Мәнді сөздер
Шәкәрім Құдайбердіұлы
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Шәкәрім Құдайбердіұлының өмірі мен шығармашылығы өте күрделі құбылысқа толы. Оның өлеңдері қоғамның түрлі саласын қамти алуымен, философиялық мәнімен, көркемдігімен құнды. Ақынның туындыларында азаматтық сарын да айқын байқалады. «Қазағым», «Қазақ», «Бостандық туы жарқырап», «Бостандық таңы атты»...
Дүниенің қайғысы ақ жауындай үзілмей жауса да, қуаныш анда-санда найзағайдай жарқ етеді де өшеді, бұл неліктен? Бұл адам баласынын, қиянатының көптігі — мейірімінің аздығынан.
БӘЙШЕШЕК БАҚШАСЫ
Атақты Атымтай жомарт алғашқы кезде, бір жұмада өңкей білгіш шешендерді қонақ қылып, келер жұмада жастарды қонақ қылып, ендігі жұмада қаріп-қасерлерді қонақ қылады екен. Бір күні өңкей шешендерді қонақ қылып, әр қайсысы бір мағыналы күлкілі сөз айтып отырғанда, бір кедей кіріп үндемей отырыпты. Сонда қонақтың біреуі әлігі кедейге: «Сіз де бір сөз айтуыңыз жөн ғой», — дегенде: «Мен сіздердей мағыналы сөз білмеймін, біраз ғана жыр білуші едім. Соған разы болсаңыз айтайын», — депті. Сонда қонақ болып отырған жақсылардың бәрі де «айтыңыз, айтыңыз» деген соң, әлгі кедей айтыпты:
«Мен сияқты бір кедей
Неше күндей аш еді.
Арын сақтап үндемей,
Көзінде мөлдір жас еді.
Ашығып, тоңып шаршаған,
Шығуға таяп шыбын жан,
Алдында тұрған дастарқан
Үсті толған ас еді,
Нан алып же демейді,
Келемеж қылды кедейді,
Тоқ кісі не демейді,
Иесі өңкей мас еді.
Сонда кедей сөйлейді,
Сөйлегенде не дейді:
Қанағат еді көмегім,
Еңбегім еді қорегім,
Тіленіп нанды жемегім,
Ас емес, маған тас еді.
Бірің жомарт, бірің хан,
Бәрің де шетінен данышпан.
Хабарсыз біздей ғарыптан
He қылған қуыс бас еді?
Көлге жауса көп нөсер,
Көгере ме тау мен қыр.
Шөліркеген ғаріптер
Шөл далада қаңғып жүр.
Кедейді нанға телміртіп,
Аштыққа жүрек кеміртіп,
Тамам байды семіртіп,
Жомарттық па осы түр?
Ақсақ, соқыр, шолақ бар,
Жетім, жесір, олақ бар,
Солар ма осы қонақтар,
Ақылға салып ойла бір!» —
депті де кедей үйден шығып кетіпті.
Атымтай содан кейін қаріп-қасерлерді қонақ қылып, соларды күтетұғын болыпты. Жиі тоқылған жібек бұйымдай құлаққа жұмсақ тәтті пісірілген сіңімді тамақтай жүрекке жайлы тиетін, жақсы үнді, сұлу сөзді ақындар май айының қызыл гүліндей, қыршын жастардың қызықты, қымбат өмірлерінің қиын сырын сипаттаса, кейде қыс айының декабріндей жайлаған жасыл гүлді қуартатұғын, талай-талай жүректердің тамырын жүзінің нұрымен билеп соқтыратын сұлуларды солған жемістей суалтатын баянсыз өмірдің бақытсыздық мұңдарын сипаттаса, сол айтылған соз, салған ән қуаныштың да, қайғының да өзіне лайықты сөз ұнаулы үнмен айтылса, дүниеде осыдан жақсы жанға жайлы әдемілік жарасымдық бар ма екен? Бет сұлулығы — тән сыйы болса, дауыс пен соз сұлулығы — жан сыйы ғой, әрине, тән сыйынан жан сыйы артың екеніне дау жоқ, бірақ бет сұлулығын әркім-ақ таниды. Соз бен ән сұлулығын танушы аз. Бір тұзақшы бір бұлбұл, бір ала қарғаны ұстап алып, екеуін бір шарбаққа қамап қойғанын күс жайын білетін бір адам көріпті де: «Сайрайтын бұлбұл мен бақыратын қарғаны неге бірге қамайсың?» — десе, тұзақшы: «Бұлбұл қайтсем сайрайды? Қарға қайтсем бақырады?» — депті. Ол адам: «Бұлбұлды үлкен жақсы шарбаққа қойып, қонуына гүлденген тал орнатып, алдына әдемі иісті гүлдер қой, қарғаның қонуына өлексенің қу басын қой да, алдына сасыған жемтік таста», — депті. Тұзақшы сол айтқанын қылса, бұлбұл гүлді көрген соң, жас өмірдің жайнаған түрін, өтетұғын баянсыз кәрі өмірдің мұңлы сырын неше түрлі нақысты дауыспен сайрапты. Ал карға қу басты көрісімен қарғып үстіне қонып, алдындағы жемтікке қарап, өңешін созып: «Қарқ-қарқ» деп екі шақырып, жемтікті шоқи бастапты. Сонда әлгі тұзақшы: «Ана кішкентай торғайдан мына қара-ала құсым жақсы екен, бүл тамағын көрісімен қуанып, маған: «Рахмет, рахмет», — деді де, тамағын жеді. Ана, шіркін, тамақ та жемей, рахмет те демей, құры қиқылдап-шиқылдап азапқа түсіп, өлгенше мылжыңдады және мынаның дауысы шыққанда, оның жіңішке дауысын естуге де болмайды. Әрине, дауысы зордың пайдасы зор, мәселен, есек адамның коп жұмысын бітіреді», — депті. Былғаныш наданнан таза ғалым қандай жиренсе, таза ғалымнан былғаныш надандар сондай жиренетіні анық. Өткен бір заманда Мекке, Мәдинеге Құжаж деген адам патша болған. Елге мейірімсіз, қатты жүректігінен Құжаж залым атанған. Сол Бағдат шаһарінде дұғасы қабыл болатын бір әулие бар деп есітіп, соған барып: «Маған бір жақсы бата беріңіз!» — десе, әулие: «Қолыңды жай да, а құдай, осы кісінің батасын қабыл қыл деп тіле»,
— депті. Құжаж әулиенің айтқанын айтып қолын жайса, әулие: «А, Құдай! Мына Құжаждың жанын ал!» — депті. Құжаж: «Мұның қалай?» — деп ашуланса, әулие айтыпты: «Шырағым, бүл екі жаққа бірдей пайдалы бата. Сен өлсең, зұлымдық қылудан тыйыласың. Ел сенің зұлымдығыңнан құтылады. Алғашқы туыс — бір туыс, әдет — екінші туыс. Алғашқы туысыңнан түзелуге болады. Әдетті тастап түзелу — сендей жуанның қолынан келуі киын іс, бірақ, шырағым, мен саған бір әңгіме айтайын, соны ұғып алсаң, сен де түзелер едің», — депті де, айтыпты: «Бұрынғы заманда әлі жеткенге күшпен, әлі жетпегенге айламен зорлық қылып, ел қақсатқан бір залым ұйықтап жатса, қасынан өтіп бара жатқан үш адамның бірі: «Мына залым кешке дейін оянбаса, талай момын зұлымдығынан аман болар еді», — депті. Онда тағы біреуі: — «Тіпті, ертең де оянбаса игі еді», — дегенде, қалған біреуі: — «Шынында, мұның осы ұйқыдан оянбай өлгені артық сөйтсе тамам адам зұлымдығынан құтылар еді», — депті. Әлгі залым ұйқылы ояу жатып, бәрін естіпті де, өзіне-өзі «Үш кісі — қауым деуші еді. Мынаның бәрі менен безер болды. Ойлап қарасам, адам баласы бір бауыр, бір дене сияқты, әр адам денеңнің бір мүшесі, бір мүше аурулы, зиянды болса, тамам денені тынышсыздандырады. Мен аурулы мүше екенмін де, тамам адамды тынышсыздандырған екенмін, не бүл адамдардың ортасынан кетуім керек не болмаса барша жанға тынышсыз болатын залымдықты қоюым керек екен ғой», — деп, бұрынғы мінезін тастап кетіпті. Шырағым! Мен кереметті әулие емеспін. Әулиелік деген түзу жолмен жүріп, түзу ақыл айту болады. Менің саған соңғы берген батам — осы әңгімем. Мұны көрсең, сен де түзелерсің», — депті. Насихатты тыңдаған адамның құлағында қырағы көзі болса, жүрегінде әділ тезі болса, сәті келген дәрідей ем болып, жаман мінезді жазады. Егер ондай болмай, құры ғана қуыс құлақпен тыңдаса, құмға сіңген сумен бір есеп болып, жалғыз тал жасыл шөп шықпайды.
Арабтың бір патшасына бір уәзірі Ләйлі мен Мәжнүннің жайын әңгіме қылыпты. Мәжнүннің Ләйліден басқа дүниені керек қылмай, даладағы аңдармен бірге жүрген халін адамның жаны ашырлық әсерлі сөзбен айтқандықтан, әлгі патша Мәжнүнді көруге құмар болып, іздеп тауыпты да, Мәжнүнге айтыпты: «Адамшылықтың қасиетін аяғыңа басып, аңмен қосылып, дуана болғандай адамдықтан не залал көрдің?» — дегенде, Мәжнүн айтыпты: «Шын таза асықтыққа ақыл қарсы тұра алмайды. Таза асықтықтың сырын білмегендіктен, мені сөгіп отырсыз. Тым болмаса Ләйлінің нұрлы жүзі қандай сиқырмен менің ақылымды тұзаққа түсіргенін көрген жоқсыз», — деген соң, патша іздеп барып Ләйліні көрсе: жүзі қансыз қара сұрлау, өткір қара көзді, нәзік қана әйел екен. Патша Мәжнүнге қайта келіп: «Ләйліде онша қызығарлық сұлулық жоқ қой? Шын сұлу болса, оған жанның бәрі құмар болмас па еді?» — дегенде, Мәжнүн айтыпты: «Әр ақылды адам әлемнің киын сырын түгел аша алмайды. Әрбір көз шын махаббат нұрын көре алмайды. Ләйліге асың болған көз де, жүрек те сіздікі емес, менікі. Ләйлінің анық нұрын көрем десеңіз, менің көзіммен қарап, менің жүрегіммен ойласаңыз, Жүсіптің сұлулығына таң қалып, кеспе орнына қолын тураған әйелдерге ұқсар едіңіз де, менің Ләйліге деген махаббатымның қандай дәрежеде екенін білер едіңіз. Дертті көңілде не бар екенін cay көңіл білмейді. Менің жарама себілген ащы тұзды сіз сау қолыңызға сепкенмен ашыта ма? Жүрегіңізді асықтық қанжарымен жарала да, асықтықтың улы тұзын жүрегіңізге сеуіп қараңыз. Өмірінде ара шақпаған кісіге мына араның шаққаны ащы болады деп араны көрсеткенмен, шаққан уын ұға ала ма? Аш кісінің ішін өртеп тұрған аштың пәлесін тоқ кісі ескеріп біле ала ма? Біздің басымыздағы іс сізде жоқ болған соң, бұл туралы қанша айтсақ та, сізге бір мылжың өтірік ертегі сияқтанады», — депті.
Сол айтқандай, нашардың мұңын, жуанның зұлымдығын қанша айтсақ та ұғушы аз.
КЕЙДЕ КҮЛКІЛІ СӨЗДЕН ДЕ ТӘЛІМ АЛУҒА БОЛАДЫ
Бір адам қызын еңбекші адамға берем деп, сұраған бай балаларына бермепті, бір күні башмак тігіп сататын бір жас жігіт сұраған соң, соған беріпті. Ол башмақшы тапқанын араққа салып, көңілін көтеретін сорлы екен. Қызды алған соң қызып кетіп, арақ ішіп, қызу күнінде қызды құшақтап ернінен сүйіп, сора-сора қыздың ернін қанатып, салбыратып жіберіпті. Қыздың әкесі қызын көре келсе, қызының ерні салбырап, қанап, қызы жылап отыр екен. Күйеуіне: «Мұның қалай?» — деп ұрысса, күйеуі: «Ататай! Жаза менде емес, қызыңыздың ерні тым қызыл болғандықтан, мен байғұс дәулетім аздығынан тапшы сапиян көзелдерді тістеп созып қалыпқа тартушы едім. Қызыңыздың ернін сорып жатқанда қызыл сапиян есіме түсіп, сол екен деп тістеп сорып жібердім. Ерні оншалық қызыл болмаса, мен соншалық сорар ма едім», — депті. Бұл күлкі үшін айтылған сөз емес, еңбектің де еңбегі бар. Орнына жұмсалмаған еңбек зұлымдыққа жұмсалған ақыл отқа түскен көбелекпен бір есеп.
ӨЗІМШІЛДІК
Бір байдың қызына шешек шығып, бетін тыртық қылғандықтан, ешкім алмай, аяғында екі көзіне ақ түскен бір соқырға беріпті. Сол кезде Үндістан жағынан көздің ағын сылып жазатын бір дәрігер келгенін есітіп, әлгі байдың бір досы байға келіп: «Сондай дәрігер келіпті, күйеуіңіздің көзін неге қаратпайсыз», — десе бай айтыпты: Күйеуімнің көзі ашылған соң, қызымның бетіндегі тыртығын көріп, шығарып жібереді ғой. Қызым байдан шыққаннан да күйеуім соқыр қалпында қалғаны артық», — депті. Сонда досы: «Күйеуінің көзін аямаған кісі досының көңілін аяй ма? Енді достықтан айырылайық», — депті. Адамда екі түрлі мақсұт бар, оның бірін тән мақсұты, бірін жан мақсұты дейміз. Қара басының қамын ойлап, өзімшілдік мактан көксейтін — тән мақсұты. Адамшылық ар мен адал енбек іздейтін — жан мақсұты. Бастапқыны көксеген адам, зұлымдық қиянатпен болса да, мал, мансап, мақтан табуға құмар болады. Соңғыны көксеген адамның адал еңбек aқ ниеттен басқа іздейтіні жоқ, ол адам баласын ала көруді, қиянат қылуды тіпті ұнатпайды. Осыны біле тұра адамның қиянатшыл, мақтан құмар болатынының себебі: адам жас күнінде тәжірибесіз балалық пен сәкекүл сәнді киімге, кеңесшіл кердеңдікке қызығып, соған біржола құмар болады. Бір адам сайтанға махаббат көзімен қарап әдеттенсе, аздан соң сайтанды біржолата періште деп біліп, жанына өлшеген асық жар қылып алады да, Жүсіптей нұрлы сұлудан қара қоңыз бен жыланнан жиренгендей жиренетін болып, өз қылығын өзі сынай алмай қалады. Бір адам асық болып, өзелене күткен асық жары кіріп келсе, жанып тұрған шамды өшіріп тастапты. Сонда асың жары: «Мен келгенде шамды неге өшірдің», — десе: «Сенің нұрыңды көргенде, күн шығып қалған екен деп өшірдім. Күн барда шамның керегі не?» — депті. Мінеки, достар! Зұлымдық — қиянат қылып әдеттенгендердің қоя алмайтыны да, адамшылық арды бұзбауға құмарланғандардың адал еңбек ақ ниеттің жолында құрбан болатындары да әдет алып, шын құмар болып кеткендіктен болады. Адамның бәрі бала болып, ақылы жай толатын болғандықтан, сәнқойлық, көрсеқызар, мақтан құмарлықты бірінен-бірі көріп тәлім алады. Өзін-өзі тексеріп, ол әдетті қалдырып, таза ақылға билету әлденеше мыңнан біреудің-ақ қолынан келеді. Атымтай жомарт бір күні коп мал сойып, қаладағы кәріптерге тамақ, киім берген соң: «Қала кедейін тойғызсам да, дала кедейі де бар шығар», — деп, даладан іздеп келе жатса, үстінде қырық жамау шекпені бар бір адам отын алып жүр екен. Атымтай соған келіп: «Бүгін Атымтай кәріптерге киім, тамақ беріп жатыр, соған баруыңызға болмас па екен?»—дегенде, әлігі жарлы айтыпты: «Сен Атымтайдың жіберген адамы болсаң, оған сәлем айт! Адал еңбекпен қатын-баласын асырап, артылған еңбегімен өзінен төмен кем-кетікке жәрдем қылуға әлі жетіп, соған әбден құмарланып кеткен адамға Атымтайдың керегі жоқ. Мен бүгін қатын - баламды тойғызарлық отын жиып алдым. Енді анау отырған ақсақ шал үші жүрмін. Дені cay адамды Атымтай асырап, тіленшілікке « жібермесін, кем-кетікке қарассын! Атымтай малмен мырзалық қылады, мен еңбек теріммен мырзалық қыламын, қайсымыз мырза. екенімізді Атымтай өзі сынасын», — депті. Дүниені көп көрген бір адамнан: «Қандай қатты кейіс, не қатты қуаныш көрдіңіз?»—деп сұрағанда, ол айтыпты; «Африканын зор шөлінде бір керуенмен еріп келе жатып, ауырып жүре алмай, бір судың басында қалып, аздан coң жазылып, керуендерге жеткенше азығым таусылып, аштан өлер болып, әлім кетіп, бір жерге отыра кеттім. Алдыма қарасам, бір кеседе қуырылған бидай түр екен. Өмірімде осыдан қатты қуанғаным жоқ. Енді жейін деп аузыма салсам, бәрі меруерт екен. Өмірімде содан қатты кейіген емеспін. Қайтерімді білмей, қасымдағы дөңкиген құмға қарасам, құмнан бір киімнің етегі шығып жатыр екен. Құмды ашсам, мендей бір сорлы өзін-өзі құмға көміп, өлерінде алдындағы тақырға таяғымен мынаны жазыпты: «Азықсыз аш адамға ат басындай алтыннан түк пайда жоқ, менің мына бір кесе меруертім мен белбеуімдегі жүз ділдәм мені бір шақырып жердегі мөлдір бұлақ жемісті ағашқа жеткізе алмай, аштан өлдім, мені сол бұлақтың басына көміп, моланың басына не тас, не тақтайға: «Азықсыз аш адамға ат басындай алтынның пайдасы жоқ», — деп жазған адамға осы меруертім де, ділдәларым да адал болсын», — деп жазыпты. Бір шақырымда су бар екенін білгенде, жаным кіріп, етегімді беліме түріп, бар қуатымды жинап алып, жүгіріп келсем, мені тастап кеткен керуендер шөлден меспен су алып өтіп, сол бұлаққа тынығып жатыр екен. Керуенге келіп, тамақтанып, көлік әм жұмысшы жалдап алып, әлгі өлікті бұлақ басына көміп, басына қойған тасқа: «Азықсыз аш адамға ат басындай алтыннан түк пайда жоқ», — деп жаздық. Жүз ділдәсін кызмет қылған адамдарға әм көліктердің ақысына беріп, бір кесе меруертті керуендегілерге үлестірдім», — депті әлгі қария. Мінекей, достар!
Бір тілім нан — ардақты жанның досы
Ақша деген — мақтаншақ паңның досы.
«Арпа, бидай ас екен,
Алтын-күміс тас екен», — деген осы.
Бір еңбекші адамды бір бай жалдап алып, қызмет қылғызып жүрсе, әлгі қызметкер қандай тастақ жер болса да жалаңаяқ жүре берген соң, бай: «Сен неге дәйім жалаңаяқ жүресің?» — деп сұрағанда, ол айтыпты: «Дүниенің талай бейнетіне шыдасам да, аяғымдағы башпағым тозып, жалаңаяқ қалып, табаным күйіп қатты кейідім. Бір күні жалданған байым қарағай тіліп сатқандардан тақтай алып кел деп жұмсаған соң, барсам, екі аяғы тобығынан жоқ бір бейшара еңбектеп жоңқа жиып алып жүр екен. Соны көргенде, мынаның башпағы түгіл, башпақ киетін аяғы да жоқ. Мен башпағым жоқ деп, асып жүр екем ғой деп, содан бері башпақ табылса да кимей, жалаңаяқ жүруге әбден әдеттеніп, табаным түйе табаныңдай мүйіз болып кетті, сондықтан маған башпақтың керегі жоқ», — депті.
Басына ауыр қайғы түскен кісі,
Мен деп ойлар адамның ең сорлысы.
Өткен іске өкініп шыжбалақтап,
Келесіден именіп тұрады іші.
Сабырсыздың осындай әрбір ісі,
Түн артында күн бармен жоқ жұмысы.
Ойлап тұрсам, адамның ең артығы —
Ерінбейтін, еңбекшіл шыдамдысы.
Бір адам қайыр сұрап, көп ақша жиып әбден байыса да, қайыр жиған әдетін қоймапты. Бір күні оны хан есітіп, әлгі қайыршы байды шақырып алып: «Сенде көп ақша бар дейді, соны қазынаға қарыз берсең, өсімінен қазына пайдаланып, ақшаның басын өзіңе қайтарар едік», — дегенде, қайыршы бай: «Тақсыр! Менің ақшам қанағатсыз, арсыздықпен жиылған арам ақша ғой, тырнақтап жиналған арам ақшаға тырнағыңызды былғағаныңыз жарай ма?»—дегенде, хан айтыпты: «Балшық керек қылған бір бай балшық басқан біреуге бір арба балшықты сатамысың десе, арам суға басылған балшық еді, онысын айтпай сатсам, арамдық болады ғой», — деген екен. Сонда балшық алушы: «Дәретхананың жыртығын жамауға жарар» — деп алған екен. Ақшаңды сондай орынға жұмсармыз», — десе қайыршы бай: «Тақсыр! Сіздің дәретханаңыз біздің үйімізден таза ғой, менің ақшам оған жарамас», — депті. Сонда хан: «Бір адам бір бөшке су алып келе жатса, біреу суыңды сатамысың десе: «Суым арам су еді», — депті. Су алушы: «Олай болса өлген (жәһудті) жебірейді жуғанға жарар», — деп алған екен. Ақшаңның өсімін сондай орынға жұмсармыз», — дегенде, қайыршы бай айтыпты: «Құрама жиып ел қылған, құрақ жиып топ қылған, мейірімді ханымыз, сіздің қол астыңызда әлденеше дінді елдер бар ғой, жебірейді арам сумен жуды дегенді естісе, сізден елдің көңілі қалар. Сондықтан менің ақшамды алғаныңыз өзіңізге зиян болады ғой», — депті. Сонда хан билік айтатын қазыны шақырып алып: «Біреу әркімді алдап, арам оймен ақша жиса, ол көп ақшаның анық иесі табылмаса, сол ақшаны қалай қылу керек?», — деп сұрағанда, қазы: «Ондай ақша екенін не жиып алушы мойнына алса, не екі таза куә мойнына салса, ол ақшаны түгел қазынаға алып, кәріп-қасірге, оқу-білім жолына жұмсалады»,—депті. Хан жалма-жан қала билеушіні шақырып, әлгі қайыршы байдың ақша-мүлкін қазынаға алғызыпты да:
«Көрінгенде келмесең,
Көз ұшына кетерсің.
Орындыға бермесең,
Өкініп зарлап өтерсің!»
—деп, қайыршы байды бастапқы сорлы қалпына түсіріпті.
ШЫН БАҚЫТТЫҢ АЙНАСЫ
Жаңа ғана аяғымды басып, тілім жаңа шыққан кезде, өзіме құрбы балаларды бауырымнан жақсы көріп, ойнаушы едім. Ойнап жүріп қарным ашқаның, күннің, батқанын білмей қалушы едім. Сол, тіпті, сүйікті ойын әм жанымдай көретін жас құрбыларыма махаббатым, үйге келгендегі ата-анам сақтап қойып берген тәтті тамақ пен әлпештеп еркелеткен, аһ, сол өлшеусіз қызық бағым! Қайдасың? Қайда кеттің?.. Ол кезде өзімізден жасы үлкендерден қорқыңқыpaп, именетұғынымыздың, аулақ жүргіміз келетұғынымыздың себебі не еді? Тіпті, білмеуші едім. Енді шын білдім. Нанбасаңыз төменгі жазылған өмірімнің сырынан байқайыз. ...Біраз уақыттан соң қарасам, бізден жасы үлкеніректер асыр салып, асық ойнап ұтысып жатыр. Ай жарықта «ақ сүйек» ойнап, жарысып, күрес салып алысып жатыр. Оны көрген соң, бұрынғы жер шұқып «құдық» деп, тас үйіп «қора» деген ойынымнан мынау тіпті қызың көрініп, мен де соларға араласып кеткенім ғой. Мінеки! Менің «6agga» қарай басқан алғашқы адымым... Әрине, мұнан ойын да шықты, ұрыс та шықты. «Әкеме айтам» деп, кей нашардың балаларын қорқыту да шықты... Әке, ағам кім еді? Ел билеген бай! Олардан кім қорықпайды?! Тағы біраздан соң әп-әдемі киінген, домбыра тартып, ән салып, неше түрлі ойын ойнаған «бозбалалар» көзіме елестеді. «Ойпырай! Шын 6ag мынау екен ғой!», не қылсам да солардай болмаққа тырыстым да, соларға араластым. Кейбіреулерінен анағүрлым астым да. Әрине, «бозбала» күндегі неше түрлі құмарлық пен істеген істерді айтып тауыса алмаймын. Бірақ онан да әрі көрінген «бак» оған да тұрақтатпады. Себебі: біраздан соң, жиылысқа келіп, болыстар әмір жүргізіп, билер билік құрып, шешендер тілін безеп жатқанын дегендей, әлденеше түрлі «адамшылық» атты бір «бак» кез болды. Мұндай нәрсе адамды қызықтырмай тұра ма? Енді қамшылап, қалың жауға кіргендей-ақ өзімді-өзім қайраттандырып кірдім де кеттім. Оның да неше түрлі ақыл-әдісін біліп алсам да, мына жақтағы «дәулет» деген бір тіпті керегіндей «бақ» шыға келді. Ол болмаса ешқайсысының өңі де кірмейтұғын болды, жолы да болмайтұғын болды. Ой, тәңірі-ай! Адам қылғанды адам қылмайтұғын несі бар деп, белсене қимылдап, оның да мәнісін таптым. Бағана жас балалықтан асық ойнауға аяқ басқан кезімде кез болған бір іс бар-ды. Оны айтпай кеткенім: көңілім сүймей, зорлықпен болған іс еді. Және ата-анама жанымдай көріп қылған махаббатым алғаш бұзыла бастауына себеп болған да сол еді. Ол не десеңіз — оқу. «Балам асық ойнама, сабақ оқы», — деген екі ауыз сөз сүйгенімнен айырып, өз сүймегеніме зорлаған сықылданып еді. Яғни менің «бақ» іздеймін деп, шын махаббаттан айрылуға бет қойғанымның басы. Енді жоғарғы сөзіме қайтайын. Сүйтіп тамам «бақты» тауып алдым да, өзімнен төмендегілерді «бақпен» көзге ұрып, көзін ағартып, алдыңғыларға, аяғынан алсам да жетпек болдым. Жеттім де. Мұнан басқа талай «бақтарым» айтылмай да қалды. Себебі: сіздерді зарықтырмай, ақырғы «бағымды» айтпақпын. Сүйтіп «бактан» «баққа» қонып жүргенімде, бір күні, құрғырдың қайдан келгенін білмеймін, «өткен өміріңді ойлашы» деген бір ой сап ете түсті. Амалсыз ойладым, сондағы ойым мынау: Мен жастықтан балалыққа қызықтым, одан бозбалалықты «бак» деп білдім. Онан әрі адамшылық атты «баққа» қызметкер болдым. Ақырында малға құл болдым. Себебі, жасаған сайын алдыңғы бұзылып, артқы «бак» түзу сықылданды. Енді ойласам, өлмегім хақ. Жә, сол бақтарымның ең жарамдысын ұстап қана өлгеннен басқа не бар деп ойладым. Байқасам, жас бала күнімдегі бағымнан артығы жоқ. Себебі: онда қайғы да жоқ ар-иманнан тайғызатын ісі де жоқ. Бірақ оған қол жете алатын емес, бақ» емес, себебі онда қайғы да көп, катер де көп, ар-иманнан безу де көп. Адамшылық деген алдамшы ат қойылған антұрған, айтпай-ақ қойылсын. Атына заты тіпті келмейді. «Мал — байлық» деген керек те болса, боқтың арасынан былғанбай алу, ар-иман кетірмей сақтау мүмкін емес. Жә, еріксіз жаңадан бір «бак» іздеу керек болды. Не қыларымды білмей, құр сандалып, көзімді жұмып жүрдім де кеттім. Не заманда маңдайым бір нәрсеге сақ ете түсті. Қарасам, бір үлкен айна. Бетін қара пердемен жауып қойыпты. Басындағы тақтайға «Шын бак айнасы» деп жазылыпты. «Құдай тағала шын тілесе береді екен ғой», — деп, қуанғаннан пердесін қайырып тастап қарасам, белі бүкірейген, көзі қызарған, аузы опырайған, бет терісі қатпар-қатпар қасы түксиген, сақалы құдай бір шал тұр!.. Алды-артын ойламай: «Сіз кім?» деп едім, әлгі шал (әрі мені мазақ қылғандай) аузын жыбырлатып сөйлегендей болды. Анықтап қарасам, езімнің айнадағы көлеңкем. «А! ЕН! Алдамшы бақтар, өкінішпен өткен өмірім!» — деппін де етбетімнен құлаппын... Бір заманда көзімді ашсам, ақ киімді, түсі сұп-сұр бір адам басымды сүйеп отыр екен. Менің есім кіргенін біліп: «Ақсақал, айнаға тағы бір қара! Бірақ өз көлеңкеңе де, одан арғыларға да алан, болмай, ең арғы балаларын әлпештеп отырған ерлі-қатынды кісі мен екі балаға қара!» — деді. Айнаға қарасам, өз көлеңкемнен ары байлар, адамшылықтар, бозбалалар, асық ойнаған балалар бірінен-бірі әрі, ең әріде азар көрінген ерлі-қатынды адам екі баласын әлпештеп сүйіп, балалары да мойындарынан құшақтап, ата-анасын аймалап түр. Сонда әлгі ақ киімді сүр кісі айтты: «Ақсақал, «шын бак» сол айнаның ең түбіндегі ата-анадағы шын махаббат пен балалардағы шын таза жүрек еді. Сол махаббат әм таза жүрек сізге де біткен еді. Соны қалдырмай, бұзбай ала жүріп, барша адам баласын өз балаң, өз бауырындай көріп, махаббат, ғадалат қылсаң, шын бақыт сол еді. Оны іздеп жүріп көрген бейнет, тартқан қайғы, аңшының қанша бейнетпен іздеген ақын алғанда қуанышқа айналғаны сықылды, сәудегердің пайда іздегендегі бейнеті көп пайда тапқанда қызыққа айналғаны сықылды болушы еді. Сіз ол махаббат пен ақ жүректі жолдағы жалған атақтарға айырбастап кеткенсіз. Бұдан былайғы түрлі өміріңізде осыны қатты ескерерсіз. Өкініштен пайда жоқ енді иманыңызды айтыңыз!» — дегенде, талып қалыппын.
Өтіріктен тілін тия алмаған адам арамдықтан ындынын тия алмас. Мен зияны тиер деп күдіктенген кісіме — жылы жүзбен күле қараймын. Мұным — пішініммен айтқан өтірік. Адам баласы зиянкес болғандықтан, амалсыз талай осындай іс істеледі. Адам топ әскерді алдап, өлімге апара алса да, өзіне зұлымдықты қойғыза алмайды. Мен тарыдай жақсылық қылсам, таудай зұлымдығымды жасырғалы қылам. Сөйтіп жүріп, адам атануға ұялмаймын.
Адамдар мал-мақтан үшін соғысып, өзі жек көретін өлімге жанын тапсырады.
Сақ адам сандығын бекіте алады.
Есті адам тілін тия алады. Бірақ, ешкім ойын тия алмайды.
Бас көзі жұмылады, көңіл көзі жұмылмайды.
Бәріне қанағат қыл да, адал еңбек қыл.
Ешкімге ерік қақпасы ашылған жоқ.
Қызыл гүлге қызығып сайраған бұлбұл гүл соларын білгенде зарламай қайтсін.
Егер ақылым да, жаным да біржола жоғалатын болса, мен — жанып өшкен отпын. Дүниені өртесем де, ешкім мені жазалай алмайды.
Дүниеде сыры өзімен бірге көмілетін адам бар ма екен?
Терең ой, түзу тәжірибесі бар адам ғайыптан хабар береді. Әулие дегені сол болса керек.
Шынның дуанасы өнерсіз мақтаншақтың басын он тиынға алмайды. Жоқтың егіндігіне бір бидай өте алмасаң, барлық қырманнан жалғыз арпа да ала алмассың! Молдалар: «Жан денеден шыққанда қатты қайғырады», — дейді. Өтірік айтады, неге десеңіз: жан ақылмен бірге шығатын болса, дене тұтқынынан құтылғанына қуанса керек. Егер ақыл жоғалатын болса, қайғыруды білмесе керек. Дүниенің қайғысы ақ жауындай үзілмей жауса да, қуаныш анда-санда найзағайдай жарқ етеді де өшеді, бұл неліктен? Бұл адам баласының қиянатының көптігі — мейірімінің аздығынан.
Зор дұспаннан қандай сақтансақ, ұсақ жаудан сондай сақтан.
Арыстан көрнеу келеді. Қара құрт пен шаян жасырынып шақса да, уыты аса зиянды. Осы өмірден 6acіga өмір жоқ болатын болса, жаралыспен жағаласып, адамдармен арпалысып өмір сүргенше, жасамаған артық емес пе?
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру