Өлеңдер жинағы 1946-1950
Қалижан Бекхожин
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Қалижан Бекхожин табиғатты суреттеу арқылы адам көңіл-күйін, қимыл-әрекетін бейнелейді. Оқырманға жеткізер лирикалық толғаныстары да жетерлік. Шығармаларында тілдік көркемдік-эстетикалық талғам деңгейін биікке шығарды.
ӨЛЕҢДЕР ЖИНАҒЫ
(1946—1950)
КӨКТЕМ
Күн мен гүлдің көктемі!
Сен дүниенің мәңгі жаңа нұрысың.
Сен күніңмен күліп тұрған көктегі,
Кеңейтесің бар ғаламның тынысын.
Сенің жұпар атқан гүлдеріңнен
Мың жылдарға аңқып жетер хош иіс.
Бір сен ғана әлемге нұр боп кірген,
Жәндікке — жан, адамға — ырыс, сүйініш.
Сенсіз қарт жер қатар еді мәңгілік,
Бітер еді нәрсіздіктен тіршілік.
Жер діңгегін сен қозғалттың май құйып,
Көк сүтіңнен әлемге нәр түр шығып.
Қуандырдың дүниені гүл атып,
Мұздарға да қатып қалған жан бердің
Шегіртке мен шіркейді де жырлатып
Жәндікке де, о керемет, ән бердің!
Қайта оралды жеріме қаз, аққуым
Көк дауысын күркіреген естимін.
Көріп көктем нұрларының шалқуын,
Мен шертемін жаңа өмірдің жас күйін.
Кім сүйеді артық бізден көктемін?
Даласы бар күн шуақты гүл құмар.
Көресің бе құмға гүлді еккенін
Колхозшының нұрларына ынтызар.
Кең қиырсыз гүлжазира даланың,
Сайларында сенің қаның жүгірген.
Алатау мен Сарыарқаның алабын,
Көктем басты жасыл шулы дүбірмен
Көктен құйған шұғылаңнан тұтанып,
От жанғандай толқынында Ертістің.
Диқан — ата қырға шығып қуанып,
Көк шуақпен бояп жатыр жер үстін.
Дала беттен шымылдығын сыпырып,
Жас келіндей жайды саған құшағын.
Қуан көктем! Көкте бізге күн күліп,
Көзін қысты, тастап алтын шуағын.
Алып құрылыс, зор табиғат күшінде,
Я сазында жасыл дала күйінің —
Өрмекшінің я елеусіз ісінде.
Масайраған — көктем сенің қимылың.
Нұрларыңды кеуде кере жұтамыз,
Біз ұстаймыз шуағыңды сағымнан,
Барлық сенің сәулеңді біз тартамыз,
Күн астында, жер үстінде ағылған.
Сұлуға ұнар, батыр жігіт даңқымен
Гүл арбайды жұпарымен бұлбұлды,
Сені көктем қызықтырам қайтып мен
Алып қалам қайтып сенің нұрыңды?
Сені арбаймын сәулетімен еңбектің
Тәңір болған табиғатқа керемет.
Құдіреті сол емес пе жер-көктің,
Бағынышты оған тасқын, оған от.
Шел далаға кел бітірген толқынды,
Лапылдатып от шығарған толқыннан,
Тау астынан тартып алған алтынды,
Ол даланы қызыл гүлге толтырған.
Жасағымыз біз еңбектің — бізде күш,
Біз жасаймыз дүниеге мәңгі жаз.
Жерімде бар мәңгілікті бақ - құрылыс.
Құмар соған бар табиғат әсемпаз.
Сені арбаймын көктемгі шат адамның
Қолдарымен гүл ұстауға ұмтылған.
Сені аламын айбынымен Отанның,
Аясында жеңіс деген күн туған.
Отаным бар шешек атқан көктемдей,
Қон үстіне сен, мәңгілік көктем — құс,
Гүлдер ектік ғасырларға жеткендей,
Күн далама құшағыңды аш, көктен түс!
Келешекке біз жасаймыз бағыстан,
Ұлы күннің суарылған нұрымен;
Жас әлемнің сол аясы бақ құшқан,
Дүниеге шаттық тамған гүлінен.
Бағыстанды Компартия орнатқан,
Оның нұры күннен асқан көктегі
Саған көктем мәңгі бейне Ұлы Отан —
Адамзаттың жаңа туған көктемі.
ДАЛА ЖАЗЫ
Дала жазы!
Тағы еркелеп сен келдің —
Сұлуымсың, сенде — рақат, сенде — күн!
Жайнашы сен, тынықсын бір жүрегім,
Есіңде ме — көп қыс алыс жүргенім?
Келдім аңсап мен алыстан — сен түсін!
Сеп үстіме, сен аспанның күмісін.
Мені әлдиле.
Қолыма әкел, гүлді бер,
Биле алдымда,
жаз еркесі жібек жел!
Біл, ерке жаз, аяз қысты мені кеп,
Жүрегімді жалын басты, түтеп от.
Түнде жүріп, туар деген күнімсің,
Төк сәулеңді, саған жүрек кемісін.
Ақ қанат жаз,
Мені аспанға сен көтер,
Көкке апарып, күннің жырын сен әпер.
Күн нұрыңдай көлкіп толқын ән кетсін.
Кең даламды —
Әлдилесін, тербетсін!
Дала досы мен қазақпын, малшымын
Мен сүйемін дала жырын, мал шуын.
Қалың қой мен қаптап өрген түйенің,
Мен соңында жүгіруді сүйемін.
Мен жылқыны жүрегіммен сүйіп тым,
Ойнаушы едім — құлағында жүйріктің.
Кең даламда сыңсып жатыр, әне мал,
Тез жетейін,
Қызық сонда маған бар.
Көріп тұрмын, қиыры жоқ даланы,
Көк дария толқын басып барады.
Неткен толқын— нұрын тартқан ол көздің?
Толқын екен — егіндері колхоздың.
Күлімдеген, гүліменен әне жаз,
Балқып соған жас жігіттей дала мәз!
Сүйе бер жаз, сәулетіңді көрейін,
Шашуыңа мен жырымды төгейін.
Қуанышым, жүрек отым — сен үшін,
Жаз даласы - өмірім, өрісім.
ШЫРҚА, СӘУЛЕМ, АЛДЫМДА
Шырқа, сәулем, алдымда,
Шаттық жырын шалқыған.
Енсін рақат жаныма
Отқа кеше шарпылған.
Сенің шаттық әніңде
Қуаныш бар, бақыт бар.
Ән құйылса көңілге,
Жанның сырын ағытар.
Қуанышты жырыңмен
Жас болармын қайтадан.
Сенің тәтті үніңмен
Жасарғандай қайта жан.
Шырқа, сәулем, алдымда
Шаттық жырын шалқыған.
Енсін рақат жаныма,
Отқа кеше шарпылған.
ЕРТІСКЕ
Көрісейін,
Сүйісейін жалаңаш
Ертісіммен.
Келдім — қаны,
Көк тұманы аралас
Өрт ішінен.
Сонда өзенім
Сүйген өзің кеудемді оқтар шырмап,
Келдім сусап,
Ереуіл сап, мен елді оттан қорғап.
Өрт денеммен
Өтерде мен
Одерден қанды көбік.
Жауды қуып,
Қаны тиіп кеудемнен қалды жұғып.
Құшағыңды аш
Мен жалаңаш түсейін, сүй төсімнен!
Перзентін — мен,
Шәрбатыңнан ішейін мені өсірген.
Еркелейін,
Тербелейін,
Үстінде толықсып ақ!
Құйылсын нұр,
Құйылсын нұр,
Тазартсын бір төсімді толқын сипап.
Сонау жақта,
Жүрген шақта, алдымнан қан ыршыған,
Кеуіп қаным,сонда жаным,
Сағынған нәр тамшыңнан.
Өш алуға,
Ошағында майданның тастым қайнап.
Сен бір өрен,
Күркіреген Алтайдан атып ағып.
Толқындардың,
Атып жалын, алтын шам жатыр жағып.
Толқыныңнан
Шалқытып ән, өршіген ақ Ертісім.
Жыр ғып маған,
Тасқындаған,— берші сен толқын күшін!
Жайып құлаш,
Күш алып, жас атылған нөсеріңнен.
Өрлеп бірге,
Ұлы өмірге шалқытам жыр селін мен!
АЛМА БЕТТІ ЖАС БАЛА
Алтын сәуле шашылып,
Алатаудан күн шыққан.
Алма толған көшеге
Күн шыққанда ол шыққан —
Алма бетті жас бала,
Таң болғандай басқаға,
Алмада емес құмары,
Әлденеге ынтыққан.
Тоқтар емес шашылып,
Алма жатса жолында.
Дәптері мен әліппе —
Ұстағаны қолына.
Кезінде бар қуаныш,
Қандай қызық туған іс,—
Алма бетті жас бала
Таң болғандай басқаға
Қайда, неге ынтыққан?
Жасыл көше бойында
Аппақ үй тұр заңғардай.
Сол бір үйге сәулетті,
Кім өтеді таң қалмай.
«Іші толған нұр дейді,
Жүр, бөбегім, жүр» дейді.
Естіп соны жас бала,
Таң болғандай басқаға,
Өзінше зор үмітті,
Сол бір үйге кіруге
Бөбек неге ынтықты?
Үйге кіріп қараса,
Мәз - мереке, тамаша,
Өңшең өндір жас ұлан,
Гүлдеріндей көктемнің.
Қуанышы тасыған,—
Көріп бүгін мектебін
Алдарында әліппе,
Төнген бәрі әріпке.
Ортасында бұлардың
Күн сипатты мұғалім.
Алма бетті жас бала,
Таң болғандай басқаға,
Алдына алып әліппе,
Қарай қалса.әріпке,
Әрбіреуі жайнап тұр,
Жарқыраған жұлдыздай.
Ойын тартып барады
Ойнақтатып тұрғызбай.
Бұл не деген керемет?
Күндегі ойын қызықтан,
Артық көріп сол бала,
Оқуға тым қызыққан.
Оқы бала, оқи бер,
Әріптердің сыры бар.
Білсең соны, алдыңа
Әлем сыры сызылар.
Жымың қағып жыр айтар,
Саған қарап жұлдыздар.
Күміс шашып теңіздер,
Толқын дабыл ұрғызар.
Жұмбақ болған жұмыр жер,
Жаңалығын туғызар.
Алма бетті жас бала,
Таң боларсың басқаға,
Саған бәрі қызығар.
МОСКВА ТУРАЛЫ ЖЫР
Сәлем саған, даңқты зор Москва,
Келдім қазақ жерінен, сонау қырдан.
Гүлжазира шалқыған күн астында
Мұнараңа күлімдеп қарап тұрған.
Жүрегіммен сол жердің сағынышын
Алып келдім алыстан арнап саған.
Сенен ой, сенен білім алу үшін,
Шөлдеп келген адамдай жан аңсаған.
Көргенде Кремльді мұнаралы,
Сүйкімді жүрегімді ой билеген.
Білінбей өр кеудемде тулағаны,
Сырласқан сыры терең дүниемен.
Алыбы асқар ойдың сонда жатыр,
Бөленген тас бесікке өзі мәңгі.
Бірақта шамшырақтай жанған ақыл
Күндей боп аралап жүр жер-жаһанды.
Басты иіп сол тәкаппар мұнараға,
Алғыстап ұлы адамға айттық сәлем.
Миллионның толқындаған сол арада
Алшаңдап аяқ басқан біреуі — мен.
Өйткені көп құмартқан көздеріме
Сыйып тұр зор Москва сәулетімен.
Естіген жырлы даңқын кездерімде,
Көруді өмірде бір үміт еткем.
Әкем өткен аңыз ғып Москваны,
Ертегі еткен ертедегі қойшы қазақ.
Шаһардай ескі көне ғасырдағы
Ежелден даладағы даңқы ғажап.
Көне тас Кремльді тұрмын көріп,
Мұнарасы дүниенің тіреуіндей.
Орыстың кеудесінде қамал берік,
Отанның жанып тұрған жүрегіндей.
Көрінеді үйлері кезіме ыстық,
Әкем салып кеткендей арнап маған,
Адамдары өскендей бір туысып,
Я жатырқап, я кім деп таңданбаған.
Бұнда адам толқыны зор теңіздей,
Шалқып жатыр толғандай біздің дала.
Кең пейіл бірақ орыс кеудесіндей,
Сыя берер сансыз жан Москваға.
Айбынды орыс дауыс сонда шыққан
Жар салған жаңа дүние дүбіріндей.
Тіл бар ма осы тілдей дүние ұққан,
Орыстың жүрек бар ма жүрегіндей!
Мейрімді сол жүрек қой мені тартқан
Кең жатқан кеудесімен Кремльдей.
Астанамсың аяңнан бақыт тапқан
Мен де ұлыңмын орыстың біреуіндей.
Көргенмін жоқ көп шулы Лондонды мен,
Тұрмаған шығар мені іздеп ол да.
Мен секілді қоңырлар жүре ме екен
Өз үйіндей еркімен сірә сонда.
Жаңа келіп тұрсам да, туғандай-ақ
Москвада, Кремль бауырында.
Өзімсініп мен тұрмын, тұрғандай - ақ
Нағашымның үйінде, ауылымда.
Балаңдай басымды иіп мейіріміңе,
Жүрегімді алдыңа тостым анық,
Құшағыңда күлімдеп тұрмын міне,
Мен қазақпын, адаммын Москвалық.
ЖЫЛДАР
Ағылып вагондардың тізбегіндей,
Сағаты зор өмірдің соққан жылдам.
Көрінер уақыт жылы — бізге күндей,
Заманда.алға шауып,.асқан шыңнан.
Өмір бар секундтың да қимылында,
Ал жылдар хикаясы заманға шақ.
Асырып ғасыр - жүгін биік шыңға,
Келеміз келешекке жайып құшақ.
Бейбіт жылдар — жолдары жарқыраған,
Әр сағаттың соңында айқын із бар,—
Бұл өмірдің бетінде алтындаған
Жазулы бәріміздің атымыз бар.
Жылдан ұшқыр халықтың қанаты алып,
Көтерген, ғасырлардың бар қиялын,—
Сермеген ер құлашын болатта,
Керемет қуатымен партияның!
Зор бақыт — озып жылдар желісінен,
Тез жетсең ол нұсқаған нысанаға.
Зор бақыт — сенің тапқан жеңісіңнен
Өмірге толқын екпін туса жаңа.
Шахтаның шыңырауында ер жұмысшы
Бұрғысын бір секундта қалды түйреп,—
Шағылған сол көмірдің отты күші,
Бір күнді кетті бұрып алға сүйреп.
Минутте колхозшы дән сепкен жерге,
Шықты егін айларды алар қуаты бар.
Озуға уақыттан ол шапқан өрге,
Алдағы көрмек бұрын шақты туар...
Жасайтын зор құрылыс — заманымыз,
Секундымыз қағылған соған шеге.
Советтің екпіні ұшқыр адамымыз,—
Уақыт, бізді жылыңмен сен өлшеме!
Өлшенеміз ғасырдың шыңдарымен,
Екпініміз мұхиттың толқынындай.
Сағаттық жеңістерде — сырлар терең,
Әрбір жаңа күніміз жаңа жылдай.
Келеміз, коммунизм жүгін тиеп,
Шыңына ғасырлардың зымыраған.
Ескілік, шегін кейін, жығыл күйреп,
Жаңа өмір қуатымен зырла, заман!
Көтер сен дүниені өр биікке,
Халықтың, жалынымен, жеңісімен.
Замана, поезда шап келешекке.
Зымыра коммунизм рельсімен!
УКРАИНАМ МЕНІҢ
Асынып қару
Алысқа бардым,
Қалың бір өртпен
Қарыса қалдым:
Анталап дұшпан
Айнала тұстан,
Түсіпті, отқа
Туысқан елім —
Украинам менің...
Шалқыды. Отан
Кегінен дауыс,
Дауылдай төтен
Дүбірлеп алыс,
Орыстың ұлы
Өршіді үні:
«Бауырлар, аттан,
Құтылсын қаннан
Жау торлап жатқан
Туысқан елім —
Украинам менің!»
Өртіне сүңгіп,
Кештік біз қанды,
Өртіңдей жауға
Кек бұрқанды.
Сұрапыл қырғын...
Селебе түннің
Ішінде ана
Жаралы жанды...
Тебірентті бізді,
Дабылдай таңғы,
Жөнелдік алға,
Лап беріп жауға,
Ананың даусы.
Бомбадан күшті,
Қанымнан отым
Жалындап ұшты,
Болсын деп азат
Қандасы елім —
Украииам менің!
Асырдық жауды
Асудан аулақ...
Жайраттық аңды
Жұтынған жаулап...
Құшақтап мені
Украина анам:
«Ұлымсың!»,— деді
Күлімдеп маған.
Лебіне балқып
Достықтан туған,
Сонда бір шалқып
Жүректен туды ән:
«Алтынды, қырлы
Азат кең жерім,
Советтік елім
Украинам менің!»
Осы бір әнім
Жадымда қалып,
Шалқиды күнде
Жұлдыздай жанып.
Осы бір әнім —
Жалынды лебім,
Жырыма — көрік,
Достыққа — сенім,
Жасайды мәңгі
Туысқан елім —
Украинам менің!
КОЛХОЗ – ЕЛІМ
І
Тағы да ауылыма келдім аңсап,
Көріп дала қызығын көңілім шат.
Қойғандай өзім бояп сары алтынға,
Келемін алшаң басып далада ән сап.
Жасыл бел қимыл қағып жатыр желкем,
Сырласып сұлуымда ақ гүлдермен.
Даланың төрінде отыр Диқан — баба,
Сипаса сақалынан дән төгілген.
Колхоздың қызыл бетті қыздарындай,
Ырғалып алдымда тұр қызыл бидай.
Сұлуды көре қалған жас жігіттей,
Кете алмай ұзақ тұрдым көзім. қимай.
Көкше қыр шалқып жатқан бір телегей,
Үстінде қалың қойдай көп шөмелей.
Сыңсыған шағаладай қыз-келіншек
Сонда жүр, кетем қайтып соны елемей?
Үніндей қаз, үйректің алыстағы
Тартады мені нәзік дауыстары.
Сағынған қарындаспен, жеңгелермен
Келемін көріскелі, табысқалы.
Күн сүйген қызыл күрең жүздерінен,
Нұр шашып қарындастар көзі күлген.
Жар күткен жеңгелердің адалдығын,
Танимын мөлдіреген көздерінен.
Сызылып сиқыры жоқ әдебімен
Жүректің сезім беріп тереңінен.
Менімен сәлемдесіп қыз-келіншек
Еңбектің қайта кетті әуенімен.
Көрдім;мен сол арада қызық думан,
Сол артық бақшадағы қызығыңнан.
Қыздар жүр шөмелейді құшаққа алып,
Отауы апаратын қызыл қырман.
Ішінде ақ сабанның кімдер күлген —
Білемін қыздарды мен үндерінен.
Жәрмеңке қырман қасы азан-қазан
Трактор, комбайнның гулерімен.
Астықтың айқайына тау шырмалып,
Ақ дәнді әлдилеген ән шырқалып,
Болып тұр қызыл қырман қызық думан,
Еңбекпен сауық құрып әншіл халық.
ІІ
Сүйемін сенің сырлы тамдарыңды,
Ішінде әңгіме айтып толғануды.
Сүйемін еміп.өскен еңбек сүтін,
Ақ пейіл сенің адал жандарыңды.
Олар да сүйіп жатыр өз баласын.
Танимын мен ауылдың кәрі, жасын.
Маңқиған сары атандай сол арада,
Ақ пейіл менің момын тұр нағашым.
Колхоздың көріп тұрмын қуанышын,
Ақ алтын, қызыл моншақ қырман үшін.
Ертістің толқынындай ақтарылған,
Астыққа арналары толғаны үшін.
Бағана, жол үстінде көзім керген,
Ағылған қалың көштей қызыл керуен.
Ақ мая дән үйіліп үстеріне
Қалаға машиналар тізбектелген.
Бастаған керуенді Диқан — ата,
Ақ сабан шашуындай аспанға ата.
Дән тиеп бара жатыр Ұлы Отанға,
Даланы дабылдата, думандата.
Ал, міне қора-қора қамба толған,
Көп қойдай ала қапшық толып тұр дән.
Арбалап туыстарым кетіп жатыр,
Үйіне астық толқып құт орнаған.
Әкеліп табыстарын жүктей жинап,
Жеңешем астыққа үйін қойды сықап.
Төрінде толқып тұрған дәнді көріп,
Нағашым қою мұртын қойды сипап...
Атты таң Сары алтынға боялды аспан.
Ай тапты өз ұясын кеп адасқан.
Түн жиды көк мәуіті дастарқанын,
Көгіне бауырсақтай жұлдыз шашқан.
Оянды дала сұлу ұйқысынан,
Шертіліп сырнай - керней таңғы шудан.
Шықты және шатырынан күн - бәйбіше,
Кие сап құндыз бөркін алшысынан.
Бүгінде тағы ашулы күн - бәйбіше,
Тезірек төсекті жи, тұр жеңеше...
Ашуы кәрі анаңның от емес пе,
Сақтайық дән бөбекті жүр ендеше.
Соны естіп Диқан — баба басын сілкіп,
Дәндерін қалды тербеп тұрған мүлгіп,
Күн - әжең алтын сүйрік саусағымен,
Ұйықтаған келіндерін қалды түртіп.
Мен тұрып, шың басында көрдім бәрін —
Моншақ бас дәннің шалқып тұрғандарын.
Ішінде көк теңіздің зор кемедей,
Гулеген комбайнның бұраңдауын.
Керіп төс күннің шашқан шағылына,
Әскердей қаптап енген шабуылға,—
Барады колхозшы жұрт жасыл белде,
Алтын дән толқынына шомылуға.
Гүлденіп құлпырмасын тұрмыс қалай —
Құты бар колхоз — елі ырысқа бай!
Көрдім мен сол ауылдың өрісінен
Қалың мал қаптай ерді құмырсқадай.
Көріп мен осыларды қуанамын,
Сондықтан колхоз жырын жырлағаным.
Құнарым, құтым менің, колхоз елім
Жырламай қайтып сені тұра аламын.
Сүйікті сенің маған нұрлы адамың,
Сен менің алтын аям, гүлді бағым.
Нұр тамып сенің тамшы терлеріңнен,
Гүлденіп дәнді өмірмен түр Отаным!
Жүмысшы, профессор жұрттың бәрін
Ұлы іске қимылдатқан сенің нәрің.
Жауынгер найзасында қуатың бар,
Дұшпанның кеше бұзған қамалдарын.
Даламды сен боядың сары алтынға
Еліме дәнді сәулет таратуға,
Жүректен ыршып шыққан лептерің бар,
Шаттықтың шалқып соққан сағатында.
Есімде шет елде бір жүрген күнім,
Мүскіннің кетіп нәрі жүрегінің,
Өртелген даласында сүмеңдеген,
Көп іздеп жалғыз дәнін жүгерінің.
Ақ нанды асағанда жалғыз жуан,
Тамсанып тұрған еді жан мыңдаған.
«Нан! Нан!» — деп Европаның қырларынан,
Үндерді естігенмін ыңырсыған...
Бар дүние дем алып тұр дән лебімен,
Сен алыпсың — ағылған дәндеріңмен.
Астық деп аузын ашқан бар ғаламға,
Мақтанамын колхозды, дәнді еліммен.
Елімнің сен ырысы мәңгі тапқан,
Бұлағы сен байлықтың шалқып жатқан.
Мың алғыс бақ иесі партияға
Ауылыма колхоз атты құт орнатқан!
ҚОЙ ҚОРАДА
Көрінеді көзіме қойлар ыстық,
Даладағы бір ескен туысымдай.
Жатыр толып, тобымен тым ұйысып,
Колхоздың толықсыған ырысыңдай!
Қара бұйра сең - сеңін сілке тастап,
Қой қасында томсарып тұр қозылар.
Елестейді — өтетін бізге ойқастап,
Алматыда қаракөл киген қыздар.
Қалын. қойды толқындай қырды басқан,
Қарап тұрсаң төбеге қандай рақат!
Серкелері секірген қия тастан,
Секілді цирктегі бір акробат.
Еске түсті күндерім қойды қуған,
Ойнақтаған қырдағы қозылармен.
Атам қойшы өсиет айтқан маған,
Бәрінен қойды баққан озар деген!
Қалың толқын секілді қойды баққан,
Бәрекелді бақташы — Шопан ата!
Құт мал еді жасымнан мен ұнатқан,
Өсе берсін!
— Өлеңмен бердім бата...
МЕН СЕНБЕЙМІН
Мен сенбеймін сөнер деп жүрек отым,
Шаттық тұрса,жүрегімді жандырып.
Мен сенбеймін сөнер деп кектегі күн,
Дүниенің шамшырағы мәңгілік.
Мен сенбеймін өшер деп махаббатым
Жетсе - дағы қуып бір күн кәрілік.
Мен сенбеймін кетер деп жастық отым
Алса мені сұлу өмір жары ғып.
Мен сенбеймін сілкінер деп Отаным,
Иірілсе де жердің шары ұршықтай.
Сенбеймін қараяр деп алтын таңым
Қалса - дағы күллі әлемге күн шықпай.
Қуатты мұхиттан да ұлан-байтақ.
Мен сенбеймін бар деп шеті өмірдің.
Сенемін — қаламын деп мәңгі жасап,
Мен сондықтан мәңгі өмірге берілдім.
МЕНІҢ АЛМАТЫМ
Алматыда алшақ басып келемін,
Өзімменен бірге шықты өлеңім.
Өлең - сынды ормандардан гуледі,
Алма біткен мәуе ағаштың гүлдері.
Зәулім биік қат-қат үйлер қасынан
Өтсем менің ойым өрге тасыған.
Мақтан көрем, қарап саған өтуді.
Бәрі менің өз үйлерім секілді.
Әжем, әне, балконында тұр қарап,
Өміріңде ойласам кеп сыр ғажап.
Өсіп еді өзі қырдың құмында,
Тар лашықта туып еді ұлын да.
Ие болып салтанатты өмірге,
Отыр енді комбинаттың төрінде.
Көзбен шолып Алматының ағашын,
Күтеді әжем профессор баласын.
Бұл күндерде шарықтаған ой шыңын,
Профессор — баласы еді қойшының.
Машиналар дүбірлеткен кешені,
Жаяу жүріп, көңілім соған өседі.
Ішіндегі шалқиған кім? — Қарашы,
Өзіміздің Орман шалдың баласы.
Әкесімен жалғыз ғана тай мініп,
Жетім бала қалып еді қайғырып.
Машинада отыр шалқып ол енді,
Машинадай гуілдетіп өлеңді...
Мені Алматы толқын ойға бөледі.
Көшелерін кезе бергім келеді.
Қызығамын сәулетіне, сырына,
Жарқырайды мұнда шаттық шұғыла.
Бірі ғалым, бірі инженер, бірі ақын,—
Достарым көп Алматыда тұратын.
Бірі әнші, не дәрігер кейбірі,
Бірі мастер заводтағы әйгілі.
Кеңседен бе, заводтан ба, бақтан ба.
Үйге достар қайтып келе жатқанда.
Кездеседі қуанысып менімен,
Кездескенде кеудем талай кеңіген.
Тұра қалып бәйтеректің түбінде,
Сөйлесемін орыс, қазақ тілінде.
Сырласамыз айтып ылғи жаңалық,—
Алматымыз жатыр күнде жаңарып...
Қуантыпты өлең құмар жастарды,
Жазып Тайыр.жаңадан бір дастанды.
Ойын бопты театрда тамаша,
Рөлін Шәкен ойнапты да.жаңаша...
Кездестірдім архитектор досымды:
Биыл қандай сәулетті - үйлер қосылды?
Салыныпты заңғар үйлер қат-қабат
Алматыда комбинаттар қаптамақ...
Көшесінен кең сарайлы ВУЗ - дардың,
Естілді, әне, шат күлкісі қыздардың.
Көздерінен көріп бақыт нұрларын,
Күлкілерін қуанышпен тыңдадым.
Қыздары еді бақташының бір кезде,
Өзгеріпті енді киім, мінез де.
Сүйемін мен сол қыздардың өнерін,
Сәндерін де тіпті қызық көремін.
Қызық көрем көз алдымда жүргенін.—
Бәрі менің бақшадағы гүлдерім...
Астанамсың — алыс қырдан, қиырдан,
Республикам өрендері жиылған.
Көкірегі қуанышты, білімді,—
Көк ерімдей жас буыным бүгінгі.
Құлпырасың қызыл тудың астында,
Шұғыласын септі саған Москва.
Орыс, қазақ төскейінде тоғысқан,—
Сен достыққа болдың бейне бағыстан!
Сол достыққа жырымды бұл қосқаным,
Тыңдасын деп менің орыс достарым.
Алшаң басып кең кешеде, бағында,
Достық сырын елеңдетем тағы да!
ЖІГІТ
Көремін кең далада нұр толқытқан —
Гүлдерді жан көрмеген жаңа шыққан.
Жас жүздер көзді тартқан гүлден нұрлы,
Өмірде өрге шапқан, күнге ынтыққан.
Гүлден жас адамдардың жастық лебін,
Жүрегім шаттық сүйген тартты менің.
Отанның жарқыраған оттарыңда,
Сүйемін жалындаған жас жігерін.
Шыңдардан шаттық шырқап шықты дауыс,
Жас толқын,шығанды алған шалқып алыс.
Даланың өрлеріне гүлдер еккен,
Жігіттің жігерінен толқыған күш.
Төңкерген қуатымен тауларды алып,
Жастық от теңізде де жатыр жанып.
Аспанда ақ сұңқардай қанатты жас,
Ерлікпен алған мәңгі батыр даңқ.
Шөлдерге жүрегінен нұр тамызған,
Табылған Отанға бақ ұл мен қыздан.
Сермелген миллион құлаш шың басына,
Бұл бір шақ жас жігермен дәурен қызған.
Жас қазақ жүйрік мініп жылқы қуған,
Жігері кел тұрғызған құмды қырдан.
Жас қазақ зымыраған құстай көкке,
Жалын боп жаралды екен қандай нұрдан!
Майданда жауға жалын ол атылған,
Тас қамал қайратынан қиратылған.
Отты жас тегеуріні тиген жерден,
Әлемге құдіретті күштер туған.
Миында жатыр қайнап оның білім,
Өмірді өнерлі жас жеңген бүгін.
Білгенін баласының білмес еді,
Мың жылда ата-баба өткен бұрын.
Бабасы поезд көрсе шошып қашқан,
Білімсіз ата жанын бұлт басқан.
Баласы асыр салған машинада,
Көрінген даласындай оған аспан.
Атаның өткен күні күйікті еді,
Жастықтың сөнген ерте үміттері;
Көргенде жас жігерді от екпінді,
Сақалын сипап: «Міне, жігіт!»—деді.
Сүйеміз жана өмірдің жас өренін,
Көтерген өр замана көкірегін,
От берген жүрегіне Компартия,
Жаратқан асыл нұрдан ұлы Ленин.
Қуаныш қайрат ойнап жүздерінде,
Жастық шақ қызықтырған бізді өмірге.
Олардың екпінінде заман күші,
Сырлар көп жанған өткір көздерінде.
Шыңдардан естимін ән шалқығаның,
Көремін шаттық шеру тартылғанын
Комсомол — жалын жүзді, ұмтылды алға,
Жеңімпаз туын ұстап партияның.
Өмірден мәңгілік жас тартып үміт,
Барады алға басып батыр жігіт.
Келешек ғасырларға комсомолмен
Біздердің жас шағымыз жетер күліп.
ШЫҢ ТҮЛЕГІ
Тау басында ақ шыңнан
Қараңдайды көк шынар.
Бұндай, сірә, қақшиған
Тәкаппар тал жоқ шығар.
Көзге түскен ол жалғыз
Төбесінен таулардың,
Оны өсірген дүлей құз,
Қарлы шыңы Талғардың.
Барды ма екен құзға сол,
Жүгірген аң, ұшқан құс?
Қанаты бар, ұшқыр зор,
Қайда сонда асқан күш?
Көрдім туды басынан
Сол тәкаппар шынардың.
Жан жетер деп қасынан
Ойламаған шығармын.
Үсті дауыл, қарлы бұлт,
Асты меңіреу шыңырау.
Қалай ғана қадалып
Жалғыз жалау түр мынау?
Әлде мұны қадаған
Көк серісі қыран ба?
Найзағай ма ораған
От алауын қиянға?
Көзге түсті, асқарда,
Сол шынардың қасынан,
Қолын созған аспанға
Шынардай бір жас ұлан.
Айғай салды жас ұлан
Ашуы бұлт ызғарлы:
«Бағын маған, басынам,
Бұлт билеген құздарды!
Айбындымын қасыңда
Бойымда бар ел күші.
Тігілген ту басыңа —
Жеңісімнің белгісі!»
Содан бері шынарда
Желпілдеген ту қалды.
Бас игізіп тұрғандай
Асқақтаған шыңдарды.
НЕГР ДЖЕМС
(Баллада)
1
Бітті майдан...
Болған ойран,
Ішінде қаланың,
Қалып қайран,
Қарап жан-жаққа
Келдім деп қайдан?
Туғанда жеңіс,
Тұр аңырып,
Негр Джемс.
2
Ойран да ойран...
Шықпас ойдан,
Қара жер қанға,
Шығар тойған.
«Бітті майдан!
Бітті майдан!
Жеңілді неміс»,—
Деп мәз болды
Негр Джемс.
3
Терімен жуып,
Көмірдей бетін.
Аңсап дүние,
Әділетін.
Жаса Жеңіс!—
Қол соқты,
Сөйле, Джемс.
4
Аңғартқандай,
Әлемге күшін,
Ағартқандай
Қап-қара түсін. —
Соғыстым мен де
Әділет үшін,
Керек маған да
Жеңістен бөліс!—
Деп шаттанды
Негр Джемс.
5
Бітті майдан,
Бірақ ойдан
Шықпай тұр үйі
Алыста қалған.
Көрмей көп жыл
Көңілінде арман
Туса да жеңіс,—
Қайтпай үйіне
Күрсінді Джемс.
6
Мұхиттан әрі
Бұлттар көшкен.
Жарты жер бар,
Жалаңдап өскен.
Сарайлар бар сонда,
Көк тілдескен,
Аппақ тегіс,
Ие емес оған
Негр Джемс.
7
Тұрады онда,
Мырзалар аппақ
Басқан аяғын
Алшаңдап аттап,
Өзінен басқаға
Ірілік сақтап,
Жақтырмай қараны,
Айтқан сөгіс,
Естіген соны
Негр Джемс.
8
Қайда оның үйі?
Қаладан қашық.
Тықсырған оны
Сарайлар басып.
Құр ғана үңгір,
Қараңғы лашық
Қап-қара тегіс,
Тұрады сонда
Негр Джемс.
9
Мұхиттан әрмен,
Зор қалалардан,
Қорек іздеп,
Көп сандалған,
Көп жыл, көп күн,
Шаршаған, талған,
Таппай жұмыс,
Сорлы болған
Негр Джемс.
10
Мұхитты кешіп
Таулардан асып.
Оқтармен, өртпен
Араласып.
Қар жамылып,
Қанды басып,
Болсын деп жеңіс,
Төрт жыл соғысты
Негр Джемс.
11
«Мен де адам,
Мен де болам
Ақ түстілердей
Алшаңдаған.
Енді теңдік
Тиер маған.
Туды ғой Жеңіс!» —
12
Алшаң басып
Кетті жүріп,
Баладай мәз боп,
Қуанып күліп,
Кездесті сонда,
Ақ түсті ұлық.
Туды деп Жеңіс
Қол созды оған
Негр Джемс.
13
Қарашы паңын,
Американың,
Мәрт мінез жанын—
Тарт қолыңды!
Көтермес арым
Ұстауға - қолын,
Сендей қараның,—
Деп зекіді,
Айтып сөгіс,
Қалды аңырып
Негр Джемс.
14
«Мен де адамы
Американың,
Кем бе екен менің
Содан жаным,
Қайда төрт жыл
Соғысқаным.
Туар деп теңдік
Туғанда Жеңіс»,—
Деп баладай,
Еңкілдеп жылады
Негр Джемс.
15
«Неткен алдау,
Неткен жалған,
Ақ түсті жандар,
Мейірімcіз аңнан,
Мәңгілік қорлық,
Таңба салған —
Көргенім аштық,
Істейтін жоқ іс»,—
Деп зарланды
Негр Джемс.
16
Мұхиттан әрмен
Несі бар қалған?
Қорлық пен азап,
Сөздері жалған.
Ақ түсті адамдар,
Қатыгез аңнан.
Айтқаны: «Соғыс.
Майданға шық,
Негр Джемс».
17
«Доллар жанды,
Ақ түстілер,
Доғар сөзді,
Ей, мистерлер!
Енді маған
Тыныштық бер,
Керек емес
Енді соғыс!» —
Деп, жар салды
Негр Джемс.
ЖУСАН
(Аңыз)
Кімдер сүйсе гүлдерін,
Өзі сүйген өлкенің —
Соларға айтқан бұл менің
Өсиетім, ертегім.
І
Ертеден де ерте кез,
Заманында қыпшақтың,
Туған кезде өлкеміз
Арасында қыспақтың.
Ереуілді болған шақ,
Ер басына күн туған,
Айналасын жау қоршап,
Ел бұғауда бұлқынған.
Жауға шапқан ұлдары
Ата-ананың кегімен,
Көп қағылған шыңдары
Қандар да көп төгілген.
Шаңырақтар шатырлап,
Омырылған бағандар,
Қыпшақ елі қыспақтан
Азаттыққа болған зар.
Болған еді екі жас,—
Білген барлық атырап.
Ерлігімен елге бас
Сұрша менен Атырақ.
Бірі аға, бірі іні,
Өскен бірге жырында,
Сүюші еді жерінің
Басып жүрген құмын да.
Оттай жанған жау десе
Екеуінің жүрегі.
Басқалардан өзгеше
Екеуі де ер еді.
Өлкесіне от салып,
Жау келген соң шатырлап
Шықты қарсы аттанып,
Сұрша менен Атырақ.
Жолбарыстай екі жас,
Жалынды жүз айбарлы,
Сілкінгендей тау мен тас
Жасады зор майданды.
Екеуінің ашуы —
Қара бұлттай көк жүзін
Басқандай, бір тасыған
Атыраудың теңізін.
Найзалары жарқылдап
Жау үстінде ойнаған,
Ақырып ер Атырақ,
Жауды үркітпей қоймаған
Сұп-сұр болып ойқастап
Сұрша батыр түйілген —
Жауларына жай тастап,
Ойнақтап жүр құйынмен.
Неше күндер соғысты,
Қандар ақты өзендей,
Өңшең батыр алысты,
Жандарынан безгендей.
Жауды қуды ақырып
Сұрша менен Атырақ,
Соқты жауды жапырып,
Найзаларын қаттырақ.
Кетті Атырақ тым ұзап,
Қуып жауды соңынан,
Арттарында қанды із қап,
Алыста шың соғылған.
Кірпік қақпай соғысқан
Қалың жаумен сонша күн
Сорғалаған ыстық қан
Денесінен Сұршаның.
Қарай қалса бір кезде,
Ашылыпты көк тұман.
Басылыпты лезде
Соғыс оты ұйтқыған.
Күн жарқырап тұр күліп,
Туған жердің көгінен.
Тау басына ту тігіп,
Еркін дем ап ел күлген.
Майдан шуы басылып,
Даласы тұр жарқырап.
Тұрды Сұрша аһ ұрып,
Қасында жоқ Атырақ.
Қайда кеткен інісі,
Тастап жалғыз ағасын —
Кетті қалай алысқа,
Қиып туған даласын?
Сол дал ада жас гүлдер
Көк толқындай шалқыды.
Іздеп жортып інісін,
Батыр Сұрша шарқ ұрды.
ІІ
Жат өлкеде тым алыс,
Ар жағында Кавказдың,
Тапты Атырақ қуаныш
Құмар болды баққа аз күн.
Өзі қуған дұшпанның
Еліне кеп болды хан.
Ол жерінде басқаның
Сүйді өмірді шалқыған.
Жат елдегі қызықты
Тойлы думан күн үшін,
Ол біржола ұмытты
Туған жерін, туысын.
Ақ орданы салдырды
Бағанасын алтындап.
Ойын-сауық, сән құрды
Тақта отырып Атырақ...
Жетті бір күн хабары
Туған елге, Сұршаға.
Көп іздеген, сағынған
Көрмей оны соншама.
Естіп Сұрша белгісіз
Інісінің хабарын.
Неше күндер соғысты,
Қандар ақты өзендей.
Ішінде алтын орданың
Ән менен күй гулеген.
Балқытқандай ол жанын
Сауықпенен, шуменен.
Естіп соны ер Сұрша
Қапаланды, қайғырды.
«Неге ұмытты ол мұнша
Туған жерін айбынды?»
Тағы жазды оған хат:
«Туысқаным, қайт елге!
Елден безіп, жерге жат,
Адал жігіт кетер ме?!
Мұнда саған қызық бар,
Мұнда жақын туысың —
Қандай жігіт қызығар
Жат өлкеге, құрысын!»
Көлбеңдеген теңіздей,
Көк майсадан ескен жел.
Көрсе көңіл шалқыған;
Қандай қызық өскен жер!
Исі аңқыған кер жусан,
Түсті бір көз - көзіне.
Сүюші еді Атырақ
Оны бала кезінде.
Көріп Сұрша жусанды
Жұлып алды даладан.
Соны беріп жіберді
Атыраққа аға адам.
Келіп жетті сол адам
Ақ күмбезді ордаға.
Ақ күмбезде той-думан,
Қызық сайран бір ғана.
Сырнай - керней тартылған,
Әндер шыққан ақырап.
Ақ тағында отыр хан,
Ол хан,— біздің Атырақ.
Келген жігіт Сұршадан,
Төрге басты қадамын.
Ханға қарап шырқады ән —
Шырқады әнін даланың.
Күңіренген күйімен
Жұрт жүрегін қозғаған —
Тартты дала қобызын,
Боз інгендей боздаған.
Әлде неге хан үнсіз
Қалды қатып түнеріп?
Әлде, бұл күй көңілсіз —
Кетті ме екен ой беріп?
Елші сонда қойнынан
Қыр жусанын алды да,
Тастай қатып отырған
Қойды ханның алдына.
Алып соны.қолына,
Иіскеді Атырақ,
Иіскеді тағы да,
Иіскеді қаттырақ.
Өзі туған даланың
Ол кәдімгі жусаны.
Жарып иісі танауын,
Мұз жүрегі жұмсады.
«Хан болмаймын жат жерге,
Бақыт үшін, күн үшін.
Шақырып түр мені елге,
Туған өлкем, пейішім!
Жат өлкеде мен тапқан
Мынау қызық дүние —
Туған жердің нұр атқан
Жетпейді бір түгіне.
Хан болғанша, жат елге,
Құл болайын далама.
Туған жерге жетейін,
Тез жетейін ағама!»
Сол жусанды Атырақ,
Гүлдей басып.төсіне —
Тақтан түсті, жөнелді
Шаттық ойнап түсінде.
Даласына жүгірді
Құтылғандай қапастан,
Дала қандай көңілді,
Шатыры бар көк аспан!
Кеуде кере дем алып,
Туған жердің лебімен,
Ер Атырақ қуанып,
Көрісті кеп елімен.
Келді туған үйіне,
Құшақтады ағасын.
Топырағын сүйді де,
Кезіп кетті даласын...
КЕЛТЕМАСАТ
І
Сонау алыс шет өлкеден,
Сақтап келем бір сағыныш.
Жүрек оты озып менен
Сағынышты тез алып үш!
Көрші барып тауды туған,
Сүйші барып тасын таныс!
Құр томсарып тұйық тұрған,
Мен кетерде майданға алыс.
Елестейді сол бұлдырап,
Бұлт астынан жасыл мұнар.
Шың күзеткен қарауылдап,
Жалғыз шынар тұрған шығар.
Сүйікті еді сол тау маған,
Бесігіндей жас баланың.
Өсіп едім бауырында,
Тербелгендей таспен жаным.
Күндерімде қойды баққан,
Мекен етіп тау жотасын.
Баласындай мұңын шаққан —
Құшақтаған таудың тасын.
Қараушы едім тастарына,
Білмей сырын тым жасырын.
Әлде тастың астарына,
Тықты ма екен тау асылын.
Жалынсам да айтсам да сыр,
Мелшиген тау түк тыңдамай.
Жатушы еді түксиіп құр,
Мәңгі шөккен қарт бурадай.
Мейлі жатсын үндемей тас,
Қызықтырған мені бірақ:
Таудан аққан тас моншақтай,
Күркіреген күміс бұлақ.
Масатыдай таудың түгі,
Жасыл бұйра белеңдері.
Шыңырауы шатқал жігі,
Жайылған қой төмендегі.
Қуысына қонған үйлер,
Құсындай бір қонақтаған,
Сол үйлерден шыққан үндер,
Тау жаңғыртып, тояттаған.
Әне қырда, бұлт астында,
Елестеген жалғыз шынар.
Қалған ағам тау басында,
Қарап мені тұрған шығар.
Солар маған сағынышты,
Таумен ойды тербетейін.
От жүрегім алып ұшты,
Жүгірейін, тез жетейін.
ІІ
О, керемет, қайда ауылым?
Бір қала тұр шың астында.
Не қаптаған тау бауырын,
Өзім әлде адастым ба?
Тау үстіне, тау ма біткен,
Анау алып, не қарайған?
Кім бүйірін дүбірлеткен,
Тауға қимыл келді қайдан?
Пайда болады ақша сарай,
Түсім бе, әлде не керемет?
Қаз-қатар боп тау жағалай,
Тізіліп тұр үйлер бөлек.
Жұлдыздай боп жымың қағып,
Неткен сәуле тауда жанған.
Жатқан шөгіп — енді не ғып,
Тас жарқылдап, тау тұтанған.
Келіп міне тау қасына
Таң-тамаша тұрмын қарап.
Мыжырайған қырқасына,
Біткен екен қала ғажап!
Бірақ, бұл не, жер астында,
Не керемет дүбірлеген?
Мәңгі қатқан тау, қасымда
Сол дүбірге дірілдеген.
Жатушы еді мәңгі дүлей,
Бір тіл қатпай түлегіне.
Кеткен едім сырын білмей,
Сақтап арман жүрегіме.
Дүбірлейді енді неге,
Жер астында бар ма майдан.
Әлде тауға жан біткен бе,
Тасқа қуат келді қайдан?
ІІІ
Кеттім сүңгіп жер астына,
Түсіп келем төмен қарай.
Таудың асты таң-тамаша,
Жарқыраған зәулім сарай.
Үлкен қала көшесіндей,
Жүріп келем аңғарымен,
Таудың асты — қызық майдан,
Қарап тұрмын таң қалып мен.
Дүбірлеткен жердің астын,
Ол күн емес, шартылдаған.
Тітірентіп таудың тасын,
Соққан қайла шаңқылдаған.
Омырылған тастар атқан,
Таудың тулап тасқыныңдай,
Жарылған бір снарядтан,
Шыққан отпен тас құйындай.
Тасқындаған қара тастар,
Теңіздің бір толқынындай.
Соқса қайла — тұрған батыр,
Тас қалмаған опырылмай.
Тау құлатып, тас түйреген,
Қайласымен қандай адам?
Құшағынан тани кеттім
Қайла соққан — менің ағам.
Құшақтастым, көп сүйістім,
Сағыныппын кермей ұзақ.
Сипаладым күйелі үстін,
Еркеледім бала құсап.
Сырымды айтып сағынышты,
Ерлігімен шерттім кеңес.
— Дедім, аға, туған тауым,
Жүрегімнен кеткен емес.
«Басымды иіп бауырына,
Міне, бүгін келіп тұрмын.
Бес жыл бойы жансыз тауға
Жан біткенін керіп тұрмын.
Мелшиген тау, лашық үймен
Күндер есте пана болған.
Тау түрленген, үй өзгерген,
Көріп тұрмын — қала болған»
Сөйледі ағам,сонда маған:
— Ерлігіңді естігенмін,
Қан майданда анталаған
Дұшпаныңды кескіледің.
— Естіп соны жігеріме,
Лапылдаған қайрат келді,
Сені сүйген жүрегіме,
Майдан оты ойнап келді.
— Сен түйресең онда найза
Қаптап келген жауға басқын.
Қайрап алып мұнда қайла,
Тітіренттім таудың астын.
— Тау үстіне тау тұрғыздым,
Қалап қойған қара алтыннан,
Меңіреуге жан кіргіздім,
Құр мелшиіп қарап тұрған.
— Соқса қайла —таудан өмір
Толқын атып туады екен.
Толқын атып туған көмір,
Жаңа өмірге қуат екен.
Тау қуатын тартайық біз,
Қатқан қара тастарынан,
От екпінмен асайық біз,
Бесжылдықтың асқарынан.
Ертіп соны қайда дедім,
Сақтап қойған маған қайлаң?
Кетпеп еді жауға кегім,
Ер сынасар бұл да майдан.
Сүйген тауым — Келтемасат,
Тас отымен жарқылдасын.
Дүниеге дүбірін сап,
Қайла даусы шаңқылдасын!
Соқтым, міне, қақырата,
Қабырғасын тас қамалдың.
Таудың;тасын лапылдата,
Тас толқынның бастап алдың.
СЫРДАРИЯ КӨКПАРЫ
(Қазіргі аңыз)
Көктен атқан жасындай,
Аптығы бір басылмай,
Арқыраған дария,
Құм даланы қыдырып,
Желден озған жүгіріп,
Асыққандай жарына,
Үрке қашқан асаудай,
Екпінін бір баса алмай,
Әлденеден үріккен.
Таудан өрген тағыдай,
Төтеп соққан дауылдай,
Келе жатыр бүлікпен.
Алып жартас алдында,
Арқа тосып ағынға,
Жатыр сұлап көлденең.
Бұзып-жарып жартасты,
Талай қырдан әрі асты.
Кек телегей селменен
Қырдың көкше белінде
Ақша қардай көріне
Жатыр шалқып мақта гүл.
Сол мақтаны егілген
Күннің ыстық лебінен
Бір сұлу қыз сақтап жүр.
Он жетіде жасы бар,
Он жеті өрім шашы бар
Өзбек қызы Шырын ғой.
Қара көзі сиқырлы,
Өзі гүлдей сүйкімді,
Өзбектің ол нұры ғой,
Басында бар тақия,
Әлдекімнің атына
Кестелеген алтынмен.
Кімде екен үміті,
Қайда екен сол жігіті
Жұрттан асқан даңқымен.
Арасында ақша гүл
Толықсыған бақта жүр
Мақта бағып сол сұлу.
Моншақ атып алыстан
Сағым қуып жарысқан
Келе жатыр толқын су.
Сылдыр қағып су шалқып,
Моншақтай бір көз тартып
Көрінді өзбек қызына.
Сол толқынды моншақтай
Ұстауға бір құшақтай,
Қыз жүгірді қызыға.
Түсті сұлу толқынға,
Қыз түскен соң толқын да
Акты баяу, тасымай...
Гүл бақшама сұлуым
Тартып жатыр Сыр суын,
Қызығы бір басылмай.
Қыздың мақта гүліне
Жатыр толқын төгіле
Моншақтай бір шашылып
Тағы келді ағынға,
Көк толқынын тартуға,
Өзбек қызы асығып.
Соған бейне долданып,
Өзен өрен толғанып,
Жел шақырып ысқырды.
Жел жүгіріп қасынан
Тақиясын басынан
Суға ұшырып түсірді.
Толқын тулап атыла,
Көкпар болып тақия
Кете берді сумен тез.
Жалындады қыз кегі,
Ызаланып сөйледі
Жарқ ете қап қара көз:
«Ей, дария дүлейім,
Көріп сені күлемін.
Қайда әкетіп барасың?
Барымта алып жолшыбай,
Аптығың бір басылмай,
Қайда тулап ағасың?
Аққаныңмен құтырып,
Кете алмассың құтылып,
Ұсталып бір қаларсың.
Сені жеңген батырға
Арнап едім тақия,
Кім ұстаса, сол алсын!
Жеңілгенде басылып,
Толқын моншақ шашылып
Сол батырдың жеріне
Күндей күліп барамын,
Гүлжазира даланың
Бәйшешегін теруге».
Желмен ойнап жүгіріп,
Ел біткенді қыдырып
Кетті қыздың сәлемі
Су үстінде атыла
Алтын айдай тақия
Дөңгеленіп келеді.
Тақиялы толқынды
Ұстаймын деп ұмтыла
Талай жігіт қырдағы.
Бірақ асау дария
Толқын атып жарына,
Ұстатпады, зымырады.
Көктем дауыл шақырып,
Түйдек-түйдек атылып
Кете барды толқындар.
Дейді: «Мені бөгейтін,
Күшін маған теңейтін
Қандай ғана батыр бар?»
Айтып соны ағындап,
Толқынменен дауылдап
Келе жатыр долдана,
Алыста су сағынған,
Елестеген сағымнан
Жатыр байтақ кең дала.
Шөліркеген сол дүзден
Бетін күнге күйгізген
Өрт ашулы жас жігіт
Сол дария сыйғандай
Жатыр қазып терең сай
Тауды бұзып, тас тіліп.
Көзі түсті тасқынға,
Келіп қалған қасына
Айдаһардай атылып.
Сол тасқынға атылған
Қарсы ұшты жас ұлан
Шөл ашуын шақырып.
Дария да иіріліп,
Шел баласын иіріп
Теңізіне тастауға,
Екі езуі көпіріп,
Кейде таси лепіріп,
Сол телегей тасқынға
Жалғыз шыңдай қасқия
Қарсыласқан жас ұлан.
Таудай тосып тұлғасын,
Тастай ұрып құлашын
Шықты толқын астынан
Көк толқынды шұбатып,
Даласынан су атып
Жігіт кетіп барады.
Құлазыған шөліне
Толқын моншақ төгіле,
Дүбірлетті даланы,
Басылғандай дария,
Жас батырға табына
Мүләйімсіп тіл қатты:
«Өрен едім өрлеген,
Тауыңа ырық бермеген,
Тасқыным бар тым қатты
Сен ұстадың жалымнан,
Бағынамын, жалынам,
Босат мені, батырым,
Арнап сенің атыңа
Алыстан бір тақия
Алып келе жатырмын.
Бола қалып маған кез,
Өзбек қызы қара көз
Беріп еді бір сұлу...»
Соны айтты да басылып,
Бүлік сырын жасырып,
Тым сызылып тұрды су...
Жүйткіген жел сыр ұрлап,
Қыз сәлемін сыбырлап
Жеткізді ол жігітке.
Елестеді сол тұрған
Өзбек қызы толқыннан
Жар басында, биікте.
Естіп желдің сыбырын,
Біліп жігіт су сырын
Көкпар алып тағы сан.
Тақияны алды да,
Кетті сүйреп аулына
Көк толқынды шашынан.
Шөлге бір кез қараса,
Шел де қызық тамаша,
Гүлжазира дала бақ.
Жарқырап су күмісі,
Меруерттей күріші,
Дала қызық, дала шат.
Соны жігіт көрді де,
Шаттық еніп көңіліне,
Сәлем жазды Шырынға:
«Жыр болғандай сырым бар,
Гүлдерім бар, суым бар
Толған ой мен қырымда.
Шел даласы су көрмей,
Жатушы еді көгермей,
Шерін сумен тарқаттым.
Көл бітірген шөліне
Шырын қыздың кегіне
Жаңа туған Фархатпын!
Ақша қардай ақ мамық
Қара жерден мақта алып
Жатырсың ба, сұлуым?!
Жүрегімде сен едің,
Келді маған сәлемің
Толқындатып Сыр суын.
Суды жеңген батырға
Арнап едің тақия,
Сол батырың мен едім,
Толқын ойнап келіңде
Гүл толқысын шөлімде,
Құйған шаттық күн лебін.
Толқынымен жүректің
Саған арнап гүл ектім,
Келіп, сәулем, соны көр!
Аңдып қыздар соны жүр,
Таратқандай мың сыбыр,
Сол бір гүлге соғып жел.
Соны, сәулем, көріп кет,
Көрімдігін беріп кет,
Мен де сені көрейін.
Іздеп келсең ауылыма,
Гүлдер шашып алдыңа,
Күміс толқын төгейін!»
ЖЕЗҚАЗҒАН ЖЫРЛАРЫ
1. Ысқақ Иваныч
Сен ойлама, жердің қат-қат астында
Жоқ екен деп, қызық еңбек, қуаныш
Егер тұрса естіп мұны қасыңда,
Ашуланар біздің Ысқақ Иваныч...
Ол түскенде шыңырауына шахтаның,
Кетер тіпті тереңдеуге асығып,
Ағытуға тас толқынның шалқуын,
Келешектің шыңдарынан асырып.
Жер астының ол бір батыр еркесі,
Шахта оған — зәулім сарай заңғардай.
Оны таппас жер астынан әкесі,
Жүгірмесе электровоздардай.
Сом қолдары қатпар таспен қарысса,
Жер астында таң керемет туады іс.
Болғандықтан қимылы оның орысша,
Атаныпты: «Біздің Ысқақ Иваныч».
Қызық қазақ, жүзі де оның жайдарман,
Көк тастарды қопарғанда шыңға атып,
Күлімдейді жеңіп шыққан майданнан
Буденныйша қара мұртын ширатып.
2. Оның әкесі
Бұл төбелер оған жапа шеккізген!
Оған зындан көрінетін жер асты.
Ол үңгірде көп өмірін өткізген,
Тісіменен кеміргендей қу тасты.
Өтпес қайла, қалтыраған қайран қол
Соққан шақта тас түнерген қамалды,
Еңбектеген жылдар бойы үңгірде ол,
Бел бүкшиіп, тізе талай қаналды.
Ғасыр бойы құлазыған шалқардай,
Даламызға тас түйіліп томсарған,
Кімдер еді түнді кезген шакалдай,
Қаңғып келіп, қолқамызға қол салған?
Таппай шыдам сол ашқарақ жер тепкен!
Синдикаттар елестеген алдынан.
Кім еді ол? Әрине, қу джентельмен,
Жерімізге қаңғып келген Лондоннан.
Қарашы, оның пайдакүнем айласын!
Оңай алмақ даламыздың гауһарын.
Қайрамады Анарқұл да қайласын,
Қабағына жүрді түйіп қаһарын.
Жер үстіне шықса, көрді бір істі,—
Көбін түсті джентельмен тұр қалтырап.
Келе жатқан керді батыр орысты —
Өрен күшпен, қызыл тумен жарқылдап.
Көрді Анарқұл — басты аяғын алқына,
Жүр ағылшын тастарды аттап жүгіріп.
Зытты бірақ қарамады артына.
Түйілгенде зор қара құс жұдырық...
Жылдар өтті... Жезқазғанның құмында
Ертегідей болды жаңа туған іс.
Даңқ алды оның туған ұлы да,
Өз аты — Ысқақ, достарынша — Иваныч!
3. Инженер
(Инженер Байқоңыровқа)
Жылға-жылға жер астының сайында
Өрмелейді тастың сырын ол тыңдай.
Елестейді оның теңіз ойында
Көкше тастар, бейне алтын толқындай.
Бірақ алды — шексіз тұйық түнерген,
Мәңгі меңіреу, мелшиген тас қат-қабат.
Не сырлар бар бұл түнекте, кім білген,
Қайтып алға жас инженер аттамақ?
Оның көзі тасты жарып өткендей,
Көрсе таудың түнектегі асылын.
Ол алуға мәңгі сапар шеккендей,
Сол асылды — жерде жатқан жасырын.
Керемет жер — асыл жатқан құмында,
Мың жылдарға жетер мұнда қазына бар.
Әттең өмірі жетпейді оның мың жылға!
Тез алуға сол асылын ол құмар.
Шым-шытырық штректер, тас қия,
Оған бірақ кең көшедей жол ашық.
Гарвей Пиллоу түссе мұның астына,
Таппай жолын құлар еді адасып.
Асығыс шақ. Атылған тас күркіреп,
Перфоратор тасты соққан қаттырақ.
Жүз жылдардың жеңістерін ол көрмек,
Келешекке озып жылдам аттамақ.
Өмір қызық,— біреу құмар аспанға,
Біреу ынтық жол ашуға теңізден.
Инженерге — даңқ жердің астында,—
Жер бетіне алтын сәуле енгізген. 4. Гигант қала
Көкек те жоқ, көкпек те жоқ қу дала,
Ғасырлардан жансыз жатқан құлазып.
Жел ызыңдап құйындаған бір ғана,
Елсіз, гүлсіз аңыраған құм жазық.
Енді ғажап — қызық тіпті аңыздан,
Гигант орнап, біткен қала жапанға.
Жан біткізген, жапанға нұр тамызған
Біздің елдей бар ма шебер жаһанда?
Қуанамын, тас қаланың құмдағы
Көріп бүгін көшелерін, алаңын.
Жарқырайды Жезқазғанның қырлары,
Сәулетімен ертеңгі алып қаланың!
ҰЛЫТАУ
І
Даланың тәкаппары құмнан туған,
Асқақтап көрінеді алыс қырдан.
Жалғыз тау жазықтағы сақшыдай бір,
Қырына қарауылдап қарап тұрған.
Ұлытау таңданамын саған қарап:
Айналаң құмды дала, адырлы алап.
Мың-мың сан, мыж-мыж болған төбелерге,
Кім қойған қорған етіп сені қалап?
Қараймын сенің жасыл мұнарыңа,
Ұлылық бар ма сенің шыңдарында.
Бір таусың атың — ұлы, тұлғаң — кіші,
Сұлу ма әлде тасың сыр алуға?
Түксіз тас өртелгендей жап-жалаңаш.
Сұлу ма құр мелшиген қу қара тас?
Болмаса — құмында гүл, суында нұр.
Таулардың иеміз бе даңқына бас?
Қалайша ұлы даңқ саған ауды,
Қарасам келбетіңе атың даулы?
Ұлы деп атаған ба әлде біреу,
Көрмеген Көкшетау мен Алатауды?
Мұрасы еткеніңнің жалғыз ғана —
Тас төбе шың басыңда қалған мола.
Әлде сыр, әлде алтын сақтады ма,
Білмеймін төңірегің толған оба?
Білуге сол бір сырын ұлы атыңның —
Алыстан аңсап құмар болатынмын.
Алайда ақтармаймын оба сырын,
Емеспін археолог, мен ақынмын.
Қу мола құлазып бір құмда қалған
Артқыға сақтады екен қандай арман?
Немене, қурап қалған басты жинап,
Көрнекі кер қазуға құмарланған?
Қай Жошы қалды екен деп қай белесте?
Соларды жүреміз бе сақтап еске?!
Оба боп өліп қалған еткені емес,
Таудағы тірлігімен ұлы емес пе?
Не сыр бар құм жамылған төбелерде?
Гауһар ма түбіндегі, әлде көр ме?—
Сүңгісін шыңнан ырғып шыңырауға,
Тауым сен, аш қойыныңды инженерге!
Мен - дағы инженермін,— бірақ жанның,
Досымын, сырласың тірі адамның.
Мола емес, оба да емес, тау түрленткен
Жұрттың мен жүрегінен сыр аламын...
ЖЕЛ
Сен кезбе жел, еркесін,
Неткен бұндай?
Кездің қазақ өлкесін —
Ерке ұлыңдай.
Шымшып өтіп бұралған.
Өзендерін,
Сүйдің гүлін нұр тамған,
Бізден бұрын,
Серуендеп кең дала
Шығандарын,
Шалқып басқан сен ғана
Шыңның бәрін.
Мен серіні көрмедім,
Сылқым сендей,
Бір әнің жоқ гүлдерің
Сүйсінгендей.
Қызғанамын сенен жел,
Даланы мен.
Озам сенен, жолды бер,
Дауыл үнмен.
Құйындаған үніммен
Толғап әнді,
Сүйем сенен бұрын мен
Кең даламды!
УКРАИН ЖІГІТІ
Ол асығып келді майданнан туған жерге,
Көрейін деп өз үйін, өз қақпасын.
Бес жыл болды елінен кеткеніне,
Оның қайтып жүрегі құмартпасын.
Ол құмар еді сүюге босағасын,
Ескі үйінің, өзі туған, ата мирас.
Неткен сұмдық қайтып ол қайғырмасын,
Үй орнында күл көмір, күйген ағаш...
Көп отырды сол ойран ортасында
Қолына ұстап ағашын күйіп қалған.
Қарайды жаутаң қағып әр тасына,
Қарғыс айтып жауға үйін талқандаған.
Бірақ не бар қайғырар, қайтқан кегі,
Қайтарып алған өзі қан соғыста.
Орнатамын қайтадан жаңа үй деді
Жасаймын жаңалықты мен тұрмысқа.
Соны айтып қайрап алын айбалтасын
Қайта алды суымаған ол қолына.
Жаңадан әкелуге үй ағашын
Жөнелді қасындағы орманына...
ТЕҢІЗ ЖӘНЕ ХАЛЫҚ
Көк телегей кең айдында,
Көк бұлтындай шұбай өрген,
Тасып толқын, тынбай мұнда
Өз бетінше шу.көтерген.
Сонда құмнан алыс шеткі,
Телміріп тек тұйық жатқан,—
Келді жігіт жалын бетті,
Бұйрықпенен құйындатқан:
— Ей, жүгенсіз, елсіз мұнда
Тасып текке үдей берме!
Жүр соңымнан, жүгір құмға,
Гүл егеміз дүлей белге!—
Тулады да теңіз алып,
Толқындарын атты түйдек,
Көрдім, барып батыр халық
Көк жалыннан жатты сүйреп...
ОРЫС ӘНІ
Шаршап ұзақ жорықтан
Шаң-шаң болып отырдық,
Жан-жақ бізге болып таң,
Жаңғақ жағып отын ғып.
Сусыз дала, иен жер
Жауынгері бұл жүрген.
Мұнда ғалым инженер,
Майдандасқан сұр құммен.
Отырдық біз сәл үнсіз,
Құмның сырын ойланып.
Түнгі жапан көңілсіз,
Туған да жоқ ай жарық.
Кенет бір кез алыстан
Шалқып бізге үн жетті.
Естілді де таныс ән,
Лүпілдетті жүректі.
Сол бір әнді кер тыңдап,
Сусындасын өзегің,—
Жетті құмға толқындап,
«Волга - матушка»— өзенім!
Серпілді де сары алап,
Сергіп біз де тыңдадық,
Құм үстінде сорғалаң —
«Волга - матушка...» тұрды ағып.
Біз де әнге қостық үн
Зор дауыспен біріккен,—
Айттық жүрек достығын,
Орыс, қазақ, түрікпен.
Аулақ қырдан асты да,
Шалқып ұзақ тұрды өлең.
Біз де алға бастық та,
Кеттік өрен жырменен.
ЭШЕЛОНДАР
Қуанышпен тұрмын қарап
Вагондарға тізілген,—
Қалың көштей жатыр тарап
Эшелондар дизельмен.
Поезд біткен зыр жүгіре,
Жүйткіп озған дауылдан.
Үстеріне зіл дүние,
Артып қайда ағылған?
Ағылған жоқ ол майданға
Артып оқпен бомбаны,—
Бұл көштердің таңдай алда
Жарқыраған жолдары.
Отаныма күш беруге,
Қырын кезіп, дең асқан,
Қуат артып үстеріне
Уралмаштан, Донбастан.
Эшелондар жатыр ағып
Жағасына Волганың.
Жарқын, жаңа өмірді алып,
Ашып жеңіс жолдарын.
Кетіп жатыр қаптап вагон
Каховкаға,
Қырымға,—
Соны жері дүбірлеген.
Біздің дала қырына.
Жарқылдайды үстерінен
Жүйрік темір күштердің,—
Граниті каналдардың,
Турбинасы ГЭС-тердің.
Қуанамын вагондарға
Артып жүкті тізілген,
Сүйрер едім бәрін алға,
Күшті болсам дизельден!
АЛАТАУҒА
Тусам да теріскейде, қыр бетінде,
Тау — бесік, қиялымды тербетуге.
Күн сайын асқарына Алатауым,
Қараймын ойларымды өрлетуге.
Жалғанның жартысындай алып тұлғаң,
Құз басың қарағанды қызықтырған,
Күн сүйген, күміс төбең ақ күмбездей
Аспанды мұнарасы сүзіп тұрған.
Шығысқа шұбата сап зор жотаны,
Қамалдай қарлы құзың өр жатады.
Құж-құж тас, құламалы шатқалдарың,
Тасқындай күркіретіп су атады.
Баурына бура түсті бұлттар шөгіп,
Кенет бір ақ көбігін кетер төгіп.
Ақша гүл, алма ағашы — тау алқасын,
Қуанам жас баладай тұрсам көріп.
Қуантқан емес мені тастар ғана,
Атағың шықты сенің аспанды ала.
Өр биік республикам кеудесінде
Алатау, сая болдың астанама.
Ағылып күнбатыстан, күншығыстан,
Жас қазақ түлегіндей саған ұшқан.
Аңғарың арнасындай ой мен сөздің,
Төсіңде жыр тоғысқан, ән табысқан!
Келіп ем қанат қағып асқарыңа,
Күй салдың менің - дағы жас жаныма.
Қымсынған менің бала дауысымды,
Көтердің дауылыңмен аспаныңа.
Күркіреп өзенін, бар құздан атқан —
Өр дауысын құлағыма құйып аққан.
Көкпенен гуілдескен бәйтерегің,
Ойыма өршілдікті ұялатқан.
Оранып гүлдеріне Алматының —
Атпенен ақын деген қайта тудың
Көріп мен адамыңның күн келбетін,
Бақыттың жыры болдың айтатыным.
Алсам да дала нұрын, өзен демін —
Тау тербеп көтерілді кеудем менің.
Шыңынан шалқып ойым, осы таудың
Өршіген өзегінен елеңдерім.
Санаймын Алатауды сырласыма,
Уа, тауым, көтер мені шың басына,
Құзыңды басып тұрып қарайын бір
Даламның айдыны зор тұлғасына.
Қараймын жазығына, ең шетіне,—
Жарқын жүз жандарының келбетіне.
Айбын бер дауысыма, Алатауым,
Соларға өлеңімді өрлетуге!
ЧЕРЧИЛЛЬ МЫРЗАҒА
(Совет азаматы Қалижанның қарсылығы)
Черчилль мырза,
Дәм соққыр,
Кәрі дәукес!
Жасамақпын сізбенен
Сырттан егес.
Тағы неге
Желдетіп тозаң сөзді,
Несіне
Болып жүрсіз қызыл өңеш?
Саясатшы емеспін жер жүзілік
Жүрген сіздей жел сөзбен күн өткізіп,
Бірақ та
Бала емеспін
Кәрі шалдың
Ертегісін тыңдайтын
Көріп қызық.
Азаматпын,
Ақынмын өрттен шыққан,
Менің заңды кезеңім
Бұл тыныққан.
Сондықтан
Ызыңындай сары масаның
Сөздерді
Жақтырмаймын даурыққан.
Сымбатыңыз, сөзіңіз
Таныс маған,
Әділет пе,
Атақ па
Сізді айдаған,
Әйтеуір көруші едік кәрі шалды
Лондоннан
Москваға томпаңдаған.
Дүние болып жатты сол кезде ойран,
Сол кезде
Жентельмендік шықпай ойдан,
Сіз емес пе
Әлемді абыржытқан,
Европадан екінші ашпай майдан,
Ерлікті от ішінде біз еткенбіз...
Ал сіздің...
Тек сөзіңіз... серттеріңіз
Көп болды...
Бірақ та тез ескірді
Көтерген министрлік портфеліңіз.
Кәрі адамға қиын - ау елеусіздік,
Кеттіңіз архивтерге қайта сүңгіп.
Дұға оқып кірлеп қалған қағаздардан,
Шықтыңыз
Тозған сөзді қайта жыр ғып.
Кәрі адамсыз,
Ұят қой кеп кірлеген,
Өсектерді
Үйрену әлдекімнен.
Не таптыңыз...
Қан тамған,
Қараң қалған
Гитлер мен Муссолини
Архивінен.
Ойлаңыз,
Олар қайда шу көтерген,
Өздерін оты өртеген өзі үрлеген,
Діңгегін азаттықтың қайта қағып,
Көтердік дүниені біз өртелген.
Дүние иірілген емес ұршық,
Көрінген шалдуар шал қалса түртіп.
Азаттық аясында жаңа ғана
Дүние тұр діңгектей қадалған тік.
Ұмтылды ма
Лондонға шартылдап жай,
Сасқаныңыз...
Қашуға жер таба алмай,
Келгеніңіз
Бүкжеңдей
Сәжде етуге
Москваға
Азаттық мехрабындай.
Сол күндер жан түршіккен ұмытылды ма?
Дүние жатқан шақта тұншығуға,
Қақ жарып қан түнекті Европадан
Әлемге түсірді екен кім шұғыла?
Білесіз, Өзіңіз де идіңіз бас,
Дегенсіз...
СССР рас, СССР рас!
Енді не...
Жатқан тыныш ұлы елге
Түкіресіз сөздерді қан аралас?
Мазасын сөзбен алып бейбіт күннің,
Шақырасыз соғыстың қара бұлтын.
Әлде сізге
Даурығу бір атақ па,
СССР - ды өсектеу
Қаралап тым?
Дүние шошымалы жас бала емес,
Қараңыз дүниеге кімде ықылас?
Көрдім шалды Польшада
Сізбен құрдас.
Бірақ оның соғыста
Ұлдары өлген,
Сіздей емес, іркілген кезінде жас.
Жатқанда бомбы түсіп үйі жанып,
Біз едік сол апатта қалған алып.
Жаңа ғана
Сорлы шал көзін сүртіп,
Жатыр еді лашығын қайта салып,
Көріп жаңа
Азаттық күн елесін,
Жаңа ғана
Тұр еді жинап есін,
Сұмдық сіздің сөзіңіз оған жетті,
Сындырған бұршақтай бір терезесін.
Ашумен түйіп сізге жұдырығын,
Дейді қарт:
«Құрдасымнан алыс тұрмын,
Әйтпесе, сүйрер едім сақалыңнан
Нюренберг сотына...
Қазір, бүгін...»
Дүние — өмір сүйгіш бір жас жігіт,
Ғашығы — әрең тапқан
Бейбітшілік,
Соған қас сіз секілді ескілерді
Тастар өзі тарихтан бір-ақ сілкіп.
Зор даңқымыз майданда
Бар алынған,
Ол туған миллиондардың талабынан.
Ол өлмейді..,
Мейлі ұли берсін
Аш бөрі
Британия аралынан.
Сөзім сол:
Тоқталыңыз сұм есектен,
Кездессеңіз,
Дипломаттық мен әдеппен
Сөйлемеспін,
Өйткені қаным қызу,
Байқаңыз, кеше ғана
Шықтым өрттен...
Тоқта, шалым!
Өсекшіл, портфельшіл.
Адамымыз ғасырдың біздер өршіл.
Біздер алға басамыз, болмас бөгет
Біздерге қай-қайдағы Черчилль — мершіл.
МЕНІҢ ҚАЛАМ
Керекуім, сенің ақын ұлыңмын,
Бесігісің, сен балалық жырымның.
Жат қаланың жалтыр гауһар тасынан,
Артық көрем қиыршығын құмыңның.
Шет елдегі зор қаланың ығында,—
Қарай жүрдім аңсап сағанбұрыла,
Жүрегімді жалындатып тарттың сен,
Бір от бардай ыстық сенің құмыңда.
Зор да емессің асқан биік үйлермен,
Көшеңде жоқ тым сұлулық түрленген, —
Бірақ менің ата-анамдай көзге ыстық,
Сенің қоңыр үйлеріңді сүйем мен.
Сенсің, менің тербетілген бесігім,
Сенсің, ашқан маған бақыт есігін.
Мені әлдилеп толқынымен Ертістің,
Өзің қалам, өр кеуде ғып өсірдің.
Еске түсті сол балалық кездерім,
Құйындатып құм көшеңді кезгенім.
Көріп тұрмын сенің әрбір көшеңде,
Жатыр менің асыр салған іздерім.
Мен білемін әрбір үйіңнің сырларын
Кімнің өсіп, кімнің сонда туғанын.
Сол үйлерде өскен асыл - достарым.
Бүгін сенің арқа тұтқан ұлдарың.
Ұлы емессің, бақыттысың сен, қалам,
Кең көшеңде жайдары жүз жүр адам.
Бәрі менің я туысым, танысым,
Көріп соны жас баладай қуанам.
Құшақтайын бауырымдай мен бәрін,
Сүйейін бір, балқып менің - тұр жаным.
Ақын болды сенін, балаң, сен де сүй,
Саған шашу — сағынышты жырларым.
Керекуім өр ұлыңмын сүйген мен,
Көркейші сен, жаңа биік үйлермен.
Мен жырлайын сенің көшең көгеріп,
Тұрсын жайнап ағаштармен гүлденген.
Ақ күмістей тас көшеңде жүрсем мен
Ақса бұлақ сенің гүлді көшеңнен;
Тағы жырлап, сұлу қалам, сонда мен
Көтеремін атағымды ел сенген!
ЕДІЛ СӘУЛЕСІ
Асыққан алдымдағы
Ағып жатқан өмірге,
Ойымды алып толқындары—
Қарап келем Еділге.
Жатыр екен тасып өзен—
Қиялындaй халықтың.
Ағысында аққан өлең,
Тыңдай соны қалыппын.
Жатыр ағып толқынында
Хикаялар таң қылып.
Өмір томын толтыруға—
Жетер жыры мәңгілік.
Дүбірлеген даңқпенен,
Бұл өзеннің жағасы.
Тұр басында — алып берен
Еділдің зор қаласы.
Ұлы дария — зор сырлары
Шертілмеген әлі де.
Тартып шуы басындағы
Қарап келем Еділге.
Бұрынғыдан бұрқап ағып,
Тулап өзен бұлқынған.
Тартып жатыр батыр халық
Тасқын күшті толқыннан.
Тербелді де сол сырына
Шертті күйін ағашы.
Жайнатады нұр - шұғыла —
Еділдің бұл қаласы.
Жамырасты жағалары,
Жаңа толқын күй құшып.
Жарқыратып замананы,
Сәуле шашпақ Куйбышев.
Маржан атып ақ Еділден
Ойнақтап су құйыла —
Елестейді гүл егілген,
Сары даланың құмына.
Сайран етіп, ой асыға
Келе жатқан кештерде,
Көзім түсті жағасында
Жарқылдаған ГЭС - терге.
Алып елдің бейнесіндей
Уа, өзенім, шалқуың.
Коммунизм сәулесіндей,
Жаққан шамың — тартуың!
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру