Ибрахим Мадхур. Фараби
Kitap.kz
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
«Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының кітап сериялары «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі қоғамдық кеңестің құрамы: М. Әшімбаев, кеңес төрағасы Ә. Асқаров, жауапты хатшы Қоғамдық кеңестің мүшелері: С. Абдрахманов, А. Қошанов, Б. Аяған, М. Құл – Мұхаммед, М. Әбусейітов...
ӘЛЕМДІК ФИЛОСОФИЯЛЫҚ МҰРА
ИБРАХИМ МАДХУР
(Аударған А. Бейсенов)
Өзінің қажыр - қайратымен әлемге танымал болған Ибрахим Мадхур Гизада дүниеге келген. Дару-л Улумдағы білімін аяқтағаннан соң ол одан әрі білімін тереңдету мақсатында Парижге сапар шекті, онда 1934жылы докторлық диссертациясын (Мұсылман философиялық мектебіндегі әл - Фарабидің орны) сәтті қорғайды. Мысырға оралғаннан соң ол Каир университетінің профессоры атағын алады. Одан соң 1952 жылға дейін Әлеуметтік істер министрі қызметін атқарады. Революциядан соң Мадхур араб тілі академиясында (1946-1959 жж. Мүшесі, 1959-1974 жж. Бас хатшысы, 1974 - 1995 жж. Президенті), араб тілі академиясы одағында, Мысырдағы мәдениеттің жоғарғы кеңесінде қызмет атқарған кезінде уақытын араб тілі мен мәдениетін зерттеуге арнады. Ол Ибн Синаның «Китаб әл - Шифа» (1949 ж.), Ибн Арабидің «Футухат Маккия» атты еңбектерінің жариялануына басшылық жасаған және Ортағасырлық мұсылман ойшылдары жайлы көптеген еңбектер жазған. Ол 1995 жылы Каирде дүние салды.
ФАРАБИ
Әбу Насыр әл - Фараби шамамен 870 жылы дүниеге келіп, 950 жылы қайтыс болған. Философиялық бір жүйе қалыптастырған тұлға ретінде әл - Фараби саяси мәселелерден аулақ болып, өзінен кейінгілерге көптеген еңбектер қалдырған. Көптеген адамдар оның еңбектерін оқып, зерттеген. Фарабидің философиясы өзі қайтыс болғаннан кейін бірнеше жылдар өте философиялық түсінік ретінде Батыс пен Шығыста қабылданған. Фарабидің өмірбаянын жазу, еңбектерін бір жерге жинақтау және философиясын зерттеу XІX ғасырдың соңында ғана басталған. 1950 жылдан бастап кейбір түрік оқымыстылары тарапынан Фарабидің еңбектері зерттеліп, көзқарастары төңірегінде ғылыми-зерттеу жұмыстары жасалған. Бұл бөлімде біз Фарабидің өмірін, еңбектерін және философиясын, сонымен қатар оның жаңылыс деп таныған түсініктерінің, еңбектерінің теріске шығарылу себептерін қарастырамыз. Мұсылман білімдар адамдарының айтуынша, Фараби өз өмірбаянын қалам алып жазбаған және де оның шәкірттері тарапынан да жазылмаған. Сондықтан оның өмірі жайлы біздің қолымыздағы бар мәліметтер толық емес. Дегенмен, қолымыздағы бар мәліметтерде оның Мәуренахрдағы Фараб өңіріндегі Весиж ауылында шамамен 870 жылы дүниеге келгенін көреміз. Сонымен қатар оның түркі ұлтынан болғанын, әкесінің әскери қызметте болғанын білеміз. Фарабидің алғашқы алған білімі діни тәрбие мен тіл білімі болған. Хадис, тафсир және ислам құқық ілімдерімен қатар түрік, парсы және араб тілдерін үйренген. Ибн Халиканың айтуынша, Фараби жетпіс тілді меңгерген дейді. Сонымен қатар Фараби математика және философия секілді ақылдылық білімдерге де қызығушылық танытқан. Фараби оз туған жеріндегі алған білімдеріне қанағаттанбай, білім алу мақсатында көптеген елдерге саяхат жасаған. Фарабидің алғашқы білім алуға барған жері аудармашылар, философтар және оқымыстылар шоғырланған Бағдат қаласы еді. Фарабиге логика ілімін үйреткен Бағдаттағы алғашқы ұстаздарының бірі Матта Ибн Юнус болды. Одан кейін Фараби өзі ізденіп логика ілімінде «Екінші ұстаз» атағын алды. Ол Бағдатта 20 жыл өмір сүріп, одан кейін Халепке барды. Ол жерде де атақты ақындар, тілшілер, философтар және басқа да ілім адамдары бар болатын. Фараби Халеп патшасы Сейфудцевленің сарайында ақиқатты іздеуші алғашқы білім адамы болды. Халептен кетіп, өмірінің соңына дейін Сирияда болды. Ибн Аби Усейбияның айтуынша, Фараби жетпіске жуық еңбек жазған. Фарабидің еңбектері екі топқа бөлінеді. Біріншісі - логикаға қатысты еңбектері; екіншісі - басқа да білімдерге қатысты еңбектер. Логикаға қатысты еңбектері Аристотельдің «Органон» еңбегімен тікелей байланысты. Екінші түрдегі еңбектері физика, метафизика, математика, ахлақ және саясатқа қатысты жазылған. Бүл еңбектердің Фараби тарапынан жазылғандығы турасында күдіктенушілер де бар. Ондай еңбектердің қатарына «Фисус әл -Хакем» және «Әл - Муфарикат» жатады. Ибн Халиканың ойынша, Фараби еңбектерінің көпшілігін Бағдат пен Шамда өмірінің соңғы отыз жылында жазған. Ол өз еңбектерінде қайталама сөздер мен керексіз, мәнсіз сөздерді қолданбаған. Аз да болса нақты жазуға тырысқан. Жазу тәсілі де ерекше болған. Мәліметтерді жинап, сол мәлімет бойынша жоспар құрып, тақырып төңірегіндегі зерттеулерін тарауларға және тарау ішіндегі бөлімшелерге бөліп жазған. Фарабидің алғашқы еңбектері грек ойшылдарының философиясымен байланысты болған. Ол алғашқы болып Аристотель еңбектерінің жазылу тәсілін, мақсатын қарастырған. Фараби өз зерттеулерінде түсініксіз мәселелерге үлкен мән бере отырып, әрбір терминге жеке-жеке тоқталып отырған. Өзіне қойылған сұрақтарға жауап ретінде бір еңбек жазып отырған. Бір мәселені шешу үшін сол мәселенің қарама-қарсылығын қарастырып отырған. X және XІ ғасырларда Фарабидің еңбектері Шығысқа тарала бастады және андаулистік кейбір оқымыстылардың Фарабиге қызығушылық таныта бастауынан Батысқа да жайылды. Жазған еңбектерінің бірнешеуі ибрани және латын тілдеріне аударылып, яхуди және христиан схоластикасына әсерін тигізді. Бұл еңбектер XІX ғасырдың соңына қарай зерттеле бастап, Еуропа елдерінің бірнеше тілдеріне аударылды. Дегенмен, бұл еңбектер қазіргі таңға дейін толық зерттелмеген. Фараби философиясының бірнеше ерекшеліктері бар. Ол өзінен бұрынғы философиялардың кейбір көзқарастарын қабыл етіп, өзінің мәдени мұрасына сәйкестендіре отырып, өз философиясын жүйелі түрде қалыптастырған. Ол өз ой -тұжырымында, дәлелдерінде және тартыстарында логиканы көп қолданған. Оның философиясында кейбір жаңылыс болып есептелген тұжырымдар болуы мүмкін және де жаңа білімдерді теріске шығарған. Гипотезаларын анықтаған болуы да мүмкін. Дегенмен философия тарихында маңызды орын алып, бірнеше философиялық мектептерді өз әсеріне алған. Енді біз Фарабидің логика турасындағы зерттеулерінен бастап, философиясының басты мәселелері мен ерекшеліктерін қарастырамыз.
1. Логика.
Жоғарыда көрсеткеніміздей, Фараби еңбектерінің бір бөлігі логикаға қатысты жазылған. Бірақ ол еңбектер Аристотель көзқарастарының айшықталуымен ғана шектеледі. Фарабидің ойынша, логика ілімі адамның ойлау қабілетін дамытып, ақиқатты тануда тура жолмен жүруді және теріс жолға түсіп кетпеуді қамтамасыз ететін қағидаларды үйретеді. Сонымен қатар логика дұрысты бұрыстан айыруда және дұрыс түсінік қалыптастыруда немесе басқа адамдарды дұрыс түсінікке жеткізуде маңызды көмекші құрал болады. Фарабидің ойынша, ойландыратын нәрселердің заңдылығын қарастыру логиканың негізгі тақырыбы болып табылады. Олар сегіз түрге бөлінеді: 1 - категориялар; 2 - болжамдар; 3 -салыстыру; 4 - айшықтау; 5 - тартысу; 6 - сафсата; 7 - риторика; 8 - өлең. Бұлардың барлығы логиканың мақсатын қурайды. Фарабидің логикаға қатыстысы екі түрлі: біріншісі, Аристотель логикасын араб елдеріне түсінікті етіп айшықтауы. Фараби Аристотельдің логикалық зерттеулеріне және философиясына еш өзгеріс енгізбей қабылдаған. Екіншісі, Фараби логикадағы ой жүгіртудің бес категориясының негіздерін ортаға қояды. Оларды былай айшықтайды: егер нақтылыққа негізделсе, ол - айшықтаушы; жақсы ниет арқылы нақтылыққа ұқсас бір түсінікке негізделсе, ол - диалектикалық; бұрыс ниет және жаңылыс пен нақтылыққа ұқсас бір түсінікке негізделсе, көрінісі дұрыс болып, негізінде қате болған логикалық тәсіл болады; болуы мүмкін пікірлерге негізделсе -риторикалық; рухқа, қуаныш не қайғы беретін қиялдарға негізделсе - өлеңдік болады. Бұл түрлер шарттар мен қолданушыларға қарай бөлінеді. Мысалы, философтар және ғалымдар айшықтау әдісін қолданады; теологтар тек диалектикалық әдісті қолданады, ал саясат адамдары риторикалық әдісті қолданады.
2. Философияның бірлігі.
Фараби философияның бір бүтін болғанын айтады. Философияны құрған, жасаған қорытындылары мен ілімі жағынан атақтары шыққан Платон мен Аристотель өздерінің кейбір көзқарастарында айырмашылықтар болғанымен негіздері бір. Ал бұлардан кейін келген философтар бір-бірінің ілімдерін жалғастыруда. Діни ақиқат пен философиялық ақиқат екі түрлі болғанымен обьективтік тұрғыдан бір. Бұл түсінік ислам діні негіздері мен философияны бір-бірімен түсінісуге мүмкіндік береді. Фараби бұл түсінісушілік негізінде жаңа бір философияның негізін салған алғашқы философ болып табылады. Ал одан кейін келген философтар оның салған ізімен жүрген. Мысалы, Ибн Сина Фарабидің платоншылдық идеяларымен шұғылданса, Ибн Рушд Аристотель философиясы мен дін арасындағы байланыс идеяларымен шұғылданды. Бұл байланыс екі негізге сүйенеді: біріншісі - Аристотель философиясымен Платон идеяларын біріктіре отырып, оны ислам діні негіздеріне сай ету; екіншісі - діни ақиқаттарға ақылдылық жорамалдар жасау. Шындығында Фараби философияны дінге сәйкестендіріп түсіндіруге, дін философиясын құруға және екеуінің де бір жерде болуын қалаған. Аристотель философиясының жаңа бір форма алуы екі теориямен байланысты болды. Оның бірі космологиялық, екіншісі психологиялық; яғни он ақыл теориясы мен нәпсі теориясы. Ал діни ақиқаттардың ақылдылық жолмен түсіндірілуі жоғарыдағы аталмыш екі теориядан басқа тағы екі теорияға сүйенеді. Олардың біріншісі пайғамбарлық, екіншісі Құранның жорамалдарымен байланысты. Бүкіл Фарабидің философиясы осы жоғарыда аталған төрт теория ішінде қамтылған.
3. Он ақыл теориясы.
Он ақыл теориясы ислам философиясының маңызды бір бөлігін қамтиды. Бұл теория Көк пен Жердің айшықталуын қамтамасыз етеді; әрекет және өзгеріс категорияларын айшықтайды. Бүл теорияның негізгі тақырыбы - бірлік пен көптік мәселесін анықтау және өзгеретін болмыс пен өзгермейтін болмысты салыстыру. Фараби Бірдің, яғни Тәңірдің міндеті болмыс екенін, бар болуында ешнәрсеге мұқтаж еместігін айтады. Тәңір - барлық нәрсені білуші бір ақыл. Ол ешбір болмысқа ұқсамайды және оған да ешбір нәрсе ұқсамайды. Оның қарсыласы да, теңі де жоқ. Фараби Тәңірдің әлеммен қарым-қатынасын эманация теориясымен түсіндіруге тырысады. Фарабидің ойынша, міндетті болмыстан оның өзін білуі және толық кәміл дәрежеде болуы себебінен басқа бір болмыс ортаға шығады. Ортаға шыққан ол зат алғашқы ақыл болып табылады. Олай болса білу, жаратумен тең; себебі бір заттың бар болуы үшін оның түсінікті болуы керек. Алғашқы ақыл өзімен салыстырғанда мүмкін, басқалармен салыстырғанда міндетті болып табылады. Ол әрі өзін, әрі бірлікті ойлайды. Бұл ақыл өзі жалғыз, ал түсініктері жағынан көп. Алғашқы ақылдың бірлікті ойлауынан басқа бір ақыл ортаға шығады. Өзімен салыстырғанда мүмкін болуына қарай материя мен аспан денелерінің алғашқы формалары ортаға шығады. Аспан денелерінің әрбір бөлігі өзіне тән бір формаға ие. Сондықтан эманация шынжыры оныншы ақыл және тоғыз аспан мен тоғыз нәпсі жаратылғанға дейін жалғасады. Оныншы ақылдан адамдық рухтар, нәпсілер және төрт негіз ортаға шығады. Бұл ақылдардың өзіндік дәрежелері бар. Көне грек ойшылдары аспан денелерін қасиетті, ал жер бетіндегі барлық нәрсені лас деп есептеген. Ислам сенімі бойынша аспанды ғибадаттың құбыласы, уахидің қайнары және мираждың болған жері ретінде қабылдайды. Фараби діни қағидаларды да, философиялық білімдерді де қабылдайды. Ол тек дүниедегі лас нәрселердің қасиетті саналған аспан әлемі тарапынан ортаға шыққанын қабыл етеді. Фарабидің ойынша, әрбір аспан денелерінің өзіндік ақылы мен нәпсісі бар. Оныншы ақыл жер бетіндегі әрекеттермен шұғылданады. Нәпсі, әрбір аспан денелерін әрекет еттіруші болмыс болып табылады. Бірақ ол да ақылдан күш алады. Яғни ақылға мұқтаж. Ақыл да өзінің мақсаттарына жету үшін бір нәрсеге мұқтаж. Ол нәрсе, әрине, алғашқы әрекет еттіруші Тәңір болып табылады. Фараби материяны он ақыл секілді көне уақыттан бері бар болған болмыс дейді. Бірақ ол да жаратылған болмыс. Себебі ол жаратушы ақыл тарапынан ортаға шыққан. Аристотельдің психологиялық түсінігі көп уақыттан бері ерекше құрмет тұтылған, обьективтік зерттеулер үшін жеткілікті болып есептелген. Бірақ ақыл теориясына келгенде, нақты көзқарастар айтпаған. Ал оның «Органон» атты еңбегі психологиялық тұрғыдан көне еңбектердің ішінде ең атақтысы болып, қазіргі таңға дейін өзінің күшін жоғалтпаған. Бұл еңбек көне дәуірде көптеген ғалымдар тарапынан араб тіліне аударылған. Мұсылман ойшылдары бүл еңбек төңірегінде көптеген ғылыми-зерттеу жұмыстарын жасаған және психология мен рух мәселесіне қатысты еңбектер жазды. Жазған еңбектерінде көне дәуірде негізгі мәселе болған ақыл проблемасын қарастырды. Соның ішінде ақыл теориясымен көптеп шұғылданған Фараби болды. Оның «Ақылдың түрлі мағыналары» атты еңбегі шығыс пен батыста маңызды орын алып, ерте бастан-ақ латын тіліне аударылған. Фараби ақылды теориялық және практикалық деп екіге бөлді. Ал теориялық ақылдың өзін үшке бөлді. Олар материалдық ақыл, рухани ақыл, иемденуші ақыл. Материалдық ақыл рухтың бір бөлігі болып табылады. Бұл ақылдар бірінен кейін біріне өте алады. Яғни материалды ақыл рухани ақыл дәрежесіне, рухани ақылдан иемденуші ақыл дәрежесіне көтеріле алады. Бірақ бұл жоғарылау өздігінше бола алмайды. Бір ақылдан екінші ақылға жоғарылау үшін екінші ақылдың көмегі керек. Адамзаттың білімі ілгеріден келген ақылдарға сүйенеді. Күннің көзімізбен байланысы қандай болса, әрекет еттіруші ақылдың да адамзатпен байланысы сондай. Яғни көру үшін адам баласы күнге және жарыққа мұқтаж болғаны секілді ақылымыз да барлық ақылдардың Жаратушысына мұқтаж. Фараби ақыл теориясын Аристотельге сүйене отырып тұжырымдаған. Фарабидің өзі де бұл теорияны тұжырымдау барысында Аристотельдің «De Аnіmа» атты еңбегінің 3-ші бөлімін пайдаланғанын мойындайды. Бірақ бүл теорияда Фараби иемденуші ақыл теориясын өзі қосқан. Аристотель тек материалды және рухани ақылмен ғана шектелген. Фараби бұл теориясын сопылық іліміне бейімдеп қарастырғанын байқатады. Сонымен қатар бұл теория психология ілімі мен космология ілімін біріктіріп қарастыруға мүмкіндік береді. Фарабидің бұл теориясын ұстанушылардың қатарында Ибн Сина және Ибн Рушд болды. Сонымен қатар Яхудилар арасында Ибн Меймун бұл теорияны сөзбе-сөз қабыл еткен. Христиандар арасында бүл теория философиялық мәселелердің ең маңыздысы болды. Қорыта айтқанда, Фарабидің ақыл теориясы ислам ойшылдарының тұжырымдаған теориялары арасында ең маңыздысы және христиан философиясына үлкен әсерін тигізген теориялардың бірі болды. Уахиге сүйенетін барлық діңдердің негізі уахи және аян болып табылады. Пайғамбар, Тәңірмен байланыс жасайтын және Тәңірдің қалауын адамзатқа жеткізу міндетін атқаратын адам. Барлық үлкен діндерде болғаны секілді ислам дінінде де құдіретті күш -Алла болып табылады. Әрбір мұсылман ойшылы үшін пайғамбарға сый - құрмет көрсетуі, білімдер мен діни қағидаларды сәйкестендіруі міндетті бір іс болып табылады. Фарабидің пайғамбарлық теориясы дін мен философияны байланыстыру үшін жасалған маңызды қадамдардың бірі болмақ. Сонымен қатар бұл теория Фарабидің философия жүйесіндегі ең маңызды бөлігі болып табылады. Бұл теорияда психология мен метафизика негіздері туралы және де саясат пен ахлаққа жақын бір қатынас туралы білімдер баяндалады. Фараби өзінің саяси өлкесінен эсер алып қоғамның және қоғам қажеттіліктерін теориялық тұрғыда қарастыруды мақсат етеді. Оның саясатқа қатысты бірнеше еңбектері бар. Соның ішінде ең маңыздысы - «Қайырымды қала» еңбегі. Фараби бұл қаланы бір-бірінсіз өмір сүре алмайтын адам организмінің мүшелері секілді қарастырады. Яғни қаланың бір бөлігі қиыншылыққа душар болса, адам организм! секілді қиыншылыққа душар болған бөлігіне барлығы бірдей көмек береді. Қаланың әрбір адамына өз қабілетіне қарай жұмыстар жүктеледі. Ал қала басшысы адамның жүрегі секілді маңызды рол атқарып, ол адамның дені сау, ынталы, білім сүйгіш, әділетті және уахимен аян алатын дәрежеде болуы керек. Бұл ерекшеліктер Платонның көрсеткен ерекшеліктеріне қосымша аспан әлеміне байланыс құру қабілетін де айтады. Қарап тұрсақ бұл қалада керемет адамдар өмір сүріп, оларды пайғамбар басқарып отырғандай көрінеді. Фарабидің ойынша, аталмыш қаланың басшысы болу үшін екі нәрсені меңгеру қажет. Олардың біріншісі ой толғау, екіншісі аян. Жоғарыда аталғандай рух қарастыру мен зерттеудің нәтижесінде Құдайлық нұрды алатын дәрежедегі иемденуші ақыл ретбесіне жетеді. Бұл ретбені иемденген рух жоғарыдағы мәселелермен шұғылданып, төмендегілерге назарын аудармайды. Ол ешбір періште немесе адамзатқа мұқтаж болмай тікелей Тәңірден білім алады. Фараби психологиясында қиял маңызды болып есептеледі. Қиялдану сезімдер және ой толғаныспен тығыз байланысты. Сонымен қатар қиялдану түстердің қайнар көзі болып табылады. Егер түстерге ғылыми анықтама бере алсақ, онда ол бізге уахи мен аянның жорамалдануына жол ашады. Пайғамбарлыққа қатысты аяндар ұйқы уақытында немесе ояу кезінде уахи түрінде келген. Бұл екі нәрсе бір - бірімен тығыз байланысты. Бұлар бір-бірінен тек дәреже жағынан айырмашылық көрсетеді. Ал пайғамбардың негізгі ерекшелігі, ұйқыда болсын не ояу болсын, Тәңірмен байланыс құра алуы және сезімдер арқылы аян алу болып табылады. Пайғамбардан төмендеу дәрежеде болған кейбір адамдар да аян естіп, қабылдай алады. Негізінде ІХ-Х ғасырларда пайғамбарлықты теріске шығаратын дінсіздер кейбір дәлелдерін өздеріне ұран етіп қабылдаған. Бұл күдікшілдердің басында мұхтазила мазхабын ұстанып, бірақ кейінірек оны да терістеген Ибн әл - Ра - уанди мен Мухаммед Ибн Закария әл - Рази болды. Әл - Рази дін мен философияны байланыстыратын тұжырымдардың барлығын теріске шығарып отырды, барлық қайшылықтар мен жанжалдар діннен шыққан деген идеяны ұстанды. Мұндай көзқарастарға қарсы шыққан көптеген мұсылман ойшылдары дәлелдер келтіре отырып әл - Риза секілділердің идеяларының түкке тұрғысыз екендігін айқын корсетті. Солардың бірі болған әл - Фараби де пайғамбарлық теориясында ақылға түсінікті, ғылыми тұрғыда тұжырым жасады. Фараби бұл тұжырымдарын ислам әлеміне кең тараған Аристотельдің «түс теориясынан» алды. Әл - Кинди де бұл теорияны қолдаушылардың бірі болған. Дегенмен Аристотель ұйқы уақытында адамға уахи не аян беру мүмкіндігін қабыл етпейді; яғни пайғамбарлар ұйқы уақытында аян ала алмайды дейді. Фараби осы жердей Аристотельден бөлектенеді. Ол, ұйқы уақытында Тәңір тарапынан адамға аян берілетіндігін, бірақ тек таңдаулы адамдарға ғана берілетіндігін айтады. Фарабидің ойынша, философ пен пайғамбар Тәңірден аян алу жағынан ұқсас. Яғни пайғамбар періштелер арқылы Тәңірден аян алғаны сияқты философқа да оның ой -толғанысының нәтижесінде Тәңір оған түрлі идеяларды аян арқылы береді. Жалпы айтқанда, діни ақиқаттар мен философиялық ақиқаттар ой толғаныс арқылы Тәңірден берілген Құдайлық нұрдың бір бөлігі дей аламыз. Фарабидің пайғамбарлық теориясы орта ғасырда да, тіпті қазіргі таңда да өз әсерін жойған жоқ. Ислам ойшылдарының ішінде Ибн Сина мен Ибн Рушд бұл теорияны ары қарай дамытты. Яхуди (еврей) философиясының негізгі өкілдерінің бірі Ибн Меймун да бұл теорияны қолдады. Сонымен қатар Спиноза да Ибн Меймунге сүйене отырып, осы секілді теория қалыптастырған. Фарабидің бұл теориясы Жамаладдин Афғани және Мухаммед Абдух секілді жаңа заман ислам ойшылдарының да қолдауын алды. Кейбір діни негіздер ақыл жолымен анықталуы мүмкін емес. Мысалы: мухжиза, хашыр, қайта тірілу, сират көпірі, ахырет күні. Буларға сеніп қабыл ету - ислам дінінің шарттарының бірі. Мұсылмандар бұларды қабыл етіп, шын жүректен сенуі керек. Бірақ кейбір ойшылдар аталмыш сенім негіздеріне ақылдық тұрғыдан түсінік беруге тырысқан. Фараби пайғамбарлықты қабылдағаннан кейін оның мухжизаларын қабыл етеді. Оның ойынша, мухжизалар табиғат заңдылықтарынан өзгеше болғанымен оған қайта келмейді. Егер пайғамбар табиғат заңдылықтарын өзгерте отырып мухжиза көрсетсе, ол өзгерістер табиғатта бір рет болса да болғаны үшін табиғат заңдылықтары қатарына кіреді. Ол өзгерістер біз үшін жат нәрсе болып есептелмейді. Бір пайғамбар Тәңір тарапынан берілген ерекше күшке ие болса, онда оның жаңбыр жаудыруы, айды екіге бөлуі, аса таяқты жыланға айналдыруы, Тәңірдің берген ерекше күш-қуатының себебінен еш қиындыққа душар болмай мухжиза жасауы мүмкін. Құранда жоғарыда айтылғандай ахырет, қиямет күні, жаза мен сыйлықтар туралы көптеген мысалдар баяндалған. Ешбір мұсылман буларды теріске шығара алмайды. Фараби де буларды қабыл етеді. Дегенмен ол бұл нәрселердің барлығын дене емес рух көреді дейді. Себебі оның ойынша, қуаныш пен қайғыны сезетін, бақытты немесе бақытсыз болатын дене емес рух болып табылады. Фарабидің бұл көзқарасы спиритуализмге деген ерекше көзқарасын көрсетеді. Ибн Сина да осы идеяны ұстанып көп жерлерде айтқан. Ибн Синаның ойынша, аршы мен күрсі аспан әлемдерінен болып есептеледі. Ал құлшылықтар тек дене әрекеттері ғана емес рухани болуы да керек. Негізінде бұл екі ойшыл дін философиясы және діни философияның негіздерін қалыптастыруға тырысқан. Бірақ Ғазали бұндай идеяны дұрыс көрмей, тікелей діннің негіздерін алып, оларға қарсы шыққан. Ал Ибн Рушд болса дін мен философияны байланыстыруды қолданғанымен разылық білдірмеді. Оның ойынша, өз пайдалары үшін дін мен философия бөлек болғаны жөн. Себебі дін мен философияны бір-бірімен байланыстырса адамзат түсініксіз халге душар болуы мүмкін, ал ойшыл адамдар үшін теріс жолға түсудің себебі болуы мүмкін деп, Ибн Рушд тұжырым жасаған. Қорыта айтқанда, Фарабидің еңбектері, оның ішіндегі негізгі тақырыптары бір-бірімен тығыз байланысты. Алғашқы себептен басталып, аспан әлемін қамтып, эманация теориясы және оң ақыл теориясын қамтиды. Фарабидің ойынша, адамзаттың бақытқа жетуі аспан әлемімен байланыс құру арқылы жүзеге асады. Бұған «Қайырымды қала» идеясы мысал бола алады. Фараби бір жағынан спиритуалист болған. Ол барлық нәрсені рухпен байланыстырған, Тәңірді рухтардың рухы деп есептеген. Бірлік, ең жоғарғы дәрежедегі идея және барлық нәрсені ойлай алатын ақыл. Басқа болмыстар осы Ақыл тарапынан жаратылған. Теориялық ой жүгірту және тұжырым жасау арқылы адамзат аспан әлемімен байланыс құрып, бақытқа жете алады. Фараби себептілік принципіне мән бергені соншалықты, себептілікті қажет етпеген нәрселерді де бір себепке байланыстырған. Жалпы айтқанда, Фараби - дін мен философияны байланыстырып және оны адамзатқа түсінікті етіп, өзінен кейінгі ойшылдарға мұра ретінде қалдыруға бар күшін сарп еткен ислам ойшылдарының бірі.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру