TELEGEI

Home

Сақари

Бабалар сөзі

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Сақари

"Бабалар сөзі" сериясының 28-томына "Майқы би", "Қожеке", "Арғынбектің жыры ", "Үркін-қорқын", "Кешубай - Жәмила", "Ер Бұлан", "Уаң бала", "Он сегіз", "Қан кешу", "Нүптебектің асы", "Сәтбек", "Шейітсай", "Сақари" атты тарихи дастандар енді.

«БАБАЛАР СӨЗІ» СЕРИЯСЫНАН

ТАРИХИ ЖЫР

Әуелі сөз сөйлейін Сақаридан,
Жігітке өнер алды аузын тыйған.
Бейнетті бастан өткен мен айтайын,
Бір мәмбет келген екен құдай ұрған.

Бір мәмбет жон сауырды өрт боп шалды,
Жанына Әлім ерді қосып алды.
Құдайдың оңдамасын сонда білдім,
Жаңдарын серігімен жинап алды.

Жаңдарын тасқа басып дүре салды, 10. Әлімнің оттағанын қабыл алды.

Болған соң кәпір өктем амал бар ма,
Қорқытып қолымыздан қағаз алды.
Тағы да сөз сұрайды Тыныбайдан,
Жаныма қаза жетсе бір Құдайдан.

Ісіне Құдіреттің амал бар ма,
Қалдырып үміт кетті, шыбын жаннан.
Бақыртып Тыныбайға дүре салды,
Қамалап қалың шерік қолына алды.

Біреуі желкесінен басып жатты, 20. “Қайтем – деп, – әттең, жұртым”, ойбай салды.

Қорыққаннан дүңгенді көрдік дейді,
Үш кісі бір қоржынды бөлдік дейді.
Құдайдың оңдамасын сонда білдім,
Жартысын Сақариға бердік дейді.

«Алғаның Тыныбайға қайда? – деді,
Іздегенің қартайғанша пайда, – деді.
Қоймаған қартайғанша жамандықты,
Кісендеп, кендірменен байла», – деді.

Қолымды кендірменен қойды байлап, 30. Өтті ғой қызыл тілім мұнда сайрап.

Қосылды бір кісіге екі кісі,
Үш кісі бір кісіге болды айғақ.
Кісендеп, кендірменен байлады ғой,
Қамбаймен Буыршынға айдады ғой.

Бойына Шалшықбайдың бір түнетіп,
Қайықтан қойдай қылып айдады ғой.
Алдымнан кәпір шықты бізге қарап,
Аштықтан қатпа болдық біз де жарап.

Түбіне қараңғы үйдің отырғызып, 40. Қолына шән алды-ғой бізді санап.

Біздерге қиын болды қашып кету,
Ойладық осы күн деп ажал жету.
Ісіне Құдіреттің амал бар ма?
Ілінді қол-аяққа бір бекіту.

Шынжырлап аяғына кісен салды,
Түймені, тымақ бауын, кесіп алды.
Етікті аяқтағы шешіп алып,
Шеріктер өзі біліп киіп алды.

Қолымды темірменен шегелеген, 50. Қызыл тіл қорыққан соң не демеген.

Бір уақыт аштық деген тағы жетті,
Кәпірлер жеген астан “мә” демеген.
Әкеліп темірлеген үйге салды,
Құдайым бізді мұндай күйге салды.

Қандала мен бүргесі қалың екен,
Жау болып ол да бізден кегін алды.
Түбі екен абақтының кесік ағаш,
Түбінде құрып қойған тескен ағаш.

Кеш болса ол тесікке аяқ салып, 60. Көзіңнен таң атқанша ағады жас.

Ол ағаш аяғыма жаман батты,
Шыбын жан мұны көріп састы қатты.
Ағашта таң атқанша шуылдаймыз,
Бір кәпір таң атқан соң аузын ашты.

Бір кәпір, бірі дүңген бізді баққан,
Шақырып есік ашып, үйді жапқан.
Білмейтін қазақ тілін екеуі де,
Арқаның қышығанын қолмен тапқан.

Құдайым түсірді ғой темір торға, 70. Болды ғой күнде суық біздің сорға.

Жүретін ойнап-күліп заманым-ай,
Кісені аяқтағы қылды жорға.
Кешке бір, таңертең бір сигізеді,
Бұл жағдайды еліме кім білгізеді.

Кісен бар аяғымда, жүре алмасам,
Қамшылап “қарғып жүр” деп зіркілдейді.
Қорегім жалғыз шыны болды бидай,
Жатқам жоқ Буыршынның тамын қимай.

Сарыауру үстімізге болды қонақ, 80. Қақтығып абақтыға жатсақ сыймай.

Барады жүрегімді бидай тесіп,
Тырнағым, шаш-сақалым кетті өсіп.
Айтайын қайсы бірін уайым қып,
Барады қол-аяқты темір кесіп.

Қозғалар болмады ғой бізде шама,
Достарым күйінетін қылар таба.
Үрпитіп шашымызды қоя берді,
Құдай-ау, тас...қ кесіп қыз қыла ма?

Еркін қып жатқыза ма тектен-текке, 90. Әкеліп салып қойды көп бейнетке.

Тұңғиық қара суға түсіп кеттік,
Шығамыз қайдан барып, Әлім серке.
Әлім ер кәпір көрсе бас ұрады,
Жаз болды бізді тынбай асырады.

«Жан бергенге, дән берген» деген осы,
Тамақты етегімен жасырады.
Ауырып Тыныбайдың қаны қашқан,
Үйіне сәлем айтып арыздасқан.

Білерсіз осы сөзді көңіл қойып, 100. Ауру кәпірменен араласқан.

Иманға мұның аузы болған епті,
Ел жұртын арыз айтып еңіретті.
Бейсенбінің кешінде дүниеден,
Пәниге сәлем айтып өтіп кетті.

Болды ғой осылайша менің жайым,
Қойды ғой еңіретіп бір Құдайым.
Кісіге бауыр деген барады өтіп,
Жылайды Жеңісбай мен Айшатайым.

Күніміз жылауменен өтер ме екен, 110. Айығып бастан тұман кетер ме екен?!

Сайрайды абақтыда қызыл тілім,
Арызым екі уаңға жетер ме екен.
Алдияр құлдық айттым шын уаңға,
Қайтпайды жұрттың бағы сөз тұрғанда.

Нақақтан мұндай қатты мехнат көрдім,
Кегенде шарапаттың жоқтығы ма?
Сәлем де торғауытта Козеинге,
Қазақтың торғауытпен төрі бірге.

Тұтқыннан құтылатын күн бола ма? 120. Тұтқыннан құтқарудың жолын ізде.

Алдияр, құлдық айттым төремізге,
Біз барып алтын жүзін көреміз бе?
Кәпірден қорыққан соң оттай берді,
Бір ауыз өтірікпен өлеміз бе?

Тақсыр-ау, қағаз беріп, бізді сұрат,
Сіздерден өтірігім болды-ау ұят.
Қаракөк атаңыздан үзілмеген,
Көреміз Құдайдан соң сізді қуат.

Сәлем де бейсі төре Сағдоллаға, 130. Керейге залың төре болған аға.

Сегізден екеу өліп, алтау қалды,
Жылайды құба тамда алты бала.
Сәлем де және тағы Көксегенге,
Бұл кәпір салам дейді елді жөнге.

Кәпір өктем болған соң амал бар ма?
Ұрады сансыз таяқ көнбегенге.
Сәлем де Торайғыр мен Оспан биге,
Қамалды сіздің кісі бізбен бірге.

Керейден бақ қайтатын шақ болда ма? 140. Шуылдайды он бір кісің қараңғы үйде.

Сәлем де меркіттегі Қабыл биге,
Тілеуің қазыбекпен еді бірге.
Әруағы кәрі бидің қолдаушы еді,
Құдайым жолықтырды мұндай күйге.

Сәлем де Бапшы менен Тыштықбайға,
Жапар залың, Ошың мен Қибатайға.
Жүретін ойнап-күліп қайран құрбым,
Көзіме көрінбейді Мардан қайда?

Сәлем де жәдіктегі Өміш ерге, 150. Салды ғой бізді кәпір қазбай көрге.

Дұғагөй керейдегі пірім едің,
Бере көр ақыл тауып жас билерге.
Сәлем де қазыбектегі Бұлан биге,
Салды ғой кәпір бізді қараңғы үйге.

Бойында Буыршынның көрінбейсіз,
Кәпірді тонасып па ең, бізбен бірге?!
Қарсылық сізге қылып болмадым ба?!
Жасымнан жамандықты қоймадым ба?!

Қазыбектің тоқтысына таласушы ең, 160. Болмаса бір тоқтыдай болмадым ба?!

Қисықтық сізге қылған жерім бар ма?
Құдайым жолықтырды пейілі тарға.
Ақтығым бір Құдайға мәлім еді,
Ұрлаған бір елтірі жерім бар ма?

Барады бастан өтіп мына жалған,
Айтпаса, көкіректе кетеді арман.
Кісі басы есеппен бидай тиеп,
Алмай ма бидайымнан бұлан алман.

Сәлем де Жақып тәйжі амбымызға, 170. Кәпірден бізді сұрап алдыңыз ба?

Алуға бізді сұрап келіп едің.
Қара құстай, жемге айналып қалдыңыз ба?
Сәлем де Бұршақбай мен Жанымқанға,
Көрсетті қатты азап шыбын жанға.

Сәлемде және дағы Қанапияға,
Құт қонған атаңызға еді дана.
Сәлем де Баттал, Оспан ағамызға,
Осыдан аман-есен барамыз ба?

Кәпірден қорқып, Құдайдан ұялмай-ақ, 180. Жап-жақын пәле жаптық ағамызға.

Сәлем де кәрі әке-шешемізге,
Жалғаннан ажал жетпей кетеміз бе.
Ажалдан адам қашып құтылмайды,
Барамыз аман болсақ елімізге.

Сәлем де рақымет Бурақанға,
Ауылда үлкен-кіші, тірі жанға.
Ажалдан адам қашып құтылмайды,
Барамыз аман болсақ, иншалла.

Мақтанып биің мен деп келіп едің, 190. Бес ат, бір түйе ақыға беріп едің.

Бастан қылған қадетің осы болып,
Кәпірге шегелетіп кетіп едің.
Бес ауыз сәлем жаздым Сауырыма,
Ағайын Сауырдағы бауырыма.

Маған сәлем айтпады демеңіздер,
Барып жөнін айтармын ауылыма.
Болды-ғой осылайша жазған хатым,
Жоқ шығар ағайынға жаманатым.

Қор болды жаламенен нақақ басым, 200. Ұры болды Сақари деген атым.

Алланың рақымына ұсынам қол,
Ашылар мен ғаріпке қай жақтан жол.
Дариға-ай, жарық жерге қашан шығам,
Алдыма ада болып құрылған тор.

Бейнетке шыдай алмай мен жатырмын,
Қайтейін көп болған соң маңдайда сор.
Пендеңе, кеңдік-тарлық бір өзіңде,
Иләһи қыла көрме пендеңді қор.

Сайрандап бостандықта жүруші едім,
Құрбымен құрша ойнап күлуші едім.
Болды ғой мына пәле қазылған ор,
Аяққа тұсау болып қылды ғой қор.

Бейнеттің бастан кешкен бәрі де аян,
Алланың жазуынан шықпас адам.
Көпшілік, аз болды деп айып етпе,

216. Сонымен бұл жазғаным болды тамам.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙