Бейкүнә күнәһарлар
Бейбіт Сарыбай
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
«Бейкүнә күнаһарлар» әңгімесі – өмір шындығы арқылы талқысы қиын тақырыпты оқырманына жеткізе білген шығарма. Қарапайым ауыл балаларының арасында туған таластан өрбитін шығарма оқырманын бірде сағынышпен еске алатын балалық шаққа жетелесе, бірде күрделі тақырыпты қозғаумен ойлануға мәжбүр етеді. ...
Көбелек қуып ойнап жүрген балалар әдеттегідей аспанда ұшып бара жатқан самолеттің артынан тұра жүгірдік. Біздің ауылдың төбесінен күнде осылай самолет ұшады. Біз күн сайын сол ұшақтың артынан тұра жүгіреміз. Және әр кез осы бір жаттанды сөзді айтамыз. Барлығымыздың да дауысымызда кәдімгідей жалыныш бар. Алматы түгілі мына тұрған аудан орталығына да ала кетпесін білеміз. Бірақ біздің бойымыздағы сол бір “бірде болмаса бірде ала кететін шығар” деген үмітіміз сөнген емес. Сол үміттің жетегімен тағы да аспандап ұшып бара жатқан самолеттің артынан жүгіріп бара жатырмыз. Амал не атаңа нәлеттің самолеті қанша жалынышпен айқайға басып, артынан қусақ та бізді бұл жолы тағы да ала кетпеді. Жүгіре-жүгіре шаршап, барлығымыз да ауылдың сыртындағы жалғыз теректің көлеңкесіне отыра кеттік. Бәріміз үнсізбіз. Тек қияли Дарын ғана әр нәрсені армандап отыр. Өзі бір бұтағына қонақтап алған теректі нұсқап:
— Шіркін, мына терек жай ғана терек болмай, алма ағашы болғанда ғой, – деді. Ол айтып ауыз жиғанша Ербол: — Ол ағаштың алма ағашы болмағаны да дұрыс болды. Бәрібір сен ол алмаларды көктей жеп тауысар едің, – деді. Оның ол кекесінін Ерлік жалғады:
— Сен ішіңе ие бола алмай, шешең байғұс күндіз-түні сенің шалбарыңды жуумен әуре-сарсаңға түсер еді. Ерболдың кекесінінің жаны бар. Біздің ауылда алма өскен емес. Бір де бір үйде алма ағашы жоқ. Тек Әбін атаның үйінде ғана өрік өсетін. Сол өріктің ең құрымаса бір жыл сарғайып піскенін көрген емеспіз ғой. Гүлі түсіп, тастаған түйіншектер сәл үлкейе бастаған кезінде біз ұрлықты бастаймыз да теректің ұшар басындағы соңғы өрікті жеген түні аяқтаймыз. Әбін ата қанша қорыса да өріктерін “жаудан” қорғап қалған емес. Біз түннің жарымынан бастап, таң шолпаны туғанға дейін жүрсек те, әр түн сайын оннан, бестен жесек те айналасы екі аптаның ішінде тауысып бітетінбіз, сол бейшара өріктерді. Егер бізге “өзі қышқыл, өзі көк” деген жұмбақ жасырсаңыз, біз оны тез тауып аламыз. Оның жауабы әрине өрік. Сол өріктерді көктей жеп тауысып жүргендіктен шығар біздің ұғымымызда өрік деген көк болады. Және оның дәмі тәтті емес, қышқыл болады деп түсінетінбіз. Өріктің тәтті болатынын және оның түсінің көк емес сары екенін Ерліктің Шонжы қаласындағы әпкесі келгенде ғана біліп, таң-тамаша болғанбыз. Міне, Ерболдың Дарынға айтқан кекесінінің осындай сыры бар еді. Күн төбеге көтерілгенде ыстыққа шыдамай суға түспек болып, ескі көпір жаққа қарай бет алдық. Бұлардың ішіндегі ең кішісі мен едім. Басқалары менен бір жас, екі жас үлкен. Тіпті төрт жас үлкендері де бар. Дегенмен көрші болғандықтан барлығымыз дос болып ылғи бірге ойнайтынбыз. Үлкендіктерін пайдаланатын болса керек олар маған ылғи әлімжеттік жасап жүреді. Дарын күндегідей жүгіріп келіп арқама мініп алды. Ара-тұра: — Шүу, сары есегім, – деп тебініп қояды. Оны көтермеске менде шара жоқ. Көтермеймін десең ұрады. Таяқ жегеннен гөрі осылай арқама мінгізіп алып, мықшыңдап есек болғаным артық. Ол менің арқама жайғасып алып жанында еріп келе жатқан “жаяу әскерлерге“ сұқ саусағын шошайтып маңғазданып әңгіме соғып келеді. Дауысы өзінше салмақты: — Дарвиннің іліміне сүйенетін болсақ, біздің барлығымыз да маймылдан жаратылғанбыз. Менің де, сенің де, оның да арғы аталарымыз маймыл болған. Еңбектің арқасында біз осылай адам болып қалыптасқан екенбіз. — Оттапсың, – дедім шыдамай кетіп, оны үстімнен аударып тастап. Міне, содан басталған тайталас біз өзен бойына жеткенге дейін жалғасты. Балалардың біразы мені қостап, біразы Дарынның жағына шықты. Дарын мен Дарвиннің ілімін қостаған Ерлік: — Мен де солай ойлаймын. Өйткені Ерболға қараңдаршы, – деді. Барлығымыз Ерболға қарадық. Шындығында Ербол досымыз беті томпайып, құлағы қалқайып, жақ сүйектері шодырайып маймылға ұқсайтын. Және теректен терекке секіргенде оған ешкім ілесе алмайтын. Онысы аздай өзі сәл бүкшиіп еңкіштеу жүретін. Бір қызығы оны барлығымыз атын атамай “маймыл” деп мазақ қылатын едік. Кейде еркелетіп “маймыш” дейтінбіз. Ол дәлел ретінде соны алға тартты. Біз ары таласып, бері таласып бір шешімге келе алмадық. Тура биге жүгінген даушылар құсап барлығымыз өзен жағасында қой бағып жүрген Тойболды молдаға барып, дауымызды айтып, шешіп беруін сұрадық. Тойболды ата Дарыннан: — Адам маймылдан жаратылған дегенді саған кім айтты? – деді. Дарын: — Биологиядан беретін Қарлығаш апай айтты,–деді. Сол кезде ашуына мініп алған молда атамыз Дарынға: — Онда сен биолог апайыңа айтып бар. Маймылдан бір жаратылса ақылы соған жеткен Қарлығаш апайың мен сондай адамды келін қылып отырған соның коммунист қайынатасы жаратылған шығар. Басқала-рымыз топырақтан жаратылғанбыз. Балшықтан илен-генбіз, – деді. Сонымен дауымызды шешіп алып, суға түсіп жатқанбыз. Дарын өзен жағасындағы балшықтармен ойнап отырған. Қасына жақындап барсақ балшықтан адамның сұлбасын жасап жатыр екен. Кәдімгідей аяқ-қолы, басы мен кеудесі бар адамның пошымын жасапты. Өзінің арғы атасынан қан арқылы келген мүсіншілік қасиетін барынша салса керек, мына балшық адамының бет-бейнесі де құдды тірі адамдікіндей екен. Біз қайтып бара жатқанда ол: — Ей, Құдайшылдар! Міне, балшықтан иледім адамдарыңды әдемілеп. Ертеңге дейін тұрсын. Имам аталарыңның айтқаны рас болса ертең осы бала бізбен бірге суға түсіп, ойынымызға қосылады. Атын “Адам-Ата” деп қоямыз. Содан кейін ол өзінің бір тал қисық қабырғасын суырып алып, өзіне “·ауа Ана” жасайды. Сол екеуінен сендер сияқты көп-көп ұрпақ тарайды, – деп кекесінмен күлді. Біз барлығымыз үйге қарай кеттік. Ертесі күні төрт көзіміз түгел шомылуға келдік. Жол бойында Дарынның балшық адамын сөз қылдық. Біз барғанда бір бала суға шомылып жүретін сияқты көрініп кетті. Барсақ Дарынның адамы сол кешегі балшық қалпында екен. Тіпті, оның үстіне ат аунаса керек, быт-шыты шығыпты. Біз соны әңгіме қылысып тұрғанда молда атамыз келді. Мен ол кісіге кешелі бергі тірлігімізді баяндап бердім. Атамыз қамшысын алып тұра ұмтылды. — Атаңа нәлет күнәїарлар! Сендер адам жарататындай Құдай емессіңдер. Сендерге ондай құдіретті кім беріпті. Құдай ғана жарата алған, – деп барлығымызды қамшының астына алды. Арасында күнәсі жоқ мен де кеттім. Біз сол қамшыдан кейін “адам операциясын“ қайтып жасаған емеспіз. Топырақтан жаратылған-дығымызға имандай сендік. Тек кейін қайтадан топыраққа айналатынымызды ойлағанда көңіліміз құлазып қалды. Шіркін, адамдар өлмей жүре беретін болсашы. Менің балаң түйсігім сол кезде топыраққа деген құдіретті сезінгендей болды. Егер біз топырақтан жаратылған болсақ, біз неге сол топырақты таптап жүрміз. Менің бойымда белгісіз бір қорқыныш пайда болып, топырақты таптауға батылым бармады. Таптамасқа тағы амал жоқ. Адамдардың топырақта ізі қалатыны сол екен-ау. Біз топырақтан жаралдық. Және тағы топырақтан нәр алдық. Топырақсыз біздің күніміз қараң. Мен жерден бір уыс топырақ алып маңдайыма бастым. Ал достарым болса өзен жағасында бір-біріне су шашып ойнап жүрді. Айтпақшы суға түсуге бізбен бірге қыздар да келетін. Әрине, қыздар сырт киімдерімен түседі. Бір күні біздің ауылға аудан орталығынан Сүйрік есімді қыз келді. Ол да біздің көрші қыздарға қосылып суға түсуге барып жүрді. Және неге екенін қайдам, сол қыз басқаларды менсінбей жүріп, маған көңілі түсті. Мүмкін жүзім жылы болған шығар. Әлде ешкімде жоқ “адидасыма” қызықты ма екен? Әйтеуір сол қыз маған жақын жүрді. Ол келгелі бері Дарын да маған тиісуін қойып, тынышталып қалған. Бұзық болып көрінгісі келмесе керек. Біз шомылатын өзен ауылдан қашықтау еді. Сол өзенге барғанша және қайтар жолда да мен Сүйрікті құшақтап жүрдім. Құшақтағанда, салмақ салмай оң қолымды оның иығына тастап қоямын. Басқа қызықтың дәмін тата қоймаған мен үшін соның өзі үлкен ләззат еді. Дарын, шіркін, соны да қызғанып, жан таппайды-ау. Бір қызық жері суға түсіп болғаннан кейін Сүйрік маған калготкімді сығысып жіберші дейтін. Екеуміз тоғайдың ішіне кіріп, тасалау жерге барып, соның калготкісін сығатынбыз. Күн сайын сығысып жүрдім. Енді оның ыңғайсыздау екенін білемін. Адамның намысына келетін ұяттау тірлік екенін балаң көңіл сезбейді емес, сезеді. Дей тұрғанмен өзгелердің ішінен сені таңдап алып, өзін құшақтатып жүрген қыздың айтқанын қалай орындамассың. Оның үстіне шынымды айтсам калготкі сығысу өзіме де іштей ұнайтын сияқты. Осылай күндер өте берді. Бір күні тыныш жүрген Дарын маған қайтадан тиісуді бастады. Сөйтсем оған қызғанышы маза бермепті. Күндегідей өзенге бет алып бара жатқан кезімізде ол мені жеке шақырып алып: — Қашанғы сен сығысасың. Сүйріктің калготкісін бүгін мен сығысамын. Сен сығыспаймын деп айт, – деді. Мен келісімімді бердім. Енді ше? Ұрып үйренген жұдырық қаңғып жүріп тағы да тиіп кетуі мүмкін ғой. Әдеттегідей шомылып біткен кезде Сүйрік маған қарап: — Бұйрабас, калготкімді сығысып жіберші, – деді. — Жоқ, өзің сығып ала салшы. Неге екені сығысқым келіп тұрған жоқ, – дедім. Шынтуайтына келсек сығысқым келіп-ақ тұр ғой. Бірақ “сценарий” бойынша осылай істеуіме тура келіп тұр. Сыққызбасым сыққызбастың кері болып тұр да. Осы сәтті пайдаланған Дарын орнынан ұшып тұрып: — Онда мен сығысайын, – деп Сүйріктің жанына жетіп барды. Бірақ Сүйрік ол күткендей істеген жоқ. Керісінше басын маңғаздана көтеріп: — Рахмет. Бүгінше сықпай-ақ кие салайын, – деді де бұрылып кетіп қалды. Ол менің бұлай істеуімнің себебін білгендіктен де әдейі осындай қадам жасаса керек. Дарын болса тұрған орнында қатты да қалды. Қайтар жолда Сүйрік маған ертең кететінін айтты. Мен үнсіз жолың болсын дегендей қылдым. Ал ол болса менің бұл немқұрайдылығыма өкпелегендей болып: — Сен не мені жақсы көрмейсің ба? – деді. Мен оған өзімнің жақсы көретін алтыншы “б” класында оқитын қызым туралы айтып бердім. Сүйрік біраз жер үнсіз жүрді да: — Ол қызды қайтесің. Ол сенен үлкен ғой. Оның үстіне оның жігіті бар екен, – деді. Мен оған: — Мейлі бола берсін. Мен оны жақсы көріп жүре берем. Кейін жігітімен ұрсысып қалғанда менімен жүреді. Соған дейін күтемін, – дедім. Бір кезде Сүйрік менің көзіме көзін қадап тұрып: — Түнде мен сені түсімде көрдім, – деді. — Не істеп жүр екенбіз? — Айтпаймын, оны қайтесің. — Жәрайды айтпасаң айтпай-ақ қой. Тек сол түсіңде көргеніңді өңімізде қайталайық, – дедім. Сүйрік күліп жіберді де: — О–о–о,.. қуын қара…– деді. Біз сол түні таң атқанша ұйықтаған жоқпыз. Клуб жақтағы парктің ішіндегі сәкіде отырдық. Таң атып келе жатты. Сол кезде ғана менің батылсыз-дығымнан шаршаған Сүйрік: — Сен менің түсімдегіні өңімізде қайталайық деп едің ғой, – деді. Мен оған: — Иә, солай деп айтқанмын. Түсіңде не болып еді? – дедім. Ол маған күле қарап: — Бетімнен сүйіп алғансың,.. – деді. Мен оның бетінен сүймек болып ұмсына бергенімде ол маған жалт қарап еді, ернім оның бетіне емес ерніне тиіп кетті… Арада ай өтті ме, жыл өтті ме, күн өтті ме білмеймін. Мүмкін санаулы минуттар, тіпті секундтар өткен болар. Әйтеуір ұзақ та қысқа тәтті сәт өтті. Ол маған асылып тұрған қалпында көзін ашып: — Сен менің түсімде ернімнен сүйген жоқ болатын-сың, – деді. Енді өң мен түстің ортасында тұрған адам нені ажыратып жарытсын, жарқыным-ау. Мүмкін осылай шатасқанымыз да жақсы болған шығар. Екеумізді осынау шырын сәттен оның апасының айқайы оятты. Етегіне сүрініп-жығылып: — Иттің ғана қызы-ай, қайда жүрсің? Түні бойы сені іздеп ұйықтамадым, – деп аттандатып келе жатыр екен. Қасында менің шешем бар. Екеуміз қаша жөнелдік. Екінші көшені айналып барып, екеуміз де үйді-үйімізге кіріп кеттік. Бұл түні біз Сүйрік екеуміз ғана емес, оның апасы мен менің шешем де ұйықтамады. Бұл түн осы көз ілмеген төртеудің екеуі үшін ләззатқа, екеуі үшін азапқа толы болды. Ол сол күні өзінің ауылына кетіп қалды. Қатты жақсы көрмесем де кәдімгідей бауыр басып қалыптым. Шомылуға барғым келмей еріксіз бардым. Суға түсіп жүргенде Дарын маған соқтығып, дауысын актерларша құбылтып: — Төлегенжан, Жібек кетіп Жайықтың суы тартылғандай болып отырсың ба? Құлазыған көңіліңе ем болар, кел суға түс, – деп тиісті. Мен Дарынның келекесіне қалғым келмей кетіп қалудың амалын таппай тұрғам. Аспаннан тағы да самолет ұшып бара жатты. Бұл жолғы бағыты біздің ауыл жақ екен. Мен соны пайдаланып самолеттің артынан тұра жүгірдім. — Ей, самолет, самолет, Алматыға ала кет.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру