Өлеңімнің өзегі
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Авторы: Төлеген Рақымжанұлы
Төлеген Рахымжанұлы Өлеңімнің өзегі – Өр Алтайым Өлеңдер Алматы «Раритет»
Өлеңдер * Тегершігі өмірдің тоқталмайды, Қуалайсың арманың – көк торғайды. Шоқ тұтанса тұтанар күл болғанша, Күл тұтанып қайтадан от болмайды. Сағым болып жас күнің қайқаңдайды, Ұлғайған шақ талғам мен жай таңдайды. Солған тамыр бойымен қан жүгірмес, Қураған гүл қайтадан жайқалмайды. Көздің жауын алатын кереметтей, Мен сонда да дүниені керек етпей, Шыр айналып өлеңді шыға алмадым Отқа түсіп кететін көбелектей. Орып айтар орамға тіс батпайды, Көрікті ойды көбік сөз қыспақтайды. Құрық ұстап, бұғалық тастасам да, Асау өлең жалынан ұстатпайды. Туған жер – Катонқарағайым Көкшені көрмей-ақ өтейін, Баянға бармай-ақ кетейін. Туған жер – Катонқарағайыма Тезірек жетейін. УДК 821.512.122-1 ББК 84 (5Қаз)-5 Р 24 Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша жарық көрді Рахымжанұлы Т. Р 24 Өлеңімнің өзегі – Өр Алтайым: Өлеңдер/Төлеген Рахымжан ұлы. – Алматы: Раритет, 2014. – 224 б. ISBN 978-601-250-210-7 Ақын Төлеген Рахымжанұлы өмірінің соңына дейін ұстаздық ете жүріп, өмірін өлеңмен өрнектеп өткен жан. Кіндік қаны тамған топырағында шәкірт тәрбиелеп, жұртының қалаулысы, Қаратай елінің қадірменді шежіре қарты, қабырғалы жампоз ақыны атанды. Әр жылдары жарық көрген «Ағажай Алтайдай жер қайда», «Туған жер, сені жырлаймын», «Буырқанған Бұқтырма», «Асылдарым» атты өлеңдер жинақтары арқылы оқырман қауымға кеңінен таныс. Ұсынылып отырған «Өлеңімнің өзегі – өр Алтайым» атты жыр жинағы ақынның әр жылдары жазған таңдамалы өлеңдерінен құрылған. УДК 821.512.122-1 ББК 84 (5Қаз)-5 © Рахымжанұлы Т., 2014 © «Раритет» баспа компаниясы, 2014 ISBN 978-601-250-210-7
Дүниеде жер де көп құнарлы, Дүниеде тау да көп мұнарлы. Сол жерлер, сол таулар Катондай Қандырмас құмарды. Жапырақ жайқалған орман бар, Қыраттар аумаған қорған дәл. Еліне қайтқысы келмейді, Бұл жақта болғандар. Өзгеше көрікті бар шыңнан, Сүмбіле Мұзтаудай шаншылған. Қайтадан армандап қайтады Арманы таусылған. Туған жер, көркіңе бас ұрам, Катонға жетуге асығам. Айналып кетейін тауымның Арғымақ тасынан. Көкшені көрмей-ақ өтейін, Баянға бармай-ақ кетейін. Өзімнің Катонқарағайыма Тезірек жетейін. Өзгеше жарасып үнемі, Күні де жарқырап күледі... ...Осында тыныстап тұрғандай Алтайдың жүрегі. Өлең құдайы, сөз патшасы Абайдың туғанына 150 жыл толуына Доңыз жылы – Тоқсан бес – биыл кірген Жақсылықпен көп елді сүйіндірген. Үлкен-кіші мереке толып жатыр, Бәрін санап шығу да қиын бірден. Жолаушыға қазақтың жері – бекет, Басынбасын өңмеңдеп еліме кеп. Әз Жәнібек, Кереймен құрған дербес Бес жүз отыз жыл бұрын мемлекет. Бабам қашан қала сап, қоғамданған, Боздап жатыр көбейіп содан да арман. Бұтарланып бірнеше губернияға, Отарланып патшаға бодан болған. Кедергіге кездесіп талай тынған, Кемелденген асыл ой көп айтылған. Даналығын қазақтың қорытындылап Айту үшін данышпан Абай туған. Қара өлеңнің Абайды сойы десек, Шарт болар ма үйлесім бойына есеп?! Даналықтың үлгісі – әр шумағы, Әр тармағы мақалдай ойы кесек. Олқы түссе жолатпай шиыра теп, Ойсыз сөздің дегендей күйі мәпет. Абай қалай қиюын жымдастырған, Сөз батпанын балуандай иіп әкеп? Шырқау ойдың топта озған боз дарасы, Даңғыл жолда ап-айқын көзқарасы. Дана бар ма қазақта одан өткен, Абай – өлең құдайы, сөз сарасы?! Қуаң тартып әркімнің өз бақшасы, Әр дәуірдің ескіріп тозды ақшасы. Ескірмейтін дана кім одан асқан, Абай – өлең құдайы, сөз патшасы?! Жалаң айтпай ойының желең түбін, Түсінетін болдық па терең тілін?! Мазмұны мен маңызын орай тастап, Абай қалай өзгерткен өлең түрін!
Өнер – өлшем, ақынға ғылым – қазы, Айтқан шындық – ақиқат ұранпазы. Қай-қай жағын қалдырмай қамтып айтқан Абай – қазақ ойының білімпазы. Өз сөзінде ақыл-ой, бар ұстамы: “Мыңмен жалғыз неліктен алысқаны”. Қайталанса, мың жылда бір туатын Абай – қазақ халқының данышпаны. Бәйтерекше жайқалар жас талшығы, Дариядай көлдетер тас тамшыны. Оқи берсең, биіктеп шырқап кетер, Абай – қазақ сөзінің асқар шыңы. Айту қиын түгесіп, қозғап бәрін, Көтере алмай қайқаңдай сөз батпанын. Енді мүлде жараспас созбақтауым, Абай өзі жеткізген өз мақтауын! Қазақ десем, ойымда Абай тұрар Өтежан Нұрғалиевқа Қайран жұртым. Қазағым. Ұлы Абайым. Ұлы күнге ортақ боп тұр ағайын. Жеке дербес өрбісе данышпан ой, Сөз түсірген сызаттан сыналайын. Қалың елім. Қазағым. Дана Абайым, Ойын қуған, ой қуам, баладайын. Жетпей жатқан даналық өлшеміне Бөлшек болсам, қолдар ма дала дәйім?! Қайсар халқым. Қазағым. Жаса, Абайым! Сен нұсқаған бағыттан бас алайын. Орқаш-орқаш ойлардың тоғысында Кедір-бұдыр тегістеп қашалайын. Сайран елім. Қазағым. Ән Абайым, Сөз бен сазды әдіптеп саралайын. Сан жағынан қисынын билік білер, Сандал жанға санат пен сана уайым. Қайран халқым. Дидардай айна Абайым, Ой қазығың жібермес, байланайын. Синтетика жылмағай заманында Сенің шидем күпіңді аймалайын. Қоңыр үнің құлақта сазген екпін Мұхтар Әуезовке Күзде келіп, өмірден жазда кеттің, Алпыс төрт жыл жасадың, аз демекпін... Дауылпаздай өр еді шешендігің, Қоңыр үнің құлақта сазген екпін. Тағдыр қоймай, қазаққа керексең де, Тартылыс күш өрісі ерек сенде. Диқан қолың ғажайып құнарлы еді, Шыға келер құлпырып нені ексең де. Адам жанын зерледің нәзіктікпен, Туындылар солай дер жазып біткен... Тұлпардайын бір тері алынбаған Шабатындай көсіле жазықтықпен. Кемеңгердің өмірін таса деме, Танысамыз мұрамен аша келе... Пайғамбардай халқыңа боп аттандың Пайғамбардың жасынан аса бере. Шаң көмілер пікірлер қара дүрсін, Айтылуда жүректен ақ, әділ сын... Прозаның Бас абыз ақынысың, Драмада тағы да Баһадүрсің!!!
Ғылымның да самғаған талмас құсы, Қара қылды қақ жарған алмас кісі. Лекцияңа шәкірттер қаптаушы еді, Қазірде де Бас ұстаз – ең бастысы. Сом бейнесі әнеки, көрінді асқақ, Кейінгі ұрпақ даңғыл қып жолыңды ашпақ... Келешегін қазақтың көтеруге Бара жатыр алыптар тобын бастап. Тумысынан тегінде асылдық бар, Бас шұлғытқан әлемді басымдықтар... Мың жылдықты өлшеуіш етпеу керек, Миллион жылға ұласар ғасыр – Мұхтар! Тумысынан біте өскен кемелдік бар, Асыл ойды зиялы ел кенен құптар... Қазақ көркем ойының жиынтығы – Таудай биік, теңіздей терең Мұхтар! Тумысынан бойында жаңалық бар, Абыз тектес ақылман ағалық бар... Ғасырларды ғасырмен жалғастырған Адамзаттың ортағы – дана Мұхтар! Көзтаразы: асқар тауым – Мұхтар, Сөз де рас, дастарханым – Мұхтар. Қасиетін әлемге ашқан ұлтымның Саз бен назы, бас қалқаным – Мұхтар. Данышпаннан танысқаным – Мұхтар, Ғарыштардан ары ұшқаным – Мұхтар. Адамзатты сиқыр сөзбен баурап ап, Ағыстардан табысқан үн – Мұхтар, Көп сүйсінген көнем аты – Мұхтар, Шөп исінген өлең аты – Мұхтар. Кешегіден Бүгін озып Ертеңге, Өткір сүйген азаматым – Мұхтар. Мыңды ұйытқан кемеңгерім – Мұхтар, Тұңғиықтан тереңдерім – Мұхтар. Жаралғандай биігінен Әлемнің, Ылғи ұтқан, кенелгенім – Мұхтар. Үнің құлаққа жағымды, Тілің ұнатқан ағынды. Сөзің алыстан тереңдер, Өзің – данышпан, кемеңгер. Сахариев Баламер ағаға Өзен жағалап, өзегім талып, Алдымды орап ақ сағым мұнар. Ар жағын қалай сеземін танып, Жұмбаққа жұрттың аңсары құмар?! Көз жетер жерден Баламер аға Сәл қоңыр үні құлаққа жетті. Қайта құрылып қала мен дала: “Туды ма, Төлеш, сұрақ қажетті?!” Ауыздан сөзді айта алмай қалдым, Ұшты да күйлі жоғалып елес. Ішінде жүріп бал таңдайлардың, “Қайта құру, – дейтін, – жаңалық емес”. Құрылып қайта жатыр-ау жалған, Еліріп тұр-ау ереуіл аттар. Құтылса деген тоқыраулардан Тілек пен ниет келеді қаптал. Қаптаған сұрақ жауабын күтіп, Білсең де дұрыс айта білу бар, Домалақ арыз, жаланы түтіп, Жариялылық пен қайта құрулар. Үзілдің ерте, Баламер аға, Айтулы сыншы – мүбәрак ерім.
Қарамай қазір бәле-жалаға, Қысылмай еркін сынар-ақ едің! Теңселіп жатыр Бұқтырма тасып, Жонданған өркеш, толқындар асау. Тыныштық күймен күлкі матасып, Тылсым табиғатпен жарқыра жасау. Дәл он жыл өтті, сағындым, аға! Әңгіме шертіп көсілуші едің. Айналып кетіп әнің мұраға, Тарихта қалдың есімің сенің. Өзен жағалап, өзегім талып, Өкініш күймен тамсанып кенен, Өркендер ме екен кезеңің танып, Өткір сын керек, жар салып келем?! Дұрысы – Қалиханмен мақтанғаным Қалаға, кемеңгер жас – алпыстасың, Бұл шақта ақшам алыс, талтүс басым. Мол болсын ішкі тартыс шығармаңда, Өзіңмен өмірде ешкім тартыспасын. Мұзтаудай биік көрем шоқтығыңды, Нақыштап көркем сөзбен соқтың үлгі. “Мені айт” деп кезек күтпей таласады, Қырық жыл өзің жазған көп туынды. Тауысам санап айтып қайсыбірін, Әр сөздің сан құбылған айшығы мың. Данадай жаза білген шұрайлысын, Арадай таба білген сай шырынын. Қылығың – таза мөлдір сәби таңы, Ұлығым, сөзің қандай салиқалы?! Өлеңнің Тұманбай мен Қадырындай Қарасөздің Әкім мен Қалиханы! Өнбейді архив іздеп ақтарғаным, Айтар ма қан-сөлі жоқ ақпар бәрін?! Мадақтап жарытпаспыз Қалағаңды, Дұрысы – Қалиханмен мақтанғаным! Ақсудан “Қатын” жаққа бет түзеді Әзіл өлең “Қоңыр күз еді” деп тез кеп қойғаным, “Менің ағаларыммен” көп тойладым. “Бұқтырма сарынына” елтіп жүріп, “Тұйыққа” тіреле ме деп те ойладым?! Аралар “Қараорманды” ұғып қандық, “Ақсу – жер жаннаты” екенін біліп алдық. Ақсудан “Қатын” жаққа бет түзеді, Шындыққа шеберлікті кіріптар ғып. Болған соң лауреат озық атың, Жазбайды Қалихансыз сөзін Әкім. Басталып Алматыдан, Топқайыңға Өлеңі Тұманбайдың созылатын. Эссесі, сценарий, драмасы, Сәулетті, көркем сөздің мұнарасы. Дәмештей жеңгемізбен қоса ағарып, Бүгінде алпысқа кеп тұр ағасы. Туған жердің түтіні О. Бөкейдің 50 жылдығына көзі тірісінде жазылған Кейін шығар бастапқы соқпақ мәні, Болған дейді жасында көп тақпағы. Туа біткен киелі қасиетің Шыңғыстайды мекен ғып тоқтатпады. Қатын – өзен аты.
Қысылса да жөн-жосық сұрап батпай, Балаң сауал балуанды тұр аттатпай. Алып кетті-ау әулие қасиетің Аудандағы газетке тұрақтатпай. Ұшса қанат қатаяр, ширайды екпін, Нөсер болып төктің ғой, құймай кеп бір. Күллі қазақ құшағын аңсадың да, Өскеменге тағы да сыймай кеттің. Алматының түк етпес шығыны алаң, Мінсіз жетсін таланттың шыңына аман. Көтерілсең “Мұзтаудың” биігіне, Шырқау жолың басталған “Шұғыладан”. Оқырманың қабылдар сыйдай көріп, Адамдарың ажарлы бидай көрік. Алтай жақтан басталып, Алматыға “Сарыарқаның жаңбыры” құйды-ай келіп. Берік шыдам қабат кеп желең төзім, Билеп алған асқақ, ой терең сезім. Байқап көрдің бейімдеп әңгімеге Ұлы Абайдың құбылтып өлең сөзін! Саған риза туған жер топырағы, Өрнекті сөз өрмектей тоқылады. Көркемдіктің шабытты ақынысың Қара сөзің өлеңдей оқылады! Балуан тіл бір олай, былай келіп, Еркін ойға тәуелсіз ұнайды ерік, Ана сөздің үңіліп тарихына, Қара сөзге көрікті шырай беріп. Жігіттейсің сен әлі сырбаз өңді, Тума талант таңдамас тура жолды. Төрт түліктің төресін тәптіштеген, Тарлан тартқан әңгімең “Бура” болды. Таптаурынға салмайсың белгіліні, Қатарыңның өзіңсің ең мығымы. Сезімін де дәл беріп, түйсігін де, Суреттедің адамша “Кербұғыны”. Тоқырауда тұсалған матаулы ер ең, Тері алынбай толғанған ақаулы ерен. Тоңмойынды дойырмен сұлатқан соң, Тоғышарға ұсынған “Атау-керең”. “Текетірес” болғандар қайдан да оңар, Титықтаған қай кезде жайлау қонар?! Тұрмыс билеп ой-санаң күйзелген соң, Тіршіліктің “Бәрі де майдан” болар. Әр сөзінде ойнақ сап астарлы ұғым, Түсіндіріп тағдырдың басқалығын. Уыз сезім оралмай өтіп кетті, Балалық шақ “Қайдасың, қасқа құлын?!” Тілін білдің долының шайпау, қотыр, Сыншы халқың сырыңды байқауда отыр. Ар-ұяттан аттаған пенде болса, Еске салды құдайын “Сайтан көпір”. Жастайыңнан дәстүрге мәншіл едің, Алай-дүлей іштісің – әнші керім. Елестейді көзіне оқырманның Асанәлі – Бекежан “Қамшыгерің”. “Көк тайынша” қайырар күйісті ептеп, “Тортай мінер ақ боз ат” қиыс беттен. “Өз отыңды өшірме”, “Қар қызымен” Туған жердің түтінін иіскеп кет!!! “Үркер” туа ашық қой қашан аспан, Өркен жайған тамырсың “Жас алаштан”. Жарқыраған “жұлдызың” биіктесін, “Қазақ әдебиетінде” жаса дастан!
Жасын ойнап жатқандай соны шақтан, Кезінде де мөлдірсің “Терісаққан”. Қаламыңнан ұдайы сөз бастадың, Қолбасшыдай көрейін сені саптан! Ақын сыры Ақын шынын айтқанда, қызық көріп, болма таң, Әр өлеңді жазғанда тұмса болып толғатам. Жайшылықта тоқжарау бедеудеймін кәдімгі, Бірақ мені сынайтын сапар ұзақ, жол қатаң. Көріне алмай жатырмын, қиыр жайлап, шет қонып, Жазғаным да ондаған әлденеше бет болып. Ар жұлдызым – айтқаным, ұялмайтын күн туса, Қолжазбаммен өзімді орап-орап, кет көміп! Сырқаттанып келемін өлең деген дертпенен, Шабыт менің пырағым, сайлы қылып ерттеген. Тындырғам жоқ бір істі шығатындай көңілден, Артық болды уәде, ауыр екен серт деген! Өнер жолы, не деген тайғақ едің, қиын ең, Сыр тыңдаймын қайтадан сыбызғының күйінен. Жұдырықтай жүрекпен толқып тағы түйілем, Түлкі болса тақырып, қыран болып шүйілем. Жолсыз суыт келемін тау арасы сүрлеумен, Домбыраның ішегіндей күмбірлейді жыр-кеудем. Кетсем кейде сүрініп, қалсам бірде адасып, Сағынысып қауышам сыбызғылы күндермен. Әлі келе жатырмын бір жығылып, бір тұрып, Намысыма қызынып, алға қарай ұмтылып. Көкірегімде жарқылдап ойнап жатыр найзағай, Түйме бұлт жоқ аспанда, болса дағы түн тымық. Біз қандаймыз, қазақтар? Қазақтар-ау, дәл қазір біз қандаймыз, Қару алсақ қамалды бұзғандаймыз... ...Өліп жатып күндейміз өзімізді, Өзгелерден неге өстіп қызғанбаймыз?! Қазақтар-ау, дәл қазір біз қандаймыз, Ішпей жатып, масайып қызғандаймыз. Өзімізге көрсетіп төрешілдік, Өзгелерге неге өстіп сызданбаймыз?! Қазақтар-ау, қазақтар, біз қандаймыз, Жолы қайсы нарықтың сызғандай біз?! Шала-шарпы, жарымжан өсек естіп, Қауым елге жеткенше ызбаңдаймыз. Өзге жұрттың бақытын қызғанбаймыз, Түсі бөлек нәсілге сызданбаймыз. Өзімізден жамандық артылмайды, Жақсылықпен тағы ешкім шарпылмайды, Қазақтар-ау, қазақтар, біз қандаймыз?! Құдайға наз Мынау сараң дегізбей, анау жомарт, Алакөз боп екі жақ қарау нәмарт. Жұмақ-тозақ сапары қатар түсер, Әмір ием, маған жүк талаурап арт! Мынау түзік дегізбей, анау бұзық, Намыс жоқтап жүргендей таралғы үзіп. Ішпей-жемей масайып, топ-тоқ болып, Құдіретіңе, Тәңірім, қалам қызып. Мынау жалқау дегізбей, анау пысық, Қалмасыншы көңілге жамау түсіп... ...Бірдей жүріс бәріне бермедің бе, Жететіндей мәреге жарау пісіп?!
Мынау мықты дегізбей, масаң анау, Жарқырата алар ма тасаны алау?! Сыбағасын қылдай ғып бөлмедің бе, Бәрін өзің түрлеген Жасаған-ау?! Мынау ойсыз дегізбей, санатты анау, Бабы бірдей емес пе талап-қалау?! Ақыл-ойды тең бөліп бермедің бе, Сырт пішінін ұқсатқан Жаратқан-ау?! Сахариев Мұхтар ағаға Құйылма шежіре едің, Мұхтар аға, Құр сөзді айналдырған құтханаға. Қасыңда тайлақтайын тайраңдаушы ек, Қажырлы нар жолында жүк қала ма?! Шертуші ең әңгіменің не түрлісін, Қатарлап бір аңыздың жеті үлгісін. Көзіме елестейсің бұрынғыдай, Өткенді айтып отырған секілдісің! Іріктеп мәндірегін, маңыздысын, Қызықтың қыздырмалап тамызғысын, Тағы да баяғыдай әңгімеге Қызықтырып отырған тәріздісің. Ұшырған шежіренің мият құсын, Артыңда ілігің бар – тұяқтысың. Өзіңді қоршап алып тыңдағанда, Әңгімең сарқылмайтын сияқтысың. Тумысы жаратылған өлең тістей, Арнаңнан ақтарылдың мол Ертістей. Мынау жалған дүниеден өте шықтың, Өзіндік биіктіктен төмен түспей. Ғасыр тоғысы Жиырмасыншы ғасырдың ескі етігін, Киіп алып, қарашы ес кетуін. Ес шығатын жөні бар, өйткені мен Жиырма бірінші ғасырдың эстетімін. Жиырмасыншы ғасырдың жоқ сөйлемін Айтайын деп қарашы көп сөйлеуін. Көп сөйлейтін жөні бар, өйткені мен Жиырма бірінші ғасырды көксеудемін. Жиырмасыншы ғасырдың сылқым таңы, Жаңа мода іздетіп бұлқынтады... ...Шидем мен тон қабаттап киген өлең Сол жиырма біріншіңді де құлпыртады. Шипажай Тауды көрсең шың-құздарын мұз басқан, Шипа сумен жаңбырлатқан сүзгі аспан. Мына менің туып-өскен Алтайым, Көркін жырлап бере алар ма жүз дастан?! Шыңды көрсең, мөлдіреген шыныдай, Аңыз болған жұмбағы мол, сыры бай. Мына менің Алтайымның Мұзтауы – Күн нұрымен жарқыраған жыр ұдай. Өзен көрсең Мұзтау жақтан басталған, Таудан құлап, құлағандай аспаннан. Мына менің сарқырама – Бұқтырмам – Катон бойын жалғыз өзі жастанған. Көз тойғысыз таулы өлкеме қарасаң, Бастау көрсең, қасиетті орасан. Мына менің шипажайым табиғи – Рахманов қайнары осы – Арасан.
“Шұбартөс” шақырады Жолым түспей жүр ме осы бекер менің, Осы ғана болды ма жетер жерім?! Торқасқаға тағы да қарғып мініп, Шұбартөстің үстіне кетер ме едім?! Шұбартөстің үстіне шығар ма едім, Күш-қуатым жетер ме бұған менің?! Қансонарда Шұбартөс қарауылым, Не болмаса шарт сынып құлар жерім. Былтырғыдай тағы да шалқып-күліп, Торқасқаның айылын тартып мініп, Қансонарға, Кеңесбек, аттанар ма ек, Ат тұяғы ақ қарды тарпып тұрып?! Қара қостан жөнелсек ұзап тағы, Көкжиектің көрінбей сызаттары. Келіп қалды-ау қараша, қансонарды, Қалыңдық қып күйеуге ұзатқалы. Серік қып аңшыға тән әнді берік, Таутекеге ит қосып, аңдыр едік... ...Ойхой, шіркін, олжалы оралған соң, Айтар ек-ау таусылмас әңгіме ғып. Тау үстінде жел – самал, ауа – сайын, Дәрі болар дау сайын, дауа сайын. Құрыстаған денемді жазу үшін, Кеңесбек-ау, ат қайда, тау асайын?! Сары алтындай шапанын жамылды алап, Сәтте өзгеріп кетердей дамылдап ап. “Шұбартөске” барайық “Қазақ жолмен”, Көп жүреміз “Ирекпен” қабырғалап. Күз көркіне дұрыстап қарайықшы, “Шұбартөсте” тыныстап алайықшы. Мылтықты қой, екеуміз күздігүнгі Соңғы шыққан гүл ұстап алайықшы. Күз салқыны қыза ма, от бере ме, Қыздырмаса орынсыз өкпелеме?! Нәзіктікті әлпештеп өту үшін Жеткізейік сол гүлді көктемеге. Біз де бір сәт жасарып қызынайық, Жыл маусымның тұрғанда күзі байып. Ойдағыны ірікпей дер кезінде, Сөйлеп қалу керек қой біз лайық. Тағдыр бізге тәуелді төзді делік, Ұстау керек сол үшін сөзді берік... ...Жер-дүниеге тағы бір қарайыншы, “Шұбартөстің” үстінен көз жіберіп. Қансонар Кеңесбек, тебін жақтан келтір атты, Пейілмен шабыстысын бер тұрақты. Жортайын Қансонарда ой мен қырды, Із кесіп бетке алайын бел-қыратты. Демін кең алсын атың иінінен, Жол тартып көптен бері түйіліп ем. Көрейін көз жіберіп айналаға, Шығып ап “Шұбартөстің” биігінен. Бойыңда болса болар асқан жігер, Мен десең, өзің сүйген “Қасқаңды” бер! Байқап ем сүрінбейтін қасиетін Орғытып таутекедей тастан жүрер. Қасқаны бар шабыспен ағызайын, Алыстап қарақостан тағы ұзайын. Қалайша құр өткізем қансонардың Қашанда мынау дейтін нағыз айын?!
Заман кімдікі? Жастайыңнан жан рақат болған дербес, Көлденең көз киліксе қорған бермес. Жарға жығып кетсе де орға итеріп, Мен бір іске бел будым қолдан келмес. Бастасам ба қазірден жеке қалып, Айтар сөзім ақиқат екені анық, Ақша билеп нарықтық қатынасты, Тәртіпсіздік тұрса да етек алып. Шайнар едім көкжалша көлемі ұтты, Мытиын ба аюша төрелікті?! Арыстанша ақырсам, былқ етпейтін Өресіздер қалайша өлең ұқты?! Жегідей жеп жатса да ішімде мұң, Ешкім білмес тұңғиық пішіндемін. Көп сұраққа толғанып жауап таппай, Көлгір заман мынау-ақ түсінгенім: Мына заман төрешіл шендінікі, Жеп үйренген майбөксе шелдінікі. Күң мен құлдың жоғалса жексенбісі, Кембағалдар, көзіңмен жерді нұқы. Мына заман қартаймас жасаңдікі, Бой алдырған ішкенге масаңдікі. Пысықтардың дәурені жүріп жатыр, Күн туар ма болатын нашардікі? Мына заман би болған қатындікі, Бас изеген шыбындап мақұлдікі. Сырт айналса өлеңнен артын беріп, Болғаны да құр далбақ ақындікі! Мына заман пұл болған сиырдікі, Бұлтақ ізін жасырған шиырдікі. Тәуелсіздік түбіне жеткендейін Өндіршегі үзіліп қиылдікі. Дүниенің бар құты тіреудікі, Одан-бұдан сапырып күреудікі. Үлес алып қалмасаң, ұпай жинап, Түбі өзің де боларсың біреудікі! Түнгі сарын Түнгі сарын. Тұрып кеттім төсектен, Шықтым үйден, ауылдан да шеткері. Қайран менің жастық шағым бос өткен, Тіршілік те, өліара да өтпелі. Ес жинасам, маңдай алдым – зират жақ, Мең-зең қалпым жалт қарадым аспанға. Қараңғыда күй шойнақ та, би ақсақ, Қараңғыда ой шіркін де астарлы, ә?! Көз алдымда қара кетпен, көк тесе, Көрінбейді қараңғы жол сорабы. Бұған дейін ағып түсіп кетпесе, Көк төсінде тұр жұлдызым жоғары. Дәл ортада тербетіліп мен тұрмын, Ауыл – анау, аруақтар – мына жақ. Тілімді әрең кәлимаға келтірдім, Көкке қарап жасай бердім мінәжат. Ойға батам Тағдыр кейде мейірлі, кейде қатаң, Кейде тарпаң, ал кейде жай момақан. Негіздемек болам да соның бәрін, Жалғыз тірек дәл мендей ойға батам. Не біледі тереңді бойламаған, Не бітірер уақытша қойған адам?!
Жүйелемек болам деп соның бәрін – Жалғыз тірек дәл мендей ойға қалам. Кім түсінер мұнымды байбалам деп, Бір кісілер жүр ме осы бәйге алам деп?! Шешпек болып түйінін көп сұрақтың, Оңашада отырып ойланам кеп! Шығам ойдан серпіліп, ширатылып, Қызықтырып ән елтіп, күй батырып. Ұшығына жеткізбес ойлар қамап, Тағы бір кез отырам “ми қатырып”! Көкдөнені көңілдің Құлагердей, Өзгереді тіршілік тұра бермей. Дүниенің кіндігін ұстап тұрған Адамзаттың тағдыры мына мендей! Өзекті жарып шыққан өлең Жетпіс жыл желкенімді шайқадыңдар, Енді тыңда, менің де айтарым бар. Тоналғаным аз емес, содан маған Тілім, дінім, иманды қайтарыңдар!!! Өздерің біл, мақұлда, мақұлдама, Көкорайдан қалғаны – тақыр дала. Жұрдай бола жаздаппын бәрінен де, Қазақ деген сақталып атым ғана. Заман бұлай тұрған жоқ жаралғаннан, Деген қисын тарап жүр мамандардан. Езіп түскен еңсемді тоқырауда Кетпей қалай кірігіп, аман қалғам? Өткірірек естілсе сөзім бүгін, Оңай емес ашуы төзімдінің. Салт-дәстүрін халқымның аялаңдар, Тіліме де сала жүр көзің қырын. Кірбің болып кетпейді шырадай мұң, Әкімдіктің әрқашан ұраны – айбын. Өзімдікін өзіме қайтарыңдар, Шектен шығып дәнеңе сұрамаймын. Қуанамын, туыстар жеріне ме, Түсінісіп жатқанда келін-ене?! Өзге жердің пұшпағын қаламаймын, Өзім ие болайын жеріме де. Жер-жебірімді қазып үңгір еттіңдер, Жекен-суымды лай қылып кеттіңдер. Енді соны даулап алсын, жасаған, Менің момын қазағыма екпін бер. Елді көрмей, жерді көрген қайраткер, Жұртты көрмей, бұлтты көріп жайлат кел. Енді соны жария қылсын, жасаған, Менің жуас қазағыма қайрат бер! Жара жатыр қаншама ұзақ жыл емдер, Кезең туды жолсыздықты жүгендер. Бассыздыққа тұсау болсын, жасаған, Менің төзгіш қазағыма жігер бер?! Қазақ осы ерте оянып, кеш білген, Бар жұмысын тоқ етермен шештірген. Кімге болсын ойын айтар ірікпей, Қарызданып сөз алмайды ешкімнен! Оңай болмас шетке барып жерсінбек, Қазағымда орын алмас кемшін бет. Кеш қалмасақ сол жайбасар мінезбен, Жанға – қуат, тілге медет берсін деп.
Сөз алғанда азаматым сом бөлек, Артта қалып, жүреміз бе сөлбіреп?! Қайтарайық қазынасын халқымның, Тоң жібісін, демеп жібер соңғы рет!!! Катабайка Катабайка – қашаннан қиын асу, Қиындықпен қиын ғой қиюласу. Оңай шығар деймісің, жүргізуші, Бірінші жылдамдықтың күйін басу. Қиындықтың көп татқан қатал дәмін, Өрісі кең, жолы ұзақ сапардамын... ...Кеше ғана білдім ғой Катабайка Катабайка қалайша атанғанын?! Кеткендейін бір ғана сәті қапы, Емес екен батыр мен ақын аты. Атам екен ол менің көз көрмеген, Сол атамның шын аты – Қатыбақы! Еңбек етіп өткерген қару-әлін, Табиғаттың үйреніп дару әнін. Қыстау салған мекендеп осы араға Бірі екен ғой жұпыны шаруаның. Тауысар ма көп сырды сапар айта, Жаңғырығып сан менен сапа қайта?! ...Бір дуалы ауыздың құдіретімен Қатыбақы атанған Катабайка! Ой Тыным бермей мазалайды ой күнде, Еңсе түссе, Көтерілмей бой мүлде. Орыныңды таппаған соң, Өмірге Өкпеледің, өкпелемей қойдың не?! Қажет емес алдамшы үміт, жалған бақ, Мақсат – менің жолдамам да, ар – мандат, Дүниенің кетігіне кірпіш боп, Қалансам деп келем әлі армандап. Көгершіндей көгімде ұшып бір үміт, Түнерген бұлт бара жатыр түріліп. Бір қыран құс айдынында көңілдің Оп-оңай-ақ шүрегейді жүр іліп. Мына күйім минут сайын әрқилы, Бар болмысым ойдан ғана балқиды. Шөгіп бара жатқан менің еңсемді, Тұлпар ойлар тұяғымен тарпиды. Арманым Арманым жалғыз өзің, кермиығым, Асылдай жалт-жұлт еткен зер киігім, Адасып жүріп сенен күдер үзбей, Аластап махаббатпен жол күйігін. Билеген бұратылып жез киігім, Белдеуден бері салсай көз қиығын. Балама таба алмаспыз махаббатқа, Бағасыз ете алмаспыз сөз биігін. Жарқыным, қол жетпестей биіктейсің, Жасанып орғып тұрған киіктейсің. Жаныма жағатын сөз: “Мына сені Жалғанда өте шығам сүйіп”, – дейсің. Еркеш Ибраһимнің ізімен Бір ауыз сөз арман болды айта алмай, Бір ауыз сөз қалып қойды байқалмай. Бір ауыз сөз жан түкпірін қозғайды, Бір ауыз сөз көңіліңді қайтармай.
Бір ауыз сөз шабытты шақ жақсы айтам, Бір ауыз сөз тыңдаушы жоқ, жат сойқан. Бір ауыз сөз – ойлап тұрған періште, Бір ауыз сөз – ойнақ қылған ақ сайтан. Бір ауыз сөз, мұқтаж мүлде бастайды, Бір ауыз сөз, ұстаз мүлде саспайды. Бір ауыз сөз дүр сілкінтіп серпілтер, Бір ауыз сөз желпіндіріп тастайды. Бір ауыз сөз – тыныштықтың қорғаны, Бір ауыз сөз – тіршіліктің орманы. Бір ауыз сөз – жарым ырыс жан байыр, Бір ауыз сөз – тылсым күштің арманы. Бір ауыз сөз арқау етер дастанға, Бір ауыз сөз дарқан еткен астарға. Бір ауыз сөз қанат байлап көңілге, Бір-ақ самғап көтереді аспанға. Бір ауыз сөз жарып шыққан жаныңды, Бір ауыз сөз қызған шоқтай жалынды. Бір ауыз сөз өне бойды балқытып, Бір ауыз сөз қуалайды тамырды. Тісім менің Бойымдағы қайратым – тісім менің, Бүтін болсаң, Мен жап-жас пішіндемін. Қызыл тілге ие боп тұрған да сен, Сыртқа шықпай құпиям – ішімдегім. Қылшылдаған шағыңда тас та шайна, Бірақ... Өткір беделді босқа шайма! Уыз тісі шыққандар қас қылмайды, Темір тіспен, тегінде, басқаша ойна! Тісім менің, Сен барда иек қызып, Тағдыр маған қойғандай сый өткізіп... Болашағың көптен-көп ойлантады, Алтын тістер жүргенде сүйек мүжіп. Леп белгі Ырғақтың леп белгсі – төте мүлкі, Бір дауыс сәл-ақ қызып өтер ілкі. Кейде леп қойылатын кезі болар, Сол дауыс шықпаса да көтеріңкі. Бір дауыс баз біреуді іреп келді, Бір дауыс зор таяныш, тірек берді. Аңғартып келе жатқан соның бәрін, О, сенің қасиетің, леп белгі! Жақсының ылғи тұрсаң соңына сен, Дұрыс-ақ дер едім ғой оның әсем... Сап етіп кеп қаласың қайбір жақтан, Шықса да күйініштің жөні бәсең. Тұрғандай ол біреуді тамсандырып, Біреудің жан дүниесін жансар қылып... Бір сөйлем жазсам деймін өмір бойы Қоятын шартарапқа жар салдырып. Өнердің шын дәстүрі болып әдеп, Уәде берсем қайтер соңыра деп?! Ақыры сол сөйлемді жазған күні Қоятын-ақ шығармын соңына леп!
Демократия Сорын қайнатқан, Қолын байлатқан, Дерек іздеген, Өлім-айғақтан, Демократия. Өзін ойлы еткен, Сөзін сөйлеткен, Қызыл тамшылар Төзім көйлектен, Демократия. Келдік, кеш қалдық, Көрдік астамдық, Түспей ауыздан Теңдік, бостандық, Демократия. Пәни жер-аспан, Сәби тәй басқан. Тұрды шақырып, Ақ үй қоймастан, Демократия. Әнің жыр еткен, Жанын жүдеткен. От боп атылған Жалын жүрекпен, Демократия. Ынтымағыңды ойла Мен, шіркін, десең, сұрағыңды сапыр. Ел-жұртым десең, ұраныңды шақыр. Қайтаруды есе жамылып бетке, Тайпа-ру десе жанығып кетпе. Тізгін өнімдей Қызыр қоймасын, Жүзге бөлінбей жүзің жайнасын. Қазақ десе қаның қайнасын, Алаш десе Арың ойнасын. Мүмкін десең, шын тұрағың қайда? Ұлтым десең ынтымағыңды ойла! Ана тілі Көз сүйсінтер бала мүсін, дана түр, Тұла бойды кернегендей бар ақыл. Сол бейнеден айтарыңды бұлжытпай, Уыз дәммен жеткізеді ана тіл. Ана тілі – ең нәзігім, ең еркем, Бұл жалғанда кім бар оған келер тең?! Өз тілімде бүгін ойды аяқтап, Өз тілімде сөз бастаймын мен ертең. Өз тілімде ән шырқайды құс таңдай, Қанатты сөз әлем кезіп ұшқандай. Шыңыраудан шығаратын сезімді, Өз тілімде қуат қандай, күш қандай! Анам мені осы тілмен әлдилеп, Әкем тағдыр талқысына салды илеп. Өз тілімнің сазын айтып құйқылжып, Бара жатыр қызыл-жасыл шар билеп.
Өмір мен ауыл Ой, өмір-ай, ағыстың қарсы аққаны-ай, Қарсы аққаны-ай, тыныштық аңсатқаны-ай. Тыным іздеп ауылға келген басым, Жас та болсам, тыныштық шаршатқаны-ай! Ой, өмір-ай, әдейі теріс аққан, Талқан шығар келі мен келсаптан. Аяғыма оралғы тауып беріп, Шығарғысы келмейді мені саптан. Түсіп едік бір жолға құдай атқан, Қарашы енді, ағысты былай аққан. Ырық бұзбай ыңғайлап жатыр ауыл, Той-думанмен ұстап ап бір аяқтан. Тағы ағысқа кезігіп олай аққан, Көбік шашып толқынын борай атқан, Ауыл, шіркін, қызықтап босатпады, Шідер салып оң аяқ, сол аяқтан. Ой, өмір-ай, енді ағыс босай аққан, Қалғып бара жатқанда дос оятқан. Ауыл деген жібермей алып қалды, Тіршілікпен шырмап ап қос аяқтан. Мен кінәлі Қалқам, сені кінәлайын неге мен?! Баяғыдай көңіл болсын деген ем... ...Бірақ енді соның бәрі арман ғой, Ортасынан қақ бөлінді керегем. Ызғар шашып ұя қалды қаңырап, Түк сезбедім, сен жыладың аңырап. Жылы орыннан қашып кеткен мен бейбақ. Ортасына түскендейін шаңырақ. Соның бәрі болды менің өзімнен, Сен шыдадың Шыдап бақтың төзіммен. Енді қалған тіршілік те далбаса, Ал ішімде боздайды бір боз іңген. Кешерсің бе, мен жазықты, күнәлі ем?! Мені ғана сынап, бағып тұр әлем, Сен көтеріп жүргеніңде бақытты, Семіздікті көтере алмай мына мен. Баяғыдай көңіл қайда? Енді не? Түзу жолдан адастырған жел, міне. Қандай азап тартқызсаң да пейілмін, Аяқ-қолды арқан тартып кергіле. Баяғыдай іңкәр көңіл – құштарлық Болып қайта оралар ма ұшқан құт?! ...Жазылмайды тілеп алған ауру – Өз басыма өзім салған дұшпандық. Жүрек шапағаты Өлең деген жазылмайды-ау бекерге, Айқын ойлар айтқан жерге жетер ме?! Әлде ақынның шым еткізіп жүрегін, Бір өткінші кезең болып өтер ме?! Әлде ақынның сол жүрегін езіп тек, Түк түсінбей отырар ма ежіктеп. Өзгенің де аулай ма екен көңілін, Ешкім білмес бір қиырдан сезіп кеп. Тек ақынды тебірентіп, тербетіп, Терең ойға батыра ма селдетіп. Түсіндіріп айту қиын түгелдей, Тек өлеңмен тола қойса кем-кетік.
Бұл өлеңде ғажап сиқыр бар бірақ, Сол сиқырдан қалатын көп албырап. Өлең деген – сылдыраған балбұлақ, Өлең деген – жағадағы тал-құрақ. Осы өлеңнің қуат-күші болмаса, Жарым көңіл бүтінделіп толмас, ә?! Таңдай қағар өлең жазу мүмкін бе, Шабыт құсы сәтті күні қонбаса?! Төңірекке тараса өлең шуағы, Қысылғаннан қымыран боп шығады. Өлең ғана өртенеді өзекте – Махаббаттың, шапағаттың шырағы. Менің бақытым Тілдей бетте өмірім бүкіл менің, Ештеңені қиратып бітірмедім. Ой ширатып, түзеліп пікірлерім, Орналасты қисайтып үтір белін. Бір нүктенің сөйлемін бүтіндедім, Бір сөйлемді жөнге сап түтудемін... ...Балғын сегіз баланың әкесімін, Тоғызыншы бір ұлды күтудемін. Бес ұлым мен үш қыз бар қазір менде, Адамдыққа талпынып әзірленген. Уақытым зымырап өтіп жатыр, Балаларды ойнатып, әзілдеумен. Сомбреро қалпағы – күн қағары, Тоғызыншы, сеземін, ұл болады. Жөні бөлек ырымның, бара жатыр Түтінімнің биіктеп мұржалары. Тәуба, тағдыр бергендей кіл жаңаны, Тайқы біткен маңдайдың тұр жауабы. Төңіректеп шықпай жүр балаларды Пырақ болып ұшуға бір жабағы. Жанұямда болардай алты ұл, үш қыз, Жарылқансақ, әлемдік тартылыспыз. Тірегіміз – әрқашан бейбітшілік, Тілектеспен кіндіктес, жан туыспыз. Құлдыраңдап ойнаса тоғыз балам, Қырға сүйреп шығарар өгіз болам. Қиын емес асатын асқар тау да, Бұйым болмас кешетін теңіз маған. Қалыптасар жасынан ең ізгі адам, Қасиетті жап-жатық негіз бағам. Балалар деп толғайды сыбызғы-тау, Балалар деп сызылтып қобыз-далам. Қайғы жоқта қанағат қара су да, Не жетіпті таласып, санасуға?! Маған біткен байлық пен бақыт түгел – Менің тоғыз баламның анасында! Қолды болған бәсіре Ұрланған малдың Айдар – бас иесі, Күрең байтал – жиенімнің бәсіресі. Сандалдым екі ай іздеп, тұрмаса да, Тіреліп соған ғана несібесі. Біреудің жат қылығын біреу байқар, Көрдім деп барымтадай сүреңді айтар. Екі ұры елең-алаң іліп кетіп, Өрістен қолды болды күрең байтал.
Жиенім – періште әлі сәби атты, Жаңа айырған жұпар мен аммиакты. Іңірде қолды қылып бәсіресін, Боп жүрмін жиен алдында мен ұятты. Жылқыға келген ізі бар қос ұрының, Жасай ма түн жамылып дос ырымын?! “Алыстан іздеме, – деп айтты куә, – Мойнына салып берем осы бүгін”. Жоқ іздеп түзегенде жарық бетті, Сөзінен көрген куә танып кетті. Учаскелік өкіл де ұрылар жақ, Мал ізін жасыруға барып кепті. Ұрының мықты сүйер бәйтерегі, Дәл соған сүйенбесе, қайтер еді?! Індетіп іздемеді, шіркін, әттең, Құйрығы шығып тұрған байтал еді. Бағынбас, заңға көнбес тасыр емі, Бұл неткен арсыз, бетпақ ғасыр еді. Суырып алып шығып бере алмады, Сирағы шығып тұрған бәсірені. Қорқа ма, ұры-қары жүр алшаңдап, Қуанып “қусың” десе шығар самғап... ...Мойындар емес ешкім ұсталса да, Ойым бар енді ұстасам, ұран салмақ. Өлең туралы Өмір қарыз тәрізді төленбеген, Қызық бардай мен әлі бөленбеген, Сол жұмбақтың шешуін табар жолда Мен өлеңнен адасып, өлең – менен. Өлең, шіркін, өнетін орта қандай, Секем алып үріксе, қорқады аңдай. Шешемін деп жұмбақты алаңдаймын, Айықпаспын сол дерттен сорпаланбай. Тұрғандаймын шәкірттей білмей сабақ, Аңдып тынып қалғандай жүрмей сағат. Сөйтсем жала жауыпты сырттан біреу, Өтірік мен өсекті жүндей сабап. Жалған шағым үшін көп дауласар ем, Жеткізбейді шындыққа маубас әлем. Болат сымдай қырқылып үзіледі, Ақиқат пен жаланың жалғасы әрең. Енді шындық термесін төкпе дейін, Жаңылайын жүрістен көпке дейін. Алауласын жан-жағын жарқыратып, Әр тұтанған жырыма от берейін. Өлеңіммен қайтадан қауышайын, Аспандайын, самғайын, тағы ұшайын. Мен тынымсыз жақсылық сәтті күтем, Дөңгелек жыл әр атқан таңы сайын. Тағы да өлең туралы Өлеңқұмар еттің де жастай, Алла-ай, Өмір бойы қойдым ғой тастай алмай. Осы өлеңнің жолына құрбандыққа Әуселесін ақыл-ой шашты аянбай. Өткен сәтті есептеп, шіркін, сағат, Өлеңменен табыстым күн-түн санап. Өзгелердің ойынша, мен білгенде, Ақын деген – дәреже, мүмкін санат.
Өлең – құрдас, ән – құрбы, жыр – тетелес, Тұлпар-шабыт, көсіліп сілте, теңес. Өзегімнен шығатын өз өлеңім, Ақын болу – шарт емес, міндет емес. Көктем-өлең күлімдеп гүл жарғаннан, Шыңда шумақ шырайлы құлжа арманнан. Ақын болу – шарт емес, міндет емес Өлең болып өтетін бұл жалғаннан. Келер күндер Асыл күндер өтіп жатыр жоғалып, Қолдан келсе, қояр ма едім доғарып? Соның бәрін біліп тұрып, қиын-ау От басында отырғаным омалып. Келер күндер – арман болған құс аппақ, Шын ұмтылсам жеткендеймін үш аттап. Жерошақты күзетуім жөн бе екен, Күні бойы қу тіземді құшақтап?! Жолға аттанам, күн нұрынан от алып, Жалқаулықтың іргетасын қопарып. Жарқын күндер, өздеріңе жеткізем, Жақсылықты кеудемдегі қотарып. “Абзал уақыт, сабыр сақтап күте біл, Қаймағынан бұзылмасын сүт-өмір”. Қара қылды қақ бөлетін алмастай Жақсы жұрттың маңдайына бітеді ұл. Есімде Қабанбай ауылы Осы ауылдағы мектептің ардагер ұстаздары Сейтқали Бөлтекбайұлы мен Тоқан Жұмашұлына Сейтқали! Анау көрінген Маңырақ – топжарған өңір, Басталды дейсің жарқырап Ақжардан өмір. Қояр да қоймай Қабанбай ауылына бастап әкелдің, Ырыздығын тосып алдыма ақжарма көңіл. Тоқан! Мен – құдайы қонақпын, сынаймын, кетем, Маңдайыңдағы бақытың жұбайыңда екен. Азаматтығыңды көтеріп сездіріп жүрген Бұйырғанын айтсайшы: шырайлы мекен. Қайда жүрсем де қапталдап қалжыңым қалмай, Сол әзілімнің өтеуіне қоржының болмай... ...Көсілуімді түгендеп, шешілуімді іздеп, Айтылмай жатқан жасырын ән-жырым бардай! Рақмет, достым, отырдық дастарқан басы, Балбырап пісіп жарыңның асқан жамбасы. Шертілмей қалды Өскемендегі хикаяларың, Сейтқалидікіне келіп үзіліп дастан жалғасы. Сейтқали! Мен – сыпайы қонақпын, шақырдың болмай, Теріс кетуі мүмкін бе ақылдың қонбай?! Әңгіме айтар шама жоқ, шалдығып-шаршап, Шалжиып шалқып төріңде жатырмын оңбай. Сейтқали бастап ақырын әзілін нәш қып, Жайылып көрпе болғандай, жазылып жастық. Әншейінде әдепті болып, биязы көрініп, Жүз грамнан соң арыстанның ауызын аштық. Сейтқали! Жомарт пейіліңді көрсетіп, ішіп-жегіздің, Қыздырып алып досымды маған “күшік” дегіздің!
Жалаңаштанып тастап жағалауыңда жаттық Ондатра ойнаған жасанды пысық теңіздің. Ағыттық келіп қауызы шешілген әнді, Жұбайларыңның дауысы қандай есілген әрлі!!! ...Қабанбай ауылы қашан да түсіме кіріп, Сейтқали, Тоқан қалатын шығар есімде мәңгі! Заман осы Заман осы сездірмес сыдырымын, Ойда жоқта орнығып бұдыр ұғым. Қызып алып жүгінер жеңілтегің, Бұзық алып жүгірер жұдырығын. Заман осы көзбенен сұққылаған, Сұқ тигенде азамат тік құлаған. Қарызданып адалдық қалған кезде, Арызданып құтылар ұтқыр аман. Заман осы сөзбенен ұрғылаған, Жазған сайын шақша бас дыңғырлаған. Ақиқатқа жабысып пәле басы, Құй батпақтан шығады сылбыр аман. Заман осы байыпқа бағынбаған, Қолға тұрмас нәрседей сабындаған. Тіршілігі кедейдің айдай аян, Байығаннан кім қалды қағынбаған?! Заман осы мүк қосып, тезек шегер, Бар менен жоқ ажырап тез екшелер, Байып бара жатқанда боқты көттер, Жайып қана жатқанда жезөкшелер. Өркен ойдан серт қалар түк қылауы, Өлке тойған дерт болар тыққылауы, Өтер сөздің етіңді ұрғылауы, Өртер көздің сүйекті сұққылауы. Өмір мен өлең Мен десең, қалықтама төмен, арман! Бұйырған қызығымды көрем алдан. Келтіріп өз қисынын Тәңір-тағдыр, Түсімде төрені емес, өлең алғам. Дәрменсіз уланса да қазір сана, Даңғылда дараланған әзіл сара. Әкімдік маңдайыма жазылған жоқ, Ақындық таңдайыма жазылса да. Төр Алтай биігінен асқақ қарап, Мұзтаудан жатқандай-ақ мақсат тарап. Бұқтырма буырқанып үн қосады, Өмірге өлең болып қақсақ қанат. Ашылмас жөпшендіге жайлы сырым, Таулықпын күн тұрпатты, ай мүсінім. Жарыстың желпу білмес жүлдегері, Сайыстың серпу білмес бәйгесімін. Күн болсам, алтын теңге сыңғырымын, Ай болсам, алтын шолпы сылдырымын. Сұңқардың тепсе берік топшысымын, Тұлпардың сексен өрім шылбырымын. Тау бұзған Бұқтырманың арнасымын, Еңбектің ел танитын таңбасымын. Анамның ар нұрының қуатымын, Әкемнің тағдырының жалғасымын. Зымыран жыр келді оқыс жырғап-күтпей; Шыңырау нұр арқауы жұмбақ жіптей. Өлеңімнің өзегі – Төр Алтайым; Кетемін-ау, бастап ап, жырлап бітпей.
Сөз өрісін сөйлеуге бейім қымтап, Ойым ортақ, болса да бейіл бұлтақ. Өлеңімнің өзегі – Төр Алтайым; Өзі білсін, Сынайтын кейінгі ұрпақ. Бал арадай сағынса омарта айын, Дода сайын жүлдегер болар тайым. Таусылмайтын тақырып тауып бердің: Өлеңімнің өзегі – Төр Алтайым. Орнықса да көңілге толқын-сенім, Орындалмас армандай қорқушы едім. Өлеңімнің өзегі – Төр Алтайым, Өрілді ме өрнектей көркің сенің?! Туған жер Өзіңде менің мұң-қайғым, Өзіңнен алам нұрлы айбын. Тебіреніп кеткен кезімде, Туған жер, Сені жырлаймын. Келбетің көзге ыстық-ақ, Келемін содан ұшқын ап, Жемісіңді жерден теріп жеп, Жинаймын бойға күш-қуат. Көгілдір тартқан тоғайың, Көңілді соған орайын. Елімнің басы болмай-ақ, Жерімнің тасы болайын. Кергіді баулып шың өктем, Кезімнен сонау шыр еткен. Құлайын болып бұлағың, Құйылып жартас шүмектен. Танысып, ұқсап егіле, Табиғат атты тегіме, Тигізсем пайда еліме, Тау-тасты туған жеріме. Өзіңде менің мұң-қайғым, Өзіңнен алам нұрлы айбын. Тебіреніп кеткен кезімде, Туған жер, Сені жырлаймын.
Қарсы алдымда тұрды ауылым гүл жайнап, Шүпірлеген малға толы нұрлы аймақ. Қуанады сағынышты жүрегім, Сезім, шіркін, сөйлетпейді-ау тіл байлап. Жинап алып гүлдерінен ең нәзік, Ұсынады кең көсіліп ен жазық. Жартасына, әр тасына үңілем, Туған жердің суреті де нәрлі азық. Қыздырынып күнге төсеп арқасын, тік шаншылып қасқайып тұр марқа шың. Бұқтырманың өр толқынын құлаштап Қызуым мен сағынышым тарқасын. Шежірелі туған өлке нұр сипат, ажарыңды әнге қосып жүр шырқап. Ақша бұлттың алақаны Алтайдың аппақ басын еркелетіп тұр сипап.
Ассалаумағалейкум, ауыл-аймақ! Жатыр ма қызу еңбек жалын ойнап?! Кәрі-жас шұбап кеткен өріс жаққа қозы да мен келгенде жамырай қап. Шуылы қой-қозының жамыраған, Ішінде таныс кімнің әні маған?! Біреуді біреу біліп танымайды Ауылда... Күйі бөлек дабырадан. Ортаңа кеп қалғанда дәмің айдап, Мың алғыс пейіліңе, ауыл-аймақ! Үстелде тобарсыған ірімшігі, Әжем де жүгіріп жүр сары майды ап. Таулы өңір, орманды алқап ойлы-қырлы, өзіне қызықтырмай қойды кімді?! Көрмесе шыңнан асып бұрын, енді Самғайды ғарыштарға ой бүгінгі. Туған ауыл Қай ауыл? Осы ауылды Еңбек дей ме? Еңбектен дөңгелек жыл жел кетпей ме?! Қысында бір ай бойы күн түспей ме, Күні-түн аяз буып делдектей ме?! Титыққан қара жұмыс азабы ма, Тұрғыны тыным таппас мазалы ма?! Тауында қар төсеніп, мұз жастанып, Төзімді болғаны үшін жазалы ма?! Шығыстан Өрдің желі қызылдай ма, Батыстан Құбыласы ызыңдай ма?! Алтайдың ақ түтегі батыстан кеп, Әп-сәтте ауа райы бұзылмай ма?! Сырғыма қары борап ұшқындай ма, Сырғанап дедектетіп күш қылмай ма?! Құйыны терістіктен орай соғып, Дауылы ішін тартып ышқынбай ма?! Бар малын ұшырам деп тасырлай ма, Таңбаның құшырланып тасы ұрмай ма?! Уаң мен Атыраудың шаңы борап, Перделеп Ақдаланы жасырмай ма?! Алтайдан Бұқтырмаға құламай ма, Аужайын Қара жердің сұрамай ма?! Өзгеше болып шықса желдің күші, Өзі де табиғаттың шыдамай ма?! Қанжардай көктем желі серт қорғай ма, Қозғалса ескі сырқат дерт болмай ма?! От қою көң-қоқырға қайдан шыққан, Ұшқыны сәл тұтанған өрт болмай ма?! Қалталы желге қарсы талтақтай ма, Қорланып тесік қалта жалтақтай ма?! Пәрменді пысықтардың әрекеті, Ешкімге опа бермес ортақ пайда. Оңар ма лағып кетсе төзім – айла, Жап-жақсы басталған іс қожырай ма?! Құдайды ұмытпасаң тәубеге кеп, Сақтансаң сақтармын дер сөзі қайда?! Ауылды жел меңдетіп Еңбек дей ме, Мейманы сыйлаған соң, еңбектей ме?! Қысында бір ай бойы күн түспесе, Жазында салқын самал тербетпей ме?!
Жайлауда шалғыны өсіп жайқалмай ма, Жонданған өрістен мал жайтаңдай ма?! Жарылқап Нілібайдан жалғыз бұлақ – Көктаста отырғаны байқалмай ма?! Қайшыдан келген арна сарқырай ма, Сағымы жарты ауылға жарқырай ма?! Мен арық қазып бұлақ жеткіздім деп, Таласып тағы біреу қалтырай ма?! Жапырақ жайған орман өзгермей ме, Құлпырып құбылғанын көз көрмей ме?! Еңбектен шыққан шешен көбейер деп, Килігіп тағы біреу сөз бермей ме?! Бал ара қуыс тапса тоқталар ма, Жыл құсы күзде ғана топталар ма?! Ауылдың батыс жағы мол қарағай, Мөлтеші қызыл-сары көп болар ма?! Піскенде жеміс көзің қызығар ма, Ашылып тәбет, көңіл бұзылар ма?! Қасында қарақаттың тәтті құмар Аюдың шым қопарғыш ізі бар ма?! Жинаудан күз өнімін жалығар ма, Көрмеген дәмін татып жан ұғар ма?! Түсірген тау бөктерлеп бірнеше қап, Қызылдар балқарағай дәні бар ма?! Мол өнім телім күзде екшеле ме, Қажет пе іліп қою тек шегеге?! Күн шықпай тау бөктерін кезген аңшы, Түгесіп бар қақпанын тексере ме?! Жолаушы аспан көріп тосылмай ма, Жаңбырдан секем алып шошынбай ма?! Сәлден соң бұлт ыдырап, күн ашылып, Зеңгір көк – кемпірқосақ қосылмай ма?! Тізеден кешіп өтер батпақ бар ма, Із түспес көше бойы жат қаптал ма?! Сезімді ынтық қылған ақ қайың ба, Сөзімді түртіп тұрған аппақ тал ма?! Шынымен Еңбек деген осы ауыл ма, Салмаққа жолдас – жеңіл, дос ауыр ма?! Кейінгі бой түзеген тарпаң қыз ба, Бейімді ой түзеген асау ұл ма?! Тигендей төрден орын бәйбішеге, Көп кілттен айырылған ба байғұс ене?! Сыр бермей отырады-ау отағасы, Кемпірі келін құйған шайды іше ме?! Дәстүрдің сақталар ма бәрі бірдей, Болар ма үйреншікті тәліміндей?! Еңбекте туып бекер жүргендеймін, Ауылдың адамдарын әлі білмей. * Ауылымды “Таңба” дейді, “Еңбек” дейді, Осынау алып жатқан кең беткейді. Басқаның талғамында жұмысым жоқ, Мен үшін бұл араға жер жетпейді. Мен үшін аңыз – Еңбек, өлең – Еңбек, Қашанда осы ауылға бөгелем кеп. Осы ара дүниеге келген жерім, Атымды қойған мұнда Төлеген деп. Төбемде жарқыраған күнім ашық, Өмірге көкірегімді бұрып ашып. Жаныма өлең құйып әлдилеген, Ауылдың ортасында тұр лашық. Қайтейін сырын айтып баспананың, Жүргенде жолаушылап жас талабым.
Біреудің айтылмаған жыры болып, Біреуге өлең болып басталамын. Баспана тілемеймін, тас-темірден, Қатайып буын бекіп, өскен іргем. Қайда да ақ пейілмен сыйып жүрмін, Тағдырлас, тату-құрдас, дос көңілмен. Тигенде үлесіме талап таудай, Биікке ұмтылайын қарап қалмай. Өңім мен түсімде де жарқылдайды, Болашақ саф алтынмен жалатқандай. Домалап тасым кетер өрге менің, Тағдырдың тартып сүйреп дөңгелегін. Кешегі кеткен қатем шықса алдымнан, Нұр жағып бүгінгіше өңдер едім. Өткендей қаншама күн, қаншама түн, Кеткендей жым-жылас боп әр сағатым. Өткеннің өкінішін сездірмей-ақ, Әдетім бүгінгімді қарсы алатын. Заманның түзетермін есін немен, Ақындық тұсауым бар кесілмеген. Жүзінде ойнап тұрған ұстараның Жұмбақпын оңайлыққа шешілмеген. Бірімін түсінбесең жай күніңнің, Тәуекел дегізетін айдыныңмын. Намысы бітсе маған әр қазақтың, Шабысын берсе және Тайбурылдың. Өмірдің толқынында билеп кемем, Білмеймін, несі қалды күйретпеген?! Алайда жұдырықтай жүрекпенен, Арқалап адамдықты сүйреп келем. Орманда әнін тыңдап жыршы құстың, Тауында туып-өстім күншығыстың. Сыйлаған тартуындай табиғаттың, Жарқылдап жанарымда тұрсын ұшқын. Мен едім шал-кемпірдің жалғыз ұлы, Өсірген мыңға балап бар қызығы. Басқадан дәнеңені дәметпеймін, Жұмсалса Отан үшін жан қызуы. Ұлы өмір – әлпештеген абзал ана, Әкемдей тәрбиеші ал замана. Алтайдың қойнауында менің жаным, Іздегің келсе, құрбым, тау жағала! * Көрінгенде бұлдырап ауыл маңы, Кеудемдегі сағыныш дауылдады. Қарсы ап мені ақ бауыр ақша бұлттар, Таудың басын тұтасып бауырлады. Автобуспен ағызып зырлап келем, Арман айдап ән-күйлі ырғақпенен. Туған дала, туған тау ән екен ғой, Дүниеде мақтаулы тым жақсы өлең. Көрінді әне көзге айқын ауыл маңы, Өр кеудемде сағыныш дауылдады. Мен сақылдап күлейін қуанғаннан, Сен сартылдап құйылшы, жауын-дәрі! Жасыл орман боп кеткен үй құндағы, Гүл-бағымнан әсерлі күй тынбады. Сүйгенім мен достардың сағынышы, Сырласумен апталық ұйқымды алды.
- * Сағынып ауылыма бара салып, Таң қалдым туған жерді тамаша ғып. Арнасы кішірейіп Бұқтырманың, Қалғандай ақ бас шыңдар аласарып. Шешілмес жұмбақтай боп осы мықты, Көңілім барлық жайды тосын ұқты. Өздері өсіп қоймай жерлестерім, Көркейтіп ауылды да өсіріпті. Жолдағы қайыңдар Жол ұзақ, Баратын жер алыс әлі, Қайыңдар жолмен бірге жарысады. Торғындай сусылдаған жапырақтың бізге еріп қалмай қойды таныс әні. Қаз мойын ақ қайыңдар жұмыр неткен, Көтере жөнелгендей жүгін беттен. Асыққан сарбаздардай дабыл қағып қатарға сап түзеуге жүгірді еппен. Қайыңдар, жолаушыға құлшынып қал, жамырап төлдей шулап тұр шыбықтар. Сырттан бақыласаң, қайыңда да адамдардан аумаған тіршілік бар. Бұқтырма Бұқтырма Төр Алтайдан ырғып ағып, Өлкені нұрға малып мың бұралып, Ертіспен сырласқалы бара жатыр, Көргенін жол-жөнекей жыр ғып алып. Күй болып құйылады құлап ағын, Жұмбақтап жеткізгендей бұлақ әнін. Сүйсініп ұйып сені тыңдаса жұрт, Қажетке жарағаның, ұнағаның. Желдіртіп тентек өзен сан дүбірге, Жағаны солқылдатып алды бірде. Уақыттай зымырайды зырлап ағыс, Құбылып күйдің бабы әрбір үнге. Толқындар түсін бояп қара көкпен, Толықсып ақтық демін алады өктем. Балығын ілем дей ме Бұқтырманың, Шүйіліп қыран бүркіт қарап өткен?! Көкжал су биік құздан қарғып аққан, Жарысса озып кетер арғымақтан. Бұқтырма қырандардың жырын айтар, Үйренсін сарын мәнін, әнді ұнатқан. Мөңкіген арпалысып тулап аттай, Тұрар ма тау өзені зулап ақпай?! Су анық тасығанда жұлқып-бұзып, Тұрады өзге түгіл бура батпай. Қоймайды таудың өзін сырғанатпай. О, Бұқтырма, Бұқтырма, қара басқыр, Толқыныңмен толқынды араластыр! Ойнақ салған төсіңде ару қызды Күдірейген жалыңмен жағаластыр! Өркешіңмен сұлуды орашы бір, Жаратылған өзенге бола шымыр. Толқын бетін қалқыған самал желдей, Түйдектеліп тоқтаусыз борашы жыр! Пері қызы, ақ толқын, үйір қатты, болсын оған арналған сыйың тәтті.
...Өй-өй! Мына сұлудың жүзгішін-ай, Көкжал өркеш бетімен құйындатты. Алтай Алтайдың тауында өстім, тасында ойнап, Салып ем шыңдарының басында ойнақ. Төсінде бұлт ілінсе кетері бар Құздардың аш денесін жасын бойлап. Туған жер – шын ғашығым, нақ сүйерім, Мен сенің азаматың – ақсүйегің. Өзіңді жырға қосып ән шырқаймын Қалғанша қашан түсіп жақ сүйегім. Қанатты шабыт – Пырақ бір болатын, Парнасым – Алтай болар жыр қонатын. Сауығым сарқылмайды осы арада, Жайым жоқ қызығыңнан құр қалатын. Алтайым, бала кезден арманым ең, Көп кездім таудың қайнар аңғарымен. Анамдай емізіп ең бұлт емшегін, Бойымда қуат содан қалған үнем. Көңіліңе, анам, қаяу түсірмеспін, Мәңгілік бұзылмасын мүсін, кескін. Өзіңді алдамаспын, сенен басқа Туралап сынай алмас ісімді ешкім. Сен маған сүйеу болдың жанашырдай, Жаныма тіреу болған ағашымдай. Қаншама тайраңдасам, сыр бермейсің, Көтердің еркелікті нағашымдай. Ұлым деп мәпеледің Анашымдай, Қол соғып қолдағандай дала шулай. Мен сенен жылу алам таралатын, Жаныңда жүргендердің бағы ашылмай. Біреуге ән үйретем ол білмеген, Бұл әннің пендесі жоқ көндірмеген. Сөз орнын тауып айтар таңдай болса, Дәл бүгін сөз берер ем зор мінбеден. О, Алтай, бақыт үшін жаралып па ең?! Жайылды атағың да таралып кең. Халыққа ана болып келеді Алтай, Қарыздар ана алдында бала біткен. Өрлеп келем Алтайға асқар ала, Сонау тарғыл шықсам деп тасқа ғана. Орта жолда ылдиға домаласам, Анық сонда қалдым ғой масқараға. Ұмтыламын жанымды намыс буып, Мазақтаған сияқты алыс бір бұлт. Білінеді ызғар да жоғарыдан, Өршеленіп желі де тағы ысқырып. Сенің осы, Төр Алтай, Ұлық тұлғаң, Ыстыққа да суыққа шынықтырған. Шумағыңдай өлеңнің тізілген тас, Мені, тегі, жыр-әнге жуық қылған. Көріп шыңның құпия сырбаз тасын, Өлең сүйген жүрегім бір маздасын. Абзал арман биікке жетелесе, Ақын ұлың қалайша жыр жазбасын.
О, Алтай! Ұқпағанға тым биіксің, Жаныма жыр құйыпсың, нұр құйыпсың. Білгенге көне тарих, шежіресің, Білмеске сыр бермейтін тұңғиықсың. Толас жоқ, орман тұнған құстар үні, Әкелген кеңістіктен тысқарыны. Алтайды тамашалап құмар қанбай, Өмірдің білінбейді қысқалығы. Қырқасында Алтайдың Қарақатын жеп өстім. Қырандайын марқайдым, Шарапатың демес кім? Туған жерді әрдайым Араладым, кездім мен. Жарқыраған маңдайы Жақсылықты сездірген. Табиғатқа әрқашан Таусылмайды тойымым, Таңдайыма салмасам Тамылжыған мойылын. Тау-тасынан сый іздеп, Қасиетін кім білген?! Тұтасады киіздей Қызыл жидек, бүлдірген. Маңқияды ну орман, Ән айтады жыршы құс. Үмітімді қуанған Молайтады Күншығыс. Туған өлке ардақтап, Айналады қыз-ұлдан. Бармақтай-ау, бармақтай Балқарағай қызыл дән. Тұрған мынау түйіліп Мекенім ғой тау деген. Нөсер болып құйылып, Ақ қағазға жауды өлең. Шыңның басы қарысып, Жеткізбей-ақ қойса да, Құзбен қатар жарысып, Биіктейді ой-сана. Бұрқата соқты ақ құйын, Аспанды бүркеп ақ тұман. Ауылдың қымтап жапты үйін, Көрінбей көзге жатты маң. Орай да борай ақ боран, Ықтатып пана таптырмай, Аппақ қар жерді аптаған, Көрмедік дауыл тап мұндай. Үрей боп тиер сасқанда, Бір оқыс қимыл етердей. Үйіріп алып, аспанға Ұшырып қана кетердей. Талықсып барып, қайтадан Алады демін ышқынып. Жыры да бөлек – шайпау ән, Мінезі – ожар күштілік. Қайыңы қалды бүктеліп, Қарағай шіркін сыр бермей.
Самырсын тұр-ау тік берік, Батырдың қаны сіңгендей. Боранның тегі, Күйі – егес. Уақыт жоқ мойын бұрғандай. Теңселіп тұрған үй емес. Тербеліп Алтай тұрғандай. Бұрқата соқты ақ құйын, Аспанды бүркеп ақ тұман. Ауылдың қымтап жапты үйін, Көрінбей көзге жатты маң. Әнге қоссам Алтайды, қолда бақыт, Шапқылатып, желдіртіп, жорғалатып. Көлбей жүзіп мұхиттың көк төсінде, Мұзтау тұрған сияқты зорға батып. Күзі қандай тауымның, жазы қандай, Қысы қандай, көктемі саз ұрандай! Шөбін тартсаң, түгінен май шығады, Қойнау толы, Төр Алтай, қазынаң бай. Шың-құзынан сағымдай сыр аунайды, Құсы қимай қоштасып тыраулайды. Туған жердің өзіне тартқан білем, Адамдары Алтайдың бір аумайды. Тауда туып, ойнап өстім шың-құзбен, Үнсіз ғана сырласушы ем жұлдызбен. Жастайымнан ұлылыққа бас идім, Таулар... Таулар... биіктікті білгізген. Шыңда шырқап тұңғыш рет ән салдым, Ойда жүрсем тауды ғана аңсармын. Биіктікті қыран болып көксеймін, Ал етекте қанаты жоқ жансармын. Тау дегенің көкке қарай өрлейді, Кергіп тұрып, көкірек керіп сөйлейді. Биіктікті сен үйреттің, туған жер, Сыр сандыққа жаққан отың сөнбейді. Жоталар Мойынын тығып алып күз ішкері, Тұрғандай мүйіздесіп сүзіскелі. Жарқырап жатқанымен жайма-шуақ, Қарайды суық көзбен мұз үстегі. Сіресіп иықпен де тұр сіресіп, Тістесіп бірін-бірі сілкілесіп. Жоталар қатар-қатар емпең қағып, Жөнепті төмен қарай дүркіресіп. Төр Алтай сілемдерін жетекке алып, Асыққан жолаушыдай тепек қағып. Желбегей, түймеленбей жеткендейін, Барады сыпырылып етек қалып. Тау тағылымы Бала жастан кездім мен шарлап тауды, Ну орманмен қоршалған шарбақтаулы. Таулар тәлім үйретті осы маған, Әрбір ойды байыппен салмақтауды. Биік шыңдар үйретті төске өрлеуді, Сапар сайын олжасыз бос келмеуді. Жерлестерге ақтарам сырын таудың, Бүгіп қалмай сыр сандық – дос кеудемді.
Шырқау арман үйретті шарықтауды, Ар-ұятқа қар дақ дарытпауды. Өлеңіме Өр Алтай тұғыр болып, Қыран-көңіл сүйеді қалықтауды. Жолдар Тау жолдары! Қай-қайда бастайсыңдар, Қай қырқаға апарып тастайсыңдар?! Бұлаң құйрық бұралаң ирек салмай, Неге тура биіктен аспайсыңдар?! Асығу жоқ. Жоғалып қашпайсыңдар, Басыну жоқ. Омалып саспайсыңдар. Тастөбеден шаншылып міз бақпайды Асқақ шыңдар дегендей “аспайсыңдар”. Тау жолдары! Сыртқа сыр шашпайсыңдар, Шежірені жұмбақтап ашпайсыңдар. Адалдыққа үйретіп жолаушыны, Арамдыққа ешқашан баспайсыңдар. Төр Алтай Төр Алтай – Азияның кіндік тұсы, Жарқырап көрінетін шындық түсі. Әлемнің жұмағындай тау туралы, Жазылар әлі талай жыр мықтысы. Төр Алтай – Азияның емізігі, Мұзтаудың кіндік болар негізі ірі. Зайсан мен Өскеменді жалғастырған Жасанды қоңыраулы теңіз үні. Марқакөл – мөлдіреген тана көзі, Бұқтырма – ойнақ салған бала кезі. Аңсағай ағаш тектес адамдары, Самғайтын қиырларға қанат өзі. Мұзтаудан көтерілсе серпіліп күн, Сарғайып кеткендердің дертін ұқтым. Төр Алтай – бес мың жылдан бермен қарай Отаны ғұн менен сақ, ер түріктің. Төр Алтай – ер түріктің шыққан жері, Әрқашан оңғарылар құтпан желі. Көктемге дейін қорек қоңыр күзден, Құнары балқарағай тұтқан жемі. Құздардан сағым ойнар көбелекше, Көрейік сұлулықты төмен екше. Болған соң қазағымның шыққан жері, Алтайды әлпештеудің жөні ерекше. Қолында тұрғандайын бар құзырет, Алдыңнан қарсы алар ма қар қызы кеп?! Айтқаның бекер болар қазақпын деп, Көрмесең Алтайыңды жалғыз рет. Орманы жаратылған сыңсып қашан, Түгінен ажырар ма қылшықтасаң?! Ғұндардың ұрпағымын деуің бекер, Мұзтаудың төбесіне бір шықпасаң. Қонысын таудан таңдай білген көсем, Жемісін дәрі қылып жүрген бе есен?! Сақтардың ұрпағымын дей алмайсың, Алтайды тірі жүріп бір көрмесең. Түнімен тау үстінде жұлдыз кешем, Шығады сол алдымнан кімді іздесем?! Скифтің ұрпағымын деу де бекер, Марқаның айдынына бір жүзбесең. Жеткізер ақырына өмір қашан, Пейіл тоқ, болғаны ма көңіл масаң?! Қазақпын деуің бекер, бір рет кеп Суына Арасанның шомылмасаң.
Туған жер – туған жер ме тіл тістесең, Шындықты айтасың-ау шын күштесең. Алтайды Отаным деп айту қиын, Пантының моншасына бір түспесең. Туған жер – алтынтамыр дерт демес ең, Жазады маралтамыр сертпен есен. Алтайды Отаным деп айтармысың, Толассыз ой шұңғылын зерттемесең. Басында қолшатыры орман-көрік, Қасында жанторсығы саулар көбік, Тәу етіп маңдайымды тигізуге Алтайдың әр жартасы арман болып. Төр Алтай – мекенжайы бар қазақтың, Көтерген қиындығын арлы азаптың. Жеріме тәуелсіздік келіп жатты, Он жылдан бері қарай мәңгі азатпын. Осы тау – менің тауым, сенің тауың, Байырқап жаз жайлауда сонырқауым. Төрт елдің еншісіне бөлініп тұр Алтай деп аталатын шоғыр тауым. Жас болсаң жарасады жалындауың, Қарт болсаң парасатты, мәлім дауың. Айтқаның рас болса қазақпын деп, Алтайды мүмкін емес сағынбауың. Айтсақ та қайда, қанша мөлшер десіп, Адамдық қасиетке өлшем бесік. Дайын тұр құшақ жайған бауырластар, Бар қазақ, Отаныңа келсең көшіп. Төр Алтай қазағымның жұмақ тауы, Шақырған ағайынды жырақтағы, Күйініп сағыныштың жылатқаны, Сүйініп дәруіштің жұбатқаны. Төр Алтай қонған бақыт маңдайдағы, Құмартқан ағайындар шалғайдағы. Қонақжай халқымыздан айналсақшы, Тұрғыны Алтай тектес таудай бәрі. Төр Алтай – Азияның кіндік тұсы, Жарқырап көрінетін шындық түсі. Әлемнің жұмағындай тау туралы, Жазылар әлі талай жыр мықтысы. Катонқарағай Бөгденің миға қонбас бейпіл демі, Қамын тек Төр Алтайдың жейтін мені. Жақпайды көңіліме Катонымды “Екінші Швейцария” Дейтіндері. Жаралып сұлулықпен Қатар мәнер, “Туған жер ыстық” дейтін Мақал дәлел. Несі артық Төр Алтайдан құйқылжыған Сонау бір Швейцария атанған ел?! Шағылып мұзартынан қаптап сәлде, Айтардай әнге қосып, Мақтап сәнге. Мұзтаудан айнымаған көр аспанды. Төр Алтай алғашқы боп айтылады, “Екінші Швейцария” Емес мәңгі! Көзіңнің қиығын сап, Бір бұрылшы, Қасқайған Мұзтау – абыз, Үлгі жыршы. Тылсымын табиғаттың түсіндіріп, Әлемде Катонқарағай тұр бірінші!
Орманда Тағы да ну орманды кезіп келем, Көңілді кеулеп үрей, сезік деген. Селт етіп әрбір сыбдыр шыққан сайын, Батылдық тайып тұрды безіп менен. Тулайды құйқылжып кеп толқын ішкі, Сіміріп орман іші зор тынысты. Жанымда ес көретін бала да жоқ, Жалғызға қалың жыныс қорқынышты. Қызықтап алға қарай басқан адым, Жүз ықтап ну жыныстан жасқанамын. Жасықпын осы арадан кері қайтсам, Алға аттап өрлік болып басталамын. Тоқталмай, нар тәуекел, тарттым алға, Өнеге болайын деп артқыларға. Астымда аяғымның қалып қояр, Жабысқан тікенектер тартқылар да. Іңкәрлік Алыс құздың биігіне іңкәрмін ес білгенше. Таныс қыздың сүйікті үніне іңкәрмін естілгенше. Гүл арманның жүйріктігіне іңкәрмін Бұрын жетер. Бұл жалғанның сыйлық гүліне іңкәрмін Күлімдетер. Жас өмірдің тәттілігіне іңкәрмін тілді үйірген. Қос көңілдің пәк күлуіне іңкәрмін бір бүйірден. Құйын желдің нұр ұшқынына іңкәрмін дөңгеленген. Дүйім жердің тыныштығына іңкәрмін Ел бөленген. Қалайша Қатын қойған Қызығып жасағандай батыл байлам, Үзіліп түспей тұрып ақыл бойдан, Білейін, қандай ғана себеппенен Есімін бұл өзеннің Қатын қойған? Ертеде Қатын деген хан болды ма, Үкілі өнерпазға ән қонды ма?! Есте жоқ ескі заман тұлғалысын Кетті ме ұмыттырып жалған мына?! Жоталы тау қыраты тақыр белең, Өзеннің қосақтаған атын немен?! Берген бе бөтен ұғым біз түсінбес Бұл сөздің түп төркіні Қатын деген?! Сұлу ма айналасы бәрі бекем, От тілді, орақ ауыз кәрі ме екен?! Қатын деп кім қойғанын еш дерексіз Қалайша көпшілікке мәлім етем?! Шығыстың бозарғанда бұла таңы, Қатын деп алғаш рет кім атады?! Тау болсын, тулап аққан өзен болсын, Әсілі, әдемі атты ұнатады. Суында ойнайды кеп балық ұшып, Есімін қалай қойған жаңылысып?! Ел көзін қарықтырған ақ балықтар Шолпиды күн нұрына шағылысып. Жол емес жастық шақтың ойын хаты, Жарысса жүйрік көңіл, бейіл қапы. Аруды қыз-бойжеткен әлпештесек, Ал Қатын – келіншектің кейінгі аты. Қатын, Бие – өзен аттары
Қыз деген – бастаудайын жыр қайнары, Бойжеткен – бұлақ болып ұлғайғаны. Келіншек сыпайылық жасап ақса, Өзенге айналғаны – тың майданы. Түсінбей арғы тегін қапаланып, Бір сөзді қуғандаймыз бақан алып. Алтайдың ақ сілемін тіліп түсіп, Қатын мен Бие жатыр қатар ағып. Жалғанның қызығы Жыныс орман... етегі қалың шырғай, Жел қозғалса, ысқырар дауыл-сырнай, ...Балалары біркелкі жанұя бар: Қылқандары біркелкі самырсындай. Табиғатта дәстүр мен жоралғы бай, Көгілдір бақ қоршалған көгал-маңай. ...Балалары әртүрлі жанұя бар: Жапырақтары әртүрлі тораңғыдай. Тәтті мен ащының дәмін білмей, Көрінер ме қызусыз жалын жалғанның Жасағанда Жаратқан бәрін бірдей?! Қош, Алматы! Студенттік дәурендегі досым, ойылдық Ерсайын Бижановқа Қоштасып көшесімен астананың, Қалдырып жанға жайлы асқақ әнін. Қайқайып ауылыма кетіп барам, Қуат ап арманымнан жас талабым. Қоштаса мөлтек фонтан жылап тұрып, Арықтан жалт береді бұлақ күліп, Болған жоқ бес жыл деген бір күнгідей, Отырмын аттанғанда бір-ақ біліп. Желкілдеп гүлдер басын ырғайды кеп, Достарым ақ пейілін сыйлайды кеп, Жанымның тереңіне сыр тұндырған Бұрылды-ау абат баққа қимай жүрек. Сағымдай өткен күндер қашты күліп, Қарайды, қыл аяғы, тас құбылып. Шынымен астанамды қимайды екем: Көзіме келіп қалды жас тығылып. Алматым! Ұмытам ба кең көшеңді Назданған сазды кеште мен кешегі. Қимаймын студенттік күндерімді сол шағым ыстық еді, өзгеше еді! Алматым! Сәулеттеніп көркейе бер! Жиналып жатыр саған өңкей өнер. Бітіріп бір студент кетті ауылға, тілегін қабыл алып еңкейе гөр! Қоштастым көшесімен астананың, Қалдырдым жанға жайлы асқақ әнін. Қол бұлғап үйеңкі-тал сыбырлайды, Сыры бар кәріге аян, жасқа мәлім.
Табиғат құпиясын түсініп көр Бұлтқа сәлем Ассалаумағалейкүм, алыстан келген ақ бұлттар, Қандай сәлемдеме жіберді сенен жат жұрттар! Құбылып соққан үп еткен желден лезде, Қап-қара болып кетеді дейтін дақпырт бар. Тілеймін ылғи болмасын деймін арзан жыр, Ақ бұлттар деген атыңмен бірге қалжаң жүр. Қап-қара болып түтігіп кеткен кезде де, Өткінші болмай, нөсер боп құйсын ақ жаңбыр! Үмітті күндер Табиғат! Қандай ыстық от күндері, Кетілген кірпіштей ғып соқтың мені. Әлеумет! Күйрек десең, жаралыппын Жатқанда шойырылып көптің белі. Тікейдім бойды түзеп, сынып тұрып, Шыңдады баулып өмір шынықтырып. “Уақыт” – емші деген рас, тегі, Жіберді уайымды ұмыттырып. Тағдырдың талқысы көп сыр ұқтырып, Сынайды жайма-шуақ күліп тұрып... ...Күдікпен әр күнімді аттандырып, Күтемін әр таңымды үміт қылып. Тұғырлы Жаңғырықтың кешенінде кеңестім, Мәңгіліктің есебінде емеспін. Көктен ізде деген болсам жасымда, Шарбы бұлттың шашағында елеспін. Сан тұнықтың шүмегінде кеңестім, Мәңгіліктің түбегінде емеспін. Көк теңізден ізде десем жасымда, Жарлылықтың тілегінде елеспін. Білімдінің ордасында ой кештім, Бүгінгінің жолбасында сөйлестім. ...Өткен ізден ізде десем, ал қазір тұғырлыны алға асырмай қойды ешкім. Қарапайым тас Алшысынан түсе бермес асығым, Даяр асқа тік тұрмайды қасығым. Көп ішінде көзге түспей қалатын Шахматтың қарапайым тасымын. Шаршы тақта. Құпия көп жасырын, Ойын бітпей ешкім білмес ашығын. Шығып жатқан кезін әсте көргем жоқ, Шахматқа орын бермей басылым. Ат болуға ұмтылады бірер тас, Пат болуға ұмтылады бірер тас. Шаршы тақта, жүріп жатыр бір айқас, Ақ пен қара бір-біріне кілең қас.
Әрбір жүріс шыға бермес ыңғайдан, Мына бір тас ферзь шығып жүр қайдан?! Шаршы тақта ақ пен қара шеп құрап, Кейінге қап жүріп жатыр бір майдан. Піл болуға ұмтылады бірер тас, Құр қалуға ұмтылады бірер тас. Шаршы тақта, жүріп жатыр бір майдан, Бірін-бірі қымқырады кілең қас. ...Жеңер жағы отырғанда тамылжып, Келер жағы отырады абыржып. ...Көп ішінде көзге түспей қалатын, Шахматтың тасымын деу – ауыр жүк. Жол О, жол... жол! Қызметің ала бөтен, Сапарда тек жақсылық талап етем. Азапқа жолда жүріп қалады екен, Ғажапқа жолмен жүріп барады екен! Жол сапар – жер танытар білгіш осы, Жігіттің жолда ашылар тұңғыш есі. Оны да азап шеккен адам білер: Жолдың да көп екен ғой түрлішесі. Өмірде сүрлеу болса, соқпақ та бар, Жеткізер жақсылықты топтап хабар. Қатынас жасамаса жолаушылар, Үлкен жол – күре тамыр тоқтап қалар. Жеңіске жеткен болса, маңдай да нық, Жүргендей жолсызбен де қайран халық. Ішектей шұбатылса дала жолы, Тау жолы тұрар ылғи айбарланып. Жол деген – бүкіл қоғам қан тамыры, Жүкті де тасымалдап тартады ірі. Көліктің созылмайды қаңтаруы, Бағыттан тайып кетіп жалтаруы. Тәліммен сыйлау бөлек жол-ананы, Топ емес, жол болар деп орамалы. ...Тапқанша өз жолымды мен әкемнің Талтаңдап ізін басып келем әлі. Ақпан Жердің бетін қымтап алып қар аппақ, Жатыр білем күш-қуатын сараптап. Аямай-ақ бар уытын, сары аяз Құтырып жүр қызыл тілі салақтап. Күн ұзарып, аттағанда қарға адым, Болды ма Жер сілкігендей жарғағын?! Көктем жақты нұсқап тұр ма, кім білсін, Мұз бозарып шошайтады бармағын?! Жердің бетін қымтап алып қар аппақ, Күнге тіке қарай алмай алақтап, Терлеп-тепшіп бусанады қыраттар Ыстықтаған малдай тілі салақтап. Кейде қатқыл ашуланшақ желі бар, Кейде майда, жап-жайдары демі бар. Сенбейсің бе? Онда анықтап көріп ал, Ақпан осы – қыстың соңы жолығар...
Кешіккен көктем жырлары Айтшы, неге биылғы көктем ауыр, Ауыр тыныс алады өкпе-бауыр?! Алдап соқты созылып қыс аяғы, Ахуалы мазасыз көптен ауыл. Күн жылынбай, бөктерден қар да кетпей, Шұбырмады, толмады малға беткей. Майда самал, жылы леп сағындырып, Жүрген бар ма күншуақ арман етпей?! Көктем, сірә, Бізді ұмытып кеттің бе, Мезгіліңді кешіктіріп жеттің бе?! Адамзаттың армандайтын шағы бұл, Арманымды айтар екем тек кімге?! Мендік арман – ақбас арман, шал арман, Табиғатқа сай келер ме жаңарған?! Бүршік атып келе жатқан тәрізді Күллі әлемнің көрінісі жанардан. Мамырға кеп жиналғандай бар суық, Маусым туса жылынардай дәл сынып. ...Күн нұрымен тесілген жер қуды мал, Шаруаның жем-шөбі де таусылып. Тіс тиіп, тілге оралмай қылтиған көк, Жайылған мал ішінде тыртиған көп. Тоймаған көксоқтада, көктемеде Бүйірі шығар ма екен бұлтиған боп?! Аспанға көзін тіксе таңғы жан дүр, Қара бұлт арты қалың, алды жалбыр. Әп-сәтте қысып кетсе жылымық күн Қиыршық қарға айналар қарлы жаңбыр. Беу, көктем! Зеріксең де жасарып қал, Өтпелі өліараңа жасанып бар! Тұрады шыға жаздап бойдан жаным, Далада дірдектесе аш-арық мал. Ертерек қоң жинатып жұғын нәрі, Өзгеше сияқты еді бұрын бәрі. Үйренбей келем әлі қартайғанша Көктемнің қылығына құбылмалы. Құлақтанып келе жатыр жер түгі, Қырат маңы нәзік бұйра елтірі. Табиғаттың бүр жаруы дем беріп, Жасты қойып, кемпір-шалдар делқұлы. Жастар жағы қызық думан, мәз-мейрам, Енді дудан арылмайды жаздай маң. Жасты қойып, кемпір-шалдар елтіген Ағыл-тегіл төгіледі саз қайдан?! Тамырың әлі берік пе, кәрі қайың?! Енді қалған тірліктің бәрі уайым. Жолдан шығып кетердей кейінгі ұрпақ, Қолдан шығып шашылған тарыдайын. Тамырың әлі мықты ма, кәрі қайың?! Тапшы кезде табылмас дәрі уайым. Сен жаңылма жылдағы тіршіліктен, Мен – күнәкар жаңылсам, жаңылайын...
Қабығың да қалың ба, кәрі қайың?! Сағындың ба көктемнің ару айын?! Сен ақырғы сөліңді ағызғанда, Мен ақырғы сөзімнен арылайын. Өзегің әлі жылы ма, кәрі қайың?! Ыстық-суық ауаның бәрі дайын. Сен ағарған қалпыңнан айнымашы, Мені басып алса да сары уайым. Қартайғанның сыры ортақ, жақсы қайың, Ақ торғындай тозбасын ақ шырайың. ...Ортасында орманның асқақ тұрсың Айналаңды күзеткен сақшыдайын. Наурыз Ай жүдеп, солғын тартып, жұлдыз арып, Қалыпты арқан бойы күн ұзарып. Көңілі босамайтын суық еді, Жылатып, қарды қойған кім ыза ғып?! Сүрі қар ұйқыдағы бастырылып, Ақырғы қуатымен тасты бүріп, Адуын мінез былай қалып қойып, Арықта бұралады аш бүгіліп. Бұл мезет қарды осылай қалжа қылып. Білінбей өзгереді таң жамылып. Бейкүнә қолыменен тал-теректің Бойына алқа тақты маржан іліп. Жазғы таң Бозарып келе жатыр сылдырап таң, Ақ сәуле көкжиектен сырғып аққан. Мап-майда саусағымен нұрлы шапақ Сипайды күңгірт жатқан шыңды батпан. Жабады қызыл-ала шағыл басын, Дегендей нұр шұғыла дамылдасын. Жоғары көтерілер мезгіл-ді күн, Сындырып көкжиектің қабырғасын. Жастықтың жұмбағы мен сырын құптай, Құрылған жас отауға шымылдықтай. Көгілдір тұман сайда шөгіп жатқан Пәк таңның құдіретін түрілді ұқпай. Таңғы ауа, тәтті ұйқымен дұрыс жұптар, Орнаған ертеңгілік тыныштық бар. ...Жылтылдап күнге қарап мөлтілдейді: Көк шөпке қонақтаған күміс шықтар. Шілде Жазғы күн сағым торды тастады өріп, Кеткендей көк май болып аспан еріп. Ол дағы шыбын жанын қорғалайды-ау, Қарайлап лағына қашқан елік. Бусанып дала жатыр кең көсіліп, Самғатып қыран ұшқан кеудесі нық. Жалқын күн тастөбеден шаңқайғанда. Жатқандай тірлік түгел жерге сіңіп. Шіліңгір шілдедегі ыстық аптап, Көк сағым, бозғыл тозаң, ұшқын аппақ. ...Төбеден күн еңкейіп құлағанда Мал өріп, аспанда құс ұшты қаптап. Қазан Үңгісін қайда бұрып оқтады аспан, Бір жарқыл ғайып болды тоқтамастан.
Кең әлем күңіреніп қала берді: Бұлт мынау: шар нажағай – шоқпар асқан. Күркіреп аспан тұрды әлсін-әлі, Жаңбырдың бас бармақтай тамшылары. ...Сіркіреп нөсер сөйлеп кетті сол кез, қуалап күркесіне аңшыларды. Қаз көктем Қаз дауыспен келдің бе, қаз көктемім, Кейін серпіп қанатын назды өкпенің. Отыз жасты аяқтап қалғаныммен, Дүрсілдейді жүрегім мәз боп менің. Ақтарылып айтарым аз ғана тым, Жаңбыр алып келе ме қаз қанатың?! Қаз дауыспен күнді де күркіретіп, Сазды ағыспен көктем деп жазған атың. Кенелгенде сол көктем қаз дауысты,: Мына менің көгімде аздау ұшты. Өз сыбағам деп жүрсем меншіктеніп, Қаз көктемім байқатпай жазға ауысты. Желтоқсан Желтоқсан – соғым айы, қыстың басы, Аппақ қар түлкі аунаған түстің бәсі. Өлшеусіз аяз қарып жатсын мейлі, Өр сезім, шоқтай жайнап ұшқындашы. Желтоқсан – қазақ үшін шежіре бұл, Жарқылдап құйылғандай сөзіме нұр. Ызғары желтоқсанның кетпей жатыр, Атан боп шыдаса да төзім-өмір. Үстемдік боздақтарды тепкіледі, Армандай қыздарымыз соққы жеді. Ызғарын желтоқсанның наурыз бұзып, Тоң жібіп, қарды тесті отты желі. Желтоқсан, енді өзіңсің сөнбес Күнім, Жыл толды қол жеткелі дербестігім. Сәбиді жасқа толған мейрамдайық, Ие боп тізгініне кер бестінің. Желтоқсан – алғы бағыт, білмес тірлік, Нарыққа халықты әкеп мінгестірдік. Шаруа жекеше боп отау тігіп, Қожалық ұжым болса, бірлестірдік. Елгезек болып кеттік әмір етпей, Сау болдық, қалсын мейлі дәрі жетпей. Боданның бостандығы балдай екен, Ауыздан тәуелсіздік дәмі кеппей. Бағдар бар: Арты мәлім, алды жұмбақ, Нарықтан кімдер қалай қалды жырғап?! ...Бәрібір тәуелсіздік алып келген Бітпеспін Желтоқсанды мәңгі жырлап.
Күз суреттері Күз келді күнде өзгеріп алабұртып, Өзен де мұз қаймақшып, шала кілкіп. Табиғат құпиясын түсініп көр, Қалықтап бұлт та сырын қалады іркіп.
Батыста күн қызарып барады үркіп, Түн орнап шымқай мөлдір қара кірпік. Далада айран шелек қап қоймасын, Мұз болып қатып қапты манағы іркіт. Осы күз қысты көксеп сұрау салған, Түнімен жердің бетін қырау шалған. Дала да таң алдында күркілдейді, Жұққан ба, бәлкім, әлгі...тұмау шалдан?! Бірге отырып жақын жолдас, тату қыз, Машинамен зырлап келе жатырмыз. Нақ суретін – жақсы бетін көрсетіп, Жырлап кетті суретші күз, ақын күз. Бусанды ма, дала жатыр сарғайып, Бұқтырмада бара жатыр сал-қайық. Маңқияды маңғаз орман, ну орман, Келбетінен көзді жазып қалмайық. Күз күйімен булығады атырап, Шалғын қурап жатыр білем қақырап. Бір тіршілік үзілгендей жоғалды, Су бетіне ұшып түсіп жапырақ. Бұрынғыдай мейірлі емес күн шақар, Тау басынан төмен жылжып сұрша қар. Туған жерге жасағанда саяхат, Сезінгенім... аз білгенім бір сапар. Жаңбырлы жаз Аңсатқанда армандап құйылған нұр, Алаулайды десек те сыйынған гүл. Аспан түбі тесіліп кеткендей-ақ Ашылмастай өтті ғой биыл жаңбыр. Ала бұлттың алдамшы күйін жалбыр, Ашық күнге көз тіктік қиырдан бір. Аралығын үзбеді қар түскенше, Айықпастай кетті ғой биыл жаңбыр. Бұйырғандай саз балшық иін қандыр, Қар түскенше жап-жасыл түйін балдыр. Күзгі өнімін алдырмай шаруаның, Биыл жаңбыр болды ғой қиын жаңбыр. Қайтер еді ашылса бір ай ғана, Шырайланар еді ғой шыр айнала?! Бас көтермей жаңбырдан қалған пенде Екіұштылау сыйынды құдайға да. Жаңбыр жаумай құдайдың күні тынбас, Бірі тұрса ашық боп, бірі тұрмас. Тарихқа да кіретін шығар, бәлкім, Көпке дейін бұл жаңбыр ұмытылмас. Ауа райы күзде де қиын епті, Қар аралас жаңбыр да жиілетті. Күн қызуын сезінбей көптен бері, Малшы менен диқанның күйі кетті. Беті бері қарамай тағдыр жөнді Батпақтатып кеткендей даңғыл жолды. Тақырыбы биылғы әңгіменің – Ала жаздай күзі мен жаңбыр болды. Шаруаның шайқалмай ерен жүгі, Биігінде шырқалсын кемел жыры... ...Құдіретіне тәңірдің шет болмайық, Тамшыға зар болмайық... келер жылы!!!
Қазандағы мәжілісқорлар Қазандағы мәжілісқорлар – қарғалар, Қарқылынан қара дауыл, шаң борар. Қара түсті басқа түске саудалап, Қаңтар келсе, бұл күніне зар болар, Қазандағы мәжілісқорлар – қарғалар. Әрекет жоқ, берекет жоқ, жиналар, Бір ырғақпен билемейді биді олар. Бір әуенмен шырқамайды әнді олар, Нәтижесіз аяқталған бюролар, Әрекет жоқ, берекет жоқ, жиналар. Қара күзде шоғырланып топталар, Қонған жері – қара жалын от болар. Он бес күнге жетер-жетпес мезгілде Тым-тырақай бытырап-ақ жоқ болар, Қара күзде бір-ақ апта топтанар. Қазандағы мәжілісқорлар – қарғалар Қарқылынан қара дауыл, шаң борар. Қара түсті басқа түске саудалап, Қаңтар келсе, бұл күніне зар болар, Қазандағы мәжілісқорлар – қарғалар. Қаптаған қарақұрым қара қарға, Қоштасу сәті жақын, шара бар ма?! Құлазыр сол қаптаған қарғаны іздеп, Қызығы бұл көңілдің тарағанда. Кең жазық тұтасқандай қара көмір, Күй тартып, әнге түрлі салады өңір, Көсіліп қарғалардың той тарқары, Кешігіп көп адамдар ала көңіл. Қайнайды қара дауыл қаптатқандай, Қаулайды қара жалын шақпақтан да. ...Қимылы бөлек, оқшау қозғалғандай Қарайған топ ортада аппақ қарға. Қарқылға етпегендей дауа-тағат, Қоштасып табан тіреп, алақан ап. Қарқыны дүрліктіріп ақ қарғадай, Қарайған сауысқан ғой ала қанат. Алтын ұям, қырандар ұшқан Шыңғыстай мектебіне 1. Сағыныш хат Қайдасың, Шыңғыстайдың түлектері, Қай заман бірге жүрген жыл өткелі?! Сарғайған сағыныштан болар деймін, Құбылып, құйқылжыса жүрек, тегі. Менде айып: хат жазбадым, хат та алмадым, Сырымды, жырымды айтып ақтармадым. Шыққанша арнасынан сағынышым, Үн-түнсіз белгі бермей жатты арманым. Қозғайын жайма-шуақ дүрліктірмей, Болсын деп бәрімізге шындық бірдей. Ұядан қанат қағып ұшқан соң-ақ, Біріміз-бірімізді жүрдік білмей. Өзен боп тасығандай бақ тізеден, Нешеу ек арман қуып, сап түзеген. Арманшыл менің құрбы, достарыма Бақыттың нұрлы таңын атқызып ең. Кеткендей балалыққа бұғалық сап, Жеткендей жігіттікке бір-ақ ұқсап. ...Шын бақыт тілеп тұрған ұстаздар-ай, Біздерді үлкен жолға шығарып сап.
Ұзадық сол кеткеннен шырқап алыс, Күтіп тұр алдымыздан бұрқаған іс. ...Бәріміз түгел түтін түтеткенде, Жүріпті мені күтіп бір қара қыз. Тартылған тағдыр жолы сан-сапалақ, ...Таратқан шұғыласын таң шапағат. ...Жалғызбын, жалғыз қалып көргенім жоқ, Әкетті достар сүйеп, талса қанат. Айқарып ашқан өмір кең құшағын, Шырқайтын бар дауыспен келді шағым. Күніне тоқсан тоғыз армандаймын, Өлеңнің жағайын деп мәңгі шамын. Қайдасың, Шыңғыстайдың түлектері, Қай заман бірге жүрген жыл өткелі?! Сарғайған сағыныштан болар деймін, Құбылып, құйқылжыса жүрек, тегі. 2. Арнау 60 жылдығына Мектебім, мен – өзіңнің бір түлегің, Қалайша мерекеңде іркілемін. Әншейін өткіншідей өте шықпай, Келеді ақ жаңбырдай сіркірегім. Келеді көктемедей күркірегім... Бұршақтай мына аспаннан дүркірегім... Өлеңге түсірсем деп армандаймын Кластас құрбылардың күлкілерін. Ақтасам ұстаздардың ақ тілегін, Демеушім – арман атты нақ тірегім. Достар мен ағаларым артқан үміт, Бәрі де жүрегімде қапты менің. Кеудеме сол үмітті шырақ қылып, Көңілді кеулесе де сұрақ-күдік, Бәйгеге өзімді-өзім аттандырдым, Сыртымнан өзімді-өзім сынап тұрып. Жүрген жоқ су бетінде қалқып тасым, Басыма мүмкін әлде артық та сын. Келемін шырын сезім, шымыр оймен, Намысшыл арманымның тартып басын. Айтуға толар-толмас тапқан әнім, Сондықтан жөнсіз қалай мақтанамын?! Алпысқа, алтын ұям, толғаныңда Мен қара жұмысыңды атқарамын. Жақын қап той састырып тастады әбден, Қиыны – істі аяқтау... асқақ әнмен. Қасқайып тұрсам деймін көп ішінде, Мейрамды қарсы ап жүзден асқан әрмен. Бірін айт, бәрін айт та: жаса, мектеп! Шәкіртің бұл тойыңды асар етпек. Әріпті әліппеден танып алып, Жүргенде дүниені баса-көктеп. 3. Қасиетті ұя 70 жылдыққа Пенде болсаң, кенде болмас ой-ақыл, Солай, бөгде мәселені қоя тұр. Шыңғыстайдың мектебін бір жырлайын, Суретін сап, көркем сөзбен боя, тіл! Қасиетті ұя, киелі орын – бұл мектеп, Біліміңді шәкірттерің тұр беттеп. Жетпіс жылдық мүшелтойын орданың Бүкіл Катонқарағай жүр құрметтеп.
Сәлем саған, алтын орда, армысың, Сол баяғы құт мекенде бармысың?! Асығып-ақ жеттім жаңа арқалап Бүкіл Катонқарағайдың алғысын. Адам үшін жетпіс деген екінді, Мектеп үшін жетілген шақ секілді. Жетпіс жылдық шежіреңді барласам, Ғұламаның тарихы бар не түрлі. Бастауында Сұлтанмахмұт ізі бар, Тарихыңа бүгінгі ұрпақ қызығар. Жайсаң ақын ескерткішін орнату Келешектің жоспарында сызылар. Мұнда келіп ұстаз болған қанша адам, Қиын кезде қатты қажып, шаршаған. Соның бәрін жалғыз тілек қажытқан Шәкіртінің қырандығын аңсаған. Білім – мұхит, мектеп дейтін кеме бар, Дән тереңде, сүңгігіштер кереғар. Жүзгіштердің нәтижесі болар бұл Ұшқан ұя академик, генерал. Мақсаты бар ұсыныс пен пікірден, Шәкірт қанша бұл мектепті бітірген?! Нүкте мәңгі қойылмайды тізімге, Әрбір бала бөлініп тұр үтірмен. Есімде әлі, дәл қаншама жыл бұрын Балалықтың тастап кетіп шылбырын, Арман қуып Шыңғыстайдан аттандық, Биігіне жеткізер ме шың-ғылым?! Боламын деп, толамын деп тұрған шақ, Бәрімізден төгіледі жыр-моншақ. Ұстаздардың шапағаты сол кезден Бәрімізді қыдыр болып жүр қоршап. Қарағай үй тыңдайықшы баптанбай, Қалмады ма бір ізіміз сақталмай?! Сықырлатып қара хром етігін, Жөткірініп Секең келе жатқандай. Ал мынау да білетін сыр жұрт анық, Қасиетін көзі жоқта жүр танып, Қызыл тонның қалтасынан жазбақ боп, Солташ ағай бор орнына құрт алып. Шіркін, біздің сондай тәтті ыстық шақ, Көзімізден бұлбұл ұшты-ау түске ұқсап. Қолда барда қадірі жоқ алтынның, Мәз боламыз жылтырауық мысты ұтсақ. Қазір мені билеп алған қалың ой, Келер күннің күмбірлеген әні ғой. Еске тұтып жүрсің деймін қай-қайсың, Қара шаңырақта ұстаз болу – абырой. Біздер ұшқан ұя – қара шаңырақ, Әлі балғын: бәрі бақша, бәрі бақ. Жетіппіз-ау жетпіс жылдық тойыңа, Әр тараптан, әр ауданнан жамырап. Тұрмыз қара шаңырақтың алдында, Риза болып сыбағалы тағдырға. Күнде бола бермес мұндай кездесу, Әр буынның өкілдері бар мұнда. Әр буынның өкілдері атынан Барлығыңды ынтымаққа шақырам. Ұстаздарға зор денсаулық тілеймін, Шәкірттердің серігі боп батыл ән.
- Сексен тарау Мектептің 80 жылдығына Жіктесек қасиетін даралап кеп, Бұл мектеп – аудандағы Ана мектеп. Оқыған азаматтар Шыңғыстайдан Кезінде көрінетін ғаламат боп. Бұл мектеп – аудандағы Ата мектеп, Міне, сексен жылдығын атап өтпек. Бойына еккен білім шәкірттердің Жайқалып көктеп шықты шапағат боп. Сексен жыл – емес шығар ілкі белес, Уақыт – өтіп кетер бір күн елес. Қанша адам білім алды бұл мектептен, Шығу да бәрін санап мүмкін емес. Жолында бір ғылымның жан садаға, Тексеріп ғұмыр бойы тауыса ала ма?! Ұстанып ұлы мақсат ол да кетті Ұландық Аманжолов Сәрсен аға. Атағы сыймайды деп осы аяға, Зерделі шәкірт жолын бос аяма. Бітірген бұл мектепті Еңбек Ері Сексен қырлы серіміз Бошай аға. Қауызы мәпелемей гүл аша ма?! Бұлқынып бұлықсиды бұла шама. Оқыған мұнда – Халық мұғалімі Борандық Нұрғалиев Құмаш аға. Ғұмыры іздемеген тұрмыс, пайда, Шіркін-ай, Баламердей білгіш қайда?! Бойында ұшып жүрсе шыбын жаны, Ұшып жетер еді ғой Шыңғыстайға. Бүгінгі жиын жайы мүлде бөлек, Осы той сексен жылдық бір керемет. Жүргендей Сейтқамза ағай топ ортада, Жастармен вальс билеп шыр көбелек. Жатқа айтып оқулықсыз дәріс берген, Ғұлама шыққан тегі намыскерден. Солтанбек ағай марқұм қызық еді, Қожанасыр секілді шалыс келген. Санадан осы өлеңнің өткіз мәнін, Бірімін шежірешіл от-қызбаның. Апайлар, қарындастар! Кешіріңдер, Мектептің айтпай барам көп қыздарын. Ақтарып Абай, Мұхтар қазынасын, Айтатын әзіл-оспақ, әжуа-сын. Гүлжихан апай сөйлеп кетер еді Үнінде мейірімділік сазы басым. Тоғысып пікір сайын бар ұйғарым, Сәт сайын жаңғыратын жаңа иланым. Сыныпты кернеп, билеп кетер еді Майда қоңыр дауысы Зәбиләнің. Маңдайы жұлдызды ма, талайлы ма, Сөздері мағыналы әрі ойлы ма?! Қазақша жағрапиядан сабақ берген Нина Александровна Самойлова. Қазақы қашқақтамай ауылды елден, Біздерге орыс тілі нәрін берген Татьяна Александровна Матвеева, Осындай айналсақшы тәлімгерден! Сексен жыл – мәуелетіп еккен шынар, Зерттейтін түгел соны тектеуші бар. Бұл тойды атқаруға Алматыдан Зейнолла, Оралхандар жеткен шығар!
Жастықтың бұл мектептен лебі еседі, Қарттықпен санаспай-ақ кеңеседі. Қарағайдан қиған көне мектеп үйі, Жұмағыңнан бір де кем емес еді. Ұмыту жөн бе жақсы күнді мына, Шежіре жеткізе ме шындығына?! О, Шыңғыстай мектебі! Барым – осы Әкелген сенің сексен жылдығыңа! 5. Айтамын кімге... Қызыл қарағайдан қидырып қос ғимарат тұрғызып, Шыңғыстай ауылындағы Ережеп мектебін ашқан – өзі де көзі ашық, көкірегі ояу, орысша-қазақша бірдей сауатты, сұңғыла жүйрік ХХ ғасырдың басындағы қазақ зиялыларының бірі – Әбдікерімге және мектептің 90 жылдығына Қалған бір шақта ұйлығып елің, Тапқандай болған игілік емін. Шеруші атаға мешітті сыйлап, Мектеп ашпақ болып ширығып едің. Орысша білмей килігіп едің, Білім деп бағдар илігіп едің. Өзіңді сыйлайтын Шыңғыстай жұрты Көңілге берік түйді білгенін. Іргесін тастан үйдіріп едің, Балшықпен мықтап түйдіріп едің. Оқуға сусап шөлдеген елдің Мектепке ынтасын идіріп едің. Қызыл қарағайдан қидырып едің, Темірмен қызартып күйдіріп едің. Қолдың саласындай бөренелерді Шындығытайдан бері жидырып едің. Түйелерді қосарлап жеткізіп едің, Шығырықтан өлшеп өткізіп едің. Білімге мүдделі болашақты ойлап, Жастармен бірге соқты жүрегің. Біліммен жетілер шүйгінім – елім, Деп айтқан сұңғыла жүйрігім едің. Ұрпақ біліммен жетілсін дедің де, Қарағай мектепті сый қылып едің. Қаншама буын оқыды мұнда, Зерделеп, зерттеп тоқыды миға. Білімсіз күн жоқ дегенің рас, Білгеннің татыр ақылы мыңға. Шығарды мектеп үйретіп бізді, Ширатып ұлды, билетіп қызды. Тоқсан жыл тұрған мектептің үйін Саңылаусыздар кеп күйретіп бұзды. Білім теңізіне зорға шығарған, Талапты жасты қолдасын арман. ...Ескі мектеп үйін іздеп келіп едім, Үйі жоқ... бұзған...орны осы қалған. Тарихи шындық талассыз бүгін, Тоқсан жыл алдық толассыз білім. Қарағай үйді күйретіп кеткен, Не бітірер менің тағатсыздығым?! Ескі мектептің тербетіп әні, Тоқтау сала алмаған мен де кінәлі. Ат басындай алтынға айырбасталмайтын мектеп, Білмеймін, қанша теңге тұрады?! Ұшпайды бапсыз жырынды шабыт, Кібіртік қақпай жырым тұсалып. Бұзылған мектеп ортасында тұрып, Айтамын кімге мұңымды шағып?!
Алтын ұям еді қырандар ұшпақ, Жүретін саппен ұлан қарыштап. Күйреген мектеп көңілді бұзып, Әпекеңе тұрмын құран бағыштап. Бір қалыпты ұстар мөлдір деңгейді, Мұғалім болмаса, ел түрленбейді... ...Әпекең салдырған киелі мектеп Ұстаздар қиратқанына... сенгім келмейді?! Қоштасу Ұстазым Сейтқамза аға Ластайұлына Жан ағам едің мен үшін неге шыдайтын, Садағам едің тәңірден тілеп сұрайтын, Ақылшым едің, кеңесің ылғи ұнайтын, Мақұлшым едің, мақұлдап тағы сынайтын. Ойларың анық, пікірің болды тым айқын, Күтпегенім едің өмірден кету бұлай тым. Ықыласым менің өзіңе ғана құлайтын, Мезгілдің өстіп жеткені ме өксіп жылайтын?! Асқарым едің қалқан боп мені қорғаған, Аспаным едің шуағын ғана жолдаған. Дастаным едің оқылып әлі болмаған, Бәрінен бұрын бататыны жанға сол маған. Артыңда түгел айтылмай қалды сорлап ән, Өзіңнің ғана көкірегіңді толғаған. Шыбының ұшып қай-қайда барып қонбаған, Мәселе сол ғой, түсінді ме екен зор ғалам?! Кенеттен қалай килігіп кетті бұл ажал, Тепсінді кімге ширығып кекті нұр ажар?! Жесір боп қара бүркеніп қалды бұла жар, Сай-сүйегіңді сырқыратады мына зар, Шыбын жан бойдан ұшып-ақ кетпей жүр азар, Төбе құйқаңды шымырлатады мына зар. Айтқаныңа көнбес ажал дегенің де тілазар, Мәңгілік жалғыз сыңар боп қалды нұр-ажар! Топырақ жауып, балшыққа тәнің жаншылып, Жатырсың жалғыз төмпешік болып таусылып, Әйтеуір өстіп кететіні бар жан шығып, Жаратылыстың заңы жететін болар – баршылық, Адамды бүйтіп жаратпасайшы әнші қып, Желкілдемейді ғой бекерден-бекер тал-шыбық, Бейкүнә пенде бейсауат сөзден аршылып, Сарқылған күндер салтаң жаңбырға малшынып. Жүдетіп барып өтеді-ау мезгіл дәл өстіп, Өмірден мынау мейірімді-қатал ән естіп, Тағдырға дегбір болмайды дейді бар есті, Әйтпесе менің тақуалығымның өзі – әбестік. Қойған соң тағдыр өмірге құштар, әуес қып, Әйтпесе сөздің мағынасы – тозғын, мәні – ескі; Дәстүрің мықты: жалғасты сенен әуестік, Дәл осы жолда шәкіртке біткен бар ес-құт. Элегия Досым Әмірхан Өсерханұлына Бала деп өбектеген жан-жүйесі, Ол – ұстаз. Ол – тәлімгер. Тәрбиеші. Ұстаздың алдын көріп білім алған Ғылымның небір жайсаң әулиесі. Бала деп бүршік жарған қайта арманы, Ұстаздың аз ба, көп пе айта алғаны?! Ұстаздың алдын көріп ән шырқаған, Өнердің небір шебер майталманы.
Мен сені көруші едім сол биіктен, Шалт еді алғырлығың ор киіктен. Ұстаздың адамшылық қасиеті Мәңгілік қатып қалған тоңды иіткен. Алдыңа келуші еді ақыл сұрап, Жатсырап кеткендер де жақынсырап. Мақтауын жеткізуші ең шәкіртіңнің Кезінде кемшілігін батыл сынап. Қуанам, сен туралы көбейсін жыр, Қалайша сағынышты бөгейсің жыл?! ...Өзіңнен ақыл-кеңес тыңдайтындар Өзгені ұстаз көрмей өгейсіп жүр. Екі жас қана менен үлкен едің, Жайғасқан қапталына бір кеменің. Ысылған балалық шақ қалып қойды Соңында соғыс деген тіркеменің. Түрленіп жүре берді бозбала шақ, Гүлденіп қайта жайнап тозған ошақ Тағы да салқын тартып кетердей боп, Егер де біздер лаулап маздамасақ. Өткенді еске аламын ойлап тағы, Кейінге қарайлатпай той қаптады. Жамаулы шоқпыт кезең ұмыт болып, Саусақта білінбестей оймақ табы. Доп қуып домалатқан тағдыр қандай, Кез өтті құрғақшылық, жаңбыр болмай. Түбінде бәйге атынан тұлпар озар, Озады қатарынан алғыр маңдай. Деген сөз жастайымнан ұмыт болмай, Ұмтылған биіктерге үміт қандай! Талпынып кеп қалып ек біраз жерге, Ұйлығып бір орында тұрып қалмай. Қашанда жомарт озса, беру – үлгі, Мейрамға ұластырса шеруімді. Айтпаңдар өзі жоқтың көзі жоқ деп, Биыл мен атап өтем елуіңді. Біте қайнап бірге өскен жасымыздан, Не өтпеді десейші басымыздан?! Нәресте шақ соғыстың алдын орап, Сәби кезең тақырлап шашымыздан. Құлын-тайдай жарысқан бала шақтың Көре алдық па қызығын ала шапқын?! Мынау жақсы күндерге жетіп алып, Биігінен қарасақ парасаттың. Есейген соң тиді ғой нендей бақыт, Асау тұлпар үстінде желді ойнатып. Қырау шалды әйтсе де басымызды Дәл отызға жасымыз келмей жатып. Қасиетің еді ғой адамшылық, Жарасқандай өзіңе тән әншілік. ...Жақсы күнге жеткенде үзілдің-ау, Өрт орнына өскін боп аман шығып. Біте қайнап, бірге өстік бала күннен, Сонда таптым үндестік әр әніңнен. Сен ойнасаң, мені де қоса ойнаттың, Сен ойлансаң, ойлымын, данамын мен.
Туған жердің ой-қырын кездік бірге, Сол алтын шақ қап қойды жез түкпірде. Бала күннен жалт қарап түсіністік, Қажеті жоқ еді ғой сөздіктің де. Өнерлі едің би билеп, сырнайлатқан, Жақпаушы еді жаныңа ыңғай мақтан. ...Жеп-жеңіл боп аттандың, қалдым артта Салмағыңды көтеріп мұндай батпан! Жақын тұтқан ақылшымның бірі едің, Батылдықтан аласұрып жүремін. “Адалдықтың арын қорғап жүр едің” Деген сөзім жетпей жатыр, білемін. Тура бидей әділдіктің өзі едің, Ақиқатқа араша боп өзегің. “Кейін еді тағдыр сыйлар кезегің” Деген сөзім жетпей жатыр, сеземін. Қалап алған мамандығың – мұғалім. Оқы деген баба сөзі – ұраның, “Тоқталмайды айтам деген ұлы әнің” Деген сөзім жетпей жатыр, ұғамын. “Тіл табыстың үлкенмен де, кішімен, Бөлек сыйлап достарымның ішінен, Маған ерек мейірлене түсіп ең” Деген сөзім жетпей жатыр, түсінем. ...Кездескенде жүз нұрланып, албырап, Құрметтеудің жөнін таппай абдырап... ...Қабіріңе қарай бердім жаудырап, Қарызымды өтей алмай мен бірақ. Шәкірт сөзі 1. Апайға Сахариева Қатираға Түсінбейміз кейде көп жайды, Түсінбейтініміз – мәйек тоқ. Реттеп барлық жағдайды, Жүгіріп жүр апай бәйек боп. Әні де сынып үстінде Жаны да сынып үстінде Апайдай ұстаз болсам мен, Шыдай алар ма едім үш күнге?! Әңгімемді осы айтайын, Құпиясы жоқ – қиын сыр. Соңғы бір кезде, байқаймын, Сыныпымыз тіпті ұйымшыл. Сыныптың намысын қорғасақ, Кетпейді-ау еңбек бекердей. Ылғи біз озық болмасақ, Апайымыз озып кетердей. Тәрбие берген асауға, Еңбегіңді жүрген кім ұқпай?! Жүреміз қайда, қашан да Қадіріңді, апай, ұмытпай! 2. Ағайға Әміренов Зарқұмға Азбыз ба оқушы, көппіз бе, Бас шұлғи берер шөппіз бе?! Абайлай білген айтарын Ағайдай ұстаз жоқ бізде.
Тыңдайтын бір сәт әңгіме, Шырқайтын бір сәт әнді де. Ағайдай ұстаз бар, міне, Шықпайтын естен мәңгіге. Жарқылдап қарсы ап, мініңді. Көрсе де көрмес, байқамай. Болсақ та үлгі бүгінгі Өтті ғой бастан жай талай. Айтқызбай сезген ісіңнен Жаманың ба, жақсың ба?! Қаншама бұрын түсінген, Қандайлық үйге тапсырма! Сөйлемейді ағай ойқастап, Айтарын кесіп, бір айтар. Әрқашан бізге ой тастап, Күлдірер, кейде мұңайтар. Аз сөйлеп, бізді көп тыңдап, Отырады біраз сынықтау. Ағайдан күй боп жетті ырғақ, Арманына келдік жуықтау. Білмейді ағай ұрсуды Түсіндірер бәрін ақыл ғып. Жоғалды үрей – бір шындық, Тамырланып өсіп батылдық. Маңдайға сызып сан қатпар, Мезгілден озып жорта алға. Шаштағы сансыз аппақ тал – Біздерден қалған қолтаңба. Түседі миға көп салмақ, Көтеріп ағай кілең жүк. Бармасын бізден оқшаулап, Қалмасын ағай ренжіп. Бұрауға көніп шіліктей, Сынауға көнбей толыстық. ...Тең көрдің қатар жігіттей, Бәрінен, ағай, сол ыстық! Ұстаз туралы жыр Шаттық билеп, бұлқынады ой-сезім, Тыңдағанда мерекелі той сөзін. Қиял қайда апармайды ұстазды, Галактика кеңістігі бой созым?! Өзім – жерде, ойым кеткен аспандап, Асып-тасып төгілердей бастан бақ. Басталады қарапайым мектептен Ғарышқа да ұшыратын баспалдақ. Сапар ізі аттанғанда мектептен, Жолға шығар шәкірттерім көп неткен! Бабамыздан қалған екен аманат: “Ұрпағыңды дұрыс оқыт!” – деп кеткен. Жаңа мәнмен естілгендей сол ұран, Білім қуып тау мен тасқа соғылам. Жақсы оқушы – ұстазының бақыты; Оқымаса, мұғалімнің сорынан. Жанға жақын ұнайтыны – жайлысы, Жақсы болса, қуанбайтын қай кісі?! Есті тентек – ұстазына қуаныш, Есер тентек – мұғалімнің қайғысы.
Білім қуу – мәселенің түйіні, Тәрбиелеу – қиындардың қиыны. Үздік бала – ұстазына абырой, Бұзық бала – ұстазының күйігі. Мұғалімнің миы – қойма, басы – бақ, Шәкіртіне жыр себеді шашырап... ...Әр тентектің салып кеткен таңбасы – Қаптап кетсе қара көмір шашын ақ. Тәрбиенің иірімі мол ырғақ, Аспай-таспай білім берер қоңырлап. ...Ұстаздықты мұрат тұтып келемін, Бабамыздың өсиетін орындап. Ұстазды дәріптесе, дәріптесін; Іребдел үзеңгілес әріптесім. Жүйкесін жеп жүріп-ақ үйретеді Тылсымның тұрмыс-тағдыр әліппесін. Көңілі жаралғандай күн көзінен, Намысы шарболаттай сым тезінен, Кеңейген парасаттың көкжиегі Білімнің анализ бен синтезінен. Жас ұрпақ үшін ылғи мейірленер, Кеш қалып өз бақыты кейін келер. Жас ұрпақ үшін жанын пида қылып, Ең соңғы минутына дейін берер. Ұстаздың жаны жайсаң, көгал мүсін, Елінің еншілеген мол алғысын. Мезгілін қалт жібермей, баптап жүріп, Қапысыз ұшырады сонар құсын. Баланың қасиетін танып бастан, Білімге үйретеді жалықпастан. Ұстазы бір арнаға түсірмесе, Әрқайда бала көңіл алып қашқан. Өнерге тым ынталы, өте құмар Шәкірттің тауқыметін көтеріп ал. Бала да ұстазына арқаланып, Ізденіп өмір бойы өтері бар. Шәкірттің жауап іздеп сұрағына, Білімнің сусындатып бұлағына, Ұмтылған келер күнге жас ұрпақты Талаптың шомылдырып шуағына, Талпынар ұстаз алға, сірә, тынбай, Тамаша дастан жазған ірі ақындай. ...Түріліп қараңғылық жарқыраса, Бір шырақ жол көрсетіп тұратындай. Нарық және мұғалім Сом білектер бұлшық ет күшін көрген, От ауыздар алатын тісін керген Мүшесіндей қоғамның ең төменгі Мұғалімге қарайды мүсіркеумен. Бөлектеніп жүргендер таянышпен, Қоректеніп жүргендер баялышпен Көшедегі ең соңғы бейшарадай Мұғалімге қарайды аянышпен. Ұмыт болып кеткеннің көбі есінен, Бар-ау жандар ақылы аз, өресі кем. Небір дүние қоңыздар маңғазданып, Мұғалімнің қарайды төбесінен.
Ырғағындай бұзылған домбыраның Қазір қоғам пікірі болды мәлім. ...Сондықтан ба, кім білсін, мектептерден Бара жатыр азайып ер мұғалім. Заман лебі қатыгез ысқырады, Қай жартасқа соқтырар іс тұрағы. Аласапыран кезеңде нарық кіріп, Мұғалімге салмақтың түсті бәрі. Себебі мен салдар жоқ сап етерге, Құйын соғып өткендей мәпет елге. Ұстаздарға түсірген сол салмақты Қыз-келіншек көтеріп әкетер ме?! Сол салмақты нәзіктің жаны ұғады, Шәкірттерін уайымдап қамығады. Сабақ, сабақ, сабақ деп... ұйқы көрмей, Ойланумен атырған таңын әлі. Ойлайтыны – балғындар – көп арысы, Тәрбиелеу, оқыту – қоғам ісі. Шәкірт қамын, пән жайын ойланумен, Өтіп жатыр үзіліс, демалысы. Жас шағында көрінсе бәрі мәңгі, Жадау тұрмыс ажарын, әрін алды. Сабақ беріп сонда да алаламай, Бір сезіммен баурайды бар ұланды. Алдын ала сезер ме білгір көңіл, Белгісіз бе болашақ – күңгірт өмір?! ...Естен кетпес, оқудың сапасы емес, Тоқырауда тойғаның кілгірте бір. Азайғандай дәл қазір намыс, бедел, Тозды табан таусылып қарыс бедер. Жаңаша ойлау жүйесі ағытқандай Келер күннен лықси ма ағыс кемел?! Қымбатшылық ұйтқытып желін бетер, Түгесіліп бітер ме демім бекер?! Туар ма екен жақсы күн жайраң қағып Мұғалімнің жұмысын жеңілдетер?! Жадау үйде түйір жоқ тіс басатын, Жалаңқая жоқшылық ұштасатын. Туар ма екен жақсы күн жайраң қағып Мұғалімнің арманы іске асатын. Пейіш заман ұстазға ұдайы орнап, Тез жетер ме кең заман құдай оңдап?! Аман өтсек өткінші аралықтан, Келе жатыр алғы күн не дайындап?! Аман-есен тұрғанда халық – шынар, Бір жақсылық болуы анық шығар. Сабыр түбі – сары алтын, шыдамдылық Тұңғиықтан жол тауып алып шығар. Қаратайдың шешені Түркістан Әлихановқа Іс біткен соң айттың не, сынаттың не?! Оралса да әр қилы сұрақ тілге. Бара қалып Өрелдің мектебіне, Адамдарын таныдық бір-ақ күнде. Шындық екен айтқаны түрліміз деп, Біз қызықтық жақсысын білгіміз кеп. Шеттерінен зиялы ұстаздардан Ең алдымен үңілдік бірлік іздеп.
Бір көрмеге тәп-тәтті: жақсы бәрі, Жарыс өтті, үздіктер бақ сынады. Зиялының мінезі кешке жетпей, Бөтен мінез танытып жарысады. Білімпаздар бөлініп топқа түрлі, Біреуінен бірі өткен боп ақылды, Оңашалап ананы, мынаны айтып, Менің шақша басымды көп қатырды. Жігіттердің тірлігі, нұсқасы өзге, Келіншектер керемет ұста сөзге. Олақтықпен алысқа ұзамайсың, Шеберлікті шепке алып, қысқасы, оз де. Әділеттен басқасы деме қайда, Шалғы тисе жайрайды көкорай да. Жіпсіз буып бар топты отырғандай Саясаттың ізі жоқ, шебер айла. Түке! Жұртқа белгілі іскерлігің, Қашан болсын жүретін іштен мығым. Пайғамбардың жасына таянғанда Саған арнап сырттан тон пішкен кімің?! Нәпақасын тергенде тіс-таңдайдың, Жеңе білген екен ғой мыстанды айбын. Кімнің қолы – иесін бәрі сезген, Ешкім айтпай, долбарлап, тұспалдаймын. Ұжымдарың болса да озат, ірі, Түке, саған тиеді-ау сөз ақыры. Артықпын деп жүргендер бар-ау деймін, Жетпесе де өзіне өз ақылы. Түке! Сенің қадірлі жеке басың, Ауданды да басқарып кете аласың. Сөздің өрті боп кетіп төңірегің, Әрең өтіп жүрсің бе от арасын?! Кететіндей біреуге есең бүгін, Құтқармайтын ешкімді шешендігің. Бір-ақ сөзбен қатырып мылжыңдарды, Құм құюшы ең аузына кеселдінің. Сөз білмеген жан болса, сүйреуші едің, Кер ауызды бүйендей түйреуші едің. Сен екенін айтатын біреу бар ма Бүгін соңғы тұяғы Жиреншенің?! Келмесе де ешкімді жазым еткің, Түсінгенге сөзің мен сазың – екпін. Қонақтапты дәл қазір іздеп келіп Қаз дауысты таңдайы Қазыбектің! Қасқалдақтай әлпештеп құс асылды, Шаршы топта шешен сөз іс асырды. Қаратайда қазіргі шешен өзің Рүстемнен туатын Мұса сынды! Сөзбен берген мысқылдың көрінісін, Мая – Бұтақ – Исаның өрімісің. Ойлы сөзді түсінер құлақ керек, Көз де керек сол сөзді көру үшін! Танылар ма шешендік мөлшер күйсіз, Тыңдатар ма тәрбие өлшемді үйсіз?! Қолда барда алтынның қадірі жоқ, Қадіріңді білмей жүр өңкей мисыз!
Ана тілін түсінген шынын ұғар, Астарлы сөз: бірі – бұлт, бірі – мұнар. Қара судай сапырған қазақ сөзін Баламердің өзіңде жұғыны бар. Домбыраны саусағың сызылтады, Шоңмұрынға жиенсің – қыз ұрпағы. Бір тулақтың пұшпағын илеп жүріп, Кімдер сені сыртыңнан қыжыртады?! Жалғыз өзің қос тілге жүйрік бірдей, Тік тұрғанды бұрадың иліктірмей. Сыртай күңкіл шығара бастаған ба, Бүлікшіл боп кетпесін билік тимей?! Қатар тұрса білім мен аты иненің, Садақ иіп, сөздерден сапы иледің. Түке! Қазір Самайда дара тұрсың. Сөзін ұстап Ешеке – Мәкиленің! Сөз дегенің өрт болса, алау кетер, Тыншымайды жүйкем мен санам бекер. Бірге қызмет атқарған әріптестен Дәл Өрелде ешкім жоқ саған жетер. Жөнді сөздің қылшығы үйітіледі, Жынды сөздің қырсығы шикіл еді. Атам – Қазақ қалдырған даналық бар: “Көшеді де керуен, ит үреді”. Әріптестің қашанда күйін аңғар, Түсінеді сөзіңді миы барлар. Маңайыңа топталып жиналады Тәңіріге имандай ұйығандар. Берекеге бірігіп топтасады, Қызғаныштың болмай қап жоққа сәні. Ақыл айтып алдыңды орамайын Жас баладай... ...жас бала от басады!!! Бала – адамның бауыр еті Қанша уақытты рәсуа ғып өткіздім, Желден шылбыр болмаса да, от – тізгін. Ғылым сонша жаңалықты ашқанмен, Түсінбейтін білмесіміз көп біздің. Қадым шақтан шешілмеген дау есеп, Соның сырын тыңдауға да әуес ек. Баспасөздің жазғанына сенбейміз, Неге бізді сендіреді қауесет?! Қиыр қонып, білмей жүрген біз ғана, Білгіштердің ойы қандай ызғар, ә?! Жеңілауыз білімдіден шыққан сөз: “Қызғаныштан жаратылған қыз бала”. Тыңдап тұрсаң сөйлейтіндер кіл дана, Көзқарасын өткізеді тұлдана. Көп білгірдің тағы бірі айтыпты: “Ізгіліктен жаратылған ұл ғана”. Жазуынан кім қашады маңдайдың, Әзілімен сырласады таңдайдың. Мен осының біріне де сенбеймін, Мен осының біріне де нанбаймын! Жан шатағы болмаса да күлгенбіз, Пәлсапаны талай естіп жүргенбіз. Бір-ақ сәттен жаралады екеуі – Бір мақсаттан таралады ұл мен қыз.
Бала – әке-шешенің зейін құсы, Пейіш екен он беске дейінгісі. Отқа, суға түсіріп сынайды екен Кәмелетке толғаннан кейінгісі. Әлпештеген әу бастан балапаны, Өскен сайын жүйріктей жаратады. Жұмыс істеп жалақы таппаса да, Жүз қышиды күніне алақаны. Жерден іздеп, Аспаннан тілегені, Жылдан-жылға дамиды тіл өнері. Туысыңмен мыңжылдық табыстырып, Жер түбіне жолаушы жібереді. Бала – баулып өсірген қыз бен ұлың, Алақанға маржандай тізген ұғым. Бойыңдағы мініңді кешірместей, Болмай жатып үйреткен бізге білім. Бала – әке-шешенің бауыр еті, Бүгінгі үміт, ертеңгі қабілеті. Баласынан айнадай көрінеді: Әкесі мен ананың әділеті. Жалғыз бала – әулеттің жалған ізі, Елге көз ғып қарғайтын жалмауызы. Көк сүт болып көлкиді тәрбиесі, Қаймағында кеткендей бар маңызы. Демеу болар сүйеніш – екі бала, Сәл тұтанған көңілдің оты ғана. Ет пен тері арасы көбіктеніп, Содан соң ғой төзбейді... оқыраға... Едел-жедел өскені үш баланың – Қылшылдаған жүзіндей ұстараның. Құстай ұшқыр көңілдің күйін шертіп, Ата-анасы шырқайды “Құстар әнін”. Шырқаушы еді биікке ән бағынбай, Бағындырған нарыққа жалғаныңды-ай! Қашан болсын көңіл тоқ, егер балаң Төртеу болса, қара өлең тармағындай. Кетпеу үшін тағдырға есең кенет, Керек емес көсем ой, шешен дерек. Әулетті мықты ұжым болу үшін Әулетіңде баладан бесеу керек! Жақсы бала – шөлбасар сусын бағы, Қонақтаған көңілге мың сырлы әні. Ештеңе етпес ұлыңның жұлысқаны, Қиын тиер қызыңның сусылдағы. Сәбиінде сезілмей тықылдауы, Ата-анаңның кейін ғой қыпылдауы. Қойып кетер шылымды шеккен ұлың, Қиын болар қызыңның сыпылдауы. Сүйсіндірсе, жақсыдан үйренгені, Түйсіндірер оңаша күйбеңдеуі. Есті болса ұл қояр боқтампозын, Ауыр соғар қызыңның сүйреңдеуі. Толғанасың пысық боп, пісіп-кепсе, Қорланасың теріс ой күшіктетсе. Ең ауыры – нашақор болғаны да, Ең қиыны – жазылмай ішіп кетсе!
Балаң кенет түсірсе беделіңді, Біле де алмай қаларсың не деріңді. Мығым жүрмін десең де, өзің балаң Тауысады табаннан бедеріңді. Жіберместей тізгіндеп ұстармысыз, Тар шеңбермен жүргізіп қыстармысыз? Қиын екен болғаны бауыр етің Көпшіліктің ішінде іске алғысыз. Талап, еңбек, терең ой – септесе ме, Міндет пе екен жазылған тек кешеге?! Шықпай жүрген атыңды бір шығарар. Шектен шығып бұзық боп кетпесе де. Жүз шайысып бала үшін көршіңмен де, Жасиды екен намыстан өршіл пенде. Тектісі бар балаңның, тексізі бар, Жарамаса қайтерсің қол сілтеуге?! Бала – әке-шешенің зейін құсы, Өзі-ақ адам болады бейімдісі. ...Балапанын түлетіп ұябасар, Серпілгісі келеді, сейілгісі! Айтуға оңай. Қымбат қой бала деген, Балаң болса, отың да жанады ерен. Жаңа келген сәбиді дүниеге Қайта-қайта көрмек боп бара берем. Қалай өсіп толысар жан-жүйесі, Не болады болашақ тәрбиесі?! Бесік жырын беріліп шырқай ма екен Бөбегінен басқаға әнді иесі?! Тумай жатып үйретіп бар ақылын, Ана сүтпен дарытып ана тілін, Қара табан болғанша ұйқы көрмес, Бала тыным алса да, ана тыным. Үміт-күдік аралас болашағы, Жақсылыққа бағыттап жол ашады. Анасы әкеп үйірге қосқанымен, Бала көңіл аңсайды оңашаны. Бала көңіл қай-қайда алып қашар, Жастайынан үйренсін, жарысқа сал. ...Түбі қазақ екенін ұмыттырма, Ұлттық сана-сезімі қалыптасар.
Махаббат өлеңге сыймайды Табыстау Нұрбәш, мынау – от басың, ошақ қасың, Алаңдатпай, өзінен босатпасын. Алдыңғы үйден жымиып қарсы ала бер, Босағаны алдымен дос аттасын. Мейманыңды күте бер осы арадан, Іркілмесін күмілжіп тосаң адам... ...Күлген болып кірмесін есігіңнен, Күңіреніп шықпасын босағаңнан. Қонағыңа аянбай барыңды ақтар, Аузы ашылмай қалмасын қарын-қаптар. Қолың ашық болғаны – білгендігің, Қоңырайып отырмай, жалындап қал! Жеке қалсақ, бола бер бытыр-шытыр, Саған ешкім айтпайды үкім, шүкір. Екі жарты қосылып бүтінделдік, Құдай берсе болармыз үпір-шүпір. Көкжиектен таң болып атар сапар, Көлбей келіп бақ пен сор қатар жатар. Кемпір-шалмен әзірше алдана тұр, Кейін біз де болармыз ақар-шақар. Қуана бер көзіңе шағылса нұр, Бақыттымын, толассыз ағылса жыр. Ата-енеңді барыңмен базарлай бер, Біз де, бәлкім, болармыз абыр-сабыр. Үміт жанса болашақ құлпырардай, Сағым шаққа көз тікші жыртып алмай. Кем болмайсың, сөз берем, қатарыңнан, Бірақ менен шықпайды шалқыған бай. Дұрыс па әлден байлықты алсаң ойға, Сонда жастық бақытты аңсамай ма?! Уақытша үй жалдап шыдап көрсек, Түбі біз де кірерміз кең сарайға. Айтар болсаң, ашық айт, іркіп қалмай, Тұрма бекер тіл тістеп, қырқып таңдай. Қанатымды қомдасам, демеп жібер, Өлеңімде шүйілген бүркіт бардай. Білсең, біреу баланы туғанға зар, Біреу дертін усойқы удан жазар. Ата-енеңді күте бер, қадірлей бер, Әлі біз де болармыз думан-базар. Алға төзіп, барына қанағат қыл, Болашаққа тапсырар аманат – бұл. Достарыммен келгенде емен-жарқын, Мені бөліп құрметтеп, даралап тұр. От сезім Мен – Төлеген, сен маған Қыз Жібексің, Осы сезім өзгермес жүз жыл өтсін. Көктем деген көгілдір сағым болды, Көңілімді күдіксіз күз жыр етсін. Енді қалған өмірге ырыздықсың, Саумалдықсың, ашымал қымыздықсың. Сызып жүріп сарабдал мына менің Жан жүйемді босатып уыз ғыпсың.
Шыдамайтын көрмесем көзайымсың, Бұдан былай дәл қандай сөз айырсын?! Ұрпағымды қоршаған баспанасың, Өзіңе арнап өлеңді созайын шын. Өзің ғана көңілде толған үміт, Өзге дүниенің бәрі де болған ұмыт. Өзің жоқта тым-тырыс үйдің іші, Орыныңды жоқтаймын сонда біліп. Өзің болсаң, аяқтан тік тұрамын, Көңіл сырын көзіммен ұқтырамын. Көкірегімде шарпыған жалынды да, Өртендірмей әп-әзер бұқтырамын. Дегеніңе көнемін, бағынамын, Қазір айтқан сөзімнен жаңыламын. Барына да сенбейтін сияқтымын Бұл өмірде басқадай мағынаның. Сен тұрасың бойымды дір еткізіп, Толқып билеп кетеді жүрек қызып. Сен туралы ой қалғанын түріп шығып, Жатады бір ғажайып сурет сызып. Сезімімнің пірісің ар-туысың; Маған деген өмірдің тартуысың. Сен келіпсің өмірге бақыт болып, Мен келіппін өзіңмен шалқу үшін. Жалқы өмірге жарасқан асылым жұп, Достық сезім – көрінбес жасырын жіп. Батылдыққа батырлық қосып бердің, Сен тұрғанда болмаспын жасық-ынжық! Біз екеуіміз Біз екеуіміз – тәулікпіз: бір күн, бір түн Алма-кезек ауысқан дүркін-дүркін. Ашу жеңіп булыққан шақтарымда Жадыратқан жанымды сылқым күлкің. Біз екеуіміз – тәулікпіз: ақ пен қара, Өмір сүрген жұптасып тақ пен дара. Өзімізден өзгеге айтпағанды Өлең жазып сақтаған дәптер ғана. Біз екеуіміз – тәулікпіз: Ай және Күн, Сергітеді бойымды майда лебің. Көркейтеміз екеуіміз туған жерді, Көгертеміз даңқыңды, қайран елім! Біз екеуіміз – бір жұппыз: ашу, сабыр, Жанарымыз назданып жасырса нұр, Қуаныш пен шаттыққа бөленеміз, Тозаңданып, бас жарып ашылса гүл. Біз екеуіміз – бір жұппыз: тең – теңімен, Шыға келген қазақи ертегіден. Шағын бөлме базардай абыр-сабыр, Шеттерінен өздері ерке кілең. Екі жарты бір бүтін – біз екеуіміз, Бүтіндікті қорғаймыз, күз етерміз. Жақсылыққа талпынып тарттық алға, Жол-жөнекей мін болса, түзетерміз. Нұрбангүлге Алып бара жатқан соң аңыз белең, Дұрыс екен әр жылдан мән іздеген... ...Естен алпыс екінші жыл кетпейді, Ұмытылмас жиырма екінші тамыз деген. Жастық шағым артымда ойнап-күлген, Оқиғалар жадыма бойлап кірген... ...Жиырма төртке толардан екі ай бұрын Қоштасыппын қызулы бойдақ күнмен.
Отыз бес жыл толады биыл соған, Қартайыңқы тартса да күйім-шамам. Өзгеріссіз қалғандай ой-қиялым, Жиырма беске бергісіз құйын-санам. Өткен күннің өрнек боп қалады ізі, Шежіредей тарқатар шал-абызы. Етегімнен ұстаған жан-жарым деп, Топқайыңның қыпша бел қара қызы. Тәжірибе тағдырға болып құрбан, Сабағы көп өмірдің мол ұқтырған. Құдайыма күнде алғыс айтамын мен Қажымайтын қараға жолықтырған. Құрдастарым сөзімді дұрыс та дер, Қолтығымнан көтерген туысқан ел. Тоғыз бала өсірген бәйбішеміз – Бір кездегі қара қыз құмырсқа бел. Татулықтан жұптасқан жарасым бай, Берекеде бал татыр қара суды-ай! Құмырсқа бел дегенге ешкім сенбес Бәйбішемді бес бие сабасындай. Ұясынан ұлдарым қомданысып, Қиясына қыздарым жолдан ұшып. Бәйбішеммен енді бір отыз бес жыл Жүрсе деген үміт бар қолды алысып. Сезімі махаббаттың Сезімі махаббаттың шыны мөлдір, Сусының қанбайтындай сыры мол бір. Кәрінің аңызы едің түгесілмес, Жастардың сүйіп айтар жыры болғыр. Махаббат тау шыңындай өрмелетер, Түсінер екеуара жөнге жетер. Отауды айдалаға құрып қойып Сырласу үшін сонау көлге кетер. Сезімнің адалдығын, тазалығын Жеткізіп айта алмасам, жазалымын. Нұры бар таңның таза бой сергітер Ішінде асау толқын азабының. Махаббат өртенгендей жалын болып, Жүректің тілгілейді бәрін бөліп. Жолында осы дерттің өтеді екен Жазылған маңдайыңа жарым жорық. Көнетін бар азапқа төзімді ме ем, Мен тыныс арасында көз ілдірем. Басымнан жатсам-тұрмай ой кетпейді: “Махаббат, нашар білем өзіңді мен”. Баруды әртүрлі ойға жиілетем, Болған ба махаббаттың күйі бекем?! Әр қилы емтиханнан өтіп едім, Өмірге сын тапсыру қиын екен. Махаббат – екі жастың ортақ ісі, Көргеннен құмар болар жол танысы. Жүрмейді оған енді пара дейтін, Ешкімнің ем болмайды мол табысы. Кіріспе, сөзің артық, ісің шығын, Жөні жоқ қыстырылар үшіншінің. Түседі екі араға есі кеткен, Әдептің әуел баста түсін сырын. Махаббат – екі жастың сиқыр әні, Ешқашан үзілмейтін күй тұрағы. Аз күндік қызық бәрін ұмыттырған, Боламыз Жер бетінен типыл әлі.
Серт махаббат О, махаббат! Негіздердің негізі, Жан-жүректің жарып шыққан лебізі. Толқып жатқан тәуекелдің теңізі, Жағасында шиыр болған көп ізі... Адамзатқа күмбез болған сарайсың, Қос шырақпен мың құбылып қарайсың. Өткізгендей бұл өмірге талай сын, Құрбыласқа тұрғыластай жарайсың. Куәліктей бір көненің көзісің, Тал шыбықтай бұралған жас сөзісің. Әрбіреудің әр шақтағы кезісің... ...Ал нақ қазір менің еншім – өз ісім. Қызыл өрт боп алаулап батыс тұрды, Шабандоз қыз қиқулап жылқы өргізді. Бізді тағдыр осы кеш табыстырды, Өміріме өзгеше күлкі енгізді. Аунады күн тек бұлтта дағы қалып, Ол шапақ та аздан соң аулақтады. ...Шарбы бұлттың жалынын қағып алып, Менің балғын жүрегім лаулап қалды. Жарқылдаған жанарың өзің бе едің, Неге елегізи береді көзім менің?! Дегбір таппай, күні-түн көз ілмедім, Сабыр бітті, келмейді төзімдегім... Балқып жатыр жүрегім мыстай ысып, Жетем, жаным, өзіңе құстай ұшып. Арманың боп көгіңде қалықтайын, Құшағыма бақыт боп... түс майысып... Өрт махаббат Еркетотай – мен, ал сен – еркешора; Екеуара жұпталсын келте шама. “Мен сендікпін” дегенің рас болса, Тіліңменен тіліме мөлтеш ора! Мен – шұғынық, сен – адал ақ гүлімсің, Сезім қылын шертердей тапқырмысың?! “Өмірлікпін” дегенің рас болса, Тіліңменен тіліме тәттіңді ұсын! Жаңғырығып жастықтың қилы іздері, Өртеп жібер, махаббат, күйгіз мені. “Жан жарыңмын” дегенің рас болса, Ерініме ерініңді тигіз бері! Ажырамас ғашықтай сүйгіз мені! Беу, махаббат, сан тарау – мың сызық түр, Күйдіргендей өрт қылып Күн шыжып тұр. Көзқарасың үнсіз-ақ түсіндірсін: Дейтініңді “сен – мендік” тілсіз ұқтыр. Мәлім бе сүю-күю даулы екені, Қай жүрек дауға көнбей қаулы етеді?! Мәңгілік пешенеме бұйырар ма, Махаббат – ертегідей бау мекені?! Тамаша төзім неге түйсінбеймін, Оңаша сезім неге сүйсінбеймін?!
Махаббат ақыл-есті билеп алды, Мәңгілік сыбағама тисін деймін. Өмірім өрт қауласа, сезінбеймін, Көңілім толғап кетсе, безілдеймін. Жүрегің қартаймайды деген шындық, Махаббат, дәл он сегіз кезімдеймін. Жасырып шындықты ешкім құтылған ба, Сездірмеу қиын тиер бүкіл маңға. Түсінік беру қиын түбегейлі, Өртеніп ғашық дерті тұтылғанда. Дерт махаббат Таусылмайтын кеніштейсің, махаббат, Көзбен ғана жеп-ішпейсің, махаббат. Жүрегімді сыздатқанда кей-кейде Тоң боп қатқан беріштейсің, махаббат! Ымыраға келіспейсің, махаббат, Құмырада жемістейсің, махаббат. Ақыл емес, сезім билеп кеткенде Оң нәрсені теріс дейсің, махаббат. Бұлт шалғанда теріскейсің, махаббат, Ерегеске беріспейсің, махаббат. Қалтарысын ақтарғанда жанымның Мінезімді тегістейсің, махаббат. Өмір болса, өрістейсің, махаббат, Көңіл қалса, көріспейсің, махаббат. Жүрегіме түскен қайғы салмағын Ешкіммен де бөліспейсің, махаббат! Өкініш Өтініп қон дегенде, қона алмадым, Өтірік шын тілеуің бола алмадым. Өртенгенде көңіліңе бой суытпай, Өкінем, әлі күнге сол – арманым. Болғандай топ ішінен елеулің мен, Білдірдің пейіліңді емеурінмен. Бадалып бара алмадым, баптансамшы Бозбала балуан қуат тегеурінмен. Өзектің өрекпітпей толы арманын, Өр серпіп, өсек болып оралмадым. Өзеуреп өршеленіп кетсем еді, Өндіртіп қайтарғандай жоғалғанын. Сандалтып жата алмадым қызып-жанып, Сыпайы тәлімсуді бұзып-жарып. Сақина тілеп алмай сау басыма... ...Сарсаңда болсыншы деп жүзің жарық... Отыздың үші Отыздың үші – бүгінгі жасың, Найзағай ойнар сібірлі жасын. Сырыңды бермей сылдырап жүріп, Шыныңды қалай ұғындырасың?! Жымиып күлсең, жылындырасың, Қабақты түйсең, суындырасың. Шарадай болған шақшадай басым – Апарып қайда ұрындырасың?! Дүлдүл тұлпарды құлын қыласың, Бұлбұл іңкәрді шұғыл бұрасың. Өткір жанарың түйіссе болды: Бойыма біткен жынымды ұрасың. Ән етсең сөздің түбін қуасың, Мөлдір сезімді шымыр қыласың.
Ой тереңіне жылымдай батып, Тозған жүйкемді жұлындырасың. Аңсар көңілмен жуындырасың, Дел-сал пейілмен жұмылдырасың. Ынтық қалпыммен ақ гүл ұсынған Қашан, жарқыным, тілімді ұғасың?! Отыздың үші – машықты шағың, Толысып бейнең, асыпты сәнің. Ауылыңа жолым түспей-ақ қойды, Бауырыма қашан басып құшамын?! Алқызыл арай шашыпты сағым, Балбырап тұрған ашытқы шағың. Тәбетім кетер дейтін кез емес, Дәметіп өтер ашық құшағым. Отыздың үші – танысқан кезім, Отыздың үші – табысқан кезім. Отыздың үші – ішіме сыймай, Ақырып жатыр арыстан төзім. Отыздың үші – нелер гүл өзен, Отыздың үші – кемелді кезең. Отыздың үші – шарықтап шыңға, Отыздың үші – тереңді кезем. Қосыла берсін жасыңа жасың, Көктемгі судай тасып ағасың. Қызынған өлең сыр жасырмайды, Қызыл сөз сыртқа шашырамасын. Кербезім Кербезім, кеңмаңдайлым, кермиығым, Көзіңді-ай жалт-жұлт еткен зер киігім. Жолыңа құрбан болсам деген сертпен Шөліркеп махаббаттан шерлі иінім. Жарасып сындар сымбат озды иығым, Асылдай жарқ-жұрқ еткен жез киігім. Өртеніп кете жаздап барып қалам, Бұратын болсаң ептеп көз қиығын. Сезімнің табу қиын тең бүйірін, Сыр бермес сарт-сұрт еткен жел киігім. Өзіңді құс мамықтай үлпілдетіп, Тағдырдың көтерейін мен қиынын. Арманым, қол жетпестей биіктейсің, Шарт та шұрт зымырайтын киіктейсің. Өзіңнен үмітімді үзгенім жоқ, Ал әзір көзге біткен күйіктейсің. Дағдарған ғашықтықтың күйі мынау, Сөзіңді бересің бе, киігім-ау?! Өзіңді сүйетінге нені айтасың, Дәл өзің сүйгеніңе қиын... ұнау?! Ажарлы әйел бар... Ажарлы әйелдер бар көзі күлген, Астарлы көмкерілген сөзі гүлмен. Тоймайды қалжың сөздің қаймағына, Ойнайды сенің еркек төзіміңмен! Әдемі қырын келіп жымиғаны, Әдепті, биязы жан бір ибалы. Еркелеп әзіл айтып от тастаса, Еркектің беліне кеп тұр иманы. Әзілді әрлетуге жүз батпайды, Әйел түк білмегендей міз бақпайды. Екі оттың ортасына түскендейін, Еркектің жаны шығып дыздақтайды.
Білесің бе? Білесің бе? Көргеннен сені ұнаттым, (Жүр есімде қызуы, желігі аттың) Байыбына бара алмай сезімімнің Тауға шығып сол күні елік аттым. Атпау керек екенін ойға алмадым, Кешеуілдеп осылай ойлы арманым. Шалыс басқан кезімді кейін білдім: Мылтық жүрсе, ол жерде ойран барын. Сүйіп сені мәңгілік қалсам керек, Бал татыды сол әуре-сарсаң кенет. Болмайды ғой қиналып, қажу деген, Жастық шақта ширығып, шаршау бөлек. Көңіл... сосын өзіңе... пейіл кетті, Жүрек сөзі кешігіп кейін жетті. Шыр айналдым мен жынды көбелектей, Әлі күнге сол сезім сейілмепті. Есіңде ме? Сол күні сыр ашқаным, Тұрды бөлек жарқырап нұр-аспаным. Мәңгілікке есімде сақталардай... Сезім... төзім... өзіңмен ұласқан үн. Мәңгілік аңсау Жан құрбым, от болайын, жандыр мені, Жаныңда жатталайын жай күндері. Аттандым тәуекелмен болашаққа, Арманның толқи берсін айдын көлі. Шарқ ұрып қиуадан үн кетеді, Жанымды тебірентіп күнде, тегі. Жалт етіп қарағаның маған бір сәт Арманның кең жайлауын гүлдетеді. Жамиғи жөнің бөлек ой аулаған, Табиғи өңің керек боянбаған... ... Мәңгілік аңсағаным өзің ғана, арманға өмір-бақи тояр ма адам?! Алғашқы сезім Сонау кезде сезімім көмескі еді: Сол қасиет өзгерді сен өскелі. Күндіз күлкі, қалдым да түнгі ұйқыдан, Бейнең кетпей көзімнен... елестеді. Бір жылылық жаныма құйып едің, Бар қызығын ұмыттым дүниенің. Жатсам-тұрсам... ойымнан еш кетпейсің, өзің болдың күйініп, сүйінерім. Сүйдім, рас, білектей бұрымыңды, Сүйдім, рас, сүйкімді қылығыңды. Қанып ішсем деп едім, өкінбестей, Мөлдірінен көзіңнің тұнығыңды. Сүйдім, рас, қарақат көздеріңді, Еркелікпен бұртиған кездеріңді. Ойлаймын да ұялам өртенердей Өзіңе айтқан алғашқы сөздерімді. Уәде Нұр жүзіне күн тигізбей, Ант беріп ем: бағамын деп, Маңдайыңнан бір сүйгізбей, Желден қорғап қаламын деп. Қателеспес кісі бар ма, айыбымды бойыма алам?!
Сені құстай ұшырарда Жымиған-ды ойлы далам. Кеудең өрт боп, төсің – жалын, Көрінгендей айқын маған. Кешір, жарым, кешір, жаным, Мен сөзімді қайтып алам. Қылығымды еп көрем деп, Тиді-ау деймін аздап тұмау... ...Ант берем деп, серт берем деп, Тұншықтыра жаздаппын-ау! Өзіңе ғана Ұшқыр қиял әлдилеп, Көрдім-ау сені... үлгердім... Қалатын елтіп, жан билеп, Лебізіңе ділгірмін. Махаббат отын тұтатып, Қауызын ашар бір гүлдің. Жаным-ау, бұрыл, тіл қатып, Сөзіңе жылы ділгірмін. Асыға тарттым арманға, Армандап өтер дүлдүлмін... Сүйерім сенсің жалғанда, Өзіңе ғана ділгірмін. Асыға тарттым арманға; Артымда – еңку, бел – алдым. Бақытым жақын қалған ба, Иісі-ай, шіркін, көгалдың?! Алқынып өрлеп келемін, Құшағын маған жайып көк, Арманым мынау дегенім Сағымдай жылдам ғайып боп. Күтем сені, Сені күтем; Арыма кір жуытпаспын. Алыста біздің мекен, Сонда сені ұмытпаспын. Хат арқылы өбейін де, Қағаз болып құшақтайын. Сүймесең, Жас төгейін де, Өзімді-өзім... пышақтайын. Өкініш Өкінбеске бекіндім мен, Өкіндірсең, лажым не?! Жарты жаным секілдім бе ең, Шала жаным жүр әзірге?! Ешкімге де мұң шақпаймын, Дәметпеймін, сірә, жүлде. Өлең болып бұршақтаймын, Шыбын жаным, жыр әзірле! Көкіректе бір нала мұң, Жегідей жеп жүр жанымды. Көңіл білдір, бір барамын, Елең етпей қылжағыңды.
Жыр дейсің бе, ән дейсің бе, Қауышқан шақ қалды есімде?! Шыбын жаным тулап өтті-ау Өскеменнің сал кешінде. Көк көйлек Маған ашып айтарың жоқ қой деймін. Саған... Саған айтарым... Көп қой менің... Көз алдымнан көлбеңдеп ақ кәстөм мен Қыз күніңде көп киген көк көйлегің. Ғажап еді көк көйлек... шіркін, Алла-ай! Жеткіздің бе бүгінге жыртып алмай?! Сол көйлекті кимеген кей күндері Солғандай боп көріндің... құлпыра алмай... Нәзік едің үлпілдек... Бейне гүлдей... Үлбіреген көгілдір көйлегіңдей... Қанат қағып талпынып кейде аспанға, Жөнелтетін сияқты ең кейде билей... Ақ кәстөмің таза еді, Ажарлы еді... Салтанатқа киердей базарлы еді... Сол екеуі тозатын күні туса, Ап кетердей көруші ем ажал мені... Тірі қалдым... Тигендей жан сауғаға... Табылмайды уақыт шаршауға да... Еске түссе сол бір кез... Бітірерім... Көк көйлек пен өзіңді аңсау ғана! Сен қайда кетіп барасың?! Жаз билеп өргек орманда, Қаз-үйрек көлге қонғанда, Ұзарып өсіп көкорай, Шалғынға шашақ толғанда, Сен қайда кетіп барасың?! Тоғайды желек жапқанда, Бұталар маржан таққанда, Киіз боп жидек, бүлдірген, Қызара бөртіп жатқанда, Сен қайда кетіп барасың?! Қоңырауын шілде қаққанда, Буыны шөптің қатқанда, Туған жер жазда толықсып, Туырылып тулап жатқанда, Сен қайда кетіп барасың?! Тоқталып тұрмай бөктерге, Бұлдырап сағым көк белде, Бауырдың бұлты қиялап, Нөсерлеп төгіп өткенде, Сен қайда кетіп барасың?! Сәлемхат байлап кептерге, Қабадан асып жеткенде, Шабанбай жақтан қалың бұлт, Мұзтауға жөңкіп кеткенде, Сен қайда кетіп барасың?! Жүректің сыры тереңде, Айтылар ма екен белеңде?! Сөзіңе жеттің дегенде, Өзіңе жеттім дегенде, Сен қайда кетіп барасың?!
Түстіктен жеткен ән Шымкент филармониясының әншісі Дана Бекеноваға Шүпірлеген тыңдаушы залдың іші, Тастап келген бүгінше бар жұмысын. Ішкен асын қоя сап біздің қазақ, Басын тігер бәйгеге ән-жыр үшін. Ән басталды Алтайдан шырқау асып, Бір биікпен бір биік тұр таласып. Оңтүстікке жетсінші мынау дауыс, Қойыңдаршы анау бір қырқаны ашып! Құлақ құрышын қандырып бабамыздың, Көзін оттай жандырып анамыздың, Жеті қырдың астынан естіледі, Дауысы қандай зор еді Дана қыздың! Ән артынан ән айтып түйдектетті, Әнмен бірге дөңгелеп билеп кетті. Жігіттердің жүрегін суырып ап, Мақталыққа өзімен сүйреп кетті. Көгершіндей ұшырып көп арманды, Қайта түлеп шөл дала көгалданды. Қоразданды қутыңдап кемпір мен шал, Жаңа тауып алғандай жоғалғанды. Мынау орман мүлгиді ұйып тыңдап, Тыңдарманға болғандай иық құндақ. Мен отырмын тыпыршып қозғалақтап, Дана кетіп қалардай сүйіктімді ап! Ән жалғасты Алтайдан шырқау асып, Бұл биік мен ол биік тұр таласып. ...Оңтүстіктен жеткендей сүйікті әуен, Қойыңдаршы мына бір қырқаны ашып! Асылзат, арманда едім... Әні бар Созылған айшылық жер – дала беткей, Беткейден өту қиын тәуап етпей. Қолдасып Асылзатпен жүрер ме екем, Сыңар жоқ: жалғыз келіп, дара кетпей?! Асылзат, арманда едім... ауылың қайда, Жер шалғай, бара алмадым амал бар ма?! Қаз едік қатар қонған жайлы өңірге, Мәз едік Тәңір берген сайлы өмірге. Қапыда адастырған тағдырым-ай, Қонысың Төр Алтайдың қай жерінде?! Асылзат, арманда едім... ауылың қайда, Жер шалғай, бара алмадым, амал бар ма?! Сандалып көрмегелі көп жыл өтті, Сарғайтып сол сағыныш бек жүдетті. Өзіңе сәлемдеме – ән жолдадым, Ән езіп жүрегімді елжіретті. Асылзат, арманда едім... ауылың қайда, Жер шалғай, бара алмадым, амал бар ма?! Студенттік шақтар-ай... Студенттік шақтар-ай... қоян-қолтық. Асығыс шақ... болмайтын аялдау түк, Екпінді фокстрот, вальс емес, “араби танго” сазы баяу қалқып. Әнге балқып нәзігі, шоң ұлығы, Әсерімен әуездің болып ірі, Әуелетіп зал кернеп тұрушы еді Әнші Батыр Закировтың қоңыр үні.
Құрбыларға тіл қатпай, көңіл батпай, Жайлап қана елтитін сол ырғақты-ай! Ұяңдықтан қысылып-қымтырылдық, Кең залдан ине шаншар орын таппай. Студенттің осындай жайы білген, Салт басымыз табысып сайын үнмен, Аяқты да асықпай алушы едік, Бірге босап... сәл ұзақ қайырыммен... Содан кейін соқса да қар боратып, Архивына тарихтың әнді оратып, Жылдамдыққа көнбейтін сол ырғақпен Әлі келе жатырмыз танголатып!!! Жыр нөсері Толықсыған денені Көремін де қызығам. Төккім келіп өлеңді, Жауар күндей бұзылам. Күн нұры ма, жалын ба, Шіркін, қыздың ажары-ай! Ұшқын шашып жанымда, Жарқылдайды нажағай. Шап-шақ болып үстіне Қона қалған киімін. Алай-дүлей ішімде Соғып өтті құйыным. Жібектейін сызылған Өзі қандай көңілді! Көңілімен бұзылған Жыр-нөсер боп төгілді. Егіз шумақтар Табысқандай болып беріліп мүлдем, Қауышқандай жорып серілік күнмен, Шыға келетінім қайда, басымнан бақыт, Ән ұшқандай болып жерініп бірден. Танысқандай төніп суықтай бойды, Жарысқандай көніп уықтай бойлы, Махаббат мені кәрісінді білем, Арыстандай көріп... жуытпай қойды. Бұрылып жауап берсең нең кетеді, Бозартып тіл қатпауың меңдетеді. Көңілге күмән кіріп, күдік қаптап, Жауапсыз ой мен сезім тербетеді. Армандай жарасымды бұлғақтауың, Айтылмай жатыр іште бір мақтауың. Жалғанбай жатқандайын түсінісу, Аймаңдай, мойын бұрып тіл қатқаның. Бір танысқа Ішіп жүрген кезің болса, тояр ең, Ісіп жүрген кезің болса, қояр ең. Бірақ қайдан. Мен білгенде қоян ең, Қауашақта аялдаған ой әрең. Қызып жүрген кезің болса, жоқтар ең, Жүзіп жүрген кезің болса, тоқтар ең. Бірақ қайдан, мен білетін отты әлем Жанып тұрса, жуықтаушы ең отқа әрең. Ойлап жүрген кезің болса, сұңқар ең, Ойнап жүрген кезің болса, тұлпар ең.
Бірақ қайдан. Мен білгенде қырқадан Аса алмаушы ең, әйтпегенде шырқар ең. Өсіп жүрген кезің болса, шайқар ең, Бөсіп жүрген кезің болса, айтар ең. Бірақ қайдан. Жолға салдым қайта мен, Әйтпегенде, адам емес сайтан ең. Сайрап жүрген кезің болса, шешен ең, Жайнап жүрген кезің болса, көсем ең. Бірақ қайдан. Көгермеді-ау көсегең, Үн жоқ, түн жоқ, кезіп жүрсің көшемен. Осы күні үндемейтін мода таң, Бір құрдымға тірелгендей жол-апан... ...Бір қалыпты үйреніпсің айтуды, Сырға мықты, күйге еніпсің момақан. Кәрінің махаббаты Табиғаттың талғаусыз мәңгі заңы, Тапжылтпайды алғаусыз жалбыз әні. Тықақтатқан баянсыз қу тіршілік – Арғы жақта дәрмен жоқ, бергі жағы. Жас ұлғайып, жабырқау жалғыз әні, Жалтаң көңіл жатырқап жан бұзады. Шұнаңдатып қойса да тағдыр бір сәт, Арғы жақта дәрмен жоқ, бергі жағы. Тас тамырың таусылып таңғы зары, Қартайғанда қадірсіз қан қызады. Бергі жақтың дәрмені тілде қалса, Кімде қалған, білмейсің, арғы жағы?! Тұлпар озса бәйгеден, қалды жабы, Бұлбұл салған сүйетін әнді жаны. Қартайғанша махаббат өлмесе де, Арғы жақта дәрмен жоқ, бергі жағы! Қожа мен кедей Мұның қашан болғаны да белгісіз, Сол кедейдің арманы да белгісіз. Келе жатқан Қожанасыр дәуірден Бір әңгіме тыңдайсыз ғой енді сіз. Пысық емес жанып тұрған өңгедей, Сенер сөзге жарымапты сол кедей. Жыртық шапан, тойтық етік жамаулы, Белбеу де жоқ жүреді екен желбегей. Тоймаған соң майланбапты мәйегі, Шаруамен айналмапты әйелі. Ғұмыр бойы жалшылыққа жаралу Кедей үшін үйреншікті жай еді. Сәті түсіп Қожа қонды көрші боп, (Кедей үйде лапылдар ма өршіп от!) Ерулікке келмесе де емініп, Келіп жатқан кедей, жалшы, қойшы көп. Егіз қызы болса керек Қожаның, (Айттырған ба? Біле алмадық ол жағын) Егіз қыздың бұйымтайы жоқ онда, Жаңа шырқап келе жатқан сөз тасып. Ал кедейде бар боп шықты егіз ұл, Көкіректі күмбірлеткен сері жыр. Егіздерді таныстырып сөз тасып, Ортасында ала құйын пері жүр. Кедей содан құда түссін Қожаға, Екеуі сөз байласады өзара, Егіз қыздың қалың малы бар-жоғы: Екі қаз боп түсі бірдей боз ала. Қашан кедей тастүйін-ді әрдайым, Шалқып тасып көсіле алмай бардайын.
Екі қазды сатып алар қаржы жоқ Тауға соғып, тасқа ұрыпты маңдайын. Іс шықпады. Айтып-айтпай не дейін?! Уәдем бар, енді аяқтап берейін. Егіз қызды бағамдаған Қожакең, Екі қазды таба алмаған кедейің. Таусылмай дәм-тұзымыз Мен де айтпаймын, Ел білмесін, Беу, Майра, алпыс жасқа келдің бе шын?! Келгенің рас болса, Төлегенің Осы өлең құттықтаған белгім десін. Алпыс жас, қартайдың деп сендірмеспін, Жалауы жастық шақтың желбіресін. Оқыстан ертерек кеп қалмадың ба, Орындап уақыттың желдірмесін?! Жаныңды жараламай жалпы тілмен, Ақ сөйлеп құттықтайын бар құтыңмен. Тағдырға дауа бар ма, Керек еді Қарсы алу алпысыңды Сарқытыңмен! Асуға көтерілдің айта қалсын, Бөлек боп тау басында байқаларсың. Тілеймін үш қайтара, Мүмкін болса, Жиырма бес тағы да бір қайталансын! Көңіл жас – бәйшешектей жайқаларсың, Жорғадай жолға түскен тайпаларсың. Тәңірден үш қайтара тілеймін мен Отыз бес тағы да кеп қайталансын. Алда да той-думанға бөленерсің, Жүз жасқа толып қана бөгелерсің. Шыжығын бұл өмірдің өзің татып, Қызығын бала-шағаң көре берсін! Беймезгіл денсаулықты сұрыптасын, Тірлікті тек Тәңірім ұмытпасын! Тілеген ұзақ өмір, мол береке – Төлеген дейтін момын сыныптасың. Бар сырың басқа жаққа ұласпасын, Бар жырың “Мың бір түндей” түн аспасын! Тілеген балаларыңа бақытты шақ – Төлеген дейтін жуас кластасың. Адамға ауыр да сын, дауыл да сын, Әрқалай әркім кезек қабылдасын. Есіне анда-санда сен түсетін Төлеген дейтін қоңыр ауылдасың. Десек те бәрін нарық күн бұзады, Қашанда бұлжымайды құрбы заңы. Аусақ та “серпантиннен”, Аман қалып, Таусылмай дәм-тұзымыз жүрміз әлі. Қайран жастық Қайран жастық, жанымды тамылжытып, Жүруші едім от шайнап, жалын жұтып. Аяз қарып өтсе де сезбеуші едім, Ажыратпай аралық безбен шегін, Қатал уақыт қойғандай абыржытып. Қайран жастық, жүректі тебірентіп, Жан-жүйені босатып емірентіп. Қайсарлығын көрсетпей жасқап беттің, Қай қырқаға қаңғыртып тастап кеттің, Шаршатты ма қосылып небір ентік?!
Қайран жастық, көңілді құйқылжытып, Дуагердей ойнайсың сиқыр жұтып. Енді еңсемді тік тұрған бүгілтесің, Той-думанға жолатпай түңілтесің, Күлкім көмір болды ма, ұйқым – жітік?! Қайран жастық, сезімді аяп көріп, Қосылды ма жігітке саяқ болып?! Екеуара бақытқа жеттіңдер ме, Адастырып орта жол кеттіңдер ме, Тоят алып жатыр ма саят қонып?! Қайран жастық, жанымды тамылжытып, Жүрдік пе, рас, от шайнап, жалын жұтып?! Аяз қарып өтсе де сезбеуші едім, Ажыратпай аралық безбен шегін, Енді уақыт барады абыржытып. Қайран жастық, махаббат – ұлы кезең, Бұрқ-сарқ етіп таситын күліп өзен. Соның бәрін ойлайсың, зерделейсің, Сағыныштың болғандай гүліне жем. Қайран жастық, махаббат – үлкен асу; Жайраңдасып танысу, гүл қадасу. Баққа кіріп масайрап серуендеу, Сыңғыр-сыңғыр көміліп күлкі адасу. Қайран жастық, бір сөзге өкпелесу, Көлденең сөз тілге еріп, көпке ілесу. Сағыныш пен жаңылыс қатар түсіп, Есеп ашып ойыңда жоқ кеңесу. Қайран жастық, қалжыңдап, әзілдесу, Тыныс алмай тылсымның сазын кешу. Көрмей жатып ғашық боп, неке қиып, Маңдайдағы мәңгілік жазу десу. Мәселенің төркіні – құлап, беку, Махаббатты мәңгілік тұрақты ету ...Арманыңа жетпесең, бұл өмірден Қозы Көрпеш – Баяндай бір-ақ кету. Дүние, қудым сені... Қара өлең үлгісімен Дүние, тумай жатып қудым сені, Қызарып көкжиектің күлгін шегі. Бекінген берекемді бұзар болды-ау Базардың бақылаусыз дүңгіршегі. Дүние, қудым сені бір жасымнан, Дәметіп сыбағамды тұл ғасырдан. Құдайдай сенген еркек алдап соқты, Жақсылық көрдім талай ұрғашыңнан. Дүние, қудым сені екі жастан, Дананың қолын ұстап еті қашқан. Жасына пайғамбардың жеткенімде Мен жиырма бірінші ғасыр бетін ашқам. Дүние, қудым сені үш жасымнан, Дәмдіні талғап ішіп тұщы-ащыңнан. Әлі де тау қопарар шамам бардай, Бойымда қалған білем күш жасырған. Дүние, қудым сені төрт жасымнан, Жатқандай өтіп кетіп серт басымнан. Жасырын жетіп жатыр ыңқыл-сыңқыл, Жастықтың буы екен ғой дерт қашырған. Дүние, қудым сені бес жасымнан, Аңдып кеп ауыз тидім кешкі асыңнан. Өлеңнің саятшысы мендей болсын Баладай таяқ-мылтық босқа асынған.
Дүние, қудым сені алты жастан, Қазақтың жалаулатып салты бастан. Соғысқа тұспа-тұс кеп балалық шақ, Төбеде төңкеріліп жарқын аспан. Дүние, қудым сені жетіден-ақ, Мектепте білім қудым отыра қап. Көтерген семіздікті қойдай-ақпын, Көргем жоқ сиыр болып оқыралап. Дүние, қудым сені тоғызымнан, Көңілді көншітпейді өгіз ырғаң. Түсінем ақын болып кеткенімді, Бесікте пері соғып, қобыз ұрған. Дүние, қудым сені он бірімнен, Қандырып сусынымды мөлдір умен. Уақыт өтіп жатыр, кетіп жатыр Басыма ақырзаман төндірумен. Дүние, қудым сені жиырмамнан, Үзгем жоқ үмітімді сыйынғаннан. Әкеле жатыр сүйреп көрер жарық, Жетелеп алға қарай бұйырған дәм. Дүние, қуды сені елуімнен, Егіліп ерік мүлде берілумен. Жібердім аспандатып ән-әуенді, Қалсын деп бір естелік сері күннен. Дүние, қудым сені алпысымнан, Арбадай қиралақтап арты сынған, Армандай жастық шақпен шарпысудан, Қалғандай кәрілікпен тартысудан. Дүние, қуам сені жетпісімнен Жігіттей жасарыңқы бет-пішінмен. Кәнеки, азап-тозақ маған келсін, Тосамын жон арқамды соққы сіңген. Дүние, қудым сені сексенімнен, Жігіттей денсаулығы тексерілген. Шығайын қоршау бұзып аман-есен Табиғи сұрыпталу, екшелуден. Дүние, қудым сені тоқсанымнан, Кезеңге бағыт алдым көп сағынған. Майырылып қалмайын деп тасқа тиіп, Айырылып қалмайын деп жоқ сабырдан. Дүние, қудым сені, қуам сені, Жүз асып тоқырайтын сынау шегі. Бұрынғы жастар жағы жолыққанда: “Қаншаға келдің, шал?” – деп, сұраушы еді. Кездесу Болмайды той күнде, Жұрт өте көп келді. “Бұрылмай қойдың”, – деп, Білдірдің өкпеңді. Жібермей жіп тағып Көңілдің қырғиын, Жан-жаққа сұқтанып Қарау да тым қиын. Болмайды, түсінем, Сыбағам төр менің. Көп жұрттың ішінен Өзіңді көрмедім. Кім тойып ішпесін, Қызған ду маңайым. Көз қырым түссе шын, Қызарып қалайын. Біреу жүр сөзіне Қосарлап дөкейін.
Көрінсең көзіме, Көгеріп кетейін. Досым да тұр ақсап, Қыз тесіп көкейін. Көрінсең бір-ақ сәт, Ағарып кетейін. Көңілде өр сенім, Құлақта талай үн. Көргем жоқ мен сені, Қарайып қалайын. Көзайым соң келген, Өкіндік бекер біз... ...Тар жерде көргенмен, Тамсанып кетерміз. “Сіз” десіп, “біз” десіп жүруге хақылы... ...Тұрмыз ғой жүздесіп, кездесіп ақыры... Жесір монологы Сау болсаң, әңгіме айтып шешілер ең, Жау болсаң, үйге ойран сап, есірер ең. Үйіме ішіп келіп, үнсіз кеттің, немене дәметесің осы менен?! Мас болсаң, Қылығыңды кешірер ем, Жас болсаң, өзім сөйлеп шешілер ем. Үйіме сап-сау келіп, үнсіз кеттің, Немене дәметесің осы менен?! Су болсаң, иірімдей тереңдер ең, қу болсаң, өп-өтірік елеңдер ең. Жаныма әсер етпей қойды сезім, Немене дәметесің керең менен?! Сән болсаң, сырт бейнеңді әсемдер ең, ән болсаң шырқап барып бәсеңдер ең. Ештеңе түсінбеймін, түйсінбеймін, Қалғандай түгесіліп әсер менен. Махаббат өлеңге сыймайды Махаббат өлеңге сыймайды, Ақындар жанын жеп қинайды. Жарының көңілін қалдырмай, Ақ пейіл ниетін сыйлайды. Өрекпіп жүректер тулайды, Сонда да нағыз жыр тумайды. Көрікті ой қағазға түспейді, Ойнақшып ойыңда тұрмайды. Махаббат өлеңге сыймайды, Ақындар жанын жеп қинайды. Жарының көңілін қимайды, Толқыған шумақтар сыйлайды. Заман сыры – уақыт жыры Әміршілдік иіріп жіп ұршықтай, Қаншама жыл тұншықтым, үнім шықпай?! Тәуелсіздік лебі есіп, қояр емес, Тілді қаузап, намысым жыбыршытпай.
Ұмытылмас, ойсырай күйзелгенім, Шөп басындай, жел соқса, изеңдедім. Бодандықтан арылып, өнер бастап, ән алтындап, жыр өңдеп, күй зерледім. Желтоқсанмен тыныстар бауыр лебі, Оралманның көрінді қалың легі... ...Заман сырын айта алсам тамыршыдай, Аспандатып тұрғанда дәуір мені. Мен кеше жүргендей ем бәрін біліп, Айтушы ем білмегенге жалындырып. Бағыттан адастырып мына заман, Барады білгенімнен жаңылдырып. Қоғамның заңға көнбей бос кісені, Санайтын оңаша қап есті сері. Жаңалық кірікпесе, көксейсің кеп Ат құйрығын кесіскен ескішені. Кім білген тарылар деп халық мұнша, Көтермей еңсені езіп салық тұрса?! Көрінбей бейберекет қайтуші еді, Күн сайын шыққан көп заң жалықтырса?! Жабығып зардап шексе кәрі, жарлы, Байлардан табылар ма нағыз арлы?! Істелген әрекеттер заңсыздықпен Соңынан болып жатса бәрі заңды. Тырашты төлеңгіттей қоршап бәрі, Тырмысқан тастай кезең сол шақтағы. Бетпақтар қылығынан ұялғандай, Бетінен үзіліп тұр моншақтары. Қаңбақтай домалатып өрге тасын, Жалдаптай пайдаланып арғы атасын, Торындай өрмекшінің заңсыздықты Қалайша көріп тұрып жалғатасың?! Десек те заң өзгерген, заман басқа, Жайсаңдар өтті, кетті жау алмасқа. Шындықты шырқыратып тіліп түсер Жол берсек жарқылдаған ақ алмасқа. Тез өзгергіш заманда сыралғы не, Жүрсе көптің аузында бір әңгіме. Сан саладан қиысқан шырқайтын шақ Экологияға арналған жыр-әнді де. Кептелгендей кеңістік улы газға, Ойдың жеңіп алмайтын қулығы аз ба?! Тегі берік болса да, жаны нәзік, Шыдай алмай солады гүл біразға. Гүлден тарап жатса да әсем есім, Бұзылғандай ауадан бәсең есің. Ұйықтап жатып, түс көріп талқылаймыз Экология – тазалық мәселесін. Хиросима жолдаған есіл хатты-ай, Невадада уланған жасыл бақты-ай! ...Семейімнің оңалар кезі қашан, Экология кетер ме шешім таппай?! Не жетпейді? Жауласқан дұшпандаймыз, Ақыл емес, алдымен күш таңдаймыз. Кеңістікті толтырып улы газға Тәжірибе жасалған тышқандаймыз.
Қасіретті шексек те, ұғынбаймыз, Жүйкені де құр басқа шығындаймыз. Сүйрелеген боқтыққа ызың қуып, Үймелеген қоқсыққа шыбындаймыз. Оян, қазақ! Жар салса, оянбаймыз, Әншейінде керемет жояндаймыз. Сыбдыр шықса селкілдеп қоя берер Тәжірибе жасаған қояндаймыз. Шын жылайтын сәт туса, күлкі дейміз, Сірі жанды қасаңбыз – түрпідейміз. Біле тұра қамқорлық өзімізден, Бірін-бірі аулаған түлкідейміз. Екеу ғана жолықсақ, тасқындаймыз, Күпінген соң, қалайша асқынбаймыз?! Ұяласын жеп қояр ашыққанда Жақынына тасбауыр қасқырдаймыз. Іштей аңдып бір-бірін қалыс қалмай, Сыңайы бар бәрінің алысқандай... ...Осындайда ақсақал қажет, сірә, Отыратын ақырып арыстандай. Өте берсін бұл жалған – бір күн елес, Жақсылықты халқына кім тілемес?! Қордаланған көп ойлар айтқан сайын Түгесіліп бітуі мүмкін емес. Тегіңді айту – ұл үшін ғажап міндет, Тұрғызғандай алаңға азат діңгек, Айды аспанға шығарып Желтоқсанда, Ал одан соң айта алмай қазақпын деп. Ұлтыңды айтсаң, көрініп бұзық істей, Өзіңді-өзің кеміріп, мүжіп іштей, Нашақор да атандың, маскүнем де, Ызалансаң, қайтесің қызып ішпей?! Ұлтымызбен жалғасып жүрді мазақ, Содан кейін атанып жынды қазақ. Өткенімді тәптіштеу – ұзақ тарих, Мүлдем ұмыт болар ма қырғын азап?! Қызғаныштың асылды құрты үңгімей, Түбі айтылар қазақтың ұлты үлгідей... ...Талай ғасыр азабын халық кешкен Ұмыт болып кетер ме бір күнгідей?! Қол арбадан отырып от кемеге, Жылымықтан жеткенше көктемеге, Ұлттық сана қай кезде естен шыққан Күлтөбеден шыққанша Көктөбеге?! Ауысқанша тулатқан жайлы орынға, Кедейліктен өткенше бай болуға, Ана тілі қай жерде қашан қалған Төретамнан барғанша Байқоңырға?! Ұшырамай ешкімнің қаһарына, Ұмтылғанда зиялы ел қатарына, Ұмыт бола жаздапты ата салтым Тайқазанды көргенше ата мұра! Тіл білмесе не демес азат өрен, Кем санайтын өз ұлтын таза төмен.
Ұлтымызды қорғаған қорланғаннан, Қасиетіңнен айналдым қазақы өлең! Мәйегіне зер салып тізбек жырдың, Тарихына үңіліп жүздеп жылдың, Табанымның астына көп үңіліп, Қасиетін қазақтың іздеп жүрмін! Жастарға Үй болып тұрмыс құрмағандар, Үйреніп қылмыс қылмағандар, Ант беріп сөзін жұтпағандар, Жалт беріп көзін жұптағандар, Дау іздеп даярланбағандар, Арызбен аярланбағандар, Ұрланып пайда таппағандар, Шыңдалып байға жақпағандар, Нашарды жаныштамағандар, Қашанғы қарыштамағандар, Қиыннан тұра қашпағандар, Жиыннан сынақ ашпағандар, Дос-жарды өсектемегендер, Жоспарды есептемегендер, Туыспен төбелеспегендер, Ел-жұртпен ерегеспегендер, Араққа ауызданбағандар, Ақшаға қарызданбағандар, Сыраға сусындамағандар, Сұранып сусылдамағандар, Нағашы құнықпағандар, Ұрлықты құрықтағандар, Сыбаға, үлес алмағандар, Сірә да, күресе алмағандар, Сөзімді сендерге арнадым, Төзімді емдеуде арманым. Ақылды салмақтай көріңдер, Жақынды ардақтай беріңдер. Жатты да туыстай сыйлаңдар, Бақты да суыспай жинаңдар. Жүретін жолыңды жаппаңдар, Күлетін жөніңді баптаңдар. Осыны түгел құп алатындарың, Қосыны жігер жұрағатым – бәрің! Заманға Қайран кембағалдың заманы, Жайраң жанбағардың заманы Құрып келе жатыр. Асыл ақ арманның заманы, Жасыл бақ орманның заманы Тынып келе жатыр. Көлгір қаскүнемнің заманы, Делбір маскүнемнің заманы Жуып келе жатыр. Баға жымқырғанның заманы, Жаға қырқылғанның заманы Үріп келе жатыр.
Өркен жайғандардың заманы, Көркем жайлаулардың заманы Буып келе жатыр. Шырпы ұстағанның заманы, Түрпі ұстараның заманы Тіліп келе жатыр. Жалқы талапкердің заманы, Жарты санаткердің заманы Біліп келе жатыр. Шақар жайлы ақшаның заманы, Қатал бай-патшаның заманы Суыт келе жатыр. Қасап қағар малдың заманы, Асап аларманның заманы Кіріп келе жатыр. Қамқор қақ сортаңның заманы, Жемқор сақ шортанның заманы Күліп келе жатыр. Түбі қоржын бардың заманы, Тілі шолжыңдардың заманы Туып келе жатыр. Мәңгүрт-маргиналдың заманы, Қанқұрт жан қинардың заманы Туып келе жатыр. Жоғарыдағы айтқан әлгі ізбен, Қашып келе жатқан – жалғыз мен. Қымбатшылықта мынау жанды үзген, Тыныстатар ма екен жалбыз дем?! Базар Қоғамың осы: заңға зар, Базарың осы: қан базар. Ұсынатындары белгілі: Самопал, “Талас”, “Алмазар”. Дәуренің болмас масқа зар, Дәрменің қалмас бас жазар. Қатыгездікпен шыңдалып, Жетіліп шықты жас базар. Қылмыс пен жаза сотқа зар, Қырғыш пен азап боқ қазар. Кемпірмен сауда жасай ма, Жас қызды сатқан көк базар?! Азамат қайда салты бар? Ұялған бетте ар тұрар. Үлесім болса, қағып кет, Сыбағам болса, тартып ал! Келісім бар ма тоқтасар, Терісің, кәне, боқтасар?! Бейбақпын неге көнбеген Сайғақпын сере отқа сал! Қоғамың осы: заңға зар, Заманың осы: ән жазар, Сыпайы сауда жүрмейді, Базарың осы: қан базар. Кедей... Бай Кедей... кедей болған соң бай ұрсады, Жылап тұрған кедейдің қайыршы әні. Кедейліктің белгісі – жоқтық болса, Байлық – орман: қарағай, қайың сәні!..
Қайыстай боп қарысып езілгенде, Кедейлігін түсініп сезінгенде... Ұзамай-ақ бай болып шыға келер, Жалқаулықтан біржола безінгенде. Жанартаудай атқанда бұққан қайнар, Қуанышы кедейдің ұтқандай мал... Сараңдықпен атағы шыққандардың Бәрі дерлік кедейден шыққан байлар. Көл болмады жетпіс жыл көп тілеуі, Енді ие боп байлыққа ептілері... ...Қуанатын жөні бар қазағымның, Үлес ала бастапты тектілері. Бай байға асып-тасып құяр еді, Сай-сайдың аунап түсіп қия белі. Жайылып арнасына сыймай жату, Мұнысы шұқанаққа зиян енді. Адамнан қанағатсыз иман кетер, Арманға терісіне сыйған жетер. Бағдары кедейліктің есептеулі, Байлықты шұқанаққа жинау бекер. Жоқшылық жыртық-тесік желді келер, Жітікті жігіттікпен жеңдіре бер! Шұқанақ сыйымдылық өлшемі емес, Кедейлік айтқызбай-ақ белгі берер. Кедей байға жетем дейді, рас қой, Бай құдайға жетем дейді, тыраш қой. Көңілдің сәл құйқылжуы себеп боп, Көбеюде жылаңқылау бір аш той. Бір көрмеге дастарқаны ас та төк, Табақтағы жая семіз, бас та тоқ. Отағасы ниетіне қарны ашып, Тойдан емес, жолдан қайтты басқа топ. Кедей мәлім, бай неліктен жылаңқы, Пейілінің алды – бейнет, мұң – арты. Ешкім сөзге қоймаған соң тосқауыл, Төрден орын алды өсек-бұралқы. Кедей дәстүр жүйелемес саралай, Жиын-терін басталған той тарамай. Өз тойында масаяды таусылып, Дүниеге аш көзденген жаңа бай. Той төгіліп тұрғанымен сәндірек, Бай көңілді, үзбей айтса әнді кеп. Ит өлгендей іште қалып құпия, Салтанатта сөзің болсын мәндірек. Ортақ болып бай мен кедей тең үнге, Оранады түбі бірдей кебінге. Бай болса да, құдай болу мүмкін бе, Азамат боп қалсаң жақсы, тегінде. Қызғаншақ Қылығы қызғаншақтың көрсе қызар, Бүлігі қызғаныштан кеңсе бұзар. Жазбаған жері қалмас көрсеткенде, Аздаған жырым – шеттік берсең ұзар. Кетпейді ұзағанмен бірақ мүлдем, Беттейді достарыңа сынап күлген. Тоқтығын бүлдіретін өз лаңы Боқтығын тасығандай трактормен. Қуырып ең дүниені тарылтады, Сұғынып білгеніңнен жаңылтады. Сызданып басқаларды көре алмаса, Қызғанып қашан кімді жарылқады?!
Алдымен көршісі ғой аңдығаны, Қаулымен айтарының даулы бәрі. Алланың атқан оғы емес пе екен Қарғаның төбесіне саңғығаны?! Озғанын көре алмайды шын болса да, Тозғанын жамандап-ақ жүр баршаға. Бұйрықпен сөгіс алса майдай жағар, Сыйлық пен сыбағадан құр қалса да. Тайпалтып өсектетіп құр сырнайды, Бой тартып ешкімнен де қымсынбайды. Басқаның балшығына батып жүріп, Шошқаның шалшығында сусындайды. Сезер ем білінгенде жымысқысы, Кезеген ит секілді тіміскісі. Ұқпайды ақыл айтып, кеңес берсең, Шықпайды бұдан түбі дұрыс кісі. Менде бір арман бар Менде бір арман бар... Ымырт түссе қалатын сам жамырап, Ыстық-суық жалғасар арзанырақ, Жастық шақтың жарқылдап ар жағы бақ. Жайдарманға жалтылдақ маржан ұнап, Жігіт жолы жөргемнен олжалырақ, Жарасар ма сол арман шалға бірақ?! Әр тараптан алғандай құлжа құрап, Ақсақ қойдай түс ауа, ал, маңырап. Қартаймайтын көңіл жас деген рас, Тастан-тасқа секіріп арман – лақ. Менде бір арман бар, Дертіп тұр өмір, қаулаңдар. Өлшеусіз алғанды, Мөлшерсіз арманды Алғаусыз жалғаңдар. Менде бір арман бар Қара жерге кіргенше айта алмайтын, Қара суда қайраңдап шайқалмайтын. Қамшы-нөсер жай ойнап қайқаңдайтын, Қайырымсыз қарыздай қайтармайтын. Қаздай қатар тізіліп байпаңдайтын, Қара тұлпар тәрізді жайтаңдайтын. Сол арманым тұншығып жатыр әлі Өмір бойы өңімнен байқалмайтын, Менде бір арман бар, Жетілсе, даулаңдар. Өтініп тілеймін: Үркітіп алмаңдар. Менде бір арман бар Қуаласам мәңгілік жеткізбейтін, Айтқан сертті қайта екі еткізбейтін, Аймалап алтыбақан тепкізбейтін, Арманыма тезірек жеткіз дейтін, Тексіздің де түбінен текті іздейтін, Санамалап мініңді көп тізбейтін, Сүйегіңнен суық сөз өткізбейтін, Салт-дәстүрсіз қоржынды сөккізбейтін. Менде бір арман бар, Үзігін жалғаңдар. Шың-құзға өрлеңдер, Төменде қалғандар. Менде бір арман бар, Басқа арманның бәрі де құрығандай. Сол арманның көп жүрдім сырын алмай, Сол арманда бабамның құны бардай, Шұбыртпалы, төкпелі жыры қандай?! Қара таппай жосықсыз ұрынардай, Ұшырғанда ұйтқыған зымырандай, Шырқап кетер бойыңнан үн ұрандай, Сонда қалай жүргенім ұғына алмай.
Менде бір арман бар Жасырған таулы аңғар. Аспаннан, ақ жаңбыр, Толассыз саулаңдар! * Қызарып батқан кеш қандай, Бозарып атқан таң сәрі. Арманнан өзге ешқандай Адамның болмас аңсары. Арманым шырқау тым биік, Қол жете қою неғайбыл. Алдымда – түпсіз тұңғиық, Артымда – жыныс тоғай бір. Армандап шығар кенже тер, Қол жете қоймас – ой жетер. Ұл болып туса – ер жетер, Қыз болып туса – бой жетер. Анам мен, сірә, әкемнен, Бар әлем маған аппақ нұр. Айнала қауіп-қатерден Сол арман мені сақтап тұр. Екінші тыныс Оу, ақындар! Өнерде дарасыңдар, Өмірде де жалғыз боп қаласыңдар. Жалғыздықтың азабын тартып жүріп, Жаңа күнге асығып барасыңдар, Жанға қандай ләззат аласыңдар, Жанын жейтін жалпының сырын ашып, Жалқы болып қалатын данасыңдар! Жыр лаулатып, от болып жанасыңдар. Жалт-жұлт етіп жұлдыздай ағасыңдар. Жарты сөзге түсірген шомбал салмақ Жарқын ойда жарқылдақ жарасым бар. Қайдан іздеп қисынын табасыңдар, Қалай біліп бояуын жағасыңдар?! Қарсы ағатын қашаннан қасиетім – Қайран болса, қасқайған таласым бар. Туған елдің тұрпатты ұлысыңдар, Туған жерде тұлғалы ұлысыңдар. Бір ақынның соңында қырық сайтан, Өрт тұтанып кетпесін, тырысыңдар, Дерт күш алып кетпесін, ығысыңдар. Шартарапқа түгелдей жауаптымын, Батыс, түстік, теріскей, шығысым бар, Менің ғана атқарар жұмысым бар. Адалдықтың айпара туысыңдар, Әділдікпен айқара туысыңдар. Хан алдында қасқайып тұрсаң дағы. Ханша – Муза бикенің құлысыңдар. Шын шабыттың шыңдалған жырысыңдар. Шатқаяқтап өтпейді ірі сындар. Баға жетпес өнердің құнысыңдар. Болашаққа өлеңмен бір ұшыңдар. Менің еншім өлеңде... өздеріңде... Өлер болсам... екінші тынысым бар. Жалғыз желкен Өмір – қисын, ал ақын айыпты ма, Өлең – дария, қаламгер қайықшы ма?! Ақжал толқын кеудесі көтерілер, Ақ айдыннан құшағын жайып шыға.
Толқын ұрып қайықты сабалауда, Еркін жүзіп жетер ме жағалауға?! Қайрап, жанып, қылпытып өр намысты, Үрей, күдік, тәуекел бағалауда. Қақ жарғандай толқынды отты арманым, Қалай болар орта жол тоқталғаным?! Ақындығым алыстан ағараңдап, Жалғыз желкен сияқты боп қалғаным. Сәт пен мәңгілік Мәңгілік пе Адам Ата, Хауа Ана?! Жауабы жоқ сұрақ келді дау ала. Мәңгілікке қол сұғады кез келген. Мәңгілік не? Кеңістік не? Ауа ма? Мәңгі қалар Жер-әлемде бекзат па, Жауап тауып жасырдық па зәузатқа?! Кінәсіз бе, Күнәсіз бе мәңгілік?! Мәңгілік не? Ақ сезім бе? Ақ зат па? Мәңгі айналыс табар ма қар ақ ұшпа, Мәңгі үзілмей айтылар ма ән-ұста?! Мәңгіліктің қозғаушысын кім тапты, Мәңгілік не? Орбита ма? Ғарыш па? Мәңгілік пе іңкәр сезім – махаббат, Мәңгілік пе тұлпар сөзді шапағат? Өмір бойғы еркіндікке не жетсін, Бір-ақ сәтте құртар көзді шапалақ. Мен сені түсінбей келем Мен сені түсінбей келем, Назардан түсірмей келем... Топпен жүрсең, шаруашыл – отыншы, Жалғыз қалсаң, алтын зермен тоқушы. Мүридтердің ортасында – мұғалім, Мұғалімдер ортасында – оқушы. Көппен жүрсең, мінезің тым ауыр дер, Жалғыз болсаң, жайтаң қаққан жауынгер. Ұстаздардың арасында – шәкірт те, Шәкірттердің арасында – тәлімгер. Жұртпен жүрсең, қаңқылы көп құс қаздай, Даралансаң, шебер қолы іспаздай. Тәрбиеші ішіндегі – үйренгіш, Үйренгіштер ішіндегі – ұстаздай. Азайтып айтқанда, жартысын – кемін, Әзірше менің бар түсінгенім. Мәңгілік шарты Қаза қайдан, кім білсін, Ажал айтып келмейді! Өлең сөзі – бүлдіршін, нәресте тіл сөйлейді. Отқа өртенсем, намыстан Күйіп кетті дегейсің. Оққа көнсем, оқыстан Тиіп кетті дегейсің.
Су ағызса, Кебінін Киіп кетті дегейсің. У тамызса, Желігін Тыйып кетті дегейсің. Жіпке асылсам, нәсілі Түсіп кетті дегейсің. Пышақ ұрсам, әсілі Ішіп кетті дегейсің. Туса атаға тартып ұл, Шежіре ғой көңіл-хат. Мәңгіліктің шарты бұл: Өмір – сағым, Өлім – хақ. Айтылмаған ақыл Қасқырша кемір, ит болып мүжі, мә, сүйек, Тек саған ғана жаралған болса, бас – иек. Аң болып кетпей, адам боп қалсаң, әманда, Қызара білу, ұяла білу – қасиет. Жосадай болса сойқанға толы әр ізің, Тарайды өсек. Ауыл-үй маңы – тағы ызың. Қойныңа қанжар тыққанша, адам болсайшы, Үлкенге құрмет, кішіге ілтипат – парызың. Үйретсе де өмір адамгершілікті жалықпай, Мінезіңді-ай жылпың, сусылдап тұрған балықтай. Адамша сөйлеп, адамша жүріп ас ішіп, Адам болуды жүргенің жаман әлі ұқпай. Қасиет Таппадым сенен мөрдей мін, Табыла қалса өңдеймін. Әзілқой болсаң, бол, мейлің, Арызқой болсаң, көрмеймін. Дос та көп саған тілектес, Бөлісер кезде олжадан. Сәнқұмар болсаң, түк етпес, Тәнқұмар болсаң – сол жаман. Ажарың – мінсіз қарагер, Ал тұла бойың – пәк мүсін. Ойынпаз болсаң, бола бер, Қойынпаз болма... нәпсішіл. Маңдайың – ойдың орманы, Татиды балдай таңдайың. Сенімпаз болсаң, бол дағы, Көнімпаз болма әрдайым. Мен үшін жұмбақ болмысың, Әр сәті сынақ – соңғы сын. Мәнжубас болсаң – сорлысың, Қалжыңбас болсаң – зор күшің. Ұялшақ білмес әрнені, Қиял шат болса, үйіп бер! Қажырдың бітіп дәрмені, Қарыса түсер биіктер. Жылаңқы болма әрқашан, Бұралқы болсаң, өзің – сор. Өткізіп айта алмасаң, Жеткізіп айтар сөзім – сол.
Қызғанып елді тексерме, Өзіңде болсын сыбаға. Үзіліп өліп кетсең де, Қол жайып қайыр сұрама. Бәлеқор болма антұрған, Жалақор болсаң, жауықтың. Мойынға кетіп ер-тұрман, Мойытар зоры қауіптің. Саяқты шайқап, сөз қума, Аяқты байқап, санап бас. Жол беріп қойма азғынға, Жала мен жалған қанаттас. Озғанды күндеп, олжаға Кенелген ешкім жоқ әлі. Қол бұлғап алдан жол жаңа, Жұлдызың болсын жоғары! Айтысқа түстім белсеніп, Ақтарып дауды еңсеріп. Сарқылма деген сияқты Артымда тұрған ел сеніп. Жазғырып жеңді, билеп кеп, Наз қылып берді сыйды ептеп. Төзгендер текті болатын, Сөздер де кетті түйдектеп. Ерегес соғар құйын дау, Жөн емес болар сыйынбау. Сын айту қиын, бірақ та Сыр айту тіпті қиындау. Топшасы берік сүйкенді, Соққысы кері итерді, Аздырып бітпей жатып-ақ, Тоздырып бітті жүйкемді. Көрмей-ақ сыртқы, ішкі не? Салатын болдық түшкіре. Азайту жеңіл сол дауды, Сөз айту ауыр күштіге. Кім үшін, неге күрестім, Жандәрмен қалай тірестім?! Бұйырмай кетіп барады Тиындай беті үлестің. Нүктесі – сөздің бар мәні, Мықты есім – көздің арманы. Сынаға шоқпар болсам да, Сыбаға тимей қалғаны. Өтіп жатыр Күндер кіріп, қан жылап өтіп жатыр, Түндер тұнып, қалжырап өтіп жатыр. Айлар ағып, аңырап өтіп жатыр, Жылдар жылжып, зымырап өтіп жатыр. Менің қайран уақытым бостан-босқа, Қай-қайдаға жамырап кетіп жатыр... ...Әйтпегенде, қасымда қатын-балам, Бір басыма шаңырақ жетіп жатыр. Ортақ арман Менде бір басылмаған шөл бар: Бұқтырманың бойында қаталап тұрмын. Менде бір ашылмаған шер бар: Бұлт жамылғысындай шапағат-нұрдың.
Етпеттей түсіп өзен жағасына, Аузымды малып, жұтып сімірдім. Қарысып көрдім сезім жарасына, Бойдағы қуат бітіп, сүріндім. Көшіп кетуге жол таба алмадым Атамекенімнен шөлім қанбайтын, Күллі адамзатқа ортақ арманым: Қиырға жетсем өлім болмайтын. Мәңгілік сыры Қызарып барып күн батса, Жарықтың ұялғаны шығар. Бозарып барып таң атса, Түннің күй-арманы шығар. Тербеліп барып жел тұрса, Ауаның ашынғаны шығар. Жер-көкті нөсер сел қылса, Даланы басынғаны шығар. Алыстан талып үн келсе, Көңілдің жаңғырығы шығар. Аруға боздақ гүл берсе, Өмірдің мәңгілігі шығар. Ұмытам бәрін Ор қазсам, өзім түсем, терең қазам, Сондықтан тек жүрейін деген мазам. “Тек жүрсең, тоқ жүресің” дейді халық: Ұмытып бәрін түгел... өлең жазам... Айтпаймын теңеу қылып жоқты барға, Өртенбей, үрлеп қалсаң, от тұрар ма?! Айтпа деп әділдікті тілден тартам, Жүргем жоқ қара таппай соқтығарға. Топ жинап көргенім жоқ, кеңес құрып, Өткеннің көлеңкесін елес қылып. Бетіне мінін басып айтып қалып, Аламын кейбіреуді егестіріп. Менде жоқ артық дәулет, асқынбадым, Жанға да ерегескен қас қылмадым. Ешкімнен пейілімді аяғам жоқ, Тасыдым, тау суындай тасқындадым. Күшімді көрсетпедім зорлық қылып, Көкірек кернемейді, сол – мықтылық. Біреуге шаршап келіп көмектестім, Бұрынғы терім бойдан сорғып тұрып. Ор қазсам, өзім түсем, терең қазам... Бой билеп тек жүрейін деген мазам. “Тек жүрсең, тоқ жүресің” дейді халық, Ұмытып бәрін... бәрін... өлең жазам... Жақсылық туы Жақсылықты көтеріп тулар қалар, Жамандықты көтеріп шулар хабар. Ақын көңіл сенгіш қой, Аңдаусызда Досыңмын деп келетін қулар да бар. Жақсылықтың тұғырлы туы – биік, Жамандықтың жұтатын уы – күйік. Сырласайын дегенде бір досыммен, Осы күннің тыңдаймын қуын ұйып.
Айдынымның аяймын қазын атпай, Қылығымды біреулер мәз ұнатпай. ...Бататыны – жақсылық, жамандықты Қатар тыңдап жүргенім ажыратпай. Асыл күндер Асыл күндер өтіп жатыр жоғалып, Қолдан келсе қояр ма едім доғарып?! Соның бәрін біліп тұрып қиын-ау, От басында отырғаным омалып. Келер күндер – арман болған құс аппақ, Шын ұмтылсам... Жетер ме едім үш аттап?! Жерошақты күзетуім жөн бе екен, Күні бойы қу тіземді құшақтап?! Жолға аттандым… Күн нұрына от алып, Жалқаулықтың іргетасын қопарып. Жарқын күндер, өздеріңе жеткізем, Жақсылықты кеудемдегі қотарып. Абзал уақыт! Сабыр қылып күте біл, Қаймағынан бұзылмасын сүт-өмір. Қара қылды қақ бөлетін алмастай, Жақсы жұрттың маңдайына бітеді ұл! Менің жұмбағым Шыбын жан қашаннан-ақ күйге құмар, Көңілдің өз қалауы, сүйгені бар. Бек мүмкін жұмбақ жан боп көрінуім, Оны да жүрегіне түйген ұғар. Бұл жаным қай кезден-ақ жырға құмар, Көңілдің өз әуені, ырғағы бар. Айналам жұмбақ жан деп санағанмен, Бәрібір түсінбейді мұндағылар. Жасымнан табынамын нұрға бөлек, Жанымды күйге бөлеп, жырға бөлеп. Ойымды арман буып тілейтіні: Мұрагер жан-дүниеме тұлға керек. Құр аттай тарпаң өмір тарпығанмен, Асығам келер күнге шалқып әнмен. Ортада ешкім білмес жұмбақ жан боп, Мақсатқа жетуім де мүмкін әбден. Көздер… Көздер… Көздер... Көздер... қандай көп түрлі көздер, Бақыт шашып, гүл сепкен нұрлы көздер, Бота көздер, қой көздер, бүрлі көздер, Сынды көздер, тұңғиық сырлы көздер. Көздер... көздер... не деген қилы көздер, Тоқмейіл көз, аш көздер, милы көздер. Көзде ғана сақталып қалар деймін Көзбен ғана ұғысқан сыйлы кездер. Алуан-алуан қат-қабат небір көздер, Қара көздер, көк көздер, шегір көздер, Сулы көздер, құп-құрғақ кебір көздер, Улы көздер, қомағай жебір көздер. Таусылмайтын санаса тым көп көздер, Сыр ашпайтын тұйықтау үркек көздер. “Көз – көңілдің айнасы” деп те айтады, Нысанасын мерген көз бүркеп көздер. Мына бір көз не деген қиын еді, Ұшқын шашып кәрленіп түйіледі.
Өңменіңнен өтеді қарағаны, Өртеп қана кетердей дүниені. Аңдымай-ақ бірінің бірі аңысын, Көздер неткен байқағыш қырағысың! Осы жомарт табиғат адамдарға Көзді берген аяусыз сынау үшін. Адамгершілік Ақиқат пен адалдық – Жүрген бізді адам ғып. Жол бергенің өсекке – Тамып тұрған надандық. Азаттық пен махаббат – Бізге тиген шапағат. Зұлымдыққа жол беру – Беттен соққан шапалақ. Еркіндік пен еркелік Қойған бізді серке ғып. Сойқандыққа жол беру Дәл маңдайдан шертеді, ұқ! Өзім туралы Жаныма жат өсек сөз, қысыр кеңес, Ешкім де өтірікті ұшыр демес. Өмірге құштар болып аңсар ауып, Жоримын мен өңімді, түсімді емес. Жыласақ, түбінде бір жұбанармыз, Қайғырсақ, түбінде бір қуанармыз. Құйрық жоқ, қанаты жоқ мына мен де Жүрмін ғой алшаң басып туа жалғыз. Мұңайсақ, артында бір күлкіміз бар, Көтерер еркелікті жұртымыз бар. Аяздай қарығанмен тағдыр кейде, Кететін шығар еріп мүмкін ызғар. Біртіндеп жоғалады мұз білінбей, Жайдары жайма-шуақ күз күніндей, Қолыңды салдыратып тарпаң өмір, Жүйріктің басы қатты тізгініндей. Туамыз, түбінде бір өлу үшін, Мезгілсіз жанып тұрып сөну үшін. Айырып жақсылық пен жамандықты, Қақ жарып ортасынан бөлу үшін. Келеміз, түбінде бір кетпек үшін, Әркім де намыс жыртып жатқаны шын, Ұласты мол дүбірлі шеру болып Басталған жалаулатып аттанысым. Келеді өмір сүргім ойлау үшін, Жалғанның қызығына тоймау үшін. Құзғының мың жасайтын мен емеспін, Мәңгілік мына тағдыр қоймауы шын. Күліп те, қайғырып та өтсем деймін, Өлеңді нөсер болып төксем деймін. Ұшырып қарлығаштай бір үмітті Қолымды қиындарға көп сермеймін. Тұтаттым бір ұшқынды көрігімді ап, Өмірдің маған салсаң өрі қымбат. Кездейсоқ келгеніммен дүниеге, Бір жасап, мың жасамай, өлуім хақ. Жадырап өтсем деймін ойнап-күліп, Күнімді жылдай ыстық тойлап тұрып,
Қызықтың айдынында жүзіп жүріп, Өмірдің жұмбағына бойлап кіріп. Менің жолым тақтайдай даңғыл емес, Өр-ылдиы бірегей таулы белес. Мен туралы таластар толып жатыр, Басылсыншы осы бір даулы кеңес. Дауды шешу – емес қой тек мінәсіп, Төреліктің жатса да екпіні асып. Табиғаттың тамыры шартараптан Жүрегіме жалғасып кетті ұласып. Жариялап қайтейін мұны кімге, Көкіректің дәмесі ірі мүлде. Не болады әншейін берекесіз, Кеуде керіп марқайған тірі күнде?! Зуылдайды құс-арман зымырандай, Көлбеңдеген көгілдір тұғыр арнай. Көп биікке ұмтылып қайтемін мен, Көк биікке алдымен шығып алмай. Толтырады орны жоқ сұрау ненің, Нақты жауап – жазылар жыр-әндерім. Жөн-жосығын айтайын талабымның, Ұлтым – қазақ, ал тегім – мынау менің: Қанатымын қыранның талмай қағар, Санатымын бір әннің таңдай қағар. Мыңнан тұлпар шығуы екіталай, Жүзден жүйрік бұл күнде әрқайда бар. Шығымымын даланың күй-әнінің, Шымырымын ақынның қиялының. Қапияда табысқан от сезіммен Сынығымын тұлпардың тұяғының. Биігімін Алтайдың шың-құзының, Қиығымын аспанның жұлдызының. Кіріспесін өмірдің өлең ашты, Күлім қағып алдымда тұр қызығым. Бұқтырманың шу асау толқынымын, Тән болмайды көкжалға олқы білім. Өздеріңе ұсынам, замандастар, Қанып ішер тереңнің мол тұнығын. Жалтыраған Мұзтаудың сұр мұзымын, Ақша беті сондай ма үр қызының! Суық ызғар биіктен білінгенмен, Жарқырайды алдымнан қырмызы күн. Егіз жолдың ұйқасқан сыңарымын, Шумақ-шумақ өлеңнің құмарымын. Артық айтсам, амал жоқ, қызып кетіп, Өзім ғана, кем айтсам, кінәлімін. Ойлар Тыным бермей мазалайды ой күнде, Еңсе түссе, көтерілмей бой мүлде. Орыныңды таппаған соң өмірден – Өкпеледің, өкпелемей қойдың не?! Мақсат – менің жолдамам да, ар – мандат, Тойдырғандай алдамшы үміт, жалған бақ. Дүниенің кетігіне кірпіш боп, Қалансам деп келем әлі армандап. Көгершіндей көгімде ұшып жүр үміт, Түнерген бұлт бара жатыр түріліп. Бір қыран құс айдынында көңілдің Оп-оңай-ақ шүрегейді тұр іліп.
Мына тағдыр минут сайын әр қилы, Өзім ғана ап отырмын жарты үйді. Шөгіп бара жатқан мынау еңсемді Тұлпар ойлар тұяғымен тарпиды. Үміт Тау да өлең, шоқы да өлең, қырат та өлең, Ол қалай өлең деген сұрақ берем. Өзгеріп көңіл күйі қас қағымда, тауға шығып, қыраттан құлап келем. Үнемі бар жазатын өз қыратым, Сақтамай ескерткіштей сөздің атын. Сол қырат жолдан бүгін алып қалған, Сол қырат ертеңгі күн оздыратын. Білмеймін не тындырып өндіремін, Бәрін де ар алдында төндіремін. Бір өлең жазылмай-ақ қойсын мейлі, Бір күнім адал өтсе болды менің. Айналып шаруамен әлденендей, Келемін кейде өлеңге мән де бермей. Достарым көпшік тастап ақын дейді Ештеңе тындырғам жоқ бәлденердей. Қарасам болашаққа күліп мен де, Емеспін құр алақан үміттен де. Әншейін қанағатпен жүргенім жоқ Қолыма не болса сол іліккенге. Қайтейін бәрін айтып дабыра ғып, Асуға ұмтыламын тағы барып. Сол биік көз ұшынан кетер емес, Үміт деген шамшырақ – жарық алып. Ой – қыран Сапарда ұзақ сонар жүріп келем, Арман көп бас-аяғы бірікпеген, Артымда із қалмаған сияқтанып, Көңілді қобалжытып күдік деген. Соңыма үңілемін шолып қарап, Жолыма шаршағандай солықтап-ақ. Еркімше көсілейін деген шақта Тұрады қаскөй тағдыр тобықтан ап. Бойымды билегендей шабыт анық, Байқаймын бағдар түзеп, бағып алып. Алыстан талмаусырап арманымның Үзіліп естілгендей әні талып. Жүргенде күндегі істің күйігімен, Көңілдің көтерілмей биігінен, Құлазып қалам бір сәт қаңқыл қағып Адасқан жалғыз қаздай үйірінен. Тұтанып үміт оты болмашыдан, Намысқа қызып қайта жолға шығам. Қасқайып келем өлең сапарында, Өзімді кем санамай қолбасыдан. Қиынға қанат қағып ұмтылам мен, Қиялмен ұласқанда ілкі дәурен. ...Ой – қыран көк төсінде зулағанда, Қырқылжың айла қылар түлкі – дәрмен. Өкпе Қасым көп пе, білмедім, досым көп пе? Үсті-үстіне жамалып қосылды өкпе. Мен бауырдан жаралып, ал өзгелер... Көтерілген жоқ еді төсім көкке.
Қысым түссе домбытып бір өкпеден, Қысылатын сезімтал жүрек деген. Түсініспей дүрдараз жүре берсек, Кезі бар ма, шіркіннің, жүдетпеген?! Жүрек-бауыр өкпемен тайталасып, Базынасын көзбе-көз айтады ашық. Өкпелеген бір досым сыр білдірсе, Мен тұрамын құшақты айқара ашып. Шешіледі түбінде дауым әлі, Салмақ түсіп шыбын жан ауырады. Пайдаланып осындай қиын шақты, Тісін қайрап қастарым жауығады. Төңірегім сырымды жүр түсінбей, Қайраттанам жаныма мұң түсірмей. “Сабыр түбі – сары алтын” деп білемін, Шыдам деген бар менде бір кісіңдей. Кенет келер тағдырдың бұйрығы көп, Соған көнбей шабады жүйрік үдеп. Бірқалыпты сақтаған деңгейіңді Тәңір маған сыйлаған милы жүрек. Бақытты ғой қажетке жараса адам, Үлес алып жүргені тамашадан. Қасым үшін биікпін қол жетпейтін, Досым үшін әп-сәтте аласарам. Шуақты өмір Кеудемді нұрға бөле, шуақты өмір, Төбемді жарқыратып, шырақ, төгіл! Дарияның көкжал бұйра толқынындай, Толқиды тоқтамы жоқ сынап-көңіл. Жұлдызым жарқырашы түспей ағып, Жүрейін жұмысымды істей алып. Шымырлап иірімге сезім жатыр Жаныма аян берген түстей анық. Қызықтап туған жердің ақ шырайын, Борышты келер күнге тапсырайын. Түнерсем, күзді ұнатам құбылмалы, Аңсаймын жылы жаңбыр жақсы райын. Кім бірдей, не басқа? Жер бетінде пенденің Күлкісі бірдей, түр-түсі басқа. Тербетілген жеңгенің Жыртысы бірдей, жыр-құсы басқа. Асуда жүрген аңның да Ойнағы бірге, қойнауы басқа. Қасыңда жүрген жанның да Ойнауы бірге, ойлауы басқа. Бір-біріне ғашықтың Ұнауы бірдей, сынағы басқа. Гүл тіліне асықтың Құлауы бірдей, сұрағы басқа. Суық жолға түскеннің Нәпсісі бірдей, апшысы басқа. Суыт жонға көшкеннің Сақшысы бірдей, жақсысы басқа. Абылай аспас қосынның Ұраны бірге, шырағы басқа. Жан аяспас досыңның Жыр-әні бірге, тұрағы басқа.
Сурет Майлы бояу... Майлы сурет... Майлы аспан. Төр жайлауда малшы ауылы жайғасқан. Мен қараймын көңіл шөлі қанбастан, Мен қараймын көңіл көзі тоймастан, Қарай бердім ертелі-кеш қоймастан. Жайлау осы – малшы ауылға мекен дүр. Жаз ортасы бүршік жарған шетен гүл. Ән салғандай әсер етіп сол сурет, Қарсы алғанда әнге айналып кетем бір, Әнге лайық сырлы сурет екен бұл. Сурет шертіп шежірені бір-бірлеп, Домбыраның шанағындай күмбірлеп, Долан топшы, шырғанақ та, шәңгіш те, Жаз ортасы болып қалсын, тұр гүлдеп, Бұл маңайдан қашып жатыр мың бір дерт. Сұлу дейтін сұлу емес тартымды, Сол суретте сүйкімді бір жан тұрды. Сол суреттен қарапайым келіншек Тірі өмірге шығардай-ақ талпынды, Көрген жанның көзқарасы әртүрлі. Сұлу дейтін сұлу емес, Дегенмен Сол суретке қайта-қайта келем мен. Көрген халық ынтық болып көрмеде, Сол суреттің қасиетіне кенелген, Айналсаң ғой мұны салған шеңберден! Майлы бояу... Майлы сурет... Майлы аспан. Төржайлауда малшы ауылы жайғасқан, Мен қараймын көңіл шөлі қанбастан, Ол қарайды от жанары таймастан, Жанды сурет! Екенсің ғой бай дастан!!! Бағаналар Бағаналар! Бағаналар! Жегілсін, Шартарапқа жарысады жеңіл сым. Ағаш-темір құшақтасып көрісіп, Көмейінен жақсылықтар төгілсін. Бағаналар! Бағаналар! Емпеңдеп, Қанат қақты, құлаш жайды өркендеп, Өтіріктің алқымында өртенбек, Бұл өмірді шындық болып көркемдеп. Ортақ таныс Кісі үйінде алқа бұзып, Сезінбейді жасқансаң. Өз үйінде арқан үзіп Көрген емес ешқашан. Кісі үйінде хан тәрізді Көсем болып боратты ой. Өз үйінде жан парызды Моп-момақан қонақ қой. Кісі үйінде айтатыны: Ой, әрекет, іс, ақыл.
Өз үйінде би – қатыны, Өзі – сорлы мүсәпір. Кісі үйінде сиқыр шамнан Шыққан жандай әуелгі. Өз үйінде қиқу салған Бәйбішеге тәуелді. Оңашада ерсілігін Сезе ме, әлде сезбей ме?! ...Жеткізе алмай кемшілігін Қиналады-ау сөз кейде. Күнелткен атам қазақ 50-жылдардың аяғында, 60-жылдардың басында Қазақстан Жоғарғы Кеңесі Президиумының, Республика Министрлер Кеңесінің Төрағасы қызметінде болған Тәшенов Жұмабайдың сол кездегі қайсарлығына арналған... Туған ел – Қазақстан, бұл өлкенің Ынтықпын көргім келіп нұр ертеңін. Тың өлке құрылғанда, қарсы болған Мен едім, атам қазақ, бір еркегің... Дүние құпиясын білер тегін, Замана әлпештеген бір еркемін. Қазақтың келешегін жайнатуға Менің де біразырақ сіңер терім. Шынында қажеті не, Тың өлкенің?! Ішімде қайнап жатыр жігер керім. Күнелткен атам қазақ Тың өлкесіз, Әлі де Тың өлкесіз күнелтемін... Сары Арқа – кең жазира атамекен Созылып шетсіз-шексіз жатады екен. ...Біреу кеп өз жеріңе қожа болса, Жаныңа дәл сонысы батады екен. Құрбандық пен Құмарлық Жүремін тек шындықтың жетегіне, Ақиқаттың тұрақтап мекеніне. ...Өтіріктің қойнынан шыққамын жоқ, Оралғам жоқ өсектің етегіне. Жармасқам жоқ жаланың шылауына, Озбырлықтың көнгем жоқ бұрауына. Жастайымнан әділдік іздегенім – Тек әділет кіреді құлағыма. Ауырғам жоқ дертімен күншілдіктің, Қорқыта алмас күшімен міншіл-мықтың. Өтіріктің түр-түсі көп дейді жұрт, Еріп келем соңынан бір Шындықтың. Осы жолда шаршармын, шалдығармын; Қателескен кезімді енді ұғармын. Шындық болса – әділет. Мен құрбанмын. Шындық болса – махаббат. Мен құмармын. Жылқы жылы Өліп барып тірілген тілім менің, Жөн дер “Қызыл кітапқа” тігілгенің. Сен мемлекеттік мәртебе алғаннан соң, Тыныстады-ау еркіндеу бүгін демім. Бар екен ғой тілектес азаматың, Балқып ана тілінде жазады атын.
Біздің халық – қашаннан ақын халық, Тілі болса, болады қазақ ақын. Жариялап сыр-жұмбақ ашылатын, Жоқ құпия іште өліп жасыратын. Жатталғаны жадымда өлеңдері Жылымықтың басында Қасым ақын. Шарықтатты сол кезең жыр ұясын, Жадыратса жаныңды жымиясың. Өлкесіне оралды Сәкен ақын, Бейімбет пен қолтықтап Ілиясын. Тұрғандайын жадырап бар айнала, Байқоңырдан үңілсең шар айнаға. Жамбылды да тоқырау ұмыттырып, Тілдің туын көтерген Абай ғана! Өзге тілге сөзім жоқ, шатағым жоқ, Өз тілімнің бал дәмін татамын көп. Ақтаңдақтан Ахмет, Мағжан келді, Міржақып боп, Жүсіпбек, Шәкәрім боп. Жеке тиіп наурыз бен айты, сірә, Жетеді үнім жұртымның қай тұсына?! Әлеуметтік биікке көтерілді, Жаңғырығып қазақтың айтысы да. Жамағатқа тілімнің бірдей мәні, Жете соны түсінбей жүр бейбағы. Қазақ қазақ болғалы, биыл тойлап, Өтіп жатыр өзгеше Тіл мейрамы. Жақсылықты қонар деп күту ғажап, Қайта құру ұшырған пікірді азат. Ана тілін қастерлеп, мен сенемін, Болашақта сөйлейді бүкіл қазақ! Шын-ақ артта қалды ма нелер сұмдық, Кезеңдерден кезеңге келем сырғып. Жылқы жылы – Тілімнің мерекесі, Жылқы жылың ілгері деген шындық. Тарқамасын мәңгілік бұл – мерекем, Өркен жайса, өңірім гүлдер екен. Мүмкін емес жүруім қазақ болып Тілім кетсе, құримын, бірге кетем. Жыр – тентегі қазақтың, ән – бүлігі. Жарқын-жарқын шығады жаңғырығы. Азаматтың арманы – қолдайтыным, Ойлайтыным – тілімнің мәңгілігі. Бар мақсатым, бар ойым, бар ақылым, Көркейсін деп тілейді ана тілім. Тоқтамайды тілімнің әрекеті, Алып жатсын тау таныс, дала тыным. Сөз айтпаймын өрнексіз, оқасыз ғып, Шешендікпен шықпады топас үздік. Қарсы келіп анама көрген жоқпын, Жасамаймын тіліме опасыздық. Тілдің қамы ойымды түршіктірген, Кетер ме екен жоғалып қырсық бірден?! Қазақ тілі қоғамы құрылған кез Жарасады көктемде бүршік бүрмен.
Өліп барып тірілген тілім менің, Жөн дер “Қызыл кітапқа” тігілгенің. Сен – мемлекеттік мәртебе алғандықтан, Тыныстайды еркіндеу бүгін демім. Құлын-тайдай баптасам түзу түбін, Құрылтайға көркем сөз тізілтуім. Қазақтардың бәрінде жалғыз тілек: “Қызыл кітап” көрмесін қызыл тілім. Тіл сыры Бұрынғы өтсін, бүгінгі Жариялы заман талап көп. Бала шағыңнан сүйсең тіліңді, Болашағыңа жүрсін қанат боп. Тіл сырын білсе кез келген Көрінгендей болсын сөз бірге. Жаңа заңыңды сезгенмен, Жан азабыңды сездірме. Ана тіліңді салса өлшемге Дегені ғой жанды бөлшекте. Түксигеніңді көрсем де, Бүкшигеніңді көрсетпе. Жанды жер көздер көз мерген, Қиыр шеттерге жол шекпей. Кішілігіңді көргенмен Кісілігіңді көрсетпе. Нәр алған тілден байтаққа Тоқтаған сөзге халық бұл. Жылылығыңды байқат та, Ұлылығыңды таныт бір! Тұлғалар мен тұнбалар Қайран бабам, Қаратай! Білігінде Жер-Ана дөңгеленген, Ұлытауға жол түсті көлденеңнен. Осындайда жоғың да табылады Қазыналы, қарталы көмбелерден.
Ұлытауды ұлықтап Жүрсін Ерман Саф алтындай салмақты жыр шығарған. Ұлытауда қазақтың жалғыз дара Ұларына ынтығып күрсін, арман! Ұлытауда жүру жоқ баса-көктеп, Әр төбеге тәу етіп, қошеметтеп. Ұлы мақсат сапарға алып шықты, Ұран салып, қалмайық бос әлек боп. Қайсар намыс ұранын төмендетпе, Ұлылыққа ұмтылмас өрем текке. Қаратайдың зираты табылды деп, Қуаныштан жеткендей төбем көкке. Ұлытаудың құлпырып гүл шапаны, Ұлық болып көрінер күн шапағы. Зиярат етіп қайтуға ұрпағыңның Енді ғана түскендей шын сапары.
Құран хатым түсіріп, атыңды оқыр Бағаналы, Балталы жақында отыр. Төрт-бес ғасыр ажырап бабамыздан, Салып жетті ұрпағың алтын көпір. Сұрақ басқа ұрпаққа, сынақ бөлек, Жанға жайлы, шипалы шуақ керек. Бабамыздың зираты бар дегенді Еститінбіз Тайатқан Шұнақта деп. Қуанышқа бола тек тыныс шыдар, Текке тартпай қоймайды туыс шынар. Қарапайым оқиға көрінгенмен, Табылғаны – ұрпаққа ырыс шығар! Табылғанда шаршатып, титықтатып, Төбемізден дәм-тұзды ұйтқып татып, Тарам-тарам ойлардың тоғысында Тағы сапар шегердей жүйткіп бақыт. Жаңа ғана басталған ғасыр үстін, Кілтін тауып берердей асыл істің. Басқа жаққа бұрылу ойымда жоқ, Барам Бабам басына, асығыспын. Қайран Бабам, Қаратай, бал көмейім, Күмбезіңді ардақтап сән көрейін. Есіміңді ұмытсам, кешір мені, Бұдан былай мәңгілік мән берейін. Қабанбай батыр Туғанына 300 жыл толуына Қазақты билегенде хан Абылай, Көп болған нар тұлғалар дара былай. Баян мен Малайсары, ер Бөгенбай, Көкжарлы көкжал бөрі Барағым-ай! Жау десе жеке кетіп жолға шығар, Шетінен үздік туған қолбасылар. Қорғапты ата жұртын жоңғарлардан, Ортада Абылай хан ордасы бар. Олжабай, ер Жәнібек, Райымбек Жеңіске жете берген құдай үндеп. Ұмтылған салт бойынша дәстүр сақтап, Кезек ап жекпе-жекке шығайын деп. Көрініп, көзге түскен жастан батыл, Атағы соған орай аспанда тұр. Ішінде сардарлардың болмапты ғой Қазақта Қабанбайдан асқан батыр. Үзеңгілес серіктері сай тасындай, Жеңіпті жекпе-жекте қайта сынбай. Бәрі де қазағыма қорған болған, Ерлігін екпіндетіп айт асырмай. Батырдың болса болар қалтарысы, Көп сырын жатқа білген алты арысы. Жоңғардың нояндарын шыдатпаған, Қабанбай – батырлардың арқалысы! Өртеніп өзегінде Отан ісі, Өзгеріп тыныстаған от алысы. Жоңғардың батырларын шыдатпаған, Қабанбай – батырлардың жоталысы. Болмаған қалқан түгіл қалқаншасы, Жаудан бір үрей билеп жалтарсашы. Жоңғардың сардарларын шыдатпаған, Қабанбай – батырлардың алпамсасы. Толғанып ерлікті айту бір басқа да, Мақтанып артық кету – шын масқара. Жауларын жекпе-жекте шыдатпаған, Шыдаған Қабанбайға Қубас қана.
Батырдың жауды қуса матайды үні, Ерекше астындағы ат айбыны. Батырдың қосағы да батыр болған, Майсара-Гаухар батыр аты әйгілі! Қабанбай болған содан хан ұраны, Халықтың аузындағы – Тәңір әні, Өткізіп ат үстінде елу жылын, Азат боп Абыралы, Маңырағы. Шын аты Қабанбайдың Ерасыл-ды, Ат алды Дарабоздай дана сынды. Ешкімге өздігінен соқтыққан жоқ, Ал енді жау тиіссе аласұрды. Ұшпайды ұрпақтыға түтін қайдан, Үш жүз жыл тарап жатыр пікір-майдан. Сыйынды бір өзіңе иісі қазақ, Табынды бір өзіңе бүкіл Найман. Оралып үш жүз жылда асқа тірі Қабанбай – қазағымның бас батыры, Ұмыта жаздап барып жетпіс жылдай, Қайтадан ұрпағына қосты ақыры. Баламер ағамен сырласу Баламер аға, дәстүрді Ұмыта қойған жоқ едік. Күшіктей баулып қасқырдың Жетілттік жүнін әредік. Бауырдан жарап сол шірік, Күйелеп сені сөз қылып, Табам деп қайтсем кемшілік, Күндестік дертін қоздырып, Есіріп елге сөз бермей, Бопсалап тұрды қақсанып. Дәйексіз ойын сезгендей, Кетсем деп түбі дақ салып. Өтірік өрге тербеліп, Тағылған жала – мол екпін, Біреулер шықты жел беріп, Тығынын атып көнектің. Тамшыдан жиған кесесін, Таусылып ішкен дәлдүріш Тағдырға кеткен есесін Таланттан көру – дағдылы іс. Тіріде жүрген кегалын Өзіңнен алмақ ойы бар. Адалдық болса шамалы, Әділдік баға қойылар. Атыңды ардақ ар тұтып, Артыңды күтсем деп едім. Арғымақ жағдай тарпытып, Алдаспан жанға теңедім. Айту да қиын, тым ауыр, Алланың сол ма жазғаны?! Дау болып атың, бір ауыл Өртеніп кете жаздады. Өртенген үйде жоқ кінә... Нақақтан күйді түп-түгел. Аруаққа тиіп соқтыға, Өсекке болды тұтқын ел. Жазықты соған, алдымен, Надандық дейтін қасірет. Бойыңда, аға, бар білем Маядан қалған қасиет!!!
Баламер аға, кешір Сен, Білместік еткен буынға. Шынымды айтып шешілсем: Заманның өзі құбылма. Достық Жазушы Қалихан Ысқақұлының шығармаларын оқығаннан кейінгі әсер Кетпесін деп өмірдің босқа сәні, Адам біткен өзара достасады. Талдырмасын тамшыдай тандырыңды Тағдырыңның қамшыдай қысқа сабы. Табыстырып кездейсоқ нарық сапар, Достасады саудагер, алыпсатар. Дәрежеңді айқындар шапан барда, Деңгей қайсы саудаға ар ұқсатар?! Ұластырып аққудың әнін қазға, Достасады жарамсақ, жағымпаз да. Домбыраның тиегі саудаланбас, Домбытумен үн бітпес дауылпазға. Опа бермей құлшынған жас тілеуге, Достасады қаскүнем, маскүнем де. Тоқтың асы топырақ татығанда, Құмартады неліктен аш кілемге?! Көзін сатып дәнігіп жылымшыға, Достасады нашақор, шылымшы да. Дейтін бар ма: “ертеңім не болады?” Дейтін бар ма: “тәуекел, бүгін шыда!” Қасақана қойғандай қызықтауға, Достасады момын мен бұзықтар да, Сандығыңның түбінде сүрі барда, Кебеженің түбінде шұжық барда. Думан жасап тойлатып, сайрандауға, Достасады әулие, пайғамбар да, Қазаныңның түбінде қаспақ барда, Шелегіңнің түбінде айран барда. Құйылғанда ағылып дән қырманға, Достасады адал мен антұрған да, Талысыңның түбінде сайман барда, Қобдишаңның түбінде алтын барда. Тілін тапса десең де жуыр маңда, Достасады өңсіз бен сұлулар да, Шәугіміңнің түбінде шайың барда, Самауырдың түбінде суың барда. Заман қысып тарылып, қусырғанда, Достасады танысып қу, сұмдар да, Күбі саба түбінде қоры барда, Торсығыңның түбінде сусын барда. Қатпар уақыт тоңынан аршылар ма, Достасқанда мырза мен жалшылар да, Қиын күнге сақтаған шиша барда, Саптыаяқтың түбінде тамшы барда. Өкпе тарқап, реніш арылғанда, Адам біткен достаспай дамылдар ма, Астауыңның түбінде асың барда, Саптыаяқтың түбінде дәмің барда. Құлақ құрышын қандырып ұрысқанда, Достасады қыңыр мен қырыстар да, Аяғыңның түбінде сарқыт барда, Табағыңның түбінде ырыс барда. Мәмілеге келердей жиындарда, Достасады қисық пен қиындар да, Төс қалтаңның түбінде теңге барда, Жан қалтаңның түбінде тиын барда.
Пешенеге жазылып бұйырғанда, Достасады шалғайдан, қиырдан да, Жүрегіңнің түбінде сезім барда, Қауашақтың түбінде миың барда. Адал достық қалдырмас сөзін дауға, Достық жібі үзілмес төзім барда, Ала жіптен аттатпас ақыл барда, Бәрін болжар көкірек көзің барда. Оқылмаған өлең 25.06.1994 ж. Оралхан Бөкейдің қайтыс болғанына 1 жыл толып, ас берілді, соған арнап жазылған Ассалаумағалейкум, ау, халайық! Назарды енді өлеңге аударайық. Жер сілкініп, апаттан аман қалдық, Өлеңнің сілкуінен сау қалайық. Сілкінер өлең десе, көңіл самғап, Мамықтай үлбіреп тұр жеңіл салмақ. Дайындап өз толғамын Ораш жайлы, Сөйлеуге бусанып тұр небір саңлақ. Бүгінгі зор жиынның мәні басқа, Жүйкеге жоқтаған зар дарымас па, Қадірлеп қабырғалы қаламгерді Жиналып кеп қалғанда бәрің асқа. Тұрлаусыз тіршілікте жоқ тиянақ, Ізінен аңдығандай оқ қиялап. ...Себепші болғандайын ажалына Киліккен жанамалап көп қиянат. Пенде боп тірлігінде бақыладық: Сыр бермес бейбіт күннің батыры анық... ...Апайын, ата-анасын, қарындасын, қосағын жөнелткенде қапы қалып. Кеткендей бойдан қуат, қолдан қауқар, Көкірек толып кеткен шермен кемтар. Қаралы хабар суыт жеткен кезде Күдік пен үміт бірдей – сергелдең хал. Тағдырдың тәрк еткендей жайсаң мәнін, Қиылды-ау қаймықпаған қайсар жаның. Қайғыңды бүкіл қазақ бөліскенде, Туған жер көтермейтін қай салмағың?! Қазақпыз туырлықты, керегелес, Өткерген көзімізден нелер елес. Үзіліп Гималайдың ар жағында, Жыл бойы жоқтасақ та, келер емес. Тұрған бой қасиеті әулиенің, Тұнған ой өсиеті тәрбиенің. Таратып айту үшін соның бәрін Тағы да отқа жақын мен күйемін. Туған жер – бабаң жүрген киелі аймақ, Марал жон тау жотасы – түйе мойнақ. Асқақ тұр Оралханның “Мұзтау” шыңы, Жеткізбес биігіне қиял ойнап. Жиналып келіп жатыр қалың елің, Әкеліп күй мен сазын, әні-лебін. Жетіпті Алматыдан ат арытып, Қалихан, Дидахмет, Әлібегің.
Шуағы қатарыңа мол тараған, Шақырып қызметке қолқалаған, Түлетіп өзің тектес дос-жаранды, Осында бастап келген Шерхан ағаң. Пырағы Оралханның жосатындай, Шиыршық атқан жүйке босатылмай. Нағашың – батыр тұлға Бошай келді Асыңда үш қарасын қосатындай. Тамырлы тереңдетіп түсінігін, Шалымды кемелді етіп кісілігін, Асығып Өскеменнен ұшып жетті Тұрғазы, Серік, Ғалым, Мүсілімің. Ақтарып сенен қалған сан дәптерді, Саралап қолжазбаңды... талдап белгі... Көзіңнің қарашығы – Айхан, Айжан, Сөзіңнің жанашыры – Ардақ келді. Дағдылы қамын жасап... пенделікпен, Дәстүрді жалғастырып елге біткен, Қолыма қос томыңды алған шақта Ауада тұрып қалдым... тербеліп мен. Сейіліп еңсені езген басқан қайғы, Еліңнің туы биік аспандайды... Оралхан! Қанат байлап Алтайға жет, Өзіңсіз мынау жиын басталмайды.
Бақыттың құсы тұғырын біліп қонар Бірінші өлең Келгенімше өмірге у байланып, Болсам еді мүлдем жоқ, тумай қалып. Аты-жөнім ұмыт боп кетсе жақсы, Бұқтырманың бойында буға айналып. Жүргендеймін жарыққа келіп бекер, Аш-арықтай шегіртке теріп кетер. Жаңа жауған қардай боп аты-жөнім, Шың-құзында Алтайдың еріп кетер. Бола қалсам айыпты, ел кешірер, Болып жатсам жазықты, жел де есірер. Аты-жөнім жуылып-шайылмай-ақ, Жаңбыр суы секілді жерге сіңер. Бақыт құсы тұғырын біліп қонар, Тұғыр бола алмайды шұрық томар. Тарқамайтын Мұзтаудың бұлтына енсе, Аты-жөнім ертең-ақ ұмыт болар. Тыныстаса тіршілік ширап демі, Жалтылдай ма, қайтеді, бұйрат, тегі?! Ертеңіме қиналып тұрғамын жоқ, Ширықтырған бүгінім қинап мені. Тіке шапшып ұшардай алғаш құсы, Қаз тұрғанның келетін жер басқысы. Табаныңды аңдушы сәтін күтер Балағыңа ұмтылып жармасқысы.
Сыртқа теуіп, ішкен соң іштегісі, Кептіргендей кеуегін құс терісі. Күшігінен қағынған жаман неме Балтырыңнан келеді тістегісі. Өрмекшінің торындай өзгерісі, Кәйіп жандай кереғар сөз бен ісі. Мерген болса... ұрымтал талмау жерден Келер еді қапысыз көздегісі. Ұмтылғанмен биікке қол артқысы, Ұттырмай жүр бақыттың жомарт құсы. Билігі жоқ, әйтпесе жер бетінен Сені бүтін келгендей жоғалтқысы. Қызғанышқа бармайды қыр барысы, Бүгілмейді ішіне тырнақ ұшы. Бүгінімді ертеңге жалғастырар, Менің қорғап жүргенім – жыр намысы. Өтпеді ме уақытым текке менің, Жинақталмай жеткенім, жетпегенім?! Ертеңіме қиналып тұрғаным жоқ, Бүгінімді қорғайын деп келемін. Мәңгі маған адал боп қал, жұптасым! Жасым жетпей жүнжітіп алжытпасын! Айналармын тозаңға ажал жетсе, Тірі жүрсем, атыма шаң жұқпасын! Аума-төкпе заманға сұрау түстей, Шығарылмас қорытынды сынау піспей. Бүгінімді бағыштап ертеңіме, Өтсем деп ем атыма қылау түспей. Зейін болар тереңді ұғынатын, Кейін қонар бақ-дәулет құбылатын. Жақсылықтың жолында құрбан болып, Жарқырасын жалтақсыз бүгін атым. Қызықтырып өмірдің бар жақсысы, Кімнің ғана келеді алжасқысы?! ...Беу, Кәкем-ай! Бәріне өзің куә... Іні досым болсаң да он жас кіші! Екінші өлең Айтайын десем – атың сөнетін, Айтпайын десем – қатын сенетін Сөзді естідім. Тыңдайын десем – сағың сынатын, Жырлайын десем – жалын шығатын... ...төзбес тілім. Кетейін десем – өз үйім еді, Кетпейін десем – сөз үйіреді... Тыңдар құлаққа. Арлы бет тозып қиналып бітті, Арсыз бет қозып диланып күпті... Ызғар бірақ та. Намысқа тиіп оятып кекті, Дауыс та күйіп боятып кетті, Талғап тегімді. Бір-ақ орғанына –тыңдап отырдың, Куә болғаныңа шындап өкіндің... Аулап көңілді. Жазайын десем – ойға келмеген, Азабын кешем пайда бермеген Жегі ішім мүлде. Көңілге келген өлең өрнегін, Өрімдегеннен төге бермедім, мені түсіндің бе?!
Алматы мен көргенде... 1956–1961 жылдар Алматы – мен көргенде тыныш қала, Төзбейтін найза, қанжар, қылышқа да. Өтті ғой студенттік жастық шағым, Бұйырып жатағынан бұрыш-пана. Жастар-ай, шеттерінен асыл, зерек, Қолдаған жиырмасыншы ғасыр жебеп. “Большая деревня” дейтін орыс, Алматы – мен көргенде жасыл желек. Сол тұста жарты миллион тұрғыны бар, Жас қала, жастары мол мың құбылар. Той тойға ұласатын ҚызПИ жақтан Қыз алып қашып келіп түнгі ұрылар. Түсірсек бәрін еске ой тізелік, Қайыспай майыспайды кей тізе нық. Тойдан да қалыңдықты ала қашып, Тұманбай, Сізге қарап бой түзедік. Алматы – мен көргенде арық басты, Жас көңіл қай-қайдаға алып қашты. Сусындап кітапхана кәусарынан, Беу, Қадыр, Ой Сізбенен қалыптасты. Жарқырап бәсекеде жарыс түрі, Ой алып кеудедегі намыс тілі, Өзіңнен бастау алған, Оразақын, Төлеужан, Мұқағали таныстығы. Жастық шақ өнерлімен дәйім мәндес, Кінәм көп, соның бәрін айырған кеш. Аманжан, Төлеубекпен сыр шерткенде, Жұп жазбай тыңдайтұғын Сайын, Қабдеш. Шөп те өлең, шөңге де өлең – тұйық тетік, Аспанын Алматының биіктетіп, Жеткенде Ақтөбеден андағайлап, Өтежан бір бүйірден киіп кетіп. Алматы мен көргенде абыр-сабыр, Жарқырап самаладай шағылса нұр. Армандап іздейтінбіз көру үшін Атағы дүркіреген Сағи, Шәміл. Тықыршып арғымақтай бәске мінер, Жастық-ай, жалын жұтып, тас кемірер. Сәкен мен Тұрсынзада – Жетісудан Жатқандай өсіп шығып жас перілер. Жалғасып жарасымды мәніс құптар, Өнерде өзгеше бір таныстық бар. Қалихан, Әкім, Ақан жеміс беріп, Желкілдеп келе жатты Әбіш, Мұхтар. Жастармен күлкі аралас сыңар қақпай, Трамвай қоңырауын шылдырлатпай. Зейнолла Эльвирамен танысқанша, Жұмекен келуші еді күн құрғатпай. Жастық-ай, іздеп ішер зәйтүн дәрі, Алғаусыз болашақтың жейтін қамы. Төлеген деген атым ұмытылып: – Балапан, халің қалай? – дейтін бәрі. Ата, жүз сұраспаған жастау балдыр, Рудан биік болдық, астам да алғыр.
Шығыстан, солтүстіктен, батыстан кеп, Алматы – бәрімізді қосқан тағдыр. Алматы – мен көргенде тыныш қала, Студент дейтін халық – құрыш дана. Болмады бес жыл деген бес күнгідей, Бұйырып жатағынан бұрыш қана. Алматы – мен білгенде түрмен дара, Тапқандай Алатау мен Күннен дауа. Төрт маусым – дөңгелек жыл құлпыратын, Мүсінін құя салған гүлден ғана. Осында қазағымның бар батыры, Өнерпаз суретшісі, арлы ақыны... ...Қос ағам Баламер мен Қалиханға, Тапсырып кете бардым Алматыны. Не көрсеттім?! Әкем Рақымжан Насынұлына, Анам Қорлықа Сәмтіқызына Шолжың ғып мені етті де ерке-тәйтік, Қарттарым кетті өмірден ерте қайтып. Жасымнан аталы сөз тәлім берген, Отырып ұйықтағанша ертегі айтып. Үйреткен әкем еді сөз ретін, Мен мызғып кетсем ғана көз ілетін. Жанарын маған бұрса су қараңғы, Айтатын ойы бірден сезілетін. Шешем де ескі әуенді көп білетін, Ұршық ап әнді жіптей төктіретін. Төркіні Жәдік жайлы сөз қозғайтын, Қыздырып әңгіменің отты бетін. Үйреткен әкем тағы жол ретін, Айтқаны ақыл болып өрілетін. Өзгенің әкесінде нем бар менің, Өз әкем патшадай боп көрінетін?! Анам да өлең-жырдан жиды есені, Тағдырдың жолыққандай қилы есебі. Алыстан ақ шатырдай елестейді Шылауыш орай тартқан кимешегі. Жыр десе әкем қунап, өң бітетін, Толассыз әңгімесін өрбітетін. Құдайдан сұрап алған жалғызына Жалтақсыз жарылқайтын жол күтетін. Анам да ықыласын өрекпітті, Мейірі маған деген бөлек тіпті. Балалық қарыз қалды мойынымда, Аналық парызын ол төлеп бітті. Әкем де шырқаушы еді тізіп әнді, Килігіп ажал жетіп үзіп алды... ...Оқуда жүрген маған ақша салып, Шыңғыстай екі ортада ізі қалды. Болғандай екеуінің мен тірегі, Сол кезде қаусаған шал-кемпір еді. Терімдеп табиғаттың ырыздығын, Мен үшін тау мен тасты тентіреді. Шыбын жан қарттарыма ашитұғын, Қиялшыл бала көңіл жаситұғын. Жеткізбей қар түскенде жаяу-жалпы Арқалап отын-шөбін таситұғын. Екеуі қатар шықса, айқын алдан. Қайтадан баяғыдай айтылар ма ән?! Мүжиді күнде мені ауық-ауық “Сендерге не көрсеттім?” дейтін арман.
Менің әкем Бір өзі – дүниенің бәріне тең, Жайдары, әзілге ұста, жаны да кең. Гүрсілі сом балғаның төске тиген Жүректі жарып шыққан әні ме екен?! Шіркін-ай, адам болса, әнін ұғар, Еңбекке дерсің оны жаны құмар. Кішкентай құс кеуде мен күс білекте Жастықтың жанып тұрған жалыны бар. Бармайды ауыз, шіркін, кәрі деуге, Шыдайды неге болсын әлі кеуде. Сексенді бұйым көрмей, еңсеріп жүр, Қайранмын қайратына бәрінен де. Білекте, бұлшық етте қару-қайрат, Қолында құбылады жалын ойнап. Қашаннан жаңалыққа үйір кісі, Жүреді шартараптың бәрін ойлап. Бір өзі – дүниенің бәріне тең, Жайдары, жарқын мінез, жаны да кең. Ұстада көрік басып, балға соққан, Еңбекпен кәрі жолдас – менің әкем! Анама Анажан! Сағынғанда дәм-тұзыңды, Көңілім толқыды да, сан бұзылды. Күні-түн есіл-дертің мен шығармын, Жүрмісің жолдан күтіп жалғыз ұлды?! Өзіңсің сәби шақтан сая-бағым, Мәпелеп әлпештедің, аяладың. Мінезің – айдын шалқар, көл-дария, Толқыған сезіміңді жаяды әнің. Шомылып сағыныштың мөлдірінде, Ғарышқа қалықтадым енді бірде. Үйренсін, тәлім алсын, оқысын деп Жібердің ноқтамды алып мол дүбірге. Тауменен тайталасып, шынықты екпін, Ұшармын апай төсін тіліп көктің. Өзіңнің құшағыңнан ұшып шығып, Өмірдің құшағына кіріп кеттім. Жүлдені талас қылып алғызбаған, Қалың топ алға қарай андыздаған. Өсірген мыңға балап ұл-қызындай Көзіңнің қарашығы – жалғыз балаң! Рухпен тілдесу Нұрлы дүние, кәнеки, кел есілші! Әкесі өлген балаға ел неге сыншы?! Қайран әке! Қарқара қасиетің, Әйтеуір жерден шыққан демесінші. Қайран әке, оралмас жолға аттандың, Қайғы жұтып артыңда сорлап қалдым. Қандай сырды ішіңде сақтап кеттің, Қасіретін жұтқандай соңғы ақ таңның.
Тұнып қалған тұманың шайқалынар, Сай-саладан мұнар да қайта арылар. Мен үндемей жүргелі талай болды, Қайран әке, өзіңе айтарым бар. Жетер болса бір сәлем менен егер, Жаңалықты есті де, кенеле бер. Жетелейтін өзіңді таяғың боп, Жетіліп келе жатыр немерелер. Қимағандай ұйқысыз бір таңыңды, Бір иіскемей аттандың ұрпағыңды. Немереңе ұстатып көрік сабын, Немереңе мінгіздім тұлпарыңды. Бәрін мезгіл ұмытып көшті ілгері, Бірақ маған сол жараң ескірмеді. Былай тұрсын аймалау немереңді, Беттен сүйіп көрген жоқ ешкім мені. Әкені аңсау – екен ғой қиын арман, зиратыңа... сағынып жиі барғам. Оңашада сырымды саған ашып, Көкірегіме мәңгілік түйіп алғам. Кенет кеттің... Қапылыс... ақыр мүлдем... Арпалыса кетеді-ау ақыл мұңмен. Ауырлықты көтеріп келініңмен, Түтініңді түтетіп жатырмын мен. * Айналайын, шуу асау құлындарым! Өздеріңсің шырқайтын жырым да әнім. Осы өлеңді арнаймын өздеріңе, Жеткізсін деп өмірдің шырын дәмін. Айналайын, монтиған қозыларым! Өздеріңсің жайнаған көзім-әрім. Өздеріңе арнаймын осы өлеңді Мағынасы жаңғырған, сөзі мәлім. Айналайын, тайпалған боталарым! Бір өздерің қанымда опалы ағын. Өздеріңе сыйлаймын менде барды Жанымның жан түкпірін қопарамын. Айналайын, бүр жарған өскіндерім, Бір өздерің – демалыс, бос күндерім. Сендер маған сәбилік мінез дарыт, Өздеріңе арнаймын достың лебін. Күтуде екен сендерді қандай бақыт?! Маңдай бақыт емес тек таңдайға құт. Тәтті бақыт ащы боп тарқамайды, Қанжығаға бөктеріп сан байлатып. Асу бермес алда зор Алатау бар, Өз соқпағын кім болсын дара таңдар. Бұғанасы қатпаған балаларым – Қауырсыны қатпаған балапандар. Жер айналып тұрғанда қозғалудан, Көрерсіңдер, Не көрсең өз бағыңнан. Әке-шешең жүргені үміттеніп, Дәметіп жоғары қол созғаныңнан. Тоғыз балам Тоғыз балам – менің тоғыз құлыным, Тоқсан тоғыз омыртқалы жұлыным. Тоғыз елді туыстырған тұлымым, Тоқсан тарау тамырланған бұрымым, Тұлыбына мөңіреген тың ұғым, Толықсыған Тоғыз Тұлға Ұлығым! Таралғанша мен бәрінің құлымын.
Тоғыз балам – менің тоғыз қазынам, Тағдырыма тәңір жазған базынам. Жаралғандай мың сан күйдің сазынан, Таралғандай махаббаттың назынан, Таң армандай шапағаттың жазынан, Таранғандай тоты құсап мәз ұлан, Тоғыз балам – менің тоғыз қазынам. Тоғыз балам – менің тоқсан күй-әнім, Тоғыз жүз мың тоқсан тоғыз қиялым. Толып әбден жетілмеген қияғым, Топқа түсіп кетілмеген тұяғым. Тонды еншілеп оранатын ұялым, Тік қарауға негіз болған би-арым, Тоғыз балам – менің тоқсан күй-әнім. Тоғыз балам – менің тоғыз жұлдызым, Тоғыз жақтан томпаңдаған ұл-қызым. Тоң құрсанған Мұзтау тектес шың-құзым, Бұқтырманың талында өскен құндызым, Жазғытұрғы қызғалдақтай қырмызым, Тәулігімді жарық қылған күндізім, Тоғыз балам – менің тоғыз жұлдызым. Мәреге жеткен жүйріктей... Әкем Рақымжанның қарындасы Мәрипа апайыма Апайым менің ескінің жалқы көзі едің, Сергітіп бойды жеңілдеуші еді сөз – емің. Сен кеттің дағы, тартылғандай болды өзенім, Бұл күйге енді қалайша, қайтіп төземін?! Әкеммен туған ескіден қалған жалғыз ең, Ақылың маған қоңыр да салқын жалбыз-ем. Өзіңді мәңгі құшағына енді алды жер, Тоқтатып қалай, айтылып жатқан әнді үзем?! Апайым қайран, жаныңды менен кім сезген? Ойыңды түгел жеткізуші едің бір сөзбен. Өзіңдей кім бар тағдырға мынау шын төзген, Илікпей қарап өмірге құштар нұр көзбен. Жабысты келіп мейірімсіз ажал тас керең, Алысты сеніп тоқсан бес дейтін жаспенен. Сен кетеді деп ойға алып па едім әсте мен, Бір өзің болып бағыт сілтеуші – бас кемем?! Тоқсан бес дейін шықпады сенен сөз артық, Үстіңе мүлде жолатпаушы едің тозаң-түк. Маған қараған шал-кемпірлерден тазартып, Мәңгі кеткенің бе осы жалғыз бауырыңды боздатып?! Мықтылығың сол ғой сырыңды сыртқа шығармай, Қасқайып қарап жартасқа біткен шынардай. Бар ауыртпалыққа бір өзің ғана шыдардай, Шындықты қорғап, сол үшін жүдеп шыр алмай. Тоқсан бес жаста тағдырға мынау илікпей, Қайрат көрсетіп мәреге жеткен жүйріктей. Мәңгілік болып созылып бір сәт күй бітпей, Жаңғырық болып өте шыққаның ба сый күтпей?! Армысың, жаңа ғасыр! Армысың, жаңа Ғасыр, жаңа Мың жыл! Алғысым, құттықтаймын, талабым – жыр. Жасанып көремін деп үміттенем, Жасарып қалайын деп және бір жыл. Қатары шетінеген буын-ұрпақ, Мақалы – ортақ ойы, сыры бұлтақ. Осалға жаңа Ғасыр бейіл бермей, Қосар ма жаңа Мың жыл ірі тұрпат?!
Лайық өліараға бола ма сыр, Бір айып таптырмайды жалаң асыл. Адамға, Жаңа жылым, не сыйлайсың, Қоғамға не бересің, жаңа Ғасыр?! Ғарыштап шырқауыңа жетермісің, Алыстап қайта оралмай кетермісің?! Удай боп өртермісің көкіректі, Судай боп құмға сіңген бекермісің?! Өмірді өксіткенмен нала бір жыр, Көңілді көтеретін сара нұр жүр. Адамға не сыйлайсың, жаңа Ғасыр, Қоғамға не бересің, жаңа Мың Жыл?! Жаңа жыл, қай ісіңді қате дейін, Дана жыр – сен сыйлаған батагөйім! Сөзіммен әр тарапты аңсасам да, Өзіңмен астарласып жатыр ойым. Армысың, Жаңа жылым, даңқы басым, Бармысың, көз алдымда Сен тұрасың?! Әріге – болашаққа қызыққанмен, Бәрі де өте шығар артыңа сын. Кім білсін, неге асықтың алға мұнша, Бүлдіршін шағымыздан арман ұрса?! Жұт мықтап ақ қайнарлы жүзім суын, Құттықтап айналамды алғанымша. Жаңа жыл! Айналайын кеп қалдың ба, Бала жыр қарсы алды ма қақпа алдында?! Сертіңе берік болсаң, сенер едік, Көркі де, көңілі де тоқ тағдырға. Қош, ескі жыл! Сағат тілі он екіде айқасардай, Сәт болар ма бір жылсыз қайта сондай?! Кеп қалды деп Жаңа жыл, сабыр сақтап, Шыдап тұрмын, кенеттен айта салмай. Мұрша бермей аялдап ойлануға, Мәжбүр болдық уақыттың ойнауына. Екі мың жыл, ескі жыл, ескі ғасыр – Барады өтіп тарихтың қойнауына. Емес мезгіл ешкімнің жұрағаты, Шежіреде сақталар ұран аты. Екі мың жыл, ескі жыл, ескі ғасыр – Енді көне тарихтың мұрағаты. Жазбалардан іздерміз өшпегенді, Компьютерден табармыз көшкен елді. Жаратылдым ауаңда тозаңың боп, Жиырмасыншы ғасырым, қош бол енді! Қолданардай компьютер соңғы амалды, Тұрар ма екен жарқырап сәуле мәңгі?! Жиырмасыншы ғасырым, қош бол енді – Махаббатым, жастық шақ сенде қалды. Қош, қош, енді, дөңгелек Екі мың жыл! Құйрығың – жел, жалың – ән, кекілің – жыр. Туған буын ең соңғы жиырма-отыз жыл Тұтқасында заманның жетіліп жүр. Сағат тілі айқасып, таяқтасты, Уақытқа бағынбай саяқ қашты. Қош, Екі мың – ескі жыл, ескі ғасыр, Жаңа ғасыр төріме аяқ басты.
Ұстаздық тағдырымды жалғап келем
Өмір өрнегі Өмірдің көрсете алмай нақ суретін, Өнердің тартсам мейлі тақсіретін. Тек қана өлеңіммен ашсам болды Ақуыз ғұмырымның жақсы бетін. Жеткізсе сезімді өлең ол қандай мін, Қағазға қалам болып жортаңдаймын. Тайызға шабақ болып қайырылсам, Тереңде еркін жүзген шортандаймын. Өлеңім – өз бояуым, өз өрнегім, Жетпесе, менен кінә сөз өңдеуім. Қызыққа кіріп кетіп, шыға алмадым, Дәл қазір асу бермес кезеңдемін. Кернеген көкіректе күмбірлеген, Осы ма жыршы құсым бұлбұл деген?! Уақыт тоқтамайды, өтіп жатыр Кей сәтім ойын-күлкі, дырдуменен. Жазғаным жүйрік пе екен қаны қызған, Жалынсыз салқын ба екен жаны мұздан?! Оқушым, ризамын, Өлеңіме Қанағаттанбайтындықтарыңыздан. Қазақ – ақынжанды халық Қазақ қанша? Соншама өлеңші бар, Ұлтқа біткен қасиет өнер шығар. Асыл ойы ақынның бәйтеректей Жіберетін тамырын терең шынар. Қазағымда жетеді кемел ақын, Өлең сайын тыныстап дем алатын. Кеуделерге ұя сап көгала үйрек, Белдеулерге байласақ көгала атын. Бір шырқаудан биіктеп, төменсімей, Жұма сайын жүлде алған өлеңшідей, Жан дүниесін халқымның жайып салған Ақындардың өлеңі өр елшідей. Жүректерге ән құйып, дән бастырған, Кім болды екен өлеңге алғаш құрбан?! Ақын жыры мұхиттан асып барып, Құрлықтарды құрлықпен жалғастырған. Тойдағы сезім Той қызығы толар ма топ жалдаумен, Тозып кетер қолында жоқ жан-дәрмен! Сезімге бай, ақылға кемел болсын Әркім Абай көксеген Тоғжан дәурен! Той қызығы – тоқталмас аян дүбір, Күреске түс, көкпар тарт, жаяу жүгір. Сезімге бай, ақылға кемел болсын Қозы көксеп жетпеген Баян ғұмыр. Той қызығы – толассыз жүдетпейді ән, Махаббат-жыр көтерген жүрек – майдан.
Сезімге бай, ақылға кемел болсын Ер Төлеген аңсаған Жібек мейрам. Той қызығы – айтыс қой құдашамен, Айтыс үсті өзгеше сыр, аш, әлем! Аспанымда шырқай бер, шарықтай бер, Бүкіл қазақ аңсаған Күләш әуен! Шыбын жан Кеудем бар. Өр кеудемде шыбыным бар. Оны енді қыран құс деп ұғыныңдар. Шыбыннан сескенетін ешкім жоқ-ау, Қыраннан қорықсаңдар, тығылыңдар. Шыбыным, өр кеудемде шарқ ұрасың, Кеңістікке ұмтылып талпынасың, Білемін оны және түсінемін: Осы жазған өлеңдер артыма сын, (Төлеген, енді неге тартынасың?!) Шыбын бар. Қайда қашар жүректілік, Ғарышқа ұшайын ба... Шіреп тұрып?! Артық мақтан – адамның жауы дейді, Бір әрекет етейін білек түріп. Ақ қайың Сыйлығы табиғаттың мен – ақ қайың, Жазда – жас, қыста – шымыр болаттайын. Алтайдың бөктеріне өрлеп барып, Бұқтырма жағасына қонақтайын. Айтылар көктем-жазда арман сөзім, Болмайды табиғатта жалған сезім... ...Қара күз қарашада аяқталып, Айырылып жапырақтан қалған кезім. * Қимылдап қал күш-қуаттың барында, “Қара тұяқ қатып қалмас қарында”. Өмір өзі баулып алып кетеді, Ойнақ салып асау аттың жалында. “Алтын пышақ қап түбінде жатпайды” Бәлкім, тағдыр келешекке сақтайды. Өмір оны шарболаттай суарып, Ұстарадай өткір қылып баптайды. Дарын әр кез шыға келер жалын боп, Қадірлейтін ардақ тұтып қалың көп. Ақындығы түрлі-түрлі болғанмен, Ақындардың арасында залым жоқ. Жауларынан тайсалмаған домбытқан, Көпшілікке ұнайтыны сондықтан. Қынабынан суырылған қылыштың Астында да тұлпар-сөзді орғытқан. Майыспаған хан алдында шіренген, Қайыспаған зәрі қатты дүреден. Жақсылықтың түсірем деп сәулесін, Жамандықтың бұлтын аршып күреген. Көгілдір боп көлбеңдеген кіл арман, Кемпірқосақ – сағым болып бұралған. Адамдарға біткен барлық тамаша, Қасиеттерден ақын жаны құралған. Сенім Кінәмді ақтап алар, жуып алар Өлеңімде шараптың буы да бар. Қызуына желпініп кеткен шақта, Мөлдіреген түбінде суы қалар.
Тазартып бар күнәдан шайып алар, Өлеңімде үндінің шайы да бар. Сезім деген иірім жылым десек, Терең ғана шымырлап байып ағар. Кінәні сығып алар, бұрап алар, Жырымда қоңыр салқын сыра да бар. Кей сәтте көтерілсем деңгейімнен, Еркелікті көтерген бір ағалар. Жырлаймын тек өзіме жайды мәлім, Елмен бірге қуанып, қайғырамын. Тұлпар тарпып тұрғанда көкірегімді, Елең қылмай ешкімнің тай-құнанын. Сырымның несін бүгіп далдалаймын; Біткен жоқ жансар шабыт, жалған айбын. О, қызыл шай, қызулы шарап-шәрбат, Сеніңдер, Мен сендерді алдамаймын. Шабытымды қамшылау Ей, Төлеген, талаптың мін тұлпарын, Ауыздықпен алысып жұлқынтарын. Бұғалық сап асауын үйрет өзің, Ойнақшытып тарпаңның іркілт әнін. Жүгіріске жаратып алшы баптап, Қосылып көр бәйгеге, қамшылап бақ. Сыртқа шығып кетпесін ұят болып, Орта жолда аяғы қансырап қап. Ал дегенде тізгінді іркіп ұста, Ұшқыр аттай тыз етіп, үркіп ұшпа. Ат өнері мәреде сыналады, Жұрт көзіне түсетін бұлқыныста. Менің пәлсапам Қаншалық кең болса да аспан асты, Кәрілер жолдан тайып, жас та адасты. Арыстан емес түгел бұйра жалдар, Данышпан емес түгел қасқа басты. Оралу Өлеңнен көз жазып қап, қайта оралдым, Сонылап соңым – сүрлеу, байтақ – алдым. Ешқайда мойын бұрып қайырмасам, Есемді бұрын кеткен қайтарармын. Қалмаспын жайбарақат тыным таппай, Мен іштей теңіз болып шайқалармын. Көкжиек өзгеше боп шақырады, Мен енді өзгешелеу байқалармын. Бұрын ел айтпағанды айта алармын, Бұрын айтса, Жаңғыртып қайталармын. Жүрісі жанға жайлы, майда қоңыр Жорғадай жолға түскен тайпалармын. Сөз бен ой Болса да ой – балдырған, сөз – балауса, Бұл өлең бір орнынан қозғағанша, Кеткенде жария боп бүкіл елге, Еркелете алам ба өз баламша?! Менен де иелік жоқ, кетеді ерік, Оңаша қалай қалам жекеленіп?! Бір сөзді айта алмаған сияқтанам, Бір ойға енді ғана жете беріп.
Бір сөзім қалғандай боп аяқталмай, Бір ойым тәй-тәй басып аяқтанбай, Сол ойды аяқтандыра алмаспын мен, Тегінде, күн жылысып, ай аттанбай. Бөгде сөз Болар ма өз сөзімдей жүзін берсе, Ой, шіркін, құбылар ма қызыл көрсе?! ...Соңғы ойым аяқтанар деп сенемін үздігіп соңғы демім үзілгенше! Сайрап жатқан даңғыл ма, жолым бекем, Жайлы ма екен жасаулы орын-мекен?! Осы өлеңге қай күні қосты тағдыр, Бағым ба екен, білмеймін, сорым ба екен?! Мен ғана емес шығармын сор айдаған, Бір шиырды қулап он айналам. Бір өлеңді жазып ап, қайта өңдеуден, Тау қопарған тәрізді оңай маған. Көңіл күйін құтқарып тұншығардан, Өлең болып өртенер сыршыл арман. ...Қара байыр жұмыскер тақырыптан, Қара маржан ақсүйек жыр шығарған. Өзім туралы Жалғызбын ес білгелі бір кіндіктен, Қос кәрі көп армандап ұлмын күткен. Әлпештеп дана болар деп болжаған, Мен әлі түк айтқам жоқ білгірлікпен. Толған жоқ: ойым – жарты, ақыл – ілмең, Қаланбай берік, бекем жатыр іргем. Түбінде болатын-ақ реті бар, Жалғыздар, арқа сүйер ақының – мен. Жоқ менде туған іні, туған аға, Туған жер – кіндігімді жуған ана. Өзіңе туыспын деп айтса біреу, Жүрегім жөнеледі тулап ала. О, өмір! Нұрын сыйлап уыстап күн, Ішіне кіргізгендей ырыс-бақтың. Кіндіктес бірге туған жоқ болса да, Көңілдес, сырлас, мұңдас туыс таптым. Жүрсем анық жер басып, бармын әлі, Мінген көлік – қиялдың арғымағы. Неше дүркін жаттығу жасап келем, Трамплин – тағдырдан қарғығалы. Тағдырыма налыдым түсіп еңсем, Тұқырайтып, тұқшитып қысып ең сен. Намысымды жанимын ерегесіп, Елең қылмай ешкімнің ісін өлшем. Ескермеймін сөз ерсін, мейлі, маған, Айтам ылғи өзіме жайды ұнаған. Туған жердің еңсесі көтеріңкі – Алтайымнан алғаусыз айбын алам. Қажетіме жаратсам құр мақтанды, Қыздыра ма құр мақтан шындап қанды?! Адал дейтін досымды бір қызғаныш Мысық болып ішінен тырнап қалды. Қызғанышқа мен қашан үйір едім, Көп іздедім құртатын тыю емін.
Таба алмасам өзіме күйінемін, Байқатпаған достарға сүйінемін. Айтпаса да көрсетіп мінімді ешкім, Қызғаныштың өзім-ақ тілін кестім. Достарымның барында бордай тозып, Саз балшықтай иленіп, үгілмеспін, Мынау жарық дүниеден түңілмеспін. Көзге түсіп ерекше білінбеспін, Сәл иілсем иілем, бүгілмеспін. Жақсы атағым шығуы мақсат емес, Жаман атпен ауызға ілінбеспін. Тегі, мені біреулер ұнатпайды, Теріс пікір тез тарап тұрақтайды. Ешкімім жоқ сыртымнан қорған болар, Өзімді-өзім ақтамай, кім ақтайды?! Ұстанғалы жүргем жоқ бір сүреңді, Ұнатпайтын дос-жаран білсін енді. Қара басып жүдемей, уайымдап, Қатыратын жайым жоқ құр сілемді. Ойға алмадым әркімге ұнаймын деп, Орындала қояр ма бұлай міндет, Табысатын кез болса, ашып айтып, Бірімізді-біріміз сынай білмек. Жүру емес сынасу түртінектеп, Жуып-шайып мініңді сүртіп ептеп. Зәрлі тілмен мазақтау емес тағы Көмекейді тұратын күлкі кептеп. Сына мені, тұрғанша құр қипақтап, Қабылдаймын сыныңды ілтипатқа ап. Пікірінен белгілі әрбір адам, Сөздің басы авторын тұр сипаттап. Болады жөнсіз езі мақтанның да, Мінімді өзім біліп ақталдым ба, Берілген тапсырманы оқымай кеп, Қысылған оқушыдай... тақта алдында. Сұрауы болар десек құр судың да, Сынықсып кінәм үшін қымсындым ба?! Бір сөзді айналшықтап жүрдім бе екен, Оралған ат тәрізді қыл шылбырға?! Артықша шалқып кеткен кездерімде, Артынша қуыстанып сезбедім бе?! Кәдімгі жазылмайтын дерт сияқты Мақтану – айықпайтын безгегім бе?! Атыңа жабысқанда-ақ әуелгі сын, Алғашқы сол пікірге тәуелдісің. ...Өзімде жоқ пен барды қызып айтып, Басталатын секілді дау енді шын...
Сөз қалмаған Қанатты арман қол ұшын созған маған, Айтылмайтын ақыннан сөз қалмаған... ...Тау өзенін көрсеңдер сарқырама, Мені іздеңдер, тегінде, өзге арнадан. Дауыл соқса, көзің тік көк теңізге, Боран болса сұрапыл, көктен ізде! ...Сайрап жатыр жазылып өмірбаян, бір қарасаң, мен жүріп өткен ізге. Жарау аттай баптадым қиялымды, Қайда барып білмедім сиярымды,
Жолаушыдай тепектеп жоқ іздеген, Сағындырған таба алмай күй-әнімді. Басқа біткен дәулетті шайқап келдім, Айдынына шомылып байтақ көлдің. ...Осы сенің жолыңда ар жұлдызым, Қуатымды барынша байқап көрдім. Тартып тұрмас көгілдір ылғи бар маң, Сусымалы жібектей сырғиды арман. Кібіртіктеп жазықта көсіле алмай, Көсілттім-ау өр менен ылдилардан. Сұлу саздар жақсы-ақ қой, кетсе өзіңмен, Жалын шарпып жатса ғой көп сөзімнен. Бақытыммен бетпе-бет кездескендей, Арбасып та қаламын от сезіммен. Ұзақ жазсам, өлеңнің кетер мәні, Қысқа жазу – таланттың шекер балы. ...Құлаш-құлаш жазылған көбік өлең – Ақындыққа дайындық екен бәрі! Жарыс Өлеңде сақталар ма бүгін мәніс; Келер ме екен қалыбына жығылған іс?! Сұрапыл соғыс келіп қиып түсіп, Болмады біздің тұста құлын жарыс. Жаңғырып ұрпақтардың байланысы, Кәдеге жарап қалар пайдалысы. Қатысу керек еді, оқшау жүріп, Менсіз-ақ өте шықты тай жарысы. Болмас деп өлең – ермек, жыр – алданыш; Күйіктен өртенетін шығар намыс. Бозым боп жігіттікке қадам басып, Жүргенде, өтіп кетті құнан жарыс. Сонда да жат көрмедім өлеңді алыс, Толассыз тоқтамайды өрен бар іс. Үй болып, бала сүйіп жүргенімде Менсіз-ақ бітіп қойды дөнен жарыс. Күткенмен, тындырған жоқ қаһарман іс, Бұрауы – тарам жолдың қатар қағыс. Бүгінгі жүгірістің жөні бөлек: Басы жоқ, аяғы жоқ атан жарыс. Жөн бе еді, сабыр сақтап ырғалғаным, Қатыспай көп жүлдеден құр қалғаным?! Жарыстан қалғаныма өкінбеймін, Бір жүрсе өлеңіммен күллі арманым! Жыр сонары Жұп-жұмсақ қансонардың қар ұлпасы! Өлеңнің сонарымен жарылқашы. Шабытқа томағалы тұғыр болсын Алтайдың тарғыл-тарғыл шағыл тасы. Ұшатын сол тұғырдан ой ақ болсын, Ұштасып пәк сезімнен тоят көрсін. О, Муза! Жыр сапарға бір шығайық, Сонарда қалғып кетсең, оят дерсің!
Айта алмасаң не олай, не бұлай деп, Тарын-ай деп дүниенің, кеңін-ай деп. Онда сенің кигенің шыны орнына Мөлдіреген жылтырақ темір әйнек. Беу, Төлеген! Жөн мұны түсінгенің, Не болады құр бөсіп ісінгенің?! Дөңгелек жыл бір өлең толғамайтын Бедеу ойдан жүдеген қысыр ма едің?! Өлеңім – өз перзентім, өс ұрпағым! Дер шағың... мүмкін емес тосырқауың. Үн қосып қайтқан құстың әуеніне, Қосылып бар-жоғыммен жосылтамын. Асықпа, сап-сап, көңіл, шат арманым! Өрісті өмір атты сапардамын. Қоршаған орта – менің кейіпкерім, Өзім және ең басты қаһарманым. Ақын арыз жазбайды, өлең жазар, Төңкеріліп түссе де төмен назар. Көкжиегін көңілдің көтеретін Құдіретті жыр дейтін өнер – базар. Ақын жала жаппайды, шын болмаса, Жарамсақсып жатпайды сын болмаса. Мәртебесі өлеңнің жоғары тұр, Құлатам деу биікті – құр далбаса. Ақын шағым айтпайды, жыр айтады, Қуантады немесе мұңайтады, Көгерсін деп өмірдің раушаны Көбейсін деп көңілдің райханы. Түбі барып соқтырар өкінішке, Ақын тіпті жоламас өтінішке. Шөлдер болсаң, шербеттің жалынын жұт, Бірақ шарап – өксіктің отын ішпе. Сәтке ғана тұтанып сөнер шала, Бір терлеуден қалмай-ақ өлер жала... ...Жүректерді нұрымен жылытатын: Түбі мәңгі жасайтын өлең ғана! Жыр тағдыр Күнімді өткізгенше сан жорумен, Шығайын сахнаға бар-жоғыммен. Тумаған дер кезінде өзімнен бар, Жүрмесем тайғақ кешу, тар жолыңмен. Сынайын жеке өзімді маздағанмен, Шығайын сахнаға аз ғанаммен. Ұзаққа көсілейін, көсілмейін, Сөйтсе де қысқа тірлік – жазды алам мен. Ән мен жыр шалқығанда саз да дәурен, Байыппен қалқығанда қаздар әбден. Көңілдің қасиеті бәйек болған Күлкіге көмек емес, назға – жәрдем.
Дайындық өтер кешті таңға ұрумен, Шығайын сахнаға жаңғырумен. Оқушым! Өздеріңмен алғашқы рет Жүздесейін ақындық тағдырыммен. Табысып таң бозынан бақтағы үнмен, Қарысып жолсоқты боп атқа мінген, Тұтқиыл кездесем деп үміттенем, Сырнайлы, сыбызғылы шақтарыммен. Мәз болып қанағатым азға әлі мен, Тәңірдің табысқандай жазғанымен, Ұстаздық тағдырымды жалғап келем Ақындық тағдырымның саздарымен. Мен, бәлкім, ауылдағы ақырғы ақын Тау болса алып Абай, тозаңымын, Бөрідей білдірмеген өз арығын. Еңбегім – атамекен, туған жерім, Еңбекте ана тілі – қожалығым. Ұлы Абай мұхит болса, тамшыдаймын, Саятқа саяқ шыққан аңшыдаймын. Ауылдан ақылдасар қара таппай, Амалсыз өзімді-өзім қамшылаймын. Сом тұлға – Абай, ал мен – үлпілдекпін, Өлеңін ұлы ақынның шіркін деппін. Қойнауын Еңбегімнің тесіп шығып, Қайнарын жыр-өлеңнің бүлкілдеттім. Салыпты Абай салмақ ақынға тым, Өлеңнің әр тармағы нақыл-мәтін. Еңбекте табан тіреп тұрып жатқан Шығармын ауылдағы ақырғы ақын. Жетпіске толдым Мен Жетпіске толдым, Жер басып жүрмін, Шалдармен тәжірибе алмасып жүрмін. Замандас кемпірлер ұшыраса қалса, Кәдуілгідей қалжыңмен арбасып жүрмін. Жас келіншектердің қолынан сүйіп, Делебем қозып дауласып жүрмін. Қыздардың әрбір сөзінен мағына іздеп, Әзіл мен қалжыңдарына жармасып жүрмін. Мен Жер басып жүрмін. Мен Жетпіске толдым. Оқушы балалардың ішінде жүрмін. Елу бесімдегідей жігіт пішінде жүрмін, Сапамды білмеймін, санам тозбаған екен, Баяғыдай білімді күшімде жүрмін. Оқушы балалардың ішінде жүрмін. Мен жетпіске толдым. Әріптестерімнің арасында жүрмін. Катынқарағайдың даласында жүрмін, Бұқтырманың жағасында жүрмін. Бәрінен бұрын күндіз-түн ойланып, Мінез-құлықты түзеудің шарасында жүрмін. Өзімнен тараған сүйікті ұрпағымның, Мені ойлаған санасында жүрмін. Мен Жетпіске толдым. Әйтеуір Жер басып жүрмін. Зиялылардың шылбырына жармасып жүрмін. Өзімді ұнатқан көңілдесім болса, Тағдырымды тапсырып жалғасып жүрмін. Тоқайласып келген жұмбағын шешіп, Мазмұнын есіме түсіріп сан ғашық жырдың, Әйтеуір Жер басып жүрмін.
Кетер еместей серпіні бойдан, Сағыныштың қашан селкілі қойған. Екі жарым жыл болды бақиға озған Мәңгілік кетпес кемпірім ойдан. Жүйке қоздырып, сананы сансыратпай, Ақылдың куат, ентігім ойлан. Шықпады мәңгі кемпірім ойдан. Жетпіске толдым. Мен Жетпіске толдым. Жұртшылықтың ортасында жүрмін, Қайнаған көптің ортасында жүрмін. Тегі, біреулер жазып кеткен тәрізді Төр Алтайдың шор тасында жүрмін. Жетпісте бөлектеудей тақпақ нәрі, Мезгілінен жаңылып атпақ таңы. Туған күніме Тәңірдің сыйлағаны – Менің аппақ көңілімдей аппақ қары. Осы қарға тәуелді бұл күздің тіршілігі, Аң-құс қысқы ұйқыға жатпақ бәрі, Тоқырай ма, тоқтай ма, қалыңдай ма Табиғаттың тынымсыз аппақ қары. М а з м ұ н ы Өлеңдер “Тегершігі өмірдің…”.........................................................3 Туған жер – Катонқарағайым............................................3 Өлең құдайы, сөз патшасы.................................................4 Қазақ десем, ойымда Абай тұрар........................................6 Қоңыр үнің құлақта сазген екпін.........................................7 Сахариев Баламер ағаға......................................................9 Дұрысы – Қалиханмен мақтанғаным............................... 1 0 Ақсудан “Қатын” жаққа бет түзеді....................................1 1 Туған жердің түтіні............................................................1 1 Ақын сыры....................................................................... 1 4 Біз қандаймыз, қазақтар?................................................. 1 5 Құдайға наз...................................................................... 1 5 Сахариев Мұхтар ағаға .................................................... 1 6 Ғасыр тоғысы................................................................... 1 7 Шипажай......................................................................... 1 7 “Шұбартөс” шақырады.................................................... 1 8 Қансонар.......................................................................... 1 9 Заман кімдікі?..................................................................2 0 Түнгі сарын...................................................................... 2 1 Ойға батам....................................................................... 2 1 Өзекті жарып шыққан өлең..............................................2 2 Катабайка.........................................................................2 4 Ой....................................................................................2 4 Арманым..........................................................................2 5 Еркеш Ибраһимнің ізімен.................................................2 5 Тісім менің ......................................................................2 6 Леп белгі...........................................................................2 7 Демократия......................................................................2 8 Ынтымағыңды ойла..........................................................2 8 Ана тілі.............................................................................2 9 Өмір мен ауыл..................................................................3 0 Мен кінәлі........................................................................3 0 Жүрек шапағаты............................................................... 3 1 Менің бақытым................................................................3 2 Қолды болған бәсіре.........................................................3 3 Өлең туралы.....................................................................3 4 Тағы да өлең туралы......................................................... 35
Келер күндер.................................................................... 36 Есімде Қабанбай ауылы.................................................... 37 Заман осы........................................................................ 38 Өмір мен өлең................................................................... 39 Туған жер......................................................................... 40 Туған ауыл........................................................................ 42 Жолдағы қайыңдар........................................................... 48 Бұқтырма......................................................................... 48 Алтай............................................................................... 50 Жоталар............................................................................55 Тау тағылымы....................................................................55 Жолдар............................................................................. 56 Төр Алтай........................................................................ 56 Катонқарағай.................................................................... 59 Орманда........................................................................... 60 Іңкәрлік............................................................................ 60 Қалайша Қатын қойған......................................................61 Жалғанның қызығы.......................................................... 62 Қош, Алматы!.................................................................. 62 Табиғат құпиясын түсініп көр Бұлтқа сәлем....................................................................64 Үмітті күндер....................................................................64 Тұғырлы........................................................................... 65 Қарапайым тас.................................................................. 65 Жол..................................................................................66 Ақпан............................................................................... 67 Кешіккен көктем жырлары...............................................68 Наурыз ............................................................................ 70 Жазғы таң........................................................................ 70 Шілде................................................................................71 Қазан.................................................................................71 Қаз көктем........................................................................ 72 Желтоқсан........................................................................ 72 Күз суреттері.................................................................... 73 Жаңбырлы жаз ................................................................ 74 Қазандағы мәжілісқорлар................................................. 76 Алтын ұям, қырандар ұшқан Шыңғыстай мектебіне......... 77 Қоштасу...........................................................................8 6 Элегия..............................................................................8 7 Шәкірт сөзі...................................................................... 9 1 Ұстаз туралы жыр............................................................9 3 Нарық және мұғалім.........................................................9 5 Қаратайдың шешені..........................................................9 7 Бала – адамның бауыр еті...............................................101 Махаббат өлеңге сыймайды Табыстау..........................................................................106 От сезім...........................................................................107 Біз екеуіміз......................................................................108 Нұрбангүлге....................................................................109 Сезімі махаббаттың..........................................................110 Серт махаббат..................................................................112 Өрт махаббат...................................................................113 Дерт махаббат..................................................................114 Өкініш.............................................................................114 Отыздың үші...................................................................115 Кербезім..........................................................................116 Ажарлы әйел бар... .........................................................117 Білесің бе?.......................................................................118 Мәңгілік аңсау.................................................................118 Алғашқы сезім.................................................................119 Уәде.................................................................................119 Өзіңе ғана........................................................................120 Өкініш.............................................................................121 Көк көйлек......................................................................122 Сен қайда кетіп барасың?!...............................................123 Түстіктен жеткен ән........................................................124 Асылзат, арманда едім.....................................................125 Студенттік шақтар-ай......................................................125 Жыр нөсері......................................................................126 Егіз шумақтар..................................................................127 Бір танысқа.....................................................................127 Кәрінің махаббаты...........................................................128 Қожа мен кедей...............................................................129 Таусылмай дәм-тұзымыз.................................................130 Қайран жастық ...............................................................131 Дүние, қудым сені............................................................133 Кездесу...........................................................................135 Жесір монологы ..............................................................136 Махаббат өлеңге сыймайды.............................................137 Заман сыры – уақыт жыры............................................137 Жастарға.........................................................................142 Заманға...........................................................................143
Базар...............................................................................145 Кедей... Бай.....................................................................145 Қызғаншақ......................................................................147 Менде бір арман бар........................................................148 Екінші тыныс...................................................................150 Жалғыз желкен...............................................................151 Сәт пен мәңгілік..............................................................152 Мен сені түсінбей келем...................................................153 Мәңгілік шарты...............................................................153 Айтылмаған ақыл............................................................154 Қасиет.............................................................................155 Өтіп жатыр......................................................................157 Ортақ арман....................................................................157 Мәңгілік сыры.................................................................158 Ұмытам бәрін..................................................................158 Жақсылық туы................................................................159 Асыл күндер....................................................................160 Менің жұмбағым.............................................................160 Көздер... Көздер….........................................................161 Адамгершілік...................................................................162 Өзім туралы....................................................................162 Ойлар..............................................................................165 Үміт.................................................................................166 Ой – қыран.....................................................................167 Өкпе................................................................................167 Шуақты өмір...................................................................168 Кім бірдей, не басқа?.......................................................169 Сурет...............................................................................170 Бағаналар........................................................................ 171 Ортақ таныс.................................................................... 171 Күнелткен атам қазақ......................................................172 Құрбандық пен Құмарлық...............................................173 Жылқы жылы..................................................................173 Тіл сыры..........................................................................176 Тұлғалар мен тұнбалар Қайран бабам, Қаратай!...................................................177 Қабанбай батыр...............................................................178 Баламер ағамен сырласу..................................................180 Достық............................................................................182 Оқылмаған өлең..............................................................184 Бақыттың құсы тұғырын біліп қонар................................187 Алматы мен көргенде.......................................................190 Не көрсеттім?!.................................................................192 Менің әкем......................................................................194 Анама..............................................................................194 Рухпен тілдесу.................................................................195 “Айналайын, шуу асау құлындарым!”..............................196 Тоғыз балам.....................................................................197 Мәреге жеткен жүйріктей… ...........................................198 Армысың, жаңа ғасыр!....................................................199 Қош, ескі жыл!................................................................201 Ұстаздық тағдырымды жалғап келем Өмір өрнегі..................................................................... 202 Қазақ – ақынжанды халық.............................................203 Тойдағы сезім..................................................................203 Шыбын жан................................................................... 204 Ақ қайың........................................................................ 204 “Қимылдап қал күш-қуаттың барында”...........................205 Сенім...............................................................................205 Шабытымды қамшылау................................................. 206 Менің пәлсапам.............................................................. 207 Оралу............................................................................. 207 Сөз бен ой...................................................................... 207 Өзім туралы................................................................... 208 Сөз қалмаған...................................................................211 Жарыс.............................................................................212 Жыр сонары....................................................................213 Жыр тағдыр.....................................................................215 Мен, бәлкім, ауылдағы ақырғы ақын...............................216 Жетпіске толдым.............................................................217
Төлеген Рахымжанұлы Өлеңімнің өзегі – Өр Алтайым Өлеңдер Бас директоры З. Тен Редакторы Б. Қошым-Ноғай Дизайн А. Бегалиева Техникалық редакторы О. Пегова Компьютерде беттеген Л. Байырова Корректоры С. Ыбраева Басуға 04.07.14 қол қойылды Қалпы 60×901/16. Қағазы офсет. Қаріп түрі «Academy». Шарт. б.т. 14,0. Таралымы 2000 дана. Тапсырыс № 8894. «Раритет» баспасы компаниясы 050022, Алматы қ., Масанчи к., 98. Тел./факс: 8 (727) 260-67-08, 292-87-18 E-mail: rarity_pc@mail.ru www.rarity.kz Тапсырыс берушінің файлдарынан «Полиграфкомбинат» ЖШС-нде басылды. 050002, Алматы қ., Мақатаев к., 41
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру