Түнгі әуендер
Исраил Сапарбай
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Көрнекті ақын Исраил Сапарбайдың өлеңдері халық арасына кең тарап, өз оқырманын тапқан шығармалар. Автордың «Өлең» атты туындысы ақынға көңілдің қай күйінде де серік болған өлеңнің құдіретін танытар болса, «Анаңнан асыл бар ма екен?» өлеңі ананың қадірін танытып, адам баласы үшін ең асыл жан ана ...
І ТОМ
...ӘЛҚИССА
Айдынына аққу ұшып, қонса қаз,
Ән-думанын бастайды екен көл сабаз.
Көктем, шіркін, көзден ұшса, қонбай құс,
Көңілсіз күй кешеді екен көл байғұс.
Сенсіз өңсіз өмір сүріп, мөлдірім,
Мен де кешіп қаламын ғой көл мұңын...
КҮЗ, ҚЫЗ ЖƏНЕ МЕН
Көргенде жапырақтың сарғайғанын
Есіңе түседі екен қай-қайдағың...
Жаңғыртып жер мен көкті, тау мен тасты
Келеді жарым түнде айғайлағым.
Сарғайған сен бе,
Мен бе,
Жас қайың ба?
Жөн айтпай жөгі жалған қасқаюда.
Тəніңді таңға дейін тамашалап,
Жанымды мен де бір сəт ластайын ба?..
Көргенде жапырақтың үзілгенін,
Келген-ау менің де ерте күзім дедім.
Қайтейін бір түнімнің түгесіліп,
Қайтейін кірпігіңнің сүзілгенін.
Сарғайған жас қайың ба,
Сен бе,
Мен бе?
Ей, жүрек, есіңді жи, емге көнбе!
Алдымда – алмағайып жолайырық,
Білмеймін, желге ерем бе, жерге енем бе...
Көргенде жапырақтың қалқығанын,
Қарадай жаурап, тоңып, қалтырадым.
Желбуаз жер мен көктің арасынан
Өзімді-өзім таппай шарқ ұрамын.
Сарғайған сен бе,
Мен бе,
Қайың ба, əлде?
Сарғайсам...
Күз бен Қыздан айырмам не?!
Жас қайың жылап жатса – жазы өткен де,
Жас қайың құлап жатса – жай ұрған де!
Көргенде жапырақтың өртенгенін,
Көмілді көк түтінге көркем көңіл...
Барады көз ұшында дəурен көшіп,
Көзіңді аш,
Есіңді жи, еркем менің...
* * *
Оңашаны олжалап,
Шеттеу жүріп шертем мұң.
Тағдырын кім болжамақ? –
Сүйдім,
Күйдім,
Өртендім...
Өртендім де басылдым,
Жек көр, мейлің, жек көрме.
Тарыдайын шашылдым
Тауық пенен кептерге...
Арбалдым да алдандым,
Алдандым да айныдым.
Елі бар ма Арманның?
Емі бар ма Қайғының?
Қаңсып қалды кең арнам,
Көктен тамбай емге бұлт.
Бола алмадым мен арлан,
Бола алмадың сен де елік.
Неғылайын бал ашып
Бар мен жоқты теңгеріп?
Ақыл қалды адасып,
Сезім қалды сенделіп.
Махаббаттың орнына
Машақатым бітпеді.
Өмірімнің соңына
Алла қояр нүктені.
Сумаңдаған жел күні
Судырайды қамысым.
Əңгімеміз ендігі
Əрі жалған, əрі шын.
Дүниенің кеңдігі –
Жаһандағы мəңгілік.
Дүниенің кемдігі –
Жапандағы жаңғырық.
Жазылмайды «кеселім»,
Ғашықсыз əн – далбаса əн!
«Махаббат жоқ!» десе кім,
Абай сөзін алға сал.
(əзіл-шыны аралас)
ЖҰПАРҒА
Тамағың пісіп тұрса түсте сенің,
Тарығып, мұнша əуреге түспес едім.
Дəм түгіл талқан ғұрлы татымы жоқ
Сорпасын өзағамның ішпес едім.
Үзіліп тұрмаған соң емешегім,
Тағдырмен таңнан тұрып егесемін.
Қазақтың қамыр салған еті болса,
Палауын өзағамның жемес едім.
Жау менен жоқ ежелден жатқа сенім.
Жанымның жардан бөлек таппас емін.
Қымызым қыз-қыз қайнап тұрса алдымда,
Орыстың ащы арағын татпас едім.
Жайымды айтпай біліп тұрмағасын,
Жанымның табар дейсің кім дауасын.
Ташкенттің талтүсінен сая таппай,
Сағындым Алматының түнгі ауасын.
Қызығып қарамайды қыз десе кім? –
Күніне сол құрғырмен жүздесемін.
Қасымда қалқатайым қатар жүрсе,
Көзімді көрінгенге сүзбес едім.
Тауқымет тағдыр салған бастан асты –
Соғамын тауға басты, тасқа басты.
Тəңірім мекендеген көк болмаса,
Тар екен ақындарға аспан асты,
Тар екен ақындарға аспан асты...
* * *
Шешінші,
Тал бойыңды қызықтайын,
Жатқандай жапырағын үзіп қайың...
Тағатын құлағыңа сырға дайын,
Салатын саусағыңа жүзік дайын.
Жо-жо-жоқ!
Керегі жоқ ештеңенің!
Балқаймақ бəденіңді қош көремін.
Ес-түссіз қунап жатқан, тулап жатқан
Естиін жүрегіңнің кешкі əуенін.
Лүп-лүп-лүп...
Қандай жұмсақ, мəп-мəйін үн?!
Ару мен ақ қайыңда жоқ па айырым?
Кешірші, айналайын, аңсарымды,
Шешінші, айналайын, Ақ қайыңым!..
Шешінші...
Жаным, күнім, шешін, шешін...
Денеңде – дегбір, дертім,
Төсіңде – есім...
Сыр суын сирағыммен кешкім келді,
Кешірсін, Жаппар ием, кешірмесін.
Шешінші,
Не көрсек те бір көрелік!
Ібіліс із кессе де үндемелік.
Анадан туған осы қалпымызбен
Қып-қызыл отқа оранған түнге енелік!
Шешінші, көкем...
* * *
Гаухарға
Ауырма,
Ешқашанда ауырмашы!
Санаңды сауықтырсын Сəуір басы.
Адамдар бір-бірінің тілеуқоры,
Адамдар бір-бірінің бауырласы.
Айтпайық сен де, мен де ауырдым деп,
Алда əлі біз көретін тəуір күн көп...
Жұмағы тіршіліктің тəрізденіп
Шығады бүгін-ертең сəуір гүлдеп!
Аңқылдап əлдеқайдан самал есер,
Мың-сан гүл баһар ашып далада өсер!..
Жалт ойнап Жаратқанның жанарында,
Жарылқар жер-жаһанды қара нөсер!
Сəрінің сауырынан саулап арай,
Шашырар Күн шапағы тауға қарай.
Көзмоншақ көлшік тұнып көшелерде,
Қалмай ма бір тазарып аула, маңай?!
Ұласар сəуір соңы маусым айға,
Апырай, тырналардың даусы қайда?
Көк тасы Самарқанның ерігенде,
Орнынан бір қозғалмай тау шыдай ма?!
Мезгілдің айта берем қай мінезін? –
Ол сенің мұңлы мекен – ойлы көзің.
Мүбада маған, жаным, кезіксе етті
Арбайтын Айдың өзін Лəйлі кезің...
Ауырма,
Аман болсын бауыр, бүйрек.
Айтпайық сен де, мен де ауырдым деп.
Жалғаны Жаратқанның жалт бермесе,
Алда əлі біз көретін тəуір күн көп...
Ауырма, айналайын.
* * *
Сен кім едің?
Жаным-ай, неге сонша мөлдіредің?
Жасырған жан біткеннен құпияңды
Білем деп өзімді-өзім сендіремін.
Білем деп өзімді-өзім сендірем де,
Қараймын өліп-өшіп сол бір өңге.
Тұтанып келе жатқан іштегі отты
Қайтемін, жандырам ба, сөндірем бе?
Кімсің сен есік ашып енген ішке?
Көргенім, көріскенім өң бе, түс пе?
Тілегін Тəңір ием қабыл алып,
Жүрегім түсті тылсым тербеліске.
Кімсің сен?
Жайыңды айтшы, қандай жансың?
Қара түн Хабаршымдай таңға айналсын!
Бұл сəтті іштей сезіп сен де, бəлкім,
Күткенсің,
Сағынғансың,
Сарғайғансың...
Кімсің сен,
Сүйіктім-ай сұңғақ қана?
Жайыңды айт,
Жан сырыңды жұмбақтама.
Бағыңнан бал-бұл ұшып бал дəуренің,
Күз келер,
Қар қонақтар бұл баққа да...
Кімсің сен?
Еркімнен тыс езілді ішім...
Елп етпес əлде ешкімге сезімбісің?
Əлде, əлде...
Жан-жүрегін мұң жайлаған
Жалғызы Жаратқанның – өзімбісің?..
БІР ТАЛ ГҮЛ
Бірте-бірте салқынсыған сезіммен
Кездеріңді көріп жүрмін көз ілген.
...Мен көтеріп алып ем-ау күн кеше
Бір тал гүлді –
Жерде елеусіз езілген.
Бір тал гүлім,
Қайта түлеп, бүрлеген,
Сен болмасаң, сыр бөлісем кімменен?
Өз жарамның өзім ашып ауызын,
Өз шоғымды кезім қанша үрлеген?..
Тағдырымды –
Бір тал гүлмен селбескен
Жетімекше жетелеттім желге ескен.
Салқын тартқан Саратанға жеттім-ау,
Солқылдатқан тамырымды сол кештен!..
Бір тал гүлім гөзелі еді-ау бір бақтың,
Қанша мəрте бірге тоңдым, дір қақтым...
Гүлзарыма сұғын салды қай неме?
Гөзелімді қай кəззапқа ұрлаттым?
Мезгілім-ай,
Мекендеген Ай қасын,
Қан қақсатып кетті сені қай жасын?
Бір тал гүлді отыратын иіскеп
Қайран, күнім, хабар берші, қайдасың?
Жоқсың...
Барсың...
Шындықсың да жалғансың,
Алты қырдың аржағында қалғансың.
...Мен сияқты,
Өткен-кеткен адамдар
Жерде жатқан жетім гүлді аңғарсын,
Аңғарсын да – аяласын, қолға алсын!..
* * *
Білмей далмын
Кімге айналдым?
Кім керек?
Сиқым қашып... сыймадым-ау жер-көкке.
Кеудемдегі тыным таппай бір бөбек,
Бұлқынады, жұлқынады жөргекте.
Қайта бүрлеп,
Қайта гүлдеп,
Жаңарып...
Қайран, жүрек, көтергелі нар жүгін,
Алпыс екі тамырыңа таралып,
Араласып кетті деп ем қан-жыным, –
Бекер екен...
Уақыт бəрін жеңді енді.
Қарыс жерім қашықтады шалғайлап...
Сері күнім серік іздеп сенделді,
Сенің шырын сезіміңе қанбай ғап.
Маңдайыма бұйырғалы бұла күн,
Таңдайыма салып жүрген тəттім ең.
Қу құлқынның баса алмайтын құмарын
Соның бəрі баянсыз бір бақ білем.
Өтті, кетті...
Айта берем қайбірін..,
Саумал бүркіп Сəуір лебі, кəні, ессе?!
Алақанға толтырып ап Ай нұрын
Əппақ сүттей сіміргенім əлі есте!..
Бақ құсындай қонып тұрып қонбаған,
Өтті бəрі...
Кетті бəрі келмеске...
Айгөлектей кездеріңді сол балаң
Айналайын, алып жүрші сен де еске.
Үмітімнің күнде ұшырып үрейін,
Білем, сезем, қоштасатын таяу күн.
Тағдырыңа алаң болып жүрейін,
Сен əрдайым аман болшы, аяулым...
* * *
Баяғы сол күнің-ай, баяғы сол!
Балқып жатып жаныңда оянушы ем...
Баяғы сол қалпыңа келер ме едің,
Жаратқанға жаныңды жая білсең?
Бəрі өткен бе,
Құдай-ау, бəрі өткен бе?
Тап болғандай жайым бар тар өткелге.
Жер түбінен шырқырап жетуші едің,
Шақалақтай жүрегім шар еткенде.
Қайда қалған сол күндер, қайда қалған?
Жанымызды қай індет жайлап алған?..
Қансыз-сөлсіз дүние-ай,
Қайыршының
Қара бақыр құнындай майдаланған.
Періште боп тумайды кім анадан?
Пендесің деп ешкімді кінəламан.
Қаймананы қаңбақтай қақпақылдап
Қайда əкетіп барады мына заман?
Ақылды алтын,
Билесе сезімді ақша,
Өзге – жаман,
Өзгеден өзің жақсы, ə?!
Жүректердің түбінде Төбе бидей
Түгесілмес, түңілмес Төзім жатса!
...Баяғы сол күнің-ай, баяғы сол,
Мейірімді ең,
Абзал ең,
Аяғыш ең...
Қайғысын ба, мұңын ба, қамсызын ба –
Жүрегіңнің қаладың қай əнін сен?
Шыныңды айтшы?
* * *
Бейілім саған деген беріштенді,
Көлгірсіме,
Көзге ілме,
Көріспе енді.
Бұл дүниеден не қайыр, не үміт бар,
Ібіліс иектесе «періштемді»?
Өткінші,
Бəрі өтірік,
Бəрі жалған!
Сағыну, өліп-талу – сағым, арман...
Баз кешіп бəр-бəрінен,
Бақиға еніп,
Дамыл алған жөн шығар, дамыл алған.
Көп екен дүние сыры мен ұқпаған,
Ішіне қара түннің еніп барам.
Қойнынан қара түннің күнə арқалап
Сен енді əуре болма келіп маған.
Келгенмен ене алмайсың ішіме енді
(болғанмен түрің түзік, түсің өңді).
Бірі аяр, бірі сиқыр сылқымдардың
Қаншасы түн ішінде түсіме енді...
Түбімді (түрімді емес) түсінгенмен,
Бəрі де ішімде өлген, ішімде өлген!
Сен де соның бірісің,
Бір көргенге
Періште, Перуайым пішінденген.
Сенбеймін!
Екі жалған – енді арамыз,
Сенгенмен сергелдеңге жем боламыз.
Мен жоқпын,
Мен жайында енділікте
Естірсің желден дерек, елден аңыз...
БҮГІНГІ БИ
Илейсің-ау, илейсің
Қара жерді балшықтай.
Күйлейсің-ау, күйлейсің
Қарға аунаған қаншықтай.
Терлеп-тепшіп тақымың,
Шашылуға шақ қалды.
Басыңдағы ақылың
Табаныңда тапталды.
Көлік жайлы, көш аман,
Бабында əлі баукесер.
Жұрттың бəрі – есалаң!
Жұрттың бəрі – əумесер!
Аспан төрі алтықат
Адым сайын тұр аңдап:
Ақ төсіңді жарқырат!
Аш беліңді бұраңдат!
Өмір – қара,
Өмір – ақ...
Азан-қазан жер мен көк.
Шаштарыңды қобырат!
Қолдарыңды ербеңдет!
Көкейтестің көксеген –
Көбелек пен көкшыбық,
Ашық-шашық бөксе, бел...
Арманыңа жет, жігіт!
Деліқұлы дененің
Елшісіндей қас-қабақ.
Дегбірсіздеу неменің
Есі-дерті басқа жақ...
Сүю, күю, мұңаймақ –
Өткен күннен бір айғақ...
Бүгінгі өмір – Жынойнақ!
Бүгінгі өмір – тым əйбат!
* * *
Сен – Бойжеткен, Мен – Жігіт,
Сен Ай болсаң, Мен бір Күн.
Жақсыларша жөн біліп
Танысайық, кел, құрбым.
Көз – көңілдің өлшемі,
Көзің сенің тұнық қой.
Арбамаймын Мен сені
Кейбір жылпос жігіттей.
Жақсылыққа жан байып,
Тапсын көңіл жарасым.
Əнмен, жырмен жалғайық
Екі кештің арасын.
Мына бізден бұрын да
Танысқанмен тосыннан
Талайлардың ғұмырда
Тағдырлары қосылған.
Бір күлдіріп, жылатып,
Бізді де əлі сынар күн...
Бəлкім, сені ұнатып,
Бəлкім саған ұнармын.
Көңілімнің ағына
Көзің жетер қалайда.
Мұнан кейін тағы да
Кездесейік, жарай ма?
* * *
Тұңғиық теңіз түбіне
Отырма ойды батырып.
Шаттан, күл туған күніңде
Шараптан ұрттай отырып.
Санамай тілін сағаттың,
Жанымыз тауып жарасым,
Қып-қызыл нарттай шараптың
Қызуы қанға тарасын!
Өткен бір күнге наз артып,
Балалық шақты есіңе ал.
Күлсең, күл көңіл тазартып,
Жыласаң, жыла, несі бар?!
Не ойласаң бүгін мақұл-ды,
Кештің де мынау Сен – көркі.
Аңқылдақ мендей ақынды
Сүйемін десең – ол да еркің!
Демеймін мен де: «сүймеші»,
Бəрі де бəрі жарасар.
Қалып та қоям үйде осы
Қарсылық етпей, қаласаң.
Алқына соғып жүрегің,
Əн шырқа, биле, күл, ойна...
Қамшыдай қысқа бұл өмір
Өтіп те кетер былай да!
* * *
Қарақат көз, қарағым, мойыл – жанар,
Қандай жігіт қалаулы ойыңда бар?
Он сегізге жеткенше ойын болар,
Он сегізден өткен соң тойың болар.
Тойың болар,
Той кеші думан болар,
Жаның, тəнің өртеніп, құмар қанар.
Ал сонан соң,
көз алдын көлегейлеп
көшкен көңіл орнында тұман қалар,
Бірақ мұны жас кезде кім аңғарар?
Қызғалдаққа қырмызы ұқсап өңің,
Үлбірейсің үзіліп қыпша белің.
Жүрегімде жүз үміт күрсінеді,
Жай-күйімді, жаным-ай, ұқсаң едің.
Ұқсаң едің,
ойымнан шықсаң едің,
Жабығады-ау жас жүрек жықса көңіл.
Дертті жүрек, өлеңшіл өртті жүрек
Айығар ма арудың жұтса лебін?..
Ақ қанатты желкенше жайып келіп
Айдыныма қонып ең лайық көріп,
Алданышы көңілдің, аққуым-ай,
Қолдан ұшып кетпеші ғайып болып?!
* * *
Кірпігіме асылған
Үміт шығын үзбедім.
Қауызынан ашылған
Гүлдерімді іздедім.
Жапырағы жанымның
Сарғаймасын тым ерте
Шаттығыңды сағындым,
Күлімдеші, Күн – ерке.
Саған іңкəр көңілдің
Көктеміне қарашы.
Өн бойымды лебіңнің
От деміне орашы.
Бұрымыңды тарқатып
Иығыңа сал, Күнім.
Тіл ұшынан бал татып,
Тынысыңа балқиын!
* * *
Көзімнен сырғып лағыл жас,
Көкірегім сыздар, күрсінсең.
Қарақат көзді қарындас,
Жайыңды айтшы, кімсің Сен?
Алдыңа салып уақытты,
Алданып жүрген жанбысың?
Азғантай ғана бақытты
Малданып жүрген жанбысың?
Жалғанға нəзік үміттей
Жалғанып жүрген жанбысың?
Береке, құты бірікпей
Жан бағып жүрген жанбысың?
Тиянақ, тағат таба алмай,
Толғанып жүрген жанбысың?
Қияға қанат қаға алмай,
Қомданып жүрген жанбысың?
Көзімнен сырғып лағыл жас,
Көкірегім сыздар, күрсінсең.
Қарақат көзді қарындас,
Хабарыңды айтшы, кімсің Сен?..
* * *
Жасыл бақ, жапырағына Айды ораған,
Жас гүлзар. Жауқазын гүл жайған алаң.
Ақсаумал самал есіп айналадан,
Шашыңды торғын торы аймалаған
Сол бір кеш менің есімде.
Көз қанып көркем, гөзəл көріністен,
Күдіктен гөрі сенім болып үстем,
Елжіреп, егіз жүрек еріп іштен,
Бақыттың бал шарабын бөліп ішкен
Сол бір кеш менің есімде.
Жылаған,
Жұбана алған,
Қуана алған.
Жасарып, жанаттанып мына жалған.
Ақ сезім,
Айнымасқа шуақ – арман,
Ай, жұлдыз аспандағы куə болған
Сол бір кеш менің есімде...
* * *
Көнбеген ырқыңа əлі
Көңілдің мастығындай,
Кеудеңде бұлқынады
Бір сезім жас құлындай.
Көбелек кеткен ұшып
Бүгінде бұрымыңнан.
Кім мəңгі өтпек ішіп
Көзіңнің тұнығынан?
Наз əннің біріндейсің
Көмейде діріл қағар.
Газонның гүліндейсің
Ызғарға ұрынбаған
Лебің – нəр, тынысың – бал,
Ұқсайсың бойжеткенге.
Білмеймін, гүл ұсынар
Қай жігіт қай көктемде?..
* * *
Жабырқау жанды жұбатпай
Көңілдің күйректеу əні,
Көмілген көзі бұлақтай
Кездесу сиреп барады.
Елп етпе сезім, елік көз,
Балғын наз, ерке, бал қылық,
Семсерлі сертке берік кез,
Қалайша лезде қалды ұмыт?
Құралай қыз-ау, əнқұмар,
Көңілің неден дəркүмəн?
Арманның шығып алдынан
Сүйгенімде ме бар кінəм?
Гүл өмір, құшуақ таңыңа
Бозторғай болып əн төктім.
Жүрегімді ұстап қолыма,
Жолыңа жырды тəрк еттім.
Үзіліп кеткен үміттей
Жүрекке жібі жалғанбай,
Із-түзсіз көзге ілікпей
адасқан аққу – армандай,
Арамыз бүгін – көк пен жер,
Арамыз бүгін – көк тұман.
Көңілден көшіп көктемдер,
Өмірден өшіп кетті ме əн?
Таңдайда ерір бал десем,
Тағдыры жұмбақ жан ба едің?
Айтылмай жүрген əлде Сен
Əуені бөлек əн бе едің?
Тірлікте тыным бермейді
Аңдағай ойлар андыздап.
Жүректің қылын тербейді
Жабырқау жырым жалғыз қап.
Шектеулі мына жалғанда
Шеттеу бір қалып шер кештім.
Азғантай ғұмыр қалғанда
Алдамағай да енді ешкім...
* * *
Бағала мені, бағала,
Көзімнің жасын ішпе, Сен.
Шағала – көңіл, шағала,
Шалқарда шалқып ұш десең.
Азапта, мейлің, əуреле,
Сұрап та жатпан «неге?» – деп.
Ұрынған жарық сəулеге
Мен бүгін көзсіз көбелек.
Ажалдан аман ап қалар
Аялы жандар қорғалап.
Ақынның аты – аппақ ар,
Түсіре көрме арға дақ.
Адалдың жаны асыл-ды,
Келетін дəйім көмекке.
Қорғасаң қорға басымды,
Қолыңнан келсе, қор етпе!
Аз қонып көрік – бағыма,
Жүрекке кетпе қайғы сап.
Жаз болып келіп жаныма,
Жадырай күл де жай құшақ!
...Бағала мені, бағала,
Көзімнің жасын ішпе, Сен.
Шағала – көңіл, шағала,
Шалқарда шалқып ұш десең!
* * *
Елемейін,
Еленбейін десем де
Еркімді алдың,
Еліктей қыз, есен бе?
Іңкəрлік пе, құштарлық па, білмеймін,
Ілкі сезім не менде бар, не сенде...
Көздеріңе көзім менің түспегей,
Інжу көзден інжіл алып ішпегей.
Саған, жаным, бұл жасымда не айтамын?
Түк те айта алман,
бəрі-бəрі іште ғой...
Он сегіз – от,
Отпен ойнар қай батыр?
Неге мені кеш шақырдың айна түн?
«Мезгіл жетпей қалмақ па еді гүл солып?» –
Осыны ойлар отызында ойлы ақын.
Ойлаймын да елемеуге бекінем,
Елемеуге бекінем де өкінем.
«Отыз» – деген ойға шомған орманды
Өртермісің Он сегіздің отымен?
Қылығыңмен, тұнығыңмен, көркіңмен
Еліктей қыз, айырдың-ау еркімнен.
Сезімімді бұрай беріп қайтесің,
Мен бір күймін əлдеқашан шертілген.
Көзің жұмып, ернің тоспа алқына,
Сағынсаң да берік болшы салтыңа.
Кеш оянған махаббатта кінə жоқ,
Кеш оятқан мына бізде бар кінə!
* * *
Сенсіз көңіл құлазыр, жетімсірер,
Аз да болса қасыма отыршы, кел.
Қызығынан өмірдің тез тойындым
Қызыл күрең сырадай көпіршіген.
Аз да болса, қасыма отыршы, кел.
Сыздағанда жүректің жарасы анық
Жаның бір сəт тілейді оңашалық.
Біз екеуміз қазақы домбыраның
Егіз, қоңыр үніндей жарасалық.
Айтар сырды үн-түнсіз тыңдап, оқып,
Отырайық бірауық мұңға батып,
Өкінішке өзекті тырналатып,
Жанар жасын сынаптай сырғанатып...
Көңіл жаяу,
кезінде көңіл қаяу
Көз алдыңда көлкиді қоңыр бояу.
Түн көрпесі тұмшалап, тұншықтырып
Өшіп бара жатқандай өмір баяу...
Жаным мұңын,
жасырсын жанар жасын,
Жалын жылым, білемін, жаңармасын.
Бозбала күн қызығын қозғамағын,
Мəңгілікке ол жоғалтқан ақ алмасым!
Көңіл шіркін құлазыр дара жүрсем,
Қасыма кел, отыршы, қарағым, Сен.
Жарық таңға үмітті жалғар ма едім
Жабыққанда жанымда бола білсең?!
Қасыма кел, отыршы, қарағым, Сен.
* * *
Дертімнің таппақ болып дауасына ем
Сені іздеп теңіз кешіп, тау асып ем.
Таптым да,
Тапқаным сол – тыныстаймыз
екеуміз бір қаланың ауасымен.
Жүрсек те бір қаланың татып дəмін,
Білсек те бізге лайық бақыт барын,
Тағдырға мойынсұнған момындардай
Тақпаймыз өтіп жатқан уақытқа мін.
Жырақтап жасыл барқыт бағым менен,
Бүгінде жылжимын жай ағынменен.
Сен кейде жолда жалғыз кездесесің
Мен кейде келе жатсам жарымменен.
Өртеніп жар төсекте жалын – денең
Сеземін, безе алмайсың, жаным, менен.
Мен кейде жолда жалғыз кездесемін
Сен кейде келе жатсаң жарыңменен.
Жаңылып жүрдек жүрек дүрсілінен,
өтемін.
Сен қаласың күрсінумен.
Ерте өніп мезгілінен сөніп қалды-ау
Бір тал гүл көктей алмай бүршігінен...
Біз – кеме,
Тағдыр деген – терең теңіз,
Алыста керім көктем, кең өлкеміз...
Ілесіп бізбен бірге қайда барсақ
Қалмайды қасымыздан көлеңкеміз...
* * *
Бастау алған бұлақтан кəусар көлім,
Тұнығыңды, шөлдесем, таусар ма едім?
Жанарыммен үн-түнсіз жайымды айтып,
Кəусар көлге жаңбыр боп жаусам дедім...
Жараса ма жақсыға тұйық болған,
Соншалықты сен асар биік пе арман?
Қалай ғана ерітіп алсам екен
Ерніңдегі күлкіңді ұйып қалған?
Қуанышын, бақытын бұлдамаған
Кезіксе екен бағыңа бір ғана адам...
Қалай ғана жылытып алсам екен
Көзіңдегі жұлдызды мұң қамаған?
Жалаң сөзге елікпей жалтылдаған,
Сездірмеген сұлулық салтын маған,
Қалай ғана жылытып алсам екен
Кеудеңдегі сезімді салқындаған?
Күннен-күнге солдырған іреңіңді,
Жылдан-жылға тоңдырған жылы өңіңді,
Қалай ғана жұбатып алсам екен
Жылай-жылай жүдеген жүрегіңді?..
* * *
Жиі-жиі түсіме неге енесің,
Перісің бе,
жынсың ба,
неменесің?
Екі жаққа екеуміз кетіп ек қой
Бастан кешіп тағдырдың ерегесін.
Ерегестен жеңілдік, сен де, мен де,
Əзіз жүрек əйтпесе сенделер ме,
Бақыттылар бағында жүрмес пе едік
Жел сөзіне біреудің ермегенде.
Амал қайсы, бəрі де кеткен өтіп,
Өкіндіріп,
Өксітіп,
Өкпелетіп.
Көз жасыңның өтерде өзенінен
Өткен күнді келемін өткел етіп!
Жар жанында деп едім тынығармын,
Жарым түнде төсектен жұлып алдың.
Өзің емес, кездесіп елесіңмен
Есігімнің алдында жүріп алдым.
Жиі-жиі түсіме неге енесің,
Мазалаудың сезсең де жөн емесін?
Түн жамылып келетін төсегіме
Перісің бе,
жынсың ба,
неменесің?
* * *
Базары қызық бал күннен
Қаламай жүріп гүл өзге
Қалайша суи қалдым мен
Өзіңнен, қалқам, лезде?
Өзгердім қалай тосыннан,
Кінəлі, айтшы, кім бұған?
Көрем бе жақын досымнан,
Көрем бе жақын құрбымнан?
Суынды көңіл тез неге,
Тəттіге тойынғаннан ба?
Аңсарым ауып өзгеге,
Өзгеде ойым бардан ба?
Мезгілсіз солып гүл – өңің,
Өткен бір күнге кектеніп,
Өзің де мені, білемін,
Өлердей кеттің жек көріп!
Жүрсең де налып жалғанға
Өзгеше ғажап өрсің-ау!
Мен жайлы сұрай қалғанға
«Дон-Жуан еді», – дерсің-ау.
Мазаққа душар болған жан
Азапқа қалай көнсін-ау?!
Мен жайлы сұрай қалғанға
«Қатыгез еді», – дерсің-ау...
Керек пе, əлде, өзгеше ем,
Суынды неден бұл көңіл?
Себебін өзің сезбесең,
Білмедім, қалқам, білмедім...
* * *
Өкінбеймін біреуді өпсең де өліп,
Өкінбеймін өзгеге кетсең де еріп.
Жазмыштың маған жазған пендесіне
Мен-дағы кезігермін көп сенделіп.
Мұң ба екен,
Мұның бəрі уайым ба екен?!
Бүгінде ойым бөтен, жайым бөтен.
Қойнына қона алмаған қос аққуға
Қол бұлғап қала берер – қайың мекен...
Жабықпа,
жарылқасын бетіңді алдан.
Өткен күн өшкен, көшкен секілді арман...
Болар-ау бəрі де ұмыт,
Амалым не,
Аяймын махаббатты жетім қалған.
КҮЗ... ҚОШТАСУ
Жаз бойына жапырақ жанып біткен тəрізді,
Өзегінен өмір – сөл ағып біткен тəрізді.
Қу ағашта қу бұтақ құлазыған көңілдей
Қыс келуін тезірек талып күткен тəрізді.
Қызуы мол, қызықтан босап қалған құшағы
Көшкен жұрттың қоңыр бақ қорымына ұсады.
Жылап аққан жылғаның жалқы жыры болмаса,
Естілмейді ештеңе,
Естілмейді құс əні...
Қимас, сыйлас көңілдің ақ мəйегін аршымай
Үнсіз тұрмыз екеуміз еңсемізді жаншып ой.
Жалғыз-жарым жапырақ бұтақтарға ілінген
Кірпігіңе асылып тамбай қалған тамшыдай.
Өз-өзіңнен жеңіліп, жылап тұрсың егіліп,
Жүрек сөзін айта алмай,
Жібек – сезім сөгіліп.
Қоңыр күзде біз тұрмыз
қоңыр бақтың қойнында
Бір көрінбей, көрініп,
Көк мұнарға көміліп...
Қайда, жаным, баяғы ыстық құшақ, отты ерін?
Қайда кеткен аяулы сенің, менің көктемім?
Мүлгиді жай марғау бақ үнсіздіктей ұйыған,
Жазбен көшіп кеткендей бізге таныс тəтті өмір.
Жылап тұрсың егіліп,
Жеңіл ме екен маған да?
Мойныңда емес,
моншағың мөлтілдейді жанарда.
Дейсің маған дегбірсіз дір-дір қағып ерінің:
«Ұмытайын қалайда,
Сен де ұмыт, жарай ма?
Тар болғандай тағдырға ошақ басы, от қасы,
Танысып ек екеуміз,
Табысып ек бақта осы...
Саған сонда ашылған жүрегімнің қақпасы,
Сол қақпаны, өтінем, енді қайтып қақпашы?..»
Бере алмастан сұрағын,
Ішке бүгіп күмəнін.
Үнсіз тыңдап тұрды бақ
қоштасудың бұл «əнін».
Жамыратып қозыдай жанарымның бұлағын
Алғаш рет мен сонда ағыл-тегіл жыладым.
...Ғашықтарға күн кеше болған жайлы гүл жұмақ
Қоңыр бақ тұр қорымдай қоңыр күзде тұнжырап...
КҮРЕҢ ШАЙ
Күрең шай қош иісті қаймақ қатқан
қаныңды құр асаудай ойнақтатқан.
Қолынан қыз баланың шай ішуді
айналдым ағайыннан ойлап тапқан.
Майысып тіл қатқандай құрақ көлге
қос бұлақ тулап ағар құлап белге.
Көзінен қалқатайдың нұр ішкендей
желпініп отырарсың жұмақ – төрде.
Күрең шай күн нұрымен бапталғандай,
Ақ білек ай нұрымен апталғандай.
Кесеге дəміл-дəміл қол созасың
бір дауа жүрегіңе тапқан жандай.
Қыз бала қызыл күрең шай ұсынған
жазбайды сол мақамды майысудан.
Жақ ашпай жайдан-жайға отырар ма
жас мейман жаны жылып, бойы ысынған?!
Əнменен жеткізуге наз арманын
төрдегі домбыраға созар қолын.
Бойжеткен бір қызарып, бір бозарар
Бейіштің көрген жандай гөзал бағын.
Түндіктен саумал бүркіп ай көшеді.
Іргеден қоңыр самал жайлы еседі.
Сүйріктей қыз саусағы діріл қағып
шарасыз сипалайды шай кесені.
«Айнамкөз», «Айқабақ» пен «Майдақоңыр»
салмай ма тыңдаушысын ойға небір...
Көзінде қалқатайдың мөлт-мөлт ойнап
тамшыдай тұна қалған қайран өмір...
* * *
Өмір бізге бір-ақ келер, көп келмес,
Лəззат лебі азаппенен өткелдес.
Шын махаббат, біле білсең, шырайлым,
Үйленумен,
Үй болумен шектелмес.
Ардағым-ау,
Айтқан сөзім ұнамай
көңіліңе алып жүрме күмəн ой.
Махаббат, ол – көгершінің емес пе,
Көгершінді торға қамау күнə ғой?!
Тағдыр бізге кей кездері тым қатал,
Күн орнына көкірегіңде мұң жатар.
Махаббат, ол – ару аққу емес пе,
Ал аққуға оқ атуға кім батар?
Сүмбіл сезім – көңіліңнің күйі асыл,
Сүймегенге қалай оны қиясың?
Махаббат, ол – қарлығашың емес пе
жүрегіңе салатұғын ұясын?!
Шаттығыңның шайқап алмай тұнығын
Сен де, жаным, ойла оның ғұмырын.
Сайын дала,
Шалқар айдын сияқты
Махаббат та ұланғайыр ұлы ұғым!
АҢСАУ
Егілдім саған, төгілдім,
Ғашықтық сырын мың айтып.
Өткінші мынау өмірдің
Өзімшілдігі мұңайтып.
Жалқау жел жалба-жұлба етіп
жауа алмай кеткен бұлттай,
жанымнан менің күнде өтіп
жайымды жүрдің бір ұқпай.
Талқыма тиген тағдырдың
тарылып кейде ауасы,
жаңбырды қанша жаудырдым
жанымның болмай дауасы.
Жүректің жалын құштарын
тербеткен шақта теңіз көк,
шағала – сағыныштарым
шаңқылдап ұшты сені іздеп.
Көктеммен келер деп едім
бақытым, құсым – базарым,
қайрылмай кетті өлеңім,
қайрылмай кетті наз əнім.
Жұпарын шашып қойнауға
бүршігін гүлдің бүрлеткен,
жайланбай көңіл жайлауға,
тойланбай қалды бір көктем.
Өлеңшіл жанның қалауын
Өзің де сезіп, білмес пе ең?
Жолыңда қалды жалауым,
Қолымда қалды гүлдестем.
...Қырмызы күннің қызығы
батысқа барып батқанша-ау.
Үкілі үміт үзігі –
Өзіңді əр кез тəтті аңсау.
* * *
Тірі екенсің ғой,
Жүр екенсің ғой дін аман.
Төсінен таудың төскейге таман құлаған
тосыннан қалай тосқауыл тапсын бұлақ – əн?!
Елеңшіл көңіл елесіңді іздеп, ең жақсым,
Кездерім болған елден де желден сұраған.
Сездің бе екен,
Сарғайып болған сен үшін
сергелдең күйге түскенін сонда бір адам?
Тірі екенсің ғой,
Жүр екенсің ғой жерде аман
жанары – жақұт,
жамалы – ақық кермарал.
Еншіңде болып ен далаң –
Мынау кең ғалам,
Жұмақтың жұмсақ жұпарын алып келген əн –
Көзімнен ұшып,
таусылған шақта енді амал,
Кездейсоқ, кенет кездесе кеттің сен маған.
Аққу əнімді,
сыңсып бір ұшқан айдыннан
атты екен деп ем батылы барып қай мұндар,
Кездестің маған араға салып ай, жылдар...
Тіршілігімнің тұнығын талай лай қылған
қайда жүр едің хабарың болмай қайғымнан?
Жайдарман көңіл жатырқау тартып қалмаса,
Жүрер жолыңа жанымды – жайлау жайғым бар.
Өтпесін деп ем,
Көктесін деп ем гүл – маусым,
Уақыт, сен де жеңілмей жүрген бір жаусың.
Шырқауға беттеп шырқалған шақта үн-даусың,
Мен емес пе едім толғана толқып тыңдаушың?
Бағдатын іздеп бəдəуи болған шайырдың
бəйіті менің басыма емей, кімге аусын?..
Арманын əр кез əнімен асқақ жырлаушым,
Қайда да жүрсең нұр жаусын саған, нұр жаусын!..
* * *
Тумысынан жаныма азық гүлім,
Аңғалдығың қинайды, нəзіктігің.
Нəзік гүлдің тағдырын ойламасам,
Адам ата алдында жазықтымын.
Үйірсектеп барамын күнде саған
жақын қандай жайлауы, іргесі аман.
Сен де əзірге сырыңды сездірмейсің
кімге жомарт көңілің, кімге сараң.
Жүрегімді саф ауа, самалға орай
бір бұла күш тартады саған қарай.
Шағалалы шалқар көл шақырғанда,
Шалқаюға келеді шамам қалай?
Əрі көшіп, айналған сары аңызға
əжептəуір жылдар бар арамызда.
Сені көрсе дүрсілдеп қоя берер
жүрегімді қайтемін алағызба?
Ес жиярлық десем де кезге жеттім,
Мен бүгінде өзімнен өзгерекпін
Өліп-өшіп соншама қарайтындай
сенің мойыл көзіңнен не іздемекпін?
Тумысынан жаныма жақын гүлім,
Сезсең етті бір сəтке ақын мұңын.
Тағдырыңды шешерлік тəуекелге
жетпей жүр-ау сенің де батылдығың,
Жетпей жүр-ау менің де батылдығым.
* * *
Көздеріңе бір мұңды құйып алып
Маған қарай бересің жиі нағып?
Сенесің бе,
Соңымнан ересің бе,
Кетер болсам көз көрмес қиырға алып?
Қалқам, маған, өтінем, қиылмағын,
Қиылмағын, онсыз да қиын халім.
Жетегінде жүрсің ғой Жиырманың,
Көп күтпей-ақ көрерсің бұйырғанын.
Мені сүйген сезімің сəттік қана,
Ақылға кел,
Асықпа,
Аптықпа да.
Көзіңдегі мұң көлін шайқап төгіп,
Қолың жетер бір күні шаттыққа да.
Шаттық, шіркін, шарап қой!
Мас боларсың,
Қуаныштан кірпікке жас тағарсың.
Жанарыңды аспанға жаудыратып,
Жас жігіттің білегін жастанарсың.
Сонда, қалқам, болмай ма бəрі де ұмыт?
Жуып-шаяр жаныңды жарық үміт.
Көздеріңді мен сенің қайтсем екен
Əрі жылап,
Қараған, əрі күліп?..
Аспаны мен жас жаны алағатсыз
Саған əр кез тілеймін саламат, қыз.
...Қашан көрсең жақсыны жатқа қимас
Қайтсем екен жүректі қанағатсыз?
* * *
«Өзі ешкімді сүймейтін адамды, меніңше, ешкім де сүймейді».
Демокрит
* * * «Сүйікті болу – бай болудан артық, өйткені сүйікті болу – бақытты болу деген сөз».
К. Тилье
* * *
«Өзі тамаша адамның ғашық жары да тамаша болуға тиіс».
Ә. Науаи
«Адам алауының үш қайнары бар, олар: жан, сана және тән.
Жан қалауынан достық,
Сана қалауынан сыйлау,
Тән қалауынан құмарлық туады.
Осы үшеуінің қосылуынан махаббат пайда болады».
«Шабдал бұтақтары» кітабынан
* * *
«Көшкенде жылқы айдаймын аламенен,
Аулыңа барушы едім даламенен...»
...Меңдетіп мезгіл оғы кетті ме екен,
Жанымда ыңырсиды жаралы өлең.
Тауысып шарасыздан бар амалын
Сыздайды жүрегімде жаралы əнім.
Жайланды көңіліме бір мұң келіп,
Айналды ақ сағымға орамалың...
Байланды көз алдыма іңір келіп,
Ататын таңым қайда сібірленіп?
Əніне «Екі жирен» салар едім,
Даусымды бара жатыр діріл көміп.
Жолыңа қарай-қарай талды көзім,
Сауықсыз салқындады сал мінезім.
Жатқа да, жақынға да жайы жұмбақ
жанымның жұбанышы – жалғыз өзің!..
* * *
Алма бақ, бұрынғыдай сəнің кəні?
Елігім неге ішіңнен табылмады?
Шынымен көкірегіме көшкені ме
Апайтөс Алатаудың қалың қары?
Домбырам, неге сонша зар иледің?
Сазыңа жұбана ма сəби көңіл?
...Кірпігін терезелер əлсіз қағып,
Біртіндеп сөніп жатыр шамы үйлердің.
Жақсы ма жайылғаны бойға дерттің? –
Оңаша өзің жайлы ойға кеттім...
Екі кеш арасында, қарағым-ай,
Қалдырып тұрағыңды қайда кеттің?
* * *
Тəркі дүние. Түн қойны. Таң аясы...
Жүк артпашы жүрекке жан аяшы –
Құшағымда жатқанда ес жия алмай
Жиырмасыншы ғасырдың Данаясы!
Арбауына айналар адам басы
Қажет пе еді алтынның маған бəсі –
Құшағымда жатқанда жанып-ысып
Жиырмасыншы ғасырдың Мадоннасы!
Инабаты,
ұлғайып ізгі лебі
Жүз қуанып, жүрегім жүз күледі –
Құшағымда жатқанда еріп-балқып
Жиырмасыншы ғасырдың Қыз Жібегі!!!
* * *
Гүлге сендім бөктерде бүр ашар деп,
Күнге сендім көктемге ұласар деп.
...Сен жөніңді айтпайсың ақ жарылып,
Жалбарынып, жалынып сұрасам кеп.
Жайың қалай,
Біле алмай күйің қалай
Жан-жүректің жабырқап, күйінгені-ай.
...Көл түбіне шым батып кетті білем
Көк жүзінде көз сүзіп, қиылған Ай.
Гүлден нəзік,
Жаным-ау, гүлден ерке,
Көңіліңе түсті ме бір көлеңке?
Өкпе-налаң көбейіп кетті ме əлде
Күрмеуіңе келмейтін күнге келте?
Қызулы едік, қалайша мұздап қалдық,
Қашан жауар бауырын сыздатқан бұлт?
Көзіңдегі бір тамшы жасты көріп
Жүрегіме түсті ғой жүз батпан жүк,
Жүрегіме түсті ғой жүз батпан жүк...
ЖАС ЖҰБАЙЛАРҒА ТІЛЕК
Екеуіңе айтайыншы бір ақыл:
Мəңгі болсын махаббатың – мұратың.
Екеуіңе айтайыншы бір тілек:
Ашулансаң, ақ жауындай бүркіп өт.
Екеуіңе айтайын бір өтініш:
Бір-біріңе білдірмеңдер өкініш.
Екеуіңе айтатын бір базынам:
Жиылмасын дастарқаның – қазынаң.
Екеуіңе айтайыншы бір əзіл:
Бірің – патша, біреуің бол – уəзір.
Екеуіңе білдіретін бір назым:
Ұл көріңдер, қыз көріңдер жылма-жыл!
* * *
Сенсіз менің өмірім өлең бе еді,
Жаңармалы тірлікте, көнермелі?
Көңіл шіркін сен жаққа елеңдеулі
Қоңыр мінез қозыдай көгендегі.
Саған ауса ынтығым, ынтызарым,
Құлып салар, Құдай-ау, құлқыма кім?
Бұза алар ма қос жүрек ынтымағын
Бұлаңдатқан құйрығын түлкі-залым?
Бұлаң құйрық түлкідей алдаусырап
Талай-талай кезігер алдан сынақ...
Теңіз кешкен кемедей адаспаспыз,
Жанып тұрса жырақтан арман-шырақ.
Сенсіз маған келер ме асыл өлең?
Күзге айналар, жабықсаң, жасыл əлем.
Көңіліңе титтей бір кірбің қонса,
Жанарымның жуармын жасыменен!..
Жанарымның жуармын жасыменен!
* * *
Бұл жерде болмаса да халық бөтен,
Мен сені алыс жаққа алып кетем.
Ол жақта Еңлік пен Кебектейін
Өмірдің өткіземіз бөлек тойын.
Қаланып тау мен тастан Сарайымыз,
Өтеді оңашада бал айымыз.
Айналып ақ жібекке ақ түніміз,
Қосылар шымылдықта шаттығымыз.
Махаббат мəзірінен мазаны алып,
Шығамыз бар күнəдан тазаланып.
Ол жақта болмайды өсек, жала, нала...
Мен – Адам, сен ұқсарсың Хауа анаға.
Ұсынып жанға шипа бұлақ күміс,
Болады у мен шудан құлақ тыныш.
Күз келіп, көктем көшіп, жаз ауа ма...
Қақтаймыз тəнімізді таза ауаға.
Пір тұтып табиғаттай төл ананы,
Пенделік ізім-қайым жоғалады.
Өрбіген бізден өсіп періштелер
Гүл үзіп, жұмақжайдан жеміс терер.
Көңілді көгендемей көлеңкеге
Екеуміз кетейікші сол өлкеге?!
* * *
Сен өзің түрлі-түрлі-түрлі екенсің,
Мінезді түрлі-түрлі кім көтерсін.
Ақынды ақылынан адастырып,
бір күні бұл күйіңмен жынды етерсің.
Сен өзің түрлі-түрлі-түрлі екенсің.
Ұқсайсың бірде көлге, бірде шөлге,
Шөл мен Көл үйлесер ме, үндесер ме?
...Ауажайын алмауыттың аңғарушы ем
жалынан жайдақ тартып мінбесем де...
Құлпымды дейтіндей-ақ ашпа, бұзба,
Жүрегің жүрек емес, тас па, мұз ба?
Сабыры менен саяз сабаз болса,
Ғашық боп кетер ме еді басқа қызға?..
...Сен өзің қили-қилы-қилы екенсің,
Мінезді қилы-қилы кім көтерсін.
Кемерін толқын тепкен кеме едім мен,
Бір күні жарға соғып күйретерсің.
Сен өзің қилы-қилы-қилы екенсің...
СЕНІ КӨРСЕМ
Ернің қандай!
Ерніңді дермін балдай.
Сені көрсем кетеді есім шығып,
Ебелекті елсізде жел қуғандай.
Көзің қандай!
Көзіңе көп үңілем төзім қалмай.
Қарай қалсаң елжіреп, өне бойда
еритұғын тəрізді сезім қардай.
Үнің қандай!
Көмейіңде қырық құс құбылғандай!
Көрген сайын көңілім тоят табар,
Тал бойында ноқаттай мінің болмай.
Маңдай қандай!
Маңдайыңа мəңгілік Ай қонғандай!
Сені көрсем жаңылам жүрісімнен,
Басым менің бақыттан айналғандай!..
* * *
Жамылып жаздың неше мақпал түнін,
Жан едім сұлулардың тапқан тілін.
Алдымнан əрлі-берлі өткен сайын
Көзіме түсе берді-ау ақ балтырың.
Көзіме түскен сайын үр жамалың,
Бір тоңып,
Бір ысимын,
Бір жанамын.
Қалайын басым зеңіп бəңгідейін,
Ырқымды ықыласыңмен ырзалағын.
Еліктей екі көзің елең қағып
Алдымнан өте бердің, төрем нағып?
Ешкімге залалым жоқ жүрген жан ем,
Алаңсыз əн асырап, өлең бағып.
Көзіме түсе бердің неге менің,
Қырмызы қызыл қанат көбелегім?
Жаныңа жарық іздеп келген сəтте
Шарпылсаң жалыныма, көрер едің?!
Қайтесің көзіме көп түсе беріп,
Жүрсеңші мəз күніңді місе көріп.
Жүрегім-жолбарысым оянар да
Қаларсың қас қағымда мүшеленіп...
* * *
Күлкісінен өзінің, күлкісінен!
Күн күміс үн шашқандай бұлт ішінен.
Көшіп кеткен көктемім көз ұшынан
Қайта оралып келгендей жыл құсымен.
Жүрісінен өзінің майда-мəйін,
Аққу көлде жүзгендей айнадайын.
Нəзік, назды назымның нақышындай
Əуезіңнен, үніңнен айналайын!
Аш белінен өзінің үзілмелі!
Жүрегіме жүк болды-ау жүзің меңі...
Көлегейлер көзіңді, кірпігіңнің
ұзын легі –
сүрмелі,
сүзілмелі.
Мінезінен өзінің жібектейін!
Тіл ұшында еріген тілек дейін.
Қағып-қағып қалғанда қара қасын,
Түн түріліп,
шегінер түнек кейін.
Өндір өңін,
қия алмай желге іреңін
неге сонша тесілем, телміремін?
Жеңе алмақшы емеспін өзімді-өзім,
Не болмақшы жағдайым енді менің?..
* * *
Ағып түскен аспаннан жұлдыздайын
Ағараңдап көрінер күндіз қайың.
Таппай ыңғай мен жүрмін тілдесуге,
Ақ қайыңдай сылайды бір қыз бойын.
Қасы-көзі,
меңі мен өңі қандай?!
Екі тумас сұлуды өмір ондай.
Жүрген сəті – Ай көкте жүзгеніндей,
Күлген сəті – сыңғырлы қоңыраудай.
Шашы қандай хош иіс, қою, қалың?!
Өрілгенін,
көрсең-ау жайылғанын!
Мөлдіреген жанары мойылдайын
Айтпай біліп қояды ойыңдағын.
Айқабаққа жарасқан ашық маңдай,
Кірпігінен күміс шық шашылғандай.
Бал лебізі құйылар жүрегіңе
Өмір бойы аңсаған асыл жандай.
Қарақат көз,
Ақық тіс,
Қаймақ ерін...
Жұтсаң, шіркін, жұпарын – майда лебін!
...Екі жалған дүниеде жетпесе де
Қайран жүрек, созады-ау Айға қолын!..
* * *
Ех, Лена!
Лена, Лена –
Елена қыз,
Туды екен бізді бөлек неге анамыз?
Бойтұмар болашаққа – ақын жайлы
айтылар нелер өсек, нелер аңыз...
Себебі ол бірді сүйіп, мыңға ғашық.
Жүреді «жұмақ» іздеп... күнде адасып.
Қасынан өте қалса, қыз-қырқын мен
қарайды қауыздарын гүлдер ашып.
«Көкте ме, періштелер жерде ме?» – деп
Болады болмыс сырын зерделемек.
Кей-кейде жыр оқиды ол, теңіздейін
толқи кеп,
тебірене кеп,
тербеле кеп!
Есігін ешкімге ашпай енді бірде,
Ен дүние, елеңдемей мол дүбірге,
Оңаша ой кешеді, сөйлеседі
Өкпе айтып өлеңімен кемді күнге.
Жалғыздық жатса-тұрса жанын жердей,
Жүргені кейде өзіне дамыл бермей,
Түнімен жау түменін жайратпаққа
найзасын қайрап шыққан жауынгердей!
* * *
Сақта мені.
Көгершіндей көңілім аппақ еді.
Алып кетіп жүрмегей əлдебіреу
жан баспаған белгісіз жаққа мені...
Сақта мені
Өсектен, жаладан да.
Теңеме де теліме жан адамға.
Араға түс,
Аяусыз тағдыр мені
талапайға салғанда, талағанда.
Сақта мені
наладан, намақұлдан,
Қайрылмайын қапыда қанатымнан.
Жанымда жүр,
ылғи да жадымда жүр,
Менің үшін жан болсаң жаратылған.
Сақта мені,
Түскенде отқа жаным,
жанарыңнан қалай тыс қап барамын?
Жаутаң қағып тұрғанда жетімкөзім,
Жылы сөзің бірауыз жоқ па, жаным?
Сақта, мені,
табаным шоқ басқанда,
Ауызынан айдаһар от шашқанда.
Жан ұшырып жеткейсің жер түбінен,
Көкірегімді жалаңаш отқа ашқанда.
Сақта мені,
Періштем, шамаң болса,
Керек дейсің ілтифат маған қанша...
Ақжолтай бол,
Айшуақ ақын жаны
ақ сапарға мəңгілік жол алғанша,
Ақ сағымға айналып жоғалғанша,
Ақ тұманға ақ жөргек оранғанша...
СЕН БОЛМАСАҢ
Сен болмасаң, қайтер ем?
Əй, білмеймін...
Жарығы кем, жылусыз жай күндеймін,
Түнде тұман торлаған айдындаймын,
Өз кесемде мұң болып мəймілдеймін.
Сен болмасаң қайтер ем? –
Тынып іштен,
Өкініштің болар ма ем уын ішкен.
Селт етпеуге айналған сезімімді,
Серпілдіріп жібердің ұлы күшпен!
Кеш кездесіп,
Налыман кеш көргенге.
(Мезгілімнен кеш туып, өскем мен де...)
Сені көріп жұбанам, əлденеден,
Секем алып көңілім сескенгенде.
Жан денемді бір жылу жайлағанын,
Ашылғанда сезінем ай қабағын.
Қазығынан айналған арғымақтай,
Кірпігіңе жалғыз тал байланамын.
ТҮС
Көктем мінез,
Ай мүсін,
Нұр жүзі өңді,
Таң алдында түсіме бір қыз енді.
«Түнде келем, күт мені, – дейді ол маған, –
Көрінбеймін көзіңе күндіз енді...»
Мойыныма артқанда ақ білегін,
Ес жия алмай жұмақта жатты көңіл.
Алма жүзді шарпыған шəрбəт сезім,
Арман дүние-ай, соншалық тəтті ме едің?!
Өңіріне гүл тағып өрік талдан,
Иранбақтың құсы ма келіп қонған?!
Қандай сиқыр сыры бар сұлулықтың,
Елжіреткен,
Еріткен,
Ерікті алған?..
Кірпіктегі кіршіксіз тамшыны үрлеп,
Таң сібірлеп келеді, таң сібірлеп.
Түнмен бірге қайтесің түре көшіп,
Қырмызы қыз, қасымда қалшы гүлдеп?..
Жамылғысын жамылып жібек өңді,
Жəннат қызы жанымнан түрегелді.
Айға ұшқандай, қас қағым арасында,
Ақ сағымға айналып жүре берді.
«Кетпе!..
Кетсең – бəрін де талақ етем!..»
Шықты білем дауысым алабөтен, –
Апыл-ғұпыл көзімді ашып қалсам,
Жарым тұрып жанымнан барады екен.
* * *
Болмай жүр ғой, болмай жүр жеңіл маған...
Қандай айла табармын көңілге алаң?
Қайда жүрсем,
Қағынып қайда барсам –
Қарсы алдымнан шығады сенің налаң.
Қыр соңымнан қалмады қырсық ұдай.
Мына түннің тымырсық, тылсымын-ай.
Ұйқы іздейтін сияқты
Ұйпа-тұйпа
Қара бұлтқа тығып ап тұмсығын Ай.
Өтер ме екем əуремен, əбігермен?
Əлде азабым аз ба еді əлі көрген?
Күнім қашан шығады күлім қағып,
Таңым қашан атады сары белден?
Болмысыма нем қалды бойсынбаған? –
Оңашадан қорқамын ой шырмаған,
Түз даланың гүліндей жел қақтаған
Қыз баланың көз жасы қойсын ба аман...
Қыз бала едің...
Қайтейін, жылап қап ең...
Тас атқандай болдым ба бұлаққа мен?
Көзіңді ашып-жұмғанша, көңіліңді,
Құз басынан құрдымға құлатқан ем...
Тек есімде...
Есімде көз жанарың.
Қалмағаны өксуден өзге амалың.
Ал сонан соң...
Айырған ес-түсімнен
жылжыған жыл,
өткен күн,
озған ағын...
Түскен сайын аузыма зиялы атың,
Өзегіне у мен зəр құяды ақын.
...Өкіндіреді екен ғой өле-өлгенше
Бір-ақ рет жасаған қиянатың!..
* * *
Қыздарда да алтын, мыс, қалайы бар,
Алдандым алтын ба деп талайынан.
Аруым алтын еді...
Мысқа айналды,
Бір кезде дəм таттырған «бал айынан».
Мұң болып сүю түгіл іш тартуым,
Айналып кете барды мысқа алтыным.
Мен бүгін баққа жалғыз барып жүрмін,
Қыз емес, ұғынуға құстар тілін...
* * *
Қош, кермиық Келіншек, ерке күлген,
Мені ұмыт,
Бақытты бол еркегіңмен.
Махаббат кеудемдегі көзін жұмсын,
Беймезгіл өткен жандай ерте өмірден.
Қош, қош, қош,
Ол аз болса, тағы да қош.
Бұлбұлым, енді басқа бағыңа көш.
Жаңғырып жадымызда жатсын мəңгі,
Жақсы күн,
Жəннат түн мен жадыра кеш...
Қош, бикеш, бейпіл бейіл, тəтті ерінді,
Тəрк еттім, амал қанша, тақ-төріңді.
Оңаша ой кешкенде еске алармын,
Өзіңмен бірге болған сəттерімді.
Қош, бикеш,
Қош дейін де қол бұлғайын,
Уақыт бермес бізге енді ыңғайын.
Жастық та бір қызық қой, қас қағымда,
Өтетін төгіп-төгіп жаңбырдайын.
Қош, кермиық Келіншек, сұңғақ бойлы,
Уақыт енді бізге қымбаттайды.
Мың мақам мұңын шағып, сырын шертіп,
Жүрегім енді ешкімге үн қатпайды.
Қош, бикеш,
Қош, Келіншек, сұңғақ бойлы...
* * *
Махаббат па?
Махаббат болған менде...
Мұқағали
Махаббат па?
Махаббат болған менде,
Аққуым қоғалы ну қонған көлге.
Қалайша аузым барып айта аламын,
Жоқ деуге,
Жан сезімін жалған деуге?
Мен оны қастерлегем, қадірлегем,
Табынғам қатар қойып тəңірменен.
Үңілген жанарыма жан болса егер,
Ақ-адал махаббатын таныр менен.
Мен оны қадірлегем, қастерлегем,
Жай бергем алтын сарай – жас кеудеден.
Кездері болған оның, алып қашып,
Асаудай аласұрған, бас бермеген...
Мен оның уын ішкем,
Татқам балын.
Мұңайғам, қуанғанмын, шаттанғанмын...
Жар кешкем жалаң аяқ, жалын ішкем,
Елемей күз ызғарын, ақпан қарын.
Махаббат па?
Махаббат болады əлі!
Қалайша ол жүрегімнен жоғалады? –
Алдымнан шығып тұрса көктем сайын,
Желбіреп Он сегіздің орамалы!
ЕГІЗ ЛЕБІЗ
1
Жұпарын сеуіп жаныма
Жапырағын көктем жайған кез
Жүрегімді ұстап қолыма
Алдыңнан шықтым, Айнамкөз.
Жететін ұзақ жылдарға
Бойыңа жылу жиғанда, –
Жүректен артық гүл бар ма,
Жүректен артық сый бар ма?!
2
Жондардан асқан жолменен
Алыстап кетті-ау əн менен...
Алаңдай берем əр жаққа
Жоғалған жандай əлденем.
Артымда қалды бал шағым,
Алдымда қалды қанша күн?..
Мен бүгін мұңлы қыздаймын
Жоғалтып алған моншағын...
3
Қыздың беті – қызарып піскен алма,
Күннің нұрын уылжып ішкен ол да.
Сары күзде, шіркін-ай, сағағынан
Піскен алма үзіліп түссе қолға!
Ажар-өңін аймалап ақ таңда арай,
Тамылжысын арулар тəтті алмадай.
Тек, əйтеуір, уылжып пісер шақта
Сұғанақ көз сұмдарға тап болмағай...
4
Құмыр бұлбұл əнші ме ең
Талма таңда оянған?
Тұнжыр тұнық тамшы ма ең
Гүл ернінен жай алған?
Елеңдейсің назбенен
«Мен, – дегендей, – мұратың».
Өлеңдейсің жазбаған
Əлі күнге бір ақын!
5
Қыз дегенің – өмірдің қызғалдағы,
Қылықтылар аз ба екен қыздан-дағы?..
Көңілі жараспаған жұбайлардың
Төсегі суық келер мұздан-дағы.
Айнамкөз арулардың назданғаны –
Айдында аққу жүзіп, қаз қонғаны.
Тірлікте теңін тапқан жұбайлардың
Құшағы ыстық келер жаздан-дағы.
6
Он сегіз – кербез, керім кезің, гүл-гүл,
Бойжеткен, қалауыңды өзің білгін.
Тізгінді тежей алмай тек əйтеуір
Кетпесін алып қашып сезім – дүлдүл.
Сезімің алып қашса айдалаға,
Қалмайды ғазиз басың қайда ғана...
Өмірді той деп білген бойжеткендер
Осыны он сегізде ойлана ма?..
7
Салқындық сезілді ме сары күзден,
Қоштасты махаббаттың бағы бізбен.
Ғашықтық дерті қанша асқынса да
Енді біз емделмейміз дəрі – қызбен.
Дəмелі бола қоймас дəрі – қыз да,
Жарымыз жүрген шақта жанымызда.
Шыңдалған шарболаттай,
жанған оттай
Қайдасың, қайран күндер, қаны қызба?!
8
Мінезіңе абай бол ұшып-қонба,
Қапияда қақпанға түсіп қалма.
Бір басынан айласы асып жатқан
Арамызда епті көп мысықтан да.
Ибалы қыз иманын қымтанады,
Инабатты жанға кім мін тағады?
Сұлулардың жүрегі сырсандықта,
Сырсандықтың сиқырын кім табады?..
9
«Ермек үшін жұлдың, – деп, – неше гүлді?»
Қалқам, менің қайтарма меселімді.
Жасыл бағы,
сезімнің асыл дəні
Мүмкін, менің кеудемде кеш егілді?..
Не шерімді тартқатпай,
не шөлімді
қандырмастан қоштасты неше құрбы...
Бос өткенге қимаймын өмірімді, –
Кеш еккендер жинайды кеш егінді.
10
Қарадым...
Қарағанмен, көз қанбады.
Көздің де болады екен өз қармағы.
Бағымды бір сынауға бата алмасам,
Басымнан базар күнім озған-дағы.
Өзіме жетер шақта өз күйігім
Салмастан қинадың-ау көз қиығын.
Енерсің кімнің келіп құшағына
Жанары жаутаңдаған Жезкиігім?..
ҮШ ТАЛ ГҮЛ
Бұрымың-ай, сенің мақпал бұрымың,
Жүрегімнің жиілеткен дірілін.
Бір кездегі тұлымыңнан түлеген
Бұрымыңның қысқартпашы ғұмырын.
Бұрымың-ай, сенің мақпал бұрымың
Бозбаланың алдырмаған тынымын.
Төзімімді көре көзге тауысып,
Сезімімді қытықтайды қылығың.
Бұрымың-ай, сенің мақпал бұрымың
Тұнжыр түннің елестеткен тұнығын.
Сəмбіталдың саясында сəн құрып,
Жастық шақтың жасайықшы ырымын...
...Бұрымың-ай, сенің мақпал бұрымың!
Тар төсекке татымай қап бар тақыт,
Тобық көмер тоқ бұрымын тарқатып,
Таңға жақын талықсиды талшыбық,
Талма түннің лəззатынан бал татып.
Қандай ыстық алаулаған жар-құшақ!
Қандай тəтті манаураған таңғы шақ!
Жəннат мəнін жаңа ұққандай жас жігіт,
Жарты əлемге жарлық еткен ханға ұсап.
Мамыр маусым, мазалы шақ,
мас көңіл...
Құмар құшақ үзе жаздап аш белін,
Тұла бойы бір өртеніп, бір ысып,
Жар-төсекте жанып жатыр жас келін!
Елжіреумен,
жүретін егілумен
Не көрсем де көремін көңілімнен,
Талай достар шықпады сенімімнен,
Талай қыздар ұқпады мені мүлдем...
Тас түнекте болсам деп талайға шам,
Мені қойшы, адасқан Абай да сан...
Ақын жаны – нəзік гүл, жарығым-ай,
Абайласаң қайтеді, абайласаң?!
Алақанға аялы құс та қонар.
Айтылмақ сыр қашанғы іште қалар?
Жақсы үмітпен тағы бір жыр ұшырдым,
Мүмкін, жүрек толқының ұстап алар?..
Таба алмай қойды-ау көңіл өз өрісін,
Сағынып жүрмін сені, сеземісің?
Нұр жүзі үздіккеннің есін алған
Қырмызы қыз біткеннің гөзелісің!
Арайлым,
болмай қалсаң сəл жанымда,
Қараймын елең қағып жан-жағыма.
Жалғыз қап жапа шеккен кештеріме
Кешеулеу келген жан ба ең шам жағуға?
Бар болса басыбайлы бір қызығым,
Ол – сенсің, қырда өскен қырмызы гүл.
Сұғанақ, суық қолға сол гүлімді
Мүмкін бе бейуақытта жұлғызуым?!
Сау басын сақинаға қор етпеген
Мен сені өзгелерден бөлек көрем.
Қасымда қатар жүрсең қол ұстасып,
Басыма басқа бақыт керек демен.
Өзіңмен өтіп жатқан ай, күн бөлек.
Қасымда қатар жүрсең, қайғым да жоқ.
Екеуміз егіз аққу сияқтымыз
Айнамкөз – тоят тапқан айдынға кеп.
Сен жоқта жүре алмаймын уайымдамай,
Өзге жан түсінбейді жайымды оңай.
Жайқалар жалқы күйде қайың қалай? –
Енді ешкім екеумізді айырмағай.
Сен – көктемсің көкше құрақ,
Мен – күзбін,
Көріндің де көңілге мұң енгіздің.
Қадіріңді арттырардай ақынға
Қандай ғана сиқырың бар сен қыздың?
Көктем мен күз... Екеуі де жаңбырлы,
Бірі сарғыш, бірі жасыл шалғынды.
Жанарыңда жауһар тастай сан қырлы,
Жалбыр шашты жастық шағым жаңғырды...
Көктем мен күз қалай ғана үйлессін? –
Сені көрсем, алай-түлей күй кештім.
Бұдан кейін шын егіліп ес-түссіз,
Кім біледі, енді ешкімді сүймеспін...
Жас гүлдей бүршік жарып, желек ашқан
Сұлу қыз жоқ болатын сенен асқан.
Көзіңе жұлдызымен көшіп келіп
Мөлдірей қалушы еді-ау зерен-аспан...
Біле алмай есім қайда, еркім қайда,
Лапылдап жанатұғын өртім бойда.
Сені іздеп сергелдеңге түстім бүгін,
Даусымды ел тыңдай ма, жел тыңдай ма?
Айрылып қалғаным ба жайшылықта,
Ауылың, іздеп барсам, айшылық па?
Ерке өскен ен далада қайың едің,
Енді мен ен саламын қай шыбыққа?..
Қоп-қою шашың көнбей тарағанға,
Қан тебер ақ бетіңе, қарағанда!
Жалт етіп əнтек кірпік қадағанда,
Ұқсады жазған жүрек жаралы аңға.
Ұқсады жаралы аңға жазған жүрек,
Өзіңді ойлай-ойлай тозған, жүдеп.
Елігіп, неге сонша елжіреймін
Бір сұлу нəркес қарап назданды деп?
Қоп-қою, тарағанға шашың көнбей,
Қалыпты айқабаққа қасың көлбей.
Табылмас маған сұлу дəл өзіңдей,
Табылмас саған жігіт асыл мендей!
Жұлдызың көк көбесін жанап мына,
Білмеймін, аз ақты ма, көп ақты ма.
Қалайша тағдырыңды тапсырмақсың
Кезіккен көлденеңнен көк аттыға?
Ойсыздың арбайтұғын байлап көзін
Өткінші жаңбыр сынды жайдақ сезім.
Ірітіп алмағайсың абайсызда
Жайдарман жастығыңның қаймақ кезін.
Жаныңның тұнығында жақұт барда
Жабығып болмашыға жатып қалма.
Жас адам бақыт күтіп отырмайды,
Жас адам жетелейді уақытты алға!
Ақ жүзіңе жарасып мойыл меңің,
Жамалыңа кетіп тұр ойым менің.
Қарағанмен қиылып, көз қана ма,
Бозбалаға ұқсаймын ойын көңіл.
Аппақ ай да жарасып түн өңіне,
Шақ қалып тұр еруге міне-міне...
Үнімдегі бір діріл үйлесіп тұр
Тілімдегі айтылмақ тілегіме.
Ақ, қараның көз тартса жарасымы,
Айтылмай ма жақсы сөз – жан асылы?..
Қарай-қарай жүзіңе, қой көзімнің
қалып қойған сияқты қарашығы...
БОЙЖЕТКЕН
Сыр бермеген сыңаймен сынай қарап,
Қиғаштайды қима қас, қынай қабақ.
Қыз баланың қылығы қыл үстінде,
Қыл үстімен қиямет кім ойнамақ!
Көрген кісі күйбежек күйге енетін,
Ақ күмістен балқытып құйған етін
Сұлулықтың сиқырлы сұсы бар-ау,
Қас батыр да илігіп, именетін!
Өзгелердің елемей көз қарасын,
Білетін жан өстеді өз бағасын.
Жүрек шіркін жүрек пе, Он бесінен
толған айға саусағын созбағасын?!
Көңілімнен көшкендей көктем елі.
Өзегіме өкініш кептеледі.
Қандай азап? –
Сұлуды көріп тұрып,
Сол сұлуға қолыңның жетпегені!
Өлердегі сөзіңнің өтпегені!
* * *
Жаның қандай, айналайын, мөп-мөлдір?!
Жанарыңа жалатқандай көктем нұр.
Құрдымда өлген өзендейін, өзіңсіз
қанша күнім,
қанша жылым өткен құр?..
Көңілің қандай тұнық еді, мөлдірім?!
Таң лебімен қаққандайын көл діріл.
Қалтқысыз қамқор көздің аясын
Қалай ғана байқамағам мен бұрын?
Ашылғаны осы ма екен маңдайдың –
Қолына кеп құсы қонған жандаймын.
Енгендей Күн құшағыма күлімдеп,
Енді өлмеймін!
Өмірімді жалғаймын!
* * *
Өңім түгіл түске енбеген, Ғайып-қыз,
Қайдан келдің?
Хабарыңнан жай ұққыз.
Жолықтың-ау,
Аяғымның астына
жапырағын жатқан шақта жайып күз.
Көңілімнен көшкенімен бау жырақ,
Жан жаралы жолбарыстай... сау, бірақ.
Жолықтың-ау,
Мизамшуақ лебімен
Миуасыз бақ тұрған шақта маужырап.
Сен жолықтың,
Айналайын, жолықтың,
Ұясына баратқанда қонып Күн.
Тек мен үшін жаралған жан екенсің,
Жаратқанның жарлығынан соны ұқтым.
Соны ұқтым да аймаладым мен сені,
Бақыт басқа бір келеді деуші еді...
Көз жазбайық енші-өмірден енді, еркем,
Көкжиектен көрінгенше жер шегі...
ƏН ЕРКЕСІ – «АЛҚОҢЫР»
«Жазайын ақ қағазға тізілдіріп,
Қалқаға сөз сөйлейін үзілдіріп.
Отырсаң оңаша үйде маслихатпен
Шіркіннің екі көзін сүзілдіріп...»
Əн салдың үніңді əсем үзілдіріп,
Тісіңді ақ маржандай тізілдіріп.
Қарадың қара көзді сүзілдіріп,
Белгісіз бір əлемге жүзің бұрып:
Жан емі,
Лəззат лебі – ерке үніңе
Ет-жүрек еріді ме.., елтіді ме,
Əйтеуір ес жия алмас халде мені
Жетелеп бара жаттың жер түбіне.
Кім ұқсын ғашық жанның халін ішкі,
Жазмышқа жазған жүрек жалынышты.
Сиқыр саз əлдеқайда алып ұшты
Сары құс – кеудемдегі сағынышты...
Ай ару жұлдыз жақтан ым қаққандай,
Қойнында қоңыр кештің мұң жатқандай.
Көбелек қанатындай кірпігіңе
Жанарың жалқын сеуіп, нұр жаққандай.
Жанымда жаумай жүрген жаңбыр барын
Тап басып, талма өзекті талдырды əнің.
Бал шағым шаттығымен қайта оралсын,
Жан шөлін тəтті үніңмен қандыр, жаным.
КІСІ ЖАРЫ
«Кісі жары кісіге жар болмайды,
Балапандай баурыңа басқанменен...»
Халық əні
Өте шығар бұл өмір қас қағымда,
Ойнап-күлген жарасар жас шағыңда.
Кісі жары кісіге жар болады
Балапандай бауырыңа басқаныңда.
Күн қуанбас бұлт барда аспаныңда,
Жан жұбанбас жанарда жас барында.
«Кісі жары кісіге жар болмайды» –
Қандай сыр бар бұл сөздің астарында?
Жанға серік болса да жар, үй, бала..,
Қарай ма екен махаббат қағидаға?!
«Судан таза, сүттен ақ» кім бар дейсің,
Бұл жалғанда періште – сəби ғана!
Аспандағы біреу мəз айды алғанға,
Айналғанға біреу мəз «пайғамбарға».
Ерте келіп өмірден енші алғанмен,
Кісі жарын кеш көрсем, айлам бар ма?
Өңінде емес, түсінде көріп Айын,
Кімдер айтып өтпеді «Елігайын?»...
Əміріне Алланың айлам қайсы –
Кісі жарын ұнатсам, неғылайын?!
Адам жетер мұратқа, Алла оңдаса,
Ақ сағымды арман деп алданбаса.
Жақсылығын қайтейін бұл жалғанның,
Кісі жары кісіге жар болмаса?!
* * *
Мен сені жақсы көрем шын жүректен,
Жаның – жаз,
жанарың – наз, нұрлы көктем.
Бар дейсің не жазығы ол жазғанның
Өзің деп дүрсіл қаққан, дір-дір еткен.
Кететін сен дегенде елжіреп тым
Тілеуі, көксеуі көп сол жүректің:
Кірейін ақбоз үйге қол ұстасып,
Түрейін шымылдығын жел-жібектің.
Көңіл бар тек өзің деп өліп-талған,
Көкейде – тəтті қиял, көрікті арман.
Аумайсың аққуымнан, айналайын,
Адаспай айдынына келіп қонған.
Сезейін тек өзіңмен ғұмыр мəнін,
Тəтті уын тіршіліктің, шырын балын...
Өтейін шырайыңа шаң жуытпай,
Кеудемнен шыққанынша шыбын жаным.
* * *
Жалыныңменен ысытпай,
Жастығымды ұрлап жырымдап,
Жанымда менің мысықтай
Жатырсың ұйықтап пырылдап.
Сеземін, сенде жоқ алаң,
Сеземін, сенде жоқ қайғы.
Ал менің көңлім зобалаң
Əлдекімдерді жоқтайды...
Жанарым жұмық жатқанмен,
Көңілдің көлпар көлі – сел.
Көзайым көктем, ақ таңмен
Көзояу жатып көрісем.
...Салбауыр бұлтын сақтап күз,
Сарғайған шақта бар алап,
Ақ көйлек киген аппақ қыз
Ақ тұман ішін аралап,
Адасып жүрген сыңайлы
Көз жазып күннің көшінен.
...Сүмбіле жұлдыз құлайды
Сұңғыла көктің төсінен.
Қай жаққа барып оралдың,
Көңілім менің пендегөй?
Əппақ қыз, қайда жоғалдың,
Жамылған жібек желбегей?..
Жұлдыз ба,
Қыз ба?..
Түн іші
көгілжім көктен түскен кім?
Тарылды-ау жүрек тынысы,
Өңім бе?
Əлде... түс көрдім?
...Жалыныңменен ысытпай,
Жастығымды ұрлап жырымдап,
Жанымда менің мысықтай
Жатырсың ұйықтап пырылдап...
ҚАРАЛЫ БОЙЖЕТКЕН
Өрте, мейлі,
Отқа сал.
Жандыр, мейлі,
Қапастағы қайғысын жан білмейді!
Өз ойымен алысып, арпалысып,
Кей түндері ұйқысын таңға ілмейді.
Ішер еді (у болса) арманды езіп.
Бір-ақ күнде бəрінен болған безіп.
Қияметке кеткісі келер кейде
Дала кезіп,
Тау кезіп,
Орман кезіп...
Жараспай жүр көңілдің қошы көппен,
Көктем ерте көгінен көшіп өткен...
О, өмір-ай, өмір-ай, қасірет пе ең,
Он сегізге жеткізбей жесір еткен?!
Ата-анасы дəркүмəн ұқпай мұны,
Кірпігінде мөлтілдеп шықтай мұңы..,
Орамалдан үлбірек мүлде бөлек
Орап алған басына шыт – қайғыны.
Таразының басындай ауытқыған
Қайғылы жан – өзіне қауіпті жан!
Отырмайды бүгінде тойда шалқып,
Шақырмайды шадыман сауық-думан.
Сөгілгелі көңілі көбесінен
Басылмай жүр дірілі денесінен.
Кешкілікте жүреді көше кезіп
Кездескелі Жігіттің елесімен.
Қанша сулап, жанарын құрғатты аспан...
Бойжеткенге көшеде «бұлғақ басқан»
Ермек үшін, бақ сынап көрмек үшін
Қырындайды қыл мойын қылжақбастар.
...Үзе жаздап күрмеуін соңғы үміттің,
Қайтты үйіне бүгін де болдырып тым.
Бақталаптың сөз айтқан біреуі де
Тырнағына тұрмайды сол Жігіттің!
ҚАРА ШƏЛІ
Қасіреттің жалауы – қара шəлі.
Қара шəлі мұңлыққа жарасады.
Жазықсыздан мерт болған махаббаттың
Жазылмай жүр жүректе жарасы əлі...
Жалғыздық пен қалайтын оңашаны
Шымылдығы қайғының – қара шəлі.
Жанарыңды бүркеуге жарар бəлкім,
Жалбыраған жыртығын жамаса əлі?..
Қара бұлттай – қабағы ай қымтаған,
Қараймын да, жүзіңнен қайғы табам.
Қанжар салған жүрекке қарақшылар
Қай обадан шықты екен, қай бұтадан?
Бұғып келер қапыда бір жағыңнан
Бекежан ба,
Қодар ма түн жамылған?
Жесір қалған Жібек пе,
Баян ба, əлде...
Мақпал ма əлде айрылған Біржанынан?..
Арман ба едің үзілген,
Зарлы əн бе едің?
Қорқауларға қор болған Қорлан ба едің?
Қара шəлі-ау, басыңа қаралының
Қарақұсша қалықтап қонған ба едің?!
Қара түнде қамыққан Қамқасың ба,
Қалып қойған шыңырау ортасында?
Қарақшы ажал, қайтейін,
қимай қойды-ау
Қара жерге Қамқаның қаңқасын да...
Қыз балаға біткенде ілкі көрік,
Құбылдың-ау қу заман түлкіленіп...
Қара шəлі, мен сені өртер едім,
Тұрсың, əттең, музейдің мүлкі болып...
Қасіреттің жалауы – қара шəлі,
Қара шəлі мұңлыққа жарасады.
Жазықсыздан мерт болған махаббаттың
Жазылмай жүр жүректе жарасы əлі...
О, қасіреттің жалауы – қара шəлі!..
ЖЕСІР ЖЫРЫ
Ей, жігіттер – алмас қылыш, ақ сүңгі!
Жаным сезер жаманыңды, жақсыңды.
Ала құйын алып-қашпа ат сынды
Қоя тұрсаң нетті жеңіл нəпсіңді?!
Қоя тұр да... Жанарыма қарашы,
Қандай екен ағы менен қарасы?
Аз демейін, көп демейін – көк пен жер
Жезөкше мен жесірлердің арасы!
Жезөкшені сəттік сезім билейді,
Жесірлерді ақтық төзім билейді.
Жесір жаны кез келгенге иімейді,
Өртен, мейлі,
Өз отыңа күй, мейлі!
Жесірмін мен.
Ал, жесірдің жасы көп...
Аялай біл,
Аяғаның – қасірет!
Мүсіркесең мүлəйімсіп мүттəйім,
Жанарымнан ұшқын атар жасын, от!
Алдар болсаң алтын жүзік, алқаңмен,
Арбар болсаң қазынаңмен, қалтаңмен,
Көз жасымды мойыныңа артам мен,
Не болмаса, басыңды алам балтаммен!
Ерте кеткен деп ойлама əр менен,
Еркелетсең, ерінімнен бал берем.
Өнбойыңа оттай ыстық денемнен
Жалын берем, жай табардай жан-денең.
Құлықтыға қылықтымын, қыздаймын,
Есірікке есекдəме – мұздаймын!
Əйел жаны – ашылмаған сырсандық,
Сандық құлпын оңайлықпен бұзбаймын.
МҰҢЛЫҚ
Күннен күнге жүрегімді жүдетіп,
Айлар ағып... Бара жатыр жыл өтіп...
Аққу-қазы сыңсып ұшқан айдындай
Мұң тамады кірпігіңнен дір етіп.
Мұң тамады –
Ып-ыстық мұң... Мұздай мұң..,
Қорғасыннан ауыр тартып қыз-қайғың.
Көз-көліңде бір көрініп, бір батып,
Қалтаң қаққан қайық мініп жүзді ай, күн...
Тіршілікке беріп қойып тізгінін,
Жүрегіңнің естірте алмай ізгі үнін,
Жаз жабырқап,
Күз мұңайып,
Қыс тоңып,
Өтіп жатыр, өтіп жатыр қыз күнің.
Өтіп жатыр Сері – көктем, Сал – көктем,
Əлдеқайда əлдекіммен əндеткен...
Ал сен жүрсің оңашада ой кешіп,
Жолаушыдай жарты өмірі жолда өткен.
Той жасады теңін тауып көп құрбың.
Той жасауды сен де, бəлкім, ниет қылдың...
Жалғыз ниет жар бола ма, ерге емес,
Ерініңді жел өтіне өптірдің.
Мен түсінсем –
Жігіттердің төресін
Өңіңде емес, түсіңде көп көресің.
...Кім аялар, кім аймалар, қайран-ай,
Бойжеткеннің күйіп-жанған денесін?!
Тіршілікте, қуанышы, мұңы бар,
Кімнің жанын кім түсініп, кім ұғар?
Кір шалдырмай асылыңа ең қымбат
Батар күнмен, бəлкім, көзің жұмылар...
Мынау жұмыр жер бетінде ал əзір
Бір бойжеткен жалғыз жатып, дара жүр.
Жетім жүрек, жесір көңіл сол қызға
Ей, Дүние, көз қырыңды сала жүр!
СҮЙМЕГЕНДЕР ЖЫРЫ
«Тозақ отын тəңірім қайтармағай» –
Деп тілеп ем,
түстім бе қайта аңдамай?
Сүйегіңнен өтетін сөз қиын-ау,
«Сүймеймін» – деп мен оған айтам қалай?
Ол күлгенде тұрады жылағым кеп,
Көзін ашсам – кеудемде бұлағым көп...
Жетегімен жүректің жүріп келем,
Қайда барам?
Білмеймін, тұрағым жоқ.
Мейлі, мені қаралап, даттаңыздар,
Адамдықтың заңымен соттаңыздар.
Жібімейді бəрібір, жібімейді
Көкірегіме тоң болып қатқан мұз, қар!
Кім жарасып,
жаныма кім ұнайды?
Кеудемде ұя салғандай ұлы қайғы.
Сүймегеннің жүрегі жібімейді!
Сүймегеннің төсегі жылымайды!
Ай мен жұлдыз барында ақ аспанда
Адамдарға адасу жарасқан ба?!
Мейлі, мені санаңдар санатсызға,
Мейлі, мені санаңдар адасқанға!
Күйін қайтем қалталы, қазыналы,
Сыйын қайтем алқалы, базыналы?
Күннің нұры түспейтін жан жарасы
Кімнің шипа қолымен жазылады?
Үйін қайтем аумаған абақтыдан?
Қамалмақ па қапасқа қанатты жан?
Елесі бар, өзі жоқ еркек үшін
Бəрінен де баз кешем,
Талақ қылам!
Қуанышын жоқ бардан құрап алған
Жалғыздарға жұбаныш мына жалған...
Ал маған ше?
Жо-жо-жоқ!
Жүре берем
Бақытымды тапқанша бір адамнан!
* * *
Көзің сенің – шаркесе шарап толы,
Қайта-қайта мас қылдың, қарап, мені.
Ұшып шыққан ұядан қарлығаштай
Қасың, қалқам, қағылған қанат па еді?
Көз шараңнан мас болдым шарап ұрттап,
Көңіл шіркін мұндайда алабұртпақ.
Жай таппады-ау жүрегім, жай таппады-ау,
Кеудемдегі қамалға қамалып қап.
Қайран жүрек, шыға алмай қамалынан,
Шарасыздан ұрттаймын шарабыңнан.
Қалай ғана көз жазып қаламын мен
Жаутаңдаған жанары қарағымнан?
Шəркез екен шарабың, кінə қойма,
Тарап жатыр шымырлап тұла бойға.
Өз-өзіңмен алысып отырсың-ау,
«Не болған – деп ішіңнен, – бұл ағайға?»
Көз шараңнан мас болдым шарап ішіп,
Тұла бойым, содан ба, барады ысып.
Туған айды жүзіңнен көріп тұрып
Тырналайды ішімді қара күшік...
Көргенімнен жақсы еді-ау көрмегенім,
Қос жанарым шым батты көлге менің.
Ұшқынынан көзіңнің ұрттайыншы,
Басылар ма, кім білсін, шөлдегенім?..
Көзің екен мөп-мөлдір көл дегенім,
Бұрын-соңды қалайша көрмегемін?
Сұлулардың көзінен «кесел» тауып,
Сұлулардың өзімен емделемін.
Ұрттайыншы шараптан кесеңдегі,
Болар ма екен бірмезгіл кеселге емі?
Асқынып-ақ ауруым кеткен екен,
Кеш емдеді, қайтейін, кеш емдеді...
* * *
Аяулым, бүгін тағы түсіме ендің.
Жайсыз түс жанға еріксіз түсірер мұң.
...Еңісте жатқан саған еңіреп кеп,
Ұсынып тұр екенмін үсіген гүл.
Аяулым, бүгін тағы түсіме ендің...
Жүрегім пəршаланып жас тəніңмен,
Тарылып сала берді-ау аспаным кең.
Жасыммен жанар толы, жақпар-жақпар
жартасқа қарай бердім жасқанумен.
Сүңгідей сұсты, суық құз қапталы
Қайғыма селт етпеді, міз бақпады.
Ешкімнің қаперіне келер емес
Еңісте мұздап қаны қыз жатқаны.
Жылатып, еңіретіп бастауын бар
Деп едім қыз қазасын тас та ауырлар...
...Шөпте шық жылтырайды,
Тоғжан қыздың
төгілген моншағындай шашбауынан...
Ақша бұлт – орамалы көкте қалып,
Қалқамның құздан ұшып кеткені анық.
Тарқалған бұрымындай тау өзені
Барады əлдеқайда беттеп ағып...
Мызғиды міз бақпастан құзың мына,
Көзімнен жас тамады жүзің жуа.
Жаның ба – ұшып кеткен қызғыш анау?
Қаның ба тасқа тамған қызыл қына?
«Қарашы желдің ерке желігуін,
Қарашы гүлдің жерге төгілуін?..»
Естімей жүрегімнің егілуін,
Еңісте жаттың сұлық, Еңілігім...
...Аяулым, бүгін тағы түсіме ендің,
Жайсыз түс жанға еріксіз түсірер мұң.
Безбүйрек емеспін ғой, мен де сенің
сағынып жүрегіңді түсінермін...
Аяулым, бүгін тағы түсіме ендің...
* * *
Көктем еді...
Көрсек дедік көктемде Көктөбені.
Аспалы жол домбыра ішегіндей
Алматыдан бізді алып кеткен еді.
Серуендеуге болатын кез ыңғайлы,
Елітеді бір масаң сезім бойды...
Мен бұл күні желпіне жыр оқыдым
Өмір жəйлі,
Гүл жəйлі,
Өзің жəйлі...
Мұндай кездер өмірде көп болмайды,
Мұндай кезде көңілде шек қалмайды.
Мен бұл күні желпіне жыр оқыдым
Өзің жəйлі,
Гүл жəйлі,
Көктем жəйлі...
Бір нүктеге үн-түнсіз қарап қалып
Сен тыңдадың,
Кетті өлең қанат қағып.
Алматы да
Ақ шаңқан Алатау да
Жатты менің жырымда мадақталып.
Ақ көңліме арбалып қалдың білем,
Бал-бұл жанып кеткендей балғын ірең...
Ал сонан соң...
Біздерді аймаласқан
ала берді баурына шалғын – кілем...
...Үнің неткен, Уақыт-ай, өктем еді?
Күнімді өткен кім енді ап келеді?
Көктем келсе, еріксіз еске алам мен
Сол бір күнді,
Өзіңді,
Көктөбені...
* * *
Бұрымыңа арқаңда бұлғақтаған
Қараймын да, бір əсем ырғақ табам.
Қол ұстасып екеуміз кетсек деймін
Сонау сайын далаға гүл қаптаған.
...Айлы түн ғой. Əсем-ақ арай-маңай.
Сен қарайтын аспан да шарайнадай.
Адымыңды алға еркін басшы, жаным,
Ауыл жаққа алаңдап, қарайламай.
Тіршіліктің уылжып шарбат дəмі,
Қол бұлғайды арманның арбап бағы.
Сезді ме екен бір сырды,
Соңымыздан
жымыңдасып ауылдың қалды оттары...
* * *
Ерке қыз-ау, елгезек, елік көңіл
Жұмақстан жұртынан келіп пе едің?
Желіккенім, əлде, бұл, еліткенім –
Қабағыңа қараудан зерікпедім.
Айымбысың,
Қарғам-ау, қайыңбысың?
Майысады ырғалып мəйін мүсін...
Қас пен көздің арасы қайдан келдің
Қанатыңды қаққылап қайыл құсым?
Түсімбісің,
Жаным-ау, өңімбісің?
Өзіңбісің өлеңім – көңіл құсым?
Қыз Жібек пен Төлеген тəрізденген,
Жар іздеген жігіттің теңімісің?
Зеңгірмісің,
Зермісің,
Зеренбісің?
Теңіздейін тұңғиық тереңбісің?
Мен іздеген əлде ақық өлеңбісің?!
Қалмайыншы көз жазып сенен құсым.
Келдің ұшып қай жақтан қас-қағымда
Кезікпеген құсым-ау жас шағымда?
Керегедей керіліп көкжиегім,
Кеңіп салды-ау лезде аспаным да!
Қалшы осында,
Кетпеші,
Үрікпеші.
Уылжыған көңілді ірітпеші.
Ажарыңа болайын мен-ақ қайыл,
Назарына өзгенің ілікпеші...
...Қанатыңды, құсым-ау, қаққаның не?
Қайырылмай ұшып бара жатқаның не?
Көк мұнарға айналып кеткені ме,
Көз алдымда көлбеген əппақ дүние?..
Көк төріне,
құсым-ау, кеткенің не,
Көрік болмай көңілдің көктеміне?
Өрім қыздың бізден де өткені ме,
Қоңыр күздің бізге де жеткені ме?
* * *
Жан қыздар, жаныма əркез жақынсыңдар,
Жыр жазсам өздеріңе – оқырсыңдар.
Жылдарым өткен сайын,
Көктем сайын
Əдемі болып бара жатырсыңдар.
Кеше біз кездеспесек, сағынысып,
Жүруші ек махаббаттың балын ішіп.
Бүгінде жандарыңа жанай қалсам,
Қиналам сөз таба алмай, жаңылысып.
Деймін де «мұның өзі жұбаныш қой».
Сендерге қараймын да, тынам іштей.
Ақ шаңқан ауылыңа қонып жатыр
Мезгілсіз менен көшкен қуаныш, той...
Көзінен Онсегіздің от іздеген
Басқа екен Жиырма бес пен Отыз деген.
Қоштасып жастық атты жағалаумен,
Бетке алды белгісізге Отыз кемем...
МЕРТ БОЛҒАН ГҮЛ
Мінезіңді соншама бұлдағандай
Айтшы, кінə бар еді гүлде қандай?
Жұлса жігіт – үмітпен жұлған шығар,
Сен лақтырсын деп бірақ жұлмаған ғой?!
Көркіменен кестелеп көктемені,
Кеше ғана құлпырып, көктеп еді,
Бүгін ғана бүршігін жарған еді,
Өрттей сөніп өмірден өтті-ау енді!
Өтті-ау, шіркін, өмірден құлпыра алмай,
Самал желмен сəнденбей, сілкіне алмай.
Аямастан сен оны лақтырдың,
Гүлге деген көңіліңнің бұлты бардай.
Айып санап жігіттің кеш келгенін,
Ескермедің,
Гүлін де қош көрмедің.
Гүлдей нəзік қыз деуге қимай тұрмын,
Гүлдей нəзік қыз болсаң өстер ме едің?!
Бүгін ғана бүршігін жарған еді,
Секілденіп ай елі, арман елі...
Сол бір гүлмен,
Гүл сынды өзіңменен
Жас жігіттің жұлдызы жанбақ еді.
Тас төбеме түскендей құлап бір Күн
Амалым не, егіліп жылап тұрмын.
Мен жыламай қайтейін,
Гүлмен бірге
Жүрегімді ұсынған лақтырдың;
Тұла бойы жаралған арманнан кіл
жан едім ғой,
Қалайша алданғанмын?
Тас көше де сұлқ түсіп жатты бұл кез
Аяқ асты тапталып, қор болған гүл.
Елден бөтен, шошып дір ете қалдым,
Енді тұрсам бұл жерден не табармын?
Қыз қолынан мерт болған гүлімді алып,
Қара тұтып, қайырылмай кете бардым...
* * *
Мен сені көрмегелі көп күн өтті,
Аймалап талай бұлт өпті көкті...
Көңілге ағыл-тегіл күй қалдырып,
Ақ бейіл – нөсер легі төкті де өтті...
Өзіңді белгісізге тапсырғалы
Жанардан талай-талай жас құрғады.
Момақан жүрегімді ертелі-еш
Қамайды уайымның қасқырлары.
Есіңнен шығара алмай сен де мені,
Қинай ма шөл – ерніңнің шөлдегені?..
Сүйеніп кірпігіңе, бəлкім, сенің
Түн болса ұйқысыздық сенделеді...
Күз келіп,
жанарыңа шық тұрғалы,
Келмесін сол көктемнің ұқтырғалы, –
Көзіңе тұман тұнған, кім біледі,
Мен болып көріне ме жұрттың бəрі!
Əлде, өксіп, атасың ба қарғыс – оқпен,
Қауышқан сайын суық жар-құшақпен?
Көңілің алай-дүлей күйде ме əлі,
Сияқты жал-жал толқын жарды соққан?..
* * *
Мінезің сенің жаз-жайраң,
Жұмақтан жұпар жұтқандай.
Жапырақ-жаным мəз-мəйрам,
Шомылып шыққа шыққандай!
Шадыман шақпен тым аңғал
Ақ қардай таза бейілсің.
Еңсені басқан тұмандар
Ертерек бізден сейілсін.
Қасірет, қайғы барын да
Ұмыту бізге жөн бе екен?
Арқалап мұның бəрін де
Асқардан асып жол кетер...
Ал қазір, жаным, біздерге
Ерте де шығар мұны ойлау.
Жайдары, жарқын жүздерге
Жақсысы – əсте мұңаймау.
Қапассыз, торсыз, қамалсыз
Күндерді күнге жалғаумен
Қайғысыз, қамсыз, алаңсыз
Өтсін де біздің бал дəурен!
Ақ қарды,
Анау бақтарды
Арала, ойна, күл, еркем.
Аңыздай албырт шақтарды
Аңсаймыз да ғой күні ертең...
* * *
Жыламашы, жаным...
Мен сені көргенде, жыласын деп пе ем?
(Жанымда жүр ғой бір асыл көктем).
Қара бұлттарды қақырата сөгіп,
Найзағай, мейлі, құласын көктен;
Құласын көктен мертігіп қыран!
Шемен жүректен шертіліп бір əн..,
Бəрібір, жаным, мен саған жырмен
Сері көңілдің сертін ұқтырам.
Мұңайғаның не мына өзім барда,
Жарқын да жарқын мінезім барда?!
Жанарға жасты мөлдіреткенің не?
Көзіңде, бəлкім, көл дір еткені ме?
Тап болдың ба екен тағдырдың, əлде,
Тылсым да тайғақ сен бір өткеліне?..
Шат күліп жүріп шалыс бастың ба,
Айналып кетіп ағыс тасқынға?
Қоңыр бақтармен қоныстастың ба,
Қоңыр түндермен қол ұстастың ба?
Қоңыр түндерде лəззаттар бар ғой,
Қайғы да бар ғой жетерлік...
Махаббат жауы – кəззаптар бар ғой,
Мөлдірді былғап кетерлік!
Ұрындың ба екен соларға, жаным,
Бұрылдың ба екен байқамай?
Жанған соң ерте жанарда жалын
Сүріндің бе екен, қалқам-ай?..
Жалғыздық торы қыспаққа алды ма,
Мұншама, жаным, торықтың?
Бағыңды біреу ұстап қалды ма,
Жауызға əлде жолықтың?..
Əйтеуір, сенің ағыл да тегіл
Көз жасыңнан мен қорықтым!
Қиюы қашқан сөздерімменен
Басын бір шалып əрненің,
Жұбату жайын сезгенімменен,
Жұбатуға жетпей дəрменім,
Бір сезім бойда асқына меңдеп,
Шым батырған соң шер мүлдем,
Жанарыңнан сүйіп, ащы да кермек
Жасыңды жұта бердім мен...
* * *
Сүмбіл шашты су бетіне жайып сап,
Əппақ, ару ажарыңа ай ұқсап,
Айлы кеште су перісі – өзіңмен
Арғы бетке өтер ме едім қайық сап.
Ақ жағалау,
Мөлдір айдын,
Белең көк...
Жасыл құрақ жəутең-жəутең елеңдеп,..
Жүректегі қатқан шерді шемен боп,
Бір-ақ сəтте жіберсең-ау сен емдеп;
Ақ боз мұнар құшағына ап тымық,
Айдын беті шарайнадай пəк тұнып,
Білегімді жастанып сен жатсаң-ау,
Жəудір көкке жанарыңды лақтырып...
Сен Лəйліге,
Мен Мəжнүнге еліктеп,
Шөліркесем көзім жұма төніп кеп –
Құшағымда қорғасындай балқы да,
Ерініңнен өпкен сəтте – еріп кет!..
* * *
Егілдім саған, берілдім,
Ғашықтық сырын мың айтып..,
Өткінші мынау өмірдің
Өкініштері мұңайтып.
Есер жел ескен екпінмен
Жауа алмай кеткен бұлттайын,
Қаншама жапа шектім мен,
Жапанда қалған жұрттайын...
Жартастың жарылыстарын
Жамаған сəтте теңіз кеп, –
Шағала – сағыныштарым
Сыңсып та ұшты-ау сені іздеп!..
Көктеммен келер деп едім
Бақытым,
құсым,
базарым...
Көрсем деп елеңдеп едім,
Қашан бір жетер наз əнің?!
Өн бойың оттай шарпылып,
Қашан бір жүрек қауышар?
Сарғайған сезім сарқылып,
Төзімді болдым тауысар.
СЕНІ КҮТТІМ...
Айтылар əн,
Таусылып жазар шумақ,
Сені күттім, аяулым, азар шыдап.
Дəл осылай тағатсыз күтуші ем-ау
Қайтар кезін əкемнің базаршылап...
Қандыра алмай көңілдің құмарын əн,
Сені күттім көкжиек мұнарынан.
Шолпысындай Тоқжанның сырлы үнің бар,
Кетпей қойған Абайдың құлағынан.
Бір жүрекке дауа мен дару болмай
Өз отыңа өртеніп, жану қандай?!
Сені күттім, кешегі от кешуде
Жарын күткен аяулы арулардай.
Арада бір алдамшы сағым бардай
Сені күттім титтей де сабыр қалмай, –
Арман қуған арыстай азаматын
Ауылдағы анасы сағынғандай.
Айтылар əн таусылып, жыр біткендей
Қалауыма, еркіме тірлік көнбей,
Сені күттім,
жұмыр жер, бар табиғат
Күн көзінен шапағат, нұр күткендей!
ҚЫЗ БЕН ҚЫМЫЗ
«Қымызды кім ішпейді,
Қызды кім айттырмайды».
Халық мақалы
Сағынта келіп отырдың,
Сызыла қымыз сапырдың.
Имене кесе ұсындың,
Қызара түсіп, қысылдың.
Білмедім, неден қымсындың,
Əзірге маған тылсым бұл.
Қуана кетіп құлшындым,
Қымызға қолымды ұмсындым.
Аяулы ару – ақбөкен,
Қымызың мынау бапты екен.
Ұсынғаның да жақсы екен!
Қысылғаның да жақсы екен!
Отырсың қылдай үзіліп.
Көңілде көктеп жүз үміт..,
Қараймын мен де қызығып,
Қымызбен денем қызынып.
Шөлдеп те қаппын тым аса.
Қымызға құлқым құласа,
Жарасы оның жеңіл ғой,
Қылығың, қайтем, ұнаса?
Қалайша мұны айтармын?
Бағымды немен байқармын?..
Үмітке толы кесемді
Осы оймен саған қайтардым.
Шөлім де қанды алғашқы.
Сөйлемей енді болмас-ты.
Кеудемнен менің, байқаймын,
Жүрегіңе қарай жол қашты.
«Қымызды немен өтермін,
Жүрегіңе қалай жетермін?
Қараша үйді осынау
Қалайша тастап кетермін?
Күмбірлі күйге келсем бе,
Өлең-жыр оқып берсем бе?
Тамылжи тамар тілімнен
Тəтті сөз, əлде, терсем бе?
Жанарды тұрған жасырып
Кірпігің айдай ашылып,
Жаныма менің жарқ етіп
Қарар ма ең сонда, жас үміт?!»
Қымыздай таңдай үйірген
Қым-қуыт осы күйіммен
Қимай да қимай амалсыз
Аттанып барам үйіңнен.
...Қымызды кімдер ішпеген,
Қызды да кімдер айтпаған?..
Солардың бəрі, бірақ та,
Дəл мендей күйге түспеген!
Дəл мендей күйде қайтпаған!!
* * *
Кездессем азын-аулақ,
Көңліңнің назын аулап
қаламын мен.
Күн санап түрленетін,
Көктеммен бір келетін,
Лала гүл ме ең?!
Мөлдіреп қарашығың
Елжіреп қарашы бір,
Қалқатайым.
Баса алмай дірілімді,
Білектей бұрымыңды
тарқатайын...
Көлдегі қайыққа ұқсап
Айдынға жайып құшақ,
тербетілем.
Жалындай жастығымның,
Бақытқа мас күнімнің,
келбеті ме ең?!
* * *
Ес жиғанда жолығып Елесіммен,
Шығара алмай жүрмісің мені есіңнен.
Бірге бола алмасақ,
Ғайып-ана
неге туған біздерді?
Неге өсірген?
Елесім жүр жаныңда ...
өзім кəні?
Кілки ме, əлде, көкмұнар көзіңде əлі...
Сыбырлай ма түн іші біреу келіп,
Шымырлай ма денеңде сезім балы?..
Тербете ме жаныңды тəтті қиял,
Дүниенің дəметіп шаттығынан.
Əлде, əлсіз, дəрменсіз сол Елесім
Жарым түнде жаныңда жатты ма ұяң?
Ойша құшып,
ойша өбіп жатты ма жəй,
Əлде... айрылып есінен, тапты ма жай?..
Халің сенің сол түні қандай болды?
Таңың сенің сол күні атты қалай?
Елесіме алданба,
Маған емін, –
Алдында тұр алғаусыз жан əлемім.
...Қара түннің көзінен тамып түскен
Нақақ жас па деп қалам қара меңің...
* * *
Мен сені, жаным, түсінем...
Күнəсіз құйттай құсым ең.
Қоңыр күз түрткі салғанда,
Ұяңды қимай ұшып ең...
Қоңыр күз қабақ шытқанда
Өзгерткен өңін түп тал да.
Қытымыр қыстың ызбарын
Ұқсадың үнсіз ұққанға.
Торыққан көңлі, торғай-ау,
Мезгілде мынау барма аяу, –
Санаңды келіп жауласа
Сағыныш дерті – сар бояу?
Саудырап жерге сар жамбы
Қалқыды, ұшты, қарманды...
Жанарын жаздың, жалған-ай,
Бір көру бүгін арман-ды.
Түңілген түрін түп талдың
Түсініп, тілсіз құптар кім?
Көзімді күнге сатқанмен,
Сөзімді кімге жұптармын?
Таяныш таппай кісіден
Талға ұя салған құсым ең.
Уайым шегіп ішімнен
Жайыңды, жаным, түсінем.
Түсінем дағы халіңді
Қинаймын келіп жанымды.
Түздегі талды қуартып,
Күз желі қайдан қағынды?
Өңірдің өңі бұзылып,
Сарғайды-ау,
солды-ау қыз – үміт...
Шайқаған сайын талды жел
Жүрегім түсер үзіліп.
Шайқаған сайын талды жел
Жаппарға берем жанды мен.
Өзімнің емес,
ойлаймын
ұяның жайын алдымен.
ТҮН БАЛЛАДАСЫ
Арудың арбады ма тəні ашылып,
Айрылды ақыл-естен бала шыбық.
Келіншек кең төсекте керіледі,
Шамасын шалажансар шарасы ұғып.
Емінді ебедейсіз ерінге ерін,
Талайғы тапқандайын емін көңіл.
...Елестеп екі көзге ері өтті ме,
Егілді енді бірде ебіл-дебіл.
Нəркес көз,
нəзік жанар,
нала кірпік
қарайды терезеге, далаға үркіп.
Салтынан ақиықтың айнымауға
Алқынар алабұртып бала бүркіт...
Ақ бəден,
көрген сайын үр денені,
Тылсымға тілі үйренбей күрмеледі.
Арасын өң мен түстің айыра алмай
Балаша былдырлайды бірдеңені...
Тірліктен түк хабарсыз түкті бала
Өмірдің мəнін, дəмін ұқты жаңа.
Бас бермей кететінің бар-ау сенің,
Бал сезім, əлсізге де, мықтыға да!
Ал, жесір,
жас шыланған кірпігіне
Бір ысып, бір суынып, іркілуде.
Жыландай ирелеңдеп исінеді
Біле алмай берілгенін ырқы кімге.
Апырай, кеудесінде жан бар ма еді?!
Жетпей тұр ес жиярға əл-дəрмені.
Есіне еміс-еміс оралғандай
Ерімен ерте өткізген бал даурені...
Ері жоқ...
Көрбілте күн, көмескі алды.
Ендеше кімді көріп, нені еске алды?
Алды-арты қап-қара түн!
Ақ қанатын
жая алмай əлдеқайда елес қалды...
Көп болды айналғалы ері елеске,
Енші алған ел шетінен ерегесте...
Егілген көңіліне ем іздесе –
Жеңілген жас жесірдің жері емес пе?:
«Кеше гөр,
О, жаратқан, кінəлама,
Жанымда жатқаны үшін мына «бала».
Қайтейін ұшып кетсе қолдан құсым,
Қайтейін түсіп кетсе жыл араға?..
Кеше гөр жаннаттағы жар-қосағым,
Артыңда қалт-құлт етіп қалды ошағың:
Күн сайын жалаңаяқ жар басамын,
Түн сайын əзəзілмен арбасамын.
Əзəзіл алды, міне, жеңді, міне.
Етпе айып, екі жалған, ендігіме.
Кеше гөр келініңді, ғайып-анам,
Кеше гөр бейбағыңды, кең дүние.
Кеше гөр...» –
Жалынышты жесір үні
қайталай бергені, Алла-ай, несі мұны?
Еркінен мүлде айырып бара жатыр
Ес-түссіз бозбаланың есірігі.
«Дегбірді мына неме мұнша алады,
Саябыр тапса нетті бір шамалы?..» –
Тозақта тəні өртеніп жатса-дағы
Тағдырға қарсы келер мұрша кəні?
Əлдене əлін құртып, есін арбай,
Не болып, не қойғанын кеш ұғардай,
Ағынан Алла алдында жарылса да,
Жас жесір жатты өзін кешіре алмай...
* * *
Қара қасың қиылған айқабақта.
Мен қарасам, көзіңді тайғанатпа.
Қара құстан жүрейін қорғалақтап,
Бала құстай алдымда айналақта.
Айқабақта қиылған қара қасың.
Мен қарасам байқамай баратасың.
Тақияңа мендей жан тар келе ме?
Кімді сүйіп, кімді енше жаратасың?
Білдірмеген боласың, сездірмеген,
Көргеніңмен боласың көзге ілмеген.
Өз-өзіңнен аса алмай жүргеніңде
Өтіп кетіп жүрмесін мезгіл деген.
Сездірмеген боласың, білдірмеген,
Қандай сыр бар діліңде тіл күрмеген?
Қансонарда із баққан аңшыдайын
Əлде босқа алаңдап жүрмін бе мен?..
* * *
«Білектей арқасында өрген бұрым»
Сұлуды бүгін емес, көргем бұрын.
Тағдыры талай шаштың еске түссе
шығады көкірегімнен шерменде үнім.
Кем болып бір келісім келбетінде
Аққусыз ұқсамай ма көл жетімге?
Жүрегің қалай ғана қан жыламас
жоғалса бір сұлулық жер бетінде?!
Ару қыз, алма мойын, ақша бетті,
Тоқ бұрым аш беліңді жапса нетті?
...Тіріліп қыз Құртқалар келеді-ау деп
Бір үміт жанарыма жақсам етті...
* * *
Ұйқыңнан бүгін ерте тұршы, гүлім,
Күндегі күтіп қалды тіршілігің.
Жаралған ет-жүректен жанның бəрі
Құдайға жасап жатыр құлшылығын.
Ұйқыңнан бүгін ерте тұршы, гүлім.
Жеткенге аман-есен жарық таңға
Қуанар торыққан да, тарыққан да.
Ұйқының тамыр жайлар у екенін
Ұқсаса жарар еді-ау жар ұққанға...
Ұйқыдан маза кетер, ығырласа,
Көзіңді аш,
бетіңді шай,
ырым жаса.
Жұмағы бұл жалғанның – жарық күн ғой,
Тынады тірлік деген қыбырласа.
«Береке, – дейді үлкендер, – ұрғашыдан»,
Үркітсін үрдің қызын кім қасынан.
Күн де анау көкке ұмтылып бара жатыр
Ұшырған алтын құстай шың басынан.
Түн тəтті, ұйқы тəтті, тəтті бəрі...
Таудың да түрілгендей ақ тұманы.
Үлде мен бүлдеге орап, бұл Тіршілік
Күнге де күміс қанат қақтырады!
Алғаның жетер аз-кем түн шырымын,
Ұйқыңнан бүгін ерте тұршы, гүлім.
Дүрмегі таусылмайтын дүниеде
Күндегі күтіп қалды тіршілігің.
Ұйқыңнан бүгін ерте тұршы, гүлім...
* * *
Төсіңнен тоят бердің... Қанды шөлім.
Ерніңнен есім кете балды ішемін.
«Махаббат бар!» дегенге – мəңгі сенім!
«Махаббат жоқ !» дегенге – қарғыс, өлім!
Махаббат жоқ деген сөз жалған, бекер!
Сүймеген, сүйіспеген арманда өтер.
Уыты, ұрттай қалсаң, бойды алатын
Тəніңнің тəтті уы бар балдан бетер.
Ұрттадым сол бір удан... Шала маспын.
Еміндім ерініңе... Ала қаштың...
Жүрегім аласұрды арғымақтай
Маңайын мың айналған мама ағаштың!
Жүрегім аласұрды... Босанбақ, ə?
Қозғалсам, қолым тиер қос алмаңа.
Айтпақсың əлденені əлің құрып,
Булықсып, бұла денең босаңдана.
Балбырап балаусадай жүзің-өңің,
Албырап, алаулайды қызыл ерін.
Жаңа айдың жүзін көрген рəуіште
Қараймын, үздігемін, үзілемін...
Ақық жас кірпігіңнен ағып төмен,
Талаурап талма бойың, талыққан ең...
Халіңді осы сəткі – Қайраңдағы
алқынған ауа жетпей балық дер ем...
Түн іші,
Күңгірт,
Жым-жырт шағын бөлме.
Лапылдап жанып жатыр жалын кеуде.
Жалынға ернім күйіп өпкен сайын,
Жан құмар «жарым» деуге, «жаным» деуге.
Алдымда – балқып, еріп баратқан Ай...
Жəннатың осы ма еді, жаратқан-ай?!.
Тілегім жалғандағы жалғыз ғана:
«Лайым таң атпағай, таң атпағай...»
* * *
«Кетпе» – дейсің,
Өкпелейсің.
Тез басылдым, мастық па, сөкпегейсің,
Көз жасыңды жастыққа төкпегейсің.
«Кетпе» – дейсің,
Кетпеуге бар ма амалым,
Түсінсеңші мені де, арман-əнім.
Жүру қайда пендеге Хан, Тəңірдей,
Тұла бойын аралап қан тамырдай
Мен жəне бір жүрекке жалғанамын.
Саған,
Маған,
Оған да жақсы шығар
Кеш те болса кеткенім, қалмағаным,
Көңіліңе реніш алма, жаным...
Шайқалғандай шыңдағы бір шынарың,
Өшіп-жанып өңіңде нұр, шуағың,
Əлдекімге кектендің, тыншымадың,
Ерініңді неткенің қыршығаның?
Тағдырыңа өкпе айтып құса қылған,
Жібермейсің ып-ыстық құшағыңнан,
Ауа жетпей мен болсам тұншығамын,
Бұл құшаққа білмеймін кім төзерін,
Бұл құшаққа білмеймін кім шыдарын...
Енді бірде... Нұр тамып іреңіңнен,
Мойынымды орап ап білегіңмен,
Күбірлейсің көзіңді тарс жұмып ап,
Сырласқандай өзіңмен, жүрегіңмен.
Сен еркелейтіндей,
Сен өртенетіндей,
Сен назданатындай,
Сен мəз болатындай
Айтшы, жаным, соншалық кім едім мен?!
Ай ажарлым,
Гүл өңдім,
Күн бейнелім,
Қыр-сырымды жүрсің-ау білмей менің.
Кештеу келіп, қайтатын түн ауғанда
Мен сен үшін – елеспін, бір бейнемін.
Сен қиялдайтындай,
Сен қия алмайтындай,
Сен сағынатындай,
Сен табынатындай,
Сен жалынатындай
Мені мынау, шынында, кім дейді өмір?
Жадауланып қалғандай жанат-бағың,
«Кетем»– деген сөзімді жаратпадың.
«Босағамды, кеш келіп, жаңа аттадың,
Жалғыз жүру қауіпті жарым түнде,
Жібермеймін, күт, – дейсің, – таң атқанын...»
Өткен күнімізді,
Көктем, күзімізді,
Қайғы, мұңымызды,
Айды, жылымызды... –
Келе жатқан жаңылмай санап бəрін
Уақыттың жүрегі – сағат барын
Ұмытқандай, кесеге қол созасың,
Шарап емің,
Секілді шарап дəрің.
Көңіліңе мен үшін қауіп алма,
Тыныш ұйықта, есікті жауып ал да.
Махаббаттың басылмас мауы барда,
Дос түсініп, жанымды жау ұғар ма?..
Аппақ арым – барында оққағарым
Кімнен қорқып,
Кімдерден сақтанамын?
Айырмасын білетін ақ, қараның
Ақындарға жат емес, жақ қала бұл!
Бір көшенің бойына түсіп алып,
Қара түннің қойнына жоқ боламын...
* * *
Сен менің көңілімді таба алмадың,
Табамын деп таусылды амалдарың.
Көлгірсіп, масаң күліп, майысқанмен,
Көрсетті жасандылық жанарларың.
Сенделіп келген сəтте сері-көңіл,
Пенделік көрсеттің де ерімедің.
Құлайды саған көңіл анда-санда,
былайғы өміріңнен не білемін?
Не білем?
Түк білмеймін!
Білгім де жоқ.
Сенімен бірге емеспін, жүрмін бөлек.
Өзім де қызықпын-ау,
қыр-сырыңды
қалайша білмек едім бір күнде кеп?
Ешкімге берілмеген, көрінбеген
Періштем,
Перизатым,
Перім деп ем,
Қалайша қателескем?
Қалады екен
бір атым насыбайдан көңіл деген.
Қайтемін ауызға алып насыбайды,
Сен маған бола алмадың басыбайлы.
...Бүйірін арғымақтың бүгіндері
Бауырмал басқа бие қасылайды...
* * *
«Сұлулық – әйелдің бақыты, қадіріне жетпесе - соры».
Л.Н.Толстой
* * *
«Сұлулық сүймектік –
Пайғамбар сүннеті».
Абай
* * *
«Сүю – басқанын бақытынан өзіңнің жеке басыңның бақытын табу».
Г. Лейбниц
* * *
«Демің – гүл аңқыған
Нұрың – Күн шалқыған.
Көргенде, бой еріп,
Сүйегім балқыған».
Абай
* * *
Өзге емес, өзіме аян өз кеселім,
Уақыт құйып жатыр көзге шерін...
Өртенген жапырағы жадау бақта
Дерт емген күндеріммен кездесемін.
Шапқылап,
шаң боратып, құйындаған
Күндерге енді ілесу қиын маған.
Өмірдің өң-түсіне қарап қойып
Көңілдің əбеқоңыр күйін бағам.
Жалғыздық – енші, көрші енді маған,
Жалғанның керек емес кеңдігі оған.
Кімге нəр, кімге дəрі болар дейсің
Көздегі ноқаттай мұң-меңдуанам...
Маза бер жүрегіме сен де, сезім,
Қайтесің мəймілдетіп көз көзесін?
Бұлбұлмен қоңыр бақта қош айтыстың,
Кім білген, енді кіммен кездесесің...
* * *
Мүмкін, мені сөгерсің, кінəларсың,
Жанарға жас, көңілге мұң аларсың.
Есігіңнен елесім сығаласа,
Қайдан мені есіңнен шығарарсың?!
Ес жиғызбас сол ғажап елестейін
Көкірегіңнен елеусіз мен өшпейін.
Екі айырған тағдырмен екеумізді
Сен егеспе,
Мен де енді егеспейін.
Арамызға əзəзіл, түспей бүлік.
Өтіп жатқан өмірді түстей біліп,
Жыласақ та жүрейік іштей жылап,
Қуансақ та жүрейік іштей күліп.
Тамашамыз кеткен соң тарқап анық,
Өтер күндер өкініш арқаланып.
Өмір – өзен айдынға барып құяр,
Табанында тақыр тас, малта қалып...
* * *
Сенсіз мынау қаланың сəні кетті.
(Сен барында ғажап-ты, ғанибет-ті...)
Мерекесіз мезі еткен мезгілдейін
Берекесіз бір күнім тағы да өтті.
Бұлқан-талқан жататын бүлік ашып,
Көктемнің де биылғы үні жасық.
Өңменінен өріктің ызғар өтті,
Алма ағашы кешеулеп гүлін ашып.
Алма бағы – Ақынның арман əні
Жалқы үмітке жармасып жан бағады.
Бір шыбыққа бір шыбық баһар беріп,
Тіршілікке тіршілік жалғанады.
Тау төсінен тарамай қыс тұманы,
Еміс-еміс естілер құстың əні.
Көңілімнің төрінде бір Муза-қыз
Көз жасына булығып, қыстығады...
Сенсіз мынау көшеде жан жоқтайын,
Жұртты елемей, жамырар жан-жақта ойым.
Тағдырыма таяныш таппай жүрмін,
Жапан түзде жел қуған қаңбақтайын.
Мен ғаламнан,
Қол үзіп менен ғалам,
Қайда жүрсем, бір хабар сенен бағам.
Құрағындай айдынның құрақ ұшып,
Лағындай еліктің елең қағам.
Сенсіз мынау ағаңның халі осындай.
Назырқанған жүректің наласын-ай...
Көңіліме жартыкеш көзін сүзіп,
Көк жүзінен жартыкеш қарасын Ай.
Ай қарасын сен болып қас-қабаққа,
Зіл-зала мұң еңсені басқан уақта.
Қала шіркін қаңырап қалады екен,
Қалқатайың кеткенде басқа жаққа.
* * *
Ақтарсам жүректегі жайдың бəрін.
Мен сенің қуанышың, қайғыңдамын.
Қарап ем,
көзің, қалқам, – айдын екен,
Жүзіп жүр аққу емес, айдында мұң.
Моншақ па?
Жанардағы тамшы мұң ба?
Тамшы мұң сенің татар талшығың ба?
Жанарға үйірілген жасты көріп
Жазықсыз жаным менің жаншылуда.
Кіршіксіз көңіліңе кірбің ілмей,
Құлпырып өссең деп ем қыр гүліндей.
Кеудеңде бір көк теңіз тулай ма əлде,
Мазасыз менің мынау тірлігімдей?
Сымбатты, сұлу жүзге сызат қонып,
Бір сезім ұшты ма əлде ұзаққа алып? –
Дертіңе дауа болар дару таппай
Дал болдым жүрегімді жүз ақтарып.
Бір сөзді табуым хақ қалайда ізгі;
Тілегім – мұң шалмағай арай жүзді.
...Ақылдан адастырып бұл Қуаныш,
Бұл Қайғы табыстырар талай бізді...
* * *
Қинадың-ау, қинадың-ау мені ұқпай,
Кездеспей де, жүздеспей де, жолықпай.
Жүрегіңе жету сенің мұң болды-ау
Жас кеудеңе жасырынған тобықтай.
Неден, жаным, секем алдың, сескендің?
Қинадың ғой,
Қиналдым ғой,
Не істермін?
Сыздатады, мұздатды жанымды
Көкірегімнің көк сеңіндей көшкен мұң.
Көрмесіме көнбейін бе, көнем бе?
Келмесіңе сенейін бе, сенем бе?
Жүрегіме жай түскендей болды ғой,
Жай түскенде жайрап қалар емен де.
Жүдедім-ау жүрегіме толып қан,
Жараланып қайтқан жандай жорықтан.
Шыныменен қалар ма екем көз жазып
Жас кеудеңе жасырынған тобықтан?..
* * *
Жырым саған арналды, əнім саған.
(Сабырынан айрылар сағынса адам).
Саздарымды жеткізсін сарала күз,
Арманымды жеткізсін ағын самал.
Ақ ниетпен жол алды саған құсым,
Алақанға қондырып алармысың?
Жүрегіңнің төрінен жай ұсынып,
Жақсылықтың жасай гөр жоралғысын.
Көкірегіне мұң қонса, мұнар қонса,
Көлденең жұрт жайыңды ұғар қанша.
Көңіл күйі көксеген шертілер ме,
Домбыраның ішегі сыңар болса?
Жай-күйінен жанымның беріп хабар,
Бəлкім, саған бұл əнім серік болар.
Оңашада ой кешіп отырғанда,
Терезеңе құстайын келіп қонар.
Таң оянып,
таққанда шолпысын Күн,
Көк теңіздей көңілің толқысын мың...
Саған, жаным, тапсырдым аманатқа
Сол əнімнің тағдырын – сол құсымның!
* * *
Көңілдің өзің едің жыр-думаны,
Кездеспей кеттік біздер, кім кінəлі?
Көгеріп еккен шыбық,
Көктем шығып,
Қылтиып келе жатыр қыр құлағы.
Қосылып жер мен көктің əні бірге,
Айналды тіршіліктің дəні гүлге.
Көп сырға куə болған ауыл кеші
Кетпей жүр көз алдымнан əлі күнге.
Көктем де сенсіз мынау күзге лайық.
Қыз едің жалғыз өзің жүзге лайық.
Жат көзіне беймезгіл іліктің бе,
Жүргенде жар болар деп бізге лайық?..
Күтумен өтсін мейлі қалған жасым,
Ақ жүрек жалғыз сен деп армандасын.
Жайымнан хабар алмай қайда жүрсің,
Жазерке жарығым-ау, жаннан да асыл?
* * *
Сен маған қарамағын мұнар көзбен,
Өткенмін сылқым бикеш сынар кезден.
Ақшулан Алатаудың аңғарындай
Менің де көкірегімді тұман кезген...
Одан да тұнжыр түндей тұнып қара,
Ынтығып, ындын құртып, ырықты ала.
Құрбыңның базынасын құлағыңа іл,
Кеудеңнің қазынасын құлыптама.
Ерке наз ерітер ме сілті-мұңды,
Қай жерде жүрегіңнің кілті ілулі?
Жетерлік ғұмырыма лəззəт сыйла,
Көңілім саған қарай ұмтылулы.
Құс қанат кірпігіңді қалтыратпай
Қадашы қара көзді сəл тұрақтай:
жанымда тоғыз балдық толқын ойнап,
Бір сезім кетсін мені шарпып оттай!
* * *
Өзіңді періштемен бір баладым,
Бұл сөзім жалған емес, шын, қарағым.
Көңілге тойымы жоқ шара бар ма –
Бір мезет көрмей қалсам, мұңданамын.
Түріңнен айналайын нəзік, бұла,
Қарайтын көзің қандай наз ұқтыра?!
Албырап ақын жүрек жас баладай
Жанымен жақсы көрсе, жазықты ма?
Періштем –
Қанаты бар...
Қанаты жоқ...
Өзіңсіз өмір мынау – қара түнек!
...Баз кешіп дүниеден Лəйлісі үшін
Мəжнүн де қаңғып кеткен дала түнеп!
Қаңғырған, қапаланған Лəйлісі үшін
Мəжнүннің қасіреті қайғысы шын.
Жүрегім – жылы ұямнан ұшып шығып,
Қанатын саған қарай жайды құсым.
Қанатын қағып ұшқан сыңар құстың
Сипатын, сырын сезіп, ұғар ма ешкім?
Қиялмен Арман атты шыңға шығып,
Мен талай мұң жастанып, мұнар құштым...
Аялдап орта жолда көш тұрмаған.
Белгілі бесенеден бес күн ғалам.
Лəйлідей қыз екенің лəзім болса,
Мəжнүннің махаббатын кештір маған!
* * *
Атқанша таң,
Жиекке батқанша Күн
Байыз таппай өзіңді тəтті аңсадым.
Көз алдымнан кетпеді,
жар көрпесін
жарым түнде жамылып жатқан шағың...
Кірпігіме інжуін ілгендей мұң,
Өң мен түстің ішінде жүргендеймін.
Əнтек ашық алқызыл ерініңнен
Айта алмаған сөзіңді білгендеймін.
Қоштасқаның есімде қимай ғана...
Көзім алды – көкмұнар, мидай дала.
Өзге түгіл беймəлім өзіме де
Үйді айнала бергенім, үйді айнала.
Аман жүрек,
сау жүрек,
есен жүрек
қалса қайтем қапыда есеңгіреп?
Бір өкініш өзекте өкситіндей:
«Кезегіңді өткердің, кеш енді» – деп.
Өксіп жатыр,
келгенмен тұншықтырғым.
Жан жарасын несіне ушықтырдым?
Саған қарай ұшатын сыңайы бар
Жүрек құрғыр кеудемнен ыршып бір күн!..
* * *
Күн тусын деп басыма кенен, дарқан,
Өзектегі сөзімді өлеңге артам...
Ай-күніңнің білдіріп амандығын
Хабар алып тұрсаңщы менен, қалқам?
Хабар алып тұрсаңшы күнара бір,
Іздегенің,
Мен болып сұрағаның.
Жер бетінде қыз болып нағып жүрсің,
Біле алмасаң қадірін бір ағаның?
Алдын барлап арман мен мұратыңның
Əлі талай сыр ашып, жыр оқырмын...
Бірегейім деп саған қалай келем,
Біле алмасаң хал-жайын бір ақынның?
Алты қырдың астынан əн қайырған
Тəтті əуезің кетпесін таңдайыңнан.
Құм ішінде құмыққан үнге ұқсамай,
Хабар алып тұрсаңшы хал-жайымнан,
Хабар алып тұрсаңшы хал-жайымнан...
* * *
Көншиді көңіл қалай елесіңе,
Түсетін болып жүрсің көп есіме.
Сені іздеп жиһан кезіп кетсем бе екен
Тəн беріп тəуекелдің кемесіне?
Не қайыр сағынғаннан, сарғайғаннан? –
Қасымнан, қайда жүрсем, қалмайды арман.
Көйлегін көкжиектің көтергіштеп,
Сар сағым аңсар аулап арбайды алдан.
Өзіңе назым бар да, өкпем жоқ-ты,
Қалайша қайрылмасқа өткен кетті?..
Бедерлеп көкала үйрек көлдің бетін,
Көзайым тағы да бір көктем жетті.
Көп өтпей көктем соңы жазға айналар,
Көңілге көрген қызық аздай болар.
Көмілген көкірекке көмбедейін
Көкжалын кеудемдегі қозға айналар.
Елемей ен жайлаған түздің өңін,
Елесің келген жаққа үздігемін.
Ішімнен бір күрсініп аламын да,
Бір мұңды көз-көлімде жүздіремін.
Жүректің жүдеңкілеу таппай бабын,
Қарлығаш қанатына хат байладым.
Күйдіріп табаныңды ақ шағылға
Жүрмісің, аман-есен, ақ тайлағым?..
* * *
Соншалық көргім келді сені, жаным,
Тағатсыз тартып көзің, лебің, əнің...
Ауасыз кеңістікте аласұрған
Дауасыз бұл жүрекке неғыламын?
Алдымнан шықшы көзің күліп тұрып
Қайғымды, уайымымды ұмыттырып.
Кеудесі жақсылардың – алтын сандық,
Кеудесі жамандардың – қырық құлып.
Ырқынан шыға алмайтын үй, қораның
Ынжыққа қалай сені ұйғарамын?
Көзімнің көзесіне мəймілдетіп
Көңіліңнің шарабынан құй, қарағым.
Шарап құй, өтінемін, мұң құймағын,
Мас болсын махаббатқа ылғи жаным.
Арманым бар ма менің, ала бұлтсыз
Алдымнан шығып тұрса Күн-дидарың!
* * *
Сұлу қызға қарап ем – қымсынбады,
Қайта маған қадалды «қыл, сымдары».
Суалды екен қай жерде гүлсім бағы?
Қуарды екен қай жерде қыршын жаны?..
Сылқым қызға қарап ем – қас қақпады,
Бал қылығын байқатты жас шақтағы.
Қолтығынан батылдау қысып алып
Баққа қарай бастап ем, бас тартпады.
Қоңыр қызға айтып ем ынтығымды,
Күлкіге ілді – «Сездім, – деп, – құлқыныңды...»
Содан бері мұң торып кірпігімді,
Содан бері көңілім іркілулі.
Момын қызға қарап ем – жүзін бұрды,
Сүзілдірді,
жанымды үзілдірді.
Жүрегімнің қанына қосқым келді
Ақ жүзіне жүгірген қызыл нұрды.
«Перизаттың періште жолын бұзба,
Өзі келіп қонса да қолыңызға...»
Осы бір сөз есіме түскен сайын
Есім ауып қараймын Момын қызға.
МАХАББАТ КӨЛІ МҰҢАЙДЫ...
Қарлығаш қанат қыз едің,
Үмітті қалай үземін?
Көңілдің мөлдір көгінде
Аққудай жалғыз жүземін.
Жалғыздық жанға жаман, ə –
Жабырқап тұрмын жағада.
Оралармысың қайтадан,
Ақ қанат ару шағала?
Жанардан жаңбыр жауар ма,
Жайыңды, қалқам, хабарла.
Жүздеспей жүру жалғанда
Саған да қиын, маған да.
Көгімнен жұлдыз құлайды,
Өткіздім талай күн, айды...
Аққуын аңсап келетін
Махаббат көлі мұңайды...
* * *
Қырлар қайда қырмызы гүл қаптаған?
Қыздар қайда бұрымы бұлғақтаған?
Өкпелеген балаша томсыраймай
Тілің болса,
Тіршілік,
үн қат маған?
Көкшеқұмар көңілдің пайғамбары –
Бау-бақшаның басынан тайған бағы.
Жапырақтар үзіліп түсіп жатыр,
Жауынгердей оққа ұшқан майдандағы.
Күнді ұрлаған..,
Қырмызы гүлді ұрлаған
Өткен шақтың бейнесі бұлдыр маған.
Жапыраққа жалқау жел жаудай тиді-ау,
Ала жаздай шөп басын сындырмаған?!
Деп жүргенде əніммен əспеттермін,
Алтын күнді қалайша босқа өткердім?
...Тереземнің жақтауын паналаған
Жайын ойлап отырмын қос кептердің.
* * *
Қызығымен баурар дейсің қай бір күн.
Осыны ойлап қамықтым да қайғырдым.
Аруды аңсап айлы кеште айтар əн,
Кешіктің ғой, кемеліңе қайта орал.
Балғын шалғын,
балауса бақ,
бал шағым,
Кірпігіме жақұт тағып, моншақ іл.
Өткен кезді ойлай бермей мен енді
Өкінтсем де, өксітпейін өлеңді.
Қыз көзіне көп қарайтын қу басым
Сезер қайтып сері күннің тумасын.
Сезгені де отырған соң мұң шағып,
Ей, Жастық шақ,
опасыз ба ең,
мұншалық?
* * *
Сыздамашы, жүрегім, сыздамашы,
Қарағанмен қиылып қыз баласы.
Ол құрғырлар деймісің саған ерер,
Қарағанмен, қол бұлғап қала берер.
Мықтыны да тұқыртып тұтқынында
Өз дегенін Уақыт ұқтыруда.
Құлдық ұрып еркіне көнсеңіз де,
Жиырма бес пен опа жоқ Он сегізде.
Алабұртпа, көңілім, алабұртпа,
Сабаңа түс, шөлің бас, шарап ұртта.
Елгезегім, елпілдек, елеңшілім,
Уақыт жасырмайды сенен шынын:
Мұңын шағып мұхит та жағасына,
Тулап-тулап түседі сабасына.
Аса алмай өзендер де арнасынан,
Амалсыз, адасса да, алға асығар.
Таулар да – төбесіне бұлт қонған,
Тіл мен жақтан айрылып, тынып қалған.
Дала да етек-жеңін күлтелеген
Жете алмай көкжиекке діңкелеген.
Сөз саптап кетті деме кемеңгерше –
Сен дағы тұтқындасың өле-өлгенше!
ЭЛЕГИЯ
Өтіп жатқан күндерім бірыңғайлы
Құлағыма сен жоқ деп сыбырлайды.
Тереземе тұтылған түн пердесі
Өз қолыңмен болмаса, сырылмайды.
Қара түннің пердесі көлегейлеп,
Жарық таңнан жатқандай мені өгейлеп.
Жарым түнде қолымды созам саған
«Келші, жаным,
келші енді,
келе ғой...» – деп,
Жарым түннен жеткенше құба таңға
Жылатам да жанымды, жұбатам да.
Саған ұқсап кетеді кең дүние,
Алатаудан күн көшін құлатарда.
Алақанға қондырып асыл айды,
Жалғыз үміт жанымды асырайды.
Кірпігімнен ашылған аумай қалып,
Алатаудан Күн нұры шашырайды.
Өзімшілдеу өмірдің жолы қысаң,
Жайымды айтсам, қалайша жаңылысам.
Түн баласы көз жазып қаламын да,
Жарық таңда қайтадан жолығысам.
Амал бар ма ажалға араны ашық,
Жүректегі қайтейін жараны ашып.
Бүгін тағы келдің де, кете бардың
Көшедегі көп қызға араласып...
* * *
Жай-күйіне кім алаң
Жабырқаулы ақынның?
Жүрегімді жылаған
Жұбата алмай жатырмын.
Көңілім-ау, үр жаңа,
Қандай күйге кезіктің?
Менен шаттық біржола
Кеткені ме безіп тым?
Жанарым да жібіп тұр,
Жас тұнған ба, о несі?
Əлде, əлде... Үміттің
Қайырлады кемесі?..
Тұнық көңіл, пəк көңіл
Бұзылды ма нілдейін?
Тамылжыған тəтті əнім
Үзілді ме, білмеймін...
Жарық күнім дін аман
Жоғалды ма түнге еніп...
Жүрегімді жылаған
Жұбатады кім келіп?
* * *
Аямай жанға жүк арттым,
Ақымақпын ба, қандаймын?
Өзімді-өзім жылаттым,
Өзімді-өзім алдаймын.
Басыма шапты бар қайғым,
Баянын таппай аз бақыт...
Қобыздай қоңыр сарнаймын
Жүректің қылын қоздатып.
«Бəрі де бəрі кеш, – деймін, –
Келмеске кетті кекілдім...»
Өзімді-өзім кешпеймін,
Өзекте өксіп жетім мұң.
Жапанға көзді сатам да
«Қайрылмас, – деймін, –
енді ол қыз».
Осынау жəми жаһанда
Жаратқан жалғыз,
Мен жалғыз.
Жайғанмен жанды алғаусыз,
Еншіме кетті енбей бақ.
Аяулы жаннан аңдаусыз
Айрылып қалған мен – бейбақ.
АРЗУ
Көңіл шіркін жасармайды,
Көкіректе – Асан қайғы.
Тоты қыздар көзіне ілмей
Тосырқайды, тосаңдайды.
Тоты қыздар көзге ілмейді,
Тоқтатқанмен сөз жүрмейді.
Жүрек байғұс жүдеп іштен
Бірдеңені сездім дейді...
Көзде бұлау,
Шашта қырау...
Қайран өмір қас қағым-ау.
Хал-жайымнан хабар алмай
Қайда жүрсің, Жас шағым-ау?
Келермісің, айхой, маған!..
Демеймісің: «қайта айналам...»?
Жан дауысы жүрегімнің
Жетер ме екен айқайлаған?..
ҚҰСТАР ҚАЙТЫП БАРАДЫ...
Қоңыр бұлт Күнгейдің жүзін бөгей
Құстар қайтып барады тізілмелей.
Алқа-моншақ тағынған ару əлем,
Жібек жібің ойда жоқ үзілмегей.
Сыңсығаны құстардың тыншымады,
Арқан керіп алдынан кім шығады?
Қоңыраудан өзгелеу қоңыр əуен
Қоңыр салқын кеудемде тұншығады.
Іздей ме екен шуақты, шұғыланы,
Көлі кəні?
Көлдегі шуы кəні?
Созылмалы бір əуен жүрегімді
Солқылдатып кеудемнен суырады.
Сыз өткендей жар құлақ, жамбасына
Құстар ұшып барады алға асыға.
Жараланған құс сынды қанатынан
Қалбаң-құлбаң қағады тал басы да.
Үзік-созық естіліп аспан əні,
Құстар іздеп барады баспананы.
Жазғандардың жай-күйін ойлай ма əлде,
Жанарынан бұлттың жас тамады...
Құстар үні алыстан құмығады,
Кім түсініп, тілдерін кім ұғады?
Көктеммен бір кешікпей келер деген
Жалғыз үміт кеудемде жылынады.
* * *
Қырлар қайда қырмызы гүл қаптаған?
Қыздар қайда бұрымы бұлғақтаған?
Өкпелеген балаша томсыраймай,
Тілің болса, Тіршілік, үн қат маған.
Көкшеқұмар көңілдің пайғамбары –
Бау-бақшаның басынан тайған бағы.
Жапырақтар үзіліп түсіп жатыр
жауынгердей оққа ұшқан майдандағы.
Күнді ұрлаған,
Қырмызы гүлді ұрлаған
Өткен шақтың бейнесі бұлдыр маған.
Жапыраққа жалқау жел жаудай тиді-ау
ала жаздай шөп басын сындырмаған?!
Деп жүргенде əніммен əспеттермін,
Алтын күнді қалайша босқа өткердім?
...Тереземнің жақтауын паналаған
жайын ойлап отырмын қос кептердің.
* * *
Күттім кешке... ертеңгісін...
Келер деумен еркем, құсым.
Өз дертіммен өзім қалып,
Өкініштен өртенді ішім.
Көл де көңіл бөлмегелі
Жел де мені тербемеді.
Сенсіз жаным жалғызсырап,
Сенсіз жүрек шерленеді.
Күндер легін, жыл керуенін
Жақсы еді ғой бір көргенім? –
Жай-күйімді, сен болмасаң,
Түсінеді кімдер менің.
Көсем көмей, шешен құсым,
Аманбысың, есенбісің?
Қадіріңді кеш біліппін,
Кешермісің, кешермісің?..
АЛАҚАНЫМНАН ҰШҚАН АҚҚУЫМ
Жанарға
Алақанымнан ұшқан аққуым,
Барасың ұзап шалғайға,
Қанатың, қалқам, талмай ма?
Жаныңа медет болғай да
Жазылған тағдыр маңдайға.
Желкілдеп өскен құрағым,
Еркіндеу өскен, шырағым.
Əкеңнің бар ма арманы,
Табылса теңің, сыңарың.
Қарлығаш қанат, қарағым,
Қайырлы болсын қадамың.
Өзіңсің енді елшісі
Енжайлау – екі араның.
Алақанымнан ұшқан ақ құсым,
Бір үйге сен де бақпысың...
Алыстап бара жатқаның
Арқама менің батты шын.
Ағайын, туыс, үй, ана..,
Жақынын жатқа қия ма:
Ақ ордаң, алтын бесігің –
Келіп тұр ұшқан ұяңа.
Жақсыда жаттық болар ма,
Жаманға көңлің толар ма.
Жұбыңмен келіп тұрғайсың,
Жалғыздан-жалғыз оралма.
Қош аман, қызым, қош аман,
Көңілімді қайтем босаған...
Алдыңнан ашсын бағыңды,
Аттаған жаңа босағаң.
АРУ
Майысқан Көкшедегі қайындардай
Мінезі жұмсақ қандай, мəйін қандай?!
Жанары жақұт шашып жалт еткенде –
Жүрегің жайрап қалар жай ұрғандай.
Түспеген хан кызындай тақтан əлі
Толықсып тоты құстай баптанады.
Үлпілдер үр қызындай үкі көзі,
Бүлкілдер бүлдіршіндей ақ тамағы.
Сызылған сазсырнайдай үні қандай?!
Ерні уыз, лебі қымыз, тілі балдай!..
Көрмеде сақтау керек мұндай Гүлді
Жігіттер, көрген бойда жұлып алмай!
* * *
Қасыңа Ай ұрланып келсем дердей,
Қайың да қайыл қалып, теңселгендей.
Тағдырың таразыға тартылғанда –
Салмағың сары алтынмен өлшенгендей.
Жан білмес жүрегіңде жұмбақ бардай,
Құлпыңның құпиясы мың катпардай.
Бір арман көрінбестен қолын бұлғап,
Астынан алты қырдың үн қатқандай.
Жайлаудың жаңбыр жуған жалбызындай,
Жақсының жан екенсің жалғызындай.
Қиырдан көзіме ерек көрінесің
Қиылған қасы-көзі хан қызындай.
Жамалың жаймашуақ жарық таңдай,
Жаһанды жақсылыққа жарытқандай.
Биязы үн, бипаз мінез – жан жиһазы
Төркінін тектіліктің танытқандай!..
* * *
Жарасар қолаң шашың тал бойыңа,
Толықсып Ай қонғандай маңдайыңа.
Уылжып жаңа піскен, жарқыным-ай,
Жігіттің кез боларсың қандайына?..
Тұрсың-ау тиіп кетсе үзілгелі,
Кызығып кімдер саған сүзілмеді.
Құбылған қыз қылығын құптайтындай
Қызғылтым жұқа бояу жүзіңдегі.
Тұрсың-ау түртіп қалса төгілгелі,
Қарбыздай қақжарылып бөлінгелі.
Шым етіп қалғандай ма кеуде тұсым,
Дір етіп қалғандай ма көңіл көлі?..
* * *
Құдайым бəрін саған бере салған:
Көркің бар көрген жанға елес, арман...
Көлденең көк аттының көзі өтпесе,
Тағдыры талай гүлдің неге солған?
Қорқамын мен солардың тіл-сұғынан,
Қиятын қыршыныңнан тылсымынан.
Кеудемнен Күн шыққандай күй кешемін,
Жалт етіп қарай қалса нұр-шұғылаң!
Қанша көз сені күнде ішіп-жейді,
Қанша жан сені өзінше мүсіндейді...
Сұлулық – қыз баланың «Қыл көпірі»,
«Қыл көпір» кімді отқа түсірмейді?!
* * *
Көбелегім,
Көңілімді неге көп бөле бердің?
Көкейдегі сезімді көзбен айтып,
Көргенімде неліктен бөгелемін?
Отырсақ та бір жерде иіндесіп,
Шарасыздың, күйінем, күйін кешіп.
Құбылаға күн ауған шақта мына
Мың құбылды-ау көңілде құйын көшіп.
Өзімді-өзім шегермек боламын да,
Сенделемін сезімнің сорабында.
Өз деміме өртеніп, өксігенмен,
Көздеріңді қайтемін тола мұңға?
«Айға шауып арыстан мертіккендей»
Көкірегім сыздайды дертіп, көнбей.
Ақын да бір Музаның мұңлы үні ғой,
Шер-шеменін кім ұқсын шертіп көрмей.
Жақсы көрсем несіне жазықты едім? –
Сағынады саяңды,
сазып көңіл.
Ерініме басайын... ем болар ма,
Қайда салқын саусағың, нəзік қолың?
Ерініме басайын күйіп-жанған:
Саусағыңды сүйріктей сүю де арман...
Көзіңде ойнап жақұты жарық күннің,
Өзіңдей боп көрінсін дүйім жалған!..
СЕНІ КӨРГІМ КЕЛЕДІ ДЕ ТҰРАДЫ
Көзмоншақтай көлдің көркем құрағы,
Махаббаттың мың бір мақам құрамы,
Тағдырымның таусылмайтын сұрағы –
Сені көргім келеді де тұрады.
Сезімімнің шырын-шəрбет бұлағы,
Қиялымның қияңдағы жұмағы,
Жүрегімнің, тілегімнің сыңары –
Сені көргім келеді де тұрады.
Есімді алған есіл жалған тұмары,
Үмітімнің өшіп-жанған шырағы,
Көңілімнің басылмайтын құмары –
Сені көргім келеді де тұрады...
* * *
Сүйесің бе сен мені, сүйесің бе,
Түсіңе еніп, жүрем бе жиі есіңде?
Жүз жыл өтсін, мейлі, мың жыл өтсін,
Мендік мынау жүрекке иесің бе?
«Мезгіл» деген бағынбай шартты ұғымға
Шомылатын шығарсың тəтті мұңға?
Бізді мынау өмірдің толқындары
Жағалауға жаңқадай лақтыруда.
Алдағы күн, кім білсін, қандай болар,
Шамдай жанар бағыт жоқ маңдайға алар.
Мүмкін біздің арамыз жақын тартып,
Мүмкін біздің арамыз шалғайланар.
Мына дүние мен үшін тылсым, бөтен,
Өзге жаққа өзіңмен, құрсын, кетем!
Күндіз күлкі, айрылып түнде ұйқыдан
Сен де өмірден түңіліп жүрсің бе екен?..
Ақ төсекте тұншығып əппақ арың,
Айналды ма, кім білсін, жатқа жарың...
Періштенің ілініп қанатына
Келіп тұрса қайтеді хат-хабарың?
...Сүйесің бе сен мені, сүйесің бе,
Түсіңе еніп, жүрем бе жиі есіңде?
Жүз жыл өтсін, мейлі, мың жыл өтсін,
Мендік мынау жүрекке иесің бе?..
* * *
Алаулап атқан таңдардың
Əуенін бар ма жалғар күн?
Əуелеп ұшқан арманның
Қанатын қайтіп қармармын?
Қайғы да салмай басыма
Қайта бір келші қасыма.
Қол созым жерден қол жетпей
Қор болу деген осы да.
Жадымда кайта жаңғыр да,
Жуындыр жанды жаңбырға.
Айырған екі араны
Амалым бар ма тағдырға.
Менен де өтті пенделік,
Сенен де өтті пенделік...
Уланған уыз сезімді
Уақытпен қалған емделік.
Сырымыз бірге, мұңымыз,
Құдайдың сүйген құлымыз.
Неше бір дауыл соқса да
Солмағай сол бір гүліміз...
Жаралы жүрек жəй ұқсын,
Аурудан таза айықсын.
Сен ғана жанға серіксің,
Сен ғана маған лайықсың!
* * *
«Жаным-ау» десем, жалт карар ма едің,
Жан сырын маған ақтарар ма едің?
Дегбірімді алса қайтемін, қарғам,
Ақбала өңің,
Қап-қара меңің?..
Жайласа желпіп жəй ғана лебің,
Жаныма келген Лəйла ма дедім.
Басыңнан сүйеп, базынамды айтып,
Шашыңнан сүйіп, аймалар ма едім...
Көзің де көлдей тұп-тұнық екен,
(Жылымды қайтем жықпылы бөтен)
Байлаусыз, жіпсіз шырмалған басы
Байқасам, сенің тұтқының екем.
Мен бе екем басы шыр айналғанның,
Қасыңнан, қалқам, шыға алмай қалдым.
«Жайратсам» ба əлде, жаныңды сəби
Сазымен Сағи, Тұманбайлардың?
Жоқ əлде, Сағи, Тұманбай қалып,
Арбасам ба екен жыландай болып?
Отырар ма едің,
Өткінші өмір
Өң бе, əлде түс пе, біле алмай қалып!
* * *
Айым келеді, сүйінші, Күнім келеді!
Күлгені қандай десеңші, күлімдегені?!
Жүргенін көрсем,
Бөлмеге кіргенін көрсем,
Денемді менің дегбірсіз діріл көмеді.
Күнім келеді менің, Айым келеді!
Ай нұрын желең, жамылған қайың денелі.
Ол келсе болды – жамырай алдынан шығып,
Жұмақтың күллі қыздары жайын береді.
Айым келеді менің, Күнім келеді –
Құбақан жүзді,
Гүл өңді,
Құлын денелі.
Əп-сəтте ұмыт болады,
Абыржып іштен
Айбозым таңға көзімнің ілінбегені.
Айым келеді, сүйінші, Күнім келеді!
Албырап гүлдей қызғылт қан жүгірген өңі!
Алтыннан артық алқымнан төгілсе шапақ
Ақ тамағынан ақ таңның сібірлегені!
Күнім келеді менің, Айым келеді!
Айым келеді менің, Күнім келеді!
* * *
Күлкісінен өзінің, күлкісінен!
Күн күміс үн шашқандай бұлт ішінен.
Көшіп кеткен көктемім көз ұшынан
Қайта оралып келгендей жыл құсымен.
Жүрісінен өзінің майда-мəйін,
Аққу көлде жүзгендей айнадайын.
Нəзік назды назымның нақышындай
Əуезіңнен, үніңнен айналайын!
Аш белінен өзінің үзілмелі!
Үлбір саусақ Үсейін жүзім бе еді?!
Көлегейлер көзіңді, кірпігіңнің
Ұзын легі – сүрмелі, сүзілмелі.
Мінезінен өзінің жібектейін!
Тіл ұшында еріп тұр тілек, бейіл...
Қағып-қағып қалғанда қара қасын,
Түн түріліп,
Шегінер түнек кейін.
Өндір өңін,
Қия алмай желге іреңін
Неге сонша тесілем, телміремін?
Жеңе алмақшы емеспін өзімді-өзім,
Не болмақшы жағдайым енді менің?..
* * *
Жанарыңда жаз күні жайнағандай,
Таңдайыңда таң құсы сайрағандай.
Балдай тəтті лебізің балбыратып,
Алпыс екі тамырды жайлағандай.
Жалғыз ауыз сөзіңнен «жаным» деген
Жас жігіттің жүрегі жайрағандай.
Бір мінің жоқ сызылған тал бойыңда,
Қатар өскен ұқсайсың тал-қайыңға.
Қай жігіттің бұйырып маңдайына,
Қай жігіттің қарайсың хал-жайына?
Құдай өзі сұлу ғып жаратқан соң
Күз келсе де хақың жоқ сарғаюға.
Сəмбіталдай сəн қандай, сымбат қандай?!
Жұпар сеуіп маңайды гүл жапқандай.
Үлбіреген еріннен уыз дəмді
Уылжыған бір сезім үн қатқандай.
Зереніңде – көзіңнің тереңінде
Жан баласы білмейтін жұмбақ бардай...
* * *
Қалқам да емес,
Шолпан да емес,
Ай мүсін
Жанарыңа лағыл жаққан Лəйлісің!
Алты алаштың аймағына мəшүүрсің,
Алты əлемнің аумағына əйгісің!
Көкшедегі көрме тектес қайыңсың,
Көрген кісі қайтіп көзін айырсын.
Үр қызынан үркер ерткен қасына
Үлбіреген мақпал мінез, мəйінсің.
Сан сабағы сəусілдеген сəмбісің,
Сымбаттысың, сəукеледей сəндісің.
Таңдайыңнан ери шыққан тəтті əуез
Елестетер көз алдыма таң құсын.
Хан сарайдың ішіндегі Ханшасың
Халайықтың қайыл қылған баршасын.
Көздің жауын ала түскен алмасың,
Жаз бағында жаңа піскен алшасың!
Шырын да өзің,
Шекер де өзің,
Бал да өзің!
Алма мойын,
Талма бойың,
Тал кезің...
Таңғажайып түсті қимай жатамын
Тəтті ұйқыдан оянғанда таңбозым...
* * *
Мен сені неге көрдім түстен кейін?
Болдым ғой əбігерге түскендейін.
Өн-бойым, өзегімді өрт жалайды
У қосып бал шарапқа ішкендейін.
Мен сені неге көрдім күн бесінде?
Көңілім көл түбінде мұң кешуде...
Түнегін түре оянып кетті неге
Жүрегім жата бермей түрмесінде?!
Мен сені көрсем етті əу басында,
Сақина сатып алмай сау басыма.
Қайтейін, қайран дүние, сайран дүние
Қимаса сарқытын да, сауғасын да...
* * *
Шақырма, шақырмашы биге мені,
Ауызым сол құрғырдан күйген еді..
Қарағым, мен мүбада билей қалсам,
Қара жер қамырдайын иленеді!
Ашылып алабөтен Ай қабағы,
Жұлдыздар шыркөбелек айналады.
Қаланың құшағынан қашып шығып
Кетеді əуен кезіп айдаланы.
Қарағым, мен билесем сеніменен –
Еримін,
Елжіреймін,
Еміренем...
Талайлар бұл алаңда абайламай
Табанын шоққа басып... еңіреген.
Қапыда сен де жылап қалма, жаным,
Ашқарақ көзге түсіп алма жағың...
Шабыңнан шайтан түртіп бұл алаңда,
Бұл алаң тамашалар тəн ғажабын.
Қып-қызыл от қой, шоқ қой би алаңы!
Қызылды бүркіт шалар қиядағы.
Құрышын қыршын дүние бір қандырып,
Тынысын тылсым дүние жиі алады.
Қанды ауыз қасқыр күйім, қасқа күйім
Аңдаусыз тамырыңды басса, қиын.
Ақылға бірде алдырса, бірде алдырмай,
Онсыз да жүр ғой ойнап баста құйын...
Шақырма, шақырмашы биге мені.
* * *
Көзіңнен керемет бір сəуле көрдім,
Сəулені ұстаймын деп əурелендім.
Салмағы сары алтындай сен тұрғанда,
Қайтемін қаңылтырын саудагердің?!
Сол сəуле сан құбылып көзді арбады,
Ақында айтылмаған сөз қалмады!
Қолына қона жаздап Ай тұрғанда,
Адамның бола ма екен өзге арманы?!
Қасыңда қасын керіп Ай тұрғанда
Ақынға алған беттен қайту бар ма?!
Ұқсайды талай сезім шертілгенге,
Ұқсайды талай сөзім айтылғанға...
Сағымын кешкен жандай сар даланың,
Сабырсыз шартарапты қарманамын.
Сəуленің сан сиқыры бар деуші еді,
Қалайша қара басып алданамын?..
* * *
Мен үшін жаралғаның анық екен,
Өзгенің əні бөтен, жаны бөтен.
Тəуекел қайығына бірге мінсең,
Аман-сау от пен судан алып өтем.
Бір мінсек тəуекелдің қайығына,
Бата алмас ешкім бізді айыруға.
Аңдыған адам болса соңымыздан,
Ат-шапан төлер ме едім айыбына.
Белгілі сені ешкімге қия алмасым,
Беріліп кетсем, кешір, қиялға шын...
Əзірге қол жетпестей биіктесің,
Əзірге көз жетпестей қияндасың.
«Ештен кеш жақсы екенін» білсең етті,
Кім сүйіп, менен бұрын кім сені өпті?
«Күнім!» – деп күрсіне бір тіл қатқанда
Күлімдеп құшағыма кірсең етті.
Мен үшін жаралғаның айдан анық!
Айымды қайымдаған қай қара бұлт?
Теуекел кемесіне бірге мінсек,
Кім білсін, тоқтарымыз қайда барып...
Мен үшін жаралғаның анық екен!
Өзгенің əні бөтен, сəні бөтен.
Көз жұмып,
Көңіліңді берсең маған –
Аялап алақанға салып өтем!..
Мен үшін жаралғаның анық екен.
* * *
Тынысымды тыңдашы,
Тынышымды ұрлашы.
Оңашаға шақырып,
Орамалың бұлғашы.
Толқын шашың өрілсін,
Күміс күлкің төгілсін.
Құлын денең құлшынып,
Құшағыма көмілсін.
Қунап, тулап құс кеуде,
Білмей қалып түс пе, өң бе –
Періштедей ғайыптан
Ұқсай қалшы түскенге!
СҰЛУЛЫҚ
Сұлулық-ай, сұлулық, жанды жедің.
Жазылмайтын дертім бе ең мəңгі менің?
Əлеміне біржола ендім білем
«Мың бір түндей» ғажайып əңгіменің.
Сұлулық-ай, сұлулық, жанды жедің.
Қашан саған мейірім қанды менің?
Жалғыз ауыз бəдəуи бəйіті үшін
Бар қызықтан баз кешкен бəңгі ме едім?
Сұлулық-ай, сұлулық, жанды жедің.
Бағым ба, əлде сорым ба балғын өңің?
Ойнаса етті қолымда қос бұрымың,
Оралса етті мойныма тал білегің!..
Сұлулық-ай, сұлулық, жанды жедің.
Тараса етті бойыма таңғы лебің.
Сен екенсің, жалғанда жалғыз емім,
Көкірегімнен көшкенше мəңгі демім!..
Сұлулық-ай, сұлулық...
БІР ТАМШЫ КӨДІҢ ЖАСЫНДАЙ
Құмарым қойды-ау басылмай,
Қабағым сенсіз ашылмай.
Көркіңнен əзіз айналдым
Бір тамшы көздің жасындай.
Жабырқап жүрем жəйдан-жай
Жанымды қояр жай болмай,
Алдымнан күліп шықпасаң
Аяулым менің ай маңдай.
Бейіл де бермей, бездірмей,
Бейсəубет жанды көзге ілмей,
Өзгеше күйді мендегі
Өзің де, жаным, сездің ғой?..
Лəззатың болса шекердей,
Қайғың да маған жетердей:
Аһ ұрған сайын жүрегім
Аузымнан шығып кетердей!..
Жайымды айтсам жасырмай –
Жағдайым менің осындай,
Жаным-ау, менің мөлт еткен
Бір тамшы көздің жасындай...
* * *
Құлпырып кетіпсің ғой, жаным, бүгін,
Құйды екен жанарыңа жалынды кім?..
Көркіңнен көз алатын халде емеспін
Көргендей ханзаданың қалыңдығын.
Өзің де ерте бүршік жарған гүл ең,
Армандай арбайтұғын алдан кілең.
Тəніңді Тəңір ием таң алдында
Шуаққа шомылдырып алған білем.
Қараудан жаутаң-жаутаң жалықпаймын,
Қиялдың қанатында қалықтаймын.
Шəмшінің əуенімен шыр айналып,
Жəмшидтің кесесінен бал ұрттаймын.
Ашылса маған қарап сəл қабағың,
Құлқыңа құрақ ұшып жалданамын.
Пейіштің періштесі бола тұрып
Жер басып жүргеніңе таң қаламын.
Мас болам жамалыңа, жанап өтсең,
Қайтеді тəуекелге талап етсем:
Пайғамбар күйеуінің Дүлдүлімен
Жан білмес алыс жаққа ала кетсем...
Қия алмай қияметке қас қағымды,
Жия алмай ес-түсімді, мас халімді,
Қолыма Ай қондырып алғандайын
Аялап отырсам-ау жас тəніңді!..
Жан пида көбелектей жарық шамға
Өртеніп кетерімді жəне ұқсам ба.
Жұлдыздай жерге құлап түсер ме едім
Бір тамшы көз жасындай ағып сонда!..
ЭКСПРОМТ
Саусағың жүзік салған əппақ қана,
Майысып шəй құясың баптап қана.
Тəңірім тал бойыңды шашпай-төкпей
Алтыннан құйған білем аптап қана!
Ажарың адамзаттан бөлек екен
Алдырмас аңызаққа, аптапқа да.
Түнегің тілегіңе көне қоймас,
Жүрегім, алабөтен атқақтама.
Əр қимыл, қылығыңды əнге қосып
Жүрейін жұрт алдында мақтап қана.
Соңыңа түсіп алып ойда жоқта
Сорыңа кезікпегей батпақ қара…
Тап келгей таланыңа таңдағаның
Табаны таймайтұғын қатқақта да.
Табысса Ай мен Күндей екі жақсы –
Бесікте тайдай тулап жатпақ бала.
Бал беріп, қаймақ беріп əке-шешең
Жүр екен сені кімге сақтап қана?..
* * *
Көзіңдегі бір мұңды,
Көңіліңдегі кірбіңді
Өшіргім келді,
Көшіргім келді өзіме.
Мұңың тұңғиық екен,
Шыңың тым биік екен,
Екі аралықта сенделдім.
Қабағың – қалың сыз екен,
Жанарың жалынсыз екен,
Сəтіңе самсоз кез келдім.
Көргенім: көз – көлің екен,
Көңілің – безбенің екен,
Мезетте мың-сан құбылдың.
Тұңғиық түбіне көлдің
Келгенмен үңіле бергім,
Əдепке лажсыз жүгіндім.
Тұныққа шым батсам ба екен,
Тұншыға тіл қатсам ба екен
Тұңғиық тылсым тереңнен?
Құрдымнан құтқарармысың,
Құлқыма құп қарармысың,
Татқызып тəтті у зереннен?
Жаныңнан шыға алмай қалдым,
Жай-күйді ұға алмай қалдым,
Жаным-ау, айтшы, бұл қалай?
Қазандай түпсіз қайнаған,
Жігітті жіпсіз байлаған
Жаныңның осы жұмбағы-ай...
...Тағы да жамылдың мұңды,
Тағатсыз сағындың кімді
Жанардан жасың сырғанай?
Үміттің іргесіндегі,
Түнектің түрмесіндегі
Жүректің жүрдек ұрғаны-ай!..
* * *
Лебізіңе сеніп ем шырын, майда,
Кешегі айтқан уəдең бүгін қайда?
Келіссек те кергімей,
кері кетіп,
Келмей қойды-ау дүние бір ыңғайға.
Кенде емес ең ақыл мен ойға мүлде
Бостандығың бодансыз бойға мін бе?..
Есігіңнің тұсына мені еріксіз
Қарауылдай қаздитып қойғаның не?
Құладүзге көз сүзген Құнажыным,
Ұнай қойған жоқ маған бұл «əзілің».
Жер түбіне жетелеп кетті ме, əлде
Желікқұмар кешегі бұла жының?..
ҮКІЛІ ƏНШІ
Үкі емес, тақияңа бұлт қонғандай,
Арбалып əуезіңе жұрт қалғандай.
Һаронның ханшалары қасыңа еріп,
Һайямның бал шарабы ұртталғандай...
Қара шаш секілденіп қап-қара түн,
Жайғандай айдынға аққу ақ қанатын.
Аһ ұрып арман-дүние, жалған-дүние,
Жалт беріп дəл осылай жоқ болатын.
Жəудір көз, ұзын кірпік, қара қастым,
Қай жаққа жүрегімді ала қаштың?
Айдыннан əуеге ұшып ғайыптайын
Əп-сəтте ақ сағымға араластың.
Жаратқан жұлдыз жағып маңдайыңа,
Жарасар бүрме көйлек тал бойыңа.
Жанарды жаутаң-жаутаң тастайсың кеп,
Таң алды бұлбұл қонып таңдайыңа.
Ақ жүзің елестетіп толған Айды,
Бал сезім саусағыңнан сорғалайды.
Жазмыштан, жазатайым жат көзінен
Қызғыштай жаным сені қорғалайды.
Шырқалған əлсін-əлсін əнің қандай?!
Алқынар əппақ төсің дамыл болмай.
Тілегім тіл ұшына келіп-кетіп,
Жүрегім жүрісінен жаңылғандай!..
* * *
Ағашқа қаққан сынадай
Арамызға еніп нең бар, Қыз?
Жай білгің келсе сұрамай –
Жаратқан жалғыз, мен жалғыз!
«Қайтатын жол жоқ райдан,
көнемін» – десең өзің біл.
Құдайдың құлын құдайдан
Бөлемін десең, өзің біл.
Алқара аспан, маң дала
Үйі ғой біздей пенденің.
Адамға емес, Аллаға
Боласың енді сен келін!
* * *
Қыпша белің қылдырықтай,
Омырауың бұлдырықтай.
Бұйра толқын қара шашың
Ай тығылған түнгі бұлттай.
Қимылдасаң, үркіп төсің,
Қиылады кірпік, қасың.
Дегбірді алып демігесің,
Дегендейін жұрт ұйқтасын.
Талып сүйсем – тұншығасың,
Жанып сүйсем – қымсынасың.
Құлқынына құшағымның
Бір кіресің, бір шығасың.
Қолаң шашың арқадағы
Қолтығыма тарқалады.
Алқымыңнан əтір аңқып,
Ерініңнен бал тамады.
Сезіміңнің ірке көшін
Жанарыңнан нұр төгесің.
Жалынымды өшіре алмай
Жабығыңды бүркенесің.
Ие болмай ырқыңа шын,
Буырқансам, бұлқынасың.
Тігісіңнен сөгілесің,
Қиюыңнан жыртыласың.
Үркек, үлбір, үр денесің,
Бүршік жарып, гүлденесің.
Бүркіттейін бүре түссем,
Түлкідейін түрленесің.
Тұңғиыққа шым батасың,
Тылсымыңды тыңдатасың.
Еміс-еміс есің кіріп,
Əлсін-əлсін үн қатасың...
* * *
Ернім бара береді ерініңе,
Ерке сезім ес-түссіз емінуде.
Алпыс екі тамырың иігендей
Сен де бейғам бейілсің берілуге.
Көзім түсе береді тоқ төсіңе,
Көңіл бейім шоқ көсеп, от кешуге.
Тоқсан тоғыз түймеңнің түгі қалмай,
Тоғыз қабат торғынды оқ тесуде...
Қолым бара береді аш беліңе,
Тоят лазым тойымсыз мас көңілге.
Қамалың да, қақпаң да қаусап калды
Қарсы қайрат қыла алмай лəшкеріме!..
Көңіл ауа береді алма жаққа,
Қалай қайыл қалмассың ол ғажапқа?!
Жазылмаса жұбымыз екен деймін
Ап кеткенше Жəбірейіл Алла жаққа...
ҚИЯЛИ ӨЛЕҢ
Көрсетсе көрікті қыз іңкəр қылық,
Көңілін ауламай ма сұңқар жігіт.
Кенелсе кемді күнге кербез күліп,
Жөнелсе енді бірде шырқауға іліп!
Жанары бір жарқ етіп жарық таңша
Шырқау құз, шың басына барып қонса.
Мұздай құс – мұзбалақ құс мысын басып,
Қыз байғұс естен шала танып қалса.
Көкшеңгел алабөтен қайраттанса:
Жандəрмен жатқан жанға жəйлап қонса.
Кісесі арғымақтың ағытылып,
Мүшесі мүшкіл қыздың жайрап калса.
Ай туып, жаһан жүзі жақұттанса,
Аспаннан анда-санда ақық тамса.
Жаны иіп, жас иістің жанары ұйып,
Ақиық бал қызыққа батып қалса.
Ай күліп, жұлдыз біткен жымың қақса,
Қысылып қыз кірпігін қыбырлатса.
Анарын лашын бүріп жатқан шақта
Жанарын ашып-жұмып бір үн қатса:
– Пірадар, Пірғауыным, Пірім!.. – десе,
Төсінде шырын кесе дірілдесе.
Шашырап шың басына алтын арай,
Шым-шымдап Шығыстан таң сібірлесе...
МАҒЖАНША
Сүй тағы да, сүй тағы да, сүй тағы,
Еркем, гүлім, ернің қандай шипалы!
Ессіз күйде елжіретіп, ерітіп
Бара жатыр жанды, тəнді, құйқаны...
Тағы да сүй, тағы да сүй, тағы сүй,
Еркелеуің, өртегенің – бəрі сый.
Тəңір сыйы емей бізге немене
– Таныс үйде тар төсекте табысу!
Сүй тағы да, сүй тағы да, сүй, жаным,
Лаула, жаула, өн-бойыма құй жалын!
Шапағатқа толсын кеүдем шүпілдеп,
Махаббатқа болсын кəміл иманым.
Сүй тағы да, сүй тағы да, сүй, жаным...
* * *
Бергей де Алла тілекті
Келгей де көктем, жаз айым.
Жаралы жазған жүректі
Тіліммен жалап жазайын.
Қайғының қауып қақпаны,
Қансырап қалған мендейді
Балауыз шамдай бақтағы
Балауса гүлдер емдейді.
Жалғаспай жазға назды əуен,
Жайратып жанды кетіп ең...
Қаз-қатар аққу, қазбенен
Қайта бір келші, өтінем.
Жауқазын жаулап өңірді,
Жамылсын желек жас қайың.
Жаңылтпаш – мынау өмірді
Жаңадан, жаным, бастайын!
Көктей ме көңіл көктемсіз?
Көкседім көне əн сазын...
Өзендей ағып өткелсіз
Өзіңсіз өтті қанша жыл?..
Оянам шошып түсімнен,
Түндігің түнде түрілсе...
Қаптаған елдің ішінен
Қадірің, қайтем, білінсе?
Сергелдең кешкен сезімді
Сенделтпей бері қақпайла.
Біреумен болған кезіңді
Көргенше көзім ақпай ма?!
* * *
Саған қолым жетпесін көктегі айдай,
Ішіңе еніп кетпейін көк тоғайдай.
Алты қырдың астынан үн қатсам да
Алған беттен қайырылып,
тоқтамай ғой.
Саған қолым жетпесін тəтті армандай,
Əбдірені болмайын ақтарғандай...
Амалымнан таусылып, абыржиын
Қамалына қытайдың тап болғандай.
Саған қолым жетпесін созғаныммен,
Борсықтайын болмайын бозға кірген.
Өзеуремей қоя түр елден ерек,
Өлең жаза бастасам өз халімнен.
Саған қолым жетпесін ұмтылғанмен,
Кілтіңді алып, ашпайын құлпыңды əлден...
Жай-күйіме қарама жаның ашып,
Жанарыма жаутаңкөз мұң тұнғанмен.
Саған қолым жетпесін...
Жеткен күні –
Құшағымда қурайды көктем гүлі.
Өміріңнің білтесі өшіп-жанар,
Көңіліңнің мұнартып көк теңбілі.
Саған қолым жетпесін бұл жалғанда,
Шығып кеткен жандай бол тым заңғарға.
Шыбын жаным үстіңе үйіріліп,
Шырыныңды сорайын... бүр жарғанда.
ЭТНОГРАФИЯЛЫҚ ӨЛЕҢ
Талға байлап күреңді, салдым жемді.
Тұлпарымның шашасын шалғын көмді.
Ерттеп алып атымды ен даламен
Еркетайдың аулына барғым келді.
Еркетайдың ауылы есен бе екен,
Ерте көктем еңіске көшер ме екен?
Жүрегіме жасырған жұмбағымның
Жүгермек қыз шешуін шешер ме екен?
Бүгін Айдың нешесі, он бесі ме?
Кербезімнің қылығы келді есіме:
Жүрегімді еркіне беріп ем-ау,
Жүгенімді ұстатып жеңгесіне.
Батып-шығып бұлттың қалыңына
Жарытпаған Ай сонда жарығына.
Қайраңдағы балықтай тулап еді-ау
Қайран жүрек сыймастан қалыбына!
Атқақтап тұр тағы да сол жүрегім
Алдын ала сезгендей жол жүрерін.
Еркетайды есіме алған сайын
Емешегім үзіліп, елжіредім...
Айта беріп қайтейін бəрін жұртқа,
Ай да батып барады қалың бұлтқа.
Таңдай жібіп тілінің шырынына,
Қандай жігіт қызықпас
Қалыңдыққа?!
* * *
Қызға сыр бұрынғыдай ақтармадық.
Қарайды мен қамықсам, бақтар налып.
Қызылдың құйын кезген құмдарындай
Қалыпты қайран бетім қатпарланып.
Қызға əзіл бұрынғыдай айта алмадық,
Өтеді ол шіркін де қайқаң қағып.
Желегі кеше ғана желпілдеген
Қалыпты-ау қайран көңіл майқандалып.
Сұрама бурыл тартқан бастың жайын...
Еңсені ес жидырмай бастың ба, уайым?
Кеудемде бір қысыр мұң қыңсылайды
Қақпанға түсіп қалған қасқырдайын.
* * *
Жас талдай бой түзеген қара суда
Тал бойың таласып тұр жарасымға!
Жаныма жанай келіп жалт бересің,
Жанарға үміт шамын жағасың да.
Жалт беріп сен кетесің,
Мен қаламын,
Еркесі кең даланың – Кермаралым.
Таусылып құмсағаттай демде амалым,
Елеңдеп, есік жақты мен бағамын.
Ашылмас кез келгенге қас-қабағы
Арудың тəкаппарлық – тас қамалы.
Көмкеріп төңіректі жүре берер
Төңкеріп тана көзін тастағаны!
Мен болсам құйып алып мұң жанарға
Қараймын өңге,
меңге,
үр жамалға.
Ішімнен қорғаштаймын:
Хордың қызы
Қор болып кетпегей деп бір жаманға...
* * *
Айналғам мен елеске сенің үшін,
Демейсің: «Тірімісің, өлімісің?»
Титтей де селт еткізбес сезіміңді
Жеңісім, тірліктегі жеңілісім.
Көріктім,
Көз тоярлық көргендім-ай,
Төменге түссең етті төрден былай?
Мұзтаулар қозғалса да мызғымайтын
Мінезді бір өзіңе берген құдай.
Адымы аяқ басса, теріс келіп,
Пендеге қонбайды екен періштелік.
Жүрегің маған деген суи-суи
Бүгінде қалған шығар беріш болып?!
Өзіңмен екен ғой деп бақ келісті,
Еске алдым талма құшақ, тəтті өбісті...
Байқалмай, түс пе, құс па, сол ғажап кез
Басымнан, əттең, ұшты, əттең, ұшты...
Бойыма демі дарып, емі сіңген
Ерте өніп, кештеу піскен жемісім ең..,
Елеңдеп, елегізіп, елесіңді
Іздеймін көшедегі көп ішінен.
Ашылып қарсы алдыңнан ғажап есік,
Көңіліңнен кеттім бе екен таза көшіп?
Тірідей мені өлтіріп алғаннан соң
Үйде, əлде жатырмысың, аза кешіп?..
* * *
Мен сені жақсы көрем баяғыдай,
Жанымды жақсы көрген ая, құдай.
Жалп етіп өшер шамдал, жел үрлесе,
Жалт етіп өтер жалған жай оғындай.
Жалт етіп өтер жалған сенен, менен...
Қалайын жайымды айтып өлеңменен:
Алдыңнан шығар ем-ау алып-ұшып
Бір ауыз сөзің болса «келем» деген.
Өзіңді теңей де алман ешкімге мен,
Обалы кімде гүлдің кеш гүлдеген?
Алдыңнан шығар ем-ау алып-ұшып,
Бір ауыз сөзің болса «кештім» деген.
Арадан аялдамай ай, жыл өтті,
Қайтейін, қайғы жетті – Лəйлі кетті.
Қашықтық жұбатпайды жай көңілді,
Ғашықтық жылатпайды қай жүректі?
Жазалап жалғыз сəтім жазым басқан,
Қинайды жан жарасы жазылмастан.
Аялсыз көңілімнен көктем көшіп,
Баянсыз барады өтіп жазым бастан.
Мен сені жақсы көрем баяғыдай,
Жанымды жақсы көрген ая, құдай.
Жалп етіп өшер шамдал, жел үрлесе,
Жалт етіп өтер жалған жай оғындай.
Мен сені жақсы көрем баяғыдай...
* * *
Əн айтсам теңселесің, тербелесің,
Теңіздің мінгендейін жел-кемесін.
Осынау үнсіз, мұңсыз қалпыңменен
Жаныма ем бересің, дем бересің.
Əн айтсам тербелесің, теңселесің.
Қинайды қиналғанда емші емесің.
Адаспай өң мен түстің арасында
Есіктен енші Елесім, келші Елесім.
Əн айтсам тоқсан тоғыз құбыласың,
Не біліп, нені ішіңнен ұғынасың?
Шығыстан шұға киіп шыққан Күндей
Көңіліңнің көрсем етті шұғыласын?
Əн айтсам өзіңді-өзің ұмытасың
Құшақтап Ұлытаудың ұлы тасын.
Білтеңді өшіп-жанған үрлей-үрлей
Діңкемді сонша неге құрытасың?
Əн айтсам...
Жо-жоқ, енді доғарайын,
Өзіме, өзеуремей, оралайын.
Тұрайын айдалада қалғып-мүлгіп,
Ай қонған төбесіне моладайын...
КЕШЕГІ КЕРБЕЗ ЖИЫРМА БЕС...
Кешегі кербез мəз емес жігіттің жайы –
Тақырдай қаңсып таусылды жіліктің майы.
Төзімді жалап-жүқтаған төсекке ене
Өзеуреп өшіп қалады қос өкпе неге?
Шіреніп тұрып тартатын адырна кəні?
Қауқарсыз неге, құдай-ау, қазіргі амалы?
Белдегі қуат, бойдағы бесатар қайда?
Тимеді атқан бытырам кеше торғайға...
Желөкпе қызды жетектеп желпінетін едік,
Жетпегір жүрек неге ерте ентігеді келіп?
Опалы тұста оталмай білтелі мылтық,
Күн өткен сайын барады діңкені құртып.
Қолыммен сипап қоямын қорамса сыртын,
Кешегі кербез Жиырма бес оралса, шіркін!..
* * *
Маңдайлы қыз,
Ұсынған балдай қымыз,
Бал қымызбен жібіттік таңдайды біз.
Сіздің жақта жауқазын бал-бұл жанып,
Біздің жақта салпы етек сарғайды күз.
Сіздің жақтың қауымы сауыққұмар,
Саумал самал санаңды сауықтырар.
Сəл жел тұрса, үзіліп сағағынан
Біздің жақта жапырақ жауып тұрар.
Сіздің жаққа ұзамай жаз келеді,
Сəнді бақты сəруəр саз көмеді.
Алда-жалда болмаса, Жаратушы
Біздің жаққа көңілін аз бөледі.
Сіздің жақтың əні мен сəні бақта,
Тарқамайды тамаша таң ұзаққа.
Біздің жақтың егіні ерте орылып,
Адырлары айналды аңызаққа.
Жеті муза жетелеп жеті мұңды
Бір сапарға бел буып, бекінулі.
Сіздің жақтың қауыны жаңа пісіп,
Біздің жақтың кездігі кетілулі...
ҚАРЛЫҒАШЫМ, ҚАНАТЫНАН ЖЕЛ ЕСКЕН
Кəмилаға
Телефонның ар жағынан үн қатшы,
Тереңіне телегейдің шым батшы.
Түнегіңнің күрсінгенін күшейтіп,
Жүрегіңнің дүрсіл-демін тыңдатшы.
Алдарқатшы əуезіңмен, үніңмен!
Таңдайыма бал тамызшы тіліңмен.
Жалғыз тамшы жарып өтсін кеудемді
Жаратқанның кірпігіне ілінген.
Телефонның ар жағынан бер келші,
Еркіңмен кеп,
Дертімді емдеп, дем берші.
Жас шағымның жалауындай желбіреп,
Ақ сағымның аясында тербелші.
Телефонның ар жағынан үн қатшы,
Көрдей қуыс көкірегіме Күн жақшы.
Жанарыма үйірілген жасымды
Жалғыз ауыз лебізіңмен құрғатшы.
...Телефонның ар жағынан тіл қатшы!..
* * *
Көз алдымнан сағымдай сен көшкелі
Айдарымнан аңқылдап жел де еспеді.
Қарашадан қаймығып қайтқан құстар
Қайта айналып көліне келмес пе еді?..
Жабыққанда табылмай жанашырым,
Жалғыздықтың сезіндім жаңа сырын.
Жүрегімнің түбіне түсіп кетті
Жəудіреген жақұттай қарашығың.
Көзің менде,
Ал өзің... шалғайдасың,
Жазылмаған жанбысың маңдайға шын?
Өз қағынан құлан да безбеуші еді..,
Хабарыңды берсеңші, қандай жансың?
* * *
Іздеп жүрген інкəрім-ау жер-көктен,
Қандай ана сені туып, тербеткен?
Түнделетіп түрің мынау ендігі
Жүрегімнің түпкіріне төрлеткен.
Жүрегімде төркіндеген Мейманым,
Қандай жан ең қымбат, жұмбақ, беймəлім?
Меніменен бір кешкелі келдің бе
Бейопалау бұл өмірдің мейрамын?
Төрле, төрле!
Жан мекенін, ал, жайла!
Тамыр бойлап тарап кетші тал бойға!
Алмағайып тағдырымның, апырмай,
Сен бе екенсің жазылғаны маңдайға?..
Көздеріңнен айналсам-ау мойылдай,
Түгесілмес түпсіз менің ойымдай...
Таусылмайтын болармысың, қызығым
Табиғаттың таңғажайып тойындай!
Əлде, əлде... емексіткен елес пе ең
Ғайыптағы Періштемен тел өскен?
Қайдан ұшып келіп едің қапыда
Қарлығашым, қанатынан жел ескен?
Тал көркіңді тамашалап таңғы арай,
Тəтті ұйқыдан баз кешкендей бар маңай.
Жалын жалап, отқа өртенген Пəруана
Беу, жалған-ай!
Бебеу қаққан арман-ай!..
Хан қызындай қасы-көзі сүрмелім,
Сені көрмей тыншымайды-ау бұл көңіл!
Балқан таудан балқып шыққан Айдайын
Айналайын, аман болсаң, бір көрін!..
* * *
Жүрегіңнің атқақтауын байқасаң,
«Жүрісіңнен айналдым» деп айта сал.
Сергелдеңнен шығар ма едің, кім білсін,
Сезіміңнің жұмыртқасын шайқасаң...
Сол сезімнің құлымыз ғой Сен де Мен
Тəңір жазған тағдырыңа көнбеген.
Періштенің дəргейіне зар болып,
Зорлық пенен қорлық көрген пендеден.
Келемежі келтіретін күлкіңді
Ұлы жұртта ұғып жатыр кім-кімді?
Қорым жақтан қоңыр баққа қол созған
Қойсайшы бұл Көңіл деген шіркінді!
Көкаттыға көрсете алмай мықтылық,
Көгілдірім ылайланды тұп-тұнық.
Нəркес көзден нəр татпаған қу нəпсім
Түніменен Айға қарай шықты ұлып...
Түніменен шеше алмай бір жұмбақты
Түндігімнен Үркер үнсіз ым қақты.
Қара басып...
Жағаласып Елеспен,
Жарығым-ау, мені қандай жын қақты?
Өзді-өзіңмен оңай ма екен алысқан? –
Азу тісін ақситады Арыстан.
Күнім менің, көкжиекте күмілжіп,
Үнің сенің естіледі алыстан,
Сүйіктім...
ШҰҒЫЛАЖАН
(Қытайдан келген биші қарындасқа)
Елжіреп ескен желдей Құбыладан
Еркімнен айырдың-ау, Шұғылажан.
Жел керген желбегейін желқайықтай
Желпініп сала берді-ау бүгін ағаң!
Көркіңді көк тəңірі мүсіндеген
Көрсем-ау тым болмаса түсімде мен...
Көзіңнің, тұнығын-ай, тұнжырын-ай,
Шараптай кеседегі ішілмеген.
Жастыққа тимей жүрген жар құлағы
Мен едім алты алаштың арғымағы.
Шынымен арулардың елі екен ғой
Алтайдың біз көрмеген арғы жағы!
Білсем де бұл жүрекке ем жоғына
Кеудемді ашқым келді кең жарыла.
Ағаңды ақ тұманда адастырып,
Сен де ұшып кетесің-ау ел жағыңа.
Ай нұры дірілдеген келбетіңде
Аққусыз айналмай ма көл жетімге.
Хабарын жел ғана айтар қарағым-ай,
Қайтейін, аман жүрші жер бетінде...
ВИОЛЕТТА
Мамырда,
Маңайында мия көпте
Жамырап гүл өседі қия бетке.
Сол гүлді жалаңаяқ белден кешіп
Екеуміз беттесек-ау Қияметке,
Виолетта...
Ақ төсін айдындайын дірілдеткен
Апырай, əуезді еді үнің неткен?!
Исең-ау ақ жүзіңді бермен қарай,
Сүйсем-ау шөпілдетіп шырын беттен!
Жай алса жүрегіңнің нақ төрінен,
Кім кімге бұл жалғанда жат көрінген.
Кетсем-ау шоққа айналып құшағыңда,
Өпсем-ау оттай жанып тəтті еріннен!
Ынтызар ықыласыма ыңғай берген
Сыныңнан айналдым-ау сымдай керген!
Құшсам-ау жұмарланып құс төсекте,
Қыссам-ау құмар қанып қылдай белден!
Періге ғашық болған Серідейін*
Ериін,
Елжірейін,
Емінейін...
Өзіңмен Қияметке ұзар болсам,
Қайтудың қажеті не кері кейін?!
ПЕРІШТЕГЕ ҒАШЫҚПЫН
(Топтама)
Періштеге ғашықпын, пендеге емес,
Мен білетін ол шіркін елден емес.
Күні бойы есімнен бір шықпайды
Түні бойы түсіме енген Елес.
Елесімнің бағамын қас-қабағын:
Ішпей-жемей көркіне мас боламын.
Ай сəулесін аялап алақанда,
Жұлдыз жырын, айтады ол аспан əнін.
Аспан əнін –
Боздатып бостан əнін
Жаспен жуып отырар жас жамалын.
Қарағанын қайтерсің қарағымның,
Екі бірдей төңкеріп тостағанын!
Қарағанын қайтерсің қарағымның
Жанын жапа,
Жайлап ап жанарын мұң...
Мен ғашықтың назарын наз деп ұғып,
Мен ғашықтың азабын жаңа білдім!..
Жаңа білдім,
Кеш білдім,
Кеш ұғындым...
(Елес көрсе шықпайды есі кімнің?)
Тілің бар ма, күнім-ау, үнің бар ма,
Тым болмаса айтсаңшы, есімің кім?
Есімің кім, Періштем, Пірəдарым?
Еркесіме ең сен де əзіз бір ананың?
Қоншы бір сəт қолыма, ұшып кетпей,
Қалшы бір сəт қасымда, сұранамын?..
* * *
Алып кетші аспанға мені, жаным,
Қара жерде қалқайып неғыламын?
Бүгінде қайырымның халі мүшкіл,
Бүгінде шайырыңның шері қалың.
Алып кетші аспанға, қиыр жаққа,
Қара жер маған мəңгі бұйырмақ па?
Ақын кімді, апырай, арқа тұтпақ,
Бақыр ғұрлы қадірім, сыйым жоқта?..
Алып кетші көгіңе – ана ауылға,
Аңсарым да сол менің, қалауым да.
Қарап өлгім келеді ақ жүзіңе
Қара жердің қалғанша қамауында.
Алып кетші...
* * *
Түсіме тағы да ендің, тағы да ендің...
Дертіме дауа іздедің, дəрі бердің.
Қидың-ау маған бола ғұмырыңды,
Үйдім-ау бір басыңа əбігер, мұң,
Түсіме тағы да ендің, тағы да ендің...
Апырай, сəні екен ғой Аққу көлдің?!
Əп-сəтте Аққу сынды ақ түрге ендің.
Шер-мұңмен шегендеулі шермендеңе
Ерніңнен еріп-балқып тəтті у бердің.
Түбіне тұңғиық бір баттым көлдің...
...Түс көрдім, қара судан қайық көрдім,
Қасыма қанатыңды жайып келдің.
Қолыма қона беріп ұшқан құстай
Тағы да ғайып болдың, ғайып болдың,
Жерді емес, көкті, бəлкім, лайық көрдің.
Ғайып болдың...
* * *
Періштенің суретін
Пенде қайдан сала алсын:
Желбір, мөлдір су бетін
Желпіп өткен самалсың.
Жаратқаннан жаралып,
Екі мəрте тумайсың.
Таңғы ауаға таралып,
Көлден ұшқан будайсың.
Кейде шаттық, кейде мұң
Қыздың жəннəт жанаты.
Үлбіреген көйлегің –
Көбелектің қанаты.
Саф сəуленің сынығы
Шадыман шақ, шат қалпың.
Қара көздің тұнығы –
Маусымдағы мақпал түн.
Тылсымнан тіл қата ма
Қас пен қабақ, ақ мандай?..
Жанарыңнан, о, тоба,
Бейіш шамы жанғандай!
Жүрек құрғыр бүлк етті,
Дір қаққанда төс əппақ.
Екі бірдей үркекті
Қойды екен кім қосақтап?..
Ауға түскен балықты
Аужайлайды тəн əппақ.
Ақ тамаққа қалыпты
Жалғыз ноқат қонақтап.
Тандайыңнан тамған үн
Елестетер таң құсын.
Жау-жарақсыз жан-жағын
Жаулап алды-ау тал-мүсін!
Жанарға нұр жалатқан
Асықты, əне, Күн тауға.
Сендей жанды жаратқан
Жаратқанға мың тəуба!
* * *
«Қайда беттеп баратсың, – деп, –
əу, батыр?»
Екеуміздің арамызда тау жатыр.
Ғұмыр жетпес тауды айналып өтерге,
Қаңғырудың қажеті не бекерге?
Төте жол да жоқ екені белгілі,
Не болмақшы тағдырымыз ендігі?
Естірмісің атыңды атап «əу» десем?
Əудем жерде жүр ме екенсің əлде Сен?..
Жаңғырығып сала берер тау іші,
Тамшының да талып шықса дауысы.
Жоқ қой бірақ ол немеңде тіл де діл,
Жан даусыма жауап берер кім менің?
Сен ар жақта... Мен бер жақта зар қақтым,
Арамызды жібереді жалғап кім?
Көкжиекке көмілді, əне, көшіп Күн...
Айды да анау айғайыммен шошыттым.
Үңірейген түн ішінде шоқ бүркіп
Үкі көзді Үркер де анау кетті үркіп.
Жан сарайын жарық етер бар ма шам?
Атар екен алаңсыз бір таң қашан?..
* * *
Жағасында желбіреген желегі
Көзің сенің мөлдіреген көл еді.
Қарашығы əлсін-əлсін дірілдеп,
Қайсыбірде қараушы еді күлімдеп.
Қайда сол бір көзмоншақтай көл тұнық?
Əлде... мені алғанбысың өлтіріп?
Сүмбіл кеште суда жүзген Ай қайда?
«Ай қайда?» деп бассам ба екен айғайға?
Құдайым-ау, құжынаған құс қайда?
Бірі келіп, бірі қонып...
ұшпай ма?
Қос өкпесін жүгіретін қолға алып
Көрінбейді желең көйлек жел нағып?
Шөпілдетіп сүйген сұлу қайранды
Мақпал жұмсақ майда толқын қайда əлгі?
Желбесікте тербегендей жер-көкті
Баяғыдай бір қарасаң нең кетті?
...Жағасында желбіреген желегі
Көзің сенің мөлдіреген көл еді.
Мені мүлдем алғанбысың өлтіріп –
Қайда, қалқам, сол бір мөлдір көл тұнық?..
* * *
Бір білерім: бұл өмірде Сіз барсыз,
Содан ба екен қыс та айбарсыз, ызғарсыз.
Сұлулықтың сұсы, мысы басқандай
Суық жел де сумаңдамас күзгі арсыз.
Сіз аманда,
Бұл жалғанда Сіз барда
Бұлың дүние құлын қалпын бұзған ба:
Айым менің сүттей тамып аспаннан,
Күнім менің күліп шығар құздан да.
Іздегенде таппай қалсам Сізді мен,
Жұлдыздарға үнім өшіп үздігем.
Кірпіктерім айқасады баз бірде
Көз жасымды өткізгендей сүзгіден.
Дегбірсізді дегеніне көндірген
Дерегіңіз қашан жетер зеңгірден?
Бұл жалғанда күні құрсын пенденің
Күндіз-түні көкке көзі телмірген.
* * *
Санамды салқыны ұрған Перімісің?
Сəуірдің, əлде самал лебімісің?
Жаңылмай, жазбай тапсам, жазығым не,
Жаралған жан екенсің менің үшін.
Мен үшін рас болса жаралғаның,
Сездірші тордан шығар шамаң барын.
Құмында құлан жортқан қу медиен
Мен де бір Барсакелмес аралдамын...
Мен үшін жаралғаның анық, қанық!
Бұл сөзді қайталаудан жалықпалық.
Қара түн жамалыңды көрсетпейді
Қанатын Қарақұстай қағып қалып.
Көлеңкең күндіз бар да түнде ғайып,
Күн батып,
Ай туғанда бір болайық.
Құдайдың көктен түскен Періштесі
Құдай-ау, маған емей, кімге лайық?!
* * *
Тəн лəззатын таба алмай, жан құмарын
Сан жұлдызға телміріп сандырадым...
Көзіңдегі көліңді сарқып ішіп,
Қашан ғана шөлімді қандырамын?
Талшыбығым,
Майысқақ талқұрағым,
Сенсіз қалай күн кешіп, қам қыламын?
Жалын құшып, жан-денем оттай ысып,
Балыңды ішіп тауыса алмай балбырадым.
Тоқтау білмей тоңмойын арғымағым,
Толқын-толқын сезімді жарға ұрамын!
Алып қашып барады əлдене күш
Қайтқызбай да айтқызбай арғы жағын...
* * *
Көгілдір дүниенің көбелегі –
Түсіме періштелер көп енеді.
Кей күні асқар шыңға алып шығып,
Кей күні аспанға алып жөнеледі.
Ол шіркін бұл жалғанда бар ма, жоқ па?
Жанымды жарылқайтын жар ма, жат па?..
Ақынды аруқұмар алдап, арбап,
Жүр ме əлде əкеткелі Алла жаққа?
Албырап Ай балқиды ақ аспанда
Ақжолтай сəуле бүркіп адасқанға.
Алдына жұлдыздарды шашып тастап
Ақшамда ұқсайды анам бал ашқанға.
Қанаты Періштенің қандай мамық?! –
Барамын кеңістікті маңдайға алып.
Жамалы бұл жаһанның таңдай көркем,
Жанары бұл жаһанның шамдай жарық.
Періштем көк қанатын қағып-қағып,
Барады белгісіз бір бағытқа алып.
Кірпіктен ыршып түскен тамшыдайын
Бір жұлдыз ғайып болды ағып барып...
Бір жұлдыз көктен жерге сорғалады,
Бетке алған жолаушыдай сардаланы.
Кеудемде құйттай жүрек бүлкілдейді
Секілді бұлбұл құстың тордағы əні.
Көгілдір дүниенің көбелегі
Аспанға алып ұшты неге мені?
Əлгі бір ағып түскен жалғыз жұлдыз
Аңдатып кетті, апырай, неменені?
Періштем... тіл қатқанмен, түсінер ме,
Аспаннан жерге қайтып түсірер ме?
...«Жаман айтпай жақсы жоқ» дегендейін,
Бір күні айналмағай түсім өңге...
* * *
Сенде – лəззат,
Сенде – ақыл,
Сенде – көрік.
Сен – Періште,
Мен жүрмін пенде болып.
Алмай қоймас ажалдың елшісіндей
Ауруымнан айықтыр,
Емде келіп.
Көбелектей, тым құрса, көзге көрін,
Жебеушім жоқ өзіңнен өзге менің.
Қанатыңмен желпісең жан отымды,
Қара түннен жарыққа кез келемін.
Қалыңдатпа қайғымды,
Қамықтырма.
Көп күттірме,
Шектен тыс зарықтырма.
Қара түнде қарманып із кеспесем,
Жарқ етпесі белгілі жарықтың да!
* * *
Мен барармын
Немесе сен келерсің,
Көлеңкелі көңілге дем берерсің.
Қиялдағы өң-түсін Періштенің
Түсінде емес, өңінде пенде көрсін.
Айлы кешсің,
Əлде əйбат жарық таңсың,
Бар екенің əйтеуір анықталсын.
Көкірегін нұр жайлап,
Сиқыр байлап,
Көрген жандар есінен танып қалсын!
Əлде серуен
Маңайың, əлде сейіл,
Сəулетіңмен сəруəр сəндесейін.
Əбілхаят суынан ұрттағандай
Алмағайып, ғажайып хал кешейін.
Ұшар едім, қайран-ай, қанат қайда?!
Таусылғандай сабыр мен тағат бойда
Пенделікті жазғанша пешенеме
Періште ғып құдайым жаратпай ма?
Тақырға гүл,
Шыққалы тасқа қына
Байызсыз күн көбейді баста мына...
Елең-алаң кезде бір ес жидырмай
Алып кетші алты қат аспаныңа!
* * *
Алып кетші көгіңе жерден мені,
Жалықтырды жаһанның сергелдеңі.
Кеңістіктің лебі ыстық керімсалы
Емдер ме еді мендей бір шермендені...
Қайда барам қара үзіп сенделгенде?
Періште боп кете алмас пенде өлгенде.
Қарашығым айналып қара түнге,
Қалғып кетіп жүрмейін сен келгенде.
Алып кетші көгіңе ертең, бүгін...
Еркім, сертім өзіңде, еркем, гүлім.
Көз ұшынан көшейін көкжиекке
Көл түбіне батқандай желкенді Күн...
Қайда деме...
Махаббат қайда деме – жүрегіңде,
Шапағат қайда деме – тілегіңде.
Берекем қайда деме – отбасында,
Мерекем қайда деме – көп қасында.
Ай, Күнім қайда деме – аспаныңда,
Байлығым қайда деме – бас жағыңда,
Қайғы, мұң қайда деме – қас қағымда.
Тірлігім қайда деме – таң атқанда,
Ырзығым қайда деме – Жаратқанда.
Жұлдызым қайда деме – маңдайыңда,
Ұл-қызым қайда деме – өн-бойыңда.
Бұлағым қайда деме – тау маңында.
Бұлбұлым қайда деме – бау-бағыңда,
Жауларым қайда деме – шалғайыңда,
Бақытым қайда деме – жан жарыңда,
Базарым қайда деме – балларыңда.
Ажарым қайда деме – таң нұрында.
Ажалым қайда деме – тағдырыңда,
Шырағым қайда деме – Шаңырақта,
Тұрағым қайда деме – қабір жақта...
Жұмағым қайда деме – Тəңір жақта...
* * *
Өткен күннің есте қалар қай күні,
Аққудың да суалмай ма айдыны?
Төлегенше кім сүйеді Жібекті?
Мəжнүн болып кім іздейді Лəйліні?
Бұлбұл қайтсін жадау-жүдеу жат бақты?
Кім өмірден басыбайлы бақ тапты?..
Таңдай қағып Ақан сері айтпаса,
Əнге айналып кетер ме еді Ақтоқты?!
Кім арманда,
Кім шерменде жалғанда?
Сұлулыққа арбалмайтын жан бар ма?!
У мен зəрін ұсынбаса қу дүние,
Шекең шылқып шербетке əсте қанған ба?..
Кім аймалап,
Кімдер мені баурады?
Жалғыздықтан жаным қанша жаурады?..
Адам қайта қуана ма жасарып,
Заман қайта туа ала ма Лаураны?
...Маған да бір керек еді Мадонна,
Таба алмасам тағдырға мін тағам ба?
Маңдайыма жазылған бір Махаббат
Бəлкім, бəлкім, жүрген шығар араңда...
* * *
Па, шіркін, биің қандай, биің қандай?!
Ыстық қан ындыныма құйылғандай.
Сыймайтын сахнаға сылаң қағып,
Сыған да құдайына сиынғандай.
Қайталап қас-қабақпен əн ырғағын,
Мақаммен майда, мəйін мамырладың,
Қунайды құлыншақтай құрғыр көңіл,
Тулайды тыным таппай тамырда ағын...
Есенин есі кеткен Дункансың ба?
Еркімді ес жидырмай құртарсың ба?
Қан қызыл кеседегі шарап болсаң,
Қайран-ай,
қалмас еді-ау бір тамшың да!
...Тағы да босап қалды тостағаным,
Тап содан табылмай тұр басқа амалым.
Көмкеріп жан сарайын сала берер
Төңкеріп тана көзді тастағаның!
Мың мақам жайылғандай мұқым баққа,
Мысықкөз мияулайды мықын жақта...
Көгілдір көбелегім көзден ұшып,
Көңілдің көмейінде жұтылмақ па?
Илігіп иегіңмен ым қаққанда,
Ұқсаймын пері соғып, жын қаққанға.
Қапысыз қанжығамды қандар ма едім,
Қалқам-ай, түсер болсаң шындап қолға!..
Билеші,
Бұлаңдашы,
Сылаңдашы,
Қанғанша қу құлқынның құмар, хошы.
Сиқырлы сазға еліткен, назға еліткен
Ініне қайта кірсін жылан басы!..
* * *
Қарап жүрмей жүрегімді сыздаттың,
Ой – телегей,
Телегейге шым баттым.
Жан-жүректі жарылқар ма екенсің –
Жарым түнде жар төсегін мұздаттым.
Шықпай қойдың,
Шықпай қойдың сен естен!
Лебізің бе майдақоңыр леп ескен?
Іздегенмен табылмайтын қасымнан
Қандай қайыр күтпекшімін Елестен?
Сен – Елессің!
Есі-дертім тек сенде!
Сорым қайнап соңыңа еріп кетсем бе...
Жазған басым жатсам-тұрсам, не шара,
Жалғыз сені, жалғыз сені көксеуде.
Сен – Елессің!
Ем емессің дертіме.
Неге ендеше ерік бердім өртіңе?
Саған ашық жүрегімнің Қағбасы –
Көкірегімнің қуысына кел, түне?
Уа, бармысың, жаһандағы Жұмбағым?
Естірмісің ессіз жанның мұңды əнін?
Сені аңсаумен өтер ме екен арманда
Азап шегіп айым, күнім, жылдарым?..
Уа, бармысың, қара көзім, қалқашым?
Мың жылда да мыңқ етпей ме жартасым?
Əлде, ару ма ең,
Ақтық пенен пəктіктің
Абайсызда төгіп алған алқасын?
Айтшы, қалқам,
Ғайыпсың ба,
Шынсың ба?
Жұмбақ болсаң,
жұлдыз көзін жұмсын да.
Сен Шын болмай,
Елес болсаң əншейін,
Мынау дүние айналмай ма тылсымға?
...Айтшы, жаным,
Ғайыпсың ба?
Шынсың ба?
* * *
Соңы мен бұл өмірдің басы қайда?! –
Аспанда адасып жүр асыл Ай да.
Ақ жүзі алабұртқан, айналайын,
Ақ қарды айналаңа шашып ойна!
Сақ-сақ күл!
Сарқыла күл!
Мəз бола күл!
Намданып нəркес көзің наздана біл.
Қызылы қызғалдақтың қыр астында,
Қызығы қыз қалқаның аз ғана күн…
Айнымай Ай мен күннен қас-қабағың,
Күл, ойна қылығымен жас баланың.
Жалғаны жарық күннің бір-ақ сəттік,
Қалғаны – тəркі дүние,
Таста бəрін!
Сəт сайын жүз құбылып, мың арбасып,
Барады көз алдымды мұнар басып…
Ақ қағаз қаламсаппен қауышқандай
Қалайық қас қағымда жұмарласып!
Түлкідей қарға аунаған түріңменен
Қашсаң да құтылмассың бүгін менен.
Көсілген арқаңдағы бұрымың мен
Төсіңнен айналайын дірілдеген!
Қалайша жамалыңа жан шыдасын?! –
Ақ гүлдей аршыласың, жаншыласың.
Аспан-Жер айқаласқан бұл мезетте
Қызыл қан əппақ қарға тамшыласын...
* * *
Тақуаша табынып Елес-күнге,
Тағдырыммен, білмеймін, егестім бе:
Сия алатын емеспін дүниеге,
Қия алатын емеспін сені ешкімге.
Сенім менен Күдіктің жекпе-жегін
Мен қашанғы басымнан өткеремін?
Жаз бен күзге көршілес жазған басым
Көлеңкесін қоримын көктеменің.
Көктеміме көз сүзген көкаттылар
Сабырымды – сары алтын тонап тынар.
Шертіп қалсаң – шекемнің тамыры ісіп,
Түртіп қалсаң – жүректен қан атқылар.
Мен Төзімнің тауы едім – кеніші едім,
Сен Сезімнің бауы едің – жемісі едің.
Сенімімнен сəт сайын секем алып,
Күдігіммен күн сайын көрісемін.
Көктем мен Күз…
Жаз қайда арадағы?
Қар қылаулап, қаз ұшып барады əні.
Арманымның ақ жібек орамалы –
Енді қашан көлге Аққу оралады?..
* * *
Мені қалап, мені ұғатын жан барма?
Мейіріме қанығатын жан бар ма?
Оңашада қалғанда бұл жалғанда,
Сағынатын, қамығатын жан бар ма?
Қолтығымнан демейтұғын жан бар ма?
Есіркейтін, елейтұғын жан бар ма?
Періштедей пері соққан пендесін
Желейтұғын, жебейтұғын жан бар ма?
Мені сүйіп, ұнататын жан бар ма?
Жылататын, жұбататын жан бар ма?
Құдайына құлдық ұрып, құзырын
Құбылаға құлататын жан бар ма?
Қолтықтағы қос қанатым талғанда,
«Қош дəурен…» деп
қорымжайға қонғанда,
Екі кештің арасында елжіреп
Еске алатын,
Кеш қалатын жан бар ма?
* * *
Көкірегінде көлдей тұнық мұңы бар
Ақын жанын сен ұқпасаң кім ұғар?
Аспанда емес,
Алты қаздың əуені
Алты қырдың ар жағынан құмығар.
Көздерінде көлдей мөлдір мұңы бар
Ақын жанын сен ұқпасаң, кім ұғар?
Қара аспанның қарс айрылып қабағы,
Жаратқанның күні қашан жылынар?
Көмбесінде көпке жұмбақ сыры бар
Ақын жанын сен ұқпасаң кім ұғар?
Жан жұртымнан
(Жатып алмай ен жайлап)
Енді қашан ерір екен сүрі қар?..
ЖАЗЫҚСЫЗ ЖҮРЕК, ЖАС ЖҮРЕК…
Байғұс қыз,
Балаң көңіл байғұс бала,
Қолыңмен жанып тұрған жайды ұстама!
Ұстама!
Өртенерсің,
Дерт емерсің…
Өрт пен дерт өршіп кетсе –
ерте өлерсің.
Қалауың Бақыт па еді?
Қайғы ма еді?
Жаныңа жайлы тимес жайдың оғы.
Салқында,
Сабаңа түс,
Сəл сабыр ет,
Қайғыдан қартаймайды қанша жүрек?..
Бақыт па?
Байыз таппас ол да баста,
Алтынға кім қызықпас жолда жатса…
Жылама,
Көз жасыңды тый, қарағым,
Жылаған сайын қыздар, қиналамын.
Жылама,
Өксігіңді бас, мұңлығым,
Қауызын, қайта гүлдеп, ашсын гүлің.
Күрсінбе,
Айналаңа күліп қара,
Адамның алданышы – Үміт қана.
Аспанда балқи бермес əппақ Айың,
Сен оны қиялыңда сақта дəйім.
Жылайды жұлдыздар да түн ауғанда,
Жай таппас жазған жүрек жылау барда…
Жымишы,
Езу тартшы,
Күлші, кəні?
Төгілсін кірпігіңнен Күн шуағы!
…Өртеніп кетесің ғой, байғұс бала,
Жалаңаш қолдарыңмен жайды ұстама!..
* * *
Қарағым, айналайын, бұраң белім,
Қалайша сені көрмей тынар көңіл?!
Алыстан ат арытып келгенімде,
Алдымнан «ағатайлап» шығар ма едің?
Алыстан ат арытып келгенімде
Керегі бола қоймас жеңгенің де.
Жанымды, ебін тауып, жай таптырсаң,
Жатармын бір-екі-үш күн ең кемінде.
Қарағым, айналайын, бұрымдым-ай,
Күн қайда күліп-ойнар бұрынғыдай…
Қолымның жетпейтінін біле тұра
Несіне саған келіп ұрындым-ай?
Ақ жүзің аршылмаған жұмыртқадай,
Пар келмес ажарыңа ымырттағы Ай!
Көңілім алып-ұшқан басылар ма
Көзіңнің кəусарынан бір ұрттамай?!
Қарағым, айналайын, қырымдағым,
Алдымнан Ай туғанын ырымдадым.
Аузынан əлдекімнің атың шықса,
Шырылдап қоя берер шыбын жаным.
Жігіттің сейіл құрған серісі едім,
Сенделіп,
Сені ойласам, шер ішемін.
Аққудың сыңарындай, шырағым-ай,
Өзіңмен енді қашан көрісемін?..
* * *
Кім екен екеумізді дуалаған,
Ит қосып «Итжеккенге» қуалаған?
Хат жазып Алла атынан ақ қағазға
Күпір деп, күнəлі деп куəлаған?
Кім екен екеумізді дуалаған
Арасын ақ-қараның сұрамаған?
Еңсесін елес құрлы тіктей алмай,
Есіктің аржағынан сығалаған?
Кім екен екеумізді дуалаған,
Аңдаусыз арамызға сыналаған?
Пейіліне пенделіктің нендей шара,
Қимаған қылдай қызын мына маған?!
Кім екен екеумізді дуалаған?
Өзімнен өзге ешкімді кінəламан.
Құдай хақ,
Періште пəк..,
Жан бар ма екен
Жалғанда құламаған, жыламаған?..
Кім екен екеумізді дуалаған,
Ит қосып «Итжеккенге» қуалаған?
Шүбəсіз, əмбеге аян бір ақиқат –
Күнəсіз туды дейсің кім анадан!..
…Кім екен екеумізді дуалаған?
* * *
Өзіңді-өзің несіне алдайсың?
Есі жоқтайсың, есі бардайсың.
Жат үйлік болсам, жадыңнан шықпай,
Бақилық болсам, есіңе алғайсың.
Бағым боларсың, сорым боларсың…
Жанымда жоқсың, жолымда барсың.
Өмірдің өксік өтінен тамған
Мұңды өлеңдерім соңымда қалсын.
Сол ғана болар дертіңе емім,
Шарпылса шердің өртіне демің.
Көгенсіз көңіл, көксоққан өмір
Көнбей де қойды-ау еркіме менің.
Өзіңді, мені несіне алдадың?
Кеңпейіл, кеще кеш ұғар бəрін…
Қаңырап қалды-ау, қайран, көңілім,
Еңіреп қалды-ау есіл арманым!..
Өмірдің сезбей өтерін демде
Түргендер қанша етегін желге…
Ойға да сайға домалап басым,
Қаңбақша қаңғып кетемін мен де!
…Өзіңді-өзің несіне алдайсың?
Есі жоқтайсың, есі бардайсың.
Кінəлі болсам – кешіре алмайсың,
Кешіре алмасаң – есіңе алмайсың!..
* * *
«Ескі арықтан су ағар ылайланып,
Сырласайық екеуміз былай барып…»
Халық əнінен
«Ескі арықтан су ағар ылайланып,
Сырласайық екеуміз былай барып…»
Сабағынан сүзілген Сəмбіталдай
Сағат сайын барасың шырайланып.
«Ескі арықтан су ағар ылайланып,
Сырласайық екеуміз былай барып…»
Бұл жалғанда, құдай-ау, кім бар, кім жоқ,
Жыл артынан келгенше жыл айналып…
«Ескі арықтан су ағар ылайланып,
Сырласайық екеуміз былай барып…»
Қу далада «Қуыспақ» ойнайықшы,
Мен тазы да сен құмай сыңайланып.
«Ескі арықтан су ағар ылайланып,
Сырласайық екеуміз былай барып…»
Көк жұлдызын көзбенен санайықшы
Көк майсаға көлденең құлай қалып.
«Ескі арықтан су ағар ылайланып,
Сырласайық екеуміз былай барып…»
Сол жатқаннан екеуміз тұрмайықшы,
Аспан жерге түссе де шыр айналып!
* * *
Көзіңнен керемет бір сəуле көрдім,
Сəулені ұстаймын деп əурелендім.
Салмағы сары алтындай сен тұрғанда,
Қайтемін қаңылтырын саудагердің?!
Сол сəуле сан құбылып көзді арбады,
Ақында айтылмаған сөз қалмады!
Қолына қона жаздап Ай тұрғанда,
Адамның бола ма екен өзге арманы?!
Қасында қасын керіп Ай тұрғанда,
Ақынға алған беттен қайту бар ма?!
Ұқсайды талай сезім шертілгенге,
Ұқсайды талай сөзім айтылғанға…
Сағымын кешкен жандай сардаланың,
Сабырсыз шартарапты қарманамын.
Сəуленің сан сиқыры бар деуші еді,
Қалайша қара басып алданамын?...
* * *
Жазмышыма жалғанда жанашырым,
Қайда жүрсің мөлдіреп қарашығың?
Қара жолда қалғыған кезім қанша
Қара көзге үймелеп қара шыбын…
Қайда кеткен көктемнің майса бағы?
Қайда кеткен көңілдің жайсаң əні?
Кешкі əуені заузаның кешегідей
Неге кезіп кетпейді сай-саланы?
Ымырт мынау,
Түн анау Айды жұтқан,
Ата алмай тұр қайғыдан қаймығып таң.
Олай-былай аспанды кезіп жүрген
Хабарыңды сұраймын қай бұлттан?
Тірімісің,
Бармысың,
Аманбысың?
Жетті ме, əлде түбіңе «жаналғышың»?
Қанатымен жер сызған қарлығаштай
Қашан қайтып келесің маған, құсым?
Қам көңілді қашанғы қамшылайын,
Жадау тартып барады жан шырайым.
…Қара аспаннан бір жұлдыз ағып түсті,
Қара көзден қарғыған тамшыдайын.
* * *
Жарық күнге жан – малай,
Жарығым-ау хал қалай?
Қарап жүрмей, екеуміз
Қақ бөліндік алмадай.
Қақ бөлінген алманы
Қайдағылар жалмады.
Тағдырымның талғажау
Тамтығы да қалмады!
Құбыжық өң, құл бетпін,
Құла дүзде гүлдеппін…
Іріп кеткен ішімді
Ібіліске індеттім.
Сайтан күлді оң жақтан,
Сайқал күлді сол жақтан.
Арылмады-ау өмірім
Айнымалы сор, бақтан…
Жақыннан да безіндім
Қатыннан да безіндім!
Құлап жатып жыладым,
Жылап жатып көз ілдім…
Мен де бүгін – жарты алма,
Сен де бүгін – жарты алма.
Əжім сызар жүрекке
Əр түскен дақ, əр таңба…
* * *
Мен сені жіберер ем гүл жайнатып,
Балаша еркелетіп, күнде ойнатып.
Қайтейін, бұлың жалған – бұл фəниде
Еншіме бұйырмаса мұндай бақыт.
Мен сені мəпелер ем бал бөбектей,
Айдағы əлдекімді арман етпей.
Ішінде шербет толы шаркесем-ау,
Таусылып қалмашы тек таңға жетпей.
Айтқызбай арзуымды өзі білген,
Айналдым сергек, көргек сезіміңнен!
…Күдікпен талайлардың күні батып,
Үмітпен талайлардың көзі ілінген.
Мен сені аялар ем алақанда,
Оятып тəтті ұйқыдан ала таңда.
Жем тасып жер түбінен жетер ем-ау,
Ұқсасаң аузын ашқан балапанға.
Мен сені жақсы көрем жанымменен,
Жаныма неге ендеше дамыл берем?
Жаратқан,
Жаппар ием, жарық күнде
Басыма не салсаң да қабыл көрем!
ТҮНГІ ЖЫР
Сезімім саған деген салқындады,
Аптығып, алабөтен алқынбады.
Қаласа – қара судан қаймақ тартқан
Қарғам-ау, сол баяғы қалпың кəні?
Қарғам-ау, қалпың қайда сол баяғы?
Қайда сол омыраудың орқояны?..
Көз жетпес, сөз өтпесін біле тұра
Көңілім көктегі Айға қол жаяды.
Көктегі Ай бара жатыр дөңгеленіп,
Желкенін желқайықтай желге керіп.
Жамылып жарым түнде бозаң сəуле
Тұрмысың сол Арманды сен де көріп…
Ай – арман,
Дүние – жалған тез өтпелі,
Беймезгіл біз – жолаушы кезектегі.
«Көзқұмар, көрсеқызар көбелек» деп
Кезінде кімдер мені сөз етпеді…
Сен – жалғыз,
Мен – оңаша түн ауғалы.
Көңілді көлденең кеп кім аулады?
…Сезімге салқынсыған сыңар таппай
Жүрегім жылауда əлі, жылауда əлі.
БОЙЖЕТКЕННІҢ ЖҮРІСІ
Ұшып бара жатқандай қалқып қана,
Қолында ма қос қанат?
Қолтықта ма?
Қолаң шашы төгілген хордың қызын
Ей, дүние, үркітпе, қорқытпа да!
Жүзіп бара жатқандай жəйлап қана,
Айдынға да көз тастап,
Айлаққа да.
Қасы-көзі қиылған қарағымды
Қарауылға қайтесің байлап, бала?!
Ақ тамақты ару қыз, қара меңді
Қай мекеннен адасып, дара келді?
Қалтаңдаған қария,
Көкешіме,
Көзің өтіп кетеді, қарама енді!
Алдында – арман,
Аялсыз алдында Уақыт
Осы ма екен баянсыз балғын бақыт?
Сілекейі шұбырған ей, Бозбала,
Неменеге сілейіп қалдың қатып?
Асфальтыңыз айналып алақанға
Дəн тосқандай Көгершін – балапанға.
Қауызына түсірмей қара таңба
Сəуірден гүл жетсе екен Саратанға…
* * *
Көмескі тартқан шақта көңіл-айнам,
Көріктім, таба аламын сені қайдан?
Тəрк еткен Періштедей пенде жұртын
Алыстап кетесің-ау сен де бір күн…
Қай жаққа сонда қарап телмірермін?
Көнермін,
Көксей-көксей көндігермін.
Жалғыздан-жалғыз қалған сорлы басым,
Отырар шертіп шерлі домбырасын.
Ұласар қоңыр əуен қоңыр мұңға,
Сен анда,
Өксігі мол өмір мұнда…
Көрсетпей көз жасымды тірі жанға,
Ұқсармын Айға қарап ұлығанға.
«Қош, жаным,
Қош, жананым, қош енді» деп
Жетім мен жесір күйін кешер жүрек.
Қайтейін, тағдырымды қарғайын ба? –
Мен – Жерде,
Сен жатарсың жар қойнында.
Жаратқан,
Өзің ғана жар боларсың,
Жаза алмай жазым болсам жан жарасын…
* * *
Өзің жақтан келмеді-ау жылы хабар,
Көшкен күннің көңілде мұңы қалар.
Жетті ме екен түбіңе, кім біледі,
Жын жасырған ішіне Құмыралар…
Көктем келсе жер түгіл көкте гүлдер,
Көрікті гүл кімдерге көп көрінер?!
Жетті ме екен түбіңе, кім біледі,
Желге мініп желіккен Жетпегірлер?..
Көз аяма тығылып жас тұрғалы
Жан жабырқап, көбейді шаштың қары.
Жетті ме екен түбіңе, кім біледі,
Қара ниет заманның Қасқырлары…
Қайыр, мейір барында нан табылар,
Қайғы кешсе, қаракөз қалқа жылар.
Жетті ме екен түбіңе, кім біледі,
Қара басын қамдаған Қалталылар…
Дүниенің меңгерген жеті өнерін
Желіп жүрген жайлауда бөкен едің.
Жетті ме екен түбіңе, кім біледі,
Бірі дөкей, бірі дөй Көкелерің…
Жаратқанның ұмытқан Ұлы Заңын
«Ұлықтардың» бірі қу, бірі залым.
«Жазым бастым, кеше гөр, аға…» деген
Жалғыз ауыз сөзіңе ризамын.
Тумай жатып жаңылған тобасынан
Кімнің кімге бүгінде жаны ашыған?
…Жеті түнде түзеймін желкенімді,
Ай көрінсе бұлттың арасынан.
Өзің жақтан келмеді-ау жайлы хабар,
Алақұйын күндерді ай қуалар.
Сен дегенім – сергелдең Сезімім де,
Ай дегенім – лə-макан Лəйлі болар…
ЕКІ АУЫЛДЫҢ АРАСЫ
Жігіт: – Арасын екі ауылдың алшақ делік,
Не жетсін көріскенге аңсап келіп.
Үкісін үлбіретіп өзің киген
Басылды-ау көзіме оттай кəмшат бөрік.
ҚЫЗ: – Арасын екі ауылдың төбе делік,
Жігітті сізден бөлек елемедік.
Елеңдеп екі көзді талдырғанша
Тұрмайсыз апта сайын неге келіп?
ЖІГІТ: – Апта емес, жүрер едім күнде келіп,
Үйіңнен шығар болсаң бірдеңе ғып,
Сыр ашпай,
Жөн сұрасам, бөгелесің,
Ата-анаң жібермекші кімге беріп?
ҚЫЗ: – Кім сүймес қызылында қыз баланы,
Көңіліңіз неден шошып сызданады?
Ата-анам
Əлпештеген ақ ботасын
Көлденең көкаттыдан қызғанады.
ЖІГІТ: – Арасы екі ауылдың алшақ делік,
Жарасар кəмзолыңа кəмшат бөрік.
Түндігін ақбоз үйдің түріп тастап
Жаныңа жантаяр ма ем шаршап келіп.
ҚЫЗ: – Арасы екі ауылдың қыр-беткейлі,
Кім келіп бұл өмірге, кім кетпейді.
Түзде өскен аңшы жігіт ə дегеннен
Түлкінің алтайысын індетпейді.
ЖІГІТ: – Арасы екі ауылдың қыр-беткейлі,
Көркіңді сипаттауға тіл жетпейді.
Қаншама хордың қызы болсаң-дағы,
Басыңнан балғын дəурен күнде өтпейді.
ҚЫЗ: – Байқаймын, үнің жұмсақ, тілің майда ,
Келсе екен деп тұрсың-ау бір ыңғайға.
Сөзіне сенемін деп бозбаланың
Қыз байғұс қызыл шоққа ұрынбай ма?
ЖІГІТ: – Басыңа киген бөркің құндыз ба еді?
Амалдап ақбоз үйге кіргіз мені.
Өсектен гу-гулеген қашам десең,
Төсектен таң алдында тұрғыз мені.
ҚЫЗ: – Жігіттің біз білетін көбі нашар,
Ілуде бірі ғана көңіл ашар.
Кіремін ақбоз үйге деп жүргенде
Жүрмесін талап тастап Бөрібасар?
ЖІГІТ: – Жаралған Ай нұрынан Ақбөпейім,
Жігіттің, жақсы болсаң, тап көкейін.
Ішіне ақбоз үйдің кіргізбесең,
Аулыма ат ылаулап ап кетейін!
ҚЫЗ: – Арасы екі ауылдың келім-кетім,
Болады көз көрмесе, көңіл жетім.
Аулыңа ат ылаулап апарғанда
Ажарлап кім ашады келін бетін?
ЖІГІТ: – Қаз мойын, қасы-көзі қиылғаным,
Көрерміз, Алла жазса, бұйырғанын.
Жігітке нартəуекел бір-ақ адым –
Арасы Онсегіз бен Жиырманың!
Көрерміз, Алла жазса, бұйырғанын…
КӨГІЛДІР ТҮС
Асу да асу белдеймін,
Аса бір соққан желдеймін.
Өрісте қалған төлдеймін,
Еңісте қалған елдеймін.
Көңілді шермен демдеймін,
Көзімнің алдын көрмеймін.
Дегбірімді алған дүние-ай,
Дертімді немен емдеймін?
Есіркей қоймас күн, айлар,
Ендігі еншім – ылай, қар…
Жаратқан ием болмаса,
Жайымды менің кім ойлар?
Көкжиек өңі – сар сағым,
Алатау басы – арша адым.
Алқымнан алды Уақыт,
Алдымда қалды қанша күн?..
Айға да қолым жетпейді,
Күнге де қолым жетпейді.
Қызыл жел келіп, қар еріп,
Қара жер қашан көктейді?
Көз тоймас қара пішінде
Көктемді көрдім түсімде:
…Көбелек қуып жүр екем
Көгілдір əлем ішінде.
Көгілдір əлем кең екен,
Көбелек қуған мен екем.
Көк көйлек киген көрші қыз,
Періште десем, пері екен.
Көріп пе ем бұрын мұндайды:
Қанатын жерге түн жайды.
Қара түн ішін қақ жарып,
Пері қыз маған ымдайды.
Берекем қашып бесіннен,
Кешірім күткем кешімнен.
Аруды көріп шешінген
Айырылып қалдым есімнен…
Сəулесін саумал Ай бүркіп,
Көзінің жасын Лəйлі іркіп,
Қабатын түннің қақ жарып,
Қанатын жайған қай Бүркіт?
Қаусыра қысып белімді,
Көзіме ажал көрінді.
Пейілі бұзық көк шеңгел
Періні емес, мені ілді.
Пері қыз қалды.
Мен кеттім.
Арасын жалғап жер-көктің.
Зейнеті зағип Бейнеттің
Бесігін жатты тербеп күн.
…Есімді қайта жиғанда,
Мейілің илан, иланба:
Сенделіп жалғыз жүр екем
Сең соққан жандай үй маңда.
Пейіші кеніш болмаса,
Пейілі кемтар дүние
Перісін маған қиған ба?..
ЭСМЕРАЛЬДА
Сен жарылқашы жарлы жүрегімді,
Жоқ! Керегі жоқ сенсіз бұл өмірдің!
Көк Тəңірі, кешіре гөр, бар ма амалым,
О, Эсмеральда – қасіретті қалауым.
Кім себеді жүрегіме жарықты?
Кім елейді мендей бейбақ ғаріпті?
Мен аһ ұрдым, армандадым, қайғырдым,
Күндіз күлкі, түнде ұйқымнан айрылдым.
Өзге бақыт тілемеймін Тағдырдан:
Жалғыз түнгі лəззатыңа жан құрбан!
Сен өз қолыңмен маған бақыт сыйлашы,
Кел, өзге жанға өміріңді қимашы.
Мен бақыттың не екенін білмей келіппін,
Жүрегімнің қатқан мұзын қайта еріттің.
Мен ақымақпын, есуаспын, есалаң,
Өз күнəмді өзім қалай кеше алам?
Сен – сылаң қаққан сиқыр қызы сығанның,
Азабыңа, мазағыңа шыдармын.
Өзге бақыт тілемеймін Тағдырдан:
Жалғыз түнгі лəззатыңа жан құрбан!
Сен аян бердің түсімде, Эсмеральда,
Сен – қолға қонған құсым, Эсмеральда.
Кел, құшағыма ен,
талдыршы естен тəтті лебіңмен,
Беу, бейкүнə Періштем-ау түскен көгімнен.
Əлде, əлде… өзің бе едің тəтті арман,
Көз ұшынан бір көрініп жоқ болған?
Мен құшағыңда өртенейін, жанайын,
Күндіз құлың, түнде жарың болайын.
Өзге бақыт тілемеймін Тағдырдан:
Жалғыз түнгі лəззатыңа жан құрбан!
Күндіз-түні шықпай қойдың сен естен,
Есімді алған – есіл жалған емес пе ең?
Əлде, əлде… өзің бе едің тəтті арман,
Көз ұшынан бір көрініп жоқ болған?
Өзге бақыт тілемеймін Тағдырдан:
Жалғыз түнгі лəззатыңа жан құрбан!
Эсмеральда…
САҒЫНЫШ
Сағым қалқып, самал ескен,
Сар даланы ала көшкен
Сəмбіталдай сəнің қайда
Желмен шашын тарап өскен?
Сиқыр сымбат – сыйың қайда?
Маған ғана бұйырмай ма?!
Қаламқасың қанат қағып,
Қаракөзің қиылмай ма?
Қасіретім – кəрі дұшпан,
Сарғаямын сағыныштан.
Əуезді əсем əнің қайда
Əлдеқайда алып ұшқан?..
Мың бір арман – күйің қайда,
Мың бұралған биің қайда?
Көзден ұшсаң, ащы өкініш
Өзегіме құйылмай ма?
Жұлдыз жұртын,
Айдың елін
Аралап жүр қайғым менің…
Мəжнүн басым маза таппай
Мың мəртебе «Лəйлім» дедім.
Көкте жүрсең, төмендеші,
Көз жасымды көгендеші.
Кездесуге зармын деші,
Кешікпеші, келем деші?..
* * *
Қамыстай сұңғақ бір Қамар
Қайыңдай толқып, ырғалар.
Қасынан өтсе қас сұлу,
Қарамай оған кім қалар?!
Қаракөзайым қалқадан
Қапыда кімдер құр қалар?!
Құлқыны – құдық қу Нəпсі
Құлқына қыздың құл болар!
Бейілің беймаз күй кешер,
Бейіштен келсе бір хабар.
Елікке ерке елеңдеп,
Екі де көзің нұрланар!
Перизат жеңсе еркіңді,
Періште көңілің мұңданар.
Көлденең көзге көрінбес -
Көркіне қыздың кім қанар?
Көрсем деп жүзін мүбəрəк
Көктегі Ай да ұрланар.
Толықсып піскен бəденге
Тоқтамай көзің сырғанар.
Кірпігін ашса – таң атып,
Жасаурап жанар нымданар.
Кірпігін жапса – Күн батып,
Маңайды мұңлы түн қамар.
Көксеген сайын бір сағым
Көңілден көшпей тұрып алар…
Қобыздай бөксе, Ысқышың
Тиіп бір кетсе, ыңыранар.
Қас қағым қабақ қағыста
Ындыны бөлек ымыра бар
Шашақты шалғын шатқалда
Жасырын жатқан құмыра бар…
Жылымық жылға болмаса,
Басынан бұлақ тұнып ағар.
Телісіз тентек болмаса,
Тектіден епті ұрық алар.
…Опалы оғылан о бастан
Осының бəрін біліп алар.
СЕРТ
Тостағаны уға тола ғасырда
Менімен бірге бола аласың ба?
Бұл дүниеден булықса даусым,
Ол дүниеден ораласың ба?
Мінезі шəркез мына ғасырда
Балапан басып құлама шыңға,
Алты айлық жолдан аңсап бір келсем,
Алдымнан күліп шыға аласың ба?
Құдайдың мынау Құтханасында
Жұмаққа барар жұп боласың ба?
Шыңырауға түссем,
Шырқырап жаның,
Құласам құздан, құтқарасың ба?
Тағдырдың –
Іші тар кемесінде
Талықсып кетсем, əл бересің бе?
Қара суға күнің қарап қалса да
Қара басымды Хан көресің бе?
Екі де көзің мөлдіреп, күліп
Жетегіме ерші жең-білек түріп.
Сен «Ерім» десең, мен «Жарым» дейін
Еріп те балқып елжіреп тұрып!
* * *
Аямай-ақ қой мені, аямай-ақ
Бірі екен деп ақынның жалаңаяқ.
Сенің құлқың – құныкер қу дүние,
Менің мүлкім – тар кепеш, табақ-аяқ…
Жүрген жан деп ойлама Жұмақ іздеп,
Жұмақ бізді неғылсын, күнəміз көп…
Талқанымыз таусылып қалғандай ма,
Ана қыз деп, жүргенде мына қыз деп.
Қалды дейсің қай қызық қыздан басқа,
«Өлсем, орным қара жер сыз болмас па»?
Ауызға алып Алла атын ант етемін
Қыздан басқа нəрсені қызғанбасқа!
* * *
Сен мені неғыласың, неғыласың,
Жел-құйын ой-қиялға толы басың.
Көшеге көк көйлекті киіп шықсаң,
Көлденең көкаттыға жолығасың.
Жүргенде алдарқанып əркімге бір
Береді парқыңды өлшеп нарқыңды өмір.
Жалғыз тал жапырағың дір-дір қағар
Жақтырмай сары күздің салқын лебін.
Жалғыз тал сол жапырақ сырғаң ба еді
Сығанша сиқырына бұрған мені? –
Жаз қыстан,
Көктем күзден сырт айналып,
Сынаптай сырғып өтер жылдар легі.
Сен мені неғыласың, неғыласың,
Көктемнің күзден гөрі өңі жасыл…
Самсаған мына жұрттың арасынан
Аңсаған адамыңа жолығасың.
Көлеңдеп көктем сайын көк көйлегің,
Бейішке бейбіт күнде беткейлегін.
Баса алмай солығымды, сорым қайнап
Соңыңнан даусым қалсын жетпей менің.
Қайтесің іштен тынып мені өртенген?
Көз жазып қалмағайсың Көлеңкеңнен.
Өмірім өткен сайын,
Көктем сайын
Көркіңді көкірегімде көгертем мен!..
* * *
Алдау, арбау, мəймөңкелік, мекерлік..,
Бір басыңа барлық өнер жетерлік.
Жан-тəнімді жаулағаның – бір ерлік,
Балдай балқып баурағаның – екі ерлік.
Сендей сұлу талайларға арман, ə..,
Жалғыз жүрек жамалыңа пəруана!
Бозторғайдың бостандығы – боз көде,
Тоты байғұс сайрай берер торда да.
Тоты халін кешкеніме қай заман?
Аспанымда – жұлдыз желең, Ай жалаң.
Өле-өлгенше арыла алар ма екенмін
Өрттен, дерттен өнбойымды жайлаған?
Басым аман болса деп ем бақастан,
Қайран жүрек қашан шығар қапастан?..
Тал гүлім бар шырмауықпен матасқан,
Тағдырым бар шаңқай түсте шатасқан.
Кім ұғынар Тоты халін, тор мəнін
Қайда менің қорғаным мен орманым?
Періште едім…
Пенде ғұрлы болмадым,
Неге сонша өзімді-өзім қорладым?..
Қорладым ба,
Қорландым ба,
Хақ білер,
Жағдайыма жақын налып,
Жат күлер.
Таң нұрынан тəж киюдің орнына
Күнмен бірге күңіреніп батты дер…
* * *
Мына марғау тіршілікте тым сараң
Еркек басым еркелейді бір саған.
Тілегіммен үндескендей күй кешем,
Жүрегімнен жүріп өтсе үр-самал.
Жалғыз ғана сен баурайсың жан-тəнді,
Ерініңнен, еміренсем, бал тамды.
Сенімен бір батырсам-ау əр күнді,
Сенімен бір атырсам-ау əр таңды.
Неге сонша, іңкəрім-ау, ішке ендің?
Түндігімді жапқан сайын түске ендің.
Көкірегімді ашып қалсам мүбада,
Саған қарай самғап ұшар құс-көңлім!
Қол созымда ұшып-қонған нендей бақ?
Сол құрғырды жүрсің бе екен сен де ойлап?..
Аспандағы қарап қойып Айға анау
«Айналдым…» деп күбірлеймін мен бейбақ.
* * *
Шəркез уға шаркесем толы білем –
Сарғайып өң,
Барады солып ірең.
Қарайғанға ұрынып..,
Қарап жүрмей
Қашан ғана мен саған жолығып ем?!
Сағыну ма,
Білмеймін, жабығу ма,
Тəнім дертіп, шөлдеді жаным уға.
Жайымды айтып,
Көзімнен жас парлатып
Жаратқанға бейілмін жалынуға.
Алма-кезек астасып уайым, налу,
Қапалану, түңілу, қайыл қалу..,
Шара таппай қиналған кездерімде
Шарапаттай жарылқар жайылған у.
Айта алмаймын мен сені Пері қыз деп,
Пері қыз деп адасқан жеріміз көп…
Сау бастағы сақинам былай тұрсын,
Сенделеді жүрегім серік іздеп.
Уа, дариға!
Дəргүмəн кім едің сен?
Жай-күйімді қайтеді біле жүрсең?
Өзің түгіл, зар болдым көлеңкеңе,
Көлеңкеңді көрсетші?
Тілегім сол!
* * *
«Сүйіс те бір тұзды су,
Ішкен сайын шөлдейсің».
Рудаки
* * *
«Ақылды адам ақылынан адаса ғашық болса да, ақымақтарша ғашық болмайды».
Ф. Ларошфуко
* * *
«Ғашықтық, құмарлықпен – ол екі жол,
Құмарлық бір нәпсі үшін болады сол.
Сенен артық жан жоқ деп ғашық болдым,
Мен не болсам болпйын, сен аман бол»
Абай
* * *
«Сүю – адамның бүкіл ізгі қасиеттерінің басын қосады».
О. Бальзак
* * *
Есімнен тандырдың-ау, тандырдың-ау,
Көл-көсір көз жасым ба жаңбыр мынау?
Үнім бе күркіреген Хақтың күні,
Мұның не, жан құрбым-ау, жан құрбым-ау?
Білмеймін, Күн батты ма, таң атты ма,
Сұрмерген талма тұстан тағы атты ма?
Аз ба еді, құдайым-ау, бұл жүректің
Алпыс жыл жатқанына абақтыда?!
Білмеймін,
Таң атты ма,
Күн батты ма?
Ібіліс тіл қатты ма ?..
Жын қақты ма?..
Ай жылап, жұлдыз шұбап,
Аспан құлап,
Түбіне тұңғиықтың шым батты ма?
Танымай жүрген екем тағдырымды:
Жазмышым жаналқымда талға ілінді.
Қар шайнап қапияда соққан дауыл
Шығарды-ау қас қаққанша дал-дұлымды!
Тас түйін Тұйғыны едім қанаттының,
Жайратты-ау жалғыз оғы жарақтының.
Қан құсқан қапасында қайран жүрек,
Шынымен табармысың тағат-тыным?
Халіңді қайтейін-ай қансыраған,
Сен де бір ақ жұмыртқа ең аршымаған…
Жасыңды кім сүртеді, жайың сұрап?
Қаныңды кім жуады тамшылаған?
…Есімнен тандырдың-ау, тандырдың-ау,
Көл-көсір көз жасым ба жаңбыр мынау?
Үнім бе күркіреген Хақтың күні,
Мұның не, жан құрбым-ау, жан құрбым-ау?
ТҮН. ҚАРА ҚЫЗ
Жылап жүріп тереземді жуған Күз,
Бу мен бұлтқа айналармыз судан біз…
Сені қайдам,
Қайғы кешсе қайтпекпін
Қара түннің құрсағынан туған Қыз?
Терезеден қараңдайды қала анау,
Мүмкін бе оған мұңды көзбен қарамау?
Мендегі арман –
Қара түнді жамылған
Қара қыздың ақ əлемін аралау.
Беу, Қара Қыз!
Тысы қара, іші əппақ,,
Көлеңдейсің көлеңкеме ұсап қап.
Қара түнде қыз қайнаған денеңді
Бауырыма басар ма едім құшақтап!..
Əлеміңді ашар ма едім үр жаңа,
Құшағыңа құлдық ұрып біржола!
Қарағым-ай, қара көзді талдырып
Қала жаққа қарамашы мұңдана.
Қала-қаншық,
Дала-таңсық,
Сен-мұңлық.
Көк жүзінде көшіп жүрген мен – бір бұлт.
Көлгірсіген дүниенің көзіне
Неге сонша өліп-өшіп телмірдік?!
Тіршіліктің кірпігіне ілінген
Айналайын, түнге айналған түріңнен!
Саусағыммен сипасам-ау шашыңды
Көбелектің қанатындай дірілмен…
Сен шошынба!
Еліктейін үркінбе!
Есіңді жи,
Еркіме көн, іркілме.
Таң атқанша құшағыңда талықсып,
Мен де айналып кетейінші бұл түнге!..
ТҮС
(реквием)
Жұлдызға төсеп кеудемді,
Тілдесіп көкпен көңіл күй,
Ынтызар, ыстық бейнеңді
Түсімде көрем мен ылғи:
…Желбіреп əппақ желеңің,
Өзіңмен жерге Ай қонар.
Өзегі талған өлеңім,
Өліп те өшіп аймалар.
Қайдан да келдің деместен,
Манаурап жатқан масаңдай:
Танармын əбден мен естен
Көзімді жұмған аша алмай.
Шашымнан сипар жел лебі,
Мойныма тұмар тағардай…
Бесікке бөлер жер мені
Бейнеткеш марқұм анамдай.
Дертіне дауа денемнің –
Шашбаулы жаздың шалғыны-ай!
Аузында айдай əлемнің:
«Əлди де əлди, əлди-ай…»
Татқызған дəмін шербеттің
Атқанша ақ таң қалғымай
Аузында күллі жер-көктің:
«Əлди де əлди, əлди-ай…»
Жатармын марғау халде мен
Маза алған мəйден масаңдай, –
Жай тауып бір сəт жан-денем,
Көзімді жұмған аша алмай.
Лəззатың,
Күлкің…
Бəрі есте,
Не шара у-зəр ішкенмен?
Жүрегім – құйттай нəресте
Кеудемде жатып түс көрген.
* * *
Бүгін бақтар
Кешегі күнін жоқтар.
Мынау тылсым үəм гүлсім дүниеде
Біздер естіп-білмеген мың ырғақ бар.
Ерініңе күлкі емес, мұң үйіріп,
Серігіңе сен де, еркем, сырыңды ақтар.
Сырыңды ақтар,
Арайлым, əппағым-ау,
Сар жапырақ саулаған шақта мынау.
Гүлі көркем маңайда мизам маңып,
Бүгін-ертең қонады баққа қырау.
Баққа қырау қонады,
Түзге моншақ.
Бал күндерді жүрерміз іздеп, аңсап…
Қоңыр күздің, қарғам-ау, кінəсі не,
Жас пен шыққа кірпікті біз де малсақ?
Кірпігіңді, жаным-ау жас шылаған
Тағы да бір талаурап қақшы маған.
Арзуына ақынның кім «əу» десін
Тақ сұрамай, Тəңірден бақ сұраған?
Арзуына ақынның «əу» де, гүлім,
Өтсін, кетсін басымнан əурелі күн!
Көкке алақан жаяйық,
Жапырақ пен
Ұстай алмай саулаған сəулені мың…
* * *
Қарап жүрмей жүрегімді сыздаттың…
Мұңлы, жарлы жанарыма мұз жақтым.
Мұз еріді,
Жасқа айналды жазықсыз.
Дедің сонда: «Неткен нəумез, нəзіксіз?..»
Жазығым не?
Нəзікпін мен, нəзікпін,
Нəркес көзден келсе қайтем наз ұққым?
Кел, еркеле,
Тек өртеме өнбойды,
Дертті жүрек дегбірсізге көнбейді.
Аяла, сүй,
Аймала, күй,
Жан, өртен!
Жалғыз емім сол ғой менің, жан еркем…
* * *
Айтпашы өткеніңді, өтінемін,
Жүрегім – жылап қалар жетімегім.
Тылсымға кезіккендей, тіл байланып,
Күрсінге толып кетті-ау көкірегім.
Айтпашы өткеніңді, сұранамын,
Батпай жүр бұл фəниде күнəға кім?..
Тəңірге тақуаша тəн бере алсақ,
Табармыз тазарудың бір амалын.
Айтпашы өткеніңді, тағы өтінем,
Тірлікте – бақ баянсыз, бəле – түгел.
Болдым ғой беттескендей Нəлетімен,
Болдым ғой ет кескендей сан етімнен!..
Айтпашы өткеніңді,
Мен сұраман.
Аяшы жүрегімді қансыраған.
Қай мұңлық ол байғұсты жаспен жуып,
Қай сұмдық ол бейбақты жаншымаған…
Айтпашы өткеніңді…
* * *
Жаның сенің – шаң қонбаған Шарайна.
Шарайнаның шарт сынбауын абайла.
Ажарына Ай сұқтанған, аяулым,
Саған емес –
Ендім алтын Сарайға.
Сарайыңның келісті екен кең іші,
Шымқай бақтың шырын екен жемісі.
Келген жанның сілекейі шұбырып,
Көрген жанның келеді екен жегісі.
Шын бұйырса, шырыннан кім татпасын…
Алтынның да білем жолда жатпасын.
Көзін салған көкаттыға көлденең
Көксарайдың аша берме қақпасын.
Тəн тояты табыла ма жан ұқпай,
Сарай кілтін сандығыңа салып қой.
Қу тірліктен мезі болған сəттерде
Жаныма нұр себелей гөр жарықтай.
Мен келгенде ашылғай деп шырайың,
Жаратқаннан жалбарынып сұрайын.
Атқан таңдай арайыммен аймалап,
Батқан Күндей құшағыңа құлайын!
…Жаның сенің – шаң қонбаған Шарайна.
Шарайнаның шарт сынбауын абайла.
Ажарына Ай сұқтанған, аяулым,
Саған емес –
Ендім алтын Сарайға…
ƏЙЕЛ ЗАТЫ
«Əйел заты – залым.
Ол ыстық жар құшағы мен
суық ажал құшағында ғана қымбат»
(Проспер Мериме)
Əйелдің етегіне құйын құмар,
Көз сүзсе, көрінгенді үйір қылар.
Бұқаға бетін беріп тұрғанымен,
Өгізге мөңірейтін сиыр бұлар.
Деген бар: «сиыр білмес сипағанды»,
Семіртіп жібереді ұйқы адамды.
Ақ төсек, көк көрпенің аясында
Қаншама ар мен намыс ұйпаланды…
Əйелдің миығында Сайқал күлер,
Əйелдің иығында Сайтан жүрер.
Маймылдың машақаты машығында,
Айғырдың бақуатын байтал білер.
Əйелге төсек – төркін, өсек – өнер,
Еркіне еркек пошым есек ерер.
Əйелдің байлауымен, айдауымен
Ит үрер, керуен кері көше берер…
Əйелдің жаны – жұмақ, тəні – тамұқ,
Болмайсың əрі біліп, əрі танып.
Жараңды тіліменен жалап жазар,
Тұрса да өзегінен қаны тамып.
Шараптың шарапаты – шырынында,
Дарақтың шапағаты – ұрығында.
Əлемнің қасіреті – қара түнде,
Əйелдің қасиеті – бұрымында!
Бұрым жоқ…
Бағынышты Бас Мойынға.
Қарсымда қара жылан қасқаюда!
Қара өлең ақ өлеңмен қайымдасып,
Кəрі емен иіледі жас қайыңға…
Жүрсе де жұлдыз бенен ай қасында,
Қашанғы қасірет пен қайғы осында:
Əйелдің сұлулығы – айнасында,
Əйелдің ұлылығы – айласында!
Астаудан алтын құйған жем жесең де,
Дертіңді есің кетіп емдесең де,
Құл ғұрлы қара бақыр құның болса,
Əйелдің айтқанына сенбе, сенбе!!!
* * *
Сен мені тұсаулама, тұсаулама,
Жүрмейді кісенделіп кісі аулада.
Сенікі – секемшілдің сергелдеңі,
Менікі – сал-серіге ұсау ғана.
Жүрейін емін-еркін аз ғана күн,
Дүние көп көрмесе əз қонағын…
Мен өзім болмашыға бордай босап,
Мен өзім болмашыға мəз боламын.
Тұсама,
Тұмшалама,
Еркімді бер.
Басыма бұлт қонса, серпіп жібер!
Жағыңды бір ауыз сөз қарыстырып,
Жаныңды бір ауыз сөз желпіндірер.
Ақынмын –
Үйде бала, тұзде дана.
Дүние қараң қалмас бізге бола.
«Құлыным,
өкпе-бауыр,
жұлыным…» деп
Жұмақта жүрген шығар іздеп Ана…
Барам ғой…
Бармағанда қайда барам?
Жанымды дерт қалды ма жайламаған:
Шығады кейде даусым айналадан,
Шығады кейде даусым айдаладан.
Кетем ғой…
Кетпегенде қайда барам,
Көзімнен бал-бұл ұшса Лəйла-ғалам.
…Пақырға пайымсыз да патшасынып,
Тақырда тағалы ат та тайғанаған.
Сен мені тұсаулама, тұмшалама,
Тұрғанда көз алдымда мұнша дала!
Айдын да Алласына шүкір айтар,
Аспанда ұшып жүрсе бір шағала.
…Сен мені тұсама да, тұмшалама!...
* * *
Түсімде көрдім жалаңаш,
Өңімде көрдім жалаңаш.
Шарана кейпің шала мас
Шайтанмен шарғи шамалас.
Түсімде көрдім жалаңаш,
Өңімде көрдім жалаңаш.
Нəп көрсе қайтем жанымды
Нəпсінің құрты қара бас?
Түсімде көрдім жалаңаш,
Өңімде көрдім жалаңаш.
Дарағаш күтіп тұрса да
Жалаңаш жүрген жарамас!
Түсімде көрдім жалаңаш,
Өңімде көрдім жалаңаш.
Жаманға жақсы қарамас,
Жақсыға жаман жарамас.
Түсімде көрдім жалаңаш,
Өңімде көрдім жалаңаш.
Құзғынға құрбы Құладын,
Қарғаға мекен Қарағаш…
Түсімде көрдім жалаңаш,
Өңімде көрдім жалаңаш.
Бейкүнə бикеш бейопа
Қайғыңа сенің қарамас.
Жақында, жат та шала мас,
Жаһаның жəми жалаңаш!
Жаратқан ием, бар болсаң,
Жапанға мені ала қаш!..
* * *
Ей, асыл зат!
Мен мүлдем өліп-өшкен,
Көрген сайын көркіңді көңіл өскен.
Бейіштің самалындай лебізіңе
Қалай шыдар жүрегім еріместен?!
Дəргейіңе зар болған Дəруішпін.
Қанып іштім саумалын сағыныштың.
Қарлығаштың қанатын сұрап алып
Саған қарай келеді алып ұшқым!
Сен Аққусың ақшамда көлге қонған,
Мен Мəжнүнмін адасып шөлде қалған.
Ғашықтардың арманы бар ма, сірə,
Көз жасымен көңілін демдеп алған?..
Əрі қауіп бұл өмір, əрі қатер,
Бір Алладан басқаның бəрі бекер!
Пасықтардың кеудесі бықсып, бүксіп,
Ғашықтардың жүрегі жанып өтер!
Ғашықпын мен саған да, басқаға да!
Ғашық жүрек ғайбаттан жасқана ма?!
Бүгін таңды атырсам тамашамен,
Ертең мəңгі жатармын тас молада…
Шайқап-төгіп шəркездеу шарабымды,
Қанға малған кезім көп қаламымды…
Өзге түгіл, қара жер құшағына
Қайтіп қиям дəл сендей қарағымды?
Мен сезімнің құлымын күйіп-жанған,
Саусағыңнан сүйріктей сүю де – арман.
Құмыраның ішінен Құл боп шығып
Ғұмырыңды қорғаймын Диюлардан.
Айым өлең болған соң, Күнім өлең,
Періштенің айналып біріне Мен,
Ғайып жақтан лезде ұшып келемін де
Кірпігіңді күзетем түніменен.
Таң алдында…
Тəтті ұйқтап жатқаныңда
Мені, бəлкім, табуың, таппауың да.
Пенделердің Пейішін тамашалап
Періштелер жүреді Қап тауында…
Ей, асыл зат!
Аумаған Хауа анадан,
Жер бетінде жетер ме саған адам?!
Жалғыз сенсің тілекті қабыл алған,
Жалғыз сенсің жүректі дауалаған!
Ей, Асыл зат!..
* * *
Махаббат ескіре ме, ескіре ме?
Ерсілеу мұның өзі естіле ме?
Ішінде емге татыр бір есер жоқ
Апырай, жұрттың бəрі есті неге?
Неліктен мына жұрттың бəрі ақылды? –
Дəріптеп жүрмін бе, əлде, дарақымды?
Қодарлар Баяндардың бəсін бұлдап,
Жиенқұл менсінбей жүр Сара ақынды.
Саудалап көрінгендер көктем гүлін,
Қозылар қоңыз теріп кеткен бүгін.
Саясын сағалаған Бөктергінің
Кім ойлап жатыр дейсің кептер мұңын.
Махаббат көнере ме, көнере ме?
Көнеден көктем гүлдеп көгере ме?
Көңілді қозы-лақтай көгендегі
Көр-жермен алдап жүрмін неменеге?
Махаббат таусыла ма, таусыла ма?
Екеудің арасынан дау шыға ма?
…Əуелеп аспанға ұшқан алты қаздың
Құлаққа естіледі даусы ғана…
Махаббат орала ма, орала ма?
Жоқ, əлде ізім-қайым жоғала ма?
…Елік қыз есіктегі неге сонша
Етженді еркелейді Төрағаға?
Есік пен Төр арасы көк пен жердей.
Сайрай ма көңіл құсы көктем келмей?!
…Мен-дағы есімді алған бір бикешті
Боламын сүйіп тұрып жек көргендей.
Махаббат жаңара ма, жаңара ма?
Ақ қызға неге құмар қара бала?
Қонып жүр гүлден-гүлге көк көбелек,
Сорып жүр гүлдің нəрін бал ара да…
Махаббат…
* * *
Сыбызғы үнді, сырнай сазды, Сырғалым,
Сіздің жаққа бейілімді бұрғаным:
Тылсым көктен тыншу бермей тіл қатып,
Ұйқыңызды келсе қайтем ұрлағым?
Кезіңізді, көзіңізді күншуақ
Көргенімше көңіл қалай тыншымақ?!
Арқа-жарқа Арқа жақта жүрсіз-ау
Жүзіңізді аяз сорып, шымшылап.
«Арқа қалай, қалқа қалай?» – деп іштен
Шер тарқатқам,
Шеген тартқам,
Шер ішкем…
Тағдырымның Тəңір сызған таңбасы –
Пешенеме бұйырса екен Періштем…
Мойныңызға орап əппақ бөкебай
Жұрт ішінде жүрсіз бе екен, көкем-ай.
Қоңыр күзде қош айтысып қалғалы
Қолым сізге жетпей қойды-ау, о, тоба-ай!..
Арамызға ақ қар, көк мұз – түсті ай, күн.
Қайсібірін уысымда ұстаймын?
Сыңсып ұшқан сыңарынан айрылып,
Қараша үйде қалып қойған құстаймын…
* * *
Қайда Ай, Күн?
Қайда айдын?
Қайда бақ?
Қар жауып тұр мамық, үрпек, майдалап.
Құдайым-ау, енді қашан көктем кеп,
Енді қашан көңіл құсы сайрамақ?..
Енді қашан мамырайқан жасыл бақ
Екеумізді ел көзінен жасырмақ?
Ертегідей… ақыл-естен айырып
Енді қашан əппақ гүлдер ашылмақ?
Енді қашан етек-жеңі аядай
Екеумізге есік ашар Саяжай?:
Арманымды ақ бесікте əлпештеп,
Ардағымды отырар ма ем аялай…
Танакөзін ашып-жұмып сан жұлдыз,
Таң алдында қалжырармыз, қалғырмыз…
Сағымдағы Сағынышым болмағай
Жанымдағы жамылғысыз жалғыз Қыз?
Құдайым-ай,
Түсіп кетті-ау бəрі еске…
Салқын сабат сарқындыдай, кəне, ессе!
…Қиял – менің көгімдегі көкдөнен,
Арман – менің белімдегі нəресте.
Қар жауып тұр…
Бабында əлі кəрі Ақпан,
Қансонармен қанжығасын қанатқан.
Келте өмірді ертегіңмен ұзартып,
Ертеңімді есіркей гөр, Жаратқан!..
* * *
Борпық қарды борбайлап,
Соқа басым сорқайнап,
Жаның күйгір жастықтан
Кетіп қаппын шалғайлап.
Басқа шауып балдай бақ,
Жəннат, лəззат жан жайлап,
Мамырдағы майсадай
Тамырдағы қанды ойнат!
Таң шапағы қарда ойнап,
Тəтті ұйқыға қанбай ғап,
Мен жатайын жаныңда
Əлсіз жанған шамдай боп…
* * *
Қайта тудым,
Қайта ойнадым.
Қайта тұрдым,
Қайта ойладым.
Құз басында айқайладым,
Қыз қасында тəй-тəйладым.
Сенің күлкің жарасымды,
Менің тұрқым бала сынды.
Тайып кетсем «табалайтын»
Тапқан екем жанашырды!
Сақ-сақ күліп мəз боласың,
Нəркес көзбен назданасың.
Əлтек-тəлтек етті-ау мені
Айдындағы аз ғана сын.
Наздан,
Мəз бол,
Күл, мазақта..,
(Кім күлмеген бұл қазаққа)
Күллі азабың татыр ма екен
Балдан тəтті бір лəззатқа?!
* * *
Түн лəззəтін таба алмай, жан құмарын,
Сан жұлдызға көзімді талдырамын.
Көзіңдегі көліңді сарқып ішіп,
Қашан ғана шөлімді қандырамын?
Талшыбығым,
Майысқан талқұрағым,
Сенсіз қалай күн кешіп, қам қыламын?
Жалын құшып, жан-денем, оттай ысып,
Балыңды ішіп тауса алмай балбырадым.
Тоқтау білмей тоңмойын арғымағым,
Толқын-толқын сезімді жарға ұрамын.
Алып қашып барады əлдене күш,
Қайтқызбай да айтқызбай арғы жағын…
* * *
Өне бойым өршіп тұр,
Тұла бойым тершіп тұр.
Түндігіңде Ай балқып,
Кіндігіңде көлшік тұр…
Өртенген кім, күйген кім?
Ертегідей күйге ендім.
Қабырғаңнан сөгілдің,
Қамырдайын илендің.
Таңдай кеуіп, құрғап тіл,
Əлсін-əлсін үн қаттың…
Бəденіңді базарлап,
Əлеміңе шым баттым.
Шамырқандым, шарқ ұрдым,
Шамға ұмтылдым-шарпылдым.
Сабыр таппай сарқылдым,
Ауа жетпей алқындым.
Алақандай ашылдың,
Ақ моншақтай шашылдың.
Шалқып барып шаршадым,
Балқып барып басылдым.
* * *
Сөндіргенше өртіңді
Кіндігіңе көл тұнды.
Кірпігіңнің қылшығы
Қытығымды келтірді.
Көзіңді ашып-жұмбашы,
Бейіліңді бұлдашы.
Мендік сезім – ұрдажық,
Сендік сезім – ұрғашы.
СЕНІҢ ҒАНА…
Сенің ғана көзіңе қарағым кеп,
Аса алмаймын əдептен амалым жоқ.
Сөзбен айтып болмастай,
Өн бойымда
Келе жатыр бір сезім жаңа бүрлеп.
Сенің ғана сөзіңді тыңдағым кеп,
Көңілімді өзгеге бұрғаным жоқ.
Ай тамса екен аспаннан ақбоз үйге,
Жайқалса екен жас шыбық жылда бүрлеп!
Сенің ғана жүзіңді өпкім келіп,
Жер түбінен асығып жеттім келіп.
…Алмағайып өмірде,
Алла жазса,
Көп жасалық,
Көп көктеп,
Көп бүрлелік!..
Сенің ғана ерніңді сүйгім келіп,
Серуен іздеп серіше кидім бөрік.
Көк майсалы көңілдің ен жайлауы,
Бірден-бірге келеді шүйгінденіп!
Сені ғана құшақтап құшқым келіп,
Періштедей ғайыптан түстім делік…
…Екеуіміз ұрттаған зəмзəм суын
Ендігəрі ешкімге іштірмелік.
Сенің ғана жаныңда жатқым келіп,
Түнде түпсіз қиялға баттым келіп…
Мұңайғанда музамен шер тарқатып,
Қуанғанда аспанға аттым бөрік!
Сенің ғана қойныңда өлгім келіп..,
Көзді арбайды дүние көлгірленіп.
…Аттың жүгі барады ауыр тартып,
Бақтың гүлі барады селдірленіп,
Қайран-ай!..
* * *
Құдайым-ау,
Маған келген қандай бақ?
Албырт сезім алабұртты қанда ойнап,
Көңіліңнен көл іздедім көл-көсір,
Ерініңнен ем іздедім балқаймақ.
Таптым,
Таптым,
Тəттісін-ай, тəттісін!
Шамшы-раушан шадыман бір шақпысың?
Өпкен сайын,
Кепкен сайын ындыным
Балауыздай еріп бара жатты ішім…
Ерідім мен,
Емінумен жас тəнге,
Екеумізге сыйлар екен ақшам не?
Естігеннің еркін, дертін жаулайтын,
Енді біздер айналамыз басқа əнге!
* * *
Сезімді ұрладың,
Өзімді ұрладың.
Шыным бұл!
Құлыншақтайын
Құшағыңа келіп
тығылдым.
Сарғайған күзде
Сағағымменен
Жұлындым.
Сағынған күйде,
Жанарымменен
Жұмылдым.
Балапан басым
Бауырыңа еніп
Жылындым.
Қарақан басым
Қалайша саған
Ұрындым?
Орынсыз деме:
Оңаша айтар
Сырым бұл –
Өзгеге емес,
Өзіңе ғана бұрылдым.
«Ұрындап келген,
Қырындап көрген
Ұрыңмын, – деші, –
Ұрыңмын, – деші, –
Ұрыңмын?..»
* * *
Мұздап барам,
Түнеріңкі түрің-ай міз бақпаған!
Жігіт шіркін жігіт пе,
Мақпал түнде
Майдай еріп жанында қыз жатпаған?!
Бері аунашы,
Көрпені əрі ысыр да.
Жағалассаң жағалас, жан ұшыр ма?!
Емін-еркін кеудемді ен жайлашы,
Ерініңнен еселеп бал ұсын да.
Қап-қара түн,
Əппақ ай,
Сазды əн ғана…
Жануға да,
Болады маздауға да.
Неменеге бүркейсің бүлінгірді,
Неменеге үркесің, жазған бала?
Қу емшекке құныққан құлындардай
Көмейімде діріл мен бір үн бардай…
Көңіліңді табайын «көкемайлап»
Ерініңді өбейін шырын балдай.
Алпыс екі тамырда қан туласын,
Алмас қылыш алапат жарқылдасын!
Сəруəр сезім санада сарқылмасын,
Сары қымыз сабада салқындасын…
* * *
Жаныма сəуле сеппеді жаңа Айдың бəрі,
Арайлым кəні, құдай-ау, арайлым кəні?
Сал бөксе сабыр салмағын санама салды-ау,
Сəуір келсе де ерімей самайдың қары.
Көктемді аңсайды зарығып жан, тəннің бəрі…
Хабарсыз кеткен қандай-ды қалқамның халі?
Ебіл де, дебіл, құдай-ау, қашан ериді
Арқамның қары,
Алатау, Балқанның қары?
Езіліп, еріп көп болды-ау жыламағалы…
Езілу, бəлкім еркекке күнə болады .
Аудағы аусар балықтай тулап та шоршып,
Еңіске қашан елпілдеп бұлақ ағады?
Арайлым қайда?
Құдай-ау, қалқашым қайда?
Көктемнен келсе бір хабар, қан тасынбай ма?!
Жаз келіп, шіркін,
Аққу мен қаз қонып көлге,
Жағажай езіп жатпай ма малтасын майда…
Мен жетпей көкке,
Мен еккен жетіп дарағым,
Өтіп барамын өмірден, өтіп барамын.
Арайлым менің,
Ақ жолды Алла бұйыртса,
Сен кеткен жаққа мен де ертең кетіп қаламын…
* * *
Қол созғанмен жете алады Күнге кім?
Шер буғанда шағушы едім гүлге мұң. . .
Кіндігіне сырға таққан қыздардың
Түндігінен Ай қарай ма, білмедім.
Көзден ұшып қос етек пен қос бұрым,
Өз ішімде өлімсіреп өшті үнім.
Көшкен күнді көкжиекке ұзатып,
Иттей ұлып отырамын кешқұрым.
Көзімдегі тұнжырыма түн айғақ.
Мен сияқты мұңай сен де, мұңай бақ.
Қу тірлікті құлағынан жетелеп,
Құлақ-миды жеп барады Жынойнақ!
Көнтоз көңіл көндіге алмай ыңғайға,
Шыбын жанның шырқы кетер мұндайда.
Ай астында «Алтыбақан» тербеліп,
Күн астында күмбірлейтін күн қайда?..
«Қайда, қайда, қайда, қайда, қайда?» деп
Маң далаға маңып кетті майда леп.
... Көкдөненді көкжиекке босатып,
Көзімді ашсам... аспан да жоқ, Ай да жоқ!
Кіндігіне сырға таққан, қылдай қыз,
Елден безіп енді кімді тыңдаймыз?
«Кеше мен де сендей едім» дегендей
Су түбінде сұңқылдайды сұм Байғыз...
* * *
Қарғам-ау, Сіз қайдағы, біз қайдағы...
Көңілге мұң мекендеп, күз жайлады,
Елесің /өзің түгіл/ еске түссе,
Жүрегім сыздайды əлі, сыздайды əлі...
Сен кеттің алты қырдан асып əрмен,
Үптелді Алатаудың басы қармен.
Буына сары алтынның салмағы жоқ
Айналып қалғаны ма басың əлден?
Түсіме бірде енесің, бірде енбейсің...
Жымиып күлгендейсің, сыр бермейсің,
Беймəлім, маған жұмбақ бір əлемнің
Ішінде жалғыз өзің жүргендейсің.
Түсіме бірде енбейсің, бірде енесің...
Өріктей елден бұрын бүрленесің.
Бейіштің өзің жүрген бейілі қандай? –
Мен байғұс білмеймін ғой кірмегесін...
Мезі ғып бітті мені мына Тамұқ,
Күн сайын мойыныма күнə тағып.
Жарығым,
Бейішіңнен шықшы бері,
Жүректі жылаталық, жұбаталық...
Сол жүрек емес пе еді «Əлдиіміз»
Қай жақта əлди айтқан қалды үйіміз?
Көзімнен бал-бұл ұшқан қарағым-ай,
Енділік не болмақшы хал-күйіміз?..
* * *
«Ақ иықтан басталатын ақ білек...»
Артығали
Ақ иықтан басталатын ақ білек
Базына айтты: «Басың маған батты» деп.
Қыздың елі ертегідей ен жайлау,
Қыздың лебі қымыздан да тəттірек!
Қыздың назы – тəнді ерітер тəтті у-бал,
Тамсанғанға тамшысын да таттырман!
Қандай сезім Айнамкөздің, құдай-ау,
Қайқы қара кірпіктерін қақтырған?
Қыз қылығы қытықтайды ындынды,
Күйдіргінің күлкісі де сыңғырлы!
Бұлыңғыр түс...
Бұлдыр-бұлдыр елестей
Қалай ғана ұмытарсың бұл күнді?!
Ақ иықтан қап-қара түн сырғиды,
Қара түнге саусақтарым сүңгиді.
Ақ бəденнің белден бергі бедері
Бейнелейді беткей менен ылдиды...
Ақ иықтан басталатын ақ білек
Талаурады: «Таң қалай тез атты?..» деп.
...Ақбоз үйдің түндігінен түрілген
Əлде қайда көшіп бара жатты көк...
* * *
Елтінжалдан елпілдеп ескен лептей,
Енжайлауда желкілдеп өскен көктей
Елп еткенін қайтейін етегіңнің,
Естен кетпей қойдың-ау, естен кетпей!..
Көк пен жердің аралап көрікті елін,
Ана сүтін еркелеп еміп пе едің?
Баянтаудың басынан баян таппай,
Қыз Жібектің жұртынан келіп пе едің?
Сендей жанды қияды бөтенге кім?
Құстай ұшып жаныңа жетер ме едім –
Көкмұнардың ішінен көлең қағып,
Ақмұнарға айналған көкем менің.
Періштем-ау,
Кірпігін алтындаған,
Хан қызындай ұнайды қалпың маған.
Омар Һайам бір кезде ұрттап ішкен
Кеседегі аумайсың бал тұнбадан.
Кеседегі ұрттайтын бал тұнбаны
Сал-серідей саламат салтым кəні?
Саршатамыз шілденің шіліңгірі
Саратанда мүмкін бе салқындауы?!
Қандай жансың, қарғам-ау, қандай жансың?
Кімді күтіп, кімді іздеп сарғайғансың?
Менің құлқым құлады құзырыңа,
Сенің ұйқың мені ойлап қанбай қалсын!..
ƏЛІППЕ
Қараңғыны қалаймын...
Жарықты өшір.
Мақпал түнге малынсын мамық төсің.
Саусағыммен сипалап зағиптардай
Жан-тəніңнің оқиын Əліппесін.
Əліппенің шашылған əріптері
Əлдеқайда барады алып мені...
Түн баласы секілді түннен туған
Ғашықтардың бəрі де зағип па еді?!
Артық па еді, шынында, түннен жалған,
Түн тылсымын бар ма екен білгенде арман?!
Зағип болсам болайын көзден қалған!
Ғаріп болсам болайын тілден қалған!
Сен – өлеңсің!
Ашылған Əліппе – өлең!
Сырлас, мұңдас ғаріппен, зағиппеннен.
Он екіде бір гүлі ашылмаған
Тағдырыңды енді-енді танып келем.
Таусылуға шақ қалып сəл-ақ шыдам,
Қараңғыда қорғаштап Қарақшыдан, –
Саусағымның көзімен таң атқанша
Шаштарыңның əр талын санап шығам.
Құлағыңа сыбырлап əлденені,
Еншілеймін еркіме жан-денені.
Қу тірліктің құлағын елеңдетіп
Елден бұрын елгезек таң келеді.
Таң келеді əлдилеп түн баласын,
Тұңғиыққа қашанғы ұрланасың?
Жұрттың бəрі күнəлі!
Жүзін беріп
Күн бетіне ұялмай кім қарасын?..
Таң келеді қарайлап жан-жағына,
Жарығыма –
Не дейін жалғаныма?
Қараңғыны жоқтаған көз жасымның
Қайысса етті қара жер салмағына!..
* * *
Сары самауыр қайнайды бабыменен,
Жақсы жігіт ойнайды жарыменен.
Жанарыңды алыстан жаудыратпай,
Жақсы көрсең шынымен жаныма кел.
Жақындашы жаныма, жай берейін,
Жұлдыз санап,
Жүзіңнен Ай көрейін.
Жаман-жəутік болмаса жатырқайтын,
Жаратқанға бəрі бір – бай, кедейдің.
Сары самауыр, көрдің бе, қайнағанын?
Жаныма кеп отырсаң, жайланамын.
Батқан күннен аумайды балғын жүзің,
Атқан таңнан аумайды айқабағың.
Сен де сыңар, қарағым, мен де сыңар,
Жалғыздыққа қашанғы пенде шыдар?
Айлы түнде балауыз шамдай жанып
Аққулар да жарасып көлге шығар!
«Самауырда, – демеші, – шəй қалмады»
Жайыңды айтшы, қарағым, жайлан-дағы:
Бір-ақ, сəт қой тұнықтың лайланбағы!
Бір-ақ, сəт қой жігіттің бай болмағы!
* * *
Сен құйған шəй қандай ыстық?!
Қанып іштік, қанбай іштік.
Сен құйған шəй қандай тəтті?!
Онсыз да асау қанды ойнатты.
Сен құйған шəй қандай дəмді?!
Шəй емес-ау, балға айналды.
Алып ұшқан құс көңіл-ай,
Шып-шып терге түскенім-ай.
Шəйкесені жай ұстамай
Саусағыңның майысқаны-ай.
Балғын өңің... тал білегің...
Үнім шықпай қалды менің...
* * *
Қанатын ғайып жақтан жайып қонған,
Қона сап заматында ғайып болған,
Көзімнен бал-бұл ұшқан, көкешім-ау,
Өзіңе енді кім бар лайықталған?
Ешкім жоқ!
Жүретұғын айырбасқа,
Бар болса жасын соғып, жай ұрмас па?!
Айрылып қалған сəулем... құлдығымен
Қайрылып қайтеді екен қайырласса?..
Қайрылып қайтеді екен бір көрінсе,
Түсіме түн жамылып кіргенінше?..
Тас екеш тас та сайрап кетер еді-ау,
Сəулешім бір көрінсе.., тіл берілсе!
Қалайша ұмытайын қас қағысын?!
Жан құрбан – жанардан нұр шашқаны үшін!
Жапаннан жай таппаған жаңғырықтай
Аралап кетсем бе екен аспан ішін?..
Төңкеріп тастағанда тостағанын,
Қараудан қалмап еді-ау басқа амалым.
Үкідей үлпілдеген төс, тамағын
Қайтерсің қос бүршіктің қостағанын!
Қайтерсің көз алдыңнан ғайып болса,
Хал біліп,
Жөн сұрасып,
Жай ұққанша...
Қайран-ай, арман бар ма, сол ғайып құс
Қанатын жерге қайта жайып қонса?!.
* * *
Жолыңа қайта-қайта қарайладым,
Татқыздың тəтті мұңның талай дəмін...
Еркем-ау, ертегінің аруындай
Жүзінен көрінсеңші шарайнаның.
Жел тұрса, жапырағы өлеңдетіп,
Қайыңға қарайлайды емен де тік.
Семірген қара суға көңілімді
Қойдың ғой қара жолға елеңдетіп.
Білмеймін, болдырдым ба, шаршадым ба,
Бақытқа кенелуші ем бар шағыңда.
Түнегін түн жарымда бұзып шығып
Жүрегім жер-жаһанға жар салуда.
Желбіреп көйлегіңнің желге етегі
Кешікпей, келіп кетсең нең кетеді?
Көңілің – мөлдіреген көл беті еді,
Ерінің – елжіреген шербет еді...
Күрсініп ұясына Күн батты, əні.
Маңайды келе жатыр түн жапқалы.
Жұбатар екем немен жүрегімді
Булыққан жас баладай құндақтағы?..
* * *
Гүлбаршынға
Сен неге мұңаясың, жаным, Гүлім,
Түсінер менен басқа халіңді кім?..
Сал-сəуір сарсағымға айналса да
Санасы саяз тартпас сабырлының.
Аққу да сыңарынан айрылғанда
Ұқсайды қанатынан қайрылғанға.
Өмірге адам болып келгеннен соң
Не жетсін қуанғанға, қайғырғанға...
Көзіңнен бал-бұл ұшып ізгі арманың,
Жүрекке жүк түскенде сыздар жаның.
Түсінсең жарар еді-ау ертелі-кеш
Соңында жауған қардың ызғар барын...
Көзінде тұрғанымен жанып ұшқын,
Сырласы ғазиз жанның – сағыныш, мұң.
Тозаққа көрген емес барып ешкім,
Лəззатқа көрген емес қанып ешкім.
Басыңнан бақиға ұзап озғанша күн
Бақытты – қолыңды Айға созған шағың!
Үзілген үмітіңдей болмасыншы
Жүзіңнен сырғып аққан көзмоншағың.
Қарғам-ау, қанат қайда, талап қайда?
Екі шек,
Шанақ бойлап əн ақпай ма?!
Санаңды жуып-шайып шапағымен
Қараңғы түнді қуып таң атпай ма!..
* * *
Арман шіркін арман ба,
Жар болмаса жаныңа?!
Сенсіз өңсіз жалғанда
Бар дейсің қай мағына.
Сергелдеңім сезілмей,
Серік еттім сабырды.
Кім түсінер өзіңдей
Менің мең-зең халімді.
Түстім теңіз түбіне
Мойыныма тас байлап.
Көкейтестім бүгінде –
Басқа мекен, басқа аймақ...
Ақыр-тақыр тынармын
Ақабадай мен түбі.
Ажалды да құп алдым –
Азабымның төркіні.
Көктен жұлдыз теретін
Көңілдің жоқ серпіні.
Көне сіңір – көк етім
Көрінгеннің жемтігі.
Тағдырымды таныр кім,
Бастан бағым ауғасын.
Тал түсінде Тəңірдің
Дауға түсті сау басым.
Түбі шикі, дүдəмал
Тіршілікте не мəн бар?
Арылмаған күнəдан
Аужайымды сен аңғар.
Өзге жұрттың көзі – айна,
Ожданыңмен ойнайды.
Онсыз да өңі боз Айға
Қол созуын қоймайды...
ҚЫЗҒАНЫШ
Тапсам етті бір емін,
Шықсам етті еркінен:
Жүкті болды жүрегім
Қызғаныштың дертінен.
Күпті болды күрсінге,
Жегі жайлап жан-тəнді.
Сүйрелейді құр сүлде
Сүйегім мен қаңқамды.
Сенім, Сезік өзара
Қырғиқабақ аңдысып...
Көңіл – шала, көз – ала,
Жаным жапа, хал мүшік.
Ұрғашыдан жерідім,
Бірі – қайғы, бірі – бақ.
Көңірсиді көңілім
Күлімсіреп жүріп-ақ.
Шымылдық деп түргенім
Шымқай қызыл жел ме екен?
Періште деп жүргенім
Пешенелі пенде екен.
Көп дұшпанның көзінше
Көңіліңді пəс қылма.
Қаншығынан безінсе,
Қаңғып кетер қасқыр да!
Кімге налып, күлермін,
Уға айналса шырыным?
Желге шашып жібердім
Махаббаттың ұрығын!..
* * *
Күрсініп салдық...
Неліктен, неге күрсіндік?
Түбіне түннің түсіп кетті ме бір Шындық?
Селк ете қалып неліктен, неге қымсындық?
Елп ете қалып Елеске қолды ұмсындық.
Түбінде түннің тұншықса қайтем Шындығым?
Жындының кейпін кешетін, бəлкім, күн бүгін?
Ағарып таңым... ашылса екен түндігім,
Омалып барып оңалса екен тірлігім.
Күрсініп салдық...
Жатыр ма екен іште мұң,
Еңіреп тұрып ернімді неге тістедім?
Су екен десем...
У ма еді ұрттап ішкенім,
Апырай, Алла-ай, қандай бір күйге түскемін?
Не болып жатыр Адамда?
Мынау ғаламда?
Тайғанап кетсем табанға тіреу табам ба?
Тар жолда, əлде, тағдырым түсіп талауға,
Шындықпен бірге жұтылып кете барам ба?..
ƏН
Кеудемді шымырлаттың, шымырлаттың,
Пейіштің жанарыма нұрын жақтың.
Естайдың есін алып Ғұсни-Қорлан
Ішінде жүргендейін ғұмыр-бақтың.
Сəуірдей себездеткен сан сəулені
Көңілім сол бір əнді аңсаулы еді.
Тұмар қыз түні бойы жылап шығып,
Құмар қыз құшағына алса-ау мені…
Бұлбұл құс əуеге ұшып таңдайдағы,
Жадырап сала берді-ау жан жайлауы!
Құтқарып қу тірліктің құрсауынан
Əлемді əн жайлады, əн жайлады!
Жөргегін жөн көрмеген бала сынды
Шыға алмай Ай да бұлттан аласұрды.
Дүрия көйлек киген Періштенің
Əні мен сəні қандай жарасымды?!
Сырлы саз дүр сілкінтіп дүйім бақты,
Сабырын саумал көл де жиі ұрлатты.
Толқынның тобарсыған еріндері
Жағаны жалап-жұқтап сүйіп жатты.
Əлемге əн қанаты жайылғалы
Аспан да көзін жерден айырмады.
Етегін көйлегінің желбіретіп
Көкшенің билеп кетті қайыңдары!
Маралдың сорпасындай май татымды
Каспий де толқып барып қайта тұнды.
Құшағы көкжиектің кеңіп салып,
Ұшары Тəңіртақтың шайқатылды.
Дүние, түн келді де, Күнді ұрлатты.
Көкте анау мың-сан жұлдыз сыңғыр қақты.
Қақ жарып қара тасты шыға келіп
Бұлақ та өзді-өздінен ырғып жатты!
Түн сұлу сүмбіл шашын жайса-дағы,
Жанарын ашып-жұмды Ай шамалы.
Сырласып, ерке əуенмен сыбырласып,
Самал да кезіп кетті сай-саланы.
Сүйрелеп Елес біткен құр сүлдерін,
«Кеңсайдың» кім сезді екен күрсінгенін?..
Жау жайғап, тау қопарған алпауыттай
Жүрегім, неге сонша дүрсілдедің?
Назарын аудара алмай əн көшінен,
Тау екеш тау да бір сəт танды есінен!
Жанарын жаспен жуып жарым түнде
Бойжеткен атып шықты бөлмесінен!..
Қарғам-ай, қандай ғажап салған əнің?!
Тотыдай торға түскен арбаламын.
Əуелеп əуеніңмен ұшып кетпей
Жер басып жүргеніңе таң қаламын.
…Қарғам-ай, қандай ғажап салған əнің?!
МЕНІҢ МƏЖНҮН – ЖҮРЕГІМ
Кімге керек бұл жүрек сен ұқпаған?!
Күз гүліндей күн сайын семіп барам.
Кең дүние тұрғанда,
Кеуде деген –
Керек пе еді Мəжнүнге берік қамал?
Мəжнүнім-ай, зар болған Лəйлісіне,
Қара көзің телмірер қай кісіге?
Қара басын қамдаған қайманаға
Қайыршының мұңы не, қайғысы не?!
Өзімдікі болмай тұр, өз жүрегім,
Оны қалай мен саған сездіремін?
Күн қақтаған айналып бөзге реңім,
Тез мұңайып,
Тез жылап,
Тез күлемін...
Амалым не,
Ай-күннің аманында
Ақылым да, таусылса амалым да?
Мəжнүн мұңын кім ұғар, құдайым-ай,
Жəми жапан жұтылса жанарымда?!
Тəңірім-ай, қайда еді жарық күнің?
Кім түсінер ғашықтың ғаріп тілін?
Өткір жүзді қолыма қанжар түссе,
Жүрегімді тастар ем жарып бүгін!
* * *
Мен сені, қалқам, ұнатып қалдым
Ақшулан тартқан басыммен.
Жан-жүрегімді жылатып та алдым
Жүзімді жуған жасыммен.
Кірпіктен тамған тамшыларыммен
Ұнатып қалдым, не істейін?
Үргедек, үркек таң шуағымен
Үйлесер ме екен кешкі ойым?
Сауырын бұлттың сəуір айында
Аптай ма алтын жалқыным?
Салбөксе самсоз сарыуайымға
Салмашы мені, жарқыным.
Ішіңнен, бəлкім, сөгерсің мені,
Əлдекім шықпай есіңнен...
Көңілімнің аппақ көгершіндері
Дəн терсе деп ем төсіңнен...
Адастым ай мен күн арасында,
Дауысым құмда құмығып.
Құлқыңмен мені құп аласың ба,
Бейілің бермен бұрылып?
Өмірге өткен өкпелі едім,
Жастық шағымды жаулаған.
Жанымда жүрші, көктемім менің,
Еркімді ессіз баураған.
ТІЛЕК
Көңіл шіркін бəйтеректей көк тіреп,
Өн бойыма от тамызып өтті леп...
Сағынғанда,
Самалға мұң шақпай-ақ,
Саған, жаным, айтар едім көп тілек.
Білдірейін сол тілектің бірін мен
Жүрегімді жайлап алған дірілмен.
Жалғыз тамшың болсам етті мен сенің
Ілуде бір кірпігіңе ілінген.
Аңсап, шаршап, таусылғанда айла-амал,
Ақ жүзіңді көрсем деймін айнадан.
Жан шуағың болсам етті мен сенің.
Жаз күніндей жанарыңда жайнаған.
Көбелектей жарық шамға ұрынған
Жалғыз сен деп шырылдайды шыбын жан.
Жан серігің болсам етті мен сенің
Құлдық ұрып құбылаңа жығылған?!
* * *
Кезінде бəрі болған, бəрі болған,
Бүгінде əрі шындык, əрі жалған.
Құндыз да жағамызға жараса қап,
Жұлдыз да тұрушы еді жанып алдан.
Салмақтап сақинасын Сауысқан-қыз,
Сабырды сарқып ішіп тауысқанбыз.
Көз салған көш алдына Төлегендей
Бірінен біреуіне ауысқанбыз.
Бірінен қу қыздардың бірі өткенде,
Жүрегің жүрдек соғып дір еткенде,
Баянға басымызды байлап беріп,
Күтуші ек жылы сөзді Жібектен де.
Сұлу ғой қыз кезінде бəрі қыздың,
Апыр-ау, сол сұлу ма –
Жарымыз кім?
Жоғалтса сақинасын Сауысқан-қыз,
Сырғасы құлағында сары күздің.
Бəрі рас,
Бəрі ақиқат,
Болған бəрі...
Бүгінде жанқалтамыз толған дəрі.
Құдай-ау, біздер қайда,
Қыздар қайда –
Ұқсаған ақтиінге ормандағы?
* * *
Сөз оғымен өлтіріп көсем жырды
Арамызда қаншама өсек жүрді...
Əзəзілдің елемей азғырғанын,
Ақыл-есі бұл жұрттың кешеу кірді.
Хақтан өзге қайырар кім бетімнен?
Тағдыр шіркін таспа алды күнде етімнен.
Жеріген де жерім жоқ елден мынау
Жезөкшедей етегін күнде түрген!
Елес құрлы болмаса «ел» дегенім,
Енді кіммен «ауырып», емделемін?
Əзəзілді салдың деп арамызға
Қалай сөгем Алланың пенделерін?
Бəрі, бəрі өткінші...
Өтті бəрі.
Бəрін, бəрін Уақыт жеп тынады.
Саған ғана құлағым елең қағып,
Саған ғана жылағым кеп тұрады.
Қаймананы қайтейін кінəраттап,
Қара су да жылғадан жылап ақпақ.
Мен өлгенде,
Құранның аятындай
Өлеңімді оқырсың қырағаттап...
* * *
Мен бір жылы ағыспын,
Мəйін, жұмсақ əуенмін.
Əлімсақтан таныспын
«Əлдиімен» əлемнің.
Əуенімді тыңдасаң,
Əуеге ұшып кетерсің.
Өлеңімді тыңдасаң,
Өзімді іздеп кетерсің.
Таба аларсың, таппассың,
Онда емес мəн-мағына.
Мəңгілікке батпас Күн,
Таң атады тағы да.
Сол баяғы жарық күн,
Сол баяғы «сұм жалған» –
Тасасында табыттың
Талшыбығы бүр жарған.
Əуен маған – ашына,
Өлең – өзім сал керім. ...
Табытымның басына
Тəжгүл қояр əлдекім...
«МЕН СІЗДІ СҮЙГЕН ЕДІМ...»
(топтама)
Сен маған хат жаздың...
Хат өлеңге айналды.
Автор.
Мен Сізді сүюші едім пəк көңілмен,
Ойнаушы ем оңашада тəтті ойыммен:
Жаралған екеумізден Періштеге
Ардашер, Айжүрек деп ат қоюмен.
Мен Сізді сүюші едім жан-тəніммен,
Кем көрмей кейпіңізді хан, тəңірден.
Қаншама ғұмыр кештім албырт, асау
Қанымды қазығында қаңтарумен?..
Мен Сізді сүюші едім мүлдем бөлек,
Мұны ешкім Сізден бөлек білген де жоқ.
Көктемде көзіме оттай басылатын
Айнымай екеумізден гүл мен желек.
Мен Сізді сүйіп едім, сүйіп едім,
Түсіме енетінсіз жиі менің.
Жалғанның жалғанына тəн берсем де,
Тағдырдың салғанына күйінемін.
Байқамай жүрегімнің дерттенгенін,
Өзімді осы халге жеткергенмін.
Қарайлап жолыңызға, құдайым-ау,
Қаншама ай-жылдарды өткергенмін?..
Білтедей жанып-сөніп мұршам, əлім,
Сізге емей, енді кімге мұң шағамын?
Апырмай, жолым менің мұншама ауыр?
Апырмай, сорым менің мұнша қалың?!
* * *
Мен Сізді сүйген едім қалап өзім,
Қарайлап жолыңызға қаракөзім.
Елжіреп,
көңіл босап,
көрген сайын
Есіме оралатын бала кезім...
Мен Сізге еркелеуші ем тұлымдыдай,
Мұнымды қош көрмей тұр бүгін құдай.
Түн қайда тұншықтырған құшағында?
Күн қайда ынтықтырған бұрынғыдай?
Сабырсыз сезім неге салқындады?
Кешегі қағілездеу қалпым кəні?
Тауысып алдым ба əлде, алмағайып
Ғажайып кеудемдегі бал тұнбаны?
Кінəлі уақыт па арада өткен?
Көктем бе бар қызығын ала кеткен?
Əйтеуір көңіл шіркін алай-дүлей
Қап қойған жолаушыдай самолеттен.
Сырымды өзге жанға айтам қалай?
Сырт көзге сыңар күйім байқалмағай.
...Бүгінде бұлт ішінде булығады
Кербезсіп кеңістікте найқалған Ай...
* * *
Мен Сізге өлердейін ғашық едім,
Көруге, көрінуге асық едім.
Көктемнің жазға ауысқан əлетіндей
Барады күннен-күнге қашып өңім.
Күтулі жазған жүрек,
Сізден бір ем,
Не қайыр күңгірт тұман күзден күрең?
Сергелдең кешерімді сезе тұрып
Мен Сізді, сенесіз бе, іздеп жүрем.
Мен Сізді іздеп жүрем жерден, көктен,
Тағдырды қойсайшы бұл шерменде еткен.
Аумаймын есуастан,
екі қолын
Елеске ертелі-кеш ербеңдеткен.
Мен Сізді мезі еттім бе ұнай-ұнай,
(Қашанғы құлқыңызға құлайын-ай...)
Негізі тастан берік немедейін
Не деген немкеттісіз, құдайым-ай?!
Көз жасын көлдететін тұра қалып
Көгімнен көшпей қойды-ау бір алабұлт.
Айтпай-ақ əйел жанын түсінетін
Сізді де ақын дейді-ау мына халық!
* * *
Мен Сізді алғаш көрген күн есімде:
Өзіммен шамам болмай күресуге,
Бел будым – қолыңыздан мықтап ұстап
Беймəлім дүниеге ілесуге!
Сырлы өлең,
Сыңсығандай мұңды əніңіз
Еркімді ес жидырмай ұрладыңыз.
Көріне көзге ұрынып тұрмағанмен,
Көп екен жұлдыздан да жұмбағыңыз!
Сол жұмбақ тартты мені Жұмағына,
«Қылығың, – демеді ешкім, – күнə мына»
Еліктің ес кіре ме лағына,
Мергеннің мертіккенше бір оғына!
Мертіктім!
Жүрегіме тиді оғыңыз,
Сонан соң...
бірге болды күй, халіміз.
Сыры мен нұры, жыры, сиқыры мол
Ғажайып бір əлемді сыйладыңыз!
Ғажайып сол əлемнің ішінде мен
Өзімді-өзім шындап түсінген ем.
Сол күнге риясыз борыштымын,
Бір тамшы уым болса ішілмеген!
...Мен Сізді алғаш көрген күн есімде:
Өзіммен шамам келмей күресуге,
Жаңбырдың арасымен жүрген жандай
Тағдырдың кете барғам үлесінде.
Мен Сізді алғаш көрген күн есімде...
* * *
Көп болды телефонның үні өшкелі...
Бір қызды ұмыттыңыз Күнестегі.
Қырқылып қыршынынан мендегі үміт,
Құлпырып қия бетте гүл өспеді.
Құлпырып қия бетте өспеді гүл,
Бел асып белгісізге көшкелі күн.
Санамды жаулап алған сағыныштың
Сарғайған жапырағын кешті өмірім.
Өршіген өзектегі өрттен бе еді –
Дəрменсіз дегбірімді дерт меңдеді.
Өмірдің ажар-өңі сұрқай тартты,
Көңілдің көк дөнені ерттелмеді.
Иə, аға, ұмыттыңыз, ұмыттыңыз,
Кімге ұнап,
Кімге тағы құнықтыңыз?
Жазылмас жан дертіммен жалғыз қалды
Сіз сүйген бір кездегі қылықты қыз.
Аспанда Ай қамалып қара бұлтқа,
Күн де өрттей сөнді бүгін алабұртпа.
Көктемге жаз ілесіп, күз ұласып,
Уақыт түсті аяусыз аралыққа.
Көп болды – Сіздің жақтан жел еспеді,
Көк майса көзден ұшты белестегі...
Екеуміз иен дүниеден енші алған күн
Апырмай, кеше ғана емес пе еді?
...Көп болды – Сіздің жақтан жел еспеді...
Табылмай іздегенде
Сіз де, Мен де,
Ұқсаймыз үміт жібін үзбегенге.
Емі жоқ,
екі еркектің біріне тəн
Бар еді бір «дертіңіз» қыз дегенде.
Бар еді бір дертіңіз емі қиын,
Сал əнін,
серік еткен сері күйін.
Етегін талайлардың түрді ме екен
Дегбірсіз сол бір «дерттің» демі құйын...
Кеудемде: мың бір күдік, мың бір егес,
Күнде осы,
Құдайым-ау, бұл бір емес.
Бүгінде жүрегіңіз – жұлым-жұлым,
Бүгінде түр-өңіңіз – бұлдыр елес.
Қинайды тағдырымды табалап күз,
Қайғысыз,
Жан ба едіңіз қанағатсыз?..
Алыстап күннен-күнге менен, аға,
Апырау, қайда кетіп бара жатсыз?
* * *
Мендегі көңіл бүгін жорта ғана,
Мендегі сезім бүгін орта ғана.
Бір күні... Сізді жəне мына өзімді!
Жек көріп кетем бе деп қорқам, аға.
Көңілім Сізге, рас, шын құлады,
Құлаған сезім жанды құл қылады.
Көктем де
көк те,
жер де,
көкжиек те
Мен үшін мұңды, мұңды, мұңды бəрі!!!
Мұңды анау мұнарланған қыр-беткей де,
Көрінер күллі дүние мұң боп кейде...
Жалғыз тал жапырақтай, қайран, жүрек
Қар жаумай, қазан ұрмай дірдектей ме?
Бағбаны Сіз едіңіз бақ гүлінің,
Қара күз есігімді қақты бүгін.
Аңсау мен сағынышқа бой алдырған
Кешегі жақсы екен ғой тəтті мұңым.
Қалмаған ойда ойыны, қырда сəні
Жылау мен сыңсу ма еді ұрғашы əні?
Көктем де,
көк те,
жер де,
көкжиек те
Менімен,
тек менімен мұңдасады.
Көңілім көзсіз, ессіз шын құлаған
Қайда сол сырлы ғалам
– сұңғыла жан?
... Көбелек қанатындай дірілдейді
Бір сағым көз ұшында бұлдыраған.
* * *
Шайқалтып шарасынан небір көлді.
Көзбенен ішіп-жейсіз көрінгенді.
Жадыра жаздан гөрі күзге қарай
Мезгілім ауған білем менің де енді.
Қырандай қыдырыстап қырымдарға,
Сұқтанып сүзілесіз сұлуларға.
«Жыныңыз» ұқсамайды басылғанға,
Жүніңіз ұқсамайды жығылғанға.
Аңшыдай аңсары ауған алтайыға
Əуессіз қыз-қырқынның əн-тойына.
Жарасқан жамал-көркі жан көрсеңіз,
Жанына жағалайсыз жантаюға.
Елпілдеп ес қалмады-ау жүректен де.
Тоты құс торда түсін түлеткенде!
Жұмсақтау мақамыңыз мақалдан да,
Мəйіндеу мінезіңіз жібектен де.
Осы ғой ұрғашының бір ындыны,
Қайтсін ол жылтыр,
жылтпос,
жырындыны?
Еркектің көп емес қой Көкбөрісі,
Əйелдің аз емес қой бүгін мұңы.
Не істейін ықыласым ауса ағаға,
Арманын əйел айтып тауса ала ма?
Біз түгіл, амал қанша, заман зəру
Сабырлы ой,
Салмақты ақыл,
Сау санаға...
* * *
Жүрегім жүрісінен жаңылғандай,
Тынысым түн ішінде тарылғандай.
Алмаймын көз шырымын түн баласы
Білмеймін, сорым қандай, бағым қандай.
Таусылар тағдырымның қай күні əні?
Көңілім əр нəрседен шайлығады.
Лəйлінің махаббатын Мəжнүн танып,
Мəжнүннің машақатын Лəйлі ұғады.
Ұқсаймын мен Лəйліге,
Лəйлі маған,
Жазмышы озмышынан айнымаған.
Тарылған етек-жеңі тіршілікте
Арылған ару байғұс қай күнəдан?
Күнəм бар бетін бұрған арылмасқа,
Ем-домы ессіз дерттің табылмас па?!
Көрмеген жардан лəззат жазған жүрек
Əйтеуір, Сіз дегенде жаным басқа.
Қаладым Сіз үшін де Тамұқ отын,
Көрмесем халге жеттім сағынатын.
Айында, келсеңіз де жылында бір,
Бəрі жөн Сіздікінің, бəрі мақұл.
Кешемін,
Кешіремін,
Бəрін кешем!
Дертіме, сірə, менің табылмас ем.
Құдай-ай, арман бар ма,
Жаныңызда
Жалынға жанып жатып «жарым» десем?!
* * *
Көңілім өзге ешкімді қаламады.
Үй қамы,
Қалды бəрі... бала қамы.
Жазылған жазмышыма жарық күннің
Байқалып келе жатыр жаңа мəні.
Жайқалып келе жатыр жан дарағы,
Жарасып қайың,
Терек,
Талдар əні!..
Жұқалтым қан жүгірген жамалыма
Ай күліп,
Күн жымиып,
Таң қарады.
Қарайды бəрі маған күліп, тұнып,
Бір сəтке мұң-зарымды ұмыттырып.
Жасаған мынау дүйім дүниені
Жаратқан неге сонша қылықты ғып!?
Бұлт қайда қабағыма қаптай қонған?
Таң қайда ұзақ түнге атпай қойған?
Құйқылжып құсы сайрап, гүлі жайнап,
Қалайша дүние дүрия баққа айналған?
Келісіп кеңістіктің шаңырағы,
Кешкілік жұлдыз көктен жамырады.
Сарайын ашық тастап салтанатқа
Маңайым мақпал мəуіт жамылады.
Ұқсайды елік маған,
Мен елікке.
Екеуміз иен дүниеге енелік те...
Елігіп, еріп кете жаздап тұрмын
Жеңімнен жетектеген желемікке!
Барады алып-ұшып неге көңіл
Қондырып гүлден-гүлге көбелегін?
Басыма қонып алып ұшпай қойған
Бақыт па?
Қуаныш па?
Немене бұл?
Һайамның бал шарабын ішкендеймін,
Бұл күйге түскенім не түстен кейін?
Көзімнің аясында айдай əлем
Əп-сəтте төңкеріліп түскендейін.
Күн қайда мұнар басқан,
мың арбасқан?
Мұңымды шаттығымен кім алмасқан?
Уыздай уылжыған бір дүние
Тұрғандай уысынан шығармастан!
Ем тауып жанды жеген жарақатқа,
Ақпан да,
Қалды артымда алапат та!..
Бұл əлде Сізбен келген жақсылық па?
Бұл əлде Сізден көрген шарапат па?!
* * *
Көрінбей көкжиектен Күнім кей күн,
Жалғыз тал жапырақтай дірілдеймін.
Басқаны қайдам, аға, Сіз үшін мен
Он екі Періштенің біріндеймін.
Мекені Періштенің аспан болар,
Аспаннан астам шығып асқан да бар.
Көзді ашып-жұмғандайын тіршілікте
Əн қалар,
Мəңгі өлмейтін дастан қалар.
Түсірмей көк төрінен жерге мені
Əніңіз жүрегімді тербеп еді...
Жаныңның қалтарысын жазбай танып,
Жайыңды түсіну ғой – ең керегі.
Пендеден Періштеге айналғалы
Көңілім Сізді көрмей жайланбады.
Кей күні құшып жүрем жұлдыздарды,
Кей күні ұшып жүрем Айдан да əрі!
Өзімше өлшеулі өмір кештім деп ем,
Мен, əсте, гүл екем-ау кеш гүлдеген?
Назды жыр,
сиқыр сазды əн де екем-ау
Əуені əлі ешкімге естілмеген!..
Талтүстің болмайды екен көлеңкесі –
Мен екем ер қалауы,
Ел еркесі!
Алғандай құшағына əн əлемі,
Қонғандай көкірегіме өлең көші!
Көңілге көктем қонып,
Құбылды қыз!
Шелімді баса алмады шырын қымыз.
Сіз осы қайдан маған жолықтыңыз?
Сіз осы қайдан маған ұрындыңыз?
Қай жақтан жеткіздіңіз жылы ағысты,
Бақытты,
Бағы бостан қуанышты?
Жүрегім құлындайын ойнақ салып,
Көңілім құлдыраңдап құрақ ұшты.
Өмірім – бейне көрген түс пен өңім,
Өзіме «я, құдайлап» күш беремін.
Бозарып келе жатыр тағы бір таң,
Тазарып келе жатыр ішкі əлемім.
Кім білсін, басыбайлы байландым ба,
Өткізген Сізсіз сауық-сайран – күнə.
Көбірек ой аулаймын оңашада,
Көбірек аялдаймын айна алдында.
Жетілген жел өтінде жапырақ ем,
Табылып тілегімнен жатыр əлем.
Күн сайын ұйқы алдында дұға оқимын
Махаббат анасының атына мен...
ҚАЗАҚ АРУЫ
Шынашақтай шырын шақтан
Шыбын жанға мұңын шаққан...
Қунақ көңілі, Құдайым-ай,
Аумай қалған Құлыншақтан!
Тақымында атты ойнатқан,
Таңға кірпік қақпай жатқан...
Жүрісі де, тұрысы да
Аумай қалған Ақтайлақтан!
Еркек кіндік – пендеге арман,
Дертке дауа, ем бола алған.
Кербез басып керілгені
Аумай қалған Кермаралдан!
Сенбегендер келіп көрсін,
Елкезбеге еріп келсін.
Ен даланың еркетайын
Ен тақпаған Елік дерсің!
Аң асырап, құс баптаған,
Икемсізді іштартпаған.
Ерге өмірін қиғанымен,
Езге қолын ұстатпаған!
Армандамас қайбір кісі:
Жұлдыз – жұбы, Ай – құрбысы.
Жас арудың от жанарын
Жасқандырмас жайдың күші!
Сұңғақ бойы,
Сымбатты өңі
Жұмыр басқа жұмбақ па еді?
Жүзігіне жарар ма екен
Жүрегіңнің қымбат кені?!
Бұлт қонар тауға қашан?
Бұлбұл қонар бауға қашан?
Алдаспанмен ала алмайсың,
Жан сырыңмен жауламасаң.
Қос бұрымы мықынды ұрған,
Тамсандырған,
Жұтындырған!
Үкі көзі төңкеріліп,
Үндемей-ақ үкім қылған.
Қысқа нымша, қынай белі,
Шық көзіндей шырайлы өңі.
Даруссалам дауагері,
Дəл осындай сыңайлы еді...
Екі көзін елеңдеген –
Екі тұнық зерен дер ем.
Көкжиектің сағымындай
Бүрме көйлек көлеңдеген.
Танакөздің тамшылары –
Шамның шамдал Шамшырағы!
Күн – кірпігін сепкен сайын
Ай – қабағы аршылады.
Өңі көркем өрік талдан,
Ес тандырған,
Ерікті алған!
Ерге ылайық еншің де сол
Алақанға келіп қонған.
Тар төсекте күйіп-жанған,
Икеміне иің қанған...
Тырнағына татымайды
Дүри гауһар,
Дүйім жалған!!!
Жəудір көзі – жан шарабы,
Тəтті сөзі – таң самалы.
Нөкеріне жарамайды
Иранбақтың ханшалары!
Аққу мұңын қаз ұққан ба?
Нала тілін наз ұққан ба?
Жаратқанға жалбарынған
Жазған құлда жазық бар ма.
Бұлбұл сазын естігелі
Бейіш бағы бес түледі.
Тағдырына айла таппай
Талай жанның өшті реңі...
Нанбайсың ба, нанасың ба?
Жаманат жай тарасын ба:
Талай шайыр шаһид болды
Өң мен түстің арасында...
Келісіңіз,
Керіспеңіз.
Шемен жұтып, шер ішпеңіз.
Осындай-ақ болар, сірə,
Көктен түскен Періштеңіз!
Тұла бойы – дүр келісім
Қолға қонбас күнде құсың...
Алматы мен Астананы
Қияр едім бір меңі үшін!!!
Аман болса Ғұмыр-ана
Талай түлер Ұлы Дала...
Менің меңзеп отырғаным –
Мың сұлудың бірі ғана!..
* * *
Жерде емес,
Аспанда емес,
Ғайыптасың,
Білемін сенсіз дертім айықпасын.
Айналып елесіңе тым болмаса
Жанымда жарым түнде Ай ұйықтасын.
Басылсын мауқым бір сəт Айды құшып,
Қашанғы зар қағамын қайғыны ішіп?
Азабы ақыреттің аз болғандай,
He таптық бұл фəниден айрылысып?
Сүйемін,
Сүйе берем,
Сүйіп келгем...
Төбесі көкке кімнің тиіп көрген?..
Кеттің бе Барсакелмес аралына
Жосылып құба жонда киіктермен?
Тағдырым кімге таңсық жылап-күлген?
Жайымды қай пірəдар сұрап білген?
Айрылып ақыл-естен ғазиз басым,
Жалғанда жалғыз сені ұнаттым мен.
Ай тұяқ, алтын жамбы киігім ең,
Үркініп қайда кеттің үйіріңнен?
Жазылған пешенеме Періштем-ау,
Түссеңші жерге таман биігіңнен?..
* * *
Шашыңнан иіскедім қара мақпал,
Айналып қара түнге бара жатқан.
Жусан ба,
Дəрмене ме..,
Дəл осылай
Бір жұпар аңқушы еді-ау Дала жақтан!
...Ен тоғай,
Түсті есіме Сыр жағасы –
Дүлдүлдің дүниауи дүрданасы.
Ахметке Арыстанбаб рəуа еткен
Осында өскен дейді құрма ағашы...
Осында өскен жəне Əл-Фараби,
Əлдилеп ақ бесігін алқара күй.
Сейхун мен Жейхундайын шалқар ағын
Əлемнің кезіп кеткен шартарабын!
Осында өмір кешті дадам Қорқыт,
Сам құшып,
Саумал ішіп,
Самалға елтіп.
Бəсіне сөз жетпейтін Отырардың
Басына барар ма едім баламды ертіп...
Əттең-ай, қол қысқасы, жол ұзағы
Тағдырдың көзінен жас тамызады.
Қыз бенен Қызылқұмдай қай жерде бар
Аптаптың алабөтен аңызағы?!
...Шашыңнан иіскедім қара мақпал,
Айналып қара түнге бара жатқан.
Жусан ба,
Дəрмене ме..,
Дəл осылай
Бір жұпар аңқушы еді-ау Дала жақтан!..
* * *
«Жаным» деп сүйдім,
жар құштым,
Жалған да болса «сұм жалған».
Хабарсыз қалсам, хал мүшкіл,
Күл болмай ма онда күллі арман?
Қабарып бұлттай қабағым,
Қараймын несін əркімге,
Қайдада жүрсең, қарағым,
«Қамыға гөрме, бармын» де.
Қарағай төсек қатты емес,
Жатқанда жайсыз жамбасқа.
Есіл де дертім – тəтті елес
Жалғасса...
Лəззат таңға асса!.
Бармақтан тамған бал тəтті!
«Əу» деп бір салған əн тəтті!
Талығып сүйген тəн тəтті!
Жанығып сүйген жан тəтті!
Тəттісің,
Балсың,
Шербетсің...
Тағдырға жүрмес еш өкпе!
Тəңірім бізді тербетсін
Ақ жастық, əппақ төсекте.
Кірпігін ілмес түн бар ма?
Бəрі де тəтті,
Тым шырын –
Ұшып бір кетпей тұрғанда
Кеудеңнен ыршып бір шыбын...
* * *
Сарқытындай сараңның
Тағдырыңа алаңмын.
Ерте туып, кеш көрсем,
Кімге кінə тағармын?
Еркеленіп Күн тауға,
Етек-жеңін қымтауда...
Ерте де емес, кеш те емес,
Көргеніме мың тəуба.
Артық айтсам, кеш, күнім:
Сенсіз өңсіз «бес күнім»...
Періштенің аузынан
Пейіш үнін естідім.
Ай астында өбіскен,
Күн астында керіскен –
Пейіш үні дегенім,
Сенің үнің, Періштем.
Ерте демен, кеш демен,
Жұмбақ бар ма шешпеген?..
Менің ессіз халімді
Ешкім бастан кешпеген!..
* * *
Қас-қабағың, шырайың –
Менің ауа райым.
Ашық күнін аспанның
Бір Алладан сұрайын.
Аятындай Құранның
Əр сөзіңді құп алдым.
Неге саған іңкəрмін?
Неге саған құмармын?
Лебізіңе – үр самал
Балдай балқып жұмсарам.
Менің көңіл күйім де
Байланысты бір саған.
Жалғыз жүрек, бір жанның
Жайын таппай жындандым:
Неге сонша бəйекпін?
Неге сонша құрбанмын?
Қайырмасын мұңды əннің
Қайыл қалып тыңдар кім:
Неге кештеу бүрленіп,
Неге кештеу гүл жардым?
Тұнжырайды түн саған,
Елжірейді Күн саған.
Аясында көзімнің
Айналайын, жүрші аман!..
* * *
Қайғысыз, мұңсыз қайда бақ,
Жылай да жүріп күлерсің.
Ақ шəлі ару Айды орап,
Ақшамым, мейлі, түнерсін:
Қос өкпе қунап,
Төсекке
Құлшынып енгім келеді.
Өлеңге,
Өртке,
Өсекке..,
Тұншығып өлгім келеді!
* * *
Сүйші мені...
Сүй тағы,
Ерінімде дақ қалсын.
Боз даланың сиқы əні,
Бозмұнарға батқан шын.
Ащы-тұщы тағдыр бұл,
Құдайына құлданған.
Біле-білсең, жан құрбым,
Өмір соңы – сұм жалған.
Еріншекке ұйқы – азық,
Арсызға не айлаң бар?
Кəрі қыздай сиқы азып,
Кетіп қапты Айдан да əр.
Сүй, сүйе түс,
Сүй, жаным...
Мен өмірден озарда:
Кəміл болсын иманым
Алып кетер ажалға...
* * *
Шерте бермей шер, мұңды,
Жазмышыма көнсем-ау.
Күйіп-жанған ернінді
Сүйіп жатып өлсем-ау...
Кім ұйқылы?
Кім ояу?
Шықпай жатыр неге Күн?
Қандай ғажап, құдай-ау,
«Мен сендікпін...» дегенің?!
Ерініме кезерген
Нəр тамызсын таңғы ауа.
Əн мен шарап ежелден
Ақындарға жандауа!..
* * *
Жаралдың қай асылдан?
Білгім келер...
Күн бұлтта гүлдің де өңі күлгінденер.
Кеседей зəмзам суы мəймілдеген
Көзіңнің аясында жүргім келер.
Қай құдай біздің жəйді қабыл қылды?
Менің де жаным жапа, халім мұңлы.
Ұқсатып құс төресі – Гүлғұзарға,
Сен үшін жаздым, жаным, «Сағындымды...».
Саздақтан сая таппай,
Сабыр білмей,
Сарғайды жазға жетпей жаным гүлдей...
Жүректі мұнша неге сыздатады
Сен айтқан «сағындым ғой,
сағындым ғой...»?
Тəтті əуен тағдырымның талшығы еді –
Көрінші,
Көз аяңа алшы мені.
Баянын алғаш көрген Қозыдайын
Бұл жүрек бағзыда бір шаншып еді...
Сол жүрек, қалғып кеткен, қайта оянды,
/Ахуалын ақынның кім байқай алды?../
Жаныңа жалау етіп жүрші, жаным,
Мен жазған «Апырай» жыр,
«Айхой» əнді...
* * *
Екеуміз кездесіп ек қыстыгүні,
Аяздың бетті қарып үскірігі.
Жылусыз содан бері жыл өтіпті,
Естілмей Елтінжалдан құстың үні.
Екеуміз кездесіп ек тəтті үмітпен,
Тұмшалап тəтті үмітті ақ түбітпен.
Мен сонда-ақ асты-үстіңе түскім келген
Бағбандай балауса гүл, бақты күткен.
Қайтейін, дидарыңа қанбасам да,
Көндіккем көргеніме анда-санда.
Серуендеп, сейіл құрып жүрмесем де,
Сезгенмін сенде екенін əн де, сəн де...
Бөлісіп ортақ олжа – əрбір сəтті,
Кеңіттік /кеш те болса/ тар құрсақты.
...Кешегі жас желегі жамыраған
Талдырмаш тал, қайыңды қар құрсапты.
Тағы қар,
Талдың басы тағы қырау...
Өтміштің, байқағанға, бəрі мұң-ау.
Тапжылмай тас төбемде тұрып алар
Шілденің Күні қайда, Тəңірім-ау?
Тағы қар,
Ақ қыраулы қаңтар, ақпан...
Алты ай қыс ауған білем Арқа жақтан?
...Қалқам-ау, өзің қайда, сөзің қайда
Өнбойға əн таратқан бал тамақтан?..
* * *
Байыз таппас бақыттың
Басқа түскен салмағы-ай:
Сенімен бір батып күн,
Сенсіз атқан таңдар-ай...
Берсең етті бір дерек
Əуезіме «əу» деп бір?
Үміт болсаң үргедек,
Несіне онда əуре еттің?
Өмір тоқып өрмектен
Арамыздан өтті ай, күн...
Хабары жоқ жер-көктен
Қадіріңді жоқтаймын.
Сарыауруын ізгі ойдың
Сары алтындай сақтаймын.
Неге сені іздеймін?
Неге сені таппаймын?
Сағындырған кездерді
Сананда ылғи сақтау – мұң.
Құс та қайтар кез болды
Аржағынан Қап таудың.
Жанға дауа жарығы ең
Жалғыз ғана тілектің,
Қиын екен бəрінен
Сыздағаны жүректің...
ЕСЕНИНШЕ
Жарқ еттің-ау!
Онсыз-дағы жаралы ем...
Сенде екен ғой мен іздеген бар əлем!
Үлбіреген ерініңнің ұшына
Қона қапты ноқаттай бір қара мең.
Қара меңге қадалып бір қарап ем,
Қара өлеңге сыйып кетті бар əлем!
Дəрі де емес,
Бəрі де емес жалғанның,
Жалғыз ғана сен екенсің маған ем,
Шаганэм!
* * *
Жанарыңда жалтылдаса жалаң нұр,
Қас-қабағың қара көзге қамал-дүр!
Жалғаншының жарағынан жасқанбай,
Алдамшының амалынан аман жүр.
Жайың сенің бір күн жарлы, бір күн бай,
Қайың сенің қатар өскен құрбыңдай.
Қызығыңа ғазиз басым – құрбандық,
Қырық жылда бір келетін қырғындай!
Қырық күн ғой шілдеңіз де шіліңгір,
Одан арғы ғұмыр шіркін бұлыңғыр...
Сөз шырынын таңдайыңа тамыз да,
Көз шырымын кірпігіңе іліндір.
Тəн талықсып,
Тамыр бойлап шырын бал,
Бал бөбектей байыз тапсын шыбын жан.
Ода оқып отырайын басыңда
Көздеріңе бір ашылып-жұмылған...
* * *
Періште пейіліндей пешенелім,
Ұйқымды шəйдай аштың неше менің...
Кездесіп тұрайықшы кешкі əлетте
Жонында Көктөбе мен Көсегенің.
Кездесіп тұрайықшы деміл-деміл,
Емініп, еншілесіп ерінге ерін...
Есімнен жатсам-тұрсам шығар ма екен
Кербезсіп керілгенің, ерінгенің...
Есімнен шығар ма екен тəтті өбісің,
«Іздеген – сұрағанға» тап келісің?!
Ла-Макан лəззатыңа не жетеді,
Жаралған жан болсаң да «əттең...» үшін!
«Əттең-ай, əй, əттең-ай, əттеңайлап»
Артыңда көкемай мен көк тоғай қап,
Алдыңнан шыға келер əлем-жəлем
Шайынып таң нұрымен жатқан аймақ...
Үй бары, еске түсіп бала бары,
Жаныңды жегідей жеп жар амалы..,
Есіктен төрге озып жантаярсың
Жадыңнан шығара алмай «жан ағаны»...
* * *
Бұрала басып,
Бұлқына қашып, балтəттім,
Бұрыла беріп бұрымыңды еппен тарқаттың.
Жамалы гүлден,
Қамалы түннен аумаған,
Жаратқан ием /жар бола гөрсе/ жар таптым!
«Жар таптым!» дедім...
Күбірлеп қана мен іштен,
Естіді мұны Елігім,
Қайтқан өрістен.
Айна алдындағы керілген кербез келісті өң
Естіді мұны Пейіштің қызы – Періштем!
Төгілген бұрым жастыққа келіп жайылды,
Биқасам кеште білмекке менің жайымды.
Қап-қара жаңбыр,
Қап-қалың бұлттың ішінде
Аялай құшып, аймалай бердім Айымды!
Өрілген бұрым төгілген кезде төскейге
Көмілген көмбе көрінбей көкей теспей ме?..
Тұнжыр көз түннің жұтына қалған Жұмағы
Жуыса кеткен жұмбағын жұптың шешпей ме?!
* * *
Қасқыр қапқан қақпан сынды қала тар,
Етек-жеңі далақтаған дала қар.
Жанарыңнан Күн шуағы жамырап,
Кірпігіңді көтергенше таң атар.
Тіршіліктің талақ тастап қамытын,
Қалғып кеткен қас арудай... əлі түн.
Ай бетінде ұйып қалған ақ сүттей
Таңғы ұйқының тəтті білем дəмі тым.
Ұйықта, ұйықта,
Алаң болма, тағы ұйықта –
Қара түннің қанатында қалықта!
... Ертең біздер,
Ұйқың қансын-қанбасын,
Екі бөлек жатамыз ғой табытта...
* * *
Сазына сағыныштың сый көңілмен
Қараймын айлы түнге əйнегімнен.
Хабары бір қаралық, қарағым-ай,
Қайтасың қаз-тырнаның қай легімен?
Селт еткір, сен не дейсің, балшы Қайың?
Шыдайын,
«Шыда» десең, сəл шыдайын.
Қара бұлт, қайдан келіп жай ойнаттың,
Арқамды осып өткен қамшыдайын?
Ай қайда?
Жасырған ба жүзін бұлт,
Керуенін жүк тайлаған тізілдіріп?
Айрылған Мəжнүн басым Лəйлісінен
Сұраймын сені кімнен үзір қылып?
Баз кештің бақилыққа, бəлкім, менен,
«Сары ағаш сазға біткен...» салтыңменен?
...Таң атып келе жатыр,
Тағы бір таң –
Аптаған көкжиекті алтынменен.
МЕҢ
Бетіңдегі бір меңің
Бесігіндей жалғанның,
Есіміндей арманның,
Есігіндей түрменің.
Сол бесікте неге ғана тербеліп,
Сол түрмеге неге ғана кірмедім?
Кірсем еді түрме ішіне – түнекке,
Меймана мең – меңдуана тілек пе?..
Келтірер ме ем калимаға тілімді,
Жастап жатып кəллəмді аппақ білекке.
Жалғыз ноқат...
Нүктесіндей жалғанның,
Неге саған өліп-өштім, арбалдым?
Əлдекімнің емес пе екен көз жасы,
Ақ бетіңе – əппақ қарға тамған мұң?..
Жалғыз тамшы –
Жазықсыз мұң,
Мөлдек мұң..,
Неге сонша көз жасымды көлдеттің?
Ей, жұмбақ қыз! –
Жұмыр жердің иесі!
Жүрегіңе келіп кетті төрлеткім.
Əттең,
Əттең,
Əттең,
Əттең,
Əттең-ай!..
Қос қолда емес,
Аспанда ғой əппақ Ай.
Жалғыз меңге жанарымды телміртіп,
Көңілімді нілдей бұзған Көктем-ай...
* * *
Арғы бір тегі асылдан,
Мекені жайлау-жасылдан.
Аңсап бір келген кезіңде
Мойныңа келіп асылған.
Жүрегі аттай тулаған
Бір елі қалмай қасыңнан.
Ақ дидарын көргенше,
Ақ төсекке кіргенше,
Ақ көйлегін түргенше
Жамылғының ішіне
Жан дауасын жасырған.
Аққудай мойнын иілтіп,
Сүйдіре түсіп, сүйінтіп,
Ақ бəденін бүргенше
Тамырда қаның тасыған.
Сайлауыт көлдің сазаны,
Сабырсыз ердің «азабы»,
Мастыққа бөгіп мазалы,
Жастыққа шашы шашылған.
Жұмыла түсіп көздері,
Құмыға өшіп сөздері,
Қол-аяқ сəтте қосылған:
Өзіне жетпей өз демі,
Баяулап барып басылған...
«Бақытым, балым, барым...» деп,
«Жарығым, жаным, жарым...» деп,
Алмадай жүзі албырап,
Алланың берген ырзығы
Аяғыңа келіп бас ұрған!..
* * *
Түн түндігін жапқалы таң ұрланды,
Тар төсекте тал бойың тағы ырғалды.
Сала құлаш шашыңнан сəл босаса,
Саусағыммен санаймын қабырғаңды.
Біреу, екеу...
Аржағы – ақ бəденің..,
Талаураған тал бойың, тəтті əлемің...
Екі кештің əфсана əлетінде
Есі-дертім ауады таққа менің!
Таққа мінген қандай-ды,
Таққа қонған!
Саулық тілеп сəт сайын Сақтағаннан!
Икеміме илігіп исінеді
Ақ қанатын жайып сап əппақ Арман!
Əппақ арман,
Ақ жастық,
Шашың қолаң...
Аптығыммен əуремін басылмаған.
Əлсін-əлсін бүркейсің əлің құрып
Əбдіреңді ашылған, ашылмаған...
...Таң білінді түн өңі бозандана,
Көңіл көкте,
Көрімпаз көз алмада.
Ертегінің елімен қоштасалық,
Есіңді жи,
Көзіңді аш, гөзал бала...
* * *
Сен өлеңсің,
Тұп-тұнық тұма жырсың!
Тумай жатып туажат күнəлімсің.
Адам болып келген соң бұл фəниге
Сүймей, күймей күнəдан кім арылсын?!
Тұма жырсың!
Ендеше, сен мендесің,
Кеудемдесің,
Шерлісің,
Шермендесің...
Тəңір сыйы – басыма тəж кигізіп,
Пақырыңды патшаға теңгергенсің!
Сүйдім сені,
Ес-түстен мəңгі айрылып,
Құбылаға құлдайын маңдай бұрып.
Тəуекелдің түбіне тастай баттым,
Тағдырымның тəлкегін таңдай біліп.
Сүйдім сені,
/Хақ куə бір басыма/
Тұңғиықтың телміріп тұнбасына.
Əуезелеп айта алман мұны ешкімге,
Айды əкеліп салса да Түн қасыма.
Сен өлеңсің!
Өмірге өлең ғашық.
Қара жерді сен үшін келем басып.
Күтіп алар-алмассың құрақ ұшып,
Құтыла алар халің жоқ менен қашып!..
* * *
Жүрек байғұс бүлкіл қағып,
Тіл қата алмай тылсым жанға,
Құлын мүшең ырқымды алып,
Құлқым қанып... құлшынғанда,
Сиқыр сезім сылқымданып,
Сырт бермекке ыршынғанда,
Ғашықтықтың ғұрпын бағып,
Қыз баладай қымсынғанда –
Өбек қағып, өбіп барып,
Өрттей өршіп, өліп-талып,
Тілегімнің мың мақамы
Тіл ұшына келіп қалып,
Гүлжұмақтың Тоты құсы
Көлімнен де, төрімнен де
Гөзал түспен көрінгенде,
Көктем мен жаз өларасы,
Көкжиек пен көк арасы
Тігісінен сөгілгенде,
Гүлғызардың көмейінен
Сиқырлы саз төгілгенде!
Тəн мен жанның шекарасы
Шексіздікке шегінгенде –
Көзімді ашып, есім жисам:
Дəл сендей қымсынып,
Дəл мендей құлшынып,
Көкке қолын ұмсынып,
Күн шығып келеді екен!..
ОЛ
Жабырқап жадау жүрек,
Жайқалмай жыр,
Ол саған жан сезімін айта алмай жүр.
Жасқанып есігіңнен ене алмай жүр,
Мас болып махаббатқа қайта алмай жүр.
Білмейсің,
Сезінбейсің,
Сен ұқпайсың,
Себебі... аз ойланып, көп ұйықтайсың.
Өмірдің сұрқай өңді сұқ көзінен
Жасырған Жаппар ием Тобықтайсың.
Келмейсің,
Кездеспейсің,
Жолықпайсың,
Толғанып,
Тобаңды айтып,
Торықпайсың.
Елп етпей өзің түгіл Елесіңе
Жек көріп кетеді-ау деп қорықпайсың.
Ол сені ұмытпайды, ұмытпайды –
Алласын аузына алып ұлықтайды.
Үмітін, су алса да, суытпайды,
...Жалғызды жар төсегі жылытпайды.
Білмейсің,
Біле алмайсың,
Сезінбейсің,
Зейнеттен,
Бейнеттен де безінбейсің!
Ерге бір,
Есікке бір елеңдеген
Үміттің үкі көзді өзіндейсің.
Таңдайда дəмі қалған шербеттейсің,
Бесігін беймаз күннің тербетпейсің.
Өзі жоқ..,
Көлеңкесі бар бейбаққа
Фəниде,
Бақида да сен жетпейсің!..
* * *
Сан дүбірді санамнан өшіргелі
Өтіп жатыр өмірдің көші ілгері...
Кəдуілгі пенделік пешенеммен
Қадіріңді кеш білсем, кешір мені.
Көлпар еді көңілің мен дегенде,
Көзден ұштың... айналып шерлі өлеңге.
Тоқсан тоты торында сайраса да,
Мың-сан əуен бір саған тең келер ме?!
Қолға қонған Гүлғызар құсым ең сен...
Тым болмаса қайтеді түсіме енсең?
Ақтық демім шығарда, арманым жоқ,
Шербетіңді у қосқан ішіп өлсем...
ШАШТАРАЗ
Əлия,
Қолың алтын, жаның асыл,
Жігіттің сені сүйген бағы басым.
Тізілтіп тістерінді күлген сайын
Ағыңнан жұмыртқадай жарыласың.
Əппақ тіс,
Ақша маңдай,
Қызыл ерін
Ашып тұр қызғалдақтай қыз реңін.
Жағаға жанай біткен жас құрақтай
Білсемші кірпігіңнің сүзілерін.
Қиылған қиғашынан қасың қара
Қарлығаш қанатындай, расында да.
Көркі – Ай,
Көңілі жай,
Мінезі бай
Көркем жан сендей болар асыл дара!
Өзің тал – гүлмайысқан, өзің – қайың,
Сырлы саз сыбызғыдай сөзің мəйін.
Періште кейпіндегі кескініңе
Қарар ма ем тауысқанша көзім майын.
Өңде емес, таңда көрген түс еліндей,
Тумаған ту биенің мүшеліндей
Қыпша бел қалай ғана үзілмей тұр
Ширыққан домбыраның ішегіндей?!
Ақпейіл, қабағы ашық қарындасқа
Ағымнан еркім бар ма жарылмасқа?!
Шашыма саусақтарың тиген сайын
Ду етіп шапшитындай қаным басқа!
Ақ білек,
Сүйрік саусақ,
Ыстық демің...
Апырай, ауды білем түстікке Күн?..
Басы бар, ал баяны өзіңе аян
Аяғын сезсең етті үш нүктенің...
* * *
Қаншайымға
Махаббат деген майданның
Көзіндей көне көрінген,
Шашыңнан, жаным, айналдым,
Төскейден төмен төгілген!
Олай да жүрші, былай да,
Жай алсын көңіл Жəннаттан.
Мың да бір алғыс Құдайға
Өзіңдей жанды жаратқан!
Көзіңді салшы біз жаққа,
Балқысын еріп балша жан!
Жүрген бір жерің Ұжмақ та,
Отырған жерің – Сəн салон!
Пəруана сынды Шайыр нақ,
Қайғыдан жаны қанжоса.
Көрген бір көзде айып жоқ,
Жүректе сыздау болмаса...
Көрдім де қандым көркіңе,
Құлдығым құрбан шашқа анау.
Ақынның өрті еркінде,
Ақынның дерті басқалау...
Жарасын жанның жазайық,
Олай да былай жүріп өт:
Сендей-ақ болсын ғажайып!
Сендей-ақ болсын құдірет!!!
* * *
Жұлдызға
Нұрлы жанар, ай маңдай –
Жұлдыз құйған шəй қандай?!
Періштенің дəл өзі
Дастарқанын жайғандай!
Қаймақ қосқан, бал қосқан
Шəйға шөлім қанбастан,
Қарай берем жүзіне
Қарашығым талмастан.
Көңіл шіркін құлшынды,
Сезім шіркін күрсінді...
Қан жүгірген ақша бет
Қауыз ашқан гүл сынды,
Əппақ тісі тізілген,
Кірпіктері сүзілген.
Гүл өнетін шығар-ау
Жүріп өткен ізінен!..
Еріп кетер таңдайда
Ерні, бəлкім, балдай ма?..
...Бұйырмай ма бір жұлдыз
Мына біздің маңдайға?
Қапелімде, қайран-ай,
Оны ұғатын жан қайда?..
* * *
Марфуғаға
Бейілі мейір-қайырлы,
Жібектей жаны үлбірек,
Есімнен мені айырды
Елжіреп тұрған бір жүрек.
Төркіні, тегі, негізі
Төренің төрткүл еліндей.
Аузынан шыққан лебізі
Бейіштің бейпұл лебіндей.
Мінезі жұмсақ, мəп-мəйін,
Əр сөзін əнге балаймын.
Алдымнан шықса Ақ қайың,
Аңызам кеуіп қараймын.
Қараған сайын қайылмын,
Жүрегім жүрдек, тілім жоқ.
Қабағын бағам Айымның
Күнəлі жандай күбірлеп.
Айтылмай қалса, сөз – қайғы,
Болмысқа нəзік наз да – мұң.
Жүректің қылын қозғайды
Сəуірдей сəруар сазды əнім.
Жан-тəнді өртеген күнде
Уыты бөлек кешкі удың.
Мен неге ерте келдім де,
Сен неге тым-тым кеш тудың?
Аралық шалғай, не амал,
Жол түспей қойды-ау жайлауға.
Өзімді қалай жеңе алам,
Өзіңді былай қойғанда?..
ОН БЕС КҮН
(Айгүлге əзіл)
Болғанмен қанша сөзі бал,
Сезімсіз жанды «сараң» дер.
Он бес күніңді өзің ал,
Он бес күніңді маған бер.
Арманы Күннің бату ма,
Аспан-Жер болса мекені?
Бірлесіп дəмін татуға
Он бес күн бізге жетеді.
Ащы да кермек Шындықтың
Ағытсам сырын амалдап:
Күйбеңі бітпес тірліктің
Күндесі болу – саған жат.
Өмірден ерте безінбе,
Өзімшіл жанға ем қонбас.
Келісті, кербез кезіңде
Керімсал желге кеудеңді аш!
Ұясы барда басатын,
Оралар қайта қаз кеткен...
Ұйқыңды шəйдай ашатын
Алдыңда əлі жаз, көктем!
...Бір інге келіп, түбінде,
Ерте ме, кеш пе енбес кім?..
Жер басып бірге жүруге
Жетеді бізге Он бес күн!
* * *
Қарағым, сіз қайдағы, біз қайдағы...
Көңілді, көктем көшіп, күз жайлады.
Құздан да биік білем қыз құзыры,
Қылдан да нəзік білем қыз байламы.
Сен кеттің алты қырдан асып əрмен,
Апталды Алатаудың басы қармен.
Астынан алты қырдың «əу» дер болсаң,
Асығым алшы тұрып... асығар ма ем!
Астынан алты қырдың «əу» дегенің
Жаңғыртып жатса, шіркін тау көлемін!
«Кетпейсің күндіз естен, түнде түстен,
Басымды сонша немен əуреледің?»
Бұл əнді кім айтады бізден бөлек,
Болмаса Хақтан хабар, сізден дерек?
...Саусағын қайдан жайсын Айға қарай,
Үмітін үф еткен жел үзген желек?..
* * *
Тəтті мұңның,
Ақ түніңнің айғағы
Дөңгеленіп Ай туғанша қайда əлі...
Көк жүзінде көзін ашып сан жұлдыз,
Ділбар кештің дірілдеп тұр қаймағы.
Əлдеқайдан талып жетті Шəмші əні...
Таң атқанша, құдайым-ау, қанша əлі?!
Кірпігіңнен түсті неге үзіліп
Үкі көзді үр қызының моншағы?
Əлдеқайдан əлдебіреу тəтті əн сап,
Əзіз бір жан əлдекімді жатты аңсап...
Ащы-тұщы тағдырым ба, кім білсін,
Кірпігіңнен тамып түскен ақ моншақ...
Мың бір жұлдыз,
Тұнжыр түнде тым үнсіз
Жүрдек соққан жүрек қана тынымсыз.
«Өз өмірім өзіме, аға, ұғымсыз..,
Маған бекер жолықтыңыз бүгін Сіз...»
Көзден ұшып Айдың өңі ақторғын,
Көк жұлдызын көлегейлеп жапқан кім?
Ес жия алмай есеңгіреп мен қалдым,
Түн қойнына жұтылдың да жоқ болдың...
Қап-қара түн!
Түпсіз түнек,
Қара үңгір,
Тіл қатсаңшы, тігісіңнен жарылғыр!
Қарағым-ау, қай жақта ұшып жаның жүр? –
Хал-хабарың Хаққа ғана мəлім-дүр!..
Өмір қысқа,
Тағдыр – нұсқа,
Жол бұраң...
Ұшқан құсты қашан қолға қондырам?
Əлі күнге сыздатады жүректі,
Əлдеқайдан талып жеткен сол бір əн...
Шəмші əні...
* * *
Сен мені жат көрмегін, жат көрмегін,
Ащы су болған шақта «тəтті» ермегім.
Алланың көрген емен əлімсақтан
Ақынға басыбайлы бақ бергенін.
Қасыңнан ұшып кетсем қайта оралмай,
Қаларсың «қап...» деуіңді айта да алмай.
Сергелдең, серішатыс сейілімді
Сен бе едің жалғыз ғана байқағандай?
Дертіңе дауа іздеген сəттеріңде
Үңілші ұмыт қалған дəптеріме.
Сен сонда іздерсің-ау Жалғызыңды,
Жайғасқан жүрегіңнің нақ төріне!..
Үңілші əр сөзіме, əр жырыма,
Тамсанған тамшыдайын таң нұрына.
Сен сонда тəуба айтарсың, бəлкім, іштен
Табаны тайғанақтау тағдырыма.
Іздеме, жаным, менен жаттың жайын,
Алдымда ащы зəр мен тəттім дайын.
Көзден хош, көңіліңнен еш болармын,
Айналып көлден ұшқан Аққудайын...
* * *
Жанарыңмен тұнық қара
Есімді алдың, Лəйлі-елесім...
Саусағыңды бүгіп қана
Қашан маған шəй бересің?
Таң менен түн тайталасып,
Пердеңді ашсаң, Ай көресің...
Ақ төсекті айқара ашып,
Қашан маған жай бересің?
Үркекпісің, ұяңбысың,
Қандай тəтті назың, жаным?!
Маңдайыма сыярмысың,
Пешенеме жазылғаным?..
* * *
Жанымды түртіп жəй жатқан
Келіп бір қалдың қай жақтан?
Жəннаттың Періштесі ме ең,
Жанарын нұрмен жайнатқан?!
Келсең кел, мейлің, кет демен,
Есігімді ашшы еппенен.
Жете алмай таңға,
Талаурап..,
Өзім де азап шеккен ем.
Үркінбе,
Бізден жұрт қашық,
Именбе,
Төрге оз нық басып.
Тарқатшы алтын шашыңды
Нəр татсын жүрек жұптасып.
Келе ғой, жаным, кел бері...
Кірпігің қандай зерлі еді?!
«Перінің шалығы ұрған...» деп
Сөз етсін, мейілі, ел мені!..
* * *
Бұлт маңады тау жаққа көктен көлбей,
Өрекпиді өзен де өткел бермей.
Уақыт шіркін барады қайда асығып,
Су бетімен жүгіріп өткен желдей?..
Шөмелелер шөмиіп қырқадағы,
Етек-жеңін көкжиек қымтанады.
Ұзатылған мұңлықтай жер түбіне
Жұлдыздардың көзінен мұң тамады.
Көкте ме, əлде, жерде ме?
Айым қайда?
Жаңғырығым жапанға жайылмай ма?!
Əрі қарай тізіліп қайтқан құсты
Бері қарай құдайым қайырмай ма?..
* * *
Желігі – Жаз,
Елігі – Наз,
Дерті – өлең,
Еркі, көркі елден ерек еркем ең...
Жас тамбасын кірпігімнен десем де,
Аспандасың,
Амал қанша, Жер төмен.
Аспандасың,
Ақша бұлтта мекенің,
Аллаға аян жете алмасым, жетерім...
Желікпейді баяғыдай көңілім,
Жел үптейді Алатаудың етегін.
Алатаудың ұшарына сəлде орап,
Алматыда енді өспейді алма бақ.
Аспан мен жер ауырсынбай салмағын,
Қауырсындай қалықтайды қар-қонақ.
Алатаудың ұшар басы заңғар-ау,
Алма бағы – Алматыға арман-ау...
Қауырсынның жалғыз талын қарманып
Қара жерге қайтсаң етті, қарғам-ау?..
* * *
Жүрегімді түбінен
Қазатын жан бар ма екен?
Жан жарасын тілімен
Жазатын жан бар ма екен?
Үмітімнің шырағын
Жағатын жан бар ма екен?
Тағдырымның тұрағын
Табатын жан бар ма екен?
Өрге шықсам, басымда
Жанатын жан бар ма екен?
Көрге түссем... қасымда
Қалатын жан бар ма екен?
Көзімдегі бұлаққа
Қанатын жан бар ма екен?
Менімен бір Жұмаққа
Баратын жан бар ма екен?..
СЕНІ ОЙЛАСАМ...
Сені ойласам, көзімде мұң жатады,
Таң алдында тəтті үнің тіл қатады.
Алып ұшқан көңілім аялдамай
Сағыныштың көліне шым батады.
Сені ойласам, жанардан жас тамады,
Жалғыздықтан жазмышым жасқанады.
Жүрегіммен алысам түні бойы,
Жұбата алмай жатқандай жас баланы.
Сені ойласам, ұлғайып жан жарасы,
Көрінбейді көзіме жан баласы.
Жатырқасаң жатырқа, жатқа бала,
Жалғыз ғана тілегім – алдамашы...
Сені ойласам, өзіммен күбірлесем,
Жапандағы жалғыздың күнін кешем.
Бірі жанып, бірі өшкен аспандағы
Айым десем қайтеді, Күнім десем?
Сені ойласам, жаным-ау, сені ойласам,
Қара жерді қаперсіз қалай басам?
Жар басында адасқан жалғызыңды
Абайласаң қайтеді, абайласаң?
* * *
Көлгірсіген көп түндей
Көңілі ала күздің де.
Хабарласпай кеттің ғой,
Менен күдер үздің бе?
Сақинасыз саусақтай
Сəмбіталдың келбеті.
Көзден тамған моншақтай
Монтияды көл беті.
Қылығыңа сүйкімді
Қызығатын қыз біткен,
Əнің қайда сиқырлы?
Үнің қайда үздіккен?
Таба алмастан бабыңды
Дəмін таттым тəтті удың.
Шымшылайды жанымды
Сыңсығаны аққудың.
Күлдіріп те жылатқан
Қай сөзіңе сенейін?
Жалғыз сені ұнатқан
Жазмышыма не дейін?..
Кір шалмаған айдындай
Кірпікке жас тіздің бе?..
Хабарласпай қойдың ғой,
Менен үміт үздің бе?
ЖҰМБАҚ ЖАН
Сағыну,
Күту,
Күрсіну...
Күптігөй көңіл оянды:
Ғажайып түстей бір сұлу
Ғайыптан келіп жай алды.
Жұлдызбен егіз Елінен
Жүрген бір жандай талай кеп,
Жай алды жүрек төрінен,
«Мекенім – осы Сарай» деп.
Жұптасы білем жүзіктің
Ай, жұлдыз, аспан, тұнық түн...
Жердегі қыз бен қызықтың
Бəрін де бəрін ұмыттым!
Басылмай көңіл құмарым,
Басымды сиқыр байлады.
Тамырды бойлап бір ағын,
Тəнімді тəтті у жайлады.
Көрмесем көңіл көншімей,
Көкірегім шерге боялды.
Өмірмен егіз емшідей
Өлмесім енді аян-ды!
Туғанға тұмам тартылып,
Əдірем қалды жар, бала...
Сол үшін барым – тəркілік,
Сол үшін жаным – пəруана!
Көңілі күпті, кейпі мұң
Есімнен шықты сорлы ана...
Ұйқысыз өтті кей түнім..,
Есіл де дертім – сол ғана!
Бар ма екен өзі бұл маңда?
Құп алар ма екен, гүл берсем?.
Көзімді жұмбай тұрғанда
Үлгерсем...
Шіркін, бір көрсем!..
* * *
Мөп-мөлдірсің,
Тұп-тұнжырсың,
Тұнықсың,
Тұнығыңда тұма барын кім ұқсын.
Жар қойнында жалыныңа шарпылып,
Жазған жүрек жалғыз саған құнықсын!
Тұп-тұнықсың,
Мөп-мөлдірсің,
Тұнжырсың,
Тұнжырыңда тың жын барын кім білсін.
Барым сенің баяныңа бас ұрып,
Жаным сенің жамалыңнан үргілсін!
Тұп-тұнықсың,
Тұп-тұнжырсың,
Мөлдірсің,
Өзегіме өрт жалатқан өндірсің.
Көбелектей көркіңе ынтық Пəруана
Көктегі Айды алақанға қондырсын!
* * *
Кірпігіңе жас қондырмайын,
Жанарыңды жасқандырмайын.
Жанымда жүрші жарығым менің,
Шапағын тауға шашқан нұрдайын!
Аққумен құрбы пəк құсым менің,
Арыңа əппақ дақ түсірмейін.
Тамсанып ернім,
Əн салып көңлім,
Талықсып жатып «тəттісің...» дейін.
Үзбесе жасыл желегін қайың,
Өзіңе əн мен өлеңім дайын.
Аузымнан түспей Құранның сөзі,
Алла мен саған сенемін дəйім!..
* * *
Жүрегімде – мың бір қайғы, мың бір мұң:
Желегімді жел мен жылға жұлдырдым.
Сүйгенімді, күйгенімді қайтейін,
Байқаусызда бəрін, бəрін бүлдірдім.
Махаббат жоқ...
Бəрін, бəрін бүлдірдім.
Мың бір түн мен өтіп кетті мың бір күн...
Баудың күзгі іреңіндей күлгінмін,
Таудың күзгі сілеміндей бұлдырмын.
Махаббат жоқ!
Бəрін, бəрін бүлдірдім,
Кім біліпті қайрылмасын құрғырдың.
Жынды адамдай бір жыладым, бір күлдім,
Тауға, тасқа табанымды тілдірдім.
Махаббат жоқ,
Күдерімді мəңгі үздім.
Жаһандағы, жапандағы жалғызбын.
Жанталасып өзімді іздеп, жай таппай,
Жанарына үңілемін əр қыздың.
Махаббат жоқ,
Мен де жоқпын, не керек...
Жоқ болған соң кім есіркеп, елемек?
Дəл осылай өтуші еді-ау өмірден
Отқа күйген көзсіз байғұс көбелек...
Махаббат жоқ...
Күн өткізіп күрсінмен,
Тілдесемін, күн кешемін тылсыммен.
Ел ішінде, өзім емес, Елестей
Сүйретіліп келе жатыр күр сүлдем.
Махаббат жоқ...
АҚЫН ЖАРЫ
Күйбең тірлік...
Күйдік, пістік, өртендік..,
Ес жинадық, ел ішіне ерте ендік.
Жетсек дедік жағалауға ертерек
Желбіреген екі Үмітті желкен ғып.
Жеттік білем...
Мың шүкірлік,
Мың тəуба.
Етек-жеңді болады енді қымтауға.
Біз сияқты жанып-сөніп жанары,
Біз сияқты өрмеледі Күн тауға.
Мəжнүн басын байлап алған Лəйлам-ау,
Қамсыз, мұңсыз, қайран, Көктем қайда анау?..
Мен сияқты мезгілінен ауып Күн,
Сен сияқты бозарады Ай да анау...
Ақын болу – үəм қасірет, үəм бақыт,
Жыр болмаса, септігі жоқ жарға түк.
Күні бойы күбірлесіп күллі оймен,
Түні бойы отыратын толғатып.
Тоты құсқа тіл бітіріп тордағы
Тағы, міне, келіп отыр толғағы.
...Ақын жаны ортаймаса болғаны,
Ақын жары қартаймаса болғаны!..
АҚҚУ
Айдында аққу керіледі
Ару қыздай суға барған.
Көктен шуақ төгіледі,
Көкіректе тулап арман.
Айдында аққу таранады
Ару қыздай суға барған.
Жағалауға қаранады,
Жан-жағында шулап орман.
Айдында аққу шомылады,
Əппақ мойнын суға малған.
Маған қашан жолығады
Сол сұлу қыз суға барған?
БІР ЖҰЛДЫЗ
Жұлдыздар сөнді. Ай ауды.
Ататын таң да таяулы.
Ілсемші бір сəт көзімді,
Білсеңші, жаным, аяуды.
Сарғайды жүрек, сарғайды.
Жанымда жоқсың, сол қайғы.
Күдіктің күні сөнбейді,
Үміттің гүлі солмайды.
Қамыққан көңіл қаяулы,
Бар ма екен бақыт баянды?..
Жанарым жасқа малынды,
Жүрегім қанға боялды.
Сен дейді жүрек, сен дейді,
Келмейді деуге сенбейді.
Жүз жұлдыз қалғып кеткенмен,
Бір жұлдыз көкте сөнбейді...
* * *
Шашыңнан сүйер едім талдап қана,
Қасымда қалар болсаң əруақта да.
Жарлығын Жаратқанның екі етпестен
Өзіңді тапқан екен əруақты ана.
Шашыңның тарқатылған санап талын,
Байқамай қалдым білем таң атқанын...
Не шара, Айды еншіме бере тұрып,
Жіберсе Күнді елшіге Жаратқаным?..
* * *
Жетектесіп жүргенде желмен масаң,
Кім оқиды жырымды, сен болмасаң?
Жаңа туған құлындай шатқаяқтап,
Шашбау таққан шалғынды белден басам.
Əншейінде мен едім қоңыр қозың,
Əуейі ғып жібердің өмірге өзің.
Жанарыңмен жарылқап тұрғаныңда,
Аспанға ұқсап кетеді сенің көзің.
Тұнық аспан,
Мөлдір көк,
Шөкім бұлт...
Көкжиектің қойғандай шетін бүріп.
Шыбын жанның шырқы үшін шырылдайды
Бозаңдағы Бозторғай секілді үміт...
...Жасын сығып алғанша жастау Елік,
Буға айналды шалғынның шашбауы еріп.
Шаңқай түске шамалап қалыпты-ау күн,
Шатқаяқтап тұрғанша мастау ерік...
* * *
Мезі мезгіл меңдеп мені бір өңшең,
Көптен бері көтерілмей жүр еңсем.
Аллаға мың шүкіршілік айтар ем,
Ауруымнан айықтырып жіберсең.
Көңілімде – көбік көшкін, күрең сел...
Бүгін тағы көтерілмей тұр еңсем.
Жүзің жылып,
Жібір ме еді жүрегің,
Жібек жіптен өлең тоқып, жыр өрсем?
Жырың жұмбақ,
Түрің қымбат...
Кім ең сен?
Тілегімнен табылар ма ең, тіленсем...
Қара жолда қаңғып жүріп,
Қайтер ең,
Қасың менен қабағыңа тірелсем?
ЖҰМАҚ ТҮНІ
Біз бүгін – Адам ата, Хауа анамыз,
Күннен нұр, Айдан саумал сауа аламыз.
Жаһанның аржағы мен бержағына
Ақшамда ақша бұлттай ауа аламыз!
Тамұқтан құтылғанбыз кеше, бүгін,
Өршіген өшіре алмай өсек үнін...
Жалғанда жаннан безген жан болмаса,
Жұмбағын бұл фəнидің шешеді кім?
Жарықтан мына бізге түн жайлырақ,
Оңаша тамашадан ыңғайлырақ.
Өзгенің өңі түгіл түсіне де
Кірмеген өмір бойы мұндай Жұмақ!
Қосамыз жырды жырға, нұрды нұрға,
Жалғаймыз түнді таңға, сырды мұңға...
Екеуміз еншілеспіз бір Бақытқа,
Екеуміз еншілеспіз бір Ғұмырға!
...Біз бүгін – Адам ата, Хауа анамыз,
Күннен нұр, Айдан саумал сауа аламыз.
Жарлығын Жаратқанның қабыл алып,
Қаласақ, қайта туып-жараламыз!
Біз бүгін – Адам ата, Хауа анамыз!...
* * *
Келер ме бір хабар деп ғашық жақтан
Бейбақпын бір жүректің нəшін баққан.
Арасы жер мен көктің албырап тұр
Кірпігін арудайын ашып-жапқан.
Алыстан үнің жетті үзілмелеп.
Кешегі керімсалдан күзім бөлек.
Қараймын жерде жатқан жапыраққа
Ілкіде жүріп өткен ізің бе деп.
Нəн қала.
Нəрсіз, өңсіз оңаша бақ.
Қайтейін талшыбығын тамашалап.
Жалғыздық жанды жайлап бара жатыр,
Жаныма сен келмесең арашалап...
* * *
Айдынға аққу қонып, келеді қаз...
Жағаның жасыл құрақ желегі мəз.
Заманның зауқы ма, əлде, мауқы ма, əлде,
Қасымда қайың көп те, терегім аз...
Желегі жас қайыңның теңге сынды,
Желемік желік құмар жеңге сынды.
Қайыңды жалаңқабат қалқа десем,
Қалқаның екі көзі менде сынды.
Терегің иілмеске бел буғандай,
Желегін желпіп, үзіп, жел қуғандай.
Арқаның алқабында өніп-өскен
Қалқаның өң-келбеті өндір қандай?!
Қайыңның мың бұралып мықын белі,
Майысып тұрғаныма шүкір деді.
Өрекпіп жел екпіні күшейгенде,
Теректің жон арқасы күтірледі.
Тап келген Тəңір тұстан сынақ қандай?!
Əзер тұр терек байғұс құлап қалмай.
...Тағдыры жазатайым жас қайыңның
Басында жанып тұрған шырақ бардай!
* * *
Жүріп өткен ізіңді санамалап,
Алаңдайды көңілім ала қанат.
Жер басқанның бəрі де пенде болса,
Періштенің жолын кім жаңаламақ?!
Періштесің!
Титтей де жоқ күмəнім!
Аспан – сенің ауылың,
Көк – тұрағың.
Мезгілімді мерт қылмай, ертелі-кеш,
Мен де, бəлкім, сол жаққа бет бұрармын.
Неге сені еске алдым тағы бүгін?
Есебімнен бұл, бəлкім, жаңылуым?..
Алпыс екі тамырдың талшығына
Тарап кетсе қайтейін, жаным, уың?
Періштесің...
Ғайыптан жетер ме үнің?..
Қол созғаным, қош айтпай, бекер күнім.
Шерменденің шекпені кімге дəрі?
Шерге айналып кетпегей шекер мұңым...
Бар екені рас болса қанатыңның,
Жарқ етсеңші қойнынан қара түннің!
...Жазғаны мен айтқаны кімге керек,
Періштедей болмаса жары ақынның?!.
* * *
Көркің-ай, көркің, беу, сенің!
«Көрсем-ау, шіркін...» деуші едім.
Ай шығады екен аспанға,
Батысқа балқып енсе Күн.
Аспанға қалқып шыққан Ай
Арзуымды əппақ құптағай.
Тілекті іңкəр құп алып,
Жүректі сыңар жұптағай.
Көргенім құрсын, көргенім,
Көзіме тұнды көл менің.
Тежеусіз тентек жүрегім
Тепкілеп жатыр жөргегін.
Көрсетпей қойды көк Айды,
Күлкісіз күнім көбейді.
Мендегі ғашық хал осы,
Сендегі жүрек не дейді?
ҚАЗАҚ ҚЫЗЫ
Тəтті уды, шөлдеп ішкен, көлің дедім.
Ақ буды көлбеп ұшқан лебің дедім.
Аққудың көгілдірі,
Өмір гүлі –
Көзіме қандай ыстық көрінгенің?!
Мінезің – аңқылдаған қыр самалы,
Мүсінің – мамырдағы гүл сабағы.
Алдымен сені аймалап, құшар едім,
Алдымда Жұмақ қызы тұрса-дағы!
Мінезің – аңқылдаған қыр самалы.
Бермейтін ханға сəлем қалпымменен
Сəніңнен салтанаттың салтын көрем!
Затыңа кім қызықпас асыл текті
Жүрмейтін айырбасқа алтынменен!
Сəніңнен салтанаттың салтын көрем!
Ақынға өртің де өлең,
Дертің де өлең!
Арбайсың көзмоншақтай көркіңменен.
Айналып кетпеймін бе сəулетіңнен
Аққудай айнамкөлге төркіндеген?!
Ақынға өртің де өлең, дертің де өлең.
Безініп кетпесін деп бақтан бұлбұл,
Үзіліп кетпесін деп тəтті əн бір күн,
Қайдағы қаны сұйық қайманадан
Өзіңді келе берер сақтандырғым,
Үзіліп кетпесін деп тəтті əн бір күн...
Қазақтың қараң қалып құз-қамалы,
Көбейді көрсеқызар түз қонағы...
Қызғыштай қорғайтұғын қыз баланы
Жігіттің қайда бүгін Мұзбалағы?
Көбейді көрсеқызар түз қонағы...
Жатқанда жан-жүректі жайлап ірің,
Ойға алар оймақ ауыз Лəйланы кім?
Қаракөз қарындасын қасына ерткен
Жігіттің Марқасқасы қайда бүгін?
Қалауын Хақ-Тəңірден кім таңдады?
Құлқымнан құтылдым ба құл таңбалы?
Қалқаның тағдырына қалқан болар
Жігіттің қайда бүгін Сұлтандары?
Бүрмелі көйлегіңдей ырғалған гүл
Қайыңның қашан көрдің бүр жарғанын?!
Əнімен əсем қызды əспеттеген
Қайдасың Əсеттерім, Біржандарым?..
Қасқырлар түсіп жатса қақпанға ұдай,
Қайтеміз жасап алып жоқтан «құдай»?!
Зор етпей, хордың қызын қор еткендер
Домалап түспей ме екен тақтан былай!
«Жібекті түте алмаған жүн етеді»,
Белгілі айтпасам да кім екені...
Шашыңнан абайламай кім сипайды?!
Қасыңнан қарайламай кім өтеді?!
Шығыстың атқанынша шырай таңы
Мұнар күн,
Мұғдарсыз түн мұңайтады...
Бақыты Баяндардың баянсыз деп
Апырмай, ауызы барып кім айтады?!
Қонсын деп көк жұлдызы алақанға,
Сəуір мен сайран салдым Саратанда.
Мен сені жырлап өтем, Қазақ қызы,
Аузыма əлем жұртын қаратам да!
Аузыма əлем жұртын қаратам да!!!
МАХАББАТ
Махаббатқа ежелден жүрмейді есеп,
Ерік берсек есепке, гулейді өсек.
Артық сөйлеп, асығыс айтқанымыз,
Сүю менен үйлену бірдей десек.
Махаббаттың у-зəрі балдан шырын.
Өле-өлгенше білмейсің жалған, шынын.
Жел үйірген етегін жеңілтектер,
Жетегінде кетеді алдамшының...
Бойжеткеннің бозарып жібек өңі,
Тұңғиыққа тағдыры тіреледі.
Он күн дұға, жүз күн жыр оқысаң да,
Оңайлықпен табылмас жүрек емі.
Махаббатқа жүрмейді тіл өнері,
Көксегені,
Өзге оның тілегені.
Қыздың қырық құбылған мінез-құлқы,
Жігіттерді жынды ғып жібереді!
Махаббатқа жүрмейді ақыл, кеңес,
Алыс та емес,
ол саған жақын да емес.
Аузы күйген ас-суын үрлеп ішер –
Бұл сөзімді, айтшы, кім мақұл демес?!
Махаббаттың бар, жаным, мың қатпары.
Ол – сезімнің сəбиі құндақтағы.
Адамдардың өзіне байланысты
Арзандауы,
немесе қымбаттауы.
ГҮЛДЕСТЕ
(Əзіл)
Ұсынғанда Гүлдесте
Қыз жымиып күлмес пе,
Айтсам деген сырыңды
Айтқызбай-ақ білмес пе?
Жымиғаны жарасып,
Жыли қалып қарашық,
Кетер, бəлкім, гүл шоғы
Жүрегіне жол ашып!
Бал-бұл жанып іреңі,
Жиі соғып жүрегі,
Қыз жымиып күледі,
Өзі де бір гүл еді!
...Ұсынғанда Гүлдесте
Қыз жымиып күлмес пе,
Ал сонан соң... бір кеште
Құшағына кірмес пе?!
НАЗ
Жаным, балауса,
Бала шыбықтай
Мені қалайша
Қаласың ұқпай?
Мұнар тауымдай
Зеңгір, асқағым,
Құмар таңымдай
Мөлдір аспаным.
Мұңсыз көктемім,
Ілкі жазым бол.
Үнсіз кетпегін
Күлкі, назым бол.
Ақ арманыммен
Асығулы едім,
Адал жарым бол,
Ғашығым менің!
ХАТЫҢ КЕЛДІ...
Хатың келді –
Бір сəтке өзіңді алып,
Тілегің мен
Жүрегің, сөзің де анық.
Тулап жатты айдынға асыққандай
Аквариум – кеудемде сезім – балық.
Хатың келді –
Таңғы бір тəтті сырдай,
Қобалжулы көңілге дақ түсірмей.
Ақ тілеулі əлемге сəлем айтып
Алақаннан ұшырған ақ құсыңдай.
Хатың келді,
Сездіріп сағынышты,
Сағыныштың бұл жүрек балын ішті.
Алатауын аңсаған ақша бұлттай
Өзің жакқа көңілім алып ұшты!
Хатың келді,
Жаныма жайлау қонды.
Жауқазын гүл қаптады қойнау, белді.
Қаншама алыс ұшса да,
ару аққу
аңсайды екен айдыны – Айнамкөлді...
Хатың келді,
Тасыды ақын көңілі...
* * *
Сенбеймісің,
Жаным-ау, сенбеймісің?
Құм суырған құйын, я жел деймісің?
Күдігіңді бір жолға қоя тұрып,
«Тəуекел!» – деп қасыма келмеймісің?!
Сенбеймісің,
Жаным-ау, сенбеймісің?
«Сергелдең жан,
сенделген сең» – деймісің?
Алақанға қондырып алмаймын ба
Тəңірім маған жіберсе сендей құсын?!
Сенбеймісің,
Жаным-ау, сенбеймісің?
Көңілімді көл емес,
шөл деймісің?
Жақсы көрсең несіне жатырқайсың,
Құшағына қуанып енбеймісің?!
КЕЗДЕСУ
Көңілімді сендіріп келетінге,
Сені күтіп көп тұрдым жел өтінде.
Тұғырында дəл мендей тұнжырайтын
Теңізшісін аңсаған кеме түнде.
Қарауытып Қаратау қойнаулары,
Боз биедей бозаң Ай сайға аунады...
Тағат таппай көңілім тыпыршиды
Жамбы тұяқ жүйріктей байлаудағы.
Жел желікті
сыналап таудан ескен,
Жамырайды жұлдыздар жауған, өшкен.
Қарауытқан Қаратау түн қойнында
Қара орманнан аумайды қаулап өскен.
Түн тұнжырап,
несі екен түнергені?
Кешіктің-ау,
əлде анаң жібермеді?
Əлде саған кездесіп қалды ма екен
Ауылдың бір қылжақбас жүгермегі?..
...Кешіктің-ау,
Неліктен?
Білер ме еді...
ҚАУЫШУ
Мен саған өкінбеймін кеш келдің деп,
Онсыз да өмірімнен өшкен күн кеп.
Сен маған қарсы жүріп келетқанда
Жүрегім дүрс-дүрс соқты:
«қош келдің», – деп.
Мен саған өкінбеймін кеш келдің деп,
Онсыз да көңілімнен көшкен күн көп.
Сен маған қарсы күліп келетқанда
Жүрегім лүп-лүп соқты: «не істермін?», – деп.
Жүрегім жүріп... жүрмей...
Тоқтай қалып..,
Қалықтап,
Қиял құсы көкті айналып...
Өртеніп сағыныштың алауымен
Сен кірдің құшағыма оттай жанып!
Ғажабы ғашықтардың бар ма осындай?! –
Балқыдым қызуыңа қорғасындай.
...Қоштасып сеніменен қайтқан соң да,
Бір өзім келе жаттым жолға сыймай!
* * *
Ақ қайыңды көремін қыз баладай,
Жапырағын жұлмағай ызғар оңай.
Ұзақтайын демесең қасыма кел,
Сіз – ақ қайың болғанда, біз – қарағай.
Жаралмай ма жақындық жарасымнан?
Жатырқама, бол маған жанашыр жан.
Желді күнгі теңселген теректейін
Жүрегімді аяла аласұрған.
Соқсын жүрек өзің деп аласұра,
Жара қоспа жанымның жарасына.
Дауыл күні қайың да иіліп кеп,
Енбес пе еді теректің панасына?!
* * *
Жаным, менің қасыма жақында да
Жанарыма қаймықпай батыл қара.
Одан, бəлкім, көрерсің түн тұнығын,
Найзағайды көрерсің шатырлаған.
Сезімімнің сезерсің мұңлы ағысын,
Араларсың аз сəтке гүлзар ішін.
Оралмаған күндердің жөні басқа,
Жаралмаған жанбыз ғой жұмбақ үшін.
Бұлттай көшіп жататын жалған – ғұмыр
Жанарыма үңілші, арман – гүлім.
Сонда, бəлкім, көрерсің, көкжиекке
қарай-қарай көзімнің талғандығын.
Көлгірліктің көлінен алған басын
Көрінсе егер көзімнен жалған жасым,
Жақсылықтың жалауы жығылғандай
Аңғал басың бұған да таң қалмасын!
Жердің емес,
Періште – көктің ұлы,
Ақтарылар жүректің жетті күні:
Тұнып тұрған көзімде көлім бар-тын,
Текті күні бір қыз кеп төкті мұны!
Қара менің кезіме, шындап қара,
Жалғандыққа, орын жоқ жұмбаққа да!
...Көз шарамды шайқаған сол бойжеткен
Қала берген қолдарын бұлғап қана.
Аумағына сиятын бар əлемің
Қара менің көзіме,
қара меңім.
Жанарымда, кім білген, жатқан шығар
Жолбарыстай ыңырсып жаралы өмір...
АРМАН – ҚЫЗ
Көңілімнен көкжиекке Күн қашып,
Неге мені бара жатыр мұң басып?
Қанша қызбен жүрдім бірге сырласып,
Біреуіне бола алмадым шын ғашык.
Жанарымнан тамып түсіп тамшы – мұң,
Неге сонша өзімді-өзім жаншыдым?
Қылығы да, тұнығы да балшырын
Əнші қызға айта алмадым жан сырын.
«Осы болар ақ періштем» – деуменен
Қанша қызға жыр ұшырдым кеудеден?..
Түн ішінде түсіме енген бейнемен
Қол ұстасып келе жаттым кейде Мен...
«Жалмауыздай жайын ауыз, кең көмей
көкжиекке Күнім ерте енбегей», –
деп жүргенде жүрегімді желбегей
жаралады қанша сұлу, емдемей?..
Көкірегіме көнбіс төзім мекендеп
Шықсам дедім шырқау шыңға төте өрлеп.
Төлеген боп Жайыққа да жол шектім
Жібегімнің жүрегіне жетем деп...
Қанша қыздың жанарында мөлдіреп
Үміт қолын созды маған сол Жібек...
Аңғал басым қаншама рет алдандым
Айдыныма аққу құсым қонды деп...
Көңілімнің қайнарына қанықпай
Қанша кыздар кете барды мені ұқпай.
Арман болған ақ Періштем, амал не,
Əлі күнге келе жатыр жолықпай.
Бір жалт етіп сынығындай сəуленің
Кетсе де өтіп жасыл, жасын Дəуренім,
Мынау жұмыр Жер бетінен, Арман – қыз
Əлі күнге сені іздеумен əуремін!
ҮШ ТАЛ ГҮЛ
Күткені келмей...
Күптігөй көңіл күнде алаң.
(Жоғалтып алған болар ма сені бұл ғалам?)
Ауқат пен саухат ауруханадан да табылар,
Келетін болсаң, ала кел үш тал гүл маған.
Келетін болсаң...
Ала кел маған үш тал гүл,
Құштармын гүлге,
Саған да, жаным, құштармын.
Аядай ғана бөлменің мынау ішінде
Қырмызы күннің қызығынан мүлде тыс қалдым.
...Ала кел маған ақ, сары, қызыл – үш тал гүл,
Сергісін көңіл,
Сейілсін бастан дұшпан-мұң,
Кезек пе кезек жұпарын жұтсам иіскеп,
Келер мe, бəлкім, басымнан бағзы ұшқан күн...
Сары гүл –
Менің сарғайған сартап сабырым,
Денемді өрттей шарпыған дертке дəрі бұл
Сары алтын тектес сабырыма тілеп саламат
Сағынышымды өзіме сыйла, жарығым.
Қызыл гүл –
Үлбір ұятына ұқсас жүзіңнің,
Жүзіңе қанша үздіге қарап үзілдім...
Қызыл гүл иіскеп,
Қызыл шарап ұрттап,
Қыз сүйіп..,
Өтіп те кетті-ау бұл бастан не бір қызу күн!.
Ал Ақ гүл –
Жаным, өзі екен арман-қанаттың,
Таңдарды таңға жалғайтын талмас талап бұл.
Көзімді менің терезе жаққа телміртіп,
Бөлмеге мынау қойды екен мені қамап кім?..
...Сарғайтты мені санаусыз бастан ұшқан күн,
Сергісін көңіл,
Сейіліп кетсін дұшпан-мұң,
Зəуеде, жаным, келетін болсаң жол түсіп,
Ала кел маған ақ, сары, қызыл – үш тал гүл...
* * *
Уақыт болар жиған есімді,
Өткен күндерге ізгі мұң арттым.
Жасауыл, жорық – Жиырмабесімді
Тежей бір ұстап, тізгінін тарттым.
Көбігін алып көңіл – сыраның
Шөлімді бастым, жан ажарланып.
Тəңірден тыныш өмір сұрадым
Бүгінде үйшіл, балажан болып.
Кеше Мен кезсем жадыра күннің
Табаным тозып жиі топырағын,
Бүгінде шағын шаңырағымның
Қаймағын бұзбай ұйып отырамын.
Ғұмырдың ғұрпы – ғұлама жылдың,
Сабағын оқып, сөзін ойландым.
Жылға да жылға жылнама жырдың
Бұлақтай бүгін көзіне айналдым.
Ерте леп еспей таудың қапталынан,
Ендігі еншім – күзді ойлау ма еді?
Жас ару – Көктем жəудір бақтарынан
Іздейді-ау мені, іздейді-ау мені...
СОҢҒЫ КЕЗДЕСУ
Ашық айтам, адал сырды аңғар, қыз,
Біз екеуміз екі басқа жандармыз.
Өмір бойы жалғаспайтын жолдармыз,
Өмір бойы алға аспайтын арманбыз.
Сенің ойың:
қасыңнан бір шықпасам,
Бірге болсам жүрсем,
тұрсам, ұйықтасам.
Жігіт болып бір қалауым жүрмесе
Қара жерді қалай ғана нық басам?!
Менің ойым:
өзіме аян о бастан –
Шалқар айдын,
сайын дала,
көк аспан.
Айдай əсем арманымның ақ жүзін
Жүрегімнен басталатын жол ашқан!
Сенің ойың:
көзден таса жібермеу,
Арғымақты байлау, тұсау,
шідерлеу.
Менің ойым:
өмір барда – бір өрлеу,
тіршілікте тығырыққа тірелмеу.
Айта алмасақ қатар тұрып бір əнді,
«Жол қоспаған,
сор қосқан, – дер, – бұларды».
Атам қазақ арда өсірген қашанда
Азаматты,
Арғымақты,
Қыранды.
Жыласаң да, қарасаң да мөлдіреп
Ерімейді енді саған тоң жүрек.
Мынау түнге тыныш ұйқы тілейік
Екеумізді кездестірген соңғы рет.
Арып-азба армандаумен, аңсаумен,
Тағдырыңа жарық сепсін таң сəулең.
Тұнжырама жолайырық тұсында,
Қолыңды бер, қоштасайық, ал, сау бол...
ҮРКЕК ҚЫЗ НЕМЕСЕ АЛҒАШҚЫ МАХАББАТ ТУРАЛЫ БАЛЛАДА
Жастығым-ай,
Mac күнім-ай гүл – базар,
Елең көңіл
менен де бір тыңда «зар»:
Азабы – мұң көңілімді кім аулар,
Жазалының жан жарасын кім жазар?
Жазалымын, жайымды ұқсаң, жас күннен,
Жанан қызға жан сырымды аштым мен.
Ол ұқпады.
Жолыққалы тағы да
мектебінен қайтар жолда тостым мен.
Мектеп жақтан келе жатты бір топ қыз,
Бір топ қыздың ортасында – Үркек қыз.
Жайраң қағып,
Жанай беріп өтті олар,
дегендейін: «Сен жалғызсың, біз көппіз».
Сыр ұрласар,
Сыбырласар мəз болып,
Бал-бұл жанып,
Балғынданып,
Назданып...
Алабұртты көңілімнің айдыны
аққуы ұшып, жатқандайын қаз қонып.
Онсыз да асау, Үркек қызды үркітіп,
деді бірі: «Төлегенің тұр күтіп».
«Жол торыған қарақшыға ұқсайды...» –
Деді бірі Бекежанды пір тұтып.
Əзілі мен күлкісіне көмдіріп
өте шықты он еркетай – он қылық!
Ескі жолдың ернеуінде мен тұрмын
Көңілімді неге болса көндіріп.
Хор қызындай мекендеген бұлт елін,
Көзге ілместен,
Сездірместен сырт өңін
Арқасында ақ бантигі алаулап
Кете барды менің арман – Үркегім.
Кете барды қайрылмай да қарамай
Аңғал, албырт жүрегімді жаралай,
Тым болмаса...
Тым болмаса бір рет
жанарын да төңкеруге жарамай.
О несі екен,
Өте шықты-ау өң бермей?!
«Əлде... мені жүр ме өзіне тең көрмей?»
Көкірегімнен өре тұрып өр намыс,
Көңіл шерін шертіп жатты шерменде ой.
Өңменімнен өтіп кетті-ау бұл қылық!
Қара басып қалғандаймын қылғынып.
Қайрылмаған қалқатайдың соңынан
Қала бердім қара көзім тұндырып.
Көз ұшында бейнелері бұлдырап
Қыздар кетті қайрылмастан тым жырақ.
Иығыма түскендейін Күн құлап
Жол үстінде тұрып қалдым тұнжырап.
Жалғаспады,
Алға аспады жол біздің,
Қара жолда қалды табы соңғы іздің.
Қайран дүние-ай, қайда екенін кім білген
Маған алғаш мұң сыйлаған сол қыздың?..
Атар таңмен келмеген соң қатар бақ
Несін айта берем енді мақамдап:
Ертe өнсе де екі уыз жүректе
Бүр жармады біздің ұяң махаббат.
Уақытқа дауа бар ма үлпетсіз?
Көк тұманын келе жатыр бүркеп күз...
...Ауық-ауық ақ бантигі алаулап
түсіме еніп жүреді ылғи Үркек қыз...
ЖАСЫРЫНБАҚ
Қойғанша арман дүние асылыңды ап,
Жайдарман жастық шақтың бəсі қымбат.
Ақ қайың – ару əлем арасында
екеуміз ойнап жүрміз Жасырынбақ.
Сайтан қыз!
Сонша неткен шалт немесің? –
Көзіме көріне сап жалт бересің.
Шалқалап шат күлкіңді шашасың кеп
Қалқалап ақ қайыңның ақ денесін.
Қолыма бір түспеуді машық көріп
Күлкіңді бара жатсың шашып-төгіп.
Сəуленің сынығындай мың құбылған
Мен тұрмын қылығыңа ғашық болып.
Тірлікте тілегі бір жас адамның,
Қайыңды, қалқам, неге тасаландың?
Құлдырап қолды-аяққа бір тұрмайсың
Секілді жалғыз қызы Жасағанның!
Осылай құбылмасаң құс бейнелім,
Көзіңнен көкірегім ішпей ме мұң?
Ақ жұмақ – ақ қайыңның арасында
қолыма жүре тұршы түспей менің.
Қалқалап, қаз балақты қайыңды өлке,
Қойныңа ала тұршы айымды ерке.
Жалт берер жанарымнан жасыл жалған,
Өтінем, қарағымнан айырма ерте.
Көз жазып қалқашымнан қалам қалай?
Сабырға мен де сараң, сараң маңай.
Жаныңа жете бере байқағаным:
алаңдап тұр екенсің маған қарай.
Көзіңнен інжу-маржан ұшқын беріп
Қолыма өзің келіп түстің бе, елік? –
Алқынып келген бойда аял таппай
Қайыңмен қоса аймалап құштым келіп.
Құштым мен,
Бұлқындың да бұлқынбадың
Дегендей: «енді сенің ырқыңдамын...»
...Егіліп ес жиғанда тұрдың жылап
Төгіліп қалған жерде күлкің лағыл...
Кірпікке мойыл моншақ мұң байланып
Сен тұрдың не болғанын білмей қалып.
Жайына Жасырынбақ қалған сынды
Ойда жоқ ойынымыз шынға айналып.
Жүзіңді ұялтпауға ыңғайланып
іркілді іңір шаққа күн жайланып.
Біз шықтық ақ қайыңның арасынан
ойда жоқ ойынымыз шынға айналып.
Сөз беріп өрт тіліне, дерт тіліне
Қанша жыл содан бері өтті, міне...
Бүрмелі көйлек киген биші қыздай
Кездейсоқ шыр айналып кетті дүние.
Секілді сері күннің гүлтұмары
жүрегім сені ойласам, бұлқынады.
Адасып жүрген шығар, кім біледі,
Ақ қайың арасында күлкің əлі...
Ақ қайың,
қалған бір кез асылыңды ап,
Шақырар кімдерді енді қасына ымдап?
Қайран-ай, қайта айналып келмейді-ау сол
ойыны жастық шақтың – Жасырынбақ...
АЙНА АЛДЫНДАҒЫ АРУ
Сүймеген əлі ешкім де қаймақ ернін,
Түспеген уысына майдагердің,
Ажары айдың үзік сəулесіндей,
Апырай, хас сұлуды қайда көрдім?
...Есімде, Шопан үйі. Оңаша маң,
Қаратау қойнауына қора салған.
От басы, ошақ қасы тіршілікте
Алыстау айқайжолдан, тамашадан...
Есімде, қаба сақал аға шопан,
Болмысы болмашыға балаша таң.
Тауға өрлеп баратқандай көрінетін
алыстан қарағанда қараша там.
Есімде, сол бір үйді дəл тапқаным,
Жаюлы дастарқаннан дəм татқаным.
Ақшамда көзім шалған
ару қыздың
бұрымын айна алдында тарқатқанын.
Сұлуды көзім шалып бұрымды өрген
Бейіштің секілденгем гүлін көрген.
Есіктен елте қарап қалған маған
Елік қыз жанарының нұрын берген.
Құдықтай тұнық суы тартылмаған
Жеткенде жəудір көзден жарқыл маған,
Ару қыз айна алдынан ғайып болған
Аш белі сəмбі талдай солқылдаған.
Қалғандай өң мен түстің арасында,
Жанымның аршып алғам жарасын да.
Имандай бір ибалық бар секілді
Қаракөз қарындастың қарасында.
Келіп ем əкесінде «ісім» болып,
Балқыдым бала қаздай құсын көріп.
Дүние көз алдымда мың құбылды
Заматта таңғажайып мүсінденіп.
Шерте алмай,
Келтіре алмай шек бұрауын
Амалсыз ауыз үйге бет бұрамын.
Көрінеу көзсіз, ессіз көбелектей
Өзімді өзім келіп өртке ұрамын.
Өзімді өзім келіп өртке соғам,
Жетпестен кеудемдегі дертке шамам.
...Алаңсыз Отағасы шай ұрттайды,
Адамдай үндемеуге серт жасаған.
«Толықсып,
Тола балқып Ай – дидары
Ару қыз келмей ме екен шай құйғалы?»
Дəркүмəн, дəмекөңіл дамыл таппай
Жанымды əй қинады, əй қинады...
Келмеді,
Келмеді қыз шай құйғалы,
Салиха сымбатына сай дидары.
Екі көз есік жаққа елең қағып,
Отырмын тағатымнан айрылғалы.
Білмеймін, шоқ түсті ме жанға мына,
Кірісер шақ туғанда жол қамына,
Жүрегім жанталаса бір бұлқынды
Балықтай түскен жазмыш қармағына.
Қалды артта шопан үйі,
Қалды бəрі:
базары,
тіршіліктің бал думаны...
...Ілулі ауыз үйде айна көрсем,
Жадымда қыз елесі жаңғырады...
ЖАСТЫҚ АЯЛДАМАСЫ
Естіртіп емен-жарқын шат дауысын
қонғандай базарымен баққа құсым,
Киінген қызыл-жасыл қыз-бозбала
ішіне келіп кірді автобустың.
Алғандай аль – құһұлдан аздап ішіп,
Күледі мамырайхан мəз болысып.
Келтіріп көлдің сəнін ертелі-кеш
жатқандай аққу ұшып, қаз қонысып...
Тал бойға тарағандай таң самалы
Кеудеңде тулап-тулап қан соғады.
Ішіне автобустың ғайыптан кеп
көшпелі орнағандай сəн салоны!
Өмірге бəрі құштар, бəрі ғашық!
Сөйлейді жарқын күліп, жамырасып.
...Жайсыз мұң жанарыңды жайлайды екен
мұндайда жасамысқа жаның ашып.
Қарайды бірі қанып, бірі налып
астасып қас-қабақта шұғыла, бұлт...
Уақыт – жал-құйрығын түйген жүйрік,
Қуғанмен жеткізе ме құрық алып?
Қашанда асығулы, аптығулы
Жастық шақ көзге іле ме қарттығыңды?!
...Шампанның шамырқанған шəркез суы
шаққа тұр ата жаздап ақ тығынды...
Назын-ай,
Əзілін-ай, шіркіндердің!
Сен де енді сейілқұмар сілкін, көңлім!
Өңінен өзімшілдеу өрімдердің
ғұмырдың ғұсни жамал ғұрпын көрдім.
Апырай, көңілді бұл неткен халық!?
Көрмегем, көріспегем көптен нағып?
Автобус кең көшемен келе жатыр
көзайым жасыл желек көктемді алып!
«Бергісіз Жібекке де, Баянға да
Нəркеске наз айтады Ноян ғана...»
Желпінген көңілімді судай басты
кезіккен кезекті бір аялдама.
Əзілі,
сап тыйылып күй мен əні,
(Осы ғой жан-жүректі қинағаны)
Əлгі топ автобустан түсіп жатты
жарасқан, жамырасқан күйде бəрі.
Шуақ пен қуат құйған жан, денеге
жүрегім шаншып кетті-ау əлденеге...
Жас шағын бас қамымен ұмытқандар
қас қағым сəтке мынау мəн бере ме?..
Жанары жасаураған, жаудыраған
салонда қарттар қалды саудыраған!
Жұртындай көшкен үйдің көңілімді,
апырай, қай жаққа енді аудыра алам?
Ел көшіп жайлауынан жан-дүниенің,
Қаңырап қалды автобус,
қалды көңіл.
Арасын өң мен түстің айыра алмай
мəңгүрттей мағынасыз мəңгіремін.
Кезіккен кемедейін қатты ағысқа,
Адасқан арыстандай шоқ қамыста..,
Есімді қайта жинап үлгергенше
Орнынан жылжи берді автобус та.
Құмығып көмейімде құлын – əнім,
Қосылды-ау ойда жоқта мұңыма мұң...
Артыма қайта-қайта қарайлаймын,
Артыма қайта-қайта бұрыламын.
Жал қуып,
жағаны жеп,
жар құлатқан
Өмір де – өзен ғой бір қарғып аққан...
Жарасып,
жамырасып бірге түспей
Мен неге қалып қойдым əлгі топтан?
Мен неге қалып қойдым қара басып,
Кетпестен қоян-қолтық араласып?
Автобус қайда əкетіп бара жатыр
Жайдарман жастығымнан ала қашып?
Тастайтын тірлік қайда таңдайға бал,
Майсалы мамыр қайда маңдайға алар?
Кеулейді кеуде тұсты жалғыз сауал:
«Ендігі аялдама қандай болар?..»
* * *
Қынай бел,
Құбакан қыз,
Пісте мұрын,
Көзіңнен көңіліме түссе нұрың,
Анамдай туған Айға арзу айтқан
жасармын «жарылқа» деп іштен ырым.
Қапысыз көрген көңіл сүйіп қалар
көзге ерте көрікті қыз күйік болар.
Майдайын ерітетін жүрегіңді
момақан бір жымиыс миықта бар.
Жарасып сол жымиыс, сол ибалық
санаға сəуле себер сəби қалып.
Ізіңе жүріп өткен гүл жайқалып,
Жүзіне қарайтындай жəми халық.
Құрбы қыз,
Құралай көз,
Қынай белім,
Сенбісің Абай сүйген шын Əйгерім?!
Айрылып Тоғжанымнан қалғаннан соң
қайрылмас енді ешкімге сыңайлы едім.
Қайрылдым,
Қайрылмасқа еркім болмай.
Көзіңе екі кəусар көл тұнғандай.
Сан жылдар сары алтындай сақтап келген
болмассың бойымдағы өртімді алмай!
* * *
«Оралыңның барында ойна да күл...»
Қырмызыңда қызыққа тойма, жаным.
Жайлауында жазира жастығыңның
жауқазындай жарасар жайнағаның.
Қызық қуып қыдырып кет демеймін,
Мезгіл туса, тұрмайды көктемей гүл.
Сəби – сезім тым сенгіш,
Алданып қап...
Тұнығына көзіңнің шөкпегей мұң.
Өткен күннің болмайды бəрі ғайып,
Əр мезгілдің өзіне əні лайық.
Ақ арманның жолында не көрсек те
Арымайық,
азбайық,
налымайық.
Дұшпаның аз,
көбейсін досың, құрбың,
Жалғыз жанға көңілдің қошын білдір.
Жігітіңмен жарасып,
қонысыңа
қол ұстасып кет те қал сосын бір күн!
* * *
Маған деген бейілің алабөтен –
Теңіз бе екен,
тау ма екен,
дала ма екен?!
Гүл өңіңді,
тілегің,
жүрегіңді
қайда жүрсем, өзіммен ала кетем.
Жүз өртеніп,
жолықсаң, жүз жанасың,
Қылығың бар қырмызы қыздан асыл.
Құдай қосқан қосағың болмасам да
көк аттыдан көлденең қызғанасың.
Өліп-өшіп сүйердей сонша кіммін? –
Алыс кетсем, шегі жоқ аңсауыңның.
Кермек дəмін тататын кезім де бар
кірпігіңе тізілген моншағыңның...
Тауды да алаң етпестен, бауды да алаң
сонша неге бейілің ауды маған?
Сағына да білетін, қамыға да
жанарыңнан айналдым жаудыраған!
Қатар жүрсек біздерден қайғы үркеді,
Ақ самала сəулесін ай бүркеді.
Аққуынан көз жазып қалатындай
сен болмасаң көңілдің айдын көлі.
Бауырыңмен жылытып өзге ұяны
өтіп жатыр басыңнан кез миуалы.
Асылзада сыпаттас сыңарым-ау,
Қайтіп сені езгеге көз қияды?!
* * *
Жұлдым, таттым талайын көк алманың,
Сүйдім, таптым деп жəне көп алдандым.
Қанша қыз бар қалада...
Сенен бірақ
асып туған аруды таба алмадым.
Сен сұлусың бəрінен!
Жоқ күмəнім,
Қайтем көлдің көзбояу көк құрағын!
Жалғыз сəтке жанымда болмай қалсаң,
Көңілімді – көбелек отқа ұрамын.
Сен сұлусың,
Көзіңде – көл бейнесі.
Желбір қағып, үкілім, желге ойнашы.
Мынау бес күн жалғанда жалт етпелі
Кімнің сұлу болғысы келмейді осы?!
Сен ерексің,
бөлексің, дара, ғажап!
Сендей сұлу қыз мына қалада жоқ!
Қыз Жібекке теңей ме, білмесе егер
сұлулықтың қадірін дана қазақ?!
КЕЙУАНА
Баллада
Дəн жауғандай,
Нан жауғандай аспаннан
Ақ дастарқан көрінбейді ас-дəмнен.
Ай, жұлдызды ауыл кеші. Бау іші.
Екі жастың бақыт тойы басталған.
Сəулеті – сəн,
Дəулеті – нан,
Байлығы – əн
Ақ пейілден халқым қашан айныған?!
Бар тілегі – екі жастың ертеңі,
Қызып жатыр қызығы мол той-думан.
Қызып жатыр қуаныш той, ұлық той,
Жақсы сөзден жан жадырап, жылып бой.
...Кейуанамыз кештеу келіп отырды
Қоңыр кеште көп көзіне ілікпей.
Əуезді əн кеңге жайып қанатын,
Сөз алғанның бəрі – шешен, бəрі – ақын.
...Ересектер мама қаздай мамырлап,
Жастар жағы биге шыққан болатын.
«Қайран, Жастық! –
Алмас, талмас, қызбалым!
Жібіттің-ау жүрегімнің мұз-қарын.
Аяр ажал, сен бұлардың алдында
Амалсызсың,
Келгенімен бізге əлің...»
Кейуана отыр орамында осы ойдың:
«Неге жылап, неменеге босаймын?
Шарасынан шайқалды екен неліктен
тынық түнде тұнып тұрған қос айдын?»
* * *
...Сүйген жарын өң мен түсте жоғалтқан
Қалай естен шыға қойсын сол ақ таң?..
Оқшау жерде ойға кетіп отырды
Алдындағы ұрттап қойып шараптан.
...Ағын-тегін болмағанмен дəл мұндай
Той өткен-ді жүрдек жауған жаңбырдай.
Енді, міне, ертегінің елінен
Елес – күндер елжірейді қол бұлғай.
Кім сенеді жерде Бақыт жоқ десек?
(Жөні басқа жете алмасақ, жетпесек)
Сол бір түнде күтіп тұрды емес пе
Бұларды да ақ шымылдық, ақ төсек?
Ақ көрпе емес, дегендейін: «қар жамыл»
Қарақшы – түн жалаңдатты-ау, қанжарын:
Түн ішінде «Соғыс!» деген бір сойқан
Алқын-жұлқын алып кетті жан жарын.
Өрт орнында өшіп-жанып шоқ қалар...
Өтті күндер...
Өтті айлар, апталар...
Аз-көп емес, жарты ғасыр жылжыпты-ау,
Ардағынан əлі күнге жоқ хабар.
Үміт шіркін үзілмеді, бітпеді,
Көңіл шіркін содан бері күпті еді.
Аз-көп емес, жарты ғасыр жылжыпты-ау
Аяулысын ақ төсекте күткелі!
Қаншама көз қарамады сұқтанып,
Қаншама сөз жаралады, сырт қалып...
Қапас түннің қыспағынан қатыгез
Қаншама таң алды мұны құтқарып?..
Жеке-жалғыз қалған кезде жұртта анық,
Жесір жасын демеді ешкім: «жұтпалық».
Қырық кез арқан жете алмайтын шыңыраудан
Қылдай үміт Кейуананы шықты алып!
Қара түнде ақ көрпені жамылып,
Көз ілгенде таң алдында талығып:
Көгіндегі жұлдызындай көрініп
Əлі сөнбей келе жатыр сол Үміт!
Шектегендей өмірінің өлшемін
Шерленеді көкжиекке енсе Күн.
Түздің мықты, түкті тұмар гүліндей
Əлі сембей келе жатыр сол Сенім!
* * *
Ақ пейілден халқым қашан айныған?!
Шат көңілмен өтіп жатыр той-думан.
Той иесі – Тойымбет жүр ортада
Қуанышы ақтарылып қойнынан.
Көкке шалқып көңілдердің күй-əні
Қызып жатыр қызуы мол би əлі.
Той қызығын тамашалап төрде отыр
Аршынкемел ақсақалдар зиялы.
Қайран, Жастық!
Еріп, елтіп сазға əсем
Биле, биле!
Лаула, қаула!
Мазда, Сен!
Жігіттерді жарасады-ау нар десең!
Нəркестерді жарасады-ау наз десең!
Думан-тойда ду-ду қызбас қай табан?!
Мың бұралып биле бүгін, найқал, əн!
Қос көгершін қонақтаған төріне
Бейбіт күннің белгісі ғой Тойханаң!
Қызылына түскен құстай қиядан
Жігіт жағы қыздар жаққа жиі алаң.
Алқа топтың аяғының астында
Қорғасындай балқып жатыр би алаң!
Көкжиекке керілгендей керегең
Қайран, муза!
Құдіретті ең не деген!
Талай жанды тағатынан айырып,
Талай жанды сиқыр сазға бөлеген.
Тойдың сəні – шалқыған би, шаттық əн
Ортаға шық бойда болса отты қан!
...Кəйіп көңіл кейіпте отыр Кейуана
Көз алдынан көлбей ұшып көк тұман.
Ортаға алған қыз-жігітті – Ай, Күнді
Жігіт-желең қайдан ұқсын қайғыңды:
Би кезегі «Қамажайға» келгенде
Кейуанамыз тағатынан айрылды.
Көне көздің көңіл шерін ашқан кім?
Қайда қашты еңсені езіп, басқан мұң?
Шараптан бір ұрттап алып Кейуана
Арасынан шыға келді жастардың!
Қолдан ұшып кеткені ме, шіркін, бақ..,
Бір кездері билеуші еді-ау былқылдап.
Сын көздерге сыр бермейін десе де
Кəрі буын көнер емес сыртылдап.
Амалың не, ара тұрар айлаң жоқ,
Қолдан шығып кетіпсің-ау, қайран, бақ?
Ауа жетпей алқынады қос өкпе
«Жастық» атты жағалауда қайраңдап.
Осы шығар қаңқу сөзге жем болған:
«Беу, жазған-ай, билеу сенің неңді алған?» –
Қайран қалып қылығына кемпірдің
Біp қария күңкілдеді төр маңнан.
Аз болғандай мына күңкіл, мына зіл
(Кейуанамыз би – жарыста жүр əзір)
Жанарында жасырынып кей жастың,
Жымыңдайды жылмаң қаққан бір əзіл.
Күлме, күлме,
Күбірлеме, ей, Жастық!
Жиын-тойда жараспайды бейбастық.
Көңіл – айна ақиқатын аңдатпай,
Жеңіл ойға жетелейді-ау кей мастық.
Артық кетсе Кейуанамыз – кешірім.
Өмір шіркін өзі-ақ айтар шешімін:
Аз ғанаға қам көңілі елжіреп,
Абзал ана биге шықса, несі мін?
Жан тілегін жайып салып жалғанға
Жас жүрегі жаңа бүршік жарғанда, –
Өз тойында билей алмай бұл бейбақ
Кім біледі, қалған шығар арманда?
Ауыздағы айтылмаған алғыстай
Ақ қанаты қайрылғалы алға ұшпай,
Осы кемпір өтті десе кім сенер
Жарты ғасыр жастық құшып,
жар құшпай?
Өкінгенмен орала ма өткен күн,
Көңіл қайта бола ала ма көктем – гүл?
Шемен жүрек шер шығарған шығар да,
Беу, жұртым-ай, несін оның көп көрдің?
Мұз – қайғыдан мүсін жасап, мұң қашап...
Не болмақшы болмашыны бұлдасақ?
Кəрі буын сыр берсе де сыртылдап,
Кəрі көңіл қалған шығар бір жасап!
Сəулеті – сəн,
Дəулеті – нан,
Байлығы – əн
Ақ пейілден халқым қашан айныған?!
Бар тілегін екі жасқа жаудырып,
Қызып жатыр қызығы мол той-думан.
Ұмыт қалған Үрдің қызы – Үміттей,
Діріл билеп,
Буындары бірікпей
Кейуанамыз шеттеу келіп отырды
Қоңыр кеште көп көзіне ілікпей.
Таң атқан ба əлем əппақ сүттенбей?!
Таңмен бірге бақыт келгей, құт келгей.
... Кейуана отыр,
Тойдың мынау торқалы
Жарық таңға жалғасуын күткендей.
* * *
Сен əн айттың,
Үн-түнсіз мен тыңдадым.
Жастықтың сейілдедім еркін бағын.
Айтөсін жібек желге айқара ашып
Ақбоз үй түндігіндей желпінді əнің.
Көкмұнар,
керінбейтін мұң оранған
сондағы жанарың-ай тұна қалған!
Басынан бал-бұл ұшып жұмақ – арман
Тына қалған сыңайлы мына жалған.
Сен əн айттың.
Айналдың басқа əлемге.
Түсті ме жерге арбалып аспан, əлде?
Жай алып жəудір, жақұт жанарыңнан
Айналып кеттім бе екен жасқа мен де?..
Жас жұттым,
жанып-ысып,
жалын іштім.
Жанымда сабыр таппай сағыныш-мұң.
Сен мені əлем-жəлем күйге салдың,
Сен мені əлдеқайда алып ұштың.
Ішінде жүргендей ем алма бақтың
Ілезде қанатыңмен самғап ақтым.
Əн бітті...
Жылдар өтті...
Əлі күнге
үстінде жүргендеймін сол қанаттың..
БОЗҚАРАҒАН
Тереземнің тұсында Бозқараған
бойжетіпті.
Көбейді көз қадаған.
Саяқ көзден сақтанып саябанда
Əжем отыр шүйкесін созбалаған.
Бойжетіпті, білмеппіз, Бозқараған,
Көзден аман болғай да сөзден аман.
Бозқараған жанына жиналады
Бозарып ай туғанда бозбалалар.
Əтіріне ауаның алған мас боп
Əн айтады түнімен армандас топ.
Төсегінде дөңбекшіп ұйықтай алмай
Əжем байғұс жатады саржамбас боп.
Бозбаланың аяулы арман əні,
Ай нұрына ақжібек жалғанады.
Елтігендей сиқырлы сазға жаны
Бозқараған толықсып, толғанады...
Ай төбеден ауады,
Əрі асады
Бозаң түске боялып қала шамы.
Бозамық таң Шығыстан шаң бергенде
Бозбалалар үйді-үйге тарасады.
Күн шығады.
Тіршілік жанданады.
Бозқараған сілкініп, паңданады,
Бозбалалар сыйлаған сырға ма екен,
Жапырағында жəудіреп əн қалады!
* * *
Мезгіл ауып барады Қарашаға,
Хал-жайыма Қараша караса ма?
Əлі күнге өзіңді аңсай берем
Жəрмеңкесі жастықтың тараса да.
Топ ішінен өзің ең таңдағаным,
Тағдырыма жазбаса, бар ма амалым,
...Тоты қыздың қылығы еске түссе,
Төсегімнен тұра алмай дал боламын.
Балақаздай баптаған құсым едің,
Алажаздай айдында ұшып едің.
Көрсем-ау деп жүзінді жүдей-жүдей
жүз батпан жүк жүрекке түсіремін.
Мезгіл ауып барады Қарашаға,
Қарашамен жай-күйім жараса ма?
Жалғыздықтан құтқарар жан көрмедім,
Өзің келіп түспесең арашаға...
* * *
Елжіреуік бір сезім езді ырқымды...
Көмейіме кептеліп сөз де іркілді.
Келтіре алмай отырмын сені бермен,
Өлтіре алмай отырмын көз құртымды.
Бірде жақын арамыз, бірде шалғай.
Шалғай шақта шарқ ұрам тілдесе алмай.
Мен жабырқап жүремін іштен тынып,
Сен жарқырап жүресің күнде шамдай.
Сабыр сарқып салбөксе сағым, мұнар,
Сəл көрінбей қалған сəт сағындырар.
Жалауымды жықпас жан
қалауымды
қабыл қылар,
кім білсін халімді ұғар...
Əрі шалғай арамыз, əрі жақын.
Шамаң бар ма жай сұрап, хал ұғатын?
Адам керек ағынан жарылатын,
Қамығатын,
Жылайтын,
Сағынатын...
Айырбастап музамды мұңды ырғаққа
Түн жамылып барсам ба тұнжыр баққа?
Жұмақ іздеп жүргенде...
Тағдырым-ай,
тап болдың-ау тағы да бір жұмбаққа.
* * *
Сəукеле – сəулешімнің салтанаты.
Салтанат – сағындырған қалқам аты.
Мақпалдай майдақоңыр мінезі бар,
Жарасқан жамалына мархабаты.
Бағамын сол қалқаның қас-қабағын,
Аңсаймын, алыс кетсе, хош-хабарын.
Дүние зеренінен нұр ұрттаймын,
Төңкеріп тастағанда тостағанын.
Төңкеріп қарағанда қара көзін,
Сеземін жəудірінен жан əуезін,
Есіңе түсіреді еркелігі
Адамның бейкүнə, пəк бала кезін.
Нəр татып қылығынан, тұнығынан,
Тарқатып тоқсан сырды бұрымынан,
Отырсаң оңашада ойнап-күліп,
Түсірмей тоты құсты тұғырынан.
Көзінен сүйіп тұрып жұма қалған,
Отырсаң кезін бағып тына қалған, –
Шуаққа шомылдырып жан-тəніңді,
Жұмаққа айналмай ма мына жалған?!
* * *
Көргенім – көріскенім аңсап келіп.
Көркіңе бек жарасар кəмшат бөрік.
Шөлімді қандырдың-ау, қалқатайым,
түн іші тіл ұшына бал сап беріп.
Жүрісің айдында аққу жүзгендейін,
Тістерің ақық-маржан түзгендейін.
Шыныңмен уəдеңді берші маған,
Болмайын сенен үміт үзгендейін.
Етегі көйлегіңнің бүрмеленген.
Көрікті сенен басқа кімге берген?
Жазмыштың маңдайыма жазылғанын
өзіңмен не де болса бір көрем мен.
Қолыңа ап, жетектеші Күреңімді,
Қалқатай, екі етпеші тілегімді.
Жалғанда екі дүние өкінбес ем,
өзіңмен бірге сүрсем бұл өмірді.
Білгенге, тағдыр жолы бұралаң-ды.
Ғашықтық – құштарлық пен құмар алды.
Адамның баласында арман бар ма,
Сүйген соң мыңнан қалап бір адамды?!
* * *
Кеудеңді құйын кеулеп, жел кергенде,
Түседі-ау ғазиз басың сергелдеңге.
Емінген елігіне ессіз жүрек
еншісін егеленбей ем көрген бе?
Арудың бетін бері қарата алмай,
Жат көріп, өзге жанды жарата алмай,
Күй кешер бағзы бірде байғұс жүрек
ұядан ұшып түскен балапандай.
Үстіне Ана құстай аяп қонар
Кім оған жанын жайып бəйек болар?
...Махбуза махаббат-ай, алып-ұшқан,
Өмірің кейде осылай аяқталар.
СЕН АУЫРДЫ ДЕГЕНДЕ...
Ауырма, беу бейкүнə құсым менің,
Беймезгіл бозармасын түсің де өңің.
Далада көктем, жаз тұр сені күтіп,
Пердесін терезеңнің түсірмегін.
Түсірме кірпігіңді төмен, жаным,
Еңсеңді төмен салсаң, не болғаның?
Жарығын бұл жалғанның бұлт шалмасын,
Дəрінің дарытпасын денең дағын.
Асқынса сендегі ауру, мендегі дерт,
Арзуын кімге айтады пенде-жүрек?
Жаутаңдап,
жаның жүдеп жатырмысың,
есіктен ең жақыным енбеді деп?..
Айтылмай алма бақта абат əнің,
Аландап,
аңсадың ба дала таңын,
Аядай аумағына палатаның
аңдаусыз түсіп қалған балапаным?
Ауырма,
ақ жүзіңнен əр қашпасын,
Жағаңа жалмауыз қол жармаспасын.
Тағдырың сынға түсер, таң менен түн
ала алмай бірін-бірі арбасқасын.
Ауырма,
дегбір тапсын денең, бойың,
Қайыспа,
қасарып бақ емендейін!
Дəрі мен дəрігерден дəрмен кетсе,
Əніммен, өлеңіммен мен емдейін!
* * *
Əкелші,
ақ жүзіңді мен сүйейін,
Тамсанып: «Тағы, тағы келші» – дейін.
Өмір бойы көркіңді көзім керіп,
Өмір бойы еркіңді еншілейін.
Келші, келші, қарағым, тосшы бетті,
Қос ішектей шертейік қос тілекті.
Өмірімде қаншама қар еріді,
Көңілімнен қаншама көшкін өтті...
Көктем болып оралсын соның бəрі,
Ақ нөсерге айналып көңіл қары,
Ақ бетіңнен өптірші, өрімталым,
Өн бойыма тарасын өмір нəрі.
Айналайын, қысылма, бетіңді тос,
Оған аппақ қардайын ниетіңді қос, –
Бұлт бауырын жалаған жалқындайын
жанып-сөніп жай тапсын екінді кеш...
* * *
Жүрегім бірде күлер, бірде жылар...
Ол, шіркін, кімге ғашық, кімге құмар?
Аужайын көңіліңнің айтпағанмен,
Хал-жайын махаббаттың білген ұғар.
Жарақат алған шақта жай күшінен
Шарапат таптым, айтшы, қай кісіден?
Мен де бір махаббаттың Мəжнүнімін
Көз жазып қалған түзде Лəйлісінен.
Айтатын оңашада əнді баппен
Көз жазып Лəйлі қыздан қалдым, əттең...
Соңынан əлде қуып жетер ме екем,
Жолды алсам алты айшылық арғымақпен?
Арғымақ алты айшылық жолды ала ма?
Сапарым сардалада оң бола ма?..
Қатерге басым тігіп, бақ сынайын –
Жетер ме созған қолым сол балаға?
* * *
Мен саған бірде көктем, бірде күзбін.
(Көңілде құйын ойнап жүр ме біздің?..)
Тұманды, күмəндімін күздігүні,
Көктемде саған арнап гүлдер үздім.
Мен саған бірде көлмін, бірде шөлмін.
Ем-домы табылар ма бұл кеселдің?
Кейбірде ағыл-тегіл ақтарылып,
Кейбірде əрең-əрең тілдесермін.
Мен саған бірде күнмін, бірде түнмін.
Өлшеулі түрін қара құрметімнің?!
Артылып жақсылығы бір басынан
Жарығы түсіп жатыр кімге кімнің?..
Мен саған бірде жақын, бірде алыспын.
Шешілмес шер тарқамай жұмбағы іштің...
Кейбірде сезінбеймін сені бар деп,
Кейбірде өзіндеймін күнбағыстың.
Білмеймін, нендей сиқыр бар осында?
Сенделдім сеңдей сезім арасында.
Адасып жүрген жаннан кейде аумаймыз
Екеуміз бір өзеннің жағасында...
* * *
Адамға ала бөлмес қазынасын
Жақсының өкпесінен назы басым.
Жаныңа жайма-шуақ жарық сеуіп
Жалт етіп бір қараса, жазыласың.
Жел үйір етегіне жеңіл жанның,
Жел тұрмай, дауыл соқпай неге ырғалдың?
Санаңды санға бөліп, сабыр таппай,
Саяқсып кеткеніңді көңілге алдым.
Асылдың білем, сен бір сынығысың,
Түбі жоқ тұма судың тұнығысың.
Жаныңды кім түсінер менен басқа,
Жаралған жарасымды ғұмыр үшін?
Мінгенмен жалқы жайдақ қиял – атқа
Шабарсың қайтіп қарсы қиянатқа?
Күніне жүз жығылып-сүрінсең де
Көңілге күдік-күмəн ұялатпа!
Желікті,
кім оңалар,
желге берсе?
Күңкілдеп, күнелтпелік пенделерше.
Жердің де өңі қашып, түсі оңбай ма
Желегі желбір-жекен кем көгерсе?..
Ез туып,
ерқашты боп,
екі өлмелік,
Болғайсың өз-өзіңе бекем-берік.
Арадан сынық сүйем сына тапса,
Кез келген екеумізді кетер бөліп!..
* * *
Асылға балап сені Аққу дедім,
Аққудан кем емессің,
нақ білгенім.
Құс-көңіл күнде өзіңе ынтыққанмен,
Ішкенім, амал қанша, тəтті у менің.
Қаталап,
жүргенімде шөлдеп-өліп,
Төсейсің ақ төсіңді көлге қонып...
Түрмейсің пейіліңнің пердесін көп,
Білмейсің сыр ашуды жөнге келіп.
Жаңғақ па дейін десем ырғын қатты,
Жаныңда кейбіреулер жылмың қақты.
Қамалға алдырмайтын айналдың ба,
Адамға беріп қойып бір жұмбақты?
Сен жүрсің жұмбағыңды қиындатып,
Мен жүрмін мимырт халде миым қатып.
«Бұл қалай?» – деп сұрауға мұршасы жоқ
Күн мен ай өтіп жатыр құйындатып.
Шаңына ілесе алмай аяң, жорға,
Күн мен ай өтіп жатыр...
аялдар ма.
Айтсаңшы ақ жарылып,
əлде... біреу
жаныңнан менен бұрын жай алған ба?
«Естіртер өлгенді де...» – дейді халық,
Кеше гөр, менен кетсе кей бұлалық.
Жасқана берудің не керегі бар,
Басқаға ауып жүрсе пейлің анық.
Жоқ, əлде?..
Періште ме ең таза, бұла
қылау дақ түсірмеген өз арына?
Жоқ, əлде...
Жан білместей,
жас күніңнен
жүрегің назалы ма, жазалы ма?
Мінезің мəйін, жұмсақ, –
мақтадайсың.
Көңілге – шыққан Күнсің, батқан Айсың.
Білемін, махаббаттың жұмбағы көп,
Сен оны ақтамайсың, даттамайсың.
Тыңдайсың сөзімді тек ұйып, тынып,
Күрсініп,
көкіректен күй ұқтырып.
«Қайда?» – лап қапылып-ақ қалам кейде
Аймалап, ойша өзіңді сүйіп тұрып.
Күніне қырық құбылып құмар ғашық,
Екіұдай Үміт, Күдік жүр арбасып.
...Түлкідей қарға аунаған Қансонарда,
Алдымнан тағы өттің-ау бұраң басып.
* * *
У-зəрді жалғыз ғана мен ішем бе? –
Жүректің жүдеп жүрген емі сенде.
Көрмеймін дегеніңе көнемін бе,
Келмеймін дегеніңе келісем бе?
Тар жерде тағдыр айдап табысқаным,
Қалайша ауа қонып, алыстадың?
Кім білсін қадіріңді қалыс жерде,
Қасымнан кете көрме қарыс қадым.
Сарғайып, сағынбауға жан шыдай ма,
Көз жасы көңіл кірін аршымай ма?..
Жабырқап,
Сен жоқ жерде жалғызсырап,
Жүрегім сыздамай ма, шаншымай ма?
Қош хабар жеткізер деп кім алыстан,
Көңіл бар көбелектей құрақ ұшқан.
Көрсетші дидарыңды ғайыптан кеп,
Жарылсын жүрек, шіркін, қуаныштан!
САҒЫНЫШ
Амал не, арман алыс, жалған қысқа...
Əрнеге аңғал көңіл алданғыш та.
...Ақсуға аялдап ем амалсыздан,
Жете алмай Алакөлге қалған құсша.
Таңдайға тамшы суын тамызбаған,
Алакөл – əлі күнге аңыз маған.
Жалғанның жалпағынан жай таппаған,
Жайымды түсінер-ау жаны ізгі адам.
Биік пен ұзақтықты ұшқан алар,
Ұзамай Алакөлге құс та қонар.
Қыстағы Күннің шығып, батқанындай,
Қызығы бұл жалғанның қысқа болар.
Талайдан іңкəр едім сол айдынға,
Жете алмай қалып қойдым қалай мұнда?
Қамығып сала берем, мүшкіл халмен,
Көктегі ұшқан құсқа қараймын да.
Құлазып,
Қиын болды-ау мұң кешкенім,
Басымнан, көрмеймісің, күн көшкенін?..
Дүлдүлмен жарысардай шамам болса,
Құрбыммен көл жағалап жүрмес пе едім,
Байқамай қыр астында қыс қалғанын,
Басымнан осы ма, əлде, ұшқан бағым?..
Жүрмес пе ем əйтпесе, əттең, сол қызбенен,
Қызықтап Алакөлге құс қонғанын.
Жабығу жарты жолда кімге ұнамақ,
Бар ма еді қанатымда бір кінəрат?
«Ардағым қашан ұшып келеді?» – деп,
Алаңдап жүрген шығар құрбы қарап.
Бір көру Алакөлді арман болды.
Қасында қарақат көз қарғам бар-ды...
Кім елеп,
Кім есіркеп,
Кім аясын,
Жете алмай жарты жолда қалған жанды.
* * *
Болды ғой сыз өткендей табанымнан,
Қар жауды, қалқам, неге қабағыңнан?
Мен де бір нəзік гүл ем...
Суық сорып,
Үзіліп түссем неттім сағағымнан?
Жылуын жанарыңның жиып алып,
Əп-сəтте кетпек пе едің үйіңе алып?
Қараймын
қабағына жаутаң-жаутаң,
Көзіме қоңыр мұңды құйып алып.
Шанасын аяз толы атқа байлап,
Арадан өткені ме ақпан ойнап,
Қалайша бір уыс боп қалар мынау,
Жайылып етек-жеңі жатқан аймақ?
Шытпашы қабағыңды,
өтінемін,
Онсыз да көлеңкелі көкірегім.
Көміліп көк теңізге қалмай ма əлем,
Төгілсе шарасынан екі көлім?..
* * *
Сен өрімдейсің,
Көктемнің жаңа шыққан көгіндейсің.
Көңілім көксегенмен,
амалым не,
Көзіме күнде менің көрінбейсің.
Сен – тəтті армансың,
Бір отты жүрегіме жаққан жансың.
Қолыма талай рет қонайын деп,
Жалт беріп көз ұшынан жоқ болғансың.
Сен еліктейсің,
Жеңіңнен жел тартса да желікпейсің,
Жалғанда жанға айтпаған жан сырымды
Жаным-ау,
жанарымнан неге ұқпайсың?..
* * *
Көңілім сұлулыққа бір қанбады.
Ол мені бірде алдады, бірде арбады.
Көзіме өткен-кеткен елес беріп,
Өзіңе айтылмаған сыр қалмады.
Мінгізді қанатына талай қиял...
Болмаған қыз алдында Абай да ұяң.
Сұлулық – Періште ғой!
Періштені,
Көлденең көк аттыға қалай қиям?!
Кімге сор,
Кімге азап ол,
Кімге бақыт?
Келуін күттірмей ме Күн де батып?
Жетпей ме тұнжыр əннің жанға мұңы,
Сеппей ме түңгі жаңбыр гүлге жақұт?
Желбегей желкенімді желге жайып,
Өмірді іздей-іздей ең ғажайып,
Жалғаннан жай таппаған жиһангездей,
Болармын бір күндері мен де ғайып...
Сұлулық ғайып болмас, мен кеткенмен,
Мезгілсіз жаныңды мұң меңдеткенмен.
Бұйырмай періштелік пешенеге,
Басынан қилы күнді пенде өткерген.
Сұлулық,
Періштелік –
Егіз ұғым,
Жарасқан жан мен тəннің негізі бұл!
Бір мысқал екеуінен кем көрмеймін,
Жүректің саған деген лебіз, үнін!..
* * *
Құшағын жайған саған, жайған маған
Жаз өтті жайма-шуақ жайраңдаған.
Қазір-ақ қасыңа ұшып барар ем-ау,
Қайран-ай, қанат бітсін қайдан маған!.
Көктемнің қуаң тартып түз, белдері
Моншағын кірпігінен үзген бе еді?
Əйтеуір күн жылауық болып алды
Маңайға мұңын шағып күз келгелі.
Саудырап жел сапырған cap жапырақ,
Құлазып бір-ақ сəтте қалды атырап.
Аялсыз,
Алқын-жұлқын,
Алашапқын
Уақыт дегеніңде бар ма тұрақ?
Жабырқап жадау қүндер өткені үшін,
Білемін, жаным, маған өкпелісің.
Көзімнің тамшыларын тізіп алып
Барады көтеріліп көкке құсым...
* * *
Аз білерсің мен жайлы, көп білерсің...
Бірмезгіл көңілге аза шектірерсің.
Өлеңіне өлмейтін өмір тілеп
Жер бетінен бір ақын өтті дерсің.
Өтті дерсің бір ақын жарық күннен,
Күлер болса өзегін жарып күлген.
Талайлардың тұңғиық тағдырына
Абайлардың арманын алып кірген.
Болмағанмен Ұлы Абай, ірі Қасым,
Ақындар бар бірінен бірі басым.
Соның бірі өмірден өтті дерсің
Музасы мен қалдырып мұңын асыл.
* * *
Тəтті күннің тауысып талай дəмін,
Өтті білем басымнан бал айларым? –
Ерте күздің нұрымен енді, міне,
Еріте алмай отырмын самай қарын.
Шаштағы қар, мазалап бастағы мұң,
Қарлығуға айналды асқақ үнім.
Қалай ғана өткізіп алдым екен
Қайталанбас күндердің қас қағымын?
Қайран күндер қайда енді қастерлеген?
Қырау мынау самайдан басқа өрлеген.
Жастығымды қас жауым жарым түнде
Жаулап алып кеткендей лəшкерменен...
ҚОШТАСА БІЛ
Жарқын жүзін бұлт шалады Күннің де,
Жартыкештеу ғұмыры бар гүлдің де.
Жүрек сыздап, жаның жылап тұрса да
Қоштаса біл, көз жасыңды білдірме.
Аппақ жүзін бұлт бүркейді Айдың да,
Аққуынан айрылады айдын да.
Қандай ауыр күн туса да басыңа
Қоштаса біл, қамықпа да қайғырма.
Оңай соқпас мықтыға да осалға
Қоштасу сəт – ең қиын сəт қашанда.
Енді қайтып көрмесіңді білсең де
Қоштаса біл, жанарыңа жас алма.
Айыруға шамаң келмей оң-солды
Жүректегі сөзіңді айтып ең соңғы
Қимасыңды шығарып сап тұрсаң да
Қоштаса біл, еңкейтпестен еңсеңді!
* * *
Жылдар салып араға,
Өмір өтіп бара ма:
Көңіл шіркін, күздегі,
Жапырақтай сарала.
Ұйқы қашып далаға,
Салқын кірді санаға.
Түбі шикі тіршілік,
Түс көргендей бола ма...
Қамала, ой, қамала,
Хал-жайыма қарама:
Бізден де өмір қала ма,
Балалардан балаға?..
Жан жете алмас жағада,
Жалғыз шырақ жана ма? –
Сыңар құсым – шағала,
Қанатыңды сабала!
Бұлт ала, жер шола ма,
Көкейге шер тола ма.
Қызығы көп қызыл Күн,
Көкжиекке қона ма?
Жапырақ та сарала,
Атырап та сарала.
Ерікті алған бұл өмір,
Келіп қалды-ау жобаға.
Зымыстанға жоғала,
Гүлістан да сола ма?
Айналамыз қалай біз,
момақан бір молаға?..
* * *
Қырмызы гүл жайлады құба белді.
Құрғыр қыздар құлпырып шығады енді!
Есіңді алған қылығы еркелердей
Сылқ-сылқ күліп шалғынға бұлақ енді.
Буын босап барады, буын босап,
Күн нұрына болмайды-ау жуынбасақ.
Көктемеде үй бағу кімге ылайық? –
Көктөбеге шығайық ырым жасап.
Көктөбенің аржағы – алмалы бақ,
Асықпа тым, абайла, қалма құлап.
Гүлден-гүлге ұмтылған мен бейбаққа
Бірден-бірге барасың, қарғам, ұнап.
Алма бақ па мына маң, гүл жұмақ па?!
Бəз қалпынан барқыт бел бұлжымапты, ə?
«Кетіп қаппыз, аға, – деп, – тым жыраққа»...
Қабағыңды, қарағым, тұнжыратпа.
Мына бақтың ғажабы-ай!
Келіскені-ай!
Ішіне еніп термейміз жеміс қалай?
Анамыз ақ жаулықты – Алатау да,
Көктөбе – «Тақиялы періште» ғой!
ҚЫЗ ОН БЕСКЕ КЕЛГЕНДЕ...
(Шал ақынның ізімен)
Қыз он беске келгенде құлпырады,
Жанарында күлімдеп Күн тұрады.
Қылығында қыл нəзік сезім ойнап,
Бұрымында бұрқырар гүлтұмары.
Он алтыда шақырып күлкі бағы,
Жүрдек соғып жүрегі бұлқынады.
Жасыл дəурен,
Жас дəурен,
Жасын-дəурен
Ұстатпайды қолына кілтін əлі.
Он жетіде көзінде сыр тұнады,
Ізгі өмірдің сезіліп ілкі мəні.
Қос көгершін қонақтап кеудесінде,
Қос көгершін ұшам деп ұмтылады.
Он сегізде алдында сын тұрады.
Жастық шақтың шақырып сылқым əні.
Мезгілінен ерте өніп, қауыз жарған
Талай гүлдің қызығы қырқылады...
Он тоғызда оянып ынтызары,
Алма-кезек ауысар күлкі-зары.
Мазалайды түндерде түсіне еніп
Махаббаттың мəңгілік ғұрпы, заңы...
Жиырмада басылмай ынтығы əлі
Жалт-жұлттанып жүргені жылтырағы.
Жас жігітпен жарасып ынтымағы,
Жанай жүрсе, жұпары бұрқырады.
Жиырмадан асқан соң кім тұрады?
Жиын-тойда сөз қылар жұрты-дағы.
«Жат жұрттыққа жаралған» жақсы қыздың
Жас жігітпен болмай ма шын тұрағы?!
* * *
Кеш көрдім бе, айтшы, əлде, кезінде ме –
Жанға жағып барады сөзің неге?
Тал бойымды еріткен ерке қылық
Көзіңде ме,
жоқ, əлде, сезімде ме?..
Əлде ғажап сол жұмбақ əніңде ме –
Саған қарай беремін, жаным, неге?
Қадіріңді білдіріп бір-ақ күнде,
Сабырымнан айырдың сағымға ене...
Мұң шақпайын деуші едім ешкімге енді,
Мүмкін, мансұқ еттім бе кеш гүлдеуді?..
Көргендеймін көзіңнен бір жұмбақты,
Сол жұмбақты тезірек шешкім келді.
Кезінде ме, айтшы, əлде, кеш көрдім бе?
Көшкен күнге не дермін? –
«Қош» – дермін бе?
Көз қырыңды сала жүр, айналайын,
Кеудемдегі сол нəзік өскен гүлге...
* * *
Шабытсыз ақ қағазға қонбайды өлең,
Жазықсыз, жай түспесе, жанбайды емен...
Жаныма бір жұбаныш болар ма деп
Жолыңа жанарымды жалғай берем.
Жанарым талды білем қарай-қарай,
Жол жатыр жон үстінде шарайнадай.
Ойлаймын жарым түнде, жаным, сені,
От басып алған жандай абайламай.
От басып алғандайын табаныммен,
Алқынып жарым түнде аламын дем.
Хабарың бар ма, жоқ па, қарағым-ай,
Осынау тағдырыммен, таланыммен?
Балықтай байқаусызда торда ойнаған
Жоқ əлде мен болдым ба сор қайнаған?
Желпінсе желді күні жер-дүние,
Болмай ма ұясына торғай да алаң?
Кеудеден жан шығармай, қан шығармай
Жүректі зіл-батпан жүк жаншығандай.
Ұшына кірпігімнің жас ілінді
Тізілген жапыраққа тамшылардай...
* * *
Қайта жанды өшкен нұрым,
Қайта оралды көшкен күнім.
Көктөбеге шақырғандай
Көктемеде өскен гүлім.
Көзге көрік, жанға дəрі –
Шақырғандай алма бағы.
Үзілмеген үмітімді
Келдің бе екен жалғағалы?
Төрт құбылам құбылмалы
Ұғынбады, ығырлады...
Қаншама рет шыбын жаным
Шыңырауда шырылдады?..
Сезімімнің шырын балы
Сен бе деп ем ғұмырдағы,
Бақытымды кім үркітті?
Жақұтымды кім ұрлады?
Қылқобызда мың ырғағы
Қызыр ма едің Қырымдағы? –
Аққу қонған айдындайын
Кеуде тұсым шымырлады...
ГҮЛАСЫЛ
Жақсылар көзін жұмбасын,
Жаманға күнің түспесін...
Жүрегің сенің, Гүласыл,
Махаббат уын ішпесін.
Жаратқын, мейлі, жаратпа,
Тосыннан келіп толғағы,
Тартылар алуан тарапқа
Тағдырдың тарам жолдары.
Қайсысын қалап, таңдарсың?
Қинар да бəлкім бұл сұрақ.
Үзілген жіпті жалғарсың,
Өшпесе көзде нұр, шуақ...
Күзің бар алда...
Қыс та бар
салмағын салар жанға ауыр.
Ұйқың да қанар,
Түс тарар...
Таңың да атар талмауыр.
Басарсың қыста қарды аппақ,
Көктемде гүлді кешерсің...
Жақсының атын ардақтап,
Жаныңды жайып төсерсің.
Төсекте, бəлкім, жұлмалар
Төзімге көнбей ғашықтық.
Кездерің келер мұңданар
Көзіңнен ыстық жас ытқып.
Қуанарсың да гүлжайнап,
Өмірің тартса өрге көш.
Адамға арман мұндай бақ
Аспанда жүрер,
жерде емес...
Ізіңді жауып жас шалғын,
Жүзіңді жуар жаңбырлар...
Бір күні мынау аспан, Күн
Қош айтып саған қол бұлғар.
Мұңайып бақта гүл қалар
Ерніне боп-боз тамшы іліп.
Өкінер өксіп жылғалар,
Жапырақ жерде жаншылып...
Бұлт көшер..,
Шуақ, нұр құяр
жалғанда жəми іңкəр Күн.
Қырқада сонау қылтияр
Жүрегіңе ұқсап бір тал гүл...
* * *
Мұң мен Шаттық алмасады, Гүлмарал,
Көңіл гүлін қар басады, Гүлмарал.
Аспан, Жерде бірін-бірі ала алмай
Өмір, Өлім арбасады, Гүлмарал.
Күндерге күн жалғасады, Гүлмарал,
Түн түндігін таңға ашады, Гүлмарал:
«Харекетке – берекет» деп жан біткен
Тіршілігін қамдасады, Гүлмарал.
Өмір өрлеп, алға асады, Гүлмарал,
Онсыз күннің бар ма сəні, Гүлмарал?
Қыс соңынан көктем келер көзайым,
Сен байқамай қалма соны, Гүлмарал.
Қабағыңды аш, қамықпағын, Гүлмарал,
Маған анық-қанық халің, Гүлмарал.
Бүлдіршінін əлдилеп тұр алдында
Гүл бүршігін жарып бағың, Гүлмарал.
Кірпігіңді қағып қалың, Гүлмарал,
Талма таңда талықпағын, Гүлмарал.
Біз түгілі, көрмеймісің, жаным-ау,
Өсіп тұр ғой табытта гүл, Гүлмарал!
Жар төсекте жанып тəнің, Гүлмарал,
Жалғыз қалсаң, жабықпағын, Гүлмарал.
Жан тілегім – жаспен емес, жүзіңді
Нұрмен жусын жарық таңың, Гүлмарал!
* * *
Ашылып жас желектей желге іреңі,
Жүрегім сені көріп елжіреді.
Жүрегім елжіресе...
Көкіректе
көктемдей ағыл-тегіл сел жүреді.
Ериді көкіректің мұзы, қары.
Өршиді,
өрекпиді,
қызынады...
Бір ұқса, қыздың жайын ақын ұғар,
Бір ұқса, ақын жанын қыз ұғады.
Жүректің елжіреуі...
Жақсылық па?
Көктемде көзім түсті жас шыбыққа.
Қабағы əншейінде ашылмайтын
Аулынан аспанымның қашты бұлт та.
Қашты бұлт, –
Қар жаудырған, бұршақ атқан.
Көшті күн көк тұманын тұмшалатқан.
Жүрегім сені көріп елжіреді...
Тəрк етпе, тəңірім, енді мұнша бақтан!..
ҒАШЫҚТАР
Қызыл-жасыл көктемде
Қызғалдақты беткейге
Қыз бен жігіт кетпей ме,
Əңгіме, сыр шертпей ме...
Бұлт бауыры сөгіліп,
Ақ нөсерін сеппей ме?!
Бұлт жеңкіліп қашпай ма,
Алатаудан аспай ма,
Күн дидарын ашпай ма,
Ғашықтардың үстіне
Нұрдан шашу шашпай ма?!
Күн жиекке батпай ма,
Жерді ымырт жаппай ма,
Ай бозарып атпай ма...
Көкте жұлдыз жамырап,
Анда-санда ақпай ма?
Жұлдыз жəймен сөнбей ме,
Қыз жігітке сенбей ме,
Құшағына енбей ме,
Қайда барса, көнбей ме...
Ал сонан соң... Ауылға
таң алдында келмей ме?..
КӨК КӨЙЛЕК
Көктемде мынау көңілден көшсін қаяу-мұң,
Көк көйлегіңді киіп бір шықшы, аяулым.
Көк белмен көшіп, көкжиек асып кетейік,
Бетке алып біздер тамаша, думан, той аулын.
Даланың жасыл жоны мен қия қырқасын
Бозторғай – көңіл бозым бір шақта
шырқасын.
Көгілжім жиек көрсетпей бөгде көздерге,
Көгілдір мұнар құшағына алып қымтасын.
Талықсып кетіп таң алды көрген түстердей,
Көк көйлек киіп көгілдір көктен түс көлбей...
Шуағы – шашу шадыман шаңырақ ішінде
Шалқиық бір сəт шаттықтан шарап ішкендей!
...Есіңде бар ма сонау бір жылғы той кеші,
Мазалы мамыр, ажарлы ауыл бейнесі?
Көк көйлек киіп көлеңдеп жүрген өзіңдей
Көгілдір көктің көз тартып еді-ау кеудесі!
Аңсарым ауып ажарыңа айдай толысқан
Мен сонда, жаным, өзіңмен алғаш танысқам.
Көк көйлек киіп көп қыздан бөлек сен тұрдың
Түскендей болып ғайыптан, көктен, ғарыштан.
Айырған мені ақылдан,
естен,
еріктен
Көк көйлегіңмен көрінбей жүрсің неліктен?
Еркелей қалсаң – аумай қалушы ең еліктен,
Елжірей қалсаң – еңлік гүлдей көрікті ең...
...Көктемде мынау көңілден көшсін қаяу-мұң,
Көк көйлегіңді киіп бір шықшы, аяулым.
Көк белмен көшіп, көкжиек асып кетейік,
Ішіне еніп көгілжім тартқан бояудың...
АРЫС БОЙЫ ЖИДЕЛІ
Торғын тоғай,
Көкорай,
Жиделі жай.
Жалғыз аяқ соқпақтың иреңін-ай.
Жалғыз аяқ соқпақпен келе жаттың
Уағдалы жеріңе, сүйгенім-ай.
Жиделі жай келіпті-ау кемеліне,
Көк тоғайдың енейік тереңіне.
Қалып қойсақ қайтеді осы арада,
Бүгін үйге қайтудың керегі не?
Жұпарына жиденің еліттің бе,
Құшағымда барасың еріп мүлде.
Жағалауы Арыстың жиделі екен,
Жиделіге тұрайық келіп күнде.
Алыстарға жатыр ғой Арыс ағып,
Толқынында жүзелік, жарысалық.,
Жағасында Арыстың айрылысып,
Жағасында Арыстың табысалық...
ЖЕТІСАЙ ЖЕЛЕКТЕРІ
(Жетісай педучилищесінде жеті жүз қыз оқиды)
«Бірі – Маржан,
Бірі – Тоғжан, Əйгерім..,
Ажарына арбалғандай ай, көгің,
Жетісайда жеті жүз қыз бар» – десе,
Елең етпес,
ере кетпес қай көңіл?!
Жүз құбылған жұмағына жұмбақтың
Дегбірімді,
Көз нұрымды ұрлаттым.
Ғұмырыма жететіндей нəр іздеп,
Тұнығына телегейдің шым баттым.
Сағындырған саумал лебін даланың
Сұлулыққа ауған менің жанарым!
Қас қағымда-ақ қаусайды екен қамалың,
Жеті жүздің көргеніңде жамалын!
Жүздеріңді аптап қақтап, желпи жел
Ерке күліп өтсең, еріп, елтиді ел...
Жетісайдың қызыл-жасыл желегі –
Жеті жүз қыз, кем емессің ЖенПИ-ден!
Жүрсек тағы жұлдыз құшып, айды арбап,
Өздеріңсіз қонар басқа қайдан бақ?
Жеті жүз қыз жеке-жеке үй болып,
Жетісайда жеті жүз той тойланбақ!
Қағылғандай несібемнен, есемнен
Қайтып барам,
Қарақтарым, есен бол.
...Қыздарының қызу шоғы екен ғой,
Жетісайым неге ыстық десем мен!
* * *
Жазда ауылға бара қалсаң, қымыз көп.
Қымызды үйден ынтызарын кім үзбек?
Ақын үйден аттап шықса, «адасар»
Қызық қуып,
қыдырыстап,
қыз іздеп...
Аламанға секілденіп қосқан ат,
Көңіл, көнсең, көкжиекке бастамақ.
Қыз бен қымыз алқа топта ақынның
Қолтығына бітіреді қос қанат.
Жан сезімі əнге арбалып, сөзге ұйып,
Қарсы алдында отырса бір көзкүйік,
Сарыарқаның самалымен жарысқан
Көз алдыңа келмей ме бір жезкиік?
Жүйрік көңіл желпінсе де жеке алға,
Жөні келсе, жезкиікке жете алма!
...Қыз қысылып қымыз құйса еңкейіп,
Омырауда дір-дір етер екі алма.
Қаз омырау – қыз омырау көз құртың
Бастар сені бір əлемге бозғылтым...
Өң мен түстің отырарсың ішінде
Бастай алмай, қостай алмай сөз ғұрпын.
Сөз орнына əлдеқайдан əн келіп,
Сəруар əлем сала берер сəнденіп.
Екі бетің бал-бұл жанар, бойжеткен
Қымыз емес, отырғандай бал беріп.
Ажарлы өңі ақ мəйектей аршылып,
Аңсарыңды алған сайын талшыбық,
Асау көңіл əлдеқайда ап қашар
Алты қанат ақбоз үйді тарсынып!
Қымыз құйып қиылғанда бұраңбел,
Қияндағыш қиып түсер қыран бол!
Желеулетіп желікқұмар қымызын,
Таң бозымда қызды ауылға қылаң бер...
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру