Ауыл
Бейімбет Майлин
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Бейімбет Майлиннің әр жанрдағы өнімді еңбегі өз дәуірінің шындығын ашық көрсетті. Елдің, соның ішінде ауыл адамының санасындағы өзгерулер мен жаңаруларды, халық бастан кешкен оқиғаларды, әлеуметтік өмірдің шытырман қайшылықтарын шебер суреттеді. Халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан тұрмыс-салт болм...
...Көкті тегіс қаптаған сұр бұлт түнеріп келіп, бүркіп жібереді. Ысқырған жел қу қаңбақты домалатып, төбенің топырағын қопарып, ой мен сайға иіріп, тыға түседі. Сай бойына тігілген кішкене қараша үйлер жапырайып, қисайып, құммен көміліп, жел ішін тарта үйіріле соқса, киізі қолп-қолп етеді. Үй ортасына жағылған от бықсып жанып, желмен шалқып, от басына төнгендердің көзінен сорасын ағызады. Қара сұр әйел – Күлтай қабағы кіртиіп, түтінге булығып, ызаланып, еріксіз жылап жібереді... ..Аш күзендей бүкшиген арық торы атпен сайды қапталдата желіп, қараша үйлердің төбесін көріп, Шаңырақбай атының басын тежеді. Үзеңгіге басып көтеріліп, алдыңғы жағына қарады:
– Ауыл... Әзір аман екен! – деді күрсініп.
Ат дүбіріне елеңдеп, үй басынан самсап адамдар шықты. Қатын-бала, түстері жүдеу, қатыңқы. Көздері жаудырап, не айтар екен?.. дегендей құлақтарын түре түседі... ...Бұдан бір жеті бұрын Қойбағар ауылнай келді де, осы оншақты үйдің еркек кіндіктісін майданға жөнелтпекші болды. Оның ішінде жасы қырыққа келіп қалған осы Шаңырақбай да бар... Бәрінен бұрын «біріңді де майданға жібермеймін!..» деп жұмысын тегін істетіп алғаны-ақ өтті-ау!.. Күйінген жастар Қойбағар ауылнайды жағадан ала түсті. Қызулықты бастаған Құдайберген деген жігіт болды... Содан бері бұл он үйдің адамы тау-тасты паналап, үйлеріне ұрланып қана келеді... Күлтай Шаңырақбайдың шылбырына оралды. Шаңырақбайдың қарға ілген сойылын апарып, белдеуге қыстырды. «Не жақсылығың бар?..» дегендей көзі жаутаңдап:
– Тыныштық па, жаным? деді күрсініп.
Осыны сұраудың өзіне тілі зорға келді-ау...
– «Қара үңгірге» беттеп барамыз. Бізді ұстауға Қойбағар өгірет (отряд – С. Б.) шығарыпты... Сендердің күнің не болды екен деп жаным төзбей бұрылғаным ғой,–деді Шаңырақбай жабығып.
Ұйлығып тұрған қатын-бала бұрынғыдан көрі де үрейленіп, біріне-бірі тығыла түседі. Арандай аузын ашқан бір аждаһа, жер тесігіне кірсең қоймаймын деп, осы он үйге келе жатқан секілді. Мына тұрған қатын-бала сол дажалдан құтылуға әрекет істемей мойынсұнған іспетті...
– Біздің үйдегі неге келмеді? – деді қара торы әйел жыламсырап. – Бұл Құдайбергеннің әйелі. Күнәнің зорын арқалап жүрген сол-ау...
– Қатын, мен жүрем...
– Қайтейін... жолың болсын!.. Күнің туса...
Күлтай жыламайын десе де, тасыған судай көздің жасы еріксіз атыла береді... Бүкірейіп, торы аттың тізгінін бос салып Шаңырақбай бара жатыр. Мына қатын-балаға қорған болатын кім?.. «Қара үңгірде» болыстың кеңсесін өртеп қылмысты боп, майданға бармаймын деп қасарысып, жүзге тарта жігітпен Жалбыр жатыр. Бұлар барып қосылғанда, ол не көмек көрсете алады? Биылғы келген әскер Жалбырдың ауылын шауып, жас баласын найзаның ұшына іліп кеткен жоқ па?.. Күлтай секілденіп Шаңырақбайдың көз жасы да бұлақтай боп атылып келеді... ...Бір жетіден кейін сайды қуалай жүріп отырып, осы ауылдың үстінен Шаңырақбай тағы келіп шықты. Бұл жолы қараша үйлердің маңында тіршілік белгісін бергендей дыбыс жоқ: қираған ескі мүлік, сынып, шашылып жатқан аяқ-табақ... Өлімсіреп ыңырсыған бір дауыс жүрекке біздей сұғылды... Құдайбергеннің алты айлық баласы бөлеулі күйінде, ерні кезеріп, кірпігін зорға қимылдатады... Адам иісін сезгендей боп, бала бұқшиып, ақтық күшін жиып тыпыршыды. Шешесі, баяғы қара торы әйел, төсегінде бас жағы көрпемен ораулы... өлік!.. Әйелдің жанында әпесердің (офицердің – С.Б.) сүгіреті түсіп жатыр... Шаңырақбай есін жия алмай көп тұрды...
* * * ...Шаңғылт аязды, ысырма борасынды түнде торы атты мойынға қағып Шаңырақбай, асудың жолына бет бұрды. Арқаның долы бораны «аяғыңнан шалып жығайын» дегендей, тұла бойды мұзбен сірестіріп, қарға адымды мұң қылып келеді. Шаңырақбайдың туысына біткен қайсарлық табиғаттың долы күшіне кездесіп, одан жаман өрши түскен секілді... Бұдан қатты борандарында, Жүсіптің мыңдаған жылқысын шашау шығармай, күзетпен өткізетін Шаңырақбай ғой... ...Қойбағар өш аламын деп, патшаның әскерін алып шығып, «Қара үңгірде» жатқан бұлардың тоз-тозын шығарды. Шаңырақбайдың екі інісі Жылқыбай мен Түлкібайдан сол қашқаннан әлі дерек жоқ. Шаңырақбайдың өзі бостандық болғаннан кейін ғана елді тапты... Қойбағардан кек аламын ба десе, ол бұрынғыдан да өрши түсті. Орынбордағы жалпы қазақ съезіне арнап шақырылды. Інісі Тайбағар үйездің тілмашы болушы еді, сол иығына пагонын тағып, ел кедейін қамшымен бұқтырып, «Алашқа» жігіт жинап жүр... Шаңырақбай көксеген «бостандығының» қайда екенін біле алмады. Сосын дал болып, шұбырып кеткен бала-шағаның басын құрап, өзен жағасынан кепе істеп балық аулауға кірісті... Жұмабай дейтін кедей күн сайын өзен бойын жағалап, Шаңырақбайды тауып алады. Есіткен-білгенін айтады. Соңғы кездегі хабары жаңалана түсті.
– «Болшебек дегендер бар екен, кедейге болысады» – дейді Жұмабай. Бір күні Жұмабай «солардың ішінде Жылқыбай мен Түлкібай да бар екен» деген хабарды әкелді.
– «Тайбағар жігіт жинап, солармен соғыспақшы екен» – деген хабарды да жеткізді.
Енді не тұрыс бар? Шаңырақбай қармағын жиып, торы аттың үстіне қайта жәрбиді. Ақпанның ашулы бораны төпеп, қара жолдарға ат жалданып күртік тұрды. Жүргіншілер сағалап кетіп, асудың төте жолынан тышқан жорғаламапты. Шаңырақбай ел ішімен жүрейін десе, ауыл сайын андаған «алаштың» мелетсесі, біреуі сезіктеніп ұстап жүрсе масқара-ау. Және Тайбағардың күш жинап жатқанын тез жеткізбесе болмайды. Жұмабай, Тайбағардың дуаннан қанша құрал әкелгеніне шейін біліп берді. Жылқыбайлардың жатқан жері төтесінен тым алыс емес. Шәкең, ойлана келе, қара жолдың сорабына түсіп, жарық жұлдызды оң жақ иығына атып, қасқиып тартып берді...
* * * ...Соңғы бір-екі күннің ішінде Шаңырақбайдың үйінің төріне екі жас жігіттің сүгіреті ілінді: бірі жұмысшы, екіншісі жұлдыз таққан қызыл әскер. Шаңырақбай осы сүгіретке қадала қарап тұрады да, ойына бірдеме түскендей жүзі күреңденіп, төмен қарайды, күрсінеді.
– Не айтсам екен? Не деп жауап жазсам екен? – дейді.
– Інілеріңді мықтап сағынғансың-ау, көз айырмайсың, - дейді Күлтай.
Рас, інілері Жылқыбай зауыт жұмысшысы, Түлкібай камандыр (командир – С. Б.) Шаңырақбайдан айырылғандарына он жыл. Екеуі екі жақта жатыр. Әсіресе биыл хат жазуды үдетті. Жылқыбай сұрауды қабырғасынан қояды: партияға кірдің бе? Кедейлерді ұйыстырдың ба? Сауатсыздығыңды жойдың ба? Қаптап жатқан сұрау. Біріне жауап жоқ... Шаңырақбай не істеді? 18-жылы Жылқыбайларға қосыла алмады. Елге келіп Қойбағарлармен алыса түсіп еді, серік аз болды. Шаңырақбайдың жан күйді сөзіне жұрттың құлағы үйреніп, тәлкек қылушылар табылды. Шәкең үмітсіздікке салынды. Күлтай шаруаның кемтарлығын жырлады... Досбол саудагер жақын тартқансып, Шәкеңнің үйіне сауынға сиыр, мінуге ат берді. Осының кесірінен Досболдың інісі Жұмақан дейтін қу ауылнай болғанда, Шәкең соған қарсы да шыға алмады. Шәкең кәсіпке жығылды, мал құралды... Қопабай батырақ бір кезде Шәкеңді қолдап жүріп еді, қазір шілен (член – СБ.) партия. Бірсыпыра жастарды соңына ертіп көзге түсті. Шәкең одан да шетте қалды... Досбол, Нұралы сияқты қулар Шәкеңді түйеше жетектеп, иығына мініп алған секілді... Шәкеңнің қазіргі күйі осы. Мұның несін жазады?..
– Мен масқара болған екем! – деді Шәкең күрсініп.
...Жиылыс. Сақалы желбіреген шалдар. Сұлу мұртты пысықтар. Қойбағар да отыр. «Жер бөлінеді екен» деген сыбыс бар... Жиылысты басқаруға Досалы сайланып, қарны шермиіп үстелге барып жабысты. Сұлу мұртын ширатып, күлім ағады... Шаңырақбайлар «Қара үңгірге» қашатында патшаның әскерін ертіп жүріп, қараша үйлердің күлін көкке ұшыратын Досады осы ғой!.. Бесікте таңулы бала, абыройы жабусыз, тістеніп жан тапсырған әйел, әпесердің суреті... Шәкең ыршып тұрды:
– Ау, әй, Досалы, жолама! Үстелге. Былай кет!..
Шәкең қалшылдап үстелге төнді. Досалы кейін ығысты. Досбол жақын кеп:
– Ашуыңызды басыңыз, – деді.
– Уай, тегіңді ұрайын... Сен саудагерге серік болушы ма ем?.. Мен... Мен, Шаңырақбай Таңатаров, бүгіннен бастап партия жетегіне ерем...
Шаңырақбай ұзақ сөйледі. Иығы түсіп салбырағандар, айызы қанып жайраңдағандар болды. Гүбірнеден (губерниядан – СБ.) келген өкіл жігіт Шәкеңнен көзін айырмай, әр сөзін бір жазып отырды.
– ... Осы отырған жұрт осыны өтірік дей аласыңдар ма? – деді Шәкең сөз аяғында.
Шәкеңнен кейін өкіл шығып:
– Жолдастар, менің баяндамамның көбін Шаңырақбай отағасы айтып өтті... Мен «бөлісті» қалай жүргізуді ғана баяндайын, - деді...
...Жиылыс артынан өкіл Шаңырақбайдың үйін жағалап, камсамалдарын (комсомолдарын – С.Б.) ертіп Қопабай да келіп жетіп еді. Өкіл бұларға әртел (артель – С.Б.) жәйін түсіндірумен болды...
* * * ...Шәкең колхоз жиылысын өткізіп келіп, хат жазуға кірісті: ...Ленинград. Сталин жолдас атындағы зауыт, Жылқыбайға. Мен ағаң Шаңырақбайдан. ...Бұл жылы мақтана алам: он жылдық тойға Ленин партиясына кірдім, сауатсыздығымды жойып келем. Әртеліміз нығайды. Сары алаптан қала салып жатырмыз... Қойбағарды кәнпескеледік...
Сол күні кешке Қопабай келіп:
– Болком жанынан партия көрісі (курсы – С.Б.) ашылды, сіз соған барып оқисыз, – деді.
– Мақұл! – деді Шәкең жымыңдап...
– ... 15 жылдық тойдың қарсаңына «Сатсиалды ауыл» қаласының екі үлкен көшесі салынып үлгіріп еді. Горькийдің әдебиет майданындағы қырық жылдық еңбегі ескеріліп, үлкен көшесі «Горький» аталып еді. Қопабайдың бастауымен машина-трактор стансасы «Ұйым» колхозының басқармасымен шарт жасасты да, «Сатсиалды ауылды» електір (электр – СБ.) нұрына көмбекші болды. Үй арасына баған қағылып, сым тартылды. Шәкең үйіне екі лампы кіргізілді. Лампыны Қопабай өз қолынан орнатты.
– Күлтай жеңеше? Осы шам жанған сайын мені есіңе ал, – дейді ол күліп.
Оған жалғас комсомолдар бригадасы радио орнатуға кірісіп, Шәкеңнің үйіне де біреуі орнады.
– «Тыңдаңыздар!.. Алматыдан сөйлеп тұрмыз...»
Шәкең мұртынан күліп, радиоға құлағын төсегенде, Күлтай ептеп басып келіп, Шәкеңнің иығына қолын салды.
– Өй, әрі кет!
– Қойшы, жазған, жаныңда тұрайын да... Мұндай күнді көреміз деп ойлап па ек!
Радионың дауысы: «...қан ішкіш патша үкіметі ел ішіне әтіретін шығарып не түрлі айуандық жұмыстар істеп...»
– Әй, қатын, баяғы әпесердің сүгіреті қайда?
– Оны қайтесің?
– Керек, керек, тез тап, астық сайозының (союзының – С. Б.) есепшісі тап сол болмағай деп шошынам...
Шәкең мен Күлтай босағада жатқан құрым киізге ораулы теңді ақтарды: ескі бұйым шаң-топырақ боп бұрқырап қарауға жаман жиеркеніш еді.
– Әдіра қалғырды неге кіргіздім осында, шығарып тастайыншы, – деді Күлтай қабағын түйіп...
Үйдің іші жалт еткенде Күлтай шошып, «астапыралда» деді. Бұл жанған Алданазардың шамы еді. Шәкең мен Күлтай біріне-бірі қарап жымың қақты. Бірінен-бірі көзін айырмады. Электрдің нұрының астында осы келіс қанша тұрса да жалықпайтын сияқтанды. Өмірдің таңы шындап атқан сияқты болды...
– Шәке! Тойың құтты болсын!
Екеуі селт еткендей боп бұрылса, есік алды екінші картина: жұмысшы киімінде Жылқыбай, камандір (командир – С Б.) киімінде Түлкібай шес (честь – С. Б.) берген түрде екеуі есік алдында тұр еді...
– Өмір деген қандай қызық!
1932 жыл
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру