафардың өзі түсінген жоқ. Қайса сөйлеген арамей тілі сол. Тар ауладан өтіп, үйдің астына үңгіп құлаған тас сатымен төмен түсіп келеміз. Біреу баспалдақтың тап қасына примусты гүжілдетіп қалайы шәйнек асыпты. Бұл — әуелде пұтқа табынатындардың пірі Ярхай әулиенің мазары. Кейін Саркис шіркеуі атанған киелі орын. Христиандардың ең алғашқы мінәжат орындарының бірі. Шіркеу бар болғаны екі-ақ бөлмеден тұрады. Бөлмелерді қақ ортадағы дорий стиліндегі гранит бағандар бөліп тұр. Төргі бөлмеде дүние жүзіндегі ең ескі төрт михрабтың бірі сақтаулы. Қалған үшеуінің біреуі — Стамбулда, екіншісі Иерусалимде, ал үшіншісінің қайда екенін жол бастаушымыз айтып бере алмады. Мынау жұпыны екі бөлме — христиан дүниесінің ең киелі орнының бірі. Ал, анау ежелгі михраб Ғайса пайғамбардың көзін көрген. Шіркеудің екінші қабаты кейін салынған. Ол — тауап етуге келгендер тоқтайтын қонақжай. Тепене үйдің дәл іргесінен басталатын жылмағай саты баспалдақтармен төменге беттеп келеміз. үлкен тай қазаннан аумаған тас қойнаудың беткей-беткейі індігештей быжынап жатқан көп үңгір. Ғайсаның соңынан ергендер сол үңгірлерді паналаған. әр жер әр жерден жылымшылап, су ағып жатыр. Су табаны мүктеніп көгеріп кетіпті. Осы арада ойыма тағы да Маңғыстау оралды. Онда да тап осындай қазан шұңқыр тас қойнаулар ұшырасатын. Досан батырдың зіркілдеген зеңбіректерден жаны қысылғанда:
Маңғыстаудың ойында үш жүз алпыс әулие, Бәрің сайтан болмасаң, қолтығымнан бір сүйе, — деп жалбарынатын әулиелері де тап осындай тығырақ қойнау, қия шатқалдарға, құз жартастардың ұшар басындағы өрнектерге салынушы еді. Оларға да тап осылай жаңғыз аяқ тас сатымен тағы бір бұрма жол арқылы енетінсің-ді. Олар да осындай тау қойнауын үңгіп салған бір-екі бөлмеден, тауап етуге келгендер тоқтайтын қосалқы бөлмелерден тұратын-ды. Сайып келгенде, бір-біріне ең бір жұлдызы қарсы, ең бір кешірімсіз идеология — діннің өзі адамдардың сенімі мен өнерінің арасындағы түп байланыс, түп туыстықты ажырата алмаған екен. Әуелде пұтқа табынатындардың киелі орны кейін христиан шіркеуіне, сосын мұсылман мешітіне оп-оңай айнала қоятынының сыры да содан болса керек. Тау басынан алқынып түскен біздерге Малулидегі әйелдер ғибадатханасы саясын тосты. Ғибадатхана иесі егде бәйбіше бізді күнде көріп жүрген кісідей күлімсіреп қарсы алып, амандасып, құрақ ұшып жүр. Қара киініп, беттерін ғана ашық ұстаған тақуа қыздар арғымақ аттай сымбатты сұлу мүсіндерін бұлт-бұлт ойнатып, ойқастай басады. әшекейлі мыс табақтарға салып әкеп сигарет, сувенир ұсынады. Шыдамсыздау жағымызға дәретхананың қайда екенін, қол жуғыштың қайда екенін иектерімен нұсқап көрсетіп, жымсия күліседі. Неге екені белгісіз, есіңе Бокаччоның «Декамероны» түседі.
Қалжыңбас Ақаң қарап отырмай, құлағыма:
— Осында бағбан боп қалып қоймайсың ба? — деп сыбырлайды. Біз ғибадатханада азғантай уақыт тыныстап, ыстық басып, тағы да жолға шықтық.
Әлгінде ғана көшесінде жүрген Малули қатпар таулардың әлдебір қабатына сіңіп, жоқ болды. Бірте-бірте алыстап барамыз. Жердің сұры өзгерейін деді. Шағылдар болмағанмен, тобық жабатындай қауқары бар құмақтар көбейді. әр жер әр жерде секпіл-секпіл боп бірдеңе өсіп тұр. Қарауытып көрінеді. Тікен-тікен қаңбақ екен. Біздің қаңбақтардай қозы бөріктеніп өспепті. Селдірлеу, сидалау. Европа авторларының талайы жазған «иерихон райханы» осы. Ертең күзді күнгі желдердің тұсында мына жалан түзді қуалап, бет-беттеріне безіп береді. Қаңбақтардың кезіккені ұлы шөлдің ыстық лебінің күшейе бастағаны. Бірақ мына автобусты жасаған батыс германиялық инженерлер араб шөлінің ол мінезін де ескеріпті. Төбе — тұп-тұтас тоңазытқыш. Содан түтік бойлап ағып, қол созым жердегі шүмекті бұрап қалсаң, саулап қоя беретін мұздай су ішсең, шекеңнен барып бірақ шығады. Енді жол-жөнекей ұшырасқан сирек қыстаулар манағы Касио тауларындағы елді мекендерге атымен ұқсамайды. Тастан салған үйлер күрт азайып, шикі саманнан салынған бәкене үйлер көбейіп барады. Қастарында малдың құмалағынан қолдан илеп жасаған дөңгелек жапалардың үзінділері тұр. Дарақ, желек атаулыдан атымен жұрдай, тыр жалаңаш. Қыстау шетіндегі шаңдақтарда аяқ-қолдары сереңдеп, түйелер аунап жатыр. Бұл жақтағы түйелер шетінен жалғыз өркеш нарлар. Айыр өркеш түйелер атымен кезікпейді Оларға қарап, Гобидің шөлінен тараған қос өркеш інгендер бұл тарапқа әлге дейін жете қоймағанын, ал араб шөлдерінен тараған нар маялардың сонау Орал тауларына дейін барғанын ойлап келем.
Түйелер кезіккен сайын, терезеге тақау отырған Джафар:
— Ромадан! Ромадан! — деп бір қопалап қояды,
Қазақтарда адамдарға қойылатын Ромадан есімі арабтардың «нар» деген сөзінен шығыпты. Кім білсін, бір кезде Хорасан беттен Орал тауының бөктеріне ауып барған Рамадан руы да осы нарларға байланысты емес пе екен... Бәлкім, нар мінгендер деген сөз шығар... Бұл өзі бір батыс жақтан отырықшылық, шығыс жақтан көшпелік бетпе-бет кеп тарпысып, бірін-бірі жеңе алмай ит жығыс тұрған әрі-сәрі аймақ секілді. Анау олпы-солпы саман үйлерді тап манағы тау арасындағы тас қашағандардың ұрпағы салмаған шығар. Шөккен түйедей дөңкиген сырт келбеттері де бір кездегі бәдәуилер ұрпағының қолынан шыққанбыз деп тұрғандай. Кенет жол қапталынан қырғынның орнындай қан жоса боп көрінген қиыршық тасты жатаған бұйраттар ұшырасты. әр жер әр жерде теңкиіп-теңкиіп бірдеңелер көгерітті. Сөйтсек, олар қарбыз екен. Жолдың қыр көзіндегі мосы күркеден сыртқа қарай көсіліп тастап қарбыз тіліп жеп отырған қара сақалды қапсағай араб біздің көзімізді қызықтырғысы келгендей, ұртын бұлтитып, басын шайқап-шайқап қояды. Көз ұшынан әлденелер қарауытты. Жақындаған сайын ұлғая түсті. Ол — Сирияның Дамаскіден кейінгі екінші үлкен қаласы Хомс. Ол да ежелгі шаһарлардың бірі. Бір кездегі Шығыс Рим императоры ІІІ Септимус осы Хомстан шыққан Юлия Донна деген дәулетті әйелге үйленіпті. Кеше ғана Хамидие базарының қасынан жұрнағын көрген Юпитер ғимаратын ол Септимус салдырғанды. Бірақ, Холмсты қазіргі кескініне қарап, ежелгі қала дей қоюңыз қиын. Шаһардағы жұпыны үйлер ежелгіліктің емес, әліде әлі түгел жойылып біте қоймаған кедейліктің белгісіндей. Қаланың күнбатыс бетінде самсаған айқыш-ұйқыш құбырлар күнге шағылысып, жалт-жұлт етеді. Ол — Таяу Шығыс мұнайын батыс елдеріне жеткізетін Петролеум компаниясының мұнай айдау орталығы. Хомс — ежелден суармалы егіншілік орталығы. Оған Эль-Аси өзені бойындағы ежелгі бөгет куә болғандай. Қазір Евраттағы су қоймасын салып жатқандардың негізгі штабы осы Хомста. Бізді орталық мейманхананың алдынан немересін жетектеген орыс әжей шығып қарсы алды. Сөйтсе, әлгі құрылысқа келген совет мамандары түгел дерлік Хомста тұрады екен. Біз мана жол-жөнекей керген жұдырықтай-жұдырықтай ала түйнектердің дәмін Хомс ресторанында таттық. Суға тапшы тандыр далада өскен қарбыз қанты мол, аса тәтті боп шықты. Тағы да — азғантай аялдама. Тағы да — жол, Ендігі бағытымыз — терістік батыс. Көп ұзамай жолдың екі бетінде быжынап жатқан көп қой тасқа тап болдық. Олар біраз қапталдасып отырды да, тағы да бір көгал оазиске құлағанда барып таусылды. Төңірегіміз — жота-жота көк ала бұйраттар. Кешкі ымыртта сия төгіп тастағандай көк нілденіп көрінеді. Мұнда аңызақ аптап соға қоймағандай. Жап-жасыл. Көкпеңбек. Жерорта теңізінің жақындығы ашық терезеден лүп ете қалған майда самалдан білініп тұр. Көгал қақ төрдегі биік-биік шоқылардың басынан ақ шаңқан қыстаулар жарқырайды.. Сондай сәңкиген бір тұмсықтың басына иреңдеген тар жолмен көтеріліп келеміз. Жүріп келе жатқан тас жолымыздың өзі осыдан жеті ғасыр бұрын төселіпті. Алдымыздан — мұхит деңгейінен жеті жүз елу метр биік шоқының басына абажадай кене қамал қарауытты. Түр-түсінің өзі-ақ: «Мен араб шығысына абайсыз келіп қалған бөтен құрылыспын», — деп тұрғандай. Аты да — Крак де Шевалье (Сайыпқырандар қамалы). Крест жорығы тұсынан қалған жұрнақ. Расын айтсақ, Сирия мен Ливанда біз керген әскери қамалдардың ең үлкені де, көп қирамай-бүлінбей дұрыс сақталғаны да сол екен. Оған төрт мың атты рыцарлар жайғаса алады. Тас қорған екі жүз жылдан астам уақыт салыныпты. Ең әуелі астыңғы қабатта екі жаққа екі тосқауыл коридор тарайды. Онда атты әскер тұрады. Сосын түпте ең соңғы үшінші тосқауыл коридор бар. Қорғанның ортасында, қамалдың жау ала қалса, ат-матымен құлап өлсін деп жасалған, қашан ернегіне тірелгенше көрінбейтін ұшпа көл жатыр. Ол әлі күнге дейін сол күйінде сақталыпты. Қапелімде байқамай қалып, аңғырттау туристердің талайы ұшып өліпті. Қамалдың бұрыш-бұрышындағы мұнаралармен екінші қабатқа көтерілесін. Онда әскерлердің жатақханасы, асханасы, сауық залы, қабылдау залы, мінәжат залы орналасқан. Бір кезде үстіне талай қан, талай шарап төгілген Ханшайым мұнарасы тұр. Одан төңіректегі отыз-қырық шақырым жердің бәрі көрінеді. Терістік батыста Жерорта теңізінің қойнаулары мұнартады. Көз алдымызда кешкі ымыртта көк сәулеге бөленген көл-көсір алқап көлбеп жатыр. Византия императоры Ираклий арабтардан жеңіліп, Константинопольге қашқандағы «ғайран, Сирия, жауға қияр жер ме едің!», — деген әйгілі сөзін тап осы көк қойнауларда бара жатып айтқандай. Тас қорғанның төңірегінде дұшпанды тұтқиылда үстінен түсіріп қапы қалдыратындай қалтарыс жол, нағыз найза биіктің басы. Жау дарытардай жер емес. Крест жорығының басшылары қамалды қандай жерге салуды әбден жақсы білінтті. Алайда, жау дарытпас қорған, оқ дарытпас батыр бар ма?! Ол да тізе бүгіпті. Биіктің басындағы тас қорғанға жете бергенде, қақпаның алдында тұрған екі-үш араб жігіті бір топ қазақтарды көріп, естеріне түсті ме, бізге қамалдың маңайындағы мәрмәр тақтаны көрсетіп: «Сұлтан Бейбарыс Мамлюк!» — дей берді. Ақан, профессор Ақжан Машанов, тақтаға үңіліп еді, шынында да Сұлтан Бейбарыстың аты жазулы болып шықты.
Бейбарыс...
Манғұлдар басып алған жерлерінде, әсіресе, өздері секілді көшпелілерге тырнағын қаттырақ батырды. әрдайым малға, өріске таласып қалған көшпелілер психологиясы үшін ол заңды құбылыс еді. Маңғұлдар жаулап алған территорияның ең үлкен бөлігін қыпшақтар жайлайтынды. Басқыншылар оларды бір шетін сонау қиыр Шығысқа, екінші шетін Альпы тауларынан асырып, тоз-тоз шашыратып жіберді. Флоренция мен Венецияда дәулетті үйлерде қыпшақ қызметші ұстау үрдіске айналды. Атақты саяхатшы Марко Полоның үйінде де Петр деген қыпшақ қызметшісі болыпты деседі. Ал, мұсылман билеушілері өз сарайында қыпшақ гвардиясын ұстауды айрықша бәсеке көріпті. Ондай әскер, әсіресе, шығыстан маңғұл, батыстан крест жорығына шыққандар қоқан-лоқы жасап тұрған Египет пен Сирияға тіптен керегірек еді. Қыпшақтан өзге де түркі тайпаларынан шыққан жігіттерден құралған мамлюктер гвардиясы 1258 жылы Бағдатты, Иранды алып, Таяу Шығысқа тап-тап берген маңғұл ханы Хулагудың әскерінен Сирияны қорғап қалды. 1291 жылы крест жорығына шыққандардың соңғы қамалы Аккраны алып, оларды Сирия жерінен біржолата қуып шықты. Біз гидтен Сұлтан Бейбарыс жайында сұрағанда: «Ол Салахатдинмен бірге крест жорығына шыққандарға тойтарыс берген», — деп еді. Елге келіп, тарихи мәліметтермен салыстырғанда, ол жауап жаңсақ боп шықты. Салахатдин крест жорығына қарсы XІІ ғасырда соғысыпты. Ал, Сұлтан Бейбарыс тарихи аренаға XІІІ ғасырда келіпті. Ол 1250 жылы сарай маңындағы мамлюктер гвардиясының басында тұрған кезінде Египетте төңкеріс жасап, өкіметті өз қолына алады. Каирде мамлюктер гвардиясы тұрған Орда деген аудан болыпты. Сол тұстағы Египет чиновнигі эль-Омари: «Олардан (түріктерден) шыққан патшалар өз қандастарына көбірек қарасты. Египетті соларға толтырып, елді жан-жақты тек соларға қорғатуға аянбай күш салды. Олардан мемлекеттік кеңестің талай жарық жұлдыздары жиналыс басшылары, Египет жерін билеушілер шықты», — деп жазады. Автордың айтуынша, мамлюк шонжарлары араб әдет-ғұрпын менсінбей, өз дәстүр-дәмін сақтапты. Олар үйлерінен шығарда көшеге әуелі қыпшақтарша киініп, қыпшақтың күй аспаптарында ойнайтын музыканттарға бастатып үш жүз салт аттыны шығарыпты. Нілдің жағасында қыпшақы күймемен қыдырыпты. Сұлтан Бейбарыс сарайындағы қонақасыларда жұртқа қазы-қарта асатып, қымыз ішкізіпті. Міне, «Крак де Шевальенің» қақпасының маңдайындағы мәрмәр тақтада, орыс жылнамаларының айтуы бойынша, Атырау төңірегіндегі қыпшақтардан шығып, құлдыққа сатылып барып, сонау Египетті билеген сұлтан Бейбарыстың аты жазулы. Ендеше, «Крак де Шевальде» де — крест жорығының ең соңғы тізе бүккен қамалдарының бірі. Сұлтан Бейбарыс Сирияны крест жорығынан азат етіп, өзінің Египетпен қоса Сирияның да әміршісімін деп жариялайды. Гидтің айтуынша, Бейбарыс кейін Салахатдиннің ізін қуып, сұпылық құрған көрінеді. Олай болуы әбден мүмкін, атақты жауынгердің моласының қайда екенін ешкім білмейді. Мамлюк сұлтанының ақырғы күндерінің жұмбақ құпияға, аңызға айналып кетуінің сыры да оның сұпылық жолын ұстауымен байланысты болуы да ғажап емес қой. Мәрмәр тақта Сұлтан Бейбарыс бұл қамалды 1271 жылы салғанын мәлімдейді. Демек, ол бұл қамалды сан рет қамап ала алмай өкініште кеткен Салах ад Дин дүние ауғасын сексен жылдан кейін келіп алған. Салах-ад Дин крест жорығына тойтарыс беріп аты шықса, Бейбарыс крест жорығына қатысушыларды араб жерінен біржолата аластап, екінші жақтан тап берген жаңа басқыншыларды — монғол әскерін алғаш рет тоқтатып, Ефраттан әрі асырып, кері шегінтіп тастағанымен тарихта қалды. Енді, міне, бір кезде Атырау маңындағы ауылда туып өсіп құлдықта кеткен қыпшақ баласы мен сол қыпшақтардың сол Атырау маңындағы ауылда туып-өскен бүгінгі ұрпағының кездескен жері мынау жат өлкедегі тас қамал болды. Кіре беріс қақпаға қадалған қара мәрмәр тақта бұл қамалдың Сұлтан Бейбарыс тұсында қайтадан қалпына келтірілгенін баяндайды.
Атақты қол басшы неге өйтті?
Өзі алған қамалды өзі неге қалпына келтірді?
Бұл — жұмбақ мәселе. Бәлкім, өзінің қандай қамалды алып, қандай жауды жеңгенін көрсеткісі келген шығар. Әрине, әйгілі әмірші ол мәрмәр тақтаны бұл өлкеге өзінен кейін соғатын өзге әміршілерге сес көрсету үшін қақтырды. Бірақ, маған сол алақандай мәрмәр тақта мынау ұлан асыр кең дүниеде, ұлан асыр уақыт төрінде ештеңенің із-түссіз жоғалып кетпейтінін ескертіп тұрғандай көрінді. Кім біліпті, баяғыда Атырау маңындағы бейбіт ауылды жатаған жабы мінген қалың жау кеп қаптай шапқанда, тұтқында кеткен көп мақұлықты арттағы жұрты тірідей өлдіге санап, торыққан шығар. Енді, міне, сол басқыншының алдында босқыншы боп ел асып, жер асып Африкадан бір-ақ шыққан мұңлық құл тарих төрінен бір-ақ шығып тұр. Міне, мынау қара тақта ұрпақ пен ұрпақты, өлке мен өлкені ұштастырған аяулы тәбәріктей көзге ыстық, көңілге майда тиіп барады. Атақты батыр мынау төріне тажал жасырған тас қорғаннан баяғыда емес, тап осы қазір түсіп, тап мынау американ, неміс лимузиндері быжынап тұрған тас алаңқайда өзін тыпырши тосып тұрған қалың сарбазына кеп, құлағын қайшылаған асау тұлпарына тақым басып, мынау жан-жақтан тықсыра қоршап келе жатқан тылсым қараңғының қойнына бір-ақ сүңгіп жоғалғандай. Айналаға елендей қараймыз. Анау етектегі азғантай сұйқылт шамдар — Эль-Хоси қыстағы. Оның тұрғындары көпке дейін мынау қамалдың қуыс-қуысын мекен еткен. Мемлекеттің тарихи ескерткішті босатып, оларға дербес баспана алып бергендері осы жақында ғана. Анадай жердегі қарауытқан қалың шоғыр — әуелі Георгтың монастыры. Император Юстиннаның тұсында салынған. Сонау көрінетін — Ғалаат әл-Бейда. О да крест ұстаушылар қамалы. Олар қорғандарды бірінен бірі көрініп тұратындай қып, жақын-жақын салған.
Гидтің ендігі сөзі құлаққа кірмейді.
Кеш неткен әсем еді. Бәлкім, баяғыда атақты батыр мынау тас қорғанмен қоштасып аттанған күні де кеш тап осындай тымық болған шығар. Ол күні де анау бөктердегі жымпиған төбешіктің басынан ысқырынып-пысқырынып, ала бас қойлар өрістен қайтып келе жатқан шығар. Ол күні де ала көйлегінің етегі мен іш киімінің балағын далаңдатып түсіріп жіберген бір араб шал қой соңында маңқиып қарап тұрған шығар. Ол күні де жол езуінде жарбиып ала шатыр тұрған шығар. Ол күні де шатыр алдында алаулатып от жағып жатқан қырық өрім бұрымы иығынан жапырыла құлаған талдырмаш қыз жол бойынан өтіп бара жатқандардың ешбірін менсінбей тұрғандай, қабағын түйіп шекелей қараған шығар. Ол күні де қап-қара түннің әлдебір жерінде сенің не ойлап, не қойып келе жатқаныңды аңдып отырып, сені тереңге тартып бара жатқан тұңғиық қиялдан сейілтіп жібергісі келгендей селк еткізіп, аяқ астынан байғұз шықылықтаған шығар. Осы бір қалтарыс пен қараңғыдан ғана сес беретін бейуақ құсы не деп шақырады екен?
Адамдардың алаң көңілін неге аударғысы келеді екен?
Кім біліпті, қалтарыстан шақ-шақ ете қалатын қапия құсы ол күні де, бүгін де: «Е, бұл дүниеде көп нәрсенің өзгеріп, көп нәрсенің күйрейтіні рас. Көп нәрсе көзден біржолата ғайып болады. ұсақтар бейсауат өрбіп, бейсауат өліп жататын бақа-шаян, құрт-құмырсқадай оңай ғайып боп, оңай ұмытылады. Ал, тас екеш тастың да өрісі, жаңа ғана өзің көріп жатырсың ғой, оп-оңай уатылып, оп-оңай үгітілмейді ғой. Тастың кесегінің өзі соңдай өміршең болғанда, істің кесегі неге өміршең болмасын! Кесек іс істеген адам қырық жыл қырғын келсе де, ұмытылмақшы емес, ұмытылмақшы емес!» — деп қақсап тұрғандай. Қою қараңғының құшағында әлдеқайда жол тарттық. Терезеге қарасаң — мөлттей қара түн. Жыпырлаған жұлдыздар. Аспан шырақтары тап сол баяғы орындарына тапжылмай, қадала қалыпты. Анау — Темірқазық. Анау — Ақбоз, Көкбоз. Анау — Жетіқарақшы. Тап біздің ауылда да тап осы тұстардан самсап шыға келетін еді. Мұнда да солай екен. Жер үсті тіршіліктің қайда да бірдей екенін осы жұлдыздарға қарағанда ұғасың. Осындай ұланғайыр шөл далаға жаратылған баяғының жел маясындай көшелі автобустың алып моторы бір сарынды гуілінен танбай, жүйткіп келеді. Салонының ішіне төбедегі ұзынша плафондар көгілдір сәуле төкті. Күні бойғы серуендерден қажыған жұрт орындықтарының арқалығына шалқалай құлап көздерін жұмып алыпты. Әлдебір уақытта алдымыздан сұйқылт жарық көрінді. Жол жиегінде серейген-серейген әлденелер қарауытты. Көп ұзамай автобус кілт тоқтады. Жапатармағай сыртқа шықтық. Ұйқылы-ояу жұрт бір-бірінен:
— Не болды? — деп сұрайды.
Шамасы, машинаның әлдебір жері сыр шығарып, тоқтаған шығармыз деп ойласа керек.
— Келдік, — дейді шофер жақын тұрған біреуден сигарет сұрап. Жел ызынап тұр. Аяғымыздың асты борпылдаған құм топырақ. Анадай жерде терезесі көмескі жылтыраған аласа бір қабат үйдің ішіне кірдік. Тәпене зал. Кіре берісте оң жаққа бір коридор, сол жаққа бір коридор тарайды. Залдың ішіне ұзын-шұбақ столдар қойылыпты. Қабырғалары жағалай орналасқан тайпақ дивандарға қолдан тоқыған кілемдер жабылыпты. Мөлттей қара сақалды орақ мұрын кісі құрақ ұшып жүр. Бір-екі сыптығыр жас жігіт кеп ортадағы столға тағамдар қойды. Жол соқты боп қалған біздер не ішіп, не қойып жатқанымызды да білген жоқпыз. Әйтеуір қарсы қабырғадағы нәркес көз, қиғаш қас, қыр мұрынды шығыс әйелінің майлы бояумен баттастырып салынған олақ портретіне көзім түсті. Бұл кім екен? Ол арада сұрастырып жатуға мұрша болмады.
Тамақ ішіп болғасын әлгінде бізді қарсы алған орақ мұрын қара сақалды кісі бөлме-бөлмемізге бастап апарды. Жұпыны номерлер. Кереуеттерінің көбінің ортасы ойылып, төмен түсіп кетіпті. Біз оларға қалжыңдап, «саркофаг» деп ат қойдық. Шам сөндіріп жатып қалдық. Шабақтап жасалған ағаш перденің ар жағынан айдалада қашып қалған бір топ бұралқы иттей ауыз жаппай, жел ұлиды. Арабтардың ұлы шөлінің алыстан жеткен мұңлы сарынын тыңдап жатып ұйқыға кеттік. Таңертең тұрсақ, жел басылыпты. Біз тоқтаған мейманхана бір жайпауыт құмдақ жалдың басында екен. Қарсы алдында бағзы заманнан қалған тас бағандар самсайды. Терістік пен батыс жақта қоңырқай жоталар түнереді. Төмпек шағылдың басындағы жұпыны мейманхана, жаңа қала, ескі қала деп екіге бөлінетін екі қаланың екеуіне де жатпайды екен. Ескінің қыр көзінде — ескі қала, ал көк желкесінде — жаңа қала. Ескі қаладағы бағзыдан қалған бағаналар жұрнағы әлі күнге төбесімен көк тірейді. Ал жаңа қаланың жатаған үйлері құмға аунаған қоспақ түйедей жер бауырлап жатып алыпты. Алты мектебі (оның төртеуінде қыздар оқиды), бес мешіті, бір шіркеуі, он бес мың халқы бар жаңа қаланы аралап шыққасын, тағы да бағзы қалаға бағыт түзедік. Ескі шаһарға саяхатымызды ең әуелі сол ескі тұрғындары жатқан жайлардан бастадық. Ескі жақтан мыж-мыж шоқылар қоршаған тар қойнауда әр жер-әр жерден тас мұнаралар қарауытады. Олар — мұнара-зираттар. Зираттың мұндай түрін біз алғаш рет тек осы жерде ғана көріп тұрмыз. Мынау тар қойнаудың аты — молалар алқабы. Біз алдымен барып көрген алты қабат алып мұнара — Иллабел әулеті жерленген зират. Бір мұнараның қабырғасына төрт жүз кісі жерленіпті. әр мүрде қойылған тесікке марқұмның тас мүсіні орнатылып, арамий тілінде аты-жөні жазылыпты. Ескі арамий тілінде орельеф деп аталатын табыт басына қойылатын тас мүсіндердің бүгіңде тек кеуделері ғана қалыпты. Марқұмдардың бет-әлпеті бейнеленген бас жағы әлдеқашан сұғанақ қол туристердің қалтасына сүңгіп кетті. Молалар алқабындағы адам тақталар ескерткіштердің бірі — жерасты зираттар. Солардың «ағайынды үш жігіттің моласы» деп аталатын біреуін көрдік. Жып-жылмағай жазықта келе жатқаныңызда, алдыңыздың астынан жер астына қарай бастайтын тас баспалдақтарға тап боласыз. Сал. төмен түссеңіз, қарсы алдыңыздан үлкен қалақ тас есік ұшырасады. Есіктен әрі енсеңіз, үш тармақ коридор жолығады. Коридорлардың қос қалтасында үңірейген тесіктер. Олар — табыт қойылған молалар. Бұл — тек зират қана емес, ағайынды үш саудагер жігіттің дәулет жиған кәсіпорны. Әулеттілер ағайыңды үш саудагерге кеп осы арада өздеріне табыт сатып алып, мынау қабырғадағы үңгірлердің бірін иемденіп, өлген соң сонда жерленеді. Қазір мұнда 68 кісінің мүрдесі жатыр. Оның үшеуі табыт сатып табыс тапқан ағайынды үш саудагердің өздерінікі. Мұндағы тас мүсіндерді де көзбояушы саяхатшылар баяғыда талап әкеткен. Кейінгі келген туристер үңірейген тесіктерде бір кездегі скульптура өнерінің тамаша үлгілері тұрды дегенге сеніңкіремей, самарқау көз салады. Осындағы тас мүсіндерді қалтасына басып, қойнына тығып, мұхит асырып кеткендердің көбінің бүгінде мына дүниеде көзі де жоқ. Ал, олардың арттағы ұрпақтары ата-анасы жиған қоқыр-соқырдың арасындағы ақ мәрмәр тас мүсіннің кім екенін, қайдан келгенін біле алмай дал болады. Сөйтіп, ежелгі бабалардың көздің қарашығындай сақтаған аяулы ескерткіштерінің бір өзгеше құнды түрі бүгінгі ұрпаққа, бізден кейінгі буындарға беймәлім қалар жұмбаққа, «саған өтірік, маған шып» дегендей, гидтердің өзі күмілжіп айтатын әншейін әңгіме, арзан аңызға айнала бастап еді... 1958 жылы осы арадан сонау Ливандағы Три кполи қаласына мұнай айдайтын Ирак-Петролеум құбыры салынды. Құрылысшылар мұнай құбырына жер қазып жүріп, жер астынан әлгіндей тоғыз зират тапты. Жер бетіндегінің бәрін ойып кетуге әзір озбыр туристердің сұғанақ қолдары қанша дегенмен жер астына жете алмапты. Жаңа табылған тоғыз зират мұрты шағылмастан ежелгі қалпында сақталыпты. Сирия археологтары олардың бірнешеуін сол қаз-қалпыңда Дамаск музейіне көшіріп апарып орналастырыпты. Қалғандары мұқият күзетулі. Бізге солардың бірі көрсетілді. Табыт басындағы орельефтер асқан сұлулығымен, нәзік шеберлігімен әлі күнге көзді арбайды. әлгі орельефтерде бейнеленген бұдан әлденеше мың жыл бұрынғы адамдардың киім киісі, қимыл-қозғалысы, бет-әлпеті біздің жан дүниемізге сондай жақын, сондай түсінікті. Ақ мәрмәр бағзы арулардың сымбатты мүсіні, әсем дидарын ғана емес, келісті де кербез қимылдарын, қылығы мен құлығын, парасатты жан дүниесін қалтқысыз жеткізе алыпты. әсіресе, олардың үстіне киген ар жағынан ақ тәндері көрініп тұратындай шытыра көйлектерінің үлпілдек жеңілдігі мен мөлдірлігін ежелгі мүсіншілердің қанша мәрмәр болса да, қатты тасқа қалайша үлбіретіп бейнелей алғанына қайран қаласыз. Ежелгі сұлулар қаңдай парасатты, қандай қылықты, қандай паң! Олар жан сұлулығын жанарынан, тән сұлулығын бет-пішіні, ажарынан танытуға тырысқан. Жаратылысымды көрсетемін деп жалаңаштана түсуден атымен аулақ. Тек омырау тұсындағы сәл ғана ойықшасы болмаса, ежелгі арулар көйлегінің етек-жеңі кең; оның астынан сонау толарсаққа дейін жеткізіп түйе жүн жіппен тоқылған биязы шалбар киіпті. Үлбіреп тұрған шытыра көйлек әйелдің дене бітімін, мүсінін барынша әсемдеп көрсеткенмен жалаң тәнін ұятсыз көздер емін-еркін ішіп-жесіп деп жарқыратып, жайып салмайды. Тұнып тұрған әдемілік пен әсемдік! Мынау қараңғы қара жер астындағы ақ мәрмәрдің бетіндегі сиқырлы бедернемелер қаншама құлама шежірелерді сан қайталап оқысаң да, санаңда қала қоймайтын жайларды бірден көзіңе көшіріп, көңіліңе ұялатады. Археологтар бұл зираттардан тек орельефтерді ғана емес, әуелдегі жерленген күйінде бұзылмай жатқан бірнеше мүрделерді де тауыпты, олардың үстіндегі киімекеш киімдері де бәз-баяғы қалпында сақталыпты. Ежелгі тарихты зерттеушілерге бұдан асқан үлкен олжа болар ма? Жерасты зираттың қабырғаларындағы стеллаларға қырық қыш тостаған қойылыпты. Бағзыдағылар өлген туысының қырқын зираттың басыңда өткізіп, осынау қырық тостағанға шарап құйып ішіп, қырық күн сауық-сайран құрады екен. Зираттар алқабын аралай жүріп, ертедегілердің ерекше бір ұлы мінезін сүйсіне түйсігесіз. Мынау зираттар олардың уақыт алдындағы, тарих алдындағы үлкен жауапкершілігін сездіргендей. Әрі шебер, әрі ер, әрі дана сол бір жандар өздері өлгеннен соң мыңдаған жылдардан кейінгі өсіп-өрбитін ұрпақтың көзіне де ештеңеден қысылмай, тайсалмай қараудың қамын ертеден-ақ мұқияттап кеткендей. Таңырқайсың, тамсанасың, мін таппайсың. Жер астындағы ежелгі молаларды аралай жүріп, солардың дәл жанында, жер бетінде шашырап-шашылып жатқан ескі ғимараттардың да ерекше көркі мен ересен ұлылығын, аңсары не екенін қапысыз түсінгендей боласың. Бақсақ, оларды да күнделікті өмірдің күйбең қамын ойлаған күйкі есеп емес, уақыт алдыңдағы ұлы жауапкершілік тұрғызыпты. Егер бағзыдағылар күңдер кеміріп, жылдар мүжіп күйрете түскенмен, уақыттың улы азуына шыдап, еңсесін жықпайтын мұнаралар тұрғызбаса, олардың мықты болғанына кім сенеді? Сол тұрғызған мұнаралары әлі күнге көркімен көзді арбап, тамсандырып, таңдай қақтырмаса, олардың әсемдік пен даналықтың кемеліне жеткен кемеңгер ұлы болғандарына кім сенеді? Уақытпен арбасудың ұлы өнегесі, міне, осы болса керек-ті! Егер мынау құмақ дала, құба шөлде әлі күнге көкпен таласқан зәулім бағандар тұрмаса бұл арада бір кезде адамдар мекендегенін, олардың өзгелермен айдын таластырған айбынды мемлекеті болып, бірде әнді, бірде қанды қилы кезеңдер кешкенін кім біледі?.. Көне құжыраларда жазылған көнетоз кітаптардың көмескі жазуларын көп пенде ыждаһаты жетіп оқи қоя ма, оқыса ұға қоя ма? Тарихпен тайталасудың да ұлы өнегесі осылай болса керек! Адам қолы қашанда оның кем талап, келте ыждаһат, ұмытшақ көңілімен текетіресіп келе жатқандай. Мынау зәулім бағандар да әлі күнге ұмытшақтықпен арбасып тұр. Бүгінгінің құлағына бағзының шежіресін шертеді, ұрпақтың ұғымтал көкірегіне бабаның ұрымтал өнегесін үйретеді. Бағзыдан бері қасқайып, күйретушіге қарсы тізе бүкпей, тікесінен тік состиып-состиып тұрған меңіреу тастар әлдеқашан ұмыт болып кете жаздаған ескі тарихқа жан дарытады. Ежелгі тарих мынау мелшиген мылқау тастарға тіл бітіреді. Оларды көргенде тарих оқулығынан жадыңда қалған көмескі сөйлемдер кенет айна қатесіз ақиқатқа, көз алдыңнан калкештеп өтер көл-көсір көрініске айналады.
Анау құмақ төбенің баурайында жарбиып жатқан жатаған жаңа қала — Палымира. Мынау құмақ-құмақтың арасынан мойнын созып тұрған ересен биік бағандар — ежелгі қала. Пальмира.
Жаңа қалаға ат бергенде, атағын жайған да — сол ескі Пальмира. Пальмира — «құрма» деген сезден шыққан. Пальмирада осы күнге дейін құрма тоғайы бар. Бірақ, онда құрма ағашынан гөрі аспанмен бой таластырған гранит көбірек пе деп қаласың. Бір кезде олар қазіргісінен де көп болған. Ертеде қаз-қатар самсаған бағандар сонау қаланың терістік батысындағы тау қойнауы — молалар алқабынан шаһардың түстік бетіңдегі аты әлемге әйгілі Күн ғимаратына дейін созылып жатыпты. Оның әрқайсысы осы қаланың атын шығарған ұлы жеңіске ескерткіш. Өйткені, әр баған қаланың даңқын асырған әр ержүрек қолбасының құрметіне қойылады екен. Пәлен ғасырдан бері құмның астында жатқан өлі қаланың әлі күнге дейін құламай тұрған бағандарының өзі көп. Ал, жау жығып уақыт құлатып, құм астында сұлап жатқандары қаншама! Ендеше, осы бағандардың санына қарап-ақ бұл қаланың бір кездегі даңқы мен дәулетін айтпай-ақ біле беруге болады. Біздің дәуірімізге дейінгі 64 жылы рим әскері Жерорта теңізінің шығыс жағасына аяқ басады. Озбыр басқыншы шөл даладағы ойдым-ойдым көгалдардың бірінен соң бірін басып алып, шығысқа қарай жаныға жылжиды. Осынша кең байтақ өлкесі ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап отырудың қаншалықты қиын екенін ұққан рим императорлары жергілікті билеушілермен тіл табысып, жергілікті әміршілер де теңіз асып келген басқыншылармен оп-оңай ауыз жаласып кетеді. Ұзақ ырғасып, тізе бүкпей қойған жалғыз-ақ патшалық болыпты. Ол — жергілікті араб тайпалары мекендеген Тадмор қаласы. Оның тұрғындары көкке, күнге табылады екен. Сол кездегі Күн храмының жұрнағы әлі бар. Қала сулы, көгал қойнауға орналасқан-ды. Түскей Арабстанға, Үндістанға, Мысырға жол шыққан керуендердің қай-қайсысы да оған соқпай өте алмайтын-ды. Сонау ежелден бері сарқылмай, қала тірлігіне нәр беріп келе жатқан жер астындағы үңгірлерден үлкен арна жасап ағатын шипалы (минералды) бұлақ Эфканы біз де барып көрдік. Рим легиондарының аяғы бұл қалаға император Марк Антонийдің тұсында ғана жетті. Бірақ, тәкаббар Тадморды о да жеңе алмады. Арада жиырма жыл еткен соң барып, Тадмор патшасы жарты әлемді қол астына қаратқан рим императорымен табан тіресе алмайтынын біліп, өз еркімен бағынуға елші салды. Содан бері Тадмор Пальмира атанып кетті. Бірақ, ол көп уақытқа дейін өз тәуелсіздігін сақтап келді. Ол кезде ежелгі дүниенің екі ұлы елі — Рим мен Парфияның арасы қырбайды. Өз ара жауласып жатқан екі елдің товарын бірін-біріне сатып, екі ортада Пальмира бұрынғыдан бетер байып кетеді. Қалада ересен ғимараттар, театрлар, моншалар салынады. Бірақ, қаланың ең басты ғимараты бұрынғы Күн ғимараты боп қала береді. Ол — ежелгі қаладағы ең үлкен құрылыс болыпты. әр қабырғасы екі жүз метрден асатын шаршы ауланы жағалай тұрғызылған биік іргетастың үстінде бір кездегі көрікті ғимараттардың жұрнағы тұр. Ғимаратқа кірер жердегі алып қақпаның маңдайындағы әсем барельеф біздің кезге дейін аман жетіпті. Онда құрбандық шалу рәсімі бейнеленген. Беттерін пердемен жапқан тұл әйелдер тізбегі құрбандыққа шалынатын түйенің соңынан шеру тартып барады. Киімдері қазіргі моданы еске салады. Суреттегі әйелдердің бетіндегі пердеге қарағанда пәренже ислам діні шықпастан бұрын да үрдісте болғанға ұқсайды. Бұл қаладағы Күн ғимаратымен ірілігі жағынан дүние жүзінде тек Баальбектегі Юпитер ғимараты ғана таласа алады. Бірақ, Пальмираның ең сәулетті жері базары болса керек. Ол дәл Күн ғимаратына таяу жерге орналасыпты. Базардың ұлы жобасының қандай болғанын қазіргі қалдықтарына қарап-ақ айыра беруге болады. Жан-жақтан қаз-қатар тізіле созылған тас бағандар шеруі тап соған кеп тоғысады екен. Ол — бұрынғы көшелердің ізі. Біз де бағзыдағы орталық көшені аралап өттік. Ол да бір өзі екі жүз жыл бойы салынған Салтанат қақпасының қасында тұрмыз. Осы арада бір мың жүз метрге созылатын орталық көше басталады. Оның ені он бір метр. Екі жағынан екі алты метрлік жабық тротуар жарыса созылып отырады. Жабық тротуарлардың екі жағы он метрлік гранит бағандар. әр бағанның орта белінде кішкентай ойық бар. Қаланың қалаулы азаматтарының қола бюстері сол ойықтарға қойылыпты. Қазір, әрине, олардың бір де біреуі қалмаған. Жабық тротуарлардың бір жақ қапталы көліктер жүретін көше де, екінші жақ қапталы — қаз-қатар тізілген дүкендер. Базардағы әр дүкен кішігірім сарайдай. Сондай дүкеннің біреуінің қабырғасында сол кездегі базар нарқының кестесі жазылған тақтайша сақталып қапты. Онда өзге бұйымдармен қоса құлдардың да нарқы жазылыпты. Ол кездегі базар қаланың тек сауда орталығы ғана болып қоймай, рухани орталығы да болғанға ұқсайды. Оған екі куә: театр мен император Юстиан шомылған ежелгі монша соның ішінде. Театр — ежелгі қала орнындағы ең жақсы сақталынған ескерткіш. Ол біздің жыл санауымыздағы екінші ғасырдың алғашқы жартысында салыныпты. Оның жиырма қатар тас орындығына бір мың жарым адам сыйыпты. Сахнасының кеңдігі 48 метр, тереңдігі — 10 метрден астам. Театрды шырқ айнала жарты шеңбер жасап, тас бағандар қоршап тұрыпты. Ежелгі сәулетшілердің акустиканың заңдылығын қатты білгені сонша, ашық аспан астындағы театрдың сахнасында да отырып, болар-болмас тамақ кенегені ең соңғы қатардағы отырған көрерменнің құлағына жетіп барады.
Театрдың сырт жағына айнала тас бағандар қоршаған жиналыс алаңы орналасқан. Бұл аландағы арнайы мінбардан шешендер қала халқына жаңалықтарды, әкімшіліктің жаңа шешімдерін хабар – отырған. Шаһар кейін мемлекет орталығына айналған кезде сенат осында мәжіліс құрған. Алаң маңынан бес метрдей ұзынша тас тақта табылыпты. Онда грек және арамей тіліне ұқсас пальмиралықтар тілінде жазылған сенат шешімі бар екен. Онда сол кездегі салықтардың мөлшері көрсетіліпті. Ол тақтайша қазір Ленинградтағы Эрмитажда сақтаулы. Орталық көшенің аса маңызды көлденең көшелерімен тоғысқан жерінде төрт қанатты шаршы арка-театрлар тетрапилон орнатылыпты. Тетрапилонның төрт жағындағы төрт баған Асуаннан әкелінген қызғылт граниттен жасалыпты. Тетрапилонның қасында қалған бас бағандардан да бойын асырып, бірнеше тас баған самсайды. Олардың басында бір кезде патшалықтың ең ұлы адамдарының бюстері тұрыпты. Солардың арасында Удхайна патша мен оның сұлу жары Зубайдаттың да мүсіндері болыпты.
Пальмираның атағының ең асқан кезі де — осы Удхайна мен Зубайдаттың тұсы. Пальмира бұрын дәулетімен, сәулетімен аты шыққан, бірақ әскер ұстап, өзгелерге күш көрсетуді әдет етпеген бейбіт қала екен. Бірақ, 260 жылы ойда жоқта болған бір төтен оқиға шаһардың тағдырына күрт өзгеріс енгізеді. Ол кездегі ең үлкен империя Парфия мен Римнің жауласып жатқанын жоғарыда айтқанбыз. Әлгі аталмыш жылы парсы патшасы Шаһур Рим императоры Валерианның қолын ойсырата жеңіп, өзін тұтқынға алады. Мынандай айтулы жеңіске масаттанған парсы әскері ат басын Пальмираға кеп бір-ақ тірейді. Зәрелері зәр түбіне кеткен римдіктер Пальмираның билеушісі Удхайнаға жалбарынады. Удхайнаның бұрын салтанатты ойындарда ғана өнер көрсетіп жүрген садақшылар жасағы парсы әскерін жайратып салады. Бұған риза болған Рим императоры Удхайнаны вице-император қылып тағайындайды. Бірақ Удхайна оған бола дандайсып кетпейді. Сонда да атағы жер жара бастаған шығыс патшасынан Рим билеушілері сескене бастайды. Ақыры 266 жылы оны жігіт боп қалған ұлымен бірге Эмессаға қонақасыға шақырып, аярлықпен улап өлтіреді. Бірақ Пальмира тағына да бір ұлы билеуші отырады. Ол — падишаның әрі сұлу, әрі ақылды сүйікті жары Зүбайдат. Удхайнаның тақ мұрагері — екінші баласы әлі жас нәресте. ұлына кеңесшілік ететін Зүбайдат көп ұзамай мемлекет тізгінін түп-түгел өз қолына алады. Ол өзін Шығыс падишасымын деп жариялайды. Пальмира қолбасшылары оның дегенінен шықпайды. Тегеурінді әйел көп ұзамай Рим империясының Шығыстағы Кіші Азия мен Египеттен басқа территориясын түгел өз қолына қаратып алады. Жеңімпаз жесірге марқұм жұбайының батылдығы жеткенмен, сабырлылығы жетпейді. Рим императорынан Удхайнаның барлық титулын балиғатқа толмаған баласына беруді талап етеді. Оған Рим келіспейді. Ызыланған Зүбайдат Удхайна жаулап әперген жерлерді Рим империясының территориясы деп танудан бас тартады. Император күшке жүгінеді. Зүбайдат Рим әскерін тас-талқан қып жеңеді. Оңымен де қоймай, Рим империясының қол астындағы Египет пен Кіші Азияны жаулап алады. Табысқа масаттанған Зүбайдат Римге тәуелсіз екендігін айтып, жар шашқанымен тынбай, ұлы мен екеуіне тек Рим империясы тағындағы ерлі-зайыптылар атануға тиісті «Августа», «Август» титулын иемденеді. Рим империясы оған да төзеді. Бірақ дандайсыған әйел ұлы екеуінің суреттері салынған теңге ақша шығара бастағанда Римнің де шыдамы таусылады. Император Аврелиан Египетті жаулап алып, қалың қолмен Кіші Азияға келіп кіреді. Антиохия Пальмира әскерін талқандап, Зүбайдатты Эмессаға шегіндіреді. Тадмор падишасы бұл арада да жеңіліске ұшырайды. «Мойын ұсын» деген Рим ұсынысына келіспеген Зүбайдат түйеге мініп, римдіктердің ежелгі жауы Сасанидтерден көмек сұрауға аттанады. Ұлы шөлден жел маяға мініп өтіп, Евфратқа жете берген жерінде Аврелиан қолы қуып жетеді. Асау патшайым қол-аяғына алтын бұғау салынып, Римге айдалады. Аңыздың айтуынша, Зүбайдаттың ақырғы күндері Рим түбіндегі Тиволиде өткен сияқты. Пальмиралықтар басқыншыларға бәрібір бас ұрмайды. Ереуіл тыйылмаған соң ежелгі астана тып-типыл талқандалады. Содан бері бір кездегі ұлы қала өлі қалаға айналды. Бір кезде жат жерлік басқыншылық Күн ғимаратының бас қазынасын тонап алып, Римге апарып аттас ғимарат орнатса, қазір ондайлар ежелгі Пальмира архитектурасының мүбарак ескерткіштерін бір-бірлеп тасып, батыс музейлеріне тықпалауда. Сирияның жаңа мемлекеті Пальмираның бай археологиялық мұрасын зерттеуге енді кірісіпті. Пальмирадағы біз түскен мейманхана «Зенобия» (Батыс Зүбайдатты осылай атайды) деп аталады екен. Оның асханасының қабырғасындағы майлы бояумен салынған қыр мұрын қиғаш қас нәркес көз әдемі қалың қою қара шашты әйел сол Зүбаидат боп шықты. Мейманхананың кең залында отырған ығы-жығы адамның әңгімесі бір өзі жайында болып жатқанын құлағы шалып қалғандай, алқызыл ернінің қиығына білінер білінбес әжуа жиып, кербез күлімсірейді. Зауал ауды. Құба дала мен қоңырқай жоталардың екпесін сыққан аптап ыстық ішін тартайын деді. Дүниенің етек-жеңі кеңейіп сала берді. Біздер де күні бойы ыстық тұрып қалған бөлмелердің ішіне кіргіміз келмей, сыртта мейманхана алдында ұзыннан ұзын сұлап жатқан гранит бағанаға тізіле жайғасып, ұлы шалдың самиян кешін тамашалап отырмыз. Маңайдағы қара қоңыр таулардың бастарынан етекке қарай үнсіз сырғып, қараңғы тұтасып келеді. Сол ымырт қараңғының алдын алып, жота-жотадан ақ тозаң шаң көтеріп, ала бас қойлар өрістен қайтып келеді. Олар жол-жөнекей бір кезде ежелгі астананың тұрғындары серуен құрған сәнді көшелерді кешіп өтіп, тұяқтары сытырлап, үйді-үйіне тарасып барады. Осынау шәл аймақтың бәріне тән таныс кеш кеше ғана танысқан араб достарымызбен бұрынғыдан бетер табыстыра түскендей. Сол күні мейманхана қожасы қоштасар қонақасы берді. Араб достармен әңгіме-дүкен құрып, түн ауғанша отырдық. Ән мен би де шетқақпай қалған жоқ. Бір уақытта жапырласқан қалың арабтардың арасынан бір таныс ащы айғай шықты. Арабтардың онсыз да мөлдіреп тұратын көздері одан сайын мөлтеңдеп кеткен. Алпамсадай қызыл сары кісі шірене шалқиып, алыстан-алыстан барып, қайта оралатын ақсақ әнді сілтеп тұр. Асау аттың тізгінін ұстаған шабандоз жігіттей екі беті бал-бұл жанып барады. Ән бітті. Сілтідей тынып қалған жұрт дуылдап ала жөнелді.
— Ой, пәлі...
Араб достар да бастарын таңғала шайқап, әнші жігіттің қолын алып жатыр.
— Біздің Сәкеңнің әншілігі мұсылман арабтарды да шоқындырып жібере жаздады ғой, — дейді Серағаң (Серік Қирабаев) әнші кісінің арқасынан қағып.
— Біздің бауырлардың қандай екенін бұлар да біліп қалсын, дейді Әлия апай бізге қарап көзін қысып.
Әнші жігіт — белгілі мұнайшы инженер Сағидолла Нұржанов екен. Тап мынандай тосып жиыннан тайсала қояр түрі жоқ. Қолқаласаң Мұхиттан тағы кеткелі тұр. Сапарластар мен пальмиралықтардың ду-ду қошаметінен шабыттанып, бусана күлімсірейді. Түн ортадан ауып барады. Меймандос мейманхана иесінің алабажақ арабы кілем жапқан шалқайма дивандарынан көтеріліп, шағын номерлердегі жұпыны «саркофагтерімізге» беттедік. Келген күні осындай ат қойып алған төсегімізге сүңгіп, ежелгі Тадмор астанасындағы тағы бір түннің құшағына берілдік. Ертеңіне таң сәріде Дамаскіге қарай қайта жолға шықтық. Бұл жолы шөл даланың ортасын кесіп етер тура жолға түссек керек. Көзімізге кеп ештеңе түсе қоймады. Ауық-ауық жолдан онша қашық емес жерден ұйқыдан жаңа тұрып жатқан бәдәуилер шатырлары кездеседі. Іргесі түрілген желкен шатырлардан өріп жатқан бәдәуилер жол бойыңдағы автобусқа онша таңырқамай манаурай қарайды. Шатырлардан ошпа ұзақ емес жерде тайдай-тайдай жалпақ құйрық ала бас қойлар жатыр. Атақты арабы аруаналар бұл аймақта да азайып кетсе керек. Бір-екі жерде ғана түйелер көрдік.
Түс ауа Дамаскіге жеттік.
Ұзақ жолдан шаршап қайтқан біз ол күні университеттен басқа ешқайда барған жоқпыз. Сирия үкіметі оқу-ағарту мәселесіне қатты көңіл бөліп жатқаны байқалады. Мектеп мешіттен әлдеқашан ірге ажыратып шығыпты. Дамаск университеті — ежелгі ең басты жоғарғы оқу орны. Он екі факультетте отыз екі мың студент оқиды. Оның бес мыңы — қыздар, Мұндай университеттер Дамаскіден басқа Халеб пен Латакияда да бар. (Біз барғаннан бергі уақытта Сирия жоғары мектебі жан-жақты дамыды. Қазір ол жастарға жоғары білім беру жағынан социалистік елдерден кейінгі алдынғы қатарда. Бүтін таңда Сирияда да бір мың кісінің алтауы студент. (Ә. К.) Университет бағы — жастық жәрмеңкесі. ұлттық киім киген, араб қыздары мен европаша киінген араб жігіттері бізді қоршай алып, сұрақ жаудырып жатыр. Жүздері шат. Көңілдері жарқын. Меруерттей аппақ тістері күнге шағылысып, алысқа ұзап кеткенше артымыздан қол бұлғап тұрды. Ежелгі шығыс стиліндегі университет үйінің күн түспесін деп көлегейлеп жасаған әшекейлі терезелерінде де әлгінде ғана студент жастардың жанарынан көрінген бір ойнақы ұшқын жылт-жылт етеді. Жүздеген ғасырды артқа салған ежелгі елдің жүзінде ойнаған осы бір албырт күлкі ол жайындағы көл көсір әсерімізді одан сайын шұғылаландыра түсті.
Жүз өлшем жерді алсам мейлі, сенің салар баспанаң
Он мың өлшем жер алсын мейлі, сенің салар сарайың
Баспана сал да, шақыр өңшең туысыңды,
Сарай сал да, шақыр өңшең танысыңды.
Ежелгі ханаанейлердің Угарит қаласының орнынан табылған қыш тастарға жазылған
дастанынан.
Кәнігі тарихшылар аңыздардың көбіне-көп әсірелеп айтылған дастан екенін, онда қандай да болмасын тарихи негіз жататының жақсы біледі.
З. Косидовский. «Тәурат шертер шежіре».
Қызыл қоңыр сұрқай Дамаск дәл өзіндей қызыл қоңыр сұрқай алап аясына сіңіп, көзден бір-бір ұшып қалып барады. Қапталымыздан қаумалап тағы да таулар шаужайласа кетті. Алдымыздан тағы да арыстандай күдірейіп тарғыл-тарғыл асулар тұрып алды. Түксиген-түксиген жалаңаш қыраттарға бірте-бірте көк шуланданып, жал біте бастапты. Барған сайын су да, ну да көбейе түсер түрі байқалады. Басқа бір елдің ғана емес, басқа бір климаттың да шекарасына жақындап келе жатқанымыз сезіліп-ақ тұр.
Жер бетіндегі қоңырқай бояу азайып, көгіс бояу көбейіп келеді. Екі мемлекеттің де шекаралық постарынан тиісті тексеруден өткесін, біраз жүріп барып, үлкен жолдан шығып, терістікке бұрылдық. Қос қапталымыздан орағыта орап жатқан көгілдір таулардың ортасындағы көл-көсір қойнауға шым-шымдап ене түстік. Батыс қапталымыз — Ливан таулары. Шығыс қапталымыз — Антиливан таулары. Құдіреті күшті жаппар хақ екі аяқты пендені әу баста осы алқаптың мынау майлақы қызыл қоңыр топырағынан жаратыпты-мыс. Әлгінде ғана қапырықтап келе жатқан біздің денімізді жайылтып қарсы алдымыздан ескен салқын самал есімізге тағы да ертеден келе жатқан ескі аңызды түсіргендей. Жаппар хақ шығыс жақтағы бір құнарлы алқапқа пейіш орнатып, ағаштың түр-түрі болыпты. Адам соның қайсысының мәуесін алып жеймін десе де еркі. Тек қақ ортадағы оқшау біткен әділдік пен зұлымдықты білгізетін білім ағашынан мәуе жұлмаса болғаны. Жаппар хақ Адам жалғызсырамасын деп аң мен құстың түр-түрін жаратып оларды да әлгі пейіштің бағына жіберіпті.
— Адам олардың бәріне ат қойып, бір-бірінен ажырататын болыпты. Бірақ, олардың арасынан өз нәсілдесін тапқанша бәрібір қабағы ашылмапты.
Сонда Жаппар хақ Адамды құлағын кесіп алсаң да, білмейтіндей қып, ұйықтатып тастапты. Сол арада бір қабырғасын сөгіп алып, одан әйелді жаратыпты. Адам оянғасын жаңа серігін көріп: «Мынау менің етімнен ет, сүйегімнен сүйек кесіп алынып жасалған өз тәнім; аты әйел болады. Сондықтан да адам бұдан былай әкесін де, шешесін де ұмытып, тек осыған ғана жабысып, екеуі бір тән болып кетеді», — депті. Жаппар хақтың жасаған мақұлқаттарының ең аяры жылан екен. Сол бір күні әйелден: «Білім ағашының миуасын неге алып жемейсің?» — деп сұрапты. «Уланып өліп қалмас үшін», — депті әйел. «Жоқ, одан өлмейді. Жаппар хақ сендердің көздеріндегі ақ шел алынып, ненің жақсы, ненің жаман екенін білмесін деп, әдейі жегізбей отыр», — депті жылан. Әйелдің аты әйел емес пе?! Қызықпай тұра ала ма? Тиым салынған миуаны алып жепті. Күйеуіне де жегізіпті. Көздеріндегі ақ шел перде бірден сыпырылып түсіп, екеуі бір-біріне қарап, жалаңаш екендерін көріп ұялыпты. Сөйтсе, Жаппар хақ пейішті аралап келе жатыр екен. Адам ата мен әйел ағаштардың тасасына тығылыпты. Жаппар хақ бұған таң қалыпты. Адамнан: «Қайдасың?» — деп сұрапты. «Сіздің аяқ дыбысыңызды естіп, жалаңаш болған соң, жасырынып тұр едім», — депті Адам. «Жалаңаш екеніңді кім айтты? Әлде мен тиым салған миуаны жеп қойғаннан саусың ба?» — депті Жаппар хақ. Адам пәлені әйеліне жауыпты, әйелі жыланға жауыпты. Жаппар хақ ашуланып жыланды: «Өмірбақи жер бауырлап, топырақ жеп, адамдармен жау боп өт», — деп қарғапты. Әйелге: «Бұдан былай күйеуіңнің айтқанын екі етпей, жаның қиналып бала тауып, азаппен өт», — деп қарғапты. Ең соңында адамға: «Сен жаралған топырақты нәлет атсын. Өзің жаралған топыраққа өзің қайтып оралғанша, маңдайыңмен тер төгіп, өмірбақи ауыр еңбекпен өт», — деп қарғапты. Жаппар хақ екі күнәһардың абыройларын аң терісімен көлегейлеп, жұмақтан қуып жіберіпті. Сонда олар бір кезде өз топырағынан жаратылған осы өлкеден кеп бір-ақ шығыпты. Жұмақ та тап осы арадан онша алыста болмаған сияқты. Екі қапталдағы екі таудың басында да «Пейіш», «Әдемі» деп аталатын мекендер бар көрінеді.
Қос күнәһардың жерге түскен соң көрген тауқыметі де аз емес секілді. Екеуінің екі ұлы Абыл мен қабылдың тағдырының қалай болғаны оқушыларға сірә белгілі. Анада Дамаск аэропортынан түспей жатып, Касио тауларын көріп, ойымызға оралған атамзаманғы аңыз мұнда да алдымыздан шықты, Көршілес отырған халықтардың қай-қайсысы да сияқты жақсыға таласатын әдет сириялықтар мен ливандықтарда да баршылық екен. Жаңа жолбасшымыз — Жәмила деген араб қызы. Шашы иығына түскен ала көзді қыр мұрынды қыз бәріміз білетін аңызды майын тамызып айта жөнелгенде біз күліп жібердік. Оның қасындағы қара сұр терісі сүйегіне жабысқан жадау кемпірдің көзі қандай өткір болса, сөзі де сондай өткір.
Жаңа шекарада алдымыздан шығып танысқанда:
— Ольга Эльванимын. Ұлтым — орыс, — деген.
Азамат соғысы жылдарында қиыр Шығыстан ауып келген эмигранттардың ұрпағы. Күйеуі — араб. Осында келген біздің адамдардың көбімен жолығыпты. Менің қасыма отырып жатып: «Сендердің әлгі бір ақындарың бар еді ғой. Жағдайы қалай?» — деп сұраған. Ол сұрап отырған Олжас Сүлейменов екен. «Самайына ақ түскен жоқ қой?» «Жоқ». «Белбеуін ұзартқан жоқ қой?», «Жоқ». «Ендеше, жағдайы жақсы болса, жақсы шығар. Әдемі жігіт». Сол аздап тұздықтап сөйлемесе, басы ауыратын қыршаңқы кемпір Жәмила айтып келе жатқан аңызға біздің жымсиып күліп отырғанымызды көзі шалып:
— Дамаскінің қасындағы мола жайында естігенсіз ғой. Ол — Абылдың моласы. Бәлкім екі жігіт сол арада араздасса, араздасқан да шығар. Бірақ, өз бауырын өлтірген қанқұйлы ғабылдың жанталаспен күш кешкен жері осы ара. Өйткені, жер бетіндегі алғашқы дихан, алғашқы бағбан қабыл мынау Бекааның топырағы құнарлы екенін жақсы білген ғой, — деп қойды тырли арық жіңішке мойнын әнтек созып, терезенің ар жағында қалып бара жатқан бақтар мен жүзімдіктерді нұсқап.
Қыршаңқы кемпірдің айтып отырғаны қисынға келеді. Алғашқы дихан тап мынандай түгін тартсаң да майы шығатын құнарлы алқап тұрғанда, әлгі бір саркемік таудың саздақ шоқысын қайтсін! Ондай ала тағанақта Абыл мал бақса баққан шығар. «Мал бағатындардың қайда жұпыны, жұтаң жер болса, сонда жүретіні әуелден келе жатқан әдет екен-ау!» — деп ойладық біз. Солтүстік шығыстан оңтүстік батысқа қарай көлбей созылған сопақша алқаптың ұзындығы жүз жиырма шақырымдай, ені жиырма шақырымдай көрінеді. Дүниеде одан әлдеқайда құнарлы, әлдеқайда әдемі алқаптар толып жатыр. Соның бірқатарын тіпті өз елімізде де көріп жүрміз. Бірақ, олардың аттарын сол маңайда туып-өскен өзіміз бен оқта-текте соғып кеткен сирек саяхатшылардан басқа кім біліп жатыр?! Ал мынау Бекаа алқабын, Авен алқабын, Келесирияны білмейтін пенде кем де кем. Сонау «Библиядан» бастап қанша кітапта, қанша дастанда жырланып келеді десеңші! Оң шынтақ тұсымыздан сонау көгілдір мұнардың ортасына апарып оқшау тіккен ордадай боп дөңкиіп Жебел Шейх көрінді. Бұрын кімнің шығармасынан оқысаң да, қысы-жазы қардан арылмай, жер түбінен қақырайып көрінетін ұлы шейх бүгін сәлдесін орауды ұмытып кеткендей, әскерге жаңа алынған бала жігіттің басындай тоқырайып тұр. Шамасы, биыл жаз жылдағыдан гөрі ыстығырақ болса керек. Ол — Антиливан тауының күнгей пұшпағындағы ең биік шың. Жерорта теңізі деңгейінен екі мың сегіз жүз он төрт метр биікте. Бұл аймақта тұрғанда, оны ежелден әулие тұтқан. Інжілдегі аты — Бааль Хермон. Кейінгі Гермон, Ермон деген құбылта атаулар содан шыққан. Бір кезде сонау әл-Жазира шөлейтінен бермен қарайғы ұланғайыр өлкені ен жайлап жатқан көшпелі семит тайпасы — ханаанейлер тәңірдің өзі осы шыңды мекендейді деп ұғыпты. Ханааней тілінде сөйлегендерге ертедегі еврейлер, финикиялықтар, сол сияқты олармен тектес эдомитян, маавитян, амонитяндар секілді ұсақ тайпалар жатқан. Түптеп келгенде, осы аймақтардан шыққан иудей, христиан, мұсылман діндерінің бәрі де сол ежелгі ханаанейлер діні мен ханаанейлер мифологиясынан өрбіген. Кейбір ұғымдар мен дәстүрлерін сол күйінде алса, кейбір ұғымдары мен дәстүрлерін әдейі мансұқтаған. Бірақ, оларға соқпай кете алмаған. Ал ханаанейлердің ұғымдары мен түсініктері өз заманындағы көршілестері — мысырлықтардың, үнділердің, ирандықтардың, хеттердің, шумерлер мен акадтардың мифологиясымен үндесіп отырған. Сондықтанда мынау Бекааға байланысты барлық аңызды барлық адамзат түгел біледі. Егер тәңірдің өзі мына шыңды мекендесе, ол өрбіткен күллі ғалам мына алқапты неге білмесін! Егер Адам ата мен Хауа ананың өздері осы топырақтан жаратылса, олардан өрбіген күллі адамзат бұл алқапты неге білмесін! Жер бетінде тоғыз жүз жыл өмір сүрген Адам ата Хауа анамыздан шейт кеткен Абылдан, қарғыс алған қабылдан басқа да талай-талай ұл мен қызды сүйіпті. Солардың бірі — тоғыз жүз алпыс тоғыз жас жасаған Мафусаил деседі. Оның немересі — Нухы пайғамбар. Нухыдан Хам, Сам, Яфет атты үш ұл туады. Қазіргі адамзат осынша өрбіп өскені үшін сол Нухы мен оның үш ұлына борыштар көрінеді-міс. Әуелден қарғыс алып туған адам ұрпағы тез өсіп, тез көбейгенмен бір-біріне күн бермей зая қан төгіпті, күнә жасапты. Тап мұндай қиянатшыл нәлет нәсіл жаратқанына Жақия тәңір қатты күйзеліп, жер бетін олардан арылту үшін, топан суын қаптатпақшы болыпты. Бірақ, әзі жаратқан жан иелерін түгел құртып жіберуге көзі қимапты. Бәлкім, адамзаттың болашақ ұрпақтары тап мұндай қанқұйлы бола қоймас деп ойлапты. Өңшең күнәһардың ортасында жаңғыз Нухы ғана құдайдың көңілінен шығыпты. Тәңірім Нухы мен үш ұлына гофер деген ағаштан қайық жасатыпты. ұзындығы он бес кез, ені жиырма бес кез, биіктігі он бес кез үш қабат қайықтың тек бір есігі мен бір терезесі ғана болыпты. Алты жүз жастағы Нухы қайығын жасап бітіргесін, тәңірі оған: «қайығыңа үй-ішіңді, жер бетіндегі мақұлықтардың әр түрінен бір еркек, бір ұрғашыдан бір-бір қосақ, ас-су тие де, терезесін, есігін жауып, бекініп ал!» — деп бұйырады. Жеті күн өткенде қырық күн, қырық түн бойы қара нөсер құйып берді. Жер бетін топан су алды. Жан-жануар түгел қырылды. Жаңғыз қайық жеті ай дегенде Арарат шыңына барып қайырлады, он ай дегенде маңайдағы таулардың бастары судан арылды. Одан соң төрт күн өткенде Нухы: «қара жер табылар ма екен, біліп кел!» — деп қарғаны жұмсайды. Қарға көп ұзамай қалбалақтап қайтып келеді. Нухы көгершінді жұмсайды. Көлбеңдеп-көлбеңдеп, ол да оралады. Жеті күннен соң көгершінді қайта ұшырады. Бұл жолы ол аузына зәйтүн бұтағын тістеп қайтып келеді, Ара-тұра құрғақ көріне бастайды. Жеті күннен соң оны тағы ұшырды. Бұл жолы оралмай қалды. Өйткені, жер бетінің топаннан әбден арылып, құрғағаны. Нухы қайығынан түсіп, әулиеге құрбандық шалады. Оған риза болған Жақия содан қайтып топан суын қаптатқан емес. Еліне, жеріне оралып, егінін салып, көсегесі көгерген Нухы содан соң да үш жүз елу жас жасапты. Бір күні ол көбірек шарап ішіп қойып, үстіндегі киімін түгел шешіп тастап, тыр жалаңаш ұйықтап кетіпті. Сол қалпында үстінен шыққан ұлы Хам әкесінің бұл қылығына күліп, бауырларына айтып барыпты. Сам мен Яфет күлудің орнына, ұйықтап жатқан әкелерін киім жауып, қымтапты. Нухы оянғасын Хамның қылығын естіп қатты ашуланып: «Бүкіл әулетің құлдықта өтсін!» — деп қарғапты. Яфеттен солтүстік халықтары, Самнан семиттер, Хамнан африка тұрғындары тарапты-мыс. Ауылдағы шежіре қарттар да тізесінде отырған немересінің маңдайынан бір иіскеп ап: «Мынау — менің немерем — бір, анау жүрген бұның әкесі, менің балам — екі, мына отырған мен — үш» деп бастайтын ата тегі жайындағы әңгімені сол Нухы пайғамбардан апарып бір-ақ тірейді. Қай дін, қай нәсілдің өкілі болмасын, бәрі өздерін Нухыдан тарағанбыз деп түсінеді. Сөйткен Нухының тоғыз жүз елу жас жасап, дүние ауғанда құз жартастың басына қашап орнатқан жүз пұттық табыты да сонау сол қол жағымызда қарауыта көгеріп тұрған Ливан тауындағы Керақ деген бір жердің маңында болса керек. Төңірегіміздегінің бәрі — баяғыдан бері қырық қайтара естіп келе жатқан таныс есімдер. Төңірегіміздегінің бәрі — баяғыдан бері қырық қайтара естіп келе жатқан таныс аңыздар. Бұл өлкенің атын қиянға шығандатып, жер жүзіне мәшһүр етіп жүрген де сол аңыздар. Жер жүзіндегі пенде біткенді қияннан сабылтып, бұл өлкені бір көруге құштар етіп жүрген де сол аңыздар. Дүние жаратылып, су аққалы бергі көне аңыздарды түсіну үшін мына өлкеге келмей болмайды. Мына өлкенің бүгіні мен өткенін түгел түсіну үшін сол бір ежелгі аңыздарды білмей болмайды. Біздің қазір ат басын, дәлірек айтқанда, автобус маңдайын туралап келе жатқанымыз да — сондай бір аңыздың жұрнағы. Оны білмейтіндер некен-саяқ. Ал көргендер де аз емес. Мұндағы шаһарды аман тұрған кезінде де, қирап жатқан кезінде де көргендердің ешқайсысы таңдайын қақпай, бастарын шайқамай кетпеген.
Біз де қала шетіне аттамай жатып, мойын омыртқамызға ие бола алмай қалдық. Кенет автобус бір кішкене қыстақтың қасындағы аңғар сайға тұмсық тірей тоқтады. Сай дегеніміз ежелгі тас карьері болып шықты. Карьердің қақ ортасында әлемдегі ең үлкен сом тас жатыр. Жан-жағының бәрі әбден қашалып, қырналып, қапысыз өңделген тас. Ұзындығы — 21,5, ені — 4,2, қалыңдығы — 4,8 метр. Салмағы — бір мың бір жүз тонна. Шамасы, мынандай алып тасты құрылыс басына алып бару қиынға түсіп, мәңгі бақи осында қалып қойса керек.
Басымызды шайқай-шайқай, автобусқа отырдық.
Осы заманғы шағын қаланың төбесінен төне қараған тас бағандар сонадайдан мен мұндалап тұр. Айтпай-ақ тани кеттік. Соларға көз ала алмай алақтай қараған қалпымызда автобустан түстік. Сол бойда бізді қоршаған қара сирақ балалар қоршап алды. Қолдарында мыстан жасалған түйе мінген бәдәуидің мүсіні, осындағы әйгілі ғимараттың суреттері, араб, француз, америка сигареттері. Жан-жағымыздан жапа-тармағай тапа бас салған қалың нөпірден әзер құтылып анадай жердегі алапат баспалдаққа беттедік. Бұл баспалдақтың енінің өзі қырық метрден асып жығылатын көрінеді. Заманында крест жорығына қатысушылар мына ғимараттан қорған жасаймыз деп осындай ересен баспалдақты типылдатып алдырып тастапты. Тек біздің ғасырымызда ғана қайтадан қалпына келтіріліпті. Сол айлапат баспалдақпен сегіз метрдей көтерілген соң тас алаң жолықты. Айлапат баспалдақ он екі баған көтеріп тұрған үлкен колоннадамен бітеді екен. Ғимараттың осы араға дейінгі бөлігі бұрын жер астында жатыпты. Оны осы ғасырдың отызыншы жылдары жүргізілген археологиялық қазбалар қайтадан жарыққа шығарыпты. Онсыз да қайран қалып келе жатқанымыз аз болғандай, алдымыздан манағы жер түбінен қол бұлғап шақырған зәулім алты баған аспандап шыға келді. Артымызға бұрылып қарап едік — алты бұрышты айлапат тас алаңды көрдік. Ұзындығы — 135 метр, ені — 113 метр. Бұл алаңға көтерілер жолды былайғы ауладан сексен төрт қызғылт баған бөліп тұрыпты. Ортада — екі алтарь. Олардың қасында махаббат пен өлімнің мәңгілік шайқасын бейнелейтін тұспал суреттермен әшекейленген қос хауыз. Олар осыдан сегіз шақырымдай жердегі бұлақтан қыш құбырлар арқылы су тартылып әкелініп, толтырылып тұрыпты. Бұл жерде тауапқа келгендер дәрет алып, құрбандыққа шалынатын малдар тоғытылады екен. Біз бұл алаңнан да жоғарыға бастайтын баспалдаққа беттедік. Тағы да сегіз метрдей көтеріліп және бір алаңға тап болдық. Ол — алты бұрышты емес, төрт бұрышты. ұзындығы 88 метр, ені 48 метр. Оны сары ұлу тастан жұмырлап қашаған елу төрт баған қоршап тұрыпты. Олардың биіктігі жиырма метр. Солардан қазір бар болғаны алты-ақ баған қалыпты. Әрине, жылдар салған ескерткіш ғасырларға төтеп бере алмақшы емес. Алайда, бүлдіргіш желге, қиратушы доп пен балтаға ең ұзақ төтеп беріп, жеңгізбей келе жатқан нағыз қаһарман қала — осы шаһар. Мынау ғимарат, сонымен, бірінен-бірі сатылап өсіп отыратын үш бөліктен тұрады екен. Оның әр қайсысы өз заманындағы әр алуан әлеуметтік топтардың мінәжат орындары. Алып ғимараттың елден асқан ажарын басқыншы дұшпан мен озбыр уақыт жарыса мүжіп тауысуға айналыпты. Бірақ, ересен ұлылығы мен үлкендігіне қазір барып көрсеңіз де, көзіңіз қапысыз жеткендей. Бұл ғажайып ғимараттың тек ірге тасының өзі Афиныдағы Парфеноннен биігірек екен. Оған дәлел: үлкен ғимараттың қасындағы Кіші ғимараттың өзі көлемі жағынан Афины Парфенонынан үлкенірек. Ендеше, сол кіші ғимараттың төбесі өзінің ұлы көршісінің іргетасының деңгейіне әзер маңайлап тұр. Бұндай масштабтағы құрылысты салу үшін қандай өнер, қандай еңбек керек болғандығы айтпасақ та түсінікті. Ғимараттың сыртқы қабырғасын қалаған әр сом тастың ұзындығы он метр, ені төрт метр, қалыңдығы үш метр. Сол арада ешқандай қаланбай оқшау жатқан үш сом тасты кездестірдік. Олардың ұзындығы — 20 метр, ені — 3,75 метр, қалыңдығы — 4,5 метр. Сыңайы, мұндай алып тастармен мына ғимараттың іргетасы қаланса керек. Осыншама ауыр тастар әуелде қалай кесіліп алынған, одан мынау құрылыс басына қалай жеткізілген, сосын оларды қалай көтеріп қалаған? Сондай алып тастардан қаланған шырқау биік ірге тастың үстіне әлгіндей ауыр гранит бағандар қалай орнатылған? Бәрі жұмбақ. Бізден бұрын да жер бетінде аса дамыған цивилизация болыпты мыс немесе бір кезде жерге өзге планетадан өзге цивилизация өкілдері келіп, әлгіндей ғажайып құрылыстар салыпты-мыс сынды әртүрлі болжамдардың тууы мен тарауына желеу болып жүргендердің біреуі де — осы ғимарат. Кіші ғимарат үлкен ғимараттан гөрі жақсы сақталған. Ұзындығы — 69 метр, ені 36 метр. Бағаналарының ғана биіктігі — 19 метр. Бұл храмды да жан-жағынан елу тас баған тіреп тұрған. Ең бір көздің жауын алатын жері іштегі киелі орындарға кірер жердегі биіктігі он үш, ені алты жарым метрлік әшекейлі қақа. Тас тіреулер мен таяныштар ерекше көркем: бидай масағына, қызғалдақ гүлдерге, жүзім бұтағына оранған махаббат періштелері мен сауықшыл сұлулар — вакханкалар. Ішкі әшекейі де сондай әсем. Жарылқаушы тәңірлерге аса разы шат-шадыман жұрттың сауық-сайранын бейнелейтін көңілді көріністер. Ол — әдемілігі жағынан дүние жүзіндегі ең саңлақ ескерткіштердің бірі. Ажары әлі тая қоймаған осы ғимаратқа қарап ежелгі шаһардың көркі қандай болғанын кезге елестетуге болатын сияқты, Кіші ғимараты мынандай болғанда үлкен ғимаратқа не жорық? Шамасы, ол соны салдырған император Августың ойлағанындай жер жүзіндегі жеті кереметтің бірі болса болған шығар? Ежелгі бабаларды осындай ересен құрылыс салуға итермелеп жүрген күш не? Асқан байлық па? Шеннен асқан даңққұмарлық па?
Әрине, мұндай кереметтердің тууына олардың да аз қызмет атқармағаны даусыз. Бірақ, осыншама ерекше құрылыс басқа жер таппағандай, неге осы бір алқапта салынған?
Мұндай тіміскі сұрақ бізді тағы да ғасырлар қойнына жетелейді. Бір ауық таңғалғанды қойып, толғана бастаймыз. Өйткені, бұл сауалға мемлекеттер тарихын ақтарып отырып емес, адамзат санасының өсіп жетілу, қалыптасу тарихын қарастырып отырып қана жауап беруге болады.
Ондай жауаптың кілтін осы жердің топономикасынан іздеген дұрыс сияқты. Мынау ұзын шұбақ көгал қойнаудың аты — Бекаа. Ол — көне ханаанейлер диалектісінде «алқап» деген сөз. Мынау ғажайып шаһардың аты — Баальбек. Баал — ежелгі ханаанейлер диалектісінде «күн» деген сөз. Демек, Баальбек — Күн алқабы. Мынау қала — күн алқабындағы қала.
Оған гректердің қойған аты — Гелиополь. Күн қаласы.
Үлкен ғимараттың ең ежелгі аты — Баал. Ежелгі ханаалейлердің ең басты тәңірі. Күн тәңірісі. Оған римдіктердің қойған аты — Юпитер. Аспанның, нөсер мен найзағайдың, түптеп келгенде, Күн тәңірісі.
Кіші ғимараттың ежелгі аты — Астарта, Баал тәңірдің зайыбы.
Кіші ғимараттың гректер мен римдіктер қойған аты — Венера. Юпитердің тәңірісінің зайыбы. Бұл ғимаратты кейде Вакх ғимараты деп те атайды. Вакх — ырыстың, ырзықтың, жиын тойдың тәңірісі. Баал, Гелиос, Юпитер — күн. Күн тәңірісі. Тіпті Сирия дегеннің өзі санскрит тілінде «Күн» деген сөзден шыққан. Астарта, Вакх, Венера — өмір, ырзық, жиын-той, сән-салтанат, өсіп-өну, сүйіспеншілік тәңірлері. Бірінен-бірі өрбіп жатқан төркіндес ұғымдар. Бірін бірі толықтырып тұрғандарын былай қойғанда, кейде бәрі қосылып, бір ұғымды да білдіріп кетеді. Осынау ежелгі ханааней, грек сөздері ию-қию араласқан лингвистикалық шытырман, мағыналық құбылмалықтар тек осы өлкенің тарихынан ғана емес, адам санасының дүниетануындағы шырғалаң жолдардан да хабар бергендей. Күнге табынудың, күнді қастерлеудің біраз елдерге, тіпті бүкіл адамзатқа тән екенін әркім-ақ біледі. Күнге табынудың әуелден отқа, жарыққа табынудан шыққаны кім-кімге де белгілі. Бірақ, аспандағы жарық көздеріне табыну әу баста айға табынудан басталғанын бәр-бәріміз біле бермейміз. Өйткені, онсыз да жарықта жарқырап тұратын күннен гөрі қараңғы түнектен сәуле төгіп тұратын айдың аңғал ата-бабаларымызға анағұрлым әсерлірек те, анағұрлым құдіреттірек те көрінуі даусыз. Сондықтан да, адамзат күнге табынбас бұрын айға табынған. Күн календарынан бұрын ай календарының тууы — соның куәсі. Жер бетінде айды кие тұтпаған халық болмапты. Шумерлер де, акадтар да, мысырлықтар да вавилондықтар да, ассириялықтар да, хеттер мен сириялықтар да, арабтар мен ханаанейлер де, үнділер мен қытайлар да... Бәрі де айға табынған. Тіпті біздің қазақтар да бір жаңасынан туған айды көргенде: «Ай көрдік, аман көрдік; бұрынғыдай заман көрдік, ескі ай, есірке, жаңа ай, жарылқа!» — деп бас иіп, тізе бүгіп, жалбарынып жатпаушы ма еді. Қай халық та ертеден аспандағы айға бірдеңе көрінсе, жердегі тіршілік бірдеңеге ұшырайды деп сенген. Ай тұтылғаннан, ай қораланғаннан шошынбайтын халық болмаған. Біздің жыл санауымызға дейінгі XІ ғасырдағы ескі қол жазбасының мәлімдеуінше: ай тұтылса, халыққа кесепат тап болады; қалаларды аштық жайлап, қантөгіс қырғындар басталады; ақылды деп ел аузына қарап жүрген азаматтар тақтағы патшаларына қарсы шауып, ақыры бастарынан айырылады. Ежелгі римдіктердің айтуынша: Римнің негізін салған Ромул құрсаққа түскен күні де, қабірге кірген күні де ай тұтылыпты. Ежелгі еврей аңызының айтуынша: Ғайса пайғамбар құрсаққа енген күні де, крестке керілген күні де ай тұтылыпты. «Толдат Иешу»: Дәуіт руынан өрбіген Иоаканаан Вифлемде қоңсылас тұратын Мәриямға атастырылған-ды. Бірақ, Мәриям етеккірі келіп жүрген бір сенбінің кешінде ойда жоқта сап ете қалған ажары болғанмен, ақылы жоқ Пандере деген еркекке қатты ұнап кетеді. Мәриям қараңғыда оны өзінің айттырулы жігіті Иоканаан екен деп қалады... Сонда Мәриям ұл тапты. Атын шешесінің ағасының есімімен Иегошуа деп қойды. Тағы да сол «Толдот Иешу»: «Оның денесі крестен жұма күні түсіріліп, сол бойда жерленді. Бағыбан Иегуда артынан табыттан суырып алып, арыққа ағызып жібереді. Кейін шәкірттері келіп қалғанда, Иегошуа табытта жоқ боп шықты. Олар сол бойда патша ханымға барып; «Иешу тіріліп кетіпті», — деді. Патша ханым олардың айтқандарына сеніп, құдайдың таңбасы басылған сүйікті құлына қол көтергендері үшін Израиль ғұламаларын өлім жазасына кесті». Қазақтардың сенімінше: ай қораланса — атынды сайла (жау шабады), күн қораланса — күрегіңді сайла (боран болады). Айға табынып үйренген бағзы бабалар күнде күн батқан бойда «Ай қай жақтан көрінеді екен?», — деп аспанға қарауды әдетке айналдырып алады. Сонда көктем басында күн бата аспанға қараған адам жұлдызды аспанның қақ ортасында жайқалып өсіп тұрған бәйтеректің сұлбасын аңғарар еді. Бұл бәйтеректі қазір құс жолы дейміз. Күз айларында оның жуан діңгегі одан сайын бадырайып көрінеді. Батып бара жатқан күн сол алып бәйтеректің бұтағында өсіп тұрған мәуеге ұқсайды. Күнді алтын алмаға теңейтін әдет содан шыққан. Бірақ, ол кейін шыққан әдет. Одан бұрын адамдар аспандағы бәйтеректің алтын жемісі күн деп ұққан. Ай қараған бабалар аспандағы ағаштың да әртүрлі боп өзгеріп тұратынын байқаған. Келе-келе аспандағы ағаштағы өзгерістер мен жердегі ағаштардың өзгерісінің арасында белгілі бір ұқсастықтар барын аңғарған. Көктегі бәйтерек секілді, жердегі ағаштар да бірде жайқалып өсіп, бірде қуарып, бірде жеміс өсіріп, бірде суалып тұрған. Енді адамдар аспандағы айды ғана емес, жердегі ағаштарды да киелі деп ұға бастаған. Әр халықтың әулие тұтатын өз ағаштары болған. Ежелгі мысырлықтар ніл акациясын, құрма ағашты, жыңғылды және Ғайса пайғамбардың тілі деп саналатын Ишад деген ағашты киелі деп ұққан. Шумерлердің киелі ағашы — Эрида. Сына жазуындағы таңбасы құрма ағашына ұқсайды. Ассириялықтар тек мәуесі мен миуасы сол жағына қарап қисайып өсетін ағаштарға ғана табынған. Парсылар барлық ауруға дауа табатын хаама Гокрд (Гао Керена) деген ағаш Каспий теңізінің ортасында ғана өседі, оны зұлым жын-перілерден қорғап, бір жайын балық шырқ айналып, жүзіп жүреді деп ұққан. Әр жыл көктем басында және үйлену тойы күні үйіне жас бұтақ әкеліп ілген кісі көлденең көзден аман қалады деген сенім көп елдерге тараған, Кейін бұл ырым жыл басында жас бұтақ әкеп үй безендіретін дәстүрге ауысқан. Қазіргі үй ішіне шырша тігіп тойлайтын әдет Европадағы отыз жылдық соғыс біткен 1642 жылдан басталған. Үй салғанда ортаға бөренеден таяу салу, толғатқан әйелді бақанға асылдыру, өлген кісінің қабірінің басына сайғақ шаншу, жолаушыға таяқ таяну, үй сыртына, ауыл ортасына сырғауыл қағу сынды әдеттер — әр халықта осы ағашқа табынудан сіңген әдет-ғұрыптар. Кейін жұрт баспанасын тастан салатын кезде тас бағанға, құлпы тасқа, құзар биіктерге табыну шықты. Алғашында бабалар ағашты аспанға қарай ұмтылып, айдың өзгерісіне қарай өзгеріп отырғаны үшін кие тұтқан. Келе-келе олар көкке қарай ұмсынған нәрсенің бәрін де киелі деп ұққан. Найзаға табыну, сатыға табыну, арқанға табыну, адамның шашына табыну да солай туған. Көп жұрт желкілдеген шаш бақытқа ұмтылған басқа ғана бітеді деп сенген. Шеңберге сиыну жарты шеңберге сиыну, ирелендеген заттарға сиыну, бәрі де — жаңа туған айға, толған айға, айдың сәуле шашқан нұрына сиынудың салдары. Шалқасынан туған айды — киелі кеме деп ұққан. Жыланды көктегі тәңірдің жерге түсіп кеткен аса таяғы санаған. Сырықтың басына жіп тағу, қамшы жасау, құрық жасау да — сол асаға табынудың, жыланға табынудың бір түрі. Адамзат жердегі ағаштың аспандағы айға талпынуын, аспандағы ай нұрының жер бетіне қонақтауын, жердегі өсімдіктердің ұрық шашуы мен гүлденуінің, миуа беруі мен солуының, әйелдер бойындағы қан жаңаланудың аспандағы айдың өзгерістеріне тәуелділігін ертеден бақылап, өніп-өсуге байланысты құбылыстарды да киелі деп санаған. Адамзаттың өзі де ағаштан өніп-өсті деп ұққан. Ағаш қана емес, жартас та, құлпытастар да өседі, көбейеді деп ойлаған. Әкесі даулы перзенттерді «айдың нұрынан пайда болды», «нұрдан пайда болды» дейтін ұғымдар да — сол айға табынудың алыстан жеткен сарындары. Ежелгі дүние адамдары барша тіршілікті аспан мен жердің арасындағы бір сиқыр байланыстардың арасында өрбіп-өседі деп түсінген. Сондықтан сол аспан мен жердің арасындағыдай асты-үстілі байланысты құдайға құлшылық ету деп ұққан. Қазір біз қараңғы түн мен ыстық, жар құшағына байланысты поэтикалық теңеулердің арғы төркіндері адамдардың күндіз еңбектен қолы босамай, кешке ғана төсекке жатар үйреншікті тұрмыстық дағдарысы деп ұғамыз. Ал, шын мәнінде, ол тұрмыстық дағды сонау айға табынған замандарда, көктегі құдіреттің көңілін аулаудан шыққанын ескере бермейміз. Бағзыдағылардың сол сенімі көк пен жердің арасын байланыстырып тұратын барша вертикаль құбылыстарды аталық бастама, жер мен көкті беттестіріп тұрған барша горизонталь құбылыстарды аналық бастама, көктегі бәйтеректің алтын алмасы айға ұқсас нәрселерді өскелі-өнегелі тұрған ұрпақтық бастама санаған. Миуаның шырынын, ана көкіректің сүтін ай нұрындай тіршілік қуаты деп білген. Ағаштарды, аса таяқты, соқаны қастерлеу аталық тәңірге, ыдысты, ошақты, ұраны, қауызын жарған дәнді, қауашағын ашқан гүлді, тіпті қара жерді қастерлеу аналық тәңірге сиыну деп ұққан. Сондықтан әйел мен еркек арасындағы өспек-өнбек қатынастарды киелі құбылыс көрген. Ежелгі дихандар екі мың жыл бойына көктемде жер жыртқанда соқаның басын жалаңаш әйелдерге ұстатып қойып, ерлі-зайыптылар аңыздың үстінде аймаласса, егін бітік шығады деп сенген. Бір кезде көктегі тәңір ашығып, қорек іздейді дейтін сенімнен туындаған құрбандыққа адам шалу, мал шалумен қоса енді көктегі тәңір де ләззат іздейді деген пиғылмен қараңғы түндерде киелі орындарға әйел апарып тастайтын дәстүрлер етек жаяды. Жердегі тіршілікті өрбітуге жұп іздеп келген тәңірдің көңілін аулауға етегін жел ашпаған, балиғатқа енді толып отырған жас қыздар жіберілген. Кіші Азия, Сирия, Месопатамия, Армения, Ханаанадағы Тәңір ана киелі орындарында талай жас бойжеткендер абыздармен өткізген алғашқы түндерін тәңір жолына шалған құрбандығым деп білген. Ежелгі Вавилионда әрбір әйел тегіне, дәулетіне қарамастан сондай парыздан арылып отырған. Қырықтың бірі — қызыр деп, бейтаныс жолаушының қойнына қыз салатын ғұрып та осыдан өрбіген. Тіпті бала сүндеттеудің де әу баста дәл осындай иланымнан шыққанын бәр-бәрі уақытта еске ала бермейміз. Ежелгі дүние көктегі бәйтеректің бір нышаны деп аталық белгіні (фаллос) де киелі санаған. Атышулы Тутанхомон перғауынның табытын ашқанда, мумиядан бөліп ап, арнайы бинтке орап, тікірейтіп бальзамдалған фаллос бірге табылған. Ежелгі мысырлықтар күн құдайы Осиристың мумиясын бейнелегенде де, сол арасын тікірейтіп бейнелеуді ұмытпаған. Қазақ даласын әр жер-әр жерінен табылып жатқан құз жартастардағы ежелгілер суреттеріндегі айғыр малдарды бар.қалпымен бейнелеу сол үрдіс пен үндестікті байқатады. Бағзы діндарлар: «Киелі ағашқа балта тигізуге болғанда оның адам денесіндегі нышанына неге ұстара тигізуге болмайды?» — деп ойлаған. Киелі орындарда Аталық тәңірге құрбандық ретінде талай боздақты әтек қиып жіберіп отырған. Бір кездегі құрбандыққа адам шалудың орнына оның денесінен қан шығарумен шектелу үшін ойлап табылған етек қып жіберу үрдісі келе-келе жас сәбиді сүндетке отырғызумен алмасты. Айға табынатындар әуелі көктегі құбылыстар мен жердегі құбылыстың арасындағы сырт ұқсастықтарды ғана аңғарып, жер бетіндегі көктегі құбылыстарды еске салатын құбылыстар мен нәрселерді киелі санауды шығарды. Олар келе-келе ұқсастықтарды ғана аңғарып қоймай, жер мен көктің арасындағы байланыстарды да аңғара бастады. Ол байланыстарды аңғаруда да айдың атқарған қызметі аз емес. Ежелгі адамдар айдың тууы мен толуының, шығуы шен батуының арасындағы байланысты қадағалаудан уақытты мөлшерлеуді үйренді. Ай шыққаннан ай шыққанға дейінгі аралықты тәулік санады. Ай туғаннан ай туғанға дейінгі аралықты ай санады. Сондай өзгеріп тұрған әр айдың сипаттарына қарап жыл мерзімінің сипаттарын бағдарлады. Жыл мерзімдерінің қайталап соғу циклдарын аңғару арқылы он екі айдан тұратын жылдық циклді ұғынды. Жердегі тіршіліктің уақыттағы өзгерістерге әсер етуін аңғару табиғатты зерттеуге негіз болды. Аспандағы денелердің құбылуындағы қайталамалылықты аңғару мен жердегі табиғи тіршіліктегі қайталамалылықты салыстыра қадағалау тек морфологиялық сенімдермен шектелмей, материалистік дүниетанымның өркендеуіне негіз болды. Қазір біз магиялық сандар, діни символдар деп ұғатын шарттылықтардың көбі сол айды өзгерістік қадағалаудан туған. Ежелгі адамдар айдың қара жолы бәйтеректің бір жақ бұтағынан шығып, екінші жақ бұтағына барып жетуі үшін шамамен 13-14 күн кететінін аңғарған. Одан бұрынғы орнына қайтып келуі үшін де сонша уақыт кететінін аңғарған. Оны бақылау үшін құс жолының маңындағы бір жұлдызды нысанаға алып, айдың сол нысанаға қайта оралуын тосқан. Сонда ол екі аралықта 27 тәулік 7 сағат 43 минут 12 секунд кететін болған. Оны көк бәйтерегінің екі қанаты және әлгі нысана жұлдыз аралығындағы үш бұрыш жасалатын қашықтықты жүріп өтуге кетеді деп үшке бөлген, Сонда әлгі үш нүктенің арасындағы қашықтықты жүріп өтуге шамамен тоғыз күннен келген. Сүйтіп, ежелгі дүниеде бір ай үш аптадан, әр апта тоғыз күннен тұрған. Сол тұста үш бұрыш сандарының киелі саналуы осыдан. Сол тұста үш бұрыш киелі символ ретінде қалыптасқан. Келе-келе жұрт айдың аспан төрінде жүріп өтер жолын тең төрт бөлікке бөліп санайтын кезде киелі сандар қатарына «жеті» қосылып, төрт шаңбақ крест белгі киелі символға айналған. Ежелгі гректердің символында шалқалап жатқан жарты айдың қақ ортасында қадала төнген асаның бейнелеуі де сол айға табыну заманында шыққанын аңғартады. Жұрт айға қарап жүріп, аспандағы өзге денелердің де қозғалыстарын аңғара бастаған. Ол қозғалыстардың да белгілі мөлшерде қайталанып тұратын циклдік сипатын байқаған. Сүйтіп, Шолпанға табыну, Есекқырғанға табыну, Өмірзаяға табыну шыққан. Шынында, қараңғы түнде айдан кейінгі көзге анық түсетін ең жарқын самалалар да әлгі айтылған жұлдыздар емес пе! Олардың қозғалысы мен тұрыстарындағы әлгі қайталамалылыққа ежелгі адамдар үлкен мән берген. Мәселен Юпитердің аспан төрт айналып шығып белгілі бір нүктедегі орнына қайтып келуіне он екі жыл керек екен. Содан шығарып, бағзы халықтар тақтағы падиша он екі жыл билік құрған соң қалайда опат табады деп ойлаған. Израильдықтар Балық шоғырындағы жұлдыздардың бір-біріне тұспа тұс келген жылдарына ерекше мән берген. Ал ол жұлдыздар арасына көп уақыт салмай, қатарынан үш рет тоғысса жер бетінде бір алапат оқиға болады деп сенген. Сондай бір тоғыс 1862 жылы болғанда жер бетінде түрік соғысы жүріп, Вена қоршауға алынып жатыпты. Ал ең соңғы мұндай қатарынан үш рет тоғысу 1940-1941 жылдары болған. 1940 жылдың 7 августында, сол жылдың жиырмасыншы октябрінде, келесі 1941 жылдың 15 февралінде Балық шоғырындағы Овен жұлдызы маңында үш рет жұлдыздар тоғысыпты. Мұндай құбылыс енді 2198 жылы байқалмақ. Адамдардың аспантанудағы жетістіктері олардың жер бетіндегі өзгерістерге айдан гөрі күннің ықпалының көбірек екенін аңғартқан. Сүйтіп, күнге табыну пайда болған. Дүниетанымдағы ұқсастықтарды аңғару, байланыстарды барлау, заңдылықтарды зерттеу үстінде қалыптасқан мифтік, діндік ғылыми сана адамдардың саяси-әлеуметтік, этикалық болмысында да өз көрінісін тапқан. Құдіретке табынып, күшке бағыну психологиясы адамдарды әуелге құдіретті, күшті жұмбақ көрінген заттардың өзіне тікелей табынтса, кейін оларда да адам тақылеттес рух бар деп қайдағы бір аруақтарға табысқан. Ол рух табиғи құбылыс кескінінде де, адам кескінінде де ұшырасуы мүмкін деген түсінік адамдар арасынан да әулие кісілер іздеуге әкеп соқтырған. Сүйтіп адам әуелі құбылысқа, сосын ол құбылысқа жан бітіріп тұрған рухқа, сосын ол рухтың пәрменін бейнелейтін идея мен сол идеяны уағыздайтын адамға табынуды үрдіске айналдырған. Адамдар өзін қоршаған ортадағы ұқсастықтарды, байланыстарды, қайталамалылықтарды аңғарған, олардың себептерінің түбіне жете түсіне алмаған кезде өздері иланған сенімге бас ұрған. Сенімге бағыну — мифологиялық, діни сананың жемісі. Сенімге бағыну психологиясы табиғи ортадағы төмендегіге жоғарыдағының (жер бетіндегі тіршілікке көктегі астрономиялық денелердің), күші аздарға күші көптердің бағынатын қасиетін әлеуметтік иерархияға да сол қалпында көшіре салуға тырысты. әлеуметтік өмір баспалдақтарының төменгі сатысындағылардың жоғары сатыдағыларға, билігі аздардың билігі көптерге бағынуы да, түптеп келгенде, айға табыну кезінен бар тәуелділік психологиясының заңды жалғасы. Сондықтан да ежелгі дүние келе-келе күнге табынумен тынбай, күн тақылеттес тәңірге, тәңірі тақылеттес патшаларға табынуды шығарған. Сөйтіп, әуелде нақты көк шырағының қасиеті қиялдағы рухқа телінсе, келе-келе нақты адамға — императорға телінген. Мәселен, Рим императорлары өзін Юпитер тәңірі әйелін Юнона тәңірі деп есептеген. Бұл олардың шеннен шыққан даңғойлығынан емес, сол кездегі жұрттың билік иесін — тәңірі, билік — кие санаған шынайы сенімінің жемісі. Ежелгі дүние адамдарының қауымдасу дәрежесі өскен сайын олардың өз тәңірлеріне тауап ететін киелі орындарының көлемі мен сән-салтанаты да ұлғая түсті. Ай мен Күннің өзіне табынып жүрген кезде ағаштың саясы да, өзеннің аңғары да, құз жартастың түбі де киелі орын санала алса, Ай мен Күн тәңірісіне табынған кезде олардың өздері мен зайыптарының құрметіне арнайы тәуапханалар салу үрдіске айнала бастады. Ал енді қолдарында өлшеусіз зор билігі, қарауында қарақұрым әскері, қазынасында ұлан асыр дәулеті бар билеушілерді тәңір тұтатын кезде бұрынғы қарапайым тауапханалар сән-салтанаты асқан зәулім ғимараттарға айналды. Оған осы Бекаа алқабындағы әулие орындардың тағдыры да айқын айғақ бола алады. Бұл арадағы алғашқы храмдар Баалға, олардың зайыптары Ашерат, Астарта және Анаттардың құрметтеріне салыныпты. Шамасы, олар осы өңірді мекендеген ежелгі ханаанейлер тұсында тұрғызылса керек. 1929 жылы Солтүстік Сириядағы көне Угарит қаласын қазғанда табылған ескі ханааней мифі соған меңзейді. Ол қазбаларды жүргізген профессор Клод Шеффер көне қала орнынан сына жазуымен жазылған қыш тақтайшалардың үстінен шықты. Олар бағзыда жоғалған Угарит мемлекетінің шырғалаң тағдырын алдымызға жайып береді. Угариттің жұртынан табылған қыш тақтайшалар, оның аса қуатты мемлекет болғанмен, мәдениетті мемлекет болғанынан жеткілікті хабардар еткендей. Шеффердің күрегі тиген жер ежелгі Угариттің әрі архиы, әрі кітапханасы секілді. Ондағы қыш тақтайшалар патша қазынасына жергілікті кәсіпқорлардан түскен, бағынышты қалалардан түскен салықтың есебі, сауда-саттық документтері, әскерге шақырылуға тиісті адамдардың тізімі, қызмет бабындағы адамдардың лауазымдық тізбесі болып шығыпты. Сонымен қатар, финикиялықтар ерекше жүгінген арыздық тәңірісіне мінәжат ету ережесі, ауырған малдарды қалай емдеу керектігі жайындағы нұсқау, әліппе, жаттығу жинағы, көрші тайпалар тілдерінің сөздігі ұшырасыпты. Бәрінен де қызығы — қыш тасқа сына белгілермен қашап жазылған ежелгі әннің сөзі мен мелодиясы табылған. Бұл сын белгілермен жазылған нота-әлемдік мәдениеттегі алғашқы нота жазуы. Ал, бетіне отыз белгі қашалған он сантиметр шамасындағы кішкентай қыш тақтайша — бұл қазбадан табылған ең асыл қазына. Бұл — адамзат тарихындағы ең алғашқы алфавиттердің бірі. Мұндағы дауыссыз дыбыстарды белгілейтін отыз әріп енді бұрынғыдай әр сөзді әр таңбамен белгілейтін нысана жазудың орнына дыбыстардан құралатын сөздерді әріптерден құрастырып бейнелейтін жаңа әріп жазуға жол ашып берді.
Әлгі ғажайып қыш тақтайшаны анада біз Сирияның ұлттық музейінде көргенбіз. Сөйтсек, ол жазуды ойлап тапқан угариттіктер аталмыш қыш кітапханаларында бізге арнап өздерінің ежелгі мифтік дастанын да жазып қалдырыпты. Ол дастанды ежелгі ханаанейлердің дүниеге көзқарасы өздерінің тіршілік жолындағы қарекеттерімен тығыз байланыста суреттеген. Олардың ең басты қамы — өмір ырыздығы болыпты. Сол ырыздыққа шарапаты тиетін құбылыстардың бәрі — ізгілік тәңірлері де, кесапаты тиетін құбылыстардың бәрі — зұлымдық тәңірлері. Осынау өмір бақи арпалысып өтер екі күннің мігірсіз түрлі таласы дастанның оқиғалық желісін құрайды. Ізгілік жолындағы ең басты тәңірлер — Баал мен оның зайыбы Анат, қыздары: нұр суының пірі — Талан. Нұр шұғыла пірі Пидран, жер құнарының бірі — Арсан. Ал, зұлым жағыңдағы ең басты тәңір — ажал пірі Мот. Ол көбіне-көп құрғақшылық, аңызақ сипатында суреттеледі. Сыңайы, мынандай құнарлы өлкедегі жұрт үшін құрғақшылық пен апаттан асқан тажал болмақшы емес секілді. Ежелгі дастан ежелгі адамдардың тілегі Баалдың үстінде болғанын көрсетеді. Дастанда оған ең сұлу, ең ізгі әйел жыныстылар ықылас көрсетіп жатады; сән-салтанат, той-думан соның құрметіне бағышталып жатады; тіпті оған туыстарын жиып сыйлау үшін күмістен баспана, дос-жарларын жиып сыйлау үшін алтыннан сарай да салдырылады. Диқаншылық пірі Баал өз баспанасына терезе салдырмаймын деп, ал сәулетші Котар-и-Хасис терезе саламын деп дауласады. Баал терезеден егін мен миуаның жауы аңызақ кіріп кете ме деп қорқады. Котар-и-Хасис терезе салмасам, оған егін мен миуаға аса қажет күн нұры мен жаңбыр тамшысы кіре алмай қала ма деп қорқады. Ақырында, сәулетші жеңеді. Өйткені, жарық пен ылғал жоқ жерде өнім де жоқ, өмір де жоқ. Көне жырда ізгілік тәңірісіне көрсетілетін ең үлкен екі құрмет: өскен-өнген табиғат ықыласын білдіретін той-думан, өскелі-өнгелі тұрған табиғат ықыласын білдіретін — әйел махаббаты. Махаббат — тіршілік мұратының салтанаты. Той-думан — тіршілік қызығының салтанаты. Сондықтан да ол екі сәтті ежелгі ақын өзінше шабыттана жырлайды.
Еңкейді де, сүйіп алды ернінен —
Ерні оның бал шырын боп көрінді.
Сүйді дағы, құша тартты белінен,
Белінен құт өмір нәрі төгілді.
Ата тәңірге ықыласы құлаған Ана тәңірді сол бойда толғақ қысып, тіршілік иесі кешер жарық дәуреннің екі шекарасы — таңғы Елең-алаң мен кешкі ымыртты табады.
Бұл — махаббат жыры.
Баал сыйлады қошқар пірді шараппен,
Сол шарапты саулық пір де сімірді.
Баал сыйлады бұқа-пірді шараппен,
Сол шарапты қашар пір де сімірді.
Бал...
Бал сыйлады тері месті шараппен,
Сол шарапты қыш көзе де сімірді.
Бұл — той-думан. жыры.
Мына дастандағы дастархан басындағы меймандарға Қарап, кейбіріміздің жиын-тойға ерлі-зайыптылардың екеуін де шақыру тәңірлердің өзінде де бар үрдіс екен-ау деп қаларымыз анық. Иә, ежелгі дүние жыныс алалауды білмеген. Асты-үстілі жаратылыстың аймаласуынан өрбитін тіршілік жолында күресіп жүрген ежелгі тәңір ерлі-зайыпты екі жыныстың екеуінің де өкілін бір шараппен сыйлаған. Үзіндіде көрсетілген той-думан — Баалдың құрметіне салынған ғимарат біткендегі той-думан. Бәлкім, мынау Баальбектегі киелі орын сонау Угарит ақынның тұсында да болған шығар. Бірақ, ол қаншама алтыннан салынды дегенмен тап мынау Август салдырған Юпитер ғимаратынан аса алмаған шығар. Сонымен сөз болып отырған ханаанейлер мифі ежелгі дүниедегілердің тіршілік мұраты — өскелі-өнгелі тұрған тіршіліктің қамын жеу, ұрпақ өсіріп, ырзық молайту деп түсінгеніне көзімізді жеткізе түседі. Сол дастанмен бірге табылған басқа да бір хиссада ай тәңірі Ярихтың өз қолындағы Никкалға қалай құда түскені айтылады. Ай тәңірі қыздың әкесіне мың мысқал күміс, он мың мысқал алтын беріп неке ақы — махр төлейді. (Қалың мал шіркін қай заманнан келе жатқан десеңізші!) Сосын: «әйелімнің бар алқабын жүзімдікке, махаббатын миуа баққа айналдырам», — деп ант береді. Ол үшін: әйел — шашылатын тұқым мен оны сеуіп баптайтын диханды күтіп жатқан құнарлы жер де, ал еркек — соның бәрін жүзеге асыруға тиісті бағбан. Бұл жыр да жер бетіндегі ырзықты көктегі тәңірдің «киелі некесінің» нәтижесі деп ұғындырады. Ендеше, мынадай ғимараттың ежелден дихандық пен бағбандық дамыған мына қойнаудан табылуында кездейсоқ ештеңе жоқ. Баалға табынушылардың әлгіндей түсінігі бұл ғимараттың әшекейі неге негізінен вакх мейрамдары тақырыбында болғанын да ұқтырады. Ежелгі адамдардың табынатын тәңірлерінің түрі өзгергенмен, оларға етер құлшылықтың түрі өзгермеген. Егер біздің замандастарымыз мынау ғимараттарды бағзы дәурендеп тұрған қалпында көрген болса, құдайға құлшылық ететін мінәжат орны деп емес, маскүнемдіктің, нәпсіқұмарлықтың, зинақорлықтың мекені екен деп қалар еді. Бізге қазір анау киелі алтарь хауызға шомылып ап, анау алып гранит бағандар түбінде айқаса құшақтасып жатқан жыпырлаған әйел-еркектерді немесе сонау абыздар құжырасынан алқына басып, албырай қызарып шыққан бойда ешкімнің көзіне түскісі келмей, зытып бара жатқан бүлдіршін бойжеткендерді, мынау тас алаңда әбден естері кеткенше ішіп, сосын естері кеткенше әлем-тапырық билеп, оған да місе тұтпай, өзін-өзі ұрғылап, ең соңында қолындағы алмас кездікті тақымның арасына бір сүңгітіп жіберіп, қолындағы қан-қан гениталиясын ортадағы Тәңірі ананың мәрмәр мүсінінің мойнына іле сап, сонау айлапат баспалдақтармен төмен қарай тәлтіректей жүре жөнелген жасөспірім жігіттерді, қысқасы, осынау тас майданда қатар ағып жатқан ағыл-тегіл күрең шарап пен қызыл қанды көзге елестету онша оңайға түспейді. Оны сонау алыс заманды біздерден гөрі жақсырақ білетін Юлий Цезарьдың таныс сырласы Катуал ақынның Аттис туралы поэмасын оқығанда барып елестете аласың. Сондай қанды оқиғалардың талайы тап осы ғимаратта да өткен. Өйткені, ондай үрдістің ең көп етек жайған аймағы — осы Сирия. Бір кезде біз көріп тұрған Бекаа алқабы да сол Сирияға қараған. Ол туралы ежелгі мифологияның жетік білгірі, ағылшын ғалымы Джеймс Джордж Фрзер өзінің «Алтын миуа» деген кітабында былай деп жазады: «Жолдың Иераполистегі ең ұлы мейрамы киелі ғимаратқа Сирия мен маңайдағы өзге аймақтардан қарақұрым халық лек-лек шұбыра бастайтын көктем басында өтетін. Сырнайлардың үні, дабылдардың тарсылы, өз денелерін өздері пышақтап, құтырына билеп жүрген әтек-абыздардың айқайын, осынау діни есірік мұхиттың толқынындай өрши-өрши келіп, анадайдағы қызық көріп тұрған қалың тобырға да лап беретін олардың кебі осы мейрамға келерде ойында да болмаған тосын қылықты қалай жасап қойғанын өздері де сезбей қалатын. Бірінен соң бірі киімдерін шешіп лақтырып тастап, делебе қоздырған желікті күйден жүректері кеудесіне сыймай, ағыл-тегіл шапшып жатқан қызыл қанды көре-көре қарауытып кеткен есалаң көздері ештеңені ажырата алмай, топ ішінен жүгіре шығып, анадай жердегі алдын-ала әдейі дайындалып қойылған ақ семсерлердің біреуін жұлып ап, жұрттың көзінше өзін-өзі пішетін де салатын. Жаңа әтек болған неме ет қызуымен бүкіл қаланы аралап, бір айналып жүгіріп шығатын да, қолындағы қан-қан бір уыс етті көзіне көрінген бір үйге лақтырып жіберетін. Ондай олжа тап болған үйдің адамдары оған өмірбақи киіп етуге тиісті әйел киімін кигізіп, мойнына әшекей моншақ тағатын. Діннің желігі басылған соң, әлгі адам сабасына түсетін. Ол сосын өз бармағын өзі тістеп, енді қайтып қалпына келмес қате істеп қойғанын біліп, ғұмыр бойы өкінумен өтер-ді». Біздің заманымыздың көзімен қарағанда азғындық сияқты көрінетін Бұндай сауық-сайран өз тұсындағы ұғым бойынша құдай жолына шып берілгендіктің белгісі еді. Мынау алып гамараттар қаласының құлпыруы мен құлдырауы Кіші Азия елдеріңде әлгіндей әдет-ғұрыпының күшейген тұстары мен әлсіреген тұстарына сәйкес келеді. Осы арадағы алғашқы храмдардың иесі болған хананейліктердің бұл мәселеге қалай қарағандығы жоғарыда айтылып отырған мифтерінен-ақ белгілі. Олардың тегі туралы мәлімет аз. Тек біздің жыл санауымызға дейінгі 3000 жылдары Араб түбегінің орталық тұсынан шыққан осы бір көшпелі тайпаның терістік батысқа қарай ығысып, Жерорта теңізін орақтай иіп орағытып жатқан құнарлы өлкеге кеп орналасқаны белгілі. Олар бұл араның байырғы халықтарымен мидай араласып, өз бойына сіңіріп алады. Таптық қоғам пайда болған кезде олар Жерорта теңізі бойындағы бірнеше қала-мемлекеттерге бөлініп кетеді. Жан-жағынан тап-тап беріп, жаудай жағаласып отырған мысырлықтармен, аморейлермен, хайттармен, хуриттермен, ассириялықтармен, арамейлермен, парсылармен тайталасып, ғұмыр кешкен хананейлер егіншілік пен орманшылықтың, сауда мен қолөнерінің арқасында аса дәулетті өмір сүрген. Олар, сонымен қоса арттарында аса ірі мәдениет ошақтарын қалдырып, адамзат цивилизациясының өсіп-өркендеуіне зор үлес қосты. Заманында солар Жерорта теңізінің жағалауын жиектей салдырған Угарит, Арвай, Амрит, Биіл, Сидон, Тир қала-мемлекеттерінің бәрін қосып, Финикия деп атау — сол ежелгі дүниеден келе жатқан үрдіс. Алғашқы алфавитті қалдырған Угарит тағдыры өзге финикиялық қала-мемлекеттерінің тағдырынан да хабар бергендей. Угарит бір жағынан көшпелі хеттер мен екінші жағынан отырықшы мысырлықтармен алма-кезек алысып өткен. Теріскейден хеттер тап бергенде, Угарит күнгейіндегі Мысырдың ығына жығылған. Күнгейдегі Мысыр тап бергенде теріскейдегі хеттердің ығына жығылған. Сүйтіп бас сауғалаған Угарит қала-мемлекеті біздің жыл санауымызға дейінгі XVІІІ ғасырға дейін өмір сүрген. Угариттіктер қалдырған мәдени дәстүрлер, олар ұстанған діни үрдістер өзге финикиялық қала-мемлекеттерге де тән еді. Олардың бәрінде де Баал тәңіріге сиыну үрдістері үстемдік құрды. Олармен ұстасып өткен мысырлықтардың да, хеттердің де, ассириялықтардың да, вавилиондықтардың да ежелгі мифологиялық дүние таным өкілдері болғандары белгілі. Сондықтан олар бұл аймақтағы жұрттың мәдениеті мен діни дәстүрлеріне айтарлықтай өзгеріс енгізе алмады. Европа мен Азиядағы адамзат қауымдасуы тек көшпелі тайпалар мен қала мемлекеттерінің ауқымынан асып ұлғая бастады. Ежелгі дүние мүмкіндіктері аумағында-ақ өсіп-өркендеген ғылым мен техника, экономика мен әскери күш тек көшпелі көршілес мемлекеттерді ғана қосып алумен тынбай, жер аяғы қашық мемлекеттерге ат басын түзеуге жеткілікті жағдай жасап бере алды. Дүниежүзілік империялар құру идеясы дүниеге солай келді. Аталмыш дүниенің алғаш ту көтерген жері Греция болды. Ол 323 жылы Вавилон қаласында ауыр науқастан көз жұмғанша Азия мен Африканың талай жерін басып өтті. Македония мен Памир, Нілдария мен Сырдария арасы оның әскерінің тұяғының астында қалды. Персия мен Греция, Египет пен Согдианың күш-қуатын біріктіріп жер жүзілік империя жасау арманына бәрібір жете алмады. Сөйткен Македонский де Мысырға бара жатқан жорығында осы Бекаа алқабының үстінен өткен-ді. Баалбек тұрған өңірге ол да қызыққан-ды. Мынандай миуа бақтың қойнауындағы киелі шаһарға ол да қызыққан-ды. Күн алқабы — Баальбектің атын грекше аударып, Күн қаласы — Гелиополь деп өзгертіп, әскерінің бір бөлегін осы араға мәңгі бақи қоныстануға қалдырғанды. Құдайға табынған, сауық-сайраншыл жұрттың ежелгі дәстүріне өзі де тәңірі атанған Александр Македонскийдің ырза болмаса, қарсы шықпасы белгілі. Ендеше, Баальбек ол тұста да ешкімнен қағажу көрген жоқ. Александр Македонскийден кейін Сирияны билеген гректердің Селевк әулетінің ең сүйікті құмары — сәулет өнері болғаны мәлім. Сирия мен Ливандағы қалаларға театрлар, гимназиялар, моншалар сол тұста келуі мүмкін. Бірінші Селевкінің тұсында салынған жиырма сегіз қаланың тоғызына ол Селевния деп ат қойғызып, бірнешеуін әкесінің атымен — Антиохия, шешесінің атымен — Лаодикея атандырыпты. Сириядағы Антиохия, Латакия деген есімдердің қайдан шыққанын осыдан-ақ біле беруге болады, Мұндай патшаның да сәулетті Баальбекке қол көтермесі даусыз, Бұл екі ортада дүниежүзілік империя құру сияқты идеялық індет Европаны жайлай бастады. Жаңа індеттің ошағы — ежелгі Рим. Біздің жыл санауымызға дейінгі 64 жылы Жерорта теңізінің шығыс жағалауына жер қайысқан қолмен Рим қолбасшысы Помпей келіп түсті. Содан бұл өлке төрт ғасыр бойына Рим империясының қол астында болды. Рим империясы тағына таластың қай-қайсысы да ол кезде оның бірден-бір асыраушысы болған осы шығыстағы провинцияға соқпай кетпеген. Бірінші триумвираттың тұсында басты билік кімнің қолына түссе, Сирия да соның билігіне көшіп, біресе Красқа, біресе Помпейге, біресе Цезарьға бұйырып, қақпақыл болды да жүрді. Ақыр аяғында ебін тауып, екі бәсекелесінен де құтылған Цезарьдың қол астында қалды. Билікке таласқан қырқыс Цезарьдың да түбіне жетті. Одан кейінгі екінші триумвират та алғашқылардың кебін киді. Ақыр аяғында Лепид пен Антонийден үстем түсіп билікті қолына алған Октавиан тақпен бірге шығыстағы бай провинцияны да олжалайды. Рим императорлары өздерін әуелден-ақ тәңірі деп білетін. Олардың өздері жайындағы мұндай астам түсінігі мынау шығыс провинцияға аяқ басқанда бұрынғыдан бетер өрши түспесе, еш әлсіреген жоқ. Мәселен, император Юлиан Антиохияға келіп кіргенде, оны қала халқы жаңа тәңірі келді деп той тойлап қарсы алды. Ол көктем басында Адонис тойының тұсында келгенді. Адонис дегеніміз бұл елдегі гректердің үш жыл үстемдігі тұсында атын өзгертіп алған баяғы баршамыз білетін Баал еді. Батыс қақпадан император кіргенде, шығыс жақ көкжиектен Шолпан жұлдызы туып келе жатыпты. Шолпан — грекше Венера, көктемде аң аулап жүріп мерт болған Адонис тәңірдің жұбайы. Ол да — гректердің тұсында атын өзгертіп алған баяғы бәріміз білетін Баалдың бәріміз білетін жұбайы Астарта еді. Жат қалаға кіріп келе жатқан басқыншы императордың алдынан жарқырап Венера тууы — оны мына елдің қайта тірілген баяғы Адонис деп қабылдағаны. Бәлкім, соғыс ісіне жетік римдіктер сириялықтардың көктем басында Адонис тойын тойлайтынын біліп, қалаға сол жұрт масалаң жүретін бейқам түнде әдейі кірген шығар. Не де болса, Юлиан император — содан былай сириялықтар үшін Адонис болды да кетті. Рим императорлары өздерін күн тәңірісі, күш тәңірісімін деп танумен қоса, махаббат пірімін деп те ойлаған. Өздері басып алған елдердегі Юпитер храмдарымен қоса Венера храмдарына да қамқорлық жасаған. Олардағы тәңірі жолына жасалатын жалбарыныш, тәубаны өздеріне арналған ілтипат, қошамет деп ұққан. Юлий Цезарьдың Баальбекке сүйікті қызы Юлияның атын беруі — соның бір белгісі. Антоний Клеопатрамен бірге уланып өліп, жолында еш бәсекелесі қалмай, Римнің бірден бір билеушісі Август атанған Октавиан да Баальбек қаласы тұрғындарының алдында Юлий Цезарьдан қалысқысы келмей, ескі храмның орнына жаңа Юпитер ғимаратын тұрғызуға әмір береді. Рим тағына олардан кейін отырған Нерон, Септимир, Киракаалло, Филиптер де бұл аймақтың халықтарына өздерінің қыра білумен қоса, құра да білетіндіктерін дәлелдеп-ақ баққан. Сонымен, гректердің қол астындағы үш ғасыр римдіктердің қол астындағы төрт ғасыр да грек, рим мәдениеттерін бір-бірімен ұштастыру негізінде қалыптасқан жаңа эллиндік мәдениет бұл елдерде де өркен жая бастады. Бірақ, ар жағы мифологиялық дүние түсінуден туындаған бұл мәдениет те финикиялық дәстүрлердің ежелгі принциптеріне түбірлі өзгеріс жасаған жоқ. Бар болғаны, олардың ежелгі мифтік тәңірлерінің аты грек құдайларының атымен алмастырылды. Демек, Баальбек храмдарының басынан ол кезде де дәурен тайған жоқ. Бірақ, финикияның ежелгі храмдарының басынан дәурен таймағанмен олардың жаңа қамқоршылары Рим империясының өз басынан дәурен тая бастап еді. Римді кірпіш қаладан мәрмәр қалаға айналдырдым дейтін Август Октавиан өлгесін-ақ мызғымайтындай мықты дейтін империяның іргетасы сыр бере бастайды. Өкімет басына келген Юлия-Клавдий әулеті тұсында бір қолға шоғырланған шексіз биліктің барша әлеуметтік сырқауы бірден көрінді. Оның мейлінше асқынған тұсы — біздің жыл санауымыздағы 54-68 жылдары Неронның таққа отырған кезі еді. 64 жылы болған өртте Римнің он төрт кварталының оның от жалмады. Бұл өртті халық Неронның өзінен көрді. Ел ішінде ереуіл шықты. Сол жолы тұтанған ереуіл өрті провинцияларға да жайылды. Әсіресе 59-79 жылдарғы Таяу Шығыстағы иудейлер көтерілісі Римнің жер жүзілік империя болам деген дәмесіне үлкен соққы боп тиді. Сол көтерілісті басқан Флавийлер династиясы билеп тұрған тұста халық кегінің дүмпуі аз болғандай Везувийден вулкан атқылап, Помпей мен Геркуланум қалалары лава астында көміліп қалды. Империядағы солай басталған саяси дағдарыс ІІІ ғасырда әбден шегіне жетті. Құл иеленуші жүйе өзінің әбден тозып біткенін паш етті. Ол тұстағы таптық қозғалысқа құлдардан басқа да езілуші таптар белсене араласа бастады. Оған ұлан-байтақ империяның шет аймақтарындағы наразылықтар қосылды. Оның бәрі аз болғандай, үш құрлықты алып жатқан империяға жан-жақтағы көшпелі тайпалар көз аларта бастады. Ол қозғалысқа түрткі болған Орталық Азиядан батысқа қарай жөңкіле көшкен гүндер болды. Гүндерден қашқан готтар Рим империясының терістік шекарасына маза бермеді. Олар ү ғасырда Римді кеп қоршады: 445 жылы Рим талқандалды, 449 жылы Британияға англо-сакстар барып кірді. Дунай, Балкан, Галия Аттила басқарған гүндердің қоластында қалды. Рим астаналықтан айырылып, шет аймақ қалаға айналды. Бір кезде бүкіл ғаламның тағдырын шешкен форум алаңын шөп басып, шошқа жайылды. Римнің қалауы — түптеп келгенде, құл иеленуші қоғамның құлауы болды.
Дүниені дүр сілкіндірген бұл оқиғалардан Таяу Шығыс та сыртқары қалған жоқ. Ежелден отырықшы дүние мен көшпенді дүниенің ортасындағы қыл көпірді, құнарлы қойнауларды қуалай орналасқан финикия қалалары тек өзге қуатты отырықшы мемлекеттерден ғана емес, күнгей батыс, күнгей шығыс тұстарынан қауыстыра қоршап жатқан шөл даладағы оқтын-оқтын құйындай бұрқырай көтеріліп, дүниені аламан-асыр қылып кететін көшпелі тайпаларға да тәуелді еді. Бір қызығы, ежелгі дүниеде тәңірі сипатқа жарық жалғанды ашса, алақанында, жұмса жұдырығында ұстай алатын императорлар ғана ие бола алатын еді. Енді қиян түздерде қаңбақпен жарысып, қасқырмен алысып жүрген көшпелілердің әншейін ру басылары да, ата-тегі белгісіз қарапайым жұмыр басты пенде де, тіпті жат біреудің керуенін тартқан жәй әншейін түйекеш те көштегі тәңірдің айрықша шарапатына ие киелі жан боп туатынды шығарды.
Ай астындағы адамзат енді жапырылып солардың уағызына ден қоя бастады. Күн алқабындағы ғажайып ғимараттардың әлі де сұсты, әлі де сұлу көрінгенімен бір кездердегі дәурендерінен айырылып, әбден тоналып тұрған қазіргі жұрнағы ежелгі дүние сәулет өнерінің құдіретімен қоса өтпелі уақыттың әлгі айтылған құбылмалы мінезінің де құдіретін жария етіп тұрғандай... Артымызға жалтақтай-жалтақтай Баальбектен де аттанып барамыз. Әлгінде өз көзімізбен көрген ғажайып сұлулық қиялдағы ескі аңыздар оятқан қилы-қилы елестермен ию-қию араласып, қапелімізде қалай жүріп, қайда келе жатқанымызға да зер салмағанбыз.
Тек кенет біреудің:
— Анау тау баурайындағылар немене? — деп сұраған оқыс сауалынан селк етіп, ұйқыдан оянғандай болдық.
Әйнекті шұқып тұрған сұқ саусақтың ұшында — көрерге көз керек көрікті жоталар. Тас кенерелерден асып-төгіліп жатқан жүзім бұталары, тігіншінің алдына кеп, малынтып көйлек піштіріп тұрған бала қыздардай екі қанаттарын екі жаққа жайып сап, сілкініп-сілкініп тұрған құрма ағаштар, көк жапырақ арасынан жасыл пүліш көйлектің омырауына таққан алтын моншақтай көз қызықтыра жылтырап тұрған Ливанның атақты алтын алмалары — мандариндер мен апельсиндер. Бабына келіп, балбырай пісіп тұрған мәуелі бақтар.
— Терассалар ғой, — деп жолбасшымыз Жәмила тағы да әңгіме бастады.
Тау басына көтерілген сайын әл-Бекаа алқабының ажары аса түсті. Мынандай керікті өлкенің талай жерінде Эдем (пейіш) деген қыстақтардың болуы тегіннен тегін емес. Пейіш болған болса, тап осындай-ақ болған шығар. Мына аймақтардың тұрғындарын баяғыда-ақ әлгіндей сауық-сайраншыл, жыр-думаншыл қылып жүрген де осындай құлпырып тұрған табиғат пен тұнып тұрған байлық қой. Мұндай өлкеде шарап неге ит басына іркіт боп төгіліп жатпасын. Ондай көл-көсір шарап адамдарды неге масайратпасын... Екі таудың арасындағы аймақтың жазы қоңыр салқын да, қысы қоңыржай, жаймашуақ дейді. Батыстағы Ливан таулары теңіз жағасының жаздағы қапырығы мен қыстағы шық-шылам, тұман-буалдырынан қалқаласа, шығыстағы Антиливан таулары ұланғайыр әл-Жазира шөлі мен Кіші Азия жазықтарынан соғатын жазғы аптап пен қысқы үскіріктен қорғайды. Сонда мынандай миуа бақ мұнда өспегенде қайда өседі! ? Сондықтанда мұнда тоқым орнындай құрдым жерді ат басындай алтын беріп, зорға сатып алатын көрінеді. Алқаптың табанындағы құнарлы жазықтан екінің біріне жер бермейді. Ливан феллахтары (шаруалар) ақар-шақар тау шыңына әлгі сұрампаз саусақ шұқып көрсетіп тұрғандай, саты-саты террас салып өрмелей беріпті. Әуелі қыруар ақша жұмсап, тағалы ат тайып жығылатындай көк тастаң жер алады. Сосын оған әр шелегі удай қымбат топырақ сатып ап, мықшындап көтеріп апарып төгеді; оны бір жағынан су ағызып кетпесін деп, екінші жағынан төмендегілердің егіндігін бұзып кетпесін деп әбден тегістейді; жан-жағына тастан қалап тұрғызып қоршайды. Сонда тау бауыры мынау құсап саты-саты жузімдіктер мен бақтарға бөлініп шыға келеді. Әрине, ондай тау басына өрмелеп биіктеген үстіне биіктей беретін бақтарға төменнен су алып барып суару оңай емес. Ливан дихандары мен бағбандары оған да айла тауыпты. Әрқайсысы өз бауының жанынан дәулетіне қарай, ондаған-жүздеген шаршы метр су сиятындай қып тоған жасап, оны цементпен, бетонмен бекітеді де, қыс бойы қар толтырып шығады, жаз бойы жаңбыр суы қосылады. Егіндігі мен жүзімдігін сүйтіп суарады. әрине, мұндай қарлы Қаратау бейнеттің жер ойдың зейнеті де бар. Жазы ұзақ, қысы қысқа бұл өлкеде алақандай жерден жылына үш-төрт, одан да көп өнім жиналады. Ондай мол өнім әлгіндей қисапсыз қыруар шығынның есесін пәлен есе қайтаратын көрінеді. Ондай тауқыметке кім болса да пейіл. Сондықтан, ең қиыны — жер табу. Бекаа алқабы — дүние жүзіндегі ең арзан жүзімнің, ең арзан құс етінің аймағы. Атақты ливан алмасы да сонда өседі. Өңі көгіс, алмұртқа ұқсас сопақша ливан алмасы дәмді, шырынды келеді екен. Бағзыда Хауа анамызды қызықтырып, пейіштен аласталуға мәжбүр еткен атақты алма мен Нухы бабамыздың бойын балбыратып ұйықтатып тастайтын белгілі шараптан. Штруа қаласындағы түскі тамақтан біз де дәм таттық. Тауға тырмысқан тас жолдың жиегіндегі қалың бақтың ортасында тек төбесінде ғана қалқасы бар ашық ресторан тұр. Оның арғы жағында бақ ішінде ашық аспан астында қымбат қызыл ағаштан нақыштап жасаған төртбақ шаршы тақтаға малдастарын құрып, өңкей ақ шаңқан жібек киінген қаба сақалды қара торы жігіттер отыр. Табаға салынып әкеп, бөлек тағанға қойылған қызыл шоқтың үстінде быжылдап тұрған иір мойын жез құманның шайын оймыш кесемен ауыздарына анда-санда бір апарып, құлаштай ұзын түтікті шынашақтың арасына қыстырып ап, үсті-үстіне қадалып қорқор сорады. Шоқтай жайнаған ала көздерін ауық-ауық бастырма астына кеп жайғасып жатқан біздер жаққа бір қыдыртып алады. Кенет ашық омырау келте шаш қыздарға назарлары қонақтап, көздерін қысып, қолдарын бұлғап, мәз болып қалысты. Біреуі жалма-жан қор-қорын тастан салып, тақта үстінде, тап жамбас тұсында жатқан мамық жастыққа сүйеулі тұрған қобыз тақылеттес күй аспабын қолына алады. Оның күйін естіп қалған екінші тақтаның үстіндегі серігі сыбызғы шалады. Жарық жалғанның жаңғыз қожалары өздері – ақтай шетінен бейқам, шадыман, салқам. Бұлар әл-Жазира шөлейтінде ақ қара бас қойды мыңғырта анда көшіп, мында көшіп жүрген дәулетті бәдәуйлердің шаһарға кеп шалқып жүрген еркетотай ұлдары екен. Осылай құмарларынан шыққанша ресторанда отырады, күніне ерсілі-қарсылы шұбырып жататын шетелдік туристерді қызықтайды. Одан әбден зейілдері шыққан соң керек жарақтарын сатып алып, жапан шөлге жалғыз-жалғыз шашырай қонған шатырларына қайтады. Штруа демекші... Адамдар алғаш рет ара ұстап, бал алуды осы қаладан бастапты. Сол себепті де бес құрлықтың ауқаттыларының балалары жаңа үйленгенде ләззат айын, немесе бал айын осы шап-шағын, тыныш қалада өткізетін көрінеді. Анау шыны мен бетонды қырық құбылтып салған әсем отельдер мен пансионаттар да, мынау тау асып, теңіз суын тасып әкеп құйған көгілдір бассейндер де соларға арналған. Жол тағы да біраз биіктеп-биіктеп барып, қайтадан еңіске түсті. Көз ұшында аңыздардың талай тәңірісі мен батырларын, тарихтың талай жиһанкездері мен жаулап алушыларын, жәй әншейін саудагерлері мен қалтарыс торитын қарақшылары — пираттарды осы өлкеге бастап әкелген көк ойран Жерорта теңізі мұнартады. Бекаадан бері жан-жағымыздан қаумалай қоршап келе жатқан жасыл бұйра ну толқыны алыстан мұнартып көрінетін көк селдір су толқынына барып ұласады. Тас жол тау бауырының иірім-иірім, қолат-қолаттарын қуалап, төмен сырғиды. Қос қапталда бірінен-бірі еткен керікті қойнаулар, көркем алқаптар қалып барады. Теңіз жағасының тұрғындары етектегі ойпаңнан өрге қарай тырмыса көшіп келе жатқан түрлері бар. Көк қойнауларды аузы-мұрнынан шығара лық толтырып, ақ шаңқан қалалар көбейе түсіпті. әуелі алыстан қылаңытқан тау бөктеріндегі қалалар бірте-бірте жолға жақындап, енді міне екі жақтан бірдей анталап қоршап алыпты. Алейх, Айн-Софар, Бхамдун... Жаздың ең ыстық айларында шөлде аптап шыдатпайды, теңіз жағасында қапырық шыдатпайды. әсіресе, ол тұста екі тараптан да қалталылар осында ағылады. Анау — Сауд Аравиясындағы пәлен деген миллионер салғызған отель... Мынау — Эль-Кувейттың түген Леген банкирі салғызған мешіт... Бірінен бірі асқан сұлу үйлер... Пансионаттар... Мотельдер... Фазендалар... Парижде Карбюзьден тәлім көрген осы заманғы конструктивист-архитекторлардың қолынан шыққан мешіттер... Мұхиттың бергі жағы мен арғы жағының ең сұлу жеңіл машиналары... Ағыл-тегіл шашылған ақша... үлде мен бүлде. Осынша сәнді көшелерде адам атымен көрінбейді. Демалысқа келген шолжаң шонжарға көшеде қаңғып не көрініпті?! Қайда салқын сая, қайда сауық-сайран болса, сонда жүр. Ақша не істетпейді! әне бір жолдың қамшылар жағындағы көрікті шағын қалашық түп-түгелімен бір миллионер жесір келіншектің жеке меншігі дейді. Ондағы сәнді үйлерді былай қойғанда, өз мотелі, өз стадионы, тіпті өз ипподромы да бар көрінеді. Өйткені, жақында ғана жесір қалған пәлетті сұлу ханымның ең құмар нәрсесі ат болса керек. Апта сайын өз ипподромында ат жарыстарын өткізіп тұрады-мыс. Тау аласарған сайын үйлер биіктей түсті. Он қабат... Он екі қабат... Он бес қабат... Бір-екі жаңа салынып жатқан көп қабатты үйлердің жанынан өттік. Соншама зәулім құрылыс басынан бірде-бір кран көрінбейді. Сөйтсе олар құрылыс техникасынсыз қол күшімен салынады екен. Кәдімгі шелек, кәдімгі арқан, кәдімгі ағаш баспалдақтар. кәдімгі май қалақ, кәдімгі қос қол... әрине, көшесінде шетелдік жеңіл машиналар қойша шұбырған бай елдің көтергіш крандарды сатып алуға қаражаты жететін-ақ шығар. Бірақ, екі мұнай айдау құбыры, үш порты, бірер тоңазытқыш, цемент заводтарынан басқа өнеркәсібі жоқ елде жұмыс күші жеткілікті де, жұмыс жетіспейді. Сондықтан жұмысшыларға жұмыс тауып беру үшін құрылыстың көбі қол күшімен салынады. Үйлер әрі биіктей, әрі жиілей түсті. Теңізден тауға қарай өрмелей салынған нағыз осы заманғы көркем қала — Бейрутқа да жеттік. Бейрут — Ливанның астанасы, онда бүкіл елдің төрттен бірі — 600 мың адам тұрады. Ол Жерорта теңізін қоршап жатқан үш құрылықтың ортасындағы көпір тәрізді. Таяу-Шығысқа келген жүк пен товар әуелі соның портына түсе Жоғарғы кластағы халықаралық аэропортқа әлемдегі ең ұлы елдердің қай-қайсысының да самолеті қонады. Бейрч байланыс торабы әлемдегі барлық елмен түгел дерлік телефон-телеграф қатынасын қамтамасыз етеді. Онда елуден астам мемлекеттің елшіліктері орналасқан, әртүрлі халықаралық жиындар көп өткізіледі. Онда жүзден астам ұлттық және шетел банкілері жұмыс істейді. Сол банктердің жарнамаларына қарап-ақ шет ел капиталының Жерорта теңізінің шығыс бетіне қандай назар аударып отырғанынан хабардар болғандайсың. Бейрут — Рияд Банк, АҚШ, Италия, Белгия, Швейцария, Англия банктерінің төбесіндегі жарқ-жұрқ жарнамалар халықаралық капиталдың Таяу Шығыс мұнайына жалмандай қараған ашқарақ көздеріндей. Кейінгі кезде Ливан — шетел капиталының сенімді сейфіне айналыпты. Қалталылар соңғы алтыны мен ақшасына Швейцария банкісінен гөрі Ливан банкісіне сақтауға көшіпті. Бейрут — алтын, асыл дүние, валюта айырбастаудың шығыстағы ең үлкен орталығы. Қала орталығында әр бұрышта айырбас пункттері бар; ол кез-келген елдің ақшасын кез-келген елдің ақшасына айырбастап бере алады. Қазір батыста ливан алмасының, ливан алтынының, ливан казиносының, ливан банктерінің даңқы жер жарады. Ливандықтар өз астанасын «Кіші Париж» деп атайды. Бейрут түнгі клубтары мен кабаресінің көптігі жағынан Европа, Америкадан басқа үш құрлықта алдына қала салмайды. Тоғыз жолдың торабындағы Бейрут — коммерция қаласы. Қала тұрғындарының дені сол комерсанттарға қызмет көрсетумен күн көреді. Қалада өнеркәсіп орындары жоқтың қасы. Сондықтан, астанадағы мың-сан дүкендерден ливан бұйымдарын атымен көрмейсіз, өңшең француз, неміс, жапон бұйымдары. Әртүрлі товарларға бір-бір көше арналған. Алтын көшесі, Автомобильдер көшесі, Ювилер кешесі, костюмдер көшесі, шараптар көшесі... Біздегі универсамдарды еске салатын өңшең супермаркеттер. Тағам, шарап, темекі, былғары бұйымдары аса қымбат Бейрут маңындағы казино бір кездегі Карлова Варыдағы казиноның кебін киді. Чехословакияда социализм орнағалы Ливан казиносы дүниежүзінде бірінші орынға шықты. Сөйтіп, Бейрут әлемнің ең бай қалталылары мен ең ашқарақ картақұмарларын алыстан өзіне тартып тұратын магнитке айналды. Бейруттың шетелдіктер арасындағы осындай мансабының арқасында қала соғыстан кейінгі кезеңде адам танығысыз өсті. Теңіз жағасы түгел дерлік шетелдіктер тоқтайтын көп қабатты сәнді мейманханалардан тұрады. Біз түскен «Кинг отель» («Король мейманханасы») теңіз жағасындағы құз-құз жартасқа сұғына салыныпты. Мейманхана маңы әлемдегі әр қилы елдердің номерлері жазылған машиналарға лықы толы. Холлда желкем тектес қаудырлақ шалбар, торы-ала шыттан шолақ жең көйлек киіп, үн-түнсіз коктейль сораптап отырғандардың кешқұрым кабареге аттанып бара жатқандарында, не ертеңгілік бір машинасының төбесін балық аулайтын құралдармен толтырып, екінші машинасының төбесіне шаңғысын салып сейілге аттанып бара жатқандарында демалуға келіп жүрген пәлен елдің пәлен деген шонжары екенін бір-ақ білесің. Бұл мейманханада корольдер мен принцтерден де көз тұнады екен. Өйткені, кейінгі жылдары Азия, Африканың көп елдерінде монархия күйреп, демократия орнады. Төңкеріс тұсында тағынан айырылған таж кигендердің көбі осы Бейрутқа келіп бас паналайды. Ливан тауларында жазда да қар кетпейді. Жазда шаңғы тепкісі келетіндер осында келеді. Осыншама байлық, осыншама сән-салтанат негізінен дүниенің төрт бұрышынан ағылып келіп жататын туристерге арналған. Ливанда шап-шағын елде шет елдерден келетін туристер үшін жеті жүз мейманхана, үш мың ресторан жұмыс істейді. Бейруттағы әр отельдің теңіз жағасында өз пляжы бар. Мұндағы теңіз жағасы Дамаскідегі әл-Хамидие базарындай. Мұнда да көре қалса, қолыңа оратылып, әлдеқайда жетелей жөнелгісі келіп тұратын жылмаң төс жігіттер. Олар — пляж иелерінің шабармандары. Қолдарына түскен кісіні өз иесінің пляжына қарай жетелей жөнеледі. Біздер Дамаскіден Бейрутқа кеп түскен күні бір күлкілі оқиға болды. Біздің тобымыздағы бір-екі жігіт номерлеріне орналасады да, тап іргеде жатқан теңізді керейін деп сыртқа шығады. Қара тұңғиық теңіздің төбесінен қадала төнген екі-үш құз жартастың етегінде қармақ салып балықшылар отыр. Жаға толы мажыра боп күнге қыздырынып жатқандар. Сынаптай сусып лыпылдап тұрмайтын спорт қайығына мініп, ерсілі-қарсылы жүйткіп жүрген бұйра бас жігіттер әбден тотығып кеткен. Жарқырап тек тістері көрінеді. Бәрі де бізге, қара теңіз жағасындағы курортты қалаларға ұқсайды. Мынау рахат көрініске әбден елтіген екі сабаздың көңілдеріне бір қиял қонады. Ұзақ жолдан қаталап келгенде анау ақ жал толқындардың арасына күмп беріп, бір сүңгіп алса ғой, шіркін...
Соны айтпай біліп қойғандай, қастарына бір жасөспірім жігіт келеді.
— Суға түскілеріңіз келіп тұр ма?
— Иә. Бірақ, мына пляжға мына жартастан қалай түсіп барады екен?
Бейтаныс жігіт жымсиып бір күлді де:
— Ендеше, мен бастап апарайын, — деді.
Біздің екі сабаздың езулері екі құлақтарында. Қапалап тұрғанда қандай жақсы болды! Сау болғыр томпалаңдап қайдан келе қалды! Жолы болар жігіттің жеңгесі шығар алдынан деген міне осы! Жолбасшы жігіт екеуін құз түбінен салынған баспалдақпен төменге түсірді. Анадай жердегі бірінен бірі өткен тақтай үйшіктердің қасынан өте бере, бір егде кісімен амандасады. Енді рахат іздеп келе жатқан екі сабаздың алдына сол егде кісі түседі. Олар әлгі мың болғыр жігіттің қолын құшырлана қысып, рахметтерін жаудырып, қимай қоштасады. Бейтаныс жігіт те басын үсті-үстіне иіп, тағзым етіп, тас баспалдақпен кері өрмеледі. Егде кісі екі сабазды әлгіндей жұтынған үйдің біреуіне кіргізеді. Қайда шешіну керек екенін көрсетеді. Шешініп шыққан жігіттердің алдынан егде кісінің өзі шығып, аяқтарына сандал ұсынады. Бөтен біреудің осынша қонақжайлығына қайран қалған екі сабаз жүгіріп барып, армандап келген көк айдынға күмп-күмп береді. әбден рахаттанады. Қайраңға шығып, аунай кеткілері кеп тұрғанда, қастарына егде кісі жетіп келеді. Анадай жердегі тақтай сәкіге бастайды. «Бастарыңа күн өтпей ме, зонтик керек емес пе?» — деп ымдап түсіндіреді. Абырой болғанда, біздің екі сабаз онша бапшыл жігіттер емес, қарапайым жігіттер екен, зонтиктен бас тартады. Егде кісі беттеріңе, үстеріңе май жақпайсыңдар ма дегендей, әр түрлі тюбиктер көрсетеді. Абырой болғанда, біздің екі сабаз тап онша қызыққыш жігіттер емес екен, иіліп-бүгіліп, рахметтерін айтып, бастарын шайқап, елпілдек егде кісіден әзер құтылады. Біраз жатып, қайтадан суға күмп береді. Бұл жолы әрқайсысына үш-үштен жұмсақ түкті орамал ұсынып, әлгі егде кісі алдарынан тағы шыға келеді. Біздің екі сабаз, қанша дегенмен, қарапайым жігіттер ғой. Әлгі кісінің көңілін қимай, төсеніштеріне барып, орамалдарды салып, үсті-бастарын сүртеді. Сүртініп бола бере — қолына мөлмеңдеп поднос ұстап, әлгі егде кісі тағы тұр. «Кока-кола ма, пепси-кола ма, сыра ма, әлде шәрбат ішкіңіз келе ме...» Шамасы, солай дегені болу керек, қызылды-жасылды әшекейленген әдемі бөтелкелерді бір-бір көрсетіп шығады. Қанша дегенмен, біздің екі сабаз қарапайым жігіттер ғой, «үйренген жау атыспаққа жақсы деп», бір-бір бөтелке сыра алып қалады. Теңіз құмарларынан шыққан екі жігіт енді киінетін жерге беттейді. Есіктің алдынан егде кісі тағы шығады. Екінші бір есікті ашып көрсетсе — душ екен. Екі сабаз жуынады. Сыртқа шықса — тағы да сол егде кісі. Тағы да сол жұп-жұмсақ таза орамалдар. Сүртінеді. Киінеді. Сыртқа шықса, тағы да сол — елпек ұшып тұрған егде кісі. Құлды бір екеуі қорасын түзеп бергендей, алдарына түсіп байпаңдап, рахметін жаудырып жатыр. Қанша дегенмен, біздің екі жігіт «жақсылыққа жақсылықтың» жолын білетін тәрбиелі жігіттер ғой, қалталарына қолын салып, әмияндарындағы азғантай шетелдік сарқұлақтарын шығарып көрсетіпті. Сөйтсе, әлгі елпілдеген егде кісі олардан да өткен тәрбиелі екен — алмапты. Бастары жерге жеткенше иіліп-бүгіліп тұрған бейтаныс кісіге рахметтерін жаңбырша жаудырып, біздің екі сабаз да жыларман боп әзер қоштасыпты. Содан әлгі екеуі кешкі тамақтың үстінде: «Апырай, бұл неткен қонақжай ел! бұл неткен қонақ жай халық!» — деп басымызды әбден қатырып біте жаздап еді, қасымызға біздің топтың жетекшісі жақындады.
— Пляжға бардыңыздар ма? — деп сұрасын біздерге қарап. Онсыз да ауыздарын ашып, көздерін жұмып отырған екі сабаз:
— Барғыңыз келе ме? Айтпаңыз, ғажап деймін. Нағыз рахат сонда.
— Өкінбейсіз! – деп орындарынан атып-атып тұрғандары.
— Е, сіздер екен ғой. Ендеше, жекеменшік пляж екен.
Отель администрациясына счет жіберіпті. Олар жаңа мені шақырып алды, — деп топ жетекшісі қойын қалтасынан жіңішке сарғыш қағаз суырды.
Онда жазылған сома аталғанда, біздің ішіміздегі қылжақбас біреудің:
— Ойнайсың капитализммен! — деп ысқырып жібергені.
Мұндағы нәрсенің бәрі туристерге арналған. Бәрін де көруің керек. Бәрі үшін де ақша төлеуің керек. Аяғыңның астындағы құм екеш құм да, көл дария шалқып жатқан су екеш су да тегін емес. Тіпті, сонау бағзы бабалардың қалдырып кеткен ескерткіштері мен айтып кеткен аңыздары да сатулы. Ауызы жалпылдап әңгіме айтып тұрған гид пен тілмаштан да тек әншейін «шүкіран», «мерси», «спасибоңмен» құтылып кете алмайсыз. Артыңнан әлгіндей ала қағаз қуып келеді де тұрады. Әрине, туристердің бәр-бәрі тауда шаңғы теуіп, Бейрут кабарелерінде сайрандау үшін, ливан алмасы мен ливан бананынан ауыз тию үшін ғана келмейді. Ливанның табиғаты қандай бай болса, тарихы да сондай бай, Ол — тек бір елдің ғана емес, күллі адамзаттың тарихы. Сонау үңгірді қоныстанғандардың алғашқы ұрыс жанжалынан бастап, іргедегі Израиль соғысына дейінгі барлық тарихи тайталастар бұл өлкеге соқпай өтпеген. Сондықтан да, Ливанның ұлттық музейіндегідей бай коллекция басқа ешқайда да жоқ. Алғашқы қауымдық құрылым ежелдегі дәуір, Шығыс орта ғасырының дидарын кергің келсе, сонда бар, нағыз осы заманғы тарихтың күрделі кескінімен танысқың келсе, Бейруттың көшесіне шық, адамзаттың ежелгі дүниесінің тарихы тап осы Ливанның ұлттық музейінің ішінде отырып жазылғандай. Оның қақ төрінде адамзатың алғашқы алфавитін күн қылып төбесіне көтерген адамның скульптурасы тұр. Рас, бұл алфавитке сириялықтар да таласады. Өйткені, алғашқы алфавит жазылған тас солтүстік Сириядан табылған. Алайда оны Жерорта теңізі арқылы ежелгі Ливан теңізшілері дүниеге тартқан-ды. Ол — шын мәніндегі адамзат цивилизациясының Отаны. Тек музейде ғана емес, осынау ұзындығы 200 километр, ені 600 километр шағын елдің қай пұшпағына барсаңыз да көп ғасырлық көне тарихтың ескі жұртын көптеп табасыз. Ливандағы бірінші саяхатымыз елдің терістігіне арналды. Қаладан шыға бере бір кішкене өзеннен өтіп, тар өзек сайдың бойына кеп тоқтадық. Жақпар таста жағалай жазу, жағалай ескерткіш. Елді кім басып алса, соның бәрі де Бейрутты осы кішкене шатқал арқылы алып, осы араға өз ескерткіштерін қалдырып отырған. Мұнда Навуходоносордың да, Дарий патшаның да, Александр Македонскийдің де, Наполеон ІІІ-тің де, араб әскер басыларының да, мамлюктердің, түріктердің де ескерткіштері бар. Шатқалдағы екі тас көпірдің біреуін мамлюктер, екіншісін түріктер салыпты. Шатқал Ит шатқалы аталады. Қалаға келе жатқан жауды алдымен ит көріп үріп, қалаға хабар берген соң, жау амалсыз айналып өтуге мәжбүр болыпты деседі. Өзінде болған тарихи оқиғалардың қай-қайсысынан да материалдық ескерткіштер көп қалған осы елде әлгіндей аңыздар тіптен мол. Шамасы, бағзыдағы бабалар ездері тұрғызып кеткен ескерткіштерден гөрі, әлгіндей аңыздарға көбірек үміт артқан болса керек. Өйткені, үн-түнсіз тас ескерткішке тек ғұлама ғалым ғана түсінеді, ал ауызекі аңызға жұрттың бәрі түсінеді. Тас ескерткіш қирап, көзден жоғалады, аңызды ұрпақтан-ұрпаққа естіп ұмыт болмайды. Тас ескерткішті көресің де кетесің, ал аңызды жүрген жерінде айта жүресің. Сөйтіп, бір ұрпақтың тарихы екінші ұрпаққа, бір елдің тарихы екінші елге жетеді. Ит жайлы аңыздың өтірік-шынын кім біліпті. әйтеуір, онда адамзат тарихының талай-талай итір-қылжыңының ізі қалыпты. Бір қызығы, барлық жауды, барлық шапқыншылықты әкелген шатақ шатқалдың бір бетіндегі құздың басында қаланы пәле-жаладан сақтайтын Бейрут Тәңіранасының ескерткіші тұр. Дүниедегі ең қалталы, ең құмарпаз қарташылар ат құрғатпай келіп тұратын Ливан казиносынан өте бере тағы да тау өзенін ұшыраттық. Оның аты — Адонис. Шекспирдің Адонис және Венера туралы атақты поэма осы өзенге байланысты аңыздан алынып жазылған. Жас тәңірі Адонис Венарамен осы өзеннің басында жолығысады екен. Адонис әйгілі аңшы болыпты. Бір күні аң аулап жүріп, жарақаттанып қалады. Венера айдалада қансырап жатқан ғашығының басын құшақтап отырып, желеп-жебей көріңдер деп өзге тәңірлерге жалбарынады. Алайда, олар құлақ аспайды. Бірақ біраз уақыт өткесін тәңірлер Венераның зарын естіп, Адонисті қайта тірілтеді. Ол төңіректегі топырақта жоса көп болғандықтан, жазғытұрғы тасқында өзеннің суы қан қызыл тартады. Ол мезгілде жұрт Адонистің өлген тұсы деп аза тұтады. Күзге қарай өзен өзінің тас арнасына түскенде, су қайта тұнады. Ол кезде жұрт Адонистің қайта тірілгенін мейрамдайды. Бұл өзеннің атына байланысты аңызды бізге гид шамамен осылай түсіндірді. Бірақ қазіргі ливандық бойжеткен бұл аңыздың бір кездегі финикиялық бабаларының өмірінде қандай орын алғанын жеріне жеткізе айтып бере алмады. Адонис өзенінің аты бізді Бекаа алқабындағы храмға байланысты әңгімеге қайтып оралтады. Сонымен біз бұл алқаптың ежелгі тұрғындарының өз тіршілігін табиғаттан бөле-жара қарамай, оған тікелей тәуелді деп ұққанын жақсы білеміз. Ендеше, олар табиғаттағы әрбір өзгеріске жіті назар аударып қана қоймай, оны өздерінше түсіндіріп те керген. Олар әсіресе жер бетінің бір уақытта неге көгеріп гүлдеп, екінші бір уақытта неге қурап солып қалатынына айрықша мән берген. Өйткені жер бетіндегі тіршілік ең алдымен сол екі құбылысқа тәуелді еді. Бағзыдағы бабалар бұл құбылыс тек табиғаттың езіне ғана байланысты. емес, басқа да бір рухтардың араласы бар құбылыс деп білді. Сондықтан, сол рухтың көңілін табуға, оған өздерінше әсер етуге тырысты. Египет пен Батыс Азия құрлықтары өсімдік дүниесінің неге гүлдеп, неге солатынын жыл сайын өліп, жыл сайын қайта тіріліп отыратын египеттіктер Осирис, вавилондықтар Тамуз, фигиялықтар Аттис деп атайтын тәңірдің ықпалынан деп білген. Гректер вавилондықтардың «адон Таа-муз» («Тамуз тақсыр») деген сөзін Адонис деп ұққан. Бұл құдайдың грек мифологиясында Адонис атанып кетуі сондықтан. Ол аңыз бойынша, Адонистің әлі сәби кезінде оған ғашық боп қалған Афродита тәңірі сандыққа салып, жерасты дүниесінің Патшаханымы Персефонаға сақтай тұруға береді. Персофонаға сандықшаны абайсыз ашып алып, әлгі сәбиді сол үшін тамұққа түсіп сұрай келген махаббат тәңірісі Афродитаға қайтып бермей қояды. Екі тәңірі әйелдің таласына Зевс өзі араласып, ғажайып сәбидің жылдың бір жартысында жер бетіне шығып, Афродитаның қасында болғаны, екінші жартысында Персефонаның қасында жер астында болғаны жөн деген кесім айтады. Жер бетінде аң аулап жүрген жасөспірім Адонисті Афродитаға ғашық Арес қабан боп келіп, қарнап өлтіріп кетеді. Ғашығынан айырылған Афродита қатты қайғырады. Гректер бұл аңызды біздің эрамызға дейінгі XІІ ғасырда көрші семит тайпаларынан алғанды. Вавилондықтар мифінде ұлы Тәңірана Иштардың жас жұбайы Таммузды жыл сайын сиқыр күш жер астына тартып әкетіп, жібермей қояды. Қашығынан айырылған Иштар да жеті қат жер астына түсіп, Тамузды іздеп кетеді. Сол уақытта Иштар пірлерінен айырылып, өсімдік атаулы солып, жан-жануар атаулы арықтап азып, жер бетіндегі тіршілік құрып кетуге айналғасын Эа тәңірі арнайы елші жіберіп, перілер әлемінің падишасы Аллатудан немесе Ереси-Кигалдан Тамузды қайта босаттырып алады. Тамуз жер бетіне шыққан бойда, табиғат шешек атып, тіршілік қайта қаулап қоя береді. Аталмыш екі аңыздың екеуі де біз Баальбек храмында еске алған финикиялықтардың Баал туралы мифін ойға түсіреді. Баалды да соңына түсіп жүрген бәсекелесі Мот ұрлап ап, жер астына әкетпеуші ме еді! Баалдан айырылған жер үсті бірден қурап салып, қар астында қалмаушы ма еді! Көктемде жұбайы Анат Моотпен жекпе-жекке түсіп, Баалды жер үстіне қайта алып шықпаушы ма еді! Кіші Азияны әллиндердіру тұсында Адонис пен Афродитаны бүкіл семит халықтарының ортақ тәңірі етіп кетуінің сыры да олардың табиғи өмірдің өсіп-өркендеуі жайындағы түсініктердің осындай бір-біріне қатты ұқсайтындығында еді. Әдетте бұл мейрам жылдың күн мен түн теңелетін екі тұсы 25 декабрь мен 25 мартта өткізуші еді. Кейбір елдер оны жылына тек бір-ақ рет көктемде ғана тойласа, кейбір елдер күзде тағы тойлайтын. Эллин заманында Кіші Азиядағы барлық мемлекеттерде мысырлықтардың Осирис пен Исида, фригиялықтардың Аттис пен Кибела, хананейліктердің Баал мен Астарта, вавилондықтардың Таммуз бен Штар құрметіне арналған діни мейрамдары енді Адонис пен Афродитаға бағышталған болды. Өздері жаулап алған елдердің бәрінде де бар бұл мейрамды 204 жылдан бастап римдіктер де үрдіске айналдырды. Оған ұзаққа созылған Ганибал көтерілісі себеп болды. Біреулер егер Италия Шығыс тәңір анасына сиына бастаса, бүлікшілер көп ұзамай елден аласталады деген лақап таратты. Рим Кибела рухының астанасы Пессинутқа елшілік жіберіп, бір кесек қара тас алдыртты. Киелі тасқа қошамет көрсетіліп, Палатин тауларындағы Жеңіс храмына қойылды. Сол жылы егін бітік шықты. Келесі жылы Ганибал Африкаға шегінді. Содан бастап Рим жыл сайын Кибель мен Аттис мейрамын тойлайтын болды. Жиырма екінші март күні самырсын әкеп, Кибела ғимаратына орнатады. Жиырма үшінші март күні керней тартылып, дабыл қағылады. үшінші күні жұрт елітіп билей бастайды. Бір кезде бас абыз күретамырын ұстарамен тіліп, қан ағызады. Оның нөкері керней үнін бұрынғыдан да құтыртып, ойын-сауықты қыздыра түседі. Ақыр аяғында жұрт етінен ет кесіп алсаң да, білмейтіндей күйге жетеді. Сол кезде олар өз еттерін өздері тілгілеп, қасиетті алтарьді қанға бояй бастайды. Бұл үш күннің үшеуінде де жұрт нан ауыз тимейді. Түн ортасынан ауа киелі мола жатқан жер қарс айырылып, көкте от жарқ-жұрқ ете қалады. Бас абыз жақын тұрғандардың құлағына сыбырлап жақсылық хабар айтады. Жұрт улап-шулап, Аттистың қайта тірілгеніне қуанады. Келесі 25 март күні жұрттың не жасаса да еркі. Кім не айтып, не істесе де, ол айыпталмайды.
Римде император Коммодқа қастандық дәл осындай маскарад тұсында жасалғанды. Шәкірт Римдегі мейрам осындай болғанда ұстаз Шығыс елдерінде бұл мейрамның қалай тойлағанын барлық әйел бұл күні жат жерлік жолаушылардың құшағында түнеп, олардың көрсеткен сый-сияпатын Миллитта (Иштара) храмына құрбандыққа беруге міндетті еді. Баальбектегі Астарта храмында да барлық күйеуі бар, күйеуі жоқ әйел атаулы, қыз атаулы вавилондық құрбыларының істегенін істейтін. Ол заманның саяхатшылары аталмыш мейрам тұсында киелі орынның айлапат ауласында кезек күтіп тұрған әйел жыныстылардан аяқ алып жүру мүмкін еместігін жазады. Әлгіндей діни үрдістің әуелден ту тіккен қара шаңырағы біз келе жатқан Библиос қаласы еді. Египет мифі бойынша бұрын бірін-бірі жеп, күн көріп жүрген мысырлықтарды миуа мен дән теріп жеп қорек айыруға үйреткен Осирис тәңірі қызғаншақ ағасы Сет алдап сандыққа жатқызып, құлыптап апарып теңізге тастағанда, ол осы Библиостан кеп шығады. Ол жағаға шыққан жерге табан астында ғажайып бәйтерек өсіп, әлгі сандық соның өзегінде қалып қояды. Бұл әңгіме оның жары Исидоға да жетеді. Ол арып-ашып Библиосқа келіп, сондағы патшаның баласына күтуші болып орналасады. Өйткені, патша болып бәйтеректі кесіп ап, үйіне тіреу қып салған екен. Исида сиқырлап, сол ағаштың өзегіндегі сандықты алып, еліне қайтады. Ханаанейлер мифі бойынша Баалдың жары Астарта – құдайлар пантеонының иесі Эллдің қызы. Эллдің мекені – осы теңіз жағасындағы Библиоста бопты-мыс. Өсімдіктер мен жан-жануарлардың пірі Баалдың храмы топырағы құнарлы Бекаа алқабында болуы қандай заңды болса, ауа-райының, нөсер мен желдің пірі Эллдін храмы теңіз жағасында болуы сондай орынды. Эллдің қызы Астарта ғашығы Баалды осы қаладан онша қашық емес жердегі бір үңгірдің астында Моттың тұтқыны болып отырған жерінен босатып алып қайтатын. Элиндер мифі бойынша арадан онша ғашық емес Афка деген жерде тау астындағы үңгірде Персефананың тұтқынында жатқан жерінен Зевстің жебеуімен Афродита алып шыққан Адонис Библиостың қасында теңізге құйып жатқан өзеннің бойында аң аулап жүріп, өледі. Не де болса, қай аңызға айтқызсаңыз да, жер бетінде әлге дейін бар ежелгі қала Библиос — қиялдан туған Адонистың бірден-бір Отаны. Сондықтан да, оның туғаны мен өліп-қайта тірілетін күніне арналған екі мейрам өтетін басты храм да барлық уақытта Библиоста болған. Жерорта теңізіндегі ежелгі порт Библиос қай заманда да өз патшасы бар іргелі мемлекет еді. Оның соңғы патшасы Кинирдің римдік қолбасшы Помпей басын шауып өлтірген-ді. Библиос та — дүниедегі ең ескі қалалардың бірі. Жыл санауымыздан кейінгі бірінші ғасырда өмір сүрген Филонның айтуынша бұл қаланы дүние жаратылып, су аққан бойда Уран мен Гейдің кіші ұлы Элл тәңірі салдырған. Археологтардың жобалауынша, ол жер бетінде біздің жыл санауымызға дейінгі VІ ғасырда пайда болған. Содан екі ғасыр өткен соң Финикия мен Египет арасындағы ірі сауда орталығына айналған. Перғауындар өз сарайлары мен табыттарына пайдаланған ливан самырсынын осы порт арқылы алдырып тұрған. Кіші Азия жеріндегі таза хананей мәдениеті ықпалының орталығы — өлі қала Угарит пен тірі қала Баальбек, селевкіліктер тұсындағы парсы мәдениеті ықпалының орталығы — өлі қала Апамея мен тірі қала Латакия, Византия ықпалының орталығы Алеппо болса, ежелгі мысырлықтар ықпалының көп тиген жері — осы Библиос. Біздің автобус терістікке тура тартқан күретамыр магистральдан бұрылып, теңіз жағасынан онша алыс емес қоңырқай қалаға бұрылдық. Аңыздан тағы да тарихқа көштік. Библиос қаласына келдік. Кітапқа байланысты барлық «библио» деп басталатын термин осы қаланың атынан туған, Алғашқы кітап, алғашқы кеме осыдан шыққан. Ескі қаланың орнында тұрмыз. Библиос — Жабалъ қорғанынын төбесіне шығып қарасаңыз, сонау алғашқы кеме суға салынған қайраңнан бастап, мынау археологиялық қазбалардан табылған заттарды тасып алып кетуге арналған тар табанды темір жолға дейінгі екі ортадан барлық ғасырлардың жұрнағын көресіз. Біз Библиостың Тәңірана храмының, ежелгі финикиялықтар храмының, құлпы тастар храмының орнын, көне амфитеатрды аралап шығып, жер астына түстік. Шахта лаваларына ұқсайтын қап-қараңғы үңгір біраздан соң айырылды, біреуінде кісі бойынан биік ақ мәрмәр саркофаг тұр. Екіншісіндегі саркофаг ағаштан жасалған болса керек адамның қаңқасы қалыпты да, саркофагтың өзі жоқ болып шығыпты. Бұл — финикия королінің саркофагы. Археологтар Библиостан әр ғасырдағы әр алуан саркофагтардың бүтін бір коллекциясын тауыпты, Оны Бейруттағы ұлттық музейде көргенбіз. Кейінгі дәуір саркофагтарының қақпағында жерленген адамның шалқасынан жатқан скульптуралық бейнесі салынады екен. Ең ежелгі финикия королінің саркофагін ғалымдар ұзақ уақыт таба алмай жүріпті. Бір дауылды күні теңіз жақтан келе жатқан бір әйел жел ашып тастаған үңгірді керіпті. Ғалымдар әлгі біз көрген моланы солай тауыпты. Елдің ең терістігіндегі Триполи де — ежелгі порт. Ол қазір де үш құрлықтың кемелерін түгел қабылданды. Ондағы крест жорығы тұсындағы қамалдың үстіне шығып, қаланы қызықтадық. Триполи — елді мамлюктер билеген кездегі астана. Олар шаһарға кеп мешіт, медресе салыпты. Қай басқыншы да әуелі қирата, бүлдіре келіп, көп ұзамай сол қиратқанын қайтадан жөндеп, әзі де ескерткіштер тұрғыза бастайды. Римдіктер финикия храмдарын бұзып, өз храмдарын салды. Оларды арабтар бұзып, өз мешіттерін салды. Алайда, әрбір жаңа құрылыс өзінен бұрынғы құрылыстың архитектуралық дәстүрлерін аттап ете алмайды. Төрт халықтың, төрт дәуірдің құрылысшыларының қолы тиген Баальбек храмдарының архитектуралық бүтіндігіне, көркем үйлесіміне қайран қаламыз. Кешегі құртушы бүгін шәкірт құрылысшыға айналады. Жеңілген мәдениет жеңген басқыншыны қайтадан әз ырқына бағындырады. Мәдениеттен жеңімпаз ештеңе жоқ. «Мәдениетсіз» көшпелі арабтар Египет пен Индияның, Түрікстан мен Византияның мәдениетін Европаға таратты. Арабы аруаналардың жал қомында барған қытай компасы, арада әлденеше ғасыр өткен соң, ез Отанына отаршыларды бастап әкелді. Сонда кеткен оқ-дәрі Европадан бомба боп оралды. Ал, енді готтар мен вандалдарға, франкілерге Муса ибн Нусеирдің әскері апарған қыш ванна эмальге боялған темір астау боп қайта оралғанда, ежелгі отандастары, шығыстың көп жұрты танымай да қалды. Триполидің қақ ортасынан өтіп, Жерорта теңізіне құятын Хадиша өзенін бойлап, теңіз деңгейінен екі мың метр биіктегі әйгілі ливан самырсынынан қалған шоқ тоғайға көтерілдік. Тау аңғарын сақина-сақина ғып, орағытып өрмелеген ирелең жол бізді «пейіштің» өзіне бастап келе жатқандай. Астында шоқ-шоқ ақ шаңқан қалалар, төбеңде түксиген тау. Артыңда — бұрылыс, алдыңда бұрылыс, қапталыңда — сарқырама сулар. Шыңырау құздыту сонау төрінде, аспанның қақ ортасында ақша бұлттай аппақ қарлар жатыр. Бір кезде мынау жалаңаш таулардың бәрін ливан самырсынының сыңсыған ормандары орап жатыпты. Ежелгі финикиялықтар қолына балта ұстағаннан бастап шабылып келе жатқан ағаштан қазір бүкіл елде жүзге жетер-жетпес түп қалыпты. Сүлеймен патшаның өзі ордасын содан салдырыпты. Әбу-Бәкір мен Омар мұсылманды қалтылдаған қайыққа мінгізуге қарсы болғанмен, олардың ізбасары Мағауия халиф араб флотилиясын самырсыннан жасатыпты. Ежелгі фараондар мен патшалар ливан самырсынынан өздерінен саркофаг жасатса, кейінгі кездің сұрқылтайлары әйеліне кереует, машинасына гаражды да содан істетеді. Енді біз келген ең үлкен самырсын тоғайында бар болғаны елуге жуық ағаш тұр. Мәңгі гүлдеп, төрт мың бес жүз жыл өмір сүретін, әрі сұлу, әрі берік бұл ағаш киелі саналады. Самырсын тоғайынан бас алған тау өзеніне қойылған Хадиша (Хадиджа) деген ат ескі арамей тілінде «киелі» деген сөз. Бір кезде саясында Ламартин деп алған үнсіз тоғай құлаққа ұрған танадай. Жан-жақтағы пілдің жонындай жұмырланып, марқаның жотасындай бұйраланып, теңіз төріндей мұнартып тұрған жым-жырт бұйраттарға көзің боталап көп қарайсың. Сол баяғы меңіреу тыныштық, меңіреу жым-жырттық. Олар да мынау қартамыс бәйтеректердей мына жердің бетінде біз жаратылғалы ештеңе болған жоқ, ештеңе өзгерген жоқ деп жатқандай. Біз баяғымызда қандай болсақ, бұл дүние де сол баяғысындай. Мынау жұпар ауадай, сонау көк меруерт аспанда, сонау шүйіліп жүрген қыранда, қарсы құзар бұйраттың дәл кенересінен ту төмендегі құрдым тастан аңғарға бұрқырай атқылап жатқан ақ түтек тасқынның суылында, оқтын-оқтын лүп ете қалып, жоғалып тұратын жібек желде ешқандай жаңалық, ешқандай өзгеріс жоқ. Тап қазір осы сен тұрған құзар биіктің әлде бір қалтарысынан иығына садағын асынып, бөтеке бет, бұйра шаш балғын жігіт Адонис шыға келсе, сенер ме едің, сенбес пе едің деп, тек шекеңе шымырлаған ыстық қан ғана, қайдағыны қайдан түрткілеп оятып жатқан елгезек сезім ғана, елжіретіп, ерітіп барып түсіндіре алатын бір тылсым тілде тіл қатқандай. Биік таудың басына алабұртып қуанып шықсаң, қайтарда өз-өзіңнен бір түрлі қобалжып, мұңайып түсесің. Содан етектегі ұлы шоссеге шыққанда да, көпке дейін жан-жағыңмен ісің болмайды. Бұл өлкедегінің бәрі киелі болса, киелі шығар әлгі аңыздар, кім біліпті, болса, болған шығар. Мынандай өлкеде кімдер туып, нелер болмайды дейсің. Таңғажайып аңыздардың таңғажайып өлкелерден балалайтыны тегін дейсің бе... Осы бір тәтті қиялымызды ойда жоқ шаң-шұң дау бұзды. Сөйтсек автобус тоқтап тұр. Үлкен шоссеге әлдеқашан шығыппыз. Тұрған жеріміз — кішкентай қала. Көшенің екі беті де жыпырлай тізіліскен дүкендер. Автобустың екі жағында да терезенің алдына подносын тақап тұрып алған алпамса еркектер мен жүзіктің көзінен өткендей жігіттер.
— Бұл не дырду? — деген сұрағымызға Жәмила мәз болып жауап берді.
Мана Триполиге кетіп бара жатқанда да осы араға тоқтаған сияқты едік. Ыстықтап кеп, жол езуіндегі дүкеннің алдына тоқтап, лимонның суынан істелген мұздай сусын ішіп, шөл басқанбыз. Шын лимонад сол екен! Сол таңдайларына жағып кеткен біздің жігіттер автобусты қайтарда сол араға тоқтатыпты. Бұл жолы автобус көшенің екінші жақ қапталына тоқтапты. Онымен шаруасы жоқ біздің сабаздар ауылдағы үйреншікті мінездеріне басып, мана көзтаныс болып қалған дүкеншіге жүгіріп, арба-марбасымен автобусқа сүйрелей жөнеліпті. Ақшаларын да төлеп қойыпты. Сөйтсе, көшенің қарсы бетінде де сондай лимонад сататын дүкен бар екен. Жұрт Триполиге бара жатып тоқтаса, манағы дүкеннен сусын ішеді де, келе жатып тоқтатса осы жақ қапталдағы дүкеннен ішеді екен. Біздер келіппіз де, қаланың сол үйреншікті тәртібін бұзыппыз. Біз тоқтаған жақтағы дүкен иелері қоярда қоймай, өз сусындарын ішкізді. Ескі көз таныстарымыздың көңілін қимай, екінші жақ терезеден олардан да сусын таттық. Бірақ, біздің бұл бітуажамыз екі бәсекелес дүкенді одан сайын өшіктірмесе, татуластырар түрлері көрінбейді. Жаңа таныстарымыз біздер үлкен айып жасап кеткендей, соңдарымыздан состия қарап қалды.
— Енді бұлар бір-біріне біразға дейін қырбайы болады! — деді Жәмила. Бұл жолы күлген жоқ.
Біздің әлгі қылжақбас серігіміз тап мына арада:
— Ойнайсың капитализммен! — деп ысқырып жіберуге дәті бармады. Кім біліпті, мына қыстақтың тұрғындары баяғы финикиялық бабалары тұсында да сатып алушыларға тап осылай таласқан шығар.
Өйткені, мына ел анау іргеде жатқан көк теңізді қашаннан бері білетін болса, сауда-саттықтың қитұрқы заңдарын да соншадан бері біледі. Теңіз бен жол бар жерде сауда бар. Сауданың өз тәртібі, өз үрдісі бар. Оны бұзу да — құран аттағандай қияметтік іс. Оны басқалар білмесе де, финикиялықтар жақсы білетінін баяғы Гомердің өзі мадақтай жырлағанды. Ертеңіне біз елдің күнгей бетіне, баяғы Гомердің өзі айтып кеткен ежелгі саудагерлер қаласы Сидонға қарай жол тарттық. «Ассирий теңізінде Сидон деген қала бар. Ол — фивомдықтардың әкелері — финикия жұртының анасы боп табылады. Бірінен-бірі өткен кең гавань сынып кетердей айлапат шығанақ бірте-бірте көл-көсір теңізге барып ұласады. Оң жақ бетте шығанақ жағаға жеткенше құрдым терең боп келеді де, су қазып тастаған жіңішке арнаны да лық толтырып, желден таса ық, тыныш екінші гавань құрайды. Сауда кемелері жазда шығанақтың өзінде тұрады да, қыста әлгі ық гаванға келіп қыстайды. Мен Сидонға дауыл қуалап келіп қалдым да, қала тұрғындары Астарта деп атайтын әйел тәңірге мінәжат қып, садақа тастай шығуға асықтым. Сосын қала аралап жүріп, құрбандық шалуға келе жатқандарға қарап тұрып, теңіз бен жер бейнеленген бір суреттің алдына тоқтай қалдым. Мен Финикия теңізін де, Сидан жерін де, Европаны да бірден тани кеттім. Көк майсада бір топ қыз қол ұстасып, тұра қапты. Ар жағындағы теңіз толқындарында бір бұқа жүзіп барады, арқасында бір сұлу перизат отыр, Критке қарай бағыт алған түрлері бар... Бұқа мінген қыз кеменің үстінде отырғандай емін-еркін. Иығындағы жапқышы желкен сияқты желп-желп етеді. Ауаға толып, делдие керілген мата оратылып барып, қайта жазылып кеткен. Ол арқылы суретші теңіз үстінде жел бар екенін көрсеткен. Бұқаның қасында дельфиндер билеп жүр. Толқын үстінде Эроттар ойнақ салады. Құлды бір тірі адамдардай, қимыл-құбылыстарының бөрі нанымды. Эрот бұқаны еліктіріп, ертіп барады. Екі иығында екі қанаты бар сәби Эрот арқасында оқшантайы, қолында садағы өзінің дегеніне жетіп, бұқаға айналып кеткен Зевсті әжуа етіп тұрғандай, анау жаққа күлімдей қарап қапты». Ахил Татийдің «Левкиппа мен Клитофон» деген романы осылай басталмаушы ма еді! Одан әрі Тир қаласында туып өскен бозбала жігіт Колитофонт өз басынан өткерген махаббат хикаясын шертпеуші ме еді! Міне, біз сол Сидонда тұрамыз. Біздің жыл санауымыздағы екінші ғасырда жазылған романда айтылған пейзаж дәл сол қалпында. Тек су үстінде ойнаған делфиндер мен Эрот, бұқаға айналған Зевс пен Европа көрінбейді. Оның орнына желсіз тымық жатқан теңіз төріне апарып шоқ салған самауырдың мұржасындай әлдебір қияннан келе жатқан, не әлдебір қиянға бара жатқан, әйтеуір бұл жағалауға соқпай, алыстан бұлтарған беймәлім кеме көрінер-көрінбес боп түтіндеп тұр. Бұл қалаға келген кісіні ең алдымен теңіздің ортасындағы бекініс — Калат-эль Бахрге алып барады. Біз де, міне, автобустан түсе салып, қайдағы бір қуыс-қуыстарға кірдік те кеттік. Бірақ, бұл — ежелгі ғимараттың орнына емес, қазіргі қала тұрғындары тұратын квартал. Біз келе жатқан сыз, тар қараңғы коридорлар — көшелер. Екі қапталымызда да үйлерінен шыға сап, бізге қарап тұрған балалар. Кір жуып, әлденені қуырып, пісіріп-түсіріп жүрген әйелдер. Олардың дәл қасынан өтіп бара жатқан сіздермен ешқандай шаруалары жоқ. Бұл жұмысбастылықтан емес, Күніне мынау коридорлармен мыңдаған адамдар өтеді. Бәрі де — жатжерліктер. Бәрі де — туристер. Солардың бәрін қызықтап тұрар болса, олардың бүкіл өмірі есік алдынан шығып, қақшиып тұрумен, не терезеге телміріп тұрумен өтер еді. Ал балалар, қашан да балалар... Олардың ежелгі бабалары да балалық шақтарын тап осылай жағаға кеп түсіп, қала көруге шыққан әр елдің теңізшілері, әр алуан киінген жатжерлік саудагерлерді қызықтаумен өткізген-ді. Бұлардың еншісіне әр жақтан келсе де бірөңкей киінген, бірөңкей күлетін, иығына да бірөңкей фотоаппарат ұсынған қазіргі шетелдік туристер тиіпті. Сырт қарағанда олардың тұла бойында кісі қызықтардай ештеңе жоқ сияқты. Әлемнің төрт бұрышынан түгел келіп жатқан, әр тілде сөйлейтін саяхатшылардан гөрі бәрі де осы қаланың бір жеріндегі бір мекемеде істеп, біздің тілмен айтқанда, «коллективтік демалысқа» шыққан жәй әншейін серуеншілер сияқты. Сонда да Сидон балалары солардың бойынан назар тоқтатардай бірдеңе тауып, қолдарын шошайтып, бір-біріне қарай әлдене деп тіл қатысады. Ежелгі Финикия тұсынан қалған жалғыз көз — жеке аралға ұқсатып, суға сұғынта салған тас қорған екен. Оның ойында заманында Мелькарта тәңірдің аруағына бағышталған мінәжат орындарына ұқсайтын архитектуралы нышандар қалған. Бірақ, оның да көп қызығы мен көп сұлулығын бірінің бірі басын алып, бірінің ізін бірі өшіріп жатқан өшпелі ғасырлар өздерімен бірге ала кетіпті. Сол азғантай жұрнақтың өзіне қарап та, бұл қаланың өткен дәуірінің сән-салтанатқа да, қасірет пен тауқыметке де толық болғанын байқатқандай. Мынау біз тұрған қамалды әу баста кім салғанын ешкім де білмейді. Әйтеуір, 677 жылы осы жағалауды жаулап алған арабтар қирап жатқан бекіністі тап осы арада быт-шыт боп шашылып жатқан ежелгі рим, эллин құрылысы стильдерін сақтаған сом тастар мен тас бағандардан қайта тұрғызыпты. ІІІ жылы осы қайраңнан кеп бір-ақ шыққан крест жорығына қатысушылар бекіністі одан әрі биіктетіп, жағадағы қаланың ежелгі бөлігіндегі бағзы Акропольдің орнына Батыс Европа стиліндегі тас қорған тұрғызыпты. Олар қанша бекінгенмен, XІІІ ғасырда қайтып келген арабтардың тегеурініне бәрібір төтеп бере алмапты. Сөйтіп, қазіргі қалпында Сайда ежелгі дүние ескерткішінен гөрі бергі орта ғасырлар тәбәрігіне көбірек ұқсайды. Бірақ, біз ежелгі Сидонның өмірінің де мынау ық гавандағы судың бетіндей тып-тыныш жайбарақат болмағанын жақсы білеміз. Біздің жыл санауымызға дейінгі ІX ғасырда Сирияны жаулап алған ассириялықтар патшасы Екінші Ашшурнацирпал замандастары мен артта қалған ұрпағының алдында финикия қалаларын қалай басып алғанын, олардың тұрғындарын шетінен бауыздап, шетінен астарына қазық қағып, қалай қанға тұншықтырғанын айтып мақтанып баққан-ды. Ақындықтан құр алақан еместігін көрсеткісі келгендей: «Тау баурайын жаңа боялған жіп іліп қойғандай қан жоса еттім», — деп лепіріпті. Ассириялықтардың қол астындағы сидондықтар отарлаушыларға салық төлеп тұрудан бас тартып, екі ғасырдан соң тағы да талқандалыпты. Одан да оңалып, қайтадан қалпына келген Сидонды парсылардың патшасы ІІІ Артаксеркс аяусыз жаныштады. Соның бәрі аз болғандай, Сидонды Александр Македонскийдің жер қайысқан ауыр қолы тағы бір жапырып өтті. Басқыншылардың тақалы етігі таптап тастаған Сидон топырағы сонда да өмірден күдер үзбепті. Қазірдің өзінде онда елу мыңдай халық тұрады. Оның жиырма мыңдайы — Палестина босқындары. Кеше самырсынды тоғайда жер бетін, су аққалы мына дүниеде ештеңе өзгеріп, ештеңе өтпегендей көрінсе, Сидонның қоңырқай тартқан көне тастарын көріп тұрып, қанша қасірет, қанша тауқыметті бастан кешірген мына өлкенің өміршеңдігіне қайран қаласың. Тағы да — автобус. Тағы да — жол. Клитофонтын дауылға ұшырап, Сидонға кездейсоқ тап болған жолаушыға айтып берген мұңлы да қызық, шытырман да қарапайым махаббат хикаясы өткен Тир қаласына аттандық. Бір кездегі екі патшалықтың арасына қазір көзді ашып-жұмғанша жетіп барасың. Ливанның ең күнгей түкпірінде әлдебір қомағайдың көк теңізге сұқтана созған ожауындай сұғына кіріп жатқан жіңішке түбектің бір бүйірін бөктерлей салған кішкентай елді мекенді бір кездегі атағы жер жарған Тир дегенге сену қиын. Бір кезде әлгі ожаудың көк айдынға күмп беріп кіріп кеткен басы — шағын арал болатын да, ол анадай жердегі жіңішке түбекке қолдан тұрғызылған бөгет арқылы байланысатын. Әуелдегі Тир қаласы сол аралда екен, ұлғая-ұлғая жағалауға да шығып, бүкіл бір қойнауды бір өзі толтырып жатқан үлкен қала болыпты. Геродоттың айтуынша, ол біздің жыл санауымызға дейінгі 2750 жылдары салыныпты. Ол ханакейлердің шөл алқаптарды тастап, теңіз жағалауындағы көк қойнауларға алғаш жетіп жатқан кездері еді. Соған қарағанда бұл шаһардың ең алғашқы тұрғындары да солар болса керек. Алайда, аралдары шағын шаһар Тир көпке дейін өзінен 1250 жыл кейін салынған Сейдоннан асып келе алмапты. Оның гүлденген тұсы біздің эрамызға дейінгі бірінші мыңжылдық басында иудейлер мен израильдықтардың бір мемлекетке біріккен тұсына сәйкес келеді. Жаңа еврей мемлекеті солтүстік көршілерінен ежелгі финикиялық товарлар алып тұруға мәжбүр еді. Тир Дәуіт патшаға ливан самырсынын беріп, оны қалай өңдеуді үйрететін шеберлер жіберіп тұрды. Дәуіттің ұлы Сүлеймен патшаның тұсында бұрынғыдан бетер көркейіп өскен Израиль Тирмен қарым-қатынасын одан әрі нығайтты. Ол кезде Тир флоты Жерорта теңізінде ғана емес сонау Атлантикаға дейін емін-еркін жүзіп бара алатын күйге жетті. Сицилияда, Кипрде, Солтүстік Африкада, Испанияда Тирдің сауда колониялары орнады. Батыс Африка, Англия базарында да Тир саудагерлері жиі көріне бастады. Мұндай бай мемлекетке көз сүзушілердің көп болары белгілі. Елге ең алдымен қол салған ассириялықтар болды. Елді Пигмалион патша билеп тұрған кезде Тир ассириялықтар шабуылына тойтарыс бере білді. Пигмалион патшаны тақтан түсірмекші болған қарындасы Элисса қастандығы білініп қалған соң, кемемен Африкаға қашып, сол жақта атақты Карфаген қаласын салдырады. Бірақ, ассириялықтар Тирді өз қоластына қаратудан күдерлерін бәрібір үзбейді. Екінші Саргон патша қаланы он жыл бойы қамап ала алмайды. Оның баласы Синаххерий біздің жыл санауымызға дейінгі 70 жылы Тирді алып, тәуелді мемлекетке айналдырады. Карфагеннің беделі өсіп, Тир флотын Жерорта теңізінен ығыстыра бастайды. Атақты сауда порты соның өзінде өте қуатты еді. Оған Вавилон патшасы ІІ Навуходоносордың Тирді жыл бойы қамап ала алмағанын айтсақ та жеткілікті. Ол жылы Тир қайтадан кішкентай аралға көшіп, оған мықтап қорған салды. Қорғанның сыртқы қабырғасы елу метрден де биік бопты. Сондай тас қамалды тек Александр Македонскийдің ауыр қолы 332 жылы жеті ай қамап әзер алыпты. Содан кейін атақты шаһардың басынан бақ құсы мүлдем ұшты. Селевкидтер, римдіктер, византиялықтар, араб тұсында ол шет жақтағы қарапайым елді мекенге айналды. Тирдің басынан біржола ұшқан бақ — бүкіл Финикияның да басынан біржола ұшқан бақ еді. Өз заманында дүние жүзіндегі ен бай, мәдениетті патшалықтар болған Финикия қала-мемлекеттерін құртып тынған ең басты жегінің өзі сол байлығы еді. Байлық Финикия қалаларын өзара тайталастырмаса, татуластырмады. Өз алдына би болып жүріп, бастары қосылмады. Сөйтіп жүргенде, байлықтарына қызығып бас салған басқыншылармен бірігіп күреспей, бөлек-бөлек айқасты. Бөлек-бөлек айқас бәрін бір нәтижеге жеткізіп, бәрі де жеңіліс тапты. Финикияның жеңілуі заманында Кіші Азияның жартысына үстемдік еткен ханааней мәдениетінің жоғалуына жол ашып берді.
Тир — сол ханааней мәдениетінің де соңғы бастионы еді.
Бұрынғы Тир, қазіргі Сир қаласының дәл түстігіндегі шығанақты айналғанда бес-алты, теңізбен тура тартқанда екі-үш километр жерде мұнартып оқшау көкшіл тұмсық тұр. Ол бір кезде екі мемлекеттің ғана емес, екі мәдениет, екі цивилизацияның да шекарасы болған-ды. Ежелгі дүниенің саяси болмысын асты-үстіне шығарған Рим империясының солтүстіктегі шекарасына тиіскен көшпелілер болса, рухани болмысына тап солай тажал боп киліккен оңтүстік-шығыс шекарасына кеп маңдай тіреген көшпелі тайпалар еді. Олардың да сонау күнгейден жылжи-жылжи кеп маңдай тіреп тоқтаған жері де сол — құз жартасты оқшау тұмсық еді. Ежелгі дүниенің рухани өміршеңдігі Бұндай төтенше құбылыстың тарихы жайындағы деректер біздің заманымызға «Ескі ғақлия», «Жаңа ғақлия» деп аталатын екі кітаптан тұратын «Інжіл» мен Лион Фейхвангердің ежелгі Рим жайындағы романдарына басты кейіпкер болған еврей тарихшысы, ғалымы, қайраткері Иосиф Флавийдің «Иудей соғысы», «Иудей көнеліктері» кітаптары арқылы жетті. Ол кітаптардың айтуынша, Аравия шеліндегі көшпелі еврей тайпалары біздің жыл санауымызға дейінгі 1000 жылдары финикиялықтардың оңтүстік шекарасындағы филистимяндердің жеріне басып кіреді. Ал әлгі айтылған өлке де сол бүгінгі Сир тұрғындарына көз түрткі боп тұрған көк тұмсықтың күнгей іргесінен басталар еді. «Інжіл» көшпелі еврейлер жаулап алған әлгі өлкені ежелгі ханаанейлерден шығарып, Ханаан деп атайды. Киелі кітаптың айтуынша, Ханаан ол кезде Мысыр перғауындарына бағынатын жеке-жеке қалалардан тұратын да, өлкенің кеп жері бос жататын. Көшпелілер сол қала бекіністерді айналып өтіп, егін салған алқаптарға тимей, бос жатқан құз-қиялы таулы аймақтарға кеп орнығады. Ол кезде Мысырдың саяси ықпалы әлсіреп, провинциялардың бет-бетіне бөлініп кеткен кезі еді. Ханаандағы шағын қала-мемлекеттер де бір-бірімен қырқысып жатқан-ды. Бір жағынан Мысыр отаршыларының, екінші жағынан перғауындары әдейі тегі жат кісілерден қоян жергілікті билеушілерден әбден ығыр болған шаруалар мен кәсіпқорлар шөлден келген жаңа көршілеріне өгейсінбей қарады. Біріншіден, олар шетінен өздері сияқты сіңірі шық7 қан жарлылар еді; екіншіден, ханаанейлер тіліне өте-мөте ұқсайтын төркіндес тілде сөйлейтін. Сондықтан оларды әу баста басқыншылар деп емес, келімсектер деп қарайды. Тау басына мал жайып, шатырда түнеп жүрген көшпелілер бірте-бірте отырықшылармен қыз алысып, қыз берісіп құдандал бола бастайды. Бұл олардың бірте-бірте етектегі алқаптарға қарай жылысуларына жағдай жасайды. Ал ол көшпелілердің отырықшылар мәдениетімен қол жалғасуларына мүмкіндік берді. Келімсектер отырықшылардың саяси өміріне бірден араласпады. Ондай әрекет отырықшы қалаларға апаратын керуен жолдарын басып алудан басталды. Жан-жақтан байланысы үзілген сауда қалалары қараптан-қарап тұншығары өз-өзінен түсінікті. Отырықшы өлкесіне бірінші боп кірген көшпелілер тайпасы егіншілікпен, кәсіппен бірінші боп айналыса бастады. Олар өздері үйренген жаңа кәсіп иелерінің бұрынғы еңбек тәсілдерін ғана емес, діни сенімдерін де бойларына сіңіре бастады. Ол құбылыстың кеңінен етек жайғаны сонша, Сүлеймен патшаның Иерусалимдегі храмына жұрт еврейлер құдайы Яхве (Жақия) мен ханааней тәңірлері Баалға, Астартаға бірдей табынатын болған. Мұндай діни аусарлық еврей қауымын қатты абыржытады. Ол әсіресе атақты Сүлеймен патшаның тұсында айқын бой көрсетеді. Сүлеймен тұсында Израиль көркейіп өсті. Қырық жылдай уақыт соғыс көрген жоқ. Сондықтан өткен заман шығармаларында ол ақылды, данышпан адам ретінде суреттеледі. Бірақ, «Інжілдің» айтуынша, ол тұста да қой үстіне бозторғай жұмыртқалай қоймапты. Тек патша сарайын салу үшін ғана күніне екі жүз мың адам жұмысқа зорлықпен айдап апарылады екен. Құл иеленуді білмейтін көшпелі қауым үшін бұдан асқан қорлық жоқ еді. Оның үстіне салық мөлшері жыл өткен сайын өсе түсті, Ләззат құмар патша жүздеген халықтардың қыздарынан тұратын гарем ұстады. Қызыққұмар патша көңіл көтеру үшін жаттың құдайына табынып, өз жұртының дәстүрін менсінбеуді шығарды. Күні кешегі көшпелі рулардан тұратын еврей қауымы ол кезде бір мемлекетке біріккенмен, әлі рухани бірлікке жете қойған жоқ-ты. Қол астындағы елді он екі бөлікке бөліп салық жиып тұрған. Сүлеймен өзі шыққан иуда руынан салық алмады. Бұл әсіресе Израильдегі ең көп, ең күшті ефрем руының зығырданын қайнатты. Алалау алауыздыққа ұрындырды да, ел Израиль, Иудея деген екі патшалыққа бөлініп кетті. Экономикалық теңсіздік, үстем таптың жемқорлығы мен пайдакүнемдігі бұқараны моральдық жағынан азғындатып, жұрт өз басынан басқа ештеңені ойламайтын болды. Еркектер әйел, әйелдер ер таңдамайтын болды. Нәсілі бөлек зайыптар арасындағы некеден туғандар өз тілін ұмытып, Иерусалим көшелерінде жұрт бір-бірімен жат тілде сөйлесті. Мұндай әсіреңкі мінез діни реакцияға жел береді. Әйелі басқа нәсіл еркектер не елден кетуге, не бала-шағасын елден аластауға мәжбүр болды. Иосиф Флавий өз кітабында Макассес деген ақсүйектің әйелі жат нәсілден болған соң бас абыздыққа сайланбай қалғанын жазады. Ондай аралас некедегілердің үйіне басып кіріп, төсекте жатқан жерлерінде шаншып өлтіру етек алады. «Інжілдің» бір жерінде сондай жазадан жиырма төрт мың адам марқұм болғаны айтылған. Есіріп алған діндарлар адам өз бетімен аттап баса алмайтын қатаң тәртіп орнатады. Сенбі күні жолға шығуға, аштан өліп бара жатсаң да, бір уыс бидай оруға, тіпті орға түсіп кеткен жүк артулы есекті ордан шығаруға болмайды. Сөйтіп, Моисей діні бір кездегі этикалық мазмұнының бәрінен айырылып, ел қамы, дін қамы дегенді желеу етіп адам бостандығын аяққа басқан бюрократтық тиырымдардың жиынтығына айналады. Екі бөлінген еврей мемлекеті көп ұзамай-ақ тәуелсіздігінен айырылады. Израиль Ассирияның, Иудея Вавилонның табанына түседі. Селевкидтер еврейлерді эллин үрдісіне көшіруге күш салады. Иерусалимдегі Эхве храмын Зевс храмына айналдырмақшы болады. Иуда Маккавей бастаған көтеріліс жеңіске жетеді. Олар өз ықпалын күшейту үшін Риммен байланыс жасай бастайды. Рим соны пайдаланып, 65 жылы Иерусалимді басып алады. Римдіктер иудейлерді өз ықпалында ұстау үшін, олардың арасынан дегендерінен шықпайтын квислинг іздейді. Ондай адам оңай табылады. Ирод деген жылпос біреу мен оның әулетінің үстемдігі күннен-күнге есе бастайды. Түптеп келгенде, Иродтың иудейлерге қырық қайнаса сорпасы қосылмайтын-ды. Әкесі — Рим азаматтығын әлдеқашан қабылдаған Эдомиті еді де, шешесі набетей қызы-тұғын. Оңай бағы жанған Ирод өз отандастарына қырғидай тиеді. Халық тағы да ереуілдей бастайды. Жаңа эраның 70 жылы император Тит Иерусалимді кеп қоршайды. Алты жыл бойына атақты Рим легионының табанында жатқан Иерусалимнің күл-талқаны шығады. Яхве ғимараттарының орнына Юпитер мүсіні қойылады. Оған ашынған жұрт 132 жылы тағы да көтеріліс бастайды. Арада төрт жыл өткен соң, о да жанышталады. Тірі қалғандар тегістей құлдыққа сатылып, одан құтылғандары Вавилонға қашады. Сүйтіп, диаспора немесе еврейлердің ел ақтап кетуі басталады. Сол кезде өмір сүрген атақты грек географы Страбон; «Еврейлердің бар қаланың бәрінде де тұрады, дүниеде бұл нәсілдің өкілдері тұрмайтын жер таба қою оңайға түспейді», — деп жазыпты. Христиан дінінің шығуы осы көтеріліске тікелей байланысты. Ереуілші халық жаңа рухани көсем іздейді. Назарет қаласында туып-өскен балташының баласы Исус христос деген адамды пайғамбар деп танып, соның соңына ереді. Әуелде Рим империясына қарсы көтерілген иудейлер діні көп ұзамай ол империяның өзге қалалары мен провинцияларына да тарай бастады. Жаңа пайғамбарды, ең алдымен құлдар, кедейлер, жаңа еркіндік алған жарлы-жақыбайлар жақтады. Екінші ғасырдан бастап жаңа дінді жақтаушылар саң жағынан тіптен көбейді, ұйымдық жағынан аса нығайды: епископтар мен шаруашылық басқаратын дианондар өз алдына сословиеге айналды. Діндарлар арасында Рим қоғамының жоғарғы топтарының өкілдері көбейе бастады. Христиан шіркеуі дүниеге солай келді. Жұртты бағыныштылыққа, тәртіпке, бұл өмірдегі қиындықтардан мойымай, о дүниедегі рахаттан дәметуге үндейтін дінге енді билеуші аристократия да назар аударды. Жаңа дінмен одақтас болуға алғаш көңілі кеткен Рим императоры Константин (306-337 жылдар) еді. Қырағы, зұлым, айлакер Константин әлсіреп бара жатқан империяны жаңа діннің беделімен қайта күшейтуді көздеді. Христиан шіркеуі оған «ұлы» деген атақ берді. Ол 330 жылдың 11 майында Рим империясының астанасын Тирдің жағасынан Боспордың жағасына көшіруге указ шығарды. Жаңа астана содан Константинополь атанды. Император саяси жағынан да, экономикалық жағынан да әбден күйрей бастаған батыс провинцияны тастап, саяси жағынан да, экономикалық жағынан да әлдеқашан нығайып алған шығыс провинцияларға жақын тұрған жөн деп білді. Одан кейінгі император Федосий (379-395) тұсында христиан діні мемлекеттік дінге айналды. Феодосийдің эдиктері бойынша құрбандық шалуға қатаң тиым салынды. Ежелгі Рим храмдарына қаржы бөлінбеді, олардың қарауындағы жер тартылып алынды. Империяның көптеген қалаларында, мәселен, Александрияда, бұрынғы дінді жақтайтындар қудалауға түсіп, қырғынға ұшырады. Феодосий өлгесін империяның екі бөлігі екі бөлініп кетті. Шығыс Рим империясы XV ғасырға дейін өмір сүрді. Батыс Рим «варварларға» төтеп бере алмай, ақыры құлап тынды. Константин мен Феодосий тұсында жаңа діннің беделінің өсіп-нығаюына баса күш салынды. Константин Иерусалимге, Иерусалимдегі Иусис Христос дейтін үңгірдің маңына христиан шіркеулерін салдырды. Ондай шіркеулер Дамаскіде, Баальбөкте, Эсрада, Суэда, Алеппода қаптап тұрғызыла бастады. Тек бір ғана Герастың өзінде сондай он бір шіркеу бар екен. Рим мен Византияның жаңа императорларының ежелгі дүние тәңірлеріне табынушылыққа қарсылығы бір кезде Яхве тәңірдің сойылын соғып, аттары шыққан Илия және Элшп пайғамбарлардан да асып кетті. Элиш заманында Иерусалимдегі Баал храмын күйретіп, орнына әжетхана салуға пәрмен етсе, ІV ғасырда император Юстиан 25 декабрьді Исус Христостың туған күні деп жариялады. Інжілде Ғайса пайғамбардың қай айдың қай күні туғаны туралы бір ауыз сөз жазылмаған. Юстиан пәрменіне дейін Египет христиандары пайғамбардың туған күнін 6 январьда тойлап келген. Ендеше, 25 декабрь қайдан шықты? Осы заманғы Рождество мейрамын тойлаушылар неге 6 январьға дейін шырақ жағады? Христостың Крестке шегеленіп, қайта тірілетін күні құрметіне өтетін Пасха мейрамы неге 25 мартта тойланады? Осы заман оқымыстыларының айтуынша, ежелгі дүние адамдары 25 декабрьді күннің туған күні, күн тәңірісінің туған күні ретінде тойлапты, ал 24-25 мартты көктемгі күн мен түннің теңескен күні болғандықтан Аттистің, Адонистің, Тамұздың қайта тірілген күні деп тойлағанын жоғарыда айтқанбыз. Византия императоры бір жағынан ежелгі діни мейрамдарды жұрт санасынан шығару үшін, екінші жағынан Христиандық Христостың тәңірлік табиғаты жайындағы ұғымды орнықтыра түсу үшін бұл күнді әдейі тандап алған. Мысырлықтардың бір кездегі Рождествосы — 6 январьды пайғамбардың жұртқа көрінген күнінің құрметіне Эпифалия мейрамы боп жариялануында да сондай мақсат бар. Бір кезде дүние жүзін шулатқан осы оқиғалардың бәрі мынау ежелгі қала Тирдің тап іргесінде болған. Бір кезде Яхве пайғамбардың жолын қуушылар «жат ықпалын жайып, дінімізді бұзады» деп алғаш нәлет айтқан адамы ІX ғасырдағы Тир патшасы Этбаалдың Израиль патшасы Ахаваға күйеуге шыққан Иезавель деген қызы еді де, алғаш лағнет жаудырған қалалары осы Тир еді. Дүниеде одан бері талай жыл өтті, талай су ақты. Бірақ, сол кездерде Тир тұрғындарының көзіне суық көрінген сол бір көкжиектегі түнеріңкі құз жартас тұмсық әлі суық көрінеді. Бір кездегі діншіл әсіреңкілердің қырғи қабақтығынан атылған нәлет осы Тирге тиді ме, тимеді ме — ол арасы мағұлым. Ал бүгінгі саяси әсіреңкілердің қырғи қабақтығынан атылып жатқан зеңбірек добының Тир топырағына алдымен түсіп жатқаны даусыз ақиқат. Біз аралап өткен өлкенің қай пұшпағында болсаңыз да, адамзат баласының жасампаздығымен қоса адамзат тарихының не қилы драмасы мен трагедиясының ізін көресіз: Сол бір драмалар мен трагедиялардың әлі күнге шешімі табылмай келе жатқаны қынжылтады. Сондықтан Тирден қарағанда анадай жерде бүк түсіп жатқан көк мүйіс қазіргі адамзат көкірегіне оқталған әлдебір сойқы найзаның ұшындай сойқан елестейді. Иә, ол, шынында да, тек осы өлкенің ғана емес, күллі адамзаттың жүрегін тітіркендіріп, арын апшытар кесір құбылыс. Ол құбылыстың да түп бастауы мен түбегейлі себебін әлі суық көп тұмсықтың ар жақ бер жағынан емес, тағы да тарих қойнауларынан іздегеніміз дұрыс. Түптеп келгенде, бұл өлкенің тарихы — басқыншылық зобалаңы мен жәбір-жапа көргендердің бір сәт те тоқтамай келе жатқан мігірсіз айқасының шежіресі. Жоғарыда біз сөз еткен ханааней мифінде Ырыздық пірі Баал мен зұлымдық пірі Моттың мәңгі бақи белдесіп келе жатқаны былайша суреттелетін:
Гипопотам секілді бір-біріне тап берді,
Мот та перен, Баал да одан қалмайды.
Бұқалардай сүзісіп, жер тіресіп жатты енді,
Мот та перен, Баал да одан қалмайды.
Жыландардай ұйысып, бірін-бірі шағады,
Мот та перен, Баал да одан қалмайды,
Айғырлардай жұлысып, азу тісті қадады.
Мот та перен, Баал да одан қалмайды.
Осы бір итжығыс — күллі Таяу Шығыс тарихының ортақ тақсіреті те, ал оларды бір-біріне үрит соқ деп айдап салып, алыста тұрып айыздары қанатындар үшін таптырмайтын рахат. Ондай айдап салма әзәзілдер әдетте тек қызық іздемейді, қызық боп көрінетін қырсық іздейді. Сол қызықтан өз қалтасына түсер пайда көздейді. Ал Таяу Шығыс мұнайы — капиталистік өнеркәсіптің көптен бері көкейін тескен қызыл. құрт еді. Сондықтан, Германия кайзері ІІ Вильгельм түрік сұлтанымен одақ жасасып, 1898 жылы Дамаск мен Иерусалимге сапар шекті. Дамаскідегі Салахалдин күмбезіндегі мәрмәр табыт та солай пайда болды. Мұндай жомарттықтың ар жағыңда мұнай кеніне бай араб уәлаяттарында Германия ықпалын күшейте түсуді көздеген қитұрқы есеп бар еді. Кайзердің сол сапарының нәтижесінде Дамаскіден Меккеге қарай Хаджаз теміржолы салына бастады. Мұны көре тұра, Суэц каналы арқылы Египет пен Сириядан бастап, Индияға дейінгі аймақты өз уысында ұстауға ниеттеніп жүрген Англия мен сонау Наполеон тұсынан бермен қарай Жерорта теңізінің Шығыс жағалауын сырттан иемденіп жүрген Франция қайдан шыдап отыра алсын. Таяу Шығыс елдері аяқ астынан Батыс Европадан көне қалалардың жұрнағын іздеп жүрген археологтарға толды да кетті. Сондай археологтардың біреуі боп атышулы ағылшын агенті Т. Е. Лоуренс те араб топырағына аяқ басты. Аз уақыттың ішіңде араб тілі мен дәстүрін жетік біліп алған Лоуренс Хиджаз әкімі Хусайнмен ауыз жаласып кетті. Хусайн Бри-тания көмегімен Түркияға тәуелсіз хашимидтер билейтін араб корольдігін құрып, баласы Фейсалға Сирия билігін алып беруді ойлады. Тәуелсіз араб мемлекеті жергілікті патриоттардың да арманы еді. 1916 жылы басталған көтеріліс 1918 жылы 1 октябрьде жеңіске жетеді. Бірақ, ол жеңіс патриоттық қозғалыс мүлдесінен шықпайды. Сөйтсе, Антанта одағына кіретін Англия мен Францияға мұнайға бай Таяу Шығыстан немістер мен түріктер ықпалын аластату керек екен. Ол үшін тәуелсіз мемлекет болуды көксеген ұлт-азаттық көтерілістері пайдаланылады. Бірақ, ондай қозғалыстың империализммен ұзақ уақыт одақтас бола алмайтыны тағы белгілі. Сондықтан да оны одан әрі өршітіп жібермейтін тағы бір тұзақ қажет еді. Антанта одағы ондай тұзақты да оңай тапты. Араб ұлт-азаттық қозғалысына жаңа бой көтере бастаған еврей сионизмін қарсы қоюға есеп құрды. Ол кезде Америка мен Европа мемлекеттерінің бір қатарында еврей буржуазиясы бас қосып, еврей мемлекетін орнату, бағзы атамекендерді қайтарып алу идеяларын уағыздауға кіріскен-ді. Мұндай реакцияшыл доктринада ешқандай тарихи негіз жоқ еді. Сионистер атамекеніміз деп жүрген Палестинаның ең ежелгі тұрғындары финикиялықтар мен ханаанейлер еді. Оларға біздің жыл санауымызға дейінгі екінші мыңжылдықтың жартысында солтүстіктен хеттер, оңтүстіктен еврейлер басып кіреді. Дәл сол тұста Жерорта теңізінің теріскей жағалауларынан көшіп келген филистимлян тайпасы да әлгі өлкені жайлай бастаған-ды. Палестина деген атау да солардан шыққан. Сол филистимляндармен арадағы көп жылдық шайқас ақырында еврейлердің жеңісімен аяқталады. Сол жеңістің нәтижесінде пайда болған Израиль, Иудея мемлекеттерінің тағдырын жоғарыда айттық. Ол мемлекеттерді жер бетінен жойған — қазір өзі де жер бетінен жойылып кеткен Рим империясы. Орта ғасырда қолдан қолға өтіп жүрген Палестиианы VІІ ғасырда арабтар кеп жаулап алғанда, ол аймақта ешқандай еврей мемлекеті жоқ болатын. Сионизм Палестинаны түрік сұлтанына ақша беріп, сатып алу жолындағы айла-шарғыларынан ештеңе шықпаған соң, еврей эмигранттарын Оңтүстік Америкаға көшіру, Угандаға көшіру жоспарларын қолға ала бастаған тұста, бұл мәселеге Англия араласты. Ол ежелгі Палестинада еврей мемлекетін құру идеясын қолдайтын ниетін білдірді. Ондай пиғыл сионистік қозғалыстың бірден-бір түрткілері болып табылатын американ миллионерлерінің де көңілінен шықты. Сүйтіп, Англияға еврей магнаттарынан ақшалай көмек алудың да, азаттық сүйтіп араб халықтарының аяғына тұсау салудың да оңай жолы табылды. Бірінші дүниежүзілік соғыста Антанта одақтастары жеңіп, Германия мен Түркия жеңіліп қалды. Соның нәтижесінде Сирия мен Ливан Францияның, Палестина мен Месопатамия Англияның қол астындағы мандаттық территорияға айналды. Бұл жағдай екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғанға дейін созылды. 1947 жылы 29 ноябрьде Біріккен ұлттар ұйымы Бас ассамблеясы Палестина территориясында Англия мандатының күші жойылып, арабтар мен еврейлердің жеке дара мемлекеттерін құруға, Иерусалимді екі мемлекетке де бағынбайтын тәуелсіз қала қылып қалдыруға шешім қабылдады. Англия мандатының күші 1948 жылдың 14 майында жойылатын еді. Дәл сол күні Израиль мемлекеті құрылды да, ертесіне Англияның айдап салуымен соғыс ашып, әлі құрылып үлгермеген Палестина араб мемлекетіне тиісті территорияның тең жарымынан астамын жаулап алды. «Дәндеген құрсақ құлағымен ін қазады» дегеннің керін келтіріп, 1956 жылы және 1967 жылы көрші Египетке, Иорданияға, Сирияға тиісіп, біржарым миллион халық тұратын 68,7 мың шаршы метр араб жерін тағы да қалтасына басты. Ежелгі Тир тұрғындарының әлгі бір сойқан көк тұмсыққа үрейлене қарайтындықтарының сыры да сонда. Қазіргі империализм жыл өткен сайын асқына түскен Израиль сионизмін арабтардың азаттық сүйгіш қозғалысына іріткі салып, Таяу Шығыс мұнайын монополистік капитализм қолынан шығармайтын саяси тұтқаға айналдыруға барынша күш салып бағуда. Олар бұл жолда ұлт алауыздығынан да, дін алауыздығынан да бас тартпайды. Ал, аталмыш өлкені ежелден бері этникалық жағынан да, дін жағынан да әртекті халықтардың жайлап келе жатқаны кім-кімге де болса белгілі. Бұл аталмыш регионның саяси ахуалына өз әсерін тигізері сөзсіз. Оны біз Ливанның тәжірибесінен де анық байқағандаймыз. Ливанның парламент екеш парламенті де саяси партияларға емес, діни секталарға жіктеледі. Ливан парламентіндегі 99 депутаттың елу төрті — христиан дініне де, қырық бесі — мұсылман дінінде. Осыған орай елдің президенті католик-маронштен, премьер-министрі мұсылман-суниттен, парламент председателі мұсылман-шииттен, ал орынбасарлары гректен сайланады. Кез келген мекемеде кадрлар алты христианға бес мұсылманнан келетіндей бос іріктеледі. Мұсылман кадры отыратын орынға христиан кадры алынбайды. Мәселен, біз барған тұста байланыс министрлігінде мұсылмандар істеуге тиісті жиырма екі орын мұсылман мамандарының жетіспеуіне байланысты боп тұрған көрінеді. Мұндай жағдайдан аталмыш министрліктің қандай тауқымет тартып отырғандарын кім білсін! Ал, Ливан мемлекетінің саяси жағдайында бұл жәйттің із-түзсіз қалмай отырғаны бесенеден белгілі. Өткен ғасырдағы араб жазушысы Абдаллах Надимнің «Отан» деген пьесасында басты кейіпкер — Эль Ватан (Отан) шаруамен де, балықшымен де, әкіммен де, баймен де сөйлесетін-ді. әркім өз тірлігімен әуре. Эль Ватан мырзаға не керек екеніне ешкім түсінбейді. Біз аралаған Сирия мен Ливандағы арабтар өз отандастарына не керек екендігін жақсы түсінеді. Екі ел де ұзақ жылдарғы табанды күресінің нәтижесінде отаршылдықтан құтылып, тәуелсіздік алды. Тәуелсіз елге ең алдымен бейбітшілік керек. Екі ел де өзгенің озбырлығы мен басқыншылықты жек көреді. Сирияның ең бір шөлейт қыстақтарында да, Ливанның басқа оранған қалаларында да көшеге ілініп қойылған листовкаларды көресіз. Онда Израиль агрессорлары басып алған Палестина арабтарының басқыншыларға қарсы күрескен қаһармандарының суреттері басылып, олар жасаған ерліктер жазылған. Оларды барлық арабтар құрмет тұтады. Сөйте тұра, Ливанның сән-салтанатты астанасындағы мына бір жағдайды көргенде қайран қаласыз. Бейрутқа Дамаск жақтан келіп кіргенде, жолдың қыр көзіндегі қарағай жәшіктерден, қаңылтыр күбірлерден, қатты қағаздардан қалай болса солай қауқита салған қоқыс лашықтар тұр. Бұтында ғана лыпасы бар, қалған денесі тыр жалаңаш егде еркектер, үсті-басы өрім-өрім әйелдер, күнге қақталған қатпа балалар.... Олардың да осыдан аз ғана жылдар бұрын өз киімдері, өз баспаналары, өз атамекендері болған. Олар — жау басып алған Палестинадан жер ауып келген босқындар. Ливанға келгендеріне бірнеше жыл. болса да, әлі күнге азаматтық паспортқа, тұрақты жұмысқа, баспанаға жете алмай-ақ қойыпты. Оның да сан-сапат себептері бар көрінеді. Ең алдымен, капиталистік дүние коммерсанттар мен банкирлер елі Ливанды өзге мемлекеттермен, әсіресе, капиталистік емес даму жолындағы көршілерімен қатыстырмай томаға-тұйық ұстағысы келеді. Сауда-саттық арқылы байып отырған Ливан шонжарлары да батыс капиталының шапағатынан айырылып қалмауға тырысады. Олар елді өзге араб елдерінің Израильге қарсы ашықтан ашық күресіне араластырмаудың қамын жеп бағуда, бұл мақсатта әр алуан дін иелері арасындағы қиыншылықтарды да пайдаланып қалуды көздейді. Ел билеудегі қалыптасқан арасалмақты өзгерттірмеу үшін Палестинадан келген мұсылман арабтарға паспорт бергізбей отырған да солар. Оларға паспорт берілсе, елде мұсылмандардың саны артып кетер еді де, саяси салмақ Израильға қарсы жария күресті жақтайтындардың жағына шығып кетер еді. Мұндай жалтақ саясаттың ар жағында халықтар мен діндер арасындағы алауыздық өртін мейлінше үрлеп бағатын импералистік реакция тұр. Күні кеше, өткен дүниежүзілік соғыс тұсында антисемитизм дертін қоздатқандар бүгін кеп, еврей сионизмінің бірден-бір қолдаушылары боп шыға келді. Импераллзм арабтарды да біреуін дос қылып арқадан қақса, екіншісін жау қылып маңдайдан соқпақшы. Өйтпесе, дүние жүзіндегі мұнай қорының 68 проценті қордаланған Таяу Шығыстан құралақан айырылып қалар еді. Сондықтан ол бұл регион қаулай бастаған демократия мен азаттық жолындағы күреске жергілікті реакцияны қарсы айдап салуға әрекет етіп бағуда. Ондай реакцияшыл күш мұнда да жеткілікті. Олар — былайғы арабтар «мұнай шейхтары» деп кекететін шетел монополияларымен ауыз жаласқан жергілікті шонжарлар. Олар «ислам пакты» дейтінді желеулетіп, социализм, азаттық, демократия жолындағы күресті реакцияшыл бағытқа аударып жіберуге тырысады. Олар «шетелдік идеология атаулыға түгел қарсымыз» деп қанша күлбілтелегенмен, түптеп келгенде империализммен тіл табысып кеткендіктерін көрсетіп жүр. Кейбір араб мемлекеттері мұндай «ислам» пактысының» нені көздейтінін дер кезінде көріп, дұрыс қорытынды шығара білді. Мәселен, Сирия капиталистік емес даму жолын қолдады. Ірі-ірі өнеркәсіп орындарын ұлттық меншікке айналдырды, кооперативтер құруды, шетелдік мұнай компанияларынан ұлттық табыс түсіруді жүзеге асырды, ел ішіндегі демократияшыл күштерге сүйеніп, халықаралық реакцияға қарсы ашық күреске шықты. Кезінде Ливан да «ислам пактысын» құруды қолдаған жоқ. Сонысына бола Сауд Аравиясы мен шетелдік монополиялар тарапынан біраз қысым да көрді. Ол араб елдері арасында бейтарап саясат ұстауға тырысты. Палестина босқындарына ұстанып отырған әлгіндей шеттеушілік саясаты да бейтараптықты көздеуден шыққан-ды. Алайда, халықаралық империализм мен азаттық күресінің алдынғы шебіндегі Таяу Шығыста отырып, бейтарап қалу қиынның қиыны еді. Ливан қанша бейтарап болғысы келгенмен, Таяу Шығыстағы жағдай оны бейтарап қалдыра алмайды. Ел ішіндегі оңшыл күштер өзге араб елдерінің патриоттық күресіне араласпауды қолдаса, солшыл күштер армияны нығайтуды, Палестина партизандарына қолма-қол көмек көрсетуді жақтайды. Егер Таяу Шығыс мұнайы Таяу шығыс халықтарына қарсы жұмсалмаса, егер барлық араб елдері демократия, прогресс, азаттық, социализм жолындағы күреске ынтымақтасса, оларды ешкім ешқашан жеңе алмас еді. Қысқасы, айтулы екі елдің көп ғасырлық көне шежіресінің шертер сыры қандай көп болса, олардың бүгінгі күрделі ахуалының аңғартар сыры да одан бір де кем емес.
Азаттық сүйгіш араб халқының алдында әлі талай асқар асулар тұр.
Олардан өту үшін, ең алдымең, бейбітшілік керек.
Дүниедегі ең бір ізгі амандасу мен қоштасу да — арабтарда. «Сәлем» деген араб сөзінің өзі «бейбітшілік» деген мағына білдіруі тегіннен-тегін емес.
— Ма һассалам, араб елі!
— Бейбітшілікте болғайсыз, аяулы достар!
Дамаск — Бейрут — Алматы
Қазан, 1968 жыл.
Осы жазбаларды баспаға әзірлей отырып, сол бір таныс өлкелерді тағы да бір аралап өткендей болдым.
Бірақ, одан бері мен көрген қалалар мен алқаптарда талай нәрсе өзгерді.
Соның бәрі жасару мен жаңғыру болса, арман қанша!
Бір кезде бізді жаңа танысқан достарымыз қимай қоштасып шығарып салған Бейрут аэропорты, арада бір ай өтпей жатып қатты бомбаланды. Бір кезде жер бетінде мұндай панасыздық пен кедейлік барын көріп, жағамызды ұстаған Бейрут кіре берістегі Палестина босқындарының 1982 жылдың күзінде көрген тауқыметін қазір бүкіл дүние жүзі біледі. Талай басқыншының табанында қалған Саида мен Сирдің, Сидон мен Тирдің тастақ көшелерін осы заманғы танктер таптап, талай ғасырға сыр бермеген көнекөз ескерткіштер тағы да оқ астында қалды.
Жасыл мәуелі Бекаа аспанын күні-түні зеңбірек үні тітіретеді. Бейрут бағы сән мен салтанатынан айырылған. Қираған үйлер, шашылған кірпіш, төгілген қан... Ливанда құмарларынан шыққан зеңбіректер мен ракеталар енді Сирияға қарай арандарын ашып жаланып тұр. Күллі Таяу Шығыс тарихы ұға білген кісіге: «Алалау алауыздық туғызбай, алауыздық кесепатқа ұрындырмай тұрмайды», — деп тұрғандай еді ғой. Ливанның бүгінгі қайғылы хәлі азаттық аңсағандарға алауыздықтан асқан ашықауыздың жоқ екенін ескерткендей. Аумалы-төкпелі уақыт біз барып кеткеннен бергі уақыт ішінде де айтулы екі елдің тарихына талай жаңа беттер қосты. Олар бірақ аңыздар емес. Аңызға бергісіз шындықтар. Талайды ұмытпаған екі ел, оларды да ұмытпайды. Адамға адам, халыққа халық қиянат жасау тыйылмайынша, зұлымдыққа тойтарыс жоқ.
Ливанның зәулім самырсындары соны ұқтырады.
Пальмираның бағзы тас бағандары соны ұқтырады.
Бүгінгі Бейрут, Саида, Сирлердің күл орнына қан шашылған көшелері соны ұқтырады. Бекааның көк жасыл бұйраттарын әуеден, жерден күні-түні тінткілеп жүрген суық дүрбілер соны ұқтырады. Қызыл шөлдің арасындағы Пальмирада да, жасыл жапырақ саясындағы Баальбекте де тастан қашап салынған әшекейлерден ұяда жатқан жұмыртқаны жанап өтіп бара жатқан суық жебенің бейнесін талай көріп едік.
Ол — ежелгі екі ел тарихының символы еді.
Ол — бүгінгі Таяу Шығыс тағдырының тап басып дәл бейнеленген белгісіндей еді. Ол — ғасырлар бойғы өлім мен өмір күресінің тұспалы-тұғын. Зұлмат жебесі талай ұяны қиратқанмен, өмір отын ешқашан өшіре алмақшы емес. Талайды бастан кешкен тарланбоз екі елдің өткені мен бүгінінің ұқтырары да сол...
Қыркүйек, 1999 жыл.
Астана.
ТЫРАУ-ТЫРАУ ТЫРНАЛАР
Жапон сапарынан көргендер мен көңілге түйгендер Қызыл белдеулі аппақ самолетке «Жал» («Жапон аирлинез» фирмасының эмблемасы) деп жазылып, қанатын қомдап ұшқалы тұрған тырнаның бейнесі салыныпты. Бұл жолы біздің «тырна» түстіктен терістікке — Хиросимадан Токиоға ұшып келді. Түнгі Токио — самсаған үйлер де, сапырылысқан машиналар да емес, қараңғы аспанның қап-қара бауырына жабысып қалған ақ, қызыл, көк, сарғыш, жасыл — сан-алуан жазулар. Бір-біріне тіркесіп тұңғиық қараңғыдан әлдеқайда бағыт тауып, шеру тартып бара жатқан латын әріптері... Жоғарыдан төмен қарай ала қанат көп көбелек ұшып келе жатқандай жапон иероглифтері... Жаңа ғана көк қойнынан — самолеттен түсіп ек, қайтадан биіктеп барамыз. Әлгінде ғана арбай көз қысып тұрған көп жазу төменде, аяқ астында қалып қойды да, таң атқалы тасада тұрып, ғайыптан жарқырап шыға келген жаңа шоқ жұлдыздай жаңа жазулар быжынап қоя берді.
Астыңда жұлдыздай зулап ағып бара жатқан көп от...
Үстіңде де от толқын...
Қапталында қырық құбылып, билеп тұрған от әріптер...
Аспанда емес, жерде келе жатқаныңды машинаның терезесінен соққан еміс-еміс бензин иісі араласқан салқын лептен сезесіз.
От... от... от... Бірте-бірте тұла бойымды жалын шарпи түскендей. Әлдекім қолтығыма қолын жүгіртіп бірдеңені суырып алды да, қасындағыларға сөйлей жөнелді. Мені шөл қысып барады. Қызыл шағылдың үстінде тұрғандаймын. Аптап ыстық табанымды қариды. Тұла бойым дел-сал. Жаңа ғана көз алдымда қырық құлпырып тұрған қызыл-жасыл дүниені әлдекім от қойып өртеп жібергендей. Төңірегімді қоламтадай ып-ыстық бұлыңғыр қоршап апты. Сол күмілжі пердені әлдекімнің азан шақырған ащы дауысы өткір пышақтай тіліп түсті. Көзімді аштым. Терезеге ұсталған шыпта перденің жарығынан мешіттің муәзіні емес, телевизия мұнарасы көрінеді. Қайда жатқаным енді есіме оралды. Біз тұратын «Тоси сентер» мейманханасының қақ маңдайында әлдекімнің жеке меншік телестудиясының темір мұнарасы бар-ды. Стол үсті дәріге толып кетіпті. Мен Хиросимадан сырқаттанып оралыппын. Көше жақтан әлгінде мені оятып жіберген биік қоңыр дауыс қайта шықты. Аумаған азаншының дауысы. Бірақ Жапонияда сан қилы шіркеулер көп болғанмен, мұсылман мешіті жоқ. Әлгі — велосипедіне мініп ап, картоп сатып жүрген саудагердің: «Ыссы картоп алыңдар!» деген айқайы. Соншалықты бір әдемі әуез, әсем нақышқа салып, күңіренте айқайлайды. Мұнда қысы-жазы көшеде ыстық картоп сатады. Өздері бал қосып қойғандай тәп-тәтті. Картоп сатып жүрген саудагердің бір сәт ауыз жабуы-ақ мұң екен, соны күтіп тұрғандай, телефон шылдыр ете қалды.
— Алло?!
— Денсаулығыңыз қалай?
— Жаман емес.
— Бұл совет елшілігінен... Әлгінде ғана біздің дәрігеріміз хабарласқан-ды. Сіздің қызуыңыздың қайтқаны жақсы болған екен. Әйтпесе, олар сізді әлі де бір жұма жатқыза тұрмақшы еді. Сонымен, ертең елге қайтасыз ғой.
— Әрине.
Екі апта зырғып өте шығыпты. Ертең елге қайтамыз. Күні кеше ғана еді ғой... ...«ИЛ-62» кенет астымызда түтіліп жатқан ақ мамық бұлттардың астына қойып кетті де, шалқыған көк мұхиттың үстінен бір-ақ шықты. Тып-тыныш теңіз. Ашық аспан. Самолет, тұп-тура теңізге қонатындай, қалқыған судың үстіне қанатын жайып, құлдилап келеді. Теңіз бізді бірте-бірте бауырына тарта түсті. Таң атқалы көз алдымызда жатқан көк бұйра толқын кенет иллюминаторға бір-ақ ырғыды. Сол-ақ екен, ауыр самолет әлдебір қатты нәрсеге тұяқ іліктіргенін сездіріп, солқ-солқ шайқалып қойды. Халықаралық «Хонэдэ» аэропортының бетон алаңы теңізге тіреп кіріп жатыр. Әр алуан елдер мен авиакомпаниялардың лайнерлері быжынай қонған аэропорт қызылды-жасылды гүлге толы алып гүлзардай. Таможня залына кіре бергенде қарсы есіктен сары былғары портфель ұстаған, көзілдірікті, қара торы ашаң еркек алдымыздан шығып, бір-екі қадамдай жер қалғанда қайта-қайта иіліп, кеудесін басып, тағзым етті. Ол совет-жапон туристер бюросының өкілі екен. Таможня бізді көп кідірткен жоқ. Онда отырғандар қырық шұқып, бір қарап жататын сауысқаннан сақ мінез байқатпады, ұсынған паспортымызға көздері түсер-түспестен иіліп-бүгіліп, ішкі залға оздырды. Оңда да бізді күтіп бір шоғыр адам тұр. Бір өнді, орта бойлы, талдырмаш қара көз қыздар гүл тапсырды. Әр қайсымызға бір талы ақ, бір талы қызыл — екі-ақ тал қалампыр гүлін ұсынды. Қайта-қайта иіліп-бүгілген жапон тағзымы. Бізді қарсы алуға аэропортқа Жапония — СССР қоғамының активтері, жапон-совет туристер бюросының қызметкерлері, бізді қонаққа шақырған жапон көркем тәрбие институты өкілдері келіпті. «Хонэдэ» аэропортынан қала орталығына баратын автострада «ең жоғары жылдамдықтар жолы» деп аталады. Бірақ біз өгіз аяңнан аса алмадық, өйткені, Токиоға сенбі күні тап болдық. Қос қабат автостраданың асты да, үсті де ығы-жығы машина. Үстіне түрлі-түсті брезент шатыр жапқан жүк машиналары, әр алуан түске боялған жаппалы машиналар, жеңіл машиналар, бірін-бірі бөгеп, жүргендерінен тұрғандары көп. Жапонияның көше қозғалысы да бізге тосын. Онда көшеге шықсаң әуелі оң жағыңа қара, жолдың ортасына жеткенде сол жағыңа көз сал. Жапон машиналарында руль де оң жаққа орнатылған. Жеңіл машина шоферлары ақ жаға, қара галстук, мөлдір қара костюм, қардай аппақ, жұқа биялай киіп алыпты. Әншейінде қырық минуттай ғана жүретін жолға екі сағат жіберіп, әзер дегенде «Тоси сентер» отеліне жеттік. Бұл елде мейманхананың үш түрі болатын көрінеді: таза жапон үрдісіндегі мейманхана, европа үрдісіндегі мейманхана, аралас, ала-құла үрдістегі мейманхана. Таза жапон үрдісіндегі мейманхананың номерлерінде мебель жоқ, тақыр татами, аласа стол; жатқанда да еденге жұмсақ бөстек төсеп, соның үстінде ұйықтайсыз. Ондай мейманханада бөлмелер «цифрмен» емес, өсімдіктің не жан-жануардың суретімен белгіленеді, өзіңіз жатқан номерді есігінде ненің суреті салынғанына қарап танисыз. Ал «аралас» мейманханада номерлердің бір қатары жапон үрдісін сақтаса, екінші бір тобы европа үрдісінде жиһаздалады. Біз түскен таза европа үрдісіндегі мейманхананың өзінен де қай елде, қай топырақта екеніңізді айтқызбай-ақ білесіз. Жып-жинақы бөлме, тізеден асып жарымайтын аласа мебель, терезеге әуелі селдір перде, сосын жұқа ақ темірден шабақ-шабақ ысырма перде ұсталыпты; оның сыртындағы шыны әйнектің өзі де европа елдеріндегідей шалқайтып ашылмайды, жапон үйлерінің есігіндей сырғытпалы. Мұнда да жапон үйлеріндегідей кісінің бойынан асардай биікке орнатылған ештеңе жоқ. Төбеңе құлайтындай, не маңдайың тиіп кетердей оғаш тұрған нәрсе көрінбейді. Мебель, төсек орын, барша жиһаздардың түр-түсі сұрқай солғын да, тұнжыраңқы күңгірт те, шымқай ашық та емес, биязы бір өң. «Тоси сентер» мейманханасының рестораны да тамақтануға келген әрбір топ өзін бір үйдің ошақ басындай оңаша сезінетін шағын-шағын залдардан тұрады; шағын залдар мен кабиналардың арасындағы қабырғалар ысырмалы, қонақтың санына қарай ұлғайту да, тарылту да оп-оңай. Мұнда бізді европалық асхананың тағамдарымен тамақтандырғанмен жапон үрдісі оған да өз салқынын тигізбей қоймаған. Онда да жапон үйінің дастарханындағыдай бұршақ дақылдар, теңіз шөбі, теңіз жәндіктері көп араласатын көрінеді. Тағамдар ресторанның өздерінде әзірленбейді. Қалада не көп, жекелеген тағамдарды дайындауға маманданған арнайы кухнялар көп. Ресторан қызметкерлері тағамдарды заказ алған бойда барып, алып келеді. Біз тамақтанып болып, қала аралауға шыққанда бір қолына жиырма-отыз табақшаны бірінің үстіне бірін мұнара құсатып қондырып ап, екінші қолымен велосипед рулінен ұстап, құсша зымырап бара жатқан сыптығыр бала жігіттерді көп көрдік. Сөйтсек, олар цирк жонглерлері емес, әлгіндей кухнялардан тамақ әкелуге бара жатқан ресторан қызметкерлері болып шықты. Мейманханадан шыққан бойда император сарайын көруге аттандық. Жол жөнекей парламент үйінің жанынан өтті. Иін тірескен полиция. Император сарайына жақындадық. Онда да иін тірескен полиция. Император сарайы бұрынғы әскери ақ сүйектер өкіметі — сегундар тұрған қорғанға орналасқан. Қорған шыр айнала су толы терең ормен қоршалыпты. Ордың екі беті ешкім түсіп шыға алмайтындай тықыр көк шөп өскен жылмағай жандатпа. Ордың көше бетінде кең тротуар. Егер алда-жалда тротуардан шығып, орға тайып кетсеңіз, тұңғиық қара судың түбінен бір-ақ шықтым дей беріңіз. Қара суда үйір-үйір аққулар жүзіп жүр. Ордың арғы бетінде тағы да әлгіндей ешкім шыға алмайтын жылмағай өр, оның үстіне биік тас дуал тұрғызылған. Тас дуалдың ішінде император сарайы мен император бағы. Император сарайына жан-жақтан кіретін әлденеше қақпа бар. Біз сарайды өзге елдердің мемлекет басшылары мен елшілерін қабылдайтын салтанатты қақпа жағынан барып көрдік. Самырсын өскен алаңқайдың сарай жақ шетіне ұзыннан-ұзақ жылжымалы темір қоршаулар қойылыпты. Оның ара-арасында самсап, бастарына темір каска, үстеріне қара форма киген полиция сарбаздары тұр, алдарында күнге шағылысып жарқыраған төрт бұрышты ұзынша темір қалқан, қолдарында найза сияқты екі таяқ, белдеріне салбыратып қол тоқпақ асып апты. Олардан өтіп біраз жүрген соң тағы да әлгіндей уақытша орнатылған үзік-үзік темір қоршау. Олардың да арасында самсап тұрған полиция сарбаздары. Одан әрі өтіп, қақпа аузына жақындағанда міз бақпай тұрған темір қалқанды қарулы сақшыларға тірелесіз. Анадайда, қақпаның дәл аузындағы ұзынша жабық бастырманың астында, императордың айрықша күзет блімінің сары ала иық офицері тұр. Сарайдың ішіне халық жылына екі-ақ рет — жаңа жыл мейрамы мен императордың туған күні —24 апрельде ғана жіберіледі. Император сарайы мен парламент үйі маңындағы самсаған полицияның сырына көп ұзамай біз де түсіндік. Токиода да, Киотода да, Хиросимада да біз барған кезде күн сайын демонстрация өтіп жатты. Кешкілік жұмыс аяғында көшенің әдеткі мазасыз гүрілін кенет бажылдаған, баса-көктеп ысқырған, айқай-шу шығады. Көп ұзамай түрлі-түсті самсаған көп ту көрінеді. Олардың соңында бастарына темір каска киіп, бір-бірінің иығынан тас қын құшақтап, әлденеге айқайлап келе жатқан лек-лек адамдарды көресіз. Олар — демонстранттар. Біз барған тұста жапон парламенті жапон үкіметі мен америка үкіметі арасындағы Окинава аралы жөніндегі келісім-шартын талқылап жатты. Жапонияның оңтүстігіндегі Окинава аралы ұзақ жылдар АҚШ-тың қол астында болып, онда әлденеше американ соғыс базасы орнады, атом қаруы сақталды. Жапонияның демократияшыл күштерінің көп жылғы саяси күресінің нәтижесінде биыл екі үкімет Окинаваны қайтарып беру туралы келісім жасасты. Алайда, Окинава Жапонияға қайтарылғанмен, ондағы атом қаруы, соғыс базалары сол күйінде қала беретін түрі бар. Міне, соған ашынған демократияшыл күштер бір айдан бері жапон қалаларында күн сайын демонстрацияға шығады. Елдің түкпір-түкпірінен келген демонстранттар Токиодағы император сарайын, ханзада үйін, парламентті, американ елшілігін күн сайын қоршап ап, американдардан атом қаруын, соғыс базаларын алып кетуді, қазіргі кабинетті таратуды, премьер-министр Сатоның отставкаға кетуін талап етеді. Қалың бұқара арасындағы мұндай ереуілшіл рухты пайдаланып қалуға тырысатын әсіре солшыл күштер Жапонияда да жеткілікті. Олар әлгіндей саяси демонстрацияны экстремистік дау-жанжалдарға ұрындырып тұратын көрінеді. Император сарайы алдындағы алаңқайда қарына қызыл шүберек байлаған дода шаш жігіттер жүр. Олар — троцкийшілдер. Әлгіндей бұзақылықтың көбін солар шығарады деседі. Олардың қолдан жасалған бомбаларынан полиция ғана емес, жай жұрттың өзі де қатты қорқатын тәрізді, қоразданған жігіттерге жуымай, анадайдан орағытып өтіп жатыр. Император сарайы орналасқан қорғанды айналып өтіп, бір кезде «олимпия деревнясы» салынған паркке барып, олимпиялық жарыстар өткен стадиондарды көрдік. Жапон архитектура өнерінің қандай шырқау сатыға жеткеніне солардың өзі-ақ жеткілікті айғақ болғандай. Жапон архитекторлары мен инженерлерінің қолына тигенде бетон мен шыны саз балшықтай иленіп, жібек атластай жұмсарып жүре берсе керек. Олар жаңа құрылыс материалдарын тек геометриялық фигуралардың шеңберінде ғана құбылтуға болады деген қасаң қағиданың күл-талқанын шығарған. Өз басым Токиодағы қарық толқып билеп тұрған олимпиялық стадиондарды салған архитектор бетоннан райхан гүлін жасап береді десе сенер едім. Алайда, жапон астанасы өңшең архитектуралық шедеврден тұрмайды. Токио мұнарасына көтерілгенде көзіңіз жетеді. Астыңызда тырнақтай да бос жер жоқ алып қала жатыр. Көп үйі аз қабатты, жатаған, көп қабатты үйлер мен мұндалап, сыйдиып оқшау көрінеді. Токио – жиырма үш қалалық ауданнан және шектес жатқан Тиба, Какагава, Саитим префектураларынан тұрады. Әр ауданның өзіндік сипаты бар. Біздің отель тұрған Оскаса ауданың негізінен әкімшілік мекемелері орналасқан. Ал Токионың «бродвейі» атанған Гиндза — бай универмагтар мен сауық-сайран орындарының мекені. Кешқұрым қаланың қай-қай аудандарындағы жастар, мейманхана тұрғындары, шетелдіктер — бәрі лек-лек боп осы Гиндзаға қарай ағылады, Сол үрдіспен біз де кешкі астан соң сонда беттедік, алдымыздан өне бойы самаладай жарқырап, от самсаған тура көше жолықты, Гиндзамыз осы. Жапонияның бетке шығар фирма, трест, корпорацияларының түрлі-түсті рекламаларынан көз тұнады. Көшенің екі беті толған магазиндер, кіре қалсаңыз, бірдеңе сатып алыңыз, алмаңыз, дүкен қызметкерлері есік алдына дейін шығарып салып, қырық бүгіліп тағзым етіп, бас сұғып шыққаныңызға рахмет айтып, қоштасып қалады. Жапон дүкендерінде сатылатын бұйымның нарқына саудаласатын салт жоқ, әр бұйымның бағасы жазулы тұр. Жапон универмагтары әдетте жеті-тоғыз қабаттан кем болмайды, онда көбіне транзистор радиоқабылдағыштан тірі балыққа дейін — әр алуан бұйым табуға болады. Бұйымдардың бүкіл елге ортақ нарқы жоқ, бір бұйымның әр универмагтағы нарқы әр басқа, тіпті кейде үлкен универмагтың астыңғы қабатындағы қымбат бұйымның жоғарғы қабатта арзан сатылып жатқанын көресіз. Сол сияқты әр аудандағы баға әр басқа. Мәселен, Гиндза дүкендері тек қалтасы қалыңдарға ғана арналған. Мұнда дүкендер қандай көп болса, кинотеатрлар да сондай көп. Америка, Италия, Жапония киностудиялары жасаған секс-бомбалар мен ызы-қиқы, атыс-тартыс авантюралық фильмдер. Рекламалардан омырауына парафинді аямай құйып-құйып, екі төбе үйіп қойған апай төс арулар мен бура сан ағайлардың алапат құштарлық тұсындағы «хикматтары» кәрі-жастың көңілдерін аздырмақ боп, көзді арбап бағады. Бұл американ, итальян фильмдері. Ал енді қара мұрт жігіттерге аймалатып жатып, қақ жүректен қанжар салатын шаштарын ұстарамен алдырып тастаған тықыр бас келіншектер — ескі самурайлар оқиғасын өңін бүгінгіше айналдырған жапон кино өнеркәсібінің «бұйымдары». Соңғы жылдардың фильмдерінде көрпе асты ғаламаттары ешқандай көлегейсіз, тұспалсыз, анайы табиғи қалпында көрсетілетін тұп-тура «порнографияның» өзі экранды біржола иемденіп алды. Капиталистік кино өнеріндегі мұндай жаңалық миллиондаған тиражбен шығып жататын порнографиялық әдебиетке де әсерін аз тигізбепті. Сексуалдық өмірді көрсетудің кино ойлап тапқан «прогресі» порнографиялық әдебиетке де қамшы басты. Олардың әйелдерді тыр жалаңаштап, тек баспасөз бетінде өз атымен аталмайтын «мүшелерін» көлегейлеген боп, бадырайтып басқа түсті қағаз жапсырып қоятын бұрынғы түрлі-түсті суреттеріне қазір «Тұтынушы» табылмай қалды. Сондықтан ондай суреттер байсалды әлеуметтік қоғамдық иллюстрациялы журналдардың бетіне біржола көшті. Ондай журналдардың бір бетінде атақты мемлекеттердің бірінші басшыларының портреті тұрса, екінші бетінде масқара бейнеленген жалаңаш әйел жымың қағады. Капиталистік дүниеде жалаңаш әйелсіз ештеңе өтпейтін тәрізді. Тіс порошогы қалбырының сыртында да сол. Атақты автомобиль фирмасының рекламасында да сол... Шұлықты да, саясатты да жалаңаш әйелдің суреті арқылы өткізеді. Бірақ мұндай «тамаша» арзанға түспейді. Кинотеатрларда билет өте қымбат. Сондықтан орта табыстың адамдарын, жастарды, студенттерді кешқұрым кинотеатрлар төңірегінен көру қиын. Олар көбінесе өз кештерін үйлерінде карта не домино ойнап өткізетін көрінеді. Жапон картасы біздегідей төрт қана түстен тұрмайды, әлде-қайда көп. Жапон қалаларындағы жұрттың көп ойнайтын ойыны — «патинко». Ол біздегі балалар бильярдын еске салады. Патинко ойнайтын салондар Гиндзада көп. Жұрт шұбырып шығып, шұбырып кіріп жатқан даңғаза музыка ойнап тұрған залға кірсеңіз, қатар-қатар тізілген автоматтарды көресіз. Соның алдында екі қолында екі рулетка, аяғымен әлдеқандай бір педальді үсті-үстіне басып, изеңдеп отырған бір адам. Автоматтың қабырғасындағы шыны экранның аржағында шым-шытырық көп тосқауылдардың арасында зыр қаққан шарлар. Сол шарларды қалаған ұяларға түсіріп, көп ұпай жинағандар «ұтыс» алады, Ұтыс ақшалай төленбейді, көбіне-көп шоколад, пластинка, т. б. ұсақ-түйек беріледі. Кешкі сағат оннан кейін жапон көшесі қаңырап бос қалады. Гиндзадағы бай магазиндер де сатыр-сұтыр ысырмалы темір перделерін түсіреді. Кинотеатрлардың да оты сөнеді. Тек аспандаған неон рекламалар ғана әр алуан түрге ауысып, құбылып тұрады. Енді одан арғы сауық-сайран кең көшеден қалтарыс тар көшелерге ауысады. Гиндзадағы орталық кең көшенің екі беті тап-тар, бұлтарысы көп. Оған бұрылсаңыз болды, алуан түрлі көңірсіген иіс мүңкіп қоя береді. Париж салтымен көшеде отырып сурет салатындар «портретіңізді салып берейін» деп жеңіңізге жармасады. Әр қилы түнгі клуб, кафелер де осында, Әлдеқайда ымдап шақырып, өткен-кеткеннің жүзіне телміріп жүрген бейсауат жігіттер де жеткілікті. Жапонияда «жезөкшелікке» тыйым салынған. Алайда, әрқилы жеке меншік моншалар, түнгі клубтар, т. б. сезікті мекемелер бұл кәсіптің елде біржола құрып кетпегенінен белгі бергендей. Жапондықтардың түнгі мекемелерінде меймандарға қызмет көрсететін арнайы мамандықтар бар. Атышулы гейшалар қонақтармен мәслихат құрады, би билейді, ән салады, музыка аспаптарында ойнайды. Олардың ондай өнерді жаңа бастап жүрген жастау түрін «майко» деп атайды. Ал, қонақтарға дастархан жайып, тағам ұсынып, әңгіме-дүкен құрып, кешті бірге өткізетін қызметші қыздарды «хостесса» дейді. Мұндай қызметте табыс табу үшін көбіне-көп студенткалар жүреді. Олар тек түнгі клубтарда ғана емес, жеке үйлер, жеке адамдар беретін қонақасыларда да қызмет көрсетеді. «Гейшалар» мен «майколар» өз мамандықтарын мақтаныш тұтады. Жеке адамдар берген қонақасының қандай дәрежеде өткені оған қандай гейша, қандай майко шақырылғанынан-ақ белгілі болатын көрінеді. Жапон көшелеріндегі үйді негізінен үш типке бөледі. Европа үлгісіндегі көп қабатты үйлер — мекемелер. Екінші топқа транспорт жүріп жататын магистраль көшелер бойындағы жапон үйінің стилін сақтаған қос қабатты үйлер, олардың сырт кейпінде батыс әсері байқалғанмен, іші — интерьері таза жапон үрдісінде. Ондай үйлер негізінен дәулетті кісілердікі, астынғы қабаты — дүкендері үстіңгі қабатта өздері тұрады. Жапон көшесінде бұл екеуінің аралық сипатындағы осы заманғы құрылыс материалдарынан жапон архитектуралық стилінде салынған көп қабатты үйлер де кездеседі. Оларды «апато» дейді. Апатоның екі түрі бар: жеке коттедж іспетті мансион мен біздегі микрорайонды еске түсіргендей бүкіл бір аудан құрап орналасатын «данти» үйлер. Мансионда пәтер ақы мың иенге дейін барады, онда көбінесе жазушы, артист сияқты интеллигенция өкілдері тұрады. Ал, данти үйлер техникалық интеллигенция өкілдеріне, кеңсе қызметкерлеріне, жалақысы жоғары жұмысшыларға тиеді. Ондай үйлердің пәтер ақысы бес мың иеннен он бес мың иенге дейін барады. Данти үйлер көбіне қаланың шет жақтарында орналасқан. Жапон қалаларында бұдан басқа таза жапон үлгісіндегі үйлер көбіне көше бойына емес, үлкен үйлердің ауласына салынған. Жапон қаласының европалық қалаларға ұқсамайтын тағы бір ерекшелігі — көшелерінде ат болмайтыны. Үйлерінің көбінде номер жоқ. Бір номердің өзі үйдің рет тәртібіне қарай емес, қай үйдің қай жылы салынғанына байланысты қойылады. Сондықтан жапондар бірінші үйдің дәл іргесінде бес жүзінші үй тұрса, түк те таңғалмайды. Жапонияға барған саяхатшылардың қай-қайсысының сапарнамасын оқысаңыз да, Токиода қалай адасқанын жазады. Ол дәстүрді біз де аттап кете алмадық. Біз де Токиоға барған алғашқы күні-ақ адасып үлгердік. Гиндзаға жарық барында жаяулап бара жатып, жол бойындағының бәрін ұмытып қалмайық деп жаттап-ақ едік. Қайтарда бәрібір адастық. Парламент үйіне жете берістегі бұрылысты біз оралғанша көше жөндейтіндер ағаш шарбақпен қоршап ап, қайдағы бір гүрілдеген құрылыс техникаларына толтырып жіберіпті. Бастарына қызыл ала темір каска киген жұмысшылар бүгін бір түнде көшеден жер астымен туннель салмақ екен. Біз енді қалай бұрыларымызды білмей қалдық. Көп кісінің ақылдасқаны адасуға жақсы. Жапатармағай талқылап, қапысыз ақылдасып алған бағытымыз бізді әлдеқайда бұру әкетті. Оның үстіне біз бағдарға мейманхана алдындағы телевизия мұнарасын белгілеп едік, енді байқасақ, Токиода не көп, мұнара көп екен. Түнгі көшеде бейсауат жүрген ешкім көрінбейді. Бір-екі кісі түн ортасында дуылдасып келе жатқан еңгезердей біздерден (жапон көшесінде біздей денелі кісілер көп кезіге бермейді) сескенсе керек. Айқайлап шақырғанымызға қарамай, анадайдан-ақ сырт айналып зыта жөнелді. Сөйтіп, адаса-адаса жүріп, бір үлкен қақпаға тап болдық. Қақпа алдында темір қалқанды, дулығалы, шоқпар ұстаған бір топ полицейлер тұр. Он шақты адам білген ағылшынша, французша, немісше, жапоншамызды ортаға салып, отелімізді сұрап ек, қызметке басқа аралдардан алынған жастар екен, астананың жай-жапсарын жақсы білмейтін боп шықты. Сөйтсек, олар ғана емес, токиолықтардың өздері де өз қалаларын біліп жарытпайтын көрінеді, Дегенмен, полицияның аты полиция ғой, қалалық басқармаларымен он минут рациямен сөйлесіп, біздің сөзімізден «Тоси сентер» отелінің жобасын аңғарса керек, рациямен сөйлесіп тұрған сержанттың аузынан «хай», «хай» деген сөздер шыққасын-ақ қуанып кеттік. Бірақ сержант полиция басқармасының сілтеген жөніне өзі түсінгенімен бізге түсіндіре алмады. Ортамыздағы ең кәріміз — эстонның белгілі суретшісі Марк Бормейстр сүйкімді, жаңғалақтау адам еді. Бейшара сержантты одан әрі қинауға аяп кетті білем, біраздан кейін түсінген бола салды. Қанша дегенмен лауазымы профессор оқымысты адам ғой, түсінген шығар деп, соңынан біз де ере бердік. Тағы да біраз салпақтаған соң, биік қорғанның тағы бір қақпасын күзетіп тұрған тағы бір полицейден жөн сұрауға тура келді. Сөйтсек, біз таң атқалы шыр айналып шыға алмай жүргеніміз императордың үлкен ұлы Акихито ханзада тұратын сарай мен бақ екен. Сөйтіп, ханзада сарайының оң жақтағы қақпасында күзетте тұрған сақшыларды бірінен соң бірін «тексере-тексере» жүріп, ең соңғы постыға да жеттік. Одан жөн сұрап тұрсақ, көше бойында өтіп бара жатқан бір бойжеткен біздің отельді біледі екен, өзі бұрылып кеп, бәрімізді қонақжайымызға ертіп, әкеліп салды. Әбден қалжырап төсекке құласақ та, Токиодағы алғашқы түні ешқайсымыздың да ұйқымыз келмепті. Қанша дегенмен Москва уақыты мен Токио уақытының арасындағы алты сағаттық айырманың әсері аз болмаса керек... Ертеңше біз жатқан отельдің конференц залында «Жас ұрпаққа эстетикалық тәрбие беру жөніндегі ІV жапон-совет симпозиумы» ашылды. Симпозиумның эмблемасында жұмыстан қайтқан әкесінің алдынан жапатармағай жүгіріп шыққан бір топ бала бейнеленіпті, балалардың біреуі әкесінің қолтығына кіріп, біреулері тізесіне, қолына жармасып жатыр. Ал, ен үлкені мойнына мініп апты... Конференц-залға көршілес салондарға совет балалары мен жапон балалары салған суреттердің көрмесі ұйымдастырылған. Симпозиумды ашарда орта жастардағы, орта бойлы, қызыл ала кимоно киген жапон әйелі екі шәкірт қызымен бірге икэбана — гүл өру өнерін көрсетті. Бұл — тек жапондардан басқа ешқандай халықтың қолынан келмейтін аса сирек өнер. Ол европалықтарға тән букет өру өнеріне атымен ұқсамайды. Букет жасағанда гүлдер ең алдымен бояулар үйлесімі тұрғысынан таңдалатын болса, жапондар олардың табиғаттағы қалпын дәл беруге тырысады. Табиғатта букеттегідей әр алуан гүл бір жерге ұйысып бітпейді, бірақ бір жерге бір өңкей гүл ғана боп дара да өспейді; икэбана өнері гүлдер табиғи аяда қандай үйлесімді болса, сол үйлесімді сол қалпында дәл жеткізуді мақсат тұтады. Жапон әйелдері жасаған букеттер бір не екі түрлі гүлден артқы көп гүл бас қоспайды, екі-үш түрлі түстен артық бояу да кезікпейді. Кәбана букеттерінде тек гүлдер ғана емес, олардан басқа табиғи шөптер мен ағаштың бұтақтары да молынан қолданылады. Мұндай өнерді жапон қыздары арнайы мектептерде бір-екі жыл оқып үйренеді. Қызыл кимонолы әйел ең әуелі ұзын мойын қыш құмыраға қу ағаштың жыландай ирелеңдеген иір бұтағын салды да, оған үш жерден бір қызғылт, екі ақшыл гүлді қашап орнатып еді, гүлдеп тұрған шие ағашы болды да қойды. Оның қасындағы құмыраға шағыр тектес үш тарам шөптің алдыңғы жағынан төрт қызыл гүл, сосын бәрінен бойын асырып, бір тал қызыл гүл орнатып еді, түзде шөп арасында өсіп тұрған бір шоқ қызыл гүл боп шыға келді. Сосын тайпақ қыш табаққа су құйып, үстіне бір шоқ ақ гүл тастай салып еді, су шетінде гүлдеп тұрған бір шоқ лилиядан аумай қалды. Ол сол ретпен он бес құмыра он бес түрлі букет орнатты, он бесі бір-біріне тіпті де ұқсамайды. Ол соның бәрін симпозиумның ашылу салтанаты жүріп жатқанда жасады. Жапон әйелдері көз алдыңызда жүріп, көрінбей, елеусіз қимылдап, ешкімді елеңдетпей, бәрін үнсіз істеп, үнсіз жайғастыруға қандай шебер десеңізші. Президиум столының алдындағы көлденең столдың маңында көлбеңдеп жүрген үш әйелдің не істеп жатқанын симпозиумның ашылу церемониясында отырған бүкіл бір зал толы адамнан ешкім байқаған жоқ. Алдымызда бірінен бірі асқан он бес букет самсап тұра қалғанда барып бір-ақ білдік. Біз совет делегациясында он бес кісі болатынбыз. Делегация басшысы СССР Достық және мәдени байланыстар қоғамы одағының совет мәдениеті бөлімінің меңгерушісі, көп жылдар бойы шетелде қызмет істеген тәжірибелі қызметкер Виктор Петерсон, ғылыми жетекшіміз РСФСР Педагогика академиясының мүше-корреспонденті, Татар АССР оқу министрі Мирза Махмудов; делегация құрамында «Детская литература» журналының редакторы, мында «Детская литература» журналының редакторы, жазушы Сергей Алексеев, «Костер» журналының жауапты хатшысы, ақын Владимир Торопыгин, эстетикалық тәрбие институтының бөлім меңгерушілері, педагогика ғылымдарының кандидаттары Тамара Полозова мен Тамара Комарова, Қазан университеті педагогика кафедрасының меңгерушісі Тамара Шуртакова, Москваның В. И. Ленин атындағы педагогика институтының музыка кафедрасы меңгерушісі Эдуард Абдуллин, Таллин бейнелеу өнері институтының профессоры Марк Бормейстер, москвалық суретшілер Тамара Михайлова мен Олег Зотов, тбилиссилік театр зерттеушісі Вахтанг Лоладзе, армян зерттеушісі Генрих Игитян, дубнолық хормейстер Ольга Ионова және мен бармын. Қызғылт кимонолы әйел мен шәкірттері жасаған он бес букет бізге еншіленіпті. Симпозиумды жапонның көркем тәрбие институтының директоры Тодо мен бейнелеу өнеріне тәрбиелеу институтының директоры Ото мырзалар алма кезек кіріспе сөз сөйлеп ашты. Совет делегациясының құрметіне профессор Когай мырза құттықтау сөз сөйледі. Ол: «Біз СССР-де уыз татитын қара уылдырықтың әлі барына аса таңғаламыз. Өзіміз болсақ, балығымыздың дәмінен, шайымыздың жұпар иісінен әлдеқашан айрылып қалдық. Табиғи ортаның уланғанын былай қойғанда рухани дүниемізді күйретіп алу қаупі төнді. Бұл апаттан сақтанатын жалғыз-ақ жол — жас ұрпаққа жан-жақты эстетикалық білім беру», — деді. Үш күнге созылған симпозиумның пленарлық мәжілістері мен үш секциясында екі жақтан отыздан астам баяндамалар, тыңдалды. Маған әдебиет, театр, кино жөніндегі секцияда «Жастардың эстетикалық тәрбиесінде киноның алатын орны» туралы баяндама жасауға тура келді. Бұл үлкен симпозиумда театр мен кино өнеріне арналған жалғыз баяндама болды – Симпозиум жұмысына негізінен әдебиетшілер, суретшілер, музыканттар, өнер зерттеушілері мен педагогтар ат салысты. Кино мен телевизияны жастарды бұзғаннан басқа ешқандай тәрбиелік қызмет атқармайды деп ойлайтын жапон мамандары менің аузы-мұрным қисаймай, экранның тәрбиелік әсері жайында жарты сағаттан астам сөз сөйлегеніме қатты қайран қалды. Шамасы, олардың ұғымынша, кино сынды «бұзақы» өнердің атынан сөйлеген адамның аузынан дені дұрыс сөздер шыққаны, шынында да, таңғаларлық құбылыс болса керек. Ертеңіне сөз сөйлеген біраз шешендер совет елінде кино өнері де балаларды тәрбиелеуге пайдасын тигізеді екен және балалардың эстетикалық тәрбиесі проблемаларына кино қызметкерлері де қатты толғанады екен деп, менің атыма біраз қошамет айтты. Олардың неге бұлай жерден жеті қоян тапқандай болғанын маған балалар әдебиеті жайында басылатын журналдың редакторы Исайго Отака ханым түсіндірді. Осы бір уыздай жап-жас, екі бетінен нұр төгілген әдемі әйелді журнал редакторы ғой деп кім ойлаған. Бүкіл мәжіліс бойына ешкімге көзін тура салмай, салқын қабақ та, кекірейме тәкаппарлық та танытпай, ешқандай орынсыз ыржалаң, әсіре қылымсусыз, сыпайы отырған сүйкімді келіншек бір уақытта сөз алды да, Жапония сияқты дамыған мәдениеттің елінде балалар театрының, балалар кітапханасының жоқтығын, сондықтан олардың мектептен тысқары эстетикалық тәрбиесінің негізгі салмағы аналарға түсетінін, бір кварталда тұратын әйелдер сол кварталдың балалары оқитын кітап жинайтынын тәптіштеп айтып берді. Ол: «Әлгінде Кекілбаев сан СССР-де арнайы балалар фильмдерінің студиясы барын, одан өзге студиялардың да балаларға арнап фильмдер шығарып тұратынын, балаларға кино көрсетуді проблемалары ғылыми тұрғыда зерттеліп жатқанын айтты. Ал, біздің дүниеде біршама атағы бар кино өнеркәсібіміз балаларға арнап бір де бір фильм шығармайды. Сондықтан олар қашан өз аузына өз қолы жеткенге дейін кинотеатрдың есігін де көрмейді. Ал, телевизиядан көрсетілетін, экраннан түскен ескі фильмдердің бұзақылық пен әдепсіздіктен басқа үйретері шамалы», — деді. Отака ханымның күйеуі өзінен жиырма бес жастай үлкен екен. Өткен соғыста бізде жеті-сегіз жыл тұтқында болыпты, совет еліне достықпен қарайтын көрінеді, қазір балалар әдебиетінің бірлестігін басқарады дейді, ол басқаратын бірлестікке әдебиетшілермен қоса мектеп мұғалімдері де белсене атсалысатын тәрізді, симпозиумға ауырып келе алмай қапты. Симпозиумға қатысқан жапон мамандары бізге аса үлкен меймандостық көрсетті. Орынсыз тәжіке сөз қағысу болған жоқ. Симпозиум біткен күні «Тоси сентер» отелінің банкет залында достық қонағасы берілді. Оған олар әйелдерін, ер жеткен балаларын, тіпті кішкене қыздарын да ерте келіпті. Шамасы, балаларымыз совет адамдарын көрсін деген болу керек. Мәжіліс кезінде жапон еркектері аса байсалды, онша елпек қақпайтын да, кеуде көтермейтін де, не ойлап, не қойып отырғанын байқатпайтын ұстамдылық танытқан-ды, әйелдері ылғи ұяла күлімсіреген ұяң мінезбен жүретін-ді. Достық дастарханның басында бәрі де жайдарыланып кетті. Әсіресе ата-аналарына еріп келген жас қыздар мен жігіттер шүйіркелесіп, ән салып, би билеп, мәз-мәйрам боп қалды. Жалпы жапон жастарының батыл, ақжарқын келетінін бұрын да қаланы аралап жүргенде байқағанбыз. Әсіресе стадион, парктерде, оңаша аллеяларда екеу-екеу, үшеу-үшеу гитараға қосылып, қайдағы бір құлаққа жағымды, әдемі әндер айтып тұратын жапон қыздарына қатты сүйсінгенбіз. Шағын болғанмен көгілдір неон жарығында сүтте жүзіп келе жатқандй боп көрінетін Токио метросының ақ шаңқай поездары да көңілді, өйткені ондағы жолаушылардың көбі жастар және бәрі де күлмей жүрмейді. Осы бір көңілді ақ жарқын қыз бен жігіттер күні ертең сызылған ибалы келіншектер мен артық сөз аузынан шықпайтын орнықты маңғаз еркектер боп қалай өзгеріп шыға келетініне адам қайран қалғандай. Жапондардың жан-дүниесінің әлі ашылмай жатқан жұмбағы көп. Оны жапон әдебиеті мен өнерінен де байқайсыз. Жапон өнерінің ең бір жұмбақ саласы — театр. Симпозиумның екінші кешінде біз «Кабуки» театрына шақырылдық. Гиндзаның самала көшесінде таза жапон үрдісінде салынған, маңдайына тізіліп қызғылт шамдалдар іліп қойған әдемі үй тұр. Сыртқы есіктің алдына оңаша столда отырған он алты — он жеті жасар қыз театрға кіріп келе жатқан, шығып келе жатқандардың әрқайсысына орнынан тұрып, иіліп-бүгіліп тағзым етеді. Содан гардеробқа киіміңізді тапсырасыз да, қырық қалтарыс салондардан тұратын фойелерді аралай бастайсыз. Өңшең сувенир сататын магазиндер, ресторандар мен барлар, коктейль залдары. Қақ ортада керу залы. Бұрынғы ескі ағаш театр соғыстан кейін жер сілкінгенде зардапқа ұшырап, қайта түзетіліпті. Оған дейін көрермендер спектакльді жерге отырып көреді екен. Қазір европа театрларындағыдай партер, үш қабат балкон, қапталдағы екі ярусложа бар. Көру залы бір түрлі қызғылт рең танытады. Залда бірде-бір бос орын жоқ. Кішкене балалар да жүр. Жапондар үшін «Кабукиді» көру үлкен мереке. Театр билеті өте қымбат. Күнде-күнде театрға келуге еш мүмкін емес, кебі оны өмірінде бір-ақ көреді. Сондықтан олар театрға бүкіл үй-іші, тұқым-туысы, бала-шағасы боп жиналып, тек ұлттық киіммен ғана келеді. Олар әлгіндей шоғыр-шоғыр боп партерге орналасады, спектакль үстінде бірін-бірі үйлерінен термосқа құйып әкелген күріштен жасалған ішімдік — «сәкә» беріп сыйлайды. Шетелдіктерге ложалар мен балконнан ғана орын тиеді. «Кабукиде» күні бойына бір шығарма көрсетіледі, екі сағат сайын орындаушылар құрамы алмасып тұрады. Екі сағат бойы тапжылмай отырып, бір спектакльді бастан-аяқ көріп шықсаңыз да, немесе ресторанда, не барда отырып, тек өзіңізге ұнайтын сахнаны ғана, не сахнаға әзіңіз жақсы көретін актер шыққан кезде ғана келіп көрем десеңіз де — өз еркіңіз; қалтаңыз көтерсе, күні бойы осы театр ресторандары мен залдың ортасында сенделіп жүре берсеңіз, тіптен құба-құп. Біз кешкі спектакльге барғанбыз. Әуелі жапонның екі биін көрдік. Спектакльдердің алдында би көрсету бұл театр - дәстүрлі салты болса керек. Сахнада күлтеленіп, гүлі төгіліп жалғыз түп ағаш тұр. Оның тасасынан биші шығады. Сахнаның сол жақ бұрышындағы авансценада жеті адам жапон барабандарында, ал оң жақ бұрышындағы авансценада он төрт адамның жетеуі прима тектес жапон аспабында ойнайтын музыканттар, келесі жетеуі алдарындағы пюпитерге нота қағаздарын жайып қойған әншілер. Бәрі де тізерлеп-тізерлеп еденге жайғасқан. Бәрі де қара киінген. Бір ырғақтан аспайтын да, түспейтін де жапон сазы. Европалықтар дыбыстар гармониясын ұнатса, жапондар музыка тыңдағанда бір биіктіктегі бір дыбыстың біраз уақыт бірқалыпты созылып тұрғанын қалайды. Олвп үннің шұғыл өзгергенінен, ойнақы ырғақтан, ашық бояу, айқын саздан гөрі дыбыстың құлаққа естілер-естілмес, еміс-еміс дірілінен көп ләззат алады. Олар мұндай музыкалық түйсікті де табиғаттан үйренген; табиғатта желдің зуылы да, толқынның шуылы да бір ырғақ, бір сарынды; онда европа музыкасындағыдай ойнақтаған үндер кездеспейді. Олар европа тыңдаушыларындай музыкалық калоритты әр алуан дыбыстардың әр алуан ырақта құбылуынан іздемейді, белгілі бір дыбыстың қатқыл вибрациясы «гори» мен нәзік, жұмсақ вибрациясы «сори» арасындағы үйлесімнен іздейді. Мұндай музыка әсіресе әншілерге оңай тимейтін болса керек. Сахнадағы жеті әнші бишінің жан-күйіндегі құбылысқа сәйкес жеке-жеке соло айтады да, биде ыстық құштарлық сезімдері бейнеленетін тұстарда барып бәрі қосылып кетеді. Театрдың актерлық орындауы мен режиссурасында психологиялық драма, реалистік театр элементтеріне бой үру байқалады. Әсіресе декорация, жүріс-тұрыста реалистік элементтер нышан беріп қап отырады, Бірақ актерлер беті маска іспеттес, одан адамның жан-дүниесінде болып жатқан арпалысты аңғару аса қиын. Екі ғашықтың шынайы махаббат сезіміне берілген лирикалық сәті европалықтарға үн-түнсіз ұзақ отырған екі бөтен адамдай боп көрінеді. Олардың көңіл күйін сахнаның бір бұрышындағы әншілер триосының әнінен ғана аңғарасыз. Сөйтсек, бұл театрдың спектакльдерін түсінудің күрделі жүйесінен жапондардың да көпшілігі бейхабар екен. Оған ілуде біреулер ғана түсінетін көрінеді. Сол ілудегі біреулер спектакльдің кейбір тұсында «биа» деп айқайлап қояды. Адам шошырлық ащы дауыс. Бірнеше кісі жапатармағай айқайламайды, бір не екі кісі ғана айқайлайды. Бірақ бүкіл залды дір еткізетін аса күшті дауыс. «Кабуки» театры XVІІ ғасырдың бас шамасында дүниеге келіпті. Оның негізін салған Онуки дейтін биші әйел болыпты. Театр алғаш ашылғанда күллі труппа тек әйелдерден тұрған, одан кейін өңшең балалар ғана ойнаған, ал қазір онда еркектің де, әйелдің де ролін тек еркектер ғана орындайды. Театрдың әлі күнге символикалық шарттылықтан арылып, реалистік арнаға түсе алмай жүруінің де негізгі себебі труппаның әлгіндей бр өңкей құрамынан болса керек. Мұндай театр Жапонияның екі-үш үлкен қалаларынан басқа жерде жоқ, оларды елдің түкпір-түкпірінен жұрт арнайы іздеп келіп көреді. Сондықтан спектакльдің әлгіндей тым жұмбақтығына, билетінің қымбаттығына қарамастан, оған орын тауып, кіру онша оңайға түспейді. Жапонияда «Кабукиден» басқа театрдың «Но», «Есэ» деген түрлері бар. «Но» көшеде ойналатын ежелгі ұлттық ойындар үрдісін қайта жаңғырту негізінде туған. Оның «тіліне» түсінетіндер тіптен аз көрінеді. Театрда екі-ақ актер ойнайды, ол екеуінің ойынын екі құрамдағы хор сүйемелдеп тұрады. Репертуары жапон мемлекеті құрылмастан бұрынғы жекелеген аймақтарда туған фольклорлық шығармалардан жасалатын көрінеді. Ал, «Есэ», біздің тілмен айтқанда, бір актердің театры. Оның залдары да шағын. Сондай шағын залға жиналған қауымды ортаға шыққан бір актер екі-үш сағат бойы ұстап отырар өнер табуы керек, өлең оқи ма, әзіл айта ма, жоқ жиналғандармен пікір таластырып айтыса ма, өзі біледі. Жапонияда не көп, қуыршақ театры көп. Қуыршақтарының бойы адамның бойымен бірдей. Соншама үлкен қуыршақтарды бар болғаны екі-үш адам ғана жүргізіп отырады, қуыршақ жүргізетіндер көрушілерден жасырынбайды, қуыршақтарын құшақтап сахнада өздері жүреді, не төрт аяғына төрт доңғалақ орнатқан кішкене орындықтарға отырып ап қозғалады. Бізді қай қалаға барсақ та, қуыршақ театрына шақырды. Қай-қайсысы да бізге қатты ұнады. Симпозиум бітті, елді аралауға шықтық. Тағы да — Хонэдэ. Тағы да самолет. Егіз қозыдай екі стюардесса қыз самолет көтерілер-көтерілместе жолаушыларға тарелкаға сап беті-қолды сүртетін ыстық салфетка әкелді, артынша қаймақ пен кофе ұсынды. Сол екі ортада жаңа ғана иллюминатордан көрінген эстон жол күзгі ашық күнде онан сайын құлпырып, кек торғын аралға айналды. Күн батыс қапталымыздан көк барқыт дастарханға төңкере салған кеседей боп атақты Фудзияма тауы көрінді. Оның биіктігі 3777 метр. Жапон жері таулы. Тауларының бөктері тоғайлы келеді. Бұл елде жүз тоқсан екі вулкан бар, оның елу сегізінен басқасы сөнген. Елде жердің жиі сілкініп тұратыны халықтың тұрмыс салтына, психологиясына, дүниеге көзқарасына өз әсерін тигізбей қоймаған. Жапон үйінің есігінен аттаған адам оның ертең көшетін үйдей қаңырап бос тұрғанына қайран қалады. Онда қайда қарасаң да, айнадай боп жалтырап жатқан мұнтаздай тазалықтан басқа ештеңе таппайсың. Тіпті жапон баспанасының архитектуралық негізінің өзінде ұзақ жыл өмір сүруге арналған есеп байқалмайды. Жапон баспанасы өзі орналасқан табиғи аядан оқшау шығып тұрмайды, көбіне-көп өз төңірегінің ландшафына сіңісіп кетеді. Тіпті үйдің төңірегінің ландшафына сіңісіп кетеді. Тіпті үйдің төңірегіндегі синтоистерге тән киелі мәні бар «п» әрпі тақылеттес қақпа «торий» мен онша биік емес жатаған тас тағанға орнатылған шамдалдан басқа әшекейдің бәрі де архитектуралық құрылысты табиғаттан оқшауламайды, қайта оның өз төңірегімен астасып, үйлесім табуына қызмет етеді. Үй-үйдің қасында шағын бақ болады; осы бір мұнтаздай таза, алақандай аланды ешкім қолдан жасамаған, табиғаттың өзі орнатып кеткендей, ондағы кішкене дөңес төбе — тау, сылдырап ағып жатқан бұлақ — өзен, аядай тоған — теңіз, ал аласа бұталар — тоғайлар тәрізді. Үй иесі кешқұрым осындай шағын бақта отырғанда ұлан-асыр табиғаттың қақ төрінде отырғандай ләззат алады. Сол табиғаттан, төңіректен оқшауланбайтын психологиядан болар, жапон баспаналарының ешқайсысының қасынан шарбақ қоршау көрмедік. Табиғатқа қарсыласпау, қайта оның тілін таба білу тенденциясы жапон баспанасының ішкі интерьерінен де байқалады. Ол негізінен онша қымбатқа түспейтін және оңай жаңартылатын, табиғи түсін сақтап жалтырата өңделген ағаш пен қағаздан ғана тұрады. Еденге төселетін татами күріштің сабағынан не бамбук шыпталардан тоқылады. Үйдің кендігі де 20 — 25 шаршы метрден асып жарымайды. Оның үш қабырғасы оңай ашылып, оңай жабылатын ысырмалы, өйткені елді жан-жағынан теңіз қоршап жатыр, ауа райы қапырық; әлгіндей ысырмалы қабырғалар — үй ауасын табиғи желдетіп, салқындатудың таптырмайтын тамаша бір жолы. Ал қозғалмайтын төртінші қабырғаға киім-кешек, ыдыс-аяқ, төсек-орын сақталатын шкафтар орнатылған, оның беті жып-жылмағай ағаш қабырғамен көмкерілген, сондықтан оның ар жағында не бар екенін ешкім аңғармайды, сол тұрақты қабырғаның бір шетінде осы үйдің адамдарының құлшылық ететін кішкене ойық михрабы — камидана бар. Оған әлгі үй табынатын құдай — камидың бейнесі, не сол үйде қаза болған аяулы адамның суреті ілінеді. Баспанаға аттаған мейман әлгі үйдің туысы, не көңіл тату сыйласы болса, ең алдымен камидананың алдына барып тағзым етеді, дұға оқымас бұрын камидің назарын өзіне аудару үшін алақанын шапалақтайды. Жапон баспанасының төңірегі негізінен үш зондай тұрады: лас зона — үйдің алдындағы жер, паркет, коридор, тортуар; жартылай таза зона — үйдің едені, төселген кілем; таза зона — бөлменің еденіне төселген шыпта татами; сондықтан сырттан жер басып келген аяқ киіміңізді лас зонада қалдырасыз, онымен бөлмеге енуге болмайды. Бөлмеге енген соң шыпта татамидің үстіндегі төрт бұрышты жіңішке столдың қасындағы алақандай-алақандай шүберек бөстекке отырасыз. Ұятқа қалғыңыз келмесе, аяғыңызды көсіліп, не бір жағыңызға жантайып сұлай кетпеңіз, салмағыңызды екі тізеңізге салып, жүгініп отырыңыз. Сәл ғана шыдасаңыз, жапондар шетелдіктерді көп азапқа салмай, амандық-саулық сұрасқаннан кейін өз қолайыңызға қарай отыруыңызға рұқсат етеді. Жапондар өз үйіне қонақ шақыра бермейді, әлгіндей аядай бөлмеде көп қонақтың бәрібір жайы табылмайды. Төсек орын, ыдыс аяқтың әрқайсысы семьяның әр мүшесіне еншіленіп қойылған, әркім өз төсегіне жатып, өз ыдысынан тамақтануы керек; бейсауат біреу-міреу кіріп шыға қалса, дәм таттыру үшін сақталатын ыдыс-аяқ үш-төрт кісіге ғана жетеді. Сондықтан жапондар сізді үйін көрсетуге шақырса, қасыңызға екі-үш кісіден артық жолдас ерте көрмеңіз. Жапон баспанасын көрудің екі-ақ жолы бар. Егер өте ет жақын туысқаны болсаңыз, қожайындар рұқсат етсе, қонып та шығуыңызға болады. Ондайда жатарда әуелі әбден жуынып-шайынасыз, сосын бір жағынан самауырдың мұржасы құсаған түтігі, астында от жағатын оттығы бар жапон моншасы — ішінде ыссы су құйылған күбіге сыйлы қонақ ретінде сіз түсіп, біраз терлеп аласыз, сізден кейін сол үйдің қожайыны, одан соң әлгі семьяның өзге еркектері, ең соңында әйел мен қыздары түседі. Моншадан кейін кимононың жеңіл түрі — белінен белбеу буынатын, алды әйелдерге гүлді, еркектерге торала шыт матадан тігілген жеңіл халат — юкатаны жалаңаш иініңізге сұға саласыз да, ерлі-зайыптылардың екі бөлшек төсегінің қасына салынған үшінші төсекке жата кетесіз. Тар баспана қалыптастырған жыныстық айырмашылыққа мән бере қоймайтын психологияның салқыны тіпті осы заманғы қоғамдық орындарда да кездеседі. Жапонның қоғамдық моншасы — ортасында жұрт шомылатын бассейні бар кең зал. Бассейінді шыр айнала жұрт түрегеп тұрып сабынданып жуынатын душтар орналасқан; әр душ тізеден аспайтын әншейін шекара мезіретпен қоршалған; еркектер шомылатын, әйелдер шомылатын арнайы бөлімдер жоқ. Сіз жуынып тұрған душтың дәл іргесіндегі көрші душта әйел жуынып жатуы әбден мүмкін. Душтан соң ротадағы ыссы су құйылған бассейнге әйел, еркек боп бірге шомыласыз. Бірақ мұндай қолайсыздықтан қысылып-қымтырылып жүрген ешкімді көрмейсіз. Тіпті осы заманғы көп қабатты үйлерге орналасқан әйел-еркек бірге істейтін мекемелерде екі жынысқа екі бөлек бөлініп қойған туалет бөлмелері жоқ. Әрине, қоғамдық орындардағы мұндай қолайсыздық үйреншікті психологиядан әлі арылмай келе жатқан анахронизм. Бірақ жапон баспанасындағы тарлықтың шамалы уақытта жойыла қояр түрі көрінбейді. Осы заманғы құрылыс материалдарынан салынған «данти» үйлердің бөлмелер айналып тұруға келмейді. Үй төңірегінде бала ойнайтын, кір жаятын жер табылмайды, балкондарда әулиенің жалауындай әлем-жәлем боп кір жаюлы тұратынының да негізгі себебі сол. Бұл тек жапон саясатшылары көп айта беретін «өмірлік кеңістіктің» жетіспеуінен емес, сейсмикалық құбылыстарға байланысты қалыптасқан тар баспанаға бой үйреніп кеткен үйреншікті ұлттық психологияны орынсыз қанау. Жапон баспанасын жата-жастанып, қонып көретін мейман нағыз бір ет бауыры немесе бір қимас досы болмаса, өте сирек кездеседі. Әсіресе шетелдіктерді ондай мүмкіндіктен атымен ада деуге болады. Біз жоғарыдағы мәліметтерді әңгімеге сараң, әсіресе өз басының жай-күйін, үй тұрмысын айтудан тайсақтай беретін жаңа жапон таныстарымыздан шым-шымдап сұрап білдік. Жапонияда көптен істейтін, ол елді біршама зерттеп үлгірген совет мамандарымен де жолықтық; жапон тұрмысының жай-жапсарын солар айтты. Алайда, жапондарды үйіне жан жолатпайтын қарау жандар деп ұғуға тағы болмайды. Олардың күні-түні есігі жабылмайтын қонақжай болуға еш мүмкіндіктері жоқ екенін жоғарыда түсіндірдік. Бірақ олар өз үйіне туған-туысқандарынан өзгелерге де бас сұқтырады. Көңіл татулас жарандар да бір-бірінің үйіне сәлемдесуге, мереке кезінде кіріп шығады. Мұндай жай өте жиі болмайды, жылына бір-екі реттен аспайды. Сондықтан да, таныстар көшеде кездескенде әбден шұрқырасып қалады. Қазақтан кейінгі амандық-саулықты ұзақ сұрасатын халық жапондар ма деп қалдым. Қазақтардың шұрқыраса амандасуының сыры кен далада арасы алшақ-алшақ отырып, жиын-тойда, не мал жоғалтып, жолаушы кетіп бара жатып кездеспесе, бір-бірімен көп жолыға бермейтін сирек ұшырасуда жатса, ал, жапондардың ұзақ амандасуының сыры тағы да әлгіндей тар баспанада жатыр. Қоңсы отырғанмен бір-бірінің ошақ басын көре бермейтін болғандықтан көңілдерінің түзу екенін көшеде кездескенде білдіріп қалады; әсіресе қоштасқанда қайта-қайта иіліп-бүгіліп, тағзым етіп, бірін-бірі ұзақ уақыт жібермей қояды. Мерекелер тұсында жапондар дос-жарандары мен туыстарына сыйлық апару салтына қатты мән береді. Сыйлыққа құнды заттар алынады. Ақша сыйлау әдепсіздік боп саналады. Жапон ресторандарындағы даяшылар шай пұлдық тиын-тебен алғанды қорлық көреді. Мекемелердің өздері жақсы қызметшілеріне ақшалай сыйлық бермейді, оның орнына әдемілеп әшекейленген чек береді, ол чекті кез-келген магазиннен қалаған уақытта өзіңізге керек бұйымға айырбастай аласыз. Жапондар этикасында сыйлық беру үлкен әлеуметтік институт боп есептеледі. Жасы кіші жасы үлкенге сыйлық бере алмайды. Үлкен кісі өзінен кіші кісіге қалаған затын сыйлай алады. Ал, кіші кісі үлкеннің әлгіндей сыйына бола этикалық қарыздарлыққа ұшырайды, бұдан кейін оның бетіне қарсы келе алмайды, сөзін жыға алмайды, сөйтіп мұндай этикалық қарыздылық салты «онгаэси» жасы кішіні жасы үлкеннің алдында моральдік кіріптарлыққа ұшыратады. Жапондар бір-бірінің үйіне әлгіндей көңіл білдіріп шығуға кіргенде ұзақ отырмайды, ондай меймандарға шай не салқын сусын беріп, дәм таттырады. Бұл елде құрмет қандай тағам ішкеніңмен есептелмейді, егер жаңа танысың саған өз есігін көрсетсе, онда саған шын ықылас, үлкен ізет білдіргені. Мұндай ілтипатын жапондықтар шетелдік меймандардан да аямайды. Сол ретпен біздің де бір-екі жапон үйінің есігінен аттағанымыз бар. Ондай кездесулерде үй иелері өздерінің меймандостығын білдіріп, шүйіркелесе әңгімелесті, ұлттық кондитер бұйымдары, мандарин, апельсин, жеміс-жидек қойып, шай жылытқан сэкэ ұсынып, дәм таттырды. Сэкэ ішіп болсаңыз, ыдысыңызды төңкеріңіз, одан әрі ешкім «іш-іш» деп сізді қыстамайды, Мұндай жолығыстар ішкен-жегеніңмен емес, қысқа уақытқа болса да, өзге ұлттың тұрмыс-салтымен көзбе-көз ұшырасқаныңмен ерекше әсер қалдырады. Жапондар ағайын-дос жарларын жинап, қонақасы бергісі келсе, оны ресторандарда өткізеді. Ондай той бүкіл бір әулет үшін есте қалатындай үлкен мереке боп есептеледі. Олар баспаналарының тарлығына, бала-шағалылығына, күнбе-күн ұшыраса бермейтіндігіне қарамастан ағайын-туыстарына аса бауырмал келеді. Оның түп себебі елде әлі күнге ықпалынан айырыла қоймаған феодалдық үрдістерде жатса керек. Ол үрдістерді де о баста жапондардың өміріне күнбе-күн өз әмірін жүргізіп тұрған қатыгез табиғат қалыптастырған тәрізді, Ағайын-тумаларын ыдыратпай, бірге ұстайтын патриархалдық семья көбіне көшпелі халықтарға тәнді, өйткені олар жері бар, азды-көпті жылма-жыл түсіп тұратын тұрақты түсімі бар, сондықтан әр семья дербес күнін көріп кете беретін отырықшылар емес-ті. Көшпелі мал шаруашылығымен күн көретін халықта семьяны тым ұсақ бөлшектерге бөле беру тиімсіз. Тым ұсақ семья ауа райына тікелей тәуелді мал шаруашылығының қиын-қыстауына бір өзі төтеп бере алмайды. Сондықтан да бір атадан тараған ондаған шаңырақ жұбын жазбай бірге көшеді, әріректен бірге туысатын жүздеген шаңырақ белгілі бір өріс пен қонысты бірге жайлайды. Олардың көшпенді тұрмыстың экономикалық заңдылығы «у ішсең руыңмен» дейтін моральдік-этикалық тенденцияға мойын ұсынуға мәжбүр еткен. Осы тектес тенденция отырықшы өмір сүретін жапон тұрмысына да тамырын мықтап жайыпты. Оларды мұндай патриархалдық ынтымаққа итермелейтін құрығын сүйретіп келіп қалатын жұт емес, ойда жоқ жерде шаңырағыңды ортаға түсіріп кететін кездейсоқ апаттар. Ондай-ондай ойсыратып кететін материалдық, рухани соққыға бір бас, бір тас шағын семьялардың бір өзі төтеп бере алмайды. Тіпті күні бүгінгі дейін жапон деревнялары — «буракудан» яғни бір ру, бір әулеттен шыққандардан тұрады. Әр буракудың өз храмы, әр рудың табынатын өз киесі, өз әулиесі, камиі бар. Осындай руластар «буракуының» бірнешеуі ескі қазақ қырындағы болыс тәрізді «мура» атты әкімшілік бірлестікке бірігеді. Бұл елде тұрғыны отыз мыңнан асатын елді мекендер қала саналады. Қала тұрғындары да шыққан әулетіне қарай шоғыр-шоғыр боп бөлек отырады, сондай әр квартал өздері мінәжат ететін рулық храм ұстайды. Мұндай тәртіп өнеркәсіп қатты дамыған ірі қалаларда бірте-бірте жойылып келе жатқанмен, жергілікті ұсақ префектуралар мен шағын қалаларда әлі күнге қаз-қалпында көрінеді. Жапондардың көпшілігі табынатын, тіпті ұзақ уақытқа дейін мемлекеттік дін боп есептеліп келген синтоизмнің өзі табиғатқа табынумен қоса ата-баба аруағына сиыну элементтерінен тұрады. Синтоистердің рулық храмдарының камиі сол рудың өткенде атағын шығарған киелі бабаларының бірі боп келуі де жиі ұшырасатын жәйт. Синтоизм бүкіл жапон халқын арғы түбі құдайдан басталатын бір тұқым, бір әулет деп санайды; оның ұғындыруынша құдайдың жапон жеріндегі тікелей тұқымы — император; сондықтан ол жарты құдай саналуға тиісті. Ал, бүкіл ел әуелі сол құдай текті императорға, одан олардың вассалдары киелі тұқым ірі феодалдарға, одан ұсақ феодалдарға, одан соң әр семьяның бас қожасына сатылап бағынатын патрономиялық иерархия боп есептеледі. Оған елде кеңінен тараған «оябун-кобун» атты корпорациялық үрдіс себеп болса керек. Оябун — әлгіндей одақтың басшысы, кобун — оның бағыныштылары. Орта ғасырларда осындай сеньор мен вассалдар арасындағы тәуелділік қатынастың негізінде «бусидо» атты моральдық институттар жүйесің жасақталады. Кейін оны моральдық институттар жүйесі жасақталады. Кейін оны монархияшыл шовинистер «додзоку» деген моральдік ағымға, біз құдай әулетінен жаралған император басқаратын киелі халықпыз, әлемді біз билейміз деген фашистік дақпырттың идеологиялық қаруына айналдырады. Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңіліс ол ұғымды теріске шығарды. Император өзінің діни билігінен бас тартып, құдай текті емес, қарапайым адам екенін мойындауға мәжбүр болды. Синтоизмнің мемлекеттік діннен қалу себебі де сонда. Бірақ халықтың ғасырлар бойғы қоғамдық тәжірибесі арқылы сүйекке сіңген сеньор мен вассал арасындағы тәуелдік психологияны жапон қоғамындағы осы заманғы капиталистік қатынастар шебер пайдаланады. Әр фирма мен кәсіпорынды семья тектес бірлестік деп қарайтын ұғым Қызметкерлер мен жұмысшылардың тек дене күшін ғана емес рухани-моральдық инициативасын да барынша сарқып пайдаланып қалуға қызмет етеді. Жапондар аты-жөні мен мамандығының орнына ол қызмет істейтін фирманың атымен атасаңыз, түк те ренжімейді. Мәселен, жапон адамына тіл қатқанда біздегі «пәленшеке», «түгеншекенің» орнына фамилиясына «сан» деген сөз қосасыз — «Ахметов-сан», «Акутагава-сан». Егер фамилиясын білмесеңіз, мамандығына әлгіндей сөз қоссаңыз да болады — «суретші-сан», «редактор-сан», «сатушы-сан»... Ал, оның бірінде білмей, «Атахи» фирмасында істейтінін ғана білетін болсаңыз, «Атахи-сан» дей салсаңыз, оған ол түк те ренжімейді. Алайда, капитализм ұлттық психологияны қанша шебер пайдаланғыш болса да, монопольды өнеркәсіптің жедел дамуына байланысты ірі қалалардың қауырт өсуі, ауыл шаруашылығына қажетті жердің жылдан-жылға тарыла түсуі жапон семьясының материалдық өмірінен гөрі рухани өміріне өз ықпалын күштірек тигізуде. Жапон семьясы — «иэ» ешқашан басшысыз болмайды. Әдетте сол үйдің әкесі басшылық етеді; әкесі өлсе, сол үйдің үлкен ұлы — «тенан» әлгі дәулетке басшы боп саналады. Әкенің баспанасы мен шаруа жайы да соған қалады. Оларда еншіні үлкен балалар емес кіші балалар алады. Кіші балаларды «дзиссанан» деп атайды. Дзиссанандардың отау үйі — хонкэ деп, ал үлкен үл тұратын үлкен үй — додзоку деп аталады. Отау үйлер үлкен үйге бағынышты; салт бойынша ірге ажыратпай, бірге отыруға, не істесе де, үлкен үйдің адамдарымен ақылдасып істеуге тиісті. Алайда, жапон шаруасының аядай жері үлкен ұлдан ауысып жарымайды да, қалған ұлдары жұмыс іздеп қалаға кетуге мәжбүр болады. Жапондардың деревнясын, ауыл шаруашылығын әлі күнге ұстап отырған сол тенандар — тұңғыш ұлдар. Ал жапон қалаларында тұратындардың көпшілігі — сол баяғы әке үйінен құр қол шыққан, еті пысық кіші ұлдар —дзиссанандар. Мейманханаларға жүгіңізді тасып, зыр жүгіріп жүрген бойлар да, ресторандағы сызылған сыпайы даяшылар, да, кеңседегі чиновниктер де, жан-жағыңнан қаумалап, сан қилы сауал жаудыра жөнелетін журналистер де, осы заманғы электронды машиналарды құрастыратын инженерлер де, сол иненің көзінен өтетін дзиссанандар. Жапон буржуазиясының да, жапон пролетариатының да негізін құрған сол кіші ұлдар; соғыстан кейін күл-талқаны шыққан елдің өлмеші өнеркәсібін саналуы жылдарда капиталистік елдер арасында екінші орынға шығарған да солар. Енді, міне, американдар шығарған самолеттің штурвалында отырған сондай дзиссанандардың бірі бізді көк бұра жапон жоталарының үстімен елдің түстігіне қарай алып келеді... Көк бұйра жоталар, аралға жан-жақтан анталай бас қойған жырым-жырым шығанақтар әлдеқайда ғайып болды да, иллюминатордан тағы да сұп-сұр тас алаң, ала-құла самолеттер, солардың арасында зыр жүгірін жүрген көкшіл киімді кісілер көрінді. Самолеттің дәл есігінің алдынан басталатын ұзын-шұбақ шыны галерея аэропорттың кең залынан бір-ақ шығарды. Бізді бір топ жапондар қарсы алды, орталарындағы аласа бойлы ақ сұр кісі осындағы совет консулы. Қызыл ала автобус зәулім-зәулім бетон үйлердің арасымен өрге тырмысқан дөңес көпірмен автостраданың үстіңгі қабатына көтерілді. Әлгі сап түзеп, самсап тұрған ұзын тұра үйлердің көпшілігі енді астымызда қалды. Тас тоғайды тас төбесінен аралап келеміз. Сонау діңкиген-діңкиген тас діңгектердің ара-арасында құмырсқаның илеуіндей жыбырлаған машиналар. Қала орталығындағы айналасы ашықтау оқшау қара сұр үйдің қалалық полиция басқармасы екенін маңдайындағы таблодағы цифрларынан таныдық. Жапонияда көшедегі автомобиль апаты туралы мәліметті полиция басқармасының маңдайына жарқыратып жазып қояды. Біз оны алғаш рет Токиода көргенбіз. Токио полиция басқармасының маңдайына 1, 182 деген цифр тұрды. Сөйтсек, біз келген күні Токиода көше апатынан 1 кісі өліп, 182 адам жараланыпты. Бір ғана Токионың өзінде биылғы жылдың бастапқы он айында 12 мың адам көшеде транспорт апатынан қаза бопты. Жапондықтар ез еліндегі мұндай кеше апаттарының көптігінен «транспорт соғысы» дейтін сөз шығарыпты. Шынында да, Азия елдерінің ішінде соғысып жатқан Вьетнамнан кейінгі ең кездейсоқ кісі өлімі көп ел осы Жапония көрінеді. Ал, Жапонияда көше апаты жағынан Токиодан кейінгі екінші орынды біз аралап келе жатқан Осака қаласы алады. Үш миллион тұрғыны бар бұл қала ірі өндіріс, сауда-саттық орталығы. Ол негізінен осы заманғы құрылыс материалдарынан салынған көп қабатты үйлерден тұрады. Юсакалықтар тамақсаулықтарынан өледі» дейтін жапондар мәтелі бар екен, өйткені оның тұрғындарының өзге аймақтардан гөрі дастарханға, тағам дайындауға көбірек мән беретіндігімен аты шыққан. Алайда, бүгінгі Осакада жұрт тамақсаулықтан гөрі транспорттың көптігінен апатқа жиірек ұшырайтын көрінеді. Әсіресе әр айдың 5, 15, 25 күндері көшеде жүріп болмайды деседі. Ол күндері қаладағы толып жатқан фирмалар мен банктердің иелері мекемелер мен жеке адамдардан түсетін түсім ақшаларын машинамен жүріп жинайды екен. Ал, біз барған 28 ноябрь тап осындай айтулы күн болмаса да, қалада 128 автомобиль апаты болыпты. Біз мінген жеңіл машина бір-бірімен бой таластырған зәулім үйлер арасынан сытылып шығып, қала шетіне қарай беттеді. Енді көшенің екі бетінде әуелі төрт-бес қабат «дантилер» ұшырасып, бірте-бірте құрқылтайдың ұясындай ғып салған қос қабат үйлер көбейді. Біраз жүрген соң жолдың екі бетінен жалтыратып күміс бояумен сырланған алып шарлар, кісінің қиялы жетпестей ғып темір мен шыныдан алуан түрлі құбылтып салған ғажайып құрылыстар анталап қоя берді. Олар — әр елдің архитектураларының бір-бірінен өнер асырмаққа жарысып салған «ЭКСПО — 70» халықаралық кермесінің павильондары. Қазір көрменің орнына ағаштар егіліп, үлкен парк жасалмақшы. Айнадай жалтыраған тас жол оқтын-оқтын ұзындығы екі-үш километрге созылатын туннельдерден өтеді. Манадан бері бізден алыстап кеткен көк бұйра жоталар жол бойына қайтадан иіріле бастады. Ноябрьде жапон табиғаты август — сентябрь айындағы Алатау баурайы құсап, қаракөк, қошқы көк, нарт қызыл боп, алуан түрге боялып құлпырып тұрады. Біз келе жатқан Киото қаласын тап сондай бұйра таулар таға құсап шыр айнала қоршап жатыр. Сол көгілдір таға таулардан қалаға қарай сұғына кірген бес жотаның басына ағаштарды трактормен отап, тазалап бес түрлі әріп салыныпты. Мейрам кезінде сол бес әріптің үстіне алаулатып от жағады, сонда әлгі бес жотаның басындағы бес от әріп Киото деген сөз құрайды. Киото... Токио... Өзіңіз де аңғарған шығарсыз, екі қаланың да есімін құрайтын екі буын бір-біріне өте ұқсас, тек орындары ғана ауысып түскен. Бұл екі қаланың атындағы буындардың орындарында ғана емес, мағынасында да сәл-пәл айырмашылық бар. «Кио» астана деген сөз, ал «то» әрі қала, әрі шығыс деген мағынаны білдіреді. Сонда «Киото» — астаналық қала деген сөз боп шығады да, ал «Токио» шығыстағы астана боп шығады. Осы бір қитұрқы сөз жұмбақтың ар жағында тек лингвистикалық мағына ғана емес, үлкен тарихи мазмұн да бар. Екі астананың есімін құрайтын екі буын тегіннен-тегін орын алмастырып жүрген жоқ. Киото — жапондардың ежелгі астанасы. Ол 794-жыл-дар шамасында салынған. Мұнда 1868 жылға дейін император тұрған. Атақты Мейдзи революциясынан кейін император Эйдо қаласындағы сегундар қорғанына көшіп қонды да, содан бастап Эйдо қаласы Токио атанып, елдің астанасы саналды. Елдің саяси орталығы Токиоға көшкенмен, Киото әлі күнге дейін Жапонияның рухани астанасы саналады. Елдің ең ежелгі мәдени ескерткіштері осында Жапонияда синтоизмнің де, буддизмнің де ең атақты, ең сұлу храмдары да сонда. Капиталистік өнеркәсіптің ірі өндіріс орындары маужыраған ежелгі астананың тыныштығы мен таза ауасын бұзып, баса-көктеп кіріп келуге бата алмай іргедегі Осакаға кеп тіреліп тұр. Тамаша табиғат аясындағы ескі ескерткіштерге аса бай қала — демалыс пен туризмнің орталығы. Онда музейге айналған храмдарды былай қойғанда, жұрт барып мінәжат ететін храмдардың әзі екі мыңнан асады. Жапондықтардан: «Ең әдемі архитектуралық ескерткіштер қайда?» деп сұрасаңыз, Киотоны айтады. «Ең тәтті ұлттық тағамдар қайда әзірленеді?» деп сұрасаңыз, тағы да Киотоны айтады. Ең сұлу қала да — Киото. Киотоның гейшасына гейша жетпейді. Оның майкосындай майконы басқа қаладан іздеп әуре болмаңыз, өйткені Жапониядағы ең сұлу қыздар — Киотоның қыздары. Киотоның ортасымен өтетін тау өзені бүкіл елдегі ең таза, ең мөлдір өзен. Оның суына шомылдырылған қыз баланың көркіне көз тоймайды. Киотоның барлық қызы жөргекке оралмас бұрын ең әуелі сол өзеннің суына шомылдырылған. Міне, сөйткен Киотоға біз де келдік. Осакадан Киотоға тап болғанда тамұқтан шығып жұмаққа тап болғандай бейжай күйге ұшырайсыз. Құлағыңыздың құрышын жеп, күні-түні бір сембейтін мазасыз гүріл мұнда жоқ. Екі мыңнан астам храмның әрқайсысындағы үлкен парктерді былай қойғанда, көше бойы иін тірескен ағаш. Оның үстіне қаланы шыр айнала қоршап жатқан көгілдір таулар баурайындағы қалың ну жыныстан есетін жұпар ауаны қосыңыз... Біз алғашқы күні қала тұрғындарының тілегі бойынша муниципалитет салдырған мәдениет сарайын көрдік. Онда жергілікті суретшілердің көрмесі ұйымдастырылатын салондар, жергілікті творчестволық интеллигенция бас қосатын клуб, көркемөнерпаздар коллективтері өнер көрсететін европалық үлгідегі көру залы мен жапон стиліндегі еденде отырып, спектакль көретін ұлттық зал бар. Мұндай мекемелер жапон қалаларында өте сирек кездеседі. Мәдениет сарайынан шыққан соң Жапония — СССР қоғамының жергілікті бөлімшесі ұйымдастырған кездесуге барып, Киото интеллигенциясы өкілдерімен әңгімелестік. Оған осындағы әлденеше университеттердің оқытушылары, педагогтар, әдебиетшілер, суретшілер, музыканттар жиылыпты, Кездесуде негізінен біздің жолдастар сөйлеп, совет елінің өмірі, мәдениеті, оқу-ағарту жүйесі жайында жан-жақты мағлұмат берді. Киотоның мәдени ескерткіштерімен танысуды ертеңіне бастадық. Ең әуелі буддистердің 1164 жылы салынған Мьехоин храмын көрдік. Аулаға кірген бетте аппақ гүл жарып тұрғандай аласа ағаштарға көзіңіз түседі. Сөйтсек, бұтақтағы үлпілдеп тұрған гүл емес, төрткілдеп бүктелген біздегі салфеткалар тәріздес жұп-жұмсақ жапон қағазы боп шықты. Храмға келген адамдар арнайы ағаш қобдишаны шайқап көріп, оның кішкене тесігінен алақанына түскен цифрға қарап, бал аштырады, болашағын жорытады. Храм адамдары балдың жоруын әуелі әлгіндей ақ қағазға жазады да, бал аштырған адамға оқып береді; сосын оның өз қолына ұстатпай, осылай төрт бүктеген храм ауласындағы аласа ағаштарға әкеп іледі, сондай қағаздар жинала-жинала киелі ағаштар жаңа гүл жарып тұрғандай үлбіреп шыға келеді. Мьехони темір ағаш деп аталатын аса қатты самырсыннан салыныпты. Әлденеше ғасырды көрген ағаш храмның қабырғалары қарайып, іші күңгірт тартқан. Шырақ жағады. Жапонияда буддистер храмы өте көп, өйткені буддизм — бұл елдегі ең көп тараған екі діннің бірі. Ол мұнда қытайлардан ауысқан. Бірақ жапонның буддизмінде синтоизм әсерін де молынан табуға болады. Онда будда екінші орынға ауысқанда, бірінші орынға пейіштің қожасы Амида шыққан. Булдизм тәңірлерінің ішінде жапондардың көбірек табынатыны — бақыт тәңірісі Дзидзо мен рахым және мейірім тәңірісі Кванно. Жапон буддистерінің үйінде буддамен қоса синтоистік михрабқа да орын қалдырады. Жапондар екі дінге бірдей табынып, екі храмға бірдей бара береді.
Біз көріп тұрған Мьехоин — атағы шыққан ең ірі храмдардың бірі. Храмның қасында отыз мың шаршы метрлік бақ бар. Субтропикаға лайық ағаштар мен бұталар храмды шыр айнала қоршап жатқан көлшіктерді жиектей өсіпті. Бақтың арасындағы тар соқпақтар да, көлшіктердің ара-арасындағы тас көпірлер де храмды аралаған кезде туған жадыраңқы көңіл-күйіңізді онан сайын өршіте түскісі келгендей мың бұралып, ойнақтап жатыр. Бақтың ішінде шоғыр-шоғыр халық көп. Жапондықтар өз басы мен семьясындағы әрбір елеулі күнді ескерусіз тастамайды. Оның бәрін міндетті түрде храмға кеп атап өтеді. Әр он жыл сайын ері әйеліне асыл тастардың әр түрінен не сақина салады, не алқа тағады. Қай он жылда қандай асыл тас тартудың дәстүрлі тәртібі бар. Бір ғажабы — ерлі-зайыптылар қартайған сайын бір-біріне сыйлайтын асыл тастың түрі де бірте-бірте қымбаттай береді. Жапондықтар сыпайы әдеп, қарапайым тұрмысты қалағанмен, тіршілік рахаты мен ләззатына атымен немқұрайды қарайтын тақуалықтан аулақ. Қайта тапқан-таянғанын дүние-жиһазға жұмсамай, әлгіндей қысқа өмірінің санаулы қуаныштарын тек өз ошағының басын ғана емес, күллі ағайын-тума, дос-жаранды бір серпілтіп кетердей той қып өткізуге жұмсайды. Баланың туғаны да, бір жасқа толғаны да — той. Жапонияда баланың туған айы мен туған күні есептелмейді, қар басқанды санайтын қазақтар құсап, тек туған жылын ғана есепке алады. Сондықтан балаларға арналған екі ұлттық мейрам бар, бүкіл ел қыздардың жаңа жасқа толғанын 5 майда тойлайды. «Қыздар мейрамында» қызы бар үйлердің қай-қайсысы да есігінің алдына баспалдақ-баспалдақ ағаш таған орнатып, оған қуыршақтар көрмесін ұйымдастырады. Көрмеге қыз баланың күнделікті ойнап жүрген қуыршақтары емес, мейрамға арнап әдейі сатып алынған су жаңа қуыршақтар қойылады да, мейрам өткесін ескі жылдың пәле-жәлесі сонымен кетсін деп өзенге ағызып жібереді, не енді ешкім пайдаланбайтындай қып, лақтырылып тасталады. Ал, «балалар мейрамында» ұл балаларға әрқилы ырым қылып, символикалық мәні бар сыйлықтар беріледі, Жаңа туған жас балаға жеті күннен кейін ат қойылады, ал бір айдан соң оны алғаш рет синтоистер храмына апарып, екі шекесіне тұлым ғана қалдырып, қарын шашын алады. Ол күні балаға ең қымбат кимоно кигізіледі. Әке-шешесі де мейрамдарда киетін салтанатты кимоно киеді. Сәбиді әжесі көтеріп барады. Ер жеткен баланы үйлендіріп, бой жеткен қызды ұзату жапон — семьясы үшін үлкен мейрам. Қыз бен жігіт ата-анасының келісімі бойынша, көп ретте кісі жіберіп, құда түсу арқылы үйленеді, Тойға екі жақтың ағайындары да түгел шақырылады. Бұрын жас келін той өткен күннің ертеңіне күйеуінен басқа ешқандай еркектің көзіне түсіп, ұнағысы келмейтінін білдіріп, қасын ұстарамен қырып, тісінің бәрін қап-қара ғып бояп тастайтын болыпты. Қазір ол дәстүр, әрине, бірте-бірте үрдістен шығып барады. Үйленген соң үш күннен кейін күйеу қасына қалыңдығын ертіп, қайын жұртына барады, оны «сатокаэри» деп атайды; қайын атасы мен қайын енесіне біржола бағынышты болады. Қай-қай жапон да бұл мерекенің бәріне тапқан-таянғанын аямай шашып бағады. Қай-қай мерекенің тұсында да міндетті түрде синтоистер храмына барып шығады. Ондай тойлар көбіне ресторандарда өткізіледі. Соңғы кездерде храмдар да өз жандарынан үйлену тойларын өткізетін арнаулы залдар ашты. Біз де аталмыш храмды аралап жүріп, храмға неке қидыруға келгендерді көрдік. Өңшең қара киінген жүз шақты адам. Тек қақ ортадағы қалындық қана биік ақ қалпақ тектес бас киім мен ақ кимоно киіпті. Оның оң қол жағындағы европаша киінген қара костюмді күйеу. Неке қиылғасын құдаласқан екі семьяның бірге суретке түсуі жапондықтардың осы күнгі үйлену тойының бұлжымас қағидасына айналған. Әрине, жапондар мерекесі үй-ішілік қуаныштармен шектелмейді. Әр храмның өз мейрамы бар. Ондай мереке күні храм тәңірісі — «ками» асыл жапқан балдаханға салынып көшеге алып шығарылады; оған еріп храмның абыздары жүреді, олардың соңынан дәулеттілер мен атақтылар, сосын былайғы жұрт ілеседі. Актерлер мен акробаттар көше бойында шеру тартып келе жатып өнер көрсетеді. Мұндай мерекеге, әсіресе, жастар құмар. Жапондардың ең үлкен мейрамы — Жаңа жыл. Жаңа жыл келгенде барлық храм жүз сегіз рет қоңырау соғып, дабыл қағатын көрінеді. Әлгіндей күлтелі балдахандағы киелі тәңір мен абыздардың соңында шолтитып шорт киген еркектер мен омырауын жарқыратып, осы заманғы көйлек киген әйелдер келе жатпайды. Жапондар тек мереке күндері ғана емес, храмға қай күні келсе де, ұлттық киіммен келеді. Олар европа киімін тек жұмысқа барғанда ғана киелі десе болғандай. Қалған уақытта көбіне ұлттық киімдермен жүреді. Жапондардың нағыз ұлттық киімін көргісі келгендер храмдар мен олардың жанындағы парктерді аралағаны дұрыс. Онда европа киімімен шетелдіктерден басқа ешкім жүрмейді. Жапондардың ұлттық киімі әңгіме болғанда біздің аузымызға кимоно түседі. Ал, шын мәнінде, ұлттық костюмнің түгел ансамблі «рэйфуку» деп аталады. Оның негізгі элементі, әрине, қылқа мойыннан қара бақайға дейін түгел қымтап тұратын кимоно. Оның кеуде тұсы мен мықындықтан басқа бөлігінің бәрі де кең пішіледі. Әсіресе, етегі мен екі жеңі күлтілдеп төгіліп тұрады. Әйелдердің киінуі қайда да ұзақ қой, ал жапон әйелдерінің «рэйфукуді» барлық ережесін түгел сақтап киініп шығуы күйеуінің жүйкесін құртардай тым ұзақ болса керек. Тіпті екі әйел бірін-бірі киіндірмесе, жалғыз әйел бір өзі киіне де алмайтын көрінеді. Сондықтан, қазір жапон әйелдерінің кимоносы да киюге ыңғайлы болсын деп ықшамдалыңқырапты. Көшеде көретініміз көбіне сондай «оңайлатылған» кимоно. Ал, нағыз «рэйфукуді» тек тойлар мен храмдарда ғана көре аламыз. Әйелдердің салтанат киімі көбіне қара не қаралтым түсті матадан тігіледі, етек жағында алуан түсті гүлдер мен өсімдіктерді бейнелейтін кестелі өрнегі болады. Кимоно кигенде оған ешқандай европа киімінің элементін араластырмайды, тіпті қолдарына портфель не сумка да ұстамайды. Кимоно киген әйелдер өз туалетіне керек-жарағын кішкене орамалға түйіп алады. Ал балалы әйелдер баласын арқалап жүреді. Содан болар, жапон әйелдерінің көбісінің аяғы қисық келеді. Олар опалану жағынан дүние жүзінде алдарына жан салмайды; косметикаға европа әйелдерінен екі-үш есе көп уақыт жұмсайды деседі. Шамасы табиғатқа табынып қалған халық қандай қағиданы болса да мықтап ұстайтын тәрізді. Архитектуралық шедеврлерді сәулетшілер салып, Дәулеттілер салдыратыны кім-кімге де өз-өзінен түсінікті жәйт. Демек, ол арқылы сәулетшілер өз халқы мен өз заманының эстетикалық көзқарасын, дәулеттілер өз тұсының саяси дидарын бейнелеп бағуға тырысады. Біз Киотодағы сегундар сарайын аралағанда бұл ақиқатқа тағы да бір рет көз жеткіздік. Феодалдық Жапонияның көне көзі — бұл сарайдың есігінен аттамай тұрып, әуелі тарихқа аз ғана көз жүгіртейік. Жапондар әзірге өз тарихын соңғы екі мың жылмен ғана шектейді. Бұл халықтың арғы тегінің қайдан шығып, қайдан келгені туралы басы ашылған тұрақты пікір жоқ көрінеді. Тарихшылардың көбі Шығыс Азия мен Тынық мұхиттың оңтүстік аралдары тайпаларынан құрылдық деген пікірге ден қояды. Жапондар өздерін ІІІ — ІV ғасырларда осы өңірде үстемдік құрған Ямото тайпасынан тарадық деп санайды. Жапон императорларының арғы тегі құдай емес, әлгі ямото тайпасының көсемдері көрінеді. ІV — VІ ғасырларда Корея, Қытай сияқты көрші мемлекеттермен қарым-қатынасы нығаяды. Елге мата тоқитын станок та, кеме жасау да, медицина да, тіпті буддизм де сол шамада келіпті. Астана алғашында 710 жылдан 784 жылға дейін Нара қаласында болыпты да, 794 жылы Киотоға көшіпті. Екі аралықтағы он жылда елде император тұрақтамаған соң, астана да тұрақтамаса керек. Мың жыл бойы император тұрған Киото Қытай астаналарының үлгісінде салынған. Жаңа астана алғашқы күннен бастап өнерге оң көзімен қараған; жапондардың ұлттық мәдениетінің негізін салған Хейан дәуірі Киотоға астана көшіп келген күннен басталады да, 1192 жылмен аяқталады. Киото ақсүйектері өнер қуып, сауық-сайранмен жүргенде, өзге аймақтағы әскери ақсүйектер бір-бірімен қырқысып, билікке таласып жатады. Әсіресе, бұрынғы императорлардың ұрпағы — Минамото мен Таира әулеті ұзақ жыл соғысып, ақыры 1185 жылы Ішкі Жапон теңізіндегі Данноура аралында Минамото жеңіп шығады. Содан бастап император тек діни өкімет өкілі боп қалады да, саяси билік әскери аристократия — сегундардың қолына көшеді. Минамото тайпасының басшысы Иоритомо 1192 жылы қазіргі Токио тұрған жерде әскери үкімет құрады. Олар бұрынғы Киотодағы императорлардың қолындағы барша әкімшілік билікті өз қолдарына алып, елде аскетизм мен жауынгерлікті пір тұтатын Бусидо — самурайлар идеологиясын уағыздайды. Жапон өнері мен өміріндегі ұстамдылық пен қарапайымдылық, міне, сол дәуірлерде қалыптасса керек. Содан бастап әскери аристократияның әр әулеті бірінен соң бірі билік алып, мемлекет тізгінін жеті жүз жыл бойы өз қолдарында ұстайды. Сегундар өктемдігінің кейінгі 265 жыл бойына билік Токугава әулетінде болды. Олар елді шеттің ықпалынан сақтау үшін 1639 жылы өзге мемлекеттермен байланысты біржолата үзіп, жапондар арасына жаңа-жаңа тарай бастаған христиан дініне тыйым салады. Бірақ екі жарым ғасыр үстемдік құрған «жабық есік саясаты» елде кең етек алып кеткен наразылықтар нәтижесінде 1867 жылы жеңіліс тапты. Император Мейдзи (1867-1912) Токугаваларды биліктен тайдырып, 1868 жылы астананы Токиоға көшірді, жаңа конституция қабылдады. Енді император дербес билеуші боп жарияланып, сегундар өкіметі жойылды. Жапон буржуазиясы Мейдзиді аса қатты дәріптейді. Мейдзи өлген соң елді 14 жыл бойы оның мұрагері Таишо басқарады да, ал 1926 жылы қазіргі император Хирохито таққа отырады. Мейдзи конституциясы екінші дүние жүзілік соғыстан кейін күшін жойып, 1946 жылы жаңа конституция қабылданды. Жаңа конституция бойынша император мемлекет пен халық бірлігінің символы ғана саналып, ел басқарудың билігі парламентке көшті деп жарияланды. Атқару өкіметі парламент тағайындап, император бекітетін министрлер кабинетіне жүктелді. Министрлер кабинеті 16 министрліктен тұрады. Қазіргі премьер-министр бұл елді басқарған алпыс төртінші премьер-министр, ал Хирохито — Жапония тағына отырған жүз жиырма төртінші император. Жапон императорларында фамилия болмайды, әлгі жүз жиырма төрт императордың бәрі де бір династиядан өрбіген. Өздерін құдай әулетіміз деп санайтын жапон монархтары төңкерістер көбіне-көп бір-біріне тәуелді емес әскери аристократиялық семьялардан шыққан сегундар арасында жиі кездесіпті. Қазіргі император биылғы 29 апрельде жетпіс бірге толды. Екі ұлы бар. Тақ мұрагері — үлкен Акихито отыз тоғызда. Ал кішісі Хитачи әкесімен тұрады. Император Хирохито қолы бос уақытында теңіз биологиясын зерттеумен шұғылданатын көрінеді, тіпті сол салада жазылған бірнеше кітабы да жарық көріпті. Қазір Жапонияда император семьясының мүшелерінен басқа ешкімге ақсүйектік атақ берілмейді. Ал ол семьяның қыздары тұрмысқа шыққан бойда әлгіндей ақсүйек атағынан айырылады. Жапонияда әлі күнге дейін сақталған атақты қамалдардың көпшілігін сегундардың соңғы әулеті – Токугавалар салдыртыпты. Киотодағы сегундар сарайы да солардың тұсында 1602 жылы салынып, 1624 жылы шыр айнала су толы ор қазылып, тас қорғанмен қоршалыпты. Токутава әулеті өздері Эйдодода (Токиодағы қазіргі император сарайы тұрған қамалда) тұрған; ал Киотодағы біз көрген қамал әскери өкімет басшысы императорға жолығуға астанаға келгенде тоқтайтын резиденция іспетті. Әдетте, Европа елдеріндегі феодалдық қамалдар анадайдан-ақ жанына жолатпай, қарудың қаһары, өкіметтің өктемдігін танытып, айбындырып тұрар болар еді, жапон феодалдарының сарайы да храмдарындай келушілерді кеудесінен итермей, ішке тартып тұрады. Оның сыры тарихтағы бір тектес құбылыстардың да әр сипатта ұшыраса беруі мүмкін екендігінде. Европа феодализмі де, Азия феодализмі де адамды адам қанаудың белгілі бір дәуірдегі бірдей көрінісі. Алайда, олардың әрқайсысы бір мақсатты екі түрлі амалмен жүзеге асырған; Европа сеньоры вассалын «бағыныштым» деп қорқытса, жапон «оябуны» өз «кобунын» бауырым, қандасым деп бауырына тартқансып, тәуелді еткен. Біреуінің қаруы — айбар да, екіншісінің қаруы — айла... Жапон феодализмінің қаруға жүгініп, қаһарға мінген тұсындағы әскери феодал сұстан атымен ада. Қашан ішіне кіргенге дейін бүкіл елді билеген әміршінің сарайына келе жатқандай әсерде болмайсыз. Онда да барша жапон үйіне кіргендей есік алдында аяқкиім тастайтын саты тұр. Сегун сарайы алдында қарулы сақшы тұратын есік осы-ақ. Төңірегін қарасаң — тек үш-төрт сақшы тұра аларлықтай ғана кеңістік бар. Аяқ киіміңізді шешіп, үлкен залға аттасаңыз болды — әлдеқайдан жүздеген бұлбұл сайрап қоя береді. Қай жақтан сайрап түр деп қайран қаласыз. Жан-жағыңызға алақтап қанша қарағанмен, бұлбұлды бәрібір көре алмайсыз. Оның сырын біраздан кейін аңғарасыз — жүре беріңіз... Мұнда европалық сарайлардай, тіпті Орта Азия әміршілерінің ордаларындағыдай да, коридорлар, сатылы баспалдақтар, залдан-залға өтетін салтанатты есіктер жоқ. Жапондардың баспаналарындағы қарапайымдылық пен ұстамдылық, сыпайы сұлулық сарайларына да тән. Онда тек ұзыннан-ұзақ созылып жатқан кең галерея ғана; бір қапталда бір-біріне тікелей қатыспай әлгі галерея арқылы қатысатын залдар тізбегі. Біріншісі — сегунға келгендер қабылдау күтетін зал, біздің ұғыммен айтсақ, жай әншейін кең бөлме; оны Кано Паэни деген суретші көркемдепті. Қабырғаларға жапон самырсыны мен екі арыстан бейнеленіпті; суретші өмірінде арыстан көрмеген, ойша салған; соған қарамастан, аң патшасының сырт ұқсастығынан азын-аулақ ауытқу байқалғанмен, жүріс-тұрысы, көз тастасы соншалықты дәлме-дәл берілген; әсіресе көзін бейнелегенде, автор оптикалық айла тауыпты — арыстанға қай жағынан барып қарасаңыз да, өзіңізге бұрылып қарап тұрғандай. Қабылдау бөлмесінен оң жақ қолдағы галереямен батысқа беттесеңіз, сегунға келген феодалдардың қару жарағы тұратын қойма, одан әрі ер-тұрманы сақталатын қойма, одан әрі тағы солай шаруашылық бөлмелері боп кете береді. Ал сол қол жағыңыздағы галереямен оңтүстікке қарай жүрсеңіз, екінші зал — сегунның феодалдарды қабылдайтын залы. Ол бір-бірінен тек едені ғана бір қарыстай биік, бірақ одан басқа ештеңемен бөлінбеген екі бөліктен тұрады. Түпкі бөлменің қақ төрінде балауыздан мүсінденген XV сегун Токугаваның өзі отыр, оның сол жақ қолында отырған деңгейден бір қадымдай төменіректе, билеушіге бір қырын қарап, қылышын ұстап баласы жайғасқан. Төргі бөлікке ол екеуінен басқа ешкім бас ұқпайды, өйткені әміршіге жақын келіп сөйлесуге, не қолдасып сәлемдесуге ешкімнің қақысы болмаған. Қабылдау залының ауыз жақ бөлігінде, әмірші жақ бетте, алда екі қапталда, қос-қостан, бір-біріне қарама-қарсы төрт министр отыр. Олардың екеуінің сақалы бар, кәрі, екеуі жас. Министрлерден бір қадамдай төменіректе, әміршілерге маңдайларын беріп, әр қатарда бес-бестен, әлденеше қатар боп қабылдауға келген феодалдар жер тізерлеп тізелесе қапты.
Сегундардың феодалдарды қабылдау тәртібі дәл осындай болған. Ақырғы сегун — Токугаваның балауыз мүсініне қарағанда, ақыл мен айбарды бір-біріне жеңгізбей, таразының екі басын тең ұстайтын ойшыл қалып танытады. Қабылдау залдарынан әрі галерея оңға бұрылады да, біраз жүрген соң терістіктен түстікке қарай созылып жатқан көлденең галереяға барып ұштасады. Терістік беттегі қанатта сегундардың император жіберген өкілді қабылдайтын залы бар. Ол да әлгі феодалдарды қабылдайтын залдағыдай екі бөліктен тұрады. Оның төргі бөлігінде императордың өкілі отырады да, төменгі бөлігінде сегун отырады, өйткені императордың өкілі — император семьясының мүшесі болғандықтан сегундардан дәреже жағынан биік болып есептеледі. Сөйтіп, олар екеуі залда отырып мәжілістеседі. Ал әлгі ұзын-шұбақ көлденең галереяның оңтүстік қанаты сегундар семьясы тұратын бөлмелер. Мұндағы әшекейлер қабылдау залдарындағы әшекейлерден гөрі әлдеқайда биязы. Бұл қанаттағы бірінші зал әміршінің сейіл бөлмесі болса керек. Онда әмірші мен күтуші қыздар бейнеленген; әміршінің қарсы алдына қырын жайғасқан бас күтуші, одаң кейінгі екі күтуші — екінші дәрежедегі күтушілер, ол бөлменің екінші бөлігіндегі қыздар — жас күтушілер. Қабылдау залдарын аралағанда жамыраса сайрап тұрған бұлбұлдар сегундар семьясы тұратын қанатқа келгенде жым бола қалды. Сөйтсек, бұлбұл даусы еденнен шығады екен. Қабылдау залдары тұрған қанаттағы еденге абайлап қарасаңыз, тақтайлар жымдаспаған, арасында көзге көрінер-көрінбес жарық қалған. Сондықтан аяғыңыздың астындағы тақтай әр басқан сайын солқылдап тұрады да, содан бұлбұлдың сайрағаны сияқты дыбыс шығады. Көп адам жүрсе, көп бұлбұл сайрайды. Еденнің астына бұлбұлдың дауысындай дыбыс беретін бірдеңе төсеген бе, жоқ оған төселген ағаштардың сондай қасиеті бар ма — осынау акустикалық қулықтың технологиялық сырың ешкім түсіндіріп бере алмайды. Ал әмірші сарайындағы мұндай музыкалық қитұрқы тың саяси астарын түсіну онша қиынға түспейді. Токугавалар елде азаматтық соғыстар кең етек алған тынышсыз дәуірде билік құрды. Феодалдар арасында сегунның қолындағы әскери-саяси билікке көз алартушылар көп болды, Сондықтан, олар қабылдауға келетін феодалдарға сене қоймаған, қастандық ойлайтын қара ниет біреулер болса, қапыда қалмас үшін осындай акустикалық айла-шарғы ойластырыпты. Қабылдауға келген феодалдар түсетін қанаттағы еден кісі аяғы тисе болды, сайрап қоя береді. Сол дыбыс арқылы сегун өзі тұратын бөлмелерге қарай келе жатқан адам болса, алдын-ала біліп отырыпты. Сөйтіп, феодалдық қоғамның қайшылыққа толы күрделі шындығын сыр шашпайтын, аса қарапайым, аса сыпайы, аса ұстамды стильде салынған жапон сегундарының сарайы да жасыра алмапты. Сегундар сарайының әсіресе бағы тамаша. Сарайдың дәл терезесінің алдында үш аралдан тұратын шағын тоған бар. Тоған маңайы мен аралдар сегунға әр өлкедегі феодалдар тарту еткен неше алуан қой тастар және декоративтік ағаштармен безендірілген. Үш аралдың үшеуінің кейпі үш түрлі. Оң жақтағы ең кішкентайы жорғалап келе жатқан тасбақаға ұқсайды. Сондықтан болар, ол Тасбақа аралы деп аталады. Ортадағы үлкен арал — Пейіш; сол жақтағы орташа арал — Тырна. Жапондар мың жыл өмір сүретін Тырна мен он мың жыл өмір сүретін Тасбақаны кие тұтады. Тоғанның ар жағында су толтырылған ішкі ор бар, одан аспалы көпірмен ішкі қорғанға өтесіз. Ішкі қорған сегундардың соғыс жағдайында қорғанатын қамалы болған. Бізді сегундар сарайының алдында мэрдің екі орынбасары мен муниципалитеттің мәдениет бөлімінің меңгерушісі күтіп алған. Екі орынбасар амандық-саулық сұрасқаннан кейін сарайдың ішіне кіргенше бірге еріп келді де, табалдырық алдында қоштасып, қалып қойды. Ал мәдениет бөлімінің бастығы бізге сарай мен паркті бірге жүріп аралатты. Ол езі орысша біршама жақсы сөйлейтін қапсағай қара кісі. Соғысқа дейін Харбинде тұрыпты, Харбин университетін бітіріпті. Орысшаны да сонда үйреніпті. Ол бізді шай ішетін үйшіктердің біреуіне бастап барды. Кәдімгі жапон үйі. Есік алдында аяқ киім шешетін шағын алаңқай. Бөлмеде татами төселген. Бір бұрышта — камидана. Оған букет қойылып, гравюра ілініпті. Сол киелі орын жаққа шай құятын әйел отырады да, сыйлы қонақтар жаңа ғана біз кірген сырмалы қабырғаларды бойлай жайғасады. Бұл үйшікте баяғыда сегунға келген феодалдар шай ішеді екен. Шай ішу церемониясы бір сағаттан астамға созылады. Самурайлар шайды өте жақсы көрген. Олар мұнда қаруын тастап кіреді. Шай ішу тұсында ешкімнің сөйлеуге, күлуге қақысы жоқ. Жер тізерлеп отырып, ұзақ уақыт үн-түнсіз шай сораптауға, жетсе, сол баяғы самурайлардың ғана төзімі жеткен шығар. Әлгі шай ішетін үйшікте муниципалитет өкілі Киото мэрінің біз келді деп естіп, әрқайсымызға беріп жіберген сәлемдеме пакетін тапсырды. Онда Киото туралы альбом, қала кілтінің миниатюрасы және мэрдің орыс тілінде ежелгі қалаларын келіп көргенімізге рахмет айтқан сәлем хаты бар. Киото мэрі мен біздің жанымыздағы өкіл жуырда ғана Киевке барып қайтыпты. Шамасы, мэр бізге үш бірдей жауапты қызметкерін жіберіп, сәлем тапсырғанына қарағанда, әлгі сапарынан аса разы боп оралса керек. Киотоны жылына үш жүз мыңнан астам шетелдіктер келіп көреді екен; сонда олардың бәрі де осы паркті тамсана мақтайды деседі. Сондай биылғы жылғы үш жүз мың мейманның санына біз де қосылдық. Муниципалитет өкілі бізге жапондардың ұлттық тағамдарынан дәм татып көруді ұсынды. Біз тамақтанатын жапонның ұлттық тағамдар рестораны «Минокихи» қаланың терістігіндегі тау бөктеріндегі шет кварталда болып шықты. Бұл — тап-таза жапон стиліндегі квартал. Үйлері де жапон архитектурасы үрдісін Қаз-қалпында сақтап салынған. Гейшалар мен майколардың көпшілігі тап осы кварталда тұратын көрінеді. Діни мейрамдарда да мерекелі шеру осы арадан басталады деседі. Тіп-тік ағаш сатылармен үшінші қабатқа көтерілдік. Жиырма кісі сыятындай шағындау бөлменің қақ ортасына бір-біріне тіркестіріп тік бұрышты аласа столдар қойылыпты. Столдың екі жағына тізілтіп бір кісі отыратындай шағын-шағын мамық бөстектер тастапты. Әрқайсысының арт жағына біздегі креслолардың арқалығындай ағаш арқалық орнатылыпты. Ол мейман белі ұйыса, шалқайып отырсын деп, әдейі жасалса керек. Соған қарағанда, бұл жапон тағамдарынан дәм татқысы келген европалықтарды қабылдайтын арнайы бөлме. Бірақ онда әлгіндей арқалықтар мен стол үстіне әр жерге қойылған дөңгелек-дөңгелек газ қазандықтардан басқа ешқандай европалық мүлік жоқ. Төр жақта жұп-жұқа ағаш шыбықтардан жасалған жапон стеллажы, оның бір бұрышы — такомоно; мұнда «ками» бейнесінің орнына жапон стиліндегі натюрморт ілінген. Біз әлгі бөстектердің әрқайсысын иемденіп, жерге жайғастық. Жерге отырып үйренбеген менің серіктеріме арқалық қойылғаны аса дұрыс болды; аяқтарын столдың астына жіберіп, отырмай жатып, шалқая-шалқая кетті. Тек олар ғана емес, осында келген шетелдіктердің көбі солай ететін болса керек; мұны көргенде манадан бері екі босағада иіліп-бүгіліп тағзым етіп тұрған қызметші қыздардың ибалы жүзіне еріксіз күлкі жүгірді. Әрқайсымыздың алдымызға салфетка, қыш тостаған, кофе ішетін кішкене қыш тостақ, одан да құрдым «сэкэ» ішетін ыдыс қойылыпты. Қағаз қапшықтағы қасық орнына пайдаланатын «хаси» — екі тал ағаш шыбық пен арша тәрізді қатты самырсыннан жасалған «едзи» — тіс шұқуыштан басқаның бәрі керамика. Екі кісінің арасынан бір-бір қызметші қыз «хостесса» отырып, бізге берілетін тағамды стол үстіндегі дөңгелек газ қазандыққа өз көзімізше пісірді. Олар тағам әзірлеп болғанша, бізге көк шай ұсынылды. Қазандықтағы жайпақ табақшаға әуелі өсімдік майын құйды, салат, капуста, пияз туралды, оның үстіне ар жағынан күн көрінетіндей қып жұқалап кесілген шелпек-шелпек сиыр етін тастады, сосын соя ұнынан иленген брынза іспетті іркілдек-іркілдек шикі қамыр мен өзіміздің лағмандай, бірақ одан әлдеқайда жіңішке, әрі тап-таза крахмалдың бір өзінен илегендіктен шөлмектей боп, мөлдіреп тұратын жапон кеспесі салынды. Сол-ақ екен, он-он бес минут өтер-өтпесте бір-бір кесе «сукиаки» деп аталатын жапон тағамы алдымызда тұрды; оның қасына бір-бір кесе суға ғана пісірілген саудыраған ақ күріш әкеп қойды. Әуелі сукиаки, сосын күріш — екеуі екі бөлек желінеді, Жапондар сукиакиді бұрын тек көшеде ғана жейді екен, өйткені көпке дейін мал етін жеу кешірілмес күнә саналыпты. Ондай күнә өз ошағының басында істелсе, үйінді шайтан жайлап алады деп қорқыпты. Ет тағамдары осындай ресторандарда болмаса, жапон үйінің дастарханында әлі де сирек ұшырасады. Таңертеңгі тамақ «асамэси», түскі тамақ «хирумэси», кешкі тамақ «бам-мэси» — қай-қайсысы да көбіне-көп балық пен теңіз жәндіктерінен, овощ пен күріштен тұрады. Таңғы ас пен кешкі ас, түскі астан гөрі, молырақ болады, көбіне-көп ыссы сорпа таңертең мен кешке беріледі, ал түскі тағам көк шай мен құрғақ күрішпен ғана шектеледі. Жапон тағамдарында крахмал мен өсімдіктерге кездесетін белок көп те, ал мал өнімдеріндегі белок пен мал майы тым аз. Барлық тағамның бәрі де өсімдік майына пісіріледі; сорпа да балықтан не овощтан дайындалады; елге европалықтар келгенге дейін сүт тағамдарды болмаған. Сусынға сыра, жеміс шырындары, шай ішіледі. Жапондардың кек шайы да, қара шайы да аса дәмді. Олар елдерінде минералды бұлақтар аса кеп болғанмен, минерал суын сусынға пайдаланбайды. Жапондар күріштен жасалған «сэкэні» ішпес бұрын ысытып алады. Жапондар өзге шығыс халықтарындай бұрыш, тұз, ащы жағына құмар емес. Сондықтан да олардың тағамдарыңда ет ет дәмімен, көк көк дәмімен бірден сезіліп тұрады. Олардың мұңдай салты бізге тосын көріңді, әсіресе арамыздағы грузин жігіті мен армян жігітіне тым обал болды. Ол екеуі қай ресторанға барсақ та, даяшыдан тағамдарына «тұздық» сұрайды. Жапон ресторандарында итальяндардың «тобага» деп аталатын ащылынан басқа ащы тағам да жоқ екен. Қай ресторанда тамақтансақ та соны әкеледі. Сұрауын әлгі екеуі сұрағанмен қызығын біз көреміз. Жапон даяшылары өздерін мазалай беретін ол екеуіне әзілдеп, «Тобагасан» деген атақ тақты. Жапондар жазуды қытайлардан үйренген. Бірақ, лингвистердің айтуынша, жапон иероглифтері әлдеқайда жеңілдетілген. Иероглификалық жазу жүйесін жапондар «катакана» деп атайды. Кейін шет тілдерден ауысқан сөздердің көбеюіне байланысты жапон жазуына «жаңалық» енгізу қажет болды да, елде «хирагана» деп аталатын жаңа жазу туыпты, ол елу екі әріптен тұрады. Жапондар соның екеуін де үйренеді. Бірақ күнделікті тұрмыста, баспа ісінде жапон сөздері «катакана» бойынша жазылады да, өзге тілдерден ауысқан сөздерді жазғанда «хирагана» әріптері қолданылады.
Иероглифтерді үйрену оңайға түспесе керек.
Иероглифика – жапондар арасында каллиграфияның, тіпті сурет салу өнерінің кеңінен тарауына шешуші ықпал еткен, өйткені иероглифтің негізі — көркем образ, ұғымды суретпен бейнелеу. Көре-көре кейбір иероглифтердің не мағына беретінін дөп баспағанмен, тұспалдап түсінуге болатын тәрізді. Иероглифтер кейбір абстракциялық ұғымдарды философиялық ой жинақтау не поэтикалық символ арқылы бейнелейді. Мәселен, бала арқалаған әйелдің тұспал бейнесі «жақсы» деген ұғымды білдіреді. Шынында да, жапондар жас балаға керемет табынады. Кейде ақша қардай аппақ қып киіндірген бүлдіршіннің лас асфальтта аунап жатқанын көресіз. Құйрықтан шапалақпен бір тартып, тұрғызып жіберетін жер емес пе? Жоқ, әлгі сәбидің ата-анасы кішкене қиқарға ұрыспай да, қол да қатпай «түрегеле қойсайшы» деп жалынып тұрғаны. Олар балаларға үйде де ұрыспайды деседі, көшеде де балаға зекіріп жатқан ешкімді көрген емеспіз. Бала мектепте де емін-еркін. Біз қай қалада да мектепке соқпай еткен жеріміз жоқ. Соның қайсысына барсаң да, улап-шулап, күліп, асыр салып жүрген мәз-мәйрам балаларға тап боласыз. Олар бірін-бірі қуалап жүріп алдыңнан кесіп те өтеді, жол-жөнекей қағып та кетеді, оны әдепсіздік санап жатқан өшкім жоқ. Жапон мектебінің әлденеше сабағына да кірдік. Онда да шыбынның ызыңы ғана естілетін жым-жырт тыныштықты көре алмайсыз. Балалар сабақ үстінде бір столдан екінші столға барып, ерсілі-қарсылы жөңкіліп жүр, жапатармағай сөйлеп, жамырай күледі. Мұндай у-шуға мұғалімдер қабағын да шытпайды. Сұрастырып көрсек, не мектеп мүлкін сындырып, не жолдасына қол қатып, тіл тигізіп, зәбір көрсетпесе, әлгіндей айқай-ұйқайға, коридорда жүгіріп жүргенге, не мұғалімді абайламай қағып кеткенге бола оқушыға ешкім ескерту де жасамайды. Тәрбиенің жалғыз-ақ әдісі — айту, баланың өзі істеген жөнсіздігіне өзінің көзін жеткізу. Жапон мұғалімдері балалардың жастайынан бұйығы боп, қорғалап қалмауына, оз пікірін ашық айтып, ез көзқарасын батыл қорғай білуіне көбірек көңіл бөледі. Сондықтан олар қол жұмсау баланың тәніне қандай зақым келтірсе, зекіру де оның жан-дүниесіне одан кем зақым түсірмейтін жәбір санайды. Жапон мектебіндегі оқушы білімін бағалау жүйесі де қызық. Онда да біздегідей бес балдық баға. Бірақ барлық мектепке бірдей ортақ бағалау жүйесі жоқ. Ондай бағаға лайық шәкірт табылсын-табылмасын, әр кластағы балалардың он процентіне «бірлік» баға алатындардың саны он проценттен аспауға тиісті. Мұғалімдердің бірқатары мұндай міндеттілік оқушының шын білім дәрежесін айыруға бөгет келтіреді деп санаса, екінші біреулері мектепте баға қоюға атымен қарсы. Олардың ұғымынша, сабақ үлгерімге баға к,ою балалардың арасына жастайынан бәсекеқұмар психология мен эгоизмнің етек жаюына әсер етеді. Сондықтан олар сабақты жақсы үлгіретін баланы мадақтап, нашар үлгіретін баланы жазғыру практикасын атымен қолданбайды десе де болғандай. Әр баланың оқуға қабілеті айқындалғасын, олардың әрқайсысынан қабілетіне қарай өмірден өз орнын табуға көмектесу мұғалімдерге міндет саналады. Сурет сабақтарында сурет сала алмайтын балалар көбіне-көп қол өнерімен шұғылданады. Жапонияның жалпы білім беру мектебі алты кластық бастауыш мектеп, үш кластық төменгі орта мектеп, үш кластық жоғарғы орта мектеп деп аталатын үш сатыдан тұрады. Балалар мектепке алты жасында барады. Әлгі үш сатылы мектептің әрқайсысының класс реті әр сатыда бөлек-бөлек саналады. Мәселен, «бастауыш мектептің бірінші класс оқушысы», «төменгі орта мектептің бірінші класс оқушысы», «жоғарғы орта мектептің бірінші класс оқушысы», т. б. Шәкірт әр сатыны бітіріп, келесі сатыға көшірілерде оның «білім дәрежесінің деңгейі» тексеріледі. Ол барлық балаларға бірдей таратылатын сұрақтарға — «тестерге» берген жауаптарына қарай анықталады. Осындай тексерулердің қорытындысында балаларға келесі сатылы мектепте оқуға қабілеті жетеді деп жолдама беріледі де, кейбіреулеріне «одан әрі қарай оқуға қабілетсіз» деген үкім шығарылады. Жас баланың оқу қабілетін мұндай жолмен анықтау кей ретте оның бүкіл болашағына зиян тигізуі мүмкін. Жапон балалары төменгі орта мектепте айына 2000-нан төлеп оқиды, ал жоғарғы орта мектепте одан гөрі көбірек ақы төлейді. Оқудың мұндай ақылы екеніне қарамастан, жапондар өз балаларының қалайда орта білім алып шығуына қам жасайды. Киото қаласының түбіндегі Дино дейтін жердегі мектеп шәкірттерінің сексен проценті жұмысшылардың, жиырма проценті шаруалардың балаларынан тұрады. Мектеп түлектерінің 99 проценті жылма-жыл жоғарғы орта мектепке түсіп, білімін жалғастыратын көрінеді. Ал жоғарғы оқу орнына түсіп оқу мүмкіндігі кез-келген жастың қолына түсе бермейді. Елдегі жүздеген жеке меншік Университеттің қай-қайсысы да оқуға түсушіден миллионнан ақы талап етеді. Ондай миллионер-студент болу кім-кімге де оңай тимейді. Біз көбіне-көп жапон мектептеріндегі эстетикалық білім беру практикасына көбірек зер салдық. Симпозиумда танысқан мамандардың да, біз болған мектептердегі мұғалімдердің де айтуынша, екінші дүниежүзілік соғыс біткенге дейін Жапонияда жастарға техникалық білім беруге баса назар аударылыпты, ол тұста мектеп программасындағы уақыттың кебін математика, физика, табиғаттану пәндері алыпты. Эстетикалық тәрбиенің күн тәртібіне қойылуы екінші дүниежүзілік соғыстың нәтижелерімен тығыз байланысты көрінеді. Миллитаристік күштер жапон халқын адамзат тарихындағы аса бір құбыжық соғысқа айдап салды да, ел тек орасан зор материалдық шығындарға ғана емес, үлкен рухани зардаптарға ұшырады. Кейінгі жылдары мектепте ұлттық өнердің тарихы мен ұлттық эстетикалық дәстүрлерді оқып-үйренуге көбірек көңіл бөлінуде. Сурет сабақтарында бұрынғы көп жылдар пайдаланылып келген импрессионизм мен осы заманғы ағымдар үлгісінің орнына ұлттық бейнелеу енерінің өнегесі, музыкалық білім беруде сонау Мейдзи дәуірінен пайдаланылып келе жатқан неміс жүйесінің орнына ұлттық музыка ерекшеліктеріне негізделген жаңа жүйе пайдаланылуда. Жапон мектебінде эстетикалық білім беруде сурет өнері айрықша орын алады. Ол елде ежелден кеңінен етек алған каллиграфия, сурет, керамика, қол өнері дәстүрлерінің әсері болса керек. Сурет сабақтары түр-түс пен бояулар ажыратуға тәрбиелеу, бейнелеу өнері шығармасын ұғынуға тәрбиелеу және баланың өз бетімен сурет салып үйренуіне тәрбиелеу сияқты үш құрамдас бөліктен тұрады. Жапон мектептерінде түр-түс пен бояулар әлемін тәрбиелеудің жолға қойылғанына сексен жыл болыпты. Балаларды эстетикалық тәрбиелеудің бұл саласының проблемаларын зерттейтін арнайы институттың құрылғанына қырық жыл толыпты. Бұл пәннің әр класқа арналған әдейі программасы бар. Бастауыш мектептің алты класының өзінде-ақ бала түр-түсті ажырату, табиғаттағы қай бояудың қандай аты барын білу, оларды бір-бірімен астастыру, колоритті айыру, бояудағы контраст (кереғарлық) пен гармонияны (келісімді) пайдаланып, белгілі бір ой мен көңіл күйін бейнелеуді біліп шығады. Ал, орта мектептің екі сатысында оқушы бояу әлемінің одан гөрі де күрделі заңдылықтарын меңгереді. Сурет салу сабақтарын өткізетін арнайы мастерской — кластар бар. Онда балалар көбіне-көп графикамен шұғылданады. Шәкірттер бастауыш мектептің өзінде-ақ гравюра техникасын біршама жақсы меңгеріп шығады. Қай мектепке барсаңыз да, балалардың графикалық шығармаларының үлкен көрмесіне тап боласыз. Ең үздік туындылар бүкіл елдік не халықаралық көрмелерге жіберіледі. Сурет пәнінің мұғалімдері өз сабақтарында шәкірттеріне графика сыры мен гравюра техникасын ғана үйретіп қоймай, адамдардың қоғамдық өміріне барынша тереңірек үңілуге баулиды. Олар, әсіресе, тақырыптық сабақтарға баса мән береді. Ондай сабақтарда бүкіл класс балалары белгілі бір ортақ тақырыпқа сурет салады. Жапон мектептеріндегі сурет сабақтары өзінің қоғамдық, әлеуметтік өмірді танытуға бағытталған батыл қадамдарымен бағалы. Елдің барлық мектептерінде «Бізден табиғатты тартып алмақсыздар!» деген ұранмен өткізілетін тақырыптық сурет сабақтары табиғи аяны бүлдіруге қарсылық білдіреді. Сол сияқты жұмысшылар мен шаруалар тұрмысын сурет арқылы зерттеу сабақтары да мектеп балаларына әлеуметтік өмірдің көп сырларын танытып береді. Ондай сабақта балалар өз суреттерінде жұмысшылар мен шаруалар еңбегін, тұрмысын бақылаудан туған әсерлерін бейнелейді. Әлеуметтік өмірді тануға деген осындай айрықша құштарлық әдебиет сабақтарына да тән. Әдебиет пәнінің мұғалімдері әз сабақтары жас ұрпақтың өмірге деген көзқарасы мен түсінігін тереңдетуге, оларды адамгершілік рухта тәрбиелеуге тиісті деп ұғады. Олар әдеби шығарманың эмоциялық әсері әлеуметтік шындықты тануға өлшеусіз қызмет етеді деп санайды. Сондықтан қандай шығарманы талқылағанда да, оның мазмұнын нақты қоғамдық шындықпен, жапон өмірімен салыстыра қарастырады. Біз Асадиро Кидсэнэй деген мұғалімнің бастауыш мектепте Л. Толстойдың «Үш аю» атты ертегісі бойынша өткізген сабағына қатысып, қайран қалдық. Әншейінде сезге сараң мұғалім екі беттік ертегіні екі сағат түсіндірді. Ол сабақты балалар түгіл біздің өзіміз қызыға тыңдадық. Бірақ бізге жапон мұғалімдері әдеби шығарманы талдағанда идеялық-әлеуметтік сипаттарына баса көңіл бөліп, көркемдік қасиеттерін назардан тыс қалдыратындай керінді. Жапон мектебі елдегі демократияшыл қозғалыстан аулақ тұрмай, қайта өз шәкірттерін қоғамдық белсенділікке, елдің әлеуметтік тіршілігіне барынша сергек қарауға тәрбиелейді екен. Қай мектепте де мұғалімдер оқу министрлігі бекіткен программа жас ұрпақтың азаматтық санасын тәрбиелеуге осы заман қойып отырған талаптарға сай келмейтінін сынады. Ертемен Нагояға жүретін болдық. Киотоның теміржол вокзалы. Перронда әр вагонның тоқтайтын жері алдын-ала көрсетіліп қойылған. Әйтпесе, бір-екі минутқа ғана тоқтайтын экспреске отырып үлгеру қиын. Бір уақытта ойда жоқ жерде жанымызға жыландай сумаңдаған сүп-сүйір ақшыл состав жетіп келді де, тоқтай қалды. Жұмсақ креслоға отырып үлгірер-үлгірместе қайта қозғалды. Перроннан ұзап шықпай жатып, жүйтки жөнелді. Оның қалай тез тоқтап, қалай қайтадан осынша ұшқыр жылдамдық үдете алатынына қайран қап келеміз. Сағатына екі жүз-екі жүз елу километр. Ұшып келе жатқандаймыз. Терезеден әр жеріне ойдым-ойдым күрең түсе бастаған күзгі аймақ үзік-үзік көрініп қалады. Теп-тегіс қып тықырлап орып тастаған шаршы — күріштің орны. Аңыз-аңызға орылған күріштің сабанын киіз үйге ұқсатып маялап үйіп қойыпты. Егістік алаңы мұнтаздай таза. Мая-мая сабандардан өзге еш қылау жоқ. Ара-тұра шүйке-шүйке түтін көрінеді. Ол өртеліп жатқан сабан маялар... Экспресс күзгі алқаптағы көп тірліктің қыры мен сырын байқатар емес, көзің түсер-түспесте зырлап өте шығады. Сол зулаған қалпымызбен Нагоя вокзалынан бір-ақ шықтық. Бізді тосып тұрған өңшең сыптығыр қараторы жігіттер аланда күтіп тұрған автобусқа жеткізді. Нагоя өткен соғыс тұсында қатты бомбалауға ұшырапты, бірақ қазір ол зардаптардың ізі байқалмайды. Киото дін мен өнер орталығы болса, Нагоя өндіріс пен ғылыми-техникалық ойдың орталығы. Қалаларда кеш болса, жұрт шықпайтын «патинко залдарынан» бастап, жаңа ғана біз түскен құсша зымырайтын экспреске дейінгі жапон өміріндегі техникалық прогрестің қай-қайсысына да осы қаланың үлесі бар көрінеді. Қаланың шетінде су орныңа ақ сүт ағып жатқан өзенге тап болдық. Бұл төңіректегі таулар ақ саздан тұрады да, ая, саз таудан шыққан өзен аппақ сүттей боп лайланып ағады екен. Ондай саз керамика, фарфор өндірісіне іздесе таптырмайтын ырыс көрінеді. Бұл өлкеде аталмыш өнер кеңінен етек алған, Талай бәйбішенің жатса-тұрса армандайтын іңкәрі, дүниеге атышулы жапон фарфоры мен фаянсының отаны да — осы аймақ. Біз де сол керамика шеберлері тұратын Тадими, Токи қалаларына бағыт түзеп келеміз. Жапонияда бір қада мен екінші қаланың шекарасын ажырату аса қиын. Қайда беттесеңіз де, ылғи көше бойында келе жатасыз. Қай қаладан өтіп бара жатқаныңызды жол-жөнекей ұшырасатын муниципалитет үйлерінен аңғарып қаласыз. Тадими мен Токи де бір-біріне тиіп тұр. Әуелі Тадимидегі орталау мектепте болдық. Бұған дейінгі біз көрген жапон мектептері өз шәкірттерін бейнелеу өнері ішінде көбіне-көп сурет өнеріне, әсіресе графикаға баулитынды. Ал, мына мектеп өз түлектеріне керамика өнерін үйретеді екен. Тадими тұрғындары шетінен керамиканы кәсіп қылғандықтан балаларының да сол ата дәстүрді бұзбағанын қалайтын көрінеді. Көп қабатты мектеп үйінің қасында керамика шеберханасы бар. Кірер жерде ағаш астауда саз балшық тұр. Он бір-он екі жастағы екі бала содан қалақпен балшық іліп алды да, анадай жердегі ағаш тақтаның үстіне апарып, кәдімгі нан илегендей кішкене жұдырықтарымен төмпештей сабап, ара-тұра білектерімен шыр айналдыра шымырып жаншып, әбден иі қанғанша, есін кетіре ұрғыштап, илей бастады. Мұғалімдердің бірі екі бала илеп берген балшықты көз ілеспес жылдамдықпен шыр айналып тұрған шарықтың үстіндегі дөңгелек табақшаға салды. Балшық шыр көбелек айналған дөңгелек табақта ашыған қамырдай боп күмпиіп, өз-өзінен өршіп, көтеріле жөнелді. Соның қаң төбесінен шебер бас бармағын сұғып қуыстап алды да, бармағы және сұқ қол саусағымен делдие көтеріліп келе жатқан балшықты өзі қалаған ыдыстың формасына келтірді, ал екінші қолымен қасыңдағы шелектен су алып, әлгі мүсінді үзбей шылап отырды. Қалаған формасы көңілдегідей боп шыққан кезде жіңішке жіппен қиып түсірді. Содан кейін қыш бұйымның сыртына сызып түсіретін өрнек пен бедер салып, сыртқа күн көзіне жайып қойды. Бір шама дегдіген соң оны пешке күйдірді. Егер әлгі бұйымға бояулы ою-өрнек салынатын болса, оны шала күйдіріп, пештен суырып алады да, бояп, қайтадан пешке салып, сосын әбден күйдіреді. Пеш кәдімгі тандыр тақылеттес. Соның ішіне текшелеп Қыш қалыптар салынған болашақ құмыраны сол қыш қалыптың ішіне қойып күйдіреді. Пештің температурасы 1250 градус. Құмыра сондай қызыл шоқ пештің ішінде 35 сағат бойы тұруға тиісті. Әлгі мектептегі біз көрген пешті мұнай жағып, қыздырады екен. Өткен жылы Жапонияның ұлттық сыйлығын алған белгілі керамист Раккава осы мектептің түлегі көрінеді. Мектептен шыққан соң өне бойы саз қазылып алынған шұрқ тесік көк бұйра таудан әрі асып түсіп едік, алдымыздағы тар қойнаудың табаны мен шыр айнала бөктерін гүпілдете толтырған аппақ үйлі шап-шағын әсем қалаға тап болдық. Токи қаласы осы. Тау арасындағы ирек-ирек тар жолмен қала орналасқан алқапты айналып өтіп, төбе басындағы жапон зиратының қасына кеп тоқтадық. Жапондардың зираты да мұп-мұнтаздай. Өңшең бірінен-бірі аумайтын ескерткіштер. Зират та, оның ішіндегі қабырғалар да ештеңемен қоршалмаған. Қабірдің үстіне әуелі қалың төрт бұрыш плита орнатылыпты да, оның үстіне ешқандай әшекейсіз құлпытас қойылыпты. Жапондар өлген кісілердің кейбірін осылай жерлесе, кейбірін арнайы пештерге салып өртейді, Жолдың екі бетіндегі үйлердің қай-қайсысының да есігінің алдында тай-тай жәшіктер жинаулы. Іші толған сол үйде тұратын шебер жасаған керамика, фарфор, фаянс бұйымдар. Құлды бір өз бағынан алынған жеміс-жидекті базарға апарып сатайын деп тай-тай жәшікке сап, жиып қойғандай. Ирек жолмен өрге шығып келеміз. Кенет алдымыздағы мүйістен үш қабатты әсем вилла жарқ ете қалды. Бұл әйгілі шебер Раккавасанның вилласы. Қалың жыныс өскен тау бауырындағы тоғай арасында жапа-жалғыз оңаша үй. Бір жағындағы анадай жердегі қос қабат шағын үй — музей, екінші жағында, бұлақ қасындағы шай ішетін үй. Ішінде сылдырап су ағып жатқан арық та, өрге қарай тырмыса көтерілген саты жол да табиғи малта тастармен көмкеріліпті, ал саты-саты баспалдаққа қалақ тастарды ешқандай қол тигізіп өңдеуден өткізбей, табиғи қалпында текше-текше қып тастай салған. Тек су ағып жатқан арықтың табаны ғана цементтеліпті. Вилланың үстіңгі қабатындағы күнбатыс шеткі бөлме — қонақ қабылдайтын кең зал. Ортада ұзыннан-ұзақ қойылған аласа стол. Үстінде әр жер әр жерге қыш табақтарға салынып мандарин қойылыпты. Жағалай көк шай ішетін қыш тостаған мен «сэкэ» ішетін көзгелдектер тізіліпті. Раккавасан үйінде жоқ екен. Іс бабында басқа бір қалаға кеткеніне екі-үш күн болыпты. Бізді бәйбішесі Тадими мен Токиде тұратын әріптес достары қарсы алды. Кең бөлменің барлық қабырғасын іргелей балалар жасаған қыш бұйымдар орналасыпты. Осы вилла тұрған маңайдан біраз жыл бұрын археологтар жапондардың керамика өнерінің көп ескерткіштерін тауыпты. Вилланың күн шығыс бетіндегі қос қабат үйдегі керамика музейінде сол ескерткіштердің көбі сақталады екен. Төрт ғасыр бұрын өмір сүргендер тұтынған ыдыс-аяқтар дәл бір осы заман шеберінің қолынан шыққандай. Әшекей жағынан аса сараң. Табиғи тастардың өңіне келетін бір бояу, бір түс. Пішіндері де табиғи. Табиғатта дәлме-дәл төрт бұрышты тастар, домалақ, овал, сүйір тастар атымен ұшыраспайды. Сондықтан ондай түзу пішіндер жапон шеберлерінің қолынан шыққан қыш бұйымдарда да кездеспейді. Әлгі музейдің сақтаушысы қаба сақал жас жігіт он саусағынан өнер тамған шебер боп шықты. Біздің көзімізше жапондар тұтынатын ыдыс-аяқтың талай түрін жасады. Бірақ шарықтан мінсіз шыққан таза геометриялық форманы әдейі қолымен қисайтып, бұзып қояды, өйткені, жапондардың ұғымынша табиғат мінсіз, табиғат қателеспейді. Түзу пішін деген геометрия қисындары өлшеп-пішкен санаулы он шақты фигура емес, табиғатта қандай пішіндер кездесетін болса, соның бәрі түзу пішін. Өнердің табиғатты түсіндіруге қақысы бар болса, бар шығар, бірақ түзетуге қақысы жоқ. Ертеңіне тағы да экспреске отырып, Осакаға қайтадан жол тарттық. Одан әрі... астымызда тағы да ит жыртып тастаған көк мауыт шапанның жырым-жырым жиегіндей тілім-тілім жіңішке аралдар. Соған жан-жағынан жапатармағай жармасып жатқан көп су... Бірақ көз алдымнан баяғы балалық шақтың ұмыт бола жаздаған бір елесі кетпей қойды. Оны осы қазір есіме алып келемін, ... Соғыс біткен жылы, Бір жағы — майда құмақ, бір жағы – сусылдаған еспе құм. Сол екеуінің қақ ортасынан қалай ылғал табылып жүргеніне әлі түсінбеймін, екі беті жарлауыт ащы ағар арна бар. Оның бойындағы ойдым-ойдым дөңгелек суға аяғыңызды малсаңыз, біраздан кейін балтырыңызға ақ қырауланып тосап тұрып қалғанын, ал ертеңіне тілік-тілік боп жарылып кеткенін бір-ақ көресіз. Сондай оппа ойпаңдардың арасында әр жер әр жерге тасталған сирек тастардың бірінен-біріне секіріп өтетін өткел болатын. Ол тірсегі ұзын ересектерге болмаса, біз құсаған бала-шағаға атымен қараң. Сондықтан әлгі күнбатыс беттегі құрым туырлықты бес-алты киіз үй оңаша ауылдың соғыс тұсында тобы көбеймеген үш-төрт қара сирақ баласы күні бойы ащы ағар арнаның жарлауыт жағасына кеп, арғы жағаға телміреміз де отырамыз. Оның аржағындағы он шақты ақ шатырлы үй шахтерлер поселкасы. Біздің ауылдың ересектері сары ала таңнан сол арғы бетке өтеді. Түс қыза дүкендегі ащы ішектей ұзын «шіретте» тұрып-тұрып, нанға әзер қолы жетіп, шаршап-шалдыққан ағаларымыз бен апаларымыз оралады. Түс ауа жеген бір үзім нан қанша кенеу болсын. Көп ұзамай әлгі шат-шадыман бақыт көзден бір-бір ұшады. Енді тағы бір үзім нан беруге ересек бауырларымыздың билігі жетпейді. Күн кешкіре ащы ағардың аңғал-саңғал жарының басына тағы қонжиямыз. Кешке ымыртта арғы жағадан адам қорыққандай ебіл-себіл әлденелер қозғалып келе жатады. Бірақ біз олардан қорықпаймыз. Олар — шахтадағы жұмыстан жаңа қайтып келе жатқан аналарымыз. Қалжырап келе жатқан олар кешкі көбең алаңда ащы ағар бойындағы тастардан тайып кетпей, әрқайсысынан аман өткен сайың жүрегіміз дүрс-дүрс, етіп, қашан қасымызға жеткенше тағатымыз таусылып, тыпыршып тосамыз. Олар келген бойда-ақ күйе-күйе омырауларына бас қоямыз. Есімізден аштығымыз да, таң атқалы жолдарына қарай-қарай көзіміз талған талма сағынышымыз да ұмытылып, нағыз бақытқа шын кенелеміз. Бетімізді күс-күс алақандарға көміп, қажыған адамның қаяулы көкірегінен ғана шығатын ежелгі қоңыр күйлердей күңіреніс аралас күбір-күбір үнді үнсіз тыңдап, мынау әбеқоңыр дүниеде де осындай аса бір ыстық қуаныш сәттер болатынын ақылмен емес, түйсікпен ғана аңғарып, мәз-мейрам боп келе жатамыз. Ащы ағардың арғы бетіндегі үлкен дүниедегі өзгеріс пен жаңалық та біздің кер құлақ бергі бетке солармен бірге өтеді. Олардың жалп-жалп жанған кешкі оттың басында айтқан хабарларының көбіне түсінбейміз, онсыз да күні бойы елегізіп жүретін үркек көңілді одан сайын үрейге бөлейтін ертегілерді тыңдағымыз келмейді. Біз ылғи кешқұрым ересектер ертегі айтса, «қорқам, айта көрмеңіз» деп жалынатынбыз. Бірақ кешке ошақ басында аналарымыз айтып отырған әңгіме ертегіге ұқсамайтын. Түсінбесек те, анамыздың көзіне жаутаң-жаутаң қарап қойып, тыңдай беретінбіз. Біздің олар айтқан әңгімеден алғаш түсінгеніміз «жеңіс» деген сөз еді. Оны да олар әлгіндей кешқұрым жұмыстан қайтқанда айтып келген. Ертеңіне таң атар-атпаста ересектердің бәрі ащы ағардың арғы бетіне өтіп, жеңісті көруге кетті. Біз бала-шаға, олармен бірге өте алмай, бергі бетте қалдық. Сондықтан жеңістің шын қуанышына көп уақытқа дейін түсіне алмай жүрдік. Тек әйтеуір, сол күні қай-қайсысымызды да үлкендердің; «Айналайындар-ай, бақыттарың бар екен ғой!» — деп маңдайымыздан сипағаны есімізден кетпейді. Күні бүгінге дейін күйбең тірліктің кей мінезіне налығанда, сонда айтылған әлгі бір сөздер көңілге басу болады... Біз бақытымыздың бар екеніне ол кезде де қатты қуанғанбыз. Бірақ оның дәл қандай екенін жыға білмейтінбіз. Ересек бауырларымыз сандық, кебежелерден түк қоймай қопарып, ыс жеп тастаған жылтырақ сарғыш суреттер тауып ап: «Мынау көкең, қандай екен көріп ал, ертең келгенде танымай қалып жүрме!» деп қоятын. Ол суреттегі адамға қанша қарағанмен, тапжылтпай тани қояр ма екенбіз деп күмәнданатынбыз, өйткені біз барлық еркекті шал-шабыр көретінбіз. Көкемізді ойлағанда да, түсімізге сақалы салбыраған шалдар кіретін, Ол асылдары ауылда біз көрген еркектің бәрі шал еді... Енді біз ащы ағардың арғы бетінде еркек адам көрінетін болса, «көкем емес пе екен?» деп алдынан жүгіретінді шығардық. Ащы ағардың жарлауыт жағасын қанша тапалағанымызбен, шілде ортасынан ауса да көкелеріміз келе қоймады... Бір күні біздің ауылға атқа мінген бір-екі бейтаныс адам келді. Үй-үйдің іргесіне дәрі септі, Ересектермен әңгімелесті. Босағаның сыртында тұрып, біз де тыңдаймыз. Әлдебір алыс елдің қаласына бұрын-соңды ешкім көрмеген үлкен бомба тасталыпты. Әлгі қала түгел өртелініп, тігерге тұяқ қалмай қырылыпты. Пәлен күн бойы қаланың орнында қып-қызыл шоқ жатыпты,.. Біз ол кезде көп нәрсеге түсінбегенмен, «бомба» деген сөзге жақсы түсінетінбіз. Әлгіден екі жыл бұрын күздігүні бомба өз іргемізге де түскен. Бір тұманды күн еді. Сәскеге таман бұрын соңды біздің өңір естіп көрмеген әжептарқы гүрсіл шықты. Үйдің ығында ойнап отырған біздер анадай-анадай жерге ұшып кеттік. Ауылда қалған азғантай кемпір-шал біздерді үй-үйден жиып ап, күні бойы қайта-қайта жағаларын ұстап, кәлималарын қайырумен болды. Кештете милиция кісілері келіп, үй аралап, есік-терезені қымтатып, шам жақтырмады. Дүкеннен нан алып қайтқандар кірпіш заводының қасындағы тегістікте түсінен адам қорыққандай қара сұр самолет тұрғанын айтып келді. Біздің маңайға үрей шашқан жат самолет немістердің диверсант самолеті екенін есейген соң естіп білдік. Ал, ол кезде әлгі сұмдықтан кейін самолет көрсек, тығыларға жер таппайтынбыз. Қашан қанатындағы қызыл жұлдызға көзіміз түскенде барып көңілді бірлейтінбіз. Қазақ ауылдарының ішінде бомба тастағанның қандай болатынын өз көздерімен көрген біздің ауылдың адамдарын әлгі дәрігерлер айтып кеткен жаманат хабар қатты шошытты. Кеше «жеңдік» деген хабардан соң естілмей кеткен әйелдердің зарлы көй-көйін қайта ести бастадық. Маңдайымыздан сипап отырып, «балапаным-ай, алдарында не күн тұр», — деген шошып қалған жүректі шоқша қаритын үрейлі сөздер қайта айтыла бастады... Күз түсті. Азғантай сауып отырған ешкілеріміз суалды. Тас үйлерге қайта көштік. Әкелерден әлі хабар жоқ. Біздің үйдің майданнан хат алмағанына жылдан асып кеткен. Бірақ үмітіміз үзілмеген. Қыс келді. Еш хабар жоқ. Бұл әсіресе менің досыма қатты батты. Күз түскеннен-ақ жағы қуарып, қабағы бір ашылмай қойған бала қыс түсе қызылшамен ауырып, қайтыс болды. Менің кішкене абзал досым, сен көкеңді көре алмағаныңа арманда кеттің. Тірі қалған мен де көкемді көре алмадым. Сенің көкең Қиыр Шығыс майданынан қайтпай қалса, мен сенімен бірге ащы ағардың жарлауыт жағасына отырып ап, өткен-кеткенге бекер телміріп жүр екенмін. Әкем әлдеқашан Ленинград майданында қазаға ұшырапты. Соғыс тұсында келіп, кеңсе қағаздарының астында жатып қалған қаралы қағаз біздің қолымызға елуінші жылдары тиді. Оның бәрі өтті. Ел «өткен ереуіл, қалған салауат» дейтін қарық заманға көшті. Бірақ ара-тұра сен есіме түскенде, мынау шат-шадыман заманның әлдебір бұрышынан суық леп соққандай көңілім алағызып қоя береді. Міне, күздің ашық аспанында, көк мұнарға оранған көркем аралдардың төбесінде ұшып келе жатып, ойыма тағы да сен оралдың... Баяғыда маған алғаш рет сен айтқан Жапонияның көгінде келемін. Әлгі бір атқа мініп келетін бейтаныс дәрігерлер айтқан алапат бомба түскен қала да осы елде екен. Сөйтсек, американың алғашқы атом бомбаларының әлемтапырық гүрсілінен тек Хиросима мен Нагасакидің шейіт болған балалары ғана емес, сонау жеті қиян жер түбіндегі біздер де шошып ояныппыз. Өткен соғыстың қанды майданынан оралмай қалғандардың біреуінің ұлы — мен өткен соғыста ең ауыр апатқа ұшыраған қалаға келемін... ... «Күл-талқаны шыққан қаланың орнында пәлен күн бойы қызыл шоқ жайнап жатыпты»... Самолет жан-жақтан шыр айнала тау қоршап жатқан көк қойнаудағы тарам-тарам өзендер арасындағы аралдарға орналасқан қаланы әуелі бір айналып шықты да, қонуға беттеді. Аэропортта СССР — Жапония қоғамының өкілдері қарсы алды. Автобус жасыл мәуе көмген мұнтаздай тап-таза қаланың тұп-тура көшелерімен жүйткіп келеді. Самсаған сәнді үйлер. Ерсілі-қарсылы ағылып жатқан халық. Шат-шадыман жастар. Біз түсетін «Нью-Хиросима» отелінің маңдайына біздің құрметімізге СССР мен Жапонияның мемлекеттік тулары ілініпті. Мейманханаға жайғасып бола бере қала үстіне ымырт орнады. Қызылды-жасылды жарнамалар. Отельдің жан-жағы алаң. Көше ызыңы көп естіле қоймайды. Жер бетінде алғаш рет атом бомбасы түскен қаладағы маужыраған тыныштық пен тыныш ұйқы. Кісі сенбестей идиллия. Есіңе баяғыдағы атқа мініп келген бейтаныс дәрігерлер айтқан әңгімелер түседі... ... «Күл-талқаны шыққан қаланың орнында пәлен күн бойы қызыл шоқ жайнап жатыпты»... Таңертең бізге Жапония — СССР қоғамы Хиросима бөлімшесінің президенті Фукуй-сан мен әлгі бөлімшенің вице-президенті Ямака-сан келді. Фукуй орысша жақсы біледі екен. Ол осындағы бір мектептің директоры болып қызмет істейді. Ұзын бойлы тарамыс қара кісі. Ямака — осы префектурадағы демократияшыл қозғалыстың шежіресін жазып жүрген тарихшы. Бет әлпеті, дене пішіні жапондар арасында сирек кездесетін етженді, толық, жазық маңдай, бадырақ көз кісі. Сөзуарлау, ашық мінез. Көбіне-көп президенттің алдын орап, өзі сөйлеп кетеді де, Фукуй-санға оның не айтып тұрғанын аударып беретін тілмаш қызметін амалсыз атқаруға тура келеді. Нью-Хиросиманың жан-жағындағы кең алаң — «Бейбітшілік паркі» деп аталатын атом бомбасының құрбандарына арналған мемориал. Бомба түскен эпицентр одан бар болғаны алты жүз метрдей жерде. Қақ маңдайындағы шыны мен бетоннан салынған қос қабат үй — мемориалдық музей. Оның күн шығыс беті — атом соғысының шейіттеріне қойылған ескерткіштер. Біз ең әуелі атом бомбасынан қаза болғандардың туысқандық зиратына барып гүл қойдық. Оған бомба түскен күні бірден қаза болған 250 мың адамның жетпіс бес мыңының күлі қойылыпты. Осы мемориал парк тұрған жерде бұрын тұрғын үйлер жатақханалар болыпты. Содан тірі қалған он шақты-ақ адам бар деседі. Сол күні қаза болғандардың мүрделері осы күнге дейін табылып жататын көрінеді. Жақында да бір аралдан бір топ өлік табылыпты. Ана бір жылы жол салып жүргендер қаз-қатар тізіліп жатқан алты жүз мүрденің үстінен шығыпты. Хиросиманың төрт жүз мың тұрғынының екі жүз елу мыңы бір күнде қырылған. Қалғандары күйікке, сәуле ауруына ұшырап, кейін өлген. Бомба түскендегі төрт жасар Қыз Сасаки Тейко он жыл бойы қатерлі дертпен арпалысса да, ақыры дауасыз ауру алмай қоймайды. Жапондар тырна ұзақ өмір сүретін киелі құс болғандықтан, дауасыз ауруға ұшыраған адам өз қолынан мың тырнаның бейнесің жасаса, жазылып кетеді деп сенеді. Сасаки де сол сенімге иланып қағаздан алты жүз тырна жасапты, бірақ 1956 жылы дегеніне жете алмай он төрт жасында көз жұмады. Халық осы күнге дейін, егер ол мың тырна жасағанға дейін жарығы таусылмағанда, тірі қалатын еді деп өкінеді. 1958 жылы оған осы паркте балалар жинаған қаражатқа ескерткіш қойылыпты. Атом бомбасының корпусына ұқсайтын сүйір тұмсық тағанның үстінде кішкене қыз тұр. Ескерткішке ұшып бара жатқан бірнеше тырналар ілінген. Әлемнің көп елдеріндегі мыңдаған балалар жылма-жыл Сасакидің ескерткішіне қоюға миллиондаған қағаз тырналар жіберіп тұрады. Паркте әлденеше туысқандар зираты, мәңгі өшпейтін от, шейіт балаларға қойылған ескерткіш бар. Хиросимада тұрған белгілі ақындар Сузики Мякити мен Санкити Тогэ ескерткіштері де осында.
Санкити Тогэнің ескерткішіне оның:
Қайта оралт менің әкемді.
Қайта оралт менің анамды,
Қайта оралт бала-шағамды.
Қайта оралт менің өзімді,
Қайта оралт бәрін-бәрін де,
Адамға деген сенімді,
Қайта оралт бүкіл дүниені,
Қайта оралт бейбіт заманды! —
деген бір ауыз өлеңі қашап жазылыпты.
Бір шетте атом бомбасы түскенде өртенген үйдің біреуінің қаңқасы тұр. Ол бұрынғы сауда палатасының көрме залы. Хиросима мэрі біраз жыл бұрын радиация таратады, қала тұрғындарына зиянды деп оны құлатып тастағысы келіпті. Ол мынау көзге сүйелдей көрінетін үй сүлдерін біржола жоқ қылып жіберуге тырысқан американдықтардың әрекеті екен. Бірақ елдегі демократияшыл күштер мэрге ондай шешімін жүзеге асыруға рұқсат бермепті. Амалы таусылған мэр халықтан үй қаңқасын іш жағынан темір бетон каркаспен тіреу салуға ақша сұрапты. Оған тек Хиросима тұрғындары ғана емес, бүкіл жапон халқы ат салысыпты. Жинаған ақшаға тек әлгі үйге тіреу ғана емес, осы күллі мемориалдық парк салыныпты. Фукуйсан мемориалдық паркті қақ ортасынан тіліп өтетін Мутуясан өзенінің бір жақ жағасына ұйлыға біткен бір топ қара күңгірт лашықтарды көрсетті. Ол бомбалау зардабына ұшырағандардан тірі қалған жетпіс мың адам тұратын бөлек квартал. Олар көбіне-көп кәсіпорындарға қызметке алынбайды. Қалада сәуле ауруынан емдейтін жүз орындық госпиталь бар екен. Хиросимадағы қазіргі бес жүз мыңнан астам халықтың көбі кейінгі жылдары өзге аймақтардан көшіп қоныстанғандар көрінеді. Атом бомбасынан аман қалған азын-аулақ «бақыттылардың» бірі — біздің жанымыздағы Ямака-сан. Ол әлгі күні кызмет бабымен қаланың түстік жағындағы жотаның күнгей бетіндегі поселкеге кетіпті. Қайтып келгенде от құшағындағы қаланы көріпті; үй ішінен, туысқандарынан, көп дос-жарандарынан айырылыпты. Мемориалдық музейдің кино залында бізге Хиросима трагедиясы жайлы сол кездегі хроника түсірген материалдар негізінде жасалған фильм көрсетілерде, ол: «бұл бомбылаудан кейін келген кинооператорлардың түсіргені. Сондықтан олар әлгі бір сұмырай күннің бар сұмдығын өз қалпында көрсете алмайды. Ол күні аспан сондай ашық еді. Таңертең жұрт орнынан тұрар-тұрмаста әлгі пәлеге тап болдық. Табан астында аспанға бұлт айналып, жаңбыр төгіп қоя берді. Өртеніп жатқан қаланың қақ ортасынан аспанға көтерілген ыстық ауа өзімен бірге күйе мен күлді де шырқау биікке ала кетіп, атмосферадағы ылғалға араласып, қайта жауғанда, аспаннан жаңбыр емес, мұнай құйып тұрғандай болды. Мұндай сұмдықты бұрын көрмеген жұрт қапелімде қаланы өртеу үшін әуелі аспаннан мұнай төгіп, сосын бомбалар тастаған екен деп ойлайды. Олар мұның бір бомбаның ісі екеніне ол кезде қайдан түсінсін. Алғашқы күні қаза тапқандардың көбі өздерінің атом бомбасының құрбаны болғандарын білмей өлді десе де болады», — деді де, өзі бастан кешкен сол қияметті экраннан көргенде көңілі бұзылатынын айтып, кешірім сұрап, көрші бөлмеге шығып кетті. Тек кинотехника ғана жеріне жеткізе көрсете алатын бұл зіл-заланы тілмен айтып жеткізу қиын. Экранда соғыстан бұрынғы көркем көк аралдарға орналасқан курортты қаланың бейбіт тірлігі. Жұмысқа асығып бара жатқан еркектер. Айна алдында таранып тұрған әйелдер. Ұйқыдан тұрып жатқан мәз-мәйрам балалар. Кенет соның бәрі күрт үзілді де, операторлар өздері келіп түскен күні түсірілген быт-шыты шыққан әлі қаланың панорамасын көлеңдетіп, көз алдыңа тартады, Ағаш атаулы, шөп атаулы атымен жоқ. Әр-әр жерден құлап бітпеген үйлердің аңырайып-аңырайып құр қаңқалары көрінеді. Балқып кеткен тастар. Тас бетіне мәңгі түсіп қалған адамның көлеңкесі. Ол да атом бомбасы жарылған кездегі көз қаратпас жарықтың бұрын соңды адам баласы естіп-көрмеген бір сұмдық сыры сияқты. Күйе-күйе сүйектері қалған адам қаңқалары. Тұла бойын күйік жайлаған адамдар. Көше-көшеден кеудесінде жаны барларды теріп жүрген әскерлер. Бірінен-бірі өткен мәңгі мүгедектерді еденге қатар-қатар тізе салған уақытша госпитальдар. Қара көмір бөкселерін көтере алмай жан-тәсілім жылап жатқан сәбилер. Дәрігерлердің алдына от жалап кеткен омырауын көрсетуге қымсынып-қымтырылған жапон қыздары. Өліп бітуге айналған құр сүлделердегі әлі тірі адамгершілік, ұят, ізет пен ибаны көргенде ет жүрегіңді бір шоқ шыжғыра күйдіріп бара жатады. Ол — адамгершілікті таптау тек адамдардың ғана қолынан келетінін тап осы сәтте даусыз мойындаған сананың қайнаған зығырданы, ашынған ашу-ызасы. Біздің жиырмасыншы ғасырда Хиросима дәрігерлерінің алдында әлгі пәк, періште жүз қыздар емес, күллі адамзат қызаруы керек. Міне, дәрігердің қолы тигенде адам терісі өз-өзінен сыпырылып, түсіп жатыр. Шыны көз әйнектің ар жағындағы дәрігер көзі мұны көргенде дір ете қалғандай болды. Ол ол ма, оның қасындағы екінші мүгедектің білегінің еті өз-өзінен сылынып түсіп жатыр, ар жағынан ақсиып сүйектері көрінеді. Дәрігер бір тамшы қан алып, шыны пластинкаға жағып еді, көп ұзамай әлгі қып-қызыл қан әуелі сия көктеніп, сосын күлгін түске еніп жүре берді. ... «Күл-талқаны шыққан қаланың орнында пәлен күн бойы қызыл шоқ жайнапты да жатыпты»... Көрмей-білмей айта салған дақпырттың шындықпен дәлме-дәл келгенін көріп тұрғаным осы. Мемориалдық музейдің экспозицияларын аралағандағы әсерімді тілмен жеткізу де, қағазға түсіру де еш мүмкін емес. Сондықтан тек қойын дәптеріме музей ішінде жазылған үзік-үзік сөйлемдердің кейбірін сол қалпында келтірмекпін. «Дүкенде ме, әлде аптекада ма — қайда сақталғаны белгісіз. Бір жәшік бос шыны. Бомбы түскенде бәрі де балқып, бір-біріне жабысып қалыпты.
...Балқып кеткен қоңыраулы сағаттар, қол сағаттар, солдат құтылары.
...Бомба түскен жерден алынған магма сияқты балқыған тастар.
...Балқып балшыққа айналып кеткен теміржол рельстері, мылтықтар, автоматтар. ...Күйіп жатқан үйлердің тасынан да домна пешіндегі металдай қызыл күрең шоқ шашырап жатады екен. ...Бомба дүмпуінен жүріп келе жатқан жерінде рельске көлденең тұрып қалған трамвай вагондары. ... Екінші мүсінде денесінің жартысы күйген жиырма жастағы әйел — Тадахи Фунивача бейнеленген... ...Ал нағыз үлбіреген алма мойын, тана көз жиырма жасар ару Асако Хиранаконың кеудесі, екі қолы, екі тізесі құж-құж күйік... ...Жаралылардан шешіліп алынған жалба-жұлба киімдер; жаралылардың жарасын сүрткен мақталар; жара таңған дәкелер». Сол күнгі үш жүз мың градустық от ойранына ұшырағандардан қалған қасіретті жұрнақтардың қайсысын санап тауыса аласың.
Алтыншы август...
Сол бір өртті кім ұмыта алады?
Көзді ашып үлгергенше көшеде
Отыз мың жан күлге айналып құлады.
Күрс-күрс күйреген үйлер астында —
Еңіреген елу мың жанның жылауы...
Сайтандар мінген өңшең сары ат секілді
Сайқымазақ сары жал түтін алаулар
Көкке бір-ақ, секірді...
Балшық боп балқып,
Жанып жатқан қара тас...
Бас пенен тас,
От пенен сүйек,
Қан менен күйе
Ию-қию аралас...
Хиросимам — қиямет шеккен байғұсым,
Көрем деп пе ең осынша жанұяның қайғысын...
Артынша-ақ айқай,
Лап қойған нөпір жалаңаш,
Жолыңда не тұр қарамас,
Біреуі келеді жұлымы шыққан
жалба-жұлба терісін
Қолымен басып жасырып,
Біреулер келеді бөкседе еш лыпа жоқ,
Абыройы ашылып.
Жолдарыңда тас алаңда самсағаны
Мың-сан өлік, мың-сан адам
Тәңірден бақыт аңсаған...
Кешке дейін тажал оты есірді,
Бір үйіктен бір үйікке секірді,
Пақыры іздеп тапты менің үйімді,
Ақыры іздеп тапты менің анамды —
Екеуінің көзін бірдей өшірді,
Екі тілеу бір-ақ сәтте кесілді...
Сол күнді қайтіп ұмыта алам?
«Құтқарыңдар» деп жалбарынған
Жаутаң көздер —
Жанымды шок, боп жаралаған
Сендерді қайтіп ұмыта алам,
Меңіреу тылсым бәріңді жалмап,
Мәңгілік одан оралмай қалған
Сендерді қайтіп ұмыта алам.?!
Бұл өлеңді жазған Санкити Тогэ. Хиросимадағы қиямет-қайымды өз көзімен көріп, өлеңге түсірген үш ақын бар. Тамики Хара 1951 жылы Америка Кореяға соғыс ашқанда наразылық білдіріп, өзін-өзі өлтірді. Санкити Тогэ 1953 жылы өкпе ауруынан өлді. Ал үшеуінен тірі қалған Сиогама Мунотосимен біз Хиросимадан кететін күні Жапония СССР қоғамы активтері ұйымдастырған достық кешінде кездесіп, әңгімелестік. Ол бізге Москвада басылған «Хиросиманың үш ақыны» атты кітапты көрсетті. Бұл үш ақынның үшеуі де осы заманғы жапон поэзиясының жаңашылдары боп саналады. Көбіне көп тұспал суретпен ғана шектелетін жапон поэзиясындағы алғаш рет көзі көріп тұрған шындықты сол қалпында суреттеп, көңілдегі ойын ашып айтқан да осыларды. Қиямет-қайымды өз көзімен көрген ол үшеуіне енді бұл дүниеде тұспалдап сөйлеп, тұмандата сөйлеп, тұмандата бейнелеп, күлбілтелейтіндей ештеңе қалған жоқ-ты.
Әлгі зіл-заланың қысқаша жылнамасы мынадай: 1942 жылдың 2 декабрі. Чикаго университетінің лабораториясында бірінші рет тізбек реакция жасалынды. 1945 жылдың 16 июлі. Нью-Мехико маңындағы шөлейт түзде атом бомбасы алғашқы сынақтан өтті. Сол жылдың 26 июлі. Бомба Мариниани архипелагындағы Тиньяни аралына «Индиана полюс» аталатын авианосецке әкелінді. 1945 жылдың 6 августы. Таңертеңгі сағат екіден қырық бес минут кеткенде бортында атом бомбасы бар екі «В-29» самолеті «Индиана полюс» авианосешнен жапон аралдарына қарай ұшып шықты. Ұшқыштарға қай қаланы бомбалайтындары анық айтылмаған-ды. Бір самолет Нагасакиге жете бергенде қаланы бұлт басып кетті де, плутоний бомба орталыққа түспей шетке ауып түсті. Екінші самолетке команда таңертеңгі сағат сегізден он бес минут өткенде, Хиросима қаласына енді жете бергенде берілді де, ол тастаған уран бомбасы қаланың қақ ортасына дәл түсті, радиусы төрт километрге созылатын дүмпуден ішкі теңіз жағасындағы шағын қала түгел қирады. Жаңа ғана астында жатқан көк жасыл аралдардың қызыл-жасыл от құшағына енгенін ұшқыш өз көзімен көрді. Сол күні түс ауа, сағат үште Америка қарулы күштерінің екі самолеті «әскери тапсырмаларын орындап». «... Дәрігер бір тамшы қан алып, шыны пластинкаға жағып еді, көп ұзамай әлгі қып-қызыл қан әуелі сия көктеніп, сосын күлгін түске еніп жүре берді...» Жапон кинодокументалистері жіті аңғарған осы бір деталь қазір әлемнің қай пұшпағында тұратын кісіні де қатты толғантады. Оған әсіресе жапондардың мықтап тебіренетіні айтпасақ та түсінікті. Алғашқы рет жапонның екі қаласының төбесінен шүйілген тажал қазір күллі әлемнің аспанына шығып алғандай. Киото жапон тарихы мен жапон мәдениеті жайлы ойлатса, Хиросима бұл елдің қазіргі саяси, рухани сауалына айрықша назар аудартады. Екі үлкен материктің — Азия мен Американың ортасындағы шалқыған мұхитта шашыраңқы аралдарға орналасқан бұл ел әлемге ортақ атмосферадан қаншалықты аулақ қала алмайтын болса, жер жүзіндегі саяси ахуалдан да дәл сондай шет қала алмайды. Жапония бір ұлт, мемлекетке біріккен бойда-ақ көрші мемлекеттермен тығыз байланыс орнатты. Сол арқылы ұлттық өнер, ұлттық мәдениет шыңдалды. Сол арқылы ұлттық экономиканың ежелгі дәстүрлері. қалыптасты. Алайда, мемлекет пен мемлекет арасындағы сауда-саттық байланысқа саясат та араласа бастаған тұста бұл елге әлгіндей қарым-қатынастан бой тарта тұруға тура келді. Европалықтар бұл аралдарға алғаш рет XVІ ғасырда бас сұқты. Ағылшын, голланд көпестері оған тек әлгі таңсық оқ-дәрімен ататын қарулар ғана емес ез діндерін де ала келді. Әуелі таңсық бұйымға қызығатын жергілікті халықтың көп ұзамай таңсық қаруға да қызығарын, сосын оларды өзге дінге кешіру де тап онша қиын бола қоймайтынын оған дейін Азия мен Африканың талай елін қол астына қаратқан екі үлкен отаршыл мемлекет әбден жақсы білетін. Олардың тереңде жатқан зымиян есебін Жапония селундарының соңғы әулеті Токугавалар да тым әріден тани өлді. Олар жат жерлік көпестер жапон базарына әлі бой Үйретіп кете қоймай тұрғанда әзге елдермен қарым-қатынасты үзіп үлгерді. Сол арқылы екі ғасыр бойы өзге мемлекеттердің отаршыл саясатының жолын кесті. Олар ұстанған «шетелдік әсерге қарсы күрес», шын мәнінде, өзі мемлекеттер тарапынан болатын саяси-экономикалық қысымға қарсы күрес еді. Ішкі ресурстары жоқтың қасындағы Жапония сияқты ел ұзақ жылдар бойы «жабық есік» саясатымен томаға-тұйық өмір сүре алмасы өз-өзінен түсінікті. Оны император Мейдзи дер кезінде байқады. Ол екі ғасыр бойы әлемдік доктриналардың қай-қайсысынан да бойын аулақ ұстап отырған өз елін енді-енді етек алып келе жатқан халықаралық капиталдың ұзын көшіне апарып ұштастырды. Сол арқылы ел өзінің экономикалық жағдайын біршама түзетіп алды. Алайда, халықаралық капиталдың да өз көздегені бар еді. Ол осы бір «шұғыл өркендеген» мемлекетті өз қоластындағы өзге шығыс мемлекеттерінің аяғына тұсау қып ұстауға, сол арқылы жаңадан бой көтеріп келе жатқан социалистік мемлекеттердің шебіне теңіз арқылы шығатын төте жолды ашып алуға тырысты. Сөйтіп, Жапония халықаралық империализмнің миллитаристік авантюрасына белсене араластырылды. Ол екі дүние жүзілік соғыстың екеуіне де реакцияға жақтасып қатысты. Мұндай авантюраның неге әкеп соғарын жапондар 1945 жылы 6 августта дүние жүзіндегі алғашқы атом бомба өз жеріне кеп түскенде бір-ақ білді. Жарты ғасыр бойы дінге де, идеологияға да, тіпті психологияға да үстемдік еткен соғысқұмар авантюризм ақыры ел естімеген сұмдық апатқа, масқара жеңіліске, экономикалық, саяси, рухани күйзеліске әкеп ұрындырды. Мұның бәрі елде ұзақ уақыт бұқтырылып қойылған демократияшыл күштердің қайта жандануына жағдай жасады. 1946 жылғы қабылданған жаңа Конституция бойынша Жапония соғысты суверендік право ретінде елдер арасындағы шиеленістерді шешетін құрал ретінде мойындаудан бас тартты. Жеті жыл бойына елдің ішкі, сыртқы қауіпсіздігін қорғау одақтас елдер армияларына жүктелді. Оның көпшілігі американ әскерлерінен тұратын. Кореямен соғыста АҚШ Жапониядағы әскерінің көпшілігін майданға алып кетті де, Жапония ішкі қауіпсіздікті қорғайтын әскер ұстау қақысына ие болды. 1951 жылдың сентябрінде Сан-Францискода 48 ел Жапония тәуелсіздігін тану жөніндегі бейбіт келісімге қол қойды. Дәл сол жылы ол АҚШ-пен өзара қауіпсіздік туралы келісім шарт жасасты. Сол арқылы АҚШ Жапония қауіпсіздігің қорғаймыз деген сылтаумен онда әскер, соғыс базаларын ұстауға мүмкіндік алды. Жапония Сыртқы Істер Министрлігінің қоғамдық хабарлар департаменті жариялаған мәліметтер бойынша, 1966 жылдың мартындағы есепте Жапонияның өзін-өзі қорғау әскері деп аталатын қарулы күштерінің жалпы саны 273 123 адамға жеткен. Жаяу әскер 5 армия, 13 дивизиядан тұратын. Соғыс-теңіз күштерінің 260 кораблі мен 240 самолеті, әскери-әуе күштерінің 1 100 осы заманғы самолеттері бар көрінеді. Әрине, бұл Жапония сияқты әскери дәстүрі күшті мемлекет місе тұта қоймайтындай әскер. Алайда, кейбір саясатшылар осы негіздің өзінде-ақ қайта қарулануды жүзеге асыруға болады деп есептейді. Қазір Жапония өнеркәсібінің өркендеуі жағынан капиталистік лагерьде екінші орынға шықты. Өз жерінде бір килограмм да темір рудасы жоқ ел жылына 94 миллион тонна болат қорытады. Сөйтіп, бұл жөнінен дүние жүзінде СССР мен АҚШ-тан кейінгі үшінші орында. Жапонияның машина жасау, электроэнергетика, химия, металлургия, дәл аспаптар жасау өнеркәсібі де алдыңғы қатарда. Жапон экономикасының мұншама жедел дамуын әркім әртүрлі түсіндіреді. Олар негізінен жапон халқының ежелден еңбекқор екенін, екінші дүниежүзілік соғыстың нәтижесінде елдің қарулы күштер ұстауға кететін қыруар шығыннан құтылғанын, Корея соғысы тұсында Американың соғыс заказдары қираған өнеркәсіпті тезірек қалпына келтіруде шешуші ықпал еткенін, тіпті жапон тұрмысының орынсыз ысырап, жөнсіз дүниеқұмарлықтан атымен ада қарапайымдылығын да тілге тиек етеді. Жапония монопольді капитализм тұсындағы ірі-ірі синдикаттар арасындағы бәсекені де шебер пайдалануда. Америка мен Европадағы ірі монополиялардың әлгіндей бәсеке тұсында тез ескіретін патенттерін арзанға сатып алып, қайта жетілдіру арқылы да қыруар табыс табуда. Оның үстіне ғасырлар бойғы феодалдық моральдік институттардың шырмауындағы жапон жұмысшылар дүние жүзіндегі жалақысы ең аз жұмысшы күштерінің бірінен саналады. Әйелдер мен жасөспірімдер еңбегін қанау жөнінен де Жапония капиталистік дүниеде алдына жан салмайды. Не де болса, Жапония экономикасының санаулы жылдар ішінде қайтадан алға шыққаны, соңғы он сегіз жыл бойына ылғи Үдемелі қарқынмен өркендеп келе жатқаны кім-кімге де аян. Бізбен сөйлескен жапондықтардың көпшілігі өз елі тарихындағы қасіретті беттермен қоса «қара» беттерді де жасырмай дүние жүзі саяси әлеміндегі өзгерістерді де жақсы біледі. Олар өткен соғыстың нәтижесін жақсы түсінетін сияқты. 1956 жылдан бері қарай Советтер Одағымен қарым-қатынастың түзеле бастағанына үлкен мән береді. КПСС Орталық Комитетінің Бас секретары Л. И. Брежнев жолдас СССР-дің құрылғанына 50 жыл толуына арналған салтанатты мәжілісте жасаған баяндамасында 1973 жылы аса маңызды совет-жапон келіссөздері жүргізілетінін, онда екінші дүниежүзілік соғыс салдарынан туған даулы мәселелерді реттеп, екі ел арасында бейбіт, тату-тәтті қарым-қатынас орнату көзделетінін, егер әлгіндей игі бастама жапон жағынан тиісті қолдау тапқан күнде, СССР-дің ондай бейбіт келісімге әзір екенін мәлімдеді. Өзге мемлекеттермен, әсіресе, көрші мемлекеттермен, қарым-қатынастың Жапония үшін ерекше маңызы бар. Табиғи ресурстарға аса тапшы елдің тез қарқында дамып келе жатқан экономикасын бір қалыпты дамыта беру ең алдымен осы мәселеге тікелей байланысты. Бұған дейін бұл салада басты партнер болып келген АҚШ кейінгі жылдары жиірек «мінез көрсететінді» шығарып жүр. Халықаралық капиталға тән өзара бәсекенің заңы аталмыш екі елдің де арасына киліге бастады. «АҚШ базарын жапон товары басып алды», — дейтін көптен бар. Жапония қазір АҚШ-пен саудадан жылына екі миллиард доллар табыс түсіреді. Алдағы уақытта бұл цифрдің кемімесе көбейе қояр түрі жоқ. Соны байқаған реалист күштер ылғи бір елге бағдар жасау тек саяси тәуелсіздікке қана емес, экономикалық тәуелсіздікке де қысымды күшейте түсетінін аңғара бастағандай. Оның үстіне Америка өкіметінің Жапонияны атом, сутегі қаруларын сақтайтын қоймаға айналдыруға тырысып отырғаны халықтың қабырғасына аяздай батады. Жапон парламентінің күздігүнгі мәжілісінде депутаттар әлгіндей «ажал қоймалары» тек оңтүстік аралдарда ғана емес, тіпті Токионың өз маңынан да исі сезіліп қалып жүргенін ашық айтты. Американың ядролық қаруы Жапонияның тек екі қаласын қиратып қойған жоқ, елдің экономикасында шешуші ықпалы бар теңіз байлығына зардабын тигізуде: онсыз да жерге онша бай емес елдің табиғат аясын бүлдіруде. Атом қаруы зардаптарын өз басынан кешіріп үлгерген жапон халқы бұл мәселеде бейтарап қала алмайды. Күз бойы бүкіл елді Окинавадағы соғыс базаларына қарсы ереуіл толқыны билеп алды. Кейінгі жылдары «қатерлі қарудан» онсыз да запы болып отырған елде аса қауіпті көрші пайда болды. Хиросима мен Нагасакиге тасталған атом бомбаларын жасауға негіз болған құпия зерттеулерге ат салысқан Цянь Сюэ-шэнь, Биккиндегі американың ядролық сынауларына ресми бақылаушы боп қатысқан Чжао Чжун-Яо, гамма және альфа сәулелері мен уранның ядролық ыдырауы жөніндегі зерттеулері үшін 1946 жылы Француз Ғылым академиясының сыйлығын алған Чан Сань-цзянь, қырқыншы жылдары Берлинде ядролық физиканың белгілі маманы Лиза Мейтнерден оқыған Ван Гань-Чжан, инженерлік мамандыққа Францияда, биологияға Бельгияда, соғыс ісіне Европаның тағы бірер елінде оқыған бұрынғы маршал Не Жун-чжэнь сияқты Америка мен Европаның ығай мен сығай ғылыми орталықтарында жұмыс істеген екі жүз қытай физиктері пәлен жылдан бері Такла Макандағы Лобнорда қайта-қайта сынап жатқан «Мао-Цзэ-дунның қағаз жолбарысы» да оларға оңай тиіп отырған жоқ. Оның улы демін терістіктің салқын желі жапон теңіздері мен аралдарына айдап апарып, кесірін тигізуде. Москвадан біз ұшатын 19 ноябрь күні қытайлар ядролық қару жарған екен. Біз барған күні жапон баспасөзі Қытайдың бұл оспадарсыздығына наразылық білдіріп жатты. Термоядролық қарулар заманының осындай қиын-қыстау саяси атмосферасының қыспағындағы халықтың бейбітшілікті шын сүйетініне ешқандай күмән келтіруге болмайды. Бірақ халықтың сол мүддесін ел билеуші саяси күштер жүзеге асыра ала ма, жоқ па — ол өз алдына мәселе... Елдің осындай саяси жағдайы халықтың рухани, мәдени өміріне де өз әсерін тигізуде. «Біздің заманымызда мәдениеттегі локальдық сипат пен интернационалдық сипаттың ара-қатынасының алатын орыны айрықша үлкен», — деді симпозиумда сөйлеген бір жапон өнер зерттеушісі. Сол айтқандай, тек тар ұлттық аямен шектелген мәдениеттің күллі әлемге ықпал ететін рухани құбылыстардан шеткері мешеулеп қалуы да, ал өзге тәжірибелерді, көп елдермен көп мәдениетке ортақ тәжірибені бір жақты қуалап кетке мәдениеттің өз халқына экономика, саясат, тұрмыс арқылы баса көктей беретін жат рухтың оспадарлығына қарсы қоятындай рухани тірек тауып бере алмауы да әбден мүмкін құбылыстар. Сондықтан осы заманғы қай ұлттық мәдениетке де осы екі бастаманың екеуі де емес, екеуінің диалектикалық үйлесімі керек. Әрине, оған анадан жартылай, мынадан жартылай дейтін арифметикалық теңгермешілік жолмен жететін қарабайыр ымыра емес, адамзат цивилизациясындағы прогресс пен регресті, ұлттың мәдени тәжірибесі мен рухани мұқтажын сарапқа салып, нағыз «жоғарғы математикалық талдаудан» өткізіп, елеп-екшегенге шығатын шын мәніндегі терең үйлесім керек. Бұл ретте жапон мәдениетінің тарихынан қызық деректер табуға болады. Жапондардың ұлттық интерьерде де, жазу-сызуда да өнердің қай түрінде де көрші халықтардан үйренгені мәлім. Бірақ ол өзгелерден үйренгенде нені болса да ешқандай өзгертусіз, сол қалпында қабылдай салған жоқ. Бәрін де өздерінің ұлттық тәжірибелерінің елегінен өткізіп, артығының бәрін сылып, кемісін толықтырып «жапондандырды». Жапон кухнясы қытай кухнясынан көп үйренсе де, оның не жеп отырғаныңды байқатпайтын сиқыр «дәрі-дәрмектерінің» ешбірін қабылдаған жоқ, өйткені көбіне-көп теңіз шөбі мен теңіз жәндіктерінен тұратын жапон тағамына солардың бойындағы табиғи түз бен табиғи қышқылдар да жеткілікті еді. Жапон фарфоры мен фаянсы — қытай керамика өнерінің шәкірті бірақ табиғи пішіні мен табиғи өнді пір тұтатын жапон шеберлері қытай бұйымдарындағы «артық» әлекей-күлекейден аулақ бола білді. Олар қытай иероглификасын «әсіресе әдеміліктен» арылтып, тұспал мағынаны неғұрлым қарапайымырақ бейнелейтін өз иероглификасын жасады. Тіпті олар дін екеш дінді де — конфуцийшілдік пен буддизмді де өздерінше редакциялап алып, тұтынды. Мұндай тенденцияны қазіргі жапон өмірінен де анық байқауға болады. Ол әсіресе қоғамдық орындар эстетикасы мен этикасынан анық көзге түседі. Жапон қалаларындағы қоғамдық орындарды таза жапон стилінде деу де, таза европалық стилде деу де қиын. Алайда, ондағы кейбір элементтер өзге елдердегі Европа стиліндегі қоғамдық орындарда атымен кездеспейді. Сондықтан бұлар келе-келе жапондардың ежелгі тұрмысында ұшыраспасын, кейінірек қалыптасқан қоғамдық тұрмысының ұлттық стилі болып кірігіп кетуі әбден мүмкін. Мұндай қызық құбылысты тұрмыстық мәдениеттен ғана емес, өнер мен әдебиеттен де аңғаруға болады. Осы заманғы кино мен прозаның барша техникалық, шеберлік мүмкіндіктерін жеріне жете меңгерген және орынды, ұтымды пайдаланатын жапонның қазіргі прогресшіл киносы мен прозасынан ежелгі әдеби дәстүрлерді де молынан табуға болады. Самурайлар туралы халық хикаяларында басты қаһарман тағдыр зомбылығына ұшырап, жай өмірде аса сирек кездесетін не бір төтенше оқиғаларға тап боп, өмірдің әншейінде ойыңа да келмейтін ең терең сырларына қанықпаушы ма еді. Қазіргі жапон прозасы да солай. Акутагава новеллалары мен Абэ, Оэ романдарында да кейіпкерлер күнделікті үйреншікті өмірде кезіге бермейтін, тіпті кезікпейтін елден ерек оқиғаларға душар боп, сол арқылы адам жанынын жеті қат тұңғиықтары егжей-тегжейлі зерттелмей ме? Осы заманғы жапон киносы мен прозасының қапысыз танылған психологиялық көрегендігі де сонда жатыр. Жап-жас жапон киносы мен прозасы өзінен бұрынғы бай тәжірибесі барлардың ығында кетпей, бірден көзге түсетін дербес ерекшелікке, бағзыдан келе жатқандай табиғи ежелгілікке қалай ие болып жүргендігі адам таңқаларлық құбылыс. Алайда, осы заманғы жапон мәдениетінің өзге елдер мәдениеті мен қарым-қатынасы әлгіндей «жапондандыру» арқылы жүзеге асатын бір өңкей үйренуден тұрады екен деп ұғуға тағы болмайды. Жапон экономикасы мен жаппай насихат құралдарыңда өзге ел ықпалы, әсіресе американизм әсері жыл санап ұлғая түскен сайын, мәдениет пен тұрмыста ұлттық дәстүр бірінші планға көтерілген тәрізді. Әсіресе өзге ұлт өкіліне сөзбен аударып беруді қажетсінбейтін, қолмен ұстап, көзбен көретін, құлақпен тыңдайтын музыка, интерьер, архитектура, дизайн, бейнелеу өнері сынды мәдениет салаларында ұлттық дәстүр күшейе түспесе, әлсіремеген. Дүкендерде ұлттық киімдер Европа киімдерінен ең кемінде екі есе қымбат. Европа киімі көшеге, қызметке барғанда киетін жұмыс киімінің қызметін атқарып, той мен салтанатқа барғанда барлық пен байлықты, ізет пен құрметті білдіретін киім ретінде ұлт киімінің финанстық та, моральдік бағасы жоғарылатылған. Мұның бәрі ұлттық эгоизм емес, халықтың жылма-жыл қоғамдық тіршілікте, экономикалық өмірде етек алып бара жатқан жат ықпал, жат рухтың, космополиттік бедерсіздіктің рухани эрозиясынан сақтанған өмірлік мұқтажынан туып отырған заңды құбылыс болып саналады. Алайда, әрбір қауырт есудің тұсында қоғамның тоғышар бөлігінен туындайтын өздерін өзгелерден жоғары қою тенденциясы қазіргі жапон қауымында да ара-тұра ұшыраса қалады, Бүгін бір ұлттың, ертең екінші ұлттың көп ғасырлық мәдени тәжірибесі мен эстетикалық принциптерін қалған ұлттар боп түгел жабылып ортақ модаға айналдырып, оңай қолды қып алу — әлгі ұлттардың мәдениетін де, күллі адамзат цивилизациясы да жұтатпаса, байытпайтын зиянды құбылыс. Ондай оңай ғашық болғыштардың мансұқтай қоюы да оп-оңай. Күні кеше «самурайшылдықты» күллі жапонның ұлттық психологиясына тән, әбден қанға сіңген қатыгездік, қанға сіңген соғысқұмарлық деп жүргендер де соларды. Тоғышарлықтың қашанда идеологиялық қаруы — ұшқарылық. Олар қашанда ондай тон пішіп, өз көкірегіндегі күмәнді өзгелерге де таңуға, сол арқылы жұрттың бәрі мойындайтын «ортақ ақиқатқа» айналдыра қоюға тырысады. Тоғышарлық күрделілікті сүймейді, оның көзіне нәзік нюанс, терең астар түспейді, күрделі шындықтың қатпар-қатпар сыр-сипатын түсінсем деп басын қатырып жатпайды, неге болса да бадырайып, бірден көзге түсетін оңай ен-таңба салуға құмар. Олар өзінен өзге кісіге де, өздерінен өзге халыққа да әлгіндей ойланып-толғануды сүймейтін көкірек көкірегіне алдымен түскен атақты оңай таға салады. Оларға салсаң «пәлен халық шетінен тас сараң», «пәлен халық шетінен қас надан», «пәлен халық шетінен данышпан», «пәлен халық шетінен қанішер» боп шыға келеді. Әлгі бағамыз обал болар-ау деп күмәнданатын олар жоқ, дүниедегі тайыз көкірек ешқашан тани да, таба да алмайтын ұшан-теңіз әр алуандық пен күрделіліктің, адамгершілік пен биік мұраттың сырын ақтарып қайтеді, оларға, әйтеуір, нәрселерді бірін-бірінен оңай ажыратып алуға оңтайлы болса болғаны. Сыртқы тоғышар дүниенің ондай пікірінен әлгі халық, әлгі елге ешқандай келер-кетер болмағанмен, ондай оңай баға, оңай қорытындыны осы елдің өзіңде де бар тоғышар орта бірді қағып ап, иемдене салады. Тоғышар көкіректер қалыптастырған ұшқары түсініктерді өз идеологиясына айналдыра салу арғы-бергідегі экстремистік күштердің қай-қайсысына да кездескен жәйт. Француздарды өзге халықтардан жоғары қою әуелі тоғышар арасына тараған тенденция еді, оны Шовинье «шовинизмнің» теориясына айналдырды, немістердің айрықша ыждаһаты мен айрықша қабілеті туралы пікірді әуелі тоғышарлар тудырып еді, Гитлер сол ұшқарылықтан фашизм идеологиясын жасақтады. Адамзат тарихының қай қабатына зер салсақ та, тоғышарлық қашанда экстремизмнің қолындағы қару болғанын, ал қандай реакция болмасын, әрдайым тоғышарлық психологияға арқа сүйегенін бірден көреміз. Өз мүмкіндіктерін бір жақты, сыңаржақ асыра бағалау тек жеке адамдарды ғана емес, жекелеген ұлттарды да үлкен рухани трагедияға ұрындырып отыратыны баршамызға мәлім. Жапон халқы ондай трагедияны жақында ғана бастан кешті. Оның сабақтарын кейбіреулер ұмытып үлгергенмен, халық ұмытқан жоқ. Жапон өнерін әлгіндей желбуаз қисындар емес, халықтың өз болашағы мен адамзат қоғамы алдындағы өз мерейі, өз беделі мен қоса моральдік парызын да мықтап ойлайтын, оған жаны ашитын үлкен рухани жауапкершілігі өсіреді. Санаулы жылдарға ғана орын алған соғысқұмар желік ұлттың рухани дидарына белгілі бір кезеңде зиянын тигізгенмен, әлде пәлен ғасырлар бойы қалыптасқан демократияшыл, гуманистік дәстүрлерінен біржолата ауытқыта алмады. Сол сияқты қазіргі капитализм заманы өтіп кеткен жапон феодализмі қалыптастырған моральдік институтардың өмірін ұзартып, оны ез пайдасына қызмет еткізгісі келген есебі де барлық уақытта көздеген мақсаттан шыға беріп жүрген жоқ. Бір мектепте әдебиет пәнінің мұғалімі бізбен пікірлескенде, әлгіндей құбылыс жайында; «Кейбіреулер бір кезде, феодализмнің қаймағы шайқалмай тұрған тұста, жапон самурайлары жұрттың миына сіңіріп баққан «тіршілікте ештеңені көксемеу, ештеңені талап етпеу» қағидасын біздің бүгінгі ұрпағымыздың да моральдық бейнесіндегі басты сипатқа айналдырғысы келеді. Олай ету өзіміз әлпештеп өсіріп отырған жас ұрпақтың болашағын өз қолымызбен құрту болып шығар еді», — деп өте дәл айтты. Шынында да өмірден ештеңені талап етпейтін, ештеңені көксемейтін, өз арман, өз мүддесі жоқ адамды қандай саяси авантюраға да оңай араластырып, қандай оқтың астына да оңай жұмсауға болатыны рас. Жапон орта ғасырындағы әскери феодализмнің де көздегені сол болатын. Ондай өңшең тіл алғыш бұқарадан тұратын қоғамды басқаруда оңай, қандай асыра сілтеу, өсіре өктемдік жасасаң да, халыққа қандай зиянды іс істесең де, алдыңды кес-кестеп, қолына жармасатын ешкім жоқ, қандай қисық бұйрық, қырсық қисын шығарсаң да, оны терістікке шығаратын, дау айтатын қоғамдық пікір тағы жоқ. Жапон феодализміне тән мұндай әлеуметтік самарқаулықтан қазіргі қауым, қазіргі ұрпақ әлдеқашан арылған. Қазіргі Жапония ел мен әлемдегі саяси өмірдің әр дірілін қалт жібермей қапысыз сезіп отыратын сергек коғамдық пікір, қоғамдық ойдың елі, әсіресе, жас ұрпақтың саяси белсенділігі арта түскен. Оған биылғы күзде бүкіл елді түгел қамтыған Окинава жөніндегі ереуілдер айқын айғақ бола алады. Қай қалаға, қай көшеге барсаңыз да, мойнына плакат іліп ап, Окинавадағы әскери базаларды құрту туралы үндеуге қол қоюды өтініп тұрған жасөспірім жігіттер мен бір шетіне резинка сағыз жапсырылған демонстрацияға шақырған листовкаларды таратып жүрген жасөспірім қыздарды көресіз. Олардың өмірді көксейтіні кеп, оны іштей армандап қана қоймай, билеуші партиялар мен қоғамдық күштерден жүзеге асыруды талап етеді. Бұрыс бұйрық, теріс үкім шығарып жатса, тізгінге жармасады. Жапония енді солардікі. Біз Токиода өткен симпозиумда осыны аңғардық. Кио-то мен Хиросимадағы кездесулерде де осыны байқадық, Елді аралаған он бес күннің қай-қайсында да соның айқын көріністерін көрдік. Тағы да аэропорт... Тағы да жол. Алыс сапарда жүрген әр жолаушының асыға күтетіні — туған елге қайтатын күн. Ол күнді біз де асыға күттік. Туған ел мен туған жердің қадірін шетте білесің. Жаңа танысқан достарыңның елің жайлы қойған әр сұрағы да, өзге өмірдің өзіңе етене өмірмен сәйкес келетін әрбір болмашы ұқсастығы да, тіпті бірден көрер көзге мен мұндалап тұратын атымен кереғар айырмашылығы да, бізге қыс түскенде өзге елдің әлі қызуы қайтпаған күні де, әлі құлпырып тұрған гүлі де, жапондар жақсы көретін кішкене шарлар ұсынып, мойныңа асылатын қарақат көз бүлдіршін балалар да — жүрегіңе күннен-күнге қордалана түскен туған елге деген сағынышыңды онан сайын өршітіп кетеді. Бірақ өзге топырақта өткізген санаулы күндерің де із-түзсіз жоғалмайды. Қонақ өз қадірін бөтен үй, бөтен елдің қалай қарсы алғанынан білмейді, қалай шығарып салғанынан біледі. Бізді шығарып салуға аэропортқа көп достар келді. Бұл жолы баяғыдай сыпайы күлкі, сызылған ізет жоқ, бір-бірімізден қымсынбай құшырлана қол қысысып, қоштастық.
Қош болыңдар, достар! Қош бол, бала арқалаған әйел! Қош бол, Жапония! Менің жолжазбамнан орын таппаған Нико баулары мен сарқырама сулары, көрерге көз керек көркем ғимараттары мен кісіге үйірсек хайуанаты — сендер де аман болыңдар.., Ішкі теңіздің қақ ортасында көк бұйра жотадағы жер пейіші — Миядзима аралы, сен де есен тұр... Тұмсығына қарасаң, аузын ашып айдаһар жүзіп келе жатқандай көрінетін, сүп-сүйкімді қызғылт кемелер, сендер де сау тұрыңдар... Әрбір достық дастарханының алдында меймандардың қысылып-қымтырылмауын, өз үйіндей көріп, көңілді отыруларын, соңында сөге-жамандамауды, аз отырғанмен көп сыйласқан достарды ұмытпауды, еске алып жүруді өтініп, дәстүрлі ән айтатын бүлдіршін қыздар — сендер де бақытты болыңдар... Қыз демекші... Ән демекші... Қоштасу кезінде ғана қосылып ән салған екі қыз... Әндерін қандай тамаша еді...
Тырау-тырау тырналар,
Сендер ұшып, біз қалдық...
Егер тілмаш дәл аударып, әділ жеткізген болса, сендер айтқан ән осындай еді ғой... Сендер де аман болыңдар... Тек жастық шақтарыңда ғана емес, өмірбақи осы ақ жайран қалыптарыңыздан танбаңыздар.
Тырау-тырау тырналар...
Мен жапон топырағын алғаш басқанымда самолеттерге салынған тырнаның суретін көріп едім, ол құстың бұл елде қаншама қадірлі екенін кейін білдім. Мен де міне тырналар қайтатын кезде келіппін. Менің мұнда өткізген он бес күнім де әлі сартап тарта қоймаған өмірімнің көк шалғын нуынан пыр-пыр ұшып, көкке көтерілген он бес тырна секілді. Олар қайтадан қонбағанмен, мені біржола тастап та кетпей, көңілімнің зеңгір аспанында шырқ айналып, ұзақ ұшып жүрмекші...
Көз алдымнан кете көрмеңдер, тырау-тырау тырналар!
ҰЙҚЫДАҒЫ АРУДЫҢ ОЯНУЫ
Бір өлкенің бүгініне, өткеніне және келешегіне саяхат
Будь прост, как ветер,
Неистощим как море,
И памятью насыщен как земля.
Максимилиан Волошин.
Төңірегім тола жазу. Міне, мына біреуі — қатыгез қашаудың аузынан туралып түскен сына жазу. Өткендегі қарбаластардың кейінгі ұмытшақ санаға самсай атылған сары жебелері. Анталап-анталап андыздап тұр. Сұстылығы сонша, тіпті сұқтана қарай да алмайсың. Жанарыңды жасқап жолатпайды. Сен оны емес, ол сені оқып тұрғандай. Қысылып-қымтырылып бітесің. Оның парағы — күллі кеңістік. Ал, әлгі ақ шаңқан, көк мұнар, қара қоңыр таулар, сеңгір-сеңгір шыңдар, қатпар-қатпар құздар, жапырайған жар қабақтар мен аяқ асты алда төмпектер — сол параққа оқтай атылып барып орнай қалған әріптер. Осынау алып парақтың үстінен төніп тұрған сиқыр қаламның иесі — күллі табиғаттың өзі. Ондағы жазу жердің өзінің дүмпу күшімен жазылғандай. Мұндай сөйлемдер жердің жеті қабат тереңінен басталып, алты қат аспанның әлдебір тұңғиығында аяқталатындай. Кеңістік дәптерінде сына жазулардан басқалары да жетерлік-ті. Ал мына біреу... баяғы таутайлақтар мен қапсағайлардың, тарпаңдар мен құландардың, кейінгі боз інгендер мен аруаналардың, арғымақтар мен тұлпарлардың қатқылға қадап басқан іздеріндей таға жазулар. Жойқын жорықтар мен ақ дүлей аласапырандардың ясылнамасы. Сұқтанған сайын қызыға түсесің. Қызыққан сайын шошына түсесің. Шошынған сайын тәубаға келесің. Жағаңды ұстап, жан-жағыңа жалтақтай қарайсың. Қарасаң тағы да сол ирек-ирек жазулар. Оңнан солға қарай, солдан онға қарай созылып жатқан шұбырынды жазулар. Оның сүресіне түссең, ауылдың іргесінен өрбіп, әлдеқайда ала қашқан дала сүрлеуіндей тым шығанға сілтейді. Осынау көл-көсір жазулардың шертер шежіресін тыңдауға да орасан зор төзім керек. Өйткені, ол ғасыр мен ғасырдың, оқиға мен оқиғаның, бір ғажап пен екінші ғажаптың басын қосып, көкірек-санаңды қайтадан мынау шытырман дүниенің өзіне айналдырып жібереді. Оны оқып көз алдында жоқ, көзтасаны көресің. Көзтасаны көріп, жан-жағыңнан анталап тұрған күнделікті күйбеңді, маңай толы мігірсіз қозғалысты, кәдімгі өзің мен өз төңірегіңді ұғасың. Анау ақ шағылдардың бауырындағы, дәлірек айтсақ, сауырындағы көп шимай, көп ирек ежелгі бір ғұламаның қырық қайтара жөндеп, қырық қайтара көшіріп жазған қолжазбасындай. Уақыт оны осында әкеп, сен көріп, сен оқысын деп текшелеп жиып кеткендей. Ал, мына бір қара жондағы шартараптан қосылып, шар тарапқа шашырап жатқан егіз шумақтай қос аяқ жолдар түн бойы сарғая қалам тістелеп, таң алдында қалғып кеткен ақынның әлі аяқталмаған өлеңіндей... Күллі кеңістіктің өзі, түптеп келгенде, бір кітап. Бір мұқабасы — мынау қап-қалың қара жер де, екінші беті — сонау көз жетпес зеңгір көк. Осынау ұлан-асыр кітапты да оқуға болады екен. Оны мен баяғы бала кезімде. Жә.... Әңгіме басынан болсын. Сол күні анам мені сары ала таңнан оятты. Әйтеуір, әлдебір жаққа жүріп келем. Басып келе жатқаның құмақ екенін білем. Шөп басының шық екенін білем. Жүріп келем, қалғып келем. — Балам, көзіңді ашсаңшы, — дейді анам. Аштым. Анадайда әлдене ағараңдайды. Терістіктен тағаша иіліп қоршап жатқан ақ тау. Аппақ-ау, аппақ! Ол кезде біздер алтыннан да ардақты көретін шақпақ қанттай ақ. Баурайлары тіп-тік құлама шың. Тек біз тұрған түс қана сәл түйетайлыланып барып, қайтадан шыңға айналады. Сол түйетайлы көзден түсіп жатқан қасқа жол дәл мен тұрған қара тепсеңге кеп тіреліпті. Қара тепсеңнің қақ ортасында жалғыз құдық. Ақ бор тастан қаланған аласа әйкел. Қазір кәрі кісінің тісіндей сарғыш тартқан. Дәл сондай ақ бор тастаң ойылған ұзынша астау. Ештеңеге түсіне алмай маңайға көз жүгіртем. Ту сыртымда, құбыла бетте — дөңкиген-дөңкиген құба шағылдар. Шағылдың етегі жүзген, құрақ, бидайық ұйлыға өскен қалың жықпыл. Қалың жықпылдың ортасындағы оймақтай тепсеңде жалғыз құдық. Тепсеңнің терістік жағы дыңылдаған сор. Сордан әрі шың. Шыңнан әрі мөлдіреген көкжиек.
Аңтарылып анама қараймын.
— Ұмытпайтын боп жаттап ал!
— Жаттайтындай несі бар? Шың, сор, тепсең, шағыл... Анам құдықтан батысқа қарай, шамамен, екі жүз қадамдай тоқтады да, тағы да:
— Әбден, қарап ал! — деді.
Қарадым. Сол баяғы шым тепсең. Көзге ұрып тұрған ештеңе жоқ. Не дерімді білмей, бедірейген жерге тағы қараймын. Мен тұрған жер былайғы жерден қатқылдау ма қалай? Бозаңдау ма қалай? Әне, әне бір жер де бозарытады. Әне, әне, әне... Оймақ жараның орнындай бес-алты дөңгелек теңбіл жатыр. Дөңгелек теңбілдердің әр қайсысының алдында жермен-жексен шұқырдың орны мен бірер тас қылаңытады. Сөйтсем, мен дәл сол арада туыппын. Мен тұрған жер мен туғанда біздің үйдің тігілген орны екен. Көйлегімді шешіп, жеті рет аунап тұрдым. Енді мен бұл араны өмір бақи ұмытпайтын көрінем. Енді мен бұл араны көзімді байлап қойса да, табатын көрінем. Енді тағдыр мені кең дүниенің қай қиырына айдаса да, бұл араға тапжылтпай тауып келе алатын көрінем. Енді мен туған ата-анамды қандай жақсы көрсем, жұмыр жердің осы бір пұшпағын да сондай жақсы көретін көрінем. Өйткені, ол маған өмір сыйлапты, мынау кең дүниені түгел сыйлапты.
Сөйтсем, ол жылы мен жетіге келген екем.
Сөйтсем, мен сол күннен бастап аяғымның астындағы мыңқ етпейтін қара нардай мығым жерге зер сала қарайтынды шығарыппын.
Зер сала қараған сайын қара жердің жұмбағы көбейе түседі.
Сол жұмбақты шешуге бола ма екен, сірә?
Ширақ қимылдап, ширақ сөйлейтін жалтыр бас, тапалтақ, қапсағай қария қолындағы ұзын сапты балғаны сермеп қалып еді, кесе көлденең жатқан қара сұр тас шыны секілді быт-шыт шашырай сынды. Бір сынығын жерден көтеріп ап, маған ұсынды.
— Кәне, тіліңе тигізіп көрші.
Тіліме тигізіп көрдім.
— Не байқадың?
— Байқай қоятындай пәлендей дәмі жоқ.
Шал қалтасынан кішкене шыны құтыны алды. Тығынын ашып, қолындағы тасқа бірдеңе тамызды. Қара тас былқ еткен жоқ.
— Бұл — құм тас.
Шаңқай түсте аңғар қара сайдың көлеңкесін паналап, шатқал түбіне бойлап барамыз. Аяғымыздың астында жылымшы бұлақ жылтылдайды. Су бойына ұйлыға өскен қалың нарпоздың шайыр иісі аңқиды. Жалтыр бас қария сайдың екі бетіндегі жақпар тастардан көз айырмайды. Ұзын сап балға тағы сермелді. Бұл жолы ұшырасқан әлгіден гөрі сәл бозғылт тас быт-шыт шашырап тік сынбай, мүжіліп көлбеу сынды.
— Мә, мынаны әуелі иіскеп көр.
— Бір түрлі күлімсі исі бар сияқты.
— Енді тіліңе тигізіп көрші.
— Кебіртік дәмі бар ма, қалай...
Қария құтысының тығынын ағытты. Жұмбақ тамшы әлгі тасқа тамбай жатып, қыж-қыж қайнай жөнелді.
— Міне, бұл известняк, әк тас.
Жалтыр бас қарияның қолындағы балғаға да, аузына да тыным жоқ. Кенет қол қапталынан әлгіден гөрі сәл өзгешелеу тағы бір тасты тауып алды да, сөйлей жөнелді. Оның он ауыз қазақшасына, ауыл мектебінің төрт класын жаңа бітірген менің бес ауыз орысшам қосылып, талай нәрсенің басын қайырып келеміз. Шыны құтыдағы сірке қышқылы болды. Жаңағы қыж-қыж қайнай жөнелген тас бұл өлкені миллиондаған жылдар бұрын теп-тегіс су басып жатқан кезде өмір сүрген жан-жануарлардың қалдықтарынан жаратылыпты, Өзіміз күнде қозы қайырып келетін төбешіктер мен қыраттардағы ақ тас, қара тас, сұр тастардың аттары-ақ көп екен. Күн көзіне шағылысып, жалтырап жататын беті жылтыр, іші бор кебір тас — гипс; қабат-қабат боп қатпарланын сынатын жентек тас — сланец; күн көзіне ұстасаң, сан құбылып тұратын бұрыш-бұрыш қап-қатты су тас — кварц; өз-өзінен тоттанып жататын құж-құж қоңыр тас — темір тас, бір жері көк жасыл, сап-сары боп сан құбылып жалтылдап көрінетін қоңыр көк тас — мыс тас, Қасымдағы қария соның бәрін жеті атасының атындай жатқа соғып келеді. Алдыма түсіп ап, сабы сала құлаш сүйір балғасын сермеп-сермеп қойып сөйлеп келеді. Аяғының астындағы кез-келген тасты жерден көтеріп ап, басын шайқап, әлденеге таңғалып келеді. Ал, мен болсам, оның өзіне, білмейтіні жоқ сұңғылалығына таңғалып келем. Білетін кісі жердің астындағыны да білетініне көзім жетіп, қайран қап келем. Балажан ақ көңіл шал Иван Иванович бес күн бойы мені қасынан тастаған жоқ. Шығыс Қаратаудағы Байкісі, Барыс, Шағала, Сарқауақ, Бескемпір, Көкбұлақ, Жезді маңындағы сай-салаға тығылған геолог шатырларына бірге кіріп, жал-жалдың басында отыратын қойшы ауылдардан айранды бірге іштік. Аузындағы айранның жұғынын сүртіп тастайды да, сөйлеп береді. Бірақ, мен оның сөзінің біріне түсінсем де, біріне түсінбеймін.
Сонда қара жердің де құпиясын білетін сұңғыла қария маған не деді екен? «Егер жер шарындағы шөл атаулының барлық түрін, жалаңаш құзар шың қара тауларды, жапан түздің не ақ шағаладай ағараңдап, не батар күннің нарт қызыл нұрындай жалқынданып, алыстан көз арбап тұратын көркем мұнаралары мен алдырмас қорғандары бар «сиқыр тас шаһарларын», құм шағылдар төккен әшекейлерді, сорлардың сан-сапат түрлерін, шыңдар мен құзарттардың теңдесі жоқ не керемет үлгілерін өз көзіңізбен көргіңіз келсе, тастай боп дыңылдап жататын айдын тақырларды өз аяғыңызбен басқыңыз келсе, бояулардың не ғажайып сесі мен реңкін, ағын сулар аямай шимайлаған ою-өрнектерді, құба түзде құландай жортқан жебір желдің қолынан не келетінін, шөлдің тағы басқа талай ғаламаттарын қызықтағыңыз келсе — Маңғыстаудан артық жерді бәрібір таба алмайсыз. Шөл табиғатының алуан-алуан құбылыстарының бәр-бәрі осы бір асыл қазына жиған алтын сандықтай аядай өлкеден түгел ұшырасады. Алтын сандықтағы қыруар байлыққа әлі ешкімнің қолы тиген жоқ. Уақыты келгенде, ит арқасы қиян Маңғыстау пайдалы қазбаларды өндіру мен өңдеудің аса ірі орталығына айналып шыға келеді... Бұл өлке ұйықтап жатқан арудай өзінің оянар сәтін күтуде».
Айтудай-ақ айтқан емес пе?
СССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, СССР Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, география ғылымдарының докторы Б. А. Федорович өзінің 1954 жылы шыққан «Шөл дидары» атты кітабында осылай деп жазған-ды. Баяғыда, 1951 жылы тау үстінде елсізде екеуден-екеу келе жатқанда Қазақ ССР Ғылым академиясының президенті Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың тапсырмасымен Маңғыстау қазба байлықтарын зерттеп жүрген геологиялық экспедицияның жұмысымен танысуға келген академик Иван Иванович Боктың маған айтқаны да осы тақілеттес әңгіме болса керек. Ауыл мектебінің төртінші класын бітірген мен ол кезде үлкен ғалымның айтқанына түгел түсінгем жоқ, бірақ біздің өлкені мақтап тұрғанына түсіндім. Туған жерді мақтаған әңгіме де өзің жақсы көретін ғазиз жанды мақтаған әңгімедей құлағыңа ерекше жағымды естілетінін сонда ұқтым. Содан бері ширек ғасыр уақыт өтіпті. Ол екі ортада асыл қазына жиған алтын сандықтың қақпағы айқара ашылды. Ұйқыдағы ару оянды.
Ол, шынында да, айтса айтқандай, ауыз ашып, көз жұматындай екен! Маңғыстаудың игерілуі атақты тың эпопеясымен тұстас келді. Бұл жайында КПСС Орталық Комитетінің Бас секретары, СССР Жоғарғы Советі Президиумының Председателі Л. И. Брежнев жолдас «Тың» кітабында: «Тың жер Қазақстанның өндіргіш күштерін дамытуға, оның экономикасын, ғылымын, мәдениетін өсіруге қуатты серпін берді. Аса ірі өнеркәсіп тораптары пайда болды, жаңадан тоқсан қала, соның ішінде бүкіл елімізге әйгілі Рудный, Екібастұз, Ермак, Кентау, Арқалық, Шевченко бой түзеді. Республика көмір мен мұнай, шойын мен болат, түсті металдар өндіріп, минералдық тыңайтқыштар, ең жаңа станоктар, машиналар, тракторлар шығарады. Бір кездерде мешеу қалған Қазақстанда тапшаң нейтрондармен жұмыс істейтін реактордың іске қосылғаны да енді ешкімді таңдандыра алмайды. Туысқан республикалар шоғырында қазір Қазақстан жұлдызы бұрынғыдан да жайнап, жарқырай түсті», — деп жазған-ды. Сөйтіп, Қазақстан жұлдызын аспандата көтерген алыптардың бірі — Маңғыстау XX ғасыр кереметтерінің ұлы санатына қосылды. Қазақстан көрмесін көрген канадалықтар пікір кітабына «Байқоңыр. Әуезов. Маңғыстау!» деген үш ауыз сөз жазыпты. Ол бұрынғы шет аймақтың бүгінгі шырқап өскеніне қайран қалған сүйініш сезімі еді. Үш заңғар биік. Біреуі ғылыми ойдың біреуі рухани мәдениетіміздің, біреуі адам жасампаздығының асқар биігі.
Төңірегің түгел тұнып тұрған керемет.
Төңірегің түгел тұнып тұрған хикая.
Төңірегің тола ғажайып дастан!
Осынау шалғай өлкеге сапарға шыққан, қадірлі оқушым, екеумізге бұдан артық не керек!
Тек келісіп алайық. Керек тастың ауырлығы жоқ деген.
Саяхатшы қай заманда да басы артық ауыз судан, басы артық әсерден, басы артық мағлұматтан қашпаған. Сондықтанда ол жол-жөнекей бұлтарыс жолдардан да аттап өтпей, әдейі бұрылып отырған. Ендеше, оқушы дос, жиһанкездердің сол ежелгі дәстүрін екеуміз бұзып қайтеміз. Осынау көл-көсір өлкенің көл-көсір шежіресін мүмкіндігінше толығырақ тыңдап бағайық. Тек осынау керемет әлемнің құшағына енер алтын қақпаны қапелімде таба алмай аңтарылып қалатының бар. Мен де, міне, даңқы жер жарған туған өлкем айтар көл-көсір хикаяның тиегін қайтып ағытарымды білмей, тоқырап келем. Жалтақтап жан-жағыма қараймын. Туған өңірім менің сол қиналысымды сезгендей. Анау ақар-шақар шындар да, мынау ирек-ирек жолдар да әлдене деп ымдайтындай. Бәрі маған қосылып, сөйлеп кеткісі кеп тұрғандай. Шіркін, жерден ғұлама, жерден шешен кім бар дейсің. Тек оның әжім-әжім дидарына байыппен үңіліп, көзіңе түскеннің көңілінде оятар сырын жіті аңғара алсаң болғаны. Ол өзінің жайын өзі-ақ айтып береді. Терістік қапталда — жер бауырлаған жатаған қара тау. Түстік қапталда — мұхит төсіндегі айсбергтер сияқтанып, ақ шаңқан шындар тұр. Алдымызда — кейде қыз баланың тұлымшағындай тарам-тарам шашырап, кейде жал-жалдың сілемдерінен жамырай қосылып, ұлы сүрлеу құрайтын айдау қара жол жатыр. Жолдың екі бетіндегі қоңырлықта осы аймақтағы барша тіршілік сілемінің иелері — иір мойын нарлар мен алмас өркеш атандар жайылып жүр. Солардың маң-маң жүрісінен жаралған ұлы сүрлеу біресе текетіресіп, сүзісе кимелеп, біресе кейін шегінісіп кетіп, қапталдасып қалмай келе жатқан ақ шындар мен қара тау шоқыларының тас қыспағынан әзер-әзер құтылып иек артқан көлденең құмақ жалдың аты — Жоласқан.
ЖОЛАСҚАН
Маңғыстау сонадайдан тозаңытқан...
Жүрегін талай елдің қобалжытқан...
(Халық жырынан)
Маңғыстау – Хорезм шетіндегі
алдырмас қамал.
Ол Хорезмнің, Саксиннің және
Орыстар елінің ортасында.
Жақұт «Китаб Муджаам»
В вихре рыданий и с тонов
Слышится песенка вечная.
Максемилиан Волошин.
Бір жақ мүйісінен ақсиып жол шығып жатқан құмақ жалдың күн батыс бетіндегі көлдеу ойға дұрыстап зер салған кісі Маңғыстау шертер хикаяның кілтін тапқандай болар еді. Түстікте бөгелектеп тұрған қос ақбоздай екі ақ тұмсық тау маңдай сүзістіре қапты. Оларды терістіктен кимелеп, түксиген-түксиген қара жоталар қарауытады. Одан да бой асырып, ту-ту алыстан ақ желкен көтеріп келе жатқан алып кемелердей боп, ақ шаңқан шындар жарқырайды. Сосын қайтадан қайқы шоқылы Қаратау сілемдері жалғасады. Осынау ақ пен қара айқұшақ қауып жатқан көп шың, көп жота додаға түскендей, ентелесе қапты. Араларында көп тұяқтың астында қалған әлдекімнің ауып түскен терлігіндей боп кішкентай ғана ойпаң жатыр. Сол құрдым ой күс-күс алақанға да ұқсайтын сияқты. Ондағы шимай сызықтарға қарап, осы өлкенің өткенінің Қандай болғанына, келешегінің қандай болатынына бал ашуға болатын тәрізді. Әне, анау көк мұнарда көлкіп жатқан дариядай жалтылдап көрінетін — шоссе; оны кесіп өтіп жатқан теміржол...
Бүгінгі үрдіс қимылдың, шұғыл байланыс, алыс сапарлардың арнасы. Солардың бойындағы жоғарғы кернеулі бағандар мең шақырымдық белгілер — өлкенің жарқын болашағының айқара ашылғалы тұрған алтын қақпалары. Ерсілі-қарсылы жөңкіліс. Жалтылдаған жолаушы вагондары, мұнай тиелген цистерналар, құрылыс материалдары тиелген жүк вагондары, техника тиелген платформалар, автобустар, мотоциклдер, жеңіл машиналар, жүк машиналары, бұрғышылар машиналары, геофизиктер машиналары, көтергіш крандар, бензин таситын машиналар, цемент таситын машиналар, ұн таситын машиналар, су таситын машиналар, сүт таситын машиналар...
Машиналар, машиналар...
Бүгінгі Маңғыстауды машиналарсыз, будақ-будақ шаңдар мен бұрқыраған бензин иісінсіз көзге елестету еш мүмкін емес. Соларға қарап тұрып, ойыңа бір күлкілі әңгіме түседі. Осы араның тұрғындары жоғалған малын қарап жүрсе де, белдерінен оқшантайын, қолдарынан көк найзасын тастамайды екен. Бірде әкелі-балалы екі батыр бес қаруын асынып, жоғалған жылқысын қарап, бір қырға шыға келсе, анадайда құйыннан да озып бара жатқан бұрын-соңды кезікпеген бірдеңені көреді. Шайтан болса, үркітіп жіберейік, адам болса, тоқтатып жөн сұрайық деген екеу, астарындағы көк мойнақтарға қамшы басып, соңынан салып береді. Құйыннан озған құбыжық жеткізер емес. Өз шаңымен өзі ойнап құйғытып барады. Әрі айқайлайды, бері айқайлайды. Артына қайырылып қарайтын емес. Алыстан арбаңдап көрінген аяқтары жақындағанда доңғалақ сияқтанып кетеді. Арба дейін десе алдында жетегі жоқ. Оның шайтан екеніне енді көзі әбден жеткен әкелі-балалы қорамсаққа қол салады. Атып келеді, атып келеді. Тоқтайтын құбыжық жоқ. Бір қара жалдың бауырына жақындағанда әлгі құбыжықтың артқы жағынан бірдеңе қызарғандай болады. Сонда кейін қалыңқырап келе жатқан әкесі алдыңдағы баласы оғын текке атып, таусып ала ма деп:
— Абат, Абат, шамалап ат, зорыққан білем, құйрығы қызарад! — деп айқайлапты дейді.
Сөйтсе, аңғал батырлардың шайтан деп қуып жүргендері машина боп шығыпты. Осы бір аңыз біраз жайдан хабар береді. Көп уақытқа дейін өнер-білімнен қағажу қалып келген шет аймақтың халқы қашан да соныға әуес. Әуес кісі күлегеш келетін әдеті. Өзі жартымсыз бірдеңе білсе, одан да бейхабар екінші біреуге қолын шошайтып, әбден мәз болады. Әлгі аңыз да, шамасы бұл өлкеден гөрі бензин иісін бұрынырақ иіскеген өңірлердің бірінде туған болса керек. Енді, міне, мына жөңкіліп бара жатқан көп машинаның көбінің рулінде сол баяғы Абаттың ұрпақтары. Оларды жолдарынан бөгемей, біз мынау ерсілі-қарсылы машиналар шұбырған трассадан сәл аулақ тұрып, жер бедеріне зер салайықшы. Қазіргі автомобиль жолдарының бір қапталында жарыса жүгірген оқ жыландардай шұбыртпа сүрлеулерді көресіз. Көпшілігі біраздан бері тұяқ тимей, шөп арасынан тіптен көрінбей қалуға айналыпты. Осындай шұбыртпа жол мынау көлдеу ойға бес тараптан келіп қосылады. Оны шырқ айналдыра қоршап тұрған бес қолат, бес қапының бесеуінен де өзен ағып келмейді, осындай бес шұбырынды жол келеді. Баяғы бала кезімізде мынау ұлан-асыр кеңістіктің әлдебір қиырына барып сіңіп жоғалып жатқан сол жолдарға қызыға қараушы ек. Үлкендер бізге сол бес тармақ жолды енді бір көштік жердегі елді мекеннің атымен «Жармышқа баратын жол», «Ақмышқа баратын жол», «Тұщыбекке баратын жол», «Ондының жолы», «Шақырғанның жолы» деп түсіндіретін. Әлгі аталған елді мекендер атты кісіге бір шалап ішім ғана жерде тұрса да, біз мынау жан-жаққа тармақ-тармақ шашырап жатқан жолдар дүниенің төрт бұрышына түгел тарап кеткендей көретінбіз,
Сөйтсек, біз қателеспеппіз.
Осы заманның ұлы магистральдері сол бір көне соқпақтарды біржола өшіре алмапты, қайта ез бетімен тартпай, солардың сілемдерін қуып кетеді. Өйткені, тау жоталарынан, батпақтардан, құм шағылдар мен ойдым сорлардан лаждап өтетін өткелдер солардың бойында; қақаған қаңтарда қалқа қылар ықтасындар солардың бойында; қақтаған шілдеде бас жасырар саяжайлар солардың бойында; ауыз су мен отын солардың бойыңда... Ендеше, мынау ұшы-қиырсыз өлкенің өткен тіршілігінің негізді арнасы да — солар. Бұл өлкеге көзі қанталап шапқан басқыншы жау солардың бойымен келген. Олардан кек қайтарып қайтқан ерлер солардың бойымен оралған. Мынау сұлу қыздың бұрымындай білем-білем көне сүрлеулер талай көзді талдырған, талай жүректі жандырған.
Бұл өлкенің бүкіл тарихы — солардың бойында.
Әр ғасырларда әртүрлі мақсатпен әр тараптан сапар шеккен жүргіншілердің шұбырынды іздерінен түскен осынау шимай сызықтардың білмейтіні жоқ,
Ендеше, бұл өлке тілінің тиегін ағытар кілт те — осы жолдар.
Олар сөйлесе не дер еді...
Жол атасы — тұяқ... Тұяқты арқалаған төрт сирақ қашан да екі аяқтың тақымында. Төрт аяқтыға тақым салған екі аяқты беталды құла дүзге қаңғи бермейді. Қаңғыса да, мақсатсыз «қаңғымайды».
Маңғыстаудың жерінің шөл екені рас. Бірақ, ол беталды құла дүз емес... Бір сәт картаға үңіліңізші... Батысында — Каспий; шығысында — Арал; терістігі — Жем; түстігі — Қарабұғаз... Енді «Жоласқанның» күн батыс бетіндегі шұқыр ойдан тарайтын бес сүрлеуді бойлап көрейікші. Қоңыр бұйрат тау сілемдерін етектеп терістікке бұлтарған екі жолдың біреуі Бозашыны басып өтіп, Каспийге тірелді, екіншісі Үстірт асып, Жемге тірелді; түстік жақтағы екі ақ шыңның арасындағы Шақырғанның қапысына төтелеп тартқан жол Қарабұғазға тіреледі; ал құмақ жалдан асып жатқан қасқа жол қайқайып отырып, Аралдан бір-ақ шығады. Бәлкім, олар көршілес жатқан әлгі төрт географиялық шекарамен ғана шектелетін шығар? Жолдардың алғашқы сұлбасы, осыншама шұбырынды іздің әуелде қандай мақсаттан түскенін анықтауымыз керек. Күні кешеге дейін біз Маңғыстауды көшпенділер жайлаған құба шел деп санап келдік. Құба шөлді жайлаған көшпендінің кеңістіктегі қимылының ең басты түрі — көші-қон. Жарайды, көшпенді жаз жайылыс іздеп, өрісі бар, суаты бар Жем бойына барсын, қыс ықтасыны мол қара жұртына қайта оралсын... Ал, өз жерінен де қуаң, өз жерінен де шел, өз жерінен де жайдақ Қарабұғазға қандай жайылыс, қандай қоныс, қандай суат іздеп бармақшы?! Демек, бұл шым-шытырық сүрлеулер көші-қоннан түспегенге ұқсайды. Оның үстіне, олар қыстақ пен жайлаудың, өріс пен суаттың арасымен шектеліп жатқан жоқ.
Каспий.... Каспийдің арғы жағы — Кавказ бен Еділ бойы.
Арал... Аралдың түстігі — Хорезм, ар жағы — Орта Азия мемлекеттері, Қытай мен Монғолия.
Қарабұғаз... Одан әрі — Таяу Шығыс...
Жем... Жем бойы Балқан мен Тарим бассейні арасындағы ызғындай көшпенділердің ешқашан толас тауып көрмеген ұлы жөңкілістерінің жолында. Байқайсыздар ма, жол шіркін өлке мен өлкені ғана байланыстырып қоймай, ғасыр мен ғасырды, ұрпақ пен ұрпақты да жалғастырып жатады екен! Ол өзі өшіп кетпей тұрып, үстімен өткен сан ғасыр, сан халықтың, сан мыңдаған жүргіншілердің көргендері мен көңілге түйгендерін де ұмыттырмайтын болса керек. Қашанда көрқұлақ бейхабарлықтан хабардарлыққа, бір үйде бірге түнеп шықпағандардың бәріне едірейе қарайтын үркектіктен үйірсектікке, қала мен қаланы, қазан мен қазанды араластырып, жаңа әсер, жаңа мағлұматқа бастайтын аяғы ұзын, аузы жеңіл жол жарықтықтың бізге шертер хикаясы да аз емес, Сөйтсе, алыс сапар шыққандардың іздері тек құба жондар айдын тақырларға ғана емес, ақ қағаздарға да түседі екен. Олар осы күнге дейін тек Үстірттің үсті мен Маңғыстаудың ойында ғана емес, талай-талай кітап қоймаларында да сайрап жатыпты... Сөйтсе, әлгі көлдеу ойдан тарайтын жолдардың бармайтын жері, баспайтын тауы жоқ көрінеді. Жоласқаннан асатын қасқа жол заманында Аралға тіреліп, Хорезмге құлап қана қоймапты, одан әрі Бұхара, Самарқанд асып, тіпті сонау Қарақорым мен Ханбалыққа (Пекинге) дейін созылып жатыпты. Біреуі Бозашыға тартып, теңіз жағалап, екіншісі Қаратауды теріскей қапталдап, үстірт үстінде қайтадан табысатын егіз жол бағзы Ноғай жолына барып қосылады. Бір шеті Жем мен Жайықтан өтіп, Еділді бойлап Қазанға, одан Мәскеуге асатын, екінші шеті Үстірт үстімен Шығысқа тартып, шыңнан құлай екі айырылып, біреуі Аралды терістігінен айналып, Сығанақ пен Отырар, Тараз бен Баласағұн арқылы Жетісуға құлайтын, екіншісі Үргеніш — Хиуа - Бұқара - Самарқанд - Шаш - Отырар - Жетісу арқылы Қарақорым мен Ханбалық жолына қосылатын «Ноғай жолы» Европа мен Азияның арасында ат құрғатпаған нағыз трансконтинентальдық қатынас жолы болыпты. Шақырғанның қапысына сүңгіп кеткен түстік жолының да талай шалғайды шарлаған түрі бар. Ол әуелі Қарабұғаз, сосын Балқан асады. Одан бір сілемі Фирюза арқылы Иранға, одан Иракқа өтеді де, одан әрі Парсы шығанағын жағалап отырып, Мәдине мен Меккеге жетеді; екінші сілемі Копет-Дагты бөктерлеп, Серахс арқылы Ауғанстанға, одан Индияға асады. Шартараптың жолы тоғысқан осындай өлкенің өзге жұрттардың назарына ілікпей, қалтарыс жата беруі мүмкін бе еді? Әлгі көп шимай сүрлеу жоқ қараған жолаушы мен жоғалған түйенің ізінен түспесе керек. Тағы да картаға жүгінейік... Мынау ұлан-асыр кең даланың қиыр-қиырында, шашырап жүрген көшпенділерге малдың жарғағынан басқа киім, сүтінен басқа тағам керек болмап па? Өзен бойында орналасқан отырықшы қалалардың кәсіпқорларына шикізат — ет пен май, тері мен жүн керек емес пе екен? Оған сөз бар ма! Ендеше, қала мен даланың арасына із түсе ме? Түседі. Оны кім түсіреді? Сауда. Терістік елдерінің асыл терілері мен мамығы күнгей елдерінің сәнқой әйелдерін қызықтырмады ма екен? Қызықтырды. Күнгейдің жеміс-миуасына теріскей жұрты тамсанбады ма екен? Тамсанды.
Шығыстың жібегі мен алтынына Батыс сұқтанбады ма екен? Сұқтанды.
Батыстың шикізаты мен қару-жарағына Шығыс көз сүзбеді ме екен? Әлбетте!
Ендеше, сол екі жақтың осынша зәру іңкәрі бір-біріне жол таппақшы ғой? Әрине!
Ол жолды сонда кім салады?
Қазір жер бетінде ізі жоғалып, не темір рельстер мен асфальт шосселерге, әуе мен теңіз жүйелеріне айналып кеткен байланыс сілемдерінің қай-қайсысының да түп-төркіні сонау ежелгі дүниенің экономикалық мүдделерінде жатыр. Көшпенділерді мыңғырған отарлары мен көкалалы үйірлеріне өріс пен суат іздеуге мәжбүр ететін де — сол экономикалық мүлде. Отырықшыларға өз бұйымдарын өткізетін жаңа базарлар мен жаңа сатып алушылар іздететін де — сол экономикалық мүлде. Оларға жаңа өріс пен жаңа базар жолында өзгенің жеріне қол салдырып, басқыншылық соғыс аштыратын да — сол экономикалық мүлде. Оларға бір-бірімен татулық іздестіріп, бітімге әкелетін де — сол экономикалық мүлде. Сондықтан да осы кезге дейін сұлбасы жоғалмай жатқан олардың бойымен жер қайысқан түмендер де еткен, қаздай тізіліп, керуендер де өткен. Түптеп келгенде, ежелгі жолдар – ежелгі замандар саяси өмірінің жүрек дүрсілінің мәңгілікке жазылып қалған кардиограммасы. Адамзат әу бастан-ақ өз экономикалық мүддесін қанағаттандырудың мейлінше жетілген, мейлінше тиімді жолдарына ұмтылған. Ондай жол — соғыс емес, сауда. Соғыс өз экономикалық мүддесін өзгелердің экономикалық мүддесінен жоғары қоятын саяси авантюраның шектен шыққан көрінісі болса, сауда өз экономикалық мүддесін өзгелердің экономикалық мүдделерімен ұштастыра шешетін адамзат саяси өміріндегі жарасымды қарым-қатынастың бір түрі. Ол күні кешеге дейін ел мен ел арасындағы жарастықты байланыстың басты түрі боп келді.
Ендеше ежелгі жолдарды көпке дейін өшірмей келген құдіретті күш не?
Тағы да сол... сауда...
Құрлық пен судағы барша жолдың алғаш сілемін салған – саудагерлер. Колумб пен Магелланды жер шарын шыр айналдырып, сергелдеңге түсіріп жүрген де — сауда. Ендеше, мынау Маңғыстау мен Үстірттің үстінде бір кезде тек құландар ғана жортқан құба жондарда мың сан түйелі керуендерді әрлі-берлі жөңкілтіп жүрген де — сол сауда. Бүгінгі бізге де жөн сілтеп жатқан мынау кене жолдар – заманында төрт тараптың базарын жалғастырып жатқан қара құрым керуендердің іздері. Ежелгі Шығыс өміріндегі керуеннің алатын орнын осы заманда ештеңемен теңестіруге болмайды. Оған көзімізді жеткізу үшін ежелгі керуендерді кере қалған кәрі құлақтарды тыңдайың. Олардың бірі — баяғыда иығына жалба тон жамылып, қолына аса ұстап, беліне жауырын байлап, дәруіш боп талай керуеннің соңына ерген, тіпті біз әңгіме етіп отырған аймақта да ізі қалған атақты венгер саяхатшысы Герман Вамбери. Талайды көрген тарланбоз жиһанкез керуенді айтқанда аузын ашып, көзін жұмады. Оған айтқызсаңыз, ол керуенді сағым шалған далада жылжып көшіп келе жатқан көл-көсір шаһарға ұқсатады. Қақ ортада — ел мен елдің арасындағы бітімшілік пен сауда-саттықты жолға қоюға жұмсалған дуалы ауыз елшілердің ақ шатыр балдахандары. Оларды шырқ айнала қоршаған — сан алуан бұйым артқан пілдер мен түйелердің ала шұбар тізбегі. Қақ маңдайда, қос қапталда, көш соңында — қазына толы керуенді қызғыштай қорыған қарулы жасақ. Ұлы дүрмекке жақындауға көк найзалы нояндардан жасқанып, жолдың екі қапталында шоғыр-шоғыр ірметілген ат мінген, есек мінген, қодас мінген жүдеу бас жүргіншілер — өз беттерімен сапарға шығуға жол торыған қарақшылардан қорқып, жасаулы да жасақты керуеннің ығына тығылған ауыл арасы жүргіншілері мен бейсауат бақсы-құшынаштар. Елден елге, қаладан қалаға өткен сайын, онсыз да қара құрым керуеннің қарасы одан бетер ұлғая түседі. Кейде тіпті ондағы көліктің саны әлденеше мыңға жетеді. «Саудагер ол кезде, әдетте, шығыстан шығып, батысқа қарай жол шегетін. Пайдаға шаш-етектен қарқ болсам деген күпті көңіл оны қайдағы бір ит арқасы қиянға айдап апаратын-ды; дәндеген сайын, жолға шықсам, бөтен ел, бөтен жұрт көрсем деп әрдайым әлеңкідей жаланар да отырарды. Барып келгесін базарда жаңа бұйым жайып тұрып, дүйім жұрттың алдында не көріп, не естігенін айтып, білмейтіні жоқ сұңғыла, ештеңеден тайсалмайтын жүрек жұтқан батыр боп көрініп, беделін бір көтеріп тастарды. Жол, шынында да, саудагердің көзін ашады. Олар бірте-бірте жүрген жерлеріне мәдени жетістіктердің жемісін шашқан нағыз құтаяқ қызырларға айналады. Мұсылман дүниесінде жарыққа шыққан география ғылымы, ең алдымен, осы саудагерлерге қарыздар. Жапан түзде құр құлақ отырған жұртқа жаһаннамның жаңалығын жеткізетін де солар. Олардың аузы жүйрік, көзі көреген. Мемлекет басшыларының басқа елдің жай-жапсарын көбірек білгісі келсе, керуен шығарып, саудагерлерді елшілікке жұмсайтындары да сондықтан», — деп академик В. Гордлевский айтқандай, ежелгі керуендер бір елден бір елге тек асыл бұйым, қымбат қазына тасып қана қоймай, бөтен елдің тарихы мен географиясы, экономикасы мен саяси жағдайы туралы құнды мәліметтер
де жеткізіп отырған.
Ендеше, әлгіндей жер қайысқан ұлы дүрмектің ішінде атағы жер жарған әйгілі ғалымдар да келе жатар-ды. Осыдан дәл он ғасыр бұрын, 922 жылы керуен тартып Бағдаттан шығып, Серахс арқылы Үргенішке жетіп, одан Үстірт, Сам арқылы Жемге, Жайыққа, Еділ бойына араб саяхатшысы ибн Фадлан өткенді. Одан бір ғасыр бұрын осы шым-шытырық жолдардың бірімен Хазарияға жіберілген елшілік құрамында турандық ұлы ғалым Әл-Хорезми өзінің «Әл-китаб Сурат ал-Ард» («Жаһан көріністері») атты географиялық еңбегін жазуға келе жатты. Жол-жөнекей төңірегіне көз салып, көрген-білгенін қағазға түсірген жалғыз ибн Фадлан болмаған сияқты. Батыс пен Шығыстың көне тарихшыларын Маңғыстау атын қанық етіп жүргендер де сол атамзаманғы қасқа жолдың бойымен әрлі-берлі өткен әр алуан керуендерді. Индустриялық өнеркәсіпке дейінгі қоғамдық формациялардың қай-қайсысының тұсында да ел мен елдің арасындағы байланыстың ең негізгі түрі сауда болды; ұлы теңіз жолдары ашылғанға дейін құрлықтағы керуен жолдары жер шарындағы тіршіліктің бірден-бір күретамыры боп табылатын-ды. Өйткені, бөгде елдерге ешқандай ісі түспейтін, өзін-өзі барлық жағынан да қамтамасыз ете алатын мемлекет дүние жүзінде осы кезге дейін болып көрген емес. Ал, индустриялық өнеркәсіп дамығанға дейінгі қоғамдық формациялардың қай-қайсысының тұсында да елдердің өзара экономикалық кіріптарлығы қазіргіден әлдеқайда күшті болды. Климат жағдайына тікелей тәуелді ежелгі мемлекеттер басқаны былай қойғанда, өзіне керекті азық-түлікті де өзгеден сұрауға мәжбүр еді. Мұндай жағдайда, жердің шалғайлығына, жолдың ұзақтығына, қатынас техникасының жетілмегендігіне, халықаралық саяси жағдайлардың құбылмалығына қарамастан, дүние жүзінің ең қиыр түкпірлерінің арасындағы ерсілі-қарсылы байланыс ешқашан тоқтап көрген емес. Батыс шонжарлары шығыстың жібегін киіп сыланса, шығыстың саудагерлері батыс алтынын қалтаға басып бақты. Ол замандарда тек хан базарлы шаһарлар ғана емес, сауда жолы өтетін, керуен тоқтап, жүк сақтайтын бекеттері, өткелдері бар жерлер де ерекше маңызға ие болды. Оғын грек, араб шапқыншылығынан кейін Жерорта теңізі елдері мен Қытай, Таяу Шығыс пен Қытай сауда жолының, монғол шапқыншылығынан кейін Алтын Орда — Қарақорым сауда жолының бойында тұрып, алтын мен жібексіз-ақ атақтарын шығарған Сығанақ, Сауран, Отырар, Тараз, Талас, Баласағұн айғақ. Қазақстан территориясы арқылы өтетін жолдар ежелгі дүниенің экономикалық қан айналымында үлкең роль атқарды. Оған Қазақстан археологтарының соңғы ғылыми зерттеулерінің нәтижесі жеткілікті айғақ бола алады. Олар тапқан археологиялық ескерткіштер Сібір, Қазақстан, Орал мен Еділ өңірі, Орта Азия елдері арасындағы қарым-қатынастың сонау сақ дәуірінен бастап толас таппағанын көрсетіп отыр. (Алматыда 1976 жылы орыс тілінде басылып шыққан «Қазақстанның өткені туралы археологиялық деректер» атты кітаптағы К. Ақышевтің «Сақ дәуірінің жаңа көркем қола бұйымдары» мақаласы мен Л. Б. Ерзаковичтің 1970 жылы орыс тілінде басылған «Қазақстанның көне мәдениеті ізімен» атты кітабындағы «Алтын Орда қалалары мәдениетіндегі Оңтүстік Қазақстан мәдениетінің жұрнақтары» мақаласын қараңыз). Ендеше бір жағында Орта Азия, Шығыс Түркістан, Қытай, Үнді, Иран цивилизациялары мен Азиядағы индоевропалық мәдениеттің ежелгі орталығы Тарим бассейні, екінші жағында сонау ежелгі грек мемлекеттері заманынан ірі сауда орталықтары Қара теңіз, Кавказ және қаулап өсіп келе жатқан Еділ бойы мемлекеттерінің арасында ұрымтал тұста жатқан Маңғыстау мен Үстірт ежелгі дүниенің экономикалық қан айналысынан қайтып тысқары қала алады?!.. Ежелгі Византия мен Таврида, Кавказ бен Хазария, Еділ Булгариясы мен Орыс мемлекеті Хорезммен, Орта Азиямен, Қытаймен, Индиямен, Таяу Шығыс елдерімен үзбей сауда жасап тұрғаны тарихтан белгілі. Одан беріде Алтын Орда мен монғолдар астанасы Қарақорымның арасында ат құрғап көрген жоқ. Сонда шығыс пен батыс арасында бағзыдан бері саябыр тауып көрмеген осынша қатынастың су жолының да, құрғақтағы жолдардың да өтінде тұрған Маңғыстауға атымен соқпай өтуі мүмкін бе еді? Шығыс тарихшысы әл-Истарихидің 930 — 933 жылдар шамасында жазылған «Китаб месалик әл-мемалик» атты кітабында мұсылман елдері мен Хазарлар елі арасындағы сауда жолы өтетін Каспий теңізі маңындағы бірден-бір үлкен елді мекен Сиях-Кук ( парсы тілінде «Қаратау» деген сөз, парсы географиялық, тарихи әдебиеттерінің бәрінде де Маңғыстау түбегі осылай аталады. — Ә. К.) түбегі екенін, онда бұлақтар, ағаш, ну шалғын өскен оазистер барын, сол араға жуырда түрік тайпаларының бірі кеп қоныс тепкенін, олардың желге ығып кетіп, апатқа ұшыраған сауда кемелерін тонап кәсіп ететінін айтады. Ал, одан екі ғасыр кейін өмір сүрген тарихшы Мұхаммед ибн Наджиб Бекран Хорезмшах Текешке арнаған «Джехан-намә» кітабында Маңғыстауды жайлайтын түріктердің өз ханы бар екенін жазады. Текештің әкесі Атсыз Маңғыстауды Хорезмге бағындырды. Тарихшы Ибн әл-Асир (1160-1234) «Ал камил фи-парих» кітабында Атсыз сол жорығында Маңғышлақ деген қамалды алды деп көрсетеді. XІІІ ғасырдың бас шамасында қайтыс болған парсы тарихшысы Якут Маңғышлақ — Хорезмнің ең батыс шекарасындағы, Орыс мемлекеті, Саксин және Хорезм аралығындағы мықты бекініс қамал деп мәлімдейді. Бұған Атсыздың Маңғыстау жорығы тұсында Мерв билеушісі Санжардың мұсылман дүниесінің ең терістік шебіндегі бекіністерге қол салдың, өз мұсылмандарыңды өзің қырдың дейтін наразылығы мен сол тұста Хорезмде тұрған араб ақынының Атсызды бас имей, тізе бүкпей қойған маңғыстаулықтардың төбесіне жай ойнаттың деп жазған мақтау дастанын5 қоссақ, аталмыш жорық өз тұсындағы саяси өмірде елеулі құбылыс, атышулы оқиға болғанын аңғарамыз. Академик В. В. Бартольд кейін осы деректерге сүйене отырып, Маңғыстау маңызды сауда пунктіне XІІ ғасырдан бастап айналған деген қорытынды жасайды. Ал, белгілі шығыс зерттеушісі археолог П. С. Савельев «Маңғыстау түбегінің көне мұралары» деген мақаласында Маңғыстаудың бір кезде Хорезм мен Итиль арасындағы маңызды пункт болғанын, Маңғыстауда сол дәуірдің ескерткіштері тас қамалдар мен сарайлардың ұзақ уақытқа дейін сақталып келгендігін айғақтайды. Өткен ғасырдың қырқыншы жылдары Маңғыстауда топографиялық жұмыстар жүргізген М. И. Иванин де әлгіндей көне қалалардың жұрнағын өз көзімен көрдім дейді. Шығыс тарихшысы Масуди «Китаб әт-Тәбиғ» деген еңбегінде әр алуан бұйымдар тиелген үлкен-үлкен Хорезм кемелерінің Еділді бойлап, Итильге дейін жүзіп баратынын мәлімдейді. Ендеше, Маңғыстаудың маңызды сауда жолына айналуы XІІ ғасырдан әріректе жатқан болды. Өйткені, Хазария астанасы Дағыстаннан Итильге VІІІ ғасырда, 764 жылы хорезмдік қолбасшы Рас-Тархан (Ас-Тархан) бастаған хазар әскері Тбилисиді алғаннан кейін ауысқанды. Ал сол тұста қалыптасқан Хазар-Хорезм одағына Маңғыстау өлкесі де кірген-ді. Ол тұста Хазария — Евразия саяси өмірінде аса зор маңыз атқарған іргелі мемлекет-тұғын. Ол Византиямен, Араб Халифатымен, Орта Азия елдерімен сауда жасап тұрды. Хазария ықпалы Еділ бойына, Дон даласына, Терістік Кавказға түгел тарады. Бірақ, VІІІ ғасырдың аяқ тұсынан бастап Хазарияның саяси, экономикалық ықпалы әлсірей бастады.Оған 790 жылы Хазарияның ең соңғы пұтқа табынушы қағаны қайтыс болған соң, оның таққа отырған ұлы Обадияның Иудей дінін қабылдағаны шешуші әсер етті. Шығыс Кавказ, Қырым, Ирандағы еврейлер енді Хазарияға ағыла бастады. Олар үшін Хазар қалаларында синагога ашылып, халық арасында Мишна, Талмуд, еврей дінінің барша 24 киелі кітабы кеңінен насихатталды. Обадия бұл арқылы көршілес Византия империясы мен Араб Халифатының және өз еліндегі пұтқа табынушылықтың діни ықпалынан құтылып, қол астындағы шашыраңқы мемлекеттің жаңа идеологиялық негізде басын біріктіруді көздеді. Бірақ, жаңа дін елді біріктірмейді, қайта халық арасында алауыздық туғызды. Қаған бастаған Итиль ақсүйектері кірген иудей дінін шет аймақтағы ақсүйектер қабылдамай қойды. Ел ішінде бүлік шықты. Қырым іргесін бөліп, Византия қол астына қарап кетті. Қағанат жеріне шығыстан көшпелі венгер, печенег ордалары килікті. Арабтар венгерлерді баджгард — башқұрттар деп атады. Олар Күнгей Оралдан шығып, Қара теңіздің теріскей жағалауына мекен тепті. Хазар қағанына риза болмағандар енді венгерлердің арасына барып сіңетін болды. Венгерлер мен Хазария арасында кикілжің туды. Сол екі ортада Терістік Хазария печенег тайпаларынан зомбылық көрді. Олар да Бір кезде венгерлер өткен жолмен Хазарияға баса көктей бастады. Хазарлар огүздермен одақтасып, печенегтерді атамекенінен қуып шықты. Қоныссыз қалған печенегтер еркектері жорыққа аттанып, елде қатын-балалары ғана қалған венгерлердің Византия мен Дунай болгарларының арасындағы ұлан байтақ қонысын тартып алды. Венгерлер X ғасырдың басында қазіргі отырған территориясына барып ірге тепті. Бірақ, Хазарияның жағдайы бәрібір жақсара қоймады. Оларға бір жағынан Каспий мен Қара теңізге шығуды көздеген орыстар, екінші жағынан жаңа өріске ұмтылған огүздер қысым көрсете бастады. Святослав огүздермен одақ жасасты. Мұндай қиын-қыстау жағдайда Хазария қағаны Хорезмнен көмек сұрауға мәжбүр болды. Көне Шығыс тарихшысы ибн Мискавейх пен ибн әл-Әсір көшпелі түрік тайпаларының шапқыншылығына ұшыраған Хазария Хорезмге елші жібергенін жазса, ибн Хаукал ол елшілік Маңғыстау түбегінен келіп шықты деп көрсетеді.1 Ол кездегі орыс шежірешісі: «6473 (965) жылы Святослав хазарларға жорыққа аттанды. Хазарлар оны естіп, Қаған бастаған әскер шығарып, шайқасқа түсті. Шайқаста Святослав хазарларды жеңіп, Белая Вежа деген қалаларын алды, ястар мен касогтарды да жеңіліске ұшыратты», — деп жазды. Ол жорық туралы ибн Хаукал: «Орыстар бәрін қиратып бақты, Итиль өзені бойындағы хазарларға, болгарларға, бұртастарға жататын елдердің иелігіндегі нәрселердің бәрін талан-таражға сап, тартып алды. Орыстар елді жайлап алған соң, Итиль жұрты баспана іздеп, Баб-ал-Абваб аралына барып бекінді, кейбіреулері қорыққандықтан Сиях-Кук (Маңғыстау түбегі) аралына барып мекендеді», — дейді. Демек, X ғасырда орыс-оғуз одағы Хазарияға қарсы соғыс ашқан тұста да Маңғыстау — Хазар — Хорезм одағындағы өлке. X ғасырдың 70-жылдарында хазарлар Игильге қайтып оралады. Мукалдесидің айтуынша, «Хазар (Итиль) қаласының тұрғындары бұл кезде иудилер емес, мұсылман болып алған еді». Көмек сұрай келген хазарлардан Хорезм мұсылман дініне өтуді талап етті; қара халықты былай қойғанда, Қағанның өзі мұсылман дінін қабылдауға мәжбүр болды. Бұл жылдардағы Хазар — Хорезм ара қатынасында Маңғыстау маңызды қызмет атқарды. Көрнекті совет археологы С. П. Толстовтың «Ежелгі Хорезм цивилизациясы ізімен» атты кітабының 229-бетінде берілген «VІІІ ғасырдың орта шеніндегі Хазар-Хорезм метрополиясының орталықтары» деген картада Итиль — Үргеніш керуен жолы Маңғыстаудағы Қарағантүп түбегінің үстімен өтетіндігі көрсетілген»1. Мұның бәрі Маңғыстаудың, Б. В. Бартольд айтқандай, X ғасырға дейін сауда жолынан тысқары жатпағанын, қайта сонау VІІІ ғасырдың езінде маңызды сауда пункті болғандығын айғақтайды. С. П. Толстовтың Хорезм өлкесіндегі археологиялық зерттеулерінің нәтижесінде, ежелгі Қаңға (Хорезм ерте кезде Каспийден Тянь-Шаньға дейін созылып жатқан Канғой (Қаңға) мемлекетінің қол астына қараған) мәдениеті сонау біздің заманымызға дейінгі ІV ғасырдан біздің заманымыздың І ғасырына дейінгі екі аралықта Қаратеңіз жағалауындағы елдерге де елеулі ықпал еткені айқындалып отыр. Маңғыстау ол тұстағы мәдени, сауда байланыстарынан да шеткері қалмапты. Бұл пікірді кейінгі жылдарғы зерттеулер де құптайды. Тарих ғылымдарының кандидаты А. Н. Зелинскийдің жасаған схемасы бойынша «Ұлы Жібек жолының» далалық тармағы біздің дәуіріміздің бірінші ғасырында Маңғыстау арқылы өтіп жатқан. Ал, белгілі тарихшы Л. Н. Гумилев Каспий теңізі деңгейінің ауытқуларын зерттей отырып, ІІ — ІІІ ғасырдан ІX ғасырға дейінгі аралықта Жайық өзенінің суы мен Еділ өзенінің суынан құралатын көлшіктер бір-бірімен қосылмай екі бөлек жатқан; аралары кішкене ғана бұғаз арқылы байланысып тұрған; ол тұста шығыс керуендері Хорезм, Маңғыстау арқылы қазіргі Бозашы түбегінің тұсындағы әлгі кішкене бұғаздан өтіп, Еділ бойына көтерілетін болған; ол жол кейін Каспий теңізінің деңгейі көтеріліп, бұрынғы екі көлшік бірігіп кеткен тұста су астында қалған деген болжам айтады. Мұның бәрі Маңғыстау арқылы өтетін сауда жолының ежелден белгілі жол екендігін байқатады. Бірақ оның аталмыш аймақтағы елдердің экономикалық қарым-қатынасына жасаған ықпалы әрдайым бір қалыпта болмаған; белгілі бір тұстарда ол ең басты магистралға айналса, екінші бір тұстарда ондай шешуші ықпалынан айырылып қап отырған. Оның себептері Орта Азияға Кавказ, Еділ бойы мемлекеттерінің саяси «ауа райындағы» өзгерістермен тығыз байланысты еді. Ежелгі мемлекеттердің арасындағы соғыстың не үшін шығатынын бәріміз білеміз. Алдымен, алтын үшін... Демек, сауда орталықтары мен сауда жолдары үшін. Тіпті көшпелі тайпалардың өздері де тек өріс үшін ғана жанжалдасып қоймай, өзі ендіретін шикізаттарды отырықшылармен айырбас жасап тұратын базарлар үшін шайқасатын. Күні кешегі жоңғар қалмақтарының қазақтармен соғысуының бір себебі де қытай рыногінен қол үзіп қалған соң, Орта Азия базарларына шығатын жолды ез қолында ұстау еді. Көне ғасырдағы халықаралық жағдайда жеңімпаз мемлекеттер сауда жолдарына өз үстемдігін орнатып, кейде оны ездеріне тиімді жаңа бағыттарға бұрып әкетіп те отырған. Оған әйгілі «Жібек жолының» тағдыры айқын мысал бола алады. Оның арнасы, Орта Азиядағы саяси ахуалға байланысты қырық құбылған. Біресе Памирдің құз-қиялы шыңдарына тырмысып жатса, екінші бір ғасырда, атымен тауға соқпай, көл-көсір далалармен ғана өтіпті. Шығыс пен Батыс арасындағы ең ежелгі жол да — Памирге соқпай, терістіктен орағытып өтетін дала жолы. Оңтүстік орыс далаларын Орталық Азиямен байланыстырып жатқан бұл жол көне замандарда «Скиф жолы» деп аталыпты. Геродот жазған грек саяхатшысы Аристей, біздің заманымызға дейінгі VІ ғасырдағы Қара теңіз жағалауындағы грек колонияларынан шығып, Батыс Сібір, Алтай, Тарим бассейніне беттеген әйгілі сапарына осы көне скиф жолының бойымен барып қайтқан-ды. Алайда, біздің заманымызға дейінгі ІІІ-ІІ ғасырлар тұсында дала аймағындағы қатынас жолдарын өз қолында ұстаған скифтерден билік кетіп, аталмыш жолдың дәурені өтті. Жаңа дәуірдің VІ — VІІ ғасырларында тарих сахнасында Қара теңіз бен Қытай қорғандары арасындағы көл-көсір далаларды қайта біріктірген ежелгі түрік тайпалары шыққанша қаңырап бос жатты. Ал, Памир тауларында Қушан мәдениеті құлпырып өскен біздің дәуірімізге дейінгі ІІ-І ғасырларда «Жібек жолы» түйелі керуендердің жүрісіне жайлы жазықтарды тастап, қайдағы бір құздарға өрмеледі. Қушан империясы күйреп еді, ол қайтадан жазыққа түсіп, Орта және Орталық Азия далаларымен өтті, Оған жаңа дәуірдің бірінші ғасырында Қытай жібегінің бағасы түсіп, Согданың өз жібегін шығара бастағаны да аз ықпал етпесе керек. Ежелгі заман керуен жолдары кешкен мұндай құбылмалы дәурен көне Маңғыстау жолдарының тағдырын да сан алуан күйге ұшыратыпты. В. В. Бартольд айтқан XІІ ғасыр Маңғыстаудың Азия мен Европа арасындағы сауда сахнасында көрінуінің басы емес, ол арқылы өтетін жолдардың маңызы әлгіндей бір айырықша көтерілген түс еді. Оған дейін Хазар — Хорезм саудасы, кейін Булгар — Хорезм саудасы тұсында ерекше маңызға ие болған Маңғыстаудың XІІ ғасырда қадірі тіптен асты. Ол тұста Еділ бойы саяси өмірінде жас орыс мемлекеттерінің ықпалы арта бастады. Хорезм бұл жаңа жағдайда аталмыш аймақтағы шешуші ықпалынан айырылып қалғысы келмеді. Хорезмшах Атсыз 1152 жылы Шығыс Европа мен Азия сауда қатынасында маңызды қызмет атқаратын Маңғыстау мен Үстіртте әлсіреп бара жатқан өз ықпалын қайтадан қалпына келтіру үшін жорыққа аттанды. Хорезм өз ықпалын тек Маңғыстау, Үстіртпен ғана шектемей, Еділ бойына да жүргізбекші еді. Хорезм шахтары X, XІ ғасырларда Үргеніш пен Сарайшық арасына парсылардың ежелгі патша жолдарының үлгісімен бекіністі сауда жолын салдырғанда да, XІІ ғасырда Кутбедин Мухамед ибн Ануштегин шах баласы Атсызды Каспийге баратын екінші жолды нығайту үшін Маңғыстауға жорыққа жұмсап, қамалдар тұрғыздырғанында да көздеген негізгі мақсаты осы еді. Олардың бұл ниетін жүзеге асыруға Азия саяси өміріндегі соны өзгерістер мүмкіндік бермеді. Шартарапқа түгел кезенген Хорезм көп ұзамай өзі шапқыншылыққа ұшырады. Тарим бассейнінде жаңа бой көтерген монғолдардың басшысы Шынгысхан Мұхамедшахқа дос болайық, дүниені екі бөліп ап, екеуміз билейік деп елші жіберді. Жазған хатында шахқа «балам» депті. Онысы «менің вассалымсың» дегені еді. Мұндайға күллі мұсылман жұртының халифі болудан дәмелі Мұхамедшах қайдан көнсін! Елшілерді ордасынан қуып шықты. Көп ұзамай Шыңғысхан уалаятынан келе жатқан керуен Хорезмшахтың қол астындағы Отырар қаласында тонауға ұшырады. Монғолдар Хорезмге қарсы жорыққа аттанды. Шахтың түрікмен әйелінен туған үлкен ұлы Жәлелетдин әкесіне әскер жинап, жауға Амудария жағасында тойтарыс беруді ұсынды. «Тексіз» әйелден туған сүйкімсіз ұлдың ұсынысы қабыл алынбады. Мұхамедшах 1220 жылы монғолдардан қашып, Каспийдің шығыс бетіндегі Әбескүн портына жақын жердегі бір аралда өкпесіне салқын тиіп, қайтыс болды. Кеше ғана дүрілдеп тұрған билеушінің сүйегін арулайтын кебін табылмай, қасындағы нөкерлерінің бірінің көйлегіне оралып жерленді1. Өлер алдында кіші ұлы Озлоқшахты мұрагер қоймақ ойын өзгертіп, тақты үлкен ұлы Жәлелетдинге қалдырады. Ағайынды үшеу жетпіс атты нөкермен Маңғыстауға келеді. Сол арадан қол жинап ап, монғолдарға қарсы күресу үшін Көне Үргенішке аттанады2. Көне Үргеніште сарай төңірегі Жәлелетдинді шах қойғылары келмейді. Жәлелетдин үш жүз қолмен Иран асады. 1221 жылдың көктемінен басталған Жәлелетдин көтерілісі 1231 жылға дейін созылады. Ержүрек батырмен шайқасқа 1221 жылы қара күзде Шыңғысханның өзі шығады. Бар болғаны жеті мыңдай Жәлелетдин қолын монғолдың қалың әскері қоршап алады. Арыстандай арпалысқан көтерілісшілерге біржола құрып кету қаупі туғанда, Жәлелетдин жау қолына түспесін деп барлық қазынаны, әйелдер мен балаларды суға тастауға бұйырады. Жаумен айқаса-айқаса келе астындағы арғымақты жойқын дарияға бір-ақ қарғытады. Өз қолбасшысының бұл ерлігін көрген былайғы көтерілісшілер де өзенге секіреді. Сонда бір қолындағы қалқанмен жауып тұрған оқтан ту сыртын қалқалап, екінші қолындағы туды асқақтата көтеріп, арғы жағаға өтіп бара жатқан Жәлелетдинді көріп, Шыңғысхан жауына қызғана тұрып, сүйсіне қараған деседі. Сөйтіп, аты аңызға айналған Жәлелетдин көтерілісінің де алғаш тамызық алған жері — Маңғыстау. О баста жер бетін шаһар атаулыдан тазартам деп шық қан Шыңғыс ханның ұрпақтары кейін өздері қала салушыларға айналады. Батухан тұсында Алтын Орда мен Ішкі Монғолия арасындағы байланыс аса күшейді. Шыңғысхан мен Мөңкеден кейін күллі монғол тағына отырған Үгедей тұсында (1229 — 1241) монғол империясының о шеті мен бү шетінде жүйелі қатынас жүзеге асырылды. Әрбір 25 — 30 шақырым жерге бекет салынып, бекет сайын жиырма лаушы, тасымалға керек көлік, жолаушыларға азық-түлікке керек ұсақ мал ұсталды; керуендердің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін әскери күштер бөлінді. Үгедей Алтын Орда орталығынан Шағатай ұлысының орталығына дейін жол салуды Батуға тапсырды; Шағатай өз ұлысының орталығынан монғол астанасы Қарақорымға дейін жол салуға тиісті болды. Бір таңғаларлық жай: Үстірт үстімен өтетін Ноғай жолында да, Маңғыстау арқылы өтетін көне Хиуа жолында да 25- 30 шақырым сайын суы ащы болсын, тұщы болсын міндетті түрде құдық кездеседі де, ал 100-150 шақырым сайын тұщы су көзі — бұлақ не құдық — ұшырасып отырады. Шамасы, суаттардың бұлай орналасуы шөл түзде бір күндік жол жүргеннен кейін көлік суарып, ал үш-төрт күн сайын жолға алынатын ауыз суды жаңартып отыруды көздеген есепке құрылса керек. Керуен жолдарының мұндай тәртібін Геродот жазған «патша жолдарынан» ғана кереміз. Археменидтер астанасы Суздан Жерорта теңізіне, Эфеске, дейін созылған аталмыш жолдың үлгісі кейін керуен жолдарының дүниежүзілік үлгісіне айналды. Геродот суреттейтін патша жолында да керуен сарайлар мен қоналқы орындар бір күншілік жерге, яғни жүк артқан түйе 9-сағат жүретіндей қашықтыққа салынатын. Жаулап алған елдерінен көп нәрсені алып үйренген монғолдар қатынас жолының әлгідей жүйесін бір кезде Хорезм шахтары парсы падишалары салдырған жолдардың үлгісі бойынша тәртіпке келтірген Ноғай жолы мен Маңғыстау жолынан көрді ме, әлде аталмыш жолдарды Үгедей жарлығынан кейін қайтадан тәртіпке келтірді ме, ол арасы белгісіз, әйтеуір, Маңғыстау аймағындағы жолдардың бойындағы құдықтардың орналасуы мен Рашид-ад-дин суреттейтін монғолдар салдырған Пекин — Қарақорым қатынас жолының бойындағы бекеттердің орналасуы бір-біріне қатты ұқсайды. Не де болса, Маңғыстау мен Үстірт монғолдар шапқыншылығынан кейін Алтын Орда тұсында қайтадан үлкен маңызға ие болды. Қарақорым мен Ханбалыққа беттеген Алтын Орда керуендері1 Үстірт пен Маңғыстаудың үстімен өтті. Сарай-Беркеден шыққан керуен Үргенішке қырық күнде, ал Сарайшықтан шыққан керуен Үргенішке отыз күнде жетіпті. Сонда бұл сапардың тең жарымы қазіргі Маңғышлақ облысының территориясымен өтеді екен. Ал Сарай-Беркеден Ханбалыққа дейінгі жол 9 айдан астам уақытқа созылыпты. Соған қарамастан XІV ғасырдың басына дейін Алтын Орда мен Ішкі Монғолияның арасындағы байланыс еш үзіліп көрмепті. Оған орыс князьдарының Ярослав Всеволодовичтен (1190-1246) бастап Қарақорымға жарлық алуға баратын сапарлары қосылды. Алтын Орда мен Таяу Шығыс арасындағы сауда да өте күшейді. Күнгей елдері қыпшақ даласының жылқысы мен қаршыға құстарын қатты бағалайтын-ды. Алтын Орда керуендері көлік саны оң мыңға дейін жететін-ді. Қыпшақ даласынан әр керуен Иранға төрт мың жылқыны бір-ақ айдап апарып сатып қайтады екен. Мұндай жағдайда Алтын Орда мемлекеті аса маңызды сауда жолдары өтетін Маңғыстауға айырықша мән беретіні, сірә, түсінікті. Оны әрдайым Жошы әулетінің өкілдері билеп тұрыпты. Бірақ Алтын Орда саудасының мұндай алтын дәурені ұзаққа созылмады. Мөңке хан өлгесін-ақ (1260 жыл) Монғол империясының астанасы Қарақорымнан Ханбалыққа көшірілді. Енді Алтын Орда қалған Монғолиямен байланыспай, өз алдына дербес мемлекетке айналды. Алтын Ордада Сарай-Беркені салдырған Беркенің орнына таққа Меңгі-Темір (1266-1280) отырды. Оның тұсында Дәшті Қыпшақтың Батыс бөлігінің (Дон, Днепр, Қырым) билеушісі Ноғаң деген түмен басы шықты. Ол Тудамеңгі (1280-1287), Тохты (1290-1312) тұсында хан тағын ойыншыққа айналдырып, ел ішіне іріткі салды. Ол салған іріткі өзі өлгесін Өзбекхан (1312-1342) тұсында да басылмады. Дешті Қыпшақтың Ноғай билейтін батыс бөлігі мен Шайбани билейтін шығыс бөлігі ат құйрығын үзісуге айналды. Өзбектен кейін Жәнібек хан болды. Оны өлтіріп, өз баласы Бердібек хан болды. Бердібек пен Тоқтамыстың арасындағы жиырма жылдың ішінде Алтын Орда тағына жиырма бес хан отырыпты. Бұл екі ортада Алтын Орданың негізін салған бір кезде Шыңғыстың Жошыға берген үш мыңдығындағы сайджит, кинкит, хушин — үш тайпа ел, оған Тоқты тұсында қосылған қияттар мен Ноғайдың қарамағындағы маңғыттар бет-бетіне бытырап кетті. Алтын Орда құрамында алшындар мен қоңыраттар да бар еді. Бұл тайпалардың ішіндегі ең өскені қазіргі ноғай атанып жүрген маңғыттар мен қоңыраттар. Бұл екі ірі тайпа монғол тілін ұмытып, түркі тіліне көшті. Ішкі Алтын Ордадағы алауыздықты көріп, Ақ Орданың «мүйізі» сырқырай бастады. Ақ орданың билеушісі Орысхан Алтын Орданы басып алуға бел буды, Оның бұл жорығына Маңғыстау өңірінің сол тұстағы билеушісі, Жошының ұлы Тоқа-Темірдің ұрпағы, Алтын Орданың соңғы ханы Тоқтамыстың әкесі Түйе — Қожа оғлан қосылмады. Орысхан оны сол үшін өлім жазасына кесті. Оның қоңырат тайпасынан алған әйелі Құдан — Күншектен туған ұлы Тоқтамыс 1376 жылы Самарқандқа қашып кетіп, Ақсақ Темірді паналады. Алтын Орданың біржола құлауы, соның салдарынан Шығыс Европа мен Азия арасындағы сауданың көп уақытқа дейін дағдарысқа ұшырауы, Маңғыстау мен Үстірттің бірнеше ғасыр бойы тарих сахнасынан таса қалуы, ең алдымен, осы Тоқтамыс пен Ақсақ Темірдің арасындағы алауыздыққа тығыз байланысты. Әуелі өзі Алтын Орда тағына отыруға көмектескен Ақсақ Темір Тоқтамыстың Алтын Орданы қайта күшейтпек ұлы державалық саясатын мақұлдай алмады. Ақыры бұрынғы достар жауласып тынды. Тоқтамыс 1381 жылдар шамасында саясат сахнасынан біржола кетті. Ақсақ Темір Қырым, Еділ сағасы, Маңғыстау, Үстірт, Хорезм арқылы өтетін Шығыс Европа — Қытай керуен жолын құртуға мейлінше күш салды. Ол Батыс пен Шығыс саудасының тізгінін өз қолына алуға тырысты. 1388 жылы атышулы сауда жолының ең басты орталығы болған Үргеніш қаласы жермен-жексен етіп талқандалды. Бір кезде керуеннен көз тұнатын Ноғай жолы, Маңғыстау жолы қайтадан қаңырап бос қалды, Сол екі ортада XV ғасырдағы ұлы географиялық жаңалықтар арасында әлемдік сауда су жолдарының қолына көшті де, Шығыс Европа мен Азия арасындағы саяси экономикалық, мәдени қарым-қатынастардың негізгі арнасы болған ежелгі керуен жолдарының бірқатары, атап айтқанда, Туран — Қытай, Туран — Қарақорым жолдары бұрынғы маңызынан біржола айырылды. XV ғасырда Шығыс Европа мен Азия арасындағы сауда мұнша құлдырауына, бір жағынан, су жолдарының ашылуы себеп болса, екінші жағынан, Алтын Орданың ыдырап, жеке-жеке хандықтарға бөлініп кеткені әсер етті. Бұл тұста Маңғыстау мен Үстірт қайтадан өріске айналып, көшпелі тайпалардың арасында қолдан-қолға өтумен болды. Сауда кеткен бұл өлкеден саяси ықпал да кетті. Ол кезде ешбір мемлекетке қарамайтын бұл түбекке тек тақтан құлатылған хандар мен сұлтандар ғана қашып барып, уақытша бас паналайтынды. Ақ Орданың орнына пайда болған Өзбек одағының соңғы ханы Әбілхайырдың немересі, кейін Орта Азия мемлекеттерін ұзақ уақыт билеген Шайбани әулетінің негізін салушы Мұхаммед Шайбани хан (1451-1510 жылдар.) Созақ билеушісі Махмуд сұлтаннан жеңіліп қалған соң, Маңғыстауға келіп бір жыл қыстайды; сол арадан қол жиып ап, Орта Азиядан Ақсақ Темір тұқымын бір жола қуып шығатын атақты жорығына аттанады. Оның кебін Хорезмді билеген Асфендияр хан мен Әбілғазы хан да киді. Кейін «Түріктер шежіресін» жазып атағы шыққан Әбілғазы хан (1643- 1663) ағасы Асфендиярмен жауласып жүргенде Түркістан, Ташкент, Иран айналып кеп, ақырында екі жылдай Маңғыстауда бас сауғалайды; одан бұрын Ильбарс ханнан жеңіліс тауып, тақтан қуылған (1622 жылдар шамасы) Асфендияр ханның өзі де Маңғыстауға қашып кеткен-ді. XV, XVІ, XVІІ ғасырларда осындай тиіп-қашты оқиғалар болмаса, Маңғыстау Орта Азия, Қазақстан, Еділ бойы саяси өмірінен шет қалады.
Үстірт мен Маңғыстауды XV ғасырдың аяқ шенінде ноғайлар жаулап алады. Ноғай дегеніміз Алтын Орда құрамындағы маңғыт тайпасы екенін жоғарыда айттық. Алтын Орда құлағаннан кейін, оның орнына пайда болған хандықтардың бірі — Ноғай Ордасы Еділ, Жайық, Жем бойын, Маңғыстауды жайлады. XVІІ ғасырдың орта тұсында ордада алауыздық күшейді. Оны торғауыт қалмақтар пайдаланды. Жоңғар мемлекетіндегі ру таластары салдарынан Хо-Урлюк деген тайшы билейтін торғауыт рулары 1604 жылы бөлініп шығып, Ертіс бойына көшіп кетеді. Қазіргі Қазақстан даласындағы сол кездегі саяси ахуалдарды пайдаланып, олар 1627 жылы қалған қалмақтардан ірге ажыратып, батысқа қарай жылжи бастайды. Екі жүз елу мыңдай қалмақ сол бетімен барып Жемнен шығады, 1633-1634 жылдары ноғайларды Еділден әрі асырып тастап, өлкені өз қолдарына алады. Осы оқиғалар Мұрын Сеңгірбаев жырау жырлайтын «Қырымның қырық батыры» цикліне кіретін «Манашы ұлы Тұяқбай» дастанында көрініс тапқан. Ащағар сайдың бойында отырған ноғайлы ауылдарын ындыс қалмақтар шабады. Олар Ноғайлының ақылшысы Орманбетке бізге көн деп талап қояды. Би көнбейді. Қалмақтар оны өлтіріп, қалған он бір биді шақыртады. Он бір би қалмаққа келе жатып, Манашы мырзаның үйіне түседі, оған бізбен бірге жүр дейді. Оларға Манашының шешесі Күйкен ере келеді. Ащағар сайдың бойындағы қалмақтарға он бір би: «Үш күнде қайтып келеміз, елді көндіріп келеміз» деп, Манашыны аманатқа тапсырып кетеді. Бірақ, қорқақ билер үш күнде келмей, ауылдарын жасырып, көшіріп әкетеді. Қалмақтар Манашыны кескілеп өлтіреді. Оның күйігіне шыдай алмаған анасы Аралтөбе тауының бір шыңынан ұшып өледі. Содан бері бұрынғы Ащағар сайы Манашы, Аралтөбе тауы Күйкенұшқан аталып келеді. Жырда айтылатын Манашы сайы қазіргі Бейнеу станциясының оңтүстік жағында теңізге жетпей тартылып қалатын ащы өзен, ал Күйкенұшқан тауы аталмыш теміржол станциясының терістік батысында. Маңғыстауды жайлаған ноғайлардың ізі жер-су аттарында, ауыз әдебиеті туындыларында, маңғыстаулықтардың киім кию үрдістері мен архитектуралық ескерткіштерінде жиі ұшырасады. Алтын Орда тарихын қамтитын «Қырымның қырық батыры» дастандар циклінің қазақтар арасында маңғыстаулықтарда ғана түгел сақталғаны, олардың бұл циклді «ноғайлық» деп атайтыны, Қырымдағы Бақшасарай, Шуфут қала зираттарының Маңғыстау, Жем, Сам, Үстірт зираттарына қатты ұқсайтындығы өлкенің өткеніндегі әлгіндей саяси оқиғаларға тығыз байланысты болса керек. Аталмыш ғасырларда Маңғыстауда болған Әбілғазы ханның айтуынша, түбекте бар болғаны 700 үй шамасында ғана түркмен қалыпты да, қалған өрістің барлығын қалмақтар жайлапты. Бұл өлкені мекендейтін елдер, шәудір, сүйінші рулары Бірінші Петр заманында қалмақ ханы Аюкенің (1670-1724) қарауына ауып кетеді. XVІІІ ғасырдың сексенінші жылдарында Убаши бастаған торғауыт қалмақтардың2 Жоңғарияға қайта көшіп кетуі нәтижесінде бұл өлке қалмақтардан біржола босап қалады. Халық арасында көп айтылатын қазақтардың қалмақтарды шабуы осы оқиғалардың тұсына тап келеді. Шығысқа қарай жөңкіген қалмақтар Жем мен Іле арасында қазақтардың шапқыншылығына ұшырап, қатты қырылады, кері көшкен 30 909 үйдің Жоңғарияға аман-есен жеткендері шамалы. Жоңғарияға босқан қалмақтар 1771 жылы 18 январьда Жайық өзенінен өтіп, Жем бойында Кіші жүз қазақтарының шапқыншылығына ұшырайды. Сөйтіп, қалмақтар бұл өлкені ешкімнің әскери ықпалынсыз өз еркімен босатты. Оған Еділ, Жем, Жайық бойы қалмақтары ақсүйектерінің арасындағы алауыздық себепші болды. Астрахань маңында қалып қойған 11 198 үй қазіргі Қалмақ АССР-нің негізін құрады. Бұл тұста аталмыш аймақтың саяси ахуалы шығыс мемлекеттерінен гөрі нығайып келе жатқан орыс мемлекетінен тәуелдірек бола түсті. Өлкенің саяси ахуалындағы өзгерістер ең алдымен керуен жолдарының тағдырынан көрініс тапты. Ежелгі Хазар — Хорезм саудасы тұсында Маңғыстаудың Қарағантүп пристаны арқылы өтетін сауда жолының, Алтын Орда — Қарақорым саудасы тұсында Ноғай жолының күшейгені сияқты, жаңадан өріс ала бастаған Россия — Орта Азия саудасы да өз жолдарын іздеді. Маңғыстау мен Үстіртте Ново-Александровск және Ново-Петровск қамалдарының салынуы — соның бір дәлелі. Күні кешеге дейін ешкім білмейтін елсіз түкпірлер енді саудагерлердің де, саясатшылардың да, ғалымдардың да аузынан түспейтін болды. Аталмыш өлкенің орыс жүргіншілері атын шығарған жерлерінің бірі, Каспий теңізінің шығыс бетіндегі жарқабақ мүйіс — Қызылтас.
ҚЫЗЫЛТАС
«Жаңа танысымыз Барлыбай өзіне істеген рақымымыз бен жапан түзде түлкіқұрсақ жүргенде әбден тойғызғанымызға риза болды ма, маған мынау құдықтан жарты күншілік жерде, Қызылтас тауында, кеме барып тоқтай алатын қойнаудан онша қашық емес тұщы бұлақтар барын ашты».
Г. С Карелин жүргізген 1832 жылғы экспедицияның журналынан.
Ала тағанақ дөңдерде бұл өлкеде бұрын-сонды кездесе қоймаған, асықпай аяңдаған түйелі керуен тартқан жаңа саудагерлер пайда болды. Олар бастарына шалма орамайды. Қастарында есек мінген, қодас мінген ауыл арасының бақсы-құшыншаштары да көрінбейді. Қоршап келе жатқан көк найзалы жасақтары да жоқ. Бірақ осы бір жирен сақал жолаушылардың мойындарына асып алған аузы үңірейген қап-қара түтікшелерінен өң жүрек жұтқан жол торушылардың өзі де қатты қаймығатынды. Орыс князьдіктерінің бір орталыққа бағынып, Москва мемлекетінің күшеюі Маңғыстау мен Үстірттегі елсіз қалып бара жатқан көне керуен жолдарын XVІ
ғасырдан бастап қайта жандандырды.
Орыстардың Каспий теңізінің шығыс бетіне аяқ басып тұрғандары бір бұл емес-ті. Олар Хорезмді сонау VІІІ ғасырдан Хазар — Хорезм одағы тұсынан білетін. Қажет десеңіз, князь Владимир 986 жылы христиан дініне мойын ұсынғысы келмей, мұсылман дініне кіреміз деп, Хорезм шаһына төрт елші жіберіп, сөз салғаны мәлім. Ал Алтын Орда күйреп, 1552 жылы Қазанды, 1556 жылы Астраханьды бағындырғаннан кейін орыс мемлекеті шығыстағы көршілестеріне шолғыншыларды көп жіберетін болды. Солардың ең алғашқысы Иван Грозный тұсында, 1558 жылы Астраханьнан шығып, сол жылдың 3 сентябрі күні Маңғыстау түбегіне келіп түскен ағылшын көпесі Дженкинсон еді. Оны сол кездегі Маңғыстау өлкесінің билеушісі, Хиуа ханы Хажымның інісі Темір сұлтан қабылдап, 14 сентябрь күні мың түйелік керуенмен Хиуаға аттандырып салады, Дженкинсон бұған дейін орыс мемлекетімен дипломатиялық қарым-қатынасы жоқ Орта Азия хандықтарына келген бірінші елші еді. Дженкинсон Хиуа мен Бұхар әміріне орыс патшасының грамотасын тапсырып, қасына Хиуа мен Бұхар елшілерін ертіп, Москваға қайтады. Оған іле-шала 1567 жылы Петров пен Ялычев көне Хорезм жолымен Орта Азияға, одан Пекинге өтіп, сонау Жапон теңізінің жағалауларына дейін барып қайтады, Каспий, Азов, Қара теңіздердегі су қатынасының тарихын зерттеуші Ю. П. Тушиннің айтуынша, XVІ ғасырдың бас шамасында Россияның шығыс елдерімен жасайтын сауда айналымында Түркиямен екі ортадағы сауда-саттық үстемдік етсе, Еділ бойы елдерінің орыс мемлекетінің қол астына өтуі Түркиямен сауда-саттықты екінші орынға ығыстырып, Иран, Орта Азия елдерімен жасалатын сауда-саттықты бірінші орынға шығарды. Оған XVІ ғасырдың екінші жартысында Каспийде орыс сауда флотының құрылуы дәлел бола алады. Ол тұста Маңғыстау арқылы жасалатын сауданың жай-жапсарынан жан-жақты мәлімет алу үшін аталмыш зерттеуден мына бір үзіндіні келтіргенді жөн көрдік: «XVІ ғасырдың елуінші жылдарында Россияның Орта Азия елдерімен Каспий теңізі арқылы жасайтын дипломатиялық қатынастары тұрақты сипат алды. Астраханның бағынғанына бір жыл болмай жатып, 1557 жылы әр қилы бұйымдар алып «Юргенчтен» (Үргеніш қаласынан) қонақтар келді. Бұхар хандығымен де байланыс орнай бастады... Негізгі қатынас жолдары да белгілі болды. Егер саудагерлер қара жермен жүруді қолай көрсе, олардың жүктері Қазан да немесе Самарада кемеден түсіріліп, түйе жеккен арбаларға тиелетін болды. Керуен ыңғай далалықпен жүріп отырып, Жайық пен Жемнің сағасынан өтетін, одан әрі Үстірт үстіндегі үлкен керуен жолына түсіп, Бұхараға жететін. Жол-жөнекей қалмақтар мен түрікмендер тонап алуы мүмкін. Астраханьнан шығып, шөл жапан түз арқылы Хиуа мен Үргенішке баратын бұл жол әрі діңкеңді құртар ұзақ, әрі аса қауіпті еді. Сондықтан саудагерлер одан гөрі көп болып теңіз арқылы өтетін әлдеқайда жақын, әрі әлдеқайда қауіпсіз басқа бір жолды қолайлайтын. Орыс бустары (сүйір тұмсық бүйірлі желкенді қайық) үнемі Астраханьнан шығып, Каспий теңізінің шығыс жағалауындағы Қабақты пристанын бетке алатын. XVІІ ғасырдың жиырмасыншы жылдарынан бастап Астрахань актыларында патша кемелерінің Маңғыстау шығанағындағы Қараған пристанына барған сапарлары жайлы мәліметтер жиі ұшырасады. Өйткені, Қабақты пристаны Астраханға таяу өкпе тұста тұрғанымен суы тайызданып, кеме баруы қиындап кеткен-ді. XVІІ ғасырдың соңғы ширегінде Каспийдің шығыс жағалауындағы орыс кемелері баратын пристандардың қатарына тағы да екі пристань — Назаровская мен Седеев пристандары қосылды. Каспий теңізіндегі кеме қатынасы апрельде басталып, октябрь — ноябрьде тоқтайтын. Аталмыш уақыттың ішінде патша кемелері әр сапарда үш бустан жеті бусқа дейін (ағылшын көпесі Дженкинсонның айтуынша, әр бусқа мың түйеге артатындай жүк сыйған. — Ә. К.) керуен түзеп, екі рет сапарға шығып қайтатын. Бірақ ол тым аздық етті. Бустар ең алдымен елшілерді, оның шашпауын көтеріп, ханның және патшаның тартуын әкеле жатқан саудагерлерді, сондай-ақ хан бұйымдарын сатуға әкеле жатқан саудагерлерді таситын. Сондықтан да, хандықтардан жиналған үлкен сауда керуендері Маңғыстаудағы пристандарға көктемде бір, күзде бір келетін патшаның азғантай кемелеріне көбіне кеп сыймай қалатын. Сол себепті де, орыс саудагерлері мен шығыс саудагерлері патшаға арыз жазып, аталмыш маршрутта қатынас жасап тұратын кемелердің санын көбейтуді сұрайтынды және ол үшін жолға алынатын ақының мөлшерін ұлғайтуға да риза екендерін жасырмайтын-ды. Бустар туралы мәселенің маңыздылығы сондай, кейде Хиуа хандары өз хаттарында кемелердің санын көбейту және оның жіберілу мерзімі туралы сөз қозғауға мәжбүр болатын. Мәселен, Хиуа елшісі Хажы Юсуфтың 1617 жылы январьда Михаил Федорович патшаға әкелген хатында: «Сіз, патша ағзам, Астраханьнан Қабақты пристанына 7 бус жіберуге пәрмен берсеңіз екен. Өйткені, Қабақтыға біздің өлкеміздің әміршісінен, Бұхара мен Тәшкеннен және де басқа жерлерден көптеген сауда адамдары жиылып еді; олардың барлығына менің әміршім менімен бірге Кабақтыға баруға нұсқау берген-ді; сол саудагерлер, алдияр тақсыр, өздеріңіздің құлыңыз, мына менімен бірге Қабақтыға келіп, кемелердің аздығынан кері қайтып кетті», — деп жазылған-ды...». Орыс үкіметінің Каспий маңы елдерімен саудаға, Астрахань мен Каспий порттары арасында байланыстың үзілмеуіне ерекше көңіл бөлгені соншалық, Каспий теңізіндегі кеме қатынасы патшаның өзі тікелей араласатын «мемлекеттік іс» деп жарияланды. Бұл істі ойдағыдай жолға қою үшін Астраханда арнайы мекеме құрылып, оған боярлар әулетінен бастық тағайындалып тұрды. Ол мекеме Каспий теңізінде жүзетін кемелер жасауды, сауда кемелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуді қолға алды. Ол үшін ондай кемелерге зеңбірек орнатылды. Мысалы, Астрахань воеводасы Ю. А. Сицкийдің 1639 жылы жазылған бір рапортында жыл сайын Қабақтыға жөнелтілетін кемелерді қорғау үшін әскери адамдар мен қару-жарақ бөлінетіні, бір кемеде бояр баласы Алексей Бахмутов, 50 стрелец, үш зеңбірекші жіберілгені көрсетілген. Кеме басшылары өз кемесіне арнайы рұқсат қағаздары бар адамдарды ғана отырғызып, өз жолаушыларының арасында ноғай, татар билеушілерінің құлдары мен күндерінің болмауына, тиым салынған бұйымдардың тасымалданбауына қатаң бақылау жасаған. Ондай тиым салынған бұйымдарға алтын, күміс, темір, қалайы, садақ жебесі, шеге, зеңбірек, мылтық сияқты заттар жататын. Кеме Қараған не Қабақты пристанына тоқтаған бойда, кеме басшысы екі-үш шетелдік саудагер арқылы Хиуа мен Бұхараға орыс кемелерінің Маңғыстауға келгендігі туралы хабар жіберетін. Сосын-ақ аталмыш пристандарға Орта Азия саудагерлері тұс-тұстан ағыла бастайтын. Сол арада бір айдай сауда жасалатын. Россия қалаларына барып сауда жасап қайтқылары келгендер кемеге отыратын. Еділ сағасына жеткен бойда кеме басшысы Астрахань воеводасына хабар жіберетін, оның адамдары кеп, бөтен елдерден тиеліп келе жатқан бұйымдарды түгел тексеріп, тізімге алып болмайынша, кеме портқа кірмейтін-ді. Бұның бәрі Россия мен Орта Азия арасындағы сауда негізінен Маңғыстау түбегі, ондағы Қараған, Қабақты пристандары арқылы жүргізіліп тұрғандығына көзімізді айқын жеткізеді. XVІІ ғасырда Маңғыстау арқылы өтетін керуен жолының жүргіншілері екі есе көбейді. Өйткені, Россияның Орта Дзиямен жылына жасайтын сауда айналымы жүз мың сомға жетті. Ол сол тұстағы орыс мемлекетінің Архангельск порты арқылы Батыс Европамен жасайтын сауда айналымының жиырма процентіне тең еді. Сол кезде Каспийдің батыс жағалауына Түркия үстемдігі орнады. Түркия Қазақстан мен Орта Азиядан хажыға баратындардан түсетін көл-көсір түсімді өзі иемденуге тырысты. Бұрын Иран арқылы жүргенде шиттердің дүрдараздығынан қиыншылық көретін Орта Азия суниттері енді қажыға бару үшін Маңғыстауға ағылатын болды. Олар Маңғыстаудан Бакуге кемемен барады; одан әрі Меке мен Мединаға жеткізіп салуды түрік мемлекеті өз мойнына алды. Орыс мемлекеті мұны көріп отырып, Каспий теңізін өз бақылауына алуға бел буды. Өйткені, академик В. В. Бартольдтың айтқанындай, ол тұста ағылшындар үшін Үнді мұхиты қандай маңызға ие болса, Россия үшін Каспий теңізі де дәл сондай маңызға ие болған-ды. Индия алтынына қызыққан орыс патшалары Каспийдің шығыс жағалауына шығып алуға ерекше көңіл бөле бастады. І Петр 1722 жылы парсы жорығынан қайтып келе жатып, Астраханға соққан кезінде қазақ даласының жай-жапсарын көбірек сұрастырыпты. Ол үшін Орта Азия хандықтары Индияға жол ашатын қақпа болса, қазақ даласы Орта Азияға шығатын қақпа еді. І Петрдің шығысқа байланысты әйгілі саяси жоспарларының тұңғыш тұсау кескен жері де — Маңғыстау. Оған Каспий мен Арал арасындағы өңірді тек XVІІІ ғасырдың өзінде Е. Майер (1703), А. Бекович — Черкасский (1715), М. Травин (1717-1718) Ван-Верден мен Ф. И. Соймонов (1719-1720), Т. Вудруф (1745) А. И. Нечаев (1760), И. Ногаткин (1765), И. А. Гильценштед (1776), М. И. Войнович (1781-1782) картаға түсіргенін, ал Ф. И. Симонов (1731), А. И. Нечаев (1769), Л. И. Голенищева — Кутузова (1800) осы өлкенің атласын жарыққа шығарғанын айтсақ та жеткілікті. Бұл зерттеушілердің ішінде, әсіресе, Бекович-Черкасский жорықтарының орны ерекше. Оған Маңғыстаудағы шәудір тайпасының ақсақалы Ходжа-Нефестің 1713 жылы Астраханда тұратын парсы саудагері Замановқа хорезмдіктер Амудария бойындағы алтынды қорып, Узбойды бөгеп, Каспий теңізіне су жібермей отыр деп арыз айта барғаны түрткі болды. Заманов Ходжа-Нефесті кабардалық князь Бекович-Черкасскийге ертіп, Петербургке жібереді. Бірінші Петр оларды қабылдап, 1714 жылы Хиуа ханының таққа отыруымен құттықтауға 900 кісі мен жорыққа аттануға указ шығарады. Бекович — Черкасский 1715 жылы Маңғыстаудағы Қарағантүп пен қазіргі Красноводск қаласы тұрған Қызыл су шығанағын керіп, Астраханға қайтады. Сол жылдың күзінде Ригага барып, бірінші Петрге жолығып, Красноводск қамалын салуға рұқсат алады да, 1716 жылы 6655 кісімен 138 кемеге артынып-тартынып, жаңа жорыққа шығады. Олар Астраханьнан аттанатын күні Бекович-Черкасскийдің әйелі Мария Борисовна Голицына (Бірінші Петрді тәрбиелеп өсірген князь Борис Александрович Гольцынның қызы) екі қызымен суға кетіп өледі. Бұл туралы хабарды жолда естіген кабардалық бек басын тақырлап қырғызып, үстіне ұзын шапан киіп, қайтадан мұсылман қалпына түседі. Ол Маңғыстаудағы Қарағантүп мүйісіне келіп тоқтап, подполковник Хрущев басқаратын Қазан полкындағы 1251 кісіні қамал салдыруға қалдырады; Кендірліге аялдап, үш рота әскер тастайды; ноябрь айында Қызылсу шығанағына жетіп, сонда қалған әскерге Красноводск бекінісін салуды тапсырады. 1717 жылдың февралінде Астраханға оралып, жаңа жорыққа әзірленеді. Сол жылы 3464 адаммен тағы да жолға шығады. Гурьевтен Үстірт арқылы Хиуаға беттейді. Жол-жөнекей Жемнің сағасына әскер қалдырады, көне Ноғай жолындағы құдықтарды аршып, әр жер әр жерге керуен сарай салдырады. Хиуа шекарасында жаңадан таққа отырған Шерғазы хан алдынан кісі жіберіп қонаққа шақырады. Порсу деген қалада хорезмдіктер отряды мұншама көп адам түнеп шығатын қоналқалық орын жоқ деген сылтаумен үй-үйге бөліп әкетеді. Әскерінен абайсыз айырылған Бекович-Черкассийді хан екі серігімен бірге өз көзінше тыр жалаңаш шешіндіріп, басын шауып алады. Бекович-Черкасский өлімі төңірегіндегі жұмбақ әлі шешілген жоқ. Өткен ғасыр авторларының бір тобы оны әйелі мен қыздарының қайғысынан ақылынан алжасып, кешірімсіз қателік жіберді деп жазғырса, екінші тобы көрер-көзге сатқындық жасады деп айыптайды. Не де болса, ол басқарған Хиуа жорығы сәтсіз аяқталды. Жорыққа аттанарда І Петрдің берген нұсқауында Хиуа мен Бұхардың хандығын Россияға кіруге көндіру, тым болмағанда, орыс патшасын мойындаттыру көзделген-ді, хандарға орыс солдаттарынан нөкер бөлінеді деп уәде етілген-ді; Каспийдің шығыс жағасына қамал салып, Амудария суын ескі арнасымен Каспийге ағызу, сол арқылы Индияның солтүстік шекарасына дейін баратын су жолын ашу шараларын жүзеге асыру тапсырылған-ды. Патша сонымен қатар Жаркент қаласының маңындағы алтын кендерін анықтау үшін Шығыс Түркістанға арнайы адамдар жіберуге әмір еткен-ді. Ол аманаттың ешқайсысы да орындалмады. Қарағантүп, Кендірлі, Красноводск қамалдарын салып жатқан орыс әскерлері шетелде жүрген І Петрдің бұйрығын күтпестен, Астраханға қайтып оралды.
Орыс саяхатшылары бұл өлкеден тағы да ұзақ уақыт аяқ ізін суытып кетті. XVІІІ ғасырдың қырқыншы жылдарынан бастап Россия Маңғыстауға қайтадан назар аудара бастады. Оған Иран шахы Нәдірдің Орта Азия, Кавказ елдерін иемдену ниеті түрткі болса керек. Астрахань көпестері бір кезде өздері атымен ұмытып кеткен Түп-Қараған пристанына қайтадан маздай түзеді. Мұндай сапарлардың шын мақсаты тек жағалау түркімендерімен айырбас сауда жасаумен ғана шектелмеген сияқты. Оған осы тұста Маңғыстауға барып қайтқан кемелердің журналдары жеткілікті дәлел бола алады. Орыс теңізшілері Маңғыстау түркімендерінің тамырын басып, Россияға қалай қарайтындарын, Хиуаға қалай қарайтындарын сұрастырып бағыпты. Маңғыстауға 1745 жылы барған капитан В. Копытовскийдің журналында Мұрат Нияз деген түркмен молласы берген мәлімет келтірілген. Онда Маңғыстауды түркіменнің алты руынан мың төрт жүздей үй жайлайтыны айтылады. Түркімен билері Хамбарбек, Онбегі, Қарабатыр, Нияз батырлар 1767 жылы 12 июньде өз қарауындағы ауылдарды Россияның қол астына алуды өтінеді. Маңғыстауға барған кемелердің капитандары түркімендердің қазақтармен ара-қатынасына да көп мән беріпті. 1741 жылы барған кеме капитаны Г. Тебелев сол жылғы 19 июнь күні кемеге астық алуға келген түркмен бектерімен қазақтар жайында сөйлескенін жазады. Сол жылы 23 июньде Маметкелді батыр Г. Тебелевке Хиуадан адамдар келгенін, олардың Хиуа тағына қазақ ханы Әбілхайырдың отырғанын айтып келгенін хабарлайды. 1803 жылы Орынбор губернаторы князь Г. С. Волконскийдің тапсырмасы бойынша старшина Көбек Шүкір Әліұлы мен Қазан татары Ғали Шахмутаровтың Ұлы, Орта, Кіші Орда қазақтарының саны мен көші-қоны туралы ақпарында3 Кіші жүздің адай руы 10 мың үйдің шамасында, билеушілері Ғұбыр батыр, Құрмантай би, Есен мырза, көші-қоны Орал облысы мен Хиуа деп көрсетілген. Бірақ қазақтар бұл тұста Жем сағасын, Сам, Асмантай-Матай құмдарын жайлап, әлі Маңғыстаудың ойына құлай қоймаған секілді. Олардың Маңғыстау мен Үстіртке дендеп бет қоюына түркімендердің Россияның қол астына өтпек әрекеттері себепші болған түрі бар. Маңғыстау түркмендері 1744 жылы орыс үкіметінен сауда қаласын салып беруді сұрады; шәудір руының алты старшыны 1810 жылы Астраханға барып, 2300 үйді орыс патшасының қарамағына алуды өтінді4. Бірақ парсы, түрік, француз соғыстарымен алаң боп жатқан Россия түрікмендердің бұл тілегін орындай алмады. Сондықтан да, 1813 жылы Абдал, бұрыншық рулары малдарын сатып, кемемен Астраханға ауды; қалғандары Балкан түбегіне, Хиуаға қарай көшті.
Адай тайпасы Маңғыстауға, міне, осы тұста қоныстанса керек. 1825-1826 жылғы полковник Ф. Ф. Берг экспедициясына жол көрсетуші болған адай тайпасының шалбар руынан шыққан Қосым Тигенов экспедиция басшыларына берген жауабында адайлардың бір тобы Есентемірлермен бірге Кеңарал, Есетарал, Иткеткенаралды қыстап, жазда Бақашыдан төмен тары егетінін, ал екінші тобы табындармен бірге Үстіртте, Самда, Баршақұм мен Қаратаүлейде қыстағанын, ал қазір Бозашыны, Қаратуды, Ақтауды қыстап, жазда Үстіртті жайлайтынын айтады. Ол тұстағы орыс-қазақ ара-қатынастары туралы документтері де Қосым Тигенов мәліметінің дұрыстығын байқатады. 1785 жылы Сырым батыр бастаған қазақ ру басыларының Әбілқайыр балаларын хандық биліктен босату туралы ІІ Екатеринаға жазған өтінішінде халық аңызында қазақтарды Маңғыстауға бастап әкеліпті делінетін адай ру басылары Атақозы батыр, Өмір батыр, Шотан батыр, Асан бидің қолы жүр; Содан бір жыл кейін 1786 жылдың ноябрінде Орынбор билеушісі барон О. А. Игельстремге олардың өзге ру басыларымен бірге жазған хатында Жайық бойында көшіп жүрген адай ауылдарының Жаманқала бекінісі есаулынан көріп отырған зорлық-зомбылықтары айтылады. 1787 жылдың 8 апрелінде Жайық бойында көшіп-қонуға рұқсат алған қазақ рулары ішінде адай Әлиқаран батыр Имантаевқа да 500 үймен Қаракөл маңын қоныстануға рұқсат етіліпті. Шерғазы Айшуақовтың 1821 жылы 5 августта граф К. В. Нессельродқа Кіші жүз ауылдарына Жайықтан әрі өтіп жайлауға рұқсат сұраған өтінішінде өзге қазақ ауылдарымен бірге Адай тайпасының Шалбар руының Көсен бай Өтеуліұлы, Түркменбай Бердалыұлы, Өгеубай Асанұлы, Орысай Елкеұлы ақсақалдардың қарамағындағы 1047 үй де көрсетілген. Арынғазы сұлтан І Александрға жазған хатыңда Нарынқұмда көшіп жүрген, бұрын өз атасы Батыр сұлтанға қараған Өгешуұы Отарбай бидің қарауындағы 755 үй адай ауылына жазда құмнан шығып, Еділ мен Жайық арасындағы далалықты жайлауына рұқсат етуін сұрайды. XІX ғасырдың отызыншы жылдарындағы Арынғазы, Жолман қозғалыстары жайындағы документтерде де Кіші Орданың шығыс бөлігін жайлаған ру басылары Асау Барақов, Көтібар, Арыстан, Достан, Дербісәлі Қайғылықов, Жүсіп Сырымовтармен бірге адай ру басылары Қазанбай Аяпов, Түскен Ғұмаров, Мүсіреп Өгепов, Сүйінқара Үргенішбаев, Жылкелді, Темірбек Қонайұлы, Төлеген Сегізбайұлы, Аймырза Телегенұлының және Әбілхайыр әулетін жетік білетін полковник М. Тевкелев пен Нұралы хан ордасындағы патша агенті, тілмаш Я. Гуляевтардың айтуынша, Әбілхайырдың бәйбішесі Бопай ханшаның туған інісі, Нұралы ханның бас ақылшыларының бірі болған адай батыры Мырзатайдың баласы Тұрмантай бидің аттары аталады. Бұған қарағанда XVІІІ ғасырда адай ауылдарының бір тобы ғана Маңғыстауды қоныстанып, көпшілігі өзге Кіші жүз руларымен бірге Нарынқұм мен Мұғаджар аралығындағы өлкеде жайлағанын аңғарамыз. Адайлардың Маңғыстауға біржола ойысуына бұрын Үстірт пен Маңғыстау түбегін жайлаған жәуміт тайпасын Хорезм ойына қоныстандырып, өзінің қарулы күшіне айналдырған Хиуа ханы мен Мұхамед Рахимнің Аралдың солтүстік батысы мен терістігіндегі Кіші жүз руларына жасай бастаған қысымы себеп болса керек. 1812 жылы қазақ ауылдарына жасалған бір шапқыншылықтың өзінде Хиуа әскері 500 қазақ қызын тұтқындап, жүз мың қой мен қырық мың түйені айдап әкеткен. Хиуа ханынан Урал казактарының атаманы Бородин де қалыспады. Ол 1809 жылы Қаратай сұлтанды ұстаймын деп 400 кісімен Сарайшықтан шығып, Жемнің сағасында балықшылықты кәсіп етіп отырған адай руларын шауып, 20 қайығын суға батырып кетеді. Мұндай жағдайда Жем бойындағы ауылдар әлі орыс өкіметінің де, Хиуа хандығының да өктемдігі орнай қой маған Үстірт пен Маңғыстауға қарай көшуге мәжбүр болады. Бұл турасында адай ру басысы Сүйінқара Үргенішбаевтың Орынбор Шекаралық комиссиясына жазған хаты нақты дерек боп табылады. Ол тұсында қазақ ауылдарына талай рет жазалаушы отряд ертіп әкеліп, қанға бөктірген сұлтан — әмірші Шынғали Ормановтың озбырлығына наразы болып, орыс шекарасынан алыстап кеткенін, 1831 жылы шекті ру басылары Көтібар, Достан, байбақты ру басы Жүсіп тархан Сырымұлымен бірге қашқын Қаныпқалиды (Қайыпалдыны) хан деп танығанын, бірақ көп ұзамай, оның да Шынғали Ормановпен ауыз жаласып кеткенін көріп, қайтадан Россия шекарасына қарай жақындап көшкенін жазады. Ол сонымен қатар, Хиуа ханының көшпелі қазақ руларына күн көрсетпей отырғанын айтады. Мұны естіген Хиуаның жаңа ханы Аллақұл Сүйінқараның ауылына қарулы отряд жіберіп, шауып алады. Аталмыш жағдайды бас штаб подполковнигі Л. Мейер де айғақтайды. Ол: «30-жылдардан бастап қазақтар екі оттың ортасында қалды; бір жағынан орыстар кес-кестеп, жер бермейді, екінші жағынан, Хиуа мен Қоқан өздеріне бағынуды үзілді-кесілді талап етеді. Мәселен, 1831 жылы хиуалықтар түркімендерді айдап салып, адайлардан зекет алмақшы болады. Түркімендер адай батыры Сүйінқараның ауылын шауып тонап, өздерін Каспий теңізіне мұз үстіне қуып тастайды, Сүйнқара ол кезде Хиуаны да, біздің сұлтан — әміршімізді де мойындамайтын. Ол Қайыпалды сұлтан, Құлбарақ, Науша батырлармен бірге 800 кісі ертіп, тонаушылардың соңынан аттанады. Бірақ қолының жартысынан айырылып, кері қашуға мәжбүр болады, Мұның нәтижесінде, жаумен өз бетімен күресе алмайтынына көзі жеткен ол сұлтан-әмірші Баймұхамед Айшуақовтың қол астына кіреді, бірақ оған адай ауылдарының көбі ермей, Хиуаның қол астында қалып қойды», — деп жазады. Бұл мәліметтер Адай тайпасының Маңғыстау түбегіне дендеп орныға бастаған тұсы XІX ғасырдың бас шамасы екендігіне көзімізді жеткізе түседі. Не де болса Маңғыстау өлкесінің XІX ғасырдың бірінші жартысынан бастап күллі саяси, экономикалық өмірі қазақ халқының тарихи тағдырымен тығыз байланысты. Әңгіме болып отырған тұста Батыстағы «шаруаларын» біржақты қылған орыс патшалары Орта Азия хандықтарына мықтап бет бұра бастайды. Өйткені, Наполеонға қарсы соғыс кезінде орыс тоқыма өнеркәсібі едәуір өркендеді. Оған мақта керек болды. Бір кезде Индия алтынына қызыққан Батыс мемлекеттері енді кең құлаш жая бастаған капиталистік өнеркәсіпке ауадай қажет шикізат көздерін іздеп, аласұратынды шығарды.
Россия қарулы күші Сібір мен Қазақстанға біржолата ірге тепті.
Ағылшын қарулы күші Таяу Шығыс пен Күнгей шығыстың көп елдеріне аяқ басты.
Екі ортада отаршылдық мұхитындағы оқшау аралдай боп Орта Азия тұрды.
Баяғы Бекович-Черкассийдің қанды оқиғасынан бастап, орыс патшаларының талай жерде Хиуа билеушілеріне есесі кетіп жүр еді. Хиуа хандары Россия мен Бұхара арасындағы сауда-саттық керуендерін тонауды әдетке айналдырып алды. Атырау маңының түркмендері мен қазақтары әскери линияларға, балықшы кәсіпшіліктеріне, орыс керуендеріне тиісіп, адам ұрлап, Хиуаның құл базарына апарып сататынды шығарды. І Александр патша 1819 жылы Азия комитетін құрды. Оған Сыртқы істер министрі К. В. Нессельрод, коммерция министрі Н. П. Румянцев, Кавказдағы орыс билеушісі генерал А. П. Ермолов, Сібір генерал-губернаторы М. М. Сперанский т. б. ірі шонжарлар мүше болды. Бұл комитет Орта Азияға ықпал етудің әр қилы жоспарларын жасады. Н. П. Румянцев Маңғыстау мен Жемнің сағасына бекініс салуды, сауданы солар арқылы өркендетуді ұсынса, генерал А. П. Ермолов Красноводскінің маңызын арттыруды жақтады. Россия мен Хиуа арасындағы шиеленіс жыл санап ұлғая түсті. Ол орыс мемлекетінің қол астындағы өзіне көршілес өлкелерде ереуіл отын тұтандырып бақты. Сондықтан да орыс өкіметі Хиуа хандығымен біржолата есеп айырысуға бел байлады. Ол үтігін Хиуаға қарсы болашақ әскери жорыққа қажет географиялық, тарихи, саяси мәліметтер жинау қажет болды. Орыс үкіметі осы мақсаттарды жүзеге асыру үшін полковник Ф. Ф. Бергке (1793-1874) арнайы экспедиция ұйымдастыруды тапсырды. Ол 1825 жылы Сарайшық қаласында экспедицияны болашақ жорыққа әзірледі. Сол жылы 15 декабрьде экспедиция Сарайшықтан шығып, Жемнен өтіп, Каспий теңізін жағалай отырып, Қайдақ сорына дейін келді де, сол арадан Үстірт қыратына көтерілді. Одан әуелі Бейнеу, Сам, Желтау айналып, Сарнияз тұсында Жемнен қайта өтіп, Арал теңізіне беттеді. Бұл әскери экспедиция жол-жөнекей орыс балық кәсіпшіліктері мен орыс керуендеріне жәбір көрсеткендерді жазалады; аталмыш өлкенің топографиялық картасын түсірді; геологиялық-ботаникалық зерттеулер жүргізді; Хиуаға баратын жолдарды, ол жолдардың бойындағы қазақ, түрікпен тайпаларының көш-қонын, орналасу реттерін сұрастырды. География ғылымының тарихында алғаш рет Каспий, Арал теңіздерінің деңгейлерін өлшеді. Экспедиция ол тұстағы өлшеуіш құралдарының онша дәл еместігіне қарамастан Арал теңізінің Каспий теңізінің деңгейінен 35,86 метр биікте жатқанын анықтады. Екі теңіз деңгейінің қазіргі айырмасы 82 метр. Осыған қарап, олар орыс үкіметінің көптен көкейін тесіп жүрген Узбой проблемасы бойынша, бір кезде Амударияның Каспий теңізіне құйғаны рас болуы мүмкін деген қорытындыға келді. Экспедиция дәрігері Э. А. Эверсманның өлкенің табиғаты мен геологиясы жайындағы зерттеулері орыс ғылымына құнды үлес болып қосылды, Арал — Каспий бассейні туралы кейінгі заман зерттеулеріне жүйелі негіз болды. Маңғыстау мен Үстірт өңірінде мұнай кендерінің белгілері бар екендігі жайындағы ең алғашқы мәліметтерді де осы экспедиция материалдарынан табамыз. Бұл экспедицияға декабристер қозғалысына байланысты қуғында жүрген ақын А. С. Пушкиннің лицейде бірге оқыған досы В. Д. Волховский де қатысты.
Экспедиция болашақ Хиуа жорығының маршруты жайында нақты ұсыныс енгізді. Ол Хиуаға Каспийдің шығыс бетінен ұзындығы 600 шақырымдық Красноводск жолы, 700 шақырымдық Қайдақ жолы, 900 шақырымдық Маңғыстау жолы баратындығын анықтай отырып, бірақ бұл жолдардың бойынан жорыққа керек ауыз су мен азық-түлік жетіспеуі мүмкін деген қауіппен Орынбор — Желтау — Хиуа маршрутын ұсынды. Бұл жоспар бойынша, судан қиыншылық көрмес үшін жорық қыста басталатын болды. Әскери керуенді жол-жөнекей азық-түлікпен қамтамасыз ету мақсатымен Желтауда, Жем сағасында, Каспийдің шығыс бетінде бекіністер салу ұйғарылды. Сол тұста Орынбор өлкесіне генерал-губернатор боп В. А. Перовский келді. Бородино ұрысында саусағынан айырылған, тұтқынға түсіп, маршал Нейдің керуендерімен Францияға дейін барып, жол-жөнекей қашып құтылған, ататегі белгісіз, бірақ қай қылығымен ұнаса да, І Николай патшаның оң көзіне іліккен осы генерал Хиуа жорығына тезірек аттанып кетуге жан салып бақты. Ол орыс соғыс тарихына ел естіп, көз көрмеген жаңа бір бет қосқысы келді. Бақса, Шыңғысхан да 1218 жылғы Хорезм жорығына Ертіс бойынан 250 мың қолмен қыста аттаныпты, Бату да 1237-1238 жылдары солтүстік Россияны қыста жаулап алыпты; Ақсақ Темір де 1391 жылы екі жүз мың қалың қолмен қақаған қыста барып, Тобыл бойында Тоқтамысқа тойтарыс беріпті. Сонау Александр Македонскийден бастап шөл арқылы өтетін жорық әрдайым суық күзде не қыста басталып отырыпты. Осындай ғаламат жорыққа жан сала әзірленген патша өкіметі Каспий теңізінің батыс бетіндегі Кавказ, Астрахань қалаларынан кемемен келетін әскерге қажет азық-түлікті сақтайтын қолайлы жер тауып, қамал салу үшін белгілі саяхатшы, табиғат зерттеушісі Г. С. Карелинді 1832 жылы Маңғыстауға жұмсады. Бұл экспедицияның алдында қандай мақсаттар тұрғанын Г. С. Карелиннің мына сөзінен-ақ айқын аңғаруға болады: «Каспий теңізінің солтүстік-шығыс жағалауы өзінің географиялық жағдайы қажет ететін дәрежеде ешқашан зерттеліп көрген емес. Көптеген теңізшілер оған атүсті назар аударды... Осынау ұлан-асыр әрі маңызды кеңістік келешекте Орта Азиямен екі ортадағы сауда және саяси байланыстарымызға жол ашатын жерлерге жалғасып жатыр. Көзбе-көз таныса кеп байқауымызша, бұл өлке тұрақтанып, шаруамен шұғылдануға өлке қолайсыз болғанымен, әскери және сауда-саттық тұрғыдан келгенде, үкімет назарын мықтап аудара алатын өлке. Оған байланыс сыз да, төрт түрлі бағытта зерттеулер жүргізуге міндеттіміз: балыққа өте бай болғандықтан да, әр қилы тонаушылықтың ұясын а айналған Сам суларының шын құпиясын анықтау, Ұлы Татария қиырларымен табиғи шекарамыз болып табылатын Жем өзені сағасын шолып шығу;... қорқау да жаужүрек Адай тайпасы қазақтарының шын ахуалын білу, Каспий теңізінің қайрандауының сырларын ашу». Жүзден астам адам мінген бірнеше қайық 25 июньде Жолман Айрақты, Қабақты тауларының маңынан кеп шығады. Жағадағы құздарда қимылдап жүргендерді олар әуелі тау бүркіті не тау ешкісі ғой деп ойлайды. Сөйтсе, олар, мынау бейсауат меймандарды алыстан көріп, сырттарынан аңдып тұрған шомыншы қазақтар болып шығады. Карелин олармен тілдескісі келеді. Бірақ көшпенділер тау-тасты тасалап, жақындата қоймайды. Бір шатқалда олар қашып бара жатқанда екі салт аттыны қуып жетіп, ұстап алады. Екеуінің қолында да пілтелі мылтық. Бірақ білтелерін жел шалқытып от алғыза алмай, қолға түседі. Оны желден көрмей, қуғыншылардың сиқырынан болды деп түсінген екі қазақ көпке дейін жөндерін айтпайды. Тамақ беріп, сыйлық ұсынып, ақыры, сөйлетеді. Сөйтсе, олар Адайдың Жеменей тармағынан тарайтын Ақбота руының қазақтары Барлыбай және Құлжабай Тасболатовтар болып шығады. Кейін олар экспедицияға жол көрсетушілік қызмет атқарады. Карелин бір жылдай зерттеу жұмысын жүргізеді. Өлкенің табиғатын, ауа-райын зерттеумен қоса, жергілікті халықтар туралы да мәлімет жинастырады. Ол тұста қазақтар Маңғыстаудың Кендірлі түбегіне дейінгі жерін түгел иемденіп болыпты. Карелиннің есебінше2, түбекті Ботақара Жаманқариннің қарауындағы мұңалдың 5 руынан 1800 үй, Тілепі Тасықов (дұрысы Тасымов) қарауындағы Тобыштың 8 руынан 1200 үй, түркпен адайдың 6 руынан 100 үй, Мұса молла Елназаров пен Тасқамбай Байденовтың қарауындағы жеменей ауылдарынан 800 үй, Құнанорыс ауылдарынан 700 үй, балықшы ауылдарынан 300 үй, Ақпаннан 200 үй, Тәзікеден 200 үй, не бары 6 200 үй қазақ жайлайды. Бірақ бұл онша дәл мәлімет болмаса керек. Мұнда сол тұстағы ірі ру басылары Сүйінқара Үргенішбаев пен Мая Әнетовтердің қарауындағы халықтың саны айтылмайды. Оған, шамасы, екі бидің арасындағы алауыздық себепші болған түрі бар. Карелин Құмақ қапы дейтін жерде Мая әулетінің бір жас жігітімен жолыққанын былай жазады: «...Түстен кейін төңіректі тағы да бір шолып шықтық. Қосқа қайтқанда, бізге қарай үркесоқтап жақындап келе жатқан екі қазақты, олардан кейінірек қалған төрт қазақты, ең соңында және бір қазақты көрдік. Бәрінің астындағы аттары келісті-ақ, бір шақырымдай жер қалғанда тоқтай қалысты. Түркімен Ярмамбет-Бек қазақтарды қол бұлғап шақырды. Ордалықтар жақындайын деді, ең соңғысы біздің қос түгел көрінетіндей биік төбенің басына шығып алды; төртеу сол тұрған жерлерінде тұрып қалды, ал алдыңды екеу түркмендермен сөйлесе бастады. Сұрағандары: қай жақтан жүрген жандармыз, мұнда не мақсатпен келдік, айырбас жасайтын қандай бұйымдарымыз бар? Ярмамбет... оларды шатырға шақырды. Әлгілер қорқып кіргілері келмеді... Біз егер сенбейтін болса, жөндеріне тайып тұрсын, сөйлесіп ауыз ауыртпаймыз дестік. Ярмамбет орнынан тұрып қосқа беттеді. сол-ақ екен, екі елшінің біреуі жалба-жұлба арық шала атынан түсіп, емпеңдеп жақындай берді. Мен оған қазақтардың өз қонақжайлығын көрсеттім; әңгімелеспестен шайға қандырып, кептірген нан бердім. Оны біз қалай қабылдар екен деп әдейі жіберіп отырғандары бірден белгілі болды. Шал қомағайлана қарбытып жатыр; кепкен нанның қалдығын қойнына сүңгітіп жіберді. Әл жиып алғасын бөсе бастады. Өзін біздің бір чиновникпен айырбас жасайтын аманатқа өткізгісі келді. Ярмамбет-Бек оның орнына аманатқа барғысы келіп еді, тыйып тастадым. Сол екі ортада, шалдың тым масайрап кеткенін көріп, жолдастары кетейік деп ымдады. Ордалық орнынан тұрып кетуге рұқсат сұрады. Мен кете бер, қалаған уақытында келіп тұр дедім. Кетіп бара жатып бір стакан арақты қағып салғасын, шалдың беті бері қарайын деді. Ол маған сонау жұрттың соңында төбенің басында жалғыз тұрған жанды-жақты мұңал тайпасының қарақшы бастығы Маяның туған немере інісі деді. Мен оған «жас жігіт маған келіп кетсін, бәлкім, сый тартармын» дедім. Шалдың екі жүз қадамдай ұзап шығуы-ақ мұң екен, қалған қазақтардың бәрі жан-жақтан шауып барып, оны ортаға ала кеті. Өзара гүжілдесіп жатыр. Ярмамбет-Бекті делдалдыққа жұмсадым. Ақыр ағында шыдай алмай, өзім бардым. «Қайдақтың маңындағы руластарына қалай қарағанымды білесіңдер, неден қорқасыңдар?» — дедім. Маяның немере інісінің қолынан ұстай беріп ем, ол атынан қарғып түсіп, соныма ерді. Екі шал етегіне жармаса беріп еді, әлдене деп ақырып жасқап тастады да, жаңа ғана біздің қоста болған шалға соңыма ер деп ымдады; сосын маған қарап күлімсіреп: «Көрдің ғой, өз адамдарымның тілін алмай, саған еріп келем; орыстар болса ғой, бүйтпейді», — деді. «Мен екеуміздікі де жөн», — деп жауап бердім. Жаңа мейманымыз екі иығына екі жігіт мінгендей қарулы жас жігіт, жасы отыздар шамасында. Сөз мәнісінен Сарайшықта талай болып жүргенін, Жайық бойының орыстарын көріп тұрғаны бір бұл емес екенін аңғардым. Сондықтан, көп ойланбастан арақ ұсындым. Ол оған келісті; бірақ алдын-ала атын сұрамасқа сөзімді алды. Бір стаканды қағып салды да, тағы да құй деді; мас бола бастады. Уәдені үйіп-төгіп бақты, ертең түс шамасында тағы келем деді. Бірінші жолығыста көңіліне күдік алып қалмасын деп, көп ештеңе сұрамадым, бірақ Мая бидің өз ағайыны Сүйінқарамен араздасып қалғанын білдім, Сүйінқара оған ауылымды түркменнің шапқанына сенің де қатысың бар депті; Мая бұл сөзін көтере алмай, Жем бойындағы қаруланып отырған ағайынына қарсы жорыққа аттанған екен, ол жылы жаз жылдағыдан да ыстық болып, орта жолдан қайтып оралып, Хиуаға кетіпті. Мая қол астындағы мұңалдарымен және Түрікмен-адайлармен бірге Түп-Қарағаннан бастап, Кендірліден бір күндік жерге дейін жайлайтын көрінеді. Бұған менің қонағымның қосқаны: оның руластары орыс жарылқап жарытпайды деп, Хиуаға бағынғылары келетін көрінеді. Хиуа ханы оларға қайырым жасап, қоңсы отырған түркімен руларының, әсіресе, егдірлердің барымтасына жол бермейтін көрінеді. Ол, онымен қоса, орыс кәсіпқорларының озбырлығы мен орыс шекара бастықтарының парақорлығын айтып шағынды. Біздің жаңа танысымыздың тілі күрмеле бастады. Сол екі ортада қазақтардың біреуі менің шатырымның қасындағы кенеп жабуды ашып қап еді, астынан зеңбірек шыға келді. Бұны көргенде, олар қанша мас болса да, естерін жиып ала қойды. Мен олардан мұндай қаруды білесіңдер ме деп сұрадым; олар бастарын изеді, бірақ дауысын естіп көрген жоқпыз деді. Мен жас жігітке ендеше естуіңізге болады деп ем, ол үркесоқтай басын изеп, келісімін берді. Мен зеңбірекке доп салуға бұйырдым. Доп тасқа тиіп, анадайдағы атты қазақтарға жарықшақ ұшпасын деп, аулақ кетулерін сұрап, шалды жұмсап ем, мастығынан ұшты-күйлі айыққан Мая тұқымы, шал түсіндіре алмас, өзім барып айтайын деді. Мен оған «оны өзің біл» Дедім. Жас жігіт зеңбірекке қарап, біраз қобалжып тұрды да, өзегі жыртылғанша, айқайлап бара жатқан шалдың соңынан шаба жөнелді». Осынау кішкентай көрініс ол кездегі Маңғыстаудың саяси ахуалынан жан-жақты хабар бергендей. Карелин түбектің солтүстік-шығыс жағалауын түгелдей аралап шығып, әскери бекініс салуға Қайдақ соры маңындағы Қызылтас мүйісін қолайлы деп тапты.
Оған келтірген дәлелдері: 1. Мықты бекініс жасау онша қиынға түспейді; өйткені табиғаттың өзі дайын бекініс салып қойғанын былай қоғанда, құрылыс салуға керекті материалдар, әрқилы көлемдегі кесек тастар мен қалақ тастар кесулі күйінде әзір тұр; 2.Тұщы су дегеніңіз жеткілікті; бұлақтардың көзін кеңейтіп, суды бұдан гөрі де молайта түсуге болады; 3.Гурьев тиіп тұр, үш күндік жер; одан адамдарды, қару-жарақты, азық-түлікті жеткізу әрі оңай, әрі тез, әрі арзанға түседі..;
4.Жүк түсіретін жер өте ыңғайлы... 5.Қызылтастан Үстіртке шығатын екі жолдың екеуі де оңай, әрі қауіпсіз; зеңбірек пен ауыр жүк тасуға кейбір кішкене жарлауыт сайлардың үстінен төрт-бес жерден шағын көпір салуға, не тақтай тастай салуға болады; 6.Ең бастысы: бұл Хиуаға жорыққа шығуға ең жақын, ең ұрымтал түс; екі ортада азғантай суатсыз жерлер ұшырасқанмен, көктем мен күзде оған да жаңбыр жауып көл түседі». 1833 жылы Сыртқы істер министрлігі Қайдақ соры маңайындағы Қызылтас мүйісінен әскери бекініс салуға ұйғарым қабылдады. Оны салуға 52 мың сом қаржы бөлінді. 1834 жылы Қызылтаста бес жүз кісі әскер ұстайтындай Ново-Александровск қамалы салынып бітті. Бұл оқиға туралы Орынбор соғыс губернаторы В. Перовский Сыртқы істер министрі К. Нессельродқа 1834 жылғы августта былай деп хабарлады: «22 июль күні Ново-Александровск бекінісінің салтанатты ашылуы атап өтілді. Кешкі сағат 8-де солдаттар сапқа тұрғызылып, шіркеу парады өтті. Одан соң командалар төрт бұрыш жасап шырқ айнала сапқа тізілді. Жер тізерлеп мінәжат жасалып, аса мәртебелі монарх пен император әулетінің ұзақ ғұмыр сүруіне тілек айтылған кезде жаңа қорғанның қабырғасынан 101 дүркін зеңбірек атылы. Сонымен жаңа бекініс пен ондағы алғашқы үйлерге патиха жасалды. Священник шіркеу адамдарының, чиновниктердің қоштауымен иконаларды, киелі туларды көтеріп, жаңа бекіністі айналып шығып, шипа суын тамызды. Күндізгі сағат 2-де бекініс бастығының бөлмесінде дастархан жайылып, зеңбірек атылып, жер қайыстыра уралап, патша ағзамның өзі мен әулетінің денсаулығына тост көтерілді! Күллі отрядқа екі-екі сыбағадан ет және шарап берілді. Бұл салтанатқа көптеген ордалықтар келді; олар ең жүйрік аттарын әкеп бәйгеге қосып, тамаша ойын-сауық көрсетті. Оларға қонақасы қамалдың сыртында, қақпа алдына тігілген шатырда берілді. Шыжынаған ыстыққа қарамастан қазақтар бәйге жасады; шапқан аттар тастақтау болғанмен, мидай жазықта он бес шақырымнан қайтатын болды. Озып келген төрт аттың иесіне бәйге берілді. Ойын қайтадан қызды: қазақтар күресіп, казактармен жаяу жарысқа түсті, ұлт ойындарын ойнады. Кеш аспанға ракеталар атумен аяқталды. Оған меймандарымыз қатты қайран қалды». Маңғыстау түбегінде патшалық Россияның ықпалының мықтап орнығуы осы қамалдан басталды. Оны 1834 жылы августта генерал Перовскийдің өзі келіп көрді. Жаңа қамалдың құрылысын басқарған Орынбор өлкесіне жер аударылған саяси тұтқын, артиллерияның отставкадағы прапорщигі Г. С. Карелин енді коллегия ассесоры лауазымын алды. Ол Каспийдің шығыс жағалауында Россия әскери ықпалын ғана емес, саяси ықпалын да мықтап орнықтырғысы келді. Көшпенділердің ру басыларымен келіссөз жүргізе бастады. Олар орыс үкіметінен көрші Хиуа шапқыншылығынан, түркмен руларының барымтасынан арашалауды өтінді. Ол үшін Жем мен Кендірлі арасын жайлайтын адай қазақтарына өз алдына билеуші тағайындауды сұрады. Оған сұлтан Қайыпқали Есімовты ұсынды. Орынбор әскери губернаторы қазақ ру басыларының бұл өтінішін қабыл алуға, бірақ қашқын Қ. Есімовты емес, бір кезде Маңғыстау түркмендерінің ханы болған Пірәлі Нұралиевтың тұқымынан біреуді тауып ап, адай тайпасының билеушісі етіп тағайындауға кеңес берді2. Бұл Россияның Каспийдің шығыс жағалауын иемденуге байланысты көптен бергі жоспарын түпкілікті жүзеге асыруға көшкенін байқатады. Хиуа хандығы іргесіне тықыр таянғандығын бірден сезді. Ол жаңа қамалдан онша қашық емес «Ешкіқырған» Құдығының басында отырған Мая Әнетов биді шақырып ап, орыстардың қамал салып жатқанын неге хабарламадың, 300 кісілік отрядты неге қырып жібермедің, неге көлік беріп көмектесесің деп айыптап, 11 күн бойы сыртқа шығармай қояды. Г. С. Карелин артынан армян саудагері Турпаев пен Баймәмбет Маяевті хабар біліп келуге жібереді. Хиуалықтар ол екеуін де ұстап ап, ханға апарады. Аллақұл хан Баймәмбетті аманатқа алып, Маяны 900 тіллә айып төлеуге еліне жібереді. Қазақтар хан қаһарынан 60 түйе, 1000 сом, 1000 жылқы, 180 өре киіз айып төлеп, әзер құтылады. 1836 жылдың күзінде хан генерал Перовскийге хат жолдап, Ново-Александровск қамалын қиратуды талап етеді. Орыс үкіметі оған құлақ аспады. Енді ол Маңғыстаудағы қазақтар мен түркмендерді азғыра бастады. Оларға Қайыпқалиды хан сайлайды. Ел арасында Хиуа Россияға қарсы соғыс ашқалы жатыр, орыстарды қолдаған қазақтардың басы алынады деген қаңқу таратты. Ново-Александровск қамалында почтаға шабуыл жасалып, 14 мың сомның товары тоналды3. Орыс үкіметі мұндай желіктің жолы қырыққысы келіп, 1836 жылы қыстыгүні полковник Мансуровты 600 кісілік отрядпен Маңғыстауға аттандырады. Қылышынан қан тамған отряд мұз үстімен Ново-Александровск қамалына кеп шығады. Сол маңдағы қазақ ауылдарын жайпап шыққан соң, Бозашы түбегіндегілерді жазалайды. Елу үш қазақты тұтқынға алып, Гурьевке қайтады. Бұл шара, шамасы, із-түзсіз кетпесе керек. Генерал В. Перовский 1837 жылғы 1 июльде Сыртқы істер министрлігінің Азия департаментінің директоры К. Родофиникинге жазған хатында «адайлардың бізбен сәлемі едәуір жөнделіп қалды» деп қуана хабарлайды. Хиуа енді азғырушылықты қайта, арандатушылық әрекетке тікелей кірісіп кетті. 1839 жылы Хиуа отряды Маңғыстауға кеп, 120 орысты тұтқынға алды, қайықтарды суға батырды.
Бұның бәрі Россияның Хиуаға қарсы жорығын тездетуге мәжбүр етті. 1839 жылы 12 мартта патша Хиуаға қарсы «Поиск» деп аталатын әскери операцияны бастауға указға қол қойды. Бұл жорық 1840 жылдың көктемінде басталуы керек еді. Бірақ В. А. Перовский ол мерзімді күтпей, 1839 жылдың ноябрінде жорыққа аттанды. Он екі зеңбірегі бар төрт мың кісілік жаяу әскер он мың түйеге жүк артып, жол-жөнекей екі мың түйеден айырылып, 20 декабрьде шаршап-шалдығып, Жем бекінісіне 1840 жылдың 1 февралінде Шошқа көлге келді. Сол екі ортада тағы да бес мың түйеден айырылады. Әскердің көбі үсіп кетеді. Отрядтың қалған бөлігі июнь айында өліп-талып, Орынборға қайтады. Орынбордан басталған жорық әлгіндей сәтсіздікке ұшыраған соң, патша үкіметі қайтадан Шығыс Каспий бекіністеріне назар аудара бастады. Орыс мемлекетінің Хиуаға қарсы жорықтарына Иран мен Ауғанстанға кеп бас тіреген ағылшындар да қатты көңіл бөлді – 1840 жылы Хиуаға Гераттан ағылшын капитаны Джеймс Аббот келіп, Аллақұлға жолығып, орыстардан қорғанатын қамал салуды ұсынды. Аллақұл оған қарулы отряд пен бірнеше зеңбірек беріп, қамал салуға Маңғыстауға жұмсады. Ол 1840 жылы 1 май күні Ново-Александровск қамалының түбінде отрядымен тұтқынға алынды. Май айының аяғында Орынборға апарылып, одан Петербургке жөнелтілді. Абботтың осы сапарында жол бастаушысы болған ауған Сәметжан Мұхамедханов пен Әбдісамат Мегметалиев, түркмен Қадыр Кірпин орыс өкіметі орындарына берген жауаптарында3 отрядқа Сисем-Ата дейтін жерде Сүйінқара бастаған елу қазақ шабуыл жасап, керуенді тонап алғанын айтады. Бұл сол тұста Маңғыстау түбегінде Хиуа ықпалының әлсірей бастағанына тағы бір айғақ болса керек. Абботтың да, оған іле-шала Хиуаға келген Ричмонд Шекспирдің де жол жазбалары олардың негізгі мақсаты — Хиуаны орыс ықпалына қарсы плацдармға айналдырудың мүмкіндіктерін қарастыру, өлкенің қазба байлықтары туралы мәлімет жинау екендігін байқатады. Бұның бәрі патша үкіметін Каспийдің шығыс бетіндегі бекіністерді нығайтуды қайтадан қауырт қолға алуға мәжбүр етті. Қызылтасқа Г. С. Карелин салған орыс бекінісі Каспий — Хиуа сауда жолының тірегі болуға қолайсыздық көрсете бастады. Біріншіден, өн бойында белгілі бір тәртіппен орналасқан құдықтары бар, түйелі керуенге аса ыңғайлы ежелгі Маңғыстау жолы бір қиян бұру қалды. Екіншіден, Кавказ порттары мен Астраханьнан келетін үлкен кемелерді қабылдауға тиісті қолтықтың суы жылма-жыл тайыздана берді. Үшіншіден, бекінісінің тұрған жері балық кәсіпшіліктеріне де тиімсіз боп шықты. Төртіншіден, қала тұрғындарының санын көбейтуге тұщы су жетіспеді. Бесіншіден, жергілікті қазақ, түркмендердің не қыстауында, не жайлауында емес, жай әншейін жұрт көш-жөнекей тоқтайтын шың ернегіне жақын орналасқан бұл қамал ел ішінде өз ықпалын жүргізуге де ыңғайсыз еді, әсіресе, патша үкіметіне шұғыл керек боп қалып отыратын жорықтар тұсында көшпелі ауылдардан көлік жинап алуға қиындықтар туғызатын болды. Сондықтан да, 1839 жылы бас штабтың капитаны Ширков пен капитан-лейтенант Бодиско жаңа қамал салуға Түпқараған түбегін қолайлы деп тапты. Бұл ұсынысты М. И. Иваниннің 1846 жылғы географиялық зерттеулері де құптады. Жаңа қамалдың құрылысын Орынбордың жаңа губернаторы В. А. Обручевтың бұйрығы бойынша инженер-капитан Геннерих жүргізді. Ежелгі Маңғыстау жолы басталатын жерден жаңа бекініс тұрғызылуынан Хиуа хандығы қатты сескенді. М. И. Иванин адай ру басылары бізге «бұл қамалды салуға Хиуа ханынан келісім алдыңыздар ма, ондай келісімдеріңіз болмаса, көмектесе алмаймыз» деген талап қойды деп жазады. Бас штаб полковнигі М. И. Иванин бұдан адай ауылдары Хиуа ықпалында екен, сондықтан Маңғыстау түбегінде түркмендерге сүйенген жөн; ертеректе Астрахань ауып кеткен түркмендердің бәрін қайтадан көшіріп әкеліп, Қаратау бойындағы бұлақтарға орналастырып, егін ектіріп, Хиуадан астық сатып алатын кіріптарлықтан құтқару қажет; ол үшін түбекте түркмендерді Хиуа шабуылдарынан қорғай алатындай мықты гарнизон ұстауымыз керек деген қорытынды шығарды. Орыс үкіметі Маңғыстаудан жан-жаққа көшіп кеткен түрікмен руларын қайта жинау мақсатында 1858 жылы адай, табын, түрікмен арасындағы алауыздықты тыйдыруға күш салады. Орынбор мен Самараның генерал-губернаторы генерал адъютант Катенин Кіші Орданың батыс бөлігінің билеушісі сұлтан Тәукин мен Новопетровск қамалының коменданты подполковник Усковқа екі жақтың аузы дуалы адамдарын тауып, келіссөз жүргізуге бұйырады. Тәукин адай биі Ғафур Қалбинді, Усков түрікмен хожасы ишан Нұрмұхаммед Бектуриевті ұсынады. Жергілікті халық арасында Қараманата басындағы анттасу деп аңызға айналып келген бұл саяси шараны асыруда түрікменнің егдір руының басшылары Мамбетсапа Кулиев пен ишан Нұрмұхаммед Бектурлиев ерекше көзге түседі. Патша үкіметі жергілікті түркмендер әулие тұтатын Бектұрлы ишанның баласы ретінде қазақ, түрікмен ру басыларынан құран ұстатып ант алған Нұрмұхаммед Бектурлиевқа алтын медаль береді. Алайда, Хорезм, Балқан, Астрахань ауып кеткен түрікмендер қайтадан жинала қоймайды. Бұл сырт қарағанда татулыққа шақырған секілді оқиғаның ар жағында ұлт араздығының жай-жапсарын жақсы білетін патша саясатшыларының екі ұлт арасындағы ескі өшпенділіктерді қайтадан тірілтіп, екі халықты ыңғайына қарай алма-кезек пайдаланып, бір-бірінің соңына салып қоюды көздеген жымысқы есеп бар еді. Мұндай саясат үшін Россияның Орта Азияға байланысты жоспарларын жүзеге асыруда аса зор стратегиялық маңыз атқаратын Маңғыстау тұрғындарының ұлттық жағынан бір текті болмағандығы тіптен дұрыс болатын еді. Ал Маңғыстау қазақтарының жаңа қамалға байланысты әлгіндей талабына келетін болсақ, олар Хиуа ықпалында болғандықтан осылай істеді деген қорытынды да тым ұшқары. Әлгі тұста Хиуаның диуанбегі Маңғыстау қазақтарына орыс әскеріне қарсы көтеріліңдер деп он жылдан астам үндеу таратып келді, Баймәмбет Маяевты Хиуаға шақыртып та, хат жазып та азғырды. Бірақ ел ішінде ондай толқу орын алған жоқ. Соған ерегіскен Хиуа әскері оқтын-оқтын Үстірт пен Маңғыстаудағы қазақ ауылдарына тиісуді көбейтті. 1847 жылы түгелінен Қаратау бойында отырған елдің іргесінен Хиуа әскерінің дүсірі кеткен жоқ, 1848 жылы 25 майда талтүсте 400 атты Хиуа әскері жаңа орыс қамалының түбінде отырған би Баймәмбет Маяевтың ауылын шапты. Екі оттың арасында қалған адай ауылы Хиуа ханы Саид Мұхамед — Рахимнің тілін бәрібір алмады. Қарағантүпте салынған Ново-Петровск қамалына Дағыстандағы Петровск (қазіргі Махач-Кала) қаласымен шатастырмас үшін 1859 жылы Александровск форты деген жаңа ат берілді. Бұл кезең Ішкі Россияда Каспийден арғы аймақты игерудің жоспары қызу әңгіме боп жатты. Әсіресе, Қырым соғысының батыры генерал-лейтенант С.А. Хрулевтің Орта Азиямен сауда жасаудың серіктестігін құру туралы идеялары жұрт аузында жүрді. Онда генерал Каспий мен Аралда, Сырдария мен Амударияда кеме қатынасын ашуды, Каспий теңізі мен Арал теңізі арасын байланыстыратын теміржол салуды, Челекен, Балқан түбектерін, Жайық, Жем бойларының қазба байлықтарын игеруді, Каспий мен Аралда балық өнеркәсібін ұлғайтуды, Германия мен Франция товарларына Шығыс базарына жол ашуды, Орта Азиядағы мал шаруашылығын, егіншілікті жібек, мақта өсіруді, зергерлік кәсіпті кең көлемде өрістетуді ұсынды, Хрулев жоспарына патша сарайы жақсы ықылас білдірді. Генерал С. Хрулев бұл жоспар бас-аяғы 75 жылдың ішінде ойдағыдай жүзеге асады деп сенеді. Орыс адамының Орта Азияға тигізер игі ықпалының айқын өнегесі ретінде 1841 жылы Маңғыстаудағы Долгий аралына кеп орналасып, көшпенділерге шыт-шыбыр, айна-тарақ сатып-ақ байып алған жұрт Прянишников деп атап кеткен Коломна көпесі Корнеевті атайды. Орта Азия саудасының зор болашағы бар екендігіне Орынбор линиясына 1748 жыл мен 1755 жылдың арасында 50 пұт алтын мен 4 мың пұт күміс шығыс ақшасы түскенін дәлел етеді». Каспийден арғы далаларға тұрақтап табан тіреу Россияның сол кездегі сыртқы саясатының ең басты қағидаларының бірі болғанына, генерал Хрулев айтқандай, жаңа аймақты жан-жақты игерудің күн тәртібіне мықтап қойылғанына Маңғыстау мен Бозащы түбегінде орыс мекен-жайларының көбейе бастауы дәлел боп табылады. Жаңадан салынған Александровск фортына үш шақырымдай жерде Маңғыстау түбегінің Каспий теңізіне пышақтың жүзіндей боп іреп кірген үшкір мүйістің ұшында Николаевская станциясы пайда болды. Оның дәл түбінен Армян слободкасы орнап, көшпелі қазақтармен сауда жүргізе бастады. «Осынау құлазып жатқан тағы өлкеде ел қоныстандыру және Каспий теңізінің шығысында орыс балық өнеркәсібін дамыту үшін ұлы ағзамның бұйрығымен Орынбор губерниясының казактары шақыртыла бастады, – деп жазады сол тұстағы оқиғаларды жақсы білетін жергілікті священник Николай Зверев 1907 жылы басылған «Николаевская станица» атты тарихи очеркінде. – бұл үндеуге 25 казак семьясы қуана үн қосып, туған жерлерін тастап, патша ағзамның аузынан әлгіндей сөз шығысымен-ақ, өздеріне атымен беймәлім жабайы жапан түзге қарай лап қойды, Маңғышлақ түбегі айлағындағы Түп Қараған көсесінің құмдақ мүйісіне кеп мекен теуіп, бұл арадағы алғашқы орыс селениесі — Николаевская станицасын салды. 1849 жылдың басында Орынбор губерниясынан 15 семья: Делуриндер, Перпелюковтар, Свертюткиндер, Елистратовтар, Языковтар, екі семья Разумановтар, Савченкиндер, Черемышенковтар, Даньковтар, екі семья Белуниндер, Кривохижиндер, Ломакиндер әулеті келді. Келесі 1850 жылы тағы да бес семья: Медвевевтер, Кулигиндер, Бабушкиндер, Масленниктовтар, Бекетовтар әулеті көшіп келді. 1853 жылы қалған бес семья: Верещягиндер, Колодочкиндер, Макаровтар, Колосниченковтар, Карамзиндер әулеті қоныстанды. Жаңадан қоныстанғандарға үкімет әр бес семья үшін алты қабырғалы шатырлы, кірпіш пеші бар, қарағай үй салып берді. Ол үйлерді Александровск фортында әскери қызметте жүрген солдаттар мен казактар тұрғызды. Үймен қоса әр семьяға діңгегі, якоры, желкені бар бір-бір қайық және балық аулайтын ау-құрал алу үшін 70 сом ақша берілді. Жаңа қоныстанушыларға келген бойда үлкендерге толық, балаларға жарты әскери паек берілді. Оның үстіне Александровск фортының коменданты олардың өз кәсіптерін ойдағыдай бастап кетуіне көп қолғабыс жасады. 1858 жылы Орынбор губерниясынан өз қаражаттарына 12 семья: екі семья Ухановтар, Босовтар, Дедуриндер, Сиволобовтар, Поляковтар, екі семья Куреновтар, Гребенковтар, Илюшиндер көшіп келді. Оларға қазынадан үй мен қайық берілген жоқ, тек жарты жыл бойына тегін ішіп-жем беріліп тұрды. 1859 жылы өз қаражаттарына тағы да екі семья — Дубскийлер мен Посадскийлер көшіп кеп, қоныстанды... Осынау шет аймаққа жаңа қоныстанушылардың әл-ауқатын жақсарту мақсатында ұлы ағзам мынандай жеңілдіктер жасады: 1869 жылға дейін Каспий теңізінің Қазынаға қарайтын қай жерінде де балықты тегін аулауға рұқсат етілді; әскери қызметтен және 1904 жылға дейін мемлекеттік алым-салықтардан босатылды, жергілікті тұзды көлдерден үй басына 150 пұт тегін түз өндіруге рұқсат берілді... Мұндай жеңілдіктерге қызығып, тағы да 40 семья көшіп келді... Арада алты жыл өтпей жатып, жаңа қоныстанушылар өздерін казактар қауымынан шығаруды өтіне бастады. Олардың бұл өтініші 1869 жылы қанағаттандырылды. Бұл тұста станицаға Россияның әр алуан губернияларынан жаңа қоныстанушылар келе бастады... 1883 жылы Жем сағасында балық аулап жүрген бірнеше қайықты жел ықтырып, Долгий мүйісінен шығарды. Ол қайықтардың иесі Астрахань тұрғыны Василий Григорьевич Тручкин қайықтары қайырлап қап, әлгі араға ұзақ аялдауға мәжбүр болды. Сол жерде олар өте көп балық аулады. Мұны естіген басқа да Астрахань тұрғындары Долгий мүйісіне лек-лек ағылды. 1897 жылы Долгийде 500 бударка балық ауланды. Елу шана балық тасылды. Бұл жылдары Каспий теңізінің шығыс жағалауынан ауланатын балықтың тең жартысын Долгийде тұратын 37 семья аулады. 1891 жылы Долгийде балықшылар ватагасы салынды...» Священниктің айтуынша, мұндай балықшы поселкелері Қолпы аралында, Қандауыр қойнауында да салынды. Патша өкіметінің Каспийдің шығыс жағалауына орыс тұрғындардың қоныстандыруға осыншалық үлкен мән беруі тегіннен-тегін емес-ті. Россияның Азия елдеріне жасар ықпалын тек Каспий теңізінің шығыс жағалауына шығумен ғана шектегісі келмейтіні көптен белгілі еді.
Каспий теңізінің шығыс жағалауларын зерттеу қайтадан қызу қолға алынды. 1859 жылы Маңғыстауға Орал қаласынан бас штаб полковнигі В. Д. Дендевиль, коллегия ассесоры М. Н. Галкин, тілмаш, шығыстың белгілі зерттеушісі Н.Н. Ильминский бастаған экспедиция келді. Алайда, Россия «Хрулев жоспарын» іске асыруға кіріспей тұрып, Австриямен соғысқа кірісіп кетті. Хиуамен екі ортадағы қарым-қатынас бұрынғыдан бетер шиеленісе берді. Орыс әскері Сырдария бойын, Жетісуды, Ташкентті, Самарқандты бағындырды. Енді отаршылдық картасында бояу тимеген ақтандақ боп бар болғаны тебінгідей ғана Хиуа хандығы қалды. Оған Россия да, Англия да бірдей көз сүзуші еді. Жан-жағын шөл қоршап жатқандықтан талай жиһангерлер алыстан айналып өткен бұл өлкені орыс әскері бәрібір бағындырмай тынбасқа бел буды. Оған керекті жағдайдың бәрі туған сияқты. Орыс қару-жарағы Орта Азияға дендеп кіріп, Таяу Шығыстағы Британ жолын бөгей алатындай болды. Каспийдің шығыс жағалауы да біржолата Россия ықпалына өтті. Оған 1870 жылғы Маңғыстау қазақтарының көтерілісінің қанға бөктірілуі түпкілікті әсер етті. Бұл көтерілістің шығуын жоғарыда үзінді келтірілген тарихи очерктің авторы былай түсіндірді. «1869 жылы үкімет түздіктерден алатын алым-салықтың мөлшерін ұлғайтты: қырғыздар өз бастықтары Баймәмбет жаңа салықты жинай бастағанда қатты қобалжыды: ол жылдағыдан көп ақша алып, өзі пайда көрейін деп жүр ме деп ойлап, салық төлеуден бас тартты. Басқарушы уезд бастығынан қырғыздарды салықты көбейту туралы патшаның жарлығымен таныстыруды өтінді. Полковник Рукин 40 қарулы казакпен қырға аттанды. Указды жариялауға жиналған қырғыздар казактардың мылтығынан қорыққан боп, полковникке жуымай қойды; алдымен казактардың қолдарындағы мылтықтарын тастауын талап етті. Полковник олардың айла жасап тұрғанын түсінбей, казактарға мылтықтарын жерге тастап, оның қасынан аулақ кетуге бұйрық берді. Казактардың арасындағы Фельдфебель қырғыздар айла жасап тұр деп, әлгі бұйрыққа қарсы шықты; полковниктің сотқа берем дегеніне қарамастан қолындағы қаруын тастаған жоқ. Казактардың полковниктің бұйрығын орындауы-ақ мұң екен, қырғыздар қару-жараққа ұмтылды, ең алдымен өз басқарушыларын өлтіріп, сосын казактарға бас салып, көбін қырып тастады, қалғандарының аяқ-қолын матап тастады. Полковник Рукин атына жетіп, қаша жөнелмекші болып еді, оған үлгере алмайтынын көріп, қырғыздарға тұтқынға түспес үшін өзін қақ маңдайдан револьвермен атып өлтірді». Иә, шынында да, осылай болғаны рас. Бірақ халық көтерілісінің шығуының себебі бұдан гөрі тереңіректе жатқанды. Новопетровск қамалы бар болғаны екі айдың ішінде салынды. Әу баста онда 14 зеңбірек болды, артынан ол жиырма төртке жетті. Көп ұзамай Новопетровск қамалы, Александр — бай мен Красноводск шығанағының маңындағы әскер 3600 кісіге жетті. Жем бойында да әскери қамал салынды. Көшпелі халық қайда барса да, алдынан өңешін созып, патша зеңбірегі шықты тұрды. Патша өкіметі Маңғыстау түбегіне жаңадан көшіп кеп жатқандарға істеген жақсылығын жергілікті тұрғындарға жасамады. Оларға кемсітушілік саясатын жүргізді. Новопетровск қамалы салынып біткен бойда жергілікті қазақтар мен түркмендер ау жайып, күн көріп жүрген балығы мол сулар жаңа қоныстанып жатқан казактардың тегін иемденуіне берілді. Арада 9 жыл өтпей жатып қамал маңындағы қазақтар мен түркмендердің барлық қайығы жойылып жіберілді. Бұл турасында XІX ғасырдың 80 жылдары Каспийдің шығыс жағалауын аралап көрген бас штаб полковнигі Беляевский: «Адайлар маған өздеріне балық аулауға тиым салынып қойғанына әлденеше рет шағым жасады... Қазір адайлардың бейбіт кәсіппен шұғылдануына жасалған бұл тыйым олардың арасында наразылық туғызып, өшпенділік пен қызғаныш өртін өршітіп, цивилизацияға үйір боп, орыстармен жақындасуына қиындық келтіріп отыр», — деп жазған-ды. Патшаның отарлау саясаты қазақтардан алынатын алым-салықтың түрін бұрынғыдан да көбейтіп жіберді. Оның үстіне ол кезде Россия Каспийден арғы өлкеге басып кіру саясатын мықтап ойластыра бастаған-ды. Бұған байланысты әскери операциялардың ауыртпалығы қазақтардың мойнына түсті. Орыс отрядтарын көлікпен, қоммен, жүк артып, көлік бағатын қара жұмыскерлермен солар қамтамасыз етуге тиісті болды. Сол кездегі Кіші жүз қазақтарының бәрінің де басыңда бар бұл тауқымет, әсіресе, Маңғыстау қазақтарына ауыр тиді. Олар бір жағынан Батыс орданы билейтін сұлтандарға алым-салық төлесе, екінші жағынан іргелеріндегі Александровск фортының комендантына алым-салық төледі. Бір бүйірдегі Хиуа ханы да біздің жерімізді жайлап отырсын деп оқтын-оқтын қарулы әскер жіберіп, ұшыр, зекет жинап әкететін. Оның үстіне адай қазақтарының басын біріктіріп отырған саяси, экономикалық, территориялық бірлестік те жоқ еді. Он топқа бөлінген оларды он сардар билейтін. Бес сардар жоғарғы адайлар дистанциясының бастығына бағынса, бес сардар төменгі адайлар дистанциясының бастығына қарайтын, Екі дистанцияның да басында бір кезде Хиуа хандығымен тығыз байланыста болған, ол ықпалдан әлі ірге ажыратып үлгермеген Ғафур Қалбин және Баймәмбет Маяев дейтін жергілікті шонжарлар тұрды. Александровск комендантының жәрдемшілері болып табылатын бұл екі шонжар өзара қырбай боп, ел арасына іріткі туғызумен жүретін. Олар патша өкіметінің де, Хиуа ханының да қабағына қарап, екі жүзді саясат ұстанды. Аталмыш көтерілістің тұтануына осы екі билеушінің Орал облысының басқармасына шақырылуы түрткі болды. Орыс шекара өкіметі оларды 1868 жылғы қазақ өлкесін билеу туралы алынған жаңа ережелермен таныстырды. Бұл жаңа реформа түтін басына 3 сом 50 тиыннан салық жинауды (бұрынғы салық мөлшері 1 сом 30 тиын болатын); үй санын дәл есепке алуды; ел билеушілерді сайлап қоюды, уездік соттарды тағайындауды, жерді мемлекеттік меншік деп тануды, ру-рудың орнына болыстар мен ауылдарға бөлінуді, паспорт жүйесін енгізуді талап етті. Жергілікті ру басылары орыс шекаралық өкімет орындары мен Хиуа хандығының екі жақты қысымынан әбден титықтап отырған елдің наразылығын өз қолындағы билікті бекіте түсу жолындағы күреске пайдалануға тырысты. Баймәмбет Маяев жаңа реформа тұсында патша өкімет орындарына жағынып бедел алғысы келсе, Ғафур Қалбин оны сатқын қып көрсетіп, ел алдында беделін көтергісі келді. Баймәмбет Маяев ел арасына жаңа реформа адайларға да жүреді деген хабар таратса, Ғафур Қалбин оның сөзін жоққа шығарып, жаңа реформаның бізге ешқандай қатысы жоқ деп жар шашты. Мұндай екі ұдай хабар ел арасында толқу туғызды. Бір мың сегіз жүз алпыс сегізінші жылдың көктемінде Маңғыстау қазақтары түгел дерлік атқа мінді. Көтерілісті қалың бұқарадан шыққан Досан Тәжиев, Алғи Жалмағамбетов, Ержан және Ерменбет Құловтар басқарды. Жергілікті феодалдар ереуіл басталмай жатып ел тізгінінен айырылып қалды. Баймәмбет Маев көтерілістің алғашқы күні-ақ полковник Рукинмен бірге өлтірілді. Ғафур Қалбин бәсекелесінен өшін алғанша көтерілісшілер жағында боп, дегеніне жеткен соң, патша өкімет орындарына ереуілшілердің жоспарын астыртын жеткізіп отырды. Көтерілісшілер үстем боп тұрған кезде оны Хиуа ықпалына бұрып әкетуге тырысса, көтеріліс жеңіле бастағанда қайтадан патша жағына шықты. Би Иса Тілембаев та жалтақтық көрсетті. Маңғыстау қазақтарының көтерілісінде феодалдар мен кедей бұқараның арасындағы таптық айырма бірден көзге түсті. Анық программасы жоқ, шаруа бұқарасының ызасынан туған стихиялық көтерілісті әбден басып жаншуға Кавказ, Орынбор, Еділ бойы әскери округтарының жазалаушы отрядтарымен қоса, жергілікті феодалдар да белсене араласты. Жан-жағын әскер торлаған алақандай аймақтың тұрғындарының стихиялық ереуілінің жеңіске жетпейтіні, сірә, белгілі еді. Ол қайта бұл аймақта отаршылдық режимнің бұрынғыдан бетер күшейе түсуіне себепші болды. «Военный сборник» журналында көрсетілген мәлімет бойынша көтерілістен бұрын он мың үйден түтін салық алыныпты, ресми есеп бойынша, өлке тұрғындары жиырма мың үйге жететін-ді, ал жергілікті қазақтардың өздерін айтқызсаңыз, ол тұстағы Маңғыстаудағы қазақтардың саны отыз мың үйге таяу көрінеді. Түрікмендермен болған қақтығыста адайлар 15 мың салт атты шығарады екен. Сонша халықтан өлкеде көтеріліс басылған кезде бар болғаны он мың үй қалыпты. Былайғылары жазалаушы отрядтардың қолынан қырылды, көтеріліс басылғасын көрші аймақтарға тозып тарап кетті. Аталмыш журнал бірақ соның өзін аз көрді. Ол географиялық орыны, жергілікті жағдайларына қарағанда, біздер үшін болашақта үлкен маңыз атқаратын «осы өлкені отарлауда әлі күнге ештеңе жасалмай отыр» деп қынжылады. Отыз мың үйден оң мың үй зорға қалса да, отаршыл саясаттың сәуегейлеріне, бұл өлке әлі жүген-құрық тимей жүргендей көрінеді. Сөйтіп, патша әскері өз жолындағы бұратана халықтарды да біржолата бұғалықтап алған-ды.
Енді Хиуаға кірер қақпаның бәрі де айқара ашылған-ды.
Оған терістіктен генерал В. А. Перовский басқарған Орынбор отряды, оңтүстік шығыстан генерал К. П. Кауфман басқарған Түркстан отряды, батыстан князь Михаил Романовтың қол астына қарайтын Кавказ әскерінің екі отряды шабуыл жасайтын болды. Ол ұста Маңғыстау да патша әулетінің Кавказдағы өкілі, князь Михаилдың қол астына қарайтын-ды. Каспий теңізінен Хиуаға дейінгі ұлан-байтақ шөл даланы басып өтетін әскери жорыққа бірден-бір көлік түйе еді. Түйе жинау Маңғыстау приставы Н. П. Ломакин мен Красноводск приставы полковник Маркозовқа тапсырылды. Оның үстіне отрядқа керекті азық-түлік, жем, қом, арқан-жіп, т. б. керек-жарақтардың бәрі халықтан жиналатын болды. Маңғыстау приставы Ломакин қарулы отрядпен, зеңбірекпен елге шығып, көлік жинауға кірісті. Алдында ғана қансоқтаға ұрынған халық патша өкіметінің мына қылығынан шошынып, тоз-тоз боп, беті ауған жаққа көше бастады. Түбектің түкпір-түкпіріне қарулы отрядтар жіберілді. Олар бейбіт ауылдарды шауып, тонауға кірісті. Бесоқтыдағы қорғаныс пунктінің бастығы майор Навроцкий 200 атты казакпен түн ортасында Қайдақ шығанағының маңындағы Боғда, Мәлібек, Өтес құдықтарының басындағы ауылдарға тартты. Бұндай шапқыншылық Маңғыстау мен Үстірттің кез келген жерінде болып жатты. Осындай озбырлық операция тұсында Итбай құдығының маңында көшіп жүрген ауылдар қарулы әскерге қарсы шайқасқа шығып, кейін орыс армиясының белгілі қолбасшыларының бірі болған, ол кезде бас штаб полковнигі Скобелевті және екі офицерді, бірнеше казактарды жаралап, өздері 11 адамынан айырылады. Бірақ жарақты жауға айдалада көшіп-қонып жүрген қаймана қазақ не істей алсын! Ел ішіндегі ереуілге қарамастан Хиуа жорығына керекті әзірліктің бәрі жасалды. Әр семья 2 -3 түйе, 5-10 қой-ешкі беруге тиісті болды.
Маңғыстау отряды 1873 жылы 14 апрельде Кендірлі түбегінен аттанатын болды. Сол кезде Кендірлі айлағының қасына тігілген шатырларды бекіткен темір қазықтар күні кешеге дейін ұшырасушы еді. Осы отрядта болған М. Алиханов-Аварский «Хиуа жорығы» деген кітабында сол бір жылғы апрель күндерін майын тамыза суреттеп бағады. Кендірлі басы қыж-қыж қайнаған хан базарындай. Қаз-қатар тігілген қызылды-жасылды француз шатырлары. Үйілген тау-тау жүк. Қару-жарақ. Әскерге керек киім-кешек. Түйеге берілетін әбден кептіріп, нығыздап текшелеген пішен. Арақ толы, шарап толы күбілер.
Абыр-сабыр қозғалыс.
Мыңдаған түйе тұсауымен жайылып жүр, шөгіп жатыр.
Айлақта екі кеме — «Тамара» мен «Иран».
Қостың о шет бұ шетінде аузы үңірейген зеңбіректер.
Анадайда отырған қараша ауыл бұның бәріне үрпиісіп қалған.
Шатырлардың арасында киіз жауып, тақтайдан тұрғызған жорық шіркеу.
Кешқұрым орыс солдаттар алаулатып от жағып, қосылып ән салады. Олардың күндей күркіреген үнін алыстан естіп, жер түбіндегі ауылдардың иттері әупілдейді. Жорыққа аттанатын отрядты тіпті театр екеш театр да ұмытпапты. Каспийдің батыс жағалауындағы қалаларда — гастрольде жүрген бір труппа «Тамара» атты кемемен әдейі осында бұрылып кеп, ертең жорыққа аттанатындарға арнап ойын көрсетті. 14 апрель күні жорыққа арнап мінәжат жасалды. Құла түзде орыс гимні күңіренді. Екі иығына екі жігіт мінгендей еңгезердей әдемі қазақ Ерманбетов Қабақ қолына ту ұстап көш басына шықты. Бұдан екі жыл бұрын адайлардың қолынан өлген пристав Рукинге арнап ас берген бұл қазақты отрядтағылар төбесіне көтеретін.
Отрядтағы екінші жол көрсетуші — тығыншықтай тапал қазақ Қосым Мырзабаев. Шеру тартқан орыс қолының басында егде жастардағы, солдатқа тән қарапайым да қатал Ломакин; оның оң қолы — байсалды да іскер жас полковник Гродеков. Кейін Хиуаны алған кезде мыңдаған жәуміт түрікмендерді тізіп қойып атып, аты шығатындардың бірі. Ол: «Түрікмендер — жер шарына қарып басылған қарғыс таңба; оларға төзіп келген адамзаттың бетіндегі жуып кетіре алмас масқара. Егер негрлерді сатып сауда жасайтындарға ешбір ел, ешбір ұлттың заңы қараспайтын болса, түрікмендер де дәл сондай жағдайда болу керек», — дейтін сұрқия сөздерін әлі қағаз бетіне түсіре қойған жоқ; ол сөздер оның аузына осы жорықтың тұсында ілігеді. Ол кейін бұратана халықтар тұрмысының зерттеушісіне айналып, Сырдария қазақтарының әдет-ғұрып, жол-жоралары туралы еңбек жазатынын да тап бұл сапарда әлі біліп келе жатқан жоқ-ты. Ал бас штаб полковнигі Скобелевтің атын аспандатып шығаратын дәл осы жорық еді. Ол бұл сапарында тек Хиуамен ғана шектелмей, ат басын сонау Ауған шекарасына барып бір-ақ тірерді.
Көктем шыға жолға аттанған бұл отряд Хиуаны бағындыруда ерекше көзге түсті. Сол жылы Маңғыстау приставы Красноводск, Теке приставтарымен бірге Закаспий облысының қарамағына берілді. Орта Азияны бағындырып, мақсатына жеткен патша өкіметі енді бір кезде генерал Хрулев айтқан жоспарды жүзеге асыра бастады. Арал мен Каспийде пароходство ашылды. Балық өнеркәсібі де ұлғайтылды. Түпқарағандағы Форт-Александровск гарнизоны да үлкейді. Бірақ Маңғыстау Россия мен Орта Азия арасындағы қатынас жолдарынан тағы да шет қалды. Енді түйе керуендердің заманы өтті. Теңізді де, құрғақты да бу машина биледі. Баяғы аттың жалы мен түйенің қомындағы Маңғыстау бұрынғы бар маңызының бәрінен айырылды. Каспий мен Орта Азияны жалғастыратын теміржол енді Хрулев айтқандай «қазақ даласы арқылы» өтпей, Красноводскіден Балқан айналып, Копет-Дагты жағалап, Бұхара, Самарқанд, Жизак арқылы Ташкентке тартылатын болды. Орыс мемлекеті ағылшындар отарлаған Күнгей Шығыс елдерімен көрші жатқан жаңа шекарасын теміржол арқылы бекем ұстауды көздеді. Ежелгі экономикалық қатынаста сауда-саттық арқылы, ерсілі-қарсылы шұбырған керуендер арқылы, жорықтарға ыңғайлы жолдар арқылы атағы шыққан өлкенің басындағы бақыт құсы біржолата ұшқандай болып еді. Бірақ сол аталмыш жылдардан бастап-ақ жер бетінде атымен жаңа экономикалық дәуір — индустриялы өнеркәсіп заманы орнаған-ды. Европа мен Азия арасындағы ең алғашқы теміржол магистралін Балқан асырып, бұрып әкеткен де сол Челекеннің мұнайы мен Орта Азияның мақтасы, дәлірек айтқанда, өнеркәсіпке керек шикізат көзі еді. Бұрынғы экономикалық дүние тіршілігін жол билесе, енді жаңа заман экономикасын индустриялы өнеркәсіптің наны — кен билейтін болды. Бұрын керуендер жөңкіген құба жондарды енді кен іздеушілер шиырлайтынды шығарды. Бұрынғы жолаушылардың аузынан суат аты, бұлақ аты, суы балдай құдықтар мен саялы бағы бар қыстаулар, елді мекендер түспеуші еді: Алан-қамал, Айбұғыр, Сенек, Сүмса, Бес оқты, Қараған, Қаңға, Жыңғылды... Ендігі жолаушылардың аузынан қайдағы бір мал қажайтын шөбі жоқ, адам аялдар суы жоқ құла түз шөлдер мен сорлар немесе тастан басқа талшығы жоқ қыраттар мен шоқылар түспейтін болды. Түбіжік, Тасбас, Жетібай, Өзен, Талақ, Тасқынбай, Қарынжарық, Қаражамбас...
ҚАРАЖАМБАС
Маңғыстау бойы – майлы қиян.
(Халық жырынан)
Степной джюсан звенит и плпчит,
Пустыня спит, и мысль растет.
Максемилиан Волошин.
Айтпақшы, қазақ осы іргесінің көңі кеппейтін, қазаны оттан түспейтін, қарасы азаймайтын, қорасы ортаймайтын дәулеті барлар туралы «Қаражамбас қоңы бар күйлі үй» демеуші ме еді. Кейін білдік, Маңғыстау да бар байлықты астына басқан нағыз қара жамбас мекен екен. Жарайды, әңгіме басынан болсын. Маңғыстаудың ойында тайлақтың өркешінен асатындай төбе көзіңізге түссе, үстінде күн жеп тастаған ағаштан, не тот басып кеткен темірден салынған үш аяқ мосыны көресіз. Қырқа-қырқаның бәрі бүкіл жер шарының баласы кеп, тас үйіп ойнағандай үйік-үйік оба. Соның бәрі — әр жылдарда келіп осы өлкені зерттеген, картаға түсірген геодезистер мен топографтардың, геологтар мен гирдологтардың тастап кеткен белгілері. Орыс Ғылым академиясының бұл өлкеге назар аудара бастағанына екі ғасырдан асып барады. XVІІІ ғасырдың жетпісінші жылдары академик С. Г. Гмелин екі рет келіп кетті. Одан соң Э. А. Эверсман мен С. Г. Карелин зерттеді. Олар өлкенің табиғатына ғана емес, қазба байлықтарына да шұқшия зер салып бақты, «Мен бір тамашаны көрдім; ескегіміз қайраңға әр тиген сайын майлақы жасыл бірдеңелер су бетіне жүзіп шығады. Сол бір үп-үлкен дөңгелек майлақы шелпекшелерді тексеріп көріп ек, Каспийдің батыс жағалауы мен шығыс жағалауы шылқи бөгіп жатқан тап-таза ақ мұнай боп шықты» – деп жазды Г. С. Карелин 1832 жылғы экспедициясының журналына. 1840 жылы есебін тауып бұл маңайға бір соғып кеткен ағылшын офицері Дж. Аббот та бұл өлкенің геологиясына көш-жөнекей сұқтанып бағыпты. Александровск фортын саларда осы аймақта геодезиялық зерттеу жүргізген М. И. Иванин де Кертті құдығының қасында тас көмір, Қаратау мен Ақтау арасындағы алқаптан, Бөрлі, Керт, Сиырсу құдығының маңынан мұнай мен темір кенінің нышанын байқағанын жазады. 1851 жылы Сырдарияда ашылатын кеме қатынасы үшін көмір іздеп, А. И. Антипов пен Л. Турко бастаған экспедиция Новоперовск қамалынан шығып, Үстіртке дейін Ақтау, Қаратау сілемдерін түгел шолып шықты. Сол тұста Маңғыстауда айдауда жүрген Тарас Шевченко мен поляк Бронислав Залесский экспедицияға суретші боп қатысты. 1871 жылы патша сарайының кен істері жөніндегі кеңесшісі, инженер, князь Цулукидзе Маңғыстаудағы көмір кендерін аралап көріп, өндіріске аса пайдалы деп тапты. Ол Тарталы, Апажар құдықтары маңынан қазылып алынған тас көмірді бумен жүретін «Бухарец» шхунасында отын ретінде пайдаланып көрді. Сарытас қайлағынан шығып, Құлалы аралына, одан Түпқараған мүйісіне дейін 140 шақырым жол жүрген бұл сынақтан Маңғыстау көмірі сүрінбей өтті. «Кавказ және Меркурий» қоғамы теңіз істері басқарушысы, бірінші дәрежедегі капитан Элыреберг жергілікті қазақтардан көктемге дейін елу мың пұт көмір қазып, Николаевская станицасына (қазіргі Баутин порты) жеткізіп беруді өтінді. Бұл Маңғыстау қазба байлықтарын игерудің басы болды. Бұл өлкені әр жылдары Базинер (1842), Н. А. Северцев пен Г. И. Борщов (1857), С. Н, Никитин (1892), М. В. Баярунас (Н)І2, 1917) О. С. Вялов (1929), В. В. Богачев (1907), А, Д. Архангельский (1913 - 1915), А. В. Барботде Марни, А, Н. Рябинин, А. С. Берг (1894-1903), А. Л. Яншин (1944-1946), С. С. Размыслов пен Корышев (1948) секілді белгілі геологтар зерттеді, Маңғыстауды зерттеуде, әсіресе, белгілі орыс геологы Николай Иванович Андрусов ерекше көзге түсті. Ол бұл аймаққа алғаш рет 1887 жылы аяқ басты, 1907-1908 жылдары арнайы кеп зерттеу жұмыстарын жүргізді. Сол зерттеулердің нәтижесінде 1915 жылы Маңғыстаудың геологиясы туралы үлкен бір томдық қомақты еңбегін жариялатты. Н. И. Андрусов Маңғыстауды табандылықпен зерттеген геологиялық мектептің негізін салды. Оның шәкірті М. В. Баярунас түбек байлықтарын ашуға көп үлес қосты Ол 1910-1911 жылдары фосфорит, 1926-1929 жылдары тас көмір кендерін тапты. Сол тұстағы экспедициялар жайында М. В. Баярунастың шәкірті Н. И. Луппов: «1928 жылы жиырма төрт жастағы студент мен Михаил Викентьевич Баярунастың геологиялық отрядында прораб боп істедім. Форт-Александровскіден түйеге, атқа мініп, Қаратауға қарай жолға шықтық. Шығыс Қаратаудың оңтүстік-шығыс бетіндегі Қызылсу құдығының басында аялдама жасадық. Бізге сақал-мұртын тықырлап қырғызып тастаған етженді, орта бойлы, орта жастағы бір кісі кеп жолықты. Орыс тілін жақсы біледі. Ол — Тұрмағанбетов Оразмағанбет екен. Ғалымдар келіп жатыр дегенді естіп, бізді қонаққа шақыра келіпті. Дастархан басында әзіл-қалжыңын араластыра отырып, өзінің де осы түбектің қазба байлықтарын зерттеумен шұғылданып жүргенін айтты. Біз ол арада төрт күн кідірдік. Тұрмағанбетов бізді жалаңаштанып қалған құмтас қыратына апарып, аумағы онша үлкен емес жосалы төбені көрсетті... Менің көзімше, басқа кен орындары жөнінде ештеңе айтқан жоқ. Ондай әңгімесін М.В. Баярунасқа оңаша айтқан болуы керек. Біз аттанарда О. Тұрмағанбетов М. В. Баярунасқа бір боз ат сыйлады. Келесі жазда келгенімізде М.В. Баярунас оған радиоқабылдағыш әкеп сыйға тартты. 1930 жылы М.В. Баярунас О. Тұрмағанбетовпен Қаңға-баба дейтін жерде кездесті. Бірақ мен ол кездесулерінде болған жоқпын», — дейді. Соған қарағанда, ол кездегі геологиялық зерттеулерге жергілікті қазақтар да ат салыса бастаса керек. 1925-1926 жылдары Н. И. Андрусовтың тағы бір шәкірті профессор В. В. Мокрынский түбектің тұңғыш геологиялық картасын жасады. Егер бұл еңбектерге П.Я. Авров, А.А. Бакиров, И.И. Бок, Ю.Н. Годин, А.И. Демаков, Р.Г. Гарецкий, М.Г. Гринберг, В.А. Загоруйко, К.А. Замеранов, Б. Ф. Дьяков, Н. А. Калинин, Ю.А. Кузнецов, О.А. Кузьмина, К. В. Кручин, И.О. Брода, В. С. Мильничук, М.Ф. Мирцинк, Т.Н. Жұмағалиев, Г.Е. Дикенштейн, Н.У. Имашев, В.Е. Хаин, С.Е. Шақабаев, С. Шалабаев, А.Г. Кәрімов, Ж. Хайрутдиновтардың әр жылғы зерттеу еңбектерін қоссақ, Маңғыстау жайлы геологиялық әдебиеттің бүкіл бір үлкен кітапханасын көзге елестетуге болар еді. Отызыншы жылдары Ембі мұнайы мен Батыс Түрікменстанның мұнайы, Қарабұғаз сулыраты ашылуға байланысты Маңғыстау байлығын игеру мәселесі де ауызға алына бастайды. «Советская степь» газетінің 1930 жылғы 5 июль күнгі санында В. Соболевскийдің «Қарабұғаз-Маңғыстау комбинатын құру керек» деген көлемді мақаласы жарияланды. Ол кезде совет инженерлерінің Каспийдің Шығыс бетіндегі барша қазба байлықтарды қатар игеріп, жаңа индустриялық бойлық ашу идеясын қызу қолдағаның К. Паустовскийдің «Қарабұғаз» повесінен жақсы білеміз. Повесте Ембі инженері Давыдов: «Қарабұғаз бізге не бере алады, ал Ембі Қарабұғазға не бере алады? Өте тамаша! Біз мұнай береміз, бірақ біздің мұнайымызды отынға пайдалану обал болар еді. Біздің ең түстіктегі мұнай кендеріміз — Қарашүңгіл, Қаратон, тағы басқалары Қарабұғаз бен Маңғыстаудан онша алыс емес. Менің ойымша, теңіздің бүкіл шығыс жағалауы — Ембі, Маңғыстау, Қарабұғаз, сонау Чикишлярға дейінгі аралық шөл аймаққа шектес жатқан аса қуатты индустриялық бойлыққа айналуға тиісті. Біз мұнай береміз, Маңғыстау көмір мен фосфорит, Қарабұғаз — мирабилит, күкірт, күкірт қышқылын, сода, тағы басқа химия бұйымдарын, Чикишляр — ғаз, Челекен — мұнай мен азакерит береді. Баку батысты жабдықтаса, біз шығысты жабдықтаймыз», — демейтін бе еді. В. Соболевский де Ембі мен Челекенде мұнай, Қарабұғазда химия өнеркәсібін ойдағыдай дамытуда Маңғыстау кен көздерін ашу үлкен қызмет атқарған болар еді деп есептейді. Оның пікірінше, бұл түбекте ең алдымен фосфорит ендіруді қолға алған дұрыс, өйткені Төбе құдықтағы бірінші, екінші фосфорит кен қабаты, Қаңға бабадағы бірінші қабат, Ұланақтағы екінші қабат, Жыңғылдыдағы үшінші қабат Маңғыстауда сол тұста Ақтөбеде салынып жатқан химия комбинатынан әлдеқайда қуатты тыңайтқыш енеркәсіп орнын ашуға мүмкіндік берер еді деп санайды. В. Соболевский жаңа Маңғыстау индустриялық ауданында екінші орынға марганец өндіруді қояды. Сол тұстағы бүкілодақтық геология комитетінің есептеуі бойынша, Форт-Шевченкодағы 125 километр шығыста құм қабатында жатқан қалыңдығы 20 метрге дейін баратын, геологиялық сипаты Никополь мен Чиатурға ұқсайтын пиролюзит қабаты — шын мәніндегі «дүниежүзілік масштабтағы» ірі кен орны. Бұл кен орнының әрбір шаршы метрінен құрамында 22 процент марганец бар 0,3 тоннадан 3 тоннаға дейін руда өндіруге болады. Кеннің қоры 34,7 миллион тоннаға жететінін, одан 7,8 миллион тонна металл күйіндегі таза марганец алынатынын есептеп шығарған Бүкілодақтық геология комитеті өзінің арнайы бюллетенінде Маңғыстау марганецінің тек одақтық қана емес, дүниежүзілік маңызы барын, бірақ болаттың ең бір жоғарғы сорттарын жасауға керек бұл руданы өндіруге қатынас жолдарының жоқтығы қол байлау болып отырғанын атап көрсетеді. В. Соболевский аталмыш мақаласында, қант өнеркәсібінде, басқа да өнеркәсіп салаларында ауадай қажет Маңғыстау целестиніне (күкірт қышқылды стронций) де зор маңыз береді. Ол, сонымен қатар, Көгесем құдығының маңында қалыңдығы 0,7 метрлік 14 көмір қабаты, Түйесу, Қамыстыда 30 километрге дейін жететін көмір кені, Жарсу құдығы маңында қалыңдығы 2 метрлік көмір қабаты, Бозашы құдығына жақын жерде қалыңдығы 0,5-2 метрлік көмір қабаты табылып отырғанын айтады. Автор жердің шалғайлығы мен қатынас жолдарының жоқтығын алға тарта беретіндерді қатты сынап, Маңғыстау түбегіндегі қазба байлықтарға айрықша көңіл бөлу мәселесін ұсынады. Шынында да, отызыншы жылдардан бастап, Маңғыстау түбегінің байлығын комплексті түрде игерудің мүмкіндіктерін жан-жақты зерттеу қолға алына бастайды. Оған төмендегі «Маңғыстау байлығы» деп аталатын ТАСС хабары толық дәлел бола алады: «Маңғыстау түбегінде табылған мыс кендерін зерттеу жөніндегі экспедицияны басқарған «Главцветметтің» аға геологі Замятин жолдас Москваға қайтып оралды. Экспедиция құрамында Замятин жолдастан басқа СССР Ғылым академиясының геологі Баярунас жолдас, «Қарабұғазхимнің» геологі Никонов жолдас болды. Замятин жолдас ТАСС қызметкеріне былай деп хабарлады: «Экспедиция 1. 500 километр жер жүріп өтті. Оның қарауында 3 жүк, 2 жеңіл автомашина, жақсы жабдықтар болды. Экспедиция жұмысының нәтижелері өте қызғылықты. Кварц құрамындағы және 2 километрге дейін созылатын құмтас қабаттарындағы онша қалың емес мыс кендері табылды. Бір қызығы, экспедиция аталмыш ауданда бұдан бір мың жылдай бұрынғы мыс қазған ескі орындарды ұшырастырды. Одан бос жыныстар мен пайдаланылмаған кен кесектерін, шлактарында 15%-ке дейін мыс бар құйма қалдықтарды көрдік. Экспедиция сол сияқты темір кендерін де анықтады. Қалыңдығы бірнеше метрге дейін жететін 3- 4 километр жерді алып жатқан аса бай темір кені қабаттарын жолықтырдық. Қалыңдығы 30 метрге дейін баратын бор тас құрамындағы темір кені қабатының біреуінің шамамен 12 километр жерді алып жатуы мүмкін деп жобаладық. Қазір біз алып келген мыс және темір кені үлгілері лабораториялық тексеруден өтуде. Алдына ала есеп бойынша, мыс кенінің сапасы жақсы: кен құрамындағы мыс 8%-ке дейін жетеді.
— Маңғыстауда мыс және темір кен қабаттары табылуының үлкен маңызды болатын бір себебі, — дейді Замятин жолдас, — бұл түбекте тас көмірдің едәуір қоры бары анықталып отыр. «Главугольмен» келісім бойынша, осы жылғы октябрьден бастап түбекте көмірдің өндірістік барлау жұмыстары жүргізіледі. Маңғыстауда мұнайдың айқын нышандары барын да естен шығаруға болмайды. Мұның бәрі — жергілікті отын қорын жасауға мүмкіндіктің жеткілікті екендігінің айқын дәлелі. Экспедиция, Маңғыстау кен қазбалары тиісті ұйымдардың, атап айтқанда, «Главуголь», «Главцветмет», «Главнефть», Ғылым академиясы және басқаларының күштерін біріктіріп, жан-жақты зерттелуі керек деген қорытындыға келді. Тек осылай күш біріктіріп, қаржы біріктіріп, комплексті түрде әрекет еткенде ғана Маңғыстау кендерін өндірістік пайдалануға беруді ойдағыдай жүзеге асыруға болады.
Экспедиция Маңғыстау байлықтарын комплексті түрде зерттеуді келесі жылдан бастап қолға алу туралы мәселе көтермекші. Ол үшін барлау және іздестіру жұмыстарына алдын ала кірісе берген жөн. Ең алдымен, әуеден суретке түсіру әдісін кеңінен пайдалануымыз қажет. Маңғыстаудың ойдағыдай зерттелмей келгендігі сонша, оның әлі күнге жөнді картасы да жасалмапты». Маңғыстау қазба байлықтарын зерттеуде Ленинградтағы Бүкілодақтық геологиялық барлау ғылыми-зерттеу институтының атқарған қызметі орасан зор. Сол институттың ғылыми қызметкері С. Н. Алексейчик 1934 жылы Маңғыстау түбегінде мұнай, газ кендеріне тән жерасты күмбездері барын анықтады. Ол бес жыл бойы жүргізген жүйелі зерттеулерінің нәтижесінде 1941 жылы Маңғыстаудағы мұнай кендері орналасуының алғашқы схема-картасын жасады. Түбекте соғысқа дейінгі 1937 — 1941 жылдары, соғыстан кейінгі 1947-1949 жылдары геологиялық зерттеу жұмыстарын профессор В. В. Мокринский басқарды. Бұл тұста Орталық Маңғыстаудың геологиясы мен көмір кен орындары тыңғылықты зерттелді. Сол зерттеулердің нәтижесінде 1939 жылдан бастап Маңғыстау көмір кенін өндірістік негізде игеру қолға алынды. Соғыс жылдарында Маңғыстау көмірі Каспий теңізі арқылы еліміздің орталық аудандарына тасылып тұрды. Соғыс басылған соң, Маңғыстау индустриясының көшбасшысы болған көмір шахталары кен қабаттарының жастығына байланысты қайтадан жабылып қалды. Геологтар соғыстан кейін Маңғыстаудан негізінен мұнай іздестіре бастады. Бүкілодақтық геологиялық ғылыми-зерттеу институты 1950 жылы Маңғыстауға Б.Ф. Дьяконов, Н.Н. Черепанов, Н.К. Трифоновтар басқарған аса ірі комплексті экспедиция жіберді. Бұл экспедиция Өзен мұнай құрылымын анықтап, картаға түсірді, Жетібай кен орнының жобасын болжады, сөйтіп, түбектегі газ, мұнай кен орындарын бұрғылау жұмыстарын жүргізуге ғылыми негіз жасап берді. Маңғыстауды зерттеу жұмыстары алпысыншы жылдардан бастап Қазақстан геологтарының — «Мангышлакгазонефтеразведка», «Казнефтегеофизика» трестері мен Батыс Қазақстан геология басқармасының қолына көшті. 1959 жылы Гурьев қаласыңда Маңғыстау мұнайы мен газын игеру проблемалары жайында одақтас республикалар өкілдерінің қатысуымен өткізілген Қазақ ССР Ғылым академиясының көшпелі сессиясы — түбек байлықтарын шын мәніндегі индустриялық негізде игерудің басы болды. 1966 жылы Маңғыстау мұнайын ашқан Ж.А. Досмұханбетов, Б.Ф. Дьяконов, Ш.Е. Есенов, Е.И. Иванов, Н.У. Имашев, Н.А. Калинин, X. Махамбетов, В.Т. Матвеев, В.П. Токарев, Н.И. Черепанов, X.Ж. Өзбекқалиев жолдастарға Лениндік сыйлық берілді. 1961 жылы 5 июль күні Жетібай дөңінде мұнай фонтаны атқаны талай ғасыр саяхатшыларының аузына ілігіп жүрген Маңғыстау «алтын саңдығының» ашылған күні болды. Осы жолдардың авторы сол бір тұста Маңғыстауды аралап, мұнай барлаушылардың қостарында боп қайтқан-ды. Сол сапарда алған әсерлеріміз көз алдымызда әлі тұр. Шығыс жақтан әуелі таң сәрінің селдір пердесін түре серпіп, жер ананың иығынан тырмыса созылған аппақ ақ сүйрік саусақтар көрінеді, сосын көкжиекті нұр шапаққа бөлеп, шұғыла шашқан алтын шаш жайылады, артынша-ақ күлім қағып, күміс дидар жарқ етеді, күн шығады. Әдетте нұр сәуленің осынша салтанат құрған шағында жан-жануар, дүйім тіршілік мәз-мейрам болар еді, жапырақ біткен жайқалып, гүл біткен ырғалып, құс біткен сайрар еді. Бұл өлкеде олай емес, шығыс жақтан күн шыққаннан-ақ сауырын шоқ қарып бара жатқандай құба дөңдер басын жерге салып, бүк түсіп сұлқ шөгіп жатып алады. Таулар да шілде тамыздағы жылқыдай мойындарын көлеңкеге беріп, күн көзіне кірбіңдеп, теріс айналып кеткен секілді. Шөп біткен тым-тырыс, иықтары салбырап мүлгіп қалыпты. Қайсысына қарасаң да, жүздерінде кірбің. Сол жақтан бұларды талай рет қанға бөктіріп қырып-жойып кеткен қарақшы біреу қайта көрінгендей күншығыс жаққа ешқайсысы беттемейді, төбелеріне сәуле емес, семсер төніп тұрғандай, бәрі де бүкшиіп, бұғып алыпты. Бұларға күннің көзі — нұрдың көз емес, удың көз сияқты; тіршіліктің барша төлін емізіп келе жатқан енесі емес, баршасының мойнын жұлып келе жатқан жендеті тәрізді. Бұл өлкеге күн де қатыгез, мейірімсіз; күні бойы шалып-шарпып, нәр сөлін түгел сорып ап батады да кетеді. Көзі қанталап ашумен батады. Бағанадан бері тынысы тарылып, қаталап қалған тіршіліктің дені енді жайыла бастайды. Самал соғып, шөп басына да жан бітеді. Таулар мен дөңдер де енді еңсесін көтеріп бұрынғыдай емес зорайып, қарауытыңқырап көрінеді. Бұл өлкенің бірінші жауы – күн. Осындай от қарыған өңірде, көсенің иегіндей тақыр жонда, қозының еті піскенше таң атып қалатын келте түнді саялап, жол шегіп, осы аймақты зерттеп шыққан ескі ғалымдар бұл жерді бірауыздан машақаттар өлкесіне сайды. Парақтары Маңғыстаудың сары жон адырларындай сарғыш тартқан бұл өңір жайлы ескі кітаптарды ақтарып отырсаңыз, олардың авторларының қай-қайсысы да табиғат қытымырлығынан көрген жәбір-жапаларын айтқанда, желдей есіп кетеді. Міне, біз сол өлкедеміз. Біз жүріп келе жатқан жол Маңғыстаудың ғаламатымен де, машақатымен де егжей-тегжейлі таныстырып келеді. Маңғыстау өңірінің күре тамырындай кәрі жолдан қазір жаңа бір тарам айырылады. Ең жолаушысы көп жол да — сол тармақ. Ол — Жетібайға баратын жол. Жетібай! Аты жер жарған Жетібай — шетсіз-шексіз мидай жазық дөң. Аз ғана жыл бұрын көл-көсір осы дөңнің үстінде қажет десеңіз, бір отар қой да бағылмапты. Сауырына із түспестен құла-дүз боп құлазыпты да жатыпты. Баяғы бір заманда бұл жерде де ел жайлап, халық мекен еткен дегендей, аннан-мұннан көнетоз күмбез молалар мойнын созып қалады. Кеше ғана моладан басқа көзге түсер ештеңесі жоқ атырапта бүгін барсаңыз, бұрғышылар мұнарасы құжынайды. Тентек шаңытқа әлі тыйым салына қоймапты, бұрқыратып жүр. Қаратаудың бойындағы ыстық ыстық па, мұнда келсеңіз, тандыр пештің ішіне түсіп кеткендей боласыз. Сая біткеннен саяқ шығарып ап, саршатамыз күн білгенін істеп бағады. Осындай ыстықта терілері күйе піскен бауырсақтай күреңіткен жап-жас жігіттерге толы машиналар ерсілі-қарсылы ағылып жатыр. Бұлар — скважиналарға бара жатқан, содан қайтып келе жатқан вахталар. Оларға мынау қайнап тұрған шілде түк әсер етпейтін тәрізді. Төңірегіміз — мігірсіз қозғалыс. Сол қозғалыстың тоғысар жері — Жетібай поселкесі. Ол егіз біткен екі дөңестің арасындағы құжынаған жер кепелер. Қарасын көріп қомсынсаңыз да, осында пәлен мың халық тұрады. Жұмыс күші болса көп керек. Ағылып келіп те жатыр. Келген бойларында зып етіп, кіріп кетер баспана жоқ. Сонда да келіп жатыр. Сонда да бұрғылау істері тоқтап көрмепті. Жұмысшылар скважина басынан қайтқан соң мемлекеттен құрылыс материалдарын алып, өздеріне үй салады, алды аңдап-аңдап тұрып та қалыпты. Дегенмен, әлі аз. Бойдақтарды былай қойғанда, бала-шаға, үй-ішімен шатырларды баспаналап жатқандар қанша! Алғашқы барлаушылар келіп орныққан кезден қалған шәлтік жер кепелермен қоштасқан абзал. Жетібайдың қазіргі бір қиянатын шегіп отырған қиыншылығы — осы, тұрғын үй мәселесі. Бізге Жетібай терең бұрғылау экспедициясының бас инженері Александр Захарович Васин жолдас өздері жатқан үйді апарып көрсетті. Бұл да белшесінен жерге батқан жер кепе екен. Үш төсек тұр. Біреуі — бас инженердікі, біреуі — экспедиция бастығынікі, біреуі бас геологтікі. Жаңбыр жауғанда басшылардың төсектерінде түні бойы тамшы асыр салып шығатын көрінеді. Ең мықты деген баспананың сиқы осы. Біз Жетібайдың көшелерін аралап болған соң бұрғышылардың еңбегімен танысқымыз келді. Бас инженер бізді алдымен бүкіл Маңғыстаудың алтын діңгегі атанған атақты «Алтыншы буровойға» әкелді. Ақ шаңыт боп жататын ала тағанақ дөңнің кеудесінде қап-қара көл жатыр. Өткен жылы июль айында Маңғыстаудағы тұңғыш мұнай фонтаны осында атты. Түнгі сағат екінің тұсында бүкіл Жетібай машинаға іліккені машинамен, ілікпегені жаяулатып, осында тартыпты. Оларды осы жерде аспанға шашып атқан адуын фонтан қарсы алды. Ол осы өлкеге тасталатын «Маңғыстау мұнайын игеріңдер!» деген жаңа дабыл, жаңа ұранның соңына қойылған леп белгісіндей боп, көк қойнына шаншыла шапшыпты. Биіктігі 50 метрден асып кеткен фонтан — ұзақ жылдардағы барлау-зерттеудің алғашқы нәтижесі. Бұл скважинаның көрсеткіштері Маңғыстаудың келешегін дәлелдеп берді. Мынау безбүйрек ұшан дала жылдар бойы қыруар байлықты, миллиондаған тонна мұнайды бауырына басып, жасырып келіпті. Мұнай болғанда қандай, күкірті жоқ, өңдеуге таптырмайтын таза мұнай! Құрамында парафин бар. Кейінгі жылдарға дейін мұнайдың құрамындағы парафин де бір қырсық атанып, қарлы қаратау боп келген екен. Қазір ғалымдар оның пайдасы болмаса зияны жоқ деп тауыпты. 2383-2389 метр тереңдік аралығынан атқан бұл скважина диаметрі 12 миллиметр штуцерден (тесіктен) атқанда сөткесіне жүздеген тонна мұнай береді екен. Бұл фонтан атқанда вахтаға тұрғандарды жетібайлықтар ерекше құрмет тұтады. Олар: бұрғышы мастер, 1957 жылы Грозный мұнай институтын бітірген жас инженер Николай Петров, бұрғышы Бейсенғали Бажиев, бұрғышының жәрдемшісі Найзабек Толтырбаев, машинист Ермұхан Таужанов, жұмысшы Борис Сүлейменов. Қазір Бейсенғали қарт пенсияға шығыпты, Николай мен Найзабек жаңа скважина бұрғылап жатыр, ал сол атақты вахтаның ең жас мүшелері Ермұхан мен Бористі Гурьевте көрдік. Олар Жетібай мұнайы жайлы диплом қорғағалы жатыр екен. Диплом алған бойда Маңғыстауға аттанбақ. Жетібайдан соң Өзен дабылдата бастады. Онда 1248-1261 метр тереңдіктен мұнай мен газ атыпты. Бұл екі қос батыр — ертеңгі шалқығалы тұрған мол байлықтың көш басшылары. Жаңа мұнай аудандарын игеру үшін бұл аландардағы бұрғылау жұмыстары күшейтіліпті. Осы жылы өткен жылғыдан екі есе көп скважина қазылып жатыр. Келер жылы тағы екі есе көбеймек. Ол үшін бұрынғы Жетібай, Өзен разведкалары терең бұрғылау экспедициялары болып үлкейтіліпті. Маңғыстау мұнайы мен газының қоймасы тек Жетібай мен Өзен болмасқа керек. Енді терең бұрғышылар Беке-Басқұдық, Қарашажы, Табас алаңдарына барып мұнара орнатпақ. Сонда бүкіл түстік Маңғыстаудың өн бойы бұрғышы мұнараларына толмақ. Мұнай мамандары ашылған мұнай аландарын қазірден бастап игере беруді ұсынып жүр екен. Не де болса, өте жақын арада бұл арада тек барлаушылар ғана емес, мұнайшылар да еңбек ететін болады. Ата жұртынан табылып жатқан қыруар қазынаны игеруге жергілікті жастар қызу кірісіпті. Кешегі шопан жастар қазір бұрғышы атаныпты. Бұрғышы Табылған Құлжанов Жетібайдың бір пұшпағын жайлаған «Ақ шұқырдан», ал электрик Өсербай Сейітмағамбетов сонау Бозашыдағы «Тұщықұдықтан», оның әріптесі Аймұқан Таужанов Жетібайға тиіп тұрған Оңдыдан. Үшеуі де Гурьевтің мұнай техникумын бітіріпті. Оларға еріп парталасы — бұрғышы Шамел Камалов та осында келіпті. Жетібайда бұрғылау жұмыстары басталғалы осында жұмыс жасап келе жатқан Сабыр Бисенов пен Сапарғали Жанұзақов биыл Бүкілодақтық политехникалық институтының мұнай факультетіне сырттай оқуға түсті. Мұндай жастар Жетібайда өте көп. Ендігі бет алыс — Ералиев. Бір кезде бүкіл Каспийді жеке жайлап, жеке билеген орыс көпес, Россиядағы балықтың қызығын көрудей-ақ көрген бірден-бір адам Захар Дубской теңіздің шығыс жағалауынан бірнешелеген балық кәсіпшіліктерін ашқан екен. Жетібай дөңінің теңізбен тұстасатын пұшпағында осындай Кендірлі, Құрық деген екі кәсіпшілік болыпты. Ералиев — осының Құрығы. Біздің тұсымызда да көп жылдар бойы онда балық қабылдау заводы ашылып, балықшылар мекені болып тұрыпты. Түстігінде «Жыланды» тауы бар, шығысы етек-жеңі кең, мол жазыққа ұласып кететін қойнауда қазір құрылыс жүріп жатыр. Жақында ғана «Мангышлакгазонефте-разведка» тресі Форт-Шевченкодан осында көшіп келіпті. Трестің барлық мамандары, қызметкерлері, басы трестің бастығы Хәлел Өзбекқалиев жолдас боп салт кеп істеп жатқан көрінеді, үйлерін әкелуге дайын баспана жоқ. Сөйтіп, «салт трест» Құрық мүйісінен мекен теуіп, барлаушылар поселкесін салуға кірісіпті. Енді бұрғышылар әр скважинаның төңірегінен баспана салып машақаттанбай, жұмыс басына Ералиевтен самолетпен, вертолетпен ұшып барып істемек. Башқұртстан, Татария бұрғышылары аптаның үш-төрт күнінде скважина басында болып, қалған үш күнінде өз поселкелеріне, үй жайына келіп дем алады екен. Маңғыстаулықтар да солай етпек. Әбден дұрыс. Бірақ поселкедегі құрылыс қарқыны тіптен бәсең. Хәлел Өзбекқалиев жолдастың айтуы бойынша, трестің қарамағында құрылыс істерімен шұғылданатын өндіріс орны жоқ. Трест өзім білемдік жасап, құрылыс цехын ашыпты. Бұл шағын цех бүкіл Маңғыстау мұнайшыларының мекені болатын — үлкен поселке салып шығуда тым қораштық көрсетіп отыр. Жоғарғы орындар бұл цехтың өзін де көпсініп, «бұларың не? Өз беттеріңмен жаңа бір мекеме аша қойғандарың тентектік емес пе?» — деген сыңай білдіріпті. Шынында Маңғыстау мұнайшыларына қуатты, құдіретті құрылысшы мекеме керек-ақ. Онысыз шамалы уақытта Ералиев қаз тұрып кете алмайды, бұрғышылар белуарынан жерге бөккен лашықтардан құтыла алмайды. Маңғыстау мұнайын игеруге ежелгі Ембі мен көршілес Небитдаг, Челекеннен маман жұмысшылар көшіп келуде, олар әлі де бала-шағасымен шатыр астында отыра бермек, тың күш көп керек, тұрғын үй табылмайтын болған соң ондай күш те тым бояу қосылмақ... Бір трестің басына мұның өзі жеткілікті-ақ жүк. Бұл мәселені де шындап шешетін кез осы уақыт, Қазіргі қарқыны алып-жұлып бара жатпаса да, түбі осы жерде қала тұратыны хақ. Ендеше Маңғыстау мұнайшыларының болашақ астанасының сән-көркін осы бастан ойлаған жөн. Жетібайдан фонтан атқаннан бергі мұнда келіп кеткен әртүрлі мамандар да, комиссиялар да бұл мұнайды жергілікті жерде өндеуді, Ералиевтен қала салуды ұсынады екен. Бұл ұсыныс транспорт, тасымал жағынан да бірден-бір тиімді ұсыныс көрінеді. Сол қалаға Ералиев — таптырмайтын-ақ жер. Шалқар теңіз, кең қойнау, құз-құз тау оның ажарын асырып баққалы тұр. Бірақ қазіргі қолда бары, болашақ қаланың ең бір сәулетті мехаллалары тұратын жердегі құрылыстар — өңшең тәпелтек баспаналар. Бұлардың тұрғаны тұрған ғой. Москваның мұнайшы барлаушыларға керекті құрылыс орындарын жобалайтын институты ұсынған бұл тапал үйшіктер қиыр бұрғылау алаңдарының төңірегіндегі шағын поселкелерге жарасқанмен, солар үшін ойластырылып жасалғанмен, еліміздің ең ірі өндірістерінің бірі болатын Маңғыстаудың мұнайшы күшінің түгел тоқайласатын ортасы, мұнайлы Маңғыстаудың жүрегі болғалы тұрған Ералиевқа қонбайды-ақ. Қолда дайын жоба жоқтықтан қысылтаяң кіріскен болса, бұл «институт жасаған лашықтарды» болашақ қаланың ең бір шұрайлы алаңдарынан алысырақтан салу керек еді. Әрине, мұнай мамандарын қала салуға шорқақ екенсіңдер деп айыптауға болмас! Ералиевтегі құрылысқа кеңінен толғап, бас-көздік етіп отыратын құрылыс маманы қажет-ақ. Бірақ, әзірге ондай адам жоқ. О да Ералиевте арнайы құрылысшы мекеменің (трест бола ма, СМУ бола ма) жоқтығынан болып отыр. Жетібайдың, Маңғыстаудың қамын ойластыратын орындардың алдымен шешері – осы құрылыс мәселесі. Ералиевтен аттанып кеткен соң бұл өңірдің тағы бір үлкен машақатын өз көзімізбен көрдік, Кәрі Каспийді жағалап, Форт-Шевченко қаласына қарай жүрсеңіз, жолда Саура деген жерге соғып өтесіз. Мынау тентек теңіз Маңғыстаудың қара ойын қайта басып кете ме деп сескеніп, жолына тосқауыл болалықшы деп жағалай қол ұстасып алған қия жарқабақ таулардың бір кетігінен долы теңіздің дәл жиегіне салынған шағын аппақ қыстау көрінеді. Бұл — Шевченко ауданының Ленин атындағы колхозының орталығы — Саура. Біз соған дәл төбесінен кеп көз салдық. Сөйтсек, аяғымыздың асты құз екен. Айнала құз көмкерген қазаншұңқырдың түбінде көгеріп су жатыр. Соған үңіліп ойнап жүрген балалардың тілімен айтсақ, «суы балдай» тұп-тұщы. Жергілікті халық оны «Саураның қара күбі» деп атайтын көрінеді. Әлгі құздың құж-құж тастарының арасынан сүрлеу-соқпақ тауып, төменге түстік. Күпті қоршап алған құздардың биіктігі 15 — 20 метр. Өздері тіп-тік. Күптің тереңдігі төрт-бес метр бар деседі. Бір қызығы, күпті қоршап тұрған құз тастардың жақпар-жұқпарынан тамшылап, су ағады екен. Ешқандай әсірелеусіз айтқанда, нағыз көз жасынан аумайтын анда-санда бір таматын ұсақ тамшылар. Сол тамшылардың астына тостағанын тосып қойып, бір келіншек отыр. Сөйлесіп едік — жарты сағатта тостаған зорға толады екен. Күңі бойы отырып, екі-үш шелек кететін бітеу күбіметейді толтырып, су алатын көрінеді. Бір рет самауырын қоюға ғана жететін суға бола күн отыру, оны мынау құз жартастың қыл көпірдей қысыл-таяң жолымен өрмелеп отырып, сыртқа алып шығу — неткен машақат. Күптің суы тұщы болғанмен, таза емес. Осы бір жерге тап болған адам Маңғыстаудағы су табу машақатын көз алдына айқын елестете алады. Судың азабын шегіп жүрген — жалғыз біз жолыққан келіншек Мауыт Қазиева ғана емес, бүкіл Маңғыстау. Жетібай мен Өзеннің бұрғышыларына ауызсу әрісі жүз-жүз елу, берісі сексен-тоқсан километр жерден машинамен су тасып.қалай қарық қыларсыз, өйтпеске, басқа амал жоқ. Кейде жүздеген шақырым жерден су таситын машиналар шандатып барып, бос қайтады. Олардың су алатыны – малшы колхоздардың суаттары. Олар малдарынан жырып беріп, бұларға су ауыстырса да, ыстық күн, тапшы су кей күндері жомарт қолды да байлап тастайды. «Жаңа ашылып жатқан мұнайлы аудандарға қолғабыс жасамақ боп, су іздеуші партиялар су көздерін қарастырып жатыр. Бірақ жер асты суларын пайдалануға Жетібай сияқты қолы ұзын өндірістердің қауқары жеткенмен, былайғы Маңғыстау баяғы суға тапшы күйінде қалады ғой. Сол жерасты суларын кең көлемде игеру үшін істеліп жатқан күрделі шаруалар көрінбейді. Ол сулар бүкіл Маңғыстауды былай қойып, Маңғыстаудың өндірісті орындарын керегінше қамтамасыз ете ала ма? О да беймәлім. Басы ашылмаған мәселе. Әйтеуір Маңғыстау барлаушыларының бүгінгі көңіліне медеті — сіздер үшін жер астынан су іздестіреміз деген уәде ғана. Саурада тұрып, Маңғыстаудың бір ғажайып сырына таңдандық: құла туз, құба жондағы мына бір жер астынан шүмпілдеп шығып жатқан мол күп — Маңғыстаудың ғаламаты, ал соның тап қасындағы жердің «көз жасын» жиып, ауызсуға алу — Маңғыстаудың машақаты. Екеуі қойындасып бірге жатыр. Бірақ Маңғыстаудағы бүгінгі қарқын, бүгінгі тегеурінді шабуыл түбі бұндағы машақат атаулыны күйрете жеңіп, бұл өңірді тек ғаламаттар өлкесіне айналдырады». Аталмыш сапарда туған осы бір жолжазба Маңғыстау мұнайын игеру совет адамдарының қаһармандық еңбегінің арқасында ғана жүзеге асқанына дәлел болғандай. Бүгінде Маңғыстау, шынында да, ғаламаттар өлкесіне айналды. Маңғыстау кендерінің игерілуі Қазақстанды мұнай өндіруде еліміз бойынша екінші орынға шығарды. Бұл өлкенің мұнай мен газ кендері, мамандардың есептеуінше, өндірістік болашағы жағынан мынандай алты аймаққа бөлініп келеді: осы күндері мұнай өндіріліп жатқан Өзен-Жетібай тектоникалық деңгейі аса жоғары перспективалық аймаққа кірді; бұл аймақтың терістік жағындағы Түпқарағаннан бастап, Оңтүстік Маңғыстау қыраны мен Оңтүстік Үстірт иіндері арасындағы жіңішке тектоникалық деңгей жоғары перспективалық аймақ боп есептелді; перспективалық аймаққа сол сияқты оңтүстік Үстірттің иіндері мен Оңтүстік Маңғыстау орталығындағы ойпаттар, Каспий теңізінің жағалауы қосылды; Бозашы түбегі, Беке-Басқұдық жалы, Оңтүстік Маңғыстаудың күнгей беті мен Оңтүстік Үстірт иіндерінің баурайлары перспективасы бар болуы мүмкін аймақ саналды. Ал Қаратау, Қарабуыр, Тәуірқыр қыраңдары, Шығыс Маңғыстау адырлары, сол сияқты табаны пермотриасс қабатынан жоғары орналасқан қыраттар мен бұйраттар перспективасы аз, не перспективасы жоқ аймақ деп табылды. Алайда Маңғыстау түбегіндегі соңғы жылдары ашылған мұнай және газ кен орындары әлгі келтірілген аймақтық кестеге түбірлі өзгерістер енгізетін түрі бар. 1974 жылы 22 январь күні Маңғыстау түбегінің ең қиыр солтүстігінде, Каспий жағалауындағы Қаражамбас дейтін жаңа кен орнында аса қуатты мұнай фонтаны атқылады. Қаражамбас кен орнын геолог Әділ Нұрманов басқаратын барлау партиясы ашқан. Мұндағы мұнай Өзен мен Жетібайдағы кендер сияқты екі-үш мың метр тереңдіктен емес, бар болғаны үш жүз метр тереңдіктен табылып отыр. Қаражамбастың ашылуы Бозашы түбегі мен Батыс Үстірт етегінің өндірістік мүмкіндігі жөніндегі пікірді атымен қайта қарауға мәжбүр етеді. Бүгін таңда Каспий мен Арал, Жем мен Қарабұғаз аралығын алып жатқан ұшан даланың мұнай мен газ табылмай отырған пұшпағы кемде-кем. Құлазыған қу медиен дала, бұл өлкені егжей-тегжейлі зерттеген көрнекті географ, СССР Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Б. А. Федорович айтқандай, алтын толы асыл сандыққа қалай айналып жүр? Мұнай мен газ. Адамзат оларды біздің арамыздан әлденеше ғасыр бұрында-ақ жақсы білген. Өлі теңіз төңірегінде аса бай мұнай кен көздерінің барлығы «інжілдің» өзінде де айтылады. Геродот, Плутарх, Марк Витрувий, Плиний шығармаларынан Индия, Персия, Сирия мұнайы туралы сан қилы деректер табылады. Плутарх Александр Македонский біздің заманымызға дейінгі ІV ғасырда күнгей Каспийдегі Гаркан аймағына келіп кіргенде шатырына жермай шырақ жаққанын жазады. Алайда сол ежелден аты мәлім мұнайдың өндірістік жолмен игеріле бастағанына бір ғасыр жақында ғана толды. Сондықтан да оның ғылым әлі күнге әбден анықтай алмай келе жатқан құпиялары тіптен көп. Соның ең бастысы — мұнайдың қайдан, қалай пайда болатыны? Әр ғасырда әр алуан елдерде өмір жүрген ғалымдардың арасындағы әлі күнге бір сәт толас тауып көрмеген мұнайдың шығу тегі туралы қызу таласқа құлақ тосып көрейікші. М.В. Ломоносов көмір құрайтын органикалық қалдықтар жер асты қызуына шыдай алмай балқығанда, майлақы сұйық бөлінеді, мұнай содан шығады деп түсіндірсе, Л. Лекере: жоқ мұнай балдырлардың шіруінен пайда болады деп дес бермейді. К. Энглер мен Г. Гефер мұнайдың түп төркіні — көмір де емес, балдыр да емес, кәдімгі теңізде өмір сүретін хайуанаттардың майы деңді. Күмән келтірушілерге, К. Энглер өзі жасаған тәжірибені ұсынады: төрт жүз градусқа дейін қыздырылған балық майып, шынында да, мұнай екен деп қаласың. Ал, Д.И. Менделеевті тыңдасаңыз, бір сәт жер астындағы химия лабораториясына енгендей боласыз. Сонау жер қойнында жатқан металдардың карбидіне жерасты суы араласқанда, карбид құрамындағы сутегі қосылып, көмірлі сутегіне айналады да, газ күйінде жоғарғы суық қабаттарға көтеріледі. Сол арада газ күйіндегі көмірлі сутегі суық күйге ауысып, мұнай құрайды деп түсіндіреді. Аталмыш ғалымдар қара мұнайдың тегін қара жерден іздеп жүрсе, В. Д. Соколов жеті қабат көктен іздейді. Оған айтқызсаңыз: мұнайды құрайтын көмірлі сутегі әу баста космос әлемінде жерді пайда қылған газдардың жиынтық бұлтының құрамында болған, кейін газ бұлтының сыртқы қабаты суынып, қатты жынысқа айналғанда, көмірлі сутегі жер қойнауының ыстық қабатында сол күйінде қалып қойған, бірақ артынан жердің ішкі құрылысындағы өзгерістер мен сыртқы құбылыстардың ықпалынан мұнай түзетін процеске түскен. Г. П. Михайдовский, Г. Потанье, Н. И. Андрусов мұнайдың тегін өсімдік дүниесі мен жан-жануарлар дүниесінің қалдықтарынан тұратын теңіз түбі тұнбаларынан қарастырады. А. Д. Архангельскийдің пікірі де сол төңірекке саяды. Ол да мұнай көзін органикалық заттарға аса бай саз топырақтан іздейді. Шыныңда да, саз құм мен карбонатқа қарағанда органикалық заттарға 2- 4 есе бай көрінеді. Н. Д. Зелинский, Г. Л. Спадников, Б. Брукс, А. В. форст мұнайды түзетін көмірлі сутегін бөліп шығаратын органикалық заттардың шіруін тездетуде саздан асқан катализатор табылмайтынын тәжірибе жүзінде дәлелдеп берді. Сазда органикалық заттар басқа топырақтардағыдан гөрі тез шіриді, демек саз жыныстардан мұнайды құрайтын көмірлі сутегі көп бөлінеді. Қазіргі ғылымдағы мұнайдың шығу тегі турасындағы пікірлердің ұзынырғасы осындай. Дүние жүзі ғалымдарының көпшілігі мұнайдың космостық төркіні туралы теориядан гөрі, планеталық төркіні жайындағы теорияға көбірек ден қояды. Алайда, мұнайдың планеталық төркіні жайындағы теорияны жақтаушылардың да аузы бір емес. Олардың бір санаты; мұнай мен газ тірі организмдерде, сондай-ақ, органикалық заттарға аса бай теңіз тұнбалары мен саз қабаттарда түзіледі; бұл процесс бактериялардың ықпалы арқылы жүзеге асады деген теорияны қолдаса, екінші санаты: мұнай мен газ шөгінді жыныстардың терең қабатына жер асты қызуының, жер асты катализдері мен үстіңгі қабаттардың қысымының ықпалынан пайда болады, мұнайдың түзілуінде бактерия емес, температура басты қызмет атқарады деген қисынды жақтайды. Осындай екі ұдай пікірден мұнай органикалық жолмен және химиялық жолмен пайда болған деген екі алуан теория туындайды. Органикалық теорияны жақтаушылар мұнайдың шығу тегін жер қойнауына жиналған органикалық заттардың шіру процесіне саяды. Ал химиялық теорияны жақтаушылар мұнайды түзетін көмірлі сутегі органикалық заттардың шіруінсіз-ақ көмір тегі мен сутегінің синтезі немесе құрамында әлгі элементтер бар органикалық емес қосындылар арқылы да алуға болады деп түсіндіреді. Не де болса, мұнайды түзетін көмірсутегі жер қойнауындағы ғасырлар бойғы жинақталған жыныстар құрамында болып жатқан табиғи химиялық реакцияның нәтижесінде бөлінеді екен. Ендеше, мұнай да — жер астындағы ғаламат лабораторияда болып жатқан химиялық реакциялардың заңды нәтижесі. Олай болса, Маңғыстаудың қу медиен даласының алтың толы асыл сандыққа айналуы сол жер асты лабораториясының ғасырлар бойғы дамылсыз қызметіне тығыз байланысты боп шығады. Геология жер қойнауының үстіңгі қабаттары теңіздер мен мұхиттардың түбіне жиналған тау жыныстарының шөгіндісінен тұрады деп түсіндіреді. Жер қойыны ешқашан тырп етпей тыныш жатып көрген емес. Оның кей бөлігі жер асты дүмпулерінің ықпалынан жоғары көтерілсе, кей бөлігі керісінше ойпаң тартып, төмен шөгеді. Сондай ойпаң тартқан жерлерге жиналған шөгінді қабат жыл өткен сайын қалыңдай береді. Теңіздегі, мұхиттағы толқындар мен ағындар жағадан жылына 1,5 текше километр тау жынысын шайып әкетеді, ал өзендер жыл сайын 12 текше километр шөгіндіні ағызып әкеледі.
Сол тұнбалардан әрқилы өсімдіктер мен жан-жануарлардың қалдықтары табылады. Соларға қарап, теңіздегі, құрлықтағы жан-жануарлар мен өсімдіктердің әрдайым бір қалыпты болмағанын, уақыт өткен сайын олардың да әр алуан өзгеріп отырғанын анықтауға болады. Тасқа айналған әлгіндей табиғи қалдықтардың орналасу реттеріне байланысты шегінді жыныстардың геологиялық тарихы әлденеше дәуірлер мен кезеңдерге бөлінеді. Осындай әдіспен геологиялық дәуірлердің салыстырмалы шкаласы жасақталады. Отандық геологиялық мектеп шөгінді жыныстардың түзілу дәуірін негізінен үш кезеңге бөледі. Кайнозой дәуіріне осы заманғы тұнбалардан бастап санағанда 70 миллион жылға дейінгі аралық, мезозой дәуіріне 70 миллион жылдық тау жыныстары мен 225 миллион жылдық тау жыныстарының арасындағы 155 миллион жылға созылатын геологиялық аралық, ал палеозой дәуіріне 225 миллион жылдық тау жыныстары мен 570 миллион жылдық тау жыныстары аралығындағы 345 миллион жыл геологиялық аралық кіреді. Біздің тұсымыздан санағанда бір миллион жыл төңірегімен шектелетін дәуірде түзілген шөгінділер ширектік кезеңдегі қабат боп саналады. Кайнозой дәуірі неогон және палеоген атты екі кезеңге, мезозой дәуірі бор, юра және триас атты үш кезеңге, палеозой — пермь, тас көмір, девой, силурий, ордовик және кембрий алты алты кезеңге бөлінеді. Ал ен ежелгі ескі жыныстар жалпы мөлшері 3 миллиард жылға созылатын кембрийге дейінгі археозой дәуіріне жатады. Отандық геологияның патриархтарының бірі, атақты ғалым Н. И. Анарусов 1887 жылғы сапарында Маңғыстау жайында, бұл аймақтың геологиялық тарихы мен геологиялық құрылымын жай көзбен-ақ оп-оңай анықтауға болады, өйткені, бұл түбектегі шөгінді жыныстардың түзілу жолы қабат-қабат күйінде қаз-қалпында ап-анық сайрап тұр; мұндағы жер қатпарлары геологиялық жағынан тайға басқан таңбадай соншалықты ап-анық, соншалықты мөп-мөлдір деп, таңырқай жазған-ды.
Ендеше, Маңғыстаудың сол «мөп-мөлдір» геологиялық тарихы не дейді? Егер біз бұл өлкенің саяси, әлеуметтік, мәдени тарихына көрші елдердің, әсіресе, Хорезмнің қандай шешуші ықпал еткенін айтқан болсақ, геологиялық тарихында дәл сондай шешуші ықпалға Каспий теңізі ие болды. Қазіргі Каспий теңізі — бір кезде Жерорта теңізімен жалғасып жатқан Тетис мұхитының шұқанақ қалдығы. Палеогеографияның айтуынша, Тетис әрқайсысы миллиондаған жылдарға созылатын әлденеше геологиялық дәуірлер бойы сонау суық Арктика теңіздері мен күнгейдің жылы мұхитының арасын жалғап жатса, екінші бір геологиялық дәуірлерде қазіргі Шығыс Европаны, Орта Азияны, кіші Қытайды да басып, сонау Жапон аралдарына дейін созылғанға ұқсайды. Кейін жер құрсағындағы орасан өзгерістер нәтижесінде шартарапты суға көміп, шалқып жатқан Тегастың көкірегінен бірнеше аралдар тесіп шығыпты. Әуелі әр жер әр жерден еміс-еміс қылтиған бұл арада аталмыш мұхиттың суы тартыла түскен сайып бірте-бірте биік-биік тау жоталарына, одан жадағай жалпақ үстірттерге, ең соңында далиған далаларға айналып, ұлғая-ұлғая қазіргі Евразияның ұлы құрлықтары пайда болған. Алын Тетистің ақырғы қонысы қазіргі Азов, Қара теңіз, Каспий теңізі мен Арал көлі жатқан ұлан-ғайыр бассейн. Бірақ о да тартыла-тартыла біздің заманымызға көненің кезіндей боп, бағзы Тетистін шұқанақ қалдықтары қазіргі Каспий мен Қара теңіз, Азов пен Арал жеткен. Осы күнгі Каспий жатқан ойпат атамзаманғы Тетис мұхиты табанындағы ең бір шұқанақ ойпаң боп табылады. Дүние жүзінде Таяу Шығыстағы Өлі теңіз бассейнінен кейінгі мұхит деңгейінен 132 метр төмен жатқан ең терең жер – Қарақия қазан шұңқырының Маңғыстауда екендігі де тегіннен-тегін емес. Каспий шығыстағы Аралдың да, батыстағы Балтықтың да деңгейінен әлдеқайда төмен жатыр. Азияны ұзақ жылдар бойы зерттеген әйгілі ғалым, СССР Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, СССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Б, А. Федоровичтің айтуы бойынша, Арал теңізі күні кеше, Тетис мұхиты тартылып кеткеннен әлдеқайда кейін жаратылыпты. Ол тұста жер бетінде адам әлдеқашан пайда боп, белгілі мөлшерде мәдени даму сатысынан өтіпті. Арал теңізінің пайда болуы Тянь-Шань тау жотасының дүниеге келуімен тығыз байланысты көрінеді. Әуелде әр жер әр жерден бас көтеріп қылтиып-қылтиып бой көтерген Тянь-Шань шоқылары биіктей-биіктей қарлы шыңдарға айналып, баурайынан Сырдария, Шу сияқты сулы өзендер жаратқан тұста, жерасты дүмпулерінің салдарынан осы күнгі Арал жатқан көлтабан ойпаң төмен шөгіпті. Жаңа өзендер – Сырдария, Шумен қоса Орта Азияда бұрыннан бар, оған дейін суын Узбой арқылы Каспий теңізіне құйып жатқан Амудария енді Аралға ағатын болыпты. Мұның бәрі қазіргі Маңғыстаудың геологиясы ежелгі Тетис табанында, ғасырлап суы қайтып, тартыла түскен көне мұхит ағындары мен толқындары ұлан-ғайыр Евразия құрлығының қиыр-қиырларынан айдап әкелген шөгінділердің тұнбасынан түзілгенін дәлелдейді. Ол тұнбалар ежелгі дәуірлердің органикалық дүниесінің қалдықтарына аса бай. Өйткені, қазіргі Орта Азия мен Қазақстан шөлдері тіптен кейін пайда болған. Бірқатар геологиялық замандарда бұрынғы Тетис мұхитының табаны сыңсыған субтропикалық аймаққа айналып, сонау Қиыр Шығысқа дейін созылып жатыпты. Оның үстіне, Каспий теңізінің осы заманғы табанының өзі мұхит деңгейінен санағанда ылғи бір деңгейде тұрмаған. Оның мұхит деңгейінен санағанда – 200 метр деңгейде жатқан тұсынан бері бір жарым миллион жыл, ал ең жоғары 48 метр деңгейде жатқан тұсынан бері он бес мың жылдай ғана уақыт өтті. Мұз дәуірінен кейін Каспийдің деңгейі мұхит деңгейінен санағанда 50 метрге, теңіздің қазіргі деңгейінен 77 метрге күрт жоғарылап шыға келген. Ол тұста осы күнгі Қарақұм шөлі мен Терістік Каспий маңы ойпаты қайтадан суға толған. Каспий, тіпті 1825-1830 жылдардың өзінде қазіргі деңгейінен бес метр жоғары жатқан. Тек 1932 жыл мен 1941 жылдың арасында теңіз деңгейі екі метрге төмендеген. Соның салдарынан Каспий теңізінің көлемі Азов теңізінің жалпы көлеміне бара-бар 30 мың шаршы метрге кішірейді. Каспий теңізі деңгейінің біркелкі еместігі халық арасында әр қилы алып қашты аңыздар таратса, ғалымдар арасында да сан алуан тұспалдар туғызды. Бұл құбылысты ғылымның Гумбольдт, Ленц, Абих, Бэр, Ханыков сынды ірі өкілдері де тыңғылықты түсіндіріп бере алмады. Каспийді зерттеушілердің бір тобы оның Қара теңізбен және Арал теңізімен көзге көрінбейтін бір байланысы болса керек, теңіз деңгейінің ауытқымалығы сол құбылысқа тікелей тәуелді болса керек деген болжам айтты; екінші тобы ол жерасты арнасы арқылы сонау Парсы шығанағына құйып жатуы мүмкін деген пікір таратты; үшінші тобы теңіздің суының көбі Қарабұғаз шығанағына құяды, ал аталмыш шығанақтың қақ ортасында жарық бар, сол арқылы жер астына кетеді деген гипотезаға мықтап сенді; төртінші тобы теңіздің бір деңгейде тұрмауы оның түбіндегі вулкандық құбылыстарда, вулкандар біресе теңіз суын жұтып қойып отырса, екінші жолы кері атып шығарады, соған байланысты теңіз суының мөлшері біресе азайып, біресе көбейіп отырады деп дәлелдеп бақты. Паллас Каспий теңізінің суының азаюын оның құрғай бастауына сайыса, Гумбольдт оны «кратерлер елі» деп атап, аталмыш құбылысты жерасты өзгерістерінің әсерінен көрді1. Бұл гипотезалардың жер асты қозғалыстарына байланысты идеядан басқасын кейінгі кезең зерттеулері жоққа шығарды. Ал Каспий асты вулканизмінің теңіз деңгейіне әсері — әлі зерттей түсуді қажет ететін мәселе.
Не де болса, Каспий деңгейінің тұрақсыздығы бесенеден белгілі ақиқат. Абихтың айтуынша, теңіз деңгейінің өзгеруі, біріншіден, теңіз бетіндегі желдің бағытты ауысқан тұста, екіншіден, жыл мерзімінің өзгеруіне байланысты, үшіншіден, теңіз жиегінің бірде биіктеп, бірде аласарып тұруына байланысты байқалатын көрінеді. Татищев ел арасында Каспий теңізі 30-35 жылда бір тасып, 30-35 жылда бір қайтып тұрады деген аңыз бар екенін айтады. Су тасыған кезде теңіз маңындағы өлкелерде қыс қатты боп, су қайтқан кезде жазда қатты ыстық болады деседі. Мәселен, 1841-1842 жылдары Каспий маңындағы қалалардың барлық ағашы үсіп кетіпті, елдің айтуынша, ол кезде он жыл бойына жаздың өзі ысымай қоңыр салқын боп өтіпті. Бұл айтылғандар Каспий теңізі сияқты мұхитқа қосылмайтын тұйық бассейннің деңгейі, ең алдымен, атмосфералық құбылыстарға тікелей байланысты болатынын сездіргендей. Б. А. Федорович Каспий теңізінің деңгейіндегі айнымалылықты оның бірден-бір асыраушысы Еділ өзені бассейні климатындағы түбірлі өзгерістердің салдарынан деп есептейді3. Өткен ғасырдың 50-жылдарынан бергі кезеңде Москва мен Ленинградтың ауа райы 1,5 градусқа жылыпты. Бұл Еділ бассейнінде құрғақшылық күшейді, жауын-шашын азайды деген сөз. Оның бәрі Каспий теңізінің деңгейіне әсер етеді. Ал Каспий теңізінің деңгейінің жоғарылауы мен төмендеуі оның маңайында жатқан аймақтың ауа райына, өсімдік дүниесіне ғана емес, геологиялық құрылымына да әсер ететіні даусыз. Органикалық дүниеден жаратылсын мейлі, органикалық емес жолмен жаратылсын мейлі, Апшерон мен Челекендегі, Ембі мен Маңғыстаудағы мұнайдың түзілуі Каспий теңізінің геологиялық тарихымен тығыз байланысты. Каспий акваториясында әлденеше жерден мұнай атқызып жатқан жерасты химия лабораториясының ғаламат қызметінде көне Тетис пен бүгінгі Каспийдің атқарар маңызы орасан зор болса керек. Каспий маңы геологиясындағы құбылыстардан біз әңгіме қылып отырған Маңғыстау да құр қалып көрмепті. Мамандардың айтуынша, қазіргі Маңғыстаудың рельефіндегі ізі ап-анық сайрап жатқан геологиялық құбылыстардың көпшілігі бұл аймақ түгелінен су астында жатқан көне дәуірлерде болыпты. Бұдан 225 миллион жылдан астам уақыт бұрын, сонау палеозой дәуірінде Бозашы — Қарабауыр дөңесінің жоғары көтеріліп, Орталық Маңғыстау ойпаңының төмен шөгуінен басталған бұл құбылыс Маңғыстау түбегінің көп жері құрлыққа айналған кайнозой дәуірінің неоген кезеңінің төменгі миоцен (бұдан 12 миллион жыл бұрын) тұсына дейін еш тоқтамапты. Тіпті неоген кезеңінің өзінде орта және жоғары миоцен тұсында, түбектің көп жері төмен шөгіпті. Осынау уақыт атты шебердің сиқыр қолынан бірінің үстіне бірі кеп, қаланып жатқан геологиялық дәуірлерден қазіргі Маңғыстауда қандай із қалыпты? Геологтардың айтуынша, палеозой дәуірінің соңы мен мезозой дәуірінің бас шамасындағы пермь, триас кезеңдерінен (бұдан 190 миллион жыл шамасы бұрын) қалған құм тас, саз сланең, көксұр әк тастар қазіргі Қаратау баурайларынан көп кездеседі. Батыс және Шығыс Қаратау, Қаратаудың жоталары негізінен сол пермь және триас кезеңінің шөгінділерінен тұрады. Ұзындығы 300 километрге, ені 10-15 километрге созылатын пермь, триас қалдықтары Маңғыстау жеріндегі ең ежелгі тау жыныстары болып есептеледі. Юра (бұдан 140-150 жылдар бұрын шамасы) кезеңінің қалдықтары құм, саз, карбонатты жыныстар күйінде түбектің өне бойынан түгел табылады. Жетібай, Өзен маңайында, Оңтүстік Маңғыстаудың бірнеше жерлерінде юра қабатының ірі-ірі мұнай кендері ашылып отыр. Маңғыстаудағы юра қабаты шамамен 1 300 метрге дейін жетеді. Маңғыстауда ең көп кездесетін тау жыныстарының бірі — бор (бұдан 115-120 миллион жыл шамасы бұрын) кезеңінің қалдықтары. Терістік және Түстік Ақтау, Қаратау мен Ақтау арасындағы ұлан-байтақ алқаптар негізінен бор дәуірінің шөгінділері құм тастан, ақмергель, бор, әк тас, саз тастардан тұрады. Бор дәуірінен қалған құм тастар мен құдықтар арасында жел мен жаңбыр мүжіп тастаған сан алуан мүсіндегі конкрециялардан, жергілікті жұрттың тілімен айтқанда, Қотыр тастардан аяқ алып жүре алмайсыз. Кайнозой дәуірінің палеогон (30-65 миллион жыл шамасы бұрын) кезеңінің жұрнақтары Маңғыстау түбегінің қай пұшпағынан да жиі ұшырасады, Палеогон кезеңінің аяқ кезі олигоцен тұсында (30-40 миллион жыл шамасы бұрын) теңіз қайтадан тасып, тек Маңғыстау ғана емес, Қазақстанның көп жерлері су астында жатыпты. Ол тұста Маңғыстаудағы осы күнгі көптеген қыраттар мен төңірегі шың, төбесі тақтайдай тегіс боп келетін ойдық-ойдық ақ таулар су астынан арал-арал боп көрініп тұрыпты. Сол тұстағы органикалық дүниенің жер асты қалдықтары түбектің оңтүстік бөлігін түп-түгел ыстық аймақтарға тән мәңгі көктеп тұратын майда жапырақты өсімдіктер жауып жатқанын байқатады. Олигоцен тұсында көптеген тау жоталары пайда боп, теңіз қайтып, құрғақ жер көбейген. Неоген тұсының (20 — 30 миллион жыл шамасы бұрын) Каспийге қазіргі Еділдің бастапқы арнасы Палео-Еділдің суы құйылып, теңіз оқтын-оқтын Оңтүстік Маңғыстау жоталарын қайта басып кеткен тұстардың қалдықтарынан ұлутастар құралған. Плиоцен кезеңінде Каспий теңізінің көлемі күрт кішірейіп, кейде екі бөлек көлшікке бөлініп кетіп тұратын болған. Теңіз деңгейінен екі жүз метрге дейін төмендеп жүргені де сол уақыт. Б. А. Федоровичтің айтуынша, ежелгі Евразия өзендері Палео-Амудария, Палео-Еділ, Палео-Кура Оңтүстік Каспий ойпаңына құйғанда, теңізге орасан көп тұнба ағызып әкеліп отырған. Ол тұнбалардың қалыңдығы төрт мың метрге дейін жеткен. Кейін сондай шөгінділер мол жиналған тұстардан шылқып шығып мұнай жататын болған. Геологиялық жас дәуір - бас аяғы ең соңғы бір миллион жыл төңірегімен шектелетін ширектік кезеңнің қалдықтары да бұл түбекте өте мол. Каспий жағалығы, Қарақия ойпаты мен Бозащы түбегі сол ширектік кезең шөгінділерінен тұрады. Ол кезеңнің континентальдық жұрнақтары құм, жентек саз күйінде ұшырасады. Олардың қай-қайсысын да тосап басып, сортаң тартып кеткен. Бұған қарап Маңғыстау аймағындағы алғашқы құрғақ жер триас дәуірінің аяқ кезінде, бұдан 190-200 миллион жылдар шамасы бұрын қазіргі Қаратау қыраты жатқан тұстан пайда болған; қалған өңір көп уақытқа дейін су астында жатқан; Қаратаудан кейін Орталық Маңғыстау мен Орталық Үстірт судан босаған; Бозащы түбегі тіптен беріде құрғаққа айналған деген қорытынды шығаруға әбден болады. Жер асты мен жер үсті күштерінің осынша мол өзгерістері Маңғыстау қойынын асыл қазынаға толтыра беріпті. Сонғы жылдардағы деректер бойынша, Оңтүстік Маңғыстау мен соған шектес аудандарда мұнай мен газ кендері табылуы мүмкін 90 құрылым, Солтүстік Маңғыстауда 20 құрылым анықталып отыр. Белгілі палеогеограф, геология-минералогия ғылымдарының докторы Н.И. Марковскийдің пайымдауынша, Маңғыстаудағы Жетібай және Өзен мұнай кендері ежелгі өзеннің сағасының орнынан табылып отыр. Ол өзен шамасы осыдан екі мың жыл бұрып Каспийге құйып жатқан Көне Яксарт (Амудария) болса керек1. Қазір Маңғыстауда ертеректегі пермь, триас қабаттарындағы парафинсіз мұнай кендеріне жету үшін төрт жарым мың метрге дейінгі тереңдікті бұрғылау жүзеге асырылуда.
Ал Маңғыстау газының қоры ондаған триллион тонналап есептеледі. Мұнай мен газға осынша бай Маңғыстау өзге пайдалы кендерге де кенде емес. Төменгі және жоғарғы юра қабатынан тас көмір табылды. С.Н. Алексейчиктің анықтауынша, Маңғыстау көмірінің құрамында 2 процент күкірт бар. Түбектегі бор дәуірінің шөгінділері қабаттарында фосфорит кені көп ұшырасады. Ол кендердің қалыңдығы 45 сантиметрге дейін жетеді. Н.И. Андрусов олигоцен қалдықтары қабатынан марганец кен көздерін ашты. Қаратаудағы пермь, триас қабаттарының бірнеше жерінен мыс, темір кендері табылды. Темір кендері сол сияқты юра және төменгі бор қабаттарынан да ұшырасты. Маңғыстау мен Үстірттегі плиоцен қалдықтары қабаттарынан аса құнды құрылыс материалдары болып есептелетін ұлутас кен орындары көптеп ашылуда. Өлкеде бұлардан басқа силикат, құм қобалып, қорғасын, калий, магний, ас тұздары, кесек күкірт, ақ бор кендері анықталып отыр. Сөйтіп, ғалымдардың әлденеше ұрпағының көкейінде талайдан бері арман боп жүрген Маңғыстау алтын сандығының берік тылсым қақпағы ақыры ашылды. Қазір аузымыздан түспейтін мұнай, газ, көмір, темір, марганец, мыс, фосфорит, ұлутас — Маңғыстау алтын сандығының қақпағын ашып қалғанда алдымен көзге түскен қазыналар. Ал осынау қазыналы қойманың рухани қабаттарына әлі де болса тереңірек үңіле алмай жатырмыз. Геологтар мен геодезистер Маңғыстаудың тек қазба байлықтарға ғана емес, ежелгі дәуірлер материалдық ескерткіштеріне де аса бай өлке екенін анықтады. Бұл өлкенің мәдениеті мен тарихын зерттейтін болашақ археологтар мен этнографтар ең алдымен геологтар мен геодезистерге алғыс айтатын болады. Өйткені, ғылымға Маңғыстаудағы ежелгі цивилизация ескерткіштері жайлы алғаш мәлімет берген де солар. Маңғыстау мен Үстірттің қара жондарында бұрғышылардың зәулім мұнарларымен қатар бой түзеген сансыз күмбездер мен ақ шағаладай жарқырап, анадайдан көзге шалынатын көне қорым-некропольдер қиялыңды қайтадан ғасырлар қойнына жетектейді...
БЕС ОҚТЫ
И тени мертвых городов
Уныло бродят по равнине.
Максимилан Волошин.
Хиуаға баратын көне Маңғыстау жолының бойында Бес оқты дейтін құдық бар.
Оның аты бұл өлке жайлы жазылған ескі кітаптарда көп кездеседі. Аталмыш керуен жолының бойында ондай тұщы құдық кемде-кем. Алыс жол мен аптап ыстықтан қаны қатып, қаталап келе жатқан жолаушылар оған жеткенде нағыз жұмақтың төріне шыққандай бір рақаттанып қалады. Оны ағылшын саяхатшысы Дженкинсон да, неміс саяхатшысы Каруце де, өткен ғасырдағы Хиуа жорығына қатысқан Н. Ломакин, М. Алиханов-Аварскийлер де өз шығармаларында аса үлкен ризашылықпен еске алады.
Ол төңіректегі жер аттары да қызық: Бес оқты, Қыз қырылған, Жеті мұнара... Ежелгі түркі аңызы бойынша, Сырдария бойындағы гуздер елінде бір-екі ру басы салық төлемейсің деп Хожа Ахмет Яссауидың ізіне түсіпті. Құдай жолын қуып, дүние-малдан аулақ жүретін сопының соңына сөз ергізу үшін, бір күні түнде, өзіне көрсетпей, қорасына қой сойып тастап кетеді. Ертесінде құлқын сәріден келіп:
— Малым жоқ деп, аузыңды қу шөппен сүртесің. Сөйтіп жүріп, елден жасырып, қой соясың, — деп жұрт алдында жала жабады.
Мұндай масқараға шыдай алмаған сопы:
— Ит боп кеткірлер-ай, — деп қарғағанда әлгі даукес екі би аяқ астында төрт аяқты итке айналып, өліп жатқан қойға бас салыпты-мыс.
Сонда Хожа Ахмет Яссауи жиналғандарға:
— Мына екі ит мына қойды тауысқанша, бұл маңайдан көшіп кетіңдер. Әйтпесе, бұлар енді сендерді қабады, — депті.
Екі иттен қорыққан гуздер Сырды тастап, батысқа қарай жөңкіле жөнеледі.
Бір жас батыр қарындастарына қарайлап қашқан жұрттың соңында келе жатады.
Әлгі құдықтың басында иттер қыздарды қуып жетіп, талай бастайды.
Қорамсағында бес оқ қалған жас ноян Жеті мұнараның тасасына тығылып тұрып, екі итті атып өлтіреді.
Сонда иттердің бірі өліп бара жатып:
— Әй, аңғал батыр-ай, бізді бекер аттың ғой. Алақандай Сыр бойына сығылысқанша елсіз жатқан бос қонысты иемденсін деп елді әдейі қуып келе жатыр ек. Енді сәл шыдағанда итаяғың алтыннан, ұлтарағың барқыттан болатын мамырстан жерге жеткізетін едік, — депті.
«Гуздер Маңғыстауда солай қоныстанып қалыпты, әйтпегенде Кавказ асып кетуі мүмкін еді», — дейді ескі аңыз. Талай халықтың, талай ғұламаның аузында талайдан бері сан құбылып айтылып келе жатқан осы бір көне аңыз бізге гуздердің Маңғыстауға Сырдария бойынан келгенін, ол тұста бұл өлке қаңырап бос жатқанын аңғартады.
Онда Хожа Ахмет Яссауидың аты да тегіннен-тегін аталмаса керек. Екінші бір аңыз бойынша бір кезде бес Есеннің елі аталған Маңғыстауды жайлаған түрікмендердің ата руының арғы атасы Есен Хожа Ахмет Яссауидың шәкірті болыпты. Бір күні Яссауи асасын аспанға лақтырып жіберіпті де, шәкірттеріне түскен жеріне барып, асамды тауып әкеліңдер деп тапсырма беріпті. Сонда шәкірттері орнынан дүркірей көтеріліп, жүгіре жөнелгенде, Есен отырған орнынан қозғалмапты. Хожа Ахмет Яссауи қасына барып: «Жұрт асаны іздеп кеткенде, сен неге қалып қойдың», — деп сұрағанда, Есен: «Пірім, сіз лақтырған аса дәл іздеп барып, тауып әкеле қоятындай жерге түспеген шығар», — деп жауап беріпті. Ақылды Есен пірі лақтырған асаны іздеп жолға шығыпты. Аяғындағы темір етіктен оймақтай, қолындағы темір таяқтан тебен инедей қалғанда, осы Маңғыстауға жетіп, Яссауи лақтырған асаны тауып алыпты. Шәкіртінің ақылдылығына сүйсінген Яссауи оған «Гөзлі» («көреген») деген ат тағыпты-мыс. Содан жұрт оның Есен атын ұмытып, Гөзлі ата атап кетіпті-міс. Гөзлі атадан Омар ата, Нұр ата, Уақ ата дейтін үш ұл туады. Омар ата тұқымы қазір Түрікменстанның солтүстігін, Нұр ата тұқымы Өзбекстанның Нұрата тауын жайлайды, ал Уақ ата әулеті біздің ғасырдың бас шамасында Иранға көшіп кетіпті. Академик Бартольдтың айтуынша, Есенханның баласы Омар ата әкесінен кейін маңғыстаулықтарды билеген, жау қолынан қаза тапқан1. Зираты Түрікменстанның Маңғыстауға шектес Омар ата поселкесінің қасында. Бұған қарағанда, Маңғыстауды жайлаған тайпалар мұсылман дінін Хожа Ахмет Яссауи тұсында, XІІ ғасырда қабылдаған. Мерв билеушісі Санжардың Хорезм шаһы Атсызға мұсылманның солтүстіктегі қорғаны Маңғыстауды басып алдың деп наразылық білдіретін қанды оқиғалары осы Есен ата өмір сүрген кездерге сәйкес келетін сияқты. Маңғыстаудың орта ғасырлардағы тарихының талай қырын қамтитын «Бес оқты» аңызы гуздер қоныстанған тұста қаңырап бос жатқанмен, бұл өлкені олардан да бұрын ел жайлағанын сездіреді. Иттерді ататын жас мерген тасалаған жеті мұнара соған меңзейді. Көне аңызда көмескі елесі қалған осы бір тарихи, шындыққа түбектегі археологиялық ескерткіштер де көзімізді жеткізе түседі. Маңғыстауда археологиялық ескерткіштердің барлық түрі түгел табылады десек артық айтқан болмаймыз. Онда алғашқы қауым тайпаларының мекен жайлары, ежелгі бекініс қамалдар мен қалалар, қорған төбелер, ескі зираттар, көне егістіктер орны, жерасты каналдар (керіздер), арықтар мен шығырлар, керуен жолдар мен тас мүсіндер, жартастағы суреттер, жеке-жеке қада тас (кромлех), қайрақ тас (менгирь), тас қорап молалар (дольмен) мол ұшырасады. Оған осы кезге дейін ізін жоймай келе жатқан бейіт салу сәулет өнерін, терең шыңыраулар қазу, кілем тоқу, ши тоқу, зергерлік, киіз үйді жасау мен жасаулау өнерін қоссақ — Маңғыстауды байырғы халық өнерінің қаймағы бұзылмаған құт мекені деп әбден айтуға болады. Ғылыми әдебиетте бұл өлкенің археологиясы мен этнографиясы жайында тиіп-қашты мәліметтер болмаса, жүйелі зерттеу әлі жүргізілмей келеді. Бірақ ғылыми әдебиеттегі азын-аулақ мәліметтер мен осы кезге дейін жұрнағы сақталған ежелгі ескерткіштер бұл өлкенің адамзат цивилизациясының көп ғасырлық даму жолынан ешқашан сыртқары тұрмағанын қапысыз аңғартады. Сонау бала кезімізде естіген бір аңыз естен кетпейді: «Осы біз отырған өлкеде бізден бұрын жеті жұрт келіп, жеті жұрт кетіпті. Ең алғаш қоныстанған жұрт аяғы жеткені аң аулап, аяғы жетпегені жерге өскен шөпті отап қоректеніпті. Аң аулайтын аяғы ұзын еркектерден гөрі шөп отайтын кәрі-құртаң, қатын-қалаш, бала-шаға көп болыпты. Әсіресе, балалы әйелдердің отыра қап, отаған жеріне енді қайтып түк шықпапты. Бұрынғы сыңсыған ну жыныстар құлазыған қу тақырға айналыпты. Осы күнгі ойдым тақырлар сол балалы әйелдердің отыра қап шөп отаған жерлері екен. Ну орнына құмға, көл орнына шөлге тап болып, күйзелген жұрт тәңірге:
— Ендігі күніміз не болады? — деп жалбарынғанда, жер бетінде мал жаратылыпты».
Енді археологияның айтатынын тыңдайық.
Археологияның айтуынша, жер бетінде адам тақылеттес жануарлар геологиялық үштік кезеңде пайда болған. Оған бұдан 5,5-1,5 миллион жыл бұрын өмір сүрген австралопитектер жатады. Ал адам тақылеттес жануарлардың адамға айналуы геологиялық ширектік кезеңге сәйкес келеді. Дөрекі тас құралымен қаруланған айлалы адамға (Homo babіlіs) 1960 жылы ағылшын антропологы Нукс Лаки Танзаниядағы Олдовой аңғарынан сүйегін тапқан бұдан екі миллион жыл бұрын өмір сүрген екі аяқты жануарлар жатса, осы заманғы өзіміз тақылеттес ойлай алатын ақылды адамға (Homo Sapіens) бұдан 40- 30 мың жыл бұрын жер бетін соңғы рет мұз жапқан кезде пайда болған неоантроптар жатады. Адамзаттың өсіп-жетілуінің бірден-бір көрінісі оның қандай құралдармен пайдаланғаны және оларды қалай жақсартып жетілдіргені болып табылады. Адамзаттың қолына алғаш түскен қару — тас. Тас дәуірі — адамзат тарихының ең ұзаққа созылған бөлігі. Тас дәуірінің ең ежелгі кезеңін палеолит, одан кейінгі орта кезеңді мезолит, ең аяққы кезеңін неолит деп атайды. Палеолит кезінде алғашқы адамдар бір тасты екінші тасқа ұрып сындыру арқылы алынған ешқандай өңдеуден өтпеген дөрекі тас құралдармен пайдаланады. Мезолит тұсында олар тасты қабыршақтап қашауды үйреніп, жартылай өңделген тас құралдарымен пайдаланды, ал неолит кезеңінде тасты қашап, егеп, тегістеп, өңдеуді үйреніп, өңделген тас құралдармен пайдалануға жетілді. Құралдардың өңделуі адамдардың еңбек технологиясын шыңдап қана қоймай, олардың арасындағы еңбек бөлісуді де жетілдіре түсті. Егіншілік пен мал шаруашылығының қалыптасып, жеке меншіктің шығуы адамзат тарихындағы айтулы әлеуметтік революция еді. Адамдар табиғатқа біржолата тәуелді жабайылықтан өз бетінше әрекет ете алар, өз меншігіне ие болып қана қалмай, өзгенің меншігіне қол сала алатын варварлыққа көшті. Варварлық адамзат қоғамының даму жолында жабайылыққа қарағанда әлдеқайда прогресшіл кезең боп табылды. Адамзат қоғамының табиғатқа тікелей тәуелділіктен мейлінше алыстата түскен цивилизация дәуіріне көшуі адамдар арасындағы қарым-қатынастың сындарлы саяси құрылысқа айналып, мемлекеттердің шығуына тығыз байланысты болды.
Сөйтіп, адамзат бүгінгі адамзатқа айналғанша қиын-қыстау жолдардан өтті. Жоғарыда келтірілген халық аңыз мен адамзат қоғамының даму жолы туралы археология мәліметтерінің арасында қандай байланыс бар? Сонау палеолит дәуірінен басталатын алғашқы қауым адамдары күні ыстық, ауыз су көзі, қару жасауға қолайлы шақпақ тастары бар жерді жайлаған. Аң аулап, өсімдік дәнін жинап күн көрген. Мезолит дәуірінде олар аңшылықпен қоса балық аулауды да үйренген, үңгірлерді баспаналап, өзен, көл, теңіз жағалауларына жақын жерлерді сағалаған. Неолит және энолит заманында аңшылық, балықшылық, өсімдік дәнін жинайтын терімшілікке ұстаған жабайы аңды қолға үйретіп мал өсіру, даладан жинап алған өсімдік дәндерін тас кетпендердің көмегімен жерді қопсытып, қайта егіп, егін суару кәсіптері қосылып, алғашқы қауым күн көрісі комплексті шаруашылыққа тән сипат алған. Шөлейт аймақтардағы алғашқы қауым тайпаларында кетпенмен егін салудың пайда болуы дәнді дақылдар егіп, ірі қара және ұсақ мал ұстап, түбі жалпақ қыш ыдыстар жасап, қыш тастан едені жер, төбесі жайдақ төртбұрышты баспаналар салып, қолапайсыз станоктарда өрмек тоқитын отырықшы дәстүрді қалыптастырған. Ғалымдардың айтуынша, дүние жүзілік мәдениет тарихында өшпес із қалдырған Орта Азия, Триполи цивилизация ошақтары осы тұстан басталған. Кейін адамдар жер суаруды, соқамен жер жыртуды үйренген. Жер жыртумен суармалы егіске көшу — алғашқы қауымдағы таптық жіктелудің негізін салды. Суармалы егіске мүмкіндігі аз далалық аймақта мал өсіру басым болды. Бірақ отырықшы дәуір мал басын көбейтуге тарлық етті. Отырықшы егіншілік малды азықпен қамтамасыз ете алмайтын күйге жетті. Қола дәуірінде ауыздықты жүгеннің пайда болуы малды алыс өрістерге айдауға, бұрын бос жатқан жана жайылымдарды игеруге мүмкіндік берді. Сөйтіп, неолит дәуірінде, біздің заманымызға дейінгі ІІІ, ІІ мың жылдықтарда пайда болған мал өсіру кәсібі қола дәуірінде, біздің дәуірімізге дейінгі ІX -VІІІ ғасырларда көшпелі мал шаруашылығына айналады. Ол өз тұсы үшін үлкен экономикалық, әлеуметтік революция — қоғамдық еңбек бөлісудің басы болды. Көшпелілікті жабайылықтың баламасы ғып ұғатын буржуазиялық тарихи мектеп, шығыс тарихын «дала мен көгалдардың» (оазистердің) көшпелілер мен отырықшылардың мәңгі тоқтамас шайқасы деп ұғады. Өткен ғасырдағы буржуазиялық мектептің өкілі В.И. Масальскийдің Орта Азия ғасырлар бойы көшпелілердің мұрындарына иісі де бармайтын отырықшылық мәдениетпен, «жабайы Туранның біршама мәдениетті Иранмен» бітіспес күресін бастан кешіріп келеді дейтін пікірін Орта Азия тарихын «Ұлы Иран цивилизациясының көшпенді жабайы түркі тайпаларының табанында тапталып, күйреп бітуінің тарихы» деп бағалайтын осы заманғы американ тарихшысы Р. Пайпс та қайталайды. Буржуазиялық ғылымның Орталық Азия мен Орта Азияның мәдениетін көшірі Иран мен Қытай мәдениетінің ықпалына теліп, бұл аймақты ежелден бері мекендеп келе жатқан көшпелі тайпаларды адамзат цивилизациясына ешқандай қатынасы жоқ «мәдениетті құртушылар» деп қарайтын концепциясын қазіргі Пекин уағызшылары малданып, Сібір, Қазақстан, Орта Азия территорияларына қол салуды көздейтін экспансиялық саясатына тарихи негіз отыр. Маркстік тарихи мектептің буржуазияшыл «мәдени ошақтар» қисындарына қарсы мәдени-шаруашылық типтер, тарихи-этнографиялық облыстар туралы ілімдері белгілі бір өлкелердің өткен тарихын, ең алдымен, сол аймақты мекендеген халықтың экономикалық тіршілігінің даму-жетілу тұрғысынан қарастырады. Маркстік тарих ғылымы көшпелі мал шаруашылығының пайда болуын отырықшы мәдениетті құртушы құбылыс деп емес, экономикалық өмірде рационалистік еңбек бөлісудің өз заманындағы заңды үлгісі деп түсінеді. Профессор Л.П. Потаповтың айтуынша: «Ол тек адамдардың шаруашылық әрекет аясын кеңітіп қойған жоқ, еңбектің өнімділігі мен құндылығын орасан арттырды. Ол байлықтарды игеріп, дамытып, өзара алмасуға қолайлы жағдай жасады... Мал өсіру және оны жайып-күту еркектердің ісі болды да, ол матриархатты құлатып тынды. Сөйтіп, семья рулық қауымға қарсы тұрар айбынды күшке айналды. (Ф. Энгельс). Ф. Энгельс мұны адамзат бастан кешірген ең алғашқы радикалдық революциялардың бірінен санады». Ендеше, қола дәуіріндегі адамдардың еңбек құралдарының жетілуі нәтижесінде дүниеге келген көшпелі мал шаруашылығы — ежелгі адамзат цивилизациясының бөлінбес бір бөлігі. Алғашқы қауымдық комплексті шаруашылық құрамынан көшпелі мал шаруашылығы бөлініп шыққан тұста адамзат әлі осы күнгі мағынасындағы мәдениетті орната қойған жоқ еді. Ондай ұлы мәдениеттің өсіп-жетілуіне отырықшылармен қоса көшпенділер де үлес қосты. Көшпелі мал шаруашылығы мен отырықшылық арасындағы үздіксіз байланыс болмаса, қол өнері, соқалы егістік, сауда-саттықты дамыту арқылы адамзат мәдениетін өркендеткен қала тұрмысының экономикалық негізі күйреген болар еді. Көшпелілер адамзат мәдениетінің дамуына тек тұтынушы ғана боп қатысқан жоқ. Адамзаттың материалдық игілігін өсіріп-өркендетуге де, рухани мәдениетің жетілдіруге де белсене ат салысты. Оған көшпелі халықтардың әдеби мұраларын былай қойғанда, қалдырған материалдық ескерткіштері де айқын дәлел бола алады. Совет тарихшылары адамзат мәдениетін төрт-бес ұлттың қанжығасына бөктеріп, қалғандарының өткен тарихын түп-түгел мансұқтап, адамзат қоғамының болашақ дамуында алатын орындарына зор күмән келтіретін буржуазия тарихшыларының нәсілшіл теориясының атымен негізсіз екенін даусыз дәлелдеп берді. Оған совет археологтарының Орта Азия, Еділ, Дон бойы, Азов теңізі мен Қара теңіз маңын жайлаған ежелгі көшпелі тайпалар мәдениеті жайлы, қазақстандық ғалымдар Ә. Марғұлан, К. Ақышев, М. Алпысбаев, М. Қадырбаев, Л. Ерзакович, К. Байпақовтардың Орталық Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Жетісу, Оңтүстік Қазақстан көне мәдениеті жайлы еңбектері, СССР Ғылым академиясы Сібір бөлімшесі мен Монғолия Ғылым академиясының бірлестігі жүргізіп жатқан Сібір мен Орталық Азия көшпелі халықтары мәдениеті жайлы зерттеулері айқын мысал бола алады. Сол сияқты адамзат тарихындағы қираған қалалар мен күйреген мәдениеттің бәрін көшпенділерден көрудің де еш қисыны жоқ. Басқыншылық соғыс тек көшпенділерге ғана тән емес. Адамзат мәдениеті өзге елдердің шикізаты мен базары үшін болып келген отырықшы елдер жорықтарынан көшпенділердің жаңа өріс, жаңа қоныс жолындағы соғыстарынан аз зардап көрген жоқ. Мәдениетке келтіретін зардабы жағынан көшпелі агрессорлар Аттила, Иппакай, Шыңғысхан, Батухан жорықтары мен отырықшы агрессорлар Александр Македонский, Дарий, Ақсақ Темір, Наполеон, Гитлер жорықтарының арасында ешқандай айырма болмаса керек. Көшпелі мал шаруашылығы адамзат цивилизациясының дамуына бірден-бір негіз болған экономикалық тіршіліктің бір түрі боп келді. Қола дәуірінде адамдардың қолындағы еңбек құралдарының біршама жетілуіне байланысты алғашқы бекіністер пайда болды. Олар әуелі орлармен, жал қып үйген топырақтармен қоршалып, өзеннің қабағына, таулардың қиын қияларына салынды, кейін тас қорғандармен қоршалып, алдырмас қамалдарға айналды. Адамзат қоғамында мұндай мәдени даму тек төрт-бес үлкен-үлкен мәдениет ошақтарына ғана тән емес, талай-талай өлке-өңірлерде кеңінен орын алды. Ондай мәдениет ұяларының кейбірі кейінгі табиғи, климаттық, саяси, экономикалық өзгерістер нәтижесінде күйреп кетсе, екінші біреулері сол бетімен дами келе ірі цивилизация орталықтарына айналды. Бұл ретте көшпелілік пен отырықшылықтың ұлан-ғайыр шекарасы болып табылатын Қазақстан территориясындағы археологиялық қазбалардың айтары тіптен қызық. Соңғы бір ғасыр бойына Қазақстанда көшпелі тұрмыстық да, отырықшы тұрмыстың да материалдық ескерткіштері жан-жақты зерттеліп келеді. Осынау салыстырмалы зерттеу көшпелі мал шаруашылығы мен отырықшы егіншіліктің ойдағыдай дамуына олардың арасындағы өзара экономикалық байланыс шешуші ықпал ететіндігіне көзімізді жеткізе түседі. Оңтүстік Қазақстандағы Отырар қаласы орнында соңғы жылдары жүргізілген зерттеулер бұл аймақта ежелгі дәуірлерден бермен қарай желісін үзбей келе жатқан тіршіліктің экономикалық, мәдени, саяси өзгерістерінен жан-жақты мәлімет алуға жағдай жасайды. Ол зерттеулер Отырар оазисінің және шектес жатқан аймақтың суармалы егіншілік пен отырықшылықтың, Қазақстандағы қалалық цивилизацияның ең ежелгі орталықтарының бірі екендігін анықтады. Совет археологтары Оңтүстік Қазақстанның өне бойына сонау біздің дәуіріміздің бірінші мың жылдығының алғашқы ғасырларының өзінде жан-жағын қоршап бекітілген елді қоныстар салу кеңінен етек жайғанын дәлелдейді. Тек Арыс өзенінің аңғарының бойынан сондай отыздан астам ежелгі қоныстар табылды. Ондай қоныстар Сырдарияның төменгі сағасы мен Талас бойында да көп болған. Ежелгі Отырарда жүргізілген стратиграфиялық қазба бұл арадағы ерте және кейінгі орта ғасыр тұсында пайда болған қаланың о бастағы қорғаныс-қоныс орнына салынғандығын көрсетті. Демек, Оңтүстік Қазақстанның ежелгі мәдениеті алға – қоныстардан орта ғасырлық қалаларға дейін өскен осы регионның өзіне тән төл құбылыс болғандығы. Жергілікті экономикалық, саяси факторлар одан әрі дамытуға жеткілікті жағдай жасай алмай, кейінгі екі-үш ғасыр тұсында біржолата құрып кеткен бұл қалалар тағдыры Орта Азия мен Қазақстан мәдениетін көршілес Иран мен Қытай мәдениетінің ықпалы деп танитын нәсілшіл қисынды жоққа шығарып қана қоймай, отырықшылық пен көшпелілік арасындағы жан-жақты экономикалық, мәдени, саяси байланыстардың сыр-сипатын да тереңдеп аша түседі. Көшпелі Дешті Қыпшақ пен отырықшы Оңтүстік Қазақстанның арасындағы байланыс күшейген тұста аталмыш мәдениет ерекше құлпырып өсті де, ол байланыс әлсіреген кезде бұрынғы мәдениет ошақтары күйреп бітті. Оның күйреуін көрші көшпелі тайпалардың агрессияшылдығынан көру, жоғарыда айтылғандай, ұшқарылық болып есептеледі. Бұл арада Қазақстан археологтары К. Ақышев, К, Байпақов, Л. Ерзаковичтердің: «Жазба және археологиялық деректер көрсеткендей, көшпенділер осынау ежелден мал шаруашылығымен айналысқан елдерде тек күйретушілік қызмет атқара бермегенін былай қойғанда, олар қалалық цивилизация елдерінде де егіншілерге бәр-бәр уақытта қырғиқабақтық көрсете қоймаған. Көшпенділер оазистермен арадағы қарым-қатынас үзіліп, егіншілік өндіріс өндіретін тұрмысқа қажет бұйымдардан айырылып қалған жағдайларда ғана соғыс ашуға мәжбүр болған», — деген пікіріне қосылмасқа болмайды. Сол сияқты, олардың белгілі бір саяси, экономикалық жағдайларда көшпенділердің отырықшылыққа, керісінше, отырықшылардың көшпенділікке ауысып, бір-бірінің қатарын толықтырып тұрғандығы туралы пікірлері де көңілге қонады. Көшпенділік пен отырықшылықтың арасындағы экономикалық байланыстардың әлсіреуі тек мәдениет ошақтарына ғана емес, көшпенді тайпаларға да аса ауыр соққы боп тиген. Бұл ретте аталмыш авторлардың Дешті Қыпшақ далаларын жайлаған саяси одақтардың құлауын бұл екі аймақтың арасындағы ортақ экономикалық негіз — көшпенді мал шаруашылығы мен отырықшы егін шаруа шылық арасындағы гармонияның бұзылуына байланыстыра зерттеу туралы ұсыныстары совет тарихи мектебінің құнды жаңалығы болып табылады. Шынында да, капитализмге дейінгі экономикалық өмірдің әлгіндей заңдылығын қамтамасыз ете алатын үлкен саяси одақтың жоқтығы, жергілікті феодалдық билеушілердің арасындағы бітпейтін де қоймайтын алауыздықтар аталмыш өлкенің ірі цивилизация орталығына айналуына мүмкіндік бермеді. Аң Орданың да, Өзбек одағының да, Моғолстанның да, кейінгі қазақ хандықтарының да күйреп кетуінің түп себебі сол тұстағы феодалдық қарым-қатынастың отырықшылық пен көшпенділік, егіншілік пен мал шаруашылығы арасындағы жарастықты байланысты ойдағыдай қамтамасыз ете алмауында жатса керек. Маңғыстау өлкесінің өткен тарихына осы тұрғыдан үңілер болсақ, жоғарыда келтірілген халық аңызы адамзат қоғамының өсу жолы туралы археологиялық байқаулармен дәл келеді; осынау ұлан-ғайыр өлкеде көшпелі мал шаруашылығынан бұрын да тіпті сонау матриархат дәуірі тұсында да тіршілік болғанын байқатады.
Аңыз адастырып кетпес пе екен...
Әуелі өлкенің табиғатына көз салайықшы.
Сонау палеолит дәуірінен басталатын алғашқы қауым мекен жайларына керекті тұщы су көзі, шақпақ тас шығатын кен орындары, мезолит пен неолит дәуірінің жабайы аңшыларына қажет үңгірлер мен теңіз жағалауы, неолит дәуірінің егіншілері мен малшыларына керек жерасты су көздері — бұлақтар Маңғыстауда қай заманда да көп болған. Оған өлкеде теңіз қайтқан тұстан бастап орнаған ыстық климатты, бай өсімдік дүниесін қоссақ, Маңғыстау мен Үстірт алғашқы қауым адамдары үшін нағыз іздесе таптырмайтын мекен боп шығады. М. И. Иванин 1846 жылы Маңғыстау түбегінде бағзы субтропика хайуанаттар дүниесінен қалған мартышка маймылдарды, жабайы мысық, жабайы жылқы — тарпандарды көргенін жазады. Демек мұнда алғашқы қауым адамдарына жабайы өсімдіктердің дәні мен жемістерін теруге, аң, балық аулауға, аңдарды қолға үйретуге, тас кетпендермен бұлақ басына егін егуге керек жағдайлардың бәрі де болған. Мұндай жағдай қола дәуірінің кетпенмен, кейін соқамен салатын отырықшы диқаншылығы мен көшпелі мал шаруашылығына да, ор қазып, қоршап бекіністер салуға да аса қолайлы еді.
Маңғыстаудағы осынша тиімді жағдайды алғашқы қауым адамдары ескере алып па? Белгілі археолог В. М. Массон 1971 жылы шыққан «Түрікменстанның материалдық мәдениеті» дейтін кітапқа жазған алғы сөзінде: «Каспийдің шығыс жағалауындағы шөл аймақтарда неолит және одан кейінгі замандардың мекен-жайлары көптеп ұшырасады... А. П. Окладиниковтың Каспий маңында жүргізген жұмыстарының нәтижесі Түрікменияның бұл бөлігінің өткен тарихының көпке дейін белгісіз боп келген біраз жәйттерінің бетін ашады, Каспий маңын мезолит және неолит заманында жайлаған тайпалар Орта Азияның өзге аймақтарын игеруге үлкен роль атқарған, біздің заманымызға дейінгі ІV мың жылдықты СССР-дегі ең ежелгі Жейтун диқаншылық мәдениет ошағының қалыптасуына ықпал еткен деп айтуға әбден болады – дейді. Г.Е. Марков 1961 жылы Балкан түбегіндегі Үдек дейтін құдық маңынан шырқ айналдыра тас қоршаған, тас қорапша көмілген қорған төбеге кезікті. Тас қорапшадан біздің заманымызға дейінгі ІІІ-ІІ мың жылдықтарға тән тастан жасалған жебе түзейтін тездің табылуы Каспий маңына терістік батыстан «катакомба тайпасы» кеп қоныстанған деген пікір түйгізеді. Каспийдің шығыс бетіндегі мұндай құбылыстардан Маңғыстау қалайша шет қалған? Әсіресе, терістік батыстан келген «катакомба мәдениетінің» өкілдері қалайша жолындағы Маңғыстауға соқпай, бірден Балқан түбегіне өткен? Жоқ, олар Маңғыстауды аттап өтпепті. 1962 жылғы С.В. Поляков зерттеулері Қарабұғаздың терістігіндегі Маңғыстау, Батыс, Шығыс, Орталық Үстірт жерлерінде бұрын Каспийдің солтүстік бетінен табылған қола дәуіріндегі көшпенділерге тән мәдени ескерткіштер барлығын анықтады. Бұл мәдениет терістіктен келді ме, жоқ Маңғыстаудың өзі сол «катакомба мәдениетінің» ежелгі бір ошағы ма — ол әлі басы ашыла қоймаған мәселе. Ғылыми әдебиеттегі азын-аулақ мәліметтер бұл екі соңғысының дұрысырақ болуы мүмкін екендігін аңғартады.
1957 жылы Құлалы аралында шақпақ тастан жасалған құралдар табылды. Бұл жайында В.А. Филипченко, Ю.В. Курочкиннің «Советская археология» журналының 1960 жылғы 3-санында жарияланған мақаласында Құлалыдан табылған 46 тас құралдың кейбір түрі, мөлшері өңделу сапасы жағынан академик А. П. Окладниковтың Жебел маңынан тапқан біздің заманымызға дейінгі ІV мыңжылдық тас құралдарына қатты ұқсайды, — дейді. Авторлар бұл құралдар бұрын су астында жатқан Қулалы аралы Каспийдің деңгейінің төмендеуіне байланысты қайтадан теңіз бетіне шыққан, біздің заманымызға дейінгі V-ІV мыңжылдықтарда жасалған болуы мүмкін деген болжам айтады. Мұндай алғашқы қауым мекен-жайын бұрын 1825 жылғы Берг экспедициясы Үстірт үстінде тапқан-ды. А. В. Виноградованың 1968 жылғы «Орта Азияның тарих, археологиясы және этнографиясы» жинағындағы «Үстірт неолиті» дейтін мақаласындағы мәлімет бойынша, Үстірт үстінен 60 жерден неолит заманының тас құралдары кездескен-ді. Оның көпшілігі Шығыс Үстірт пен Оңтүстік-батыс Үстірттен табылған-ды. 1970 жылы Н. З. Настюков Батыс Үстірттің сегіз жерінен шақпақ тас құралдарды тапты. Қызылтастағы ескі қамалдан қырық шақырымдай терістіктегі Ақбұлақтан 80, Өлі қолтықтан 101, Өтес сайы станциясынан 1-2 шақырым жердегі Өтес сайының күнбатыс бетінен 250 құрал тауып алған. Өтестегі тас құрал өндірісін өңделу сапасы жағынан біздің заманымыздағы ІV мыңжылдығынан әрідегі болмаса, берідегі емес, кейінгі мезолит, не ерте неолит дәуірінің туындысына ұқсайтын көрінеді. Өтестен елу шақырымдай шығыстағы Бесшыңырау маңынан екі жүз шаршы километрден жинап алынған ақшыл сұрғылт шақпақ тастан жасалған 86 құрал академик А.П. Окладниковтың 1948 жылғы Манатадан тапқан коллекциясын еске түсіреді.
Қарынжарық құмынан 200 шаршы метр жерден 500 әлгіндей құрал алынған. Батыс Үстіртте табылған тас құралдары туралы Н.Д. Праслов пен Н.З. Настюкова: тас дәуіріңде Үстірт түгелге жуық игерілген; шамасы, меозолит пен неолит заманында бұл аймақтың ауа райы қазіргіден гөрі әлдеқайда қолайлы болған деген қорытындыға келеді. Демек, Маңғыстаудағы алғашқы қауым ескерткіштерінің авторлары ешқайдан кешіп келмеген, олар Маңғыстау мен Үстіртте неолит заманынан бұрынырақта өмір сүрген. Маңғыстауда сонау көк теңіздің ортасындағы Құлалы аралынан шығыстағы Қарынжарық құмы мен Көгесем құдығына дейін, Үстіртте Өлі қолтықтан Шығыстағы шыңдарға дейін шашырап жатқан тас құралдары алғашқы қауым адамдарының өлкені игеру жолының бағыты мен динамикасынан хабар бергендей. Балкан түбегіндегі тас дәуірінің ескерткіштері жайындағы: «Терістік Балкандағы азғантай халық кейінгі меозолит және ерте неолит заманында тау баурайларына қоныстануға тырысып, жазықтықтан қашып баққан. Ал кейінгі дамыған неолит, энеолит, қола заманының мекен-жайлары көбіне құмдарға шекаралас жерлерден, өткен ғасырдың аяғы мен біздің ғасырдың басында түрікмендер жайлаған құдығы бар жерлерден табылып отыр», — дейтін Г. Е. Марков қорытындысын Маңғыстау ескерткіштері туралы да айтуға болады. Бұдан шығатын тұжырым: алғашқы қауым әуелі теңіз жағасын, тау баурайын мекендеген. Қалған далалық аймаққа қолдарына бұрынғыдан гөрі жетілген қару түскен соң аяқ басқан. Қару неғұрлым жетіліңкірей түскен сайын, олар алғашқы мекендерінен солғұрлым алысқа ұзап шыға бастаған. Демек Маңғыстау түбегі мен Шығыс Үстірттегі теңіз жағалап, тауды паналаған алғашқы адамдар еңбек құралдарының жетілу процесіне сәйкес бірте-бірте шығыста Арал теңізіне, терістікте Қарақұмға қарай тарай бастаған. Сөйтіп, кейін Каспийді терістіктен айналып, Еділ, Дон бойына, Азов пен Қара теңіз маңына өткен көшпелі тайпалар мен Арал теңізі маңындағы аймақтарда мәдениет ошақтарын дамытуға ат салысқандардың құрамында ежелгі Амудария сағасын, Балқан түбегін жайлағандармен қоса арғы тегі Маңғыстаудан шыққандар да аз болмаса керек. Маңғыстауда энеолит заманынан ерте темір дәуіріне дейінгі кезеңге тән қорған төбелердің, тас қорапшалардың (дольмендердің), сонау қола дәуірінен XV — XVІІ ғасырларға дейінгі аралыққа тән қорған төбелердің, көне аңыздықтар мен жерасты канал кәріздердің, ежелгі керуен жолдары мен жерасты ғимараттардың барлығы бұл өлкеде сонау алғашқы қауымдардан басталған тіршілік арнасының біздің заманымызға дейін еш уақыт желісін үзбегенін байқатады. Маңғыстау қорған төбелері мен дольмендерін тыңғылықты зерттеген адам ежелгі грек дүниесінің ең ұлы көршілері болған Азов пен Қара теңіз бассейніндегі скифтер, Дон мен Еділ арасындағы сарматтар, Сырдария бойындағы сақтар, Еділ мен Алтай арасындағы андронов мәдениетінің өкілдері, Турандағы массагеттер заманында бұл аймақтың қандай мәдени, саяси, экономикалық маңызға ие болғанын анықтай алар еді. Белгілі бір өлкенің өткен тарихын зерттегенде сол өлкеде болып еткен демографиялық құбылыстардың ұлы сүрлеуін бөліп-жармай, мүмкіндігінше толық, мүмкіндігінше жүйелі бейнелейтін тарихи мұра — көне шежіре керек-ақ. Музейлері мен архивтері жоқ көшпелі халықтардан ондай жазба мұралардың таптырмайтыны кім-кімге де белгілі. Ал ауызша сақталатын шежірелерге айтушы кісінің көңіл-күйі мен жадының, уақыттың, баяғыдан бері бірінің басын бірі жалмап жатқан талай-талай саяси ағымдардың алып-қосатындары тіптен көп. Демек, ол да өткен жайлы объективті документ бола алмайды. Ондай документтің қызметін тек материалдық ескерткіштер ғана атқара алады. Онда да анда-санда бір кездесетін шашыраңқы жұрнақтар емес, әлденеше ғасырлардағы мәдени ескерткіштердің белгілі бір локальды кеңістікке табан серіппей жинақталған табиғи тұрақты коллекциялары ғана атқара алады. Ондай тұрақты коллекцияларға отырықшы аймақтарда талай тарихи дәуірлерде тіршілік еткен адамдардың өмір сүрген аясы — көне қалалар, ал көшпелі аймақтарда сол адамдардың ақтық сағаты мен өмірінің қорытындысын жинақтаған ежелгі зираттар кіреді. Оның үстіне әрі этнографиялық, әрі археологиялық документ болып табылатын бұл ескерткіштер ез тұсының материалдық тұрмысымен қоса, рухани атмосферасынан да нақты хабар береді. Зираттар ескі феодалдық бекіністен, көне мавзолейлер мен діни, зиялы архитектуралық ескерткіштерден гөрі белгілі бір заманның әлеуметтік өмірінің барша қабатынан толық, барынша жан-жақты мәлімет айта алады. Өйткені, алтын сарайға атақты шонжар ғана кіре алса, көне зиратта шынжыр балақ, шұбар төс бай мен қу сирақ кедей бірге жатады. Ендеше, көшпелі тайпалардың зираттары — олардың әрі өз тұсында салып кеткен қалалары, әрі артындағы ұрпаққа нақты «заттар тілінде» жазып кеткен кітаптары. Олардың қай заманда қалай киініп, қандай қару асынғанын, кімдермен жауласып, кімдермен сауда жасасқанын, кімге табынғанын, немен қоректенгенін, неден қорыққанын, ол тұстың саяси құрылысы мен экономикалық географиясын, философиясы мен поэтикасын, эстетикасын күн күйдіріп, жел мүжіген құлпытастардың көнетоз дидары еш бүкпесіз жайып салады.
Зират салуға көшпенділердің үлкен маңыз беретіні де түсінікті жағдай. Ол өлген тумаласына көзге түсетіндей ескерткіш қойып, аруақтың ғана көңілін ауламайды, жер бетінде тірі қалған өзінің күнделікті күйбең мүддесін де қамдастырады. Оған қазіргі Шетпе поселкесінің оңтүстік шығыс жағында 5-6 километр жерде тұрған Қамысбай зиратының тарихы мысал бола алады. Ертеректе Қамысбай Төлекеұлы дейтін дәулетті адам ел жайлауға шыға, көш-жөнекей дүние салыпты. Руластары ел ішінде үлкен беделді адамды сонау артта қалған ата қауымға — марқұмның бабалары жатқан зиратқа жерлегенді жөн кереді. Өлік артқан қаралы көш ізінше кейін бұрылады. Шілденің ыстығына шыдай алмаған мүрде жол-жөнекей бұзыла бастайды. Қаралы көш қазіргі зират тұрған қара жонға кідіруге мәжбүр болады. Өлік сонда жерленеді, Сол күннен бастап әлгі жон Қамысбай атанып кетеді. Бірақ, оның әулеті де, дәулеті де өсіңкі езге аталастары Қаратауды жамбастай құлап, Хиуаға барар даңғыл жолдың бойында өткен-кеткеннің көзінде жатқан мынау жалпақ дөңнің бұрын бұл араны қыстап-жайламаған Қамысбайдың атымен аталғанына іштері тарылады. Қамысбайдың табиғи тастардан асығыс тұрғызылған қара моласының қасына салтанаты асқан енді күмбез салып, дөңнің атын тартып алмаққа көңілдері ауады. Содан бастап олар өз арасынан дәулетті адам өлсе, осында әкеп жерлейді, басына күмбірлетіп күмбез тұрғызады. Өлген кісілердің артындағы ұрпақтары өз әулетінің мерейін өзгелерден үстем қылып көрсету үшін ез аталарының басына қойылған күмбездердің былайғы күмбездерден де ажарын асыра түседі. Бірақ, қара деңнің аты сол баяғы Қамысбай күйінде қала берді. Қазір ол көрерге көз керек архитектуралық ескерткіштердің табиғи қорығы. Сөйтіп, бағзыдағы дәулеттілердің әлгіндей өзара бәсекесінің нәтижесінде елсіз құба жонда бірінен-бірі асқан сәнді ескерткіштер самсап тұра қалды. Бұл тарих бізге молалардың, зираттардың көшпелілер үшін өлгендерді жерлейтін орын, дүние ауған ата-бабаның атын сақтайтын ескерткіштер ғана емес, үлкен елдік белгі екенін, олардың мұндай зираттар салуға аса зор саяси мән бергендігін байқатады. Қамысбайдағы сәнді ескерткіштерді тұрғызғандар тек басқадан байырақ екендігін көрсеткісі келген атаққұмарлық мақсат қана көздеген жоқ-ты. Өйткені, зират басындағы ескерткіш астында кім жатқанын білдірумен қоса,ол ескерткішті кім тұрғызғанын да, бұл төңіректі кім жайлап, кім қоныстанатынын да паш ететін-ді. Ол ескерткіште өлген кісінің өзі, туысы, ағайын-тумасы, руы, тайпасы, ұлты жайында мейлінше мол дерек бейнеленеді. Зират – әрі шекаралық белгі, әрі марқұмның өзі мен әулетінің әлеуметтік хал-ахуалының нақты куәлігі. Белгілі бір зират — белгілі бір тайпалар мен рулардың көшпелі жер коллективінің белгілі бір территориялық кеңістікке қожа екендігін заңдандыратын нақты айғақ. Қаласы, музейі жоқ көшпелі тұрмыстың бірден-бір тарихы да — зираттар. Зираттағы ескерткіштерге үңілген жерде бұл аймақта қай дәуірде қандай тайпа мекендегенін, оның қандай саяси оқиғаларды бастан кешкенін, қай тұста кімдерді жеңіп, кімдерден жеңілгенін, әл ауқаты, мәдени өресі қандай дәрежеде болғанын ұға алады. Көшпелілер өз тарихын хатқа сенбей, тасқа сеніп тапсырғандай. Қысқасы, Қамысбай зираты артында жазба тарих қалдырмаған талай қауым дүниеден көшкенмен, артында материалдық тарихи ескерткіштер тастамаған бірде-бір қауым, бірде-бір халық жоқ екендігіне көзімізді жеткізе түскендей. Рас, көшпелі тұрмыс белгілері бір халықтың бүкіл творчестволық потенциалын, рухани өресін жеріне жеткізіп, түгел ашатын іргелі цивилизация жасауға кең мүмкіндік бермейді. Әсіресе, отырықшылықпен тығыз байланысты сәулетшілік өнері бауыр жазып өркендей алмайды. Көшпелі қазақ тұрмысында сәулетшілік өнердің бірден-бір үлгісі — зират салу болғандығының сыры да сонда. Қамысбай зиратының күмбірлеген күмбездері, төрт құлақты сағана тамдар, құлпытастары, саты-саты төрт тас, бес тастар өздерінің мүсінділігімен, сұлу өрнектерімен, бояуларының ашықтығымен ғана емес, бүкіл бір архитектуралық ансамбль ретіндегі тұтастығымен, қиыннан қиюласқан жарасымымен де айырықша сүйсінтеді. Ертедегі сәулетшілер жеке-жеке ескерткіштердің ажарымен қоса күллі зираттың жалпы ажарын, ортақ көркін мықтап ойластырыпты. Олар зираттағы ескерткіштердің бірін-бірі көлегейлеп, қалқалап тастамай, көрушінің көзіне түгел көрінуін мұқият қамдастырған. Қысқасы, бұл зираттан жекелеген шеберлердің бармағынан бал тамған өнерін ғана емес, күллі бір сәулетшілік үрдісін, сәулетшілік мектепті, архитектуралық мәдениетті көресіз.
Қамысбай зиратындағы көне күмбез.
Сонымен құба жонда самсап шыға келетін көне зираттың тұла бойы тұнған сыр екен. Тіпті, бәрін былай қойғанда, ол көшпелілер жайлайтын тұп-тұлдыр кеңістіктің көк сағымды мұхитында көлденең жүргіншіге қоналқы мен суатты меңзейтін сенімді бағдарлама. Ол зерделі жанарды тек көл-көсір кеңістік қиырларында ғана емес, уақыттың ұлан-ғайыр шиырларынан да адастырмай, тура бағытқа сілтей алады. Ендеше, далалық аймақтардағы зираттарды еліміздің көп ғасырлық тіршілігінің көне документ санап, оның бойынан еш нәрсені мүлт жібермей, қырағы зерттегеніміз жөн. Қабірдің қазылуы мен табыттың орналасуы — уақытты, діни сенім-нанымды, идеологиялық, этникалық атрибуттарды байқатса, оның үстіне қойылған ескерткіш бұл аймақта болған демографиялық-әлеуметтік, саяси-экономикалық, климаттық өзгерістерден барынша мол, барынша тұжырымды хабар береді. Ең алдымен қойылған белгінің жасалған материалы мен оның өңделуі өлкенің бағзы дәуірдегі экономикалық дамуының нақты көрсеткіші, таңбалар этникалық, демографиялық өзгерістерді, суреттер алыс дәуірдегі материалдық тіршілікті, сол тұстағы сауда мен мәдени қарым-қатынасты, ежелгі тайпаның саяси ықпалы мен экономикалық қауқарын көрсетеді. Ал құлпытастағы жазулар, С. П. Поляков айтқандай, көне жазба мұнаралары аз халықтар үшін ұлттық тілдің қалыптасу, даму жолдарын зерттеуде құнды дерек боп табылады. Археология зираттардың су көздеріне, ежелгі мекен-жайларға, керуен жолдарға қандай қашықтықта жатқанына, зират ішіндегі қабірлер мен ескерткіштердің орналасу реттеріне кәп көңіл бөледі. Өйткені, аталмыш жағдайлар өлкенің еткен дәуірлердегі экономикалық географиясы мен саяси, әлеуметтік құрылысын аңғартады. Ежелгі скульптура мен архитектура өнерлерінің туындылары болып табылатын зират ескерткіштері бабаларымыздың рухани дүниесін, философиялық-эстетикалық көзқарастарын түсінуге де көп көмектеседі. Маңғыстауда осындай мыңдаған жылдар хабарын айтып беретін «сұңғыла» документтер — ежелгі зираттар өте көп-ақ. Бірақ әлі күнге жүйелі зерттелмей келеді. Кезінде М. Меңдіқұлов, Т. Бәсенов жүргізген зерттеулер Маңғыстау ескерткіштерін архитектуралық тұрғыдан ғана қарастырады да, археологиялық, этнографиялық, тарихи сипаттарын қамти алмады. 1962 жылы Маңғыстау мен Үстіртті белгілі совет археологы С. П. Поляков аралады, Солтүстік Түрікменстанның этникалық тарихын зерттеп жүрген ғалым Маңғыстау мен Үстіртте Балқан түбегіндегідей қазба жұмыстар жүргізген жоқ. Бірақ, ол далалық археологиялық барлау жұмыстарының нәтижесінде Маңғыстау ескерткіштері Балқан түбегіндегі ескерткіштерден гөрі бұрынырақ пайда болғанын, сан жағынан көп, архитектуралық этнографиялық әр алуандығы жағынан аса бай екендігін анықтады. Ол Маңғыстау ескерткіштерін құрылыс материалдарының өңделу сапасы жағынан өңделмеген табиғи тастардан жасалғандар, өңделген тастан жасалғандар деп екі топқа бөледі; архитектуралық формасы жағынан М. Меңдіқұлов зерттеулеріндегі құлпытас, ұштас, бестас, қойтас, сағана, күмбез түрлерімен қоса, жерасты қорым, жан-жағын төрт қалақ таспен қалап, төбесін бесінші қалақ таспен жауып, арасын өңделмеген тастармен не топырақпен толтырған тас қоршаулар (дольмендер), жан-жағына қада тастар қадаған дөңгелек зираттар — кромлехтер де кездесетінін дәл байқаған. Маңғыстау зираттарындағы ескерткіштердің әшекейі мен тас өңдеу технологиясындағы өзгерістерді зерттей келіп, олардың Каспийдің шығыс бетіндегі мәдени ескерткіштермен қоса, Еділ бойы, Жайық, Жем сағасы, Азов пен Қара теңіз бассейніндегі ескерткіштермен ұқсастықтарын аңғартады. Маңғыстаудың зираттарында көп кездесетін екі басы шығыңқы айшықты қой тастар (Поляковша айтқанда «рогатая пирамида») Қырымдағы Бақшасарай мен Шуфутқала зираттарында да кездесетініне байланысты Огуржық тұсында Иран ауып кеткен Маңғыстау түрікмендері XІV-XV ғасырларда Қырым айналып, Маңғыстауға қайта оралғанына сүйеніп, аталмыш ескерткіш түрі Ирән мен Қырымға Маңғыстаудан тараған болуы мүмкін деген болжам айтады1. Қойтастар мен үштас, бестастарда XVІІ-XІX ғасырлардан бастап жазулар ұшырасады да, одан бұрынғыларда қылыш, найза, айбалталардың суреттері салынғанына, ондай қару-жарақ түрлерінің VІІ-XІV ғасырлардағы оңтүстік орыс далаларын жайлаған көшпелі түркі тайпаларының зираттарында да кездесетініне негіздеп, Маңғыстауда огуздерден бұрын да ел болған деген қорытындыға келеді. С. П. Поляков Маңғыстау ескерткіштерінде бейнеленген қылыштарды үш топқа бөледі. Біріншісі — алмасы жіңішке, онша қайқы емес ұзын қылыштар, екіншісі — қайқылау қысқа қылыштар, үшіншісі — ұшы сүйір қайқы қылыштар. Археологиялық деректердің айтуынша, онша қайқы емес қылыштар тым көне дәуірге, ұшы сүйір қайқы қылыштар кейінгі дәуірлерге жатады. Оған Маңғыстау ескерткіштеріндегі қылыштардың бейнелеу әдістері де көзімізді жеткізе түседі. Тым көне дәуірдің онша қайқы емес қылыштары тас бетіне сызып салынған болса, кейінгі заманның қайқы қылыштары тас бетіне ойып, рельеф күйінде бедерлеп салынған. Демек, қайқы қылыштар қайқы емес қылыштардан кейін, тас өндеу технологиясы біршама жақсы жетілген тұста қолданылған. Ежелгі Маңғыстау нояндары қылыштан басқа, садақ, найза және айбалтамен қаруланған. Көне зираттардың бұл дерегіне сүйеніп, С.П. Поляков Маңғыстау тұрғындары дұшпандардың ауыр әскеріне қарсы тұратындай жақсы қаруланған деген пікір түйеді1. Белгілі совет тарихшысы А. П. Смирновтың пікірі бойынша сонау скифтер заманының өзінде найзамен, айбалтамен, қылышпен қаруланған, ауыр атты әскер — тайпалық ақсүйектер мен құл иеленушілерден, садақ, ақинақ қылышпен қаруланған жеңіл атты әскер — орта дәулеттілерден, ал тек садақпен ғана қаруланған жаяу әскер — кедейлерден тұрған.
– Бұл деректерден шығатын қорытынды: ежелгі Маңғыстауда найзамен, айбалтамен, қылышпен қаруланған ауыр атты әскер болғанына қарағанда, аталмыш өлке белгілі мөлшерде әскери де, саяси да ықпалға ие болған.
Оған С. П, Поляков кітабында келтірілген профессор А. П. Фитунидің баят тайпасы XІІІ ғасырда Азербайжанға Маңғыстаудан келді, кейін олардың кейбіреулері кері қайтып кетті дейтін дерегі де орта ғасырлардағы Маңғыстау билеушілері Огуржықтың Иракпен, Ерсарының Иранмен қақтығыстары да, XІІІ ғасырда Жәлелетдиннің монғолдарға қарсы күресетін әскерді Маңғыстаудан жиып алатыны да, Орта Азия билеушілері Махмуд Шайбани, Исфандияр, Махмед-Хасан бектердің бәсекелестерінен жеңіліп қалғанда, Маңғыстауға барып, әскер жинап қайтатындары да жеткілікті дәлел бола алады. Сол сияқты, М. И. Иванин Маңғыстау зираттарынан көшіріп алып, П. С. Савельевке оқытқан жазулары арасында «қазы», «молла», «бай» деген сөздермен қоса «хан» деген сөздің де әлденеше рет ұшырасатыны тегіннен-тегін болмаса керек. Демек, Маңғыстаудың ежелгі тұрғындары Туран, Еділ, Кавказ, Қырым арасындағы мәдени, саяси оқиғалардан тысқары жатпаған, көбіне белсене араласқан. Әңгіме боп отырған өлкелердегі ежелгі мәдени қарым-қатынаста тек қабылдаушылық қана емес, мәдениет таратушылық та қызмет атқарған. Ендеше осындай материалдық ескерткіштерді тудырған аймақтың бірыңғай көшпелі тұрмыс құруы мүмкін бе? Басқаны былай қойғанда, тұщы су көздері — бұлақтар, балығы көп теңіз, көне керуен жолдары, ежелгі егістер мен жер суаратын құрылыс жұрнақтарының өзі-ақ ерте уақытта бұл өлкеде отырықшы тұрмыстың болғанын байқатады. Маңызды сауда жолы бойындағы отырықшы дәстүрі бар, жеткілікті әскери, саяси ықпалға ие өңірде керуен тоқтайтын бекеттердің, товар сақтайтын қоймалардың, оларды ұры-қарыдан қорғайтын бекіністердің болмауы, егер ондай отырықшы пункттер болса, құрғақтағы керуен жолы мен теңіз жолы аралығындағы мұндай транзит бекеттерде сауда-саттықты, қолөнерін кәсіп еткен отырықшы халықтың болмауы, олар тұратын қалалардың болмауы еш мүмкін емес. Оның үстіне Хорезм әскеріне ұзақ уақыт тізе бүкпеген Маңғыстау қаласы жайында кене шығыс тарихшыларының не жазғанын бұрын айтқанбыз. Шығыс тарихшылары жазып жүрген Маңғыстау қалалары аңыз ба, жоқ шындық па? Бұл сұрақтың тыңғылықты жауабын тек жан-жақты археологиялық зерттеулер ғана айта алады. Алайда, біз ежелгі Маңғыстау қалалары туралы тек шығыс тарихшылары ғана емес, кейінгі заман авторлары да жазғанын назардан қағыс қалдырмауға тиіспіз. Кейінгі дәуір тұсында Маңғыстау қалалары жайында алғаш деректер берген автор — жоғарыда айтылған М. И. Иванин. Ол «Орас география қоғамы жазбаларының» 1847 жылы шыққан ІІ кітабында жарияланған «1846 жылы Маңғыстау түбегіне барған сапарым» дейтін ұзақ жолжазбасында көне қалалар жайлы бағалы деректер келтіреді. Ол бұрын бұл түбекте жұрттың мал шаруашылығымен қоса, егіншілікпен, саудамен, қолөнер кәсібімен шұғылданғанын, Маңғыстау саудасы Россиядан Орта Азияға құрғақ арқылы баратын Сарайшық, Орынбор, Троицк жолдарының ашылуына байланысты, кейінгі жылдары ғана әлсіреп кеткенін, соның өзінде Түпқарағанға Орта Азиядан, Персия мен Индиядан 5 000 түйе керуен келетінін, Айлақ көсесінің ұшында товарлар мен астық сақталатын қойма барын, оның биік дуалмен қоршалып, қарулы қарауыл күзеткенін, 1740 жылдар шамасында кейін Александровск форты салынған Қорғантас дейтін биікке шолғыншылар тұратын мұнаралары бар тас қорған тұрғызылғанын жазады.
Таудан ойып салынған Шақпақ ата ғимаратының жарма көрінісі.
М. И. Иванин ол сапарында мұндай қамалдардың жұрнақтарын өте көп кездестіріпті. Қаңға бабадағы шың басына салынған көне қамалды көргенде жергілікті қазақтар оған бұл бекіністі ұзақ уақыт ала алмағандарын, ақырында қорғандағылардың құз астындағы құдықтан су алатын жасырын жолын байқап қап, қауғаларын қиып, шөлден қатырып, зорға тізе бүктіргендерін айтыпты. Ол бір балық кәсіпқорынан естідім, жергілікті жұрт Ескі Маңғыстау деп атайтын Сарытас шығанағының жиегінде су астында ескі пристанның қалдығы жатқан көрінеді дейді. Ал оның Шерқала деген бекіністі көргендегі әсерін түгел келтіргенді жөн көрдік: «Түс кезінде Ақмыш бұлағының қарсы алдындағы айналасы бір шақырымдай құм тастан тұратын жан-жағы ұшпа құз Шерқала шыңын барып көрдік. Оның басына шығу үшін әдейі баспалдақ жол жасалыпты. Етегінде тас қамалдың жұрнағы жатыр. Басында ел тұрған қоныс, шамасы құдық болса керек, бір түпсіз шұқыр бар. Сыңайына қарағанда, жерасты пана сияқты бор кеуектен салмағы 17 фунт болатындай сауыт тауып алдық. Өне бойын тот басып кетіпті, батыр жауынгердің сауытына ұқсайды, көп жерін оқ тесіп тастапты. Оқ тиген жерге қатқан қаннан тұрған тоттың ізін қанша тазартсақ та кетіре алмадық.
Шақпақ ата ғимаратының ортаңғы бөлмесі.
Шерқала шыңының биіктігі 90 сажындай. Оның қасындағы көне қамал орнынан ұзындығы 6 вершок, қалыңдығы І вершок төрт бұрышты жақсылап күйдірген қыш кірпіштер тауып алдық. Оның бір сынығын Новопетровск бекінісіне әкеліп, қамал салып жатқан инженер капитан Геннерихқа көрсетіп ек, жақсы кірпіш деп мақтады. Шамасы сол маңнан табылған тас көмірдің табына күйдірілсе керек». Маңғыстауда жартастан үңгіп жасалған ескерткіш тек Шерқала ғана емес. Ондай жақпар шындардан үңгіп қазылған ғимараттар Шақпақ ата, Шопан ата, Оғыланды зираттарында да кездеседі. Бұл жерасты ғимараттар қазір жергілікті халықтар әулие тұтқан адамдардың мавзолейі ретінде пайдаланылады. Ол құрылыстар әу баста да сол мақсатпен салынған ба, жоқ табиғи орта мен өткен заман адамдарының қолынан шыққан кісі таңғалардай тосын құбылыстар мен құрылыстарды тауапханаға айналдыруға шебер дін иелері кейін оларды да өз мақсаттарына пайдаланып кеткен бе — бұл әлі де болса, байыпты зерттеуді қажет етіп тұрған мәселе. Шақпақ ата, Шопан ата, Қараман ата, Масат ата сынды мазволейлерге кім жерленген? Мифтік тұлғалар болып есептелетін бұл есімдерді малданып жатқан нақты адам мүрделері кімдікі? Бұл — арнайы зерттеуін әлі таппай келе жатқан сауалдар. Мәселен, Оғыланды тауындағы шыңнан ойылып салынған ғимаратта қазір Бекет деген кісінің мүрдесі жатыр. Ол — XІX ғасырдың орта тұсында өмір сүрген тарихи тұлға. Ендеше ол ғимарат Бекетке арнап салынған ба? Солай болса, ол тұстағы тарихи оқиғалардың көпшілігі туралы тарихи деректер бар. Мәселен, Бекет — 1858 жылы адай, табын, түрікмендердің анттасуында адай жағынан Қожаназар Жанаев деген әулетті қазақтың кенже баласы Қошан Қожаназаровтың антқа ұстауға алып барған кісі. Ол анттасудың жай-жапсарын ел әлі күнге жақсы біледі. Ендеше, Оғыланды тауының бауырындағы ғимараттай күрделі құрылыстың қалай салынған тарихының есте қалмауы неліктен? Ол кезден бері Маңғыстаудың табан жұрты ешқайда қоныс аударған жоқ. Олар 1832 жылы Қызылтастағы қамалдың қалай салынғанын жақсы біледі. Олар 1846 жылы Ново-Александровск қамалының қалай салынған жақсы біледі. Ал одан көп беріде 1858 жылдан кейін қайтыс болған Бекетке салынған Оғыланды ғимараты құрылысының қалай жүргізілгенін неге білмейді? Біздінше, Оғыланды ғимараты XІX ғасырда емес, көп бұрын салынғанын көне құрылыс болуы әбден мүмкін. Оның Оғыланды аталуы да тегін емес сияқты. Оғыланды деген сөзбен бір кезде Маңғыстауды билеп, Ақсақ Темір заманында саяси күрестің құрбаны болған Түйе Ходжа Оғыланның арасында байланыс жоқ па екен? Бейбіт кезде өзі билеп отырған өлкеде өлтірілген Түйе Ходжа Оғыланның зираты қайда? Хорезмшах Атсыздың тұсында мерт болған Маңғыстау билеушісі Омар атаның мүрдесі Маңғыстау мен Красноводск облысының шекарасындағы Омар ата жерасты ғимаратында жатыр. Соған қарағанда бұл өлкедегі мұндай көп дәулет, көп еңбек жұмсалып салынатын ғимараттар әу баста қолында орасан зор саяси және әскери билігі бар шонжарларға арнап салынса керек. Құрылыстың ересендігі мен ерекшелігі олардың қолындағы өкіметті бейнелейтін болса керек. Бірақ кейін ондай көзге түспей қоймайтын ғажайып ескерткіштерді діни идеология өз мүддесіне пайдаланса керек. Мұндай бұрынғы ескерткіштерді кейінгі заман өкілдерінің пайдаланып кетуі тарихта кездеспей жүрген жағдай емес. Ол әсіресе көшпелі тайпаларда көбірек кездеседі. Оған Евразия далаларында, соның ішінде Маңғыстауда да көп кездесетін қорған төбелердің тағдыры айғақ. Археолог А. А. Формозовтың айтуынша, мұндай қорған төбелер біздің еліміздің территориясында алғаш рет бұдан бес мың жылдай бұрын пайда болған. Олардың тұрғызылған кезеңі Ніл бойында пирамидалар, Бретанда алып қада тастар — менгирлер, Қара теңіз бен Кавказ тауларында алып қалақ тастардан қаланған қорап зираттар — дольмендер тұрғызылған тұрғыз сәйкес келеді. Мұндай алып архитектуралық ескерткіштердің дүние жүзінің әр бұрышында бір кезде пайда болуы да тегіннен-тегін еместі. Египет пен Месопотамияда біздің дәуірімізге дейін көп бұрын алғашқы қауымдағы тең праволық жойылып, тайпа көсемдері мен абыздар бөлініп шықты. Пирамидалардың салына бастауы осыдан өрбиді. Перғауындар, одан кейін абыздар, сосын ру басылары... Перғауындар пирамидаға жерленсе, былайғылар да өз ықпалына сәйкес еңселі ескерткіштер салуға тырысты. Дүниеге дольмендер мен қорғандар солай пайда болды. Бірақ кез-келген ру басының дольмендер мен қорғандар тұрғызуға әлуеті жете бермеді. Ондайда марқұмдар бұрынғы көне дольмендер мен қорған төбелерге жерленді. Бұл үрдіс тек шығыс елдеріне ғана кеңінен тарап қоймай, көршілес Европа елдеріне де жайыла бастады. Францияның мегалит ескерткіштері соның айғағы. Далалы аймақтардағы қорған төбелер, оның басындағы балбала тастар палеолит тұсында кездеспейді. Демек, олар қола дәуірінен бастап, көшпелі мал шаруашылығы шығып, тайпа көсемдері үстемдік құрған тұстан бермен қарай етек жайған. Келе-келе олар киелі орындарға айналған. І Петрдін жұмсауымен Сібірді зерттеуге барған неміс оқымыстысы Д. Г. Мессершмидт (осы заманғы неміс конструкторларының арғы аталары) Минуси далаларындағы хақастар ежелгі қада тастарға табынатынын жазады, Қара теңіз бойындағы қада құлпытастар да мінәжат орны болып саналған. XІX ғасырда көшпелі қыпшақтардан қалған тас мүсіндерге украин шаруалары тауап етіп, басына дәм әкеп тастайтын. Сонау сақ, скиф замандарынан қалған қорған төбелерге кейінгі көшпелі гуз, печенег, қыпшақ тайпалары да өз ру басыларын жерлеген. Сондықтан кейбір қорған төбелерден әр замандарда орнатылған әр алуан бала-бала тастар ұшырасады. Бұның өзі ежелгі зираттық ескерткіштердің әр ғасыр өкілдеріне де бірдей қызмет ете бергендігін көрсетеді. Мұндай үрдіс мұсылмандар арасында да жиі кездеседі. Меке, Мединадағы діни ескерткіштер мұсылман діні шықпастан бұрынғы тайпалық діндердің киелі орындары болса, Иерусалимдегі, Дамаскідегі ескерткіштер бұрынғы иудей, христиан киелі орындары болып табылады. Мұсылман діні Таяу Шығыс елдері мен Орта Азиядағы григориан шіркеуі мен күнге табынушылардың киелі орындарын да өзіне иемденіп кетті. Дін басылары бұл әдетін көшпенділер даласында да, Маңғыстауда да ұмытпаса керек. Маңғыстаудағы жерасты ғимараттары — әуелде діни өкіметтің емес, қауымдық өкіметтің өкілдеріне арнап салынып, кейін оларды дін өз мүддесіне пайдаланып кетсе керек. Оғыландыдағы Бекет мавзолейі де сол дәстүрдің бір көрінісі болуы әбден мүмкін. Маңғыстаудағы жерасты ғимараттары — Қырымдағы үңгір қалаларды еске салатын архитектуралық құбылыс. Олар қай кезде пайда болған, кімдер қандай мақсатпен салған — оны анықтау келешектің міндеті. Ондай құрылыстар кейде қорғаныстық та қызмет атқарса керек. Шерқала үңгірі содан хабар бергендей. М. И. Иванин сипаттамасынан да соны аңғаруға болады. М. И. Иванин жана салынып жатқан Ново-Александровск қамалы маңынан бірнеше алтын, күміс теңгелер табылғанын, оның біреуін ориенталист П. С. Савельевке көрсеткенде, Алтын орда ханы Жәнібек соқтырған теңге боп шыққанын жазады. М. И. Иванинге Маңғыстаудың көне зираттары да ұнаған. Ол бір зиратта екі итпен жолбарыс қуып бара жатқан салт атты кісінің тастан қашалған ескерткішін көрдім дейді. Ол Маңғыстауда ежелгі мата боялған орындар, жібек құртын асырайтын тұт ағаштары, ескі кен орындарының жұрнақтары барын жазады. Байқампаз офицер өлкеде жүргізген зерттеулерінің нәтижесінде Орта Азия, Ауғанстан және Шығыс Персиямен жүргізілетін сауданы құрлық арқылы Хиуаға, Новопетровскіге жетіп, одан теңіз арқылы Астраханға, одан Нижний Новгородқа баратын бұрынғы арнасына қайтару керек, өйткені, Хиуадан Новгородқа жеткізілетін жүктің әр пұты Орынбор арқылы 7 сом шығынға, Маңғыстау арқылы 3 сом шығынға түседі деген қорытындыға келеді. М. Иванин жаңа орыс қамалы салынған алғашқы жылдың өзінде 1 500 түйе керуен қабылдадық, енді Мешхед, Тегеран, Бағдад арқылы Меккеге қажыға баратындар Александрия — Константинополь — Одесса - Таганрог — Астрахань арқылы Маңғыстаудан шығып, Орта Азияға қайтатын болып жүр дейді. Сол тұстағы белгілі шығыс зерттеушісі П. С. Савельев императорлық археологиялық қоғамының 1851 жылы 14 майда өткізілген мәжілісінде жасаған хабарламасында Маңғыстау ескерткіштерін негізінен екі топқа бөледі. Ғалымның ойынша: түбекте сан жағынан Алтын Орда заманындағы ескерткіштер өте көп; ал тас қорғандар мен ежелгі сарайлар, таспен өрілген ежелгі шыңыраулар Маңғыстаудың ежелгі Хорезм мен Хазария арасындағы сауданың ерекше көркейген кезінен қалған көне жұрнақтар болып табылады. Хорезм мен Еділ бойы арасындағы қарым-қатынастарда Маңғыстау мен Үстірттің қандай маңызға ие болғанына, ол кезде өлкенің мәдениеті қаншалықты құлпырып өскеніне С. П. Толстовтың «Ежелгі Хорезм цивилизациясының іздерімен» атты еңбегінің 263-бетінде келтірілген мына бір дерек те айқын айғақ бола алады. «1946 жылғы археологиялық зерттеулер кезінде Хорезмнің Еділ бойына деген әскери-саяси жоспарларының қандай маңыз атқарғанын және ол саясаттың қанша уақытқа созылғанын көрсететін аса қызғылықты деректер табылды. Әуеден барлау жүргізіп, оңтүстік-шығыс Үстірттен 922 жылы ибн Фадлан өткен бағытта Үргеніштен Жем сағасына қарай созылып жатқан, өн бойында тастан салынған керуен сарайлары, шегенді құдықтары бар тамаша жолды көрдік. Осынау «Хорезм шахтары» жолының бойындағы толып жатқан керуен сарайлардың ішінде жан-жағын 8X8 — 6X8 метрлік шаршы-шаршы тас қоршаулармен қоршалған төрт шегенді құдықтың қасындағы Белеулі деп аталатын сәнді сарай ерекше көзге түседі. Әлгіндей шаршы-шаршы тас қоршаулардың ішіндегі құдықтың қасында сом тастан ойып жасалған үлкен-үлкен астаулар жатыр. Керуен сарай — өте мұқият өңделген ұлутастардан шаршылап қиып қалаған аса сәнді құрылыс. Оның төрт бұрышына күмбездеп өрілген көрікті төрт мұнара орнатылыпты. Ал сарайдың кірер қақпасындағы жақтай боп иілген маңдайшаның екі жағына көне сасанид үрдісімен екі арыстан мүсіні тастан қашап бейнеленіпті. Төрт бұрышты керуен сарайдың кең ауласында қос қапталда қос қабат құжыралар орналасыпты да, ал түп жаққа кең-кең бірнеше зал салыныпты, қақпа алдындағы шағын аулада ежелгі хауыз бен құдықтың жұрнағы жатыр. Сарай маңынан табылған ыдыс-аяқ сынықтары X — XІ ғасырлардағы Хорезм керамикасы қалдықтары екендігін аңғартады. Белеулі сарайының құрылысы, қақпадағы әшекейі мен маңдайшаның иіні Бұхара түбіндегі XІ ғасырда салынған атақты Рабат-и-Мәлік керуен сарайын еске түсіреді». Археолог А. А. Формозов Белеуліні «Орта Азияның оңтүстігіндегі жер өңдеушілік мәдениетінің шөлейт Үстірттегі форпосты» деп бағалайды. Хорезм падишалары Үстірттегі Ноғай жолы бойындағы керуендеріне ғана емес, ежелгі Маңғыстау жолы бойындағы керуендеріне де дәл әлгіндей қолайлы жағдай жасап бақса керек. Жергілікті өлке зерттеуші, Т.Г. Шевченко атындағы мемориалдық музейдің директоры Есбол Өмірбаев Маңғыстау түбегінде де Кетік, Қараған, Қамыран, Теміртапқан, Байтақ, Ақмыш ескі қамалдарының жұрнақтары барын жазады. Маңғыстау түбегін ұзақ жылдар басқарған полковник Н. Ломакин мен полковник Ф. Михайлов деректері де бұл пікірді жандандыра түседі. 1873 жылғы Хиуа жорығына Маңғыстау отрядын басқарып қатынасқан, Маңғыстау приставы Н. Ломакин Форт-Александровскіден шыққандағы алғашқы аялдама, Өтек Көпжасаров деген қазақтың иелігіндегі Қаңға баба құдығының қасында көне құрылыстар мен тау баурайында өсіп тұрған 800 түп тұт ағашын, Ғафар Қаражігітов, Есіркеп және Нұрнияз Маяевтер иелігіндегі Сұлтан-Есіп, Мерет құдықтарының маңынан 1 500 түп тұт ағашын көргенін жазады. Ал 1915 жылдары Маңғыстау уезінің бастығы болған Ф. Михайлов — Каспий сырты өлкесін зерттеушілердің белгілі өкілі. Ол 1903 жылы Ашхабадта археология мен Шығыс тарихын сүюшілердің Закаспий үйірмесін құрысты. 1915 жылы Закаспий облысы статистика комитетінің хатшысы Э.Э.Тейле құрастырған өлкедегі ежелгі ескерткіштер тізіміне Ф. Михайлов деректері бойынша Маңғыстау уезінен мынандай көне мұралар: Тұщықұдықтағы Көкімбет көне ескерткіші, Ақмыштағы қызыл тастан салынған қамал орны, Ақтаудың оңтүстік баурайындағы Қаракеуек қазына қоймасы, Қаңға баба мен Уа тауы басындағы арамен кескен қалақ тастан салынған көне құрылыс жұрнақтары, Жыңғылды маңындағы қуыс; Қаттықұй-дағы сыртын күйдірген қыштан, ішін қарапайым тастан өріп қалаған көне құрылыс; Еңселі деген жердегі көне құрылыс орны, Шүйлі маңындағы Ұрыкеуек деген екі үңгір, Қаңға бабадағы, Қарағандағы көне қамалдар; Босаға тауындағы 500 кісі сиятын ескі үңгір; Көбді сайындағы, Қорғансайдағы, Саурадағы көне үңгірлер; Ақбассайдағы 600 адам сиятындай көне ғимарат, «Уа» жеріндегі биіктігі 5 аршындай бірнеше бөлмелерден тұратын көне сарай; Ақмыштағы күйдірген кірпіштен қаланған көне ғимарат кірген. Осы ескерткіштердің өз-ақ өлкеде ежелден келе жатқан құрылыс мәдениеті, сәулет өнері барлығын байқатады. Маңғыстау зираттарындағы кісі қызығарлық тас өңдеу, құрылыс мәдениеті мен сәулетшілік шеберлік те бұл өлкеде ежелгі қалалар болғанын үнсіз айғақтап тұрғандай.
Өлкедегі ежелгі цивилизацияның және бір көне жұрнағы жолдар боп табылады. Кендірлі мен Қарағантүптен, Сарытас пен Қошақтан, Бозашы мен Қызылтастан шығысқа қарай жарыса созылып жатқан тарам-тарам жолдардың авторлары — өлкедегі саяси және климаттық өзгерістерге байланысты әр кезде Каспийдің әр түбегінен Еділ мен Хорезм арасына жүк тасыған сауда керуендері болса, Маңғыстау ойынан, Өрмелі, Қаратүйе, Маната, Кертті, Сынды, Бесбұлақ, Оғыланды асулары арқылы Үстірт асып, Жем, Сағыз, Ойыл, Қиыл бойларына қарай беттейтін жолдар географиялық бойлық бойымен қыстап-жайлап көшіп-қонып жүретін көшпенділіктен қалған тәрізді. 1873 жылғы Хиуа жорығы тұсында бұл өлкедегі жол-сораптарын түгел зерттеген полковник Н. Ломакин «Маңғыстау түбегі және одан Каспийден арғы өлкенің әр қилы жерлеріне баратын жолдар туралы» дейтін еңбегінде, сол тұстағы ең негізгі магистральдарға мынандай жолдарды жатқызады. Адай ауылдарының Жем бойына көшетін жолы: Қаңға Түбіжік — Үдек — Тарталы — Ұланақ — Жыңғылды — Тұщыбек — Шетпе — Аусары — Күркіреуік — Қаратүйе Өтес — Ешкі қырған — Қатша — Тәңкі — Қосқұлақ — Манашы — Күйкен — Алты құлаш — Азнағүл — Қарашүңгіл — Жібін — Бақашы. Көшкен ауыл алты жүз шақырымдық бұл жолды 25 қонып өтеді; қос ат мінген жолаушы бұл екі араға 10 күн қонып жетеді; адай тұқым арғымаққа сегіз күн жеткілікті. Қыста теңіз қайтқанда маңғыстаулықтар Гурьевке теңізді жағалап мұз үстімен қатысып тұрады екен. Ол маршрут: Жиделі — Байтақ — Прорва — Каратон — Боярды — Жем — Ракуша — Қағыл — Гурьев. Форт-Александровскіден Красноводскіге баратын жол: Сала Құдық — Түлкілі (Бекович-Черкасский салдырған тас қамал бар) — Қаражалшы — Қошқар ата — Ақеспе — Ащыкүй — Саража — Ұлықұй — Қожаназар — Тамшылы — Кендірлі — Темір баба — Қаңжақ Қосаджы — Ащыкүй —Қарасеңгір — Дүлділ ата — Тамды — Атжарма — Қарабұғаз — Кенеже — Тас құдық — Кендірлі — Красноводск. Қашықтығы 580 шақырым. Керуенмен 15 -23, атпен 10 күнде жетуге болады. Форт-Александровскіден Көне Үргенішке баратын ежелгі Маңғыстау жолы: Форт-Александровск — Қаңға — Кіштің — Ашыбас (Шат) — Бердікен — Бекі — Бөрлі — Сүмса — Сенек — Бесоқты — Сайқұдық — Босаға — Қарқын — Елтежі — Бойлар — Қызылақыр — Табынсу — Айбұғыр — Көне Үргеніш. Қашықтығы 800 шақырым. Керуенмен 30 күнде, атпен 15 күнде жетуге болады. Кендірлі — Хиуа жолы ( 1873 жылы Ломакин басқарған Маңғыстау отрядының жүріп өткен жолы): Кендірлі — Жазыгүрлі — Шолақтам — Хожалы — Орпа — Кендірлі —Елтежі — Бергі Қауынды — Арғы Қауынды — Сенек — Хиуа. Өлкедегі басқа жолдар осы негізгі маршруттардың қосалқы сораптары болып табылады. Маңғыстаудағы батыстан шығысқа қарай беттеген жолдардың бойында көне замандарда әрі зират, әрі қарауыл төбе қызметін атқарған обалар (жергілікті қазақтар төрткіл деп атайды) мен отырықшылық іздері бар елді мекендердің, бұлақтардың, егіншілік орындарының көптеп кездесіп, оңтүстіктен солтүстікке беттеген жолдар бойында ондай жұрнақтардың ұшырасып, жарытпайтындығында да бір заңдылық бар сияқты. Ол Батыс — Шығыс жолының ертеректен барлығын, ал Оңтүстік — Солтүстік жолдарының кейіннен пайда болғандығын көрсетеді. Ежелгі жолдар өлкенің өткендегі саяси, мәдени тіршілігімен қоса, шаруашылық жүргізу мәдениетін де көрсететін құнды дерек болып табылады.
Әсіресе, жол бойына орналасқан құдықтардың шертер шежіресі мол. Әдетте судың қадірін шөл аймақ тұрғындарынан артық ешкім де білмейді. Олар су көздері түгіл жер рельефіндегі атмосфералық ылғалды жинай алатын орындардың өзін есепке алып, айырықша қастер тұтады. Ешқандай өсімдік өспейтін тақырлар мен табаны саз қатқыл ойпаңдарға қал түседі. Көл түсетін қақыр шөп өсетін қатқылдықты қоңырдақ деп атайды. Ал жан-жағы да, түбі де тас қазан шұқыр күп деп аталады. Көл түсетін ойларға тек мал суарып қана қоймай, аз уақытта пісетін жаздық егіс те салынады. Ал күп көбіне ауыз су алатын су көзі не суат орнына пайдаланылады. Аспаннан түсетін әрбір тамшыны есепке алып отыратын ел құдықты әйгілі шаһарлардан кем тұтпайды. Шөл мен шөлейт далада құдықтар тек су көзі ғана болып қоймай, белгілі мөлшерде өлкенің саяси, экономикалық тіршілігінің нақты орталықтарының да міндетін атқарады. Сондықтан да, Маңғыстау құдықтарының көпшілігі тарихи әдебиеттерде сонау орта ғасырлардан бермен қарай ұшыраса бастайды. Бірақ олар сонау ежелгі дәуірлердің өзінде де болса керек. Маңғыстаулықтар ең таяздан су шығаратын құдықтарды ыза, еспе, орпа деп үш топқа бөледі. Ыза — жер бетіне өте жақын тұрған су көзі. Оны тіпті қазып та жарымайсың. Бітеліп қалған көзін шұқып ашсаң болғаны; еспе — ызаның сәл тереңдеу түрі; ал орпа құдық әрі кетсе екі құлаштан аспайды. Аталмыш суаттар көбіне көп шағыл құмдардың етегіндегі тепсеңдерден қазылады. Олар шегенделмейді, әйкел салынбайды. Көп ұзамай құлап қайта бітеліп қалады. аталмыш су көздерінің үшеуінің суы да тұщы болады. Екі құлаштан төрт құлашқа дейінгі тереңдіктен шығатын суаттарды құдық дейді, ал бес құлаштан асқан терең құдықтар шыңырау аталады. Құдық пен шыңырауды қазуға көп еңбек жұмсалады. Сондықтан, олар құламайтындай қып таспен, ағашпен, құм бұталарымен өріліп шеген салынады; жоғары жағына құдық маңына төгілген тебін су суатқа қайта төгілмеу үшін әйкел тұрғызылады. Құдықтардың суы қолдап тартылады, ал шыңыраудың суы шығыр арқылы тартылады. Шығыр дегеніміз — әйкел шетіне тұрғызылған доғалақ кигізілген қалақ таспе қалақ ағаш. Сол қалақ таспе қалақ ағаштың басындағы кез доғалақтың ортасына салынған арқанның бір ұшына қауға байланады да, екінші шетін түйеге не атқа байлап, құдықтан су тартады. Маңғыстау шыңырауларының тереңдігі екі жүз, үш жүз метрге дейін барады. Мұндай құдықтарды қазу үшін көп өнер, көп еңбек қажет, Маңғыстауда құдық қазуды арнайы кәсіп еткен рулар мен әулеттер болған. Өлкеде еткен ғасырдың 70-жылдарында 817 тұщы, 322 ащы, небары 1139 құдық бопты. Ал, олардың саны 1899 жылы — 1211 тұщы, 2957 ащы, не бары 4168 құдыққа жетіпті. Мұның өзі өлкенің демографиялық, экономикалық даму барысынан хабар бергендей. 1897 жылы Маңғыстау уезінде 7 болыс, Красноводск уезінде 1 болыс, Каспий сырты қазақтарының саны 66 700 адамға, олардың малы 553 мың қой-ешкіге, 44 мың түйеге, 43 мың жылқыға жетіп, кісі басына 1 түйе, 1 жылқы, 13 ұсақ малдан келіпті. Сондықтан да, айналасы жиырма жылдың ішінде ауыз су алатын тұщы құдықтардың саны екі есеге жуық, ал мал суаратын ащы құдықтарың саны 4 есеге жуық өскен-ді. Суаттардың орналасуы бұл өлкедегі тіршілік дамуының тарихи тенденциясын да байқатады. Үстірт үстінде неолит заманының жұрнақтары алғашқы қауым адамдарының әуелі теңіз жағасында, бұлақтары бар таулы аймақтарды жайлап, кейін еріген қардан, жауған жаңбырлардан көл тұратын қатқылдық пен тақырларды, табиғи қазан шұңқырларды сағалап, қоныс аудара бастағанын, қолындағы қару жетілген сайын тайыз жерден су шығатын құмақтарды қоныстануға шыққанын аңғартады. Осыған қарағанда, Үстірт пен Маңғыстау құдықтары сонау темір ғасыры тұсынан пайда бола бастаса керек. Ал әйкелді шеген құдықтар мен шыңыраулар тас әбдеу мәдениеті әбден жетілген, тіптен бертінгі кездің — орта ғасырлардың ескерткіштері тәрізді. Құдықтың орналасқан жері ғана емес, суының дәмі де өлке тұрғындарының өткен тарихынан қыруар хабар береді. Жерасты суының деңгейі жер бетіндегі жауын-шашынға байланысты екендігі, сірә белгілі. А.С. Токарев ауа райы сияқты жерасты сулары да тек табиғат маусымдарына орай құбылып қана қоймай, ұзақ жылдарға созылатын өзгерістерге де ұшырайтынын анықтады. Оның есептеуінше, жерасты сулары режимінің ең ұзақ өзгерісі 78-80 жылға, орташа өзгерісі 11 жылға, ең қысқасы 1-2 жылға дейін созылатын көрінеді. Олай болса, жерасты сулары режимінің бүкіл бір геологиялық кезеңге созылатыны тіптен ұзақ өзгерістерге ұшырауы да әбден мүмкін. Осыған орай, Каспий маңы климатының ширектік кезеңдегі өзгерістерін зерттеген ғалымдар: В. С. Мякокин, Л. Г. Никифоров, В. Г. Рыхтер, С. К. Самсоновтар археологиялық ескерткіштерге сүйене отырып, қазіргі Үстірттегі көптеген ащы құдықтар бір кезде тұщы болса керек деген болжам айтып жүр. С. П. Поляков бір кезде түрікмендердің Маңғыстаудан Балқан түбегіне, Оңтүстік Түрікменияға қарай үдере көшуінің себебін құдықтардың суы ашып, өрістердің құнарсыздануынан іздейді. Не де болса, Маңғыстаудағы ежелгі цивилизация желісі үзілмегенін дәлелдейтін көнекөз куәлар жеткілікті. Оған сонау алғашқы қауым тайпаларынан бастап бұл өлкеге із тастаған бар халықтың бәрі де ат салысқан. Мұның өзі буржуазиялық тарих ғылымындағы көшпелілер мен отырықшылардың бітіспес антогонизмі жайлы қисындарының күлін көкке ұшырады. Оған бұл өлкедегі ежелгі массагет, Каспий тайпаларының ескерткіштерін айтпаған күннің өзінде, тек Маңғыстау мен Үстірт зираттарында мол ұшырасатын орта ғасыр тұсындағы оғуз, печенег, қыпшақ, кейінгі ғасырлардағы қазақ, түрікмен руларының таңбаларының өзі-ақ даусыз дәлел бола алады. Көшпелілер өлкені өзінен бұрынғы жайлаған халықтар мен көрші отырықшы елдер мәдениетін үйренуде ерекше ыждаһат көрсеткен. Оған маңғыстаулықтар арасында осы кезге дейін сақталған құдықшылық, сәулетшілік үрдістерді айтсақ та жеткілікті. С. П. Поляков Маңғыстау зираттарындағы әшекейлі құлпытас, сағана там, төбелдірікті тас-күмбез сынды аса сұлу архитектуралық нұсқаларды өлкеге қазақтар келгенге дейінгі дәуірлерде еш кездеспейтін, қазақ сәулетшілерінің қолынан шыққан жаңа түрлерге жатқызады. Ол Балқан түбегінде түрікмен зираттарында оқтын-оқтын ұшырасып қалып отыратын күмбездерді Маңғыстау мен Үстірттегі қазақ сәулетшілерінің әсері деп бағалайды. Маңғыстау мен Үстірт күмбездері сағана тамдары — көшпелі тайпалар сәулетшілерінің асқан шеберлігінің айқын үлгісі. Ол ескерткіштер көшпелі халықтардың материалдық ескерткіштерінің аздығы батыс тарихшыларының айтып жүргеніндей, «мұрындарына мәдениеттің исі бармайтын» рухани мешеуліктен емес, көшпелі тұрмыстың экономикалық мешеулігінен екендігін тағы да дәлелдеп берді. Маңғыстау қазақтары өлкенің ежелгі дәстүрлерінен тек сәулетшілік пен құдықшылықты ғана игеріп қоймай, егіншілікке де зор құлық көрсеткен.
Бұрын егін салынған бұлақтар қазақтар тұсында да қаңырап бос жатпаған. Н. Ломакин жоғарыда аталған еңбегінде Ұланақта — Бекболат, Жыңғылдыда — Құлыш; Тұщыбекте — Ғафар; Шетпеде — Тәттімбет; Шонда, Ондыда, Қызылтамда — Өтек; Ағаштыда — Елшібек; Көрпешікте — Таңатар; Шайырда — Нара, Күркіреуікте — Қалдыбек, Қарамұрат, Тайлан; Ақмышта — Майлан, Рахманберді; Арпалы ойда — Амандық; Аусарыда — Сарықұл; Барыс пен Сарқауақта — Онбай; Жармышта — Еспембет дейтін кісілердің ауылдары егін салып отырғанын айтады. Бұның бәрі буржуазия идеологтары айтып жүрген көшпелілердің көшпелі мал шаруашылығынан басқа шаруашылық типтерін меңгере алмайтын «мешеу психологиясы» жайындағы қисындарын жоққа шығарады. Маңғыстаудың тек алғашқы беттері ғана ашылған тас кітаптарының — көне ескерткіштерінің бүгінгі идеялар шайқасында өлшеусіз зор қызмет атқаратын талай сырлары әлі оқушысын таппай жатыр. Мәдени ескерткіштердің санын анықтап алуда, олар туралы деректер жинауда жергілікті өлкетану музейінің директоры Есбол Өмірбаев белсене қызмет етіп жүр. Ол музейде өлкенің материалдық мәдениетінің көне мұраларының аса бай коллекциясын жинақтады.
Ақ үйік күмбезінің сырт көрінісі.
Бірақ Маңғыстау мен Үстірттей ұлан-ғайыр өлкенің көне мәдениетін зерттеуде бір кісінің ізденісі аздық етеді. Қазақстан ғалымдары Маңғыстаудың археологиясы мен этнографиясын зерттеуге құнттап кіріспей-ақ қойды. Соның салдарынан көне мұралардың көпшілігі күтімсіздік көруде. Өлкенің өндіріс байлығын игеруге байланысты ежелгі ескерткіштердің есебі де алынған жоқ. Қазақ энциклопедиясына кірген Айтман күмбезі сынды талай-талай құнды ескерткіштер жер астын қопарылыс арқылы барлау жұмыстары тұсында құлап бітті. Талай-талай тамаша зираттар тапталып қалды. Маңғыстаудың ұлутасы мен цементке молыққан бұл заманның кейбір дәулеті асқандары ежелгі архитектуралық ансамбльдердің қасына өздері күмбез тұрғызып, аттарын шығаруда. Архитектуралық, археологиялық мәні бар көне зираттарға кісі жерлетпеу, қоршап күтімге алу шаралары да қолға алынбай отыр. Тиісті қамқорлық, керекті күтім болмаған жерде бағзы мәдениеттің ескерткіштері оп-оңай-ақ мәдениетсіздіктің айғағына айналып шыға келеді. Көне ескерткіштер өткендегілердің өмірі мен өнерін көрсетіп қана қоймай, бүгінгілердің парасатын да паш етеді. Өз еңбегін қадірлейтін адам өзгелердің еңбегін де аяқ асты қыла алмайды. Олай болса, Маңғыстау төсінде күні бүгінге дейін қатары сиремей самсап тұрған ескерткіштер — осы өлкені жайлағандардың бағзыдан бергі жасампаз еңбегінің, жарқын болашаққа, жақсы армандарға деген берік сенімінің көнекөз куәлері, көл-көсір шежіресі. Біздердің бүгін тындырып жатқан жақсы еңбектеріміз — бағзыдағылардың жүзеге асып жатқан жарқын армандары. Өткен мен бүгіннің, бүгін мен болашақтың арасындағы шекараның бәрін жым-жылас жоғалтып, көзге көрініп, қолға тұрмайтын тұрлаусыз сылдыр-сұйық уақыттың өзін ғасырлар бойы өлмей-өшпей сөйлеп тұратын сұңғыла шежіреге айналдыратын да осы асыл армандар мен оны жүзеге асырмай қоймайтын жасампаз еңбек. Маңғыстау қашаннан да зердес даңғыл, қиялы жүйрік адамдардың мекені болса керек. Мыңдаған көнекөз ескерткіштерін былай қойғанда, өлкедегі жер-су аттарының өзі-ақ соны айғақтағандай. Жаңғақтың ойы, Арпалы ой, Қайыңды, Кендірлі, Қауынды, Жиделі, Ағашты, Теміртапқан, Мұнайлы, Жездібас, Керіз — қазбалай түссең өлкенің өткен аңғарынан сыр шертердей; Қаңға, Есентүбек, Ерсары-қайрақ, Оғыланды, Ноғайтөбе, Қырғып, Хан жайлауы, Хан қыстауы, Байтақ, Шаңқала, Арыстанбұғы, Сұлтанеспе, Дәніспан, Қызылтам — түп мағынамды тарата берсең, тарихтың талай қойнауын сүзіп шығар ең деп тұрғандай; Ал енді мына бір аттарға зер салыңызшы: Көрікті төбе, Сұлу торпа, Тәуір қыр, Сырлы тепсең, Сырлы тамшы, Тамшылы, Жабағылысаз, Қыз емшек, Күркіреуік, Қаракөз, Дәурен-биік, Ақша оймақ, Көрпешік, Өрмелі... Бұл өлкені сұсты табиғатынан осынша көрік табу үшін қырағы жанар, ұшқыр қиялмен қоса шынайы ақын жүрек те керек шығар. Ақынжанды маңғыстаулықтар ұлдарына қоймайтын жақсы аттарды жерлеріне қойып баққан. Осының өзінен-ақ туған жерге деген ыстық махаббат, өлкенің келешегіне деген зор сенім лебі еспей ме!
Келешек демекші...
ӨРМЕЛІ
Весь трепет жизни всех веков и рас
Живет в тебе. Всегда. Теперь. Сейчас.
Максимилиан Волошин.
Тек бүгіннің ғана емес, келешектегінің де басы кешегіден басталатын көрінеді. Ана бір жылы соққанымда мынау ақ шатыра теміржол станциясы жайғасқан қоңыр дөң келе-келе түйе жайылып жататын жапан түз еді. Енді, міне жүрдек жолаушы поезы кебір жалдардан, ойдым-ойдым сорлар мен бұйрығыңды бұйраттардың ара-арасымен жұлдыздай ағып келеді. Осы заманғы комфорттың неше алуан үрдісі түгел сақталған айна таза купе көргеніңді көңілге түйіп үлгергенше, жым-жылас жоғалтып жатқан ұшқыр жылдамдық әлдебір теңіздердің арғы жағындағы әлдебір адамдардың жан сырын шерткен тосын музыка, ең соңғы сәнді киінген жастар, әлемдегі ең соңғы жаңалықтарды айтып таласқан гу-гу әңгіме — бағзы түгілі, кешегінің өзін еске түсірте қояр түрі жоқтай. Алдымыздан ақ желкен көтеріп, ақар-шақар шыңдар көрінді. Құстай ұшып келе жатқан поезд жүрісін баяулатуға мәжбүр болды. Таң атқалы терезе сыртында теңіз бетіндей бір өң, бір кейіп, көзден бір-бір ұшып жатқан көл-көсір даланың да бедері бұрынғыдай емес, айқындала түсті. Поезд жол жиегіне шығыс жақтан тірей жығылған тау тұмсығына қиялап көтеріліп келеді. Әлгінде ғана өтіп кеткен жерің енді бір сәт қарасаң — ту төменде аяғыңның астында жатады. Шатқал сайларды сақина-сақина қып, оратыла өрмелеп келе жатқан қия жол құз басына тырмыса түседі. Кенет жол табанын бекіткен бетон тағандар тасасынан баяғы қыз баланың тұлымшағындай сан тарам шұбыртпа сүрлеудің сілемі қылт етті. Көптен бері тұяқ тимеген көне із шөп арасына сіңіп, жым-жылас жоғалуға айналыпты. Талай-талай шаңырақ артқан қара нарлар қайқаңдап шыққан қия жолда терезеге телміріп, біз келеміз. Қос рельс атам заманғы шұбыртпа жолдың әр айналымын айнытпай қайталап бағуда. Мынау Маңғыстау — Мақат темір жолы Үстірт үстіне шығып жатқан асу — көш шығатын көне Өрмелі жолы. Өрмелі десе, Өрмелі. Шың мен құздың арасында табан іліктірер сәл тіреуді пайдаланып салған осы жол, шынында да, шыңнан өріп салғандай. Адамның ержүректігі мен шеберлігіне көзіңді қапысыз жеткізе түскендей. Жоғары кернеулі электр жүйесі мен континентаралық Өзен-Куйбышев мұнай құбырын да Үстірт үстіне көтеріп жатқан бұрынғы көш шығатын көне жолдар.
Бақсақ бағзыдағылар бүгіннің барлаушылары екен.
Маңғыстау мен Үстірт үстіне теміржол салу идеясының ауызға іліккеніне де көп ұзамай бір ғасыр толады. 1892 жылы Россияның геология комитеті мен Рязань — Орал темір жол акционер қоғамы Орал қаласына дейін теміржол салынуына байланысты жаңа жолдың тасымал мүмкіндігін анықтау мақсатында Жайық сыртындағы далалар мен Үстірт үстін зерттейтін арнайы экспедиция ұйымдастырды. Экспедиция жаңа теміржол арқылы тасымалданатын жүктің мөлшері, аталмыш аймақтың өнеркәсіпті болашағын болжаумен қоса Амудария мен Жайық арасын байланыстыратын төте керуен жолын салудың жобасын ұсынуға тиісті болды. Құрамында геология комитетінің үш аға геологының бірі С.Н. Никитин, тау-кен инженері Н.Л. Ижицкий, әскери топограф Д.Г. Сергеев, коммерция агенті С.А. Шепотьевтар бар бұл экспедиция өлкеде оба індеті шыққанына қарамастан аса құнды зерттеу жұмыстарын жүргізді. Олар Орта Азия мен Орал станциясын жалғастыратын қатынас жолдарын салудың сан алуан нұсқаларын салыстыра отырып, Жайық пен Амудария аралығына арбалы керуен жолын салуға кететін шығын мен тар табанды теміржол салуға кететін шығынның арасында айтарлықтай айырмашылық шамалы деген қорытындыға келеді. Өткені, өңшең сор мен сортаң тақырлардың, су тисе аяқ алдыртпас кебірлер мен саз топырақты далалардың үстінен жыл он екі ай тасымал тоқтамайтын арбалы жол салғанда да жолдың табанын тас, қайыр төгіп, көтеру керек еді. Оның үстіне арбалы керуеннің түйеге теңдеп жүк артқан қарапайым керуеннен ешқандай артықшылығы жоқ-ты. Түйе қомдап артқанда да 10-15 пұт жүк көтереді, арбаға жеккенде де 20 пұттан артық жүк тарта алмайды. Оның үстіне қайыр төгіп, тас төккен айдау жол түйені азықтандыруда да көп қиындық келтіреді. Түйе табиғи жол бойында көш-жөнекей жолдың екі бетіндегі шөпті шалып оттап қоректенеді де, түнемелікте арқасы жүктен босап дем алып, ертеңгі жүріске тыңайып тұрады. Ал ондай от көрмеген түйе екі күннен соң он пұт жүкті де көтере алмай болдыртып қалады. Сондықтан да экспедиция мүшелері Орта Азиядан келетін бұйымдарды жыл бойы кідіріссіз тасып тұру үшін Александров-Гай станциясынан Гребенщиков станциясы, Тас кешу (Сағыз) — Ақ мешіт (Ембі) — Қанды — Арал — Бөлек Желтау — Қызылқуыс — Матай — Сағыр — Дәулеткерей — Әжібай — Үрге арқылы Қоңыратқа тар табанды теміржол тартуды ұсынды. Алайда патша үкіметі әуелгі арбалы жол салу жоспарын қолайлы көреді. Ол Орал қаласынан Қоңыратқа Ойыл арқылы арба жол салып, 850 арбасы бар, 1000 жегін түйесі бар арнайы парк ашады. Жол бойына ара-арасын 15 шақырым қып, 42 станция орнатады. Оларды үш дистанцияға бөліп, дистанция сайын бір-бір надзиратель ұстайды. «Туркестанские ведомости» газеті (1899 жылғы 36-номерінде) мұндай жолды салғанда Жайық бойындағы теміржол мен Орта Азия хандықтары арасындағы сауда байланысын тұрақты жүйеге түсіру, көшпелі халықтарды жол бойына шоғырлап, отырықшылыққа үйрету, мұсылман тұрғындар арасында орыс тұрғындарын орналастыруға қолайлы жағдай жасау мақсаты көзделгенін жазады.. Газеттің айтуынша, бұл жолдың бойымен тек бір жылдың өзінде 60 вагон мақта, 25 вагон жүк, 2000 пұт шикізат, 2000 пұт мануфактура, 3000 пұт балық, 15 000 пұт тары және Жем бойынан мұнай барлауға қажетті 3000-дай жабдықтар тасылыпты. Осының өзі-ақ Амудария мен Жайық арасында тасымал жолы болса, тасылатын жүк табылатынын айқын аңғартады. Оның үстіне патша өкіметінің Азия құрылығындағы өз ықпалын Орта Азия шекарасымен шектей қоймақ ойы жоқ-ты. Өткен ғасырдың аяқ шенінде орыс қауымында Орынбор — Калькутта теміржолын салу идеясы да көп ауызға ілікті. Россияның европалық бөлігін Персия, Ауғанстан, Қытай шекараларымен теміржол арқылы жалғастыру жобалары көп зерттеліп, көп талқыланды. Оған «Туркестанские ведомости» газетінің 1899 жылы 47, 49, 59-номерлерінде жарияланған теміржолдардың бас инспекторы Горчаковтың қатынас жолдары министріне «Каспий сырты мен Еділ бойынан Персия, Ауғанстан, Қытаймен байланыстыратын темір жолдар салудың жалпы мәселелері жөніндегі баяндамасы-ақ» жеткілікті дәлел бола алады. Онда Горчаков мырза Орта Азия мен Россияның европалық бөлігін жалғастыратын үш теміржол жобасы туралы өз пікірін айтады. Бірінші: Орынбор — Орск — Ырғыз — Перовск (Ақмешіт) — Жалпақтал — Түркістан — Шымкент — Ташкент теміржолы; Екінші: Орал — Ойыл — Қазалы — Қаратоғай — Перовск — Түркістан — Шымкент — Ташкент теміржолы; Россия темір жолдарының бас инспекторы бұл екі жоба бойынша екі темір жол салмай, екеуін біріктіріп бір темір жол салуды ұсынады. Ал үшінші жоба Александров-Гай — Калмыково — Цесаревич шығанағының жиегі (қазіргі Комсомол шығанағы) — Қоңырат — Хиуа — Чаржоу жолы еді. Горчаков бұл жолды тезірек қолға алуды жақтайды. Өйткені бас инспектордың ойынша: Еділ мен Аралдың, Каспий мен Аралдың арасындағы ұшан даланың Ресейдің европалық бөлігімен еш байланыссыз жатқанын былай қойғанда, «белгілі бір саяси комбинацияларды» жүзеге асырған кезде, Түстік Кавказ және Терістік Кавказ темір жолдары әскер тасуға қажетсіз болып қалады да, әрі ұзақ, әрі батыс шеті Европаға тікелей тірелмей, теңіз арқылы байланысатын Красноводск — Ташкент теміржолының ондай операцияға қажетті қарулы күш пен қару-жарақты тасымалдауда өте ыңғайсыздық көрсетеді, әрі аздық етеді. Сондықтан да европалық бөліктегі теміржолдармен тікелей ұштасып жататын үшінші темір жол салудың маңызы өте зор. Бас инспектор айтып отырған белгілі бір «саяси комбинацияның» қандай тұспал екендігін, сол баяндамада келтірілген: «Біздің әскерлеріміздің болашақта парсы, ауған шекараларынан әрі асатын мақсаты мен біздің өз теміржолдарымызды Ост-Индия темір жолдарымен жалғастыруды көздейтін мақсатымызға Ташкенттен гөрі Чаржоу ұрымталдау тұр; оның үстіне, жақындығы жағынан европалық бөліктен Александров-Гай, Қоңырат, Чаржоу арқылы өтетін жол ең төте жол болып табылады», — дейтін пікірінен-ақ айқын түсінуге болады. Патша үкіметі осынша зор стратегиялық маңыз берген Александров-Гай — Чаржоу Ұлы Октябрь революциясына дейін құрғақ қиял күйінде қала берді. Азамат соғысы жылдарында Владимир Ильич Ленин Орта Азия 19 халықтарының мәдениеті мен экономикасын арттыруда мұндай теміржолдың атқарар қызметін аса жоғары бағалап, Александров-Гай — Қоңырат темір жолын салудың жобасын тыңғылықты зерттеуге айырықша мән берді. Көсем арманы Маңғыстау мұнайы ашылған жылдары жүзеге асты. Әуелі Мақат — Маңғыстау теміржолы салынды. Көп ұзамай оған Қоңырат — Бейнеу теміржолы қосылды. Кейін ол Гурьев — Астрахань теміржолына жалғасты. Сөйтіп, Маңғыстау қазба байлықтарының игерілуі арқасында «Ноғай жолы» деп аталатын ежелгі Хиуа — Астрахань керуен жолы мен Маңғыстау және Жем арасындағы көне көш жолы құрыш жамылған құт жолға айналды. Теміржол бойымен жарыса созылған мұнай құбыры, газ құбыры, жоғары кернеулі электр жүйесі, айдаладағы ақшаңқан қалалар мен көкпен таласқан зәулім мұнаралар бұл аймақтың аса ірі индустрия өлкесіне айналғанын айтпай-ақ анғартып тұр. Маңғыстау индустриясының қазіргі көш басшысы - мұнай. 1965 жылы июль айында дәл осы Маңғыстау — Мақат теміржолымен Гурьев мұнай өндеу заводына Маңғыстау мұнайы тиелген алғашқы эшелон аттанғанды. Арада он жыл өткен соң, 1975 жылы бүкіл еліміз Ұлы Жеңістің отыз жылдығын мерекелеп жатқан күндері Маңғыстау мұнайының алғашқы жүз миллион тоннасы Отан қоймасына құйылды... Мұнай өндіру жағынан қазір Қазақстан еліміз бойынша екінші орынға шықты. 1974 жылы Маңғыстау мұнайшылары жылына 19,6 миллион тонна өндірген болса, 1975 жылы ол көрсеткіш 21,3 миллион тоннаға өсті. Мамандардың есептеуінше, Маңғыстау жақын болашақта жылына 80 — 100 миллион тонна мұнай өндіретін болады. Маңғыстау мұнай кендерін игеруде отандық және әлемдік ғылымның ең соңғы жетістіктері жүзеге асырылуда. Өндірілетін мұнайдың тоқсан проценті жер қабаты қысымын пайдалану жолымен алынады. Осы бесжылдықта жер асты қысымын ысытқан теңіз суын айдау жолымен көтеру әдісі қолға алынды. Бұл мақсатта мұнаймен бірге шығатын қосалқы газды жер қабатына қайта айдау әдісі де өте тиімді боп шықты. Қазір елімізде мұндай озат әдіспен 15 миллион тонна мұнай өндіріледі, соның тоғыз миллион тоннасы Маңғыстаудың үлесіне тиеді. Тәулігіне 43 мың тонна мұнай өндіретін Өзен кәсіпшілігінде мұнай өндіруді автоматтық жолмен басқару жүйесі іске қосылды. Маңғыстау мұнайының химиялық құрылымы да ерекше. Қаражамбас мұнайы өте сұйық, таза мұнай болса, Оңтүстік Маңғыстау мұнайының құрамындағы парафин процентке дейін барады, ал 1963 жылы ашылған Қарамандыбас мұнайы жер астынан аса қою сүзбе күйінде алынады. 1974 жылы Маңғыстау мұнайы жұртты тағы да таңдандырды. Ракушечный мүйісіндегі скважинадан аппақ сүт мұнай ақтарылды. Мұндай мұнай дүние жүзінде төрт-бес жерден табылып отыр. Ақ мұнайдың қара мұнайдан айырмасы қандай? Оңтүстік Маңғыстау мұнайының құрамыңда шәйір мен асфальт көп. Одан үш жүз градусқа қыздырғанда отыз процент бензин алынады. Ал ақ мұнайды осынша қыздырғанда жетпіс процент бензин алуға болады. Парафин аз. Шәйір мен асфальт атымен жоқ. Өзен мұнайы парафиннің көптігінен отыз градус жылылықта қатып қалатын болса, ақ мұнай 18-20 градус жылы температурада қатады. Маңғыстау мұнайының осынша қоюлығы өндіргенде де, тасымалдағанда да айырықша режимді қажет етеді. Ол құбырға аз жұғу үшін түтіктердің ішкі жағына эпоксидты шәйір, эмаль жағылады, не шынымен қапталады. Ал тасымал көзіңде мыңдаған километр қашықтықта созылатын мұнай құбырына әрдайым арнайы пештермен жылытып отыруға тура келеді. Біздің еліміздегі ең алғашқы ыстық мұнай құбыры құрылысы 1967 жылы басталды; оның 683 километрге созылатын Өзен — Гурьев бөлігі 22 айда, 745 километрге созылатын Гурьев — Куйбышев бөлігі 16 айда бітті. Өзен, Жетібай кәсіпшіліктері Ақтау теңіз портымен да осындай «ыстық» құбыр арқылы жалғасып жатыр. Кейінгі жылдары тез қататын Маңғыстау мұнайы өндіруге жерасты ыстық сулары пайдаланыла бастады. Гурьевтің мұнайы және табиғи тұздар институты Маңғыстау мұнайын микробтар арқылы өндеп барып айдау әдісін ұсынды. Микробтар арқылы өңделген мұнай өте қатты аяздарда ғана қатады. Өндіріс пен тасымалда осындай қосалқы шығындарды қажет ететіндігіне қарамастан Маңғыстау мұнайы еліміздегі ең тиімді мұнай боп табылады. Өйткені, Маңғыстау мұнай кендерінің аралары өте жақын; өзге аудандарға қарағанда өте таяздан табылып отыр; оның үстіне бұл кендер бір емес бірнеше қабаттардан тұрады. Мәселен, Өзен кені екі қабаттан тұрады. Жоғарғы бор жынысында газ қабаты, ал төменгі юра және триас жынысына мұнай қабаты орналасқан. Төменгі мұнай қабаты орналасқан триас юра қабатының қалыңдығы 1 100 метрге дейін жетеді. Мұнай кендерінің бұлай орналасуы барлау жұмыстарының да, өндіру жұмыстарының да өзіндік құнының арзан болуына қолайлы жағдай жасайды. Маңғыстау мұнайының бір тоннасын жасауға кететін шығын Украина мен Закавказье мұнайынан елу процент, Орта Азия мұнайынан 33 процент аз. Маңғыстау мұнайының құрамындағы парафин осы заманғы химия өнеркәсібі үшін таптырмайтын аса пайдалы шикізат болып шықты. Ол үйреншікті балауыз шырағдан, су өткізбейтін қағаздарды былай қойғанда, жасанды май, кір жуатын ұнтақтар, жоғарғы сапалы спирт алуға, қағаз өнеркәсібі мен тоқыма өнеркәсібіне, этилен, стирол, изопрен сияқты құнды газдар айыруға пайдаланылады. Ал парафиннен алынатын газдар синтетикалық материал жасауға қолданылады. Қазақстан ғалымдары Маңғыстау мұнайынан мал шаруашылығына аса қажетті азықтық белок алудың жолын тапты. Мұнайдан жасалатын бір килограмм ашытқының құрамында үш килограмм етте қанша белок болса, сонша белок бар. Онда ашытқының бір тоннасын мал азығына пайдалану арқылы 1,5-2 тонна құс етін, 25 - 35 мың дана жұмыртқаны артық өндіруге болады. Шошқа шаруашылығында бір тонна мұнай ашытқысы 5 тонна азықтық дәннің, бұзауға беретін 3 тонна сүттің орнына жүреді екен. Маңғыстау мұнайы, оның ішінде ақ мұнай, микробиологиялық өндіріске аса қажет шикізат болып табылады, Москва ғалымдары микрорганизмдердің өніп-өсуіне Каспий теңізі суының Москва су құбырындағы тұщы судан гөрі әлдеқайда тиімді екендігін анықтады. . Егер ұлы орыс ғалымы Д.И. Менделеевтің өткен ғасырдың өзінде мұнайды энергетикалық мақсатта жанар май, отын ретінде пайдалануды самауырды қып-қызыл ақша өртеп қыздырғанға барабар орынсыз шашпалық санағанын ескерсек, осы заманғы химия өнеркәсібіне ауадай қажет Маңғыстаудың парафинді мұнайы ешқандай әсіре теңеу, үстеме мақтаусыз-ақ, шын мәніндегі қара алтын болып табылады. Маңғыстауда мұнай мен газдан басқа тас көмір мен фосфориттің аса бай қорлары табылып отыр. Маңғыстау фосфоритінің жер бетіне жақын жатқан қабаттары қорының өзін миллион тонналап есептеуге болады. Маңғыстау марганецінің 1918 жылы геолог Е. В. Круг есептеген қорының өзі 32,7 миллион тоннаға жуықтайды. Маңғыстау мен Үстіртте құрылыстан басқа бетон жасауға цемент, мал мен құсқа қажет минералдық азық алуға сондай-ақ, химия, көмір, мұнай өңдеу, былғары илеу, тоқыма өнеркәсіп орындарына өте-мөте қажет ұлутастың бүгін таңда Жетібайдан 28924 мың текше метр, Форт-Шевченко қаласының терістігінен 24 154 мың текше метр, осы қаланың оңтүстік шығысынан 15307 мың текше метр, Бейнеуден 1 53 683 мың текше метр, Қызылтұраннан 11 миллион текше метр, Ералиев поселкесі маңынан 333 мың текше метр, Қаратүйе маңынан он миллион текше метр қоры бар аса бай кен орындары ашылып отыр. Маңғыстау ұлутасының сапасы елімізде бұдан бұрын табылған Қырым, Одесса ұлутастарынан әлдеқайда жоғары. Ол тек Маңғышлақ облысы көлемінде ғана емес, Москва, Киев, Ульяновск, Астрахань, Алматы, Гурьев қалаларының құрылысында да кеңінен пайдалануда. Бұған геологтардың Маңғыстау түбегінен мыс, қорғасын, кобальт, темір, калий, магний, ас тұздарын, кесек күкірт, силикат құм тауып отырғанын қоссақ, бұл өлкенің тұла бойы тұнып тұрған байлық екеніне көзіміз жете түседі. Осындай сан алуан қазба байлықтар табылған Маңғыстау қазірдің өзінде-ақ аса ірі индустриялық аймаққа айналды. Мұнай өндіру мен газ өндіру, құрылыс материалдарын өндіру, энергетикалық өнеркәсіп — Маңғыстау индустриясының қазірдің өзінде қызу қарқынмен дамып жатқан салалары. Бірақ бізге бұның бәрі де Маңғыстау индустриясының тек алғашқы беташары сияқты көрінеді де тұрады. Маңғыстау мұнайының айрықша құрамы бұл өлкеде тек мұнай өндіру өнеркәсібін ғана емес, мұнай өңдеу өнеркәсібін де өркендетері сезсіз. Парафинді мұнайдан осы заманғы ғылыми жетістіктер негізінде шаш етектен пайда түсіретін мұнай химиясы өнеркәсібі әлі қолға алына қойған жоқ. Ал газ айыру, газ өңдеу, газдан бұйымдар жасау өнеркәсібінің ең алғашқы пионері — Жаңа Өзен қаласындағы Қазақ газ өңдеу заводының бірінші кезегі енді ғана пайдалануға берілді. Маңғыстаудың мұнай, газ, ұлутастан басқа қазба байлықтары әлі қол тигізусіз тың жатыр. Олар бұл өлкеде жаңадан қара металлургия, кен қазу, кен байыту, минералдық тыңайтқыштар өндіру өнеркәсіп салаларын ашумен қоса, қазірдің өзінде негізі салынған түсті металлургия, химия, микробиологиялық өнеркәсіпті кеңінен дамытуға аса қолайлы жағдай жасайды, Бұл өлкенің байлығы тек қазба байлықтарымен ғана шектелмейді. Маңғышлақ облысы РСФСР, Түрікменстан, Азербайжан республикаларының көршілес облыстарымен бірге кәрі Каспий байлығын игеруге де белсене ат салысатын болады. Каспий теңізі бұл өлкенің тек геологиялық тарихында ғана емес, қазіргі өмірінде де шешуші қызмет атқарады. Мұхит деңгейінен орта есеппен 28 метр төмен жатқан бұл теңіздің ұзындығы 1 200 километр, ені 320 километр, жағалауының жалпы ұзындығы 7000 километр; оның 6100 метрі СССР территориясында. Каспий теңізінің СССР территориясындағы бөлігінің көлемі 371000 шаршы метр. Көлемі 80 000 шаршы километр Терістік Каспий мен Орта Каспийдің 2000 километрге созылатын шығыс жағалауының көп бөлігі Маңғышлақ облысының территориясына кіреді. Осы заманғы ғылым мұхит пен теңіз байлығын адамзаттың келешек материалдық қазынасының ең үлкен резерв деп тауып отыр. Теңіз байлығын зерттеу жөніндегі жаңа ғылымның аса көрнекті өкілі Дж. Мероның пікірі бойынша, теңіз қазынасы ендірілетін ая бес түрлі бөлікке бөлінеді: теңіз жағалауы, теңіз суы, континентальдық шельф (теңіздің жағалауға жақын тайыз бөлігі), теңіз түбі, теңіз түбінің шөгінді жыныстары. Адамзат теңіз жағалығының байлықтарын игеруді енді-енді қолға ала бастады. Континентальдық шельфтен, қайрандардан мұнай іздеу кеңінен етек жаюда. Ал, теңіз суы аясынан тек органикалық байлықтар — балық аулау ғана жете меңгерілген. Ал теңіз түбі мен теңіз түбінің шөгінді жыныстарының қазынасын игеру әлі ғылыми идея дәрежесінен аса алған жоқ. Бұдан шығатын қорытынды, адамзат мұхит пен теңіздегі көл-көсір сыбағасының шетінен әлі дұрыстап ауыз тиіп те үлгермеген. Сөйтсе, біздің планетамыздың судағы байлығы құрғақтағы байлығынан қалыспайды екен. Теңіз, әсіресе, минералдық қазыналарға аса бай. Теңіз жағасындағы жыныстардың ұнтақталуы, толқын шайып сұрыпталуы процесінде жиектегі құм арасына ауыр минералдар шөгіп, келе-келе кен қабатына айналатынын адамзат көптен біледі. Жағалық құмдардан касситерит, шеелит, волыррамит, колумбит, магнетит, циркон сияқты құнды минералдар өндіру жүзеге асқалы біраз уақыт өтті. Теңіздің жағадан ұзап кете қоймаған таяз жерінде — континентальдық қайрандарда құрғақтан келетін жыныстар мен судағы органикалық дүниенің қалдықтарының жинақталуынан көптеген минералдар түзіледі. Дүние жүзінің көптеген елдері қайраңдардан магнит, күкірт, қалайы және басқаларын өндіреді. Сол сияқты қайраңдарда су мен құрлық арасындағы кереғар температура органикалық заттар шөгінділерінің фосфоритқа айналуына аса қолайлы жағдай жасайды. Теңіз түбінде марганец пен темір конкрециялары жиі ұшырасады. Теңіз түбі металдары тұтыну жылдамдығынан әлдеқайда шапшаң жылдамдықпен түзіледі екен. Дж. Мероның айтуынша, теңіз түбінде марганецтің түзілу жылдамдығы тұтыну жылдамдығынан 3 есе, кобальт пен мыс 4 есе тез. Бұдан теңіз түбі металдарының қоры ешқашан сарқылмайды деген қорытынды шығаруға әбден болады. Жер шарының 71 процентін су басып жатыр. Теңіз суының 3,5 проценті минералдық заттар ерітіндісінен тұрады. Әрбір текше миль теңіз суынан 166 миллион тонна құрғақ тұнба алуға болады. Құрғақтағы алтын қоры адамзат мұқтажының тек жартысын ғана өтей алады. Көп ұзамай алтын мен күміс теңіз суынан өндірілетін болады. Күні бүгіннің өзінде теңіз суынан өндірістік негізде натрий, хлор, бром, магний молынан алына бастады. Екі мыңыншы жылға дейін құрлықтардағы уран кенінің қоры адамзат мұқтажын түгелінен өтей алмайтын дәрежеге жетеді. Бұл жағдайда адамзат болашақ энергетиканың басты «наны» болып табылатын бұл сирек элементті теңіз суынан іздеуге мәжбүр болады. Қазір теңіздерден тұздың 75 проценті, магнийдің 60 проценті, бромның 90 проценті өндіріледі. Ғылым анықтаған 106 химиялық элементтің жетпісі теңіз суының құрамында ұшырасады. Мұхит пен теңіз түбіндегі марганец қоры 358 миллиард тонна, темір 207 миллиард тонна көлемінде, ал алюминий, магний, никель, қалайы, мыс қоры да әлденеше миллиард тонналап есептеледі. Теңізден алынатын минералдық қазыналарға Каспий теңізі де аса бай. Каспий суының тұздылығы дүниежүзілік мұхит суының тұздылығынан өте жоғары. Каспий суының орташа тұздылығы 12,7 - 12,8 процент, ал Оңтүстік-шығыс Каспийде 13,0- 13,2 процентке дейін жетеді. Мұндай тұзды судан халық шаруашылығына пайдалы минералдық байлықты көптеп өндіруге болады. XX ғасыр ғылымының бұл ұлы жаңалығының біздің елімізде алғаш жүзеге асқан жері де – Каспий теңізі. Ап-шерон маңындағы су үстіндегі мұнай кәсіпшіліктері мен Шевченко қаласындағы су тұщытқыш атом станциясы – осының айғағы. Сол сияқты Каспий теңізінің органикалық дүниесі де аса бай. Бұл теңізде бактериялардан түзілетін биомасса 1 600 мың тоннаға, макроофиттерден түзілетін биомасса 3 миллион тоннаға жетеді. Онда балықтың 75 түрі мен 17 қосалқы түрі кездеседі. Каспийді бұдан 8-10 миллион жыл бойы жайлаған теңіз фаунасы әлдеқашан жойылып кеткен, ал 5-6 миллион жыл бұрынғы Понтий теңізі хайуанат дүниесінен килька, май шабақ сияқты аралық түрлер ғана қалған. Осы күнгі шоқыр, шортан, жайын, табан, лосось тұқымдас балықтар бұл теңізге тұщы су айдындарынан ауысқан. Қазіргі Каспий фаунасы тұзды суда өсетін 47 балық түрінен, тұщы суда өсетін 13 балық түрінен тұрады. Каспий балығының дәмдік сапасы аса жоғары бағаланады. Адамзат қоғамының материалдық мүддесі теңіздің тек минералдық қазыналары мен хайуанаттар дүниесін игеріп қоймай, өсімдік дүниесін игеруге де көп мән беріп отыр. Теңіз шөптерінің қоректік сапасы картоп, жүгері, бидай, жеміс-жидектердің көптеген түрінен, тіпті еттің өзінен әлде-қайда жоғары. Теңіз түбінің әр гектарынан 15 тонна көк масса алуға болады. Жер бетіндегі ең қалың өскен шалғын шабындықтан бар болғаны төрт тонна көк масса жиналады. Оның үстіне, теңіз түбіндегі шалғынды жылына он рет орсаң да ештеңесі кетпейді. Белоктарға өте бай теңіз өсімдіктерін тек тағам ретінде ғана емес, мал азығы, тыңайтқыш ретінде де пайдалануға болады. Каспий теңізінің өсімдік байлығы мал азығы мен дақылдарына аса тапшы Маңғыстау сияқты өлкелер үшін өте-мөте бағалы қазына болып табылады. Испания мен Таяу Шығыс елдерінің тәжірибесі теңіз суын егін суаруға пайдалануға да болатынын анықтап берді. Қазақстан ғалымдары бұл тәжірибені Маңғыстауда пайдаланып көруде. Сөйтсе, қарағаш сияқты ағаштарды теңіз суымен суаруға әбден болады екен. Ал жоңышқа секілді дақылдарды суару үшін теңіз суын жартылай тұщы сумен араластыру қажет көрінеді. Балдырларды тыңайтқыш қып пайдаланғанда жоңышқа екі есе көп өнім берген. Ешқандай минералдық тыңайтқыш мұндай жоғары көрсеткіш көрсете алмаған. Маңғыстаудағы жерасты қазынасы мен теңіз байлығын игеруге, әрине, аса қуатты энергетикалық база керек. Өлке ондай қуатты энергетикалық база жасауға керекті мүмкіншіліктердің бәріне де ие. Елуінші жылдары С.О. Геллер Қарабұғаз шығанағына су құятын бұғазды бөгеп, оның орнына Каспий суын Қарақия мен Ащысор ойпаңына құйып бөгеп, сульфат өндіруді ұсынды. Мұндай шара жүзеге асырылған күнде, ешқандай бөген салмай-ақ, теңіздің Қарақия ойпаңына құлаған суының қуатымен-ақ 35. 000 киловаттық электростанция салуға әбден болар еді. Бірақ Қарабұғаз шығанағының кебуі бүкіл шығыс Каспий маңын тосапқа көмдіріп, сортаңға айналдырып жіберуі мүмкін болғандықтан бұл идеядан бас тартуға тура келді. Алпысыншы жылдары мұнай мен газдың табылуы жылу электр станциясын салуға мүмкіндік берді. Бірақ химия өнеркәсібіне қажет парафинді мұнайды энергетикалық мақсатта пайдалану өте тиімсіз. Сондықтан да, мұнда аса қуатты атом электр станциясы салынды. Елімізде алғаш жүзеге асырылған шапшаң нейтрондар қуатымен жұмыс істейтін реакторы бар Шевченко тәжірибе атом станциясы тек өлкені ядролық отын қуатымен электрлендірудің ғана емес, Каспий қазынасын ғылыми негізде игерудің де басы болды. Міне, бұрын иір мойын нарлар жайылып жүрген жерде енді бұрын-соңды бұл өлкеде ұшыраса қоймаған ирек-ирек конструкциялар тұр. Шақырайған күн көзіне шағылысып, күмістей жалтырайды. Жер үстінің бе, әлде аспан астының ба, түгел қожасы, бір сиқыр бәйбіше мынау салқар сахараны дастархан қып далита жайып, қасына қаз-қатар алып самаурындар тізіп қойғандай. Бір жағынан сарқырап, теңіз суы келіп жатыр. Екінші жағынан әлгі көкпеңбек су сол бұрқыраған қалпы теңізге қайта құйып жатыр. Екі ортасында — шөл далаға орнаған қала, он-сан заводтар мен өндіріс орындары, жасыл желек пен алқызыл гүлдер тұщы суға қарқ болды да қалды.
Ғайыптан пайда болған тіршілік.
Ғайыптан пайда болмаған да несі бар? О заман да, бұ заман көк теңізді қайнатып, жас сорпа ішкенді кім көрген?
Көрмесек көрдік...
Көкпен таласқан зәулім күміс күмбездер мен ирек-ирек конструкциялар сыртынан қарасан күл басында күйсеп жатқан нар маялардай қыбыр етпей мүлгіп қапты. Абыр-сабыр қимыл да, ұшып жатқан түтін мен бу да байқалмайды. Ішке кірсеңіз — әлгіден де өткен меңіреу тыныштық. Жан-жақтың бәрі гүл, бәрі көк желек. Қоңыржай бөлмеде тұтас қабырғаны түгел алып тұрған алып аквариумдар. Мөлдір суда жылт-жылт жүзіп жүрген алтын балықтар. Әлдеқайдан, алыстан болмашы діріл естіледі. Мынау күн қақтаған өлкенің бойындағы барша тіршілік сол үннен өрбиді. Мынау бедірейген бетпақ даланы гүл-гүл жайнатып, құлпыртып жүрген керемет қуат та содан өрбиді. Мынау болмашы гүрілдің ар жағында аса күрделі, аса құдіретті процесс жүріп жатыр. Атомдардың ыдырау реакциясы күн көзіндей қуатты атом энергиясын тудырады. Сол энергия мынау пәлен ғасыр іргеде шалқып жатқан удай ащы көк теңізді балдай тәтті тұщы бұлаққа айналдырады.
Міне, мынау иір мойын алып самауырлар соған арналған.
Теңізден канал арқылы ағып келген су әуелі қайнатылып буға айналады; буланудан қалған тұнба бір бөлек бөлінеді де, ыстық бу салқын резервуарға жіберіліп, дистиллат суға айналдырады; өн бойында ешқандай минералдық элемент жоқ таза су көбіне-көп техникалық мақсатта жұмсалады да, ауыз су орнына пайдалануға жарамайды.
Дистиллат су ауыз суға айналғанша тағы да көп өңдеуден өтеді. Міне, біз теңіз суын тұшытатын орталықтан оны өңдеп ауыз суға айналдыратын орталыққа кеп тұрмыз. Бұл орталықтың ғылыми қызметкерлері бізге әңгімесін бастамас бұрын өздері дайындайтын ауыз суды ішіп көруді ұсынды. Іштік. Кәдімгі тау бұлағының мұздай суық мөлдір суы. Міне, біз үлкен газ балондары орнатылған залдамыз. Мұнда бойындағы барша минерал ерітінділерінен тазартылған суға көмірқышқыл газы қосылады, өйткені, минералсыз таза су азғыш келеді; көмір қышқыл газы суды аздыратын бактерияларды құртып жібереді. Одан кейін екінші залға өттік. Онда ортада шаршы бассейн. Оған мрамор қиыршықтары төселген. Көмір қышқыл газы қосылып, бактериялардан тазартылған су мрамор қиыршықтары төселген бассейнге құйылады. Мұнда дистиллат су керекті мөлшерде минерал ерітінділерімен байытылады. Мұндай су қалаға жеткізілетін құбыр да тоттан, тағы да басқа суды аздырғыш реакциялардан сақтандыратын өндеулерден өткізіледі. Сөйтіп, бір тамшы тұщы су жоқ жерде жүз мыңдаған халқы бар үлкен қала тұщытылған теңіз суымен қоректеніп отыр. Ол Маңғыстау қалаларын тәулігіне 120 мың тонна тұщы сумен қамтамасыз етуге жағдай жасады. Теңіз суын атом қуатымен тұщыту өлке тұрғындарын ауыз сумен, техникалық сумен қамтамасыз етумен қоса, Каспий теңізінің минералдық байлығын игеруден де, микробиологиялық өнеркәсіпті дамытуға да, егіншілікті өркендетуге де аса қолайлы жағдай жасайды. Маңғыстаудың энергетикалық ресурсты тек атом қуатымен де, мұнай, газ, тас көмір сияқты химиялық отындар қуатымен де шектелмейді; бұл өлкеде осы заманғы ғылымда көп әңгіме боп жүрген теңіз толқынын, күн қызуын, желдің күшін энергетикалық мақсатта пайдалану мүмкіндігі өте көп. Совет ғалымдары теңіз суының үстіңгі қабаты мен терең қабаттары арасындағы температура айырмашылығы негізінде электр энергиясын өндіретін аса қуатты гидротермиялық станцияны Каспий жағалауында салуды ұсынып отыр. Маңғыстауда күннің жарық боп тұруы жылына 3 мың сағатқа жетеді. Июль айында он бір сағат бойы күн батпайды; жыл бойына орта есеппен тәулігіне 7,4 сағат бойы күн көзі көрініп тұрады. Жылына түбектің терістігінде 120 күн бойы күн ашық боп, тек 60 күн ғана шық-шыламды болса, оңтүстігінде 260 күн бойы күн ашық боп, тек 10 күндей ғана күн бұлынғыр болады. Жылдың орташа температурасы — 11 градус жылы. Бұл нағыз күн электр станцияларын салуға таптырмайтын жағдай. Сол сияқты, Маңғыстау — Евразия құрлығындағы ең желді аймақтардың бірі. Ол желдің қаттылығы жағынан Қазақстанда бірінші орын алады. Одан кейінгі орындарға Торғай облысы мен Ертіс өзенінің алқабындағы аймақ ие болады. Н. В. Симоновтың 1927 жылғы есептеуі бойынша, Маңғыстау желінің орташа қуаты секундына 6,9 метр. Ол 1927 жылы Ленинградта басылған «Қазақстандағы жел энергиясының қоры» дейтін кітабында мынадай бір қызғылықты дерек келтіреді. Республикадағы құрғақ жердің көлемі 2 860 000 шаршы километр; оның 5 процентіңде желдің қуаты секундына 6,9 метрге, 15 процентінде 5 метрге, 60 процентіңде 4 метрге, қалған жерлерде екі-үш метрге жетеді екен. Сонда Қазақстандағы аэродинамикалық энергия қуаты — 230 миллион ат күшіне тең екен. Ал И.А. Копыловтың сол жылдары жарық көрген «СССР-дің энергетикалық ресурстары» дейтін кітабында келтірілген деректері бойынша, Қазақстаның энергетикалық ресурстарының кестесі төмендегідей болып шығады: Көмір – 5. 000 000 ат күші немесе 2,09 процент Су қуаты — 2.400 000 ат күші немесе процент Ағаш отын — 14.400 000 ат күші немесе 0,54 процент Мұнай — 450. 000 ат күші немесе 0,19 процент Сабан, шөп — 150. 000 ат күші немесе 0,06 процент Сөйтіп, Қазақтан энергетикасында су қуаты мен отын қуаты 9. 400 000 ат күшіне тең болып, 3,88 процент орын алады да, жел 230 миллион ат күшіне тең болып, 96, 12 процент орын алады. Республикадағы аэродинамикалық энергия әрбір шаршы километр жерге 80 ат күшінен келеді. Әрине, одан бері Қазақстанда энергетикалық отындардың аса бай қорлары анықталды, су электр станцияларына тиетін үлестің де ара салмағы өзгерді. Алайда, Н. В. Симоновтың Қазақстанда су қуаты мен ағаш отындар өте аз, мұнай мен көмірдің не ақыры бір таусылуы мүмкін, ал ағыл-тегіл жел қуатын, аэродинамикалық энергия қорынан босқа айырылуға болмайды дейтін пікірі әлі күнге маңыздылығын жоғалтқан жоқ. Бұл идеяны осы заманғы ғалымдар да қызу қуаттайды. Жел энергетигі Н. В. Красовский СССР территориясында жел қондырғыштарды пайдалану арқылы жылына 18 триллион киловат-сағат арзан энергия алуға болады деп санайды. Ал академик П.П. Лазарев жел қуатын пайдалану арқылы жер жүзінде жылына көмір жағып алатын энергиядан 3 мың есе көп энергия алуға болады деген пікір айтады, Бір кезде ұлы Тимирязев: «Біздің егін-жайларымызға тажал боп тиетін құрғақшылық пен аңызақ кезінде біздің ұрпақтарымыздың егіндіктерін суландыруға қызмет етері әбден мүмкін», — деген пікірінің шындыққа айналуы сөзсіз. Өйткені, осы заманғы адамзат прогресінің ең басты көрсеткіші — жан басына жұмсалатын энергия мөлшері. 1860 жыл мен 1960 жыл арасында жер шарында халық саны 2,5 есе көбейсе, адам басына жұмсалатын энергия мөлшері 4 есе көбейді. 1971 жылы жер бетіндегі бір адамның энергетикалық мұқтажына 18 тонна шартты отын жұмсалыпты. Мамандардың есептеуінше, біздің ғасырдың аяғына дейін бұл көрсеткіш үш есе өседі. Жағар май двигателінің жасалғанына әлі бір ғасыр толған жоқ. Отыз бес ат күшілік жағар май двигателі ең алғаш рет 1898 жылы Чикагодағы дүниежүзілік көрмеде көрсетілген-ді. Содан бергі қысқа мерзім ішінде энергетикалық отындар ішінде мұнай бірінші орынға шықты. Тек 1971 жылы 2,5 миллиард тонна мұнай жұмсалыпты. 1970 жылы жан басына шаққанда, АҚШ-та 3,17 тонна, Канадада — 3,26 тонна, Англияда — 1,75 тонна, Францияда — 1,68 тонна, СССР-де — 1,45 тонна мұнай шығындалыпты. Қазір жер бетіндегі, СССР-ді қоспағанда, мұнай қоры 100 миллиард тонна, көмір қоры 15 триллион тонна, торфты батпақтар көлемі — 150 миллион гектар шамасында; электр энергиясының оннан бірі ғана пайдаланылып отыр. Біздің ғасырдың аяғында электр энергиясының 82 процентін атом станциялары өндіретін болады. Соған қарамастан, мамандардың айтуынша, екі мыңыншы жылдары дәстүрлі отындар қоры таусылып, жер шарының көп елдері энергетикалық дағдарысқа ұшырауы әбден мүмкін. Мұндай жағдайда болашақ энергетиктер мұхит толқындары тербелісімен қоса, күн, жел қуаты және жерасты қызуын игеруге мәжбүр болады. Маңғыстаудағы аса бай аэродинамикалық энергияны меңгеру түбекте жерасты байлығын, теңіз байлығын игерумен бірге шөл далаларды игеруге де көп қызмет етер еді. Қазақстан территориясының қырық төрт проценті — шөлдер мен шөлейттер. Олар 100 миллион гектардан астам жерді алып жатыр. Оның қырық миллион гектары таза құмды аймақ. Біз әңгіме етіп отырған Маңғышлақ облысы сияқты кейбір облыстар бірыңғай шөл және шөлейт аймақтарға орналасқан. Шөлдер мен шөлейттердің пайда болуы мен ұлғая түсуіне бірден-бір себепші факторлардың бірі — жел. «Менің бірде Батыс Қазақстандағы Маңғыстау түбегінің үстінен ұшқаным бар. Үш мың метр биіктіктен қарағанда тамаша рельеф картасына ұқсайды. Самолет қанатының астында мүсінші шеберханасынан жаңа ғана шыққандай, не керемет ою-өрнек секілді ирек-ирек жыралар тілгілеп тастаған ақ, қызғылт, көкшіл, тыр жалаңаш жоталар қылт-қылт қылаң беріп, қалып жатыр, қалып жатыр. Міне, бір шөкім шағыл құм көрінді. Батысқа жүрген сайын найзаның ұшындай жіңішкере түсетін ұзынша құмның ендірек жерінде он шақты ғажайып төбешікті көріп қайран қалдым. Олар шахмат тақтасындай айқыш-ұйқыш орналасыпты. Табаны бір километр немесе бір жарым километр, биіктігі ондаған метр шошақ-шошақ төбелер. Бұл Сахарадағыдай жалғыз-жалғыз емес, топ-топ, төбесі сүйірлене түспей, жандатпа тартқан тап-таза құм пирамидалар еді... Сөйтсе, шөлдегі жел де өзендегі ағын сияқты әртүрлі кедергілерге кезігеді екен. Әлгі біз зерттеген құм шағылдарды жан-жағынан Үстірттің тілім-тілім жоталары қоршап жатты. Сол жоталарға ұйтқи соқтыққан ағынды жел әлденеше жерге әлгіндей төбе-төбе шағыл үйіп кетіпті», — деп жазады Б.А. Федорович. Шағылдар әлгідей сусыма құм желді тоқтататын табиғи кедергілері бар жерлерге пайда болады. Желді тоқтататын кедергілердің, Б.А. Федоровичтің айтуынша, үш түрі болады: жер бетінің кедір-бұдыры, құмның ұшу жылдамдығы мен желдің жылдамдығының арасындағы айырма және күш жылдамдығы, бағыты кереғар ауа ағындарының соқтығысы. Мұндай желдердің жер бедерін өзгертушілік құдіретінің қандай екенін ұзындығы 1458 километр, ені 15-85 километр, тереңдігі кей жерде 100 метр, кей жерде 412 метр Қарын-жарық қазан шұңқырының қалай пайда болғанынан-ақ айқын көруге болады. Көлемі мың текше километр болатын мұндай шұңқырдың топырағын тасу үшін жер бетіндегі барлық еңбекке жарамды адам әр қайсысы әр жолы 25 килограмм топырақ арқалап, жүздеген километр жол жүріп, кемі он рет сапар шегуге тура келген болар еді. Б.А. Федоровичтің зерттеуінше, Қарынжарық қазан шұңқыры — желдің миллионнан астам жыл уақыт бойғы қызметінің нәтижесі. Ол жылына жердің 0,4 миллиметр қабатын аспанға ұшырып отырған. Маңғыстау жер бедерін баяғы теңіз қайтқан дәуірден бергі осыншама адам танымастай өзгерткен бірден-бір күш — жел. Құрғақ континентальдық климат жағдайындағы желдің негізгі қызметі — шөл мен шөлейттерді ұлғайта түсу. Осы заманғы ғылым құрғақшылыққа қызмет ететін күн қызуы мен жел қуатын құдықтар мен тұзды көлдердің суын тұщытуға, сортаң жерлерде мелиорациялық жұмыстар жүргізуге, қысқасы, шөлді игеруге пайдаланудың алуан түрлі жолдарын табуда. Шөлді тас бедеу, құнарсыз мекен санау — біздің дәуіріміз үшін ғылыми консерватизмнің ең асқынған түрі болып табылады. Желдің күші арқылы ұнтақталу процесіне ұшыраған құм шағылдардың минералдық ресурстарын былай қойғанда, шөлдің органикалық дүниесінің өзі адамзат баласына әлі де талай қыруар қызмет көрсете алады. Арал мен Каспий арасындағы миллиондаған гектар ен байтақ даладағы химия-фармацевтикалық өнеркәсіпке құнды шикізат болып табылатын дәрі-дәрмек жасауға керекті түз өсімдіктері әлі күнге ешқандай пайдаланусыз жатыр. Шөл мен шөлейт далалардан сонау алғашқы қауым тайпаларынан бастап ешқашан адамзат тіршілігі үзіліп көрмегенін Орта Азия мен Қазақстанның құм аймақтарындағы археологиялық ескерткіштер айқын дәлелдеп берді. Шөл табиғатына ең жетік ғалымдарымыздың бірі Б.А. Федоровичтің айтуы бойынша, шөлдегі құм суды тез сіңіреді, бірақ өз бойындағы ылғалды аңызақтарға оңай алдыра қоймайды. Құм бойындағы суды жел емес, өсімдік қана кері сорып шығара алады. Сондықтан да құм арасында өсімдік былайғы жазық далалардан гөрі қалың өседі. Қақтаған күн астындағы құм шөбі терістік аймақтар шөбінен әлдеқайда құнарлы, өйткені, оның бойында пайдалы минералдар өте көп. СССР-дегі 3 миллион шаршы километр шөл даланың 800 мың шаршы километрін осындай құмақ жайылымдар алып жатыр. Құмда жарық жылу, минералдық тыңайтқыш былайғы жерлерден әлде-қайда көп, ондағы ең тапшы нәрсе — су. Сондықтан да онда тек ылғалды аз жұмсайтын өсімдіктер ғана өсе алады. Бірақ соған қарамастан шөл даланың өсімдік дүниесі алуан түрлі. Онда ағаштар, бұталар, бұта тектестер, бір жылдық шөптер мен көп жылдық шөптер мен көп жылдық шөптер де өседі. Олардың әрқайсысының әр уақытта тозаңдануы шөлдегі жайылымда жыл бойына мал жаюға қолайлы жағдай жасайды. Сондықтан шөл, шөлейт далалар бағзы замандардан бері көшпелі мал шаруашылығы аймақтары ретінде белгілі. Археологтар Г. Ф. Коробкова (Ленинград), Б.X. Батыровтың айтуынша Орта Азия мен Қазақстанда алғаш қолға үйретілген мал — ешкі. Біздің дәуірімізге дейінгі алтыншы мыңжылдықтар тұсындағы неолит заманы мекен-жайларынан табылған сүйектерді 80 проценті ешкінің сүйегі болса одан кейініректегі көне мекен-жайлардан табылған сүйектердің 80 проценті қойдың сүйектері болып шыққан. Ешкі өсіретін дәуірдегі мекен-жайлардан тері илейтін, тері шелдетін тас құралдар көп табылса, қой өсіретін кездегі мекен-жайлардан өрмек тоқитын құрал-сайман қалдықтары көп ұшырасады. Қойдың қолға үйретілуі адамдарды алыс жайылымдарды игеретін көшпелі мал шаруашылығын кеңінен өрістетуге итермелеген. Содан бері қой өсіру мен түйе өсіру көшпелі мал шаруашылығының негізгі саласына айналды. Қазір қаракөл елтірісін, ет, жүн беретін көшпелі мал шаруашылығының ең арзан, ең көп тараған түрі болып табылады. Біздің тұсымызда мал шаруашылығын индустриялық арнаға түсіру кеңінен етек алуда. Алайда, шөл мен шөлейт далаларды мелиорациялау жан-жақты жолға қойылғанша, көшпелі мал шаруашылығы тарих сахнасынан кете қоймайды. Әсіресе, өнеркәсіп орындары жиілеп, тұрғындар саны күрт өсіп жатқан Маңғыстау сияқты құрғақшылық аймақтарда көшпелі мал шаруашылығы ет, сүт өнімдерінің бірден-бір көзі боп қала бермекші. Маңғыстаудың өнеркәсіптік болашағы өлке халқын ең арзан етпен, ең арзан сүтпен қамтамасыз ететін қой мен түйенің санын бірнеше миллионға жеткізуді міндеттейді. Маңғыстау түбегі мен Батыс үстірттегі 8 миллион гектар жердің топырағын зерттеген Е. У. Жамалбековтың «Маңғыстау түбегінің жер қыртысы» дейтін1 кітапта келтірген есептеуі бойынша, бұл өлкенің жер қыртысы ауыл шаруашылығына пайдалануға жарамдылығы жағынан төмендегідей топқа бөлінеді екен: 1. Таулы Маңғыстаудың егіншілікке пайдалануға қиындық келтіретін, ойдым-ойдым алқаптарындағы жерлер — 39930 га немесе зерттелген территорияның 0,5 проценті; 2. Түбірлі мелиорациядан кейін барып ара-тұра егіншілікке пайдалануға жарап қалатындай шабындық және жайылымдық жер, 2636 600 га немесе зерттелінген территорияның 24,42 проценті; 3. Арнаулы агротехника көмегімен аратұра игеруге келетін жайылымдық және өнімділігі төмен шабындық жерлер – 350 380 га немесе зерттелетін территорияның 4,42 проценті; 4. Тау баурайлары мен бұйраттардағы құнары аз сортаң жусанды жайылым жерлер – 654 476 га немесе зерттелінген территорияның 8,26 проценті. 5. Қызғылт топырақты тау алқабы мен жазықтардағы құнары аз сортаң-жусанды жайылымдар – 1 096 700 га немесе зерттелінген территорияның 13,84 проценті; 6. Қызғылт сұр топырақты аймақтың құнары аз сортаң-жусанды жайылымдары –3 215 754 ға немесе зерттелінген территорияның 40,06 проценті. 7. Құнары тіптен аз сортаңды жайылымдар – 529 830 га немесе зерттелінген территорияның 6,66 проценті. 8. Шағын құмақты жайылымдар – 451 014 га немесе зерттелінген территорияның 5,7 проценті; 9. Пайдаға аспайтын еспе құм, сортаң және тұзды көлді жерлер – 1 354 120 га немесе зерттелінген территорияның 17 проценті. Сонда өлкенің тек әлгіндей зерттеу жүргізілген 7 965 804 га жерінің өзінің 6 601 684 га немесе зерттелінген территорияның 83 проценті мал шаруашылығына жарамды жерлер боп табылады. Осының өзі-ақ кейбір мамандар айтып жүрген егер қысқы жем-шөппен қамтамасыз етілсе Маңғыстау мен Үстіртте 6-7 миллионға дейін мал ұстауға болады дейтін пікірінің жаны бар екендігін дәлелдейді. Өлкенің терістігіне жылына 100-150 миллиметр, оңтүстігіне 100 миллиметр ылғал түседі. Түрікмен шөл институтының директоры ТССР Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі А. Бабаевтың («Известия» газеті, 1973 жылғы 20 октбярь) айтуынша, сол 100 миллиметр шамасындағы азғантай ылғалды аңызаққа сорғызып алмай, ысырапсыз пайдаланса, құрғақшылық аймақтарда көшпелі мал шаруашылығына қолайлы біршама құнарлы жайылым ұстауға әбден болатын көрінеді. Тек әңгіме сол ұлан-ғайыр мол өрісті осы заманғы ғылымның жаңа жетістіктерін ұтымды пайдаланып игере білуде. Өйткені, жүз мыңдаған малдың тұяғы жайылымдардағы азын-аулақ өсімдік дүниесіне шаш етектен пайда тигізуі де, ойсыратып кетердей зиянын тигізуі де әбден мүмкін. Ғалымдардың айтуынша, жер шарының өте көп бөлігінің шаңдағы ұшқыны қу тақыр шөлге айналғанына тек кейінгі дәуірлердегі ауа райы өзгерістері ғана емес, жаңа климаттық жағдайға дер кезінде дұрыс икемделе алмаған көшпелі мал шаруашылығы да себеп көрінеді. Сондықтан да, совет ғалымдары шөл және шөлейт аймақтардағы аса нәзік табиғи аяны жүйелі игеру проблемасына айрықша мән беріп отыр. Жайылымдар жөніндегі көрнекті маман, биология ғылымдарының докторы, ТССР Ғылым академиясының академигі, Социалистік Еңбек Ері Нина Трофимовна Нечаеваның айтуынша1, мал жаюды жүйелі ұйымдастыру топырақтың үстіңгі қабатын жұмсартып, өсімдіктердің төгілген дәндерінің жер қабатына жеткілікті мөлшерде тереңдеп енуіне және өндірістердің малдың тұяқ жаншыған көңдерімен тыңайтылуына пайдалы әсер етсе, мал жаюдағы жүйесіздік, топырақты тым ұнтақтап, құнарынан айырып, құмға, тозаңға айналдырып жіберуге, өсімдік дәнінің тым терең қабатқа көміліп, өсе алмай қалуына, қайта-қайта ауызға іліне берген шөптердің тамыры қопарылып, жас өскіндердің тапталып қалуына, сөйтіп, құнарлы жайылымды біржола құртып жіберуге әкеліп соқтыруы мүмкін. Сондықтан да, жайылымдарды топырағы мен өсімдік дүниесіне қарай аудан-ауданға бөліп, шөптер мен бұталардың тозаңдануына жас өскіндердің өсіп-жетілуіне, піскен дәндердің ысырапсыз қайта өнуіне орайластырып, маусым-маусыммен мал жаюды ұйымдастыру — табиғи жайылымдарды ұтымды пайдаланудың басты шарты болып табылады. Шөптің піскен дәндерінің топырақ қойнауына қайта енуіне мал жаюдың тигізетін әсері мол. Мал жайылмаған жерде шөптің дәні топыраққа сіңбей тышқандар мен кеміргіш түз хайуандарына жем болып, орынсыз ысырапқа ұшырайды. Әр қойға жылына 6-6,2 гектардан келетін орташа жайылымдарда дән қайтадан өніп шыға алатындай 0,5- 2 см. тереңдікке сіңеді, ал жайылымға тиетін тұяқ тығыздығы аталмыш мөлшерден 25-26 процентке асып кеткен жерлерде, дән 3-5 см тереңдікке көміліп қалып, қайтадан өсіп шыға алмайды. Шөптің шығымы да жайылымда қанша мал жайылғанына байланысты көрінеді. Мал орташа жайылған жерге шөп өте қалың өніп, мал аз жайылған жерде одан гөрі азырақ, ал мал өте көп жайылған жерге тіптен аз шығады да, мал жайылмай, түскен дән топырақ қойнына қайта сіңірілмей қалған қорықтарда ең аз өнім алынады екен. Түрікменстан ғалымдары осы жағдайларды ескеріп, шөлдегі жайылымдарды қайтадан өңдеу шараларын кеңінен қолға алуда. Олар жайылымды өсімдіктердің тозаңдануы, гүлдену және тұқым беру мерзімдеріне ыңғайластырып пайдалануды ұсынады. Мұндай ара салмақ бұзылған, құнарлылығы азайып, шөптің өнімі төмендеген жайылымдар қайтадан жаңартылады. Ол үшін белгілі бір жайылымда шөл және шөлейт аймақтарға тән өсімдік түрлерінің бәрінің де өніп-өсуіне айрықша көңіл бөлінеді. Құрғақшылық аймақтарда өсетін өсімдіктерді Н.Т. Нечаева негізінен бұталар, бұта тектес өсімдіктер және шөптер деп үш топқа бөледі. Бұталарға құмдағы ағаштар, сексеуіл, жүзген, шағыр сияқты бұталар, көп жылдық шөптермен бір жылдық шөптер, тез гүлдеп, тез қуаратын өсімдіктердің кейбір түрлері кіреді. Олардың жер үстіндегі бөлігі 3- 4,7 метрге дейін, ал тамырының тереңдігі 10 метрге дейін барады. Бұл ара оларға ауа мен топырақ бойындағы құнарды мол сіңіруге қолайлы жағдай жасайды. Бұталар құмның тұтқырлануында көп қызмет атқарады. Өйткені, құм басқа топырақтардан гөрі бойына ылғалды көп жияды, бірақ сусыма құм ондай ылғалдан тез айырылып қалады. Ал бұталар құрғақшылық аймақтардан тек құмды тоқтатып қана қоймай, топырақ бойындағы ылғал мен органикалық құнарды да тұрақтандырады. Сондықтан да, шөл мен шөлейт аймақтардағы бұталарды қорғау ормандағы ағаштарды қорғаумен бара-бар игі іс болып табылады. Бұта тектестер тобына бойы 150 сантиметр, тамыры 1-1,2 метр шамасындағы тапал бұталар, бір жылдық және көп жылдық шөптер жатады. Жусан, бұйрығын, тітір сықылды шөптер қатқыл жерлерде өседі. Шөптер тобына бойы 25-40 сантиметрден, тамыры 1 метрден аспайтын бір жылдық және көп жылдық шөптер жатады. Өсімдіктердің мұндай әртүрлі тобы жан-жағындағы құнарды әр қилы меңгеріп, әр қилы өнім береді. Ең көп өнім бұталардан жиналса, ең өнімсіз ұсақ шөптер болып саналады. Шөл аймақтардағы әртүрлі өсімдіктер әр кезеңде тозаңданып, әр түрлі уақытта пісіп жетіледі. Белгілі бір жайылымда аталмыш түрлердің бәрінің бірдей өскені өте пайдалы болып табылады. Егер жайылымда жоғарыда айтылған үш түрдің үшеуі де ұшырасса, ондай жайылымды жыл он екі ай түгел пайдалануға болады; ал бұталар мен бұта тектес өсімдіктерден тұратын болса, ондай жайылымды күзеу мен қыста пайдаланған жөн; тек бір өңкей шөптерден ғана тұратын жағдайда, оны көктем мен жазда жайылыс қылған тиімді. Шөптің өнімділігі маусымға қарай да әр алуан құбылады. Егер көктем мен жазда әр гектарға 5 центнерден шөп енсе, қысқа қарай ол екі есе азаяды. Құмақ аймақтардағы шөп өнімділігі тау баурайындағы шөп өнімділігінен гөрі ауа райына тәуелсізірек. Н. Т. Нечаеваның пайымдауынша, Қарақұмда он бес жыл уақыттың 74 процентінде жақсы және орташа өнім жиналыпты да, 26 процентінде аз өнім, ал тау баурайында он жеті жыл уақыттың 60 процентінде жақсы және орташа өнім, ал 40 процентінде аз өнім жиналыпты. Әсіресе, сексеуіл, жүзген және басқа құм бұталары өте аз ылғалға қоректеніп, мал жылдың қай мезгілінде де жайылуға жарайтын тұрақты енім беретін көрінеді. Көршілес Түрікмения шаруашылықтары бір өңкей шөп өсетін аймақтарға бұталар мен бұта тектес өсімдіктер егіп, жайылымдарды жаңартып тұрады. Бұрынғы бұталары мен бұта тектес өсімдіктер азайып кеткен жерлерді қайта жаңғырту да жайылымның құнарлылығы мен өнімділігін ойдағыдай арттырады. Орта Азия республикалары жергілікті өсімдіктермен бірге бұта және бұта тектес жаңа сорттарды көптеп егуді де жүзеге асыруда. Жерді жыртып, тұқымдардың дұрыс шашылуын, есімдік түрлерінің белгілі аяның органикалық құнарын жүйелі түрде бөлісуін қамтамасыз ететін жеңіл-желпі шаралардың өзі жайылымдардағы шөп өнімділігінің күрт көбеюіне керер көзге әсер ететін көрінеді. Шебі тез гүлдеп, тез қурап қалатын адырларда құрғақшылыққа шыдамды жаңа өсімдік түрлерін егіп, жасанды жайылымдарға айналдыру да аса жоғары көрсеткіштерге жеткізіп жүр. Жерді бораздалап, жыртып, оған шөп есімдіктерінің әр алуан тобына жататын 3-5 түрді тырмалап көму тек топырақтың бетіндегі құнарды астына түсіруіне ғана емес, ылғал сіңіру режимінің жақсаруына да пайдалы әсер ететін болса керек, жасанды жайылым табиғи жайылымнан 4-16 есе артық өнім беретін көрінеді. Мұндай жасанды жайылымдар жасауға кеткен шығын 4- 5 жыл ішінде артығымен өтеледі және ол одан кейін 20 -35 жыл бойына жоғары өнімділігін жоғалтпайды. Бұталар мен жартылай бұта тұқымдастар құрғақшылыққа өте-мөте төзімді. 1963 жылғы құрғақшылықта Түрікменияның Бадхыз тәжірибе аймағындағы жасанды жайылымдағы бұталар мен бұта тұқымдастар бұрынғы жоғары өнімділігін сақтаған да, ал тың жатқан жердегі шөп жылдағыдан екі есе аз өнген. Көршілес республикалар тек құмақ аймақтарда ғана емес, жазықтар мен адырларда да фитомелиоративтік өңдеудің пайдалы жолдарын іске асыруда. Ылғал ұстайтын бораздалар салу, сортаң жерлердегі гипстеу, құм тоқтату, бұталар егу — шөл мен шөлейттің пайдалығын арттырудың бірден-бір тиімді жолдары. Шөлді игерудің мұндай тиімді әдістері Маңғыстаудың шөл және шөлейт аудандарын игеруде аса зор пайда тигізе алады. Өйткені, Маңғыстаудың тек құмақтарында ғана емес, далалық жерлерінде де топырақ қабаты өте көшпелі. Сәл жаңбырдың өзінде су жердің қаттылығынан топыраққа сіңбей, селдетіп сай-салаға ағып кетеді. Ал желдің жылдамдығы секундына 5 метрден асса болды, топырақ болып, шаңыт көтеріледі. Құйынға ілескен құм қиыршықтары өткір пышаққа айналады. Маңғыстаудағы ақ шыңдарды адам таңғаларлық әр алуан кейіпке түсіріп жүрген мүсінші де сол — жер көтерген мың сан құм қиыршақтары. Мұндай сусыма құм мен сусыма топырақ ұлан-ғасыр өлкені көрер көзге құнарсыздандырып барады. Бұл тажал құбылысты тоқтатудың бірден-бір жолы — совет ғалымдарының шөл және шөлейт аймақтарды игерудегі совет озат тәжірибелерін пайдалана отырып, өлкеде мелиорациялық жұмыстар жүргізу болып табылады. Маңғыстау жағдайында, тек адырлар мен құмақтарда ғана емес, жазықтарда да бұталар егу әрі жер құнарын сақтап, әрі ылғалды тұрақтандырып, өлкенің өсімдік дүниесіне күн көзі мен желдің жасап отырған озбырлығына айтарлықтай тойтарыс берген болар еді. Бұл аймақта күннен-күнге кеңінен қанат жайып келе жатқан өндіріс жергілікті ауыл шаруашылығынан тек ет, сүт талап етіп қана қоймай, овощ, жеміс-жидектер талап етері де сөзсіз. Түбекте қазірдің өзінде қала тұрғындары ауылда тұратындардан әлдеқайда асып түсті. СССР Медицина ғылымдары академиясының нормалауынша, ауыл шаруашылығы өнімдерінің орташа өнімділігі жағдайында, әрбір мың адамға алыстан тасымалдауға жарамайтын жас овощ дақылдарын өсіруге 3 гектар, жас жеміс-жидек, жүзім, бақша дақылдарын өсіруге 2 гектар жер керек. Маңғыстау өнеркәсіп қалаларындағы тұрғындардың саны 1980 жылы 200 мың адамнан асады. Сонда оларды жас овощ, жеміс-жидекпен қамтамасыз ету үшін мұндағыдай құнары аз жерден ең кемі 1500 гектар егістік жер керек. Оның үстіне халықты сүтпен қамтамасыз ету үшін тағы да 1000 гектардай жер қажет. Е.У. Жамалбеков аталмыш зерттеуінде ондай егіндікке Қаратау бойындағы жеңіл-желпі мелиорацияны қажет ететін 2,6 мың гектар жерді және сәл күрделірек мелиорацияны керексінетін ІІІ топтағы 1500 гектар жерді пайдалануды ұсынады. Сол сияқты, ол Маңғыстауда тұрмыстық қажетке пайдаланылған канализация суымен егін суаруға кеңес береді. Мұндай әдіс әрі ауыз суға ауадай қажет тұщы суды үнемдейді; әрі бір гектар жерді 4- 6 мың текше метр канализация суымен суарғанда ол 200-300 кг азот, 40- 60 кг фосфор және 100- 150 кг калий тыңайтқыш сіңіреді. Түбекте қала тұрғындарының саны тек екі жүз мыңмен тоқтамайды. Тұлдырсыз тақыр далаларда жаңадан пайда болған елді мекенді көгалдандыру керек. Өсімдікке тапшы далада өндіріс орындарының жиі орналасуы ауадағы оттегі балансын керекті мөлшерде сақтау үшін көп көгеріш қажетсінеді. Осының бәрі түбектегі егіншілік мөлшерін жоғарыда көрсетілген мөлшермен шектемеуді талап етеді. Ендеше, бұл аймаққа жерді сортаңдандырудан, жел эррозиясынан сақтайтын, топырақты азот, фосфор және басқа органикалық минералдық тыңайтқыштармен тыңайтуды жүзеге асыратын жан-жақты мелиорация жүргізбей болмайды. Жақын дәуірлерде ғана теңіз астында жатқан бұл өлкеде жерасты сулары егін суарған кезде жер бетіне көтеріліп, сортаңды көбейтеді. Оның үстіне түбекті үш жағынан бірдей көмкеріп жатқан Каспий теңізі жағалауларынан желмен орасан зор мөлшерде тұзды тосап ұшып, миллиондаған гектар жерді қосымша тұздандырады. Сондықтан да, Маңғыстау мелиорациясының ең басты мақсаты — сортаңданумен және жел эррозиясымен күресу. Жердің сортаңдануын қалай жеңуге болатынын Арарат алқабындағы тұзды аймақтарды игеріп жатқан армян ғалымдары көрсетіп берді1. Олар күкірт қышқылы мен кен өнеркәсібінің ішінде темір купоросы бар қалдықтарын пайдалану арқылы топырақты тұщытудың жолын тапты. Бір гектар жерді тұщыту үшін 88 тонна күкірт қышқылы мен 120 тонна темір купоросы керек. Одан әрі топырақты қалпына келтіру қай дақылдан кейін қай дақылды егуді дұрыс таңдап алу мен агрохимияны дұрыс пайдалануға байланысты. Армян ғалымдары химиялық мелиорациясымен тұщытылған жерге біршама бидай, артынан төрт жыл қатарынан жоңышқа, одан кейін овощ, бақша дақылдарын егіп жүрген көрінеді. Армян топырақ зерттеу және агрохимиялық институтының әлгіндей тәжірибе даласынан әлденеше жыл қатарынан әр гектардан 200- 250 центнер жеміс, 80-100 центнер жоңышқа, 30 центнер күздік бидай алыныпты. Егер Маңғыстау даласын мелиорациялау жүзеге асса, мұнда миллиондаған гектар жерді көгалға, гүлбақшаға айналдыруға болар еді. Маңғыстаудың тек мұнаралар аймағы ғана емес, жасыл теректер аймағына айналар-айналмасының тағдырын, түптеп келгенде, жер шешпейді, су шешеді. Бұл өлкедегі ылғалдың бірден-бір көзі Каспий теңізі болып табылады. Ол жылма-жыл ауаға одан алатын ылғалынан 5 есе көп ылғал шығарады, ал теңіздің шығыс жақ бөлігінде теңізден ауаға шығатын ылғал, ауадан теңіз айдынына түсетін ылғалдан 13 есе көп. Жылына Каспийге ауадан 9010 миллиметр ылғал түседі екен; оның 65 проценті батыстан, 12 проценті оңтүстіктен, 10 проценті шығыстан, 13 проценті солтүстіктен түсетін көрінеді. Ал теңіз сыртына жылына 9430 миллиметр ылғал ұшып шығады. Соның 64 проценті шығысқа, 14 проценті батысқа, 12 проценті терістікке 10 проценті оңтүстікке тарайтын болса керек. Демек, Каспий теңізі маңайындағы ауада ылғал жеткілікті, бірақ ауадағы ағындар оның қайтадан суға айналып, жерге түсуіне мүмкіндік бермей, алыс қиырларға айдап әкетеді. Каспийден ұшатын ылғалдың 50 проценті сонау Орта Азия шөлдеріне барып қонады. Сөйтіп, жер түбіндегі Орта Азияның от демінің салдарынан, Каспийдің тап іргесіндегі Маңғыстау аймағы аузынан қағылып, жылына 100 миллиметр ылғалды талшық етеді. Жылдық температура 4300 градус жылылыққа жетеді, жерден ұшатын ылғал жылына 1500 миллиметрге дейін барады.
Осындай құрғақшылық аймақтағы ауыз судың бірден-бір көзі — жер асты сулары. Ол негізінен ежелгі теңіз ылғалдарынан қалып қойған седиментациялық сулар және атмосфера ылғалдары мен өзен суларынан жинақталған сүзінді (инфилыпрациялық) сулар боп екіге бөлінеді. Ж.С. Сыдықов, Б. Көкебаев, А. Көгешев, А.С. Вишняков, Г.В. Куликов, Б.Н. Соколов зерттеулері бойынша, Қаратау бойында жылына 6,3 миллион текше метр су беретін 800 шаршы километрлік сулы алқап бар. Пермо-триас қабатындағы тұщы сулардың жалпы қоры 160 миллион текше метр шамасында. Ал Қаратаудағы орта юра қабатындағы тұщы және сәл ащы сулар қоры 125 миллион текше метрге жетеді. Қаратау, Қаратау маңы, Терістік Ақтау, Қарақия маңы т.б. жерлердегі 8 мың шаршы километрді алып жатқан территориядағы тұщы және сәл тұзды сулардың қоры 45 миллиард текше метр. Таулы аймақтың терістігі мен түстігін, Түпқараған мен Оңтүстік Маңғыстауды, Орталық Үстіртті қамтитын 40 мың шаршы метр жерде жоғары және орта альб қабатында 3 грамнан 10 грамға дейінгі минералданған 240 миллиард текше метр ащы су, Маңғыстау мен Үстірттегі 25 мың шаршы метр көлемді алып жатқан сармат қабатындағы 16 миллиард текше метр ащы су, ал Оңтүстік-Шығыс Маңғыстау құмды аймақтары мен Бозашы, Сам жерлерінен 4,2 немесе 1,8 миллиард текше метр тұщы су қоры табылып отыр. Жер асты суларының бір текше метрінің өзіндік құны Қаратауда — 2,46 тиын, Ұланақта — 3,66 тиын, Сауысқанда — 2,6 тиын, Басқұдықта — 2,06 тиын, Терістік Ақтау бассейнінде — 9,5 тиын, Оңтүстік Маңғыстауда — 2,6 тиын, Үстіртте — 4,7 тиын тұрады. Сөйтіп, Т. К. Қарамурзиевтің есептеуінше, Маңғыстауда бір гектар жерді суару үшін орта есеппен 48 сом шығын жұмсалады. Алайда, Маңғыстауда егін суаратындай тұщы суды ауыз суға пайдалану тиімді. Өйткені, Маңғыстаудың тұрғындары үшін ауыз суға жер асты тұщы суының өзі аздық етеді. Сондықтан да, Маңғыстауда Каспийдің түбінен су құбырын тартып, Еділден, Мақат пен Бейнеу арқылы Жайықтан, Бейнеу арқылы Амудариядан су әкелу жобалары ұсынылды. Мұндай жолмен әкелінген Еділдің суының әр текше метрі И. Тепляковтың есептеуі бойынша2, 18,65 тиынға, Жайықтың суы — 24,65 тиынға түседі екен. Мұндай қымбат суды тек өнеркәсіп орындарына пайдалануға болмаса, егін суаруға пайдалану еш мүмкін емес көрінеді. Өйткен, күнде Маңғыстауда әлгіндей сумен бір гектар жер суаруға 1750 сом жұмсауға тура келер еді. Әрине, мұндай жағдайда, Индия, Израиль, Испания тәжірибесіне сүйеніп, жерді теңіз суымен, сәл тұзды жер асты суларымен және пайдаланылған канализация суларымен суаруға тура келеді. Бірақ, мұндай жолмен жергілікті тұрғындарға керек азын-аулақ овощ, бақша дақылдарын өсіруге болғанмен, Маңғыстау өнеркәсібі қызметкерлерінің ауыл шаруашылығы өнімдеріне деген мұқтажын түгел қанағаттандыру еш мүмкін емес. Ол өлкенің өнеркәсіптік дамуына да өз ықпалын тигізбей қоймайды. Маңғыстау мен Үстірттің өнеркәсіптік ресурстарын жанжақты мол пайдалану аталмыш аймақтағы халық санын курт көбейтуді қажет етеді. Оның үстіне, өсімдік дүниесіне өте кедей өңірде сонша халықты жинап, орасан зор масштабтағы индустрияны өркендету үшін өлкенің экологиялық сипатын шұғыл жақсартпай болмайды. Сондықтан да терістік өзендерін Орта Азия мен Қазақстан шөлдеріне қарай кері ағызу идеясы жүзеге аспайынша, Маңғыстау аймағындағы ең басты проблема су боп қала бермекші. Арал мен Каспий арасындағы ең байтақ өлкені терістік өзендерінің суын кері ағызу арқылы суландыруды алғаш рет өткен ғасырда Я. Демченко ұсынған-ды. Ол 1891 жылы осы жоспарын айтып кітап шығарамын деп баспасөз бетінде күлкіге ұшыраған-ды. Алайда, бұл идея кейін Б. Монастырев (1923 ж.) Д. Букинич (1920-1930 жылдар), Н. Ботвинкин (1924-1934 жылдары), А. Макаров (1930 жылы), А. Шульга (1936-1950 жылдары), М. Давыдов (1940-1950 жылдары), К. Голубцева (1957 жылы) жобаларында сан рет қайталанды. Солтүстік Мұзды мұхитқа Енисей мен Обь жылына 950 миллиард текше метр су құяды. Ол Орта Азия мен Қазақстан өзендерінің бір жылғы су мөлшерінен бес есе көп. Қазақстанның энергетика ғылыми-зерттеу институты Обь пен Енисей өзендерінен жылына 220 миллиард текше метр суды кері ағызу жобасын жасады. Оның үстіне Батыс Қазақстан облыстарына Еділден 25 миллиард текше метр су жеткізу жоспарланып отыр. Сонда Қазақстан мен Орта Азияның құрғақшылық аудандарына ұлы Еділдің өзіне барабар (Еділдің жылдық қоры — 256 миллиард текше метр шамасында) жаңа жасанды өзен ағып келмекші. Бұл ұлы жоба жүзеге асқан күнде Арал мен Каспий арасындағы кенезесі кепкен жапан түз де, соның ішінде Маңғыстау аймағы да суға қарқ боп қалар еді. Қай заманның жолаушылары да қайран қап жазған бір жай бар: Маңғыстауда келе жатсаң, кенет алыстан көзіңді тартып ғажайып қала көрінеді. Көк тіреген мұнаралар мен ақ шаңқан үйлер. Жайқалған жасыл желек. Жан-жағы шалқар көл. Әлгінде ғана қайда қарасаң да құлазып тұрған құла түз, кезерген кебірлер мен айнатаз тақырлар, жер тістеген жермешел бұталар мен сілікпесі шыққан сілті шөп жым-жылас ғайып боп, ойда жоқта пейіш қойнауына еніп кеткендей, таңдайыңды қағып таңырқаумен боласың. Таң атқалы іш пыстырған мимырт жүрістен жалыққанда, көңіліңе оралған көп қиял табан астында шындыққа айналып, көз алдыңа көлкештеп тұра қалғандай. Шыжғыра күйдірген шілденің күнінен миын зеңіп, көзіңе қос көрініп тұр ма, әлде мынау сазарып жатқан сар даладағы әлде бір сиқыр күш мазақтап тұр ма — біле алмай дал боласың. Оның сырына бесін ауа түсінесің. Сам жамырай, сағым шалып тұрған жал-жалдың басындағы мөлдіреген меруерт қалалар күл болып көкке ұшқандай, қалқып жатқан айна көлдері айдаһар жұтып кеткендей, жайқалған желек әлде бір тажалдың табанына түсіп тапталып қалғандай — жан-жағындағы жүдеу бас дүние бәз-баяғы таз қалпына қайта түседі. Бірақ жаңа ғана көз алдында жайнап тұрған әдемі елесті енді қайтып естен шығара алмайсың, ол көкейіңе мәңгі өшпейтін арман боп орнайды. Сан ұрпақтың санасына алыс қиял, алдамшы елес боп орнаған сол суреттер бүгінде Маңғыстаудың маң даласында сағым тарқаса да самсап тұра беретін шындықтан айналуда. Кәрі Атыраудың елсіз жағасында шағала түстес шаңқан қала орнады. Оған бір кезде осы өлкеде айдауда болған ақын Тарас Шевченконың аты қойылды. Жобалаушылар қала салудың дүниежүзілік практикасында бұрын-сонды ұшыраспаған шешім қабылдады. Жаңа қаланың теңіз жағалауын бойлай салынғаны дұрыс деп табылды. Өйткені аңызақты шөл даладағы қалаға теңіз қойнауынан есетін салқын леп ауадай қажет еді. Шевченко қаласы архитектуралық шешімінің сәнділігімен де, тиімділігімен де ерекше көзге түседі. Оның жобасы талай халықаралық көрмелерде бес жүлдеге ие болды. Шөл аймақта осы заманғы қала салудың теңдесі жоқ үздік үлгісін жасаған Ленинград архитекторларының бір тобына Шевченко қаласының жобасы үшін СССР Мемлекеттік сыйлығы берілді. Отандық архитектура мектебі құрғақшылық аудандарда құрылыс салудың мұндай тамаша тәжірибесін одан әрі жалғастыруда. Теңізден алыста, жан-жағын тақырлар мен алапат қазан шұңқырлар қоршаған мидай жазықта жергілікті ұлутастан салынған қырмызыдай құлпырған қызғылт қала тұр. Бұл — Жаңа Өзен қаласы. Мұнайшылардың, барлаушылардың, газ өндеушілердің астанасы. Аптап аңызақ пен қысы-жазы шақырайып тұратын күн өтіне салынған бұл қаланың сәулетіне ешкім мін таға алмайды. Желден, күн көзінен қорғанатын микроклимат жасауда жобалаушылар шөл аймақты қоныстанғандардың көп ғасырлық тұрмыс тәжірибесі мен осы заманғы құрылыс өнерінің жетістіктерін шебер үйлестіре білген. Шевченко мен Жаңа Өзен қалалары — қысы-жазы ел қоныстанбайтын медиен даланы адам игілігіне қызмет еткізе білудің тамаша үлгілері. Сонымен қазіргі Маңғыстауда ақ шағала қалалар да, көк тіреген мұнаралар да баршылық. Әзірге жетпей тұрғаны жайқалған желек пен шалқар дариялар. Осынау өлкелерге олардың да орнамай қоймайтынына көзіңіз жетіп-ақ тұр. Өйткені, тарих үшін қас қағым уақыт — он-он бес жыл ішінде өлкені осынша адам танымастай қып өзгертіп, жасартып-жаңғыртқан жасампаз еңбектің қай қиялыңды да шындыққа айналдырарына сенбеске ешқандай қақыңыз жоқ. Сол адамзат ақыл-ойы ғасырлар бойы күресіп келген жер асты мен жер үстіндегі, су мен су астындағы әр топырақ, әр тамшы ылғал, әр жұтым ауа мен әр түйір дәнді адамдардың жарқын бақытына қызмет еткізу жолындағы асқақ арман, абзал мақсаттардың өз дәуіріңде, өз көзіңше, өз өлкеңде, өз замандастарыңның қолымен жүзеге асып жатқанын көргенде қалай марқаймассың, қалай масаттанбассың...
Бар бол, баба дала!
АЗАТ ЕЛГЕ АҒАЙЫН КӨП...
Бір сапардан түйген түйін Тәуелсіздік алғанымызға әлі жыл толған жоқ. Сол екі ортада бізді жүзден астам мемлекет мойындады. Ондаған мемлекеттермен дипломатиялық қарым-қатынастар орнатылды. Біріккен Ұлттар Ұйымынан бастап, ең беделді халықаралық ұйымдардың көбіне мүше болдық. Көңіл тоғайтарлық-ақ көрсеткіштер. Бірақ, сыртқы саясатта да саннан гөрі сапаның маңызы зорырақ. Халықаралық қатынастың да бүгесі мен шігесі көп. Мұнда да көппен бірге салпаңдап, ер қара болып жүре беруге болады. Ал, бірақ, ықпалдаса білудің жөні бөлек. Ондай ықпалға ие болудың әрқилы төркіні бар. Ең алдымен, еліңнің экономикалық, демографиялық, әскери қауқарынан, қазіргі геосаяси ситуациядағы ахуалынан дұрыс қорытынды шығарып, тиімді саяси бағыт ұстана білу қажет. Ұстансақ, оған былайғы дүниенің көзқарасы қалай? Былайғы дүниедегі арасалмақ та әр алуан ғой. Соның ішінде, қазіргі әлемдік саяси ауа райын жасап отырған күштер қандай ыңғай танытып отыр? Біз Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Батыс Еуропаға тұңғыш рет ресми сапарын осы тұрғыдан қарастырғанды жөн көрдік. Өйткені, Париж бен Бонн — бүгінгі саясат дүниесінде кім-кімнің де жүрегін қобалжытатындай «әлемдік астаналар». Бұған дейін кермеқар сөйлесіп келген екі жүйенің біреуі өз-өзінен күйреп, Жер шарының ендігі келбеті қалай болары әлі айқындалып болмаған кезеңде олардың айбыны бұрынғыдан да асып тұр. «Енді-енді қаз басқан жас тәуелсіз мемлекет түгілі талайдан бергі тізелестерінің өздерін қастары мен қабақтарына қаратып үйренген екі астана Қазақстан Президентінің тұнғыш ресми сапарына қандай маңыз берер екен?» — деген толғаныс мемлекеттік делегацияның қай мүшесінің де көңілінде жатқан шығар. Өз басым Кельн — Бонн әуежайынан басталатын қарсы алу рәсіміне айрықша назар аударып бақтым. Өйткені дипломатиялық протокол тілі — тұңғиық тылсым тіл. Ол, әсіресе, немістер тарапынан, неғұрлым толық, неғұрлым дәл, неғұрлым ұқыпты орындалса, қабылданып отырған мемлекет басшысының өзіне, еліне, жүргізіп отырған саясаты мен келгендегі мақсаттарына солғұрлым салиқалы көңіл бөлгендігінің белгісі. Сүттей ақ мотоциклшілер экспорты, мөлттей қара «мерседестерден» тұратын кортеж «Хаммершмидт» вилласының алдына кеп тоқтағанда қарулы күштердің барлық түрлерінің өкілдерінен тұратын құрметті қарауыл салтанатты сапта тұрды. Келген ресми делегация мен қарсы алушы ресми адамдармен жеке-жеке амандасқан екі ел Президенті енді әскерлерге қарай беттеді. Қазақ гимнінің сүйек сіңді сазы неміс әскери оркестрінің орындауында аса әсерлі естілді. Кең алаңды шыр айналдыра қоршаған флагштоктарға ГФР туларымен кезектестіре ілінген біздің туымыз да көрушінің көзін арбайтындай. Қарсы алу рәсімінің қай тұсында да терезесі теңдік қағидасы қатаң сақталынған. Соның өзі-ақ алдағы келіссөздерге деген үмітті одан сайын күшейте түсті. Біздің сол сенімімізді нығайта түскісі келгендей: «Бұл біз үшін ерекше оқиға: біз егеменді Қазақстан Республикасы басшысын алғаш рет қарсы алып отырмыз. Қазақстанның тәуелсіздік пен егемендік алғаны, ең алдымен Сіздің де еңбегіңіз. Сіздің байсалды, пайымды саясатыңыз жас мемлекетіңіздің ұлттық дербестігін қамтамасыз ете алады. Кеңестер Одағына мұрагер — мемлекеттер арасында Сіздің даусыңыз айрықша салмаққа ие. Сізге Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығынан тысқары жерлерде де құлақ асады. Шын мәніндегі жаңа істерді бастауға мүмкіндік тууы аса сирек кездесетін оқиға. Қазақстан бұл мүмкіндікті зая жібермейді. Біздің бұған көзіміз жетіп үлгерді», — деді Германия Федерациялық Республикасының Президенті Рихард фон Вайцзеккер қонақсыдағы сөзінде. Бұның жай әншейін сыпайылық мезіреті еместігіне барған сайын көзіміз жете түсті. Ең жоғары мәртебелі меймандар тоқтайтын Петерсберг сарайы қаладан бірталай қашықтықта, биік таудың басында, қалың орман арасында тұрса да, Президент Назарбаевқа сәлемдесушілер аяқ құрғатпады. Германияның іскер тобының көрнекті қайраткерлері, барлық саяси партиялар мен қозғалыстардың басшылары, парламент пен үкімет мүшелері ағылып келді де жатты. Мен азғантай адамдар арасында ғана өтетін сұхбат-кездесулердің көбіне қатыстым. Әсіресе, 22 қыркүйекте таңертеңгі сағат 11-де ГФР-дің бұрынғы сыртқы істер министрі Геншермен болған кездесу қатты әсер етті. Сафиян сәкіге аса көп шалқақтамай, көлбей жайғасып, тісі ауырған кісідей, жағын ұстап отырып сөйлескен атақты дипломат бір уақытта сағатына қарап: «Мен өзім болған жердің бәрінде айтып жүрмін. Қазақстан — алдына қойған мақсаттарын орындай алатын бірден-бір ел. Мен бұған оның халқына, әсіресе, Президентіне қарап, сеніммен айта аламын. Сіздердің істеп жатқандарыңыз, Президент тақсыр, кейін өзгелер өнеге алатындай үлгіге айналады. Сіздер түскен жол — сенімді жол. Аса бай табиғи мүмкіндіктерді орныменен пайдаланып, осы заманға лайық жаңартуды жүргізудің мәні зор. Сонда сіздердің тәуелсіздіктеріңіз бекемдене түседі. Бұл ретте Батыс Герман жерлерімен мүлделестікті байланыстар орнату қажет», — деді. Манадан бері байсалды мәслихаттасып отырған Нұрсұлтан Әбішұлы да сол арада шабыттана сөйледі: «Сіз бір кезде немістерді күллі дүние жүзінің алдында үшінші рейхтің істеген қиянаттары үшін кешірім сұрауға мәжбүр еттіңіз. Сол күннен бастап күллі әлем Германияның демократияшыл ел екендігіне шындап сене бастады. Америкалықтар ежелгі байырғы жұрт өкілдері алдындағы қиянаттары үшін кешірім сұрап еді, күллі адамзат оның гуманистік ел екеніне сене бастады. Ал біздің бұрынғы империяның адамдар мен халықтарға жасаған қиянаттары үшін кешірім сұрайтындай ешкім табылмай отыр. Қайта оның орнына баяғыны көксейтіндердің үндері үсті-үстіне естіліп қалып жүр», — деді. Екі тарап та еріксіз бас шайқасты. Менің ойыма со; арада көшедегі көр дүмбілез емес, біздің елімізде қоғамды демократияландыру мен имандандыруды бастап бердік дейтін ең ірі мемлекет қайраткерлерінің сөздері түсті. Басқаларын былай қойғанда, Горбачевтің өзі одақтас республикалардың бірінен соң бірі егемендік алуын күлкіге айналдыра бастамап па еді?! Кешірім сұраудың орнына, езгі көрген ұлттардың тәуелсіздікке ұмтылуын келеке еткендерді тарихтың өзі келеке етіп тынды. Михаил Сергеевич дәл сол күндері Боннда жүрді. Біз тұрған резиденцияның келесі подъезінде тұрды. Күніне қалаға шапқылап, лекция оқып жүрген бұрынғы «президентіміз» көзге түспей қойды. Бірақ, Назарбаевтың дипломатиялық жеңістерінің хабары оған да жетіп жатса керек. Біз кеткен соң, көп ұзамай, неміс аудиторияларының бірінің алдында «Нұрсұлтан Назарбаев қадамдарын» ол да мақтапты. Денесінің өзі жүз килограммнан әлдеқайда асып жығылатын етжеңді Гельмут Кольдің қазіргі Еуропалық саясатта да, әлемдік саясатта да салмағы тіптен зор. Германияны қайта біріктіруші ретінде де, Еуропаны қайтадан ынтымақтастырушы ретінде де атағының әбден аспандап жүрган кезі. Ол өзінің шығыстан келген мейманын көптен дос-жар жүрген кісідей-ақ жадырай қабылдады. Құжаттарға қол қою сияқты аса ресми сәттің өзінде де екі езуі жиылмай, әзіл-қалжыңмен жүрді. Қысқасы, Қазақстан Президентінің алғашқы ресми сапары Бонн аспанын айрықша жарқыратып жіберді. Ал Парижде ше?.. Францияда ол кезде қатты нөсер жаңбыр өтті. Кейбір департаменттер қатты зардап шекті. Париждің аспанын айқара басып алған бұлт, расында да, біз жете бере ашылды. Орли әуежайында қарсы алушылардың көбінің қолында қолшатыр жүргені де сондықтан еді. Соған қарамастан ресми адамдар көп келіпті. Салтанатты қарауылдың құрамы да аса мол. Оркестрдің үні де айбындырақ. Әуежайға әншейін протоколдық өкіл емес, Премьер-министр Пьер Береговуаның өзі кепті. Алдын-ала мәлімет бойынша, Президент Франсуа Миттеранның өзі шығуы керек еді. Денсаулығына байланысты шыға алмапты. Кейін көзіміз әбден жетті. Онысы тіпті де «дипломатиялық сырқаттану» емес екен. Дәл біз барар қарсаңда, ауыр операция жасатып, ауруханадан шығыпты. Әуежайдағы қарсы алудың барлық рәсімі орындалған соң, алаңда бізді тосып тұрған әскери тікҰшаққа бөлініп міндік. Төменде — Париж. Талай романдар мен фильмдерден көңіліңе мықтап орнығып қалған «таныс та бейтаныс» Париж. Виктор Гюго мен Эмиль Золяның, Оноре де Бальзак пен Густав Флобердің Парижі... Әне, анау — Сена. Анау — Эйфель мұнарасы. Анау — Мон-мартр. Анау — Лувр... Тікұшақтар Елисей алаңына жете бере, Мүгедектер үйі алдындағы алаңқайға қонды. Қуырдақтың көкесі мұнда екен! Әлденеше жүз мөлт қара мотоциклшілер эскорты. Құйрық-жалы сүзілген тоқсан торы атты ұлттық гвардияшылар. Әтештің айдарындай кивералар. Күнхе шағылысып жарқыраған жалаңаш қылыштар. Полицейлер мен жол бойы сақшылардың өздері қуыршақтай қызылды-жасылды. Баяғы Людовиктер мен Наполеондар тұсындағы Франция қайта тіріліп кеткендей. Асып-тасып жатуға тырыспаса, Франция Франция болар ма, француздар француздар болар ма! Боннда ресми делегация мүшелері екі-екіден бір «мерседеске» жайғасса, Парижде делегацияның әр мүшесін дербес "Рено-25" тосып тұрды. Соңғы бес ғасырдың бар нышандарының бәрін бойына жиған салтанатты шеру ежелгі Париждің тарихи махаллаларын кесіп өтіп, Елисей Сарайының қарсы бетіндегі Мариньи Сарайына беттеді. Президент Назарбаевтың резиденциясы сонда орналасқан. Мұнда да сол – ежелгі Франция. Қылыштары жарқырап, шпорлары сатырлаған ұлттық гвардияшы сақшылар. Алтынмен аптаған апартаменттер антиквариат дүкендерінде ғана кездестіруге болатын зәру жиһаздар. Меймандар үшін алдын-ала әкеліп қойған жемістер де шеттерінен албырап, балбырап тұр. Гүлдерінің түстері де сондай қанық. Бояулары қолыңа жұғып қалатындай. Президент Франсуа Миттеранның резиденциясы болып табылатын Елисей Сарайының сән-салтанатын айтып ауыз ауыртудың қажеті жоқ. Талай ұлы романистің қаламына, талай ұлы суретшінің бояуына, талай ұлы киношының камерасына іліккен көріністі оқырман өзі де көзге елестете алады. Елестете алмайтыны бірақ нәрсе. Ол – Франсуа Миттеранның сол күнгі келбеті. Қазіргі "әлемдік саясаттың" үш китінің бірі ол күні тым солғын көрінді. Аяғын зорға басады. Қатерлі ісікке байланысты жасалған операцияның қарт организмге оңай тимегені көрініп-ақ тұр. Ал, соған қарамастан Қазақстан Президентінің сапарына байланысты өз мойнындағы дипломатиялық рәсімдердің бәрін аса мұқият орындап шығуы тек адамгершілік ізетпен қоса үлкен саяси мәнге ие қылық еді. Қыркүйектің 23-індегі кештегі Елисей Сарайындағы мемлекеттік қонақасыға қазіргі ресми Франция мен оппозицияның, іскер топтардың ең көрнекті өкілдерінен ешкім қалдырмай түгел шақырылыпты. Қазіргі премьер, бұрынғы премьерлер, қазіргі министрлер, бұрынғы министрлері қазіргі елшілер, бұрынғы елшілер қолтықтасып бірге жүр. Біреуі төрде, біреуі есікте қалып қоймай, аралас-құралас бірге дәмдеседі, бірге әңгімелеседі, ойыңа талай гәпті салатын өнегелі үрдіс. Қос Президент жайғасқан бас дастарқан басындағы менің көршім — бір кездегі премьер-министр Шебан Дельмас болып шықты. Қайта-қайта: «Қазақстанға алты Франция сыйып кетеді» деп қояды. Анадай жерде тағы да бір экс-премьер Пьер Моруа Шалбай Құлмахановпен сөйлесіп отырды. Тап осындай көрініске біз ертеңінде Париж ратушасындағы кездесу де, Пьер Береговуа берген үкіметтік қонақасыда да куә болдық. Кешегісі мен бүгіні қол ұстасып қатар жүрген қоғамның ертеңге де сенімі нық шығар. Ондай әлеуметтік оптимизмі жоқ елде азаматтық батылдық қайдан болады?! Бүгін тасып жүрсе ертең жасып жүруге мәжбүр болатынын біліп отырып, кім еркін сөйлей алады, еркін әрекет ете алады? Сондықтан да, өркениетті, демократияшыл қоғам орнатуға тырыссақ, ұстанған позициясы, ұнасын-ұнамасын, кешегінің өлісінің сүйегін далаға, тірісінің басын есікке қарай лақтырып тастауға тырысудан аулақ болайық. Ұлт басы түгенделер ұлы жиындарда бұрынғымыз бен қазіргіміз, ұнататындарымыз бен ұнатпайтындарымыз тізе қосысып, қатар отыруды, қол ұстасып қатар жүруді дәстүрге айналдырғанымыз жөн. Ол шынайы ынтымаққа да жеткізеді, шынайы плюрализмді де нығайтады. Бонн, Париж «салтанатты дастархандарынан» және бір үйренетін нәрсе: қонақжайлық пен меймандостықты екі тараптың пейілдесуімен қоса, пікірлесуіне де шебер пайдалана алатындығы. Ол үшін кімді қалай отырғызып, қандай топпен мәжілістес қылуды алдын-ала қарастырып қоятындығы. Әйтпесе, мың кісі шақырып, төгіліп-шашылғанмен, мыңының да көңілін таба алмай, риза қылудың орнына ренжітіп жіберуге болады. Әсіресе, біздің ешкімді қалдырмай, ортаға шығарып ап, бірінен соң біріне сөз беретін әдетіміз жұртты ділмарлыққа баулығанмен, пікірлестікке баулымайды. Шешендер бір-бірінен өнер асыру үшін бір тақырыптың ғана басын ауыртады. Жиналғандар, шын мәнінде, бір ғана гәпті естіп қайтады. Мың адам жиылып, бес сағат дастарқандас болса, бес мың сағат пайдалы уақыт бастарын қосып отырған адамға «сен кереметтей жақсы адамсың» дейтін бір ауыз ұғымды білдіруге ғана кетеді. Бес мың сағат уақыт + қыруар қаражат + дайындыққа кеткен қыруар күш жігер + бес сағат бойы мың кісіге қызмет етуге кеткен күш-жігер тең болады бар болғаны бір ғана кісінің атына айтылар бір ауыз ғана ұғымға, Мұндай кескіндеме біздің төгіп-шашпа «дастархандық мәдениетіміздің» ақпарат алмастырушылық, пікірлестік, пейілдестік өтемінің тым төмен екенін байқатса керек. Ал, Премьер-министрі Пьер Береговуа берген қонақасыда жайылған әр үстелдің дербес-дербес аты бар. Кіре берісте берілетін мәлімет қағазда сіз отыратын үстелдің қалай аталатынын, оның қайда орналасқанын білесіз. Келесі менің көршім Францияның Конституциялық Кеңесінің төрағасы, белгілі заңгер Бадентер мырза болып шықты. Тілмашымыз Юлия Антониге екі сағат бойына ауыз жаппауға тура келді. Әуелі Бадентер мырза менен емтихан алды.Біздің қандай мемлекет құрып жатқандығымыздың егжей-тегжейін білгісі келді, Сосың одан менің емтихан алуыма тура келді. Өйткені бұл саладағы біздің көзқарасымызға француз заңгерінің қалай қарайтынын, олардың халықаралық хұқық қағидаларымен қаншалықты сәйкес келетінін білу керек болды, Біз мұндай өзара емтихандасқанымыз қалған дастарқандастарымыздың да ешқандай шамына тиген жоқ. Қайта Президент Ельциннің саяси кеңесшісі Александр Рудов та, Президент Назарбаевтың экономика мәселелеріндегі кеңесшісі Дмитрий Валовой да біздің екеуара әңгімемізге ықыластана құлақ тосты. Өйткені, сөз болып отырған гәптер ол екеуі үшін де басы артық боп саналмайтын жәйттер еді. Талқыланып отырған өз жерінде өзі заңсыз жолмен азшылыққа айналған ұлттық тарихи қалыптасқан мемлекетін демократиялық жолмен қайта құрудың, соған лайық конституциялық құрылым жасаудың, төл ұлтқа жасалған тарихи әділетсіздіктің салдарынан арылудың, қазіргі көптектілік жағдайында егемендік пен территориялық тұтастықты сақтай білудің мәселелері кім-кімді де енжар қалдырмасы түсінікті. Бұл мәселелерде Бадентер мырза пікірлері де, негізінен, біздің пікірлерімізбен бір орайлас болып шықты. Дастархан басында әңгіме болған мәселелер артынша сол сарайда құқық профессорларымен кездесуде де қайтадан қозғалды. Француз заңгерлері біз орнатып жатқан конституциялық құрылыстың бүге-шігесін білуге неге осынша ынты-шынтыларын салады? Президент Назарбаевтың Бонн мен Парижде, Жоғарғы Сена мен Кельнде өткізген іскер топтар өкілдерімен кездесуіне, Бонн түбіндегі халықаралық саясат қауымдастығының кешіне жұрт неге Үлкен Театр балеті мен Ла-Скала операсына бара жатқандай ағыл-тегіл ағылады? Париж ратушасындағы да, басқа жерлердегі де кездесулерге Францияда тіркелген шетел дипломаттары мен тілшілері неге тайлы-таяғы қалмай, түгел келеді? Неге ауыр операциядан әлі айығып болмаған Миттеран Президент Назарбаевпен жолығу үшін шұғыл ауруханадан шығуға мәжбүр болды? Әлде алдын-ала түзілген протоколдық бағдарламаны бұзғысы келмеді ме? Әлде бонндық әріптестері Гельмут Коль мен Рихард фон Вайцзеккерден кем қонақжай боп көрінгісі келмеді ме? Жалпы, Бонн мен Париж қыркүйектің аяғын ала еткен әлгі сапарға бола неге осынша шабылып-шашылады? Мен бұл сауалдарға жауап іздеп, сол күндері қойын дәптеріме түскен кейбір жазуларға үңілемін. «Франция Қазақстанды — шеткергі Ресейдің, Қытай жазираларының және мұсылман «Уммасының» арасындағы айырықта тұрған осынау елді— өзінің бірінші дәрежедегі мүдделесі (партнері) деп біледі десем, ешкімді де таңғалтпаған болар ем» (Франсуа Миттеран). «Сіз Азия мен Еуропа түйісетін жердегі стратегиялық шекті иеленін отырсыз. Сіздің сыртқы саясаттағы белсенділігіңіздің сырын тек осынын өзімен-ақ түсіндіріп беруге болады, деп ойлаймын» (Пьер Береговуа). «Еуропа мен Орта Азия біздің еуроазиялық құрлығымыздың өмірлік маңызы зор екі кіндігі. Сіздің еліңіз Қытай әлемімен шектесіп жатыр. Сіз осынау ұлан-ғайыр кеңістіктегі мүдделерді ақылмен бөлісуді жақтауда түрік дүниесіндегі бірден-бір кепілдіксіз» (Жак Ширак). «Мен Шығысты жұмбақ дүние деп естуші едім. Сіз мен үшін ашық кітап сияқтысыз» (Гельмут Коль). Бонн мен Париж Қазақстанның саяси географиялық орнына неге мұнша үлкен мән береді? Біздің сапарымыз Еуропа өмірінде аса шешуші қызмет атқаратын ірі оқиғамен тұспа-тұс келді. Осы оқиғаға Президент Назарбаев та қатты көңіл бөліп отырды. Ұшақ салонында да, келіссөз арасындағы азғантай үзілістерде де, бас қосыла қалған жердің бәрінде де ең әуелі Қазақстандағы ауа райын, егінжайдағы орақ барысын, сосын Франциядағы референдум жайын сұран отырды. Әуе кемесіне екі тараптан да жетіп жатқан хабарлар көңіл орнықтырардай еді. Бонидағы, Париждегі емен-жарқыш қабылдауларға да ол оқиғаның әсері тимей қалған жоқ. Өйткені, соңғы апталарда Еуропа басқаның бәрін, тіпті кей жердегі аса қатерлі табиғи апаттарды да былай ысырып қойып, тек Парижге құлақ тұрумен болды. Өйткені, француз референдумында, «жоқ» дейтін дауыс басым түссе, британ премьері Дж. Мейджордың айтуынша, Маастрихт келісімінің көзіне біржола су құйылады. Өйтсе, Бельгия премьерінің айтуынша, Еуропадағы өзара қатынас осыдан жиырма жыл бұрынғы дәрежесіне дейін қайта құлдырайды. Ал бұған дейін Дания тарапынан ашық қарсылық көрген Маастрихт келісімі еуропалық қауымда екіұдай пікір туғызды. Әсіресе, Францияда. Еуропа одағын жақтайтындар оны құрлықтағы орнықтылық пен бейбітшіліктің кепілі, АҚШ пен Жапония ықпалына қарсы тұра алар мүмкіндік деп қарастырса, жақтамайтар егемендігімізді шайып кетеді, технократтар озбырлығын, Германия үстемдігін, жұмыссыздықты, әлеуметтік күйзелістерді күшейтпейді деп қорқады. Референдум нәтижесі — итжығыс. Жақтайтындар — 51, жақтамайтындар — 49 процент. Бұндай нәтиже Лондондағы, Берлиндегі қарсыласушыларға жігер қосады. Аңыс андап отырғандардың күмәнін күшейтеді. Келіссөз мазмұнын қайта қарау пиғылын өршітуі де мүмкін. Бұл бұрын Ирландия, Люксембург, Бельгия, Грекияда мақұлданып, Данияда қолдау таппаған келісімнің Германия, Ұлыбритания, Италия, Испаниядағы талқылануын едәуір қиындатады. Басқасын былай қойғанда, еуропалық қайта құрылымның бастаушысы болып жүрген Германиядағы пікірдің өзі екі талай. Үкіметті ірі капитал нелері қолдағанмен, «екі Германияның бірігуінің» экономикалық зардаптарының дәмін тата бастаған қалың бұқара мен орташалар енді Еуропамен бірігуге, негізінен, шошына қарайды. Бұған дейін екі рет ұлттық валютаның құлдырауын көрген немістер енді беделденіп келе жатқан маркаларын ортақ валюта «экю»-ға айырбастауға жүрексінеді. Оның үстіне Германияны біріктіру экспортты қысқартты, жұмыссыздықты көбейтті, инфлияцияны төрт процентке өсірді. Шығыс территориядағы ахуалды 1995 жылға дейін түзеу үшін 350 миллиард марка шығындау керек. Алайда, қайтадан бірігіп, жаңа шекара мен жаңа мәртебеге ие болған Германияның шегінерге жолы жоқ. Маас-трихт Еуропаның он екі мемлекетінің саяси және валюта-экономикалық одағын құруға жол ашады. Өйтсе, жаңа одақтастықта XX ғасырдың аяғына дейін ортақ валюта «экю» енгізіледі, 1993 жылдың ақпанынан бастап шекара мен таможня жойылады. Мемлекеттер көптеген өкілеттіктерін ортақ құрылымдардың мойнына жүктейді. Мұндай жағдай Виктор Гюго айтқан Еуропа Құрама Штаттарын орната қоймағанмен, бірлесіп қорғануды жүзеге асырып, қаржылық, технолгиялық мүмкіндіктерді ортақтастырып, өзара бәсекелестіктен құтылып, сыртқы бәсекеге төтеп беруге қолайлылық туғызады. ЬІқпалдастықтың мұндай үлгісі халықаралық ахуалды тыңайтып, мемлекетаралық қатынастардың үйреншікті «әлемдік империя» алқынынан арылтып, саясатшылар мен философтардың көптен армандап келе жатқан «қақтығыссыз әлем», «әлемдік тәртіп» қағидаларына көшуін тездетуі ықтимал. Ол, еуропалық саясатшылардың басым көпшілігінің айтуынша, күллі Еуропаның да, оны құрайтын жеке мемлекеттердің де пайдасына шықпақшы. Мәселен, қазіргі Германия тек осындай жағдайда ғана бүгін таңда алдында тұрған үш мақсатқа жете алады. Алдымен, барлық мәселелерде бірдей көзқарас ұстанбаса да, әлемдік ықпалдасудың қазіргі бірден-бір негізі болып отырған атлантизм қағидасын ұстанып қалу үшін Еуропа мен Америка арасындағы қатынастар тізгініне ие болу. Екіншіден, «қырғиқабақ соғыста» ойсырай жеңілген «шығыс әлемімен» ықпалдастықты күшейту. Өйткені, ол енді сол әлеммен тікелей шектесіп жатыр. Шығысқа көмек жеке өзіне ауыр тиеді. Ал ТМД елдеріне берілетін қарыздың 70 проценті болашақ Еуропалық Одақтастықтың үлесіне тимекші. Үшіншіден, қауіпсіздіктің жаңа құрылымын, Батысеуропалық одақ пен франк-герман корпусын жасақтау. Оның үстіне, ГФР-дің БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты мүше болмақ пиғылы да айқын аңғарылып жүр. Жарайды, солай-ақ болсын. Оған, бірақ, Қазақстан мен Президент Назарбаевтың қатысы қанша? Бар гәп те, міне, осында. Бони мен Париж саясатшылары Қазақстанның саяси географиялық орнына тегіннен-тегін мән беріп отырған жоқ. «Еуропалық одақтастық» архитекторлары халықаралық ықпалдастықтың жаңа үлгісіне бостан-босқа ұмтылмағаны және рас. Америка, Жапон, кейінгі кезде Азия мен Латин Америкасының кейбір елдерінің компаниялары еуропалық бизнеске тек әлемдік экономикада ғана емес, Еуропаның өз базарыңда да айта қаларлықтай қысым көрсете бастады. Оған жаңа технологиялық қаржылық бәсекеге төтеп беру оңай болмай қалды. Оның үстіне, дүниенің қайта өзгеруі Батыс Еуропаны «аса орнықсыз саяси кеңістікпен» тікелей шектесуге мәжбүр етті. «Орнықсыз саяси кеңістік» тарапынан болуы ықтимал салдарды әскери жолмен де, экономикалық жолмен де бөгеуге жеке-жеке алғанда күштері жетпейді. Өйткені, Еуропалық Қауымдастық Комиссиясының төрағасы Жак Дегор айтқандай: «Өзгелерді жарылқау үшін, өзің жарлы болуға болмайды». Демек, күш біріктіру керек. Соңда одақтастыққа кіретін он екі ел тауар қозғалысындағы кедергілерді жою арқылы 8-9 миллиард экю, өндіріс саласындағы кедергілерді жою арқылы 57-71 миллиард экю, ортақ экономикалық қуатты мейлінше толық пайдалану арқылы 61 миллиард экю, бәсекелестікті күшейтіп, монополизмді әлсірету арқылы 46 миллиард жалпы көлемі 170-250 миллиард экю үнемделеді екен. Тек қана дәрі-дәрмектерді еркін алмасудың өзі 100-250 миллион экюға дейін қосымша түсім береді екен. Жаңа одақтастықтың құрылуы экономикалық өсуді 5-7 процентке күшейтетін көрінеді. Бірақ, Бұндай ықпалдастыққа қалған дүние қалай қарайды? Жаңа одақтастық күллі планетада саяси-экономикалық бірыңғай кеңістік жасаудың басы бола ма, әлде экономикалық тарихи-мәдени ыңғайластық жүйемен аймақтық тұрғыдан қайта ықпалдасып кетудің басы бола ма? Ол арасы әзір беймәлім. Өйткені, күні кешеге дейін АҚШ екі ыңғай дүниенің орнына бірыңғай дүние орнатуға ниетті екенін байқатып келді. Парсы шығанағындағы шиеленістің барысы АҚШ кімнің ыңғайына қарайтын дүниені орнатуға мүдделі екенін айқын анғартып берді. Еуропа одағы бұл ретте америкалық пиғылмен тап онша ыңғайлас шыға бермейді. Экономикалық ықпалдастықты ұлттық шекаралармен шектемеу қағидасына Оңтүстік Азия, Латын Америкасы, ислам елдері де теріс қарамайтындықтарын сездіріп жүр. Бірақ, ол ықпалдастықты таза географиялық, діни, тарихи-мәдени тамырластық шекарасына көшіру әлемдік орнықтылық ахуалға тиімді әсер ете қояр ма екен? Бұрынғы саяси одақтасуды бір арнадан екінші арнаға ауыстырып алғаннан не пайда табамыз! Бұл, кім-кімнің де басын қатыруына әбден тұратын гәп. Біздің аңғарғанымыз, Бонн мен Парих Еуропа одақтастығына қандай мүдделі болса, ол ықпалдастық тек 12 мемлекеттен немесе Еуропамен ғана шектеліп қалмауына сондай мүдделі. Олар әр тарап Еуропадан қандай қорықса, томаға-тұйық Еуропадан да сондай қорқады. Оларға өз іргесінен Еуропалық еркін сауда ассоциациясын құру да сол үшін керек. Мұхит асып араласуға жол ашатын атлантизм қағидасын тапжылтпай ұстануға талпынатындықтары да сондықтан, Ал, шығыстағы саяси кеңістік олар үшін айрықша мәселе. Шығыс саясаты олар үшін ең алдымен, Шығыс Еуропа проблемасынан басталады. Шығыс Еуропада бүгінгі демократиялық ахуал біржола орнығып қала ма? Жоқ, кешегі үрдіс қайта жеңіп кете ме? Бұл сауалдың ақи-тақи жауабын тек Шығыс Еуропа бермейді. Ол, негізінен, бұрынғы Кеңестер Одағының орнындағы саяси кеңістікте қандай пиғылдың басым түсуіне байланысты. Егер күні кеше дүниені аузына қаратқан екі ұлы державаның біреуін құлату үшін іске қосылған күйретуші күштер сол бетімен әрекет ете берсе, онда осынау ұлан-ғайыр саяси кеңістікте орнықты саяси ахуал шамалыда орнай қоймайды. Кешегі одақты ойрандаған құбылыстар мен пиғылдар енді жас егемендіктердің түбіне жетуге тырысуы мүмкін. Сол тұста бар болмысымен көрінген жоғарғы қабаттағы билікке талас, өкіметің бір түрінің екінші түрімен жағаласы, атқарушы өкімет пен заң шығарушы өкімет арасындағы қақтығыс бұрын жасырын, кейін ашық байып алғандар мен биліктен айрылып бара жатқандардың конституциялық институттарды әр жаққа тартқылауы, оған охлеократияны араластыру, сол арқылы ұйымдасқан түрдегі билікке таласты көрнекті қоғам жағдайында болмай тұрмайтын ұлтаралық кикілжіңдерге жаба салу енді жас тәуелсіздіктерге қарсы пайдаланылуы ғажап емес. Ондай жағдайда Шығыс — Теріскен Еуразия көп уақытқа дейін сең жүрген өзендей аласапыран қалпында қала беруі сөзсіз. Бұл — күллі дүние үшін үлкен қауіп. Әсіресе, іргелес жатқан, көп уақыттан бері орнықты ахуал кешіп келе жатқан Еуропа үшін айрықша қатерлі. Сондықтан да Еуропа бұрынғы Кеңестер Одағы аймағында орнықты ахуал қалыптасуына шыннан ықыласты екендігіне күмәндануға болмайды. Ондай орнықтылық ахуал орнатудың жолы — кешегіге қайта оралу да, бүгінгі әрі тарт - бері тартты одан әрі жалғастыра беру де емес. Ыдыраушылық процестерді жүйелеп, ықпалдастық процестерді өрбіту. Соған мүдделі күштер табу. Оған жан-жақты қолдау көрсету. Мұны жүзеге асырмайынша, Еуропа Одағы өз дегеніне бәрібір жете алмайды. Ал, Президент Назарбаев — Батыс Еуропа саясатшылары көтеріп жүрген ықпалдастық үлгісін қызу қолдайтын қайраткер. Ол әлгі ықпалдастықтың тек Еуропамен шектелмей, ТМД елдеріне тарауына да өте мүдделі, Бұған — оның көптен жүргізіп келе жатқан саясаты, әсіресе, Бішкекке кездесуі қарсаңында жасаған жұмыстары куә. Бұл позицияларын ол Бонн, Париж кездесулерінің бәрінде де қайтадан пысықтап берді. Оны, әрине, Бонн мен Париж басшылығы дұрыс түсінеді. Өйткені, Назарбаев — олардың ездері әлденеше жерде атап өткендеріндей, тек Қазақстанда ғана емес, Орта Азияда, бұрынғы Кеңестер Одағы елдерінде аса ықпалды саясатшы. Ең бастысы, ең алдымен батыспен ықпалдастықты нығайтуға ашықтан-ашық мүдделі саясатшы. Өйтетіні, батыс саясатшыларының мойындауынша, ол — салпақтап қатарда жүруді місе тұтпайтын, суырылып алға шығуға ұмтылатын қайраткер. Себебі, Бонин мен Париждегі талай кездесулерде айтылғандай, бұрынғы Кеңестер Одағындағы территориясы мен табиғи ресурстары жағынан екінші орындағы, дүние жүзінде де көрнекті орын иеленуге мүмкіндігі бар мемлекетің, бірақ бүгін таңда ондай орынға ие бола алмай отырған мемлекеттің басшысы. Ендеше, ол әлгіндей шепке тезірек шығуға мүдделі. Бұл үшін аса бай табиғи потенциалды тезірек іске қосуға асығады, Оған қыруар қаржы мен аса қуатты технологиялық мүмкіндік керек. Технология да, капитал да батыста. Назарбаевтың Батыспен ынтымақтастыққа ерекше мән беруінің сыры да сонда. Таза экономикалық тиімділікте. Бірақ, ол күшті экономика күшті саяси ықпалға ие ететін де ескермей отырған жоқ. Ол жайында Бонн түбіндегі саяси клубта ұғынықты айтылды. Бұған Батыс та кетәрі емес. Бірақ, қанша бай болғанмен, Батыстың да желге шашатын ақшасы жоқ. Оның үстіне, бизнес әлемі тек өз құлқынын ғана ойлап қоймай, өз үрдісінің де кеңінен етек жайып, тереңірек орнығуын көздейді. Бұл ретте олардың көкірегінде көп күдіктің жатуы да заңды. Қазақстандағы қазіргі орнықтылық қашанға дейін бара алады? Өз жерінде ез азшылыққа ұшырап отырған халық ұлттық территориялық мемлекеттік дербестігін сақтап тұра ала ма? Оған мәмілегерлік қабілеті мен саяси мәдениеті жете ме? Нарық экономикасына көшпек пиғылы қаншалықты шынайы? Нарық жайындағы түсінігі қаншалықты салауатты? Ақша мен технологияны бүгін батыстан алып, идеологияны ертең басқа тараптан іздеп жүрмей ме? Демократия қағидалары олар үшін жай әншейін құрғақ әңгіме ме, жоқ, әбден қалыптасқан көзқарас па? Өз тізгіндеріне өздері ие болып отыра ала ма? Жоқ, ертең тағы біреу жетелеп алып кете ме?... Кәнігі Батыстың біздің алдымызға тосып тұрған емтихан билеттеріндегі ең басты сауалдар, міне, осындай. Париж де, Бонн да біздің басқа ұлт өкілдеріне қаншалықты пейілдестік білдіре алатындығымызды казақстандық немістерге қалай қарайтындығымызға қарап білуге тырысты. Ол жайында Бонндағы алғашқы бас сұққан жеріміз «Хаммершмидт» вилласына аттамай жатып-ақ сөз қозғалды. Банкетте де, одан кейінгі ашық гүлзар шатыр астындағы еркін сұхбатта да жолыққан кісіміздің бәрі әңгімені содан бастады. Президент Назарбаев мені оңаша тұрған ГФР президентінің зайыбына апарып: «Бұл кісі — менің досым, жазушы, саясатшы, парламент мүшесі», — деп таныстыруы-ақ мұң екен, фон Вайцзеккер ханым әуелі қандай тақырыпта жазатынымды, саясаттың шығармашылыққа тигізетін пайда-зияны жайында сұрастырып тұрды да, тіл саясатымыздың жай-жапсарын ежіктей бастады, Гәпке түсінгеннен кейін, әңгіме «әрине», тағы да «әринеге» ауысты. Қалыптасып отырған жағдайды бұрмалап көрсетушілер, оны асқындыруға тырысушылар, сол арқылы былайғы дүние тарапынан беріс көзқарас орнатқысы келетіндер бары Мәскеудегі өкілдікте кеңес немістері қоғамдық ұйымдары өкілдерімен болған кездесуде де аңғарылып қалғанды. Ондай қаңқуларды қайталағандарға делегация мүшесі Андрей Браун мырза үзілді-кесілді тойтарыс берген-ді. Бізбен сөйлескен батыс заңгерлерінің қай-қайсысы да түпкілікті халық тіліне мемлекеттік мәртебе берілуін мақұлдады. Қос азаматтықты ақылға сыймас құбылыстай санады. Франция Конституциялық Кеңесінің мүшелері, құқық профессорлары: «Сіздің жағдайда мемлекеттік егемендікті ұстап тұрудың жалғыз-ақ жолы — унитарлық жүйені сақтау, қос азаматтықтан бас тарту» деп ашықтан-ашық айтты. Бұл сапардың күн тәртібіндегі ең басты мәселе — экономикалық қатынас және қаржылық көмек жәйі болғандығын біздің баспасөз де, шетелдік баспасөз де жеткілікті жазды. Президент Назарбаевтың іскер топтармен болған әңгімесі батыс бизнесмендерінің талай күмәнін сейілтті. Алайда, өз көңілімізге де талай күдік, талай күмән орнап қайтқанын жасыра алмаймыз. Париждегі қазақ диаспорасының шақыруымен халық депутаты Шалбай Құлмаханов екеуміз Сен-Денидегі жұмысшылармен сөйлестік. Мұстафа атты жас жігіт тон тігетін, тері илейтін шеберхана ашу үшін Алматыға келіп, екі ай сандалып, ештеңеге түсіне алмай, кері қайтыпты. Біздің екі жыл ішіндегі экономикалық реформа, азаматтық жайындағы алған заңдарымыздың бірде-бір бабын дұрыс түсіндіріп бере алған ешкім болмапты. Аяғынан өзі барған адамға қазақша түсіндіріп бере алмаған біздің іскерлер мемлекетіміздің сыртқы экономикалық саясаты мен елдегі реформалардың жай-жапсырын ағылшынша, французша, немісше, қытайша, испанша түсіндіріп бере алып жүр дегенге илануың қиын, Көбіне-көп шетелдік командировкалардың дені әншейін саяхатшылыққа немесе «маған мынау керек, саған анау керек» деген «ауызекі бартерге» кетіп жүрген жоқ па екен? Өйткені, бұл істермен арнайы мамандандырылған құрылымдар ғана емес, кім көрінгеннің бәрі айналысып жүр ғой. Менің бұл күдігімді Жоғарғы Сенат департаментіндегі қабылдаудағы көршім «Элыр-Акитен» фирмасының президенті Ле Флок Прижанмен болған әңгіме де растай түсті. «Жарнама жолға қойылмай, ештеңе оңалмайды. «Бунг» мен «Элыр-Акитен» Қазақстанмен қатынас жасай бастағанша, француздардың біздің елдің экономикалық мүмкіндіктері туралы түсінігі тым дүдәмал еді. Қазір бізге Алматының, Ақтөбенің, Қазақстанның жағдайын сұрап, телефон соғатындар өте көп. Алайда, біздің білігіміз де онан асып бара жатқан жоқ қой. Шетелдік телекомпаниялармен бірлесе отырып, республика экономикасы жайында жүйелі жарнама жүргізе білу керек. Бұл – бір. Екіншіден, батыста несие нақты бағдарламаларды орындауға беріледі. Сұрағанда да, белгілі бір нақты бағдарламалар, жобалар жасап, соны дәлелдеп, сұрай білу керек. Әйтпесе, қиын. Өйткені, іскерлік әлемінде өз мүддесін өзі қорғай алмаған адам аштан өледі». Нарық жағдайында өз мүддесін өзі қапысыз қорғай алмаса, тек жекелеген кісілер, фирмалар, шаруашылықтар ғана емес, күллі ұлт, мемлекеттердің өзі қаралай аштан өлуі мүмкін. Бұл әсіресе, бізді қатты ойлантуы керек. Шаруашылық пен өндіріс басшылары кешегі госплан мен госсинабтая бір тал шеге сұрап алу үшін қызыл тілдің майын ағызатын өнерін ұмыта бастаған тәрізді. Шетелдік іскер қауыммен әңгімеде көбіне-көп баяғы С. Көбеевтің «Қалың малындағы» дүкенге барған Итбайдай мол бітім, ірі тураумен жүрмегей. Өйткені, қазір әркім өз қолына кенеттен түскен батпан құйрыққа мәз боп жүрген кезі ғой. Сыртқы шетелдік орналастырудың да стратегиясы мен тактикасы болса керек еді. Өйткені, шетелдік капитал — тек қаржы, тек технология ғана емес, егемендікті нығайтатын, қорғайтын саяси фактор да. Парсы шығанағында АҚШ екі туып, бір қалғанын қорғаған жоқ. Өзінің экономикалық мүддесін қорғады. Ендеше, біз де бірлескен кәсіпорындарды тек шикізат шығатын жерлерге ғана емес, желдің өтіне, жаудың бетіне орналастыра білгеніміз лазым. Әйтпесе, шикізаттың сол шикі қалпында кім көрінгенге қолды болып кетуі ғажап емес. Осы сапарда талай жерде әңгіме болғандай, қазір шетке мыс шығарудан Эстония төртінші орын алады екен. Өзі бір миллиграмм мыс өндірмей отырып, ол мұңдай батпан құйрыққа қалай тап болып жүр? Бай екенбіз деп, жайдақ далаға мал иіріп, шетіне қарақшының өзін қарауыл қойсақ, мынандай аласапыран заманда ертең сипарға сақал да таба алмай қалуымыз ғажап емес. Қысқасы, Батыс біздің мүмкіндіктерімізді өзімізден кем біліп, кем бағалап отырған жоқ. Олар жерімізді де біздің өзімізден аз біле қоймайтын түрі бар. Енді соның бәрің өзіміздің жете біліп, жете бағалауымыз қалып тұрған сияқты, Білгенде де, біріміз емес, бәріміз білуіміз қажет сияқты. Әйтпесе, барлық фирма мен барлық компанияға Президентіміз бізді қолымыздан жетектеп барып жүруі міндет емес шығар. Бұл сапарда іскер топтар клубтарында да, «Элыр-Акитен», «Бунг», «Телеком», «Мерседес-Бенц», «Даймлер-Бенц» компанияларындағы кездесулер Қазақстанда да нағыз осы замандық экономикалық интеллект, экономикалық прагматизм бар екенін танытты. «Егер ТМД-ға инвестиция беру керек болса, оны тек Қазақстанға беру керек» (бизнесмен Пьефер, Кельн), «Қазаңстанның халқы биік мақсаттарды көздеп отыр. Ол әлемдік дамуда үлкен орын алады» (Эдуард Ройтер, «Даймлер-Бенц» фирмасы басқармасының бастығы, Штугарт), «Сіздің ең күрделі мәселелерге аса абайшылдықпен қарайтыныңыз ұнайды» (Эрени Тойфель, Баден-Вюртемберг жері, Министр-президенті, Штугарт), «Қазақстанды осындай Президенті барлығымен шын жүректен құттықтағың келеді» (Боуа Грец, Бонн) Бір ойланатын нәрсе: батыс бизнесі бұны тек бір-ақ адамға, Президент Назарбаевқа қарап тұрып мойындады. Ал, біздің әр іскеріміз, әр маманымыз батыстағы өз әріптестерін осылай мойындата алса ғой. Онда өзара тиімді экономикалық байланыстың ойдағыдай жолға қойылатынына еш шүбәланбаса да болар еді. Өйткені, көзге көрініп тұрған қасиетің — өзіңнің мүмкіндігің. Көзге көрініп тұрған осалдығың — өзгенің мүмкіндігі. Ал, әлі көзге көріне алмай жатқан қасиетің мен мүмкіндігіңнің ертең кімнің пайдасына шығып кетері екіталай. Сондықтан да, бүгінгі таңда ең бастысы — қолға түсіп тұрған мүмкіндікті зая қылмау. Тарихтың пейілі түсіп тұрған сәтті қапы жібермеу. Біздің ең басты игілігіміз — тәуелсіздігіміз. Тәуелді болсақ, бізбен Бонн мен Париж бұлай сөйлесер ме еді?! Қазақстандағы ахуал кеше де орнықты болған. Қазақстан табиғи байлыққа кеше де кеңде болмаған. Бірақ кім біздің алдымыздан бүйтіп құрақ ұша қойып еді?! Ендеше, ең қадірлейтініміз, ең қастерлейтініміз тәуелсіздігіміз болуы керек. Тәуелсіз болсақ қана, өз тағдырымызды өзіміз ойлауға мүмкіндік аламыз. Тәуелсіз болсақ, табиғатымыздың байлығы да, тағдырымыздың әрбір сәтті сағаты да, азаматымыздың ақыл-ойы да тек бізге қызмет етеді. Өзгелермен ықпалдас болу үшін де тәуелсіздік керек. Өзгелер де тек тәуелсіз елдердің ғана ыңғайына қарайды. Азат елге ағайын көп.
Менің бұл ұзын жол, ұзақ сапардан жасаған басты қорытындым осы болды.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру