Өліара
Бейбіт Сарыбай
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Шығармалары шымшуыр тілімен, юморлы сюжетімен танылған, оқырманын баурап алатын жазушы Бейбіт Сарыбайдың «Өліара» әңгімесі бүгінгі қоғамдағы өзекті тақырыпты қозғаған. Шығарма тақырыбының бұлай қойылуының да өзіндік мәні бар. Әңгімедегі басты кейіпкердің өмірдің бір кезеңіндегі, өліара шақтағы ба...
Кешқұрым шақ. Қарағайлы сайдың басынан бас-аяғы отыз алты ұл-қыз құлдилап келеміз. Біразы ат мінген. Енді біразы қаражаяу. Атқа мінген жігіттер бір-бір қыздан мінгестіріп алған. Жаяулары қыздың иығына қолын артып құшақтап барады. Осы бір “алқакөл сұлама, ақтабан шұбырындыдан” маңызы бөлек шұбырған топқа қарап көңілім босап кетті. Неге десеңіз біз осы сәтте мәңгі бақи дәл осылай толыққанды басымыз қосылмасқа тарап бара жатырмыз. Ұзақ жылдарға созылып, бітпестей болған мектепті де бітірдік. Кеше түнде қолымызға орта мектепті толықтай бітірді деген куәлігімізді алдық. Басқа-басқа осы аттестат Айбол екеумізге де бұйырды-ау. Мектептен әне қуып жібереді, міне қуып жібереді деп жүргенде әупірімдеп осы күнге де жетіп тындық. Түндегі салтанатты кештен соң бүгін барлық сыныптастар тауға демалысқа шыққанбыз. Ертең барлығы жоғарғы оқуға құжаттарын тапсыру үшін алып қалаға аттанбақ. Әрқайсысы әр қиырға тартады. Демек, біз енді ешуақытта осылай бас қоса алмаймыз. Жеке-жеке кездесіп тұруымыз, мектепті бітіргенімізге пәленбай жыл толу құрметіне он-жиырмамыздың басымыз қосылуы мүмкін-ау. Ал бірақ дәл осылай төрт көзіміз түгел жиналмасымыз мен үшін анық. Мен бұны мектепті ерекше куәлікке бітіріп масайрап бара жатқан анау секпіл бет сары қыздан да жақсы түйсіндім. Ауылға жеткенде әркім әр көшеге бұрылып, үйді-үйімізге бытырап тарап кеттік. Бітті. Қандай аянышты. Ертеңнен бастап барлығы жолға шығады. Алматы мен ауылдың арасындағы 347 шақырымдық жол өзінше бөлек, олар үлкен жолға аттанады. Алдында кімді не күтіп тұрғанын уақыт көрсетер. Біреу бағы жанып студент атанып, енді біреуі қолорамалын сулап қайтар. Бағы жанғандардың ата-анасы Гүлшаттікіне бала жүгіртіп, қарызға арақ алып, атап өтер. Сүрінгендердің ата-аналары келер жылға үміт артар. Кейбір қыздар басына бас бостандығын ала сала күйеуге шығар. Оны уақыт көрсетер. Не де болса біз үлкен өмірге бет алдық. Шешем айтпақшы “Әркімді Құдай есіркесін”. Қалың топпен бірге мен де “базарға барып бағымды сынап қайтпақпын”. Менің оқуға тапсыратынымды естігенде орыс тілінен сабақ берген Абайдылданова жағасын ұстап: “Саған не жоқ?..” деген. Десе дей берсін. Ең құрымаса қала көріп қайтармын. Оқу оқып, қарық қылайын деп тұрғаным шамалы. Онсыз да он жыл бойына бекерге бас қатырғаным жетер. Құдай-ау «А қаласынан шыққан әлдеқандай велосипедшінің Б қаласына қанша уақытта жететінін табу» үшін бекерге уақыт өткіздік емес пе. Ом заңын білмей-ақ оңалып кетіп жатқандарды көзіміз көріп жүр ғой. Соның барлығын ойлап, он жылымның бекерге өткеніне өкініп жүргенде, енді тағы бір төрт жылымды құрбан қылғым келмейтіні анық. Мен осылай ойлағанмен әке мен шеше көнер емес. Олар мені қайтсе де оқуға түсірмек. Әне, анау соғымдай семіз екі сөмке менің ертең жолға шығатынымды айғақтап тұр. Ішінде құрт, май, бір жапырақ ет пен екі-үш келі картоп бар. Қалада мені оқудың түбін түсіріп, қазір әлдеқандай қызмет істеп жүрген ағаларым күтіп алмақ. Ағам мені оқуға түсіру үшін пара беремін деп қомақты қаржы ұстап отырғанын да естігем. Ертең қалаға жүретінімді естіген Айбол таңға дейін бірге болайықшы деген ниет танытқан. Жалғандағы жалғыз адал досымның тілегін жерге тастағым келмей, келісімді бергенмін. Қора жақта жинаулы тұрған қарағайдың үстіне отырып алып іштік. Айбол қызыңқырап қалды. Көңілі босады-ау деймін, үйге кетпек болғанымда Айбол қолымды алып тұрып:
– Жолың болсын. Мені ұмытпа. Ертең тауға кетем. Әкемнің жолын жалғап, мыңғырған қой айдаған шопан боламын, – деді ықылық атып.
Дала тастай қараңғы еді. Біраз жер ұзағанымда аңғал досымның айқайын естідім.
– Алмат, адасып кетпе. Қазір өліара ғой, – деді. Иә, шындығында өліара кезең бұл. Мезгілдің ғана емес, біздің өміріміздің де өліара кезеңі. Адаспауым керек деп ойладым аяғымды тәлтектеп әрең басып келе жатып.
* * * Ұлттық қауіпсіздік комитеті қаһарына мініп тұрғандықтан мені оқуға түсірмек болған адам жеме-жемге келгенде бас тартыпты. Ағаларым өзімнің тапсырып көргенімнің жөн екендігін, тест дегеннің бір қызық жері бейберекет белгілей берсең болды, бағың жанып түсіп кетудің мүмкін екендігін айтып, сынаққа кіргізген. Неден бастап, неден аяқтарымды білмей отырғанымда алдыма сәл қиғаштау жайғасқан қыздың қалтасынан тілдей қағаз шығарғанын көрдім. Дайын жауаптар екенін сездім. Ол ешкімге білдірмей көшіре бастады. Одан қалыспай мен де көшірдім. Барлық жауабым дұрыс болып кетсе, сенбей қайта қарап жүре ме деп қорқып, ара-арасында бірді-екілі қате жіберіп қоямын. Жүз жиырма сұрақтың жиырмасын өз білгеніммен (яғни қате қылып) белгілеп, қалған жүз сұрақты айна-қатесіз көшірдім. Бар шаруаны тындырып бітісіммен сыртқа шыққым келді. Алғашқы бір-екі адам шығысымен мен де сыртқа тап бердім. Оқуға түсетініме сенімді болдым. Сыртта күтіп тұрған туыстарымның сұрағына:
– Қорықпаңдар. Білетін сұрақтарым келіпті. Түсетін шығармын, – дедім.
– Сен де бірнәрсе білесің бе? – деді әпкем таң қалып.
– Білмегенде ше. Ертең көресің, – дедім маңғазданып. Ағам болса:
– Айналайын, айды аспанға шығармай-ақ, қырық балл жинашы, соған ырза болайық. Ең болмаса ақылы оқуға ілігерсің, – деді.
Сөйтіп ақшалы әкенің тәлейлі қызының арқасында үлкен үмітпен ұйқыға бас қойдым. Ертесі күні өзім сынды қаптаған талапкерлердің бірі болып кешегі тапсырған тесттің қорытындысын білу үшін университетке келгенмін. Тақтадағы тізімнен өзімнің аты-жөнімді іздей бастадым. Бір кезде өзімнің қанша балл алғанымды көріп, көзім шарасынан шықты. Ағам қолы тимейтін болғандықтан менің өзімді жіберген. «Аты-жөніңнің тұсындағы цифрға қарасаң болды. Басқа жұмысың жоқ» деп жіберген. Менің аты-жөнімнің тұсында 117 деп тұр. Демек 117 балл. Бойымды сенімсіздік билеп, қайта-қайта қараймын. Тұп-тура 117. Айналып қана кетейін тәлейлі қызым-ай, сенің арқаң деп қоям іштей. Сонда деймін-ау өз бетіммен жауап берген жиырма сұрақтың он жетісі дұрыс болғаны ма. Шынымен-ақ тест дегеннің осындай құдіреті бар екен-ау. Егер белет алып тапсыратын болсақ, жұмған аузымды ашпай-ақ қайтар едім ғой. Ағама хабарластым. Қуанышы қойнына сыймаған ағам:
– Құдайың бар екен, – деді.
– Әжемнің әруағы қолдаған шығар, – деді жеңгем, қазақы түсінікке салып.
Сонымен жеңгемнің тілімен айтқанда “Құдай оңлап, әруақ қолдап” оқуға түстім де кеттім. Ағам мені оқуға түсірген адамға беремін деп жиған ақшасын өз күшіңмен түстің ғой, өзің жұмса деп қолыма ұстатты. Ағамның да, менің де, ауылдағы әке-шешемнің де қуанышында шек жоқ. Ел қатарлы оқуға түскеніме, түсе алғаныма ғана қуандым. Әйтпесе, түсуін түскеніммен оқи алмайтын шығармын деп қорықтым. Ең бастысы түстім ғой. Абайылданова естіді ме екен-ей, деп қоям іштей. Қалаға келген кластастарымның бір-екеуін шақырып, айда кеп жудық. Әбдән қызған кезімізде, көзі ашық, көкірегі ояу Абзал деген досым:
– Осы сен шынымен жоғарғы балл алдың ба? – деді сенімсіздік танытып.
– Сенбесең өз көзіңмен көр, – дедім.
Өзімнің де тағы бір көргім келіп кетті. Таксимен университет алдына келіп тоқтадық. Сүйкімді тақтаға жақындаған сайын көңілім өрекпи түсті. Асқарұлы Алмат 117 балл деп тұр-ау шынымен. Досым қарап тұрды да үнсіз қалды. Біраз уақыттан кейін қарқылдап күлді. “Есуассың, кещесің” деп балағаттады. Сөйтсем оның күлетіндейі бар екен. Балл деп қуанып жүргенім, рет саны екен. Мен 117 балл жинамаппын. Бар болғаны 117-нөмірлі талапкер екенмін. Көзімнің алды тұманданып кетті. Әлден кейін есімді жиып, бәсе дедім тістеніп. “Бәсе, мені қай Құдай жарылқай қалды?“ десем. Алып ұшқан қуаныш ұзаққа созылмай, арты өкінішке айналды. Ең құрымаса жұртқа келеке болмай, ағам армандағандай ақылы бөлімге лайық балл да жинамаппын. Яғни рет саны бойынша 117 тұрған Асқарұлы Алмат бар болғаны 22 балл жинапты. Өлім болды. Маған дұрыс жауабын көшірткен тәлейлі қызымның варианты басқа екен. Вариант деген пәлені мен қайдан білейін. Мені сөйтіп қара басыпты. Сонымен ауыл елді шулатып, сенсация жасаған менің ауылға қайтуыма тура келді. Әкем мен шешем: “Жұмыс істесе де сол жақта жүрсін. Биыл келмесін”, – депті. Досқа күлкі, дұшпанға таба қылған баланы кім жақсы көрсін. Менің қалғым келмейді. “Келме” деген әкені де, “қал” деген ағаны да тыңдамай ауылға тарттым. Ауылға келсем менің Қожанасыр атағым дүрілдеп тұр екен. Кездескен адамдардың барлығы күледі. Намыстанатын несі бар, мен де күлдім. Тек шешем байғұс жұрттан ұялып, бірер күн жиын-тойларға бара алмай жүрді…
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру