TELEGEI

Home

Өлеңдер, поэмалар, этюдтер. 2-кітап

Ғафу Қайырбеков

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Өлеңдер, поэмалар, этюдтер. 2-кітап

Поэзия әлеміне өзіндік үн қосқан ақын Ғафу Қайырбеков өзінен кейінгі жастарға сүйіспеншілікпен қарады. Тың туралы жазған дастандары үшін марапатталды. Шығармаларындағы негізгі ерекшелік – ұрандату мен айқайдан алыс болды. Ол дәстүр жалғастығының үзілмегенін қалады.

ТУҒАН ЖЕР - АЛТЫН БЕСІК. 1969 ЖЫЛ

БӨЛЕКТІГІҢ

Бөлектігің,-
Көп жұлдыздың ішінде
Көзге бұрын ұшырасқан айдайсың,
Зеректігің

Сен тұрғанда алға кітап жаймайсың,
Сиректігің
Шатыр етіп, баяғыда бір түсіп,
Жер бетіне шығып қалған жайдайсың.

Өлме деймін
Өлмей жүрсің - ризамын,
Білем, бірақ, бір күн тілімді алмайсың!
* * *

БІЗ ГҮЛ ЕДІК

Біз гүл едік
Ортақ майда көктеген,
Көп гүл едік
Көктем берген леппенен.

Достық деген
Алтын арқан байланып,
Қосақталып
Бір қазықтан кетпеген.

Обалың не –
Бірдей қатар дүзедік,
Махаббаттан
Жүз тіріліп, жүз өліп.

Ығы-жығы Жәрмеңкенің төсінде
Сырнайлатқан
Сырбаздарың біз едік.
Тауға қарап

Ақша бұлттар көшкенде,
Дария бойлап,
Ақ қайықтар ескенде,
Біз екен – деп

Ойлап қалам елегзіп,
Я - сен – деп
Қоштамайды еш пенде.
Тек төбемнен

Жауып өткен ақ нөсер –
Мұнда сенің
Жас мінезің бар десер.
* * *

ЖАЗҒАН ЖЫРЫМ

Жазған жырым, - жалғыз далам,
өзге емес,
Қырымда да, Хиуада да көзге елес.
Елімді мен еркіндіктей сағынып,

Өз-өзіммен құрдым ылғи сөз - кеңес.
Елім менің - сенсіз менде хәл қандай,
Елегзимін - есіл көңілім жалғанбай,
Алыста бір ана айқайы естіліп,

Алыста бір балам жылап қалғандай.
Жібімейді тас кеудемде жыр қатып,
Алтын аңғар, сені көрмей бір балқып,
Қош, көңілге хоштық берген, қош

Қырым,
Қайттық елге, қамшыңды ұста,
жүр, Бақыт.
Қырым. Июнь, 1967

АҚСУ – БАЯНЖҮРЕК

АҚБОЗ ҮЙДІ

Ақбоз үйді тіктіріп,
Көк жайлауда жатырмын.
Шаңырақтан бұлт кіріп,
Шабытындай ақынның

Оралады жел бауға,
Қонады кеп омырауға.
Майдың іші. Әлі ешкім
Бұл маңға аяқ баспаған.

Жаз айдары белестің
Жана толқи бастаған.
Қыз тіршілік, сән мекен,
Жұпар төсек сонда екен.

«Баянжүрек» - аты әсем
Бақыты асқан жер нендей,
Сонау арман шаққа сен,
Сол бір махаббатқа сен

Барып қайтып келгендей.
Мәңгі балғын жастықты
Жырлап тұрған тау мынау:
«Махаббатты, достықты

Мұрат қылған баурым-ау,
Келсең - келші!» - деп маған.
Берді барын сақтаған!
Осы нұрлы тауларым,

Осы тәтті бұлақтар,
Балқып тұрған бауларым,
Бала саусақ құрақтар,
Сонда білдім мекенім, -

Өзімдікі екенін.
* * *

ЖҮГІРШІ, БАЛАПАНДАРЫМ

Жүгірші, балапандарым,
Қыр қандай, мынау ой қандай,
Қаладан шығара алмадым,
Қапшыққа салып қойғандай!

Сендердің табандарыңды
Көк шалғын сүйіп көрмеген,
Көтердім обалдарыңды –
Апармай туған жерге мен.

Қадірлі қайран топырақты
Ұстай да жүр - деп есіңе,
Үш бірдей жасыл жапырақты
Қондырдым, жерім, төсіңе.

Самалда самғап жамырап
Шабындар, кәне,
бағландар.
Ак бесік, алтын шаңырақ,

Өзіңде жүрсек не арман бар?
* * *

«ТЫШҚАН КӨЗ» ДЕГЕН

«Тышқан көз» деген бұлақ ол,
Тәтті де суы шекерден.
Қандырып сусын, шығады ол
Шілдеде шып-шып шекеңнен.

Балауса шөпті жапырып,
Балалар бақа қуады.
Ақ көбік сабын сапырып,
Аналар кір-қоң жуады.

Іргені түріп, самалдап,
Көлеңке басын келтіріп,
Алдында қымыз «ал, ал!» - деп,
Ақындар жатар лепіріп.

Ac үйде анау келіншек
Көтеріп аппақ шараны,
Көзге бір жайнап көрінсе,
Көңілің ойнақ салады.

Сабаз-ай десей, сайран күн,
Сен ұмыт болар ма екенсің?
Соңымнан тауы Баянның
Телміріп қарар ма екенсің?

«АРАСАННЫҢ ИЕСІ - САРБАС ЖЫЛАН»

«Арасанның иесі - Сарбас жылан», –
Естігенде осыны қалмас шыдам,
Қан салқындап, жүрегің баяу соғып,
Деп тұрғандай миың да:

«ал, қаш, бұдан!».
Шипалы су шыққалы осы маңнан,
Сарбас жылан сол жерге көшіп алған.
«Садақаны көп берсе сауықтырып,

Сараңдардан қақсатып өшін алған».
Көп заманға осы аңыз кеткен тарап,
Әлі күнге шалдар бар күткен қарап,
Сарбас жылан бірақта оралмаған,

Әкеткелі бір сотқар шекпенге орап.
Бар жақсының қашанда ел иесі, –
Елге ғана бұйыру ер үлесі.
Болған оның әмәнда, болады да

Әзі ардақтап табынар әулиесі.
Сол әулие кеткесін, ырыс қашпақ,
Көрінген жын иектер жұртты ластап.
Иесіз де киесіз ел болмайды –

Жүру керек тек соны дұрыс бастап.
* * *

БАУРЫНДА БАЛА ҚОЙШЫ

Баурында бала қойшы қой айдаған,
Маужырап кәрі жартас ой ойлаған.
Күндерін күңіреніп еске алады
Бір кезде кеудесінде жай - ойнаған.

Жастықтың жасын бұлты енді оралмай,
Алыстан айтып сәлем жолдағандай.
Жаңғырса бала жартас,
бас изейді ол

Амалсыз соның күнін қолдағандай.
Жай тартып, жаңғырсаң да күніне мың,
Белгілі жанып болып, күйінерің.
Жастанар бір жастығың жер болған соң,

Бәрі сол бастан өткен дүниенің.
* * *

ҒАЛИ ОРМАНОВҚА

«Бүркітті» шыңның басында
Кезіккен кетпес естен күн.
«Баянжүрек» басында
Бақытты сағат кешкен күн.

Үш ақын едік онда біз,
(Ұласып ұрпақ өспей ме?)
Ұшатын едік онда біз
Қиялмен қия төскейге.

Ортада - менмін. Баста - Сіз,
Балапан жырау сәл артта.
Самғаушы едік бастап біз
Сәріде, сәтті сағатта.

Жоңғардың аппақ шындары:
«Жол болсын» дейтін кіл бізге.
Өлеңнің өршіл ұлдары
Шығушы ек шұғыла - күмбезге.

Самғауық әулет, сан ұрпақ –
Самұрық, бүркіт құстарың,
Қалатын еді таңырқап
Адамның көріп ұшқанын.

Қайтатын едік содан біз
Сақайып, шабыт, әл жинап.
Саптыаяқ толы cap қымыз
Қанына қайрат, нәр құймақ.

Ақын - достық қызық-ақ –
Серуен қиял - серікпіз.
Күн сәулесін үзіп ап,
Өлең жасаушы едік біз,

Шебер жасаушы - едік біз.
* * *

ЖЕТІ ЕМЕС, ЖЕТПІС ШЫҒАР

Жеті емес, жетпіс шығар су дегенің.
Естимін күндіз-түні гулегенін,
Бұл таулар осыншама селдетпесе,
Білмедім дала қайтіп күн көрерін.

Тірліктің тұңғыш таңы атқаннан-ақ,
Осылай дамыл кермей аққандай-ақ.
Далаға мың дария орнатудың
Жоспары орындалмай жатқандай-ақ.

Дамылсыз дарқан ағыс құла таңнан,
Бұқарға керуендей жүк апарған.
Дауысы сан тірліктің сол суда бар
Естіген қалмайтындай құлақта арман.

Балқаш пен Алакөлге сауын айтқан,
Алайда келтіре алмай тауы қайтқан.
Еріксіз елшілердей жеті үлкен су,
Олардың құшағына мәңгі батқан.

Жолшыбай сан саламен өсіп-өніп,
Құяды қос теңізге екіленіп,
Асыққан облыстағы мәжіліске
Ауданның басшылары секілденіп.

Баяндар ел бақытын, жұрт ырысын,
Осы екен жерден соңғы бір туысың.
Басында Баянжүрек тағы білдім
Қадірлі жердің демін, су тынысын.

ҰМЫТПАН САРЫ ЖАЙЛАУ

Ұмытпан Сары жайлау, салқын кештер,
Аспанда ала бұлттар - алтын көштер,
Сендер де серілікті сағынғанда
Аунаған бауырында ақынды ескер.

Тауларым гүл омырау, шалғын иық,
Жырымды тыңдап едің балқып ұйып.
Сәскеде жұмақ үні естілгендей,
Тұрғандай аспаныңнан бал құйылып.

Ақ түнге қара жартас құрбыдай боп,
Үстіне қонушы еді сырғып Ай кеп,
Осының бәрін керіп, бәрін сезген
Айқайлап алушы едім: «Тірлік-ай!» - деп,

Самал тау, Саға-Бүйен, Баянжүрек,
Арнап көп ақын содан жай алды деп,
Арасан хабар айтып ойдағы елге,
Азамат амандыққа қол алды кеп.

Қариялар - мәңгі өмірдің үгітіндей,
Жылдардың жел өтіне үгітілмей,
Сексенде селкілдейін деген ой жоқ,
Қылшылдар қырықтағы жігітіңдей,

Жасы үлкен, жайдары жүз, шіркін ағам,
Мұртынан қымыз исі бұрқыраған,
Қаңтарда қағып түскен олжам ғой деп,
Алтайы сыйлап еді түлкі маған.

«Күреңбел, «Сайымбөлек», «Сандал көлім»,
«Баласаз» ара қонып барған жерім,
«Зәуренің көк сайына» көкірек басып,
Көңілімнен шығып кеткен арман менің.

Баурында болсам шіркін ала жаздай,
Қаңқылдап қанаттанып бала қаздай.
Тәңірінің өз үйінде жатқандай боп,
Мәңгілік жасар мұнда адам азбай.

Қымызы тамыр жайлап, буын қуып,
Қырық жыл жүрсең-дағы суық ұрып,
Есіл ер ендігәрі есен бол деп,
Жұпармен жібереді жуындырып.

Басыма бақыт түнеп, дәулет қонып,
Жағалай жан-жағымда сәулет толып,
Баурында, Баянжүрек, кештім дәурен
Бір ауыл ақын деген әулет болып.

Түсер жол ер жігітке талай тарап,
Қасиетті қазақы жер, бұл бай танап,
Қайтқан жаз, қайран көңіл кетпес естен,
Рахатын жеті атамның бір қайталап.

Ақсу - Алматы 1966

АЛТАЙ АЯСЫНАН

ҒАБИТ MҮСІРЕПОВКЕ

* * *
Ардағым Алтай - даламның асқақ төрі екен,
Таудың да тарлан таланттысы екен, сері екен.
Тау емес мынау кілең бір алтын баспалдақ,

Алланың өзі аспаннан түсер жері екен.
Төменде біздер бөркіміз бастан сырғанап,
Қағамыз таңдай бір емес оған мың қарап.
Керіледі Алтай керемет көркін көзге әкеп,

Сыбырлап ерні - рақат, қызық мұндалап.
Жолдарын жібек белбеудей бейне бос тастап,
Қалбаның тауы қарсы алып бізді қош-қоштап,
Сібенің көлі сілтейді жеңді теңізге,

Ол өзі содан ажырап қалған досқа ұқсап.
Жағалай таулар біріне-бірі сүйкенген,
Бір бірін қолдап биікке қарай итерген.
Солардың сонау арғы да арғы басында

Атақты теңіз - Бұқтарма жатыр бұлт емген.
Келеміз соған қақ жарып аппақ тұманды,
Қандырып тастап құмардан қызық құмарды,
Көкірек шіркін күмбезді бейне кең сарай,

Шырқайды көңіл бір әннен кейін бір өнді.
Пай-пай-пай! Міне, айтулы сабаз көкмұнар,
− Ал енді мұның алды-арты мүлде жоқ шығар!
Аңқылдақ ақын қуанар қолын шапақтап,

Жаңғыртып тауды күледі оған жолшылар.
Бұқтарма теңіз - адамның қолы жасаған!
Сеніп көр кәне, мынаған қарап ал соған,
Мың - мыңдар ғасыр осылай тұрған секілді,

Жүздеген таулар қолпаштап оны қоршаған.
Тек шофер ғана жас жігіт анау Аймаған,
Теңізге шапшаң көңілі көне қоймаған.
Ол осы дария - телегей судың астында

Домалақ күйі доп қуып талай ойнаған.
Балалық жұрты, жігіттік аулы сонда қап,
Шыланып кірпік - азырақ толқып толғанад,
− Ничего! - дейді көңілді біздің жолбасшы,

Түсеміз жүйткіп ылдиға төмен сорғалап.
* * *

АҒАМЫЗ ЖАТҚАН АҚ ОТАУ

Ағамыз жатқан ақ отау
Көгілдір теңіз басында.
Жағалай орман, жасыл тау –
Қасиеттің бәрі қасында.

Құлаққа ұрған танадай,
Айнала аппақ тыныштық.
Қылығы тәтті баладай
Сәскеде болар күн ыстық.

Сол кезде қымыз толтырған
Сарқып бір тастап шараны,
Жарқырап жалан балтырлар
Теңізге түсіп барады...

Күмп берсе сонда шіркіндер,
Аспанға көбік асылар.
Рақаттың даусы – күлкілер
Сыңғырап суда шашылар.

Көңілдің мың-мың хошы кеп,
Қанағат қанға тарайды.
«Адамдар деген осы!» - деп,
Есіркеп Алтай қарайды.

ДҮҢК, ДҮҢК ЕТКЕН

Дүңк, дүңк еткен катерлер
Дүрсіл қаққан жүрек пе?
Тіршілікті әкелер
Мынау шалғай түбекке.

Күн ұзаққа кей-кейде
Бірі өтпейді-ау тұсыңнан.
Тарылады кең кеуде
Айрылғандай туысыңнан.

Анау алыс жағалау
Жат кісідей үндемес.
Бұ жақта жоқ шағала,
Көктен-дағы тіл келмес.

Жалаңаяқ серілер,
Жалтақ-жалтақ қараймыз.
Тілеп алған серуен,
Елегзиміз қалай біз!

Сонда сонау мүйістен
Шығар қайық ойнақтап,
Бір жасаймыз біз іштен,
Қолымызды бұлғап қап.

Бейне тірлік көші кеп,
Беймазалық тарайды,
«Адам деген осы!» - деп
Тағы да Алтай қарайды...

БАТАР КҮННІҢ ТАУДА ҚАЛЫП

Батар күннің тауда қалып сирағы,
Cay денесі сай ішінде қирады.
Анау жақтан аю бұлттар шыға кеп,
Күннің алтын сынықтарын жинады.

Жинады да бері қарай жөңкілді,
Пұшпақтары өртке күйген секілді.
Бұлтты мазақ, күнді аза тұтқандай
Теңіз жақтан өгіз баржа өкірді.

Ақ сәулені алдына сап түн-жігіт,
Лақтырмақшы теңізге әкеп күлдіріп.
Сол үміттен жылығандай су іші,
Ыстық бір леп көк қойнауға тұр кіріп.

Сағада ойнап, салады ойнақ балықтар,
«Сен де мені қуып жет те, алып қал!» -
Дейді ақ шабақ, асау шортан қуады,
Толқынынан дірілдейді қайықтар.

Жер ошақтан қызыл шоқтар ұшады,
Қара қазан күрең жалын құшады.
Қайран бойың дір етеді сонда бір
Әлде кімнің арбап ыстық құшағы.

Ал алыста маяк самсап жағылып,
Мүлгиді аймақ тыныштыққа табынып,
«Пенде шіркін, мен де шіркін» - дегендей
Қалғиды Алтай қамқа тонын жамылып.

AУ ҚАРАЙМЫН АЗАННАН

Ay қараймын азаннан тұрып алып,
Осы теңіз балығын қырып алып
Жүрген сабаз секілді сенімдемін,
Жылы толқын жатады күліп ағып.

Қос қанаттан қос ескек суға малып,
Ерте қиял асылып шыңға барып,
Әлдеқайда кетемін көңіліммен,
Елестейді еркелік, бір балалық.

Жан жоқ бұл кез оянып, қыбырлаған,
Күннің-де алғаш түседі нұры маған.
Ең атақты балықшы келеді - деп,
Тек құрақтар жағада сыбырлаған.

Ау арқауы алысқа керілгенмен,
Шылау басқан аршуға ерінгеннен,
Екі-ақ құлаш тұсы бар көзі бүтін,
Жайын өтсе тоқтамас бергі жерден.

Салып ұрып сол бүтін жерге жетем,
− Ертеменен, е сабаз келген екен, -
Дегендей-ақ бүлк етіп сазан балық,
Амал таппай тоқтайды енді бөтен.

Кейде біреу, кейде екеу - аспайды одан,
Сорпалыққа сорлылар бас байлаған,
Құрғақ қайық түбінде тыпырлайды,
Қалған жерді қарамай босқа айналам.

Алтын артқан кемедей маңғазданып,
Қайық қалқып жүзеді, жай қозғалып,
Көкке қарап келемін жағалауға,
Әкелгенім болса да жалғыз балық.

Жаңа оянған ағамыз жағаға кеп;
«Қанша-ау?» - дейді.
− Боласыз санап әлек!
− Сорпа бар ма?

− Бар - деймін.
− Е, жарады.
Артық ұстап байғұсты неге керек!
* * *

ҚАЛБАНЫҢ БІР ҚАБАТЫ

Қалбаның бір қабаты сонау сілем,
Кей-кейде арасында айғай-сүрең.
Алтайдың аюлары еріккенде
Ойнайды тас лақтырып жолаушымен.

Кем соқпас көздегенде мергеніңнен,
Зілдей тас түскен бойда жерге кірген.
Көрмей-ақ, естігенде жан шошиды
Олардың осы қалжың-ермегінен.

Ақырып тауды сілкіп арылдасып,
Сояудай тістерінен жалын шашып.
Кеміріп қарағайды кесіп - турап,
Алады тұмсық бұзып мауқын басып.

Сөз емес қия шатқал, қиын торап,
Дегендей менің пайдам - сиым сол-ақ,
Кей-кейде етекке кеп, өзі жоқта
Кетеді орманшының үйін тонап.

О-дағы сүйкімді бір ақымақтық,
Онысы кір келтірмес атына түк.
Осылай ордандасып ойнайды олар
Қалбаның қабырғасын қақыратып.

Алыстан не оқасы бар тыңдағанға,
Етпейсің шыдамсыздық шындағы аңға.
Алтайда міз бақпайды, мыңқ етпейді,
Лұқсатсыз тентектері шулағанға.

БАЛА БЕКЕТКЕ

Сыбызғы кесіп қурайдан,
Сыйлауға саған ұйғардым,
Шеберлік тілеп құдайдан,
Жасауын білмей қиналдым.

Шаңыраққа байлап кептіріп,
Шаңқай түс кезіп кеп бақтым.
Бәкімді қайрап өткір ғып,
Жүзінде сәуле тоқтаттым.

Сақсынып ішін мол аршып,
Сығалап әккі мергендей,
Қол қайтты талай қобалжып,
Бүлдірер кезім келгендей.

Қарай да қарай сен жүрдің,
Сәби де көзің жаудырап.
Нұсқасын оймен келтірдім,
Кемістеу болды сәл бірақ.

− Ал, шырқат - дедім,
− Бай көңіл
Балалық шіркін шыдап па?
Өзің бе, ол ма – әйтеуір

Бір тәтті үн келді құлаққа.
Сен мәзсің - болды мен үшін, -
Есіме түсті күштілер –
Әр істе сондай кемісің

Кетерін қайран іш білер.
* * *

БҰҚТАРМА ТЕҢІЗ ҮСТІНДЕ

Бұқтарма теңіз үстінде
Аралдар бар не қызық.
Тұрады мұнар ішінде
Толқынға төсін емізіп.

Дүрбімен көріп кешкілік,
Азанда соған тартамыз.
Күн бойы сауық қос құрып,
Ат тауып қойып қайтамыз.

Біз жүрген бейне Магеллан,
Аралдар ашып талмастан.
Бәрі де тастан жаралған,
Мүкпенен басын тал басқан.

О баста олар құз екен,
Баурында бұлттар қайнаған.
Ай, жұлдыз түнде күзеткен,
Асыр сап арқар жайлаған.

Өн бойын енді су басып,
Баурында толқын дүрліккен,
Қалыпты аман қу басы
Кешегі мықты тірліктен.

Өлу мен туу - солай да
Тағдыр бір тәлкек етпесін,
Еткен соң оны аяй ма,
Алып тұр қазір екі есім.

Бірінші біздің есте жоқ,
Өзіміз қойған ат аян.
Таңертең көрген кеш те жоқ,
Тағдырда сондай жоқ баян.

АТ ЕКЕН БІР АСПАНШЫЛ

Ат екен бір аспаншыл
Құспен, сірә, аталас.
Асқар таудан аспанша
Құмары әсте тарқамас.

Бар еді бір маң жартас,
Суға құлап кетердей.
Басында оның аң жортпас
Иесіз қалған мекендей.

Қос айылды нық тартып,
Алмақ болдым соны мен,
Шықты жүйрік бір шалқып,
Самғап келген бойымен.

Пау-пау, жасыл дүние
Ылғи осындаймысың?
Сәскедегі күйінде
Сәнді-ақ екен байғұсың!

Биіктіктің қадірін
Жаңа білді-ау жан - денем.
Аяқ асты - бәрі күн,
Алақанда - бар әлем.

Мынау жартас, бұл теңіз,
Аттап кетсең - шыңырау.
Төрт құбыла - өлкеңіз,
Төбеде аспан - зымырау.

Астымда ақбоз арғымақ,
О, пенделік, о, ғұмыр,
Осы күйде қалғым-ақ
Келді менің мәңгі бір!

ҚОШ АЛТАЙ, АППАҚ ТЕҢІЗ

Қош Алтай, аппақ теңіз, ару айдын,
Арман ғой сенде өткізу бәрін айдың!
Тағдырым талай жерге тап қылса да,
Жаннатты сенен өзге танымаймын.

Келді-ау бір қызығыңа сүңги бергім,
Қиянда қырық шарлап қырғи көңілім.
Ақ сәуле, қызыл арай, жасыл нұрлар
Көзімнен кетпей қойды ылғи менің.

Көрем мен түсімде де сені дәйім,
Сыбырлап сал қарағай, сері қайың,
Самалың төсегіме кіріп келіп,
Тұрады тас төбемнен төніп айың.

Сол кезде ақ шатырдан атып шығып,
Көремін су үстінде алтын шыбық.
Ай ару оңашада төмен түсіп,
Тұрғандай суға малып шашын сығып.

Содан соң тағы суды шымырлатып,
Жатады көк теңізге жұлдыз батып.
Көз жасын үнсіз жылап тауысқандай,
Бозарып жүдейді аспан түнді ұзатып.

Кеткендей дәл қасымнан қыз аттанып,
Қозғалмай әлгі орында ұзақ қалып,
Күтем мен күн күймесін алтындатқан
Атқанда таң қылаңдап, сызаттанып.

Үн келіп шығыс қанат, сонау жақтан
Әлде бір күмбірлеткен, қоңыраулатқан,
Секілді шыңнан шыңға шауып шығып,
Күн күрең тұлпарларын омыраулатқан.

Сол шақта аударылып күймесімен,
Айрылып бар қазына дүниесінен
Таулардың бастарына шашып алып,
Танғандай бақшырайып күн есінен.

Осы түс, осы сурет қабаттасып,
Сан рет арбап мені алып қашып,
«Қайдасың, қайда Алтай» деп оянармын
Жүрегім қатты соғып, қаным тасып.

Қош Алтай, әсем әнім, күй қанатым,
Бір терін маңдайының сыйлады ақын.
Сен маған осы тірлік өзің дейсің
Түбінде қимай жаным қиналатын.

Бұқтарма - Алтай.
Август 1967

АҚ ҚАЙЫҢДАР ЕЛІНДЕ

1. ЕСІЛ

Есіл, сен қиялымсың бала күннен,
Тасығыш мінезіңмен, танабыңмен,
Атынды жарқ-жұрқ еткен естуші едім
Қазақтың қайырып салған бар әнінен.

Ойлаушы ем ару ма, әлде ән бе екен деп,
Ақ күміс, алтын алқа сән бе екен деп,
Әлде бір дауда кеткен ғашық басы
Қан жуып, қай төбеде қалды екен деп.

Есіл - деп, айтады жұрт боздағын да,
Есіл - деп аяйды адам өз жанын да,
Есіл - деп есіне алып отырар қарт
Көз тастап өткен күн мен озған жылға.

Есіл ер, есіл ауыл, есіл дәурен,
Есіл дос, есіл балам, есіл сәулем –
Бәрін де егіздесіп жүреді атың,
Қосылдың нендей сиқыр, не сылтаумен?

Әлде сен, әсем өзен, шығанды алып,
Есіліп ағармысың сылаң қағып.
Жібектей желді күнгі толқимысың,
Басыннан бір ән қайтып, бір ән барып?

Елімнің ең шұрайлы жерін басып,
Ағасың, кербез дария керім ғашық,
Жас исің, қыз қылығың сол баяғы
Көрінген көк жиектен көңіл ашып.

Сені айтсам - көз алдыма Арқа келер,
Қарындас қара шашты қалқа келер,
Арманын Есіл бойлап Ақан қуып,
Көлденең құлагерін тарта берер.

Не керек, бәрі келер, бәрі келер,
Бір бөлек рақатқа жаным енер.
Серуендеп сендей суға бір түспесе,
Жер сүйген жетім жүрек жанып елер.

Есілім, сезімімсің барлық асыл,
Кейінде талай-талай қалды ғасыр,
Қанындай ата-баба құрғамаған
Даламның денесінде салдың асыр.

Қалайша соған қунап тәубә демен?
Ағасың атам керген арнаменен.
Қарайсың жар кезінің ыстығымен
Айрылып әсте менен қалма - деген.

Дарияға, кеп қой өзен Арқа байда,
Тамырдай тұс-тұсына тарқамай ма?
Бірақ та сендей үнсіз, сендей назды
Қыз өзен, шын бұраң бел қалқа қайда?

Бол теніз, бол керемет аппақ айдын,
Қуанам, оған өкпе сақтамаймын.
Алайда, теңіз емес, өзен көрсем
Есілім емес пе деп жалт қараймын.

Кеш Есіл, ерсі болса, кеш қылығым,
Бұл менің ең ақырғы «ескілігім».
Жағаңда қолтықтасса ақ қайыңдар
Келетін мен болармын кешкіқұрым.

2. ҚЫЗЫЛЖАР

Қазақтың қала дегеннен
Хабары сенсің - Қызылжар!
Ескі бір ән мен өлеңнен
Табары сенсің, Қызылжар!

Қалтырап Есіл бетінде
Көлеңкең жатар көктемде.
Қарайды көзің мөлтілдеп.
Көпірден қыздар өткенде.

Ғажайып сұлу боласың
Қайындар судыр қаққанда,
Күмбірлеп қоңырау соғасың,
Күлімдеп күнің батқанда.

Алуан бояу төңірек,
Бәрінің бейне жаны бар,
Қызылы соның көбірек
Көзіңе ыстық шалынар.

Кірпіш те қызыл, үй қызыл,
Өзеннің жары ол солай,
Қарағай қызыл, гүл қызыл,
Күн нұры түскен жол солай.

Аққұба қыздар қызыл бет,
Ақ балтыр, қызыл етіктер,
Ал қызыл шие үзіп жеп,
Ал қызыл ерін еріткен.

...Қызылжар қала қадірмен,
Дуылдап жатқан думан жер,
Құрметті орыс тамыр мен
Құдамыз татар тұрған жер.

Орайды Есіл - көк белбеу
Оқа-зер шеккен желенді, −
Обал да болар көп көрмеу
Қызылжар қала дегенді.

Қарсы алдың көңілің ыстық, кең,
Бал тосып сапар кесемен,
Сағынып ұшып түстіктен
Сау етіп сәтте келсем мен.

Таусылмас тарих едің сен,
Қолымнан келмес, қопарман.
О баста-ақ достық белгісі ең
Айнымас бүгінгі Отаннан.

Қызылжар, құтты мекенсің,
− Әдепті ә - деп үйреткен.
Атал атың өтерсің
Бар өнер, әдебиеттен,

Бар ғылым, мәдениеттен.

3. АҚ ҮЙ ТУРАЛЫ АҢЫЗ

− «Абылайдың ақ үйі» - дейсің бе, сен?
− Енді көріп, еркін ғой - менсінбесең!
Қызылжардың бастағы тәжіндей боп,
Сол түсетін есіңе Есіл - десең.

− Әне, келдік!
− Бәрекелді!!.
− Заманында, дегенмен үй-ақ екен!
− Дәл Есілге еңкейер қияда екен,

Қазір өзен шегініп, алыс аунап,
Көшіп кеткен көршідей сияғы екен.
− Ым... м...
...Болды ма екен Абылай, болмады ма,

Көрді ме екен иесін орда мына?!
Кәрі мекен мелшиіп үн қатпайды,
Ешкім білгіш көрінбейді ол жағына!
Екі ғасыр ішінде, одан да әрі,

Бәрі жұмбақ - не болып, не қойғаны.
Бәлкім, мұнда мүнәжәт еткен шығар
Талай биі қазақтың, талай ханы?
Әлі күнге бір сұрақ, - мен аңғарман,

Сұрап келем ақылды адамдардан,
Өзге жұрттың хандары керемет боп,
Біздің хандар қалайша жаман болған?
Әлде бассыз, түп-түгел данышпан боп,

Бәрі қасқыр, бәрі де арыстан боп,
Атпен, атақ, даңқты оқшауланбай,
Келген шығар оп-ортақ алысқан боп?
Тағы да үн жоқ, ақ сарай үндемейді,

Үндемей-ақ қойсын ол мүлде мейлі.
Аталғаны «Абылайдың ақ үйі» - деп,
Үні ғой сол - күндеме, күнде мейлі.
− Патша ағзам - сыйлапты дейді аңызда!

− Кім сыйласа бәрі бір - енші маған,
(Бұл сөзімді жақтырмас ерсі надан).
Кім де болса - топырақты басып тұрып,
Ел ағасын сыйласа - ел сыйлаған.

Күнде сүйген ұрпағы жылап тасын,
Тек атамның моласын құлатпасын.
Сарай салса несі айып көк
Есілден Туған жердің көтеріп мың ақтасын?!

Біз құрылысқа құштармыз - үй саламыз,
Күнде қала орнату - ой-санамыз,
Бізге ұнайды ескі аман аппақ үйлер,
Аппақ үйлер туралы айтқан аңыз.

4. АҢШЫ СУРЕТІНЕ ҚАРАП

Ахметжан Нұртазинге
...Қайталап түскен қалың қар
Қабат та қабат бекінді,
Жалаңаш қалған қайыңдар

Қадаған та я к секілді.
Солтүстік қысы бабында,
Қаракөк мұхит аспаны,
Ұқсайды бұлты сағымға

Өзіміз қуған жастағы.
Сұлудың қылық – назындай
Тап-таза маңай - жас бәрі.
Жаздағы жеген қазыдай

Сәулесі күннің сап-сары.
...Сәскенің тұсы - бұл енді,
Сабамас қарды жел - қамшы.
Әрірек байлап күреңді,

Берірек таман келді аңшы.
Біреуі ақ, бірі күлгін көк
Қос тазы қарға жата қап,
Тыңдайды құлағы ербеңдеп

Алыстағы үнге жалт қарап.
Ал аңшы қалған селт етпей,
Қиядан көзін алмай бір.
Мұртында мұзы жентектей,

Жан екен өзі таудай бір.
Алтайы қызыл түлкіңнің
Жондарын жинап тіктірген.
Анау бір ішік шіркіннің

Маңайы түгел күп-күрең.
Сәулесі қарға түсіп тұр
Шамы көп сәнді сарайдай.
Хандарың киер ішік бұл

Десін деп: «пай-пай, қалай бай!»
Құндағын қарға сүйеген
Қолында мылтық қосауыз.
Қару ол, шіркін тиеген

Байлап бір атар болсаңыз.
Етіктің тұмсық жағында,
Езуден қаны тамшылап,
Көкжалың жатыр тағы да

Ала алмай қалған жан сұрап...
− Алдапты суретші антұрған,
Албырт шақ - ол бір елес қой,
Салтанат, сән ғой бұл тұрған,

Аңшының күйі емес қой.
Мұның не? - десем, суретшім,
Мақтана жайнап, маздап тұр.
− Айыптай көрме, құрметтім,

Ақындық қостым аздап бір!
− Құп, мейлі, - дедім, өйткені
Өлеңді де ептеп жазушы ем,
Артығы соның жоқ, тегі,

Тірлікте мынау аз жүрсең! –
Деп маған сонда қарт аңшың,
Сырындай адал жүректің,
Тарихын күліп айтқан шын,

Төрдегі сонау суреттің.
Қараймын тағы кез алмай,
Көлденең мен бір жолаушы,
Ол қалды төрде қозғалмай

Шығарып салды өзі аңшы.
Содан соң өңім, түсімде
Кетпейді көзден бір сурет,
Тұрғандай орман ішінде

Алдымнан шығып, - кімсің? - деп.
* * *
Сол жердің киелі иесі,
Аулының ардақ ағасы,

Тарихы, тартыс, күресі,
Ескісі және жаңасы.
Секілді жандар бар ғой бір,
Ондайсыз өмір сорлы ғой,

Соларды көріп ай мен жыл
Қадірлей жүрсек болды ғой

РОМАНСТАР

І

Кім едің арқада қос бұрымың бай,
Сәулелі жан жоқ еді бұрын мұндай,
Қараңғы сарайымның түкпіріне
Құлаған күннің алтын сынығындай

Қалқам-ау, қалай еді көз қарасың?
Не деген әсем туыс, әз баласың,
Тірліктің пендесінің бәрімен дос,
Тірліктің шұғыласына мәз боласың!

Тұрса ғой осы күйің, осы бейнең,
Шынардай өртке тимей өсіп-өнген.
Сан рет сұлулыққа соғыс ашқан
Содырлар сойқанынан шошып ем мен.

Барады дәт сарқылып, шыдам өліп,
Жұмаққа жан кеткендей жылап еніп,
Аға! - деп меймандостық үн қаттың сен
Ақ қайың арасынан шыға келіп.

Мұң ба әлде, дара жүрген сағыныш па,
Сен айтқан сезім қандай әр дыбыста?!
Махаббат, туысқандық және достық –
Таңда - деп тұрғандайсың бірін ұстап.

Не деген оңаша еді, шет еді аулың,
Білмедім, кездестің бе бекер, бауырым,
Дариға, ауырлығын алғаш көрдім
Ал десе, алып-ақ бір кете алмаудың.

ІІ

Қымыз ұсындың,
Тәтті күліп, сен,
Неге қымсындың,
Көзің жұмып, сен? –

Сол бір белгіңе
Қалдым ұйып мен,
Көрдім көңілімде
Арғы биіктен.

Жүрген орманда
Жалғыз киік пе ең?
Қалдым арманда
Осы минуттен.

Неткен сүйікті ең,
Неткен сүйікті ең?!
Өң бе, түсім бе –
Деген пішінде, −

Көрсем – қымыздың
Тұрсың ішінде.
Сендік ақ бидай
Жұқа өңді мен,

Көмей жақ тынбай
Жұта бердім мен,
Жұта бердім мен.
Сөйтіп бір кешкен

Қайран құмарды,
Деме соны естен
Қалай шығарды,
Ай мен жұлдызды

Қабат тұтқан шақ,
Қыз бен қымызды
Қатар жұтқан шақ,
Келмес ешкімге,

Бермес күрсінсең –
Ақын бақыты –
Сол ғой түсінсең!

ІІІ

Көрдің бе, сен, күн сәулесі
Айға барып түскенін,
Көк әлемнің қос еркесі
Құшақтасып сүйіскенін?!

Қызыл білек, шұғыла саусақ
Ақ мойынға оралар,
Нұр сәукеле, алтын шашақ
Ай киер де жоғалар.

Күн өкпелеп, тұрмадың - деп,
Аспанды өртеп, зымырар,
Қуа-қуа құмарын көп,
Көк жиекке жығылар.

Көк жиекті етіп жастық –
Ұйқыға енсе ол сері,
Түн дүниеге болып бастық,
Баса түсер еңсені.

Көрдің бе, сен күн сәулесі
Айға барып түскенін.
Көк әлемнің қос еркесі
Құшақтасып сүйіскенін?!

Көрген жоқсың, көрмейсің де,
Сезінерсің тек қана.
Ғашықтықтың пернесін де
Басатұғын жүрек қана.

6. БЕЛГІСІЗ ХАТ

(Баллада)
«Ақ білегің ұстасын да қара көзің оқысын.
Көрдім соңғы махаббаттың жанға батқан соққысын.
Көп кешігіп жолдадым мен, сол орында бармысың сен,

жоқпысың?
Сен болмасаң, қадір білер, сөз бағалар
Бір пәндеге сәлемімді жолықтырсын!

Сондағы жолаушы»

І

Есінде ме, ауылыңа
Мені әкеле жаттың сен.
Қап-қараңғы жаныма
Жарықжұлдыз жақтың сен.

Осы өлкенің иесі –
Жас бұраңбел сен бе едің?
Әлде әзіңе тиесі –
Енші қонақ мен бе едім?

Еркін едің сен неткен,
Неткен ашық едің сен?!
Мені көрген сол беттен:
«Кеттік елге!» - дедің сен.

Жол бір елу шақырым,
Ойлы-қырлы лайсаң.
Қақтың діріл ақырын,
Саған қарай қисайсам.

Киіктей сұлу машин
Бұлдырап ұшпай болды қор.
Дейді шофер ашынған:
«Бұл неғылған сорлы жол!»

Бетіңе бетім тигенде,
Лау етіп дене жанғандай,
Әдепті қалпыңды именген
Түн көзі көріп қалғандай.

Ешкімде үн жоқ. Тек қана
Машина жолға мұң шағып,
Бойыма ыстық леп тарап,
Жүрегім атша тұр шауып.

Қап-қараңғы түнде де
Ақтамағың жарқырап,
Еркелейсің үндемей
Ердің еркін тартып ап.

Нелер сезім құйындап,
Жатыр екен жанында,
Барған сайын қиындап
Барған сайын жалындап?!

Бірақ ғажап сонау бір
Үнсіздікпен ұқтырдың,
Нәзік халін сол ауыр
Махаббатшыл тұтқынның.

Қозғалмадың сылқ түсіп,
Құшаққа енген қалпыңмен,
Бауырыма өрт қысып
Заулап бара жаттым мен.

ІІ

Ертеңіне оқ тиген
Құстай ұшып түстім мен.
Соқты суық өкпемнен,
Тұрдың төніп үстімнен.

«Аға! Аға! Аға!» - деп,
Жылдам-жылдам үш айттың.
Тиді лебі жанға кеп
Түндегі ыстық құшақтың.

Алдым ашып көзімді,
Жымидың да сен тұрдың.
Тағы құртты төзімді
Шұқыршағы бетіңнің.

Қайта жұмдым көзімді
Рахаттанып, ем тауып.
Естіп қалдым сөзіңді:
«Кетті - деген - есі ауып!»

Шыбын жаның шырқырап
Тұрды осынау сөзде бір.
Неге болды тым қымбат
Бейтаныс жан, өзге өмір?

Сыр бермедім әдейі
Және бір сөз десін - деп.
Қарай берсін еңкейіп,
«Ауа берсін» есім деп.

Қандай жақсы білген күн
Жақын деген не екенін,
Өзіңді ойлап біреудің.
Көңілі азап шеккенін!

ІІІ

Мен жазылдым, сайрандап,
Бойыңа асың сіңгендей.
Сыртта бір Күн жайраңдап,
Үйде бір Күн күлгендей.

Не барлығы бір-ақ күн
Танығалы сен мені,
Көңіл деген бұлақтың
Тасығаны сол ма еді?!

Баяғыдан бірге өсіп,
Бір оттан ас ішкендей.
Жалаңаяқ құм кешіп,
Жалғыз жолға түскендей.

Сен болмасаң, дүние
Мені жаншып кетердей,
Мен болмасам, кім ие,
Саған өмір бекердей.

Алабұрттың манадан,
Үйден кісі кету мұң.
− Ән үйретші, ағажан,
Деп қасыма отырдың.

«Мен жас едім, сен маған
Жол үйретші! - дегендей,
Жүрегімді арнаған
Жаныңа ертші дегендей!»

Қалш-қалш етіп кеттім мен,
Қарысты от білегің.
Көз алмадың бетімнен,
Төзе алмадым білемін.

Жауап күтіп мазалап
Үндемедің сен мүлдем.
Өзімді өзім жазалап,
Қорлағандай болдым мен.

Әлде біреу машина
Хабарлады келді - деп.
Ұзақ тұрдың қасымда
Қара көзің мөлдіреп.

Арашалап сырқаттан
Айықтырдың дертімді.
Өліп-талып бір тапқан
Құтқарушым секілді,

Қарыздармын, қарағым! –
Дедім енді бөгелмей.
Сұрапыл бір қарадың
Көзімді әкет дегендей!

Мең-зең болып мен кеттім
Дүние аунап түскендей,
Ақ тамшысын шербеттің
Ақырғы рет ішкендей.

Жол құптаған өрендей
Ақ қайындар анталап:
«Аға! Аға!» - дегендей,
Болды маған қайталап.

− Өз-өзімнен қызғанған
Дедім қош бол шапағат! –
Шулап қалды күзгі орман
Бейне соңғы махаббат...»

Сан тарихтың бұл - бірі,
Уақыт сырын түсірген.
− Уа, адамдар тағдыры! −
Дедім, оқып ішімнен.

АҚ ҚАЙЫҢДАР, ҚАЙЫҢДАР!

Әнуарбек Шмановқа
Ақ қайыңдар
Күзден жазға қайтыңдар!
Ақ тұлпарлар

Күміс тұяқ, алтын жал!
Сендер мені
Жақсы өлкеңмен зымыратып.
Сәт сағат та

Сан хикая айттыңдар,
Ақ қайыңдар,
Ақ тұлпарлар,
Ақындар!

Мынау өлке,
Ақ қыраулы атырап,
Астында оның
Қара мақпал топырақ,

Ақ қайындар,
Ғажап сапар шектік біз
Түнде жұлдыз,
Күндіз сенен жол сұрап.

Әр орманда
Бір-бір қазақ ауыл бар,
Сағынысқан, алып ұшқан бауырлар,
Қыста қысыр биесінің қымызы,

Алға тосқан құрт, май, жентің тәуір бар,
Солтүстікте ерекше екен ауылдар!
Білмеген соң,
Көрмеген соң жобалап,

Әсте қисық.
Пікір айту обал-ақ.
Қайран туыс құрақ ұшып жатты бір
Қарсы алдында

Қалбаң қағып, домалап.
Ақ қайындар,
Сендер, соны көрдіңдер!
Қайда барсақ

Қалмай соңнан ердіңдер.
Сендерменен
Сыңғыр қағып күміс күз,
Сендерменен

Көркем еді-ау сол күндер!
Көп айттыңдар:
− Жазда кел − деп жамырап,
Бұл мейманның

Қалды ма әлде жаны ұнап?
Аппақ көңіл ақындарды туғызған,
Дәл осы өлке,
Мынау алтын шаңырақ.

Білемін мен,
Үндемесем басқа сыр,
Ескіні қой,
Енді бүгін жасты асыр,

Шіркін - құтты,
Шіркін мақпал топырақ,
Егін түгіл,
Сен де жатқан тас та асыл!

Асыл болмақ –
Қадірлеуші кісіңнен,
Ғалым жұрт жоқ,
Бәрі қайдан түсінген!

Ел деп барсаң –
Сол ғой мықты азамат,
Алдан шығып,
Аттан сүйеп түсірген.

Жалғыз ұлмен
Көп басындай іс кешкен.
Қала бермек
Ел Қадірі түспестен,

Жай итіңнен
Адам иті жексұрын,
Арнап тимей,
Айдаладан тістескен.

Ақ қайыңдар,
Тату, тәтті қайындар,
Сені көріп,
Осынау ой түсті еске!

Ақ қайындар,
Ақ жарқын дос, қайындар!
Мен сендермен
Үйреніскен жайым бар,

Қасымдағы серіктерім секілді
Дейтін ылғи:
− Кәне, жолға дайындал!
Ал мен жүрдім,

Енді сендер қалдыңдар,
Аппақ өлке,
Бала көңіл балғындар,
Ал мен жүрдім,

Ақ сүңгідей қолдарын
Ақ шашты ана,
Аппақ сақал шал бұлғар.
Ак қайыңдар,

Ақ тұлпарлар алтын жал,
Сендерге алғыс,
Күзден жазға қайтыңдар.
Ақ мекенге біздер үшін жаралған,

Азаматқа арнап сәлем айтыңдар!
Петропавловск – Алматы
Октябрь 1967

ОҢТҮСТІК ЖОЛЫМЕН

ҚАЖЫМҰҚАН

(Ескерткіш түбінде)
Мүлде сирек көк шөбі құба жонда,
Мүлде сирек бір қазақ жатыр ұйықтап.
Айтарсың - деп кейінгі сұрағанға

Беріп кеткен тарихқа атын мықтап.
Содан бері Оңтүстік айтады аңыз, −
Өзім көрген ең мықты ер осы - деп.
Жаурыны тиіп жалғыз-ақ қарт бабаңыз

Тек ажалдан жығылған жері осы - деп.
Түскен жері ойылып, сол орынға
Қоя қойған секілді қозғамастан.
Туған елдің балуан қонағына

Айтылыпты ай бойы аза дастан.
Сол азадан құйылған күмбез аппақ,
Балуандай тіп-тіке тұр маңқиып,
Күштіліктің дұғасын күнде жаттап,

Маңайында жортады қыруар киік.
Жандар ғой бұл шапағат жарық құшып,
Бар тұлғасын табиғат мол пішетін.
Ол есіңе түскенде халық түсіп,

Халық еске түскенде ол түсетін.

ТАҢҒЫ РОМАНС

Б.X.

Таң келеді,
ақтық сөзін айтыпты Ай,
Енді өзін бұл аспанда бар тұтпай.
Өң мен түстің арасында жаттың сен

Жер мен аспан арасындағы ақ бұлттай.
Аппақ денең мына келген таңдай боп,
Қара шашың түннен қалған сарқыттай.
Мен ойландым дәл қасында жатып ап,

Ай сәулесі түсті саған жарқырап,
Сол сәуледен алтын түстес шарапты
Жатқандайсың рахаттанып тартып ап.
Бұл тірлікті мына сендей кейпінде,

Бұл тірлікті қадірлемеу артық-ақ!
Күрең тұлпар күн келеді шапқылап,
Сыңғыр-сыңғыр үзеңгісін қаққылап,
Үстінде оның торғын аспан - көк шатыр,

Тұяғының астында ойнап ақ бұлақ,
Бір уыс өрттей саған аунап түстім мен,
Жүрегімде жүгенсіз бір ат тулап.

«ҚАЙРАН ӘКЕМ!»

«Әкеміз - Исаев жан Ибрагим оғлына –
балалары Нуримен Яфастан естелік.
Азербайжан ұлтынан».

(Бұлақ басындағы жазу)

(Баллада)
Бұлағы еді бұл қазақтың
Бір төбеден көз ашқан.
Керуен өтер жолға жақын,

Жолаушылар шөл басқан.
Өтті жылдар, ғасыр, бәлкім,
Ол мөлдіреп аққалы,
Жақсылықтай таусылмайтын

Дәмің жүрген шақтағы.
Кетті бір қарт дүниеден,
Ұшты ауыздан дұғалық.
Сом темірден түйін түйген

Сол бұлақпен суарып.
Қалды артында қос қыраны,
Жас шыбықтай солқылдап.
Қайран Шалдың дос бұлағы

Тына қалды толқындап.
Ол да бейне біткен әмір,
Таусылған күн секілді.
Жаутаң қаққан кішкене бір

Елестетер жетімді.
Көрді қос ұл бұл суретті,
Дос бұлақты аяды.
Бір бөліскен қасіретті

Туысындай баяғы.
Ұста әкеден қалған темір,
Қару-сайман, тасты алып,
Жалғап мұра, жалғап өмір

Кірісті іске бас салып.
− Қайта шыңнан ақсын құлап,
Енді аялдау кеш болар,
Мәңгі ескерткіш болсын бұлақ

Әкемізге! - десті олар.
Кесіп тауды, кертіп тасты
Маңдай жасап бұлаққа,
Көкірек көзін кең ғып ашты,

Сүйреп суды жыраққа.
Мәрмәр тастан бесік істеп,
Бөледі оны сәбидей.
Керек болса кешіп іш! - деп,

Сая жасап кең үйдей.
Келістіріп атын жазып,
Көк болаттан құйды әріп.
Бұзылмайтын мәңгіге ағып,

Жел жұлмайтын, су дарып.
О, махаббат! О, перзенттік!
Екі азамат бөліскен!
(Біз әкеге не көрсеттік? –

Деген сұрақ жеді іштен).
Заулап бұлақ, аунап бұлақ
Жас жігіттей құлшынар,
Бас шөліңді, келген шыдап

Іштегі өртті бір шығар!
Бір шығар да, сәл ығысып
Тұр, көңіліңе толсын күй!
Тағы да бір қанып ішіп

Қасиетке басынды и.
Басынды и де, қайта кеп төн,
Сәл үңіліп, сал құлақ:
«Қайран әкем!» «Қайран әкем!»

Деп ағады сол бұлақ.

КҮЗГІ ЖАПЫРАҚТАР

(Романс)
Біздің өмір, жақсы дәурен жаз еді,
Адам көзі бізді көріп мәз еді,
Шулы тірлік, думан достық мереке

Heгe қысқа, неге мұнша аз еді?!
Біз ойнаған жылы жұмсақ жел қайда,
Желе жортып кетті ме екен кең жайға,
Әттеген-ай, алақанға қондырған

Әнші бұлбұл қайта оралса болмай ма?
Күн күркіреп, біз дүркіреп қалушы ек,
Мөлдір моншақ үстімізге тамушы ед,
Айлы түнде саусағымыз ұзарып,

Жұлдыздарға жақын - жақын барушы ек.
Танғы шықтар сол жұлдыздарға ұқсайтын,
Түнде біздің қолдарымыз ұстайтын,
Біздің айтқан ертегімізді есітіп,

Көбелек те қонып алса, ұшпайтын.
Шіркін, біздер, жапырақтар, тату ек,
Бірлік, тірлік қызығына батып ек.
Шалқып кетсек жерге түспей алты ай жаз,

Өмір - тағдыр, сен де бізді ғапу ет!
Жетті мезгіл, өтті дәурен, келді күз,
Сағыныштан сарғаямыз енді біз.
Тастап көкті, жұпар бесік ауаны

Қайран қара құшақтаймыз жерді біз.
Амал нешік тағдыр заңы, күз заңы,
Анау жақтан келеді қыс ызғары.
Адамдардың «қош» дегені секілді,

Құлар жерде күрсінеміз біз дағы.
Апрель 1968

ҚАРТ ДАСТАН

Кенен Әзірбаевқа

І

Қордайдың әдемі атқан ақ таңында,
Даланың самалы ойнап ат жалында,
Сау желіп,
бұлбұл қағып келе жатқан

Қалт етпей қарайды аймақ қартқа мына.
Еңсегей бойы биік - мықты қандай,
Жай кісі ат үстінде тік тұрғандай,
Басында қара елтірі қазан бөрік,

Жадағай жасыл шапан нық буғандай.
Етекті екі өңірін дізе басқан,
Әрірек ат саурынан үзенгі асқан,
Салалы саусақтары бұлдыр қағып,

Сол қолы ер басында дізгін қосқан.
Оң қолы сары жезді күрең қамшы,
Толқиды күнмен күліп ерсіл-қарсы.
Келеді тау иесі, дала иесі

Жарасып Айқасқаға ер тұлғасы...

ІІ

Күн сәске. Жарқырады «Таңбалы тас».
Әжімді жаңағы бір шал қалыптас.
Бозторғай төмендеді әні бітіп,
Болған соң болмашы үнмен тау жаңғыртпас.

Сөйткенше шықты дауыс арғы белден,
Аспанға аңыратып ән жіберген.
Аймақты бара жатыр алып кернеп
Шыққан үн арыс кеуде, нар көмейден.

«Пай-пай, пай! - дейді сөйлеп жаңғырықтар,
«Ай-қай-қай!» - дейді тыңдап бал-бұлақтар,
Ән селі бері қарап төңкеріліп,
Ел көшіп, кеп қалғандай жамырап мал.

Жан-жақтың тіршілікке толып бәрі,
Басталып бар әмірдің жорықтары,
Осынша құдіретпен естіледі
Адам мен табиғаттың жолыққаны!

ІІІ

Түсті аттан тасқа келіп манаты қарт,
Төңірек әлгіден соң саябырлап,
Бергендей ескі досқа үнсіз сәлем –
Қалғандай қария да бойы ауырлап.

«Аһа!» - деп, дүр сілкініп алды ширап,
«Ата!» деп жағалай тас қалды сыйлап.
Ат жақты, ұзын иек, қоңқақ мұрын,
Қоңыр жүз, шоқша сақал, мұрты қияқ.

Мойыны ұзап шыққан ұңғысынан,
Шағыр көз кене тартып, нұры сынған.
Сексенде сері кеуде селкіл қақпай,
Тұғыры мықты құстай тумысынан.

Жабысып, тасқа тақап көне көзін,
Көргендей көшкен ғасыр өнеге - ізін,
Күректей қолыменен сипап - сүртіп
Тастардың жайнатады өрнек. жүзін.

Содан соқ кебу ерін күбір салып,
Қалғандай жарғақ құлақ дүбір шалып,
Түсті қарт неше түрлі құбылысқа,
Аңырып арасында тыныс алып.

Талай бір кісілердің атын айтып
Шақырып, алысқа көз шақырайтып,
Батырлар, замандастар келмеген соң,
Бас шайқап, көңіл суып, дәті қайтып.

Кеп сағат тарихпенен оңаша қап,
Оқиды ол тас кітапты тамашалап.
Өзінің Қордай тауы, «Таңбалысы»
Өзінің оқуына жарасады-ақ.

ІV

Биік үй. Кең, жарық зал. Жап-жас жігіт.
Алдында алтын ойнап, алмас күліп,
Оқиды тас жайында бір лекция,
Заманнан заман қоймай салғастырып.

V

«− Тас!
Жалғыз сөз өзі де тастай шымыр,
Қанша ғасыр, жұтылды, қанша ғұмыр,
Осынау тас астында қалды қанша,

Осынау тас үстінде қанша адам жүр?!
Ол - өлі мен тірінің көпіріндей,
Өлудің де, өлмеудің кепіліндей.
Оның қатал жүзінде ез ескіріп,

Қалмақ емес қашанда ер тірілмей!
Сонау адам аталған күннен бастап,
Қол икемге келген соң түйір тасты-ап,
Қару еткен, нәр татқан, отты тапқан,

Сор тағылық соқпағын жиып тастап.
Содан серік осы тас, серік мәңгі,
Азапты да, рахат беріп сәнді,
Тас үңгірден салтанат сарай туып

Қабырғасын қалалар берік салды.
Тас адамды биікке құмар еткен,
Адам тасты көтеріп мұнара еткен.
Алма-кезек арқалап бірін-бірі

Ғасыр - тұлпар жалында зулап өткен.
Менің мынау даламда тастар жатыр,
Оқылмаған оларда дастан жатыр,
Сол дастанның болашақ жалғасындай

Жерден өсіп, көк бойлап асқарлар тұр!
Бұл мәңгілік өшпеудің өлеңіндей,
Бұл мұхиттың жан көрмес тереңіндей.
Сол тереңде жатады сан асыл тас,

Таптырмайды сүңгімей, тере білмей!
Адам ашар тастарды талай тағы,
Зорайтады ғылымды, молайтады.
Көтере алмай тарихты, жер астына

Түсіп кеткен қалалар соны айтады!»
...Жұрт тыңдайды, изейді бір шал басын,
«Тіл шалмасын, құлынды, тіл шалмасын»
Күбірлейді көне ерін шүкір айтып,

Әрі қарай созады ұл жалғасын!
«Біз адамның ұлылық асқан күшін,
Ұмытпасқа соғамыз тастан мүсін,
Тас адамды билемес, адам тасты

Илер болар өнері тасқаны үшін.
Мен елімде тастарды сөйлетемін,
Сән сарайлар саламын елге тегін,
Адамзаттың арманын таспен жазып,

Барлық жолдың бойында тербетемін.
Тастан құйған Лениннің күн бейнесін,
Барлық қала баурында әлдилесін.
Қасиетті Мавзолей Ильич жатқан

Тұрар билеп жаһанның жан-жүйесін.
Тас жаңғыртар талайға адам үнін,
Адам тастың бойынан алар жүгін.
Тас туралы хикая таусылмайды

Тарихындай тамаша заманымның!»
Жігіт тынды. Баяғы тау жаңғыртқан
Әндей бейне шапалақ залдан шыққан.
Айналады шал, тағы айналады

Қошаметшіл, қолдағыш қайран жұрттан.
Асыл тас - асыл жердің бір бөлшегі,
Таусылмас бейне ғасыр, күндер шегі.
Екі ұрпақ - әке, бала - екі нұсқа,

Екеуі екі түрлі білген сені.
Елу жыл алыс жолды ел аттаған,
Аңыздай ардақтап жұрт тек айтпаған.
Жаңағы қарапайым қос көрініс

Ұқтырар не бір сырды өзі-ақ маған.
Қараймын қара шашты жас ғалымға
Қолы бар туған жердің тастарында,
Ойы бар ақ жұлдыздай жүйткіп жүрген

Ғылымның жеті қабат аспанында.
Қараймын қара емендей мәңгі қартқа,
Мінетін сексенде де қарғып атқа,
Қараймын, қараймын да сүйсінемін

Бәріне заман берген сол қуатқа.
Сентябрь, 1967

ҚАПШАҒАЙДЫ ҚАРСЫ АЛУ ЖЫРЫ

Ағартып Алатаудың ақ самайын,
Алматы сағынды ғой жастан айдын,
Мұншама көп күттіріп, көп аңсатып
Мұхиты қайдасың сен Қапшағайдың?

Ол әне Іле - дария жағасында,
Тау мен тас, тақыр - құмның арасында,
Дүниеге келе жатыр, келе жатыр
Қол созып қазақтың бас қаласына.

Қаһарман халық қолы тиді барып,
Жосылып ғаламаттар жүйткіп ағып,
Әлемнің айнасындай бір теңізді
Келеді астанаға сый ғып алып.

Ол сонда жеті жаннат мекеніндей
Болады еліміздің ен төріндей,
Түнінде сансыз жұлдыз суға түсіп,
Жатады күндізінде жұрт сейілмей.

Атағы бұл теңіздің самғар түзге,
Сен содан бақытты ізде, арманды ізде,
Шомылып cap тамызда сая тауып
Бар ұрпақ бар алғысын арнар бізге.

Самал тау, сері бұлақ, жасыл дала,
Көз тоймас көркем көше, жақсы қала,
Қасында Қапшағайдың көк шалқары,
Жалғаннан тек тілерің осы ғана.

Таң атса Талғар шыңы нұрға бойлап,
Байлықты, баршылықты жырлап аймақ,
Осынша салтанаттың ортасында
Алматым тұрар шалқып тудай жайнап.

ҚАРТ ХАТШЫНЫҢ СЫРЫ

(Монолог)
«Туған жер, нұр топырақ, балдай суым,
Арбайды қай сиқырың, қандай сырың?
Баурында барлық өмір барады өтіп,

Болған соң тәттілігің балдай шырын.
Көп сөз бар сүйдім деген, күйдім деген,
Адамдай ән айтпаған, күй білмеген,
Олардың біреуі де жеткізе алмас,

Бейнеңді күнде бізге күлімдеген.
Туған жер, балалы кел, бел қарағай,
Елуде еркелеймін мен баладай,
Шыр етіп омырауына түскен күннен,

Кезім жоқ кеткен сенен кең далам-ай!
Білмеймін, не күшіңмен қойдың байлап,
Оянам сен туралы ойымды ойлап,
Таң атса талай таныс жолдарыңмен

Зымырап бара жатам дәмің айдап.
Кейбірі бастық дейді бағыныштап,
Бауыр да барын тосар сағыныштап,
Туған жер жанталасып біз жүреміз

Баяғы бір өзіңнің бабыңды ұстап.
Азбасын топырағың дейміз де біз
Маңдайдың терін сүттей еміземіз.
Туған жер - адамыңмен бақыттысың

О баста дүниеге келіп егіз.
Жаса сен, жасартатын біз болғасын,
Төбеңнен жаумас енді мұз - қорғасын,
Сен деген, саған деген ұл махаббат

Бір емес сені күнде жүз қолдасын.
Біз емес мақтау тосып, сыйың күткен,
Арқамыз босаған жоқ дүйім жүктен.
Кәдімгі ауыл, аудан басшылары

Алысқан ұйқы көрмей қиындықпен.
Жақсы ғой бәрі жаның саламатта,
Қызыққа, қиындыққа, ғаламатқа
Өмірдің отыз, қырық жылын беріп,

Отырмыз ойлы көзбен қарап артқа...»

ҰСТАЗБЕН СЫРЛАСУ

Қаншама рет қалам тартсам қасымда,
Сен тұрасың жүрегімнің басында,
Сен өзімнің өміріме кіргенсің
Сонау-сонау сегіз-тоғыз жасымда.

Қаламға бір, саған да бір қараймын,
Жақсы атымды, мақсатымды санаймын,
Барлық тәуір күндерімде сен барсың,
Жүздерінде сан жыл менен сан айдың.

Мен біреуді қадірлесем, сыйласам,
Адал дос пен азаматты жинасам,
Не бір ұлы биік-биік мінбеде
Сөз сөйлесем, шешендерді тыңдасам.

Бәрінде де сенің даусың, үнің бар,
Сенің жаның, сенің тәтті тілің бар,
Өн бойында осынау бір өмірдің
Өзің берген парасат пен білім бар.

Ол болмаса - сенің де атың өшкені,
Жүрегіңнен махаббаттың көшкені,
Уа, мұғалім, өз бетіңе тік қарап,
Сәл ірілеу кетіп қалсам, кеш мені!

Дауыстаман: мен сүйемін сені! - деп,
Қасыма кеп, дәптеріме төніп өт,
Онда сенің, сенің ғана атың бар
Бала күннен көп жаттаған көкірек.

Сені жазбай ешбір сабыр жоқ маған
Күнім де жоқ есіміңе соқпаған,
Сонау Ұлы Ыбырайдан бір бастап,
Мен қазіргі Мақатқа1 кеп тоқтағам.

Сонда-сонда көңіл адал, жан ізгі,
Өтеу еді шәкірт болған қарызды,
Әлі күнге ылғи класс ішінде
Менің өмірім оқып жүрген тәрізді.

Бұл Қоғамның, бұл қауымның көзінше,
Сәл қисайып, осалдығым сезілсе,
Сен қарады-ау, сен қиналып қалды-ау деп,
Кешу сұрап, күбірлеймін өзімше.

Асыл жандар, мұғалімдер, ұстаздар,
Шын шеберлер, өнерпаздар, іспаздар,
Әр шәкірттің кеудесінде бір ту бар,
Сол бір туды жығып алмай ұстаңдар!

ГОРЬКИЙМЕН КЕЗДЕСУ

Өлең-сөз

І

«Адам деген ардақты ат!»
Адам деген атыңнан айналайын,
Адам - күннің баласы,
Адамға күн беріңдер!»

«Ардақтасақ - ардақтайық та ананы,
Адамды туған ана - ғой,
Ана тәңірінің өзімен аттас!»
«Оның аты - дауылпаз. Ол дауылсыз

тұра алмас. Ол дауыл шақырады,
Ол көзінің отымен көкте нажағай
ойнатып, қанатының желімен
теңіз толқындарын сапырады,

я, дауыл болмақ».
М.Горький

ІІ

Ол осынау үш үлкен арманымен
Революция, есігін қақты келіп.
Кіріңіз! - деді Ленин.
Аумағы кең.

Жаңа Россия кеудесін жатты керіп.
Ал қызыл ту, алтын таң, азат аймақ,
Пролетариат - кеше өзі сан жырлаған.
«Алға!» - деді саңқ етіп, өзі айқайлап,

«Сені жырлау - жазылған тағдыр маған
«Жаса!» - деді қалың ел толғанғанда,
«Баста!» - деді партия сүйсініп бір.
Мәдениет шылбырын алды ол қолға

Мынау дәурен, жап-жаңа тіршіліктің!

ІІІ

Ол дүниеге данышпан беделімен
Революцияны тыңдатты өз атындай.
Сонша зор ықпалымен, өнерімен
Жоқ еді одан ақын озатындай.

Ленин соны ойлады шақырғанда,
Ер еді ол ойы ерекше, ақыл бөлек.
Революция дауылын сапырғанда,
Әрине, оған сәйкес ақын керек.

Бастады жаңа заман бар өнерін,
Баяғы саңқылдаған дауысымен.
Қойнына қасиетті қара жердің
Жөнелді ол адамзаттың алғысымен.

ІV

Ал бүгін бір ғасырды алып тастап,
Дүниеге қайта соғып, тұр оралып.
Не ғажап оқиғалар болыпты асқақ,
Ұштасты адам қолы айға барып.

Ол соған мақтанды да, тасыды-ай кеп,
Кенеттен тағы жүдеп, түйілді ағаң,
Қараса - әлем өрті басылған жоқ,
Қараса - адам жасы тиылмаған.

Не сұмдық - бар ғажапты жасап қолдан
Бақытты жасай алмау әлі күнге! –
Өзіне өз еңбегі азап болған
Адамның бар мен жоғы бәрі бірдей.

Ірі адам - зор гуманист осыны айтып,
Тұрғандай жекіп сөйлеп ұсақтарға.
Содан соң Россияға келді қайтып
Елінің бір сәбиін құшақтауға.

Құшты ол - ұлтың, өзің кімсің демей,
Бәрі бір ортақ Отан бір баласын,
Дүние тұрды қарап тырс үндемей,
Адамның құрмет тұтып бұл данасын.

Ал қара осы тойға барлық әлем,
Айт сосын асыл шындық - әділетті.
Ол құшқан жақсы бала - ол мына мен, –
Қазақтың Социалистік әдебиеті!

ТАЙЫРДЫ ТАҒЫ ДА ЕСКЕ АЛУ

Қойылды бір ат көшеге,
Шықты бір өлең кеше де, –
Осының бәрі –
«Бұл қалай?» - деген сұрақтың

Мағнасын, сірә, шеше ме?
Жар салар менің
Күнде бір дауыс кеудемде,
Қалмайды ол кейін

Түнде де түстер көргенде,
«Бұл қалай болды?» –
Деген сол сұрақ – қалмайды
Кеңсеге таңнан келгенде.

Тым шапшаң кету,
Байқатпай кету –
Ең соңғы рет
Жақсылық ету –

Осы ма?
Ендеше сонау сұрағын
неге қоймайды
Ең соңғы серік,

ең соңғы жігіт досына?!
...Тірінің жатыр
Созылып әлі жолы алда.
Әлгі бір сұрақ –

Орыны сірә толар ма?
Ақырғы оның
Тірлікті қимас дауысын,
Жүрегім ұзақ ұстап та

қалған болар ма?

ЖАЛАУ

Үстімде шапан кеп жамау,
Тоңамын шуақ сәл ауса.
Есімде менің сол жалау,
Кәдімгі қызыл жалауша.

Ноябрь өткен, той өткен,
Артынша дереу қар жауды.
Жалғыз менмін сол көптен
Тастамай жүрген жалауды.

– Мінекей, жігіт кісі! - деп,

Үлкендер мақтап кетеді.
Қолыма тоңған мүсіркеп
Кемпірлер қарап өтеді.
− Осыныкі не әлек? - деп,

Ересек қыздар күлгендей.
Жүгірем алға дедектеп,
Бірінің сөзі миға енбей.
Озды ғой жылдар, жас қанша,

Белестен белес аттаған.
Октябрь-парад басталса,
Ту ұстар болды салт маған.
Жылда бір абзал борышты

Орындап қайтқан кісідей,
Жылытады ғажап сол ішті,
Жаныма жаққан ісімдей.
Таланға түссе тас талай,

Табатын қуат, дәрменім,
Қолымнан жүрген тастамай,
Бәлкім, сол менің бақытым,
Бәлкім, сол менің дәуренім!

БІР ТАРИХ, БІР ТІЛЕК

Інім Қайыржанға

І

Он бесінде әлі сәби әр адам,
Он бесімде үш от басы қараған,
Тағдыр деген жықтырмайтын балуанмен
Жігіт едім белдесуге жараған.

Мен соғыстың тажал көзін көргенмін,
Бір шаңырақтан үш ағаны бергенмін,
Бәйтеректің орнындағы шыбықтай
Мені есірген осы жомарт Жер мен Күн.

Көрдім ізсіз қалды талай шаңырақ,
Кеп үйлерден кешті тірлік аңырап,
Аға аттанып, артта қалған сәбиді
Жер үстімен арқалау да ауыр-ақ.

Болжау қиын өмір деген жол шегін,
Інім менің - бауыр етім, бөлшегім,
Жалғыз аға жалғыз қалған көзі еді,
Өшірмейін, жоғалтпайын деуші едім.

Балалықтың мен қызығын аз ұқтым,
Бақылаумен әр жұрттағы қазықты,
Өзім жетім - жетімдерді жетектеу
Қызметін тағдыр маған жазыпты.

ІІ

Үйлендім мен. Көңіл, есік - бәрі ашық,
Туған жердің бір қызымен жарасып,
Сонау жақта жан бар еді шиеттей
Мені күткен жолыма ұзақ қарасып.

Әйеліме: - кімің бар ед? - дедім мен,
− Жесір қалған шеше дағы ерінен –
Деді де ол, демін ауыр алды бір –
Қалған белгі бала күнгі шерінен.

− Жетім қалған бала да бар - деп салды,
Тағы менің жүрегімді өрт шалды,
− Ол - соғыстың тастап кеткен жарасы,
Ол болмаса бір шаңырақ бос қалды!

Деді әйелім. Тез оқыған үкімдей
Тез-ақ тынды, сөз аяғын бітірмей.
Көңілімде жаутаңдады жетім көз,
Көңілімде тұрды бір құс титімдей.

Қай бір менде қайыспаған қабырға,
Бір аяныш тарап жүрек, тамырға,
Бір тәуекел тағы мені лақтырды
Түндей соқыр түк белгісіз тағдырға.

− Әкел! - дедім, кетсем керек түнеріп,
Өзіме өзім: «Сорынды...» деп жіберіп,
− Жақсы, дұрыс!» - дедім және жалма-жан
Жол алыс қой, тек дұрыстап жүрелік!

Кеттім содан буып-түйіп жүгімді.
Ерді жарым, аяндады, жүгірді.
Бірақ әсте сапарынан таңған жоқ,
Сол еңбегі - мерекесі бүгінгі.

ІІІ

Белгілі ғой. Жап-жас отау - жас мекен,
Бүгін мынау, ертең анау тапшы екен,
Жанжалыңа жан-жағында куә жоқ,
О, дариға, оңашалық жақсы екен!

Мен ондайлық рақатты бөлгем жоқ,
Сан сөне де жаздап тұрып, сенгем жоқ,
Затына да, бақытына да баланың
Бірақ әсте тіл тигізіп көргем жоқ.

Өйткені сол - өзі өсірген шыбықты,
Қай ақымақ өз қолымен жығыпты,
Рахмет, Өмір! Менің де бір еңбегім
Жер бетіне желкіл қағып шығыпты.

Туған деп жұрт, тумаған деп оттайды,
Дүниедегі көп қуаныш, көп қайғы
Кімдер ортақ, күндер ортақ, бөліссе,
Солар туыс - олар олқы соқпайды.

ІV

Бұл әшейін бір тарих қой, сыр ғой бір
Өмір заңы, өркендей біл, гүлдей біл,
Я, шырағым, не қиындық шақтарда
Бұл нақылды құлағыңа ілгей жүр!

Өзіне ұрыс, енді саған ұрыспан,
Құс баласы шығуы хақ уыстан,
Менің ісім - ерлік емес шығар-ау,
Бірақ ерлік сондайлармен туысқан.

Маңдай тердің, абыройдың жанғаны,
Берген үлгі, айтқан нақыл қонғаны.
Нәсілсіз - деп сөксе - өзің кінәлі,
Көргенсіз - деп сөктірмесең болғаны!

Май 1968

ОҢАША ОЙЛАР

* * *
Көп болды қалам сырласпай,
Ақындық құрмай өлді-ау күн.
Көкірегімнен жыр қашпай,

Ішімде бірақ ояумын.
Қадірсіз кездер болғасын,
Іздесін деймін кейде бір.
Аспанда карға толғасын,

Ақсұңқар құстар жерде жүр.
* * *
Көп жиылыс құрғамайтын күнде қалың,
Айтасың кереметтің кімде барын,

Басыңнан сол әкімдік көшіп кетіп,
Өлеңнің жұртында қап жүрме, жаным.
* * *
Әр жерден ой ұрлаған ақын тауық,

Газеттен қуанасың атын, тауып.
Бір күні сені де біреу тауып алса,
Кетер ме ең қаламыңның басын шауып?
* * *

Өлеңсіз өмір оздырған
Ақынды халық кінәлар.
Бір-бірімізді тоздырған
Мінездің кегін кім алар?

* * *
Жарықтық, майдың самалы,
Бауырға кірген баласың,
Жақсының ақыл-амалың,

Сағынсам, еске саласың.
Ірілік, тұтас туғандық,
Жайсаңдық, шіркін қайда бар?
Бір күнге мың күн құрбандық,

Қарекет, тәсіл, айла бар.
Сен кеттің де сапарға,
Мен ол дәмнен құр қалдым,
Өлең деген жапанда

Жалғыз шауып зырлармын.
Зырлармын да сол мұңды
Желге айтармын - ол тыңдар.
Сенің кешпей жолыңды

Менің қандай олқым бар?
Ораларсың сен дағы
Бүгін күміс ер мінген.
Желөкпеден жел-дағы

Ақылды екен - дермін мен.
* * *
Үлкен портфель ұстайсың,
Онда не бар, ортағым? –

Шұлғау, шұлық көр-жер - деп,
Көргенімде-ақ қорқамын.
* * *
Сөз арнаймыз, жыр арнаймыз көрсін деп,

Бермей жүрген көңілдерін берсін - деп.
О, сұмдық-ай, ет дәметкен мысықтай
Жалтақтаймыз сен де бір сөз дерсің деп.
* * *

Көп мақтадым, аяғында сын айттым,
Жұрт сүйткесін - қойып леп белгісін.
Бірі болып шыға келдім суайттың,
Жазбасыма ант еттім мен енді сын.

О, тобасы-ай, оның дағы өзінің
Жарасатын жаны барын сезіндім.
* * *
Әдебиет білетін

Әдемі бет жігіт бар.
Әдейі кеп реті
Жолықсаң сен - біліп қал!
Дастан керек - деп еді,

Дастан жаздым - білмеді.
Ұсақ өлең керегі –
Деді, көзге ілмеді.
Болмайды екен бір қарау,

Қалпы екен жай түсінген.
«Саудагерден туған-ау!»
Деп ойладым ішімнен.
* * *

Жазығым - жақсылығым жанға ойлаған,
Күнім жоқ алдарына дәм қоймаған,
Барыңды жоқ дейтұғын көкірексіз
Көрсоқыр, көкежасық бар ғой надан.

* * *
Қым-қуыт шырмауында тіршіліктің,
Деймісің кісі құндап, кісіні ұқтым,
Өткен күн қасиетіңді үнсіз тонап,

Қалдырар сояуындай қу шіліктің.
* * *
Ұстайды-ау қырсық кей-кейде
Бойынды босаң, дел-сал ғып.

Бастағы миға тең келмей
Діңкеңді құртар денсаулық.
* * *
Ақылмен әлем билеген

Миыңмен дана-ғылымсың.
Өлмеске амал білмеген –
Бәрі бір сен де шыбынсың.
* * *

Кезенер кәззап шіркін бөтенге оғын,
Білместен бүгін барын, ертең жоғын.
* * *
Ақымақ атқа мінгенде –

Ақылды болар шерменде.
* * *
Өткізіп сырқатпенен көп күнді мен,
Басыммсы қайғы болып кеттім білем,

Ысқырған қас болаттай ыстық сөзді
Суырып алушы едім жүрек түбінен.
Мен сонда жалынбаушы ем жан адамға,
Кезімнен шабыт шапшып қарағанда,

Пенделік, кісілікті қатар кешкен
Өмірім, аман болшы сен әмәнда.
* * *
Заулауында киіктің

Кендігі бар даланың, −
Жез тұяқты жүйріктің
Жел сипаған табанын,
Ол жақынға ұмтылмас,

Алыс болар көргені,
Ол жүгірмей бір тынбас,
Жүгірмесе - өлгені.
Қаумалаған халайық,

Ақынды да солай ұқ!
* * *
Зымыран деген бір құс бар,
Кішіден кіші денесі,

Көкірегін бірақ тік ұстар,
Үлкеннен де үлкен дәмесі.
Ұйықтағанда аяғын
Әдеті көкке көтермек.

Абайсыз аспан шанағың
Үстіме құлап кетер – деп
Мен ойланам – тірлікте
Өзін-өзі құрметтеу

Содан қалған ба екен? - деп.
* * *
Атың сенің жарқырап
Көп газетте жүр бүгін,

Баяғыда-ақ топырақ
Болды сенің тірлігің,
Өмірінде көп алдап
Ұстатпаған аттардай,

Өлгеннен соң оралған
Жесір еді даңқ қандай!!
* * *
Бүгін көрер жақсылығым секілді

Шығар күннің шұғыласына қараймын.
Қиянаттан ішрап жаным бекінді
Қырсығына жау боп жүрген талайдың.
Арттағының, оралмастың - бәрі түн,

Шығар күннің шұғыласына қараймын.
* * *
Жас кезінде білмейсің
Күншіл дертім бар-ау деп.

Өсе келе кірлейсің,
Озып кетті анау! - деп,
Өйткені онда жассың сен,
Жастық ортақ дәулет қой,

Бойда қуат тасқын - сең –
Жан-жақ туыс - әулет қой.
Барған сайын сол қуат
Азаяр да сарқылар,

Сонда гүлің солғындап,
Көңіл көлін, тартылар,
Ала-құла бақ-талан
Азғындықты қоздырар.

Сонда тағдыр сақтаған
Бағынды жұрт сөз қылар.
* * *
Ойшыл болу керек - деп,

Үгіттейміз жастарды
Шықпай жатып, жөргектен,
Жұрт қартая бастады.
Қайда олардың жалыны,

Қайда қайран жиырма бес?
Қайда қыздың аруы,
Қайда жұмбақ жұпар кеш?
Ақыл сатқан өңкей бір

Түбіт сақал данышпан.
Отты сезім өлең-жыр
Қол бұлғайды алыстан.
* * *

Қырықтан кетсең сырғанап,
Қала да қоймас жас исің,
Арттағы күнге бір қарап,
Көк желкенді қасисың,

Қасисың да жасисың.
Қырықта барлық қонбаса,
Салтанат мәңгі саған жоқ,
Алайда қырық жасында,

Миың орта болмаса,
Ойшыл болмасқа шараң жоқ.
* * *
Бұрынғылардың бар жасын,

Қайталаған секілді,
Олардың күлкі, көз жасын,
Өнерін, ақыл, олжасын,
Ойын да ісін - әммәсін, −

Қалам ұстаған, жолдасым,
Қайталауың сенің хақ,
Тек өзіңше айтып бақ.
* * *

«Жол менікі!» - дейді жұрт,
Кейде соған таласып.
«Жолым болды!» дейді жұрт
Қуанышы жарасып.

Алдыңғысы - ата жолы,
Соңғысы - өзінікі,
Шынтуайтқа келгенде,
Ойнағанда, күлгенде –

Сол жолдардың бәрімен
Не жетсін жүре білгенге!
Сонда дерсің: - Менікі,
Онда рас. - Сенікі.

Жүрегіңнің қанын жұмсап,
Қасиетті жыр жазсаң,
Тұрады рас балаңа ұқсап,
Исі қанық бір жастан.

Шықты ақынның ала қолы,
Нашар өлең көбейіп,
Сондықтан да балаға оны
Байқап, байқап теңейік.

* * *
Менің ана тілімде
Екі сөз бар - «ер» мен «ез».
Ез, шіріктік - бірінде,

Бірінде бар ер мінез.
Қандай ұқсас түрлері,
Мағынасы сонша алыс.
Ездің тыныш күндері,

Ер өмірі арпалыс.
Кеше майдан үстінде
Ер кеп еді, сан сабаз,
Енді ер емес еш кім де,

Ездің өзі бақсаң - аз...
* * *
Қайғыны ұмытқанды жазаламақ
Мақсатпен жақсыны ажал тазаламақ,

Күлкі мен көз жасының арасын ол
Алыстатпақ болады азын-аулақ.
Оған біз көнгеміз жоқ, көнбейміз де,
Жүреміз өлімші боп, өлмейміз де,

Бір-ақ сәтте қағынып, сілкініп ап,
Түсеміз бәз-баяғы көрген ізге.
Әрине, бізде құмар, бізде арман көп,
Өмірді қызғанбаудан қызғанған көп.

Қайғымен күлкі арасы неге ұзарсын –
Өмір мен өлім арасы ұзарған жоқ!

КЕЛЕШЕК КҮНДЕРГЕ СӘЛЕМ!

Күндер, Күндер! Жылдың жақсы күндері,
Қайырлы таң, қасиетті түндері,
Сендер солай бір-біріңе ұзатып,
Бізді апарып тастайсыңдар ілгері

Ілгеріде игі тілек, арман бар,
Болмас оған бізден бұрын барғандар.
Күндер, Күндер, саулық, бақыт аямай,
Бізді соған аман-есен жалғандар!

Біз сендердің қадіріңді ұққанбыз,
Біздер жаңа жұрттанбыз.
Аспан астын жалауларға толтырып,
Күнмен бірге көк жиектен шыққанбыз.

Бізді - «Күннің балалары» дейді әлем,
Ленин өзі Күн сияқты бейнемен
Жүгімізге беріп кеткен белгі нұр,
Күндей айқын сөзіміз де сөйлеген.

Менің асыл Коммунистік Күндерім,
Мың қуаныш - сол күндерде жүрмегім.
Жерден Күнге ен жақын ел - Отаным,
Күн қасында отандасым тұр менің.

Күндер, Күндер,
Сәлем,сәлем мол саған.
Дүние тыныш, дүние бейбіт
болса аман

Бұл тілекпен шығарып сап біріңді,
Бұл тілекпен келесіңді қарсы алам.

1954 ЖЫЛ

КІРІСПЕ

Ұлы адам! Енді қалам, сыяменен,
Қуат ап құдіретіңнен құям өлең.
Кеудемнен көтерілді дауылды күш
Өзің боп ойы биік, қыялы өрен.

Қорқыттың әм қуанттың. Тайсақтадым
Шабытты сөз жыйнадым, ой сақтадым.
Өзге өмір, сен жасаған алыс жылдың
Көзімнен көп өткіздім сол шақ бәрін.

Кезі еді ол қадіріңді шала білген,
Жаныма кіріп алып бала күннен,
Келесің бірдей есіп, о, ғажайып,
Кішкентай өміріммен, талабыммен.

Ал бүгін бір-екі ауыз өлең жазып,
Елімнің жылы сезін өнерге азық
Еткенде,
Жүрегімнен сен сөйледің

Серме - деп құлашыңды кеңнен жазып.
Басталар ұлы дария бір бұлақтан
Қыя-шың кеудесінен ырғып аққан.
Сол бұлақ туды қалай, өмір бастап

Тас құндақ, мұз омырау, жарқабақтан?
Бола алса бұл сұрауға жырым жауап,
Алдымда тұрған осы бүгін талап.
Дариға, қабылдар ма ел көңілі,

Қалар ма, әлде оқушы қырын қарап?!
Тәуекел! Балғын шабыт келші бермен,
Өлеңнен өміріме енші берген.
Бар болса, алтыныңды ат уыстап,

Әліңше бір күмбірлеп көрші кеудем!

ДАЛАҒА САПАР

Сонымен мен Торғайға аттандым.

Ыбырай Алтынсарин

Қысқы таң арайында ағараңдап,
Даланың адырлары келеді андап.
Әр жерден көлеңкелер тұра қашты,
Бұлттардай тауға қонып, ұшқан самғап.

Мол жапқан тұтастырып төңіректі,
Қардың да қара күңгірт өңі кетті.
Ақ сәуле түнді тескен бір бүйірден
Итеріп бара жатыр көк жиекті.

Бейнесі аймақтағы анық қыстың –
Шыңның да шыны қарлар жауыпты үстін.
Кеспе қар жалтаңдағы жатыр шөгіп
Бүктелген қанатындай аққу құстың.

Жер аппақ, болды бір кез аспан аппақ,
Ақ көрпе жамылғандай қос қабаттап,
Жұп-жұмыр дүние тұрды, қарияның
Басындай өтіп кеткен тоқсан аттап.

Жым-жырт шақ, тұнып жатқан дүние кең,
Тірліктен, хабары жоқ түк иеден.
Аспан-жер арасында жалғыз қимыл –
Майда жел ерте оянып, дірілдеген.

Алапты жібітпек боп жатқан қатып,
Жаққандай бір алып қол от тұтатып,
Бір кезде алтын қазан секілденіп,
Шығыстан күн жиекке шықты қалқып.

Шықты да, өрмелемей тұрып алды,
Көбейтіп, көкке жайып нұрын әлгі.
О, ғажап, аспанынан айрылғандай
Күн қардың бетіменен зымырады!

Зымырап келе жатыр тоқтамастан,
Секілді құба жонда тоқты адасқан.
Аш қасқыр анадайда жатты ақырып,
Түн бойы жемтік іздеп жанталасқан.

Қарайды үмітпенен андып жатып,
Жерме еді дей ме, бәлкім, қарға аунатып?..
Жаңағы қызыл тоқты тақай бере
Аспанға шыға келді қайта шалқып.

Сөйткенше ытып жерден бәрі зытты,
Көргендей төбесінен бір бүркітті.
Қайқаңдап қасқа адырдан аса берді
Жоғалтып ыстық арман, жылы үмітті.

Осылай алдайды ылғи аш бөріні,
Даладан шыққан алғаш қыстың күні.
Көріп пе күнге қарап, күн бағалап
Жамылған қараңғыны құлқын құлы!?

* * *
Осынау қарлы өлке құла түзбен,
Кемедей кең теңізде дара жүзген,
Жүйткітіп қырау күйме келе жатты

Әлдекім салып кеткен бір-ақ ізбен.
Бусанған еті қызып қос күреңнің
Алады аяз қақшып ыссы лебін,
Тұяқтың кескен қары домаланып,

Көрмеге қайта ұшады басып мөрін.
Жегілген бірі арттан, бірі алдан,
Іркілмес қос жануар көсем салған.
Шарт түйген құйрықтарын шаншып бірде,

Атылып шығады алып күртік қардан.
Ұзатып ысқырғанда кейде жәмшік,
Кетеді аяқтарын жедел басып.
Жеткенше сегіз буын cap шыбыртқы

Үш күйме бойындай жер жатқан қашық.
Отырған екі-ақ адам күйме ішінде,
Жамылған қасқыр ішік бірі үстіне.
Айтулы алыс сапар жолаушысы –

Қонағы ұзын жолдың бұл қыс күнде.
Бұл жолды білім есе де бұрын жүріп,
Қарайды төңірекке жіті үңіліп.
Шалынған көзге сирек әр бұтаны

Отыр ол танығандай түр білдіріп.
Көсілген шексіз дала, дала, дала,
Шыққан күн құлақтанып жаңа ғана.
Түсірген көңіліне сурет сол-ақ

Осынша ұзақталып қарағанда.
Адамның көңілі де бір табиғат
Жадырап жаз кезінде нұрын құймақ.
Құлазып, қуқыл қысың күрт түскенде,

Жаныңа алу қиын жылу жинап.
Кей кезде ойлы-қырлы байтақ өмір,
Бір шалқып алабында байқар көңіл.
Сабылып қарашада қайтқан құстай,

Жабығып жақыныңнан қайтар көңіл.
Сондай-ақ дүзге сапар қылған адам,
Не жақын оған ыстық бұл даладан?
Анасы етпей ме үміт ұзақ аңсап,

Ішінде көп баланың бір баладан?
Алыстан шыққанда алып сағынышы,
Кеудеде жаңада өршіп жалын күші.
Жаңғырмай, дала жатыр бір тіл қатпай,

Мүлгиді жапанында тағы қысы.
Қарайды ол көзін алмай бір-ақ әлі,
Ақпанның ұнай ма, әлде, мына қары?
Даладан, көкейінде көптен жүрген

Келе ме бір тілегін сұрағалы?
Көз керек қарауға да қысқы қарға,
Көп қарар жасты көздің күші бар ма?
Алайда, баласындай бұл даланың

Алысты жіті қарар кісі бар ма?
Жүріс жоқ қос күреңнің желісіндей,
Келеді көзге бірақ ел түсірмей.
Баяғы ұшырайды жетім бұта

Бір ғажап сараңдықтың белгісіндей.
Сонда да отырғандай болып ынтық,
Қарайды ол әлі ұзақ түзді тінтіп.
Осылай қырандығын істегенде

Өзінің биігінен қарар бүркіт.
Бұл жоннан не заманғы елсіздегі,
Жолаушы нені тапты, нені іздеді?
Шашылған қарға моншақ табылар ма,

Маржан ғой адам сыры теңіздегі...
− Мықтыбай, маған берші делбе шетін,
Сенің де кезің болды көз ілетін! –
Деді ол бір серпіліп ойдан қалың –

Көшірге қасындағы бұрып бетін.
− Аға-еке, жеткенде ұйқы бір-ақ қансын,
Жарықтық, аңсаппыз ғой дала ауасын.
Бірі екен сирек күннің, көп бөгелмей

Аздан соң шалармыз-ақ ел қарасын.
− Бәлі, - деп бір қозғалды бұл жымиып,
Алыпты сирек қыстап, ел бұйығып.
Айында бір қатынар ауылдар ғой,

Барады көрмеймісің жол сұйылып?
Дәметпе, жиі ұшырар елді сұрап,
Болады бұл тұстарда ауыл жырақ.
Жол шетін бір-ақ тоқтап, тұйықтармыз,

Ақшамда қалсақ жақсы Торғай құлап...
Көп күткен олжасындай бұл алғашқы,
Жапан түз адам даусын ала қашты.
Талтүсте жаңғырығып шыққан сөздер

Ауаның дірілімен араласты.
Астында жібек аспан, таза ауада
Екі сөз, уа дариға, аз-ау бұ да!
Неткен күш адам даусы, адам даусы

Дүниенің нұр бітірген ажарына!!
Іңгәлап алғаш жерге түскен адам,
Денесін табиғат зор күшке ораған.
Бағасын білген сәби сол даусының

Жалғанда не бар екен күшті анадан!
О, дауыс, адам даусы күшіңді ұқтым,
Мелшиген жапандағы қу шіліктің
Қасынан өте шығып, бір естіліп,

Белгісін беріп өттің тіршіліктің...
...Қол салды ол қос күреңнің делбесіне,
Жөнелді жануарлар мол көсіле:
Жылу мен ұйқы әлдиі қатар кірді

Жәмшіктің тоңазыған денесіне...
* * *
Кәдімгі қазақ жүзі дөп-дөңгелек,
Ұшында екі беттің нұр дөңгелеп.

Жарқырап жарты қарыс кең маңдайы,
Қарайды қара көзі күнге еркелеп.
Кең етек мұрынына мұрт жарасқан
Жас бұғақ жаңа толқын шықшыт басқан.

Нұр ұя, албырт жүзі тұр баяндап
Жиырмадан жас мөлшері жаңадан асқан.
Кей кезде жарқ етеді күнге маңдай,
Болады ол тосып үнді тыңдағандай.

Мұншама мол ықылас тисе де үлес,
Әлі де дала жатыр ләм дей алмай.
Түйілер биік қабақ, қамыққандай,
Иесіз түздің сырын жаңа ұққандай.

Ойнайды енді бір сәт жүзде сәуле,
Жиектен күнді күткен жарық таңдай.
Үмітке ұмтылғандай тез жетуге,
Енеді асығыс бір кейде түрге.

Жатқандай алдында оның тұтас елі.
Талпынып есеюге, ержетуге.
Қамыққан бір сәттегі ойы қалып,
Қуаныш, мол жігері бойын алып,

Жалғыз жан өзі көшер ұлы күрес
Жатыр ма іште тынып, дайындалып?
Шағылып күннің нұры кетсе кейде,
Түсе ме тәкаппар күш еске кейде?

«Осынау жалқау дала, жалқау күнін
Шанама салып алып кетсем!» дей ме?
Қояды бір қозғалып алға қарап,
Тағы да көз алдында шалғай алап.

Тағы да қыстың жалқау, көлбеу күні
Батысқа сапар шеккен көк жағалап...
* * *
Арқаның ашулы ақпан тәңірісі,

Талайға ажал болған тағы күші.
Жатқандай ақша қардың астында ұйықтап,
Маңайда білінбейді таң-дыбысы.
Қос күрең, қос алқа бел тартады алға,

Жарады жануарлар бар қадарға.
Қайтсін-ай, бір-ақ желіп, бір аяңдап
Дөңдерін тез асырар арқа бар ма?!
Қары бар аттың қарын талдыратын,

Жолы бар сөткеде шөп шалдыратын.
Күздегі көк азбанның қарыс жалын
Сол шалғай елідей-ақ қалдыратын.
Жүйткиді, жүйткиді алға қара күйме,

Көлемсіз көк жиекте дара күйде.
Даланың мың бұралаң жолы үстінде
Секілді жіпке ілген тана түйме.
«Әлі де жол аршыны мол-ay, сірә!» −

Дегендей ой келді ме жолаушыға –
Күрсініп көз жіберді бір бүйірден,
Мұнартып шалғай тұрған көкасуға.
Көкасу мына дала иығындай

Жеткізбес «жер танабы қуырылмай».
Асылып сол иыққа жол да жатыр
Арудың жалғыз ерген бұрымындай.
− Я, сәт! Алыстағы сол асудан,

Асудың қамшылар жақ қыр басынан
Бір қара құлай берді төмен қарай,
Адам ба, ол не қара тауға асылған?
Жолаушы дыбыс берді Мықтыбайға,

Мұндайда шырт бұзылмас ұйқы қайда!
Мықтыбай ә дегенше көтеріп бас
Қарады алдындағы көк шалғайға.
− Шамасы түйелі ғой шана жеккен,

Шалынды жаңа ғана сонау шеттен! –
Үңілді қос жолаушы бір жадырап,
Көрмеген жол үстінде қара кептен.
Арада біраз мезгіл кеткенде өтіп

Бұлар да сол қараға келді жетіп.
Жас қоспақ жабу жапқан қоңыр жиек
Келеді тал шананы дөңгелетіп.
Шал екен ақсақалды, амандасты,

Жетелеп қоспақ нарын, қадам басты.
Оранған ақ текемет біреу отыр,
Ілінген ала дорба шана басы.
− Оң сапар, шырақтарым, танымадық? –

Деді шал мол тымағын қолына алып.
Бұлар да сәлемдесіп, жөн айтысты,
Кісі екен бұл аймақтың жолы қанық.
Сөйледі әңгімеге қызба шалың,

Мұртынан алып тұрып мұз моншағын.
− Лөктірге апарып ем бір науқасты,
Жер ғой бұл мойны қашық қысқа салым.
Сәскеде шығып едім дуан жақтан,

Тоқтамай бетім осы келе жатқан. –
Татырдың көк төбесі, арғы Торғай...
Тәйірі, жер ұзай ма желген аттан!
Отырмай жетесіңдер ел орынға,

Таң ата барып қалам мен де ауылға! –
Деді де ширақ қария жолға түсті,
Қол сұғып жалғыз саусақ қолқабына...
* * *

Алтын күн алап құшқан жарығында,
Алқаудың шыға келсең адырына,
Көзіңе көшкен елдей түсер Торғай,
Оранған cap даланың сағымына.

Салынған қырдан ойға құламалы,
Бөктерлеп Торғай өзен суы ағады.
Өзеннің арғы беті шексіз ойпат
Қалаға әкеп тұрған жылы ауаны.

Көк шіркеу қаланың дәл иығында,
Кресі шағылады күн нұрына.
Кешкілік күңіренгенде қос қоңырау
Естіліп жатар шалғай бір қиырға.

Одан сәл төменірек казарма тұр,
Жағалай тор терезе, қызыл шатыр.
Саусақтың саласындай кешелері
Өзенге тұмсықтары кіріп жатыр.

Солдаттар ат суарып кешке жақын
Көсілтіп қырға қарай бір ағатын.
Сыңғырлап иінағашта шелектері
Татардың жас қыздары су алатын.

Салынған шебер қолмен өрнектеліп,
Өзеннің үстіменен өрлеп келіп,
Доғадай екі басы жарға асылып,
Көпір тұр көк өзенге көрік беріп.

Алыста, арғы бетте қазақ аулы,
Шашылып жазықта түп көп қыстауы.
Сарғайып күн көзінде дөңкиеді
Үйілген мал азығы - шөп қыстағы.

Жаққан от сатырлаған сарқамыстан,
Түтіні көкті жерге жалғап ұшқан.
Албардың тойып алып, шөбін шашып,
Қыстаудан ұзап шығып тай жарысқан.

Кедейдің жыртық күпі жас баласы,
Қолында жүн қолқабы, тал шанасы
Келеді сырғанақтан үйге қайтып,
Бос қалып жаңа толы дөңнің басы.

Бұл көпір өзенменен өрлеп жатқан,
Үстінде бозбалалар сырнай тартқан,
Жалғаған қала менен қазақ аулын
Секілді жіңішке жол әрең тапқан.

Қаланың батысында мал базары,
Ай сайын жиналады қыр қазағы.
Бұдан соң жаңа жауған қарға дейін
Қазылып құба жонда із қалады.

...Сол Торғай, қала Торғай,
жалғыз Торғай
Даланың қазағына аңыз Торғай.
Торғайдай ұялаған жапан түзге,

Еліне өмірі үшін қарыз Торғай,
Төсінен жол шығарып екі тарап,
Батыс пен шығысына жайып қанат,
Далаға дара біткен қарауылдай

Тұрады жан-жағына жалт-жұлт қарап.
...Келетін сапар жолы Қостанайдан,
Қалаға құйылады үш саладан.
Бірімен жолаушылар кіре берді,

Кезінде түн жығылып, қас қарайған.
Кім кірді құшағына, қандай адам,
Хабарсыз осы кеште Торғай одан.
Жайнатып бай мекендер шамын жақты

Үңілді қала көзі, ен даладан.

АЛҒАШҚЫ ТАНЫСТАР

Торғайда әкімдер бар сарыала шен,
Параңды бара қалсаң, ала бар сен,

Ел өлеңі

Бүгін таң ең бірінші күнді көрген
Ноғай шал мұз тиеген көк өзеннен.
Қызыл нар, жалпақ табан ауыр шана,
Асықпай ыңырана жылжиды ермен...

Күн сеуіп сирек салқын сәулелерін
Жайнатты биік үйлер сән, бедерін.
Қалқыған аспанда алтын қарлығаштай
Шіркеудің крестері әрледі өңін...

Бір кезде қала оянды ұйқысынан,
Тіршілік шығып әрбір үй тұсынан.
Сықырлап қыраулы есік, мұзды қақпа
Матадай айырылған жыртысынан.

Есікті жатып алып ашпай бір жан,
Әдейі мына сорға қастай қылған,
Қанаты қырауытқан жатыр тауық
Айрылып екі бірдей башпайынан.

Жылы үйден шыкқан буға тығылады,
Оған да қымбат екен шыбын жаны.
Ойбайлап жатыр соған ноғай кемпір,
Қайтсын-ай осы емес пе мұның малы!?

Қаланың көшелерін сықыр басты.
Көк аспан жұтып жатыр түтінді ащы.
Шіркеудің жаңғырығып қоңыраулары,
Ұзақ түн ұялаған ұйқыны ашты.

Шығып ап кексе әйел бір қорадан,
Шамасы үйінде бар бір қора жан,
Аспанға ақшыл буын бұрқыратып,
Қаптатып кірін жайып жүр манадан...

Аулақта көлігіне қамшы басты,
Жолаушы мұнда ішпекке ыстық асты.
Шанасы шелек толы қатырған сүт –
Ақ сүйгіш ағайынға ықыласы.

Күркілдеп бір қария - қазақ шалы,
Басынан көшіп кеткен жаз аспаны,
Қайқайып қайыс етік, жыртық байпақ,
Келеді жолаушыға қақпа ашқалы.

Саудагер қорасынан мал айдады,
Жалақтап жалбыр тоңды малайлары.
Ырымшыл қожасына қыңыршыл боп,
Бір әтеш жаңа ғана айғайлады.

Күші ме «тамыр» берген бозасының,
Карта ойнап, тартты ма әлде аздап шығын.
Көшемен қара күйме тұра қашты
Бұрқ еткен ашуындай қожасының.

...Бір үй тұр қаланың дәл омырауында,
Бар байлық бір өзінің қойнауында.
Ұстаған қонақ үйді он бөлмеден,
Қазақтан қыр да мұнда, ой да мұнда.

Әйгілі Әлтап ноғай бай да өзі,
Сан дүкен - сауда ұясы, пайда көзі.
Жатыр ол тұтас алып бір көшені,
Кетпейді ауыз ашса жайға сөзі.

Өзіне біреу күйеу, біреу құда,
Мызғымас алып арқа, тіреу бұ да.
Сары алтын сапты аяқта ұйып тұрған
Жеті жұт, қырық қырсық, жүдеу жылда.

...Осында бізге таныс жолаушылар,
Бұл мезгіл, бәлкім, олар ояу шығар.
Қашан да ала бұртсаң ұйқы қашып,
Кеуде де жүрек тулап, ой асығар...

Сан бөлме саңғырлайды дыбыс шықса,
Малынған терезелер күміс шыққа.
Темірден жүз бүктеген өрнекті есік
Ол дағы баспалдақтай ырыс, құтқа.

* * *
Шағын үй, салтанатсыз, аз бөлмелі,
Ауызда жегін аттың әбзелдері.
Үш бөлме бір-бірінен есік алған.

Осылай тұрар жұрттың кез келгені.
Ортада кең бөлмесі кісі келер,
Образ толып жатқан іші нелер,
Бұрышта бассыз қара әулие тұр

Адамның ұйықтаса түсіне енер.
Қаз қатар үш терезе күн жақтағы,
Әйнектің еріп жатыр мұздақ қары.
Сәске түс. Біраз болды сап-сары күн

Аспанның кеудесіне нұр жапқалы.
Аумақты емен стол, жуан сирақ,
Шамасы, түзетілген неше қирап.
Бір кезде үстін жапқан қызыл шұға

Әр тамшы әр сыядан алған жинап.
Бұл күнде түсін оның жан білмейді.
Қаншама назарыңды салдың мейлі.
Тек қана шынтақтасаң, шиқ-шиқ етіп,

Арғы бір әкімдерден қалдым, - дейді.
Ал қазір енді осының ернеуінде
Отырған үш адам бар. Белбеуінде
Бірінің бұлғақтайды ауыр қылыш,

Суырылып сұс көрсеткен елге күнде.
Уездің кеңседегі әкімдері,
Кәсібі, бәлкім, осы әр күндегі.
Ортада үш стакан, қызыл шарап,

Шығады ауыздардан шалқып лебі.
Жирен шаш үшеуі де бір туғандай,
Күзеліп, бір мезетте қырқылғандай.
Жебелі жез мұрттары талай рет

Шарапқа бәсекемен ұмтылғандай.
Жөтеліп алды бірі төр жақтағы,
Әйнектің селк еткендей жел қақпағы.
Оязды қуып шыққан өзіміз - деп,

Ауырлап отыр бүгін салмақтары:
− Терісін айналдырдық тым-ақ жақсы!
− Бұл тордан енді ол оңай шыға алмас-ты.
− Өзі де бір тықырды сезген болар,

Қамалдан хабар келе шыға қашты.
− Ол да бір сайтан еді бірақтағы,
Қанжардай қауіпті еді қынаптағы!
Басынды дер кезінде тарта алмасаң,

Ақиқат - шімірікпей туратпағы!
− Ол рас, ашуының зәрі жаман,
Түбі сол өкіметке кәдік адам.
Келе сап, біз неғылдық өшіккендей,

Деп жүрді ісіміздің бәрі жаман...
Бұл кезде сықыр етіп ауызғы есік,
Біреулер кіріп жатты аяқ шешіп.
Мыналар енді кенет тына қалды,

Кетіп ед біраз жерге кеу-кеулесіп.
Қағылды есік сырттан тынық шақта,
Сұраған белгі болып рұқсатқа.
«Да» деген дауыс іштен даңғыр етіп,

Ашылды жарма есік екі жаққа.
Ал, міне, келді кіріп екі қонақ,
Жағалап, сәлемдесіп өтті қол ап.
Орысша бірі сәнді киім киген,

Жас балғын екеуі де өндір қазақ.
«Қырғызда өзі надан, халқы шағын,
Япыр-ау, мынау орыс салтынша кім?» −
Дегендей қарасыпты бір-біріне,

Қол берді ол, - Ибрагим Алтынсарин.
Әкімдер ығыспады орын беріп,
Отырды бос орынға өзі келіп.
Мұртына жұқа тұрған боз қырауы

Сыпайы жымиғанда түсті еріп.
Сөйткенше және есіктен біреу кірді,
Столға тақай беріп, сәл кідірді.
Апарып оң жақ қолын шекесіне,

Алдында әкімдердің түзу тұрды.
− Еш қандай өзгеріс жоқ. Қамал тыныш!
Бұл сөзде тұрды тәртіп, қатал тыныс.
Біреуі әлгі үшеудің ұшып тұрып,

Қабылдап алды рапорт: - күзет дұрыс!
Көк құрыш биік тұстан балқып аққан,
Жеріне жеткен кезде тас боп қатқан.
Сондай-ақ жоғарыдан шыққан заң да

Төменде тегеурінді күшін тапқан.
Атқарып мойындағы бір міндетін,
Жас солдат қонақтарға бұрды бетін.
«Сотник Соколов» деп таныстырды

Ол өзін, қалпыменен жөн білетін.
Құптасып, алма-кезек танысты да,
Қарасып бір-біріне алысты да –
Жаңағы рапорт алған сөз бастады:

− Әкелген сізді бастап қай іс мұнда?
− Білуге болар ма екен? Кешіріңіз!
Келгендей алыс жолдан кескініңіз.
Уездің начальнигі жүріп кеткен,

Мұндағы бастық емес еш біріміз.
Мен ғана орынбасар, бұл кеңсеміз.
Хош алам, бір ілтипат білдірсеңіз!
Бүгінді дем алысқа арнап едік,

Жараспақ компания сіз кірсеңіз.
Адамға тіпті жақсы жолдан келген,
Аялдап, достарменен алған бір дем,
Далада кездесетін сирек сусын,

Келіңіз кеттік тастап кәне, бірден!
− Рақмет, алмаушы едім мұндай сусын.
− Жас адам мұны ішпеген күні құрсын
Амал жоқ ішпесеңіз. Сонда дағы

«Мөлдіреп алдыңызда тұра тұрсын!»
Деді ол, өзгелері бас изесті:
«Сау болсын, жомарт болсын ас иесі!»
Күржиіп жұтып жатты орынбасар,

Бүлкілдеп шықшыты мен май шүйдесі.
Сол кезде есіктен бір әйел кірді,
Барлық жан үй ішінде мойын бұрды,
− Ә, Маша, танысып қой, Алтынсарин,

Жұбайым, ықласыңыз түссін нұрлы!
Басынан кешіп кеткен жас базарын,
Сонда да аздырмаған жақсы ажарын,
Саркідір бәйбіше екен, амандасты

Білдіріп меймандостық қас-қабағын.
− Кешіңіз, келгенсіз ғой алыс жолдан,
− Я, ханым, келген бетім Орынбордан!
− Ә, бәсе... өте жақсы, білем, білем

Бір кезде Орынборда өзім болғам!
Жарықтық Перовский Орынбордан
Кетерде татып едім қолынан дәм.
Ол біздің әкейменен жолдас еді

Генерал атақтарын қатар алған.
Таңғалтқан сонда берген біздің балды,
Дейтұғын Людмила қызы бар-ды.
Өзі де тәңірімнің періштесі ед,

Некесін бір офицер бұзып, алды.
Жә, жақсы, сәтті болсын сапарыңыз,
Далаңыз, біздің осы жапанымыз.
Қауымнан, қатар өскен құрбылардан

Айында хат ала алмай қапалымыз.
Біз үшін өте жақсы келгеніңіз,
Баяғы ескі әңгіме ермегіміз.
Сіз үшін тіпті жақсы, туған орта

Елде ет, елде қызық, елде қымыз.
Серпіліп қалды сөзге үйдегілер,
«Қатын ғой қаршығадай түйдек ілер»
Деп қойды Мықтыбай да іштей ойлап,

Бұл емес орыс тілін түгел білер...
− Мырзалар, жөн сұрастық, болдық таныс,
Қонақжай ортаңызға бізден алғыс.
Қыдырыс емес бірақ бұл сапарым,

Жетелеп келді мені арман алыс.
Білесіз. Ол ақиқат - елім надан,
Саусақпен санағандай білімді адам.
Шөлейтке көктен түссе он-ақ тамшы,

Болмай ма тіршіліктің күні қараң.
Қазақтың жері де бар, жұрты бар,
Кең пейіл, досты силар ғұрпы да бар.
Құшағы қатты қысса айрылмайтын

Күн - көңіл, қапаланса, - бұлты да бар.
Табылды ізгі ойлы азаматтар,
«Білімнің босағасын қазақ аттар,
Еліңді қалың ұйқы құшпай тұрып,

Қалғыған мезетінде мазалап қал!»
Десті де, рұқсат алып Ұлы ағзамнан,
Жол тауып, үлес қамтып, сұрап заңнан,
Қазақта мектеп ашу ізін қозғап,

Қолыма әперді үкім - оңғарды аллам!
Сұраймын енді көмек сіз тараптан,
Білімге сіздер де ортақ біз таратқан.
Басына бітер істің жақсы келсін,

Оянсын, байғұс қазақ түзде жатқан! –
Деді ол, тебіреніп бір тоқтады,
Елестеп алда тұрған күн соқ дағы.
Қараған көп үмітпен төңірегіне

Жанары тым өткір ед бұл шақтағы.
Ашылып ақ көйлектің омырауы,
Өскендей ойдың шыңы, көңіл тауы,
Естіліп өтті ме әлде, балалардың

Күлкісі, жас мектептің қоңырауы.
Тандана ұққаны да, ұқпасы да,
Қарады оның мына тұлғасына.
«Кім еді - деді, бәлкім, ақ бәйбіше, −

Арманды тиеп алған бір басына?!»
Қарады ол ақылды әсем көздерімен,
Адамға сөз үстінде өзгерілген.
− Бұл келген, дос мырзалар, етпе айып,

Ниетім ақылдаспақ өздеріңмен!
Күрсініп алды сол кез жалқын сарың,
− Әрине, бұл дұрыс қой, Алтынсарин!
Қисыны қиын келер іс екен бір,

Тілейміз, алай дағы сәтті шағын.
Өйткенмен, көңілдегі ой бола бермес,
Көп істер кездеседі қолдан келмес.
Молданың құранына құлақ сіңген,

Сол қазақ шын білімге бала бермес.
− Іс қой бұл азабы көп, әуре сарсаң,
Шарт сынар әкімдікке, белге салсаң.
Жанашыр жақсылықты ұғар, бәлкім,

Өзің біл, еліңменен, тілдесе алсаң.
Аяймын, көп кетеді қажыр қайрат,
Тұрғанмен бар мүмкіндік қазір сайрап.
Бір жөнін келтірерсіз. Ал, тілегім,

Қонақ бол, отырайық картаны ойнап.
Сол сәтте түрегелді ақ бәйбіше,
− Ризамын, үмітті ел ақтай білсе!
Шынымен, құттықтаймын, Алтынсарин,

Қабылдау, кешіріңіз, жақпай жүрсе!
«Қашанда мақсат биік, талап абзал, −
Дейтұғын әкем марқұм оны қарсы ал!
Тайсақтап, қарай алмас үлкен іске

Бұл біздің жігіттердің міні бар сәл!»
Деді де, күлімсіреп қолын алды,
Түрегеп-қайталады соны бәрі.
Тең адам терезесі табылған соң,

Шенқұмар сыйлап өтер оны мәңгі
Соны істеп, орынбасар төрден тайып, −
Қонақсыз, мынау орын сізге лайық, −
Деді де, басын изеп, жылмаң қақты –

Кешіңіз, тартып қалдық біз бір айып! –
...Жарты сый, жарты ықлас көріп мұнан,
Қонақтар сыртқа шықты түске таман.
Жалғыз күн жазық аспан айнасында

Алыстан тұрды нұрын сеуіп сараң...
Осы үйдің алдындағы жалғыз терек,
Түседі анадайдан көзге бөлек.
Олжадай ну орманнан ала қашып,

Деп біреу қойғандай-ақ «бізге керек!»
Қозының құлағындай cap жапырақ,
Сидиған бұтағында тұр қалтырап.
Көңілінде Ыбырайдың жалғыз сұрау

− «Не демек, не айтпақ ертең бұл атырап...?

КӨПШІЛІК КӨҢІЛІ

Көңілді жазбай танитын,
Ақылды жан қайда бар?

Есенжол ақын

Сонау үй жай күнде де саңғырлаған,
Ал қазір үнге толы дабырлаған.
Қалтасы мыңды жұтқан саудагердің
Қонағы - көбі жақсы, қадірлі адам.

Кең албар, өңшең күйме жыпырлаған,
Маңайы басқан аяқ сықырлаған.
Ауада былғарының аңқып исі,
Жаңа әбзел жарқырайды тұтынбаған.

Ортада Қыдырбайдың сәйгүлігі,
Көз кәріп тояр емес әйгіліні.
Деп жатыр: «жануардың сүгіреті-ай,
Жылқының туар бұлай қай құлыны!»

− Есік пен төрдей екен ашаң тұрқы,
Осындай түсер қолға қашан жылқы!
− Жетпейді, сатса, мұның бағасына
Атаңның туа сала жиған мүлкі!

− Баяғы Бай тәжінің ақтанкері,
Жылқыда ондай құлын шапқан ба еді!
Жануар ас пісірім оқшау шығып,
Үш жүздің көз алдында топтан келді.

− Кешегі пай-пай шіркін боз арғымақ,
Артында, түстік жерде тозаң шұбап,
Жел жұлып, әкетер деп ерге таңған
Баласы келуші еді азар шыдап.

Жеуші еді, шаншылғанда артқы аяқтап,
Ағаштың басындағы жапырақты ап!
− Сендерге не боп кеткен! - деді біреу –
Сүйегі қурап қалған атты мақтап!

Күндікке жұрттың сөзін тыңдап тұрған,
Кетіңдер, - деді көшір - аулақ мұнан!
Кей біреу жақтырмады оның сөзін:
− Қайтеді ей, қызғана ма мына антұрған

Осылай сырттағы жұрт өзінше мәз,
Табылып іштерінен білгіш «сабаз»
Қоздатып қай-қайдағы әңгімені,
Түн қазір, гуілдейді бұлар біраз.

...Іште жұрт жиналысқан кең бөлмеге,
Өңшең бір қасқа-жайсаң, кердең дене.
Астында атлас көрпе қабат-қабат,
Құс жастық тіреу болған жел кеудеге.

Назары осынша жұрт бір адамда,
Жандар ғой зор құлайтын құлағанда.
Бұрын бұл естілмеген сөз болған соң,
Тыңдайды ұнаған да, сынаған да.

− Жер шалғай алыс жатқан ағайынға,
Келеді қыдырған жан жаз айында.
Сапардай ұзын жолды, бейнеті көп
Жақсылар, бір мақсатым бар ойымда!

Ой тәтті - соған сездің дәмі жетсе,
Дәл осы сәтті жиын, сәнді кеште,
Ғафулық сөз басына, сөз соңына,
Өтейін сол ойымды салып еске.

Жатырсыз естіп, бәлкім, шет жағасын,
Қашан да білген елсіз ниет бағасын.
Ешкім жоқ түс болмаса, өнде көрген
Қазақтың оқып жүрген көп баласын.

Болмады жалпымызда тегіс талап,
Құр ғана ауыз айтып, жөн іс санап,
Қораға қуып келер малдай көріп,
Білімге жатып алдық теріс қарап.

Ұлық та болмады оған әзір тұрған,
Тас жиып, қайтеміз деп жазық құмнан.
Бір малдың етін, сүтін біз ғанамыз.
Жанға да, тәнге де ортақ азық қылған.

Бар мақсат бой өсіру - бала туса,
Мақтаныш надан ата жолын қуса.
Ой еспей, өссе жұмсар жерін таппай,
Қара ақыл, сап кемеңгер болған құса.

Туса да риза қылып жапа-жалқы,
Ауылдан асқан емес ата даңқы.
«Аспанның астындағы жалғыз өзім!»
Дейтұғын қазакеңнің жаман салты.

Халық көп тәңірінің әлемінде,
Тілі бар діні менен әр елдің де.
Баққаны бәрінің де білсем деген –
Бұл шақта ғылым кімде, өнер кімде?!

Біздегі туған бала арманы мал,
«Тап соны - ұрла, жырла, жалданып ал!»
Әкенің күн ұзаққа ұраны сол –
Кеуде де жаннан бұрын малға құмар.

Үйреткен балаға әке жастан айла,
Демейді малдан бұрын басқаны ойла.
Жылына бір-ақ берген сәлемін де:
«Мал-жаның аман ба?» деп бастамай ма?

Дегенде ду күлді жұрт бір қатары,
(Өзге жан байқады ма бұл қатаны? –
Өзіне-өзі күлген жылап тұрып
Адамды кісі қайтіп жұбатады?!)

− Оқыдық үш-төрт қазақ Орынбордан,
Едәуір бізге деген орын болған.
Амал не, көзден таса қылмаймын деп,
Қазақ көп шығармаған ұлын қолдан.

Дәрідей сұрап алған зәру емге,
Тілектес қазақ атты қалың елге,
Табылып ықпалы зор азаматтар,
Рұқсат ұлы ағзамнан алдым мен де.

Ниетім мектеп ашпақ ел ішінен,
Әрине, ел көмегі, ел күшімен.
Зердесі ашық туған ұрпағымыз
Ақтайды осы жолда терді сіңген.

Көп емес мектеп үшін бұл аласы,
Ешкімнің ауырламас бұғанасы.
Жомарт жан сөзге келмес, сараң үшін
Бір күнгі ақ боранның сыбағасы.

Келгем жоқ сауат үшін сауда ашуға,
Ағайын балаң үшін барма ашуға!
Білім бір ұзап қашқан арман еді
Жалына ұмтылып қал жармасуға! –

Деді де ол,- қарады жұрт ажарына,
Қалың ел, қайран туыс қазағына.
Дуылдап көтерілді сонда халық,
Көңілдің түскендей сөз қазанына.

− Мақұл-ақ, бәрекелді, ісіңе сәт!
− Көреміз көпшіліктің күшіне сап!
− Береміз баланы да, қаржыны да
Келді ғой іс қадірін түсінер шақ!

− Жарықтық патша ағзам рұқсатын
Алдым деп айтқаныңда - тыныс таптым!
− Әлтапқа осы үшін, ал, тәуекел,
Атымның жегіп келген бірін саттым!

− Осы әлгі Балғожаның немересі,
Дегені рас болды. Неден есті? –
Деп бәсе ойлап едім. Балжекем-ай,
Ер еді-ау бүтін туған керегесі!

− Бар болса, берілер ғой тебен тиын,
Ал, бірақ бала беру деген қиын.
Балам жоқ, мысалы өзім - не десең де
Орыстың оқуына беретұғын!..

Деді бір сый қонақтың жуандауы,
Табылмай қапы жұрттың бұған дауы,
Көпшілік манағыдан бәсеңдеді:
− Қайсың бұл, ақ ниеттің бұ қай жауы! –

Деп жалғыз ақырғанда Қазыбек би,
Сілтідей тына қалды, дірілдеп үй.
− Ала ауыз, алты бақан, байғұс қазақ,
Мектеп аш, бар баланды білімге жи!

Қисайып, өнер ме екен, қыңыр тартқан?
Онсыз да істі бұзып қиын жатқан,
Көрсеткен, Сапақ мырза, бұл қай бойың
Жырыла, шыға шауып жиын топтан?!

Ел қамы, қауым қамы деген жерге,
Бірігіп, тоспайсыңдар неге кеуде?!
Алыстан айқай қосып, жақын келсе
Жым болар жұрт аз ба еді жеме-жемде!

Ыбырайдың талабы оң, қоста бәрің!
Жосықсыз, шығармаңдар оспадар үн!
Білмесе неге келді алыс жерден
Тілектес ел табарын, дос табарын! −

Қазекең «қалма бірің» деп бұйырды,
Қасына Ыбырайдың, жұрт жиылды.
Кейбіреу тез жылысып шығып жатыр,
Күтпеген тап осындай тұтқиылды.

Дәл қазір осы топтан, осы ортадан,
Жазылған жалтағы жоқ он төрт адам.
− Көрерміз, кейінірек, - деді бірі,
Әуелі молла оқуын етсін тамам.

− Қаржыдан қай-қайсымыз аянбаймыз
− Берер ем екеу болса, - балам жалғыз
− Бала жоқ, бола қалса, бөтен сөз жоқ,
Қазекең жаңағы айтқан қоғамдамыз! –

Десті жұрт, бүтін екен көп көңілі,
Өзі де күтті, аңсады көптен мұны.
Әйтсе де некен-саяқ, езу қырсық,
Бүлдіріп кетер ме екен көп тобырды?

Әлі де қалың жатқан қазақ алда,
Жұмыстың қуанышы, азабы алда.
Құранды қысқа күнде қырық көтеріп,
Елде жүр ел қырсығы - қожа, молда!

Салмағы ұзын даудың солар болмақ,
Түбінде мұны соқса, соғар сомдап.
Кәрі емен, қатты тамыр, зор шатақтан
Ер қайда сонда мұны шығар қолдап?

Осы ойда төсегінде ол көз ілмейді...
«Бір сапар шаршайын-ақ төздім мейлі!
Манаты қара жуан кім болғаны,
Жан екен өзі сұсты, сөзі үрейлі!

ЬІзғары артта жатыр зіл ұстаған,
Кеселге жаратылған қырыс надан.
Ал, мына ақсақалды абзал қария
Кеудесі кең сарайдай туысты адам!

Қайратын кім біледі бойындағы,
Асырып, арнап айтқан ойы ұнады.
Қашаңғы қайсар дізе жалт берер ме,
Самсаса есер қолдың сойылдары?!

Кім және, антқа шыдар тағы кім бар?
Тартысқа тас түйінген тағдырым бар.
Көбісі көңіл аулап отыр босқа,
Сонау бір шағын қара, алды ызғар!

Кім еді қаршығадай мығым тұрық,
Аңына түсетіндей шыға ұмтылып.
Кісіге қарайды екен бас қозғамай,
Бір жола бар денесін бұрып тұрып!.

Ол бірақ жаздырды ғой қарсы болмай,
Алдына сөйлеген сол қамшы қоймай.
Белгісі мықтылықтың іште жатыр,
Тілесең келе бермес қаршыға ондай!

Ақылды, асыл жанның көп болмағы,
Тезіне тез салады сотқар жанды!..»
Деген ой үстінде оның оқ кірпігін
Жапты түн пердесімен қап-қараңғы.

* * *
Қан базар, қалың базар суықтан да,
Келгендер алыстан да, жуықтан да.
Атан, нар, актылы қой, ала жылқы

Тоғытқан осында әкеп көбік қарда.
Шамасы шақырымдай шаршы қора,
Ай сайын анық таныс малшыға о да.
Көк шөпті көпірте сап ортасына

Қойған соң, шарбағынан мал шыға ма?!
Қасқа азбан қарыс жалды мынау тұрған,
Түгіне сап күмістей қырау тұрған.
Қалта мен арғымаққа кезек қараң,

Құнжындап бір саудагер жүр антұрған.
Ноқтадан ұстап алған қара мұрт та,
Асыра бір қояды қарап жұртқа.
Үш ақ боз сәйгүлікті жемге қойып,

Біреу тұр түлкі тымақ аралықта.
Ұстаған тағы бірі қос күреңді,
«Жануар таланымнан тостым енді.
Деп қойып, шырт түкіріп, басады алшаң,

Бұл да бір, саудаға қыр - жақсы белгі.
Сары атан, қос қызыл нар астау бөксе,
− Шіркін-ай, мұны алар ем ақшам жетсе,
Базарда көз біткенді сүріндіріп,

Қайқаңдап қайран белім қайтсам кеште!»
− Қайтпексің ақшаң болып оны алғанда?
Айтатын тәңіріңе тобаң бар ма?
Төрт бұршын дүниенің шарлар ма едің,

Салып ап қатының мен баланды алға?! –
Деп мұнда қос қалжыңбас, екі құрбы,
Қасынан сатушының кетпей тұрды.
− Сабыр ет, ақшалы бай ақтара сап,

Қарына іле кетер шекпен құрлы!
Деді ілез сатушы да әзілге орай,
Саудамен қызбаған кез әзір сарай.
Әр тұстан дәмелілер жатыр келіп,

Бұрқырап бұға толып жазық маңай.
− Әкепті Қойшығара «Көк торғайды»,
− Қайтсін-ай, оны баптар жоқ қой жайы!
Жазылмас бір сырқатқа душар бопты,

Ашылмақ иесімен ат талайы!
− Сатар ма сондай малды жынданбаса!
− Берер ме бір кісілік құн болмаса!
− Бір келгін тақымында кетеді ертең,

Қалайық көз тойдырып тым болмаса!
− Сәні еді, мақтаны еді, біздің елдің!
Кешегі құлыны еді «қыз күреңнің!»
− Бай алса, шығыны ғой үйіндегі

Қырық нар, түркпендік жүз кілемнің!
− Жолықсын біздің қазір Бірімжанға,
− Сол кісі бұл базарда бүгін бар ма?
− Ол рас, оның еркін жетеді әлі,

Алдырар ат қаласа Қырымнан да!
...Ал, міне қызды базар шаңқай түсте,
Көрінді бәсеке не, астам күш не?
Жердегі ыстық буға кеуде тосып,

Шыныдай жалтырайды аспан үсте.
Манағы сабасына толған базар,
Мал шығып бір-біріне, сыйған азар,
Тесіліп, әр жерінен ойсырайды

Саумалап жұтқандай бір жалмап тажал.
Жан-жақта ақша сықыр, аяқ сықыр,
Қос адам бір ноқтаға таласып жүр.
Құлақты cap аязда тұндырады

Айқайлап бересі бір, аласы бір.
Қасында Қазыбек шал, бір топ адам,
Ыбырай қыдырыстан жүр манадан.
Саудасы сәт болғандар нарттай жанып,

Етегін тымағының түріп алған.
Күз бойы асыраған жалғыз тоқты,
Кедей сор әкеп еді, арзан соқты.
Шай, қант ап, бала-шаға қуансын деп,

Базардан сата сала, жылдам шықты.
Көк торғай бұл базарда жиын сәні,
Он екі бөлмелі ағаш үйін салды,
Салды да жібек ноқта ұшын сүйреп,

Жетектеп шыға берді Сүйіншәлі.
Сол кезде Қойшығара бір жылады,
Құшақтап аттың жалын тұрып алды.
«Жануар құлағымнан кетер ме!» - деп,

Дауысың кісінеген құлындағы.
Бәйгеге жүйрік атты кім қоспаған,
Озғанда дұшпан күндеп, дос қостаған.
Жаудырап кісіге ұқсап қараушы едің,

Көзіңнен айналайын қос тостаған!
Сүйретіп шылбырыңды бос тастаған,
Мал едің менен аулақ баспас қадам,
Көп айтып қылығыңды сұқ қылмайын,

Даусымды бір естіп қал «қош-қош» таған
− «Бұлттардай тау басына қонып бір күн,
Үзіліп, жөнелетін дүркін-дүркін.
Сылаңдап ақырғы рет ойнап алып,

Көзбе-көз көше берді-ау, дүние шіркін!»
Деп бір шал іркіп алды көзден жасын,
Босатқан шөбін сатып, тал шанасын.
Қапталдас мұны көріп, - деді біреу –

− Байғұс-ау, сен не біліп тамсанасың?
Керді ол, Ыбырай мұның бәрін,
Өзінше өзге сырды ұғынғанын,
Жүзінен жүгіре өткен бір көлеңке

Баяндап тұрды жұмбақ сырдың барын.
...Қарайған малын құртып дала сәні,
«Мені алда, мені же» деп таласады!
Ішінен күліп, сырттай қынжылған боп,

Саудагер болмашыға ала салды.
Тұрмайтын он екі айда бейнетіне,
Жер-жерге шашып жатыр келмей тілге.
Сауданың сөзі басқа, оны ұғар ма,

Неткен ел алғыс айтқан жендетіне!
Көзінің біреу кетті жасын төгіп,
Анау кім ол жыласа, тұрған сөгіп?!
Жан қалай жадырамақ, жөн сұрамақ,

Жатқанда мына қапас тұман шөгіп!
Бай анау малы барда күпсіп жүрген,
Айқайлап айдалаға түстік жерден.
Байлығы, сенген малы - бір қалталық,

Қазақтың мына күні құрсын көрген!
Осы ойда, тағы өршиді білім, арман,
Мыңдарды күші жетіп, жығып алған.
Сол қазақ, жамылғаны қараңғы аспан,

Кес-кестеп шыға берді тағы да алдан.

ЕЛ ҚҰШАҒЫНДА

Мамық төсек, кең жайлау,
Кеңшілік қазақ арасы.

Ыбырай

* * *
Уақыттың озды күні сонан бері,
Туған ел құшағына ол кіргелі.
Ақ қардың омырауынан көз шығарып,

Көктемнің есті рақат қоңыр желі.
Аспанның кеудесіне жуықтамай,
«Апырау, әлем жүзі суық қалай!»
Дегендей шыға салып батқанда күн,

Жеріне жетпес жолшы ымырттамай.
Сол күн тұр енді көктің заңғарында,
Ауылдың мал балалап албарында.
Ауызы аман жұрттың аққа тиіп,

Арттағы қош айтысты қалған жылға.
Дос мейман әр қорада аттан түсіп,
Қолдарын жаңа жылда қатты қысып.
Әр үйдің қазанында бүлк-бүлк қайнап,

Наурыздың қадірлі асы жатты пісіп.
Бұл өзі қашандағы ескі мирас,
«Қалың ел бір тасиды» дейтіні рас.
Қазақта жалғыз мейрам халыққа ортақ,

Сол күні жаппай қауым жейтін бір ас.
Қатынап енді жиі ауылға ауыл,
«Ат мініп барайыншы бауырға бір!»
Дейтіндер, көбейеді көңілшектер,

Арасы ағайынның абыр-сабыр.
«Аманбыз!» «Аман шықтық» - сөз алғашқы,
Жол үсті қос жолаушы қосса басты.
Есендік, саулық сөзі бір тынбайды,

Жаңғырып айдалада аспан асты.
Таусылмай жиен, бөле, дос, құданда,
Жөнелтіп салып қойып кешін алға,
Қазақтың ұзақ сәлем, ұзын жөні,

Себебі болар, бәлкім, осыдан да.
Ауруға бір жан жиі болса тұтқын,
Қадірін көп білмей ме денсаулықтың?!
Тұра қап есендеспей қайтсін қазақ,

Кеселін кешкен бастан сонша жұрттың?
Бастайды жаңа жылды ұзын марттан,
Қалың ел бұл бір сәті қызығы артқан,
Қариялар ескі күнін есіне алып,

Сүюге жігіт ынтық, қыз құмартқан.
Ашылар ақ көрпеден жер құрсағы,
Көбейіп береке, ырыс, малдың саны.
Жаны бір жадыраса қарқ қылған,

Адам ғой - тіршіліктің, жердің сәні!
Осы шақ еліменен бірге тойлап,
Кәрімен кәрі болып, ойын ойлап,
Ағайын алақанында Ыбырай жүр,

Құрбыға жанын төсеп, күліп-ойлап.
Жауқазын, өзінің де балғын шағы,
Аңсатар, ынтық етер жар құшағы,
Ел тұрса ерке тұтып, қадір сыйлап

Мәлім бе көңіл шіркін қайда ұшпағы?!
Сондайда ұша берер болсын қанат,
Қуаттап, әр ісінді досың қалап,
Сермесің қате басар күні бар ма,

Тұрғанда бақыт күліп, қарсы қарап!
* * *
Отырар қыста жиі ауыл сирек,
Қалың жұрт қайда бармас малы сүйреп?

Бір жылы Сыр қыстаса, бір жылы Арқа,
Қашаннан жолаушыны жаны сүймек,
Бір әдет қазекеңде содан қалған,
Әр үйдің оған тәтті дәмі арналған.

«Қырықтың бірі - қыдыр!» деген сөзге
Құламай қалың елде қалар ма адам!
«Жолаушы қырық қадам жер шыққасын
Мүсәпір», - деп ұстаған сөз тұтқасын.

Әр үйде жылы құшақ сырттағыға,
Демейді «рұқсат сұрап, есік қақсын!»
...Ауылы Қазыбек бидің cap Тосында,
Ол ауыл жазда осында, қыста осында.

Көшсе де қабырғасын бұзбай кешіп,
Отырар, отырса да тұтас мұнда.
Арғынның жалпақ жатқан сүйегінің,
Ортаңғы жілігіндей - ие буын.

Әйгілі Жәнібектің ұрпақтары,
Өзгенің көтермеген шіренуін.
Қазыбек би шақырған соң мұнда келген,
Ыбырай бой тартар ма думан елден.

Танымай, жөн-жосығың таңбаланбай,
Сөзіңе жан бола ма жылдам ерген?
«Қызығың, қылығыңды тәтті демей,
Ақылың көңілімді тапты демей,

Бар дені, ықласымен жығылуға
Өзіңе риза болар сәт тілемей,
Мықтының ерен күшін көрмейінше,
Еңбек қып жемісіңді термейінше,

Көбінен көген көздің салмағыңды
Иыққа ап, ауыр-ау! - деп сенбейінше,
Мынау ел келтіре ме деңгейіне!
Болғанмен қаншама бай кең пейілге,

Шыққанмен үй төріне, болар ма оңай
Көңілдің шыға беру ең төріне!
Әкенің ұлы болып көрген талай,
Тік ұшқан сұңқар сирек жерден самғай.

Жетенде жеткілікті болмай нәрің,
Жеткізбес «елдің ұлы» деген шалғай.
«Шіркіннің өзге жұрттан ісі бөлек»
Деп айтып, өнерліге сүйсінер көп.

Айызы жығылса да бір қанатын
Жауға да жау бола алар кісі керек!»
Осы ойы оны ауылға кеткен алып,
Үмітін, айтпақ сөзін көпке барып.

Осылай ымыртта бір туар жұлдыз,
Түсіріп жапа-жалғыз көкке жарық.
* * *
Дос еді Бөлтірік пен Әбілқасым,

Дәуренін кешіп жүрген жалын жастың
Қалауы, арманындай бұл қос жігіт,
Қазақта қара көзді қарындастың.
Ауылында Қазыбектің бұлар бірге,

Жұлдыздай арнап туған думан күнге
Әкесі Бөлтіріктің дәулеті аз жан,
Болғанмен бір кезде ата, жуан ірге.
Жиені Әбілқасым Қазыбектің,

Әкеден туа сала өзі жетім,
Кем болып өскені жоқ, ол, әрине,
Киімі, тұлғасы да көз ілетін.
Ұлындай қарады қарт бір жиенге,

Жетімді ие қылмай құм жігерге,
Ұл көрмей өз беліңнен, шер байланып,
Жас жетіп қалды қайран шығып өрге.
Келісті ердің сойы даңқына орай,

Алды-арты болса киын тақыр жондай!
Ат мініп, топқа кірген азаматта
Кемеңгер кім бар еді ақылға ондай!
Зор болған кеудесіне құдіреті,

Табиғат жанына оның гүлін екті.
Сыймайтын білім болса дүниеге
Жан еді, ауылына сыйып өтті!
Бітсе де қызыл ерін, тіл әркімге,

Шаршы топ сөз төресін сынар күнде,
Сампылдап ашық даусы алысқа ұзап,
Түріліп түрлі құлақ мынау үнге,
Шолып ап топтық арты, бергі шетін,

Емінтіп көп сұрамай елдің еркін,
Саусақпен тізіп атқан шешен еді
Көмейден көркем сөздің меруертін.
Депті бір қария адам топ сондай күн;

«Қазекең сөйлегенде, - асқан баймын.
Сары жез Самарқанның сандығынан
Құлаштап жібек алып, жатқандаймын!».
Сол қария - Әбілқасым сүйенері,

Қалтқысыз жайсаң жасты сүйеді елі.
Дер ме оны көптің жаны, көп жігіті
Бойында болмаған соң бір өнері.
Өлеңге туыс еді ол бала күннен,

Көңілін көптің баурап ала білген.
Бір жарық жұлдызы еді той-думанның
Арасын таң мен кештің жалғап жүрген.
Киінген үске малшы күпі шидем,

Шырқаған оның даусы білінсе үйден,
Батады рақатқа сыртта тұрып:
«Жан екен, - деп, - аузынан Қыдыр сүйген!»
Әруақыт жақсыға үйір қос жас ұлан,

Шықпады Ыбырайдың еш қасынан.
Құрбы ғой құрметі де ыстық аса,
Ерекше ықласы да басқасынан.
Қашанда жақсы көрсең бір адамды,

Болсын деп соның тілек, ұнағаны,
Қалмасын болмашыдан қайран көңілі,
Табылсын, жоқ болмасын сұрағаны,
Қолымнан бір жәрдемім тисе екен, - деп,

Еңбегім аз да болса сіңсе екен деп,
Жанымды салсам да отқа сол деп салып,
Аярым жоқ екенін білсе екен деп
Тұратын әдеті ғой көңіл шіркін,

Қақпалап, аулақ қуып өмір бұлтын.
Қуантып Ыбырайды, риза ғып
Олар да сондай жақын болды бұл күн.
Кен ашып, ол да ақ көңіл, тұрды жанын,

Ақылын, білген-түйген құйды бәрін. –
Тыңдаңдар, - деді ол бірде, - құрып кеңес,
Зәрдесі нұрға құмар, құрбыларым,
Мезгілін бізге берген тіршіліктің,

Азайтар бірде батып, бір шығып күн.
Ұйқы мен тамақ қамы деп жүргенде,
Ойлады келешегін күрсініп кім?
Жаспыз ғой, жас үлесі сауық делік,

Бір күні кәрілік бұлт ауып келіп,
Төбеңе төне қалған мұнар шақта,
Жаныңа тұрар не бар жарық сеуіп?
Бір нұр бар күннен өзге білім деген,

Қадірі қазаққа әзір білінбеген,
Анасы бар өнердің адамдағы
Сол ғана - сыр теңізі түбі терең.
Адам кім, дүниеге келген не үшін?

Қай адам тарихқа арнап берген несін?
Өнердің неше атасы, неше ұлы бар?
Мекендер қанша халық жер кеудесін?
Адамның жасай алмақ миы нені?

Қолына кім қаратты дүниені?
Өзгеден көңілі ашық ел не істеді?
Қараңғы жатқан елдің күйі не еді?
Осындай сұрақтардың, жұмбақтардың

Ғылымнан сен аласың тыңдап бәрін.
Жауабы көңіліңе көшпей қонып,
Арғы бір замандардың тіл - хаттарын,
Ақтарып, бүгінгіде сырласасың,

Ат мінбей, жаяу жүрмей қырға асасың.
Қалаған бұлағыңнан кезек ішіп,
Туғалы біткен шөлді бір басасың!
Қуанам екеуіңнің достығыңа,

Қазақтың сергек ойлы қос ұлына.
Сән берген құлазыған тіршілікке,
Біздегі ең бір асыл осы мұра!
Қазақта дос деген сөз қадірлі аса,

Ол - арман өмірде дос табылмаса.
Көбейтіп тірлігінде шат күніңді,
Қайғыңды жұқартады қалыңдаса.
Келмей ме жақсы атаулы еңбекпенен,

Жан, аз ба, бойы өсіп, миы ер жетпеген,
Өсірсең еңбек етіп достықты да,
Өлгенше сусының ғой шөлдетпеген,
Бала ғой достық та бір мәпелеген,

Борыш бар дос жандарда әке деген.
Оған нәр үзбей түскен ықыласын,
Көңіліне дық болады сәл тежеген.
Қарамай, бақпай, күтпей, жатырқатып,

Арада көп жылдан соң бауыр тартып,
Табылар әке жоқ па? Дәл соған тең
Жүргендер тозған достық құнын сатып.
Өмірді жалықтырған бұл далада,

Сенімді серік таппай тұрма дара.
Тірлікте бір қызығың осы болмақ,
Дос құнын, дос енбегін біл, бағала!»
«Қарамай өмір азы, жасы азына,

Мінекей кімде болмақ күш қазына!»
Деп бұлар, сүйсіне оған салды назар,
Қарамақ шәкірт солай ұстазына.
* * *

Жаз еді, жасыл дала жан саясы,
Кеудеге жұпар сепкен жақсы ауасы.
Жақындап ел мен елдің іргелері,
Ғажайып шуға толғап аспан асты.

Сылдырлап, өзен ағып, бұлақтасып,
Сыбдырлап, көлдің бетін құрақ басып,
Желі де кісінеген құлын даусы
Қыс бойы бітіп қалған құлақты ашып.

Қамыстың арасында құстар шулап,
Мергендер бүкең-бүкең жарды қулап.
Саңқ етіп мылтық даусы, қаңқ етіп қаз,
Көк ала көкте қалып түтін шумақ.

Құлашын толқынға ұрып, сермеп көбі,
Біразы қоға тартып жел беттегі,
Балалар өзенде жүр жалаң ойнап,
Қырда қап бір жапырақ көйлектері.

Сәске түс. Бірман байдың сән ордасы,
Қазанда қайнап пісіп бағлан басы,
Қымыздың тәтті исін мұрынға әкеп,
Көрші үйде күмпілдейді саба даусы.

Жағалай қонған ауыл қанаттасып,
Жиналған ортадағы алапқа ашық,
Ауылдың бар адамы түгел мұнда,
Кететін күнде іспен жан-жаққа асып...

Сөйлеп тұр көпшілікке Бірман өзі,
Қадалып жүзге көзі, мыңға көзі:
− Халайық, ортамызға бір іс түсті,
− Халықтың керек боп тұр бұған сөзі.

Дуаннан мектеп ашу ел күшімен,
Патшадан іздеп алған келісіммен.
Ортада отыр жігіт, аты Ыбырай
Бұл іске жұрттан бұрын тері сіңген.

«Көл деген көп түкірсе» сөз мирасы,
Жоқ мұның пәлен-түген сөз бұйдасы.
Әркімнің шама-шарқы келгенінше,
Ешкімнің болмас оған көз қимасы!»

− Оқуы қандай екен? - деді бірі,
Басталып осы кезде ел күбірі.
− Бәрін де оқытпаққа қойған талап,
Бар болса өзге жұрттың не білімі!

− Баласын оқытпаған төлей ме ақша? –
Деді бір сақалды адам жирен, шоқша.
Ол кісі молдасы еді осы ауылдың –
Көрінді көпшілікке сөзі топса.

− Төлейді елге ортақ жүк болғасын!
Көздеген өз құлқынын, түпкі олжасын.
Бұл сөзге, ал, шамданды молда келіп:
− Байеке, жұртшылықтың құтқар басын

Салықтан, мына келген тұтқиылдан!
Салынған мектеп бар ма бір тиыннан.
Жұтатып, елге берген білім құрсын,
Балаға ас бола ма бір түйір нан?!

Қай білім, қандай мектеп естілмеген,
Баланын басын шатып ес білмеген.
Беретін бір пенденің тиыны жоқ
Күнәмды қадір алла кешсін! - деген.

Деп тоқтап, молда сүртті беттің терін,
Осы сөз кетті аударып жұрттың көбін.
− Баламыз молдекеңнің қарауында, −
Деп кей жан жұла берді жердің шөбін.

− Көңілге дін сауабын қазық еткен,
Мен өзім тәуекелдік әзір етпен.
− Бұл істің құрандағы жөн-жобасын
Алдымен сұрау керек хазіреттен.

− Бір айсыз жайлауынан ел кете ме,
Тұрмаған шығар қарап дәл ертеңге?!
Дуанда Алдиярдан, хазіреттен
Сұрасын, тапсырайық молдекеңе!

− Өзге ауыл бұл жұмысқа не деді екен?
− Қайткенде құранға сай келеді екен,
Келтіріп, оқытқан жөн балаларды,
Баламды, ақшамды да берем ертең! –

Деді бір орта жасты жұпыны адам,
− Құранды еш көрмеген шикі надан –
Берсең бер, өзің де оқы, керек болса, –
Құтырған осы топта сыйқың жаман! –

Деп молда тыймақ болды әлгі адамды, –

– Ал енше, жаз Ыбырай кіл наданды.

Молданы көрмеген жан өлер болса,
Сал бәрін, өңшең кедей жина малды! –
Оқып қал осындайда тобыңды үзбе,
Емініп, осы ишанға көзің сүзбе.

Білмейміз мұсылманша, кәпірше ме
Әйтеуір, білім болса - болды бізге! –
Деді бір балуан тұлға балғын жігіт,
Сол сөзбен жұрт көңілін алды бұрып:

Барынша қаражатын ел ұсынды,
Біраз жан қорқа соғып, қалды бұғып...
* * *
Дариға, жас махаббат, дәурен алтын,

Өмірдің атап қана сен деп атын,
Жанына көкке құмар қанат бітіп,
Қалады-ау мезгілінде сермеп әркім.
Осынау тірліктегі ғажайып шақ,

Бір сәтке қызығыңды кең жайып сап,
Жалма-жан жиып алып сен кетесің,
Кейбіреу өз үлесін азар ұстап,
Кейсісі сол сырыңды түсінбей-ақ

Ашады кейін барып іші удай-ақ.
Басынан құндыз бөркін жел әкетіп,
Жалаңбас үйге қайтқан кісідей-ақ...
...Бірманның үйінде ұзақ жатқанында,

Көрді ол, сұңқар туған сақтап ұлға,
Өсірген ер маралдай, бір сұлуды,
Ұқсаған тәңірінің ақ таңына.
Адамнан туады бір көркем мүсін,

Жап-жалқы баласындай ерке құстың.
Сезесің қолыңа оны тұрсаң ұстап,
Қаныңның алақанға тепкен күшін.
Айғанша көп ойлатты жас қонақты,

Білдірмей сыры өзгеше қас-қабақты.
Сый түзу, құрмет тегіс, ісі мінсіз,
Бермеді көңіл хабар, қанша бақты.
Бұл сезім өткінші ме, тұрақты ма,

Өзіне көп үңілді сынап бұ да.
Сыбырлап іште бір күш үкім айтып,
Кезінен өте берді сымбат тұлға.
«Көкте тұрмақ ай қанша?

Түннің жүзі тайғанша.
Қай құшақтың сән едің,
Асыл ару Айғанша?!
Көңілімде ой қанша,

Білер ме еді, ойланса?!»
Кей-кейде жыр оралып осындай бір,
Бір ойға, бір ой басы қосылмай жүр.
Уа, жастық! Ақылға да араласып,

Бересің жұмыс тауып тосыннан бір.
Қастерлеп, көп оқыды ол махаббатты,
Сонау кез соның жырын жаттап жатты.
Біледі нелер ғашық шежіресін,

Құрбыға асылдарын мақтап айтты.
Әйтсе де ол әр адамда бола берер,
Демейтін - жиі бақыт, одай өнер.
Алдында жүрексініп сол сезімнің,

Аялап әдеті еді қала берер.
Ал, енді алабұртып жүрек бүгін,
Тындырды іштен неге, күрмеп тілін.
Көңілінің көк жиегін нұрландырған

Қарамақ бұл да кімге сен деп күнім?!
Қонақтан қыз аямай ықласын,
Береді тәтті қымыз, күтіп асын.
Күдік жоқ үй ішінде, күбір де жоқ,

Әркімде шаруа қамы бір тұрғасын.
Кей-кейде атап қалса оның атын,
Көзге көз сонда ғана жолығатын.
Қарайды от жанары алаңсыз-ақ,

Жоқ жандай әзірлігі ой ұғатын.
Ал оның жалғыз сөзі «аға» деген,
Бұл үшін тең бір үлкен бағаменен.
Алыста күміс шолпы сылдырласа,

Көңілі қуанышпен қағады елең.
Әнеугі шоқша сақал, сары молда,
Жүр екен сабақ беріп, бағып ол да.
Шіркін-ай, мына ақ жұмыр білегімен

Білімнің ұстар ма еді шамын қолға!
Деп тағы өз арманын анық көріп,
Бір сәтке ой жүреді барып, келіп.
«Хат білген адам екен, бұл ойымды

Білдірсем қайтер еді жазып беріп!»
...«Кім еді, бұл жас жігіт?» - деген сұрақ
Келді алғаш қыз көңілге, кімнен сұрап
Білмекші оның жөнін? Неге сонша

Ынтықты, қонақ жайын күнде сынап?
Қимады ол бұл сұрағын өзге ешкімге,
Өзінен өзі сұрап, ой кешті де,
Таба алмай жедел жауап, кеп қиналды,

Дариға, осы дәурен келмес кімге?!
Келеді ол аты-жөнін білгізбей-ақ,
Жұмбақ дерт, рақат дерт - күндіздей-ақ.
Дәрумін сол дертіңе, - деп тұрмаса.

Жанынан өтер еді-ау гүлді үзбей-ақ.
Арман не ұстар қолын тапқан гүлде?
Ақ маңдай қарсы қарап шыққан күнге,
Тосты қыз өз бақытын бұл жігіттен

Әзірге өзі білер жұмбақ күйде...
Бітірмей жігіт те ойын кетті аттанып,
Жаңа ояз келсін деген хабар алып.
Кетерде қимас көңіл, бір үмітпен,

Жүзіне ерке қыздың қарады анық.
Қарады ол да бөтен сөзге келмей,
Ойнады жанарында сәуле нендей?
Осылай тұнып бір кез жатар теңіз.

Үңіліп, маржанымды кер дегендей.

ТАРТЫСТА

Жақсы менен жаманды айырмадың,
Бірі қан, бірі май боп енді екі ұртың,

Абай

Бұлттардың шашағына қызыл тағып,
Жердегі нұр сәулесін жиып алып,
Жаз күні жалын шоқ боп жанған күйі
Қойнына көкжиектің кірді барып.

Баяғы жалқы терек өңі кіріп,
Жайыпты жапырағын төгілдіріп.
Сейілтіп әлгі күннің ыстық табын,
Желпіді қырдың самал желі тұрып.

Кеңсенің бұл бір сәтте жартысы ашылған
Ыбырай кіре берді қақпасынан.
Ішкі үйдің есіктерін еппен жауып,
Бір-екеу өте шықты тап қасынан.

«Қазақтар! деді ойлап, ол ішінен, −
Япыр-ау, қайда көрдім соңғысын мен?!
Алдыңғы қаптал киген қаба сақал,
Қарады неге сонша зор пішінмен?!»

Деген бір ойға алаңдап, қақты есікті,
Іштегі рұқсат сөз сәт кешікті.
Бір кезде көзілдірік киген адам –
Кіруін сырттағының күтпей шықты.

Көзге көз ұшырасқан мезетінде
Үнсіз қап, кейін тиді кезек тілге.
− Сіз кімге? Маған болса, ал кіріңіз.
Әзірмін келген қонақ қызметіне! –

Деді де алып кірді үйге жылдам,
Нұсқады орындыққа төрде тұрған.
Жайнаған жіті көзін қадап алып:
«Яковлев, Алексеич! - деді, - Иван!»

Күтпеді мұның жеңін айту шағын:
«Сенемін, сіз, боларсыз Алтынсарин!»
Тым жақсы танысқанға құштар едім! –
Деді де, үйдің лез жақты шамын.

Кісі екен еркін кірген елу жасқа,
Боз қырау мол кетіпті еніп шашқа.
Еңселі еңгезердей денесіне
Қайраттың сыятындай селі тасса.

Теңселе үй ішінде басып аяқ,
Ырқына кәріліктің бас ұрмай-ақ,
Қимылы ширақ жатыр, шымырланып,
Өнермен өрген пысық қамшыдай-ақ.

Талайды тақиядай аспанға атып,
Бүркіттей бүйіріне қос қол батып,
Тірлікте жауы көп боп, жеңіп ылғи
Үйренген қалпы бар ма жастан қатып?

Еркелік, еркіндік бар мінезінде,
Сақталған сыртқа шықпай сыры өзінде,
Шалқалап сөйлейді екен, шамырқанып
Құйғандай құдіретті бір сөзіне:

− Естідім азамат, - деп, білім алған,
Жақсы ғой кеудесінде нұры бар жан!
Ал, бірақ көпке жарық беру қиын,
Шығарып алып жүрсіз мұны қайдан?

Көніліне көз беруге кіл наданның,
Білімі аздық етер бір адамның.
Күші де, жігері де кетер құм боп,
Бар ма еді жалғыз көпке шыдаған күн?

Ықтияр жоғарыдан алдың делік,
Болады нендей медеу жалғыз ерік?
Жүзеге аспас іске жүз рұқсат
Көруге болады ғой алып беріп!

Адамның шығатындай кетіп есі,
Әнтектеу екен, бала, ісің ерсі!
Аяймын жас екенсің мендей емес,
Өмірден таусылмаған несібесі.

Ол рас, қолың жеткен аз білімге,
Ақылым: өмірдің бұл жаз күнінде
Оқып қал одан әрі, ғылымды қу,
Жайнаған гүл екенсің, тез бүлінбе!

Балам бар дәл өзіндей, әкеңмін мен,
Көп жайды бала білмес әке білген.
Таста бұл машақатты, жөн болмайды
Өзіңе өзің қамыт әкеп ілген! –

Деді шал, қарсы қарап түйіп сөзін: −
Тыңдадым сөзіңізді жиып төзім.
Бала - деп сүйкімді леп білдірдіңіз,
Шақырмас қай балапан биікке өзін?

Деп ылғи «талап биік, талап қыя!»
Болдық қой ұшырмауға қанат қыя.
Оң істің обалына қалушы көп,
Онсыз да атар таң аз талаптыға.

Білемін сөзіңіздің жан ашырын,
Жөні бар бірақ бұған таласудың.
Жалғыздық жазығымды кімнен көрем,
Осынау сорлы халық баласымын!

«Білім қу, ұзап оқы!» дейсіз маған,
Әкемдей Орынборда болған адам,
Бұл сөзді Григорьев көп айтқан-ды,
Мектепті мен шығарда етіп тамам.

Кісі еді ол көкірегі нұрға біткен,
Айнымай, майда мінез бір қалыппен,
Сіңірді маған білім, еңбек талай,
Бір әке сондай болар ұлдан күткен.

Дайындап, французша тіл үйретіп,
«Бұл тілде бар қасиет, білім жетік, −
Деуші еді - Петербург өзіме бар,
Аласың ақыл-сана, буын бекіп!»

Алмадым тілін соның, тыңдамадым,
Қасіретті, күні қараң бұл даланың,
Кетпеді көкейімнен жатсам-тұрсам
Тұншыққан даусы менен мұңы қалың.

Маңдайым талай тасқа соғыларын,
Талайдың кезеп тұрған оғы барып,
Біреудің етек басып, еңсеңді езіп,
Біреудің мазақ етіп, қор қыларын,

Ал бірі әзір тұрып қас қылуға,
Қол салып, арасына тасты ұруға,
Қашанда үлкен іске қырын келіп,
Сонымен абройын асыруға,

Жандары құмар кісі көп боларын,
Білгенмін, біле тұра отқа жаным
Ұмтылса, амалым не, мақсатымнан
Таятын көңілімде жоқ хабарым!

Жас дейсіз, жас қайратым соған керек,
Қасымда жәрдемшім жоқ содан бөлек.
Білесіз, жасқа ғана тән қасиет,
Қиынды қайтсем жеңіп шығам демек.

Құруға от басында пайғамбарлық
Қазаққа еткен жоқ-ты алла жарлық.
Іздесем осы дерттің бір зәруін
Жүрсем де ойға қаңғып, қырға қаңғып.

Қолымнан аямасам келгенімді,
Бір тамшы сіңіре алсам еңбегімді,
Жарыққа жалғыз қадам жақындатсам,
Өкініш етерім жоқ өлгенімді!

Бұл сырым, өмірім де осы менің!
Аялап арман етіп өсіргенім.
Кешіңіз, көңіліме дақ салдыңыз,
Мен сізден қайрат-көмек тосып едім!»

Қамыға күлімсіреп қалды тоқтап,
Орнынан түрегелді шал да сол шақ: −
Түсіндім, Алтынсарин, ыңғайыңды
Көңілге кей сөзіңмен кеттің ой сап.

Бала деп сенбеп едім о басында,
Мен шалды бір келтірдің тобасына.
Ол рас, кеңсеге де қызметке
Бір қазақ хат білетін жоқ осында.

Бізге де жұмыс істеу қиын бұлай,
Бар мұндай өкіметке тиімді жай.
Қарсылық көрсетпейін, келмес бірақ
Реті елден соған тиын жимай.

Әуелі сөйлескен жөн байларымен,
Мың-мыңдап мал шұбыртып айдап жүрген.
Баласын бермесе де, ақша берсін,
Әкімдік тарапынан айтамын мен.

Ашуға тие берме, бала сұрап,
Әркімнің ықтиярын қара сынап!
Дүрлігіп кетсе бәле сол болғаны,
Онсыз да отырған ел азар шыдап.

Сәл ғана наразылық ел атынан,
Жаман оқ өкіметке деп атылған.
Бұл істің қауып жағы ескеріліп,
Бұйрықта маған келген кең айтылған!

Жаңа бір бай кеп кетті Сапақ деген,
Көп арыз, сен туралы шатақпенен.
Мұсылман дінінің бір басшысы бар
Дәл осы мәселені атап келген.

Жүрме сен ренжітіп, шамға тиіп,
Әр ісің жатсын біздің заңға сиып.
Патшаға арқа сүйеп сөйлегеннің
Бәрін де тегіс қабыл ал, бас иіп? –

Деді де қош айтысып, қол ұсынды.
«Тілеймін, тез тамамдап бол ісіңді!
Кезінде керек болсаң шақырармын.
Берерсің біздің іске қол ұшыңды!»

...Бір жеңіс еміс үміт, міндет, қарыз,
Үлгіріп үстен түскен түйдек арыз.
Алуан ой, қилы қиял ауқымында
Ол қайтып келе жатты үйге жалғыз...

* * *
− Сұмдық-ау, естімеген бұл не ғажап?
Жолықты нендей қырсық күнге қазақ?
Торғайға қыпшақ бала кеше келген,

Етпекші бүгін енді кімді мазақ?
− Не бопты, айтсаңдаршы жөндеріңді?!
− Байғұс-ау айтып өлтір өлгенімді!
− Өлетін ештеме жоқ, өрекпіме!

− Әдірә қал, сен қу бастың нең кемиді!
− Баланың бірін қоймай жинамақшы!
− Не істемек?
− Шошқа етімен сыйламақшы!

− Шіркеуге жиып алып шоқындырып,
Жандарын жас қыршынның қинамақшы!
− Деседі әке-шеше былай қалмақ!
− Көріп ем жалғыз ұлды жылап-зарлап!

− Ұл-қызын, бәрі бір деп жинайды екен!
− О, сорым, қойды дей бер құдай қарғап!
− Көз ашам, оқытам деп алдайды екен,
− Жалынып, жасын төгіп, зарлайды екен.

− Деседі өзінің бір сыйқыры бар,
Сөзіне ермеген жан қалмайды екен!
− Аулына барған екен Бірімжанның,
Қалдырмай жазып апты бірін жанның.

− Қара аруақ қартайғанда жын болды ма,
Пәлеге туды десей ұрынған күн!
− Ол ауыл бала берсе, кім қалады?
Қызды алсын бермейік біз ұл баланы!

− Қызымның садағасы кетсін балаң,
Болады боқ мұрының кімге дәрі?
− Баласы жоқтан ақша сұрайды екен!
− Қарызға мал сатқанша шыдай ма екен!

Бермесе екеуінде не істемекші,
Кім екен өзі сонша, құдай ма екен!
− Шалайық құдай болса құрбандықты!
− Тәйт әрі, текке мазақ қылма жұртты!

Ет андып ел қыдырған саған жақсы,
Тал түсте саған еріп кім мал жықты?!
− Оқуы молдалардан бөлек шығар?
− Қазаққа олда, бәлкім, керек шығар?

− Адамның басын оңай айналдырар,
Орыстың оқуының бәлесі бар!
− Түбіне ол оқудың жан жеткен бе!
Кіргенше таусылмайды көрге пенде.

− Бұл өзі поптарыңнан асса керек,
Шіркеуге кіріп алып әндеткенде!
− Көрші ғой Абдей орыс. Сол көріпті,
Бүкіл поп риза болып, қол беріпті.

Інжілді саулатқанда, даусы қандай,
Шіркеудің қабырғасы күңіреніпті!
− Ойбай-ау, айтамын деп тырс ұмыттым,
Хабарын тағы естідім бір сұмдықтың.

Сандығы үйде толған крес - дейді,
Баласы керіп қапты Ұмсындықтың.
...Қаулады осылайша өсек өрті,
Жалғасып бір-біріне өсе берді.

Бір ауыл бүгін естіп жаға ұстаса,
Алдыңғы бір ауылға кеше келді.
Айтылып діндар жанның дұғалары,
Ауыздан құдай түспей бұдан әрі,

Қос тілді өсек мыстан тарп-тұрп басып,
Әр үйдің есігінен сығалады.
Баласын кеше берем деген «батыр»,
Тәубаға бүгін шапшаң келіп жатыр.

Молданың ауызында, құранында
Бір қадам жақын қалды «заманақыр».
Сылпылдап еріндердің ептілері,
Мән беріп, мәніс қуып кетті ілгері.

Сәлемді жөнелтіпті хазірет те:
«Азғынға бұрылмасын көп тілеуі!
Қазаққа өзге оқудың керегі жоқ,
Құдайдан бөтен елдің сенері жоқ.

Дұғасын айырмасын қариялар,
Алланың ақ тілесе берері кеп!»
Бұйырып әлдекімді жазалы оққа,
Күңірентіп жаназаны қаза жоқта,

Көбігі көпіршіген өсек қайнап,
Қырсықтың қайта түсті қазаны отқа.
Біз өзі жүз пәлеге себеп болған,
Сапақ бай қалай тендік бермек қолдан!

Жауығып, жаны өшігіп жақсылыққа
Қашанда дау-жанжалды ермек қылған,
Ол қазір жиып алып кіл есерді,
«Сынайтын жер келді, - деп, - міне сені!»

Қолына төбелестің туын беріп,
«Тірсегің қиылғанша, тірес енді!»
Деп салып, бір сұмдыққа басты қадам,
Тайынбай, жиіркенбей лас, күнәдан.

Әр жерде кездескенің сындыр сағын,
Бас қайғы, мектеп түгіл қашсын бәлем!
Кім еді ол, бір қаңғыбас, басынатын!
Аузына ас, беріп қойып астына атын,

Әдеті біздің елдің әуліктіріп,
Өзіне көрінгенді бас қылатын.
Көтеріп, көкке әкетіп бір баланы,
Даурытып, дүрліктіріп жүр даланы.

Сайтанның қартайғанда ісіне еріп,
Ұзамай Қазыбек би жынданады!
Қаймағы бұзылмаған қалың елді,
Аздырмақ, берекесін алып енді

Қайдағы қаңғыбасты қамқор санап,
Ендігі осы ғана қалып еді!
Құрт көзін, жоғалтыңдар ел шетінен!
Күнәға батқан мұндар белшесінен.

Күн болса, мен-ақ тартам бір кісілік,
Қашанда халық үшін бел шешінгем! –
Деді ол, өңшең есер жалақ қақты...
Қара тұн көкжиегін сонда жапты.

Дүркіреп шыққанда топ үйден бұл кез
Аспанның төрінен бір жұлдыз ақты,
Ырым ғып, соны Сапақ изеді иек,
Бақанын жерден алып, үйге сүйеп.

Ай кетті туа салып, шапшаң батып,
Онсыз да қалғулы елді түнге сүйреп...
* * *
«Мен сізді көрмегелі жылдан асты,

Қазақтың; қайда жүр, - деп бұл баласы?
Асыл қарт, сүйікті дос, жазыпсыз хат,
Табылды сағыныштық бір дауасы.
Секілді ашық көкте күн қызуы,

Шашқандай жұпар исін гүл қызылы –
Дариға, достарыңның хаты екен ғой –
Көңілдің аңсағанда бір қызығы.
Болса да мекен алыс, жолым қашық,

Алдыңа мен балалық жанымды ашып,
Жап-жаңа мойыныңа бір асылып,
Түскендей, қатты қунап, қалдым тасып.
Кеудеме сағынышты жинап, сықап,

Жанымды бірақ соған қинап, шыдап,
Жүр едім, ол сырымды ешкімге айтпай,
Көңілімді жігерменен жиі асырап,
Жүйемді бір босаттың қымбат қартым,

Шынымды өзіңе айтпай, кімге айтпақпын?
Орыстың ұлы жанды, кең пейілін
Өзіңнен сонау күндер іздеп таптым,
Ұмытпан еңбегіңді, көп сыйынды,

Ақ жарқын, абзал әке кескініңді.
Сен едің үлкен жүрек, биік оймен
Үйреткен алдыменен ел сүюді.
Үй-іші, туған-туысқа етпек құрмет

Не болмақ, соның бәрін көптеп біл! - деп,
Үлгіңді көз алдымнан әкетпеуші ең,
«Бір өзің мен үшін зор мектепсің» - деп,
Айтушы ем, әлі де айтам сол алғысты,

Мен үшін жақсылық жоқ содан күшті.
Достардан, үй-әулеттен кетіп аулақ
Жалғыздық, рас, басқа жаман түсті,
Алайда, білесің ғой арманымды,

Деуші едің: «Соған өмір арна күнді!» −
Сол мақсат жолындағы тірлігім бар –
Қысқаша білдірейін хал-жайымды!
Мен келсем, мұнда уезд бастығы жоқ,

Көп жанның өсек-жала қастығы боп,
Орнынан түсіп қалып, кетсе керек,
Атылған өз ішінен асқынып оқ!
Бір жылдай ел ішінде жүріп көріп,

Қаражат азын аулақ жиып келіп,
Отырмын салдырам - деп, мектеп үйін,
Жаңа ояз өзі көнді бұйрық беріп.
Ұнатпас іші кейбір әкімдердің,

Ісімді қиын санап жатыр менің.
Бар ойы бұл мақсаттан бет аудару
Дегенсіп: «жаным ашып, ақыл бердім!»
Егіліп, еріп сөзге жүргендер көп,

«Еш бала бұл оқуға бермеңдер» - деп,
Қырсыққа құмар туған қара сойыл,
Жан аз ба жүретұғын көлденеңдеп? –
Көбеймек ондайлардың мұнда саны,

Мен жалғыз, жаудың дайын мың жасағы,
Ойласам осыларды кейде отырып,
Көңілді зардабы мол мұң басады,
«Сондағы жазығым не? Бір айтпайды.

Кісімсіп, биік қарап сыр сақтайды.
Ұғылмай, кеп санаға, етеді әуре
Баяғы оқшау арман, жұмбақ қайғы!
Қазірге екі шәкірт, бар ермегім,

Оқытам орысша әріп сән ернегін,
Барады, бір ғажабы, тез игеріп,
Үмітім, деймін, бәлкім, жанар менің?
Болашақ мектебіме тіл құралын,

Жазыспақ еді сенің бір мұратың,
Тез жібер, өтінішім, асыл қария,
Осымен айтып саған тындым бәрін!»
Қайта оқып сара-сара жолды жіктеп,

Әр сөйлем жүйесімен ойды іріктеп,
«Николай Иванович Ильминский!»
Деп, жазып адресін қойды бүктеп.
* * *

Қашанда үлкен іске ұмтылғанда,
Алдында асқар асу, сын тұрғанда,
Өзің де өзге түгіл күдік ойлап,
Кей-кейде ұқсап қиял бір тұманға.

Кеудеңде белгісіз күш буырқанып,
Шыға алмай сыртқа теуіп жігін тауып,
Мазақтап, жаныңды жеп әуре еткенде –
Кетердей көкіректі бұзып-жарып.

«Ішінде арыстан ойнап, от жанғанда»,
Таба естіп дос жаннан да, жат жаннан да,
Мезгілің тумай, сәтін бір кез келмей,
Шашылып кетуіңе шақ қалғанда;

Басталып сала берсе өнер шіркін,
Еш пенде бақытты емес сенен бұл күн,
Сүйсіне, құшырлана құшақ жайып,
Сонда тек құдіретіңе сенер жұртың!

Сонан соң сілтесінде ірку бар ма,
Шыға бер ел қуантып жұлқын да, алға!
Не жетсін, еңбегіңнен рақат тауып
Маңдайдан терді уыстап сыпырғанға!..

...Басталды, басталды әне тұңғыш ірге,
Болашақ жинайтұғын нұрды ішіне!
Қолына ұстап тұрып, көп қарады ол
Бұл үйдің ең бірінші кірпішіне.

Уа, шіркін, оның сол бір қуанышын
Айта алмай тіл жеткізіп, ұғады ішім!
Бір кірпіш кім едің сен, қай жақын ең
Арманын ұзақ қуған адам үшін?!

Қалың жұрт қалды тоқтап, топ шаршы адам,
Қалады ол, сол ғой істі бастаушы адам.
Сәбиін әкеп салған бесігіне
Ананың алақаны ұқсар соған.

− Қайырлы құтты болсын ірге тасы!
− Соңына қайыр берсін істің басы!
Кірпішпен қабаттасты кей біреудің
Айтылған ақкөңілден «бісмілласы».

Қазыбек шал өзі бастап, ел «әу» десіп,
Іргесі үлкен үйдің жөнелді есіп.
Ыстығы-ай ықластың көп жандағы,
Құласа, бейнетіңді берер кешіп!

Мұндайда асыққыш-ау уақыт деген,
Күн қапты көкжиекке барып төмен.
Тоқтады еңбекшіл жұрт бұл мезетте
Еңкейген белін жазып алып бір дем.

− Ағайын, азаматтар, - деді Ыбырай, −
Көптің де, менің де бір көңілім жай,
Ел болып, игі істің басына кеп,
Қуантып тастадыңдар мені мұндай.

Елдігін істемесе ел бола ма,
Шыққандай болып қалдым белге жаңа!
Бас қосар бәтуа бар екен бізде,
Шашылып жатсақ тағы кең далада.

Көп болып, үлкен іске ірге салдық,
Еңбектің белгісі бұл мың жасарлық.
Бар біздің тумақ, өспек ұрпағымыз,
Демейміз не үшін салдық, кімге салдық

Болашақ біз туралы айтар аңыз,
Ризалық алғыстарын қайталар жүз
Балаға әке болдық, қамқор болдық! –
Деп, біз де мақтанышпен айта алармыз.

Сөзіне ұйып тыңдап тұрды халық,
Көңілінде көпшіліктің туды жарық.
Сан жүзде қан ойнады, қарады да
Қолымен тынбақ іске бір қуанып.

Осынша қалың жұрттың бір шетінде
Жасырын нендей сыр бар ниетінде? –
Бес-алты кісі тұрды ұйлығысып,
Ұрыдай сұм пиғылмен кірер түнге.

Әркімді қамшысымен нұқып қалып,
Сөйле деп үгіттей ме қарсы барып,
Сапақтүр сыбырлаудан аузы тынбай,
Ортадан дүрліктірмек дау шығарып.

Көндің де көпшіліктің тумай алаң,
Жел сөзі жайға кетті сумаңдаған.
Қабағын қарс жауып, қарай қалды
Сөйтеді ол бір ой ішке тұнғанда арам.

Кітаптың қарсы ашылған кен, бетіңдей.
Әлде бір алғы күнгі ел көркіндей,
Мектептің тұрды сәнді қабырғасы,
Халықтың сүйкімді ортақ перзентіндей.

Басталды мектеп солай анық бүгін,
Білімнің тік көтермек жалын туып.
Ашылды алғы беті осылайша,
Қазақта білім, мектеп тарихының.

− Хазірет шақыртыпты Ыбырайды!
− Келмей-ақ жүр екен ғой бір ыңғайы!
Ол да бір қында жатқан кесел семсер
Кезеңін дәлдеп таппай суырылмайды!

− Мынау да қатты тебер берен мылтық,
Көздеген жібермейді жерден мүлтік.
− Ай, қайдам, қыңыр шеккен кәрі бура,
Тастар ма жас қыршынның дымын құртып

− Айқастың кереметін көр осыдан,
Жоқ ешкім хазіреттен сөз асырған!
− Қайтсін ол бар ашуын бүгін төкпей,
Бұл бала алып тұр ғой жағасынан!

− Насырға істің шапқан бұл шағында,
Шіркін де басқан екен шын шамына.
Сойқаны шапалақтың басталды енді
Көбірек тиер екен кім жағына?!

− Ыбырай келіп пе екен мұнда қазір?!
− Жап-жаңа ат-арбасы тұрған әзір.
− Әлгіде кердім, оны жаяу келді,
Қасында біздің әнші бір бала жүр! –

Десіп топ, дабырласа кірді барып,
Елеңдеп, құлақтары шуды бағып.
Шайнасса екі мықты, қашаннан бар
Қызықтап қарайтұғын бұл құмарлық.

...Үй толған. Ине шаншар орын қайда,
Алатын еш адам жоқ оны да ойға.
Бір ғажап сыйқырменен бытысқандай,
Білмейді аяғы мен қолы қайда.

Бастары мәз болады қылқиғанға,
Өңеші үзілердей ұмтылғанда.
Ербиіп кейбір құлақ көзді қымтап,
Тым қиын болды бойы мықырларға.

Хазірет сөз бастады шамырқанына,
Көпшілік тына қалды сабыр тауып.
Жұтына сөйлейді екен, лебін тартып,
Тұрғандай өңешімен жалын қауып:

− Жатпаймын бір баладан сұрап кешім,
Жамағат сезімді өзі сынап көрсін!
Қайт, шырақ аманында еліңе бар,
Астыңа арымайтын тың ат берсін!

Қонақтың көп болғаны - жұт болғаны,
Кісінің қайырынан құт қонбағы.
Қайырсыз жан екенсің, қырсығы көп,
Ел іші сен келгелі тіпті оңбады.

Сыйладық алыс жұрттың баласы - деп,
Ел таппай келмеген ғой, шамасы, - деп.
Астыңа ат, аузыңа тағам тостық,
Ағайын ауқымында дем алшы! - деп.

Дәндедің, арамызда жатып алдың,
Жарайды, оныңды да мақұл алдым.
Басынып, бірте-бірте білімсідің,
Ешкімнен сұрап па еді ақыл Арғын?!

«Надансың - оқытам» деп дүрсисің кеп,
Мұныңа мазақ етпей, кім сүйсінбек?
Ел сенің ермек қылар құрдасын ба,
Қай жаққа, кімге қарай тұрсың сүйреп?!

Орыс па? Шоқыну ма бар арманың?
Өрісің жем тістеген маған мәлім.
Қағынып қаршадайдан қанды бұзып,
Шалынған қарғысына бір алланың.

Қуылған өз елінен күнақар жан,
Безген соң тұла бойда ұят-ардан,
Аздырдың келе сала дүйім елді,
Түбінде сені оңдырмай бір атар дәм!

Сусындап хақ пайғамбар шербетінен,
Тұрғанда тасып толып кен, несібем,
Қазанын қыңыр торып берекелі,
Шапағат алла аямай пендесінен,

Көрмек боп екі дүние рақатын,
Муапих, жақсы күннің ишаратын,
Тұрғанда дәмеленіп, сен кез болдың
Секілді күннің көзін бұлт шалатын.

Қайтар деп сұрамаймын сыйын елдің,
Ырысқа қырсық қонақ қырын келдің.
Қызығын өз аулыңа көрсетерсің,
Басыңда толып тұрған дүниеңнің!

Әуре боп, салдырамын мектеп, дейсің,
Мұратқа сонда қазақ жетпек, дейсің.
Сауында тәубаға кел, жөнінді тап,
Әйтпесе осы жерден тек кетпейсің.

Ал босқа ашуына тие берсең,
Таяғы бір тентектің тиеді ертең,
Дерсің-ау қашып бара жатып әлі:
«Ойпырмай, ел ашуы киелі екен!»

Сөйт, шырақ, әуре қылма болмас істі,
Сендейден білім алып оңбас кісі
Адасып, жөн таба алмай тұрған ел жоқ,
Нұсқайтын бар өзінің жолбасшысы!

Қой, - дедім, байқа, - дедім - тыңдамадың,
Бір елді осыншама былғағаның.
Есіңе келмеген соң - ес түссін - деп,
Амалсыз қалайықты жинап алдым.

«Көзі отыр, осынша жұрт айтсын өзі!»
− Дұрыс-ақ, хазіреттің осы сөзі –
Алтын сөз айтылды енді, бітті шаруа –
Әркімнің бұл қарбалас жұмыс кезі.

− Тарқайық! - деді Сапақ анадайдан,
− Тәйт, сенің кімге керек амал-айлаң!
Деді бір ақсақалды кісі тұрып, −
Кетпейміз сөз тыңдамай Ыбырайдан!

− Я, бәсе, айтсын ол да алға шығып,
Барамыз, ат-жөні жоқ қайда асығып! –
Десті жұрт, гуілдесіп үйдің іші, –
Не болар осындайда алдаса үміт! –

Секілді сатырлатып жауған жаңбыр,
Дүрілдеп өте шықты айқай, дабыр.
Орнынан мына сәтте бір қозғалды,
Осы адам тұла бойы толған сабыр.

− Шынында, кереметі бар шығар-ақ,
Сөзді де қағар, бәлкім, тар сыналап.
Жақсыны, жаманды да тосып алып,
Қаймықпай тыңдайды екен қарсы, қарап! –

Бір-екеу төмен жақта осы сөзін
Айтады, Ыбырайдан алмай көзін.
Қайтсін-ай, жаны аши ма жалғыз жанға
Әйтеуір, отырғандар қалмай төзім.

− Хазірет, сөзіңіздің ұқтым нарқын,
Басы да, аяғы да шықты салқын.
Бірыңғай ұра сөйлеп, төспен басып,
Үйренген жығып ылғи жанның салтын

Көрсетіп бір өттіңіз. Ол да мақұл.
Бұл іске әйтсе де жөн салған ақыл.
Қонақ - деу, қууға оңай ел ішінен,
Бұған да ойлап-ақсыз амал, тәсіл.

Қонақ боп келгенім жоқ әуел бастан,
Ол рас, үлкен елге сәлем жастан.
Көңілдің жайылған соң дастарқаны,
Бас тартып қалмап едім сый мен астан.

Сіз соны қарыз ете қапсыз бүгін,
Көтермей кеттің дейсіз астын буын.
Бар еді нендей жөні берген сыйды
Кісіге қайта ататын тас қылудың?

Сонан сон Қыпшақ дейсіз, Арғын дейсіз,
Бұл сөзбен салмағымды салдым, - дейсіз.
Ол түгіл, исі қазақ деген елден
Дүниенің хабары жоқ, - сіз білмейсіз.

Сол ру - сіңіп қалған қанға мына,
Қазақтың себеп болған жанжалына.
Шақырса, бір-біріне даусы жетпей,
Шашылып неге жатыр ойға, қырға?

Атадан тумай жатып араздасқан,
Алдына малын салып тұра қашқан
Себеп не? Беріңізші қане жауап,
Ғұлама хазіретсіз құран ашқан?

Жаныңыз түршігіп тұр орыс - десе,
Біріңе бірің жақын қоныс - десе,
Ал бір жан үлкен іске талап қылып,
Қолымнан келмей жатса, болыс - десе,

Іздемей азығыңды арба сүйреп,
Егін ек, ырысыңды мол іш - десе,
Орыстың жазығы не - «берірек шық
Білімге талпыншы!» - деп қол ұш берсе,

Мен сенен жарығырақ жерде тұрмын,
Жақсымды ал, жаманымнан ойыс - десе,
Амал не, кәрі қырсық жібермейді,
Болар ма қазақ сорлы оны істесе!

«Шоқынды», «кәпір» деген сөз шығарып,
«Орыстан қолың көтер, шошы халық!»
Деген бір бос айқайға басасыз кеп.
Ақылды сөйлеу керек тосып алып.

Ешкім жоқ «дінді бұзып, шоқын» деген,
«Орыс бол!» деген емес «оқы» деген.
Ел қамы болмас, пайда кере тұра
«Қолыңды қусыр дағы, отыр» - деген.

Көзіне көгіміздің бұлтсың - дейсіз,
Ағайын арасына жіксің - дейсіз.
Бұлт не, күн көзі не, араздық не,
Айырып арасын бір түсінбейсіз!

Күн жоқ қой, жоқты неге бар демексіз
Мың жылдар жоғалғалы ол дерексіз.
Көзіміз су қараңғы, жер бетінде
Келеміз түнекпенен өрмелеп біз!

Осыған жылау керек, мәз болғанша,
Пайда бар қыңыр, қисық сөзден қанша?
Бұға түс, жата бер - деу - ауыр қылмыс,
Өмірде жұрт болмасын сезген жанша.

Ел менен бір шапағат көрер ме екен,
Егейін аз дәнімді, өнер ме екен? –
Деп жүрсем, ту сыртымнан шоқпар сайлап,
Келіпсіз, халық бұған не дер екен?

Оп-оңай жыға салу бір адамды,
Соншама керек етпес сұм амалды.
Жанғалы тұрса шырақ елге деген
Сөндіру - арт деген сөз мың обалды.

Жоқ, тақсыр хазіретім, қанша даттап,
Сөйлеңіз, алла қабыл алса жақтап.
Өтуге бел байлағам, таярым жоқ,
Алдымда қай қиындық болса да аттап.

Көрсетем, көрсін өзі ел мені де,
Қарар ғой маған емес, еңбегіме?
Екі жол алдымызда екеуміздің,
«Жүрейік сен жөніңе, мен жөніме!»

− Ой, сөз-ақ, бәрекелді шын-ау өзі,
− Дәл байлам, жақсы тыным мына сөзі.
Несіне асығады, шыдау керек,
Жігітті келеді ертең, сынар кезі!

Десіп жұрт, тез сөгіліп, үйден шықты,
Хазірет ұмтылып қап, сол тыншықты.
Сапақ та үлгірді айтып, сыбыр етіп:
«Егесті, енді аяма, сал тұмсықты!»

Ыбырай кетті шығып көппен бірге,
Бір қарап, тас төбеге жеткен күнге,
Серпіліп, көшедегі топқа кірді
Сәл мұны тосып қалған әлгі әзірде.

− Ой, жаса, айналайын мұндай ұлдан,
Тәңірім жарылқасын маңдайыңнан! –
Манаты қария шал құшақтады –
Мұртының бір жымиып шалғайынан.

− Салды-ау бір хазіретті шалқасынан!
Көз алмай тасбихтың әр тасынан,
Шекесін әлсін-әлі сүрте берді,
Суырып орамалын қалтасынан!..

...Риза жұрт көңілі бұған аса,
Аспаны кеңігендей бір аласа.
Сүйсініп келген әркім қайтты үйіне,
Не болар сол үміттен шыға алмаса,

Деген бір туып еді мана күдік,
Алды енді арамзаны адал жығып!
Күн ашық, дәл төбеде. Кетті тарқап
Кектен де, көңілден де ала бұлыт...

БҰЛЫҢҒЫР КҮНДЕР

Қыс еді. Ноябрьдің аяғы кеп,
Арқаның сала берді бораны үдеп.
Жазудай сумен жуған кетті өшіп,
Жаздағы қырдың жолы сорабы көп.

«Анау ой, мынау қыр» деп қол нұсқаған
Қалмады ешбір белгі ойға ұстаған.
Теп-тегіс, көз жетер жер, бәрі жазық,
Өңір жоқ қойны, төсі қар құшпаған.

Әр жерден жетім қыстау сығалаған,
Мекендеп жатыр-ау деп бұған адам,
Айтпас ең, көз шалмаса көк түтінді
Желді күн қардың бетін қуалаған.

Көп жасап, осы арада мекендеген,
Шал ғана таяқ ұстап, еңкеңдеген,
Қабақтан алақанын алмай қарап:
«Ә, мынау пәлендей жер екен!» - деген.

Әйтпесе, қиын емес адаспағың,
Аяқты жұмбақ болып әр басқаның.
Белгісіз көктемісің, жердемісің
Даланың жамылғанда ақ аспанын.

Бүкіл ел қар астында, бар тіршілік,
Бір қара анда-санда қалқып шығып.
Қайтадан жоқ болғанда, қарады адам
Бұл сұмдық жетімдікке жан түршігіп,

ЬІбырай сол қараған дала үстінен,
Ішігін жаба түсті қар ұшқынмен.
Ол оқшау. Көз алмайды көкжиекте
Сәулесін қаша төккен алыс күннен.

Төменде жатыр Торғай бұғып жарға,
Аласа еңсесімен кіріп қарға,
Даладан жалғыз шана отын күткен
Әр үйі ұқсайды бір кіріптарға.

Әне тұр қалған мектеп шала бітпей,
Ол дағы қыс құрбаны - жазды күтпей,
Жатпауға шамасы жоқ қар астында,
Көңілді кеп жүдетіп аз үміттей.

Сұмдыққа сұмдық жамап күндер өтіп
Барады, келеді ел түнделетіп.
Қай сапар, қайда беттеп тартпақ бұл кеш?
Бармақшы оны бастап, кімдер ертіп?

Хазірет пе, дін бе қолын қанға малған?
Тірідей кеше айрылды бала анадан.
Өлді деп, өлмегенді көрге көміп,
Мал тапқан қисыны жоқ жаназадан.

Кетпейді құлағынан бала даусы:
«Атажан, анам тірі, аршып алшы! –
Шақырды «құлыным» дап, естідім мен,
Естіді бірге тұрып қырда малшы!»

Барды ол, көрді көзі бұл сұмдықты,
Қан дене, көбін қолмен жыртылыпты.
Тәуір-ақ айқасыпты өмір - өлім,
Сорлы жан тұншығыпты, тыншығыпты!

Батты отан, сондағы елдің күңіренгені,
Айтылмай жазалы қол, кім көмгені.
Батты оған, бұған қарап жаутаңдаған
Балаға не айтарын да білмегені.

Поп жатыр шіркеуінде ол құтырып,
Кей жанды ұрлап, зорлап шоқындырып.
Бұл дағы ұлы жанжал, сұмдық басы –
Басталды дей бер тағы жойқын бүлік!

Айқайлап жібергісі келді ме оның,
Күбірлеп, жалғыз сермеп қалды қолын.
Етекке түсе берді. Жайлап басып,
Өмірдің елестетіп қарлы жолын.

Жолшыбай көрді ол тоқтап бір адамды,
Үйінің терезесін су қараңғы
Тас қылып, басып кеткен жатты аршып,
Күрекпен жап таласып тау-тау қарды.

Қасына жақын келіп, сәлемдесіп,
«Мен сізге жіберейін жәрдемдесіп», −
Деді де, сұрап қолға алып күрек,
Құлшына кеспе қарды жөнелді есіп.

Мына адам қарады оған таңсық көріп,
«Қардан бір өшімді алдым, басып, теуіп!»
Деді де күлімсіреп, берді күрек,
Қос көзін әйнегінің аршып беріп.

Кетті ол әзге бөтен сөзге келмей,
Бұл қарап тұр көзіне сенбегендей,
Айтылмай қалды аузында алғысы да,
Сұрақ боп «япырау бұл пенде нендей?!»

Жөнелді ол азда болса тауып рақат,
«Қалсын, - деп ойлады ма тәуір атап?»
Дегендей жұмбақ оймен үй иесі,
Таң көрген тұрды көзбен шығарып сап.

Көңілінде Ыбырайдың өзге сезім,
Үйінің аршып жатқан сәуле - көзін,
Ол кетті үлкен ойдың жетегінде,
Әлгі бір бейнетқорға теңеп өзін.

* * *
− Жаңадан ақ патшадан заң келіпті!
− Қаңдай заң?
− Бағындырмақ әмме жұртты

Ортадан Әкім сайлап!
− Нендей Әкім?
− Әзірге ол арасын кім біліпті!
− Мен білем!

− Білсең айтшы!
− Әр ауылдан,
Немесе әр тайпаның тарабынан
Сайланбақ қазақ Әкім.

Айтып келді.
Қалаға барған кеше қара Құлжан.
«Болыс деп атайды екен онысын жұрт,
− Біреудің жуан білек қолы шығып,

Тоқпақтап өзін өзі отырсын деп
Істеген айласы ғой!
− Оның шындық!
Белгілі «болыс» деген атынан да,

Патшаға болысуға шақырғанда!
− Кім болмақ, қандай адам сайламағы?
Кісіге қоятұғын шарты бар ма?
− Шарты сол: елге кімнің бар ықпалы,

− Ой, тәйірі, жай сөзі ғой даурықпалы,
Сол десей әкімің де, әйдігің де,
Шашылса қандай байдың барлық малы!
− Депті ғой елдің оны өзі білсін!

− Қайдағы өзі білген! Сөзің құрсын!
− Қалайша білмейді өзі, сайлау болса?
Десе егер қалағанын жұрт ұсынсын?
− Әй, қайдам? Неткен тегін батпан құйрық

− Әйтеуір, анық, патша айтқан бұйрық!
Оязда күндіз-түні соның қамы,
Түрі бар ел жақсысын жатқан жиып.
Болмақшы он үш болыс Торғай елі!

− Деген ғой ел өкімсіз сорлап еді!
− Мұнысы бір есептен дұрыс шығар?
− Илаһим, оның жеңі болғай еді!
− Онысы енді қашан?

− Бүгін, ертең. Шықпақшы әкім елге.
− Зұлым екен,
Сапақ та, біраз күндей дуаншыл боп
Жүр еді, жоқ еді бір тыным еткен!..

Деген бір ел ішінде дабыр өсіп,
Бір сөзге бір сөз жалған алды қосып.
Топ құрып, топар сайлап, қара жинап,
Бұл күнді дәмелілер қалды тосып.

* * *
Ояздың үйі алдында толған халық,
Не жуан қазақ байлар қорбаң қағып,
Әр жерде бөлек-бөлек жиын ашып,

Қолтықтап, пысықтары қолдан алып.
Дамылсыз күбір-күбір әңгіме, кеп:
«Кім жаңа кімге келіп айтты не деп?»
Бұл бір кез ауыз баққан, жаутаң қаққан,

«Я, сәт, албарыма бақ түне!» - деп,
Сыйынып малына да, құдайға да,
Дос іздеп топтың ішін шыр айнала,
Жүгіртіп әрлі-берлі тыңшыларын,

Бетіне әр адамның қарай қала,
Жымиып, жүз көрсетіп кез келгенге,
Жайдары бола қалып езгі пенде,
Жұрағат, жиен, құда іздеп тауып,

«Ешкіні апа, текені жезде» деуге,
Арланбай Сапақта жүр барын салып,
Кетсе де осы тұста малын шауып,
Бір болу ел көзіне мәртебелі,

Қолдайтын, хош көретін табылса жұрт.
Осынша аулада тұр ұлы жиын,
Ояздың кеңсесіне кіру қиын.
Есіктен сығалауға қолы жеткен

Болып тұр алғандай-ақ құдай сыйын.
Ондай жан шыға салып сыртқа барып,
Құлағын дәмелінің ұстап алып,
Сықпыртып соғып жатыр «жақсы сөзді»

Деп сөйлеп: «бұл хабарым бес қаралық!»
Көкесі өтіріктің осы жерде,
Кей «сабаз» алар тілмен жосып өрге.
Шаршады елегізіп талай құлақ

Иесі гуілдеген тосып елге.
− Ояздың даусын естіп, ә дегенше,
Есікті ашып қалсам: «о, бәленше –
Жақсы адам, тәуір кісі - деп шуласты –

Бұл елге болыс болсын сол ендеше! –
Деп ояз қалды дереу изеп басын,
Ап-анық көріп тұрдым жирен шашып!
Жалма-жан ести сала сізге шаптым,

Мырзеке, сүйіншіге «түйе айтасың!»
Деп қулар, желпілдетіп танауларын,
Сатып тұр ала қашқан «хабарларын»
Аңғалы алақайлап сеніп қалып,

Әккісі дейді: «саған нана алмадым!»
Ояздан дәмесі жоқ кейбіреуі:
«Көрерміз, кім боларын ел біледі.
Тас тастап, шарға салу рас болса,

Белгілі бізге аржағы, енді жөні!»
Ондайлар елін сүйіп осындайда,
Қараша ағайыным, досым қайда?
«Қоянды қамыс, ерді намыс» деген,

Бастарың енді де бір қосылмай ма!»
Осылай тастап жұртқа ұран, үгіт,
Сабына қамшысының тымақ іліп,
Шақырып анадайдан жатыр елді,

Десін деп «ел иесі - мына жігіт!»
Бір шетте Бөлтірік пен Әбілқасым,
Қызықтап мына топтың даурықпасын,
Күтіп тұр Ыбырайды іште отырған,

− Япырай, бұл ояздан қаймықпас кім?
Қазақтан Ыбырай атам жалғыз кірген,
Сапақ сұм басқан ізін аңдып жүрген,
Тағы да содан көріп, сайланбаса,

Кетпесе жарар еді жау тып мүлдем.
− Әрине, сайланбайды - ол ақиқат,
Халықтың иығына сол асылса-ақ,
Төбеңнен шоқпар кетпес, оңдырар ма ол,

Өлмеген жанның жүрген моласын сап!
Ду етті сол кезде ел сыртта тұрған,
Сөйледі ояз шығып жұртқа тұнған.
− Ертеңнен басталады елде сайлау,

Не бәрі он үш болыс - жұртқа айтылған.
Өкімет тарапынан өкіл барып,
Өткізбек, өз адамын берсін халық!
Тәртіппен сайлау керек, бұл үлкен іс,

Жүрмеңдер қарсы болып, дау шығарып.
Сайланған болыстарға тисе зақым,
Жақсы деп білмеу керек оның артын.
Жазаның ең ауыры сол адамда

Өкімет қаһарына жолығатын!
Қайтыңдар! - деді ояз қолын сермей,
Соғылды сонда көлік, шана сендей.
Торғайдың көшесімен төмен атып,

Құйылды өңшең күйме қара селдей.
Бүркеді қар тозаңы бар алапты,
Көрсетпей енді көзге қала жақты,
«Мен болам», «мен әкіммін» дегендердің

Аттары алда шауып бара жатты...
* * *
Сар Тосын, бүгін жиын Ақшығанақ.
Бір сұрау әр көңілде: «Тас домалап –

Шіркін-ай, қай сабазға кетер ауып,
Тұр екен қай есіктен бақ сығалап?»
Ыбырай мұнда келген Соколовпен,
Болып тұр жұрт көзіне Сапақ өктем.

Ұсынды біраз қауым Бірімжанды
Арғынға абройлы атағы еткен.
Қанды араз қашандағы екі мықты,
Қайқайып жұрт алдына тағы шықты.

Мерт болар бір жығылса майдан тақыр,
Келгенін екеуі де жақсы ұғыпты.
Мол адам ағайынға Бірімжан да,
Ұраны топ жинаған бұрыннан да,

Сапақта аз болса да, алар сатып
Алауыз ағайынның мыңын малға,
Қақ бөліп халайықты кетеді алып,
«Қамшылап қол сындырып, шеке жарып»,

Көндірем деп сорайып тұр сойылдар,
Егестің өрті қаулап, етек алып.
Сайлаудың ең қиыны осы ауылда.
Май құйған дау-жанжалдың ошағына.

Тайынбас өңшең, сотқар өз дегені
Болмаса, жағаңа да қол салуға.
Ыбырай көп ойлады мұның жөнін,
Оңай ма суын табу дүйім елдің?

Сағынсаң, әз басыңа өзің саулық,
Көп болар соңында оның күйінер күн.
Сайлайды ел екеуінің бірін анық,
Жеңгені масайрайды жығып алып,

Кеселі жеңілгеннің одан жаман
Тұтанып, ту сыртыңа шығып алып,
Қақсатып қақ сүйектен ұрып ылғи
Отырмақ. «Аттан! Байла! Желкесін қи!»

Деп мынау болып алған болыс әкім,
Жарқылдап түсе берер бейне қырғи.
Жоқ! Мұның екеуі де болмау керек!
Екіге ел бөлінбеуін ойлау керек.

Ақылдан таяқ бұрып жұмсалмасқа
Не шара, табылмақшы қандай көмек?
Көп көрген, көп өткерген дау-жанжалды,
Құтқарып алған содан талай жанды.

Сөзінің иесі бар қалың жұртқа
Адамды өзі білер санай қалды,
Сол кезде Қазыбек түсті есіне кеп,
Қуанды ол ел кезікті иесіне деп.

Байлады тұжырымды бір-ақ түйіп
«Сол болмақ, ертең соны ел сүйемек!»
Бұл ойын айтты дереу Соколовқа,
«Сендің бе, бұл ісінде қате жоқ па? –

Жоқ болса, мен қарсы емен, Ибраһим,
Дәл осы ұсынысты ата жұртқа!
...Сайлау күн. Келген халық әрбір тұстан.
Қандай шар домалайды қай уыстан?

Қышыған алақанның есебі жоқ,
Екі ұдай топ қарсы кеп жанығысқан.
Шалқиған омыраулы қыя тастың,
Тұсына келіп алып, «тына алмаспын»

Деп тұрған, аласұрып көз іздеген
Қай жаққа қотарылмақ мына тасқын?
Ыбырай жұрт алдына шықты жайлап,
Ар жақта біреу жатыр, «а, құдайлап!»

Шамасы, әлдекімнің тілектесі,
Әлден-ақ тұрған соның қамын ойлап.
− Халайық ортамызға түсті салмақ!
Сайлаймыз ел билейтін кісі таңдап.

Екі адам таласып тұр бұл билікке –
Мағлұм екеуінің бірі қалмақ!
Бұл іске көпшілік боп жұмсап ақыл,
Аяты бәтуамен тынса мақұл.

Қауымның ықласы құлағанға
Демейді сірә де жан «еш ара тұр».
Ел бағу, халықты ұстау зордың ісі,
Дәулет пен аздық етер қолдың күші.

Ақылдың таразысы - әділетте,
Бірдей ғып ұстай алмас олқы кісі.
Ел деген - бір жас сәби ісі бөлек,
Әкім бол, оның жайын түсін ерек!

Өнердің керегі жоқ жылатуға,
Жұбатып алу үшін кісі керек!
Жұмсасаң әкімдікті ұстара ғып,
Қолыңа бей-берекет ұстап алып,

Сермесең, бір жасаған жаңсақ қимыл
Адамның басын оңай тастар алып.
Кісінің ең қажеті - инабаты,
Жан керек ел көңіліне сыйған аты.

Біреуді өзіңе әкім тұтынуға,
Көрсеткен сенбеу керек сыйға жалқы.
Ел болып жақсылығын танып білсін
Көп сұрап, оның жөнін анық түсін.

Сондай жан бар ма дерсің, бар деймін мен,
Ол - сенің бар жайына қанық кісің!
Қазыбек қарт - қашандағы ел ағасы,
Көп өнер сол кісіде сен аласы.

Таласпас билігіңе маған бер - деп,
Адал дәм, табағында жеген асы,
Болды деп алабұртпай жиын топыр,
Ол қазір тыпа-тыныш үйінде отыр!

− Дұрыс сөз! Ел кісісін жапа тапты,
− Қазекем! Қашандағы көңілде тұр! –
Деп халық гуілдесіп кетті қоштап,
Сайлауды дүрілдетті тығыз бастап.

Қазекең болыс болып шыға келді,
Қос байды қосарымен жығып тастап!...
* * *
Аузында Жаркешудің бес-алты атты

Дегенсіп «түлкі қуды, қоян қақты»,
Жол тосып қасқа адырдан, қапы жерден,
Тұңғыйық бір сұм арам ой ойлапты.
Сүйреткен қатқан сойыл қанжығада,

Белгісіз кісі ұра ма, аң жыға ма?
Түс болды, күнмен бірге олар шығып
Жүргелі тұмсық тіреп әр жыраға.
Шаңытып, қабақтарға қырау қатып,

Кейбірі жөтеледі тымауратып.
Кей-кейде ұйлығысып тұрады ауық,
Шақшадан насыбайды сұрап атып.
Қайтадан әр тарапқа атты бұрып,

Адырға шығып қайтып қатты жүріп,
Бастарын шайқап, қолын сермеп қалып,
Бір-бірін сол қимылдан жатты ұғынып.
Бір кезде ақ адырдан шықты күйме,

Әуелі бола қалып үйме-жүйме,
Бұлар да аялдамай қарсы барды
Жоқ іздеп, жолаушылап жүрген күйде.
− Анау кім, Қазыбек қой ортадағы!

− Аяман қай құдайың болса дағы!
− Тек, сабыр, бізді ашумен жұмсаса да,
Сапақтың ол кісі емес қол салары.
− Қап, тәңірі-ай, қол байлады-ау мына алжыған,

Қайта ма қан жаламай қу қанжығам?!
Нақ шетте оп-оңай-ақ отыр екен,
Тәуекел, қақ сойылмен бір сап жығам!
Көзіме қан толып тұр ыза-кектен,

− Інісі ер Сапақтың шыда, Бектен!
Қазыбекке қамшы жұмсау аруаққа шет,
Соғұрлы шат-шалекей қылады ертең!
Кім білген бұларға еріп шығады - деп,

Құтылар азар болса бір-ақ рет,
Пәленің үлкенінен көш жер аулақ!
Қам жеме, көп ұзамай тынады кек! –
Сөйткенше келіп қалды күйме зырлап,

Таң қалды жолаушылар бұл не жұмбақ? –
Тал түсте сойыл сүйреп жүрген не топ,
Таласқан астарында кіл арғымақ?
Мыналар аттан түсіп келіп жуық,

Сәлемді беріп жатыр қол қусырып.
Көңілінде Ыбырайдың ештеме жоқ,
Бұл жүріс Қазекеңе ой түсіріп,
Қабағын сәл шығынып, жөн сұрады:

− Жол болсын, шырақтарым!
− Болсын әлі!
Тебіннен бір үйірдей жылқы ажырап,
Соны іздеп, ой-шұқырды аршығалы,

Шығып ек. Қарамасақ Қарғалыдан,
Жоқ әлі бұл өңірден мал табылған.
− Сол тұста қар жұқа ғой, бәлкім сонда,
Іздеңдер Жыңғылдының жалтаңынан! –

Деді де, изеді иек көшіріне,
Жаулық не, сыртын беріп өшігу не –
Түйін боп түсе берді қарт көңілге,
Суынып сол бір сәтте іші мүлде.

Жылы қан құшар ма еді қарды суық,
Қапы деп төніп келіп қанды сырық,
Тұмсығын тасқа соғып, кейін қайтты,
Іске аспай бір сұрапыл қалды сұмдық...

* * *
«Ұлы ағзам, артық тақсыр, үшбу хатты
Біз жаздық атыңызға парасатты.
Бір елміз ақ патшаның тілеуінде,

Белгілі адал көңіл, қазақ салты!
Шағынып сізге бұрын көрмеп едік,
Бағынып татулықпен келген едік.
Халықтың шырқын бұзды, жанжал туды.

Ыбырай деген біреу елге келіп.
Білмейміз кім жіберді, кім сұрады,
Оқытам, билеймін деп құлшынады,
Қарамай наразылық еткен жанға.

«Бала бер, ақша бер!» - деп тыншын алды.
Ол ол ма, оныменен тұрмады бұл,
Орнатып ойда дүбір, қырда дүбір,
Жер-жерде жиылыс ашып, топты жинап,

Қазақтың жақсыларын қырға алып жүр.
Елдегі ақ патшаның таянышы,
Оң көзі, көкірегі ояу кісі –
Бәрін де беделінен жұрдай қылды,

Жетпеді еш адамның соған күші.
Кешегі болыс әкім сайлауында,
Бармасын, әлек салып қай ауылға,
Қайдағы бұзықтарды дөсердей ғып,

Бермеді елдің ерік, қалауына.
Әкімнің жергілікті аузын алған,
Демейді олар мұның сөзін жалған.
Істеген ерсі екенін істің бәрі,

Мұндағы көріп отыр көзі бар жан!
Бір соны қамқоршыға санап алып,
Құтырып бара жатыр қара халық.
Еңбегі сіңген ерлер, шен алғандар,

Шет қақпай көріп болды, дара қалып.
Басынып, әбден алды басқа шығып,
Ел жүдеп, көп қаражат босқа шығып,
Табылды мектеп деген мезгілсіз іс,

Жатқанда жетістірмей басқасын жұрт.
Бұл мектеп немене әзі, неге керек,
Ешбір жоқ ол жағынан елде дерек.
Бас қойып, ел бағынып отырғанда

Патша да дінді бұзам демеу керек.
Мынаның дінге кесір сандырағы,
Бұл пәле естімеген жан құлағы.
Сұраймыз бір әділет сіз тараптан,

Желігіп мұндағылар алды бәрі.
Көріңіз жедел қарап бір шарасын,
Қор қылып сан ерлердің мұнша басын,
Қоймас деп үміттеміз түгел мұнда,

Көп күттік көндіңіздің ишарасын!
Қол қойған бәленше бай, түленше бай,
Тиеді аттарына жіберсе оңай!
«Орынбор, Проценко генералға.»

Шырағым, адресін тіре солай! –
Деп айтып, Сапақ бастап көп қастанды,
Жаздырып жалған арыз, мол хат салды.
Қуалап бірін-бірі ұзын есек,

Қым-қуыт, әрі суыт жолға аттанды...

ОТ ІШІНДЕ

Жалғыздық қандай жаман ед
Мына бір қапас өмірде,
Қуанышқа ортақ адам көп,
Ешкім жоқ қайғы бөлуге.

М.Ю.Лермонтов

* * *
Күн жақта терезесі шағын үйдің
Қос бөлме, ішінде аз жиған бұйым.
Төргі үйде бір керуерт, кішкене стол,

Ілулі бұрыш жақта тұрған киім.
Үстінде кітаптар тұр сол столдың,
Даланың тұңғыш көрген алыс қойнын.
Ашулы жатыр беті «Детский мир» −

Және бір әңгімесі Толстойдың.
«Талаптың пайдасы» деп басын бастап,
Қойыпты, ақ бір бетті ашып тастап.
Әрірек кең қағазда кесте жатыр,

Болған ба көз көрмеген әріпті ашпақ?
Дыбыстың не бір сұлу өрнектері
Мөлдіреп, қызықтырып «кер - деп - мені»,
Қарайды сол қағаздан тосын көзге

Адамның келешегі, қол жетпегі.
«Таулардан су ағады сарқыраған,
Айнадай сәуле беріп жарқыраған»
Деген бір жақсы өлеңнің бастамасы

Жазылып, болмай қалған арты тамам.
Ауызғы үй... бір қызықты қара мұнда!
Ұстаз да, екі шәкірт бала мұнда!
Тақта тұр қара сырмен қойған бояп –

Бұлардың күнгей бетте, дәл алдында.
Ыбырай ажарында өзгеше нұр,
Өскендей күндегіден жүз есе бұл.
Осылай болар адам қуанғанда,

Тек соның сол шағына кездесе біл!
Бөлтірік, Әбілқасым отыр қаста,
Ұқтырмай, серт еткендей ол тынбасқа.
− Жаңағы жазғаныңды саспай жайлап,

Ал, кәне, енді бірің оқып баста!
− Араз бол, кедей болсаң ұрлықпенен,
Кете бар, кессе басың шындықпенен! –
Деп, жайлап кестесін де, мағнасын

Бөлтірік оқып шықты ұғып терең.
− Бүгінге болар осы бір тапсырма,
Әріптің зер салыңдар тұлғасына!
«С» әрпін, Әбілқасым, теріс салдың,

Қыздардың ұқсап кетті сырғасына!
Ду етіп, мәз боп бәрі бірдей күліп,
Сөз дәмін, әзіл парқын дәлдеп ұғып,
Осылай оқуменен күн өткен-ді,

Бір ұстаз, екі шәкірт бірге тұрып.
...Үйіне Ыбырайдың жиылған дос,
Кезі еді көктемедей көңілдің хош,
Мария Ивановна әм Соколов,

Осында өткізетін мезгілін бос.
Тумадай ЬІбырайға болып жақын,
Тек бұлар сол қауымнан оны ұғатын.
Халық деп, ел қамы деп сөйлегенде,

Пікірлер бір тораптан жолығатын.
Баяғы алғаш көрген күннен бастап,
Мария жас қазақты жүрген қоштап.
Орыстың озат ойлы не сабазын

Сан оқып, көкейіне түйген жаста-ақ.
...Дәл қазір Әбілқасым ән өрлетті,
Қанатын жазып үйде өнер кетті.
Жайылып жанға тыныс, денеге қан.

Сазды үн самал желдей тербеп өтті.
Шымырлап өне бойы отырғанның,
Үрледі ғажайып ән отын жанның.
Жас қазақ таңырқата тамылжытты –

Жасынан кеудесіне толтырған үн.
Сол әнде туған дала бар ажары,
Көк өзен, шалқар келі - құс базары.
Кең жайлау, сәнді кеші, жас құрбысы...

Қарайды қасын қақпай ұстаз әлі.
Алысқа жаңғырығып сол үн барып,
Жатқанда сырттағыны баурап алып,
Әншінің үйде, мұнда көпке дейін

Тұрады көкірегі күмбір қағып.
Ән тынды, балқытып боп жанның бәрін,
− Шіркін-ай, неткен өнер, қандай жалын! –
Кім білген далада өскен жас балада,

Мұншама сұлу көмей, таңдай барын! –
Деп Мария: - өнер сирек, өнер сирек!
Қалғандай тыныс тоқтап, дене күйреп,
Қандай ән! Аты не еді бұл ғажаптың?

− Дейтін бұл ән төресі: «Он екі ирек!»
Ыбырай түсіндіріп онан әрі,
Сөз кетті ән туралы даладағы.
− Бұл өнер арнап айтар сөзге тұрмақ,

Қазақтың сізге тосын жаңа жағы.
Қараңыз байқап ылғи бұл ғажапты,
Табиғат өнер отын қырға жақты.
Таппайсыз қанша шарлап іздесеңіз,

Бір ауыз өлең білмес бір қазақты?
Өнерге тұр тұтасып мына дала,
Дарынды әр адамы туған ала.
Амал не, көзге түспей кей-кейде бір,

Жатпай ма оқшау бұлақ жылап аға.
Дәл сондай бұл талантты елдің хәлі,
Жуылмай көкіректен шерлі зары.
Сол дерт қой мен қаңғырып емін іздеп,

Жүргенім, бұл жалғыздың келді ме әлі?
Ұғымтал, зеректігін біліп алып,
Мешітін ел ішінен құрып алып,
Татардың молдалары кетті қаптап,

Білгішсіп Мұхаммедтің дінін анық.
Қазаққа екі жолмен келді Ислам,
Шектескен Россияға бұл тұсынан
Таратты келіп татар имамдары,

Өзбектер енді түстік, шығысынан.
Барады татар жағы басым жайып,
Кең жолды қойған олар ашып алып,
Мың-мыңдап үлестірді қазаққа әкеп,

Құранды әз тілінде басып алып.
Бәрінен қауіптісі бұл жағдайдың,
Менің де жүрегімде жүрген қайғым –
Қазақтың тіліне көп кеселі бар,

Жалғыз-ақ құтылатын жол бар дайын.
Ол - қазақ мектебінің ашылмағы,
Білімді өз тілінде алсын бәрі.
Тек сонда пайдалы не, зиянды не,

Түсініп, санасының аршылмағы.
Қазақты басып жатқан улы індет,
Пайдасыз кәсібіне туды дін - дерт.
Арылту, бір құтқару дер кезінде

Сол - мектеп атқаратын ұлы міндет.
Алдымен мектеп керек!
Он ба, жүз бе,
Сол үшін бар мүмкіндік ойла да, ізде!

Бұл қалың қара түнек қырсықпенен
Болады алысуға сонда бізге!
Ал, тарихи маңызын бұл мектептің
Көңіліне жеткізуге күнде көптің

Дәл қазір мүмкін емес. Қаупі мықты
Елдің ең зұлым жауы – дін демектің.
Шалқайып, шам шығарып жатып алса –
Ол бір сор - ұзын жанжал арты қанша!

Бала да ие емес пе бір әлекке
Қолынан уанғанын тартып алса?
Мәжбүрсің алдамаққа алғашында,
Бұл оның шешілмеген пайдасына,

Тек қана ішің білсін. Тар шатқалаң
Көндірмек көзге қарап, жай басуға!
Изейді достар басын ұйып тыңдап,
Көргендей ой сарайын биік, жұмбақ.

Дей ме әлде: «Мына адамның тұлғасында
Құдірет бар, алысқанын жығып тынбақ!
...Ояздың кеңсесінен бір адам кеп,
Екі хат әкеп берді, жұқа конверт.

Айтты ол кетерінде: «Майор сізден
Өзіне кеп кіруін сұраған! - деп.
Оқыды Ильминский хатын іштен, −
Қайран шал жазған екен сағынышпен!

Деді ол бір жадырап достарына,
Адамдай жан сусынын қанып ішкен.
− Депті ол бәрін айтып, хат соңында
Қазақтың қанықсың ғой салт, заңына,

Соларын, жақсы жырын, аңыздарын
Арнайы жазып жібер дос шалыңа!»
Бұл істі бастап жазып жатыр едім,
Шалымның орындауда бар тілегін.

Сұрапты екінші рет көп өтініп,
Әуелде бір уәде айтып едім.
Ал енді не дейді екен екінші хат! –
Деп ашып, қабақ шытты оқып бастап.

− Келіңіз Орынборға дереу тығыз,
Жұмыстық, жоқ сылтаудың бәрін тастап!
«Генерал Проценко» деп қол қойған.
Үй іші бұл бұйрыққа қалды қайран.

Бәрінің көңілінде тұрды күдік:
«Бұл не еді? Басталды ма тағы да ойран?...»
* * *
Бұлыңғыр. Таңбасы жоқ бұлтты аспан,

Төсіне суық торғай шығып қашқан,
Тағы да тіршіліксіз жапан дала,
Жадаудай көп жалыққан шыр жұқпастан.
Бір апта күн көрінбей кетті көктен,

Қар сеппей, жел естірмей көкіректен,
Бұлт тұрды құрғақ киіз секілденіп,
Тұтасып жердің шеңбер шетін өпкен.
Сол бұта түз бойында таныс қара,

Сырласқан желмен тана алыс дала...
Күн сайын әр қыстақтан ертеңгілік
Асығып жолға түсті жалғыз шана.
Жарау ат дара жеккен жұлқып алып,

Жөнелер шығып ұзап бүлкіл қатып.
Мұндайда жеке жортқан жануар да
Жаныңды елегзітер бір тың бағып.
Әйткенмен жолдын, шеті қалмады алыс.

Жұмсалса аздап шыдам, сәл ғана күш.
Сонау бір көк иықтан түскенде асып,
Көрінбек көзге ежелгі қала таныс...
...Жайықтың жағасына жайып қанат,

Қазақтың даласына анық қарап,
Жіберіп жіті көзін түз қойнына,
Тесінен алуан түрлі жарлық тарап,
Жүз тарау жолдың ұстап бір түйінін,

«Даланың менде жатыр кілті қиын!»
Дегендей асқақ үйлер тас қабырға,
Шалқиып биікте тұр, сілкіп иін.
Мың дыбыс араласқан ауасында,

Тіршілік тасып сыймай қанасына,
Таңданар аузын ашып, көзін жұмып
Қазаққа «кереметтің» бәрі осында.
Тақаббар мына күйде әкім қала,

Сонау бір әміршіге жақын қала.
Ол қайтсін күшті болмай, сұсты болмай,
Алдында басын иіп жатыр дала.
Неғұрлым көнбіс болса қарашасы,

Аспай ма билеушінің парасаты?!
Өрмелеп шеннен теңге жатыр мұнда,
Табылып дәрежеге жана саты.
Биіктен мақтау күтіп, сыйлық тосып,

Бастарын қысқа күнде қырық қосып,
Табуға науқан іздеп көлденеңнен
Далаға барып қайтып шығып, босып,
«Ғажапты», азапты да қолдан жасап,

Айқайлап, атойласып жиып жасақ,
Жоқ жерден жау өсіріп, тапқышсынып,
Құрығын қисыны жоқ қиынға сап,
Жүретін «қырғын жолдың» саны түгел –

Жиылған бұл қалаға. Жанын тігер
Шен десе, атақ десе, дәмелі көп.
Жатса да жұмысы жоқ зәр жұтып ел.
Бар мұнда бәсекесі салтанаттың,

«Сән жиды, ақша тапты қалталап кім?
Кімде бар сирек мүлік, асыл жиһаз?
Кім жейді қанша түрін дәм, тамақтың?
Ең қымбат зат келді ме қалаға бір

Кім алды күші жетіп соны қазір.
Оны алмай, жарқыратып үйге әкелмей,
Ойыңды, күлкіні де қоюға әзір.
Ақ бұғақ, асыл моншақ не бәйбіше,

Риза үстін жібек орай берсе.
Үлпілдеп кер миықтар жүрсе екен бір
Мәңгілік онысына «құдай» көнсе.
«Сәлемде бізден барсаң жездем сорға,

Қой айдап кетіп еді Орынборға»,
Деп, қазақ ақ еркесі ауылда жүр,
Жеткізген биқасапқа қолын зорға.
...Қаланың ауызында темір көпір,

Қайысып өтіп жатқан қара нөпір.
Шөп тиеп, ағаш артып, малын айдап
Кетпейді кешке дейін қалың топыр.
Манағы жалғыз шана содан өтіп,

Келеді топ ішінде қылаң етіп.
Алыс жол артта қалып азабы ауыр,
Жақсы-ау бір мақсатыңа тынсаң жетіп!
Басыңа қиындықтар түйдек келіп,

Жақсылық нұр сәулесін сирек сеуіп,
Қайысып бел омыртқаң шақ көтеріп,
Қайқайып шыға берсең илеп, жеңіп.
Сонда бір рақатқа батпайсың ба,

Тірліктің қызық сәтін таппайсың ба?!
О, шіркін пендешілік, бәрі де ұмыт,
Өткенді көңіліңе сақтайсың ба?
Алайда біздің мына жолаушылар,

Қалпы жоқ ол сезіммен ой асырар.
Осылай түнереді қысты күні
Қар шалған жапырағын дара шынар.
Мықтыбай өткен түнде керген түсін,

Айтуға бата алмайды, кернеп ішін
Тұрса да, жақсы ағасын қияр ма ол,
Демейді қайратынан ер кемісін.
Қарайды жүзіне тек анда-санда,

Көңілін бір мазасыз ой басқанда.
Кескіні күреңітіп, тартады ақшыл.
Сөйтпей ме іште қиял арбасқанда!
Байқайды қалпын оның қобалжыған,

Қажу да араласқан, жол алдырған.
Көзіне көзі түссе жымыяды,
Қайтадан бұрып бетін алар жылдам.
Тағасыз ат тұяғы тайғанақтап,

Тиеді тасқа барып қайта тақ-тақ.
Даланың еркін шапқан сәйгүлігі
Қарайды түсер жерін жалтақ-жалтақ.
«Ат елең атқосшы елең, көңіл елең,

Тынады мынау істің жөні немен?
Бір уақыт сенделетін жолы бұлдыр,
Осы ма шартарабың өмір деген?»
Ойы сол оның күдік бұл шағында

Белгісіз сүңгігендей бір сағымға.
Жұпыны жадау шана кіре берді,
Қаланың сұсы басым құшағына.
* * *

Тар бөлме... Тұтқын орны бұл қамаған,
Түспейді, ұзақты күн нұр даладан.
Арман-ай, еркіндікте жақсы екен-ау
Шалқайып аспаныңа бір қараған!

Дариға, кең дүние, жердің үсті,
Көзінен тұтқын жанның бір-бір ұшты.
Бар ғой деп ойлап па еді сол дүниеде,
Осындай қапас ауа, бір бұрышты?!

Тұрғанда аспан ашық, жалындап күн,
Жарықты бас аманда сағынбақ кім?
Адамға тіршілігі, еркіндігі –
Өлшеусіз сыйы екен ғой табиғаттың!

Туған жер асқар тауы, ақ бұлағы
Өзен-көл, жазда жұпар көк құрағы,
Жайқалған самалы мен майса шөбі
Көмілген түссе ішіне аттың жалы.

Қырында қызғалдағы, бәйшешегі,
Аунаса барқыт түгі-жан төсегі.
Соларды көре беру бақыт екен.
Қараудың еркіндікте бар ма есебі!

Ал міне, жалғыз қарау мұң боп қалды,
Жалғанның кеше таныс-жұмбақ бәрі.
Көзіңнің көрер жері қол ұсыным,
Қиядан шалушы еді-ау бір шоқталды!

Жарықтың қасиетін ұққан жанға,
Ең ауыр тұтқындықтан жаза бар ма!
Сәулесі жомарт күннің бұйырмаса,
Қайғысы көңіліңнің тазарар ма!

Құрбаны әділетсіз әкімдіктің
Жауына тіл қата алмай жатыр тұтқын.
Келмеді сөйлескісі генералдың –
Дегендей «сәті түсті, қапы жықтым!»

Әрине, не тыңдамақ зордың күші,
Үн қатып не бітірмек жалғыз кісі!
Салды оны аялдатпай түрмеге әкеп,
Ашумен сермеп қалған қолдың ұшы.

Мықтыбай ас әкеліп ағасына,
Түрменің кеп сүйеніп ағашына,
Көре алмай телміргенмен, қайтады үйге
Толтырып омырауын көз жасына.

Бар деген жерлеріне барды бүгін,
Жетеді зор беделі, әлі кімнің?
Бұл істің әйтсе дағы әкімдерге
Хәл-жайы болған түгел мағлұм күн.

«Мен таныс» дегендердің ірі не бір,
Бәрі де білдірісті жылы көңіл.
Наразы қалыптары бар секілді
Тұрпайы әкімдіктің түріне бұл.

Григорьев сөйлеспекші генералмен,
Аянбас, келіп тұрса егер әлден –
Пиғылын сездіртіп-ақ жатыр қайтсін,
Бұл дағы Мықтыбайға еді дәрмен:...

...Мінекей үшінші күн содан бері,
Тұтқын жан есік жаққа қарауда еді.
Келді де бір жандарм сол мезетте: −
Бері шық, еріп тез жүр маған! - деді.

«Уа дүние, жарық дүние, сайран дүние!
Сағынып қалыппын ғой, қайран дүние,
Анамның ақ сүтіне бір тойғандай,
Ауанды жұтайыншы, арман дүние!»

Деді ол бір күрсініп, кеуде жарып,
Көзіне жетім тамшы келе қалып,
Артында аялдайтын жері жоқтай,
Үзіліп, кірпігінен түсті тамып.

Перзенті алып ыза, іштегі өрттің
Секізді жалғыз тамшы түскен жетім.
Сол жуып, жайнады да жанары енді,
Ыңғайын сездірді оның күшке енетін

Алуан ой ауқымында ол келеді,
Дәл жауап қай жалаға қай дәлелі,
Ақылдың сарабына салған шақта
Өткен күн көз алдында дөңгеледі.

Адамның мықты болса ми қуаты,
Ойында мыңның ісі, мыңның аты
Жаралып, өмір кешер әдеті ғой,
Мұның да санасында жүріп жатты

Алдағы күрес, тартыс, көрешегі,
Онымен ұлық қалай сөйлеседі,
Шығады сөз асауы қай шамадан,
Қай жерде ол мұныменен теңеседі!

Бәрі де оның бұл сәт көңілінде,
Қойылса оңай сұрақ өміріне,
Сірә да көнбегі жоқ. Бір жығылу –
Шарт емес өне бойы жеңілуге.

* * *
...Шылымды бір тұтатып, бір сөндіріп,
Теңселіп, бөлме ішінде зілмен жүріп,
Жарқылдап тұла бойы сап-сары ала,

Дауысын іштегі ашу түрлендіріп,
Ызғардың қабағына жиып бұлтын,
Тыңдаған жанға тосып биік сыртын,
Жанарын жалт еткізіп, анда-санда

Бір қарап, тікірейтіп сұйық мұртын.
Шартылдап, темір қақпан шапқандай-ақ,
Қаңғырлап, мыс қоңырау қаққандай-ақ,
Гүрсілдеп, ауыр балға көтеріліп,

Қаға алмай зор шегені жатқандай-ақ,
Сөйлеп тұр Проценко тынбай жағы,
Сұсты еді төңірегіне мына айбары.
Төрелер төр жағалай отырысқан

Тыңдапты ықласпен құлай бәрі.
− Бар кінә, Катаринский, сізден болған,
Шығарып алғансыз да тізгін қолдан,
Ұмытып әкімдіктің берік шартын

Кеткенсіз тайғанақтап түзу жолдан.
Жетпей ме орыс, татар білімдісі,
Дейтұғын ойы адал, біздің кісі.
Кім айтқан оқытсын деп бүкіл елді

Жапанда жалғыз ұшқан түздің құсы!
Шалағай, іс білмеудің салдарынан,
Әрең деп сауат ашып алған бір жан
Ортаңа келе қалды,бітті жұмыс,

Адамым осы еді деп арман қылған,
Жібере салғансыңдар талғамай-ақ,
Онсыз да бұталықсыз шалғай алып,
Барғанда шалқасынан бірақ түскен,

Білмеймін, отырсыздар қайда қарап!
Россия патшасының өз көңілін
Ұқтыру - мынау елге берген білім.
Ол емес үлестірер тегін олжа,

Бәріне қолын жайған елдегінің.
Ал бүйтіп не күтпекпіз әміршіден?
Көлденен көпке таныс заң ісінен
Бұрылу - саясаттың бір арбасын

Құлату кезсіз әкеп жар үстінен.
Болсын бұл мейлі ғалым, білімі асқан,
Мынау ел надандықтың түні басқан
Өзінен жан шыққанға түк сенбейді,

Етегін біреуінің мыңы басқан.
Ондайды жібермесе ондап, жүздеп,
Ойпырау не бітірмек бұл жалғыз! - деп,
Күдікпен, қомсынумен күні өтеді,

«Мың шүкір, білімсіз де тұрғанбыз! деп.
Жазыпты жазалауды талап етіп,
Жүрмеуге ел арызы зая кетіп,
Мен сотқа тапсырамын бұл адамды,

Үкімін айтар солар қарар етіп.
Ел кезі, ел алдында бедел күшті, −
Ұлы шарт - соны айтады билеу ісі.
Ал мына зор талаптың жолында да –

Жұмсалмақ сол биліктің өнер күші!
Осылай құйып болып, тынды барып,
Бір адам тырыс етпеді үн шығарып.
Ыбырай ишаратпен сөз сұрады,

Отырған мазасыз ой тыншын алып.
− Құп, тақсыр, сөзіңіздің бәрі шындық.
Сол шындық жолына біз жан ұсындық, −
Етіңіз бір ылтипат жауабыма,

Менің де мақсатымды танысын жұрт?
Шындықпен екі арасы жалғандықтың
Сөзімен айтсақ егер дана жұрттың,
Дейді екен: бес-ақ елі. Ол өлшемі

Көзбенен құлақ екі аралықтың.
Егерде қатар жүрсе көз бен құлақ,
Шындықты қумас еді ешкім ұзақ.
Ол рас, малын бағып талай ғасыр

Далада білімсіз де өсті қазақ.
Бұл шындық, Бұған ешкім дау айтпайды.
Зәр шындық - оның түбі азап, қайғы.
«Көгіне надандықтың, қайтсең дағы,

Білімнің еш уақытта таңы атпайды,
Ол мәңгі құрбан болып қалған түнге!»
Десе егер. Міне сол ой жалған мүлде.
Шындық пен өтіріктің мәңгі дауы

Басталмақ осы арадан қалған күнге.
Білім бір теңіздегі бір сирек маржан,
Еш жерге мезгілі жоқ түйдек барған.
Бүгін мен жалғыз екем. Соным үшін

Қаладан түрме ғана тимек маған!
Түнегі надандықтың аз болғандай,
Тағы да түрме көрсе жазған маңдай,
Бұл дағы қырсық шалған елдің соры.

Бір шырақ сөніп кетсе маздай алмай!
Бар қырсық алдыменен ел ішінде,
Жаны қас жақсылыққа кейбір сүлде
Кедергі, кесапатын тигізді де,

Себепші болды мұнда келісіме.
Табылған жалғыз ғана сондағы амал –
Қор қылып, құнсыз етіп торға қамар.
Қазақтан сорлы бар ма, бүкіл ел боп,

Бір ұлын шамасы жоқ қорғап алар!
Қазақтың надандығын басу бетке –
Көз жұмып қарау - қалың қасіретке.
Ол шындық өзге айтпаса да өзі білген,

Ем іздеп жүрсе кісі осы дертке,
Қамқорлық аға халық тарапынан,
Қоғамдап, пана беріп қанатынан,
Ұшырса талабыңның, бала құсын,

Ол алған алғыс болмақ көп атынан.
Отандас деп әйтпесе неге атамақ,
Осы сөз үлкен борыш тұр арқалап.
Ағасы інісіне өгей болса,

Өнеге, енді ол кімнен сұрар сабақ?
Бір халық түн жамылып, мал асырап,
Жарықсыз неге жатыр талмаусырап? –
Десе бір қасақы жау сыртта тұрған –

Ол - Россия атына қойған сұрақ.
Үлгісін, жақсы өнерін қызғанудан
Еш пайда болмақ емес. Қыздан, ұлдан
Қай әке қасиетін аяп қалмақ?

Тілемес жаралсын деп түз, дәмі удан!
«Белгілі қазақ білім сұрамасы!»
Деген сөз ете бекер - құр жаласы!
Бауырлас халықтарын ел қып ұстау –

Тарихта тек орыстың сыбағасы!
Ал оны қалай ұстау менің ісім
Емес ол - тарих үшін, өмір үшін,
Білімді, кешіктіру болады обал,

Жатқанда түнек жайлап елдің ішін.
Мен бүгін білім берсем он балаға,
Он бала жүзге берсе кем бола ма?
Аз ғана жылдар етіп, білім, шіркін,

Жайылып кетер еді-ау кең далаға!
Мақсатым осы менің. Бұдан басқа
Әзірге еш шара жоқ жұбанбасқа.
Ал елдің бүтіндігі үшін қауып –

Деу бірден - «дін оқыма, құранды ашпа!»
Көбеймек, құр байбалам, жалған арыз!
Күншілдік, етекбасты, дау, жаламыз.
Арбалы қырсығымыз түпке жеткен,

Қашаннан сіңіп қалған қанға нағыз.
Сол кірді қайтсек жумақ талабымыз.
Аз емес ел ішінде саналымыз.
Қазақтың аспанына шыға салып,

Тез сөніп, кеткен талант, талай жұлдыз.
Бұл халық аз болса да, талантты аса,
Ұғымтал, көзі жіті қарап қалса
Айрылмас көргенінен, үлгісінен.

Табанды, алғыр жаны талаптанса.
Қара ақыл, ойы жүйрік қисынға бай,
Ынтызар, ықласы мол, бір сұрамай
Қалмайды білмегенін тек жасырып,

Мұндай, ел, білім алмай тұрсын қалай?!
Білімді, дана қазақ, алғыр ойлы,
Такаббар дүниені сәнді, тойлы –
Таңдантып жалт қаратса өнерімен,

Емес пе Россия абыройы? –
Деді де, белгі берді тындым деген,
Жүзінде ұйып сұрақ «бұл кім?» деген
Генерал қалды үнсіз. Өзі орысша

Осындай терең ойлы тіл білмеген,
Шет жақта бір-екі әкім қарап қапты...
(Жап-жаңа бір жас қыран қанат қақты,
Қақты да, еш мүлтіксіз сорғалап кеп

Қайтадан тұғырына қонақтапты!)
− Барлық жай түсінікті! Айтылды ашық,
Көрерміз ісіңізді ақылдасып.
Әзірге сау болыңыз! Сіз еркінсіз.

Алыңыз пәтеріңізге орналасып!
Кейін біз сөйлесеміз. Хабар бізден.
Қыдыра тұрарсыз аз, қаламыз кең!
Кетпеңіз лұқсатсыз. Елдесіңіз

Соңынан кеп жүрмесін тағы арызбен! –
Деді ол, ызғарменен сырдаң күліп,
Жымиды өзгелер де бір жазылып.
Жап-жалпақ жаурынын жұртқа төсеп,

Кетті Ыбырай жіті басып сыртқа шығып.
− Қайда, аға!
− Үйге! - деді жан жүйесі!
Босаған сонда Ыбекең. - Әбден есің

Шығыпты-ау, Мықтыбайым! - деп сүйді оны
Қаусыра құшып тұрып бар денесін.
...Ал іште, бұл кеткен соң оңашада
Генерал сөз бастады іле-шала:

− Бұл дағы демократ, бола қапты!
Халықтың ортасына кіре-сала,
«Елім!» деп айқай салар жанның өзі,
Көбейіп осындайлар кеткен кезі –

Мырзалар, тағы ескертем, мынау істің
Зардабын өкіметтің көрсе көзі, −
Мойында бас тұруы екі талай. –
Айтатын бір тапсырма соған орай:

Табыңыз, Катаринский, басқа кісі,
Көрмесін бұл адамды енді Торғай! –
Тұр біздің алдыңызда ұлы мақсат,
Бұл халық Мұхаммедтің дінін тастап,

Шіркеуге кіру керек ақ ниетпен,
Надан ел сонда ғана көзін ашпақ.
Болса егер мына адамның ықтияры –
Ақиқат сол мақсатқа жік туары! –

Жаулықтың түбі неде, төрелердің
Осы бір тосын сөзден ұқты бәрі.
Отырды Григорьев үн шығармай,
Өзге бір бұдан оқшау ісі бардай.

Ол әлі ойда еді - ізгі ойда еді,
Кеткенде кабинеттен кісі қалмай...
* * *
Сапақтың үйі толы өңшең жуан... –

Ағайын, бір жақсылық - әмсе қуан!
Ыбырай жатыр дейді тас түрмеде!
Хабардар болса керек кеше дуан.
Деп едім артық қайрат бас жарады.

Болды ма құр әулігіп басқалары.
Бұл бұл ма, қол, аяғын буып, таңып,
Жөнелтіп жер Сібірге тастар әлі!
Қойды ма лұқсатқа қол жетті - деп,

Тұрғандай жалғыз өзі жер-көк тіреп,
Байғұс-ау сүйенері болмаған соң
Желбуаз неге қажет құр көкірек!
Ешкім жоқ сұрап алар біздің елден! –

Қаңғырып қарағайдан өзі келген.
Айтқаным айнымады, құрыды тез,
Әуелде-ақ түңіліп ем сөзінен мен! –
Деп Сапақ, мәртебесі жетіп көкке,

Зорайып, әулиелік етіп көпке,
Еңсесін бір лақтырып сөйлеп отыр,
Қулары қостайды оны желпілдетпе.
Әйтсе де ол айтпас сырын қонағына,

Кім қалды мынау істің обалына.
Бұл оның берік анты іште жатқан
Қызғанып, шашпайды оны топ алдына.
Сондай бір жан болады, өз дұшпанын

Мұқатып, көріп оның жер құшқанын,
Ішінен масайрарда, сыртқа шашпас,
Етпейді «мен едім!» деп ол еш мәлім.
Қайта оны аяғансып, көрегенсіп,

Ақылды алмады деп ерегесіп,
Кінәні, нашарлықты басына үйіп,
Ал өзі көп көзіне кетеді есіп!..
...Бұл сөзге қалды үй іші араласып:

− Бәсе тым кетіп еді талабы асып.
Әкімсіз әшейінде дес бермейтін,
Қалған ғой қала барып, қара басып!
− Әй, білмен, жоқ дейсің бе сүйенері!

«Кешегі Балғожаның сүйегі еді»,
Дейтұғын төрелер де бар шығар-ау,
Әкімге Торғай ғана ие ме еді!
− Өзі де оқымап па сол қалада?

Жан емес достарынан болған ада,
Қарманып жатқан шығар, қарекет қып,
Білімді кісі әрқашан қор бола ма?
− Ой, жоқты тантисың-ау, Ерден, сен де,

Әкесі бір баланың мен! - десең де,
Көп қылып құдай саған күдік берген
Сенбейсің өлгеніңе көрге енсең де!
− Ой, мынау не айтып отыр, тарт тіліңді!

Көргенмін сенің менен «артығыңды».
Айтуға болмай ма екен сірәғысын,
Шешеңнің тапқанын-ай, тантық ұлды!
− Қойындар, ау ағайын, бұл не сұмдық!

Құр босқа қайтесіңдер тіл кесір ғып.
− Қап, бәлем, қара мұның тайтаңдауын!
Жылынған жалаңаш құл күнге шығып,
Он шақты қара жинап, ұрлап, жырлап,

Бай болып, отырғанын сөзін құндап!
− Қой, Бектен, жасы үлкенмен жағаласпай,
− Тілінбей тұрғанында езуің жап!
Ақырып қалды Сапақ ашу құсып:

− Не болған бұл сендерге қарсы ұрысып!
Төбелес шыға салып, аулақ, түге,
Отырса қамшы жемей басың қышып!
Әйтпесе, тоқтатыңдар, жұлмаласпай!

Бос қаңқу, бәтуасыз шуға баспай.
Болмай ма сөз тыңдауға ықласпен,
Жұлып ап етегіңді шыға қашпай!
Ыбырай оралмайды сол кеткеннен,

Әкімдер сыбағасын жөндеп берген.
Ол - шындық, ол ақиқат құрандай-ақ,
Адамды ел суыған, ел жек көрген,
Қашанда солай етпек ақ патшамыз

Бағынып әміріне, бас баққанбыз.
Сол керек өзіне де. Әулиелік
Ешқашан сұрамаспыз қыпшақтан біз!
Тағы бір хабарым бар айтпақ менің!

Кетпейді түбі мынау шатақ тегін.
Сұрамақ елге шығып әкім ертең,
Баланды беремін - деп атап па едің?
Соныңның басына зор пәле тумақ,

Жауаптап, түрмеге сап әлек қылмақ.
Бұл іске жалғыз айла мен білетін:
Қарсы боп Ыбырайға өре тұрмақ.
Бәрін де жабу керек бір басына,

Мен кепіл елге пәле тумасына.
Өзімен өзі кетсін. «Көрдім, білдім
Болмасын, жалғыз ем сол шу басуға.
Содан соң мешіт тұрып, мектеп деген

Сөздерді тыю керек. Зерттеп терең
Оқысаң, құран сөзі көңілі ашар,
Сонымен жер қойнына жетпек денең,
Айрылма, ағайыным, құбыладан,

Бұл істің кесепатты түрі жаман.
Басыңа арашаның қамын ізде,
Айтпады деп жүрмеңдер түбі маған!»
Тарасты бұл тыныммен қалың тобыр,

Осылай темір тырнақ, қанды шоғыр
Көк шөптің арасында есуші еді,
Жаралап қол-аяқты қалпы содыр.
Ал Сапақ ек-үшеуді қасына алып,

Жоспарын енді оларға ашып анық.
Тапсырып жатты сұмдық бір әрекет,
Келешек ести қалса шошынарлық.
* * *

− Кім екен қолы күйгір салған өртті?
Мектепті түбірімен жалмап өтті!
Алыстан алдырылған ағаш, тасы
Обал-ай, бірі қалмай жанып кетті!

− Мезгілі атар таңның қараңғысы,
Ұйқыда жатқан кез ғой тамам кісі,
Үлгіріп барғанынша сол боп қапты,
Не істесін, жетпеген соң амал, күші!

Қапшықтап кар лақтырып бала-шаға,
Жан дәрмен кірісіпті бара сала.
Әйтеуір, абұйыр боп өрттің алдын
Алыпты, келіпті тек соған шама!

Әйтпесе, бүкіл қала отқа оранып,
Әр үйде жалын қаулап етек алып,
Толайым жан иесі ішінде өрттің
Ат-жөнсіз екен дейді кетпегі анық!

Сафидың жақын тұр ғой үй арасы,
Бір шоқтың қарғып түскен сыбағасы
Болар ма, қайтер еді шиеттей жан,
Жалынды сол жақтағы тура басты.

− Болды бұл ғажап сұмдық көз көрмеген,
Япырай жан еді ардан безген неден?!
Адамның аза бойын тік тұрғызған
Шығыпты-ау арам пиғыл өз кеудеден!

Елдің бір елдік қылып еткен ісін
Көре алмай ылтифатын мектеп үшін,
Ала-аяқ жұрттан шыққан сұм болды ғой,
Талайдан жүрген ыза өртеп ішін!

− Қазірет өрт орнына арнап кепті,
Қасына ертіп өңшең молда әкепті.
«Қарғысқа ұшыраған солай болмақ,
Кісі емес, мұны істеген аруақ! – депті.

− Сандырақ, босқа танту, өп-өтірік!
Қолына шырпы ұстап көрден тұрып
Келіп пе біреу соған, соның өзі
Маңына жинап жүрген елден бүлік!

Күнәкар неше жердей болсам дағы,
Мына ертті әбден мүмкін сол салмағы!
− Тек кәпір, естігем жоқ, естігем жоқ,
Сен маған айтқан жоқсың, кеш аруағы,

Жарықтық Қазіреттің! Жоғал аулақ! –
Деп мынау қашып берді одағайлап.
Аң-таң боп қалды тұрып екіншісі –
Серігі жүрген екен арам ойлап.

Ол байғұс енді ұғынды өрттің сырын,
Кетірген берекесін, ел тыншуын,
Нағыз өрт - қазірет екен жанып тұрған,
Әр жерден жылмаңдатып от тұмсығын!..

КЕЛ, БАЛАЛАР, ОҚЫЛЫҚ!

Оқығанды көңілге
Ықыласпен тоқылық.

Ыбырай

Өтті айлар арқалаған ауыр қысты...
Сарыққан кеудедегі сабыр, күшті.
Еркіндік еркесіндей жыл құстары
Туған жер аспанында тағы да ұшты.

Тағы да келді міне сұлу көктем.
Төгілді жер бетіне жылу көктен.
Миллион саусағымен шарапатты
Табиғат, - ұлы бағбан гүлін еккен.

Аспан - бір, жұпар теңіз бұрқыраған.
Дариға, сол иіске ынтық адам
Сарайы кеудесінің кең ашылып,
Қанғанша тағат таппас жұғып одан!

Жер - кілем, мың бояулы атлас төсек,
Жазылып жатсаң еркін, арқа төсеп.
Өн бойың - қуаныштың қазынасы,
Сен бейне тұңғыйыққа батқан есеп.

Көзіңді ұзақ сатып, көкке бағып
Қаласың, көңіліңе тек, тек анық
Жатқаның жер ананың нұр төсінде,
Ойынды сиқыр аспан кеткен алып...

...Зырлайды тарантас арба қыр үстімен,
Тынбайды қара кер ат тынысы кең.
Қара жол - қашқан жылан қайқаң асып,
Жеткізбес жер сүйкеген жүрісімен.

Сары адыр, қоңыр белес, сағымды қыр...
Ұзайды, жалғасады қағып бұлдыр.
Келеді батып, шығып сонау қара,
Осылай ойнар бұлтпен жарық күн бір.

Шаңқай түс. Көлеңке жүр арба астында.
Күн өктем, шыдамайды ол арбасуға.
Дәл солай жолаушының көңілі де өктем.
Бүктеді, олда жауын салды астына.

Келеді, асығады ол еліне,
Әттең не, көнбейді ұзақ жол еркіне!
Уа, қанат, құс канаты еркіндіктің.
Сен бітсең, ұшар еді-ау сол бетінде.

Туған жер қайдасың деп, жазық аспан,
Қонбастан, қорек іздеп қажымастан.
Жанында хабары бар сол еліне
Көп күтіп, қолға түспей қадірі асқан!

Тек сонау жеткізсе екен ойдағысын,
Сол арман келеді оның жайлап ішін.
Ал, елі бұл ұлының басына да
Зар болып қалғанын ол қайдан білсін!

«Ыбырай шықты - деген - Орынбордан»
Уезден елге хабар мәлім болған.
Алмады көптен көзін жұрт қадалып,
Батысқа ұзап жатқан шаңды жолдан,

Не болды, қалай қайтты, немен келмек,
Тынды ма, өтелді ме өрен еңбек,
Тұрса да әр көңілде мазаны алып
Көп сұрақ кезек күтіп көлденеңдеп,

Әзірге ең басты арман - cay келгені,
Аз күнге дұшпан қырсық дәурендеді.
Жарқырап бір көрінсе мына көзге –
Ол оның мұқатқаны, жау жеңгені.

Осы ойда Қазыбек қарт, қалың жұрты.
Төмендеп жау жотасы, жаудың сырты,
Сонадай оқшау шығып тұрды бұл кез
Серіліп асқар ала таудың бұлты.

Сонда да суық түп жығылмай-ақ,
Сапақ тұр қардың қызыл суындай-ақ.
Қақшиып келер жолды батып қапты,
Қазығын қанды арқанның суырмай-ақ.

Жоқ, оған Қазыбектің көнері жоқ,
Қолынан қайтып оңай берері жоқ,
Осылай ызаланып жерге кейде
Шартылдап нажағайы төнеді көк.

...Бұл мезет cap Тосынның ту сыртынан,
Сол арба шыға келді ырғып қырдан.
Жүздеген көз жыпырлап жол үстінде,
Кез еді жұрт сілтідей тұнып тұрған.

Ұмтылды, ұмтылды ел, о, ғажайып,
Сәлден соң әлгі тұрған топ азайып,
Алып қол жібергендей сілкіп, шашып,
Маржан ғып төсемек боп жолға жайып,

Домалап түйдек-түйдек тартты халық,
Қауышып жатты топтың алды барып.
Көз жасы мұртын шылап тұрды дөңде
Тымағын шешіп, Қазыбек қарт қуанып.

Бөлтірік, Әбілқасым бұрын барған
Босатпай құшағынан тұрып алған.
Ілезде төбесіне тік көтеріп
Әкетті, оны жерден қыруар жан.

Әсемі көріністің осы жерде,
Кеудесін, бар құшағын ашып елге
Келеді ол топ үстінде қалқып құстай,
Тұғырға қайта қонған лашын бейне.

Екі ара тай шаптырым Қазыбекпен,
Түсірмей, тік көтерген осы бетпен
Келді алып ел өзінің бабасына
Жетпіске жақсылықпен жасы жеткен!

Қазекең аша берді мол құшағын,
Қақтырмай үстіндегі жолдың шаңын.
Қадірлеп, қасиеттеп жатты құшып
Сәбиін, туған бауырын, бұл жайсаңын

Сүйді ол маңдайынан, желкесінен,
Ақ көйлек ашып түйме ер төсінен.
Көп басқан көкірекке балаларды,
Қаусырып қамқор құшақ, еңсесімен.

Еткенде әуресі көп жолын тамам,
Жанымен мәңгі сенбей жалындаған,
Ерітікен бір-ақ сүйіп жүрек мұзын,
Қазыбек бар қазақ боп көрінді оған...

* * *
Әдейі көп ішіне сіңіп алып,
Хәл жайды Ыбырай айтқан біліп алып,
Сапаққа сәтім келіп төгіп отыр

Сел - сөзді, «Сапеке-деп-мұным анық!»
− Жатқаны рас екен түрмеде үш күн,
Ұлықтан шет қимылдап жүргені үшін,
Бет беріп Әкім мүлде сөйлеспепті,

Қағаздан қарап жөнін білген істің.
Болмапты бой көрсетіп теңесуге,
Сонда бір түссе керек ел есіне,
Ыбырай өзі айтады: ойлапты ол:

«Тірідей кеттім-ау деп өңешіне!»
Өткенде үшінші күн жауапқа алған,
Өзі де жан дейді бір жалақтаған,
Жұлып жеп екі иінін сөйлегенде,

Бетіне көз тұндырып қаратпаған.
Насырға іс аяғын төндіргенде,
Аса бір шебер, - дейді - желді кеуде.
Жағалай отырғандар жатып қапты

Айқайлап, балдыр-бұлдыр сөйлегенде.
«Па, шіркін!» дейді Сапақ қуаттанып,
Ерінге насыбайды бір-ақ қағып.
− Күштіге дауа бар ма! Желкесіне

Бәлемнің шүйілген ғой зулап барып!
− Сонымен сөз аяғын шорт доғарып,
Тапсыру керек, - депті сотқа апарып.
Жағалай отырғандар үндемепті

Әкімнің мысы басып, тоқтап, қалып.
Сол кезде тұрдым, - дейді - орынымнан,
Әкім де сөйле! - депті соны ұғынған.
Төрелер тыңдап қапты өңеш созып,

Адам ғой бұл да ұшқыр, ойы жылдам.
Мақұлдап ұлықты да, қайшы келмей,
Бетінен сипап өтіп жазғы желдей,
Былдырлап жөнеліпті сабырменен,

Созылып момын жатқан асу белдей.
Қысқасы, төре біткен ұйып қапты.
Дәлелін алдарына жиып сапты.
Әділ ғой орыс деген - тілін білсе,

Кеселі ауыр істің сұйықтапты.
Қисынмен дәлдеп, айткан сөзге тоқтам,
Таба алмай бұлтаратын өзге соқпақ.
Босатып қоя берген алдарынан,

Сырларын әккі әкім ішке сақтап.
Екі айдай Орынборда босқа жатқан.
Хат жазып, қалалардан дос та тапқан.
Сандалып әлі де ұзақ жүрер ме еді,

Бір күні бұйрық келген патша жақтан.
Жанарал сол бұйрықпен басқа жерге
Ауысып кетсе керек, тастап өңге
Жұмыстың бәрін келген жаңа адамға.

Құдайым бұған мұндай дес берер ме.
Баяғы мектеп ісін қайта қолға ап,
Әр әкім, биік шенге қағаз жолдап,
Заңдатып, жатпай-тұрмай жанталасып,

Алыпты ақтығында ісін оңдап.
Ол - ол ма, қараңыз сіз бұ ғажапты,
Кеткені ол әкімнің бұған жақты.
Сан мектеп ашуына ел ішінен

Алыпты үкіметтен қаражатты!
Қамтыған бүкіл Тортай облысын
Әкім боп сайланбақшы соның үшін.
Япыр-ай, бұрынырақ білсек мұндай

Орыстың біліміне зордың күшін!
− Жә, жетер! Айтпа арғысын! Заржақтанба!
Безген ел құдайдан да, аруақтан да!
Тағы да құтырғалы тұрсың ғой бір –

Көрермін, тірі қойса Сапақты алла!
Қайран ер, орыс емес, мұсылман ғой!
Зәресін бұл бәлемнің ұшырған ғой!
Істеп-ақ баққан екен ел тілегін,

Қайтсін-ай оны аударған күшті заң ғой!
Жаңа Әкім адам болса, құдірет болмай,
Табармыз бір шарасын іздеп қоймай.
Я алла, сырығымды жалға менің,

Тұра тұр! Шын көкесін білсек Торғай!
Саусағын екі бүктеп, қалды тістеп,
Дұшпаным алдыма кеп алшы түс! - деп,
Жер тесіп от жанары, сыртына оның

Бұрқанып шыға келді қанды күш, кек!
* * *
Тұрды Ыбырай достарының ортасында,
Кешегі мектебінің жұрты осында –

Бейне бір нәрестедей кеткен жанып,
Маздаған жауыз қолдың оты астында.
Қатты бір дір ете қап денесі оның
Шошынды, қанды кектің көре шоғын.

Қасында бұғып жатқан жұмбақ дұшпан
Кімге атпақ, қалай атпақ келесі оғын?!
Көзінен өтті бәрі сондағы күн,
Мектебі құшағына мол жалынның

Кіріп ап, жатты жанып, жалтақ-жалтақ
Қарады, сол кезде оны қорғады кім?
Ие жоқ. Беріп қойды қапыда жұрт,
Қолынан ел қызығын тартып алып,

Жылатып, еңбегіне өкіндіріп,
Қоюға, барды шіркін дәті нағып?
Жоқ, мынау адам емес, бір айуан,
Айныған ары менен құдайынан.

Арам қан ұясы тек қуыс жүрек,
Сезімнен тұла бойда тірі айрылған!
Арқалап еңсесіне ел обалын,
Демепті менен ғана кек аламын,

Алыпты халықтан да бар ызасын,
У жұтып, бармағын жеп жүрген залым.
Мына қол барады ертең елді өртеуге,
Дүниеге қарғыс үшін келген пенде

Осылай болмақ екен, бар жауыздық
Сиыпты, жаралыпты жер бетінде.
Жамандық жақсылық пен екі батыр
Алысып баяғыдан келе жатыр.

Жамандық жығылса да аста жатып,
Қалсын ол бет тырнаудан неге қапыл!
Жә, өмірдің баласы күресіп бақ,
Бір ұтылған жақсылық мың есе ұтпақ.

Тұр, адамдық, еңсеңді көтер жылдам
Тарт жұлқынып, ішке теп, белдесіп қап!
Енді көрем! Әуселең болса мықты,
Тіресіп қал, жауыздық, сал шабытты!

Бар қайратым - Елімнің күш, жігері –
Содан кидім оқ өтпес мен сауытты!
Ал, бастадым! Жасырмай, күшімді айтып.
Бір шегіндім, шегінбес үшін қайтып!

Қайран елім, қара нар – қасиеттім,
Осы жолда жүгіме қысылмай шық! –
Деді ол оймен, қарады достарына,
Еңсесін бір көтеріп тастады да.

Бәрінің тұрды қазір ол құлпырып,
Ертеңгі мектеп болып қарсы алдында.
* * *
Еріген ыстық күнде сары майдай,

Май кетті алды-артына қарай алмай,
Секілді майдан қалған асыл сарқыт
Әлі тұр кей қызғалдақ жараланбай.
Әйтсе де көрген бе одан енші қалып,

Ұялтып, жер бетінен тер шығарып,
Тал түсте танығандай сонау жасыл
Шапанын кетті үстінен шешіп алып.
Жалаңаш қырдың күні болды қиын,

Дал ада сары баған - толды құйын.
Аспанға барған жердің елшісіндей
Өтініп, қатты сұрап сел құюын,
Тырналар тыраулайды биік көкте,

Айтқандай аспанға наз, бұлтқа өкпе.
Төменде жалынады желге жусан
Дегендей «сабағымды жұлып кетпе».
Зар болған ала қыста бір жылуға,

Шыдамай енді қазір күн нұрына
Адам жүр әзірленіп, жалт-жалт қарап,
Көрінген көлеңкеге тығылуға.
...Басталды осы кезде мектеп ісі...

Қуыстай сезінгенде көптен іші
Қуаныш тамшылары толтырса оны,
Жеткендей болмай ма бір көкке кісі?
Дәл солай Ыбырайдың бұл кезеңі,

Мұның да келіп еркін бір кезегі,
Еңбектің рақатын бастап көріп,
Көңілдің жайлауына құйды өзені.
Жұмылды ел шеберлері мынау іске,

Көп зәру болса дағы құрал, күшке.
Қайран қол топырақты нандай илеп,
Аямай салды өнерін әр кірпішке.
Ақ тақыр кетсе үстіне ылай тамып,

Табадай шыжылдайды балқып жанып,
Күн тұрды қызғанғандай жерден ылғал,
От өңеш лебіменен тартып алып.
Ондаған жұмыр балтыр, жарық сирақ,

Қайтсін-ай, жатыр сазды жанышып-ақ!
Шоқпақтай сұйық ылай тасқа айналып,
Түспейді тілерсекке жабысып ап.
Орамал әлсін-әлсін суға малып,

Төбеге төрт бұрыштап байлап алып,
Тынбайды бейнет қордың қолы, сірә,
«Әзірле, қайда кетпен, қайда қалып?!»
Кеткенде таңдай кеуіп, бір қаталап,

Салқындап, ерін көміп жұтқан шалап,
Маңдайдан ащы терді бұрқ еткізіп,
Жандарын жанған өрттен тұр тасалап.
...Жөнелді жиырма көлік жөңкіп ағып,

Аманның қарағайын бетіне алып.
Жолаушы күндіз жатып, түнде тартса, −
Әрең деп он бес күнде жетуі анық.
Аралап ағаш қиып тағы талай,

Кетеді, шіркін мезгіл, барымтадай.
Өтеді жаз қоштасып, қолын сілтеп,
Шаруада түгел жетіп, жарылқамай.
Жатсын ба табиғатқа текке өкпелеп,

Кірісті ел - аямады кептеп көмек.
Дәл кәзір көңілінде жалғыз мақсат –
Қайтсе де салмақ соны! Мектеп керек!
Өрттен соң қайта қаулап өнер көктей,

Басталды жаңа мектеп. Ол ержетпей
Тынбайды, қорғаушысы бар мықты оның,
Берер ме ол, енді қолдан дәрмен кетпей!
* * *

Баяғы үй... Шағын мекен... Көптен кісі
Кірместен, жан жатырқап кеткен іші.
Ал қазір төрі думан, басы базар,
Үздіксіз жатыр келіп үлкен кіші.

Саяда, жылылық та - бәрі осында,
Адал дос, ақ дастарқан дәмі осында.
Білінген аға ақылы, кіші өнері
Сауық та, сахараның сәні осында.

Кей-кейде сапарға ұзап жөнелсе адам,
Іркіліп кемді күнге тамашадан,
Үйінің тіршілігі орта түсіп,
Өзімен-өзі болып бала-шағаң.

Ал содан қайта оралсаң, ойқой, шіркін,
Үйіңе кісі келіп дүркін-дүркін,
Жағасын дастарқанның дос толтырып,
Жарасып қалмай ма бір әзіл-күлкің!

Дәл солай мынау үйде ол келгелі
Кең сарай болмаса да он бөлмелі,
Орынның тарлық еткен кезі бар ма
Ықлас, көңіл шіркін мол жердегі!

Кейбірі келеді отан жүздескелі,
Кейсісі ісіне ақыл іздескелі.
Мұң болып шертіледі, кейбірінің
Өмірде жолы сәтсіз - мұз кешкені.

Осымен бірге өткізген бір сағатын
Аса бір асыл дәурен, күн санайтын
Аз емес қадірлесі, тең құрбысы,
Жолына күш-жігерін жұмсар айқын.

Өмірді көп-өткізген жақсы жаман,
Сырына тіршіліктің машық адам, −
Кей қария ақылын да кетеді айтып,
Көңілін тілеулестік қосып оған.

Кейбіреу аттанады асын ішіп,
Шаруасы болмаса да асығыс түк,
Қиылар, кетуіне сұрап мұрсат,
Қолына тымақ ұстап, қамшы қысып.

Біледі ол ел ішінде нелер барын,
Мұрат қып ішкен қымыз, жеген дәмін,
Өмірін бос қартайтып алғандарға
Не десін, жақсылардың елден бәрін

Дәметкен жөн-ау - бірақ, қайдан ылғи,
Жер соқпас туа берсін бәрі қырғи!
Халықта аз болса да. бары жақсы
Кісінің толқып жатқан жаны бір күй!

...Ол кәзір саябырда, оңаша, аулақ.
Көбейді тындыратын ісі қаулап.
Салынып жатыр мектеп, жаны риза –
Жұрты да жұмылуда күшін арнап.

Аманнан ағаш біткен күзде келмек,
Ұсталар отырмасқа іздеп енбек,
Алдырды «осында бар» деген жерден,
Келгенше терезе, есік істей бермек.

Көтеріп оған дейін қабырғасын
Үлгірмек, қоя ма жұрт жабылғасын.
Әзірге істің беті қуанарлық,
Бірегей ынтасы да кәрі-жастың.

...Кірісті ол енді өзі бір үлкен іске.
Ол алыс арман еді жүрген іште.
Кітабын тұңғыш қазақ мектебінің
Жазбақшы ақыл жетіп, тіл келіссе!

Әрі ұстаз, әрі ақын, әрі ғалым,
Атқармақ жалғыз өзі соның бәрін.
Амал не, жан қорқытар іс болса да,
Кім ұғар осы ортада оның зарын.

Өмірде жалғыздықты көп көрсе де,
Басынан сан торығу өткерсе де,
Бәрінен қиын болды-ау бұл жалғыздық,
Шара бар енді жасын төкпеске не?!

Жылады ол, жалғыз сәтке ұйып, тынып,
Көз жасын уысына құйып тұрып.
Жылады ол, өзі тұстас адамдардың
Көбінен абройы биік тұрып.

Жылады ол, жана түсіп, жарық болып,
Алдына алысқанын алып соғып!
Жылады ол кәрі тарих алдына кеп
Бір өзі бүкіл мұңды халық болып.

Дариға, сол бір жасы жан сырындай,
Жұмбақ боп өз тұсына қалды ұғылмай!
Қатыгез заман тұрды қамшы ойнатып,
Көпсініп жер бетіне жанды мұндай!

...Кірісті ол - ұлы еңбегін жазды бастап,
Алдына бар ұстазын ашып тастап.
Кеңеске кемеңгерлер келді бәрі
Қуаттап бұл жалғыздың ісін қостап.

Жазды ол өз халқының тіршілігін,
Күлкісін, қуанышын, күрсінуін.
Талантын, даналығын, салт, әдетін,
Тұншыққан бетін ашты мың сырының.

Жазды ол - өз білгенін қалдырмады,
Қазақтың онда өнері, жаңғырды әні.
Жайнады туған жердің онда жазы,
Сөйледі асқар таудың бал бұлағы,

Жазды ол - қақап қыста қар борады,
Торыды қорқау қасқыр мал қораны.
Дәрменсіз, дәрігерсіз адам басын
Ажалдың жатты қырқып шалғы орағы.

Жазды ол - жан түршікті, жасырмады,
Елімен бірге ауырды асыл жаны.
Жазды ол көктемін де күле жайнап,
Бір желме бақытындай басындағы.

Жазды ол күн демеді, түн демеді,
Бар шыны, сыры бүгін тілге келді.
Арнады жас ұрпаққа, шәкіртіне,
Арманы тек солардың білмегі еді!

Жазды ол, терезеде шам сөнбеді.
Аспанда тұрды анық ай шеңбері.
Жарысып соныменен құйды нұрын,
Риза мәңгі жанып қалса еңбегі!

* * *
Осылай айлар өтті тізбегімен,
Кез еді ел тағы күнгірт күзге кірген.
Сар жота шөккен нардай ауыл сырты,

Жайылды қуқыл бояу түзге кілем.
Күзекке қонған ауыл ірге қымтап,
Ұсақ мал жел өтінен жүрген ықтап,
Ошақтың басы толы қара сирақ,

Шәугімде бүлкілдейді жылы-жұмсақ.
Күн бойы аттан түспей қарулы адам,
Қақ сойыл, қайың шоқпар татып алған.
Қасқырдың бірін қуып деңнен асса,

Шығады енді бірі тағы да алдан.
Шатқал жым, шидің түбі, сай-жырасы,
Қасқырдың үңірейген қанды ұясы,
Жыртылып айрылады айқай шықса,

Даланың қайдасың деп тау қиясы.
Ал әне, тарлан атты қуды бірін,
Ық жаққа жел әкетті шу-дүбірін.
«Қамысқа бет түзеді, қап, тәңірі-ай,

Қарашы әккі болған сұмның қуын!»
Деп мұнда жұрт шуылдап сыртқа шығып,
Тұмсығын күпісіне мықтап сұғып,
Бақшиып екі көзі тұр қариялар,

Соңына мынау істің тіпті асығып.
«Кір үйге саған не бар жаурап, тоңып!
Жүрмісің қасқыр көрмей алған соғып?»
Деп, жалаң дірдектеген балаларды

Кей шеше қуып жатыр қарғап соғып.
− «Неғылды-әй, соқты ма әлгі?» деп үйде бай,
Сұрайды жылы орыннан қимылдамай
«Мінекей, таяп калды, қап, жалт берді!»

Деп сыртта хабарлайды тұрған малай.
Тарлан ат ақ көбігін жел ұшырып,
Қайтарды бері бетін бері ысырып.
Жануар адуындап барды жетіп,

Ал енді сілтер жерге келді сырық.
Сілтеді! Болды қапы, астамшылық!
Құр жерді озып барып қапқан сырық
Тіреліп қалды дағы, әттеген-ай,

Аңшыны тастады алып аттан жұлып!..
«Ой, мынау, не деген өз, өлді-ау бейбақ!»
Дегенше, жиып алып бойға қайрат,
Жандәрмен тұра салып жүгірді атқа,

Құр-құрлап, тымақ тосып, ол да айқайлап.
Артына қарамады тарлан бірақ.
Иесін сезбеді ме қалған құлап.
Көкжалдың өкшесіне түсіп берді,

Адырдан асып-түсіп оқша зулап,
Қараңыз, мына ғажап, кереметті,
«Құтылды, енді қолдан бәрі кетті!»
Деу-ақ мұң мойнын салып, қайтарып ап,

Жануар омыраумен беріп өтті!
Домалап, шаңға оранып арқа, басы,
Көк арлан тұрмақ болып, жанталасты.
Емініп келген бойда, қайта ұмтылып,

Тарлан ат қайқаң белден тарпа басты.
Басты да, тұмсық төсеп желге тартты,
Асуда дір-дір етіп қасқыр жатты.
«Жануар, мал да болсаң айналайын!»

Деп мұнда бір қария кемсең қақты...
Осылай күздің күні дүрбелең шақ,
«Ал қуды, атқа мін де, көлденен шап!»
Деп күндіз алдырмайды бөріге мал,

Амал не, қалар бірақ түнде жусап.
Дәл сондай азан-қазан бір күн түнде,
Қақ сойыл, өңшең адыр жігітіне,
Тапсырма беріп жатты Сапақ тығыз,

«Алқауға келіп қапты, жөнел, түге!
Мезгілін қапы жатқан бағып қалып,
Ұйқыда адамдарын байлап, танып,
Бір бұрау ағаш қоймай таң атқанша,

Өртеңдер Талдыкөлге алып барып.
Келмесін мен білейін түк пәленің,
Қолымда заң кісісі, - зерттер орын.
Кетіңдер сонсоң тарап бет-бетіңе,

Жалаңаш қыстан шықсын мектебі оның
* * *
Талай күн, талай түндер созылды әрі,
Ол енбек рақатына шомылғалы.

Жүйткіді мініп ойдың қанатына,
Қаламы тыным таппай қолындағы.
Алдында қалың-қалың кітаптары,
Өтеді соны оқумен бір шақтары.

Кей-кезде маңдайында тұрды тұнып,
Асыл тер, аяулы тер моншақтары.
Адамның ақылының перзенттері –
Ашылып кітаптардың кей беттері,

Тым ғажап, тыңдай қалып мұның өзі,
Солардың әр қайсысын сөйлеткені.
Тегінде кітапшылмын дегендердің
Көбісі көре бермес керек жерін.

Сөйлету, тілін табу оның дағы –
Міндеті жүйрік сана, көп өнердің.
Алуға асыл үлгі, тыңнан баға,
Құюға бар ақылды бір арнаға,

Самсатып күллі ұстазын, алдына әкеп
Бұл шебер сөйлетуге, тыңдауға да!.
Бір кезек Ушинский сөйлейді оған,
Сол кісі бала жанып кең жайлаған.

Осы адам үлгісіне қарағанда ол,
Бір қайрат тұла бойын кернейді әмән.
Кім білсін, қызыға ма ерлігіне,
Мұншама сүйсіне ме кең білімге,

Арман ба - бұл да өзінің топырағында
Дәл соған ұқсап бақса кемді, күнге,
Оқыды ол - тынбайды да сүйсінуден,
Жаны бар қатты шелдеп, нұр сімірген.

Тап қазір көңілінің биік көгі
Айыққан - бұлт жыюдан, күрсінуден.
Оқиды ол - алдында сан жатыр дана,
Жазады ол - өнерінің отын жаға.

Өзгені үйретуге келер күнде
Нақ солай жазуға да, оқуға да.
Болашақ ашылатын мектебінің
Дәл өзі тұңғыш шәкірті екендігін

Ойлайды, сезеді ол және тұңғыш
Ұстаз боп шыққалы тұр ертең-бүгін.
Мұншалық шапшаң өскен кімді көрдім.
Дей ме әлде - қаны ойнап нұрлы реңнің,

Болады өз-өзінен қысылғандай,
Бір сыншы өз ішінде мұның жөнін,
Мысқылдап отырғандай сақ-сақ күліп.
Алдында ұстаздары қоршап тұрып,

Қорғайды, мұны бірақ мақұлдайды,
Дегендей: «бұл талабың жақсы-ақ жігіт!»
Оларға алғысында болады айтпақ,
«Жоқ, сабыр, алды-артыңа қара байқап!»

Деп тұрған сұс көрсетіп жауы бар ма,
Тұнжырап үн қатпайды дала байтақ...
Әйтсе де ол елге риза бар жанымен,
Басып тұр жау кеудесін салмағымен,

Сол елі айқасқанда белін шешіп,
Кеше бір кесел дұшпан жанжалымен.
Ағашын мектебінің қалған қорғап,
Зұлым жау түн жамылып барғанда арнап.

«Рақымет өшірмедің үмітімді
Бір сен деп, ұзақ мезгіл жанған лаулап!»
Деп өзі еліне айтқан бұл алғысын,
«Бүгін тек менің ғана қуанышым

Сол бұлақ, білім-бұлақ ақ сыншы бір,
Тазартып талай көңіл жуар ішін!»
* * *
Январь ала келді мерекені,

Өсті әне, өсті биік ел өркені!
Ойнады қақпасында жас мектептің
Алтын күн нұр сәулесі таңертеңгі!
Ағылды, ағылды жұрт қырға қарай,

Жап-жаңа тұнып тұңғыш тұрған маңай,
Бір ғажап қуанышты үнге толды,
Жүгірді жүйрік хабар үй жағалай!
Дариға, дария екен ел қуанса,

Дәл осы қуаныштан сел құралса,
Дүние нұрлы теңіз ішінде ойнап,
Белгісіз жүзетіні енді қанша!
Ұлы той, атқа мінді қалың қазақ,

Қарашы, жайып салып жанын ғажап
Бүкіл ел келе жатыр сол биікке,
Күн жүзді төбесінде алтын табақ.
Табылды, табылды арман көп іздеген

Мен бармын, бір келемін дегізбеген.
Ұшты бір мақтанышты сөз ауыздан
Біз дағы мектебі бар елміз деген!
Қағылды, зор қонырау, күмбірледі,

Аралап айлық жерді, күндік жерді.
Ілесіп сол қоңырау үніменен,
Қазақтың даласына білім келді.
Қатылды сол қоңырау, бір тынбады,

Сілкінді осы халық ұйқыдағы.
Естіп пе саңғырлаған өз қоңырауын
Дүниеге қазақ атты ұл туғалы?!
Қатылды ол, - жалт қарады шет, төңірек,

Тосын үн шыдатпады кеткен үдеп.
Қарады бүкіл дала, қарады да,
Құшағын аша берді мектебім! - деп.
Кім қаққан, аты-жөні кім қоңыраушының,

Даланың дүбірлеткен қойнау шыңын!
Қалың ел, қара қазан, cap баланың
Қашаңғы арын, қамын ойлаушы кім?!
Сол сұрақ қоңырауға қосып үнін,

Бар қазақ аспанында ұшты бүгін.
«Ыбырай!» «Ыбырай!» деген жалғыз есім
Туған жер жақсы ауасын, құшты қырын.
Қақты ол тұрып алып сонау шында,

«Қайран ел ояусың ба, ояусың ба?!»
Деп ол да сұрай берді өз тілегін,
Алғы күн арнасына ойы асыға!..
...Сонымен қыр басына қарай ата,

Жөнелді жұрт толқыны, «жан аяма!»
Деді ел, жаулығына шашу түйіп,
Асықты талай жеңге, талай ана.
Ағалар мерекенің нақ басында,

Жиналып Ыбырайдың тап қасына,
Қабылдап ел толқынын тұрды бәрі
Мектептің жаңа ашылған қақпасына.
Халайық жетті үлгіріп ойдан, қырдан,

Қалады қараша жұрт қай дабылдан?
Бейнеттен, арылмаған ащы терден
Бүгін ел маңдайына той жазылған...
Басталды салтанатты бұл мәжіліс.

Сілтідей тұрды тұнып жұрт тым-тырыс.
Әр кеуде алтын сабыр ұясындай,
Тұрғандай қуанышты ұстап бір күш.
Қарт Қазыбек шықты сол кез топ алдына,

Ежелден көзге таныс сонау тұлға.
Жатқандай ойлар тұнып не бір асыл,
Кең маңдай әжімінің қабатында.
Астынан қырау қабақ, кірпік сұйық,

Қарайды мейірлі көз жұртты сүйіп.
Осылай ақша бұлттың арасынан
Тұрмай ма жұмсақ сәуле күн түсіріп.
− Уа, жұртым, сөз деген не мына тұста,

Ол рас, сөзге нелер туады ұста.
Әйтсе де тіл дәрмені шендесе алмас,
Бәріңе түгел жеткен қуанышқа.
Мен шатпын, еңсе еңкейген қарт шағымда,

Батуға көк жиекке тартқанымда,
Ел болып өз қолынан іс тындырып,
Қуанған болдым бүгін шаққа куә.
Белгі деп қасіреті мен бейнетіне,

Лақтырып бір түйіншек жер бетіне,
Жан аз ба арманымен көрге кірген,
Өмірден тамшы рақат көрмей, түге!
Басыңа мына келген ырыс-құтты,

Іркілмей қабыл алдың, бір іс бітті.
Мұратқа тұңғыш жеттің, көңілінде
Еңбек пен арман бірге туысыпты.
Басыңнан бәтуа, бірлік сұйылмасын!

Сауығың, той-мерекең тиылмасын
Жаратқан, қайырлы қыл жас мекенін,
Ұстаған нұрдың шамын, білім басын! –
Жайды ол ақ сүңгідей саусақтарын,

Тұрған жұрт айналасын қоршап, қалың,
Қол жайып, күңіреніп кетті тегіс,
Дариға, ғажап еді сол шақтағы үн!
Сол сөзбен, сол арызбен тағат қылмай,

Бар болса, құдайға да баратындай,
Мың саусақ тұрды ауада діріл қағып
Ақ тілек, адал жанның қанатындай!
Ыбырай қалың топты бастап алға,

Кіргізді әр бөлмеге, ас-тағамға.
Үстінде талай табақ қалқыды бас,
Бет түзеп нелер сыйлы ақсақалға.
Бір келкі қол жарысты «бісмілләмен»,

Қашанда үлкендерден, кіші, дәмең, −
Құлақтар жүгіргенде бірден бірге,
Қолына кей балалар түсірді әрең.
Тамаша үлкен де мәз, кіші де мәз,

Сыртта қыс, бұл мектептің ішінде жаз.
Шырқалды ән, қызды думан, күмбірлетіп
Күй төкті саусағынан не бір сабаз.
Қалың ел жатты тойлап дәл осылай,

Өнерге топырағы, даласы бай.
Нақ солай толқындары дәуірлесе,
Тасыйды алып мұхит жарға сыймай.
* * *

Қағылды тұңғыш сабақ қоңырауы.
Кластан он төрт бала орын алды.
Мөлдіреп отыр өңшең қара көздер,
Кіре алмай сыртта қымбат ойын қалды.

Кіре алмай әке қалды, ертіп келіп,
Кіруге лұқсат жоқ, тәртіп берік.
Қызық-ау бала жаны, ә дегенше
Сағынып қалды үй үшін артық кәріп.

Кейісі ойлайды ыстық досын өзге,
Жүр екен олар неғып осы кезде,
Кейісінің бөпелер еске түсіп,
Іркіліп кеп қалады жасы көзге.

Ал бірі еске алады күрең тайын,
Жаз шықса еді ер тоқым, жүген дайын.
Күн сайын сыйпар оның кім сауырын,
Мәпелеп өзі еді ғой білген жайын.

Әркімде бір уайым, жұмбақ қайғы,
Жатырқап бір-біріне тіл қатпайды.
Қайтсін-ай, қозғалмасқа орынынан
Алаңы көңіліндегі шыдатпайды!

Салсын деп дәптер кітап берген тігіп,
Киізден, әшекейлеп жіппен сырын,
Бос жатыр әзірінше боқшалары
Бәрінен байқалады күткен үміт.

Ал міне келді кіріп ұстазы да,
Толтырып қалам, дәптер құшағына.
Келді ол күлімсіреп, әр баланың
Аяулы әкесіне ұқсады да.

Бар шәкірт тұрды орнынан ізетпенен
«Күткенің, аңсағаның - біз ек! - деген,
Оқыды ол әр шәкірттің көзінен сыр,
Бір кезде қиялынан жүз өткерген.

Арманы тұр жайқалып алдына кеп,
Мейірлі жанарымен шолды да көп,
Ишарат отыруға етті дереу,
Балғындар ұзақ күтіп қалды ма деп.

Таныды әр қайсысын атын сұрап,
Бәрінің көздерінде батыл шырақ
Маздайды, жігерлерін жұмсап батып
Айтуға өз есімін айқынырақ.

Дәптерін, үлестірді қарындашын,
Жанының ынтызары табылғасын,
Бар бала жапыр-жұпыр қалды мәз боп,
Үңіліп, соған салып бар ынтасын.

Ілінген қара тақта оң жағында,
Қолына төрт қырлаған бор алды да,
Бір сәтте тұнып іштен қалды тұрып,
Көздерге жаудыраған қарады да.

− Бастаймыз бүгін сабақ! - деді жайлап,
Дәптерді алдарыңа қой ыңғайлап,
Тақтаға мен жазамын тұңғыш әріп,
Асықпай отырыңдар соны абайлап!

Деді де тақтасына жақын барып,
Ол қолын созды, әдемі жазылды әріп.
Тал иіп, садақ тартқан кей баланың
Көзіне мына сурет басылды анық.

«А»! - деді - мұны сендер әсте ұмытпа,
Алады барлық әріп басшылыққа,
«Молданың «а» дегені ұқсаушы еді
Әзінің қолындағы көк шыбыққа,

Мынау «а» өзгеше екен, қалай қызық,
Оп-оңай дәптеріме алам сызып!
Деп, мәз боп, төмен қарап шұғылданды,
Алдағы бір ересек бала пысық.

...Осылай басталды оқу, кетті жүріп,
Аңсатып, келмей ұзақ көп кідіріп,
Ұядан ұшқан білім қарлығашы
Жөнелді тіке самғап, көкті тіліп,

Моншақтай қолдан тізген орыс әрпі,
Әр бала дәптерінде қоныс тапты.
Көкейге сара жетіп, ми шырмамай,
Санаға мағына беріп, ой ұстатты.

Сусындай бірінен соң бірін жұтып,
Жаңа әріп танысатын күнін күтіп,
Барады бала біткен құлшынумен,
Кей-кейде ойынды да мүлде ұмытып.

Басталды ескі әріп пен жаңа әріптің
Күресі, дәптерінен балалықтың
Шықты да, бұл жаңалық кете барды
Тым шапшаң арасына тарап жұрттың.

Ел кезіп, құла түзде су таба алмай,
Көп қаңғып, еңбегі де бір жана алмай
Тұрғанда, табан жерден бұлақ ақса,
Қапы да түгел ішіп, тез қана алмай,

Қалатын кезек күтіп кез болмай ма,
Дәл сондай жұрттың хәлі бұл жағдайда.
Еліртті кей жанды да мәртебешіл,
Елестеп көз алдында тұрған пайда,

Көңіліне көп баланың кірді желік,
Молданың бос шатпағын тастай беріп,
Жылтылдап терезеден жиі үңіліп,
Мектептің маңайына жүрді келіп...

* * *
...Арада үш ай өтті... күн шамасын
Ыбырай байқамады, ой-санасын
Шәкірттер билеп алған осы кезде.

Қағаздан үйде отырса алмай басын,
Сабағын әзірлейді үйретерлік,
Өнерін аямайды ми жетерлік.
Қайтсін ол тебіренбей, жан қинамай,

Бұл оның еншісіне тиген ерлік!
Дәл кәзір көңілінің хошы келген,
Сөйлесіп Григорьев досыменен,
Хат жазып отыр оған, қуанышты

Хабарын жолдамақшы осыменен...
«Қымбат қарт, аяулы дос, сәлем бізден,
Іс шықты ұзақ күткен дәмемізден»,
Қазақтың тұңғыш мектебі ашылды - деп,

Сарғайған надандықпен көне түзден! –
Құттықтап бүкіл қазақ халқын бірдей,
Газетке сен жазыпсың Жарқын күндей
Көзіме бір көріндің сонда менің,

Кез еді ол қуаныштың атын білмей,
Таңырқап, өз-өзімнен мәз болған бір,
Көгімнен сағындырып жауған жаңбыр,
Жуынып мұңды көңіл нұрыменен,

Жеткен сол күнім еді арманға бұл.
Рақмет, иесі боп мол жәрдемнің,
Есімнен кетер емес қол бергенің.
Жаншылып қалуым да кәдік еді,

Астында әкімдігі зор кеуденің.
Өмірдің бір мінезі құбылмалы
Тап келіп, тұңғиықтан жұлып алды.
Сілкініп шыға бердім, жалт қарадым,

Сен тұрдың. Достықтық деген ұлы мәңгі!
Қос халық арасындай солай тумақ, −
Дедім мен ой үстінде, жүрек тулап
Сыймады көкірегіме қуаныштан,

Осылай дос қадірін білмек құндап –
Тек қана үлкен жүрек қасиеті!
Жалғанның тисе маған асыл еркі,
Біріне бірін жаңа туыстырып,

Халықты қояр едім қосып екі!
Я, бұл не дегізбес қиял байғұс,
Қиялмен жер бетіне сыя алмаймыз...
Сонымен мектеп аштық, мерекемен

Қайырлы кетті өтіп бұл алты ай қыс.
Қасқырдай қойға шапқан аш бүгіліп,
Азуын осы арада басты жігіт.
Кірісті жаман інің қоймай-қоймай,

Демімен іштен шыққан тас қуырып.
Бұл шыным, күлесің ғой езу тартып,
Деме тек бір тілегім сөзімді артық.
Көңілдің қандайлығын көрсетем деп,

Еркелеп жатқаным ғой еркін шалқып.
Құдайым маған мұндай бақ берер ме,
Кіл зирек, зейінділер тап келер ме,
Үш айда хат таныды оқып, жазып,

Жандары қандай құмар жақсы өнерге
Қысқасы, білім алу төрт жылында
Орысша сауаттанып, көпті ұғуға
Шамасы келетіні әбден анық.

Болады олар ұстаз топ буынға.
Содан соң шығарарда адам қылып,
Қызметте парақорлық, жаман қылық
Істемес үшін менің бар тәсілім –

Жайынан көп айтамын адамшылық.
Бұл сырым сатан ғана айтып жатқан,
Тілегім қолыңдағы бар кітаптан
Он шақты данадайын жібере алсаң –

Байғазың болар еді бізге тартқан.
Бос белбеу, елдің тегін татамын жеп,
Қалып ем іштей азып, жаман жүдеп,
Жақсымын, мезгілімде міндетім көп,

Белгілі әрекетке табан тіреп.
Хош, сау тұр, не айтамын өзге бөтен,
Тағы да келді міне бізге көктем,
Жас білім жаяды енді жапырағын

Теректей жаңа қаулап түзден еккен!»
* * *
Тап-таза, интернаттың іші жарық,
Таматын асханадан ішіп алып,

Дем алып бір топ бала аулада жүр,
Мұрынды жас гүлдердің исі жарып
Кеудені толтырады сергек ауа,
Қолына кейбіреуі шелек ала,

Су құйып, мәпелейді гүлді баптап,
Басталмақ осындайдан еңбек-ана.
Әйел кім бергі шеттегі ақ халатты
Үйретіп тұрған сонау бакқа бапты?

Мария Ивановна қадірлі ана
Гүлге де, балаға да махаббатты.
Үлгісін көңіл ұққан, көзі көрген
Бермекке, мына сәтке кезі келген

Аянбай араласпақ ниет айтып,
Басына игілі істің өзі келген.
Ыбырай көп қуанды бұл жәрдемге,
«Беретін қолқабысты кім бар елде?»

Дегенде, бір ғазиз жан қол ұсынып,
Шыққандай болып қалды бұл да белге.
Дәрігерлік оқуы бар, жұмсар білім,
Қарайды әр баланын денсаулығын.

Үйреткен тазалыққа, бойға күтім,
Ол дағы бұл мектепте ұстаз бүгін.
Күйеуі, жолдастары наразылық
Етсе де, іс таптың деп қарап жүріп. –

«Әрекет - жанның емі, ана болсаң –
Бала бақ, баланы үйрет, баланы күт!»
Деп әкем айтқан маған өсиетін
Орындау бойға біткен қасиетім! –

Осылай жұмсақ қана жауап берсе,
Күйеуі үнсіз ғана бас иетін!
Сан іске қарсы болып неше жолы,
Тоқтайтын әкем айтты - десе болды.

Ол мұның қайрылмайтын қатты заңы,
Көлденен шықпау керек келсе жөні.
Сыйлайды ол генерал деп - атам жұртқа,
Әйгілі, қояр соған мақтанып та.

Биіктен бір жығылып төмендеген
Кей әкім, қарар солай бақ, даңққа.
Ал мұның сыр, пікірі жолы басқа,
Ант еткен сол жолында мойымасқа.

Шынында әкесі оның – адамшылық
Екенін білмейді той, сорлы қасқа.
Жайылып мектептен бір өлең кетті...
«Мен ұғам, мен сөз білем!» деген көпті

Жөнелді осынау жыр баурап алып,
Құлағын талай жанның елеңдетті.
Көкейге нелер сәби алды құйып,
Үніне қырда малшы қалды ұйып.

Тағы да қосылды оған қоңырау даусы,
Көтеріп көкке әкетіп әнді биік.
Жас айтты бұл өлеңді, тыңдап кәрі,
Әмірдің сыры қиын жұмбақтары

Білімде бұл өлеңнің айтуынша,
Оқысаң, көкейінде тұрмақ бәрі...
Әнші жұрт, өлеңші ел, ақын халық,
Кетті оны ә дегенше қатып алып.

Жаңғырып ел көгінде тұрып қалды,
Жұлдыздай жеті түнде бал-бұл жанып.
Керемет көрмей жүрген сөздің күшін,
Ғазірет бұл ғажапты сезінді шын.

Отырды ол жағасынан қолы кетпей
Көздері әлқұранның кезіп ішін,
Таппады мынау іске сірә, тиым,
Қаншама білсе дағы құран тілін,

Үн қатпай қала берді кәрі кітап,
Не болмақ, нені күтпек бұдан қиын!
Ал өлең кете берді биікке асып,
Дариядай ел көңіліне құйып тасып,

Талай жас жыр жазылған ақ қағазды
Құмартты кеудесіне сүйіп, басып.
Шақырып оқу, білім нұр таңына,
Орнаған бәйтеректей жыр бағына,

Ол өлең мынау еді, талмай самғап,
Ұрпақтың кеткен озып ұрпағына:
«Кел, балалар, оқылық,
Оқығанды көңілге

Ықласпен тоқылық!
Оқысаңыз, балалар,
Шамнан шырақ жағылар.
Тілегенің алдыңнан

Іздемей-ақ табылар!
Кел, балалар, оқылық,
Оқығанды көңілге
Ықласпен тоқылық!

Мал-дәулеттің байлығы,
Бір жұтасаң жоқ болар,
Оқымыстың байлығы
Күннен күнге көп болар,

Еш жұтамақ жоқ болар.
Кел, балалар, оқылық,
Оқығанды көңілге
Ықласпен тоқылық!

Сыйса көйлек үстіңе
Тоқуменен табылған.
Сауысқанның тамағы
Шоқуменен табылған.

Өнер-білім - бәрі де
Оқуменен табылған.
Кел, балалар, оқылық,
Оқығанды көңілге

Ықласпен тоқылық!
Әлпештеген ата-ене,
Қартаятын күн болар.
Қартайғанда жабығып,

Мал таятын күн болар.
Ата-енең қартайса
Тіреу болар бұл оқу.
Қартайғанда мал тайса

Сүйеу болар бұл оқу!
Кел, балалар, оқылық,
Оқығанды көңілге
Ықыласпен тоқылық!..

ЕЛ АЛҒЫСЫ

«Ыбырай исі қазақ ұстазы еді,
Білімнің төрт құбыласын ұстап еді,
Тәңірім талабына хоштық берсе,
Ғарышқа қанат байлап ұшпақ еді.»

Отыншы ақын

* * *
Яковлев оңаша отыр Ыбыраймен,
Үнемі ұшырасса бір ыңғаймен,
Еш сырын алдырмаған адуын қарт,

Қарауы тым өзгеше бүгін оймен?
Ол талай болды бірге мәжілісте,
Не бір зор жұмсады оны қосып іске,
Әйтсе де бұған деген, қайрауы нық

Жатқандай болушы еді азуы іште.
Дұшпан ба ең үрейлі, бұғып жатқан?
Дос па әлде ішіне нәр жиып жатқан?
Әшейін әкім бе екен заңға сеніп,

Көп жаннан көкірегі биік жатқан?
Етпейді, дұшпан болса, неге қырсық?
Дос болса, қалпы қайда көңілге ыстық?
Бос кеуде әкім болса, неге мұны

Өзіне тең ұстайды қолын қысып?
Білмеді ол осы адамның сырын оңай,
Қалса егер бір мінезі жанға ұнамай,
Байламы болар еді - онысы жоқ,

Кісіні көрмеп еді дәл мынадай!
Ал міне сөйлеп отыр сол кісі енді: −
Надандық - қол кісені, ой кісені!
Даланың түнегіне, тарих-ана

Қолыңа шам ұстатып қойды сені!
Жақ, - деді - бір шетінен тұрып алып,
Алысқа өткір сәуле нұры барып,
Жұмылған талай кірпік ажырасып,

Астынан кез жанары күлім қағып.
Дүниеге қарасын бір жас баладай,
Қызығын қолындағы тастай алмай,
Жұбансын, қуансын да, тағы іздесін,

Бар екен кереметі басқа қандай! –
Деп саған өмір берді, сен тез ұқтың!
Кірісті сенен өзге белсеніп кім?
Жарайсың, бастап кеткен жерің әсем,

Қызметің қадіріңді білсе жұртың.
Тым жақсы, білмеді деп қойма кінә!
Бала - мәз алақанын жайғанына,
Барыңды бер асыра, жақсылығын

Кейін күт, төз әзірге салмағына!
Қамықпа азабы көп ісіңе бұл,
Сен ерлік иесісің, түсіне біл!
Қолына тие бермес мынау үлес

Туса да данышпан боп кісі не бір!
Орыста қала салу үлкен ерлік,
Ол еңбек - бірлік ісі үйренерлік.
Қаланды мемлекет қабырғасы,

Үйретер біз өзгені күйге келдік.
Зор құрылыс сен бастадың білім, деген,
Бітпейді ол бұл салынған бір үйменен,
Салынбақ сан үй әлі мектеп атты,

Ішінде келешегі күлімдеген.
Айтпақсың сонда ғылым қаласы деп,
Жазылмақ сонда ғана дауасыз дерт,
Бірақ ол өте шалғай алыс арман,

Атқармас бұл мезгілдің шамасы кеп.
Үрейі көп болады тосын істің,
Меңіреу даласындай бұл шығыстың.
Ол рас, мойындаймын, мен де қалдым

Сол мылқау уысында қорқыныштың.
Қарадым ту сыртыңнан мұным әнтек,
Тобырдың етті сені мыңы тәлкек,
Көзіме елестеді түн ішінде

От іздеп әуре болған бір көбелек.
Содан соң ойға қалдым, келдім бері,
Тұл бойы ел арманы, елдің шері,
Қажымас қайратыңа қарап қалып,

От құмар Прометей ме дедім сені!
Бұл мақтау - лайықты мақтау саған,
Елің бар жарық көксеп, отты аңсаған,
Ең ұлы мақтау сөздің иесі сол,

Мен айтсам бұл білімді топтан саған.
Ықылас, көрсетілген баға деп біл,
Сырласар дос ретім жаңа кеп тұр,
Кеш кеп тұр, тағы айтамын, кеш мұнымды,

Ойымды, сөзімді де адал деп біл!
Көп ісің алда жатыр игілікті,
Көресің ой-пікірі қилы жұртты.
Бір пайдам, аз көмегім тисе сонда

Қуана сыйпармын-ау бурыл мұртты!»
Деп Қария күле түсіп, қалды тынып,
Алаңсыз мол жайылған жанын ұғып,
Талайғы жұмбақ кітап ашығандай,

Үстінен жылдар жапқан шаңын жуып.
Қарады ол мына қарттың кескініне;
− Мұншама адам сырын кеш білуге
Жетіпті-ау шеберлігім, кеш қария? –

Бар болса мезгіліңіз кешіруге!
Деді ол, бар жанымен бұл да күлді,
− Ел үшін, бейнет үшін туған ұлды
Әрқашан кешіремін, ал кәнекей

Келші өзің, күресейік, тұлғаң онды!
Мәз болып, құшақтады ол қатты қысып,
Не деген көкірегі қарттың ыстық!
Дос атты абзал сөздің анасындай –

Қос жүрек қос кеуде де жатты ұғысып,
Бұл төрт жыл мектеп өмір бастағалы,
Жайнатты жаңа білім жас сананы,
Дәл кәзір сексен шәкірт үн қосқанда,

Жатақты жаңғыртады асқақ әні.
Ол әнде жатыр еңбек қуанышы,
Шалқиды өнер-бұлақ, жыр ағысы.
Ол әнде жатыр мынау шат ұрпақтың

Ұстазға арнап айтпақ бір алғысы.
Бұл оқу - оларға ана тілін берді,
Сол тілде алғаш елге білім келді.
Егіздей мәңгілікке айрылмайтын

Және бір жанға жақын тіл үйренді.
Ол тілде жатыр өнер сарқылмайтын,
Санаңа құяр білім, ақылды айқын,
Кең пейіл, қайырымды, мінезді тіл,

Молдадай басынды көп қатырмайтын.
Дариға, өмір жетсе, ұзап жасы,
Адамның ала берер қазынасы
Көп екен білім деген дариядан,

Атаның неге жетпек аз мұрасы!
Әрекет, өмірдегі адамшылық,
Татулық, достық пейіл, адал қылық –
Бәрі де жазулы екен қасиеттің

Көпсінбей кісі басы алар біліп.
Ұқты олар, көп жылдарда ұқпағанын,
Ар көрді туа салып ұйықтағанын.
Сол сезім - мектеп берген қасиет еді

Бұл күнде игілігі жұртқа мәлім.
Шақырды, шақырды олар тең құрбысын
Аралап қоңырау үні елдің ішін.
Сан бала жалт қарады ойнап жүрген

Білімнің тыңдай қалып ер дыбысын.
Даланың тіршілігі - шат мектебін,
Осынау тұрды жарлап саңқ еткен үн.
Мешітте тыңдар бала, байқамастан

Молданың көк шыбығы сарт еткенін.
Тәртіпке салам деген сол көк шыбық,
Өзіне дін оқудың сор боп туып,
Мектепке бетін түзеп, әр баланы

Жатты енді күн-күн сайын қуып шығып
Ал мұнда білім менен таяқ араз,
Алдыңа жаяр кітап, жаяр қағаз,
Бетінде бар қызығың жатыр сайрап,

Боласың ұстазға ерке, құрбыша мәз.
Шәкірттің алды төрт жыл оқытады,
Көп қазына санасына тоқығаны.
Жер қандай, аспан қандай, алды біліп,

Тарихтан естіді сан оқиғаны.
«Жер-көкті көк өгізбен піл тіреген,
Періште соғысса, аспан күркіреген,
Адамзат, жан-жануар, өзен-дария

Алланың қолындағы мүлкі деген»
Молданың суайттығы қалды ашылып, −
Сөйледі ғылым өзі алға шығып.
Ойланды қариялар жақ таянып,

Ғажапты баласынан алғаш ұғып.
Бар ұғым кетті өзгеріп тіпті басқа,
Әлі де өзіне түк жұқтырмасқа,
Әр үйден молда кетпей қақсай берді:

«Кәпірдің - деп оқуы - шықты: басқа!»
− Қалайық жайыңмен өл, тартпа күнә!
Бұлардың құлақ аспа шатпағына!
Күнәлі қартайғанда болу жаман,

Үлгісіз із қалады арттағыға!
Баланды құлағынан берсең тізіп,
Кәпір ғып шыға келер өңшең бұзық.
Дозақтан о дүниеде басың кетпес,

Тірлікте жын шайтанды көрсең қызық! –
Деп бұрқап, ақ асасын көкке сермеп
Ғазірет тұр, - елге келді кеп кесел, - деп
Шық былай, пайғамбардың туы астына,

Тәңіріні дін мұсылман етпесе ермек!»
Қалың ел қобалжиды көк толқындай
Қос дауыл ортасында соққан тынбай.
Әлі де басым еді діннің өрті,

Қоя ма жақын тұрса от шарпымай?
Оңай ма жаңалықты ел түсінбек,
Өткенін жұлып тастау - ескісің! - деп,
Ал мұнда бала біткен қақты қатты

Бар дала қоңырау үнін естісін, - деп.
* * *
Басталды тұңғыш сынақ. Ел ертемен
Тұрыпты, қалмау үшін мерекеден,

Бәйгеге жүйрік қосып үйренген жұрт,
Құлағы айқай шықса елеңдеген.
Қалсын ба мына қызық бір думаннан,
Демекші кімді мықты, кімді балуан,

Білімнің майданына тікті көзін,
Шығатын күн екен, - деп - шын құмардан.
Көк орай шалғын мектеп кең ауласы,
Жапыра тиді жерге ел жамбасы.

Осында, далада етсін деген сынақ
Айтылған жұрт тілегі еді алғашқы.
Оқудың еш заңына жатпаса да,
Ыбырай таба алмады басқа шара,

Не болмақ көп көңілі бір шегінсе,
Секілді орта түсіп, қайтқан саба?
Ол үшін үлкен сәби осынау ел,
Қолына не тілесе ұсына бер,

Жүрсең де жайшылықта оқшау шығып,
Қайғы да, қуанышта тұсына кел!
Сынасын, сын иесі - сынасын жұрт, −
Танысын келешегін, мұрасын жұрт!

Білімнің осы егілген аз дәніне
Болсыншы тірлігінде куәсі - жұрт!
Бұл сынақ - сынақ мұның өз басына,
Қашанғы ішке жиған қазынасына,

Бұл сынақ - сынақ білім ататына,
Сына жұрт, көзіңді тек жазбай сына!
Осы ойы биледі оның жан-көңілін,
Бір шолып өткен-кеткен алды өмірін,

Азабын, михнатын, қуанышын,
Жеңісін мақсатының, бар жолының.
Әзір ол жауына да кет - демеске,
Үстінде мерекенің көктемеске.

Риза еді, мына тойға қатысуға
Ерлігі шіркіндердің, әттең, жетсе!
...Тізілді орындықтар қойған қатар,
Бір тосын ел көзіне жайды аңдатар.

Шынтақтап сан столды, жайып қағаз,
Аздан соң он төрт шәкірт ойға батар.
Сап-сары шеңге толы омырауы,
Ең терден Яковлев орын алды.

Жағалай отырысты офицерлер,
Жарқырап салтанатты формылары.
Қарайды тамашалап жұрт сұғына,
Ойнайды жез, күміспен нұр шұғыла,

Ашушаң қайқы қылыш бүгін бейбіт
Сүйкенген етіктердің тұмсығына.
Қағылды зор қоңырау үш қайтара,
Есіктен шықты міне он төрт бала,

Алдында келе жатыр ұстаз бастап,
Екі адым озып алға шыққан дара.
Келді де, тоқтай қалды кеп алдына,
Сілтідей тынып топқа тұрған мына,

Шәкірттер екі тілде сәлем берді,
Аула іші қала берді бір жаңғыра.
Содан соң орын алды қанаттасып,
Ыбырай бұл емтихан сабақты ашып,

Тәртібін қалың кепке түсіндірді.
Жүзімен жұртты шолып салмақты, ашық.
Бір сәтке қобалжиды жұрт арасы,
Толқиды балалардың ата-анасы,

Кейсісі күбір-күбір сиынады,
Алланың жар болғай деп бар панасы.
Кейсісі шөп тістейді төмен қарап,
Бетіне қаны теуіп, қызыл тарап.

Жүректің лүпілдеген есебі жоқ,
Қан ысып, өне бойды қызу жалап,
Ағайын, туған, туыс - бәрі келген,
Намысқа белін шешіп, жанын берген.

Дірілдеп құлағында сырғалары
Тілектес жеңгелер бар, қайным!» деген.
Ару бар, бойжеткен бар сылқылдаған,
Әлі ешкім білегіне ұмтылмаған.

Апа бар, қарындас бар, інілер бар
Үстінде асау тайдың бұлтыңдаған.
Бәрі де қадалады қара көзбен,
Дейтіндер «мынау өзім, анау өзгем»

Көңіл бар тез қуанып, тез суитын
«Ой-тәйрі не шытушы ед жаман езден!»
Деп салып, шолақ атқа қамшы басып,
Кетеді ондай бауыр бес қыр асып.

Тәуекел! Жөнелді әне ұстазы да,
Бұл қызық емтиханның бетін ашып.
Шақырды тұңғыш шәкірт - Қорғанбекті,
Сүйсінтті ол көз алдында толғап кепті.

Жауабы риза қылды ұстазды да, −
Атаның абройын қорғап өтті!
Жарайсың, айналайын, Қорғаным-ай! –
Деп бір топ қуанғаннан сел жарылмай,

Жатты кеп Бірімжанның қолын ұстап,
Мол дене отырды әке аударылмай.
Шықты кеп топ көзіне Әбілқасым. –
Тәңірім өзі алдыңнан жарылқасын!

Деп толқып, Қарт Қазекең бір қозғалды,
Көрінді күші мұның анық басым.
Еңбек не адам үшін өмірдегі?
Бұл күнде ақыл-ғылым нені игерді!?

Еңбектің, әрекеттің арқасы екен
Адамға адам аттың берілмегі.
Іс етіп, терін төгіп қиналмаған,
Бойына шындық сәуле жиналмаған,

Адамнан шықпақ есек, баянсыз сөз
Атайын арасында сумаңдаған.
Ол соны біліп айтты елге қарап,
Бұл оның өзі дәлдеп ұққан сабақ.

Біліммен ақыл сана қалай өсек,
Ол соған беріп өтті мықтап жауап.
«Дүниеде өмір сүрдім еңбегіммен,
Жолында соның адал терледім мен.

Ел үшін шындық үшін, бойымдағы
Тергенім тең болса екен бергеніммен!
Деген бір асыл пікірге адамзатты
Жеткізу - міндет жанға ұстаз атты!»

Деп шәкірт, Коменский сөзіменен
Бітірді өз жауабын айтып сәтті.
Ду етті қол Шапалақ төрелерден,
Орнынан Яковлев түрегелген

Шақырып жас шәкірттің қысты қолын,
Ыбырай көз алысып түгел елмен,
Жатыр ол жазып кәзір ойдағысын,
Келешек тұрған алда ойлап ісін.

Басталды сол жоспардан тұңғыш күні
Қазақта мектеп атты қозғалыстың...
* * *
Алаң бар Торғай қала ортасында,

Жиналған жалпақ дуан жұрты осында.
Аңыз бар сол алаңның тарихындай: −
Ертеде ел душар болып су тасқынға,
Кезі екен кеңірдектен келіп тұрған,

Қалайық хақ тәңіріге беріп құрбан,
Аспанға жерден атқан ақ бұлақтың
Мол көзін тұншықтырып көміп тынған.
Сол көздің орыны екен міне осы алаң,

Сорайып тұрған темір қуыс баған,
Кілті екен, дейді - әулие зор бұлақтың
Сан ғасыр тапжылтпаған, нық ұстаған.
Ол тарих айырылған қуасынан,

Жалғаны басым шығар расынан.
Бұл күнде ұйып тыңдап, мына жайды
Естиді ел өлең-жырдың мұрасынан.
Мың жасап сол бір аңыз келді неден?

Сел ме еді, көз жасы ма мөлдіреген?
Жанышып қатал күннің жауыз қолы
Көмілген жігері ме елдің өрен?
Айтпайды кәрі тарих зорласаң да,

Тек қана елдің басын бір қосқанда,
Баяғы әулие сел жайын айтып
Домбыра күй төгеді анда-санда...
...Сол алаң толған бүгін дүйім елге,

Ертегі симайтын сел дүниеге
Осы ма деп қалғандай, ұлы жиын
Мұншама халық ерте тұрды неге?
Полковник Яковлев солдаттары, −

Сымдай боп тартылыпты қол қатары.
Сары омырау салтанатты офицерлер
Саңқылдап жан-жағына үн қатады.
Ортада, ат үстінде тұр Қазыбек,

Сақалы омырауда - күміс күрек.
Қашанғы қасиетті жұрт бабасы,
Ел сүйгіш кеудесінде ұлы жүрек.
Жегілген күймелі арба, қос күрең ат,

Ұзақ жол, ұлы сапар, шексіз алап...
Тұрғандай денелері сезіп соны
Жан-жаққа жайтаңдайды жалт-жұлт қарап,
Сыпырып жалбағайын қолына ұстап,

Арыстай ақбоз атты тебініп қап,
Ұмтылып күміс сақал көпке қарай,
Сампылдап сөйлеп кетті Қазыбек қарт.
− Әлеумет, лұқсат ет өз атыңнан,

Бір ұлға ортамыздан оза туған,
Бәріңнің көңіліңді іздей сөйлеп,
Дәмем бар бір-екі ауыз сөз айтудан.
Ыбырай, - деді ол оған қарап алып, –

Мынау ел-дана халық. қара халық –
Бәрінің қаптай сөйлер мұрсаты жоқ,
Тұрса да көп айтары саған анық.
Көп үшін туған ұл - деп, ел айтқанша,

Қанша өнер, жігер-қайрат керек қанша,
Сынадың өз басыңнан кешіп көріп,
Елте деп бір міндетті ер атқарса,
Атқарсын өзіндей-ақ! - дегіздің сен,

Айтқыздың ел сағынған лебізді сен.
Адамдық, азаматтық - анамыз ед,
Ақ сүтін соның адал еміздің сен,
Бір адам мендей болар сүт сағынған,

Мойынға сексен деген жүк таңылған,
Еске алдым мен де анамның ақ емшегін.
Бойыма содан тірлік - құт дарыған.
Сыйым бар бүгін саған ала келген,

Алып кет соны мынау анаң - елден.
Берумен күнің өтті, сен де алатын
Жарқыным, кез болды ғой, қара бермен
Ол сыйым - алтын емес, берешегім,

Алтының бір басыңа жетер сенің!
Ел ұлы деген атты бердім саған,
Ем елдің өмір жетсе екі емшегін.
Ең басты сыйым менің ел атынан –

Ол алғыс, алғыс саған мол айтылған! –
Деген де ду етті жұрт: «– Алғыс, Алғыс
Тәңірім қайырмасын қанатыңнан!»
Толқыды айнымай жұрт Торғайынан,

Жағаға салған атой, салған ұран.
Шіркін-ай, жалғыз ауыз бітсе көпке,
Сүймекші осы жанның маңдайынан!
Қазекең аттан түсіп құшақтады,

Жүйесі кеткен екен жұмсап кәрі,
Жазғанда төсін ұзақ қысып тұрып,
Қап қойды сақалында моншақтары,
Шәкірттер кеше шыққан кіл ерімдей,

Дүрсілдеп келер күннің жүрегіндей,
Ұстаздың айналасын тұрды қоршап,
Даланың хошиісті гүлдеріндей.
Қазекең қолтығынан алып жерден,

Мінезді ақбоз атқа жалын деммен.
Осы атта, тұрып жұрттың иығында
Ол әне қоштаспақшы қалың елмен.

– Туған ел, көл-көсірдей көңіліңді

Таныдым, ардақтадың мен ұлыңды!
Қашанда талабыма қанат беріп,
Өсірдің рухымды, өмірімді!
Не дермін мейірімді сол жаныңның

Үнемі мені ораған мол жалынын!
Жетпейді болса дағы буынсыз тіл
Төгуге саған бәрін ойдағымның.
Алғыспен қосып айтар бір тілегім.

Жалғыз ем, көбейткен де жұртым едің.
Көп ұстаз келеді ертең, соны қарсы ал
Қазақтың ұшыратын мың түлегін.
Арнағам өз жолыңа тірлігімді,

Қолыма шырақ егіп бір білімді
Өтермін кең даланды кесіп талай,
Жамылып мынау аспан, нұрлы күнді!
Қоштасып тұрғаным жоқ мен еліммен,

Ортаңа әлі жиі келемін мен.
Құнарлы топырағыңнан айналайын.
Еңбегі жанар жанның еге білген!
Бұл сапар оңын берсе, дәмелі жол,

Десіп тұр қазынаның берері мол.
«Аш!» демек талай жерден мектеп маған,
Қазаққа ең алдымен керегі сол.
Біз үшін зор қуаныш осы болмақ,

Қалың ел шөліркеген жасына арнап,
Салынса сол білімнің сан ордасы,
Жеткізер қашқан арман жер шығандап!
Қазақтың қызы да оқыр ұлмен бірге,

Келген жан жарық үшін ол да өмірге.
Қашанғы аршылар-ау мұңды кеуде,
Қайтысын күнде төккен күлмен бірге!
Ұстаз да дайындайтын болмақ орын,

Жоспарын жібергенмін жолдап оның.
Білімдей биік тұрған мұнараға,
Қазақтың жеткізерміз сонда қолын.
Орыста өнер, білім, пайда мұра,

Емі сол - надандыққа зардап уға,
Кәпір деп бетті басып, көр соқыр боп,
Орын жоқ берекесіз шамдануға!
Жарқанат күнге қарап үйренбеген,

Біз елміз - адам атын иемдеген.
Ол қас-жау: мәңгілікке көзін, байлап
Өт деген, күн кезінен жирен! - деген.
Көнбейді ел, көнбейсіңдер оған ешкім,

Деген жұрт мен өзгеден қор емеспін,
Шетінен қол айырмас өлсе дағы,
Алдына келіп тұрған мол үлестің.
Көп жаса, туған елім, - уыз батам,

Жалғассын мына сирек жұлдызға таң!
Бір балаң білімді боп шыққан сайын,
Мен дағы өмірімде күнді ұзатам!
Көп болды көрмегелі ауылымды,

Туған үй, емшектесім, бауырымды.
Лұқсат ет құшағыңнан босануға,
Суытпай әкетермін жалыныңды!
Мен ерттім, серік еттім бір жасыңды,

Ортаңа мен келгелі сырлас ұлды.
Байлайын мықты қанат деген ойым,
Ұшуды, білер өзі шыңға асуды.
Ол мына Әбілқасым - той, думаның,

Тобында жүлде бермес бәйгі ұланың.
Естіртсін жалпақ елге өз дауысын,
Даланың сала бермей қайғылы әнін!
Қош тұр ел, қайта айналып көріскенше!

Ақ құшақ, адал ерін өбіскенше!
Қош Торғай. ерке Торғай бал татыған
Суыңнан қайта келіп мен ішкенше!
Қош, менің шәкірттерім, жанған жалын,

Мәңгі сый бұл кітабым арнағаным! –
Деді де ол өз еңбегін - тұңғыш кітап,
Теп-тегіс үлестірді қолдан бәрін!

– Қолда елім, бейнетіңнен мен танбайын,

Жібітсем арманым не ел таңдайын!
Ып-ыстық алақаннан көтеріліп,
Алысқа зымырады бір торғайың! –
Дегенде, ду етіп жұрт, қаптап халық,

Жөнелді тік көтеріп аттан алып.
Келеді ол ел үстінде тудай жайнап,
Жаңағы жалпақ алаң артта қалып.
Апармақ жер шетіне мына күйде,

Сүйді жұрт қотарыла үйме-жүйме,
Бір кезде кез сүрінген топ ішінен,
Сытылып шыға берді қоңыр күйме.
Қоңырау қала үстінде күмбір қақты,

Оралды әр ауызға жыр бір тәтті!
Сол жырды қоңыраумен егіз туған
Көтере, көкке өрлете жұрт шырқатты.
Бір жола қалың елге мол өшіге,

Түсті ме келер күнгі сор есіне,
Бұйырмай ел төбесі, қазірет қазір
Қақшиып тұрды өз үйі төбесінде...
...Ойымен жолаушының жол жарысқан,

Қос күрең жел көтеріп самғап ұшқан.
Тортайдың ақ үйлерін дөңес жұтып,
Көк шіркеу бұлдырады енді алыстан.

– Қыз қалды-ау Айғаншадай аққу сынды

Деп қалып, Мықтыбай да көп күрсінді.

– Қалмайды, қалдырмаймыз! - деді ол күліп

Әккі дос, осы сөзден ұқты сырды.
Әркімнің арманы бар көлбеңдеген,
«Болса екен бір ардақты жеңгем!» - деген
Мықтыбай көңілінде жүрген бір ой

Бұрқ етіп шықты көзір сол кернеген...
...Ұзады, ұзады жол белес қуып,
Жолаушы қиялы да емес жуық.
Қуды ол, қуа бермек сол білімді,

Қалғанша көз жұмылып, дене суып.
Көп күрес тоспақ оған өмір әлі,
Ол кәзір ой кешеді, соны ұғады.
Жаңғырсын, жаңғырса екен құдіретпен

Даладан өзі қаққан қоңырауы!..
Сол қоңырау үн қатып тұр әлі де оған,
Ішінде қара түнек, қарлы боран
Айқай сап, ел қазақты бір оятқан

Ұқты ол, өз дауысын таныды одан...

ЭПИЛОГ

Тұйықтап Торғай қала төрт көшесін,
Көтеріп биік тұлға көкке еңсесін,
Мектеп тұр жоғарыда, күнге қарап,
Жазулы маңдайында қадірлі есім.

«Ыбырай Алтынсарин» мектебі бұл,
Сан ұрпақ, ішінде оның - көктеді гүл.
Алыс күн алғы ғасыр белесінен
Жүз жыл ол бұл далаға төккелі нұр.

Дәл кәзір соның класс-бөлмесінде
Тұр ұстаз құйып ұрпақ зердесіне,
Баяндап Алтынсарин өмірін айтып,
Көп тоқтап оның ұлы бейнесіне.

«Ол солай қақты дала қоңырауын,
Естіртті білім үнін, өмір әнін.
Кез еді түнек заман, қайғы жасы
Сел қылып жуған елдің омырауын.

Жазды ол «Кел, балалар, оқылықты»
Аралап сол ұраны өтті жұртты!
Қалады ол осы мектеп қабырғасын,
Берік қып келер күнге соқты мықты.

Сол қоңырау кәзір тұрған қақпадағы,
Күтті оны барлық ұрпақ, даттамады.
Сүртіңдер шаң жұттырмай, қадірлеңдер!
Тарихтың ол біз үшін сақтағаны!

Ол қоңырау - білім үні қасиетті,
Келеді тынбай соғып, тасыр өтті,
Әлі де жаңғырады ол талай ғасыр,
Шақырып өздеріндей жас түлекті!» –

Дейді ұстаз, өңшең бала тыңдайды ұйып,
Жанына көне тарих-сырлар жиып.
«Қазақтың білім атты асқарына
Ең тұңғыш шыкқан одан кім бар биік!»

Бар бала ой үстінде қалған мүлгіп,
Бұл жолы қоңырауды арнап ұғып.
Арт жақта өлең жазып отыратын
Дәл кәзір қара бала ол да жым-жырт...

Оқыды, оқыды олар... тез есейді...
Зымырап қосылды да күн есебі.
Есейді қара бала жұртпен бірдей...
Сол бала - осынау жырдың иесі еді...

Алматы. Январь - Май 1957 жыл

«АРАЛ ӘУЕНДЕРІ» КІТАБЫНАН. 1961 ЖЫЛ

СӘЛЕМ САҒАН, СЫРДЫҢ ЕЛІ

Аяулым, амансың ба, Сырдың елі!
Ақжамбы, асыл маржан жырдың елі!
Сен шықтың қарсы алдымнан таң боп атып,
Көңілім де саған құмар бұлбұл еді!

Көгіне шыға сала, кеттім жырлап,
Қосылды гүл сыбырлап, Сыр сылдырап.
Ғажайып бір оркестр ашылды алдан
Ән тасып, жыр қалықтап, күй шымырлап.

Құштың сен, құшағыңа еніп алдым,
Алдында арманы не елі бардың!
Тыңдайтын мәуесі мол бақ екенсің
Саяңа сайрай берсем келіп әр күн.

Көргенім болды тұңғыш ала таңың,
Соңынан жұлдыз еріп ай апаның,
Ұзатып бара жатты көкжиекке,
Соқтырып Сырдария алақанын.

Жолдадым сәлемімді Сыр анама,
Ол жомарт - тілегімнен шыға ала ма?
Дәметкіш бала көңіл азға алданар,
Бір толқын берсең болды сыбағама.

Ал кәне көрсет көркің көз қуансын,
Бәрінен ең үлкен сый - өзің барсың.
Сан жүйрік тозаңдатқан топырағында
Менің де шапқылаған ізім қалсын!

ДАРИЯ СУРЕТІ

Жаяу жүріп кең көше Бегілікпен,
Жерге жетсең қаланың шегі біткен.
Ақ теректер судырлап қарсы алады
Арулардай алдыңнан сені күткен.

Жүрегіңнің дірілін сәл-сәл басып,
Аттап дереу арықтан, жалтаңға шық.
Төмен қара әуелі - толқын жатыр,
Аяғыңның астында анталасып.

Жауынды күн жол шеті ылайланып,
Ол да өзінше жел тұрса, тулай қалып,
Толқын жасап, қақ суы жатпай ма бір.
Жоқ, жолдасым, қалма сен олай нанып.

Енді қара, еңсеңді көтер биік,
Жауын емес көл-көсір кеткен құйып,
Бұл дария - кәдімгі Сырдария,
Сонау шалғай Памирден жеткен жүйрік

Ағады екен жазылып жарықтығың,
Сонау соңы Аралда алып тыным,
Оның ұлы денесі жатыр міне,
Сүйіп-құшып жалғанның жарық күнін.

Құла толқын жүйткіп кеп соқса басын,
Құлагердің жалы ма деп қаласың.
Күмбір-күмбір тереңнен шықса дыбыс,
Еске аласың қазақтың қарт сабасын.

Сонау шетте, алыста, арты бетте,
Ак қалпақтар көрініп балғын шөпте,
Ақ шатырлар қанаты желбірейді,
Сол жағаға сені де алып етсе!

Қарсы алады алдыңнан балалық шақ,
Ағады Сыр, атады анаңа ұқсап.
Есейгеніңді еске алып сен тұрасың,
Қайығыңды бата алмай жағада ұстап.

Қайта оралсаң қалата жағалаумен,
Көкірегің бір сергіп қалады-ау кең!
Көз алдыңнан кетпейді әлгі дария,
Әлгі шатыр, әлгі асыл бала дәурен.

ҚЫЗЫЛ ЖЫҢҒЫЛ ҚАЙДА ЕКЕН?

Ақын Сырбай Мәуленовке

«Қызыл жыңғыл» бойында,
Күздігүні туыппын.
Буырқана тұрыпты,
Қара жаңбыр, құйып күн.

Сырбай

Менің ақын бауырым,
Жыр сақтаған ойына,
Көрсет Сырдың ауылын,
Апар Сырдың бойына.

Асау өзен Торғайдың
Ағынымен бір туған,
Інің едім - тойлайын,
Болсын менің Сыр тумам.

Сен өмірге келген жер
«Қызыл жыңғыл» қайда екен?
Әлі де онда көк нөсер,
Шатырлаған жай ма екен?

Әлде онда ақ бұршақ
Аспан құйып тұр ма екен?
Қайда сонау сәби шақ,
Бұршақ теріп жүр ме екен?

Қасымда ғой дәйім күн
Аға Сырбай еңселі.
Көрмесем де сағындым,
Бала Сырбай, мен сені!

Шықшы алдымнан жүгіріп,
Мә базарлық, ал конфет.
Қалармысың үңіліп,
«Бұл қайдағы ағам?» - деп.

О, дариға, сол кезде
Артыңнан бір зымырап,
Келе жатсам өзім де
Ат шыбыққа мініп ап!

Жақсысың ғой тіршілік!
Етем тәуба мен өзім,
Бар-ау, бірақ не керек
Қайталанбас мінезің!

ТЕҢІЗГЕ

Дария қашып, біз қуып поезбенен
Талай-талай бел асып, сол ізбенен
Жетіп келсек, алдымыз аппақ жазық
Осы екен ғой керемет - теңіз деген!

Теңіз, теңіз, телегей! Сен де анама
Ұқсап, жылы қарадың мен балаңа!
Бір қабаты аспанның жерге түсіп,
Шөгіп қалған секілді кең далаға!

Арал, Арал - жүректі бір батырсың,
Жалпақ құрлық - жасқанбай сен жатырсың.
Жоқ боп кетем демейсің - зор көмейден,
Шөл көмейден сақтаған қандай тылсым?

Бір бақытты бағалап жүз үміттен,
Қиырыңа кім екен жүзіп өткен?
Сонау жалғыз қайыққа шалғайдағы
Бұл жағадан қараймын қызығып мен.

Арал, Арал - қаһарман балықшылар,
«Су тәңірісі - ол» деген анық шығар.
Сулы мұртын сүйейін сол бауырдың
Айдыныңа мені тез алып шығар!

АPAЛҒA ҚАРАП...

Арал шеті айнала құм,
Арал суын сол ішкен.
Қайран теңіз, қайран ағын
Тұз бен нәрін бөліскен!

Кәрі Каспий бұл бауырын
Талай ғасыр жоқтаған.
Өткізбекке ққмда күнін
Қашып барып, тоқтаған.

Қорықпайды ол құртар-ау деп,
Тартпас құмнан ақ басын.
Сабасына мың тарау кеп
Сауып құйып жатқасын.

Қос дария - су егізі
Құшағында жоғалар.
Қос бұрымды дала қызы
Секілді ғой сол Арал!

Әттең, әттең, дала біздің,
(Келмеді ме сонда ойға?)
Бір туғасын сондай қыздың
Онын тусаң болмай ма?!

БӨГЕН ҚЫЗДАРЫ

Мынау қара тереңнен
Алды ма екен әз көрік,
Қыздар туған Бөгеннен
Ылғи қара көз болып.

Қарай қалса қиын-ақ,
Көп сыр айтар тілдеспей,
Бар еркіңді жиып ап,
Енді қайтып берместей.

Солар ма екен жылытқан
Сақтап ыстық бар күшті,
Боран, дауыл, суықтан
Оралғанда балықшы.

Әйтеуір бір ғажайып
Жігіттері көңілді-ақ.
Жүрсе де ұзақ ау жайып,
Аптада бір дамылдап.

Ақ балықты алды олар
Иыққа асып, именбей,
Күн астында кіл сұлу
Күміс тасып жүргендей.

Қасында өтсе күн мен ай,
Қалмас көңіл ызғары,
Жақсы екенсің, дүние-ай,
Шіркін Бөген қыздары!

ТАУ ТОЛҚЫНДАР

«Тау толқындар, тау толқындар,
Ту ар теңіз сілкінсе!
Қал қасымда, қалсаңшы, жар,
Ауға бармай бір күнше!

Теңіз тентек - аямайды ол,
Аямайды сен оған.
Сен есірке, сен аяр бол
Жарды сүйіп қараған!

Салма қайық, алма ескек
Болсын тілек менен де!
Тұрса-дағы олжа елестеп,
Сенбегейсің тереңге!

Болмадың ба, алмадың ба
Тілегімді өтінген.
Жансын бақыт онда алдында,
Жарылқасын бетіңнен!»

Кетті қайық кетті алысқа
Тау толқынға бекініп.
Салды салмақ от намысқа
Онан сайын жел тұрып.

Әлсін-әлсін жар көйлегі
Желбіреді жағада.
Жанын үміт әлдиледі,
Өтті мезгіл арада.

Оралды жар, тау толқынның
Жалында ойнап, жер басты.
Жар көйлегі ақ толқын боп
Көк толқынға жалғасты.

Тұрды жігіт жайнай түсіп,
Артта толқын жусап қап,
Теңіз де ыстық, жар да ыстық
Қос ыстықты құшақтап.

Қарашаған басында

Қарашаған басында
Жолықты бір шал маған.
Ол туғалы осында
Қырық жыл балық аулаған.

Көк дауылдан жалықпай,
Әлі де ауын салмақшы.
Арғы атасы Балықбай,
Бергі атасы Қармақшы.

Бар мінезін теңіздің
Көкейіне орнатқан.
Қазағы емес ол түздің
Құба дәнде мал баққан.

Оның малы - май балық
Жатқа білер өрісін.
Қайсы балық қай уақыт
Аударады қонысын.

Аз-ақ айтар сөзі де,
Көрсе-дағы талайды.
Кеп сөйлесең, өзіңе
Таңырқанып қарайды.

Көздері өткір ал бірақ,
Бір қараған кезде шын,
Кеудеңе бір бал бұлақ
Құйылғандай сезесің.

Күнде айқасып. Күреспен
Өткізген соң мезгілді,
Күн есебін білместен,
Аттандырып тез жылды.

Жүргеннен бе, не ғажап,
Не сиқыры бар мұның?!
Шаштарында болмайды ақ
Бұл араның шалының.

Кетер ме естен сол мекен,
Сол өзгеше бір туыс.
Жұмысшы тап сонда екен
Қазақтағы бір тұңғыш.

БОТАҚАН

Өркеш құмдар... аралды
Айнала шөккен түйедей.
Қашан, қалай жаралды? –
Жатыр айтпай, үндемей.

Біз қараймыз үңіліп,
Еш қимыл жоқ маңайда...
Бар төңірек тұр мүлгіп,
Бәрі жым-жырт, бәрі ойда...

Үлкен өркеш, кіші өркеш –
Құмдар, құмдар, құм талай
Шет-шегіне көз жетпес...
Жатыр өңір қымтамай.

Алдады ма көз талып,
Кенет қимыл - бұл қалай?
Бір... екі... құм қозғалып
Келе жатыр бер қарай!

Кішкене қос сүйір құм...
Суси түсіп, ырғалып,
Келе жатыр... бұйырғын
Ортасымен қақ жарып.

Кенет екі от жарқ етті...
Әлі үнсіз - жұрт аң-таң.
Таңырқатқан сол көпті
Болып шықты... Ботақан!

Кетті жайнап сол мекен
Бота шығып, - «Жұрт» шығып
Сонша неге болды екен
Сүйкімді бұл тіршілік!

ҚАРАТАУ ҚҰШАҒЫНДА

Қақ жарып ен даланы, жолмен аңқып,
Ондаған машинаға өлең артып,
Қаратау, ққшағыңа кірдік сенің
Құйқылжып жыр боп тасып, ән боп шалқып.

Өзін, де жер екенсің мол жырға бай.
Көріндің өнер соққан зор мұрадай.
Қазақтың даласына сүйей салған
Қашанғы қара шанақ домбырадай.

Ғажап қой «Майшы» жайлау, тау «Сауысқан»,
Бауырынан өңшең бұлбұл самсап ұшқан.
Мұнда екен айтулы ақын, әйгілі әнші
Көмейі талмай жырлап ән тауысқан.

Ел кетті шопандардың тойып бастап,
Аспанның күнін ұстап, айын жастап
Қаратау мерекеге жатыр батып,
Алпыс үй алқабына тігіп тастап.

Ортада алып кілем көк орайдан,
Отырған жарқын халық, жағалай жан.
Зымырап жерден шырқап көтеріліп,
Қайтадан көктен жерге сорғалайды ән.

Сол кезде оны дереу қағып алып,
Ел жатыр қолын соғып, әм қуанып.
Бұлбұлдан бұлбұл асқан бір керемет,
Мың толқып тынар емес ән бұралып.

Сермейді Қаратаудың халқы қалай!
Күн батып, көкке өрледі шалқыған Ай.
Кең алқап электрмен кетті жайнап,
Ең үлкен дүниедегі сахнадай.

Қара, дос, осы сәтте дөңге шығып,
Тап-таза көк те тұнық, жер де тұнық.
Астында аяғыңның күмбір қағып
Жатқандай алтын теңіз тербетіліп.

Қалықтап сол теңізде аққу болып,
Ақ шолпы, жібек бұрым, алтын көрік,
Қара көз қарындастар би биледі,
Мен содан көз тоймастай таптым көрік.

Бір қалқа, ерке сұлу, балғын шабыт,
Алмадай екі беті бал-бұл жанып,
Асылып ақ білегі домбыраға,
Күй шертті-ау саусақтары сағымданып.

Дариға, бақытты еді елім қандай,
Өсірген өнерпазын өрім талдай.
Маржандай қаптап әкеп төгіп жатқан,
Тек қана қара да отыр көзіңді алмай.

Ал мына сахнаның кең төрінде,
Сахна емес, ел көңілінің ең төрінде,
Ленин тұр жарылқанған қазағының
Қуанып бүгіні мен ертеңіне.

Қаратау, қасиетті ата-мекен
Баурында өмір кектеп жатады екен.
Балаңмын, жомарт ана, ал кәнекей
Мен сенен жалын күтем, от дәметем.

Бер маған қуатыңды, шынға жет сен,
Ақын деп, менен жырды шын дәметсең,
Кір менің көкірегіме өлең болып,
Арман не айнытпастан жырлап өтсем!

Май, 1960

ТҮРКІСТАН ДӘПТЕРІ

МҰНАРА ТУРАЛЫ ОЙ

Ғабит Мүсіреповке

Түркістанның аспанында тұңғиық
Жерге балқып түсетіндей күн күйіп.
Сардалада ыстық сағым көтерген
Хожа Ахмет мұнарасы тым биік.

О, мұнара, ой саласың сен маған,
Ұлы ескерткіш әлдеқашан орнаған,
Қайран өнер, қайталанбас шын өнер
Ғасырлардың қанатында самғаған.

Сенен ұшқыр, сенен мәңгі кім болмақ,
Тұрсың асқақ көз сиқырлап, ой арбап.
Бұл далаға құдіретті таланттар
Талай келіп-кеткендігін баяндап.

Адамдар көп талпынатын жоқты іздеп,
Өнбес іспен өз өмірін өткізбек.
Өкінеді ол «өнерпаздың аты мен
Бояуының түрін тапқан жоқпыз!» деп.

Табылар ма жердегі жоқ ғарыштан,
Оралар ма жайлауына жан ұшқан,
Таптырар ма, тағы қайта келер ме
Бір-ақ туып, бір-ақ өлген данышпан!

Тұрмын бұл сәт өзіме өзім өкпелеп,
Мен мезгілді тоқтата алман өтпе деп.
Сендей ғажап мұнараның кірпіші
Болу үшін қанша қайрат, от керек!

Жолдар, жолдар, көп ашылған жол алдан,
Бәрі саған, бәрі сүйіп оралған.
Мұнаралар, мұнаралар жердегі
Бір кірпішің болсам менде жоқ арман!

ТҮРКІСТАН - ГҮЛСТАН

Бір гүл келіп көкірегіме орнаса,
Бір гүл келіп галстугін байласа,
Бір гүл келіп мойыныма асылып,
Самал болып, шашым сипап ойнаса,

Енді қалай қынжылмассың сен оған
Түркістанды Гүлстан деп қоймаса?!
Бір гүл келіп салтанатты сән кеште,
Салса шырқап сен сүйетін әнді еске.

Бір гүл келіп сусын беріп қолымен,
Бір гүл келіп көрік болса кеңеске,
Қайран ақын, қалай дәтің шыдайды
Түркістанды Гүлстаным демеске!

Алыс туыс, жомарт бауыр, ел ішім,
Қолымда асың, аузымда жемісің
Құлағымда жақсы сөзің, әзілің
Өзің болдың бір керемет мен үшін.

Қарт Түркістан, жас Гүлстан, Нұрстан
Дәл өзіңдей біз жасармыз жер үстін.

КӨҢІЛ КҮЙІ

Түркістанның көшелері ылғи бақ,
Кеудесінен бұлақ аққан құлдилап.
Жүре берсем, жүре берсем, дариға,
Қыз құшақтап, гүл иіскеп, сыр жинап.

Махаббаттың келеріне кім сенген,
Жаным ада болмай тұрып нұр селден,
Өткізбес пе ем осында кеп жастықты
Қашан ғашық боларымды білсем мен.

Оқасы жоқ оралмаса ол қалсын,
Туған елім өзің аман болғайсың.
Жастығымды қаншама рет сұрасам,
Соншама рет оралтатын сен барсың.

ҚАРАТАУ АСТЫНДАҒЫ ӨЗЕН

Таулары көп бұл қазақтың
Даласына орнатқан.
Қаратауға күн де жақын,
Жер де тегіс ол жатқан.

Бұл баяғы нақ «басынан
Көш келетін» Қаратау.
Қара көзді қалқасынан
«Жас келетін» Қаратау.

Мырғалымсай шахтасына
Түсіп кетсең - жер терең.
Аяғыңның дәл астында
Жатыр ағып ерке өзен.

Жұтсақ суын жанға рақат,
Тамсанасың «шіркін!» - деп,
Жатыр ағып жайбарақат
Жер қойнында бүлкілдеп.

Бүлк-бүлк етіп емшек емген
Сәбиіндей ананың.
Мінезі жоқ өршеленген,
Тәтті қылық, бала ағын.

«Ақтабан» боп ауған шақта,
Көшіп бастан алтын күн,
Қарт Қаратау қалған сақтап
Көз жасы ма халқымның?

Сөз таба алмай, мен үндемей,
Сол өзенге табындым.
Жүрегімнің діріліндей,
Ағынындай қанымның.

ТӨРТ ТОРАҢҒЫЛ

Бұл өңірде су да жоқ,
Шөп тобықтан аспаған.
Айқай да жоқ, шу да жоқ
Адам ауыз ашпаған.

Тек түндерде жалтылдап,
От ұшқындар тоғысқан.
Сауыттары сартылдап
Тасбақалар соғысқан,

Тек таң ата «ерлердің»
Көзі ұйқыға ілінген
Көзін аңдып, үстінен
Кесірткелер жүгірген.

Сол далада, о, ғажап,
Төрт тораңғыл тұр өсіп!
Аласа аспан - түстік жақ,
Төбесімен тіресіп.

Тұрған төрт бір алыптай,
Тамашалап қарайсың.
Аңызақтан жалықпай,
Көтеріпті талай сын.

Олар-дағы өзгедей
Жапырағын жайыпты.
Демей мына түз кедей –
Барыменен байыпты.

Көп іні - деп, кеп аға –
Күндемепті өзгені.
Мына жалпақ далаға
Аңыз бопты өздері.

Адам ұқпас сабырмен
Тұра берген маңқиып,
Жатса-дағы жәбірлеп
Дауыл ұрып, шаң тиіп.

Кім дерің бар, не деу бар?
Әйтеуір бір егілген.
Не күшті бар - соны аңғар,
Тіршілікке сенуден!

«Болған дейді бір батыр,
Аты қайдан табылсын!
Мына жерге қу тақыр
Салған дейді жанын шын.

Үлкен алып кетпенмен
Жер қазыпты терлеп кеп.
Таршылықты көп көрген
Елге азықты бермек боп.

Ол арманнан шыға алмай,
Өшіріпті өкпені.
Жер тісіне шыдамай
Қақ бөлінген кетпені.

Қырсығы мол неткен күн
Ер жігерін құм қылған!
Ашынған ол кетпеннің
Сабын быт-шыт сындырған.

Сындырған да, төрт бөліп,
Қу далаға лақтырған.
Шөл өзегі өртеніп,
Өз өмірін сап қылған...

Өлерінде жылаған,
Көздің жасын сарқып ол.
Сол көз жасы тулаған
Өзен болған арты мол.

Көп жыл тұрған сол өзен,
Мынау соның арнасы.
Суалған да кезерген
Дала еріні - жар басы.

Сол өзеннің орнында
Мына төрт түп тораңғыл,
Сынған батыр қолында
Сол кетпеннің сабы бұл!..»

Осы арада аңыздың
Үзіледі аяғы...
Ердің, әттең жалғыздың
Қайғылы өмір баяны.

Біраз үнсіз ойдан соң
Біз қараймыз далаға.
Көкжиекпен жалғасқан
Көк белдеулі араға.

Онда да бір төрт зәулім
Даусы көкті жаңғыртып,
Үңгіп жердің омырауын,
Келе жатыр салдыртып.

Экскаватор - ол батыр
Оның да өзге жыры көп,
Артында тау жол жатыр
Аңырар оның түрі жоқ.

Осынау жердің гүлстан
Болатын кезі бар әлі,
Атақты Арыс-Түркістан
Каналы өтіп барады...

СОВХОЗ «ТЕМІР»

Хан Темірдің орнында совхоз «Темір»,
Бұл кездейсоқ нәрсе емес - бұл екі өмір.
Қан төгілген алапта мақта өсірген
Заманыңның сырына үңіле біл!

Тарих деген - кітап деп ұқпа жалаң,
Тарих сенің өскен жер, туған далаң.
Сол далада өмірді сақтаймын, - деп,
Қаншама рет жоғалтты құрбанды адам?!

Білем оны, сүйемін білгендіктен,
Адам бақты болашақ күннен күткен,
Сол болашақ ішінде тұрмын жасап,
Әр күнімнің аяғы жырмен біткен.

Совхоз «Темір»... Я, бұл менің жерім.
Ата-бабам жеңгенін, жеңілгенін
Ауылымның жылаған, қуанғанын
Осы жерден оқиды көңілім менің.

Аппақ өңір... Шаң түзді мақта жапқан.
Таң да осынау өлкені мақтап атқан,
Күн де осынау өлкені сүйіп шыққан,
Қуан соған, жерлесім, мархабаттан!

АРЫС-БӨГЕН

Арыс-Бөген - екі өзен
Бірін-бірі күндеген.
Бір шапанда екі жең
Болатынын білмеген.

Не кінә бар өзенге?
Қалай оны тілдейміз?
Өзіміз де кей жеңде
Келісімді білмейміз.

Арыс-Бөген - екі өзен
Қосыпты енді бастарын.
Көк толқындар бір ерген
Айқастырып шаштарын.

Ортасында бір тоған,
Астында оның өңеш бар.
Соған симай бұрқаған
Ағыстарда егес бар.

Балықтарын қарғытып
Бөген айдап келгенде,
Қарсы алдынан жар күтіп,
Жібермейді кең жерге.

Қара ала шортан, ақ балық,
Атылса, бейне оқпен тең.
Тоғаннан асып, көк қауып
Арысқа барып, шолп еткен.

Ғажайып қызық көрініс,
Жағада қаптап тұрған ел!
Ауада айқай, көп дыбыс:
«Қармағыңды алып, мұнда кел!»

Өзеннің беті – сыңсыған
Базары дерсің балықтың.
Таусылған сабыр, мың шыдам
Жанында мына халықтың.

Ал мына жақта көл-көсір
Көкесі теңіз дегеннің.
Көзіңді сал да, көңіл өсір,
Қоймасы осы Бөгеннің!

«Екі өзенің қосылса –
Теңіз болар» - деген сол! –
«Ел қырсығы таусылса,
Арылады жерден сор!»

Деп мақалдап, қарт жырау
Қуанады Құрбанбай.
Сол шал болып, тап мынау
Ел қуанып тұрғандай!

КЕРЕМЕТ ҚАЛА – КЕНТАУ

Абай, Пушкин, Толстой,
Жамбыл, Шоқан, Ыбырай –
Бәрі де бір алып қой,
Өнері мол, жыры бай! –

«Оны неге тіздің?» - деп,
Таңырқама, дос, маған.
Тірлігінде «сіз», «біз» - деп,
Тағдыр басын қоспаған.

Осы алыптар Кентауда
Кездесіпті дәл бүгін.
Әр кешінде, әр таңда
Атайды екен барлығын.

Көшелердің есімі –
Дәл осылай қойылған.
Өңшең алып, ешбірі
Шығар емес ойыңнан.

Бәрі мұнда сәбидей
Сүп-сүйкімді, жап-жаңа.
Бүгін туған ән-күйдей
Көше жаңа, бақ жаңа.

Қаратаудың төсінде
Тіккен орда көп болған.
Ғасырлардың көшінде
Жығылған да, жоқ болған.

Жығылмас бұл, тұрар мың
Жыл өтсе де, жас қалам!
Достық - атты құралмен
Сомдап соғып тастаған!

ӨЗБЕК ДӘПТЕРІ

ТАШКЕНТ ҚҰШАҒЫНДА

Шаһар Ташкент төбесінен үңілсең,
Зор биіктен көре алмайсың үйін сен.
Ақ жазықтың ортасында керіліп
Секілді бір жатқан адам киімшең.

Көк шапанның айқара ашып өңірін,
Құшақ жайып, көзге тосып көңілін,
Өзбек әкәң өзі жатқан секілді,
Көп мейманның көктен тосып келуін.

Аэродром ақтасымен сырғанап,
Тоқтағанда самолетің бер қарап.
Жаңағы адам түрегеліп, алдыңнан
Күлімсіреп күтіп тұрар бір ғажап!

Төрт бұрышын керіп жайып тастаған
Дастарханда қасиетті ас-тағам.
Сәлемдесіп ақ тоқаштан үзіп жеп,
Сәкең біздің кездесуді бастаған.

Ғафур Ғулам жатқан кезде сүйісіп,
Төбемізде аспан балқып, күн ысып,
Көкіректі кетті билеп зор сезім
Рақат екен, о, шіркін, бұл туыстық!

Зымырадық, екі жақта ел тұрды,
Кәрі Ташкент кеудесі бір желпінді.
Кең көшелер бірін басып бірі озып
Бізді алысқа алып қашқан секілді.

Шаһар Ташкент - не зәулім үй бар қала,
Созылады алғы жаққа, артқа да.
Хамид Ғұлам күле қарап. Қояды
Екі сөздің бірі - ылғи «мархаба!»

Шаһар үлкен - жете алады тездеп кім,
Күлімдейді тас төбеден көздеп күн.
Біз келеміз бойлап Ташкент көшесін,
Біз келеміз ққшағында Өзбектің.

ӨЗБЕК ДОСЫМА

Өзіңмен тел еміп өстім Сырды мен,
Бірге бастым Мырза шөлдей қырды мен,
Мәңгі-бақи құшақтасып жатсын деп,
Жайған өзі табиғаттың бір кілем.

Алмастырып тақия мен бөрікті,
Қымыз ішіп, бірге қақтық өрікті.
Бір бірінің жалын сүйкеп атымыз,
Қатар шауып, бірге кештік жорықты.

Келді сатан сәлем бере сол бауыр,
Қолын бұлғап жолда талай қалды ауыл,
Аспаныңнан атып түсті құс болып
Бүкіл қазақ махаббаты сонда бір.

Шертілер той туыстықтың мың сыры,
Әне Ташкент құлақ тосып тыншыды.
Бірге соқты тынысымен заманның
Өзбек-қазақ жүрегінің дүрсілі.

ДИЛИЖАН

Хамит Ғұламға

Есімде Дили, сүйкімді сәби
Биледің биді, көзінде ұшқын.
Ауада жүзген саусағың бір күй,
Алдымда бала құстай боп ұштың.

Үй іші бейне сағымды дала –
Киіктей зырлап кеттің-ау бір сәт!
Үй іші бейне көк ала дария –
Жүздің-ау бір кез балапанға ұқсап.

Дір қағып иық, маңдайың биік,
Бусанып сәл-сәл мөлдіреп шықтай.
Әкеңнің тұрдың қолында сиып,
Бір уыс бейне ақ торғын бұлттай.

Көтерді сені, кетерді ол тіп-тік,
Төгілді селі көзіңнен нұрдың.
Қап-қара жанар, қап-қара кірпік,
Өзгеше ғажап күнге ұқсап тұрдың.

Өтсе де аз жыл, сағынып келдім,
Толсыншы биге бұл сапар үйің.
Тағы да талдай майысып белің
Билеші, қалқам, «Гүлбахар» биін.

«Әуп» етем сені, кел «ағатайлап»,
Қылықты сәби, нұрға бай, досым,
Төбемде менің сен болып жайнап
Өзбектің күні тұрғандай болсын!

БОЛАТ ДАСТАН

Айлар мен апталарды, күн мен түнді
Теміртау тер моншақтап білмей тұрды,
Поездар доңғалағы тозып талай
Бұл жерге ғаламатты мың келтірді.

Түнімен жер шегелеп жатқандай-ақ,
Арты кеп, алдыңғысы аттанбай-ақ,
Темірді теңдеп әкеп төгіп жатты
Қалған жоқ нелер ауыр батпанды аяп

Таң сайын сонау жазық өңір жақты,
Қара көк өркеш-өркеш темір жапты.
Адамның ми мен қолы жасап шыққан
Не ғажап келіп жатты, келіп жатты.

Теміртау асты темір, үсті темір
Қайысып қара терге түсті де бір,
Көкпеңбек болат болып көкке өрледі
Кірмеген мына дала түсіне бұл.

Қаншама темір кетті темір үшін,
Астына жалғамаққа жердің үстін.
Жазуға отқа төзгіш қалам керек
Мұншалық кереметін ерлік істің.

«Ал, кәне, қазақ шойын басталды, деп,
Көз қадап тұрды күтіп достар тілеп.
Қарады жүрек жарған қуанышпен
Бар қазақ кірпігінде жас мөлдіреп.

Басымен сонау домна аспанды ұрған,
Қос қазақ, өрімдей жас, қос балдырған.
Сескенбей бұйрық күтіп тұрды қатып,
Жалыннан адам түгіл тас жандырған.

Ал атты, атты дейсің аппақ жалын,
Мінгелі тартып қазақ аттың жалын.
Көзімен көрді міне алғаш рет
Жерінің шойын дария ақтарғанын.

О, шойын, тұңғыш шойын, өз ағысым.
Сен менің дүниеден сөз алысым,
Қаншалық аппақ едің, мөлдір едің,
Қаншалық ыстық едің қазақ үшін!

Аталар сан ғасырда туған еткен,
Жанында достық үшін құрбан еткен.
Тулатып ақ толқынын тағы берді,
Досына дос асылын шын дәметкен.

«Досқа бар, туысқа бар, өзбекке бар,
Бауырым қай күнімді іздеп табар,
Алдыңнан Беговаттың зор алыбы
Құлшынып құшақ ашып тез кеп қалар!»

Дегенде шоршып шойын мың бұралып,
Жөнелді қазақ жанын ту қып алып,
Тайраңдап тақиясын аспанға атып
Өзбегім қалды сонда бір қуанып.

Кетсе де жерге құлап, сынып аспан,
Жалыны мәңгілікке суымастан,
Тарихта қалды солай «Достық» атты
Болаттан жазылған бір сұлу дастан.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙