Көптомдық шығармалар жинағы 11 том
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Авторы: Сəкен Сейфуллин
УДК 821.512 = 03.161.1 ББК 84 (5 Қаз) 7-44 С 28 Қазақстан Республикасы Мəдениет жəне ақпарат министрлігі Ақпарат жəне мұрағат комитеті «Əдебиеттің əлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша шығарылды С 28 Сейфуллин Сəкен. Көптомдық шығармалар жинағы /Сəкен Сейфуллин – Алматы: «Қазы ғұрт» бас пасы, 2012. Том 11. – 480 бет.
ISBN 978-9965-22-417-1
Қазақ кеңес əдебиетінің негізін қалаушылардың бірі, төңкерісшіл ақын Сəкен Сейфуллиннің толық шығармалар жинағының он бірінші томына 1936 жылы жазылған «Тар жол, тайғақ кешу» романы топтастырылған. Кітап көпшілік оқырман қауымға арналған.
УДК 821.512 = 03.161.1
ББК 84 (5 Қаз) 7-44 © «Қазығұрт» баспасы», 2012 ISBN 9965-22-000-Х ISBN 978-9965-22-417-1 ШЫҒАРУШЫЛАР АЛҚАСЫ: Сəбит Мұқанов, Есмағамбет Исмаилов, Əбділдə Тəжібаев, Тайыр Жароков, Мүсілім Базарбаев, Диқан Əбілев, Жұмағали Саин.
ШЫҒАРУШЫЛАР АЛҚАСЫНАН Қазақ Совет прозасының көлемі жағынан да, Социалистік Ұлы Октябрь революциясын шарықтай жəне дұрыс сипаттау жағынан да тұңғышы болған «Тар жол, тайғақ кешу», 1922 жылдан бастап «Қызыл Казақстан» журналына жарияланып жүрді де, 1927 жылы, Қызылорда қаласында, араб əрпімен жеке кітап болып шықты. Бүкіл адам баласының тарихында бақыт жолы – коммунизмнын есігін Россияда бірінші рет ашқан Октябрь революциясы үшін Ленин басқарған большевиктер партиясы қалай күрескенін, Қазақстанда совет өкіметінін қалай орнауын дүрыс жəне өте қызғылықты сипаттаған бұл тамаша кітап, шыға сала халық арасында тез тарап, еңбекші көпшіліктің қолдан түсірмей, сүйіп оқитын шығармасы болды. Қалың оқушы жұртшылықтың қалауы бойынша 1936 жылы кітап баспаға екінші рет əзірленер үстінде, оқушылардан көптеп келген хаттарда, газет журналдарда жарияланған мақалаларда, достарының сөздерінде айтылған сын-пікірлерді ескере отырып, автор елеулі түрде түзеу енгізіп, толықтырып берді. Айтатын пікірі бұрынғыдан да жинақталған, керкемдік түрі бұрынғыдан да күшейген «Тар жол, тайғақ кешу», екінші басылуында, оқушыларына тіпті сүйкімді көрінді. Кейбір жеке сездер, терминдер ғана болмаса, бұл – үшінші басылуында да, «Тар жол, тайғақ кешу», екінші басылуынан
өзгерген жоқ. Бұл тамаша қызықты кітапта автордың сол кездегі коғамдық ой-пікірдің, əдеби дəстүрдің дəрежесінде артық-кем суреттеген жерлері де кездеседі. Ондай жерлерін кайта жөндеуді шығарушылар алқасы мақұл көрмеді. «Тар жол, тайғақ кешу» туралы кезінде орынды, орынсыз сындар көп болды. Сол сындардың кейбіріне жауап ретінде жазған автордың мақаласын кейбір редакциямен кітапқа кіргізуді лайық таптық. Сөйтіп, Қазақ Совет əдебиетінін негізін қалаушы – Сəкен Сейфуллиннің халық сүйген «Тар жол, тайғақ кешуін» сол халыққа кітап түрінде үшінші рет тартып отырмыз.
ТАРТУ Тіршіліктің ескірген Өнімсіз тəсілдерін тастап, Өнімді, өнер тəсілдерін жасаушы? Ескірген надан əдетті, Бақытсыз тұрмысты жойып, Бақытты жаңа тұрмыс жасаушы; Қазақстанның жас жұмыскер табының Екпінді жастарына, Ұлы өзгеріс, ұлы асудағы Көрген, Білген Əңгімелерді кітап қылып Тартамын. 1926 жыл, 17 апрель Сəкен.
БЕТАШАР Бұл «Тар жол, тайғак, кешу» əңгімесінің бас жағы бұрын «Қызыл Қазақстан» журналына бөлшектеніп басылған еді. Сол басылғандарды жиып, жөндеп, тағы қосып жазып кітап қылдым. Бірақ уақыттың тарлығынан асығыс жазылды. Сөзді шеберлеп, түзетіп тізіп отыруға уақыт жок... Мақсұт: 191617-18-19 жылдардағы тарихи козғалыстың, ұлы өзгерістің (революцияның) Қазақстандағы өзім көрген, өзім білген, оқиғаларынан баспа жүзінде əйтеуір із қалдыру болды. Мұнда, талай кісілердің аттары аталды. Тарихи қозғалыстың көрген, білген оқиғаларын жазған соң, əрине, кісілердің аттары кірмеске болмайды. Мақсұт біреуді көтеру, біреуді жамандау емес. Зор қозғалыстың, зор өзгерістің əр кезінде, əртүрлі пікір, əртүрлі əрекет болған. Ол тіршіліктің тарихтың ісі. Азын-аулақ қазақтан шыққан, ұлы өзгеріске қатысқандардың ұстазы Ресей большевик партиясы болып, революцияның жалпы жауларына қарсы шығысқанда, күрескен дұшпанының бірі «Алаш» еді. Бұл кітапта «Алаш» туралы көп əңгімелер айтылды. «Алаш» туралы əңгімелер айтылғанда, ол əңгімелер тарихи мағлұмат ретінде баспа жүзінде шықсын деген оймен айтылды.
«Алаш» деген, «Алашорда» деген болды. Оның Октябрь төңкерісіне қарсылық еткенін жұрт өзі де қазір тегіс көріп отыр. Ұлы өзгеріс, революция уақытында «Алашордада» болған адамдардың талайы күнəлəрін мойнына алып, Совет үкіметіне мойын сұнды. Талайы большевик партиясына кіріп те отыр. Бұл кітапта «Қызыл Қазақстанда» жазылған мақалаларымның «Тар жол, тайғақ кешу» деген атын қойдым. «Ұлы өзгеріс», «Ұлы өткел», «Ұлы асу» деген аттар ойыма келіп еді. Көзбен көргендерім кітапта көбірек айтылған соң, «Тар жол, тайғақ кешу» деген атты лайықтырақ таптым. Бұл атты, жалпы, суретті мағынада алдым. Газеттерден мағлұматтар көп кірді. Бірақ «Бірлік туы», «Жас азамат», «Үш жүз», «Тіршілік» газеттерінің керекті нөмірлері қолыма түспеді. Үйткені мен бұл кітаптың көп жерлері тарихи мағлұмат болуға жарар деп білдім. 1926 жыл, 17 апрель Қызылорда. Сəкен.
РЕВОЛЮЦИЯНЫҢ АЛДЫҢҒЫ ЖЫЛЫ Омбының учительская семинариясын бітіріп, 1916 жылы май айында Ақмола уезіне келдім. Күзге қарсы Ақмола уезінде Нұра өзенінің бойындағы Бұғылы елінде жаңа ашылмақ ауылдық школаға бала оқытуға тағайындалдым. Оқу бастайтын уақытқа шейін екі-үш айдай бос уақыт болған соң, сол жылы жалпы Россияда болған ауыл шаруашылығының санақ кызметіне кірдім. Ақмола уезінің барлық қазақ елін оңтүстікке жəне солтүстікке бөліп, екі жағына екі санақ комиссиясы шықты. Оңтүстікке шыққан санақ комиссиясының бастығы Томскі университетін сол жылы ғана бітірген Асылбек Сейітұлы болды. Солтүстікке баратын санақ комиссиясының бастығы мен болдым. Біз бес кісіміз. Аралап есебін алатын еліміз – 12 болыс ел. Жаздың басы. Елге шықтық. Ақмола қаласынан күнбатысқа қарай шыға, 35 шақырым Есіл бойындағы елге барып түстік. Елінің болысын, старшындарын жинап, келген жұмысымыз туралы түсіндіріп баяндама қылып, елді жинатып, малының, жанынын, егінінің, соқа-саймандарының, нұсқауларымыз бойынша санағын ала бастадық. Ол елдің санағын алып болып, Есіл бойын жағалап, екінші елге жүріп кеттік. Жəне ол елдің де санағын алып болып, Ақмоланың «Ақсирақ кел» деген Атбасармен шектес, ең шеткі бір елге барып
түстік. Елінің көбі «Шұбыра» деген жерде. Болыс, старшын, тілмаш, поштавайларымен , «Шұбыраға» келдік. ШҰБЫРАДА «Шұбыра» деген – қалың, жиі, сулы томар. Іші, айналасы, маңы – жайқалған көк шалғын. Ұшы-қиыры жоқ тəрізді ылғи белес. Əр белестің асты ойпан томар. Маңайда көрінген тау да жоқ, орман да жоқ, адыр да жоқ, жалғыз-ақ белес-белес пен көк иір қалың томар. Шұбыраның қалың ел отырған жерінде кішкене өзен – сымақ бар. Белес те, томар да, жай ойпаң жер де – бəрі де көгал. Бəріне де тұтас жасыл кілем жайғандай. Жасыл кілемге түрлі жібекпен кестелеп түр салғандай. Жаздың басы. Жаздың тамылжып тұрған жас уақыты. Суы молырақ томардың басында, өзен өлкесіне жағалай, айнала жайылып тізіліп отырған қалың ел. Бізге оңаша, бір томардың басына үй тікті. Болыс, старшын, тілмаш өздеріне де бізбен қатар бір үй тікті. Көк шалғынға тіккен үйлерге төсеніш керек те емес. Сонда да көк шалғын үстіне кілем төседі. Үйге қазақша дөңгелек аласа столдарды əкеліп орнатты. Тіккен үйге кіріп, қағаздарымызды жайып тастап, жиналған жұрттан санақ ала бастадық. 12 болыс елдің бір шеті мен бір шеті мың шақырымдай. Бұл ел – бай. Бай ел күйлі. Қымыздың мол уақыты. Қазақ ұйқысы қанып тұрғаннан кешке шейін мең-зең, алқа-салқа болып қыдырып қымыз аулауда. Жұрттың көбі жұмыссыз болса да санақ алған жерден шықпайды. Сылқылдаған бос белбеу, арам тамақ мырзалар, буына семірген бұқалардай күнде кешке ойын, күлкі, сауық, қыз ойнақ, əн салу, өлең айту. Жақсы əнші, домбырашылар көп. Бас қосып жиналса, күжілдеп-күжілдеп, сылқ-сылқ күліп, бірін-бірі сықақ қылғаннан басқа жұмыстары жоқ. Болыстың, старшынның, билердің бəрі – жуан, дүмді мырзалар. Жиналып отырып сөйлескендеріне қарап отырсаң, бəрі де көкке тойып топтанып, топырақ шашып, күжілдеген
бұқалар тəрізді. Маңқиған семіз өгіздер тəрізді. Жалғыз-ақ ертеден кешке шейін кыбырлап, күнге күйіп қап-қара болып маңдайларынан тері шып-шып шығып, пысынап, байдың жұмысын қылып малайлар жүреді, малшылар жүреді. Күн ыстықта қап-қара болып, түтігіп мал бағатын да малайлар, күнге шыжып шыбындаған асау биелер мен арпалысып сауып, қымыз жасайтын да малайлар. Жапан түзді қыдырып, еріндері кезеріп, тезек теріп əкеліп, от жағып, ас пісіретін де малайлар. Өзінің қолымен жасаған ісінің рақатын көре алмайтын да жалғыз-ақ сол малайлар. Қазақ малын жасырады. Жасырмайтын қазақ кемде-кем. Шұбырадағы елдің санағын алып болдық. Енді жүрмекпіз. Бірақ ешкім асықпайды. Біз де асықпаймыз. Шұбырадағы елді қиып тастап кеткіміз келмейді. Бұл елден шыққан соң, баратын еліміз алыс. Болыс пен тілмаш, старшын бір-екі күн жатуымызды сүраған соң, бір-екі күнге тоқтадық. Қара сабаның жанды құмар қылатын тəтті, мас исі аңкыған сары қымызы. Бағлан тоқтының еті. Таза ауа, көк орай шалғын, сыңсыған бай бейбіт ел бізді айналдырды. Күн төмен түскен уақыт еді. Күннің ыстық лебі қайтып, денеге жібек торғындай тиетін майда ескек тұрған еді. Жер де, аспан да көк торғындай еді. Жер, дүние тып-тыныш. Сол кезде барлық жаратылыс, жаздың жұпарына мас болып, манаурап тұрған тəрізді. Жер, дүние тып-тыныш. Шұбырадағы сыңсып отырған ел де тып-тыныш. Белеске шығып қарасаң, төңірек қаптаған мал, бырдай болып тізілген ел... ƏУПІЛДЕК Үш жігіт атқа мініп, бой көтеріп келуге шықтық Аттарымыз да сейдін, көңіл де сейдін. Белеске шықтық, томарларды араладық. Күнбатысқа қарай жүгіртіп кетіп, елдің ең шетіне шықтық. Атбасар уезі мен Ақмоланың шекарасына келдік. Бір белеске шығып, аттарымыздың басын тартып,
жан-жаққа қарап тұрдық. Аттарымыз ойқастап, жер тарпып, ауыздықтарын қарш-қарш шайнайды. Төңірек ылғи бір белес, ылди, ойпаң. Тұтасқан қап-қара көк. Қалың көк шөп, көк шалғын тұтасып, жер-дүниені қаптаған тəрізді. Жер үсті қап-қара көк теңіз тəрізді. Күн еңкейген мезгіл еді. Алтын күн аспаннан сұлу жерге еңкейген тəрізді. Күннің алтын шұғыласы көк теңіздей тұнған төңіректі неше құбылтады. Ақырын ескен майда ескек тұтасқан көк теңізді ақырын ғана қозғайды. Қара көк жердің қиырсыз үсті тұтасыменен ақырын ғана ырғалады. Жер үсті ұшы-қиыры жоқ алқара көк теңіздей құлпырады. Теңіздей ырғалады. Құлпырған жердің қырсыз шеті аспан көкпен қабысқан тəрізді. Төңірек тып-тыныш. Күнбатыста, Атбасарға қарайтын жақта, алыстан бұлдырап қатар жатқан екі көл көрінеді... Қара көк қамыстары мұнартады. Сол елдің жігіті – жолдасымнан, мұнартып бұлдыраған көлдерді сұрадым. – Анау не көл? – дедім. – Ол – Əупілдек, Алакөл, – деді. – Уай! Əупілдегің əлгі, кəдімгі өлеңдегі «Əупілдек» пе? – дедім. – Ие, сол өлеңдегі Əупілдек. Сол өлеңді шығарған қызды алған адам, сол Əупілдекті мекен қылатын елдікі ғой. Елі қазір сол көлдің ар жағында отыр. Бірақ бұл жерден көрінбейді, – деді. – Е, е, өлеңдегі Əупілдек осы десейші... Ол келіншек қазір өлген ғой, ə? – дедім. – Иə, өлген, бейшара, сол қайғыдан өлді ғой! – деді... Ұшан-теңіз белестердің ортасында, ат үстінде, əлгі көлдерге қарап тұрдық... «Сүйгеніне бара алмаған, малға сатылған сорлы қыз қайғыдан өлді ғой...» ...Көз алдыма келіп елестеді: Оның жылағаны... Сатылып барған жерінен Əупілдек көлін жағалап, неше рет жаяу қашқаны көз алдыма елестеді... Тап осындай тып-тыныш жер мен көк... Төңірек тым-тырыс, елсіз, шалқыған көл. Жылап келіп, көл жағасында отырған жалғыз əйел. Манаураған
жер мен көк – меңіреу. Меңіреу жаратылыс көздің жасын көрмейді. Жылаған жанның қайғысын сезбейді. Жалғызақ еңіреген əйелмен бірге көлдің қамыстары ғана теңселіп сыбдырласып, сусылдасып сөйлейді. Көлдегі құстар ғана еңіреген əйелмен бірге сыңсып, шулап жырлайды... Əйел жылайды... Əйел жырлайды. Қамысы Əупілдектің мүше-мүше, Сарғайдым осынау көлдің суын іше! Қос қанат құсқа біткен маған бітсе, Барар ем қалқажанға əлденеше!.. Қар басты Əупілдектің қамыстарын, Айтады əркім көрген қасірет-зарын, Түседі қайғылыға қара тұман, Кім білер сол тұманның ашыларын?! Еріксіз Əупілдекті мекен еттім, Жасым жас, он алтыға жаңа жеттім! Айырған екі ашықты еңіретіп Ісіне бар ма шара құдіреттің!.. Тағы да көп сурет көз алдыма елестеп, біраз Əупілдекке қарап тұрып қайттық... Кешке жақындағы бір ауылда ел жігіттері ойын жасады. Ойын жасаушы жігіттердің бастықтары – старшындар, болыстың тілмашы, Байсейіт жəне басқа пысық жігіттер. Ойынға бізді де шақырды. Біз төрт кісіміз. Екеуі ноғай жігіт, біреуі орыс, төртіншісі мен. Орыс Михаил деген шалдау кісі. Екі ноғай жас жігіттер. Екеуі де мұғалім. Біреуі Ғалымжан, Ақмоладағы қалалық ноғай мектебінің мұғалімі. Біреуі Нұрғайын, қазақ арасында орысша мектепте учитель. Ойынға Михаил мен Нұрғайын бармады. Нұрғайынның сол күні бір тісі ауырған еді. Ойынға Ғалымжан екеуміз бардық. Ішін жөндеген, жағалай кестелі тұс киіз ұстап, кілем төсеген, безеген, оңаша отау үй. Лық толған қыз-келіншек
пен бозбала. Біз Байсейіт пен Ғалымжан жəне бес-алты ел жігіттері – бəріміз отауға кіріп келдік. Бізді күтіп жатыр. Жоғары, араластырып отырғызды. Жұрт отауда дөңгелек айналып отыр. Бізге таяу, бізге қарсы бір əнші старшын мен тағы да сондай бес-алты бастық жігіттер келіп отырды. Біраздан соң болыс пен бес-алты ірі кісілер де келіп, төрге шығып отырды. Болыс пен біраз ғана ірі кісілерден басқа жігіттер мен қыз-келіншек араласып отыр. Байсейіт, Ғалымжан үшеумізді де бірыңғай қатар, қыздардың араларына отырғызған. Жағалай қымыз беріп жатыр. Қымыз ішіп болғанға қарамай-ақ жұрт дуылдасып ойнап отыр. Қызкеліншектер барын киген. Қозғалса, шаштарына таққан күміс шолпылары, білезіктері сылдырайды. Жібек киімдері көлдің қозғалған көк құрағындай судырлайды. Бəрі де əдеппен сызылып, қасындағы жігіттермен аңдысып сөйлесіп отыр. Күні бойы қымыз ішкен жұрт тағы да қымыз ішкен соң тегіс қызып алды. Екі-үш жерде шам жанулы. Отау лық толған. Отау сықырлайды. Болмай кіріп кеткен бала-шағаларды шығарып, есік жақта екі-үш жігіт жүр. Əнші старшын жігіт біздің қарсы алдымызда домбыраны безеп, сыңқылдатып шертіп отыр. Отырған жанның бəрі де тіпті ішпей мас. Қоп-қою сары уыз қымыз. Көкпеңбек болып жайнаған жаз. Жаздың барқыттай жұмсақ кеші. Неше түрлі кілем, тұс киіз, перде ұстап безеген отау. Арқаның жұтынған, мөлдіреген сұлулары. Бəрі қосылғанда кімді мас қылмас, кімді балқытпас. Түрлі ойын ойналып жатыр. Ойынның бəрінің де шарты өлең мен əн болып шығып жатыр. Домбыра қолдан-қолға көшеді. Əнді бір жігіттен бір жігіт асырып салады. Бір қыздан бір қыз асырып салады. Жеке-жеке де салады. Екі-екіден қосылып та салады. Неше түрлі құбылған, бұралған, кестелі, өрнекті сұлу əн естіледі. Неше түрлі өлең естіледі. Ғалымжан екеуміздің арамыздағы қыз жеке əн салды. Тағы бір қызбен қосылып салды. Бір кезде Байсейіт екеуміздің арамыздағы қыз əн салды. Бұл бір – орта бойлы, қара торы жастау қыз. Жасы не он бес, не он алтыда, көп болса он алты, он жетіде. Бұған əн салатын кезек келгенде отырған жұрт тына қалды.
Кейбір бастық жігіттер: – Қабиба домбырамен айтсын, домбырамен! – деді. Өзге қыздар домбырамен айтқан жоқ еді. – Бұл бала домбырамен айтушы ма еді? – дедім. – Иə, иə, домбырамен айтатын бала, – десті. Қабиба домбыраны алды. Дуылдап отырған жұрт тептегіс тынған. Домбыраны алып, жөнделіп, қозғалып отырды. Мен де қозғалып, Қабибаның орнын кеңіттім. Қабиба маған қарап жымиып: – Отыра беріңіз бұрынғыңыздай, – деді. – Қане, қане, шырағым, бөгелме, ана қасыңда отырған сый балалар лебізіңді естісін!.. – десті. Қабиба домбыраны дыңылдатып бұрап, күйге келтіріп, əдемі сүйріктей саусақтарымен пернелерді сыдыртып, желдіртіп домбыраны қағып-қағып жіберді. – Е, шырағым!.. – деп болыспен қатар отырған үлкендер қозғалып қойды. Кеудесін қозғап, ілгері керіңкіреп тастап, Қабиба домбырамен бірге шырқап қоя берді. Үйдегі лық толған жұрт тым-тырыс. Барлық жұрттың көзі Қабибада. Сылдыраған əдемі дауыспен Қабиба шырқады. Əнінің, дауыстың ырғағына ертіп, домбыраны да шырқатты... Жаз күні жырлаған бозторғай шырқап-шырқап, мың құбылтып даусын құйқылжытып, көкке қарай өрлейді. Қалтыраған, сылдыраған дауыспен бірге қанаттарын қалтыратып қағып, биік шарыққа көтеріледі. Бір уақытта төңкеріліп, ұйтқып, құйқылжыған дауыспен төмен түседі. Бір уақытта шарқ ұрып серпілген дауыспен қайта көкке шығады. Көкте жүріп шыр көбелек айналып, тағы мың құбылтып жырлайды. Бір уақытта дөңгеленіп тұра қалып, бір ноқатқа қадалып, қанаттарын қалтыратып, əдемі, зарлы сұлу дауыспен жырды үзілтіп-үзілтіп, түйдек-түйдек тізбектейді. Сөйтіп, бозторғай мың құбылтып жырлайды... Бозторғайдың жырын тыңдайсың. Жалғыз сен емес, бозторғайдың жырын жер мен көк те тыңдайды. Бозторғайдың жыры маужыраған жер мен көкті тербетеді... Міні, тап сол
бозторғай Қабибада бозторғайдай шырқап сұлу даусын көкке өрлетті. Бұл да даусын көкте неше түрлі құбылтып төңкерді. Бұл да даусын қалтыратып, неше түрлі құбылтты, неше түрлі ойнатып даусын төмен қалықтатты. Жəне неше рет шарқ ұрып серпілдіріп даусын көкке шығарды... Бір уақытта даусын үзіп Қабиба тоқтатты. Отырған жұрт əрең қозғалды. Əнге сұқтанды. Əдемі дауысқа сұқтанды. Қабиба домбыраны таяу отырған бір жігіттің алдына сұлық қоя салды. Жұрт тұс-тұсынан Қабибаға: «Тағы да, тағы да!» – деп жабырлады. Біз де тағы да айтуын сұрадық. Қабиба тағы да айтты. Тағы да үш-төрт əнге салды. Енді Қабибаның əнінен басқа əн естігіміз келмеді. Ойын қызды. Жұрт Қабиба əнінің əсерімен əуеленіп алды. Менің қасымдағы Ғалымжан туғалы қазақтың мұндай ойынын, мұндай əн естіген жоқ екен. Енді Ғалымжанның есі шығып кетті... Таң атып келе жатқанда ойын тарқады. Біз жаяу үйге қайттық. Үйге келіп жатып ұйқыға кіргенше, Ғалымжанның ақыл-есі кіріп жеткен жоқ. Үйге қайтып келе жатқанымызда: – Ну Сəкен, қазақты мен жаңа ғана білдім! Шарық музыкасының не екенін жаңа ғана аңладым. Қазақ болмағаныма ырза емеспін. Қазақ ішінде өспегеніме ырза емеспін! – деді. Жəне: – Үйленбей тұрған кезімде қазақтың мұндай екенін білсем, қаладан безіп, қазақ арасына сіңіп кетер едім! – деді. Осыны Ғалымжан көпке шейін аузынан тастамай жүрді. Төсекте жатқанымызда, сүйтіп, Ғалымжан əлгідей деп жатқанда, менің есімнен «Əупілдек» өлеңі кетпей жатты. «Əупілдек» өлеңі бұрын да маған үлкен əсер ететін еді, енді мына əнші қыздың, аузынан естігеннен кейін, бұл өлең менің барлық қиял-сезімімді билеп алды. Менің көз алдымнан көкала қамыстары судыраған, күміс сулы көк ала көл елестеп кетпеді. Көлдің жайқынында, айна сияқты судың бетінде сызылып жүзіп жүрген, сыңқылдаған аққу құстар көз алдыма келді. Аққудың ұялары көл ортасында, қалың ну қамыстың ішінде. Аққудың сыңқылдаған сұлу, мұңлы үні сыбызғының күйіндей естіледі. Оның үні көл үстін сыңғырлатып сызы-
лып, қалтырап əдемі толқынданып естіледі. Көлдің жалтыр жайқынының айнадай тұнық суының беті кейде қалтырап бедерленіп, толқып, ақ моншақ тізіп, ойнатып шашқандай болады. Көлдің судыраған қалың көк ну қамыстары ақырын ырғалып, теңселіп, асығып сыбырласып, сусылдасып қояды. Қоңыр үнмен қаздар қаңқылдасып қояды. Нешетүрлі үйректер мың түрлі үнмен мыңқылдасып, аққу күйіне үн қосады. Көлдегі өзге құстардың үндерінен, судыраған қамыстардың сыр ұрлаған сияқты сусылдақ сыбырларынан, судың күрсінген сияқты күңкілінен – бəрінен де өзгеше бір суық үн шығады көлден. Ол өзгеше үн – Əупілдек құстың үні, Əупілдек құстың үні көл астынан тұншығып шыққан мылқау үн сияқты. – Əуіп! Ə-ə-у-у-у-і-п-п! Ə-ə-у-у-і-р-р!, – дейді əупілдек құстың үні. Терең су тұншықтырады Əупілдекті. Басады оны ауырлық. Ол: – Ə-ə-у-у-і-р-р! Ə-ə-у-у-і-р-р!, – деп ауырлықты көтеріп тұрмақ болады. Оның үні өзге үндерден бөлек. Оның созылған қорқынышты, тұншыққан мылқау үні адамның көңлін түршіктіріп, мылқау қорқыныш, қою мұң кіргізеді. Көл шетіне келіп жылап отырған жалғыз жас əйел. Аққу құстың сыңсыған сұлу үніне үн қосып жылайды. Əупілдек құстың терең су астында тұншыққан мылқау үніне қосып еңірейді мұңлы əйел. Еңіреп отырып көл үніне қосылып, қасіретін жыр қылады қазақ қызы: Қамысы Əупілдектің мүше-мүше, Сарғайдым осынау көлдің суын іше! Қос қанат құсқа біткен, маған бітсе, Барар ем қалқа жанға əлденеше! Жел соқты Əупілдектің қамыстарын, Айтады əркім көрген қасірет зарын. Түседі қайғылыға қара тұман, Кім білер сол тұманның ашыларын?
Еріксіз Əупілдекті мекен еттім, Жасым жас жиырмаға жаңа жеттім! Айырған екі ашықты еңіретіп, Ісіне бар ма шара құдіреттің!.. Көл басында отырып айтқан қасіретті қыздың бұл мұңды өлеңдері тізбектеліп ойымнан кетпеді. Көл жағасында отырып жылаған қыздың жырына үн қосқан Əупілдек көлі сияқты, мен де ол қыздың жырына ішімнен жыр қосып жаттым. Менің қосқан жырларымның əрбір үзінділері қиялыма келіп тізбектеліп жатты. Бірақ ол жырларды тəртіпке салып жазбадым. Бірақ ол жырлар да қиялыма келіп, тізбектеле берді: ...Не сыр бар осы көлдің аясында, Ну қамыс судыраған саясында? Естіледі аққу құстың үні мұңды, Не сыр бар ақ сұлудың ұясында?.. Сұңқылдап аққу құс та жылай ма екен? О дағы көздің жасын бұлай ма екен?.. Айналып ұясында балаларын, Елжіреп, сипап байғұс сылай ма екен? Сыңси ма аққу жасын төгілдіріп? Еңіреп жүрек, баурын егілдіріп?.. Əлде ол ұясында қоштаса ма, Толғанып ақ балапан – көгілдірін?.. Аққу құс іздей ме əлде ұяласын? Сұңқылдап төгіп мендей көзден жасын. Аққуға Əупілдек құс үн қосады, Əупілдеп күңірентіп көлдін басын. Əупілдек көл астында тұншығады, Күңіреніп көл астынан үн шығады.
Серпіліп тұншықтырған қара тұман, Зарлыға қашан жарық күн шығады!.. Əупілдек тұңғиықты көтереді, Көтерсе, көлді ойран етер еді. Тағдыр да рақымы жоқ меңіреу ғой, Күш берсе тұншыққанға нетер еді?! ТҰЛЫП... Шұбырадан аттандық. Ендігі баратын еліміз алыс. Таң ертеден қос-қос атпен кешке шейін жүгірттік. Кешке сабылып келіп ара қонып, ендігі елімізге əрең жеттік. Ақсирақкөл елінен (Шұбырадан) шығып келіп санағын алған еліміз Моншақты елі, Қарабұлақ елі, Қызыл-топырақ елі, бұлар – үш болыс ел. Менің көптен естіп жүрген əңгімемнің бірі Сағнайдың паң Нұрмағамбеті еді. Енді, міні, бұл ауданда сол паң Нұрмағамбеттің ауылына жақын келдік. Бұл кісіні білу соңыра керек болады. Сондықтан мұның аулына келгенімізді айтайын. Мен оның тұрмыс күйін естіген сайын сұрастырып қоям: – Əй, патшадан наград алған,– дейсің бе?.. Қалай алған? – Қалай алған!.. Патша нəследнік күнінде осы жаққа саяқат қылып келген. Омбыдағы жарты патша той қылып, барлық елдерді жинаған. Жинағанда, оған барғандар ылғи қасқа мен жайсаң. Ел асқан бай, мырза, болыстар. Ақмола, Атбасар, Көкшетау, Қызылжар, Омбы жəне мына жағы – Семей, Қарқаралы, Кереку, Баян ауыл... Жəне толып жатқан өзге қалаларға қараған елдердің ылғи дөйлері «нəследнікті» көреміз деп тойға Омбыға жиналған! Бірінен-бірі салтанатын асырмақ болып, ылғи сырлы үйлер əкеп тіккен. Қазақтың барлық салтанат, қызықтарын əкеп көрсеткен. Сонда ойдағы, қырдағы елдердің бай-мырзаларының əкеп нəследникке көрсеткен барлық салтанатынан Нұрмағамбеттің апарған
салтанаты асып шыққан. «Нəследник» жарты патша мен екеуі Нұрмағамбеттіц арқасынан қаққан,– деді. – Жоқ, мұның өзгеден несі асқан дейсің? – дедім. – Бұл алтындаған сырлы үй апарып тіккен... Нəследнік жағалай тіккен үйлерді аралап көргенде, өзге əдемі үйлерге кірмей, сол Нұрмағамбеттің алтындаған үйіне кіріп отырған. Күмістеген, асыл тас орнатқан піспекті қара сабасынан қымыз ішкен. Жəне Нұрмағамбет үш айғыр үйірі қысырақ апарған. Қысырақтың байталдарының бəрі ылғи ақ шұбар, айғыры да ақ шұбар болған. Нəследнік бұл шұбар қысырақты да жақсы көрген... Алтындаған үйді де, шұбар қысырақты да Нұрмағамбет «нəследнікке» сыйға берген... Сон соң Нұрмағамбетке нəследнік наград берген! – деді. – Иə!.. нəгрəті не?.. – Нəгреті – үлкен деңгелек күміс, жібек бау таққан!...– деді. Ақыры Қызылтопырақ еліне қарай жүріп бара жатып жолшыбай, Нұрмағамбет паңның аулына соқтық. Күн ыстық. Шөлдедік. Қымыз ішкіміз келді. Паңды көргіміз келді. Паңның малы бір бөлек, өзі отырған үйлері бір қырдың астында, малдан аулақ отыр екен. Ойпаңда томарлы су. Айнала көк шалғын. Төрт ақ үй екі-екіден бір-біріне жапсырылажапсырыла тігілген. Екіекіден жапсарластырып тігілген. Жапсарласқан екі ақ үй мен жəне жапсарласқан екі ақ үйдің арасы жүз қадамдай, Олардың қастарында бір-бір қараша үйлер тұр. Үй-үйдің араларының шалғыны жапырылмаған. Жапсарластырылған екі күмбез үйдің сыртына келіп тұра қалдық, Біз екі арбадамыз. Үйден бір қазақ шыға келді. Бешпентшең, сымпиған сұр жігіт. Жігіт келіп бізбен сəлемдесті. Біз жөнімізді айттық. Жігіт қайтып жапсарласқан ақ үйге кіріп кетті. Бірсыпыра уақыттан соқ, қайтып шығып бізге келіп: – Қаны, үйге кіріңіздер! – деді. Үйге келдік. Алдыңғы үйде һішдеме жоқ. Тек табалдырыққа шейін кілем, текеметтер төсеп тастаған. Онда тоқтатпай, жігіт нұсқап, төргі үйге кіргізді. Төргі үйге кіріп келгенде, көз алдым қып-қызыл шұбар болып кетті. Төрден табалдырыққа
шейін қызыл-шұбар масаты кілемдер жайып тастаған. Кілем жайылмаған алақандай ашық жер жоқ. Бір босағадан екінші босағаға шейін айнала тұсқа əдемі құлпырған сұлу өрнекті кілемдер ұстап, етектерін төгілдірген. Жағалай іргеге текшелеген жүкті бір кездей ғана биік қып айнала жинап, оның үстіне əлгі жағалай ұсталған кілемдердің етектерін төгілдіріп, кілем сəкі сияқтандырып жауып, қаптап қойған. Уық, шаңырақ көк ала сырлы, шашақты. Төрге, кілем үстіне жібек көрпелер төсеп тастаған. Келген кісі қызыл ала жібек көрпелердің үстіне отырса да, жоқ, жағалай, дөңгеленген кілем сəкінің үстіне отырса да еркі өзінде. Төрдің оң жағында көк торғын шатыр шымылдық ішінде ақ жылтыр кірəует-төсекте Нұрмағамбеттің өзі отыр екен. Өзінен басқа үйде адам жоқ екен. Нұрмағамбет қытайлардың «құдайынша» кірəуетке көтін қойып отыр екен. Басында құндыздаған қара пұшпақ бөрік, көзінде алтын жиекті көзілдірік. Үстінде əдемі сұр шұға шекпен, жағасы – қызылкүрең барқыт. Шекпен ішінде сондай əдемі сұр шұға бешпент, шалбар. Аяқта жылтыр амырқан кебіс байпақ. Қолында першетке, күміс сапты таяқ. Өзі денелі, ортадан биігірек бойлы, бетінде сақал-мұрты аз, көгеріңкі қара сұр кісі. Жасы түріне қарағанда, елуден асқан шамасында. Біз таңырқаған, «сұқтанған» көзбен төргі үйге кіріп келгенде, ол асықпай түрегелді. Амандастық. Оның даусы əрең шығады. Не асықпайды, не жөнді үнін шығарғысы келмейді. Жағалай кілем сəкіге отырдық. Бізде де үн жоқ, онда да үн жоқ. Біз таңырқап, көздеріміз тігіліп, айнала қарап отырмыз. Бір-екі ауыз жөн сұрады. Мінезі топас, мешел, білімі ете саяз адам сияқты. Өзі не тірі өлік сияқты, не əдемілеген үрген тұлып сияқты. Жігіті тізесін бүгіп, есік жақта, кілем үстінде отыр еді. Жігітіне қарап Нұрмағамбет болар-болмас иегін көтерді. Екі көзін аңшының итінше қадап отырған жігіт ұшып түрегеп шығып кетті. Біраздан соң жəне бір жігітпен екеуі дастарқан, патноспен қызылала гəрден кеселер, сылдыратып күмістеген қайың тегенемен қымыз əкеп жасап, күмістетен үлкен мүйіз ожаумен мас иісі аңқыған
сары қымызды сапырып, бізге бере бастады. Күн ыстық, шөлдеп келгеміз. Сұп-суық сары уыз қымыз. Шөлдеген кісіні ансатарлық қымыздың қышқыл қызықты исі мұрынды жарып, кеудені атады. Қызылала гəрден қайта-қайта келді. Нұрмағамбеттің өзі де қымыз ішіп отыр. Көп сөз жоқ. Паң, ескі дінші халықтардың, қытайлардың – будданың тəңірі – бұты сияқты. Нұрмағамбеттің өз үйінен шыққан соң, ана жүз қадамдай жерде жəне жапсарластырулы тұрған екі ақ үйді сұрадық. Онда паңның қатыны отырады екен. Енді паңша қатынды көрейік дедік. Жігіт барып, бағанадай, Нұрмағамбеттің қатынынан «ұлықсат» сұрады. Бір аздан соң жігіт қоспақ ақ үйден шығып келіп, тағы да: – Қаны, үйге кіріңіздер! – деді. Кірдік. Жапсарластырылып тігілген екі ақ күмбездің іші əлгідей, Нұрмағамбеттің өзі отырған үйдің ішіндей сəнделген. Қып-қызыл ала кілем табалдырыққа шейін төселген. Айнала төгілме кілем. Уықтар, шаңырақ көк ала май сырмен сырланған. Уық бауларының қызыл шашақтары салбырап төгіліп тұр. Қатын төрдің оң жағындағы қызыл торғын шатыр шымылдық ішіндегі күміс крəуəттің алдында, төрт қабатталып салынған жібек көрпенің үстінде отыр. Екі жағында үш-үштен алты діңкиген мамық жастықтар. Қатынының үстінде ақ жібек шапан. Басында ақ жібек кимешектің бет жиегін меруетпен безеген. Амандасып отырдық. Арықтау ақ сұр қатын. Даусы ыңырсып əрең шығады. Бұл да ақырын ымдап қымыз алғызды. Мұның қымыз саймандары əлгі Нұрмағамбеттің өз үйінікінен басқа. Күміс шығыршықты ожаумен қымыз сапырып, сылдырлатып отыр. Кеселер көкала гəрден. Тегене – оюлы, күмісті. Қымыз – əлгідей, жұпар иісті, сары уыз, сұп-суық, балдай. Тағы да қымыз ішіп отырдық. Қатын сурет сияқтанып үлбіреп отыр. Қимылдамайды да, һішкімге қарамайды да. Паңша қатынның үйінен де қымыз ішіп шығып, аттанып жүріп кеттік. Тіркелген төрт күмбез ақ үй томар басында, шалғын ортасында қала берді.
Екі қоспақ ақ үйлердің арасы бір-біріне жүз қадамдай. Біріне-бірін жапсыра тіккен екі ақ күмбез үйдің бірінде жападан жалғыз, қолдан құйған бұттай болып Нұрмағамбет отыр, екіншісінде өлусіреген аққудай үлбіреп паңның қатыны отыр... Қысты күні Омбыда оқуда жүргенімде Сорокин деген кісінің: «Ақ сүйектер, төрелер, мырзалар – бұлар арам тамақтар! Бұлар елдің денесіне қадалып, қанын сорған борсықтар!» – деген сөздері есіме түсті. – Міне, тура білген қаһар соққан!.. деді жолдас ноғай жігіт тамсанып. – Тамаша, қалай іші пыспайды иттің!.. деді бір жолдасым. ДАУЫЛ АЛДЫНДА Бұл елдердің санағын алып болып, Қанжығалы «Қоржынкөл» еліне келдік. «Қоржынкөл» елі Семей губерниясының Павлодар уезімен шектес болады. Қанжығалы «Қоржынкөл» еліне июньнің ақырғы кезінде келдік. Елі болыстыққа таласқан екі партия. Бір партияның басы болыс, екінші партияның басы тағы да бір жуан, былқыл мырза. Болыстары əмірін еліне қаттырақ жүргізіп, тізесін елге қаттырақ батырып, көпшілікті өзіне қарсы қылып алған екен. Бір болыс елдегі мың жарымдай үйде болыс жағында жүз шамалы-ақ үй қалған екен. Бірақ болыс қалам қолында болған соң қасқырдай дүрдиіп, бұрыннан ықтап қалған елді беттескенде əлі де қорқытатын түрі бар екен. Болыс ауылына күн бұрын хабар жіберген едік. Ауылы «Ащыкөл», «Қасқаат» деген қатар екі əдемі көлдің басында екен. Күн төмен салбырап тау басына таянған кезде бір белес төбеден асып түсіп, «Ащыкөлдің» құбыла жақ үстінен шыға келдік. Көлдің бір жақ басында аз ғана үйлі екі-үш ақ ауыл. Екінші жақ басында тағы да аз ғана үйлі екі-үш ауыл. Төрт-
бес атты кісі көлдің бергі басында, көлге жылқы жауып жүр екен. Қара жолмен көлге қарай ентелетіп келе жатқан бізді көріп, жылқы жауып жүрген атты кісінің бірі бізге қарай жүрді. Келе жатқан адам жүзіктің көзінен өткендей əдемі жарау атқа мінген, астында ақ күміс ер-тоқымы күнмен шағылысып, жарқ-жарқ етеді. Əдемі қара ат жігіттің астында. Үстіндегі күміс ер-тоқымды жарқылдатып, ойқастап, сылаң-сылаң етеді. Қара аттың үстіндегі ұзын аққұба жігіт. Үстіндегі киімдерінің жалғыз-ақ шапаны қазақша. Өзгесі əдемі қала киімдері. Баста əдемі панама қалпақ, аяқта əдемі бəтеңке. Мен тани кеттім. Бұл–Төлеубай. Бұл – қазір осы «Қоржынкөл» елінің болысының тілмашы. Болыс – осы Төлеубайдың əкесімен бір туысқан Олжабай дейтін кісі. Төлеубай менімен жасынан ашына еді. Екеуіміз Ақмолада бірге оқып жүргенде бір үйде бір жыл бірге жатқан едік. – Ассалаумəлекім! – Уəликімсəлəм! – Уа, мал-жан аман ба? – Уа, шүкір! Ой-бой-ой! Көрісетін күн де болады екен ғой! Амандастық. Оқып жүргендегі таныспен шұрқырасып, қуанысып, шүйіркелесіп қалдық. Бізді болыстың кандидаты-орынбасары, немере інісінің үйіне əкеліп түсірді. Біраз сөйлескеннен кейін Төлеубай маған қарап: – Сен есіттің бе, қазақтан əскер жұмысына жігіт алатын болыпты дейді ғой?.. Бізге он тоғыз бен отыз бірдің арасындағылардың есебін алып жібер деген отношение бар, – деді. Мен: – Жоқ... Біз ондай сөзді естігеніміз жоқ. Қалай алады екен, кімді алады екен?.. Қашан алады екен?.. – деп бұл хабарды естімегенімізді білдірдім. – Бұл хабарға жұрт нанар-нанбасын білмейді, үрпиіңкіреп, құлағын түріп қана отырған түрі бар. Осы хабардың анығын
біліп келуге, көкем қалаға кетіп еді. Кеше келмекші күні еді, келе алмады... Енді бүгін келер деймін, – деді... Бұл туралы жəне басқа да түрлі əңгімелесіп отырдық. Болыстың ауылы қатар біткен екі əдемі көлдің жағасында, ауыл көкорай шалғынның үстінде. Біз отырған үй – алты қанат ақ отау, іші таза. Жасаулы емес, бірақ төсеніштер жақсы. Кереге-уықтары сырлы... Тысқа шығып-кіріп, самауырды жөндеп қайнатып, басқа шай жабдықтарын ыңғайлап, болыс орынбасарының қатыны жүр. Күн қызарып батуға таянған. Күннің күндізгі ыстығы қайтқан. Көл басының ауасы жанға жұмсақ, қоңыр майда мезгіл. Домбыра тартып, малдасын құрып болыстың орынбасары отыр. Іргеге жағалай қабаттап салған көрпелердің үстінде жəне іргеге жағалай тастаған діңкиген кірлеу тартқан ақ тысты жастықтарға сүйеніп біз жатырмыз. Күн ыстықта жолды-жолсыз жерлермен жүрген соң, солқылдақ арбаның соққанынан шаршап қалған екенбіз. Жастыққа шынтақтап қисайып жатырмыз. Дөңгелек аласа үстелді жасады. Шашақты, гүлді көкшіл дастарқанды жайды. Қызыл кəрден шыны аяқтарды сылдыратып жасап, қымызға илеген, жаңа пісірген ақ бауырсақты дастарқанға төкті. Үлкен қылып шаққан түйір секерді үстелге жаудырды. Екі шыны табаққа сары май салып, күжілдетіп ақсамауырды келтіріп, шайға ишарат қылды... Үстелге иіріліп отырып шайды іштік. Ол екі арада маңайдағы үш-төрт көлдің басындағы елдің адамдарын жинатуға болыстың тілмашы бұйрық қылып, кісі шаптырып жіберді. Кеш батқан соң сонда түнеп, ертеңінде тілмаш өз үйіне қонаққа шақырып, сонда бардық. Жұрт аздап жиналып жатыр... Түс уақтысында қаладан тілмаштың əкесі, болыстың ағасы Барекең келді. Ауыл жігіттері сəлем беріп алдынан шығып, атын ұстап, аттан түсіріп алып, құрдай жорғалап, есік ашып енгізіп, күтіп жатыр. Үйде отырған біраз ел кісілері түрегеліп, Барекеңмен қол ұстасып амандасты. Біз де амандастық. Жұрттың бəрінің
екі көзі Барекеңде. Төсек жағына, төрдің алдына шығып, Барекең шаршаған түрмен, бірдемеге қатты күйінген түрмен, «уһ!», «аһ».. деп, екі иығынан дем алып шешініп жатыр. Жұрт амандасып: – Қаладан не хабар бар? – деді. Барекең отырып жатып: «Уһ! Шүкір... Не хабар сұрайсыңдар... Қазақтан кісі алатын болды ғой. Міні, жарлығы!» – деп, қалтасынан бүктелген, жуан əріптермен орысша басқан бір жарнаманы алып, тілмаш баласына тастай берді. Баласы алып оқыды. Жағалай отырған жұртта жəне тыстан кіріп, есік алдында иін тіресіп, телміріп қарап тұрған жұртта үн жоқ, бəрінің өңдері қашып кеткен. Жарнаманы Барекең баласына тастай бергенде, үйдегі барлық қазақтың өңі қашып кетті. Жарнаманы маған берді. Мен де алып қарадым. «25 июньде патша ағзамның жарлығы бойынша қазақ халқының он тоғыз бен отыз бір жастың арасындағы еркегі əскерлік жұмысқа алынады...» – деп, Ақмола губернаторының қылған жарнама бұйрығы екен. Үйдегі жұрт үрейленді. Менен мұның «мəнісін» сұрады. – Мен не дейін?.. Əскер жұмысына кісі керек болған соң, қазақтан алайын деген ғой!.. – дедім. Əскердің қара жұмысы дегенге нанбайды. – Бұл əншейін алдаған іс қой. Солдаттың нағыз өзі ғой бұл... Ой, құдай-ай, бұл не деген сұмдық?.. Ой, пірім-ай! – десті. Жұрт тіпті үрейленді... Ол елдің санағын тезірек алып, əрмен жүріп кеттік. Болыс ауылынан шыға, екі-үш шақырымдай жердегі Қасқаат көлінің басындағы бір ауылға қондық. Ертеңінде екі бөлініп жүрдік. Ғалымжан мен Михаил бір бөлек Спасск, Қарағанды еліне кетті. Біз, Нұрғайын екеуіміз, қасымызда бір қазақ поштабайымыз бар, Сілеті бойындағы елге кеттік. Жүріп отырып, жүз шақырымдай жердегі екінші болысқа – Сілеті еліне жеттік. Болыстың өз ауылына бармай, бергі бір қалың еліне түстік. Елге ымырт жабыла барғанбыз. Барысымен, тынығып
жатып, ертеңіне ар жағындағы, ауылы елу шақырымдай жердегі болысына кісі жібердік. Ол күні болыс келмеді. Бөлек тігіп берген бір жаппада біз тынығып жатырмыз. Күн ыстық. Ел, суы жоққа таңдық бір өзенше жардың жағаларында ел қалың, өзі кедейлеу. Қазақтар жиналып жүр. Болыс пен тілмаш келмейді, біз іс бастай алмай жаттық. Сол елдің старшыны келген. Старшын бір саба қымыз əкеліп, біз жатқан жаппаның ішіне енгізіп қойды. Қымызды ішіп жатырмыз, жақсы қымыз. Əкелген тоқтыны сойып, етін сол үйдің жанынан қазған жерошаққа асып жатыр. Үйдің маңайында жиналған қазақ ыстық күнге күйіп, топтанып əр жерде отырып, жемтікке үймелеген күшігендерше үймелесіп сөйлесіп жүр. Үйдің ішіне жағалай жайылған киіздің үстіне кілем төсеп жəне жағалай іргеге көрпе төсеп, іргеге жағалай жастық тастаған. Жастықтарға сүйеніп, көрпелердің үстінде біз жатырмыз. Анда-санда тысқа шығып келеміз. Күннің ыстығының əсерінен, жаңа ішкен қымыздың əсерінен тершіп, омырау түймемізді ағытып, желпініп, өзөздерімізбенен əлекпіз. Күн төмен түскенде болыс пен тілмаш келді. Екеуі де ат қағып, күнге күйіңкіреп келген екен. Аттарынан түсіп, үйдің жанында тысқа шығып тұрған бізбен амандасты. Болыс келген соң қазақтар топтанысып, көбірек жиналысып қалды. Болыс пен тілмаш үйге кірді. Əңгімелесіп отырдық. Шай іштік. Шай ішіп болған соң, болыс пен тілмаш тұрып, бір үйге барып орнығуға, таяу ауылға кетті. Кешке болыс пен тілмашты шақырып алып, ертең ерте санаққа кірісуге керекті қағазды даярлатып, əр старшынның списоктерін даярлатып, жатқанша іс істеп отырдық. Санаққа керекті істерді бітіріп, ас жеп, жаттық. Жазғы түн қысқа, таң өте тез атады... Күн көтеріліп, сəске болғанша ұйықтадық. Көп ұйықтай берер едік, біз жатқан оңаша үйдің сыртынан шыққан көп адамның күңіренген жылауы оятты. Түсім ғой деп біраз жаттым. Күңіренген, ызыңдаған, жылаған дауыс құлағыма күңгірт естіледі.
Ызыңдаған дыбыс бірте-бірте жақындап, анығырақ естілді. Əйелдердің дауыстары тəрізді. Шулаған, жамыраған дауыстар, оларға араласқан еркектердің сөйлеген дауыстары естілді. Үйге біреу кіріп, қасымыздағы жігітті оятып, екеуі сөйлесіп күлісті. Кірген кісі күбірлеп: – Ақымақ қатындар, өкірген сиыр тəрізді-ау өздері! Бұларға не жоқ екен?.. Бəрі, осы, таң атпай жиналысып, шуласып жылауда, –деді. Оған біздің қасымыздағы жігіт тамсанып күбірледі. – Онысы несі, анығына жетпей, өкірген сиырдай шуласқаны? Ə-əй, қатын ит-ай, ақымақтығың осы-ay! – деді. Көзімді аштым. Үйдің іші көтерілген күннің ыстығынан ысыңқыраған. Түндік ашылған жоқ. Азырақ бір жақ шеті қайырыңқыланған. Үйдің іші жарық. Біздің жолдаспен сөйлесіп отырған жігіттің қағаз пакет салған үлкен аспа былғары қалтасы бар. Қайыс өткізіп омырауына асқан жарқыраған жез знагы (белгісі) бар. Тайдың тұяғындай. Əр жеріне жезден белбеу салған жалпақ қара қылышы бар. Бұларының бəрін шешіп алып, керегеге, тұсына қыстырып қойды. Өзінің қара бешпетінің иығына таққан өрген қызыл жіптен погон «шені» бар. Түріне, сыртқы белгілеріне қарағанда, қаладан келген шабарман жасауыл екенін айтпайақ білетін. Мен басымды көтердім. Жасауыл менімен амандасты... Үйдің артында едəуір жерде жылаған, ызыңдаған дауыс əлі естіліп тұр. Жасауылдан қысқаша жөн сұрап, үйдің артындағы шудың жайын сұрадым. – Ақымақ қатындар ғой, таңертең Омбы жақтан келген біреулердің сөзінен жəне мен келген соң бет алдына үрейленіп, «балаларымызды солдатқа алады» деп, жиналысып, жыласып жатыр. Ақымақ қой, жылағанда қолдарынан еш нəрсе келмейді, əйтеуір, ақымақтықпен далбаса қылады, – деді. Тез тұрып киіндім. Нұрғайын да тұрып киінді... Əңгіме былай болған екен:
Біздің жатқан еліміз Омбы уезімен шектес. «Əскер жұмысына қазақтың он тоғыз бен отыз бір жастың арасындағысы тегіс алынады» деген соң, Омбы уезіндегі жүрген осы елдің бір-екі жігіттері қорқып, қашып келіпті. Келгенде олар əңгімені көпіртіп, түрлендіре сөйлеп, біртебірте өңдеп: «Ойбай, солдат алатын болды. Мына жақта, Омбы уезінде алуға кірісіп жатыр. Қара жұмысқа дегені өтірік. Соғысып жатқан майданның ең алдына апарып қазақты шеп қылмақ дейді. Енді өлгеннен басқасы жоқ...» – деп келіпті. Жəне олар келіп отырғанда, қаладан түнделетіп, біздің жатқан жерімізге мына жасауыл келіпті. Жасауылдан ауыл адамдары бұл хабардың мəнісін сұраса, ол одан сайын қорқытыпты: – Е, несі бар! Рас, бəріңді солдатқа алады. Алса қайтеді екен?.. Бармайсыңдар ма?.. Бұл патшаның жарлығы. Патшаның жарлығы екі емес. Онан да «Құдай» деп, даярлана беріңдер. Мына мен болыстарыңа үскірікпен бұйрық əкеліп отырмын. Бəлем енді сендер де солдат болыңдар... – депті. Енді қазақтың үрейі кетпей қайтсін!.. «Ой, Алла-ай! Ой, құдай-ай, бұл не деген сұмдық!.. Құдай-ай, пірім-ай, бұл не деген заман болды! Алла-ай! «Ақсарбас!» Ой, Алла-ай, «бозқасқа!..» – деп, қазақ өгіздей өкіріп жылай бастаған. Қатындар күңіреніп, шуласып, балаларын, бауырларын айтып, азан-қазан болып, ауыл-ауылдан топтанысып шығып, жиналысып жылап, біз жатқан үйдің тұсына келген... Біз тұрған соң қатындар топтанысып, біздің үйдің жанына келді. Қатындармен бірге біраз еркектер де келді. Қатындар шулап, жамырап сөйлеп келеді: – Балаларымызды солдатқа алуға келген екенсіңдер! Сендердің «санақ аламыз» дегендерің солдатқа алуға жарайтын адамдардың санын алайын дегендерің екен. Сен қазақ болсаң да орысқа сатылып, бізді орысқа ұстап берейін деп келген екенсің! Шырағым, қазақ емес пе едің?.. Мұсылман емес пе едіңдер?.. Бұларың қалай?.. Жап-жас баласыңдар. Бұл не
қылғандарың?.. Өсте ме екен?.. Біз саған санақ бергізбейміз. Өзің келген ізіңмен қайт. Бізге тиме, – десті. Бəрінің өңдері қашқан. Үріккен. Үрейі ұшқан. Айтқан сөзге түсінбейді. Сөзді тыңдамайды. Қатындардың көбінің қолында таяқ, шоттың сабы. Еркектер əдейі қатындарды сөйлетіп қоя беріп, өздері үндемейді. Бірақ осыны өздері білдіртпеген болады. Қатындарды тоқтатып басқан болады. Бірақ ішкі қулықтары қатындардан да жаман көрінеді. Халыққа ақыл ғып айтып, істің мəнісін түсіндіріп сөйледік. Болысын, тілмашын шақырып, əрең деп тоқтаттық. Біздің санағымыздың кісі алынатын іспен байланысының жоқ екенін айттық. Əрең деп қатындарды тоқтатып, еркектерді жинап, шала-пұла санақ алған болдық. Бірақ халықтың бізге қарауы өзгерді. Ел бізге нанбайтын тəрізді, «үкіметке керекті адамның санын алып берейін деп жүр» деп жорығандай түрі бар. Елде мінетін арба жоқ. Бəрін тығып қойса керек. Ауылдың старшыны бір арбаны əрең тауып əкеп жекті. Бізде жүріп кеттік. Болыс пен тілмаш та ауылдарына асығып жүріп кетті. Манағы қаладан келген жасауыл қазақтың он тоғыз бен отыз бірдің арасындағы жастарын əскери қара жұмысқа алу туралы бұйрық əкелген екен. Бұйрық тығыз. Тез сол он тоғыз бен отыз бірдің арасындағы жастардың санын алып, қалаға жеткізуге болыс-болысқа бұйырыпты. Сол себепті болыс ауылына асығыс жүріп кетті. Біз ол елден шығып, Ақмола уезі мен Павлодар уезінің шекарасындағы Өлеңті деген өзеннің бойындағы, қара жол аузындағы мал докторы тұратын жерге соқпақпыз. Екі ара екі жүз шақырымдай жер, елі сирек... Біз əлгі жатқан ауылымыздан шығып күншығыс-оңтүстікке қарай жүріп, бес шақырымдай жердегі сол елдің бір ауылына келдік. Тез лау бере қоймаған соң, қасымыздағы жігіт өзі салт атқа мініп, желі басынан ат ұстамақ болып жүріп, ауылдың бір жігітімен шаң-шұң жанжалдасып қалды. Біз байдың үйінде отыр едік. Біздің жігіт түсі бұзылып ентігіп, үйге кіріп келді. «Бір жігіт ат бермей, өзімді боқтап, ұрып жіберді. Ат беретін емес...» – деді.
Мен тысқа шығып азырақ ашу қылып, байға ақырып, қыр көрсетіп, қағаз-қарындаш алып, байдың жəне жанжал қылған жігіттің есімдерін қағазға жазып алған болдым. Бай азырақ қорқып, тезірек ат ұстатып, лау берді. Жүріп кеттік. Мінген атымыздың бірі байдың желісінің басынан ұсталған тоқпақ жалды көк айғыр. Көк айғырға біздің жігіт салт мінді. Айдаңқырап жүріп кеттік. Ендігі мақсат қазақтан санақ алу емес, Өлеңтідегі мал докторына тезірек жетіп, сол жердегі малдың санын алып, қалаға тура қайту. Енді қазақтан санақ алуға болмайтынын білдік. Жолшыбай бір-екі ауылға түстік. Еркегі көбірек ауыл ат беретін түрі жоқ жəне жылқылары да шамалырақ, кедейлеу ел екен. Қазақ елеуреңкіреп алған тəрізді. Кешкі күн батуға айналғанда, бір жалғыз ауылға келдік. Жылқылары жоқ кедей ауыл екен. Бірен-саран мініп жүрген аттарын тығып, бізге көлік берген жоқ. Мініп келген өзге аттарымызды сол ауылдан қайырып, əлгі байдың көк айғырын алып қалғанбыз. Енді жалғыз соған арбаны əрең деп жегіп, шүу деп жүріп кеттік. Айғыр асау екен. Тулап, арбаны дала мен тауға ала жөнелді. Жолсыз жермен арбаны анда-санда аяғын жерге бір-бір тигізіп, қаңғалақ ойнатып, тарсылдатып алып қашып келеді. Айғыр тулай шабады. Айғырдың басына жігіт ие бола алмай, əлі жетпей келеді. Божы тізгіннен ұстап мен де жігітпенен қосыла тарттым. Болатын емес. Біз бір төбеден асқанда, қамыттың құлақ бауынан арбаның тертесі сыпырылып кетіп, салдыр-гүлдір етіп, асты-үстіне келіп, опыртопыр болды... Арбаның астында қалып, тез аунап, домалап ұшып түрегелдік. Бел жібі аттың ершігіне ілініп қалып, арбаның алдыңғы белдік екі дөңгелегімен, белжіптің бір ұшы байланған тертесін айғыр тепкілеп сүйретіп, бізді айнала шауып жүрді. Қамалап айғырды ұстадық. Айғыр қалш-қалш етеді. Əрең деп арбаны жинап, айғырдың көзін белбеумен тартып, ернін қайыспен бұрап, қайта жегіп, ақырын жүріп кеттік. Күн батты. Ел көрінбеді. Кеш болды... Ымырт жабылды... Ел жоқ. Дыбыс жоқ. Күнбатыс құбыла жақ–адыр. Күншығыс
жақ– дала. Төңірек тым-тырыс. Тірі жан жоқ. Аспан бұлтты. Жаңбыр болмаса игі еді деп қорқамыз. Бір тарлау жолмен жүріп келеміз. Жол жалғыз аяқ соқпақ болды. Аяңдап келеміз... Көп жүрдік. Бір мезгілде айғыр болдырды. Жаяу жүрдік. Айғыр салт арбаны аяңдап тартып келеді. Əбден түн болды. Тұрып тыңдап-тыңдап жүреміз. Дыбыс жоқ. Соқпақ бірте-бірте азайып, ақырында, бір шөпті, құрақты, кең ащылы құлмақанды сусыз көлге келіп бітті. Соқпақ біткен соң кедір-бұдыр томарларға, шұқанақтарға соқтығып келеміз. Дүлейге түсіп кеттік. Мұрынға сусыз сортаң көлдің сасық иісі келеді. Қопаның ащы иісі келеді. Сүріне-жығыла əрең дегенде көлдің арасынан шығып, жолсыз беталды оңтүстікке қарай жүре бердік. Аяңнан артық жүрмейміз. Арбаның жанында жаяумыз. Айдалаға шықтық. Аспандағы қалың бұлт бірте-бірте ажырап ашылды. Бұлт тарқап, аспан ашылса да түн қараңғы. Бір уақытта соқпақ кез болды. Соқпаққа түстік. Жолдас жігіт көк айғырдың үстінде, біз екеуміз арбаның соңында салпақтап жаяу келеміз. Жүріпжүріп таңға таянғанда, бір жерге келіп, атты доғарып жаттық. Атты қаңтарып арбаға байлап тастадық. Өзіміз арбаның қасына жерге ұйықтап қалдық. Жаздың қысқа таңы тез атты. Таң адырдан асып, талаурап-таңдақтанып келе жатқанда-ақ ояндық. Тұрып арбаны жөндегенше жер жүзі көрініп қалды. Қасымыздағы төбеге шығып қарадық. Бет алдымызда, құбыла жақта, қаптап жатқан жылқы көрінді. Түндегі жүріп келген соқпағымыздың беті солай екен. Соқпаққа түсіп жүріп кеттік. Айғырдың көзін таңып алғамыз. Жігіт айғырдың үстінде. Нұрғайын екеуміз арбадамыз. Жылқыға таянып, бір белге шыға келгенімізде, алдымызда төрт-бес ауыл көрінді. Қатарына келгенде жылқыдан бізге қарай бір-екі жылқышы шықты. Біз жылқыдан ат мінуге ойлап, жылқышыға бұрылып жолықтық. Бұл жылқышы астындағы атын жегіп, шеткі ауылға келдік. Павлодар уезіне қараған елдің шеті екен. Ауыл жаңа тұрған екен. Еркегі аз, бірлі-жарымды еркек, қатын, бала жиналып келді.
– Кім боласыздар?.. Қай жақтан келесіздер?–деп таңырқасып жатыр. Енді өтірік айттық. Санақ алушы едік демей, жер өлшеуші землемерміз, Ақмола, Омбы, Павлодар уездерінің шекарасын көріп жүрміз, – дедік. «Енді Өлеңтідегі докторға барамыз», – дедік. Менің үстімдегі киімдер семинария школасының формасы: сары түймелі киімдер болған соң, мен «жер өлшеуші төренің өзі» бола қалдым. Нұрғайын тілмаш бола қалды. Мен қазақша білмеймін. Орысша сөйлеймін. Нұрғайын перевод қылады. Бір қазақтың үйіне түстік. Шаршап келген бетімізбен мен жастыққа қисайып жатырмын. Нұрғайын отыр. Жігіттеріміз арбаның қасында, үйге кірмей тұрғанымызда, жиналған қатындар жəне бір еркектер мені «орысқа ұқсамайды, қазақ тəрізді екен» десті. – Япырым-ай, құдды қазақ! Аусайшы! Ей, қазақ баласы ғой мына төре, шырағым, өзі қазақша біле ме?–деді бір аққұба қатын. – Қазақша білмейді. Бұрын əкесі қазақ екен, орысқа шоқынып кеткен. Бұл өзі əдейі қазақ арасын аралап жүргенде қазақты жақын тартып жүр! – деді Нұрғайын. – Е, е, алда байғұс-ай! Солай ма! Бəсе, қазақтан аумайды, көзін қарашы! – деді əлгі қатын. Енді тағы да бетіме қарап, айналдыра бермесін деп, шаршаған болып, бетімді бүркеп жатырмын. Бірен-саран үйге кіріп, сөз сұраған кісілермен Нұрғайын сөйлесіп отыр. Көп сөйлеген қазақтарды өтініп үйден шығарып жібереді. – Төре шаршап келіп еді, оянып кетер, бара тұрсаңыз қайтеді, – деді. Жəне: – Төре оянғанша, сонсоң мына шайын ішіп болғанша, аттарды даярлап қойыңыздар, – дейді. Қазақтар үйде болмаған кезде, маған ептеп орысшалап қояды. Азырақ көздің шырымын алып, шай іштік. Көк айғырдың иесі келіп, айғырын алып кетті. Ол ауылдан лау мініп, тез жүріп кеттік.
Сол күні бесін ауған кезде Өлеңтідегі мал докторына келдік. Доктордың қасында мал фельдшері қазақ Құсайын Қожамберліұлы біздің ағайын. Менімен бір тұқымдас жігіт. Құсайын қатын-баласымен сол жерде екен. Енді соларға келіп, кенелдік те қалдық. Ол күні сонда қонып, ертеңінде Ақмолаға қарай жүріп кеттік. Сол Қанжығалының Ереймен елі деген екінші бір болысының ауылына келдік. Қазақ əбден ереуілдеп, атқа мініп алған. Қонған ауылдың еркектері көрінбейді. Бір жерде жиналыста болса керек. Бізді байдың қатындары мен малайлары бір иесіз үйіне түсірді. Қараңғы үйде жаттық. Ертеңінде бір жайдақ арбаға жаман түйені жегіп, екінші ауылға апарып салды. Бірте-бірте сатылап, алғашқыда айтқан Қанжығалының Ащыкөл басындағы бірінші болысының ауылына келдік. Əбден еліріп, атқа мініп алған ел. Гу-гу сөз. Топ-топ жиналыс. Жұрттың сөзі «солдатқа қазақты алу» əңгімесі, қазақтың оған «бармауға тиісті» екендігі. Көңілдеріне қиғаш сөз айтқанды дұшпан деп біледі. Жұрт əбден көтерілген. Төлебай мен ағасы Олжабай жəне Барекеңмен əңгімелесіп, бой жазып қалдық. Ол ауылдан шығып, қалаға қарай жүрдік. Топ-топ, кеукеулеген қазақ. Көзіне орыс көрінсе, жүндей түтпек. Бəрі қолдарына түкіреді. Кешке бір қазақтың ауылына келдік. Өте қорқынышты. Санақ алуға шыққанымызды біліп отырған елдің жастары бізге сенбейтін тəрізді. Қазақ енді лау бермек түгіл, өзімізді аман жіберуі екіталай. Біз түскен үй бізді танитын, баласы азырақ орысша оқыған Жаһуда деген кісінікі болып шықты. Біз үйге кіріп отырысымен, атқа мінген, елірген төрт-бес қазақ жігіттері үйге кіріп, бізді «тергеп», жөн-жобаларымызды сұрай бастады. Біз патшаның əділ емес екенін айтып, қазақтың кемшіліктерін айтып отырдық. Үйдің иесі Жаһуда ақсақал бізбен таныс кісі болған соң, біздің өзіміз патшаны жамандап отырған соң, көтерілген жастар бізден ешбір ілік таба алмаған соң желіккендік қыла алмады. Енді орыс поселкелеріне кіріп, сол поселкелерді басып қалаға келдік. Қала үрейленген.
Қала қорқуда екен. Жалпы қазақ көтерілген. «Қазақ қалаға келіп, қаланы шауып алмақ дейді» деген сөз жайылған. Қаланың тұрғын орыстарында үрей жоқ. «...Тінəлі деген елге барған Иванушкин деген приставты Тінəлілер өлтіріп тастапты. Оған əскер шықпақ. Омбыдан əскер келеді» деген хабарды жұрт алып қашып жүр. «Губернатор Ечура Масальский келе жатыр» дейді. «Алыстағы қырдың қазақтары əскер даярлап жатыр. Өздері ортасынан пəлен жерде пəленді хан сайлапты. Түлен жерде түленді хан сайлапты. Өздері мылтық пен оқ-дəрі даярлап жатыр дейді. Найза, қанжар, айбалта істеп жатыр дейді. Оқ өтпейтін киімдер жасап алыпты дейді. Жастарды жинап əскер ісіне үйреніп жатыр дейді деген сөздер дүңк-дүңк етеді. Қалада бір жұмадай болдым. Қала əбден елеңдеп, үрейленіп алыпты. Жұрттың бұрынғы ойын-күлкісі жоқ... Ақмола уезінің оңтүстік жағына доктор Асылбек Сейітұлы бас болып кеткен санақшылар да келді. Оларды Тінəлі-Темеш деген біздің елдер ұстап, ұрып, неше күн көгендеп байлап, шаштарын алғызып, намаз оқытып, қамап отырған жерінде, Ақмоладан барған бір Балуан Жұман деген саудагер босатып алыпты. Губернатор келді. Управаға қазақтың даладағы жəне қаланың маңындағы ақсақалдарын, билерін, старшындарын, байларын жинап, губернатор сөз сөйледі. Жай бұқара халық та көп жиналды. Мен де губернатордың сөзін тыңдауға барып тұрдым. Губернатордың түсі жазғытұрғы күйттеніп шабынған бура тəрізді. Түсі суық, өте қаһарлы. Жұрт бөріктерін қолына ұстап, иін тіресіп жиналып тұрды. Байлары, билері алдында, тілмаш арқылы губернатордың бөріксіз бастарға айтқан сөзі мынау: «Ақмола қазақтары патшаның əскери қызметіне бармауға, патшаның жарлығына мойынсұнбай, бунт шығарып, көтеріліс жасамақ болып жатыр», – деген хабарды естіп келдім. Қазақтың мұнысы құтырғандық, ақымақтық. Орыстың əскеріне, орыстың қаружарағына қазақ қарсы тұра ала ма?.. Қазақ бұл ақымақтығын
тастасын!.. Сендер, ақсақалдар, болыстар, байлар – қазақ халқының қадірлі адамдарысыңдар. Сендер бір жұманың ішінде ел-елге шығып, қазақты əскер жұмысына баруға көндіріп келіңдер. Өйтіп келмесеңдер, өздеріңді жазаландырамын. Қырға, əр елге əскер шығарып, қазақты қойдай қырдырамын!.. Қазақты шалғымен шапқан шөпше шаптырамын! Пулемет дегенді білесіңдер ме, бір минутте пəлен оқ атады. Оқты жаңбырша жаудырады! Сол пулеметпен əскер шығарамын!.. Бір жұмада сендер барып, хабар алып келе алмасаңдар, əскерді қырға, жан-жаққа шығарып, жол бойы көрінген қазақты атқыза беремін! Пулеметтерді оқ өтпейтін автомобильге салып алып жүреді. Қазақ қойша қырылады... Есіттіңдер ме!.. Білдіңдер ме?.. Бір жұмада бəрің жанжақтағы елге шауып, қазақты көндіріп келмесеңдер, өздеріңді абақтыға жабамын, қырға тұс-тұстан əскер шығарамын... 15 минут өзді-өздерің ақылдасыңдар. 15 минуттан соң маған жауап бересіңдер», – деді. Жиналып тұрған ақсақалдардың, байлардың сұрлары кетті. Өңдері қашты, бəрі дағдарды. Жандары мұрындарының ұшына келді. Ақсақалдар қауқылдап састы. Тысқа шығып, қораның ішіне алқақотан, малдастарын құрып отырды. Жемтікке үймелеген күшігендерше қожырайып отырысып, сөйлесіп ақылдасты. – Ой, Алла-ай, енді қалай қыламыз? – десті. Кейбіреулері: – Ұзағырақ мұрсатана сұрайық, елдің көбі алыс қой, – деді. Дағдарған бастар жамырасып: – Сүйтейік! Сүйтейік! – десті. Губернатордан бір жұмадан гөрі ұзағырақ мұрсатана сұрамақ болды. 15 минуттан соң бөріксіз бастар терең толқыған ағын тасқын судан қорқып үймелеген қойларша, топырласып губернаторға барып, ұзағырақ мұрсатана сұрап еді, губернатор көнбеді. Губернаторға қарсы сөз айтар кісі қайда?.. Барлығы бір ауыздан, жандарын шүберекке түйіп, толқыған, көтерілген елді тыйып, тоқтатып, бір жұманың ішінде көндіріп келу-
ге елге шықпақ болды. Көбі елдің көнбейтінін біледі. Бірақ бəрі де губернатордың қаһарына шыдай алмағандықтан елге шықпақшы. Ақсақалдар, байлар қысылып, лаждары құрып, тез елге шықпақ болып, күңіреніп тарқады. Ауыр күрсініп «Ой, Алла-ай» десті. Тез, аласұрып даярланып, əр «отағасы» өзінің «қадірі жүрер» деген еліне шықты. Сүйтіп, ақсақалдар мен байлар шабуылдап кетті. Мен де елдің хал-жайын көруге ақсақалдардың ізімен елге шықтым.
ҚАЗАҚ ҚОЗҒАЛЫСЫ (1916 жыл) Ақмола қаласынан қырдағы елге қарай мен де жүрдім. Кейбір поселкелерді басып, көбінесе қазақ арасымен келе жатырмын. Қалаға таяу поселкелермен аралас отырған қазақ елі қорқып, бұғыңқырап, жай қобалжып отырған түрі бар. Бұл елдердің кейбір жігіттері ғана аттарын байлап, істің қалай болуын байқап отырған тəрізді. Ат байлаған жігіттердің бəрі-ақ реті келсе, алыстағы жасақ жинап жатыр деген елдің біріне қашып кетпек. Бірақ əйткенмен де қалаға таяу елдердің көбі онша көтерілген көрінбейді. Кейбір ауылдар ақырындап жылжып көшіп, іргелерін аударыңқырап отырған жайы бар. Бірақ жалпы елде бір түрлі ауыр меңіреу қайғы, меңіреу қорқыныш бар. Орыс пен қазақ арасы жаман. Орыстар, поселке мұжықтары қазақтарға: «Көп жерге ие болып отырып, патшаның əмірі бойынша əскери жұмысқа бармай, наразылық білдіріп жатырсыңдар», – деп қас болады. Қазақтар да: «Жерімізді, суымызды бір алды, енді адамымызды алып, германның оғына айдап шеп қылайын дегені – бізді біржола құртайын дегені. Германға барып қырылғанша, өз жерімізде шейіт боламыз», – деп, жалпы орыстарға қас. Астыртын жауласу əсіресе алыс жердегі, шеткі орыс поселкелері мен қазақ арасында жаман көрінеді.
Ақмоладан оңтүстікке қарай, біздің ауылға қарай жүргенде жолда, Нұра деген өзеннің бойында, Захар поселкесі бар. Ақмоладан жүз елу шақырымдай. Захарда сол Ақмола уезінің жырақ оңтүстігін бағып отырған пристав тұрады. Сол Захарға келдім. Приставқа жолықтым. Қазаққа жаны ашыған болып отыр... Ең шеткі поселкеден шеткі қазақ ауылына мені орыс жемшігі əрең апарды. Апарып, тез түсіріп тастап қайтты. Бұл ауыл – біздің Торқа деген елдің Жолболды деген ауылы. Маған жақын ауыл еді. Қазақтар жиналып келіп, үймелесіп, жабырласып амандасып, менен əр түрлі сөз сұрап жатыр. Мен Көпбай отағасының үйіне кіріп отырдым. Ағайын болған соң жəне алыс жерден келе жатқан соң, мені күтті. Қаланың хал-жайын сұрады: «Орыстар не қылар екен?» – дейді... «Əскер шығайын дегені рас па?» – дейді. «Қалай болар екен?», «Не қылар екен?» – дейді. Бұл шеткі жердің қазақтары жиналысып, едəуір күпілдеп, қозғалып алған көрінеді. Орыспен соғыспақ. Əр жігіт атын байлап, сойыл, найза, айбалталарын сайлаған. Ауыл араларында келе жатқан, кетіп бара жатқан топ-топ атты кісілер. Қолдарында, тақымдарында сайғақ. Шошайған сайғақтарының ұштары күнге шағылысады. Жасына, үлкеніне бір меңіреу күш біткен. Бəрі де тəуекелге бел байлаған. Нұраның өлкесіндегі ел Əлсен қажыны өздерінің ортасынан хан сайлап алған. Айтқан уайым сөз ешкімнің құлағына кіретін емес... Винтовка, пулемет, зеңбірекке қарсы қолдарындағы құлаш төс ағаштың найза, шоқпардың күшін бір сынамай, жиналған жұрттың тоқтайтын түрі жоқ. «Жерімізді, суымызды алып, енді өзімізге ауыз салған орыспен соғысып, шейіт кетсек, арманымыз жоқ!» – деседі. Киіз үйде қабаттасып, дөңгелей айналып отырып, гуілдеп сөйлеп, судай тасиды. Еш сөзге табан тіреп, ақылға келетін түрі жоқ сияқты. Онда қонып, ертең ерте өзіміздің елге қарай жүрдім. Кешке елге жеттім. Біздің ел тіпті мықтап көтерілген. Жұрт жиналып сөйлесуде. Шаруада ешкімнің жұмысы жоқ, өзі бұрын
да салақ, жалқау ел, оның үстіне, кəрі-жасы түгел көтеріліп алыпты. Хан сайламақ. Хандыққа Əмет қажыны лайықтаған. Жəне бір-екі қажыны оған уəзірлікке лайықтаған. Жастардың көбі найза, қанжар, айбалта соқтырып жатыр. Ауыл араларында топ-топ болып ат үстінде жүрген жігіттердің найза, айбалталары жарқ-жұрқ етеді. Жұрт гуілдеп əбден көтерілген. «Германияға, Керманға барып өлгенше, өзіміздің кір жуып, кіндік кескен жерімізде өлгеніміз жақсы», – деседі. «Не болса да тəуекел», «Қазаттыққа шығамыз», «Ниеті қазат», «Қазаттыққа шыққан сауап», «Қазатта жүріп өлген кісі шейіт», – деседі. Қатын-бала, кемпір-шал еңіреп жылауда. Əсіресе еңіреп, көзінің жасын көл қылып отырған – жігіт балалары бар сорлы аналар. Ана сорлының қайғысы қара тұман, іштен шыққан баласы – көзінің ағы менен қарасы. Германға барса да, жоқ бармай, сол жерде орыспен соғысып шейіт болса да, сорлы анаға оңай тимейді. Ана сорлы күндіз-түні баласын ойлап уһлеп, аш өзегі өртеніп, көз жасын көл қылып төгеді... Біздің елмен жапсар ағайын Қареке деген екі болыс ел Қияштың Нұрланын хандыққа белгілепті. Нұрлан көп жыл болыс болған кісі еді. «Ел адамдары» соны лайықтапты. «Тінəліде он бес мың əскер жиналыпты. Қырық дүкен құрып, мылтық соғып жатыр» дейді. «Оқ өтпейтін киім жасапты» дейді. «Дəрі жасап жатыр» дейді. «Қуыныш қажы хан болыпты» дейді. «Біздің жаққа жиналыңдар деп сəлем айтыпты» дейді. «Тінəлі жаққа пəленше, түгенше ат салыпты» дейді. «Тінəліден бергі өзіміздің «Қарағаш» елі сарбаз жинапты» дейді. «Шоңекеңнің (Шонның) Оспанын хан көтеріпті» дейді. «Оспан біздің елге кісі салыпты» дейді. «Тінəліден Ғалауытдин деген молда шығыпты. «Кəпір жеңіледі. Мен əскердің алдында боламын, ешкімге оқ дарымайды депті», – дейді деп, халық гу-гу етеді. «Тінəлінің ар жағында, Торғай дуанына қараған елдер де хан сайлапты. Атбасарға қараған елдер де хан сайлапты», – дейді. Қайтсе де ел Германға бармасқа бет алған. Бір үрпиген, бір көтерілген ел, бірдемеге соқпай қайтар емес.
Əр жерде шариғат айтатын молдалар шыққан. Бұл молдалар: «Қазақтан солдат алмаймын» деген уəдесін бұзған патшаға қарсы соғысу «күнə емес» екенін жəне «енді қазаттыққа шығудың күллі мұсылманға сүннəт» екенін қуаттап, елге пəтуə таратып жатыр. «Қарқаралы уезіне қараған елдер де көтеріліп, əскер жиып жатыр дейді. Бір Күмісбек деген молда шығыпты» дейді. Елге: «Қорықпаңдар: еншалла, мұсылман жеңеді. Орыс келсе, көздерін шаң қаптар. Ата алмас қазақты. Атса да, оғы тимес депті», – дейді. Оған жұрт əбден еліккен. Жұрт «Ой, құдай-ай, бере гөр!» – дейді... «Қой жайып жүрген бір шал Əнуəрбекті көріпті. Аспанмен айырпланмен ұшып барады екен. Қойдың қасына келіп қоныпты. Шал шошып қалыпты, Əнуəрбек тез айырпланнан түсіп шалға келіп: «Қорықпа, мен Əнуəрбек. Елді байқауға келіп едім. Елдің бəріне айт, қорықпасын. Мен тағы да келемін. Қазір асығыспын», – деп, өзі тағы да ұшып кетіпті дейді. «Тінəлімен хабарласу керек. Енді даярлану керек!» – деп күжілдейді. Əлгі Ақмола губернаторының əмірі бойынша елге шыққан ақсақалдардың сөздері жұртқа өтпесін көзбен көрдім. Мен «бұл қорқатын іс емес, бүлінбей-жарылмай қайта қазақ жастары солдатқа барып, əскердің өнерін үйреніп алып келіп, мылтықпен патшаға қарсы тұру керек», – деп айтып көрдім. Əрине, онымды тыңдайтын болмады. Бірақ табан тіреп соғысатын емес, қыр көрсетіп, көше қашатын тəрізді. Не қылса да əскер жұмысына бармасқа лаж қылатыны анық білінді. «Қаладан əскер шығайын деп жатыр», – деп, үркуге қопаңдауда. Орыс поселкелеріне жақын кейбір елдер қырға қарай, қалың қазақтың ішіне қарай, жылжып көше бастап жатыр. Бұлардың көше бастағаны отырған елді онан сайын қопаңдатты. «Он тоғыз бен отыз бірдің арасындағы жастардың орысқа спескесін берме», – деп ел болыстарға қыр көрсетіп қойды.
Болыстарды қалаға барғызбай қойды. Спасск заводына кетіп бара жатқан біздің елдің бұрынғы ескі болысының баласын, сол жылғы болыстың інісін əлгі «ханның» бір уəзірі жолдан тосып, бір ауылда кездесіп, ұрып, ауылға қайтарды. Уəзір болыстың інісіне: Сен қайда барасың? – деген. Анау: Заводқа барамын, – деген. Уəзір: Заводта не жұмысың бар? – деген. Анау: Уат тебе рас! (вот тебе раз!) – деген. Уəзір жігітті қамшымен салған: Мəсаған, уаттибинас!– деген. Жұрттың гуілдесіп жиналуы да күннен-күнге өршіп көбеюде. Елдің қопаңдап, үрейленуі де күннен-күнге күшеюде. Орыс поселкелеріне жақындау отырған кейбір елдердің үркіп, алыстағы ел ішіне қарай көшуі де көбейді. Жұрт күңірене бастады. «Тінəліге əскер шықты» деген сөз жайылды. Жұрт атқа тегіс мінуге айналды. Айбалта, найзаларын жарқылдатып, жігіттер топ-топ болып шыға бастады. Қатын, бала, кемпір, шалдың бұдан да жаман жылауына жəне елдің науыт болуына көз жетті. Елдің өзі де оны сезеді. Бірақ жұрт өлімге бел байлап, орыстың əскерімен бір соғысып, үрікпек. Өлген өлген жерде, қалған қалған жерде жосымақ... Жұрт күңіреніп алды. Жұрт жерімен, суымен қоштаса бастады. Қолдан келер іс жоқ. Салқын қанмен елдің толқынына қарап отыруға шыдай алмай, жүрекке ас батпады. Көкірек қасіретке толды. Күңіреніп «уһ» дегенде көкірегінен жалын шығып, еңіреген ананың көз жасын көріп, дүниеден, малдан, жаннан безіп, өлімге шындап бел байлаған елдің азаматтарын көріп, елдің текке қанға боялып, патшаның солдаттарынан қатын, бала, қарындас жəбір, зорлық көретінін біліп, жалғыз басқа күндіз-түні қайғылы қара тұман үймеледі. Сезгіш жүректің нəзік тамырлары шертіп қалса, үзіліп кететіндей күйге келіп, қатты бұралған домбыраның ішегіндей жүректің нəзік тамырлары сызылып, ақырын еңіреп қалтырайды. Бір жағы үрейленіп, бір жағы меңіреу күшпен өлімге бел байлаған ел ешбір сөзге түсінбейді... Ел тұңғиық, жалпақ теңіздей қозғалды... Тұңғиық қара теңізге
қара дауыл соқтықты. Теңіз шайқалып күңіренді. Тұнып жатқан меңіреу күшін күңіреніп, толқып көбігімен сыртқа шашты. Күңіреніп толқыған надан елді ақылға келтіру қиын... Не қыларымды білмей, босқа дал болып мен жүрдім. Ана сорлы жылайды. Маған тете інім де жылайды. О да шейіт болуға бел буған... Қалаға жүрдім. Жалпы ел малдан безіп, бас қайғысына түскен тəрізді болса да, бай ағайындар кедей туысқаннан малын артық көреді. Екі бай ағайыннан Захар поселкесіне шейін жегіп қайыруға ат сұрап ала алмадым. Мыңға жақын жылқылары бар, бірақ маған жегуге беретін аты жоқ!.. Бір ағайынның арбасын алып, бір-екі нашарлау ағайындардың бір-екі атын сұрап жегіп, Сатай Жанқұттыұлы екеуміз қалаға жүрдік. Тамыз айы. Егін алып болған кез. Күн əлі жылы. Жүріп отырып, кешке өзіміздің Есен өзенінің күнбатыс жақ қырқасындағы бір құдықтарға келсек, бір ел бет-бетімен қонып жатыр екен. Ел əбігер. Еркектердің бəрі де ат үстінде. Шуласып төрт түлік мал бір-біріне араласқан. Малдың дені құдық басында қағысып топырлап тұр. Күн батқан, ақшам уақыт. Елдің бəрінің тіккендері жаппа, жаппалардың қасында шашылып жиналмай жатқан жүк. Қыбырлаған қатын-бала. Біреуге жолығып сұрастырсақ, əнеугі, қаладан келе жатып соққан өзіміздің Жолболды деген ағайын еліміз екен. Қонуға бір үйге келіп түстік. Жаппаға кіріп отырдық. Хал-жайын сұрап білдік. Бұл ел сол күні шеткі орыс поселкелерінен келген 25-тей солдатпен ереуіл жасасыпты. Солдаттар мылтық атып, бір-екі жігіттің астарындағы аттарын жаралапты. Солдаттардың бастығы Захардағы пристав екен. Бұл ел приставтың бір қазақ жасауылын тұтқынға алып, көше қашып, осы араға келген екен. Əңгіме былай басталыпты: шеткі бір поселкенің он екі аты жоғалыпты. Сол аттарды, орыстар бұрынғы əдеті бойынша төлетуге осы таяу отырған ауылдарға ат иелерін ертіп жиырма шақты солдат пен пристав келіпті. Ел, бұл он екі атты ұрлаудан аман
болған соң, бұрынғыдай төлей бермей, ереуіл жасапты. Солдаттар мылтық атыпты. Қазақтар шабуыл жасапты. Екі атына оқ тиіпті. Солдаттар бата алмай қайтыпты. Қазақтар көше жөнеліпті... Сүйтіп, біз отырған үйге жиналған ағайындармен сөйлесіп отырдық... Əлгі тұтқынға алған қазақ поштабайды атымен, қарусаймандарымен маған қосып жібермек болды жəне приставка: «он екі аттан аманбыз, төлетуге закон көтерсе төлейік. Бірақ бұл атты іздеуге бізге мұрсатана бер», – деп хат бермек болды. Əңгіме ішінде мынандай бір уақиға естілді: əлгі жиырма бес солдат шеткі поселкеде отырып, сол поселкенің жанынан қырдағы елге қарай үш жүз түйемен астық алып бара жатқан Қарқаралы уезіне қарайтын Шұбыртпалы деген елдің қалашыларын ұстапты. Қалашы қарсылық қылыпты. Қалашының бастығы Ағыбай батырдың немересі екен. Құр қол белсеніп, «Ағыбайлап» атын орғытып, мылтықты əскерге қарсы шығыпты. Əрине, əскер құр қол қалашыларды быт-шыт қылыпты. Пристав қалашыны науыт қылып, ұрыпсоғып, екі адамын өлтіріп, бір түйесін атып, астықтарын шашып-төгіп, нəрселерін талап, Захар поселкесіне апарып қамап қойыпты. Əлгі қолға түскен поштабайдың астындағы күміс ерлі көк ат, сол қалашылардың бастығы, Ағыбайдың немересі Сейіткемелдің аты екен... Ауылдың үш-төрт адамы алдымыздағы үш-төрт шақырымдай Есен өзенінің бойындағы Усабай бидің ауылына шейін бізбен еріп жүрді. Усабайдың ауылына түстендік. Приставқа жазбақ қағаздарын жазып, Усабайдың мөрін басты. Біз жүріп кеттік. Үлкен түсте Есеннің бойында отырған Усабайдың ауылынан шығып, қара жолмен, ылғи бұлаң құйрық жүріспен жүріп отырып, кешке ең шеткі поселкеге келдік. Бұл поселке əлгі ауылдарға жала салып, жанжал қылған поселке. Поселкемен ол ауылдардың арасында қазір ешбір ел жоқ. Жол бойы бізге тірі жан кездескен жоқ. Тірі қара көрінген жоқ. Қырдағы қазақтардың шеті – сол біз шыққан Усабайдың ауылы. Поселкенің, орыстың шеті – осы біз келген Қосқора поселкесі. Поселке үлкен емес. Поселкеге кірдік. Біреуден қонатын үй сұрадық. Өткен-кеткендер түсетін үйді көрсетті. Соған
келдік. Келсек, үйдің маңайында топтанған мұжықтар, бəрі жиылыс қылып, кеңесіп болып, үйден шығып тұрған тəрізді. Мұжықтар иіріліп бізге келді. Жөнімізді айттық. Мұжықтар біздің қасымыздағы жасауыл поштабайды тани кетті. Оның бізбен қалай келгенін айттым. Мұжықтар поштабайдың қайтып келгеніне қуанар десем, бəрі шуылдап, гүжілдеп, поштабайға ентелеп келіп ұрсып, балағаттап, кейбіреулері боқтап, поштабайдың өзін айыптай бастады. Айыптағанда: «қазақтардың қолына сен өзің əдейі барып түстің...» – деді. «Өзің əдейі қазаққа кеткің келді», – деді. Мұжықтар маған да ала көздерімен қарап қойып, поштабайды боқтап жатыр. «А, а, иттің баласы! Сен неге қазақтардың қолына бардың? Сволочь! Поганный! Өлтіру керек сені! Алдауыш!..» – деп кіжінді. Поселкеде солдаттар бар екен. Соның бір-екеуі келді. Келе-ақ бізге қожаңдап күжілдей бастады. Бізді: «қазақтардың бақылаушысы», – деді. Бізді тұтқынға алмақ болды. Арбадан түстік. Мұжықтар аттарымызды байлап қойды. Поштабайдың атына біреуі мініп кетті. Біз үйге кірдік. Мұжықтар да толып үйге кірді. Старостасы келді. Маған ақырып: «Сен кімсің?..» – деді. Мен жөнімді айттым. Мұжықтар қамалап, кəрленіп, жеп қояйын деп тұр. – Жоқ, біз білеміз, сен бунт қылып жатқан қазақтардың бастығысың! Сен əдейі біздің қаланың жайын білейін деп келдің! Сендердің мақсұттарың біздің қаланы шаппақ!.. Біз білеміз!.. – деді. – Қағазың бар ма? – деді. Мен қағазымды көрсеттім. Оқыды. Староста азырақ басылды. Бірақ өзге мұжықтар басылатын емес. Бəрі гүжілдеп үйге лық толып болды. Елеуреп, қозғалып, бəрі едірейіп түксиіп алды. – А-а, қағаз деген не?.. Қағазды олар жасап ала алмай ма? Бұлар шпион (жасырын бақылаушы). Бұларды өлтіру керек! – деді.
Түрлері жаман. Қандары қашқан. Бəрі ентелеп, иін тіресіп гу-гу етеді. Бəрініңде есі кеткен. «Өлген деген осы»... Түртіп қалса шырт етіп тұтанып кетейін деп тұр. Біреуі бастаса, өзгесі жүндей түтіп əкетпек. Мұжықтардан адам нұсқасы кетіп қалды... «Иə, өлді деген осы. Ойда жоқта өлді деген осы! Япырымау, шынымен біткені ме?» – деген ойлар найзағайдың оғындай жылдам тізбектеліп, басқа келіп елестеп тұр. Мен старостасына: «Сен осы поселкенің бастығысың, мыналар не қылса да түбінде закон алдында сен жауап бересің. Сен Ақмола оқу инспекторының менің атыма берген қағаздарын оқыдың. Мыналардың барлық істерінің пəлесі саған қалады. Сен мыналарды бас, тарқат. Керек болсам, мен қашпаймын!..» –дедім. Старостаның азырақ есі кірді. Өлтіруден басқаны айтпай тұрған ентелеген мұжықтарына ақырды: – Тоқта, сөйлемеңдер... Ертең сендер үшін мен жауап бере алмаймын! – деп ақырып еді, мұжықтар едəуір басылып қалды. Сол арада поселкедегі солдаттардың үлкені (старшиы) келді. Келе-ақ тергеп, бізді тінтті. Пышақтарымыз бар еді, алды. Сандығымызды ашып көрді. Қағаздарымызды алды. Сүйтіп, екі солдат алып келіп, мылтықтарымен бізді күзеттіріп қойып, өзгелері тарқады. Екі солдат бізді түнімен күзетіп отырды. Тысқа рұқсат сұрап шығамыз. Солдаттар мылтықтарымен бірге шығады. Староста мен бір-екі мұжық жəне бір-екі солдат қайта-қайта келіп отырып кетеді. Келіп отырып, біресе: «Ақмоладан жаңа үш жүз солдат келді»... – деп кетіп, біресе: «он шақты пулемет келді. Оның біразын көшеге құрып қойдық. Бұл пулеметтер ылғи осында тұрады», – деп, өзді-өзі бізге естіртіп сөйлесіп кетеді. Мен азырақ сөздеріне қатынасамын. Қасымдағы жолдасым (Сатай Жанқұттыұлы) орысша білмейді. Екі көзі шарасынан шығып, зəресі қалмай отыр. Өте қорқыныш кезде жолдасыма сөз қатуға болмады. Енді мұжықтар тарқаған соң, сөз қатып, «қорықпа» деп қойдым. Жолдасымда үн
жоқ... Мұжықтар кəрленіп, қолдарына түкіріп алған көрінді. Қазақпен əбден жауласып алыпты. Қазақ пен орыс ептеп бірінің-бірі шетке шыққандарын өлтіре бастаған. Біз ұйықтауға кірістік. Мұжық үйінің бір бөлмесіне жер еденге төсек салып жаттық. Солдаттар отырды... Таң атты. Ертең ерте бір мылтықты солдат, екі мұжық пен староста бізді конвойлап, Захар поселкесіндегі приставқа алып жөнелді. Түс кезінде Захарға келдік, Захарға таянғанда, Захардың төңірегіндегі қырлардың басында түйеге мінген біреулер жүрді. Күнмен шағылысып, түйедегі адамдардың қолдарында бірдемелер жарқ-жұрқ етеді. Таяна келіп сұрастырып қарасам, Захарды күзетіп жүрген солдаттар екен. Мінгендері банағы айтқан солдаттар ұстаған, Қарқаралыдан астық алуға келген шұбыртпалы түйелері екен. Захарды күзетіп, қарауылдап жүргендері – қазақтардан қорқады. Приставқа алып келді. Əнеугіден пристав менімен таныс. Əнеугүні қаладан келе жатқанда танысқанбыз. Пристав жүгіріп тысқа шығып, амандасып, келіс түріміздің мəнісін сұрады. Пристав күліп конвойды қайтарып, бізді босатты. Конвой приставқа ырза болмай кетті. Пристав үйіне кіріп отырдық. Сөйлестік, пристав елдің жайын сұрады. Елдің надандығын айттым. «Жолболдының» қағазын бердім. Науыт болып приставтың қолында қамаулы жатқан үш жүз түйелі қалашының жайын сұрап, босатуын өтіндім. – Қалаға шабарманмен қағаз жіберіп қойып едім. Ертеңбүгін хабар келеді. Сол келген соң ретіне қарай көрейін, – деді. Қалашылармен жолығуға рұқсат сұрадым. Қалашылардың бастықтарын алғызды. Қалашылар келді. Бастықтары – екеу, біреуі – Шұбыртпалы Ағыбай батырдың немересі Сейіткамал екен, көп таяқ жеп, беттеріне жара түсіп жүдеп қалған екен. Сөйлестім. Көңілдерін жұбатып сөздер айттым... Қазақтарды қайта алып кетті. Ақмоладан келетін хабарды күтіп жаттым. Қасымдағы жолдасыма (Сатайға) приставтан қағаз алып беріп, елге, елдің бастықтарына, «ханына» хат жазып беріп қайтардым...
Захарда бір қазақ жоқ. Елдің халі қайғылы. Нақақтан-нақақ шашылып, төгіліп, қорлық көріп, көп кісісі атылып, қырдың қалашылары жатыр. Барлығы бір жерде иірулі. Күзеткен солдаттар олардың маңайынан ешкімді жүргізбейді... Ол күні жаттым... Ойымнан қалың надан елдің қазіргі халі, олардың ілгергі болашағы кетпеді. Бір өте қымбат адамым алыста қалғандай жүрек күйеді де жанады. Жүректің өзі нəзік, өзі сезгіш тамырлары шертіп қалса, үзілгелі тұрғандай. Азырақ леп берсе, қозғалып, дыңылдап жылап жібергендей. Жата алмаймын. Отыра алмаймын. Бас, ақыл қалың тұманның құрсауында. Не көптің ішінде жоқ, не қалада жоқ. Адасқан, күллі дүниеде жалғыз қалған сияқты бір жанмын. Уһ! Жалғыздық!.. Тысқа шығып, көшеде жүріп, дүкеннің алдына келдім. Дүкен Кəрім Мұқсынов деген ноғайдікі екен. Ноғайдың елуге келген қартайғандау қатыны тысқа шығып, мені көріп үйіне шақырды. Кірдім. Ноғай өзі қалада екен. Екі жігіт баласы солдатта. Қолында келіні жəне он екі, он үш жасар еркек баласы ғана бар екен. Үйіне кіріп сөйлесіп отырдым. Балаларын айтып, қамықты. Екі қамыққан көңіл əңгімелесіп отырдық. Шай қойды. Шай іштік. Сөйлесіп отырмыз. Жүктің үстінде тұрған сырнайға көзім түсті: – Оны кім ойнайды? – дедім. Бəйбіше: – Үлкен баламның гармоні (сырнайы) еді. Қазір мына ендігі қарап отырған кішкене балам ойнайды, ойнасын тыңдағын келсе? –деді. Мен: – Дұрыс, ойнасын, тыңдайын! – дедім. Бəйбіше баласына: – Қарағым, ағаң тыңдасын, бір күй ойнап жіберші! –деді. Бала гармоньды алып ойнатты. Гармонь екі қатар тілді – двух-рядка. Баланың өзі гармоньнан үлкен де емес. Бала гармоньды алып қозғағаннан-ақ мұңды, қасіретті күй сарнап жылай бастады. Бала гармоньды ойнатты. Күй қасіретті. Күй жалынды... Дірілдеп сызылған нəзік дыбыс. Дірілдеп жылаған, күйінген сарын біресе күйініп зарлады. Біресе
еңіреп жылады. Біресе қалтырап, жүректің мұңды қасіретін шақты. Біресе елжіреп, былқылдап, үзіліп-үзіліп өксіді... Бала гармоньды ойнап отыр. Мойындарымызды салып, жылаған күйді тыңдап, екі қамыққан қасіретті біз отырмыз. Жылаған күйге қосылып, еріп, елжіреп, ақырындап жүрек те қозғалды. Жүректің не нəзік сезгіш тамырлары ақырындап еңірей бастады. Көңіл де еріді. Жан қорғасындай балқыды. Бірте-бірте жылау күшейді. Бəйбіше де жылады. Мөлтілдеп аққан көздің жасын жеңімен сүрте бастады. Елжіреген, күйінген жүрек менің де барлық жан-тəнімді билеп алып кетті. Көзіме ыстық жас келді, біраз шыдадым. Кернеген қасірет қоймады. Еңіреген күй мені де қосып алып кетті. Меніңде көзімнен ыстық жас ағып қоя берді... Біраздан соң тұрып, бəйбішеге қарамай шығып кеттім... Қалын бұқара, езілген елге қорқыныш кіргенде, сорлылардың қасында бола алмадық. Күш қайда?.. Көкірек күйеді... Ертеңінде Ақмоладан приставтың шабары келді. Қаладағы бастық ұлық «тұтылған қалашыларды Ақмолаға əкелсін» депті. Қалашылар қалаға айдалмақ болған соң, ендігі жəбірленгенін көрейін деп артыма қарамай, тез Ақмолаға жүріп кеттім. Ақмолаға келдім. Бұғылыдағы ауылдық школаға шықпақпын. Біраз ғана күн өтті. Қалада жүрмін. Қалашыларды əкеліп бір суық подвалға қамап тастады. Қырға лек-лек əскер шығып жатыр. Талай елді шауып, талай қазақты əкеп түрмеге жауып жатыр. Алыстағы ел үріккен. Мал таланған. Жан тонауға түскен. Жазасыз жан атылған. Екі-үш «хан» болған надан сорлыларды əкеп түрмеге қамап тастады. Ұсталып, абақтыға жабылған «хандардың» бірі – Əлсен қажы. Бір-екеуі Шоң балалары. Қазақтар түрмеге сыймай, подвалдарға да қамап жатыр. Түрмедегілерден хабар алынады: «Бунт бастықтарын» түрменің ұлықтары күнде дүрелейді. «Хандардан» күнде жауап алып, ұрып қояды дейді. Əлсен қажыны ұрумен түрмеде өлтірді. Қалаға əскер, офицерлер толып кеткен. Жақындағы ел қорқып, «адам бермек» болған.
Қалаға жақын, «адам бермек» болған елдердің билеушілері қалаға келіп жатыр... Таланған қазақ елдерінің тəуір, асыл нəрселері орыс поселкелеріне толып кеткен. Киіз, текемет, кілем, самауыр, шылапшын, ішік, күміс ер, жүген, құйысқан, күміс білезік, сақина, жүзік, тоқым жəне басқа осындай нəрселер поселкелерге, одан Ақмолаға толып кеткен. «Он бес мың əскер жинап жатыр» деген Тінəліге əскер шығып, автомобиль шығып, автомобильмен біраз əскер қайтып келді. Тағы да көбейіп шығып жатыр, Қарағаштағы Шоң елінен əрі Көнек елі деген, біздің ағайын, бір болыс Тоқа болатын. Елінің мықтысы Тақыр Омар деген кісі еді. Қатардан қалмайтын малы аз болған соң ел «Тақыр Омар» атаған. Сол Тақыр Омардың ауылына бір бастығы мен жеті солдат барыпты. Омар бəрін алдап үйге түсіріп, жетеуін де өлтіріпті... Біз санаққа шығатын Қанжығалы деген елге əскер шығып, елін шауып жатыр. Əскерді ертіп жүрген біз көрген болыс Олжабай деп естиміз. Партия уақытында өшіккен ауылдарын патша əскеріне аралатып жүріп, қыстауларын өртетіп, нақақ адамдарын аттырып жатыр деп естиміз. Қырдағы ел қиратылып, əрмен қарай үркіп жатыр. «Үріккен елдің жұрттарында бесіктегі жас балалар, аурулар, кемпіршалдар қалып жатыр» деп естиміз. «Дүние, мал-мүлік шашылған. Кейбір жерлерде көше қашып бара жатқан ел жасау мүліктерін, үй саймандарын молаларға тығып жатыр» деседі. Бұл хабарлардың бəрі де шын болып шықты. Жер қазып, нəрселерін өлген кісінің қабыры тəріздендіріп қойып кетеді екен. Солдаттар талай моланы бұзып, қоймай тауып алған. Талай шын молаларды қоймай іздеп, талқандап бұзған. Солдатқа кез болған ел туғалы көрмеген жəбірін көрді. Атылған адам... қып-қызыл дүре. Жəбір-зорлық көрген қызқатын, жылаған бала. Асты-үстіне келген ел... Қысқасы, қырға қара пəле тигендей болды. Бір күні көшеде келе жатып, семинарияда бірге оқыған бір казак-орыс баласына ұшырастым. Қырдағы бір елден жаңа ғана қайтып келіпті. Үстінде жалтыраған, сылдыраған
прапорщик офицер киімі бар. Амандастық, халдерімізді сұрастық. «Қазақтың бунтын басуға» келген екен. – Өз қолыңмен қазақ өлтірдің бе, неше қазақ өлтірдің?– дедім. Зиранов күліп: – А-а... Өз қолыммен бес-ақ қазақ шауып өлтірдім, – деді. Міне, хал осындай болған!.. Енді Бұғылы елінің ауылдық школына жүріп кеттім. Жаңа ашылған школға барып орнығып, балаларды жиып, оқыта бастадым. Бұл Бұғылы елі – қалаға жақын болғандықтан, бунт жасамаған ел. Ел қаладан алпыс шақырымдай жерде. Нұраның бойында. Біраз күн өтті... Жақындағы жəне орта төңіректегі қазақ басылды. Жалғыз-ақ біздің Тінəлі мен бірсыпыра алыстағы ел басыла қойған жоқ. Оларды енді еппен, алдап шақыру тəсіліне кірді. Əскердің көбі қайтты. Басылған елдің он тоғыз бен отыз бірдің арасындағыларын алмақ болды. Ақмола уезінің үш жерінде жастарды қарап алатын комиссия ашылды. Елдің көбі Ақмоланың өзінде қаралмақ. Болыстар тізімдерін беріп жатыр. Бай да, кедей де балаларын, інілерін қалдыруға аласұруда. Ел тіпті сасып үрейленген. «Қорықпа» деп ақыл айтсаң да құлақтарына кірмейді. Болыстар, билер, старшындар «атқа мінді». Комиссиялардың төңіректерінде «жеңгелер» жүре бастады. Əркім баласын, інісін алып қалу үшін бар малын ортаға салды. Кедейлер шабылды. Оларға жəрдем қылар, болысар кісі жоқ. Бар малын қулардың құлқындарына тықты. Байлардан қара жұмысқа баратын кісі жоқ. Болыстардың, билердің құлқындарына тыққан малдарының арқасында оларды түрлі сылтаумен алып қалмақ болып жатыр. Ел топ-тобымен қалаға шұбырды. Жылау зораймаса, басылған жоқ. Жігіттерді алып жатыр. Нашардың жылауы күшейді. Нашар мен момын енді əдемі шабылды. Алыстағы ел кісілерін берген жоқ. Біздің болыстағы екі мыңдай үйден қырық, елу-ақ кісі «жарайтын» болыпты.
Өзгелерінің бəрін ақшаны алып-алып, «кейінгіге» қалдырыпты. Ел шабылуда. Ұлықтардан ынсап кеткен. Кім ақшаны көп берсе, соның баласын қалдырады. Жұрт малдан шығып кетті. Байға білінетін емес. Кедей сыпырылып жатыр. Біздің жастарды Спасск заводында қарап жатыр. Біздің елдің болысы – Спасскідегі Сейіткамалов деген байды «жеңге» қылып, елдің ақшасын сол бай арқылы начальникке төгіпті. Начальник те лықиған, Сейіткамалов та лықиған. Малы жоқ өте кедейлер ғана кетуі керек. Ардан, ұяттан безіп, қиянаттың, жауыздықтың дəуірі енді ашықтанашық жүрді... Ақмола уезінің бастығына барлық болған жəне болып жатқан жəбіршіліктің бəрін айтып, бөтен атпен хат жаздым. Хатымда сөзімнің артын салмақты қылып: «Кім біледі, əлі əділдік те келер, жауыздардыңда жазаларын тартатын уақыты жетер», – дедім. Ештеңе болған жоқ. Мен тағы қалаға жүрдім. Қаланың халі сұмдық. Сеңдей соқтыққан халық. «Сауданы» жұрт ашық сөйлеп жүр. Ақша іздеген халықта қисап жоқ. Арам, қу саудагерлер соңыра қой алуға, ақшаны қазақтарға арзан қойға беріп шытырлатып жатыр. Əрине, ақша бергенде қойдың жарты бағасын береді. Олай барса да таланған, былай барса да алданған сорлы халық. «Шабылмасаңдаршы, қорқатын не бар енді? Балаларың бара берсін! Енді өздерің құрисыңдар ғой», – деп, Мүсəпір деген кісінің үйінде жиналып отырған қазақтарға сөз сөйледім. Болмайды, тіпті болмайды. Ақмола толған қазақ. Ақмоланың өзінде тұрған қазақтың жастары «солдатқа барамыз» деп топтанып көшеде сенделуде. Күндіз-түні қымызшы-қымызшының үйлерін жағалап, қымыз ішіп, өлең айтып, жырлап, домбыра, гармонь тартып, ойнап, гулеп, жылап, мас болуда. Бұрын солдатқа баратын поселкелерден жəне қаладан жиналған орыстың жастары при-
ем уақытында гармонь тартып, топтанып жүріп, бұзақылық жасаушы еді. Дəл сондай болып енді біздің қала қазағының жастары да жүр. Бұларда да гармонь. Бұларда жəне домбыра. Бұлар да жырлайды. Бұлар да жылайды. Бір күні қаланың таныс жатақ жігіттері мені ертіп кетті. Қолдарында гармонь. Жырлайды. Бірге кеттік. Қымызшықымызшылардың үйлерін аралап қымыз ішіп, жырлап, гармонь ойнап жүрміз. Мен жай қымыз ішіп қана еріп жүрмін. Жігіттер жырлайды. Көбінесе ноғайша жырлайды. Ноғай күйіне қазақша жыр қосады... Күйінген жанға, ащы қасіретке ноғай күйі лайықты. Ноғай күйі күйікті. Қымызға қызып, күйініп, күйікті күймен жылайды. Бастым бақыр ақшаға, Жүгіріп түстім бақшаға. Бастым бақыр ақшаға, Жүгіріп түстім бақшаға. Жиырмаға келген шақта Керек болдым патшаға... Жиырмаға келген шақта Керек болдым патшаға... – деп жырлайды. Ноғай күйі күйікті!.. Қарманып, жырлап жылайды. Күйініп, жырлап қақсайды!.. Мен туғалы ноғай күйінен күйікті, ащы, зарлы күйді əлі естігенім жоқ!.. Бір үйге келіп, он шақты жігіт сыра ішіп отырдық. Жігіттер қызу. Біреуі гармонь ойнап отыр. Өзгелері қосылып, кезек-кезек жырлайды. Бір мезгілде үйге Қилыбай деген жігіт келді. Қилыбай – Ақмолада белгілі жігіт. Сері. Жігіттер Қилыбайды ұстай алды. «Əн сал» деп жабылды. Қилыбай əнді қоя берді. Ішті. О да қызды. Менің қасыма келіп отырды. Мені құшақтап: «Уһ!»–деді. «Енді солдатқа кетеміз ғой...» – деп жылады. – Е, сен қалай солдатқа кетесің? Сен отыз бірден асқан жоқ па едің? – дедім. Қилыбай өзі отыз бірден асқан жігіт еді.
– Ойбай, отыз бір құрғырдан асқанмын ғой, бірақ сонда да кететін болдым, – деді. – Е, қалайша? – дедім. – Əлгі қаланың жігіттерінің есебін алып, қай жылы туғанын, жасын жазып жүріп алды ғой, сонда, құдайдың құдіреті, өз-өзімнен бүлдіргенім ғой, – деді. – Қалайша?–дедім. – Бір үйде келіншектермен қалжыңдасып тұр едім. Қолдарына жігіттердің атын, жылын жазып жүрген түбір кінағасы бар, кеңсенің кісілері келді. Иттін бəрі мені таниды ғой. Сол жерде менің жасымды сұрады. Сонан соң мен ана келіншектердің көзінше отыз бірден асқанмын деп айта алмай, жиырма бестемін дедім. Түбірге жазып алды. Сонан соң іліктім де қалдым. Қазір енді жүресің деп тұр. – Ой, шіркін-ау, о не қылғаның?.. Енді соңынан неге жөндетпедің? – дедім. Сыраға қызып алған Қилыбай шала тілмен, орысшақазақшаны араластырып сөйлейді. Бұлғаңдап қояды. Жылап қояды. – Оны артынан жөндей алмадым. Жөндеуге болмады. «Не мүмкін» болды. «Не могу... не мүмкін» болды. Енді «не могу», «не мүмкін» еді, «не мүмкін» дейді. Мен: – Ой, «не мүмкінің» құрысын! – дедім. Міне, қалың қайғының ішінде осындай да күлкі болды. Жұрт алынған жігіттер жатқан үйге жиналды. Бір күні алынған жігіттердің алдын жібермек болды. Дүкен қылуға қызыл қыштан салған үлкен үй. Бұл үйге – жігіттерге мен екі-үш келгенмін. Үйдің маңайы топырлаған халық. У-шу, жылау. Кететін жігіттердің жақындары бір кіріп, бір шығады. Тыстағы жұрт күтуде... Біз де күтіп тұрдық. Міне, біраздан соң солдаттар шұбатылған арбалы көліктерді əкелді. Арбалы көліктер шұбатылып, жігіттер жатқан үйдің алдында тұрды. Жиналған жұрт телміріп қарап тұр. Солдаттар үйге кіріп, бір мезгілде жігіттерді шығарып, тұрғызбай көлікке мінгізіп, шұбатып жөнелте бастады.
Азан-қазан, у-шу, жылау. Айқай-ұйқай, жыламаған жан жоқ. Қатын-қалаш, бала-шаға естен адастырды... Жігіттерді көп жерге шейін жұрт шұбырып, шулап шығарып салды... Мен ертеңінде школама қайттым. Күндер өтті... Қыстың ақыры болды. Ақпанның ақыры. Орыс газетін алып оқып жүреміз. Петроградтағы дума айналасының шуы бізде де сезіле бастады. Министрлер жиі түсе бастады. Бірдемені сезгендей жүрек ақырын лүпілдеп күтеді. «Патша жақын арада түседі» деген иман көкірекке бекіп орнауда. Жүрек күтуде. Бір күні қуаныш хабар сарт ете түсті: Патша өкіметі құлады!..
РЕВОЛЮЦИЯНЫҢ АЛҒАШҚЫ ЖЫЛДАРЫ (Керенский заманында) «Патша түстi» деген хабар келгенде, қазақ оқығандарының арасында, əсiресе оқыған жастардың арасында жүрегi жарыла қуанбаған адам аз шығар. Патшаның не себептi түскенiне алғашқы уақытта қазақ елi түсiне алған жоқ. Бiрақ қазақ елiнiң бəрi – ақ патшаның түскенiне жалпы қуанды. Патшаны қазақ елi «жерiмiздi алды, суымызды алды, өзiмiздi қорлады, солдат алатын болды, дiнiмiздi жояйын деп жүр...» – деп, жек көрушi едi. Орыс патшасымен соғыс қылған жұрттың тiлеуiн тiлеушi едi. Жапониядан жеңiлгенде қазақ елi «Ə-ə, бəлем!.. Шоқ!» – дегендей болып едi. Оның үстiне 1916 жыл қазақ жүрегiне қан қатырып, кек болып едi. «Патша түстi» – деген хабарды алысымен Омбыдан, Ақмоладан хат ала бастадым. Омбыда, Ақмолада бiрге жүрген, бiр ниеттi жолдастардың бəрi-ақ алды-артына қарамай, патшаның түскенiне мəз болып, жиылыстарға – топтарға араласып, «жалпы қазақтың пайдасын қорғап», əлеумет iстерiне, саясат iстерiне қатынаса бастаған көрiнедi. Əрине, алғашқы күндерде большевиктердi бiлмейдi. Тез Ақмола қаласына келдiм. Елде де, қалада да патша түскен соң топ-топ жиылыс. Гу-гу сөздер. Күн сайын жиылыс. Күн сайын митинг.
Екi күнде бiр комитет сайлау. Екi жердiң бiрiнде бюро сайлау. Жиылыс сайын, митинг сайын сөйлейтiн «ораторлар» – шешендер, көсемдер шыққан. Бұрын көп көрiнбей, бiлiнбей жүретiн адамдар жиылыс майданына шыққан. Жиылыс сайын шығып сөйлейтiн болған. Қала халқы гу-гу қайнаған. Екпiндеген. Барлы-жоқты, жөндi-жөнсiз сөз жүндей сабалған. Неше заманнан берi халықтың айтуға аузы бармай жүрген сөздер ендi бұрқ-бұрқ қайнап шыққан. «Николай жауыз, қан iшкiш, Николай залым...» – деген сөздер əркiмнiң-ақ аузында. Бұрынғы приказшiк, шолақ саудагер, алыпсатар, учитель, техник, мұғалiм, хатшы, переводчик, фельдшер, доктор жəне басқа осындай адамдардың бəрi ендi əлеумет пен саясат майданына шығып, «халық атынан» сөйлеп, көсем болып алыпты. Қала халқы жiк-жiкке бөлiнген. Мəселен: казак-орыс, мещан, мұсылман (татар-қазақ), учительдер қауымы, қаладағы солдаттар. Бұлардың əрқайсысының өздерiнiң бөлек-бөлек жиылыстары бар. Қала менен даланы басқаруға жалпы комитет сайлаған. «Құрама комитет» (Коалиционный комитет) бұрынғы приставтарды түсiрiп, олардың орнына жаңа кiсiлер сайлаған. Крестьянский начальниктер түсiрiлген. Уез түсiрiлiп, оның орнына комиссар сайланған. Мен де келiп, қаладағы қайнап жатқан қалың сөздiң ортасына кiрiп кеттiм. Мен қалаға келсем, қалалық-уездiк құрама комитет сайланайын деп жатыр екен. Сайлау туралы сөз болады деп қала қазақтарының «көсемдерi» медреседе жиылып жатыр екен. Мен де бардым. Медресенiң бiр үлкен бөлмесiне лық толған қазақ. Сөздi бастап отырған оқыған жiгiттер. Мен де сөзге кiрiстiм. Ортаға түскен əңгiме: «не қыламыз?» деген мəселе. Патша түскен соң, халыққа саяси ерiк тиген соң, бұқара халық не қыларын бiлмейдi. Бұл мен килiккен жиналыста «не қыламыз?» деген мəселеден мынадай сөздер туған: «Елде қазiр үкiмет жоқ... Оған не қыламыз? Елдi билеу керек. Қалай билеу керек? Бұрынғы болыстарды не қылуы-
мыз керек?.. Мына, қалада сайланайын деп тұрған уездiкқалалық құрама (коалиционный) комитетке қырдағы ел атынан кiсiлер кiре ме? Қанша кiредi, қалай?..» – деген талқыға түскен. Əркiм ойындағысын айтады. Əркiм не қыларын бiлмейдi. Тəжiрибе жоқ, тəртiп жоқ, жоба жоқ. Сөйлеген кiсiлер көбiнесе күрмелiп, малтығып, көт айнала сөйлейдi. Көбiнесе тура ұсыныс кiргiзе алмайды. Көбiнесе бiр сөзден бiр сөзге көшедi. Бiрақ əйтеуiр сөз көп... Бiраз сөйлеп отырып, ертең тағы да жиналмақ боп тарқадық. Ертеңiне ноғай-қазақ болып тағы да медресеге жиналдық. Ноғайдың бiр-екi оқыған шолақ саудагерсымақтары өзгеден гөрi «көсемдiк» қылады екен: Сейiт Латыпов, Шəрiп Ялымов, – бұлар ағып тұрған сөз. Өздерi батыл, өздерi екпiндi, өздерi «күллi мұсылман атынан» сөйлейдi екен. Бұл жиналыстағы əңгiме мынау: «Ертең қалалық жаңа уездiк құрама комитет сайланғанда, көбiне-азына қарамай, əр халықтан, əр таптан, əр қауымнан, əр ұйымнан кiсiлер бiрдей кiредi екен. Мəселен: мұсылманнан, казак-орыстан, мещандардан, славодкадан, солдаттардан, учительдер қауымдарынан – бəрiнен құрама комитетке кiсi бiрдей кiредi екен. Бұған жұрттың көбi риза емес. Жалғыз-ақ казак-орыс риза. Бұл сөз кеште əрбiр жерде əңгiме болып жатыр екен. Сейiт Латыпов бiзге бұл əңгiменi түсiндiрiп айтты. – «Бiз мұсылман қазақ-татар халқы болып, бұған қарсы болуымыз керек. Бiз көп бола тұрып, орыстың əр түрлi уақ бөлiктерiмен бiрдей болмауымыз керек. Құрама комитет (коалиционный комитет) болмасын. Сайлау жалпы болсын. Жұрттың бəрi сайлауға бiрдей кiрiссiн. Комитетке сайланатын кiсiлердiң спискесiн əркiм өзi жазып берсiн. Жазған қағазын бүктеп, сайлау жəшiгiне əркiм өзi салсын. Сонан соң «Кiмде-кiм дауысты көп алса, сол комитетке өтсiн», – делiндi. Бұл сөздi бəрiмiз де мақұл таптық. – Бұлай болса, ертең бұрынғы қала басқармасының үйiне (Управоға) Омбыдан осы комитет сайлауын басқаруға кел-
ген бiр комиссар жұртты жинайды. Сол жиналған жерде сөз сұрап алып, «Құрама комитетке» бiздiң барлық мұсылман халқы риза емес», – деп айтайық. Онан соң осы риза болмауды бастап отырған учитель қауымының бастықтары: Горбачев, Колтунов деген кiсiлер. Олар семинарияда тұрады. Мұсылман атынан қазiр бiр-екi кiсi соларға барып сөйлесiп қояйық, – дедi. Мұны да мақұл таптық. Ертең мұсылман атынан сөйлеуге жұрт Латыповты сайлады, қасына менi қосып бердi. Сол жиналыстан кейiн семинарияға барып, əлгi учительдердiң бастықтарымен сөйлесудi жəне сол Латыпов екеумiзге тапсырды. Бiз семинарияға келiп, Горбачев пен Колтуновқа кiрдiк. Екеуi бiр үйде отыр екен. Бұларды менiң көргенiм сол едi. Екеуi де семинарияның оқытушылары. Революцияның нұсқауына түсiнген адамдар екен. Жастары отыз, қырыққа келген. Бiз «мұсылман халқының» құрама комитет туралы қылған қаулысын айттық. Бұлар мұсылмандардың бұл қаулысын тəуiр көрiп қалды. Бiзге сайлау реттерiн жəне басқа да сондай тəртiп реттерiн түсiндiрiп айтты. – Ертең бұл сөздi айтатын жалғыз сiздер болмайсыздар, ертең бұл наразылықты жұрттың бəрi де айтар. Бiздiң учительдер қауымы азғантай болып отырып, үлкен қауымдармен бiрдей комитетке кiсi кiргiзiп, көпшiлiктiң ақысын жемейдi. Бұл «құрама комитет» дегендi шығарып отырған бұрынғы жаман құлықты адамдар. Бұлардың мұнысын iстетпеу керек. Ендi бөлiнетiн ештеме жоқ. Сайлау жалпыға бiрдей, көпке бiрдей болуы керек», – дедi. Бiз бiраз сөз сұрап, қош айтысып шықтық. Ертеңiнде Омбыдан келген комиссар бұрынғы қала басқармасының үйiнде жиылыс құрды. Бiз де келдiк. Жұрт жиылып жатыр. Үлкен үйге жұрт лық толып, иiн тiресiп тұр. Омбыдан келген комиссар – бiр семiзше офицер төрде отыр. Қасында төрт-бес кiсiсi бар. Алдарында көк шұға дастарқан жапқан əдемi үстел. Жиылыс
ашылды. Жиылыс ашылған соң əркiм сөз алып, əлгi «құрама комитеттiң» сайлау тəртiбiне риза еместiгiн айта бастады. «Мұсылмандардың атынан» Латыпов айтты. Латыпов сөйлеудiң ретiн бiледi. Өзi батыл жəне ысылыңқыраған жiгiт. Көпшiлiк бiрыңғай наразы болған соң «құрама комитет» болмайтын болды. Уақытша комиссия сайланып, қайтадан жалпы құпия ретпен уездiк-қалалық комитет сайланатын болды. Орыс, қазақ, татар сөйлесiп списке жасадық. Жəне бiр спискенi орыстардың бiр жiгiтi жасапты. Сонан соң тағы да жiк-жiк болып, бес-алты списке жасалып, сайлау болды. Сайлаудың iшiне бiз де кiрiстiк. Қазақтан комитетке бiр-екi-ақ кiсi өттi. Қазақтан кiсiнiң аз өткен себебi – қазақтың сайлау тəртiптерiне əбден түсiнбегендiктерi болды. Сайланған комитет елге үгiт-насихат, баяндама қылдыруға кiсiлер жiбермек болды. «Комитет кiсi жiберудi маған тапсырды», – деп Ялымов оқыған қазақтарды медресеге жинады. Бардық. Кейбiр оқусыз адамдардың да жиналыстардан қалмайтыны келдi. Ақмола жатақтарының пысық бiр бастығы бiздiң Балапан деген кiсi келдi. Ялымов жиналысты ашып көпiрiп, «өзiмөзiм» деп сөйлеп отырды. Қырға бiрнеше кiсi шығаратын болдық. Ялымов Ақмоланың ноғайы. Өзi бiраз оқығандау. Өзi кiре конторында қызмет қылады. Жəне кiшкене бақал дүкенi бар. Шолақ көпес. Əрине, жүрген-тұрған саудагер қулар пысық келедi. Сол пысықтықпен, ендi патша түскен соң «барлық мұсылмандардың атынан» сөйлеп жүр. Қалалық комитетке қазақтың, ноғайдың күшiмен кiрген, мiнезi екiұрық, жындылау адам едi. Қырға қазақ елiне кiсi шығаруға əлгi медреседе жиылып, сөйлесiп отырғанымызда, бiр сөздiң ретiнен Ялымов пен бiздiң Балапан қағысып қалды. Балапан: – Қырға ылғи қазақ жiгiттерiн жiберу керек, – дейдi. Ялымов ноғай жiгiттерiн көбiрек шығарғысы келедi. Ноғай болғанда, көбi сол уақ балаған саудагерлерi болады.
Осы ретте Балапан екеуi қағысып қалды. Ялымов Балапанға ақырды. Үстелдi қойып қалып, түрегелiп Балапанға ежiрейдi. Бапаң қанша көсем, пысық болғанмен, қаланың кедейi, жатағы... азырақ бəсеңсiп қалды. Бiрақ қорыққан жоқ. Ақырында, қырға қазағы бар, ноғайы бар бiрнеше кiсiлер шығатын болып тарқадық. Тысқа шыққан соң кейбiр жiгiттер қалжыңдап Балапанға күлдi: – Ялымов сiзге ақырып тастады-ау! – дестi. Ертеңiнде Балапан менiң пəтерiме келдi. – Ялымов деген бiр ит қой өзi... Мұндай иттi əнеугүнi қайдан сайладық осы? – дедi. Мен қалжыңдап күлiп: – Бiрақ өзiңiз кеше одан қаймығып қалдыңыз ғой! – дедiм. Бапаң: – Жоқ, мен кеше өзiм қапыда қалдым... Ол маған үйдеп айтуға «неимейiш права« (не имеешь право) екен. Оны өзiм соңынан бiлiп қалдым! – дедi. Балапанның осы сөзi осы күнге шейiн Ақмола жiгiттерiнiң аузынан қалмайды. Тез бұдан кейiн тағы да комитет сайлауы болды. Қысқасы, аз уақытта Ақмолада талай жиылыс болып, талай рет комитет сайлауы болды... Уездiк комитет атынан қырға кiсiлер шығып, қазақ арасына да комитет сайлауын кiргiзе бастады. Сансыз жиылыстың, сансыз сайлаудың жуан iшiнде жүрдiк. Сөз көп. Пəтуа жоқ. Жиналыс көп, тиянақ жоқ. Үкiмет əлсiз. Үкiмет комитеттiң қолында болмай, ақырында Керенский үкiметiнiң уездiк комиссары келдi. Уездiң əмiрi соның қолында болды. Бiрақ оның əмiрi де қуатты, күштi емес. Жұрттың бəрi өзi бек, өзi төре. Сот дағдарып, милиция əлсiз бола бастады. Үкiметке бағыну азая бастады. Николай заманында ел жеген болыстар, ел жеген приставтар, крестьянский начальниктер бос жүрдi. Кейбiреулерi бұрынғы орындарынан түссе де жазаларын тартпай, кеңшiлiкте жүрдi. Оларды жазаландырайын деген үкiмет жоқ
болды. Бұрынғы-бұрынғы емес, əсiресе кешегi 1916 жылғы қазақтың бунтында, қазақ жастарын қара жұмысқа алған қарсаңда, қазақты жеген, қазақты қан қақсатқан жаман адамдардың, залым ұлықтардың жазаларын тартпай бос жүргендерiне iш күйетiн болды. Не қылуға бiлмей, құр тек əр жерде айтып құр жүгiрiп жүрдiк. Спасск заводында тұрып, 1916 жылғы қазақ жастарын «приемнан қалдырам», – деп, заводтағы бай Сейiтқамалұлыменен бiрiгiп, елдi тұздықтап соққан начальник Гаякович дегендi жəне Ақмолада тұрып, Ақкөл поселкесiнде тұрып, жастарды қарағанда елдi тоқтыша домалатып сойған Орлов деген начальниктi тұтқынға алып, сотқа берiп, жазасын тартқызайық дегенiме ешбiр демеу таба алмадым. Бiраз тыпырладым да қойдым. Жазалы адамды жазаландыратын пəтуалы, қуатты, əдiл сотты, күштi үкiметтi табу қиын бола бастады. Жұрт өз бетiмен кеттi. Жұрттың көбi бостандықты өз еркiмен, өзiнше түсiне бастады. Бiреудi бiреу басынып, бiр лайықсыз iс iстесе, «бұл қалай?» десең: – Е, бұл слауода! (свобода) – дейтiн болды. Қазақстанның əр жерiнде-ақ уездiк, облыстық съездер ашыла бастады. Сəуiр кезiнде Омбы қаласында, Ақмола облысының облыстық қазақ жиылысы деген болды. Жиылысқа бiз Құсайын фельдшер мен Байсейiттi жiбердiк. Бұлармен бiрге өз беттерiмен қырдың бiр-екi жуандары да кеттi. Бiрi Тама Жантөре, бiрi жоғарыда айтылатын «Қоржынкөлдiң» Олжабай болысы. Сол жиылыста Облыстық қазақ комитетi сайланды. Жиылысқа Орынбордан, «Қазақ» газетiнен Мiржақып келдi. Тез одан соң Ақмолаға облыстық комитеттен екi қазақ жiгiтi – Əдiлұлы, Кемеңгерұлы деген комиссарлар келдi. Олар келген соң, уездiк қазақ комитетiн аштық. Қазақ комитетi қазақ iстерiн басқаратын болды. Бiрақ күш, үкiмет уездiк комиссардың қолында. Əлi де уездiк съездер (жиылыстар) болып жатыр. Кеңестер болып жатыр. Əрбiр кеңеске қазақ атынан, уездiк қазақ комитетiнен кiсiлер кiргiзiп жатырмыз.
Қазақ комитетiнiң төрағасы – Дүйсенбайұлы деген қазақ адвокаты, оның орынбасары мен мүшелерi: Əдiлұлы, Кемеңгерұлы, Шегенұлы, бiраздан соң Айбасұлы жəне тағы басқалар. Ақмола уезiнiң бiрсыпыра iс бiлетiндерiн қызметке жинап алдық. Қазақша баспахана орнатып, газет шығармақшы болдық. Ақша жинап, Дүйсенбайұлын машина мен қарiп сатып əкел деп Қазанға жiбермекшi болдық. Менi уездiк комитеттiң төрағасы қылды. Ендi қайтадан Ақмола уезiнiң барлық қазақ елдерiне комитет сайлаушы кiсiлер жiбердiк. Болыстық комитеттердi қалай сайлау керек екенiн, елге қандай «уағыз» айтудың керек екенiн айтып жəне бұрынғы елдi езген, жəбiрлеген адамдар болыстық комитеттерге сайланбауларын тапсырып, сайлауға шыққан комиссарларымызға нұсқа жасап бердiк. Жəне шығаратын газетiмiздi елден алатын кiсiлерден ақша жинап келуге «газетке жазылу дəптерлерiн» берiп жiбердiк. Ақмола уездiк комиссары мен қазақ комитетiнiң арасы ендi жаман бола бастады. Өйткен себебi мынау: мен бiр жұмыспен елге шығып кетiп едiм. Бiр күнi бiр митингiде уездiк комиссар Петровты бiздiң Рахымжан Дүйсенбаев Қазаннан қайтып келген бетiнде сөгiптi. Петровтың бiр жаман сөзiне қарсы шығып сөйлеп, Петровты провокаторсың (провокатор) дептi. Əрине, бұған комиссар шамданып, Дүйсенбаев «менi жəбiрледi... балағаттады...» – деп сотқа бердi. Бiз Дүйсенбаевты қорғап, Омбыға – облыстық комиссарға, облыстық қазақ комитетiне, облыстық Совдепке Петровты айыптап, өзiмiзден басқаға бiлдiртпей телеграмма бердiк. Қазақ комитетiнiң үш-төрт мүшелерi сол комитетте жататынбыз. Дiнмұқамбет Əдiлұлы, Бiрмағамбет Айбасұлы, Кемеңгерұлы, мен – төртеумiз бiр бөлмеде жататынбыз. Күндегiдей бейқам ұйықтап жатыр едiк... Түн едi. Бiреу келiп есiктi қақты. Ояндық. Есiк аштық. Бұ кiм десек, қағаз таситын поштабай екен. – Немене? – дедiк. – Сiздерге повестке! – дедi.
– Ə? Кəне?.. Не қылған түн iшiнде повестке?.. Оқыдық. Рас, повестка. Орыстың уездiк комитетi бiздi асығыс мəжiлiсiне түн iшiнде шақырыпты. Үрпиiсiп бiрiмiзге бiрiмiз қарастық. Тағы поштабайға: – Бұл не қылған жиылыс?.. Кiм бар онда? – дедiк. – Бiлмеймiн не қылған жиылыс екенiн. Маған «шақырып кел» деп, осы қағазды бердi. Комитеттiң мүшелерi өздерi ғана жиылысып отыр! – дедi. – Барайық, – деп бəрiмiз де тез киiнiп алып жөнелдiк. Қазақ комитетiнiң мүшелерiнiң бəрiн де шақырыпты. Тысқа шығып, жүгiрiп, өзге мүшелердi де пəтерлерiнен тұрғызып алдық. Жолшыбай Баймағамбет Өгiзтайұлы деген қазақ комитетiнiң бiр мүшелерiнiң есiгiн қағып оятып алдық. Баймағамбет – патша заманында начальникке тiлмаш болған кiсi. Орысшаны тəуiр бiлетiн адам. – Ойбай, қазiр асығыс жиналысқа шақырып жатыр, жүрiңiз! – дедiк. Баймағамбет шошып кеттi, састы. – Е, немене екен? Немене екен? – дей бердi. Қорықса да болмай алып жүрдiк. Ай қараңғы. Түн iшiнде көше-көшемен дедектеп бiр топ «қазақ комитеттерi» келе жатырмыз. Қала жым-жырт ұйықтап жатыр. Көшеде адамдар көрiнбейдi. Аспан ала бұлт. Ашылған бұлттардың араларынан күлiмдеп жұлдыздар ғана қарайды. Албастының көзiндей, қараңғыда терезелерi жылтырап, тұнжырап үйлер тұр. Бiз өңшең «қазақ комитеттерi» сау аяңдап келемiз. Баймағамбет қорқып сөйленедi: – Япырым-ай, ə?.. Неге шақырды екен?.. Не болып қалды екен?.. Бiр сұмдық болды ғой. Ə-ай, балалар-ай! Осы байқаңдар деп талай айтып едiм, болмаушы едiңдер. Ал ендi! Бiр сұмдық болған ғой. Патша орнына қайта мiнген ғой, – дейдi. Орыс комитетiне келдiк. Мүшелерi жиылып отыр екен. Уездiк комиссар отыр. Бəрi жай, ызбарлы. Асыққан кiсiлердiң түрi жоқ. Iштерiнде тағы да бiр Мартылого деген жiгiт отыр. Бұл комитет мүшесi емес, «эсер» партиясының хатшысы.
Жиылысты ашты. Сөздi қозғады. Əңгiме былай екен: бiздiң Омбыға, үш адреске, комиссар Петровты қаралап соққан телеграммамызды Петров бiлiп қойған екен. Сол туралы орыс комитетi өзара сөйлесiп, түн iшiнде бiздi қолға алуға шақырған екен. Салғаннан бiздi бүрiп алды да кеттi. Петров та шешен, орыс комитетiнiң өзге мүшелерi де шешен. Əсiресе Петров пен Колтунов деген семинарияның екеуi күжiлдеп, жұлқынып бiзге кəрлерiн төктi. – Бұл өтiрiк донос!.. Бұл үкiмет кiсiсiн өтiрiк қаралау!.. Дəлелмен, документпен Петровтың айыбын мойнына қойыңдар, əйтпесе өтiрiк жала үшiн сотқа берiлесiңдер! – деп, үстелдi қойғылап шаптықты-ай келiп. Бiзде документтi дəлел жоқ. Састық. Айтыстық. Петров шаптығып, жұлқынып сөйледi. Долданады. – Жазасыз өтiрiкпен менi айыптап, «провокатор» деп Омбыға телеграмма соқтыңдар. Провокаторды атады. Менi атылсын дегендi не дəлелмен айттыңдар? Қайда дəлелдерiң? Салыңдар мынау үстелге. Ендi не мен өлемiн, не тегiс сотқа берiлiп, тиiстi жазаларыңды тартасыңдар!.. – деп қылышын жерге түйiп-түйiп қояды. Бiресе жылайды. Ол жыласа, кейбiр орыстар да жылайды. – Менiң революцияға еңбегiм сiңген едi. Өз солдаттарымды ертiп, ең алдымен патшаға қарсы шыққанның бiрi мен едiм. Мен кəрi революционердiң баласы едiм. Патапенко деген жазушының пəлен кiтабындағы «Саша» деген бала мен едiм. Ендi осынша қаралап, жазықсыз күйе жағатын, мен не қылдым!? – деп жылайды. Айтыс жаманға айналды. Шиелендi. «Қазақ комитеттерi» қорқып қашуға айналды. Баймағамбет «тысқа шығып келем» – деп кетiп, келмей өштi. Сұлтан кеттi. Үсекең кеттi. Құсайын кеттi. Жəне басқалары кеттi... Айтыста қалған: Бiрмағамбет Айбасұлы, Дiнмұқамбет Əдiлұлы, Кемеңгерұлы, мен –төртеумiз-ақ. Өзге комитеттерi тайды. Ақырында, бiз жеңiлдiк. Артынан кешiкпей, бiздiң телеграммамызбен Омбыдан екi комиссар келдi. Бiр орыс, бiр қазақ (Хомутов пен А.
Сейiтұлы). Олар бiздiң комитеттiң мəжiлiсiне келдi. Мəжiлiс «жанжал бiттi» деген соң, олар қайтты. Солайша iс бара бердi. Əйтеуiр даңмен комитет iсiн жүргiзген болып жатырмыз. Болмаса, қолда күш жоқ. Тiптi жалпы үкiметте күш жоқ. Закон жоқ. Бiздiң iстеп жатқан үлкен бiр iсiмiз: қалыңмалды құртып, əйелдердi сүйгенiне жiберiп жатырмыз. 1916 жылы елдерiн қақсатып жылатқан екi болыстың үстiнен 120 шамалы арыз келдi. Iстерi адам айтарлық емес. Бiз не қыларымызды бiлмедiк. Орыс сотына берейiк десек: «Бiз қазақ iсiне кiрiспеймiз», – деп орыс соты алмайды. «Осы жүз жиырма арызды тексерiп, мына жазалы адамдарды жазаландырсаңыз екен», – деп, Омбыдағы қазақ комитетiне жiбердiк. Бұл облыстық комитетке бiздiң iстеген үлкен бiр сынымыз болды. Облыстық комитет бұл арыздарды бiраздан соң, ешбiр жөндi нұсқау айтпай, өзiмiзге қайтарды. Бiз облыстық комитеттiң мұнысына наразы болдық. Бұл үстiнен жүз жиырма арыз берiлген екi болыс уездiк комитеттегiлерге өте белгiлi адамдар едi. 1916 жылы елдi шулатқандары жұрттың құлағынан əлi де кеткен жоқ едi. Бұларға сот жасамаған соң, Ақмоланың облыстық қазақ комитетiнiң өзiне көңiлiмiз толмайтын болды. Бұл екi жауыз болысқа ештеңе iстемеген соң, облыстық комитет «жауыздыққа қарсы болады» деп ойлаудан қалдық. Жəне облыстық комитеттiң мүшесiнiң бiрi, əлгi екi болыстың бiрiнiң iнiсi Төлебай едi. Бұл əлгi 1916 жылы мен ауылына санақ алуға баратын «Қоржынкөл» болысының iнiсi Төлебай – менiң оқып жүргендегi жақын танысым. Үстiнен елi сексен арыз беретiн болыс, сол Төлебайдың сондағы болыс болатын ағасы – Олжабай. Бұл Олжабай өзi шешен-пысық адам болған соң, алғашқы, патша түскен кезде Ақмолаға келiп, жиылыстарда сөйлеп, аз уақыт «көсемдiк» қылған. Сол қарсаңда болған облыстық съезге өз бетiмен барып, өзiнiң ауылдағы iнiсiн облыстық қазақ комитетiне мүше қылып өткiзiп келген. Бұған бiз риза болған жоқпыз да. Елiнен, үстiнен сексен шамалы арыз келген соң, Олжабай қолға түспей, Ақмоладан
қайтып кеткен. Олжабай болыстың үстiнен арыз берушiлер – көбiнесе əлгi 1916 жылы патшаға қарсы қазақ ереуiл жасағанда Олжабайдың көрсетуiмен шабылған, атылған қазақтардың айналасы. Бұл туралы бiз Ақмоланың облыстық комитетiне талай қағаз жазып, талай телеграмма жiбердiк. Облыстық комитетке «араларыңнан Төлебайды шығар» деп талай телеграмма соқтық. Облыстық комитет бiздiң сөзiмiздi тыңдамады. Төлебайды шығармады. Мiне, сонан соң əлгi арыздарды облыстық комитеттiң өзiне «не қылар екен» деп жiберiп, оны да аяқсыз қайырған соң, облыстық комитеттiң кiмдiкi екенiне ендi əбден көзiмiз жететiн болды. Сонымен, Ақмоланың уездiк қазақ комитетi мен облыстық қазақ комитетiнiң арасы жақсы болмай, бiр-бiрiне қарсы бола бастады. Iс сөйтiп бiр қалыпта жүре бердi. «Жас қазақ» деген жастар ұйымын ашқанбыз. Ұйымның мақсаты: халық арасында заң, бiлiм тарату жəне саясат iстерiне қатысу. Қауымның қысқаша жобасы болды. Қауымның басқармасы болды. Төрағасы – Сəкен Сейфуллин, мүшелерi: Əдiлұлы, Айбасұлы, Асылбекұлы, Серiкбайұлы, Нұркеұлы. «Жас қазақ» ұйымын ашқан сағаттағы жазылған мүшелерiнiң саны қырық-елу шамасындай едi. Соңынан одан көбейдi. Бəрi қазақтың азды-көптi оқыған жастары. «Жас қазақ» ұйымының iсiн жүргiзетiн хатшысы, ақша есебiн басқаратын казначейi болды. Мөр, штампы болды. Күзге қарсы шапеграппен «Айна» деген журнал шығарды. Ұйымның баспаға басылған, таралған жобасы болды. Жобада ұйымның саясаты ретiнде, мемлекет құрылысы ретiнде қабыл алған жолы мынадай едi: ...«Жас қазақ» Россияның ең дұрыс жобалы төңкерiсшiл партиясымен бiрге майданға шығады. Онсоң Россияның құрама (федеративная) республика болуын қуаттайды»... Мiне, осындай едi. Бұл «Жас қазақ» ұйымы 1913 жылы Омбыда оқып жүргенде өзiмiз ашқан «Бiрлiк» ұйымы тəрiздi. Айырмасы сол:
«Бiрлiк» патша үкiметiнен жасырын ұйым едi. Ал «Жас қазақ» жасырын емес. Жəне «Жас қазақ» əлеумет, үкiмет iстерiне де көрiне қатынасатын болды. Жақсы болсын, жаман болсын, қазандай қайнап, қазақ комитетi мен «Жас қазақ» iстерi жүре бастады. Қырдағы елдерде болыстық комитеттер сайланды. Көп жерде бұрынғы ел жеген адамдарды комитеттерге кiргiзбей тастадық. Əйелдердi сайлауға кiргiздiк. Əйелдердiң бостандығын еркiн қорғадық, қалыңмалды құрығымыз жеткен жерде алғызбайтын болдық. «Атастырып» қойған күйеуiн жақтырмаған қыздарды, қатындарды босатып, сүйген жiгiттерiне тоқтаусыз жiберетiн болдық. Ақмола уезiнiң қазақтарының соты да, милициясы да, үкiметi де уездiк қазақ комитетi болды. Қазақ комитетiнiң алдынан қазақтардың топ-топ аты кетпейтiн болды. Шұбап қазақтың қыз-келiншектерi комитетке келiп, «бостандық қағаздарын» алып кететiн болды. Бiр күнде он сегiз əйел «бостандық қағаз» алған кезi де болды. Комитеттiң iсi солайша жүре бердi. Ақмола облысының басқа уездерiнде де осындай уездiк комитеттер ашылған. Бəрi де əлiнше iстерiн жүргiзуде. Əр уездiң жəне қазақтың əр облысының iстеп жатқан iстерi газеттер арқылы жəне кей жерлерден алып тұратын хаттар арқылы белгiлi. Қазақтың əр уезiнде-ақ, əр облысында-ақ əлiнше iс жүрiп жатыр. Бəрiнде де осындай комитет бар. Iстiң жүрiсi бiр жерде екпiндi, бiр жерде баяу, шабан. Əр жерде-ақ газет шығара бастады. Семейде «Сарыарқа» газетi, Ташкентте «Алаш» газетi, соңынан «Бiрлiк туы». Бөкейлiкте, Астрахань қаласында «Ұран» газетi, Ақмолада «Тiршiлiк» газетi, Орынборда бұрынғы белгiлi «Қазақ» газетi. «Сарыарқаны» басқарған – Қалел Ғаппасұлы. Жазушылары: Ермеков, Бөкейханов, Тұрғанбаев жəне басқалар. «Алашты» басқарған – Көлбай Тоғысов. «Бiрлiк туын» басқарған – Мұстапа Шоқайұлы. Жазушылары: Болғанбаев, Төреқұлов, Қожанов жəне басқалар.
«Ұранды» басқарған – А. Мұсаұлы. «Тiршiлiктi» – басқарған – Рақымжан Дүйсенбаев пен Садуақас Сейфоллаұлы (мен). Жазушылары: Асылбеков, Өмiрбай Дөнентаев жəне басқалар. «Қазақты» басқарған – Ахмет Байтұрсынов пен Мiржақып Дулатов. Жазушылары: Бөкейханов тағы солар. Бұл газеттер, «Тiршiлiктен» басқасының бəрi, бiр бетте болды. Бəрi Орынбордағы «Қазақ» газетiнiң ықпалымен жүрдi. Бəрiнiң құлақ күйiн «Қазақ» газетi бұрап берiп, нұсқау берiп отыратын болды. «Қазақтың» басындағылар Қазақстанның əр жерiндегi ниеттес адамдарына нұсқа берiп, хат жазып жатты. Газеттердiң бəрi көзжұмбай ұлтшыл болды. Ұлтшыл болған соң, ерiксiз байшыл газет болды. Бəрiнiң ортақ туы «Қазақ» газетi болды. Мiне, осы газеттердi оқып, Қазақстанның қай жерiнде не болып жатқанын сырттан бақылап жаттық. Қазақ комитеттерiнiң көбiнiң-ақ саяси жолы, əлеуметтiк iсi, бiздiң Ақмоланың облыстық комитеттерiнен өзгеше емес, көбiақ бiр қалыпта. Комитеттердiң басында қазақтың бұрынғы үлкен оқығандары: адвокат, судья, доктор, чиновник, переводчиктер – байдың балалары. Ал бұларды билеушi – молдалар, ишандар, бұрынғы жуан болыстар. Мысал келтiрейiк. «Алаштың» «тiреулерi» – жуандар, қазiреттер. Орал облысында. Сол қарсаңда қазақтардың облыстық съездерi болды. Орал облысының уез-уезiнен облыстық қаласына (Орал-Текеге) қазақтар жиналды. Жиылыс қаланың ат ойын үйiнде (циркте) болды. Съезд ашылды. Басқарма сайланды. Басқарма цирктiң ортасында үстел құрып қойып отыр, съезд адамдары цирк iшiнде жағалай толып отыр. Жəне цирк iшiнде айнала иiн тiресiп, съездi көруге, тыңдауға келген көп халық тұр. Iштерiнде бiренсаран оқыған əйелдер де бар. Қарап тұрсаң, съезге Орал губерниясының қазақтарының «қаймағы» жиналған. Ылғи «қасқа мен жайсаң». Съездi меңгерiп отырған, барлық Қазақстанға белгiлi, зор оқығандар: Қалел Досмұқамбетов, Жанша Досмұқамбетов, Ғұбайдолла Əлiбеков тағы да көп
зор оқулылар. Құрылып отырған съезге қарап жiбергенде, осының бəрiн көрiп, ə дегенде кiсiнiң көңiлi толғандай. Көңiлi толмай қайтедi!.. Ылғи зор, оқыған, көзi ашықтар. Iштерiнде оқыған əйелдер де бар... Жұрттың бəрi тiзiлiп орындықта отыр... Бiрақ өзгеден бөлек бiр-ақ кiсi жерде. Жерде болғанда, ол кiсi қара жерде емес, астында төселген кiлем бар. Екi иiнiне екi кiсi мiнгендей ұзын бойлы, толық. «Мəйегi аузынан шыққан» манаураған манаптай. Үстiнде шұға шекпен. Белiнде күмiс кемер белбеу. Басында кəмшат бөрiк. Шүйдесi тоқпақтай. Шекесi торсықтай. Төңiрекке көзiнiң астымен қарап қояды. Съездiң басқармасына қарап қояды. Съездi басқарып отырған алты-жетi бiлгiштер де иесiне қараған аңшының иттерiндей əлгi «жердегi жалғызға» қарап қояды. Мiне, «жердегi жалғыз» цирктiң төңiрегiне қарады. Қаһарлы көзi орысша киiнген бiр-екi қазақ əйелiне түстi. «Жердегi жалғыз» қабағын түйдi. – Əне бiр селтигендер кiм? – дедi. Съезд селк ете түстi. Ортадағы басқарма да селк еттi. – Ол, бiреуi Исаның үйiндегi келiнiңiз... Бiреуi Айтжанның үйiндегi келiнiңiз! – дестi. – Тəйт, əрi! Шықсын!.. Бұл əйелдер жиналатын жер емес! – дедi «жердегi жалғыз»... Тез съезден əйелдердi шығарды... Бiр мəселе бiтiп, екiншi мəселе басталғанша жұрт жай əңгiмелесе бастады. «Жердегi жалғыз» да əркiмге сөз тастап отыр. Мұның сөзiн жұрт жерге түсiрмейдi. Тастаған сүйектi қаққан тазыша қағып алады. Бiреу жауапты ұнамсыз қайырса, «жердегi жалғыз» сөзiн қайтадан найзағайдай қылып тастайды. Бiр кезекте Əлiбековке: – Ей, Ғұбайдолла! Петрборға бардым деп жүрсiң ғой, бара бер! Бiрақ Орал облысында қыртпай жүр! – дедi. Бiр кезекте молдаларға: – Ей, молдалар! Шылым тартпаңдар, бастарың ауырмайды, – дедi.
«Жердегi жалғыз» жұрттың бəрiне зiл тастайды. Оған қарсы келер бiлгiш жоқ. Бұл кiм? Бұл – Сырым батырдың ұрпағы Салық, белгiлi жуан Салық болыс. Патшаның болысы... Мiне, ендi съезд (кеңес) бiттi. Салық болыс съездiң басқармасына, бiлгiштерге қарап: «Ей, қазiр əлгi он алтыншы жылы өлгендердiң моласына барып құран оқимыз, жүрiңдер, бiрiң қалмаңдар!» – дедi. Жұрттың бəрi Салықтың көтiнен шұбырды. Цирктен шығып, қаптап молаға барды. Облыстық съезд жүгiнiп отырды. Қалел, Жанша, Ғұбайдолла жəне басқа «көсем» бiлгiштер алдында. «Табарақ» басынан аяғына шейiн оқылды. Мiне, жуанның үкiмi осындай едi!.. Бұл жалғыз Оралда емес, əр облыста-ақ осындай едi. Тек бiр жерде өте күштi, бiр жерде бəсеңдеу едi. Əлгi бiздiң Ақмоланың облыстық комитетi үстiнен сексен арыз бар Олжабай деген күштi болысқа ештеңе қылмай, қайта оның туған iнiсiн комитетке мүше қылып ұстап отырғандығы өзге жерде болмаған iс емес едi. Жаңағы Оралдағы Салық болыс сол бетiмен соңынан Күнбатыс Қазақстандағы «Алашорда» үкiметiнiң мүшесi болды. Ал Олжабай болыс Колчак уақытында Ақмолада Алашорданың уездiк əкiмiнiң бiрi болды. Ақмолада. Оралдағы Салық тəрiздiлер бiздiң Ақмолада да тыныш қарап жатқан жоқ, олар да бiз отырған комитеттi қамады. Олар да бiздiң көзiмiздi жоғалтуға күштерiн салып бақты. Бiздi «дiнсiз» деп, «елдi бұзушылар» деп сөз жүргiзiп бақты. Талай жерде бiзбен айқасып, ереуiлдеп жүрдi. Бiрақ оларды бiз топтап, қуалап жүрдiк. Бiр күнi мынадай iс болды. Бiздiң комитеттiң кеңесi едi. Күндiз сағат он екi кезi. Комитет кеңесiне «Жас қазақ» ұйымының да мүшелерi келiп отыр едi. Кеңес құпиялау болған соң, бөтен кiсiлердi кiргiзбей, есiк алдында поштабай тұр едi. Комитеттiң айналасында, алдында, күндегiдей қақтыққан, қайнаған жұрт. Бiр
мезгiлде есiктiң сыртынан тасыр-тұсыр шықты. Күжiлдеген сөздер естiлдi. Есiктiң сыртында тұрған поштабайдың даусы шықты. Есiкке таласқандай болды. Күжiлдеген дауыстар көбейiп, есiктi солқылдатты... Қызарып, қысылып, есiктi қысып ашып поштабай үйге кiрдi. – Бiрталай кiсi «кiремiз» деп болмайды, – дедi. – Ол кiмдер? – дедiк. – Басы Сыпан болыс, – дедi. Сыпан болыс – Ақмолада мықты, атақты, белгiлi болыстың бiрi. Патша заманында жиырма бес жыл болыс болған. Бiрақ Салықтай емес, қу, «ақылды», «сыпайылау» адам. – Кiргiзбе, кеңес құпия, – дедiк. Поштабай шықты. Тағы да күжiлдеген дауыстар шықты. Шаң-шұң, опыр-топыр болды. Есiктi жұлып алып, комитеттiң кеңесi үстiне бiр топ кiсi, Сыпан болыстар кiрiп келдi. – Сiздерге не керек? – дедiк. – Не керек болсын, бiз де осы сөздерiңнiң iшiнде боламыз, – дедi Сыпан. – Жоқ, бiздiң кеңесiмiз қазiр құпия, сiздерге отыруға болмайды, – дедiк. – Қазiр не құпия бар? Қазiр құпия болмайды. Бiз де отырамыз, – дедi. Азырақ қызараңдастық. Бiздiң комитеттiң мүшесi қазнашымыз Нұржан Шегiұлы деген жолдасымызға Сыпан болыс: – Ей, Нұржан! Сен былшылдама! Көтiңдi қыс! Сенiң ол отырған орның керек болса, маған оп-оңай! – дедi. Сүйтiп, бiраз ереуiлдесiп, комитеттiң сөзiн бөлiп, Сыпан болыс нөкерлерiмен шықты. Оралдағы, Жымпитыдағы Салық болыс тəрiздi емес, Сыпан жанжалға бармайтын адам. Салық Жымпитыда, бiр ретте, уездiк комитеттi көп кiсiлермен келiп шауып, бiр комитет мүшесiнiң көзiн ұрып шығарған. Ендi бiр күнi мынадай iс болды: «Жас қазақ» ұйымының жиылысы едi. Жиылыс қазақ комитетiнiң кеңсесiнде болып жатыр. Жиылыстың төрағасы
болып отырған мен. Жағалай отырмыз. Менiң екi жақ жанымда ұйым басқармасының хатшылары, мүшелерi: Əдiлов, Айбасов, Нұркин, Асылбеков. Бiздiң алдымызда бiзге қарап, Серiкбаев, Дөнентаев жəне басқалар отырған. Күн батуға таянған. Үйдiң iшi лық толған иiн тiрескен кiсi. Олардың терлеген лебiнен үйдiң iшi қапаланып ысыған. «Жас қазақ» ұйымының көп мүшелерi жəне жай кiсiлер де есiктен төрге шейiн сығылысып, орын жетпегендерi самаладай самсап түрегеп тұр. Кеңес болып жатыр. Бiр мезгiлде иiн тiресiп тұрған жұрт қозғалды. – Бұл кiм? Неге итересiңдер? Қайда кимелеп барасың? – Е, не керек? Не болды? – дестi. Кейбiреулер кимелеп, омыраулап, төрге қарай өрлеп келедi. Сөйленiп отырған сөз бөлiндi. Аңырайып қарадық. Молдалар кие-жара омыраулап, бiз отырған төрге келдi. Бес-алты молда – бəрi де Ақмола уезiнiң атақты молдалары, əулиелерi, Ғалауетдин қалпе, Омар молда, тағы да басқа молдалар. – Е, шаруаларың бар ма едi? – дедiк. Молдалар күмiлжiңкiреп: – Көп шаруамыз жоқ, – дедi. Бiз сөзiмiздi сөйлей бердiк, молдалар отырды. Ғалауетдин менiң қасыма келiп отырды. Сөз сөйленiп жатыр. Бiр мезгiлде Ғалауетдин молда маған: – Сəкен «мырза», кiшкене сөздерiңiздi бөле тұрыңыздар! – дедi. – Неге? – дедiм. Сөйленiп тұрған сөз өзiнен-өзi қойыла қалды. Жұрт қарай қалды. – Қазiр ендi күн кешкiрдi. Намаздыгер уақыт болды. Сөздерiңiздi қоя тұрып, кешкi намазға барыңыздар! – дедi. – Бiздiң қазiр уақытымыз жоқ, қалпе! – дедiм. – Неге уақытыңыз болмайды? Бұл сөздерге уақытыңыз болғанда намазға уақытыңыз болмай ма? Жүрiңiздер намазға! – дедi Ғалауетдин.
– Бiздiң дəретiмiз жоқ едi, қалпе! – дедiм тағы да. Қалпе түсiн суытып: – Дəрет аласыздар, тастаңыздар ендi сөздерiңiздi, жүрiңiздер, намаз өтiп кетедi! – дедi. Пəле бүйiрден қадалды. Мен ыза болып, тез жолдастарға айнала қарап жiберiп, қарсы алдымда отырған Бəкен Серiкбайұлына қарадым. Бəкен маған қарап қойып, қыпқызыл болып, қалпеге көзiмен қадалып отыр екен. Бəкен менiң бетiме қарап жiбердi де қалпеге: – Ей молда! Шатпа!.. Шайнама! – дедi. Бəкенге таяу, терезенiң алдында отырған Өмiрбай: – Маған сөз бершi, Сəкен! – деп ұшып түрегелдi. Сөз бердiм. Молдалар қалш-қалш етедi. Иiн тiрескен жұртта үн жоқ. О-ой, сөктi-ай кеп Өмiрбай молдаларды! – ...Сендер, елдi алдаушы арамтамақтар... Сұм, көлгiр, былжыраған қаяр бұзылғандар!.. Өздерiңнiң не қылып жүретiндерiң естерiңде бола ма?.. Бiзде не ақыларың бар?.. Бiз тозақта күйiп жатсақ, сендер қолдарыңның ұшын бермей-ақ қойыңдар! – деп, молдалардың ит терiсiн басына қаптады. Быт-шыт болып молдалар кеттi. Молдалар мен болыстардың, барлық жуандардың бетi, ниетi бiр. Бəрiнiң шабуылы да бiр. Мiне, сөйтiп, Қазақстанның көп жерiнде комитет iстерi осылардың ықпалымен жүрген. Мiне, «Алашорданың» тiреуiнiң зоры молдалар мен болыстар болған. Тағы да мысал келтiрейiк. «АЛАШ» ХАННЫҢ ҮЙIНДЕ Колчактың, алашорданың заманы едi. «Алашорда» үкiметi екi бөлек жерде. Күншығыстағысы Семейде. Күнбатыстағысы Орал облысында, Жымпиты қаласында. Семейдегi «алашорданың» бастығы – Əлихан Бөкейхан, Жымпитыдағы орданың бастығы – Досмұқамбетов Жанша. Мүшелерi: Қалел, бағанағы Салық болыстар.
Бiр күнi кешке, «Күнбатыс алашорда» үкiметiнiң бастықтары жай кеңесiп отыр едi. Кеңес «Орданың» кеңсесiнде емес, Қалелдiң пəтерiнде едi. Ордаға Қуанай қазiрет келген. Сол Қуанай қазiреттi «алашорда» үкiметi құрметтеп, Қалелдiң пəтерiнде қонақ қылып сыйлап отырды. Үкiметтiң сөзi қазiреттiң алдында сыпайы, əдептi: – «Тақсыр», «қазiрет», «құп!» – деседi. Ызбарланып қазiрет отыр. Бетiне қарағанда: «Қытай жұртының құдайы ма бұл?» – деп ойлайсың. Қуанай қазiреттi бiлмейтiн Орал облысында бала жоқ. Қуанай қазiреттi Үпiдегi, Қазандағы ноғай-башқұрттың мүфтилерi де бiледi. Мүфти де Қуанайды сыйлайды. Қуанай «əулие»... Мiне, қазiрет жайылып Қалел Досмұқамбетұлының үйiнде отыр. Қазiрет босқа сөз сөйлемейдi. Қазiреттiң əрбiр сөйлеген сөзi ем. Қазiрет ызбарланып, айнала қарап қояды. Үкiмет мүшелерi, молдадан қорыққан балаларға ұқсап, сызылып отыр. Қазiретке қарап аңшының иттерiндей қайпақтайды. Үкiмет бастығы Жанша отыр. Киiмдерi əдемi, орысша, əскери, жапонның жандаралы тəрiздi. Жанша қараған кiсiнiң көзiне толарлық. Парсы жұртының, Қызылбастың əскер бастығы Рзахан тəрiздi. Жаншаға қараған көз тоярлық, Жанша – алашорданың бастығы. Жанша – «қазақтың ханы»... Бiрақ Жанша жалаңбас, шашы өсiңкiреген. Жаншаның басында көк сауытты дулыға жоқ. Не маңдайына асыл тастар орнатқан, тастары құлпырып неше түрлi от шашқан қарқаралы тəжi жоқ. Тым болмаса қарқаралы бөркi жоқ. Жанша жалаңбас – кемшiлiк сол. Бiр мезгiлде ол кемшiлiктi өзi сезгендей Жанша бiр қолымен шашын сипады. Сүзiлiп қарап отырған қазiреттiң ызғарлы бетiнiң бiр тамыры жыбыр еттi. Сол жақ көзiнiң алды қалт еттi. Томағасын жұлып алған бүркiттей қазiрет басын көтерiп алды. Жаншаға көздерiн аш бүркiттей қадады. Қазiреттiң бет қимылын аңдып отырған үйдегiлер селк еттi. Бəрi де Жанша мен қазiретке қарап тына қалды. Қазiрет: – Тəйт!.. Бөркiңдi неге кимейсiң?!.. Қарашы, шашын жалбыратып отырғанын!.. Сендердi бiз «қалипаның» орнын-
да деймiз!.. Əр намаздың соңынан бата қыламыз!.. Сендер бүйтесiңдер... Киiп отыр бөркiңдi! – дедi. Отырғандар састы. Ептеп, қалбалақтап шайып-жуды. Қазiрет кейiп: «Намазға да салақ деп есiтемiн», – дедi. «Тақсырлап» отырып, қазiреттi жадыратты. Сонсоң Қалел: – Тақсыр, қызметтен уақытымыз аз болады. Iстен қолымыз босамайды. Бiз жұма күнi ғана мешiтке барайық, бiзге намазды жай күндерде үйде оқуға рұқсат қылыңыз! – дедi. Ақырында, қазiрет алашорда үкiметiне жұма күнiнен басқа күнде намазды үйде оқуға рұқсат қылды. – Бiрақ жұма намазынан қалмаңдар! – дедi. – Құп, тақсыр! – дедi. Мiне, сурет!.. Бұл жалғыз Орал облысында болған жоқ, бұл барлық Қазақстанда болған жалпы сурет. Жуан болыстар мен «кəдiрлi» молдаларды «Алашорда» өзiне күш қылды. Жиылыстарына бұларды əдейi арнап шақырды. Бұлардан ылғи «бата» алып отырды. Ендi өзiмiздiң əңгiмеге келейiк – Ақмола комитетiне келейiк. АҚМОЛАДА Комитет iсi, жоғарғы айтқандай, бiр қалыпта жүрiп жатты. Жұрт басы ауырса да комитетке келетiн болды. Қазақ комитетiн ғана бiледi. Сот та, милиция да – бəрi де комитет. Күндiз-түнi топыр. Комитет қазандай қайнап жатты. Бiрақ жоғарғы үкiметтен ешбiр жоба жоқ. Ешбiр нұсқа жоқ. Комитет қазандай қайнайды. Бiрақ əкiмшiлiк күшi жоқ. Орыстардың комитетiнде тiптi iс жоқ. Аты бар, iсi жоқ. Ақмоланың əкiмшiлiгi Керенскийдiң комиссары прапорщик Петровтың қолында. Бiрақ оның да күшi жоқ. О да ештеңе iстей алмайды. Бұл жалғыз Ақмолада емес. Керенский заманында барлық жерде-ақ жалпы солай болған. Жалпы қозғалған халықты Керенскийдiң əкiмшiлiгi тоқтата алар ма?.. Неше заманнан берi шеңгелдеп басқан қалың мұзды
талқан қылып тасыған дарияны милиция мен сот тоқтата алар ма? Алыс болса да, жалпы Қазақстанға құлақ күйiн бұрап отыруға тырысқан Орынбордағы «Қазақ» газетi едi. Жалпы қазақ оқығандарының рухына жел беруге əрекет қылып отырған «Қазақ» газетi едi. Өйткенi «Қазақ» газетi өзге газеттерден бұрынырақ шыққан (1913 жылы шыққан) өркендi газет болды. Өркендеген бұл газет қазақ халқы жақсы жерден, судан айырылып, патшадан қорлық көрiп, тұрмысы өзгерiңкiреп: «Жерiм-ай! Суым-ай!.. Қорлық-ай!» деген заманда шықты. Жəне сол тұрмыс өзгерiстерiнiң əсерiнен қазақтың оқуға ұмтылған жастары көбейiп, талпына бастаған қарсаңында шықты. Жəне бұл газеттiң басындағы шығарушылар: «Жерiм-ай!.. Суым-ай!..» деген зарды мұң қылып, жыр қылып айтушылар болды. Сондықтан олар қазақ оқығандарына көсемдiк қылды. Сол көсемдiктi бұлар 1913 жылдан «Қазақ» газетi арқылы үгiт қылып келiп, патша түскен соң күшейттi. «Алашорданың» ұраншысы осылар болды. Бұлар патша түскен соң «Қазақ» газетi арқылы «жалпы қазақтың жиылысы болсын» деген сөздi таратты. 1917 жылы сəуiрдiң екiсiнен сегiзiне дейiн Орынборда Торғай облысының съезiн жасады. Торғай съезiне Орал, Семей, Сырдария, Бөкей облыстық комитеттерiнен өкiлдер шақырды. Торғай съезiнде жалпы қазақ халқының мəселелерiн қозғады. «Қазақстандық жалпы съезд құрылсын» деп қаулы шығарды. Съезге жоба жасап, шақырылатын уақытын, орнын белгiлеуге сегiз кiсiден бюро сайлады. Сайланған бюроның басы «Қазақ» газетiнiң шығарушылары: Бөкейханов, Байтұрсынов, Дулатов, Қадырбаевтар болды. Сөйтiп, «Қазақ» газетiнiң жазушылары бас болып, Торғайдың облыстық жиылысында съезд шақырылатын бюро сайланып, жалпы қазақ жиылысын құрмақ болды. Бюро кешiкпей «Қазақ» газетiне «Жалпы съезд болады», – деп жар салды. Съезд – «Бiрiншi жалпы қазақ съезi»
болмақ. Съезд Орынборда 1917 жылы шiлденiң 20-сы кезiнде ашылмақ. «Қазақ» газетiнде Қазақстанның əр облысында съезге қанша өкiлдер шақырылғаны жарияланды. Iле Орынбордан телеграмма келдi. Съезде қаралатын мəселелерiн қозғады. Қаралатын мəселелер: 1) Жалпы Россияның мемлекет құрылысы. 2) Қазақ облыстарының автономиясы. 3) Жер мəселесi. 4) Милиция мəселесi. 5) Земство. 6) Оқу. 7) Сот. 8) Дiн мəселесi. 9) Əйелдер мəселесi. 10) Учредительное собраниеге даярлану. 11) Жалпыроссияның мұсылман советi. 12) Қазақтың саясат партиясын жасау. 13) Жетiсу оқиғалары. 14) Жалпыроссия федералистерiнiң Киевтегi съезiне қазақтан кiсi жiберу, Петербордағы оқу комиссиясына кiсi жiберу. Мiне, съездерiнде қаралатын мəселелер осылар. Съезге əр облыстан «сайлап жiбер» деген өкiлдерiнiң саны аз. Бұл өкiлдердi уездiк комитеттер жiбермек. Немесе облыстық комитеттердiң өзi-ақ жiбере салмақ. Комитеттердiң жiберетiн адамдарынан басқа съезге тағы телеграмма арқылы арнап кейбiр белгiлi кiсiлердi шақырды. – Кiм шақырды?.. – Əлгi Бөкейхановтар шақырды. – Қандай белгiлi кiсiлердi шақырды? – Манағы айтқан, Салық болыс тəрiздi «дүние тұтқасын ұстағандарды» шақырды. Қуанай қазiреттер тəрiздi «əулиелердi» шақырды. Бiздiң Ақмола облысының атынан баратын екi өкiл болып облыстық комитеттiң екi мүшесi кеттi: Омбыда отырып
өздерiн-өздерi сайлап кеттi. Асыл Сейiтов (доктор), Мағжан Жұмабаев (учитель). Бiз Ақмоланың уездiк комитетiнде отырып, тек əншейiн болып жатқан iстi телеграмма, хат, газет арқылы ғана бiлiп отырдық. Кешiкпей Омбыдан фельдшер Шаймерден Əлжанұлынан хат алдым. Мен Шаймерденмен Омбыға оқуға барған жылымда таныс болып едiм. Ол Омбыда адам фельдшерiнiң школында оқыған едi. Шаймерденмен өте жақын дос болып кетiп едiм. 1913 жылы Омбыда ең əуелi жасырынып жастар ұйымын – «Бiрлiктi» ашқанымызда, Шаймердендi ұйымның басқармасының төрағасы қылып сайлап едiк. Шаймерден сонда-ақ төңкерiсшiл едi. «Бiрлiктiң» бiр орман iшiнде болған жиылысында Шаймерден: «Кiшкене баспа машина алайық, баспаға басып қазақ арасына патшаға қарсы сөз тараталық», – деп ұсыныс кiргiзiп едi. Жəне «революция болса қайтемiз» деген сөз болғанда: «Революция болса, қолымызға қару алып, революцияшылдармен бiр боламыз», – деп едi. Бұл сөздердi көпшiлiк жаратпап едi. Жалғыз-ақ Шаймерденге мен қосылып едiм. Мұнымызды кейбiреулер күлкi қылып едi. Мiне, ендi сол Шаймерден маған Омбыдан жазған хатында былай дептi: «Сəкен! Мен Орынборға ана мырзалардың жиылысына кетiп барамын. Мақсұтым – Бөкейхандарға қарсы шығып, олардың жолының терiс екенiн айтпақ. Сен де олардың кiм екенiн жұртқа жариялап, түсiндiрiп айта бер! Қош! Тағы да хат жазармын... Шаймерден». Бiз де ендi қарап отыра алмадық, бұл жиылған съезден не күтуге болатынын айта бастадық. Уездiк комитеттiң жалпы жиналысын аштық. Комитеттiң ортасына Орынборда болып жатқан съездiң – I жалпы қазақ съезiнiң қарайтын мəселелерiн салдық. Баяндама жасап пiкiр алысқаннан кейiн, Орынбор съезiнiң қарайтын мəселелерi туралы қаулы шығардық. Қаулымыз
«Жас қазақ» ұйымының жобасымен болды. Бiздiңше, ең зор мəселе – Россияның болашақ үкiметiнiң түрi. Мұны бiз үлкен қауiптi мəселе деп бiлдiк. Қауiптi болмай қайтедi? – Съезде ылғи жуан болыстар (жаман да болыстар емес, жуан болыстар), үлкен ақсақалдар, қазiреттер болса, олар қандай үкiмет жасамақ?.. Мiнi, сол себептi болашақ үкiмет құрылысын үлкен зор мəселе деп бiлдiк. Бұл туралы бiздiң комитеттiң шығарған қаулысы бойынша, Орынбордағы съезге телеграмма соқтық. Телеграмманы жазған Бiрмағамбет Айбасұлы едi. Телеграмманың мазмұны мынадай едi: «Бiз федеративная республикаға ғана дауыс беремiз. Басқа түрге қарсы боламыз». Бiздiң телеграмма съездiң ашылуына дəл барыпты. Бiздiң осы телеграмманың жөнiмен Ақмола облысының атынан барған Сейiтов федеративная республиканы қуаттап сөйлептi. Съезд шақырушылардың ағасы Бөкейханов кадет партиясының жобасын съезге алғызбақ болыпты, едəуiр далбасалапты. «Россия үкiметi Англия үкiметiндей патшасы бар, парламенттi болуы жөн», – деп таласыпты. Бiрақ көпшiлiктен жеңiлiптi. Съезд федеративная республиканы дұрыс тауыпты. Бұл сөздi съезден кейiн Ақмолаға келгенде Сейiтов сөйледi. Iс солай жүрiп жатты. Қажы, молдалар, болыстар бiзге қас болып алды. Бiздi «дiнсiз», «елдi бүлдiргiш» деп сөз жүргiзiп жүрдi. Қайтып келiп «Тiршiлiк» деген газет шығара бастадық. Кешiкпей тамызда Ақмоланың уездiк съезi болды. Съезге Ақмоланың əр болысынан өкiлдер келдi. Омбыдан облыстық комитеттен əлгi Орынбордағы съезге барған Асылбек Сейiтұлы келдi. Орынбор съезiнiң баспаға басылған қаулыларын əкелдi. Съездiң қалай болып өткенiн сөйледi. Съезде Бөкейхановтардың кадет партиясының жобасын жүргiзбек болғанын айтты. Россия мемлекетiнiң үкiмет құрылысы ағылшындiкiндей, конституция парламенттi бол-
ғаны дұрыс деп таласқанын айтты. Ақырында жеңiлiп, (федерацияға) федеративтi республикаға көнгенiн айтты. Жəне жалпы қазақ («Алаш») партиясын жасауға қаулы қылғандарын айтып, баспаға басылған қаулыларын оқыды. Болашақ учредительное собраниеге (жалпы Россия мемлекетiнiң үкiмет құрылысын жасайтын съезге) Қазақстанның барлық облыстарынан қазақ өкiлдерiн белгiлегендерiн айтты. Маған: «Сенi де Ақмола облысынан белгiлеген өкiлдердiң спискесiне (тiзiмiне) кiргiздiк», – дедi. – Жəне Рақымжан Дүйсенбаевты белгiледiк, – дедi. – Белгiлеген кiсiлерiңнiң бетiн бiлмей, белгiлеп қоюларың жөн бе?.. Соңыра əркiм орыстың əр партиясымен кетсе қайтесiңдер?.. – дедiм. – Неге өйтсiн!.. Жалпы қазақтың өз партиясы болады ғой, – дедi. – Олжабай тəрiздi адамдардың батасын алған партияда бiз болмайтын шығармыз, – дедiм. Бiраз Сейiтовпен қағысып, айтысып қалдық. Ақмоланың уездiк қазақ съезi ашылды. Съезге келген адамдардың көбi не болыстардың «атұлтандары», не iнiлерi, не құдалары болып шықты. Өздерi өкiл болмаса да, бiзге тiстерiн қайрап жүрген болыстар, байлар, молдалар жиналып келiптi. Съездiң маңайы сыбыр-сыбыр сөз. Топ-топ жиылыс. Съездiң көпшiлiгi iрi болыстар мен iрi молдалардың ықпалына түсiп алған тəрiздi. Бiзбен «бiр жолдамыз» деп жүргендер, комитетте бiзбен бiрге қызмет қылып жүрген, бұрынғы орыс төрелерiнiң переводчиктiлмаштары болған қазақ оқығандары болыстармен, молдалармен жампаңдасып, сөйлесiп, құшақтасып алды. Комитет сайлауы болды. Комитетке «Жас қазақтың» бастықтарынан ешкiмдi кiргiзбедi. Сөйтiп, бiз комитеттен шығып қалдық. Комитетке ылғи байлардың, бұрынғы азулылардың, молдалардың адамдары кiрдi. Төрағасы доктордың фельдшерi Құсайын Қожамбердiұлы. (Құсайын сайлау боларда ауып
кеттi.) Мүшелерi: Мəтен молда, бұрынғы судьяның переводчигi Ерденбаев жəне судьяның переводчигi Сарман Шүленбаев, бұрынғы болыс жəне переводчик Үсен Қосаев, басқа осындай адамдар. Жаңарған қазақ комитетi өзiнiң кiм екенiн тезiнен-ақ iс жүзiнде көрсете бастады. Бостандық, теңдiк, əдiлдiк iздеген адамдарға қазақ комитетiнiң ендi ешбiр пəтуасы болмады. Ондай адамдар «Жас қазақ» ұйымына келетiн болды. Бiз «Тiршiлiк» газетi мен «Жас қазақ» ұйымын күшейте бердiк. «Тiршiлiк» газетiнде байларға, болыстарға, молдаларға қарсы жазып жаттық. Комитеттiң кiмдiкi екенiн бұқараға сездiрiп жаттық. Менiң «Тiршiлiктiң» бiр нөмiрiне басқан «Күзетшi иттер» деген өлеңiме комитеттiң төрағасы Құсайын Қожамбердiұлы едəуiр шамданып жүрдi. Бiрақ не қылсын?.. Комитет, губерниялық комитеттiң əмiрi бойынша, елден ақша жинамақ болды. Үй басына жетi жарым сомнан. Байдан да жетi жарым сом, кедейден де жетi жарым сом. Өздерiнiң батагөйлерi, мың-мың жылқылы байлар – Сағынайдың Нұрмағамбетi, Олжабайлардан да жетi жарым сом, Ақмоладағы жатақ Балапаннан да жетi жарым сом! Комитет iсiнiң бəрi де осындай. Бұл əншейiн жүзден бiрiн ғана келтiрген мысал. Əрине, бiз бұған қатты қарсы тұрдық. «Тiршiлiк» арқылы да, əсiресе ауызша сөз жүргiзiп, комитетке жөндi ақша бергiзбедiк. Осы күнi кейбiреулер «Ақмолада шыққан «Тiршiлiк» газетi «кедейшiл» болса да, дiншiлдiктен аман емес едi», – дейдi. 1925 жылы жазғытұрым Ташкенде «Ақжол» газетiнiң Жалпықазақстандық тiлшiлер съезiнде, Байтасұлы деген жiгiт «Қазақ баспасөзiнiң тарихы туралы» деген баяндама жасапты. Баяндамасында алғашқы революция кезiнде шыққан газеттердiң қандай болғанын өзiнше бұза, шалапұла айтып келiп:
«... Ақмоладағы «Тiршiлiк» сондағы газеттердiң бəрiнен кедейшiл болды. Бiрақ бұ да дiншiлдiк, ұлтшылдықтан аман болған жоқ», – дептi. Бұл – əншейiн бос сөз. Əрине, ол уақытта тəжiрибесiз, бiлiмге кедей кезде шыққан газет сүрiнбей, жығылмай кеттi деу де қате. Əуелi осы уақытта да газеттердiң талайының кейде шектен шыға жайылғандарын көремiз. «Тiршiлiк» дiншiл де болған жоқ. Ұлтшыл да болған жоқ. Ұлтшыл болса, «алашқа» қосылар едi. Ал дiншiл болды ма, жоқ па? Мынадан аңғаруға болады. «Мүфти керек» деген сөздер Орынбордағы «Қазақ» газетiне 1917 жылы жазылып жатты. Мiне, осы туралы сол 1917 жылы «Тiршiлiк» газетiнiң бас жазушысы Рахымжан Дүйсенбаев «Тiршiлiктiң» бiр нөмiрiне басмақала жазды. Бұл мақаланы «Тiршiлiктен» «Қазақ» газетi алып көшiрiп те басты. Басқанда «бiздiң пiкiрiмiзге қарсы пiкiр» деп басты. Сол мақаланы ендi «Қазақ» газетiнен алып, бiз мұнда келтiрейiк. «Қазақ» газетi былай деп көшiредi: Газеттерден: «...Ақмолада жаңа шыға бастаған «Тiршiлiк» газетi «Мүфти қазаққа керек пе» деген басмақаласында қазiр мүфтиге қарау керек еместiгiн жазады. Бiз қазақ мүфтиге кiрiсу керек деген пiкiрдемiз. Бiрақ бұ да бiр газеттiң пiкiрi болғандықтан оқушының сынына салуды мақұл көрдiк. «Тiршiлiк» газетi жазады: «Бiздiң қазақтың көбi мүфтиге қарамайды», – деп талпынады. Оның неге керек екенiн өзi де көп анық бiлмейтiн сықылды. Көбiнiң мүфтиге кiремiз дейтiнi ноғайлармен сөйлескенде, əзiлдескенде айтатын сықылды: «Сендер, қазақ, мүфтиге қарамайсың, орысқа қарайсың», – деп, соны қайсыбiреулерi бойына мiн көредi. Расында, ноғайдың мүфтиi де орысқа қарайды. Орысқа, патшаға қарамай кеткен бұған шейiн ешкiм жоқ. Ноғайлардың мүфтиi қайта орысқа, ұлыққа сөз тасып, халыққа жақсылық ойлағандарының үстiнен көрсетiп тұратын қулар, шпион екен. Ол жақында Николай патша түскен
соң ашылды. Мүфти болғанмен ноғайларда артықша дiн күшейiп, не бiлiмi артылып кеткен ешнəрсенi бiз бұл күнге шейiн байқамадық. Бiздiң қазақ əуелде мүфтиге қараған да едi. Онан шыққалы отыз жылдай-ақ болды. Шыққан мəнiсi: мүфтидiң жер турасында қылғандары. Қазақтың атқамiнерлерiнiң жер дауларынан алатын пайдасы кетiп, көп жұмыстар өз уқалауынан шыққан себептi. Орыстар дiн турасында архиерейлер сайлауды патшалық жұмысы емес бiлiп, əркiмнiң дiн – өз жұмысы деп қалдырып тұр. Бiз бiреудiң ескiсiн кимесек жүре алмаймыз ғой. Бұлар дiн бастығын қалдырып жатқанда, бiз оны жаңадан сайлап жатырмыз. Ғылымнан көрiнiп тұрады: дiн бастығы зорайған сайын, халық надан болып бұзылады, ғылым, бiлiмнен қалып, дiндi тұту керек, бiрақ аса шиелендiрмей тұту. Жалпы қара халыққа неғұрлым төре, чиновник, ұлық аз болса, соғұрлым пайдалы. Молдалардан мүфти қылып, қазақ қоқырайтып бiр ұлық шығарып алса, қайтып құтылуы қиын болар. Талай жұртта солай болған. «Не хақты бер, ат қоярыңды бер, ысқат-жаназаңды бер!..» – деп, жалғыз сиырдың бұзауын қуып кетiп отырса, сол қиын болар. 1891 жылы, 25 мартта шыққан Степное положение бойынша, молда белгiленiп шығарылмады. Сөйтсе де əлiптi таяқ деп бiлмейтiн ауылнай старшина жаназаға, некахқа, ат қойғанға əр жерде-ақ патшалық алымнан кейiн қалмай, белгiлi алым алып тұратын əдет шығарған едi. Қазақ əзiр мүфтидi қоя тұрып, өзге бас билiгiн түзетсiн. Мүфтилiктi қоя тұру керектiгiн жəне не екенiн түсiнбегендiгiн Ақмолаға ахон сайлауы көрсеттi. «Қазақ». 1917 жыл. Рахымжан Дүйсенбайұлы 2 декабрь, № 253»
Мiне, осы мақала дiншiл газеттiң мақаласы ма?.. Ол уақытта осындай мақаланы «Тiршiлiк» газетiнен басқа ешбiр қазақ ойына алған жоқ та. Өйткенi олардың тар жолына мұндай мақалалар дұрыс емес едi. Олардың туы да «алаш», ұраны да «алаш» болды. Қуаты, батагөйi – бай-ақсақалдар, мықты болыстар, «əулие» қазiреттер болды... «Тiршiлiк» газетiнiң жазушылары «Жас қазақ» ұйымы едi. Қуаты Ақмола жатақтары едi. Ақмоланың қаласына да, уезiне де қазақ комитетiнен «Жас қазақ» ұйымы қадiрлi бола бастады. «Жас қазақ» басқармасы ретi келiп қалғанда кейде комитетке бұйрық жазатын да болды. Əсiресе əйел мəселесiн комитеттiң бұрмалауына «Жас қазақ» ұйымы жiбертпедi. Қазақ комитетiнiң халық алдында қадiрi қалмады. Iрi мəселелердi «Жас қазақ» ұйымының ұйғаруы болмаса, өз бетiмен iстей алмады. Комитет кеңесiн «Жас қазақтың» бiр мүшесi бақылап отыратын болды. Қазақ комитетi қалайша қадiрлi болсын?.. Комитетке кiрiп алып, бұрынғы ел жеуге үйренiп қалған переводчик, молда, мырзалар тағы да елге тұмсықтарын тықты. Тағы да бұрынғы жуандар, молдалар тайраңдайтын болып алды. Тағы да жауыздық iстеле бастады. Ал бұлардың бəрiне бiздiң «Жас қазақ» қарсы тұрып, терiстiктi жұртқа əшкере қылып жариялай бердi. Ондай түрде комитетте не қадiр қалсын!.. «Жас қазақ» ұйымы қанша алысқанмен комитет аздап бұқпантайлап, өзiнiң бықсыған шатақ iстерiн iстей бердi. Бiр күнi «Жас қазақ» ұйымы комитетпен белдеспек болды. «Комитеттi қуу керек!» деген сөз қозғалды. Кеңеспек болдық. Сол күзге қарсы Ақмолада екi класты орыс-қазақтың школасы ашылған. Школдың бiр оқытушысы мен. Пəтерiм школмен бiрге. «Жас қазақ» жиылысын кешке жасырын сол бiздiң школда жасамақ болдық. Iңiрде жұрт саябыр болған кезде, жұрт бiздiң школға жиналды. Жиналысқа бiрен-саран «Жас қазақ» ұйымында жоқ адамдарды да шақырдық.
«Жас қазақтың» бастықтары тегiс болды. Сол кезде Омбыдан келген Байсейiт Əдiлұлы да болды. «Тiршiлiк» газетiнiң бас жазушысы Рахымжан Дүйсенбайұлы болды. Жиылысты аштық. Жиылысқа мен төрағалық қылдым. Байсейiт хатшылық қылды. Бiраз кеңескеннен кейiн, комитеттi қууға қаулы қылдық. Комитеттiң не себептi қуылатынын, терiстiктерiн айтып, қағазға тiзiп жазып, қарар шығардық. Бұл шығарған қарарды төрт-бес қағазға даралап көшiрiп жазып, қаланың, орыстың мекемелерiне мағлұмат үшiн тапсырмақ болдық. План мынадай: Ертең ерте мекемелерде қызмет басталған кезде, бəрi бiр уақытта, бiздiң кiсiлер əр жерге барып, зор ұйымдарға, мекемелерге əлгi шығарған қаулыны тапсырмақ. Сонан соң жиылмақ жер қылып белгiлеген комитеттiң қасындағы Асылбекұлының үйiне жиылмақ. Сол жерден жазу жазған екi-үш ту көтерiп, комитетке бармақ болдық. Əркiмге мiндеттi iс тапсырдық. Байсейiт пен Жұмабай уезный комиссарға барып, бiздiң қарарды тапсырмақ. Мен бiр жолдаспен гарнизондағы солдаттарға барып қарарды тапсырып, ауызша да қысқаша баяндама қылмақпын. Бiреулерi орыс комитетiне барып, қарарды тапсырып, баяндама қылмақ. Бiр-екi жолдас керек сөздердi жазып, ертең ерте жиналатын Асылбековтың үйiне екi-үш туды даярлап тұрмақ. Дүйсенбаев пен Серiкбаев жəне бiреулер жатақтағы қара бұқара қазақтардың жиналатын базарына барып, топ жиып, қысқаша сөздер сөйлеп, қарарды оқып, бұқара халықты комитетке қарай алып келмек. Сөйтiп, түнде «Жас қазақ» жиылысы тарқады. Ертеңi жасалған план бойынша əркiм өз мiндетiн iстеп, уəделi жерге жиналдық. Гарнизон маған «сендердiң тiлеуiңдемiз» деген сөз айтты. Асығып уəделi үйге келдiк. Туларды да əкелдi. Жолдастар жиналып жатыр. Жиналып болды. Уездiк комиссарға барған кiсiмiз келдi.
Комиссардың түрi жаман. «Ереуiл жасатпаймын, қойыңдар!.. Тыңдамасаңдар, арестовать етем бəрiңдi!» – деп айтты деп келдi. Ендi көшеге шығу ғана қалды дегенде, комитетке астыртын жiберген бiр жолдас жүгiрiп келдi. – Ойбай, комитетке үш-төрт милиционер жəне бiр-екi орыс пен комиссар келдi, – дедi. – Е, қайтемiз, келсе!.. Бəрiбiр!.. Барамыз!.. – деп дуылдап көшеге шықты. Комитетке бардық. «Жас қазаққа» бiрталай жатақ бұрыла қосылды. Топталып шұбырып комитетке келдiк. Топырлап, сиғанымызша комитет үйiне кiрдiк. Комитеттiң мүшелерiнiң көбi астыңғы үйдiң есiгiнен шығып, қашып кетiптi. Керенскийдiң комиссары бiзге қарсы шықты. Бiздiң сөйлеуге белгiлеп қойған екi кiсiмiз Керенский комиссарымен шартта-шұрт айтыса қалды. Комиссар комитеттi қорғайды. Бiздiң екi кiсi қаралайды. Бiз өзгемiз иiн тiресiп ентелеп тұрмыз. Комитетке симаған көпшiлiгiмiз тыста. Көп тұрмай, комиссармен айтысуға мен де кiрiсе кеттiм. Сөйлеткен екi кiсiмiздiң екеуi де ел жiгiттерi едi. Екеуi де тайсалмай сөйлеп тұр. Бiрi Құсайын Жалмағамбетұлы деген, бiрi тағы бiр ел кiсiсi. Комиссарлар қасында Ақмоладағы «эсер» партиясының жауапты хатшысы бар екен. Ол бiр сөйлемпаз адам екен. О да сөзге кiрiстi. Бiрақ ол əншейiн жай ғана тоқтау айтты. Ал комиссар аузынан жалыны шығып, бұрқылдап сөйледi. Бiздi қорқытады. Ақырында комиссар түсiн, дауысын өзгертiп сөйлеп, он бес күнге мұрсатана сұрады. Он бес күнде комитеттi қайта сайламақ болды. Бiз тарқадық... Ендi сол күннен кейiн халыққа «комитеттiң бұты бес тиын да болмай қалды. Тиындай да қадiрi қалмады». Он бес күн өттi. Комиссар комитеттi тарқатпады. Бiздiң кiсiлер тағы да сөз жүргiздi... Базардағы жиылған бұқараға Рахымжан Дүйсенбаев барып, комитеттiң байдiкi, болыстiкi екенiн айтып сөз сөйледi.
Школада отырған менi шақырды. Бiз де бардық. Жұрт тағы да қызып, «комитеттi күштеп тарқатамыз...» деп, тағы да комитетке қарай гу-гулеп топтанып, шұбап жөнелдi. Тағы да топырлап барды. Комитет мүшелерi қорқып, комитеттi құлыптап кетiп қалған екен. Үйдiң қожасы бiр шал есiк алдында шығып тұр екен. Жұрт тағы да тарқады...
СОВЕТ ҮШІН КҮРЕСТЕ Кешікпей «Петроградта Керенский үкіметі құлап, үкіметті большевиктер алды» деген телеграмма сап ете түсті. Октябрь төңкерісінен кейін əлеумет, саясат майданындағы күрестеріміз бұрынғыдан да екпінді болды. Мыс қазандай қайнады. Жиылыс-митинг, талас-тартыстар жиіленді. Дүйсенбайұлы, Асылбекұлы, Серікбайұлы, Нүркенұлы, Бекмұқамбетұлы, Əділұлы, Қангелдіұлы Уəли, Ғыбачжилин мен Көшербай, тағы басқа жолдастар Монин, Гривогоз, Лозной, Коломейцев, Репшнейдр деген солдаттармен жəне Екібастұз заводының жұмыскері Бачок деген мен Трофимов деген левой Эс-Эр адвокатпен, Горбачев деген семинарияның учителімен, əлгі Мартылого деген левой Эс-Эр жəне басқа орыс жəне қазақ жолдастармен бəріміз бір ыңғай Ақмолаға Совет орнату жолында талас-тартыс майданына шықтық. Талай жиылыс, талай митинг өткіздік. Совет орнатуға «қалпымен» казак-орыс қарсы. Əрине, байлар, төрелер, офицерлер карсы. «Алаш» ниетіндегі қазақ комитеті қарсы. Керенскийдің өзі жойылса да, Ақмолдағы отырған комиссары Петров қарсы. Қысқасы, қарсы күш қалың. Біз тіпті азбыз. Жұрт гулейді. Жиылыстарда иін тіреседі. Ұрсысады, керіседі.
Орынборда болған, Бөкейхановұлдары бастаған сиездің қарары бойынша күллі Қазақстанда «Алаш» партиясы деген жасалды. Оның губерна-губернада облыстық комитеттері ашылды, уез-уездерде комитеттері ашылды. Біздің «Тіршілік» газетінен басқа газеттерде «Алаштың» жобасы жарияланды. Бұл газеттер көпірген мақалалар жазып, «Алаш», «Алаш!» деген күйге бастады. «Алаш» партиясының жобасын «ЭсЭр» меньшевик партияларының, Кадет партиясының жобаларынан құрастырып алды. Бірақ «Алаш» өзінің бұл құрғақ жобасын да іс жүзінде қолданған жоқ, іс жүзінде Колчак ағасының тəртіптерін қолданды... Барлық «Алаш» «ағасы» деп Əлихан Бөкейханұлын, ұлтшыл оқығандар «көкке көтерді». «Алаш» бастықтары да тыпырлап, алас-ұрып сөз таратып, бар күштерін салып əрекеттерін жасады. Дон-Кихот ша, Бөкейхан Сібір сиезіне келді. Омбыға келді, Семейге келді, баяндамалар жасады. Оқыған ұлтшыл мырзалар, оқып жүрген мырза болам деуші бай ниетті «ұлдары» Бөкейханның жолын тосып қарсы алды. Омбыда, Семейде Бөкейханұлын байшыл-ұлтшылдар, сəудегерлер құрметтеп жатты. Бұл туралы 1917 жылғы ноябрьдің 21 дегі «Қазақ» газетінің 25 нөміріндегі, Бөкейханұлын Семейде қалай, кімдер күтіп алғанын жазған «Сарыарқа» газетінен көшірген мақаланы көріңіз. Ол газеттерге қарағанда Бөкейханды құрметтеп Семейде алдынан шығып сөйлеушілер: 1. Шайқы Мұсатайұлы. 2. Ахметжан Қозыбағарұлы. 3. Маннан Тұрғанбайұлы. 4. Сұлтанмақмұт Торайғырұлы. 5. Аймауытұлы. Тағы басқалар. Содан кейін Орынборда «Алаш» партиясынан жалпы Ресейлік учредительный собраниеге Қазақстан губерналарынан белгіленген адамдардың тізімдері (списке қағаз)
газетінің 14 ноябрьдегі 1917 жылы 250 нөмірінде жарияланды. Ол тізімдері міні: I. Алаш партиясы «Алаш» партиясы атынан учредительный собраниеге аталған депутаттар: Торғай облысынан нөмір бірінші спеске. 1. Ахмет Байтұрсынұлы, 2. Ахмет Бірімжанұлы, 3. Сағындық Досжанұлы, 4. Абдолла Темірұлы, 5. Телжаман Мұрынұлы, 6. Ержан Оразұлы, 7. Əлихан Бөкейханұлы, II. Ақмола əм Семей облысынан списке № 5 1. Əлихан Бөкейханұлы, 2. Айдархан Тұрлыбайұлы, 3. Əлімхан Ермекұлы, 4. Қалел Ғаппасұлы, 5. Асылбек Сейітұлы, 6. Мұқыш Поштайұлы, 7. Ережеп Итпайұлы, 8. Жақып Ақпайұлы, 9. Сейілбек Жанайдарұлы, 10. Райымжан Мəрсекұлы, 11. Жұмағали Тілеуліұлы, 12. Биақмет Сəрсенұлы, 13. Рақымжан Дүйсенбайұлы, 14. Ақметжан Қозыбағарұлы, 15. Мағжан Жұмабайұлы, 16. Əбікей Сəтбайұлы, 17. Сыдық Мешінбайұлы, 18. Базкен Өскенбайұлы, 19. Салмақбай Күсемісұлы. III. Орал облысынан 1. Қалел Досмұқамбетұлы, 2. Жанша Досмұқамбетұлы, 3. Нұрғали Ермағамбетұлы, 4. Ғұбайдолла Əлібекұлы, 5. Сəлімгерей Қаратілеуұлы, 6. Омар Есенқұлұлы, 7. Ғайса Қашқынбайұлы. IV. Жетісу облысынан Списке №2 1. Мұқаметжан Тынышбайұлы, 2. Шибалин (орыс), 3. Отыншы Əлжанұлы, 4. Ашкасайский (орыс), 5. Ғаб-доллин, 6. Ниязбекүлы, 7. Мырзақан Төлебайұлы, 8. Бабкин (орыс), 9. Пропкин (орыс).
Списке №3 1. Ыбрайым Жайнақұлы, 2. Шандириков (орыс), 3. Садық Аманжолұлы, 4. Дүр Сауранбайұлы, 5. Базарбай Мəметұлы. V. Бөкей ордасынан Списке № 8. 1. Уəлитхан Танашұлы, 2. Бақыткерей Құлманұлы. Списке № 2 1. Қадым Сармоллаұлы, 2. Сəлімгерей Нұралиханұлы. Бұл жалпы тізімде Сырдария облысынан белгіленген кісілерінін тізімі ғана жоқ. Совет үкіметіне қарсы «Алаш» бастықтары жанталасып «іске» кірісті. Совет үкіметін орнатушы большевиктерді жамандап, балағаттап, «Алаш» газеттері гүжілдеп жар салып жатты. «Большевиктер немістерге сатылып, астыртын ақша алып келгендер» деп дүрілдетіп жатты. «Қазақ» газетінің жоғарғы айтылған 14 ноябрде шыққан 250 нөмірінде «Алаш» партиясының бастығы Бөкейханұлы бірнеше жолдастармен қол қойып жарнама жазып, социалшыл большевик партиясын қара халыққа құдай қылып суреттеу үшін нешетүрлі көлгір, қу, сұм сөздерді бұрқыратып жазып, үгіттеу таратты. Бұл жарнамаға қол қойғандар банағы: Ə. Бөкейхан, А. Байтұрсынұлы, М. Дулатұлы, А. Бірімжанұлы, С. Досжанұлы, Ж. Жəнібекұлы, Ф. Ғалымжанұлы, К. Арынғазыұлы, Ғ. Жүндібайұлы, Ғ. Бірімжанұлы. Жəне, «Қазақ» газетінің сол 14 ноябрьдегі шыққан 250 санында бұлардың енді тағы Орынборға II сиез шақырған жарнамасы, облыс-облысқа соққан телеграммы жарияланды. Телеграмға қол қойғандар: А. Бөкейханнұлы, А. Байтұрсынұлы, С. Досжанұлы, Е. Омарұлы. Бұл телеграмда əр обыстан уəкіл шақырады. Жəне шығып жатқан қазақша газеттерден жəне ашылған қауымдардан бір-бір уəкіл шақырады. Жəне аттарын атап өздеріне ниеттес адамдардан бірталай ишан, қазы, мырза, оқыған бай-
ларды шақырған... Олардың тізімдері мына төмендегі: қазы Омар Қарашұлы, қазы Қайырша Ақыметжанұлы, қазы Ғабдолла Ешмұқамбетұлы, Ақмет ишан Оразбайұлы, Қожамбет Оразайұлы, Құрмамбек Бірімжанұлы, Құлмамбет Қанқожаұлы, Шəкəрім Құдайбердіұлы, Жүсыпбек Басықараұлы, Мұстапа Шоқайұлы, Қалел Досмұқамбетұлы, Жанша Досмұқамбетұлы, Уəлитхан Танашұлы, Бақыткерей Құлманұлы, Жанғожа Мергенұлы, Ешанғали Арабайұлы, Ораз Мəтиұлы, Шонан ақсақал, Отарбай қажы Қандыбайұлы, Ақметкерей Қосуақұлы, Нұрлан Қияшұлы, Нұрмақамбет Сағынайұлы, Шаңгерей Бөкейұлы, Есенқұл қажы Маманұлы, Мұхаметжан Тынышбайұлы, Салық Қарпықұлы, Сапар Наурызбайұлы жəне Илияс Жанқараұлы. Бұл телеграммада өзге қазақ газеттерінің қатарында біздің «Тіршілік» газетімізден де өкіл шақырылған екен. Жəне əрбір ашылған қауымдардан бір өкіл келсін деген екен. Біз газетіміз «Тіршілік» атынан да, қауымымыз «Жас қазақ» атынан да өкіл жібермедік. Телеграмның айтуынша, əр уез екі ақсақал сайлап жібермек. Жəне оның үстіне арналып шақырылған «қадірлі» жуан байлар, «қасиетті», «шарапатты» қазірет, ишандар, қажылар бар. Бұл арналып шақырылғандардың ішінде біздің Ақмоладан Нұрлан Қияшұлы бар. Жəне банағы Нұрмағамбет Сағынайұлы бар, бұл екі ақсақал, əрине ескі феодал қазақтың «ел аузына қараған» адамдары. Нұрлы «екең» (Қияшұлы) Николай түскенше жиырма алты жыл болыс болған. Патшадан, жандаралдан алған наградтары бар. Мың жарымдай жылқысы болған. Отыз болыс уыз үйлі Қуандықтың «күрзісі» Нұрмұқамбет əлгі, 1916 жылы біз көрген, патша заманында, Николай наследник күнінде Омбыға келіп той қылғанда, патшаның баласына тарту-таралғы, сый апарған. Сыйға оюлы, сырлы алтындаран ақ үй апарған. Үш айғыр үйірлі қысырақ апарған. Бірі ылғи ақ шұбар, шұбарлығы ақ қағаздың үстіне теңгеше тамған қарадай. Бірі ылғи кұндыздай мақпал қара, бірі ылғи кіршіксіз қылаң. Патшаның өзінен жəне баласынан алған мақтау, наград, шендері көп. Нұрмағамбет бүкіл Ақмолаға
машһүр салтанатты паң, өлшеусіз бай. Өзі қажыға да барған, болыс та болған адам екені белгілі. Бірақ біздің «Нұрлыекең де», Нұрмағамбет те хат білмейтін адамдар. Əрине, сонымен, екінші «жалпы қазақ» сиезі де осындай Қазақстанның ылғи күрзі байларының, қажы, ірі жуан болыс қазіреттерінің сиезі болды. Сонымен, Орынборда екінші «жалпы қазақ» сиезі шақырылып ашылды. Сиезге жиналғандар: əлгідей «Алаштың» қаймағы», «Алаштың» көкжалдары. Біздің Ақмола қаласынан сиезге Камалиддин қалпе мен Құл Бəуенұлы деген көпес барды. Сиезде əскер жасамақ болды, ақша жинамақ болды, «Алашорда» деген үкімет құрмақ болды. Үкіметке кісілер сайлады. Қазақша айтқанда уəзірлер сайлады. «Сарыарқа» газетінің 1918 жыл 25 январдағы 29 нөмірінде «Жалпы Қазақ-Қырғыз сиезінің қаулысы» деген ұзын мағлұматты «Қазақ» газетінен көшірген. Оның басы былай басталады. «Жалпы қазақ-қырғыз сиезінің қаулысы» Сиез Орынборда 5 – 13 декабрде болып өтті. Сиезге Қазақстаннын барлық 8 обылыстарынан өкілдер келді. Сиез шақырушылар: Əлихан Бөкейханұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Елдес Омарұлы, Сағындық Досжанұлы жəне Мержақып Дулатұлы. Сиезге түрлі ұйымдардан жəне газеттерден мынадай уəкілдер келді: Мұртаза Нұрсейітұлы, Абдрахман Мұртасынұлы, Əбілғазиз Өлкешұлы, Бернияз Кулейұлы, Əбілқамит Жүндібайұлы, Əбілғазиз Мұсаұлы, Қошмұқамбет Кеменгерұлы жəне Қайретден Болғамбайұлы. Арнап шақырылғандар: Бақыткерей Құлманұлы, Жанша Досмүқамбетұлы, Омар қази Қарашұлы, Əбіл қази Ешмұқамбет ұлы, Мəди Мақұлұлы. Қалел Досмұқамбетұлы,
Есенғали Арабайұлы, Ақыметкерей Қосуақұлы, Уəлитқанұлы, Жанқожа Мергенұлы, Салық Қарпықұлы, Отарбай қажы Құндыбайұлы, Мұстапа Шоқайұлы жəне Илияс Жанқараұлы. Сиезд бастығына сайланғандар: Председателі Бақыткерей Құлманұлы. Серіктері: Əлихан Бөкейханұлы, Қалел Досмұқамбетұлы, Əзімхан Кенесарыұлы, Омар Қарашұлы. Секретарьлары: Дəулетше Күсепқалиұлы, Мержақып Дулатұлы, Сейдазым Кəдірбайұлы. Жиылыс ашылар алдында Əлихан: «Былтырдан бергі шаршы топта сөйлеп бəйге алған осы сиезге шақырылған, ардақты шешен Ораз ақсақал Тəтиұлы өлді. Жиылысты, марқұм Оразға дұға қылып басталық», – деді. Жиылған жұрт марқұм Ораздың рухына дұға қылып, кеңеске кірісті... Сиезде қаралуға қойылған мəселелер: 1. Сібір, Түркістан автономиясы, жəне Юговосточный союз туралы, 2. Қазаққырғыз автономиясы, 3. Милиция туралы, 4. Ұлт кеңесі, 5. Оқу мəселесі, 6. Ұлт қазнасы, 7. Мүптілік мəселесі, 8. Народный суд, 9. Аулное управление, 10. Азық-түлік мəселесі. Қаралған мəселелер туралы сиез қаулылар алып, пəлен миллион ақша, пəлен мың əскер жиюға қаулы қылып, оларды əр облысқа бөліп салып, «Алашорда» үкіметін сайлады. «Алашордасына» мына адамдар сайланды: 1. Бөкейліктен – Уəлитхан Танашұлы. 2. Оралдан – Қалел Досмұқамбетұлы. 3. Ақмоладан – Айдархан Тұрлыбайұлы. 4. Торғайдан – Ақмет Бірімжанұлы. 5. Семейден – Қалел Ғаппасұлы. 6. Жетісудан – Садық Аманжолұлы. 7. Сырдариядан – Мұстапа Шоқайұлы.
Облыстардан тысқары: 8. Əлихан Бөкейханұлы. 9. Жанша Досмұқамбетұлы. 10. Əлімхан Ермекұлы. 11.Мұқаметжан Тынышпайұлы. 12. Бақыткерей Құлманұлы. 13. Жақып Ақбайұлы. 14. Базарбай Мəметұлы. 15. Отыншы Əлжанұлы. Оларға орынбасарлыққа сайланғандар: 1. Ғайса Қашқынбайұлы. 2. Түсіпбек Жақыпбайұлы. 3. Ережеп Итбайұлы. 4. Сатылған Сабатайұлы. 5. Есенғали Қасаболатұлы. 6. Батырқайыр Ниязұлы. 7. Мұқыш Поштайұлы. 8. Сейілбек Жанайдарұлы. 9. Сəлімгерей Нұралиханұлы. 10. Омар Алмасұлы. 11. Сейдазім Кəдірбайұлы. 12. Аспандияр Кенжеұлы. 13. Астабыс Капитан Бегімұлы. 14. Есен Тұрмағамбетұлы. 15. Жанеке Сұлтанбайұлы. «Алашордасының» бастығына: Əлихан Бекейханұлы. Бақыткерей Құлманұлы жəне Айдархан Тұрлыбайұлы, тасқа салынды.
Сайлаушы Сайламаушы Əлиханды 40 Бақыткерейді Айдарханды Сүйтіп, «Алашордасының» бастығына Əлихан Бөкейханұлы сайланды. Оқу комиссиясына: 1. Ахмет Байтұрсынұлы, 2. Мағжан Жұмабайұлы, 3. Елдес Омарұлы, 4. Биахмет Сəрсенұлы, 5. Телжан Шонанұлы сайланды. Сүйтіп, «Алаш» «үкіметі» жасала қалды. «Үкімет» жасауға, «ұлық» болуға оқығансымақтар қандай құмар! Ұлтшыл-байшыл ақындар «Алашқа» арнап талай өлеңдер жазып, газеттеріне жариялады. Орынборда осы айтылған 2-жалпы қазақ-қырғыз сиезінің ашылатын қарсаңында, «Қазақ» газетінің 1917 жыл декабрде 254 нөмірінде «Түркістан автономиясы» деген телеграмма басылған. «Қазақ» басқармасына келіп жарияланған телеграммада былай делінген: «Қоқанд. 2 декабр, 27 ноябрде Қоқантта өлейет, мұсылман сиезі болды. Жерлі Түркстан автономиясы жарияланды. Халық шаттықпен қарсы алып тұр. Уақытша ұлт мəжілісіжаңа үкімет сайланды, январда Түркстанның учредительный собраниесі шақырылады. Үкіметтің уақытша тұратын орны Қоқанд қаласы. Қайратден Болғанбайұлы». Баяғы «Қоқан автономиясы» деген осы. Қоқанда «Алаштың» біраз «оқығандары» сарттардың, ноғайлардың байларымен жиналып отырып, өздерін өздері барлық Түркстанның «үкіметі» қылып сайлап, автономия жариялаған. Үкіметтің бастығы: Мұқаметжан Тынышбайұлы, мүшелері Мұстапа Шоқайұлы жəне басқалар.
Міні, бұл үкіметтерін «сайлағаннан» кейін Мұстапа Шоқайұлы Орынборға ездерінің «2-жалпы қазақ-қырғыз» сиезіне барған. Сиезде Жетісу мен Сырдария қазақтарының Түркстан автономиясына қосыла қоймағанын аңғартқан. Сүйтіп, ол «ерің» екі «үкіметке» мүше болған... «Алаш» партиясының губерналық комитеттері газеттердің жүзінде жарияланып жатты. Бұл араға «Алаш» партиясының екі-үш губернадағы комитеттерінің тізімдерін кіргізе кетейін. «Қазақ» газетінің 1917 жыл 18 декабрде шыққан 254 нөмірінде осы газеттің «тілшісі» былай деп жазады: АҚМОЛА ОБЛЫСЫ Омбыда обласной «Алаш» партиясының комитеті ашылғандығы «Қазақта» жазылып еді. Комитетке сайланған адамдар: Асылбек Сейітұлы, Мағжан Жұмабайұлы, Мұқтар Саматұлы, Айдархан Тұрлыбайұлы, Бекмұқамбет Серкебайұлы, Ерқосай Мұқышұлы, Ережеп Итбайүлы, Дінмұқтамбет Əділұлы, Қошмұқамбет Кеменгерұлы, Мұсылманбек Сейітұлы, Жұмағали Тілеуліұлы, Ахметұлы, Құсайын Қожамбердіұлы, Қожақмет Кəкенұлы «Алаш» комитеті əр уезге учредительный собрание сайлауын халыққа түсіндіруге кісі шығарды. Бұлар Ақмола облысының 5 уезінде «Алаш» комитетін ашты... Тағы сол «Қазақ» газетінің 1917 жыл декабрьде шыққан 253 нөмірінде былай дейді: АЛАШ ПАРТИЯСЫ «Семейде областной «Алаш» партиясының комитеті ашылған хабарын жазып едік. «Сарыарқаның» соңғы нөмірінде бұл туралы мынадай мақала басылды:
«Алаш» партиясының Семейде уақытша обласной комитеті ашылды. Комитетке кірген кісілер: Əлімхан Ермекұлы, Рақымжан Мəрсекұлы, Имам Əлімбекұлы, Ақметжан Қозыбағарұлы, Турағұл Құнанбайұлы, Қалел Ғаппасұлы, Сыдық Дүйсенбайұлы, Əлихан Бөкейханлы, Мұстақым Малдыбайұлы, Данияр Молдабайұлы, Бияхмет Сəрсенұлы, бұлардан басқа уез басы бір кісі кіруге орын қалдырылды... Комитеттің председателі Қалел Ғаппасұлы, жолдас Ақметжан Қозыбағарұлы, секретары Сыдық Дүйсенбайұлы, қазнашысы Анияр Молдабайұлы, құрметті председателі Əлихан Бөкейханұлы»... деп, «Қазақ» газеті «Сарыарқадан» көшіреді. Жəне «Қазақ» газетінің 1917 жыл ноябрде шыққан 250нөмірінде былай деген: «АЛАШ» ПАРТИЯСЫ «Алаш» партиясының Орынборда Торгайский областной комитеті ашылды. Комитетке Орынборда тұратын 10 қазақ, жəне төрт уезден 4 қазақ, барлығы 14 ағза сайланды. Орынбордағы ағзалар: Ахметжан Бірімжанұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Əлихан Бөкейханұлы, Елдес Омарұлы, Омар Жəнібекұлы, Мержақып Дулатұлы, Ғабділқамит Жүндібайұлы, Сағындық Досжанұлы, Ғабділкəрім Досжанұлы – Торғайдан, Телжан Шонанұлы – (Ырғыздан). Есенғали Нұрмақамбетұлы, – (Ақтөбеден). Мырзағазы Есполұлы – (Қостанайдан). «Алаш» партиясының обласной комитет председателі Əлихан Бөкейханұлы, серігі Ахмет Байтұрсынұлы, секретары Мержақып Дулатұлы, қазнашысы Жанұзақ Жəнібекұлы. «Алаш» партиясының ағзалық жарнасы бір сом» деп «Қазақ» газет жазады. «Қазақ» газетінің 253-нөмірінде «Сарыарқадан» көшірілген мағлұматында «Алаш» партиясына кіруге қазіргі шарт:
«Кіндік комитетінің айтқанын екі қылмайтын, бұйырғанын дəл орындайтын «Алаш» партиясының программасын жөн көрген... адам кіреді», – дейді... Учредительное собрание сайлауын өткізуге біздің Ақмола облысының Омбыда ашылған облыстық «Алаш» комитетінен Ақмолаға Мұқтар Саматұлы келді. Ол кезде Мұқтардың Бөкейханұлдарына сеніп жүретін кезі еді. Ақмолада «Алаштың» уездік партия комитетін ашты, учредительное собрание сайлануын өткізуге əрекет қылды. Қазақ, дауысын «Алаш» списігіне бергізуге əрекет қылған болды. Ақмоланың өлуге таянған қазақ комитетіне Мұқтар келген соң азырақ жан кірді. Мұқтар комитетке орнады. Мұқтарды көрейін деп қазақ комитетіне бардым. Амандастық. 1913 – 14 – 15 – 16 жылдарда Омбыда оқуда жүргенде «Бірлік» ұйымын ашысқан жолдаспыз. – Сен «Үшжүздің» партиясына кіруге ризалығыңды бердің бе? – деді, мен: – Жоқ. Маған «Үшжүз» партиясының да, «Алаш» партиясының да керегі жоқ. Екеуіне де қосыла алмаймын. Бірақ «Алаш» партиясынан «Үшжүзді» тəуір көремін, – дедім. – Мына учредительное собранияға қатысқанда қай жағында боласың? – деді. – Қайда болатынымды өзім білемін. Бірақ «Алашта» да, «Үшжүзде» де болмаспын, – дедім. Айтқандай, Омбыда облыстық «Алаш» партиясымен жарыса «Үшжүз» партиясы деген ашылған. Бұл партияны ашушылар сол Омбыдағы Мұқан Əйтпенұлы, Көлбай Тоғысұлы, Шаймерден Əлжанұлы, тағы басқалар. Бұлар партиясының атын «социалшыл» «Үшжүз» партиясы деген. Партияларының тізіміне сырттан Ақмола қаласындағы бізді де кіргізіп қойыпты. «Үшжүз» партиясы жасалғаннан «Алаш» партиясының басындағыларды боқтай, сөге түре келді. Қызылжар қаласында «Үшжүз» деген газет шыға бастады. Газетінің бетін «Алаштың» «көсемдерін» сөгумен толтыра берді.
Əрине, «Алаш» партиясының «көсемдері» де «Үшжүз» басындағыларды сөгуден кенде қылған жоқ. Бұлар да боқтады. Қайта бұлар сөгуді, жамандауды «Үшжүзден» асырып жіберді. Үйткені, бұлар сөзге шеберірек. Бұлардың саны көп, бұлардың бастықтарының бəрі де зор оқығандар. Жəне əр облыстарда шығып жатқан қазақ газеттерінің «Тіршіліктен» басқасының бəрі бұлардікі еді. Семейдегі «Сарыарқа» газеті, Ташкендегі «Бірлік туы» деген газет, Астархандағы «Ұран» деген газет, Орынбордағы «Қазақ» газеті – бəрі де Омбыдағы «Үшжүздің» бастықтарын сөгіп бақты. Əрине, кімді болса да сөгуге, ластауға сөз табылады. Ондай сөзге əсіресе «Алаштың» «шешендері» шеберірек болып шықты. Əрине, шеберлікті бəрінен Орынбордағы «Қазақ» газеті асырды. Өзге «Алаш» газеттерінің «Қазақ» газеті ағасы болған соң, шеберлікті асырмай қояр ма? «Шеберліктерін» көзбен көру үшін жəне «Үшжүзге» көз қарастарын аңду үшін «Қазақтан» жəне «Сарыарқадан» «Үшжүзді» балағаттаған біраз ғана сөздер келтірелік. Ал «Үшжүз» газетінен сөз келтіруге бұл күнде қолымда ол газет болмады. «Сарыарқаның» 26 нөмірінде бұлай дейді жəне мүны 260 нөмірінде «Қазақ» көшіріп басқан: Газеттен: «Қазақтан шыққан арамзалар. Бостандық болғаннан бері жұрттың көзі ашылып, қайда болса да ынтымақ бірлік табылып, қалың қазақ ішіне береке ұйтқысы орнағандай болып тұр еді. Қазақтан басқа ел қағынып, жүгенсіздік ұлғайып, азаматтарының соңына ерген жұртты арамза қулары азғырып, адастырып тұр еді. Бізден ұяттан кешкен, ардан безген арамзалар шығып, газет таратқан болып, ел ішіне əрекет шашқалы жүр. Алаштың туын ұстаған, асқар белдей ерлерімізді жынданған итке ұқсап, арамзалар қаппақ болып, жынын құсып, уын шашып жүр. Түрі адамға ұқсағанмен пікірі айуан сияқты адамдар. «Үшжүздің партиясы» деп атақ байланып, ұйтқысы болған
«Алаш» партиясының адамдарын арам аузымен былғамақ болып жүр. Төрт аяқты қасқырға астыртын у салушы еді, мына оған деген у мынау: «Үшжүз» партиясы – анық содырлы-сойқанды, жүзі қаралар партиясы. Бұл – жұртқа келген үлкен дерт. Сөзіне құлақ қоймай, өздерінен аулақ болып, сақтану – алаш балаларына борыш. Қазақтың баяғыдан бері аяқ астына басылып, көрген қорлығы, көрген зорлығы мен зомбылығы аз емес. Енді «Үшжүздің» қуларына айтамыз: «елімізді ертпеңіздер, ел қылып ұстау сендердің қолдарыңнан келетін іс емес. Елде есін біледі; сендердің соңдарыңнан еріп, жарға қамалып жығылмайды. Халықты əуре қылмай, өлген мұжықтың қойнында қалаш табылатын болса, соны іздеп қараңдар! Біз «Алаш» партиясының соңынан ереміз; анық көш басшыларымыз сонда. Семейдің уезный Земствосының мүшелері: Ахметжан Аңдамасұлы, Жамшырбай Шөлембайұлы, Темірші Жүсіпұлы, Садық Дүйсенбайұлы, Құрмамбай Мұздыбайұлы, Бəйсеке Есіркепұлы, Майлыбай Есенбайұлы, Имамбазар Қазанғапұлы, Рағымжан Мəрсекұлы, Қалдыбай Будамбайұлы, Көкбай Шанатайұлы». Жəне «Қазақ» газетінің 1917 жыл 12 ноябрдегі 28-нөміріндегі «Түрік-татар қамқоры» деген мақалада былай дейді. Газеттен: «...14 ноябрде Омбыдағы «Алаш» партиясының обласной комитетінен мынандай телеграмма алдық: «Алаштың» дұшпандары «Алаш» партиясын халыққа теріс түсіндіріп, өтірік хабар таратып жүр, «Қазақта» «Алаш» партиясының жобасы басылып шықса екен...» Мұнан соң 17 ноябрде Омбыдан мынандай бір телеграмма алдық. «Белгілі Кадет Бөкейханұлы ашқан «Алаш» партиясының программасымен қанағаттанбай қазақтар (?) өз алдына «Үшжүз» атты социалист партиясын ашты. Партияның мақсаты федерацияны жақтау, жаңа түрік-татар қауымдарын біріктіру,
учредительный собранияға жеке списке кіргізу. Президиум бастығы Айтпенұлы. Секретары Көбеков». Бұл телеграмманы екі əдіспен, бірін «Қазаққа», бірін «Жаңа уақыт» газетіне жіберіпті. Ноғайлар ойлайды ғой: «Ə, Түрік-татар қауымдарын біріктіретін де қазақтан бір ер туған екен» деп. Ноғайлар қайдан білсін, ол «ердің» қандай ер екенін. Бір есептен олай ойламас та: Қазан гүбернасына «Патихолла» деген бір белгісіз ноғай «Түрік-татар қауымдарын біріктіріп жатырмын» деген телеграма берсе, біздің ішіміз елжірей қояр ма еді? Айтпенұлы деп телеграмма беріп отырған кісінің аты – Мұқан. Мұқанды өзге жұрт білмегенімен, Омбы уезі жақсы біледі. Омбы уезінің мақтауымен біз де білетін едік. Түріктатар қауымдарын біріктірмек үшін «Үшжүз» атты партия аштым деп отырған біз білетін Мұқан екені рас болса, құдая ондай қамқорықнан «Үшжүздің» баласын сақтай көр дегеннен басқа тілегіміз жоқ. Бірақ «Үшжүзді» біз қате түсініп отырған шығармыз, бұл басқа «Үшжүз» шығар. Олай болса осындай ақшаның арзандаған кезінде тым болмаса «бір мың» демей, партиясының атын «Үшжүз» қойғаны тағы түсініксіз. Біз ойлаймыз: Мұқан «большевик» дертіне мүвтəлə болып «социалист» партиясын ашып жүр-ау деп. Болмаса өз пайдасын білмейтін жігіт емес еді, социалист болса былтырғы 25 июннен бергі «еңбегі көптің ортасына үлеске түсіп кетпей ме?..» Торғай обылысының «Алаш» комитеті». Жəне «Қазақтың» 1917 жыл 26 ноябріндегі 252 нөмірінде: «Үш жүздің» қулары» деген «Мадияр» Дулатұлы жазған мақалада былай дейді: Газеттен: «Үшжүздің» қулары ...Омбыда ылай судан балық аулайтын Мұқан деген жігіт бар. Бұл жігіт бостандық болғаннан бері жүгенсіз кетіп ойына келгенін істеп, халыққа зиянын күшейтіп бара
жатқан соң Ақмола облысының қазақ комитеті Құрқұрлап тоқтау салады. Ауыздықтар еркіне жібермейді. Сонан кейін бастығы Мұқан, жолдастары Алашқа аты шыққан Көлбай, Шаймерден деген бір жынды кеңесіп, Областной комитеттің мүшелерін тұтқын қылмақ болып, 50 – 60 кісі ертіп комитетке барып мүшелерін қамап алады. Комитет председателі Айдарханның үйіне барып, өзі үйінде жоқ екен, қызметкерлерін ұрып, жанжал шығарады. Сүйтіп жатқанда Айдарханның үйінен телефонмен хабар тиіп милиция, жəне казак-орыстар келіп «ұстаудағы» комитет мүшелерін босатады да, батырлардың өздерін жауып тастайды. Дознания болып, істері бұл күнде тергеуде. Бұл күнде батырлар кепілмен бе, залокпен бе, шыққан секілді. Енді жоғарғы əңгіме жұртқа жария болып кетті, біреуді абақтыға жабамын деп жүріп, өздері жабылып қалды; қарап жүріп, ақмақтықтарынан сотты болды, Облостной комитетпен енді ұстаспасын ба? Земства сайлауы болғалы отыр. Мұқандардың гласный член болғысы қатты келеді... Не қыларын білмей, ауыздығын шайнап тұрған кезде, қала округінің (Ақмола жəне Семей облыстарының) учредительный собрание сайлауы, жəне онымен бірге списке беретін срогі да кешігеді. «Атын шығару үшін жер өртеуге даяр» қулар қуанады. – Тұра тұр, бəлем, құдай берді, бір сойқанды салайық, – сендер «Алаш» партиясын ашсаңдар, біз «Үш жүз» партиясын ашамыз. Сендер списке кіргізсеңдер, біз де списке кіргіземіз, – деп, табаны күректей тоғыз кісіні тоғытып комиссияға беріп кеп қалады. Керек болса міні! Міні, спискі! Списке кіргізу деген қиын жұмыс емес. Қол қоятын жүз кісі тапқан кісі списке кіргізе береді. Бірақ гəп спискенің санында емес, маңызында, жəне халықтың пəтуəсында. Ақмола, Семей екі обылыста он уезд ел бар. Бостандық болғалы неше сиез болды. Мұның бəрінде де жұртқа қалаулы, таза қызмет ететін адамдар аталды. 21 – 26 июльде болған жалпы қазақ сиезінде де, жұрттың бəйгеге қосып жүрген азаматтары лайықтанды. Сол неше
рет халықтың кеңесіп лайықтаған адамдарына, екі облыс ел түгел тоқтап, талас шығармай, бір списке кіргізді. Ол спискедегі адамдардың кім екені «Қазақ» газетінде жазылып келеді. Енді бүгін аяқ астынан «сен солай ет!» деген жұрт жоқ. Жұрттан шыққан төрт-бес қу қосылып, өздерінің ақмақтықтарынан көрмей, Ақмоланың областной комитетінен кек алмақ болып, партия ашады, списке кіргізеді. Міні, екі списке, жоғарыдан төмен қарай, жарыстыра екеуінің адамдарын салыстыр: «Алаш» атынан 1. Əлихан. 2. Айдархан. 3. Əлімхан. 4. Қалел. 5. Асылбек. 6. Мұқыш. 7. Ережеп. 8. Жақып 9. Сейілбек. «Үш жүз» атынан 1. Қасен қожа. 2. Көлбай 3. Шаймерден. 4. Мұқан. 5. Үсен. 6. Сұлтанмахмұт 7. Байсейіт. 8. Қазы. 9. Алиасқар. Міні, халық таразының екі табағына екі спискені сал, кандидаттарын жеке-жеке өлше, адамшылығың, ақылың, намысың, қайсысын қалайды, соған тасыңды сал! Бұл мақалада «Алаш» үгітшісі Мержақып Дулатұлы «халық» атынан сөйлеген болып, ел қамын жеген болып
мөлтеңдеп қақсайды. Əрине, бұл байшыл партияларының белгілі əдісі... «Үшжүздің» газеті де, «Алаш» «көсемдерін» сөгуден кенде қалған жоқ. Бірақ «Үшжүз» партиясының адамдарынан, дұшпанын жамандап, сөгуге «Алаштың» шешендері жүз есе шеберліктерін көрсетті. Оған мысал үшін жаңағы сөздерді келтірдік. «Үшжүз» партиясына жазылғандардың дені Омбы қаласының жатақтары, жемшіктері, кедейлері еді. Мəселен, іштерінде атақты балуан Қажымұқан да бар еді. Қажымұқан жұмыскер жалшы болатын. Ал «Алаш» партиясына кіргендер Қазақстанның барлық байшылдары, мырзалық қуғандары, «сыпалары», төрелері, төре болайын деп жүрген жастары, ылғи гимназиядан тəрбие алған «Алаштың бөбектері». Əрине, қандай іске болса да, қандай сөздерге болса да жатақтар мен жемшіктерден «төре», «сыпалар» шебер болады. «Оқыған сыпалар» боқтауға да шебер, сөгуге де шебер, мақтауға да шебер. Дұшпанына ор қазуға да шебер, орға құлатуға да шебер. Надан жатақтар мен надан оқымаған жемшіктер неге болса да олақ, неге болса да дөрекілеу келеді. Қажымұқанның жуан білегі болмаса, дауласып, юрист Жаншаны жеңе алар ма!.. «Сабасына карай піспегі» дейді. Оқыған сыпалардыц («Алаштың») «көсемдері» оқымаған жатақ жемшіктердің көсемдерінен он есе қу болмағанда қайтсін! «Үшжүздің» шығарған газеті де дөрекі болды. «Сабасына қарай піспегі» деген тəрізді, «Алаш» «көсемдерін» жамандағанда, тек дөрекі тілмен сөге берді. Айқын ережесі болған жоқ. Дұшпанына қарсы шыққан кейбір былғаныштарының өзін былғайтынын білмеді. Расында, «Үшжүз» партиясы жасаларда, білек қайратын көрсетпек болып, азғана ереуіл жасап алыпты. Болашақ «Үшжүз» бір күні қол күш жұмсапты. Балуан Қажымүқанды алдына салыпты. 1917 жылы 19 октябрде басы Мұқан Айтпенұлы болып (балуан Қажымұқан да бар), Шаймерден Əлжанұлы,
Əбдірахман Қылышбайұлы болып Омбыдағы «Үшжүз» партиясын жасайтын адамдар жиналады. «Алаш» «көсемдерінің» қылықтарын тексеріп, кеңеске салады. «Алаш» «көсемдерінің» бұқараға зияны болмаса, пайдасының жоқ екенін əбден айқын көрген соң, Омбыдағы «Алаш» партиясының ордасы болып отырған Ақмоланың облыстық қазақ комитетінің басында отырғандарды қууға қаулы қылады. Үкімет Керенский қолында. Үкіметтен жатақтарға, жемшіктерге, қара жұмыскерлерге қайыр жоқ. Не де болса өздерінің қол күштерін жұмсамақ болады. Бас тықтары əлгі айтылған М. Айтпенұлы, Əлжанұлы, А. Қылышпайұлы – бəрі Омбының уездік қазақ комитетінің басындағы адамдар. Міні, соларды алдына салып, жүз шамалы жатақ, жемшік Ақмоланың облыстық қазақ комитеті мекемесіне женеледі... Балуан Қажымұқанның қолында қызыл ту болады. Қолдарында кызыл ту, туларында нашар қара бұқараның айтқан сөздері. Облыстық қазақ комитетінің мекемесіне келеді. Комитеттің есігін алады. Айтпенұлы, Əлжанұлы, Қылышпайұлы, он шақты жатақ адамдарымен мекемеге кіріп, облыстық қазақ комитетінің мүшелерін отырған орындарында ұстайды. Тұтқынға алады. Кейбіреулерін ұрады. Облыстық қазақ комитетінің төреағасы адвокат А. Тұрлыбайұлын таба алмайды. Бір тобы іздеп Тұрлыбайұлының пəтеріне барып, таба алмай келеді. Сонан соң облыстық қазақ комитетінің мүшелерін: Сейітұлы мен Жұмабайұлын айдап, Тұрлыбайұлының пəтеріне келеді. Тұрлыбайұлының пəтерін қамап алып, бекітулі есігін текпілейді. Тұрлыбайұлы көрінбей бұғып жатып алады. Ол екі арада Керенский үкіметінің атты əскері келіп, милиция отряды келіп, жатақтар тобының өзін қамап алып, тұтқындағы Сейітұлы мен Жұмабайұлын босатып» ереуіл жасаушылардың өзін тұтқынға алады... Міні, «Үшжүз» партиясын жасар алдында, Омбы жатақтарының бір ереуілі осы.
Бұл туралы сол 1917 жылы 21 октябрьде облыстық қазақ комитетінде, өзінің кеңесінде жасаған қарарын келтірелік. Қарары орысша жазылған. Оны қазақшара аударамыз, ол қарары мынау: АҚМОЛА ОБЛЫСТЫҚ ҚАЗАҚ КОМИТЕТІНІҢ КЕҢЕСІ № 132. 1917 жыл. 21 октябрь. Кеңесте болғандар: 1. Тұрлыбайұлы, С. Жантасұлы, М. Жұмабайұлы, А. Сейітұлы, Е. Мұқышұлы, Е. Тоқпайұлы, Қ. Торсанұлы жəне қосып алған мүшелері: Е. Итпайұлы, М. Саматұлы, М. Сейітұлы. Қаралған мəселе: М. Сейітұлы мен М. Жұмабайұлының 19 октябрьде болған оқиға туралы баяндамасы. ...«Осы 1917 жылы 19 октябрьде, күндіз сағат 1 – 2 шамасында, облыстық қазақ комитетінің мекемесіне Омбы уезінің қазақ комитетінің төрағасының орынбасары С. Əлжанұлы мен хатшысы А. Қылышпайұлы келді. Қастарында үш қазағы бар. Қазақтардың жеңдерінде «Омбы уезінің милициясы» деген жазулы шүберегі бар. Бұлар ешбір сөз айтпастан облыстық қазақ комитетінің төріне шығып, төрағасының отыратын бөлмесіне кірді. Кірісімен Қылышпайұлы қасындағы «милициялар» қазақтарын телефонның қасына қойды да: «Телефонға облыстық комитеттен ешкімді жіберме», – деп бұйырып, Əлжанұлы екеуі отырды. Отырып: «облыстык комитеттің өзге мүшелері қайда? Жəне Тұрлыбайұлы қайда? деп сұрады. Бес-он минут өтпей, облыстық комитет кеңсесіне 50 – 60 қазақ ертіп, Омбы уезінің қазақ комитетінің төрағасы Мұқан Айтпенұлы келді. Мұның қасындағы қазақтардың да 6 – 7-сінің жеңдерінде «милиция» деген шүберегі бар. Айтпенұлы ерген қазақтарына қарап, облыстық қазақ комитетінің хатшысы Сейітұлын көрсетіп:
– Ең алдымен мынаны тұтқынға алу керек», – деді. Бұған Сейітұлы тұрып: – «Уақытша үкіметтің лұқсатынсыз Айтпенұлы ешкімді тұтқынға ала алмайды», – деп еді, Айтпенұлы өзінің «милицияларына» күш жұмса деп, əдептен тысқары бұйрық қылды. «Милционерлер» М. Сейітұлын облыстық комитеттің төрағасының бөлмесінде отырған Жұмабайұлы, Торсанұлы, Əділұлының үстіне күшпен енгізді. Бұдан кейін, Айтпенұлы жиналған топқа сөз сөйледі. Топты зорлау, талап, қиянат жасауға азғырды. – «Ақсақалдар, отағасылар, үлкен ара, кіші інілері Мен сіздердің араларыңызда өстім. Менің кім екенімді білесіздер. Сіздерді жақтағандық үшін, патшаның заманында менің қандай миқнат шеккенімді білесіздер. Жəне мені барлық Ақмола облысы біледі. Бұрын сіздер менің сөзіме сенуші едіңіздер. Əлі де маған сіздерді сенеді деп білем», – деді. Жиналған топ: «Сенеміз! Сенеміз!» – деп гуілдеді. – Сіздер қара бұқарасыздар. Облыстық қазақ комитетінің мүшелері монархист-патшашыл, облыстық қазақ комитеті сіздердің тілектеріңізбен, сіздердің дегендеріңізбен бір мəселені шешті ме? – деді. Жиналған топ: «Жоқ! Жоқ! Үйтіп көрген жоқ!» – деді. Облыстық комитет не істесе де өз ниетімен істейді. Өз əмірін, өз күшін жүргізеді. Қазақ халқына ұшырап отырған пəленің бəрі жəне қазақ халқының шаруасының күйзеліп бара жатқаны осы облыстық қазақ комитетінің бəлесінен. Уездік жəне болыстық комитеттерге облыстық комитеттің жазған қағаздарын көрсең, ылғи бұйыру, əмір қылу. Мұнысы қазіргі бостандық қағидасына тура келе ме? – дейді. Тыңдап тұрған топ: «Жоқ! Жоқ! Тура келмейді!» – деп гүжілдеді. Əсіресе топтың ішінде Күдерінің, Сəрсенбайдың, Нұртазаның, Құдайбергеннің, Садуақастардың дауыстары басым шықты. – Олай болса, бұдан былай бұл патшашылдардың облыстық комитеттің басында отыруы жөн бе? Менің ойымша жөн емес! – деді.
Топ күжілдеп, Айтпенұлының бұл сөзін мақұлдап, облыстық комитеттің төрағасы Тұрлыбайұлын жəне жоқ мүшелерін тауып, «Енді комитет қызметін мойнымнан тастадым» дегізу керек, – деді. Тұрлыбайұлын тауып əкелуге Айтпенұлының өзі шығып қасына үш «милиционерін» алып іздеп кетті. 30 – 40 минуттен соң, өзінің «милиционерлерімен» Айтпенұлы қайтып келді... Топқа айтты: «Тұрлыбайұлы қашып кетті. Бірақ үйіндегі екі иті ұрылды» – деді (біреуі көшір, біреуі асбасшы). Қейбір ақсақалдардың лұқсатымен топқа облыстық қазақ комитетінің хатшысы М. Сейітұлы мынадай сөз сөйледі: – Мен Айтпенұлының жақын туысы едім. Мұны өзгеден гөрі мен артығырақ білемін. Бұл өзі қызба, бір нəрсеге реті келген жерде қол созып қалатын нақұрыстау мінезі бар адам еді. Қазір сіздердің жабайылығыңызбен пайдаланып сіздерді бассыздық жолына салып тұр. Қара күш жүмсауға азғырып тұр. Əрине, сіздер істейін деп тұрған істеріңіздің не екенін өздеріңіз де анық біліп тұрған жоқсыздар. Мұның зор қате екенін білмейсіздер. Айтпенұлы үшін өздеріңіз жауап беретініңізді білмей тұрсыздар! – деді. Бұл сөзден кейін Айтпенұлы бір түрлі ашуланып, біреуге қарап: – Əттегене-ай! Əлгі иттің осы уақытқа шейін менін алтыатарымды қайтармағанын! Қолымда болғанда қазір іске асар еді, – деді. Бұдан соң Бөгенбайұлы деген хатшысы Айтпенұлының айтуымен «жиылыс» атынан облыстық қазақ комитетінің қазіргі мүшелерінің кейбіреулерінен басқасына сенбеулік білдіруге қаулы жазды. Қаулының ақырында: «Октябрьдің 20 да, сағат 12 де, облыстық қазақ комитетінің қара бұқараға сенімсіз мүшелері енді бұдан былай облыстық қазақ комитетінің қызмет міндетін мойындарына алмайтындығын білдірсін», – деген қарарды жазды. Бұл «қаулыға» қол қоймағаны себепті топқа көрсетіп, Айтпенұлы жəне былай деді:
– «Халық! Міні, сенің дегенің жазылған қаулы. Сейітұлы сенің бұйырғаныңды орындауға мойын сұнбай тұр. Бұған қалай қарайсыздар? Мен мұны тұтқынға алуды дұрыс табамын, – деді. Сол арада Сейітұлын тұтқынға алды. Жəне Жұмабайұлын тұтқын қылды. Жұмабайұлына Əлжанұлы айтты: «Сіздің тағдырыңыз менде. Сіздің диктаторыңыз мен», – деді. Сонан соң тұтқынға алған мүшелерді айдап, топ «милиционерімен» Тұрлыбайұлының пəтеріне қарай жүрді. Жолшыбай кездескендерге Айтпенұлы: «Міні, біз патшашыларды айдап келеміз», – деп отырды. Тұрлыбайұлының пəтеріне келіп, топ пəтерді қамап алып, Айтпенұлы, Əлжанұлы, Қылышпайұлы үшеуі конақ есігін барып қағып: «Тұрлыбайұлын шығар», – деді. Ол арада Айтпенұлы бірнеше милиционерлеріне қимадан түсіп, ешбір бегетке қарамай, күшпен қақпаны ашуға бұйырды. Ондағы мақсат – топ артқы есікпен Тұрлыбайұлының пəтеріне кірсін деу. Аз уақыттан соң қонақ есікті ішінен біреуі ашып, бір қару-жарақ асынған адам шыға келді. – Мен милиция бастығының орынбасарымын. Сіздерге не керек? – деді. Есік алдында тұрған Айтпенұлы, Əлжанұлы, Қылышпайұлы сасқалақтап: «Мына халық Тұрлыбайұлы шықсын деп тұр», – деді. Оған милиция бастығының орынбасары: «Тұрлыбайұлы шықпайды. Айтыңыздар маған, сіздерге не керек?» – деді. Оған үшеуі айтты: «Ендеше сіз оған айтыңыз: мына халық оған бір ауыздан сенбейтіндігін білдірді. Сол себепті, халықтың қаулысы бойынша, Тұрлыбайұлы ертең сағат 12 де Күдері Мусиннің үйіне келіп, өзінің мойнындағы қызмет міндетін қалдырғандығын айтуы міндетті», – деді. Ол екі арада қала милиционерлері жəне атты əскер жетіп келіп, топты қамап алды. Топты, Айтпенұлын бас қылып, облыстық комитет мүшелерімен 2-аудан комиссарына алып кетті...».
Бұл баяндаманы тыңдап, облыстық комитет, өзінің Акмола облыстық сиезінің сайлаған басқармасы екендігін еске алып жəне облыстық комитетін қайта сайлауға жалғыз-ақ Ақмоланың болыстық сиезінің ғана еркі барлығын еске алып жəне Күдері мен Нұртаза тəрізді бұрын қылмысты болған адамдар бастаған Омбы қаласының жатақтарының дегені бүтін облыс граждандарының дегені емес екендігін еске алып, облыстық комитет мынандай хабар қылды: «Жоғарғы айтылған Омбы жатақтарының ереуілін ілтипатқа алуға тұрмайтын іс деп табуға, бұларды адастырған Айтпенұлы, Əлжанұлы, Қылышпайұлы жəне басқалар деп табуға. Бұл бастықтардың əрекетін əлеуметтің тыныштығын, тəртібін бұзу ниетпен істеген əрекет деп табуға. Айтпенұлының бұйрығы бойынша істеген «милиционерлердің» қылған күшін законға қарсы деп табуға. Жəне мұны сот алдында жауапқа тартуға. Бұл туралы Ақмоланың облыстық құрама-қоспа комитетіне білдіруге жəне тағы да басқа тиісті үкім иелеріне білдіруге...» қол қойды: Ақмоланың облыстық комитетінің төреағасы Тұрлыбайұлы. Орынбасары: А. В. Сейітұлы. Мүшелері: Мұқышұлы, Жұмабайұлы, Жантасұлы. Хатшысы: М. В. Сейітұлы...». Міне, Омбы қаласының жатақтары, жемшіктері жасаған Октябрь төңкерісінің алдындағы ереуілге Ақмоланың облыстық казақ комитетінің қарары осы. Жоғарыда айтылған оқиға туралы жəне Ақмола уезінен Омбыға барып оқып жүрген нашар балаларға берілсін деп, Ақмоладан жинап жіберілген ақшаны, əлгі облыстық комитет оқудағы нашар балаларға бермегендігін, бай балаларына бергендігін мен өзіміздің «Тіршілік» газетіне жаздым. (№ 4, 10/ХІ, 1917 ж.). Менің шын сөздерімді «өтірік» деп, Орынбордағы «Қазақ» газетіне (1917 жылғы 13 декабрьде шыққан 254-нөмірінде)
əлгі Омбыдағы Ақмоланың облыстық комитеті «Ашық хат» жазды. Менің жазған мақалам қазір қолда жоқ болғандықтан облыстық қазақ комитетінің «ашық хатын» ғана бұл жерге келтірейін. Ол мынау: АШЫҚ ХАТ «Осы ашық хат «Қазақ» бетінде жария болуын өтінеміз. Ақмолада шығатын «Тіршілік» газетінің 4-нөмірінде «Шамиль» деп қол қойған бір адамның «Ақмола облысының жандарал қазақ комитеті» деген бір мақаласы басылды. Ол хабардағы сөздердің бəрі бастан-аяқ өтірік болғандықтан, областной қазақ комитеті ол хабарлардың дұрысын ашып беруді өзіне міндет көреді. Областной қазақ комитетін қумақ болған тіпті Омбы қазақтары емес; оны істейміз деп жүрген Мұқан Айтпенұлы, Абдырахман Қылышпайұлы, Шаймерден Əлжанұлы, 5 – 6 жолдастары мен Омбының 40 – 50 жатағының аңқаулық надандыкпен бұлардың неге жүргенін білмей, арттарынан ергенінен басқа түк жазығы жоқ. Аттары аталған адамдардың мінез-құлқы Омбы төңірегіне мəлім. Олардың ешуақыт, еш комитетке риза болмайтыны да айдай анық. Жаз ішінде сайлаусыз зорлықпен уезной комитетке кіріп алып, күзге шейін жаңжал қиянатпен комитетті сайлатқызбай октябрьдің 20 да сайлау болатынын білген соң 19 да областной комитетті зорлап бекітіп аламыз деген адамдар осылар. Бұлардың əрқайсысы сол 19-октябрьде ұсталып, абақтыға үш күннен жатып шықты, істері қазір де тергеуде. Областной комитетке түскен ақша есебі тіпті өтірік жазылған. Шыны мынау: Омбының уезной комитеті жаңадан сайланды. Областной комитет 1 ноябрьде тарайды деген сөзді біз жаңа естіп отырмыз. Міні бірінші декабрь де өтіп кетті. Əлі де пəлен айда тарайды деген кесімді сөз жоқ. Областной земство ашылып, жұрт ісі тəртіпке салынбай, областной комитет тарамайды. Қазақ істерін иесіз далаға тастап кете алмайды.
Областной комитетке түскен ақша есебі тіпті өтірік жазылған. Шыны мынау: Омбы уезі комитетке жəне стипендияға берген ақшасы 1200 сом. Қалған бермегі 5300 сом. Қызылжар уезі комитет жəне степендияға берген ақшасы 4620 сом. Қалған бермегі 11500 сом. Көкшетау уезі комитеті жəне степендияға берген ақшасы 5000 сом, қалған бермегі 12000 сом. Атбасар уезі комитетке жəне стипендияға берген ақшасы 4400 сом, қалған бермегі 18000 сом. Ақмола уезі комитет жəне степендияға берген ақшасы 8500 сом. Қалған бермегі 25500 сом. Əр уездің берген жəне бермек ақшасының шамасы осы. Шамиль мырзаның айтқан бір саны да бұларға жанаспайды. Шамиль мырза Ақмола уезінін балаларына об-ластной комитет степендия бермейді екен дейді, ол өтірік. (Бұл арада облыстык комитет менің «нашар, кедей балаларға» деген сөзімді айтпайды.) Ақмола уезінен қазына школдерінде оқып жүрген екі-ақ бала бар. Дінмұқамбет Əділұлы жəне Əшім Омарұлы. Бұл балалардың екеуі де областной қазақ комитетінен ақша, степендия, алып тұрады. Бұлардан басқа «қусуси» оқып жүрген Ақмолалық үш бала бар. Сиез қаулысы бойынша областной комитет үкімет мектептерінде оқушы шəкірттерге ғана степендия бере алады. Өзгеге беруге билігі жоқ. Оның үстіне, бұл үш бала үшеуі де белгілі бай балалары. Сондықтан Шамиль мырзаның «Балалар Омбының көшесінде қаңғырып жүр» деген қамқорлығы – құр жел сөз. Дəлелсіз, қисынсыз, өтірік, елдің тынышын, газеттің құнын кетіреді, жаман ой, жапқан жала, шашқан өсек жалғыз газет бетінде тексерілуімен қалмас, закон тексеруіне де түсер. Ақмоланың облыстық қазақ комитеті». Əрине, облыстық комитеттің бұл «ашық хатта» айтқандарының бəрі өтірік, шын болса, хаттың аяғындағы айтқанындай, сотқа берер еді. Сотқа берген жоқ күні бүгінге шейін!
Ал комитетті Омбы жатақтарының шындап қумақ болғанын бұл «ашық хаттан» бұрын жазылған өз документтері айқын көрсетеді. Жəне стипендия бермеген «кусуси оқып жүр деген үш бала – белгілі бай балалары» дегені тіпті өтірік. Үш «қусуси» баланың, бірі – Ақмоланың жатағының қызы Гүлшарап Атшабарқызы. Бір қарасы жоқ кедей жатақ қызы. Бірі – осы күнгі Жанайдар Садуақасұлы. Бірі – қазіргі Қамза Жүсіпбекұлы. Жəне Нілді заводының маңындағы бір ауылдың баласы Қасенбек Құлатайұлы деген бала бар-ды. Бұл Қасенбек деген бала да қаражатсыз баладан. Қасенбек осы соңғы жылдарға шейін милиционер болып жүрді. Ұлы Октябрь төңкерісінің алдындағы Керенский үкіметінің жəне «Алаш көсемдері» тəрізді Керенский – Меликовтардың шəкірттері отырған комитеттердің қара бұқараға, қара жұмыскерлерге, жатақтарға кəдірі жапалақтың жұмыртқасындай да емес еді. Оны жаңағы уақиға əңгімелер де дəлелдейтін болар. Жаңағы айтылған уақиғадан кейін Омбы жатақтары Айтпенұлын, Шаймерден Əлжанұлын, Қылышпайұлын бас қылып, «Үшжүз» партиясын жасады. Дұрыстыққа келгенде, бұл олақ бастықтар саясатқа үлкен олақтық қылды. «Алашқа» қарсы шығып, сол «Алаштың» күрес тəсілдерін қолданды. Əйтпесе партияны «социалшыл» деген соң, «Үшжүз» деп несі бар еді. «Социалшыл» болған соң, күресте «Алаштың» тəсілдерін қолдану жөн бе еді? Мəселен: Бөкейханды жəне кейбір «Алаш» «көсемдерін» мінегенде олардың да сөз дəлелдерінің кейбіреулері сол «Алаштың» сөздері сияқты болды. Ол – өз жолын өзі анық білмегендік. Əрине, ол уақытта бəріміз де сара жолды қолмен сипалап жүрген кезіміз еді. Бірақ сонда да «Үшжүз» жазушылары да тым оғаш шыққан қателер істеді. Бізді сырттан тізімдеріне жазып алған Шаймерденге мұны айтып, мен хат жаздым. Жəне олардын. беті мен əдісі олай болатын болса, біз қосыла алмайтынымызды айттым.
Менің хатыма болған жок. «Үшжүз» бастықтары «Алаш» көкжалдарын керексіз сөздерді айтап тек қазақша боқтай берді. Біз «Үшжүзге» қосыла алмайтынымызды білдіріп, «Тіршілік» газетіне жаздық. Жəне мен «Қазақ» басқармасына да бұл туралы телеграмма бердім. Бірақ «Үшжүздің» «Алашты» қалай сөксе де əйтеуір сөге беруін, жалпы күреске, саясатқа онша зиян болар дегеніміз жоқ ол кезде. Жақсы-жаман болсын, «Үшжүз» өзіне, бірақ тіпті кіршік жуытпай мақтап жатқан «Алаш» «көсемдерінің» кім екенін жұртқа жариялай беруі зиян да болмас деп ойладық. Осы күні кейбіреулер бізді «Үшжүзге» қосылып еді деп те айтатын тəрізді. Мұны айтатын не Ақмола облысынан алыс облыстың адамдары, не əдейі басқа мақсат көздейтін адамдар болады. Біздің «Үшжүзге» қосыла алмайтынымызды «Тіршілікке» жазғанымыз былай тұрсын, менің «Қазақ» газетіне телеграмма бергенім былай тұрсын, əуелі сондағы «Алаш» партиясын ашып жəне учредительное собрание сайлауын өткізуге Ақмолаға келіп жатқан Мұқтар Саматұлы көзімен көрген. Мұның бұл туралы Орынборға соққан телеграммасы «Қазақ» газетіне басылған. «Қазақ» газетінің 259-нөмірінде 1918 жылы, 12 январда: хабар ретінде былай деген: «Мұқтар Саматұлы басқармаға телеграмма берді: 26 – 31 інші декабрьде болатын сайлауға керекті нəрселер жетпей қалды. Сайлау кейін болуын сұранып тұрмыз. «Үшжүз» партиясы көрсеткен Ақмола кандидаттарының бəрі тасқа түспейтін болды...» Біз «Үшжүзден» бөлек екенімізді білдіреміз деп тасқа түспедік. Əйтпесе «Алаш» партиясынан қорыққанымыз жоқ. Жəне «Үшжүз» партиясынан бойымызды аулақ қылғанда, бұл партияның бастықтары «Алаш» партиясының бастықтарынан кем адамдар деп жəне теріс адамдар деп бой тартқанымыз жоқ. Қайта «Үшжүздің» ішінде Шаймерден тəрізді, Ысқақ тəрізді артық адамдар бар еді. Революцияға «Үшжүзден» «Алаш» зияндырақ еді. Жақсы болсын, жаман болсын, «Үшжүздің» бастықтары 17 – 18 жылы, ердің ерін
сынайтын тарихи күндерде қызылдар жағында болды, революция жағында болды. Бізді «Үшжүзге» қосылды деп шатпақтар (демогогия) деп, учредительное собрание сайлауына белсеніп кірісе алмай қалдық. Кіріскенде Ақмола қазақтарының қалың бұқарасы біздің жақта болатын еді. Оны сол учредительное собрание сайлауынан бірнеше күн бұрын ғана кейін болған Земство сайлауында көрдік. Бұл земство сайлауына біраз қатнасып едік. Земствоның уездік жиылысында зор көпшілік (90 проценті) біздікі болды. Оны, оонда Ақмола да болған, «Алашорданың» Нұралин тəрізді, Сейітұлы, Абылайханұлы тəрізді адамдары жəне басқа адамдары көзімен көрген... Бұл енді əзірге осымен бітсін... Саясат майданы қазандай қайнады. Ескілік пен жаңалық қан майданға шықты. Қартайған дəуір мен жас дəуір белдесті. Талас-тартыс, қайнаған күрес майданы қызды. Алғашқы күндерде Ақмолада Совет ұранын көтерген біздің «Жас қазақ» ұйымының бастықтары мен үркердей ғана он шақты орыс еді. Күн сайын күшейіп шығатын болдық. Күн сайын санымыз күшейіп шығатын болдық. Спасскі заводының жастары «Жас жүрек» деген қауым ашты. Бұлар біздің «Жас казақ» пен байланыс жасап, «Жас қазақтың» заводтағы бұтағы болып жірді. «Жас жүректің» басындағы бір түрік жігіт «Тіршілік» газетіне сөз жазып тұрды. Жиналыстарда, митингтерде, кебінесе біз үстем болатын болдық. Кинотеатр үйіне үлкен жиылыс шақырдық. Театрға халық лық толды. Симаған жұрт анталап босағаны сықырлатады. Жұрт иін тіреседі. Жиылысты аштық. Ақмолада Совет үкіметін орнату деген мəселені қозғадық. Жиналған жұрт екі дай болып, сөз басталысымен қызыл кеңірдек таласқа кірді. Əркім жиылыс басқармасынан сөз алып, əр жерден тұрып сөйлейді. Мен «Тіршілік» газеті атынан Совет үкіметін қуаттап сөйледім, жұртқа үлкен əсер етті. Жұрттың өкпесі көтерілді, танауы желбіреді. Кейбір ауыздардың бұрқырап
көбігі шықты. Кейде жұрт біреуін тыңдамай, у-шу болып қалады. Иін тірескен, бірін-бірі қысқан, ентелеген жұрт, кейбіреулердің сөзі ұрыс-керіспен бітеді. Кейбіреулердің сөзі бітпей қалады. Кейбіреулердің сөзі қол шапалақтатып, шулатып бітеді. Жұрт əбден қызды: жиналған құрғаған дəріге күкіртті тартып қалса лап етіп жанып кететіндей тəрізденді. Ақырында олай тартысып, былай тартысып, «уақытша ұйым совет» (организационный совдеп) сайладық. Əрбір сайлайтын кісіні жұрт биікке шығарып көріп, кім болғанын, кім екенін біліп алып, дауысқа салды. Сайланған кісілер мыналар болды: 1. Бачок – Екібастұз заводының жұмыскері. 2. Монин – солдат. 3. Гривогоз – солдат. 4. Лозной – солдат. 5. Коломейцев – солдат. 6. Шапыран – жұмыскер, ұста. 7. Пыянковский – жұмыскер, мəстер – мəнтер. 8. Кандратьева – əйел, суретші. 9. Богомолов – жабайы қызметкер. 10. Репшнейдр – солдат. 11. Бəкен Серікбайұлы – высшая начальная школаны жаңа бітірген жігіт. 12. Абдолла Асылбекұлы – жабайы қызметкер. 13. Нұрғайын Бекмұқамбетұлы – оқытушы. 14. Байсейіт Əділұлы – жабайы қызметкер. 15. Жұмабай Нүркеұлы – оқытушы. 16. Тұрысбек Мыңбайұлы. 17. Бəйсейіт Жұманұлы. 18. Қапыз Ғыззатуллин. 19. Маназарұлы – жай қызметкер. 20. Мартылого – жұмыскер, шаштараз. 21. Грязнов, онсын мен – Сəкен Сейфуллаұлы тағы басқалар. Митинг тарқар кезде біреу келіп: «Керенскийдің коммиссары Петров қашты» деген хабарды айтты. Петров Керенский үкіметінің Ақмола уезін басқаруға қойған комиссары. Қағазға қол қойғанда, жиылыста сөйлеген кездерінде «уақытша үкіметтің комиссарымын» (Комиссар Временного Правительства) дейтін бұл Петров – жазды күнгі əлгі бір жиылыста Дүйсенбайұлы: «сен провокаторсың» дейтін Петров. «Уақытша үкіметтің комиссары қашты» деген хабар жұртты едəуір толқытып тастады. Біз дереу, Гривогозды бас қылып, екі солдатқа Петровты қуғыздық. Митинг тарқаған соң, ұйым Совдептің бірінші жиылысы болды.
Бірінші жиылыста тез сиез шақыруға қаулы қылып, жанжаққа баяндама жасау үшін кісі шығармақ болдық. Онан соң əр мекемеге комиссар сайладық. Əр мекемеге «сайлаған комиссарларымызға бағынасыздар» деп қарар шығардық. Ертеңінде біздің уақытша Совдептің қарарын алып барған біздің комиссарларымызды мекемелер мазақ қылып, қайтарды. Күш жұмсауға – қолда күш жок. Тез сиез жасауға əрекет қылдық. Уақытша үкіметтің комиссары қашып кетті. Біздің уақытша Совдепті қала танымады. Қала бір-екі күн үкіметсіз болды. Олай тартысып, былай тартысып, қаланың əр мекемесінің басындағылары, мещандары, бұқараның бірыңғайлары жиылыс жасап, «Халық советі» дегенді сайлап, бір Петракеев деген кісіні уақытша уездік комиссар қылды. Петракеев социал демократ еді. Əрине, əкімшілікті Петракеев меңгеріп əкете алмады. Əкімшілікті қалай меңгеріп əкете алсын де?.. «Халық советі» дегені ертеңінде-ақ өз-өзінен бытырады. Ақмолада бірнеше «үкімет» бар. 1. Уақытша комиссар бар. 2. Ояздық қазақ комитеті əлі бар. 3. Біз уақытша Совдеп жасадық. 4. Қазақ-орыс басқармасы бар. 5. Земство шақырушы комитет бар... Міні, осының бəрі – «үкімет». Ə дегенде əкімшілікті жарыса жүргіздік. Біраздан соң біздің уақытша Совдеп үстем бола берді... Елден жаңа сайланып келген земствоның уездік жиылысы болды. Земство сайлауын жүргізіп жатқан – сол жылы жаздыгүні құрылған земство комитеті. Земство сайлауына біз де қатысқамыз. Болыс-болысқа Земство сайлауына кісілер шыққан. Қазақ арасына шыққандарға біз – «Жас қазақ» бастықтары нұсқау беріп жібергеміз. Бұл шыққан сайлаушылардың кейбіреулері біздің «Жал қазақтың» мүшелерінен болған. Сол қарсаңда Омбыдан, қазақтың облыстық комитетінен доктор – Асылбек Сейітұлы мен капитан Миғаш Абылайханұлы келді. Бұлардың келген мақсаты: Ақмолада уездік «ұлт советін» жасамақ. Екінші түрмен айтқанда, уездік «Алашорда» кеңесі. Жəне қазақтан ұлт милициясын жасамақ.
Тағы жəне «Алашордаға» Орынборда болған 2-сиездің қаулысы бойынша Ақмолаға түскен ақшаны жимақ. Бұлар қазақ комитетіне келді. Онда отырған қазақ комитеттерімен сөйлесті. «Алаш» партиясының атынан Омбыдан келіп учредительный собрания сайлауын өткізіп жатқан Мұқтармен сөйлесті. Біз де бардық. Жаңағы айтқан үш мəселе ортаға түсіп кеп қалды. Біз салғаннан қарсы болдық. Біздің жақтан сөйлейтін Абдолла екеуміз жəне Көшербай Шамайұлы – жатақ бастығы. Комитет лық толған қазақ, көбі қырдан келіп жүргендер. Араларында кейбір елдердің мықтылары да бар. Комитет мүшелері түгел. Төрағасы Құсайын першіл, Мүшелері: Мəнтен молда, Сарман переводчик, Құсайын переводчик, Үсен болыс жəне сол комитеттің қолдаушылары: Олжабай болыс, Бақжан болыс, Төлебай тілмаш, Нұралин, Олжабай болыстың інісі – облыстық комитеттің мүшесі жəне Мұқтар Саматұлы. Айтысып жатырмыз, Комитетте иін тірескен жұрт. Айтысқа астағы балуан күресіне қарағандай, қарап тұрған тəрізді. Тартысып-тартысып, ол күні тарқадық. Ертеңінде тағы жиналдық. Жиналған жұрттың көпшілігінен комитет үйі сықырлап солқылдайды. Тағы да тартыстық. «Комитеттер» көмекке шақырып, Ялымұлы Шəріп деген əлгібір екіұрықтау, сөйлемпаз сəудегер, мақтаншақ лауқилау ноғайды алғызды. Біз де оған қарсы қазақ педагог курсының оқытушысы бізбен жолдас Уəли Қангелдіұлын шақырып алдық. Ол да ноғай жігіт. Тағы да айтыстық. Тағы да ештеңеге келе алмай, ертенінде комитеттің қорасына үлкен митинг жасамақ болып тарқадык.. Ертең комитеттің үлкен қорасына қазақ лық толды. Күн аяз, суық еді. Қыстың басы. Жүрт қалың киінген, Жиналған жұрттың буы аспанға шығады. Көбі – қырдан, əр елден келіп жүргендер. Талай кəрі, жас болыстар да бар. Жүрт иін тіресіп, теңіздей толқысып тұрды. Митинг ашылды. Митингте төрағалыққа əлгі Көшербай Жаманайұлы деген бір қала жатағын сайладық.
Көшербай біздің жолымыздағы кісі еді. Өзі хат білмейтін адам. Бірақ дарқан шешен еді. Дарқан шешен екені патша түскен соң ғана білініп, шешендікке Ақмолада ешкімді алдына салмаған адам еді. Митингті ашып, Көшербай сөзді ортаға салды. Шығып алып кезек-кезек айтыса бастадық. Сөз қызды. Бұл – сертті белдесу: не беріп шығатын, не алып шығатын күн. Екі күннен бері олар да, біздер де халық арасына сөз жүргіземіз. Бүгінгіміз енді қоянқолтық белдесу. Кезек-кезек сөйлейміз. Телміріп тыңдап тұрған жұртты ерітуге күшті саламыз. Көмей құрғады. Арқа бусанды, маңдай терледі, шықырлаған аяз естен шықты. Маңдайға тұрған қырау термен еріп, буы аспанға ұшты. Маған митинг бастығы Көшербай үш қайта сөз берді... – «Алашорда» деген не?.. «Алашорда» деген осы төңкеріс заманында бұрынғы қазақ халқының желкесіне мінген хандықты қайта орнатудың əрекеті. Біздің қазақ халқына хандық керек пе?.. Хандық керек емес. Хандардың қылығын қазақ халқы көріп болған. Іштерінен «хан боламын» деген мырзалардың далбасының қалың қазақтың бұқарасына, қалың кедейіне керегі жоқ. Николайдан құтылған нашар халық желкесіне тағы енді «хан тақсырды» мінгізе алмайды. Хан кімге керек? Хан байға керек, хан болысқа керек. Хан «төре боламын» дейтін мырзаларға керек. Бірақ бұлар керек қылғанмен, үш жүз жыл патша болған Роман ұлының тұқымын жойған Руссияның түрлі ұлытты жұмыскерлері, қазақ нашарларының желкесіне ханды мінгізіп қойып отырмайды. «Хан болам» деушілердің, «төре болам» деушілердің бұл есінде болсын. Бұқара халық бұлардың далбасына ермеуі керек. Қазақтан ақша жинамақ. Ақшаны кімге жинамақ?.. Ақшаны жаңағы «төре, хан болам» деушілерге жинамақ. Қазақтан милиция жинамақ. Милиция кімді, нені қорғамақ?.. Жаңағы «хан болам» деушілердің хандығын қорғамақ. Кімнен қорғамақ?.. Хандарға, патшаларға қарсы большевиктерден қорғамақ. Большевиктер кім?
Большевиктер – қалың жұмыскерлердің, жалшылардың, кедейлердің тілегін көздегендер. Большевиктердің соңындағылар кім?.. Большевиктің соңындағылар – барлық неше түрлі ұлттардың қалың жұмыскерлері, жалшылары, қалың бұқара кедейлер. Мына соғыстан қайтып жатқан поселкелердегі қалың солдаттар. Жəне сол поселкелердегі қалың кедей мұжықтар. Қазақстан хандықты қорғауға милиция жинағанда, ол милицияның жауласатыны – жаңағы айтқан орыстың жұмыскерлері, солдаттары, қалың кедей мұжықтары. Большевиктер кімге қарсы? Олар патшаға, патшашыларға, ел сорған байларға, ел талаған ұлықтарға, болыс, старшындарға қарсы. Большевиктер барлық ұлттарды тең қылмақ. Біздің қазақ бұқара халқына одан артық не керек? «Хан болам», «тере болам» деген мырзалар үшін текке қан төгуге қазақ халқының күші тасып, қаны тасып бара жатқан жоқ. Далбастағандар далбастап көрсін. Бұқара халық, қырдағы момын ел бұларға ермеу керек. Қазақтан ақша да, солдат та бермеуіміз керек! – дедік. Жұрт біздікін қостады... «Алашордаға» ештеңе бермейтін болып қаулы қылдық. Сүйтіп, жауды жүн-жүн қылып тапап тарқадық... Ертеңінде Земствоның уездік жиылысы ашылды. Біздің «Жас қазақ» ұйымының мүшелерінің көбі Земствоға өкіл болып еткен. Өкіл болып жиылысқа келдік. Біздің Совдептің де біраз кісілері келіп отырды. Жиылыс гимназияның үйінде. Екі қабат, үлкен, қызыл қыстан салған үй, гимназияның залына қаз-қатар қойған үстелге өкілдер отырып жатыр. Кейінгі үстелдерге жай кісілер отырып жатыр. Жиылысты ашатын сол «земство комитетінің» төрағасы Чернов деген мал докторы. Өкілдерге тəтті ақ нан, май, сыр, секер мен шай дайындап қойған екен. Екінші бөлмеде шай ішкендер шай ішіп жатыр. Жұрт қазқатар отырып болған соң доктор Чернов жиылысты ашты. Жиылыс толық. Қаланың келмеген ұлығы жоқ. Бұрынғы су-
дьялар, тергеушілвр, инспекторлар, докторлар, тағы басқалар, тағы басқалар. Мен алдыңғы қатарда отырдым. Доктор Чернов жиылысты ашты. Ашып тұрып: – Граждандар, жиылыстың ісіне кірісуден бұрын уақытша үкіметке тура қызмет қылуға граждандық аят қылу керек. Мен мына қағаздан оқып тұрайын, сіздер іштеріңізден айтып тұрыңыздар... Орындарыңыздан тұруларыңызды өтінемін! – деді. Өкілдер тұрды, біз де тұрдық. Алдында біз – Совдеп кісілері – сөйлесіп алғамыз. Сөйлескенде, «Земство Совдептің қарамағында болсын, Əйтпесе тарқалсын» – дескеміз. Ал уақытша үкіметке ант қылдырады деген ойда жоқ, Өкілдердің дені – қазақ. Қазақтың жүзден сексені ия тоқсаны – айқын біздің «Жас қазақтың» соңында болатындар. Жұрт түрегеліп тұр. Чернов тездетіп, ант қағазын оқып шығып, қағазын алдындағы століне қойып: – Қане, енді, граждандар, мына қағазға жағалай қол қойып шығыңыздар! – деді. Жұрттың алды қол қоюға қимылдап, жүре бастады. Мен: – Маған кішкене сөз беріңізші – дедім. Чернов: – Сөйлеңіз, – деді. Мен: – Жаңағы оқығаныңызға жұрттың көбі түсінген жоқ. Жөндеп қайта қазақшаға аударсаңыз екен. Жəне сіз «уақытша үкіметке тура қызмет қылуға» дедіңіз. Түсіндірсеңіз екен – бұл қандай «уақытша үкімет?» – дедім. Чернов сасыңқырап: – Ендеше, сіз қазақшаға аударыңыз! – деді. Мен: – Мен сіздердің тілмаштарыңыз емеспін ғой, – дедім. Кейін отырған кейбір солдаттар, біздің Совдептің кейбір кісілері жəне орыс өкілдерінің кейбіреулері ду ете түсті. – А-а, ол Керенскийдің «уақытша үкіметіне» ант қылдырмақ қой!.. Біз білеміз сіздің қулығыңызды!.. Бұл контрре-
волюция!.. Мұндайларды арестовать қылу керек! Қазір, осы жерде ұстау керек! А-а!..– деді. А-а!..– деді. Жұрт ереуілдеп ұшып түргеліп, арттағы жұрт төрдегі отырған Черновтарға қарай жүріп, кейбіреулер қорқып шыға жөнеліп, тұрған орындықтар салдырлап, құлап, жұрттың кейбіреулері онан сайын үрейленіп, қорқып қаша жөнеліп, онан сайын орындықтар сартылдап құлап, қашпағандар ереуілдеп тұрып, жұрттың аяғының тақырлағаны мен құлаған орындықтардың сартылы «арестовать», «контрреволюция» деген кіжінген айқайлар, гимназияның ішін шу қылды. Черновтың маңында отырған қала ұлықтарының бірі қалмай үріккен қойдай үркіп, артқы есікпен шығып қашып жатты. Орнында жалғыз-ақ Чернов қалды. Бірақ Черновтың қаны қалмады, аппақ болып кетті. «Тоқтаңызшы! Қойғызсаңызшы!» – деді. Мен бір үстелге шығып дауыстап, бір жағынан Монин тұрып бір үстелге шығып дауыстап, жұртты бастық. Басылған жүртқа Чернов: – Сіздер түсінбей босқа дауыстайсыздар, мен «уақытша үкімет» деп қазіргі уақытша үкіметті айттым. Қазіргі Совет үкіметі де «уақытша» болған себепті олай айтып едім. Учредительный собранияға шейін қандай үкімет болса да, уақытша болатын болған соң солай айтып едім, – деді. Олай деп, былай деп земство жиылысын аштырмадық. Ертеңінде мен школда бала оқытып жатыр едім, «Жас қазақтың» бір-екі мүшесі шанамен шауып келді: – Ойбай жүр, кешегі үйде Саматұлы, Ялымов, Нұралыұлдары «Земствоны енді орыстардан бөлек ашайық» деп жұртты жиып алып, сөз сөйлеп аздырып жатыр! – деді. Тез шанаға мініп, бұрқыратып жетіп келдік. Рас, жиылыс жүріп жатыр. Жиылыстың басқарма – президиумында Саматұлы, Ялымов, Нұралинұлдары, Саматұлы – жиылысты жүргізіп отырған төрағасы. Халық көп. Мен ентелеп, президиумнің алдына келдім. Аналар аңқау жұртты меңгеріңкіреп алған сияқты. Біздің кісілер маған жалтақтап
қарайды. Мен жиылыс торағасы Саматұлынан сөз сұрап едім: – Сөйлемекшілердің тізіміне кезегіңді жазып қояйын! – деді. «Сөйлемек» деген кісілерін күтсем, маған кезек жететін емес. Олар жұртты қусырып, меңгеріп алып барады. Президиумнің қасына төрағасы Саматұлының қасына барып сөз сұрадым, тағы да: – Сенің кезегің əлі мына пəлен кісілерден соң! – деді. Мен енді сөйлей бастадым – сөйлеп тұрған адаммен жарыса. Саматұлы түсін суытып, мені «тəртіпке шақырды». Ана сөйлеп тұрған адам сөзінен жаңылып, үндемей тұрып қалды. Жұрт анталап, «қайтер екен... қайтер екен?» дегендей, көздерін қадасып, демдерін іштеріне тартқандай бола қалды. Мен бетімді қышқылдандырып: – Əй, Мұқтар-кə, қоя тұршы енді! – деп, оның иығына қолымды таяп, «аулақ жүр!» дегендей сілтедім. Жұрттың бірсыпырасы ду күліп жіберді. Əсіресе біздің жігіттер қаттырақ күлді. Саматұлы ашуланды. Президиум басындағы Ялымов пен Нұралыұлы ашуланды. – Мен ендеше жиылысқа төраға бола алмаймын! – деді Саматұлы. – Болмасаңдар жүре беріңдер! Сендерді ешкім шақырмайды! – дедім мен. Саматұлы, Нұралыұлы, Ялымовтар булығып, шығып кетті. Біз өз тіршілігімізді істей бердік. Сонсоң Земство ашамыз деп олар жинала алмады. «Алашордаға» ақша жинамақка келген Абылайханұлы, Сейітұлы əлі де үміт үзбей Ақмолада жатып алды. Бұларды «тұтқынға алып, жауып тасталық»... деп, біздің уақытша Совдеп мүшелерінің кейбіреулері сөз шығарды. Мұны естіп Абылайханұлы, Сейітұлы, Т. Нұралин, М. Саматұлы бір түнде Ақмоладан қашып кетті. Оларды ұстап əуре болатын да кісі жоқ еді, біз тек артынан күліп қана қалдық.
Кешікпей, Ақмола уезінің 1918 жыл февраль айында, біз шақырған өкілдер жиылысы ашылды. Жиылысқа келген өкілдердің көбі майданнан қайтқан мұжық солдаттар. Кедей мұжықтар, кедей бұқара қазақтар жəне Спасскі заводының жұмыскер өкілдері. Уақытша совдеп жиылысты ашты: жиылыс екпінді, көтеріңкі болды. Жиылыс өкілдері бірауыздан Совет үкіметін «өз үкіметіміз» деп жариялады. Жиылыс та сол қарсаңда жұрттың талқысына түсіп тұрған мəселелердің бəрі қаралды. Өкілдер екпінді. Сөз көп. Қызу. Сиез кеңесі митинг тəрізді. Сиез көшеге шығып, қаланы аралап та митинг жасады. Біз сиездің басындамыз. Сиезге Ақмоланың казак-орысы қосылған жоқ. Қырын қарайды, «біздің билігіміз өзімізде, өз алдымызға автономиялы боламыз» дейді. Сиез казак-орыс ішіне барып та митинг қылып, сөз сөйлеп, казак-орыстың еңбекшілерін Совет үкіметімен бірлікке шақырды. «Алашорда» бастықтары Орынборда казак-орыс атаманы Дутовпен бірлесіп, ақыл қосып жатқаны «Қазақ» газетіне жазылып жатқан. Қазақтан жасалатын милицияға бас болатын офицерлер сол Орынбордағы казак-орыс офицерлері оқитын юнкер школында оқиды деп та «Қазақ» газетіне жазған. «Алашордаға» милиция жасауға, оған ақша жинауға жəне «Алашорданың» Ақмолалық «ордасын» жасауға келген əлгі Абылайханұлы, Сейітұлдары, Т. Нұралин, Саматұлы қашпай тұрғанда, Ақмоланың уездік қазақ комитеті арқылы Ақмола казак-орыстарымен де астыртын байланыс жасап жүр деп естігемізді. Қазақтың қалың еңбекші халқының мақсұты, тілегі олардікінен басқа екенін казак-орыстарға білдіруге, сиез қаланың казак-орыс жағына келіп тұрып митинг қылғанда, біз, қазақтар, кебірек сөйледік. Сиездің елден келген өкілі Тұрысбек Мыңбайұлы екеуміз сөйледік. Казак-орыстың енбекші халқын бірлікке шақырып, ...«біздің» «Алашорда» сіздердің Дутов, Каледин тəрізді атаман, жандарал,
офицерлеріңіз, – еңбекші халықтың желкесінен түспейін деп жүрген арамтамақтар. Еңбекші казак-орыс бауырлар! Бұлардың соңына еріп, бұлардың алдауына, азғыруына еріп, текке бүлініп жүрмейік. Бірлесейік!..» – дедік. Тұрысбекті көтеріп биікке шығардым. Тұрысбек өзінің доғал-олақ орысша тілімен орысша сөйлеп, казак-орыс атамандары мен «Алашорданы» сөккеннен сөгіп, қызып кетіп, сөзінің ақырында қазақшылап боқтап-боқтап жіберді... Сонымен сиез бітті. Уездік қалалық Совдеп сайланды. Сайланғандар мыналар: 1. Бачок – «Екібастұз» заводының жұмыскері, бояушы, суретші. 2. Катченко Захар – жұмыскер, қақол. 3. Шапыран – Орал жұмыскері, 4. Серікпайұлы – высший началныйда оқыған жігіт. Жабайы қазақ баласы. 5. Олейников – мұжиқ, солдаттан қайтқан жігіт. 6. Богомолов – Ақмоладағы жабайы қызметкер, кəрі революционер. 7. Лозной – Ақмолада жемшік, солдаттан қайтқан жігіт., 8. Асылбекұлы, хатшылық қызметкер, жабайы қазақ баласы. 9. Бекмұқамбетұлы – қазақ арасында жүрген мұғалім, ноғай, жарлы жігіт. 10. Нұркин – ауылдық школдің оқытушысы, жабайы қазақ баласы. 11. Шегин – қала жатағы, аз оқыған адам. 12. Қара Байсейітұлы – қала жатағы, оқымаған қазақ. 13. Арын Малдыбайұлы – қала жатағы, кедей, қажырлы, бірсөзді, оқымаған, аз ғана хат білетін, табанды, пысық, ақылды, адал жігіт. 14. Тұрысбек Мықбайұлы – шала оқыған жігіт, елдікі. 16. Жайнақұлы Баймағамбет – елдің кісісі, кедей. «Оншақты ауыз орысша білетін» оқымаған, қажырлы, бірсөзді пысық адам. 16. Əубəкір Есенбақұлы – аз ғана қазақша хат білетін, орысша аз ғана тіл білетін, кедей жігіт, бірсөзді, қажырлы, ер жігіт. Ақмолада ағасұлтан, дуан басы болатын Құдайменде төрелердің Төленгүтінің баласы. Жасынан кедейшіл болып, төрелермен жағаласып өскен адам. 17. Ғыззатоллин Қапез – қала ноғайы. Жарлы жігіт. Қосшықұлұлы деген қазақ көпесінің қызметкері. 18. Ғалім Əубəкірұлы – шала қазақ, жарлы жігіт, Қосшықұлұлының қызметкері. 19. Баттал Смағұлұлы – хатшылық қызметкер. Аз ғана оқыған жігіт. 20. Əділұлы Байсейіт – қала школын
бітірген жігіт, хатшылық қызметкері, жабайы қазақ баласы. 21. Павлов – Ақмолада кеңсе қызметкері. 22. Монин – Ақмоланың жабайы орыс баласы, жас жігіт, солдат, 23. Гривогоз – солдат. 24. Мартылого – жұмыскер, шаштаразышы. 25. Щербаков – Спасск заводының жұмыскері. 26. Пиянковский – жұмыскер, монтер. 27. Мартынов – Спасск заводының жұмыскері, механик. 29. Кондратьева – əйел, суретші. 30. Трофимов – адвокат. 31. Базұлы – уақ қызметкер. 32. Мелекотов – поселке мұжығы. 33. Стегалин – поселке мұжығы, аз оқыған адам. 34. Грязнов – уақ қызметкер. 35. Жəне Грязнов – о да уақ қызметкер, 36. Коломейцев – майданнан қайтқан солдат. 37. Бербе – уақ қызметкер. 38. Қақім Маназарұлы – уақ қызметкер. 39. Құсайын Қожамбердіұлы – фельдшер. 40. Тінəліұлы – қазақ, жұмыскер. 41. Юндин. 42. Ананченко. 43« Жақия Айнабекұлы. 44. Котов жəне 45. – Мен, тағы басқалар. Совдептің төрағалығына Бачокты сайладық. Екі орынбасарының біріне Серікпайұлын, біріне Захар Катченконы сайладық. Кейін Катченко Захарды төрағалыққа қойдық. Президиуміне (басқармасына) бұлардан басқа: 1. Мен, 2. Гривогоз, 3. Монин, 4. Əділұлы, 5. Павлов, 6. Кондратьева сайланды. Енді бұл Совдепке Ақмоланың мекемелері лажсыз бағынды. Совдептің əр қызметке, біліміне қарай тағайындадық. Əр мекемеге комиссарлар сайладық. 1. Павлов пен Монинды ақша, қазна, банкелерінің комиссары қылдық. 2. Богомолов пен Асылбекұлын азық-түлік комиссары қылдық. 3. Мені оқу комиссары қылды. 4. Бербе деген мүшені телеграмм-почта комиссары қылдық. 5. Стегалин мен Малдыбайұлын жер – су комиссары қылдық. 6. Жұмабай Нұркинді тергеуші қылдық, трибунал мүшесі қылдық. 7. Дризге деген сиез өткен соң Омбыдан келген жолдасты, Совдеп мүшесі болмаса да, трибунал төрағасы қылдық. 8. Пиянковскийді еңбек комиссары қылдық. 9. Мелекотов дегенді саулық комиссары қылдық, 10. Тұрысбек Мыңбайұлын бас қылып екі-үш қазақ жігітті қазақ істерін басқаратын бөлім басқармасы қылдық. Жəне
қайтадан соттар сайладық. 11. Кременской деген жолдасты сот қылдық. 12. Шапыранды қазнаға алған тиірмендердің комиссары қылдық. 13. Грязнов деген жолдасты жəне Əділұлын уездік милиция бастығы қылдық. Қысқасы жолдастардың бəрін де əр қызметке тағайындадық, Іске кірістік. Іс қиын. Совдептің мəжілісінде құралды күш туралы мəселе талқыланып: Совдеп мүшелері өзімізді «Қызыл гвардия» деп жарияладық. Жəне отряд ұйымдастыру ісіне кірістік. Жаңа қызметкерлердің көбі – жөнді оқу білмейтіндер. Оның үстіне, тəртіп жаңа. Губернадағы Совдеппен байланыс шамалы. Одан нұсқалар, жобалар уақытында, жөндемді келіп тұрмайды. Мекемелердегі бұрынғы қызметкерлердің бəрі-ақ істерін тастап шықты. Істегендері не əдейі теріс істейтін болды, не нем кетеді қылатын болды. Əркімнің-ақ мойнына алған жүгі ауыр болды. Қызметтен толас уақыт аз. Совдептің мəжілісі жиі. Сөз көп. Іс көп. Дамыл жоқ болды. «Тіршілік» анда-санда шығып тұрады. Ресми редактор – Рақымжан. Бірақ ауыр ісінің көбі менің мойнымда. Оның үстіне, мен школде беретін сабағымды да қоймадым. Жəне кешке ересектер оқитын курс ашып, мен онда да сабақ беретін болдым. Қысқасы, күнібойы, кеш-бойы тынбастан қызметте аласұрып жүретін болдық. Ақмоладағы уездік қазақ комитеті өзінен-өзі бышыраған. «Қазақ комитеттерінің» бастықтарын шақырып алып, есеп сұрағанбыз. Олар қатты қорыққан. Қазақшылап арамызға фельдшер Наурызбай Жолайұлы түсіп жайластырған. Комитет бастықтарының Құсайын Қожамбердіұлын жəне Шегеұлын советке кіргізгенбіз. Қазақ комитеттерінің мүшелері есеп сұрағаннан қатты қорқатыны – ақша жағында көп шатақтар бар еді. Оны біз сезуші едік. Əсіресе біздің қадалғанымыз Омбыда, Ақмоладан барып оқып жүрген нашар балаларға жəрдемге деп елден комитет жинап алған көп ақша болатын.
Бұл ақшаны бастап жинаған біз болатынбыз. Біз комитеттен шығып қалған соң, сол ақшалардың көбін қазақ «комитеті» Омбыдағы оқып жүрген Ақмоланың нашар балаларына жібермей, өздері жұмсап қойған. Ал жіберген ақшаны Омбыдағы облыстық қазақ комитетіне жіберген. Облыстық қазақ комитеті бұл ақшаны тиісті иелеріне бермей, тіпті Ақмола уезінікі емес жəне мұқтаж емес өз жақындарына берген. Ақмоладан Омбыға оқуға барған Жанайдар Садуақасұлы, Қамза Жүсіпбекұлы, Қасенбек Құлатайұлы, Гүлшарап қыз тəрізді ақшаға мұқтаж балалар тентіреп, өздеріне арналып жиналған ақшаларының бір тиынын да ала алмай қалған. Бұл туралы Омбыдағы балалар бізге хат жазып жататын. Біз мұны «Тіршілік» газетіне жазғанбыз. Бұл туралы жоғарыда да айтылды. Комитетке барып жүретін «Жас қазақ» ұйымының мүшесі арқылы жанжал көтергенбіз. Есеп сұрағанда, қазақ комитеті мүшелерінің қорқатыны осындай істері еді. Қазақ комитетінің мүшелері, Наурызбай фельдшердің үйінде, бізге жылаған соң, біз бір аз кейіген сөзімізді айтып-айтып қойдық... Сонымен, Ақмолада Совдептің ісі қазандай қайнай берді. Ол екі арада Омбыдан: «Облыстық қазақ комитетінің» «Алашшыл» мүшелерін қудық. Комитет қайта сайланды. Комитетке: Айтпенұлы, Əлжанұлы, Торсанұлы, Тоғысұлы жəне басқалар кірді»... деген телеграмма алғанбыз. Жəне «Ақмола уездік комитетін қайта сайлап бізге білдіріңіздер»... деген телеграмма алғанбыз. Бірақ біз Ақмоланың қазақ комитетін тек тарқатып жіберіп қойдық. Қайта комитет сайлауды теріс деп таныдық... Бір күні Омбыдағы оқып жүрген балалардан мынандай бір телеграмма алдық: «Ақмола. Сейфуллаұлына, Омбыда оқып жүрген жастардың «Бірлік» атты ұйымының беті «Алашордашыл» болып, революцияға қарсы болғандықтан, оқып жүрген біраз жастар «Бірліктен» бөлініп ұйым жасап, демократ-совет ашты. Советтің басқармасына мынан-
дай адамдар сайланды; Жанайдаір Садуақасұлы, Таутан Арыстанбекұлы, Қамза Жүсіпбекұлы, Сейітқазыұлы, Əбілқайыр Досұлы»... (Акмолинск. Сейфуллину. Часть учащейся молодежи не согласная с контрреволюционным направлением Алашординской молодежи «Брлик» откололась. Организовали демократический совет учащихся. В президиум избраны: Арыстанбеков, Садвакасов Жанайдар, Юсупбеков, Досов, Сеитказиев) – деген. Бұған қуанып қалдық. Бұл жастармен біздің бұрын да байланысымыз жақсы еді. Енді тіпті жиі хат арқылы байланысты үзбейтін болдық. Айтқандай, бұлардың қасындағы Дінмұқамбет Əділұлы, Омбыда большевиктердің жасаған қызыл партизан отрядтарына кіріп кеткен. Отряд аты: «Əлемнің бірінші партизан пролетариат отряды» (Первый международный партизанский отряд.) Бізге Дінмұқамбет бір-екі хат жазып, телеграмма соғып кеткен. Бір хатында маған большевиктерді мақтап: «Руссияда большевиктерден басқа партия кемшілікте жүрген адам баласына теңдік бермейді» деген. Екінші хатында тағы да осындай сөздерді айтып келіп: «Мен енді мұндай уақытта қарап отыра алмаймын, адам баласының бақыты үшін майданға жөнелдім»... деген. Қайнаған қалпында іс жүре берді. Көбінесе, істі өз білімімізбен істейміз. Жоғарыдан үзілмей келіп тұрған айқын жоба, нұсқалар жоқ... Петрградтағы Совет үкіметі декрет үстіне декрет шығарып жатыр. Ол декреттерді сымсыз телеграмм (радио) арқылы ғана аламыз. О да, көбінесе, түсінікті болып келмейді. Көп аймақтар өз байларының, төрелерінін, аздыруымен Совет үкіметін тани қоймай жатты. Совет үкіметіне қарсы əрекет қылып, соғысып жатқан жерлер де көп. Біздің Ақмоладан басқа Қазақстанның өзге жерлерінің көбі-ақ Совет үкіметін дос көре қоймай жатты. Шыбықсыз телеграммен кейде: «Петербурда Совет үкіметі құлады»... деген хабар келіп қояды. Сондай хабарларды жазып, большевикке қарсы газеттер Совет үкіметін неше-түрлі сөздермен
жамандап, көпіртіп үгіттер таратып жатты. Орыстың байшыл газеттерінен қазақтың «Алашшыл» газеттері де қалыспады. «Қазақ» газетінің 1917 жыл 2 декабрьде шыққан 253 номіріндегі «Сүйінші хабар» деген басмақаласында «Совет үкіметі құлады» деп қуанып, нешетүрлі пəлелерді большевиктерге жапсырып, мейлінше былғап шұбыртып жазған. 1918 жыл 17 январда шыққан 260 номірлі «Қазақ газетінің» «Саяси хал» деген басмақаласында большевик партиясын тіпті сұмдық қылып жазады. Мөлтендеткен, жамандаған сөздердің майын тамызады. Жəне «Алаш» газеттерінін бəрі де большевиктерді: «Үкімет орнына отыру үшін жұртқа жақсы атты көрінбек болып жүрген жаман ниетті адамдар»... деп оқушыларын ұғындыруға тырысты. Сол 1918 жыл 12 январда жоғарғы мысал келтірген номірінің алдында шыққан 259-номірінде «Қазақ» газеті «Демогогия» деген басмақаласында: «большевиктердің сөздерінің бəрі – ылай судан балық ұстамақшылардың жұртты алдауы», – деп сарнады. Бұл мақалада да «тіл өнерін» аяп қалмаған. «Алаш» бастықтары көпірткен үгітпен қатар əскер жасауға талпынды. «Офицерлік-юнкер школына кіріңдер, «Алаш» əскеріне бастық болыңдар!» – деп, жастарға жар салып жатты. Əлгі Орал обылысында, Семейде ашылған юнкер «Алаш» школдері сол «большевиктер мен соғысамыз» деген «Алаш» жастарының өзі тіленген топтары болатын. Бұларға жазған «Қазақ» газетінің əлгі 259-номерінде үлкен «түсіндіру» сөзі басылған. Олар сүйтіп жатқанда, біздің іс қайнаған қалпында жүре берді. Совет үкіметі күн сайын күшеюде. Большевиктерге қарсылық қылып жатқан ескі дүние топтары күн сайын əлсіреуде. Біздің көзімізді қадап, құлақтарымызды түріп, алыстан бағып отырған жеріміздің бірі – Орынбор. Орынбор казак-орыстарың Дутов деген атаманы бастап, Совет үкіметіне қарсы тұрып, большевик əскерімен ереуілдесіп, қағысып жатқан. Орынборға біздің көзімізді қадайтынмыз «Алашорданың» басқармасы Орынборда. Барлық алашшыларға нұсқау беріп, «Алаштың ордалық ту-
ын» көтеріп отырған «Қазақ газеті» Орынборда. Ал «Алашорданың» орталық үкіметі» Орынбордан кетпек хабарын газеттен көргеміз... 1918 жылдың январь айында Орынборды большевиктер алды, Атаман Дутов қашты деген хабар алынды. Енді біраз күнде Орынбордағы «Алашорданың» бастықтары: Бөкейханұлы, Байтұрсынұлы, Дулатұлы, Омарұлдары, Орынбордан қашқан бетімен біздің Ақмола уезін басып, Семей өтті. Біз білмей қалдық. Бұлар қонып кеткен бір ауылдың қазағы екі күннен соң, Ақмолаға келіп маған айтты. Бұлар жолындағы Спасск заводына соғар деп, мен тез Спасскі заводының жұмыскерлер советіне уездік Совдептің атынан телеграмма бергіздім. Екі күннен соң «олар өтіп кетті»... деген заводтан жауап телеграмма алдық... Орынборды большевиктер алған соң екінші түрге боянып шыққан «Қазақ газетінің» номірі келді. Газетінің шығарушысы жаңа адам – Əбілхамит Жүндібайұлы деген кісі. Боянып қайта шыққан «Қазақ» газетінің 1918 жыл 27(14) февральда шыққан 261-нөмірінде жазылған «Орынбор жайы» деген мақалада. Орынбор алынғаннан кейінгі түрлі жəне алынған қарсаңдағы түрді өзінше баяндап жазады. Совет үкіметі орнаған қалада қайта боянып шыққан «Алаш» партиясы газетінің тілі енді екінші түрге түсіпті. Мағлұмат үшін əлгі мақаласын бұл араға келтірейік. Газеттен: «Орынбор жайы Бір айдан бері большевиктермен соғысқан, казак-орыс əскері мен юнкерлер 17 январьдың түнінде жеңіліп, Орынборға қарай қаша бастады. Қаладағы барлық əкімшілікті өз қолында ұстаған отанды корғау комитетінің адамдары, – казак-орыстардың басы атаман Дутов, Орынбор комиссары Архангельский жəне басқалар қашып кеткендіктен қала иесіз қалды». Осындай аумалы сағаттарда қаланың қалы қыл үстінде тұрғандай еді. Жаман ойлы бұзық адамдар иесіз қалаға тиіп,
нешетүрлі талан-тараждар істесе, əй дейтін əже, қой дейтін кожа жоқ деді. Сондықтан Орынбордағы мұсылман Қарби комитеті қалаға большевиктер кіріп, əкімшілік орныққанша, өзін Орынборға əкім екендігін жария етті. Өзінің күнілгері қамын қылып, жиып қойған жігіттерін қару-жарақ асындырып, үкімет жəне халық мекемелерінің бəріне қарауыл қойды. Қарби комитеті тұрған башқұрттың керуен сарайы мұсылманның еті тірілігін көрсететін бір орда түрін алды. Керуен сарайдың ауласында қару-жарақ. Асынған мұсылман солдаттары мен дружинаға жазылған ноғай жігіттері «ерсіліқарсылы» жүріп жатты. Жегулі аттар, автомобильдер даяр тұр еді. Қалада тəртіп сақтау жалғыз мұсылман Қарби комитетінің мойнында ғана қалған еді. 18 январьда қалаға большевиктер кіріп, өздері орнатқан үйлерге орныққан еді. Көшелерде қару-жарақ асынған түсі суық матростар, қара жəне қызыл гвардиялардың кісілері оннан-бестен үй-үйге кіріп – мұнда офицер бар ма, құрал бар ма – тінте бастады. Осы тінту ісінде жүргендердің ішінде сөзге түсініп, күшке салмай, өз міндетін қолындағы мандат қағазын көрсетіп атқарғандар бар болған секілді. Бас жібі жоқ өгіздей күшке салып, ақырып-жекіріп, қала халқының апшысын қуырғандары да бар еді. Осындай жүгенсіз азғындар көбінесе матростардың, анархис дейтін партияның адамдарынан, солардың етегін ұстап олжа түсе ме екен деп жалған «большевик» болған Орынбордың өз ұрыларынан құралған еді. Большевик штабы осы түрдегі жаман ойлы жолдастарына қатты жазалар салып, жаман қысты. Қалада большевик əбден орнығып əкім жүргізгенше болған талан-тараждар, кісі өлімдері – бəрі осылардың қолынан келді. Большевиктердің жоқшылары яки Қарби комитет жігіттері талаушылардың көбін ұстап жауып қойды. Айыптыларын атып өлтірді деген хабарды соңынан есіттік. «Большевикпін» деп тінту артында жүрген «ерлер» ірі байлардың үйіне кіріп, үйді асты-үстіне келтіріп, жын
ойнағандай қылып аударыстырып, қымбатты нəрселерді қөйын-қонышына толтырып алып кеткендерімен тұрмай, қапқа салып арқалап яки жегулі көлікке артып əкеткендері де болды. Шекесіне тақап тұрған мылтықтың атылуынан, жүрекке сұққалы тұрған пышақтың түсінен қорықкан адамдар қысылғанда жан садақасын беріп құтылып, құр жан қалды. Кейбірі жаннан малын қымбат көріп, малға ара тұрамын деп мылтыққа ұшқандары да болды. Қарби комитеттің қару-жарақ асынған жігіттері күн демей, түн демей автомобильге мініп алып, қаланың көшелерін аралап жүрді. Бірнеше жерлерде талаушылардың үстінен шығып қалып, маңдайы ашық кейбір бақытты адамдардың жиған дүниелігі өзінде қалуына себеп болды. Талаушылардан үш-төрт күн ішінде қала халқының сиынғаны жалғыз мұсылман Қарби комитеті болды. Матростар яки анархистер жолдарына бөгет бола берген Қарби комитетінің жігіттеріне көздерін алартып, тістерін қайрап жүрді. Осылардың қыңқылы жерде қалмай, Орынбор вокзалында болған бір мəжілістерінде мұсылман қолындағы құралды сыпырып алудың керектігі сөз болды. Большевиктер қалаға кіріп, салығын салып тынығып алған соң, военно-революционный комитет ашылды; түрлі іс басына комиссарлар қойылды. Үкімет жəне халық мекемелеріне өздеріне сенімді солдаттардан қарауыл шығарылды. Сүйтіп, қала тұрмысы біраз сабасына түскендей болды. Большевиктер қалаға кірісімен кадет партиясының пікірін тарататын «Оренбургский край» газетінің басқармасын өздеріне қаратып алды. Осы күні оның орнында У. Р. комитетінің пікірін тарататын «Известия» газеті шығып тұр. Кооперативтер шығарып тұрған «Южный Орал» газетасы да жабылды. Осы күні оның орнына «Народное дело» газеті шығып тұр. Большевиктің інісі меньшевик партиясының пікірін таратушы жұмысшылар газеті «Рабочая заря» большевиктер
кірген соң, бірнеше нөмір шығып тұрып, тілі ащы болып масадай шаға берген соң, ол газетті У. Р. комитеті жапты. Оның орнына іле-шала «Рабочая газета» шықса да таздың басын қаси беретін мінезі большевиктерге жақпай тоқтатылды. Сүйтіп, інілердің ағаларына қарап бұртиып тұрған жайы бар. «Уақыт» газеті тұтынған жолы жұмысшы, жарлы халық ыңғайына ереуіл келгендіктен. У. Р. комитегі тарапынан тоқтатылды. «Уақыт» баспаханасы, барлық нəрсесі жəне қолындағы ақшасымен реквизировать етілді. Февральдың 9-да «Уақыт» баспаханасында басылып «Орынбор мұсылман қарби инхлап комитеті мұқбары» деген газеттің бірінші нөмірі шықты. Январьдың аяқ жағында қалада тұрмыс өз жолына түсті десе болады. Бір айдан бері Орынбордың сыртында бөгеліп жатқан хат-хабар, газет, журналдар ретсіз бір түрде келе бастады. Мұсылман қарби комитетінің панасына сиынған мұсылман байлары бар. Мұсылман қарби комитеті соларды қорғайды – деген күңкіл сөз түбінде іске асып, мұсылман қолындағы қару-жарақты У. Р, комитеті жиып алды. Сүйтіп аз күн болса да қалаға қызмет сіңірген талан-тараждарға ара тұрып тəртіп сақтаған мұсылман дружинасының таратылуы көңілге қайғы түсірді. Қолынан құралы алынған соң, мұсылмандар тағы бір түрлі бас қамын қылуды ойлады. Бетегеге бойы жасырына алмаған «буржуйлардың» бүлініп кетуімен ноғайдың солдат жəне жұмысшылары басын қосып, кеңесіп, мұсылман қарби инхылап комитетін ашты. Комитеттің бастығы – Ғали Шамғұлұлы. Жолдасы – Мұхамметтайырұлы. Секретары – Абдолла Яғқұпұлы. Бұл комитетке мұсылманның табан ет, маңдай терімен күн көретін жігіттерінің көбі кірген көрінеді. Большевик келместен бұрын жабылып, сонан бері ашылмаған дүкендер жəне мектептер 29 январьдан былай ашылды. Сəудегерлер саудасын істеп, балалар сабағын оқып жатыр. Бұрынғы Кадетский корпус əскери гимназия болды.
Большевиктердің жеңіп алған қалаларында тұратын байларға салатын контрибуция дейтін салығы болады екен. Орынборға келген большевиктер де, Орынбор байларына белі қайысарлық салық салып отыр. Бір жиюға 10 миллион сом салық салынды. Бұл салықты жиятын комиссия байларға былайша бөлген: Зарепнов 1 миллион сом, Сараков 178 миллион сом, Панкратов 1 миллион сом, Деев 300 мың, Буров 600 мың, Пемнов 150 мың, Нехарчев 125 мың, Смашилин 75 мың, Коробков 60 мың, Багандин 100 мың, Нехонов 75 мың, Урецкий Орштері 75 мың, Потлов серіктігі 100 мың, Захо 100 мың, Брагин 50 мың, Қаймүйіштер 50, 40, 20 мыңнан, Вольфсон, Корнилов, Лшескин 50 мыңнан, Лысих 5 мың, Агладонов 100 мың, Андреев 30 мың, Ботен 5 мың, Шепшайшы 20 мың, доктор Воскресенский 15 мың, Попов, Теребенский жəне Неколин 10 мыңнан, Мақмұт бай Құсайынұлы дарыстері 600 мың, Уəли қазрет Құсайынұлы фирмасы 125 мың, Ғыдбай Балтабаұлы 50 мың, П. Ғимадиұлы Абдырахман Əмзін, Бырдаран Ғабділлендір, Ауаринвазұлы, Ақымбайұлы, Аюпұлы, Г. Шыпыров, Ғабділкайым Седачұлы 25 мыңнан, М. Шараполдинұлы, Г. Киненеев, З. Құртапұлы, Ромовтар 15 мыңнан, Ш. Мұсұпұлы 20 мыңнан, З. Қабибуллиндер, Зомаров, Р. Қабимовтер, С. Мырзабайұлы, Ғабділрəшит Құсайынұлдары 10 мыңнан, осы салықты байлар төлемей құтыла алмайды. Адвокат Гарадскийдің зор жұрты ісіндегі общинымен У. Р. комитеті қолына көшті. Ташкент от арба жолы, сол жолда қызмет қылатын жұмысшылар мүлкі болды. Орынбордың зор баспаханаларынан Левенсон баспаханасы бұлардың билеуіне көшті. Орынборда тұрғын қазақ 5 – 6 үй болатын, бұлардың азаматы əм бала-шағалары большевик сүргінінен тегіс аман. Өздерінен болмаған себептермен Орынбордан шығып, ел ішіне кеткен. «Қазақ» газетінің басындағы азаматтар елі Орынборға оралған жоқ. Шəкірттері Орынборға қайтып оқуға кірісті. Большевикті азуы алты қарыс арыстандай көргендіктен бе, яки басқа бір себебі бар ма, Орынборда қазақтың басы
февраль ішінде ғана көріне бастады. Қалада осы күні тыныштық. Таңырқарлық талан-тараж, өлім-жітім хабарлары жоқ. Орынборға жақын отырған қазақ ауылдары да аман. Торғай комиссары қазақ пен орыс арасында болған жанжалдарды басуға жəне «большевик» болған мұжықтар қазаққа бел көрсетіп, ауылын шауып талап əкетпесіне қолдан келген істерді шұғыл істеп жатқан көрінеді. Почта, телеграф жүріп, банктар ашылды. Бірақ банктегі ақшадан жұма сайын иесіне 150 сомнан артық берілмейді. Қалада уақ ақша жоқ еді, Петроградтан жаңадан келген уақ ақшаны 100 сомдықтарға айырбастап алып жатыр. Дутов кезінде шығарылған Орынбордың жаңа ақшасы бұрынғы бəсін жойған жоқ. Большевиктер де сол ақшаны тағы даярлатып жатыр. Ж. Жанібекұлы» Міні, Орынборды қызылдар алғаннан кейін, тонын айналдырып киіп қайта шыққан «Қазақ газетініқ» сөзі екінші əдіске жармасқан. Жəне сол 261 номірінде жазған бас мақаласында тағы да өзінше былай деген: Газеттен : «Орынбор 27 (14) февраль. Тоқсан тарау ерсілі-қарсылы саяси партияны қолдаушылар əмəн пікір жарысында жүр. Бірі бір жолмен, екіншісі өзге жолмен ұлтты көгерту ниетінде екені газет оқушыларға мəлім. Сол түрлі саясат партиялардың бірі большевик партиясы. Патша түйіп, төңкеріс болғаннан кейін, большевиктер өзгелермен бірдей саясат майданында жарыса шығып сол уақыттағы «жаңа үкіметке» ынжық, айтқанын негізгі жұмысқа аудара алмай, құр сөзбен желбуаз қылып табаны тесілген, алақаны ойылған сорлы жұмыскерлерді есіне алмайды деп, наразылығын сөзбен де, күшпен де білдіріп, үкіметті өз қолдарына алу ойында еді. Октябрь жұлдызының
ақырына шейін Руссияда большевик алмаған атты казактары мол Орынбор мен, Дон, Теке, Украинадан басқа жер жоқ еді. Қалшиып бірнеше заман қайрат қылған, табан тіресіп атысқан Орынборға осы күнде большевиктер қанаттарьш жайып, қонып алды. Қалың большевик ішінде 18 январда уфимский отряді бастап, Торғай уезінің жігіті, ұруы Қыпшақ Əліби мырза Жангельдин келіп іске кірісті. Өзіне қолғабысшы қылып Орынборда тұрып, жұрт жұмысына ысылған Мұқаммедияр мырза Тұнғашыңды шақырды. Мұқаммедияр мырза төрт күндей толғанып, Орынбор мұсылмандарының аға азаматтары мен мекемедегі жолдастары қолай көріп айтуымен комиссардың сөзін қабыл алды, комиссар жұртқа болып қалған оқиғаларды баяндап, жар шақырып, жақын жердегі Ақтөбе азаматтарының бірнешесін телеграмма арқылы Орынборға шақырды. Телеграмма алып, хат алып хабарланып, тербеніп отырған мылтықтың оғының астында жатқан Ақтөбе азаматтары ойланып, заманның түрін ойға алып, бірісі ойдан, бірісі қырдан Орынборға құйылды. Арқада аламан əңгіменің түрін байқай алмай жан-жағына жалтақтап келген азаматтар комиссар Əліби мен Мұқаммедиярдан басқа қазақ азаматтарын Орынбордан көре алмады. Комиссар Əліби мырза Жангелдин заманның əсерінен əңгіме айтып көздеген мақсатын, тұтынатын жолын əшкере еткен соң, азаматтар комиссармен қол ұстасып, жұрттың басына түсіп тұрған ауырмалыққа шара көздеу ниетімен дағдылы жұмысқа кірісетін ырзалық көңілін білдірді. Ақтөбе елі Торғай облысының шетінде Орынбормен шектес қолтығында болғандықтан, əңгіменің асқынатын түрін сезіп: Ырғыз, Торғай уездерінден басты адамдарымен телеграмманың кəдірсіз тілі арқылы хабарласты. Заманаға саз деп сөйлескен азаматтары, бірнеше жұрт басшылары болып өз беттерінен комиссарға келіп дидарласпақ болды.
Осындай заманның аударылып тұрған шағында, жұрт газет хабарына аса мұқтаж екендігін ойға алып, жан жаққа хабар беріп, жөн сілтеп, нұсқа көрсетіп тұрған «Қазақ» газетінің басында тұрған азаматтардың Орынборда жоқ екенін көріп, жауын тілеген егін қалпындағы жұрттың үмітіне қарсы бару ниетімен Орынборға февраль басында келіп, басын қосқан Ақтөбе уезінің төменде аты аталған азаматтарының өтініші бойынша «Қазақ» газетін шығаруды мен мойныма алдым. Келген азаматтар мына аты аталғандар: ақсақалдардан – Мырзағұл Қояйдарұлы, Сəрсен Жақыпұлы, Ахметкерей Қосуақұлы. Зиялы жастардан: Есен Нұрмұқамбетұлы, Сағындық Досжанұлы, Нысанғали Бегімбетұлы, Сұлтан Арқабайұлы, Нұрғали Атантайұлы, Задакерей Нұрмұқамбетұлы, Əлі Ыбырайымұлы, Ережеп Қояйдадарұлы, Қасым Арынғазыұлы, Досмұқамбет Қожабайұлы, Камалиддин Арынғазыұлы, Бақыткерей Кəкенұлы, Қарасай Қояйдарұлы жəне басқалары. «Заман аударылып тұрған шағында дағдылы жолмен жүру, бір бақытқа маңдай қою – қиядағы киян іс. Сондықтан газет оқушылар заманының құбылуымен есептесу керек. «Қазақтың» соңғы жүретін жолы – халыққа болып жатқан өзгерістен хабар беру, заманына қарай амал қылу, жол көрсету, сасқанда алдынан шығып жəрдем беру, маңдайында ғана болашақ... Əділхамит Жүндібайұлы». Бұл мақаладағы комиссар Жангельдин – қазақтан шыққан ең бірінші большевик. Қызылдар мен ақтардың майдандасқан жерінен шығып, өзі сол майданның жуан ортасында болған кісі. Қызылдар əскерінің басында болған кісі. Бұл жолдас Жангельдинді біз газет аркылы ғана білетінбіз. Оны «Алашорданың» барлық газеттері неше-түрлі пəлелерді айтып оңдырмай жамандайтын. «Алаш» газеттерінің иттің құйрығындай шулап балағаттауына қарағанда, бұл бір өте қауыпты адам ғой дейтінбіз. Ішімізден: «Əттеген-ай, əлгі пəлен болды дегені болмаса, бір өте маңызды адам-ау» дейтінбіз. «Дəл Көлбай тəрізді екен ғой... Көлбай да жылпостығы, тұрлаусыздығы болмаса, аса зерек, өткір адам тəрізді көрінеді... дейтінбіз. Сол газеттердің
«пəлен болды – түлен болды» – деп жала жапсыруының арқасында, біз де бұл адамдарды білмегендіктен, бұлар туралы дұрыс пікіріміз сəлдеу болатын... «Қазақ» газетінің 1917 жыл 2 декабрьде шыққан 253 нөмірінде «Жұрт төресі» деген мақалада Бөкейханұлы («Қыр баласы») Жангельдинді жамандап «өзі» жазды... «Торғайға келген Жангельдиннің соңынан жұрт ерсе, олардың 3-інші нөмірлі спискесіне учредительный собрания сайлауында Торғай халқы 41-ақ дауыс берер ме еді, «Алаш» спискесіне 54 мың 897 дауыс берер ме еді» – деп мақтанды. «Алаш» шешендері газеттерінің беттерінде большевиктерді сөгуді, жамандауды үдетіп жатты. Большевик болған аз ғана қазақтарға шашылған топырақ аз болмады. Батпақ əсіресе Жангельдинге, Көлбайға көбірек шашылды. «Сарыарқаның» 31-номірінде, 1918 жыл 3 март, «Кім дос, кім қас» деген мақалада «Мадияр» деген «Алаш» бастықтарының бірі Дулатов қазақтан шыққан большевиктерді былай деп жамандады: «Бірақ біздің басқаларға түсімізді бояп көрсетіп отырған өзімізден шыққан шағымшылар. Олар бүгін большевик болмақ түгіл тескен тау өтіп кетсе де, жолың болсын дер едік, бірақ жұрт атынан сөйлеп, соңынан ерген он қазақтың баласы жоқ, жұртты адастырып отыр, соған күйінеміз. Кешегі қаралы патша заманында бірі шоқынып миссионер болып, бірі сатылып жандарма мекемесіне тыңшы болып, бірі ел алдап, бірі жол тосып жолаушы тонап соғылғандар... Мынадай ылайсаң заманда «большевик» бола қалып, ақ ордалы алаштың ортасына от тастағалы отыр. Жалпы қазақ-қырғыз сиезіне жиналған өкілдер байлар, қазаққа зияндастар, оны сиез демеңдер, алашқа автономия бермеңдер деп отыр. Алаш ордасына сайланған он бес кісі казақ-қырғыздың дұшпаны, оларды жоқ қылу керек деп шағым қылып отыр. Қазіргі шығьш тұрған «Қазақ» газеттері, бостандық дұшпаны бұлардың жазушылары Николайшыл деп отыр!..» деп, сарнады Дулатұлы.
Дулатұлы бұл сөздерден кейін, большевик болған қазақтарды қорқыта балағаттайды. Бұлар жамандамаған, бұлар сөкпеген большевик жоқ. Бұлар Ленинді де жамандады ғой. Бірақ ит үреді, керуен көшеді дегендей, іс қазандай қайнаған бетімен жүріп жатыр. Іс сүріне-қабына жүріп жатқан тəрізді. Байлардың үйлерін, диірмендерін қазнаға алдық. Сібір банкін алдық. Орынборды Дутовтан большевиктер алғанмен, Ақмола облысынан басқа жерлердің көбінде ақтар, алашшылар əрекеттерін мықтап жүргізіп жатты. Алашшылдар үйтіп жатқан жерлерде қазақ еңбекшілерін бастап Совдеп құру, Совдеп жасау үшін майданға шыққан жігіттер болмай жатты. Тек Бөкейлік қазақтардың арасында саяси қозғалыс болып, оқыған жастардың арасында советшілдері барлығы білініп жатты. Газеттерге қарағанда, Бөкейліктің оқыған еңбекші азаматтары өздеріндегі Керенский үкіметінің əкімдерін түсіріп, Бөкейлік үкіметін бұқара қолына алғандығы білінді. Бұл туралы «Қазақ газетінің» 1918 жыл 27 февральда шыққан 261-номірінде «Ұран» газетінен мынандай бір хабар басылды: Газеттен: «Тағы да өзгеріс Өткен нөмірінде бұрынғы комиссарлық Құлманұлы қалып, оның орнына Əзірбайұлы болып еді. Оның бер жағында комиссарлық қалып, Бөкейліктің істері осы кісілер арасынан бөлінді: Ішкі істі қараушы. В. Ныязұлы. Жол ісін қараушы. I. Көшекүлы. Жəрдем » Қ. Мендешұлы. Азық » С. Генералұлы. Малияр ақша » Д. Темірəлиұлы. Оқу-оқыту » Меңдешұлы. Ден саулық » М. Кекібайұлы. Дау » С. Нұралиханұлы.
Бұлардың халықтың бас аяғын жинап маслихат етуге шыдамай, Бөкейліктің ісін қолдарына алуларын əртүрлі жоруға болады. Біреуі – уақыт оздырмай осындай қысаңшылық заманда халықты қиындықтардан сақтап тура жолға бастау. Екінші түрлі ойлағанда, ел адамдарына мынау қалай демей, төрт жүз мың Бөкейліктің делегаттарының сайлаған адамдарының билігін кешегідей он шақты қара таяққа беріп, өзара кеңесіп, өз тілектерін жасай беруі өздерінің бас қамы үшін деп айтуға да мүмкін.. «Адасқанның алды жөн, арты соқпақ» деген қазақтың мақалы бар. Мен басшыларымыздың бұл істерін жөн яки жөн емес деп айта алмаймын. Дұрыс, дұрыс емесін халықтың өзі шамалап тұрған болар...» «Ұран» «Алашорда» Семейге орнады... Орал, Ақтөбе жақта Совет үкіметі əлі де қазақ арасында орнаған жоқ... Түркстан қазақтары əлі де бөлек автономиялы болудың сандырағында еді. Бірақ «Қазақ газетінің» большевиктер Орынборды алған соң шыққан 1918 жыл 27 (14) февральдағы 261 нөмірінде мынадай бір хабар басылған: «...Қоқант. Қоқантта Совет үкіметінің əкімшілігі жүрді. Түркстан Мұқтарият ағзаларынан қазақ Мұстапа Шоқайұлы мен Абдірахман Оразайұлдары тұтқынға алынды. Басқа мүшелері бой тасалап қашып кетсе керек»... деген. Күн сайын Совет əкімшілігі өршіп, қанатын жая берді. Күн сайын нығая берді. Совет үкіметі күшейген сайын «біздің» «Алашорда» тəрізді байшыл автономиялар қуыршақтай домалай бастады. Барлық Руссиядағы «Алашорда» тəрізді, байшыл оқыған мырзалар, қазіреттер, байлар жасаған автономияларды большевиктер бастаған пролетариат – еңбекші тап қозғалысы талқан қылып қуалады. Большевиктер партиясының ұлы Көсемі Ленин мен Сталин Руссияның барлық еңбекшілеріне жəне Күншығыс еқбекшілеріне, мұсылман еңбекшілеріне жарнама үгіт жариялады.
Бұл араға сол кезде қазақшаға аударылған сол жарнама үгітті келтірейік: «Барлық Руссия жəне Күншығыстың жұмыскер, əскер, қарашаруа мұсылмандарына! Жолдастар, бауырлар! Руссияда зор өзгеріс болып жатыр: шет мемлекеттерді бөліп ыдырату мақсатымен қабынып кеткен қанды соғыс бітті. Барлық дүние халқын құл есебінде тұтынған азулы ауыздардьщ əкімшілігі жемірілді. Ескі құлдық, қанаушылық таж-тақыттары күл-талқан болып құлады. Мен-меншілікпен біреуге-біреу тізе көрсететін дүние ең соңғы демін алуда. Бұлардың орнына жаңа дүние, ерікті жұмыскер халықтың үстемдігі шықты. Бейнетқорлардың мойны босайтын күн туды. Бұл төңкерісті басқарушы жұмыскерлер мен қарашаруа əкімшілігі халық комиссарларының советі... Төңкерісші жұмыскер, солдат жəне қарашаруалар советінің орнамаған жері жоқ; Руссияның əр бұрышына тамырын жайды. Үкімет, мемлекет билігі халық қолында, Руссияның жұмыскерлерінің жүрегінде түзушілік жасау, барлық дүниедегі қорлық көрген халықтарға жəрдем ету, өзіне нағыз бостаншылық алу тілегі бар. Олар мұны ешкімнен тайсалмай орындайды. Бұл тарихи игі істе Руссия жалғыз ғана емес. Руссияның төңкерісімен жақғырыққан ерік айғайын, Күншығыс пен Батыстағы жұмыскерлер қарсы алды. Соғыс себепті қажыған Европа халқы бізге қолын созды. Ол татушылық тілейді, татушылық жасайды. Европаның жүмыскер жəне солдаттары социализм туының астына жиылды. Империализмнің тамырын қиюға қайратын тікті. Алыстағы Үндстан анау Европаның «мəдени» азулыларын шалқасынан түсіруге төңкеріс туын көтерді. Құлдықтың бұғалығын мойнынан жұлып алып тастауға, Күншығыс халықтарын бостандық алу үшін күреске шақырды. Капиталистердің талау жəне зорлығының үні өше бастады.
Осындай зор уақиғалар көз алдымызда тұрған уақытта біз Руссия жəне Күншығыс мұсылмандарына, табан ет, маңдай терімен күн көретін жарлы жақыбайға, шетте қағыс қалған мұсылмандарға мынаны ұсынамыз. Руссия мұсылмаңдары: Еділ өлкесіндегі жəне Қырымдағы татарлар! Сібір мен Түркстандағы қазақ-қырғыз, сарттар! Кавказ алабындағы түрік татарлары! Кавказдың тау халқы мен чечендері! Руссияның зұлым патшасы, түрлі чиновниктері еркінен айырған, құл есебінде жəбірленген Руссия мұсылмандары! Ұлттығыңызды тілегенше тəртіпке салыңыз! Сіздер бұған құқықтысыз! Сіздің құқығықыз да барлық Руссия халқының құқығы сияқты, төңкерісшіл жұмыскер жəне қақарашаруа советімен құрылады. Сіз, бұл революцияға жəне оның сайлап қойған үкіметіне жəрдем етіңіз! Күншығыс мұсылмандары! Парсылар, түріктер, араптар, үндістер! Бүл күнге шейін сіздің мал мен бастарыңызға баяғыдан бері Европаның ашқарақ азулылары сұқтанып, жұтуға əрекет қылып келеді, ерік намысыңызбен ойнап, сіздерді ғасыр бойы жəбірлеп келеді. Европа талаушыларының тілеуімен соғыс ашылып, сіздер бөлшектенуге шамаланған мемлекеттер. Зұлым патша тарапынан жасалып, онан тайған Керенский тарапынан қолданылған Стамбулды тартып алу турасындағы жасырын жасалған қағаздарды біз жыртып жоқ қылдық. Соны жариялаймыз. Руссия республикасы жəне оның үкіметі болған Халық Комиссарларының Советі шеттен жер алуға қарсы. Басы Стамбул – мұсылмандардікі. Біз Иранды бөліп алу үшін патша үкіметі жасаған жасырын шарттарын да жырттық. Соғыс жұмысы бітісімен ондағы əскер онан шығарылып, ирандықтар жеріне ие болар. Туркияны бөлу қақындағы қағаздардың да жыртылғанын жария етеміз. Əрмендер өз тізгінін өздері алды. Сізді құл қылғалы сыбанып тұрған кəзіргі революция ордасы болған кəзіргі Руссия үкіметі емес.
Сіздерді құл қылмаққа сыбанып тұрған Европа империализмінің азулылары. Олар сіздің мемлекетті бөлшектеп алысу үшін соғысып келеді. Міні, сол өзіңді құл қылғалы бар өнерін қарыштаған азулыларды қуып тастауға майданға шығыңдар! Осы күні, ескі дүниенің негіздері қаусап құлауға солқылдап тұрған мезгілінде, барлық ғалам еңбекшілері өзін қанаушыларды құртуға ызаланып тұрған кезінде, ызаның уыты күшті төңкеріс жалынына айналып тұрғанда, осындай қан майданда үн жоқ, түн жоқ жай жатуға болмайды. Осындай кезде жеріңді тартып алып жəбір көрсетіп келген дұшпандарыңды желкеңізден жұлып алып тастаңыздар! Мұнан бұлай енді оларға елдеріңді талатпаңдар! Мемлекетке өздерініз ие болыңыздар. Күн елту, дүниеде тұру жайын, өзіңізге қолайлы ізбен өздеріңіз құрыңыздар! Сіздердің үйтуге құқығыныз бар. Өз тағдырларыңыз өз қолыңызда. Жолдастар! Бауырлар! Біз шын ерік, бостандық үшін ұлы күреске кірістік. Біздің туларымызда барлық дүниеде кемшілікте тұтылған халықтарға бостандық алып беру ұраны жазулы! Руссия мұсылмандары, Күншығыс мұсылмандары дүниені жаңарту жолында біз сіздерден жəрдем күтеміз, жəрдем етулеріңді өтінеміз! Ұлт істерін қарайтын халық комиссары: Джугашвили (Сталин). Халық Комиссарларының кеңес ағасы: В.Ульянов (Ленин).» Міне, большевик партиясының ұлы көсемі Ленин мен Сталиннің жарнамалары. Міні, осыларды да «Алаш-орда» жамандай білді. Осыларға да өздерінің кірлі қолдарымен «алашордашылар» батпақ шаша білді. Бұларды жамандаған олар əлгі Көлбайды, Жангельдинді жəне большевик жолына түскен басқа қазақтарды қарақаттады деп тамсануға да болмайды. Лениндей ұлы көсемді, Сталинді жамандай білген тіл, солардай кісілердің үстіне құса білген ауыз кімді былғай алмай-
ды. Менің мұным Көлбайды я басқаларды мақтайын дегенім емес. Өзінің өмірінде сүрінбейтін адам аз, Көлбайдың жаман қылықтары да болған шығар. Оны біз білмейміз. Əйтеуір жамандайтын «Алаштың» «көсемдері», «алашордашылар» жəне олардың шəкірттері дұшпанына батпақ шашуға шебер. Құсықты сөзге мырза. Сол большевик болды деп жамандаған қазақтар «Алаштың» өз жолына түскен болса, төбесіне көтерер еді. «Алаш» партиясы жасалмай тұрған уақытта, 1914 – 15 жылдарда, біз Омбыда оқып жүрген уақытымызда, «Қазақ газетінің» басындағы «Алашқа» «көсем» болғандар Көлбайды жəне Сəлім Көшімұлы деген қажы молданы жамандап жұртқа жайған Кəшімұлы «Айқап» журналының жазушысы болған. Бұл екеуін де «Алашқа» «көсем» болғандар оңдырмаған. Онда біз оқып жүрген кезіміз. «Қазақ» газетіне нанатынбыз. Сол 1914 – 15 жылы қысты күні Көлбай біз оқып жүрген Омбы қаласына келді. Менің Көлбайды əуелгі де жəне соңғы да көргенім сол. Көлбай Омбыдағы оқып жүрген қазақ балаларын жиып, бірге суретке түсті. Мен бармай қалдым. Бармауым – əлгі «Қазақ газетінің» Көлбайды оңдырмай жамандауының əсері еді. Көлбаймен бірге суретке түскендөрдің көбі соңынан «Алаш» болып Көлбайға топырақ шашқандар. Жəне сонда екі-үш күннен соң Омбыда қала театрында Сібір кеші (Сибирский вечер) деген сауық кеші жасалды. Сауықтың бір бөлігі қазақша болды. Театрдың балконына қазақтың кигіз үйін тігіп, жасау жинап, түрлеп, қызыл, жасыл електр шамдарын жағып, безеп, кілем төсеп, қымыз сатып, қазақша домбырашы, əнші отырғызып əн салғыздық. Домбыра шерттік. Театр стенасында қазақша өлең-жыр айттық. Саматұлы мен Шайбай Айманұлы екі ақынның айтысын ойнады. Сауықты жалпы басқарған Новоселов, Березовский, Сидельников еді. Міні, осы сауықта Қөлбайды анықтап көрдім... Патша түскен соң «Алаш» болып, Көлбайға бет алды батпақ шашқан сондағы Омбыда оқып жүрген қазақ жігіттері сол сауықта Көлбайдың қасында болды...
Сонда-ақ «Қазақ газетінің» басындағылар мен Көлбай ұстасулы еді. Бұдан кейін де «Қазақ» газетінің басындағылар жəне олардың шəкірттері Көлбайдың иығынан түспеді. Ал Көлбаймен қатар «Қазақ» газетінің басындағыларының жамандайтыны Сəлім молда соңынан, патша түскен соң, «Алаш» партиясыныд жолына кіре қалды. Сонан соң Сəлім молданы Көкшетау уезінің «Алашордасының» төрағасы қылып, Бөкейханұлы қол қойып бекітгі. «Алашшылардың» осы «қасиетті» мінездерін суреттейтін осындай қылықтары аз емес. Сəлімді мен Ақмолада оқып жүрген бала күнімде бір көрген едім. «Айқап» журналына ақша жинай келген еді. Шешен, бірақ жылпос жігіт еді. Көлбайдан да асқан жылпос, сынаптай жеңіл мінезді еді. Бірді айтып, бірге кетіңкіреп қалдық. Бұл туралы кезінде тағы да əңгіме қылармыз. Енді тоқып келе жатқан өрмегімізге келейік. Сүйтіп, «Алашорда» тəрізді автономия «Үкіметтер», отты үріп қалса, быт-быт болып ұшатын жылқы тезегінің күліндей бытырап ұша бастады. Шірік салынды, – тасыған дарияға бөгет бола алар ма!.. Большевик солдаттың құр дəрілеп бір атқан мылтығының дауысымен «Алашорда» тəрізді байшыл автономиялы «үкіметтер» быт-быт болып, қаша жөнелген қызық күндер болды. «Тар жол, тайғақ кешуде» қайыспаймыз дейтін мырзалар кішкентай жансымақтарын ала қашқан күндері болды. «Алашорда» мүшелері: Тынышбайұлы, Шоқайұлы, Ақайұлдары жасаған Қоқандағы Қоқан автономия «үкіметі» солайша тырағайлады. Құр дəрі мылтық дауысынан қаша жөнеліп, əр бұтаны паналап жүргендегі «министрлердің» суретін, өздерінің бір əңгімесін көшірейік. Бұл əңгімеге қарағанда, Шоқайұлын өзбек халқының ұлтшыл-байшылдары, ишандары бірсыпыра «əуре» қылған сияқты. Шоқайұлы соны шағады өзінің ниеттестеріне. Өздерімен бір бағытты болып, Октябрь төңкерісіне қарсы əрекет қылып жүрген Шоқайұлын аналар білмей, оны бірсыпыра қорқытқан сияқты. Шоқайұлы большевиктерге қарсы нешетүрлі өтіріктерді соғып, елді азғырып,
аздырып, байлар тілегіне кей жұртты өздері одақтастырып, оның бір жазасын өзі тарта жаздаған көрінеді. «Сарыарқа» газетінің 1918 жыл 18 мартта шыққан 34 нөмірінде бұл туралы басылған Мұстапа Шоқайұлының хаты мынадай: Газеттен: «Хат ...31 январь күні күндізгі сағат 2-де Қоқант большевиктерінің бізге тапсырған ультиматумын сөз қылып отырғанымызда тасыр-тұсыр атылған мылтықтың дауысы шықты. Бақсақ мылтық атысып, соғыс бастаған большевиктердің солдаттары екен. Большевиктердің бұл ісі өздерінің ультиматумда қойған шарттамасына қарсы келді: олар ультиматумда мəмле шарттарын кеңесуге 3 сағат срок қойған еді. Шорай сламия үйінде жиналып отырған үкімет адамдары бар жəне басқалар бар, большевик солдаттары жақындап келе жатыр деген хабарды естіп, жан-жаққа тарасып кетті. Сонан соң үкімет адамдарына енді қайтып, екінші басын қосуға ешбір түрлі жол қалмады. Себебі: большевиктердің мылтық атқан даусын естіген соң мұсылмандар қолдарында бар қару-жарақтарын алып, көшеге шығып қалды. Алдында үкіметтің большевиктерге қарсы қару-жарақ алып шықпаңдар, əлі де болса мемлеге келерміз деген сөзіне олар құлақ қоймады. Өз беттерімен қимыл қыла бастады. Сонан соң ақ үкіметтің істейтін ол арада қызметі қалмады. Қоқантта болған бұл көңілсіздік оқиғаның саяси себептерін бастан-аяқ түгел теріп жазуға замана əзір көтермейді. Соның үшін мен бұл хабарда бұл оқиға басталғаннан кейін: өз басымнан өткен ақуалды ғана көптің алдына ұсынғым келеді. Аудара қарап, ақтара түсінген адамға бұл жазғандарым надан да, бірсыпыра саяси қыртыс та көрінер. Большевиктердің оғынан қашып, Қақант қасындағы қышлақтардағы сарт ағайындардың ішінде 5 – 10 күн жүрдім. Сол аз ғана күннің ішінде көрген жəбір-жапамды, дұшпан да болса, құдай большевиктерге көрсетпесін... Ергеш қарақшы бас болып, Қоқантта сарттар большевиктермен
соғыс бастағанда оларда жеңілеміз деген ой тіпті болған жоқ. Соның үшін олар: Ергешті хан көтереміз; Ферғанада сарттардан басқа жан қалдырмаймыз: қазақ пен большевиктің ешбір парқы жоқ; ноғай болса, ол мұсылман емес; себебі Қоқантта бір ноғай мұғалімнің аяғын құблаға беріп ұйықтап жатқанын көрдік деп, қышлақ сарттары үрген местей күмпиіп, сарттан басқа жанның бəрін қырып жібермекке бел байлап, қолдарына пышақ, балта, шот, кетпен, орақ, арқан, жіп, қанжарларын алып, көшеге симай күпілдесіп кетті. Большевиктерден қашып паналап мұсылман баласын дос көріп, заманасы тасыған сарттардың ішіне нағыз сол кезде мен де келіп қалып едім. Көрген-білгеннің бəрін бұл арада тегіс айтып болмайды. Оның бəрі жаза берсе қағаз бетіне де симайды. Соның үшін бұл жолы басымнан өткен оқиғалардың да ең орасан көзге түскендейлерін айтып өтемін. 20 (7) февраль сəрсенбі күні Гаухана деген қышлақтан бүкіл ферғанаға белгілі «Мой мүбəрəк» дейтін қышлақта тұратын Мұсахан қажы деген ишанның ғалымдар (ғалым) баласы Омархан төремен бірге «Елеш» қышлағының үстін басып, «Құмбасты» қышлағына келдік. Жолдасым атты, мен жаяу: сарттар жалдап мінуге көлік бермеді! Үстімдегі киген киімдерім сарт киімдері, аяқта кебіс, мəсі. Үсте ала шапан, баста қазандай ақ сəлде... Барар жерім белгісіз болған соң, Қоқандағы соғыс басылғанша өзіміздің сарттардыц ішінде қауып-қатерден жырақ жүре тұрармын деген ой ғой, мені бір қышлақтан бір қышлаққа тентіретіп жүрген... Құмбастаға келген жерде қару-жарақ асынған 20 шақты сарттар келіп мені шап беріп ұстай алды. – Ə, сəн кім сəн? – Мұсылманмын. – Қайсы мұсылмансан? – Қазақпын. – Қазақ қашаннан бояқ мұсылман? – Əлмисақтан бері мұсылманмын.
– Сол қазақтың мұсылмандығында біздің шегіміз бар? – Сендердің шектерің болса, біздің қазақтың да шəді бар. – Шəді немене? Қане айтың? – Шəді шеш кімлəр диніне (ол «шеш кіме динін» маған бастан-аяқ түгел айтқызып шықты. Құдай бақ беріп жас күнімде жаттап алғандарымның ұмытылмағаны мұндай аброй болар ма!). Осындай тергеу қылып болған соң менің мұсылман екендігіме сарттар анық сенгендей болса да, онымен қоймай, тұс-тұстан анталап, ол жер, бұл жерімді шұқылап, мұсылманшылықтың онан көрі көзге көрінетінін «нышанасын» іздей бастады. Сол уақыттағы қасымдағы менімен бір жетіден бері таныс жолдасым Омархан төре ат үстінде маңқайып тамаша қылып тұрғаннан басқа ешбір жəрдем көрсете алмады, ол бүкіл ферғанаға атақты бір ишанның баласы болғандықтан маған жəрдем қылайын десе, бір ауыз сөзі ем еді. Ақырында мынау сарттардың жуық арада мені жібермейтініне көзі жеткен соң, атын борбайға бір салып, «шу» деп жүріп берді. Сарттар менің мұсылмандық жағымнан ешбір кінə таба алмаған соң: «Сен қазақ бұл жақта қайдан жүрсін?» – деп сұрады. Мен өтірік қоспай, жайымды айттым жəне Мұсахан қажы ишанның үйінде бірнеше күн мейман болып жатқанымды сөйледім. «Мұсахан қажы ишанның үйінде жатқаның рас болса, оның баласы сені неге тастап кетеді?» – деді сарттар. Мен олардың бұл сауалына не деп жауап берерімді білмедім, жолдасым молда Омархан көңіліне ғылым толып онда жолдас қақылыққа да орын қалмаған екен? Енді сарттар мені осы жерде ұстады: Бəрібір. Бұл кім болса, ол болсын, қайдан шықса, онан шықсын, əйтеуір сарт емес екендігі қақиқат. Онан өзі де танбайды. Мұны өлтіру керек. Енді заман сарттікі. Бізге қазақ та бір, большевик те бір», – деп, қолымнан жетектеп, қышлақтың шетіне қарай, көшеменен «қазақ ұстадық» деп айқайлап, тұс-тұстан адам шақырып алып жөнелді. Міне, өлтіруге жиналған адамның саны 70 – 80-дей болды, бəрінің қолдарында қару бар. Мылтық, айбалта, қанжар,
пышақ, келтек, сота, шоқпар.. Менде өлмеймін деген ойға орын қалған жоқ. Ақыры өлтіреміз ғой деп, сарттар мені ұрып-соғып əуре де болған жоқ. Екі көшенің айырылатын жерінде, үлкен бір ағаштың түбіне отырғызып, сарттар мені өлтірудің жабдығына кірісе бастады. Екі қолым артыма таңулы, екі көзім байлаулы. Мойнымда қара қайыстан тұзақ. Ажалды күтіп мен отырдым! Сарттардың ниеті мені екі аяғымнан ағашқа асып қойып, атып өлтірмекші, өзгелерден көрі маған рақым қылған сарттар бытырамен атса жаны қиналар деп, мылтыққа жалғыз оқ салдырды... Құдайдың əжеп құдіретіне, əділдігіне күман келтіріп болмайды. Дəл осы тайғақ кешу, тар жолда алда əділдігі алдымнан шықты!.. Енді асамыз деп даярланып отырғанда, бір сарт келіп: – «Сендер мұны қазақ дейсіндер. Қазақтың неше түрлісі болады. Бұл өзі қандай қазақ екен, көрелік», – деп, көзімді шешкізді. Ол сарт көзімді шешкен соң, бетіме тура қарап жіберіп: «Ассалаумаликум, Мұстапа əпенді!» – деп, жалмажан байлаулы қолымды босата бастады. Екі көзі жасқа толып, мойнымдағы тұзақты пышақпен қиып жіберіп, отырған орнымнан тұрғызып, өзге сарттарға менің кім екенімді баян қылып, көп сөз сөйледі. Өздері өлтіруді қойып, мені қоқандыққа Ергеш қарақшының алдына жібермекші болып, қалаға бара жатқан адамдардың біреуінің атына мінгестіріп жөнелтіп салды... Енді əлгі мені өлімнен құтқарған сартқа келейін. Бұл сарт (атын білмеймін) былтыр Мардікер болып, соғыс тарапына барған көп сарттың бірі екен. Ол былтыр жұмыс басында зəбір көріп, Ферғанаға қашып бара жатқанда Петербурда маған кез болып, менен жол қаражаттық пұл алып, қажеті шыққан екен. Жəне былтыр мен биыл менің Петербурда, Түркстанда қылып жүрген қызметтеріме де сырттан қанық екен. Құмбастыдан шығып, айдалған арыстанға ұсап, кейін оралып, жоғарыдағы айтылған Елеш қышлағын басып, Гəуханаға жөнелдік. Елеш жəне Гəухана қышлақтары арасында
бір сай бар. Сол сайдың басында олай-бұлай өткен сарттан басқа жанның бəрін ұстап, тергеп тұрған мылтықты үш сарт кез болды. Менің бөтен екендігім жəне ықтиярсыз қалаға айдалып бара жатқанымды білген соң, олар сөзге келмей мені атып өлтірмекші болды. Аттан түсірді, жар басына отырғызды, мені бастапқы тұзақтан шығарған сарт Құмбастыда қалған. Енді бұл оқтан кім құтқарар? Əйтеуір көп қиналмай жылдамырақ өліп кетсем екен деп, көзімді басып отыра бердім. Жалат сарт өзінің мергендігіне сеніп, «менім жүрегіме тигізе атсаң, қиналмай бірден өліп кетемін дегеніме болмай», көздеді ме, көздемеді ме, тарс еткізіп атып салды. Құдай өзі сақтады. Оқ тимей, зу етіп жанап кетті, сонан соң сарттар «бетбақтың бақыты бар екен!» деп, қайтадан атқа мінгестіріп жөнелтіп жіберді. Гəуханаға жеткен жерде əлгі қышлақтардың болысы (Қайнар болысы) Қатым Құлмұқамбет Құлұлы кез бола кетті. Ол мені бұрыннан таниды екен. Жайымды сұрап білген соң, жанымдағы мені алып келе жатқан сарттарға келіп, өздеріңді атып өлтіремін деп ашу қылып, оларды қайырып жіберді. Қатымқұл болыс мені өз үйіне алып барып, қонақ қылған соң, өзімнің айтуым бойынша қасыма жігіт қосып, Құдаш болысына қарай шығарып салды. «Гуназар» деген Қышлақта Құдаш болысына жолығып, оның да мені пəледен құтқара алмайтындығына көзі жетіп, қайтып айналып Гəуханаға келіп, Қоқанда соғыс бір жайлы болғанша сонда жатып алдым. Қоқант соғысы тоқтады. Ергеш қарақшысы қашып кетіп, қала большевиктердің қолында қалды деген хабар келді. Сонан соң сарттар ішінен желі шығып, солған қарындай жым болды. Қышлақ сарттарының бейілін білген соң, ертерек бұлардың арасынан шығып кетпекке қам қылдым. Бірақ көлік жоқ, ақшаға я салт ат, арба табылмай, жол бастауға жолдас шықпай жаман қиналдым. Заманасы көшкен сарттар тым болмаса жөн сілтеп, қышлақтардың атын айтпай, жаяу жүріп шаршап келгенде, таңдай жібітуге шай бермей,
талай қорлықтар көрсетті-ау. Алдында екі күн бұрын сарттан басқаның бəрін қырамыз деп, үрген местей кеуіп жүрген сарттар «қазақ»сын деп, өлтірмек болып бір қинап еді. Енді большевиктер жеңген соң хан көтеретін Ергештері қашып кетіп, солған сарттар жөн сілтеп, жол көрсетуге кежірлік қылып тағы ыза қылды. Екі күн жаяу жүріп, осындай бейнеттер шегіп, «Дағыстан» деген қышлаққа келдім. Сонда тоғыз тоқсан сомға жолдас жалдап, «қазақ-қырғыз» қайдасын» деп қарлы таулар асып жөнеп кеттім жəне сарттарға сол арада «қош» айттым. Көргендерім көп еді. Өзім осы күні көшпелі салтқа түсіп, ат үсті болғанымнан орнығып отырып, толықтырып жазуға уақытым жоқ, шырақтарым. 24 (11) февраль. Тау арасы. Мұстапа» Міне Қоқан министрі Шоқайұлы мырзаның хаты. Қоқанға барып қоқайып министр болып отырғанда жалпы өзбектер мен жалпы қазақ халқының «тілегі бойынша» отырдық деген «ердің» жайы осы. Шоқайұлының хатында өтірігі көп болуға керек. Шынында Қоқанның қамалындағы большевик пікірлі солдаттарды Шоқайұлдарының солдаттары тұтқынға алмақ болып, түнде барып тиіп қалған. Қоқаңдап қамап оқ атқан. Сонсоң ғана қамал солдаттары Шоқайұлдарын қуған. Бұл туралы Ташкенде шыққан «Жаңа Түркстан» деген орыс газетінің 13 (30) номірінде жазылған. Бірақ өзбектер «иманын» есіне түсіріп, «құдайын танытқанға» Шоқайұлы ырза тəрізді. Шоқайұлы əуелі Ақмешіт қаласынан қашқан. Бұдан бұрын Шоқайұлы Ақмешіт қаласында Абылайхан ұрпағы төре Қасымұлы уездік «əкім» қылмақ болып, неше күн, неше түн əрекет қылып, топта аузынан сілекей аққанша сөйлеген. Ақмешіт уезінің барлық дүмді қазақтарын Шоқайұлы қолына алған. Сүйтіп, «жеңіп» тұрғанда, Ақмешіттегі үркердей большевиктер келіп, Қасымұлының иығындағы «мұра шен-
дерін» жұлып тастап, өзін қамап тастаған. Шоқайұлы Ақмешіттен жымып қаша жөнелген. Содан Қоқан өткен. Сырдария облысының Түркстан қаласында болған «алашшылдар» бастаған облыстық қазақ сиезінің басында болған. Мұны да айта кету керек болады; бұл сиезге «Алашорданың» бас үкіметінің атынан Бақыткерей Құлманұлы, Мержақып Дулатұлы келген. Сиезді шақырған бюроның бастықтары: тағы Абылайханның ұрпағы Əзімхан төре Кенесарын мен Қоңырат Байұзақ Датқаның баласы болған. Сиезде төрағасы сол Əзімхан төре болған. Бұл сиезден Шоқайұлы Қоқанға келіп, Қоқаннан құр дəрінің дауысынан кашқан. Қоқандағы суретін хатынан жақсы білуге болады. Бұл хатқа қарағанда да Шоқайұлын Шоқай ұлдарының өздері тəрбиелеген өзбек байшылдарының тобырлары да құр дəрілеп атқан мылтық дауысымен аз қорқытып, мазақ қылып жіберген тəрізді. Ергеш өзбектері мазақ қылып апарып, жар басына отырғызып қойғанда, Шоқайұлы мырза шоқайып отырып, «құдайға жалбарына білгеннің арқасында аман қалған»... ТҮНДЕ ТАУ ІШІНДЕ Жəне бір кішкене сурет келтірейік. Тағы сол Қоқан министрлерінен. Əлгі құр дəрінің даусынан Шоқайұлы қашқанда, Қоқан автономиясының өзге «министрлері» де бет-бетімен жан сауға қылған. Министрлер советінің төрағасы Мұқаметжан Тынышпайұлы мен министрлер советінің жауапты хатшысы Қоңырқожа Қоджіқұлы бірге қашқан. Екеуі тауға сіңіп кеткен. Екеуінің астында екі ат. Күндіз-түні тау ішінде. Кез болған қырғыз ауылдарына баруға қорқады. Ит қуып сандалған бұралқы қасқырлар тəрізді... Түн. Жаңбыр құйып тұр. Көзге түртсе көрмейтін қапқара түн. Қалың құзды тау іші. Екі министр əр тасқа бір соқтығады, əр шұқырға бір жығылады. Аттары да сенделді. Көйлекке шейін сорғалап су өтті. Су болмаған түк қалмады. Екі министр əбден сүмірейіп көк иық болды. Екеуі де
аштықтан əбден бұралды. Аттары да аш. Ілбіп сенделіп, жар тасқа келіп тіреліп, ат сорлылар бастарын жерге салады. Аузына ілінген бұтаны жұлып алып, ауыздықтарымен қоса гүрт-гүрт шайнайды. Екі министр ақырын «шу-шулеп» тебініп, тағы да бір жерге кептеліп кеп тұрады. Жаңбыр суы сылп-сылп етеді. Етектен, тоқымнан сорғалап ат бауырынан ағады. Көк пен жер тұп-тұтас қараңғы. Таудың іші аққан сел. Таудың арасында, анда-санда қырғыз ауылдарының оттары жарқ-жұрқ, жылт-жылт етеді. Саңқылдап үрген иттің даусынан тау аралары жаңғырығады. Тау ішінде зарлап ұлыған аш қасқырлар үні естіледі. Жылтылдаған отқа баруға министрлер қорқады. Қараңғы тауда бишара қасқырлар сыңсып ұлиды. Министрлер ақырын келе жатып күңкілдеседі. Жаны құрғыр тəтті. Министрлер қараңғы түкпір іздейді. Міні, бір қараңғы түкпірге қашқан уəзір хатшысы келіп кептелді. Екеуі ақырын күңкілдесіп сөйлесіп аттарынан түсті. Аттарын ұстап, тастың ығына бүрісіп отырды. Жаңбыр суы сылпсылп етеді. Етектен сорғалап жерге ағады. Екеуі де өзді-өзі аттарының алқымында, тастың ығында бүрісіп-бүрісіп отыр. Бір мезгілде Қоңырқожа ақырын: – Мұқаметжан! – деді. Мұқаметжан ақырын, өлімсіреген үнмен: – Ə, ə, – деді. Қоңырқожа да ақырын: – Енді министр боласың ба?... – деді. Мұқаметжан кейіп: – Не дейді?.. Осының-ақ ойыны қалмайды екен!.. – деді. Міні кішкене сурет осындай. Бұл əңгімені маған Қоңырқожаның өзі айтып еді... БАТЫС ҚАЗАҚСТАНДА... «ХАН» БОЛҒЫЛАРЫ КЕЛЕДІ Большевиктердің мылтығына біреуді қарсы қоймаса, мұндай болатынын əуелде-ақ «Алашорда» бастықтары сезген. Сол себепті қазақтан «милиция» жасамақ болған. Милицияны «Алашорданың» бастықтары Қазақстанның екі жерінде жасай бастады. Бірі Семейде, бірі Оралда. «Ала-
шорда» үкіметі Семейге көшті десек те, үкімет мүшелері: Жанша Досмұқамбетұлы, Қалел Досмұқамбетұлы Семейге бармай, өз губернəлары Оралда қалған. Бұлар əлгі Орынборда болған 2-жалпы қазақ-қырғыз сиезінде қазақ автономиясын кешіктірмей «бүгіннен бастап жариялаймыз» деп бөлініп шыққандардың бастықтары. Бөкейханұлы, Дулатұлы, Байтұрсынұлы, Ғаппасұлы, Ермекұлы, Тұрлыбайұлы, бұлар – қазақ автономиясын «біраз милиция жасап алған соң жариялайық» дегендердің бастықтары. Досмұқамбетұлдарының даусы ол сиезде аз боп шықса да, Бөкейханұлдарына көніқкіремей шығатын. Міні, бұлар «Алашорда» үкіметі Семейге қашқанда, өздерінің Оралында қалып, өзбеттерімен «Алашорданың» əрекетін жүргізе берген. Милиция жасауға кіріскен. Бұлар Бөкейханұлдарынан көрі екпіндірек болған, Бөкейханұлдары ептеп, амалдап, түрлі көлгірлікті жүндей сабаған. Досмұқамбетұлдары тура, амалдамай-ақ, ептемей-ақ, өздерінің «хандығына» жетуге кіріскен. Қолчактың заманында осы бетімен барып Досмұқамбетұлдары Семейдегі Бөкейханұлы «Алашордасынан» бөлек, Орал, Ақтөбе, губерналарын «иеленіп», өздері үкімет құрып, үкіметіне «Күнбатыс алашорда» деген ат қойған. Оның кейбір суретін бұрынырақ айтқамын: əлгі, Қуанай қазіреттің Қалелдікіндегісі. Бұл жерде кішкене, əңгіменің ілгерідегісін айтып жібердім... Сүйтіп, қоқиып отырған Қоқан «үкіметін» құр дəрілеп атқан мылтық даусымен қуып жіберген соң, «Алашорда» ұлықтары Орал, Семейде милиция жасай бастады. Семейдегі «Алашорда» біраз атты, жаяу жігіттерді жиып алып, əскер ойынына үйрете бастады. Семейдің большевиктері біраз шыдаса да, бір он шақты большевик солдат «Алаштың» əскер ойынын үйреніп жатқан «милицияның» қасына келеді. Тұра қалып, милицияның басынан асыра мылтық атады. Милиция бет-бетімен қаша жөнеледі. Милицияның бастығы Қази деген жігіт айқайлап, жігіттерге: «Тоқта! Қашпа» деп тұрады. Сол кезде Қази оққа
ұшады. Милиция бастығының оққа ұшқандығын «Алашорда» өзінің «Сарыарқа» газетінде көпіртіп жазып жатты: «Алаш» ділмарлары, өздерінің кімді ату үшін оқ даярлап жатқанын былай тастап, бұл туралы газеттерінде өздерінше шу көтерді. «Сарыарқаның» 1918 жыл 18 марттағы 34нөмірінде, бұл оқиғаны «Алашорда» төңкеріске қарсы үгіттеріне құрал қылды. Көрінген сөздермен Шəкерім ақсақал, Байімбет, Мыржақып, Жүсіпбек, Сəбит Дөнентайұлы, Райымжан, Жанғали қажы, Мұстақымдар сөз сөйлегендері газетке жазылды. Жəне Орал облысында «Алашорда» əскері жасалды деп айтқан едім. Оны біраз баяндап өтейін: «Алашорда» милициясы Семей мен Оралда жасалды. Жəне Торғайда жасалды. Жанша Досмұқамбет ұлы мен Қалел Досмұқамбетұлы Орынбордан Семейге кеткен Бөкейханұлы, Дулатұлы Байтұрсынұлдарына ермей қалды дедік. Міні, бұлар сол бетімен өздерінің Орал облыстарында, Жымпиты қаласында, өз алдарына «Алашорда» үкіметін ашты. Үкіметтерін қыстыгүні, 1918 жыл декабрь айында, Орынборда Бекейханұлы, Дулатұлы, Байтұрсынұлдары жасаған жалпы «2-қазақ-қырғыз сиезінде» қазақ автономиясын қазір жариялау дұрыс па, жоқ, біраз байқап, милиция жасап алып барып, жариялау дұрыс па, деген мəселеде сиез екі жаққа бөлінген. Көпшілік жағы – Дулатұлы, Бөкейханұлы, Байтұрсынұлы бас болып, «автономияны милиция жасап алып, біраз байқап барып жариялайық!» – деген. Азшылық жағы – Жанша Досмұқамбетұлы, Қалел Досмұқамбетұлы бас болып «автономияны қазір жариялайық!» деген Досмұқамбетұлдарының «қазір жариялайық» дегендерін қостаушылардың бəрі-ақ сол Орал, Бөкей, Ақтөбе жақтарының адамдары болған. Бірақ соңынан бəрі де осылардың пікіріне тоқтаған. Орынбордан, манағы айтқандай, «Алашорда» үкіметі қашып Семей кеткен соң, Орынборды большевиктер алып, Орынборға жанасқан қазақ ісін Жангельдин басқара бастаған соң, Досмұқамбетұлдары Орал облысына келіп, «Алашорда» жасауға əрекет қылған. Орал облысының сиезін шақырған. Сиез
Қаратөбеде болған. Қысқаша сиездің қалай болғанын айтып өтейін. ҚАРАТӨБЕ СИЕЗІ 1917 жылдың бас кезі. Қыстың күні. Сиезге Қаратөбеге Орал облысының бар оқыған қазақтары жиылды. Бастықтары – екі Досмұқамбетұлы. Сиезге жиналғандардың ішінде, соңынан коммунист болған осы күнгі өзіміздің Кенжеұлы, Қасаболатұлы, Мырзағалиұлы, Қаратілеуұлы, Жолдыбайұлы, Қангерейұлы, Епмағамбетұлы, Əлібекұлдары бар. Бұлар онда большевик емес... Сиез ашылды. Сиездің басқармасына (президиумына) Досмұқамбетұлдары сайланды. Қаралатын мəселелердің зоры: əскер жасау, үкімет құру, үкіметке қаражат-ақша жинау. Əскер жасауға, үкімет құруға қарсы сөз болған жоқ. Ақша жинау мəселесіне келгенде сиез екі жікке бөлініп, айтысты да қалды. Бір жағы көп, бір жағы аздау. Көпшілік жағы Досмұқамбетұлдары жағы. Бұлар: ақшаны жинағанда «үй басына, от жаққан түндік басына жүз (100) сомнан салайық» деді. Азшылық жағы Ғұбайдолла Əлібекұлы, Епмағамбетұлы, Қангерейұлы жағы. Жəне бұлардың соңында Жолдыбайұлы, Қасаболатұлы, Кенжеұлы, Қаратілеуұлы, Мырзағалиұлдары бар. Бұлар «байға байша, кедейге кедейше»... салайық деді. Бұлардың бүй дегеніне белгілі Сырым батыр ұрпағы əлгі белгілі Салық бай қарсы болды. Салық қарсы болған соң, Досмұқамбетұлдары да қарсы. Сөз қызды. Талас күшейді. Екі жақ бір-біріне көнбей екпіндеп, белсеніп айтысты. Екі жақ та өз ұйғаруларын дəлелдеп, сиезге кезек-кезек баяндады. Сиез толқыды. «Дəлелдер» күшті. Досмұқамбетұлдарының ол кезде, ол сиезде беделдері артық. Сиез олардың дегендерін теріс деп білмейді. Бірақ мына Ғұбайдолла Əлібекұлы, Епмағамбетұлдары жағының дəлелдері көкейге қонарлық. Адамшылық ұяты бар кісіні ұйытарлық. Екі жағының да сөздері қызу. Сиез толқып əбден қызды. Сиез мешітте. Мешіт лық
толған. Үй іші əбден булықты. Есік берік. Сиезге кіре алмаған жай бұқара халық анталап мешітті айналып алған. Ашық терезелерден бастарын сұғып, талас сөздерді тыңдайды. «Байға байша, кедейге кедейше салу керек. Жарлыға тіпті салмау керек»... деген сөздер терезелерден сығалап тұрған кедей бұқаралардың қышыған жерлерінен шыққандай. Кейбіреулері қоштап, терезеден айқайлайды. Ақырында, Ғұбайділделер түндік басы салық бірдейлігіне ырза еместігін дəледеп, қағазға жазып əкеліп, басқармаға тапсырды. Бірақ, оған Досмұқамбетұлдары болмады. Бұлардың бұл жазып əкеліп отырғандары «большевикке» дегендері деп сөйледі сиезге. Олардың «дəлелдері» де қисынсыз емес». Олар былай дейді: «...Жамағат! Бұл жиылысты үлкен үмітпен, зор ниетпен жасап отырмыз... Руссия ала сапыран заманға кез болды. Үлкен толқынға ұшырады. Руссия екі жікке бөлініп, өзді-өзі соғысып, бірінің қанын бірі судай төгіп жатыр. Біреуге мал қайғы, біреуге жан қайғы дегендей кер заманға кез болдық. Кезінде, уақытысында іс қылмасақ болмайды. Ел болайық, жұрт болайық деп бұл сиезді жасап отырмыз. Сиезге келіп отырған «Алаштың» инабатты адамдары – сіздер. Ұлттың «шам-шырағы» тəрізді қазіреттер араларыңызда, ел ағасы ақсақалдар араларыңызда, жігіт ағасы азаматтар араларыңызда. Бəріңіз де «Алаштың» алдыңғы қатардағы адамдарысыздар. Бауырлар! Мұндай уақытта талас-тартыс дегенді қоялық. Алалық-құлалықты жоялық. Түнеугі күні Орынборда «жалпы қазақ» сиезінде «Алашорда» үкіметіне бізді сайлады, «Алаш» партиясы жасады. Алаш баласын ала-құлаға бөлмейміз деп ант қылдық. Кім де кім ұлтын сүйсе, ұлтын ала-құлаға бөлмейді. «Алаш баласымын» деген азамат мұны есінен тастамауы керек. Міні, біз «Алаш» баласын алаламаймыз. Алаштың баласын тегіс бірдей көреміз. «Алаш» баласы неге болса да бірдей ортақ. Нені болса да бірдей ортақ көреді. Алашқа келген қандай жүк болса да, бай демей, кедей демей – бəрі бірдей көтереді...
Міні, сондықтан бай демей, кедей демей жалпы елге, түндікке жүз сомнан салу керек. Алашты сүйген адам Алаш баласына алалыққа бармайды», – дейді. Міні, бұл алаштың байын да, кедейін де бөлмей, бірдей сүйетін көсемдердің» ұсынған жобалары. «Алалық-құлалық жоқ», түндікке жүз сомнан!.. Қазақ баласын тегіс «бірдей» көреді!.. «Бөлмейді!», «Жармайды!» «Қазақ баласын бірдей сүйеді!»... Бай да, кедей де олардың «бауыры». Бауырларына, алаламай салықты бірдей қылып, жүз сомнан салады. Міні, бұл «қисынды дəлел» емес пе?! Сүйтіп, екі жақ таласып, мəселені сиездің көпшілігінің шешуіне, дауысқа қойды. Сиез қақ жарылып дауыс қылды. Досмұқамбетұлдары састы. Тез, басқармада отырған өздіөздері сыбырласып жіберіп, бұл мəселені кейін дауысқа қоюға, сиез мəжілісін түстен кейін ашуға тоқтатып тыныс қылды. Түстен кейін сиез мəжілісі қайта басталды. Басқарушылар сиезді ашып, отырғандарға қарап: – Жамағат! Мына, Жанша Петрбордағы мұсылмандар советінің қазақ атынан кірген мүшесі, сиездегі кейбір ақсақалдардың өтінуі бойынша, сол мұсылман советінің істеп жатқан істері туралы қазір қысқаша баяндама қылады. Бұл мəселе, мына сиез қарайтын мəселелердің ішінде жоқ еді. Сүйтсе де, біраз адамдардың өтінуі бойынша, қазір қысқаша баяндама айтылмақ болып тұр, – деді. Отырған жұрт: – «Дұрыс! Дұрыс...» деп шулады. Жанша шығып сөйледі: «...Мұсылман советінде... ислəм діні... дін мұсылман... барлық мұсылман бауырларымыз... Бұрын қорлық көрген... зорлық көрген діл мұсылман не көрмеді... бұрын дінді қорлай бастаған еді... құранды аяқасты қылатын еді...» – деп Жанша ағызды. «Алашорда» көсемдерінің ішінде жұртты сөзбен ертіп əкететін айрықша екі кісі бар. Бірі – Мержақып Дулатұлы; Бірі – Жанша Досмұқамбетұлы. Мержақып – жазу сөздің шебері. Жанша – ауызша сөздің шебері. Мержақыптың сөз əдістері жатық, сымпиғандау шығады. Жаншанікі ірі, оғаштау шығады.
Сүйтіп, Жанша қызып, екпіндеп сөйледі. Толқып отырған сиез жым болды. Теп-тегіс қимылдамай қатып қалды. Бəрі бір кісідей көздерін Жаншаға қадады. Ұшқын атқан көздерін Жанша да айнала, əр көзге бір қадап, сиезді билеп алды. Қайрат керекті жерде сықырлап жұдырықтары түйілді. Нандыратын жерде – сілкініп қолдары созылып жайылды. Ұғындыратын, түсіндіретін жерде – қолдарын қанатша жұмсақ қағып, бір қолын бір қолына қаттады. Керекті жерінде қолын айбалташа жарқылдатып, орап сілтеді. Телміріп қадалып отырған жұртқа ұшқын атқан көзімен жағалай қарап, «əпсін» оқығандай, айтып тұрған сөзін, ойын, көңіл сезімін жағалай құйды. Беті нешетүрлі құбылды, дауысы нешетүрлі өзгерді. Айтып тұрған сөздерінің керекті жеріне қарай барлық денесі сөйледі. Сөзінің ақырында Жанша: «Петербурдағы мұсылман советінде отырдық... Орыстың өзді-өзіне алалық кірді. Большевиктер қаланы кезіп, сыпыра оқтың астына алды. Мұсылман советіне де оқ жаудырды. Қала бықпырт тигендей аласапыран болды. Жұртқа қайғы болды. Сол кезде, жұрт жан қайғы болған арада, менің басыма бір ой сап ете түсті. Осман қалипаның өз қолымен жазған слəмның ең əуелгі құраны ескі патшаның қолында, Петрбордағы музейде сақтаулы болатын: Сол аласапыран уақытта басқа сап ете түскен ой – барып сол құранды алып шығу еді. Советтегі өзге мұсылман ағзаларына айттым. Қорқып, ешқайсысы батпады. Сонан соң бұдан аяған жан не болады деп, өзім тəуекел қылып жөнелдім. Көшеде жанжақтан зуылдаған оқтың арасымен ұшып музейге келдім. Музейде астан-кестен екен. Айт-үйтке қарамай барып, неше бөгеттерден өтіп барып, Османның жүрегінің қанымен жазған қара құранын құшақтап алып шықтым... Сүйтіп, самсаған жаудың арасынан, жаңбырдай жауған оқтың ішінен осы қолыммен слəмның қасиетті құранын мұсылман советіне əкеліп бердім»... – деді. Еріп, балқып жылаған байлардың кейбіреулері еңкілдеп қоя берді. Кейбіреулері:
«...Өй, қарағым, Жанша-ай, қадірінді білмейміз-ау!.. Саған да кейбіреулер сөйлейді-ау!.. – деді. Қуанай қазіреттердің, Салықтардың жылағаны былай тұрсын, əуелі Балтанұлы, Жəленұлдары тəрізді «студенттер» жылады. Жанша отырды. Банағы: «Ақша салығын байға байша, кедейге кедейше салу керек»... – деген Ғұбайдолла Əлібеқұлдарында үн жоқ. Бұлар басқармаға таяу отырған. Жайды көріп отыр. Жанша сөзін бітіріп отырған соң, ақша-салық əңгімесін басқарма қайта қозғады. Енді сөз қылмай, сиез төрағасы өзі болып: – Қане, жамағат! Банағы ақша мəселесін бітірелік. Бұл туралы көп сөйлесіп болды ғой, енді мен қазір мəселені дауысқа саламын. Банағы біздің айтқанымыздай, «бай демей, кедей демей, ақша-салықты түндік басына бірдей қылып, жүз сомнан салынсын дегендеріңіз қолдарыңызды көтеріңіздер!» – деді. Сиез тегіс қол көтерді... Ғұбайдоллалар бүктелді. Ғұбайдолла мен Қасаболатұлы тұрып, сиезге жəне басқармаға қарап: – Біз мұны дұрыс деп білмейміз. Біз бұл қарарға бағынбаймыз, – деді. Сиез ду көтерілді: – Жап аузыдарыңды, «Алаштың» шырқын бұзатын бұзықтар!..» – деді, ең алдыңғы қатарда отырған, əлгі Жаншаның сөзіне жылаған екі студент: – Балтанұлы мен Жəленұлы екеуі еліріп, ұшып түрегелді. Балтанұлы қонышынан бір қанжарды суырып алып: – Өлтіру керек бұл бұзықтарды! – деп тұра ұмтылды. Сиез опыр-топыр болды. – Қаны, өлтір!.. Қалай өлтіресіңдер?.. Байқап көріңдер! – деп, Ғұбайдолла Əлібекұлы, Қасаболатұлдары қалталарына құнжыңдап қолдарын салды. – Уай, шырағым, қарақтарым! Қойыңдар!.. – деп Жанша араға түсті. Сиез у-шу болды. Кейбіреулер қаша жөнелді. Кейбіреулері аңырайып тұрып қалды. Қалел де бұғып шыға жөнелді. Қаратілеуұлы пешке сүйеніп тұрған бойымен аңырайып қал-
шы қарап тұрып қалды. Кенжеұлы отырған бойымен қисайып, бақырайып қатып қалды. Кейбіреулер дауыстап Жаншаға: – Тоқтат, аналарды! – деді. Жанша столге секіріп шығып, қолын жайып, басым дауыспен: – Уа, жамағат, тоқта!.. Бұларың қалай? Сабыр қыл! Тоқта!.. – деді. Жұрт басылды, тоқтады. Кейбіреулер жұртты ұялтып сөз сөйледі. Жұрт басылды. Енді Қуанай қазірет шығып сөйледі. – Өй, құдай-ай! Бұл не деген сұмдық?.. Қарақтарымай, бұл не қылғандарың?.. Бір туысқан елдің баласы, дін мұсылман бір-біріне ұмтылды деген масқара емес пе?.. Мына мешіттің ішінде бұларың қалай?.. Қой, шырақтарым. Тастаңдар араздықты! Бүйтіп бүлінбеңдер, бұларың масқара ғой. Туысқан емессіңдер ме, бауыр емессіндер ме?.. Қой, тастаңдар араздықты!.. Қаны, татуласыңдар! Ғұбайдолда, Нұрғали, Аспандияр! Қарағым, Есенғали, Молдағали, Сəлімгерей!.. Қаны, құшақтасыңдар! Ана Жаншамен, ана Қалелмен, қаны, құшақтасыңдар!.. – деді. Жаңа жауласып отырған екі жақ айқасып, арсалақтап құшақтасты... Бұдан кейін «Алашорда» құрыла бастады. Милиция, əскер жасала бастады. Түндік басына жүз сомнан ақша жинала бастады. Ақшаны бермеген жерлерге Алашорда» «азаматтары» қамшы ойната бастады... ҚАРАТӨБЕ СИЕЗІНЕН КЕЙІН ОРАЛ АЙМАҒЫНДА Қаратөбе сиезінде құшақтасса да Ғұбайдоллалар «Алашорда» бастықтарымен отаса алмады. Бұлар – Ғұбайдолла Əлібекұлы, Кенжеұлы, Қасаболатұлы, Жолдыбайұлы, Қаратілеуұлы, Мырзағалиұлдары жиылып бөлек партия ашты.
Партияларының атын «Ақ жол» қойды. Партия қара бұқараны қолдамақ болды. Партияның қысқаша негіз жобасы бұқарашыл болды. Бұлар өзара сөйлесіп, Епмағамбетұлы, Кенжеұлы, Қаратілеуұлын Темір уезіне жіберді. Қасаболатұлы, Мырзағалиұлы, Əлиасқар Əлібекұлын Орал (Теке) қаласына жіберді. Өзгесі Жымпиты маңайында, «Алашорда» төңірегінде қалды. Епмағамбетұлы, Қаратілеуұлы, Кенжеұлы, Темірге барып, біраздан соң орыстармен бірігіп, жергілікті үкіметті алып, Жымпитыдағы «Алашордаға» бағынбай əрекет қылып жатты. Қасаболатұлы, Мырзағалиұлы, Əлиасқар Əлібекұлы Орал қаласына келді. Ол кезде, 1918 жыл жазғы уақытта, Орал қаласында үкімет казак-орыстың (атты казак власть воискового казачьего правительство) қолында. Бірақ казак-орыс үкіметімен жарыса большевиктер Совдеп жасамаққа əрекет қылып жатқан еді. Большевиктерге бірен-саран қазақтар да қосылып, совдеп жасау ісіне қатысып жатқан еді. Бұл қазақтардың белгілілері ақсақал Бақытжан Қаратайұлы мен Əбдірахман Əйтейұлы, екінші, Епмағамбетұлы, Қангерейұлы еді. Қасаболатұлы, Мырзағалиұлы, Əлібекұлдары Оралға барып, сол Қаратай ұлдарына жолығып жатқан. Мылтық сатып алмақ болған. Бір-екі винтовка сатып алып келіп отырғандарында, пəтерлерінде бұларды казак-орыстар (арестовать етіп) тұтқынға алған. Сол беттерінде казак-орыс совдеп құрмақ болып жатқан сиезді бұзып, қуған. Сиез мүшелерінің қолға түскенін қамап тастаған. Қолға түскен сиез бастықтарының Колостов деген жолдасты бас қылып, бірнеше адамды атып тастаған. Қолға түспегендері қашып кеткен. Қаратайұлы қолға түсіп, казакорыстардың түрмесіне жабылған. Епмағамбетұлы қашып жүргенінде атылып қалған. Бұлар Оралды 1919 жылы қызылдар келіп алғанша жарыққа шыға алмаған. Казак-орыстар тұтқынға алған Қасаболатұлы, Əлібекұлы, Мырзағалиұлдарын ертеңінде жауап алып босатқан. Сонан соң бұлар Жымпитыға қайтқан.
Жымпитыда Досмұқамбетұлдары «Алашорда» үкіметін жасап, дүрілдетіп іске кірісті. Үкіметтерін «Күнбатыс Алашорда» атады. «Күнбатыс» дегені – барлық Қазақстанның күнбатыс жақ жарымының үкіметі дегені. Милиция лезде-ақ əскер болды. «Алашордаға» бағынбай жатқан Темір советін барып қуып жіберді. Ондағы Қаратілеуұлы мен Кенжеұлы қашып Торғай барып, Торғай «Алашордасына» қосылып, əкім болып кетті. Сонан кейін «Күнбатыс Алашорда» «дəуірлей» берді. Сібірде Совет үкіметі құлап, əкімшілікті Колчак алып, жанжаққа əмірін жүргізе бастағаннан кейін, «Алашорда» да тіпті күшейіп қоқырақтап алды. Əскерді – «Армия алашорданы» көбейтті. Біраздан соң Ойыл қаласында офицерлік «Первая казахская кавалерийская юнкер школа» ашты. Оған «құдайынан екі елі оқа тілеген» қазақтың «оқыған алашшыл» жігіттерін жинап алды. Күллі Сібірді Колчак алғаннан кейінгі шыққан «Сарыарқа» гəзетінің 1918 жыл 12 октябрьдегі 57 нөмірінде Орал облысы, Жымпиты қаласындағы «Күнбатыс Алашорданың» жасаған əскері туралы бүй дейді: – «Орал облысы «Алашорда» жарлығы бойынша Орал облысынан екі мыңнан артық қазақ əскері жиылды. Бұларға Самар комитетінен екі мың мылтық, 58 пулемет, екі зеңбірек, екі автомобиль алып берілді», – дейді. Жəне сол нөмірінде «Күнбатыс Алашорданың» Ойыл қаласындағы офицерлік школасынан оқып шыққан қазақ офицерлері туралы мынандай хабар жазады: «ТҰҢҒЫШ ҚАЗАҚ ОФИЦЕРЛЕРІ Орал облысындағы ашылған қазақ инструктурлері даярланатын школадан бірінші октябрьде қазақ инструкторлары оқу бітіріп, қазақ жігіттерін үйретуге шықты», – дейді. Бұл школ бітіріп шыққан «Алашорданың» «тұңғыш қазақ офицерлерінің» тұңғыш ауыздануы, «тырнақ алдысы»
қазақтан басталды. Бұл «Алашорданың» «Тұңғыш батырлары» қолдарын ең алдымен қазақ кедейлерінің қанымен бояды. «Тұңғыш ханның» «тұңғыш батырлары» қолдарын еқ алдымен, əуелі, былай қандады: Сібірде Совет үкіметі құлап, Сібірді Колчак билеп, маңайына қара қанатын жайып, қылыштың күшімен əмірін жүргізе бастаған кезде, «Күнбатыс Алашорда» да қоқырақтап, елге қылыш, қамшы жұмсай бастаған. «Алашорда» ханы, ағасы Колчактың өнегесін жүргізген. Жəбір көрген қалың қара бұқараның жылаған көз жасын көріп, «Күнбатыс Алашорданың» əскеріне күңкіл кіре бастаған. Мұны көріп, Жымпитыда «Алашорданың» маңында жүрген «ханның» саясатына қарсы кейбір жігіттер астыртын ақыл айтып, жол айтып, жел берген. Қыздырған. Сонымен, бір күні, əскер шартпа-шұрт ду етіп көтеріліс қылған. Бастықтарының көбі казак-орыс офицері екен. Бастықтарын атып тастаған. Кішкентай қала үрпиіп, опыр-топыр болған. От басында жайылып, қобырсып отырған «Алашорда» жалаң бас, жайдақ атқа міне қашқан. Əскер жиылып, түйініп, қаружарақтарының бəрін алып, азық-түліктерін арбаларға тиеп, тізбектеліп жөнелген. Əскер Ойыл қаласын басып, Ақтөбе майданындағы қызылдарға өтіп кетпек болып жөнелген. Ойылға таянған жерде алдарынан Ойылдағы оқып жатқан əлгі «Тұңғыш қазақ офицерлерінен» өкілдер келген. Бұларға қашқан «Алашорда» хабар жіберіп қойған екен. Оқып жатқан «Алаш» офицерлердің жіберген өкілдері əскерді сол жерге тоқтатып: – Ойбай, жақсы болды, біз де сендерге қосыламыз. Осыны естіп, сендерді күтіп отыр едік. Сендер осылай тынығып жата тұрыңдар, біз де қаладан шығып, осы жерден бірге кетейік, – деген. Əскер «дұрыс» деп, сай ішінде жайланып жатып қалған. «Алаштың» оқып жүрген болашақ «тұңғыш» офицерлері түнде Ойыл қаласынан келіп, қаперсіз ұйықтап жатқан, көтеріліс қылып келе жатқан солдаттарды қырып салған. Көйлекшең жатқан жігіттерді «Алаштың» «тұңғыш батырлары» у-шу қылып, тыпырлатып қойша бауыздаған...
Міні, «батырлардың» тырнақ алдысы!.. «Күнбатыс Алашорданың» төрағасы Жанша Досмұқамбетұлы болды. Одан кейінгілер Қалел Досмұқамбатұлы мен əлгі белгілі Салық болыс болды. Əкімшілік осы үшеуінің қолында болды. Бұлардың үстінен бақылаушысы жəне дұғагөйі Қуанай қазірет болды. Қуанай қазірет айтқанын қылдырып отырды. Салық болыс туралы жəне Қуанай қазірет туралы бұдан бұрын айтылып өтілген. Бұлардың бір-екі уақиғаларын суреттегемін. Орал губернасы, Ақтөбе маңайы Жанша Досмұқамбетұлын «хан» дейтін болды. Қалжың емес, шынымеи «хан» дейтін болды. «Ханның» милиция, əскері жүрген жерін бүйі тигендей қылды. Түндік басынан жүз сомды шытырлатып жинады. Бермеген елге дүре салып отырып алды. Жүз сомнан басқа елге тағы да бірнеше түрлі салықтар салды. Елден еріксіз ат жинады. Еріксіз астық жинады. Ханның əмірі, ханның əкімдігі Николайдікінен асты. Хан мен Колчактың атамандарында айырма болған жоқ. Колчактың Дутов, Анненков, Красильников, Семенов, Калмыков деген патшашыл атамандарынан «Алаш ханы» кем қалған жоқ. Бəрі де қара бұқараны дүреледі, бəрі де қол жұмыс жүргізді, бəрі де момын халықтың басына қамшы ойнатты... Елге құтырған қасқырша тиді. Көңіліне ұнаған нəрсені алды. Бетіне қарсы келгенді ұрды. Елді күңірентті. Қатын-баланы жылатып қалтыратты. Қыз-қатынның еркі болмады. Қыз-қатынның абройын қорлап масқаралады. «Алашорда» əскері жүріп өткен бір орыс поселкесінің ұлықтарына жазған бір қағазын бұл араға келтірейін: Копия. «Протокол Вербовский поселкесінің, Ставрополь болысының, Темір уезінің № 26 протоколы. «Алашорда» əскері біздің поселкені басып жүргенде, бір отряды біздің поселкеде законнан тыс іс қылды. Дүре соқты. Жұрттың көзінше Самохвалов деген шалды сабап салды. Оның Яким деген баласын сабап салды. Бұларды осымен докторға көрсетсін деп жəне майдандағы əскерлердің
командующиі полковник Баддейұлына керсетсін деп жіберіп отырмыз... Уақытша граждан комитеттің төреағасы: Пулдышыұлы, 1919 жыл, 22 июнь. Дұрыс көшірілді. Хатшы: Коновалов...» Жəне бір поселкенің «Алашорда» милициясының істеген істері туралы жазған приговорын келтірейін. Приговор бір түрлі олақ жазылған. Сонда да мəнісіне түсінуге болады. «Приговор 1919 жыл, 22 июнь. Біз төменде қол қоюшы Темір уезінің Измаил болысының граждандары волосной сотта болдық. Жиылысқа Коросот төреағалық қылды. Жиылыста мынандай қарар шығардық: Өткен майдың бірі күн, Ойылдың милициясы келіп, біздің болыстан сегіз жүз (800 п. пщен.) пұт бидай, он ат (10 ат) сайманымен екі арба («хургон»), үй басына жүз сомнан (100 сом) ақша алды. Николай ақшасын сұрады. Бізде жоқ болған соң, біз хал-жайымызды айттық. Екінші, біздің айтқан сөзімізге милиция болмай, талқандап үйлерімізді тінтті. Тінтіп жүріп, милиция өзіне ұнаған нəрселерінің бəрін ала берді: ақша, киім жəне басқа нəрселер. Жəне əйелдерді зорлады: жоғарғы айтылған 800 пұт бидай; төрт-ақ үйден алынды. Сол себепті бұл бидайдың қайда, қалай бөлінгенін бізге білдірсе екен. Осылар туралы казак-орыс əскерінің жоғарғы штабының (басқармасының) алдында баяндама қылып, жөн біліп келуге Степан Середа деген жігітті сайладық. Қол қойдық: (Хат білмейді) Пркуви Понтаренко, Устым Тыпский жəне басқалар. Төреағасы: Коростов. Хатшысы: Зономыров. Дұрыс көшірілді. Хатшы: Коновалов». Міні, «Алашорда» əскері мен милициясының жұмыстары осындай. Бірақ бұларға не кінə бар?.. «Хан» бұйырады, ұлық жұмсайды. Əскер мен милиция – «хан» мен ұлықтың атқан оғы, шапқан қылышы. Олар қайтсін!..
«Алашорда» үкіметі «алып келден» басқаны білген жоқ. Жарлық, бұйрықтарының бəрі де ылғи: «алып кел», «шауып кел!». Мəселен. «Күнбатыс Алашорданың» əскери бөлімінің 19 июньде жазған 59 нөмірлі бұйрығында Темір уезінің Бородин болысынан «10 күннен қалдырмай», «Əскери салық», «Тұяқ салық» жина дейді. Үй басынан жүз сомнан жина дейді. Жəне «Ойылға 1300 пұт бидай жеткіз, мінетін 5 ат жеткіз!» – дейді. Міні, бұл əншейін бір азырақ мысал үшін келтірілген мағлұматтар ғой... «Күнбатыс Алашорда» сүйтіп, өзінше істей берді. Айтқандайын, Ойыл қаласында газет шығарды. Газетінің аты, жаңылмасам, «Жаңа қазақ» болса керек. Шығарушысы – Ахмет Мəметұлы деген дəрігер. «Күнбатыс Алашорданы» қысқаша болса да түптеп айтамын деп, Колчак заманындағы əңгімелерге түсіп кеттім. Енді «Күнбатыс Алашорданы» осымен қояйын. Бұл «Алашорда» жоғарғы айтылған қалпында жүріп жата берді... 1919 жылы, Колчак əлсіреген кезде, Орал облысын большевиктер алған соң ғана «ханның» үкіметі бытырады. Сонан соң атылған Епмағамбетұлының ағасы, Арғыншаұлы, Əйтейұлы, Хангерейұлы жарыққа шықты. Жəне «Алашордаға» қатыспаған біраз жігіттер – Бекбатыр ұлдары большевиктерге кірді. Жəне бірнеше оқығандар большевиктерге қосылды. (Бұлар: доктор Епмағамбетұлы, Əлібекұлы, Қасаболатұлы, Мырзағалиұлы жəне басқалар). ТОРҒАЙ ҚАЛЫСПАДЫ Енді Күншығыс Қазақстанға келейік. Күнбатыс «Алашорданы» айтам деп, азырақ аттап Қолчак заманының əңгімесіне түсіп кеттім. Айтқандай, Торғай «Алашорда» ісі туралы көп айтып уақыт алуға қажет емес. Торғай «Алашордасы» Күншығыс «Алашордасының» бұтағы саналады. Торғай «Алашордасының» басында Есполұлы, Дулатұлы, Байтұрсынұлы, Омарұлы Елдес болды.
Олардың ішінде жəне толып жатқан Қостанай, Торғайдың байшыл «оқығандары» болды. Жəне бұларға Оралдан Қаратілеуұлы мен Кенжеұлы келіп қосылды. Бұлар да əскер жасады. Бұлар да елге түрлі салық салды. Бұлардың əскері де қалың бұқараның басына қамшы ойнатты. Қанқақсатты. Қылыш жұмсады. Реті келген кездерінде бұқара қазақтың қанымен қылыштарын қандады. Сібірді Колчак алып тұрғанда Оралдағы Күнбатыс «Алашорда» да, бұл Торғай «Алашордасы» да, Колчакқа елші жіберіп, қатнас жасап тұрды... Бұларды айтқанда, əлгі «Күнбатыс Алашорда» мінездерін қайта айтқандай боласың. Бұлар да «Алашорда» дəуірін ысқыртып жүргізді. АҚМОЛАДА Енді 1918 жылдың бас кезіндегі, Совдеп кезіндегі, Совдеп заманындағы Ақмолаға қайта келейік. Ақмолада Совдеп дем алмай істеп жатты. Ақмола қаласының үркердей байларына көбіне көп, азына аздап, үш миллион сом контребуция (салық) салдық. Ол кезде үш миллион сом көп ақша. Байлар жылады. Бірақ ылаждары бар ма? Ақшаны бұйрық бойынша тез əкеліп, Совдептің ақша бөліміне тапсырды. Жəне байлардың тəуір үйлерін керекті мекемелерге алдық. Банктер, машина, бу диірмендер алдымен алынған. Совдеп мəжілісі жиі болады. Көп сөйленеді. Жай халық та мəжілісті тыңдауға келіп тұрады. Кей уақытта тыңдап тұрған жұрттан да тілек қылған адам Совдептің төрағасынан сөз сұрап алып, сөзге қатысады. Совдептің есігі жұрттың бəріне бірдей ашық. Қыс өтіп, жаз кірді. Омбы, Қызылжарменен қатнастарымыз жиіленді. Почта, газет алуымыз бұрынғыдан көрі жөнделді. Ақмола губернасының барлық далаларында Совет үкіметі əбден құрылды. Ақмола губернасында əкімшілікті Совдеп алдымен Ақмола, Омбы, Қызылжар уездерінде қолына алды. Бұл уездерден кейін Көкшетау мен Атбасар уездерінде алды. Атбасар Совдепінен бізге бір-екі өкіл келіп, нұсқа алып кетті.
Ақмола губернасының Атбасар, Көкшетау уездерінде большевикке қосылған қазақтары шамалы болды. Атбасарда қазақтан большевикке қосылып, екпіндірек іске кіріскен – Майкөтұлы, Көкшетауда Совет туын көтеріп белсеніп майданға шыққан – бабыр Шəріпұлы, Қызылжарда – қазақ жұмыскерлері мен Кебекұлы Ысқақ, Əлжанұлы Шаймерден, Омбыда – Көлбайлар жəне қазақ жұмыскерлері: Угар Жəнібекұлы, Зікірия Мүкейұлы, Ғалым Тəтімұлы, жəне оқудағы Жанайдар, Қамза, Əбілқайыр, Таутандар. Байларға контрибуцияны қаланың кішкенелігіне қарағанда Ақмола Совдепі көп салды. Біз ə дегенде бір миллион мөлшерлі байлығы бар кісінің байлығының қақ жартысын Совдепке алдық. Омбы менен Қызылжар Совдептері де байларға тізесін ə дегенде едəуір батырды, Омбыда Совдеп əкімшілігі аларда, юнкерлермен біраз атыс болған. Омбы менен Қызылжардың Ақмоладан тəуір жері, темір жол бойында жұмыскерлері көп. Омбы менен Қызылжардың əр түрлі заводтарында, темір жолда, параходында жəне басқа жерлерінде жұмыс қылатын едəуір жұмыскерлері болды. Бұлардың көбі көзі ашық жұмыскер болғандықтан, Совдеп жасап, одан іле жарақтанып, қызыл гвардия жасап, Совдептің əкімшілігін жүргізді. Орыс жұмыскерлерінің арасындағы аз ғана қазақ жұмыскерлері де қалыспады. Қызылжарда қазақ жұмыскерлері ұйымдасып құралданып, саясат, əлеумет майданына шықты. Жиналып жүретін штабтары Қызылжардың белгілі бай Өсербайдың нөмір үйі болды. Бұлардың кейбіреулері қызыл гвардияға кірді. Мұның басында «Үшжүздің» бастықтары Ысқақ Көбекұлы мен Кəрім Сетешұлы, Шəймерден Əлжанұлы болды. Көбекұлы сол қазақ жұмыскерлері гвардиясының командирі болды. Омбыдағы қазақ жұмыскерлері де Қызыл əскерге кіре бастады. Қызылжарда сол 1917 жылы қыстың бас кезінде офицерлер, байдың балалары, бір күні Совдепке қарсы көтеріліс жасаған. Совдепті қамап алып, кейбір бастықтарын ұстап, қамап тастап, даланы меңгере бастаған. Жұмыскер қызыл
гвардиясы тез қимыл қылып, Совдепті босатып алған. Көтеріліс қылғандардың қолға түскен бастықтары жазаларын тартқан. Көтерілісті басқанда қазақ жұмыскерлері мен Ысқақ Көбекұлы көзге көрінерлік қайрат қылған. Қызылжардың байлары, əсіресе мұсылмандардың байлары, «Алашорданың» құйыршықтары, қаланы алдық деп қойған «Алашорданың» құйыршықтары «қала алынды» деп бір үйге жиналған. Қуанып бірін-бірі құттықтап, «Көбекұлын іздеу керек!.. Көбекұлын құрту керек!»... деп, қауқылдап отырған. Сүйтіп отырғанда, Көбекұлы бастап, қазақ жұмыскерлері «Алашорда» құйыршықтарының үстіне жетіп барған. Іздеп отырған Көбекұлы мылтығын үңірейтіп үйге кіріп келген. «Алашордашылдар» орындарында тас болып қатып қалған... Жұмыскер табы қолынан ештеңе келмейтін, қорқақ, жалынған дұшпандарына ондай да тимейді. Қазақ жұмыскерлері бұларды, тек бір-екі теуіп қалып, үйден қуып таратып жіберген. Қызылжардың жұмыскерлер бастықтары – Кəрім Дүйсекейұлы, Қасен Қаранайұлы, Ережеп Қасымұлы, Грушицин, Қали, Мұқан Есмағамбетұлдары, Шəріп, Босқынұлдары. Бұл, ұйымдасқан, құралданған жұмыскерлердің бəрі де «Үшжүз» партиясында болды. Үйретуші бастықтары əлгі айтылған Ысқақ Көбекұлы мен Кəрім Сөтешұлы болған. Көбекұлы комиссар болған. Жəне Омбыдан Шəймерден Əлжанұлы келіп, бұларға нұсқау беріп жүрген. Ақмола қаласында ондай заводтар болмағандықтан, жұмыскерлер де аз болды. Нілді, Спасскі, Қарағанды, Сарысу заводтары Ақмола қаласынан екі жүз, үш жүз шақырымдай жерлерде, алыс болды. Қыстыгүні бұлармен жиі қатнасуға болмады. Орскіден Атбасар, Ақмоланы басып, Семейге темір жол салынып жатқан. Оңтүстік Сібір темір жолды басқаратын мекемесі Ақмолада болған. Ақмолада вокзал үйлері істелген. Міні, сол вокзалда Ақмоланың да жұмыс қылып жатқан жұмыскерлеріне біздің Совдеп мүшелері барып баяндамалар жасайтын болды. Бұлар елден жаңа кел-
ген жұмыскерлер болған соң, саясат ағымына түсіндіруге кірістік. Оларға пəтерге қаладағы бір байдың əдемі көк үйін алып бердік. Бұларға алдымен бірсыпыра тəрбие керек болды... Бір күні Сталиннің атынан Совдепке радио телеграмма алдық. Телеграммада: «Большевиктердің қолданған жобасы бойынша, Совет үкіметі бұрынғы патша заманындағы езілген халықтардың бəріне автономия береді. Əр халық өз тағдырын өзі шешуге ықтиярлы. Қазақ халқы жер ыңғайымен автономия құруға даярлана берсін. Бұл үшін, ең алдымен ана тілінде халық сотын, бала оқытатын мектептерді жасай беріңдер», – деген. Бұдан кейін кешікпей Семейден келген «Сарыарқа» газеті менен «Абай» журналының беттерінде «большевиктер қазаққа автономия берді»... деп, үлкен əріптерменен жазған «Алашорда» бастықтарының қуаныш хабарлары басылып келді. Бұл уақиғаны пайдалануға «Алашорда» бастықтары тіпті жар болып қуанған: «...Құдай берді, Алаш! Ақ түйенің қарны жарылды, Алаш!.. Шаттан, Алаш! Қуан, Алаш!..» деген. Жəне бұл қуаныш хабарларының бір жерінде айтқан: «Мəскеуге қазақ автономиясы туралы сөйлесуге Қалел Досмұқамбетұлы мен Жанша Досмұқамбетұлы барған еді. «Большевик бастықтарыменен сөйлесіп жатырмыз»... деген жақын арада олардан Əлихан телеграмм алған еді. Автономия туралы сөйлесіп, автономияны алып шыққан сол екі сабаз екен»... деген. Ə дегенде түсініңкіремеген бізді бұл хабарлар үлкен ойға қалдырды. Қалай ойланбайсың! «Алашорданың» Досмұқамбетұлдары Мəскеуге барып, Совет үкіметінің бастықтарымен сөйлеседі, Досмұқамбетұлдары «Ленинмен, Сталинмен автономия туралы сөйлесіп жатырмыз»... деп Бөкейханұлына телеграмма соғады. Совет үкіметінің бастықтары қазақ автономиясын соларға береді. Бұған «Алашорданың» Семейдегілері ұран салып шаттанады. «Сарыарқа» менен «Абай» журналы арқылы жар салады. Бұған ойланбай қайтерсің! Бұл Қалай?..
Тез «Жас қазақ» ұйымының жиылысын жасадық. Автономия туралы баяндама жасадық. Баяндама жасап біраз пікір алысқаннан кейін, «Жас қазақ» ұйымы тегіс бір қарарға келді. Қарары мынау: «...Қазақ халқы оқымаған надан. Кедейлері, еңбекшілері əлі байларының, төрелерінің ықпалында. Кедейден шыққан, кедейді жақтайтын оқығандар аз. Қазақ оқығандарының көбі байларды, төрелерді бастап, «Алашорда» болды. «Алашшылдарды» бөлмей қазаққа қазір автономия берсе, «Алашордашылдар» иеленіп кетеді. «Алашорда» алған автономияның қазақ еңбекшілеріне керегі жоқ...» Міні, «Жас қазақ» ұйымы осындай қарар шығарды. Жəне Ақмола уезінің қазақ кедейлерінің тез сиезін шақырмақ болдық. Бұл автономия əңгімесін сол кедейлер сиезінің алдына салмақ болдық. Совдеппен сөйлесіп, тез сиез шақырдық. Өкілдер тез жиылды. Асығыс болған соң, алыс елдерден шақыра алмадық. Сиез аштық. Сиез Совдептің астыңғы үйінде болды (Мойсеев деген байдың салдырған үйі Гимназия бол-ған еді). Сиездің алдына автономия мəселесін салдық. Мен баяндама жасадым... Сиез де бірауыздан жаңағы «Жас қазақ» ұйымының қарарындағы қаулыға келді. «Алашорданың алған автономиясының қазақ еңбекшілеріне керегі жоқ. Автономияны өзімізден оқығандар көбейгенде аламыз»... деп сиезге қаулы шығарттық. Осыны айтып съездің атынан Сталинге телеграмма соқтық. Телеграманы ақылдасып отырып жасасқан: Мен, Бəйсейіт Əділұлы, Абдолла Асылбекұлы, Бəкен Серікбайұлы, Жұмабай Нұркеұлы, Нұрғайын Бекмұқамбетұлы бəріміз едік. Жазған Бəйсейіт Əділұлы еді. Жөндеп жазған мен едім. Бұл пікір ол уақытта дұрыс па, дұрыс емес пе еді, ол өз алдына. Сонда да бұл мəселе туралы бұдан кейіндегі пікірді де айта кетуге облады. Бұдан кейін қазақ автономиясы туралы біздің көз қарасымыз, пікіріміз 1920-жылға шейін жоғарғы айтылған қалпында келді. 1920-жылда Ақмолада қазақ кедейлерінің уездік сиезі шақырылып, сол сиезде де қазақ
автономиясы туралы баяндама қылынды. Сиездің басында Ақмолаға бес Қызыл əскермен келген Қырымұлы (Крымов) деген ноғай жігіт болды. Жұмабай жолдас Нүркеұлы жəне Омарұлы болды (Қырымұлы содан кейін Мəскеудегі əскерлік академияда оқыды. Қазір бітіріп шықты). Сиезде автономия туралы мен баяндама қылдым. Баяндама болған соң, біраз пікір алысқаннан кейін, бұл сиез де əлгі 1918-жылғы кедейлер сиезінің қарарындай қарарға келді. Сиез атынан Орынбордағы Қазақстан əскери-төңкеріс комитетіне (Кир Краевой воен. ревком) автономия туралы сиездің пікірін айтып телеграмма бердік. Телеграмма сондағы Орынборда орыс тілінде шығатын Қазақстанның əскери төңкеріс комететінің газетінде басылып шықты... Тағы да ілгерідегі 1920 жылғы əңгімені айтыңқырап кеттім... Енді 1918 жылдың əңгімесіне келейік. Сүйтіп, Сталинге телеграмма беріп: Біз «Алашордашылар» алған автономияның қазақ еңбекшілеріне керегі жоқ» – деп жазғанымызда, «Алашшылардың» бірсыпырасы «Қазақ халқына большевиктер жасаған автономияның керегі жоқ» дегендей қылып газеттеріне жазып жатты. Алдымен бүйдеушілер Шоқайұлының «Қоқан автономиясын» жоқтаушылар болды. Оған айқын дəлел – Ташкенде шығатын «Бірлік туы» газетінің 1918 жыл 5 апрельде шыққан 29 нөміріндегі бас мақаласының сөздері. Бұлі мақалада большевиктерге «талаушылар... бұзықтар... алдаушылар...» деген атақтарды жапсырады да, «бұлардың айтқан автономиясынан ешбір жақсылық күтуге болмайды» дейді. Мысалы мақаласында мынадай сөздер бар: «...Большевиктер соңғы кезде Түркстан автономиясы туралы əр жерлерде көбірек сөз қыла бастады. Бұл туралы ташкендегі жаңа советтің бірінші жиылысында жолдас Тоболин бірталай сылдыраған сөздер айтты. Онан соң Мəскеудегі ұлт істері комиссары Сталин Түркстан автономия жасау қамына кірісудің керектігін білдіріп телеграмма беріп отыр.
...Бірақ большевиктердің жұртқа уəде қылып отырған бұл автономиясы мен шын халық тілеген автономияның арасында жер мен кектей... ...Ал енді большевиктердің Түркстанда жасамақ болып жүрген автономиясы анау автономияға («Алашшылардың» тілеген автономиясына) тіпті жуыспайды. Олардың ниеті халықтың өз тізгінін өзіне беріп, оның тіршілігіне қол сұқпау емес. Бəлкі, іс басына қара бұқараны қоюды сылтау қылып, жұртты ылғи бұзақылардың қолына байлап бермек...» деп соғады Ташкент газеті. Жəне сол мақалада «Бірлік туы» мынадай сөздер жазады: «...Большевиктердің Түркстанда қылып жатқан бұзықтықтарында есеп жоқ»... «...Осы күні шын қызметкер білімді азаматтар қашқында жүр. Қолдарына түсірсе, большевиктер оларды өлтіреміз деп дік-дік етеді. Бұл туралы біздің шын бұқараның пікірін, тілегін кімнің сұрағаны бар, кімнің тыңдағаны бар? Олар сол қашып жүрген азаматтарды өздерінің дұшпандары деп қай жерде айтып еді?...» дейді Ташкент «Бірлік туы» газеті. Ташкенттің «Бірлік туының» бұл мақаласын жазушы белгілі «Алаш» қу ауыздарының бірі – «Бұртаң» деп қол қойған Қайреддин Болғанбайұлы. Ал газет редакторы – Сұлтанбек Қожанұлы. Бұлардың əлгі соңғы айтқан «қашып жүр»... дегендері Шоқайұлдары. ...1918 жылдың жазы шықты. «Алашорда» да жəне оның інішектері де қарап жатпады. Бұлардың Омбыдағылары большевиктерге қосылған Мұқан Əйтбенұлы мен Көлбай Тоғызұлының арасына от жақты. Екеуін жауластырды. «Киімді шайтандардың» əрекеттерінің ақырында Көлбай Мұқанды (арестандардың» əрекеттерінің ақырында Көлбай мен Мұқанды) қаматты. Соңсоң тез Мұқан камаудан шықты. Енді Көлбайдың үстінен қаралайтын материалдар жинап, Совдеп арқылы Көлбайды қаматтырды. Омбыда оқып жүрген жастардың 1914 жылдан бері келе жатқан «Бірлік» ұйымының мүшелерінің көбі əбден
«Алашорданың» жолына түсіп алған соң, біраз жас «Бірлік» ұйымынан шығып, Совет туының астына кірген. Олардың үйткенін айтып кеткем. Кейін толығырақ баяндаймын.. Ал, «Бірлікте» қалған «Алашорданың» қазақтары Көлбайға аласұрып жабылды. Көлбайдың үстінен қаралап, Совдепке «материалдар» жинап жаудырды. Елде болыстық, билік, старшындық, «партия» таластарында бірін-бірі қаралауға, өтірік арыз, ұятсыз шағымдарды көп көріп «ысылып» қалған «Алашордашыл» қулар материалдар жинауға қандай ұста болады! Менің өз басым Көлбайды ақтауға ақтығын білмеймін. Қаралауға қаралығын білмеймін. Бірақ Омбыда оқып жүрген «Бірлік» ұйымындағы «Алашорда ұландары» Көлбайды Совдепке қаралап көрсетуге «материал» тапты. Бұларды қуаттап, Көлбайды жаптырған Омбыда большевиктер жағына шыққан казак-орыс офицері – Полудов деген белгілі казак-орыс. Ол Көлбайды жамандап, Байтұрсынұлын, Бөкейханұлын мақтап газетке сөз жазып шығарды... Семейдегі «Алашорда», «Сарыарқа» газетіне телеграммалар соқты. «Сарыарқа» газетінің 1918 жыл 19 апрельдегі 38 нөміріндегі басылған Омбыдағы «Жас алаштардың» телеграммаларының түрі мынадай еді: «Омбыдан тағы телеграммалар: Күндіз 11 апрельде Омбыдан «Сарыарқа» басқармасына тағы екі телеграмма алынды. Бірі «Көлбайға қосарланып, Шаймерден Əлжанұлы, Сүлеймен Тоғызұлдары да абақтыға жабылды. Көбекұлының да жабылатын ыңғайы бар. Көлбай бұрын қандай жұмыс істеп жүрген кісі екенін айтып беруге Ермекұлы мен Сəрсенұлын жіберіңіздер. Бірлік болды» (?) деген. Телеграмма беруші: «Кашарский». «Алаштың» қулары Көлбайдың соңына сонша түсіп, «ескі» «атқа мінер» əкелерінің əдетінше жан-жақтан «қаралау қағаз» жинап телеграмм соққанда шын аттарын жасырып; «Қашарский» деп қол қояды. Істері адал болса, аттарын неге жасырады?..
Екінші телеграмма ескіше 17 апрельде Омбыда жалпы бұқара кедейлердің сиезі болады. Сиез Көлбай жұмыстарына байланысқан мəселелерді қарастырмақ. Сиезге Сəрсенұлын жіберуіңізді сұраймын» деген. Телеграмма беруші: «Бірлік». «Алашорданың» кəрілері, жастары болып аласұрып жабылып, Көлбайды қаматты. Көлбаймен бірге Шаймерденді де қаматты. Тағы Ысқақ Көбекұлының соңына түсіп, қаматуға əрекет қылды. Бірақ Ысқақты Қызылжардағы қазақ жұмыскерлері бермеді. Көлбайды да Қызылжардағы қазақ жұмыскерлері шығарып алуға əрекет қылды. Бірақ Чехтардың бунты олардың əрекетін аяқтатпай кетті. Көлбайды жамандайды. Көлбайды айыпты дейді. Көлбай жаман болсын, ал Шаймерден мен Ысқақ төңкеріске белсенді қатысқаннан басқа, «Алашқа» қарсы болғаннан басқа не қылды екен?.. Бұлардың жазасы не? Бұлардың жазасы белгілі. Бұлардың жазасы большевиктерге қосыла Совет үкіметін қуаттауы. «Алашордаға» қарсы болуы. Бұлардың жазасы сол! Бұл бұл ма!.. Көлбай жабылған соң, «Алашорданың» «Бірлік» ұйымындағы жас «ұландары» дұшпандарын тегіс жоқ қылуға кірісті. «Алашорданың» жолына қарсы болып «Бірліктен» шығып, революция жолына кірген, «демократ советін» (Демократический совет учащихся) ашқан. Омбыда оқып жүрген Таутан Арыстанбекұлын, Жанайдар Садуақасұлын, Əбілқайыр Досұлын, Қамза Жүсіпбекұлдарын да Совдепке жамандап, қаралап шығып абақтыға жаптырмақ болды. «Бірліктің» екі-үш балалары милиция ертіп келіп, Таутан мен Қаша, Əбілқайырды айдап апарып абақтыға жапқызды... Бірақ бұларды Совдеп тез шығарып жіберді... Міні, «Алашорданың» жеткіншектері осындай қылған. Тамаша емес пе?.. Нағыз əкелерінің балалары емес пе? Шаймерден, Таутан, Қамза, Əбілқайыр, Жанайдарды Совдеп сол күні-ақ босатқан. Міні, бұл оқиға осындай болған! Омбыда кедейлердің сиезі шақырылды. Сиезге біздің Ақмоладан екі кісі жібердік. Бірі: Білəл жолдас Тіналіұлы
деген жұмыскер, совдептің мүшесі, большевик. Екіншісі: Ақмола жақтағы белгілі шешен Көшербай Жаманайұлы, о да большевик жəне «Жас қазақ» ұйымының белгілі мүшесі... Бірінші май болып қалды. Май мейрамын Ақмолада үлкен көңілді, көтеріңкі қылып өткіздік. Совдеп мүшелері, əртүрлі кəсіп ұйымдары, аз ғана Қызыл əскеріміз ту көтеріп, төңкеріс өлеңдерімен Ақмоланы аралап, көп жерде митинг құрып, сөздер сөйленді... Омбыда оқып жүрген Ақмоланың мұқтаж балалары мен «Жас қазақ» пайдасына кешке казақша ең бірінші рет Ақмолада болған үлкен сауық жасалды. Сауыққа соның алдында ғана жазылып біткен «Бақыт жолына» деген менің пьесам қойылды. Менің ең алғашқы ірі деген шығармам осы еді. Осымен «жазушы» болып едім. Сауықта орыс-қазақ иін тіресіп тұрды. Сауықты көруге жұрттың ынтасының зорлығынан, сауық екі күн болды. Екеуінде де жұртқа орын жетпей қалды. Ойнаушылар «Жас қазақ» ұйымының мүшелері еді. Бəкен Серікбайұлы, Көжебай Ерденайұлы, Өмірбай Дөнентайұлы, Салық Айнабекұлы, Бану, Шарапат жəне Бейсенұлы, тағы басқалар... Совдеп істері күн сайын жөнделе берді. Совет үкіметін нығайтуға қырға совдеп мүшелерін шығарып жаттық.. Əлгі Керенский заманында, қазақ комитетінің заманында, 1916 жылғы қазақ көтерілісінде, елді патша əскерін алып жүріп, елді шапқаны үшін үстерінен халық екі жүз шамалы арыз түсірген Олжабай болыс пен Əлкей болысты ұстатуға, малдарын қазнаға алдыруға 15 қызыл əскер мен Жұмабай жолдас Нурксұлын шығардық. Жəне қырға, екінші жақка, милиция қосып беріп, Бəйсейіт Əділұлын шығардық. Қызыл Əскердің штабы құрылды. Штапқа Ресейден келген Зимин жəне Əбдеев деген екі матрос пен Баландин деген бір кəрі оолдатты бастық қылдық. Нілді, Спасскі, Қарағанды заводтарымен қатынасымыз жиіленіп, байланысымыз күшейді. Заводтарда да Совдеп құрылды. Заводтардан уездік Совдепке өкілдер жиі келе бастады. Біздің Совдептің мүшелері де заводтарға барып келіп
жүрді. Совдептің қазақ мүшелерінен Тұрысбек Мыңбайұлын заводқа жіберіп алдық. Арын Малдыбайұлын жіберіп алдық. Заводтар туралы баяндама жасалып, Совдеп заводтардың, жұмыскерлердің тұрмыстарын жөндеуге əрекет қылды. Заводтарды мемлекет қазнасына алуға кірісті. Спасск, Нілді, Қарағанды заводтарының жұмыскерлер Совдепінен біздің уездік Совдепке өкілдер келді. Іштерінде жолдас Невимен мен Орынбек Бекұлы бар. Заводтың жайы туралы бұлар Совдепке баяндама жасады. Совдептен ақша сұрады. Мылтық сұрады. Совдеп заводтарды қазнаға алуға қарар шығарды. Спасскінің жетпіс мың пұт мысын алдыруға қарар қылды. Заводтардағы жұмыскерлердің мылтық алып, жарақтанғанын бір ауыздан мақұл тауып, жұмыскерлер өкілдеріне (Невимен мен Бекқұлдарына) ақша берілді. Қолдағы бар мылтықтардан мылтық та берілді. Содан кейін Ақмолаға мылтық, пулемет сұратуға, Омбыға жəне Қызылжарға Қызыл əскер штабының мүшесі матростар Зиминді, командирі Капаловты, Спасскі заводының жұмыскері, Совдептің мүшесі Прудов деген жігітті жібердік. Совдептен ақша мен мылтықтарын алып болған соң қызметтен кейін, Орынбек Бекүлы менің пəтеріме келді. Сөйлестік. Бұрын маған Бекұлын «Зерек, шешен жігіт»... деп Прудов мақтаушы еді. Бекұлының шешендігін Совдепте баяндама жасағанда-ақ көріп едім. Біздің пəтерде сөйлесіп отырдық. Завод туралы əңгіме қылдық. Қазақ жұмыскерлері туралы, Совет үкіметі, большевик партиясы туралы сөйлестік. «Алашорда» туралы əңгіме қылдық. Бекұлының «Алашорда» туралы пікірі айқын емес, былқылдақтау екен. Біраз түсіндіріп сөйледім. «Алашорда» баяғы хандықты аңсаған байшылдардың далбасы, қазақ жұмыскерлеріне, қазақ кедейлеріне, «Алашорда» да, Абылай да, Николай да, – бəрібір»... дедім. Бекұлы біздің «Тіршілік» газетімен қатар... «Сарыарқа» газетін алып оқиды екен... «Сарыарқа» туралы, оның жазушылары туралы түсіндіріп, біраз сөз айттым. Бір аздан соң, Бекұлымен пікіріміз үйлесті. «Алашорда» туралы пікірі
айқындалды. Революцияның жолында енді екпіндірек іске кірісу керек екенін айтысып, менімен қош айтысты... Май айында, 1918 жылы, Омбыда оқудағы «Алашорда» жастарының ұйымына айналған «Бірлік» ұйымы «жалпы жастар» съезін жасады. Съезге əр жердегі жастар ұйымынан екіден өкіл шақырды. Біздің «Жас қазақ» ұйымынан Абдолла Асылбекұлын жібердік. Біріне Омбыда оқып жүрген Жанайдар Садуақасұлын сайлап, телеграмма бердік... Майдың аяқ кезінде сиезшілеріміз қайтты. Қедейлер сиезіне кеткен Білəл мен Көшербай бұрынырақ қайтты. Олардың баяндамасын тыңдадық. Олардан кейін Абдолла қайтты. Абдолла баяндама жасады. Барып қайтқан «жастар сиезіне» Ақмола, Семей, Қостанай губерналарының жастар ұйымдарының өкілдері жиылыпты. Сиез мəжілісі қызу өтіпті. Əсіресе «Алашорда» мəселесін қарағанда, онан соң «Совет үкіметін тану, танымау»... мəселесін қарағанда өте қызу болыпты. Сиезде үш пікір көрініпті. Бірі – «оң», бірі – «сол», бірі – «орта» («правое» «левое» «центр»). Əрине, «Алашордаға» қарсы болған, «сол» пікірлі біздің өкілдер: Абдолла Асылбекұлы мен Жанайдар Садуақасұлы жəне Омбыдағы «демократ Советтің» өкілдері – Əбілқайыр Досұлы, Қамза Жүсіпбеқұлдары қарсы болғанмен, бұлар азшылық болған. «Совет үкіметін тану, танымау» мəселесін қарағанда, сиез мəжілісі едəуір қызып айтысқан. Əлгі үш пікір айқын соғысқан. Тіктесіп майдандасқан. Совет үкіметі жағындағы «сол» (левое) пікірлі Асылбекұлы, Жанайдар Садуақасұлы, Əбілқайыр Досұлы, Қамза Жүсіпбеқұлы бұлар бір ыңғай. Бұларға əлгі «Алашорда» мəселесін қарағанда «орта» пікіріне (центр) «тең ортақ» болған Əбдірахман Бəйділдаұлы қосылған. Бұларға қарсы, Совет үкіметіне қарсы «Бірліктің» бастықтары «оң» (правое) пікірлі Кеменгерұлы, Смағұл Садуақасұлы, Аппас Тоғжанұлы, Сайдалыұлы, Сейітұлдары жəне басқалар болған. Семейде «Алашорда» милициясының бастығы айтылмыш Қази деген жігіт большевик солдаттары атқан оққа ұшқанда,
Омбыда оқып жүрген «Бірлік» ұйымындағы жаңағы аттары айтылған ұландар «Қазидың жолын ұмытпасқа ант қылған..» еді. Ант қылып «Сарыарқа» газетіне телеграмма соққан еді. Телеграммалары «Сарыарқа» газетінің 1918 жыл, 15 апрельде шыққан 38 нөмірінде басылған еді. Телеграммаларында мынандай сөздер бар еді: «көңіл... От жанды, ұлт қанды, есіл қыршын жас Қази бауырымыздың мезгілсіз қаза тапқанына өте қайғырамыз. Бірақ Қазидың арманы жоқ – ұлт жолында тұңғыш құрбан болды. Жастарға жолбасшы жұлдыз, түпкі идеал болды. Біздер Қазиды, жəне оның үлгілі жолын ұмытпасқа, құдай алдында, ар алдында əуде бердік. Сол уəдеге бірінші негіз салу үшін 20 апрельде қазақша «ойын» жасап, түскен сап пайданың жартысын, артта қалған бір жасар ұл баласының, тəрбиесіне бермекші болдық. Жəне басқа уақыттарда жəрдем көрсетіп тұруға қаулы істедік. «Бірлік» қауымының жастары...» Міні, ана «Алашшыл» жастар осы «ант уəделерін» мықтап ұстаған. Жəне Семей жастарының өкілі Мұқтар Əуезұлы Совет үкіметіне қарсы болған. Қостанай жастарының өкілі Мұрзаұлы қарсы болған. Тартыс едəуір қызған. Біздің өкілдердің дүмпуімен көпшілік ақырында: «...Совет үкіметін танимыз, өзімізге тимесе»... деген қарардың өзін əрең шығарған. Жəне, сиездің көпшілігінің қаулысы бойынша, енді барлық жастар ұйымдарының бұрынғы аттарын қалдырып, жалпы бір атпен «Жас азамат» деуге қаулы қылған. «Жас азаматтың» басқармасын, (ЦК-сын) сайлаған. Басқармасының төреағалығына Мұрзаұлын, мүшелігіне: Смағұл Садуақасұлын, Мұратбек Сейітұлын, Гуля Досымбекованы, Əбдірахман Байділдаұлын сайлаған. «Жас азамат» ұйымының тілі қылып «Жас азамат» атты газет шығармақ болған. Газеттерін Қызылжарда жабылып қалған Көлбайдың газетінің «Үш жүздің» орнына шығармақ болған. Шығарушылыққа Кеменгерұлын сайлаған...
Омбыдан, бұл сиезден қайтып, Əбдолла Қызылжар қаласына келген. Ондағы большевиктердің, Совдептің бас адамдаірының бірі Ысқақ Көбекұлы Шаймерден Əлжанұлымен, Кəрім Сөтешұлдарымен сөйлескен. Біз Əбдоллаға: – Омбы қалай?.. Омбыдағы қазақ жұмыскерлері қалай?.. Пароходта, темір жолда жұмыс кылатын қазақтар?.. Жəне жемшік малайлығында жүретін қазақтар?.. Жəне Қызылжардағы жұмыскерлер қалай екен? – дедік. Əбдолла: – Қызылжардағы біраз жұмыскерлер қолдарына мылтық алып жарақтанған, бұлардың бастығы Ысқақ Көбекұлы, бұлар тіпті жақсы екен. Онан соң Омбы жұмыскерлері де жақсы. Жиырма шақты қазақ жұмыскер Қызыл əскерге тіленіп жақында кіріпті. Көзі ашық бастықтарын кердім. Угар Жəнібекұлы, Мұқаметқали Тəтімұлы, Зікірия Мүкейұлы... – деді. Бұлар – қазақ жұмыскерлерінің кəдімгі өзімізге белгілі, ең алдымен, бір қолымен қызыл ту көтерген, бір қолымен пулемет көтерген шын батырлар. Бұлардың ішіндегі Угар Жəнібекұлы, 1912 жылғы, жер-дүниеге мəлім Сібірдегі Лена заводындағы жұмыскерлер атылуында (Ленский растрелде) болған жігіт. Міні, шын батырлар осы Қызыл əскер болып, еңбекші тап үшін оққа қарсы шыққандар. Міні, бұларды мақтауға болады... Бұлар туралы бажайлап кейін айтармын... Сүйтіп, Омбы, Қызылжардан қайтқан Абдолланың баяндамасын тыңдадық. Абдолла қылған баяндамасында жəне, қауыпты жайларды да айтты: – Офицерлер, байлар, казак-орыстар жақында бір ереуіл жасамай қоятын емес. Ол жерде, бұл жерде, офицерлер, байлар, казак-орыстар жиналып қозғалып, даярланып жүргендерін көп айтады. Көкшетауда казак-орыс офицер Анненков деген орман арасында əскер жинап жүр дегенді Сабыр Шəріпұлы айтып, оларды құртуға, Омбыдан күш сұрап еді. Омбы мұны елеген жоқ. Келе жатып, жолшыбай,
мұның анық екенін мен өз көзіммен көрдім. Менің алдымда, бір станцияда, Анненковтың жарақты казак-орыстары почтаны талап, бір-екі милициясының мылтығын тартып алып кетіпті. Көкшетау маңайында да осындай көрінеді. Онан соң, Омбыдағы «Алашорданың» адамдары, «Бірлік» ұйымының бастықтары да бірдемеге астыртын даярланып жүрген тəрізді. Олардьщ да аналармен астыртын сөздері бар тəрізді. «Алашорда» жастарының біреуі бір жерге бір жасырын сөзге барып келді десті. Онан соң Қызылжар маңайында тіпті жаман көрінеді. Түнеугі бунт шығарғандардың түпкі аман қалған тамыры қайта қозғалып жатқан тəрізді... – деді. – Біздің, əлгі Омбы Қызылжарға қару-жарақ сұратып жіберген кісілеріміз қайда? – дедік. – Олар қару-жарақты едəуір қылып алды. Менімен бірге шығып еді. Мен асығып жүріп кеттім. Олар да келіп қалар, – деді. Əңгіме солай... Сол кездегі барлық сол сияқты сөздерді жиған кісіге бір кəтер таянған тəрізді. Шала өлген жылан əлін жинап, ақырын қозғалып, қартын тауып атқуға даярланған тəрізді еді. Бірақ, кезінде біз оған дұрыс баға бере алмадық. Ақмолда, темір жол бойында (вокзалда), жұмыс қылып жүрген, қаладағы Ысқақбайдың көк үйінде жатқан, қазақ жұмыскерлерін жарақтандыруға Совдепте мылтық болмады. Ол екі арада Ақмоланың оңтүстік жағына шыққан Совдеп мүшесі Байсейіт Əділұлы қайтып келген. Совдепке баяндама жасаған. Мұның жүрген жері көбінесе қазақ арасы. Бұл тыныштықтан басқа бөтен сөз айтпады. Бірақ баяндамасынан кейін менің пəтеріме келіп, біраз сипақтап, ел жайын əңгіме қылып отырды да: – Саған біраз сөз айтайын деп келдім, – деді. – Не?.. – дедім. – Сен қалай қарайтыныңды білмеймін... Мен бір жұмыс істеп келдім, – деді. – Айт, енді істегеніңді... – дедім. – Мен сол арғы елде, бір ауылда, əлгі Қоқан автономиясының бастығы Мұқаметжан Тынышбайұлы мен Серікбай
Ақайұлына кез болдым. Қастарында жолдасы бар. Түркстан жағынан жылыстап қашып келеді екен... – деді. – Е, олар қайда? – дедім. – Олар Семей кетті, – деді былжырап. – Қалай кез болдың?.. Неге алып келмедің?.. – дедім. – Алып, келуге ұялдым... Бір ауылда түстеніп, бөлек қоста жатыр екен: Салт атқа мінген. Киімдері ишандардың киімдеріндей. Мен əлгі ауыл иесінің үйіне келіп түсіп едім... Бір ауылдан естіп келіп едім. Əлгі ауыл иесінің үйіне түсіп біраз отырған соң: «Тынышбайұлдарын барып көрейін» дедім. Ауыл иесі де жаман қорықты. Тынышбайұлы да жаман қорықты. Қостарына бардым. Екеуі де біртүрлі түстері бұзылып, сасып, менімен түрегеліп амандасты. Сонан сон. амандасып, көңілдерін орнықтырдым, – деді. – Сүйтіп қоя бердің бе?.. – дедім. – Ие... Тигем жоқ. Қайта, жүретін жөндерін туралап, жолдағы елдерін айтып жібердім... – деді. Мен ашуланып, Байсейітке: – Мəми ауыз! – дедім. Міні, саяси дұшпанына, «Алашорда» бастықтарына, Байсейіт бүйткен... Ал, «Алашорда» қайтер еді?.. Бұған дүдамал жауап жоқ. «Алашорданың» қайткенін көргеміз, көргеміз... Ақмоланың орыс, қазақ болыстарында, болыстық, ауылдық Совдептерді жөндеп сайлатуға елге комиссарлар шығардық. Сайлауға қолдары босарлық Совдеп мүшелері мен көбінесе «Жас қазақ» ұйымының жастары шықты. Сайлау нұсқаларын өзіміз жасап бердік... Совдепке Қызылжар, Омбыдан бір-екі тығыз мағлұмат телеграмма келді. Бірінде: «Ресейден Сібірді басып еліне чехословак əскері қайтып барады. Бір бөлегі Қызылжарға келді. Бұлар Совет үкіметінің қару-жарақтарыңды тастап кет деген бұйрығына көнбей келеді. Бұлардың жарақтарын алып жібер деген бұйрық бар. Қызылжар Совдепі от арбада, вокзал маңына келіп тұрған чехославактарға «жарақтарыңды қалдыр» – деп сөз салып тұр. Чехословактардан көбінесе жан-
жал шығуға мүмкін. Сіздер де қамсыз болмай тұрыңдар»... – деген. Екінші телеграмында: «Тез əскерге пəлен жастағыларды жинаңдар».. – деген. Совдептің мүшелері дағдарыңқырады... Тағы да соғысқа баруға жабайы көпшіліктің ынтасы жоқ екені жұрттың бəріне белгілі. Қалай болар екен? Қалай қылу керек? Совдеп дағдарса да, белгілі жастағыларды əскерге жинауға (мобилизация қылуға) тығыз жарлық шығарды. Совдептің мəжілісінен пəтерлерімізге қайттық. Ертеңінде таң ертең менің пəлеріме Бəкен келді. Қызмет қылмайтын күн еді. – Немене? Не хабар бар? – дедім. – Еш хабар жоқ. Тым-тырыс. Жанжал болды ғой, түрі жаман, – деді. Сол күні Бəкен, Абдолла, Өмірбай, Нұрғайын – бəріміз Есіл бойына, көкке шықтық. 1918 жылдың жазы шыққалы қаладан бірінші ғана көкке шыққанымыз сол еді. Көкке аунап, Есіл жағасында жаттық. Алтыатармен нысана аттық. Есілдің жағасы көк жапыраққа оранған. Қалың, көк өрім тал. Біз жатқан жер талсыз жиек. Көк шалғын. Есілдің суы көкпеңбек көк жібектей иреңдеп, шымырлап ағады. Аспан да жүп-жұмсақ көк торғындай. Алыстағы далалар да көкпеңкөк... Балдыраған көк жапырақты көк өрім тал. Көк орай шалғын. Көк иірім мөлдір су. Көк торғын аспан. Жер де, аспан да бəрі де көкпеңкөк. Əуе толған жаздың дымқыл жас жұпар иісі бойды алады. Қалың көк жібектін үстінде аунап бой жазғандай əңгімелесіп жаттық. Жүрек бір зор істі сезгендей соғады.
ЧЕХОСЛОВАК ЫЛАҢЫ, АҚМОЛАДА СОВЕТ ҮКIМЕТIНIҢ ҚҰЛАУЫ (1918 жыл, 3 маусым) Түн ортасына шейiн жазу жазып отырып, кеш жатып, кешiрек тұрдым. Жатқан пəтерiм Мұқымбай деген сарттың жесiр қатынынiкi едi. Жуынып болып шай iшiп отырғанымда, жатқан үйiмнiң бiр кiшкене баласы жүгiрiп кiрiп келдi. – Казак-орыстар станицада жиналысып жатыр. Бəрi қылыш-мылтық асынып алыпты. Бiр тобы Совдепке кеттi. «Совдептi ұстаймыз», – дейдi. «Омбыда, Қызылжарда Совдеп қалыпты дейдi…» – дедi. – Не дейдi?.. Бар, бiлiп кел, – деп, баланы қайта жiбердiм. Бала жүгiрiп кетiп, тез қайтып келдi. – Совдептi барып қамап, есiктерiнiң алдында тұр. Совдепке барып отырған Бачок, Монин, Павловтарды ұстап əкеттi. Ендi бiр аттылар Кубриннiң үйiндегi қызыл əскерлердi қамап тұр… – дедi. Ол арада үйге бiздiң «Жас қазақ» ұйымының мүшесi Кəрiм деген жiгiт асығып кiрiп келдi. Болып жатқан оқиғаны айтты. – Сен ендi тез қаш, – дедi. Ол оны айтып отырғанда, үйге Совдептiң мүшесi Шүкен Тiналин деген қазақ жұмыскерi асығып кiрiп келдi. О да оқиғаны айтып:
– Қарағым, ендi тез бойтаса қылайық. Алдымен ендi сенi iздейдi ғой, – дедi. Ол арада тағы бiр-екi досжар адамдар келдi. Бəрi де «тез қашу керек» дегендi айтты. Жəне ол арада пəтер үйдiң баласы тағы да жүгiрiп келдi: – Казак-орыстар күжiлдеп Совдептiң өзге мүшелерiн ұстап əкелу керек деп жатыр, Бəкендi казак-орысы бар, қазағы бар, төрт-бес кiсi айдап алып барады. Станицаның маңайы толған атты, жаяу халық. Шəрiп Ялымұлы ат үстiнде, жиналған жұртқа айқайлап сөйлеп: «Сəкендi, Абдолланы ұстап əкелу керек деп жатыр», – дедi. Шаңқ-шұңқ еткен мылтық даусы естiлiп қалды. Отырған жолдастар шыдай алмады. Маған: – Ендi тез жөнелу керек, – дедi. Мен: – Жолдастар тұтқынға алынған болса, мен не бетiммен қашамын? – дедiм. Мылтық даусы шаңқылдап жатыр. Жолдастар қобалжып, менi қиыңқырамай, менi қашыруға үй деп-бүй деп отырды да болмаған соң бəрi шығып кеттi. Мен пəтер иесi əйелдi шақырып алып, пəтер ақысын төлеп, кiтап, қағаз, нəрселерiмдi көрсетiп, тапсырып, өзiм даярланып отырдым. Мылтық даусы бiресе бiр-бiрлеп, сирек-сирек, бiресе топталып атылып тұрды. Көшеде шауып өткен атты кiсiлердiң дүсiрлерi шыға бастады. Пəтер иесi əйел бiр кiрiп, бiр шығып, маған: – Ойбай, астыңғы бiз отырған үйге барып отырыңызшы. Мұнда сiздi iздеп келедi ғой ендi, – деп қоймады. Кешiкпей қару-жарақты, едiреңдеген бес-алты атты кiсi қораға кiрiп келдi: төртеуi ноғай, екеуi казак-орыс. Менi тұтқынға алды. Мылтығымды тартып алды. Бiраз бермей тұр едiм, бiреуi арт жағымнан келiп, қамшымен бiрекi салып-салып қалды. Пəтерден алып жөнелдi… Күн ашық, жылы едi. Шаңқылдап, жаңғырығып анда-санда атылған мылтықтың дауысы қақ тулаққа тиген сабаудың да-
уысындай. Ерсiлi-қарсылы шапқан атты кiсiлердiң дүбiрi, əр жерде шулаған, ереуiлдеп самбырлаған жұрттың дауысына қосылып қаланы сəйгел тиген сиырға ұқсатты. Көше бойы дүсiрлеп, шаңдатып, ерсiлi-қарсылы шапқылап жүрген атты, жаяу халық. Бiреулер тамаша үшiн жүр. Қару-жарақ асынған алты атты кiсi, төртеуi татар, екеуi казак-орыс, менi көше бойы айдап, казак-орыстың станицасына əкеле жатыр. Айдаушылардың бастығы белгiлi Шəрiп Ялымұлы, бiреуi – Нүркей деген бiр дүкеншi (бай татар), үшiншiсi – ат базарында сауда қылатын бiр татар, төртiншiсi – болыстарға тiлмаш болып жүретiн жəне ат базарында сауда қылатын Нұри Тойғанұлы деген татар. Өкпелерi көтерiлген. Көздерi ежiрейген. Танаулары сəйгел тиген сиырлардың танауларындай желбiрейдi. Күжiлдеп, жан-жақтағы көше бойы үйлерден шығып тұрған халыққа қарап айқайлайды. – Ə-əй! Сендердiң қораларыңда большевиктер жоқ па?! Мiне, бiз большевиктiң қасқырын ұстадық!.. – дейдi. «Но, жүр!.. Айда, аяғыңды бас, аяғыңды!» – деп, менi қамшымен ұрып қояды. Əсiресе көп ұратын Тойғанұлы. Мен Ялымұлына қарап: «Шəрiп абзи, сiз оқыған адамсыз ғой, менi ұрғызбай апарыңыз, көшеде қолмен ұру адамшылыққа жатпайды ғой…» – дедiм. Елiрген ессiз «адамшылықты» не қылсын. Ұрып қояды… Алдымыздан екi-үш салт атты қазақ шыға келдi. Бiреуi артымнан келiп, менi қамшымен салып қалды. Қарасам, бiр қара сақалды, шұбарлау, бұржық бет қазақ. Мен бетiне қарап жай күлдiм де: – Е, сiз де ұрып қалыңыз, менiң сiзге де қылғаным бар шығар!.. – дедiм. Қазақ шегiнiп кейiн қалды. Айдап казак-орыстың станицасына əкелдi. Станицаның алды гу-гу, толқындай қозғалып, қайнаған халық. Қазақ, татар, орыс, қатын, бала-шаға. Гулеген, гүжiлдеген сөз. Ерсiлi-қарсылы шапқан атты кiсiлер. Анда-
санда атылған мылтық дауысы. Шаң-шұң, шатыр-шұтыр, ың-шың дауыс шаңмен араласып аспанға ұшады. Жұрттың көбiнiң-ақ əбден өкпесi көтерiлген. Естен, ақылдан айырылған қалың надан тобыр сəйгел қуалаған сиырдай. Көздерi ежiрейiп, танаулары шелектей болып елiрген, күжiлдеген. Елiрген ес жоқ, надан тобыр – бəрi өкiрген сиырдай гулеп, большевикке лағнет айтады. Бəрi уыстап топырақ шашады. Менi станицаның алдына айдап əкелген кезде, есi шыққан тобырдың көбi қозғалып маған таянды. Жаяу тобырдың iшiнде ең алдымен маған қарсы келген қазақ – Нұржан деген ақсақалға көзiм түстi. Қолында əдемi қара таяғы бар. Көзi мəлiк болған сиырдың көзiндей қызарған. Маған жанасып келiп, сүзетiн сиырша қарап, менi балағаттады. Мен iшiмнен ыза болып жай: – Сiзге жол болсын?.. Сiз ылғи бiзбен бiрге болған адам едiңiз ғой?.. Сiз бiзбен бiрге Совдепте де болған жоқ па едiңiз? – дедiм. – Былшылдама, сен не қылмадың!.. Бəлем, ендi сазаң берiлер, қылармын саған! – дедi Нұржан. Сол арада гулеп, қозғалып, елiрiп таянып келген жаяу тобырдың бiразы шулап келiп маған жабылып қалды. Қолы жеткенi менi ұрды. Ың-шың, шаң-шұң, пəлен-түген деп жатыр. «Большевик!», «Бұзылған!», «Кəпiр!», «Дiнсiз!» – деген сөздер естiледi. Көтерiлiп, бiрiнiң басынан бiрi асырып сiлтеген жұдырықтар менi тұншықтыруға айналды. Жұрттың ұрғанынан қорқып бар күштi жинап, «шынымен болысатын ешкiм болмағаны ма?..» – деп, тез халыққа көз жiбергенiмде, бiр Сүлеймен қажы деген қазақ ұмтылып омыраулап келiп, менi тез қолтығына алып, жабылған тобырдан алып шықты. Жұртқа ендi ұрғызбай, жылдам станицаға əкеп кiргiздi. Станицаның iшi əбiгер. Мылтық ұстаған сақалды, сақалсыз, жас казак-орыстар. Қылыш, алтыатар тағынған офицерлер сарт-сұрт жүгiрiп кiрiп-шығуда. Станицаның iшiн-
де кейбiр жай отырған казак-орыстар да бар. Мылтық асынғандарының түрлерi жинақ. Қимылдары шапшаң. Лепiрiп кiрiп-шығып жүр. Бəрiнiң бастығы Кучковский. Гүжiлдеп бұйрық қылып, асынған қылышын сүйретiп сартылдап кiрiп-шығады. Сүлеймен қажы менi икемдеп, шалапұла тiнткен болып, төргi бiр бөлмеге əкелiп тығып жiбердi. Бөлмеге кiрiп келiп, қамаулы отырған Совдептiң төрағасы Бачокты, оның орынбасары Бəкендi, комиссарлары Мониндi жəне Совдеп мүшесi Кондратьева деген əйелдi көрдiм. Шолақ-шолақ сөз қатысып, бəрiмiз дағдарып отырдық. – Атысқан кiм?.. – дедiм. – Бiздiң қызылəскерлер, – дедi. – Өзге жолдастар қайда? – дедiм. – Павловтар да осында, мына бөлмеде, – дедi. Бармақты шайнап отырдық. Мылтық даусы басылды. Бiрақ самбырлаған сөз, шабу, шаң-шұң басылатын емес. Бəрiнiң бастығы Кучковский екпiндеп, самбырлап əмiр берiп жатыр. Бiраздан соң ұрып, Байсейiт Əдiлұлын əкеп бiз отырған жерге сүңгiтiп жiбердi. Байсейiттi қаланың шетiнен ұстап əкелген екен. Абдолланы айдап қуып жүрiп, көп ұрған екен. Сөйтiп бiраз большевиктi бiз отырған үйге тығып болды. Көбi ұрылған. Беттерi, бастары қан. Əсiресе Катченконың бетi көбiрек қан... Бəрiмiз бас қосқан соң, iстiң мəн-жайын көрген соң, бармақты шайнай-шайнай отырдық. Елiрген тобыр станицаның маңайын жынның ойнағындай қылды. Станицаны айналып алған. Ес жоқ. Азан-қазан. Көбi тамашаға жүргендер. Асыққан, жүгiрген жаулар. Жиналған ат. Бiреу дүсiрлеп атпен тұра қамшылап кетiп жатыр, келiп жатыр. Тамашаға жиналғандардың кейбiреулерi, ұсталған большевиктi көрiп, жығылған үстiне жұдырық салып та қалады. Төнiп келiп, бiз отырған бөлменiң терезелерiнен қарайды... Бiреу терезенi қағады. Қарадық. Қилыбай деген қазақ шал. Құнжыңдап, қолын шошаңдатады. Не деп тұрғанына түсiнбей, қадала қарадым. Көзiне көзiм түстi, бетаузы, көзi жыны ұстаған бақсыныкiндей.
Маған қарап, қарға тұяқ жұдырығын түйiп, бiрдеме деп кiжiнген тəрiздi болады. Терезеден о да бiзге айбат шашқан болады. Сорлы!.. Сорлы!.. Не шара бар? Бетiне қарап, тек: «бейшара, бейшара!..» – деп, басымды изедiм. Жəне бiреулер келiп терезенi қағып кiжiндi. Басыбек деген саудагер қазақтың баласы. Боқтайды. Əсiресе Бəкен мен Байсейiттiң атын айтып боқтайды. Басыбек баласының үйiнде жүрген бiр жалшы, ақысын бермеген соң, Бəкенге келiп арыз бередi екен. Бəкен мен Байсейiт Басыбек баласын шақыртып алып, жалшыға табанда екi жүз сом алып бередi екен. Мiне, ендi саудагер, Басыбек баласы Байсейiт пен Бəкендi, олардың жолдас совдепшiлерiн аясын ба!.. Сөйтiп, казак-орыс оп-оңай қаланы алды. Казак-орыстардың оп-оңай Ақмоланы алғандығына осы күнге шейiн жолдастар Совдептiң төрағасы Бачокты айыптайды. Айыптайтын себебi: Бачок ешкiмге Ақмолада болайын деп жатқан оқиға туралы бiле-тұра хабар берген жоқ. Əуелi Совдептiң басқармасына да айтқан жоқ. Егерде уақытында қамданып, большевиктер алдын ала казак-орыстар көтерiлiс жасайтынын бiлiп отырса, мұндай болмас едi. Совдептiң тұтқынға алынғанына қарамай, азғана қызылəскерiмiздiң штабы казак-орыстарға берiлмей атыс қыла бастағанда, тұтылған Бачокты казак-орыстар бiздiң штабқа алып барыпты. Атысып жатқан қызылəскердi Бачок тоқтатыпты... Бесiн ауа бəрiмiздi қағазға тiркеп, жарақты казак-орыстар тысқа шығарып, атты, жаяу айдап жүрдi. Əлi де қамалап шұбаған тобыр. Көше бойы таңырқап қараған халық. Кейбiреулер қуанады. Бiр казак-орыс кемпiрi қақпасының алдында қарап тұрып шоқынып жатыр. Бiзге қарап қойып, түртiнiп: «Шүкiр құдайға» («Слава богу!») – дейдi. Қуанатын, əрине, байлар, онсоң казак-орыстың кемпiр-шалдары. Бiздi айдап кеп, бiр көшедегi күйген кiрпiш сарайға қамады. Казак-орыстардан есiкке күзет тұрды. Кеше бұғып жүргендер қалаға ие болды. Көбiнде ес жоқ. Əсiресе қазақ пен татар байларында ес жоқ. Шəрiп Ялымұлы мас. Əңгiленiп алған. Қолында алтыатары бар. Бiздiң сарайға талай келдi.
Бiз сарайға келген соң да, ұсталған бiрен-саран большевиктердi əкелiп сонда тықты. Топырлап жатырмыз. Көбiмiз аң-таң. Бұл халге қалай түскендiкке жолдастардың көбi таңырқайды. Тамсанады. Кейбiреулер Бачокке ренжидi. Балағаттайды. Қамаудың алдынан қарап өтiп жатқан адам. Дос та бар, дұшпан да бар. Бiреу күйiнген, бiреу сүйiнген. Жолдастар қамауда отырып, сырттағы жақындарынан хабар ала бастады. Ең алдымен хабар берген жəне одан кейiн де тынбай хабар берiп тұрған, жолдас Павловтың қатыны. – Ылғи бастықтарды атамыз деп жатыр. «Он екi кiсiнi атпақ», – деп хабар келдi. «Мұның iшiнде сегiзi – орыс, төртеуi – қазақ». Қазақ кiмдер?.. «Бəкен, Сəкен, Абдолла, Байсейiт...» Бiресе: «Алты кiсiнi атады екен...» деп хабар келдi. «Мұның iшiнде бiр қазақ бар» – дейдi. – «Он екi кiсiнi атуға ма, жоқ онан аз атуға ма?..» – деп, казак-орыстардың бастықтары мен қала байларының, төрелерiнiң бастықтары жиылыс қылып жатыр, – деп хабар келдi. Қалай болғанда да, халдың нашар екенiн əбден бiлдiк. Түн болды. Жаттық. Түнiмен дүсiр. Самбырлаған дауыс. Шабуыл. Ертеңiнде ұсталып келген бiрен-саран большевиктер «дейдi» деген түрлi хабар айтып келдi. «Омбы, Қызылжар, Көкшетау қалаларын да алыпты. Ол жақта большевиктердi атып, асып жатыр дейдi...», «Казак-орысқа қосылған чехословактар дейдi», – деп келдi. «Ұсталған кiсiлер көп... «Уақ» большевиктердi басқа жерге қамап жатыр...» – деп келдi. Мұнысы рас көрiнедi. Бiраз үрейлендiк. «Шынымен революция бiткенi ме?..» – деп уайымдай бастадық. Казак-орыстардың бастығы, қаланың коменданты, офицер Кучковский келiп, жатқан жерiмiздi көрдi: «Бəрiңiздiң жұмыстарыңызды комиссия тексерiп қарайды. Сiздердi қамағанымыз, – əшейiн уақытша ғана, үкiметтi
алғанда, бүйтпеске болмайды ғой. Бəрiңiз де тез босайсыздар», – деп кеттi... – Бастықтарды атуға үкiм қылыпты, – деп, соңынан iле жəне хабар келдi. Үйiлiп, топырлап жаттық. Жатқан қамауымызда терезе жоқ. Темiрмен қоршаған бiр төрт бұрышты тесiгi бар. Күндiз есiк ашық тұрады. Есiктiң алдында мылтық ұстаған үш-төрт казак-орыстар тұрады. Күзетте тұрған казак-орыстардың iшiнде, Ақмолада оқығандағы менiң учителiм – Красноштанов көрiнедi. Есiк алдынан, сүйiнген қастар, күйiнген достар қарап, көше бойы өтiп жатыр. Достардың кейбiреулерi иек қағып амандасады. Кейбiреулерi əр түрлi ас əкелiп жатыр. Қазақ қайда барса да ет пен қымызды тастағысы келе ме?.. Асы ет пен қымыз жəне басқа тамақтар. Қамаудағы жұрттың айырылған есi бiрте-бiрте кiрдi. Оқиғаны əңгiме қылып жатырмыз. Қара уайым қара пəлеше басты. Халдың нашар екенiн əбден сездiк. Ызалы күйiк көкiрекке толды. Iргеге арқасын сүйеп отырған Бəкеннiң қасына келдiм. Бəкен уайым айтты: – Ендi өлемiз ғой. Бiрақ əйтеуiр, дұрыстық үшiн өлемiз. Сол жерi жақсы. Кейiнгiлер айта жүредi ғой... – деп, қасына келiп отырған менi құшақтады да: – Мен өлсем де, сен аман қалсаң игi едiң: «сен газетке жазып, кiтапқа жазып, бiздiң не үшiн өлгенiмiздi кейiнгiлерге айтар едiң...– дедi. Мен: – Қой!.. Кiм бiледi?.. Олай деме, бəрiмiз де аман-есен құтылармыз. Тағы да, əлi талай майданды көрермiз. Мұндай кiмнiң басынан кешпеген! – дедiм. Дағдарып отырмыз. «Бұл қалай болды?», «Неғып бүйтiп қалдық?» – деген ой бастағы миды шырқ айналдырды... Бұл оқиға жалпы Россияда болды ма, жоқ, жалғыз Ақмолада ма? Мiне, осыны əлi ешкiм бiлмейдi. Сарайда жүз шамалы кiсiмiз: Совдепшiлердiң ең iрiлерi. Өзге «уақ» дегендерi өзге қамауда. Қай жер аман, қай жер жау қолында екенiн ешкiм бiлмейдi.
Бiр уақытта Бачокты жауапқа шақырды. Павловты шақырды. Бiреуi – Совдептiң төрағасы. Бiрi – ақша комиссары. Бұларды апарып тез қайтып əкелдi, бұлардан жалғыз-ақ ақшаның ғана жайын сұрапты. – Не бiлдiңдер?.. Үкiмет кiмнiң қолында екен?.. – деймiз. – Жөндi ештеңе бiлмеймiн. Жалғыз-ақ Бачок: – Үкiмет эсер партиясының қолында болса керек... – дедi. Кеш болды. Түн болды. Қамалып жатқан сарайымыз бiртүрлi қапастық. Түн ортасында дүсiрлеп келiп, жабулы тұрған есiктi ашты. Жиырма шақты жарақтанған атты казакорыс келiп, есiк алдында тұрып бiр қағазын оқып, кейбiр жолдастарды шақыра бастады. Аты аталып шақырылғандар бiртiн-бiртiн шығып жатыр. Шақырылғандардың көбi ылғи бастықтар. Қырықтан аса кiсiнi шақырып, тысқа шығарып, қатарлап тұрғызып жатыр. Айнала қамап жарақ асынған атты-жаяу казак-орыстар тұр. Қағаз оқып, əмiр қылып жүрген Сербов деген монархист, өзi техник, Донның казак-орысы. Қазiр ендi əскерше киiнiптi. Ақмолада Совет үкiметi жасалардың алдындағы сансыз жиылыстарда, митингтерде большевиктерге қарсы шығып сөйлеп жүретiн адамдардың бiрi осы Сербов болушы едi. Мiне, бұл ендi қазiр қылыш асынып алған. Қолында қағаз. Сасық күзенше шақылдап, зекiп, кекетiп, большевиктердi қатарлап жатыр. Катченконы қайта-қайта кекетiп, бетiне таяп сiрiңке тартып, жарық қылып көрдi. Кекете күлiп, жарықпен бетiн анықтап көрдi: – Ə, жирен мұрт!.. Бiрде менiң көзiмдi тырнап ала жаздап едiң! – дедi... Аспанда ай да жоқ. Бұлт та жоқ... Бiрақ жұлдыздың жарығымен түн онша қараңғы емес. Сербов батыр бiздi қайда апаратынын бiлмеймiз. Сербов сасық күзеннiң айғырынша шақылдап əскерiне əмiр қылды. Əскер қылыш-мылтықтарын сарт-сұрт еткiзiп оңтайлап алды.
Даусы күңгiрлеп Сербов: «Кəне, жүрiңдер!» – дедi. Атты-жаяу конвой қоршап, бiздi айдап жөнелдi. Қатарласқан бойымызбен жүрiп келемiз. Қала – қараңғы, күңгiрт, тұманның iшiнде. Қала тынысын тоқтатып, өлiп қалған бiр зор мақұлық тəрiздi. Көше жым-жырт, дыбыс жоқ. Бiзден басқа қыбырлаған бiр қара жоқ. Дем iшке тартылғандай, көз қадалып қатқандай. Айнала қоршап, мылтықтарын даярлап ұстап келе жатқан жаяу казак-орыстар. Олардың сыртынан қоршап, қылыштарын жалаңаштап, даярлап келе жатқан атты казак-орыстар. Атты казак-орыстардың жалаңаштап, қолдың саласындай көкке көтерген қылыштары аспандағы жұлдыздардың сəулесiмен жылт-жылт етедi. Сырт-сырт басып, аяңдап бiз келемiз. Атты казак-орыстардың астарындағы аттары ғана пысқырады, басқа ешкiм де дыбыс шығарып сөйлемейдi. Айдаушылар мен айдалып келе жатқандар, бiрiнен-бiрi көздерiн алмай аңдысып келе жатқан тəрiздi. Пышақтарын төсеп аңдысып, бiрiнiң көзi тайып кетсе, бiрi қара пышақты салып жiберейiн деп келе жатқан тəрiздi. Əркiм қалың ауыр ойға батып, қара тұманның iшiнде келе жатқан тəрiздi. Əкеле жатқан жерiн, неге əкеле жатқандарын казак-орыстар да əбден белгiлеп, дайындап қойған тəрiздi. Айдалып келе жатқан большевиктер де баратын жерлерiн жəне не үшiн бара жатқандарын əбден бiлiп келе жатқан тəрiздi. Жұлдыздардың сəулесiмен жалаңаш қылыш, жалаңаш мылтық жылт-жылт етедi. Мұнарға батып, тым-тырыс болып түнерген қаланың үйлерi шұбатылып қалып жатыр. Тұнжырап аңдысып, аяңдаған қалыпта, қаланың ортасынан шетiне қарай шықтық. Бiр уақытта артымда келе жатқан Құсайын Қожамбердiұлы мен жанымда келе жатқан Нұрғайын екеуiмiзге ақырын: – Япырым-ай, қаланың шетiне шығарып, мыналар атадыау! – дедi. Мен: – Бəрiбiр ғой, қайда апарып атса да, – дедiм. Қиял мен ойдың жүйрiктiгiнде қисап жоқ. Барлық өткен өмiр, тiршiлiк, жастан оқуға, бiлiмге талпынып оқығандық.
Бала күнгi ауылдағы өмiр, Нiлдi заводындағы оқыған күндер; Ақмолада школда оқыған күндер. Жастықтың əуенiндегi əр түрлi iстеген iстер. Одан Омбыға барып, семинарияда оқыған күндер. Ондағы «Бiрлiк» деп ат қойып, оқып жүрген қазақ жастары болып ашқан ұйымның уақыттары. Өмiрден күткен жемiстер, тiршiлiкте иман қылып тұтқан мақсұттар. Елдегi көрген тiршiлiк. Ең əуелгi 1916 жылғы учитель болып, Бұғылы елiнде, Нұра бойында өткiзген бiр жылым. Бостандықты қарсы алғандағы тiлек, газет, комитет, митинг. Совдеп iстемек болған, талай даярлап жүрген пландар. Əке, шеше, туған-туысқан. Жан қиысар достар. Жақсы көретiн сұлу... Бəрi лезде бұлдырап, көшкен елдей шұбатылып, тiзбектелiп, көз алдыма ап-айқын болып келiп, өтiп жатыр. Бала күндердегi арттағы iстер, неше жылғы алдағы iстер лезде сағымдай ғана елестеп өттi. Алдағы зор иман, зор үмiт көз алдыма келiп, жүрек күйiп, қорғасындай ерiп кеттi. Осының бəрi қазiр бiр-ақ минутте жоқ болмақ... Бала жастан көрген күнiң бiр минутке тұрмайды. Өмiр мағынасыз бiр ойыншық тəрiздi көрiндi. Иə, ойыншық!.. Олай болса, өлудiң де, тiрi жүрудiң де айырмасы жоқ... «Өлiм келсе, келсiн!.. Тез келсiн!..» – деген ойға тоқтадым... Иə, тағдырдың iсi осы! Жүрек, сезiм өлiмнен қорықпай, өлiмге тура қараған тəрiздi. Жан-жағың түбi жоқ тұңғиық болса, тұңғиықтан шығуға бiр-ақ ауыз болса. Ол ауыз – күнəсыз өлiм болса, – адам тайынбай, өлiмге тура қарамақ. Қайта өлiммен тезiрек айқасуға ұмтылмақ. Мiне, бiздiң бəрiмiз де осы халде болсақ керек!.. Келе жатқан жiгiттерде үн жоқ. Бəрi белдерiн буған... Бiр уақытта бұрылдық. Қаланың шетiне қарай бұрылдық... Жүрiп келемiз. Мiне, айнала түпсiз тұңғиықтың жалғыз өткел аузында, қанжарын қайрап тұрған өлiмге таяндық... Өмiр де, тiршiлiк те əншейiн бiр түс тəрiздi. Өңiм де түс тəрiздi. Дүниеде болдың, ендi жоқ болдың. Жоқ болмайтын жан жоқ... Бiреу ерте, бiреу кеш... Азар болса, бiз ертерек жоқ болармыз. Бəрiбiр, əйтеуiр жоқ болатын болған соң... Қайта тезiрек болсын... Ана сорлы қайтедi?.. Жылайды-ау!..
Шынымен кеткенiмiз бе?.. Шынымен, сорлы ана жылап қала ма?.. Қой, өлмеспiз!.. Не қылдық бiз!.. Қазiр бытырап қаша жөнелемiз... Апыр-топыр болып, шаңқ-шұңқ еткiзiп мылтық атар. Қылыш шабар. Түннiң мұнарына кiрiп кетемiз... Елге барамыз... Мiне, осындай ойлар сапылдап, тiзбектелiп келедi. Қаланың шетiндегi бiр тас үйге таяндық. Сол тас үйдiң қақпасының алдына келiп тоқтатты. Темiрiн, кiлттерiн, темiр шынжырларын салдырлатып қақпаны сықырлатып ашты. Қақпаның iшiндегi төбесi ашық үлкен биiк қамауға бəрiмiздi кiргiздi. Иiрiп тұрды. Түкпiрдегi тас қыс үйден шыққан бiреулермен Сербов мiңгiрлесiп сөйлесiп жəне бiр-екi қылыш асынған адамдармен күбiрлесiп сөйлестi, əрмен кiрдi. Ар жағынан темiрлерi, кiлттерi салдырлап бiр есiктер ашылды. Күңгiркүңгiр сөйлесiп, бiраз кешiктi. Бiраздан соң қылыш асынған бiр-екеуi келiп, бiздiң бiр кiсiнi шақырып ертiп алып кеттi. Апарып түкпiрдегi үйге кiрдi. Бiраздан соң тағы да бiреуiмiздi ертiп əкеттi. Одан кейiн жəне бiреуiмiздi ертiп əкеттi. Апарып не қылып жатқанын бiлмеймiз. Жолдастардың кейбiреулерi тықыршып тұр... Менiң қасымда тұрған Нұрғайын маған: – Япырым-ай, не қылып жатыр екен?.. Өлтiрiп жатыр ма екен? Не қылып жатыр екен?.. – дедi. Мен кейiдiм: – Не қылып жатыр екен дейсiң!.. Не қылса ол қылсын, былшылдамай тұра берсейшi! – дедiм. Нұрғайын да тұрып кейiдi: – Е, сен менiң сөзiмдi осы жерде де тиямысың? Қазiр бұл жерде сен менi тия алмайсың!..– дедi. Мен ретсiз, орынсыз айтқаныма өзiм де iшiмнен өкiнiп: – Жарайды, қойшы ендi, – дедiм. Нұрғайын екеуiмiздiң бұл сөзiмiз тəуiр болды. Тұнжырап қалшия қарап үндемей тұрған жолдастардың таяу тұрғандарының басып тұрған ауыр ойларын серпiп тастағандай болды. Жолдастар қозғалып бiр-бiрiне сөз қата бастады. Жолдастарды бiрте-бiрте апарып түкпiрдегi есiкке енгiзiп
жатыр. Сталинге кедейлер съезiнiң атынан «Алашордаға» бермек болған автономиясына наразылық бiлдiрiп жазған телеграмманың қолжазбасы менiң қалтамда едi. Тұрған жерде, соны қалтамнан алып, уақ қылып жыртып тастадым. Бiр мезгiлде кезек маған келдi. Менi алып түкпiрдегi есiкке енгiзiп, майшамның жарығымен тар жолмен алып келiп, бiр орындықты алдына қойып, оның үстiне қағаз қойып отырған ұзын мұртты, жуантық сары «төренiң» алдына əкелдi. Сербов терезенiң алдында сүйенiп тұр екен. Менiң аты-жөнiмдi жазып алды. – Ақшаң бар ма? – деп сұрады. Қалтамдағы қағаздарымды көрдi. Сонан соң əлгi менi алып келген, қылыш асынған екi жендетке: – Бiр бөлмеге апар!.. – дедi. Менi ертiп əкеп, қараңғы, салқын, асты тас бiр бөлмеге енгiзiп жiбердi. Ауыр есiктi сарт еткiзiп жауып, сыртынан бiр темiрiн шақырлатып қайырып қойды. Мен бөлмеге кiрiп, есiк жабылысымен, қараңғы бөлменiң төр жағынан бiр-екi-үш адамның дыбысы шықты. – Бұл кiрген кiм?.. – дедi. Дауыс менен бұрын кiргiзген, бiздiң жолдас, адвокат Трофимовтiкi екен. Салқын, қараңғы, еденi тас үңгiрдiң төрiнде, сол тас еденде жатқан жолдастардың қасына сипалап келiп мен де қосылдым. Мен де тас еденге жаттым. Өзара анда-санда сөз қатысып жатырмыз. Бiраздан соң тағы бiр жолдасты əкеп енгiздi... Сөйтiп, көбiмiздi сол бөлмеге қамады. Қап-қараңғы бөлмеге кiрiп келген бiр жолдас аяғымен сипалап, төрдiң алдына шалқамнан түсiп жатқан менiң аяғыма келiп тiрелдi. Жолдас менi аяғымен түртiп тұрып: – Бұл жер еденде жатқан не? – дедi. Жолдас орыс едi. Мен орысша: – Жер еденде жатқан кiсi! (На полу лежит человек), – де дiм. Бұрышта жатқан жолдас Трофимов: – Аһ!.. Мынау қалай күштi айтылған сөз!.. (Ах, как это сильно и характерно сказано!) – дедi.
Сөйтiп, қараңғы үйде қамалып, сөйлесiп, тас еденде жаттық. Таң атты. Жер еденнен жұрт ұйпалақтанып тұрды. Бiраздан соң мылтық асынған күзетшiлер бəрiмiздi қамау қорған қораға шығарды... Сонсоң қайта əкелiп жапты. Бөлмеге казак-орыстың комендантының помощнигi Моисеев деген жас офицер келдi. Моисеев казак-орыс емес. Ақмоланың бiр байының баласы. Өзi Ақмоланың қала школасында менiмен бiрге оқыған едi. Қазiр прапорщик-офицер, жас жiгiт. Школада менiмен қатар орындықта отыратын едi. Екеумiз де газет оқушы едiк. Ойнап, школда саясат iстерi туралы талай сөз таластырып жүретiн уақыттарымыз болушы едi. Балқан соғысында бiз оқып жүрген школдың оқытушылары Болгарияға жəрдем жинаған едi... Қаланың ұлықтары қатынасып, школда сауық кешiн жасаған едi. Түркияны қаралап, Болгарияны ақтап, қуаттаған едi. Школда оқып жүрген балалар он тиыннан, бес тиыннан Болгарияға жəрдем ақша жинағанда мен наразылық бiлдiрiп, бес тиынды бермей қалып едiм. Оқушыларға Моисеев менi «бұл – түрiк патриоты...» – деп едi. 1913 жылы Ақмоладан мен Омбыға оқуға кеттiм. Одан кейiн кездеспей жүрiп, сол 1917 жылдың ақырында Ақмолада Совет үкiметiн орнату жолындағы талас-тартыс жиылыстарда онымен қайта кездесiп едiк. Онан соң əкесiнiң үлкен үйлерiн, жақсы диiрмендерiн, көп өгiздерiн алып едiк. Жəне Нұра өзенiнiң бойындағы қазақтардан зорлықпен алып отырған жерлерiн, Ақмолада Совет үкiметi орнамай тұрғанда-ақ мен қазақтарға ерiксiз қайтып алғызып едiм. Мiне, бiрге оқыған жолдас Моисеевпен ендi жау болып ұшырастық. Қылыш, мылтық асынған. Үстiнде офицер киiмi. Белбеуiн иығына əдемi iлгектi қайыспен көтерген. Қасында түрменiң бастығы. Жəне бiр-екi қару асынғандары бар. Екеумiз қарастық та қойдық... Бiз тас еденде отырмыз. Бiздi көрiп, түрменiң тəртiбi туралы түрменiң бастығынан Моисеев сөз сұрап, оған өзi бiрекi бұйрық қылып шықты.
Бостандықтағы жақын адамдарымыз түйдек-түйдегiмен асты жiберiп жатыр. Қымыз бен ет жатқан бөлмемiзге толып кеттi. Түрлi хабарлары да келiп жатыр. Бiр хабар айтады: – Казак-орыстар большевиктiң бастықтарын атамыз деп жатыр, өзге халық атқызбаймыз деп жатыр... – дейдi. Бiр хабар айтады: – Пəлен кiсiнi атуға даярлап, аттарын жазып қойыпты, бiрақ анық атылатын кiмдер екенi жарияланған жоқ... – дейдi. Бiр хабар айтады: – Қазiр атуға қорқып отыр, өйткенi көп жер əлi де большевиктердiң қолында, əуелi Омбы да əлi большевиктердiң қолында тұр! – дейдi. Соңғы хабарды естiген соң, жүрек лүпiлдей бастады. Жолдастар əрбiр хабарды неше түрлi саққа жүгiртiп, талқыға салады. Əркiм түрлiше болжау айтады. Ертеңiнде мылтықты күзетшiлер бiздi тағы қамау қораның iшiне шығарды. Күзетке келген бiр студент «эсермен» сөйлестiм. Ол бiзбен күлiп сөйлеседi... Қаланың ендiгi комендантының атынан қораның iшiнде жапсырулы тұрған бiр-екi қағазды оқыдық. Қағазда бiздi (большевиктердi) «Халықтың, отанның дұшпандары...» – деп жариялапты. Жəне: «Ендi күллi Россияда халықты, отанды бүлдiрген жауыздар өкiмет басынан қуылады. Ендi бұл жауыздардың қолдарынан барлық Россия үкiметi алынады. Қолға түскен жауыз большевиктер тиiстi жазаларын тартады...» – дептi. Жəне бiр қағазға жазып қойыпты: «Атбасар алынды. Қаланың үкiмi пəленнiң қолында. Көкшетау алынды, қаланың билiгi атаман Анненковтың қолында. Қызылжар алынды, қаланың билiгi полковник Волковтың қолында. Омбы алынайын деп жатыр. Қаланың төңiрегiнiң бəрi алынып бiттi. Большевиктер қаланың ортасында ғана тығылып, атыс қылып жатыр», – деген... Жолдастардың көбi бұл қағаздарды оқыған соң бармақтарын ендi қаттырақ шайнады. Жүрек қаттырақ соқты. «Ом-
бы алынбай қалса, казак-орыстар қашады... Əттеген-ай! Неғып бiз бұлай болып қалдық?..» – деген ой əрқайсымызды қинады. Ертеңiнде қораның iшiне жапсырулы тұрған қағаздан «Омбы алынды» деген хабарды оқыдық. Омбы алынған соң, большевиктердi халықтың, «отанның дұшпандары» деп, бұрынғыдан бетер балағаттап, ендi өздерiнiң күштерiн тiптi зорайтып көрсетiп жариялапты. Ақмоланы алған «батырлар» Омбы алынбай тұрғанда iштерiнен қорқып, «əлдене болады» деп жүр екен. «Омбыны алдық» деген хабар келген соң, ысқырып шықты. Қаладағы барлық прапорщик, офицерлердi жарақтандырып, олардан отряд жасады. Қаладағы байлардың, саудагерлердiң жас-кəрiсiнiң бəрiн жарақтандырып, əскер тəртiбiне қойды. Уезден, қаладан «мынау большевик» деген яки мынау «большевиктердi қуаттайды» деген адамды абақтыға топырлатты. Бiздi түрменiң əр бөлмесiне бөлiп-бөлiп кiргiздi. Ең «қауiптi» бастықтар деген 24 кiсiнi шынжырлады. Шынжыр салынғандар: Қызылəскер штабының бастығы матрос Авдеев, Совдептiң ақша-қазына комиссарлары Павлов пен Монин, Совдептiң төрағасы Бачок, оның орынбасарлары Катченко мен Серiкбайұлы, Трибуналдың төрағасы Дризге мен Мартылого, азық-түлiк комиссарлары Богомолов пен Асылбекұлы, Совдептiң президиум мүшесi жəне оқу комиссары Сейфуллин, еңбек комиссары Грязнов, Əдiлұлы жəне Жайнақұлы, Бекмұқамбетұлы, Ғиззатоллаұлы, Совдептiң мүшесi емес социал-демократ Петракеев – тағы басқалар. Қырға, Ереймен жағына, əлгi белгiлi Олжабай Нұралин болыс пен Əлкей болыстарды жауапқа алып, жазасын беруге шығып кеткен Жұмабайларды ұстап əкелiп, оларға да шынжыр салды. Жұмабайларды ұстап əкелген – əлгi Олжабай болыстар. Өз киiмдерiмiздi алып, жаман кенептен жасаған түрменiң көйлек-дамбалын бердi. Жеңi мен арқасы сары, өзге жерi қара түрменiң сырттан киетiн, масқара бешпентiн бердi. Бiздi
қораның iшiне шығарғанда жағалай мылтық ұстаған конвой солдаттар тұратын болды. Омбы алынған соң казак-орыстар ақырып, жыланша ысқырып боқтай бастады. Сырттан бiзге ендi ешбiр ас өткiзбейтiн болды. Қарауыл күшейдi. Қарауылға бiресе казак-орыстар, бiресе прапорщиктердiң отряды, бiресе қала байларының, саудагерлерiнiң, мещандарының балалары келедi. Бiзге түрменiң беретiн асы сырты күйген, iшi иленген, көк аяз, шикi қап-қара нан мен қара су болды. «Мынау большевик» деген кiсiнi, яки «мынау большевиктi қуаттайды» деген кiсiнi Ақмола уезiнiң жан-жағынан əкеп түрмеге тоғытып жатыр. Нiлдi, Спасск, Қарағанды заводтарынан бiр топ жұмыскердi əкеп қамады. «Жас қазақ» ұйымындағы балаларды да ұстай бастады. Түрменiң 12 бөлмесi лық толды. Ендi түрмеге симағандарды қаладағы қараңғы, нəрсе сақтайтын, нəрсе қоятын тас үйлерге қамап жатыр. Казак-орыстың кiсiлерi шабуылдап, Ақмола уезiнiң барлық поселкелерiн, барлық маңайдағы қазақ елдерiн құтырған қасқырша кезiп, бет келген адамның басына қамшы ойната бастады. Елдi бүйi тигендей қылды. Ел құтырған қасқырлар тиген қой тəрiздi болды. Казак-орыстар, байлар едiрейiп алды. Нашарда үрей қалмады. Бiр сөзбен қарсы келген кiсiлерге, яки «мынау терiс қой» деген кiсiге, тiптi ешбiр жазасы жоқ болса да, көңiлiне жақпаған кiсiге – қамшымен яки мылтықтың сүмбесiмен дүре сала бастады. Мəселен, бiздi шынжырларда ұста iздептi. Бiр қазақ ұстаны шақырыпты. Ұста бiздi шынжырлауға көнбептi. Көнбейсiң деп ұстаны сойып салыпты. Ұста сонда да көнбей қалыпты. Қысқасы, жалпы еңбекшi, нашар ел қой мысалында болып, бұлар қойға тиген құтырған қасқырдай бола бастады. Совет құлағанша Советтi онша сүйкiмдi көрмеген кейбiр бұқаралар ақтардың аяқ алысын көрiп ойлана қалатын болды. Ендi бiздi бiресе: «Орынбор жақтағы казак-орыстардың жандаралы Дутовқа жiбередi екен...» – деп хабар шашады. Бiресе: «Омбыдан бiр кiсi келген соң, əскери сот ашып, тексерiп, бастықтарының бəрiн атады екен...» – деп хабар тар
атады. Күннен-күнге басқан тұман ауырланып, қалыңдап, хал жаманға айнала бердi. Барлық Сiбiр қалаларының бiрiнен соң бiрiн ақтар алған хабарларын күн сайын жариялап жатыр. Бiр жұманың iшiнде Сiбiрдiң көп жерiн ақтар алып бiтiрдi. Түрменiң бiрiншi бөлмесiнде əрбiр алынған хабарды ортаға салып, iстiң ақырын əр түрлi болжап отырдық. Бiрiмiз қозғалсақ қол-аяқтағы шынжырлар, кiсендi аттардың кiсендерiндей сылдырлайды. Бəрiмiз қозғалсақ, темiр шынжырлар түрменi күңiрентiп ың-шың қылады. Бiрiншi бөлмеде отырған алты-жетi қазақ, өзге жерлердегi жолдастар – большевик қазақтар қандай халде екен деп əңгiме қылдық. Əрине, сөз болатын: Көкшетауда Сабыр Шəрiпұлы, Омбыдағы қазақ жұмыскерлерi: Тəтiмұлы, Жəнiбекұлы, Мүкейұлдары жəне Шаймерден Əлжанұлы, Қызылжардағы қазақ жұмыскерi: Есмағамбетұлдары, Дүйсекейұлдары жəне олардың бастығы, уездiк комиссар Ысқақ Көбекұлы жəне Омбыдағы оқушылардың «Демократ советiн» жасаған жас большевиктер, тағы басқалар. Бұлар не халде екен деп əңгiме қылдық. Жоғарғы айтылғандардың iшiндегi ол уақыттардағы iрiсi жəне маған өзгеше танысы фельдшер жолдас Шаймерден Əлжанұлы. Бұл «Алашорданың» белгiлi жауы едi. «Алашорданың» азбандары да Шаймерденге өте қас едi. 1917 жылы Омбыға Орынбордан Бөкейханұлы келгенде, Омбыдағы қазақ жастары қазақтың «қамқоры» «Əлекең» келдi деп құттықтап оны қарсы алып, жиылыс қылып, жиылысына келген Бөкейханұлын құттықтап сөздер сөйлегенде, көптiң iшiнен жалғыз шығып, Бөкейханды мiнеп сөйлеген Шаймерден едi. Төренiң аяғын құшайын деп жүрген төрешiк «қазақ жастары» Шаймердендi «жынды» деген едi. Шаймерден жиылыстарын тастап шығып кеткен едi. Оның соңынан Таутан Арыстанбекұлы тəрiздi жолдастар да кеткен едi. Бұл туралы оқушыға бұдан бұрын айтылып та өттi. Жəне Ақмола губерниясынан басқа жердегi бiрен-саран большевик қазақтардың халдары қандай болды екен деп уайым қылдық.
Семей губерниясында өзгелер «Алаш» болып елiрiп жүргенде, большевиктерге қосылған жалғыз Нығмет Нұрмақұлы едi. Нығмет Қарқаралы уезiнде оқытушы едi. Октябрь төңкерiсiнен кейiн, Қарқаралыдан Нығмет маған жазған бiр хатында бүй деген едi: «Сəкен, iстерiң қалай?.. Бұрынғы патшаның тепкiсiнде жаншылған халықтарға теңдiк берiп, адам санына санайтын жалғыз большевик партиясы екенiне көзiм жеттi. Сол себептi мен де большевик болдым...» – деген едi. Ендi сол Қарқаралыдағы Нығметтiң қандай халде екенiн ойлап сөз қылдық. Қазақстанның өзге губернияларынан 1917-18 жылдарда большевик партиясына қосылғандарды бiз көп естiген де жоқ едiк. Жəне газет беттерiнде де көрген жоқ едiк. Қазақ большевиктерi саяси күрестi «Алашпен» айқасып бастаған едi. Ал Қазақстанның əрбiр губерниясында шыққан газеттердiң – бiздiң Ақмолада шыққан «Тiршiлiк» газетiнен басқасының бəрi «Алаш» ұранына салып жатты. Əлеумет тарихына қарағанда, 1917 жылғы саяси күрестiң зор майданындай ұлы дүбiрлерде оқыған адамдардың саясат, əлеумет күресiне қатысқандарының бəрi де сол заманда шығып тұрған газет, журналдардың айналасына жиналмақ. Егерде əлеумет iсiне қатысқандар маңайындағы газет, журналдың бағытына риза болмаса, өздерi бөлек газет, журнал шығарып, майданға шықпақ. Не болмаса басқа жерлердегi бағыты үйлес деген газеттерге пiкiрлерiн жазып майдандаспақ. Бұл – саясат, əлеумет тарихының тəжiрибесi. Мұны бұлай болмаған деп ешкiм де айта алмайды. Мiне, сол 1917 жылғы ұлы дүбiр, ұлы майданда Семейде шыққан «Сарыарқа» мен «Абай» «Алаштың» ордасы болды, Семей губерниясы, Қарқаралы уезiндегi жалғыз Нығмет Ақмолаға – «Тiршiлiк» газетiнiң басындағы бiзге хат жазып жатты. Ақмола губерниясында – Ақмолада шыққан «Тiршiлiк» газетi «Алашты» мiнеп, жазып жатты. Ақмола губерниясы Қызылжар қаласында «Үш жүз газетi» «Алаштың» азбан-
дарын боқтап жатты. Ал Ақмола губерниясының бұл екi газетiне де риза болмаған бiраз адамдар – «жас алаштар» Қызылжарда 1918 жылдың жазынан бастап «Жас азамат» деген газет шығарып, «Алашты» ұран қылды. «Алашорданы» көтердi. Торғайдың оқығандары, Қостанайдың, Оралдың «алдыңғы қатардағы» оқығандары қосылып, Орынбор қаласындағы «Қазақ» газетiнiң шылауында болды. Бұлар көп жерге – барлық Қазақстанға жөн-жобасын берiп тұрды. «Қазақ» газетi «Алаштың» ұйым ордасы болып тұрды. Түркiстан оқығандары Ташкенде «Бiрлiк туы» деген газет шығарып, «Алашты» ұран қылып тұрды. Бөкей ордасының бiраз оқығандары, ақын, молда Қарашұлы бас болып, «Ұран» деген газет шығарып, «Алашорданы» ұран қылып тұрды. Тырбанып бұларға қарсы болған Жақыпұлы Серiктер ғана жүрдi. Қарашұлы Омар «Алаш» ұранын жыр қылып, кiтапша жазып шығарды. Ұмытпасам, кiтапшасының аты «Терме» едi. Кiтапшасында Əлекеңдi мақтайды... «Ту ұстаған топтың Əлекең жүр басында. Сұр кепкiсi басында; Гимназистер, студенттер қасында...» – дейдi. Қазақтың барлық газеттерiн мақтайды. Жалғыз «Үш жүз» газетiн боқтайды. «Тiршiлiк» туралы ептеп, жұмбақтап, ноқат қойып жазады. Мiне, осы газеттердi оқып, Қазақстанның басқа жерлерiнде қазақтан большевикке қосылғандарды көп есiте алмаған соң, большевиктерге қосылған əредiк қазақтардың алыстағыларымен араласа алмаған соң, түрменiң ауыр халiнде отырып, жалғыз əлгi айтқан жолдастарды ғана сөз қылып отырдық. Ақмола большевиктерiнiң халдерi, сөйтiп, өте нашар күйге түстi. Ақмолада қазақ большевиктерiнiң тұтқынға түспей кеткендерi мына төмендегiлерi болыпты: Тұрысбек Мыңбайұлы, Жақия Айнабекұлы, Əбубəкiр Есенбақұлы, Ғалым Əбубəкiрұлы, Баттал Смағұлұлы, Көшербай Жаманайұлы, Шүкен Тiнəлiұлы, Сейiт Назарұлы, Арын Малды
байұлы, тағы да басқалар. Жəне Ақмоладағы қазақ жастарының «Жас қазақ» ұйымындағы екпiндi, алдыңғы қатарда жүрген, бiрқатарларын да ұстамақ болған соң, олар да қашып кетiптi. Мыналар: Бəкен Жаңабайұлы, Көжебай Ерденайұлы, Салық Айнабекұлы, Өмiрбай Дөнентайұлы, Дүйсекей Сақбайұлы жəне басқа осы тəрiздi «Жас қазақ» ұйымының балалары. Сөйтiп, темiр шынжырды күңiрентiп, тас еденде топырлап жаттық. Күзетшi қанша болғанмен, тыстан хат-хабар алып тұрамыз. «Семейде «Алашорда» үкiметi жарияланып, ашылды» деген хабар алдық. Семейдегi «Сарыарқа» газетi «Алашорданың» ресми тiлi болыпты. «Сарыарқаның» ұран салған нөмiрлерi Ақмолаға келiп те қалыпты. Тыстағылар бiзге бiр нөмiрiн жiбердi. Дəл бiздi балағаттаған нөмiрi екен. Ұмытпасам 42-нөмiрi. Жəне бұл нөмiрiнде «Алашорданың» желбуаз үкiметiнiң жазған «жарлығы» бар екен. Ұмытпасам, жарлықтың нөмiрi – 4. Жарлығында: «Қазақтан» большевик болған жауыз арамзаларды кiмдекiм ұстаған жерде жазасын берсiн. Бұларды тамырынан құрту керек», – дейдi. Өлiмдi күн сайын күтiп отырдық. Революцияның дұшпандары күннен-күнге абжыланша уын шашып, ысқыра бердi. Қажы, молда, би, болыстар тыныстарын кеңiтiп, жайланып демдерiн алды. Темiр торлы тас сандықтың iшiнде шынжырланып байлаулы қызыл сұңқарлар жатты... Қастың айызы қанды. Достың жүрегiн жалын шалды...
АҚМОЛА ТҮРМЕСIНДЕ Түрменi казак-орыстар мен прапорщиктердiң отряды келiп күзеткенде, жыланша ысқырып келдi. Əсiресе казакорыстардың отряды келгенде, тобырлы жын келгендей болады. Кеуделерiн ерсiлi-қарсылы қатар тiзген оқпен шырмап тастаған. Иықтарына қылыш, мылтық, шыбыртқы қамшы асынған. Бөрiктерi бiр жақ шекесiнде, шалбарларының екi жақ сандары төрт елiдей жол қызыл шүберек. Неғұрлым түстерiн ызғарлы, суық қылып көрсетуге тырысады. Дауыстарын күжiлдетiп, айтатындары боғауыз, зекiру. Кейде крестьян жастарынан жинап алған солдаттары күзетке келiп тұрғанда, түрмедегiлер өздерiнiң кiсiлерi келгендей болады. Үкiметтi қолға алған батырлар бiздi тергеуге жəне барлық Ақмола уезiнде большевикшiлдiктi (большевизмдi) жоюға комиссия жасады. Комиссияның бастығы – патшашыл Сербов. «Өлiм жазасын қылады» деген хабар күн сайын əр түрлi болып, жаңарып естiлiп отырады. Түрмеге бiр күнi саудырап, бiр топ болып Сербов пен түрменiң бастығы жəне жетiсегiз əскери адамдар келдi. Бəрi иықтарына жарқыратып оқаларын тағып алыпты. Етiктерiнiң өкшелерiне сылдырмақ шошақ темiр қадаған... Бəрiнiң қимылдары сарт-сұрт, сылдыр-сылдыр етедi.
Бұл – Сербов түрмеге ертiп келген қаланың əскер бастығы екен. Саудырап бiздiң бөлмеге кiргенде түрменiң бастығы гүрiлдеп, бiзге «тұрыңдар!..» дедi. Бiз тұрдық. Əскердiң бастығы бiзге: – Бəрiңiздiң жұмыстарыңызды сот қарайды. Əрқайсыңыздың iстеген iстерiңiзге қарай закон бойынша iс қылады. Законсыз ешнəрсе iстелiнбейдi, – дедi... Ақтар үкiметтi қолдарына алысымен, тығыз уездiк съезд шақырған. Əрине, жиылысқа поселке мен ауылдың ылғи байлары, бұрынғы болыстары келдi. Қандай қақпайлау болса да, кей жерлерден Совет үкiметiн жақтайтын адамдар да келiп, жиылыс ашылған күнi: «Ең алдымен мынау қамауда жатқан Советтiң адамдары босансын!» – дедi. Казак-орыстардың бастықтары, байлар, офицерлер бұған шамданып, қамаудағы Совет адамдарын жақтап сөйлеген өкiлдердi жауапқа алып, тұтқын қылды. Ақтар күн сайын қаһарланып шығады. Даңғой офицерлер Ақмолаға толып кеттi. Иықтарына жарқыратып екi елi оқаларын тағып алған. Көше бойы жалт-жұлт, сарт-сұрт етiп, жын соққан тайлақша елiрген офицерлер мен байлар. Түрмеге сыймай кеткен жəне басқа үш-төрт тас үйге лық толған қамаудағы адамдарды тексерiп, өздерiнше «зиянсыз» деген адамдарды босатып жатыр. Көбiнен пара алып босатып жатыр. «Жас қазақ» ұйымынан ұсталған жiгiттердi шығарды. Мəселен, Дүйсекей Сақбайұлы, Темiрғали Асылбекұлы тағы басқалар – большевиктерге жанасып, Советке қызмет қылғандарды шығарды. Қазақтардан шығарылған: фельдшер Наурызбай Жолайұлы, Дəуiт Бегайдарұлы, мұғалiм Ғалымжан Құрмашұлы, мұғалiм Ғали Кiтапұлы, жазушы Кəрiм Əубəкiрұлы, Уəли Қангелдiұлы, тағы басқа толып жатқан большевиктердi «қуаттаушылар». Жоғарыдағылардың iшiнде Уəли Қангелдiұлын сырттағы бiр жақындарының себептерiмен, байқамай шығарып қалып, артынан iле қайта ұстамаққа iздеген едi. Уəли қашып кеттi. Уəли оқыған, бiлiмдi, ақылды жiгiт едi. Социал пiкiрлi едi.
Кейбiреулердi: «Мен большевик емес едiм, оларға əншейiн кiрiп едiм...» – деп жалбарынуының арқасында шығарды (мəселен, Нұржан Шегебаласы). Түрменiң халы нашар. Өз киiмдерiмiздi iш киiмдерiмiзге шейiн сыпырып алып қойған. Сырттан төсек-орын бергiзбейдi. Үстiмiзге киюге бергендерi жұқа, бүрлi кенеп көйлекдамбал. Қара ала шолақ кемзал. Астымызға салуға бергенi бiр-бiр жұқа кенеп қап. Қапқа азырақ шөп толтырып берген. Соны астымызға салып жатамыз. Сыйғанымыз тақтайдың үстiне, сыймағанымыз жерде, тас еденде жатамыз. Түрменiң iшi кiр, лас, сасық. Iшiндегi жұрт өте тығыз. Сырттан ас бергiзбейдi. Беретiн асы қара су, сырты күйген, iшi шикi зiлдей қара нан. Кейбiр жолдастар наннан құмалақ жасайды, дойбы жасайды. Түрме он екi бөлмелi. Бəрiнде лық толған тұтқын большевиктер. Қамаудағы жұрт ап соққандай жүдедi. Бiз жатқан бөлме он екi терезелi. Терезе жуан төрт қырлы темiрмен торланған. Терезенiң бiр орташа көзi ашылып-жабылады. Адам тығыз болғандықтан түрменiң iшi ысып, қапаланып кетедi. Сасық түрме одан сайын сасиды. Сырттан таза ауа кiргiзiп азырақ тыныс кеңiтуге, терезенiң əлгi ашылып, жабылатын көзiн көбiнесе ашып қоямыз. Ашқызғанда да ысыған қапалық кетпейдi. Бөлменiң тақтай сəкiсiнде, тас еденiнде түнде жатқанда алақандай бос орын болмайды. Күндiз бет-бетiмiзбен шүпiрлеп, дөңгеленiп, уақыт өткiзуге түрлi лаж iстеп отырамыз. Бiреулер қара нанның шикiсiнен жасаған дойбы ойнап отырады. Бiреулер наннан жасалған құмалақ салып отырады. Бiреулер жай əңгiмелесiп отырады. Бiрен-саран жолдастар өз алдына тұнжырап, ой тұманын аралап отырады. Кейбiреулер терезеден қарап отырады. Күн сайын терезенiң алдынан жолдастардың жақындары өтiп жатады. Казак-орыстар қарауылда тұрғанда, өткен кiсiлердi терезеге жанастырмайды. Ерiксiз жинап алған крестьян солдаттары қарауылда тұрғанда, терезеге жанастыра бередi. Терезе алдына келген жақындармен кейде бiр-екi ауыз сөз қатыссақ та, олар парық қылмайды.
Түрме Ақмоланың күнбатыс жақ шетiнде. Түрменiң бiз отырған бiрiншi бөлмесiмен қатар екiншi, үшiншi, төртiншi бөлмелердiң терезелерi сыртқа қараған. Бұл терезелерден қаланың кейбiр шеткi үйлерi көрiнедi. Жəне қаланың күнбатыс жағындағы белес қана көрiнедi. Қашығырақ Есiлдiң бiр тоғайлы жерi көрiнедi. Қарауыл солдат тəуiр болса, терезенiң алдынан жақындарымыз өткенде, сөз қатысып, амандасып, керектi хабарлар болса, алып қаламыз. Мен терезеден көп қараймын. Терезенiң алдына мiнiп алып қарап отырамын... Жаздың толықсыған кезi. Терезеден көкпеңбек болып дала көрiнедi. Көкала кiлем жамылғандай белес көрiнедi. Көк желекке оранғандай Есiлдiң тоғайы көрiнедi... Бiздiң терезенiң қиғаштау қарсысындағы бiр шеткi үйге бiздiң Кременский деген шалдың балалары көбiрек келетiн болды. Əлгi үйдiң терезелерi бiздiң терезеге қарсы. Екi арамыз жүз елу қадамдай. Əлгi үйге Кременскийдiң балалары келсе, терезелерiн ашып қояды. Ойнап, əн салып жатады. Кейде Кременскийдiң балалары бiздiң терезеге əлгi үйдiң терезесiнен бинокльмен (дүрбiмен) қарайды. Бiз қарасақ, қолмен бiртүрлi ым қылады. Бiз түсiнбеймiз. Баласы ым жасай бастағанда, отырған шал Кременскийдi терезеге əкеп қаратамыз. Шал баласының ымдарын түсiнедi. Бұ да ым қылады. Сөйтiп, ымды бiзге перевод қылады. Жаздың толықсыған кезiн түрмеде өткiзiп отырмыз... Түрме жұрттың бəрiне де оңай емес. Лас, тар, сасық қапас кiмге жеңiл тиедi?.. Əсiресе жаз күнi... Қапас əсiресе жаз күнi, өте-мөте қазаққа оңай тимейдi. Жаратылыстың құшағында өскен қазақ баласына темiр шынжырлы тар қапас дозақтан қиын... Əсiресе толықсыған жаз күнi... Терезеде отырып, көк белес, көк ала белес, көк далаға қараймын. Жаздың жұмсақ желi терезенiң ашық көзiнен кiрiп, жiбектей болып, беттi шарпиды. Жiбек желге төсiмдi ашамын. Барлық денемдi тосамын. Күйiп-жанған денеге жiбек желдiң жұмсақ демi шипа тəрiздi тиедi. Ұшқыр
ой қапасты тастап, шарқ ұрып кетедi. Тұтқыннан босаған сұңқардай жер мен көктi кезедi. Қиырсыз кең, көк ала кiлем түрiндей көк майса даланы шарлайды. Бұлақ сулары сылдырлап күлiп сумаңдап аққан орманды, елсiз тауларды кезедi. Қалың құстары, мың түрлi құстары шулаған, шалқыған аққулы көлдерi, көк жiбек сулары иреңдеп аққан өзендердi кезедi. Елге барады. Елсiзге барады... Терезеден қарап отырамын... Мiне, ырдуан ағаш арбаға өгiз жеккен қазақ келедi. Келе жатқан өкшесi – анау, алыс көрiнген дала. Арбасына тиегенi тезек. Өзi жаяу, өгiзiн айдайды. Өгiзi саспайды. Асықпайды. Түрменiң терезесiне жай қарайды... Жалқау қимылдап өгiзiн айдайды. Өгiзi басын жерге тұқырып, бүлк-бүлк аяңдайды. Ырдуан арбасының дөңгелектерi қиралаңдап дөңгелеп, ақырын шиқылдап ыңырсиды... Уа, шiркiн, бостандық... Сенiң қадiрiңдi қапастағы тұтқыннан басқа кiм бiледi? Ана қазақтай, өгiзге жеккен ырдуанмен тезек тасып жүрсе де шiркiн, бостандық артық екенсiң!.. Мынау ана құшағын, төсiн ашқан кең даладан келедi-ау! Қазақ өгiзiн айдап өттi... Мiне, бiр топ балапандарын шүпiрлетiп ертiп, асыранды ақ қаз келедi. Мамырлап, иiлген ұзын сұлу мойнын созып, алды-артына қаранып, қаз жай аяңдайды. Мойнын салып қаңқылдап, балапандарын толғанады. Балапандары жұмыртқадан жаңа ғана шыққан. Шүйкедей-шүйкедей сары үрпек. Тəлтiректеп талтаңдап анасының соңынан ақырын тырбаңдап шұбайды. Толғанған анасына, нəзiк жiңiшке дауыстарымен шиқылдайды. Анасының соңынан жығыла-сүрiне, қалмауға тырысады. Анасының екi көзi жан-жақта. Екi көзi балаларында. Балапандарын толғанып, шұбатып аяңдайды. Бара жатқан бетi, анау ойпаңдағы көгал. Көгалға барып жайылмақ... Шiркiн, бостандық! Шiркiн жаз!.. Жайылған ақ қаздай көгалына барып аунаған жанның арманы бар ма екен!.. Ақ қаз балапандарын ертiп көгалға барды... Əне, қазақ қызы келедi. Анадайдан екi көзi түрменiң терезесiнде. Мен отырған терезеге қарайды. Маған қарайды.
Екi көзi мөлдiреген қарақаттай... Жасы он төрт-он бес шамасында, ұзынша бойлы, талдырмаш. Үстiнде қос етектеп бүрмелеген ақ көйлегi, басында қара барқыт тақиясы бар. Жiбектей қап-қара қалың шашын əдемiлеп, екi бұрым қылып өрген. Шашының ұшына қызыл жiбек лента байлаған. Мiне, жай аяңдап терезенiң қатарына келдi... Терезенiң алдында жүрген қарауыл солдатқа қарайды... Жүрiсiн тiптi ақырын баяулатты. Кейiн қараған болып, кейiнде бiрдеменi күткен болып тоқтады. Мұңайып маған қарады. Көп тұра алмады, жүрдi. Мөлдiреп қараған көздерi қайғыға ортақ болған тəрiздi. Тұтқынның халiн шын сезiп аяған тəрiздi. Қамыққан көңiлдi мөлдiреген көздерi жұбатқан тəрiздi... Сезгiш жүрек, нəзiк сұлу көкөрiм қарындасым! Не ойлап сонша мөлдiреп қарайсың?.. Сенiң қарауың қайнаған жүрекке, өртенген көкiрекке қарлығаштың қанатымен су сепкенiңдей-ау! Рақмет! Терезенiң алдынан екi күнде бiр өтесiң. Кiмсiң? Кiмнiң қызысың?.. Бiзге кiм деп қарайсың! Бiз – түрмедегi зор айыпты бұзық адамдар емеспiз бе? Бiз халықтың, отанның дұшпандары емеспiз бе? Бiзге неге сонша, аяған жүзбен қарайсың? Сезгiш жүрек, сұлу жанды қарындасым! Кiмнiң қызы болсаң да рақмет!.. Бұл бала бiз түрмеге отырғалы бiздiң терезенiң алдынан өстiп сан өттi. Терезеге көп таяу келмейдi. Батылы жетпейдi. Кiм екенiн, кiмнiң қызы екенiн бiлмеймiн... Бiрақ, жүзiне əбден таныс болып алдым. Бiр түрлi жақын көрiп алдым, бiр-екi күн көрiнбесе, терезеден iздеп отыратын болдым. Қапастағы тұтқынның темiр торлы терезесiнiң алдына торғай келiп жырласа яки тұтқынның ызғарлы, қараңғы бөлмесiне күлiмдеген алтын күн алтын нұрын шашып түсiрсе, яки терезенiң көзiнен қарап отырған тұтқынға жiбек жел көк даланың жас иiсiн əкеп бүрiксе, даланың жұпарын əкелген жiбек жел бетi мен мойнына торғындай желбiреп келiп оралса, тұтқынның жарақатты жанына шипалы дем салынғандай болады. Келе-келе, əлгi қарындас анадайдан ақырын басын изеп, ишарат қылып, менiмен амандасып өтетiн болды. Бiр күнi бiр кiшкене қызық болды. Бiзге бiреу «ертең пəлен кiсi атылмақ...» деген жасырын хабар бердi.
Түс мезгiлi едi. «Атылмақ» хабарды алып, бiздiң бөлмедегi жолдастардың бəрi үн-түн жоқ, тұнжырап отырды. Бəрiмiздiң де ия қол, ия аяғымызда темiр шынжыр. Ауыр ой басып, мен де түрегеп тұр едiм. Бəрiмiз де əлсiз, мұршасыз, қалшия қарап қатып қалған едiк. Бiр мезгiлде көзiм терезеге түстi... Əлгi қарындасым келедi екен. Үстiнде қос етектi ақ көйлегi. Шашында қызыл жiбек лентасы. Бұралып, жай аяңдап, терезеге қарап келедi екен. Тұнжырап басып, тұншықтырып тұрған қара тұман шайдай ашылып кеттi... Жұлып алғандай, шынжырларымды шылдырлатып, атқып терезеге шықтым. Жолдастарым да ұйқыдан шошып оянғандай шошынысып, жалт-жұлт қарасты. Бəрi де суық жүзбен таңырқасып қалды. Маған: «Немене?.. Немене?..» – дестi. Мен: «Əлгi қарындасым кетiп барады!..» – дедiм. Жолдастардың кейбiреулерi таң болды. Кейбiреулерi «түу!», – дедi. Бiр күнi, анау күнi келетiн қала əскерлерiнiң бастығы түсiп, орнына жаңа бастық келдi деп есiттiк. Айтқандай ертеңiнде Сербов пен түрменiң бастығы бас болып, саудырап жалтжұлт еткен бiр топ «төре» түрмеге келдi. Кiлттерiн салдырлатып, бiздiң есiктi ашып, алдымен түрменiң бастығы кiрiп келiп, күжiлдеп: «Түрегелiңдер!» – дедi. Бiз тұрдық. Қылыш, мылтық асынған ұлықтар саудырап кiрiп келдi. Бəрiнiң аңшының иттерiндей көздерiн алмай, қайпаңдап, аузына қарағандары – бiр едiрейген жас жiгiт. Жас төре қалпағын көшедегi бұзақы мастарша киген. Белiнде мылтық, жанында қылыш. Қолында шолақ қамшы. Кiрiп келiп, екi аяғын талтайтып керiп тұра қалды: – Е!.. Көбi қазақ қой! – дедi. Сербов əрқайсымызды «мақтап», – «мынау пəлен, анау пəлен» деп, əр түрлi сипаттарымызды, «қасиеттерiмiздi» айтып тұрды... Жаңа келген ақ əскерiнiң бастығы осы жас жiгiт екен. Аты Кончаров, Қызылжардiкi. Ақмоланың əкiмдерi күндiз-түнi сарт-сұрт жүрумен, мас болумен болды.
Омбы мен Қызылжар, Көкшетау жақтарда талай жолдастарды өлтiрiптi деп есiттiк. Ақмолада ендi сотпен өлтiрмек деген хабар аламыз. Қамаудағы жұрт ендi «өлiм» деген сөзге бойлары үйрендi. Бостандықтан күдер үзiлдi. Қамаудағы көп жолдастарды екшеп босатып, жетпiссексендей ғана, ылғи «əсiре қызыл» дегендердi алып қалып, жауапқа да шақырмай қойды. Тұтқындағы бiздiң алпысжетпiстей қызыл əскердi Қызылжарға жiбердi. Бұлармен бiрге Совдептiң құлауынан екi-үш-ақ күн бұрын Омбыдан келiп, бiзбен бiрге түрмеде жатқан жолдас Кəлегейұлын да (Калегаев) жiбердi. Кей уақытта: «ақтардың күшi азайыпты, ендi қызылдар күшейiптi. Ақтарды бiрте-бiрте қусырып келе жатыр дейдi...» – деген хабарды да алып қоямыз. Отырып əр түрлi болжау айтамыз. «Түбiнде қызыл жеңуi хақ, бiрақ оны бiз көре алмай кетемiз ғой», – десемiз... Бiраз күн өттi. Жолдастар ап соққандай жүдедi. Беретiн асы – ылғи қара су мен сырты күйiк, iшi шикi қара нан. Бұған да үйренiп алар едiк. Бұған да онша жүдемес едiк. Жүдететiн бiзге келетiн сансыз ұлықтың адамшылықтан тысқары қорлықтары, мазақтары. Жүдететiн қаптаған ауыр ой. Жүдететiн темiр шынжыр. Жүдететiн – күн сайын алып отырған «атады» деген хабары жəне түрменiң тар ауасы, тас еденi. Кейде қайрат азайып, қажитын болдық. Кейде қатайып, қайраттанатын болдық. Түрменiң он екi бөлмесiнiң бəрiнде бiздiң кiсiлер. Бiр есiгi ашық жататын бөлмесiнде ұрлықпен жататын қазақтар бар. Күнде, əр бөлмедегi жолдастарды түрменiң iшкi қамау қорасына шығарып, он минөт-бес минөттен бой жазғызып жүргiзедi. Темiр шынжырлар кiрiпшыққанымызда түрменiң iшiн жаңғырықтырып тұрады. Бiр күнi бiздiң бөлмедегiлер қамау қораның iшiнде бой жазып жүр едiк. Қамау қораның iшiнде мылтықтарын ұстап қарауыл солдаттар тұр. Түрменiң төрт-бес бөлмесiнiң терезесi қамау қора жақта. Бiз қамау қорада жүргенде,
терезелерi қамау қораға қарап тұрған бөлмелердегi жолдастар терезелерiнен бiзге қарап тұрады. Кейбiр қайратты жiгiттер жарқылдап, ашық жүзбен ишарат қылып амандасады. Кейбiр уайымшыл жолдастар мұңды, қайғылы жүзбен тек бас изеп қана амандасады. Бiз қамау қорада шынжырлаулы қасқыр күшiктерiндей ерсiлi-қарсылы жүр едiк. Сол күнi бiр үлкен уайымды күн едi. Халiмiз өте қиындықта едi. Қамау қораға қараған терезелердiң ашық көздерiнен қайғылы жүзбен жолдастар қарап тұр екен. Терезенiң төрт қырлы, торлаған кереге көз темiрiнен ұстап, иегiн сүйеп, Кондратьева деген əйел жолдасымыз бiр зарлы өлең айтып отыр едi. Кондратьеваның даусы əдемi едi. Оның зарлы даусы қобыздың дауысындай едi. Өлең – бiр тұтқынның өлеңi. Өлеңiнiң жəне оның əнiнiң еңiреген зары, Кондратьеваның қалтыраған зарлы əдемi даусы барлық тұтқындардың күйiнген жүректерiнiң күйiн бiрақ ауыздан айтып отырған тəрiздi едi. Күйiнген зарлы өлеңдi тыңдап, жолдастардың көбiнiң көңiлi босады. Көбi қамықты. Кондратьева зарлап отырды. Көздерiнен мөлтiлдеген жас ақырын домалап тұр екен. Бiр күнi бiздiң бөлменi ашып, кiлтшiмен əлгi есiгi ашық жататын бөлмедегi ұрлықпен жатқан қазақтардың бiреуi үлкен құшақ жап-жаңа шапқан көк шалғын алып келдi. Қазақ: «Түрменiң жұмысына алып барып едi. Əдейi сiздерге мына шалғынды шауып əкелдiм...» – деп, бiзге бердi. Қуанғанымызда есеп жоқ. Шалғынды бəрiмiз құшақтай алдық. Дəл анасына тұс-тұсынан еркелеген, сағынған балалардай шаттандық, көк шалғынды иiскеледiк. Құшақтадық. Төсiмiзге бастық. Кенелдiк те қалдық. Баймағамбет шалғынның бiразын көпке шейiн құшақтап, иiскеп отырды. Мiне, бостандықты, жаздың көк шалғынын сағынғандық сондай! Терезеден қарап отырамын. Қарындасым екi күн, үш күнде бiр өтiп жүредi. Ишаратпен бас изеп амандасамыз. Терезенiң бiр мұрттау тұсындағы көгалды ойпаңға балапандарын шұбатып, күн сайын ақ қаз өтедi. Кешегi шүйкедей
сары үрпек балапандар күн сайын зорайып өсiп келедi. Тəлтiректеген балапандар күн сайын құс бейнесiне кiрiп келедi. Кейде түрмеде əр түрлi күлкi боларлық iстер де болып қояды... Беретiн асы қара су мен сырты күйiк, iшi шикi қара нан болған соң, əрине, тəуiр асқа ынтықпыз. Жылқының сүр қазысы, сүр шұжығы тұра қашса, тұра қуғандаймыз. Сырттан ас өткiзбейдi. Қарауыл қатты. Бiрақ «аңдушыны алушы жеңбей қоймайды». Түрмеге кейде ұрланып, жiптiктей болып сүр қазы, сүр шұжық келiп қалады. Келгенде, тұтасымен келмейдi. Жəне бiр күнде келе алмайды. Анда-санда келедi. Қарауылдың iшiнде бiздi астыртын тəуiр көретiн адам болғанда келедi. Шүберекке тiгiлген, бiр қарыс яки жарым қарыс шұжық есiктiң жұдырық сыймайтын тесiгiнен топ ете түседi. Тесiктен еденге топ ете түскен сопақша кесектi, Құсайын құмай тазыша қағып алады. Шұжық түсерде, сұр тазыдай Құсайын тесiктi аңдып отырады. Өйтетiнi – шұжық түсетiн күнi терезенiң тұсынан Құсайынның келiншегi өтедi. Терезеден қарап тұрған бiзге ымдап қалады. Келiншектiң қыбыр еткен саусағын көз шалып қалғанда, жем көрген аш бүркiттей қылғынамыз. Тесiктен топ ете түскен сүйем шұжықты Құсайын қағып алып, бүркiтше бүрiп отырады. Бiрдей қылып бөлiп жеуге пышақ жоқ. Қолымен бөлуге болмайды. Тiстеп бөлу керек. Əркiм өзi тiстеп алу керек. Құсайын шұжықты тұтамдап отырады. Бiрдей қылып əркiмге тiстетедi. Əркiмге өлшеп, шұжықты бiр елiден шығарады. Шұжықтың өзге жерiн қолымен жауып ұстап отырады. Əркiм шұжықтың Құсайынның қолынан шығып тұрған жерiнен тiстеп алады... Тiстеп алатын кезек Байсейiтке келедi. Құсайын Байсейiтке ұсынады. Байсейiт шұжыққа аузын таяп келедi де, бетiн өлiмсiретiп басын кейiн тартады. Басын шайқап күрсiнедi. Құсайын: – Е, неге тiстемейсiң? – дейдi. Бетiн бейшараландырып, Байсейiт: – Қайтейiн, тiстегенде бұл тамақ бола ма! – дейдi.
Құсайын: – Е, көптi қайдан табамыз. Тiстесейшi! – дейдi. Байсейiт мұңайып: – Жоқ, өздерiң жей берiңдер... Бəрiмiзге тұтамдай шұжық тамақ бола ма? Жей берiңдер. Мен-ақ аш болайын... – деп күрсiнiп жата кетедi. Бəрiмiз үйiрiлiп Байсейiтке қайрат беремiз. – Шұжықтан Байсейiтке көбiрек бер... – деймiз. Құсайын шеңгелдеген тұтамынан шұжықты көбiрек шығарып, Байсейiтке ұсынады. Байсейiт өлiмсiреп басын көтередi. Шұжыққа көзiнiң астымен қарап қояды. Екеуi көздерiмен аңдысады. Құсайын ұсынады. Байсейiт күшiн өлшеп, баяу қимылдап, қабаған шортанша төнiп келедi. Шұжыққа аузын тигiзiп тұрады. Шортанша сарт еткiзiп қауып кеп қалады. Құсайынның қолын қоса қабады. Шұжықты қоя берiп, тiстелген қолын қымсынып жұлып алады. Шұжық тұтасымен Байсейiттiң аузында қалады. Жартысы Байсейiттiң аузына кiрiп кетедi. Сыймай қалғанын Байсейiт шеңгелдеп екi қолымен бүрiп алады. Құсайын қайта тап берiп, шұжыққа таласады. Байсейiттiң аузынан қалғанын жұлып алады... Мiне, осындай күлдiргi қылықтар да болады. Шұжықты көбiрек жеген соң, Байсейiт азырақ көңiлденiп алады. Əңгiмелер сөйлейдi. Өзiнiң айтып қоймайтын бiр орыс тiлмаштан үйренген орысша қалжың өлеңiн айтады. Өлеңнiң аты «Қазақ əйелiнiң ашығын шақыруы» Өлеңi мынау: ПРИЗЫВ КИРГИЗКИ О, айран, ты – моих желаний, Кумыс, моих страстей, Каймак – сердечных упований, Степной баран, – души моей. Ты барымтой на душу грянул, Нагайкой сердце стегнул.
И мой киргизский дух воспрянул, Когда в юрте ты заснул. Дороже пестрого халата. Верь – твоя мне любовь. И она разит острее булата, Тезяком сжигает кровь. О, приди, шайтан, мой милый, И упади во прахе ниц, – Сливаю свой призыв унылый Со ржанием пылких кобылиц. Өлең қазақ арасында жүрген бiр орыс тiлмаштың қазақ тұрмысын келеке қылған өлеңi болса керек. Қазақша мəнiсi мынандай: ҚАЗАҚ ƏЙЕЛIНIҢ АШЫҒЫН ШАҚЫРУЫ Шiркiн ашық, тiлегiм сен, айрандай, Құмарым сен сапырулы қымыздай, Жүрегiме сен тəттiсiң қаймақтай, Жаным сүйер семiз қойдың етiндей. Жаныма кеп барымтадай тидiң сен, Жүрегiмдi қамшыменен тiлдiң сен. Қазақ рухым көтерiлдi сол жерде, Киiз үйге ұйықтағанда келiп сен. Илан шiркiн, ала тақта шапаннан, Маған қымбат ашықтығың бiр сенiң. Кездiктен де өткiр менi тiледi, Тезек оттай күйдiредi жанымды. О, шiркiн, кел, – сайтан, қалқаш тезiрек! Алдыма кеп жығылып жат етпеңнен.
Қосып бiрге құмарлықты қоңыр-зар, Кiсiнеуiне қызу қанды биенiң… Байсейiт бұл келеке қалжың өлеңдi айтқанда, күлмей, төсiн керiп, қоқырайып «артисше» айтады. Бiз қыран күлкi боламыз… Бiр күнi «ендi өлiм жазасы болмайтын болды» деген хабар алдық. Хабарды байқастап тексердiк. Рас тəрiздi. Тыныс едəуiр кеңiп қалғандай болды. Əкiмдердiң жындары да азырақ сəл басылыңқыраған тəрiздi болды. Сырттан келген астарды да ендi өткiзе бастады. Түрменiң начальнигi кейбiреулермен ептеп астыртын жылы сөйлесе бастады. Бiр күнi жауапқа шақыра бастады. Сегiзден, оннан жолдастарды тiзiп, казак-орыстың атты солдаттары айдап, жауап алатын жерге алып кетедi. Алдыңғы барып келгендерден «Не сұрады?..» – деп жолдастар жабырласып сұрайды. Кезек бiзге де келдi. Бiздi он бес, он алты кiсiнi бiр-ақ айдап жөнелдi. Бəрiмiздiң аяқтарымызда темiр шынжыр. Қылыштарын жалаңаштаған атты казак-орыстар бəрiмiздi қатарлап екi-екiден тiздi, бойымыз ұзындау Байсейiт екеумiздi алдына тұрғызды. Атты конвой темiр шынжырларды күңiрентiп айдап жөнелдi. Көшеге шығарды. Күн ыстық. Шiлденiң уақыты. Көше бойы жиналып, анталап қарап тұрған халық: қатын, бала, қыз-қырқын, кəрi, жас, ноғай, қазақ, орыс, атты, жаяу – көшеге сыймайды. Конвоймен көшенi қақ жарып, шынжырларымызды сылдырлатып аяңдап бiз келемiз. Халыққа жай қараймыз, көзiме талай дос адамдарым, талай таныс адамдарым түстi. Томсарған, телмiрген жүздерiмен ақырын ишарат қылып, қолдарымен төстерiн басып, бастарын изеп амандасады. Көптiң iшiнде қырдан келген əкем мен кейбiр достарым көзге түстi. Олар да құр алыстан телмiрiп қарайды. Көзiме Байсейiттiң де, Абдолланың да, Жұмабайдың да қырдан келген əкелерi, достары көрiндi. Бəрi де үндемейдi. Көкiректегi жанған өрттерiн қысып, қолдарымен басып, тек анадайдан телмiрiп қарайды. Кейбiреулер жылаған сияқты. Жаудың қолынан бiздi жұлып алуға дəрмен жоқ. Жаудың жарақты екенiн көрiп тұр. Көше бойы, екi жақта қақ жарылып қарап тұрған дос пен
дұшпандардың қадалған көздерiн суарып келемiз. Шынжарларымызды шулатып, көшенi күңiрентiп, тiзiлiп, аяңдап келемiз. Тергеу комиссиясының үйi қызыл қыштан салынған, бiр школ… Мен қыстыгүнi үйiнде пəтерде тұрған Токарев деген учительдiң бала оқытатын школы. Пəтерi осы школдың iшiнде едi. Пəтерде жатқан үйiме, ендi, бүршiктi кенеп көйлек, кенеп дамбал киiп, жалаңбас, шынжырлаулы келiп кiрдiм. Байсейiт екеумiз алдымен кiрiп келе жатқанымызда, Төлебай Нұралыұлына басқыштың үстiнде ұшырастық. – Амансың ба, Сəкен! – дедi. Мен: – Шүкiр! – дедiм. Төлебай үйге жылдам басып кiрiп кеттi. Бiз, Төлебайдай аяғымыз билеп тұрған уақыт емес, малтыға басып кiрдiк. Школдың залына бiздi кiргiзiп, есiкте қарауыл тұрды. Конвойдың бастығы барып екiншi бөлмеге кiрдi. Бiр орысты ертiп шықты. Екеуi бiздiң бiр жолдасты сол бөлмеге шақырып кiргiзiп əкеттi… Бiрте-бiрте шақырып, сұрап, шығарып жатыр… Зал үйдiң iшкi қораға қараған терезесiнен қарап тұрдым. Қорада қыстыгүнгi пəтерiмнiң кемпiрi, Токаревтiң шешесi жүр екен. Терезеден қарап тұрған менi көрдi. О да маған қарап тұрып басын шайқады… Кезек бiр уақытта маған келдi. Бөлмеге кiрдiм. Үстелдi айнала əкiмдер отыр. Бастығы – Шонтонов деген бiр казакорыс. Сербов дəл маған кезек келердiң алдында шығып кетiп едi. Комиссияның өзге члендерiнiң бiреуi бiр қара сақалды крестьян екен, өзге екеуi екi жуан қазақ. Оның бiреуi – саудагер Тəшти деген кiсi. Бiреуi белгiлi молда Мəнтен деген кiсi. Олардың қасында Төлебай отыр. Мен үстелдiң жанына келгенiмде Тəшти мен Мəнтен ақырын менiмен амандасты. – Амансың ба, Сəкен!.. – дедi. Мен «шүкiр» дедiм… Менен Шонтонов жауап алды: – Совдепке қалай кiрдiңiз?..
Мен: – Совдепке бұқара халықтың, ел қазақтарының сайлауымен кiрдiм, – дедiм. – Ненi қорғамақ болып кiрдiңiз Совдепке?.. Мен: – Қазақ халқының, өзiмдi сайлаған нашар елдiң пайдасын қорғауға кiрдiм! – Қандай қызметтi басқарып отырдыңыз?.. Мен: – Ақмола уезiнiң оқу iстерiн басқарып отырдым… Совдептiң президиумында болғанымды ол сұрамаған соң, мен айтпадым. – Митингтерде, жиылыстарда болдыңыз ба?.. Мен: – Болдым. – Өзiңiз шығып сөздер сөйледiңiз бе?.. Мен: – Сөйледiм бiлем! – Не сөйледiңiз? Не туралы сөйледiңiз?.. Мен: – Бiлмеймiн, есiмде жоқ. – Большевик партиясына жазылып па едiңiз?.. Мен: – Иə, – дедiм. – Учредительное собраниеге (мемлекет құрылысын шешетiн жиылысқа) қарсысыз ба, жоқ па?.. Мен: – Егерде учредительное собраниеге қалың нашар қара бұқара халықтың шын өкiлдерi жиналатын болса, қарсы емеспiн! – дедiм. – Дiнге қалай қарайсыз? Мен: – Мен өзiм дiншiл адам емеспiн. – Сiз мешiттi боқтапсыз ғой?.. Мен: – Тек қарап тұрған жансыз нəрсенi боқтауға мүмкiн емес қой, – дедiм.
– Сiз осындағы қазақша шыққан «Тiршiлiк» газетiне қандай сөздер жазып тұрдыңыз?.. Мен: – Көбiнесе өлең-жыр, – дедiм. Қара сақалды мұжық əкiм: – Сiз жазушысыз ба? – дедi. Мен: – Иə, азырақ жазушы едiм, – дедiм. Ол: – Қандай өлеңдер жаздыңыз? Мен: – Көбiнесе тұрмыс суретiнен жазған едiм, – дедiм. Шонтонов: – Өлеңдердi неге жазып тұрдыңыз?.. Мен: – Жазатын болған соң жазып тұрдым да. Өлең, жыр жазып тұру айып емес шығар, – дедiм. Қара сақалды орыс Шонтоновқа қарап: – Е, тұрмыс суретiнен өлең жазудың немене айыбы бар?.. Жазушы болған соң жазады да! – дедi. Шонтонов: – Сiз бiрiншi май күнiне арнап бiр пьеса жазып, осында спектакль жасатқызыпсыз ғой. Сонда ылғи большевиктердi мақтапсыз ғой! – дедi. – Пьесам бiрiншi май күнi осы Ақмолада ойналғаны рас. Бұл пьесаның iшiнде мен тек қазақтың 1916 жылғы прием уақытындағы ынсапсыз болыстарын, тiлмаштарын, байларын, молдаларын ғана көрсетiп жазғамын. Одан басқа ол пьесаның iшiнде бөтен сөз жоқ, – дедiм. Сонсоң Шонтонов қасындағы орыс пен қазақ жолдастарына қарап: – Ендi сiздердiң сұрайтын сөздерiңiз болса, сұраңыздар, – дедi. Өзгелерi үндеген жоқ. Төлебай маған қарап: – Сiз «Тiршiлiк» газетiне өлең, жырлардан басқа ешнəрсе жазған жоқсыз ба? – дедi.
Мен: – Басқа, жай сөздер де жазып тұрдым, – дедiм. Төлебай қалтасынан «Тiршiлiк» газетiнiң бiр нөмiрiн суырып алып: – Мына нөмiрдегi атаман Дутовты жамандап, «Алашорданы» жамандап жазған мына бiр сөздер сiздiкi емес пе?.. Мына «Шəмiл» деп, ақырына қол қойған сiз емессiз бе?.. – дедi. Мен: – Менiң атым Сəкен, Шəмiл емес, – дедiм. Төлебай: – Жоқ, бiз бiлемiз, бұл сiз боласыз, бiзге басқармада қызмет қылған адамдар айтты, – дедi. Мен: – Олар қате айтқан шығар, – дедiм. Шонтонов: – Ендеше бұл «Шəмiл» деген кiм? – дедi. Мен: – Бiлмеймiн. Газеттiң ресми шығарушысы Рақымжан Дүйсенбайұлы. Оны сол бiледi. Содан сұраңыздар, – дедiм. Рақымжан ол кезде қырда жасырынып жүретiн едi. Тағы да Төлебай бiр қағазды суырып алып: – Ендеше сiз мынаны бiлесiз бе?.. – дедi. Менiң Сiбiрдiң аймақтық Совдепiне «Алаштарды» баяндап жазған қағазымды көрсеттi. Қағазды маған көрсетiп: – Мына «Алашордашыларды» жамандап жазған сiз емессiз бе?.. Мына қол сiздiкi емес пе? – дедi. Машинаға басқаннан кейiнгi түзеткен қолым тұрған соң бұлтара алмадым. Мен: – Жазсам жазған шығармын, – дедiм. «Мен мына қағазды жаздым» дегiзiп, қағаздың шетiне қол қойғызды. Төлебай жəне бiр қағазды қалтасынан суырып алды. – Мына қағазды танисыз ба?.. Бұл қағазды көптiң атынан жазған сiз емессiз бе? – дедi.
Қарасам, Ақмоланың əлгi уездiк кедейлер съезiнiң атынан Сталинге «Алашордашылдарға» автономия берудiң қате екенiн айтып жазған бiздiң телеграмманың түпкi нұсқасы екен. Қолбаспа машинасына басқаннан кейiн менiң бiр түзеткен сөздерiм бар едi. Бұдан да бұлтара алмадым… – Бұл қағазды жазғанда, көппен бiрге менiң де болғаным рас, – дедiм. – Сiзден басқа тағы да кiм-кiм болып едi? – дедi. – Бiлмеймiн, халық көп болып едi, кiмнiң болып, кiмнiң болмағанын бiлмеймiн, есiмде жоқ, – дедiм. «Бұл қағаз жазылғанда мен кiрiсiп едiм» дегiзiп, оған да қол қойғызды. – Сiз «Алашордаға» қарсысыз ба? – дедi. – Қарсымын, – дедiм. – Неге қарсысыз? – дедi. Мен: – «Алашордашылдар» орыстың патшасы түскеннен кейiн қазақты орыстан бөлiп алып, өздерi қазақ халқына хан болғысы келедi, өздерi патша болғысы келедi. Бiздiң пiкiрiмiзше, патшадан бiр құтылған езiлген қазақ халқына ендi хандардың ешбiр керек жерi жоқ. Жəне бұлардың ниетi бойынша қазақ халқы орыстан мүлде бөлiнбек жəне қазақ жерiнен күллi крестьян орыстарды қумақ. Орыстар қуылса, үлкен бүлiншiлiк болмақ. Қазақтың нашар бұқарасына теңдiк əперген орыс еңбекшiл халқынан бiз айырылып қалмақпыз. Мiне, осы себептi мен «Алашордаға» қарсымын! – дедiм. Орыстардың көздерi шығып кете жаздады! Əсiресе қара сақалды крестьянның көзi ежiрейiп кеттi. «Алашорданың» шын ниетiн орыстар менен ғана бiлгендей болды. «Алашордамыз» деп ақтармен бiрге менi тергеп отырған үш қазақ – Төлебай мырза, Тəшти сəудегер, Мəнтен молда – не қыларын бiлмедi. Қып-қызыл болды. Қызарғанда большевик болып «қызарған» жоқ, тек сасық қарындарындағы қаны беттерiне келдi. Орыстар «Алаштарға» ала көздерiмен əдемiлеп қарап қойды. Найзамның дəл тигенiн бiлiп, қыбым қанып, қағазға қол қойдым.
Залға шықтым. Кейiнгi жолдастарды да сұрап жатыр. Залға Тəшти мен Төлебай шығып, терезенiң алдында тұрған менiң қасыма келiп, менiмен сөйлесiп тұрды. Сөздерi тiптi жылы. «Бiр туысқан» адамдардың сөздерi тəрiздi. – Е, ештеңе етпес, əлi құтыларсың… – деген сөз айтты. Төлебай екеумiз бұрын бiрге оқыған, бiр жылы бiр пəтерде жатқан ашынажай едiк. Бұрын дос болғандығымыздан, бiраз «наз» айтысып тұрдық. Бiраздан соң олар бөлмелерiне кiрiп кеттi. Бiз, Байсейiт екеумiз, школдың терезелерi көшеге қараған бiр бөлмесiне кiрдiк. Сырттағылар сол арада бiзге қымыз жiберiптi. Конвойдың бiр солдаты əкеп бердi. Iштiк. Терезеден қарасақ, екi қазақ əйелi терезеге таянып келiп тұр екен. Бiреуi Байсейiттiң келiншегi. Бiреуi қайын енесi екен. Бiзбен ишарат қылып амандасты. Бiз де терезеден бастарымызды изеп, жылы түспен амандастық. Əйелдер, бiздiң түстерiмiз қайғылы болмай, «қуанышты» тəрiздi болғанына, үмiттенiп қалса керек. Екi əйелдiң де түстерi жылып кеттi. Ишарат қылып, бастарында ақ кимешек жаулықтарын ұстап көрсетiп, ымдап жауап сұрады. Мен ишараттарына түсiне қалдым да, күлiп басымды шайқадым. Ақ жаулығын көрсетiп ишарат қылып, жауап сұрағаны – «ақталдыңдар ма» деген сөзi едi. Комиссия жауап сұрап жатыр. Бiз тұрған үйге сəйгел қуған сиырдай елiрiп, бiр кiрiп, бiр шығып офицерсымақтар жүр. Салдыр-гүлдiр етiп жүредi. Кейбiреулерiнiң қолында қамшы. Кейбiреулерiнiң қолында шыбық. Үрiккен тайлақша жалт-жұлт етедi. Бiраздан соң комиссия жауап сұрап болды. Бəрiмiздi тiзбектеп, сылдыратып, атты конвой түрмеге айдап қайтты. Жауаптан кейiн жұрттың көбiн шығарып, «өте қатты iс қылғандарын» ғана алып қалады екен деген хабар шықты. Құбылған, үйреншiктi, бiресе жақсы, бiресе жаман хабар күнде естiледi. Жұрттың бəрi-ақ шығуға құмар. Түрменiң ызғары бəрiмiзге де батты. Терезеден достарымыз, қырдан келген туыстарымыз, əкелерiмiз өтiп жүредi. Өтiп бара жатқанда, терезеден
қарап бас изеп, амандасып қаламыз. Олар да мұңайып, ишарат қылып, амандасып өтедi. Терезенiң сыртында қарауылда тəуiрлеу солдат тұрғанда, аяңдап өтiп бара жатқан жақынымызбен сөз қатысып та қаламыз… Бiр күнiмiз бiр күнiмiзге ұқсайды. Уақыт өтпейдi. Тiптi ақырын жылжиды. Шикi пiскен наннан жасаған дойбы, шахмат ойнаймыз. Əңгiме сөйлеймiз. Кей уақытта бiрiмiздiбiрiмiз қажап, ойнап та қоямыз. Мен терезеден көп қараймын… Күн сайын болмаса да, əлгi шашына қызыл лента таққан қыз бала терезе тұсынан қарап өтiп жүредi. Ақырын бас изеп амандасамыз. Күн сайын балапандарын шұбатып, терезенiң тұсындағы ойпаң көгалға ақ қаз өтедi. Əуелдегi жұмыртқадан жаңа шыққан шүйкедей сарыүрпек балапандар ендi үлкейiп, темiрқанат болып қалды… Дегенмен күн жылжып өтiп барады… Тұтқындарды қозғап, бiр бөлмеден бiр бөлмеге ауыстыра бередi. Терезесi тысқа қарамаған бөлмеге кiргiзгенде, дүниеде бос жүрген жанды көзбен де көре алмай қалғандықтан, тiптi ауыр қапаланамыз… Бiр күнi Байсейiттiң туғандары жəрдем сұрап «Алашордаға» телеграмма соғыпты. Өйткенi «Алашорданың» Мұқаметжан Тынышпайұлы мен Серiкбай Ақайұлы Түркiстаннан Ақмола уезiнiң шетiн басып Семейге қашып бара жатқандарында, Байсейiт кез болып, шығарып салған едi ғой. Мiне, ендi қысылғанда сол «Алашорда» отағасыдан «жақсылыққа – жақсылық» сұрапты. Осылай қылғандарын түрмедегi бiзге бiлдiрдi. Бiз «Қайтер екен?..» – деп отырдық. Байсейiт едəуiр үмiттi болып отырды. Бiр күнi терезеден қарап отыр едiк. Байсейiттiң бiр кiшкене iнiсi терезенiң тұсынан қарап, анадайдан жүгiрiп өттi. Бiз қарай қалдық. Бала бiздiң қарай қалғанымызды көрiп, өз бетiмен өтiп бара жатқан балаша жүгiрiп, бiзге қарамай, алдына қарап дауыстады. – Əй, əй!.. Сүйiншi!.. Бəкем босанатын болды… – дедi. Ананың қулығына түсiне қалдық. «Байсейiт босанады екен» деп қуаныстық. Бiраздан соң терезенiң анадай тұсынан
Байсейiттiң келiншегi, қайын енесi жəне де түрмеге бiраз отырып шыққан қайын атасы Наурызбай фельдшер, əлгi бала, бəрi бiрге өттi. Бəрiнiң беттерi жадырап, гүл-гүл жайнап қуанған. Атасы Наурызбай бөркiн қолына алған. Терезеден қарап тұрған бiзге ишарат қылып, Наурызбай бөркiн бiр-ақ бұлғады… «Алашорда» Тынышпайұлынан, Ақайұлынан «Байсейiттi босатсаңыз екен…» деген телеграмма келген екен… Бiрақ онымен Байсейiттi босатпады. Бiраз уақыт өттi. Бiз түрмеге түскеннен кейiн жұмыртқадан шыққан, əлгi шүйкедей үрпек қаз балапандары ендi құс болып ұшып кеттi. Түрменiң тəртiбi бұрынғыдан гөрi тəуiрлеу болды. Əрине, өйткенiмен қарауылға келген кейбiр офицерлер, түрменiң кейбiр ұлықтары зекiрiп қояды. Кейде тiптi нағыз хайуандық сөздердi шығарып қояды. Боқтайды, сөгедi. Бiр күнi күндегiдей таңертең бiздiң бөлменi ашып, iшкi қамау қораға шығарды. Қораның iшiнде бiр жолдас екеумiз шұңқырмен суық су алып, бетiмiздi шайып тұрдық. Мен аяғымдағы темiр шынжырдың тiлерсектегi шеңберiн балтырыма сырып қойып тұр едiм. Түрме бастығының Фролов деген орынбасары жанымыздан өтiп бара жатты. Ашаң, мұртты, аққұба жiгiт едi. Бiр жақ бетiнiң жалпақ қып-қызыл теңбiл қалы бар едi. Түрмедегi қазақтар оны «қалды бет» деушi едi. Орыстар «краснощекий» деушi едi. «Қалды бет» (Фролов) тұра қалып маған қарап, қасымызға келдi. Маған зекiредi: – Шынжырды өстiп сала ма екен?.. Əлi шынжыр салуын бiлмейсiң!.. «Арестант» дейдi сендердi!.. (Не умеешь кандалы носить! Еще арестантом называешься!) – дедi. Бұған не дерсiң!.. Шiлде өттi. Егiн алатын уақыт болды. Түрмеге сырттан ас келiп тұрады. Қалай болғанмен түрменiң iшкi тəртiбi бұрынғыдан едəуiр жөндемдi болды. Түрмеде өз əлiнше əр түрлi оқиғалар болады. Кейбiр оқиғалары бұл күнге шейiн ап-айқын есте. Бiр бөлмеден бiздi бiр бөлмеге көшiрiп, түрменiң жетiсегiз бөлмесiн көрсеттi («Бiз» дегенiм қазақ жiгiттерi).
Тұтқындарды екшеп-екшеп, елу шамалы адамды «большевиктiң түзелмейтiндерi» деп жатқызып қойды. Бұлардың iшiнде қазақтан сегiз-тоғызбыз. Түрмедегiлердi бiр бөлмеден бiр бөлмеге көшiре бергенде, шама келгенше қазақ жiгiттерi «бiр қос» боламыз. Терезесi сыртқа қараған бөлме тура келгенде, төрт қырлы темiрмен торлаған терезенiң үйге ауа кiргiзетiн ашық көзiнен көшеге телмiрiп қарап тұрамыз. Түрменiң көшесiнен əлi де достарымыз, туғандарымыз өтiп жүредi. Ақырын аяңдап, салбырап, көздерi мөлтiлдеп, терезенiң тесiгiне қадалып қарап өтедi. Бiздiң бас изеп амандасқанымызға мұңайып, жай ғана иектерiн көтерiп амандасады. Кей уақыттарда бiр танымайтын адамдар да қарап, амандасып кетедi. Кiмнiң шын дос, кiмнiң шын қас екенi тар жол, тайғақ кешуде ғана мəлiм болды. Достар түрменiң көшесiнен темiрмен торлаған қара терезеге телмiрiп талай қарап өтiстi. Қырдан келген Ақшал, Ұйтқыбектер, бiздiң əкеймен бiрге жабырқап, телмiрiп амандасып талай өттi. Өзге қазақ жiгiттерiнiң де туғандары, дос-жарлары түрменiң көшесiнен өтiп жатады. Орыс жолдастардың туғандары терезенiң алдынан күн сайын өтiп жатады. Əсiресе түрмедегiлердiң қатындары: олардың iшiнде Павловтың қатыны. Бiздiң қазақтан Абдолланың келiншегi дамыл алмады. Құсайын мен Байсейiттiң келiншегi дамыл алмай ас тасыды. Абдолланың келiншегi Бану ешкiмнiң есiнде жоқ амалдармен түрменiң бастықтарына, бақылаушыларына сездiрмей бiзге хатпен ылғи хабар жазып тұрады. Бану бiр жапырақ қағазға орап, бiр қайнатым шай жiбередi. Шайды ашып түрменiң бақылаушысы қағазын көрiп, жазусыз ақ қағаз болған соң тимей, қайтадан шайды орап бiзге жiбередi. Бiз шайды алып, шай ораған төрт бұрышты қағазды суға малып алсақ, бадырайып ақ қағазға жазу түседi. Шүпiрлесiп оқып, хабарға кенелiп қаламыз. Бану бiздiң көйлегiмiздi жуғызып жiбередi. Көйлектi кисек бiр жеңiнiң түймесi жоқ. Əуелi жең түймесiнiң жоқ екенiн бiлмей, жеңдi түймелеуге түйменiң орнын iздеп, сипалап қараймыз. Қарындашпен ұп-ұсақ қылып түйме орнына жазған төрт əрiпке көзiмiз түседi.
Төрт əрiп – «қара» деген сөз. Көйлек жең үшiнiң қабаттарын, иiнiштiң қабаттарын сөгiп жiберiп қарасақ, ұп-ұсақ машық қылып жазған Банудың жiберген хабарларын тауып аламыз. Бұл үлкен жақсы болып тұрды. Өйткенi түрмеге келiп бiзбен жолығуға ешкiмге рұқсат қылмайды. Есебiн тауып, қоймай сұрағандарды ғана, ұлықтардың «рақымдары» түскенде ғана түрменiң iшiне кiргiзiп, бақылаушының көзiнше бес-он минутке жолықтырады. Қазақта Жұмабайдың əкесiн түрмеге кiргiзiп, Жұмабаймен бес-алты минут сөйлестiргенiн бiлемiн. Омбыдан оқудан қайтқан кезiнде, айт уақытында Гүлшарап деген қызды түрмеге енгiзiп, бес минуттей менiмен сөйлестiргенiн бiлемiн (Түрмедегiлердiң түрлерiнiң өзгергендiгi сонша, Гүлшарап алғашқыда менi анадайдан таныңқырамай қалды). Орыс əйелдерiнен тұтқындарға хабарды көп тасып, көп қызмет қылған Павловтың қатыны. Бұл кiсiнiң тапқыштығы, қулығы жұрттың бəрiнен де асты… Бiр күнi мынандай бiр хабар бердi. Хабарында: «Сендерге өлiм жазасы болатын-болмайтыны бiр-екi күннiң iшiнде мəлiм болады. Егерде хабар жаман болса, мен түрменiң жанынан өткенiмде басымдағы орамал қара болар. Хабар жақсы болса, басымдағы орамал қызыл болар», – дептi. Бiз отырған кiшкентай бөлмемiздiң терезесi ол уақытта iшке қараған едi. Бiр күнi «түрмеге Павловтың қатыны кiрдi!..» – деген сөз бөлмедегiлердi елеңдете қалды... Мен терезеден қарап, анда-санда бiрен-саран келген адамдарды тұтқындармен жолықтыруға кiргiзетiн қуыстың есiгiн аңдып тұрдым. Лезде Павловтың қатыны қайта шыға келдi. Үстi-басына киген киiмдерiнiң бəрi теп-тегiс қап-қара!.. Əйелдiң соңынан шынжырын сылдыратып Павлов шыға келдi. Қасында бақылаушы. Əйел бұрыла берiп, қайырылып, бақылаушының көзiнше Павловты жылдам құшақтай алып сүйiп алды да, көзiнiң жасын моншақтай домалатып, төгiп-төгiп жiберiп, жылап жүре бердi… Əйелдiң көз жасын көрiп, жүрекке шоқ түскендей болды.
Қара киiмдi көрiп, «ендi жұмыс шындап-ақ бiткен екен!» – дедiм. Жолдастарға айттым. Жолдастар да: «Жұмыс ендi бiткенi ғой…» – дестi. Есiк ашылған кезде Павловтан сұрасақ, бiр баласы өлген соң əйелi қара киiм киiнiп келiп, соның хабарын берiп кеткен екен. Саясат туралы, бiздiң жұмыстарымыз туралы жазбай, ашық қылып жай шаруа туралы жазса, бiзге бiр кезде түрменiң бастығы хат та өткiзетiн болған. Бiр күнi бiзге Омбыдан бiр ашық хат келдi. Хатты Омбыда оқып жатқан Жанайдар Садуақасұлы жазыпты. Хатты орысша былай деп жазған: «...Вахтча Укметов болен туберкулезом. Хирурги отказываются лечить. Улькенбек Сабитов выздаравливает. Благополучно приехал. Днче. Жанайдар» Бұл орысша жазған ашық хаттың қазақшасы мынау: «Уақытша үкiмет баласы науқас: құрт ауру. Тəуiптер «жаза алмаймыз» дейдi. Үлкенбек Сəбит баласы сауығып келедi. Аман-есен келдiк. Дiнше. Жанайдар» Хатты оқып, əжептəуiр қуанып, көтерiлiп қалдық. Хабарды орыс жолдастарға да берiп қалдық. Бұл жұмбақтау хаттың шешуi мынау едi: Ақтардың уақытша үкiметi нашарлауға айналды. Күшi азайды. Жұрт терiс қарай бастады. Большевиктердiң кеңесi – Совет өкiметi оңалып күшейе бастады… – деп Жанайдар қол қойған. Ал хаттың соңында «Чита жақтағы атаман Семеновке қарсы фронтынан аман-есен қайтып келдiм», – деп Дiнмұқамбет жазған. Түрмеде, таршылықта, əрбiр жылы хабар кiсiге рух бередi. Достық ниетiн бiлдiрген адам тұтқынға үлкен күш-қуат бередi. Достың – достығы, қастың – қастығы, адамның адамшылық жəне түрлi хайуандық мiнездерi тар жол, тайғақ
кешуде ғана анық бiлiнедi екен. Бұрын, бiз күштi болып жүрген уақытта, дос болып көрiнiп, жылмаңдап жүрген адам суретiндегi талай пасықтар басқа қиыншылық түскенде жондарын көрсеттi. Кейбiреулерi достық орнына жығылған үстiмiзге жұдырық та салды. Қазақтың: «дос аз, дұшпан көп…» деген ескi қағидасы осындай тар жол, тайғақ кешуде айқын көрiнедi екен. Қанша жолдас болып көрiнiп, жақсы болып көрiнiп жүрген адамдарды, қанша уақыт бiр қауымда, бiрге қызмет қылып жүрсе де, кiсi анықтап бiлмейдi екен. Мұның бəрiн айдан айқын сол төңкерiсте көрдiк. Бiреудi бiреу кеңшiлiктегi бiлуiмен «пəлендi мен бiлем» деп айтуға болмайды екен. Адамның шын пиғылдары, шын жаратылысы қиыншылықта ғана анық бiлiнедi екен. Азаматты шындап сынағың келсе тар жолда ғана көру керек екен. Кеңшiлiкте бұрын «жақсы» деп жүрген талай кiсiнiң тар жолда адамшылығы жоқ болып шығуы мүмкiн екен. Жəне бұрын, жайшылықта «жаман адам» деп жүрген талай адамдар тар жолда өте жақсы болып шығуы мүмкiн екен. Кеңшiлiкте кеудесiн соғып, «мен, мен…» деп, көкiп жүрген адамдарды тар жолда, ұлы сында көру керек екен. Оған мысал мынау: Ақмолада Октябрь төңкерiсiнiң қарсаңында бола бастаған митинг-жиылыстарда бiр орта бойлы, қоңыр сақалды, қоңыр мұрт, Бачок деген кiсi шығатын. «Екiбастұз заводының жұмыскерiмiн», – дейтiн. Өзi сөйлемпаз, үстiнде киiмдерi жаман, «1905 жылдың революциясына қатысқанмын», – дейтiн. Мiне, осы Бачок Ақмоланың жас большевиктерiне бас болған. Ақырында, бiз оны Ақмоланың Совдепiне бастық қылғамыз… «Бұрын левый эсер едiм, ендi большевик болдым…» – дейтiн. Ақмолада бұрын большевик партиясы жоқ болған соң, сол Совдеп жасаудың алдында, Ақмоланың уездiк начальнигiнiң мекемесiнде ең бiрiншi большевик ұйымын – орысы бар, қазағы бар, – бiз ашқамыз.
Большевиктердiң бастығы болып жүрген Бачок жəне бiзге бiр үлкен ер көрiнiп жүрген Бачок Ақмоланың Совдепiн контрреволюционерлерге босқа бергiздi. Совдепке қарсы көтерiлiс болайын деп жатқанын Совдептiң жалпы мүшелерi түгiл, президиумның мүшелерi бiзге де хабар қылған жоқ. Өзi ең алдымен қолға түсiп, атыса бастаған қызыл əскерге «атпа» деп бұйрық қылып, тоқтатты. Ал онан соң түрмеге түсiп, аяғына темiр шынжыр киiлгеннен кейiн: – Мен левый эсермiн. Мен большевик емеспiн ғой… – деген əнге басты!.. Жалғыз Бачок емес, Ақмолада кеңсе қызметкерлерi ұйымының өкiлi болып, кеудесiн қағып, Совдептiң президиумына кiрiп жүрген бiр кiсi бар едi. Контрреволюция жеңiп, Совет үкiметiнiң адамдарын ұстап қамап жатқанда, о да тұтқынға алынған. Бұл кiсiнi тұтқынға алып айдап, казак-орыстың станицасына əкелгенде, тұтқында отырған большевиктердi боқтап, «мен большевик емеспiн!» – деп жылап, босанып кеттi. Онсоң бiз көп сырларын бiлмейтiн, бiрақ үлкен əлеуметшiл Петракеев деген ерлi-байлы кiсiлер бар едi. Бұлар Совдепте болған жоқ едi. Ақтар абақтыға бұларды да бiзбен бiрдей қылып, қамап қойған едi. Бұлар нағыз ер азаматтар болып шықты. Түрмеде, алғашқы қысталаң уақытта, тағы да кейбiр жiгiттердiң өте нашарлықтары бiлiндi. Бiр күнi Байсейiт осы айтылған жаман қулықтары көрiнген адамдарға қарап отырып тарықты. – «Ойпырым-ай, мыналар iшiмiзде жүрiп iстiң тiзгiнiн ұстасып жүргенде, бiздi не қылып жер жұтып кетпеген!.. Қайта, үш-төрт ай құламай отырыппыз-ау!.. Ойпырым-ау, бұлар кiмдi оңдырсын!..» – деп тарығып, басын шайқады. Байсейiттiң кейiп айтқан осы сөзiн қазiрге шейiн ұмытпаймын. Жайшылықта сырттан жап-жақсы болып жүрген кейбiр адамдардың тар жерде ғана нағыз, шын қулықтарының қандай екендiгi айқын көрiнiп шығады екен. Неше түрлi лас, жеркенiш мiнездер, неше түрлi төмен, уақтық қылықтар
үлкен сын, қиын өткелдерде бiлiнедi екен. Мəселен, осындай ретпен өзге жолдастардың көбiне-ақ сүйкiмсiздiктерi бiлiнген Вязов деген мен Баландин деген едi. Бiз бұлардың нашар мiнездерiн əңгiме қылғанда, күйгелек Байсейiт шыдамай айтып салатын едi. Отырған бөлмемiздiң бiр бұрышында бiр күнi Вязов бiрекi жолдасқа бiрдеменi айтып, құнжыңдап сөйлеп отырды. Бөлмеде жиырмадан аса адам бар едi. Түрменiң тақтай сəкiсi жоқ. Жолдастар тас еденде шөп салған қапшықтарға сүйенiп, жағалай, екiден-үштен сөйлесiп отыратын не жататын. Бұрышта бiреулерге сөз сөйлеп, қоймай, Вязов құнжыңдап отырды. Қарсы бұрышта Байсейiт күйгелектенiп, оны жақтырмай, бiзге қарап, қабағын тыржитып отырды. – Əй, анау не былшылдап отыр?.. Əй, анау былшылын неге қоймайды! – деп отырды. Вязов сөйлей бердi. Байсейiт шыдамай, Вязовты шақырды. Вязов: – Немене!? Байсейiт шақырды, қоймады. Вязов Байсейiттiң қасына келдi. – Немене? – дедi. Байсейiт Вязовтың бетiне қадалып қарап тұрып: – Неге сен ақымақсың? Почему ты дурак? – дедi. Əрине, Вязов ашуланды. – Бұл не дегенiң, бұл не сөзiң? – деп, Байсейiтке қадалды. Байсейiт жауап бермедi. Ендi Вязовқа қарамады. – Басқа айтар ештеңем жоқ! – деп жата кеттi. Орысша «Больше нечего!» Байсейiттiң осынысын өмiрiмде ұмытпайтын шығармын. Мұны жолдастар да ұмытпаған шығар. Сол үлкен сында, тар жол, тайғақ кешуде шын қасиеттi адамдардың жаратылыстары айқын көрiнедi екен. Мəселен: Катченко, Олейников, Богомолов, Авдеев, Монин, Шапран, Трофимов, Грязнов, Мартылого, Павлов, Котов, Анапченко, Кондратьева, Кременский, Афанасьев жəне əлгi ерлi-байлы Петракеевтер, тағы да басқа талай жолдастар шын еңбекшi тап азаматтары екендiктерiн көрсеттi. Жəне
еңбекшi тап азаматтары екендiгiн бiздiң iрiктелiп шыққан қазақ-ноғай жолдастар да көрсеттi. Олардың есiмдерi белгiлi. Iрiктелiп шыққан қазақ-ноғай жiгiттерiнен «ши» шыққандарын бiлмеймiн. (Əрине, iрiктелiп шыққандарынан ғана «ши» шықпады.) Жоғарыда айтылған орыс, қазақ, ноғай жiгiттерiнiң анық кiм екендiктерi сол тар жолда ғана анық бiлiндi. Бұлар ұлы сыннан, ұлы өткелден жығылмай бiр өттi. Əрине, тұрмыстың ұзақ жолында жөнiнен адасып, əркiм-ақ сүрiнiп жығылуға мүмкiн. Əрине, тiршiлiктiң талқысында талайлар əр түрлi себеппен құлқы өзгерiп, жаман құлықты болып кетуге де мүмкiн. Үлкен сыннан өтпеген адамның «мен пəлендеймiн» дегенiне онша нана қою бекер. Ниетiң «не өлу, не жеңу...» болып жаумен майдандасқанда, не майдандасқан жаудың қолына түсiп, жаудың темiр торлы тас қамауында отырғанда, қол-аяғың темiр шынжырда болып, жаның қылышыңның қырында болса ғана, яки осы тəрiздi ұлы сында болса ғана, қандай жiгiт екенiң бiлiнедi. Əйтпесе, өзiңдi-өзiң қандай адамсысаң да, қандай жiгiт екенiңдi бекiтiп айту қиын. «Батырсыған жiгiттi жау келгенде көремiз, шешенсiген жiгiттi дау келгенде көремiз!..» деген қариялардың сөздерi тұрмыстың көп сынынан өткен, дұрыс сөз. Түрменiң картоп, капуста еккен бақшасына кейбiр жолдастарды жұмысқа апара бастады. Бақша қаланың шетiнде, Есiл өзенiнiң жағасында. Ендi барлық тұтқындардың жақындары түрме бақшасын аңдитын болды. Бақша жұмысына барған жолдастарға келiп, бəрi жолығып, тiлдесiп тұратын болды. Бақша арқылы қатынас үлкен жақсы болды. Бақшаға жұмыс қылуға түрменiң бастықтарына жаққан, не пара берген тұтқындарды ғана апарады. Əрине, қол-аяғында шынжыры жоқтарды ғана апарады. Шынжырлылардан апарғысы келсе, шынжырын алып тастап апарады. Қазақтан бақша жұмысына ең алдымен Құсайынды апарды. Сонан соң
Байсейiттi, онан соң Жұмабайды апарды. Орыстан Бачок, Вязов, Павлов, Трофимов, Олейников, Кременский, Пьянковский, тағы басқаларды апарды. Жарық дүниеге шығып, бұларға жақсы болды. Бақшаға келген жақындарымызбен жолығып сөйлесiп, бiзге айтып келедi. Сол уақытта Ақмолаға оба ауруы келдi. Қырдан келiп жүрген Байсейiттiң əкесi обадан өлдi. Байсейiттiң əкесi ауырып қалды деп, бүгiн бiзге хабар келiп, бақшаға жұмысқа кеткен Байсейiт түрменiң ұлықтарының аузына ақша тығып, бiр бақылаушымен бақшадан қайтпай қалды. Бiз терезесi түрменiң iшкi қорасына қараған бөлмесiнде едiк. Ертеңiнде күн шығып келе жатқанда, мен тұрып, терезенiң тор темiрiнен ұстап, ашық көзiнен қарап отырдым. Түрменiң қорасына бiр бақылаушымен Байсейiт кiрдi. Байсейiт келiп, мен қарап отырған терезенiң түбiне сүйене кеттi... – Сəкен... Менiң əкем өлiп қалды... – деп ақырын жылап жiбердi. Менiң де көзiмнен жас шықты. Түрмеге келгелi тас болып қалған көңiлден, қатып қалған көзден кек қайнаған жүрек елжiреп ерiксiз жас шығарды. Бақшаға жұмысқа баратын жолдастар арқылы, өзгемiз де жұмысқа шығуды қарастырдық. Құсайын начальникпен «дос» болып алды. Кейде бақшаға қонып қалатын болды. Бiр қонғанда Сербовты жəне гарнизон бастығын қонақ қылыпты. Қаланың тағдыры, бiздiң тағдырымыз бұлардың қолында болғандықтан, содан кейiн бұлар Құсайынды екi-үш күннiң iшiнде түрмеден босатты. Құсайын мен Байсейiттiң түрме бастығына сый ретiнде алып берген арағының арқасында, Жұмабайлардан соң бақшаға Абдолланы апарды. Бақшада түрменiң бастығын тұтқындар түрлi сыймен сыйлайтын болды. Түрмеге қайтқанда айта келедi. Жұмысқа шығаратындардан əуелi шынжырын алады. Бiр күнi менiң де шынжырымды алды... Ертеңiнде менi де жұмысқа апарды... аяқ бауын алып жiберген сұңқардай көшеге шықтық. Бостандық жат тəрiздi. Тысқа шығып,
кең дүниенi, еркiмен қыбырлаған тiршiлiктi көрiп, дүниеге жаңа ғана келгендей болдым... Қалада қыбырлап жүрген жанның бəрi де маған бiр түрлi жат тəрiздi... Қаланың шетiмен айдап бақшаға апарды. Уақыт күзге салым кез. Жанға жайлы, күншуақ жылы қоңыр едi. Жер мен көк сыры кетсе де сыны кетпеген сұлудай едi. Түрменiң бақшасына келiп отырдық... Бақша қаланың жанында. Есiл өзенiнiң жағасында. Уақыт түс мезгiлi едi. Бақша ағаштарының жапырақтары əлi көк. Бiрақ кейбiр ағаштардың əсiресе терек ағаштардың жапырақтары кəрiлiк таянған адамдардың бурыл тартқан шашындай шалғырттанып сарғая бастаған. Бақшаның iшi күншуақ. Кiшкентай майда жел ағаштардың жапырақтарын желбiретiп ойнатады. Желмен жыбырласып ойнаған көп жапырақтың iшiнен ертерек өмiрi бiткен, сарғайып қуарып сөнген жапырақтар ақырындап үзiлiп жерге түседi. Бақшаның шетiне қыраңға шығып, жан-жаққа қарасаң, қиырсыз кең, көлбеп барып аспанмен құшақтасқан ен дала көрiнедi. Бақшаның iшi сағат сайын тұтқындарға күш бередi. Қан азайып, əл кетiп, семген тəннiң тамыртамырларының қаны лыпылдап сағат сайын күшейедi. Үш ай жаз бойы ауыр халде, шынжырланып сасық, тар қапаста отырып азап тартып, ендi мына бақшаға шыққан тұтқындар қымыздай қуатты, күмiстей таза ауадан дем алып, жадырап мас болған тəрiздi. Бақша қаланың жанында. Есiл өзенiнiң жағасында. Қолдарымызға күрек, шот алып, сыбанып, көйлекшең бақшаның жағасында ор қазуға даярландық... Əуелi бақшаны араладық. Күзетшi – түрменiң қызметкерлерi. Жан-жаққа, қалаға, əсiресе ел жаққа, далаға қарауымыз көп. Жан-жақта қыбырлап, өз бетiмен кетiп бара жатқан, өтiп бара жатқан адамдар көрiнедi. Жан-жаққа қарап тұрып, дəл түнеугi күнгi терезеден көргендей, жаман сынық ағаш арбаға өгiз жегiп, арбасына тезек артып, өзi жаяулап қыбырлап бара жатқан қазақты көрдiм. Жəне бiрен-саран асықпай салт кетiп бара жатқан қазақты көрдiм. Ат жеккен қорапты арбасымен жортып бара жатқан қала адамдарын көрдiм. Бiрен-саран
қырдан келген түйелi қазақтарды көрдiм. Мiне, осының бəрiн көрiп тұрған тұтқын тiршiлiктiң не екенiн, бостандықтың не екенiн анадан туғалы жаңа ғана бiлгендей болады. Қапасты көрмеген адам бостандықтың қадiрiн бiледi деп ойлауға тiптi болмайды. Мiне, сондағы түрме бақшасының түрi жəне көңiлге берген əсерлерi осындай едi. Бақшаның шетiне, қыраң жағына шығып тұрдым. Оңтүстiкке, ел жаққа қарап тұрдым. «Тұтқыннан қашып кетсем, анау қиырсыз кең еркiн далаға сiңiп кетсем... анау түйелi қазақтармен бiрге кетсем, не анау ағаш арбаға өгiз жеккен қазақпен бiрге кетсем... бостандықты, елдi ендi бiр көрсем!..» – деген тiлек көкiрекке сыймайды. Бозарып солған тұтқындардың беттерiне қызарып қан жүгiрдi. Əр тұтқынның көзiнiң түбiне тұнған ауыр бейнеттiң көлеңкесi кетiп, жанары жайнап, үмiт сəулесi жанған тəрiздендi. Кешiкпей туғандарымыз, достарымыз келдi. Елден келiп жатқан бiздiң əкей де келдi. Сөйлесiп кенелдiк те қалдық. Бақшада жұмыс қылу бiзге ұжмақтан кем болмады. Бақшадағы қазып алып жинап жатқан картопиядан жəне басқа да «шөп-шаламдардан» турап салып, қаладан ет алғызып, бақырға бақшада сорпа iстедiк. Бақшада бақырға пiсiрген еттiң дəмi балдай... Бақшаға бəрiмiздi күн сайын апармайды. Ауыстырып кезек-кезек апарады. Үш-төрт күн кейбiреулерiмiздi апармай да қояды. Бiр күнi көп жолдастарды конвоймен моншаға апарды. Мен де бардым. Көше бойы халыққа сыймай кеттi. Көбi тұтқындардың жақындары. Арасында бiздiң əкей де жүр. Моншаның сыртқы есiгiнде əкеймен амандасып, тез сөз қатыстық. Əкей сол жерде қош айтысты, ендi елге қайтпақ болды. Бақша жұмысына барып жүрмiз. Үкiметтiң iстеп жатқан iстерi қандай екенiн, жүргiзiп жатқан саясаты қандай екенiн, халықтың көзқарасы қандай екенiн əбден анықтап бiлдiк. Бақшаға барғанда, бақшадан қайтып келе жатқанда, жолшы-
бай қалыс адамдардан да бiзге жолығушылар көп болды. Бəрi де ақ казак-орыс үкiметiне наразылықтарын бiлдiредi. Бiзге достарын бiлдiредi. Қасымыздағы бақылаушылар дəл сол жерде жуас болды. Қасымызға келiп-кеткендерге үндемейтiн болды. Келiп жолығып кетiп жүргендердiң кейбiреулерi тек қолымызды ұстап, қысып кетедi. Кейбiреулерi тек амандасып кетедi. Казак-орыстар көтерiлiс жасаған күнгi – Совдеп құлаған күнгi надандардың көбiнiң елiргендiгi басылып, ендi əбден естерi кiрiптi. Аз уақытта казак-орыстың тепкiсiн көргендер Совдептi ойлай бастапты. Ақмолада «Алашорданың» уездiк үкiметiн ашыпты. Үкiметтiң басында отырғандар, əлгi большевиктердi тергеген комиссиядағы Мəнтен молда, Тəшти сəудегер, Олжабай болыс, Төлебай тiлмаш, Нұралиндер, Түсiп докторлар – бұлар казак-орыстың шоқпары екендiгiн бұқара халық əбден айқын көрiптi. Нашарлар байларға сөз айта алмайтын болыпты. Болыстар, саудагерлер, молдалар əбден ұяттан, ардан кетiптi. Бұлар «Алашордамыз» деп, қоразша қоқырайып алыпты. «Нашар теңдiгi», «əйел бостандығы» деген сөздi мазақ қылып, жерге таптапты. «Алашорда» отағасының босағасын көрген сорлылар Совдептi жоқтайтын болыпты. Бiр күнi түрменiң бақшасынан он бес, жиырма кiсi тұтқын жұмыстан қайтып келе жаттық. Бiздi жұмысқа алып барып қайтатын түрменiң мылтық тағынған бақылаушылары артымызда, қасымызда. Күн сайын бiздi ерте тұрғызып, əр бөлмеден жинап, қатарлап тiзiп, айдап түрме бақшасына апаратын. Жұмысқа барғанда, қайтқанда қаланың «Славодка» деген шет жағын аралап өтетiнбiз. Мiне, сөйтiп, жұмыстан бiр күнi тiзiлiп қайтып келе жатыр едiк... «Славодканың» бiр кiшкентай, жапырайған пəтерiнiң алдында бiр қазақтың əйелi шығып тұр екен. Қабағы қатқан. Бетiнде қан жоқ. Жанына ауыр қайғы батқан тəрiздi. Бiзге қарап тұрды. Бiз оннан аса орыс, екi-үш қазақ əлгi əйелдiң жанынан өте бергенiмiзде, əйел бiзге қарап тұрып, қолын кеудесiне қойып сəлем бердi. Əйелдiң қайғылы жүзi əлi күнi есiмде!..
Тағы бiр-екi рет мұңды əйел бiзге сөйтiп сəлем берiп қалды. «Алашорда» отағасының босағасын көрген əйел екендiгiнде шегiм болған жоқ... Сөйтiп, түрме бақшасына жұмысқа барып жүрдiк. Жарық дүниенi көрiп, көңiл шiркiн бостандыққа талпынды. Жолдастың бəрi де сарғайды. Бəрi де сағынды. Бостандықты қаттырақ сағынған əсiресе қазақ жiгiттерi, оның iшiнде Байсейiт екеуiмiз... «Қашу» деген қиял өте күшейдi. Қашудың барлық жобасы көз алдыма елестейдi. Байсейiт екеумiз сөйлесiп, сөздi бекiтiп, жастарға айттық. Жоба мынандай: Бəрiмiзге қазақша киiм алдыру. Туғандарымызға, достарымызға қашу шартын айту. Сөз байлау. Бақша Есiл өзенiнiң жағасында. Өзеннiң бойында, жиырма қадамдай бергi жағасында, бақшаға таяу, бiр нашар қазақ тұратын жер үй бар. Бұл қазақтың баласы Айтжан деген бала бiзбен дос. Өзi – бiздiң «Жас қазақтың» мүшесi. Бiздiң ойымызша: «Сол үйде ар жағынан бiзге даярланған салт аттар дайын болып тұрса, бiз күзетшiнiң көзi тайған уақытта ептеп, бақшаның таса, ойпаң жерлерiмен жүрiп отырып сол үйге барып, даяр тұрған салт аттарға мiне сала жөнелсек жəне бiз қашпас бұрын қырдан келiп жатқан туғандарымыз елге қайтып кетуi керек, əйтпесе оларды ұстап алады», – деймiз. Байсейiт екеумiз бұл сөздi жолдастарға айттық. Жолдастар қарсы болды. Бақшаның шетiндегi орды қазған болып, күншуақта сөйлесiп отыр едiк. Байсейiт екеумiздiң қашайық дегенiмiзге Бəкен, Абдоллалар көнбедi. Өзендi айналып, бақшаға келе жатқан бiр-екi атты, бiр арбалы кiсiлердi көрдiк... Тани қалдық. Бiзге келе жатқан жолдастардың туғандары екен. Бақылаушылар алыстан қарап, бақшада жүредi. Келген кiсiлерге ештеңе демейдi. Келдi. Амандасып, сөйлесiп отырдық. Бақылаушы қасымызға келiп, анандай тұрды. Бiраздан соң салт атпен Құсайын келдi. Амандастық, күлiстiк. Құсайын аттан түсiп, қасымызға отырды. Əңгiме сұрап жатырмыз. Бiраз əңгiменiң
iшiнде Құсекең өзiнiң түрмеден босанып шыққан бiр лажын айтты. Ол қайласы мынау: Құсекең түрменiң бақшасына жұмыс қылуға ең алдымен шыққандармен бiрге шыққан. Құсекең жұмыста жүргенде, өзгелерден көп еркiн жүретiн. Жəне бақшада жүргенде түрменiң бастығын «сыйлап», онымен жақын достау болатын. Құсекең «досы» арқылы бiр күнi кешке бақшаға шатыр тiгiп, Ақмоланың тағдырын ұстап отырған үш əкiмдi қонаққа шақырған. Қымыз алғызып, арақ алғызып, қой алғызып сойған. Өзi сол кеште бақшаға қонып қалып, қонақтарын – гарнизонның бастығын, Сербовты, түрменiң бастығын – бəрiн сыйлаған. Құсекеңнiң өзi ас əзiрлеп, тiк тұрып, «құрметтi» қонақтарының алдында қызмет қылған. Мiне, сол арада «құрметтi» қонақтары iшiп-жеп қызып, есiре бастапты. Бiр мезгiлде шатырдың iшiнде қызып отырып, «большевиктердi тергеу жəне жою» комиссиясының төрағасы Сербов шатырдың есiгiнде тұрған Құсайынға: – Ей, большевик, кел, сен де арақ iшiп жiбершi! – дептi. Құсекең: – Рақмет, пожалуйста!.. Спасибо!.. Өздерiңiз iше берiңiздер! Мен сiздерге қызмет қылсам болады. Бiрақ сiздерден бiр сұрайтыным: менi «большевик» демесеңiздер екен. Большевик десеңiздер маған ауыр тиедi. Онда менi жəбiрлеген боласыздар... – дептi. Сербов пен гарнизон бастығы: – Е, сен большевик емессiң бе? – дептi. Сол арада Құсайын: – Мен большевик емес едiм, мен босқа күйiп отырмын... – деп, тұтқындардың тағдыры қолдарында тұрған «ұлықтардың» алдында сөйленiптi-ай кеп, сөйленiптi... Сербов пен гарнизонның бастығы: – Ендеше мұны тексеру керек екен... – деп Құсайынды бiрге отырғызып, арақ iшкiзiптi. Бiраздан соң, Сербов бiр жерге барып келуге кетiптi. Гарнизон бастығы мен Құсайын, түрменiң бастығы үшеуi оңаша қалғанда Құсайын өзiнiң құмалақшы, «балгер» екенiн бiлдiрiптi.
Құсайынның балгер екенiн бiлген соң, гарнизонның бастығы жас жiгiт қуанып ұстай алыпты: – Жақсы болды ғой, кəнеки, маған қазiр бал ашып бершi, – дептi. Құсайын сол жерде дереу қалтасынан шүберекке түйген құмалағын суырып алыпты. Шатырдың iшiнде үстелге жайып салып, құмалақты тартып жiберiп, сөйлептi. Сөйлегенде бүй дептi: «Жолыңыз болады екен. Бақытты болады екенсiз. Жақын арада даражаңыз артады екен. Өмiр жасыңыз ұзақ болады екен...» – дептi. Оған ұлық мəз болып күлiптi. – ...Əйел сүйе ме екен менi?.. Қазiр менi жақсы көретiн əйел жоқ па екен? Соны айтшы!.. – дептi. Сол қаланың бiр Ланшукова деген орыс қызының соңынан Сербов пен гарнизон бастығының жарыса жүгiрiп жүретiнiн Құсайын бiлетiн. Құсайын тұқиып құмалақты қайтадан тартып жiберiп, күбiрлеп-күбiрлеп, құмалақтарды қолымен араластырып мылқауша мыңқылдап жiберiптi. – Өзiңiздi əйелдiң шындап ұнатпаған жерi болған жоқ екен. Қазiр Ақмолада талай əйелге ұнайды екенсiз. Əсiресе бiр қара көздi сұлу сұрша қыз сiзге ғашық екен. Бiрақ ғашықтығын анықтап айта алмай жүр екен. Өйткенi ол əйелге сiзден басқа да бiр адам құмар екен. Құмарлығын əйелге сездiрiп жүр екен, – дептi. Гарнизон бастығы ұшып түрегелiп, секiрiп қуаныпты. Құсайынның арқасына қағып, шатырда отырған түрменiң бастығына қарап: – Мынау бiр ақылды қазақ екен!.. Мен ендi бұны тез босаттырам! – дептi. Мiне, содан кейiн екi-үш күннен соң Құсекеңдi түрмеден босатқан. Мiне, Құсайынның босауында осындай əңгiмелер болған. Байсейiт екеумiз ақылдасып, қашпақ болдық. Қазақша киiмдер алғыздық. Бiр күнi таңертең мен бетi-қолымды жуғанымша бақылаушылардың бастығы асықтырып, жолдас-
тарым бақшаға кетiп қойды. «Қап!» – деп мен бара алмай қалдым. Дəл сол күнi қашуға анықтап сөз бекiтпек едiк. Кешке шейiн тықыршып отырдым. Кешке жолдастардың Байсейiттен басқасы жұмыстан қайтты. Байсейiт қашып кетiптi. Түрмедегi жолдастар елеңдеп қалды. Кейбiреулерi Байсейiттiң кеткенiне ренжiдi. Кейбiреулерi «ұстап алмаса игi едi» деп қауiптенiп отырды. Қаланың əскер бастығы Шохин деген – əлгi құмалақ салдырғаннан басқа жаңа келген адам – бұрқырап, бураша шабынып, түрмеге келiп əлектi салды. Оңды-солды көбiгiн шашып, жұртты боқтап жатыр. Ендi ешкiмдi жұмысқа шығаруды қойды. Түрменiң тəртiбi қатайды. Сөйтiп, ауыр күндер өте бердi... Хал нашар. Күз таянды. Iстiң қиынға, ұзаққа айналғандығын бiлiп, елден келiп, елден бiз сұраған приговорлар енгiзiп, зарығып, əр жауыздан күнде жəрдем күткен туғандарымыздың бəрi елдерiне бiртiндеп қайтып болды. Кiр, лас, сасық қамауда бiз жата бердiк. Түрмеге сырттағы достардан ептеп кiтаптар келетiн болды, газеттер келiп тұратын болды. Соларды оқимыз, дойбы ойнаймыз, солайша жата бердiк... Бiр күнi үлкен қайың табақпен түгел бiр қойдың етi келдi. Еттi жiберушi Көшербай дедi. Көшербай – бiздiң жолдас, бiздiң үкiмет тұтқынға алынғанда, ол қолға түспей қашып кеткен едi. Ендi қалаға кетiптi. Оған ендi тимейтiн болыпты. Ет келiсiмен терезеден қарап тұр едiм, Көшербай терезенiң тұсына келдi. Қасында бiр ақ тымақты сары жiгiт бар. Ол кезде отырған бөлменiң терезелерi көше жаққа қараған едi. Терезенiң алдындағы казак-орыс емес, жай солдат едi. Көшербайды терезе тұсынан қуаламады. Темiр торлы терезенiң ашық көзiнен Көшербайға жабырлап қарап амандастық. Түрменiң сыртын жағалай қоршаған, сым темiрден жасаған аласа шарбаққа Көшербай жақын келiп, бiзбен бiраз сөйлестi:
– Қажымаңдар! Бiр күнгiдей болмас. Əлi-ақ жарыққа шығарсыңдар. Жалпы iстiң аңғары жаман емес. Қазiр таң атты деуге болады. Жалғыз-ақ күннiң шығуы ғана қалды. Күн таудан асуға қазiр таяу тұр, қажымаңдар. Құдай қаласа, қызыл күн қайтадан туар!.. – дедi. Ендi бiр-екi күннен соң жаңағы Көшербаймен бiрге келген ақ елтiрi тымақты сары жiгiт тағы да терезенiң алдына келдi. Бiз-бен амандасты. «Алашорданың» Ақмоладағы комитетiнiң төрағасы Жүсiп Iзбасарұлының жəне «Алашорда» комитетiнiң мүшесi, большевиктердi тексерушi комиссияның мүшесi Мəнтен молданың қамауға жабылғанын айтты. Себебiн сұрап едiк, анықтап айта алмады. «Алашордаға» қазақтан ақша жинайсың деп қамауға алыпты дейдi...» – дедi. Сары жiгiттен газет сұрадық. Газет əкелуге жүгiрiп кеттi. Сары жiгiт өзi менiмен болыстас, ағайын жiгiт екен. Сол туысқандық сезiмiмен түрме терезесiнiң алдына менiмен амандасуға келедi екен. Аты – Рақымжан Бопанбекұлы. Бiраздан соң Рақымжан тағы да терезенiң алдына келдi. «Ана есiк жақтағы бiр кiлтшiден газет жiбердiм, тағы келiп тұрамын», – деп, қоштасып кеттi. Газеттi алып оқыдық. Бұдан кейiн де орысша, қазақша газет келiп тұрды. Саясаттың түрлi хабарларын бiлiп отырдық. Сiбiрдi, Уфаны, Самарды чехословактар алысымен, əлеумет майданына шығып, əр жерде үкiмет жасауға кiрiстi. Төңкерiске қарсы əрекет қылып жүрген учредительное собраниенiң бiраз мүшелерi Самараға жиылып, комитет жасап, Самар «үкiметi» болып тұрды. («КОМҮZ»). Бұл учредительное собрание комитетi («КОМҮZ») «Барлық Руссияның иесi бiз ғана» деп жар салды. Əрине, бұлардың «жар» қағазына ақтардың Омбыдағы үкiметi бағынған жоқ. Торғай «Алашордасы» болды. Бастықтары – Ахмет Байтұрсынұлы, Дулатұлы, Есполұлы, оларға Оралдан Кенжеұлы мен Қаратiлеуұлы барып қосылды. Торғай «Алашордасы» Күнбатыстағы Семей «Алашордасының» қол астында са-
налды. Бiрақ, өйткенiмен, осы жердегi (Семей, Торғай, Орал) «Алашордалар» бет-бетiмен əкiмшiлiк жүргiзiп, төңкерiске қарсы əрекет iстеп жатты. Үш «Алашорда» үкiметiнiң үшеуi əскер жасады, милиция жасады. Бұлар казак-орыстан кейiн қалмай, елге шабуылдап, «налог» – салық жинады. Бұлар да момын бұқара қазақтың төбесiне жарқылдатып қылыш пен қамшы ойнатты. Əкiмшiлiктi қанша жүргiзбек болғанмен, қамшы мен қылышты қанша жарқылдатып ойнатқанмен, «Алашорда» үкiметтерiнiң əмiрi Семей, Торғай, Орал, Жымпиты аудандарынан жөндi аса алмады. Ақмола облысында да «Алашорда» жасалды. Бiрақ оның қолынан ештеңе келген жоқ. Қалың қазақ Ақмола «Алашордасына» əскер болуға көнбедi. Қысқасы Сiбiрде Совдеп құлаған соң, орыстың ақтары да əлденеше үкiмет жасады. Қазақтың «Алашордасы» да екi бөлек, үш бөлек «үкiмет» жасады. Бəрi де «бiз үкiметпiз...» – деп жар шашып жатты. Толып кеткен «үкiметтер» жар салып шулады. Шулары иттiң жаңа туған күшiктерiнiң шулаған əндерiндей қосылды. «Үкiметпiз» дегенмен, бiздiң «Алашордалар» Омбыдағы Сiбiр үкiметiне бағынып отырды. Жəне Самардағы учредительное собрание комитетiне алыстан бағынып, екеуiнен де көмек сұрап алып жатты. Орталық «Алашордаға» губерниялардағы жасалған «Алашорда» үкiметтерiнен қайрат болмай жатты. Мəселен, Семеймен жап-сарлас, аралас тұрған бiздiң Ақмола облысында жасалған «Алашорда» үкiметтерiнiң соңынан қазақ халқы ерген жоқ. Ақмола облысындағы жасалған «Алашорда» «хан жақсыма» ойнаған балалардың ойынындай ғана болды. Ақтар чехословактар Батыс Сiбiрде ең алдымен шоқпарды Челябi мен Ақмола облысына соқты. Чехословак пен ақтар бунты (көтерiлiсi) ең алдымен Челябi, Қызылжар, Көкшетау, Ақмола, Омбыда болды. Батыс Сiбiрдiң өзге жерлерiнде Омбы, Қызылжар алынған соң, Совдеп құлады. Омбыда Ақмола облысын билеуге «Алашорданың» облыстық үкiметi жасалды. Ақмоланың облыстық «Алашордасына»
сайланғандар: Айдархан Тұрлыбайұлы – адвокат, юрист; Миғаш Абылайханұлы – хан тұқымы, офицер; Асылбек Сейiтұлы – доктор; Мұсылманбек Сейiтұлы – переводчик; Ережеп Итбайұлы – бұрынғы окружной сот переводчигi; Мағжан Жұмабайұлы – оқыған жiгiт, болыстың баласы; Мұхтар Саматұлы оқыған жiгiт, Бөкейханұлдарының ертегiсiне нанып жүрген кедей баласы; Смағұл Садуақасұлы – оқып жүрген жiгiт, Асқат Сайдалыұлы – оқып жүрген жiгiт; Қошке Кемеңгерұлы – оқып жүрген жiгiт; Мұратбек Сейiтұлы – оқып жүрген жiгiт. Соңғы бесеуi – Омбыдағы белгiлi «Бiрлiк» деген жастар ұйымының сол уақыттағы бастықтары. Ақмола облысының уездерiнде «Алашорданың» уездiк үкiметтерi жасалды. Бəрiн Семейдегi Орталық «Алашорда» үкiметi бекiтiп, Бөкейханұлы қол қойып, «Сарыарқа» газетiне жариялап шығарды. Көкшетаудағы уездiк «Алашордаға» «Қазақ» газетiнде Мiржақыптардың баяғы оңдырмай жамандайтын Сəлiм Кəшiмұлы деген қажы-молданы бастық қылды. Көкшетаудағы уездiк «Алашордаға» Кəшiмұлы тағайындалды...» – деп Бөкейханұлы жарлыққа қол қойып, «Сарыарқаға» жариялады. Сəлiм молданың Көлбай Тоғысұлынан кем болмаса, артық жерi жоқ едi. Ақмоланың облыстық «Алашордасына» соңынан Əбдiрахман Байдiлдаұлы қызметке кiрдi. Сонсоң Əбдiрахман оқу оқи алмай қызметсiз қаңғып жүрген Жанайдар Сəдуақасұлына көмек қылуға əрекет қылып, «Алашорда» мекемесiне қызметке кiргiзбек болады. Жанайдарды өзiмен бiрге кiргiзе алмаған соң Байдiлдаұлы өз орнын берiп шығуға əрекет қылады. «Алашорда» ұлықтарын көндiрiп, Жанайдар Сəдуақасұлына өз орнын берiп шығады. Ол арада эсер партиясының бастықтары Самардағы учредительное собрание комитетi («Комуч») Челябi қаласында «Мемлекет кеңесi» (государственное совещание) деген мəжiлiс жасамақ болып жар салды. «Мемлекет кеңесiне» Семейдегi Орталық «Алашорданың» бастықтары Əлихан Бөкейханұлы, Əлiмқан Ермекұлдары жөнелдi. Бұлар жолшыбай Омбыға түстi. Омбыдан Ақмола «Алашордасының»
бастығы Айдархан Тұрлыбайұлын ер-тiп алды. Хатшылыққа Əбдiрахман Байдiлдаұлын алды. Сөйтiп, «Алашорданың« Əлихан, Айдархан, Əлiмқандары Əбдiрахманды хатшылыққа алып, дүрiлдетiп Челябiге барады. «Мемлекет кеңесi» Челябiде болмайтын болған соң, учредительное собрание комитетiне көрiнiп, жəрдем алуға бұлар Самарға келдi. «Хандар» бiр əдемi нөмiрге түстi. Бұлар сол жерге «Мемлекет кеңесiне» «Күнбатыс Алашордадан» келген Жанша Досмұқамбетұлына, Уəлитхан Танашұлына қосылды. Жəне бұларға Түркiстанда Ергеш сарттарынан қашып жүрген Мұстафа Шоқайұлы келiп қосылды. Бəрi шұрқырасты да қалды. Күндiз-түнi əңгiме, күндiз-түнi жүрiс. «Алашорданың» əкелген ақшасы көп. Оның үстiне учредительное собрание комитетiнен екi миллион сом алды. Самардың арақ-сыра сататын əдемi үйлерi, рестораны бұлардың əмiрiнде, «Алашорда» кеңестерiн сол əдемi үйлердiң (ресторанның) бөлмелерiнде құратын болды. Үстелдерiнiң үстiнде атты əскердей болып, самсап бөтелкелер тұратын болды. «Хандардың» кеңеске салған сөздерiнiң екпiнi, алдарындағы үстел үстiнде тұрған «атты əскердiң санына» қарай болатын болды. Бөтелкенiң дүмп еткен ауыз күшiмен сөздерi шешiлетiн болды. Бөтелкенiң түбiмен қаулылары бекiнетiн болды. Сөздерiнiң көбi большевиктердi боқтау болды. «Алашорда» бастықтарының бұл тұрмыстарын қастарындағы хатшылары Əбдiрахман Байдiлдаұлы көрiп жүрдi. Мiне, жас жiгiттiң сезгiш жүрегiнiң, шетiн көңiлiнiң «Алашордадан» əбден түңiлiп шыққаны осы жер. «Алашорда» Самардағы учредительное собрание комитетiнен үш мың солдатқа киiм алды. Көп қару-жарақ алды. Жəне «Күнбатыс Алашордаға» өз алдына екi мың мылтық, отыз жетi пулемет, екi зеңбiрек, екi автомобиль алды. Бiрақ кешiкпей Самарды большевиктер алды. Сонан соң «Мемлекет кеңесi» Уфада ашылды. Кеңестiң басында эсер партиясының бастықтары Авксентьев, Чернов, Зензинов, Ульскийлер болды. Сол кездегi қанiшер казак-орыс атаманда-
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру