Нөсер
Ретбек Мағаз
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Ретбек Мағаздың балалық шақ, ауыл тіршілігі, халық тұрмысы туралы өлеңдері жып-жылы. Қойшының қисық тамы, жалаңаш қыз бейнеленген ескі күнтізбе мен семіз мысық, бір қарағанда, бір-біріне мүлдем үйлеспейді. Бірақ автор оны әдемі қиыстыра білген. Ақын табиғат құбылыстарын көркем де келісті суреттей...
Мазмұны
Алматы, көктем, автобус. 2
Көк көйлегін күйік шалған жапырақ. 3
Ала мысық 4
Халық әні 4
Семіз мысық 5
Көктемде өлген жапырақ не көрмедің... 6
Ес білген шағымдағы күз еді... 6
КҮЗ 7
Нөсер 8
Нөсер. Ретбек Мағаз
Түнгі аялдама.
Түн ауған шақ.
Келді біреу,
Отырды...
Орындықта тұрған қара шегіртке,
Орынынан секірді.
Басқа ешкім де аңғармаған секілді.
Анда-санда бір машина өтеді.
Ол аспанға қараған жоқ,
Не теңі.
Бір ұрттады... бір тал шылым тамызды...
Қаланың бұл қараңғылау шеті еді.
Үзік-үзік сәулелері жарықтың,
Жанарына жалғана алмай налып тұр.
Тағы ұрттады... айды көрді ажарсыз,
Тағанынан аршылмаған арықтың...
Тағы ұрттады...
Жән қызынып, тән мұздып,
Тағы біраз машина өтті андыздап,
Оған қарай келе жатты біреулер,
Жеті түнде қоймайды енді жалғыз қап...
Бұл да «ұзааазқ таң боп атты ғасырдан»,
Аялдама шылым шоғы басылған.
Көп жолаушы көлік күтіп сабылды,
Табан асты құмыралар шашылған.
Осы ғана одан қалған бір белгі,
Не айтысты, түнде мұнда кім келді?
Орындықтын түскен қара шегітке,
Құмыраның ішін тінтіп үлгерді...
Алматы, көктем, автобус.
Алматы көктем келген, (келіскен түр,)
Оңынан кел аңызғақ жел, терестен тұр,
Автобус, аялдама, ескі көше,
Күбірлеп қалаберген орыс кемпір…
Айналған жол шетінде қар ылайға,
Онда да күннің жүзді сағымы ойнап,
Наурыздың қазанындай Алматының,
Сарығы басылмаған әлі қайнап.
Өз жолын өзі ептеп аршып ары,
Автобус қозғалады жан шығарып.
Кірлеген терезеден көшелердің,
Көркіне көз тастайсың әлсін-әлі.
Осылай сан жыл бопты қарағалы,
Зәулым үй, қисық ағаш, қаламаңы…
Жеңіңмен сүрте алмайсың терезені,
Біздікі қиял кешу жараланып.
Кірлеген терезенің ішінде біз,
Толғатып боталардай қысыр көңіл.
Қасыңда ханшайымдай қыз отырар,
Көйлегі ескі орындық тысын көміп.
Зар қағып, өрге ұмтылған әбігер боп,
Ұшады автобустың шаңы желге.
Аңқиды көп ішінен сәби исы,
Отырған терезеге салып өрнек.
Бұзбаған оның ешкім ырқын әлі,
Жүзынен себіледі күлкі-жарық.
Тым нәзік соның ғана саусағының,
Ұшында көктем гүлдеп құлпырады. . .
Көк көйлегін күйік шалған жапырақ.
Сүрініп – жығылып,
Тереземнен жапырақ кірді.
Көк көйлегін күйік шалған,
Жыртылған.
Кім оны қуалап жүрген?
Жел ме, әлде уақыт па?
Дым білмейді.
Тереземнің сыртында тілін тістеп түн тұрған.
Шошынған жапырақ,
Қалш – қалш етіп жатыр еденде.
Не өкпе айтасың,
Сұп – сұры үйлерге сүйенген пақыр – еменге.
Қандай қатыкездік –
Етегіне өрт қойып қуалау.
Өшіре алмайды көз жасы – жаңбыр жуындырып.
Қаштың ба, емен – мекенге байланған кіндік –
Тағдыр жібін үзіп.
Кір – кір еденде,
Жартысы жанған жапырақ жатыр.
Мезгілдің сұп – суық деміне өртеніп.
Төменде,
Еменнің жүзіне қарауға батпай,
Шегінем тоңып.
Ала мысық
Қыз деміне, ып-ыстық тынысына,
Түн өртенді, айырылды тынышынан.
Ала мысық керіле көтерілді,
Үйдің көрдей қараңғы бұрышынан.
Марғауынан ас беріп асыраған,
Өз мысығы, жуытпас қасына адам.
Қыз да аунақшып керілді, жастығына,
Қара шашы шырмалып шашыраған.
Қыстың түні ысқырған далада үсік,
Қозғалады қос алма жаңа пісіп,
Аппақ тәннен домалап кете жаздап.
Шықты есіктен баспалап ала мысық.
Шықты мысық мамықтай қимыл-ісі,
Қарашыққа қиялы ұйлығысып.
Қараңғылық астында жатыр үнсіз,
Пырылына үйездеп үйдің іші...
Қонақ жігіт жатқан үй есігі ашық,
Ала мысық бір басып, екі басып,
Қасына кеп жайғасты, көрпесінің,
Тырнағымен ақырын шетін ашып.
Пыррр, пыррр...
Халық әні
Ең алғаш аттың жалында туды мүмкін бе?
Шырылдап жатты бауыры баяу бүлкілдеп.
Шырылын алғаш шалып қап шықтың құлағы,
Тостаған гүлден есі ауып жерге құлады.
Таңдайға салып тамсана берді топырақ,
Қара жер сонда бусана берді жеті қат.
Ұлыды көкжал іліп ап үнді қыр асқан,
Кеудесін тесіп өтерін біліп тұр аспан.
Есімі қайда? Есіл үн кетті жаңғырып,
Көлдерге тұнып, таулардың белін талдырып.
Ең алғаш аттың жалында туды мүмкін ғой,
Дәл соның өзі қанымда желген бүлкілдеп.
Даланы кезіп қырларға жетті қырлардан,
Жалғыздың үні даламның өзі тыңдарман.
Тек қана оған селт етпей кеткен қалқасы,
Тек қана оған қайырылмай кеткен бұл жалған.
Семіз мысық
Иен тауда, қойшының қисық тамы,
Төбесінен төнеді түн сұқтанып.
Қарды алысқа айдайды салт атты жел,
Өрме тілі ысқырған бишікті алып.
Бөріні де жүректен түйреп атқан,
Ал, қойшыға бәрі бір үйде жатқан.
Сол баяғы жалғыздық, жалшы тірлік,
Сол баяғы ақ тонын киген ақпан.
Үй ішінің белгісіз күндіз, кеші,
Күңгірт сәуле, тыныштық тұр мінгесіп.
Қабырғада жарнама – жалаңаш қыз,
Ескі жылдың сарғайған күндізбесі.
Айнымайтын әр күні, әр күнінен,
Қойшы көзі сұлудың балтырымен,
Арбасқанда, көрінер семіз мысық,
Көлеңкесі ұлғайып шам түбінен.
Тау арасы, қанша жыл қысыр қалып,
Ісінген бұл мысық қой іші ырғалып.
Тері сіңген көрпесін құшағына ап,
Қойшы ұйқыға кетеді құшырланып.
Қиялында шарықтап көңіл құсы,
Түс көреді сол қойшы теңіз құшып.
Әлдекімнің есімін қайталайды,
Тырмалайды көрпесін семіз мысық.
Көктемде өлген жапырақ не көрмедің...
Күзге жеткен жапырақ не көрдің,
Қарашаның құс қайтқан деміне өлдің.
Сен де мынау күз көрген пенделердей,
Аңсадың ба құшағын перілердің.
Күзді өткерген басынан мен не көрдім,
Арманымды өрімдей жерге көмдім.
Құстар қайта келгенше Алматыға,
Арасында көк пен жер сенделермін.
Көктемде өлген жапырақ не көрмедің;
Күрсінгенін жалған деп емендердің,
Күрең түске дүние боянғанын,
Күркіреуін қойғанын өзендердің.
Қыпша белі қалқаның бұратылып,
Құстай сыңсып ұшқанын ұзатылып,
Қиянатшыл дүниеге асау көңіл,
Ол да өзендей тынғанын бір аһ ұрып.
Алатаудың сәлдесі бақты ерінбей,
Шұбалып кеп жапқанын ақ кебіндей.
Күреңітіп батысқа күн батқанын,
Бұл жалғанның ақырғы сәттеріндей...
Күз көрмеген жапырақ,
Армандеген-
Маңдайыңа уақыт салған бедер.
Күзге жеткен жапырақ ол не көрді?
Мен не көрдім?
Дүние жалған деген.
Ес білген шағымдағы күз еді...
Күзгі кеште Ертістің жағасынан,
Құлағыма жететін адасып ән.
Құстың әні секілді қыстыққан үн,
Тұрақ таппай көк пен жер арасынан...
Ертіс бойын кезетін жел жүгендеп,
Жазалмаған ғазал-үн мезгіл емдеп.
Әлде қандай шадыман шақтарды аңсап,
Әлде нендей қанбаған шөлді меңзеп.
...қыстыққан үн құс емес пенде білем,
Топырақтың исі бар жердегі дем.
Батар күннің шоғына бастырылып,
Ертіс болып аунаған шер де күрең.
Сол ән қалды әкемнің тілегінде,
Сол үн қалды анамның жүрегінде.
Шертілмеген домбыра тиегінде,
Жыламаған сәбидің иегінде.
Қарындастың бұйығы жанарында,
Ағалардың мызғымас қабағында.
Сылдыр-сылдыр қамыстың сырғасында,
Бұйрат-бұйрат құмдардың табанында.
Артта қалған елімнің арасында,
Сондай бір ән бар еді нанасың ба?!
Әпекемнің анамдай бейнесінде,
Ерте есейген інінің санасында.
Маған салып береді сол әнді кім,
Күнәсі көп тәніме оранды мұң.
Бұйра құмда бой тартқан қаңбақ едім,
Ықтасынға ығысқан боранды күн.
КҮЗ
Күз деген сөз қандай ауыр сөз еді,
Қайран көңіл барлығына төзеді.
Алматының жаңбыр тұнған көшесін,
Ажарымнан тайған жастық кезеді.
Биылғы күз бұрынғыдан ауыр тым,
Мазауды алды, қиялыма жауыр түн.
Әлде қайдан түскен сары жапырақ,
Әл деқайда ұшқан нәзік қауырсын.
Күз деген сөз неткен ауыр сөз еді,
Жуасытты Алматының өзенін.
Тола қоймас көңіл де енді орынына,
Толтырамын қолымдағы көзені.
Күз деген сөзқандай ауыр сөзеді.
Жай тап көңіл құс секілді ұшпасаң,
Жапырақтай топырақты құш масаң.
Жастығымды қар астына жерлейін,
Алматыға келер екен қыс қашан.
Нөсер
Аспандағы қақтығыс.
От қамшыны үйірген.
Қыз-көктемнің қабағы,
Енді ашылар түйілген.
Көктем келіп қалаға,
Бұлданғалы қанша күн.
Өктем болып сезімнен,
Мен Алтайды аңсадым.
Мен Алтайды аңсадым,
Тағы ұйқысыз түн-ау бұл.
Өзегі оттан, өрілген,
Алты таспа драу бұл.
Алты таспа драу бұл,
Ару көктем аңсаған.
Аспан кезіп жүр-ау бір.
От рухы, шаршамай.
Менде сондай бір отты,
Қамшылағым келеді.
Шексіз аспан көзінен,
Тамшылағым келеді.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру