Ақ гүлдер
Қатира Жәленова
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Ақ гүлдер. Қатира Жәленова
ЖАРҚЫН ӘЛЕМ, СЫРЫҢА ҚАНЫП КЕЛЕМ
ЖАРЫҚ ДҮНИЕ
Мен бугін жаңа туған баладаймын,
Құрысын бәрі уайым, нала-қайың!
Жарық дүние,
жырыммен,
шаттық үнмен
Орманыңды, тауыңды аралаймын.
Көтеріңкі көңілмен асқақ үнді
Бастайын мен мақамы басқа жырды.
Іңкәрлікпен сүйейін тіршілікті,
Түнертпесін бұлт ашық аспанымды.
Қуанышын жүректің атқара бір
Жазайын мен көбірек шаттана жыр.
Ауыр ойдан сілкінген ақынына
Мейірленсін құлпырып жатқан өңір.
Жарық дүние, не деген керім едің,
Өзіңе алғаш сәби боп келіп едім.
Сәбиің боп еркелеп бүгін саған,
Құшағыңа армансыз көмілемін.
Шуағы мол жап-жарық нұрың қандай,
Сіміремін нұрыңды шырын-балдай.
Тіршілік деп соғатын, тіршілік деп
Жүрегімде менің бұл тыным бар ма-ай?
Жарық дүние, сырыңа қанып келем,
Бірге жасап өзіңмен,
халықпенен,
Дәл өзіңдей жап-жарық жырларыммен
Адамдардың бәріне жарық берем.
ЖЕҢІС
Жеңіс! Жеңіс!
Төзімнің біткендей ең бәрін сарқып,
Жатқанда әлем ішіне қанын тартып,
Қалалардың үстімен отқа оранған,
Далалардың үстімен отқа оранған
Ұштың сен қанатыңды жалын шарпып.
Тұрды алдыңда қаншама тосқауылдар,
Қанша төкті қаһарын отты ауыздар?!
Төтеп бердің бәріне, қайран Жеңіс,
Өзің жайлы қаншама жетті аңыздар?!
Әнін, сәнін қайтарып көк орманның
Қандай бақыт шаттық боп оралғаның!
Дүйім елдің шыдаммен ұзақ күткен
Алақанға қондырдың ақ арманын.
Кешіп өтіп өмірдің өткелін мың,
Жетті бізге айбынды, өткем үнің.
Бейбіт күннің бал дәмін татып тұрып,
Қуаныштан көз жасын төкпеді кім?...
Жеңіс! Жеңіс!
Сен келгелі тірліктің жаңарды әні,
Бауырласып әр ұлттың адамдары
Қан майданда біріккен ұлы достық-
Бір мақсатпен бастады қадамдарың.
Сен келгелі көтеріп иықты нық,
Астық үйдік қамбаға биік қылып.
Тосты бізге Жер-Ана ризығын бар
Алпыс екі тамыры иіп тұрып.
Өз қолыңмен орнатып пейіш мекен,
Өркен жайған елімде өріс те кең.
Бейнеткеш ел тынымсыз тер төгуде,
Мен де солай ісімді жемісті етем.
Сен келгелі атады жадырап таң,
Нұр-шуағын аямай жамыратқан.
Мың сан ұлтты,
іргелі елміз, міне,
Күллі әлемге бүгінде қадірі артқан.
Бейбіт күннің есігін ашқалы біз,
Мамыражай, тұп-тұнық аспанымыз.
Болашағын қорғайтын Ұлы Отанның
Келеді өсіп жасампаз жастарымыз.
Тыныштығын орнатқан жер үстінің,
Жеңіс күйі-аяулы, ең ыстық үн.
Біздің мақсат-ертеңге алып бару
Сен әперген қолдағы Жеңіс Туын.
ЛЬВОВТА ТУҒАН ОЙ
Алыстан ыстық сәлемін әкеп қазақтың,
Бейтаныс қала,
Қонағың болдым аз-ақ күн.
Күніңмен бірге таласып тұрып ертемен,
Ауаңды жұтып, көкірегімді тазарттым.
Бейтаныс қала,
Қонағың болдым аз-ақ күн.
Өрт сезімдерден
тұп-тұнық кәусар жыр өрген,
Жүрегі жалын,
қазақ қызының бірі ем мен.
Арнайы келіп сын-құрметіңді көрмесем,
Мен өзің жайлы,
тірлігің жайлы білер ме ем,
Украина елі,
Күн сәулесі мен нұр емген?!
Парақтап көріп сендегі шежіре беттерін,
Сырыңа қандым ұшырып көңіл кептерін.
Кейінгі ұрпаққа хикая шертіп жатырсың,
Өткеріп бастан сан қилы өмір өткелін,
Кеткендейсің бір ертегі еліне айналып,
Ескерткіш біткен қас қағым сәтте жанданып,
Тіл қатады ма-ау...
Қараймын да көз алмаймын,
Шеберлер салған тас мүсіндерге таң қалып,
Кеткендейсің бір ертегі еліне айналып.
Қиялым шарлап,
таба алмай қойды-ау еш тағат,
Тоймады көзім келбетіңе әсем көп қарап.
Халқыңа сенің тәтті өмір тілеп шарқ ұрып,
Көгіңде қалқып ұшып жүр кептер көк қанат.
Алыстан ыстық сәлемін әкеп қазақтың,
Өзіңде Львов, сый-қонақ болдым
аз-ақ күн.
Күніңмен бірге таласып тұрып ертемен,
Ауаңды жұтып, көкірегімді тазарттым,
Өзіңде, Львов, сый-қонақ болдым
аз-ақ күн.
ҚАРАҚАЛПАҚ ЖЕРІНДЕ
Бүгін саған арналады асқақ ән,
Әму елі, есігім ең ашпаған.
Дарияңдай тасып тұрып көңілім,
Қосық оқып мен өзіңде йоштанам
Өткір алмас, ақ семсерін жастаған,
Айбатымен жаудың жүзін жасқаған,
Армысыңдар, «Қырық қызы» Әмудің,
Гүләйімдей қолбасшысы бастаған.
Бәрің бірдей сауыққұмар,жырқұмар,
Сендер жайлы көкірегімде сыр тұнар.
Жаудыраған жұлдыздары Әмудің
Армысыңдар, апа-сіңілі, құрбылар!
Жүрегімде алаулаған жалын бар,
Сол жалыннан дос көңілімді таныңдар.
Келдім алып Сырдың ыстық сәлемін,
Армысыңдар, қарақалпақ бауырлар!
Аспаның да көңіліңдей ашық тым,
Қарсы алады алтын нұрын шашып Күн.
Мен сіздерге жеткенімше асықтым,
Мен сіздердің бәріңізге ғашықпын.
ҚАРАҚАЛПАҚ ҚЫЗЫНА
Сен Әмудің топырағынан жаралдың,
Ал, мен сырдың топырағынан нәр алдым.
Біз екеуміз-қос өзеннің толқыны,
Құйылармыз айдынына Аралдың.
Егіз өскен Сыр, Әмудің қызымыз,
Ортақ бізге тсуымыз, дәм-тұзымыз.
Ортақ бізге шертетін ән-жырымыз,
Ортақ бізге шаттығымыз, мұңымыз.
Туысқаным, бауырласым, қандасым,
Күтер бізді әлі талай алда сын.
Жалын атып жану керек жанғасын,
Бір соғайық еңбектің сом болғасын.
Туысқаным, бауырласым, қандасым,
Жүрегіміз бірге соқсын, талмасын.
Бір-бірімізге мейіріміз қанбасын,
Арамызды Достық жібі жалғасын.
Сен Әмудің топырағынан жаралдың,
Ал, мен Сырдың топырағынан нәр алдым.
Біз екеуміз-қос өзеннің толқыны,
Тоғысамыз айдынында Аралдың.
ДӘРІГЕРЛЕР
Жер тозады,
мүжіл тау да шөгер,
Жанармайын тауысып шам да сөнер.
Қайтер едік,
Біз үшін
сұм ажалмен
Айқасатын дәрігер болмаса егер?!
Жалған өмір шынымен жалған екен,
Қажет болмай ауырсаң жанға бөтен,
ештеңе де,
Тек, жаның,
Шыбын жаның
О, дүние-ай, өзіңе арман екен!
Қан тамырда тоқтаусыз өзі аққанда,
Құмартқанға не жетсін ғажап таңға.
Ең абзалы осы ғой,
Өмір сүру!
Кесел тауып басыңа азаптанба.
Жан қысылса (о, несін жасырамыз)
Жанұшырып алдыңа бас ұрамыз.
Арашалап қалардай,
Дәрігерден
Бір шарапат күтеміз асыға біз.
Қайыруға дерт бетін ерте кері,
Дәрі-дәрмек, иненің зор көмегі.
Қажет бәрі.
Дегенмен, сырқат үшін
Басқа дәру, әсілі, ең керегі.
Жұмыс қанша!
Асады бастан әлі...
Табылар ма ем-домның басқа амалы?!
Ең бастысы сырқатқа –
Жылы қабақ,
Жылы сөз ғой.
Түк емес басқалары!
Жұмсалады ізгі іске бар күш, санаң,
Қайта оралып өмірге таң құшса адам,
Тіршілігін жалғаған жанын салып,
Ақ халатты дәрігер, алғыс саған!
Жақсылыққа қашаннан жерік еңдер,
Бар адамға шипа бер, дәру-ем бер.
Бізге саулық тілеген өздерің де
Аман-сау боп жүріңдер, дәрігерлер!
ЖЕТТІҢ, АПА
Жай тапқызбай мазалап жаныңды шын,
Сені тартқан қалаға – сағынышың.
Жеттің, апа, арқалап қоржыныңды,
Ауылдағы сан алуан қалып ісің...
Рахатына айналған жыр азабы,
Бір қызыңның жеткізбей жүр арманы.
Шөліркеген жанына сусын іздеп,
Бір қызыңның білімге құмар жаны.
Осылайша кеттік біз сенен жырақ,
Махаббатым өзіңе ерен бірақ.
Сағыныш боп өріліп бұйра толқын,
Саған қарай ағады өлең - бұлақ.
Тым алыстап кеткенім үшін мені,
Жазғырдың ба? Енесің түсіме кіл...
Жүргеніңмен тағдырға мойынұсынып,
Жалғыздығың батады-ау, түсінемін.
Жүрсің бе, апа жетелеп алдағы үміт,
Өзіңді-өзің жұбатып, алдандырып?!
«Қыз – жат жұрттық» деп әлде түңілдің бе,
Көкірегіңді ашытып жалған күдік?!
Басылғанжоқ өмірге еш құмарым,
Әрбір күннен шапағат тосты жаным.
«Ұлым жоқ» деп налыма, жаным апа,
Саяң болар қос қызың – қос шынарың.
АҚ ЖОЛ
Ақ жолдан ауытқып Адалдық,
Адамға құтаймай қалар құт.
Қарасын батырып қараң ғып,
Жойылсын жалғанда Жамандық!
Ақ жолға сеземін сақшы ғып,
Шындықтың шырағын ап шығып,
Жалғандық кесесі қақ сынып,
Жасасын жалғанда Жақсылық!
Ей, Тағдыр, тілеймін тақ тұрып,
Қиялдың қанатын қақтырып,
Адамзат басына бақ тұнып,
Бақытын тойласын шат күліп.
Арылып ойлардан жымысқы,
Айырып дұрыс пен бұрысты,
Тасытып берке, ырысты,
Адамдар жасасын ұлы істі.
Қуат бер кезінде қамыққан,
Ар-ұждан кетпесін халықтан.
Түсір де ақ жолға бағыттап,
Айнытпа адамдық қалыптан!
Айнытпа адамдық қалыптан!
ЖАСТЫҚ ОТЫ
Өрле, Жастық!
Өрле сен самғау шыңға,
Саған күнә от болып жанбау сында.
Уылжыған күн нұры – келбетіңде,
Ғашықтардың тілегі – бал дауысында.
Жайна, Жастық!
Жайна сен шырайналып,
Бақыт құсы төбеңнен шыр айналып
Қанатымен жебесін. Сен құлпырсаң,
Құрып кеткір қайғы-мұң былай қалып,
Шырын дүние шаттық ән құрайды анық.
Жаса, Жастық!
Қарайын сүйне мен,
Болашаққа жол тартсын жиі кемең.
Арман – желкен.
Сапарда жолсерігің –
Шабыт бусын, толғағы жиілеген,
Бұрқасынды, дауылды, құйын-өлең.
Қыран құстай санқылдап үнің сенің,
Сөйле, Жастық!
Сөйлейтін күнің сенің.
Сен бар ғой деп жасытпай күш-жігерін,
Қайрат жыйған бойына бүгілсе елің.
Жаның –алау.
Алдыңда – жауапты сын.
Жанартаудай сілкіліген ғажап күшің.
Самғауы үшін заңғарда күміс қанат
Ұлы Октябрь ұшырған Азат құсы
Сен Болашақ алданда жауаптысың.
Ел намасын қорға сен, ер намысын,
Шартараптан естілсін өр дауысың.
Қайна,Жастық!
Дүбірлет!
Күллі ғалам
жасыра алмай қарасын таңданысын.
Сен жерімнің жасарған орманысың,
Сен елімнің қуатты қорғанысың.
Жаса мәңгі, Жастық шақ,
Адамзаттың
Шұғыла шашқан болашақ таңдары үшін!
ІІ
Жастық шағым!
Үстем қылып мерейін ырысты елдің,
Өрісіме кең құлаш, тыныс бердің.
Айналдың да Ерліктің символына,
Бола білдің ұйытқысы ұлы істердің.
Магистраль, ГЭС-терде ерлеп бүгін,
Біз екеулеп көтердік Еңбек туын.
Қиындықта шыңдалдық біз осылай,
Өмір өзі сынға сап терлетті мың.
Ән-жырымыз арналып сүйікті елге,
Көріне алдық шырқау шың, биіктерден.
От-жалыннан құйылған өр тұлғаңа
Барлық сыйын табиғат үйіп берген.
Сапар шегіп барамын нұрлы күнге,
Өткерейік ауыр жол, сынды бірге.
Көктем болып өтейік нөсерлетіп,
Көмкерейік бөктерді, қырды гүлге...
Шақырады мұнартып белес алдан,
Жеткізе гөр мұратқа мен аңсаған.
Бағыт берер компасым сенсің, Жастық,
Адастырма жолымнан, сенем саған!
ТОЛҚЫНДАР
Өмір дегенің-ұлы айдың,
Жетелеп толқын толқынды әр,
Сіміріп нұрын Күн, Айдың,
Айдынға құяр толқындар.
Енерсің сен де өмірге
Екпінімен ағыстың,
Бір желік түсіп көңілге,
Ішіне түсіп жарыстың.
Қалмайды ешкім бейтарап,
Ағынға түсер бар адам.
Сын сағат барын байқап ап
Үмітпен алға қараған.
Озу бар, кейде қалу бар,
Секілді бәйге алаңы
Жұмсалып оқсыз қарулар,
Жаныңды етер жаралы.
Ащы да болса бұл шындық
Ежелден бізге таныс тым.
Әкетті кейде күншілдік
Арнасын бұрып ағыстың.
Зұлымдық салып шеңгелін
Айналса тұнық ылғалға,
Қайғысы батып өңгенің
Қансырап жаның жылай ма?!
Толқынды көріп таза аққан
Арылып сосын ылайдан,
Арайын шашып ғажап таң,
Жүрегің шаттық құрай ма ән?!
Ұлы айдын-күрес сұрапыл,
Жетпейді оған толқын бар.
Тартылмай жету мұратың,
Алдыңда-озбыр жал құмдар.
Үмітпен жүзін бұратын
Өзіңе дәйім халқың бар.
Айдынға құлаш ұратын
Тоқындар, алға тартыңдар!
ЖАС ТҮЛЕКТЕРГЕ
Сездіріп алда сын сағат жақын қалғанын,
Жас түлектерім,
«мұңдалап!» шақырды арманың.
Толқытады да сендерді, қуандырады да,
Өмір жолына жолдама ап отырғандарың.
Әкетер алып күні ертең өмір ағымы,
Жол азабының байқалмай жеңіл-ауыры,
Аттанарсыңдар
Жол тартып сан тараптарға
Сағындырар да сүйкімді қоңырау үні...
Кеуделеріңді кернейді қуаныш керім,
Бойларыңдағы бұлқиды бұла күштерің.
Өздерің сынды жалынды жас түлектерге
Білесіңдер ме бұл күнде сұраныс көбін,
Отан-Ананың үн қосып шақырғанына,
Мерейлі еңбекті
тартыңдар жақын жаныңа.
Тас бауыры иіп қара жер ризығын берер
«Темір тұлпарын» ерттеген батырларына.
Тіршілік-күрес.
Сақтаңдар мұны естеріңе,
Шыңдаларсыңдар ширығып күресте мүлде.
Абыройлы еңбек,
Болашақ,
асқақ арман да-
Барлығы бүгін сендердің үлестеріңде.
Көңілдеріңнің бұлт шалмай зеңгір аспанын,
Кеңістіктерге жайылып кең құлаштарың,
Арман-асудан асқанда биікке самғап,
Қос қанаттарың талмасын, қарлығаштарым!
Жылжиды күндер,
ғасырға ұласар жылдар,
Бұл сәтті, білем, қиялдап жиі аңсадыңдар.
Қарлығаштарым, ауылдан алыстап кетпей
Туған жердің мұнарасына ұя салыңдар!
БАЛАЛЫҚ ШАҒЫМ – БАЛҒЫНЫМ
Балалық шақ,
Жүресің кіл есімде...
Балағыңды тізеден түресің де,
Жүгіресің құм кешіп бұрынғыдай,
Қауқарым жоқ тек саған ілесуге,
Жете алмаймын, кекілдім,
Білесің бе?
Балалық шақ,
Жүресің кіл есімде...
Баяғыдай сақылдап күлесің де
Жалақ алып қашасың «қуып жет!» деп
Жолдарменен мен үшін түгесілген,
Қуа алмаймын сондықтан,
Білесің бе?
Балалық шақ,
Жүресің кіл есімде...
Сағыныш боп кеудемде тілесің де,
Аңсатасың кезімді мұңсыз жүрген
Тек «ойын алаңы» боп үлесімде,
Сені сондай сағынам, білесің бе?
Балалық шақ,
Түсесің кіл есімде...
Қатал тағдыр соққанда дүресімен,
Қажығанда тірліктің күресінен,
Саған қайта оралғым кеп тұрады
Дәм татсам деп балдәурен үлесінен
ІІ
Сағынышымның жаңбыры
Жиілеп, жанға салды мұң.
Адасып қалдың қай жерде
Балалық шағым-балғыным?
Басқада болмай жұмысың,
Гүлдерге толы уысың...
Томпаң да томпаң жүгіріп
Жүрмісің кезіп құм ішін?
Көктемде жасыл жаңбырлы,
Белуардан кешіп шалғынды,
Көбелек қуып жүрмісің,
Өткеріп бастан бал күнді?
Алуан тақпақ жаттап ап,
Өмірге мынау шат қарап,
Жүретін мұңсыз, бейкүнә
Періштем едің ақ қанат.
Уыздай аппақ періштем,
Көркем-ақ едің келіскен.
Жүзіңдң жылдар жасырды,
Уақыт заңы өр, үстем...
Көз жазып қалып өзіңнен,
Көрмеген мұнның сезінгем.
Жалғанда мынау жабығып,
Жан бар ма сенен безінген.
Балалық, жөнің дара ғой,
Санама түрлі салады ой...
Таппасам сені таппайын,
Ертегім болып қала ғой.
«ҚЫЗЫЛ ҚАЙЫҢ»
-Тосып жүрем сағынып, қызым, дәйім,
Келсең, әр кез саған дәм-тұзым дайын,-
Деп сен жақтан жеткендей талып бір үн,
Мені өзіңе тартасың, «Қызыл қайың».
Әкеткенмен ағызып өмір-ағын,
Мен де өзіңді есіме ап сағынамын.
Келіп едім оралып,
Шықты алдымнан
Баяғыдай жаудырырап тағы да құм.
Жаралғандай о баста іштен егіз,
Бойымдағы әл-қуат, күшке негіз
өзің ең ғой...
Бір кезгі жалаң аяқ
Есіңде ме, құм кешкен кішкене қыз?
Сексеуілді,
жаңғырды
жота құмдар,
Ой тереңін мендегі қопарыңдар,
Қаласаңдар жырымнан от алыңдар,
Балалық шаққа қайта апарыңдар.
Ол кездегі басқа еді-ау, басқа бәрі,
Құмнан есіп тірліктің асқақ әні,
Бауырында дөңгелеп шағын ауыл,
Бақша салып жататын жаста, кәрі.
Мейірлене қабағын таң ашатын,
Таң нұрымен төгіліп тамаша күн,
Ақ әжелер қақ тіліп, төстік жасап.
Тентектері «тәттіге» таласатын.
Көлеңке – ойдан дегендей арылыңдар,
Құбшы еді алтын Күн жарығын бар.
Шағылысып сәулеге түйір-түйір,
Көз қаритын сары алтын-сары құмдар.
Осылайша күн ысып, қайнайтын түз,
Бала біткен ойынға тоймай күндіз,
Кеш қарая қайтадан шұбырып кеп
Құм төбеде асыр сап ойнайтынбыз.
Соның қазір жоқ бірі. Тыныш маңай.
Құмда өрмелеп барады құмырсқа жай...
Естелік боп көшесінің көз алдымнан
Бір кездегі ауылым ырысқа бай.
Қалайша енді толқымай жай табармын,
Сағыныштың сарқылмас айтам әнін.
Балалығым өткен жер,
Бұрынғыдай
Дәуреніңді қайтіп мен қайтарамын?
Қиындықтың төзуші ең қандайына,
Аптап құмның «сыймапсың маңдайына»
Шөл қандырам деп саған келгенімде,
Кермек болып татыдың таңдайыма.
Табу керек қайткенде бір амалын,
Құмға естіртіп қайтадан бұлақ әнін,
Толқындары жүгірсін жамырасып,
Тас емшегі иіген Сыр –Ананың.
Табу керек қайткенде бір есебін,
Қарағанмен тәкаббар сіресе құм,
Басын имей тұра алмас Адамзатқа,
Ебін тауып тек қана күресе біл.
Неге біздер беземіз шөл даладан,
Шөл далаға жан беріп қолдан адам,
Қажет етсе, кәдімгі сиқыршыдай
Орнатады әп-сәтте орман оған.
Жансыз дала тіріліп жанданар-ау,
Жанданар-ау,
сірә да бар ма оған дау?!
Қоныс теуіп сол кезде ауыл қайта,
Атар еді жарқырап таңдары алау.
Жастар сауық құрар-ау іңір ене,
Құрбым менің жаныма үңіле ме?!
Көз ұшында көлденең көк аттының
Кішкене қыз алдынан жүгіре ме?!
Әрін ашып жал құмның тұнжыраған,
Су жүгірсе қойнына сыңғыраған,
Айналмас па, шұрайлы құт-мекенге,
Өрісі өсіп, малы өріп қырдың аман?!
Сен дегенде қалай мен қызғанбайын,
Сені жырға қосуға қызың дайын.
Ізгі ойларым осынау іске ассын деп,
Үміт артам ертеңге, «Қызыл қайың».
Толғандырар мені әркез болашағың,
Туады ертең басыңа жаңаша күн.
Жақсылықтың бәрі кеп орнайды деп
Алдын-ала мен саған бал ашамын.
АЛҒАШҚЫ МҰҒАЛІМ
Қалел Қаниевке
Бастау алып білімнен тұма-жырым,
Сыңғыр-сыңғыр шығарып бұлақ үнін,
Шөлін басса халқымның,
Сізге алдымен
қарыздармын, алғашқы мұғалімім.
Сіз арқылы танысып тұңғыш тілмен,
Таң нұрына құмартып,
Күн құштым мен.
Сіз арқылы сезіндім
Тұңғыш рет
өн-бойыма біткенін бір күштің мен.
Өмір – өзен. Ілесіп қатты ағысқа,
Арман-құсым қанатын қақты алысқа.
Жүрегімнен жалын жыр төксем дедім,
Қол соғатын сүйініп жат, таныс та.
Мұратыма жеттім бе, жетпедім бе?
Жалын жырлар төктім бе, төкпедім бе?
Қалдым ба әлде аса алмай өз мұңымнан
Замананың сын-асу өткелінде?..
Төрелігін өзі айтар бүгін елім,
Сосын әділ қазымның бірі менің –
өзіңіз ғой,
ұстазым,
сізге алдымен
Сын сағаты соққанда жүгінемін.
Уақыт заңы...
Мүмкін бе бағынбауым?!
Қалды тәтті сағыныш,
жанымда мұң.
Сізді көріп жанарға жас іріксем,
Балалық шақтарымды сағынғаным.
Бұл күндері толассы ағын жаным,
Барым менің халқыма –
Жаным да, арым.
Аяулы ұстаз,
Өзіңе жыр арнасам,
Күндерімді шәкірттік сағынғаным.
АДАЛДЫҚТЫ ҚОРҒАУ
Менің бала досымның
Жанарында тамшы жас дірілдеді,
Жабырқатты тосын жәйт бүгін мені.
Бәрін болжап білгендей күнілгері,
Сырттан кесіп тон пішіп әлдекімге
Мына жұрттың осынша бүлінгені...
Ал, жазықсыз бейбақтың жапа шегіп,
Зұлымдық шеңгеліне ілінгелі
Шындығы жоқ жалғаннан түңілгені...
Осыны ойлап сансырап түні бойы
Кірпігім ілінбеді.
Аңқылдаған ақкөңіл бала жастан
Бірге жүріп, бірге өсіп араласқан,
Мен досымның жас көрдім жанарынан
Шарасыз боп кеудесін нала басқан.
Адалдығың көк тиын
кейде осылай
Қаскүнемдік күш алса аран ашқан,
Сұмдық бар ма сірә да одан асқан?!
Қалай-қалай адамдар түрленеді,
Қандай ауыр жан-дүниенің күйрегені?!
Тікенек тіл, сүңгі сөз инедей боп
Жүрегіңді аяусыз түйрегені,
Өр басыңды есікке сүйрегені...
Қарап тұрсаң, дүние құбылмалы,
Өң бе, түс пе, білмейсің мұның бәрі.
Кеше ғана сау адам бүгін келіп
(Қараң қалып жайдары бұрынғы әні)
Өзді-өзінен қырсыққа ұрынғаны.
Қаспақ жеген тұтылып осылайша,
Қаскүнемнің тасада бұғынғаны,
Соның бәрі салмағын салып маған
санамды сығымдады.
Жаны таза қазір де, бұрыннан да,
Жүгіретін жаны ашып жығылғанға,
Бала күнгі досымның жәбірленіп
Жанарына ащы жас тығылғанда,
Шындық іздеп шарқ ұрдым, шырақ етіп
«Адалдық» деп аталған ұғымды алға.
Мейлі бұлты қаптасын жүз күдіктің,
Жүрегінде дәні бар ізгіліктің
Жақсы адамнан
күтпеймін жамандық мен,
Жетегіне ілесіп ізгі үміттің,
Кеудесінде жүретін жүздіріп Күн.
Сырын қайдан адамның ұға аласың,
Сыртында емес, ішінде жүр аласы.
Сыпсыңдаған сұғанақ арамзаның
Тағдыр өзі-ақ береді сыбағасын,
Ал, жақсы адам жазықсыз жыламасын!!!
МЫҢ БОЯУЛЫ ТАБИҒАТ ТАМЫЛЖЫҒАН
«ТАУТҮРГЕН» ӘСЕРЛЕРІНЕН
І
Ауасы бал, тұп-тұнық аспаны бар,
Суы зәмзәм «Әулие бастауы» бар,
Шоқыланған таулары, асқары бар,
Жүрегі от жалынды жастары бар.
Таң алдында құбылып жалқын нұрмен,
Құлпырады бояулар сан түрлі өңммен,
Аңыз қылып көрген ел айт ып жүрген,
Таудай әсер алдым мен «Таутүргеннен».
Келеді, әне, Күн ару жайнап күліп,
Құз-таулардың етегін жайлап түріп.
Пәк табиғат сөйлейді мың бояулы,
Сыйқырлы үнге не түрлі аймақ тұнып.
Тау бөктері қалың шөп бетегелі,
Жұпар исі елітер өте мені...
– Қайырлы таң!
– Армысың, тіршілік! – деп
Әтір гүлдер кірпігін көтереді.
Жасыл қанат қарағай, аршалары
Көздеріне көк жасыл тамшы алады.
Жаңа оянған гүлдердің шашын өріп,
Жүгіреді керімсал таң самалы...
Табиғат құдіретін жиі ұқтырған
Сұлулыққа еліте ұйып тұр маң.
Бұл не деген керемет,
Қараңызшы,
Алақандай ауылға сыйып тұрған?!
Әсемдікке тым биік талғамдарың,
Осы арада еңбектен жанған бағың.
Тұрғындары ғажайып «Таутүргеннің»,
Сендердің де бар ма екен армандарың?
Сендердің де бар ма екен армандарың?
Жастарың бар, қария-қарттарың бар,
Нұр шуағын көңілдің ақтарыңдар.
Ертегілер еліндей жәннат жерден
Ғұмырлық бақ табыңдар!
Бақ табыңдар!
ІІ
Сәлем жолдап самала таң атынан,
Дүниеге ғажайып таратып ән,
Тұнығыңа құлайды нәзік сәуле
Сырғып түсіп алтын Күн қанатынан.
Өзің жайлы өзгеден білері көп
Құз-таулар да саған бас иеді кеп.
Көпті көрген шежіре халқым сені
Атады екен неліктен «киелі» деп?
Әлде олардың тым ұшқыр қиялынан
Айналдың ба «Әулие бұлағына»,...
Сырыңа тек өзіңмен бір жасаған
Мәңгі жасыл шыршалар куә мына.
Жергілікті халық бас иеді шын,
Қасиетің бар қандай, киелі су.
Күллі дерттің уытын қайтара алар
Шипалы бір дәуірге иемісің?..
Жаза аласың жүре ктің дертін қандай?
Лаулатасың жүректің өртін қандай?
Сан сауалдар санамда өре тұрып,
Құштарлыққа бой ұрдым
еркім қалмай...
Мың сауалға бір жауап берермісің,
Деп тұрғанда қызыққа кенелдім шын,
Қиялыма ғайыптан қанатберіп,
Құдіетіңнің таныттың ерен күшін.
Жанарыма көшіріп толқыныңды,
Жасыра алмай қарадым толқуымды.
Бір ғажайып әлеммге жетеледің,
Сылқ-сылқ күліп,
Бұлағым, шолпыл үнді.
Өтпеуі үшін мақсатсыз бекер күнім,
Үмітімнің жалауын көтер бүгін.
Шабытымның бастауын сенен алдым,
Рас болды-ау «киелі» екендігің...
Есіме алып жүрейін жиі дәйім,
Бастауыңа жыр болып құйылайын.
Батаңды бер,
Әулием,
Аттан арда
Суыңды ішіп саған мен сыйынайын.
ІІІ
Не сиқырмен өзіңді
Сүйікті еттің, «Таутүрген»,
Сені тіпті келмей тұр
Қиып кеткім «Таутүрген».
Тауларыңмен көлбеген,
Бау-бағымен тербеген,
Сезім болып кеудеме
Сыйып кеттің «Таутүрген».
Сан бояуға малынған
Осынау бар қалпыңмен,
Сен екенсің құдірет,
Аңсар мекен, «Таутүрген».
Саған ғашық жүрекпен
Бір балаңа тағы ұнап,
Келінің боп өзіңнің
Қалсам ба екен «Таутүрген?!»
АҚША ҚАР
Ақ ұлпа жауды мамырлап,
Жер-көктің бәрі аппақ боп ерек.
Көрпесі жердің қалыңдап,
Жамылды шәлі ақ қайың, терек.
Жанарда қалған қонақтап
Ақ ұміттердің тамшыссындай боп,
Таусылар емес толастап
Ақша қар бақыт жарсысындай боп.
Шабыттың бұлтын шақырып,
Арнамнан асар кезім бұл менің.
Сапырып жатыр, сапырып,
Қыс күні тұнық сезімнің көлін.
Осындай сәтте тіпті енді
Келді де менің бала боп кеткім:
Сілкілеп қайың біткенді,
Қысқы бақ ішін аралап кетт ім.
ТАБИҒАТ ДАУЫСЫ
Мен – Табиғатпын!
Мен – Ақиқатпын!
Өлең болып өріліп күніге мен,
Сыр шертемін табиғат тіліменен.
Жадыңда ма,
Адамзат,
Тұңғыш рет
Естілгені Тарихтың үні менен?
Жаралғанда ең алғаш адам болып,
Менде тудың сен тұңғыш балам болып.
Тұңғыш рет сені орап жөргегіме
Әлдиледің қамқорың, Анаң болып.
Көрдің әр кез күтім менен,
Керегіңнің бәрін де бүтіндегем.
Дәм татқызып мәуелі жемісім нен,
Сусын бер д ім балбұлақ-сүтіменен мен.
Азамат боп сен бекер жаралмадың,
Өз мақсатың, мұратың,
Бар арманың.
Сондықтан да мен сені
Тіршіліктің
тоқсан тарау жолына даярладым.
Бұл өмірдің тым ауыр сын-өткелі,
Сапарыңа ақ бата тілеп келдім.
Сонда саған
Жолыңа жол серік қып,
Суымайтын, қаны ыстық жүрек бердім.
Балқығанда дүние уылжып тым,
Менен өзің шапағат, жылу күттің.
Сонда саған
Көз бердім көріп тұрып,
Құдіретін ұқсын деп сұлулықтың.
Тіршілікті лебімен қыздырып Күн,
Тұтандырды шырағын ізгі үміттиің.
Сонда сенің
От бердім жанарыңа,
Нұрын құйып жүрсін деп ізгіліктің.
Сен әзірсің.
Мендегі ақталды үміт.
Қарсы алғанда алдыңнан ақ таң күліп,
Тұңғыш рет кестім де тұсауыңды,
Ұзақ жолға жібердім аттандырып.
Не болар деп бірақ та күн көрісің,
Көңілімде бір түйткіл жүргені шын.
Жүзгеніңде тіршілік айдынында,
Берер ме екен сапарың бір жемісін?
Күдігімді тарқатт ың тауып шешім,
Қара жердің игеріп алып төсін.
Ризығыңды таптың сен,
Тұңғыш рет
Менен бастап Еңбектің әліппесін.
Игілікке жаратып байлығымды,
Ұлы ісіңмен асырдың айбынымды.
Тазалықтың, пәктіктің үлгісі еттің
Лайламай тұп-тұнық айдынымды.
Мен арқылы достасып ер Еңбекпен,
Өр еңсеңді кезің жоқ төмендеткен.
Үміт артам,
қашан да сенем саған
Биік, асқақ қалпыңда көрем деп мен.
ІІ
Мен – Табиғатпын!
Мен – Ақиқатпын!
Өлең болып өріліп күніге мен,
Сыр шертемін табиғат тіліменен.
Жадыңда ма,
Адамзат,
Тұңғыш рет
Естілгені Тари хтың үні менен?
Бөлінбейтін мен сенің бөлшегіңмін,
Ақиқаттың, Шындықтың өлшемімін.
Бірге шектім зардабын
Сұм соғыстың,
Жау бұзғанда іргесін ел шебінің.
Жан шошырлық өзгертіп сұрқын ғалам,
Күрсініп Жер,
Азалы үн тынбаған...
Бәрі есімде,
Бәрі де көз алдымда...
Ұмытуың сенің де мүмкін бе, Адам?
Қан майданнан алапат түршігін жан,
Үн шығармай өксіген тұншығып ән.
Оққа төсеп кеудесін Отаны үшін,
Қанша боздақ қиылды қыршынынан?!
Ормандарым ажырап ажарынан,
Қызғалдақтар жұлынды сағағынан.
Қоштасқандай соңғы рет меніменен,
Жатты жерде ыңырсып жаралы жан...
Көктем еді-ау,
Ол әлі көктем еді,
Қасық қанын елі үшін төккен ері.
Тіршілігін тоқтатты,
Әттеген-ай!
Жапырақ жайып қайтадан көктемеді.
Тәңірісі едім мен-дағы
Сұлулықтың,
Болдым талай құрбаны зұлымдықтың.
Орман, бағым қақалып көк түтінге
Мен де осылай қасірет уын жұттым.
Ей, Адамзат!
Менімен тел өстің сен,
Сенің орның мен үшін ерек, білсең.
Мен өзіңе қаншалық керек болсам,
Маған-дағы соншалық керексің сен.
Ей, Адамзат!
Өзіңсің айтар жырым,
Мына сенің қолыңда бар тағдырым.
Сенің тіршілігіңе байланысты
Мендік жүрек дүрсілі, қан тамырым.
Толса-дағы қойнымның бәрі гүлге,
Келе алмай жүр көркімнің сәні мүлде.
Оралмаған көктемдер көктей солып,
Сыздатады жанымды әлі күнге...
Бейбіт күнде жат ойды жолатпаңдар,
Тұнық таңды тілгілеп оқ атпаңдар.
Аялаңдар,
Сақтаңдар,
О, Адамдар,
Сұлулықты мендегі жоғалтаңдар!
ГҮЛ-ГҮЛ КӨКТЕМ
Көктемде гүл ашқанда алма бағы,
Ғажайып күй тербейді айналаны.
Тыңдатып махаббатың сырлы сазын,
Жүректер бір-біріне байланады.
Көктемде күн шуағын таратады,
Мамырдың мамыражай таңы атады.
Тау жасыл,
Аспан жасыл,
Жер де жасыл,
Сұлулық сұқтандырып қаратады.
Табиғат бойға жиып бар асылын,
Табады сұлулықпен жарасымын.
Гүл-көктем
табындырар көркіменен,
Есін ап адамзаттың баласының.
Ән төккен көмейінен бұл бұл көктем,
Желегін желбіреткен гүл-гүл көктем.
Айналып Жастық шақтың бейнесіне,
Жол тартты Болашаққа дүлдүл көктем.
ҚҰМДАҒЫ ЖАЗУЛАР
Құм бораны соққанда құйындаған,
Кезі бар ма қиыршық суырмаған.
Басқа орынға оп-оңай аударады,
Үрлеп қалса болғаны,
Бұйым ба оған?!
Сусыма құм,
Тағдырдың қиын маған...
Ғұмырыңа өмірден сыйың ба алған,
Таңдайыңа тамшы су бұйырмаған.
Жаңбыр сұрап кеудесі сырылдаған,
«Тіршілік! Тіршілік!» деп шырылдаған
Шөлейтті құм,
Тағдырың қиын маған...
Етек-жеңі далиып жиылмаған,
Күні бойы өртеніп, суынбаған.
Жонын тосып
Аптапқа,
Аңызаққа,
Күнің нұрын, шуағын жиі ұрлаған,
Бұйрат құмдар,
Тағдырың қиын маған...
Жан-жануар, жәндігің қыбырлаған,
Айқұш-ұйқыш із салып шиырлаған,
Күндіз-түні жазады құм – кітабын,
Тірлігің баяндап сырын маған.
ДОМБЫРА – ДӘУРЕН, ӘН – ҒҰМЫР
О, домбырам!
Сыйқырлы үнмен сөйлесің мың тілде сен,
Көңілімнің табасың кілтін де сен.
Мұн-шерімді қайдағы қозғамасаң,
Кірпігімде шық болып іркілмес ең.
О, Домбырам!
Сыйқырлы үнмен сөйлесің мың тілде сен,
Көңілімнің табасың кілтін де сен.
Тағы мені өзің кеп жұбатпасаң,
Мұң-тозаңнан арылып сілкінбес ем.
Сен сөйлесең:
Тау басынан құлайды сарқырама,
Сарқырама тартылып, сарқыла ма?!
Көз алдыма келеді жапырақтар
Ағын сумен жөнелген қалқап аға.
Сен сөйлесең:
Қара нөсер сабалай даланы ұрып,
Ішін тарта өксиді боран ұлып.
Қуаласып найзағай көк төсінде,
Жабы бұлтты турайды дода қылып.
Сен сөйлесең:
Сыңсығаны естіліп қара орманнаң,
Көк желегі желбіреп таранған мың.
Сандуғаштар сайрайды күміс көмей,
Үлбіретіп қауызын ақ арманның.
Сен сөйлесең:
Самал есіп, жетеді көктем лебі,
Жұпар исі бұрқырап өпкен мені.
Сары майдай ерітіп сұлу Көктем,
Маған ғана жылуын төккен бе еді?!
Сен сөйлесең:
Алай-дұлей ұйытқыған күз бораны
Ызғарымен жанымды сызға орады.
Сары күздей көңілге сабыр түсіп,
Күйіп-жанған жүрегім мұз болады.
Сен сөйлесең:
Естіледі сыңғыры бал-бұлақтың,
Естіледі сыбдыры тал-құрақтың.
Бір өзіңе сыйғызып
Табиғаттың
бар бояуын... бойымды балбыраттың.
Сен сөйлесең:
Салып еске жастықтың бұла күшін,
Өзіне тән қайғысы ... қуанышын...
Қайта оралып жап-жасыл күндеріме,
Сағыныштан уылжып тұрады інім.
О, Домбырам!
Шанағыңа күй болып тұнып тұрып,
Қайғы-мұңды алайын бір ықтырып.
Жүрегімнің дертіне дауа бол да,
Киелі екеніңді жүр ұқтырып.
ӨМІРДЕ ЖАҚСЫЛЫҚ КӨП
Бұл өмірде жақсылық көп,
Көктемнің күніндей шат күліп кеп,
Жанарына ұялап тәтті үміт тек,
Гүл сыйлайды жас жігіт бойжеткенге
Лүпіл қаққан жүрегі аптығып кеп,
Өмірде жақсылық көп! Жақсылық көп!
Сыздырып сұлу қыз ән салады,
Есі кетіп бозбала тамсанады.
Ғашық көзбен қарайды, ғашық көзбен,
Жолыққандай алдынан аңсағаны,
Тек сонымен жанады-ау, жанса бағы.
Әнге айналып бар маңы, төңірегі,
Сырлы сазға бара ма-ау қөңілі еріп.
Қарайды да ол әншіге еміреніп,
Күбірлейді тек іштей тебіреніп:
-Жалын атып қараған жанарың-ай,
Жалынымен жанды өртеп барады ма-ай?!
Күміс көмей үніңнен айналайын,
Ән құдіретін жеткізген, қарағым-ай!
Бұл өмірде жақсылық көп.
Көктемнің күніндей шат күліп кеп,
Жанарына ұялап тәтті үміт тек,
Ән сыйлайды жас ару сүйгеніне,
«Екеуміз ұғасыр бір сәтті күт!» - деп...
Өмірде жақсылық көп! Жақсылық көп!
НӘЗІК ӘН
Қантамырдай тұла бойға таралған,
Ән-күйден ел сусындаған, нәр алған.
Үмітіңді жалғайтын ақ таңдарға,
Өнер күшін бағаламас жан бар ма,
Сезінгенге ән – құдырет, ән – арман.
Домбыраңды күйге келтір, жарығым,
Домбырасыз жетімсірер жарым үн.
Бар жүрекке дауа болып тара да,
Бар жүректі шуақ болып арала,
Қөңіліңнің түсіріп бір жарығын.
Есіме сап махаббатың пәк түнін,
Дегендей ме:
«қайда сол бір шат күнің?»
Сан үмітке жанарымды талдыра,
Өксіп барып талықсиды домбыра,
Қоңыр үні төгеді кеп тәтті мұң.
Ештеңені пайымдатпай дұрыс түк,
Жанарыма ауната ма күміс шық,
Жаза ма, әлде, кеудемдегі жараны,
Әлдеқайда мені әкетіп барады,
Сыйқырлы саз жүрегіме тым ыстық.
Келесі сәт Күн кірпігін ашқандай,
Кеудемдегі түн тіріліп қашқандай,
Өзгеше әуен мұң-желегін ысырып,
Нәзік әнді жүрегімментүсініп,
Отырмын мен уайым жоқ ешқандай.
Киелі өнер болғаннан соң тағдырың,
Солдырмадың сезім гүлін, жан гүлін.
Ойлайтыны жора-жолдас, ел қамы,
Қандай жақсы өзіңдей жан болғаны
Жүрегімен қабылдайтын барлығын.
Азаматсың ел сенімін көтерер,
Жақсылығың жақсылықпен өтелер,
Ән аңсаған, күй аңсаған жандарға
(Ән мен күйсіз бұл тірлікте мән бар ма?)
Шөл қандырар жаңбыр – ән боп жете гөр!
Дүние шалқып шат-шадыман жатсын кіл,
Жақсы үмітпен ұясына батсын Күн.
Елді саған,
ал, өзіңді, жарығым,
жеткізсін деп жүрек үнін, жан үнін,
Киелі ән мен домбыраңа тапсырдым!
СЫРДЫҢ ӘНІ
Түбі қызған Күн – қазан суынғанда,
Жер – тегешке сүт – сәуле құйылғанда,
Ай нұрына шомылып жөнелейік
Кең жайлауға көрінген жуыр маңда.
Өзің барда мен қалай жасқанамын,
Құла дүзге ал, кәне, баста, жаным.
Күй тыңдалық сағыныш шөлін басып,
Домбыраңды ала жүр, тастамағын.
Сар далада тартшы күй төгілдіріп,
Төгілдіріп, жанымды егілдіріп.
Кірбің бұлты арылып,
көңілімнің
Аспанынан қарасын өмір күліп.
Көмейімнен ағытып жыр бұлағын,
Көкірегіме сазды әуен тұндырамын.
Сағыныштың жаңбырынан сіркіретіп,
Сырдың әнін сызылтшы, Сырдың әнін!
ГИТАРА ТІЛЕК
Бұлбұл құсым жырақтап
Кетті менен, гитара.
Қалса өзімде тұрақтап
Деп тілеп ем, гитара.
Мұң-шерімді қозғадың
Сезінгендей, гитара,
Сырлы толқын саздарың
Төзім бермей, гитара.
Жә, жетеді!
жанды өртеп
Күңіренбе, гитара.
Ойнақы, әсем әндер төк
Дүйім елге, гитара.
Жез сымдардың сыңғырап
Ән құраса, гитара,
Ағытылар жыр-бұлақ,
Мәңгі жаса, гитара!
Түсінбеген мүлде ешкім,
Тағдыр едім, гитара.
Сазды үніңмен үндессін
Жан-жүрегім, гитара.
От сезім боп лапылдап
Табыс – тағы, гитара,
Арманыма жақындат
Алыстағы, гитара.
Махаббатағы мендегі
Шын ұтқыр да, гитара,
Сүйгеніме сен мені
Ұмыттырма, гитара!
НЕ ОЙЛАДЫҢ?
І
Досым-ау, нені ойға алдың,
Мұңды бір күйді толғадың.
Жүректі шым-шым ауыртып,
Қой десем қояр болмадың.
Досым-ау, неі ойға алдың?
Шеріңді қозғап бұрынғы,
Сағындың ба екен бір үнді.
Ақтарып жатсың сен неге
Пернеге тұнған сырыңды?
Мұңымды менің сезін деп,
Мендегі күйге егіл деп,
Ақтарылатын кезің кеп,
Домбыраң кетті безілдеп.
Қойды ма кетпей есіңнен,
Үмітің қайран, кесілген.
Баянсыз өткен махаббат,
Бұйырмай кеткен несібең,
Қойды макетпей есіңнен?..
Еске алып бүгін қайдағы
Қым-қиғаш өткен жайларды,
Несіне мұнша күрсіндің,
Көздерің – соның айғағы.
Қой, досым, бұлай егілме,
Жаз орнат жарқын көңілге.
Басыңнан тайған бақ құсың
Айналып соғар тегінде...
Қой, досым, бұлай егілме!
ІІ
Өң бойыңнан бара ма-ау төзім кетіп,
Қос ішекті өксіттің безілдетіп.
Тұнып тұрған сыр бар дай жүрегіңде,
Қазір соған отырмын көзім жетіп.
Бал сезімің уланып, жастанып мұң,
Адал сырын ашыпсың жас жаныңның.
Неге мұнша мұнайып күрсінесің,
Сағындырып көңіліңді жасқады кім?
Жас жүрегің аһ ұрып жалын атты,
Жан сырыңа ауырды жаным қатты.
Көз алдым да бейнең тұр кірбің шалған,
Құлағымда күй сазы... әнің қапты...
Айтшы өзің... Өтінем, сұрағаным!..
Кімге арналып айтылды бұл арманың?
Түкпіріне қаншама үңілсем де,
Құпиясын жанымның ұға алмадым.
ҚЫЗДАР
Топ гүл едік –
Бес үйдің бой жеткені,
Наз артып құрбыларға
Жүретін сылаң қағып.
Дамыл таппай
Жүйіткитін ой кеп тері,
Үміткер жігіттердің
Көзінен сыр аңғарып.
Өткір едік.
Айтыссақ, тіліміз – оқ,
Дөп тиер көздегенге
Кәнігі мергендей бір.
Көпшіл едік
Қонақсыз күніміз жоқ,
Мәз болып қуанатын
Әкемміз келгендей бір.
От-жыр едік,
Әні едік бозбаланың
Арудың жанарынан
Шуақ ап, тойым еткен.
Шоқ гүлі едік
Бозамық боз даланың,
Болатын несібесі
Жігіттің қолы жеткен
Сылқым басып,
Қыздардың керімі боп
Жүргенмен шалқып бүгін
Көңілмен алып-ұшпа.
Кетеміз-ау,
Бес үйдің келіні боп,
Бірге өткен бұла күндер
Айналып сағынышқа.
ҚЫЗДАРҒА ТІЛЕК
(Әзіл-шыны аралас)
Мезгіл жетпей гүл қауызын жара ма,
Уақыт – қатал. Аяйды деп қарама.
Гүл-көктемді алыстатып біздерден
Жылдар өтер шекара сап араға.
Алдан ылғи бақ жанып, таң күле ме,
Бұл өмірді білу керек сүре де...
Қыздар, қыздар көктем ұзап барады,
Тұрмыс құру ойларыңа кіре ме?
Біреуінің жүріс-тұрыс, күлкісі,
Біреуінің ұнамайды түр-түсі.
Мінеп-шенеп «күн бермеймеміз» әйтеуір,
Ұнамай-ақ қойды бізге бір кісі.
Өзімізді хор қызына санаймыз,
Үміткерге жоғарыдан қараймыз.
Олардың да артықтығы бар шығар,
Оларды да сүйген болар талай қыз.
Қателікті мойындасақ бар ма айып,
Бақыт құсын текке үркітіп алмайық.
«Көк етікті» таңдап жүріп, бір күні
«Көн етікке» зәру болып қалмайық.
Сірә да ешкім пенделіктен асқан ба,
Бір тосқауыл болады көп тасқанға.
Жерге де бір түсіп көрсек қайтеді,
Өмір бойы ұша бермей аспанда.
Шалмай тұрып үміт – таудың басын қар,
Қыздар, қыздар пенделіктен қашыңдар.
Аспанда емес, бәлкім жерді мекендеп
Жүрген болар біз іздеген «асылдар».
БАҚ ЖҰЛДЫЗЫМ ЖҮРЕГІМДЕ
«Жиһазы мол жасауын жиып-теріп,
Тас бауыры тағдырдың иіп келіп,
Біреулерге қимаған қазынасын
Біреулерге береді үйіп-төгіп.
Байлығы да, абырой-атағы да
Кетіпті асып,
Қарасам қатарыма», -
Деп күйініп кейбіреу өз-өзінен
Шатылып жүр күншілдік шатағына.
Ал, өзім ше?
Бақыттан кенде ме едім,
Өзгелерден демеймін кем келемін.
Өз бақытым жетеді бір басыма,
Шаруам не басқа бақ, елде менің.
Кереметпін демеймін, дарынды едім,
Бағаласа болғаны барымды елім.
Жан азығым табылып жақұт жырдан
Жай табамын...
Осы ғой бағым менің.
Нәрлі болса неғұрлым, еңбек егін,
Бабын жасап мәпелеп келген едім,
Сезім сөлін сіңіріп тамыр жайған
Жемісін мол береді енді өлеңім.
Осы емес пе бағымның өрлегені,
Осы емес пе мен үшін ең керегі.
Бар жүрекке асығам жол салуға,
Еңбегімнің жемісін ел көреді.
Жасамадым зиянды іс жаным кірлеп,
Жақсылықтың жанынан табылдым көп.
Жүрегімде – өзімнің бақ жұлдызым,
Басқалардың қайтемін бағын күндеп.
Бақ жұлдызы адамның туылсын көп,
Сән-салтанат жерімде құрылсын бек.
Бұл тағдырдан тілеймін:
Кімнің болсын
Өз бақыты өзіне бұйырсын деп.
АҚЫН АҒАҒА СЫР
Ақын Ә.Тәжібаевқа
– Көктем де өтер,
Жаз жетіп, келеді күз,
Күз демімен қариды денені мұз.
Жылыту үшін өзіңді, өзгелерді,
Жалыныңды кемітпе, – деп едіңіз.
Ұсынады жемісін мәуелі күз,
Табылады еңбектен керегіміз.
Осы бастан өнімді іс етпесең,
Өкінерсің кейіндеу... – деп едіңіз.
Қалмау үшін біз өткен көнеріп із,
Қаулау үшін жас өркен өреніміз,
Бұлақ көзін аршимын құм ішінен
Шөл қандырса кәусары, – деп едіңіз.
Жанарыңыз, қарасам, от түннғандай,
Сұсы бьасып дұшпанын жоқ қылғандай.
«Мен іздеген биіктен табылмадың,
Жалқаусың-ау, әй, балам!» – деп тұрғандай.
Өзімнің де тұрқым жоқ жақтырғандай,
Жауым жасып, достарым тақ тұрғандай.
Қоламтадай бықсыған күйім мынау,
Жалын үрлеп, от көсеп жаттым жанбай.
Енді, міне, жанымды жасқап Арым,
Жүзіңізге қарауға жасқанамын.
Ісін істеп кәдімгі жас баланың,
Жер шұқимын...
Таба алмай басқа амалын.
Күн өткердім қаншама – байқамадым,
Жыл өткердім қаншама – байқаммадым.
Өмір жолы бұралаң.
Өте алмадым
Сын өткелін қаншама – байқамадым.
Құмдар көшті қаншама – байқамадым,
Шыңдар шөкті қаншама – байқамадым.
«Не тындырдың тірлікте?
Деп сұраса
Болашаққа не жауап қайтарамын?...
– Заман жүгін,
Ел мұңын арқаладым, -
дей алам ба?..
О, қалай айта аламын?!
Азаматтық парызым жанымды үгіп,
Жел өтінде тұрғандай шайқаламын.
Енді менің хақым жоқ тартылуға,
Енді менің хақым жоқ сарқылуға.
Сапар ұзақ. Қайткенде ұлы айдынға
Қосылуға тиіспін, талпынуға.
Енді менің хақым жоқ үндемеуге,
Енді менің хақым жоқ гүлдемеуге,
Жанартау боп атылмай өздігінен
Қалай сыйып отты ағыс жүр кеудемде?!
Енжарлықтың шекпенін шешіп алып,
Бауырымды жазайын көсіле анық.
Қалай жүрем жер басып Адам болып,
Қала алмасам тағдырдан несібе алып.
Қыспақ тағдыр қысқанда мені қатты,
«Басыңа, – деп, – орнауы кәміл ақ күн»,
Қолтығымнан сүйеген Сізді көрем
Қол арттырып тұлпарға Сенім артты.
Тауға, тасқа соқтырып кәззап көңіл,
Содан кейін кешсем мен азап селін,
Оттан, судан құтқарар
Бойтұмарым –
Сіз дарытқан осы бір ҒАЖАП СЕНІМ!
АУРУХАНАДАН ХАТ
Терезенің алдында шуақтаған,
Ей, ақ кептер, достықты қуаттаған,
Неге маған жат тартты кей жақыным,
Жеткіз соның дерегін сұрап маған.
Жіберейін хат байлап қанатыңа,
Сәлем жеткіз жабырқау жан атынан.
Ораларсың тезірек,
Күтемін мен
Төзімім мен сарқылып тағатым бар.
Дұғай сәлем дегейсің Назгүліме,
Шөліркедім жаз дидар, назды үніне.
Алданумен жүр ме екен онсыз-дағы
Күйбеңі мол тірліктің аз күніне.
Өкпелі ме, япырма-ай, әлденеге,
Іздемейді құрбысын Сәуле неге?
Көңілімнің шуағын түсірем деп
Жүрдім бе екен бекерге әурелене.
Дос-жаранның өзгесі келді бәрі,
Тіршіліктің кеудеме ендіре әнін,
Жанарыма қондырды Күн мен Айды,
Жүрегінің жылуын, берді нәрін.
«Жібермеймін, құрсаулап, еркіңе» деп,
Жүрегімнің жатқанда дерті меңдеп,
Қанатымен су септі олар маған
Бұрынғыдай қалпына келтірем деп.
Келмедіңдер тек сендер, әттеген-ай,
Айтылмайды сондықтан өкпе қалай?..
Сәл нәрседен жүдейтін көңілдердің
Сәл нәрседен суысып кетпегі оңай.
Өздеріңсіз кеш түсіп, таң атпады,
Айналайын, достарым, қанаттарым,
Қайтарыңдар дертіммнің бетін кері
Қолтығымнан демеуге жарап бәрің.
Өздеріңсіз кеш түсіп, таң атпады,
Нұр, шұғыласын бойыма таратпады.
Санап өткен әр күнді, әр аптаны,
Терезеден отырмын қарап тағы,
Қайдасыңдар, достарым, қанаттарым?
ЖҮРЕГІМ НЕНІ ІЗДЕЙДІ
І
Күй кешіп бастан жағымсыз,
Көңілім – кірбің, жаным – сыз.
Тағдырым не сый тартады
Алдымнан маған мәлімсіз.
Қылығы тәтті, бал нағыз
Көктемім көшкен, алда-күз.
Жұтуда жасыл жылдарды
Уақыт атты жалмауыз.
Аранын ашқан мыстанға
Қарсыласатын күш бар ма?!
Шырқырар жаның...
бал дәурен
Көзіңнен бұлбұл ұшқанда.
Күндерім қайда думанды,
Жанарым неге буланды?
Көңілім неден қабарып,
Жүрегім неден уланды?
Үдере қашар қайғы-мұң,
Керегіп жүр ме айбын-үн.
Іздей ме жүрек үздігіп,
Жұп болып қонар айдынын?!
Жарығын құйып нұрлы күн,
Жүрсе де қоршап құрбы мың,
Іздей ме жүрек егіліп,
Сәбидің тәтті былдырын?
Үмітпен қарап түнге де,
Үмітпен қарап күнге де,
Іздеймін нені?
Білмедім,
Жетпейді, әйтеуір, бірдеңе...
ІІ
Жазылмай жұбы
жарасып,
Біреулер жүрсе бағы асып,
Сыңарын таппай әлі күн
Жүргендер қанша адасып?!
Жалқылық болса қонысың,
Жаныңа жалау жоғы шын.
Қарайды бәрі мүсіркеп,
Адамның бейне қорысың.
Өзгеден ерек дара, шың,
Талантсың ба сен, данасың,
Азаматпысың жаны асыл,
Оныңа кімдер қарасын?..
Қымбаттап бір күн бір күннен,
Бағасын уақыт білдірген.
Бойымды билеп сыз – үрей,
Қалтырап құзда тұрмын мен.
Түбіне тартып құрдымның,
Барады матап шынжыр – мұң.
Не деген дәмі ащы еді
Жалғыздық деген құрғырдың!
ІІІ
Шырмауық ойлар шырғалаң
Санамды жайлап, шырмаған.
Жаныма дауа бал тілің,
Жетсеңші нәзік жыр маған!
Жырларым, шырын жырларым,
Жолыңа болдым құрбаның.
Білемін сапар ауырын,
Тірлікте түрлі сын барын.
Тілектес болып тұрарсың,
Ақынның жанын ұғарсың.
Жалғыздық атты құрдымнан
Сен ғана сүйреп шығарсың.
Өміршең болса жыр-әнім,
Өмірдің мәнін ұғармын.
Жапырағыңды мол жайып,
Сая бол, жырым – шыңарым!
ТАҒДЫР
(Байронның ізімен)
Ой, сұмдық-ай!
Ызғары еді,
ызбары еді бұл ненің?..
Нажағайдан от шашқан,
Күңіреніп жатты аспан.
Әлде менің тағдырым ба,
тағдырым ба?
Білмедім...
Құдіретімді көрсін деп,
Қасарысқан өрт үрлеп.
Ия сол ғой!
Тағдыр екен...
Зәрін төккен сұм тағдыр,
Мұң ұсынып зіл батпан,
Жүрегімді улатқан.
О, құдірет!
Кірпігімді ащы жасқа бір малдыр,
Мұң-қайғымды жуайын,
Жеңілдесін ылайым!
СЕЗІМ ГҮЛІ
Көк аспан тұруы үшін
Жер қандай керек болса,
Бұлттардың ығуы үшін
Жел қандай керек болса,
Мәңгі қар жатуы үшін
Шың қандай керек болса,
Ақ таңдар атуы үшін
Күн қандай керек болса,
Өтуге шың-асудан
Сын қандай керек болса,
Ақ қайың бүр ашуға
Нұр қандай керек болса, –
Маған да керектігің
Сөнбейтін махаббаттың бір,
Ұғуың керек, күнім,
Төгетін шапағат-нұрын.
Көктейді ол мәңгілікке
Өміршең жүрегімде бұл.
Суғарам нәрлі үмітке
Мағыналы сүремін де өмір.
Шүғылалы сезімдердің
Бөленіп шапағатына,
Толғанған кезімде кіл,
Тарылма, махаббатыма.
Ол барда жыр жазуға
Артады құштарлығым мың.
Қауіп қой қызғану да,
Керек-ақ ұстамдылығың.
Өрілсе жырым керім
Сезімнің абат бағымен,
Жебейді пірім менің
Көгілдір қанаттарымен.
Үлбіретіп сезімнің гүл-желегін,
Шабытымның көрігін үрлеп едім.
Бірақ одан не таптым?
Жүз өлеңнен
Жүрегіңе жетпеді бір де өлеңім.
Сезімімді селдетіп төккенде мен,
(Өлең бе ол мақсатқа жеткермеген?)
Қос жүректің арасын жалғастырар
Таптырмайтын бірден-бір өткел деп ем.
Үміттенген екенмін бекерге мен,
Үлкен сенім, ауыр жүк көтергенмен,
Бақытыма жеткізер баспалдақ боп
Бір жарымның қарымы өткелмеген.
Тағдырым деп жүргенмен сеніп тегі,
(Көңіл хошы өзіңсіз келіп пе еді?)
Бір жырым да еселеп шаттығымды,
Бір жырым да қайғымды кемітпеді.
Сезім оты мол еді бұл жанымда,
Кінәлі өзім... Жоқ, әлде жырларым ба?
Жауап таппай дал болып өз-өзімнен
Мұңға баттым, сән-сауық құрмадым да.
Тағдырыма демеймін кектенемін,
Қадіріме бұл күнде жеткен елім.
Бірақ саған барар жол таппаған соң
Өлеңіме өлердей өкпеледім.
Мен осылай өлеңге өкпелі едім,
Сонда... жырсыз қалай күн өткеремін?
Еркіммнен тыс оралдым қайта бүгін,
Оралмасқа бел буып кеткен едім.
Мен осылай өлеңге өкпелі едім,
Сонда... жырсыз қалай күн өткеремін?
Еркімнен тыс оралдым қайта бүгін,
Оралмасқа бел буып кеткен едім.
ЖАҢА ЖЫЛ АЛДЫНДАҒЫ ОЙЛАР
Жан-дүниең бір күн сау,
Бір күн жүдеп,
Сағыныштан сыздай ма, шіркін, жүрек.
Жаңа жылды жұп болып қарсы ала алмай
Неге біздер бөліндік? Былтыр бір ек.
Әкелетін көл-көсір далама құт,
Жаңа жылдан күтеді ел жаңа бақыт.
Мені есіңе аларсың,
басқа қызбен
Қарсы алуға сен оны бара жатып.
Әсем сазды елітіп күйге демде,
Сол қызбенен дөңгелеп билегенде,
Мені есіңнен шығарып қалай ғана
Елжірейсің көңілің сүймегенге?
Білем, менсіз жабырқау мүлде кешің,
Еске алып сан мазасыз күйге енесің.
Өзіңді-өзің аямай менен безіп,
Қалай басқа қызға сен үйленесің?
Махаббаттың сезінбей нарқын анық,
Кетіп едің... Өзіңде бар кінә, ұқ.
Жүр ме екенсің сен әлде өкінбей-ақ,
Сезіміңнің кәусарын сарқып алып?..
Той-думанға құштар ғой жалпы халық,
Шат көңілдер тасқанда шалқып ағып.
Сезінерсің шынымен менсіз жерде
Қалатынын өмірің жартыланып...
Жанарыма бейкүнә бұлақ тұнып,
Қыррық жамау жанымды құрап ттұрып,
Бұл кеш мен де жандырып жүрегіммді
Жаңа жылдан тілермін жылап тұрып.
– Сау басына орнатып қарадай түн,
Өзіне-өзі сеніммен қарамайтын,
Тірлік – күрес.
Тағдырға қарсы тұрып,
Өз бақытын қорғауға жарамайтын,
Жүрегінде өлтіріп ақ арманды,
Ғұмыр кешкен дәрменсіз адамдарды
Махаббат киессі ұрсын!!!
Жоғары ұстап Ар туын құлатпайтын,
Пәк сезімді ешқашан жылатпайтын,
Атқанда алдан ақ таңдар Болашаққа
Сүйгенімен қосылып бір аттайтын,
Аялаған көктетіп ақ арм анды,
Өзіне-өзі сенімді адамдарды
Қолдасын ақ махаббат!!!
СҮЙЕСІҢ
Өзіңше жасап тіршілік,
Жүрсің ғоой маған қырсығып.
Бәрібір мен деп соғады
Жүрегіңдегі дүрсіл, ұқ.
Құдіретті өнер, асқақ ән,
Біз үшін қымбат басқадан.
Қуанышы бір, мұңы бір,
Біздерге ортақ дос-жаран.
Мен болған жерге келесің,
Қаламасаң да, көресің.
Кетпегеніме жадыңнан
Амалсыз өзің сенесің.
Өткенге қайтып орала
Сезімге кеудең толады ә...
Сағынышыңды сыздатқан
Мойындамасқа бола ма?!
Жақұт нұр болып шашылып,
Мен жаққа қарай асығып,
Көзіңнен ұшқан ұшқынды
Қоясың қайда жасырып?
Тағдырдан алған үлесің
Сағыныш қана – білесің.
Үйленсең үйлен басқаға,
Бәрібір, мені сүйесің!
СЕНІ КҮТТІМ
Бұл өмірден
Не іздеп,
Нені күттім,
Кетпедім бе уайыммға беріліп тым?
Білетінім –
Жаралы жырларыммен
Барлық жол торабынан сені күттім.
Бұл өмірден
Не іздеп,
Нені күттім,
Кетпедім бе арнамнан төгіліп тым?
Білетінім –
Жалынды жырларыммен
Барлық жол торабынан сені күттім.
Талай-талай сезім боп төгіліппін,
Талай-талай шаңға да көміліппін.
Мұңы басым,
Шаттығы аз шағым болса,
Жетегіне еремін тек үміттің...
Күндерімде есеп жоқ сені күткен,
Келем күтіп сенімен, әлі үмітпен.
Сені өзіме, бәрібір, алам тартып
Сезім атты ең күшті магнитпен.
ШАҚЫР МЕНІ
Сүйем десең сүй осынау қалпымда-ақ,
Деме маған «өзіңді-өзің салқындат».
Теңіз – сезім толқын атса кеудемде,
Қалай ғана берем оны там-тұмдап?
Неге керек жылуы жоқ салқын Ай?
Неге керек сүю және балқымай?
Жүрегімді берсем, – берем бүтіндей,
Кешір бірақ бере алмаймын жартылай.
Барым осы...
Жасандылық жоқ менде.
Құшағыңда өртенемін от демге.
Барым осы...
Сезіміммен көл-көсір
Сүйем сені!
Әрі іңкәрмін көктемге...
Жер-дүние жасыл нұрға бөккенде,
Шақыр мені көкорайлы көктемге.
Шақыр мені!
Жер түбіне барамын...
Бірге өзіңмен өтем барлық өткелден.
КУӘГЕР
Мен куәлікке жүремін
Жаңа отаудың босағасы берік болады деп,
Шаңырағына бақ құсы келіп қонады деп,
Бір-бірлеріне тағдырын аманат қылып,
Адал жар әрі айнымас серік болады деп.
Мен куәлікке жүремін
Өздеріне артқан сенімді ақтайды деп,
Ар-ұждандарын алтынға сатпайды деп.
Үлкенге ізет, кішіге қамқорлық жасап,
Халқымның асыл дәстүрін сақтайды деп.
Мен куәлікке жүремін
Ынтымақ құрып, жарасым табады деп,
Бақ жұлдыздары жарқырап жанады деп.
Махаббаттары мәңгілік болып қалады деп,
Болашаққа да жұп жазбай барады деп!
СЕНІМІҢНЕН АЙЫРЫЛМА
Бұл өмірде армансыз кім бар екен...
Жанарыңда сенің де мұң бар екен.
Өз тағдырым секілді жаным сыздап,
Жүрегімді ауырттым мұңға бөтен.
Деп едің-ау: махаббат, бақ табамын,
Қиын болды-ау бірақ та таппағаның.
Жаныңды ұғар жақсы адам кезіксе деп
Жабырқаулы жүзіңе көп қарадым.
Алдыңда әлі өмірдің сынақтары, ұқ,
Сынақтан өт күш-жігер, қуат тауып.
Өмір деген мұз айдын.
Тайып кетсең,
Тік тұрарсың қайтадан құлап барып.
Сан сауал бар санаңда ойланар көп,
Бақыт құсы...
Ол да бір айналар кеп.
Жылытпайын, қайтадан тұрақтайын,
Мені іздеген ғазиз жан қайда бар деп.
Сыйлай алар дос-жараң, туысты шын,
Азаматсың қайнаған құрыш күшің.
Жақсы адамдар бар кезде жер бетінде,
Сен бақытты болуға тиістісің.
Бақ тілейін сүттей ақ көңіліммен,
Күйретпесін сәтсіздік сені мүлдем.
Құрмет тұтар өзіңді халық барда,
Сеніміңнен айырылма, сеніміңнен!
АППАҚ ГҮЛДЕР
Далада қыс. Аязды қатқақ күн де.
Ай нұрына шомылып аппақ түнде,
Аппақ қардың үстімен сен келесің,
Құшағыңды толтырып аппақ гүлге.
Сезімімнен ып-ыстық жыр өріле,
Аппақ арман ұялап жүрегіме,
Аппақ гүлге қолымды созып едім,
Жетердей боп аңсаған тілегіме.
Бірақ алда екен ғой барі азаптың,
Қатталдықпен аяусыз жазалап тым,
Құшағыңда ақ гүлдер,
Мені елемей
Әлде қайда асығып бара жаттың...
Ауырмаған жүрегім тегі бұлай,
Аяп маған қарайды егіліп Ай.
Ақ гүлге еріп кеткендей бар бақытым,
Қайран, менің жер болған көңілім-ай!
Менен көшіп барады ол қайда ғана,
Басқа аруға тұрақтап байлана ма?
Ақ бақытым
ақ гүлмен бірге кеткен
Әлде, өзіме нәсіп боп айнала ма?
Гүлдерім-ай, бейкүнә ақ гүлдерім,
Жүрекке жол қашанда таптың керім.
Енді неге адасып бағытыңнан,
Бақытымды жылатып жаттың менің?
Өн бойымды барады күн де қарып,
Көңілім – мұз.
Тұрмын мен мүлдем налып.
Үлбіреген ақ гүлдер қолыңдағы
Бұйырады дәл қазір кімге барып?
Далада қыс. Аязды қатқақ күн де.
Ай нұрына шомылып аппақ түнде,
Аппақ қардың үстімен кеттің ұзап,
Құшағыңды толтырып аппақ гүлге...
ҚҰТТЫҚТАМАДЫҢ
Бақ ішін кездім
Ауыр ойлармен сенделе,
Мұңымды шақтым
Бұлаққа, самал желге де.
Жылына бір рет қуанышым боп оралар
Туған күніммен құттықтамадың сен неге?
Кезімде мынау жанымды шаттық кернеген,
Тілеулесім боп алдымен жетер сен деп ем.
О, сезесің бе,
Өзіңнен бьасқа дәл қазір
Дос-жарандарым қалмады тіпті келмеген.
Сезіліп бүгін достарға керек екенім,
Көңіл күйім де ерекше керемет еді.
Құттықтамадың,
Ұмытқаның ба, шынымен,
Бүгінгі күннің мен үшін ерек екенін?!
Жүрегім сыздап,
Запыран ойдан у ішем,
Дертіме ешбір табылмай қойды дұрыс ем.
Шаттығымды менің жартылай еткің келмесе,
Өзгеден бұрын сен құттықтауға тиіс ең.
– Жүрсің ғой алыс,
Жөні де жоқ-ау өкпенің,, -
Десем де,
Іштей қарсыласады өктем үн.
Ып-ыстық лебіз,
Ақ тілеу алып ұшатын
Телеграмма боп
Сен маған неге жетпедің?..
СЕН ОТЫЗҒА ТОЛҒАНДА
Ерекше сый көрерсің елден бүгін,
Отырарсың орын ап төрден, күнім.
Бүгінгі күн сен үшін өзгешелеу,
Мүшелді той. Дүниеге келген күнің.
Түр, амандас жатсынбай отызбенен,
Байсалды да, тым ойлы отыз деген.
Уақыт шіркін көңілге дес бере ме,
Уақыт шіркін көңілге дес бере ме,
Күндер қайда
Жамылып жасыл бақты,
Бал бюақыттан айналған басың қатт ы.
Жүйрік жылдың жасырып қанат ына.
Уақыт сенен тағы бір жас ұрлапты.
Күндер қайда
жұлдызға жуықтаған?
Күндер қайда
сезімді суытпаған?
Желік көңіл түсті де сабасына,
Отыз келіп жиырмаңды құлыптаған.
Байқаймысың, отыздың күйі бөлек,
Тіршіліктің құйыны үйіре кеп
Көгендейді Уақыт – қазығына,
Алаңдатпай жастықтың биіне көп.
Отыз деген күрделі, қиын екен,
Болар енді тірліктің күйі бөтен.
Бұрынғыдан ой басқа, арман басқа,
Бұл да болса тағдырдың сыйы, көкем.
Сабырменен барлайсың жан-жағыңды,
Ақыл-оймен болжайсың алдағыңды.
Арзан күлкі, даңғаза шудан қашып,
Талпынасың саналы таңға нұрлы.
Нартай болып батқанда шұғыла – күн,
Қара шашын жаяды құбыла түн...
Осылайша күн мен түн жиі алмасып,
Жыл өтеді... Шамаң жоқ бұрылатын.
Жетті, міне, отызға толған күнің,
Отырарсың орын ап төрден бүгін.
Тәтті жырмен жетейін бөлісуге
Сенің қуанышыңды елден бұрын.
Мен осылай өзіңе асығамын,
(Болмасам да бұл күнде асыл әнің)
Сезім – гүл боп ғажайып ашыламын,
Сағыныш боп кеудеңе басыламын.
С ан естелік санаңда тіріледі,
Менің бағам күн санап білінеді.
Орын тепсін кеудеңнен мың қыз келіп,
Алмастыра алмайды бірі мені...
Бірде-бір қыз менімен теңдесер ме,
«Көзіңді жұм, соңымнан ер!» - десем бе...
Буар ма едің беліңді тәуекелге,
Ұмытылар ма ең ілесіп өрге сен де?!
Қанатымен Музаның жебейін мен,
Ере алмасаң соңымнан, не дейін мен?
Қара үздіріп сағымға сіңіп кетсем,
Іздермісің мені өксіп өгей үнмен?
Ол кездері, кім білсін, не боларын,
Бәлкім солай із-түссіз жоғаламын.
Жүрегімнің суытпай мол алауын,
Бәлкім саған қайыра ораламын...
Бүгін – мейрам. Сен жақта күлкі керім,
Дос-жарандар қаумалай дүркірер күн.
Сол қуаныш үстінде ақ ниетпен
Менің саған білдірер шын тілегім:
Желік қуған жел күндер өтті деймін,
Ой көзімен қарар күн жетті деймін.
Қайда жүрсең,
Қолдасын махаббатым,
«Бақытты бол, қашанда», – деп тілеймін.
ТУҒАН КҮНІҢМЕН!
БҰРЫНҒЫДАЙ БОЛМАЙДЫ
Көкірегіңе Күн болып кіремін де,
Өмір бойы лапылдап жанам деп ем.
Кешір мені!
Жерледім жүрегімде
Сезімімді бейкүнә саған деген.
Сорыма ма, білмеймін, бағыма ма,
Жол бөлінді...
Өзіңмен бір жүр едім.
Тағы да енді біреуді сағына ма,
Тағы да енді біреуге табына ма,
От боп тұрып суынған бұл жүрегім?!
Біз алыстап барамыз, міне, мүлде,
Сен – күнбатыс,
мен – бейне шығыстаймын,
Бұрынғыдай болмасын білемін де,
Бұрынғыдай болуға тырыспаймын.
Бұрынғыдай сені енді еркелетіп,
Өзім де хақым жоқ еркелеуге.
Өмірімді қайтадан көркем етіп,
Сезім гүлдеп, кеудеме өрт ене ме?
Қыдырмаймын өзіңмен бақта жүріп,
Бұрынғыдай алдамшы үмітке еріп.
Әңгіме де айтпаймын ақтарылып,
Бұрынғыдай алдыңа күліп келіп.
Сен келер деп көңілім де,
Бұрынғыдай болмайды алаң бүгін.
Бір өзгеріс бар менің өмірімде,
Мен жат тартып барамын саған, күнім.
Тағдырыңнан қаншама сұрағанмен,
Өткен өтті... ешқашан оралмайды.
Сынған шыны қайтадан құрағанмен,
Бұрынғыдай бәрібір бола алмайды.
Қарсы алайықшы
Алғашқы жауған ақ қарды
Екеуміз бүгін бірлесіп.
Аралайықшы
Армансыз кезіп бақтарды
Ақ қайыңдармен тілдесіп.
Таңырқамақшы,
Ақ қар боп жаусам көгіңнен
Жүректің төгіп мұң-зарын.
Жабырқамашы,
Бірге ала келсем өзіммен
Қақаған қыстың ызбарын.
Кінәламашы,
Шайқалмай көлі шабыттың
Айтылмай кетсе мың сан жыр.
Қаспағын сыйлап
Қаймағын бірақ бақыттың
Бұйыртпай кетті бұл тағдыр.
Қарсы алайықшы
Алғашқы жауған ақ қарды
Соңғы рет бүгін бірлесіп.
Аралайықшы
Армансыз кезіп бақтарды
Ақ қайыңдармен тілдесіп.
БАҚЫТ ТІЛЕ МАҒАН
Қауызын жарып ақ арман,
Атқанда сәуір таңы алдан,
Бағыңа қондым ақ құс боп
Аппақ сезіммен жаралған.
Алдың сен бірақ ұшырып...
Байқаусыз қолдан түсіріп.
Соны тек кештеу түсініп,
Келіпсің бүгін кішіріп.
Құй жығыл енді, жығылма,
Суынған көңіл жылыр ма?!
Үркітіп алған ақ құсың
Айналып қонбас тұғырға,
Осыны, қалқам, ұғын да,
Өткенге қайтып бұрылма.
Кездерім болды қимаған,
Кездерің болды қинаған.
Бәрі өтті...
Енді, ақылдым,
Тек бақыт тілеп жүр маған.
Түсірме өткен кезді еске,
Өтінем сенен: кездеспе!
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру