Өлеңдер жинағы (Қ. Оспанов)
Қ. Оспанов
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Өлеңдер жинағы. Қ. Оспанов
АУЫЛ
Еһ, шіркін-ай, балалық шапқылаған,Бəрінен де сол кезім тəтті маған.Біреу тиіп жылатса, апам сүйіп,Одан сайын "салар ем, қаттырақ əн".
Ауылым-ай - тербеген ақ бесігім,Еске түссе жымиям шəлкесітігім.Азан-қазан мал келген кешкі уақыт,Менің тұңғыш тыңдаған – оркестрім!
Бетті аймалап іңірдің салқын демі,Сиқырлы əуен ойнайтын ал түндері.Іргедегі көлшіктен құстар шулап,Басу айтып жататын əупілдегі.
Ал күзі ше, ауылдың, күзі қандай,Құстар қайта бастайтын бірі қалмай.Күні-түні төгетін көздің жасын,Аспанның да, тым ерке ұлы бардай.
Əкем келіп, қой баққан, сиыр баққан,(Қойдан көрі бізді оған қиын баққан).Кешкі шайға бəріміз жиналамыз,Пеш түбінде, сол қойдың қиын жаққан.
Түтін иісі қытықтап танауыңды,Демек үйге жанбаған шала кірді.Апам кіріп келетін, тік көтеріп,Өзінен екі есе үлкен самауырды.
Ақ қысын да сағындым қар бораған,Үйге қуар "тоңба" деп қамқор ағам.Ал, менің жолағым жоқ үйге қайтып,Шыққым келмей жып-жылы мал қорадан.
Қырау тұрса ағамның қабағында,Қар емес, ол - мейірім қарадың ба?!"Мен тоңбаймын" деп айтсам мəз болатын,"Мінсең, əне, дайын тұр жабағың да!"
Еске аламын шап-шағын мектебімді,Жақсылықты бойыма еткен үлгі.Тіпті сол бір сағындым мұғалімді,Жыртып тастай беретін дəптерімді.
Жүретұғын мəз-мəйрам, күліп күнде,Бала шақта болмайтын күдік мүлде.Қиялилау, арманшыл сол кездерде,Алдымызда не барын біліппін бе?!
Қайран ауыл, жеңілден ауыры көп,Сен көрмеген тағдырдың дауылы жоқ.Таныса деп бар қазақ армандаушы ем,"Қуаныш Оспановтың ауылы" деп.
Ауылым-ай өзгерген өңі мұңды,Көшіп кеткен сұрама көп ұлыңды.Дал-дал болып жыртылған дəптерімдей,Кім желімдеп береді көңілімді.
Ауылым-ай бесігім тербетілген,Мақсатына жетпей ме, ер бекінген?!Мен АҚЫН боп шыққанша өтінемін,Сен жоғалып кетпеші жер бетінен...
КҮЗ
"Я хотел бы жить, Фортунатус,
в городе, где река высовывалась бы
из-под моста, как из рукава -- рука..." И. Бродский
Сұр аспан көзінен жас парлап,Күз келді, кетті ұшып қасқалдақ.Табанға тапталды сарғайып,Ағаштың басынан қашқан бақ.
Төңірек түнерген қорымдай,Көңілсіз болмағам, о, мұндай.Мазаны қашырған жел үні,Соңы жоқ сайтанның хорындай..
Қуарып шаттығым қаулаған,Күн, әне, төбемнен аунаған.Дірдектеп тағдырдың желіне,Жалаңаш үмітім жаураған.
Белгісіз сен қандай жайдасың,Сүреңсіз күз болды райласым.Адаспай келерсің қайтадан,Қасқалдақ-бақытым қайдасың?
Көбейіп жүргенше мұң-налам,Көшейін, қажытты сұр ғалам.Бродский аңсаған қаланы,Қайда екен, айтады кім маған???
МЕЗГІЛ
Өз қанына малшынып, тағы да бір күн өлді,Аспан төмен салбырап, бұлтқа айналған жын өрді.Екілене үдеген есер жаңбыр сорғалап,Топырақты жердегі есалаң қып жіберді.
Үні шықпай үйлердің, табанынан сыз өткен,Теңселеді күйсіз бақ тұрған жандай сүзектен.Жарып шығар саңылау таба алмаған Айдың да,Бұлтқа соғып аңдаусыз шеке тұсы дыз еткен...
Көксау аспан күркілдеп, көмекейі жыбырлар,Шатыр етсе оқыстан, тау құлағы шыңылдар.Қарауытып көрінген сымға асылып, жолдағы,Тырна сирақ бағанның кеудесінде сырыл бар.
Күзгі нөсер тоқтамай, құйып жатыр төкпелеп,Жаз қайрылмай барады, мезгіл келсе жоқ бөгет.Жаз емес ол жоқ əлде, менің мұңсыз күнім бе,Суда қалған қыз ба, əлде, бара жатқан өкпелеп?!
ТҮС
Түсімде ылғи өліп бара жатамын,Майшам құсап сөніп бара жатамын.Абыр-сабыр жаназама жиылған,Адамдарды көріп бара жатамын...
Ылғи көрем, өліп жатам түсімде,Қайғы-мұңсыз ақ кебіннің ішінде.Бірақ сол түс маған қатты ұнайды,Бұл сөзімді түсін, мейлі, түсінбе.
Өліп жатам түстерімде мен ылғи,Ондай кезде өзгешелеу көңіл-күй.Сондай түстер көре бергім келеді,Шырт ұйқым да ештеңеге бөлінбей.
Бəрін тастап ұрыс-керіс жанжалдың,Арасынан безіп тірі жандардың.Бізден бұрын кетіп қалған бақиға,Соңдарынан бара жатам шалдардың.
Түсімде ылғи өліп бара жатамын,Һақ ісіне көніп бара жатамын.Мені көміп жатырмыз деп ойлайтын,Адамдарды көміп бара жатамын...
ИДИЛЛИЯ
Шай ішсе жазылған әжімі,Табиғат, апамдай бусанып.Қарайған қыраттар, кәнігі,Қараған атамдай күн салып.О, менің, көктемім, жып-жылы!
Таңдағы бозторғай үніне,Ұялшақ самал жел билеген.Көбелек сыр айтса гүліне,Үркітіп алудан именем.О, менің, жазым-ай, мөп-мөлдір!
Ағаштың көңілін жасытып,Өмірдің қабағы түксиді.Түтіні Ай көзін ашытып,Пештегі қара қи бықсиды.О, менің, күзім-ай, мұңдылау!
"Темекі шегіп" бар тіршілік,Аузынан аппақ бу бұрқ еткен.Ақ қардан жанарға нұр сіңіп,Бетімнің ұшында жылт еткен.О, менің, қысым-ай, тап-таза!
Сағындым осының бәрін де,Қаладан таба алмай жүргенім.Қиялда, түсімде, әнімде,Туған жер, сенімен біргемін!О, менің, Ауылым,О, менің, тәп-тәтті идиллиям!... ап-ащы идиллиям!
ДҮКЕНДЕГІ ДИАЛОГ
– Айналайын қарындас наның бар ма?– Про что вы говорите? По русский можно?– Русскийің не? Қазақсың, арың бар ма?!– Мне, ваш казахский понять так сложно.
– Өй ақымақ, есалаң, тексіз неме!– Что вы мне грубите? Идите не хамите.– Ей, əкеңнің, қорлық-ай... бетсіз неме!– Сейчас полицию вызову, айда валите!
– Еее, байғұс-ай, қыз деп ем инабатты... Құдай саған ар-намыс сыйламапты.– Все выйдите от сюда, не знаю инабата, Училась в школе русской. Я не виновата!
Шығып кеттім. "Көрермін бəлем сені!"Ана тілім көтерер əлі еңсені.Өз қазағым қорлады-ау, сорлы тілім,Мойындайтын күн бар ма əлем сені?!
Шарасыз жымқырамын ерінімді,Құртты ғой, оңбаған қыз нервімді.Нервімді...Нервімді...Əлгіден жұқты-ау.Тфу. Атаңа нəлет орыс тілі-айй!
КЕТЕМ
Мен кетемін сооонау шексіз əлемге, тек санамда мұнартқан!Қалдырамын өзіңе бұл жүректі, сол қалпында құмартқан.
Мен, Тəңірге жеткізейін айта ғой, қай тілегің бармаған?Жер бетінде бөгелмеймін бəрібір, арсыздармен, арыздасу Ар маған!
Басыр болып жүргенімше құр босқа, шексіздікке аттанам,Пендəуи тірлігімді тəрк етіп, Күнге барып шаттанам!
Сол əлемде қарсы аламын мен сені, келіссең егер осыған,Оған дейін кемпірқосақ үстінде, шылым шегіп отырам.
Қарайлаумен отырамын мен солай, "жынды" деме оныма,Күндердің бір күні сен де келесің, жүрек ұстап қолыңа!
ЖАНАЙҒАЙ
( көліктің терезесінен лақтырылып, туа сала өлім құшқан сəбидің монологы)
Келдім. Кеттім. Мен сендерге не жаздым,Анашым-ай, осыншалық неге аздың,Жатырыңнан сəл-ақ кеңдеу көліктен,Басқа əлемді көрсетпедің неге аз күн?!
Анашым-ай,Құлақ салшы, құрсағыңда бүрлегем,Шаранаңмын бір күн өмір сүрмеген.Сыртқы əлемнің салқындығын сезуші ем,Бірақ мұнша суықтығын білмегем.
Сен жылытар деп ем тəнім мұздаса,(Алдандың ғой, жұрт сөкпес ед сізді аса)Кім емеді айтшы соны, анашым, Сүтке толып, ақ мамаңыз сыздаса?!
Əділдік пе туа сала өлмегім,Маған неге сұлу есім бермедің,Шілдехана жасамады əкем деАтамның да түрін неге көрмедім?!
Əжетайым,Жанды ауыртып, кіндігімді жұлмалап,Құтылуға асықтың-ау жылдам-ақ.Бесігіме бөлеп қойсаң мен сенің,Мазаңды да алмас ем ғой іңгəлап.
Болар ем ғой, қолғанатың, ермегің,Əзірейілім боп шықтың ғой сен менің.Əжетай-ау, əлдилегің келмесе,Баласы жоқ жанға неге бермедің?!
Əулетіңді тұздай құртып жоймақ па ең,(Тілегіңді қабыл етіп қойды əттең).Əйнегінен лақтырғанда көліктің,Аспанға ұшып кетеді деп ойлап па ең?!
Қазағым-ай,Сап-сау тудым, Ер болар ем ту алған,Ерлігімді намысыма суарған.Қазақ деген елдің ұлы болам деп,Жатырыңа біткен кезде қуанғам!
Қазағым-ай,Қысқа күнде қырық өлең шығарған,Ақын ұлттың ұлы болу - ұлы арман.Мен, əу баста, Жаратқаннан сол үшін,Мына сенің жатырыңа сұранғам!
Ей, адамдар,Мен жолдамын, мені ұмытып кетпеңдер,Аза тұтып жатыр маған Көк пен Жер,Тым құрыса баспаңдаршы миымды,Жинап алсын кептерлер!...
МЕНІҢ БАБАЛАРЫМ!
Менің Бабаларым , Нығыметтерін Көк Тәңірі түгендеп , тура жолға үңілген, Бөрілі байрағы көктің үшінші қабатында желбіреп қара жерге тігілген.Ақыл зердесінен хабарлар алған жебелерін көргенде, жер сүюге асыққан Кас дұшпандарының сән-салтанаты сорлы баққа айналып, жандарынан түңілген!
Менің Бабаларым,Маңдайларынан Көк Тәңірдің сәулесі көрініп жарық шашқан,Айғайлағанынан аспан күмбезі дауылдатып дұшпанның зәресін алып кашқан.Жаңа бақ пен дәулет шежіресінің жасылданған бұтағы --- балаларына дейін,Жауға заҺар шашып, бостандық дәмін кектен іздеп, туа сап Батыр боп қалыптасқан.
Менің Бабаларым ,Жарқын ойлары парасаттық сәулемен жарқырап көрінетін,Кемелдіктерінен мейір бағының ілтипаты бет сипап хош иісі сезілетін.Қашу үзенгісіне аяғын салған қас жаулары бақытсыз беттерін бұрып алып,Үрейдің қолына төзім тізгінін ұстата сап жан-дәрмені қалмай безінетін.
Ғарыштан ғайыптың құпияларын ұғынатын Әулие БаҺадүрлер едің кіл,Ғайып әйнегінен келешек жайын болмай жатып көретінӘмбиелерім, демің --Нұр!ҚаҺар пәлекеттің сел тасқындарын қолын жайып дұғамен тоқтататын,Сендерде Тәңір мен Ұлы пәк рухтан сұрар тілек, медет те, Һәм жұпарлы сенім дүр!
Өмір күйретуші семсер мен жанды шаншитын найзасы ажал боп жарқылдайтын,Соғыс алаңының шаңына үлкейген қарашықтар бақыттан гауҺардай жалтылдайтын.Парасат саусағынан жебе зуласа даусынан жеңістің сүйіншісі естіліп,Соғыс даласында тағдыры теріс жау мүрдесін шоқыған өлім ғой қарқылдайтын..
Жаны тәнді қуған аруақтардың соңдарына түскен, аспан-жерді жаңғыртып,Ұрыстың қап-қара қаҺар тұмшалап қан жапқан қою түнегіне қаңғыртып.Бүлік пен дауға ынтық сезімі суып қалған мүсәпір кәлласын шауып алып,Қанын да ұрттаған қайтқан кегінің ләззат сезімі масаң күйде мәңгіртіп.
Ізгілі пен мейір жаңбыры жауып, гүлзары жаңарған арман-тілектеріңнің,Үміт кесесінен мөлдір достық пен бақ шырынын толтырып ішкен жүректеріңнің,Қастық семсеріне ілініп барып сорғалаған қанымен аңыз болып жазылған,Тағдыр-тарихыңа бас пен жүрегін қоса иіп, жоқтай да жылай жыр еткен ұлың!Бабаларым менің!
ӨМІР – ӨЛІМ
(СЕНЕКАДАН)
Босаған құмсағат – ғұмырың,Ақтық дем –түйір құм ең соңғы.Мен үшін екеуі – бір ұғымӨмір де, өлім де белсенді!
Құмсағат ортаяр біртіндеп,Төменге алар да бағытын.Жүргенмен қуана күлкің кеп,Жап-жақсы өмір де – табытың!
Мезетте келмейді ажалың,Сəт сайын, сəт сайын жерлейді.Қалқиып қалғанша мазарың,Өлімнің əлдиі тербейді!
Оның да бар күні, ай, жылы,Тіпті, өлше минутпен өлімді.Ажалың болмас тек қайғылы,Ажал да кей кезде көңілді!
Көзіңді бір жола жұмғаннан,Бір күнге жазғанмен көмуді.Ажал да басталған туғаннан,Туа сап бастаймыз өлуді!
ГҮЛ САТУШЫ
Өмір – даңғыл, соқпақтар, бұралаңдар,Келдің екен тиісті сыбағаңды ал!Көше кезіп жүреді миллион тағдыр,Айналады көшеге Ұлы адамдар.
Өмір сол ғой, еленбес тірі адамдар,Бұл сөз үшін, е, мейлі, кінəлаңдар.Көкшетауда, Əуезов көшесінде,Қарапайым əрі ұлы бір адам бар.
Маңайында шаттықтың үні естіліп,Ізгілікті соңынан ілестіріп.Күндіз-түні жүреді адамдарға,Құшақ-құшақ мейірім үлестіріп!
Қуаныш пен жақсылық тілегені,Тұрғындардың көбі оны білер еді.Гүл сататын ағай - ол, қыста барсаң,Қолыңа "жаз" ұстатып жібереді!
АНТОНИМ
Ауыл, Қала - екі басқа тіршілік,Бір-біріне бас ұрмайтын, қырсығып.Қараңғылық тұмшаласа ауылды,Қалада өмір басталады "күн шығып".
Ауылда түн, ұйқыда оның мал-жаны,Естілгенше əтештердің таңғы əні.Керісінше күн батқан соң қаланың,Жарқырайды шамдары мен сандары.
Ауыл түні, ұйықтауға тиісті ел,Ал қалада арсыздықтың "миы істер".Қора жақта бырт-бырт еткен күйістер,Қонақ үйде шөлп-шөлп еткен сүйістер.
Ауылда жоқ шуылдаған көліктер,Тыныштықтың музыкасын бөліп көр!"Қысқа өлімге" аттанғанда ауылдар,Қаладағы тіріледі "өліктер".
Екі түрлі адамдардың кереуені,Екі бөлек уақыттың белдеуі.Ауыл түні – еркіндіктің дамылы,Қала түні – тұтқындардың серуені!
ДҰҒА
Уа, құдіреттің Құдіреті, Алла тағала,Алдымен өзіңнен тілеймін! Уа, Жаббар Ием,Сен – мыңдаған ғаламдардың,Сансыз періштелер,Һәм жындар мен адамдардың Тәңірісің!
Сен,Жұмақ пен Тозақты жасағансың, рахат пен азапты,Керемет пен небір ғажапты жасағансың.Солардың ішінде,Өзіңнен кейінгі Ұлы – Қазақты жасағансың!
Сен,ҚаҺарланғанда талай қауымдарды,Тарыдай түйіп, қуырып, пісіріп жібергенсің.Менің қазақ халқымды да мезгілінен бұрынТозаққа түсіріп жібергенсің!
Иә,Жер үстінде жүріп-ақТозақтың сасық иісін сезінгенбіз.Періштелер ұратын күрзісіз-ақ жаншылып, езілгенбіз.Алакөлге келіп сұлағанбыз,Ақтабан болып безінгенбіз!
Мойнымыздан азап ажырғысын ысыра алмадық,Бабаларымыздай дұшпан зәресін ұшыра алмадық.Қос бүйірден қысқан қытай мен орыс --- Нәңкір мен Мүңкір болды,Қабір азабынан да құтыла алмадық.
Қазақтың бағы күрмеуі шешілмей байлана берді,Қасіреттен қан құсып қайғы ала берді.Тозақтың Заққұм ағашының шайтан басты жемісі, отызыншы жылдардағы аштықтаӨз баламның басына айнала берді.
Дұшпаным бет-аузымды күп қылды,Ықтырды,Бұқтырды,Тозақтың жалыны сол емес пе --Крематорийде Смағұл Сәдуақастың өр Рухы шыңғырғанда,Жер ананың да төбе шашы тік тұрды!
Аттан ауып жығылдым,Сүріндім,Бүліндім,Итке бермесін күнімді.Ата жауым сақ-сақ күліп, құтырып,Тұла бойымдағы терімді тірідей сыпырып,Праганың ұлттық мұражайына да,Тұлып болып іліндім.
Асылдарымызды айдаттық,Атқыздық,Шапқыздық,Түрме салмаған ел едік,Абақтыны іздеп жүріп таптық та,Жапқыздық!Тозағыңның Әл-Һауия шыңырауын да көрсеттің,Шәкәрімді сонда,Табаны күректей отыз жыл жатқыздық!
ЖаҺаннамдағыдай,Мың рет тірілдік,Мың рет өлдік.Аталарымыздың асыл сүйегін ауаға көмдік.Қиямет қайымдағы зобалаңдыСемейде, жатырдан шал боп туғанда, аяқ-қолсыз сал боп туғанда,Көрдік!
Жылқы мінезді едік,Шошқадай қорсылдадық.Арлан едік, иттей арсылдадық.Тозақтың асы --ірің дейсің бе, сол іріңді жетпіс жыл бала-шағамызбен бірге ішіп,Безгек қысқандай қалшылдадық!
Осының бәрі Тозақ емей немене,Азап емей немене???Ыстығыңа қақталып, тозағыңа отын боп жалындағанбыз.Сонда да сенен күдер үзбей,Шүкір-тәубемізден жаңылмағанбыз!
Қанша заман оздырып,Сенің шексіз мейіріміңе бөленген шығармыз,Қуарып барып көгерген шығармыз.Тозақтың темір есіктерін күйретіп,Қан сасыған,Ірің сасыған кебінімізді сүйретіп,Осы күнге жеткенде,
Уа, құдіреттің Құдіреті Тәнірім,Енді менің елімді жылатпашы,Құлатпашы,Көндім ғой талай сынақтарыңа.Тек саған ғана тәуелді болып,Атқан таңым домбыра, қобыз үнімен басталған әуенді болып,Асыға басайын,Адымдай басайын мұраттарыма!
МАХАББАТ МАТЕМАТИКАСЫ
Таныстық та ынтық болдық, ұнаттық,Ғашық болдық, жанарларды жылаттық."А" және "Б" нүктелері -- біздің жай,Арасында жеткізбейтін жырақтық.
Біздер ортақ қуаныштан тыс қалдық,Біздің көңіл мұң аймалап, құшқан күп.Қос жүректің арасында -- сағыныш,Екі нүкте арасында -- құштарлық.
Пайда бермей бір нүктеге талпыныс,Таба алмаған жүрек байыз, жан тыныш. Қос жүректің арасында --коэффициент,Екі нүкте арасында -- тартылыс.
Жазымышқа болған солай құрбандық,Шексіздікке тұтқын болып шырмалдық.Екі нүкте арасында көлік пенешқандай да маңызды емес жылдамдық.
Екі ортада Ой мен Ес сенделген,Ардың жібі дар ағашта тербелген.Екі нүкте арасында -- молалар,Онда біздің қайран Уақыт жерленген!
Болады деп ойлаған-ау бұлай кім,Жете алмадым жүрсем де апта, жыл, ай, күн.Бір нүктеде болу керек ғашықтар,Білмеуін-ай мұны қырсық Құдайдың?!
Басқаларға аңыз, бәлкім өсекпіз,Қосылмайтын екі бөлек төсекпіз."А" және "Б" нүктесінде тұратын,Шешуі жоқ есеппіз...
САҒЫНЫШ
Қараша ауыл көңілдегі дертім ең,Бала кезде құлағымнан шертіп ең.Саған келдім, қам көңіл боп шерленіп,Алып ұшқан жүрегімнің еркімен.
Қараша үйім, қабырғасы құт сіңген,Кездерім жоқ сені ұмытып, күпсінген."Неге, ат ізін салмай кеттің?" дейсің-ау,Қабағыңнан ұғып тұрмын тіксінген.
Амансың ба қария көл, қарт адыр,Сені аңсадым жая жота, қарта қыр.Сары үрпектеу балғын шағым монтиып,Қарсы алдымда танауын бір тартады ұл.
Иіскеп əкем, күн иісті кекілді,Əңгіме айтып отыратын не түрлі."Қасып бер" деп шақыратын арқасын,Қалмаушы едім жанторсығы секілді.
Үлкендерден күнде еститін тыйымдар,Сағындырды-ау, көңілімде құйын бар.Анау жерде асық ойнап жатушы ек,"Сағыз шайнап" қайтқан кезде сиырлар.
Сүт кенжемін, момын балаң мен емес,(Асық үшін болған талай төбелес).Жон арқамда əкем өрген бишіктің,Билеп-билеп алғаны да жоқ емес.
Кейде солай абыройым шашылып,Жыны алынған бақсыдай боп басылып.Əкем қатты ашуланған кезінде,Өз арқам да қалушы еді "қасылып".
Естелік боп, өткен күнім жаңғырдың,Бəрін-бəрін, ауыл, сенде қалдырдым."Əкем мені сипапты ғой" деп күлем,Қолы қатты көтерілсе тағдырдың...
АУЫЛ
Ауылым-ай жүрегі кең, жаны ізгі,Сенен басқа кімім бар ед маңызды?!Жылу іздеп саған келем тағы да,Сенен басқа кімге айтамын арызды.
Шатқаяқтап, кері кетіп тірлігім,Бір күнімнен көңілсіздеу бір күнім.Оның бəрін ақтарайын несіне,Айтпай-ақ та сезесің ғой, білгірім.
Саған келем, асылым-ау, елеңдеп,Сағынышым қабат-қабат тереңдеп.Сенсің сүйеу, мағынасыз өмірдіңЖүргенімде жарқабағын кенерлеп.
Тұрғанымен алдан қанша сор күтіп,Соқтықпалы тарам-тарам жол күтіп.Батагөйім, сен барсың деп сенемін,Көз жасымды алады деп сорғытып.
Төзімімнің созылды ғой сіңірі,Жалғыз өту – ақындардың ғұмыры.Күлбілтесін қайтем анау көкемнің,Керек пе еді залым достың күбірі?!
Келгенімде қопарыла күрсініп,Сен де қырын қарамашы қырсығып.Аспаныңды түнертпеші онсыз да,Маңдайымнан жүргенім жоқ күн шығып.
Қағылғандай тиесілі еншімнен,Жылқы жаным тас қалаға жерсінбен.Құлыным деп шықшы қарсы алдымнан,Құшағыңа құлайыншы тер сіңген.
Арманымды сұрамашы сел жуған,Қалды адыра мақсатым да бел буған.Адастым ба, шатастым ба белгісіз,Жетім түтін секілдімін жел қуған...
ҚЫС
Қыс. Дала. Мүлгиді қарлы атырап,Киіпті ақ ұлпадан тау да тымақ.Осынау тыныштықты бұзбасын деп,Жер үнсіз жатыр көктен сауға сұрап.
Тыңдайтын, аспан ба оны қамқоры боп?!(Ауысқан сұп-сұр түске қамзолы көк).Түнерген өгей шеше қабағындай, Бетінің, міз бақпаған қан-сөлі жоқ.
Сəлден соң, аспан тағы тымауратпақ,Қар жауар жөтелгенде қылауғақтап.Уфілеп демалысы жиілесе,Жер бетін алай-дүлей бір аунатпақ.
Білесің, Арқадағы, жайын қардың,Берілген соны ойлаумен уайымға əркім.Салбырап екі иіні қарағайдың,Салмақтан қары талар қайыңдардың.
Наразы тоғай іші күбірлейді,Дауылдан құлағандар тірілмейді.Оралып үлкендердің балағына,Бүрсеңдеп, бала-шілік дірілдейді.
Қалған-ау көптен бері даласырап,Ұялас күшіктердей таласып ап.Сырғыма қар ойнайды əрлі-берлі,Жантайған ұзын жолдың мазасын ап.
Маужырап бұйығады түз есінеп,Түз есінеп жатыр ма қыз есінеп?!Қар жапқан анау төбе, ару қыздың,Бүгілген көрпе астында тізесі ме ед?!
Даланы аз-ақ уақыт дамылдатып,Ұлыды бөрі-боран сарындатып.Маң дала одан сайын бұйығады,Көрпесін "қыз төбенің" қалыңдатып.
Ə - ГЕ
Əдемім менің, əйбəтім менің, əдептім,Əрəйнə таппай көңілге мынау əлекпін.Əбігер болам əпенділеу бір адамдай,Əйəйім менің, ағаңды əбден əуре еттің.
Əлеулайлаған, жүректе, əсем əн билеп,Əспеттеп жаным атыңды айтам əлдилеп.Əуселесін де көрер ем шіркін сен үшін,Əсіре ауыр басыма түссін бар бейнет.
Əңгіртаяқ боп ойнасын мейлі басыма,Əйтеуір сенің жетсем-ақ болды қасыңа.Əтірін сыйлап не қылам саған дүкеннің,Əнімді тағам шашбауың қылып шашыңа.
Əткеншек ойлар санамда сені сан тербеп,(Əсілі сенің қылығың тəтті, бал- шербет).Əуежай түндер түсімде саған ұшырып,Əйнектен күлген оятып алар таң "сен" деп.
"Əпсүң" дұғам да өзіңсің күнде қайталар,"Əлхамым" да өзің құдайдан тілеп айта алар.Əсерсіз кино сияқты сенсіз өмірім,Əзірейіл келер болғанда ғана жай табар.
Əлемге басқа, арманға басқа сендірген,Əлқиссасы сол, құлай сүйгенмін мен бірден.Əуелде біздер танысқан кезде, Есімің –"Ə" –ден басталған төрт əріп шыққан ерніңнен...Ұзаааақ сүйгім келеді...
Ə-ГЕ (ІІ)
Ұзақ күннің батырдым тағы бірін,Ойларымның сен жайлы бəрі бүгін.Ертең тағы ойлаймын жалғыз сені,Солай тағы өтеді ары күнім.
Кетіппін ғой, айтпақшы, түнді ұмытып,(Сағат тілі уақытты тұрды үгітіп).Отырмын ғой білесің, ал, сен айтшы,Елеңдейсің, ерке қыз, кімді күтіп?!
Шам да жақпай, кетер деп түнім қашып,Күткен кезде қасыма мұңым да асық.Сезді ме екен сен жайлы ойларымды,Жақындады жұлдыздар жымыңдасып.
Жұлдыздарға көрсетсем құрметімді,Жөн көрмейді олар да құр кетуді.Бір шоғы – қас, бір шоғы –көзің болып,Сенің сала бастайды суретіңді.
Дəл келтіріп ернің мен мұрыныңды,Айнытпайды тіпті ерке қылығыңды.Бірнешеуі əнеки шолпың болып,Түнге қосып өреді бұрымыңды.
Түнгі аспаным əп сəтте мың құбылып,Сұлулыққа бас иді құлдық ұрып.Сұлу АЙды жетелеп қос қолынан,Бір шоқ жұлдыз келеді зыр жүгіріп.
Қалқатайым күткенім осы менің, Таң келеді дегендей "өшіремін"АЙды алқа қып тағынған суретіңді,Асығыс дəптеріме көшіремін...
Ə-ГЕ (ІІІ)
(БЕАТРИЧЕ)
Беатриче, о, сондай сұлу ма едің,Болмаған түрің менен үніңде мін?!Данте дамыл көрмепті өзіңді аңсап,Құштар болған, ақынды,білуге кім?!
Ақын халық – бақытсыз анық маған,Қай елде олар, жылуға тарықпаған?!Дантенің де мұң-зарлы соннеттері,Сұр аспанда сұрықсыз қалықтаған...
Ақындардың жалғыз тек жары құдай,Сүйсе олардың, сүйеді бəрі құлай.Айтқанымен "рахатқа бөлеуші" деп,Сен жетпепсің Дантенің жанына ұдай.
Тіпті сенің жасырып есіміңді,(Қызғанышсыз сезімнің несі құнды!?)Жұрт алдында сезімін айта алмапты,Сол үшін де, бұл ісі кешірімді.
Күлгеніңмен ақынды əжуалап,Жуымасын білемедің жаныңа бақ."Құдіретті комедия", білесің бе,Неше ғасыр сезімге əлі мадақ?!
Сол махаббат, сол сезім – ұғым дара,Сендер – кеше, ал біздер – бүгін ғана.Періштем бар менің де, ынтызармын,Сыйым да сол – ұсынар жырым жаңа.
Періштем деп атып таң, батыпты күн,Қауышуға жырларым асық бүгін.Ол сүйсініп оқиды,Сондықтан да –Ол – сенен, мен – Дантеден бақыттымын!
Ə-ГЕ (ІҮ)
Қоштасу
Көп күтпен кездесу,зарығып,Қамығып,жүр едім аңсаумен.Мен келдім жаныммен,сағынып,Ақ үміт – сен келдің жан сəулем!
Көргенде ток ұрып денемді,Мен енді беймаза күйдемін.Көңілім шаттыққа кенелді,Сен енді асықпашы сүйгенім.
...Уақытың тапшылау білемін,Күн едіңкөрініп жоғалар.Қоштасу сəтінде жүдедім,Түнегім қайтадан оралар.
Қолыңнан ұстадым ұялмай,Қиялдай бір сəттік көргенім.Ұзадың, мен қалдым қия алмай,Жыя алмай есімді, өлгенім.
Ішімнен жүрегім қан жылап,Сандырақ өмірге өкпелі...Менімен қосыла Тау жылап,Егілді Көкшенің бөктері...
Ə-ГЕ (Ү)
Білем сенің мүлде басқа байламың,Жағдайымды ұқтыра алмас жайдамын.Кісікиік боп барады тағдырым,Айтам сосын жұлдызға сыр, Айға мұң.
Бəлкім солай жақындармын құдайға,Жұлдыз ақты, аспан да анау жылай ма?Шыныменен əрбір жұлдыз өмір ме?Пенделердің күні бітсе құлай ма?!
Құлайтұғын шақ келеді-ау бəріне,Аспан төрін бөлеп мұңды əніне.Əне, тағы жұлдыз ақты жарқ етіп,Кім өлді екен жас па, əлде кəрі ме?
Жас жуады аспан жүзін айғыздап,Дұға тілеп қолын жайды Ай мұздап.Жоқтау үні сарнап кетті қайсы үйден,Семіз молда сұңқылдай ма, ей, байғыздап...
Құлақ неге шуылдайды, о, тоба-ай,Шығарып сап, келесісін тосады Ай.Жер бетіне ағып түсіп жұлдыздар,Құлпытасқа айнала ма, оп-оңай?!
Жə, несіне өлмеймін деп бəлденем,Мен де солай сырғанармын сəулемен.Пайда болар тағы да бір төмпешік,Жұлдызы жоқ адаммын ба əлде мен?!
Мен кетейін, мейлі, қайғы-күйіктен,Тауды салсаң көтерейін иықпен.Нұр ойнатып менің құлпытасыма,Сен жарқырап тұрсаң болды биіктен...
Ə-ГЕ (ҮІ)
Бір мұңыма ұласады бір мұңым,Күйін кешіп жүрген жанмын жындының.Сезім деген оп-оңай-ақ болса ғой,Көрсететін киносындай үндінің.
Сан қиындық көрседағы жолында,Мəз-майрам боп қосылатын соңында.Кинодағы бақытты ғой ғашықтар,Армандары – режисердің қолында.
Сені сүйіп, ғашық болып қалғаным,(Аңсауменен таңды таңға жалғадым).Əттең біздің тағдырымыз лента емес,Лауһылында жазулы тұр Алланың.
Бұл өмірдің шеңберінен шығайын,Періштем-ау, басқа мендік уайым.Шексіздікте табысамыз сеземін......Солай деші, ей, режисер-Құдайым!
Ə-ГЕ (ҮІІ)
Ынтық қылып құлпырған гүл өңіңе,Келер деймін күтумен міне-міне.Ақ сезімнің ақ тамақ қарлығашы, Ұя салып алғалы жүрегіме.
Сен емессің, алайда, мұң келеді,Мұңаюдың боп алдым жүлдегері.Уайымның шыға алмай құрсауынан,Арпалысам адамдай түрмедегі.
Көкірекке күн сайын күтім сиреп,Өз-өзіме жатқандай "үкім қи" деп.Сені ойласам – ішім өрт, көз алдымда,Көлбеңдейді көкпенбек түтін билеп.
Мұң кеміріп төзім мен күш, ақылды,Мүсіркеймін өзімді – мүсəпірді,Сағыныштан өлермін ес жия алмай,Иіскетіп көрсең де мүсəтірді.
Қоныстанған бір жола басыма мұң,(Содан кейін жоласын қасыма кім?).Жалғызсырап жүрегім қарайғанша,Шексіздікке жетуге асығамын.
Тəнім мұнда, жаныммен əрідемін,Алып қалмас бақсың да дəрігерің.Мақшар күні əн айтам атыңды атап,Жайымды ұғар сол күні бəрі менің...
Ə-ГЕ (ҮІІІ)
Серпе тастап қараған көз қиығын,Бейнең есте жəудіреген киігім.Сайын белде сағым болып жоғалдың,Ұлғайды ма күйігім?!
Мұңлы сазын тербеп самал үзілді,Мəжүніндей қалдым сүйіп ізіңді.Қала бердім елесіңді аймалап,Көзбен сипап жүзіңді.
Алыстаған арманымның реңін,Жақындат деп құдайымнан тіледім.Түн баласы аунақшимын ұйқысыз,Дөңбекшиді жүрегім.
Асау сезім салған кезде қиғылық,Келер ме едің маған тосын сый қылып.Жүрегімді сөздеріңмен жандырып,Көздеріңмен күйдіріп.
Таңда келші жадыратып бір күнді,Лепіртіп бұл көңіл деген шіркінді.Ойналмаған ойынымды ала кел,Күлінбеген күлкімді.
Бəрі мені бақыттыға баласын,Жерім жібіп, аспан күліп қарасын.Табайық біз, бір жүрекке айналып, Жарықшасыз жарасым...
Келші...
Ə-ГЕ (ІХ)
Самарқау күйбеңімен тіршіліктің,Бойымен күн жылжиды бір сызықтың.Зілмауыт қорғасындай түсі суық,Кеше алмай ой теңізін тұншығыппын.
Күйзеліс еркінсітіп күйін мүлдем,Қорадай жандүнием құйын кірген.Ербеңдеп күн кешеді, елес денем
Жалаңаш сүйектерді киіндірген.
Кеткендей сəтсіздігім қанға сіңіп,Қараймын түнге марғау, таңға сынық.Жұбанам көңілімді жалғыз ғана,Сен жайлы сүп-сүйкімді ауласа үміт.
Буалдыр арман ғана жұбанышым,Жүрекке талғажау сол, ұғамысың?!Қуанам саған қолым жетпесе де,Қаталдау менің сондай қуанышым!
Күніге қопарыла мың күрсінем,(Келер деп күтем бірге жыл құсымен).Сəтімді сені көрген жақындатып,Үңілем естеліктің дүрбісімен.
Көңілім өткен шаққа алабұртып,Отырам тəтті үніңді санада іркіп.Тұмшалап торғын тұман дидарыңды,Өтеді себезгілеп нала бүркіп.
Өлеңім – алданышым, қызығым да,Оның да шайылады жүзі мұңға.Жүрегімді қойдың-ау тізерлетіп,Алдияр көздеріңнің құзырында..
Ə-ГЕ (Х)
Ей, адамдар, сөгіңдер күстаналап,Ғашық болу – бəрібір, күш ғаламат!Жер бетінде бір күн де бөгелмес ем,Бітсе маған бітетін құсқа қанат.
Қарық болып күліңдер, кекетіңдер,Ғашық жандар – ғайбатты кешетіндер!Сəулелі сөз қимайсың білемін ғой,Сəуегей боп, ділмарсып кететіндер.
Ақталмақпын, айтпақпын кімге, несін?Ұқпайсыңдар сүюді білмегесін!Көңіліме көлеңке жуымайды,Сендер үшін жүрегім кірлемесін.
Сендер үшін жүрегім ластанбасын,Өсегіңнен белгілі жасқанбасым.Қаласаңдар қапыда өлтіріңдер,Көңіл күйің шаттанып, аспандасын.
Тыңдаңдар тек ең соңғы тілегімді,Қарсы аламын содан соң түнегімді.Мені өлтіріп болған соң кеудемдегі,Суырып алып қараңдар жүрегімді.
Таңданарсың бəрің де анық көрген,Қайтып алып кінəні танып келген.Байқарсыңдар суретті Құдай өзі,Өз қолымен "сүйсін" деп салып берген.
Жүрегімде сурет бар – сүт сəулелім,Сол жан үшін разымын шықса демім.Көрген кезде суретін ғашығымның,Ұғады жұрт хəлімді ұқса менің.
Мына өмірдің сезімсіз қонағы көп,Солар үшін мəңгілік соға білмек.Мұражайға қойыңдар жүрегімді,"Ғашық жүрек осындай болады" деп.
(Ə-ГЕ ХІ)
"Ғашық болдым Көкшетауға"деп күлдің,(Ынтық болсаң жиі-жиі кеп тұрғың).Ерке назың көбелек боп қонуда,Ең сұлуын таңдап алып көп гүлдің.
Көкшетауда ғажайып мол не түрлі,Соның бəрі сенсіз жұтаң секілді.Қызыл арай ойнап бір сəт жүзіңде,Ұлпа самал өбіп жатты бетіңді.
Сенсіз мүлде мəні жоқтай ғұмырдың,Өткеніме аянышпен үңілдім.Жүрегіңде шүпілдеген шаттықты,Мөлдіреген көздеріңнен сімірдім.
Сен кеткен соң азап толы күндердің,Келетінін ойлап демде үлгердім..."Тау əдемі" дейсің-ау, сен, Тау емес –Батпан-батпан шөгіп жатқан мұң көрдім...
Ə-ГЕ (ХІІ)
"Жыладым" дедің көзіңнен сырғып кермек мұң,Мен жазған жырды оқыған кезде қамығып."Ағатай, сізге қалай деп жауап бермекпін?"деймісің, қалқам, олай демеші жабығып.
Олай демеші болмасын сенде мұң мүлде,Көндіккем, басқа не қылам мынау жазмышқа?!Білем ғой анық өзгермес бəрі бір күнде,Ғашық боп қалу – қалу ол бəлкім қарғысқа?!
Білем, арманым орындалмайды не етейін,Тəккаппар өмір қолымды алмайды қырсығып.Азабын оның өзім-ақ алып өтейін,Жабырқамашы, əдемі көзің күрсініп.
Мұңайып емес, күлкімен өтсін əр күнің,Жанарыңдағы жасыңды маған қи жаным,Əрбір шумағы – үзіліп түскен тағдырым,"Жырыңды сенің оқыдым" десең ризамын...
(Ə-ГЕ ХІІІ)
Мизам шуақ
Жеткізбеді-ау алыстап сағымдай арман,Амалым қайсы тағдырға бағынбай, қарғам.Жүрегіме есімің жазылғанымен,Маңдайыма, əттең-ай, жазылмай қалған.
Ғаламға симас, миыма сиған сұрағым,Шешімі сенің көзіңде, иланшы жаным.Адасқан мен бе, уақыт па, жауабын айтшы,Сүмбілеге айналған мизам шуағым?!
(Ə-ГЕ ХІҮ)
Түн
Балконыма қонақ боп түн келеді,Күндегідей көңілсіз, үндемеді.
Түннен басқа айтылсын кімге сырым,Түн жəне Мен. Тартамыз бірге шылым.
Кеңістікте ырғалды қайғы гүлдеп,Бұлт астында бүрісті Ай дірілдеп.
Бүгін тағы демінен мұңлы ызғардың,Білтелері жанбады жұлдыздардың.
Бір ғажайып күтемін көз көрмеген,Бүгін де сол, дүние – өзгермеген.
Құлағың сал, аспанның тұрғындары,Қадір түні ғашыққа – түннің бəрі.
Мұнарасы мешіттің таңда тағы,Жұматайдың "өлеңін" зарлатады.
Ей, жүрегім арманда, армандама,Күнпарақта өзгерер сандар ғана.
...басқа ештеңе өзгермейді.
Ə-ГЕ (ХҮ)
Өлердей ынтығамын,Өлермен көңіліммен.Өң бермей армандарым,Өң тайды өмірімнен.
Сүйгенмен өліп-өшіп,Жете алмай өліп-талып.Өңкейтті асау тағдыр,Өңменнен теуіп қалып.
Өңкей мұң басыма орнап,Өңдес ай, күн өтеді.Жанымның өлексесін,Өлекшін күзетеді.
Өңірге қадаймысың,Өңгенің берген гүлін.Үмітім өлеусіріп,Өксиді өлең-жырым.
Өңімде, түсімде де,Бəрі мұң айналаның.Өлара шақта неге,Өлімді ойға аламын???
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру