Мазмұнға өту
Home

Ең əдемі ертегі

Бауыржан Омарұлы

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Ең əдемі ертегі

Авторы: Бауыржан Омарұлы

Бауыржан ОМАРҰЛЫ ЕҢ ƏДЕМІ ЕРТЕГІ Елорда Астана 2014 УДК 821.512.122 ББК 84 (5Қаз) - 4 О 58 Қазақстан Республикасы Мəдениет министрлігі «Əдебиеттің əлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша жарық көрді Омарұлы Бауыржан О 58 Ең əдемі ертегі. Эсселер мен портреттік мақалалар.

Астана: Елорда, 2014. – 176 бет. ISBN 978-601-7350-08-6 Бұл жинаққа ұлт руханиятында өзіндік орны бар тұлғалар мен елге танымал азаматтар туралы эсселер мен портреттік мақалалар топтастырылған. Кейіпкерлердің азаматтық бейнесі, болмыс-бітімі шынайы көрініс тапқан. Автор оқырманға танымдық мəліметтер мен деректерді молынан ұсынады. Кітапқа енген дүниелер əсерлі детальдармен, шұрайлы тілмен, жарасымды юмормен өрнектелген. Жинақ көпшілік қауымға арналған. УДК 821.512.122 ББК 84 (5Қаз) - 4 ISBN 978-601-7350-08-6 © Омарұлы Б., 2014 © Елорда, 2014

ҒАНИ-ҒҰМЫР Көрген, білген өкінді, Мін тағар жан болмады. Абай Ғани – кедей, Ғани – бай... Жиырма үшке де толып үлгермей өмірден өтті. Жасынның жарқ еткеніндей ғана ғұмыр. Туғанына жүз жылдан əлдеқашан асып кетсе де сол күлімсіреп тұрған бозбала қалпы. Жымия күлген күйі жиырма бірінші ғасырдың табалдырығынан аттады. Ғани-ғұмыр. Ғани-ғасыр... Қазақта бұрын Ғани деген есім көп болмаған сияқты. Мұратбайдың тым болмаса екі мүшел жасқа да жетпей қыршынынан қиылған қайсар ұлының құрметіне талай оғланға азан шақырып ат қойдық. Ғанидың бұл есімді иелену тарихы да қызық. Қазалыда Ғанибай Құсайынов деген ұлты татар ауқатты кісі болыпты. Кейбір зерттеушілер оны жиырмасыншы ғасырдың басында Қазанда кітап шығарып тұрған баспагер Құсайыновтың ағайыны деп те айтады. Қазалыдағы бұрын ауыл шаруашылығы техникумы орналасқан ғимарат бір кезде Ғанибайдың меншігіндегі ауланың ішінде екен. Мұратбай болыс жиі араласып тұратын татар тамырының құрметіне баласының есімін Ғанибай деп атапты. Кейін жай ғана Ғани болып кеткен. Кезінде жұртшылық жаппай оқыған Айтбай Хангелдиннің «Ғанидың жұлдызы» атты кітабында Ғанидың алғашқы аты Ғанибет еді деп көрсетіледі. Сол кездегі идеологияның бұлжымас талаптары сақталғандықтан кітаптағы Ғани бай мен Мұратбай біріне-бірі жауығады да жүреді. Дей тұрсақ та, өз дəуірінде тиісті бағасын алған Жүсіпбек Арыстанов пен Айтбай Хангелдиннің Ғани туралы көркем шығармаларын жоққа шығаруға болмас. Ғанидың əкесінің сіңірі шыққан кедей болғаны жөніндегі «мифтің» қалай тарағаны белгілі. Кеңес өкіметінің талабы солай еді. «Жас Алаштың» өзі де 1935 жылы «Ғани жолдас – бұрынғы Қазалы уезіндегі малмен күнелткен бір шаруаның баласы» деп жазды. Ал Мұратбай – Қалыңбас болысын басқарған кісі. Оны бүкіл Қазалы жұрты жақсы біледі. Болыс баласын жасынан оқу-білімге бейімдеген. Ғани ержеткен соң əкесінің қағаздарын жазып-сызуға жəрдемдескен.

Ғанидың туғанына тоқсан жыл толғанда «Жас Алашта» қызмет істейтін едім. Мерейтой қарсаңында əйгілі жастар жастар жетекшісінің зайыбы Бақытжан əжемен əлсін-əлсін əңгімелесіп тұрдық. Сол тұста басылым бетінде «республика жастар ұйымының мүшелері кеуделеріне Ғанидың бейнесі бар белгі тағып жүрсе» деген ұсыныс айтылған. Бақытжан апа соны естіп қатты қуанып еді. 84 жасқа келгеніне қарамастан тың болатын. Қазалыға, Ғанидың тоқсан жылдық тойына баруға дайындалды. Бірақ тағдыр оған жазбады. Бар-жоғы бір-екі ай айналдырған ауыр дерт ақыры алып тынды. Бақытжан əжені жербесікке бөлеген делегация түс қайта Қазалыға аттанды. 1992 жылғы 3 маусымда, Ғани тұп-тура тоқсан жасқа толған күні «Жас Алаш» оның зайыбының өмірден өткені туралы қазанама жариялады... Бақытжан əжеміз Алматының «Самал-2» шағын ауданында тұрды. Ол үйінің іргесіндегі Оқушылар сарайының алдындағы Ғани ескерткішіне жиі баратын. «Құдай-ау, сол баяғы жиырма бесінші жылғыдай жапжас. Тас тұғырдан қарғып түсіп, жайраңдап маған қарай ұмтылатын сияқты көрінеді», – дейтін. Ғани мен Бақытжан Қазалы өңіріндегі «Құмшөл» деген жерде жастар басқосуында танысыпты. Ғанидың жанында сол жолы Бейімбет, Зақыш, Махамбетжан деген жолдастары болыпты. Сөзге шешен, ажар-көркі тіл-ауызды байлайтын жас жігіт он алты жастағы ауыл бойжеткенін салғаннан ұнатып қалыпты. – Мен елден ерекше көрікті де болғам жоқ, – дейді Бақытжан əжеміз, – Оның үстіне білім алып та жарытпаған кезім. Шамасы, жастар жиналған жерде өткір пікір айтып көзге түссем керек. Мəжілістен соң өзі келді. Əңгімеміз бірден жарасты. Ұзамай бірлесіп отау құрсақ деген ниетін аңғартты. Мен не дейін?! Қазақтың ең сымбатты жігіті көңіл білдіріп тұрса... Күзде Қазалыда той жасадық. Бір-екі ай тұрған соң Мəскеуге кеттік. Ғаниды сол кезде-ақ ауру айналдырып жүр екен. Қазалыға келгенде жүдеулеу көрінген. Елде болған бірер айдың ішінде ет жеп, қымыз ішіп, едəуір тыңайып қалған. Мəскеуден шақырту жеткенде емдеуші дəрігері Обинарович: «Тым болмаса, бір жылға жуық осында болшы, науқасыңнан құлан-таза айықтырамын», – деп жата кеп жалынды. Обинарович қолы шипалы, білікті дəрігер болатын. Оның үстіне Қазалының қымызын бір жыл ішкен адамның кез-келген аурудың құрсауынан аман шығары анық еді. Бірақ оған Ғани көнді ме?

Бақытжанның бақыты Ғани мен Бақытжан Мəскеуге келіп, комсомол қызметкерлеріне арналған үйдің аядай бір бөлмесіне қоныстанады. Ауыл қызына бəрі таңсық. Ғани қауырт жұмыстан қолы қалт еткенде көше аралатады. Бұл ел-жұрт тəңірдей табынған Ленин өмірден өткен жыл болатын. Мəскеу əлі де азалы. Ағаш ұсталары мен құрылысшылар Кремльдің алдында көсемнің кесенесінің қаңқасын қалап жатыр. Ғани Бақытжанға соны көрсетеді. Кешке қуықтай бөлмеге Ғанидың жолдастарының бəрі жиналады. Шетінен жігерлі, шетінен екпінді. Сөз сөйлесе дес бермейді. Бірақ солардың ішінде Ғани ерекше. Бұл бір Бақытжанның бақыттан басы айналған күндері еді. Осы қуаныш ұзаққа созылмады ғой. Бір күні Ғани жиналыста сөз сөйлеп тұрғанда қатты қысылып, қан тастайды. Соны көрген жолдастары оны дереу Сухумидегі сауықтыру орнына барып емделуге көндіреді. Ғани, əрине, айықпас дерттің қармағына түскенін жақсы білетін. Бірақ жазылып, қатарға қосылып кетем ғой деген үміті басым болатын. Ол сол үмітпен өмір сүрді. Сухумиге Бақытжан да еріп барғысы келеді. Ғани оның бірге жүргенін қаламайды. «Сен ауылға, Қазалыға қайт. Мен бірер айда барып қалармын. Қымыз дайындап қой», – деп, жымиып аттанып кетеді. Бақытжан елге келіп, өздері шаңырақ көтерген жерге үй тігеді. Айналасына сексеуіл жинайды. Ғани əне-міне келіп қалады деп отырғанда суыт хабар жетеді. – Сөйтсем, дəм-тұзы таусылатынын сезген Ғани мені ауылға алдап жіберген екен ғой. Аңырап Мəскеу қайдасың деп тартып отырдым. Жаныма Ғанидың ағайындарынан Ағыбай, Құрақмет деген кісілер ерді. Ол кезде қазіргідей үш-төрт сағаттың ішінде Мəскеуге табаныңды тигізетін ұшақ қайда? Отарбамен өліп-өшіп, табандатқан төрт тəулік жүріп жеткенімізде Мəскеу жұртшылығы Ғанидың денесін қара жердің қойына тапсырғанына бір күн болған екен. Бізді вокзалда Ғанидың қызметтес жақын жолдастарының бірі Подвойский қарсы алды. Жол бойы жанары жасқа шыланып, «Өмірге ерте келіп, ерте кетті ғой», – деп ауыр күрсінумен болды. Ғанидың табаны тиген орындар көзге шалынған сайын көңілім босап, егіле беремін. Ауылға қайтқанша құр сүлдерім қалды.

Бақытжан Құрманбайқызы өмірден өткенше жиі жүздесіп тұрдық. 1990 жылы «Жас Алашта» ол кісімен көлемді сұхбат жарияладық. Марқұм əжеміз сонда көп жайға қанықтырып еді. Ғани мен Бақытжан 1924 жылғы 16 қазанда некелескен. Заңды неке №64 жазбамен Қазалы қаласында тіркелген. Неке куəлік 1957 жылы ескі жазбаның негізінде жаңартылып берілген. Екеуінен ұрпақ болмады. Бақытжан кейін Ғани тəрбиелеп өсірген, туған інісіндей көрген Жұмағали Елеусізовке тұрмысқа шыққан. Бір немересінің атын Ғанидың атына жаздырған. Ғанидай болып өссе екен деп ырым қылады. Серік Ғаниұлы Мұратбаев ұзақ жылдар бойы М.Əуезов атындағы Əдебиет жəне өнер институтында қызмет істеді. Сексенінші жылдар баспасөзінде жиі көрінген орыс тілінде жазатын журналист Жанна Нұрланова да Бақытжан əжейдің ұрпақтарының бірі. Жылаған жұрт, егілген ел Енді Ғанидың қазасы жөніндегі деректерге жүгінейік. «Правда» газеті 1925 жылғы 17 сəуірдегі №88 (3019) санында мынадай қазанамалар жариялады: «Коммунистік Жастар Интернационалы Атқару комитеті КИМ-нің барлық секцияларына сəуірдің 15-і күні кешкі сағат 5-тен 50 минут кеткенде Коммунистік Жастар Интернационалы Атқару комитетінің мүшесі Ғани Мұратбаев жолдастың ұзаққа созылған ауыр науқастан кейін қайтыс болғанын қатты қайғырып хабарлайды». «Коммунистік Жастар Интернационалы Атқару комитеті, РЛКЖО Орталық Комитеті жəне Мəскеу қалалық комсомол комитеті РЛКЖОның барлық мүшелеріне КИМ Атқару комитетінің жəне РЛКЖО Орталық Комитетінің мүшесі Ғани Мұратбаев жолдастың осы жылғы 18 сəуірде, сенбі күні жерленетінін хабарлайды. Марқұмның денесі күндізгі сағат 1-де Страстная алаңы, №3 үй, КУТВ клубынан шығарылады. Мəйіт Ваганьков зиратына қойылады». «Қырғыз студенттер комитеті қырғыз жастарына еңбекші қырғыз жастарының көсемі Мұратбаев жолдастың қайтыс болғанын қатты қайғырып хабарлайды. Жерлеу рəсімі 18 сəуірде, сенбі күні, күндізгі сағат 1-де басталады. Қырғыз жастары сол күні сағат 11-де Қырғыз өкілдігі үйі ғимаратының (Трубниковский тұйық көшесі, 10 үй) алдына жиналуы керек. Қырғыз студенттер комитеті».

«Правда» газетінің бұл санында комсомолдың Орталық Комитетінің Ғанидың қазасына байланысты барлық жастарға арналған үндеуі жарияланған. Сол кездің рухымен жазылған бұл құжаттан біз жастар жетекшісіне қатерлі аурудың 1924 жылдың күзінде жабысқаны жөнінде мəлімет аламыз. «Ғани Мұратбаев енді жоқ. Қырғыз жастары оның орнына жанқиярлықпен еңбек ететін ондаған-жүздеген қызметкерлерді жаңадан ұсынуға тиіс», – делінеді үндеуде. Сондай-ақ басылым бетінде қазақтың ардақты ұлдарының бірі Нəзір Төреқұловтың азасөзі де бар. «Біздің тынымсыз Ғани өлді дегенге сенбейсің, сенгің де келмейді. Бұл қаза оны білетіндердің жан-дүниесіне ең сенімді, ең жақын аға-ініні, жауынгерді жоғалту сезімін ұялатады», – деп егіледі ол. «Тым қысқа ғұмыр» («Такая короткая жизнь») деп аталатын деректі фильмді көргеніңіз бар ма? Бұл – бар ғұмырын Ғани өмірін зерттеуге арнаған танымал журналист, марқұм Сейілхан Асқаровтың сценарийі бойынша түсірілген туынды. Сонда бар-жоғы бір-екі секундта ғана көз алдыңнан өте шығатын ғажап көрініс бар. Коминтерннің Шығыс бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалған тірі Ғани бір сəт күлімдеп тұрады. Мұны Мəскеу мұрағаттарынан Сейілхан Асқаров немесе сол фильмге атсалысқан Ғаділбек Шалахметов тапқан болуы мүмкін. Қалай болғанда да өте құнды дүние! Бірақ Ғанидың бұл қызметін атқаруға мүмкіндігі болмаған секілді. Оны «Правданың» тілімізге тиек болып отырған санында жарияланған Н.Фокиннің азасөзі дəлелдейді. «Коммунистік Жастар Интернационалының соңғы конгресі оны Атқару комитетінің құрамына сайлап, КИМ-нің Шығыс бөліміне жетекшілік етуді тапсырып еді, бірақ Ғаниға бұл жерде жұмыс істеудің сəті түскен жоқ. Ешқандай ем-дом да, Кавказ да, өмірге деген ыстық ықылас та көмектесе алмады». Н.Фокиннің сөзінде қазақ жастарының Ғаниды аман алып қалу үшін емдеу орнына қаражат жіберіп тұрғаны жөнінде айтылады. Қадір мен құрмет Сонымен, Ғани Мəскеуде жерленді. Отызыншы жылдардағы ойранда да, қырқыншы жылдардағы қырғында да ел Ғаниды жадынан шығарған жоқ. Əсіресе, өзі шаңыраған көтерген «Жас Алашы» оны ешқашан ұмытқан емес. Мəселен, «Лениншіл жас» 1935 жылғы 25 сəуірде «Ғани Мұратбайұлының қайтыс болғанына – он жыл» деген

тақырыппен материалдар топтамасын жариялады. Мақалалар мен деректер басылымның сол күнгі санының түгелге жуығын қамтыды. «Ғанидың өмір тарихын газетіміздің бір санында түгел беру, түгел айтып шығу өте қиын нəрсе... Ғани жолдас туралы басылып отырған материалдар негізінен 1925 жылы Мəскеуде басылып шыққан «Біздің Ғани» деген кітаптан алынды. Бұл материалдар Алматы қалалық комсомолдар ұйымының 15 жылдығымен қабат келгендіктен кешігіп басылып отыр» деген түсініктеме берілген редакциялық мақалада. Бірақ Ғани қайтыс болғаннан кейін отыз-қырық жыл бедерінде оның Мəскеудегі қабіріне көп адам ат басын бұра бермеген сияқты. Тіпті оның Ваганьков зиратының қай тұсында жатқаны да ұмытыла бастағандай еді. Құдай сəтін салғанда, алпысыншы жылдарда қазақ мəдениетінің жанашыры Өзбекəлі Жəнібеков Қазақстан комсомолының басшылығына келді. Келе сала Ғанидың жарқын бейнесін жастардың санасына орнықтыру мəселесімен айналысты. Осының алдында Оңтүстік Қазақстан облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болған Өзағаңның бастамасымен Шымкентте Ғаниға ескерткішті қандай қиындықпен орнатқандарын Қалаубек аға Тұрсынқұлов талай жазды. Бірінші хатшы алаш ардақ тұтқан Өзағаң болса, облыстық комсомол комитетінің оқу орындары жөніндегі хатшысы қарымды қаламгер Қалаубек Тұрсынқұлов болса, Ғанидың маңдайына шаң тисін бе, облыс басшыларының қарсылығына қарамастан Мəскеуде жасалған ескерткіш Шымкенттің қақ ортасына табан тірейді. Жалпы, комсомолдың Орталық Комитетінде жазушылар Камал Смайылов, Қалаубек Тұрсынқұлов хатшы, Шерхан Мұртаза, Сейдахмет Бердіқұлов бюро мүшесі болған жылдарда Ғанидың атын ардақтау мəселесіне ерекше мəн берілген. Өзағаң бірінші хатшылыққа сайланысымен Сейілхан Асқаровқа Ғани қабірін іздеуді тапсырады. Екі ортаға талай ат сабылтқан Сейілхан Ғанидың Ваганьков зиратындағы 20-учаскеде жерленгенін анықтайды. Өзағаң дереу Мəскеудегі зауытқа зират басына қоятын ескерткіш жасатуға тапсырыс бергізеді. Өзі басқа жұмысқа ауысып бара жатқанда бұл істі аяқтауды қызметті қабылдап алған Закаш Камалиденовке аманаттаған. 1972 жылдың жазында Ғани қабірі басындағы ескерткіштің ашылу рəсіміне сол кездегі БЛКЖО Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Е.М.Тяжельников қатысып, сөз сөйлеген. Ғанидың зайыбы Бақытжан, бірқатар ардагерлер, Қазақстан жастарының жетекшілері арнайы

барған. Жүрек толқытатын осы бір сəттің де кинохроникаға түсіріліп алынғаны қуантады. Қазақстан комсомолының басшылығына əр жылдары келген жігіттер Ғанидың қабірін қарусыз қалдырған жоқ. Ара-тұра болса да Мəскеуге өкілдерін жіберіп тұрды. Съездерге, пленумдарға барғандар Ваганьков зиратына соқпай өтпейтін. Ғани қабіріне тағзым ету бір заманда мектепте үздік оқыған балалар саяхатының маршруттарына да енгізілді. Одақ тараған соң бұл дəстүр сап тыйылды. Комсомолдың шаңырағында шырақшы болып қалған Жастар одағы басымен қайғы болып кетті. 1988 жылғы қараша айында Мəскеуден хабар жетті. «Осылай да осылай, біреулер Ғанидың қабірін бүлдіріп кетті. Қаскүнемдер оның басындағы қымбат бағалы тасты олжалауды көздесе керек». Көп ұзамай комсомолдың даңқ мұражайының директоры Еркін Өтешов пен Қызылорда облыстық комсомол комитетінің нұсқаушысы Үрипа Кішкенбаева Мəскеуге аттанды. Хабар рас екен. Қоршаудың бір қапталын жұлып əкетіпті. Гранит тасты əрі қозғап, бері қозғап, өңгере алмапты. Еркін мен Үрипа Алматыдан ала шыққан апортты əркімге үлестіріп жүріп, сол жолы қоршауды жөндетіп, айналасын тазалап, əктеп, сырлап қайтады. Бұл демі бітіп бара жатқан комсомолдың Ғаниға көрсеткен соңғы құрметінің бірі деп ойлаймыз. Тоқтай тұрыңыз, соңғысы емес екен... 1990 жылы сəуір айында БЛКЖО-ның ХХI съезі өтті. Бұл бір «комсомолдың саудасы бітті ме, жоқ па?» деген мəселе төңірегінде жағы талғанша сөйлейтін көкезулердің айтысы еді. Демократияның таққа, шешендердің атқа қонған кезі. Съезд сен тұр мен атайын делегаттарды төрт күн бойы сайратып алып, бесінші күні үзіліс жариялады. Бұл 15 сəуір болатын. Ғанидың алпыс бес жыл бұрын өмірден өткен күні. Қазақстан комсомолының жетекшісі Иманғали Тасмағамбетов қыздар мен жігіттерді Ғанидың қабіріне бастады. Гүл шоқтарын қойды. Жастар ескерткіш басында суретке түсті. Еркін мен Үрипаның жөндеген жақтауының басқа жақтаулардан бөлектеу екенін сонда көрдік. Қабір басында адамның ең соңғы рет көп жиналғаны осы шығар. Өйткені келер жылы комсомол асығыс-үсігіс тағы бір съезд өткізді де, ыңшыңсыз тарап кетті. Қазір Ғани қабірінің қандай жағдайда екенін бір құдайдың өзі біледі. Ана жылдары Мəскеуде оқитын аспиранттар мен студенттер жиі соғып

тұратын. Ваганьков зираты орналасқан Краснопресненск ауданының жастар ұйымы қамқорлық жасайтын. Қазір, кім біледі... Рыстығұл қарттың əңгімесі 1992 жылы 27 маусым күні Жаңақазалы қыстағында жасы жүзге таяған Рыстығұл қартпен əңгімелестім. Ол кісі Ғанидың жақын ағайындарының бірі еді. Рыстығұл ата мен сөйлескен соң да бірер жыл өмір сүрді. Бертінде дүние салды. Диктофон таспасында сақталған сол əңгімені өзгеріссіз ұсынғанды жөн көріп отырмын. – Жасында Қаниға (Ғани дегенді ақсақал осылай айтады, Б.О.) Əйтекенің тұқымынан қыз айттырған. Ол қыз ақылды əрі көрікті болатын. Айыбы – оқымаған. Қанидың онымен ісі болмады. Мұратбай өліп қалды. Жаңағы қызды бөтен біреуге беріп жіберуге əкесі Қанидан қаймықты. Төртқара Тəңірберген деген кісінің қызы еді. Бекжанның, Өтепбергеннің інісі ол. Əкесін айтам. Төртқаралар қарасақалдарға: «Мына жесірлерің бой жетті, жасауын тігіп отырмыз. Қашан аласыңдар?», – дейді. Содан ақсақалдар Қаниға: «Айттырған қалыңдығыңды ал!», – дейді. Ол оқымаған деп алмайды. Қыз енді керемет еді. Қани: «Менің оған зейілім де, наразылығым да жоқ», – деп рұқсатын береді. Ол қызды кейін біреуге берді ғой. Ақыры оқыған деп мына Құрманбайдың қызын алды. Шамалы ғана отасты. Одан кейін аурудың қармағына ілікті. Мəскеуден Бақытжанды елге бар деп қайтарады. Алғашында дəрігердің дəрісі жаққан көрінеді. Кейін нашарлай бастаған. Мұратбайдың əкесінің аты – Қажет. Одан Жаманбай, Салықбай, Мұратбай, Боранқұл, Жақсыбай, Шəкенбай. Зылиха – Жақсыбайдың қызы. Ағыбай – Салықбайдың баласы. Сол Ағыбай қасына адам алып, Мəскеуге барып, Қаниды жерлеп келді. Қанидың бір жетім қалған баланы асырап алғаны бар. Жұмағали Елеусізов деген. Төртқараның Сексені. Сол ержетіп, Бақытжанды алды. Шынын айту керек, халық оны жақтыра қоймады. Ағыбай еді жақыны. Жол соныкі еді. Қани адам біткеннің сұлуы еді. Түрі аққұба болатын. Əңгімелескенде бетіне қарай бергің келетін. Сүйек бітімі ірілеу болды. Жай сөйлейді. Бойы ұзын. Əкесі де ажарлы адам еді. Бұл одан да сұлу болды. Мұратбайдың Орысбай дейтін ағасы болған. Мұратбай жиырмаотыз жыл болыс болды. Кейін болыстығын Орысбай алған. Орысбай

– Ермектің, Мұратбай – Қажеттің баласы. Орысбайдың баласы Мереке осы Қазалыда тұрады. Қанидың шешесінің аты – Батпа (Бəтима, Б.О.). Қани оқуда жүрген кезінде үш-төрт ай болысқа хатшы болды. Он сегіз ауылнайға бұйрық жазды. Жұмысын əділ істейтін. Мұратбай Жəнет деген қызды асырап алған. Оны бойжеткен соң Ерімбеттің (қазақтың əйгілі ақыны Қарасақал Ерімбет, Б.О.) үлкен баласы Махамбетке ұзатты. Жəнет сол жолы маған арнап тақия тікті. Бес күн той болды. Біздің шешеміз жеңгетайлыққа жүрді. Мұратбай Қани онға келгенде қайтты дүниеден. Бір күні қалада өткен жиын-тойға бардық. Қани жасы кіші болса да бізді ертіп, жол бастап жүрді. Өзі ылғи əкімдермен отырды. Бір жұпыны киінген адам елеусіз қалып қойған екен. Соны шақырып алып, дастархан басына отырғызды... Сол жолы əке сөзін ел ағасы Ботабай Рыстығұлұлы жалғаған: – Қалыңбас деген біздің ел ол жылдарда Қармақшының тұсын мекендеген. Сол Қалыңбасқа болыстық тиіп, «Қарасақалдар, кімді сайлайсыңдар?», – дегенде жұрт Мұратбайды ұйғарған. Өйткені ол елге жағымды болған. Сыртта оқып жүрген Ғани демалысқа ауылға келгенде небір дауларды шешуге араласқан. Руы қырғыз Тілеуімбет деген көзі өткір кісі Ғаниды көрейінші дейді екен. Оған жұрт Ғаниды көрсетпеген. Жалпы, біздің шал көп нəрсеге куə болған. Қазір жасы 99-ға келді. Бірақ өзі 97-демін дейді... Мен сол жолы жүзге аяқ артқалы отырған Рыстығұл қарттың қайратына таң қалғанмын. Өте тың болатын. Əңгіме айтқанда бір деректен жаңылыспайды. Айтқанын жазып алғанымыз абырой болыпты. Көршісі – Қожанов, корректоры – Қоңыратбаев Ғаниға іні болған, кейін Бақытжанға үйленген Жұмағали Елеусізов туралы деректер Əуелбек Қоңыратбаевтың естеліктерінде кездеседі. Базар маңында панасыз жүрген кішкентай Жұмағалиды Ғани мен Əуелбек екеуі бірге жолықтырыпты. Оны балалар үйіне орналастыру оңайға соқпаған соң Ғани өз үйіне қалдырыпты. Əр сапарға аттанған сайын: «Əуелбек, мен жақын арада орала қоймаспын. Мен оралғанша

сен Жұмағалидың қасында бол. Мына револьвердің оғы бар, тимеңдер. Дұрысы, мұны бір жерге жасырып қой. Жұмағалиға көрсетпе», – дейді екен. Сол Жұмағали бірде тығып қойған қаруды тауып алып, торғай атпақ болыпты... Əуелбек Қоңыратбаев – Ғанимен бірге «Жас Алашты» шығарысқандардың бірі. Ғани оны корректор етіп тағайындаған. Сөйтіп, газеттің тоқсан жылдық тарихы бар газеттің дəстүрлі корректурасын əйгілі ғалым Əуелбектен бастауымызға толық негіз бар. Егер «Жас Алаш» пен «Жас қайраттың» алғашқы сандарынан «Ə.Қ.» деп қол қойған хабарлар мен мақалалар көрсеңіз, оның авторы «Жас Алаштың» алғашқы қызметкерлерінің бірі Əуелбек Қоңыратбаев деп біліңіз. Ə.Қоңыратбаев өз естеліктерінде жас Мұхтар Əуезовті Ташкентте Ғанимен таныстырғанын, жастар жетекшісі сондағы Халық ағарту институтының клубында Мұхтар мен Мағжанның əдебиет туралы айтысын ұйымдастырғаны туралы айтады. (Əукеңнің «Керуен» атты естеліктер кітабында Мағжанның есімі аталмай, тұспалдап қана көрсетілген, Б.О.). Əдебиетші-ғалым Ғанидың Сұлтанбек Қожановпен бір аулада тұрғанын баяндайды. Ғанидың қырғыз ұландарына да көмегі аз болмапты. Оның шарапатын көрген Ықыласов деген азамат кейін Қырғызстанның Жоғарғы Кеңесінің төрағасы болып қызмет істепті. Қазақ баспасөзінің тарихына терең бойлаған профессор Темірбек Қожакеев ұсынған мына бір дерек елең еткізбей қоймайды. «Қазақстан комсомолының 1921 жылы шілдеде өткізілген І съезіне Түркістаннан өкіл болып Ғ.Мұратбаев келген. Сонда Қазақ АССР-і жастарының баспасөзін шығару туралы сөз болғанда Ғани «Қазақ өлкесінде бөлек газет шығармайық, «Жас Алаш» Қазақ өлкесі мен Түркістан жастарының тілі болсын» деп ұсыныс жасаған. Қазақстан делегаттары Ғанидың ұсынысына қосылып, «Уақытша бірігейік, одан кейін жеке газет шығарамыз» дескен. Тек газеттің «Жас Алаш» атынан ұлтшылдық лебі еседі, оны өзгертейік» деп ұсыныс жасаушылар да табылған. Ғани оған көнбейді, сол атауды қалдыра беруді жақтайды. Бірсыпыра делегаттар «Жас Алаштың» мазмұны, бағыты таза емес деп тауып, оны өздерінің орталық органы деуге қарсы болады. («ЖА», 1991 жыл, 5 мамыр). Ғанидың қаламы қарымды болғанына күмəн жоқ. Миының қатпары қалың Маркстің «Капиталын» аударуға ұмтылыс танытуы, пролетариат көсемінің «Жастар одағының міндеттері» атты сөзін қазақшалауы

осыны аңғартады. Мақалаларында жергілікті халықтың тілін баянды етуге мəн берген. Мəселен, «Одақтың (Жастар одағының) іс-қағаздары төменгі ұйымдардан бастап ана тілінде жүргізілуі керек, комитеттің аппараттарын жергілікті тілдерге жетік кадрлардан құру керек» деп ой толғаған. Журналист Ə.Қосанов «Жас Алашта» жарияланған мақаласында Ғанидың ұлтжандылығын көрсететін ондаған дерек келтіреді («ЖА», 1992 жыл, 9 мамыр). Ғ.Мұратбаевтың керемет əнші болғаны, əсіресе, «Қараторғай», «Сəулем-ай» əндерін шебер орындайтыны Сара Есованың естеліктерінде айтылады. Жастар жетекшісінің өлең жазғаны туралы да деректер бар. РЛКЖО Орталық Комитетінің бас хатшысы Александр Мильчаков Ғани қайтыс болардан үш күн бұрын ауруханаға кіріп шығыпты. «Соншалық жігерлі көрінген. Бəріміздің жағдайымызды сұрады. Арамыздан тез кетіп қалады деп кім ойлаған?.. Теңізшінің формасы онсыз да ажарлы Ғаниды жайнатып жіберетін. Оның ішкі мəдениеті, зиялылығы өте жоғары болатын. Шынын айту керек, бұл дегенің бəріміздің бойымызда кездесе бермейтін қасиеттер еді», – деп еске алады «Тым қысқа ғұмыр» фильмінде. Тұғыры биік тұлға Ғанидың бар болғаны жиырма екі жасында жеткен лауазымының биіктігін былайша түсіндіруге болар еді. Жетпіс үш жыл үстемдік құрған комсомол ұйымы тарағанға дейін қазақ жігіттерінің ішінде Ғанидың деңгейіндегі қызметке көтерілгені жоқтың қасы. Əр жылдарда БЛКЖО Орталық Комитетінде Нұрлыбек Жаңабергенов, Исахан Əлімжанов, Мэльс Семғалиевтар нұсқаушы болып қызмет істеді. Ал қазақ жігіті Яхия Чудров кейін сипаты ептеп өзгерген комсомолдың Орталық Комитетінің Кеңес төрағасы деп аталатын, хатшының деңгейіндегі қызметке орналасты. Бірақ бұл комсомолдың берекеті кете бастаған кез болатын. Айтпақшы, 1990 жылы Мəскеуде комсомолдың ХХІ съезінде БЛКЖО Орталық Комитетінің бірінші хатшысы қызметіне сол тұстағы Қазақстан жастарының жетекшісі, бүгінгі Астана қаласының əкімі Иманғали Тасмағамбетовтың кандидатурасы ұсынылғанын көзіміз көрді. Бірақ қаршадайынан көрегендігімен көзге түскен Иманғали

одақ комсомолына басшы болудан бас тартты. Сөйтіп, жетпіс жылда БЛКЖО-ның бас кеңсесінде саусақпен санарлық қазақ жастары ғана жұмыс істеді. Азия халықтарының өкілдерін көп жолата қоймаған Мəскеудің билік биігінде Ғани қызметінің қаншалықты салмағы болғанын осының өзі ақ аңғартса керек. Ерте ме, кеш пе, Ғанидың өмірден осылай жасындай ағып өтетіні анық еді. Құрт ауруының тұзағына ілікпегенде бəрібір қазақ зиялыларының басына түскен шырғалаңға тап келер еді. Алдынан отыз жетінің қанды қақпаны күтіп тұрар еді. Азаттық аңсаған алаш ардақтыларының қатарына қосар едік. Одан аман кеткеннің өзінде жаһандық соғысқа атойлап кірер еді. Қалай болғанда да оттай жанған ғұмыр кешер еді. Басқаша болуы мүмкін емес. Ғанидан ұрпақ қалмады деп өкінеміз. Сірə, сонымыз бекер-ау деймін. Он тоғыз жасында өмірге əкелген перзенті – «Жас Алашты» қайда қоямыз?! Кейде Ғани құдіреттің аз ғана ғұмырда көп нəрсе тындыру дегеннің не екенін мынау жұмыр басты пенделерге дəлелдеп беру үшін жіберілген елшісі секілді көрінеді... 2011 ж.

БІРІНШІ БАУЫРЖАН Бойы бар бізден гөрі биігірек, Тіп-тік боп абыройын тұрған тіреп. (Қасым Аманжолов) Бауыржан Момышұлы жер жүзінде Тарапты барлық елге ертегі боп. (Сəбит Мұқанов) Тек тезірек жетсем дедім, Сағынғаным – Бауыржаным. (Əбділда Тəжібаев) Қадалып қабағыңа көп қарадым, Тұрғандай тұрпатында қазақ біткен. (Ғали Орманов) Кең жауырынды, Талғардай тік иықты, Бөрі кеуде, бүркіт қабақ Бауыржан. (Сырбай Мəуленов) Бірінші курста оқитын ботатірсек төрт студент бақыттан басымыз айналып, масайрағанымыз соншалық, жер-көкке сыймай отырмыз. Ортамызда асқар таудай болып жайғасқан Бауыржан Момышұлы атамыз шылымен дамылсыз сорып, əңгімесін ауық-ауық жалғастырып қояды. Демімізді ішке тартып, кірпік қақпай тыңдап отырмыз. Аратұра сұрақ қойған боламыз. Оның өзі сұрақ деуге келмейтін қиқыжиқы бірдеңелер... Бұл сексен бірінші жылғы желтоқсанның он тоғызы еді. Жатақханада жолыққан кураторымыз, жазушы Мамытбек Қалдыбаев ағамыз: «Бауыржан аталарыңды көргілерің келе ме? Ол кісі бүгін біздің үйде болады», – деп қалғаны. Мамытбек ағаның батырмен араласып-құраласып тұратынын бұрыннан білетінбіз.

– Көргіміз келгенде қандай! Бірақ, əйгілі Баукең біз құсаған бірінші курстың бақа-шаяндарын қайтсін? Əзілхан Нұршайықовтың өзі роман жазып жүргенде ол кісімен абайлап сөйлескен ғой. – Жоқ, Баукең сендер ойлағандай емес. – Мамытбек ағай жымиып қойды. – Келбеті сұсты болғанымен, мейірбандығы шексіз. Жүріңдер. Өзінің көңілі қаласа, сендермен шешіліп əңгімелесуі де əбден мүмкін. Мəкеңді айнала қоршап тұрған төрт студент – өмірден ерте кеткен талантты ақын Бауыржан Үсенов, бүгінде жұртшылыққа есімі кең танымал ақын Светқали Нұржанов, қазір Алматы облысында қызмет істейтін журналист Нүсіп Əбдірахимов жəне мен – бір бірімізге қарадық. Барсақ па, бармасақ па? Барсақ па дейтініміз, мұндай мүмкіндікке ие болу бақыты екінің бірінің мандайына жазыла бермес. Астананы өмір бойы мекен еткенімен Баукең атамызбен тілдеспек түгілі, өзін мүлде көрмегендер де бар ғой. Қиялымызда Қобыланды мен Алпамыстан кем көрінбейтін батыр атамызға сəлем беріп шығудың реті келіп тұрғанда, кім тартынсын? Бармасақ па екен дегеніміз, бірінші курсқа түспей жатып арсалаңдап, алты алашқа белгілі ақсақалдың алдында баруға жүрегіміз дауаламай тұр. Баукеңнің «Ұшқан ұясын», Əз-ағаңның «Ақиқат пен аңызын», Александр Бектің «Арпалысын» оқуға түспей тұрып оқып үлгергеніміз көңілге медеу. – Əй, барасыңдар ма, жоқ па? Ал, мен кеттім. Мамытбек ағай мол денесімен бұрыла берді. – Ойбай, көке! Қалдыра көрмеңіз. Жатақхананың бесінші қабатында тұрған біз баспалдақтардың үштөртеуін бір-ақ аттап, төмен қарай зуладық... Шыға берісте Мамытбек аға: – Əлгі Жақыпов қайда жүр екен? Баукеңе журфактағы үш Бауыржанды ертіп барғаным дұрыс болар еді, – деп қалды. Бүгінгі белгілі ақын Бауыржан Жақыпов ол кезде балауса жырларымен ел-жұртты елеңдете бастаған екінші курстың студенті еді. Жатақхананы қайта бір сүзіп шықтық. Бауыржан табыла қоймады. Пəтерінің есігіне маңдайымыз тірелгенде, Мамытбек ағай сəл кідірді. – Тұра тұрыңдаршы, мен қазір Баукеңнен рұқсат сұрап келейін! Буын-буынымыз былқ-сылқ етеді. Келуін келіп алып, қара терге түстік. Төртеуіміздің де шашымыз желкемізді қабады. Сол жылдарда ұзын шаш өсіру үрдіс еді ғой. Баукеңнің шашы жауырынын жапқан бір

журналисті қуып жібергені есіме түсіп, жүрегім су ете қалды. Аналарға қараймын. Байқаймын, жетісіп тұрған жоқ. Масқара болғанда... Мамытбек ағай үйінен көңілді шықты. – Жолдарың болды. Баукең сендерге кірсін деді. Деміміз бітіп қалды. Есіктің тұтқасы қайда кеткен? 61-ші автобустың ішіндегі желдей ескен сөзуарлығымыздың ізі де жоқ. Бұтаның түбін паналаған торғайдай бүрісіп, бір-бірімізге «сен кір, жоқ, сен кір» десіп, есік алдында үрпиісіп, сəл бөгелдік. Бауыржан Момышұлы диванда отыр екен. Үстінде көкшіл көйлек. Кірерімізді кіріп алып, босағада состиып тұрып қалған бізге Мамытбек ағай «Баукеңнің жанына жайғасыңдар» дегендей ишарат жасады. Қашаннан еті тірі Бауыржан Үсенов батылдық танытып, батыр атамыздың қасына барып қонжиды. Ілби басып, одан сəл төменірек мен орын алдым. Светқали мен Нүсіп қарсы алдымызға отырды. – Əй, Мекемтас (Мамытбек ағайымызды айтқаны), бұлардың кім? Баукеңнің даусы гүр ете түсті. – Бұлар – бірінші курстың студенттері. Сізге сəлем береміз деп... Мына жаныңызда отырған екеуінің аты – Бауыржан... Баукең көк түтінді құшырлана сорып, бізге қарады. Батырдың өткір жанары кірпігімізді күйдіріп жіберді. – Сонда сендердің аттарыңды менің құрметіме қойған ба? А-а?! Үнсіз бас шұлғыдық. Тіл қатайық десек, көрмейімізге тобық тіреліп тұрғандай дыбысымыз шықпайды. – Əке-шешелеріңнің ниеттеріне рахмет. Мына мен нөмірі бірінші Бауыржанмын. Бауыржан номер пер-вый! Солай. Ал, сендердің нөмірлерің нешінші? Бізде үн жоқ. Не дейік? Өмірге жаңа қадам басып жатқанымызда нөмірімізді қайдан білейік. Төмен қарап, жанарымызбен жер шұқимыз. – Сендердің нөмірлерің «энінші» болады, яғни, əзірге белгісіз деген сөз. – Бауыржан атамыз мол денесімен бізге бұрылды, – Өмірдегі өз нөмірлеріңді тауып алындар! Бағанағыдай емес, Баукеңе бойымыз үйрене бастады. Енді бурыл тартқан шашына, қыран қабағына, семсердей мұртына көз тоқтатып қарадым. Не деген сесті кісі еді! – Сенің атың кім? – деп сұрады қарсы алдында бұйра шашы дудырап отырған ақын досымыздан.

– Светқали. – Е-е, сенің атың Жарқынғали болды ғой. Содан соң Бауыржанға бұрылды. – Əй, мұрт, сенің қанша əйелің бар? – Əйелім жоқ, аға. Бойдақпын. – Əй, мынау не дейді? Əп-əдемі жігітсің, неге əйелің жоқ? Баукең жорта қабағын түйіп, Бауыржанды ұрып жібердей оқыс қимыл танытты. – Е-е, университетте оқимын деңдер. Дұрыс. Қазақтың Ахмет Байтұрсынов деген мықты ғалымы болған. Осы күнгі мүйізі қарағайдай тіл мамандары сол кісінің еңбектерін пайдаланып жүр. Баукең сөзінің соңына ащы тұздық араластырып жіберді. Міне, қызық! Өмірі есімін естімеген кісіміз. Атағы мəшһүр ғалым болса, еңбектері қайда? Оқу орындарының бағдарламасына шығармалары неге кірмеген? Санамызда осындай сауалдар сапырылысып жатты. Ол кезде бұл сұрақтардың жауабын білмейтін едік. Ахмет Байтұрсыновтың ардақты есімі ақталып, асыл мұрасы алты алашқа кеңінен тарайтын күндер ол кезде үш ұйықтасаң түсіңе кірмейтін. Сондықтан, ғұлама ғалымның атын алғаш рет аңыз адам – Бауыржан Момышұлының өз ауызынан естігенімізді мақтаныш көреміз. Баукең əр сөзін нығарлап отырып, бір ауыз өлең оқыды. Міржақып, төмендердің аласасы, Сөзімнің бар ма, жоқ па, тамашасы. Жылтырап тесік моншақ жерде қалмас, Қазаққа бір роман жаза салшы. Бізге бұл өлең де таныс емес. Байыбына толық барғанымыз жоқ. Курстастарыма қараймын. Байқаймын, олар да аң-таң болып отырған сияқты. Елдің рухын оятатын осы бір жолдар Міржақып Дулатовтың жүрекжарды сөзі екенін, əйгілі «Бақытсыз Жамал» романы осы беташар өлеңмен басталатынын кейін білдік қой. – Қасым үйден көп қиындық көрді. Ғаламат ақын ол. Жүсіпбековке шығарған өлеңін білесіндер ме? Бұл туралы енді еміс-еміс естігеніміз бар. Жалпы, əдебиетші студенттер арасында ауыздан-ауызға көшіп, жылдар бойы айтылып жүретін белгілі шумақтар, тұрақтар тіркестер болады. Жарты ғасырға

жуық уақыт бойы ұмытылмаған əңгімелер де бар. Біздің тұсымызда да студенттер Қасым Аманжоловтың бір кезде қаланың басшысын сынапмінеп шығарған: Бермесең бермей-ақ қой баспанаңды, Сонда да тастамаймын астанамды. Өлеңнің отын жағып жылытамын, Үйдегі бір қатын мен жас баламды, – деп басталатын өлеңін жатқа білетін. Сондықтан, батыр атамыздың сауалына басымызды шұлғыдық. Баукеңнің жүзінде ептеп күлкі жүгірді. Енді ол «Қаракесектің» əуеніне салып, əндете бастады: Сыртынан көреміз де сүйінеміз, Жүсіпбеков жолдастың үйіне біз. Қашан түсіп қалғанша хатшылықтан Туғанға ақын болып күйінеміз... Мұны бұрын естімеген едік. Баукең əр сөзін шегелеп айтқан соң, миымызда жатталды да қалды. – Жақсы ақындар бар ғой. Қазіргілердің ішінен Сағидың өлеңдерін тəуір көрем. Баукең одан əрі өзінің офицерлік қызметіндегі қызықты оқиғалар туралы əңгімеледі. Батырдың жастық шағы көз алдымызға елестеді. Аты аңызға айналған қаһарман қазақтың əскери қызметтегі əмірлі даусы құлаққа келгендей болды. Ол тарамыс саусақтарына темекі талын қыстырды да, бір сəт үнсіз қалды. – Əй, Мекемтас, бұлардың маған қоятын сұрақтары жоқ па? – Кəне, балдар, сұраңдар, – деп Мамытбек ағамыз қалбалақтап жатыр. Сұрақ қойған болдық. Курстарымыздың бірі бірінші курстың студентіне тəн балаңдықпен келеңсіздеу сауал берді. – Это – глупый вопрос! – деді батыр даусы қатқылданып. Жанары ұшқындап, мұрты жыбырлап кетті. Жым болдық. Бұдан əрі сұрақ қоймақ түгілі, тіліміз байланып қалды.

Баукең тағы да бірер үзік əңгіме айтты. Арасында: «Мен атағым да, шатағым да бар адаммын» деп нығыздап қойды. Біз отырғалы бір сағат болды. Бөлменің іші буалдыр. Баукең темекінің тағы бір талын саусағына қыстырды. Мəкең сіріңкеге ұмтылды. Қою түтін бұрқ етті. Əлі де отыра бергіміз бар еді. Баукеңе бойымыз енді-енді үйреніп, ептеп əңгімеге араласа бастағанбыз. Батыр атамыз шаршады деді ме, əлде, бірінші курстың студенттеріне осының өзі жетер деп ойлады ма, Мамытбек ағамыздың: – Бауке, рұқсат болса... Бұлардың қазір сабағы бар еді,.. – деп қалғаны. Баукеңнің мұрты жыбыр ете түсті. Қап! – Мен не, осыларды ұстап отыр ма едім. Əйда, барсын! Батыр атамызбен асығыс-үсігіс қоштасып, іркес-тіркес шыға жөнелдік. Сөйтіп, бар-жоғы бір сағаттық жүздесуге құмарымыз қанбай қалды. Қымбат қазынаны қолымызбен ұстап тұрып, айырылып қалғандай күй кешіп, көңіліміз қоңылтақсып жүрген. Студенттік өміріміздің алғашқы көктемі ұзамай бəрін де ұмыттырып жіберді. Сол жазда Баукең дүние салды. Дəл сол күні астана жұртшылығы Қазақстанның Ресейге қосылғанының 250 жылдығын мерекелеп жатыр еді... * Тағдырымыздың бізге ұсынған сыйындай болған сол бір ұмытылмас кездесуден бері жиырма сегіз жыл өтіпті. Ұмытпасам, сол жүздесуден кейін Баукеңді тағы бір рет көрдікау деймін. Ол кісі университетте ұйымдастырылған кездесуге келді. Төралқада отырған оны жиі нысанаға алып, түсіру аспабының тұмсығын тақай берген киношы ағайымызға кіжініп, таяғын көтеріп қалғаны есімізде. Мамытбек ағайымыздың арқасында Баукеңнің алдына барып, қолын алып, аз-кем əңгімелескен бір кездегі төрт студенттің қай-қайсысы да кейін өмірден өз орнын тапты. Танымал ақын, талантты əнші, сыршыл сазгер Бауыржан Үсеновтің ғұмыры қысқа болды. Бар-жоғы отыздан енді ғана асқанда дүниеден өтті. Бірақ сол қамшының сабындай ғана өмірлік сапарында айрықша із қалдырды. Жұрттың жүрегінде жатталатындай жақсы жырлар жазды. Бірнеше кітаптары жарық көрді. Оның өлеңдерін

қазіргі жастар да жатқа оқиды. Бəлкім, Баукеңмен сол жүздесудің əсері болар, Бауыржан ол тұста ауызға алуға тиым салынған жабық тақырыптар жөнінде жыр жазуды жиілетті. Оңаша сəттерде отыз жетінші жылдың зобалаңы туралы туралы əйгілі «Қара машина» деген өлеңін оқитын. Оқуды бітіргелі мұнаралы Маңғыстауды мекендейтін Светқали Нұржанов қазір қазақ поэзиясының орта буын өкілдерінің санатына ілікті. Жас күнінен талайды таң қалдырып, ешкімге ұқсамайтын ақындық болмысымен əдеби ортаны дүр сілкіндірген ол бүгінде елге белгілі жыр жүйрігіне айналды. «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты. Шынашақтай кезінде студент ақындардың айтысына қатысып, «Бір бала алдарыңда жыр бастады, Бітпейді мұнымен де шын дастаны. Каз ГУ-ім елудегі аман болсын, Сау жүрсін Каз ГУ-імнің құрдастары!», – деп жырлаған Светқалидың өзі де қазір қырықтың қысқасынан асып, елудің еңсесіне қарай ентелеп келеді. Бірнеше кітаптары жарық көрген белгілі ақын, жүйрік журналист Нүсіп Əбдірахимов қазір Алматы облыстық «Жетісу» газетінің жауапты хатшысы болып қызмет істейді. Баспасөздегі жемісті еңбегі үшін бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы Президент грантын иеленді. Аллаға шүкір, біз де жаман болғанымыз жоқ. Журналистика мен əдебиеттанудың ауылына қазық қағып, ат байладық. Қастерлі шаңырақтың үрдісін ырым көріп, бір ұлымыздың атын Бақытжан деп қойдық. Мамытбек ағаның осы кездесуге арнайы ертіп апарғысы келіп, сол күні сонша іздеп таба алмаған тағы бір студенті Бауыржан Жақып – бүгінгі баспасөз бен əдебиеттегі белді тұлғалардың бірі. Қарымды ақын. Ғибратты ғалым. Филология ғылымдарының докторы, профессор. Бірнеше жыл Каз ГУ-дің журналистика факультетінің деканы қызметін атқарып, бəріміз түлеп ұшқан қара шаңырақтың бесігін тербетті. Қазір еліміздің бас баспасы – «Қазақ энциклопедиясы» ЖШС-ның бас директоры. Сол жолы бірнеше Бауыржанның басын құрап, Баукеңмен жолықтыруға ниет қылған ақжүрек Мамытбек ағамыз бүгінде ауызы дуалы, сөзі уəлі ақсақалдардың санатында.

  • * Бауыржан – қазір қазақ ішінде ең көп тараған есімнің бірі. Соғыстан кейін қалың ел балаларына жаппай осы атты қоя бастады. Бауыржан Момышұлының есімі жұртшылыққа кең танылғанға дейін біздің ұлтымызда мұндай есім болған емес. Алды алпысқа келген Бауыржандардың ішінен бүгінде елге белгілі азаматтар көптен шықты. Бауыржан-министр, Бауыржан-ақын, Бауыржан-əртіс, Бауыржан-əнші, Бауыржан-ғалым, Бауыржан-заңгер, Бауыржан-журналист, Бауыржанбай-бағлан... Қысқасы, бұл есімді иеленген жігіттер қай саланың да өрісін кеңейтіп, көрігін қыздырып жүр. Бүгінгі көзқараспен зер салсақ, Бауыржан деген ұғымды түсіндіру оңай. «Бауырмал жан», «Бауыры бүтін жан» деген секілді ойға тез оралатын тіркестермен түйіндей салуға болады. Бірақ бұл есімнің əдепкі мағынасы шынында да осындай болды ма екен? Қазіргі заманға да еркін үйлесе кететіндей Бауыржан деген аттың сонау жиырмасыншы ғасырдың басында қойылуының сыры неде? Бауыржан атамыздың өмірі туралы еңбектерде бұл тақырып кеңінен қозғала бермейді. «Ұшқан ұя» атты ғұмырнамалық шығармасында: «Келген қонақ ең алдымен менің атымды сұрайтын. Сонан соң менің жеті ата жөніндегі білімімді тексеретін. Ел танудың басы ең алдымен осылай басталатынын ол кезде кім білген» деп түйіндеген Баукең одан əрі көп ашыла қоймайды. Сол «Ұшқан ұяда» өзі жақын араласқан отбасы туралы: «Сол күннен бастап Гончаровтар мен іш тартып, еркелете сөйлейтін болды. Бірақ əрқайсысы əртүрлі атап, атымды бүлдіріп бітті. Бірі – Бажан, бірі – Бардан, бірі – Буржан немесе Баржан деп тұрғаны. Ал ақкөңіл кемпір мені тіпті баласындай бауыр тартып, Буроржан дейтін» деп еске алады. Міне, осыдан-ақ бұл аттың басқалар үшін өте тосын болғанын көреміз. Осы есімді Бауыржан Момышұлы атақ-даңқы шыққанға дейін жалғыз өзі иленіп келген. Атақты «Ақиқат пен аңыз» роман-диалогының авторы, қадірлі қаламгеріміз Əзілхан Нұршайықовтың қойған сауалына батыр былайша жауап береді: «Автор: Қазір елде сіздің құрметіңізге қойылған Бауыржан есімді балалар көп. Соларға қандай тілек айтар едіңіз? Бауыржан: Маған білеміз деген жігіттер «Қазақстанда он үш мыңдай Бауыржан бар екен», – деп хабарлады. Мен əзілдеп, оларға: «Менің атым орыстың Иванындай болып бара жатыр екен ғой», –

дедім. Бұл əзілім, əрине. Ал мен ол цифрдың анықтығын білмеймін. Білетінім – мен қазіргі Бауыржандардың ішінде бірінші нөмірлі Бауыржанмын. Міне, мен алпысқа келдім. Мені сыйлап, қадірлеп, сəбилеріне менің атымды қойған ата-аналарға, олардың туған-туысқандарына шын ниетпен алғыс айтамын. Ал Бауыржандарға айтарым: Азамат боп өсіңдер, қарақтарым! Қатарыңнан кем болмаңдар. Бірің болмаса бірің менен асып кетсеңдер, оған ешқандай дауым жоқ. Барлық Бауыржанға, барлық балдырғандарға ақ ниетпен батамды беремін!» Бұл – жас ұрпақтың бəріне өмірлік бағдар сілтейтін аталы сөз. Барлық Бауыржанның бойтұмар етіп тағып жүретін қасиетті қағидасы. Романдағы əңгіменің осыдан қырық жыл бұрын қозғалғанын ескерсек, сол тұстағы он үш мың Бауыржанның қатарына бүгінде олардың қанша аттасы қосылғанын жобалай беріңіз. * Кейін əлгі кездесудің əр сəтін ойға алып, қайта саралап отырғанда Баукеңнің мынадай сөз айтқаны есімізге түсті. Көк түтінді құшырлана сорып отырып: – Бауыржан деген сөз негізінде Баһур-əл Жалил деген атаудан шыққан ғой, – деп еді ол кісі. Бірінші курста оқитын бозөкпелер сол тұста бұған да жете мəн беріп жарытпадық. Себебін сұрауға батылдығымыз да, білігіміз де жете қоймады. Содан кейін ана екеуі Бауыржан Үсенов екеумізді біразға дейін Баһур əл Жалил деп атап жүрді. Кейін бəрін де естен шығардық. Енді міне, ақыл тоқтатқаннан соң сол кездесудің əр мезетін қайта жаңғыртып, көз алдымыздан өткізуге тырыстық. Кей тұсы күнделік дəптерде жазылған, кей сəті миымызда жатталған. Баһур əл Жалил... Ол кім? Қай Баһур əл Жалил? Бəлкім, Баһадүр шығар? Діни тұлға ма, əлде Шығыстың ғылыми əлемінің өкілі ме? Əзірге жұмбақтау. Дінтанушылармен кеңесіп, шығыстанушылармен тілдесіп көрдік. Белгілі бір тоқтамға келе алмадық. Бұл мəселені əлі де біраз қаузамақпыз. Аңызға айналған ағамыздың есіміне тағы бір ұлы тұлғаның аты арқау болды ма екен? Содан қазақы ұғымға бейімделіп, Бауыржан деген атқа айналды ма, кім біледі?.. Құран сөздеріне қарап ат қоятын сол заманғы үрдісті ескерсек, осылай топшылауға болады. Бірақ тарихты хаттауға жетік Баукең бұл туралы неге өзі жазбаған? Сондықтан үзілді-кесілді байлам жасау қиындау.

«Ескерткіш боп тұрып қалмай бір жерде, Алшаң басып жүргеніңе қуанам», – деп ақын Сырбай Мəуленов жырлағандай, батыр Баукеңнің рухы үнемі халқымен бірге. Оның тұлғасы əлі де қазақтың руханият көшін өрге бастап келеді. Бірінші Бауыржанның болмыс-бітімі ұлт ұланына мынау əлемдегі орнын, яғни, өзі айтқандай, өмірдегі нөмірін іздеп табуды міндеттеп тұрады. 2009 ж. АМАНДОСОВ АУДИТОРИЯСЫ Қырғи қабақ қос көкем Тем-ағаңның мінезі – Арыстанды Қарабас. Тау-ағаңның мінезі – Қар-жаңбыры аралас... (Журналистік фольклордан) Біз оқуға түскенде журналистика факультетінің тұтқасын елге танымал екі кісі ұстап тұр еді. Екеуінің де атағы жер жарады. Екеуі де белгілі ғалымдар. Журфактың төрт құбыласы секілді төрт кафедраның екеуін мүйізі қарағайдай осы ағаларымыз басқарады. Бірі – тау тұлғалы Тауман Амандосов. Екіншісі – мықшегедей мығым Темірбек Қожакеев. Таукең – журналистік шеберлік жəне əдеби редакциялау кафедрасының меңгерушісі. Ал Темкең – совет журналистикасының теориясы мен практикасы кафедрасының меңгерушісі. Оның үстіне журфактың аюдай ақырған деканы. Оқуға жаңа түскен студенттер алдымен осы екі кафедраны төңіректейді. Əйтеуір осы қос мықтының біреуінің маңайында болғанды жөн санайды. Журфакқа түскен кез келген студент осы екі шалдың арасынан ілгеріде қара мысық жүгіріп өткенін бірден байқар еді. Сол мысығы құрымағыр тек жүгіріп өтіп қана қоймай, екі ортада шалқасынан керіліп жатып алған ба дерсің. Себебі, екеуінің не қатар жүргенін, не əңгімелесіп, сырласқанын көрген емеспіз. Оны айтасың, ең сорақысы, амандаспайтын да сияқты. Ол екеуінің қарым-қатынасы жөнінде күллі журфак сыбырлап сөйлеседі. Студенттер өстіп екі ортада шыбын-

шіркей болып жүргенде сол екеуінің қарамағында істейтін оқытушы байғұстар қайтіп шыдайды екен?! Арасындағы еті тірі үш-төртеуі болмаса, ұстаздарымыз негізінен біртоға кісілер. Елге танымал адуынды ағаларым оларды баяғыда күшігінен талап тастаған секілді. Шетінен ақырын сөйлеп, анық басады. Сонымен, екеуінің де шоқтығы биік. Қаталдық екеуінің бойында да жеткілікті. Бірақ Амандосовтың қаталдығының ар жағынан ізгілік пен мейірімнің белгілері көрініп тұрады. Ал Қожакеевтің қаталдығының тоңы көпке дейін жіби бермейді. Жібігенді айтасың, кейде оның қаталдығы қатігездікке ұласып кетеді. Таукеңнің ызбары болғанымен ызғары жоқ. Ал Темкеңнің ызбары мен ызғары қоса жүреді. Тауман аға көпшілдеу, Темірбек аға кекшілдеу. Бірақ соған қарамастан бəріміз екі шалды да жақсы көреміз. Журфактың төлқұжаты секілді еді ол екеуі. Əрқайсысының орны бөлек. Олардың қыңырлығынан қоғам соншалықты зардап шеккен жоқ. Екеуі де ешқашан қайталанбайтын тұлғалар еді. Қос профессор да лекциядан кешіккендерді жақтырмайды. Таукең сабақ тыңдамағандарды аудиториядан сыртқа шығарып жіберіп, біразға дейін кіргізбей қояды. Ал Темкең кешігуді үнемі кəсіп қылғандарды аудитория түгілі оқудан да аластап жібереді. Тегеурінді Темкең тез қимылдап, жедел желіп отырады. Көңіл-күйі келіспесе, жолындағының бəрін жайпап өтеді. Ал Амандосов ақсаңдай басып, асықпай жүреді. Ақсаңдайтын себебі, бала кезінде бір аяғын жылан шағып алған деседі... Содан қасірет шеккен. Жастайынан жетім қалып, балалар үйінде өсіпті. Бірақ соның бəрін білдіргісі келмегендей, денесін тік, басын шалқақ ұстайды. Əдемі таяғына сүйеніп, бір аяғын сəл сүйрете əрі орай басып келе жатады. Осынысы өзіне керемет үйлесіп тұрады. Жүріс-тұрысы өте асқақ. Болмысы бекзат екені бірден байқалады. Үстіне қылау жұқпайды. Түрі Атыраудың қарапайым қазағынан гөрі алты атасынан бері аристократ еуропалыққа көбірек ұқсайды. Жатқыза тараған бурыл шашының бір талына дейін шашау шықпайды. Көйлегінің жағасы қатып тұрады. Галстугі өмірі қисаймайды. Оны да бір бөлекше тəсілмен байлайтын секілді. Қысқасы, ол күн сайын бір жаңа киім киіп келетіндей əсер қалдырады. Осыдан-ақ Тауман ағаның қызметтегі бағынан үйіндегі бабы ешқашан кем түспейтінін аңғаруға болар еді. Журфактағы өте күрделі мəселенің бірі – студенттердің осы екі профессормен амандасу жайы. Ұстазбен сəлемдесу – əр шəкірттің айны-

мас дағдысы. Басқа оқытушылар берген сəлеміңді құрақ ұшып тұрып алады. Ал ел еркесі саналатын екі шалмен амандасу аса қиындықпен жүзеге асады. Олардың алыстан төбесі көрінгеннен тар дəліздің бір шетіне ығысып, сəлемдесіп қалуға тырысасың. Құдды бұрылыста бүйір шамын жағып, кезегін күтіп тұрған майда машинаның күйін кешесің. Амандосов қашанғы əдетінше басын шалқақ ұстап, саған сығырая көз тастап, жаныңнан өтіп бара жатады. Не ернін боларболмас жыбырлатқандай, не басын сəл изегендей болады. Əлде, көзіңе солай көріне ме, кім білсін?! Əйтеуір əрбір сəлемдесу рəсімінен кейін «осы кісі сəлемімді алды ма, жоқ па?» деген күдік көңіліңде қалады. Ал студенттердің кейбірі ол кісі сəлем алмайды деп санайды. Сондықтан ағамыз ұзап кеткеннен кейін «Амандосов, жүрсе ғой амандасып» деп ептеп өлеңдетіп аламыз. Сен сəлем берген есеп, ол кісі алған есеп... Бірақ сабақ үстіндегі көзқарасына қарап, Тауман ағаның өзіне кімнің амандасып, кімнің амандаспайтынын аңғарып отыратынын біле қоямыз. Ал екпіні бөлек Темкең алдыңнан шыға келгенде абдырайтының соншалық, сəлем берген-бермегеніңді ұмытып қаласың. Бірақ екеуі де текті. Сабақ үстінде студенттердің көзінше бір-бірі туралы артық-ауыс пікір айта қоймайды. Мақтамайды да, даттамайды да. Екі жүйенің арасындағы қырғи қабақ қақтығыс секілді ақсақалдардың арбасуы біз оқу бітіргенше тарқамады. Бір-бірінің алдында иіле қоймайтын қос көкеміздің арасында желіп жүріп жетілдік. Журфакта нең бар, Нормира?! Тұлға болып ұрпаққа, Тезге салды талайды. Қыз-қырқынның журфакқа, Келмегенін қалайды. (Журналистік фольклордан) Өз басым профессор Амандосовтың лекциясын тыңдап, емтихан тапсырғаным болмаса, онымен тұрақты араласып-құраласып көргенім жоқ. Ең бірінші семестрдегі алғашқы емтихан – КПСС тарихы болатын. Бұл пəнді əдемі жымиып отырып-ақ, əбден діңкеңді құртатын Сабырхан Смағұлов деген ағайымыз оқытып еді. Бірақ ол біздің тағдырымызды бір аспирантқа сеніп тапсырыпты. Жердің құртындай сол аспирант

бізді шетімізден жайратып салды. Аспирантпен алысып-жұлысып отырып «үшке» əрең табан іліктірдік. Келесі емтихан – əдебиет теориясы. Əйгілі ақын Қадыр Мырзалиев «төрт» қойды. Үшінші емтиханды профессор Тауман Амандосовтың өзі қабылдайды. Бұл сабаққа біз ұйқы көрмей дайындалдық. Профессордың лекциясын түгел жаттап алдық. Емтихан үстінде Тауман аға тесірейіп қарап отырды да, үндеместен «бес» қойды. Осылайша аспиранттан «үштік», профессордан «бестік» алуымыз біздің құлшынысымызды арттыра түсті. Одан əрі қарай қамшыны бастық. Лекцияны тікесінен тік тұрып оқиды. Аяғы ауыратынына қарамастан сөйтеді. Кейбір оқытушылар сияқты үстелге жайғасып алып, жантайып жатып сарнай жөнелу əдетінде жоқ. Профессор Амандосов лекцияны асықпай баппен бастайды. Сабақтың аяғына дейін белгілі бір ырғағынан айнымайды. Əр сөзін анық айтады. Əрине, Тауман ағаның дəрісінде Темкеңнің лекциясындағыдай ауық-ауық ду ете қалып отырмайсың. Диктатор деканымыз тəртібі темірдей қатты болғанымен сабақ басталысымен мүлде басқа кейіпке енеді. Оның лекциясынан көңілді қойылым көргендей жайраңдап шығасың. Ал Тауман ағаның сабақ беру үрдісі мүлде бөлек. Ақырына дейін салиқалы, салқынқанды кейіпте отырып тыңдайсың. Неге екені белгісіз, сабақ үстінде Тауман аға «журналистика» дегенді «жорналистика» деп айтады. Өз сөзімен айтқанда, «боржуазиялық жорналистиканы» жерден алып, жерге салады. Журналистік шеберлік сабағында мақалаңның қаттылау қағазға басылған қиындысын апарып көрсетсең, «О, жорнал ғой мынау!», – деп мəз болады. Бірақ «журфакты» «жорфак» демейді əйтеуір. Жыл сайын алғашқы танысу сабағында қыз-қырқынның журналист болып жарытпайтынын дəлелдеп беру – профессордың дəстүрлі дағдысы. Бұл лекциядан қыз біткен терлеп-тепшіп шығады. Бір жағынан Тауман ағайды түсінуге болады. Ол бұл мамандыққа ұлттық болмыс-бітіміміз тұрғысынан қарайды. Оның үстіне ол кездегі журналистиканың сипаты бөлектеу еді. Ер азаматтан басқаның қабырғасы қайысып кететіндей көрінетін. Сол кезде кейін төмен етектілер бұқаралық ақпарат құралдарын түгел жаулап алатын кезең келеді десе, Тауман ағам сенер ме еді?! Профессор əр жыл сайын осы ұлағатын айтқанда əр курстан бір бойжеткенді мысалға алатын көрінеді. Біздің курста оның нысанасына

ақ маңдайлы ақын қыз Нұрмира Əлішерова ілікті. Оның өзінен де бар, елден бұрын жетіп келіп, профессордың қарсы алдына отырып алады. Тауман ағаның көзі де бірден соған түседі. Содан соң оны тілге тиек етпей қайтсін?! – Мысалы, мына ақ борықтай Нормира Əлішерова қалай журналист болады? Іссапарға қалай шығады? Бұны ертең күйеуі көзі қиып қалай жібереді, а? Соны неге ойламадың, қалқам?! Сендерге қолайлы мамандық бұл емес. Дəрігер болыңдар немесе мұғалім болыңдар. Журфакта нелерің бар еді? Жалпы, мұнда адасып келгенсіңдер. Қысқасы, əлі де кеш емес. Ойланыңдар... Амандосовтың уəлі уəжінен кейін бізге курстың бүкіл қызы күні ертең басқа оқу орындарына ауысып кетіп қалатындай көрінеді. Кілең дарақы даратұяқ қалып оқып, сорлайтын болдық-ау деп қиналамыз. Жоқ, кете қоймайды, құрымағырлар. Сылқ-сылқ күлісіп, ертеңіне сабаққа тағы келеді. Жылы жымиып, жағалай жайғасады. Тауман аға төтелеп сөз бастағанда ақын болам деп журфакқа келіп, басына бəле тілеп алған əлгі Кегеннің ақсары қызының екі беті алаулап сала береді. Есесіне біздің жанымыз кіріп қалады. Қызық болғанда, біздің курстан журналист қыздар көп шықты. Тіпті мамандыққа ұлдардан гөрі қыздар көбірек адал болды-ау деймін. Журналистиканың қара шаруасынан бастап жетіліп, бас редакторлыққа дейін өскендері де бар. «Кəрі тарлан қалайша мүлт кетті екен?», дейсің сондайда. Бір ғажабы, ағайымыз үнемі мысалға келтіретін сол Нұрмира Əлішерова Амандосовтың аманатына адалдық танытты. Ептеп қияли болғанымен ақылы бар қыз салып ұрып, журфакты тастап тайып тұрған жоқ, əрине. Оқуын аман-есен бітіріп алды. Бірақ мамандығына қабілет-қарымы жете тұра өмір бойы түрлі басылымдарда тек қана корректор болып істеді. Жұмысына адал. Қате көрсе, тарпа бас салады. Ал Амандосов қайта-қайта қауіп қылатын журналистік іссапар дегеннің не екенін ол білген емес. Отбасының бабын тауып, төрт баласын тəрбиелеп отыр. Сірə, Тауман ағамыздың «Журфакта нең бар, Нормира?!», дегені ұмытылмастай болып есінде қалған шығар...

Оппоненті – Əуезов, кеңесшісі – Засурский Сөз арнаса бар елге, Селт еткізер Цеканы. Аты мəшһүр əлемге, Əуезовтің деканы. (Журналистік фольклордан) Ұлы Мұхтар Əуезовтің көзін көріп, сөзін тыңдаған ағаларымыз баршылық. Ал сол əлемге əйгілі ғұламаға бастық болған адамды көргеніңіз бар ма? Əдепкіде жұрттың бəрі тосылып қалатын сұрақ. Сөйтсек, бар екен ондай кісі. Бар болғанда басқа емес, профессор Тауман Амандосовтың өзі көрінеді. Себебі, ол бір кезде Мұхтар Əуезов қызмет істеген филология факультетінің деканы болыпты. Тауман Салықбайұлы бұдан бұрын университеттің сырттай білім беру жөніндегі проректоры қызметін де атқарған. Ал декан қызметінде болғанда Мұхтар Омарханұлымен жақын араласқан. Заңғар жазушының күнделікті кіріп-шығып жүрген ұжымын басқарудың өзі бір бақыт емес пе?! Мұхаңның елгезек жас деканға деген ықыласы да ерекше болған сияқты. Елуінші жылдардың орта шенінде Тауман аға кандидаттық диссертациясын қорғаған кезде əйгілі жазушы бірінші оппонент ретінде батасын берген. Тауман Амандосов сол кандидат қалпымен бертінге дейін келді. Тіпті біз оқуға түскен жылы да ол ғылым кандидаты еді. Бірақ Мəскеудің өзі бекіткен профессор атағы болатын. Ол кезде профессор атағы ерекше еңбегі сіңген ғылым кандидаттарына ғана берілетін. Əрине, Тауман аға кейіннен жазған оқулықтарының нəтижесінде ғылым докторы дəрежесіне де қол жеткізді. Бұл кезде оның ғылыми кеңесшісі М.Ломоносов атындағы Мəскеу мемлекеттік университетінің журналистика факультетін қырық екі жыл басқарған Ясен Засурскийдің өзі болды. Ұлы Əуезовті оппонент, ғибратты ғұлама Засурскийді кеңесші етіп алған Тауман Амандосов қазақ журналистикасына бақ болған тұлғалардың бірі еді. Алпысыншы жылдардың ортасында журналистика бөлімі дербес шаңырақ көтергенде Тауман аға осы факультеттің алғашқы деканы болып тағайындалды. Оның декан болған тұсындағы аңызға бергісіз əңгімелер жеткілікті. Бəрінде де ол студенттерге жанашыр, ұстаздарға

қамқор мейірбан басшы ретінде сипатталады. Оны анда-санда естелік айтқан қаламгер ағаларымыздың əңгімелерінен аңғарып қаламыз. Бір күні елуге енді ғана толып, мерейтойын өткізген Сейдахмет Бердіқұлов журфактың студенттерімен кездесуге келді. Кездесу кешін Темірбек Қожакеевтің өзі жүргізді. Темірбек ағам аузыаузына жұқпай «Лениншіл жастың» майталман бас редакторын көкке көтеріп, мадақтаумен болды. Бір сəтте қимылы ширақ Сейдағаң залдан əлдекімді іздегендей бір қарап алды да, «Міне, бəрімізді студент кезімізден алақанына салып мəпелеген, шетімізден түстеп танитын, қайсысымызға стипендия, қайсысымызға жатақхана жетпей жатқанын жатқа білетін қадірлі Тауман ағамыз отыр ғой», – деп басын иді. Осыны ерекше бір жылылықпен айтты. Бұл сəт студенттерге қатты əсер етті. Тауман Амандосов журналист Кəкімжан Қазыбаев Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің идеология жөніндегі хатшысы болып сайланғанда қатты қуанды. «Бұл – біздің журфактың түлегі!», – деді лекция үстінде сүйсініп. Ал енді сол атағы жер жарған Қазыбаев Амандосов десе тік тұрады дейді. Біздің шалдың бірде-бір сөзін жерге тастамайтын көрінеді. Мұны да жұрт аңыздай етіп айтады. Ол кезде ЦеКаға сөзіңді өткізу деген аспандағы айға ұмтылғанмен бірдей. Амандосов болса, ЦеКаның қақпасын қақ жарып, Кəкеңнің кабинетіне кез-келген уақытта кіріп бара беретінге ұқсайды. Елдің бəрі есігіне бір жетуді армандайтын Кəкең (Қазыбаев) мен Шəкең (Елеукенов) Тауман ағаны алдынан шығып қарсы алып, бəйек болып жатады деседі. Бұл да жұрт жадындағы əңгімелер. Тауман ағамен көп жыл қызметтес болған профессор Намазалы Омашев былай дейді: «Бір қарағанда түрі өте сұсты көрінеді. Ал енді ептеп араласа бастасаң, мəрт екенін байқайсың. Ол шығармашылыққа бейім балаларды бірден танитын. Соларға жағдай жасайтын, жатақхана алып беретін. Жалпы, қайырымды болды. Аздап ішіп қойған жігіттерді де кешіретін. Тықақтап, біреудің артына түсе бермейтін. Небір мықтылар оны қатты қадірледі. Мен Тауман Салықбайұлы декан болып тұрған кезде оқуға түстім. Деканымыз ақшаны қалтасына бүктемей, тікесінен салатын. Мен оның осы дағдысын үйреніп алдым. Студент болсам да қалтамда бұрқырап ақша жүретін». Журфактың қашаннан қалыптасқан өзіндік жазылмаған заңдары болады. Мысалы, студенттер бұрын журналист болып қызмет істеген

ұстаздарын ұйып тыңдайды. Бір күн журналист болып көрмейақ, болашақ журналистерге дəріс беру дəстүрі бар еді ол кезде. Ал Тауман ағамыз бұл жағынан ұятты емес-ті. Ол Қазақ мемлекеттік университетіне оқуға түспей тұрып-ақ, Атырау облыстық «Социалистік құрылыс» газетінде корректор, əдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі болып істеген. Сондықтан Амандосовқа бұл жағынан мін таға алмайсың. Басылымның қара жұмысын өз қолымен атқарып көрген адам қай сұраққа да ілкілмей жауап береді. Студенттердің оларға деген құрметі де ерекше болады. Оның үстіне ол орыс тіліндегі көркем жəне ғылымитанымдық бірқатар шығармаларды қазақ тілінде сөйлетіп, білікті аудармашы ретінде де танылған еді. Тауман Амандосов журналистиканың қыр-сырын жақсы білетін осындай сұңғылалығымен де елдің есінде қалды. «Оптимист» колхозының төрағасы Тұтас елім, төңірек, Түгел оны таниды. Сілкілейді көбірек, Семен Нариньяниды. (Журналистік фольклордан) Амандосов жайында айтылатын аңыздардың бірі оның «колхозы» туралы еді. Əрине, бұл нағыз колхоз емес. Бір-бірімен аралас-құраластығы бар тілеулес ағалардың бейресми ұйымы тəрізді. Кезектесіп, қонаққа барады. Таңды-таңға ұрып, əңгімелеседі. Шығармашылық жоспарларын ортаға салады. Сондықтан бұл бір əдеби-көркем сипаты бар келелі кеңес құратын көшелі «колхоз» болғанға ұқсайды. Осы «колхоз» басқармасының төрағасы Тауман Амандосов болыпты. Ұйымға өңкей шығармашылық адамдары мүше болған соң олар бұрынғы деканға сенім артқан шығар. Ал «колхоздың» мүшелері Амандосовтан да қызметі үлкен, сен тұр мен атайын азаматтар екен. Тегеурінді төраға сол мықтылардың бəрінің басын қосып, колхоздастыру дəуірін абыроймен өткізген секілді. Тауман Амандосовтың ұлы, МГУ-дің түлегі Азамат ағамыздың журналистерге берген сұхбатындағы деректерге сүйенсек, ол ұйым «Оптимист» колхозы деп аталыпты. Таукеңнің есімі жазылған мөрі де болған.

Анда-санда «колхоз» басқармасының бұйрықтары да шығып тұрған. «Оптимист» колхозының төрағасы əнді де тəп-тəуір шырқайды екен. «Таяғына сүйеніп тұрып, «Ақбақайды» əуелеткенде кейбір кең тынысты кəсіби əншілерге оңайлықпен ұпай бере қоймайтын еді», дейді əріптестері. Тауман Амандосовтың дəрісінен есімізде қалып қойған бірқатар мысалдар бар. Ол Карл Маркстің əйгілі «Мозель корреспондентінің ақталуы» деген мақаласын жіліктеп тұрып түсіндіретін. Шайтан иектеген біздің есімізде Маркстің мақаласының маңызынан гөрі оқшаулау тақырыбы көбірек сақталатын. Амандосовтың сабағынан Семен Нариньянидің кім екенін жақсы біліп шықтық. Ол КПСС Орталық Комитетінің «Сал жігіт» фельетонындағы қателіктер туралы» қаулысының жай-жапсарын егжей-тегжейлі баяндап береді. Сол жылдарда болашақ баспасөз мамандары біле жүруге тиіс мұндай қаулыларды оқыту міндеттелетін. «Сал жігіт» («Ухарь») – атақты журналист, фельетоншы, драматург Семен Нариньянидің шығармасы. Ол бір заманда түкірігі жерге түспейтін қаламгер болған. Қызметін «Комсомольская правдадан» бастап, кейін «Правда» газетінің фельетон бөлімінің редакторлығына бекітілген. Содан талай жыл журналистикада жасын ойнатқан. Əйгілі футболшы Эдуард Стрельцовтің мінез-құлқы туралы «Атақ-даңқтың ауруы» деген фельетон жазған. Бір күні ол «Правдаға» құрылыс мекемесінің іскер, бірақ серілеу, өз бетімен жүріп-тұратын басшысы жөнінде фельетон жариялайды. Əлгі кісі сол күні жүрек талмасы ұстап, қайтыс болады. Енді өз шығармасы Нариньянидің өзіне бəле болып жабысады. Тауман ағамыз осы оқиғаға қатысты шыққан қаулыны жақсылап талдайды. Қазір Маркстің де, Нариньянидің де шығармалары журфакта оқытылмайды. Бірақ Тауман ағайдың тиянақты түсіндірмелері жадымызда жатталып қалды. Ол кісінің жекелей жəне ұжымдық авторлығымен шыққан «Совет журналистикасының теориясы мен практикасы», «Публицистика – дəуір үні», «Газет жанрлары», «Журналист жəне өмiр», «Қазақ баспасөзiнiң жанрлары» атты теориялық оқулықтары мен оқу құралдары студенттердің қолынан түспейтін. Ал профессордың өзі аударған «Журналист анықтамалығы» сол тұстағы баға жетпес кітапқа айналды. Профессор шəкірт таңдай білетін. Кафедраға сайдың тасындай жігіттерді іріктеп алды. Фантастиканың жалына жармасып, əдеби

ортаға ерте танылған Абдул-Хамит Мархабаевты оқытушылыққа қабылдады. Ақтөбеде журналистиканың көрігін қыздырып жүрген Серікқали Байменшинді Алматыға қызметке шақырды. Университет бітіріп, баспаға беттеген Бауыржан Жақыпты оқу орнына дереу қайтып əкелді. Студенттік өмірмен енді ғана қоштасып жатқан Амантай Шəріпті үкілеп отырып кафедраға алып қалды. Сол шəкірттерінің бəрі де бүгінде профессордың үмітін ақтады. Қазір төртеуі де ғылым докторы. Бұдан басқа ел назарына ілінген шəкірттері де жетіп артылады. * Əл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде Амандосов аудиториясы бар. Бұл аудиторияда ұстаздың рухы ұялап қалған. Онда қазіргі шəкірттер бүгінгі ұстаздардан дəріс алады. Бірақ Амандосовтың аудиториясы осынау ауқымды бөлмемен ғана шектелмейді. Қырық жыл ұстаз болған оның лекциясын тыңдаған мамандар еліміздің əр түкпірінде жүр. Олар өздерінің ізбасарларына Тауман ағаның тағылымын дарытады. Қысқасы, Алаш жұртына танымал Амандосов аудиториясы əлі де қазақ журналистикасына қан таратып тұр... 2012 ж.

ҚОЖАКЕЕВ ҚҰБЫЛЫСЫ Темірден де қатты ғой, Темекеңнің тепкісі. Тым алысқа шапты ғой, Тепкі көрген көп кісі... (Студенттер фольклорынан) Күлкі – күштілердің қаруы Қазір не көп, журналистер дайындайтын оқу орны көп. Ана университет те, мына университет те журналистика бөлімін ашып алған. Педагогтік оқу орны да, шет тілдерін үйрететін оқу орны да, оны айтасың, облыс орталығындағы университеттер де жыл сайын қаншама ұл мен қыздың қолына дипломын ұстатып, БАҚ-тың бақшасына тоғытып жатыр. Тіпті мединституттан журфак ашылса да таң қалмайтын заман. Баяғыда бір ғана журфак бар еді. Қазақ баспасөзінің қасиетті құтханасы еді ол. «Бағаналы ордам, басты ордам» деп, қалам ұстаған жас пен жасамыс сонда жүретін. Жасы күндіз оқитын. Жасамысы сырттай білім алатын. Журфактың жас тары мен жасамыстары керемет тату болатын. Жасамыстар жастардың жазған-сызғандарын өздері қызмет істейтін газет-журналдарға шығарып береді. Ал жастар əр сессияның кезінде жасамыстарға арнап конспект əзірлеп қояды. Сырттан оқитындарға одан артық сыйлық жоқ. Бүгінгі тілмен айтсақ, бартерлік байланыс. Сыйластығы жарасқан сол факультетті күллі қазақ жұртына аты мəшһүр ғалым Темірбек Қожакеев басқаратын. Мінезі қатал, түсі суық. Отырысы мығым. Тура құрыштан құйып қойған секілді. Тəртіп бұзғандардың аяғын қия бастырмайды. Мəмілеге келмейді. Шорт кеседі. Онысына өмірі өкінбейді. Жазуы да тура өзінің мінезі секілді. Барша жұрт оң жаққа қисайтып жазса, Темкеңнің жазуы сол жаққа қарай жантайып жатады. «Темірбек Қожакеев келе жатыр!» десе, сыра ішіп, шалқып тұрған журфактың балалары мастығынан айығып сала береді. «Ол жатақханаға келе жатыр!» дегенді естісе, сонда тұратын ұл-қыздың

бойынан жеңіл діріл жүгіріп өтеді. Талай қаламгерді бесігінде тербеген бесінші жатақ ха наның алдына келіп, машинасының жарығын түсіргенде, сол жарыққа арбалған қояндай жалп ете түскен шалабурыл жігіттерді көргенбіз. Қожакеев тілге келгенше оның сұсы да, мысы да сені кəдімгідей басып тұрады. Ал енді тілге келген соң рахат! Көркемдеп, бейнелеп, тұспалдап, мысқылдап ағыла жөнелгенде жаңа ғана жасқа да, кəріге де кəрін төгіп тұрған диктатор деканды қатыгездікке де, қаталдыққа да қимайсың. Əпсəтте бүкіл болмысынан ызғар есіп тұрған Қожакеевтен қорғалақтау сезімі сейіліп, өн-бойыңды күлкі керней бастайды. Күлкі шақыратын əңгіме айтқандағы кейпі қандай əдемі! Екі иығың селкілдеп, сен де күле бастайсың. Осы сəтте Қожакеевтің екі кісі мінгендей кең иықтары ғаламат күшпен селкілдей жөнеледі. Сол селкілді көрген соң екі кісі сусып түскендей сенің қушиған қос иығыңның қозғалысы баяулай береді. Ойпырым-ай, түрі трагедияны танытатын, көкірегі комедияны теріс көрмейтін бұл неғылған адам деп таң қаласың. Əр сөзі, əрбір тіркесі тіліп түседі. Ашуланып, айқайға басып жатса да, образынан жаңылмайды. Қырық жылға дейін ұмытылмайтын қанатты тіркестер түйдектеліп түсіп жатады. Біз оқуға түскенге дейін де Темкең журфактың талай сал-серілерін өмір жолына аттандырып салған. Сондықтан «Қожакеев айтыпты» деген сөздің талайы ауыздан-ауызға көшіп жүреді. Тек оны төменгі курстың студенттері сыбырлап, ал жоғарғы курстың студенттері сампылдап айтады. Жын қуған журфактың жігіттері соның көпшілігін анайылап, бұрмалап жеткізеді. Ілгеріде айтылған «Қолыңды жуғанша полыңды неге жумайсың?», «Қожакеев балконнан емес, желкеңнен қарап тұр» деген секілді баршаға белгілі сөздерге енді біздің тұсымызда да жаңа тіркестер қосыла бастады. Жатақхана аралап, сол күні сабаққа бармай ұйықтап қалғандардың үстінен түскенде айтқаны: «Келсем, борбайын кереуеттің басына асып қойған, бəшпайларын жыбырлатыы-ы-еп жатыр». Əрине, мұнысы – сатираның салтымен əсірелеп, бейнелеп айтқандағысы. Əйтпесе, Қожакеев төбеңнен төніп тұрғанда бəшпайыңды қимылдатпақ түгілі... Ешнəрсеге атсалыспай, бей қам жүретіндерге кейігенде айтқаны: «Əй, бұл не деген жұрт?! «Аш бəледен қаш бəле!», «Сен тимесең, мен тимен...», «Тек жүрсең, тоқ жүресің» деген мақал-мəтелдерді басшылыққа алып, жантайып жатқан қалың ел...».

Бірде бір курстасымыз зу-зу етіп, сабаққа келмегенін былайша «жуып-шайып» тұрды: – Ағай, мен ауырып жүрмін. Дəрігерлер «Менингит болуы мүмкін» деп жатыр... – Əй, қой! – деді Темкең селкілдей күліп. – Беті аулақ, ол емес шығар... Ол болса, Құдай төбеңнен ұрған екен!.. Кейде «Осы кісінің өзі неге сатира жазбайды екен?» деп ойлайсың. Егер жазса, осы саладағы дүлдүлдің өзі болар ма еді... Бірақ Темкең тиіп-қашып қалам түрткені болмаса, сын-сықақ жазбады. Тек сатираның теориясымен ғана айналысты. Сатира сыншыларының еңбектерінен тұздық алып, «Күлкі – күштілердің қаруы» деген қағиданы жиі айтатын еді. Өзінің де мықшегедей (З.Қабдолов) мықты, кемірілмес күшті екендігі күлкіні серік еткендігінен болса керек... «Мынауыңнан мен де қорқам!»... Ал енді лекциясы ғаламат. Қожакеев сабаққа ешқашан кешікпейді. Лекциясын дəл уақытысында бастап кетеді. Темкеңнен кейін аудиторияға тірі жан аттап бас пайды. Студент түгілі, оқытушылардың өзі де ол кісі сабақ жүргізіп жатқан аудиториядан алты метр аулақ жүреді. Əдетте залда тек шыбынның ызыңы ғана естіледі дейміз ғой мұндайда. Шыбынның өзі де ызыңдауға қатал деканымыздан қаймығатын секілді. Бірақ лекция басталысымен-ақ оның мойнынан қаталдықтың қамыты алына бастайды. Ағайымыздың суық жүзіне сəуле жүгіреді. Түр-тү сін құбылтып, өзі мысалға келтірген фельетон ның ке йіпкерлерінің кейпіне еніп, ойнақылана түс кен кезде сенің де делебең қозып, жан дүниесі екіге жарылған ұстазды осының қайсысына телитініңді білмей, дал боласың. Əр сөзі шегедей. Айтпағын миыңа қадап тұрып түсіндіреді. Соның бəрін жазып алуға өте қолайлы етіп, қысқаша түйіндейді. Миғұла болмасаң, ұмытып қалуың немесе жаза басуың əсте мүмкін емес. Тек қана сорлайтындар – сабаққа келмей қалғандар. Темкеңнің лекциясын басқа біреуге өзіндей етіп ешкім де ұғынықты тілмен түсіндіріп бере алмайды. Сондықтан сабаққа кешікпей келіп, аудиторияға ертерек еніп алғанның бəрі қанаттанып һəм қанағаттанып шығады. Тек лекцияның соңына қарай ұстазымыздың өңі өзгеріп, қайырымды қазақтан қайтадан діні қатты деканға айналатыны жаман-ақ. Жаңа ғана күлкі жүгірген жүзінде лезде жасын ойнап сала береді. Сабақ соңында атан

түйеге жүк боларлықтай көп кітапты оқып, əрі конспект жазып келуге тапсырма береді. Келесі жолы сабақ сұраған кезде жаныңды алардай шүйіледі. Кітаптың қайсысын оқып, қайсысын оқымағаныңды бірден біледі. «Эльсбург ақсақалдың еңбегін оқыдың ба, ей? Күлкінің қуаты туралы не депті ол кісі?» – дейді. Мұрныңның астынан міңгірлей бастасаң, «Сол кітаптың мұқабасының түсі қандай өзі?» – деп анықтап алады. Содан митыңдап отырасың. Басқа оқытушылар секілді алдауға көнбейді, конспектіңді бар өнеріңді салып, өрнектеп тұрып жазсаң да, ұнамаса, «Мынаның ішінде түк жоқ қой», – деп лақтырып жібереді. Бұлталақтап, жолсызбен тарта бастасаң, «Əй, бала, сен мені алдай алмайсың. Сен енді ғана базарға бара жатқан адамсың, ал мен сол базардан қос қолымдағы қоржынды толтырып қайтып келе жатқан адаммын», – деп оқты көзін қадайды. «Отыр, екі!», – дейді сосын қапалы дауыспен. Бұдан кейін өмір бойы бұл кісіден зачет алу бақыты бұйырмайтындай көресің. Жоқ, олай емес. Сүйретіліп тағы барасың. Қаһарланып, тағы қуып шығады. Сүмеңдеп тағы келесің. Тағы бір жалп етесің. Күндердің күнінде əлгі оншақты кітапты үтір-нүктесіне дейін қалай жаттап алғаныңды білмейсің. Сол кезде саған қатыгез деген Қожакеевтің өзі қорқынышты болмай қалады. Осы сəтте пəледей көретін диктатор деканың əлемнің бар əдемі күлкісін езуіне жинап алып, саған əкеңнен бетер елжірейді келіп. «Айттым ғой, бала, миыңа сіңірмей қоймаймын деп. Мə, зачетың!». Өмірінде бала болып конспект жа зып көр меген қияңқыларды да Қожакеев осы жолдан өткізеді. Біреуге бас июді білмейтін небір қыңырларды Темкең інгендей қайқаңдатады. Содан соң барлық сабақты барлық оқытушы өстіп оқытса, ғұлама боп кетеріңе шек келтірмейсің. Былай қарасаң, өмірінде атқарған лауазымы ның ең үлкені – журналистика факультетінің деканы. Бірақ өзіндік орны мен салмағы, абыройы мен беделі жағынан ешбір министрден кем болған жоқ. Темірбек Қожакеев деген есім қазақ журналистикасының төлқұжатына айналды. Студенттер қай кезде де одан жылы сөзін аяған жоқ. Атын өлеңге қосты. Оған арнап жыр жазды. Тіпті өтірік өлең айтысында да «Эзоппен қыдырып жүр Қожакеев», – деп тілдеріне тиек етті. Журфакта оқыған барлық студенттер Қожа кеев ті қаталдығына қарамастан жақсы көрді. Ол бойды аулақ салып, жеккөрініштілік сезімін туғызатындай тұлға емес еді. Қанша айқайласа да, сенің

көңіліңде дық қалдырмайтын. Іштей жəбірленіп, жасқансаң да, əсерлі сөзіне, түрленген тіркесіне айызың қанып тұрады. Арқаның атақты боқтампазы Ысқақ шалдың алдына барып боқталып қайтқандар оның сөзіне разы болып, көпке дейін езуі жиылмай жү реді екен. Құдды сол. Айырмашылығы, Қожакеев сені ешқашан боқтамайды, боқтамақ түгілі, на мысыңды қорлайтын артық əңгіме айтпайды. Қатты күйінгеннің өзінде «Əй, сенің ана мұртыңды бір талдап жұлар ма еді?», – дегеннен əріге барған емес. Сондықтан болар, журфактың бүкіл студенті қай кезде де Қожакеевті дауға да, жауға да қиған жоқ. Əрине, балалықпен өкпе артқандары, тіпті тілдеп-тістегендері табылмай қалмас. Ілгеріде деканның үйіне журфактың ыза лы жүрек, долы қол қырсық жігіттері табыт жіберіпті деген аңызға бергісіз əңгі ме айтылатын. Бірақ ол университеттен шеттетіліп, жұмыссыз жүрген кезінде бəрі де шын тілеулес болды. Темкеңнен теперіш көргендер де, көрмегендер де оны көшеде кездестіре қалса, қоғадай жапырылып, амандасып жататын. Студенттердің қолынан келетіні де, келмейтіні де үзіліс арасында мінберге шығып, аузы-басын қисаңдатып, ернін жымқырып алып, декан болып ойнауға, қиқылдап-шиқылдап, оның дауысын салып, пародиялауға əуес еді. Бұл да олардың ұстазға деген ықыласының негізінен түзу екендігінің белгісі болса керек... Ұстаздың өзі айт қандай, пародия тұрпаты бөлекше, мінезі ерекше адамдарға жасалады. Қожакеев, əсіресе, мінезі шəлкес, сотанақ сту денттерді жақсы көрді. Ақылды тентектерді керемет қадірледі. Бəлкім, соларға қарап, бір кездегі өзін көз алдына елестеткен болар. Талайын оқу дан шығайын деп тұрған жерінен алып қалды. Үйсіз-күйсіз жүргендеріне жатақханадан орын берді. Біздің курста Мейрамбек Шілдебаев деген жігіт оқыды. Өзі КПСС мүшесі болатын. Декан оны кедір-бұдыр мінезіне, кімнің де болса бетіне тіке айтатын дағдысына қарап жақсы көрді. Жыл сайын жатақханадан орын береді. Сол Мейрамбек жыл сайын қыс түспей-ақ, студенттік кеңестің төрағасымен шатақтасып, жатақханадан шығып кетеді. «Бір қолында ақ арақтың шишасы, Тост көтерді Шілдебайдың Мишасы», – деп əзілдеп жү ре тін кезіміз. Ал Қожакеев көп ұзамай оған жа тақ ханадан тағы бір бөлме ұсынады. Сөйтіп, жа тақханаға кезекті бір оралып тұрған сəтте қияңқы Мейрамбектің деканға: «Осы маған жатақхана бермей-ақ қойыңыз деп сізге қанша рет айттым?! Тыңдамайсыз. Бəрібір шығып ке темін», – деп еркінсігені бар. Сол Мейрамбек қа зір Қызылорда

облыстық «Сыр бойы» газетінде қызмет істейді. Ана бір жылы облыс əкімімен бірге тік ұшақ апатына ұшырап, аман қалған жігіттердің бірі. Бірде бір оқытушы студент қыз баланың үстінен шағым айтып деканға кіреді. – Апыр-ай, Темке, мына студент сабаққа келмейді, берген тапсырмаңды орындамайды. Се бебін сұрасаң, жауап қатпайды. Тек сенен екі көзін алмай, қадалып қарайды да оты рады. Мынаның көзі біртүрлі. Өзіңіз бол масаңыз, мен мынадан қорқайын дедім... – Ол не қылған студент? Алып кел бері! Адамнан адам қорқа ма екен?! Оқытушы əлгі студентті ертіп келеді. Шынында да, жаңағы қыздың алақандай көзі адам шошытарлықтай екен. Қас-қабағын қақпай, не үн қатпай, деканға тесіле қарап, отыра береді. Қойған сауалын елең қылмайды. Сол кезде Темкең үстелді қойып қалыпты: – Əй, пəленше, алып кет мына қызыңды! Мынауыңнан мен де қорқам!.. Осылай тосын мінез танытып, елді елең еткізуімен де Қожакеев көптің құрметіне бөленді. Темкеңнің тепкісі Аға буын журналистердің арасында жиі айтылатын «Темкеңнің тепкісі» деген тіркес бар. Журфакқа жаңа түскенімізде кілең сақа жігіттер: «Сені елден айырған – Хан Жəңгірдің екпіні, Мойынымды қайырған – Тема ғаң ның тепкіні», – деп махамбетшілеп, өлеңдетіп жүретін. Əңгімелесе қалсаң, бəрі де деканнан көрген «зəбірін» айтады. Бір ғажабы, ешқайсысы соны ызаланып, кектеніп жеткізбейді, ішексілесі қата күліп отырып баяндайды. Кейін өзіміз де Темкеңнің тепкісін көргендердің оқиғасына сан рет куə болдық. Біздің оқу тобымызда белгілі журналист Ескендір Ертаев оқыды. Сабаққа келмей, үнемі староста Нұржамал Байсақалованың зығырданын қайнатады да жүреді. Ол кезде тəртіп бұзған студенттерге қолданылатын дəстүрлі екі жаза болатын. Біріншісі – жатақханадан шығару, екіншісі – стипендиядан қағу. Бұл жарықтыққа оның екеуін де қолдана алмайсың. Оқуға түскелі жан аяс пас досы Əнуарбек Əуелбеков екеуі пəтер жалдап тұрды. Стипендия дегенге ұмтылып көрген емес. Қолдары қалт еткенде шампан зауытына барып, тиын-тебен табады. Соны малда-

нып, жеңіл-желпі сабақтарда төбе көрсете бермейді. Қоғамдық жұмыс, жиын-пиын дегенді атамаңыз... Өздерінің қайда тұратынын да тірі жан білмейді. Алда-жалда қажет болып қалса, Василий Песковтің «Таежный тупик» атты атақты очеркіндегі Агафьяны іздегендей, Алматының бүкіл қолтығын түгел аралап шығасың. Екеуінің тұрмаған пəтері жоқ. Таулы қыраттан бірінші Алматыға дейін іздері сайрап жатыр. Пəтер берушілердің бəрі біледі оларды. Сұрау салсаң, Тетя Маша Тетя Валяға сілтейді, ол Баба Лиданы нұсқайды. Баба Лидасы Дядя Андрейге жібереді. Сөйтіп, бір кезде «ұстатпайтын кекшілдердің» ізі шығады. Сабақта көп болмаған соң оқытушылардың кейбіреуі бұл екеуін жөндеп танымайды да. Деканат Əнуарбекті іздесе, Ес кендір, ал Ескендірді іздесе, Əнуарбек барып, «Ен ді қайталамаймын», – деп антсу ішіп, кешірім сұрап, бірі үшін екіншісі түсінік жазып, қолын қойып кете береді. Жер қозғалса қозғалмайтын осы екеуінің қамсыздығын көріп, старостамыздың жүйкесі жұқарып, шашы ағара түседі. Онысымен қоймай əлгі Ескендір антұрғанның партбилетінен басқа еш нəрсені көңілі қаламайтын қатал старос тамызға көз сұғын қадап, кəдімгідей қырындап қоятынын қайтерсің. Сол Ескендір өзін Қожакеев деканатқа шақырғанда көзі күлімдеп сала береді. Басқалар ұнжырғасы түсіп, еңсесі езіліп, жүрегі жаншылып шығатын жерден бұл ысқырып, өлеңдетіп келе жатады. Айқай, ұрыс, сөгіс дегенді құлағына қыстырмайды. Алдымен есіктен қоңқақ мұрыны, сосын өзі кіреді. «Ту-у! Осының нерві-сі-а-ай...», – деп беймаза Байсақалова одан сайын қапаланады. Бір күні лекция үстінде Ескендір маған «Оқы!» деп дəптерін ұсынды. «Бұл неғып лекция жазатын болған?», – деп шұқшиып көрейін. Е, бəсе... «Темірбек Қожакеевтің маған айтқан сөздерінен» деп жазып, астын екі рет сызып қойыпты. «Əй, мұрын, ана қолағаштай мұрныңды қайқайтып тұрып қойып қалар ем, əттең заң жібермейді-ау» (Сабаққа келмегенімде айтқаны). «Саған айттың не, айтпадың не?! Сен де бір, мынау да бір» (тық-тық) (Əбден түңілгенде айтқаны). «Пышақ алқымыңды орайын деп тұрғанда қимылдайсың-ау»... (Ең соңғы сəтте үлгеріп, зачет тапсырғанымда айтқаны). «Уһ, болды енді, төзімім таусылды. Енді мен саған үндемеймін» (Одан кейін де үндеді)»... Əрі қарай күлкіден булығып, оқи алмадым. Басқа біреу болса, оқудан қашан шығарады деп түнімен ұйқы көрмей, берекесі кетер еді. Ескендір серінің істеп жүргені мынау. Бəсе, декан шақырғанда əлдебір қағазды

төрт бүктеп, қолына ұстай кететін еді. Темкең ақырып отырғанда бұл шабытын шақырып отырады екен ғой... Темкеңнің тепкісін көбірек көрген сол Ес кендір мен Əнуарбек екеуі де кейін жаман болған жоқ. Қазір Əнуарбек Əуел бек – «Алматы ақшамы» газеті бас редакторының бірінші орын басары, Ес кен дір Ертай – «Қа зақстан теміржолы» ұлттық компа ния сы бас пасөз қызметінің менед жері. Темірбек Қо жа кеевтің он алты жыл бойы атқар ған декандық қызметінің соңғы бес жылы біздің оқыған тұсымызға сəйкес келді. Курсымыздың үлкені, оқуға отыз төрт жасында қабылданған Аманғали Дайрабаев бірден деканның көзіне түсті. Нағыз жігіт жасындағы шу асау Аманғали Темкеңмен тістесе кетеді. Деканымыз оқыған-тоқығаны көп, білмейтін пəлесі жоқ сақа жігіттің бірбеткейлігін ұнатады-ау деймін, оған көп айқайлай бермейді. Керісінше, өзі жиі айтатындай, «достық рəуішпен» əжуалап, мысқылдап-мұқатып отырады. – Мынау Аманғали бəрін бүлдіріп алып, соны біреу-міреу жеткізіп қоймай тұрғанда маған айтуға өзі келеді. Келеді де, былай деп сайрайды: «Менің жүнім қызыл. Маған пəле-жəле жолағыш. Қарап жүрсем де, жұрт өзі келіп ұрынады. Əйтпесе, мен бір бейбітшілікті аңсап жүрген ақ кептермін...». Деканның өзі шаңқ-шаңқ етіп, екі иығы селкілдеп тұрып күледі. Одан Аманғалидың арынды күлкісі лекілдеп ағытыла жөнеледі. Осы қуатты күшті қос күлкінің арасында қалғанымыздың көкжасық күлкілеріміз де булығып, қиқылдап-шиқылдап жатамыз... Темкеңнің қаталдығынан арқалы ақындар көп «зардап» шекті. Тар шеңберге сыймайтын тарпаң таланттар оқу жүйесінің жіпсіз байлайтын жəне өмірі таусылмайтын талаптарына бағына бермеді. Ащы су ақындықтың құрамдас бөлігіне айналған заманда арындап тұрған дарындар талай рет маңдайын тасқа соқты. Тасқа соғылған маңдайды тастай қатты Темкең де сипай қоймады. Содан ақындар журфакта ұза-а-ақ оқыды. Бірақ КазГУ-ге көңілі қалаған уақытысында соғып, үзілген жылдарын жалғап тұрды. «Басқа вузда бұл факті, Кезікпеген, братан, Жиырма екі жыл журфакты, Ежіктеген, братан», – дегендей, арқалы ақындардың журфакта оқу ұзақтығының рекордтық көрсеткіші – ширек ғасырға жуық. Темкеңнің қатал кейпін сол ақындар ептеп өлеңдеріне де арқау етті («Декан ағайдың вокзалда досы бар екен»), оқудан шығып, елге келген жұпыны халін де аңғартты («Қармақшым суық қарсы алды»). Бүгінде Темкеңнің тепкісін көрген ақындардың

бəрі де қазақ поэзиясының қабырғалы қаламгерлеріне айналды. Бұдан ұғатынымыз, Те мір бек Қожакеев таланттардың кейін өздеріне де кесірін тигізуі кəдік кедір-бұдыр мінезіне қар сы майдан ашқан секілді. Ақын атаулыны тен тектігіне бола тепкілесе де, талантына тигізбей тепкілепті. Бұлай болуы заңды да. Ақындардың де каннан басқа тартысатын да, шарпысатын да кісілері көп. Жарасқан ақын айтқандай: «Ерке бала көнбейді қақпайлауға, Таяқты да көп жейді ерке бала»... Ғылым докторы атанған кезде бір ағамыз өте жақсы айтты: «Əр ұстаздың шəкірт тəрбиелеу əдісі əртүрлі. Біреу аялап, мəпелеп, елжіреп тəрбиелейді. Ал Темкең бізді аспанға лақтырып жіберіп, құлап келе жатқанда жерге түсірмей қағып алып, өсірді. Құдды балапанын қиядан тас тап жіберіп, қарап тұратын қыран құс секілді». Яғни, аялай тұра аямаған, аямай тұра аялаған! Шəкірттерінің сабақ үлгерімін бағалауға келгенде Темірбек ағаны бағаға мырза деуге де, сараң деуге де болады. Мырза дейтініміз, көңілі шалқып отырғанда емтиханда бірсыдырғы, бірақ мүдірмей жауап берген студентке «бес» қоя салады. Мұндайда бұрын жай оқытушылардың өзінен осындай баға алып көрмеген əлгі пақырдың көзі тұманданып, тілі байланып қалады. Ал оған керісінше, сəл нəрсеге қитықса, өмір бойы «беспен» оқып келе жатқан үздіктердің үздігінің зачеткасына қайқайтып «үштік» қоя салу оған түк емес. Ол лениндік стипендиант па, қалалық кеңестің депутаты ма, университет комсомол ұйымының хатшысы ма, Темкеңе бəрібір. Көп жұрт осыған əлі күнге дейін түсінбейді. Бірде – көл, бірде – шөл. Сол Қожакеевтің сабағынан алған жалғыз «үштің» кесірінен қазақтың небір «мен» деген жігіт те рі қызыл дипломнан қағылды. Қызыл диплом иелену үшін «төрттіктеріңнің» саны жиырма бес па йыздан аспаса жетіп жатыр. Ал өңкей «бестікпен» өрнектелген бұлардың дипломында «төрттіктің» өзі төбе көрсетпейді. Оның есесіне кілең «бестіктің» арасына қой үркітуге қойған қарақшыдай болып «үштік» қонжиған. Кейде осы дипломның бағасы түзілетін қосымшасына қол қоюға деканның дəті қалай барды екен деп ойлайсың. Бірақ сол Темкең тақымын бір рет батырған жігіттердің атағы алысқа кетті. Бəрі де алты алашқа танымал азамат болды. «Үштік» алған жігіттердің біразы қазір қазақтың үш биіндей беделді. Талай оқу орындарын қызыл дипломмен бітірген мың-сан ұландар олардың қарамағында қызмет істейді. Бəлкім, оларды дипломына түскен дақ

секілді бай қаусызда алған «үштігі» ширықтырды ма екен?! Мүмкін, бұл да бір Темкең-ұстаздың өзіндік əдістемесі ме, кім біледі.? Неге одан тепкі көрген адам жасып қалмайды? Неге одан сайын өршелене, биіктерге ұмтыла түседі? Міне, бұл да түсініксіз... Темкең тепкіледі екен деп, оның жағасына жармасып жатқан жанды тағы көрмейсің... Бəрібір арбасы түзу келе жатқан қыз-жігіттерге бүйрегі бұрып тұратын еді. Университет комсомол комитетінің хатшысы Əміржан Қосанов мем лекеттік емтихан тапсырып отырғанда Темір бек ағамыздың комиссия мүшелеріне былай деп қалжыңдағаны бар: – Əй, мынау – қатты өсіп келе жатқан бала. Бағасын дұрыстап қойыңдар! Ертең ЦеКаның хатшысы болып, сорымызды қайнатып жүрмесін... Темірбек ағамыз көрегендік танытыпты. Бала кезінен қызметке бейімділігін көрсеткен Əміржан өсіп-жетілем дегенше ЦеКаның тарап кетуіне байланысты хатшы бола алмады. Есесіне жиырма сегіз жасында министрдің орынбасары, кейін Үкімет басшысының баспасөз хатшысы болды. Басшылық қызметтегі біреу-міреу мүлт кетсе, Темірбек ағаның ащы даусы шығады: «Əй, слушай, өзіміз он алты жыл декан болғанда бүйтіп алжымап едік...». Осыған орай ойымызды түйіндесек, «Темкең нің тепкісі» деген тіркес тілеулестік ұғымымен сабақтасып жатқан секілді. Университетте – студентімсің, үйде – қонағымсың Жұмыссыздықтан жүдеп жүрген кезін талай көрдік. Бірақ еңсесін тік ұстады. Басқа біреу болса, жүнжіп кетер еді. Ал ол күн ұзаққа сарылып, Ұлттық кітапхананың сирек кітаптар мен қолжазбалар бөлімінде отырды. Баспасөздің тарихындағы ақтаңдақтарды анық тап, жаңаша көзқараспен зерделеуге ден қойды. Бір күні мен қызмет істеп жүрген басылымға келді. Бір мақаласы ұзағырақ жатып қалған еді. Соған ептеп реніш білдіріп, іссапарда жүрген бас редакторыма үшбу хат жазып кетті: «Мен қызметімнен айырылғаныммен, баспасөзге араласу құқымнан айырылғаным жоқ. Сол естеріңде болсын!». Кейін оның ұсынған дүниелері жиі жариялана бастады. «Жас Алашта» Бейбіт Исабаевтың «Ұстаздың оралуы» атты очеркі жарық көргеннен кейін

Темірбек ағамыздың еңсесі қайта көтерілді. Жүзіне күлкі үйірілді. Бұл кезде профессор университетке қызметке алынған. Бірақ талай өзінің тері төгілген журналистика факультетіне емес, бір қабат жоғары орналасқан филология факультетіне... Өз басыма тоқталсам, төменгі курстың өзінде-ақ Қожакеевтің шаңырағынан дəм татудың реті келді. Бірде ішінде мен де бармын, үш студентті оқытушыларымыздың бірі шақырып алды. Біраз уақыт бұрын деканның қызы Гүлмираның ауыр науқастан қайтқанын естігенбіз. Ағайымыз бізден перзентінің басын қарайтуға көмектесуімізді өтініпті. Үш жігіт Темірбек ағамен бірге күні бойы «Кеңсайда» жұмыс істедік. Ағамыз ауық-ауық терең күрсінеді... Кешке қарай «Үш алып» деп аталатын ғима ратта, «Искра» кинотеатрының төбесінде орна ласқан Қожакеевтің пəтерінде отырмыз. Маң-маң басқан Азат апамыз буын бұрқыратып ет əкелді. Дəу табақтың ішінде еттің тау болып үйілгені соншалық, үш студентке емес, бір оқу тобын түгел тойғызуға жететін еді. Үйден жыраққа кетіп, Каз ГУ-дің асханасынан жүрек жалғап жүрген біз мұншама қазы-қарта мен жалжаяны көріп, жылап жібере жаздадық. Ол ол ма, қызығы бар əлі... Ойбай, мына көз не көріп тұр?! Арақ ішкен студент көрсе, аттандап шыға келіп, ит қосып қуатын атышулы Қожакеев бір-екі «қылмойынды» өз қолымен ашы-е-е-п жатыр. Дымымыз шықпай қалды. Тілімізді жұтып қойғаннан саумыз ба?! Абырой болғанда, ішіміздегі жүрек жұтқан батылымыз Бауыржан Үсенов тілге келді. – Ой-ой, ағай! Біз ішпейміз! Ашпаңыз, ойбай... Біз деген студентпіз ғой, – деп шыр-шыр етті. Оны елең қылған Қожакеев жоқ. Басын кегжитіп, ақсия күліп, рюмкелерге лықылдатып, арақ құя бастады. – Ештеңе етпейді. Университетте – студентім сіңдер, үйде – қонағымсыңдар! Ал, тартыңдар! О бастан арақ ішіп қарқ қылмаған мен ернімді тигіздім де қойдым. Серілігі мен перілігі қатар жүретін Бауыржан досым іркілген жоқ. Үшінші курстасымыз да жұтқыншағын бүлкілдетті. Темірбек аға бізді екі сағат қонақ етіп, «Ал, балалар, осыған ырза болыңдар!» – деп мейірленіп шығарып салды. Бұл бір «Осының өзі өңім бе, түсім бе?!» – деп аң-таң қалатындай сəт еді. Құдды «Əуезовтің үйінен қымыз іштім!», – деп масайраған жас Қабдоловтың күйін кештік. Сол кез-

де біреу-міреуге: «Аюдай ақырған Қожакеевтің үйінде болып, бірге рөмке соғыстырып, жүз грамм іштік», – дегеннен гөрі «Арыстанның аузына басымызды тығып, қайта суырып алдық», – деген əлдеқайда сенімдірек шығар еді. Алматының көшесінде желдей есіп келеміз. Жатақханаға келген соң да түн ортасына дейін ұйқы көрмей, таңға жуық əзер тыншыдық. Осыдан кейін өзімнің де Қожакеевке бо йым үйренді. Оның соншалықты жаншошырлық кісі емес, күйіне де, қуана да білетін мейірбан адам екеніне көзім жетті. Студент кезімнен ма қа лаларым жиі жариялана бастаған мені өзі де бауырына жақын тартты. Ақыры, ғылым жолындағы алғашқы ізденісім болып саналған «Бүгінгі қазақ пародиясы» атты дипломдық жұмысымды профессор Қожакеевтің жетекшілігімен сəтті қорғап шықтым. Бұл Темірбек ағаның қызметінен босап, факультеттің бар билігі орыс деканның қо лы на көшкен тұс еді. Көңілі пəс болып жүрсе де, шəкірттерін қызғыштай қорып, ешқайсысына шаң жуытпады. Баяғыда маңдайға басқан жалғыз футбол командамыз біресе жеңіп, біресе жеңіліп, божырай бас таған кезде курсымыздың бас жанкүйері Талғат Батырхан: «Шіркін, осы «Қайратты» Темірбек Қожакеев жаттықтырса ғой... Құдай біледі, бір-екі жылда чемпион қылар еді», – деп жұртты ду күлдіретін. Содан Темірбек ағамыздың үстіне спорт костюмін, басына телпегін киіп алып, доп қуалап, ширақ қимылдап, əрі-сəрі күйге түскен қайраттықтардың басын біріктіріп, жаттықтырып жатқан сəтін көз алдымызға елестетіп, мəз болатынбыз. Шынында да, кейде қоғамның белбеуі босап кеткен тұста ортамызда тəртібі темірдей қатты Темкең жетпей тұрғандай көрінеді... 2008 ж.

СƏУЛЕТТІ СЕКСЕН БЕС Шалы көп шаңырақ Алдаспаны – бірлігім, Алға асқаны – бір ғылым. Алыптардың сарқыты, Арамызда жүр бүгін! (Əдебиетшілер фольклорынан) Бір шаңырақта бір ақсақал жүрсе, сол жерге кие қонады. Ал сондай қадірлі қарттардың бір емес, бірнешеуі болса ше?! Ол енді ортаймас қазына, таусылмас құт-береке. Солар шаңырағыңды биіктетіп, керегеңді кеңейтіп тұрады. Сол көшелі көп шалдың ішінде көшбастаушы бір ақсақал болады. Елдің бəрі соның аузына қарап, имамға ұйығандай ұйиды. Қай жерде де барша жұрт бас иетін бас иенің болғаны қандай жақсы. Мен шалы көп шаңырақ – М.Əуезов атындағы Əдебиет жəне өнер институтында қызмет істеген кезімде осыны ұқтым. Алашқа аты танымал ақсақалдар ғылыми мекеменің ажары мен базары болатын. Бұлар – осы мекеменің бұрынғы басшылары, кешегі министрлер, бүгінгі академиктер, мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары еді. Бəрі де шетінен сұңғыла. Өздері өмір бойы əдебиет пен өнерді зерттесе, сөйтіп абыройлы ақсақалдыққа жетсе, сұңғыла болмай қайтсін. Əңгіме тиегі ағытылса, шетінен төгіле жөнеледі. Тек тыңдаудан жалықпасаң болды. Бала кезінде ашаршылықтан аман қалған, бозбала кезінде соғыстың зардабын тартқан, есейгенде зұлмат заманның зобалаңын көрген буынның айтары таусылмайды. Ол кезде ғылыми-зерттеу институтының жарытымсыз жалақысымен жан бағу мүмкін емес-ті. Сондықтан мен сол жылдарда аты дүркіреп тұрған «Хабар» агенттігінде қосымша жұмыс істеп жүрдім. Институт пен агенттіктің арасы соншалықты алыс емес. Бірақ екеуі екі ғасырдың мекемесі сияқты. Аяңдап «Хабарға» келсем, қарбалас тіршіліктің үстінен шығам. Бақайшағына дейін су жаңа техникамен жарақтанған əбжіл репортерлер жан алысып, жан берісіп жатады. Қайнаған өмір, ағынды ақпарат. Найзағайға нан пісіріп алатын өңкей жұлымыр жастар. Екі иығын жұлып жеп, жанығып жүрген жұрт. Сол ерекше екпінмен институтқа арындап кіріп келсең, бүкіл тіршілік тоқтап

қалғандай көрінеді. Телегей теңіз тарихтың зіл салмағына иығын тосып, төбені тіреп тұрған қалың қабырғалар. Талайдың табаны тиген, түгі азайған көнетоз кілемдер. Елу жылдан бері жақсыға да, жайсаңға да табалдырығын төсеп, төрге оздыратын екі құлаш емен есіктер. Сол есіктен əр кіріп шыққаны олжаға баланатын абыройы асқақ, ақырын сөйлеп, анық басатын, асықпайтын ақсақалдар. Соларға еліктеп, əр сөзін баппен бастап, бипаздап ұқтыратын қырмасақалдар. Əрине, «Хабардың» да өзіне жететін «шал-шауқаны» жоқ емес. Диас Омаров, Тілеуқабыл Мыңжасаров, Заманбек Əбдешов сияқты аузы дуалы, сөзі уəлі «ақсақалдар» ол жерде де бар. Бірақ институт шалдарының жөні бөлек еді. «Мына шалдар кетеді ертең дау бар ма, Біз өзіміз айналамыз тауларға», – деп Есенғали ақын айтқандай, олармен ықыластана тілдесіп, емін-еркін əңгімелесудің рахатына ешнəрсе жетпейді. Соның ішінде топ бастаған серкедей біреуінің орны айрықша. Ол бүкіл болмысымен басқалардан ерекшеленіп тұрады. Азырақ сөйлеп, көбірек тыңдайды. Ешкімге дауыс көтермейді, біреуді орынсыз сөкпейді. Өзіне ұнамаған кісіні кекетіп-мұқатып, қажап-қыжырту əдетінде жоқ. Қабағын сəл шытқанының өзі жетіп жатыр. Жайылып сала берген езуіңді лезде жинап аласың. Айтар сөзің көмейіңе жұтылып, қапелімде дыбысың шықпай қалады. Ал енді ол кісі алда-жалда күле қалса, айналаға əдемі бір шуақ тарайды. Ол шуақ саған да əсер етпей қоймайды. Кеудеңе нұр, санаңа сəуле құйылғандай болады. Бірақ атақты академикті үнемі арқажарқа болып, көңілді жүреді деп айта алмаймын. Негізінен оны біз аса бір салиқалы кейіпте көреміз. Біреу-міреуге ұзын-сонар ақыл айтып, ауызекі дидактиканы қайта-қайта қазбалап тұрып алғанын да байқаған емеспін. Бірақ, соның бəрін қас-қабағымен, іс-қимылыменақ ұқтырады. Ағамыздың қас-қабағы ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін үнсіз-ақ аңғартып тұрады. Мекеме болған соң, əрине, оның басшысы болады. Сол мықты деген дəу директорыңыздың өзі институттағы ірілі-ұсақты шаруаны əлгі ақсақалмен ақылдасып шешетін тəрізді. «Менімен неге ақылдаспайсыңдар?», – деп төтенше талап қойып отырған ол жоқ. Алайда оның ғылымдағы салмағы, қоғамдағы орны, өмірдегі болмысы осыған міндеттейтіндей. Қысқасы, бұл институт маған аталар мен əкелерді бір шаңырақтың астына жинаған кəдімгі ауылдың жарасымды тіршілігін елестетті. Мұндай əулетте өскен балалардың бағы жанатыны

бесенеден белгілі емес пе? Алыптардың сарқытын ішкен сүйегі асыл ағалармен бір мекемеде қызмет істейтін біздер шынында да бақытты едік. Əңгімеміздің арқауы – академик Серік Қирабаевты қазақ руханиятының қасиетті құтханасының бойтұмары десе де болады. Дұрысы, бойтұмар емес, біртуар. «Екі Кенен тумайды, Алатауға ексең де», – дегендей мұндай кісілердің болмысы енді ешқашан қайталанбайды. Шалы көп шаңыраққа алғаш қызметке келгенде мен осындай ой түйген едім. Əлі де сол пікірім өзгере қойған жоқ. Қирабаевтың қас-қабағы – біз үшін өмірдің оқулығы. Жекімей-ақ жолға салатын, жасқамай-ақ тезге салатын сол қабақтарды кəдімгідей сағынасың кейде... Айтпақшы, қазір бір кездегі шалы көп шаңырақтың ақсақалы едəуір азайған. Солардың ішіндегі əдебиеттанудың алып бəйтерегінің діңі берік тұр. «Бес маршалдан» – бір маршал Жігерімен жалынды, Жастай көзге шалынды. Жаңарқадан шықты да, Жалпақ жұртқа танылды! (Əдебиетшілер фольклорынан) Елуінші жылдардың басында Жаңарқадан жетпіс шақырымдай жерге Смайыл Қирабаев үй тұрғызыпты. Оның көрген қатарлас төрт шал дəл осы тұсқа үй салады. «Бұл кімнің үйлері?», – деп сұраған сырттан келген өкілге Өндібай деген тілінің тікені бар жігіт: «Мұнда бес маршал тұрады», – деп əзілдеп жауап беріпті. Содан бері осы жер «Бес маршал» деп аталады. Тіпті Жезқазған жаққа қатынайтын автобус аялдамасының аты да «Бес маршал» делінетін көрінеді. Шекпен-шені жоқ осы «бес маршалдың» ноқта ағасы Смайыл көкеміз сол жерден мəңгілік орын теуіпті. Əу баста өзін осында қоюды өсиет етсе керек. Кейін ағайынтуған сол маңды бірте-бірте үлкен қорымға айналдырған. Жаңарқа жері алты алашқа əйгілі азаматтарды топтап түлетсе де, əлдеқашан бақилық болған «бес маршалдың» əулетінен атақты əскери

қолбасшылар шыға қоймады, əрине. Оның есесіне əдебиеттанудың əйдік маршалы шықты. Жастайынан ауыз əдебиетінің үлгілерін жаттап өсті. Əдебиеттану саласынан ғылыми еңбек қорғады. Академик атанды. Əдебиеттанудың ұстаханасы – Əдебиет жəне өнер институтын басқарды. Ұлы Абайдың шығармаларын зерделеген еңбектері үшін Мемлекеттік сыйлық алды. Қазір де қазақ əдебиетшілерінің көшін бастап тұр. Ендеше, Серік Смайылұлы маршал емей кім? Ғылымның қай саласында да ақтық байлам, кесімді сөз айтатын кесек мінезді кісілер болады. Белгілі бір мəселе бойынша тығырыққа тірелгенде ел-жұрт соңғы шешімді содан күтеді. Тіпті əдебиеттанудағы салмағы ешкімнен кем емес, сөз өнерінің сұңғыласы Зейнолла Қабдолов пен теорияның жілік майын шағатын зиялының зиялысы Зəки Ахметовтің өзі қажет кезінде Қирабаевқа құлақ қоятын секілді көрінетін. Бұл үйлесімді үштағанның бір-біріне деген қадір-құрметі керемет еді. Барлық сала секілді əдебиеттанудың да өзіндік жазылмаған заңдары мен жарияланбаған ережелері бар. Мəселен, Əдебиет жəне өнер институтында докторлық диссертациялар қорғалар алдында ғылыми мекеме басшылары Серік ағамен ақылдасады. Себебі, тағы бір доктор қатарға қосылғалы тұр. Ол ертең жас əдебиетшілердің тағдырын шешеді. Ол шын ғалым ба, əлде, көлденең көк атты ма, оны айқындап алған дұрыс. Төбеден тоқпақтап, киіз қазықты жерге кіргізгісі келетіндер де болмай қалмайды. Соларға тосқауыл қою үшін де тегеурін керек. Əдебиеттануға қадам басқан əр ғалым Мұхтар Əуезовтің есімін иеленген институттың атына кір келтірмеуі керек. Сондықтан əйгілі Əуезовтің көзін көрген қадірлі Қирабаевтың биресми батасы өте маңызды. Əдебиеттану ғылымының атасы мен батасына айналған абыройлы ақсақалдың қолдауымен осы салаға келген қыз-жігіттер əзірге оны ұятқа қалдырып көрген жоқ. Өрімдей жас кезінде орта мектепке арналған əдебиет оқулығын жазды. Жазбасқа лажы жоқ еді. Алдыңғы толқын ағалар зобалаңға ілініп, жазықты болып кетті. Таңдау жиырмадан енді ғана асқан үш жас зерттеушіге түсті. Зейнолла Қабдолов, Айқын Нұрқатов үшеуі жазған сол оқулықтың жарық көргеніне алпыс жыл толды. Сапалы əзірленген бұл оқулық үшеуін де қалың елге танымал етті. Əке мен баланың жəне немеренің қолынан өткен ғұмырлы оқулық болды бұл.

Серік Қирабаевтың «Шындық пен шығарма», «Талантқа құрмет, «Əдебиеттанудың ақтаңдақ беттері», «Тарих жəне əдебиет», «Тəуелсіздік рухымен», «Өмір тағылымдары» атты ғылыми-танымдық кітаптары ойлы оқырманның қастерлі қазынасына айналды. жылы КСРО Педагогикалық ғылымдар академиясы құрылған кезде Оқу-ағарту министрі болған Əбдіхамит Сембаев екеуі академияның мүше-корреспонденттігіне өтті. Ал Мəлік Ғабдуллин толық мүшелікке кірді. Осыдан-ақ мұның қазақ ғалымдарының басына оңайлықпен қона бермейтін бақ екенін бағамдай беріңіз. 1966 жылдан 1974 жылға дейін КСРО Жоғары жəне арнаулы орта білім министрлігінің қарауындағы Жоғары Аттестациялық комиссияның филология жəне өнертану саласы бойынша сараптау кеңесінің мүшесі болды. Бұл құрылымға бұған дейін Мəлік Ғабдуллин мен Митрофан Сильченко ғана еніпті. Осынау беделді комиссия құрамындағы шығыс халықтары өкілдерінің саны үш-төртеуден аспайтын. Серік аға өзі мүше болған сегіз жылда қазақтың талай талантты перзенттерінің жолын ашты. Қиналғанына қол ұшын берді. Біразын ВАК-қа диссертациямен ілесе жеткен арыздардан, дүниені дүрліктірген дау-дамайдан арашалады. Мəскеу марқасқаларының алдында жерлестері үшін сан рет күйіп-жанды. Ғылыми еңбегі бекіген əріптестерінің дипломын елге ала келіп, көл-көсір қуаныш сыйлады. Серік ағамыз басшылық қызметтерді де абыроймен атқарды. Елдің ең үлкен кеңсесі – Орталық Комитетте идеологияға жауапты бөлім меңгерушісінің орынбасары болды. Беделді бұқаралық ақпарат құралдарын басқарды. Жоғары оқу орнының кафедра меңгерушілігінен проректорлығына дейінгі жолдан өтті. Абыроймен келген қызметін дер кезінде абыроймен табыстай білді. Өз еркімен орнынан түсіп, үнемі жастарға жол ашты. Директорлықты да, бөлім меңгерушілігін де лайықты шəкірттеріне қалдырды. Содан соң олардың шаруасына өмірі араласпайды. Өзі қатардағы қызмет иеленіп, бөлмесінде елеусіз ғана отырады. Бірақ оны осыдан соң елемей көріңіз. Кейінгі буын ардақты ағаны осы қасиеті үшін де құдайдай сыйлайды. Қанағатшыл Қирабаевтың текті тұлғасы биіктеген үстіне биіктей беретіні де сондықтан.

Келтеталдан кемелдікке дейін Салып көрсек байыпқа, Сізге ұқсау айып па? Сөз саптаймыз еліктеп, Серік Қирабаевқа! (Əдебиетшілер фольклорынан) Кейін танымал əдебиетші, сарабдал сыншы боларына көрінген шығар, жастайынан ақындармен араласып-құраласып тұру пешенесіне бұйырды. Мектепте оқып жүрген кезінде ақын Ғабдиман Игенсартовпен көрші тұрды. Ол сол кезде Жаңаарқа аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары болып қызмет істепті. Өзі бастық, өзі өлең жазатын шенеунік шайырдың болмысы жас ұланға едəуір ой салғанға ұқсайды. Кейін Қарағандыда есепшілер курсында оқып жүргенде ақын Қайып Айнабековпен көрші болады. 1929 жылы «Қырдың қызыл гүлдері» деген жыр жинағы шыққан Қайып ақынның еңкіш тартып қалған кезі екен. Жыр сұңқары Сəкеннің қайнағасы Қайып ол ұсталып кеткен соң мазасыз күй кешкен көрінеді. Сөйтіп, қайда барса да өлеңнің өзі Серік ағаның соңынан қалмай, оны үнемі төңіректейді де жүреді. Соның əсері болар, қазақтың ауылда өскен бар баласы секілді біздің Серік ағамыз да ақын болмаққа бел буып, жыр жазыпты. Алғашқы өлеңдерінің бірі Жаңарқадағы Жарық деген елді мекенге арналған. Бұл өлең аудандық газетке басылады. Сөйтіп, Серік ағам бала күнінде Карл Маркс атындағы мектептің мұғалімі болып жүргенде поэзиядағы тырнақалдысына географиялық нысанды тақырып етіп алып еді. Сірə, кейін қазақ география ғылымының келешек көшбастаушысын жар етіп, бақытты ғұмыр кешетініне көрінген шығар. Оны айтасың, біздің кейіпкеріміз ақындар айтысына да қатысты. Айтыс болғанда, анау-мынау айтыс емес, 1944 жылы Жаңарқада өткен бүкіл аймақ ақындарының сөз сайысы. Соған қатысатын аудан ақындарының тобына қосылды. Ауылдың көркемөнерпаздар үйірмесі қойған Бейімбет Майлиннің «Шұғасын» тамашалап, Шұғаның, Əбіштің монологтарының өңін өзгертіп, сол үлгімен нағашылары мен жеңгелеріне арнап өлең өрді. Халықтық үлгілерді сол заманға бейімдеп айтты. «Серпілді, тұман, серпілді, Аласың, Қаят, еркіңді. Көргенде Өсер

қуансын, Құбылт, Қаят, көркіңді. Жеңілді, əкең, жеңілді, Жеңгең Бəден көңілді. Өксігіңді бас, Қаят, Өмір таңы көрінді», – деп даяр үлгімен əйел теңдігін жырға қосты. Сəкеннің серігі, сөзге ұтқыр, сайқымазақ жынды Əбенді көріп, оны қызықтап, əңгімесін тыңдады. Əбеннің бастан кешкен хикаялары бірінен бірі өтеді. Жалпы, Жаңарқада сүйегіне сөз сіңген мұндай кісілер өте көп. Соның бəрі оның жазу өнеріне деген құмарлығын оятты. Тіл мен əдебиеттен басқа бірқатар пəндерге де бейімі бар еді. Мектепте химия пəнін өте жақсы оқыды. «Түбінде сенен мықты химик шығады», – десетін ұстаздары. Бірақ Менделеев кестесін жата-жастана зерттеу маңдайына жазылмапты. «Кейінгі жағдайлар (оқудан қол үзіп қалуым) бұл ойды іске асырмады, – деп жазады ол өзінің естелігінде. – Химия сияқты ғылымдар үнемі жаттығуды, лабораториялық жұмысты талап етеді ғой». Қазіргі күні Серік ағамның ақ халат киіп, химиялық қоспалар мен ерітінділерді мидай сапырылыстырып, лабораторияда тəжірибе жасап жүргені көзге елестей қоймайды, əрине. Оның есесіне, қазақтың мен деген атақты ақын-жазушыларының шығармашылық лабораториясына үңілді. Қай істен де нəтиже шығармай қоймайтын Серік ағам химияның жолын шындап қуғанда бүгінгі əңгімемізді «Ұлттық Ғылым академиясының академиктері, отандық химия ғылымының көшбасшылары Мұрат Жұрынов, Еділ Ерғожин, Нəдір Нəдіров жəне Серік Қирабаев...» деп бастап отырар ма едік, кім біледі... Жас күнінде есеп-қисапқа өте жүйрік болды. Жазғы демалыста мектептен бос кезінде аудандық банкте бухгалтердің көмекшісі болып жұмыс істеді. Қарағандыға барып, банк есепшілерінің үш айлық курсында оқыды. Бұл саланы қуғанда да өз ісіне жетік майталманның бірі болары анық еді. Ал енді сіз менің Серік ағамның аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкері болғанын білесіз бе? Ол аудандық бөлім жанындағы еңбекпен түзеу инспекциясының бастығы қызметін атқарды. Жұмысын адал істейтін тəртіп сақшысын ешкімнің оңайлықпен жібергісі жоқ. «Оқимын» дегеніне бастықтары құлақ аса қоймады. «Оқысаң, өзіміздің жүйенің оқуын оқисың», – деп сіресіп бақты. Ақыры, жоғарыға хат жазып, Алматыға аттанып тынды. Сөйтіп, бір кезде милиционер формасын киген Ғабит Мүсірепов, тапаншасымен елді тəртіпке шақырған Сəбит Мұқанов сияқты Серағаң да осы саланың дəмін татты. Өз басым ісіне мығым, тиянақты Серік аға ішкі істер қызметінде жүре бер-

се, бүгінде сымдай тартылған сымбатты генерал болатынына титтей де күмəнданбас едім. Ол өз жолын өзі таңдады. Əдебиеттану мен сынға саналы түрде келді. Өлең-жырға құмарлығы текке кеткен жоқ. Спандияр Көбеев пен Сəкен Сейфуллиннің шығармаларын зерттеп, кандидаттық, докторлық диссертация қорғады. Абай мен Жамбыл, Бейімбет пен Сəбит, Қасым мен Иса, Ғали мен Əбділда, Асқар мен Жұмағали сынды қазақ əдебиеті алыптарының өмірі мен шығармашылығын зерделеп, монографиялық еңбектер жазды. Жариялылықтың жылымық желі ескен тұста жазықсыз жазаланған арыстарымыздың əдеби мұраларын ақтаңдақтардан арашалауға үлкен үлес қосты. Оның бас-көз болуымен Шəкəрім Құдайбердиев, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов шығармалары ортамызға қайта оралды. Сөйтіп, Арқадағы Келтетал ауылында кіндігі кесілген парасатты перзент бүгінде Алаштың ақылы кемел абызына айналды. Бақ пен бап Шабысынан танбайды, Шаршап жолда қалмайды. Ширақтығын көргенде, Шал деуге ауыз бармайды! (Əдебиетшілер фольклорынан) Академик Серік Қирабаев сексеннің бесеуіне келді. Бұл сексен бестің жөні бөлек. Оған жеткен де, жетпеген де бар. Ғылым адамдарының дені алпыстан асар-аспаста маңдайы жылтыраған қасқабас қартқа айналады. Кейбірінің тегеуріні тежеліп, қуаты қайтып, таяққа сүйеніп, еңкіш тартады. Енді бірі қазір айтқанын қазір ұмытып, «адам қартайғанда бір баланың» күйін кешеді. Бірқатары қоғам ісінен, заман тіршілігінен іргесін аулақ салып, күн ұзаққа қағазға көміліп, үйінде отырады. Ал əдебиеттанудың алыбы саналатын атақты академикті бұлардың ешқайсысының қатарына қоса алмайсың. Тіл-аузымыз тасқа, əзірге найзадай тіп-тік. Шашының əр талы шашау шықпай, орнында тұр. Жүріс-тұрысы ширақ. Адымдап жүргенде жанына ерген елудегілерді ентіктіреді. Еске сақтау қабілеті есіңді тандырады. Кеудесі – көмбе,

зердесі – қазына. Бүтіндей бір ғасырдың бүкіл құпиясын көкірегіне хаттаған алтын сандық дерсің. Сол баяғы қалпынан өзгерген емес. Əредік əңгіме бастаса, дерек пен дəйектен ешқашан жаңылыспайды. Батырлар жырларын əлі күнге дейін жатқа соғады. Əр сөзін шегелеп айтады. Əдепкіде атап өттік қой, ағынан жарылса, ұзаққа сілтеп, жуық арада тоқтай алмай, елді де, өзін де əбден мезі ететін көкезу қартың ол емес. Аз сөйлеп, берекелі пікір айтады. Үнсіз отырып-ақ саған көп нəрсені аңғартады. Тек сергек сана, көреген көз болса болды. Тұнжыраса – тартынасың, күлімсіресе – көңілденесің. Алматы мен Астананың арасына еркін қатынайды. Тұрпатынан тектілігі байқалып тұрады. Уəдесін ешқашан бұзбайды. Тиянақтылығы жағынан ешкімге ұпай бермейтін жапондардың өзін жолда қалдырады. Иілмеген емендей, мəуелі бəйтеректей тұтастық танытады. Əдемі ақсақалдық, қадірлі қарттық деген осы шығар. Міне, сондықтан бұл белесті сəулелі де сəулетті сексен бес дейміз. Əттең, жиырма бірінші ғасырдың көшіне əлдеқашан ілесіп кеттік, баяғы заман болса, академиктің киген киімінің шалғайынан шалғай, түймесінен түйме қалмас еді. Ырымшыл қазақ жақсының жамылған шапанының шалғайын шолтитып кесіп, бешпентінің түймесін қырқып алып, пышақ үстінен бөлісіп əкетеді ғой. Қазір ол дəстүр жоқ. Сондықтан текті тұлғаның шалғайы бүтін, түймесі түгел. Серік ағаның сыны бұзылмайтын себебі бар. Өйткені, əйгілі академикті өз шаңырағында тағы бір академик баладай баптап, бар жағдайын жасап келеді. Қазақ қыздарының арасынан шыққан танымал ғалым Əлия Бейсенова қалың елге қадірлі Қирабаевтың қартаюына жол берген жоқ. Сондықтан Серік ағаның бағы мен бабы қатар жүрді. Академик əлі күнге дейін ғылыми қызметтен қол үзген емес. Көрнекті ғалымды ширақ күйден ажыратпай тұрған себептің тағы бірі осы. Жұмыс адамды ширықтырады, еңсені көтереді. Осыншама биік белеске жеткеніне қарамастан Серік Қирабаевтың өмір жолы тақтайдай тегіс болды дей алмаймыз. Оның да тіршілігінің өрі мен еңісі бар. Алдымен əкесі қиындық көрді. «Қирабаев – халық жауының қалдығы» деген аттаншыл мақала бұлардың əулетіне пəле болып жабысты. Кейін өзі де талай рет əділетсіздікке тап болды. Күн сайын біреуі ұсталып, итжеккенге айдалып жатқан ұстаздарының қасірет-қайғысы жүрегіне жара салды. Ашсаң аузыңнан, тілдессең

тіліңнен табатын зұлмат заманда өмір сүрді. Тұрлауы жоқ тіршілік «табаным тасқа тиер деп, қияға сақсынып шығуға» үйретті. Қазақ болмысының қаншама құпиясы көкірек көзіне шемен болып қатып қалды. Жылымықтың жылылығы еріте алмаған талай тылсым дүние əлі де абзал ағаның ішкі əлемін торлап тұрған секілді көрінеді. Осыдан он жыл бұрын Серік ағаның жетпіс бес жылдығы тойланып жатқан тұста құрдасын «Сераға» деп əспеттейтін академик Зейнолла Қабдолов мынадай сырдың ұштығын шығарды. «Қажым Жұмалиев қапастан қайтып келгенде екі адамға бас иді. Бірі – Жұмағали Саин. Екіншісі – өрімдей жап-жас Қирабаев. Екеуі де тергеушінің қинағанына қарамастан Қажекеңді ұстап бермеген, «ондай өлеңді айтқанын білмейміз» деп отырып алған». Қазыналы Қирабаевтың қырық қатпарлы құпиясының бірі осы. Оның да құлпын өзі ашпады. Үзеңгілес досы айтты. Кілтін таппаған қаншама сыр көкірек кенішінде шөгіп жатыр десеңізші. Талай рет тұғырға шықты. Талай рет еңіске түсті. Үміт күтетін үлгілі перзентінен ғайыпта көз жазып қалды. Соның бəрі жанына батпайды ғой дейсіз бе?! Бұл өмірде төрт құбыласы түгел жан болмайды. Бірақ бəрібір ол – бақытты адам. Қанағатшылдығымен, турашылдығымен, кішіпейілдігімен, тиянақтылығымен, уəдеге беріктігімен бақытты. Сол үшін кейінгі ұрпақтың алдында қадірі бар екендігімен бақытты. Сəулетті сексен бестің сөресіне сəулелі сексеннің сеңгіріне шыққан жарын жетелеп, аман келгендігімен бақытты! * Сəулетті сексен бес өзіңізді тұғырлы тоқсанға, жоталы жүзге жеткізсін, аға! Əудем жерде төбесі көрініп тұрған он бес жылды да аман-есен аттап, аттай желіп өткеніңізді көруге жазсын! 15-қазан күні 15линиядағы 15-үйде шаңырақ көтерген сізге бұл сан жағатын еді ғой... 2012 ж.

ҚАБДОЛОВ ҚАҒИДАСЫ Биыл академик-жазушы Зейнолла Қабдоловтың туғанына сексен бес жыл толады. Зекеңсіз тойланатын сексен бес. Алаштың ардақтысы сексен бес тұрмақ, сексеннің сеңгіріне де жете алмады. Күндіз күлкісін, түнде ұйқысын ұрлап, төсекке таңған дауасыз дерт ақыры еңсеріп тынды. Ағаның аман-есен тынысын алып жатқан əр күнін бақытқа балаған Сəуле апай жанын шүберекке түйіп, түн баласы көз ілмей, қасында отырды. Ұлтымыздың ұлы адамын баладай баптаған салиқалы Сəуле апам Зейнолла аға екеуінің қол ұстасып, сексенге бірге келгенін көруді соншалықты тілеп еді. Бірақ тағдырдың жазуы басқаша болды. Бəрібір, бұл – сəулелі сексен бес. Сəулелі болатыны – оның айналасына шашқан шұғыласы əлі күнге дейін талайға нəр беріп келеді. Сəулелі болатыны – ол өзіне қазақтың қара сөзінен мəңгі мызғымас ескерткіш қойып кетті. Сəулелі болатыны – соңында өзінің де, сөзінің де қадірін білетін ұрпақтары мен шəкірттері қалды. Сəулелі болатыны – түтіні түзу ұшқан қазаққа қадірлі қара шаңырақта Сəуле апайымыз аман-есен отыр. «Табыла-а-а-ды сенің машинаң!» Бір досым айтты: «Алланың сүйген құлы ғой Зейнолла ағамыз. Атырауда мектепке барады. Оған қазақтың арқалы ақыны Хамит Ерғалиевтің өзі сабақ береді. Мектеп бітіріп, Тау-кен институтына түседі. Онда кейін есімі елге мəшһүр болған академик Евней Бөкетовпен бірге оқиды. Түскен оқуын жаны қаламай, Қаз ГУ-ге келеді. Келген бетте Мұхтар Əуезовтің үйінен қымыз ішеді. Не деген жолы жақсы адам!». Сөзі сырлы, жүзі нұрлы Зейнолла аға шəкірттеріне шапағатын молынан төкті. Тек шəкірттері ғана емес, қаймана қазақтың бəрін даладай кең құшағына сыйғызды. Сол құшақтың ішінде телі де жүрді, тентек те жүрді. Ешкімді алалаған жоқ. Өмір бойы жақсының жақсылығын айтты. Жəне қандай етіп айтты десеңші. Сұлу сөзбен сурет салып тұрып, көркем тілмен мөр басты. Ал жаманның құтын қашыруға мүлде құлқы болған жоқ. Оның тілдік қорында мақтау деген ұғым ғана болды. Күллі қазақты мақтай отырып, аялады. Аялай отырып, ұлтын ұлықтады. Ол жұрттың бəрін де жақсы көрді. Жылағанды жұбатты, жабырқағанды жадыратты. Екі ауыз сөзі еңсеңді көтеріп тастайды.

Кеудеңді жаншып тұрған көңілсіздіктің ізі де қалмайды. Айтқан тілегі əулиенің сөзіндей дөп түседі. Бірде бір əріптесіміз кандидаттық диссертация қорғады. Сол жылдарда қорғау өткеннен кейін диссертациялық кеңес мүшелерін мейрамханаға емес, үйге шақырып, дастархан жаю үрдіс болатын. Алыс аймақта тұратын ол қонақтарын Алматыдағы біздің пəтерімізде күтпек болды. Оралхан айтқандай, қыстың ұза-а-қ кеші. Зекең бастаған ұстаздар тайлы-таяғымен келді. Той-томалақ қызықсыз болған ба, ел қайтуға жиналған тұста есік жақтан ептеген шу шықты. Қызып қалған бір ағамыз басқа біреудің былғары етігін киіп кеткен сияқты. Олай қараймыз, былай қараймыз, əйтеуір бір етіктің ізі жоқ. Жоғалған етіктің иесі – басқа емес, майталман əдебиетші Қабиболла Сыдиықовтың өзі. Байқауымызша, киіп кеткендер де осал кісілер емес. Көне түркі ескерткіштерінің майын ішкен мамандар. Бағана өздері етік түгілі бір-бірін əзер шырамытып жүрген. Аспиранттарын адуынды ағаларының соңдарынан аттандырдық. Тумысынан сыпайы Қабиболла ағамыз өз етігінің орнына сүзіле қарап, сабыр сақтап тұр. Ал оның табыла қоятын түрі жоқ. Бұл кезде Зейнолла ағамыз да кетуге қамданып жатқан. Алайда жүзі жабырқаулы Қабиболла ағамыздың көңілін қимай, жанында сəл аялдап қалды. Сол кезде Зекең Қабекеңді былайша жұбатты ғой: – Əй, Қабыш, Қабыш деймін, сен түк қиналмашы. Етігі бар болсын! Табылар.. Мына бүгінгі жиналғандардың бəрін өзің білесің. Тап осылардың ішінде бар ғой, құдай біледі, ғылымға сенен көп еңбек сіңірген ешкім жоқ. Сондықтан мына қаздай тізіліп тұрған етіктердің ең жақсысын, ең сапалысын таңдап киші. Ең тəуірі менікі, əрине... Бірақ мен аяғыма киіп қойдым ғой... Сол күні сəл науқастанып, қабағы қырыстаныңқырап тұрған Қабиболла ағамның жүзіне қан жүгірді. Риясыз күліп, ерекше ілтипатпен босағаға жағалай қонған етіктерге емірене зер салды. Ертеңіне етіктің бəрі өз иелерін тапты. Тағы бірде етік емес, көлік жоғалттық. Амантай Шəріптің кешқұрым автотұраққа қойған су жаңа машинасын таң алдында біреулер айдап əкетіпті. Тоқсаныншы жылдардың басындағы аласапыран уақыт. Ұрланған дүниені жабылып іздесең де, табыла қоймайтын заман. Күнде мініп жүрген көліктен күдер үзіп, жаяулап-жалпылап, Қаз ГУ-ге келгенімізде, Зейнолла аға жолығып қалды. «Əй, Əбеке, машинаң бар ма-ей?», – деді Амантайға. Ол көлігінің қолды болғанын айтты. Сон-

да Зекең оның бетіне біраз бажырайып қарап тұрып: «Табыла-а-а-ды сенің машинаң!», – деді де жөніне кете барды. Шынында сол көлік табылды. Бұл іске заң факультетіндегі оқытушы əріптестеріміз жұмыла кірісті. Тəуелсіз Қазақстанның пəрменді полициясы тосын мінез танытып, көлікті айдап əкеткендерді көп ұзатпай қолға түсірді. Сол екі ортада ұрылар оны сойыс малындай бұтарлап, алысқа асыруға дайындап қойыпты. Ал автотұрақтың адамдары қайырымдылық жағынан із кесушілерден де асып түсті. Олар Амантайға тура сондай, бірақ су жаңа көлік алып берді. Бұлай болады деп кім ойлапты?! Осы оқиғаны еске алған сайын Зекеңнің ойлы кейіпте тұрып, шын ниетімен «Табыла-а-а-ды сенің машинаң!», – дегені ойымызға оралады. Ағаның ақ пейілден айтылған ақ тілегі үнемі əлдебір жақсылықтың хабаршысындай боп тұратын. Əдебиетші ғалым Сұлтанхан Аққұлыұлы кандидаттық диссертация қорғағаннан кейінгі той дастарханында бір жолдасымыз ішіп алып, əлек салды. Ешнəрсені қиратып қарық қыла қойған жоқ. Бірақ оның сол сəтте есін білмегенін пайдаланып, ертеңіне əбден келеке қылдық. «Ана ағаға аса ауыр сөз айттың, мына ағаның əбден көңіліне тидің. Содан соң сенің қасыңа Зекеңнің өзі келіп, тоқтау салып, əзер басты», – дедік. Сонда оны келемеждеп, мынадай өлең шығарып едік: Жұрт назары алдыменен тойда еді, Сені көріп, «қызып қалған ғой» деді. Бүлдіріп ап, тұрғаныңда, балпиып, Зекең келіп, «Ай-но-о-лайын, қой...» деді. Ол қара жерге кірерге тесік таппайды. Зекеңнің төбесін көрсе, алды қырды айналып қашады. Солай еді... Зейнолла Қабдолов деген ардақты ат тəлімді тəрбиенің құралы болатын. Жақсылыққа жол ашатын, жат қылықтан айықтыратын. Оның ерекше есімінің өзі талайдың есін жинап, есігін түзу ашуына бағдар сілтеп тұратын. Сыр бойындағы сырласу Ағамыз алпысқа толғанда оқуды жаңа бітірген балаң жігіт едік. Сондықтан аралас-құралас бола қоймадық. Кейіннен ол кездегі аспирант, бүгінгі белгілі ғалым Мақсат Тəжімұратов Зекеңмен жақынырақ таныстырды. Сол тұста енді ғана ардақты есімі ақталып, елмен қайта

табысып жатқан əйгілі ақын Мұрат Мөңкеұлының əдеби мұрасын түгендеуді тапсырып, дисссертациямыздың тақырыбын бекіттіріп берді. Содан шəкірт болдық. Зекең өзінің кең құшағынан бізге де орын сайлады. Ол құшақта еркін еркелей алғанымыз жоқ. Алдыңғы толқын ағалар алып тұлғаның алдын босата бермейтін. Солардың сəл толас тапқан сəтін күтетінбіз. Сөйтіп жүріп-ақ, тəрбиелі тəлім, өміршең өнеге алдық. Жетпістің жотасына шыққанда жанында жүрдік. 1997 жылы желтоқсан айында Қаз ГУ Зекеңнің 70 жылдығын атап өтті. Жұрт өте көп жиналды. Құттықтаулар ағылып жатыр. Мінберге шыққан Есенғали ағам (Раушанов): – Егер осы тойда ең қысқа құттықтауға бəйге жарияланса, жүлдені сөзсіз біз алар едік, – деп əзілдеп, бір шумақ өлең оқыды. Жұрт ду ете қалды. Зейнолла аға Есенғалиға мейірлене бір қарады. Өмірі өзгенің жолын шиырлап көрмеген Есағам бұл жолы да тауып кетті. Өйткені жиылған ел ащы ішектей шұбатылған ұзын-сонар құттықтаулардан аздап жалыға бастағандай еді. Содан соң мінберге бізді шақырды. Бұл кезде Қызылордада қызмет істеп жүр едік. Сыр бойының бүкіл шайыры жабылып жазған, Қызылорда қаласының сол кездегі əкімі Бақберген Досманбетов қол қойған құттықтау хаттың соңғы екі-ақ жолын оқып беруді ұйғардық. Əрине, есіліп тұрған Есенғалидың жырындай қайдан болсын, бірақ қалың елдің ыстық ықыласын танытатын еді. Бізге үлгі талант, тағылым, тоқтамыңыз, Қазақтың Қабдоловы боп қалыңыз!, – дедік те, мінберден түсіп кеттік. Жұрт тағы да қол соқты. Амантай екеуміз иығына шапан жауып жатқанымызда Зейнолла аға: «Əй, бір ауыз сөзбен қатырдыңдар-ау», – деді елжіреп... Сол жылы қаланың əкімі, қазақ өнерінің жанашыры Бақберген Досманбетов Зекеңді Қызылордаға шақырды. Жалпы, Зейнолла ағаның бұл өңірге ықыласы бөлек. Сыр бойынан шыққан əдебиетші ғалымдардың өзі бір шоғыр. Зекең солардың біразымен бірге қызмет істеді. Біразының ғылымдағы тұсауын кесті. Бұл тұста олардың бірқатары Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде қызмет істеп жүр еді. Кездесуді жақсылап ұйымдастырдық. Академик залдың төріне келіп жайғасқан соң қала балабақшаларының ең зерек деген бүлдіршіндері

өлеңдетіп қоя берді. Дауыстары шіңк-шіңк етеді. Бірінен бірі өткен ынталы. Бұл қаладағы мекемелердің басшылығына ақындар көбірек келген тұс еді. Сондықтан сол жолы балабақша бұлбұлдары былайша сайрады: Сырдың елі – тұнып тұрған жыр-аңыз, Сол өлкеге келді бүгін бір абыз. Мақтамаймыз Қабдоловты тек қана, Қабдоловпен мақтанамыз мына біз! Мен де шығам, топтан озып, қатардан, Үлгі аламын Зейнолладай атамнан. Ақмолаға көшкен кезде астана, Елбасының өзі одан бата алған! Шəкірт болып Əуезұлы Мұхтарға, Топтан озып суырылып шықты алға. Қазағымның Қабдоловы деген сөз, Ұлылықтың белгісіндей ұққанға. Таңқалдырған Тайсойған мен Нарынды, Зейнолла атам елден ерек дарынды. Атырау мен алты алаштың ардағы, Келді ортаға, құттықтаймын бəріңді! Зекең-абыз бүлдіршіндерге мейірлене көз тастады. Елжіреп отырып разылығын білдірді. Соның алдында ғана Торғай жағына барып, Ахаң мен Жақаңның рухына тағзым етіп қайтса керек. Сыр елінде тағы бір қанатты сөзін қолма-қол өмірге əкелді. «Торғай – ұлттың ұшқан ұясы болса, Қызылорда – қонған қиясы ғой», – деді. Қызылордалықтардың қол шапалағы əкімшіліктің кең сарайының түндігін желпілдетіп жіберді. Кейін де Сыр бойына бірге сапар шектік. Ағыл-тегіл сыр ақтарылған сол күндер лезде тым алысқа шегініп кете қояды деп кім ойлаған?! Құт қонған кафедра Сексенінде де сөйтіп мейірленгенін көрсек дейтінбіз. Жазмышқа не шара... Енді бүгін сол сəттерді сағынышпен еске аламыз. Ғылыми жетекшімізбен көбіне-көп Сəуле апайдың дастарханында, кейде кафедрада кездесетінбіз.

Кафедра демекші... Қазір еліміздегі қаптаған университеттерде кафедрадан көп нəрсе жоқ. Əр кафедраны бір-бір меңгеруші басқарып отырады. Олардың танымалдық деңгейі əр түрлі. Біреуі жалпақ жұртқа кеңінен танымал. Біреулері бала-шағасының, ағайын-туыстарының арасында ғана танымал. Біреуінің беделінен кафедрасының беделі үлкен. Керісінше, енді біреулерінің беделі кафедраны да өрге сүйреп келеді. Біреуі кафедраны шікірейіп, шіреніп отырып басқарады, екіншісі басқарған ғұрлы жұрттың əбден берекетін алып болады. Тағы бірінің əншейін кафедра меңгерушісі деген аты ғана, тізгін баяғыда басқа біреудің қолына көшкен. Біреу бұл қызметке парасатты жолмен келген. Біреу содан басқа қолайлы адам болмағандықтан ет қызуымен тағайындалып кеткен. Біреуі кафедра меңгерушісіне емес, сол оқу орнының ректорына ұқсайды, екінші біреу кафедра басшысынан гөрі ассистентке көбірек келіңкірейді... Бұл – қазіргі хал. Ілгеріде кафедра меңгерушісі деген əкімнің орынтағына айырбастамайтын қызмет еді. Ғалымның ғалымына, онда да сөзімен де, ісімен де соңына жұртты ерте алатын ғалымға ғана жарасатын қадірлі лауазым болатын. Кафедраның қақ төрінде ақ қалпағын киіп алып, алыптар шоғыры отырар еді. Ілім мен ғылымның ордасы саналатын кафедралардың құты еді олар. Ұлттық университетте қазақтың қасиетті қағбасы секілді бір кафедра бар. Талай тастүлектің томағасын сыпырған қазақ əдебиеті кафедрасы – ұлт руханиятының қара шаңырағы. Ұлы Мұхаң негізін қалаған, зиялылардың зиялысы Зекең – Зейнолла Қабдолов ұзақ жыл басқарған кафедра бұл. Осынау шаңырақтың əр мүйісіне кісілік пен кішіліктің, парық пен парасаттың, зерделілік пен зиялылықтың иісі сіңген. Құтты шаңырақты Қабдоловтың басқару тəсілі қайран қалдырады. «О ғажап, аудиторияға ұлылық кіріп келе жатты!» дегенді Зейнолла ағаның өзіне айтуға да болар еді. Ол кісі кафедраға келгеннен-ақ қас-қабақ сөйлейді. «Мынаны былай істе, ананы олай істе!» деп нұсқау беріп жатпайды, бірақ саңыраудың өзі еститіндей, меңіреудің өзі түсінетіндей етіп аңдатады. Зекеңмен бірге кафедраға жайдары жылылық пен нұрлы сəуле ілесе кіреді. Бөлмеден шығып кеткен соң да сол жылылықтың лебі сезіліп тұрады. Содан соң бұл кісінің ерекше жаратылған адам екенін еріксіз мойындайсың. Бұған басқа атағы мен шатағы қоса жүретін кейбір ғалымдардың аспиранттарды алқымнан

алып, оқытушыларға одыраңдап, мінез көрсетіп жатқанын көргенде көзің жете түседі. Ал оқытушы түгілі студентке дауыс көтеру Зекеңнің табиғатында жоқ. Бірде мынадай оқиға болды. Қазақ əдебиеті кафедрасының меңгерушісі Зекең отыратын кабинеттің сыртқы дəлізге қарай ашылатын есігі бар еді. Бірақ бұл есік үнемі жабық тұратын. Зейнолла аға өз кабинетіне оқытушылар жайғасқан бөлме арқылы өтеді. Бірде бір студент Зекеңнің есігін сыртынан жұлқып тартып жатты. Құлыптаулы екені белгілі, сонда да қоймайды. Есіктегі əйнектен əлгінің сұлбасы көрініп тұр. Аяғын жақтауға тіреп, тұтқаны шіреніп тұрып тартады. Оқытушылар бөлмесі арқылы айналып өту ойына келмейді. Зекең шыдамай сыртқа беттеді. Біз де ілесе шықтық. Ешкімді елемей, есікті аша алмай, əлі де тыраштанып жатқан əлгі əңгүдікке біраз қарап тұрып, көзін cəл ежірейтіп, байыппен ғана: «Əй, слушай, ұ-ұ-я-т емес пе?!», – деді. Бар болғаны сол. Студент тұрған орында сілейіп қалды. Басқа біреу болса, əлгі байғұстың жер-жебіріне жетер еді. Жеңінен сүйреп, деканатқа алып барар еді. Тіпті болмаса, аты-жөнін жазып алып, өлердей қорқытар еді. Əйтеуір, мұғалімдердің студентке əлі келетін əдеті бар ғой. Зекеңнің осы бір зілсіз жеңіл кейістік білдіруінің өзі барлық жазалау шарасының қай-қайсысынан да пəрмендірек еді. Өйткені педагогтік қасиет оның қанында болды. Құт қонған кафедраға өзге кафедраны басқаратын əріптес, досжарандары жиі кеп тұратын. Солардың бірі профессор Тауман Амандосов дүние салып, қоштасу рəсімі өткенде Зейнолла аға: «Университетке талай жыл еңкейіп кірген есігінен ол тұңғыш рет шалқайып шықты», – деді. Мұндай саналы сөз, қанатты қағида, тосын тіркес кафедраның ішінде сəт сайын айтылатын. Қазір академик деген ардақты атау ойыншыққа айналған кез. Доктор да академик, кандидат та академик. Тіпті өмірінде диссертация қорғап көрмеген пірадарлардың да біразы академик атанған. Ал бір кезде академик деген атау «даналық» деген ұғымның баламасындай болды. Сол ұғым Зейнолла аға Қабдоловтың болмысын дəл бедерлейтін. Ол басқаратын кафедраның да мəртебесін биіктете түсетін. Үнемі шəкірттерінің мерейін асырып отыратын. Бірде университеттің мəжіліс залында Смағұл Елубайдың «Ақбоз үй» романына байланысты əдеби кеш өтіп жатты. Кешті Зейнолла ағаның өзі жүргізді. Бір сəт ұстаз қасындағы қазақ əдебиеті кафедрасының оқытушылары Зинол-

Ғабден Бисенғалиев пен Ермек Аманшаевтың қайсысына сөз берсем екен дегендей сəл ойланып тұрды. Сөйтті де, «Аманшаев Шекспир сияқты драматург болғанымен Бисенғалиев сияқты доцент емес қой, сөзді Бисенғалиевке берейін», – дегені. Бір-ақ сəтте екі шəкіртін екі шыңның басынан бір-ақ шығарды. Бүкіл зал дүркірете қол соқты. Кафедрадағы жас əріптестері туралы толғанғанда: «Бұлар – менің қабырғаға мықтап қаққан шегелерім ғой. Əрине, əрқайсысын бір-ақ ұрып кіргізем, бірақ кейбіреуін екі рет ұру керек», – деп күлдіретін. Əдебиеттанудағы Зейнолла Қабдолов дəстүрін берік ұстаған сол егесін іздеген шегелер биыл ұстаздың сексен бес жылдығында бас қосады. Тек сұлу сөзбен сурет салатын Сардардың өзінің жоқтығы болмаса... Таспен ұрғанды баспен ұру Зейнолла аға ұлт мінезін, ұлт болғанда, талай-талай тар жол, тайғақ кешуден өткен, теперіш көрген, саны аз, санасы биік қазақ ұлтына қажетті мінез-құлықтың бəрін бойына сіңірді. Қабдолов ғұмыры – ұлт болып ұйысу үшін кешірімшіл болудың, тірлікте сыйласып өтудің, жақсылығыңды асырудың, жаманыңды жасырудың үлгісі. Қабдоловқа ұқсап, бір-бірімізге жылы сөз айтсақ, өзімізді өкпелеткен кісіге өршеленіп, тұра ұмтылмасақ, тас атқанға ас ұсынсақ, қаймана қазақтың бəрін бауырға тартсақ, алты алашқа «айналайын» деп еміренсек, қанша адамның өмірін ұзартар едік. Бірлігі мол, берекесі келіскен ұлтқа айналар едік. Аз ғана тіршілікте итше ырылдасып жүріп, соны түсіне алмайтынымыз-ай... Ұлт мінезінің қалтарыс-қатпарларын жетік білетін ол төңірегін қасқабағымен ғана билейтін. Ешкімге артық сөз айтпайтын. Адамның бойынан тек қана ізгілік көргісі келетін. Жүрегіне біз сұққандарға да «сіз» дейтін. Кейде жаны жабыққанда соларды да іздейтін... Ойын тұспалмен айтатын, астармен жеткізетін. Дертке шалдығып, жаны қиналып жатқанда да сол дағдысынан жаңылмапты. Ауруханаға қайта-қайта түскен соң, шаршады ма, бірде біраз үнсіз жатып, жанында отырған Сəуле апайға «Салқындық сезіледі...», – депті. Əншейінде Зекеңді емеуріннен ұғатын апай сол жолы палатаның терезесін жауып келіп, ағаның көрпесін қымтапты... Сонда Зекең дертінің ауырлап кеткенін, дəрігерлердің де қажи бастағанын меңзеп отырғанын қасқабағымен ғана аңғартыпты.

Академик Қабдолов шəкірттеріне көп нəрсе үйретті. Бір қызығы, «былай істеңдер, олай етіңдер» деп ешқандай нұсқау берген жоқ. Жүріс-тұрысымен үйретті. Қимылымен қозғау салды. Жанарымен жөн сілтеді. Жүрегімен ұқтырды. Ол бізді тек ғалым ғана емес, адам болуға да баулыды жəне онысын өзімізге де жария қылмай, əлпештеп, аялап отырып аңғартты. Шəкірттерін шаңырағына жиі жинады. Сəуле апайдың берекелі қолынан дəм татырып отырып, тек қана санаңды сəулелендіретін əңгімелер айтатын. Сол арқылы жан дауасы – жылы сөз екенін көкірек көзімізге құйып берді. Ешқашан біреуді ғайбаттағанын көрген емеспіз. Əрине, ұстазымыздың да ұнатпайтын адамдары болуы мүмкін. Бірақ оның парасатты пайымына қарап, бəз біреуді ұнатпайтыныңды сездіру үшін онымен керілдесіп, сөз таластырып əуре болудың міндетті емес екенін айтпай-ақ ұқтық. Жүрген жерінің бəрінде аталы сөз қалдырды. Ұлы көштің беті Арқаға қарай бұрылғанда бəтуалы сөз айтып, батасын беріп, шығарып салды. Əдемі сөйледі. Əдемі жүріп-тұрды. Əдемі қартайды. Бұдан біз абыройлы ақсақалдық пен қастерлі қарттықтың қандай болатынын көңілге түйдік. Сондықтан біреулерге бір нəрсені қайта-қайта шегелеп, тықақтап қоймайтын мазасыз ағаларымызды көргенде соның бəрін қасқабағымен аңғартатын ұстазымыз еске түседі. Үлкендігін міндет қылып, шəкірттерін тұқыртып отыратын шолақ ойлы шалдуар шалдарды көргенде ешқайсысымызға салмақ салмаған ардақты ағаны ойлаймыз. Өмір бойы біреулерді жерден алып, жерге салып, іреп сойып жүретін, кеудесі қыжылға, көмейі ызылға толы беймаза кісілерді көргенде де Зейнолла ағаның парасатты бейнесін іздейміз. Өйткені ол бүкіл болмысымен əлгіндей мінез-құлыққа қарсы болды. Ол қоян жылғы өкпе-реніштерін еске алып, мемуарлық шығарма жазбады. Баспасөз бетінде найзағайдай ойнаған қарсы мақалалардан іргесін аулақ салды. Ұлтты ұйыстыруға ұмтылды. Сондықтан оның бейнесі елдің ұғымында бітімгер бидің тұлғасындай болып жатталып қалды. Дүние-мүлікке, қаржы-қаражатқа құлықты болған жоқ. «Осы менің ақша жөніндегі түсінігім дореволюционный ғой», – дейтін. Малмүлікке құмартпай, ғұмыр бойы жинаған, мазмұны бай, тағылымы

терең кітаптарының ортасында өмір сүрді. Жалыққанда солармен тілдесті, жабыққанда солармен сырласты. Жалпақ жұрттың жайылған құшағынан босаған сəтте соларға асықты. Күллі əлемнің қасіретін жан дүниесіне ұялатып, қасиетін қалың елге танытты. Көргені мен білгені көп Қабдоловпен бірге талай қазына кетті. Оның ішкі əлемі жұмбақ күйінде қалды. Əйтпесе, атам заманнан бір-біріне тіс батыруды теріс көрмейтін біздің ұлттың кереғар қылықтарын ол аңғармады ғой дейсіз бе?! Елді зобалаңға ұшыратқан жаралы жылдардағы осалдық пен озбырлықты, астамшылық пен ақылсыздықты, қателік пен қатігездікті, сабырсыздық пен сатқындықты ол білмеді ғой дейсіз бе?! Азуы кере қарыс айбынды ағалардың аяқ астынан пенделікке бой алдырып, таудай тұлғасы төбедей төмендегенін ол байқамады ғой дейсіз бе?! Жазығың болса да, болмаса да, саған сілтеніп, ту сыртыңнан қанжардай боп қадалатын қазақтың дəстүрлі қаңқу сөздерін ол естімеді ғой дейсіз бе?! Үнемі қалың ел алдында жасындай жарқылдап, күндей күліп, жан-жағына шуақ шашып жүретін қыран тектес Қабдолов осы қалпынан арылмай, қамсыз-қайғысыз күй кешеді ғой дейсіз бе?! Жоқ, аңғарды, білді, байқады, естіді... Тек соның бəрін алдымен көкірегінде қорытты, елге іріткі салғаннан басқа пайдасы жоқ қолайсыз нəрселерді жадынан өшіріп тастап отырды. Бəлкім, өшірмеген де болар, ішкі əлемінің бір қалтарысында қалдырған шығар. Ол онсыз да бірлігінің кемістігі бар азғантай ғана қазақтың құлағын қимылдатып, тілін түртіп, санасын сарсаңға салатын қоқыр-соқырды ортаға тастаудың əзірге қажетсіздігін жақсы түсінді. Кейде жаманнан жиренуден гөрі үйренуге бейім тұратынымыз бар ғой. Ал енді жазуы... Бір академик ағам айты: «Зекеңнің жазу шеберлігін дұшпанының өзі мойындар еді». Бірақ сол «дұшпан» деген ұғым Зекеңнің сөз қолданысында болды ма екен?! Ол бірде естеліктерінде өзін іліп-шалған қадірлі ағаларымыздың біріне мерейтойымен құттықтап, жеделхат жазып жатты. Енді біріне дастархан үстінде өзіне тиесілі басты ұсынды. Бас ұсынды!.. Сөйтіп, таспен ұрғанды баспен ұрды... Біз осыны көрдік. Қалың елді қайран қалдыратын Қабдолов қағидасы сонысымен де қымбат! 2012 ж.

ТЕКТІЛІК ТЕОРИЯСЫ Ахмет-Зəки жəне Зəки Ахметов Түркі əлемінде өзіндік орны бөлек екі Зəки бар. Біріншісі – башқұрт халқының қайсар қайраткері, əйгілі шығыстанушы, əлемдік деңгейдегі тарихшы, ұлы ағартушы Зəки Уəлиди Тоған. Екіншісі – қазақтың аса көрнекті ғалымы, бұрынғы кеңестік кеңістіктің ғылыми ортасына кең танымал əдебиеттанушы Зəки Ахметов. Екеуі де өздерінің текті тұлғасы, бекзат болмысы арқылы елді аузына қаратты. Орамды ойларына, пайымды пікірлеріне жұртшылық имамға ұйығандай ұйыды. Заманы дүрбелеңге толы алғашқы Зəкидің қайраткерлік қарымы басымдау, əрине. Ол бүкіл бір мемлекеттің негізін қалады. Өз елінің Үкіметін басқарды. Қайраткерлік пен қаламгерлікті қатар өрістетті. Саяси күрестің туын биік көтерді. Сол үшін талай рет зардап шекті. Елден, жерден жырақта ғұмыр кешті. Бірақ руханият əлеміндегі іргелі істері жағынан кіші Зəки де қалыспайды. Жастайынан əдебиет теориясына терең бойлады. Екі тілдей бірдей жазды. Ғылыми мақалалары елдің қолы жете бермейтін «Советская тюркология», «Вопросы литературы» журналдарында, «Тюркологический сборник» жинағында үзбей жарияланып тұрды. Бұрынғы одақтың əдебиеттанушыларының ішіндегі ең жас ғылым докторларының бірі болды. Өркеуде Мəскеу мен Санкт-Петербургтің марғасқаларын мойындатты. Сол елдің ең іргелі университеттерінде лекция оқыды. Ресей Ғылым академиясына қарасты ғылыми-зерттеу институттарында зерттеу жүргізді. Зəки Уəлиди Тоған – башқұрттың Қай деп аталатын тайпасынан шыққан. Сол Қайдың өзі Сұқлы-Қай, Санақлы-Қай, Орақтау-Қай, Таулы-Қай деп жіктеледі екен. Таулы Қай башқұрт халқына Зəки Уəлидидей перзент сыйласа, Таулы Алтай қазаққа Зəки Ахметов сынды ұл берді. Алғашқысы Қайдан шықса да, «қайдан шыққан?», – деп айтқызбады. Күллі түркі əлеміне, бүкіл мұсылман жұртына есімі мəшһүр болды. Кейінгісі өз саласы бойынша, Орталық Азияның ғана емес кешегі кеңестік жүйенің бетке ұстар зерделі зерттеушілерінің біріне айналды. Зəки Уəлидиді қазақ жұртымен тамырластыратын мысалдар да баршылық. Оның алғашқы зайыбы – Нəфиса қазақ жерінде айдауда жүргенде көз жұмған көрінеді. Екі Зəкидің шығармалары да күні

бүгінге дейін ғылыми жəне рухани ортаның басты құндылықтары саналады. Оқу орындарында үзбей оқытылады. Екеуі де соңында сапалы ғылыми еңбек қана емес, саналы ұрпақ қалдырды. Үлкен Зəкидің ұлы Сүбідай Тоған – экономика саласының профессоры. Түркиядағы атақты Білкент университетінде сабақ береді. Ал қызы Есенбике Тоған – Түрік академиясының академигі, Башқұртстан Ғылым академиясының шетелдік мүшесі. Кіші Зəкидің перзенті Мұрат Зəкиұлы Ахметов – филология ғылымдарының кандидаты. Докторлық еңбегін философияға арнады. Ұзақ жыл бойы Философия жəне саясаттану институтында қызмет істеді. Бір қызығы, Зəки Уəлиди Тоғанның шын аты Ахмет-Зəки екен. Заманы бөлек болса да мұраты бір Ахмет-Зəки мен Ахметов Зəкидің елдік мүдде, ұлттық ұстаным, ғылыми тұжырым жағынан ұқсастықтары баршылық. Ең бастысы, екі Зəкидің бейнесі де өз заманындағы ұлт зиялысының болмысын бедерлейді. Ақшам жамыраған шақ еді... Қазақ үшін қайғылы күн боп саналатын желтоқсанның он жетісі халыққа тағы да қасірет əкелді. Ақшам жамыраған шақта Алматының көшесінде көрнекті əдебиеттанушы ғалым, академик Зəки Ахметовті шетелдің есік пен төрдей мəшинесі қағып кетті. Бұл əйгілі ғалымның үйінің іргесіндегі «Динамо» стадионына барып, жүгіріп, жаттығу жасап қайтатын уақыты болатын. Ертеңіне Семейге, Шəкəрім шығармашылығына арналған ғылыми конференцияға қатысу үшін жол жүрмек еді. Жасы жетпіс беске таяғанға дейін төсекке таңылып көрмеген, тіпті ауру-сырқауға бой алдырмаған ардақты азамат қапыда көз жұмды. Ажал болып жолыққан бір жүгірмектің жаңылыс қадамы əдебиеттанудың алып бəйтерегін құлатып кетті... М.Əуезов атындағы Əдебиет жəне өнер институты айбарынан айырылып қалғандай болды. Өмір бойы осында қызмет істеп келе жатқан бұл кісі осынау құдіретті қара шаңырақтың бір тіреуі сияқты еді. Жүрістұрысы ширақ академикті жұрт тоқсан жасқа дейін еркін баратын шығар деп ойлайтын. Əсіресе, əйгілі ғалымның тек кемеліне келген шағын ғана көрген біздің қатарластарымызға ол қайратты қарттықтың, абыройлы ақсақалдықтың, үйлесімді үлкендіктің бейнесіндей көрінетін.

Сол тұста Əдебиет жəне өнер институтында осы мекемеде тапжылмай алды жарты, соңы ширек ғасыр қызмет істеген мұндай зиялы кісілердің бірнешеуі бар еді. Əлі күнге дейін сыры мен сынын жоғалтпаған, берген уəдесін өмірі қайтып алып көрмеген, бір сөзді, біз түгілі əке-шешелеріміз оқыған мектеп оқулықтарының авторы, академик Серік Қирабаев, қазақ библиография ғылымының негізін салушы, Мүсірепов сынды тəкапбардың, Бекқожин сынды тарпаңның тілін тауып, шығармаларын зерттеген, жинап-теріп бастырған, ұқыпты да ұсынақты, институттағы еңбек стажы жағынан ешкімге ұпай бермейтін профессор Əбділхамит Нарымбетов, көне əдебиеттің тереңіне сүңгіп, айтыстың арғы тегі мен бергі тарихын түгел қопарған, мұнтаздай таза, найзадай тіп-тік қалпында жұмысқа келіп-кететін ғибратты ғалым Мұхамедрахым Жармұхамедұлы, қазақшасы өзге ұлтты тіліңе табындыратын, орысшасы орысты жаңылдыратын, бұрынғы Баспасөз министрі, бүгінгі белгілі əдебиетші, сарабдал сыншы Шериаздан Елеукенов, талантты аудармашы, тегеурінді публицист, танымал абайтанушы Жұмағали Ысмағұлов, əдебиеттанушылармен бірге қара шаңырақтың бір қабырғасына тіреу болып тұрған өрелі өнертанушылар Бағыбек Құндақбаев пен Зейнұр Қоспақов... Міне, зерделі зерттеу мекемесінің бар байлығы осылар еді. Қазір бұл кісілердің де қатары селдіреп қалды. Сол үркердей топ аман-есен жүргенде сонау Сəтбаев заманында салынған қасиетті ғимараттың құт-берекесі өзінде тұрады екен. Мұны институтқа соңғы жылдарда келген жас буын екі ғасыр тоғысында қазақтың талантты қызы Шəмшиябану Сəтбаева өмірден өткенде алғаш рет сезінді. Көненің көзі, қазынаның асылы екен олар... Кейінгі ұрпақ академик Зəки Ахметов қапылыста мерт болғанда нағыз ғалымнан айырылу дегеннің не екенін ұқты. Əдебиетші қауым Зəки Ахметовті соңғы рет əл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде академик Зейнолла Қабдоловтың жетпіс бес жасқа толуына орай өткізілген ғылыми кеңестің мəжілісінде көрді. Зəки аға өте көңілді отырды. Саңқылдап сөз сөйледі. Толғанып тілек айтты. Алдыңғы толқын ағалар репрессияның қанды шеңгеліне іліккен соң, солардың орнын басып, бесіктен белі шықпай жатып оқулық жазған жəне бұл міндетті абыроймен орындаған, өмірдің талай тар жол, тайғақ кешуінен бірге өткен Зəки ағаның қатарластары бүгінде өздерінің арыстарға арман болып қалған жасқа жеткеніне разы еді. Бұл – көбі əке-шешеден ерте айырылған, Алла тағала соның өтеуі болсын дегендей мықты денсаулық, қажырлы қайрат берген берекелі буын.

Олардың қай-қайсысы да қазақ ұлтының қуатты екенін дəлелдегендей, жетпіс бестің жотасына жүгіріп шықты. Біразы кейін шаршамайшалдықпай сексенді де бағындырды. Шетінен ширақ. Ешқайсысы да еңкіш тартқан жоқ. Жұмыс істеу қабілетінен айырылмады. Тіл-аузымыз тасқа, жастарының ұлғайғанына қарамастан құлақ пен көзге де өкпе айта алмайды. Солардың ішінде, əсіресе, Зəки Ахметовтің тұрпаты бөлек-ті. Көлденең кеселден аман болса, оның ғасырға жуық ғұмыр кешеріне ешкім күмəнданбайтын. Алайда Зейнолла досының мерейтойына жайылған дастарханда шалқып отырған академиктің бар-жоғы бес күндік ғұмыры қалғанын кім білген?.. Жетекшісі – Малов, жанашыры – Жирмунский Ол ғылымдағы шын мəніндегі теңдесі жоқ тұлғалардың бірі еді. Зəки ағаның алдымен ұстаздан жолы болған. Кандидаттық диссертациясына əлемге əйгілі түрколог, ежелгі жазба ескерткіштерді жеріне жеткізе зерттеген Сергей Ефимович Маловтың өзі жетекшілік етті. Тағы бір аты аңызға айналған ғалым Виктор Максимович Жирмунский «Қазақ өлеңінің құрылысы» атты монографиясы үшін докторлық дəреже беру жөнінде ұсыныс айтып, пікір жазған. «Зəки Ахметовтің кітабын оқи отырып, өзінің туған қазақ əдебиеті мен фольклорына қандай жетік болса, зерттеуінің жалпы жəне түркологиялық тұрғыдан алғандағы кеңейтілген ғылыми библиографиясына да сондай жетік автордың, қалыптасқан, қолтаңбасы айқындалған ғалымның білімбілігі пайдаланылғанын көреміз. Бұл кітап автордың ұзақ жылғы еңбегінің жемісі болып саналады. Сондай-ақ түркологияға, өлең теориясына қосылған ірі ғылыми үлес болатынына дау жоқ. Осы айтылғандардың негізінде З.А.Ахметов филология ғылымдарының докторы ғылыми дəрежесін иеленуге толық лайық деп есептеймін» деген В.М.Жирмунскийдің 1964 жылғы желтоқсанның 10-ы күні жазған пікірі академиктің архивінде сақтаулы. Докторлық диссертациясының ресми оппоненттері де – қазақ ғылымының марғасқалары. Ғылыми еңбекті академик Қажым Жұмалиев, академияның корреспондент-мүшесі Нина Смирнова, əйгілі ғалым Бейсенбай Кенжебаев сараптап, оң баға берді. Осы үшеуінің батасын алған Зəки Ахметов құлашын алысқа сермеді.

Мəскеу мен Санкт-Петербургтің əдебиеттану ғылымының аға буыны əлі күнге дейін Зəки Ахметовтің атын естісе тік тұрады деседі. Диссертациясын Мəскеуде қорғаған белгілі ғалым ағаларымыз Зəки Ахметовтің абырой-беделінің арқасында көп бөгет-бөгесінге тап бола қоймағанын айтады. Батыс пен Шығыстың ілімін еркін игерген аса білімдар Зəки ағаның жібектей мінезі Мəскеудің мұзы мен тоңын лезде ерітіп жіберетін көрінеді. Зəкең өмірден өткен соң көп ұзамай Əдебиет жəне өнер институтының жігіттері ғылыми іссапармен Татарстан мен Башқұртстанға барып келген-ді. Тағы да сол оқыған-тоқығаны көп аға буын Зəки Ахметовті сұрапты. Ғұлама ғалымның қапылыста дүниеден озғанын естіген Қазан құлазып, Уфа уһілеп қалыпты... Ежелден ғылымның орталығына айналған қос қаланың зиялы қауымының қайғыратындай жөні бар. 1970 жылдан бастап кеңестік жүйе тарағанға дейін Бакуде тұрақты түрде шығып тұрған, ғалымдардың ғалымы ғана мақаласын ұсына алатын «Советская тюркология» журналының тігінділерін парақтап отырсаңыз, Зəки Ахметов есімін сəт сайын кездестіресіз. Не академиктің ғылыми мақаласы басылған, не зерттеушілер оның еңбектеріне сілтеме жасаған болып шығады. Ғылымдағы несібесінің бəрін ертерек теру маңдайына жазылыпты. Жас күнінен зеректік танытты. Сабаққа алғыр жұдырықтай ғана бала жалпақ жұртты аузына қаратты. Ой өрісі, жүріс-тұрысы өзге қатарластарынан мүлде бөлек. Тіпті бала деуге келмейді. Болмысынан байсалды. Ойланып алмай тіл қатпайды. Сөзін үлкендерше салмақтайды. Бала Зəки Каз ГУ-ге оқуға түсетін студенттерді іріктеу мақсатымен Қазақстанның шығысына арнайы барған комиссияның көзіне бірден түсті. Комиссия бұл аймақтан екі-ақ ұланды таңдап алды. Соның бірі Зəки еді. Сөйтіп, өршеленіп тұрған өрен бар болғаны он бес жасында университеттің студенті атанды. Оқу орнында да көптің бірі болып қалмай, ғылымға бейімділігін бірден байқатты. Ең алғашқы ғылыми мақаласы он алты жасында «Майдан» журналының 1944 жылғы 2-санында жарық көрді. Тырнақалды дүниесіне сол тұстағы саясаттың салқыны тимей қалған жоқ. Бұл еңбегі «Əдебиетте совет халықтарының достығы мен бірлігі таза сақталсын» деп аталады. Бірақ титімдей студенттің əдебиеттануға қатысты ой-тұжырымдары елең еткізерліктей еді. Одан кейін «Жамбыл – қазақ халқының ұлы мақтанышы» деген екінші мақаласын жазды. Бұдан соң мүйізі қарағайдай ұстаздары оған кəдімгідей назар аудар-

ды. Сөйтіп, өзі шынашақтай болғанымен кең тынысты Зəкидің ғылыми ғұмырнамасы басталды да кетті. Зəки аға небəрі отыз жеті жасында филология ғылымдарының докторы атанды. Сондықтан елдегі ғылымды ұйымдастыру ісінің көш басында жүрді. Ұлттық Ғылым академиясының вице-президенті болды. М.Əуезов атындағы Əдебиет жəне өнер институтын басқарды. Елдің есінде жұртқа жайлы, ойлы шешім қабылдап, байсалды қадам жасайтын білікті басшы ретінде қалды. Оның қаламынан «Қазақ өлеңінің құрылысы», «Лермонтов жəне Абай», «Қазақ поэзиясының тілі туралы», «Өлең сөздің теориясы», «Қазақ əдебиетінің қазіргі дамуы жəне дəстүрі», «Абай жолы» эпопеясының поэтикасы», «Абайдың ақындық əлемі» атты ғылыми монографиялар туды. Зəки Ахметовтің «Қазақ өлеңінің құрылысы» атты монографиясы поэзия теориясын жаңаша зерделеген құнды еңбек ретінде əдебиеттану тарихына енді. Өлеңге қатысты еңбек жазған бұрынғы одақ ғалымдарының ешқайсысы да бұл зерттеуді аттап өте алмайды. Ал түркі халықтарының поэзиясын зерттеушілер үшін «Қазақ өлеңінің құрылысы» айнымас бағыт-бағдар болды. Зəки аға алты томдық қазақ əдебиетінің тарихын, орыс тілінде шыққан үш томдық əдебиет тарихын жазуға үлкен үлес қосты. Мəскеуде басылған «Көп ұлтты кеңес əдебиетінің тарихы» атты көптомдық авторларының бірі болды.

Айылдың арғы жағында Өз басым Зəки Ахметовпен өмірімде бір-ақ рет сапарлас болдым. Оның өзі академиктің соңғы сапары болып шықты. 2002 жылғы қазан айының он бесінде ұзақ жылдардан бері əдебиеттану ғылымында үзеңгілес келе жатқан серігі академик Зейнолла Қабдолов екеуі Бішкекке жиналды. Екеуі де Қырғызстандағы филология ғылымы бойынша диссертация қорғататын арнайы кеңестің мүшесі. Əдебиеттану саласында ғылым докторлары аса көп емес қырғыз бауырлар қазақтың қос ардақтысын кеңес мəжілісіне үнемі шақырады. Олардың Алатаудың арғы бетіне жұп жазбай бірге қатынап келе жатқанына ширек ғасыр. Осы жолы белгілі əдебиетші ғалымдар Жанғара Дəдебаев, ЗинолҒабден Бисенғали, Болатжан Абылқасымов бірі кеңес мүшесі, бірі ресми оппонент ретінде жолға бірге шықты. Бұл бір естен кетпес сапар

болды. Жол бойы екі академик те өте көңілді отырды. Көңілді болатындай жөні бар. Зейнолла Қабдолов енді екі, ал Зəки Ахметов жеті айдан соң жетпіс беске толады. Аузынан түскен сөзі мақал-мəтелге айналып жүре беретін Зейнолла аға қазақ Алатауынан қырғыз Алатауына жеткенше жарасымды əзілдерді бірінен соң бірін тоғытты. Бішкекте қос академикті Қырғыз Ұлттық ғылым академиясының корреспондентмүшелері Əбдіқадыр Садықов пен Абдылдажан Ақматалиев бастаған əдебиетші-ғалымдар құшақ жая қарсы алды. Докторлық диссертация қорғаған қырғыздың екі жігітіне бата берген Зейнолла аға бірден елге қайтты да, біз Зəки ағамен бірге Бішкекте тағы бір күн аялдадық. Академикке қырғыз досы, танымал фольклористғалым Самар Мұсаев дастархан жайды. – Атайын (арнайы) геңешке атайын гелген экенсиндер, қырғыз жерінен қайберен жеп бір-ақ қайтыш керек, – деді Самар аға. Кейін білдік, қайбереніміз біздің киік сынды түз тағысы болып шықты. «Қайберен, ғайып ерен.., əдемі аталған екен», – дедік біз. Ежелден бір-бірін жақсы білетін екі дос түнімен əңгіме тиегін ағытты. Өткен-кеткенді еске алысты. Күлді, күрсінді, күбірлесті... Оның үстіне докторлық еңбек қорғаған екі жігіттің бірі осы Самар Мұсаевтың ұлы еді. Сондықтан Зəки аға ескі досының қуанышына ортақтасқанды жөн санады. Самардың əдебиетші ұлы – Абдылда Мұсаев кейін Қырғызстанның Білім жəне ғылым министрі болды. Жолға жиналдық. Қоштасарда Зəки аға қырғыз Алатауының қарлы шыңдарына қарап тұрып: – Біз болсақ, үлкейдік. Сірə, енді осылай қарай көп жолымыз түсе бермес. Мына жігіттер келіп тұрады ғой, – деді өзімен ере барған жас əріптестерін нұсқап. Сол сəтте біз Зəки ағаның талай рет келіп, жүзге жуық əдебиетші ғалымның тұсауын кескен қырғыз елімен қоштасып тұрғанын білмеппіз. Тура екі айдан соң академиктен айырылып қалдық... Мейманханадан шығып, Алматыға қарай ала жөнелгісі кеп ытырынып тұрған көлікке мінер алдында інілерінің ортасында тұрып суретке түсті. Суретке түсерден бұрын қызыл былғары күртесінің өңірін сəл ашыңқырап қойды. Қалпағының маңдайын көтерді... Бішкектен шығып Алатауды бетке алып жүйткіген көліктің ішінде көбіне үнсіз отырды. Жүргізушімен екі ортадағы қуысқа қыстыра салған тоқ бүйірлі қызыл сөмкесіне шынтағын тіреп қойып, ойға кетті. Қордай

асуын көктей өтетін ұлы жолға тесіле қараумен болды. Жанары алыс көкжиектің белгісіз бір нүктесіне қадалған. Академикті əрі-бері əңгімеге тартып көрген Болатжан ағам ақсақал шешіле қоймаған соң, күмістей аппақ шашының бір де бір талын қисайтпай, тікесінен тік отырған күйі қалғи бастады. Ал Зəки аға əлі үнсіз. Мəшинені жүргізіп келе жатқан грек-рим күресінен Қырғызстан құрамасының мүшесі болған, құлағы жентектелген түшпарадай мыж-мыж балуан жігітте де шаруасы жоқ. Қара жолдан көз алмайды. Сол сəтте не ойлады екен? Бір кезде өзі «Көшпелі елдің санасында жол деген ұғымның мəні ерекше. Көшпеліліктің өзі кең даладағы ұшы-қиырсыз жолдарды елестетеді. Сондықтан жол деген кеңістікті білдіретін, аспан астындағы дүние-болмыстың аумақтылығын, шексіздігін мегзейтін ұғым. Жолдың алыс-қашықтығы, ұзақтығы, жүру мөлшері арқылы кеңістік ұғымы уақытпен де байланысты. Жолдың алыс-қашықтығы уақыттың өтуінен гөрі де көрнектірек, көзге айқын елестетерлік сипаты бар» деп жазып еді. Енді сол жол пəлсапасының өмірлік деректерін таразыға тартып, салмақтап отырған секілді. Бəлкім, жол бойы бүкіл өмір жолын көз алдына келтірген шығар... Өйткені, қазір мына жеңіл мəшиненің алдыңғы орындығында аса бір жұмбақ түрге еніп, шалқалап отырған Зəки аға, Алтайдан түлеп ұшқан тастүлек, Мəскеу мен Ленинградты армансыз шарлаған зерделі ғалым сəлден соң өзінің жарты ғасырдан астам уақыт мекен еткен Алматысына жетеді. Бұдан кейін сапарға шықпайды. Өмірдегі жолы осы сапармен тұйықталады. Сірə, академик сол жолы осыны жан-тəнімен сезінген кісінің кейпінде болды-ау деймін... Екі айдан соң айылдың арғы жағында əдебиеттанудың басы-қасында жүрген бір топ қырғыз Алматыға аңырап жетті. Жүректі жылатқан жоқтау Зəки аға ғылымдағы абыройлы ақсақалдықтың символындай болды. Абыройлы ақсақалдық дегеніміз не өзі? Оны аға буынның өзі айқындамауы мүмкін, ал кейінгі ұрпаққа тайға таңба басқандай анық көрінеді. Жасыратыны жоқ, кейбір ағаларымыздың бойынан егделік пен пенделіктің белгілері қатар көрініп қалады. Мұны əсіресе, ғылыми еңбек қорғауға талаптанып жүрген жастар айрықша сезінеді. Мəселен, бір ғалымға авторефератыңды апарсаң, түксиіп отырып, соңынан өзінің

аты-жөнін іздейді. Зерттеуіңе еңбектерін пайдаланбағаның үшін сені жерден алып, жерге салады. «Менің еңбегімнің пайдаға жарайтындай құны бар ма?» деп ойламайды. Ал кейбірі бұлай деп ашық мəлімдемесе де, ішінен кек сақтайды. Қорғау алдындағы мəжілістерге бір бүйірден дауыл тұрғызып, жастардың зəресін алады. Бəзбір ағаларымыз еңбек қорғау барысындағы жіпсіз байлаған тəуелділікті пайдаланып, адамның санасына сыйматын ұсыныстар айтады. Сол арқылы жас буынның зердесінде өзінің жағымсыз бейнесін қалыптастырып жатқанын ұқпайды-ау, ұқпайды. Алаштың ардақтысы Зəки Ахметов мұндай пенделіктің бəрінен аман болды. Жастар оны сол үшін де құрмет тұтты. Сол құрмет тұтқанының белгісі емес пе, академиктің қазасына күйзелген ақын, шығыстанушы ғалым Серікбай Қосан өзі талай көз майын тауысып, көне жазудан оқыған ескі жырлардың үлгісімен жоқтау жазды. Оған жаз деп қолқа салған ешкім жоқ. Қайта дүңк етпе, жоңбай мінез Серікбай шайырға біреуге арнап өлең жаз десең, қитығып қалар еді. Бұл жолы өзі жазды, егіліп жылап отырып, жүрегімен жазды. Қазақтың ардақты ұлын қазақы дəстүрмен жоқтады. Жоқтау өлеңін бастан аяқ жалғыз ұйқаспен əдіптен шықты: О қайран аға, Алаштың адал ұлы едің, Ақсұңқардай шүюлі. Аузына көпті қаратқан, Кеудесі қазына үюлі. Өлеңін сынап қазақтың, Қалдырдың ойлар қиюлы. Ұрпағыңа үлгі еттің, Ұлт үшін қалай күюді. ...Соншама еңбек еткенде, Жетпіспен жасың өткенде, Жетпіс беске жеткенде, Жемісін жылдар төккенде... Жазғаның қалды жиюлы. Қаламың қолда түюлі, Сауытында сиясы қалды құюлы...

Кешегі күні Зəкеңнің поэзия теориясы туралы кітабын оқып, өз өлеңінің сыртқы сықпытын, ішкі əлемін жөндеген бала сол азаматты іздеп, жыр нөсерін селдетті. Дүйім жұртқа Зəки ағаның шынайы бейнесін танытты. Академиктің көзі тірісінде талай адам оған жыр арнаған шығар. Соның бəрі шаттыққа толы көңіл-күйден туғанына күмəн жоқ. Алайда өлеңнің, қайран ғалымның маңдайының терін тамшылатып зерттеген құдіретті поэзияның Зəкеңе қарап көз жасын төгіп тұрғаны осы еді. Бұл жоқтау өлең азалы күні Əдебиет жəне өнер институтының қабырғасындағы Зəки Ахметовтің қаралы рəсімге сай безендірілген суретінің жанында жапсырулы тұрды. Көптің көкейіндегіні дəл аңғартқан ақынның көңілі үкіметтің көңіл айтуынан кем емес-ті. Əдебиет тарихын зерттеушілер əр жылдарда жоқтау өлең үлгілерінің жеті атасын іздеп тапты. Мəселен, Кеңгірбай биді белгісіз ақын, Жəңгір ханды алаша Байтоқ, Шоқанды Орынбай ақын, Əйеке болысты Бұдабай Қабылұлы, Мұса Шормановты Мəшһүр Жүсіп Көпеев жоқтаған. Ыбырай Алтынсарин мен Сүйінбай Аронұлы өмірден озғанда да жоқтау жырлар айтылған. Əдебиет институтында əдебиеттанушы ғалымды жоқтаған əдебиеттанушы ақынның жазған жоқтау жыры – сол желінің жиырма бірінші ғасырға дейін үзілмегенінің дəлелі. Қара өлеңің ордасы ең, Қара сөздің жорғасы ең. Бір жақсымен құрдас ең, Бір жақсымен жолдас ең, Əттең, дүние опасыз... Кеше ел иығына зерлі тон жапқан Ер Зəкең, Бүгін жеңсіз көйлек киюлі. Бұл қалай сірə болды деп, Басыма қара төнді деп, Жұртының басы июлі. Туысқан, құрбы, қауметі, Жазушы, ғалым əулеті, Қайырлы болғай қазаңыз, Қабырғасы сөгіліп, Жандары қатты күюлі.

Шындығын айту керек, ел жылап-сықтап жүрген тұста бұл өлеңге ешкім мəн бере қойған жоқ. Алайда бұл нағыз алаш ардақтаған арысты, зиялы азаматты жоқтаудың осы заманғы үлгісі еді. Қаламы қарымды журналист-жазушы Сейдахмет Бердіқұлов қайтыс болғанда белгілі суырыпсалма ақын Есенқұл Жақыпбековтың жырмен жоқтау айтқанын көргенбіз. Сонда ел егілген, егіле отырып, ер азаматты іздейтін інілер барына сүйсінген. Ал мына өлең тек Серікбай ақынның ғана емес, Зəки Ахметовті шексіз сыйлайтын кейінгі буынның да айтар сөзі болатын. Жас ақын: «Сəрсенбі жаудан бұқпа деп, Сейсенбі жауға шықпа деп, Кейінгі ұрпақ балаға-ай, Ақтамберді бабаңның, Айтқаны келген бола ма-ай», – деп, ел ішіндегі аңыздардың желісін пайдаланып, өлеңіне əр кіргізеді. Желтоқсанның он жетісі шынында да сейсенбіге сəйкес келіп тұр еді... Еңбегі ерек, болмысы бөлек М.Əуезов атындағы Əдебиет жəне өнер институтында Зəки ағамен бірге біраз жыл қызмет істедік. Академик Ахметовтің нұрлы бейнесі бұл қара шаңыраққа тек қана шуақ сыйлайтын. Бұл бейне ғылымдағы ізгілік пен мəдениет, ақыл мен парасат, кішілік пен кісілік ұғымдарының баламасы сияқтанатын. Институтта талай жыл тер төккен əр көкем өзінше бір əлем. Əрқайсысы əрқилы мінездің адамдары. Сені бірі семсердей сөзімен, бірі оқты көзімен тəрбиелейді. Бірі – ишарамен ұқтырудың қалыптасқан маманы. Сол ишараны ұқпай, бейшара боп қалсаң, құрыдым дей бер. Ал Зəки ағаның болмысы мүлде бөлек-ті. Мұндай ми қыртысына дейін мəдениет қонақтаған адамдар өте сирек болады. Ол ешқашан ашу шақырмайды. Негізінде, ашуланбайтын кісі болушы ма еді... Бұл кісі де күйінетін шығар. Бірақ ішкі толқынысын жан баласына білдірмейді. Əбден күйгенде айтатын сол сөздерін байсалды қалыппен, байыппен-ақ жеткізеді. Сосын саған қарап, жай ғана жымияды. Сол жымиысы керемет əдемі. Содан нəр аласың. Артық-ауыс əңгіме айтпайды. Ешкімді ғайбаттамайды, пенделікке бармайды. Біреуді асыра мақтап, аспандатып жіберуге де құлықты емес. Білімі көл-көсір болса да, ешқашан көп білетіндігін көрсетуге тырыспайды. Ұқыптылығында, тиянақтылығында шек жоқ. Сонысынан өнеге аласың. Сосын текті тұлға дегеніміз осындай-ақ болар деп ойлайсың.

Оны институттың үлкен-кішісі өте жақсы көретін. Зəки аға қайтыс болған күні ол кісінің аспиранты Саят Қамшыгер деген жас ақынның академияның алдында аппақ қардың үстінде солығын баса алмай, еңкілдеп жылап отырғанын көрдім. Тегінде, ең жақынын жоғалтқан адам ғана дəл осылай жылайды. Əңгімемізді екі Зəкидің тұлғасын таразылаудан бастап едік. Сөз соңында осыған тағы да тоқталғымыз келеді. Башқұрт халқы мен түрік жұрты Зəки Уəлиди Тоғанның тұлғасын ұлықтаудан кенде емес. Башқұртстан Республикасының ұлттық кітапханасына, Уфаның орталық көшелерінің біріне оның есімі берілген. Санкт-Петербург мемлекеттік университетінің шығыстану факультетінде ғалымның бюсті орнатылған. Осы оқу орнының Түркітану зерттеу орталығы ұлы ағартушының есімімен аталады. Туған жерінде мұражай бар. Шығармалары əлемнің бірнеше тілдеріне аударылды. Ол туралы көптеген деректі жəне көркем фильмдер түсірілді. ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының шешімімен 2010 жыл «Зəки Уəлиди Тоған жылы» болып жарияланды. Ғалымның туғанына 120 жыл толуы түркі тілдес мемлекеттердің бəрінде аталып өтті. Осыған орай Башқұртстан Республикасының Ғылым академиясы «Ахмет-Зəки Уəлиди Тоған» медалін белгіледі. Башқұрт елінде еңбегімен ерекшеленген ғылым өкілдеріне Ахмет-Зəки Уəлиди атындағы сыйлық беріледі. 1992 жылдан бері жыл сайын халықаралық «Уəлиди оқулары» тұрақты түрде өткізіліп келеді. Зəки Уəлиди Тоған секілді күллі Еуропа мен түркі əлеміне аса танымал саяси қайраткер болмаса да, қазақтың Зəкиінің де əдебиеттанушы ретіндегі салмағы ешқандай ғұламаңнан кем емес. Ендеше ол да үнемі ұлықтауға лайық тұлға. Өмір бойы əдебиет теориясын зерделеген Зəки ағаның өзі болмысы да тектіліктің теориясын танытып тұратынын жан баласы жоққа шығара алмас еді. Сондықтан Ахметов Зəкиді АхметЗəки секілді қадірлегеннен ұтылмайтынымыз анық. * Біз, кейінгі буын, əдемі қартая білген Зəки ағаны көрдік. Көрдік те əрбір қазақ зиялысы қадірлі қарттықтың биігіне осылай көтерілсе екен деп ой түйдік. Қарттықтан қырттыққа бір-ақ секіргендерді де ара-тұра көріп қалып жүрген соң бұлай деуге құқымыз бар еді... 2011 ж.

КҮПІ МЕН ШЕКПЕН Күпі киген қазақтың қара өлеңін, Шекпен жауып өзіне қайтарамын. Мұқағали Мақатаев Өлеңнің «Өмір-өзені» Қазақ жырының қашаннан күпісі бар еді. Ол күпі қаншама ғасыр бойы қара өлеңнің жылуын сақтап келді. Абай атам айтқандай, арғыбергі заманның бедерінде бұл күпіге оранған өлеңді құрап, жамапжасқаған ақындар да болды. Сол Абай атамыз да, оның алдындағы арқалы жыр жүйрігі Дулат та қара өлеңнің күпісін жаңартты. Қайта тікті. Əдіптеді, зерледі. Күпісі жаңарған өлеңнің өзі де жасана бастады. Оған Мағжан ақын күмістен шолпы тақты, күндей күркіреген Қасым өлеңнің тамырына жаңа қан жіберіп, ұлт поэзиясының мінезін өзгертті. Ал Мұқағали күпісі бар, үкісі бар қара өлеңге шекпен жапты. Күпісін қымтанып, шекпен киген өлең ширыға түсті. Мұқағали жырға шекпен жауып қана қойған жоқ, қара өлеңнің тағы бір бұлағын ашты. Мұқағали əлемі – тазалықтың əлемі. Таза болатын себебі, ол үнемі жүрегінің түбіндегі, көкірек кенішінің тұнығындағы ойды айтты. Оны көркем сөзбен кестелеп жеткізді. «Айтып өткен ақында арман бар ма, Жүрегінің түбіне кір жасырмай», – деп өзі айтқандай, оның өлеңінде ешқандай жалғандық болған жоқ. Сондықтан ол жаппай оқылды. Өзі халықтық һəм ұлттық тұлғаға айналды. Ол ақындықтың өлшемі болды. Мұқағали өлеңді жазған жоқ. Жыр бұлағы оның көкірек көзінен өзінен-өзі құйылып жатты. Керісінше, өлең Мұқағалидың есімін əдебиет тарихына алтын əріппен жазды. Санасы барлар Мұқағалидың сұрапыл жырын көріп, өлеңді өз еркімен қойды. Олар адамның ақын болып қалыптаспайтынын, керісінше ақын болып туатынын Мұқаңның болмысына қарап ұқты. Ал қара өлеңге бейімі бар жақсы ақындар оған қарап бой түзеді. Мұқағали Мақатаев əлемі қазаққа қара өлеңнің құдіретін танытқандығымен қымбат. Əлемі бар ақын пəлегі бар жеміс секілді өркенін кең жаяды. Ол – қазақ өлеңінің бар мүмкіндігін пайдалана алған ғаламат жыр жүйрігі.

Бір кезде Мұқағали туралы арыз айтылса, қазір аңыз айтылып жатыр. Осы екеуінің арасындағы ақиқатты айқындай алсақ, сол Мұқағали əлемі болып шығады. Бұл – қазақ жырын, қазақ жанын, қазақ арын кірлетпей таза ұстау əлемі. Егер көзі ашық, көңілі ояу оқырман өзінің жанын жегідей жеген сауалдарға жауап іздеп, белгілі бір əдеби тұлғаның шығармаларына бас қоятын болса, ол өзіндік əлемі бар қабырғалы қаламгер болғаны. Мұқағали да сондай дəрежеге баяғыда жеткен ақын. Абай, Жұмекен, Мұқағали, Қадыр, Мұхтар (Шаханов), Жарасқан... Біздің студент кезімізде ең көп оқылған ақындар осылар еді. Мұхтар Шахановтың «Отырар трагедиясы» атты ұзақ поэмасын түгел жаттап алған жігіттер де болды. Ал енді Мұқағали екінің бірінің аузынан түспейтін. Оның өлеңдерін көп білетін студент өте беделді саналды. Аудиториялар мен жатақханаларда жұрт солардың аузына қарап отыратын. Тіпті «зооветтің» ұр да жық жігіттеріне дейін «Сол түні мен, Аққуға тұзақ құрып өлтіріп ем», – деп күйзеліп өлең оқып жүретін. Оны айтасыз, Киров атындағы зауыттың біреуге ұрынбаса тұра алмайтын жуан жұдырық жұмысшылары да Жен ПИ-дің жатақханасының жоғарғы қабатындағы терезелерге телміре қарап, «Əлі сен есімдесің, Аршалы сай», – деп емініп тұратын. Бұл бір бүкіл қоғам Мұқағали жырымен тыныстаған кезең еді. Ақын туралы күніге бір аңыз айтылады. Мұқаң бүйтіпті, Мұқаң сөйтіпті... Журфак пен филфакқа келген студенттер Мұқағали өлеңдерін білмейтініне кəдімгідей қысылатын. Сосын тездетіп, сол кемшіліктің орнын толтырғысы кеп, «Өмір-өзенге» сүңгитін. «Өмір-өзен» сол тұстағы жастардың өмірлік оқулығындай еді. Қай студенттің де қолынан түспейтін. Жырға бейімі барлар өлең өруді осы кітапқа қарап үйренетін. Босбелбеу ақындар өлеңді бір жола қойып, ойлы оқырман болуға ұмтылатын. Шекпен жамылған Мұқағали өлеңі халтурщиктерді қазақ жырынан қамшысыз-ақ қуып шығатын. Өйткені сесі бар еді бұл шекпеннің. Қара өлеңнің күпіге сіңген киесі шекпеннің ішіне енген соң жан-жағына жылуын мол шашты. «Өмір-өзеннің» толқынымен арпалысып, тұңғиыққа батып кетпей, жыр-дариясының жағалауына аман-есен жеткендерінің бəрі де жақсы ақын болды. Олар бүгінде қазақ поэзияның керегесін кеңейтіп, шаңыраққа бір-бір уық болып шаншылып тұр.

Басына барып қайтайын... Біз бірінші курсқа түскен жылы бір топ студент Мұқағалидың басына барып, тағзым еткенді жөн санадық. «Кеңсайға» барып, ақының қабірін көп іздедік. Ақыры таптық. Мұқаңның алып мүсіні «қыр басынан қала жаққа қарап тұр» екен. Жігіттер ақынның басында тұрып өлең оқыды. Əсерленді, шабыттанды. Кейін бəрі де қазақ əдебиетіне өзінің уығын қадады. Бауыржан Үсенов, Светқали Нұржанов, Қайрат Əлімбеков, Есжан Айнабеков, Бейбіт Құсанбеков, Гүлбаһрам Жебесінова, тағы да бір-екі студент болды-ау деймін. Кейбірі қазір арамызда жоқ. Олардың есімдерінің танымал болуына Мұқағали жырларынан сусындауының ықпалы тигені айдан анық. Əсіресе, сол жылдардың өзінде кестелі жырымен ел-жұртты елеңдете бастаған Бауыржан Үсенов қатты əсерленді. Ол бейіт басынан қайтып келе жатып, бір шумақ өлең оқыды: Сен өлеңде ғаламат кеңдік аштың, Кеңдік аштың, қырық бес-ақ белді бастың. Сол тентектік қалпыңмен қайран аға, Жатырмысың шулатып жердің астын?! Ал Мұқағали тектес сұрапыл ақын Светқали Нұржанов зираттан қайтқанда томаға тұйықтық танытып, үнсіз келе жатты. Ол да Бауыржан секілді Мұқағалиды ессіз жақсы көретін. Сірə, іштей арпалысқа түскен секілді. Қайрат Əлімбеков өзінің шабытты шағы туралы «Аспаным бұлтты, білмеймін, бір жауын бар ма? Өстуші еді жанымда жыр дауылдарда», – деп өлеңдетер еді. Тура сол. Қателесе қоймаппыз. Светқали көп уақыт өтпей-ақ, мынадай бір сипаты бөлек өлең жазды: Көптен бері естімей сыңғырын жырдың, Алматыға сия алмай шыңғырып жүрмін. Қайда кеткен баяғы бұла дауысым, Төмендеген бе, биіктен құламау үшін? Түкірдім сенің басыңа, жұқана күйбің, Басына барып қайтсам ба, Мұқағалидың? Сұрар ол менен: «Туды, – деп, – қай бота дарын?», Əбубəкірін айтар ем, Байботаларын. Түкіріп сенің басыңа жұқана күйбің, Басына барып қайтайын, Мұқағалидың...

Бұл өзге əріптестеріміздің көгілдір көктем, жасыл жапырақ, жарқын жаз, сиқырлы сезім туралы лирикалық өлеңдер жазып жүрген кезі. Светқали мен Бауыржандар бірден парасатты поэзияның биігіне шықты. Өлеңнің ішкі рухани уызынан нəр алды. Айналадағы құбылыстарға терең үңілді. Оның жұртшылық байқай бермейтін қалтарыстарына зер салды. Одан түйген ойларын өзгеше өрнектей білді. Тек Светқали мен Бауыржан ғана емес сол тұстағы басқа ақындардың да өлеңінің өресі жоғары болды. Қайрат Əлімбеков, Мұратбек Оспанов, Нұрлан Əбдібеков, Қазыбек Иса, Бауыржан Жақып, Жəния Ералиева, Кəдірбек Құныпияев, Нүсіпбай Əбдірахым, Гүлбаһрам Жебесін, Баян Бекетова, Үмітхан Алтаева, Амантай Шəріп, Əбубəкір Смайылов... Шетінен жүйрік шықты. Əсіресе, Əбубəкір Мұқағалидың өзінің ізімен «Мұқаңдар жоқ, Мұқаңдардың сарқыты – Əбубəкір Смайылов бар мұнда!», – деп жырлағанда бесінші жатақхананың түндігі желпілдеп кететін еді. Өйткені бұл буын Мұқағали мен Жұмекенді, Қадыр мен Мұхтарды, Жарасқан мен Кеңшілікті жата-жастана оқыды. Қысқасы, менің буынымды Мұқағали шыңдап шығарды. Өз қатарластарымыздың өлеңдегі өзгеше қалам сілтеуін көрген соң Көктөбеге қоныс тепкен көп ақын өлеңді қойып кетті. Соның ішінде біз де бармыз. Көштің соңында салпақтап, шаң жұтып жүретін көңілсіз шайыр атанғаннан гөрі өлеңді зердесіне тоқи алатын ойлы оқырман болғанды жөн санадық. Сөйтіп, публицистика мен əдебиеттануға ат қостық. Сонымыз оңды болған сияқты. Менде Мұқағалидың бірнеше кітабы бар. Əлдеқандай себеппен Амантай Шəріп қалдырып кеткен болуы керек, ақынның «Қарлығашым, келдің бе?» деген алғашқы жұқалтаң жинағы да біздің үйде жүр. Үлкен ұлым үйленіп, Қарлығаш деген келін босағамды аттағанда жігіттер соны еске салып, бір күлген. Мұқаңның кітаптарының ішінен 1989 жылы шыққан «Жырлайды жүрек» деген жинақты қолыма жиі ұстаймын. Неге екенін білмеймін, əйтеуір осы жинағын тəуір көрем. Өз басым, Мұқағали Мақатаевтың жырларымен күндіз-түні жатпайтұрмай сырласамын деп айта алмаймын. Оған уақыт та, мүмкіндік те жоқ. Ара-тұра оқимын, үңілемін, қайталаймын. Керегімді іздеймін. Сырласқан деген сол шығар. Осыдан жеті жыл бұрын Айжан деген жалғыз қызымнан айырылып қалдым. Жол апатына түсті. Мен үшін əлемдегі ең ақылды, ең əдемі қыз сол еді. Биыл он беске толатын еді. Сондықтан əрине, «Жырлайды жүректі» оқи отырып, Мұқаң болып, өз Майгүлімді іздеймін,

жоқтаймын... Өзіме тоқтау саламын. Тəубеме келемін. «Сенің аңқау құлағыңдай қалқиып, Қыр басынан қала жаққа қарап тұр...» – жалғыз Мұқаңның ғана емес, оның оқырманы – менің де мұңым... Қысқасы, Мұқағали жапқан шекпенмен қымтанып алған қара өлеңнің қызуын бəріміз де сезінеміз. Мұқаңның шекпені қазақ жырын өкпек желдің өтінде қалдырмайды, үсікке шалдырмайды. Ауырасың Мұқаңмен, емделесің Мұқаңмен... Мен көрген ақынжанды кісілердің ішінде Мұқағалимен ең қатты «ауырғаны» Ерлан Ібітанов. Ол – қазақтың атақты ақындарының бірі Еркін Ібітановтың ұлы. Мұқағалиды көп оқитын адамдарды талай рет жолықтырдым. Бірақ ақынды дəл Ерландай жақсы көретін адамды мен əлі кездестірген емеспін. Бəлкім, сол топырақта өсіп, жас күнінен ақын жырымен тыныстап өскендікі шығар. Мүмкін, Мұқағалиды жанындай жақсы көрген ақын əкенің ықпалы болар. Кез-келген өлеңін жатқа оқиды. Кез-келген жерінен сұрасаң, іліп əкетеді. Іркілмейді. Сен тыңдаудан шаршағанша тоқтамайды. Бір қарағанда ұяң көрінетін қағілез сары жігіт өлеңді оқи бастағаннан-ақ арыстанша айбаттанып кетеді. Мұқағали – Ерланның зердесі үшін таусылмайтын бұлақ. Ол – Ерланның таңды таңға ұрып жырлайтын, өмірі бітпейтін «Манасы». Қауіпсіздік қорғау органдарында қызмет істейтін Ерланды ілгеріде жұқалтаң лейтенат кезінде көргем. Қазір шені де, шекпені де өскен шығар. Толысыптолған болар. Бəлкім, полковник, бəлкім подполковник... Өйткені жырға құмар жігіттің шыңға құмар болмауы мүмкін емес. Бірақ қанша жерден оқалы киім кисе де, оны Мұқағалиды беріліп тұрып жатқа оқитын баяғы дағдысынан арыла қойды деп ойламаймын. Менің əр жылдарда жақын араласқан Ербол жəне Тілеужан деген жолдастарым бар. Екеуі де көсіліп өлең жазбағанымен жыр десе жымың-жымың ете қалатын ақынжанды жігіттер. Біреуі – тарихшы, біреуі – филолог. Сол екеуі де Мұқағалиды беріліп оқиды. Жанымен берілгені соншалық, балаларына Мұқағали деп ат қойды. Жас Мұқаштардың екеуі де ақын болмады, азамат болды. Мен мұны тек əлгі жолдастарымның Мұқағали жырларымен «ауырғандығының» мысалы ретінде айтып отырмын. Мұқағалимен «ауырудың» себебі де – өлең. Ол дерттен айығудың дауасы да – өлең. «Ауыратын жүрек те, бауыр да емес, Қызыл ала қан болған жаным екен», – деп ақынның өзі айтқандай, олардың дерт-

ке тəні емес, жаны бой алдырады. «Күні бойы аралап бөлмелерді, Сырқаттарды емдеймін жырымменен», – деп тағы да Мұқаң айтқандай, ақынның жырымен сусындап, кеселінен айығады. «Ермек те көп, ем де көп, Біреу ине, біреу сөзбен емдемек», – деп Жұмекен де жырлаған ғой. Сол секілді Мұқағалимен «ауырғандар» өте көп. Ал Мұқағалимен емделгендер одан да көп дер едім. Мұқағали өлеңдерінде ұлттық ұстын болды. Қазақ аулының, қазақ жұртының суреті болды. Ол бүкіл ұлттың ішкі иірімдерін қозғай білді. Елдің жан-дүниесімен үндестік байқатты. Оның өлеңінен əрбір адам өзінің болмысын, іздегенін таба алады. Мұқағали – өмірді де, өлеңді де шексіз жақсы көрген адам. Сондықтан қазақ оның айналасына топтасты. Ол рухани бағдаршы бола білді. Күллі ұлт болып ардақтайтын, талассыз мойындалған тұлғаға айналғанына дау жоқ. Кеше ғана өмірден өткен көрнекті ақынымыз Қадыр Мырза Əли жұрт жаппай оқыған «Иірім» атты естелік кітабында былай дейді: «Немесе Мұқағалидың ақ қайың туралы өлеңін еске түсірейік: Жапырақ-жүрек жас қайың, Жанымды айырбастайын. Сен адам бола бастасаң, Мен қайың бола бастайын, Келісесің бе, жас қайың?! Не құдірет барын білмеймін, осы өлеңді өлердей жақсы көрем! Неге? Неге? Түсіндіріп көруге болады, əрине! Бірақ соның бəрі, өлеңнің өзімен салыстырғанда жай сөз болып қана шығады. Өлеңнің қадірін кетіріп, бағасын түсіресің. Тіпті обалына қаласың! Қапысыз сөйлесіп, қалтарыссыз сырласып, татаусыз тіршілік кешіп жүргенде менің бір байқағаным – Мұқағали да менің көптеген дүниемді ұнататын. Сөйте тұра сүйсінуміз бір болғанмен, түйсінуіміз əрқилы болатын. Қателессем, Құдай өзі кешірер, оны пенделік жеңіп кете беретінді». Заманы бір, əдеби əлемі бір Қадыр аға одан əрі Мұқаңның өмірдегі болмысы туралы өз көзқарасын да айтады. Бірақ бəрібір «Иірімде» Мұқағалидың қазақтың ғаламат ақыны ретіндегі шынайы бейнесі жасалған. Екеуі де ұлттың ұлағатты тұлғалары. Тұлғалар тұлғаларды бедерлей де алады, безбендей де алады. Мəселе Мұқағали Мақатаевтың кейінгі ұрпақ үшін ұлттық тұлғаға айналғандығында болып отыр. Осы тұрғыдан қарасақ, мұндай ұғым бүгінде толық қалыптасты деп білемін.

Мұқағали мен Зейнолла Ақынның Зейнолла Шүкіровке арнаған өлеңі бар. Бұл бір өте қызық тақырып. Мен Зейнолла аға туған Бөген аулынан небəрі отызақ шақырым жердегі Қаратерең деген ауылда туып-өстім. Сондықтан жас күнімізден ол кісі туралы мəліметке біршама қанықпыз. «Хабар» агенттігінде қызмет істеп жүрген кезімде Қызылордаға барып, «Көзкөрген» бағдарламасы бойынша Зейнолла Шүкіров туралы хабар əзірледім. Бұл хабарды дайындауға Зекеңнің ұлы есебінде тəрбиеленген інісі Алпысбай көмектесті. Зекеңнің сегіз жасында түйеден құлап, мертіккен жерін көрдім. Ақынның мұрасын ұқыптылықпен сақтап, жариялаумен айналысып келе жатқан Алпысбайдың қолында деректер жеткілікті екен. Мұқағали мен Зейнолланың қарым-қатынасы өте жақсы болған. Бірін-бірі қатты қадірлеген. Ара-тұра хат алысып тұрған көрінеді. Алпысбайдың архивінде Мұқағалидың Зекеңе жазған екі хаты сақтаулы. Мұқағали 1963 жылы Қызылорда облысына келіпті. Сол сапарында Қазалы ауданында да болған сияқты. Себебі ақынның жұртқа белгілі «Қазалы желі» деген өлеңі бар. Бірде Алматыда сол Қазалы ауданынан шыққан бір полковник қартпен кездестім. Ол былай деді: «Ілгеріде біздің ауданға Мұқағали мен Жағда Бабалықов бірге келді. Мектептің жай ғана мұғалімі едім. Оларға қызмет қылып жүрген маған Жағда Бабалықов: «Айналайын, мен сияқты полковник бол!», – деп бата берді. Мен іштей: «Мына кісінің батасы қызық екен. Əскерге мүлде қатысым жоқ мен қалайша полковник боламын? Одан да «Завуч бол, қалқам!» деп неге айтпайды?» деп ойладым. Бұл тағдыр дегенді қойсаңшы, ұзамай əртүрлі себеппен ішкі істер саласына болмашы ғана қызметке ауысып кеттім. Сөйтіп, сонда өсіп-жетіліп, енді міне арада қырық жыл уақыт өткенде шынымен де полковник болып отырмын!». Қайран, Мұқаңа серік болған Жағда көкем! Сөзінің дуасы болып тұр ғой. Мұқағалидың Қазалыда болуына қатысты естіген əңгімем осы. Зекең туралы хабар түсіру барысында Қызылорда қаласындағы Мұқағали түскен үйді де көрдім. Төлебаев көшесіндегі екі бөлмелі шағын пəтер. Əрине, Шүкіровтер ол үйден баяғыда көшіп кеткен. Тек ол пəтер бағдарламаға пайдалану үшін, яғни, журналист ретінде кадрде тұрып: «Мына үйде орналасқан Зейнолла Шүкіровтің пəтеріне Мұқағали келген», – деп түсіндіре сөйлеп, елге көрсету үшін керек болды.

Мына бір хат назар аудартпай қоймайды. «Жұлдыз» журналының алпысыншы жылдардағы бланкасына жазылған хатта: «Зейнолла! Тірлігіңе тілектеспін. Мəңгілік өмір сүрмесең, басымды кесіп берейін. Жібергеніңнің барлығын сол қалпында ұсындым. Бара жатыр. Жаңалық айтып, хат жаз. Мұнда... да жоқ. Бəрі баяғыдай. Мұқағали», – деп жазылған. Мұқаңның бұл хатынан Зекеңе деген жанашырлығы, оның шығармашылығын ерекше бағалайтындығы көрінеді. Ал Мұқағалидың Зекеңе жазған екінші хаты тіпті қызық. Хат «Бүгін бір жұмыспен (демалыс күні) отырып едім. Ол жұмыс мені қызықтырған, сұмдық қызықтырған. Ең қызық жеріне келгенде, үйге Тоқаш келді... Үй ішім, əсіресе əйелім суық қарсы алды оны (Тоқаштың біздің үйге істеген тентектігі жоқ, сірə ол туралы сасық қауесетті сырттан естиді ғой деймін, бірақ Тоқаш біздің үйдің байырғы қонағы. Мен мұны (Т-ты) 1948 жылдан білемін» деп басталады. Ақын əрі қарай отбасының оны неге салқын қарсы алғанының себебін түсіндіреді. «Оны суық қарсы алды. Үй-ішім менің жұмыс істегенімді жақсы көреді, біледі нанның немен табылатынын. Ол (Т-ш) шаршап... келіпті, жатқыздым да жұмысымды жалғайын деп ем, зауқым шаппады (жұмысқа). Сен ойыма орала бердің...». Осы сəт Мұқағалидың есіне Зейнолла Шүкіров неге түсті екен деген ой келеді. Бəлкім, алдындағыны бұзып-жарып жүретін тентек мінезді Тоқашты көріп, төсекке таңылып жатқан періште көңіл Зейнолла көз алдына елестеді ме екен?! Асау арғымақ пен тұсаулы тұлпарды салыстыра отырып ой толғады ма, кім біледі? Əйтпесе, оған жазып отырған хатында үйіне Тоқаштың келгенін айтып несі бар? Мұқаң одан əрі Зекеңе былайша сырын ақтарады: «Зекен! Мен сенімен ашылып пікірлесе алмадым. Себебі – баяғы сенімсіздік (Жаратқан ием-ай, ашылып пікірлесу де рахат екен ғой...). Екінші себеп, прозаларыңды əлі оқымап едім, өтірік көлгірсуге арым шыдамады. Ал өлеңге деген пікірің əлгіндей болғаннан кейін тағы да аузымды жұмдым. Айтқаныңа да, былтырлар («Қазақ əдебиетінде») жарияланған мақалаға да ұйымадым. Сол үшін жым болдым. Ауылдарыңда көсіле жаттым, көпіре сөйлей алмадым. Өзіңмен пікірлесер көп жайттар бары анық». Осыдан-ақ Мұқағалидың жалған сөйлей алмайтын шынайылығы айқын көрініп тұр. Ойындағысын лақ еткізіп ақтара салады. Тағдырмен тайталасқан талантты тұлға Зейнолла Шүкіров туралы жазылған шығармалардың ішінен үш туындыны бөліп алуға болар еді.

Оның біріншісі – қазақ əдебиетінің алыбы Асқар Тоқмағамбетовтың «Жаралы жолбарыс» атты дастаны. Екіншісі – көрнекті ақынымыз Мұзафар Əлімбаевтың ақынның елу жылдығына арнап жазған «Құрыш қазақ» атты поэмасы. Үшіншісі – Мұқағалидың «Тағдырлардың тағдыры» деп аталатын өлеңі. Буырқанған теңіздей жатыр екен ашынып, Қайғы емес, қаталдық қабақта тұр ашылып. Тағдыр дейтін баяғы жалаң аяқ мыстаның, Жалынады кете алмай, аяғына бас ұрып, Тағдыр дейтін сүмелек шыр айналып кетпейді, Ол қабағын шытынса, есік жаққа беттейді, Табанында тағдырға ызғарменен қарайды, Қарайды да аяйды, аяйды да теппейді. Зекең туралы талай айтылған, сан рет жазылған естеліктердің мазмұны осы төрт шумақ өлеңге толық сыйып кетеді. Алланың салған сынағына бас ұрып, өз тағдырын өзі билеуге ұмтылған қайсар жанның өмірге құштарлығын, тынымсыз күресін Мұқағали басқаша көзбен көре алды. Мұқағали ғана байқай алатын биіктен зер салсақ, Зейноллаға талай жыл сес көрсеткен тағдыр одан əлдеқашан жеңіліп тынған. Өйткені, ақынның өзі тағдырға айналған. «Тағдырлардың тағдыры» – Зейноллаға ғана лайық, лайық болған күннің өзінде Мұқағали ғана зерлей алатын ерекше ұғым. Оның өзі де тағдырмен талай рет арпалысқа түсіп көрген ақын. Сондықтан ол Зекеңді тағдырдан теперіш көрген адам емес, керісінше, тағдырды ақыннан қудалау көргендей етіп бейнелейді. Өмір-өлеңнің призмасына кері ракурспен қарау арқылы өзгеше образ жасайды. Дəл төріне қондырып, өмір дейтін жолдасын, Екеу ара қақ бөлді, байлық, бақыт, олжасын. Қарамайды, қайтсін ол оңай-оспақ тағдырды, Тағдырлардың тағдыры – өзі тағдыр болғасын. Буырқанған теңіздей жатыр екен ашынып, Атылады аспанға ақ көбігі шашылып. Қателігін кеш ұққан тағдыр дейтін қайыршы, Жүгіріп жүр жағада сауға сұрап, бас ұрып...

Ал енді Мұқағалидың Зекеңе арналған осы өлеңі көпшілікке жақсы таныс болғанымен Зейнолла Шүкіровтің «Мұқағалиға жауап» деген өлеңін жұрттың бəрі бірдей біле бермеуі мүмкін. Ол бұл өлеңі арқылы өзі ақындықтың сұлтаны деп бағалайтын Мұқағалимен поэзияның тазалығы жөнінде ашылып сырласқысы келген сияқты. Айналасындағы ақындардың өлең өріміне, тақырып таңдауына көңілі толмайды. Əріптестерінің ізденбейтіндігіне, бірсыдырғы сүрлеуден шықпайтындығына күйзеледі. Олардың жырларында жалт еткен жаңалықтың жоқтығына налиды. Шөп те өлең, шөңге де өлең болғанына қиналады. Қайран поэзияның күйкі тірліктің көлеңкесінде қалып бара жатқанына жаны шыдамайды. Құдіретті музаның қарадүрсіндікке айналған көңілсіздеу көріністерін тізбелеп термелейді. Осынау өзгешелеу өлеңін саналы түрде жалғыз ғана ұйқаспен өреді. Бір осал жоқ бұл күнде кіл дүр ақын, Белден басып бунақты сындыратын. Темір-терсек, тау-тасты жыр қылатын, «Тауып айтып» төрт жолмен тындыратын, Өмір жайлы ойдан ой тудыратын... ...Бос мақалдап, жел сөзді сылдырату... Қайран жігіт, қажыған шалдан бетер, Ойлар... ойлар... əйтеуір бұлдырату... Бұл – жігіттер өлеңді құлдырату! Бұл – оның Мұқағалиға ағынан жарылуы. Өзінің тек тағдырмен ғана емес, өлең өлкесіндегі жалғандықпен де күресіп жүргенін түсіндіргені. Ол үшін Мұқағали поэзияның құндылығы жөнінде шағынатын өрелі өлшемге айналып отыр. Зекең оған жыр ауылының ахуалын баяндайды, өзінің көзқарасын танытады. Мұқағалидан төрелік күтетін тəрізді.

  • * Сөйтіп, Мұқағалидың жапқан шекпені қазақ өлеңіне құт болды. Ол қазақ жырының киесі сіңген күпісіне де, басындағы үкісіне де тиіспей, жаңа үлгідегі шекпенмен ғана қымтаған екен. Сол шекпен бүгінде бүкіл ұлт поэзиясына жылу беріп тұр. 2011 ж.

БIЗ КӨРГЕН БЕРДIҚҰЛОВ Ұстаз бен ұстахана Бiз деп отырғанымыз – қазақ баспасөзiнiң ұстаханасы (Ж.Бейсенбайұлы) «Жас алашқа» сексенiншi жылдардың орта тұсында келiп, аты аңызға айналған бас редактордың тəрбиесiн аз ғана уақыт көрген, сол себептi «Əттең, Сейдахмет ағаның басқару мектебiнде тағы бiрер жыл болғанымызда ғой…» деп өкiнген, бүгiнде алды қырықтың қырқасына шыққан, соңы отызды орталаған буын. Бұл буын сəл кеш туғаны себептi «Шерханның шекпенiнен шықтық» деп мақтана алмайды. Бiз журналистикаға келген тұс Шерағаңның шекпенiнiң iшi шəкiртке толып кеткен кез. Бiрақ, оның есесiне əлi де жастар басылымының тiзгiнiн ұстап отырған Бердiқұловтың аз уақыт болса да тəрбиесiн алу бақыты бұйырды. Алғаш рет бiз оны үшiншi курста оқып жүрген жылы көрдiк. Елуге келiп, мерейтойын тойлап жатқан Бердiқұловты университет əкiмшiлiгi студенттермен кездесуге шақырды. Жұрт ағылып келдi. Өйткенi, бұл факультетке оқуға түскендердiң iшiнде «Лениншiл жастың» бас редакторы Сейдахмет Бердiқұловтың есiмiн бiлмейтiнi жоқ-ты. Əсiресе, спорт десе iшкен асын жерге қоятын жастар қауымы залға сыймай кеттi. Сауал дегенiң есепсiз болды. Журналист-жазушы сөзден тосылған жоқ. Сол жолы деканымыз, қадiрлi ұстазымыз Темiрбек Қожакеев айтты: «Мына Сейдахметтiң бармаған жерi, баспаған тауы жоқ. Глобусты айналдырып жiберiп, саусағыңмен түртiп тоқтатсаң, сол сен ұстап тұрған нүктедегi елдiң топырағына Секеңнiң табаны тиген боп шығады. Қайда барсаң да Сейдахметтiң iзi сайрап жатыр». Бесiншi курсты бiтiретiн жылы сала құлаш қабырға газетiн шығаратын болдық. Ұзындығы он екi метр қарабайыр «бұқаралық ақпарат құралының» редакторы – курсымызда көп жазу жағынан ешкiмге ұпай бермей тұрған Мұратбек Тоқтағазин. Бұл сол жылдардың студенттерi түгел бiлетiн «Қобыратып түнiмен көп қағазын, Отырады Мұратбек Тоқтағазин» деген шымшыманың өмiрге келетiн кезi. Өзi керемет пысық. Бiр ұйықтап оянады да ғаламат идеяларды өмiрге əкеледi. «Қызық болсын, – дедi бiр күнi, – Қазақстанның ең мықты басылымдарының бас редакторларына сол мекеменiң фирмалық бланкасына бiздiң газетке арнап тiлек жаздырып əкелейiн бе?».

– Олар сенi қайтсiн! Жаздыра алмайсың! – Жаздырам! Дүниеде қайраудан артық қуат беретiн нəрсе жоқ. Оның үстiне бұл Мұратбек – iстеймiн дегенiн iстейтiн жұлымырдың жұлымыры. Содан ол сабақты жиып қойып, танауы шуылдап, газет-журналдардың шоғырланған жерi Максим Горький көшесiндегi 50-ші үйдi бетке алып тартып отырды. Кешке қарай сол екпiнiмен бесiншi жатақхананың баспалдақтарының бес-алтауын бiр-ақ аттап, бөлмемiзге оралды. Келе сала бiрнеше басылымның фирмалық бланкасын көз алдымызға көлбеңдеттi. «Өй, мына жынды шынымен алып келiптi», – деп, бүгiнгi күнгi «Астана ақшамы» газетi бас редакторының бірінші орынбасары, ол кездегi ботатiрсек бозбала Талғат Батырханов қағаздарға жармасты. Былай болыпты. Бiздiң «Алып келе алмайсың» деген қайрау сөзiмiзге намыстанған Мұратбек салып отырып «Социалистiк Қазақстаннан» бiр-ақ шығады. Сырттан бiр құшақ жел ала кiрген досымызға байсалды Балғабек Қыдырбекұлы: «Айналайын, дұрыс, бiрақ iстеп жүргендерiң баланың ойыны ғой, жарайды, бара ғой…», – дейдi. «Қой, үлкенiнен бастағаным дұрыс болмады, ендi кiшкентайына барайын». «Қазақстан пионерiнiң» бас редакторы Уəлихан Қалижанов сөзге келмейдi. Сойдақтатып жазып бередi. «Бiлiм жəне еңбектiң» бас редакторы Ақселеу Сейдiмбеков: «Газеттерiңнiң аты «Эпилог» дейсiң бе, iм-м-м… орысшалау екен. Дегенмен тiлек жазып берейiн», – дейдi. Ендiгi бағыт – қай кезде де қаламы мұқалып көрмеген «Лениншiл жас». Атақ-даңқы дүрiлдеп тұрған Сейдахмет Бердiқұлов қабырға газетiнiң адуынды редакторын сыпайылықпен қабылдайды. Бұл сыпайылықа бойы үйренген соң Мұратбек: – Аға, Уəлихан аға да, Ақселеу аға да жазды. Ендi сiз де жазыңыз, – дейдi батылданып. Бердiқұлов басын көтерiп алып, бiр қарайды. – Аға, жаңағы сөзiмдi Ақселеу ағаға айтпай-ақ қойыңызшы, – дейдi Мұратбек ұялған тек тұрмастың кейпiн танытып. Бердiқұлов жақтырмай тағы бiр қарайды. Сосын қағазына қайта үңiлiп жазып жатып: – Оған барып айтып жүруге уақытым жоқ, – дейдi. Кейiн Бердiқұловтың осы сөзi студенттер арасында жиi айтылатын мəтелге айналып кеттi. Сондағы Сейдахмет Бердiқұловтың «Лениншiл жастың» бланкасына жазып берген тiлегi мынау едi. «Эпилог» қайта «Прологтан» бастауына үшбу тiлекпен. Кеудеге ромбаны таққан күнi кейбiреуiмiз

бiр күн, ендi бiреу бiр апта, баз бiреулер жылдап ханға сəлем бермеген қайран күндер… Қос атпен қусаң да жоқ ендi!? «Эпилог» газетiн шығарушыларды да сол биiктен тауып тұрғандаймын. Оның еш ерсiлiгi жоқ. Бұйырса, 1986-ның шiлдесiнен кейiн Пролог қайта басталады. Соның Эпилогiне ентiкпей жетiңiздер. Ол – ұзақ жол, ұзақ еңбек. Ұзақ қызықтар мен шыжықтар. Ал «Прологты» шығаратындарға «iшiң бiлсiн əлу-ай…» демекпiн. Бұл тiлектi айтушы – отыз жыл журналистиканың құлақкестi құлы, əрiптестерiң Сейдахмет Бердiқұлов». Базбір ағайынның баспасөзге көңілі тасыса – сардар болып, кішілік танытса – сарбаз болып, алғырмыз деп аптығып, жазғышпын деп жанығып жататыны рас. Ал, бітімі бөлек Бердіқұлов – «журналистиканың құлақ кесті құлы»... Сол кезде бұл тiлектерге аса мəн бергенiмiз жоқ. Алты құлаш қабырға газетiнің жоғарғы жағына желiмдеп жапсырып, көрнектi жерге iлдiк те, той тойлап болған соң жөнiмiзге кеттiк. Кейiн өзiм журналистика факультетiне оқытушылық қызметке келген соң бұл газеттi кездойсоқ тауып алдым. Бүгiнде байыбына барып оқысақ, Сейдағаң көп нəрсенi аңдатыпты. Шынында да сексен алтының шiлдесiнен кейiн алапат өзгерiстер басталды. Желтоқсанның желi тұрды. Журналистика бұрынғы үрдiстерге жалын ұстатпай кеттi. Бердiқұловтың бiздiң курсқа арналған тiлегiн алып келген қаламы жүйрiк Мұратбек қазақ журналистикасынан қазақ бизнесiне ауысты. Сейдахмет ағамыз сəт сапар тiлеген сол жылғы түлектердiң iшiнен алтауымыз «Лениншіл жасқа» қызметке келдiк. Жалпы, «Лениншiл жасқа» («Жас алаш») қызметке қалу университеттiң журналистика факультетi студенттерiнiң бəрiнiң арманы болды. Өйткенi, олар күн сайын құлаш-құлаш мақалалары жарияланып жататын, еркiн жазатын, батыл пiкiр айтатын журналистермен бiрге қызмет iстегiсi келдi. Солардың бəрiн басқарып отырған, басылымның өзгеше стилiн, бөлек бет-бейнесiн қалыптастырған, атағы жер жарған бас редактор Сейдахмет Бердiқұловтың басқару мектебiнен тəлім алуды қиялдады. Университет бiтiре сала осы басылымның табалдырығын аттап жатқан қыз-жiгiттерге жұрт қызыға қарады. Бiз де қызықтық, армандадық. Содан бiрiншi курстан бастап газеттi жағаладық. Студент кезiмiзден Бердiқұловтың сайыпқыран шəкiрттерi томағамызды алып, топқа салды. Киелi шаңырақтың босағасынан сығалап жүрiп, қасиетiне қаныға бастадық. Берекелi басылымға оның дəстүрiн ұғынып, сипатын сезiнiп бардық.

Үлгі мен үрдіс Сонымен, біз жер шарының талай жеріне табаны тиген семсер тілді Сейдахмет ағаның отызда орда бұзған сəтін көргеніміз жоқ. Қаламгер ағаның қырықтың қырқасына шыққан кезін де көз алдымызға елестесе алмаймыз. Біздің көргеніміз – ел болып елуін тойлағанына екі-үш жыл өткен, басылымының оқырманын үш жүз мыңға жеткізіп, дəстүрлі ұстахананың бас көрікшісі болып отырған байсалды басшы. Университетті бітірер-бітірместен мүйізі қарағайдай қазақ басылымына қызметке алынып, «осының өзі өңіміз бе, түсіміз бе?» деп жүрген кезіміз еді. Сейдахмет ағаның əр ескертпесі бір-бір сабақ. Бір күні хатшы қыз хабар айтып кетті. – Бердіқұлов ағай бөлмелерді аралап келе жатыр! Бөлім бастығы жалма-жан алдындағы қобыраған қағаздарды ретке келтіре бастады. Төс қалтадан алынған қызылқанат тарақ өз иелігіндегі жирен шашты ретке келтірді де, шыққан жеріне қайта сүңгіп кетті. Қисайыңқырап тұрған галстук лезде түп-түзу бола қалды. Босағадағы столда бастығымның бар қимылын айна-қатесіз қайталап мен отырмын. Келді! Бердіқұлов есікті айқара ашып, кіріп келді. Бастығым көз ілеспес жылдамдықпен орнынан атып тұрды. Мен де қалысқам жоқ. Бұл не деген сесті кісі еді! Ауызға өз түспейді. Көзіне тура қарау дегенді, енді, атамаңыз... Көпті көрген əккі бөлім меңгерушісі əңгіменің тізгінін біресе олай тартып, біресе бұлай тартып, бас редакторды ыңшыңсыз шығарып салудың қамын жасап жатыр. Бірақ, сырбаз Сəкең асығар емес. – Мына баланың жұмысқа келгеніне бір ай болып қалды. Бөлімдеріңде жаңалық-өзгерістің ізі де жоқ. Қызметке жаңадан жас жігіттің келгені мүлде байқалмайды. Бас редактордың екі көзі бөлім бастығында. Жұмысқа орналасқаныма бар-жоғы жиырма күн. Терлеп-тепшіп тұрып, өзім бесінші курстың бозөкпе студенті болсам, өзім сірескен саяси бөлімнің қызметкері болсам, бас-аяғы үш аптада не тындыра қоймақпын деп ойладым. Маған бірауыз сөз айтпай, бөлім бастығына ескертпе жасағанына қарадай қысылып барамын... Əрі ойландым, бері ойландым. Жұртты таң қалдыратын жаңалыққа жуық арада жолығатын түрім жоқ. Бір-екі көйлекті бұрын тоздырған

əріптестерімнен ептеп сыр тартып көрдім. Ештеңе шықпады. Орталық кітапханаға барып, газет тігінділерін парақтап отырып, «Осы атағы дардай Бердіқұловтың өзі біз сияқты «Лениншіл жастың» босағасынан аттаған кезде не жазды екен?» деген ой келді. Елуінші жылдарды аяқтап, алпысыншы жылдарға аяқ басқан «Лениншіл жас»... Кімдердің қолтаңбасы жоқ мұнда?! Жырларынан тереңдіктің тынысы сезілетін албырт жас ақын Əбіш Кекілбаев, баспасөз бетіне балауса жырларын ұсынып, жастар газетінен бата алған он алты жастағы бозбала Мұхтар Шаханов, əдебиет ауылынан еншісі бөлек оқу орындарында жүрсе де, қалам сілтесі қара сөз бен өлеңге өгейлігін білдірмейтін Тау-кен институтының студенті Медеу Сəрсекеев пен Алматы мемлекеттік консерваториясының студенті Жұмекен Нəжімеденов, Жұмекеннің əзілкеш курстасы Оспанхан Əубəкіров... Мұның бəрі солардың кейінгі ғұмыры оқырманға жақсы қанық болғандығымен қызық. Солардың арасында – ойлы мақаласымен оқтын-оқтын көрініп, жастар журналистикасының жылнамасына есімі енді-енді жазыла бастаған Сейдахмет Бердіқұлов. Сол жолы жиырма бестің жалынымен жазылған ойлы очерктер мен қырық жыл өтсе де қызуы сезілетін өткір репортаждарын құмарта оқығанбыз. Жастар газетіне жас жігіттің əкелген лебін сезінгендей болғанбыз. Қырық жыл қажымай-талмай қалам тербеген Сейдахмет ағамыздың жас шағында жазған дүниелері терең ойлылықты, талғампаздық пен сезімталдықты танытады. Бұл жылдар жас жігіттің спорт журналистикасына бүйрегі бұрғанымен, басқа тақырыптарды да өгей баладай көрмей, көпшіліктің көкейіндегіні тап басатын өткір мақалаларды көсіле жазып, ауыздыға дес бермей тұрған кезі. Қалам сілтесі бөлек, ой өрімдері қазақы. Сөйлемдері шымыр. Оқыдық əрі сүйсіндік, түсіндік əрі түйсіндік. Осындай қадамы құтты, қаламы жүйрік ағаның қарамағында қызмет істеп жүргенімізге қуандық. Бiрақ бiз «Лениншіл жасқа» келген жылдың аяғында осы басылымды он алты жыл басқарған Сейдахмет Бердiқұлов басқа мекемеге ауысып кеттi. Майталман бас редактордың қарамағында баржоғы жетi-сегiз-ақ ай ғана жұмыс iстедiк. Бiрақ сол жетi-сегiз ай «Жас алаштың» қабырғасында жүрген жетi-сегiз жылымызды он орап аладыау деймiн… Жастар газетiне бiздiң буын келгенде басылымда «Қоштасу вальсiн» шырқап жүрген аға буын «Сендердiң көргендерiң сабасына түскен,

шаршаған Бердiқұлов қой. Нағыз Бердiқұловты бiз көрдiк. Қуырды ғой, бiздi қуырды…», – дейтiн. Сол «шау тартқан» Бердiқұлов (ол кезде жасы елу үште ғана) басқаратын басылымдағы аз ғана уақытта көп нəрсеге көз жеттi. Батылдық пен бапкерлік Сейдахмет Бердiқұлов тоқсаныншы жылдардың ортасында өмiрден өтті. Осы уақыт iшiнде журналистика адам айтқысыз дəрежеде дамыды. Бiр кездегi идеологиялық өлшемге сай кесiлiп-пiшiлетiн басылымдардың бет-бейнесi мүлде басқаша қалыптасты. Еркiн ой, айқын пiкiр салтанат құрды. Қысқасы, Бердiқұлов армандаған заман ендi туды. Ендi бүгiнгi күннiң биiгiнен зер салып, оның қаламгерлiк, бас редакторлық болмысы туралы əңгiмелеп көрелiк. Барған басылымы жайнап сала беретiн бас редактор Бердiқұловтың қасиеті неде? Ол – құрсаулы жүйенiң өзiнде еркiн тыныстаған адам. Ақиқатты тайсалмай айта бiлдi. Бас редактор Бердiқұлов өте батыл болды. Жастар ұйымының басшылығы əркез онымен санасты. Көктем мерекесi деген желеумен əр жылғы 22 наурыз күнi жасыл немесе көгiлдiр түстермен безендiрiп, арнайы нөмiр шығарып тұрды. Бұдан да зор басылымдар тырп етпей жатқанда Наурыз күнi жасандырып газет басуға рұқсат алу оңай емес-тi. Сол жасыл түс кейiн хақ дiнiмiзге мойын бұрғызды, көпшiлiгiмiздiң иманымызды оралтты. Көгiлдiр түс жалауымыз болып көгiмiзде желбiредi. Қатал цензураның тұсында да Бердiқұлов басқарған басылым ұлтқа пайдалы дүниелердi жариялап отырды. Сейдағаң өте сергек болатын. Сонысымен бiздiң қатарластарымызға қатты ұнайтын. Бiз көгалда волейбол ойнаған, қиыс кетiп бара жатқан допты аунап барып қағып үлгерiп, жоғары серпiп жiберген Бердiқұловты көрдiк. Əйгiлi спорт журналисi үнемi спорттық бабында жүретiн. Ол газеттiң қабырғасында қазақ спорт журналистикасының мектебiн қалыптастырды. Бүгiнде жер шарының қойны-қонышын түгел шарлап шыққан танымал қаламгер Несiп Жүнiсбаевты бiр тақырыпқа бейiмделiп жазуға баулыды. Ал Несiп аға ол дəстүрдi ары қарай жалғайтын тағы бiр талантты журналистi iздеп тапты. Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының ұлттық спорт ойындарымен айналысатын студенттеріне тəлімгерлік жасайтын Несағаң тарих факультетiнің тоғызқұмалақ ойнап отырған бір тарамыс қара

баласын қолынан жетектеп, Бердiқұловқа алып келдi. «Ат болар тай құлыннан» демекшi, Сейдағаң көзiнде от ойнап тұрған бұл ұланға үмiт артты. Сөйтiп, Алматыға қазақ тарихын зерттеймiн деп құлшынып келген бала Сейдахмет пен Несiп ағаларының жолын қуып, спорт журналистикасының соқпағына түстi. Бердiқұлов мектебiнiң белдi өкiлi Қыдырбек Рысбекұлы кейін республикалық спорт мектепинтернатының директоры болды. Кезiнде өңкей қазақ балаларынан «Намыс» футбол командасын құрып, көзсiз ерлiк жасаған Несiп ағасы сияқты Қыдырбек те елдiң ойы мен қырын аралап, бойы сырықтай, жауырыны қақпақтай ұландарды iздеді. Тапса, жетелеп мектебiне əкеледi. Бұл тəлiмдi олардың зердесiне Бердiқұлов ұялатты. Сейдағаң нағыз ұлтжанды азамат болатын. Бəйгенiң қай саласында болсын, қазақ баласының оза шапқаны туралы мəлiмет түсе қалса, титiмдей хабар түрiнде жазылса да шығып жатқан нөмiрге үлгертiп жiберуге тырысар едi. Ал сол жағымды жаңалықты Бердiқұлов естiп, тиiстi бөлiмнiң қызметкерлерi хабарсыз қалса, сол күнi редакцияның iшiнде дүлей дауыл тұрады. Сондықтан газеттiң қызметкерлерi үнемi сергек, құлақтары түрiк жүретiн. Сейдағаң мақалаға тақырып қоюдың шеберi болатын. Ол кез-келген дүниенiң қазақылық сипатына үңiлетiн. Мəселен, сол тұста үрдiс болған балалардың «Былғары доп» бəйгесi туралы репортаж даярлап апарсаң, тақырыбын қолма-қол «Алматыда футболдың тай жарысы» деп өзгертер едi. Несiп ағаның Жақсылық Үшкемпiровтiң спортпен қоштасу сəтiнде жазған очеркiне «Кiлемнен кетiп барады…» деп ат қойғаны есiмiзде. Бір күні жігіттер редакцияның жарнама тақтасының алдында жиналып қалыпты. Қарасақ, «Известия» газетінің қиындысы ілулі тұр. Базар нарқы жайындағы бір сүбелі дүние екен. Жанына жапсырылған бір парақ қағазға Сейдахмет аға қиғаштап тұрып екі-үш сөйлем жазыпты: «Əй, жігіттер-ай, осындай мақала жазу үшін университет бітіріп əуре болудың не қажеті бар? Базарың іргеңде тиіп тұрған жоқ па?». Ұстаз жүрегі күні ертең сауданың айы оңынан туып, базардың бағасы аспандап кетерін сезді ме екен? Əлде, арқасын кеңге салған қайран қазақтың қамсыз тірлігіне күйінді ме, əлде, табан астында жатқан тақырыпты байқамай, жайбарақат жүретін жас əріптестеріне көңілі толмады ма, əйтеуір, «Лениншіл жастың» жігіттерін осылай жақсылап бір қайрағаны есте.

Бердiқұлов редакцияның қызметкерлерiне қорған бола бiлдi. Оларды өктем жүйенiң тықсыруына жол бермедi. Бiрде газетке жаңа келген өңкей шикiөкпе жас журналистер комсомол өмiрiне қатысты материал əзiрлеу барысында өрескел қате жiберiп алдық. Жезқазған облыстық комсомол конференциясына қатысқан облыстық партия комитетiнiң хатшысы Сапарғалиевтiң қызметi «бiрiншi хатшы» деп жазылып кетiптi. Дəл қазiргi күнi мұндай қате жiберген журналист тыныш ұйықтай бередi. Ал ол кезде осындай жəйт бүкiл тағдырталайыңды өзгертiп жiберетiн. Ертеңгiсiн газеттi ала сала түнде оншақты адам жабыла оқып жүрiп байқамаған қарғыс атқыр қатенi көзiмiз шалып, бөлмемiзде үкiм күтiп үрпиісіп отырмыз. Əсiресе, Сапарғалиевтi өз қолымен «бiрiншi хатшылыққа тағайындаған» Əнуарбек Əуелбеков тiптi мазасыз… Бəлкiм, ешкiм байқамай қалар… Қайдан, мұндайды байқамаушы ма едi?! Сағат оннан бастап комсомол тұрмысы бөлiмiнiң сары телефоны зырыл қақты. Жезқазғаннан… Басқа емес, Сапарғалиевтiң нақ өзi. «Жiгiттер, не iстегенсiңдер, масқара болдық қой. Бердiқұловты таба алмай отырмын…» Əншейiнде байсалды қалып танытуға тиiс обкомның хатшысы қолды-аяққа тұрмай тызалақтайды. Өзiмiздiң жанымыз мұрнымыздың ұшына келiп тұрса да, бұл кiсiнiң жағдайын түсiнемiз. Өзiң жай хатшы болсаң, соған қарамастан жастар басылымы бiрiншi хатшының кабинетiне зорлап кiргiзiп жiберiп жатса, оның үстiне облыстың бiрiншi хатшысы азуы алты қарыс Давыдов болса, аттандамағаныңды көрер ем. «Бiттiк!», – дедiк iштей. Бердiқұлов Əнуарбектi, оған қосып бəрiмiздi «Лениншiл жастан» еңiретiп отырып қуып шығады. Айтпақшы, Бердiқұлов қалада жоқ па, əлде бiр жұмыстармен кiдiрiп жатыр ма, сол күнi редакцияда көрiнбедi. Түске дейін қабылдау бөлмесiндегi телефонды дамылсыз ойбайлатқан Сапарғалиевтiң аттандауы түс ауа сап тиылды. Мүлгiген өлi тыныштық. Мұндайда қарап қалмайтын үлкен ЦеКаның өзiнен өтiп кеткен мазасыз «iнiсi» кiшi ЦеКадан да хабар жоқ. Əнуарбектiң шашының жартысын ағартқан, бiздiң мазамызды алған бiр түн өттi. Ертеңiне Бердiқұлов жұмысқа келдi. Бiзбен шаруасы болған жоқ. Келесi күнi де, одан арғы күнi де солай. Бердiбек Соқпақбаевтың «Балалық шаққа саяхат» атты повесiнде басты кейiпкердiң мектептегi бiр қызға «М.С.С.» деп хат жазуын жазып алып, оны əлгi қыз мұғалiмге апарып беретiн шығар

деп үрейленiп жүретiн кезi бар. Бiз де құдды соның күйiн кештiк. Ату жазасын күткен айыпкердей екi-үш күн өткiзген соң жайбарақат тыныштыққа бойы үйренген Əнуарбектiң тiлi шығып, ел-жұртқа анекдот айта бастады. Кейiн бiлдiк, Алматының талай қиырына телефон шалған Сапарғалиев сол күнi түстен кейiн Бердiқұловты ақыры тауып алыпты. «Лениншiл жастың» өзiнiң қызметiне байланысты жiберген қатесiн айтып шағыныпты. Сонда Сейдахмет аға: «Болар iс болды ғой ендi. Қайтесiз, жас балалар қызметiңiз өссiн деп жақсы ырым бастаған шығар», – деп басу айтыпты. Сапарғалиевтiң сабасына түскенi де содан екен. Сiрə, өзi де жақсы адам болса керек, өршеленiп тұрып алса қайтер едiк? Сөйтiп, бас редактор Бердiқұлов бiр сөзбен тiлшiлерiн жазадан аман алып қалды. Жəне өзi мұны есiмiзге салып мiндетсiген емес. Тiптi бұл туралы лəм-мим демедi де. Қазiргi күнi бiреуге жасаған жақсылығын елу жыл есiне салып отыратын ағайынды көрiп, мəрт мiнездi, кесек тұлғалы Сейдахмет ағаны ерiксiз ойға аласың. Ал, бұдан бiрер жыл кейiн КПСС Орталық Комитетiнiң қаулысынан сегіз абзацтың кем басылғаны үшiн газеттiң бiр-екі қызметкерi жұмыстан босатылды. Сол кезде Бердiқұлов болса қайтер едi деп ойладық. Қай кезде де қарамағындағы қызметкерлерiне қалқан бола бiлгенiн еске түсiрдiк. Тектілік пен төзімділік Сейдахмет Бердiқұловтың сол қолымен жазылған бұйрықпен «Лениншiл жасқа» қызметке алынғандардың бiр несiбесi артық болды. Олардың арасынан ұстаздың дəстүрiн жалғаған бас редакторлар шықты. Сөздiң қадiрiн бiлетiн, стилi жатық Бердiқұлов мектебiнiң шəкiрттерi қайда да қарымды екенiн көрсеттi. Кейiнгi жылдарда Сейдахмет аға дертке шалдықты. Ұстаз төсекке таңылып жатқанда тiкелей шəкiртi Қыдырбек екеумiз үйiне жиi барып тұрдық. Ешкiмге бас имеген тəкапбар Сейдахмет ағаның жүдепжадаған қалпын көру қиынның қиыны едi. Жiлiншiктен басталған iсiк қара санды кеулеп, кеудеге қарай өрлеп келе жатты. Талайға намысты бермеген кеуде дертке бой алдырмау үшiн күресiп бақты. Бірақ, рухы түскен жоқ. Жанары жарқ-жұрқ етіп, ағыл-тегіл ақтарылып, бар əңгімесін айтты да отырды.

– Апыр-ай, мына Жыланбаев дегенің жолбарыстың жүрегін жұтқан ба, түге? Сахараның үстімен самолетпен ұшқаным бар. Бауырына қызыл арай ұйыған жал-жал құм төбесінен қарағанның өзінде зəреңді ұшырады. Қыбырлаған жан кездеспейді. Шөл даланы жалғыз шарлап шығу деген сұмдық қой! Бұл – Гиннестің рекордтар кітабына бірнеше рет енген əйгілі марафоншы Марат Жыланбаевқа сүйсінгені. – Абайдың жүз жылдығына арналған салтанатқа бала болсам да бара қалайын. Бір сəтте алдыңғы жақтан бір ғаламат үлкен басқа көзім түсті. Өзі жанындағы басқа бастарға қарап, сөйлеп қояды. Құлақ дегенің тілім-тілім. Ал енді ерні бар ғой, біздің Сарышыбырдың даласы сияқты. Жырым-жырым... Бұл – оның он екі жасында əйгілі Қажымұқанды алғаш көргендегі əсері. Соңғы күндер... Соңғы сөздер... Ашық терезеден Көктөбе жаққа көз тігіп, тұрлауы жоқ тірлікпен үнсіз ғана қоштасып жатқан азамат... Ерні жыбыр ете қалса, əлдене дер ме екен деп елең еткен жұрт. Біз оңайлықпен беріспейміз дегендей бүркіт қабақтар ғана ауық-ауық көтеріліп, өткір жанарын айбарландыра түседі. Тіршілігінде тектілігін танытып тұрған қыран қабақ пен өткір көз оны жаманаттың ауылына жібергісі келмейді. Бір сəтте Сейдахмет аға көзін оқыс ашып алды. – Осы көсемсөздің баламасын таба алмай жүр едім. Ойыма енді оралып жатқанын қарашы. Соны беделсөз дегеніміз дұрыс-ау. Əйтпесе, қолына қалам ұстағанның бəрі көсемсөз жаза берсе... Онысы көсемнің сөзіндей болып шықса жақсы... Бұл жалғандағы татар дəмі таусылуға төрт-бес күн қалғанда да дерт меңдеген Сейдахмет аға қазақ журналистикасының жай-күйін ойлап жатты. – Əттең, көктемге бiр жетсем,.. – дейтiн Алатаудың қарлы басына терезеден қарап отырып. Сөйтiп, зарыға күткен көктемiне де жеттi. Бiрақ келесi көктем келгенде Қасым ақын айтқандай, қыр үстiнде көрпесiн қымтап жатты. 2009 ж.

ҚАДЫРДЫҢ САБАҒЫ Академикті ауыстырған ақын Бірінші жыл ауылы естен кетпей, Бесінші жыл қимайды астананы. (Қадыр Мырза Əли, «Студенттер») Қаз ГУ-дің журфагіне түскен студенттердің Алматыға келе сала іздейтін, жүздесуге асығатын бірнеше қаламгері болады. Себебі, жас өрендер олардың шығармаларын үтір-нүктесіне дейін оқыған. Яғни, алда-жалда ол кісімен кездесіп əңгімелессе, айтар ойын жұптай біледі. Əйгілі ақынды көрген соң аяқ астынан қысылып қалмаса, оған қояр сұрағына дейін дайын жүреді. Біздің тұсымыздағы сондай бір аса танымал тұлғаның бірі Қадыр Мырза Əли болатын. Əрине, одан басқа ақындарды да жақсы көрдік. Алатаудың бөктеріне Мұқағалидың, Жұмекеннің, Тұманбайдың, Сағидың, Жарасқанның, Мұхтардың жырларын жаттап келдік. Бірақ Қадырдың жөні бөлек еді. Өйткені, оқуға түсем деген тəтті арманы бар əрбір ұлан ақынның «Студенттер» деген əйгілі өлеңін зердесіне тоқитын. «Студенттер» талай баланың үмітін оятты, қиялына қанат бітірді. Талай ұл мен қызды ауылдан Алматыға қарай жетеледі. Сол жетекке ілесіп жеткендер Қадырды іздемегенде кімді іздейді? «Студенттердің» əр шумағы бірінен бірі өтеді. Кеудеңе желік бітіреді. Оқуға жылда барып, құлап қайтып, еңсең езіліп жүргеніңде жаныңа жігер береді. Сосын қайтадан тіктелесің. Құлап келгенде құлаштап тұрып лақтырған оқулықтарыңды қайта қолға аласың. Армандай болған Алатау жаққа тағы да көз тігесің. Алматымыз жастықтың бағы іспетті, Қаншама гүл сол бақта қоныс тепті. Бір жігітте он түрлі ой арман бар, Он жігітке жалғыз-ақ конспекті. Керемет қой, қызық қой сезім деген, Көктемеде кім үйден безінбеген?! Он ай бойы масайрап ойнағандар, Емтиханда отыз күн көз ілмеген?

Өмір, өмір! Деп жастық ұрандай ма? Көкіректі кернейді бір əн майда. Бір жігітке он қонақ мейрам күні. Он жігітке бір билет трамвайда. Осыдан соң тағатың қала ма?! Көркем қалаға аңсарың ауады. Сол əсем шаһардың көшесінде еркін сайран салатын студент болғың келеді. Зəулім ғимараттардың кең аудиторияларында қағазға көміліп отырсам дейсің. Осы арманына жеткендер үшін Қадырдан артық тұлға бола ма?! Оның үстіне сол Қадыр ақын күнделікті тіршілік кешіп жатқан қалаға оқуға түссең, сенен бақытты жан бар ма?! Ал «Сабақтан қол қалт еткенде қайда жұмыс істейтінін біліп, іздеп көрсем немесе көшеде кездейсоқ көріп қалсам...» деп армандайтын адамың сен сабақ оқып отырған аудиторияға өзі кіріп келсе, қайтер ең?! Журналистика факультеті студенттерінің бірінші курсқа түсе салысымен оқитын пəндерінің бірі əдебиет теориясы еді. Біз де бұл пəн басталатын сəтті асыға күттік. Себебі, əдебиет теориясынан бөлек болмысымен, сұлу сөзімен талайды тамсандырған академик Зейнолла Қабдоловтың өзі лекция оқитын көрінеді. Аты аңызға айналған əйгілі ғалымды көрген де арманда, көрмеген де арманда. Аудиторияда кірпік қақпай күтіп отырмыз. Бір кезде есіктен академик Қабдолов емес, ақын Қадыр Мырзалиев кіріп келе жатты. Аң-таңбыз. Əдепкіде ақын аға академикті іздеп келген шығар деп ойлап қалдық. Жоқ, өйтіп келген адамға ұқсамайды. Жайлап басып келіп, ұстаздың орындығына жайғасты. Сосын асықпай, баппен ғана осы пəннен өзінің дəріс беретінін айтты. Сөйтсек, сол жылы Зекеңнің қоғамдық жəне ғылыми жұмыстардан қолы тимей, өзінің орнына Қадыр ағамыздың лекция оқуын өтініпті. Бұған біз, əрине, аздап өкіндік. Бəрімізге арман болған академиктің дəрісін тыңдай алмайтын болдық енді. Бірақ оның есесіне атақты ақынның өзінен сабақ алатынымызға қуандық. Кəдімгі Қадыр. Өзіміз өлеңдерін жастайымыздан жаттап өскен арқалы ақын. Аудиторияда отырғандардың ішінде Қадырдың жырларын жатқа білмейтіні некен-саяқ. Міне, сол ақын апта сайын сенімен жүздеседі. Лекция оқиды. Сенің сұрақтарыңа жауап береді. Семинарда сені тыңдайды. Семестрдің соңында сенен емтихан алады. Əкем-

ау, саған бұдан артық не керек?! Осының өзі рас па, жоқ па дегендей елуіміз бір-бірімізге қарап қоямыз. Оның үстіне осы жылы оқуға түскен елуіміз де елу түрлі стильмен шатып-бұтып өлең жазамыз. Өлеңіміз оңып тұрмаса да кеудеміз аяқ қаптай. Өлеңіміздің тақырыбы əртүрлі. Өмір туралы, өзіміз туралы, өзгелер туралы, өсімдік туралы... Жаза береміз. Соның бəрін мықты ақынға қаратып, сынатып алатын болдық енді. Біздің ақындық талантымызды одан əрі аша түсуге бола келген шығар бұл кісі. ...Қайдан? Қадыр ақын аузын ашқаннан-ақ елге тыныштық бермей жүрген елу ақын тілден қалдық. Əр сөзін, əр тұжырымын əлем əдебиетінің маржандарымен тұздықтайды. Ең озық ойлы ақындардың өлеңдерінен мысал келтіреді. Əр мысалы өзімізді де, өлеңімізді де бүрістіріп кетеді. Қысқасы, Қадырдың алғашқы лекциясынан-ақ ішіміздегі ең талантты екі-үш ақыннан басқамыз өлең біздің қолымыз екенін ептеп сезіп шықтық. Сол сезік кейін бəрімізді де ақындықтың ауылынан едəуір жерге қуып тастады. Қадыр ағаның алғашқы сабағының əсері осы еді. Темекіні тартады, шылымды шегеді Киіміңнің бəрі де өзгенікі, Өзіңдікі тек соққан жүрек қана. (Қадыр Мырза Əли, «Студенттер») Мемлекеттік сыйлықты былтыр ғана иеленген қырық алты жастағы Қадыр Мырзалиев... Жүріс-тұрысы біздің күнде көріп жүрген оқытушыларымызға мүлде ұқсамайды. Біздің оқытушылар шыртиып костюм-шалбар киеді. Мойындарына қылғынып, сиырдың тіліндей жалпақ галстук тағады. Ал Қадыр ағамыз өмірі сабаққа галстук тақпай келеді. Былғары бешпент, бастырмалы түймесі бар көйлек, джинсы киіп алған. Ұзын шашы толқынданып, желкесін жауып тұр. Ол кісімен бірге аудиторияға еркіндіктің ескек желі ере кірді. Біздің ұстаздардың кейбіреуінің аузы-мұрны лық толған ауыр портфелі болады. Оның ішінде не жоқ дейсің?! Буда-буда қағаз, үлкендікішілі блокнот, атам заманғы газет қиындылары, əлгі ұстазымыздың осыдан отыз бес жыл бұрын əлдебір газетте жарияланған мақаласы, баяғыда жарық көрген бір кітабы туралы біреудің жазған рецензиясы,

парақ-парақ лекция, студенттердің аты-жөні түзілген қалың дəптер, тершігенде сүртінетін беторамал, кефирдің дөңес бөтелкесі, бəрі-бəрі сол жуан сөмкенің ішінен шығады. Қадекеңде мұның бірі де жоқ. Жараған аттай болып, қолына ешнəрсе ұстамастан кіріп келді. Біздің ұстаздарымыз сабаққа алғаш рет кіргенде өзін таныстырады. Сосын елеусіз ғана ғылыми дəрежесі мен атағы қандай екенін айтып өтеді. Содан соң жөткірініп алып, алдындағы дəптерге қарап қойып, бізді түгелдеуге кіріседі. Шетімізден сүйретіліп тұрып жатамыз. Кейбір ағаларымыз иіс алмас. Сабаққа қатыспайтын курстастарымыз үшін орнымыздан бес-алты рет тұрғанымызды да аңғара бермейді. Сөйте тұра сабаққа қатыспасақ, емтиханның кезінде көкемізді көзімізге көрсететінін ескертіп қоюды ұмытпайды. Қадыр аға мұның да бірдебірін істемеді. Өзін таныстырмады. Себебі, біз ол кісіні онсыз да жақсы білетін едік. Аты-жөнімізді де, тіпті қай курс екенімізді де сұрамады. Түгелдеп əуре болмады. Сабаққа жаппай қатысу жөніндегі темірдей тəртіпті санамызға шегелеуді қажет деп таппады. Бірден лекциясын бастап кетті. Бізге сонысымен ұнады. Бірде-біреуміз ол кісінің сабағынан қалып көрген емеспіз. Қалғанды айтасың, кешікпеуге де тырыстық. Тіпті басқа курстың, көрші филфактың бірді-екілі студенттері де өздерінің лекциясынан қашып келіп, біздің аудиторияға ертерек кіріп алатын болды. Баяғы Тау-кен институтындағы сабағына бармай, Каз ГУ-ге келіп Əуезовтің лекциясын тыңдап отыратын жас Қабдолов сияқты... Себебі, Қадырдың сабағы өте қызықты еді. Алғашқы дəрісінен кейін-ақ бал арасына үймелеген аралар секілді аудиторияға жіпсіз байландық та қалдық. Анау-мынау сабағыңа пысқырмайтын сол заманғы сал-сері Бауыржан Үсеновтің өзі жалаң-жалаң етіп, ақын ағасын асыға күтіп жүретін. Өз басым лекцияны мұндай қызықты етіп оқитын адамды көп көре қойғаным жоқ. Каз ГУ-дің қабырғасында өткен бес жылдың ішінде талай ұстаздың дəрісін тыңдадық. Олардың ішінде сені бірден еліктіріп əкететін шеберлері де жетіп артылады. Əрқайсысының мінез-құлқы əртүрлі. Сол мінезі құрымағыр олардың лекция оқу машығына əсерін тигізбей қоймайды. Бірі – маңғаз, жайбасар. Кіреді де, бірсыдырғы дауыспен дəрісін бастайды. Тыңдап отырсың ба, жоқ па, онда шаруасы бола бермейді. Сосын өз ойыңмен өзің əуре болып отырасың. Екіншісі тыңдауыңды талап етеді, бірақ айтқанында іліп алар нəрсе

кездеспейді. Мұндайда ұстазыңның сұсты жүзінен көз алмай, қабағын аңдып, сабағының бітуін тағатсыздана күтесің. Үшіншісі сабақ берген құрлы берекеңді алып бітеді. Аудиторияға жағалай жайғасқан студенттердің ми қыртысында көп ештеңенің жоқ екенін дəлелдеп, жер-жебіріңе жетеді. Бүкіл сабақтың уақыты соған кетеді. Содан кейін өзіңнің су ми екеніңе көзіңді əбден жеткізген соң сол сабақты əрі қарай игере түсуге құлқың болмай қалады. Оқытушылардың енді бір типі болады. Олар өздерінің бастан кешкен оқиғаларын баяндауға əуес. Ұлағатты ұстазымыз небір қызықты мезеттердің куəсі болған. Соны шетінен айты-е-еп отырады. Əрине, бұл əңгімелердің ол жүргізетін пəнге қатысы шамалы. Тіпті мүлде маңайламайды деуге болады. Бірақ осы үрдіс бізге ұнайды. Еріккен студентке сабақтың өтпегені де қызық. Оның үстіне қысыр əңгімені қай бала жек көруші еді? Ұстазымыздың қолтығына су бүркіп қойып, онымен қапталдасып, жарыса шауып отырамыз. Сөйтіп, сабақты аман-есен аяқтаймыз. Кейін ойлап қарасақ, желік қуған жас оқытушыларымыз сабағына дайындықсыз келіп, айтары болмаған соң, қысыр əңгімемен алдайды екен ғой бізді. Алдай берсін. Біз де ұтыла қоймаймыз. Жыртың-жыртың етіп аудиториядан көңілді шығамыз. Қадыр Мырза Əлидің сабақ беру мəнері бұлардың ешқайсысына да келіңкіремейді. Ол аудиторияны өзінің ширақ қимылымен, жағымды даусымен баурап алады. Елең еткізерлік деректерді салғаннан санаңа құяды. Бірін қорытып үлгерем дегеніңше, жаңасын миыңа желімдеп жібереді. Сəт сайын тың мəліметпен байып отырасың. Санаң сергіп сала береді. Соның бəрін жеткізуі керемет. Ұтымды деталь етіп ұсынады. Аудитория Қадырдың əр мысалынан кейін ду ете қалады. Ешкім ештеңе жазбайды. Жазудың да қажеті жоқ. Қадекең жазбадың деп жазғырмайды да. Бəрі миыңда сайрап тұр. Мишығыңа шегеленіп қалған. Оқитын пəніміз əдебиет теориясы болған соң теоретиктердің пікірлеріне сүйенеді. Ұлылардың қадау-қадау қанатты сөздерін төгіптөгіп жібереді. Соның бəрін зердесінде қалай сақтағанына таңғаламыз. Бір сəт біз бойларына сіңіріп алсын дегендей басын шалқақ ұстап, сəл үнсіз тұрады да «Əй, сол шал біліп айтқан!», – дейді күлімсіреп. Осыдан кейін тағы да ағыла жөнеледі. Кейде Қадыр Мырза Əлидің қолынан бір жапырақ қағаз ғана көреміз. Кəдімгі машинкамен басатын парақтың төрттен біріндей ғана. Сірə,

соған сөйлейтін сөзінің мəліметтерін түртіп қоятын болуы керек. Тіпті оны да пайдаланып жарытпайды. Еркін көсіледі. Білім дегеніңіз көлкөсір. Дерек пен дəйек ағыл-тегіл. Кейіннен «Иірім» мен «Жазмышқа» арқау болған мəліметтерді сол кезде-ақ алдымызға жайып салды. Тақтаға өзінің əдемі жазуымен «Бидайыққа лайық қарағымай, Бөктергіге қор болып барасың да» деген өлең жолдарын жазып қойып, соны жан-тəнімен беріле талдайды. «Осыны «Қаршығаға лайық қарағым-ай» деуге де болар еді. Бірақ бар мəселе «бидайыққа лайықта» ғой. Қазақ өлеңінің ішкі ұйқастарының өзі осылай жымдасып тұрады. Түбірлі ұйқас орыс поэзиясында да кездеседі. Мəселен, Маршактың өлеңінде «Шесть котят, есть хотят» деген жол бар. Бірақ ұйқастың біздегідей тым қабысып тұруы бұларда соншалықты үрдіске айналмаған», – деп тосын тұжырымымен студенттерді еліктіріп əкетіп, өзгеше əлемге жетелейді. Ол бізді шығыс əдебиетінің құпиясына қанықтырды. Əдебиет теориясындағы жаттандылықтың пердесін сыпырып, шығыс пен батыс арасындағы ежелден қалыптасқан түйткілдер мен түйіндерді тарқатып айтуға ден қойды. Еуропалық əдебиеттанушылардың тəкаппар шығысқа емес, өркеуде батысқа мойын бұратынын ұқтырды. Көп нəрсеге көзімізді ашты. Бұл жөнінде кейін Қадыр аға «Жазмыш» деген кітабында былай деп жазды: «Бұдан оншақты жыл бұрын университетте лекция оқып жүріп мен де бір нəрсеге қатты мəн бергенмін. Өз пəніме байланысты əдебиет теориясының көптеген оқулықтарымен танысып шығуыма тура келді. Соның бір де біреуі шығысты аузына алмайды. Мысалы, поэзия жəне оның түрлерін талдағанда сонет, романс, ода, мадригал, баллада, терцин... сияқты еуропалық өлең түрлерімен шектеледі. Гетенің өзі шығыстың жеті данышпан ақынын білемін, жетеуі де менен мықты деген. Еуропа ғалымдары, ең болмаса, ұлы ақынның осы сөзіне мəн бермей ме?! Ойланбай ма?! Олар қандай формада жазды екен деп толғанбай ма?! Егер олар да Еуропа ақындары секілді сонет, романс, ода, мадригал, баллада, терцин жазған болса, неге мысал келтірмейді?.. Жоқ! Олар аруз, бəйіт, ғазел, қасыда, мусаддат, мухаммат, мураббе, месневи, тахмис, тержи-бейді, теркиб-бенді... тəрізді толып жатқан өлең-жырдың шығыстық түрлерінде еңбек еткен. Еуропалық əдебиеттанушылар, немене, бұларды білмей ме? Əлде білгілері келмей ме? Жə, олар білмесе, білмесін. Орыс оқымыстыларынікі не? Олар неге

бұл ежелгі мəдени əдебиетті аттап өтеді? Түсінікті жəйт: еуропалық бірауыздылық, өркөкіректік». Міне, біз сексенінші жылдардың басында осындай бөлек бағдармен оқыдық. Бір қарағанда Қадыр ағамыз бізге сабақ беруге көшеде əншейін сейілдеп жүрген жерінен келе салатын сияқты көрінетін. Жоқ, олай емес екен. Əр лекциясына асқан тиянақтылықпен əзірленіпті. Бірде ол сабақ үстінде алпысыншы жылдардағы жылымық кезінде Мағжанның кітабының дайындалғаны, оған өзінің редактор болғаны, бірақ бірыңғай лирикалық өлеңдерді топтастырған бұл жинақты шығаруға жол ашылмағаны туралы айтты. Соның бəрін əдебиет теориясымен сабақтастырып, қызықтыра əңгімеледі. Сөзді дұрыс қолдана білуге үйретті. Үндестіре, үйлестіре сөйлеуге баулыды. «Темекіні тартады, шылымды шегеді», – дейтін ол. Əдебиет теориясымен жеткілікті қаруланып алған біз Қадырдың лекциясынан шабыттанып шығып, ғимараттың сыртын айналып, темекіні тартып, шылымды шегіп келуге кетеміз... Қадырдың сабағындағы əңгімелер үзілісте де дамылсыз талқыланып жатады. Қадыр – мырза, Қадыр – ырза Баррикада жасап ап, қалың томнан, Бас алмайды енді олар күні бойы. (Қадыр Мырза Əли, «Студенттер») Қадыр аға сабақ үстінде қандай жайлы болса, семинарда да сондай мейірбан. Студентті өзімен тең санап сөйлеседі. Саған күлімсірей қарап, ықыласпен тыңдауға пейіл танытқан соң еркін көсілесің. Жастардың психологиясын жетік біледі. Əдетте семинар болған соң оқытушы студентке сауал қояды. Ал біз жаны жайсаң ағамызға бой үйреткеннен кейін семинар үстінде де оған сауал қоя беретін болдық. Ол кісі ерінбейжалықпай жауап береді. Сол жауаптарын қалай жұптайды десеңізші. Миыңның қалтарыс-бұлтарыстарына мөр ғып басады. Əсіресе Қадыр ағаға сол жылдардың өзінде жұртқа танымал болып қалған Бауыржан Үсенов көбірек үйір. Ақынға сұрақ қоюдан шаршамайды. Үнемі өз өлеңін өзгелерден қорғаштайды да жүреді. Міне, бүгін де бір мəселені алға тартып отыр. Бір курстасымыз екеуі сөзге келіп қалыпты. Таластың төркіні – тағы да сол Бауыржанның өлеңі. Баукең:

«Түсіп алып соңына бір ақ құстың, Жыраққа ұшқым кеп кетті, жыраққа ұшқым» деп өлең жазса, əлгі ағасы: «Екінші жолың он бір буын емес, он үш буын болып кетті, мұндай өлең болмайды», – деп бой бермепті. Буындардың арасындағы екі дауысты дыбыс қатар келсе, бір буынның жұтылып кететінін ескермеген немесе əдейі қитығып айтқан. Ақын Бауыржан осыған Қадыр ағаның төрелік етуін сұрайды. Қадыр аға сосын көсіледі келіп. Бір Бауыржанның жалғыз өлең жолына қатысты сауалдың жауабы қазақтың ғана емес күллі əлем əдебиетінің мысалдарымен тұздықталады. Сол сауалымен шектелсе, Бауыржан бола ма? «Ағай, өзі өлең жазбайтын, бірақ өлеңді өлгенше сынайтындарға қалай қарайсыз?», – дейді. «Ол енді обал!», – дейді ұстаз. Осыны айтып болып, Қадекең жымиып күледі. Оның күлкісінен аудиторияға шуақ тарайды. Бауыржан да, басқалар да ырза. Сөйтіп, бəрімізді ырза қылатын Қадыр аға емтиханда тіпті мырзашылық танытады. Ол ешқашан студентке «үш» деген баға қоймайды. Кемінде «төрт» алып шығасың. Ал «бестік» баға алатындарда есеп жоқ. Зачеткаңа шиырып тұрып, «Қадыр Мырза» деп қолын қойып береді. Ертеректе ағамыздың: «Гонорар алсам, «Қадыр Ырза», ал сол гонорарды өзім үлестірсем, «Қадыр Мырза» деп қол қоямын», – деп қалжыңдағанын білетін едік. Емтиханда да сол мырзалығы көрінеді. Оған жүдə риза болған студенттер: «Тақпаймыз Қадырға айып, Қадырға айып, Үш қойып, құртты-ау бізді Садырбаев», – деп əндететін. Қадыр ағадан біз тек сабақ үстінде ғана емес, студенттік ортадағы əр түрлі кездесулерде де жеткілікті тəлім алдық. Əр сауалға ұтымды жəне тапқыр жауап қайтаратын. Жалпы, тек Қадыр ағаға ғана емес, бізбен жүздесуге келген танымал шығармашылық өкілдерінің бəріне де қитұрқы сұрақ қоюға сонша əуес едік. Бірақ жарықтықтар сүрінбейдіау, сүрінбейді. Екінші курста оқып жүргенімізде ғой деймін, биофактың залында өткен бір кешке бір топ ақын-жазушылармен бірге Асқар Сүлейменов келді. Асекеңнің атақ-даңқы жер жарып тұрған кезі. Əйгілі сыншыны бірінші рет көруіміз. Төрде, қонақтарға арналған үстелде отыр. Өзін тым еркін ұстайды. Асқақ. Ауық-ауық орнынан тұрып, шылым шегіп келеді. Онысын кетіп бара жатып тұтатып, түтінін сақиналатып жібереді. Қайтып кеп, өзгелердің сөзіне жағаласып, əңгімеге қызу араласып кетеді. Бір сəт өзіне арналған сұрақтар жазылған қағаздарды умаждап, темекі қорабының ішіне тығады. Соның бəрі ауылдан кеше

ғана келген бізге əрі қызық əрі ерсі көрінді. Сосын бір топ студент ойласып, бір жапырақ қағазға ойымыздағыны сауал түрінде түсіріп, алдыңғы қатарға қарай аттандырып жібердік. Қас қақпай бақылап отырмыз. Əне, Асекеңнің қолына тиді. Ол біздің сұрағымызды оқыды. Бірақ оны темекі қорабының ішіне жытырып жіберген жоқ. Бірден микрофонға ұмтылды. «Былай депті біреулер: «Егер қазір ұлы Абай тіріліп, осы кездесу болып жатқан залға кіріп келсе, қайтер едіңіз?». Қайтуші ем? «Заходите, пожалуйста!», – деймін». Зал ду күлді. Бəсе, Асекең ілдіруші ме еді?! Сол секілді Қадыр ағамның да іліп түсем деп қойған сұрағыңа берген жауабы тіліп түсетін. Бірде студенттермен кездесуде Қадыр Мырзалиевке: «Сіз осы модаға қалай қарайсыз?», – деген сұрақ қойылды. Сауал қойған студент сірə, ақын ағасының шашын үнемі өсіріп жүретінін меңзеген болуы керек. Соны аңғарғандай, Қадекең былай жауап берді: «Кейбіреулер моданы сəндік үшін пайдаланады. Ал менің ұғымымдағы мода кісінің кемшілігін бүркемелеп тұрғаны дұрыс. Өз басым модаға сол үшін ғана бүйрегім бұрады. Мысалы, мен неге биік өкше туфли киемін? Өйткені, бойым аласа. Неге шашымды өсіріп жүремін? Себебі, басым кішкентай». Сөйтіп, Қадыр бұл жолы да тығырықтан шығып кетті. Қадыр шығармашылығы басқа ақын-жазушылармен жүздесу үстінде жиі əңгіме болатын. Бір күні журфактың студенттерімен кездесуге Оралхан Бөкеев келді. Бұл отыз сегіз жастағы Орағаңның дүниені дүрілдетіп тұрған кезі. Жұрт залға сыймай, түрегеп тұрды. Сауалды қарша боратып жатырмыз. – Мұхтар Шахановтың «Танакөз» поэмасындағы «Алматыдан өкіл келді, желке шашы бір қарыс, Аты – Оралхан, мамандығы – жазушы əлде журналист» деген жолдардың сізге қатысы бар ма?», – дейді біздің курстастарымыз оқыған-тоқығанын білдіріп. – Қатысы болғанда қандай! – деп бізге бір қайырылып алып, ол тереңнен толғана жөнеледі. Осы кеште «Қадыр Мырзалиевтің шығармашылығына қалай қарайсыз?», – деген дəстүрлі сұрақ та қойылды. Оралхан басын кегжең еткізіп, шашын кейін қарай сілкіп жіберіп, былай деп жауап берді: «Қадырдың болмысы өлеңдерінен көрінеді. Қадыр əр қадамын ойланып басады. Қадыр қателеспейді. Оның қателеспейтіні соншалық, кейде тіпті қателессе екен деп ойлайсың».

Сол оқу жылының аяғында Қадыр ақын студенттермен ерекше кездесу өткізді. Дəлірек айтқанда, қолға қалам ұстаған қыз-жігіттердің өлеңдерін тыңдады. Жұрт кең залға сыймай кетті. Біз сол жолы ұстазымызды балапандарын баптаған қыран құсқа ұқсаттық. Бұл күні студент ақындар дамылсыз жыр оқыды. Кеш соңында Қадыр аға бəріне баға берді. Кеш болады дегенді естіген күллі студент жазған өлеңдерін ақынға алдын ала апарып тапсырған көрінеді. Қадыр аға осының бəрін жіліктеп тұрып, талдады. Бұл басқосуды ұлы Мұхтар Əуезовтің алпысыншы жылдардың басында əдебиетке келген жас қаламгерлермен кездесуімен салыстырды ұстаз ағаларымыз. Мұхаңнан бата алған сол жастар кейін қазақ əдебиетінің алыптарына айналды. Сол секілді Қадекеңнен жылы сөз естігендер де жазу өнерінде жүйрік шықты. Бүгінде олар əдебиеттегі орта буынның соңғы легі болып қалды. Қызды жылатқан қолтаңба Шығарып сап содан соң тұрғандары, Бірін-бірі бір елдің басшысындай! (Қадыр Мырза Əли, «Студенттер») Қадыр ағам айтқандай, бір-бірімізді бір елдің басшы секілді шығарып сап жүріп, оқуды бітіріп кеткенімізге де көп жыл өтті. Бірақ бəрібір айналып келіп, Қадырдың сабақтарына жүгіне береміз. Өмірдегі сабақтар мен көңілдегі сабақтарды ұдайы салыстырамыз. Сондайда ақын ағамыздың студенті болған жылдардың елесі көз алдымызға қайта оралады. ...Тағы бір кездесуден кейін студенттер сүйікті ақынынан қолтаңба алды. Сол жылы ақынның «Көкпар» деген кітабы шыққан-ды. Кітап дүкеніне түсісімен «Көкпарды» көкпар тартқандай талап əкеттік. Соған енді жаппай тілек жаздырып алып жатырмыз. Қадекеңнің қолтаңбасына дейін ойлы. Бет алды сүйкей салмайды. Бауыржан Үсеновке «Өзіңнен көп үміт күтетінімді айттым ғой. Сол үмітімді ақтарсың» деп жазды. Маған «Мылтықсыз майданның генерал Бауыржаны бол!» деп жазып берді. Несін айтасың, бəріміз де қарқ болып қалдық. Онсыз да түн баласы көз ілмейтін студенттер қауымы мынадай қолтаңбадан кейін дамылдаушы ма еді?! Мың қой айдап кеттік шетімізден. Сол күні журфак пен филфактың жатақханаларының шамы таң атқанша сөнбеді.

Ертеңіне естідік, Қадыр ағадан қолтаңба алған бойда филология факультетінің бір қызы Каз ГУ-дің қалашығындағы қалың қара ағаштың арасына барып, сыңсып жылапты. Алғашқыда «Ақынжанды бойжеткен қуаныштан көзіне жас алған ғой» деп ойлаған жұрт оған онша мəн бермепті. Сөйтсе, əлгі қыз жылауын үдете түсіпті. Одан жатақханаға келіп, таң алдына дейін еңірепті. Сұраған жанға тіс жармапты бейбақ. Ол таң саз бере талықсып ұйықтап кеткенде жанында тұратын құрбысы сыңсудың себебін бір-ақ біліпті. Бəріне кінəлі Қадырдың қолтаңбасы екен. Арудың көз жасы «Көкпардағы» қолтаңбаның үсіне тама беріпті, тама беріпті... Көп тамғаны соншалық, Қадекеңнің қаламының сиясы жан-жаққа əбден жайылып кеткен. Сонда ағамыз не деп жазған дейсіз ғой?! «Арманыңа адал күйіңде жетуіңе тілектеспін!», – депті бар болғаны. Содан қыз кемсеңдеп қоя берген. Былай шыға бере өкіріп жылаған, өксігін баса алмаған. Сөйтсек, осының алдында ғана бір сандалған серінің құрығына түскен көрінеді. Оны ақын аға қайдан білсін? Сонда бұл не?! Түйсіктің кереметтігі ме? Əлде ақынның адам психологиясын тап басқаны ма? Кейін арада көп жыл өткенде мұны Қадыр ағаның өзіне де айтқам. «Солай болып па еді?», – деп күлді де қойды. Сабақ үстінде сан түрлі сауал қоямыз. «Аға, сіз осы неге поэма жазбайсыз?», – дедік біріміз. «Рас-ей, поэманы көп жазбаппын. Енді жаздым соны. «Қазақ əдебиеті» газетінің келесі санына «Қызыл кітап» деген поэмам шығады», – дейді ақын. Содан аптасы құрымағыр өтіп болмайды... Оқуды бітірген соң Қадыр ағамен аса көп араласа алғанымыз жоқ. Əр жерде ұшырасып қалып жүрдік. Ол бір кездегі студенттерінің бəрін жазбай танитын. Сөйтіп, ол кісіден ара-тұра аудиторияның ғана емес, өмірдің сабақтарын да ала бастадық. Тек оның ұтқыр сөздерін бұрын алаөкпе бала көңілмен қабылдасақ, енді есейген соң басқаша түсініптүйсінетін болдық. Бір күні қоғамдық қозғалыстың көшін бастап жүрген бір əйгілі əріптесімізді əлдебіреулер соққыға жығып кетіпті. Өзі Қадыр ағамен көрші тұратын еді. Ауруханадан шығып, аман-есен қалғанына қуанып, мал шалып, қонақасы беріп жатыр. Сол үйде отырмыз. Гу-гу əңгіме. Біреулер бұдан саяси астар іздейді. Екіншілері қылжаққа айналдырады. Алдымызға буы бұрқырап ет келгенде Қадыр аға:

– Дұрыс қой, біреу таяқ жемей, біреу тамақ жемейді, – дегені. Дастарған басындағылар ду ете қалды. Содан соң əлгі досымыздың шешесіне былайша жұбату айтты: «Ұруға тұратын жəне ұруға тұрмайтын бала болады. Сіз ұруға тұратын ұл тапқансыз ғой». Қадыр ағаның мұндай зілсіз қалжыңдары кез келген сəтте даяр тұрар еді. Енді бір жолы ауруханада бір бөлімшеде жатып емделдік. Еркін əңгімелесуге мүмкіндік туды. Бірқатар əңгімелерін таспаға түсіріп алдым. Бір күні дəлізде келе жатып, «Қадыр аға, мына үстелдің айналасына жайғасқан медбике қыздарды қараңызшы, шетінен сол қолмен жазып отыр», – дегенмін. Сөйтсем, «Қоғамыңның өзі де солақай емес пе, бала», – деді ол қуланып. Бірде Астанада жыл соңында өткен Абай оқулары конкурсының қазылар алқасына төрағалық етуге шақырдық. Сол баяғы Қадыр Мырза кейпі. Тұманбай ағам екеуі көзінен от ұшқындағандардың бəріне жиырма балдан берді де отырды. Бəйге алғандар да риза, алмағандар да риза, ел де риза. Сол риза көңілмен өзі Алматыға аттанды. Бұл оның ел астанасына соңғы келуі болды-ау деймін. Мен өлгенде, ағайындар газетке, Күліп тұрған суретімді беріңдер, – депті Қадыр ақын бір өлеңінде. Шынында да ағамыз дүние салғанда көптеген басылым оның күліп түскен суреттерін жариялады. Қадекең қашанғы дағдысымен қаламгерлерді күлкіге көміп тұр. Бəрі соның аузына қарап, риясыз жымияды. Сол баяғы шуақты күлкісі. Кейбір ұстаздар қырық жыл өтсе де «Сені біз оқыттық», – деп шəкірттерінің есіне салып қоюды ұмытпайды. Тіпті оқытпаса да, оқытқан секілді əсердің жетегінде жүреді. Ал талай əңгімелескенімізде Қадекең бірде-бір рет университеттегі ұстаз болған жылдары туралы сөз қозғаған емес. Сол сөзді бүгін біз айттық. Қадыр аға тек университет студенттеріне ғана емес, бүкіл ұлтқа ұстаз болған жоқ па осы?! Ендеше, оның сабақтарын өмірдің оқулығындай бағалайтынымыз анық... 2011 ж.

ЕҢ ƏДЕМІ ЕРТЕГІ Ертегілердің бəрі де жақсылықпен аяқталады. Кедергілермен алысып-жұлысқан кейіпкерлер ең ақырында барша мұратына жетеді. Жетім жетіледі, жарлы байиды. Кеткенің келеді, кемісің толады. Ертегі аяқталған кезде жеңіске жеткен кейіпкерлермен бірге қуанасың. «Ізгі ниетіңнен айналайын, қазақ ертегісі!», – деп сүйсінесің. Ертегіні зерттеп ғылымға жол ашқан академик Қасқабасов та ертегінің қаһармандары секілді өмірдің алуан түрлі өткелектерінен өтті. Қиналды, қайысты, күресті, тіресті, өрледі, төрледі. Сейіт ағаның тағылымды ғұмырнамасының өзі ізгілікті іздеген ертегіге ұқсайды. Ертегінің ең əдемісі де осы. Сонымен, баяғыда Сейіт деген өте елгезек, зерек де зерделі бала болыпты... * Үнің кетпес құлақтан Ғылым қуып, бақыт қонды басыңа, Жақсы жандар серік болды қасыңа. Келіп қапсыз аттай желіп отырып, Жетпіс деген ер жігіттің жасына... (Əдебиет институтының фольклорынан) Атының қойылуы да ертегі сарындас. Шешесі босанар алдында əкесі түс көріпті. Түсінде аян беріліпті. «Балаңның атын Сейіт қой!», – деп сыбырлапты бір дауыс. Кəдімгі ертегілердегі Ғайып ерен қырық шілтендердің үн қататыны секілді. Содан Сейіт атанған. Бірақ Секең ертегідегі басы үлкен балпанақтай балалар секілді күн санап өсіп, бесікке сыймай кеткен жоқ. Бірге ойнаған балаларына байқамай қолы тиіп кетіп, мерт қылудан да аман. Өз ретімен жетілді, өз жөнімен ержетті. Сол əкесі бұл туған соң көп ұзамай майданға аттанды. Сол кеткеннен мол кетті. Жас күнінен зерек болып өсті. Құймақұлақ, айтқан сөзді қағып алады. Нағашы атасы керемет сұңғыла кісі. Баладан бірдеңе шығатынын

бірден байқады. Жасынан жыр жаттатты. Қисса-дастандарды құлағына құйды. 1949 жылы бұл шаңырақта бір үлкен қоңыр кітап пайда болды. Сыртында «Жамбыл» деген жазуы бар. Атасы Жамбылдың жиен қарындасынан туған. Содан ба, əйтеуір Жəкемді қайта-қайта оқытты. Жатпай-тұрмай фольклорлық есеп үйретті. Соның бірі – «Жүз қаз» деген есеп. Мазмұны былай. Əуеде бір топ қаз ұшып келе жатыпты. Оларға жерде тұрған қаз: «Ассалаумағалейкум, жүз қаз!» – деп сəлем беріпті. Жоғарыдан дауыс келіпті: «Уағалайкумассалам, бір қаз! Біз жүз емеспіз. Осы тобымызға тағы осындай топ қосса, оған соның жартысын, оған сол жартысының жартысын қосса, оған сенің өзіңді қосса, жүз қаз боламыз». Сонда «Аспанда қанша қаз ұшып келе жатыр?» – деп атасы бұған мейірлене көз салады. Бала Сейіттің миы айналады. Біресе аспанға, біресе атасына қарайды. Олай санайды, бұлай санайды, қазы құрғырдың есебі шықпайды. Сөйтсе, бар-жоғы 36 қаз екен ғой. 36+36+18+9+1=100. Міне, теңдеудің формуласын білмейтін қазақ осындай есеп ойлап тапқан. Мұның бəрі, əрине, жас ұланның ой-өрісін қалыптастыруға əсер етті. Құймақұлақ жиенді ілім-білімге құлшындырған нағашы атасы əрине ол кезде кейін атағы алты алашқа мəлім болатын академикті тəрбиелеп жатқанын білген жоқ. Бірақ оның көзі қарақты, санасы сергек азамат болып қалыптасатынын сезген секілді. Шешесі Əужан да халық əндерін шебер орындайтын. Əсіресе, «Қараторғайды» беріле айтатын. Соның бəрі бала Сейіттің зердесінде сайрап тұр. Қарап тұрса, Сейітті нағашысы Əбдікерім Кемпірұлы фольклор əлеміне жетелеп əкелген екен. Алғашқы ұстазының əсері мықты болғаны соншалық, академик Қасқабасов қазіргі күні де кей сəтте Кемпірұлының кеңестерін санасында жаңғыртады. Жамбыл атасының «Үнің кетпес құлақтан» деп жырлағаны секілді нағашысының қоңыр даусы тіпті жақыннан естілгендей болады. Қала академигі Қасқабасов «дала академигі» Кемпірұлын жиі еске алады.

Оңдасыновты іздеген өрен Ойыңызда мағына бар, маңыз бар, Бойыңызда парасат бар, парыз бар. Қазағымның фольклоры басқа емес, Сейіт аға, өзіңізге қарыздар... (Əдебиет институтының фольклорынан) Бұл да үнемі атасының көлеңкесінде жүретіндей босбелбеу болған жоқ. Майданға аттанған əкеден ерте ажыраған соң қатты ширай түсті. Оңы мен солын тез ажыратады. Ешкімге есесін жібермейді. Елуінші жылдары Семей жақтан Алматының іргесіне көшіп келді. Сол тұста қалада əкесі соғыста өлген балаларды оқытатын мектеп-интернат бар еді. «Менің де əкем майданда мерт болған, өзім жетіжылдықты грамотамен бітіргенмін», – деп барса, Шағатаев деген директор оқуға алмайды. Салы суға кетіп, ауылға келе жатқанда өз мектебінің директоры Смағұл Мұқанов жолықты: «Əй, Сейіт, не болды? Көңіл-күйің жоқ қой...» Мектеп-интернатқа ілікпей қалғанын айтты. «Неге алмайды ол? Сен Нұртас Оңдасыновқа бар. Ол мектеп сендерге арналған». Оңдасынов ол кезде Жоғарғы Кеңес Президиумының төрағасы еді. Он төрт жастағы бала Оңдасыновтың кеңсесін тауып алды да, төрағаның қабылдауына жазылып кетті. Ондағылар «Екі аптадан соң кел», – деді. Келді. Есіктің аузын милиция күзетіп тұр. Қалтасында ағаш сапты бəкісі бар еді. Алма кесіп жейтін. «Балам, қалтаңа бəкі салып жүр, ер-азаматсың ғой», – деп нағашы атасының өзі айтқан. Оңдасыновтың күзетшісінен қорқып, сол бəкіні үйдің сыртына лақтырып жіберді... Оңдасынов жоқ. Елді Əміреев деген кісі қабылдап жатыр. – Бала, сен дұрыс келмепсің ғой, – деді ол бұған, – Əди Шəріпов деген Оқу-ағарту министрі бар. Мен қағаз жазып берейін. Сол кісінің қолына ұстат, айналайын. Қағазды ашып оқыған жоқ. Заулап отырып министрлікке келді. Есік алдында жүрген ересек жігіттер күледі. «Бала, сен де біз сияқты оқу бітіріп, жұмыс іздеп жүрсің бе?», – дейді. Мұның оларда шаруасы жоқ. Өзі о бастан орысшаға тəуір. Екінші қабаттағы есікті ашып: «Министр қайда?», – деді хатшыға. Хатшы қыз: «Министр Ақтөбеге іссапарға кетті. Оның орнында орынбасары Ысқақов бар. Егер қаласаң, сол кісіге жолық. Бірақ қазір ол кісінің бөлмесінде коллегия болып жатыр», –

деді. Коллегия дегеннің не екенін түсінбеді. Есікті шалқасынан түсіріп, «Ассалаумағалейкум!», – деп кіріп барды. Үстел жағалай жайғасқан қаптаған адам. Бəрі бұған жалт қарады. Сөйлеп тұрған адам: «Бала, саған не керек?», – деді. Бұл оған Əміреев берген қағазды ұсына қойды. Ол оқыды да хатшыны шақырып, «Костенкоға ертіп барыңдар, бұйрық əзірлесін», – деп тапсырма берді. Сəлден соң министрліктің мектептер басқармасының бастығы Д.Костенко қол қойған «8-сынып оқушысы С.Қасқабасов мектеп-интернатқа қабылдансын», – деген бұйрықты қолына ұстап, құстай ұшып келе жатты. Интернат директоры: «Саған не, қалалық оқу бөлімінің бұйрығы жетпеді ме, министрлікке тұра шапқаның не?!» – деп бұлқан-талқан болды. Сейіт Қасқабасов сөйтіп ағысқа қарсы тұрып үйренді. Мақсатына жету үшін табанды болуға машықтанды. Қандай қиындық кесе-көлденең ұшырасса да, өзі зерттеген ертегінің шаршамайтын-шалдықпайтын кейіпкерлері сияқты қаймықпай күресе білуге дағдыланды. Бірақ қазір ол жолындағы бел-белестерді баяғыдай бұзып-жарып кете бермейді. Бір кезде он төрт жасар бала Сейіт еркін өткен есіктердің алдында академик Қасқабасов кейде тосылып қалады. Сұрасаң фамилиямды – Қасқабасов Біздер барда арта түсер бағаңыз, Сөзіңді ұғып, салмақтанар санамыз. Член-кордың шарапаты тиер деп, Əр күн сайын қолыңызды аламыз... (Əдебиет институтының фольклорынан) Мектепте қазақ тілі мен əдебиеті, тарих пəндерінен басқасының бəрін орысша оқыды. Орыс тіліне жасынан өте бейім болды. Бұл да көп мүмкіндіктеріне жол ашты. Соның арқасында қазір екі тілде бірдей таза жаза береді. Ғылыммен айналысқан жылдарында Мəлік Ғабдуллин, Ысқақ Дүйсенбаев, Ісмет Кеңесбаев сынды қазақтың мықты азаматтарының тəрбиесін алды. Ғылыми жетекшісі Нина Сергеевна Смирнова – өзінше бір əлем. Арғы-бергі үлгілі үрдістерден нəр алған аристократ əйел. Өзі түгілі үйіндегі мысығына дейін күнделікті тіршілік ету кестесімен жүріп-тұрады. Хайуанаттар туралы ертегіні зерттеген Сейіт ағамның бұл мысықтың тірлігіне де ептеп барлау жасап көргені

бар. Нина Смирнова Секеңнің кандидаттық диссертациясының бірінші тарауын үш рет, екінші тарауын екі рет жаздырды. Тек үшінші тарауының алғашқы нұсқасын қабылдады. Содан кейін ғана «Міне, енді сен ғылыми қызметкер болдың», – деді. Осындай қатал сыннан өтті. Сол Смирнова Сейітті ұлы Мұхтар Əуезовке ертіп апарып таныстырды. Мұхаң фольклорды, оның ішінде қазақтың қиял-ғажайып ертегілерін зерделеуге талпынған жас жігітке ризашылығын білдіреді. Ғұламамен кездескенде өзі де Қыдыр көргендей қатты қуанды. Зерделі зерттеуші ғылымдағы бұдан былайғы жетістіктерінің сырын Əуезовтің ақ тілегімен байланыстырады. Бүгінгі ертегіміздің əдемі тұсының бірі осы. жылы Ғылым академиясының Қоғамдық ғылымдар бөлімшесінің ғалым-хатшысы болып жүргенде «Қазақ ССР Ғылым академиясы Хабарларының» гуманитарлық ғылымдар сериясының жауапты хатшысы міндетін қоса атқарды. Бас редакторы Ісмет Кеңесбаев. Ең беделді ғылыми басылымға жарияланатын мақалалардың бəрі өз қолынан өтеді. Сол кезде ғой Кеңес Одағының Батыры, əйгілі Мəлік Ғабдуллиннің мынадай екі жол шымшыма өлең шығаратыны: Сұрасаң фамилиямды – Қасқабасов, Беремін мақалаңды тасқа басып. Сейіт институтқа алғаш келгенде Мүсілім Базарбаев директор еді. Жап-жас жігіт. Өзі ажарлы. Түсі суық. Мəжіліс жүргізгенде бекзаттығы сезіліп тұрады. Ол кезде бұл аспирант болатын. КазПИдің үш студенті – Едіге Тұрсынов, Қуандық Мəшһүр-Жүсіпов жəне бұл өз оқу орнының аспирантурасына қалған-ды. Жеме-жемге келгенде филологтардың орнын химиктерге беріп жіберді. Химияландыру мəселесі ұранға айналып тұрған Хрущевтың заманы болатын. Едіге Целиноградтың мединститутына кетті де, Қуандық екеуі осы институтқа орналасты. Шапық Шөкин жоспарсыз аспирантураға қол жеткізіп берді. Сейіт ертегіні зерттеуге кірісті. Ал Қуандықтың жетекшісі Қажым Жұмалиев, неге екені белгісіз, оған Мəшекеңнің мұрасын тақырып етіп берген жоқ. Ол күндегі этика басқа ғой, сөз болады деген шығар. «Отызыншы жылдардағы əдебиеттегі колхоздастыру тақырыбын аласың», – деді. Бұл бір институттың киелі кезеңі еді. Ғылыми кеңесте қасқайып Сəбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ахмет Жұбанов, Мəлік Ғабдуллин, Есмағамбет Ысмайылов, Бейсенбай Кенжебаевтар отырады. Мүсілім Базарбаевтың тұсында ауқымды

жұмыстар атқарылды. Айтыстың үш томдығы, қазақ ертегілерінің үш томдығы, əдебиет тарихының алты кітабы, батырлар жырының үш томдығы, қазақша-орысша сөздік əзірленді. Əди Шəріпов институттың материалдық базасын күшейтті. Зəки Ахметов əдебиет теориясын зерттеуге ден қойды. Арнайы бөлім ашылды. Шериаздан Елеукенов пен Серік Қирабаев ақталған арыстардың мұраларын жарыққа шығаруға көп көңіл бөлді. Секең солардың əрқайсысының жақсы үлгілерінен өнеге алды. Ал өзін институттың аға буын ғалымдары министрлікке хат жазып, арнайы шақыртты. Келе сала бірнеше тіл білетін жастарды жұмысқа тартты. Қызметке кіріскен соң көп ұзамай сол кездегі Мəдениет, ақпарат жəне қоғамдық келісім министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед: «Сейіт аға, фольклордың 100 томдығын шығарсақ қайтеді?!» – деп бағалы ұсыныс айтты. Сонымен, «Бабалар сөзі» деген серияны бастап жіберді. Əдебиет тарихының 10 томдығын шығаруды қолға алды. Институт қызметкерлерін жаңа деректер тауып, жаңаша көзқарас танытуға жұмылдырды. Əдебиет тарихының соңғы кітабы 1967 жылы жарық көрген екен. Өнер, музыка тақырыбына арналған іргелі зерттеулерді бастады. Сейіт аға келгенде институтта өзі қатарлы ғалымдардың бірде-біреуі қалмапты. Оның есесіне Құдай қуат берген аға буын баршылық. «Аға буын арамызда жүргенде əдебиет тарихын жазып тастауымыз керек» деп шешім қабылдады. Солай болды да. Салмақ соларға түсті. Ғылыми жұмыстың дені ағаларымыздың күшімен жазылды. Көпті көрген, əдебиетіміздің бар белесін бастан өткерген кісілер. Жазғандары да сүбелі шықты. Өзағаңның қайшысы Қадірлейсіз ар-ақылды, ұятты, Сондықтан да əр ісіңіз зиятты. Сейіт аға Қасқабасов деген сөз – Тектіліктің төлқұжаты сияқты. (Əдебиет институтының фольклорынан) Орталық Комитетке келем деген ойында жоқ-ты. Секең мен Цекаң бір-біріне үйлеспейтін екі түрлі нəрсе сияқты еді. Мемлекеттік қызметке Өзбекəлі Жəнібеков шақырды. Қарамағындағы қызметкерлеріне талабы өте қатал болды. Өзін де, өзгені де аяған жоқ. Жазған-сызғаныңды

міндетті түрде күзеп-түзеп, өз байламын айтатын. Қолынан ұзын қайшысы түспейтін. Қиятын, өңдейтін, жөндейтін. Алдына құжат апарып отырғанда Өзекең үстелінің тартпасынан жалаңдатып қайшысын шығарғанда қызметкерлердің жүректері су ете қалатын. Осының өзінен жеткілікті тəлім алды. Сол қайшы көп нəрсеге үйретті. Тəуелсіз Қазақстанның тұңғыш Жоғары аттестациялық комиссиясының төрағасы болып бекітілді. Комиссия қиын кезеңде құрылды. Жасыратыны жоқ, «Мұндай ұйымның енді керегі жоқ. Бұл – компартияның ойлап тапқаны» деген пікірлер көп айтылып жатқан кез еді. Бірқатар шенеуніктер «Халықаралық стандарт деген бар. Ешқандай қорғаудың қажеті жоқ» дегенді көлденең тартты. Содан Еуропаның 13 елінің тəжірибесі зерттелді. Халықаралық стандарт деген жоқ болып шықты. 11 елдің мекемесі бірлесіп, қауымдастық құрды. Штабпəтері Алматыға орналасты. Төрағасы Секең болды. Кандидаттық пен докторлық дəреже, доценттік пен профессорлық атақ сол күйінде қалдырылды. «Жалпы, кандидат дегеніміз не? Бұл – көне латын тілінен енген сөз. Рим мемлекеті тұсында Парламент мəжілісінде сөйлеушілер алдын ала тапсырыс беретін болған. Сөйлеуге ниет қылған кісіге аппақ киім кигізеді. Оған бір ай уақыт береді. Егер осы бір ай ішінде оған ешкім шіріген жұмыртқа, қияр, помидор лақтырмаса, қысқасы, киімін былғамай, аппақ күйінде сақтаса, трибунаға шығып, сөйлеуге мүмкіндік алады. Сəл қара дақ түссе, сөйлетпейді. «Кандидат» – «ақ киім киген адам» деген сөз. Бұл ғылымдағы тазалық деген ұғыммен де астасып жатыр», – дейді ғалымның өзі. Сейіт аға өз тұсында қорғау тəртібін біраз жеңілдетуге күш салды. Қолдан жасалған түрлі кедергілер көп еді. Соның бəрін алып тастауға тырысты. Академиялық институттардың ғалымдарының құқы жоғары оқу орындарының ғалымдарының құқымен теңестірілді. Академияда қызмет істейтін ғылым докторларының профессор атағына тездетіп қол жеткізуіне мүмкіндік жасалды. Бұрын бұл қиынның қиыны еді. Академиядағыларға ескі үлгідегі аға ғылыми қызметкер дейтін ғылыми атақ берілетін. Соны жойды. Бұл үшін тек қана елдің алғысын алды. Сөйтіп, оны Өзағаңның қос қарыс қайшысы тек қағаз-пағаздың артық-ауыс тұсын ғана емес, өмір тəжірибесінде байқалған қажетсіздеу нəрселерді де қырқып-қырнай түсуге баулыды. Сондықтан Секең осы ағасын ойға алса, есіне оның ұзын қайшысы қоса түседі.

Тағылымды ұжым, танымал басшы Зерттедіңіз аңыз қалмай, жыр қалмай, Кім-кімді де қабылдайсыз бұлданбай. Бұл қазақтың супермəдениеті Өзіңіздің бойыңызда тұрғандай! (Əдебиет институтының фольклорынан) Сейіт Қасқабасов директор болып келгенде мен сол Əдебиет жəне өнер институтында қызмет істейтін едім. Қазақ əдебиетінің тарихы бөлімін ұзақ жыл басқарған Шəмшиябану Сəтбаева апай бас ғылыми қызметкерлікке ауысып, орнына Серікқазы Қорабай тағайындалған екен. Ол ұзамай директордың орынбасарлығына бекітілді де, орнына мен ұсынылдым. Сөйтіп, институттың ең жас бөлім меңгерушісі болдым. Басқа бөлімнің басшылары атағы жер жарған кісілер. Серік Қирабаев, Зəки Ахметов, Шериаздан Елеукенов, Жұмағали Ысмағұлов, Бағыбек Құндақбаев... Өстіп жүрген кезімізде директорымыз Шəкір Ыбыраев аяқ астынан Түркістандағы халықаралық қазақ-түрік университетінің проректоры қызметіне ауысып кетті. Орнына қазір Астанада қызмет істеп жүрген академик Сейіт Қасқабасов келеді екен деген əңгіме гуілдеп тұр. Соған қуанып, шаттанып шауып жүрген ел. Əрине, ол кісіні сыртынан жақсы білеміз. Еңбектерімен біршама таныспыз. Өмір бойы осы институтта қызмет істепті. Академиялық үлгідегі мықты ғалым. Екі тілде жазып, елге танылған Едіге Тұрсынов екеуінің есімін кейінгі буын ауыздан тастамайды. Аса танымал азамат. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты. Ұжым директорлыққа сондай аса беделді адамның келе жатқанына мəз болады да. Шынымды айтсам, өз басым бұған онша қуана қойғаным жоқ. Біріншіден, өзімді қызметке қабылдап, бөлім меңгерушілігіне тағайындаған Шəкір ағамның жайлы мінезіне үйреніп қалған едім. Екіншіден, үйелмелісүйелмелі төрт баламды асырау үшін тағы бір-екі жерде қосымша қызмет істейтінмін. Өйткені институттың жалақысы жартымсыз. Соған Шəкір ағам түсіністікпен қарайтын. Ал мына академик Қасқабасовтың түсі суық, өмірі түксиіп жүретін кісі. Бұл ондайға кеңдік көрсететін адамға ұқсамайды. Оның үстіне... Бір рет Алматыда Орталық Комитет ғимаратының алдында көргем. Баспалдақтан абайлап басып, ақырын ғана түсіп келе жатыр екен. Кеудесінде мемлекеттік сыйлық лауреатының белгісі. Ағамыздың бұл марапатқа жаңа ғана ие болып, атағы дүрілдеп тұрған кезі еді. Аман-

дасып, қол созып едім, самарқау ғана алды. Жете танымасам да қазақтың ірі азаматтарының бірі ғой деп, «Аға, сыйлығыңыз құтты болсын!», – деп едім, ернін жыбыр еткізіп, «рахмет» дегендей болды. Түсі сондай ызғарлы. Құдды бір мен оған мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған кезде дауыс бермей кеткен адамдай жақтырмай қарады. Біртүрлі болып қалдым. Кейін өзімді-өзім жұбаттым. Атақты академик Қасқабасов өзі танымайтын бозөкпе журналиске енді қайтіп қарауы керек? Өзіме де обал жоқ, сыйлығымен құттықтап жырпылдап нем бар еді?! Бұл жəйтті көп ұзамай ұмытып та кеткем. Қасқабасов институтқа директор болып келе жатыр дегенде есіме сап ете қалғаны. Жас зерттеушілер арасында «Кейбір ірі ғалымдардың еңбектерін ғана оқып, өзін көрмеген жақсы» деген сөз бар. Сол секілді бітімі бөлек ғалым Сейіт Қасқабасов институтқа келсе, əйтеуір бір мазасыздық əкелетін секілді көрінді де тұрды. Сөйтіп жүргенде Секең бір күні бір диссертанттың қорғауына келді. Үзілісте үзеңгілес дос Амантай Шəріп мені оған таныстырды. «Осылай да осылай. Бұл да мен сияқты жас доктор. Осында бір бөлімді басқарады». Қасқабасов: «Болса қайтейін» дегендей самарқау көз тастады. Сол баяғы түксиген түр. Сол баяғы өңменіңмен өтетін суық көзқарас. Қолын да салқындау ұсына салды. Ұнатпаған адамның кейпі. Тағы да көңілім пəсейіп қалды. Содан Секеңді институттың директорлығына тағайындап жатқан кезде бөркін аспанға атып шаттанғандарға онша қосыла қоймадым. Алдында мінезі жайлы, оның үстінде өзімді өте жақсы көретін Балтабай Əбдіғазиев ағам да директорлыққа талпынып жатыр екен деп естігенмін. Балтабай ағам да қызық өзі. Бəсекеге түскен соң жеңетін болып бір-ақ түспей ме екен. Өзі Шəкір ағамның досы еді. Озып шықса, жақсы-ақ болатын еді. Мына Қасқабасов бəрімізді қыратын шығар енді... Жоқ, олай болмай шықты. Бір қарағанда жүзінен ызғар есіп тұрған секілді көрінетін Секең қайырымдының қайырымдысы екен. Тілге келіп, сөйлесе бастасаң, ызғары мен мұз-қары еріп сала береді. Ақкөңіл ағеден адамға айналады. Бəрімізді бірден бауырға тартты. Көп ұзамай мені бөлмесіне шақырды. Баяғы суық көзқарастың ізі де жоқ. Жүзі жайдары мейірбан Қасқабасовты бірінші рет көрдім сонда. – Ежелгі əдебиет бөлімін ашып, меңгерушілікке өзіңді бекітейін деп отырмын, – деді ол. – Қай қызметкерді алғың келеді, оны өзің шеш. Жастарды көбірек тарт. Институтқа жаңа тыныс беру керек болып тұр. Сенің де жетекші болатын кезің келді. Өзіңе аспирант ал. «Хабарда» істейді екенсің, жұмысыңды жалғастыра бер. Қайта соның дұрыс. Мына шаңырақтың жұмысын жақсылап насихаттау керек.

Ойбай, мынау сол Қасқабасов па?! Не деген жақсы адам... Баяғы салқындығы мүлде сезілмейді. Маған мейірленіп қарайды. Ара-тұра «айналайын», «қалқам» деп қояды. Сол кезде Қасқабасов туралы қиқыжиқы ойларым үшін ептеп ұялып отырдым. Жаңаны жатсынбайтын жан Басшымыз деп, ағамыз деп сенгеміз. Жолбасшы деп соңыңыздан ергеміз. Жақсы ағаны жылуымен жебеген, Аман болсын Тамарадай жеңгеміз! (Əдебиет институтының фольклорынан) Мен оған Қазақ ұлттық университетінің шығыстану факультетінің сол жылғы түлектерін ертіп əкеліп, шетінен таныстыра бастадым. Ежелгі əдебиетті зерттеуге тіл білетін жастар ыңғайлы еді. Қыз-жігіттердің көбісі жартусыз жалақыға келісті. Қиналып, кетіп қалғандары да болды. Қиындыққа шыдағандар мақсатына жетті. Ақжігіт Əлібекұлы Мəмлүк қыпшақтары дəуіріндегі əдебиет нұсқаларын, Төрəлі Қыдыр орта ғасырлардағы діни əдебиеттерді, Мұхит Салқынбаев қазақ-араб əдеби байланыстарын, Гүлнəр Құрманғали Ахмет Иүгінекидің «Ақиқат сыйын», Балжан Тоекина Бабыр мұрасын зерттеп, кандидаттық диссертация қорғады. Ежелгі əдебиет тарихы жан-жақты қырынан зерттелді. Сейіт аға жеңіл юморға бейім. Жастарға жарасымды қалжың айтып, жанын сергітеді. Бірде Ежелгі əдебиет бөліміне қызметке алынатын Ақжігіт Əлібекұлының құжаттарын алып кірдім. Секең Ақжігіттің өмірбаянына шұқшиып қарап отырып: – Мынауың жас емес пе? – дегені. – Енді университетті биыл ғана бітірген бала... Жастарды жұмысқа тарт деген өзіңіз ғой. – Əй, сонда да... тым жас қой мынау... Түк түсінсем бұйырмасын. Сейіт аға өмірбаянның алғашқы сөйлемін көрсетіп, қуланып күледі. Сөйтсек, əлгі алаңғасар Ақжігітім «1977 жылы тудым» дегеннің орнына «1997 жылы тудым» деп қате жазып қойыпты. Сол күні Сейіт ағаның бұйрығымен кіші ғылыми қызметкер болып қабылданған «тым жас» Ақжігіт кейін ғылыми қызметкер, аға ғылыми қызметкер, ғалым-хатшы, жетекші ғылыми қызметкер сатыларының бəрінен өтті. Қазір ол – директордың орынбасары, Сейіт ағаның сенімді

қолғанаты. Көне түркі əдебиеті мəселелерін зерттеп, докторлық диссертациясын жазып жүр. Қиындыққа шыдап, мақсатқа жетуге үндейтін біздің ертегі-əпсанамыздың тағы бір тағылымды тұсы, міне, осы. Сейіт ағаның ұйымдастырушылық үрдістері тек жастарға ғана емес, жасамыстарға да ерекше серпін берді. Институттың ақсақалдарының бірі, танымал ғалым Мұхамедрахым Жармұхамедов жасы жетпіс беске таяғанда докторлық диссертация қорғады. Мұхаң мен басқаратын Ежелгі əдебиет бөлімінде қызмет істейтін. Ұзақ жыл бойы докторлықпен шаруасы болмай жөнімен жүрген ағамызға жігер беріп, құлшындырған өзіміз едік. Енді докторлық қорғап болған соң тездетіп профессорлық атақ алып берудің қамын ойластыра бастадық. Оның үстіне ақсақалдың мерейтойы жақындап келе жатты. «Тойыңа жұрт жиылсын, Кеудеңе нұр құйылсын. Жігіт жасы жетпіс бес, Біздерге де бұйырсын!», – деп өлеңдетіп отырып, Мұхаңның құнды құжаттарын алып, директорға кірдім. Сөйтсем Секең: – Ағаң кеше ғана қорғаған жоқ па, тым ертерек емес пе? – деп қалжыңдап қояды. Ал өзі ақсия күліп, қажетті қағаздарға қол қойып берді. Сейіт аға жаңаны ешқашан жатсынбайды. Үнемі тың пікір айтады. Ой-тұжырымдары өз буынының ұстанымдарымен орайлас келе бермейді. Керісінше, ол қазіргі заманның ыңғайына бейімделеді. Оның баршаға белгілі ғылыми еңбектері бір-бірімен жүйелі жалғасқан «Золотая жила», «Жаназық», «Елзерде», «Ойөріс», «Алтын жылға», «Ойсана» атты кітаптарына енгізілді. Академиктің ғылыми əлемі өз алдына бөлек бір əңгіме. * Тоқтаңыз, əпсанамыздың ең бір тəтті тұсынан аттап кете жаздаппыз ғой. Қазақ ертегісі «содан сол бала ержетті, жар сүйді, бала-шағалы болып, барша мұратына жетті» деп аяқталмайтын ба еді?! Сейіт аға өміріне əр, тіршілігіне нəр берген Тамара деген тамаша жеңешеміз екеуі бақытты ғұмыр кешіп келеді. Өнегелі əке, абыройлы ата. «Атасына келді де, Сұрады сəби немере. Жақсы деген немене, Жаман деген немене?» деген əйгілі өлеңнің кейіпкері секілді ұрпағының əр сауалына асықпай жауап қайтарудан шаршаған емес. Сонымен, біздің Сіз туралы əңгіме-баянымыз осымен тəмам. Ал Сіздің əдемі ертегіңіз аяқталмасын, аға! 2010 ж.

CҰҢҒЫЛА СӨЗДІҢ СҰЛТАНЫ Əуезовті көрген күн Сұлтанаты болмаса да Сұлтандай, Адалдықтан келе жатқан бұлтармай. Даусың жетті батысқа да, шығысқа, Ғашықтарды тыпыршытқан іңкəрдай. (Мұзафар Əлімбаев) Өткен заманнан сыр шертетін əр жəдігер сөйлеп тұрады. Мына бір сурет 1957 жылы түсірілген. Мұхтар Əуезов өмірінің бір сəтін əуесқой фотограф қарауылға іліктіріпті. Ұлы жазушы өзінің 60 жылдық мерейтойын атап өтуге Шыңғыстауға жол тартып бара жатып Аякөзге аялдаған көрінеді. Қасында əйгілі Қаллеки – Қалибек Қуанышбаев. Мұхаңды қаумалаған жұртшылық. Əуезовтің артында екі жағынан өршеленіп ұмсынып тұрған екі бала бірден көзге шалынады. Бұл ұландардың жасы ол кезде он алтыда еді. Ұлы Мұхаңның желке тұсында тұрған екі перзент те кейін елге танымал азамат атанды. Оның бірі – бүгінгі белгілі дəрігер, медицина ғылымдарының кандидаты Кенже Маусымбаев еді де, екіншісі қазіргі майталман журналист-жазушы Сұлтан Оразалинов болатын. Бала Сұлтанның бұл суретке Əуезовпен бірге түсуі кездейсоқ емес. Ол озат оқушы ретінде жазушымен кездесуде сөз сөйледі. Əйгілі қаламгерге ағынан жарылып тілек айтты. Жас жігіт ұлы Əуезовті көруге бекерден-бекер іңкəр болған жоқты. Өзі Абай ауылында туып, ер жетті. Бала күнінен Абай мен Мұхтар туралы əңгімелерге қанықты. Бұл ауылдың баласы мен данасын бірбірінен ажырата алмайсың. Қай-қайсысы да ылдидан салса, төске озады. Шетінен жанына жанап кетсең, шежіреден толғап, сөйлеп тұрады. Абай атамның өнегелі ғұмырының əр сəтінен сыр суыртпақтайды. Сұлтан да сондай сұңғыланың бірі болып өсті. Ағасы Кəмен жас күнінен-ақ аймаққа кең танымал қаламгер атанды. Ауылда тұрыпақ алты алашқа аты мəлім болды. Абай ауылының өнегесі, үй ішінің тəлімі Сұлтанды да сөз қадірін білуге үйретті. Бар болғаны бесінші сыныпта оқитын бала Құндызды аулының бүкіл қарттарының алдында жаз бойы «Абай жолының» екі томын оқып шықты. Дəлірек айтқанда, күллі ақсақал Сұлтанды өздері аттай

қалап, орталарына шақырып алды. Əйтпесе, Абай, Шəкəрім, Мұхтар шыққан бұл өңірде кітапты мəнерлеп оқитын бала аз емес еді. Баланың да баласы бар. Сұлтан айтайын дегенін санасымен ұғынып, жанымен беріліп, ықыластанып тұрып оқитын. Бұл шалдар – тегін шалдар емес. Абай аулының ақсақалдары. Романэпопеяның кейіпкерлерінің ағайын-туыстары. Біреуі – Дəркембайдың інісі, біреуі – Бөжейдің жиені, тағы біреуі – Базаралының бөлесі. Шетінен шығармада суреттелетін оқиғаның əр сəтін жатқа біледі. Сөйте тұра алғаш рет естіп отырғандай зейін қоя тыңдайды. Сұлтан оқып болған соң қызу талқы басталады. Сол кезде Шыңғыстаудың бөктері Абай рухымен тыныстап тұрады. Қаршадай күнінен соны көріп өскен Сұлтан Əуезовті көруге құмартпай қайтсін?! Абай ауылының тағы бір талантты перзенті, бүгінгі белгілі ақын Бауыржан Жақыптың бота тірсек бозбала кезінде қыз-қырқынға арнаған мынадай өлеңі бар еді: Саған да ашық есік əр, Менімен келсе, жұпталғың. Келіні болсаң, несі бар, Ұлы Абай менен Мұхтардың! Осыны естігенде журфактың əсершіл бойжеткендері жырға айналып ағып кете жаздайтын. Абай ауылы туралы естеліктің, Абай елін суреттеудің өзі кез-келген өлеңге қан жүгіртетін. Сол қастерлі мекенде туып-өсіп, ақылман ақсақалдардың алдында «Абай жолын» оқып, даланың əдеби емтиханынан мінсіз өтіп келген Сұлтан Қазақ мемлекеттік университетінің аудиторияларын жатсына қойған жоқ. Оқыған-тоқығаны көп, əдебиетті тəуір білетін бозбала өзінен жоғары курста оқитын қазақтың талантты жігіттерімен емін-еркін араласты. Сол кездің өзінде əдеби ортаға ептеп танылып қалған Əбіш Кекілбаев, Мұхтар Мағауин сынды жас қаламгерлермен достасып алды. Екі досы мұны дедектетіп отырып, өздерінің аудиториясына алып кетеді. Себебі, бұл курсқа Мұхтар Əуезов лекция оқиды! Ал төменгі курстағы Сұлтандарға ғұлама əзір дəріс бере қоймайды. Сондықтан бұл да олардың арасына ықыластана барады. Ал енді Əуезовтің лекциясын тыңдау дегенің рахат! Жастар Алматының барлық оқу орындарынан жиналады. Залда кейде ине шаншар орын болмайды. Бұл екі досының

ортасында отырып, Əуезов оқыған Абайтану дəрістерінің иірімдеріне терең бойлайды. Абай туралы лекцияны Абай елінің перзенті болып тыңдаудың жөні бөлек. Бəрі таныс, бəрі анық, бəрі белгілі... Бірақ ұлы ғұлама сөйлеп кеткенде таныстан гөрі таңсықтың, белгіліден гөрі беймəлімнің көбірек екеніне көзі жетті. Абай əлемі түпсіз тұңғиық көрінеді. Əуезов соның бəрін жас шəкірттерінің зердесіне жаттатты. Студент Сұлтан Мұхтар Əуезовтің 1961 жылы жастармен өткізген кездесуіне де қатысты. Рухани өміріміздегі айрықша оқиға болған бұл басқосуды университеттің əдеби бірлестігінің жетекшісі Əбіш Кекілбаев ұйымдастырып еді. Мұхаңның бұл кездесудегі сөзі «Жыл келгендей жаңалық сезінеміз» деген тақырыппен баспасөзде жарияланды. Біздің кейіпкеріміз де барлық əріптестері секілді сол залдан қанаттанып, əдеби өмірге үлкен жолдама алып шықты. Тікелей эфир тəлімі Талант, дарын, дариядай ынта, дем. Еншісіне ерте тиген Сұлтан ең. Анық толған кезің білем, бұл сенің, Танып болған қазақ түгіл, сырт əлем! (Сəкен Иманасов) Кейіпкеріміздің қай қыры да атап айтуға тұрарлық. Қарымды қаламгер. Қажырлы қайраткер. Ұтымды ұйымдастырушы. Білікті басшы. Абыройлы азамат. Осы тұлғалық қасиеттерінің біразы тележурналистика арқылы танылды. Жиырма жыл бойы Қазақ телевизиясында қызмет істеді. Жас күнінен қалың қазаққа кең танымал болды. Қазақстанның маңдайға басқан жалғыз телеарнасы Сұлтан Оразалинов деген бой-сойы келіскен жігерлі жігіттің жайдары жүзін жұртшылықтың жадына жаттатты. Теледидарда бір-екі жыл жүргізуші болып қызмет істеген адамның бет-əлпетінің өзі елдің есінде қалып қояды. Ал жиырма жыл бойы телеэкраннан түспеген Сұлтан үлкенкіші түгел танитын тұлғаға айналды. Ол жылдардағы хабарлардың дені тікелей эфирде жүрді. Ал аузыңнан ағытылған лебіз бірден жалпақ əлемге тарап жатқанын сезінгенде ішкі толқынысыңды басып, сөзіңді жұптау оңай емес. Əріптестері Сұлтанның тікелей эфирде аспай-саспай, асқан салқындылықпен сөз

сабақтап отыратынына таңғалатын. Атағынан ат үркетін мейманның өзі де оның мысын ешқашан басып көрген емес. Əңгіменің тізгінін бірден қолға алады. Қонақтың тілін тауып, жүрегіне терең бойлап, жандүниесін ашып, тікелей эфирде сəт сайын жасын ойнатып отырады. Сұлтекеңнің алдында ашылмайтын адам, көсілмейтін қонақ болмайды. Сөзге сараң, томаға тұйық тұлғалардың өзі бір ақтарылып алған соң тоқтамай дамылсыз сілтейтін. Оның талантты тележурналист екені талассыз мойындалды. Сол тұста бүкіл қазақ көрермені телеэкраннан көз алмай телміре қараған «Сұхбат» хабары ұлт руханиятының сыр сандығына айналды. Қазақ əдебиетіндегі алыптар шоғырының өкілдері, солардың сарқыты саналатын қабырғалы қаламгерлер «Сұхбаттың» төріне шықты. Оларды телехабарға шақырып, салиқалы сөз айтуға көндіру оңай шаруа емес-ті. Себебі, əрқайсысы өзінше бір əлем. Қилы-қилы тағдырдың, қиқы-жиқы мінездің адамдары. Сұлтекеңнің тарпаңның тілін табатын ептілігінің, тəуекелге басатын табандылығының арқасында талай арысымыздың текті тұлғасы, белгілі бейнесі, сұңғыла сөзі таспаға таңбаланып қалды. Аты ардақты, заты зиялы Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Шыңғыс Айтматов, Сапарғали Бегалин, Əбділда Тəжібаев, Ілияс Омаров, Ілияс Есенберлин, Серке Қожамқұлов, Елубай Өмірзақов, Шəкен Айманов, Құрманбек Жандарбеков, Сəбира Майқанова, Қапан Бадыров, Мұхамеджан Қаратаев, Тахауи Ақтанов, Асқар Тоқпанов сынды бүгінде бейнесі сағынышқа айналған асылдарымызды көзі тірісінде əңгімеге тартып, хабар əзірлеп, баға жетпес құндылыққа айналдырған Сұлтан Оразалиновтың еңбегі өлшеусіз. Тіпті оның Ғабиден Мұстафинмен сұхбат түріндегі «Куəгердің көзімен» атты əдеби телехабары Мəскеудің бірінші телеарнасы арқылы бүкіл Кеңес Одағына көрсетілді. Одақтас республикалардағы əріптестері «Сұхбаттың» мазмұны мен формасын үлгі етіп ұстанды. Кейбірі кейін «Сұхбаттың» үрдісімен үндес бағдарламалар əзірледі. Олар да алыптары мен арыстарының бүгінгі болмысын тележазбаға бедерлеп қалуға тырысты. Елге келген мəртебелі меймандардың Сұлтекеңнің сұхбат отауына кіріп-шықпағаны жоқ. Түркі тілдес мемлекеттердің əлемге танымал өкілдерін өз тілдерінде сөйлетіп, соған қарамастан бір-біріне ұғынықты ортақ əңгіме жүргізген кезі де болды. «Сұхбат» өз елімізде ғана емес,

көрші елдерде де дамылсыз жалғасып жатты. Сұлтекең Ташкентке арнайы барып, осы шаһарда өткен Азия жəне Африка жазушыларының конференциясына қатысуға келген Мұстай Кəрім, Қайсын Құлиев, Шыңғыс Айтматовтармен əңгімелесті. Хабар қазақ, қырғыз, башқұрт, балқар тілдерінде жүргізілді. Бұл сол кезең үшін ғаламат жаңалық болып саналатын еді. Сұлтекең əр жылдарда Мысырдың атақты ақыны, Лениндік сыйлықтың лауреаты, Абдрахман əл-Хамиси, Пəкстанның көрнекті ақыны Фаиз Ахмед Фаиз, Үндістанның белгілі жазушысы Субхаш Мукерджи, Палестинаның ұлы ақыны Муин Бсису, жапон қаламгері Ватанабэ Татэо, ливан ақыны Битар, конго ақыны Леопольд МамансоПинди, орыс жазушысы Данил Гранин, авар ақыны Расул Гамзатов, өзбек ақыны Зульфия сынды марқасқаларға микрофон ұсынып, қазақ əдебиеті туралы бағалы пікірлерін жазып алды. Сөйтіп, осындай құнды дүниелерді Қазақ теледидарының алтын қорына қосты. Танымал тележурналистің «Қымызхана», «Кездесу», «Шұғыла», «Айтыс», «Халық қазынасы» атты хабарлар циклі, «Кек», «Отырар ойраны», «Қашқын», «Өлім фабрикасы» атты телеқойылымдары қазақ көрерменін көгілдір экран алдына жіпсіз байлады. Теледидардағы танымалдығының арқасында талай қызметке шақырылды. Бірде ғылыми еңбегін оқып көрген екі ағасы қолқа салды. Екеуі де атағы жер жаратын айтулы азаматтар. Бірі – əйгілі партизанжазушы Əди Шəріпов. Екіншісі – əдебиетіміздің алыбы Əбділдə Тəжібаев. Бұл кісілер бір мекемеде – М.Əуезов атындағы Əдебиет жəне өнер институтында қызмет істейді. Бірі – директор, екіншісі – бөлім меңгерушісі. Ғабдол Сланов туралы монографиясы ғылыми ортада лайықты бағаланып, мерейі өсіп жүрген Сұлтан бұл ұсынысты теріс көрген жоқ. Алайда Телерадио комитетінің төрағасы Кеңесбай Үсебаевтың бір ауыз сөзі тоқтау салды. – Теледидарда елдің көз алдында отырсаң, əлі де талай қызметке шақырыласың. Танымалдығың алдағы уақыттта да биік белестерге жол ашады! Содан микрофонды сығымдап ұстап, тұлғалармен тілдесуге қайта кірісті. Ақыры, қазақтың көрнекті ақыны Мұхтар Шаханов айтқандай, «Телетарих бетінде ұлтан болмай, Сұлтан болып қалды».

Қос Ғабеңнің ғибраты Небір ірі қазақтың тұлғасымен, Бірге жүріп, қадамды бір басып ең. Ғабиденді қолтықтап, Ғабеңменен, Бақты жаяу аралап, сырласып ең. (Қонысбай Əбіл) Журналист-жазушының қос Ғабеңмен сұхбаты талайдың зердесіне жатталып қалды. Бұл хабарды үлкен-кіші теледидар алдында телміріп отырып күтетін, рахаттанып тұрып көретін. Ол кезде біз оқуға жаңа түскен студент едік. Теледидардан қара шал мен сары шалдың екеуімен де терезесін тең ұстап, бақ ішінде аяңдап қатар жүріп келе жатқан Сұлтекең мықтылардың мықтысы секілді көрінетін. Баппен сөйлейтін сырбаз Ғабит Мүсірепов те, ойы орнықты, сөзі салиқалы Ғабиден Мұстафин де оған ағынан ақтарылады. Демек, Сұлтекең олардың жүрегіне жол тапқан. Əйтпесе, он жерден микрофон ұсынып, əңгімеге тартсаң да ашылмайтын адам ашылмайды. Кеңестік дəуірде қазақ əдебиетінде есімі қатар аталатын төрт қаламгер болды. Мұхтар Əуезов, Сəбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин. Осы ретпен айтылады. Алдыңғы екеуі өмірден ертерек кетті де, сексенінші жылдардың орта тұсына дейін ғұмыр кешкен қос Ғабең əріптестерінің аялы алақанында болды. Бірақ екеуі де ел алдында жарқылдап шығып, үнемі жұрт назарында жүретін жария тұлға болған жоқ. Бірі – күй талғайтын кербез, жан талғайтын тəкапбар. Екіншісі – оңашалықты тəуір көретін біртоға, тұйық. Қысқасы, бабы келіспесе, екеуі де өздігінен теледидарға сұхбат беретін адамдар емес. Олардың тілін Сұлтан ғана тапты. Сұхбаттың тек телевизиялық нұсқасын көретін көрермен мұның аржағында қаншама жанкешті тірлік бар екенін білмейді. Хабардың авторы өзі онсыз да жақсы білетін қос алыптың шығармашылығына қайта үңіледі. Кітапханаға барып, том-том кітаптарды дамылсыз ақтарады. Олар туралы отандық жəне одақтық баспасөзде не жазылғанын анықтап, түгел сүзіп өтеді. Ол аздай қос Ғабеңнің кейіпкерлерінің əлеміне саяхат жасайды. Түптұлғаларды тиянақтылықпен зерделейді. Қаламгерлердің

адами болмысы, тұлғалық табиғаты туралы ой жинақтайды. Содан соң барып, микрофонды қолға алады. Талғамы терең, талабы жоғары Ғабаң да, Ғабең де Сұлтекеңе қатты ризашылық танытты. «Сұхбат» қос алыптың онсыз да биік беделін одан əрі асқақтата түсті. Сұлтан Оразалинов қара шал мен сары шалдың жан дүниесіне жақынырақ үңілгісі келетін көрермен үшін көзге көрінбейтін көпір салып берді. Əйгілі жазушылар өзінің оқырмандарына ішкі сырын ақтарды, жүрегінің түбіндегі сөзін айтты. Бұл бір елдің аузынан түспейтін хабар болды. Халық «Сұхбатты» қайталап көруден жалықпады. Сол тұста қос Ғабеңнің де көңілі көтеріңкі жүрді. Екеуінің бірін-бірі қалжыңмен қажайтыны, ел ішіне кеңінен тарап кеткен əзілдері жеткілікті екені баршаға мəлім. Сұлтекеңнің «Сұхбат» хабары да қос алыптың кезекті қалжыңына өзек болды. Ғабит Мүсірепов бірде Ғабиден Мұстафинге былай депті: «Əй, Ғабиден, осы Сұлтан екеумізге екі түрлі қарайды-ау деймін». «Е, неге?». «Сені түсіргенде жарығы да, бояуы да, жақсырақ көрінеді. Маған келгенде бəрі де көмескі тартады. Сірə, сол сені айрықша жақсы көретін болуы керек». «Пəлі, сол да сөз боп па, – дейді Ғабиден кеңк-кеңк күліп, – Ол екеумізді де жақсы көреді. Мəселе Сұлтанда емес, бізде болып тұр ғой. Қайсымыздың тəуір екенімізді теледидардың өзі айна-қатесіз танытып тұрған жоқ па?!». Бұл əңгіменің ұзын-ырғасы осындай. Алыптар шоғырының жалпақ əлемге əйгілі қос бірдей тұғырлы тұлғасы қазақтың қай қаламгері туралы қай кезде осындай жарасымды қалжың қағыстырып еді?! Оның үстіне екеуінің де жас əріптестеріне ерекше ілтипатпен қарағаны байқалады. Əке мен шешенің кейде: «баламыз қайсысымызды жақсы көреді өзі?!», – деп еміренетіні бар емес пе? Құдды сол. Қазақ əдебиетінің əлемге танымал қос классигі сені дара «меншіктегісі» кеп, бір-бірінен «қызғанып», əзілмен сөз таластырып отырса, не арманың бар?! Сұлтан Шəріпұлы осы жағынан алғанда да маңдайының бағы бар адам. Алыптардың Сұлтанға деген ыстық ықыласы мұнымен де бітпейді. Ғабит Мүсірепов «Ұлпан» атты кітабына «Сұлтан ініме! Бірге еңбектенген күндердің ескерткіші болсын» деп қолтаңба қалдырыпты.

Ал Ғабиден Мұстафин болса, «Ой əуендері» атты кітабының алғашқы бетіне «Бағытың дұрыс, өсіп келесің. Өсу жолыңда талай белестер бар, шаршап қалмай, белестерден аса берсең, мен қуана берем» деп жазыпты. Бұл бүкіл əлемді аузына қаратқан атақты жазушылардың қатардағы оқырманға қарата жай айта салған сөзі емес. Жанында жүрген, əңгімесі жарасқан əріптеске жақындығын танытып жазған қолтаңбалар. Ұлтымыз ұлықтаған ұлылардан қалған құнды жəдігерліктер. Сұлтекеңнің ең қастерлі дүниелері де осылар. Тілдің тынымсыз тірлігі Жатпайды біреулердей ішінде есеп, Ұсақтап көрген жоқсың, ісің кесек. Соңыңнан іні болып ерер ме едік, Сұлтеке, жан сырыңды түсінбесек. (Несіпбек Айтұлы) Кейіпкеріміздің кісілік келбетін тіл мəселесінен бөліп қарау мүмкін емес. Өйткені ол осы саланың көшін бастады. Тəуелсіз еліміздегі тіл саясатының негізін салды. Əлі күнге дейін тынысы кең ашылмай келе жатқан күрмеуі көп күрделі құрылымның іргетасын қалау Сұлтекеңнің пешенесіне жазылды. Үкімет құрамында тұңғыш рет құрылған Тіл комитетінің төрағасы болып бекітілген соң бұл іске құлшына кірісті. Тəуелсіздік енді ғана қолға тиген уақыт. Халықтың рухы жоғары. Елім деп егіліп, тілім деп төгіліп жүрген жұрт. Бəрі де жаңадан отау құрған Тіл комитетіне үмітпен қарайды. Бірақ салғаннан жұмысты өрістетіп əкету оңай болған жоқ. Кеңінен көсілуге қаражат қолды байлады. Не нəрсені де үнемдеуге үйренген қытымыр қаржыгерлер жаңа мекеме қызметкерлерінің санын көбейтпеуге тырысады. Ат төбеліндей топпен адам айтқысыз ауқымды шаруа істеткенді қалайды. Сұлтекең тілдің кедергілерімен күресті бастамай тұрып, алдымен қаржының құлағын ұстағандармен арпалысты. Солармен күнде тəжікелеседі. Жұмыс істеуге қолайлы штат кестесін жасап, бекітуге

апарады. Олар жобасын жонып-жонып, қидалап-қысқартып тастайды. Қидалауға да, бұйдалауға да көнбейтін Сұлтекең кестені қайта əзірлеп, басшылардың алдына кіреді. Бөтен біреу болса, жүнжіп кетер еді. Ал бұл мінезінің бірбеткейлігінің арқасында табандылық танытып, ақыры дегеніне жетті. «Егер жұмысты бастамай жатып, шөміштен қағатын болсаңдар, бұл қызметтеріңнің маған қажеті жоқ», – деп мəлімдеді. Осыдан соң көзге көрінбейтін кедергілер азая бастады. Сөйтіп, жанкештілікпен іске кірісті. Барлық облыстардан Тіл комитетінің құрылымдарын ашты. Тіпті аудандарда да тіл бөлімдері болды. Бұл бір тілдің түтіні түзу ұшқан уақыт еді. Тіл жанашырлары тілбұзарларға, жарымжан жарнамаларға қарсы күресті. Тіл комитеті елдің рухын көтеретін беделді мемлекеттік құрылым ретінде қалыптасты. Тыным таппайтын төраға елді соңынан ерте алатын тұлғаға айналды. Кейін бұл құрылым заманның ыңғайына қарай біресе ірілендіріліп, біресе ықшамдалып, талай оңтайландыруды бастан өткерді. Соған қарамастан тіл майданының сардары ретінде танылған Сұлтекең өз міндетіне адал болды. Ұлт саясаты жөніндегі мемлекеттік комитет төрағасының бірінші орынбасары, Білім жəне мəдениет министрлігі Тіл саясатын үйлестіру департаментінің директоры, Əділет министрлігі Құқықтық насихат, мемлекеттік тілді дамыту жəне жұртшылықпен байланыс департаментінің директоры болып қызмет істеген Сұлтан Оразалинов күні бүгінге дейін пайдаланылып жүрген бірқатар құнды құжаттарды əзірлеуге басшылық жасады. Ұлты қазақ азаматтарының аты-жөнін дұрыс жазу тəртібі туралы ереже, қазіргі қолданыстағы Тіл туралы заң Сұлтекеңнің тұсында өмірге жол ашты. Бұқаралық ақпарат құралдарының тіліндегі олқылықтарды реттеуге күш салды. Егер тіл саласындағы бірқатар батыл бастамаларға ертерек қол жеткізген болсақ, бұл тегеурінді төрағаның арқасы деп біліңіз. Жалпы, біздің кейіпкеріміз қай кезде де абырой-атақтан кенде болған емес. Қазақстанның еңбек сіңірген мəдениет қызметкері... Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері... Халықаралық Телевизия жəне радио академиясының мүшесі... Президенттің БАҚ саласындағы сыйлығының лауреаты... Қоғам қайраткері, жазушы, телесыншы, баспа-

гер, киногер... Жететін шығар. Бірақ осының бəрінен бұрын «Тұңғыш төраға» деген тіркес елдің ойына алдымен оралады. Күллі қазақ жұрты оны тілбасы ретінде таниды. * Бір кезде Аягөздің вокзалында елмен бірге суретке түсіп жатқан Əуезовтің артына келіп, елеусіз ғана тұра салған бала бүгінде желіп отырып жетпіске келді. Мұхаңның желке тұсынан сығалаған ұғымтал ұлан кейін жұрт алдына шықты. Қазір оның өзінің де артында қарап тұрған қалың елі бар. Оны айтқан біз емес, заманымыздың заңғар жазушысы Шыңғыс Айтматов. Адамзаттың Айтматовы өзінің елу жылдық мерейтойына арнайы барған Сұлтекеңе: «Сенің артыңда ырғалған қазақ елі тұр ғой», – деп жүрекжарды лебізін білдіріпті. Сөйтіп, шынашақтайынан Шыңғыстаудың шежіресіне қанығып өскен парасатты перзент бүгінде сұңғыла сөздің Сұлтанына айналды. Баяғыда алқа-қотан отырып, «Абай жолын» ала жаздай дауыстап оқытқан Құндыздының көшелі көп шалының батасы қабыл болған да... 2011 ж.

АҒАЙЫНДЫ ҚОҢЫР ҚАЗ Мектептен кеткен мұғалім Қара халық ауырса, Дəрігерді шақырад. Қаратерең ауырса, Сенетіні – Шəкірат... (Журналистік фольклордан) Біздің ауылдың адамдары алқа-қотан бас қоса қалғанда теңіз қолтығындағы түбекте туып, есімі жалпақ жұртқа мəлім болған танымал перзенттері туралы дамылсыз əңгімелеп отырар еді. Бұл Қаратереңнен кім шықпаған?! Аралдың атын əйгілеген атпал балықшылар да, зеңгір көкті шарлап жүрген ұшқыштар да, күміс көмей əншілер де, сылаң қаққан сылқым əртістер де осы топырақтан өрген. Жұрт солардың бір кезде ауыл ішінде алшаң басып жүрген кезін емірене еске алады. Осылардың ішінде менің екі ағамның есімі ерекше аталатын. Өздері ағалы-інілі кісілер. Мамандықтары журналист болған соң ба, осы екеуі əңгіме арқауына айналды дегенше, өз басым елең ете қалам. Аттары да қатты ұқсас. Ағасы – Шəкірат, інісі – Шəкізат. Екеуі де ауылдан ілгеріде кеткен. Бірақ дақпырты ел ішіне күнде жетіп жатады. Шəкірат жəне Шəкізат Дəрмағамбетовтер Сыр өңірінің ең мықты журналистерінің қатарында бағаланады. Бірі Аралды, екіншісі Қызылорданы мекен етсе де, республикалық басылымдарда олардың сала құлаш мақалалары жиі жарияланып тұрады. Мектепке алғаш барған кезіміз еді. Күн сайын бір қызыққа бататын бастауыш кластың кəдуілгі тіршілігі. Үзілісте кластасым Талас Баймағамбетов өкіріп жылап келді. Сірə, жоғары класта оқитын балалар танауынан сүйкеп жіберсе керек. Келді де, бізге мұңын шақты. «Мен оларды Шəкірат ағама айтып, с-о-о-т-та-а-там!», – деді. Өзі əлі солығын баса алмай тұр. Сол күні мен Шəкірат деген есімді бірінші рет естідім. Таластың арқа сүйей сөйлегені соншалық, маған біздің аймақта одан қауқарлы, одан құдіретті кісі жоқ секілді көрінді. Сөйтсем, Шəкірат ағам сұсты сот та емес, сесті сақшы да емес, жай ғана собкор екен. Яғни, қолына қалам ұстаған журналист. Қызылорда облыстық «Ленин жолы» («Сыр бойы») газетінің Арал жəне Қазалы

аудандарындағы меншікті тілшісі көрінеді. Оны өсе келе ұғындық. Ал Талас досым таяқ жеп қалған күннен бастап мен оның күн сайын жарық көріп жататын мақалаларының аяғындағы есіміне үнемі көз салып жүретін болдым. Əрине, Таласқа тиісті екен деп Шəкірат ағам үшінші кластың балалаларын шетінен шырылдатып соттатып жіберген жоқ. Бірақ бəрібір оның ел ішіндегі журналист ретіндегі беделі өте жоғары еді. Басшылар жаппай санасады. Күллі Қаратерең оған шаруа айту үшін Аралға ағылып кетіп жатады. Біздің ауылдың беймаза адамдары қазаны піспей қалса да, ауына балық түспей қалса да Шəкіратқа барып шағынады. Кейін өзін де көрдік. Жауырыны қақпақтай, еңселі кісі екен. Түрі сұстылау. Қоңыз мұрты бар. Жауыз Гитлерге ғана үйлесетін империалистік икемсіз үлгідегі жексұрын мұртты мына кісі қалай қойып жүр екен деп таңғалғаным есімде. Мені таңдай қақтырған нəрсе мынау болды. Бұл ағамның əу бастағы таңдаған мамандығы журналист емес, мұғалім екен. Бір кезде ол Қаратереңдегі жеті жылдық мектептің директоры болыпты. Одан соң Тарас Шевченко атындағы балық колхозының партком хатшысы болып істеген. Кейін «Социалистік Арал» газетінің редакциясына қызметке тұрған. Сол «Социалистік Арал» Шəкірат ағама құт болған. Тілшіден бастап редактордың орынбасарына дейін өскен. Ал облыстық газеттің меншікті тілшісі қызметін ұзақ жыл атқарды. Əсіресе, оған ауыл əйелдерінің ықыласы тіпті бөлек-ті. Төртқаралардың түтінін түзу ұшырып отырған келін-кепшіктің бəрі оны «жазушы қайнаға» деп атайды. Айтқанда да, соны бір аса жағымды əдемі əуенмен айтады. Соны естіп, танауы құрғамаған қарасирақ екенімізге қарамастан жазушы болғымыз да, қайнаға болғымыз да кеп кетеді. Былай қарасаң, кім облыстық газеттің меншікті тілшісі болмай жатыр?! Бірақ соған қарамастан оның ел арасындағы абыройы əкімқаралардан кем емес-ті. Ауылымыз оны пірмен бірдей көреді. Сол тұста айтылатын ол туралы əсерлі эпитеттерді шұбырта беруге болар еді. Журналист-жазушы, қарымды қаламгер, қажырлы қайраткер, қадірлі қайнаға... Енді одан артық не керек? Соның бəрі құлағымызға тиген сайын аузымыздың суы құри түседі. Бір күні Шəкірат ағамның «Арал арайы» деген кітабы шықты. Бұл кітапты бүкіл ауыл үтір-нүктесіне дейін оқыды. Ағамыздың сол тұстағы

осы жалғыз жинағынан теңіздегі шағаланың шаңқылы, дарияның суының сылдыры естіліп, Қаратерең құмының табан тигізбейтін ыстығы сезіліп тұратын секілді көрінетін маған. Бəлкім, қос Шəкеңнің əсері шығар, біздің ауыл штаттан тыс тілшіге жарыған ауыл еді. «Тіс қаққан үш тілшіге бергісіз бір штаттан тыс тілші болады» дегендей, төрт-бес бөлімшесі бар біздің Қаратереңнің əр бөлігінде бір жазғыш тұрады. Көнеқаратереңнен Аралбай Нарымбетов, Көлжағадан Дəріқұл Махамбетов, Жаңақоныстан Жылқайдар Əбдірейімов пен Роза Ілиясова үзбей жазып тұратын. Əсіресе, Арекең мен Жылқайдардың қарымы бөлек-ті. Мақалалары өте жиі жарық көреді. Аралбай ағам аудандық «Толқын» газетінің тілшілерінің өзіндей тым белсенді еді. Ал Жылқайдардың жазғандары кейде талайдың қолы жетпейтін «Лениншіл жастың» бетінде көсіліп жатар еді. Қаратерең жазу-сызуға о бастан сауатты ауыл-ды. Тіпті ет қызуымен желпініп отырып, жоғарыға ашумен жазып жіберген арыздарының өзінен грамматикалық қате табу қиынның қиыны болатын. Осындай сөз қонған ауылдан шыққан Шəкірат ағам бүтіндей бір саланың көшін бастады. Өзі салып, өзі кеңейткен сол кісінің сүрлеуіне кейін біз де келіп түстік. «Ықпаған балықшы балықшы ма?!» Білетіні – бір сала, Бүк түсірер белдіні. Аралда өзі тұрса да, Алты алашқа белгілі. (Журналистік фольклордан) Шəкірат ағам тақырып табудан, кейіпкер таңдаудан алдына жан салған емес. Оның кейіпкерлерінің тағдырына əлемге аты мəшһүр Василий Песковтің өзі қызығар еді. Аудан орталығында отырып-ақ алты алашты елең еткізген ойлы очерктер жазды. Егер оның кейіпкерлері Василий Песковтің немесе Ярослав Головановтың қолына түссе, бұл кісілер абырой мен атақтан кенде болмас еді. Алайда, қазаққа қырындау келген заманда Шəкеңнің облыстық жəне республикалық баспасөзде жарияланған мақалаларын жұрт сүйсіне оқығанымен, оның кейіпкерлерін ұлықтауға ешкім құлықты бола қоймады.

1948 жылы ақпан айында Арал теңізінің төсінде бұрын-соңды құлақестіп, көз көрмеген ерлік жасалды. Қазақ ұшқышы Хамит Қалиев бес күн, бес түн бойы мұз үстінде ығып кеткен балықшыларды құтқарып қалды. Қалай дейсіз ғой?! Ол ұзындығы жүз метрден сəл ғана асатын, жиегі əбден мүжілген мұздың үстіне ұшақты қондырды! Сөйтіп, қатты қалжыраған екі балықшыны ұшақ ішіне көтеріп мінгізеді. Соғыстағы бар тəжірибесіне сүйеніп, асқан шеберлікпен əуеге көтеріледі. Жан баласы сенбейтін оқиға! Бауырын жазып, жүгіріп ұшып, жорғалап қонатын сол заманғы «Кукурузник» ұшағының басқа ұшқыштары мұндай тəуекелге өлсе де бармас еді! Қаһарлы қыс, долы дауыл, арыстан жал толқын... Ұшақ алға ұмсына бергенде мұз жарылып кетіпті... Бəрінің де көрер жарығы бар екен. Алланың құдіретін-ай! Сондағы челюскиншілердің өзі жіп есе алмайтын ғаламат ерлігі үшін ұшқыштың не марапат алғаны қызықтыратын шығар сізді. Аралдағы «Рыбакколхозсоюз» мекемесінің төрағасы Қали Құмаров шын жүректен алғыс айтып, ақшалай сыйлық береді. Сонымен болды. Хамит Қалиев соғыста да жойқын ұшқыш болыпты. Шағын ғана ПО-2 ұшағымен жауға бүйідей тиген. Майдандағы ерліктері үшін «Қызыл жұлдыз» орденіне ұсынылған. Ал бейбіт күндегі ғажайып ерлігі үшін көрген сыйы жаңағы. Жоғарғы жақ та қарап қалмай Хамит Қалиевті «Құрмет белгісі» орденіне ұсынғанға ұқсайды. Бірақ оның құжаттары түрлі себептермен тиісті орындарға жіберілмей қалған. Бұл тұста «Правданың» сол жылғы 2 наурыздағы нөмірінде «Самолет балықшыларды тапты» деген қысқаша хабарлама жарияланды. Онда: «Осы жақында аса күшті дауыл үстінде адамы бар мұзды жағадан бөліп, Арал теңізіне алып кетті. Ол адамдарды құтқару үшін Қазақстан азаматтық əуе флотынан тəжірибелі ұшқыштар Қалиев, Захарченко жолдастар басқарған самолет жіберілді. Ұшқыштар оларды теңізден тауып, үлкен қауіпке бел байлап, кішігірім ыққан мұзға қонды. Сөйтіп, балықшылар апаттан құтқарылды. Азаматтық əуе флотының басқармасы ұшқыштардың бұл ержүрек ісін атап өтті». Ал олардың атап қарқ қылмағанын жоғарыда айттық. Негізінде Хамит Қалиевтің орнына Гончаров деген ұшқыш баруы керек екен. Ол мұндай күрделі тапсырманы орындай алмайтынын айтып, бірден бас тартыпты. Ал «Правдада» аты аталған авиатехник Захарченко алғашқы сапарда өзін өте жайсыз сезінеді. Хамит соған бола жағалауға қайтып оралады. Ақыры мұз үстіне қонуға бел байлаған кезде ол Захарченконы ұшақтан түсіріп кетеді. Ерлікке қатысы болса да,

болмаса да, іргелі ұлттардың өкілдерін дамылсыз дəріптеп отыратын «Правданың» пиғылы-ай... Кейде сол кезде Хамит ағамыздың орнында Гончаров немесе Захарченко болғанда, олар кеңес елінің ең жоғары марапатын иеленуі мүмкін екен-ау деген де ой келеді... Сол тұста мектеп оқушысы болсам да, осындай жер-көкті шулатқан көлемді очерктің авторы менің ауылдас ағам екенін керемет мақтан тұттым. Газетті қолдан түсірмей, жүз қайтара оқыған шығармын. Оқыған сайын қиялымды қытықтай түседі. Менің де елді таңғалдыратын бірдеңе жазғым келеді. Хамит Қалиев Шəкеңнің шығармашылығының төлқұжаты болып қалды. Ол əр жылдарда бұл тақырыпқа қайта айналып соғып, атақты ұшқыштың кейінгі тағдыры жөнінде оқырманға үнемі мəлімет беріп отырды. Осы жағынан да оның туындылары Песковтің очерктерімен берік үндесетін. Ең қызығы, мынау еді. Əлгі мұзға ыққан екі балықшы біздің Қаратереңнің кісілері екен. Бірі – Баймахан ақсақал, екіншісі – оның келіні Балпан. Көрші тұратын Балпан əжем үнемі біздің үйде келіп, жүн түтіп отырып, менің Імия əжеммен күн ұзаққа сырласатын. Мен ол кісіден мұз хикаясын үнемі сұрағым келетін. Бірақ батылым бармай, тұрып-тұрып кетіп қалушы ем. Себебі, одан бұл мəселені тек Шəкірат ағамның ғана сұрауға құқы бар секілді көрінетін. Ауыл сыртындағы қатар қонған қос төмпешік – екі əжемнің зиратына қарап тұрып, баяғыда Балпан əжемнің бауырын жазып, армансыз сөйлетіп алмағаныма қазір қатты өкінемін. Тағы бір əсерлі мақаласының кейіпкері – қалмақ қызы Байыр Саранкиеваға үйленіп, түтін түтеткен Қожантай Нұрқасымов біздің ауылда тұратын еді. Бұл біздің Қаратереңнің кісілері де шығармаға тақырып бола алады екен ғой деген сенімімізді орнықтырды. Шəкірат Дəрмағамбетовтың тағы бір ғажайып кейіпкері – Арал теңізінде он төрт тəулік ыққан балықшы Əбілда Меңов. Бұл очерктен де терең тағылым алуға болады. Көктемнің салқын ызғары есіп тұрған күні өмірге келген Əбілданы əкесі туа сала ұлы теңізге бір сүңгітіп алыпты. Жұрттың суыққа қатып қалады дегеніне көнбеген. Тіпті олар «Бұл ұл емес, қыз бала ғой», – деп ақсақалды алдап, райынан қайтармақ болады. «Немене, қыз теңізге шығып, балық аулай алмайды ғой дейсіңдер ме?», – деп тыңдамапты. Сөйтіп, ол шарананы дүниеге есік ашқан күні балықшылыққа қабылдап жіберген. Кейін теңізде он төрт тəулік ығып, аман қалған баяғы сол шарананың – бүгінгі əйгілі балықшының өзіндік берік ұстанымы бар. «Ықпаған балықшы балықшы ма?!», – дейді ол.

Шəкірат Дəрмағамбетовтың кейіпкерлері осындай өршілдігімен ерекшеленеді. Ал оның тағылымды туындыларын Арал энциклопедиясының немесе Арал этнографиясының алтын үзіктері десе де болғандай... Жазушы Молдахмет Қаназ Жанқожа туралы «Егемен Қазақстанда» жарияланған мақаласында былай депті: «Көпті көрген қарт журналист Шəкізат Дəрмағамбетов халық аузынан мынадай дерек жазып алады: «Қан мен тер» романының авторы əйгілі Əбекең – Əбдіжəмілдің арғы атасы Жанқожамен құрдас екен. Бірде ол батырға: – Жəке-ау, пішіміңнің бары мынау, жауыңды қалай алып жүрсің, – деп əзілдепті. – Алатын жауыма ірі болып көрінем ғой, – депті де қойыпты». Көкірегі қазынаға толы қарт журналист сəт сайын мұндай құнды мəліметке қанықтыра алады. Шəкірат Аралда тұрған соң ауылға көбірек келетін. Əңгімесі қара тасты майдай ерітеді. Бір балықшының өзін «көл балықшысы», «өзен балықшысы», «теңіз балықшысы» деп жіліктеп тастайды. Содан осылардың ішінде ең беделді саналатын теңіз балықшысының жайжапсарын таңды таңға ұрып айтудан жалықпайды. Шəкірат ағам елге келгенде үстіне батып кіре алмай, түскен үйінің босағасынан сығалап, қоңыз мұртына қарап тұратынбыз. Қоңыз мұрт əңгіме қызған сайын қозғалады. Біздің жұдырықтай жүрегіміз мен бала қиялымыз да қоңыз мұртқа қоса тербеледі... Сейдахмет Бердіқұловтың курстасы Қара халық қиналса, Əкіматқа бет бұрар. Қаратерең қиналса, Шəкізатқа кеп тұрар... (Журналистік фольклордан) Шəкірат ағаның Қаратереңнен шығып, қалам ұстаған он бестей ұлқыздың көшін бастап тұрғанына дау жоқ. Бірақ кəсіби білімге бет бұрып, Каз ГУ-дің журналистика факультетін аулымыздан алғаш рет бітірген оның інісі Шəкізат еді. Ағасының ықпалымен ол да қаламгерлік жолына түсті. Қабілетін бірден ұштап, алысқа құлаш сермеді. Алдымен

Қазалы аудандық газетінде өмір жолын бастады. Содан соң Қармақшы аудандық газетінің редакторы болды. Кейіннен еліміздің бас басылымы – «Социалистік Қазақстанның» аппаратында қызмет істеді. Он бес жылға жуық өмірі осында өтті. «Социалистік Қазақстанның» бас редакторлары Кеңесбай Үсебаев пен Ұзақ Бағаевтың тəлімін алды. Қазақ журналистикасының сардарлары Əзілхан Нұршайықов, Жекен Жұмаханов, Балғабек Қыдырбекұлы, Əбілмəжін Жұмабаев, Əбіраш Жəмішев, Құрманғали Ұябаев, Нұрғазы Шəкеевтермен бірге жұмыс істеді. Кейінірек осы газеттің Ақтөбе облысындағы меншікті тілшісі қызметін атқарды. Одан соң елге оралып, ұзақ жыл бойы облыстық «Ленин жолы» газетінің жауапты хатшысы болды. Ол Сыр бойы халқының есінде жаны жайсаң, жүйкесі берік жаухатшы ретінде қалды. Талай ұланға жол көрсетті. Талай мəселеге қозғау салды. Аулымыздың адамы болған соң ел азаматтары Шəкізатты да үнемі іздеп жүретін. Күн ұзаққа оның кеңсесін босатпайтын. Ағалы-інілі екеуі ауыл адамдарының аманат айтатын депутаты секілді еді. Əйтеуір, ертелі-кеш ағылып келіп жатқан жұрт. Біріне оқу, біріне жұмыс керек. Шаруасы біткендері көп аялдамай, елге қайтып бара жатады. Жұмысы бітпегендері аяғына оралғы болып, редакцияның босағасында сарылып күтіп отырады. Университеттің журналистика факультетінде де небір марғасқалармен бірге оқыпты. Мардан Байділдаев, Сейдахмет Бердіқұлов, Жанəбіл Темірбеков, Жолбарыс Баязитовтермен студент көжесін бөліп ішкен. Қашан да тақырып пен теңеу тапқыштығымен ерекшеленетін Сейдағаң Шəкізатты ірі денесіне қарап, «Добалдай» деп атапты. Бұл есім содан соң оған желімдей жабыса қалған. Шəкізат Дəрмағамбетов үнемі тың тақырыптарды қаузады. Ол жасы ұлғайғанына қарамастан журналистикада эксперименттік дүниелерге батыл барды. Заманның тынысын жақсы сезіне білді. Мысалы, «Ғажайып сол кезді аңсаймын» деген дүниесі осы үрдіспен он жыл бұрын жазылған. Автор Тəуелсіздіктің 20 жылдығы тойланатын жылдың оқиғалары туралы қалам тербейді. Аралдың ертеңіне үлкен үмітпен үңіледі. Оның толғаныстарын оқи отырып, бүгінде өмірден өтіп кеткен қадірлі ағамыздың көрегендігіне тəнті боласың. Оптимистік көзқарасқа толы ойлы очерк жүрегіңді жылатады. Соңғы жылдарда ол жұмбағы көп тылсым тақырыптарға қалам тербеді. «Қызыл қашар хикаясы», «О дүниеде үйленгендер», «Ат қоюды сұраған түсік», «Белбеу

мен шапалақ», «Ат үстіндегі операция», «Айнұр ару», «Мəриям шөбі» атты туындылар оқырманды бірден еліктіріп əкетеді. Тақырыбының өзі оқуға жетелеп тұрады. Əсіресе, оның «Мəриям шөбі» деген эссесі – өте қызықты дүние. Бала кезінде біреуден Мəриям шөбінің қасиеті жөнінде əңгіме естиді. Ол шөпті қолға түсірген адамның айы оңынан туады-мыс. Кез келген кісінің денесіне шөпті тигізіп қалсаң болды, ол сенің тілегіңді бірден орындайтын көрінеді. Алдыңда епелек қаға жөнеледі дейді. Ойын баласына одан артық не керек?! Ал енді ол шөпті қайдан таппақ?! Білетіндердің айтуынша, Мəриям шөбін табу үшін тостаған бақаның мекенін іздеу керек. Əр айдың он төртінші жаңасында əлгі шөпті бақа біткен жинап алады екен. Сөйтіп, бойына күш-қуат дарытатын болса керек. Содан бұл қасына Тағыберген мен Нұрғали деген достарын ертіп, Терістүбектің бүкіл тостаған бақасына жаудай тиеді. Шөпті табуын тапқанмен құдіретін көре алмай қиналады. Дүкен ұстайтын Тəуекел ағаларының қолына байқатпай шөпті қанша сүйкесе де, ол кəмпит-сəмпитінен татырмай кетеді. Ас əзірлейтін Айша апайларынан да қайран болмайды. Қайта бұларды қалағанынша жұмсап, бітпей тұрған бар шаруасын тындырып алады. Балық үлестіретін бригадир де шөпті үйкегеніңе мүлде пысқырмайды. Бұлар əбден күдерін үзеді... Ал енді осы туынды былай аяқталады: «Бір күні жасы жиырмадан асқан Мырзағали есімді ағамыз бізге сынай қарап тұрып: – Осы үшеуің жұптарыңды жазбайтын болдыңдар ғой. Анау не, қойындарыңа тығып, жасырып жүргендерің, – деп жабыса кеткені бар емес пе! – Мəриям шөбіміз ғой, аға, – деді Тағыберген қарап тұрмай. – Оны қайдан алдыңдар?! Болған оқиғаны түгелдей айтып беруден басқа амал қалмады. Ол əбден тыңдап алды да: – Беріңдер маған, сыртын беріп, маңайына жолатпай жүрген Қарлығаға барайын, – деп шөбімізді жинап алды да кетті. ... Бір айдай уақыт өтті ме, өтпеді ме, əлгі ағамыздың Қарлығаға үйленген тойында болдық. Сонда бір тойдық-ау, əйтеуір...». Міне, осындай оқырманды еліктіріп, ой тастап отыратын сəтті мысалдар Шəкізат ағаның мақалаларында жетіп артылады.

Қашқынды қуған қайсар ұл Биік ұстап бітімін, Бар ізгіні бөктерген. Салиқалы «СҚ»-ның, Сарбазы да боп көрген (Журналистік фольклордан) Шəкізат ағаның «Қашақ» деген деректі хикаясын оқып біраз нəрсеге қанықтым. Біздің ауылдың бір жігіті Отан соғысы жылдарында əскерден қашып, ауылдағы сай-сайдың арасын паналапты. Онысымен қоймай, əлгі антұрған ауылдың уылжып пісіп отырған бір бойжеткенімен түн қараңғысында кездесіп жүріпті. Ақыры оған ұл таптырып тынады. Қыз не деген жанкешті десеңізші... Бала Шəкізат досы Нұрғали екеуі қашқынның ізіне түсіпті. Бір күні «Ерназар ұсталды» деген суыт хабар жетеді. Тұтқынға түскен оны түйеге мінгізіп, ауылдың ішімен алып өтеді. Сол сəтті Шəкең былайша сипаттайды: «Өңінде ешқандай уайымның не қорқыныштың белгісі білінбейді. Ентелей қараған жұртқа жымиып, күле қарап, кісендеген қолын көтеріп, қоштасқандай болады. Балалық па қайдам, жол Қаратереңге бұрылып кеткенше ізіне еріп жүрдік. Сол көрініс əлі көз алдымда тұрғандай болады. Сол кезде Ерназарды жек көрдім бе, аядым ба, есімде жоқ...». Міне, Шыңғыс Айтматов пен Валентин Распутин, Нодар Думбадзе мен Василий Песков шығармашылығына арқау болған майдан қашқынының шынайы суреті біздің ауылдан да шыға келді. Бұлай болады деп кім ойлаған? Тек Шəкізат ағамның жазғаны көркем дүние емес. Өзі куə болған оқиға. Соғыстың шерлі шындығы. Арал балықшыларының кəсіби лексиконына қанығып, олардың тыныс-тіршілігіне терең бойлағыңыз келсе, Шəкізаттың жазған очерктерін оқыңыз. Теңізден несібе терген балықшының жан-дүниесіне ол кісідей үңілген қаламгер кемде-кем. Ол ата-бабасынан бері осы кəсіпті серік етіп, қайық ұстап, ау салып келе жатқан берекелі əулеттердің шежіресін жазды. Бала шағында толқынмен алысып, жігіт шағында дауылмен жарысып, теңізге тағдырын байлаған ауыл адамдарының бояусыз болмысын бедерледі. Осындай терең талғампаздықпен, шынайы шеберлікпен жаза білгендігінің арқасында Журналистер одағының сыйлығын екі мəрте иеленді. Оқырманға «Менің замандастарым», «Қос

қайың», «Еңбек бақыты», «Өмір толқындары» атты кітаптарын ұсынды. Зейнетке шыққан соң Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің редакциялық-баспа бөлімінде, «Ақмешіт апталығы», «Сыр мектебі» газеттерінде қызмет істеді. Өмірден өткенше қаламын қолдан түсірген жоқ. Ал Шəкірат ағаның жасы сексеннен асты. Былтыр елге бір барғанымда сəлем беріп, кіріп шыққанмын. Бабында отыр екен. Алдында буда-буда қағаз. Қимыл-қозғалысы ширақ. «Тұран-Қазалы» газетімен жасаған контрактім бар еді. Сол бойынша жұмыс істеп жатырмын», – деп қояды. Сүйегі асыл сырбаз ағам сексеннің бел ортасына келсе де, қажыры мен қайратынан ажыраған емес. Ақ парақтың бетінде қаламын сусылдатып, дамылсыз жазып жатыр. «Жаз, жаз, қалам, жаза түс!», – деп сүйсіндік іштей. Ағайынды қоңыр қаз қазақ журналистикасының қос бəйтерегіндей еді. Енді сыңарынан айырылған шынардың амандығын тілейік. Шəкірат жəне Шəкізат Дəрмағамбетовтер қазақтың талай қалам ұстаған балаларына ұстаз болды. Бірқатар ұландарды жазуға баулыды. Біразын сөз саптай білуге үйретті. Сондықтан ол екеуінің тікелей ен таққан шəкірттері өте көп. Ал енді олардың туып-өскен ауылы – Қаратереңнен де журналистер қаптап шықты. Ағаларымыз ел ішіне көп ат ізін сала бермегендіктен олардың бəрі бірдей соларға шəкірт болды деп айта алмаймын. Мысалы, өз басым осы уақытқа дейін бірде-бір мақаламды ағайынды Дəрмағамбетовтерге оқуға ұсынып көрмеппін. Елден жырақта жүрдік, реті солай болды. Бірақ еңселі екі ағамыздың бəріміз үшін бұлжымас бағдаршам, мызғымас меже болғанын мойындауға тиіспіз. Алдымызда асқар таудай болып, сол екеуі тұрды. Теңіз жағасынан жылт еткен маяк көрген балаңдау балықшыдай ессіздік танытып, солар кеткен жаққа қарай жаныға ұмтылдық. Қазақ журналистикасындағы діңгегі берік қос шынар адастырмас белгі, айнымас үлгі болды. Алдымызда солар тұрмағанда, кім біледі... Шəкізат ағаның өзі Шəкірат ағасына шəкірт болғаны айдан анық. Олардың соңынан Бегімбай Ұзақбаев деген қарымды журналист өз соқпағын салды. Көсемсөзге ғана емес, көркем сөзге де бейім екенін байқатып, тарихи тұлғалар туралы тағылымды туындылар жазды. Осы үшеуін қазақтың үш биіндей көрмесем де, үйлесімді үштаған санағаныма дау жоқ. Шама-шарқымызша жазу-сызуға үлес қосып, үштағанды төрттағанға айналдырғандай болдық. Ал бізден кейін ау-

ылдан шыққан журналистер жауыннан соңғы саңырауқұлақтай жиі бой көрсетті. Қазақтың қара шаңырағы – Каз ГУ-дің журналистика факультетін бітіргендерінің өзі оншақты болып қалар. Басқа оқу орындарын тамамдап, журналистиканың бел баласына айналғандар да жетіп артылады. Əрқайсысы өз бетінше жортты. Əрқайсысы журналистиканың əр саласын таңдады. Шəкірат пен Шəкізат ағаларым салған қасқа жолға өз соқпағымен келіп қосылғандардың ішінен «Алматы ақшамы» газетінің бөлім меңгерушісі Айнабай Мəдиев, «Астана» журналының шолушысы Əмірхан Алмағамбетов, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің журналистика кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты Зухра Ермағанбетова, «Хабар» агенттігінің редакторлары Шынар Омарова мен Нұрбек Əмиша, «Қазақстан» ұлттық арнасының репортері Бақытжан Омаров сияқты қыз-жігіттердің бұл мамандыққа адалдық танытып келе жатқанын айта кеткен жөн. Қазір интернеттің иіріміне зер салсаң, Қаратерең орта мектебінің бірқатар оқушыларының бұрқыратып жазып жүргенін көресің. Қос Шəкең жаққан шырақтың жарығы бүгінде осылайша алысқа кетті. Олар көзін ашқан бұлақ арнасын кеңейтіп, ағынды дарияға айналды. Ағайынды қоңыр қаздың тағылымды тұлғасы бізге сонысымен де қымбат.

  • * ...Баяғыда беделді бір мұғалімнің мектепте көп тұрақтамай, басқа салаға ауысып, тыңнан жол салғаны өте оңды бопты. Сол жолдың жолаушылары жыл өткен сайын көбейіп келеді... Айтпақшы, бірқатар белесті игеріп, ердің жасы елуге келіп қалсақ та, бізді ешкім Шəкірат ағам сияқты «жазушы қайнаға» деп атамайды. Соған қарағанда не жазушы, не қайнаға болып жарытпадық, білем... 2012 ж.

ЮНЕСКО-ның ПРОФЕССОРЫ СХИ-дың сырбаз серісі Ауылда да қалмады, Журфакқа да бармады. СХИ менен «нархозды», Екі жылдай шарлады. (Журналистік фольклордан) Жас күнінде журналист болам деп ойлаған емес. Сондықтан басқалар секілді бұл мамандықты күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмей армандадым дей алмайды. Ондай риясыз романтикадан аулақ болды. Шынын айтса, қолына қалам ұстағандарға қызыққаны да шамалы. Бірақ бала күнінен құймақұлақ еді. Айтылған нəрсені лезде қағып алатын. Ауылға қыс түскенде шалдар соғымы шүйгін үйде бас қосатын. Малды қоралаған жұрт кешкілік сығырайған майшамның маңына жиналады. Мұндайда əкесі: «Жүр, бала, кітабыңды ала шық!», – деп ұғымтал ұлын өзімен ілестіре кетеді. Айтып отырғаны – «Батырлар жыры» деген қалың қызыл кітап. Бұл соны қолтығына қысып, жорғалай жөнеледі. Осы кітап оған алапат абырой сыйлап тұр. Ойтал ауылының ақсақалдары алдымен жайланып отырып шай ішеді. Сөйтіп, терлеп-тепшіп, маңдай жібітіп алғаннан кейін «Ал, бала, баста!», – дейді. «Өткенде оқығаның қайсысы еді ей, «Қобыланды» ғой», – дейді біреуі. «Бұл жолы «Қамбарға» келдік», – дейді екіншісі. Бала Намазалы кітапты тізесіне қойып, «Қамбар батырды» заулатады. Түрлі мақамға салып оқиды. Қай мақамды қалай үйренгенін өзі де білмейді. Бір емес, бірнеше рет оқылғаннан кейін жырдың сұлбасы зердесінде əбден жатталып қалған. Бірде кітапқа қарамай соғып отыр еді, бір ақсақал қабағын сəл шытып: «Əй, сен қой ондайды, ана кітаптағыны оқы», – деп ескертпе жасады. Сірə, ойдан шығарып, өзінше айтып отыр деп ойласа керек. Оған шама қайда?! Жалпы, батырлар жырына, ертегіге, ауыз екі əңгімеге жасында өте құмар болды. Қарттар қызу əңгімеге кіріскен кезде аузын ашып, ықыластана тыңдайтын. «Əй, сен аузыңнан су ағып алып, өзің бір осындай əңгімеге үйір екенсің, одан да бар ана малға, су бер», – дейтін үлкендер. Əкесі Омаш – қара өлеңге бір кісідей таласы бар адам. Осы өңірде Сауытбек, Əміт, Мырзабай деген ақындар өтіпті. Олар бір-біріне

өлеңмен хат жазысып тұрған. Омаш – аймаққа танымал Иманəлі болыстың баласы еді. Басқа жұрт қазақша оқуға жол таппай жүргенде «приходская школаны» бітірген. Ол демалысқа келген сайын ауылдастары киімінің түймелерін ырым етіп шетінен қырқып алады екен. Кейін жергілікті НКВД бөлімшесінің бастығы болған. Бірақ ақындықты кəсіп қылмаған. Сол өңірге белгілі Сейітбек деген батырдың қызы Əйкүл екеуі отау тіккен. Əйкүл денелі адам болыпты. Əйелдер күресіне түскенде алдына жан салмаған. Осы екеуінен өрген біздің кейіпкеріміз атақты ақын да, білекті балуан да болған жоқ. Есесіне есепке жүйрік еді. Өйткені, мектепте математикадан басқа дүниені білмейтін Рахым деген мұғалім оқытты. Ол кез келген күрделі нəрсені қарапайым етіп ұқтыратын. Бірақ өзі елден саяқ жүретін. Жан баласымен араласпайды. Оны айтасың, күн ұзаққа үйінен шықпайды. Тек оны мектептен ғана көресің. Жүріс-тұрысына, болмыс-бітіміне дейін біртүрлі. Математиктің бəрі осындай болады деп ойлаған болуы керек, Намазалы ағамыз есеп пəнін соншалықты жақсы көрсе де, Рахым секілді мұғалім болғысы келмеді. Ауыл адамдары өз баласының желөкпе журналистікке ұмтылғаннан гөрі совхоз директоры немесе колхоз төрағасы болғанын тəуір көретін. Сондықтан перзенттерін Алматыға ауыл шаруашылығы институтына аттандыратын. Адам болуға бастайтын тура жол тек осы сияқтанатын. Ойталдың ойлы перзенті де сабақты өте жақсы оқығанымен мектепті бітіргенше белгілі бір мамандыққа табан тірей қойған жоқ. Алтын медальден үміткерлердің бірі еді. Бірақ қазақ тілі мен əдебиетінен сабақ беретін мұғалім əдейі «төрт» қойып жіберді. Өзі де қарап жүрмейді. Қызылшаға барған кезде «біз оқуға дайындаламыз ба, əлде жұмысқа жегілеміз бе?», – деп белсенділік танытып, балаларды теріс үгіттегені бар-ды. Ұстаздары соған қырсықты да қалды. Содан медаль бұйырмады. Бұл да ызаланып, аттестатын алуға бармай, үйде жатты да қойды. Сөйтіп жүргенде жаз өтті. Күзге салым Алматыға келді. Күндізгі бөлімге қабылдау баяғыда аяқталып кетіпті. Əкесі бұны ағайынның үйіне қалдырды да, ауылға қайтты. Туыстардың жөн сілтеуімен халық шаруашылығы институтының сырттай оқу бөліміне түсті. Болашақ мамандығы – есепші. Өзіне салса, мұнда оқығысы жоқ. Курстастары өңкей бір қарны қабақтай, беті табақтай ересек жігіттер. Есіл-дерті – қалайда күндізгі бөлімге табан іліктіру. Ақыры оның да жолы табылды. Ауыл шаруашылығы институтының агроэкономика

факультетінде бір «кандидаттық» орын бар екен. «Студенттікке кандидат» дегеніміз – сол дəуірдің лексиконындағы термин. Яғни, негізгі тізімнің соңында тіркеліп жүретін қосалқы студент. Біреу-біреу артықауыс боп қалса немесе алда-жалда оқудан шығып кетсе, соның жылы орнына келіп жайғасып алады. Жұрт əдетте «кандидатты» мысық тілеу деп онша жақтыра бермейді. Жақтырмаса қойсын, одан да тəртібін түзеп, сабағын жақсы оқысын... Көп ұзамай «кандидаттықтан» құтылудың да реті келді. Сөйтіп, СХИ-дың сықиған студенті атанды. Керемет киноның кейіпкері Бастамасын кез-келген. Бұлжытпауға сөз берген. Бір фильмді көрген соң, Бар болмысы өзгерген. (Журналистік фольклордан) Студент кезінде немере ағасы Кəдірқожа Аманкелдиевтің үйінде тұрды. Бұл бір құт қонған шаңырақ еді. Кəдекең аса ауқатты адам болатын. Өзі – дəрігер. Халықтық медицинамен алғаш айналысқандардың бірі. Жақсылар мен жайсаңдардың бəрі осы үйде жүреді. Күнде Жазушылар одағынан көретін кісілердің біразын сол шаңырақтан табасың. Бір күнде үш қой сойылады. Бір қазан пісіп, ет түсіріліп жатқан кезде екінші қазан асылып жатады. Баяғы Шорманның Мұстафасы секілді қалам ұстағандарды үнемі жанына жақын тұтады. СХИ-дың сырбаз студенті сол үйге келіп тұратын ақынжазушылардан көп өнеге алды. Біразымен кəдімгідей араласып көрді. Сонда да олардың тірлігіне қатты құмарта қойған жоқ. Атақтары жер жарады. Бірақ, бірі қалқып, бірі шалқып жүреді. Бірі – сері, бірі – пері. Журналист деген де осылардың ағайыны емес пе?! Сондықтан ол шығармашылық өкілдерімен алыстан сыпайы сыйласуға тырысты. Бұл тағдыр дегенді қойсаңшы. Бəрібір осы ортадан нан бұйырып тұр екен. Совхоздың директоры да, колхоздың төрағасы да болмады. Есеп қисаптың да құлағын ұстамады. Екі жылдан соң жын қуған журналистердің қақ ортасына топ етіп түсе қалды... Бір күні Кəдекеңнің баласы Əжіхан үйленді. Тойға кілең ығайлар мен сығайлар жиналды. Баршаға белгілі Темірбек Қожакеев саңқ-

саңқ етіп той басқарды. Темкең – ол кезде жап-жас доцент. Осы үйдің жақын ағайыны. Азулы асаба көзіне шалынған Намазалыны бірден өзінің тост мəтіндерін əзірлеу жөніндегі орынбасары етіп сайлап алды. Ширақтығына разы болған шығар. «Сен ана бəленшекеңді білесің бе?», – дейді. «Білем». «Өлең жаза аласың ба?» «Жоқ». «Онда солар туралы бір ауыз шағын мəтін жаз. Өзім үстінен қараймын». Асабаның жəрдемшісі бұл тойда тек қысқа мəтін əзірлеумен шектеліп қалған жоқ. Ақ домбыраны қолға алып, жаңа түскен келіннің бетін ашты. Кəдекеңнің шаңырағына жиі келетін Темкең бұрын жас жігітке журналист болу жөнінде ой салып көрмеп еді. Сол тойдан кейін беті бері бұрылды. Сірə, тойдағы тамадалық тандем өзіне қатты ұнаса керек. СХИ-дың студенті енді едəуір толғанысқа түсті. Оған шынында да сол кезде Кəдірқожа ағасының төңірегіндегі қаламгерлердің ішіндегі ең еті тірісі осы Темкең болып көрінетін. Сөзі өткір, уəдесіне берік, ісі тиянақты. Жұрттың бəріне айтқанын өткізе алады. Аттандап айқай салғанына дейін керемет жарасып тұрады. Ақыры, екі жыл оқыған оқуынан безініп, журфактың босағасынан аттады. Журфакқа жетелеп əкелген одан басқа тағы бір себеп бар еді. Алпысыншы жылдардың аяғында Сергей Герасимовтің «Журналист» атты екі сериялы фильмі көрсетіле бастады. Юрий Алябьев деген мəскеулік жас журналист редакцияға жолданған хатты тексеру үшін өндірісті шағын қалаға келеді. Кейін шет елдерге сапар шегеді. Америкалық журналистермен қызу пікірталасқа түседі. Юрий Васильев ойнаған журналист бейнесі оған қатты ұнады. Білімділігіне, біліктілігіне, табандылығына, тегеурінділігіне тəнті болды. Журналистік мамандықтың осынша қадірлі екеніне, оның тіпті қайраткер бола алатынына көзі жетті. Өзі де түр-келбеті келіскен жігіт екен. Сол киноны көрді де нілдей бұзылды. Сөйтіп, бір қараса, журфакта жүр... Журфакқа да сол жылы кіл мықтылар түсіпті. Жүрсін Ерман, Несіпбек Айтұлы, Жанболат Аупбаев, Тұрсын Жұртбай, Дəуітəлі Стамбеков, Асқар Егеубаев... Шетінен сен тұр, мен атайын. Бұл да қарап қалған жоқ. Келді де қызу тіршілікке кірісіп кетті. «Толқын» деген альманах əзірледі. Ұзындығы бес құлаш қабырға газетін шығарды. Жазған-сызғандары біртіндеп жарық көре бастады. Бірінші курстан кейін аудандық газетке өндірістік практикаға кетті. Сол кезде көңілі қайта құлазып қалды. «Ой, мынау бір қадірсіздеу мамандық екен ғой», – деп күйінді. Журналистерді шетінен қызылшаға айдайды. Аупартком

газеттегілердің қай-қайсысын да қолжаулық қылуға бейім. Ешқайсысы ана жолы көрген фильмдегі азулы журналиске ұқсамайды. Сабаққа қайта қосылған соң барлығы ұмыт болды. Студенттік өмірдің бір күнінен бір күні қызық. Қай істе де белсенділігі байқалды. Оқу тобының старостасы, студенттік отрядтың командирі ретінде ұйымдастырушылығымен көзге түсті. Радиожурналистика пəнінен Рамазан Сағымбеков дəріс оқытатын. Ол зерделі шəкіртін бірте-бірте баули бастады. Жыл сайын Қазақ радиосына өндірістік практикаға жіберді. «Ауыл өмірі» радиостанциясының хабарларын əзірлеуге қатысты. Бір жағынан осы саланы түбегейлі зерттеуге деген құлшынысы оянды. Курс жұмыстарын сол тақырыпқа бейімдеп жазды. Сөйтсе, радионың тарихын зерттеп, кандидаттық диссертация қорғаған Рекең ширақ студентті өз орнына дайындаған екен. Бұл жөнінде, əрине, өзі жақ ашқан емес. Бірақ ол кейін Қарағанды облыстық газетінің редакторы қызметіне ауысып, орнына радиожурналистикадан сабақ беруге шақырылғанда ұстаздың ұзақ жылғы қамқорлығының жемісі екенін ұқты. Сөйтіп, алтынға баламас студенттік шақ радионың құпия əлеміне қадам бастырды. Үсебаевтың үкілеген үміті Қара үзіп қатардан, Қарымдыдан бата алған. Үсебаев үкілеп, Радиоға апарған. (Журналистік фольклордан) Оқу бітіретін жылы декан Темірбек Қожакеев журфакқа ассистент етіп алып қалам деп жүрген. Аяқ астынан бүкіл жоспар өзгеріп кетті. Сол жолы Мемлекеттік телерадиокомитеттің басшысы Кеңесбай Үсебаев мемлекеттік емтихан комиссиясының төрағасы болып келген. Рамазан Сағымбековтің ықпалы болуы керек, Намазалының диплом жетекшісі ретінде Үсебаевтың өзі бекітіліпті. Өмірі көрмеген адамы. Оның үстіне студентке қарайлауға қолы да тимейді. Дайын дипломды апарып, бір-ақ көрсетті. Дипломның тақырыбында мін жоқ. Социалистік жарыстың радиодағы насихатталуы туралы. Сəтті қорғап шықты. Бір күні Темкең шақырады. Барса, Үсебаев телефон арқылы

«сол баланы бізге бер» деп қолқа салып жатыр екен. «Өндірісте бірер жыл жұмыс істеп қайтқаның дұрыс шығар», – деді декан. Үсебаев бірер минут сөйлесті де орынбасары Хасеновке жіберді. Хасенов Насихат редакциясының меңгерушісі Нығмет Жанділдинді шақырды. Бұжыр бет, мыртық қара кісі екен. «Мына баланы қызметке аласың», – деді бірден. Жанділдин мұны салғаннан жақтырмады. «Жүр!, – деді ол зілденіп. Соңынан еріп келеді. «Сен не ғып жүрген баласың?». «Бұрын «Ауыл өмірі» редакциясында практикада болғанмын». «Е, сонда неге бармайсың?». «Мен ешқайда сұранғаным жоқ. Өздері жіберді ғой». Нығметтің жүріс-тұрысы еркін, сөзі өктем. Аузынан темекісі түспейді. Темекіні тəуір көргенмен Темкеңді өлердей жек көреді екен. Соның інісі екенін біліп алған соң «сен де оңып тұрған жоқсың» дегендей мұны да онша ұната қоймады. Оның үстіне журфактың түлегі жарытып арақ ішпейді. Қысқасы, Нықаңа ілесе алатын түрі жоқ. Бірақ Нығметтің мінезі ойқы-шойқы болғанымен жазуы көркем. Елдегі белгілі журналистердің бірі. Езуіндегі темекісін тістелеп отырып, мақаласын бірден жазып тастайды. Үзіліп қалса, келген жерінен келістіріп жалғай жөнеледі. Басқаларға «жаза алмайсыңдар» деп жер-жебіріне жетіп ұрсады. Өзі бөлмесінде сарылып көп отырмайды. Шығарда сала құлаш тапсырмаларын үлестіріп беріп кетеді. Жас журналист үнемі одыраңдап жүретін осы ағасынан да көп нəрсе үйренді. Тіпті кейін екеуінің арасынан қыл өтпейтін болды. Қазақ радиосында үш жыл қызмет істеді. Бұл радионың нағыз ұлттың үніне айналған кезі. Жас жігіт өзінің очерк, фельетон жазуға бейім екенін байқатты. «Көреген» сатиралық радиожурналын жүргізді. «Көреген» Халықтық бақылау комитетімен бірлесіп жасалады. Бұл мекеме тексеріс нəтижелерін ұсынады. Соған жан бітіру – радиожурналистің міндеті. Елді елең еткізетін сюжет ойлап табасың. Ол сюжет ақылға сыйымды болуы керек. Сын-сықақтың тіліне төселуің қажет. Жеңіл юморды араластырып отырғаның жөн. Баяғыда бала кезінде қораның ішіндегі шөптің арасында жатып алып, күн ұзаққа Бейімбеттің шығармаларын оқитын. Соның пайдасы тиді. Жазған дүниесін қойылым түрінде орындау үшін əртістерге ұсынады. Олар жайнатып жібереді. Фельетон – қиын жанр. Не ойдағыдай шығады, не мүлде жазылмайды. Сөйтіп жүріп шыңдалды. Намазалы Омашев деген радиофельетонистің есімі тыңдарманға танымал болды. Тек фельетонмен ғана шектелмеді. Ойлы очерктер жазды. Еңбегімен ерек-

шеленген замандастарын қалың қауымға таныстырды. Үш жылдың ішінде радионың бүкіл қыр-сырына қанықты. Қазақ радиосындағы аңыз-адам – атақты диктор Əнуарбек Байжанбаевпен бірге қызмет істеді. Оның асығыс-үсігіс əзірленген шала мəтіннің өзін эфирде оқып отырып, өңдеп, жан бітіріп жіберетінін көзімен көрді. Тікелей эфирде ұзын-сонар мəтіннен аузы босамаса да, бүкіл техникалық топпен мимика арқылы үздіксіз «сөйлесіп» отыратын. Сол арқылы олардың қатесін көрсетеді, тығырықтан шығу жолдарын нұсқайды. Бұл бір ерекше құбылыс еді. Баршаға танымал Байжанбаев жас журналист Намазалының да талай очерктерін құлпыртып оқыды. Сол жылдарда Телерадиокомитетте радионың кадрларын телевизияға ауыстырып отыратын дəстүр бар еді. Бірнеше жыл репортер ұстап, микрофонға бейімделіп, сөзін жұптап, дауыс ырғағын түзеп алған қыз-жігіттер телевизияның тынымсыз жұмысына бірден төселіп кетер еді. Осы үрдіс бойынша тағы да бес-алты адам телеарнаға ауысатын болыпты. Қызық болғанда, Қазақ радиосының директоры бастап телеарнаның басшылығына баратын көрінеді. Жас жігіттердің тізімінде Намазалы Омашевтің есімі де жүр. Бұған жүктелген міндет – телеарнадан ойын-сауық бағдарламасын ашу. Сөзі шырақ, ісі мығым біздің кейіпкеріміздің тегеурінді тележурналист болатынына күмəн жоқ-ты. Алайда ол журналистика факультетіне оқытушылыққа баратын болып шешім қабылдап қойған-ды. Бұдан былай ғылыммен айналысқанды жөн санады. Осы салада елге көбірек пайда келтіретін сияқты көрінді. Сондықтан тележурналистикада танылудың реті келмеді. Жобаланған «Қымызхананы» өзге əріптестері ашып, биік белеске көтерді. Ал Намазалы Омашев бəрібір радиожурналистикадан іргесін ажыратпады. Университетке келген соң сол пəннен сабақ берді. Ғылыми жұмыстарының бəрін бірыңғай осы тақырыпқа арнады. Қазақ радиосының тарихын түбегейлі зерттеп, талай тың деректер тапты. Іргелі саланың бастауларын ілгеріден іздеді. Жалғыз өзі ғана түрен салып қоймай, ізденушілерін де жаппай жұмылдырды. Қазақ радиожурналистика теориясының негізін салды. Радио оған, ол радиоға бақ болды. Баяғыда Үсебаев бекерге үміт артпаған екен...

«Алматыдан сөйлеп тұрмыз ба?» Фельетонды ерттеген, Радионы зерттеген. Бірге балық аулаған, Владимир Пельтпенен. (Журналистік фольклордан) Оқытушы болған соң ғылыммен айналысу керек. Темкең «Ілияс Жансүгіровтің сатирасынан қорға», – деген. Ал өзі журналистика мəселелерінің төңірегінен ұзағысы келмейді. Ол кезде Қазақстанда журналистикадан қорғауға мүмкіндік жоқ. Сондықтан Мəскеуге мойныңды созғаннан басқа амалың қалмайды. 1980 жылы төрт айлық мерзімге Мəскеуге аттанды. МГУ-дің журфагінің телерадиожурналистика кафедрасына кіріп барып, состиып тұр еді. Бір орыс кісі жұлып алғандай «Алматыдан сөйлеп тұрмыз ба?», – деді таза қазақша. Шалқасынан түсе жаздады. «Иə, иə», – дей берді. «Кел, кел», – деді ол. – Ал, əңгімеңді айт. Кімсің, не ғып жүрсің?». Сөйтсе, ол Владимир Николаевич Ярошенко деген профессор екен. Сол кезде қоғамды елеңдетіп тұрған «Черный эфир» деген кітаптың авторы. Өзі – полиглот. Қазақша да, қырғызша да жақсы біледі. Ярошенконы кезіктіргеніне əкесін көргендей қуанды. Ақжарқын мінезді жақсы адам екен. Ілгеріде қырғыз мен қазақтың шегарасындағы елді мекенде қызмет істепті. Тілді сол жерде үйренген. Өзі айлап Америкада жүреді. Кандидаттығын да, докторлығын да жабық тақырып бойынша қорғаған. Жетекшіге жарыдым ғой деп қуанып жүргенде Ярошенко метрода поездың астына түсіп мерт болды. Бірлесіп жұмыс істеп үлгермеді. Кафедра меңгерушісі – Эльдар Гусеинович Багиров. «Тележурналистика очеркін» жазған ғалым. Бұл кафедрада Всеволод Николаевич Ружников қызмет істейді. Ол Бүкілодақтық радионың бас редакторы болған. «Радиожурналистика негіздері» деген теориялық кітабы елдің қолынан түспейді. Ярошенко өмірден өткеннен кейін осы Ружниковке тұрақтаған. Мəскеудегі үйінде де талай рет болды. Бір мысығынан басқа ешкімі жоқ. Пəтерінің қабырғасы толған кітап. Журналистиканың көрнекті теоретиктерінің бірі Владимир Пельтпен қоян-қолтық араласты. Шаңырағынан да дəм татты. Бірде Пельт

əйелін ертіп Алматыға келді. Балық аулау десе, бар дүниені ұмытады екен. Алатау баурайындағы форель өсіретін шаруашылыққа алып барды. Владимир Данилович балаша қуанды. Алматының əсем табиғатына сүйсінді. Пельт МГУ-дің журфагының кафедра меңгерушісі болды. Əйгілі «Журналистикаға кіріспені» жазған Евгений Прохоров та осында қызмет істейді. Солардың бəрінің тəлімін алды. Мəскеуде тəжірибеден өтіп жүргенде факультетті қырық екі жыл басқарған Ясен Николаевич Засурскийдің ерекше еңбекқорлығына тəнті болды. Өзі бірнеше елдің тілін біледі. Аяқ астынан жиналып, алыс сапарға шығып кете береді. Қай елге барса да, сол елдің тілінде еркін сөйлей алады. Қалтасында шағын магнитофоны жүреді. Сөйлеген сөзінің бəрін соған басып отырады. Кабинеті атшаптырым. Деканның жанына жетем дегенше тау-тау болып үйілген кітаптан əзер өтесің. Зерттеу жұмысымен айналысып жүріп, Мəскеу маңындағы Химки қаласындағы архивтен Саттар Имашевтің кандидаттық диссертациясын тапты. ХХ ғасырдың басындағы баспасөз туралы екен. Биліктің биігінде болған Саттар Нұрмашұлының ғылыми біліктілігінің жоғары екеніне таң қалды. 1984 жылы Мəскеу мемлекеттік университетінде радиодағы фельетон жанры жөнінде кандидаттық диссертация қорғады. Ал тəуелсіздіктің алғашқы жылдарында елімізде қорғалған «Қазақ радиохабарлары: қалыптасу жəне даму проблемалары» деген докторлық диссертациясы Мəскеуде дайындалған еді. Кейін шетелдік əріптестерімен араласып-құраласып тұрудың реті келді. ЮНЕСКО жанындағы дүниежүзілік журналистика мен коммуникацияны біріктіретін ОРБИКОМ ұйымының мүшесі болды. 1996 жылы Каз ГУ-де ЮНЕСКО кафедрасы ашылды. Осы кафедраның меңгерушілігіне тағайындалды. Содан соң шет елдерге жиі шақырыла бастады. Əлемнің беделді университеттерінде лекция оқыды. Өңкей Нобель сыйлығының лауреаттары бас қосқан талай жиынға қатысты. ЮНЕСКО-ның Қазақстан мен Орталық Азия бойынша жалғыз профессоры болған соң үнемі осы аймақтың журналистикасындағы ерекшеліктер жөнінде баяндама жасады. Мұндай сапарларға көбінекөп Ясен Засурский екеуі бірге шықты. МГУ мен Каз ГУ-дің журналистика факультеті декандарына қай кезде де ортақ əңгіме табылады. Засурскийдің көргені көп, айтары жеткілікті. Əйгілі əріптесінен көп тағылым алды. АҚШ-тың Оклахома мемлекеттік университетінде жарты жылдан астам уақыт қызмет істеп қайтты. Франция, Испания,

Канада, Оңтүстік Корея мемлекеттерінде өткен ғылыми жиындарда еліміздің бұқаралық ақпарат құралдары жүйесі жөніндегі өз ойларын ортаға салды. Орыс ғалымдарының бекзаттығына, білімділігіне, журналистерінің айрықша алымдылығы мен шалымдылығына тəнті болды. Олардың əлемдік журналистикадағы орны бөлек. Ал батыстықтардың техникалық жарақтануы ғаламат. Оңтүстік Корея студенттерінің тəрбиелілігі таңдай қақтырады. Қай-қайсысының да ұтымды тұстары бар. ЮНЕСКО-ның профессоры соның бəрін көңілге тоқып отырады. Сөйтіп, ол үш мектептің үлгісін көрді. Өз еліміздің, Ресей жəне батыс журналистикасының қыр-сырына жан-жақты қанықты. Үш үрдістің үлгісі оны үнемі биікке жетелеп келеді. «Шуағы» мол «Шаңырақ» Ұрпағының орманы, Ұл-қызының қорғаны. «Шуақ» пенен «Шаңырақ» – Отбасының органы. (Журналистік фольклордан) Журфактың босағасынан алғаш аттағанымызда ең бірінші лекцияны Намазалы ағай оқып еді. Сабақ «Журналистиканың аудиотехникалық құралдары» деп аталатын. Сол бойынша Репортер-6 деген добалдай техника мен радиоөнімді монтаждайтын есік пен төрдей МЗ деген қолапайсыз станоктың жұмыс тəсілдерін оқып үйренуге тиіс болдық. Компьютердің арғы атасы – ЭВМ-нің өзіне ешкімнің қолы жете бермейтін кеңестік дəуір. Өзімізден мүшел жастай үлкендігі бар ширақ жігіт кіріп келді де, тосын шарт қойды. «Естеріңде болсын, мен бұл сабақты соқырға таяқ ұстатқандай етіп түсіндірем, бірақ ертең соған лайықтап сұраймын». Сосын «Келіннің бетін кім ашса, сол ыстық дегендей, алғашқы лекцияны сендерге мен оқитын болдым», – деді де дəрісін бастап кетті. Өзі айтқандай, əр сөзін шегелеп ұқтырады. Сəлден соң əлгінде сіресіп тұрған сұрықсыз техникалар бірте-бірте сүйкімді көрініп сала берді. Бұл жай темір-терсек емес болып шықты. Асынғанда иығыңды жұлып кете жаздайтын Репортер-6 деген ауыр жəшік радиожурналистің

жетілдірілген құралы екен. Ал сол құралмен жазып əкелген он-бес құлаш пленканы əлгі МЗ деп аталатын темір шкафты пайдаланып, қырқып-кесесің, қырнап-түзейсің. Міне, осының бəрін миымызға жақсылап құйып берді. Тəптіштеп түсіндіргені соншалық, Репортер-6 пен абажадай МЗ əлдеқашан келмеске кетсе де, сол тұрпайы техникаларды іске қосуды əлі күнге дейін ұмытқан жоқпыз-ау деймін. Тұрпайы деп бүгінгі көзқараспен айтып отырмыз. Əйтпесе, сол дəуірдегі аудиотехниканың сұлтаны осылар еді. Намазалы Омашев Қазақ ұлттық университетінің радиожурналистика кафедрасының меңгерушісі, журналистика факультетінің деканы, оқу орнының тіл жəне тəрбие жөніндегі проректоры болды. Қалам ұстаған қыз-жігіттердің үлгілі ұстазы атанды. Іскер декан ретінде елге танылды. Журналистика саласынан ғылыми еңбек қорғайтын мамандандырылған кеңес құрып, еліміздің бұқаралық ақпарат құралдары жүйесін жан-жақты зерттеуге жол ашты. Университет студенттері арасында ұлттық үрдістерді берік орнықтыратын шараларды көптеп ұйымдастырды. Қай қызметінде де қайраткерлік деңгейге көтеріле алды. Екі-үш жыл бұрын еңселі Елордаға келіп қоныс тепті. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің журналистика жəне саясаттану факультетінің тұңғыш деканы болып тағайындалды. Журналистика мəселелерін зерттеу институтын ұйымдастырды. Қазір осы оқу орнының мерзімді баспасөз жəне баспа ісі кафедрасын басқарады. Ұлт көсемсөзінің тарихын зерделейтін ғылыми жобаларға жетекшілік етіп, бағалы басылымдар əзірлеумен айналысып келеді. Оқу орнындағы қарбалас жұмысы үйге жеткен соң да толастамайды. Үй-іші демекші, бұл шаңырақта елден ерекше бір жақсы дəстүр бар. Омашевтар отбасы үнемі қабырға газетін шығарады. Үлгілі үрдістің басталғанына көп уақыт болды. Отбасылық «Шуақ» газеті – ұзақ жылдық тарихы бар қабырға газеттерінің бірі. Бас редакторы – Клара жеңгей. Құрылтайшысы – Намазалы Омашев. Белсенді авторлары – осы шаңырақтан өрген ұрпақтар. Тақырыптық бағыты – үй-ішілік тəрбие. Таралымы бір дана. «Шуақ» газеті түрлі мерекелерге, балалардың туған күніне, отбасына қатысты басқа да жаңалық-өзгерістерге орай шығарылады. Ауылаймақтағы ағайын-туыс мəселесі де назардан тыс қалмайды. Олардың тіршілігі де «Шуақта» көрініс табады. Негізгі күш бас редакторға түседі.

Клара жеңгей Намазалы ағамызбен университетте бірге оқыған. Өзі де қаламгер болған соң мəтіннің бəрін жазады, суретті де сала береді. Бұқаралық ақпарат құралдарының ауық-ауық жаңғырып-жаңартылып тұратыны сияқты «Шуақ» қабырға газеті қазір «Шаңырақ» деген қолжазба журналға айналған. Кəдімгі əр бетін аударып оқитын журнал. Бұл енді өте тиімді екен. Біріншіден, бұрынғыдай қабырға бүлінбейді. Екіншіден, көлемді көп алмайды. Кітапша секілді қалыңдата беруге болады. Клара жеңгей осының бəрін рахаттанып отырып, атқарады. Газет-журналын шығара отырып, дем алады. Бір кезде қабырға газетіндегі мақалаларды ежелеп оқитын перзенттері бүгінде ер жетті. Ұлы ұяға, қызы қияға қонды. Қазір алты алашқа танымал азаматтың алты немересі – «Шаңырақ» қолжазба журналының тұрақты кейіпкерлері. Осылайша оның үйдегі бабы мен бағының өзі БАҚ-пен сабақтасып жатады... 2012 ж.

БАУЫРЖАН САЛ Мен жайлы не ойлайсың, келіп ұқтыр, Желік қуып жүргем жоқ, ерігіп құр. Білгің келсе, мен жайлы жырымды оқы, Онда менің жүрегім көрініп тұр. (Бауыржан Үсенов) Каз ГУ-дің соңғы серісі Қазақ поэзиясында айрықша қолтаңба қалдырған талантты ақын Бауыржан Үсенов бізге Каз ГУ-дің соңғы серісі сияқты болады да тұрады. Əрине, өзіміз оқыған тұста қазақ ұғымындағы сал-серіге тұрпаты келетін басқа да жігіттер болды. Гитарамен əн салғанда қалашықты арбап тастайтын əсем əуезді Əміржан Қосанов пен өлең жырда тосын өрнек салған белгілі бард-ақын Табылды Досымовтың да табиғи болмысы серілікке жақын. Бірақ бəрібір Бауыржанның бітімі бөлек еді. Оны басына бөрік кигізіп, астына сəйгүлік мінгізіп, қолына үкілі домбыра ұстатып, он тоғызыншы ғасырға аттандырып жіберсең, лезде сол қоғамның сұлтанына айналып сала береріне ешкімнің де шүбəсі болмас. Бірде сал-серілік дəстүр тақырыбы бойынша ғылыми еңбек қорғаған Шəмшадин Керім домбырасын тықылдатып отырған бір досымызға қарап: «Сізде сал-серіліктің жекелеген элементтері бар екен» деп тұжырым жасаған-ды. Ал біздің Бауыржанның бойында салсеріліктің барлық белгілері болды. Жаратқан ием оған алдымен ажар-көрікті аямай берген. Жігіттің сұлтаны еді ол. Сұлу мұртын бір сипап, көзін қадап өткенде қызқырқынның кірпіктері діріл қағатын. Қатарластарымызды былай қойғанда, аудиторияға кірген жас апайларымыздың өзі сабақ үстінде көздерін төңкеріп, Бауыржан жаққа жиі назар салатын. Ал онымен бірге қыздардың жатақханасына бару қияметтің қияметі. Ол тұрғанда төмен етектілер сені кісі ғұрлы көрмейді. Бəрі де шай-суын беріп, соның аузына түсіп кете жаздайды. Амал жоқ, қызғаныштың қызыл итінің қыр арқасынан сипап қойып, іштей кіжініп отырамыз. Досымыз болса қайтейік. Сұлудың бəрі соныкі. Соның жолында бəрі қоғадай жапырылады. Ал сені ешкім елемейді. Серінің жанындағы аузының салы-

мы жоқ өңшең бейбақтар: «Ештеңе етпес, ер адамның түрі маймылдың бет-аузынан сəл тəуірлеу болса, жетпей ме?!», – деп өзімізді өзіміз жұбатамыз. Содан соң, оның серілік сапарларына ілеспеуге тырысамыз. Соны біліп, ол да жалғыз жортады. Бір күні Бауыржан серінің мойнына құрық түсті. Көрші филологтардың жатақханасында тұратын Қызылорданың қызы Гауһарға жүрегінің бар билігін беріп тынды. Бəсе, соңғы уақытта: Куə қып Алматының барқыт түнін, Сен мені құшағыңда балқыт, күнім. От көрген көбелектей бара берсем, Ол – сенің бар сұлудан артықтығың, – деп, кешке қарай сегізінші жатақханадан шықпай қойып еді... Домбыраны шебер шертетін. Саусақтарын қос ішектің үстінде жорғалатып, құйқылжытып небір əуенге салады. Əн мен күйге баулитын оқу ордаларында оқитын студенттер ара-тұра бізге қонаққа келгенде қара домбыраны күмбірлетіп отырған оның айрықша талантына таңдай қағып, үнсіз бас шұлғитын. Өнердің жолын шындап қуғанда шашасына шаң жұқтырмайын жүйрік боларына дау жоқ еді. Ал енді дауысы ғаламат. Əуелетіп əн салғанда бүкіл қалашықты ұйытады. Бауыржан домбырасын алып, өзі тұратын 505 бөлмеден шығып, қарсыдағы 502 бөлмеге келеді. Өйткені негізгі көрермендеріміз – филологтардың жатақханасы осы бетте орналасқан. Балконға шығып, домбырасын шертеді. Сəлден кейін əнін аспандатып қоя береді. Жалпы, кешкі дауыс алысқа кетеді. Ал Бауыржанның алты қырдың астынан естілетін зор дауысы əп-сəтте қалашықты сиқырлайды да тастайды. Өтіп бара жатқан жастар қалт тұрып тыңдайды. Қарсы жатақханаларда тұратын студенттер жыпырлап балкондарына шығады. Əрбір əн аяқталған кезде төрт-бес жатақхананың тұрғындарының қол шапалағы қалашықтың ішін дүркіретеді. Тағы да əн, тағы да дамылсыз шапалақ... Дауысы мұңды, айрықша сазды. Жүректі еріксіз тербейді. Қазіргі дəмі жоқ, татуы жоқ əуезімен тыртаңдап ел алдына шығып жүрген мысықтар мен жолбарыстардың айқайы Бауыржанның əнінен садаға кетсін. Дəл осы сəтте біздің 502 бөлменің ашық-шашық балконының беделі əйгілі Сопот фестивалінің мінберінің абыройынан кем болмайды. Əншіні

өз қолымызбен дайындаған бүгінгі продюсерлер секілденіп, серінің қасында шіреніп тұрамыз. Бауыржан əнші-композитор еді. Өз əндерін өзі орындайтын. Студенттік сахналарда ғана өнер көрсетті. Онда да ел көзіне түсуге көп ұмтыла бермеді. Ал достарының ортасында аянып қалмайтын. Түн баласы ұйқы көрмей, дамылсыз шырқаған бозторғай таң алдында көз ілетін. Мұның бəрі оның əн салғанын көргендердің есінен шыға қоймағаны анық. Каз ГУ-дің қалашығының тұрындары тегіс Бауыржанның əндерін айтатын. Бірақ бірді-екілі телехабарларда жазылып қалғаны болмаса, оның əндері сақталмаған сияқты. Арқырап жүрген арынды ақын аяқ астынан өмірден өтіп кетеді деп кім ойлаған? Жырлары жүрекке жол табатын талантты жазба ақын екендігі өз алдына, суырыпсалмалыққа да бейімі болды. Студент ақындардың айтысына қатысып, талай рет жүлде иеленді. Айтыс ақынына ұтқырлық, тапқырлық, əзіл-қалжыңға бейімділік, біліктілік мен білімділік аса қажет десек, оның бəрі біздің Бауыржанның бойында болды. Бірінші курста оқып жүргенімізде төртінші курстың ақыны Ғабдолла Бұлановпен айтысты. Оқуға кештеу түскен жігіт ағасы – Ғабдолланың өзін қомсыныңқырап отырғанын байқаған Бауыржан: Ғабеке, халің қалай, амансың ба? Тап болдың қартайғанда жаман сынға. Бала деп отырсың ба, ежірейіп, Баладан сыбағаңды аларсың да.., – деп қарсыласын ат үстінен оп-оңай аударып тастап еді. Əдебиетке өз үнімен келген дарынды ақын болғанына ешкімнің таласы жоқ. Бауыржанға алдыңғы толқын ағалардың бəрі де жылы қабақ танытты. Университетке түскен жылы-ақ Қадыр Мырза Əли журналистика жəне филология факультеті студенттерінің басын қосып, жас ақындардың өлеңдеріне талдау жасаған болатын. Бауыржанның балауса жырлары жыр жампозының жоғары бағасын алды. Осы қасиеттің бəрі бір Бауыржанның бойынан табылған соң, оны Каз ГУ-дің соңғы серісі демей не дейік?!

Жырлар мен жазбалар Бауыржан өлеңдерін көбіне-көп лекция үстінде жазатын. Университетте өзін тыңдата білетін шебер лекторлар да, сондай-ақ айтқаны ішіңді пыстырып, қалғуға мəжбүрлейтін шаршаған оқытушылар да жетерлік еді. Соңғыларының сабағы өлең жазатын адам үшін рахат. Əрі дəріске қатысасың, əрі шығармашылық шабытыңды оятасың. Өлеңге қырың болмаса, əңгіме айтасың. Аудиторияның ана шетіндегі əзер отырған қыздарға шайтани шимай жазылған бір жапырақ қағаз жолдайсың. Олар соған жырқ етіп, булығып күлкіден өліп жатады. Ал енді ол қолыңнан келмесе, ұйқыға бас қоясың. Бауыржан бала болып конспект жазған емес. Сабақ үстінде ойланып отырып, өлең құрайды. Кейбір лекцияларда бір-бірімізге бір жапырақ қағаз жолдаумен уақыт өткіземіз. Жалпы, лекцияның үстінде шайтан мықтап түртеді. Басыңа небір қитұрқы ой келеді. Оқытушың қанша жерден қатал болса да, қашаннан қалыптасқан хат алмасу үрдісі үздіксіз жүріп жатады. Ол кездің бір тұтам жазба хаттарының жету жылдамдығы бүгінгі электронды поштаңнан кем емес. Тіпті көрші аудиториядан да бір жапырақ қағаз аламыз. Ашып қараймыз. Бізден бір курс жоғары оқитын ақын Қайрат Əлімбеков жолдапты. Бауыржан Үсеновке арналған. Бір шумақ өлең: Болса да, төзім мықты, жаным жадау, Жүрекке жамап алдым тəуір жамау. Бұл өмір үңілтуде, түңілтуде, Өзіңнің халің қалай, Бауыржан-ау? Біздің сұлу мұрт та іркілмейді. Ілезде оның жауабы жазылған қағаз жедел пошта арқылы Қайраттың аудиториясына жіберіледі. Əдебиеттанудың өзі айтқан əлдебір қызықтарына өзі елтіп тұрған оқытушымыз соны да сезбей қалады. Əлгі бір жапырақ қағаз есіктің астындағы саңылаудан қалай ұсынылады, оны арғы жақтан келген шолғыншы қалай қабылдап алып үлгереді, бұл жазба аюдай ақырған профессордың лекциясын құмарта тыңдап отырған көрші аудиториядағы Қайратқа қалай жеткізіледі, – мұның құпиясына небір əккі тыңшының өзі терең бойлай бермес. Болашақ журналистер бұқаралық ақпараттың жеделдігін сабақ үстінде осылай дəлелдеп жатады. Бауыржанның сондағы жауабы мынау:

Бəрімізді бір ғана айналдырды із, Қашан бізге күлімдеп, жайнар жұлдыз? Хал сұрапсың, Қайратжан, білгің келсе, Ішіп-ап, қыз-өмірде қайнап жүрміз! Бізден бір-екі жас үлкен, оқуға əскерге барып келіп, дайындық курсы арқылы түскен ақын досымыздың əңгімесі бірінен бірі өтеді. Əскери борышын Германияда өтеген. «Гете ескерткіші алдындағы ой» деген тамаша өлеңі бар. Ең қызығы, өрімдей бозбала кезінде бір келіншекке ғашық болыпты. Себебі, өзі қатарлы қыздар ол кезде əлі бой жетіп үлгермеген көрінеді. Сондықтан ерте қағынған бұл ауылдағы əлгі көрікті келіншектен сая тапқан. Ана келіншек байғұс та мұрты тебіндеген бозбалаға сонша иіген сияқты. Келіншек түгілі жөні түзу қызға ғашық болудың «технологиясын» əлі дұрыстап игере алмай жүрген бізге бəрі де қызық. Ауызымыздың суы құрып тыңдаймыз. Содан соң үзілдіріп отырып, өзі шығарған «Найзағай келіншек» əнін айтып береді. Бауыржан бірде бір құрбы қызға арнап, бір шумақ əзіл өлең жазды: Мына жағдай жіберді тұйық та етіп, Жыр жазамын өзіңді биіктетіп. Мас кезімде бейнеңді түсіріп ем, Шықпай қапты кеудемде күйіп кетіп... Ақынның фотонысанасына айналған арудың өзіне шын ықыласы кетіп жүргенімен шаруасы жоқ. Жалпы, сол тұста жастар поэзиясында «фотоаппаратшылдықтың» үрдістері бар еді. Тағы бір Бауыржан (Жақыпов) студент күнінде күлімкөздердің біріне мынадай жыр арнады: Бейнеңді жүрем жаттап-ап, Жүрегім – фотоаппарат.

  • * Сені мендей көп түсірген, Фотограф жоқ əлемде. Қайтесің, қит етсе, ғылым мен техниканың жетістіктерін сөзге ілік қылатын заман... Қазіргідей «Құста сүт жоқ, жылқыда өт жоқ, соткада сеть жоқ», – деп сұңқылдайтын алапат техникасы жеткілікті

компьютердің дəуірі емес. Сондықтан ақындардың тіліне көп ілінетін нəрсе – фотоаппарат, телефон... Онда да сала құлаш сымы бар, бұрамалы телефонды айтып отырмыз... «Нөмірін жүрегімнің біліп алып, Телефон соқпайсың ба өзің біліп...». Ал бірақ ойды жеткізу үшін ғана алынатын деректік дүниелері мешеулеу болғанымен ол кездегі өлең дегенің ғаламат. Бауыржан сол тұстағы жастар поэзиясының жарқырап жанған жұлдызы болды. Қасқыр мен қожа Бауыржанның жанынан үйіріліп шықпайтынбыз. Ол сияқты құлашы кең ақын болғымыз келетін. Жанында біраз жүрген соң оңайлықпен ақын бола алмайтынымызды түсіндік. Себебі, ақын еместігімізді ұқтыратын жəйттер қадам басқан сайын кездесе берді. Сексен бірінші жылғы желтоқсанның соңғы күнінде «Татаркада» бір топ ақын Жаңа жылды қарсы алдық. Дұрысы, қарсы ала жаздадық. Осы кешке жиналғандардың бəрі бүгінде есімдері елге белгілі қаламгерлер, ал сол кезде ұлттық поэзиямызға енді ғана уық шаныша бастаған ұландар еді. Қас қарая бере аш қарынға ащы суды аяусыз айдаған менің ақын достарымның біразы Жаңа жылдың келуін күтпей, ұйқыға бас қойды. Жаңа жыл «Татаркадағы» тар үйді төңіректеп жүргенде қазақтың күллі жастар поэзиясы алаңсыз тəтті ұйқының құшағында жатты. Сол кезде ұйықтамай аман қалғандарымыз: «Əй, біз сірə, ақын болып жарытпаспыз-ау», – дедік. Шынында да сөйттік. Шу асаудай ытырынып тұрған достарымның болмысы бөлек еді. Желтоқсан айында маужырап мызғып кетіп, келесі жылғы қаңтарда жымиып оянған шайтан мінез шайырлар жатақханаға жеткенше көшедегі дүңгіршек біткеннің терезесін шағып келе жатты. Алдап-сулап, əкелеп-көкелеп, өтірік күліп, өбектеп жүріп, ақыры бір топ жын-періні от пен суға түсіріп алмай, жатақханаға аман-есен қайырып əкелдік. Сол кезде жыр періштесі Төлегеннің өзі құлағымызға: «Ақын боп өмір кешіру оңай деймісің қарағым?!», – деп сыбырлағандай болған. Сондағы құйын-перен топтың бас ақыны осы Бауыржан еді. Оның үстінде Бауыржан əскерде аса танымал спортшы, Олимпиада чемпионы Вячеслав Лемешевтің өзі жаттықтырған боксшы болатын. Ендеше, серіні сабасына түсіру жұмыстарының қаншалықты қиындықпен жүзеге асатынын өзіңіз бағамдай беріңіз.

Жатақта тұрақтауынан гөрі түзде жортуы көп болса да, қолы қалт еткенде кітап оқитын. Қатарластарының бəрін де мойындайтын. Таланттарды бағалай білетін. Қабілеті кемшіндеу еңбекторыларға да кешіріммен қарайтын. Төсегінде малдас құрып алып, сол тұста Мəскеу мемлекеттік университетін бітіріп келіп, дүниені дүркіретіп тұрған жас ақын Болат Үсенбаевтың сөзіне жазылған əлдебір аспиранттың «Жүзік» деген əнін аңыратып отырар еді. Бұл əнді өз əндерінен де артығырақ қадірлейтін. Бөлмелестері Бауыржанды қатты құрметтеді. «Күнде полды мен жуам, Сен бір жүрген Дон Жуан», – деп əзілдеп, ақынның қол-аяғын қимылдатпайды. Аудиторияға көп бас сұға бермейтін болған соң, ол сабаққа келсе, ел болып қуанамыз. Бірде курстасымыз Талғат Батырхан: «Жүр, емтиханға тездетіп барайық. Тіпті Бауыржанға дейін сонда кетіп қалыпты!», – деп бəрімізді күлдіргені бар. Басқа оқу орындарының жатақханаларын жиі жағалаймыз. Ол кезде кез-келген жерде өлең ықыласпен оқылады. Тіпті əншейінде ұрдажық көрінетін малдəрігерлік институттың жігіттерінің өзі бір-екі өлең оқып берсең, сылқ ете түседі. Сондықтан Алматыдағы студенттік ортада Бауыржанның беделі өте биік болды. Екеуміздің қалжыңымыз керемет жарасатын. Маған арнап жазған «Əр мысқылы ұқсайтұғын шоқпарға, Талантына таласа алмас топ қарға» деп басталатын əзіл өлеңі бар. Біз де оның келемеждеуге сұранып тұратын өлеңдерін жиі пародиялайтынбыз. Бір күні мазмұны мынадай өлең жазды. Бала күнінде елсіз далада оны тай жығып, жалғыз қалады. Сөйтіп, аузын арандай ашқан қорқау қасқырға кез болады. Əлгі қасқыр баладан көз алмай, ұзақ қарап тұрып, бұны қатты аяйды. Сосын оған тісін батырмай, өз жайымен əрі қарай кетеді. Осылайша біздің Баукең, Бауыржан қожа адамы да, аңы да сондай мейірбан кеңестік дəуірдегі гуманизмнің бесігінде тербелген қазақ қасқырының жағымды бейнесін жасайды. Əдейі қалжыңға бұрып отырғанымыз болмаса, негізі бұл – тамаша өлең. «Тасыр да тасыр жайды ұрып, Тұрғанда нөсер төкпелеп, Елсізде мені тай жығып, Ажалмен қалғам бетпе-бет» деп басталып, жан-дүниеңді қозғайтын психологиялық сюжетке құрылған шағын шығарма. Ақын қасқырдың ойына адами түйсік ұялатуға тырысады. Екі аяқты пенделер арасындағы қарым-қатынастардың түйінін жыртқыш жануардың табиғатынан іздейді. Қасқырдың өзіне ауыз салмаған себебін оқырманға нанымды етіп жеткізуге ниеттенеді:

Қасара қарап қалыпты, Қарамай көзін таяды. Жас төккен мендей ғаріпті, Кім білсін, бəлкім, аяды... Дəрменсіздікті сезіне, Жұлқыды мені жел тұрып. Елестеді ме екен көзіне, Үңгірде қалған бөлтірік. Өлеңде қорғансыздың күнін кешкен баланың болмысы («Мен қарап тұрдым үркектеп»), жүрегі жібіп, жемтігінен безінген түз тағысының əрекеті («Жөніне кетті бүлкектеп») шынайы көрініс тапқан. Бəрі дұрыс. Бірақ сол тұста шайтан түртіп жүретін желікқұмар жастағы бізге жаны жайсаң, ақкөңіл қасекеңнің осы қылығы күлкі тудырмай қоймады. Қолма-қол өңін айналдырып, пародиялап жібердік: Белгісіздеу ғой о жағы, Мейірімді депсің тағыны. Ұрсын ба, қасқыр қожаны, Аш емес шығар қарыны... Бауыржан не күлерін, не жыларын білмейді... Мұндай күндері бəріміз де көңілді жүреміз. Той тойламаса ішкені ас болмайтын ақын өзінің «Қасқырын» қалашықтың қасқырларына жақсылап тұрып жуып береді. Жоғалған «Қара машина» Ол бір күні түнеріп отырып, «Қара машина» деген өлең жазды. Өлеңнің ұзын-ырғасы мынадай. Лирикалық кейіпкер қазақтың үш арысы – Сəкен, Ілияс, Бейімбеттің бір жылда өмірден өткеніне таңырқап, мұның себебін іздейді. Біреуден олардың халық жауы болып ұсталып, атылып кеткенін естиді. Халықтың алақанына салып əлпештеген азаматтарының қалайша халық жауы атанғанына түсінбей дал болады. Ең ақырында: «Мен де сөйтіп, шындықты көп айта берсем, бір күні қара машина өңгеріп кететін шығар деп қауіптенем» деп түйіндейді. Бауыржан жігіттердің арасында сол өлеңін өршеленіп оқиды. Ол кезде

мұндай өлең жазуға да, оқуға да ешкім тəуекел ете бермейді. Кеңестік жүйенің діңгегі мығым тұрған сексенінші жылдардың сипаты белгілі ғой. Бізге не, қылжақ керек. Бауыржанның: Оларға оқ жаумағаны хақ көктен, Жауабы жоқ, жаныма осы батты өктем. Бірде біреу деді: «Оларды бір түнде, Қара машинамен келіп ап кеткен...», – деген өз шумағының өңін айналдырып, оны қалжыңмен əбден қажаймыз: Мына жағдай жанымызға батты өктем, Саяси жыр Үсеновке шақ деп пе ең? Əлгі өлеңді жазған күні кешкілік, Қап-қара бір машина кеп ап кеткен! Əзілдесек те, оған жанымыз ашып: «Қыран жырды баптаған жігіттер аз, Көп болғанмен қазақта Бауыржандар», – деп сақ жүруін ескертеміз. Кейін Бауыржан сырттай оқуға ауысып кетті. Барлық ақындарға тəн серілік дəстүрмен оқуды бірнеше жылдан кейін бітірді. Ол өмірден өткен соң жарық көрген кітаптарына «Қара машина» енбеді. Əншейінде ақынның бүкіл жырын жатқа айтатын жады мықты жігіттер бұл өлеңді зердесінде сақтамапты. Əркім білетін шумақтардан құрастырып көрмек болған əрекетімізден түк шықпады. Жары Гауһар да, інісі Біржан да «Қара машинаның» қолжазбасын таппай қиналды. Сірə, Бауыржанның өзі біреудің қолына түспесін деп ілгеріде жыртып тастаса керек. Біледі-ау дегендердің бəріне сұрау салынды. Ешқандай дерегі жоқ. Сөйтіп, отыз жетінші жылдардың зобалаңын жырлаған тамаша шығарманың бірі таптырмай қойды. «Қара машина» жоғалды... Ел Бауыржанның бейнесін көңілден өшірмегенімен оның атақты өлеңін ұмыта бастағандай еді. Арада жиырма шақты жыл өткенде жоғалған «Қара машина» аяқ астынан табыла кетеді деп ойламаппыз. Жақында елге танымал бір ағамыздың баласы үйленіп, тойға бардық. Асаба ағып тұрған жігіт екен. Ол белгілі ғалым, ардақты ақсақалымыз Тұрсынбек Кəкішевке сөз берерден бұрын ағамыздың сəкентануға қосқан үлесін айтып, бір ауыз өлең оқыды:

Адамзаттың ажарлысы, өзі ақын, Қазағым деп қамшылаған боз атын. Сырнай үнмен əсем əнін созатын, Жан бар ма еді Сейфуллиннен озатын?! Елең ете қалдық. Бұл Бауыржанның əйгілі «Қара машинасының» үзіндісі еді. Үзілісте жанына жетіп бардық. «Бауырым, сен мына өлеңді қайдан білесің? Журфакта оқып па едің?». «Жоқ, журфакқа жолаған емеспін. Бауыржан Үсенов ертеректе біздің Қарағандыға келіпті. Содан жатталып қалған ғой...». «Бұл өлеңнің толық нұсқасын қайдан аламыз?». «Қазір аға, той бітсін. Мен сізге бəрін түсіндіріп айтамын». Сөйтсек, былай болыпты. Бауыржан 1988 жылы Қарағандыда өткен Каз ГУ мен Кар ГУ-дің студент ақындарының айтысына келіпті. Сол жолы ол Арқаға кең танымал əнші Жақсыгелді Кемаловтың үйінде болып, бірнеше өлеңін оқыпты. Өнердің қадірін білетін Жақсыгелді таспаға жазып алған жырлардың ішінде «Қара машина» да бар екен. Содан Жаңарқаның жырқұмар жігіттері бұл өлеңді жатқа айтатын болған. Əлгі тойда Бауыржанның жырын екпіндетіп оқыған Жарулла асаба да осы өңірдің азаматы көрінеді. Арқаның əн мектебінің айтулы шеберлерінің бірі Жақсыгелді ұзамай «Қара машина» өлеңі жазылған таспаны бізге беріп жіберіпті. Ақын досымыздың өз дауысымен оқыған өлеңін қызғыштай қорып, жиырма бір жыл сақтаған Жақсыгелдіге Алланың нұры жаусын! Таспаны ұясына қондырғанымыз сол екен, Бауыржанның сол баяғы дауысын естіп, жүрегіміз атқақтай жөнелді: «Мен бұл өлеңімді мынау Сарыарқаның жігіттеріне арнаймын. «Қара машина». Репрессияға ұшырап кеткен қазақтың ұлы адамдарына арналады». Жақсыгелдінің жіберген сол үнтаспасы осы мақаланы жазуымызға түрткі болды. 1981 жылы жазылған сол жоғалып табылған өлеңнің толық нұсқасын енді оқырманға ұсынайық: Қара машина Үш ұлы адам дарын ескен түрінен, Келбетіне құдайдайын үңілем. Бір-ақ жылда қайтыс болған, тарихи Құбылыс деп ойлайтынмын мұны мен.

Бір тынбаған қамын ойлап халықтың, Күреңітіп тұрмасын деп жарық күн. Бірақ халық жауы болып ұсталып, Кеткендігін кейін біліп, қамықтым. Естеліктер жазып жүрген сан адам, Бірақ бүгін көрінбейтін арадан. Қалайша жау қазақ əдебиетінің, Іргетасын құлдар құсап қалаған?! Адамзаттың ажарлысы, өзі ақын, Қазағым деп қамшылаған боз атын. Сырнай үнмен əсем əнін созатын, Жан бар ма еді Сейфуллиннен озатын?! Алатаудан Ақсу болып бұрылған, Қыран жырды қайыратын қырымнан. Жансүгіров емес пе еді Құлагер, Ол қалайша айбалтаға ұрынған?! Талантына табынам мен қай елдің? Мен өзімнің қазағымнан май емдім. Бейімбеттің жазығы не, паш еткен, Еркек түгіл коммунисін əйелдің? Қалайша жау ардагерлер топ жарған? Ақиқатын сұрадым мен көп жаннан. Қырандарға көкте қаққан қанатын, Кімдер екен, кімдер екен оқ жонған? Оларға оқ жаумағаны хақ көктен, Жауабы жоқ, жаныма осы батты өктем. Бірде біреу деді: «Оларды бір түнде, Қара машинамен келіп ап кеткен...» Қалың топты жарып шыққан мергенді, Қазақ қашан асылына теңгерді?

Қолымызбен ұстап берген ерлерді, Іздегенмен тірілтпейсің сен де енді... Содан бері шошынамын дүсірден, Содан бері көз алмаймын мүсіннен. Қараңғы түн, қап-қара бір машина, Шықпай қойды, шықпай қойды түсіммен. Əлі алдымда батпағым көп кешпеген, Көкейімде құпиям көп шешпеген. Шындық жайлы айта берсем, бір түнде, Қара машина ап кетердей сескенем... Осыдан он сегіз жыл бұрын, елдің тəуелсіздік алуына небəрі төрт жарым ай қалғанда өмірден өткен Бауыржан ортамызда жүрсе, келер жылы тойланатын елу жылдық мерейтойына əзірленіп жатар еді... 2009 ж.

ҚАЛАМ МЕН КЕДЕН Оның бүкіл тіршілігі екі ұғыммен байланысты. Алғашқысы – қалам, екіншісі – кеден. Ежелгі аңыздарда сөз ұстайтын баланың түсіне кірген абыз қарт: «Өлең аласың ба, көген аласың ба?», – деп сұрайтын еді. Өлең алғаны ақын болып шығатын, көген алғаны дəулетке кенелетін. Сол ізбен қазбаласақ, сірə, біздің кейіпкеріміздің түсіне кірген шал: «Балам, қалам керек пе, кеден керек пе?» деп сұраған сияқты. Сонда бұл сірə, əп сəтте екеуінен де онша бас тарта қоймаған болуы керек. * Есік пен бесік Болса да ие беделге, Бақ сынайын деген бе? «Жас алашта» жүрді де, Кетіп қалды кеденге. (Журналистік фольклордан) Қалам ұстайтындай жөні бар. Жастайынан туған нағашысы, қазақ көсемсөзінің хас шебері Кəкімжан Қазыбаевқа еліктеп өсті. Қазақ тілі мен əдебиетін тереңдетіп оқытатын əйгілі №2 мектеп-интернатта білім алды. Бұл мектепте қара сөздің қадірін білетін білімпаз педагог Орынша Қарабалина сабақ беретін. Үнемі сол кісінің тəлім-тəрбиесін көрді. Кəкімжан ағаның үйіне барған сайын оның жазу үстеліне қызыға қарап тұратын. Сөйтіп, бейнелеп-бедерлеп айтсақ, Бекеннің бөленген бесігі құтты болды. Журналист болуға ұмтылған ұланның соқпай кетпейтін тағы бір бекеті бар. Ол бала біткеннің қаламын ұштап, қауырсын қанатын қатайтып беретін «Қазақстан пионері» газетінің редакциясы. Бекен де сол берекелі бекетті айналып өте алмады. Оның үстіне жазуға ерекше көңіл бөлетін əйгілі екінші мектептің оқушысы болған соң, газеттен іргені аулақ салуға болмайды. Көп ұзамай «Бекен Нұрахметов» деп қол қойылған ірілі-ұсақты мақалалар осы басылымда жиі жарық көре бастады. Біздің кейіпкеріміз сабақты ертелі-кеш көміліп оқып, сары майдан қыл тартқандай боп, сыпайы жүретін аса əдепті бала болған жоқ-ты. Керісінше, кейде ұрынарға қара таппай, басын тауға да, тасқа соғып

тұратын содыр сойқанның өзі еді. Бірақ өлер жерін білетін, өнер жерін көретін ақылды тентек-тін. «Мінезсіз өнер – мінезсіз жылқы» деп Асқар Сүлейменов айтқандай, оның жазған-сызғандары да өзінің мінезі секілді шиыршық атып тұрды. Біз оны алғаш рет журфакта көрдік. Жүріс-тұрысынан, қимылқозғалысынан Алматыда оқығандығы көрініп тұратын. Өзін өте еркін ұстайды. Өрлігі мен өктемдігі де байқалмай қалмайды. Ара-тұра тегеурінді деканымыз Темірбек Қожакеевтің ащы айқайына ілік болып жатады. Соған қарағанда сабақты жақсы оқығанымен жайына қарап, тып-тыныш жүретіндердің қатарынан емес-ау деп шамалаймыз. Шынында да солай екен. Онысы журфактың жатақханасында өткен студент ақындар айтысында белгілі боп қалды. Бекеннің курсының айтысқа үкілеп қосып отырған ақыны – Мұратбек Оспанов. Оның жоғары курста оқитын қарсыласы да осал емес. Талай ақынды түзе бүктірген Бейбіт Құсанбеков. Айтыс болған соң, əрине, ақындар бірбірінің кемшіліктерін қазбаламай отырмайды. Сондықтан сөз сайысы басталардан бұрын екі ақын да бəсекелесін сүріндіретін материал іздейді. Күйіп-жанып тұрған факт болса, тіпті жақсы. Соны білген Бекен Бейбітке барып, оның өзі де білетін бірді-екілі басынан өткен жағымсыз жағдайларды соңыра айтыс үстінде мүлде ауызға алмауын қиылып тұрып өтінеді. Бейбіт көзі күлімдеп отырып, бұл туралы лəм-мим демеуге уəде береді. Көңілі тынышталған Бекен кешке досжарандарын ертіп, айтысқа бармай ма? Сөйтсе, Бейбіт Мұратбекпен сөз қағыстырып отырып, былай депті: Бағана Бекен досың келіп кетті, Өзінен біраз факт беріп кетті. «Екі есік сындырып ем, айтпашы» деп, «Айтпаймын» дегеніме сеніп кетті... Журфактың жатақханасында студенттердің өндірістік тəжірибеден өту кезінде жарияланған мақалаларын таныстыруға арналған қабырға газетін шығаратын дəстүр бар еді. Бірде содан Бекеннің «Жатақхана ма, шатақхана ма?» деген мақаласы ілініп тұрғанын көрдік. «Жетісу» газетіне жарияланыпты. Өзі анда-санда жатақхананы шулатып тұратын бұл не жазды екен деген əуестікпен үңілейік. Тиянақты баяндалған дүние екен. Алматыдағы бір кəсіптік-техникалық училищенің жатағындағы

жағдай туралы дабыл қаққан мақала. Əлімжеттік, қорлық-зорлық... Əлі оқуын бтіріп үлгермеген студент кəнігі журналист секілді балаларға араша сұрайды. Газетте сыналған мəселе аяқсыз қалмайтын заман. Көп ұзамай талайлар орнынан алынды, кейбірі жазаға тартылды. Ал «Жетісу» жігерлі жігітті қызметке алды. Кейін талайға арман болған «Жас алашта» жолымыз түйісті. Содан ол қазақ кеденінің іргетасын қаласуға аттанғанша бірге жұмыс істедік. Сөйтіп, Бекеннің «есігі» ұмытылып, бесігі беки түсті. Журфак пен жасақ Келе жатсың жолда нық, Қалағаның болды анық. Кеден жайлы толғайсың, Қаламыңды қолға алып. (Журналистік фольклордан) Сексенінші жылдардың студенттері ОКД дегеннің не екенін жақсы біледі. Бұл – жедел комсомол жасағы деген ұғымның орысша атауының қысқарған түрі. Бүгінде комсомолдың өзі де, оның жедел жасағы да əлдеқашан ұмыт болды. Сондықтан оны қазіргі жастар көп біле бермейді. Ал бір кезде КазГУ-дің кез-келген студентін қояндай қалтыратуға осы ОКД-ның құдіреті толық жететін. Қалашықта іркестіркес қоныс тепкен оншақты жатақхананы ашса – алақанында, жұмса – жұдырығында ұстайтын сол ОКД-ны журфактың жоғарғы курс студенті Құрманхан Нұрымбетов басқаратын. Құрманханның «əскері» елдің бас оқу орнына білім іздеп келген бар баланы жусатып, өргізетін. Сол Құрекеңнің өзі журфактың бесігінде тербелген соң, соған қарасты біздің факультеттің ОКД-сын кім басқаратыны аса маңызды еді. Əрине, бұған біз де алаңдайтынбыз. Өйткені бірінші курстың бойшаңдау бір топ бозбаласын шетінен сол ОКД-ға апарып көгендеп қойған. Бір жағынан жақсы. Мұның құрамында болсаң, жатақханадан айырылмайсың, стипендиядан қағыла қоймайсың. Əйтпесе, тым тəртіпсіреп бара жатқанымыз шамалы. Сонымен ОКД-ның, бүгінгіше айтсақ – журфактың полициясының, қысқаша қайырсақ – журполдың жалаңдаған жасақшысымыз. Қалашықта шыбын жорғалатпаймыз. Сол командирлік орынға бір күні елге танымал «есік сындырғыш» досы-

мыз Бекен тағайындалсын. Тегінде, өздері де ара-тұра тəртіп бұзып қоятын осындай жігіттерді тəртіп сақшысы етіп бекіткен дұрыс па деймін. Біздің Бекен телі мен тентектердің аяғын қия бастырмады. Журфактың асығы алшысынан тұрды. Бір ғажабы, осы ОКД-ның құрамында болған топтан кейін Бекеннің өзі бастаған төрт-бес полковник шықты. Бертінде Батыс Қазақстан облыстық ұлттық қауіпсіздік департаментін басқарған Жақсылық Молдақұловтың өзі де бір кездегі Бекеннің сайыпқыран солдатының бірі еді. Тəртіпті қорғауға бекер келмеген болар, Бекеннің қаламы да біртебірте осы тақырыпқа бейімделді. Құқық мəселелері туралы мақалаларын жиі жариялай бастады. «Жетісу» газетінде қызмет істеп жүрген кезінде де басқа арнаға көп ойыса қойған жоқ. Ал «Жас алашқа» ауысқан соң құқықтық тəрбие бөлімінің меңгерушісі болды. Адам тағдырына араша түсіп, талай рет журналистік зерттеу жүргізді. Оқырмандардың сан түрлі сауалдарына жауап берді. Осылайша құқықтық журналистика саласының майталман маманы болып қалыптасты. Сілтеген сөзі қалт кетпейтін «Жас алаштың» беделді бөлімін басқарып, айдарынан жел есіп тұрған Бекен бір күні кеденге баруға бел байлады. Темірдей тəртіпке негізделген тың сала қызықтырса керек. «Ет пен терінің арасындағы желік шығар», – дедік біріміз. «Жазуы қалды ғой енді», – дедік екіншіміз. Бірақ олай болмады. Ол бұл іске шындап кірісті. Журналист қай салаға қайрап салсаң да, тастай батып, судай сіңеді. Өйткені жаза білетін адам қайда да қадірлі. Ал өз мамандығынан өзге саланың негізін қалауға баратын журналистер аса көп емес. Бекен Нұрахметов еліміздің кеден қызметі құрылған алғашқы айлардан бастап, осы саланың отымен кіріп, күлімен шықты. Қазақ кедені тəуелсіздіктің жемісі еді. «Кеден кеден болды, кедергі неден болды?» деген ауыз екі тіркесті жатқа айтатын жұрт кеден дегеннің не екенін əлі толық біле қоймайтын. Кеден комитетінің алғашқы төрағасы Нұрлан Тілемісовпен жақын сыйластығының арқасында Алматының өз ішінде де қызмет істеуге мүмкіндігі бар еді. Бірақ ол сонау шекарадағы «Дружба» кеден бекетіне аттанды. Шулы қаладан кейін аядай ауылға барып қоныстанған қандай қиын. Айнала құлаққа ұрған танадай. Баяғы тың игерушілер секілді ел шетіндегі ескі үйлердің біріне келіп, орын тепті. Қазақ кедені алғашқы қадамын осылай апыл-тапыл басты. Техника атаулыдан жалғыз ескі

машинка ғана бар. Бұл бекетте жазу машинкасын басуды Бекен ғана білетін. Сондықтан ол күн ұзаққа құжат толтырады. Кеденнің əдепкі шежіресі осылайша хатталды. Сала бойынша ешкімнің тəжірибесі жоқ. Бұрын кім кеденде істеп көріпті?! Кеденнің кеңсесі – кеңестік жүйе тараған соң арса-арсасы шыққан ескі вокзалдың екі бөлмесі. Ол кезде кеденшінің арнайы формасы ешкімде жоқ. Жігіттер үстіне ілінгенін киіп, жұмысқа келе береді. «Өтемістен туған он едік» дегендей, «Дружба» кеденінің алғашқы қазығын қаққан оншақты қызметкер күн демей, түн демей, тынымсыз жұмыс істеді. Бекеннің алғашқы басшысы Иван Алексеевич Красуленко бұларды ерінбей-жалықпай жаңа салаға баулыды. Ол жазу өнеріне де құрметпен қарайтын азамат еді. Кейін Сергейдің Серікке айналғаны сияқты «Дружба» «Достыққа» айналды. Көп ұзамай кеденге кеткен Бекеннің қаламы қимылдай бастады. Шегара жақтан жеткен ширыққан мақалалар бірінен соң бірі жарық көріп жатты. Бекең мен Бекен «Қандай істен қашып ем?», – Дейді: «Қашан жасып ем?». Кейде хабар жазады, Полковник басымен. (Журналистік фольклордан) «Кедергі неден болды?» деген сөз тіркесі кеденге қатысты болғанымен сол кеденіңіз біздің Бекеннің жазып-сызуына кедергі келтіре алмады. «Жас алашта» жүргенде қолға алған тақырыбы бойынша жазған мақалаларын топтап, «Қорқаулар түнде жортады» атты кітабын жарыққа шығарды. Өз саласының жоқ-жітігін түгелдеп, «Кеден iсi бойынша сұрақтар мен жауаптар» атты анықтамалық еңбек жазды. Оны «Жеті жарғы» баспасы аттай қалап алып, оқырманға үкілеп ұсынды. Бұл кеден қызметкерлері қолдан-қолға түсірмей оқитын қасқалдақтың қанындай қат кітапқа айналды. Қатардағы кеденшіден кеденнің бастығына дейінгі жолдан өтті. Шығыс Қазақстан облыстық кеден департаментінің басқарма бастығы, «Семей» кедені бастығының орынбасары болды. Шығыс жақтағы

берік қамалымыз болып саналатын «Ауыл» жəне «Бақты» кедендерін басқарды. Сол кезде оған «Кеден кеден болды, бастығы Бекен болды» деп қалжыңдайтынбыз. Беделі бір басына жететін бастық болса да, жазуын тоқтатпады. Кеденнің жаңалықтары туралы тынбай жазып тұрды. Оның ірілі-ұсақтығына қарамайды. Мəні мен маңызына көңіл бөледі. Кішкене хабарламаның өзіне аты-жөнін көрсетіп қол қояды. Бұл – қай кəсібін де қадірлейтіндігінің көрінісі. Бұрын негізінен құқық тақырыбына жазатын журналист болып танылса, енді бірыңғай кеден тақырыбына мамандана бастады. Бұл – өркениетті елдер əлдеқашан көшкен үрдіс. Қай тақырыпты да қағып алып, көсіле шабатын əмбебап журналистиканың заманы өтіп барады. Кеден саласына басшы болып Бердібек Сапарбаев келеді екен деген хабар құлаққа тигенде Бекен қатты қуанды. Əрине, кеденді басқарған қай төрағаның да өзіндік орны бар. Бірақ ана тіліне уызында жарыған, барған жерінің бағын ашатын Бекеңнің орны бөлек-ті. Ол кісінің қаламгерлер қауымын ерекше құрметтейтінін бұл жақсы білетін. Əсіресе, бірге оқыған қызылордалық жəне шымкенттік достары Бердібек Сапарбаевқа шаң жуытпайды. Сол Бекеңнің келуін Бекен күтпегенде кім күтетін еді?! Тіпті тағатсыздана тосты. Ол кезде Бекен шығыстағы «Бақты» кеденінің бастығы еді. Бір көрсеткіші бір көрсеткішінен озып тұр. Кеденінен қысыр жыланның өзі қысылып өтеді. «Бақтының» фактілері мен актілері тек жетістіктерді ғана əйгілейді. Агенттіктің жаңа төрағасы кеден басшыларын бірбірлеп өзіне шақыртты. Бұл да кіріп-шықты. Жүзі жылы, өзі мəдениетті екен. Бəсе, ел мақтаған Сапарбаев солай болса керек-ті. Сол жолы «Бақтыға» бақыт құшағына бөленіп қайтты. Бара-сала жұмысына құлшына кірісті. Бірақ осы қуанышы көпке созылмады. Күзге қарай тоғыз айлықтың қорытындысына арналған алқа мəжілісі өтті. Көрсеткіші керемет кеденнің басшысы ретінде тек қана мақтау еститін шығармын деп ойлап келген. Сол алқада жаңсақ фактіге негізделген «жалған транзиттің» жаласымен «Майқапшағай» кеденінің бастығы екеуі қызметінен босап шықты. Бір емес, екі бірдей таңдаулы қызметкерінің нақақтан күйіп бара жатқанын көрген Шығыс Қазақстан облыстық кеден басқармасының бастығы Ерікжан Əбдірахманов орнынан атып тұрды. Ауғанстанның қанды жорықтарынан аман шыққан Ерікжан ер екен! «Бұлардың түк жазығы жоқ. Олай болса, мен де қызметтен кетемін», – деді тістеніп.

Бекен, əрине, мұны күткен жоқ еді. Қатты қапаланса да, сабыр сақтады. «Жақсы ағаның жанартауына шарпылып, жалынына күйгеннің басы да, аяғы да мен емес шығармын» деп, əліптің артын бақты. Біраз уақыт қызметсіз жүріп қалды. Сол кезде кеденнен біржола кеткісі де келді. Өзінің қайнап-піскен қара қазаны – журналистикаға қайтып оралғысы кеп, бірді-екілі басылымдармен сөйлесіп те қойған. Бір күні кеденге қайта шақырылды. Сол баяғы Ерікжан басқаратын департаменттің бір басқармасының тізгінін ұстады. Сапарбаевтан басқа адам болса, Ерікжанның тосын мінезі үшін соңына шам алып түсер еді. Ал Бекең болса, басшының қарамағындағы жігіттерін қорғай білгеніне сүйсініпті. О заман да, бұ заман, өзін жұмыстан шығарып жіберген бастығы туралы мақала жазған адамды көргеніңіз бар ма?! Əй, қайдам, болса да сирек шығар. Бердібек Сапарбаев кеден қызметінен кеткен соң Бекеннің «Егемен Қазақстан» газетіне «Тау басын бұлт басса да, кір шалмайды» деген очеркі жарық көрді. Бірде-бір басылымды қалт жібермейтін Бекең, əрине, бұл мақаланы оқиды. Оқиды да таңғалады. Жазбас бұрын жан-жақты зерттеген. Өмір жолының өрін де, төрін де, еңісін де, жемісін де саралап көрсеткен. Ең бастысы, кез келгенге алдыра қоймайтын кеденнің проблемаларын жілікше шағып тұр. Бұл мақаланы бұрынғы қызметінде жүргенде жазса, мүлде орынсыз болар еді. Ал Бекең кеденнен кеткелі қай заман?! Кейін Бердібек Сапарбаев Шығыс Қазақстан облысына басшылыққа келген соң аға мен інінің арасында жарасымды сыйластық орнықты. Сөйтіп, Бекең мен Бекенің арасындағы қарым-қатынастың осылай басы қатты, аяғы тəтті болды. Кəсіп пен нəсіп Жүрсің ылғи жырақта, Даяр тұрсың сынаққа. Көңіліңнің кедені, Қатал емес бірақ та! (Журналистік фольклордан) Тағы бір жəйт есіме түсіп отырғаны. Бекен кеденге кетіп, ал біз «Жас алашта» қызмет істеп жүрген кезіміз еді. Сол баяғы елу бақсы,

сексен шайыр... Бұл шаңырақта кез келген қуаныш еленеді. Еленгенің не, ерекше атап өтіледі. Əсіресе, журналистердің біреуі балалы болса, жетінші қабатқа жел бітеді. Бақсы біткен аласұрады, шайыр біткен жыр толғайды. Осыған орай арнайы шағын қабырға газеті шығады. Қылқаламның хас шебері Бақытбек Сияев мұндайда бар өнерін салады. Əлгі ақындардың өлеңін өрнектеп тұрып жазып, көрнекі жерге іледі. Өлең болғанда қандай? Кілең уыты адам өлтіретін кері кеткен шумақтар. Бойдақтықтың жанын жеген жарасы, Құлтастардың кескініне қарашы. Жолдасбектер əлі үйленбей жүргенде, Қойтановтың туды екінші баласы, – деген секілді құлағы теріс бұралған кертолғаулар. Бұралқы сөз күлмекке жақсы. Журналистер осының өзінен едəуір қуат алады. Бір күні Бекен ұлды болды. Қос қыздан соң ұлды болғанына өзі қатты қуанды. Қуанғаны соншалық, жаңа туған перзентіне ат таңдау үшін ұзақ ойланды. Тіпті бір айдай толғанып жүрді-ау деймін. Уақыт болса, өтіп бара жатыр. Ал сəбиге əлі ат қойылатын түрі жоқ. Содан «Аты жоқ көкек» деп қайырмаланып отыратын белгілі əннің ізімен «Аты жоқ бөпе» деген өлең жаздық. «Ақсайда бір жігіт бар Бекен деген, Қос қызы қатар өсіп секеңдеген. Мəрияға көптен бері ұл таптыру, Бекеннің парызы еді өтелмеген. Е-е-й, аты жо-о-қ бөпе» деп келеді. Бұл Мəскеуде 1991 жылғы бұрқ еткен тамыз бүлігі күшпен басылып, еңсегей бойлы ер Ельциннің ерлігі елге үлгі болып тұрған кез еді. Осыған орай деп былай деп жырладық. «Мəрия соны ойлап қауіптенді, Үміт пен күдік қатар шауып келді. Мəскеуде Ельцин батыр болған күні, Бекенге бір атұстар тауып берді». Енді жаңа туған сəбиге жақсы тілек айту керек қой. «Бұл бала үміт отын жағар ма екен, Қазақтың тарихында қалар ма екен? Болмаса дəл өзінің əкесіндей, Кеденнің қызметкері болар ма екен?!» деп қайырдық содан соң. Ұзамай бөпенің аты қойылды. Сəби Санжар деген есімді иеленді. Сөйтіп, кеденге барғаны Бекенге шынында да құт болдыау дестік. Сол Санжар батыр биыл Ирландиядағы Дублин университетін бітіріп келді. Қазір Бекенге жақсы қолқанат болып жүр. Шынында да бір сарбазын кеденге бергеннен қазақ журналистикасының несібесі ортайып қалған жоқ. Оның есесіне, ол

өзге салаға барған соң қайта түледі. Қазақстан Журналистер одағының Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлығын иеленді. Қаламымен сол саланың отын көсеп, шоғын маздата түсті. Жаза білетін адам қайда жүрсе де, қаламын тастамайды. Керісінше, журналистиканың өз қазанында қимылсыз отыратындар аз ба? Бір қарағанда кеден қызметінде газет тілшісінің аяғына оралып жататын олжа ұшыраса бермейтіндей көрінеді. Анығында олай емес екен. Кеденнің де өз қызығы жеткілікті сияқты. Мұндағы қызметі де журналистік жолсапарларға бергісіз. Бірде Қытайдың Шəуешек қаласына жол тартты. Сол жерде таксидің құлағында ойнайтын жүргізуші қазақ қызын кездестірді. Аты – Айгүл. Өзі қаланың қойынқолтығын түгел біледі. Тырбанып тіршілік етіп жүрген көрінеді. Алдымен көлікті жалға алып, жұмысын бастаған. Содан соң несие алып, жеке көлік иеленген. Қытайда қазақ қызының такси жүргізуі таңсық нəрсе. Бір журналист сол елдегі басылымға ол туралы мақала жазыпты. Айгүл қазақтың атақты жазушысы Қажығұмар Шабданұлы жерленген қорымды білетін болып шықты. Бекен алдымен қаламгердің отбасына барып, көңіл айтып қайтуды жөн санап еді. Сөйтсек, үйінде ешкім жоқ екен. Ол кісінің зайыбы атажұртқа сапарлап кетсе керек. Қажығұмардың басына қара мрамордан құлпытас қойылыпты. Бекен шарт жүгініп отырып, құран оқыды. Сол сапарда елден келгендерге қызмет етіп жүрген қазақ қызының ықылас-пейіліне тəнті болды. Қайтып келген соң «Алтайдың ар жағында жүрген ару» деген эссе жазды. Бұл оның бір сапардағы олжасы ғана. Кейіпкеріміз кеденнің кедір-бұдыр қазақшасын жөндеуге де елеулі үлес қосты. Мемлекеттік тілді менсіне қоймайтын талай əріптесінің аптығын басты. Бастауышы мен баяндауышы бір-біріне қырын қарайтын ойқы-шойқы құжаттардың тілін сындырды. Сол үшін жазаға тартыла жаздаған кезі де болды. Кеден қызметіндегі шені – полковник. Қалам қызметіндегі деңгейі де кем соға қоймас. Кəсібі мен нəсібіне адалдық танытқаннан шығар. Əйтеуір «Көргеніңді бүгінгі жаз, жаз, қалам, тер, қалам» деп Ілиясша қамшылап отырмасақ та, кеденге көгенделген қалам əзірге жорғасынан жаңылған емес... 2013 ж.

МАЗМҰНЫ Ғани-ғұмыр..................................................................................................3 Бірінші Бауыржан.....................................................................................15 Амандосов аудиториясы...........................................................................24 Қожакеев құбылысы.................................................................................34 Сəулетті сексен бес...................................................................................46 Қабдолов қағидасы...................................................................................56 Тектілік теориясы......................................................................................66 Күпі мен шекпен.......................................................................................78 Бiз көрген Бердiқұлов...............................................................................88 Қадырдың сабағы.....................................................................................98 Ең əдемі ертегі.........................................................................................110 Cұңғыла сөздің Сұлтаны........................................................................121 Ағайынды қоңыр қаз..............................................................................131 Юнеско-ның профессоры......................................................................142 Бауыржан сал..........................................................................................154 Қалам мен кеден.....................................................................................166

Бауыржан Омарұлы Ең əдемі ертегі (Эсселер мен портреттік мақалалар) Теруге 11.08.2014 ж. жіберілді. Басуға 25.09 2014 ж. қол қойылды. Пішімі 60х841/16 Көлемі 10,26 ш.б.т. Қаріп түрі «Times New Roman». Офсеттік басылыс. Таралымы 2000 дана. Тапсырыс №2 Қазақстан Республикасы. «Елорда» баспасы, Тел. 8(7172) 44-87-92, е-mail: elorda@yandex.ru

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙