TELEGEI

Home

Қазақ ауыз әдебиетінің үлгілері. Екінші кітап. Шешендік өрнектері

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Қазақ ауыз әдебиетінің үлгілері. Екінші кітап. Шешендік өрнектері

Мәшһүр Жүсіп Көпеев ел тарихын көп білетін шежіреші ретінде танымал. Шығармаларында әлеуметтік, адамгершілік мәселесін ашып көрсеткен. Адам бойындағы теріс қылықтарды сынаған, адамның мінез-құлқындағы жақсылық пен жамандықты салыстыра бейнелеген. Достық, ақыл-ой, ақыл туралы жазған ғибратты сөзде...

ҮЛГІЛІ СӨЗДЕР

Барлы, Барлы, Барлы тау,
Басы есеннің - малы жау.
Ұйықтама[са], қабақ жау,
Ішпей жүрсе, тамақ жау!

Арық атқа - қамшы жау,
Жыртық үйге - тамшы жау!
Ұрысқақ болса, ұлың жау,
Керіскек болса, келін жау!

Қашқақ болса, атың жау,
Тіл алмаса, қатын жау.
Кетеген болса, түйең жау,
Тебеген болса, биең жау.

Ұл он беске жеткенше,
Қолға ұстаған қобызың.
Ұл он бестен асқан соң,
Тіл алмаса, доңызың!

Көкпектен өліп қалмаса,
Жасында күйеу алмаса,
Бәрінен өткен қызың жау!

Ақсұңқар, ұшқырмын деп мақтанба,
Алдыңда жаюлы тұрған торлар бар.
Тұлпар, сен жүйрікпін деп мақтанба,
Алдыңда қазулы саған орлар бар!

Басым көп деп, топтанба,
Малым көп деп, шоқтанба!
Бұрынғылар айтқан екен:
«Мал ұрысы - пенденің ұрысы,

Сөз ұрлаған - Құдайдың ұрысы» - деген екен.

Сыбырласып сөйлесудің, сөзді жасырып сөйлескішінің хақында айтылған сөз. Бұрынғы заманның жақсылары бүркітше саңқылдап, айдай ғаламның көзінше сөйлесуші еді. Бұл заманның қулары: «Бері шығып кетші!» - деге[н] пәлеге қалды.«От ішінде мақта // Мақтадай Құдай сақта!»

АБЫЛАЙ ХАН САУАЛЫ

Бір күні Абылай хан қарамына көз тойған, үш жүзден озған, әлемнен озған ала аяқ билері бас қосып отырғанда, айтыпты:

- Дүниеде тозбайтұғын нәрсе бола ма, өлмейтұғын жан бола ма? Тозбайтұғын не нәрсе, өлмейтұғын не нәрсе? Осыны тауып беріңдер де, менен қалағандарыңды алыңдар,- деп.

Сонда отырғандардың біреуі:

- Тас тозбайды, темір тозбайды. Асқар тау өлмейді, аққан су өлмейді, қара жер өлмейді, Ай мен Күн өлмейді - деп, бірі оны, бірі мұны айтыпты.

Абылай хан өзі біліп отырған жоқ, білсе, сұрай ма?
Бұл сөздер орнығып, көңіліне қона қоймапты.

Сонда түбі-тегі Қыпшақ: Таймас-Жуас деген, жұпыны киімі бар, тамам билер гулесіп, дүрілдесіп отырғанда, ләм-мимдеп тіл қатпайды, сөз тыңдап босағада отырады екен, ұшып түрегеліп, Абылай ханның алдына шарт жүгініп отыра қалып сөйледі:

- Алдияр тақсыр,бұлардың бәрінің айтып отырғаны - тозатұғын нәрселер, өлетұғын нәрселер. «Тозбасты ұста соқпайды, // Өлместі Құдай жаратпаған»- демеді ме?! Міне, мен тозбайтұғын не, өлмейтұғын не, айтып берейін! Құдай дескен құда болады, құшақтасқан дос болады. Дос болғанда, бірінен-бірі жүйрік ат алады, қыран құс алады, түзу мылтық алады. Ат өледі, құс қашады, түзу мылтық қисаяды, достық сондаймен тозады. «Төсекте басы қосылсын, // Төскейде малы қосылсын!»- деп, құда болады. Киіт саларда бір дау, мал берерде екі дау, үйге енгізерде үш дау, ұзатарда төрт дау. Осы даулардың бірде болмаса да, бірімен ол құдалық та тозады. Құдай қосқан құда емес, құшақтасқан дос емес, бірінен-бірі жан аяспайтұғын, көрмесе, сағынып жүретұғын бір-екі тату болады. Тозбағанда, сол екі татудың татулығы тозбайды.

Қара жердің өлгені –
Қар астында қалғаны.
Асқар таудың өлгені –
Басын мұнар шалғаны.

Аққан судың өлгені –
Мұз боп тоңып қатқаны.
Ай мен күннің өлгені –
Түнеріп барып батқаны.

Өлмегенде, не өлмейді,
Ғалымның жазған хаты өлмейді,
Жақсының аты өлмейді!-
дегенде, естіген жандар сілтідей тұнды.

Абылай хан да айызы қанып, риза болды. Қамқа тонын бас қылып жауып, толық «тоғыз» беріпті.

Отырған көпшілік шулай қоя береді:

- «Батырдан - сау[ға], мергеннен - сыралғы!» деген, бізге алған олжаңнан байла!- десіп.

Сонда ол Таймас: Жуас айтыпты:

- Мұны бір қимас дүние көріп, байламай бара жатқаным жоқ. «Атамыз Абылай ханның бір айтқан сөзін шешіп беріп, алған нәрсесі екен!»- деп, балаларым мұра қылып, айта жүрсін!»- деп, алып барамын»,- деп, байламастан алып шығып жүре беріпті.

Ерте заманда жас уақытымда естіген сөзім: Тобықты: Құнанбаймен сапарлас болып қажыға бірге барған Сілеті бойындағы - Қыпшақ: Құрман баласы Хасен қажы айтып еді: «Естіген сөзім жерде қалмасын!»- деп, ерінбей қағазға жаза беру маған біткен ауыр әдет болды,- дейді.»

ҚАЗЫБЕК БИ

ҚАЗЫБЕКТІҢ АЛҒАШ КӨЗГЕ ТҮСУІ

Абылай ханның заманында қалмақты қысқа күнде қырық шауып беттетпей қойыпты. Сонан тағы да басқа елді шабу[ға] өзінің белгілі батырларын алып, жорыққа аттанып кетіпті. Бұлар осы жолы коп жүріп кешігіпті. Сонда арада жүретін өсекшілер қалмақтың Қоңтажы деген ханына барып: «Абылай барған жорықта өліпті. Сен осы кезде қазақтан кегіңді алып қал!» - деп, қалмақтың Қоңтажы деген ханын азғырыпты. Осы сөзге елігіп, қазақтың бір жағын келіп қалмақ шауып әкетіпті. Абылай келсе, елдің бір жағы жетім-жесір болып қалған екен.

Абылай бұл жолы:

- «Сен бар»- деп, ешқайсыңның атыңды атамаймын. Намысқа шыдамағандарың өздерің айт!- депті.

Сонда Тайкелтір би мен Малайсары батыр:

- Біз барамыз!- депті.

- Ендеше жүз адам жолдас алып барыңдар!- депті.

- Жарайды!- деп, бұлар дайындалып жатқанда, Қаракесек: Келдібек би үйіне келіп әйелінен:

- Қазыбек қайда?- деп сұрапты.

Онда әйелі:

- Бағана тай үйретемін..,- деп, жылқыда шығар,- депті.

Жылқының ішіне келсе, айтқанындай, жылқыда тай үйретіп жүр екен. Келдібек баласын шақырып алып:

- Балам, атқа мініп, атақ алғың келе ме?- депті.

Сонда бала шу дегеннен:

- Атаққа шапқанша, жақсының атын ерттеп, жатқа атымды солай шығарсам, болмай ма?- депті.

- Жарайды, балам, анау тұрған бедеуді ұстап мін де, үйге жүр,- деп, ертіп алып келіп, киіз беріп:

- Бар, балам, жолың болсын,алдыңнан, артыңнан күн тусын! Жортқанда, жолың болсын, жолдасың қыдыр болсын!- деп батасын беріп, - Жүріп бара жатқан, барып қосыл!- депті.

Келе жатса, қалмаққа баратын топты шығарып, өзі аңға шығып келе жатқан Абылайға қарсы келіп, жолығып, сәлем беріпті.

Абылай:

- Балам,қай ұлсың?- депті. Сонда Қазыбек:

- Тай бәйгесін менсінбей, ат бәйгесіне қосылайын деп жүрген Қаракесек: Келдібектің сіргелі тайы едім!- депті.

Сонда Абылай:

- Бар, балам, жолың болсын, бақытың арта берсін, бетіңді бұрма! Анау бара жатқан топқа барып қосыл!- депті.

Қалмақтың еліне таянғаннан кейін, Тайкелтір ойланып:

- Жүз кісімен қалың қалмақтың ортасына кіріп барғанда, не бітіреміз? Онан да бір-екі кісі барып, қалмақтың бетін біліп келсін!- депті.

- Бұ да жарайды екен!- де[сіп], сөз білетін бір-екі жігітті жіберіпті.

Бұлар қалмақтың ханына келіп:

- Қазақ болып жиналып, қол келе жатырмыз. «Қапы қалдым!» - демей, дайындалсын! -деп, сізге жіберді,- депті. Сонда хан өзінің бектерін шақырып айтыпты:

- Алыстан қонақ келеді, шатырды тігіп, малды сойып, дайындалыңдар! - депті.

Бұлар ханның бетін білген соң, келіп көпшілігіне айтады. Көпшілігі бөгелмей, ханның ауылына келсе, айтқанындай, шатырды тігіп, еркек қойды үйтіп, тайды сойып, сондайын дайындықта екен. Бұларды қарсы алып күтіпті. Үш күн тынығып жатыпты. Төртінші күні хан келіп, амандасып, бірге отырып, қалмақ енді бұлардан сұрапты:

- Неге келдіңдер?- деп. Сонда Тайкелтір айтыпты:

- Өгізді өлеңге байладық, өрлікті төменге байладық. Ақ десең де, қара десең де, істің [шешуін] өзіңе байладық. Ендігісін өзің айт! - депті. Сонда:

- Бүрсігүнге дейін менен хабар болса, болды, егер болмаса,бастарың аман, жандарың бейбітте елдеріңді табыңдар!- деп, орнынан түрегеліпті.

Сонда босағада отырған Қазыбек:

- Тақсыр, хан, дат!- депті. Хан:

- Арызың болса, айт! - дегенде, бала былай депті:

- Сен темір болсаң, мен көмірмін,

Еріткелі келгенмін.
Екі елдің арасын
Теліткелі келгенмін!
Сөз бермейтін шешенді

Кеміткелі келгенмін.
Тұтқыр сары желіммін,
Жабысқалы келгенмін.
Жаңа үйреткен жас тұлпар

Жарысқалы келгенмін.
Сен қабылан болсаң, мен - арыстан,
Алысқалы келгенмін.
Шалқақтамай сөз берсең,

Табысқалы келгенмін.
Шалқақтайтын болсаңыз,
Тұрысатын жеріңді айт,
Шабысқалы келгенмін!- депті.

Сонда хан:

- Уа, жаным, сен қай ұлсың?- депті. Қазыбек:

- Тай бәйгесін менсінбей, ат бәйгесіне қосылайын деп жүрген Қаракесек: Келдібек бидің сіргелі тайы едім!- депті.

Хан:

- Атың кім? - депті.

- Атым Қазыбек!- дегенде:

- Даусың қаздың даусы сияқты, сенің атың: «Қаз дауысты Қазыбек» болсын! Сенің келген жолыңа қазақтан алғанды түгел 3 күннің ішінде көзін тауып берем!- депті.

Осылай бітімге келіп, барған жұмыстарын бітіріп қайтыпты. Сол күннен бастап «Қаз дауысты Қазыбек» атаныпты.

ҚАЗЫБЕКТІҢ ЕКІНШІ БИЛІГІ

Сыр (Сібір) бойына келе бастаған орыс шаруаларын бұл маңнан әрі қуу үшін үш жүздің барлық хан-төресі, жақсылары бас қосып, ақылдасыпты. Біреулер: «Соғысамыз!»- деседі. Ашуланысып көпшілік бір тоқтамға, пәтуаға келе алмаған соң, үш жүздің үш төбе биі оңаша шығып, жұмбақтап сөйлеседі. Ұлы жүз: Төле би айтыпты:

- Алар ма еді мына көлдің қуын атып,- депті.

Кіші жүз: Мама биі:

- Тигізе алмай жүрмесек суын атып,- депті.

Орта жүздің Қазыбегі:

- Арылмастай пәлеге қап жүрмесек,

Суда жүрген перінің қызын атып,- депті.
Сонда Төле би отырып:

- Қазыбек, сен соғыспауға байладың-ау! - депті.

Сонда Қазыбек айтыпты:

- Біз орыспен қалай соғысамыз? Пайғамбарымыздың ғаділшілік орыста қалады,- дегені бар емес пе? «Жер астынан жік шығып, екі құлағы тік шыға қалса», қолының ұшын беретін көршіміз орыс болса, жаман болмас! - деп ойлаймын деп, Қазыбек «Орыс[қа] соғыс ашамыз!»- дегендерді тоқтатыпты.

ҚАЗЫБЕКТІҢ ҮШІНШІ БИЛІГІ

Ерте заманда Ұлы жүз бен Кіші жүздің жерінде құрғақшылық болып, жауын жаумай, жаз күнде келіп, Орта жүздің жерін жайлапты. Күз болғанда, әрқайсысы өз жеріне қайтып көшкенде, Кіші жүздің бір сері жігіті Ұлы жүздің сұлу келіншегін қиянатпен алып кетіпті. Ел қонысына қонып жайланғаннан кейін, Ұлы жүздің Төле биіне хабар береді. Төле би Кіші жүздің елінен екі жүз жылқы айдатып алады. Кіші жүздің адамдары жиналып, Ұлы жүзден бес жүз жылқы алып кетеді. Екі ел осымен үлкен бүліншілікке [ұ]шыраған осы даудың аяғы үш жүздің игі жақсысының басын қосады, зор үлкен айтысқа түседі. Ұлы жүздің төбе биі, Төле би:

- Мен ағаның баласымын, билікті мен айтамын!- депті.

Кіші жүздің биі Мама тұрып:

- Мен атаның қара шаңырағындамын. Менің жасым кіші болған[мен], жолым үлкен, мен айтамын! - депті.

Сонда Орта жүздің биі Қазыбек күліпті. Сонда:

- «Жылағанды сұрама, күлгенді сұра» - деп еді, Қазыбек, неге күлдің?- депті Төле мен Мама.

Қазыбек сонда:

- Сендер атаны білесіңдер де, өсиетін білмейсіңдер, соған күлдім!- депті.

Сонда Төле би мен Мама:

- Атаның өсиеті не деп еді?- депті.

Қазыбек:

- Білмесең, атаңның өсиеті мынау: «Ұлы жүзді қауға бер де, малға қой. Кіші жүзді найза бер де, жауға қой. Орта жүзді қамшы бер де, дауға қой!» дегені қайда? Соған қарағанда, төре беру жол[ы] менікі емес пе? - депті. - Жығылсам, алдымда ағам бар, сүрінсем, артымда інім бар: билік менікі еді ғой! Мұны біреуіңнің аузыңа алмағандарың қалай?- депті.

Бұл сөзді үш жүздің жиналған адамдары бір ауыздан қабылдап, билікті Қазыбекке беріпті.

Қазыбек осы арада:

- Уа, Үйсін: Төле би, сен атадан үлкен болып тудың. Ініңнің бір еркелігін көтеретін жөнің бар. Оны ойламай, жылқысын неге қуып аласың? Уа, жарқыным Мама би, сен атаның қара шаңырағында қалған екенсің, ағаңның көзінің тірісінде жеңгеңді неге зорлықпен әкетесің? «Даугердің адалы құстай ұшатын да, арамы мұрттай ұшатын.» Сен, Мама би, қатыныңды қайтар, сен Төле би, жылқыны қайтар. Екі жағыңда иесіне табысы болмаған, екі аяқты түгіл, төрт аяқты қалмасын!- деп, билік айтыпты.

Бұған екі жағы да риза болып, татуласып, тарасыпты,- дейді.

ҚАЗЫБЕКТІҢ ТӨРТІНШІ БИЛІГІ

Қаракесек ішінде Шаншардан шыққан Азбас бидің жасы жетпістен асқанда, әйелі өліп, тоқалдыққа Гөбе сұлуды алмақшы болады. Қыздың әкесі - дөңгелек шаруалы, мінезі жуас Ақберген бұған көнбейді. Бірақ та ауыл атқамінерлері сыртынан билеп, Азбастан 47-[ні] матап берген, қабылдатады. Азбас енді: «Әке берсе, қыз болмас кімге қатын?»- деп, бір күні өзінің мұңдас, сырлас бес құрдасын әдейі қайынына аттандырып:

- Барсаң, сәлем айта бар

Менен арнап Гөбеге!
Көп көрмеген көнеге
Ел ішінде есер көп,
Көзін салып жүрмесін

Ыржыңдаған немеге!- деп, сәлем айтады қалыңдығына.

Кәрі күйеудің құрдастары, бес шал Ақберген дегеннен төстік жеп, аттанарда Азбастың сәлемін айтады. Бой жетіп, оң жақта отырған Гөбе:

- Ол кісіге менен де сәлем:

Қысса, қиюы келер ме,
Қарағайдың талменен?
Дәмі бірдей болар ма,
Қара судың балменен?

Бізге лайық емес қой,
Алып тұр ғой малменен.
Әкемнен үлкен жасы бар,
Тау құдіреттей басы бар,

Қайтіп ойнап-күлерміз,
Жетпістегі шалменен?! - деп, қамығыпты.

Мұны естіген Гөбенің әке-шешесі, жанашыр туыстары қызды тоқалдыққа бермеуге бел байлайды. Мұны естіп Азбас би ашуланып, шамданып, қызды тартып алуға қамданады. Ақыры екі жағы Қазыбекке келіп жүгінеді.

Қазыбектің алдын көрмей тұрғанда, Азбас би Ақбергенге:

- Мен майлы қара сорыңмын, тәңіріңнен де зорыңмын! Қызыңды тоқалдыққа қайтсем де аламын! - деп, қыр көрсетіп қояды екен.

Қазыбек алдына Азбасты жүгіндіріп отырғызып:

- Азбасым қартайғанда, азғаның ба? Қыз сені сүймесе, сен оны қалай сүйесің? «Дос егіз, дұшпан - сегіз.» - Әйелдің аққуындай, балаңмен жасты Гөбеге сұқтанып, басыңа пәле тілегенше: «Есің барда етегіңді жап!» - дегенде, Азбас лажсыздан жуасып:

- Қойдым! - депті. - Осы бітім - бітім! - деп, жүріп кетіпті.

ҚАЗЫБЕКТІҢ БЕСІНШІ ТӨРЕЛІГІ

Бір байдың жалғыз қызы Ақбалық сұлу - бай, мырза, сұлу серілердің бірін де менсінбей, өз үйінің жас қойшысы Қозыбақ деген жігітке ғашық болады. Қыздың әкесі момын, бірақ ағалары «Бес қасқа» атанған, айбарлы болса керек. Ата-ана, туыстары Ақбалықты жылатпай, өзінің сүйгеніне қосады. Ақбалық сұлу төркінінен еш (һеш) нәрсе алмай,қотан шетінде үш қанат құрым отау тіктіріп, отыра беріпті. Бұған намыстанған Майқы, Бошан руларының басшы, ақсақалдары Қаз дауысты Қазыбек биге келіп даттайды. Қазыбек таң қалып, сынау үшін Ақбалық сұлудың құрым үйіне келіп түседі. Қозыбақ қойын жусатып тастап, үйіне түскі дәмге отырған екен.

Қазыбек би Ақбалық сұлуды қағытып:

- Қарындас, мәнді сөзден мән шығады. Беймәнді сөзден не мән шығады? Жапалақ үйрек іліпті, өйткенмен онан не мән шығады?- дегенде, Ақбалық мүдірмей:

- Рас айтасыз, мәнді сөздің мәнісі бар. Беймәнді сөздің не мәнісі бар? Жапалақ үйрек ілгенге таңырқайсыз, оның енді бір қоңыр қаздан дәмесі бар! - депті.

Қазыбек қыздың қойшыны сүйгеніне көзі жетіп, намысқой ақсақалдарға:

- «Байлық - мұрат емес, кедейлік - ұят емес», «Атадан алтау тудым,- деп жалғызға жапа көрсетпе!» - деген, қосағымен көгерсін! - деп бата беріп, басына үй тіккізіп, алдына енші бөліп бергізіпті.

ҚАЗЫБЕКТІҢ: «ТӘҢІРІ АЛДЫНА БАРҒАНДА» СӨЗІНІҢ ӘСЕРІ Үш жүздің орталығы Ұлытау деген жерде үйі жүздің басын қосқан бір үлкен ас болыпты. Ұлы жүздің: Сиқым, Жаныс деген екі тап жігіттері, Арғынның бір жігітінің мініп жүрген ер тоқымына өте қызығады. Төле биге келіп ақылдасады. Сонда Төле би былай деп ақыл береді:

- 15-20 жігітпен бар да: «Мынау менің былтырғы жоғалған тұлпарымның үстінде кеткен менің ерім!» - деп, менің алдыма сүйретіп алып кел. Мен бір-ақ ауызбен бұйырып берейін! - депті.

Айтқанындай барып, Арғынның жігітін Төле бидің алдына сүйретіп алып келіп:

- Ерімді танып алдым, енді тұлпарымды алып бер! - деп, арыз қылыпты.

Сонда Төле би аудара қарап, ақтара сұрап:

- Көзі бар еріңді өзің ал, көзі жоқ тұлпарың салауат! - деп, төрелік қылыпты.

Арғынның жігіті қарап жүріп, ұры атағын алып, ер тоқымнан айрылып, атын жаяу жетелеп, болған оқиғаны Қазыбекке келіп айтыпты. Қазыбек Төле бидің отырған үйіне келіпті. Келсе, Төле бидің жанында бірге жүріп, бірге тұратын тәуірлерінің бірсыпырасы сол үйде ерді бірінен соң бірі алып көріп отыр екен дейді. Сонда Қазыбек:

- Бұл немене көріп отырғандарың? Маған берші, мен де көрейін,- депті.

Күміс ерді қолына алып, айналдырып қарап отырып, Қазыбек:

- Қапталың - қайың, қасың шұбар,

Қалмен бет қосқан бір ерсің!
Үйсінге ие Төле би,
Бұл ерге қайтіп тиерсің?!
Сиқым, Жаныс екі топ,

Бір ерге қайтіп мінерсің?!
Бұл мінезбен Үйсінді
Бір төбеге үйерсің!
Бұл мінезден қайтпасаң,

Тәңірі алдына барғанда,
Қалменіңмен күйерсің! - депті.
Сонда Төле би:

- Мынау ақымақтар ақымақ болып жүргенге: «Қайтер екен?»- деп, мен бір сөзді ойнап айта салып едім, ерді иесіне беріңдер! - депті.

ҚАЗЫБЕКТІҢ 3 СҰРАҚҚА ЖАУАБЫ:

Ел шетінен бір қарт ақсақал келіп, Қазыбектен үш сұрақ сұрапты. Бірінші сұрағы: «Жақында не жақын?»

Қазыбектің жауабы:

- Тату болса, ағайын жақын. Ақылшы болса, ағаң жақын. Бауырмал болса, інің жақын. Инабатты болса, келінің жақын. Адал асын алдыңа тартқан қимас жақын. Қарындасың, сыбайлас болса, нағашың жақын. Адал болса, досың жақын. Еркелеткен немерең жақын, өз ұрпағың шөберең жақын. Жас кезіңнен жан серігің - бәрінен де әйелің жақын!- депті.

Екінші сұрағы: «Қымбатта не қымбат?». Екінші сұрағының жауабы:

- Алтын ұяң - отауың қымбат, мейірімді апаң қымбат. Құт-береке - атаң қымбат, аймалаған - анаң қымбат, асқар таудай әкең қымбат. Туып-өскен елің қымбат, кіндік кескен жерің қымбат. Ұят пенен ар қымбат. Бәрінен де осының - өзің сүйген жар қымбат!

Үшінші сұрағы: «Дүниеде не қиын?». Қазыбектің жауабы:

- Арадан шыққан жау қиын,

Таусылмаған дау қиын,
Шанышқылаған сөз қиын!
Дәл осындай жағдайда
Пана болмас оз ойың.

Жазылмаса, дерт қиын,
Іске аспаған серт қиын,
Ақылыңнан адасып,
Өзің түскен өрт қиын!

Тентек болса, ұл қиын,
Не істеріңді білмей,
Ашиды-ау сонда бас-миың!

ҚАЗЫБЕКТІҢ ҚАРТАЙҒАН ШАҒЫНДАҒЫ СӨЗІ

Асқар тау төбе болар тас кеткен соң,
Жақсы ауыл ұры болар бас кеткен соң.
Қадірі бәйбішенің бола бермес,
Қолынан қара саба ас кеткен соң.

Ақсақал төрде отырып не болады,
Кейінгіден: «Тыныш отыр!»- деген сөз жеткен соң?!
Ер жігіт мырза болып не болады,
Қолдан - дәулет, басынан бақ кеткен соң?!

Ханның сөзін қабылдау бола бермес,
Басынан - тәж, астынан тақ кеткен соң!
Әкеден бала безер күн болады,
Қуат кетіп, алпысқа жас жеткен соң!

ҚАЗЫБЕКТІҢ ҚАСТАНДЫҚТАН АМАН ҚАЛҒАНЫ

Атасы - Қаракемпір: Қосым жорға, Жалықпас, Ханбертіс - үшеуі күнінде Қазыбекті өлтірмек болады. Мұны қарындасы Мәлике сезеді де, Қазыбекке:

- Барма!- дейді. Қазыбек:

- Олардан қорқып, үйде тығылып отырып, жан сақтай алмайсың! Не де болса, тәуекел, барамын! - деп,киіне бастайды.

Мәлике ағасының көйлегінің сыртынан сауыт кигізеді. Қазыбектің Бөдене деген батыр інісі бар екен, ол жол жүріп кеткен екен. «Бөдене жоқта өлтіріп тастайық!» - десіп, үшеуі ақылдасып, Қазыбекті шақыртады. Қазыбек іркілмей барады. Сәлемдесіп,біраз әңгімелескеннен кейін Қосым жорға:

- Ананы айттық, мынаны айттық, бағанағыны қайттік?- дегенде, Ханбертіс Қазыбекті бас салып, үстіне міне түседі.Үшеуі жабылып, Қазыбекті жұлмалап жатқызады. Сыртта тұрған біреу айқай салып:

- Бір шаң шығып, біреу келе жатыр!- деп, хабарлайды.

Үшеуі тұра қашады. Бөдене екен. Қашып бара жатқан Ханбертісті көріп:

- Атын атайын ба, өзін атайын ба?- дейді Қазыбекке.

Қазыбек:

- Қан төгіп қайтесің, атын ат!- дейді.

Атын атып өлтіреді, Ханбертіс қашып, Ташкентке кетеді. Екі-үш жыл өткеннен кейін 250 ақ байтал (ақпартал) беріп, сатып алған ақ сәукелені айыпқа беріп, Қазыбектің аяғына жығылады.

ҚАЗЫБЕКТІҢ СОҢҒЫ БІР ТІЛЕГІ

Қаз дауысты Қазыбек қартайып, жүгі (жүзге) жетіп өлген екен. Далбада Қарағайлы бұлақты қыстап қалып, қыс ішінде өзінен күдер үзген соң, ел-жұртын шақырта кісі жіберсе, Бекболаттан басқа кісі келе қоймапты. Сонда арман қалған екен:

- «Бауырдың өті күйерлік, қатынның көті күйерлік» - күнде өлмеген соң, күл төбеде қалған кәрі саулықтың жемтігі есебінде қалдым-ау!- деген.

БАЙДАЛЫ ШЕШЕН

БАЙДАЛЫНЫҢ КҮЙЕУІН МЕНСІНБЕГЕНГЕ ТӨРЕЛІГІ

Ұлы жүз: Үйсінде бір қыз өз күйеуін менсінбеген турасында.

Үйсін Төле би Кіші жүзде Алшын Әйтеке биге айдапты: «Жүзі басқа елге барып бітіңдер!» - деп. Алшын Әйтеке би Орта жүзде: Қозған Тайтеке биге айдапты. Тайтеке би Қуандық: Байдалы биге айдапты. Сонда Байдалы би бәрінен жасы кіші, он жеті жасар күні екен. Бұрынғы заманда жасы үлкен ақсақалдары: «Жасы кіші, жаңа талап, жау жүрек» - деп, жас биге айдайды екен. Байдалы бидің берген төресі - күйеуге «ер қаруы - бес қаруды» асындырып:

- Жайдақ атқа қарғып мініңдер!- депті,- Ер қаруы бес қаруды асынып, жайдақ атқа қарғып мінуге жараса, қатынға бай болуға жарайды. Қызды еркіне қоя бермей, еріксіз байлап беріңдер!- депті.

- Ер қаруы - бес қаруды асынып, жайдақ атқа қарғып міне алмаса, ондай жаман қатынға бай болуға жарай ма? Айырып қызды теңіне қосыңдар! Мал салауат, жаман, жарамсыз балаға, баланың әл-қуатын білмей, сынамай, жасында қалың берген оған әке өзі виноват,-депті.

БАЙДАЛЫ ЖӘНЕ АЙҒАНЫМ

(БІРІНШІ НҰСҚА)

Қуандықтан шыққан Байдалы би Абылай ханның Уәлихан деген баласы өлді дегенді естіп: «Өліге бата, тіріге көңіл айтамын!»- деп барғанда, Уәли ханның ханымы Айғаным:

- Түсіріп алып келіңдер!- дегенде:

- Ханым өзі шығып, көріспесе, түспеймін!- деген соң, ханым өзі шыққанда, ханымға құшақтасып, көрісіп тұрып айтқаны:

Ер қартайды, мал тайды,
Екеуледің, Айғаным,
Қатын шайпау, ұл тентек,
Төртеуледің, Айғаным!

Ат арыды, тон тозды,
Жұрт билеген жақсыдан
Жұртқа қайтқан ит озды,
Алтауладың, Айғаным!

Етік тозды, ұлтан жоқ,
Қадір білер сұлтан жоқ
Сегіз болдың, Айғаным!
Кәріптік қатты, жан тәтті,

Тап он болдың, Айғаным!
Сонда ханым:

- Бір бай ініңіз бар деп еді, қараспай ма?- депті.

- Ой, ханым-ай, інідегі мал - індегі мал. Ін түбіне қолым жете ме?- депті.

- Бір бай балаңыз бар деп еді ғой, о да қараспай ма? - депті.

- Ой, ханым-ай, баладағы мал - даладағы мал. Даладағы малға шалдың шамасы қанша?-депті.

Жүрерінде:

- Көңілге алғаныңыз бар ма, қалағаныңыз бар ма?- дегенде:

- Ой, ханым-ай, саған мен тамыр болғалы қолқа сала келді дейсің бе? Ханның тері сіңген,тебінгісі тигенін берсең де, болады, - депті.

Ханның қамқа тонын кигізіп, ханның өзі мініп жүретұғын жұртқа танымал атын мінгізіп қайтарған екен.

Байдалы бидің сонда айтқаны:

- Өлі аруақты тіргіздің (тірілттің),

Тірі аруақты күлгіздің.
Жұдалының жұрнағы,
Асыл ханның ұрпағы
Екеніңді білгіздің!

Ханнан қалған қамқа тон,
Иініме жауып кигіздің.
Жазығы айуан жануар
Сауырысында қалы бар,

Ханнан басқа мінбеген,
Керторыға мінгіздің!

БАЙДАЛЫ ЖӘНЕ АЙҒАНЫМ

(ЕКІНШІ НҰСҚА)

Бұл Байдалы би қартайғанда, нашар, малы аздау болыпты. Батбұқа дейтұғын бай інісі болыпты. Және бәйбіше қатынының баласы еншісі басқа бай болыпты. Бір інісі, бір баласы - бұл кісіге қараспапты. Байдалы би қартайған кезінде Уәли ханның ханымы Айғанымға амандасамын деп келіп, сөйлес қылған соң, ханым:

- Түсіріп алып келіңдер!- депті.

- Ханым өзі шықпаса, түспеймін,- деп, ат үстінде тұрыпты.

Сонан соң ханым жанат ішігін жамылып, далаға шыққан соң, Байдалы би аттан түсіп, ханымға көрісіп тұрғанда, айтқаны дейді:

- Ер қартайды, мал қайтты,

Екеуледің, Айғаным.
Қатын шайпау, ұл тентек,
Төртеуледің, Айғаным.
Ат арыды, тон тозды,

Жұрт билеген жақсыдан
Жұртқа қайтқан ит озды,
Алтауладың, Айғаным.
Етік тозды, ұлтан жоқ,

Қадір білер сұлтан жоқ,
Сегіз болдың, Айғаным.

- Ғаріплік қатты, жан тәтті,

Дәл он болдың, Айғаным!- дейді.
Сонда Айғаным ханым айтыпты:

- Бір малды, ауқатты балаңыз бар деп еді ғой, қараспай ма?- депті.

- Уай, ханым-ай, баладағы мал даладағы мал, даладағы малға шалдың әлі жете ме?-депті.

- Бір малды, ауқатты бай ініңіз бар деп еді ғой, ол қараспай ма?- депті.

- Уай, ханымжан-ай, інідегі мал - індегі мал, ін түбіне қолыма жете ме? - депті.

Сонда ханым үйге кіргізіп күтіп, сыйлап, аттанарға келгенде:

- Көңіліңізге алғаныңыз бар ма?- депті.

- Уай, ханымжан-ай, мен қолқа сұрай келген тамыр ма? Ханның тері сіңгенін берсең, тебінгісі тигенін берсең болад-дағы, - депті.

- Ханның тері көп сіңген бір киімі бар еді. Оның сілкіп киер жағасы жоқ еді. Тебінгісі көп тиген бір аты бар еді, басып мінер құлағы жоқ еді. Жағалы киімді сілкіп киюден, құлақты асауды құлағынан басып мінуден өзіңіз де қалған екенсіз. Бірін мініңіз де, бірін киіңіз, - деп, ханның өзінен қалған қамқа тонды кигізіп, Сырғанақбоз дейтұғын кәрі жорғасын мінгізіп қайтарды дейді. «Бәрі қартайса да, бір қойлық әлі болады»- деген осы сабазыңның шаң берген жері. Қайдан шаң берді?!

Осы Байдалы өр найманы көк етікті Тілеубердіге барып келе жатып, Шідерті деген өзеннің бойында Жаманшат деген жерде ауырып өліпті. Жолдастарына айтыпты: Менің сүйегімді елге алып барамын деп сүйремеңдер! Осы жерге қойыңдар! Ендігі жылы ауылым басыма келіп ас берсін! Менің асыма шығындамас: «Байдалы биге ас береміз»-деп, елдің алдымен олар келгенде, бұл жақтағы Сүйіндіктің малына індет тиер. Өзі өліп жатқан малды аясын ба: «Бидің сыбағасы» - деп, ошаққа алып келіп тастай берер. Соның өзімен ас болар, - дейді.

- Айтқанындай-ақ: «Байдалы биге ас береміз!»- деп, бұл жағынан Қуандық келгенде,бұл жағынан жайлауға көшкен Сүйіндіктің малына індет тиіп: «Бидің сыбағасы», - деп, арбалап тасыды дейді. Ошақтың басы қан сасып, ас молшылық болды дейді. Бұл күнгеше сол Жаманшат жайлап келген елдің малына індет тиетін болды. Байдалы бидің басына айдап барып, мал сойып түнетсе, тыйылатұғын болды. Өзі айтқан екен:

- Сүйіндіктің індет тиген малына ем болуға жарармын,- деген екен.

ЕДІГЕ БИ

ЕДІГЕНІҢ АЛҒАШҚЫ БИЛІГІ

Ұлы жүз: Үйсін Ошақты деген ел Орта жүзден: Малайсары Жәдігер деген таптан бір Құлназар дегенді өлтірген екен. Сол заманда Ақбура Бөрібай ақын деген айтыпты:

- Ошақты, Құлназарға құн бермексің,

Алты «жақсы»,жүз жылқы пұл бермексің!
Алты «жақсы», жүз жылқы пұл бермесең,
Тұлымды қыз, айдарлы ұл бермексің!
Құлназар келіп өлді ауылыңа,

Ішім оттай күйеді бауырыма.
Алты «жақсы», жүз жылқы құн бермесең,
Есекем таңба басар сауырыңа!

Есенбай, Еспембет деген Малай Жәдігерден шыққан екі батыр екен. Ошақты «Есекесін» керек қылмапты, құлағына да қыстырмапты, кете беріпті. Замандардан заман өткенде, осы құнды жоқтап, 14 жасар күнінде Едіге би атқа мініпті. Арғыннан Едігенің соңынан ерген жүз кісі болып жүріпті. Шу деген өзеннің бойына барып түсіпті. Он кісіге бір үйден - бұларға Ұлы жүз он үй тігіпті. Алшыны бар, Жағалбайлы, Тамасы бар, - бәрі қопарыла келмесе де, Кіші жүзден де басты-басты кісілер келіпті. Алшын: Қаражігіт бар дейді. Бесіннен төмен, намаздыгерден жоғары үш жүздің баласы бас қосып, амандық айтысып отырыпты. Осы құннан басқа үш жүздің баласында бір тоқты даулаған жан жоқ екен деседі. «Әділ бидің елін дау араламайды, // Әділ патшаның елін жау араламайды» - делінген соз осындайдан айтылған ғой. Дау-шар дәнеме айтылған жоқ, амандық-есендік сөйлесіп отырды.

- Намаздыгер болып қалыпты, намаз оқиық! - деп, көп ду түрегелгенде, Ұлы жүздің кісілерінің ішінен ұзын бойлы, нар жүнді шекпенді бір қара кісі түрегеліп тұрып, Орта жүз кісілеріне қарап сөйледі:

- Алты атасын арқалап жүрген бар ма екен, жеті атасын жетелеп жүрген бар ма екен? Алмасың болса, мойным бар, асылың болса, қойным бар. Бұ сөзімді ойлай бер!- деп, аяғын баса бергенде, Едіге:

- Ақсақал, кішкене мойныңызды бұрыңыз! «Кигіз кімдікі болса, білек сонікі. // Ауыз кімдікі болса, сөз сонікі.» Кен шыққан жеріне кайтып сыймайды.Сөз шыққан жеріне қайтып сыймайды. Жарлық өзіңізден болды, жабдық та өзіңізден! - деп, қала беріпті.

Отырған жұрт бірінен-бірі сұрасыпты:

- Әлгі Ұлы жүздің кісі қараларының ішінен сөйлеген кім? - десіп.

Онда танитұғын біреуі:

- Ол - Үйсін: Төле деген би - сол! - депті:

Онда Едіге:

- Үйсін: Төле би сол болса, мен біттім, тындым! - депті.

- Сен қалай біттің? - депті.

- Ертең таң атысымен, алты атаның ұлы Арғынға алты ат бастатқан «тоғыз» жібереді. Төрт атаның Төртуылға – төрт түйе бастатқан «тоғыз» жібереді, оны қылса, қолынан ұстап жалаңаш қыз береді. «Жар құн» деген құн осы болады! - депті.

Едігенің айтқанындай болыпты. «Ер құны есебін тапқан сабазға екі-ақ ауыз екен ғой!» -деп, сондағы көз көргендер сөйлеген екен. Он «тоғыздың» аяқ «тоғызын» Төле бидің өз босағасына тастап, бас «тоғызын» үйде жатқан Бабырдың босағасына байлаған екен. Сонда Бабырдың інісі Құлнияз Едігемен бірге барып, бірге қайтқан екен.

- Бірге барған, бір жүріп,бір тұрған бізге дәнеме де жоқ. Үйде жатса да,үндемесе де Бабыр еңбегі екен-ау дегеннен: «Үндемесе де, Бабыр еңбегі»- деген сөзі мәтел болып қалды.

ЕДІГЕНІҢ ТОҒАСПЕН ҚҰДА БОЛУЫ

(БІРІНШІ НҰСҚА)

Едігенің бала жігіт, жаңа үйленген кезінде үйінің сыртынан он кісі келіп түсе қалды. Шатыр тігіп берді. Және он кісі келіп түсе қалды. Оған да бөлек баспана тігіп берді. Түнде қонақасысын беріп, таң атқан соң, ұйқы қанып, тамағын ішкен соң, би келіп:

- Жол болсын! - деп жөн сұрайды:

- Ұлы жүз: Үйсін Тоғас бидің елінің адамдарымыз. Өзді-өзіміз даулымыз. Дау себебі: ұрыс-төбелес болып, бір қатын бала тастап, соны құрым кигізге тігіп алып, өз еліміздің биі Тоғас биге барып едік:

- Көз таңбалы Арғында Манас би деген бар еді. Соған барыңдар!- деп,бізді бұйрық қылып, Манасқа айдады. Оған келіп едік:

- Қаз дауысты Қазыбек бидің баласы - Бекболат биге барыңдар,- деп, бұлай айдады. Бұған келіп едік:

- Кеше үш жүздің басы қосылғанда, Үйсін Төле менен ердің құнына екі-ақ ауыз сөзбен біткен Едігеге барыңдар!- деп сізге айдады. Жүрген жайымыз - сол! - дейді.

Екі даугерді алдына алдырып, құрым кигізге тігілген баланы кигізін сөктіріп көрсе, түсік екен. Анық бала болған жоқ екен, бас, қол, аяқ - мүшелерден белгі жоқ екен. Ортан қол, сұқ қол сықылды: екі бөлек егіз бала екен.

Сонда Едіге би бұған бұлайша төре берді:

- Мұнда бастайтын бас жоқ екен, көретұғын көз жоқ екен, ұстайтын қол жоқ екен, жүретұғын аяқ жоқ екен. Он екі мүше түгелденген жоқ екен. Бұл адам есебіне қосылмайды. Бұған құн бұйырылмайды. Бірақ ата-бабамыздан қалған сөз бар еді: «Даушы құр қалмайды, жаншы құр қалмайды» - деген. Бұған айып керек. Ұрыс-төбелес болғанлығы үшін, таяқ жеген қатынға жактас болғандарың ат бастатқан «тоғыз» айып тартыңдар. Қатынды ұрғанға жақтасқандарың түйе бастатқан «тоғыз» айып тартыңдар. Бір «тоғызды»Тоғас бидің босағасына байлаңдар. Бір «тоғызды» Манас бидің босағасына байлаңдар! Бекболат пен екеуімізге бітіріп қайтарған абырой да болады!- дейді.

Екі жағы да риза болып, бұл сөзді Бекболатқа барып айтты.

О да: «Пәлі!» - дейді. Манас биге барып айтты. О да: «Пәлі!» - дейді. Тоғас биге барды. О да: «Пәлі!»- дейді. Тоғас би Едігенің сөзіне риза болғандықтан, қыс ішінде он жігіт жіберді:

- Едігенің қызы болса, құда түсіп келіңдер! Егер қызы жоқ болса, еркек баласына бізден қыз айттырсын! Құдалыққа шақырып келіңдер!- деп.

Қыс ішінде он жігіт келді. Едіге биде қыз жоқ екен. Қиғара деген ұлы бар екен. Соған Тоғас бидің Нақ деген қызын атастырып: «Жаз шыққан соң, елдің жайлауы, биенің байлауына қарсы келіп, құда түсіп қайтыңыз!» - деп, шақырып қайтты.Бұлардың жолы құр болмасын деп, он кісіге он ат, он құлын терісі – қара жарғақ кигізіп қайтарды. Жарқырап жаз шыққан соң, күркіреп көк шыққан соң, Едіге би бірнеше адамдармен Тоғас бидің еліне барса, Тоғас бидің елі бір аққан өзен судың бойында екен. Екі жарқабақ өткелсіз су екен. Ине шаншар бос жер жоқ болып, өзенге сыңыса ел қонған екен. Азан-қазан, қым-қуыт, шым-шуыт болып шулап жатқан бір ел. Таң-тамаша қалып, Тоғас бидің үйінің сыртына келіп түсті. Тоғас би келіп көрісіп, амандық айтысып болған соң:

- Бұл у-шу, аласапыран, жаңғырыққан немене?- дейді.

Тоғас би:

- Оның мәнісі бар,- дейді:- Кәрі қатты Жәңгір хан деген ханымыз бар еді. Соның жалғыз баласы бар еді. Сол жалғыз баланың өлгеніне бүгін сегіз күн болды. Жалғыз баласы өлген соң, хан елге жарлық қылды:

- Төрт түлік малдың енесін судың бір жағына қойып, баласын бір жағына қойыңдар! Қозыны қойға жамыратпаңдар, бұзауды - сиырға, құлынды - биеге, ботаны - түйеге! Мен қандай аңырасам, жан-жануар, хайуан да мендей аңырап, зарлансын! - деп.

Сол жарлық бойынша бүгін сегіз күн болды төрт түлік малдың баласы енесіне жамырамағалы! Мал шулап, азан-қазан болып тұрған соң, халықта не тыныштық, не құзыр болсын?! Хан өзі сонан бері дым сызған жоқ. Төсектен басын көтерген жоқ, теріс қарап жатып алған бойымен жатыр. Ешбір жанның сөзі құлағына да кірмейді, дес те бермейді. Еліміздің қым-қуыт, шым-шуыт, у-шу болып тұрған мәнісі - сол!- дейді.

- Ханның өзі Құдайға құл, Мұхаммедке үмбет пе?- дейді.

- Құдайға құл, Мұхаммедке үмбет, - дейді.

- Ендеше ертең оныңның басын төсектен шошығандай қылып, көтертейін мен! - дейді.

- «Оңалар істің басына, // Жақсы келер қасына»,- дегендей, жақсы келдіңіз! Бүгін қонағасыңызды жеп, тынығып жайланыңыз. Ертең сізді алып, ханның ордасына барайық,-дейді.

Бұл түн жатып, таң атқан соң, Тоғас би Едігені ертіп, ханның ордасына барды. Қазақ дәстүрінше:

- Алдияр! - деп, ашық қылып, сәлем беріп, өз білгендерінше бата қылысып отырды.

Хан басын көтеріп бұларға қарамады да, дес те бермеді. Сонда Едіге шарт жүгініп отырып сөз бастады:

Ақ сұңқар ұшты ұядан,
Қол жетпейтін қиядан.
Тұяғы бүтін тұлпар жоқ,
Қияғы бүтін сұңқар жоқ.

Тұлпардың тұяғы,
Тасқа байласа, кетіледі,
Суға байласа, жетіледі.
Алтын қоңырау үзіліп жерге түсті.

Құс маңдайлы, жез таңдайлы
Бір тұйғын балақ бауын үзіп, тұғырынан ұшты.
Құдайдың саған бір жабдығы түсті.
Мойының жуан, көтересің!

Көтермегенмен, амалың бар ма?!
Оны алған Құдайдың әмірі күшті!
Көтер, хан басыңды!
Босатпа беліңді,

Мұңайтпа еліңді!
«Тозбасты ұста соқпайды,
Өлместі құдай жаратпайды» - деген! –

дегенде, хан басын төсектен жұлып алғандай, көтеріп, Едігеге ежірейіп қарап, қадала қалды. Біраздан соң:

- «Кез таңбалы Арғында Едіге деген бір жас бала бар»,- деп, естуші едім. Солмысың, жоқ басқа біреумісің? Айнам, жөніңді айтшы?!- дейді.

- Болсақ болармыз, - дейді.

- Айтқан аузыңнан да айналайын, сені көтеріп тапқан қатыннан да айналайын! Балам өлгелі сегіз күн болып еді,осындай бір ауыз сөз айтып, көңіліме тигізген жан жоқ еді. Балам тірілгендей, көңілім тірілді менің! Осы қайғым қайтсем кетеді, не қылсам мұнан құтыламын? Менің қайғымды кетіріп, орнымнан біржолата тұрғызып кете гөр, шырағым!-дейді.

- Сенің бұл қайғың жиылған көптің тобында қалады, атылған мылтықтың оғында қалады. Қыран кұстың қияғында қалады, жүйрік аттың тұяғында қалады. Аққан судың бойында қалады. Сұлу қатынның қойнында қалады.Өлім деген, шіркін, өрт емес пе?Оны сөндіретін ойын-күлкі, сауық, көңіл көтеру емес пе?! «Ит құйрығын өзі алып жүрмесе, оның құйрығын кім көтеріп жүреді?!»- деген сөз бар емес пе?- дегенде, хан төсегінен ұшып түрегеліп:

- Өшкенім өніп, сөнгенім жанғандай,өлгенім тірілгендей болды ғой! - деп, малды жамыраттырып, дүниенің жүзін шаңдаттырып, қыран кұс, жүйрік ат, түзу мылтық жинаттырып, той-тамашалар қылдырып, Тоғастың киітінен ханның сыйыты асып кетті дейді. «Өнер алды - қызыл тіл» - деген осы.

Сол Тоғас бидің қызы Нақты қыс ішінде ұзатқан екен. Тоғас бидің өзі қызын: «Едіге бидің үйіне ертіп алып барып, аман-есен құтты жеріне қондырып қайтамын!»- деп,бірге ере жүріп келе жатып, жолда қонып түстенген жерде қыз бен күйеуі отырған күркеге кіріп келсе, күйеу келіншегінің екі аяғын койнына салып жылытып отыр екен. Соны көріпті де:

- Ұрғашыдан құны төмен неме екен. Бұған еріп барып мен не абырой табамын?! - деп, күйеуінің мінезіне өкпелеп, сол жерден кайтып кетіпті.

- Нақтан туған Шаржау жалғыз, онан Добан мырза жалғыз туған екен. Қатынына қызығып, Шоң бидің тоқалының баласы Қорабай деген Ерейменнің бауырында, Қарасеңгір деген жерде Кешубай жартастың Қарасуына мойнына шылбыр салып, терең суға тастап өлтіріп, қатынын алған, өзін Ереймен ішінде көлдің басына қойған. «Үш мырзаның көлі» атанған: Төкі, Шүркен, Добан - үшеуі бір жерде.

Бұл үшеуі: Добаннан - Қамин, Қарақыз, Сайділда. Тоғас бидің өзі екен: Нақтан туған Шаржау жалғыз. Шаржаудың бәйбішесінен Добан жалғыз, тоқалынан Үмбет, Мәмбет молда. Мұнан - Садуақас. Төкі - Шоңның бел баласы. Шүркен - Ақынбайдың тұңғышы. Добан - Шаржау баласы, Қиғара немересі - үшеуі қыршын жастай өлген.

ЕДІГЕНІҢ ТОҒАСПЕН ҚҰДА БОЛУЫ

(ЕКІНШІ НҰСҚА)

Едіге би Жақсыдалбада Қарағайлы бұлақта отырған күнінде үйінің сыртына он жолаушы келіп түсе қалыпты. Ол заманда киіз үймен қыстап шығатұғын күн, үй сыртынан күрке тіктіріп беріпті. Оның артынан іле он кісі түсе қалыпты, оған да күрке тіктіріп беріпті. Қонағасыларын беріп, ертең таң атқан соң, бәрін үйге шақырып, құрт жылыттырып беріп отырып, жүрген-тұрған жөн-жобасын сұрапты. Сөйтсе, олар:

- Ұлы жүз: Үйсін Тоғас бидің елінің кісісіміз,- десіпті.

- Өз ұлтымыздан, ағайын арасынан бір ұрыс-төбелес болып, бір қатын бала тастады. Өз ортамыздағы биіміз Тоғас би: «Ағайын бірің оң көзімсің, бірің сол көзімсің: мен қанша түзу айттым дегенмен, жығылған жағың өкпелі боларсың! Көз таңбалы Арғында Манас би деген би бар, соған барыңдар!- деп, солай айдады.Ол Манас би: «Қаз дауысты Қазыбектің баласы - Бекболатқа барыңдар!» - деп, оған айдады. Ол Бекболат: «Үш жүзге үлгі айтқан Үйсін: Төле би жалғыз ауыз сөзіне риза (ырза) болып, барған жолына он «тоғыз» байлаған Едігеге барыңдар!»- деп, сізге айдады. Келіп отырған мән-жайымыз сол!- деді.

- Ол қатыннан түскен түсік қайда?- деді.

- Құрым киізге тігіп алып, қанжығамызға байланып жүрміз, - десті.

- Кәне, алып келіңдер, көрейік!- деді.

Тігіп тастаған құрым кигізді алып келіп,сөктіріп, көріпті. Көрсе, екі бөлек сүйек екен, егіз бала екен, бас, қол, аяқ - он екі мүшеден бір мүше жоқ, сурет бола алмаған екен.

Едіге би сөйлепті:

- Мұнда бастайтын бас жоқ, көретұғын көз жоқ, ұстайтын қол, жүретұғын аяқ жоқ. Кісі есебіне, адам санына қосылған жоқ екен, бұған құн бұйырмайды. Бұрынғы ата-бабамыздан қалған сөз бар еді: «Даушы құр қалмайды, жаншы құр қалмайды»- делінген. Бұл төбелеске екі «тоғыз» айып салу керек. Қатынды ұрған жағың түйе бастатқан «тоғыз» төлеуің керек. Қатынға болысып төбелескен жағың ат бастатқан «тоғыз» айып төлеуің керек. Түйе бастатқан «тоғызды» Тоғас бидің босағасына байлаңдар, ат бастатқан «тоғызды» Манас бидің босағасына байлаңдар! Бекболат пен екеумізге бітіріп қайырған абыройдың өзі олжа болуға толық!- депті.

Бекболатқа барып айтқан, о да: «Пәлі!»- депті, Манасқа барып айтқан екен, о да: «Пәлі!» -депті. Тоғасқа барып айтқан екен, о да: «Пәлі!»- депті. Оның ырза (риза) болғандығы сондай - ақпан мен қаңтар - қыс ішінде он жігіт жіберіпті: «Едігенің қызы болса, айттырып келіңдер. Қызы жоқ болып, ұлы болса, қыз беретұғын болып келіңдер. Өзін қонаққа шақырып келіңдер, «Елдің жайлауы, биенің байлауы болсын!»- деп, тоқтамасын, жарқырап жаз шығысынан, күркіреп көк шығысынан қалмай келсін!» Он жігіт келсе, Едіге қыздарын ор орынға атастырып беріп қойған екен. Алты қыздан соң туған Шоңға да қалың беріп қойған. Шоңға тетесі Қиғара, оған қалың берген жоқ болса керек. Сол Қиғараға Тоғас бидің Нақ деген қызын атастырып қайтты дейді. Едіге би бұл келген он жігітке он қара ат,он қара құлын жарғақ кигізіп қайтарыпты. Жарқырап жаз, күркіреп көк шығысымен: «Ат қара тел (тіл) болды»- десіп, Едіге би аттанып, бірсыпыра кісімен Тоғас бидің еліне барды. Тоғас бидің елі Күркілдек өзенінің бойында отыр екен. Қым-қуыт, шым-шуыт, азан-қазан, у-шу болып жатқан жұрт. Тоғас биге барып түсіп, көріскен соң, елдің ың-жың болып жатқан мән-жайын сұрады.

- Мұның мән-жайы мынау,- деді,- елімізде: «Кәрі қатты Жәңгір хан» атанған ханымыз бар еді. Сол ханымыздың жалғыз баласы жардан құлап, жайрап қалғанына бүгін сегіз күн болды. «Мен қандай зарлап қалған болсам, жан-жануар, мал да, жан да мендей зарласын!» - деп, жаңа туып жатқан жас төлдің енесін өзеннің бір жағына, баласын өзеннің бір жағына қаматып, иіртіп, сегіз күн, сегіз түн болды - мал баласы жамырамағанына! Хан өзі теріс қарап жатып алды. Баласы өлгеннен бері нәр су татқан жоқ, ешбір жанға тіл қатқан жоқ. Елдің осындай күйзеліп тұрғандығы! - деді.

- Ханның өзі Құдайдың құлы, Мұхаммедтің үмбеті ме?! - деді.

- Құдайға құл болмаған, Мұхаммедке үмбет болмаған жан бола ма? - деді.

- Ертең о немеңнің басын, түсінен қорқып оянған жандай, бір көтертейін, мені алып бар!- деді.

- Жарайды, бүгін қонағасыларыңды жеп, жайланып жатыңыз, не болса, ертең көрейік, -десті.

Ертеңгі күннің таңы атып, күні шықты. Астарын ішіп, түннен қалған сарқыттарын жесіп, өздеріне өзі келіп, жайланып, сақадай сайланып, кәрі қатты Жәңгір ханның үйіне барысты. Бұлар саңғырлап сәлем беріп, кіріп еді: «Күндегі көп сәлемнің бірі ғой!» - деп, хан тебіренбей, тырп етпей жата берді. Сонда Едіге шарт жүгініп отырып сөйледі:

Ақ сұңқар ұшты ұядан,
Қол жетпейтін қиядан.
Тұяғы бүтін тұлпар жоқ,
Қияғы бүтін сұңқар жоқ,

Тұлпардың тұяғы
Тасқа байласа, кетіледі,
Суға байласа, жетіледі.
Теректен - бұтақ,

Теңізден - көбік.
Ақ сұңқар әуелеп аспанға ұшты,
Алтын қоңырау үзіліп жерге түсті.
Хан, саған Құдайдың бір жабдығы түсті,

Мойның жуан, көтересің күшті!
Көтермегенмен, қайтесің?!
Оны алған Құдай
Одан да күшті, бұдан да күшті!-

дегенде, хан басын көтеріп, көзін ежірейтіп, Едігеге қадалып қарай қалды:

- «Көз таңбалы Арғында Едіге деген бір жас бала бар» деп естуші едім. Солмысың, басқа біреумісің, өзіңді танытшы! - деді.

- Болсақ, болармыз! - деді.

- Айтқан аузыңнан айналайын, сені көтеріп тапқан қатынның а... нан айналайын! Балам өлгелі бүгін сегіз күн болып еді. Осындай қылып бір жан сөйлеген емес. Сондықтан мен өліп жатыр едім, енді мені тірілттің, тірілттің! Бұрынғылар: «Өшкенің өнсін, өлгенің тірілсін!»- дейді екен. Өшкен өнбек емес, өлген тірілмек емес.«Өшкен өнді, өлген тірілді»-деп, осындай орынға тұрған, көңілге қонған сөзді айтады екен.

Көтере алмай жатқан басымды көтерттің, өзімді біржолата тұрғызып кетсейші! - депті.

Сонда Едіге:
Сенің бұл қайғың:
Жиылған көптің тобында қалады,
Түзу мылтықтың оғында қалады.

Жүйрік аттың тұяғында қалады,
Қыран құстың қияғында қалады.
Жыландай иіріліп,
Құйындай үйіріліп,

Аққан судың бойында қалады.
Ақ маралдай керіліп,
Аяғын бір басуға ерініп,
Ырғала басқан сұлудың қойнында қалады!

Өлім деген, шіркін, өрт емес пе?!
Осы айтылғандар -
Оны сөндіретін су емес пе?!
Ит өз құйрығын өзі көтеріп жүрмесе,

Оның құйрығын кім алып жүрмек?! –дегені -
Адам өз көңілін
Өзі көтеруге керек»- дегені емес пе?!-
дегенде, хан ұшып тұра келіп, сілкініп:

- Менің өшкенім өнді, өлгенім тірілді. Алып кел малды, қыр да, сой. Мен жұртыма беремін зор тамаша той!- деп, «Тоғастың киітінен ханның Едігеге берген сыйыты артық болды!»- дейді.

Сол Тоғас би Нақты кемеліне келтіріп, ырғап-жырғап, қыс ішінде ұзатқан екен.

- Құдағиымды көріп қайтамын,- деп, Тоғастың бәйбішесі бірге жүрген екен.

Бір күн[і] құдағиы күйеу мен қызының күркесіне кіріп келсе, күйеу пақыр қалыңдығының аяғын қойнына салып жылытып отыр екен.

- Ұрғашыдан құны кем неме екен ғой, мынаған еріп еліне барғанмен де, көп жаманның бірі болып кетермін!- деп, өкпелеп, сол жерден еліне қайтып кетіпті.

Әуел Едіге, Орта Едіге, Ақыр Едіге,- үш Едігенің бірі болған Едіге би - осы кісі. Әлі осы күнге шейін: «Едігенің майлы жұрты»,- дейді. Бұл кісі Жиделібайсын барып, Хасар Күлептен келе жатып, Бұхарай Шәріпте бір мешітте намаз артынан бата қылғанда, қолын жеңінен шығармай, бата қылыпты. Сонда мешіттің имам молдасы:

- Биеке, бата қылғанда, қолыңызды жеңіңізден шығарып бата қылыңыз, құдайдың рахметі жауады!- депті. Онда Едіге айтыпты:

- Әуелі рахмет қайдан келеді?- депті.

- Жеті қабат көктен келеді,- депті.

- Жеті қабат көктен өте ала ма?- депті.

- Өтеді,- депті.

- Там үйдің төбесінен өте ме? - депті.

- Өтеді,- депті.

- Жеті қабат көктен өтіп келген рахмет, там үйдің төбесін сылап тастаған балшық пен тақтайдан өткен рахмет екі қабат шүберектен ете алмайды дегенге кім нанады?!- депті. Молда дәнеме айта алмапты. «Сөз тапқанға қолқа жоқ» деген - осы.

ЕДІГЕНІҢ КӨРГЕН ТҮСІ

(БІРІНШІ НҰСҚА)

Едіге бидің балалары қатынының бойына бітерде көрген түсі: 1. «Шоң биде қара бүркіт ұстадым. Жемсауы үлкен: әр түрлі аңның бәріне салып едім. Жемін екі қанатымен бүркеп отырып жеді. Парақор болар!»- деген екен. 2. «Қиғара туарда қырғауылдың қоразын ұстадым, мал баққаннан басқаға жарамас»-деген екен. 3. «Шорманда (Сарманда) тот басқан темір қылыш тауып алдым. Оның тотын кетіріп, іске жаратамын дегенше, кім бар, кім жоқ?!»- деген екен. 4. «Торайғырда сұңқар ұстадым: айдын шалқар көлдің бір шетінен кірді, бір шетінен шықты. Алған құсын бір шоқымады, табанымен басып, кекжиді де отырды. Адамның сұңқары болар!»- деген екен. 5. «Қосдәулетте ұстағаным қаршыға еді, артынан кешікпей жапалақ болып кетті»- деген екен.

ЕДІГЕНІҢ КӨРГЕН ТҮСІ

(ЕКІНШІ НҰСҚА)

Едіге би Борсық бәйбішеге бейсенбі, жұмасыз күні қойнына жатпайды екен. Қойнына жатқан соң, таһаратын алып, төсегінің үстінде қыбылаға қарап отырып ұйықтайды екен. Борсық бәйбіше әуелі бес қыз тапқан екен. Сонда бір күн жұма (жымға) ақшамында Едіге би бәйбішесіне:

- Тұршы, таһарат ал,- деп, таһарат алған соң, бәйбішесінің қойнына жатып,- сенің ішіңде бір нәрсе бар ма?- депті.

- Бар болса, қыз-дағы,- депті.

- Жоқ, қыз емес, түс көрдім, бір қара бүркіт уыстап ұстадым. Неше түрлі аңның бәріне салып едім, алмаған аңы болмады. Алған аңын айыртпады, екі қанатымен бүркеп жеп отырды. Жемсауы мейлінше зор екен, балақ жүні тұғырын жауып кетті.

Шоң бидің өткен жылы - қой жылы екен. Жетпіс екі жыл болады өлгеніне. «Қу мешін» деген жұт болды. Онан бұрын Арқада жұт болмайды екен. Азнабайдың жеті мыңы сонда -Өлеңті, Шідертінің арасында қырылды.

ЕДІГЕНІҢ КӨРГЕН ТҮСІ

(ҮШІНШІ НҰСҚА)

Бұрынғылардың қандай жан екендігін қасында жүрмесең де, мен сөйлесем, танисың! Ол заманда қожа, молда жоқ: «Ораза жоқ, намаз жоқ, // «Құдай» - деген жанбыз!»- деп жүре береді. Едіге би өмір бойынша шарт жүгініп отырады екен. Малдас құрып отыруды, жантайып жатуды білмейді екен, басын жастыққа тигізбейді екен. Түн қараңғы, түндік жабулы болса, төрдің алдына құбылаға қарап отырады екен де, қояды екен. Қатынына дауам бейсенбіден жұмаға қараған түнде құсша шағылысады екен. Жұмысы біткен соң, суға шомылып алып, төр алдына құбылаға қарап, шарт жүгініп отырысынан жазбайды екен. Қатыны - Борсық бәйбіше - Кіші жүз қызы екен. Жүремете ұдайымен алты қыз тапқан екен. Бір күн Едіге - отырыста отырған кісі, өзі төр алдында отырып, төсекте жатқан қатынына:

- Қатын, дәреттенші! - депті. Ол сөзінің мәнісі - жұмысқа кірісерде қатынын суға шомылдырып алып, сонан соң кимылдаға[нды] бастайды екен.

Қатыны жақтырмай:

- Қойшы, арман! А...ын ырбитып, қыз итті таба бергеннен не түседі?- депті.

- Ит, былшылдама! Тұр деген соң, бол деген соң, бол, жылдам, дәреттен! Жап-жаңа бір қара бүркіт ұстадым. Балақ жүні тұғырды жауып кетті, жемсауы мейлінше зор. Салмаған да аңым болмады,алмаған да аңым болмады. Екі қанатын бүркеп алып, алған аңын бір айыртпады.Өзі би болар, өзі парақор болар. Заманындағы адамның толық дөкей ірісі болар. Үбірлі-шүбірлі болып, арты өсіп, өнер!- деп, қатынына жатқан екен де, қатыны ер ұл тауып:«Бұл шоң болар!»- деп, атын «Шоң» қойған екен. «Шоң» - қырғыз тілі болса керек. Кәдуілгі (қадуылғы) атағы шыққан Шоң - Торайғырдың Шоңы.

Екінші дәреттенгенде:

- Бір қырғауылдың қоразын ұстап алдым. Қой бітіп, қотан иесі болғаннан басқа дәнемеге жарамас!- депті. Онысы - Қиғара.

Үшінші:

- Дәреттен,- дегенде,- тот басқан қылыш тауып алдым. Тұқымынан ұста шығар.Атын кісі білмесе, кісі білерлік жан шыға қоймас!- деген екен. Онысы Сарман болыпты

Төртінші дәреттенгенде:

- Бір сұңқар ұстадым. Бір көлден бір үйрек ұшырмады. Және алған үйрегін бір шоқымады. Адамның сұңқары болып туар!- депті.

Бұл айтқаны Торайғыр болып шықты.

Бесінші: «Дәреттен,- дегенде,- қаршыға деп қызығып ұстап едім, жапалақ болып кетті ме, немене? «Би баласымыз» дегеннен басқа, түк кеспес!- деген екен. Бұл айтқаны -Құсдәулет болып шығыпты, - деген екен.

ЕДІГЕНІҢ СОҢҒЫ БИЛІГІ

Күлік: Шобалай баласы Жаңабатыр бидің бес көкала бас атаны жоғалыпты. Айдаболдан шыққан Олжабай батыр Жаңабатырдан қолқа қылып сұрапты: - Осы бес көкала бас атанды: «Қонақ таңдап қонады, // Ұры басынып ұрлайды»,- деген. Кім ұрласа да, басынып ұрлады. Мен жоқшы болайын, шығарып келейін!- деп. Рұқсат (ұлықсат) беріпті. Олжабайдың іздегені бүліншілік қой. Аттанып шыққан соң, жай келе ме, Қаракесек: Қарсұн-Кернейден «Олжабайлап» тиіп, жылқы алып келіпті. Қарсұн-Керней қай Құдай деген ел, ол түп көтеріле аттанып келіп, Қуандық, Сүйіндіктен: кез келген жерінен жылқы алып, үсті-үстіне барымта, уылтығып-шулығып, ел елдіктен кетуге бет беріп бара жатқан соң, Қуандық, Сүйіндік, Қаракесек болып, бітім-тыным сөйлесу үшін: «Қарсұн-Керней ортасында Жарылғап үстінде бас қосылсын!»- деп, бәтуа байласып, Күліктен - Жаңабатыр, Айдаболдан: Едіге, Олжабай бас қосып, бітім сөйлесуге жүрді дейді. Мал жоғалтқан - Жаңабатыр, жылқы алып, бүлік бастаған - Олжабай. Олжабайдың жала жапқан кісісі - Қарсын-Керней: Жарылғап батыр болса керек. Бұл Жарылғап Қарсұн-Кернейдің Кернейінен - Даушаң. Бұл Даушаңның ұрпағы күні бүгінге шейін дау-шаңсыз отырмайды. Даудың бәйбішесінен - Қалқаман, тоқалынан - Балта, Төйте. Сол Төйтенің бел баласы - Жарылғап: Бай Жарылғап, би Жарылғап, батыр Жарылғап заманында үштің біріне қосылған дөкей ірі кісі болған. Қанжығалы: Бөгенбай батырмен құда болып, мұның Борсылдақ деген кіші қызын тұңғышы Қырбасқа алып беріп, онан Байсейіт жалғыз туады. Жарылғапқа барып түсті.«Аққа мал төлемейтұғын, // Қараға жан бермейтұғын»- деген байдың өзі, // «Көк шолақтың көзі.» «Ұзыннан ұзақ таусылмайтын сөз көп, берерлік бөз жоқ»- Қаржас: «Айту-байту» атанған шешенді алып барған екен. Оған Жарылғап оңайлықпен сөз бере қоя ма? Жолаушылар «Сасық қамал» боп, жалығарлық болыпты. Отырған қара бұқара өзді-өзімен сөйлесіп отырғанда, көлденеңнен бір төрт жолаушы ат үстінде қақиып тұрды. Тұрған жаннан бір жан барып, оларға тіл қағысқан жоқ. Бір мезгілде төрт жолаушының бірі:

- Асқар тау, сенде бір мін бар: асуыңа бермейсің!

Аққан су, сенде бір мін бар: кешуіңе бермейсің?!
Едіге, сенде мін бар: көпке тізгін неге бермейсің?!
Жарылғап, сенде бір мін бар: көлденең неге бермейсің?! –
деп, жүре берді дейді.

Отырғандар: «Бұлардың кім екенін біліп қалайық!» - десіп, жүгіріп барып, жөн сұрасып, тіл қағысты дейді. Сөйтсе, ол жолаушылар - Кіші жүз: Алшын Әйтеке бидің баласы Өміртай деген екен.

Сонан соң Едіге көпке тізгін беріпті де, Жарылғап көлденең беріпті.

- Қарсұн-Кернейде бір арам сирақ бар! - десіпті.

- Ендеше соны алдырып көру керек! - дескен соң, алдырыпты.

Сөйтсе, ол өзі атан түйе екен де, өзі сары, өзі кәрі екен. Сонда Едіге:

- Мұның жүнін бояп, сары қылған ғой. Тісін егеп, кәрі қылған ғой!- деп, отырған жұрт:

- Сөз-ақ қой!- деп, шулай қоя беріп, осы сөзді ілік қылып, бітім алған екен.

Едіге оңашаланған соң, айтыпты:

- Енді мен көпке бармаймын! Өмірімде бір ауыз өтірік айтқан емес едім. «Мына ақсақал осы көптің алдында құр қайтса, тауы шағылып, ажары мұқап қалады ғой!»- деп, айтып едім!- депті.

Едіге өмірінде түзде жүргенмен, түз тамағын татпайды екен, үйден алып шыққан азығымен үйіне кайтып түседі екен. Бұл сапарында дау жуырда бітіп тынбай, көп жатып қалғаннан,үйден алып шыққан азық таусылып қалып, қасындағылардан сұрастырыпты. Олжабай батыр:

- Үйден алып шыққан азық менде бар! - депті.Оныкі не үйден алып шыққан азық болсын: «Тамақ жемесе, аштан өліп қалар!»- деп, аяған болғаны ғой. Пісіртіп алып келіп аузына салғанда,тамағынан өтпей тұрып алыпты.

- Қап, ұрдың ғой!- депті.

Тамағы ісіп кетіп, қайтып тамағынан ас әрі қарай жүрмей, үйіне келісімен, өліпті. Құдай рақмет (рахымет) қылсын Едіге Төлебай баласына! Кісі болса, осындай болсын!

МӨҢКЕ

Ноғайлыдан шыққан Мөңке бидің әңгімесі:
Азарсың, жұртым, азарсың,
Азғаныңның белгісі:
Тайпақ-тайпақ көлдерден

Балық шығар деп еді.
Ол балықты аулайтын
Үш ашалы шанышқы
Қайық шығар деп еді.

Қамыс жаққан пенделер
Алып шығар деп еді.
Қамыс жақпас қырсықты
Екі етегі су-бу болып,

Бір жаратқан тәңірге
Налып шығар деп еді.
Жаулықтарын ту қылған,
Ауылдарын шу қылған -

Зайып шығар деп еді.
Оқшантай жоқ, кісе жоқ,
Белбеу шығар деп еді.
Жүгініс жоқ, малдас жоқ,

Көлбеу шығар деп еді.
Заман ақыр адамы
Менмен шығар деп еді.
Үй басына тақ еткен

Келі шығар деп еді.
Келісімен кірпиіп (кіршиіп),
Келін шығар деп еді.
Келін - айғыр, кемпірмен,

Саяқ шығар деп еді.
Бір уысқа толмайтын
Аяқ шығар деп еді.
Қай жақ болса қонысың,

Сол жақ шығар деп еді.
Бұзау, тайынша, танаға
Жүк (иүк) артылар деп еді.
Ағып жатқан дария су

[Бір] тартылар деп еді.
Өзі болған жігітке
Қыз артылар деп еді.
Көкі айы болғанда,

Кемпір күйлер деп еді.
Ендігінің қатыны
Байын билер деп еді.
«Туған байым болар!» - деп,

Аруақ шығар деп еді.
Сол аруақтың ішінен
Ыңғайы жоқ жаманның
Пышағы мен шақпағы,

Қалып шығар деп еді.
Бес қойға алған өгізің
Тегін дерсің деп еді.
Егін егіп, тарының

Сөгін жерсің деп еді.
Жалаң аяқшар иттерін
Бегім дерсің деп еді.
Алысқа деген қамыстан

Үй шығады деп еді.
Сол үйіңнің ішінен
Құрыс жауырын, қой бұтты,
Би шығады деп еді.

Заман ақыр болғанда,
Ат қояндай болады,
Адам құмандай болады... (аяғы жоқ)

БӨЛТІРІК БИ

Ұлы жүз: Үйсін Ошақты, Жалайырдың Жалайырынан Бөлтірік би деген би шығыпты. Мұнымен замандас қырғыздың бір ханы Бөлтірікпен бақ күндес болып, қырғыздан пәлен шешен, түген шешен дегенді алдырып, айтыстыра беретін сықылды. Бір күні қырғыз, қазақтың бас қосқан жиылысында қырғыз, қазақ байлық айтысқанда, Бөлтірік би айтты дейді:

- Қырғыз шіркіннің байлығы ғой, көшкен сайын ошағын жұртына қалдырып көшеді ғой! - депті.

Ол сөзінің мәнісі - қырғыз ошақ алмайды, үш тасты ошақ қылып, қазан асады, көшкенде, ол тасты артып көше ме, жұртта қалмақ қой. Және бір бас қосылған жиылыста:

- Қырғыз, қазақ көптік салыстыр!- дейді.

Сонда бір қырғыз:

- Қазақтан қырғыз көп қой. «Қырғыз көп пе, жұлдыз көп пе?»- делінген сөз бар ғой, -дегенде, Бөлтірік айтыпты:

- Рас, меңдей қара бұлт шықса, жұлдыз енесінің а...на кіріп кеткендей болады. Он қазақ басын қосып аттанса, қырғыз енесінің а...на кіріп кеткендей болады, - депті.

Қырғыздың ханының жалғыз баласы жардан құлап, қаран суалып қалыпты.
Бөлтірік қожа білмес, бықсық байларына:

- Саба жиыңдар, ту бие алып жүріңдер. Ханның баласына бата қылайық, көңіл айтайық!- депті.

Онда байлар:

- Саба жиярмыз, ту бие апарармыз, не деп көңіл айтамыз? Дәнемені білмейміз!-дегенде, Бөлтірік би саба апаратын, ту бие апаратұғын байға:

- Алдымен сен сөйле: «Жазғытұрғы кез, жаманшылық уақ қой, сиіп-тышып бір сабаны әрең толтырып ап келдік!»- де. Хан сөзіңе балқып, сұлап жата кетер. Сонда екінші біреуің айт: «Түйе шіркін мен төре шіркін басы бір қисайған соң, оңа ма?»- де. Оған тете біреуің: «Төре өлмегенмен, көп бола ма? Бірі қалса да, тек бола ма?»- дегейсің,- депті.

Үшеуі үш сөзге ие болып, ұғып алыпты. Көтеріле аттанып барып, сабаны үйге кіргізіп, хан қойған соң саба жиған ит мазаттанып алды:

- Иар, тақсыр, жазғытұрғы уақ, жаманшылық кез ғой, бір сабаны сиіп-тышып әрең толтырып ап келдік!- дегенде, баласы өліп, қаран суалып отырған хан жарылып кете жаздап, құлай кетті дейді. Онымен коймай, екінші біреуі былшылдады: үшінші біреуі тағы сондай. Сонда Бөлтірік би:

- «Аққу құсқа оқ тисе, қанатын суға тигізбес. // Ақсүйекке оқ тисе, қарашыға сырын білдірмес!»- деген. Көтер, хан, басыңды. Мұңайтпа еліңді, бекем бу беліңді! - дегенде, хан күліп жіберіп, басын көтеріп:

- Мына иттерді былшылдатып қойған сен екенсің ғой!- деген екен.

Бөлтірік қырғыздың ханына бір барғанда:

- Тойға баратұғын апайларша ұзынды-қысқалы киініп жүргенің қалай?- деп, қырғыздың ханы күліпті:

Хан күлген соң,үй тола отырған қырғыз бәрі күледі ғой. Сонда Бөлтірік:

- Ой, тақсыр-ай, ұл өскен соң, ұл киеді; қыз өскен соң қыз киеді. Бала-шағамен: «Мен киемін!» - деп,киімге таласайын ба? Бір жаққа барарда солардың киімінің қай қолға түскенін кие саламын: ұзыны болса, қызымдікі, кысқасы болса, ұлымдікі. Ұлы жоқ, қызы жоқ қу бас болсам, бір басыма киім табылмай ма?- депті.

Қырғызда: «Жан сөйлетпейтін, әлемнен озған алаяқ»- дегенмен, хан Бөлтірікпен [сөз] қағыстыруға бір шешен алдырып, сақтапты. Бір қалың жиылыста Бөлтірік гуілдеп сөйлеп отырғанда, қырғыз шешені:

- «Ат жаманы соқпақшыл, адам жаманы тақпақшыл»- деген,- депті.

Онда Бөлтірік:

- «Сөздің көркі - мақал-ды,

Ердің көркі - сақал-ды.»
Сақалы жоқ көселер
Қасабалы тоқал-ды!-
дегенде, көсе ұялып қалып, тұра жөнеліпті. Сонда Бөлтірік:

- Көсені үйге кіргізбе,

Көтін жерге тигізбе!
Кесірі жұғар кәпірдің
Қуалап жүріп сигізбе!- деген екен.
Құдай рахмет қылсын Бөлтірік биге, кісі болса, осындай болсын!

ТАЙКЕЛТІР БИ

Айдабол бидің бәйбіше қатынының баласы: Жанғозы, Малғозы; ортаншы қатынының баласы: Аққозы, Бозқозы, Қарақозы. Онан соң бір қатыннан Қожакелді жалғыз және бір тоқалдан Қошетер жалғыз және бір тоқалдан Тайкелтір жалғыз. Тайкелтір баланың ең соңғы кенжесі болып, Айдабол бидің шөберелерімен замандас болды. Бала күнінде әкесі өліп, жетім қалған соң, «Тоқалдан туып ерке болмайды, шыбыштан туып серке болмайды», - деген күй басына түсіп, бәйбіше балаларына малшы болып, жылқы бағып жүрген күнінде бір айғырдың үйірі - қысырақ жоқ болып, соны қарап, Ұлы жүз: Үйсін Төле бидің үйіне келіп қоныпты.

Шидем күпісі бар екен, етегі де бүтін емес екен.Төле би сұрапты:

- Айнам, кім баласысың? - деп.

- Айдабол бидің баласымын,- депті.

Баланың бетіне ежірейіп қарап:

- Айдабол бидің қалайша баласысың? - деп, қазбалап қайта сұрапты.

Киім формын ұнатпағанын бала біле қойыпты:

- Айдабол бидің баласымын дегеніме нанбаған[ыз]: «Жақсы болса, жол келтір болар, жаман болса, ат келтір болар,» - деп, атымды Тайкелтір қойған баласы мен,- депті.

- Нандым, шырағым, нандым Айдабол бидің баласы екендігіңе. Бүгін осында қон. Жолың болар, жоғың табылар. Ертең менің алдыма бір даугерлер келмекші еді. Соның төресін беріп, жолын байланып кет!- депті.

Бала үндемепті, отыра беріпті. Ол түн қонып жатыпты. Таң атысымен бидің үйіне екі тайпа елдің адамдары сау ете түсіпті. Әр екі жағы екі түйе бастатқан «тоғызды» бидің екі босағасына алып келіп байлапты. Бұрынғы замандарда: «Әділ патшаның елін жау араламайды, әділ бидің елін дау араламайды», - дейтұғыны: ортасынан дау шықса, сол дау иесі ел ру аймағымен айыпты болады екен. Даудың айыбы деп жүгініске келгенде, әр екі жағы екі «тоғыз» айып алып келеді екен. Бұл даулы ел Төле бидің өз ру, туысқандары: Сиқым, Жаныс екен. «Сиқым көп пе, қиқым көп пе» - дейтұғын, «Жаныс көп пе, қамыс көп пе» - дейтұғын екеуі де өсіп-өнген тұқым екен. Сонда Төле би сөйлейді дейді:

- Кешегі «Есім ханның ескі жолын» білетұғын, «Қасым ханның қасқа жолын» білетұғын, өрнекті хан, үлгілі биден сөз бастайтұғын Айдабол бидің баласы екен - мына отырған жұдырықтай бала. «Бой түйеде де болады, сақал текеде де болады. Жастың көптігі құзғын, қарғада да болады.» Мұның өзінің түріне қарамаңдар, аузынан шыққан сөзіне қараңдар! Сиқым, Жаныстың баласы, бірің - оң көзімсің, бірің - сол көзімсің. Мен қандай түзу төре айтсам да, жығылған жағың өкпеші боларсың. Бұл дауларыңның төресін осы бала беріп, жолын байланып кетсін!- деген соң, жұрт:

- Құп болады!- деп, тақ тұра қалды.

Сонда даулы бір қыз бен бір жігіт (игіт) екен. Қыз шыдамсыз қомағайлығынан аса тойып жуандап, жұрт көзіне түсіп кеткен соң:

- Бұл қалай?!- деп, жұрт қазбалап ежіктей бастаған соң, құрмашасын сындырған, көңілін тындырған замандасына тап берген екен.

- Еркектік қылып күші асып, мұның зорлығымен осындай жұмыс болды, - деп.

Жігіт:

- Мен зорлағаным жоқ, өзіне білдірмей ұрлағаным жоқ. Өзінің ерік әліме қоймай, жұғыс қылуымен болды, - дейді екен.

Іс еркектің мойнына мінсе, зорлықпен болған жұмыс болса, еркек өлтіріледі екен. Ұрғашының өзінің ықтияр еркімен болған жұмыс болса, ұрғашы өлтіріледі екен. Ол заманда бұл сықылды жасырынбақ ойынның жазасы - мойнына арқан тағып, қырық қысырақтың құйрығынан байлап, жылқыны үркітіп айдап, сүйреттіріп өлтіріледі екен. Қыздың өлмегенін қыздың аймағы жақсы көреді. Жігіті өлмегенін жігіт иесі ел жақсы көреді. Дау осы екен.

- Кінә қайсысыңа ауады?- деп, Тайкелтір қыз бен жігітті шақырып, алдына қарсы отырғызды. - Маған бір қылыш алып келіңдер қынабымен,- дейді.

Тайкелтір қылышты қынабынан суырды да, қынабын қыздың қолына берді. Жалаңаш қылышты жігіттің қолына берді.

- Жігіт, сен осы қылышты қыздың қолындағы қынапқа салсаң да, саласың, салмасаң да, саласың. Осы отырған жұрттың алдында осы қылышты қынапқа сала алмасаң, сені өлтіруге бұйырамын!- дейді.

- Қыз, сен осы қылышты қынапқа салдырмасқа тырыс. Егер қынапқа салдырдың-ау, сені өлтіруге бұйырамын! Менің төрем осы,- дейді.

Сол жерде қылышты қынапқа саламын деп жігіт таласты. Салдырмаймын деп қыз таласты. Екеуі жатып алысты, әрі-бері таласып, тартысса да, қызды ықтиярсыз жеңіп, жігіт қыздың қолындағы қынапқа қылышты сала алмай, қалжырап, шаршап отырды. Сонда Тайкелтір би:

- Отырған әлеумет, көздеріңізден көрдіңіз бе? Қынаптың аузын қыз даярлап тоспаған соң, қылыш кірмеді. «Қынаптың аузын тоспаса, қылыш кірмейді», - деген - осы. Ұрғашы өзі ықтияр болмаса, еркек зорлықпен оған жұмыс қыла алмайды. «Құнажын күйлесе, бұқаның аяғын басады», - деген сөз бар. Мұндай жұмысқа еркек виноват емес, ұрғашы виноват. Бірақ «Айдабол бидің бір жас баласы келіп, еліміздің екіқабат ұрғашысын өлтіртіп кетті!» - деп, мені жаман атқа қалдырмаңдар. Осының кінәсын маған байлаңдар! -дейді.

Сонан соң Үйсін Төле би:

- Бұл екі қудың өзін де саған байладық. Мына екі түйе бастатқан «тоғызды» да саған байладық. Бұларды біздің елге қоймай, өзің алып кет. Жамандық қылғыш кесапатты адамды ел ішіне тұрғызып, тірі қоюға жарамайды,- дейді.

Сонда жігіт өлімнен аман қалғанына қуанып:

- Алдияр, төреңе құлдық!- деп, ұшып тұра келді дейді.

Қызды, жігітті, екі түйе бастатқан «тоғызды» Тайкелтір ел шапқандай қылып алып қайтып келе жатып, Жәдігерге кез болыпты: «Батыр, байла!»- деген соң, бәрін түгел байлап кетіпті. Жәдігер жігітті өзі еншілес қылып алыпты. Ол жігіттің аты - Алдияр болыпты. Қызды екіқабат бойымен малайға алып келіп беріпті. Бәйбішелері өліп, малай қатынсыз тұр екен. Ішінде көтеріп келген баласының атын: «Өз жайынан келген бала»,- деп, Жайын қойыпты.

Бұрынғылардың әңгімесі осындай болады екен.

ЖӘУКЕ ШЕШЕН

Қазақ жұртында - Орта жүз: Арғын тайпасынан – Аққошқар - Сайдалы атанған. Сол Аққошқар: Кішкентай баласының сөзі:

- Он жеті, он сегіз жасар күнімде базаршы болып, керуенбасылық ғамалына кірісіп, Бұхара шығып жүрген кезімде Ұлы жүз - Үйсінде бір «Би қатын» деген қатын бар деп естідім, аты Сарайбике екен. Ол аты қалып, «Биқатын» атаныпты. Алатаудың теріскей бетіндегі Ұлы жүздің баласы соның аузына қарайды деген соң: «Қатын би болып қандай болады екен, сонымен бір қайымдассам екен!»- деп құмар болдым,- депті.

Бұхарадан келе жатып елінің үстіне жақындасқанда:

- Биқатын үйінде бар ма?- деп, сұрастырып едім,

- Арқаға жолаушы кетті,- деп есіттім.

- Әй, бәрекелді, кездеспедім-ау!- деп, кіжініп келе жатқан кезімде Биқатын Арқадан кайтып келе жатыр екен, Бетпақтың шөлінде қарсы ұшырадық. Олжасы жоқтау, аты арып, жүдеңкіреп келеді екен. Жолыққан жерден:

- Құдағи, ит мініп, ирек қамшылап қайдан келесіз?- дедім.

Сонда қатын жұлып алғандай:

- Қарақұйын, Қашырлы деген жерге барып едім. Әлике - Байдалы деген елге барып едім. Тайын тәңірісіндей көреді екен, құнанын құдайындай көреді екен, сонан келемін,-дейді.

Айтып тұрған Қарақұйын, Қашырлы өзімнің жерім болған соң, Әлике - Байдалы өзімнің елім болған соң, соған дәнеме дей алмадым. «Мұны құдай кездестірсе, Жәуке керуенбасымен бір кездестіріп, екеуін бетпе-бет бір сөйлестіріп, қызығын көрсем!» - деп, осыны ойыма алдым да, жүре бердім. Ол жыл өтті, келер қысқа қарсы Қуандық. Сүйіндік, Қаракесек, Қанжығалы - Арқадағы жұрт тағы да Бұхараға қой айдадық, он сегіз керуен басы болдық. Ақсақалымыз – Жәуке, керуенбасы - Айдаболдан шыққан - Еламанның баласы Тұрсынбай - Шонтының ағасы. Түркістанда Тоғай ханның ордасына бардық.

Тоғай алды
Түркістанның қаласын,
О да зар еңіретті

Бұл алаштың баласын!- деп, өлеңге қосылған Тоғай ханның дәуірі жүріп тұрған кезі екен. Барсақ, Тоғай ханның ордасында Биқатын тақтың үстінде отыр екен. Тоғай ханның мұнан артық қадірлейтұғын кісісі көрінбеді. Дастарқан да соның алдында, сый-құрмет, - бәрі Биқатынның басында көрінді. Төменгі жақта отырған жастау бозбалалар күңкілдесіп күлістік:

- Хан мұның қойнына барады ғой, сол үшін осынша ардақтап күтеді ғой!- деп.

Қатынның құлағы шалып қалған екен, күлісіп отырған біздерге қарап:

- Мұндар не дейсің, жағыңды тас-талқан қылайын ба?!- дейді.

Ең жоғары бас жағымызда Жәуке би отыр еді, басында тымағы бар еді. Тымағының маңдайын қолымен түріп көтеріп қойып, қатынға қарап:

- Сүндетің бар ма?- дейді.

Қатын:

- Жоқ,- дейді.

Жәуке би:

- Ох! - дейді. – Жаназаға кіріп еркекке имам болған жерің бар ма?- дейді.

- Жоқ,- дейді.

- Ох! - дейді. - Ердің құнына, нардың пұлына төбеге шығып, төре берген жерің бар ма?-дейді.

- Жоқ,- дейді.

- Ох! - дейді. - «Тең теңін олжалайды, тезек қабын олжалайды». Олжаға қатын аттанса, жорықта жүріп, сақар, майын сатып олжалайды. Құралай бастаған киік оңбайды, қатын бастаған көш оңбайды. Байтал шауып бәйге алмайды. Қатын қайраттанса, қазан қайнатпайды. Қараң қалған елді қатын билейді!»- деген. Сен бір қараң қалған елді билеп тұрған немесің-дағы! Сен кімнің жағын тас-талқан қыласың! Мен Арқада жатқан он сан Орта жүз елмін, «Абылай аспаған сары белмін!» Сен түгіл мына отырған Тоғай хан менің атымның шаужайынан ұстауға жарар ма екен? Көзіңді ашып қара өзіңе!- дейді.

Қатын ұялып ұшып тұра келіп:

- Біз сіздердің кім екеніңізді танымадық. Білмегендігіміз болса, кешіріңіз!- деп, Жәуке бидің үстіне бір жақсы шапан алып келіп жапты,- Және қайтқандарыңызда қонақ болып қайтыңыздар!- деп, көп ғызыр /құзыр/ қылып, өтініп қала берді.

Базар базарлап қайтып келе жатып, салт атты керуенбасылар қатынның үйін сұрап, әдейі жолдан бұрылып қонақ болдық. Үлкен абажадай үйі бар екен, қожа білмес байы бар екен, перзенті кем екен, сарғайып сағынып көрген екі-үшке жаңа аяқ басып талпынып отырған әйел баласы бар екен.

Қатын баласын сүйгенде:

- Құдай сенен бір-екі елі сіңірді несін аяды екен? - деп, сүйді дейді.

Сонда Жәуке би айтты:

- Құдағи,ол баланың тірлігін сұра. Тірі болса, ол жері екі елі сіңірсіз болмас,- дейді.

Қатын дәнеме дей алмай, ұялып қалды дейді. Құдай рахмет қылсын: Жәуке би Биқатынды бір соққанда, екі соғыпты келістіріп тұрып.

ТӘЙТЕКЕ БИ

ТӘЙТЕКЕ ЖӘНЕ КЕТЕБАЙ СӘЛЕМІ

Өтетілеу заманында төрт Шөмекейге қараның ханы болған, сол кісінің мәтелі:
Бір қоян су ішсе,
Мың қоян су ішкен заман!
Бір құлдың мұрнын кессе,

Мың құлдың мұрнын кескен заман!
Жапырақ жалғап, қыл құрап,
Инемен құдық қазған заман!
Ақ шабдардан құла озған заман,

Атадан бала озған заман!
Аттан байтал озған заман,
Биеден құлын озған заман,
Енеден келін озған заман!

Атасы тұрып, ұлы сөйлегеннен без,
Енесі тұрып, қызы сөйлегеннен без!

Осы Өтетілеудің әкесі - Кетебай заманында Алшын: Қаражігіттің баласы Сопақ бір құн даулап, сонда Кетебай бір кісі қосып, Орта жүзде әз Тәйтеке биге айдап жіберген екен. Сонда Кетебайдың қосқан кісісі айтты дейді:

- Сізге сәлем дейді:

- Үйде Кетебай деген кісіміз!

«Кезекпен түсер,- дейді,- ісіміз!»
Мынау келіп отырған –
Қаражігіттің Сопағы.
Мұның бір жігітін жұтыпты,

Мың батпанның қопағы.
Абыжылан мен емес:
«Ат арып (арпа)!»- деп тартарға.
Аруана мен емес,

Тағандап жүкті артарға.
Жақсы алдында жалпылдап,
Жаман кісі сөзді айтар ма?!
Сонда: «Кезекпен түсер ісіміз»,- деген сөзіне шамданып:

- Кетебайдың жалғыз баласы Өтетілеу жанын берсін, болмаса, құн берсін! - депті.

Келген кісі:

- Шешен, сенемін!- деп, жығылып кайтыпты.

ТӘЙТЕКЕНІҢ БОЛЖАМЫ

«Тәйтеке би ауырып жатыр»,- деген соң, Айдаболдан - Төлебай, Күліктен - Шобалай, Орманшыдан - Қарабай, - осы үш кісі Тәйтекенің көңілін сұрай барған екен. Сонда Тәйтеке би:

- Басымдағы күләмды (коләмды) Шобалайға бер, таяғымды Төлебайға бер, кебісімді Қарабайға бер!- депті.

Сонда Қарабай айтыпты:

- «Бас болсын!»- деп, күләңды Шобалайға бердің. «Таяғы жұрт үстінде болсын!»- деп, таяғыңды Төлебайға бердің .«Осы екеуінің аяғының астында болсын!» - деп, кебісіңді маған бердің!- деген екен.

Мырзағұл - Шаржасы Шорманның бабасы, Тәйтекенің жиені, бұлардан он сегіз күн бұрын барып, Тәйтекенің басын сүйеп отыр екен:

- Маған ештеңе бермеді!- деп, басын тастап, далаға шығып кеткен екен.

Мырзағұлды шақыртып алып айтқан екен:

- Шобалайға күләмды берсем, бұларда болған бақ зорлықшыл омырау бақ болады. Төлебайға таяғымды берсем, бұлардағы болған бақ - күншіл бақ: бірінде болған бақты бірі күнде кетіргенше асығады. Қарабайға кебіс берсем, «жынды бақ» деген бақ болады: саған терім сіңген көсемді берейін, жеті атаңа дейін бақ кетпес!- деген екен.

Айтқаны дәл келіп, Заржанға дейін жеті ата болды. Тәнті - жұрт басы, Балқожа – арқасы -Орманшы кісілері. Бұларға қонған бақ, айтқанындай, шолақ бақ болды. Төлебайға берген бақ күншіл бақ болды.

АҚТАЙЛАҚ СЫНЫ

Алшынбай Ақтайлаққа Қарқаралыда кездесіп:

- Осы сіздің ел: «Қымызға тар,- дейді ғой,- шөлдеп барған жолаушыға тостағанмен ауыз тигізіп, шөлін қандырмайды!»- дейді. Осы рас па?- депті.

Сонда Ақтайлақ би:

- Рас болса, рас шығар. Жылқыны қазақ: «Жаным,- дейді, қымызын - «қаным»- дейді емес пе?! Біздің ел жылқыны жанындай, қымызды қанындай көретін ел. Қанын есепсіз біреуге бере береді дейсіз бе?

Алшынбай:

- Бәсе, солай болса керек,- деген екен.

Ақтайлақ Алшынбайға:

- Осы сөзді біздің елге барып, көзбен көріп айтып отырсыз ба? Жоқ, естіген құлаққа сеніп айтып отырсыз ба?- депті.

Алшынбай:

- Жоқ, мен сіздің елге барғаным жоқ қой, естіген соң, айтып отырмын, - депті.

Ақтайлақ:

- «Көз - шынның расы, құлақ - өтіріктің ұясы» - деуші еді. «Өтірік пен шынның арасы төрт-ақ елі»- деп, төрт саусағын көз бен құлақтың арасына қойып тұрып: - «Сіз осы сөзді көзбен көрген шығар, расын айтып отыр екенсіз»- деп отырсам, «өтіріктің ұясы» құлақтың естігенін айтып отыр екенсіз ғой. Мен сізді «Алшекең» дегенге іздеп келіп отырсам, әлі де ақылың пісіп толмаған алаңғасар есер екенсіз ғой, қап, әттеген-ай!- деп өкініпті.

Алшынбай қатты ұялып қалады, әйеліне:

- Мынау мені қатты тосты. Сен төсекті төрге салмай, өз төсегіңді сал, - дейді.

Ақтайлақ сыртқа шыққанда, әйелі [өз күйеуі] айтқанындай, өз төсегін салып қояды. Ақтайлақ үйге кіріп келсе, төрде төсек жоқ, тұрып қалады. [Алшынбай] әйелі:

- Қонақ, неге тұрсыз? «Ердің семізі - есек, әйелдің семізі - төсек»- деген. Сіз семіріп кеткен көрінесіз, төсегімді дайындап қойдым,- дейді,- соған жатыңыз!

- Ой, құдағи-ай, сіз дұрыс айтпадыңыз ғой: «Ердің семізі - елдің құты, әйелдің семізі -үйдің жұты.» «Атың жемпаз болса, берді Құдай, қатының жемпаз болса, ұрды Құдай,»-деген емес пе? Мені құдай жұтатсын дегенің бе? «Досың түгіл дұшпаныңа тілеме жұтты!»- деген қайда? Маған салмаған төсегің - жұтағандарыңда жұрт қолына кетсін!-деп, төрге барып, шапанын шешіп: «Етегім - төсек, жеңім - жастық.» «Ат басына күн туса, ауыздықпен су ішер; ер басына күн туса, етігімен су кешер!»- деп,- Ал, өздерің төсектеріңнің қырын сындырмай жата беріңдер!- дейді.

Бәйбіше жаман ұялып қалады. Сол кезде Алшынбай:

- Астахыфир алла-ай, кешіріңізші! Мен едім сізді сынамаққа істеткен,- депті.

- Бәсе, «Әлі... пісіп толмаған» шала екенсің!- деген сөзім артық болды ма?»- деп өкініп едім. Құдағи шынында ақылды адам сияқты еді. Бәсе, бәрі шаладан шыққан ақылсыздың ісі екен ғой! Құдағи, онда мені кешіріңіз! «Жақсыдан - шарапат, жаманнан - кесапат»-деген. Сол жаманның кесапаты екі ортада саған тиді-ау, құдағиым! Жаман да болса, сүйген жарың - дарға асасың ба? Бәріне де кешірім, өзім өзіме ризамын!- депті.

ДОСБОЛ ӘҢГІМЕЛЕРІ

ДОСБОЛДЫҢ НАҚЫЛ СӨЗДЕРІ

Досболдың бір көп бас қосқан жерде сөйлеген сөзі:
Ханға бергісіз қара бар,
Қылышқа бергісіз ара бар.
Кей қараның сөздері

Хан сөзіне барабар (пара-пар).
Арамменен жолдас болсаң,
Көңіліңді қаралар.
Жаманменен жолдас болсаң,

Жүрегіңді жаралар.
Хан алдында сөйледім,
Хан кеспеді тілімді.
Халық алдында сөйледім,

Халық таппады мінімді.
Өз үйіме келген соң,
Итке берсін күнімді!

ДОСБОЛДЫҢ ТАПҚЫРЛЫҒЫ

Кенесары: Наурызбай: «Балаби, Досболмен сөйлестіремін»,- деп, Арғыннан бір би, Найманнан бір би, Қоңыраттан бір би - үш биді таңдап, ертіп алып, бір аста бас қосып, қымыз ішіп, дуылдасып отырғанда,үш бидің біреуі, тақымы толмағансып:

- Қара ағаштай қалтия қалған, қаралдысы жоқ, бұл қатқаның кім?- дегенде,

Досболдың айтқаны:

- Рас, мен қара ағаштай қатушы едім. Сендей талайдың есінен қалғысыз қылып, шымбайына батушы едім. Өзімді елеп еңкілдегеннің таңдайына бал шекердей татушы едім. Қарайғанды ес көрмей, қалқиғанды хош көрмей, қақиғанды хан демей, елдің шетінде, жаудың бетінде жатушы едім!- дегенде,

Үш бидің бірі:

- Қа...ма ұқсап қақия қалған неме екен!- депті.

- Қа... болсам, жаман болман: қасын керген қыз туғызармын да, жасын керген ұл туғызармын!- дегенде,

Үш бидің бірі:

- Қанша мақтанғаныңмен, ми сыярлық басың, шынашақ айналарлық шекең жоқ екен!-депті.

[Досбол]:

- Барыс, барыс етті, барыс етті. Барсаң, байдан табылар. Құлан сирақ, қу шеке, іздесең, қайдан табылар?!- деп, үшеуін де тоқтатып кеткен екен.

ДОСБОЛДЫҢ ЕНДІ БІР СӨЗІ

Досболдың қартайған кезінде Қоңыраттың көп жас билерінің ішінде отырғанда, жастар кәрі кісіні қолға алыңқырап, сықақтаңқырады.

Сонда Досболдың айтқаны:
Арғымақ шабан болмайды,
Жалы кетіп, арыса да.
Жақсы жаман болмайды,

Жасы жетіп қартайса да.
Дария арам болмайды,
Ит пен шошқа сарыса да.
Жыланды үш кессе де,

Кесірткелік болады,дегендей, бәлем, Қоңырат, әлі сендік қуат-күшім мол: Досбол азуын шалып, ақыл-естен жаңылса да! - деп, қасында отырған біреуін қойып қалып, шалқасынан түсіргенде, үй тола отырғандары ду күлді дейді.

ДОСБОЛДЫҢ ҚАРТАЙҒАНДАҒЫ СӨЗІ

Досбол бидің қартайып далаға шықпай, үйде отырып қалған шағы. Үйінің жанынан Қыпшақ Баймұрат қасында үш-төрт адамымен өтіп кетіп бара жатқанда, жанындағы жолдастары қайрылмаса да, Баймұрат өзі бұрылып келіп, сәлем береді, амандасып отырады. Сонда Досбол би керегенің көзінен Баймұраттың бұрылып келгенін, оның жолдастарының қайрылмай кеткенін көріп отыр екен. Баймұратқа риза болғандығын білдіріп айтқан сөзі:

- Сен бізге қайрылған болсаң, саған да біреу қайрылар. Сәлемдесуге келген болсаң, саламат бол! Біз міне, енді қартайып отырмыз. Өміріміздің ішінде азды-көпті нәрсені көрдік. Дүниедегі жанды-жансыз заттардың пірсізі болмайды. Бәрінің де пірі бар. Жарлының пірі - Қалтаң ата, ұрының пірі - Жалтаң ата, шебердің пірі - Тешім ата, кәрінің пірі - Кекшіл ата. Сол айтқан Кекшіл атаға біз де қол беріп, мүрит болып қалдық. Жүре бер, енді, шырағым, жолың болсын, сау жүр!

Осы Баймұратты біз көрдік: Шымкентте - Есмұрат деген баласы судьяға переводчик болып тұрған күнінде.

- Шырағым, даңқыңды естігеніме он алты жыл болып еді,- деді.

Жаһанша Сайдалин деген төре прокурор тілмашы екен. Сыздық төре Кенесарин оған қонаққа келіп жатыр екен. Соның үстіне бізді қонаққа шақырып, бір көк шұға (ұшыға) шекпен жауып шығарды. Баймұрат бір манарыс шапан кигізді.

ДОСБОЛДЫҢ КӨҢІЛІН СҰРАҒАНДАРҒА АЙТҚАНЫ

Сыр бойындағы Төрттөбе - Қыпшақтан шыққан Қорлыбай бидің баласы - «Балаби Досбол» атанған. Балаби - бір кісі, Досбол - бір кісі. «Осы Досбол датқа қартайып, өлер шағына жетіп, өлейін деп жатыр» - деген соң, Ақмешіт дуанына қараған болыс-билер, бір съезге бара жатқандар: «Көңілін сұрай кетейік,- деп, түсе қалыпты,- қалжырап жатыр ғой, не айтар екен?»- деп.

- Датқа-еке, бұрынғының арты едің, бүгінгінің қарты едің, әлде қалай боласыз? Артыңда қалатұғын жандарға не айтып кетесің, ілгергі өткендерге не айтып барасың?-депті.

Сонда Досбол:

- Сендерге не айтайын, заман сендердікі, жұрт сендердікі, өз ақылдарың өзіңе жетеді. Ілгергі өткендерге айтып баратын сөзім мынау: «Бақ деген сендер тірі күнде сұңқар еді. Елде кімнің басы биік болса, соған қонушы еді. Сол бақ қартая-қартая қара шыбын болды. Қайда сасық болса, соған қонды: соқырдың көзіне қонды, пұшықтың мұрнына қонды, таздың басына қонды!- деп барамын ғой! - депті.

Мұны айтқандығы: болыс-билердің ішінде: Байсын деген соқыр болыс, Нұрмаш деген пұшық болыс, Саудағұл деген таз болыс бар екен, тұра-тұра жөнеліпті.

ӨТЕТІЛЕУ

Кіші жүзден шыққан Өтетілеу би заманында төрт Шөмекей, бес Жаббасқа қараның ханы болған. Сол кісі соз бастарында былай бастайды екен:

Бір қоян су ішсе,
Мың қоян су ішкен заман!
Бір құлдың мұрнын кессе,
Мың құлдың мұрнын кескен заман!

Жапырақ жалғап, қыл құрап,
Инемен құдық қазған заман!
Ақ шабдардан құла озған заман,
Атадан бала озған заман!

Аттан байтал озған заман,
Биеден құлын озған заман!
Енеден келін озған заман,
Атасы тұрып, ұлы сөйлегеннен без,

Анасы (енесі) тұрып,қызы сөйлегеннен без!

Осы Өтетілеудің әкесі Кетебай би заманында Алшын: Қаражігіттің баласы Сопақ бір құн даулап, сонда Кетебай бір кісі қосып, Орта жүзде: Әз Тәйтеке биге айдап жіберген екен. Сонда Кетебайдың қосқан кісісі сөйлепті:

Сізге сәлем айтты -

- Үйде Кетебай деген кісіміз:

«Кезекпен түсер, - дейді, - ісіміз!»
Мынау келіп отырған –
Алшын - Қаражігіттің Сопағы.
Мұның бір жігітін жұтыпты

Мың батпанның қопағы.
Абыжылан мен емес:
«Ат, әуп!» - деп, тартарға.
Аруана мен емес,

Тоғанақтап жүкті артарға.
Жақсы алдында жалпылдап,
Жаман кісі сөзді айтар ма?!

Сонда: «Кезекпен түсер ісіміз» - деген сөзіне шамданып, Кетебайдың жалғыз баласы:

- Өтетілеу жанын берсін, болмаса, құн берсін!- депті. Келген кісі шешенсінемін деп, жығылып қайтыпты. Арғын: Тәйтеке болғанда, Алшын: Айтеке болған. Айтеке баласы Өміртай да тілді, шешен болған. Алшын: Қаражігіт, төрт Шөмекейден шыққан - Өтетілеу, Алшын: Әйтеке, бірінен-бірі өткен алаяқтар.

ҮКІБАЙ

Төртуыл: Қаржас - Үкібай би сөз бастағанда, былай бастайды екен:

- Адам ата, хан Шыңғыс,

Дін мұсылман құл пейіс (бейіш),
Алаш-алаш болғанда,
Алаша хан болғанда,
Үйіміз ағаш болғанда,

Ұранымыз: «Алаш!»- болғанда,
Алты сан алаш, жеті сан қазақ
Тоқсан екі баулы Қыпшақ,
Он баулы Өзбек,

Тоғыз таңбалы Арғын
Сан таңбалы Абылай
Қол (құл) таңбалы Бөкей,
Кеше Есім ханның ескі жолы,

Қасым ханның қасқа жолы!- деп бастайды екен. (Мәшһүр - Жүсіп ескертуі: «Қасым хан - Әз Жәнібектің бел баласы: өз заманындағы ақылды, білімі асқан, білікті хан болған кісі.»)

БАСҚА ДА БҰРЫНҒЫ ШЕШЕНДІК ҮЛГІЛЕРІ

Үйсін: Төле бидің дауам айтатыны: «Аллаға жағайын десең, азанды бол, балам, // Халыққа жағайын десең, қазанды бол, балам!»- дейді екен. Басқа елден шешен, ғаламнан асқан алаяқ шыққанда, біздің Күліктен шықпап па?! Шобалайдан - Жаңабатыр би шыққан. Сол Жаңабатыр балаларының би баласы:

- Сөз баста!- дегенде, бастаған сөзі:

- Жаңабатыр бәйбішесінің тұңғышы Таңсыққожа мен және бір Шөкек деген баласын қосып, Найман төресі Досан төреге ел бітіміне жіберіпті. Сонда Досан төре:

- Би баласы, сөз баста!- дегенде, Таңсыққожа айтты дейді:

- Өсетін елге с...іс кіреді, өспейтін елге сыбыс кіреді,- депті.

Мұнан түңіліп, енді біреуіне:
Жаным, сен сөйле!- дегенде, Татан - Шөкектің Шөкегі:

- Медеттің шешесі, Ханкелдінің қатынының өлгенін жасырамыз, көмгенін қайтеміз?-депті.

Сонда босаға жақта отырған Жанайдар Күнту баласы:

- Он екі тарау қара жол

Бірден болар сағасы,
Қозғалмайды арғымақтың
Төстен тартқан доғасы.
Қара қанша бас қосып жиылғанымен,

Қара қарғаша шулағаннан басқа не табады?
Құдай артық жаратқан -
Хан, сұлтан болар сөздің ағасы.
«Қор мен зорды теңгерсін,

Жаман мен жақсыны теңгерсін!
Жарлық - ханнан,
Жабдық қарашаларынан болмақ!»- десті,- деген соң,

- Жарайды, балам, сөзің жарайды!- деп,тағалы торы тайын қалдырмай, малын жиғызып берген екен. «Таудай талап бергенше, бармақтай бақ берсін!»- дейді.Осы Жанайдар Абылай ханнан Бұхарай Шәріп ханына барған қырық бір кісінің бірі болып барған. Өзі 14 жасар бала күні, сонда сол қырқы тауып айта алмаған сөзді бұл тауып айтқан. Сонда бұған аруақ байланып, аты аталмаған - бақ қонбағандық.

Бұ да бұрынғы үлгілі билерден қалған сөз:
Заман азбас, ел азар,
Ел тозығы жетер сөзден азар!
Ер тозығы жетер көзден азар,

Көп отырған жер азар,
Қатыны жаман ер азар!
Қарашысы жаман хан азар,
Имансыз болса, көр азар!

Қариялардан қалған сөз,
Пайғамбарға нанған сөз.
Жігіттерде жалған сөз –
Жын-шайтаннан алған сөз.

Бұрынғы өрнекті хан,үлгілі билердің сөздерін айтушы да таусылды, шын құлақпен тыңдаушы да таусылды. Енді сұм жалғанның сұмдық сөзі. Ел тозығы жетіп, сөзден азғандық белгісі - осы. Құрттай бала күнімізде ақ сақалды қариялар айтып отырушы еді: - Айтайын десең, тыңдаушы жоқ; тыңдайын десең, айтушы жоқ!- деп. «Құлақ естігенді көз бір көрмек.» Соны, міне, біз бұл күнде көріп отырмыз. Түркістанда ақ күмбез иесі хазірет сұлтан Алғарфин қожа Ахмет Иассауи, Шаһынша әулие айтқан екен: «Уақытсыз ерден - бақытсыз ұрғашы артық!»- деп. Сол «уақытсыз ер» - осы жазып отырған. ***

Және бір қарияның үлгілі сөзі:

- Байғыз деген құс болар,

Оның бейшаралықтан, жатқан жері тас болар.
Кәрі өлсе, жігітлерге ас болар,
Жігіт өлсе, біліз [білімсіз] тағылар шат болар!
Дат десем, ырғиды шөлден араби ат,

Бірнеше ерді жұрт қылар молда медет.
Кәрі өлсе, ол Құдайдан рахымат.
Жігіт өлген күні болар қиямет!
Бұ дүние деген құс болар,

Оның кәріплігінен жатқан жері хас болар!
Дәулеттінің баласы
Он бесінде бас болар!
Бастығының белгісі:

Қолабалы қол келсе,
Келте қара ту келсе,
Ел шетіне жау келсе,
Қолға алғаны тас болар,

Қайда мірдімен дос болар!
Кембағал байғұс баласы
Жиырма бесте жас болар!
Жастығының белгісі –

Ертеменен тұра алмас,
Беті-қолын жуа алмас,
Белін қатты буа алмас!
Буса, белі бос болар,

Тепкілесең, оянбас,
Қимылдамас тас болар!
«Ертеменен тұр!»- десең,
«Беті-қолың жу!»- десең,

«Беліңді бекем бу!»- десең,
«Бұйырған жамға бар!»- десең,
Өле-өлгенше сеніменен қас болар!
Сол жаманның көңілінде

Бір табақтай ас болар.
«Асыңды іш те, шырағым,
Жылы жайда жат!»- десең,
Өлгірдің уақыты (оқты) хош болар!

Сондай бала бергенше,
Қолыңда тобылғы сапты қамшың іс
Айта берсем: «Мынау кім?»
Еп болар кең шаһардың

Арығы қазып қойған ше[т] болар!
Қыз баланың мақсаты –
Боқша тола сеп болар.
Ақырзаман белгісі –

Әр мешітте жақсылар
Талтайған сопы көп болар.
Мешкейменен ас жесең,
Қол жуғанша жеп болар!

ҚАРАМЕНДЕ

Дадан Тобықтыдан шыққан Қараменде бидің 75 жасында[ғы] сөзі:

- «Қатынды не ел шауып, ыңар қылып жаттан аларсың, не ағаңды өлтіріп, жеңгеңді аларсың!»- деген аталарының кешегі күнде айтқан сөзі еді. Ер жігіттің жесірін өзіндей жігіт алса, еркек болып туған ұл өз кегін өзі алуды білуші еді. Рулы ел болып, тайлы-таяғы қалмай, шұбырып жас жігітке қатын әпергенді көрген жоқ едік.

Бұ да жаңа заманның жаңа бір түрі екен.

Тобықтыдан өзіне серік бір ұл тумағандықтан, ердің есіл сөзі аяқсыз қала берді.

КЕШКЕНБАЙ

Тұлпар деген елден бір жұпыны, айдынды, атақты емес, елеусіз қораштау Кешкенбай деген би шығыпты. Шоң бимен замандас болған. Жалғыз баласы бар екен: «Баламды сері, сал қылып, ит жүгіртіп, құс салатұғын Айдабол бозбаласымен үйір-шүйір қыламын!»-деп, өз елін менсінбей, баласы үшін Айдаболға қоныстас болып жүргенде, бір жазғытұрым жалғыз баласы қорасан деген аурумен арпалысып жатып қалыпты. Ол күнде жұрт қорасаннан ат-тонын ала қашып, үріккен қойдай беттемейтін күні болса керек. Айдабол жау тигендей, көше қашып жөнеліп, Кешкенбай жұртта жалғыз үй қалыпты. Бала сол аурудан өліпті. Жайлауға бет алып көшкен Тұлпар деген ел жалғыз баласы жайрап қалып отырған үстіне келіп, жыласып, сықтасып, шулап, өкірісіп жатқанда, Кешкенбайдың айтқаны дейді:

Тауда болар тарғыл тас,
Тарықса, көзден шығар жас.
Тар [татыр] қолтықтан оқ тисе,
Суырып тастар қарындас.

Өзінің басын зор тұтқан,
Ағайынды қор тұтқан
Жапанда қалар жалғыз бас,- деген осы!- деген екен.

Халқы, жұрты бір тоқал алып беріп, ол тоқалдан ұл туып, атын Бектас қойып, мұнан өсіп-өнген ұрпақ-жұрағат бар.

ҚОНДЫБАЙ

Қондыбай, Төйтенің Қондыбайының айтқаны. Уақ: Таңатбай баласы Жаңқабаймен құрдас екен. Жаңқабайды келемеждеу үшін тамам Уақтың мінезін тақпақтап сөйлеген:

Менің атым - Жаңқабай,
Сөз сөйлеймін байқамай.
Ана бетте[бейітте] Қалдыбай,
Қалмайды онан ол Шабай,

Адъютант (атутан) болды Аязбай.
Ойбайшыл болды Молдабай.
Күміс шапты ол Итбай,
Жылқы бақты Жолдақай.

Малына жазған Тезекбай,
Өтірікші, суайт Көжекбай.

ТОРАЙҒЫР БИ

ТОРАЙҒЫРДЫҢ ШЕШЕНДІК ӨНЕРІ

Әкесінің аты - Едіге, шешесінің аты - Борсық бәйбіше - бесеуі бір саптан, бір қаптан,-қалай құдай тағаланың жаратуы?! Сол сиырда туған бала 79 жасында, 1905-ші жылында, «Баянаулаға дуан саламын!» - деп, ағаш кескен.Сол жылы туған баланың атын Дуанбай қойған. Уақ: Жалбыр - сол жылы туған бала. Сиыр жылы еді. Он шақты қытай келіп:

- Ағаш кестірмеймін, қала салдырмаймын, қазақ, саған қарамайды, бізге қарайды!- деп, таласқан. Сонда Уәли ханның бәйбішесінің баласы Абайділда ханның заманы, Шоң, Торайғырдың заманы, жаздың күні еді. Жайлаудан Шоң биден тіленіп:

- Мұның жауабын мен берейін,- деп Торайғыр келген.

Абайділда хан келген. Сонда орыстың полковойы:

- Қазақ, шүршітке қарайсың ба, бізге қарайсың ба? Айт шыныңды?!- дегенде, Абайділда хан үндей алмаған, не дерін біле алмай, сасып қалған.

Торайғыр айтқан:

- Әй, полковой, осы жүрген уақытыңда өзіңе біреу: «Маған қара!»- десе, не айтар едің?-деген.

Онда полковой айтқан:

- Біздің қарап тұрған патшамыз бар. Қасықтай қанымыз, шыбындай жанымыз қалғанша жолында боламыз. Онан биліксіз біз: «Ешкімге қараймыз!»- деп айта алмаймыз!- деген.

- Ендеше, біздің де сондай қарап тұрған патшамыз бар. Ата-бабамыздан бері қарай Бұхардың хандарына бағынып, қарап келе жатқан жұрт едік. Малдың қамы үшін: «Сарыарқа бос жатқан жер»,- деп, көшіп келген едік. Енді бұл жерге ие табылса,біз де өз патшамызға барайық. «Мұнда жер-су бар, көшіп кел!»- дер ме екен? Жоқ болмаса: «Малыңның қамын қыла бер!»- дер ме екен? ! Осы күнгі ханымыз - Мерхидар деген екен. Сонан соң орыс көптік қылып:

- Жүр, бұл сөзіңді Омбыдағы полковойға есіттір. Қарасаң, қарамасаң, сонан қайтасың!-деп, Торайғыр мен Абайділда ханды алып кетіпті.

Жолда көрген Бәсентиін ағайындар:

- Жібермейміз, тартып алып қаламыз!- деген екен, Торайғыр:

- Тимеңдер, текке жеккөрініш болмаңдар. Бізді өлтіре алмас, сата алмас. Бізге бір залал қыламын деп, өзі де орнында тыныш тауып жата алмас. Қайта ең жоғарғы ұлығына барып, қазақ қала салмайтұғын, солдат алмайтұғын қылып келейін,- депті.

Сол барғаннан барып, Омбыда жетпіс күн жатыпты.Сонда: «Орыстың дәмін татпаймын!»-деп, Сағара деген сарттың үйінен сиырдың сүтін алдырып ішіп жатыпты. Шай деген астың кескін түрін ең алғаш көргенде, Омбыда көрген екен.

- Бұл не?- деп сұрағанда,

- Шай деген ас - осы,- дегенде,

- Мына, шіркін, ішкен кісінің мейір шапағатын шайып кететұғын неме екен,- депті. Ұрттап алғанда, кайта төгіп тастапты. Қантты көріп:

- Бұл немене?- дегенде,

- Қант деген ас - осы,- депті.

Сонда:

- Уа, қу дүние, мына шіркіннің өзі тәтті болса да, жеген кісіні қатты қылатұғын қу екен,- депті. - Сірә, мына екеуін ас деп ішкен бізден соңғы жұрттың бір-біріне достығы болмас. Сойған малының бас-сирақ, төстігі болмас, - деген екен.

Омбының полковойы алдына шақырып алып сұрапты:

- Қолыңа сақина салайық, басыңа қалпақ кигізейік, беліңе қылыш асындырайық!- деп.

- Қолыма сақина салсам, ауылымда ұста бар, соған соқтырып салмаймын ба?! Қалпақ киетұғын болсам, қойдың жүнінен қандай қылып бастырып кием десем,- бәрі табылады. Қылыш асынсам, қазақта не түрлі қылыш соғатұғын ұсталар бар. Бәрі өзімнен табылады, сенікін не қылайын?- депті.

- Бізге не Шоң, не өзің анда-санда келіп тұр. Сені жеріңе қайтаралық, - депті.

- Өзіңде ақылдан дәнеме жоқ екен ғой. Сенің ақ патшаң біздің ауылға неше барды? Шоң сондай қазақтың ақ патшасындай кісісі. Ол сенен не аламын деп келсін. Мен сегіз санатың қатар кісімін, сенің сегіз санатың біздің ауылға неше барды? Біз де сондай керексіз орынға қаңғып жүрмейтін кісіміз,- депті.

Сонда полковой айтты дейді:

- Аюдан да күшті екенсің. Жетпіс күнде аюды құрдай жорғалатушы едік, сені иліктіріп көндіктіре алмадық. Бар, бар енді!- деп, қайырып қоя берген екен. Бұ жақта: «Абайділда мен Торайғырды алып кетті!»- деп, қазақ қорқып, Баянаулаға - Шоң, Көкшетауға Уәли ханның тоқалы Айғаным қала салдыра бастаған екен. Торайғыр өкпелеп:

- Бір жолдың билігін маған бермедің. Мені елден құрмалдық тоқтыдай қылып жіберсең болмай ма еді?«Менің билігім інімде, онда інім көніп келсе, салдырамын, болмаса, інімді ұстап ап кетіп, өзіммен жауласып тұрғанда, сенің тілеуіңді қалай аламын, не деп саған қараймын?- деп, қала саламын?!»- десең, сөзден аса алмас еді. Маған беттеп аяғын баса алмас еді. Сөйтіп аяқсыз қалдыратұғын едік қой!- деп өкпелеп,- Орысқа қарамаймын!-деп,ауып көшіп кеткен екен.

Торайғыр би, Шоң би, Ізден абыз - үшеуі құрдас екен. Мұнан кеткен жылы Қуандық жібермей, Алтай: Амангелді - Айтастың қасын қыстаған екен. Сонда Ізден абыз әдейі іздеп барған екен. Жетіқоңырда отыр екен.

- Баянаула, Қызылтаудан сен қалайша адасып біткен жерсің?! Айдабол мен Күліктен сен не ғып адасып жүрсің?- деп көріскенде, Торайғыр өкіріп жылаған екен. Айдаболдан Шоң іздеп барыпты.

- Емшегімді көкке сауамын, осыдан қайтпасаң!- деп, шешесі Борсық бәйбіше барыпты.

Жаз шыққан соң Қуандықпен бірге жайлауға келгенде, Қуандық, Сүйіндік Көкшетау айналасында, ауыл аралас, қой қоралас қонып, Айдабол, Күлік Торайғырдың аулының үстін баса қонып, жайлауда бірге отырыпты. Үріккен елдей ел жайлаудан кайта көшкенде, Торайғыр түндігін алдырмай, көшпей, еру қалыпты. Мұны көріп Шоң би де, үй іші, бәйбішеге:

- Торайғырмен бірге қалайық, үйді жықпа!- деген екен.

- Азбанға бола би қайнағадан айрылушы ма едім ?!- деп, үй іші, бәйбіше үйін жығып, тас-талқан боп көше жөнелген соң, Шоң Торайғырдікіне барса, Торайғыр намаз оқып болып отыр екен, ұшып тұра келіп, Шоңға көрісіп, жылап қоя берді дейді. Сонда Торайғыр:

- «Ел соңынан енді ермейін, кәуірдің жүзін көрмейін!»- деп, ант ішіп едім. Сенің қалғаның қиын болды.Сені үйірінен айырған азбанға ұқсатып қалай сақтайын? Енді сені қимай амалсыз ел соңына еремін. А, құдай, орыстың жүзін көрсетпей, мені ала гөр!- деп көкқасқа айтты дейді.

- Үй-ішіге: «Түндікті алма, көшпейік»,- деп едім. Тілімді алмай, үйін жығып, көшіп кетті. Енді қатын-балаға тілімді алғыза алмаған соң,сенен қалып тірі жүргенде, не бітіремін? Торайғырды алсаң, мені де, құдай, мұнан қалдырма!- деп,бұл кісі боз қасқасын айтты дейді.Сол уақытта екеуі де қырық тоғызда екен. Торайғыр ауылын көшіріп, Сілетінің бойында «Соқсаң соқ»- деген жерде елдің соңынан қуып жетті. Дәл сол жерде ажалы жетіп, көп ауырмай, Шоң өлді. Өлерінде өсиет қылды:

- Балалар, Торайғырмен екеуміздің құдайға берген уағдамыз бар еді. Бұл Һәм кешікпей менің артымнан келер. Мені аманат қойыңдар, екеумізді хазіретке бір алып барыңдар!-деп.

Сілетінің бойына аманат қойдырған екен. Ел Баянаулаға көшіп келген соң, Шоңның қырқын беріп жатқанда, Торайғыр өлді. Торайғыр өлді деп жаназаға шақырып жүрген түні Байбақы баласы Құлмұхаммед ұста туған екен. Бұл кісінің жылы не болса, Торайғыр, Шоңның өлген жылы - сол. Жаз шыққан соң Торайғыр мен Шоңның сүйегін аманат қойған жерінен алып, Хазірет Сұлтанға алып кетті. Сонда Шоңның (Шонтының) сүйегін аманат қойған жерінен алғанда, ішінде едім, - дейді Шонабай қожа деген қожа. Өз заманындағы адамның асық-жілігінен Шоң бидің асықты жілігі бір қарыс ұзын екен. Әдейі қарыстап көрдім, - дейді, - және бір сонам (сүйем) және бар. «Жантақты жерде сона бар, қыспаған көтте пәле бар», - деуші еді, Шонабай қожаның дуам айтатұғын мақалы еді.

ТОРАЙҒЫРДЫҢ ҚҰН БЕРУІ

(БІРІНШІ НҰСҚА)

Жаздың күнінде ел жайлауда отырған мезгілде Торайғыр, Шоңның жылқысына түнде жау тиді дейді. Сонда Торайғырдың аты белдеуде байлаулы, найзасы босағасында шаншулы [1] тұрады екен«Ал, жау тиді жылқыға!» [2]- дегенде,атына қарғып мініп,найзасын ала жөнеліп, жаудан жылқыны айырып түн ішінде қайтып келіп, төсекте жатқан Шоң бидің тұсына келіп:

- Немене жылқыны айырдыңдар ма?- дегенде,

- Жылқыны жаудан айырдық. Кім екенін білмеймін, ат екпінімен [3] қараңғыда біреуді найзамен шаныштым, қолым сүйсінді. Өкіре құлады, барғаным жоқ, қалды сол жерде [4], дегенде,

Шоң би:

- Уа, ұрған екенсің [5], жағың қарыссын!- депті.

Сөйтсе, жылқыға тиген жау Қуандық екен. Ішінде Алшынбай деген бір сарбаз бар екен. Уәли ханның бір деген қадірлі төлеңгіті екен. Сол уақытта Ошақты көлге Уәли ханның балалары қонып: «Уәлиханға ас береміз!»- деп, ошақ қазып, сауын айтып қойған екен. Сүйіндік болып асқа жүрмекші болғанда, Торайғырға:

- Сен үйде қал, асқа барма!- дейді. - Жүзің қара болып, не деп көрінесің? «Қанды қанмен жуамыз!» - десе, Абайділда ханға не дейміз? Аға баласы Қуандықтың жақсысына не жауап айтамыз? Сен жоқ болсаң, бір сылтау табармыз, - дейді.

Торайғыр болмай асқа жүрді. Сүйіндік кісісі қорықты:

- Сөзге келмей, мынаны ұстап алып, өлтіреміз десе, соған айтар сөзіміз жоқ. Мына, шіркін, өзіне-өзі қылды-ау! - деп, ел қорқа-қорқа барды [6].

Асқа барған жерде әуелі [7] Абайділда ханға ат үстінде кез болып,билердің бәрі ат үстінен көрісті. Торайғыр аттан түсе қалып, жаяулап барып көріскенде, Абайділда хан айтты:

- Торайғырым, ерге жаратуын деген,- дейді.

Сонда Торайғыр айтты:

- Алдияр тақсыр, рас айтасыз, Құдай тағаланың құдіреті хазіреті Мұса пайғамбармен Тор тауында сөйлегенде: «Мұса, жердің тарында кім түр, кеңінде кім тұр?» - деген екен. Сонда Мұса пайғамбар айтқан екен: «Жердің кеңінде мен тұрмын, тарында сен тұрсың»,-деген екен. «Мен он сегіз мың ғаламды жоқтан бар қылған Құдай болсам, жердің тарын, кеңін жаратқан өзім болсам, мен қалай тарында тұрамын, сен қалай кеңінде тұрасың?» -дегенде, «Рас, он сегіз мың ғаламды жаратып, мені жоқтан бар қылған құдайым сен болсаң, сендей құдайым бар екен. Мен жердің кеңінде тұрмай, кім тұрады? Менің сендей құдайым бар болған үшін, жердің кеңінде тұрамын. Сенің ар жағыңда сүйенетұғын құдайың жоқ, жердің тарында тұрғаның сол емес пе? - дегенде, «Рас айтасың, құлым. Сөзің - хақ сөз!» - деген екен. Сол айтқандай, сендей төрем бар, не ғамым бар, тақсыр?!» -дегенде,

- Рас айтасың, Торайғырым, жетім бастатқан «тоғызың» бізден болсын! - деген екен.

Алшынбайдың қатыны ұрғашының бұлбұлы екен:

- Байымды өлтірген батырды көремін!- деп, қолын ұстаған жігіт-желеңге болмай, бұлқынып кіріп келгенде, Торайғыр би:

- Алшынбайдың ажалы жетті де, менің ақ найзамның ұшының абиыры кетті де?!-дегенде,

Қатын:

- Байым өзінен кемнен өлмей, өзімен теңнен өлген екен. Қараңғының көзі бола ма, тиіп кетсе, сөзі бола ма! Құдайға да разымын, байыма да разымын, өлтірген жаным, саған да разымын. Мен байымның құнын кештім. Байымның өлігін сатып, мал алмаймын!- деп, жадырасып, разыласып қайтысқан екен.

- Баянауланың қарағайы желмен шулап тұрған: «Ием жоқ, ием жоқ, ием келген күнде тұтамыш ту бие боламын!»- деп жылап тұрсың-ау! - деген екен.

ТОРАЙҒЫР ТАПҚЫРЛЫҒЫ

Өлейін деп жатқанда, жалғыз баласы Әбет мырза:

- Әке, қалай боларсың?- дегенде,

- Уай, балам-ай, мен қалай болатұғынымды қайдан білейін? Мұнан бұрын өліп көріппін [бе]?- деген екен.

- Сонда Әбет мырза жылаған екен:

- Біз енді кімді әке қыламыз?- деп.

- Жылама, балам, жылама. Жақсы болсаң, өзің жұртқа әке боларсың. Жаман болсаң, әкесіз боламын деймісің, кім көрінген әкең болар,- деген екен.

Асың барда ер таны, беріп жүріп,
Атың барда жер таны, желіп жүріп.
Бұл дүниенің өтерін білген сырбаз
Малын бер де, сұлуды ал көріп жүріп, -

деген сол Торайғырдың өлеңі екен. *** Торайғыр би үйінің оң жақ босағасына ақ тас, қара тас көміп қояды екен. Екі даугер келгенде, ақ-қарасын сөзіменен басқара алмаса, екеуін де бірдей жұмсайды екен: «Ана іргеден қазып,тас тауып алып келіңдер!»- деп. Сонда ақ тас алып келгенді: «Сенің дауың ақ екен»,- дейді екен. Қара тасты алып келгенге: «Сенің дауың қара екен»- дейді екен. ***

Бір түйелі кісіге бір жаяу жолдас болып, сонда түйелі жаяуға:

- Түйенің жабуынан бір қолыңмен ұста да отыр,- депті. Сол түйе зорығып өліп, түйелі жаяумен дауласып, Торайғырға келген.

Жаяу:

- Мен жалғыз қолыммен ұстап отырғаннан басқа дәнеме қылғаным жоқ, - деген соң:

- Қанша жер ұстап отырдың?- деп, жер мөлшерін сұрап алып, сол айтқан жерге шын қолыңды жоғары көтеріп отырып бар депті. Егер де соған шын қолыңды жоғары көтерген бойыңмен бара алмасаң, түйенің төрттен бірін төле,- депті.

*** Және бір шалдау қойшыны бір бала қойшы ат үстінен қамшымен бір салып қашса, шалдау қойшы қуып, баланы ұрамын дегенде, астындағы ат сүрініп кетіп, пышаққа ілініп, ат иесі төлеу сұрағанда, себеп: қашқан бала мен қуған шал екеуі даулы болып, Торайғырға келген.

- Мынау балалықпен ойнады. Оны қуатұғын сен де баламысың? Баланың балалығын құдай да есепке алмайды. Үш есесін өзің төле. «Даушы қорқа алмайды, жаншы қорқа алмайды»,- деген бар еді. Бала төрттің бірін төлесін,- депті. Осындай айтқан биліктері көп.

ТОРАЙҒЫРДЫҢ ТАҒЫ БІР СӨЗІ

Абайділда:

- Қалған сөзді қайта қозғаймын,- дегенде, Торайғырдың айтқаны:

- Баялышты құба жон,

Кетпен шотпен шапқанмен, сай болмас.
Өз ақылымен ер жігіт
Бұлғақтағанмен, бай болмас.
Құс төресі аққу-ды,

О да жалғыз оттамас.
Қас патшаның белгісі -
Қара дауды пұттамас.
Батыры бар - жаудан қорықпайды,

Шешені бар даудан қорықпайды, - деген.
Адасса, сайдың басын білмейтін,
Қарны ашса, күннің сәтін білмейтін,
Елдің ішіне тұрғандығыңды қылса! - дейді.

ТОРАЙҒЫРДЫҢ ҚҰН БЕРУІ

(ЕКІНШІ НҰСҚА)

Бір жылы ел жайлауға көшіп жүріп, жолшыбай үдере көшіп, жаппаның астында жатып, Торайғыр, Шоң екеуі ғана ... малды ауылдар қасына иіріп, әйел-еркек таң атқанша күзетіп тұрғанда. Сыбызғы тартып, жау келіп жылқының барлығын айдап кетіп, халық жаяу қалып, сонда Торайғырдың торы жорғасы белдеуде түр екен. Жау артынан жалғыз өзі адамға айтпай қуып кете барған.

Шоң оянып:

- Япыр-ай, түсімнен шошып оянып едім. Торайғыр үйде ме, барып, біліп келші!- деп, кісі жібереді. Келсе,кетіп қалған екен. - Қап, әттеген-ай, жазым болмаса игі [еді]- деп, қорқып отырғанда, Торайғыр жылқыны жаудан айырып, аман алып қалыпты.

Ертеңінде Шоң келіп қараса, Торайғырдың ақ найзасының сағағы қанға боялып тұрғанын көріп, қорқып: «Мұның артынан бір пәле шықпаса екен?!»- деп,тірі жанға білдірмей жүрген еді. Келер жылы болғанда, Алтайда Алшынбай асына шақырып, арнаулы кісі келген еді. Сонда Шоң айтқан:

- Торайғырға бармасын деп айтыңдар, - деп, кісі жіберген, - Мен қорқамын! - деп.

Торайғыр:

- Мен де барам, қорқарым жоқ! - деп болмапты. Екеуі де көп жолдас алып барған,алдынан сыпайы атшы шығып:

- Екеуіңізге екі үй тігілген, - деп,

- Бұған да шүкір!- деп, қорқып, - Менімен бірге түс, Торайғыр [жеке] барма! - деп айтқан бұған да болмай, жеке бөлініп [Торайғыр] жөнелгенде, Шоң қорқып:

- Көбірек барыңдар!- деп, жолдастарын жіберген.

Торайғыр өзіне тіккен үйіне барып қонып, ертеңінде алдыңғы ауылдан бір ұзын бойлы ақ сұр қатын қолында ақ семсері бар:

- Ерімді өлтірген ер қайда, қандай қанын мен жұтам!- деп, келе жатыр. Көп әйел мен еркектер екі қолына ие бола алмай келе жатқанын көріп, шошып, Шоң би:

- Баршы!- деп, тағы кісі жіберіп, - Иә, Құдай, сақтай гөр! - деп, жалғыз үйде отыра алма[ды].

Алдындағы адамдар есікті басып, жібермей, есік маңы толып тұрған халық. Қатын: «Кірем!» - деп, кісілер жібермей, таласып тұрғанда, Торайғыр үйде тұрып, айқай салып халыққа айтқан:

- Ей, халық, аш есікті, қоя беріңіздер, ашуын басар, ақылына түсер. Бұрынғының айтқан сөзі бар еді: «Қараңғыда көзім жоқ, тиіп кетсе, сөзім жоқ», - деген. Дулығалы ақ найзаның бақыты ұшып, жерге түсті. Жазатайым боп кетіп, біздің найза сіздің ерге түсті. «Мен Алшынбаймын» - десе, жолар ма едім?! Бәрінен де бір Алланың әмірі күшті! - деп айтқанда, қатын тұрып:

- Мен қойдым: «Ерім құнсыз бір жаманнан өлді ме?» - деп едім, ерден өлген екен, арманым жоқ! - деп Торайғырмен көрісіп: «Кешу!»- десіседі.

Торайғыр қатынға ақ жібек шапан жауып:

- Мені қорған көр!- [деп], жорғаны жетектетіп, ертең[інде] ат қосып, жалғыз қара жұп торы жорға [алдында] келіп, екінші Шоңның сарыбауыр аты келіп, үшінші Алшынбайдың Бозойнағы келіп, ат бәйгесінен жүз жылқы [түскен] екен. Мұны қатынға беріпті.

Ертеңінде қатынға Шоң мен Торайғырды қонаққа шақырып, қонақ қып, ертең қайтарында:

- Ат адамның бағы еді,- деп, торы жорғаны өзіне беріп,- маған жүз жылқы болады !-деп,- Мынау ерімнің жорықта киген шекпені еді, мынау - өз найзаңыздың тиген тесігі,-деп,үстіне жауып,- Мынау сондағы мінген Бозойнақ ат,- деп, манағы үшінші боп келген атты мінгізіп жіберген екен.

Келесі жылы қатынды Торайғыр қонаққа шақырып, сыйлап, келген жолына қырық жылқы беріп, разы қылып қайтарыпты.

ТОРАЙҒЫРДЫ ТОҚТАТУ

Шоң мен Торайғыр екеуі араздасып, Торайғыр Жиделібайсынға көшіп бара жатқан жерінен оны Қобының құмында Қарауыл: Мүсет би қуып жетіп, мынадай тоқтау айтып, елге алып қайтқан екен:

Шоң, Торайғыр, сенбісің мақтап жүрген,
Бар өнерің осы ма сақтап жүрген?!
Елден кетіп барасың Мамыр менен Сабырға.
Барғаннан соң сен жерсің

Жал-жая жоқ, қабырға.
Жүйрік атың бар болса,
Барымтаға шабарсың.
Сұлу қызың бар болса,

Бозбалаға жағарсың.
«Ауыл қашан көшед?»- деп,
Түндігіне қарасаң,
Төрешіге барғанда,

Төмен қарап, жарарсың
Асыл туған затыңды!
Шоң, Торайғыр атанған
Егіз шыққан атыңды

Қайдан іздеп табарсың?!
Ұқсаң, айтқаным - осы,
Ұқпасаң, қайтқаным - осы!
Босат атымның басын!- депті.

Сонда Торайғыр түсініп, елге қайтқан екен.

ШОҢ БИ

ШОҢ НАҚЫЛДАРЫ

Құдай рахмат қылсын: «Шоң би айтады екен: «Берген аста береке бар». «Береке»- деген періштенің аты. Берген үйдің асына періштесі - береке береді. «Бермеген аста біте бар». «Біте» деген - шайтанның аты.«Бермеген үйдің асын Біте деген шайтан сорып құртады»-дейді. Отыз жеті жасымда Ташкент барғанда, атармын (аңармыз) құлақтан құлақта қалған сөз еді. Алпыс үш жасымда нұсқа болып қағаз үстіне жазылды. Жасымда жүрмесем, тұрмасам, маған бұл қайда?

1921 жылында 25-декабрьде - жаңаша.

ТІЛ МЕН КӨЗ

Бір сөзді жазып отырғанда, бір сөз ойға түсіп кетеді. Шоң би, Торайғыр би және қасында Тайкелтір бидің тоқалынан туған баласы Өтеп сақау бар және Торайғырдың атшысы Ыстықмұрт: Ерсары бар - Қаракесекке бітімге бара жатып, Қаракесектің бір ауылына жақындап қалғанда,бір кісінің басындай доп-домалақ ақ тасты көріп,айнала тұра қалып, тамаша қылып, көреді де, кете барады. Ауылға барып қоныпты. Байдың екі ала бас ботасын, екі ақ қара бас марқасын көріп, тамаша қылып,таңданыпты. Бұлар аттанғанша, екі бота да, екі марка да пышаққа ілініпті. Сонан соң бұлар әңгіме қылыпты:

- Мына екі бота мен екі марқаға біздің көзіміз тиді. Кешегі біз таңданған тас қайтті екен?- десіп, әлгі ауылдан аттанып, әдейі барып, тасты көрсе, ортасынан қақ жарылып жатыр екен дейді.

САРМАН МЕН ШОҢ БИ

Шоң би бір шаруа жөнінен ақылы алты тарап болып отырғанда, бір-екі даугерді Сарманға айдап жіберген екен. Сонда Сарман екеуінің сөзін сұрап естіп алып:

- Сен де жан бер, сен де жан бер! - депті.

Екеуі қайта Шоңға келіпті.

- Қайттіңдер, біттіңдер ме? - депті.

- Екеумізге де жанға салды, - депті.

Сарманды шақырып алып:

- Мұның рас па?- деген екен.

- Маған салсаң, осы сөзден басқа айтарым жоқ!- депті.

ШОҢ БИДІҢ БІР ӘЙЕЛДЕН ЖЕҢІЛУІ

Кіші жүз Атантай хан 60 жасқа келгенше баласы болмай,бала үшін елден қаңғып, бір сұлу қыз алып[ты]. Атантайда 5 жыл тұрғаннан кейін, Атантай қаза болып, алған әйелі 25 жасында ерге тимей отырып қалғанын Орта жүздегі Шоң, Шорман билер естіп, Шоң бидің әйелді алуға көңілі кетіп, Шорманға:

- Сол әйелді маған алып беруге жәрдем көрсететін болсаң, сенің қалауыңды беремін!-деп, Шорманды ертіп, Атантайдың үйіне барады. Барып отырса, Атантайдың өлгеніне 2-3 жыл болса да, үй айналасы тозбаған. Ері жолаушы кеткен әйелше ұстап отырғанын ұнатып, Шоң би жақсы кеңестер айтып отырады. Кезек Шорман сөйлеуіне келгенде, Шорман: ері өлген әйелдердің ұяты шығып, буаз болып, болмаса, өсегі білініп, қалғандарды ерсіз отырмақ жағына бейім сөздер сөйлейді.

Сонда әйел айтады:

- Ұлы өзеннің бойына

Үлгілі билер қонады.
Үлгілі билердің кеңесі
Рулы елге болады.
Шөкет қара суларға

Шөңкиген билер қонады.
Шөңкиген билердің кеңесі
Шөметейінде болады.
Шоң, Шорман ұялып аттанып кетіпті.

ШОҢ МЕН ТІЛЕНШІ

Екі елдің дау-жанжалы, «Ердің құны - нардың пұлы» сияқтыларды Қаракесек, Төртуылдың билері бас қосып, бітім, тыным қылып, ел арасын тыйыштандырып, жайландырады екен. Сонда Қаракесектің биі - Тіленші, Төртуыл биі - Шоң би - екеуі бас қоспақшы болып, Шоң би Қаракесекке бет алып жүрмекші болып: «Айдабол Тайкелтір бидің Өрік деген тоқалынан туған Өтеп сақауды ала жүрейік!»- деп, барса, Өтеп кедейлікте қара қасқаның өзі екен.

- Атым, тоным жоқ, - деген соң, Тайкелтірдегі Манкен байдың торы жорғасын алдырып, мінгізіп, шұға шекпенін алғызып кигізіп, алып жөнелді. Сонда Өтеп сақау айтыпты:

- Алдынан буа сөйлейін бе, артынан қуа сөйлейін бе?- дегенде, Құдай рахмат қылсын, Шоң би айтқан екен:

- Артынан қуамын деп жүргенде, жеткізсе жақсы, шалдырмай, шығып кетсе,қапы соғып қаларсың. Не болса да, алдынан буа сөйле!- депті.

Билер бас қосып, сөзді бастағаннан-ақ Өтеп сақау ешкімге сөз бермеді,Тіленшінің аузын аштырмады.Сонда Тіленші не дерін білмей:

- Мынау өзі жағасы кір-кір немең кім өзі? - депті.

Сонда Өтеп сақау айтқан екен:

- Көйлек кірі жуса,кетер; көңіл кірі айтса, кетер; сүйек кірі қайтсе, кетер? - дегенде, Тіленші:

- Менің сүйегімде не кір бар? Әкем - Бекболат, бабам - Қазыбек,- Бошанға, Болатқожаға шейін шұбыртып сөйлегенде, сонда Өтеп сақау айтқан екен:

- Әкең айсыз қараңғы түн еді, жерошақтың басында, көгеннің қасында жататын шеше -сол Мықыра күң еді,- дегенде, Тіленші сөз таба алмай, Шоңға айтқан екен:

- Ай, Шоң-ай, мына сөзді биті быжынаған, құрты құжынаған жаманыңнан есіттірмей, өзің-ақ айтып тынсаң, не етеді?!- дегеннен басқа дәнеме айта алмапты.

Сол Қазыбектің ұрпағына: «Кімсің?» - дегенге «Кішікпіз!» - дейтіндері бар. Онысы: «Біз Сұлымқарадан емеспіз,» - дегені. Кішік - қатынның аты болса керек. Сұлымқарадан жирендіріп қойған Өтеп сақаудың сөзі болмаса, кімнен туғанын кім біледі?

ШОҢ БИДІҢ ҚУАНДЫҚ ЕЛІНДЕГІ АСҚА БАРУЫ

(БІРІНШІ НҰСҚА)

Шоң - Торайғырдың Шоңы қартайғанда, Қуандықта бір асқа барған әңгімесі. Қуандықта: Қопа, Сапақ, Қорысбай деген байлар болған. Сол «Қорысбайдың асы бар!»- деп, сауын айтты. Ошақ қазған жері - Есіл бойы: Амантай, Қарқаралының қақ қасында.Сол асқа Шоң биді шақырды. Шоң би ат бәйгесіне қосуға Жананның Қараласын алып жүрді. Балуан бәйгесіне түсіруге Қаржас: Ақша - Байболаттың Байболатынан шыққан Жаманқара -Кенжеқараның Жаманқарасын алып жүрді. Ақын бәйгесіне жарысқа салуға Орманшыдан шыққан Сақау ақынды алып жүрді.

- Осы жолы бағымды сынайын деп едім,осы астан тапқан,алған олжаң менікі болсын !Үйге қайтып келіп түскен соң,қыздың қалың малын алсаң да, қолың бос болсын!- деп, Қараланың алдына жанды қара түссе, аттырамын!- деп, Күлік: Жаңабатыр бидің баласы «Қаһарлы Жанақты» алып жүрді. Бұл Жанақ: «Аттым!»- десе, мал да, жан да мұрттай ұшады екен. «Шоң бидің сабасы - деп айтсын!»- деп, Ақбура: Қаралтайдың баласы Қарқымбайдың сабасын алып жүрді. Ол сабаның көрінісі - төрт сары айғырдың терісінен -жүнін сыртына қаратып, жал-құйрығын өзіне қойып, бұлқынына бір өгіздің терісін тіктіріп, өзін түйеге теңдегенде,сегіз қанат үйдің бір үзігі бір жағына тең болады екен. Алты атанға қымыз артып барып, асқа барғанда, сабаны үйге орнықтырып, алты атанға артқан қымызды ішіне сол жерде құяды екен.

Шоң би асқа бара жатқан бетінде Амантайдың[1] басына шығып, асқа тіккен үйлерді тамаша қылып тұрды. Көптігі - бір шеті мен бір шетіне көз жеткісіз екен. Сол жерде тұрып, Қарала атты алдына алдырып, Қарала атпен серттесті дейді:

- Осы Амантайдың басынан қарақшы тіктіріп,пәлен жерден айдатпасам, маған серт! Алдында келмесең, Қарала, саған серт!Алпыс төртте мен тұрмын, жиырма төртте сен тұрсың! Енді Қуандықтың асы, Шоң, саған да екіталай, енді бәйгенің алды, Қарала, саған да екіталай: екеуміздің ақыр-тақырымыз - осы!- депті.

Асқа барып түсіпті. Шоң би ақын Сақауға:

- Алдымен мына Шонтыжанға өлең айтып, басындағы тақиясын алып ки, ырым болсын! Сонан соң бар да, ілкі бұрын Саржан төреге айт, онан сұра - тон.Өтебай жындыға айт, басынан сәукелесін сұра. Қанша дүние берсе, алма! Егер сәукелесін бере қалса, етегіңе орап, алды-артыңа қарамай, мұнда алып кел! Елі білсе, тартып алып қалар!- деп, батасын беріп, жөнелтіпті.

Саржан төре өлеңшінің өлеңін керек қылмайды екен, алдына өлең айттырмайды екен. Бұл Сақау домбыра алмайды екен, домбырасы жоқ болған соң, мұның кім екенін қайдан білсін?! Саржан төренің алдына барып, шарт жүгініп отырып, өлеңді қоя беріпті. Сонда айтқан өлеңі:

Құдай артық жаратқан тілегіңді,
Гауһар тастан жаратқан жүрегіңді!
Бір тартқанда, өткізген жеті шоттан,
Айналсам да, болмай ма, білегіңді?!- дегенде,

Саржан төре:

- Тоқта, тоқта, сөзің түгел болды, жетті. Аузыңа сөз салып тұратұғын күшті перің бар қу екенсің. Мынаған бес көк ала бас атан, бес дүрие шапан ап келіп беріңдер! - депті.

Оны Шоң биге беріп жіберіп,Өтебай жындыға барыпты. Бұл Өтебай жынды Алтай: Тоқаның Тоқасынан, Көктің көліндегі Инем баласынан шыққан сал екен. Әкесі Күшікбайға он екі мың жылқы біткен екен.Сол он екі мың жылқы мұны жындандырмай, қалай тыныш қояды?! Осы асқа киіп келуге өзіне арнап сәукеле жасаттырған екен. «Тоқа: Сапақ қызының сәукелесінен де артық болсын, Алтай: Алдажұман қызының сәукелесінен де артық болсын!» - деп, жасаған ұсталар: «Жүз биенің құнына, пұлына жеткіздік» - деген екен.

- Осы асқа барғанның бәрінен биік боламын, - деп, сәукелені басына киіп,түйеге мініп келген екен.

Өзі бір үйде жалғыз жатады екен де, сәукеле басында,үлкен құс жастық арқасында, аяқ жағына есіктей айна қойдырып, өз түрін өзі айнадан көріп:

- Бар түрің осы ма, бар болғаның осы ма? - деп, - Ішіңе сиейін, көтімді сүртейін!- деп, аузын осыртып, айнаға қарап, ернін шығарып, өзін-өзі келемеждеп жатады екен.

Сақау кіріп барып өлеңді қоя берді.

- Үйден барып, қысырақ ал, - деді, - жүзді ал, мыңды ал,- деді.

- Басыңнан бермесең, тіпті алмаймын!- деп, бұ да өлеңмен ерік әліне қоймай бүріп кетті.

- Өзіме де сүйкімсіз болып, түрімді бұзып жатыр еді, енеңді с...інді арман ап кетші, көрмегенім осы болсын!- деп, басынан жұлып алып, есікке қарай лақтырды дейді.

Сақау алды да, жөнелді, Шоң бидің алдына ап келіп қойды.

- Сегіз ұлдан соң көрген жалғыз қызы,... жанды ұзатқанда, басына кигізсін,- деп, сәукелені Шонтыға байлады дейді.

Міне, бұрынғылардың бәрі әулие екендігі осындайдан білінеді. Қанша ұста жидырып, жүз биенің құнына жеткізіп жасатқан иесі Өтебайға бір тақия есебінде болды. Еңбек қылып алып келген ақын, әдейі жіберіп алдырып отырған Шоң, - бәріне де бір тақиядан артық құны болмады. Сонда Тоқа: Сапақ бай:

- Қарқынбайдың жылқысы қанша?- деп сұрапты.

- Төрт жүз бар шығар,- десіпті.

- Менің бір қыста соятұғын соғымым құрлы жылқысы жоқ неменің сабасы қандай екен, көрмек керек,- дегенін естіп, Шоң би, Құдай рахмат қылсын, тамам ер тоқымды бір жерге үйдіріп, сабаны соның үстіне орнатып, туырлықты тестіріп, піспектің басын сонан шығартып, далада ат үстінде тұрып пісетұғын қылып қойыпты. Үкісін бұлғаңдатып, күмісін жарқ-жұрқ еткізіп, атпен пісіп тұрғанын Сапақ анадайдан көріп, келуге ұялып, қайтып кетіпті.

Бұрын бес Мейрам ортасында ас берілсе, Шоң биге келіп: «Қарақшыны қайдан тігеміз, атты қай жерден жібертеміз?»- деп, ақыл сұрайды екен. Бұл күнде Қоңырқұлжаның аға сұлтан, дуанбасы күні, бұл Қайырқоңырдың заманы болып тұрған күні екен.Төрелік қылып, Шоңға келмей:

- Ат шабар! Ат шабарлап, қарақшыны алып шығып кетті дейді.

Шоң би атқа мінбей, жатып алды. Бұл аста Қаз дауысты Қазыбек ұрпағы болған Тіленші баласы Алшынбай би бар екен.«Ат шабар, ат шабар»-лап қарақшыны ала жөнелген соң, олар да шығып кеткен екен. Сонда Шоң би Алшынбайға кісі жіберді дейді. Тіленші би өлгенде, Шоң би орнына дұға (дуа) қыла барып, бір күн, бір түн жатып қайтқан екен. Сонда Алшынбай жиырмаға жетпеген уыз жас күні екен, Шоң биді шығарып салу үшін еріп шығып, «Айыркезең» деген таудың түбінде аттан түсе қалып, рұқсат (ұлықсат) сұрап:

- Кеше бесінде барып түскеннен бүгін бесінде аттандыңыз. Сіз түскеннен аттанғаныңызша алдыңызда жұлдыздай ағып сөйледім де, отырдым, бір қақпадыңыз. Сіздей кісі қақпайтұғын менің сөзім сонша мүлтіксіз, оң болып кетті ме, болмаса мені ақымақтанып, әуейіленіп кете берсін дедіңіз бе?! - депті.

Сонда Шоң би айтыпты:

- Сенің ана бір сөзіңнің анадай сөкеті бар еді, о бір сөзіңнің мынадай оғашы бар еді [деп], жұрт көзінше топ ортасында пәлен-паспадан демегенім: «Қарадан хан болды деген Шоң да бұған бір ауыз бір нәрсе деуге жарамады»,- деп,елің қатықтай қатып, сүттей ұйып, қалта қарап тұрып қалсын!- дегенім ғой!»- дегенде, Алшынбай жылап жіберген екен.

- Айыркезеңді ұмытпасаң, бір қаруын қайырарсың, балам! - деп, жүре берген екен.

Жіберген кісісіне айтып жіберді:

- Алшынбайға бар: «Би жіберді, Айыркезең есінде бар ма?»- десең, болады,- деді.

Жіберген кісісі барып, айтып еді.

- Би қайда?- деді.

- Би атқа мінген жоқ, жатып алды, төсегін жайлап салып алды,- деді.

- Би мінбесе,біз не алғалы міндік?- деп, түсіп отырып қалған жерінен атына қайта мініп алып, - Қарқабат, Қарқабат!- деп, ұран шақырып, айғайды салып келіп, түсіп жатып алды.

Қуандық кісісі үрпиісіп, шошып қалып:

- Бұл қалай, бұл қалай?- десті.

Күптені жоқ бір қу таңдай суырылып сөйледі:

- Мұнда аруақтың соңы болған, Айдаболдың Шоңы болған Шоң деген кісі бар. «Қай жерге қарақшы тігеміз, атты қай жерден жібереміз?- деп, маған сабағат салмады!»- деп, қияңқылық қылып жатқаны,- деді.

Төрелер:

- Біз ондайын білмедік, бара көріңдер,қарақшыны қай жерден тіксін дейді, атты қай жақтан жіберсін дейді. Өзі білсін!- деп, кісі жіберді.

Сонда олардың жіберген кісісіне Шоң би былай сөйледі:

- Бұл Қорысбай асы бес Мейрам басын қосып, ақылдасып берілетін ас еді. Солай болғанда, кар суынан осылай беттеп, көшіп, ошақ басына қонатұғын едік. «Көптеген қонақ атандырады, көмектеген жау қашырады» дегендей, оп-оңай тарқайтұғын еді. Ағайын-туғанды ақылға алмай, бір-екі төре не десе, сол болады дегенмен, «Төреге ерген ерін арқалайды» демеді ме? «Түлкі алмайтын жаман құс - ат еңбегі, Абылайдан басқа төре - ет еңбегі» деген сөз бар емес пе? Ел жайлауға беттегенде, сауын айтылмай, елдің жайлаудан қайтарына қарсы айтылып, қайта көшіп бара жатқан бетімізден: «Ағайын шақырған асымызға келмеді» дер деп, ұялғаннан зорға келдік, Сілетіден шығып келдік. Атымыздың мойны қатып, азаматымыздың сілесі құрып келді. Ертең тұрып, бүрсігүні ат шаппаса, жайымыз жоқ! - депті.

Сонан соң Қуандық қайта саба жиып,қайтадан соғым сойып, асты екі берді. Міне, Шоңның қара қазақтан бағы асқан жері - осы. Айтқан ертеңі өтіп, бүрсігүні болды. Амантайдан қарақшыны тіктіріп, Қаралаға серттескен жерінен атты айдатты. Атты жөнелтіп жіберген соң:

- Балуан, балуан!- деген айғай шықты.

Сонда Шоңның балуаны Жаманқара күреске қалай түседі? Бұл Жаманқара мойнына қыл шылбырды күрметіп байлатады екен. Ол шылбырдың бір ұшын, бір бозбаланы атқа мінгізіп, тақымының астына бастырып ұстатады екен де:

- Өлсең, айрылма!- деп айтады екен.

Бір-екі бозбаланы атқа мінгізіп,қолына құрық беріп,құрықтың жіңішке басымен:

- Құрайт, құрайт!- деп, құрықтың астына алып, аямай тарсылдатып сабатады екен.

Әбден бойы қызып, дуылдап алған соң, шылбырды жұлып кетіп, биеге шабатұғын айғырдай оқыранып барып, күреске түседі екен. «Жылқы жыным бар»- дейді екен. Бұл бүйтіп түскен соң, мұнымен күрескен өлмей қалғанын зор ғанибет деп біледі екен.

Балуан жықты,бас бәйгені алды дейді ғой!

- Ат келеді, ат келеді!- десті.

Қараса,өзге ат жоқ.Бір-екі қара келеді: біреуі - Баранқара, біреуі - жазған Қарала. Баранқара Қараланың алдына түсіп келеді. Сонда Шоң қасындағы мергеніне:

- Ат ана Қараланың алдына түсетін немені! - дегенде, мергені оң қолының сұқ қолын ұртына тығып:

- Әне, аттым!- депті.

Қара мұрттай ұшыпты: Қоңырқұлжа төренің қара аты екен. Үстіне мінген бала - Мұрат: Аманкелді деген бала екен. Бұл Аманкелдінің інісі Малкелдіге өзіміз ауызба-ауыз жолығып, сөйлестік.

Қуандық тағы жуандығына кетіп:

- «Қарала жерінен шапқан жоқ, жолдан қосылды, бәйге бермейміз»-ге түсті.

Шоң би ат үстінде бармағымен маңдайын тіреп, көзін жұмып түр екен. Өзінің әдеті екен: жай отырғанда, көзін жұмып, бармағымен маңдайын тіреп отырады екен де, сөйлеуге келгенде, көзін ашып, ақыра сөйлейді екен. Шоңнан дыбыс шыққанда, басқа жанның аузына, сөйлейін десе, сөзі аузына түспей қалады екен. Сонда Шоң сөзі:

- Делегей етек, жуан қоныш Қуандық ағамның баласы, қамшыңның көптігіне де сөз жоқ, ақылыңның жоқтығына да сөз жоқ. Атым жерінен шапты, талас, тартыссыз жалғыз келді, бәйгемді бер! «Қапым бар!»- десең,атты кайта жіберуге бұйырамын.Өзім күнсіп далада тұрмаймын, Алдажұман ауылына барып жатамын. Тағы бір атым құйрық тістесіп, Қараланың соңынан келеді.Екі аттың бәйгесін сол жерге алып келуге бас бұрып, бүлк етпейсіңдер!- деп, атты қайта айдатып жіберді де, өзі жөнелді.

Алдажұман аулына келіп түсіп жатып алды. Астан бұрын Абайділда хан түскен екен, оған да бір ат сойып,жеті еркек қой үйткен екен. Шоң биге де бір ат сойып, жеті еркек қой үйітті. Айтса, айтқандай болып, Қараланың соңынан бір қарақасқа ат құйрық тістесіп келіп, екі аттың бәйгесін шып-шырғасын шығармай, Алдажұман аулында жатқан Шоңға айдап келіп берді. Бұл қарақасқа ат Айдабол - Күліктің Күлігінің ішінде өсіп-өнген Майлытон - Шегірдің Шегірі «Әлісүйірдің (Алысойырдың) қара қасқасы» атанған екен. Үстіне мінген баланың аты: «Жайылған» екен: «Қарақасқаға жиырма бесіме шейін шаптым»- деген екен. Сонда Қуандық Сапақ байға өкпелепті; өкпелеген себебі - қарақшы тіккен төбенің басында Сапақ Шоңның қасында отырып қалған екен.

- Шоң Сүйіндік құты еді, сен Қуандық құты едің.Екі жарылған жерде өз ортамызда отырмай, Шоңның қасында неге отырып қалдың? Сен өз ортамызда болсаң, бүйтіп маңдайымыз жып-жылтыр болып қалмайтұғын едік!- десіпті.

Сонда Сапақ айтыпты:

- Шоң деген кісінің алды - жарық, арты қараңғы екен. Шоңнан былай бұрылып кетейін десем, адасатұғын болдым. Мен оның қасына түсейін деп түсіппін бе? Амалсыз түстім: алдын - жарық, артын - қараңғы қылып, бақытын аса зор қылып жаратқан Құдайға өкпелеңдер. Шіркіндер, Құдайдан деп білмей, менен көреді ғой!- депті.

Алдажұманнан аттанып, былай елсізге шыққан соң, Қаракесек, Сүйіндік болып,бір жерге түсіп, бәйгені ортаға салып, үлесіп алысыпты. Аттың, балуанның бәйгесінен Сақау бәйгесі он есе үздік болып шығыпты. «Жүйрік ат, шешен жігіт жұрттың бағына туады»- дегенді көзбен көріп, нанысыпты. Ақын Сақау үйге барған соң:

- Маған дүние малын берсең, алмаймын, Осы көптің көзінше, Шоң, маған оң батаңды берші! - деп, ұшып түрегеліпті, сөйтіп бата алыпты. «Шоң биден, шешен болдым, бата алған соң!»- деген сөзінің мәнісі осы екен.Сол астан қайтып келе жатып, Тоқада: «Үш қозы» атанған: Телқозы, Байқозы, Қарақозының Телқозысына түстену үшін түсе қалғанда, Телқозының бәйбішесі сабау ұстап, қымыз құйып отырып, Шоңның қаралдысына көзі түсіп, бойы иіген екен. Кідірмей бір ұл тауып, атын Шоң қойған екен.

«Күні Кеше Алтай: Тоқада атағы жер жарып: «Шоң болыс» - атанған Шоң сол еді»,- дейді. «Тоқсан ауыз сөздің түймедей түйіні бар»- деп, бұл әңгімені ұмыттырмаған Сақаудың бір ауыз өлеңі:

Мейрамның бас қосқанда бес баласы,
Бұл Қайырқоңыр екен дуанбасы.
Қуандық Қорысбайға ас бергенде,
Жананның келген екен Қараласы.

Бес Мейрамның ұлына түгел жеткен
Қарқымбайдың үкілі бір сабасы.
Қарқымбайдың сабасы Көтеш ақынның өлеңіне қосылған:
Қаралтайдың баласы Қарқымбайды,

Мырзалығың Байғананы алқымдайды.
Үкілі піспек болғанда, күміс ожау
Жиын сайын сабасы жарқылдайды.
Құйып ішер үйінде саумалы жоқ,

Олжаш неге би болып барқылдайды?

Олжаш деген Күлік: Дербісәлі баласы - Олжаш би. «Олжаш би дейді екен, - сөзі бәтуасыз, берекесіз, өзі де оңбаған, арты да мәз болмаған жан» - деседі. Осы жаздың келешек қысына Шоң би дүниеден қайтып, денесін былғарыға тігіп, қыс ішінде жүз жылқымен Хазірет (Әзірет) Сұлтанға апарыпты. Әзіретідегі қожалар: «Арқаға қойып, үш жылдан соң ап келсең едіңдер. Еліңнің құты екен, құт шайқалды ғой!»- десіпті. Шоң бидің өлген жылы қой жылы екен,келер қысына «Қу мешін»- деген жұт болыпты. Шоң өлген жылы туған балалар екен. Шоңның өз немересі, Төкі баласы Бажықай, Ақын баласы Айман өмірінде оңбай, қара қасқа кедей болып, еңбегі жылтырап, қартайып өліпті. Шоң өлген соң жаз шыға ас беріпті. Сол асқа Батыр - Бәрменнің Бәрмені «Алакөз», «Көсеу»- деген екі атын алып келіп қосыпты. Үндемей қосқан жоқ, айтып қосыпты:

- Енді, Қарала, саған бәйгенің алды түгіл, қаямның қақ басы да жоқ! - деп.

Айтса, айтқанындай болып, Шоң бидің асында Алакөз, Көсеу екеуі құйрық тістесіп келіпті. Қарала төртінші болып зорға ілініпті, қалғанының алды осы дейді.

«Қу мешінде» жұрт жұтап қалғанда, Көтеш ақынның айтқан екі ауыз өлеңі:
Қозған, Қақсал теп-тегіс қақсап қалды,
Жылқы - отарда, қолдағы ат ақсап қалды.
Баянаула бауырында Жанқозы атаң

Қара малдың тұқымын жақсы ап қалды.
«Ақыл», «Сексен» атанған еліміз-ді,
Атпен тартып қағатын желімізді.
«Мал кетті!»- деп, бозбала, мұңаймаңдар,

Азар болса, үш жылғы төліміз-ді.

Айдабол: Боштай баласы Хұсайын, Қаракесек: Алшынбай баласы Қақабай, Қаржас: Еркебұлан баласы Жантемір - Шоң өлген жылы туған балалар. Осы айтылғандардың жиырма бес мүшелінде туған Мәшһүр - Жүсіп өзінен жиырма бес жыл бұрын өлген Шоңның қасында бірге жүрген бе, қалай?

ШОҢ БИДІҢ ҚУАНДЫҚ ЕЛІНДЕГІ АСҚА БАРУЫ

(ЕКІНШІ ҚЫСҚА НҰСҚА)

Қуандық асында Жананның Қараласы келген жолы, Қуандық:

- Жері жақын болды, қайта шаптырамыз! - десіп, болмады дейді.

Сонда Шоң айтты дейді, ат үстінде бармағымен маңдайын бір тіреп алды да:

- Жуан қонышты, делегей етекті Қуандықтың баласы, сенің қамшыңның көп екендігіне де ешкімнің таласы жоқ, ақылыңның жоқ екендігіне де ешкімнің таласы жоқ. Атым талассыз келді, бәйгемді бер! Қайта шаптырсаң, тағы бір атым тағы келеді, екі аттың бәйгесін бересің! Мына мен күнқақты болып далада тұрмаймын. Жұман байдың аулына барып түсемін. Өздерің артымнан бәйгемді сол жерге алып келіп беріңдер!- деп, атты қайта шабуға жіберіп, өзі Жұман аулына келіп түсіп жатып алды дейді.

Алдында Абайділда хан түсіп, оған да бір ат, жеті еркек қой сойып үйіткен екен. Шоң биге де бір ат, жеті еркек қой сойып күтті дейді. Бидің айтқанындай, Қарала ат тағы алдында келіп, оның соңынан Айдабол - Қаржастың және бір аты жалғас келіп, екі аттың бәйгесін шып-шырғасын шығармай, Жұман аулында жатқан Шоңға әкеліп қолдан тапсырды дейді. Өтебайдың сәукелесін Шоң Шонтының қызына бергізді дейді. Немере інісі Сапақтың, Байсақал қызы, келінін Мұса мырза әдейі көріп сөйлескен екен:

- Елінің «жынды»,- деген сөзіменен, жыны жоқ екен. Төмен етекті әйелдің сымбатты, сиықты, қылықтысы екен. Аулының мінезін жаратпай, менсінбегендіктен, «жынды» атанған екен. Сонда бір шай қайнатты. «Үйімнен келген шай еді», - деп, әудем жерден иісі мұрын жарып шығып тұратұғынның өзі екен.

- Осы отырған ауылым осының иісінің не екенін білмей: «Көп сақтаған соң, сасып кеткен ғой!»- дейді. Мен жынды болмай, кім жынды болсын, обалым әкеме болсын! Мені осындай жерге қор қылып бергенде, қызыққаны мал болса, үрім-бұтағы мал көрмей, шұбырып өтсін!- деп, өз әкесін қарғап, жылады дейді.

Сол келінін енесі шағыстырып, Сапақ нақақ өлтірген. Мұнда Сапақ та қаңғырып, жылу сұрады. Онда Байсақалдың арты да қай оңа қойды дейсің? Ұрғашы болса да, көз жасы далаға кеткен жоқ шығар.

Мейрамның бас қосқанда бес баласы,
Бұл Қайырқоңыр екен дуанбасы.
Қуандық Қорысбайға ас бергенде,
Жананның келген екен Қараласы.

Қуандық асына алып барғанда, Қарала - жиырма төртте еді. Шоң би - алпыс төртте екен. «Қарақшы тіккен төбенің аты - Амантай еді»,- деседі. «Қоңырқұлжаның атына шапқан баланың аты - Мұрат: «Аманкелді»- деген бала еді», - дейді.

БОЗДАҚ БИ ТУРАЛЫ БІР ДЕРЕК

Жәудіркөз - Боздақ бидің қызы екен. Сексен: Қарашаға ұзатылған: «Қараша ұрысса, бермес араша.» Онан бір Бекжан деген жаман бала туған. Бұл Бекжанның апасын Қуандықтың: Құдайбергені алған. Жосқабек (Жосығабек), Сапарбек - жиендері. Құдайберген марқұмның бір сөзі еске түсіп, жаза салдым. Бұл Боздақ би Ақиіс -Қалқаманның Ақиісінен шыққан кісі.

Бестеректің түбінде
Бес үйлі Ақиіс демесін,
«Бес Мейрамға білдірмей,
Басып жеймін!»- демесін!-

деп айтатұғын Боздақ би - осы. Моласы Жамандалбада, Батырдың Бейсенінің қыстауының оңтүстігінде, Қаратомардың басында. Бұл күнде жер болып, оба болып [қа]лыпты. Өзі Ақиіс те Бестеректің түбінде өлген екен.

- Сүйіндіктің жерінің шетіне апарып қойыңдар! Олай-бұлай жүргені дуа қыла жүрер!-деп, өзінің өсиеті бойынша қойған екен. «Боздақ десе, Боздақ екен!»- дейді. Өмірінше сал болып, сылқылдап, әдемі киініп жүреді екен де және Торайғыр сөзден тоқтағанда, осы Боздаққа дәнеме тауып айта алмаған екен.

1910-жылында жаз күнінде ел жайлаудан қайтар кезде барып, зиарат қылдық: тас тамы бар екен, жер болып қалыпты. Далбаның ту сыртында Үшқағылдың оңтүстігінде Жайма деген жердің күншығысында бір жонның үстінде бір қотан қойдың орнындай бір көп тас үйілген үйеде, тап (қақ) ортасында бір бұлақ бар: дуам (дәуім) суалмайтұғын Құдай жаратқан тамашалардан бір тамаша. Көрген кісі таң қаларлық, көрмеген кісі онда су бар деп ойлайтұғын емес.

ШОРМАН БИ

ШОРМАННЫҢ ЖАС КЕЗІ

Шорман деген кісі он үш жасында әкесі өліп, жетім қалып, «Шорман бала» атанған екен. Бас қосылған жерде әңгіме - сөзге кірісіп, аттыға - жол, жаяуға сөз бермей, «Шорман бұлбұл» атанған екен. Қаракесек, Төртуылдың басы қосылған жиында Тіленші биді алды-артын орап, сөйлетпейді дейді. Сонда Тіленші би айтқан екен:

- «Өзім асыраған текешік өзіме жау болды»,- деген осындайды айтқан екен-ау!- депті. Жұлып алғандай, Шорман бала айтты дейді:

- Жақсылық өз қолыңда болса, бірі - ақсақ, бірі –таз - екі балаң бар ғой. Оны неге Шорман қылып алмай жүрсің?- деген екен.

Тіленші би дәнеме айта алмай, ұялып қалды дейді. *** Бұл Шорман би қасында бірнеше жолдастарымен Қуандықта бір Атымтай деген байдың үйіне келіп, қону үшін бас салып кіріп келіп отыра қалды дейді. Байдың өзі карт басқан кісі екен. Жамбасының (жанбасының) астында бір тоқым бар, от басында жантайып жатыр екен. Әлекедей жалаңдаған бір тоқал қолды-аяққа тұрмай, ұшып-қонып, от басында жатқан шалмен де ісі жоқ, төр алдында отырған қонақпен де ісі жоқ, бір кіріп, бір шығып, шаруасына айнала берді дейді. Байда үн жоқ, түн жоқ, қисайған бойымен қисайып жатты да, қойды дейді. «Қонақ келді-ау деген,- бұған жабдық қыл»- деген байдан да ешбір сөз болмады, тоқалдың да ойы бөлінбеді.

Сонда Шорман би сөйледі дейді:

- Сүйіспеген қонақтың кім екенін білмейді, езу тартып күлмейді. «Су анасы - бұлақ болар, сөз анасы - құлақ болар. Адамның жаны денесіне қонақ болар, жанның жалғыз досы дүниеде тамақ болар»- деген екен-ау! - дейді.

Сонда жантайып жатқан шал басын көтеріп алып:

- Уай, жаным-ай! Қатынға қадірі қалмаған, қағып төсек салмаған, қара көзден нұр тайған, қатынға қайрат бел тайған. Қатын тілді алмаса, от басына жантайған - деген осы болатұғын,- дейді.

Шорман би:

- Тойдым, тойдым, төркіндеген әйелді ерткен қосшы сықылды күйде тұрған кәріп (ғаріб) екенсің!- деп[ті].

Тоқал да сөз түрінен шошып, бар әлінше күтті дейді.

ҚАРЖАС ПЕН ҚАНЖЫҒАЛЫ ДАУЫ

(БІРІНШІ НҰСҚА)

Нұрқан төре, Бапан би: Қанжығалының бірі - төресі, бірі - биі. Бұлардың заманында Төртуылдың адамы: Шоң би мен Шорман би екен. Төртуылдың Қаржас деген еліменен Қанжығалы - Ерейментауға даулы болды дейді. Шуақтың Ақшоқысы, Торғынбай шаты деген жер Қаржас қыстауы екен. Және Көдей байдың баласы Өтебай Ереймен қыстап жүреді екен. Жер турасынан ұрыс-талас болып, Тұрсынбай баласы Боштай Шорманға болысып, Баянауладан қырық орыс алып шығып, Қанжығалы ұрыс - төбелес қылып, орыс мылтық атып, Қанжығалының жеті ері оққа ұшып өліп [1], осы даудың бітіміне бас қоспақ болып, Шорман Шоңға келді дейді:

- Керей, Қанжығалыға бітімге бас қосуға жүріңіз,- деп.

Сонда Шоң айтты дейді:

- Мен бармайын, сен өзің бар. Екеуміз бірдей барып, бітіп қайтсақ, жақсы. Біте алмай қайтсақ: «Үйде кіміміз бар?»- дейміз. Сен барып бітсең, бітіп қайтарсың. Бітпей қайтсаң: «Үйде Шоңым бар!»- дейсің ғой. Менің саған ұстатқан бір сөзім: үш күнге шейін бітімге шықпай, бөгелгейсің. «Момынның ақылы үш күндік»- деген сөз бар-ды. Үш күннен соң Момын баласы ақылын тауысып, «өзің білге» келетұғын,- дейді де, Шоң үйде қала берді. Шорман барды, Айдабол, Қаржастан,- әр табынан басты-басты кісілер барды. Керей, Қанжығалы болып ақылдасты: «Төртуылдан билікке кімді аламыз?»- деп. Шорманнан басқа билікке шығарлық кісісі жоқ:

- Шорманды аламыз да,- дейді. Онда Қанжығалы кісілері:

- Өзіміз Қаржаспен даулымыз. Қаржастың өз тұқымынан қалайша Шорманды аламыз? Басқа руынан алайық та,- дейді.

Қанжығалы: Сүгірәлі - Әбсапа деген кісі тұрып айтты:

- Әуелі мен Шорманның өзін оңаша алып шығып, әділ ме, әділ емес пе, сынайын. «Әділ биде ата жоқ, тура биде туған жоқ, туғанына бұрған биде иман жоқ»,- деген. Шорман баладан ата жайын сұрайын. Шорман Қаржасқа бұра қате тиіп, ата тапса, әділ болмағаны. Егер Қаржасқа ата таппай дағдарса, шын әділдігі,- дейді де, Сүгірәлі - Әбсапа бір төбенің басына шығып отырды да:

- Шорман бала маған жолығып кетсін,- деп, шақыртып алып, қасына отырған соң:

- Осы, Шорман бала, сенің әкеңнің аты кім? - дей[ді.]

- Менің әкемнің аты – Байкісі - Күшіктің күшігі,- дейді.

- Оның әкесі кім?- дейді.

- Сатыбалды - Тәтидің Тәтиі,- дейді.

- Оның әкесі кім?- дейді.

- Мырзағұл,- дейді.

- Оның әкесі кім?- дейді.

- Анай,- дейді.

- Оның әкесі кім?- дейді.

- Телі,- дейді.

- Оның әкесі кім?- дейді.

- Құлыке,- дейді.

- Оның әкесі кім?- дейді.

- Қаржас,- дейді.

- Қаржас әкесі кім?- дейді.

- Уай, Әбсапа әкей, «Өзен тұрып, өзге жерге қонған - нәмірд. Өзі болған жігіттің түп атасын сұраған - нәмірд»,- демеп пе еді?! Қаржастың әкесін де ұрайын, оның әкесін сұраған кісінің тап аузын ұрайын!- дейді.

Сонда Сүгірәлі Әбсапа қарқ-қарқ күліп:

- Пәлі, Шорманым, әділ екенсің!- деп риза (ырза) болып, арқаға қақты дейді. Керей, Қанжығалының тобының ортасына барып: - Билікке Шорманның өзін алыңдар, турашыл екен, әділ екен,- деп,- мақтады дейді.

- Билікке Төртуылдан Шорман шықсын,- деп, кісі салдырғанда, Шорман бала:

- Бүгін тұра тұрсын, ертең шығайық,- дейді.

Ертең кісі жіберіп еді, тағы:

- Ертең шығайық,- дейді.

Айтқандай, үш күнгеше билікке шықпай кідіріп, төртінші күн шыққанда, Керей, Қанжығалыдан шыққан би / Нұрқан төре - Жолмұрат ескертуі - Н.Ж./ аузына басқа сөз түспей, «Өзің біл, өзің білден» басқа дәнеме айта алмады дейді.

Сонда Шорман би айтты дейді:

- Өзім білсем, жеті еріңнің құнын алып, Ерейменнен күллі Қанжығалы шығып кетсең де, ықтияр өзіңде. Жоқ, жеті ерің құнсыз қалып, Ерейменді түгелімен алып қалсаң да, ықтияр өзіңде! - деген соң:

- Өлген жеті кісіге бола екі болыс ел қыстап отырған Ерейменді қалай тастап шығып кетеміз?- деп, жеті ердің құнынан кешіп, Ерейменді Қанжығалы иеленуге ықтияр болды дейді. Қаржаста жеті-ақ қыстау бар екен. Онан өзгесі Қанжығалының бұрыннан өз қонысы екен. Шорман бидің сөзді ұтып сөйлеп, ретін келтіргеннен Қанжығалының жеті ері құнсыз кетті дейді.

Қанжығалы: Қоскелді - Досан ақын Қаржас: Елтай ақынмен өлең айтысқанда, былай деген екен:

Ұры Қаржас деген соң, ұры Қаржас,
Жан торсығың, жаның да сірі, Қаржас.
Жаз жіберген көбеңді күз қоймайсың,
Тұқымың мұнан жаман құры, Қаржас!

Сонда Елтай ақын айтыпты:
Керей мен Қанжығалы сен емес пе ең?
Байлаулы бұзауыммен тең емес пе ең?
Кешегі жеті еріңді құнсыз қылған

Балам-ау, әкең Қаржас мен емес пе ем?!- дегенде,
Досан ақын дәнеме тауып айта алмай жеңіліп қалыпты.

ҚАРЖАС ПЕН ҚАНЖЫҒАЛЫ ДАУЫ

(ЕКІНШІ ҚЫСҚА НҰСҚА)

- Керей, Қанжығалыға бітімге баралық!- деп, Шорман Шоңға келгенде,

- Мен қалайын, сен бар: «Үйде Шоңым бар!»- деуіңе жақсы ғой! Екеуміз бірдей барған соң: «Үйде кіміміз бар?»- дейміз. Төрт болыс жарым Қанжығалыда Нұрқан төреден басқа қазақ тілін білетұғынның өзі жоқ. Оның өзі де жазғытұрғы қақтың суы сықылды: бір суалып қалса, ар жағында бұлақ боларлық көзі жоқ. Сенімен екі-ақ күн текірекке жарайды. Үшінші күн болғанда, сөзі таусылып қалып: «Өзің біле бер, не қылсаң да»-дегеннен басқа дәнеме айта алмай қалса керек, тізгін өзіңе тиген соң, кісіден сөз үйренетұғын кісі сен емессің. Ойлаған жеріңе келтіресің, бар, жолың болсын, бара бер! «Үйде Шоңы бар, түзде Шорманы бардың арманы бар»- демесін деп қоя берді дейді.

ШОРМАНҒА БІР БӘЙБІШЕНІҢ СЫН АЙТУЫ

Есіл бойында Қарақозған: Қарабай, Шорман,- он шақты кісі өрдегі Қуандыққа жолаушы болып барыпты. Жаздың күні ыстық шілде, әуе жерге түскен ыстық күн екен. Бір ақбоз үйдің сыртына тұра қалып сөйлес қылыпты. Кісі шықпапты. Сонан соң өздері кіріп барса, үйдің ішінде екі кісінің құшағы жеткісіз бір бәйбіше қатын отыр дейді. Екі жылқының терісінен қылған бір саба қымызға лық толып тұр дейді. Онан басқа қыбырлаған жан жоқ. Бәйбіше бұлардың шаңырқап, сусап келгенін көріп, орнынан әрең зорға қозғалып барып, сабаны пісуге мұршасы келе алмай, аяғымен толқып қозғады дейді.

- Балалар, біреуің келіп, шараны аузына тоса беріңдер!- деп.

Сонда бұлар мырс етіп күліп жіберді дейді. Бәйбіше бір көлді бір көлге қотарғандай, сабаның ауызын қисайтып құлатып, шараны лүпілдетіп аузынан асыра құйып:

- Ал, балалар, іштеріңе сыйғанша орталарыңа алып, іше бер,- деп, шаршап - уф!- деп, отыра кетті дейді.

Бұлар қымызды ішіп, кенеліп, маңдайлары шып-шып терлесіп, мәз-мейрам болып, өздеріне өзі келген соң, бәйбіше баяулап қоңырлап, ақырын ғана сұрады дейді:

- «Жылағанды сұрама, күлгенді сұра»- деп еді. Балалар, мана мен қымыз құйып жатқанда, не себепті күлдіңдер?- дейді.

Онда олар айтты:

- Сіздің сабаны аяғыңызбен толқығаныңызға күлдік,- дейді.

- Оның несіне күлдіңдер?- дейді.

- Біздің жақта қарияларымыз ұрсып тастаушы еді: «Ақты аяғыңмен теппе, ырымға жаман болады»,- деп. «Бұл жақта ондайды ырым қылмайды екен-ау!»- деп, бұрын өзіміздің жақта көрмеген нәрсеміз болған соң, бізге ерсі көрініп, соған күлдік,- дейді.

Онда бәйбіше айтты:

- Балалар, бұрынғының мақалын естіген жоқ екенсіңдер: «Барында батып іш, жоғында сатып іш. Құдай беріп қойған күнінде шалқаңнан жатып іш». Дүние, шіркін, кетер болса, өпкеніңмен келмейді. Бір беттеп келер болса, тепкеніңмен кетпейді. «Кедейлер ырым етер, ырымы қырын кетер»,- деген. Ырымшыл болсаңдар, елдерің кедей ел екен ғой!-депті.

Бұлар дәнеме айта алмай, ұялып қалыпты.

ИТЕМГЕН

Бұл Едіге бидің немересі - Итемген. Шоң баласының қырық жылқысын ұры алып, сол жылқысына сұрау салу үшін, Қуандықтың бір зор жиын ат шаптырған асына барғанда, бір Қуандық айтыпты дейді:

- Біз осы күнде жұлдыздай Қуандықтың баласы Үркердей төренің аузына қарап тұрмыз. Заман Буалхайыр, Қоңырқұлжа төре заманы болып тұр. Бет айғақ бола алмаймыз, сырт айғақпыз. Сіздің қырық жылқыңызды Буалхайыр, Қоңырдың төлеңгіттері қуып келіп, қырып алды. Аузыңыз жетсе, өзіңіз сұрап алыңыз, бізді айтты демеңіз,- дейді.

Ас тарқаған соң, Итемген би Буалхайыр, Қоңырдың үйінің сыртына келіп түсіп, жатып алды. Қонағасы берді, тамақ жағынан тарықтырмай күтіп сыйлады. Үш күн жатты, екі төре өздері көрініске де келмеді. «Не ғып жүр екен?»- де демеді. Төртінші күннің түніне қарағанда, бір төлеңгіт астыртын тіл берді:

- Ертең екі төренің екеуі де келеді. Керсенмен қымыз көтертіп ала келеді. Қымыз ішіп болып, қол көтеріп, қымыз батасы қылған соң:

- Бұл кісілердің атын жинаңдар, күтіп аттандырыңыздар!- деп тұрып, жүре береді. «Жол болсын-ау, не ғып жүрсіз?»- демейді. Сол қымыз ішіп отырғанда, айтатұғын сөзіңіз болса, айтып қалыңыз,- дейді.

Айтқандай-ақ, ертең ұйқы қанып тұрған соң, екі төре керсенмен қымыз көтертіп келді. Сәлемдесіп, қымыз сапыртып беріп отырғанда, қымызды жерге қойып, Итемген би сөз бастады. Өзі кекеш, тұтықпалап сөйлейтін кісі екен:

- Менің бір қырық жылқымды сенің бір құдаң төлеңгіттерің алып келді-ау! Ежелгі ескі биіңнің баласы налып келді-ау!- дейді. Сонда Буалхайыр айтты:

- Батыр, айғағың бар ма, бай, шоғалың бар ма? Томсартып алған бетің бар ма, қызартып алған етің бар ма? Сорғалатқан қаның бар ма, сойқақтаған ізің бар ма? Терлеген атың, тепсінген ерің бар ма? Қардағының ізі болар деген, қарадағының сөзі болар деген,- дейді.

Онда Итемген би тұрып айтты:

- Сөз сөзден туады, сөйлемесе, қайдан туады? Ат биеден туады, алып анадан туады, аруана нардан туады, қас бұзақы қардан туады. «Шатқаяқты айырса, көтеншегі бос қалар»- деген. Уа, сөйлеме, Буалхайыр! Сөйлей берсең, сөздің арты ұлғаяр!- дейді.

Буалхайыр ашу қысып, аузына сөз түспей қалды:

- Көт белгілі еді-ау!- дейді.

Онда Итемген би айтты:

- Хан сөйлемейді, хан сөйлесе, хам сөйлемейді. Төре білгенін айтады, төре көргенін айтады, төре рас айтады. Кеше әкем Едігенің құманын төре қара көп алып жүр еді. Сондағы жуған көтің ғой, сондағы көрген көтің ғой, сол үшін айтасың ғой! - дейді.

Қоңыр төре ұшып түрегелді:

- Шоқ тәубесі! «Осы кісіні пәлен-түген демей, малын беріп, сыйлап жөнелтейік!»- деп едім. Белдеу ұстап, безерлік қылып болмап едің, алдың сыбағанды!- деп, далаға шығып, төлеңгіттерін жинатып алдырып, қырық жылқысын: мойнына қосақ, көтіне тіркеу, аттанған кісілердің ер басына ат-тон айып салып, сөйтіп қайтарған екен.

Әне, бұрынғылардың дауға біту тартиғасы: сөзден жығылса, ант аман демей, алдына түсіп томпаңдап, төлеу бере бастайды. «Шешендер дау алады, қан шығармай» деген осы. *** Итемген бидің бір қысырағы жоғалып, соны Баянауланың оңтүстігінде Сатылған - Қаржас ұрлаған екен. Үкібай би біліп, астыртын Итемгенді шақыртып алып, сыйлап күтіп, ертеңінде аттанарға келгенде:

- Сенің бір қысырағыңды жаза басып, біздің бір білмес иттер жеп қойған екен. Соны мен өзім сезген соң, осында өзіңді шақыртып алып, айғырыңа айғыр, биеңе бие - тұяғын түгел қылып, малыңды мататып қойдым. Менің қызметіме риза (ырза) болып, алып қайтасың да,- дейді.

- Менің атамның жолы қайда? Мойнына қосақ, көтіне тіркеу, ат-тон айып,- соларымды түгел қылып алып бер!- депті.

- «Атамның жолы» дегеніңді қой, оны маған байла. Атыңды терлетпей, еріңді тебіндірмей, төбеге шығармай, төреге барғызбай, «Бас жарылса, бөрік ішінде, қол сынса, жең ішінде»,- дегендей қылып отырғаным: атаңның артықтығы емес пе? Болмаса, басқа қазақтың түйесін түгімен жұтса, мен тіріде Сатылғанның баласы тобықтай нәрсе беріп көріп пе еді?- депті.

- Мен атам жолын алмай кетпеймін!- деп, Итемген отырып алыпты.

Үкібай ашуланып сөйлепті:

- Уа, кеше әкең сенің Шоң еді, қылған ісі оң еді. Сен сол әкеңдеймісің? Қасқайып отырып қасын кермейтұғын, күліп отырып асын бермейтұғын шешең жаман алакөз Естектің қызы еді. Сол қаныңа тартып кетіп, қараулық қылып отырғаның ғой: мені сыйлап, ал дегенімді алып жүре бермегенің!- дейді.

- Уа, сен тақпақпен отыр, мен соқпақпен отырайын!- депті.

Сонан соң Үкібай Итемгеннің айтқанының бәрін түгел қылып жөнелтіпті. Ауылдан былай ұзап шыққан соң, Итемгеннің жолдасы жылқыны тасырлатып қуып жөнеліпті. Итемген би жете алмай қалып, борт-борт желіп артынан келді дейді. Жолдасы айтыпты:

- Қалатұғын сай үшін, өлетұғын тай үшін Үкібайдан осынша сөз естіп, сонша неге отырдың? Малы құрысын, сүйегіңнен өткендей, сөз естіп, көп мал алғаннан да, өзінің бергенін алып жүре берсең, нең кететұғын еді?- депті.

- Е, шіркін: «Антың тұрса, жау қашар»,- деген осындайды айтқан депті.

Итемген би айтады екен:

- Кітап сөзі - көл, теңіз, бұлақ.

Қазақ сөзі - жағалай біткен құрақ,- дейді екен. Және айтады екен:

- Кітап сөзі - қара жол,

Қазақ сөзі - омақа,- дейді екен.

- Адамның ішінен адам шықпай, адам кеңімейді. Бала таппаған қатынның жібі шикі болады, құрт бүйрегі болады,- дейді екен.

Өзі жақсы кісіге - дүние мол. Өзі жаман болғанның бар дүниесі - біреудікі.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙