TELEGEI

Home

Мақалалар

Жүсіпбек Аймауытов

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Мақалалар

Жүсіпбек Аймауытов өз заманының өзекті мәселелерін талдап, мақалалар жазған. Әдебиет сыншысы ретінде танытқан мақалаларында көркем шығарманы тарихи кезең ерекшелігімен байланыстырады. Мақалаларының басым көпшілігінде өзгерістердің шындығын насихаттайды. Әдеби-сын мақалалардан бөлек оқу-ағарту мәс...

ТҰР, БҰҚАРА! ЖИЫЛ, КЕДЕЙ! ҰМТЫЛ, ЖАСТАР!

«Құдай жарылқады: бостандық, теңдік болды!» деп, түк түк ұғынбай, буға семіріп, дүрілдеп жүрген де бар шығар; «бұрынғыдан қолым босады, не істесем еркімде» деп күжілдеп жүрген де бар шығар. Біздің қара халық бу теңдік, бу бостандық кімге келген теңдік, бостандық, неменеге болған бостандық екенін әлі білген жоқ сияқты. Әуелі сөзге бостандық берді. Не сөйлесек ауызға қағатын кісі жоқ, соның үшін қорғаламай ашық сөйлеу керек. «Әкеңнің өлгенін жасырасың, көмгенде қайтесін?» деп жасыратын қылық жоқ – бу бостандық, теңдік күштіге, жемқорға келген теңдік емес, бұл өзі қара бұқараға, кедейге келген теңдік, қолы жете алмай жүргендерге берілген бостандық. Әрі бай, әрі күшті, әрі жәбір Николайды аунатып тастап, билікті жұлып алған қара жұмысшы, кедейлер мен сүр шекпенді солдаттар болатын. Күштіге бостандық болса бу не! Басы сол-ақ екен, сонан бері алғы жалмауыз, жауызқарды әлі күнге топырлатып, тосырып, жазаландырып, айдатуда, байлатуда. Орыс жұртының қара жүректері, мықтылары осы күнде жанымен қайғы. Байларының бүгін болмаса ертең жерін аударып, алып «тұлыпқа мөңіреткелі» отыр. Мұны қылып отырған – орыстың қара бұқарасы. Кедейі, жұмысшылары (социал демократия) деген жауынгерлері осылар. Біздің «атқамінерлер, ептілер» мұнан сірә, хабары бар ма екен? Жоқ, әлі омырауды ашып қойып, білекті сыбанып іске кідиіп соғып отыр ма екен? Мұнан хабары жоқтарының құлағына таққан сырғамыз мынау: Апасы кигенді сіңлісі де киетін, мына жалаңаш бұқараның түрі жаман көрінеді, «қасқыр жігіт» бола бергенді қоймасақ тегі бір тықыр болып жүрмесін... Кел, мырзалар! Замана ыңғайы шалғырт, шенқұмарлықты көксеп, қартая бозқыдық шығара бермей, өткенге қанағат қылып, кешу алып, келешекте түзеліп, жанды олжа көріп, «тік жүрсек, тоқ жүреміз». Бұл көзі ашықтау саңылауы барларға айтамыз. Газеттің сөзі пышақ сыртындай құлағына кірмейтін, «кереғарға» мұндай сөз қанағат бола қоймас. Себебі олар елді илеп, билеп, дәуірі жүріп қалған, жан-жақты, дәулетті, қазақша «бақ қонған» дейміз жуан атаның баласы болады. Бүгін мына теңдік заманы туып, бұқараның күшейгенімен жұмысы жоқ, баяғыдай тағы болсам екен деп ынтасы құрып, мойын созады да отырады. Кеше болыстыққа таласса бүгін комитеттікке таласып, елді қырықпышақ қылмақ. Мырзаның күні кетті. Халық енді ойланатын мезгіл жетті. Қара бұқара! Аш көзіңді! Кедейлер, күнің туды. Байға жағынып, жалға бағынып, тамаққа сатылатын заманың емес. Алсаң, теңдесіп отырып ал сыбағанды! Теңдік алатын кезінде құлқынның құлы болып кетпе! 2-інші бостандық – бас қосып, қаулы қылып, ұйым жасап, бірлесіп іс қылуға берілген бостандық. Елдегілер бұған әлі түсінген жоқ. Бас қосса, партия себепті біреудің шашбауын көтеруге қосып жүр, болмаса жуаннан теңдік алуға бірлескен жан аз. Орыстың жұмысшылары, ісмерлері, мұжықтары тұс-тұсынан ұйым жасап, өздеріне керегін сұрап, теңдік алып жатыр, біздің қара бұқарамыз әлі дайдайда жүр. Жалғыз-ақ бостандық туғалы көріп отырған жақсылығымыз мынау: Зайсан оязының жас жігіттері, қара бұқарасы (сегіз жүздей кісі) «Теңдік заманы» деген ұйым жасап, теңдік ала бастады. Көзге көрінген бір ісі: Зайсан оязына хан сияқты әмірі жүрген, орыс, қазағын бірдей билеген атақты жемеңгері Ахметжан Шідерин деген қара жүректі ел жұмысына кірістірмей ұстап жаптырып отыр. Шідерин нөкерлерімен қазір Семейде. Міне, ел болса осындай болсын! Жігіт болса солардай болсын! Қай ел болсын жігіттері, кедейлері жоқ емес, бірақ олар әлі оянған жоқ. Оянса да мұндай істі ойланған жоқ. Елдегі атқамінерлер былай тұрсын, ақсақалдар басқа бата қылып отыра тұрсын. Кеудесіне жын орнағандай партия орнаған сынар езу, көбік ауыздар күжілдей түссін. Енді жас бозбала, азаматтар, жаман тымақ кедейлер, мұғалім, учительдер, етікші, ағашшы, кәсіпшілер, әсіресе кеше фронтқа барып, ысылып қайтқан жігіттер, сіздер неғып жатырсыңдар? Жиырмасыншы ғасырдың жастары, жаңа заманның адамдары барсыңдар ма? Қайдасыңдар? Мұндай заманда атқа мініп, іс қылмағанда, қайда істейсіңдер? Бар болсаңдар істейтін істерін мынау: мұғалім, учитель, болмаса жоба білетін жас жігіттер басшы болып қара бұқараның басын қосып «Бұқараның ұйымы» деген ұйым жасау керек. Бастаушы болса, қостаушы табылады. Қорқатын, қорғалатын заман емес, жыбырлайтын, сыбырлайтын заман емес, ұйым жасауға құдайдың пәлесі болмаса адамның пәлесі түк қылмайды.

Ұйымның бітіретін жұмыстарын қысқаша көрсетейін. 1. Қара бұқараға теңдік әперу жолында бас қосып, әлдендіріп, партияны тоқтату. 2. Комитеттерге зәбірсіз таза кісілерден сайлау. 3. Ел ішіндегі атақты зиянды кісілердің көзін жоғалту. 4. Комитеттің істеген жұмысын бақылап отырып, жамандығы шыққандарды түсіру. 5. Билердің билігін байқап жүріп, қиянат қылған, пара алғандарын түсірту. 6. Қолы жете алмай жүрген нашардың ақысын алып беруге тырысу. 7. Халыққа алым-шығынды әділшілікпен салдыру кедейге – кедейше, байға – байша. 8. Елге пайда келтіру жолында мектеп, уақ қарыз серіктігі, потребительский папкелер ашу. 9. Ұрыны тыю. 10. Оязной һәм облосной комитеттермен өз тұсынан хабарласып, не жұмыс болса халыққа таратып һәм елдегі жұмысты комитеттерге білдіріп тұру. Міне, ұйым жасалса осы сияқты үлкен жұмыстарды халық өзі бітіреді. Ұйым жасауға кісінің саны шарт емес, бес кісі болса да – ұйым, он кісі болса да – ұйым болады, жүз болса тіпті жақсы, неғұрлым көбейген сайын жуандар шүмейіп, жұмыс өңейе бермек, «көп қорқытады, терең батырады». Жалғыз-ақ сақтанатын бір іс бар. Бас қосып алған соң шуылдап, зорлыққа, қиянатқа кірісіп, дүние табуға қызықпасқа керек. Тұтынған жолы, көздеген шырағы туралық, әділдік, ақылдық, адалдық, құдайшылық болсын. Жұмысы қара болса, әкесі болса аямасын. Бұл ағзалардың жақыны – жаны, досы – ары, иманы болуға керек. Болмаса олар іс қыла алмайды. Мұндай жақсылық мақсұтпен таныстырып, үгітте отыратын таза ақ жүрек кісілер өте қажет. Ал, жастар! Жігерленбей, сілкінбей қара бұқарамыздың есі кірмей, ақыл да, білім де күштіде, жуанда деп бағына берсек іс бітіре алмаймыз. Іс бітіре алмасақ, табанды, іргелі халық болуымыз кәдік. Ұйым ашқандар облосной комитетке білдірсін. Сұрайтын сөзі болса «Сары Арқа» газетінің басқармасына жазып тұрсын.

АЗЫҚ-ТҮЛІК ЖАЙЫ

Басқа киілген селебедейін жұрт бір толас тауып, демін алғандай болды. Басы аманның тасы түгел: мал жағын уайым қылатын бас асаулық басылғандай болды. Енді жұрттың іздегені қаладан алатын кездеме, былғары, ұн, шай, қант. Шыттың кезі теңгеден асып, былғары, ұн, қант, шай табылмай, табылса нардың пұлын сұрап: қазақтың көбі қант тістеп, шай ішпегелі, арбалап астық ала алмағалы, шытырлатып киім кие алмағалы екі жыл болды. Жұрт жалаңаш отыруға таянды. Жалаңаш отырған қазаққа құр сөзден бөз арық: енді жұрттың азық-түлік, кездеме, былғары аларлық жерін айталық. Семейдегі облосной азық-түлік комитеті халықтық мұң-мұқтажын өтеу жұмысын қолына алып отыр. Сол сықылды Һәр уезде, һәр болыста азық-түлік комитеттері ашылмақ. Бір ояз елдің азық-түлік, керек-жарағы сол уезни комитеттің қолында болып, өз оязының халқына болосной азық-түлік комитеттері арқылы керек-жарағын, үлесін беріп отырмақ. Жетпеген нәрсесін облосной азық-түлік комитетінен алып жеткізбек. Бір болыс елге керек-жарақ тауып беру болосной азық-түлік комитетінін қолында болмақ. Кездемеге, былғарыға, қант, шайға, ұнға нық баға кесілді. Бұл кескен баға осы күнгі лаукеші, саудагерлердің сататын бағасынан екі-үш есе арзан. Мысалы, әнеугі 3 сом, 3 жарым сом болған ұлтандар қазір бір сом, бір жарым сом. Облосной, уезни, болсной азық-түлік комитеттері ашылсын дегелі әлдеқашан. Онан бері халыққа керек-жарак тауып беріп отырған жалғыз-ақ Семейдегі облосной азық-түлік комитеті. Ояздарда, болыстарда халыққа керек-жарақ тауып бермек түгіл, қалтадағы қалған-құтқанды сыпырып, шен іздеп комитетке ағза болуды үлесіп ала алмай жүр. Семей айналасындағы қазақтар бір ауылнай елдің пригоуорымен, болсной комитеттің рұқсатын алып, керек-жарақ, былғары, кездемелерін Семейден келіп алып жатыр. Кейбіреулері апарған нәрсені жұртқа әділдікпен үлестіріп жатқаны да бар. Пайдаға сатып, жақынына беріп, аяғы көрініп жауапты болып жүргені де бар. Қазақтың құлықсыз, құлқынсыз, таза жүріп, жұртқа пайда келтіретін күні бар ма? Құлға «дес» тиген күні құдайды ұмытып, бармақ бастыға сала бастайды. Басы жауапты болған күні дым көрмеген кісіше «негеннен күйген» болып, көзі бозарып тағы отырады. Міне, жұрт! Азық-түлік комитетін ашу өз қолында. Өне бойы «бақ» қумай, жұрттың аш, жалаңашын ескеріп, шаруа ойлайтын да мезгіл болды. Енді болыс сайын азық-түлік комитетін ашып» жұртқа керек нәрсені арзан бағамен жетістіру тағы өзіңде, жатқанға жан жуымайды. Өзі тырбанып, іс қылмаған жұртқа тегін нәрсені ешкім әкеліп бермейді. Мұнан былай жеке-жеке кісіге ешнәрсе берілмейді. Қаладан керек-жарақ алуға бірінші елдің пригуоры керек. Екінші болсной азық-түлік комитетінің рұқсатымен алатын кісі керек. Үшінші болсной азық-түлік комитеті халыққа, нашарға кесулі бағадан артық алмай, түгел үлестіруге міндетті болу керек. Міні, осындай шарттармен жұрттың кем-кетігі табылмақ. Егер болсной азық-түлік комитеті әділдік қылмаса, бағасынан артық сатса, өз пайдасын істесе, тамыр-таныс, жақынына берсе, ол уақытта жауапты болмақ. Болсной комитеттің қиянатын білген, жәбіршілік көрген адамдар тиісті орынға білдіруі керек.

ПАРТИЯ

Мақсұты, тілегі, жұмысы, беті бірыңғай адамдар біріксе, бір партия болады, партиясыз жұрт жоқ. Бірақ, басқа жұрттың партиясының негізгі мақсұты – қай жолмен болсын, тұрмысын оңдауға тырысу. Мысалы: байлар, саудагерлер партия жасаса, байлығын үлкейтіп, кәсібін зорайту; кедейлер бірлессе, байға пайдасын жібермеу, теңдік алуға тырысу; жұмысшы, қызметшілер партия шығарса, ақысын көбейтіп, жұмысты шағындап істеу.

Міне, басқа жұрттың партиясы осы.

Біздің қазақтың партиясы бұ партияларға ұқсамайды, өйткені қазақ тұрмысын түзеуге партия болмайды, бұл – бір; байлар, күштілер бірыңғай; жұмысшы кедейлер бірыңғай одақтаса алмайды, бұл – екі; партияшылар көптің қамын ойламайды, өз басының билігі, атағы, мақтануы үшін таласады – бұл үш. Ендеше, қазақтың партиясы өзге жұрттан оғаш, мақсұты шегі, тілеуі қиғаш теріс партия. Партияның мақсұты түзу болса, жарысып, тартысып әділдік жолмен сыбаға алуға үлкен пайда; бірлеспей іс ілгері баспақ емес. Бірақ, қазақтың бірлігі бұған жанаспайды, біздікі кер кетіріп, кейін жіберетін қырсық партия. Қазақтың партиясының негізі жақсылыққа тірелген емес. Қазақ партияны бақ күндестіктен, атақ құмар, мақтаншақтықтан шығарады: мақтаншақ кісі «өзімшіл», мен-мен кісі; мен-меңдік, тәкаппарлық — адамдық міні, тәрбиенің жоқтығы. Қазақтың партия жасап, ел билеуші болғандары елдің қамын жемейтін, пайдасы басындық қана адамдар болып табылады. Қандай ел пайдасын істеймін дегендерінің көңілдегі көздегені бір бектік. Сырты сұлу болғанмен, іші нас...

Қазақ ішінде партияның күшеюіне меніңше мынадай себептер болды: 1) Ескі хүкімет партияны өсірмесе, өшіруге қару қылған жоқ, зәлім ұлықтарға құл керек болды: болысты сүйеді, болыс әмірлі дәуірлі, ел-ішінде шекене «хан» сықылды болды. Мұндай зор дәрежеге бектік, атақ көксеген қазақ қызықпай тұрмады, малды төге берді. 2) Халықтың надандығы себеп болды. Қара халық көзі жұмулы болып, ас бергенді «мырза» деп, мал шашқанның соңынан ерді де отырды. Кеше көрген қиянатты бүгін тойса ұмыту, өз пайдасын, келешегін болжамау – қазақтың ой көзінің тарлығынан, надандығынан. 3) Партияға көмек берген нәрсе қазақтың тұрмысы, кәсіпсіз қолының бостығы. Сарнайын десе, жыны жоқ, ыңқылдайын десе, ауруы жоқ, жаны тыныш отырған қазаққа әңгіме керек, әңгіменің аяғы тамаққа соғады, партия болмай мол тамақ қайда?.. Бір күнде болса қожаңдап «мырзаның» үйінде шіреніп, шалқиып отырып ішкен қымыз, жеген ет көкейден қайдан кетсін?!. Әкесін тамақ өлтіргендей, тамаққа сатылмайтын қазақ аз – міне партияның күшейген себептері. Енді ескі хүкімет бітті, жаңа мемлекеттің ауқымы, мақсұты бұрынғы емес. Парақор, залым, ел жегіштерді жойып, халыққа әділдік, теңдік береке орнатпақ-та. Енді бір кісі билесе әділдік табылмайды деп бірнеше кісіге билетіп, оларды халықтың өзіне күзеттіріп қоймақ. Міне осы мақсұтпен комитеттер ашылып жатыр. Бұл комитеттерге сайланатындар да бұрынғыдай күштілік, ептілік болмайды, оларға жалование қоймауға ықтимал. Қызығарлық шен, пайда жоқ. Бұған ақ жүрек, халық үшін қызметін міндет қылмайтын кісілерден сайлау керек. Партия басыларға баяғыдан бергілерден де жетер; енді партия шығарын елдің шырқын бұзбау, жақсылық заманның тілеуінде болып, елге береке келтірер деп. сенеміз. Мұнан жанын үш беріп, үш тірілсе, партия қорды сүйейтін я орыстан, я қазақтан хакім табылмайды. Бұрынғыдай сөз – құр сөз болып қала беретін заман емес, жұмысы таяз екенін жұрт сезетін шығар. Зиянды партияшылдар да, оларды сүйеуші де, соңынан еруші де – бәрі қазақ ұлтының қазан бұзары, дұшпаны деп, біліп, кім болса да бажырайып қарап отырар. Арғысын Алла біледі... Әнеугі Семей облысының жалпы қазақ сиезінің қаулысы мынау болған: кімде-кім ат берін, ақша шығарын, ел жиып партия шығарса, ондай адам сайлауға кіргізілмесін һәм партия шығарушыларды сайлауға кіргізбеске комиссарлар ықтиярлы болсын деген.

ҚАЗАҚТЫҢ ӨЗГЕШЕ МІНЕЗДЕРІ

Газета* жүзінде қазақтың һәртүрлі** кемшіліктері түртіліп жазылын жатыр. Мысалы: ұйымсыздық, күндестік, парақорлық, партия, әділетсіз билік, әйелдің халі деген сияқтылар. Рас, мұның бәрі аянышты халдер, бірақ бұлар әр міннің бұтақтары. Роман, өлең, мақала жазушылар да осындай ұсақ кемшіліктерді көрсетпек. Қазақтағы неше түрлі болып тұрған ауыр халдердің түпкі негізгі, тамыры қайдан тарап, бұл күйге ұшырағанын ешкім колға алып, мәтбұғат жүзінде қозғап көрген жоқ. Соның үшін бұл терең сауалды жұрттық есіне салып, жүректерді қыздыруға сөз бастап отырмыз. Бұрынғы уақытта қазақ елі ұйымшыл, ері жауынгер, биі әділ, намысқор, адамы әрі бітімді, қайратты, сауықшыл болған екен. Досымен достасып, жауымен жауласуға табанды, қайғыра да, қуана да білетін халық екен. Рас, бұл уақыттағы ұйымшылдық күні үшін болса да, жүре-бара бет түзеп, қалып алатын сүреңі бар сияқты еді, естуімше. (Әрине, халық болған соң түгел самдай, мұнтаздай деуге келмейді, надандық уысында талай оқшау мінездер болған, оған орын беруді артық деп білеміз).

* * * Ол қылықты түсініп, түзу жолға салушылар болса да дүниауи ғылымдарда кіріп, тамырлап, бұтақтап кетуге ықтимал еді, бірақ қожа, молда, ишандардың схолистик (алық) ғылымын таратып, елдің ойын, рухын, қол-аяғын кісендеп, бір кесімді тар жолға тығып, адамшылықты тағдырдың қазығына қылқылдатып байлады да қойды. Түсінгенше қазаққа дін де оп-оңай сіңіп кеткен жоқ, түсінген соң табандап іске асырғыш еді. Сол кезде халықты меңгеріп ұстап тұратын азулы, айдынды хан сықылды бір күш керек еді, халықтық бақытсыздығына қарай жақсының сиреген кезінде күш кетіп, мынадай соққы жолықты. Қазақтың ұлттық қалпы өзгерілді. Тірлігі, мақсұты басқа, ниеті шалғай, суық бауыр жаттың қолына тиді. «Қазаншының еркі бар, қайдан құлақ шығарса» деген халге ұшырады. Кемеңгер билердің заманы құрып, адамды мал мен пұлға сатып алатын заманға килікті.

* Газета – газет
*Һәртүрлі – әртүрлі
***...Өшіп қалған сөз орны

Қазақтың тұрмысы өзгерді. Киіз үйде қыстан, суыққа шынығып, қуатты, қайратты денелі өсетін қазақ, тазалығы жоқ, аласа жер үйге кіріп, аурулы, нашар болып, мыжғырланып, еңсесі көтерілмей өсетін қалыпқа түсті. Осы себепті адамның өсімі де кеміді. Әрине, тон қуатты болса, жан қуатты, ажарлы болады. Нашар жаннан осал мінездер туады. Мысалы: ойнас, өтірік, өсек сияқтылар. Бұл – бір. Екінші, сол уақта, өзі сурет ала алмаған бірлікке қырсықтың қара басы боп партия деген қағынды тиді. Жауыздық, залымдық қара бұлттай қоршап, халықты астан-кестен қылып, өзді-өзімен атыстырып, көзді шел қаптады. Күннен күнге өршіген қалып сасық тұманнан шыға алмай адасып келіп-келіп түсіп отырған халіміз, міне – осы күнгі. Партиядан тарайтын фітнәнің бірсыпырасын айтайық: партия басталғалы мал азайып, кедейлік килікті. Себебі: болыс болатындар аямай малы шашып, құрып болған жағдайда сол малын өзіне түсіре алмай, қалғаны онан жаман құриды. Екінші, партияның малым жауындай малындай ішіп-жеген халық (оны) қапта құсып, қолындағы өз малын азайтты. Партия кәсіпке кіріспеуге үлкен себеп болды. Шаруа жағынын қырсығы бұл.

Енді «дін» жағымызға не келтірді?

Қай жұрттың болсын қасиеті уағдашылық, антқор еместік, құдайдың атын жеңілге салмаулық еді. Біздің қазақта аруақ, құдай, ант-иман, құран дегеніңіз бержебайшының ісіндей қадырсыз. Құдайға қылған құлшылық, қайыр-садақа партияның бірімсегіне жүріп кетеді. Дінге келген кемшілік осы. Енді қазақтың мінезіне (ахлаққа) тигізген зияны мынау: ұрлық, зорлық, қорлық, өтірік, өсек, алдау, қулық, сұмдық, айдату, байлату, кісі өлу – рақымсыздық, жалған мақтан, ынсапсыздық, тұрақсыздық, настық, жалқаулық деген нәрселерге шайтанның ұясынан артық болмаса, кем болған жоқ. Бір туысқан түгіл әке мен бала партияға таласып, күндескен соң, адамның жақыны кім болмақ? Әрине, жақыны, досы – жалғыз ғана басы, құлқыны. Партия халықтың бірлігіне, ерлігіне қолқабыс қылды ма? Намысты қоздырды ма? Жоқ. Бұған таласымыз жоқ. Бірлікшілміз, ұйымшылмыз, жауынгерміз дейтіндер табыла қоймас, алтыбақандық, қазанбұзарлыққа мақтансақ мақтанайық. Сүйтіп, ұсақтап келіп, жаужүрек батырларымыздың батырлығы ауыл-үйдің малын ұрлауда қалды. Бұрынғы билердің жұрнағы кішкене дөңгелек жер болып қалды. Осындай ортада өскен бала да жамандыққа салынып, жіті оқығандарында да көпке шейін таты кетпейтін көрінеді. Мысалы: «Ұлтым», – деп оқып шыққандар халық арасына келсе, қарая бастайды. Сайып келгенде қазақта қалып тұрған өзгеше мінездер: тілі айтқанды қолы қылмайтын – тұрақсыздық, ұйымсыздық, басынан аспайтын – өзімшілдік, ездік. Халықтың өзіне айтып, мінезін түзеу қолымыздан келмейді. Жалғыз-ақ үмітіміз, қаруымыз – оқығандарда. Оқығандар ендігі жас балаларға өздері үлгі болып, надандықтан шығарып, адамшылықтың жарық жағына сүйреуге міндетті. Соларға қазақтың мінездерін тастатып, айнымай, қажымай, таза жүрекпен кемшіліктерге қарсы тұрып, бірлік жібіне жармасуларынан басқа не тілей аламыз.

ЖУРНАЛ ТУРАЛЫ

Өмір жолы тар соқпақ иілген жақ,
Иілтіп екі бас ұстаған хақ.
Имек жолда тиянақ, тиыштық жоқ.
Құлап кетпе, тура шық, көзіңе бақ.

Абай.

Қазақ хандық құрған заманда сөз бастаған шешендер, топ бастаған көсемдер, нелер жүйрік ақындар болған екен. Жүйесін таппай, мін шығармай, қиыстырмай сөз сөйлемейді екен, кешегі Жиренше шешен. Бұхар жырау, Асан қайғының сөздері еміс-еміс құлаққа тиеді. Ол заман өтті. Жауға шапса, батыр, сөзге салса – шешен, көптен шыққан көсем, үлгілі билер заманы өтті. Тұс-тұсынан жау қысын, мал мен басқа дау түсіп, дағдарып қазақ сасқан соң орысқа келіп бағынды... Бұрынғы дәурен көзден бір-бір ұшты... Елдің партия, барымта, өтірік, ұрлық — не түрлі сөреке керней бастады. Сөз сыбырға, іс жыбырға айналды, береке кетіп, азды, тозды, сол кезде қалың надан, қара тұманды қақ жарып, тас жарып шыққан болаттай, жарқ етіп Абай туды. Ақылды, дара, рахымды, әділ, шыңға сусаған қыңырды жөнге, қисықты тезге салмақ болған, бұзықтықпен алысып өткен Абай еді. Қазақтың әдебиетіне жан берген, сөздің сыртын сырлап, ішін түрлеген, өлеңінен өрнек шығарған, ақындық, шыншылдық бірдей дарыған Абай еді. Өнер тап, оқы, қарекет қыл, тәрбие ал, ынсапты, адал бол деп қақсап өткен, халықтың қамын же, адал баласын бауыр тұт, адамшылыққа қызмет ет деген Абай болатын. Өмір жолында Абайдың айтпағаны аз. Ақыл, білім, сезім, терең ойлылығына қарағанда Абай қазақтан шыққан философ (данышпан). Осы сықылды кемеңгердің атына арнап, журналымыздың атын «Абай» қойдық. Басқа жұрттар Абайдай адамның атына ескерткіш орнатады. (Қираатхана) кітапхана ашады, жазылған кітап, істелген игілік істерін атақты жақсының атына арнайды. Басқа жұрттың атақты білімдісінен Абай кем емес, білімдіні құрмет ете алмасақ – тоғышарлығымыз. Жақсы кісінің атын әспеттеп «қарағым, бәленше-екеңдей болар ма екен» деген әдет қазақта да бар. Журналдың атын «Абай» қойғандық – қазақтың баласына ат қойғаны сықылды «журналымыз Абайдай болсыншы» деп еліктеген емес, Абайды құрметтеп, атын тарих жүзінде көркейтіп нығайтпақ. Журналдың атын «Абай» қойған соң әдеби жолын ғана тұтыну керек еді дер біреу. Оған айтатынымыз: Абай жалғыз ғана ақын (литератор) болды деуге де болмайды. Әдебиетімізге де негіз салған Абай; адамшылық, тәрбие, ғылым, өнер, кәсіп деген сөздерді тірек ойлап, тексерген де Абай. Қазақтың тұрмысын, өнерін, мінезін айқын суреттен, кемшілігін көрсеткен де Абай. Солай болған соң журналды Абайға арнағандық, Абайды қай жөнінен болсын ұстаз қылып, бетке ұстап жастар шәкірт болып соңынан жүруге талаптанғандығын көрсетеді. Қазақта қашаннан білгіштік, соңынан ергіштік береке бар. Оқыған зиялыларымыз да, оқымаған саңылаулы адамдарымыз да Абайды үлгі қылмайтыны жоқ. Халыққа еңбек сіңірген басшының соңынан жүретін, бірліктің ұшығы кейінгі оқығандарымызда жоқ деп айтуға болмайды. Еңбек қылған ырықтарын білу ел борышы; Абайды құрметтеуге бүтін қазақ, оның ішінде көңілі тіп-тік оқығандар борышты. Абайды бетке ұстасақ, белгілене бергіштік нысанамызды көрсетеміз – бір, адамдық борышымызды атқарамыз – екі. Европа халқында журналға кісі атын қойған үлгі жоқ десек, Европа көшеге де білімдінің атын қояды. Мағынасыз көшеге жақсының атын қойғаннан, адамшылықтың ағаруына жеміс беретін журналдың атын жақсыға арнағандық анағұрлым жақсы емес пе!? Мықыстың жолына кесір болатын жеңіл-желпі орында ылғи көзді жұмып, Европаны еліктей бермей, өз бетіміздің, жұрттығымыздың белгісін көрсеткеннен не кемдік табылады? Таза тексере берсек, Европаның өнеге қылуға жарамайтын жерлері де бар. Ал енді Европаны үлгі қылған күнде де «Пушкинский кітапхана» деген мен «Абай» журналы деген сөздің қанша алыс айырмасы бар? Жалғыз-ақ бірі – журналдың, бірі – кітапхананың аты болғандығы. «Абай» журналының ішінде ғылыми жол болса, кітапхананың ішінде ғылыми кітап бол май ма? Және журналдың атын «Абай» қоймай, тек арнадық деген сөзден халық көзіне Абайға арнағандық айқын көрінбейді. Бұл тағы бар. Біреулер айтар: Татардың «Сүйкімбикесінен өнеге алдық», – деп. Алсақ, алдық дейміз. «Малескенді пәленше де киіп жүр» деп шыттан күпі киген «құбылманың» ісі қанша сыпайы болыпты? Қысқасы, біздің журналымызға ат қойғанда, «Абай тойға барады, мен де барам» да жоқ, «бұл ауылда қонақ бар деп, далаға түнеу» де жоқ. Мықысты бір беткей міне, журналдың аты «Абай» болған себептері осы. Ал енді журналдың өзі керек пе? Не үшін керек? Бұл сауалға жауап беруден бұрын өнер, ғылым керек пе? деген мәселе тұрады. Әуелі соңы шешейік. Тіршілікте адам баласы келер күнге түспек: бейнет шекпек, рахат таппақ, өкінген, үміт етпек, адаспақ, түзелмек; талай ажалға басын да байламақ, талай соққы да жемек. Бұған себеп не? Мұнша түрлі халға түсіретін не? Ол – тіршілік күресі: бас қорғау, мал қорғау, ел қорғау, жер қорғау, айналасы бір тұрмысты жеңілдетіп күнелту. Күнелту жолында адам баласы ұшқыр ой, көп ақыл, өткір сезім, қайратынын арқасында ғылым, білім, өнер тауып, өзгеден үстем дүние жүзінің қожасы болып отыр. Бұл заманда жан сақтауға, бас қорғауға, тұрмысты түзетуге қалып отырған құрал – өнер, ғылым, қысқаша айтқанда мәдениет. Бұрын адам хайуан қалпында жүргенде тамаққа таласып: қандай алысып, жұлысса, бұл күнде пейілі «мықты» болған адам да сол халдан ұзап шыға алмай отыр. Мәдениеті ілгері басқышындағы халықтар ғылымның жемісін қорлық, қиянат, озбырлыққа жұмсап отыр. Ғылымды кісінің білімі де күшті, білегі де күшті. Надан кісі оған құр қол кісі сияқты. Алыса кетсе, айлалы, азулы кісі нашар кісіге алып соғатыны ап-анық. Бұлай болған соң басқаның аузында кетпей, тіршілік қылайын деген жұрт мәденилікке жармаспасқа шарасы жоқ. Қазақ мәдениет жүзінде ерте туып, кеш қалған халық. Кенже қалғандығымызда, әрине, көп себеп бар: жер, тұрмыс, ғұрып, әдет, надандық, жалқаулық, діні адасқандық (фанатизм) саяси біліктің болмағаны. Тепкі көргендік, жасқаншақтық партия, өтірік, мақтап – міне бізді ілгері бастырмаған осы сияқты себептер. Ал халықтың өнерлі болып, жетіліп кетуіне де әлгідей көп себеп, көп шарттар бар. Көп шарттың бірі – баспасөз: газет, журнал, кітаптардың көбеймегі, баспасөздің қандай керек екені газеттерде талай жазылып келеді. Осы уақытта газет те оқып дүние жүзінен хабар біліп, бірсыпыра көзі ашылып жүрген ашық пікірлі адамдарымыз бар. Олардың ендігі көксейтіні ғылымның қыр тарауынан берерлік мағлұмат. Адам баласы осындай зор өнер, ғылымды қалай тауып, бұл басқышқа жеткен? Қандай ұлық, данышпан адамдар болған? Осы күнгі ғылымның түрі, беті не? Міне, ол адамдар осыны білуге сусап отыр. Шөлдеген қиялға сусын болатын қыр тараулы мағлұмат, қазіргі қазақ тілінде шығып тұрған газеттер саяси хабарларды жазудан артық босанбайды, сондықтан құр түр-түрлі мағлұмат жазылып отыратын бір журнал өте керек. Керенаумен күн кешкен жұрт едік. «Сен салар да, мен салар» бола берер, ойлағанымыз бір халықтың қамы ғой деп сол журналды шығаруға бел байладық. Бұл журналды Абайға арнадық деп отырмыз. Абай атына алғашқы ашылған ескерткіш осы журнал болғандықтан, тынысын тарылтпай, жазушының да, оқушының да қиялына кен өріс беруді лайық көрдік. Журналдың тұтынған жолдарын түгел түсіндіріп айтып беруге симас, бірнешеуін ғана айтып өтейік. «Тіршіліктің құнары – өнер, ғылым деп жоғарыда айттық. Тіршілікке онан басқа да керек нәрселер бар. Өнер, ғылым қаражатпен табылады, өнер, ғылым қаражат табады. Қаражат жан асырайды. Халықтың өнерлі болып жетілуіне де байлық керек. Жалаңаш кедейге өнер үйрен деу өгізбен жарысып бәйге ал деген сияқты. Надан болсақ та, бай болайық десек, ғылымсыз байлық баянсыз болмақ, бұлай болған соң ғылым мен байлық екеуі де керек. Ғылым білімге қонады, білімсіз ғылым саңырау, ғылым білімді ұлғайтады, ғылымсыз білім тым құрғақ. Білімді орнына жұмсау керек; жамандыққа салынған білімдіден білімсіз артық. Білімді орнына жұмсататын не? – Ол тәрбие. Тәрбие көрмеген білімді жауыздың надан жауыздан зияны жүз есе артық. Мұны өмір жүзінде көріп отырмыз... Тәрбие туралы: «Ұлың өссе, ұлықтымен ауыл бол; қызың өссе қылықтымен ауыл бол» деген атамыздың мақалы. «Адам баласын замана өсіреді, кімде-кім жаман болса, замандасын жазықты» деп Абай айтқан. Міне, осылар сияқты тіршілікке керекті тірек мәселелерге орын бергелі журнал ғылыми, әдеби һәм шаруашылық жолын тутынды. Бұл жол керуен таңдамайтын кең жол; терең өткелді, тасты, томарлы қиын жол; қажымас ер, арымас көлік, таусылмас азық керек. Қылатын ұзақ, ауыр жол. Береке – шыңда: журнал шығарушы бес-алты жігіт не күшіне, не біліміне сеніп шығарып отырған жоқ. «Адамның адамшылығы, істі бастағаннан білінеді. Қалай бітіргенінен емес» деп Абай айтқандайын, талабым – таяғым, жігерім – азығым. маңдайыма ұстаған ақын Абай – қазығым деп үмітпен шығарып отыр.

АБАЙДЫҢ ӨНЕРІ ҺӘМ ҚЫЗМЕТІ

Абай 1845 жылы дүниеге келіп, 60 жыл өмір сүріп, 1904 жылы дүниеден қайтады. Қазақ халқын надандықтың айсыз қараңғы түні ғылым сәулесінен бүркеп, тұншықтырып тұрған кезінде, тұншыққан елге дем болуға, қараңғы жерге нұр болуға, надандық аджаһаны өртеуге құдай жіберген хақиқаттың ұшқыны Абай туды Табиғаттың қыңыр жолы кімді билемеген? Өскен орта, көрген үлгі, тон мойын надандық толқыны ағызып ақыл көзін шын хақиқатқа ашқызбай, заман тонын кигізіп, 35 жасқа шейін ықтиярсыз айдап келді. Бұл жасқа келгенде маңайында жұрттың кір, бұзық мінездері бар қалпымен көзіне айқын суреттелді. Өкінді, өксіді, жиренді... Осы өкініш, өксіктің уыты бойын кернеп, сөзінде азалы, кекті, улы көп әсер, көп із қалдырды.

Өткен өмір — қу соқпақ,
Қыдырады талайды.
Кім алдады, кім таппақ,
Салды соңы санайды.

Нені тапсаң, оны тап,
Жарамайды керекке.
Өңкей уды жиып ап,
Себеді сорлы жүрекке

Адасқан күшік сықылды,
Ұлып жұртқа қайтқан ой,
Өкінді, жолын бекінді,
Әуре болма, оны қой.

Абайдың белсеніп, қолына қалам ұстап надандықпен алысуға кіріскенге шейінгі өмірінің сыртқы пішіні осы болды. Енді Абайдың сөзінің бағасына келейік. Абайдың ең бір артық өзгешелігі заманның ыңғайына жүрмей, өзінін «өздік» бетін мықты ұстап, ақылға, ақтыққа, көңілдің шабытына билетіп, көз тұжырарлық кемшілік, міннің ортасында тұрып, ортасында жүріп, үлгілі жерден өрнек алып келген кісідей ашық көзбен қарап, барлық мінді мүлтіксіз суреттеуі жырақта жүріп қылт еткенді көретін қырағы қырандай сыншылдығы. Мұндай сипат Абай бұл жүрген адамдарға ұқсамай, өзгеше зор мақсат үшін дүниеге келгендігіне дәлел. Абайдың қиялы шалымды, ойы терең, ақыл-білімнің әр тарауынан көкірегенде асыл қазына көп. Сол көп қазынаны барлық ырғағы, нәзік сипатымен қазақтың ұстармаған, ысылмаған жуан тілімен биязы ғып шығаруы әрі ақындығы, «қызыл тілді» шешендігі. Абайдың ақындық өнері, тар жолды, бірбеткей емес. Әр тараулы, сегіз қырлы. Ол тараулар мынау: мінез түзететіндік (ахлақ), тереңнен толғайтындық (пәлсапа), сыншылдық (критика), суретшілдік (художественность), жүректің мұң-зарын, сырын тапқыштық (лирика), ащы тілділік, ызалықпен күлетіндік (сатира), һәм керемет переводшиктік. Мұндай әр жақты, сегіз қырлы өнер басқа ақындардан табыла бермейтін Абайға ғана хас сипат. Абай өлеңнің көбі –ақ мінез түзеу жолына арналған. Көп өлеңнің ішінен мысал үшін мына бір сөзін алайық:

Мағлұмаға жанын ашып, ішін күйсін,
Қаракет қыл, пайдасы көпке тисін
Көптің қамын әуелден тәңірі ойлаған,
Мен сүйгенді сүйді деп иең сүйсін.

Тереңнен толғап, хақиқатты болжап, пәлсапа жолымен де сөйлегендігіне кейінгі сөздерді мысал қылуға болады.

Кім жүрер тіршілікте көңіл бөлмей,
Бақи қоймас фәнидің мінін көрмей.
Міні қайда екенін біле алмассың
Терең ойдың телміріп соңына ермей.

Әркімді заман сүйремек,
Заманды қай жан билемек?
Заманға жаман күйлемек?
Заманы оны илемек.

Және «Алла деген сөз жеңіл» деген сөзі де пәлсәпамен сөйлейтіндігін көрсетеді. Абайдың басылмаған қара сөздері көп. Сол сөздердің бәрі терең ойға салып толғап жазылған. Ахлақ, адамшылық, дің, халықтың мінезі неше түрлі хақиқаттар туралы жазылған сөздері Абайда пәлсапа қуаты барлығына үлкен дәлел. Абайдың данышпандық белгісі – өзі шығарған он алты мақалы бар. Мақалының біреуі «Әкесінің баласы – адамның дұшпаны, адамның баласы – бауырың» – деген. Заманындағы өнерсіз, қалжыңбас жігіттерді, шен құмар ел адамдарын сынағаны, өлеңге, ән-күйге баға қойғандығы Абайдың сыншылдығын көрсетеді. Өзге сипаттардың ішіндегі ақындық сезімнің артық жетіктігі, дүниенің сыры мен жүрегінің жалғасып, ымдасып кететіндігі. Жылдың төрт уақытың қазақтың өмірімен үйлестіріп жазғандары оқып отырғанда сол уақыттарды көзіңмен көріп, денеңмен сезіп отырғандай суретін алдыңа әкеліп елестетеді. «Сөзімде жаз бар – шыбынсыз»дегені өзінің ақындығына көзі жеткендегімен айтқан. Мысалы, Абай көз алдыңа мынандай дүниенің түрін келтірген: желсіз, жарық түн, әдемі тау, ағашты су, су бетінде дірілдеген айдың көлеңкесі, ұйықтаған ауыл, үрген ит. Бұл дүниенің бір ұнамдысы суреті. Нәзік мінез, ыстық махаббатқа жүректері толып айтысқан екі ғашықтың сұлу халін дүниенің әлгіндей сұлу суретімен құбылыстырын «Желсіз түнде жарық ай» деп жазған өлеңі суретшілігінің зор куәсі. Ғашықтық жайын, әйел турасын жазғанда Абай аса шеберлеп, қызықтыра сипаттайды. Ондай өлеңдерінде ахлақ жолынан алыстау кететін орындары болады. Бірақ мұнысы ақындық жолына кешірерлік іс. Ақынның жүрегі не нәрсенің болсын жарастығын, келісімін, сұлудың сұлуын іздейді. Жүрегінің сезімі, көңілінің шабыты билеп, өз бетімен жазып кеткен сөзін былай неге жазбадың, ахлаққа хлаф деу жол емес, ол зорлық. Оның суретшіл көңіліне, жүрек қиялына басқаның мөлшері өлшеу емес. Абайдың бірсыпыра өлеңдері жүрегінің сырын, шерін толқытын қанымен, мұң-зарымен шығады. Мысалы, «Өлсем, орным қара жер, сыз болмай ма?..», «Ішім өлген, сыртым сау...», «Жүрегім менің қырық жамау...» деген өлеңдері. Шаншып алма ащы тіл, ызалы күлкі, кекесін де Абайдан табылады. Ұнатпаған қылықтарды көріп, кекеп, жерлеп, мысқыл қылатын жерлері де көп. «Болыс болдым, мінеки» деген өлеңі жаман болысты сықақ қылған ылғи кекесін. Мінді кекеп айтқанда кей жерлерде үстірт қараған кісі түсінбей қалуға да болады. Мысалы, парақор болыс туралы кекеп айтқан бір сөзі мынау:

Кісімсі қайда болса олжаға тоқ,
Шұқыма халық көзінше қарғаша шоқ!
Жұрт – бала, ешнәрсесін тартып алма
Білдіртпей ептеп алсаң залалы жоқ.

Жатты жау деп еліңді үрпитіп ап,
Жауға жабдық деп жиып, пайда қыл тез!

Көп өнерінің бірі – Абай керемет переводшы болған. Переводқа шеберлігі мынадан білінеді: кейбір орыс өлеңдерін қазақ тіліне аударғандары өзінін төл өлеңінен артық деуге болады. Орыстың әдебі болған толғаулы, ырғақты, нақысты бай тілімен жазылған сөздерін қазақтың кедей, дөкір тілімен ұғымды, мағыналы, терең, тілге женіл келтіріп переводтауы мейлінше ұсталығы. Кейбір өлеңдерді, мысалы: «Қараңғы түнде тау қалғып», «Тұтқындағы батыр», «Кинжал», «Жолға шықтым бір жым-жырт» қалыбынан, мағынасынан һеш аудармай перевод еткен. Кей жерлерде сөздің мағынасынан ғана алып, қазақтың ұғымына ыңғайлап сырт пішінін өзгерткен. Абайдың ақындығының еркіндігі сол: кейбір переводты өз өлеңінен асырып, түрлеп жіберген. Мысалы: «Теректік сыйы», «Онегиннің хатын», Пушкиннің геройынан өзгертіп, тілін сұлулап перевод қылған. Енді Абайдың тіл жағына келсек, тілі ұғымды; қысқа, аз сөзге көп мағына сыйғызғыш. Өрнекті, дәлшіл, күйлі, таза һәм анық келеді. Тіл терең мағыналы болғандықтан жұрттың көбіне ұғымсыз, ауыр жерлері де болады. Жалпыға түсініксіз сөздері туралы: «Ойланшы, сыртын қой, сөздің ішін», — деп өзі де айтып кеткен. «Көкірегі сезімді, тілі орамды, жаздым өлең жастарға бермек үшін» деген сөзінен, «Бұл сөзді тасыр ұқпас, талапты ұғар» деген сөзінен Абайдың жалпы үшін өлең жазбағандығын көрсетеді. Бұрынғы ақындармен Абайды салыстырып көрейік. Бұрынғы ақындардың, шешендердің өрнекті, түрлі мағыналы тілдері болмағандық па? Болса да көбі жазылып, нұсқаға түспегендік не, қазақ тілі аса ұстарып өрнекті келмеген. Қазақ тілін анық түрлеп, керекке жаратып, түзеген Абай. Бұл бір. Екінші Абайдан бұрынғы қазақ әдебиетінің беті мақтау, жамандау, асыру, кеміту, болмаса зарлаған сары уайым болып келген. Мінезді суреттеп, мінді айтып, адамшылыққа жөн сілтеген ақындар болмаған. О кездегі ақындар ия қошеметшіл, ия тіленші, ия мақтаншақ болып заманның ыңғайымен кетіп, сөздеріне баға қойылмаған һәм баға қойдыра алмаған. Мұның себебі: ол кезде ақындық өнер орнына жүрмей, жан сақтап, дүние табу жолына жұмсалғандықтан; ақыл көзінің шарасы кен, халықтың бетін бұрарлық, жол көрсетіп, түре саларлық, білімді, дана ақындар шықпағандықтан; ақындық пен тіленшілік жанас жүрген соң халық ақындыққа терең көзбен қарап қастерлемегендіктен; һәм ақындар төмен, нашар жерлерден шығып, аталы адамдар ақындықтан жиренгендіктен еді. Абайдан бергі қазақ әдебиетінің беті жаңа түр тапты. Абай бұрынғы ақындардың ұстанып келе жатқан бетін тастап, тыңнан жол салды. Бұл Абайдың бұрынғы ақылдардан ақыл көзінің артықтығы болды – бір; ақындығы күшті болды – екі; өлеңнің өнер екендігін білді – үш. Сонымен Абай ешкімнен үлгі алмай, қазақ әдебиетінің бетін бұрып, мүйіс шығарды. Өлеңшілдікке өзгеше түр кіргізді. Осы күнгі қазақ әдебиетінің түрі Абайдың көрсеткен бетімен келеді. Абайдың ақындық күшінің зорлығы – өз заманында жұртты өзіне қаратып алып, кейінгілері де сол ізбен әкеле жатыр. Кейінгі жазушылардың бәрін Абай өзіне еліктетіп, соңынан ертіп шәкірт қыр әкетті. Абай өлеңнен неше түрлі өлшеу көрсетіп, көп түр кіргізді. Бұл күнде ақындар Абайдың кеп түріне түр қоспақ түгілі, әлі сол түрлерді түгел сіңіріп ала алған жоқ. Көптің бетін бұрып алғандығы – ақындық екпіннің күштілігі. Абайдың өлеңімен пайдаланып, еліктеу әлі қызған жоқ, бірақ мұнан да артық қозып, бірталай заманға шейін бармақ. Ақындығы Абай қатарлы адам шығып, жаңа түр тапқанша осы буындағы әдебиеттің беті «Абай дәуірі» деп аталады. Қазақтың әдебиеті ілгері басып, өрлейтін болса, Абайдың бұл қызметі әдебиетімізге негіз болып, келешектегі көтерілуіне тұрғы болмақ. Пушкин айтқандай, Абай «өзіне мәңгілік ескерткіш орнатып кетті». Абайдың пайдасыз сөзі жоқ. Ахлақ, адамшылық туралы айтқан терең мағыналы, үлгі сөздері кемшіліктің мінезін тәрбиелеп, ақыл көзінің ауданын кеңейтпек. Жүректен толғанып, ыза мен қайрат айдан шыққан қайғылы, қапалы, зарлы сөздері адамның ақылын өз ішіне үңілтіп, жанымен сырластырып ұғын, оқып түсінгендердің сөзімен тәрбиелемек. Бұл күнде жұрт Абайдың сөзімен пайдаланып, айтқанын ала қоймайтындық – көптің қараңғы, надандығынан. Бірақ Абайдың соңынан ерген, сөздері әсер берген кісілер жоқ деуге тағы болмайды. Халық жалпы ғылымға бет қойып, көзі ашылған сайын Абайдың сөзінің бағасы артылын, өзінің нұсқаған жолдарына халықтың ұғымын сүйремек, көпшіліктің қараңғы надандығына қарағанда Абайдың көп сөзі ертерек айтылғанға ұқсайды, бірақ іске аспай, керекке жарамай қалмайды. Жұрттың хақиқатқа көзі ашылуға айналса, тағы бірталайға шейін созып барады. Қазақ жұрты кең дала, еркін ауада сайран қылып, жер мен көк, су мен ағаш, тау мен тастың тамаша сырларымен бірге туысып, біте қайнап, басы бос, қиялы күшті, бұлғақтап жүрген дүниенің бір ерке баласы. Сондықтан қазақтың сүйегіне біткен ақындығы бар – бұл бір. Екінші, әдебиетіміздің алғашқы адымында надан халықтық ішінен мәдени жұрттардың алдыңғы ақындарымен таласа Абай сықылды кісі шығып көтермеші, таяныш болып отыр. Бұл екі себепке қарағанда біздің әдебиетіміз мәдени жұрттардың әдебиетінің қатарына тез ілінеді деп білеміз. Абайдың істеп кеткен қызметі әдебиетімізге асыл іргетас. Бұл асыл іргенің үстіне салынатын ілгергі қазақ әдебиетінің дүкені көрікті, көрнекті, нақысты, өрнекті болуына лайық. Қуанамыз! Нанамыз! Марқұм атамыз қазақ халқына халықтығын жоғалтпайтын өшпес белгі орнаттың! Еңбегіңнің жемісін өзің көрмесең аруағың көріп қуансын!

АБАЙДАН СОҢҒЫ АҚЫНДАР

Қазақтың мінезін суреттен, мінін жазып, сырын ашып, көзге көрсететін, елдің халін қайғырынып, жақсылыққа сүйреген сөздер Абайдан бері басталды. Абайдан бұрын қазақтың мінез-қалпын суреттеп берген айна болған жоқ, міні айтылмай, жүзі жуылмай, бітеу, тұйық күйде келді. Сол уақыттағы сөздер таразыға тартылып, ақылға салынбады. Надандық пердесін жырта алмады. Таяз, ұсақ, көрнексіз түрде болды. Абайдан бері әлгі өмірдің тұйығы жойылып, түйіні шешіліп, сыры сыртқа шығып, мінез айнаға түсіп келе жатыр. Қалам шамасынша шеберлеп, келісті жақсыны да, кейіпсіз жаманды да суреттеп отыр. Әдебиетіміздің атасы болған Абай туралы өз пікірімізді жазып едік, енді Абайдан соңғы ақындардың өнері туралы пікірімізді жазбақпыз. Қазір бізде өлең жазушылар көбеюіне себеп болып отырған нәрсе – бір «оянудың» барлығы. Бұл оянуға бірінші – Абай, екінші – «Қазақ» газетасы, үшінші жалпы жұрттың ғылымға бет алуы себеп болды. Абайдың қай өлеңі болсын кейінгі буынды жетектеп, түртіп, қозғайтын әсер берді. Кейінгілерді бұл әсер ойлантты, оятты, бұған жалғас оянған ойдың бетін түзеп, жолға салып, ілгерілеуіне қамшы болған «Қазақ» газеті. Бұл газет халықтық саяси көзі ашылуына, «жұрттық» деген ондық кіруіне қандай себеп болса, әдебиеттің гүлденіп, өркендеуіне де сондай себеп болды. Егер келешекте қазақ әдебиеті буынын бекітіп, қатарға кіретін болса, «Қазақ» газетасына борышы үлкен. Бұл газеттің әдебиетке істеген аталық қызметі мәңгілікке атағын шығарып, қадірін күшейтеді. Осы күнгі өлеңшілердің жалпы бетінде халықтың жалғыз ғана мінін айтып, жақсылыққа нұсқайтын, бірақ ақындықтың түгел шартын көксемейтін бірбеткейлік бар: көбіндегі бір мінез – халықтың мінін айтса да, жақсылыққа тартса да, тірелетін қазығы – «ұлтшылдық» болып отырады. Бұл ұлтшылдық қазақ жұртының қысылып, таршылықта келіп, өнер, білім жүзінде өзгеден кейін қалғандығынан. Енді сол қысымшылықтан босанып, тез ілгері бассам екен деген табиғи мақсатынан шыққан нәрсе. Бұл ұлтшылдық қазақ газетінің рухында бар-ды. Газет тұрмысқа жанасатын керекті көздеп, жұртты өнерлі қылуға, көзін ашуға тырысады. Өлең ұлтшылдық жолмен кетіп отырса, газеттің соңынан ергендік, ақындарымыз өлеңнің мағынасына түсінбегендік. Бұған газет кінәлі емес, ақындардың солақайлығы кінәлі. Өлең бір мақсатқа жұмсалатын құрал болу керек емес. Жалпы еркін, азығы талғаусыз өнер болу керек. Өлеңге қоятын шарт: еркін ой, шарықтаған терең қиял, нәзік, өткір сезім, құйылған сұлу сурет, кестелі, таза, қысқа, анық, дәлді, нағыз тіл. Осы айтылған шарттарды түгел сіміріп, төрт табанды, сегіз қырлы болып шығатын өлең Абайдан соңғы ақындарда некен-саяқ. Тегінде «ақын» бар, «өлеңнің» бар. Ақынға қойылатын шарттар: әлгі айтылған өлеңшілдікке ол шарттардың кейбірі болса да жарай береді. Бұлай болғанда біздің өлеңшіміз көп, ақынымыз аз. Сілтеген қаламы сермеген талабы көлемденіп, төгіліп, түрленіп, жапырағы желкілдеп, қолмен қойғандай мейірің қалып, тойғандай болып шығатын өлеңдер бұл күнгі ақындарда аз. Көбінің өлеңі – шеберлеп айтқан қара сөз. Мәдениеттің төменгі басқышында жүргендіктен әдебиеттің өзге түрлері тараулай алмай, кешегі өткен ақындар мен билердің сөзіне еліктеп, не жазса өлеңмен жазу бұ күнгі өлеңшілерге сән болып жүр. Бірақ бұл әдет ілгері басқан сайын қала беру керек. Өлеңшілікке өнері жоқ, жай тілді кісілер өлеңге салынып, бойдағы өзге өнерін жойып алуға мүмкін және елең болуға лайықсыз сөзді жұрт өлең қылып жүр. Шарты табылмай, зорлықпен қылғынып отырып жазылған өлеңнің әдебиетті күшейтуге септігі жоқ. Қайта сынар жақ қылғаннан басқа. Біздің ойымызша, қазіргі жазылын, шығып жүрген өлеңдерде мына сияқты міндер бар. Табиғаттың һәртүрлі түрімен сырласым, мұңдаса алмайды. Өлеңдерін оқып отырғанда көңіл жоғарылап, қиял шарықтан, басқа бір дүниеге кіріп кеткендей болатын қуат аз. Адамның жүрегінің сыры табиғатпен жалғасса, қиялы күшеніп, мінезі көркейіп, сезімі нәзіктене бермек. Және ақынның қиялы жай ақын емес кісінің қиялынан артық болу керек. Салған жерден оқушыны соңыға салып жібергендей болсын. Абайдың «Желсіз түнде жарық ай», «Көлеңке басын ұзартып» деген өлеңдеріндей бұл күнгі ақындарда өлең жоқ. Көрген нәрседен көңілде өзгеше артық бір әсер қалып, аудармай, бұлжытпай тілмен суреттеп беру Соңғы өлеңшілерде күшті емес. Сезім, көңіл суретің тілмен үйлестіріп келтіру ақынның ғана қолынан келетін жұмыс. Бұл туралы Абайдың суретшілігіне жеткен әлі ақын жоқ. Аңшылықты, жылдың төрт уақытын суреттеген өлеңдеріндей суретті сөздер қай ақында бар? Және сол төрт уақытты суреттегендегі Абайдың қиялы мен сезімінің күштілігі соңғы ақындарда кем. Кейінгі ақындардың тағы бір міні – сыршыл еместігі, һәркімнің жүрегінде бір жасырын сыр бар, жасырын тіл бар, жасырын күй бар. Ақынның ақындығы сол жасырын сырды тауын, жүректі тербетіп, қуантып, мұңайтып, жасырын күйдің шегін шертіп, һәрбір пернесіне тап басу. Ондай өлеңді оқығанда оқушының шері қозғалып, ой-көзі жүрегіне үңілетін бір әсер пайда болады. Онан соңғы бір міні – тілдерінің шебер, кестелі еместігі. Сөздерінің сырты тақылдап, үйлесіп келсе де нәзік сипаттарды жетік суреттей алмай, жадағай, үстірт кетіп, айтпақ сөздерін көңілге берік қондыра алмайды. Жас ақындардың ішінде сезіміне сөзі жақын келетін суретшілдігі бар – Мағжан. Бірақ оның тілі де кестелі, толық келмей, өлеңнің әсері көңілге ала қонады. Мысалы: «Жолда» деген өлеңінде боранды сипаттағанда тілін жеткізе алмай: «Жел... ішін тартын осқырып» деген жерінде көңілге байланып келе жатқан суреттің түрі бұзылыңқырап кетеді. Өлеңде, әдебиетте жанды нәрсенің сипатын жансызға жамайтын жол бар, бұл бірақ ұнасымды болған жерде қосылады. Мысалы: сол өлеңнің ішінде: «Жел... кейде қатты ысқырын» деген ұнап тұр. Осқырып деген сөз желге жанаспайтын сипат. Бұл айтылған суретшілдік, терең қиял, сыршылдық, кестелі, шебер тіл, нәзік сезім ақындардан ғана сұралатын сипат. Өлеңдерінің сыртқы түрі мен қалпына қарап қазіргі өлеңшілерді бірнеше жікке бөлуге болады. 1) Сезімге әсер берерлік суретті өлеңдер көбінесе Мағжан, Міржақып, кейде Сұлтанмахмұт һәм Ахмет Мәметовтікі. Бұлардың, өлеңінде өзгеше бір сарын бар. Жүрегінің сезімін суреттейтін, жалғастырып әкететін артықша бір маңыз бар. Бұлар – сыршыл (лирик) ақындар. 2) Екінші жіктің өлеңшілері – Ахмет Байтұрсынов, Сәбит Дөнентаев, Шәһкәрім, Бекет Өтетілеуов. Бұлардың өлеңі сырты төгілген, сұлу, тілі кестелі, анық, халықтың ұғымына, оқуына жеңіл, тәтті. Бұлардың өлеңінің сезім мен қиялға тәрбие-әсері аз, ақылға азығы бар. Бұлар – халықшыл (народник) ақындар. Ана ақындардан бұлардың сөзінің халыққа бір атасы жақын турады. Осы күнде сәні кетіп бара жатқан үшінші бір жік бар. Бұл жіктің ақыны ескі өлең, жыр, тақпақтарға еліктегі, желе-жортақтатып, құбажондатып келетін Ғұмар Қарашев.

Енді осы жоғарғы атанған үш жіктің өлеңшілерін бас-басына тексереміз. Алғашқы айтылған төрт ақынның ішінде Мағжан, Ахмет, Сұлтан Махмұт бөлек, Міржақып бір бөлек. Алғашқы үшеуінде орыс ақындарына еліктегендік бар. Еліктегіштік ақындық жолында мін емес. Пушкин мен Лермонтов өлеңінің көбінде Байроша еліктеген деп айтылады, бірақ еліктеумен олардың ақындық дәрежесі кеміген жоқ, қайта орыста оларға жеткен әлі ақын жоқ. Сыршыл ақындардың ішінде өлеңнің ішкі суретіне сөзінің сыртқы кестесі үйлесіп, маңызды болып шығатын Мағжанның өлеңдері. Мысалы: «Орамал», «Жолда», «Туған жер» сияқты өлеңдері. Мағжан өлеңіне ұқсайтын Ахмет Мәметов пен Сұлтанмахмұт тың кейбір өлеңдері. Бұлардың еліктеу күші де, көңіл қиялы да қалаған жерден дәл шығып отырмайды. Сыршылдық сипатын көрсететін Сұлтанмахмұт тың «Жас жүрегі», Ахметтің «Су жағасында» деген өлеңдері сияқтылар. Бұл айтылған өлеңшілердің ішінде өзінін ақындық беті күшті, түр тапқыш, аса еліктегіш емесі – Міржақып. Кенеттен келген оқығаны тез сезіп, тез сіңіріп ,тез жауап тапқыш, жүйрік қиялды өлең Міржақыптан шығады. Мысалы: «Сүлеймен Бижановтың, Қазы Нұрмахаммедовтың өлімдеріне шығарылған: «Жұт»,«Қайда едің?» деген өлеңдері сияқты. Жүрекке әсер беретін өлеңдері: «Сағыну», «Қиял», «Шәкірт», «Қажыған көңіл», «Айырылу», «Жамалдың зары». Осы өлеңдерінде адамның жүрегіне тиетін қасиетті, зарлы, салмақты әсер бар. Міржақып өлеңдерінің кей жерлерінде тілді тұтып қалып отыратын сөз, буында не артықтық, не кемдік болып отырады. Мысалы: «Айрылу» деген өлеңінде:

Жүректік қасіретін жаспен жуып,
Келесің жаным сезіп, қайтып жуық.
Рахат рухына тілеп һахтан,
Хош айтып кетпес пе едім көңілім суып, —

дегендегі «Рахат рухына тілеп һахтанның» бір буыны басқаларынан кем. Бұл – сөздің маңызын қуғандықтан. Міржақыптың алғашқы кездегі өлеңдері шұбалаң, маңызсыздау еді, ақындық күші соңғы сыршылдыққа арналған өлеңдерінде көріне бастады.

Енді екінші жіктің өлеңдеріне келейік.

Ойына сөзі дәл, тілге жайлы, көркем, халықтың керегіне, кемшілігіне ғана айналған өлеңдер Ахмет Байтұрсыновтікі. Ахмет өлеңдерін ақындық еркі билеп, қиял ермегі айдап шығармайды. Ойды оятуға, миды сергітуге, мұңлы, мұқтаж, терең мақсат түртіп шығарады. Біресе ызамен зекіп айтып, біресе зарланып, шермен айтып, біресе ақыл қылып, сипап айтып, не қылса халықтың көзін ашпақ. Өлеңінде толғанған ой, тоқыған шердің көп ізі бар, бірақ бұған қарап, қиялы шалқып, шарықтап кетпейді. Ылғи халықтың нәзіктенбеген сезімін, жетілмеген ұғымымен есептесіп отырады. Ахметтің көзге түсерлік бір өнері переводқа шеберлігі. Халықшыл ақындардың ішіндегі алдыңғы қатардағы Сәбит. Сәбиттің өлеңі қысқа, дәмді. Аз сөзге көп мағына сыйғызғыш, сөзді ойына күл қылған, тілі тәтті, дәл келеді. Сәбит өлеңінде көңілге тақ еткізе түсетін тапқыштық, салыстырғыштық, сыншылдық, аса терең болмаса да, төрт тағандап түсетін нығыздық бар. Мысалы: «һәр жан һәртүрде», «Той», «Азаттық күні», «Жаңа жылға» һәм басқалар сықылды өлеңдері сұлулығы, ұғымдылығы, тілге жеңілдігі, тәттілігімен қандай надан адамның болсын көңіліне қона кетеді. Сөзге еркін, бай екендігіне қаптап тізген өлеңі дәлел. Сыртының сұлулығы, тақылдақтығымен Ахмет пен Сәбиттің өлеңіне Шәһкәрімнің өлеңі ұқсайды. Бірақ терең мағыналы сөздерді өлеңмен келтірем деп сөзін созыңқырап, шұбатып әкетіп, оқушыны тез жалықтыратын қалпы бар. Шәһкәрім көбінесе өлеңі халыққа ұнамды болуын көздейді және өлең арқылы халықтың ақылын да тәрбие қылып, жетілдіргісі келеді. Осы күнгі ақындардың ішіндегі Абайға өлеңінің сыртымен болмаса да ішкі мағынасымен еліктеген кісі – Шәһкәрім. Мінді, кемшілікті айтқанда жерлеп, кекеп, шенеп, оңдырмайтын Шәһкәрім өлеңінде шанышпа, шанышпа ащылық бар. Бекет Өтетілеуовтің өзімен, өлеңімен таныстығымыз аз. Переводы ұғымды, жеңіл, тәуір. , Ғұмар Қарашевта Марабай ақын, Бұхар жырау, тағы сол сықылды бұрынғы ақындардың қалпымен кеткен ескінің сарқыты бар. Бірақ ескілік сөздер батырдың батырлығын, бидің шешендігін, ханның хандығын, салтанатын жетілдіртіп, ескектетіп айтқанына келісуші еді; ол кездегі халықтың рухы да, тұрмысы да ескек, асқақ сөзге лайық келуші еді. Халықтың мінезін суреттеп, мінін айтып, терең пәлсәпә сөздерді желдіртіп, ескектетіп айту бұл заманда артық, ұнаспайды. Өлеңнің сыртқы ағымын қуып отырғандықтан, ішкі мақсат анық шықпай, иленіп, бытырап, бірін-бірі басып, көкірекке айқын із түспейді. Осы күнгі өлеңшілер туралы қысқаша пікіріміз осы. Бұл ақындардың өнері туралы бар болған сыны бұл емес. Нығызырақ сынауға бас-басына арналып бір мақала жазылып, өлеңдері әбден сай, басқа қылыну керек. Бұл жазғанымыз бір сыдырғы жалпы қарап өткендік. Жоғарыда айтып едік: өлеңші бар, ақын бар деп. Қандай өлең жазған кісі ақын болатыны аз да болса байқалған шығар. Бұл айтылғандардан бізде ірі ақындардың аздығы сезіледі. Әдебиеттің күшеюіне осы күнгі ақындардың үлкен себі әзір тиген жоқ. Тимегені белді, күшті ақын шығып, жазған өлеңнің бәрі маңызды болын, әдебиетке түр тауып бере алмай отыр. Бірінің 4, бірінің 5, бірінің 6 өлеңі ғана көңілдегідей болып шығады және һәр ақынның беті һәртүрлі. Күштеп сөз жазған бір кісі болмаса, әдебиет беті түр таба алмайды. Кейінгі қалам ұстағандарда не жазса өлеңмен жазғысы келетін бір әдет бар. Тіпті, өлеңге ыңғайы жоқ кісілердің ақын болам дейтін ойы бар. Бұл ой – қате, ақындық бар болса өзі де түртіп шығады. Жанды артық қинатпайды. Шабыт айдамай, жан қиналып, келіссіз жазылған өлеңнен ақын еместігі беп-белгілі көрініп тұрады. Әдебиетімізге жақсы өлең, шын ақынның сөзі көрік беріп, күшейте алады. Әдебиет бақалшының қоржыны емес, қотанда жатқан қиқым-сиқымды балаларға алдап сатып, тыға беретін. Әдебиетке қызмет қылуды әркім-ақ тілейтін шығар; бірақ қолдан келмейтін нәрсеңмен қызмет қыл деп әдебиет қыстамайды; өлеңнен өзге ертегі, жұмбақ, мақал, тақпақ, қара сөзбен қызмет етуге де болады. Шамасы келетін де, келмейтін де өлеңге жұмылғандық — бәрі бірдей не тойшы болғандық, не қойшы болғандық. Тегінде әр жақты болмай, бір беткей сынар жақ болу да қате деп білеміз.

ТӘРБИЕ

Малдың бал асы туысымен тәлтіректеп, аяғын басып, біраздан соң буынын бекітіп жүріп кетеді. Бұл неден? Денесінің жетіліп, күшті болып туылғанынан. Ширақтықтан. Аса суық болмаса, жеңіл-желпі салқында туған қозы, бұзаулар өліп қалмайды. Бұл өңінің қалыңдығынан, шыдамдылықтан. Тауықтың балапаны жұмыртқадан шығысымен енесімен бірге қаздаңдап жүріп тамақ шұқып, жей бастайды. Үйректің балапаны жұмыртқадан шыққан соң енесіне еріп жүре береді. Ал торғайдың балапаны жұмыртқадан қызыл-шақа болып туады да, жуырда ширай алмай, бірнеше заман аузын ашып, шырылдап тамақ сұрап жатады. Иттің, қасқырдың, мысықтың балалары көзін ашып, жер бауырлап жүріп кеткенше бірталай заман. Құмырсқаның баласы алғашқыда ұзыншақ қана ақ құрт қимылдай алмай жатады. Жүре-жүре өсіп мүшелері білініп, қанат пайда болып, ұшып кетеді. Сонан кейін қанаты түсіп, кәдімгі құмырсқа болады. Жоғарғы айтылғандардан көрінеді, қыр хайуанының баласы әртүрлі халда туып, кейбірі тез ширап, тамақ жеуге жарап, кейбірі баяу ширап, кеш өсетіндігі, бірақ қайсысына да болсын аз яки кәп күтім, асырап-сақтау, үйрету-баулу керек. Бұл айтылған хайуандардың баласы көп болса, бір-екі айдық ішінде өз бетімен жүріп-тұруға, кейбірі тамақ тауып жеуге де жарап кетеді. Ал енді адам баласын қарасақ хайуан баласынан анағұрлы нашар, болбыр, нәзік болып туады. Аяғы басуға, қолы ұстауға, көзі көруге көпке шейін жарай алмайды. Өңінің жұқалығынан, денесінің нәуетектігінен ыстыққа да, суыққа да шыдамсыз болады. Бір жылда, бір жарымда аяғын әзер ғана басады. Онда да тамақ тауып жей алмайды, өзін-өзі ақтай алмайды. Денесі қуатты, мүшелері ширақ болған хайуан баласына азды-көпті күтім, асырау керек болса, денесі әлсіз, сезімдері жетілмеген адам баласына күту-асырау, сақтау, үйрету – бір сөзбен айтқанда, тәрбие өте керек. Хайуан баласын тамақ аулауға, ыстық, суықтан, жаурап, пәледен бас қорғауға үйретеді. Адам баласына хайуан сықылды тамақ табу, бас қорғау үшін берілген тәрбие жеткілікті болмайды, себебі хайуан мен адамның тұрмысы, мақсаты екі басқа! Хайуан бет-бетімен, тамақ аулап жан сақтап жүре береді. Адам жеке-жеке жүріп күнелте алмайды, себебі: адамның хайуандардай азуы, тұяғы тырнағы, мүйізі жоқ, суық пен ыстыққа шыдамсыз һәм адам ол хайуан қалпынан кетін қалды және адамның кәрі, жасы, ауруы, дімкәсі бар. Бұларды не керек қылмай хайуанша тастау, не жеп қою керек. Болмаса асырау керек. Осы күнгі өмір жүзінде көмектесіп, серіктесіп істемесе, бір кісінің қолынан келе бермейтін жұмыс көп. Хайуан жаратылыстан өзіне біткен бір сезімнің қуатымен өзіне лайық болған қылмыстан артық еш нәрсе істемейді. Адам жүгенсіз бетімен кетсе, адамдыққа лайықсыз талай қылмысты істейді. Сондықтан адам жалпыға бір канонға (закон) мойын ұсынуға керек. Қысқасы, адам баласы бірігіп қауым болып тұруға мұқтаж. Бір қауымды денеге ұқсатсақ, әрбір адам сол қауымның мүшесі. Әр мүше өзіне тиісті қызметін атқарып тұрса, дене тіршілік қылмақ; болмаса дене әлсізденіп, дімкәрланбақ. Міне, осы сияқты адамның малдан тұрмысы басқа болған себебі, адамның тәрбиесі де малдан артық һәм қиын. «Хайуанның адам сықылды қауым болып тұратыны бар емес пе?» дер біреу. Рас, құмырсқа. бал құрттары қауым болып тұрады. Жалпы қызмет қылады, бірақ олар туралы кейін толық жазбақпыз. Тәрбие екі түрлі: дене тәрбиесі, жан (рух) тәрбиесі. Хайуан көбінесе денесін тәрбиелейді. Адам баласына дене тәрбиелеудің үстіне жанын (рухын), ақылын, сезімдерін, жігерін-мінезін тәрбие қылу керек. Денесі мен жаны бірдей тәрбиеленбеген кісі сыңар жақтау бола береді. Мысалы мынау: біреу денесі күшті, бірақ ақымақ; біреу ақылды, бірақ денсаулығы нашар; біреу рахымды, бірақ ақылы аз, біреу ақылды, рахымы аз, біреу қайратты, бірақ пейілі арам, біреу ақпейіл, бірақ жігер жоқ. Біреу мақтаншақ, біреу қорқақ, біреу ұялшақ, мінездің, ақыл-қайраттың әртүрлі болмағы тәрбиенің түрлі-түрлі болмағынан. Адам баласынын арасында ұрлық, зорлық, өтірік алдау, кісі өлтіру, талау сықылды неше түрлі бұзықтықтың көптігі тәрбиенің жетпегендігінен. Мәдениет жүзінде адам баласы құс болып ұшып, балық болын жүзіп, алысты жуық болдыруды анық қалап отырса да, бірін-бірі өлтіруді, зорлығы, қиянаты қалмай отыр. Неге? Адам тәрбиенің құлы болуға жетпей әлі күнгі табиғаттың құлы болып жүргендік. Адам баласы қашан табиғатқа құл болудан құтылады? Анық ақылға билетіп жалпы жұрт жақсы тәрбиелі болғанда құтылмақ. Адамшылықтың тарихына көз жіберсек, өмір жүзінен мысал қарастырсақ, атақты данышпандардың пікірін, сөзін байқасақ тәрбие адамды бұзуы, түзеуі көрінеді. Ескі Юнан халқында спартакистер ұлтшыл, жау жүрек, күшті жұрт болған; аштыққа, шөлге, ыстық, суыққа шыдымды екен. Бірақ ахлақ (мінез) жағы осал болған екен. Неге? Себебі: спартакистер ұлтқа қызмет қылатын күшті кісі керек қылып, денені ғана артық тәрбиелеп, ақлақ жағын ескермегендіктен. Алғашқы екі ғасырдай афинандар құлықты, ғылымды, күшті жұрт болған. Неге? Данышпан Солонның жасаған ережесімен жақсы тәрбиеленгендіктен. Рум халқын атақты, күшті қылған кім? Тәрбие. Ескендірді данышпан хәкім қылған кім? Аристотельдің тәрбиесі. Неронды залым қылған кім? Философ Сенеканың қата тәрбиесі. Неміс жұртының ұлтшылдық, бірлікшілдігі неден? Тәрбиенің қуаты. Қабыл кісіге бір ауыз қатты сөз айтуға ұялады. Қабылға кісі өлтіру бұйым емес. Мұны қылған кім? Тәрбие. Тәрбие туралы еңбек қылып, кітап жазып, сөз сөйлеп кеткен философтар (данышпандар): Солон, Сократ, Афлатон, Аристотель, Цицерон, Лутер, Бэкон, Коменский, Локк, Руссо, Песталоский, Ушинский, Толстой һәм басқалары. Бұлардың әрқайсысының әртүрлі пікірі бар: ол туралы кейін жазылар. Ал, тәрбие жөнінен Абайдың бір сөзі: «Мен егер закон қуаты қолымда бар кісі болсам, адам баласының мінезін түзеп болмайды деген кісілердің тілің кесер едім» деген. Міне, тәрбиенің зор ғылым екендігіне, адам баласын бұзатын да, түзейтін де тәрбие екендігіне дәлел осы. Тәрбиенің қандай шарттары бар, не әсер қылады? Келесі нөмірде жазылмақ. Адамды бұзатын да, түзейтін де тәрбие деп едік. Енді сол бұзу, түзеу дегеніміз не? Қандай бет болса түзелуге болады. Не нәрсе әсер береді? Сол туралы жазбақпыз. Адам баласын жақсы тәрбиелеу керек дейміз. Жақсы тәрбиенің мақсаты не болмақ? Әр нәрсенің бір көздеген мақсаты болу керек. Мақсатсыз іс қылуға болмайды. Жолаушы жолға шыққанда бір мақсатты ойлап шығады; шығып алған соң ойланбайды. Сол сықылды тәрбиенің мақсаты болуға тиіс. Тәрбие туралы әр заманда шыққан білімді жандардың пікірі әртүрлі, біреулер – тәрбиенің мақсаты – денені күшейтін, адамды ұлтшыл қылу дейді, біреулер адамды бақытты қылу дейді, біреулер мінезді түзетін, адамшылыққа қызмет қылдыру дейді. Осы сияқты әртүрлі мақсаттарды тексеріп көрелік. Тәрбиенің мақсаты – денені күшейтіп, ұлтшыл қылу болса, бұның жақсы жағы да, жаман жағы да болу керек. Жақсы жағы: бір халықтың ұлтшыл адамдары көбейсе, ұлты үшін жанын салып, сол ұлтты көркейтуге тырыспақ. Адамның өз басының көркеюімен ұлты көркеймейді, ұлты көркейсе, өзі көркейеді. Бір ұлт бақытты болса, ол бақыт сол ұлттың ішіндегі адамдарына да ортақ. Бір адамның бақыты бір ұлтты бақытты қылуға жетпейді. Ұлтын, Отанын көркейту, қандас-діндес, тілдес бауырларының қамын жеу – бұл жақсы жұмыс. Ал енді жаман жағы мынау: ұлтшыл адам бір жұрттық ғана қамын ойлайды; бұл қамын ойлау жолында басқа жұрттармен айтысады, тартысады, жұлысады. Өз қылығы дұрыс, қисық бол сын үстіне шығарын, басқаны жеңуге жаһат қылады. Біреуді жеңуге ұмтылған кісі қызуламақ; қызу кісі өз қатесін көрмейді, көргісі келмейді. Қатесін көрмеген кісі бірбеткей, ақыл көзінің ауданы тар кісі болу керек. Ақыл көзінің ауданы тар кісі адамшылыққа пайда келтіре алмайды. Адамшылыққа пайда келтіре алмаған кісі ахлағы әлсіз, жабайы «кәдімгі» кісі болмақ. Ұлтшыл адам біреуге зорлық қылса да, қан төксе де, мұқатып өз Отанының дәуірлеуін іздейді. Мұның түбі бәсеке, талас «мен сенен артық боламын». Бұл – өзімшілдік ісі. Өзімшіл кісі кең болмайды, кең болмаса қаскүнем болады. Қаскүнемдік жақсы емес. Тіршіліктің өз талқысы аласұртып, ор халыққа ұлтшыл болмасқа ерік қоймай отыр. Ұлтшыл болу – адамшылдық ісі емес, заманның ісі. Тәрбие – адамды бақытты қылу деген сөзді алсақ, бақыттың өзі не нәрсе? Дүниедегі ең бір талас, қиын мәселе – әр адам бақыт деген нәрсені әртүрлі түсінуі, біреу байлықты бақыт дейді; біреу мал басы түгел болуы бақыт дейді, біреу жақсы қатын алғанды бақыт дейді. Біреуге бақыт болып көрінген нәрсе біреуге бақыт сияғы жоқ. Кәдімгі тұрмыс, біреуге тіпті сор сияқты көрінуге мүмкін. Тереңірек қарасақ, бұл – әртүрлі ұғым, мінездердің қорытындысы. Бір қорытынды – әр адамның басында болған тұрмыстың әртүрлі көп шарттарының қорытындысы. Сол сықылды, тәрбиенің түпкі мақсаты – адамды кәмелетке жеткізу десе, ол кәмелетке де әркімнің қарауы әртүрлі. Біреуге кәмелет болып көрінген біреуге төменшік, кәдік болып көрінуі де мүмкін. Тәрбиенің мақсаты – мінезді түзеу, адамшылыққа қызмет қылдыру деген сөзді алайық. Түзу деп нені айтады? Түзу мінез әдептілік пе? Жуастық па? Рақымдылық па? Әдепті кісі адамшылыққа қызмет қыла ма? Жуас кісі қызмет қыла ма? Бұ да әркім әртүрлі түсінетін нәрсе, енді алыстан ойлап көрейік. Адам жанды нәрселердің ішіндегі ақылдысы, сезімдісі, қайраттысы. Ішіп-жеу жанды нәрселердің бәрінде бар. Адам дүниеде ақылды зат болса, өмір сүруінде де бір ақылды мақсат болуы керек. Тамақтану, нәпсіні ырза қылу, өсіп-өнумен хайуан ғана қанағаттанады. Егер адам да осындай керек пен ғана қанағаттанып өмір сүретін болса, адамның хайуандық жағы өсіп, ақылды адамшылық жағы өшкен болады. Өмір сүру дегеніміз іс істеуге бір мақсат болуға тиіс. Ойдан мақсат бір жақсылық болуы керек. Ол жақсылық қиялда ғана болмай, дүние жүзінде бар болып, бар болса, бір адамда болмай көпке бірдей болуы керек. Өмірдің түпкі мақсатын ғылым көрсетпей, ғылымға керекті тәрбиені өмір көрсетеді. Егер адамның өмір сүруінде бір мақсат бар болса, тәрбиеде де мақсат болуға тиіс. Ол мақсат жалпыға пайдалы, іске асарлық болуы жөн. Бірсыпыра білімділер ол мақсатты анықтап айта бастады, нобайы мынаған келеді: Адам баласы еркін жүріп, еркін тұрып, бірінің мұқтажын бірі жеткізіп, жүректері махаббатқа толып, біріне-бірі қастық ойламай, тәрбиенің мақсаты сол болар еді. Бірақ сондай заман бола ма? Болмай ма? Болмаса, адам баласын өмір талқысы қажытын, сол іске де аса ма? Бұл әлі мәлімсіз. Бұны іс жүзінде шығаратын тәрбиенің қуаты болуға керек. Қош, тәрбиенің мақсаты бар дейік, бар болса, ол мақсатқа қалай жету керек? Адам қалай тәрбиелесең де көне бере ме? Көнетін болса, қандай шарт көндіреді? Көндірмейтін не нәрсе? Міне, бұл мәселе талайдың миын тауысқан, талай талас шығарған мәселе. ІV ғасырда шыққан Англияның бір атақты оқымыстысы Локк деген кісі айтқан: «Баланың ақылы да, жаны да туғанда таза тақтайдай болын туады. Таза тақтайға қандай жазу жазса да жазушының еркінде; сол сықылды балаға қандай тәрбие беру тәрбиешіден, бала қалай тәрбиеленсе, соған көше береді» деп, бірақ Локктің бұл пікірі өз заманындағы білгіштерге де, соңғы заманның ойшылдарының пікіріне де хилаф болған. Локктің пікірі өмір тәжірибесінде орнына келмей мансұқ болған. Локктің пікіріне қарсы пікірлер мынау: Адамда жаратылыстан әртүрлі мінездің ұшығы болып туады, – дейді. Орысша «Прирожденная идея». Сонан бергісі тәрбие жолында қызмет қылған адамдардың пікірлерін қорытып келіп, орыстың Ушинский деген тәрбиешісі айтады: «Тәрбие адамды түзететін құрал екені рас, бірақ ағашты қалай шапса, солай іс қылып шығаратын ағашының балтасындай құрал деуге болмайды. Тәрбиенің айналыс қылатыны – жанды нәрсе. Жанды нәрсені күллі жан сипатынын егжей-тегжейін білген білімді, тәжірибелі кісі іс қылып шығармаса, анау-мынау балташылар бұзып алуы мүмкін» десе, данышпан Толстой өзгелерден тереңірек кеткен. Ол бұл дейді: «Бала туғанда әр мінездің ұшығымен тумақ түгілі, мүлде тәрбиелік болып туады. Қайта тәрбиелеу баланы бұзады. Балада уайым, қайғы жоқ, кек жоқ. Рақымды бірін-бірі сүйгіш болатыны тәрбиелі болып туғандықтан, баланың мінезі есейген сайын өскен орта, көрген өнегемен бұзылады. Тәрбие адамның алдында емес, артында дейді. Бірақ Толстой «тәрбие зиян» десе де, тіпті тәрбиелеме демейді. Баланы тәрбиелеу үшір әрбір тәрбиеші өзіне тәрбие қылу керек дейді. Себебі: Бала айтып ұқтырғаннан да көргенге көп еліктегіш келеді. Солай болған соң балаға не жақсы мінез болсын, іспен көрсету керек», – дейді. Осы күнгі білімді тәрбиешілердің пікірі: «Балада әртүрлі мінездің негізі болып туады. Жақсылық жағы да, жаманшылық жағы да болады. Сол әр тарауы құрулы негіздің қай жағынан көп тәрбиелеп машықтандыруға, сол жағы артылмақ; Тәрбиешінің жұмысы жақсы жағын көп машықтандырып, жаман жағын сендіре беруге жаһат қылу», – дейді. Енді тәрбиенің шарттарына келейік. Адамның өміріндегі күшті нәрсе тәрбиенің қуаты болса да, тәрбиенің шарттары адамның жаны мен денесінің өзгеше халдеріне, туған, өскен ортаның шарттарына тіреулі, тәрбиенің белгілі құрып қойған жолы жоқ. Балаға әсер беретін нәрсе медресе, не тәрбиеші (мұғалім) болмай басқа белгісіз күшті әсер беретін нәрселер де болуы мүмкін. Ол нәрселер: жаратылыс (дүние), үй іші, өскен орта, замандастар, туған жұрт, оның діні, тіл һәм басқа да нәрселер, бұл шарттардың әсері де ылғи жүре береді деуге болмайды. Себеп, адам есейген сайын өзгеріп отырмақ, өзгертуге себеп болатын нәрсе адамның жан сипаттары. Жан сипаттарының адамды өзгертіп, бір толқымалы халға түсіретін уақыты да болады. Сол кезде өнегелі, тәртібі күшті бір дүкен жолықса, тәрбиенің бетін жақсы жаққа бұрып әкетуге мүмкін, ондай үлгілі дүкен медресе болу керек. Баланы бұзуға, түзеуге себеп болатын бір шарт жас күнде көрген өнеге, ол өнеге – әке-шешенің тәрбиесі болу керек. Ата-ананың берген тәрбиесі баланын мінезіне салған ірге. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соңы іледі» деген тауып айтқан мақал. Жасынан сіңген мінезді есейгенде жоғалтуға басқа бір күшпен болмаса, болмайды. «Сүттен біткен мінез сүйекпен кетеді» деген сөз ата-ананың тәрбиесінің күштілігін көрсетеді. Бірақ бұл мақал тәрбие-мен мінезді түзеуге болмайды деуге дәлел емес. Балаға қайырымдылықты, қаттылықты, кішіпейілділікті, үлкен көңілділікті, әдептілікті, әдепсіздікті, шыдамдылықты, күйгелектікті, шыншылдықты, өтірікшілікті беретін кім? Ол, әрине, ата-ананың тәрбиесі. Бұл мінездердің бәрі жас уақытта басқа бір күшті шарттармен бұзылып түзелмесе түпкілікті мінез болып қалғаны. Бұны қатқан соң түзеуге болмайды. Жасында алған мінезді жүре түзеп әкетуге адамның жанында өзгеше бір қуат болу керек. Кей-кейде ата-ананың тәрбиесі әсер қылмай, жақсы ата-анадан жаман бала, жаман ата-анадан жақсы бала шығып кететіні болады. Бұл сирегірек болатын жұмыс. Ондай болудың себептері бар. Не баланын ақыл сезімдерінің бір өзгешелігінен, болмаса, өскен орта, көрген өнегеден көп шыққан мінез болады. Тәрбиеге әсер беретін нәрсе өскен орта, ата-ананың тәрбиесінен соңғы күшті, болмаса пара-пар әсер ортанікі. Адамды замандас, жолдастың азғырып не түрлі мінез жұқтыратыны белгілі. Тәрбиеге туған жұрттың тіл, мінезі, тұрмысы да әсер қылмақ. Қысымшылық көрген, жасқаншақ болған, жалыншақ, жабыңқы елдің баласы да сондай болмақ. Ашық көңілді, сауықшыл ел-жұрттың баласы да сауықшыл ер болмақ. Діндар елдің баласы діндар келеді. Тәрбиеге үлкен әсер беретін шарттың бірі – медресе. Баланың ақылын арттырып, білім беретін ілтипатты, табанды, талапты, ыждаһатты қылатын өмірлік азық беретін жақсы медресе болу керек. Бұл күнге шейін тәрбие ғылымы күшейіп, етек алып, кәмелетке жетпеген кейінгі басқышта жүрген ғылым мұнын себебін бұл күнге шейін адам денесінің саулығы мен қалтасының толық болуын көбірек ойлап, мінездің, жанның таза, сау болуы ескермегендіктен, үрім-бұтағының ахлақы болғанынан ақшалы болғанын артық көргендіктен. Адамдық көзбен тереңнен тексерсе, дәрігерден де тәрбиесшінің көп болғаны артық. Дәрігер адамның денесін сауықтыратын болса, тәрбиеші адамның ақылын, мінезін, жанын сауықтырады. Ахлақты, ақылды адам көбейсе, Отанның күзетшісі, қорғаны. Олай болса, тәрбиешіге Отанның келешек өмірін тапсырған болады.

ӘМЕН ЖҮСІПҰЛЫ

«Акжолдың» 71-нөміріндегі «Қапаста қалған Әмен Жүсіпұлы» деген атты оқығанда жүрегім су ете түсті. Көзіме жас, көкірегіме қан толып не болғанымды білмедім. «Әмен... Әмен»... Кешегі өзіміздің оттай жайнап, жігері қайнап, жауыздықпен арпалысып жүрген Әмен бе?! Бауырым, досым, таянышым, рас сенсің бе?! Көзімді мұнар басқаны ма?!. Сөнген екен шырақ. Ой, жалған-ай! Жас өмір-ай! Неге аяулы жан болдың? Қызық қызметіңді аз күн көрсетіп едің, неге тезінен жоқ болдың? Басынан басқаға пайдасы жоқ, көп жауыздың бірі болсаң, өкініш не, арман не? Жоқ, сен күйдірерлік жас едің. Сен елеулі жан едің. Сенің өміріңді, кім екеніңді жазбасқа болмайды. Әменді мен жақсы білемін. Екеуміз бір болыс Күлік ішінде жақын жолдаспыз. Бір арғын ішінде Сүйіндік, Сүйіндік ішінде Құлболдың Күлік деген бір болыс елінде жаңа пікір, жас талап Қара жігіт. Әменнің өз әкесі ақындығымен алты алашқа аты жайылған Көнейұлы Мәшһүр-Жүсіп. Ол жаман заманда, надан елде талантының қадірін таныта алмай, өмірі жауыздықпен алысып өтіп келе жатқан, алапаты артық туған бір қасиет несі еді. Сол қасиетті Мәшһүр-Жүсіптің кезінің қарасындай өзіне тартқан баласы Мұхаметәмен еді. Әмен жасынан ескі тәртіппен оқып, жас өмірінің көбін босқа өткізіп алып, соңғы 1916 жылда 25 июнь жарлығы шыққанда қазақ азаматтарымен майданға барып, ел танып, жер танып, дүние көріп, пікірі ашылып қайтып еді. Сонан кейін жаңаша оқымай, жаңа заманның ыңғайына түспей пайдалы азамат бола алмайтындығын сезіп, 1917 жылы Семейдің облыстық қазақ комитеті ашқан екі жылдық оқытушылар курсына түсіп еді. Курсты бітірген соң, елге барып бала оқытты да, артынан үш айлық жазғы толықтырма курста және оқыды. Семейге Кеңес қызметі келген соң қысқа уақытты курс ашылды. Әмен 1920 жылы бұл курсты тағы тыңдап шықты. Сөйтіп соңғы 3-4 жылдың ішінде мұқтаждықпен алысып жүріп, білімге сұғанақ Әмен өткір зейін, қажымас жігерінің арқасында жазы-қысы тынбай ізденіп қатардағы оқыған азаматтың бірі болды. Адамдық жағына қарасақ, ол жанып тұрған от еді. Жамандыққа салқын қанмен қарап, шыдай алмаушы еді, күйіп-пісіп қолында тарылып қалушы еді. Алдында әулие тұрсын, көңіліне келгенін айтуға бар, «жүзік бар, бетің бар» демеуші еді. Сөзге аузының ебі бар тілді болғандықтан сөйлейтін жерге уәкілдікке қашан да Әмен сайланушы еді. Тұрған бойы нашардың, кедейдің сойылы еді. Кедейлігімен 1920 жыл ортақшыл партиясына кіріп, жалпы қазақ съезіне Павлодар уезінен уәкіл болып-сайланып, Орынборға келіп өзі есіл-дерті оқу болып, ілім ізден, елге қайтпастан Түркістан кетіп еді. Марқұм ер еді. Ақжүрек еді.. Ел ішінде болын жатқан неше түрлі жолсыздық, жауыздық болушы еді, ешнәрседен беті қайтпаушы еді... Ай жарымдай Семей курсында саяси шаруашылықтан тыңдаған лекцияны жатқа оқып алып, сол оқытқанын Павлодар курсіндегі жігіттерге үйретіп еді. Марқұм әкесінің ізін басарлық ақындық қуаты бар баласы еді. Газет-журнал оқыған адам Әменнің өлеңдерін білсе керек. Жолдастыққа, достыққа оның қаяусыз ашық жүзінен жылы махаббат самалы есуші еді. Өз басы үшін ешнәрсе ойламай, ынта-пейлі жауыздықпен жағаласу, наданның көзін ашу, елге пайдасын тигізу болды. Міне, Әмен осындай жігіт еді. Ол не іздеді? Жарық сәуле һәм әділдік, теңдік, достық, махаббат іздеді! Не істеді? Қараңғы надан жұртқа қызмет істеді. Неден өлді? Хұқықсыз, қорғансыз әйелді құлдықтан құтқарып, теңдік әперем деп әділет көксеп өлді. Қазақта жақсы идея үшін жанын қиятын жігіт аз. Қазақтың кем, қор әйеліне теңдік әперемін деп елетін жігіт аз. Әйел теңдігі үшін бірінші құрбан болған жігіт – Әмен. Қазақ халқы жоғалмай (әйел құл болып өтсе де), жасайтын болса, әйелдер Әменнің атын алтын жазумен жазып, бойтұмар қылып сақтап, маңдайшасына іліп қоюға міндетті. Әйел теңдігіне ту көтерген, әйел жолдастарды қатты ескерген кісі Әмен атын жоғалтпасқа ескерткіш (әйел мектебін, кітапхана) ашып, Әменге арнау керек, аяулы Әменге одан басқа қолдан келерлік іс жоқ. Қош, бауырым! Жолдасым! Қартайғанда жұбаныш, қайғырғанда қуаныш қылатын қарт әкең Мәшһүрдің, әпекеңнің қабырғасын сөксең амал не? Мәшһүр, Шәрәпиден ағайлар! Әмен сіздерге – бала, туысқан, маған – серік, дос еді. Қатты батты, айтып болмас, қайтып келмес іс болды. Қазаға берік бол, бәлеге сабырдан басқа айтар сөз қалмады. Қуанып көрісудің орнына газет бетінде жыласып көрісу кез болды, уақыт солай, қайтеміз, қайғыларыңа ортақпыз.

ТЕАТР КІТАБЫ ТУРАЛЫ

Мәдениетке аяқ басқан жұрттың әдебиеті түр тауып күшейе беруі керек. Аяғын жаңа апыл-тапыл басып келе жатқан қазақ, әдебиеті бұл күнде түр тауым, әр тараудан жол ашты деуге келмей барады. Қазіргі уақытта керекке тірек қылу үшін мұқтаждық шығарса да, әуесқойлық қылса да, біреуге біреу еліктесе де, театр кітаптары ғана жазылып, әдебиеттің басқа түрлері тұнық жатқандығы байқалады. Қалам ұстауға шала-шарпы жараған жаңа талаптар алдымен өнерін сынау үшін пьеса (театр кітабын) жазудан бастайды. Жоқтан гөрі бар игі деп, пьесалар көбеюіне қуаныш қылар едік, бірақ аянышы сол, шығып жүрген пьесалардың жүзден тоқсан тоғызы шын мәнісімен пьеса шарттарына маңайласпайды. Тек бір күлкі. Ондай мағынасыз, мақсатсыз, үлгісіз пьесалардан пайда орнына зиян шығатыны айдан жарық. Газеттің алақандай бетінде пьеса туралы көп жазуға орын сиғызбайды. Сөйтсе де жазушылардың құлағына аз да болса ескерту үшін пьесаның не екендігін айтпақпыз һәм мысал үшін, жарамды деп саналып, ойланып жүрген бір пьесаны қарастырып сын жазбақпыз. Драма, трагедия, комедия – бәрін бір сөзбен айтқанда, драматические произведения деп атайды. Әдебиет тарауларының ішінде ең қиыны, яғни, әдебиеттің қақ маңдайы – сол драмашылық. Драма жазушы әрі сыршыл (лирик), әрі психолог (жанның әртүрлі толқынына жетік), әрі сыншыл әдебиетпен жақсы таныс, оқымысты болуы керек. Драма шығармасы, яғни, түрлі пьеса қандай болуы керек? Қайтсе пьеса болады. Бұған қысқаша жауап беріп өтейік. Драмада сол заманғы адамдардың өмірі, тұрмысы, барлық ақыл ауданы – пікірі, жақсы-жаман жақтарымен түгел суреттеледі. Бұл жағынан заманның, өмірдің айнасы. Онымен тұрмай драма әрбір адамның басында болатын қайғылы, мұңды, аянышты, өкінішті уақиғаларды көрсетеді. Яғни оқушыны, көрушіні адамның ішкі жан толқындарына үңілдірін, жүрегімен сырластырады. Бір сөзбен сыртқы дүниені ғана суреттеуді қанағат етпейді. Ішкі өмірге айдайды, ішкі-тысқы өмірдің әр түрлі халін айтып, жазушы өзінің дүниеге көзқарасын білдіріп, қорытып келгенде бір яки әлденеше мағына, терең идеялар шығарады. Көбінесе драмада жауыздық пен ізгілік тартысы болып, не жауыздық, не ізгілік жеңіп, үстем болады. Драманың адамдары жақсы-жаман жағы түгел көрсетіліп, әрбір адам өзімен қалыптас бірнеше адамның мінезін өзіне сіңіретін айнасы (тип) болмақ. Драма екі нәрсенің тартыс күресі: тағдыр мен адамның, ар мен міндеттің, табиғат пен мәдениеттің, жақсылық пен жамандықтың тағы сол сықылды. Драмада бір уақиғадан екінші уақиға, бір себептен екінші бір себеп туып отыратын, бірін-бірі күшейтетін белгілі байланыс болмақ, сондықтан байланыс, күшейіс, айырылыс деген үш жікке бөлінбек. Достық, махаббат сықылды қасиетті заттар драманың арқауы болып, аралап өтпек. Сондықтан драмаларда көбінесе ғашықтық болмай тұрмайды. Міне, осы сықылды шарттарға лайық келсе, сонда ғана пьеса болуға тиіс. Театр өмірді, ақиқатты, жақсылық-жамандықты көзбен көргізіп, қолмен ұстататын орын. Ол аз, көрушіні қуандыратын, қайғыртатын, жылататын, жүйесін босататын орын. Яғни ойнаушылардың ойлағанын, сезгенін, білгенін көруші де ойлап, сөзін солармен бірге әр түрлі уақиғаны басынан кешіргендей әсерленетін орын. Бір сөзбен айтқанда, сезімді тәрбиелейтін зор құрал. Ондай қасиетті тәрбие беретін, үлгі алатын жерде, терең мағына, терең уақиғалармен жазылған пьесалар ғана қойылса, пайда шықпақ, мақсұт табылмақ. Сондықтан театрды уақыт өткізу, ермек қылу үшін деп ұғынбай, шын мағынасымен театр қылуға тиіс. Зор мақсат күтетін театрымызда қандай пьесалар ойналып жүр? Халықтың сезімін тәрбиелеуге қандай әсері бар? Пьеса шарттарына келе ме, жоқ па? Міне, қайғы осында. Жоғарыда айтқам, кім көрінген пьеса жазып жүргендігін. Ол пьесалардың көбі отқа жаққаннан басқаға жарамайды. Оларды әуре болып, пәленді сынауға тұрмайды. Он екіде бір нұсқасы жоқ. Біз байқағанда Қазақстанда қойылып жүрген пьесаларда 4-5 кісінің жазған пьесалары ғана ойнауға, жұртқа көрсетуге жарайды дерлік. Бірақ, асығыстықпен жазылғандықтан, – тисе қарастырмағандықтан олардың драмаларында да кемшілік бар, түзететін жерлері көп. Іліп алуға тұрмайтын пьесаларды жауып қойып, мысал үшін, ойналып, жарамды болып жүрген бір пьесаны қарастырып, өзімше сынап өтпекпін. Ол – «Алтын сақина» деген драма. «Алтын сақина» – тәуір драманың бірі. Бірақ, оның да кемістік жерлері бар. Әуелі қысқаша мазмұнын айтайық. Сағынтай деген жас жігіт жаңа үйленген. Келіншегі Халиманы жанындай жақсы көреді. Сағынтайдың нағашы апасы Тәуірше келінге құтты болсын айта келіп, жас келіннің қолындағы алтын сақинасын кішкене қызына алып бермек болады. Бірақ, жас келін сақинасын қимайды. Өйткені шешесі өлерде, көзімдей көріп салып жүр деп берген сақина екен. Енесі Жания алтын сақинаны алып бермек болады. Қанша үлкендігін, беделін салса да, келіп бермейді. Енесі кектенеді. Келініне неше түрлі пәл жапсырып, ұрғызып, соқтырады. Тіпті тастамақ болады. Аяғында Халима соққыдан өледі. Қысқасы кектің кесірі. Бүгінге шейін жазылып жүрген пьесалардың көбі әйелдің, бостандығына арналып, не қашып кетіп, мұратына жетумен, не қолға түсіп, қор болумен бітуші еді. Қыз ғана жазылын, қатынның күндегі көретін теңсіздігі, қорлығы көрінбеуші еді. «Алтын сақина-да» әйелдің қатын болғандағы көретін күні, үй ішіндегі өмірі суреттелген. «Алланың сайтанынан, адам сайтаны күшті» жақсы көрген жары – Халиманы жауыз шешесінің тіліне еріп, күйеуі Сағынтай ұрып, соғып қорлықпен өлтіреді. Ұрмайын десе, күнде ызыңдап шешесі шыдатпайды. Ұрайын десе, бір күндерде тату-тәтті қызықты минуттерді бастан кешірген, сүйген жары Халиманы аяйды. Нақақтан қиянат қылдым ба деп күдіктенеді. Арынан ұялады. Міне, күрес: бір жағынан шешесін құрметтеу, екінші жақтан жарын аяу, бұл адамшылық борышы мен ардың тартысы. Енесі күн көрсетпей мұңдыққа түскен Халима бейбақ, бір жағынан күйеуін жақсы көреді, екінші жағынан қорлыққа шыдай алмайды. Шешесінің, тапсырған сақинасын әлденендей таяныш қуат қылам деп, мұндай аянышты халге ұшырайды. Міне, ескі әдет-ғұрыптың құрбаны. Егер қайратты, көзі ашық әйел болса, Халима сонша қорлыққа шыдамас еді. Басқа түскен қара тұманнан не қашып құтылар еді, не өзін-өзі өлтіріп құтылар еді. Ой, дариға! Халима надан, Халима өсектен, жаман аттан қорқады. Бір есептен сүйген жары әлі де сүйер деп үміт етеді. Мұндай іштен тынып, қорлыққа көніп, еңсесін сүйретіп жүріп жататын әйел аз ба? – Көп, әлі де көп. Халима солайша өлуі керек еді – өлді. Қашып үйіне барса, әкесі бар болғыр, тағы біреуге малға сатары мәлім. Өлейін десе, жан тәтті, өмір сүрейін десе, жауыз жазмыш тырнағын мұнан жазбады. Қайда барсын? Драмада белгілі байланыс бар. Адамды ойландыратын, толғандыратын терең мағына бар. Жүрекке сырластырады, әсер береді. Ішкі өмірдің кірбіңін жақсы көрсетеді. Толып жатқан қазақтың бір кемдігін бір драмаға сиғызамын деп ойды бытыратпайды. Бұралқы кеңес кіргізбейді, көздеген нысанаға тура бастайды. Бұл – драманың маңыздандыратын шарт. Бірнеше адамның мінезіне айна боларлық толық типтер: Халима, Тәуірше, Сағынтай. Олардың ішінде Тәуірше жақсы суреттелген. Нағашы апалар (аса бір тәуірі болмаса) жиен келіндерге онша жаны ауыра қоймайды. Біреуді азғырмаса, жел бермесе іші кебетін керауыз қатындар көп болады. Көпті көргенсіп, білгенсіп қазымырланып, бір жағынан олжаға қызығын, аузына келгенін шалып отыратын бәйбішелерді көз алдыңызға келтір. Жанына сая таба алмай, зарыққан Халиманың көзіне ұйықтап кеткенде шешесінің аруағы келіп көрінуі де мүмкін. Аруақтың келуі Халиманың халін аянышты көрсетуге бір себеп. Сөз жағынан драма дәмді, жалықтырмайтын қысқа. Тілі нағыз қазақтікі, бұл – тыңдаушыға қатты әсер беретін құралдың бірі. Пьесаның кемшілігі: Алдымен, драмаға себеп боларлық алтын сақина тіпті мысал нәрсе. Дұрыс, басы алтын сақинадан басталсын-ақ, бірақ оған қосымша ушықтыратын талай себептер шығу керек еді де, алтын сақина соңғы кезде ұмытылып кетіп, аяғы бір нәрсеге шабу керек еді. Ылғи алтын сақинаның кегін кектеп отыру өмірде сирек болатын жұмыс. Екінші, алтын сақина үшін кектенуші туған шеше болмай, не өгей шеше, не Халиманың күндесі болса, лайық болар еді. Қандай жауыз болса да, игілігін көрем деп, тілеуін тілеп отыратын туған шешенін сонша мейірімсіз, кешірімсіз қылықты істеуі өмірге үйлеспейтін, ананың дәрежесін төмен түсіретін іс. Некен-саяқ ондайлар табылар, бірақ, көпке үлгі қылуға жарамайды. Сондықтан Жания бір жақсы мінезі жоқ, адамға ұқсамайтын бір меңсіз қара мысық болып шығып отыр. Жауыздықтан тырнақтай бос жері жоқ адам болуы мүмкін емес, кімнің болсын аз яки кеп жақсы-жаман мінезі бар, тап-таза мінсіз адам да сирек, қап-қара жауыз адам да жоқ. Азды-көпті әркімнің адамдық нышаны бар. Жанияда ондай нышан жоқ. Пәленің басы сақинадан шыққанын Халима Сағынтайға айтпаған ба, айтса да, естімеген бе? О жері қараңғы. Жасынан бері шешесінің мінезін білетін Сағынтайдың бұл жолы ылғи алдануы мүмкін еместеу нәрсе. Құрдасы Бекболатпен сөйлесіп отырған жерде ғана Халима: «Менің сөзіме сенбейтін болды, қайтіп сендіремін?» дегені болмаса, Сағынтайдың сақина туралы сүйген жарына сенбегендігі айтылмайды. Басында жақсы керетін Халимасын жанына шақырып назданатын, көңілін көтеретін, махаббаттың қадірін білетін сезімді Сағынтайдың өлгенше ездігінен шешесінің шоқпары болуы қисынсыз. Қазақтың надан әйелінің аузынан шықпайтын әйелдің теңсіздігі туралы сөздерді Халиманың айтуы басқа кісі табылмағандықтан шығар. Ондай терең сөзді айтпаса да, Халиманың ауыр халі әйелдің қорлығын анық көрсетіп тұрған жоқ па? Жазушы өз пікірін Халиманың аузымен сөйлегені, Халиманы қалыптан асырып, мадақтаған болып табылады. Халиманың суреті дұрыс шықпайды . Өрік қатынды Жания не бірдеме беріп, не беделімен билемей, алдаумен ұстағаны келісімсіз. Бұрын да бір алдаған кісінің айтқанын қыла беретін не қылған санасыз? Сөйтіп жүріп обалдан қорқады. Әйтеуір Жанияның Өрікке сонша қожа болуына дәлел аз. Сахнаға (ойнауға) қолайсыз кіріп, шыға беретін жиі жерлері бар. Оны артық кемшілік деп санауға болмайды. Сақтану оңай. Қорытып келгенде, «Алтын сақина» – аз түзетумен ойнауға жарайтын пьеса. Меніғ сыйым осы. Мен мұны сыншылдығым ұстап жазып отырған жоқпын. Мақсұтым – пьеса туралы шала-жансар жазушыларға нобай көрсету. Менің сынымды сынаушылар болса, тіпті жақсы. Әдебиет сыналынбай, пікір жарыққа шықпай, үндемей, не бетімен жүріп өнерлі жұрт бола алмаймыз. Ойнауға жарайтын пьесалар бұдан былай да сыналып тұрса жарар еді. Балдыр-батпақты ойнаудан тиылар еді. Қолға түскен пьеса болса, газетке сын жазып тұрмақпыз.

МАҒЖАННЫҢ АҚЫНДЫҒЫ ТУРАЛЫ

(Ташкенттегі қазақ студенттеріне етілген баяндама) Мағжанның ақындығын сынауға біліміміз, күшіміз кәміл жетеді деп айта алмаймыз; толық сынау үшін, оның алды-артын орап, өрісін арылтып шығарлық сегіз қырлы, негізді білім керек. Кеңінен толғамай, шұғылдан істелген жұмыс өңсіз, үстіртін болмай тұрмайды. Мағжан өлеңдерінің егжей-тегжейін, ноқатын, тәсетитін қалдырмай тәптіштеп қарап шығуға көп уақыт, көп дерек (материал керек), ақынның ақындығын үстінен қарап топшыламай, ішіне кіріп зерттеу (изучать ету) керек. Бұ жағынан да емін-еркін бола алмадық. Мағжанды тексергендегі тағы бір қиыншылық мынау. Қандай өнерпазды, ақынды, данышпанды болсын, өз заманының сыншылары әділ көзбен қарап, баға беру шетін нәрсе. Заман сыншыларының бүйрегі не олай, не бұлай бұрып кетпей тұрмайды. Талай таланттардың, талай жақсылардың қадірін жұрт өлген соң біледі. «Алтынның қолда барда қадірі жоқ». Замандастар, тұстастар әділ болуы қиын, өйткені пе заманнан қаймығады, ақынды заман өлшеуішімен өлшейді; сыншылардың көбі не ақынды жақтаушылар, не жамандаушылар, не бықсыған күншілдер, не сол ақынды ат қылып мініп алып, әбүйір-атақ іздеп, көзге түсем деушілер болуға мүмкін. Біз де сол көптің біріміз. Не заманға күйлеп, не басқа бір мақсұтпен бір жағынан ағып етіп жүрсек, ғажап емес. Міне, сондықтан біз бұл баяндамамызда Мағжанның бар табысын толық тексеріп, жете сынап ұшығына шыға алмаймыз (таза зерттеу үшін баяндама жетпейді, аз болса қалыңдығы бір елі кітап жазу керек болады). Бұл баяндаманы Мағжан сөздері туралы азды-көпті көңілге перне түсіріп, пікір алысу деп қарау керек. Әйтсе де мұндай баяндамалар пайдасыз да болмайды. Орыстың Пушкин сынды, Гоголь сынды ақындары бар заманда, атақты социалист-сыншы Белинский әлі орыста әдебиет жоқ деп қайғырған. Әдебиет сынмен көркейеді. Бәйгеге қосатын атты жаратып, құйрық-жалын күзен жіберсе, көрікті болып жұтынып шығады. Әдебиетке сондай күтім, сондай сын керек. Әсіресе әдебиетті сынау біз сықылды жұртқа керек, өйткені бізде әлі жөнді әдебиет жоқ, бар болса — балапан, буыны бекіп, бұғанасы қатқан жоқ, әдебиетті тәрбиелей, мәпелей білсек буыны қатады, ер жетеді, біздің де ақындарымыз, жазушыларымыз санатқа қосылады. Мағжанның өлеңдерін аса құндап, бұлдап жарыққа шығаратын Мағжаншылар да бар; іске алғысыз қылып, өртеп жіберу керек дейтіндер де бар; қысқасы, Мағжанның қасы да, досы да бар, мақтаушылар нені біліп мақтап жүр, жамандаушылар не үшін жамандап жүр? Оны тексеру біздің мақсатымызда жоқ. Біз шамамыз келгенше Мағжанға сын көзімен қарағымыз келеді. Сын көзі дегенде, біз ғылымның жолын тұтынуымыз керек. Мәдениетті жұрттар жазушыларын, ақындарын қай жолмен тексеріп сынаса, біз де сол жолды қолдануымыз керек.

Ғылым жолы да әртүрлі. «Дүниені рух билейді; тарихты әлеумет емес, жеке адамдар, данышпандар туғызады, әуелі — рух, идея (пікір) жүру керек; дене зат (материя) – рух пен идеяның құлы» дейтін идеализм жолы бар. Бұл – Гегельдің жолы. Гегельдің жолын қолдансақ, жеке адамды өлгенше дәріптейміз, әлеуметтен де басшыға артық мағына береміз; ақын, өлім, өнерпаз, тілесе не шығарсын, не жазсын, әлеуметті теріс жолға бастасын, олай жазбадың, бұлай жаздың деп мін таға алмайтын боламыз; ендеше ол жолды біз тұтына алмаймыз. Біздің ақынды тексергенде қарайтын тұрғымыз; идеализм емес, материализм, марксизм мұнарасы болу керек. Өмірге, тұрмысқа, шындыққа қабысатын тура жол – Маркстің жолы. Бүгінде Маркстің жолы асқар белдей алдымызда көлденең жатқанда, Маркстің белін басып, Гегельдің етегінен ұстай алмаймыз. Егер олай етпекші болсақ, онымыз не желөкпелік болмаса тарпаңдық болып шығар еді.

МАРКС НЕ ДЕЙДІ?

Бәрімізге мәлім: «Сананы, пікірді тұрмыс билейді» дейді. Бұрынғылардың «тұрмысты сана билейді» деген пікірін Маркс мансұқ еткен. Марксше, қандай адам болсын, мейлі асқан данышпан, мейлі терең ғалым, мейлі көмейі жоқ ақын – бәрі де, өз заманының, өзінің әлеумет қатынасынын, өз табының Жемісі, өз ортасының ұлы болу керек. Әлеумет әсері тимейтін, әлеуметтен құрық алып шығып кететін ешбір адам болмақ емес. Олай болса, ол заманның ақыны сол замандағы әлеуметтік тұрмысымен, әдет-ғұрпымен, тілімен, дінімен, дүниеге көзқарасымен, мақсұтымен, рухымен, салт-санасымен суарылып, әлеуметімен біте қайнап өсіп шықпақшы. Ақын қандай әлеумет ортасында туып, қандай ортада жүріп тәрбие алды? Қандай тұқымнан, қандай таптан жаралды? Оның пікірі де, сол әлеуметінің құрылысына байланысады. Әлеумет құрылысының негізі не? Негізі – адамның тіршілік ететін кәсібі, шаруа түрі. Шаруа түрі деген сөзді түсінікті қылып айтсақ бір әлеумет аңшылықпен, екіншілер бақташылықпен, үшіншілер диқаншылықпен, төртіншілер фабрик, завод кәсібімен күнелтеді – міне, шаруа түрі деп осыны айтамыз. Әрине, бір жұрттың шаруа түрі түгелімен бір-ақ түрде бола бермейді, кейде мал бағумен егін салу аралас, кейде егіншілікпен өндіру кәсібі аралас болатын жұрттар бар. Бірақ әлеуметтің шаруа түрі дегенде, көпшіліктің кәсібін еске алу керек. Мәселен, Ресейді диқаншы мемлекет десе, қазақты мал бағушы халық деп айтамыз. Адамның пікірі қай уақытта өзгереді? Әлеумет құрылысы, әлеумет ортасы өзгерсе. Сонда әлеумет ортасы қашан өзгереді? Әлеуметтің шаруа түрі, күнелту кәсібі жаңа қалыпқа түскенде өзгереді. Мәселен, қазақтың шаруа түрі мал бағудан шығып, диқаншылыққа, не кен қазу, фабрик, завод кәсібіне айналса, қазақтың бүгінгі әдет-ғұрпы, салт-санасы мүлде өзгеріп кетеді. Шаруаның билемейтіні жоқ. Әлеумет ішіндегі адамдардың өзара қатынасы да содан туады. Әлеумет түгілі үй ішінің де, ерлі-зайыпты адамдардың тұрмыс жайы да шаруаға тіреледі. Шаруа түрі ел билеу жұмысына да, саясат құрылысына да ықпал жүргізеді. Дінді, дүниені қалай ұғыну, өнерлі, ғылымды болу-болмау, салт-сана түрі бәрінін бас иетін қожасы – шаруа. Олай болса, әр адамның, әр ақынның өрісі бірінші – заманға, екінші – туып-өскен әлеуметіне, үшінші – нәсіліне (тұқымына) байлаулы. Ақын ерікті-еріксіз өз заманының тонын кимеске, өз әлеуметінің мұңын жоқтамасқа, тілегін орындамасқа әдді жоқ. Өзгелерден гөрі әлеуметтің мұңын баса жоқтайтын ақын болу керек. Өйткені ақын қоғамның қарапайым тырна қатар топас мүшесі емес, өзгелерден сақ құлақты, сезгіш жүректі, сара ақылды, өткір қиялды мүше. Ақын өзгелердің сезбегенін сезеді, көрмегенін көреді, ойламағанын болжайды, тілі жетпегенін айтып береді. Әлеуметтің, өз табынын қатарға кіріп ер жеткені кейін қалып, кер кеткені өзгеден гөрі ақынға артығырақ батады, ақынның жүрегі өзгеден гөрі көбірек толқиды, көбірек толғанады. Өзгелер салқын қанмен қарайтын нәрсеге ақын күйіп-пісіп қалады. Көл қорыған қызғыштай, «Ел қамын жеген Едігемсін» ақын кәуәп болын жүргені. Күшті ақын – әлеуметінің тіл қамшысы, сайламаса да табиғатымен сайланып шығарылған уәкілі, мұңын, зарын айтқызатын елшісі. Өз әлеуметін, өз табын ілгері сүйреуге, көтермелеуге, демеуге күшті ақындардың әсері тиген, әлі де тимекші. Луначарский айтады: «Юнан жұртында Солонның данышпан атағы шыққандығы халыққа жағымды заң шығарғандығымен де емес, қара сөзге шешендігімен де емес, күшті элегия-поэма жазып, жұртқа әсер берген ақындығымен еді», – дейді. Ақынды пайғамбарға теңеген сөз ежелгі Рум жұртынан қалған. Ақындар өздерін пайғамбарға, періштеге, әділқазыға теңеп сөйлесе, онысында шындық жоқ, бекер деуге болмайды, бір шақадан болса да шындық бар. Ақын бір жағынан өз табынын, әлеуметінің жоғын жоқтап, мүддесін көксеп жүрсе, екінші жақтан оның бір артықшылығы – өзгеден тәжірибешілдігінде, өзгеден өмірді анық, жете білуінде. Өзі өмірді анық біліп, өзгелерге жөн сілтеп, қараңғыны жарық, бұлдырды ашық көрсете алмаған ақын – ақын емес. Сондықтан ақын жалғыз ғана таптың пайдасын көздеп, сойылын соға бермейді, өмірді анық танып, кемшілікті түгел көріп тұрған соң ақын кейде тап көлемінен шығып, жалпы шындыққа, жалпы адам баласының қамына да құлаш ұрып кетеді. Кейде көңілдегі ойы шықпай, басқа нәрселерге де көшін кетеді. Луначарский айтады: «Ақын бірнеше таптың, бірнеше топтың ар елегінде болуға мүмкін. Ақын тетігі көп машина тәрізді. Тургеневті ақсүйектердің ақыны, солардың уәкілі деуге бола ма? Болмайды! Тургеневтің тұсындағы барып тұрған ақсүйектер адам құлданып, құлдың еңбегін жеп, дәурен сүргенді дұрыс деп білетін еді. Тургенев мұжықты құлдануға қарсы болды. Ол тумысы ақсүйек болса да, еркіндікті сүйетін ақсүйек еді. Ақынның кім екенін ұғу үшін оның шығармаларын тексеріп, зерттеу керек. Зерттесек кейде бір тап емес, әлденеше таптың мүддесін көксеген ақындарды да табамыз. Нағыз сырлы әдебиет бар, мәселен Лермонтовты, Шекспирді алсақ, олар бір белгілі үгіт айтқан ба? Таптың жырын жырлаған ба? Жоқ, оларға сырлы, көркем сөз шығару, айқын перне түсіру мақсұт болған. Олар бір әдемі суретті, болмаса адамда болатын бір сезімді, болмаса белгілі адамдардың жанында болған тартысты алады да, қиялына келген нәрсені суреттейді».

Міне, ақынға қарайтын Маркстің, марксшілердің сөзі осы.

Ақынның пікірі, ақынның сөзі әлеуметіне байлаулы; ақын әлеуметтің жасап шығарған құралы болса, Мағжан да өз әлеуметінің ұлы екен ғой. Мағжанды жасап шығарған әлеумет қандай? Соны қысқаша шолып өтейік. Бәрімізге белгілі Мағжанның туып-өскен, тәрбие алған әлеуметі — қазақ. Мағжан тусындағы қазақтың әлеумет құрылысы қандай еді? Ата-анаға, ру-руға бөлініп, руды ақсақал, би, болыс, тілмаш билеген, орысша айтсақ, «патриархат» құрылыс еді. Арғы заманда қазақ еркін жүріп, ен жайлап, өзінен шыққан хандары, батырлары, билері, шешендері болып, онда да бір кісінің аузына қарауды әдет қылды. Жан-жағынан жау қысып, өз ішінен ала ауыздық шығып, қазақ берекеден айрылып, орысқа қарады. Орысқа бағынғанмен де қазақтың бұрынғы әлеумет қалпы өзгере қойған жоқ, әлі де хандардың, билердің, аталы ауылдың тұқымы билейтін болды. Солар – дуан басы, солар – советник, солар – қазы, солар — болыс, би болды. Олардың «ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс», қарсы келер, бас көтерер жан болған жоқ. Қара бұқара кедей сөзге, қатарға алынған жоқ. Әлеуметшілік, жұртшылық деген нәрсе болған жоқ. Елдің тағдырын ру басылар, ақсақалдар, болыстар кесіп-пішті. Әлеумет құрылысы өзгерген жоқ: қазақтың кәсібі, шаруа түрі мал бағу болса, әлі де мал бағуда келе жатты. Кәсібі мал баққан, әлеуметі рубасыға бағынған жұртта тап жігі, байлар, кедейлер табы деген нәрсе ашық болмайды.

Міне, Мағжанның туып-өскен ортасы, ұяда көргені осы.

Мағжан бала кезінде ел ішінде есейген соң, шетке барып, Үпідегі татар медресесі «Ғалияда» оқыды. Міне, Мағжанның екінші тәрбие-тәлім алған дүкені. Медресе «Ғалияның» оқытушылары Мысырдан, Стамбулдан оқып шыққан татар зиялылары болған. Өздері ислам бұлағынан су ішіп, мұсылманшылдық, түрікшілікпен уланған татар оқытушылары шәкірттерін де сол рухпен тәрбиеледі. Ұлтшылдық, түрікшілдік, қала берсе исламшылдық туын көтеріп, медресе «Ғалия» өз заманында қазақ, татар, башқұрт сияқты уақ ұлттардың жасына не дәуір сезім кіргізді. Россия қол астындағы түрік баласын оятып, жауыз патшаның арамза саясатына қарсы тұрғызбақ болды. Бұратана атанған уақ ұлттарға ондай сезім, ондай ояныс, әрине, тұрмыстың туғызған нәрсесі еді. Патшаның отаршылдық, озбырлық саясаты кімнің болса да, арқасына аяздай батты. Қазақтың жерін тілгілеп, келімсек мұжықтарға аударып әпере бастады, тілін бұзуға, дінін бұзуға ауылнай, школ, миссионерлер таратты, әдет-ғұрпын, салт-санасын өзгертіп, орысқа бас игізуге жаңа закон, мировой судья, крестьянский начальниктер шығарды. Қазақты ішінен тоздыруға сайлау (штат) деген шырға тастап, өзді-өзін жұлыстырды, қырқыстырды. Полиция, стражник, урядник, қазақ-орыстың қамшысы қазақ даласын жайлады. Қазақтың бұрынғы елдегі берекесі кетті, партияға кіруі, азуға, тозуға айналды; ұлыққа жағынып, шен алуға, кектескен жауын мұқатуға ел билеген жуандардың аяған құралы болған жоқ. Өтірік, өсек, шағым, ұрлық-зорлық, айдату, байлату қабындады. Патшаның он көзі боламын деген соғылғандар тыңшылыққа жазылын, елдікті, жұрттықты шен-шекпенге сатты. Қазақтың басына туған осындай қара күндерді көзі қарақты азамат көрмеске, сезбеске, қайғырмасқа болмады; көрді, қынжылды, жанға батқан соң ашынды, ұлт сезімі ояна бастады. 1905-ші жылғы өзгерістен былай қазақтың қамын ойлаймын деген азаматтар ұлт мұңын сөйлеп, ұлт мәселесін қолға ала бастады. Ол өзгерістің арты Государственный Думаға уәкіл жіберуді шығарды. Қазақ азаматтарының бас қосуына, мұңын сөйлеуіне аз да болса еркіндік берілді. Қазақ баласын оқуға беруі көбейді. Қазақтың баспасөзі – газет-журналдары шыға бастады. Қазақтың «жақсы» боламын деген жасы ұлтшылдық сезіміне жабысуға айналды. Міне, сол жастың біріне Мағжан да қосылды. Медресе «Ғалиядан» шыққан соң Мағжан орыстың учительский семинариясында оқиды. Бұл 12-13-ші жылдың шамасы болса керек. Ол орыстың әдебиетімен танысып, солардан үлгі ала бастады. Ол кездегі орыстың әлеумет құрылысы, ескі ақсүйектер дәуірі шегіп, капиталистер дәуірі үстемдей бастаған дәуір еді. Көпшілік күл есебінде саналып, өмірге жеке адам қожалық еткен заман еді. Орыстың жақсы деген зиялылары патша өкіметіне қарсы болып, қара бұқараны жақтап, «бұқарашылдық» туын көтерген шақ еді. Капиталға негізделген әлеуметте кім пысық, кім қунақы, кім өнерлі, кәсіпшіл болып сауда қылса, фабрик, завод жүргізсе, жердің жүзін шарлап ысылып, көпті көрсе, сол қара бұқарадан мойны асқан үздік болып саналған. Сауда капиталының дәуірлеу себебінен Колумб Американы тапқан, сауда капиталы математика ғылымын күшейткен. Сауда мәдениеттің, пәннің, әдістің, «техниканың» өркендеуіне Архимедтің баққаны тәрізді ықпал жүргізген. Саудагердің алапаты өзгеден артқан, буржуйлар табын тудырған, адамға табыну, адамға бас ию, өзімшілдік сықылды пікірді майданға шығарған. Сондықтан капитал дәуіріндегі ақындардың, жазушылардың көбі дарашыл (индивидуалист) болған. Әлеуметті былай қойып, жеке адамды суреттегіш, кейіпкер (тип) шығарғыш болған. Мағжан орыс әдебиетімен таныс болған соң Шекспир, Гейне, Гете, Байрон, Пушкин, Фет, Бальмонт, Максим Горький, Александр Блок сынды жеке адамды дәріптегіш, дарашыл ақындарға мүрит болған, солардан тәлім алып, соларға еліктеген. Ол ақындардың бәрі идеализм жолын тұтынған болатын. Бір жағынан үй іші – әкеге, әлеуметі – рубасыға бағынған, тапқа, жікке бөлінбеген, қазақ ішінде туып-өскен болса, екінші – татар медресесінде оқып, түрікшілік, исламшылдық рухында тәрбиеленсе, үшінші — патша саясаты шымбайға батып, отаршылдық зардабы қазақтың ұлтшылдық сезімін оятқан дәуірдің ұлы болса, төртінші – орыс зиялыларының қаймағы бұқарашыл, халықшыл болып жатқанын сезіп білсе, бесінші – батыстың, қала берсе орыс ақындарының санашылдық (идеализм), дарашылдық школынан сабақ алса, енді Мағжан қай пікірдегі ақын болып шығу керек? Сөз жоқ, Мағжан ұлтшыл, түрікшіл, санашыл, дарашыл ақын болып шығу керек. Олай болып шықпасқа мүмкін емес. Әлеумет ортасының, заманының жағдайы солай. Мағжанның ұлтшылдық, түрікшілдік өлеңдері «Ғалияда» шәкірт болып жүрген кезінен басталады. Сол күнде-ақ «Туған жерім – Сасықкөл» деген өлеңінде, патшаның отаршылдық саясатына қарсы жаза бастайды.

Айдын көл ата қоныс, құт болған көл,
Сусын боп, сұрағанға от болған көл.
Кеше бірлік, ынтымақ түгел шақта,
Бейне бір сенің басың сүт болған көл.

Білмеймін не боларың қайран көлім!
Жарайды тең болмаса күн мен түнін,
Итиіп қарашекпен келіп қонса,
Басыңнан құсын ұшып, кетер сәнің, —

деп туған жерінің зарын зарлайды. «Анама», «Жазды күні қалада», «Есімде... тек таң атсын», «Жауынгердің жыры», «Орал», «Орал тауы», «Алыстағы бауырыма» деген өлеңдері ұлтшылдық сезімінің ояна бастағанын көрсетеді. Бірақ әуелгі кездегі өлеңдерінде ұлтшылдық аса күшті көрінбейді; қазақтың ауыр халіне, ғайыбына қайғыру, болмаса кекеу, табалау сықылды үстіртін, жеңілірек болып келеді, 11-ші жылы жазылған «Орал» деген өлеңін:

Екі дүние – күн мен түн, өмір, өлім,
Бірі – бесік, біреуі – даяр көрің.
Бала болып жата бер бесігіңде,
Сар даланың еркесі – қазақ елім, —

деп аяқтатады.

Адамның денесі қандай мысқалдап өсін, жетілетін болса сезімі де, пікірі де сондай, бірте-бірте жетіліп өркендемек: адам туа ұлтшыл, туа адамшыл бола бермейді, ұлтшылдық сезім де сол сықылды әуелі үй ішінен, одан қала берсе туған ауыл, туған жерден бастап, жоғары өрлейді. Туған аулын, жерін сүймеген адам ұлтшыл да бола алмайды. Мағжанның ұлт сезімі де жақыннан алысқа қарай тереңдейді. Мағжанның алғашқы кезде ұлтшылдығы нағыз жүректен қайнап шықпай, сол кездегі ұлтшыл азаматтарға еліктеп, солардан жұқтырып алғандығы сезілді.

Міндік, міне біз қайық,
Есен-сау өтсек...
Тілекке жетсек,
Сонда біздің шын айт... —

деген өлеңдерінің:
Қалтылдақ қанық мініп еспесі жоқ,
Теңізде жүрміз қалқып кешпесі жоқ, —
деген сөздерімен сарыны бір.

(Соңғы — Ахмет өлеңі) Қазақтың халі қандай ауыр екенін сезсе де, ол күнде Мағжанда келешектен үміт күткендік сезіледі. Бұл қалыпта заман тұра бермес, бізге де жарық сәуле күн туар дегендей жұбаныш болады, неғұрлым отаршылық, жауыздық күшейе берсе, солғұрлым қазақтың жанына батар, ашындырар, ашынған ел қорғалай бермес, қарсы бас көтерер деп сенеді:

Мезгіліне мейлі келсін, тісі батсын,
Сұр жылан өзі оятар қатты шақсын!
Жаңадан жолбарыстай ұмтылармыз,
Көрелік төңіректі тек таң атсын!

Патша үкіметіне қарсы екендігі, келешектен үміт күткендігі мынау өлеңнен тағы көрінеді:

Қараңғы дауылды түн
Тұрса да қара бұлттар көктен төніп,
Соқса да жел долданып өршеленіп.
Мың шүкір, әлсіз қолда әлсіз шырақ —

Жылтырап жанған боп тұр қалмай сөніп,
Бұйырса, шырақ сөнбес, ұзақ жанар.
Жарығы болмаса да жан таң қалар.
Сәулелі аспанда алтын-күміс нұрлы,

Айбынды күн мен апта дәл пара-пар.
(1913-ші жыл)

Бұл өзінің өлеңі туралы деуге де болады. Бірақ Короленконың «От» деген әңгімесіне де келеді. 14-15-ші жылдардан бастап оның ұлтшылдық сезімі жетіле бастайды. Ол бұрынғыдан гөрі қаттырақ зарланады, күштірек налиды. «Тәңірі» деген өлеңінде: осынша өнер-ғылымнан, бақ-дәулеттен сорлы қылатын өгей балан біз бе едік? Басқа жұртқа жолбасшы, көсем жіберіп жатқанда көзінің қырын бір салмайтын алаштың не жазығы бар еді? Түйе баққан жалаңаш араб құрлы көрмегенін бе? – деп құдайға тілі тиеді. Қазақтың газет-журналдары шығып тұруы, қазақ жастарының жұмыла оқуға кіріскені, олардың әр қалада мәдениет ағарту ұйымдарын ашып, кеңес құрып, ұлт мәселесіне, баспасөзге араласуы Мағжанның ұлтшылдығын күшейтеді. Жастардың жігері, талабы Мағжанды да жігерлендіреді; ол жастарға сенеді, жастардан таудай үміт күтеді. «Балапан қанат қақты», «Мен кім?» «Тез барам», «Мен жастарға сенемін» деген жалынды, күшті өлеңдерді шығарды. Ақынның қасиеті – заманға жаңғырық, әлеумет тұрмысындағы зор оқиғаларға айна болып, тарихи із, тарихи материал (дерек) қалдырып отыруында. Бұ жағынан Мағжанның кемшілік жерлері бар, ұлтшыл ақынның мұндай кемшілігін айтып өтпеске болмайды. 16-шы жыл – қазақтың басына қара күн туған тарихи ауыртпалық жыл еді. Патша өкіметінің 25-ші июньде шығарған жарлығы бойынша қазақ сықылды бұратана халықтар соғыс майданына – қара жұмысқа айдалды. Қазақ шаңырағы теңселді, қазақ даласы қан жылап күңіренді. Елдің келесіне келген мұндай зор селебені, ауыр қайғыны ақын терең сезіп, айқын суреттеу керек еді. Бұл туралы Мағжанның бізге «Орамалдан» басқа берген еңбегі көрінбейді. Ұлттың ыстығына күйіп, суығына тонам деп жүрген ақынға 16-шы жылғы тарихи оқиғаны жалғыз кестелі орамалмен желпіп өткеніне көңіліміз жарымайды. Бірақ бұл кемшілік талай зор уақыттарда болған. Атақты Пушкин өз заманындағы оқиғаларды түгел суреттей алмаған, қайта Гоголь әлеумет мінін көбірек көрген. Қазіргі орыстың төңкерісшіл ақыны Клычков төңкеріс туралы бір ауыз өлеңде жаза алмаған. Ондай көрмей кету үлкен ақындарда да болған. Қазақ өмірін айнаға түгел түсірмегеніне қарасақ, Мағжан да солардай ақын. 17-ші жылғы февраль төнкерісі қазақ азаматтарына ұлт сезімінің көтерілуіне зор себеп болды. Ауызда сөйленіп жүрген ұлт қамы, ұлт мұңы іс жүзінде жарыққа шығатындай көрінеді, қазақ азаматы мәре-сәре болды. Төңкерістің болғанына, бостандық туғанына қарық болып кенелді. Әлеумет жұмысына араласа бастады. Мағжанның өсіп келе жатқан бостандық тамырына Сібірді алған патшашыл жандарал Колчак балта шапты. Патша заманының қара күні қайта туды. Қазақ-орыс атамандары Сібірдегі қазақ даласын шарлап, қазақтың басына әңгір таяқ орнатты. Мағжан көріне түсіп жоқ болып бара жатқан бостандықты жырлады. «Жаралы жам» да қазақтың басына түскен ауыр күндерді суреттеді. Сонда да Мағжан ұлтшылдық бетінен танған жоқ. «Азамат, анау қазақ қаным десең» деп азаматты елін қорғауға шақырды. Осы бағытпен келе жатқан Мағжанның маңдайына Октябрь төңкерісі тақ ете түсті. Ұлт ұранын көтерген «Алашорда» алашордашылар қашыпты, пысыпты. Саясат майданынан табаны ауды. Мағжан бұрынғы сенімнен, бұрынғы жолынан айрылын, дағдарып қалды. Баяғыдан бергі имандай ұйып, жүрегіне сіңіріп, қасиетті деп жүрген идеалы, мақсұты бір күнде тас-талқан болды. Мағжан мініп келе жатқан «ұлтшылдық» дейтін атынан айрылып, жаяу қалды. Не қыларын білмеді, іштен тынды, дағдарды, састы. Қайтсе де ол халде қалуға болмайды, бір шара, бір жол іздеу керек болды. Қарманғанда қолына түскен алданышы түрікшілдік бола кетті. Мағжанның түрікшілдігі тыңнан тауып алған нәрсе емес; әуелден-ақ бар болатын, ол «Ғалияда» жүргенде түрікшіл пікірде бірер өлең жазатын. Бірақ орысша оқуға кіріскеннен былай, ол пікірін жарыққа шығара қоймайтын. І9-шы жылдарға шейін Мағжанның түрікшілдік рухында жазылған өлеңдерін білмейміз. Колчактың кер заманы, одан қала берсе ұлтшылдықтың аузына қақпақ салған кеңес заманы Мағжанның баяғы басылып қалған түрікшілдік сезімін қайта оятты. Мағжан енді ұлт жалауын түрік жалауының панасына, түрік қанатынын астына қоюды табады. Жеке ұлтшылдықтың өрісі тарылғандығын көріп, түрік тұқымды жұрттармен әдебиет жүзінде өзінше одақ жасаған болады. Бара-бара Мағжанға түрікшілдік те тар ауданды көрінеді, ол күншығыстың — Азияның ақыны болып, Европамен, Батыспен «араздасады». Ресейде болсын, Мағжанның түрікшіл, азияшыл болу себебі, оның өз қиялынан болмаса, оның солай болайын деген тілегінен деп ұғуға болмайды. Оның терең негізі бар: мәселен, күншығыс халықтарын алсақ, бәрі де Батыстың, Европаның жемі, азығы, атып жейтін аңы болып келе жатыр. Үндістан, Ауғанстан, парсы жұрттарын, түрік, араб жұрттарын қашаннан бері ағылшын сорып, қанап келеді. Қытай, Жапония сықылды мемлекеттер – Европадағы мәдениетті, озбыр жұрттардың қырқысып, таласып, байлығын иемденбек болып көз тігіп отырған жерлері. Ресей қол астындағы түрік тұқымдары патша өкіметінің отары болып келді. Батыстың мәдениетті жұрттары өнерсіз, ғылымсыз Шығыс жұрттарын жеуге ынтасы құрып, мойнын созғалы талай жылдар, ғасырлар өтіп барады. Европадағы талай қанды соғыс, капитал соғысы көбінесе күншығысқа қожа болу үшін шығып келген. Азия – құл. Европа – қожа есебінде үкім істеген. Бұл саясатты азияшыл шығыстың жұрттары білетін. Батыстың жаугерлік торынан құтылуға талпынатын. Бірақ торды үзіп шыға алмайтын. Міне шығыстың осы қалпын ақын да білген, ойлаған. «Күншығысты Батыстың капитал бұғауынан азат ету керек» деген Кеңес үкіметінің ұраны ақынның жүрегіне жылы тиеді де, енді ол шығыс жалауына жабысады. Шығыстың ұранын шақырады. «Күн батысты қараңғылық қаптады, түн баласы қанға қақалып, түнеріп өлуге айналды, адамдықтан безді. Батыстың мәдениеті құлайды, мәдениет «пайғамбар» Күншығыстан шығуға керек», деген пікірге келеді. Бұл пікір тууға әрине, «Европаның сөнуі» деген Шпенглер сықылды ғалымдардың кітабын оқу да себеп болады. Бұл пікірге ауғаннан бері Мағжаннан «От», «Күншығыс», «Пайғамбар», «Ақсақ Темір», «Түркістан», «Жер жүзін топан басса екен», «Оқжетпестің қиясында», «Қойлыбайдың қобызы» сықылды өлеңдерді көреміз. Төңкерістің алғашқы аласапыран дәуірі қазақ тұрмысына қатаң тиді. Қазақ даласы ақтар қашып, қызылдар қуған соғыс майданы болды. Азамат соғысында ел қатты шығынданды, оның үстіне «расверстка» шықты. Әуелгі кездегі милиция, агент, тағы басқалардың лаңы қосылды. 21-ші жылы зор ашаршылық, дүние тапшылықтан, сауда тоқталғаннан шыққан жалаңаштық – осының бәрі ұласып, ел қазағына зор ауыртпалық болды. Төңкерістің түпкі мақсатын түсінбеген, төңкеріске даярланбаған қазақ жұрты күнбе-күнгі шығынын есептеп, алғашқы кезде Кеңес өкіметіне де көңілі орнықпады. Большевик деген сөзді құбыжық сияқты көріп жүрді. «Бейнеттен қашсаң дөңбекке» дегендей, қайда барсақ та, кімге паналасақ та Қорқыттың көрі дегендей қалың бұқараның әркімі-ақ «көй-көйді» тартты. Қорқыттың қобызын қолына алып, елмен бірге «көй-көйді» Мағжан да тартты. Қазақ ашаршылықты, ауыртпалықты көтере алмай жоғалып, құрып кете ме деген қауіп туды. Табан тірейтін нәрсе қалмады, жалғыз сенетіні – қызмет басындағы қазақ азаматтары болса, ақын олардың қызметтеріне де қанағаттана алмайды. Сөйтіп сары уайымға, қайғы-зарға салына берді. Февраль өзгерісіне шейін Мағжан өз басынан алыстап, әлеумет мұңына артық беріле алмады. Өлеңінің көбі табиғатты, әйелді, махаббатты суреттеуге арналады. Өзгерістен былай ұлтқа қызмет етуге керек болды; әлеумет жұмысы майданға қойылғаннан былай Мағжан өлеңінің көбін елге арнап жазатын болды. Бұрынғы істеріне өкінгендей, жастық, мастықтан бойын тоқтатқандай, «еліме есебімді не деп берем?» деген сөз аузына кіреді. «Кінәні маған қойма, жүрекке қой!» деп әлеуметтен кешірім сұрайды. Бұрын Мағжан айға, жұлдызға көзі түсіп кетсе, желді жырласа, бұлбұлмен сөйлессе, кесте тігіп отырған қызды көрсе, шолпының сылдырын естісе, альбомға сөз жазса — айналып келіп өзіне бір соқпай кетпейтін, өзін алдына қойып сөйлейтін, өзімшіл ақын болатын. Әлеумет мұңын қолға алғаннан бері, Мағжанның алатын қаһармандары: Абылай, Кенесары, Сыздық, Ақсақ Темір, Қорқыт, Қойлыбай, Баян сықылды хандар, батырлар, ақындар болса да, ақынның өз мақсаты көрінбесе де енді ол елдің уәкілі болып, елдің аузымен сөйлейді. Бұрын Мағжан әлеуметтен қашық жүрген өзімшіл ақын болса, енді ол елінің азаматы, ақыны болуға айналады. Енді ол азамат міндетін көрсетеді. Жайда ұлтшыл болып бас қамы үшін жүрген азаматты «қойды қасқырға жегізген Сәрсен отағасының төбетіне» салыстырады. Азаматқа ұран салады. Қызметке шақырады.

Азамат, анау қазақ қаным десең,
Ұжмақтың суын апарам жаным десең.
Бармаса ібіліс бол да у алып бер, тоқтатам.
Тұншықтырам зарын десең.

Азамат болсаң қазағына пайда тигіз, өйтпесең «ібіліссің» деп, ауыр міндет артады. Азаматқа сын тағады. Қазақ азаматы саясат жүзінде пікірі шынықпаған бала екенін көреді, белгілі пікір, жол тұтына алмай, бас қамын ойлап, боялып жүрген кейбір азаматтарды сөгеді.

«Біреуіне» сен тәңірім деп табынады,
«Біреуіне» мен құлын деп бағынад,
«Біреуіне» садақа бер деп жалынад,
«Біреуіне» құйрық болып тағылад.

Ылғи сорлы сағым қуып сабылад,
Ылғи түссіз бір сұр нәрсе жамылад.
Қазағы – қой, артынан оның ағылад.
Азаматқа қонақтық қой табылад.

Қазақ қой сықылды, кім бастаса, соған ере береді, қазақта білім, сана, әлеуметшілік, жұртшылық сезім жоқ. Сол қазаққа «ұлық» болғанына мастанбай, шын жүрегіңмен тура бастап, адал қызмет ет дегені. Азамат ақын заманға, тұрмысқа жарымайды, зарланады, күңіренеді, өмірден, тіршіліктен мағына таппайды. Келешектен күшті үміт күтпейді. Өлеңнің жалпы рухында үмітсіздің, сары уайымның, қайғы-зардың ізі бар. «Қысқы жолда» сардалада адасып, суық кебін жамылып қалу суреті көзіне елестейді. «Жазғы жолда»:

Төрт жағы дала, жер де көк,
Дала өлік, жоқ бір от...
Жер де жатыр тұншығып, —
деп көзіне жас келеді.

Жарына бал береді,
Береді де өледі.
Өледі толқын, тынады...
Көк бір дария қара көк,

Жұлдыздан әлі хабар жоқ,
Іште – жалын, жүрек — шоқ,
Дариға жаным өледі...

Қалың қара тұман басынан айықпайды, қараңғылық қоюлана береді, пеш ішіндегі сөнген шоқты бала үреді, шоқ үстінен кішкене ұшқын ұшып қызара түседі де астындағы ыстық күлді құшып сөнеді. Бала сөнген шықты үрлесе ақынның көзіне мөлт-мөлт жас келеді. Бұ не? Мұның бәрі өзі ме? Өзі деуге болмайды. Анау боранда бақайынан сүрініп, қалғып-шұлғып қара көгі босаңсып суық кебін жамылатындай, қалтақтап келе жатқан кім? Оны ақынның өзі деуге болмайды. Ақын олай жүрген емес. Оның айтып отырғаны белгілі — қазағы. Сардалада мәдениет сәулесінен аулақ, табиғаттың тілсіз апатына құрбан болған, тұншығып жатқан қазағы. Мағжан мәдениетті елді көреді, қазағын көреді. Екеуін салыстырады. Салыстырса арасы жер мен көктей, қазақ қашан ел болар, қатарға кірер, табиғаттың апатына шыдай алмай, жапан түзде суық кебін жамылып қала ма? Әлде мәдениетті елдің аузына түсіп жұтылып кетер ме? Мәлім емес, қазақтың келешегі қараңғы. Мынау ауыр халді көріп ақынның көңіліне шер, көзіне жас келеді. Мұндай сорлы жұрттың ішінде туып, бұл күйікті көргеннен өлгенін артық көреді. Міне, ақынның жанындағы трагедия. «Аспан қара көк дариядай баяғы қалпында, жұлдыздан әлі хабар жоқ» дегені – қазақ елі баяғы қалпында, мәдениет жұлдызы, ел болу нышаны әлі сезілмейді дегені. Сөнген шоқтың ұшқыны желдетіп қайта сөнеді, келген үміт көріне түсіп жоқ болып, жүректі өртейді. Әрине, қазақтың халы ақынды сонша зарландырғандай ауыр деп айтуға болмайды. Төңкерістен кейін жұртшылыққа кірісін, азаматы қызмет істеп, қазақтың жастары лек-легімен оқып жатыр. Аз да болса келешектен үміт бар ғой. Осынша қайғырып, зарлануға бола ма? Қырдағы ақын жылауық бола бергенше, елін мәдениетке жетектеуге көсемдік көрсете, қайрат-жігер бере жазғаны дұрыс қой. Бұ жағынан қарасақ, «Мағжаным, уайымшылсың» ден кінә қоюға болады. Бірақ оның табиғаты сондай нәзік, болмашы нәрсе оны жабықтырады, болмашы нәрсе қуантады, оның сезімді жүрегі, ұшқыр қиялы «ұжмақ» сынды сәулетті (идеальный) өмірді көксейді, бүгінгі жабайы тұрмысқа, сұр өмірге қанағат етпейді. Сондықтан ол қорыққан ақын болып шығып отыр. Әдебиет тарихын тексерген кісіге мәлім: ескі тұрмыстың шаңырағы ортасына түсіп, жаңа тұрмыс әлі орнықпаған көшелі дәуірдің ақындарында мұң-зардың, торығудың сарыны болады. Ақын ескі тұрмыспен тәрбиеленіп қалады да, жананың жақсы екенін білсе де сол өмірге тосаңсып, түсіне алмай, жаңа заманның адамы бола алмай, көп тайқалақтайды. Ақсүйектер дәуір күйреп, капитал дәуіріне көшерде, ақсүйек ақындарында да сондай торығу, ескіні жырлау болған. Өйткені ескі өмірдің жақсы жақтары көңілде сайрап тұрады, жананын не боларына көзі жетпейді. Міне осындай көшпелі дәуір басталарда, адам көзін сүзіп, жабыққан заманда әдебиет бағыты романтизмге айналатын. Біздің Мағжан да романтизмге беріліп отыр. Ол жалғыз ақынның сезімі емес, елдің де арманы, көңілі, «әттең баяғы дәуреніміз болар ма еді?» дейтін ер ел ішінде де аз емес. Мағжан романтизмге салынып, көшпелі дәуірдің рухын айнаға түсіріп отыр деуге болады. Мағжан қала тұрмысынан жиренеді, қалаға қанағат ете алмайды, табиғатты, даланы мақтайды. Қала өнер-білім қайнаған жер, жемісі, қызыл гүлі жайнаған жер болса да, ақынның «тәні рақат, жаны шат» болып жүре алмайды. Өйткені «қаланын жыбырлаған жаны, дем ала алмайтын шаны, еркіндікпен жүргізбейтін заңы» бойын жаздырмайды. «Кең далада, қалын орман, ну тоғай, шалқар көл, самал жел, сары қымыз, сұлу қыз» есіне түседі. Өмірдің сұлуы – «дүниенің ұжмағы» – дала сияқты көрінеді. Сәрсенбайға атты айдатын, шу-шулап қаладан шыққанша асығады.

Қала бір жатқан дәу пері,
Айналасы тұман, түн,
Дем алысы от-түтін.
Жарқ-жұрқ етер көздері.

Қаланың әйелдері күнде сүйгіш опасыз:
Жүздерінің қаны жоқ,
Көздерінің жаны жоқ.
Еркектері перілер,

Оларда отты жүрек жоқ.
Тамақтан басқа тілек жоқ,
Сәрсенбай-ау, сен неге
Шырқап бір ән салмайсың? –

деп кеңдікке, еркіндікке шығып жаны сая табады. Мағжанның көп өлеңдері табиғатты суреттеуге арналады. Табиғатты Мағжаннан көп, онан артық суреттеген қазақ ақыны кем де кем шығар, Мағжан табиғат қойнында туып, табиғат анасының бауырында өскен нағыз табиғат ұлы, оның жүрегіндегі жіптің бір ұшығы табиғат сырымен жалғаулы, романтик ақын табиғатты дәріптеген соң, оның қойныңдағы елді, жұртты айтпай тұрсын ба? Қазақтың өткендегі өмірі мінсіз, кірсіз, идеальный өмір көрінеді, оған бұрынғы өткен қарттар да, байлар да, батырлар да, ақындар да, жақсылар да бұл заманда болмайтын жат адам болып көрінеді. Нағыз өмір, нағыз дәурен соларда болған, «адам» деп, «ер» деп ауыз толтырып айтуға солар жарайды. Бүгінгілер немене? Адамгершілік, ар-ұяты жоқ«қыбырлаған қоңыздар, қорсылдаған доңыздар»... сықылды көрінеді. Қазақ әдебиетінде романтизм дәуірі аяқтануға Мағжан көмек көрсетті деуге болады. Бұрын Мағжан өлеңдерінде орыстың түрлі ақындарына еліктегіштік көрініп тұрса, қазақтың ақындарымен танысқаннан кейін Ақан сері, Шәңгерейлерді жинағаннан былай, Мағжан өлеңінің бетін ескілікке қарай бұрады. Енді қазақтың ескі ақындарын дәріптейді. Қазақтың ескі заманын жырлайды. Ертегі, Қорқыт, Баян – Мағжанның романтизмі күшейгендігіне дәлел. Қаладан жиреніп дала қашса да, Мағжан қаланын мәдениетінен қаш деп айта алмайды. Жек көрген қала – мәдениет ошағы, жақсы көрген елі – надандықтың ұясы. Бір жағынан еркіндікті сүйсе, екінші жағынан ол өмірдің тұрақсыз екенін ойлайды. Сондықтан Мағжан қазақтың бұрынғы ақындарының (Абай, Ахмет, Міржақыптың) ізін қуып, халықты өнер-білімге шақырады. Мағжан сондықтан мәдениетшіл романтик болып отыр.

1912-ші жылдарда:
Заман түлкі – тазы бол! —
десе, 15-ші жылдарда:
Басқа жұрт балалары оқу қуған,

Біліммен өз жұртының бетін жуған.
Ішіп-жеп босқа жүрсе хайуан малдай,
Адамзат жер-жүзіне не үшін туған! –
дейді. 1917-ші жылдарда:

Өзім тәңірі, табынамын өзіме,
Сөзім құран, бағынамын сөзіме.
Бұзушы да, түзеуші де өзіммін
Енді ескілік, келдің өлер кезіне,—

деп, ескіліктен ат құйрығын үзеді. «Зура деген қыз түн сайын жылап «құдайға» жалынын жүріп, түрлі жұлдыз болған екен. Сен де оқып, қазаққа жұлдыз болып нұрыңды шаш – деп Ғазиза қарындасына ақыл айтады. Мағжан – еліктегіш ақын. Еліктеу ақынға мін емес, қандай күшті ақындар да алдыңғы ақындарға еліктемей жаза алмаған. Пушкин, Лермонтов, Байронға, Шекспирге еліктеген. Толстой сықылды әлемге аты шыққан жазушы да Пушкинге, Гогольге еліктеп жазған. Леонид Андреев, Чехов, Арцыбашев, Сологуб сықылды ақындар Достоевскийге еліктеген, Максим Горький, Пушкиндерді жатқа білген. Абай Лермонтов, Пушкинге еліктеп жазған. Бір ақын көп еліктесе сол көп еліктеуші Мағжан деуге болады. Мағжан еліктегенде орыс, қазақ, татар, араб деп талғамайды. Кімнің сөзі көңіліне жақса, соған еліктеп жазады. Сондықтан Мағжанның алғашқы кездердегі өлеңдерінде неше түрлі рух бар. Сыртқы түрінде орыстың бейнешілдеріне (символист) еліктесе, ішкі рухында күйректік, жылауықтық (сентиментализм) романтизм болады. Сентиментализм әсері, әсіресе әйел теңдігіне арнап жазған өлеңдерінде ұшырайды. «Домбыра», «Зарлы сұлу», «Жәмила», «Шын сорлы», «Жас келін», «Алданған сұлу», «Тілегім» деген өлеңдерін оқысаңыз, бәрінде де әйелдің халін өте ауыр көрсетіп, әйелмен мұңдасқандай, әйелді аяғандай, есіркегендей, оқушылардың жанын ашытқандай мұң бар, зар бар:

Жәмила, мұнша неге жүдедің,
Бетінде тамшы қан жоқ қой.
Сарғаймашы, бауырым? —

деп іші-бауыры елжіреп қатты аяйды. Шыдай алмай, өзі де бірге жылайды, оқушының да жүйесін босатады. Ақынның кірісі сондай, бос әйел көрсе жыламай қоймайды. Сүйген жары құшағында бола ма, әлде айрылып кете ме, қуана ма, күйіне ме, әйтеуір көзінің жасын тыя алмайды. Екі сөзінің бірі сүйейін де өлейін, күйейін де өлейін. «Бота көзім, өлтіріп кет қолыңнан, тірі тастап кетіп мені не етесің?» Әйелді аяп есіркеу, орыстың бейнешіл ақындарына еліктегендігі Мағжанның бар өлеңдерінде көрінеді. Жазу жолында бейнешілдердің – негізгі әдісі – ишарамен, бейнемен түсін бояп, көлеңкелеп жазу, олар төңіректегі деректі тұрмыстан өзге дүниеге, ана дүниеге бір ұйқастық іздейді. Сөздің ішкі маңызында көбінесе, сыртқы ұйқасына, тізіліміне, ырғағына көбірек назар салады. Олардың сөзі ақылдан гөрі жүрекке артығырақ әсер беріп, сезімді билейді. Бүгінгі өмірді онша керек қылмау, өзінен өзгені жақтамау, өнерді өте жақсы көру, әйелді сүю, махаббатты жырлау – міне, бейнешілдердің тұтынған жолдары. Сондықтан бейнешілдердің өлеңі құлаққа жағымды, үнді, әуезді, күйлі, зарлы келеді. Дыбыстардың құрылуы сурет туғызды. Өлеңнің тілге жеңіл, құлаққа жылы тиюін Абай да іздеген, Абай да сөздің, ішін мәнерлі, тонын сұлу қылуға тырысқан, бірақ дыбыспен сурет жасауға, сөздің сыртқы түрін әдемілеуге Мағжанға жеткен қазақ ақыны жоқ. Өлеңнің сыртқы сұлулығына, дыбысына әуестеніп кеткендіктен кейде Мағжан өлеңдерінің ішкі маңызы кем болып шығады. Шу дегенде ермек үшін қатарлап жиып қойған баланын қуыршағы тәрізді көрінеді. Бірақ жұмбақ та болса, тіпті мағына шықпайтын өлең жоқ. Бәрінде де мағына бар. Мәселен мынау өлеңін алайық:

Сап-сары бел, еседі жел, еседі,
Еседі жел, көшеді жел, көшеді.
Дала тұйық, бала тұйық, екі үнсіз,
Дала жұмбақ, бала жұмбақ шешусіз.

Сап-сары бел, еседі жел, еседі.
Дала жұмбақ, бала жұмбақ кім шешед?

Қарапайым қазақ осы өлеңнен не ұғар еді? Түк ұғуға болмайды. Қарапайым адам түгіл, осы өлеңді өзіміз қалан ұғамыз? Бәріміз бірдей осы жұмбақты шеше алар ма екеміз? Сыртынан қарағанда, «сап-сары бел, еседі жел, еседі, Көшеді жел, көшеді» дегендерді қайта-қайта айта берген бір түрлі сөздер, пәлендей мағына жоқ тәрізді. Бірақ анығында мағына бар. Мағынасыз сөз, сөзсіз мағына болмайды. Мағжан тағы жазады.

Өтеді өмір, жүрекке шер байланды,
Өтеді өмір, жүрек көмірге айналды.
Өтеді өмір, бітеді жыр, жүрек күл,
Жырсыз жырау, тиіп қырау солды гүл.

Мейірімді ана жас бөпесін ұйықтатарда: «Әлди-әлди, ақ бөпем, ақ бесікке жат бөпем, қой-қой бөпем, жылама?» деп қоңыраулатып, қоңыр әнге салады. Сол тәрізді Мағжан өлеңдерін оқығанда, адамды әлдилеген, тербеткен сипатты, біресе мұң-зарға, біресе қайғы-шерге, біресе сары далаға, біресе өткенге айдайды, жаныңды билеп, көзге әлденелер елестейді; алдында ұшы-қиыры жоқ, бір белден ассаң, бір бел, толқынды сары далада тұрғандай боласың, екі жағына кезек теңселіп, ырғаң-ырғаң басып қарқарасының қоңырауы сылдырлап, сәукелесі, үкісі бұлғаңдап кетіп бара жатқан көпті көргендей боласын; кейде ақ сандықта ақ көйлегі, жез құманы бұлғаңдап, шолпысы сылдырлап бел асып бара жатқан әйелдерді көргендей боласың.

Сылдыр, сылдыр, сылдыр
Сыбырға айналды сылдыр.
Жүректі өртеді құрғыр-ды.

оқығанда, маңайыңның бәрі сылдырлап кеткендей боласың. Мағжанның өлеңі дыбысымен, күйімен, ырғағымен қазақ даласын суреттейді. «Сап-сары бел» деп заман өтіп бара жатқанда, күпісіне оранып, бұйығып жатқан қазақ елін жырлайды. Бейнешілдердің өлең жазу әдісін Мағжан қазақ әдебиетіне кіргізді. Кей жерде Мағжан символистер өлеңінің сыртқы түріне еліктесе, кейде ішкі мәнісін де алып жібереді. Бальмонт 22 жасында өмірден торығып, әлеуметтен қол үзіп: «Әлдиле, өлім, әлдиле» десе, Мағжан да Бальмонтшілеп, жас басынан торығып, елім шақыруды шығарды. Мағжанның еліккен орыс ақындары көп, оның бәрін санап өтудің қажеті жоқ. Осы да жетер. Мағжан татар ақындарына да еліктеген. «И-нің альбомына» деген өлеңі Тоқаевқа еліктеген көрінеді. «Көңілді ашар», «Сәуле», «Хор сипаты қарындас», «Күз», «Өткен күн» деген өлеңдерінде Абай сөздері ұшырайды. Мысал үшін мына бір өлеңін салыстыруға болады.

Мағжанның күзі:
Көрік жоқ қырда, ойда шығып жүрсең,
Естілмес құс-құрт дауысы құлақ түрсең.
Қақтанған жамыла түсіп, от мазданып.

Көресің кемпір-шалды үйге кірсең.
Абайдың күзі:
Кемпір-шал күржең қаққан, бала бүрсең,
Көңілсіз қара суық қайда көрсең.

Кемік сүйек, сорпа-су тимеген соң,
Үйде ит жоқ, тышқан аулап қамда көрсең.
Мағжан жазады:
Сыдырап аққан өзенге

Үй тігіп дереу қонысып,
Бұрала басып былқылдап,
Әзілдесіп сыңқылдап,
Жас келіншек, жас қыздар,

Кереге жайып, уық байлар.
Абай жазады:
Сылдырап жатқан өзенге,
Көшіп ауыл қонғанда.

Қыз-келіншек үй тігер,
Бұрала басып былқылдап.
Ақ білегін түрініп,
Сыбырласып, сыңқылдасып.

Абайға еліктеуі ең алғашқы кезде болған. Ол кезде жалаң Абай емес, Ахметке, Міржақыпқа да еліктеп жазған, мәселен Мағжанның:

Қаракерей Қабанбай,
Қанжығалы Бөгенбай,
Қара балуан Жәнібек...—
деген сөздері Ахметтің «Тілек батам» деген өлеңіндегі:

Қара балуан Жәнібек,
Қаз дауысты Қазыбек,
Жетім қалған жұртына,
Кім тиянақ қазық ед? —

сөздерінен бөтені жоқ.

Бастапқы кезде Мағжан орыс әдебиетінен көбірек үлгі алған болса, соңғы кезде Мағжан орыс ақындарының әсерінен айрыла бастағандығы көрінеді. Бұрын сөз кестесін орыс ақындарынан алатын болса, енді ол үлгіні қазақтың ескі ақындарынан іздейді. Орыс ақындарының ықпалынан шыққан жері Мағжан өлеңдері қазақ рухында, қазақ ұғымына жақындап жазылады. Мағжанның ақындық күші де соңғы кездегі өлеңдерінен көрінеді. Мағжанның сөз кестесі қазақтың ескі әдебиетіне қарай ауғандығына мысал бір өлеңді алайық:

Еділде
Бүктетіліп жатқан бел,
Сүтке тойған марқадай.
Бұйра қою қараған

Белге біткен шалқалай,
Су жеп қойған жұмыр тас,
Түйір-түйір малтадай.
Арнада өзен қылығы,

Қылмыңдаған қалқадай.
Түсте толқын тулап ед,
Ойнақтаған тайлақтай.
Кешке толқын тынып тұр,

Қоңыр-іңір бейуақтай,
Тізілген толқын меруерт,
Бір-біріне тағылып,
Шұбырған толқын шуменен,

Ағытқан қойдай ағылып. «Қорқыт», «Баян» сықылды поэмаларды Мағжанның нағыз өз тумасы, орыстан я басқадан жұқтырып алды деуге келмейді. Мағжанды еліктегіш ақын дегенде, көбінесе өзінен бұрынғылардан алған өрнегін айтып отырмыз. Болмаса барлық өлеңдері ылғи еліктеумен шыққан деп айта алмаймыз. Ол еліктесе, сыртқы түріне, тонына еліктейді, ішкі мазмұны, ішкі сыры өзінікі болып отырады. Енді Мағжан өлеңдерінің ішкі жағына, дүниеге көзқарасына азырақ тоқтап өтейік. Әр ақында өзінше дүние тану, өмірге, табиғатқа баға беру деген нәрсе болады. Мағжанның пікірі қандай екен? Оны білуге керек. Алдымен ол өмірге, тіршілікке қалай қарайды? Жоғарыда айтып өткенбіз, Мағжан тұрмысқа көңілі жарымаған, өмірден түңілген, өткенді жырлап, мұң-зарға салынған уайымшыл, үмітсіз ақын дегеміз. Олай болған соң өмірден қажыған, жабыққан ақын өмірді жақсы деп, тіршілікте қызық, рақат бар деп сенбейді. «Алдамшы өмір, қу ғұмыр, сұм жалған..» деп қарайды. Сөзімізді дәлелдеу үшін бірнеше өлеңдерінен мысал келтірейік.

15-17-ші жылдарда:
Сұм өмірде алданармыз, сүйерміз,
Айрылармыз, сүйген жардан күйерміз.
Болмаса:

Жасаған, тез алатын ажал жоқ па?
Қинама, тез өлейін, ұшыр оққа, —

деп өмірге тойып, өлім шақырып жазса, сол пікірі 22-23-ші жылдарда да айтылады:

Ду етер, сорлы адамды әуре етер,
Көз ашып-жұмғанынша жоқ боп кетер.
Қылғанша әуре-сарсаң сорлы құлды.
Тәңірі ием, жаратпасаң, сонда не стер!

Өмір сөнед, үміт өлед, не қалды?
Мөлт-мөлт етіп көзіме жас келеді.

Бұл сөздерге өмірден мағына, тіршіліктен мақсат, келешектен үміт күтпегендігін көрсетеді. Адам сүю, күю үшін, азап шегу үшін жаралады екен. Өтпейтін нәрсе жоқ, бәрі өтеді. Қанша кенелгенмен, жас болдым, жар сүйдім, қызмет қылдым дегенмен – бәрі опасыз, аяғы барып өлімге сарқады. Тіршілік деген бір әурешілік; өмір, өлім мәселесі талай ойшылдарды, ақындарды терең қиялға батырған. Не үшін жасау керек, өлетін болған соң, осы әурешілік, бәрі не керек? – деген қаралы сұраулар жалпылама адамның басына келе бермейді. Не өте сезімді, ауырған, не ажал босағасына таянған адамның ойына келеді. Ақын тұрмысқа өмірде қанағат етпесе, оның алданышы не болмақ? Не үшін жасамақ? Әрине адамда аз да болса, бір үміт, бір таяныш болу керек. Ондай таяныш болмаса тіршілік етіп не керек? Адам – алдағыш, адам – жауыз, өмір – азап, келешек – қараңғы, бәрі – өзгергіш, опасыз. Өзгермейтін, алдамайтын таза қасиетті нәрсе не? Ол – табиғат. Табиғат, махаббат, көркемдік – міне, қашаннан бері ақындардың жырлап келе жатқан, бас иген құдайы, жабыққан жанына ем болған даруы. Сол заңға Мағжан да құл болған ақын. Ол да табиғатты табиғаттың қойнында жырлайды, тыным алады, жаны сая табады. Мағжан табиғатты дәріптейді. Оған еш нәрсені теңгермейді. Теңгерсе аса қадірлі, қасиетті нәрсені теңгереді. Кіршіксіз таза махаббат кімде болу керек? Баласын сүйген анада болу керек. Сүйген асық жарда болу керек. Жүректі елжіретіп, ерітетін, өлгенді тірілтпесе де, өткенді жандыратын өмірдің қызығы, ләззаты осылар. Бұларсыз өмірде мағына жоқ, бос қуыс. Мағжан табиғатты сондай көреді. Табиғатты жазса айнымас анаға, нәресте балаға, болмаса сүйген жарға теңеп жазады. Ол табиғатқа жан салады, құшақтастырады, сүйістіреді.

Көкке тиген биік тау,
Құшақтасып тауменен,
Ақырын ескен жылы жел,
Маужыратып тербетіп, —

деп, тау мен тұманды ғашық жарларша құшақтастырып, желге анаша баласын тербеттіреді:

Сылдыр-сылдыр, сылдырлап.
Бірінің сырын бірі ұрлап,
Толқынды толқы» қуады! —
деп толқынға жан бітіреді.

Еркетай жаз бір күлсе,
Күлмей шыдап кім қалар!—
деп жазғытұрғы жарлардың ақ жүзін суреттейді.
Періштем деп айналып,

Алтын айна күн жүзер! — деп, күнді мейірімді анаға салыстырады. «Жел сықылды тентек бала болып сұлулардың бетінен сүйем» деп, желді де бозбала жігіт қылып қояды. Ақын махаббатқа сенеді: жүрегі сезеді, махаббатсыз өмірде мағына бар деп білмейді. «Көңілді ашатын, жалынды басатын, жалғыздыққа, зарыққанда, талыққанда жүрекке ем болатын жалғыз ғана махаббат, адам шын сүйсе, махаббат жүректі жаралайтын тікенек! Жар сүйсе жүрек жазылады, сүймесе өледі, махаббат – бір тәтті у, дүниенің у-шуы жүрекке махаббаттай күшті әсер бере алмайды», міне, ақынның махаббатқа көзқарасы. Бірақ махаббатты мәңгі деп ұқпайды. Кейде махаббат тез сөніп қалуға да мүмкін деп қарайды. «Сүю мен жек көрудің арасы – бір-ақ аттам» деген нақыл өмірден, тәжірибеден алынған сөз. Сондықтан ақын:

Алдағаным жоқ, арбағаным жоқ,
Сен сөзіме, сұлу қыз,
Тап сол сағат сүйгенім хақ,
Куә мынау көп жұлдыз, —

деп махаббаттың өзгеретіндігін айтады. «Ақын – көбелек, балыңнан татса, тастап кетеді» десе де, біржола махаббатқа беріліп кеткендігін «Г... ге» деп жазған өлеңдері ашып береді.

Сүйдің мені, басқа жанды көрмедің,
Жасып төктің, қадіріңді білмедім.
Мөлдіреген шын меруерт жасыннан,
Садаға боп, сорлы неге өлмедім? –

деп өкініп зарланады. Сүйген жары болмаса, оның өмірі де, ақындығы да сөнетін тәрізді.

Болса гүлсіз, бұлбұл үнсіз,
Үнсіз өмір – сөнген көмір,
Отсыз жүрек — бос қуыс...

«Гүл болмаса бұлбұл сайрамайды, ақын жырламайды; бұлбұл сайрамаса, бір сұр құс, жырламаған ақын – жабайы адам, сүйе білмеген жүрек – қуыс кеуде». Ақын шын сүйсе, таза сүйеді. Бірақ өзінше сүйе білетін адамды көп көре алмайды, көбінікі қолдан жасаған бояма, күнделік есеп екенін біліп, ақын тез суынады. Мағжанның махаббат туралы күшті өлеңдері: «Айрылғанда», «Тірілдім», тағы басқалар. Басқа жағынан Мағжан идеалист болса да, махаббатқа идеализм көзімен қарамайды. Ол «бұлай ғана» сүю болады демейді. Жан-тәнімен тұтас сүйгенді махаббат дейді. Жалпы әйелді ғарыштан, нұрдан жаралды, періште деп көрсе де, өзі сүюге келгенде, «жар» деп, еріктің «жарымын» деп қарайды. «Шолпы», «Сүй, жан сәулем», «Құр қалыппын», «Жұлдызды – жүзік, айды – алқа ғып берейін» деген өлеңдері махаббатқа Абайша қазақша қарайтындығын көрсетеді. Бұл жағынан келгенде ол – материалист (затшыл). Ал енді жалпы әйелге көзқарасын алсақ Мағжанның пікірі қазақша емес, қазақ «әйелді еркектің сол жақ бұғанасынан жаратады», «байтал шауып бәйге алмайды» десе, Мағжан олай демейді. Ол әйелдің теңдігін көксейді. Әйелді азаттыққа, мәдениетке шақырады.

Жаратты тәңірі әйелді,
Бастасын деп бар ерді.
Туралық, шындық жолына,—
деп, әйелді еркектерге басшы қылмақ болады.

«Матриархат» заманын еске түсіріп, әйелді туралық, шындыққа бастайтын пайғамбар қылып көрсетпек. Әйелді күн орнына ұстап, мал орнына сататын, еріккенде ойнап, ермек ететін еркектерге:

Бұл ісіңді қоймасаң.
Әйелмен ылғи ойнасаң,
Жүрмесін көп боп бұл күнін, —

деп оларға кіжінеді. «Әйелін күн қылған ел ел болмайды» деген пікірді айтады. Төңкеріс болып, бостандық заманы туғанда, әйелдің теңдік алғанына қуанып, жігерлі сөздерін сөйлейді:

Мынау ту кімнің туы – әйел туы,
Енді әйел азат ұшқан көлдің қуы.
Улаған жанымызды сансыз жылдар
Жойылды бүгінгі күн қасірет уы.

Анау таң кімнің таңы? Әйел таңы.
Бүгінгі күн шын азат әйел жаны.
Соқыр құрт, сасық доңыз, кет жолымнан!
Басар сені төгілген әйел қаны.

Құрт аурудай жайлап, әйелдің еңсесін көтертпей, тұншықтырған доңыздай сасық, ескі ғұрыптың пердесін жыртып, атын келе жатқан жаңа тап сенікі деп, әйелдерге ұран салады. Өзі де сол әйелдер тобының ішінде жүргендей, «жанымызды улаған» деп, әйелдің қасіретіне де, қуанышына да ортақ екенін сездіреді. Кейбіреулер Мағжанды ескішіл дегеннен тудырып, діншіл деп ойлап қалуы мүмкін. Олай ойлауға да жеңіл-желпі себеп бар. Мағжан екі сөзінің бірінде «алла, жасаған, пайғамбар, періште, иман, құран, ғарыш, ұжмақ, ібіліс...» деген сөздерді келтіреді. Осындай сөздеріне байланысып, діншілдікпен айтады десек, ол тым сыңаржақтық болады, қандай дінсіз ақын болса да, сөзді күшейту үшін, халықтың ұғымымен есептесу үшін дін лұғаттарын алудан қашпайды. Қазақтың, қала берсе мұжықтың ақыны боламын деген кісі «құдай, әулие, пайғамбар...» деген сықылды күшті сөздерден қашып құтыла алмайды. Өйткені бұқарның екі сөзінің бірі құдайсыз келмейді. «Құдай біледі, мен сенің құдайыңмын», «сен құдайдың баласы ма едің?» деген сөздердің орнына құдайды алып тастағанда, қандай күшті нәрсе табарсың? Егер Мағжан «өзім тәңірі, сөзім құран» демесе, өлеңі сондай күшті, сондай бойлауық болар ма еді? Әрине жоқ. Ол екеуінен күшті қазақ ұғымында сөз жоқ. Қазақ діншіл емес, құдай деген сөзді ойыншық есебіне қолданады. Дін көзімен, құран көзімен қарасақ, (ләм иалид, уә ләм нуләл) құдай ешкімнен туған да емес, бала тудырған да емес. «Құдайдың баласы бар десең, кәпір боласын» деген шариғатты күнде қақсап жүрген молданың тілін кім алып жүр? Жаны қысылған кезде дін былай қалмақ. Сол сықылды. Мағжанның «құдай» деген сөзі де, халықты не діншіл, не дінсіз қылуға түк септігі жоқ. Шеген дейтін кісі өлгенде келіні жоқтап, дауыс қылыпты:

Аспанда ұшар лашын,
Лашын жаяр құлашын,
Әтекемді алған құдайдың,
Келіні мендей жыласын,—

деп. Соны айтқан қатынның ауызын кім жұлып алды дейсіз? Қазақ ішінде қожа, молда, бір жағынан діншілдікті ексе, екінші жақтан дінсіздікті егуші тентектер де аз емес. Және дін сөздері, «А, құдай!» деген ұғымдардың қалмау себебі: тұрмыстан, шаруадан болады. Табиғаттың терең сырын, ішкі заңын білмеген, тіршілігі, өмірі табиғаттың құбылуына байланысқан табиғаттың құлы болған диқаншы, бақташы халық бір зор күш бар деп білмек. Ол күшке бағынбақ. Табиғаттың мұрнын тесіп, мініп алған жұрт ондай күшті зат бар деп білмейді. Өйткені табиғаттың бар сырына ақылы жетіп отыр. Сондықтан «құдай» деген сөз көп жылға шейін қалмайды. Орыстың мұжығынан шыққан төңкерісшіл ақындар төңкеріс өлеңдерін Ғайсасыз, Жебірейілсіз, Мекесіз, әулие Николасыз жазып отырған жоқ. Ол ақындардың сөзіне алғашқы кезде құлағы тосаңсыған марксшілдер болса да, соңғы 3-4 жылдың ішінде ондай сөзді шұқылауды қойды; бір ауыз сөзге емес, жалпы мағынасына, пікіріне қарай, төңкеріс әдебиетіне жатқызатын болды. Мағжан дінді жақтамайды, дінге қарсы, ол – мәдениетшіл, дін мәдениетке бөгет болады. Сондықтан дінмен ұстаса жазады. «Үйретіп «дін» деп құлдық, қорқақтықты, қандай күл бізге молда бола қалады». «Ым» деп еріктен, еңбектен, қайрат-күштен айырған дінді ләғнеттеді, «жалбарып жасаған деп жас төкпеспіз, өзіңде, сөзін де бізден аулақ!» деп отырған ақынды діншіл деуге келмейді.

Өзім тәңірі, табынамын өзіме,
Сөзім құран, бағынамын сөзіме,
Бұзушы да, түзеуші де өзіммін.
Енді ескілік, келдік өлер кезіне, —

деген ақынды құдайшыл, ескі ғұрыпшыл деуге болмайды. «Дін, мешіт, құдай» деген нәрселер құлқын, тамақ үшін тұтынатын байлар мен молдалардың құралы екенін ашық айтады:

Бұл үйді мешіт дейді, құлыншағым!
Ерігіп қуған болып ата заңын.
Анда-санда домалап бару үшін
Салдырған өзіне арнап жуан қарын.

Бұл мешіт – көк үйі емес, қарын үйі,
Көргің келсе, көріп кел, мал базарың.

Мағжан — идеалист. Дүниені рух, пікір билейді, тұрмысты сана билейді, тарихта әлеумет маңызды емес, жеке адам маңызды дейді. Сондықтан ол хандарды, батырларды мадақтайды. «Тәңірі бар бір ғана Қиял аты» деген пікір идеалистердің пікірі, бірақ оған қарап діншіл деуге болмайды. Екеуінің арасында айырма бар. Осымен Мағжанның дүниеге көзқарасын токтатып, енді оның ақындық күшіне келейік. Мағжан ақын ба, ақын емес пе? – деген сұрауды қоюда мағына жоқ. Оны ақын емес деп, таласушы бола қоймас. Жалғыз-ақ ақындық күші қандай деген сұрауды қою керек. Бұл сұрауға Мағжанды күшті ақын деп жауап береміз. Несімен күшті? Тыңнан тапқан жас пікірімен бе, болмаса терең ой, терең пәлсепесімен бе, әлде қазақтың өткен-кеткенің, бүгінгі өмірін айнаға түсіргендей көрсетіп, келешекті болжап, пайғамбарлық еткендігімен бе? Жоқ, бұлардың бірі де емес. Мағжан терең ойдың ақыны емес, ол заманды суреттеуге шебер емес. Ол келешекті болжап, жұртты соңына ертетін пайғамбар ақын да емес. Мағжан – сыршылдығымен, суретшілігімен, сөзге еркіндігімен, тапқыштығымен, күшті, маржандай тізілген, торғындай үлбіреген нәзік үнді күйімен, шерлі, мұңды зарымен күшті. Мағжан – алдымен сыршыл ақын. Мағжан өзіндей «тілге жұмсақ, жүрекке жылы тиетін үлбіреген нәзік әуез қазақтың бұрынғы ақындарында болған емес. Ол жүректің қобызын шерте біледі, оның жүрегінен жас пен қаны аралас шыққан тәтті сөздері өзгенің жүрегіне тәтті у себеді. Мағжан не жазса сырлы, көркем, сәнді жазады. Оқушының жүрегіне әсер бере алмайтын құрғақ өлеңді, жабайы жырды Мағжаннан таба алмайсыз. Ол табиғатты суреттей ме, әйелді жаза ма, тарихи адамдарды ала ма, ертегі айта ма, ұран сала ма – бәрінде де ақынның ойлағаны, сезгені, жүрегінің қапырығы, жанынын күйзелуі, көңілінің кірбеңі көрініп турады. Қай өлеңін оқысаң да, не ақынмен, не өз жүрегіңмен, не ен жүрегімен сырласқандай боласың. Ақынның өзі көрінбейтін өлеңдерін оқысаңыз да, еріксіз бір сезім туғызады. Әлде өкіндіреді, әлде мұңайтады, әлде жылатады, әлде аятқызады, әлде есіркетеді, әлде жігер береді.

Шер батса кім іздемес туған елін?
Тұлпар да көздемей ме тан жерін.
Арқаның ардагері қалың алаш!
Тұр анда біле білсең, сенің жерін,—

деген тәрізді сөздер еріксіз бір сезімді тудырады. Мұндай қыздырма сөз Мағжанда толып жатыр. Ақынның ұлтшылдығы осындай сөздерінен көрініп тұрады. Ақын салқын қанды болса сөзі қанатсыз, желсіз болмақ; жалынды сөз жалынды жүректен шығады. Мағжанның кейбір жалынды сөздері Максим Горькийдің сөздеріне ұқсайды. Ауыз толатын айбынды асқақ сөз Мағжаннан шығады. Оның сөздері жүректі қытықтан, жыбырлатып қана қоймайды, түбімен суырып мейіріңді қандырады. Еркін балуан қан майданда жарық еткізіп шалып соққанда, «Па, сабаз-ай!» деп отырған жұрттың айызы қанбай ма? Кейде Мағжан желдетіп, бір сөзіне бір сөзін асырып, түйдек-түйдегімен тастап кеткенде, сен де «Па, сабаз-ай!» дегің келеді (әрине, көркем сөзден ләззат алатын болсаң). Суретті, кестелі, көркем сөз Мағжаннан табылады, Мағжанды ақындық жағынан сөзсіз суретші деп айтуға болады. Суретшілік жағынан Мағжанды Пушкинге теңеуге ауыз барады. Міне, ашуланған батырдың суреті:

Түкті қабақ жауып түске» көзіне,
Ұшқын шашып, от ойнап тұр көзінде.
Қырлы мұрын, қырмызы ерін, қап-қара.
Тікенектей түк шығып тұр жүзіне.

Міне, Көкшетаудың суреті:
Көкшені күндіз, түнде мұнар басқан,
Қап-қара бұлттарменен құшақтасқан.
Алдында бұйра жалды бөлек тау тур.

Көкшеге қосылмаққа қойнын ашқан.
Мөп-мөлдір дөп-дөңгелек көл ортада
Жел ойнап, ақ бетіне меруерт шашқан.

Мұндай айқын сурет қазақ ақындарында болып көрген жоқ. Пушкин 5-6 ауыз сөзбен толық сурет туғызады десе, аз сөзбен көп сурет шығару Мағжанда да бар:

Келеді маң-маң басып Оқжетпеске,
Құмдарға жолбарыстай тастап ізін, —

деген сөзбен бұл келе жатқан қандай кісі екенін, жүрісі, киімін, мінезін – бәрін көз алдына алып келеді. Қазақ ақындарында Шәңгерейдің суретшілдігі – сөз күші Мағжанға жақын келеді.

Құйрық атып құлия,
Түлкідей қашқан жымия,
Қараңды үзіп барасың,
Біздің де қайран дүния! —

деп толғайды Шәңгерей. Өтіп бара жатқан өмірді бұдан күшті қалам суреттеуге болады?

Қомағай қара топырақ бүлкіл қағып,
Асығып екі жастың қанын ішті, —

деп суреттейді Мағжан. Мұндай суреттер толып жатыр. Бәрін тере берсек, көп орын алады. Басқа жұрт өз өнерпаздарымен мақтанса, қазақ әдебиеті де бір кезде суретшілдік жөнінен Мағжанымен мақтануында сөз жоқ. Мағжанның ақындық күші, сөзге еркіндігі, суретшілдігі «Баянда» толық көрінді. Абай айтқан «сөз патшасы» «Баянда» бар. Адамдардың мінезін дұрыс келтіру, биге – бише, батырға – батырша, ханға – ханша баға беріп, әрқайсысының аузына өздеріне лайық сөз салуы, сұлуды, махаббатты, батырды, соғысты, өлімді суреттеуі өмірді түйе білгендігін көрсетеді. «Баян» – қазақ әдебиетінде бола бермеген табыс. Әсіресе «Баянның» басқы бөлімінде сурет, шешендік толғау, күй төгіліп кеткен. Соңғы бөлімі солғындау шыққан. Соған қарағанда Мағжан алысқа шабатын сылпылдақ жүйрік емес, шыға салма, ағыншыл жүйрік деп айтуға болады. Күшті ақын өзгелерді өзіне еріксіз еліктетеді, соңынан шәкірт ереді, әдебиет жүзінде жаңа жол (школ) ашады. Мағжан да күшті ақын. Күштілігі еліктеткенінен көрінеді. Осы күнгі өлеңшілердің көбі Мағжан өлеңінің не сыртқы түріне, не ішкі мазмұнына еліктемей жаза алмайды. Кім өлең жазса, Мағжан сөзінен бірдемені алмай қоймайды. Алайын деп алмаса да, еріксіз, өзі байқамай алып қояды. Неге? Кестелі, ырғақты, күшті даяр сөз, даяр түр ауызға түсе кетеді. Сондықтан Мағжанды жек көретін өлеңшілер де Мағжан өлеңінің түріне, әдісіне (техникасына) еліктен жүр. Санап, тексерін қарасақ, Мағжанға қарсы жазын жүрген ақындарымыздың бірі Мағжан өлеңінің даяр түрімен жазын отырғанын көресіз. Жеңіл-желпі өлеңшілер бұлай тұрсын, бір кезде күшті болған ақындарымыз, Мағжанға ұстаз болған ақындарымыз бұл күнде өлең жазса, баяғы шәкіртіне еліктейтін болыпты. Бұл сөздерімнің бәріне дәлел келтіріп, әр ақынның өлеңдерін жазуыма болады. Бірақ орын тар болғандықтан жазуды артық көріп отырмын. Түбінде еліктегеніміз жоқ деп таласушылар болса, еліктегендігін өлеңімен көрсетіп, жұрттың алдына тартармыз. Олай болса, ақындық жүзінде Абайдан соңғы әдебиетке жаңа түр кіргізіп, соңына шәкірт ерткен, мектеп (школ) ашқан күшті ақын Мағжан екенінде дау жоқ. Абайдан соң өлең өлшеулерін түрлендірген тағы да Мағжан. Мағжан тыңнан 8-9 жаңа өлшеу туғызды, бәрін бірдей санаудың қажеті жоқ. «Сап-сары бел», «Біраз Фетше», «Шылым», «Александр Блок», «Мені де, өлім, әлдиле», «Күншығыс», тағы басқа өлеңдері Абай өлшеуінде жоқ. Қазақ әдебиетіне Мағжанның кіргізген жаңалығы аз емес, орыстың символизмін (бейнешілдігін) қазаққа аударды, өлеңді күйге (музыкаға) айналдырды, дыбыстан сурет туғызды, сөзге жан бітірді, жаңа өлшеулер шығарды. Романтизмді күшейтті, тілді ұстартты. Мағжан – заман туғызған көшпелі дәуірдің ақыны, ескіні жырлаған, жаңаны әлі мойындап болмаған ақын. Әлі де болса оның ақындығы, еңбегі алдында. Ол – күшті ақын. Күшті ақын өмірінде талай өзгеріске жолығады. Пікір жүзінде жаңалықтар табады. Мағжан да өзгеруге мүмкін. Мағжан терең ойдың ақыны емес, нәзік сезімнің, тәтті қиялдың ақыны, ол кедейдің ақыны емес, ұлт ақыны. Ел ішінде бай, кедейдің арасындағы қиянатты, тексіздікті көрмейді. Ұлтты жалпағынан алып қарайды. Ол түрікшіл, санашыл, дарашыл, уайымшыл, өзімшіл ақын, бұ жағынан қарасақ ол – ескі пікірлі ақын. Жақсы жағын санасақ, ол сыршыл, толғағыш, суретші, сөз ұстасы, түршіл, романтик, мәдениетшіл, отаршылыққа, жаугерлікке қарсы күншығысшыл ақын. Мағжанның ақындығы туралы азды-көпті байқағанымызды айттық. Қалғаны болса, оқушылар жеткізе жатар деп, сөзімізді бітірдік.

ЕМЛЕНІ ӨЗГЕРТУГЕ ЖОБА

(Көптің талқысына) Тіліміз, емлеміз әбден жүйеленіп қалыптанды, орнықты, бекінді деп айтуға болмайды. Емлені қолайсыз, кеміс жерлері барлығын әркім айтады. Бұл қолайсыз, әсіресе, бала оқытқанда, хат танытқанда айқын көрінеді. 1. Неғұрлым жазу оңайласа, соғұрлым халық мәдениетке тез жуықтайды. 2. Бұл күнгі ғылымның бағыты білім беру жолын мүмкін болғанша қысқарту, аз уақытта көп мағлұмат үйрету, оқушының күшіне тигізбей, өте зеректігін тілемей, жұмысын өнімді ету. Мектепке қойылатын шарт осы. Мынау керек тәрбие ғылымы білімді шәкірттің табиғатына, ыңғайына жүріп үйрет дейді: өз табиғатыңды баланың табиғатына бағындыр дейді: бұл негізгі заңдар оқытушыларға таныс. 3. Бастауыш оқытқанда, тіл, емле ережесін, заңдарын тексеруге оқытушының шамасы келмейді, сондықтан тіл заңы (грамматика) пайда да бермейді. Дерексіз білімді ұғуға жан қуаттары жеткен адамның ғана шамасы келеді. Сондықтан оқыту деректі, жеңіл болуын шарт қылады. 4. Ал енді нағыз тіл заңына (грамматика) келсек, грамматикасы тоқсан түрге құбылып, өзгермеген халық жоқ. Неге? – Маман жаңадан жаңаны тапқандықтан, оңайлыққа тырысқандықтан, кеше орнықты деп жүрген орыс емлесі төңкерістен кейін тағы өзгерді. Мүмкін, онан да жеңілдік табылса, тағы өзгермек. Өмір – қозғалыс, даму. Бір қалпынан айнымай, тұрып қалатын зат жоқ. Орыстың бұрынғы грамматикасы бұл күнде мүлде өзгеріп отыр. 5. Мұнымен бірге мектепте тіл сабағы өз алдына пән болып оқытылмасын; тіл үйрету міндетін басқа пәндер алсын деген пікір бар (Бұны «комплексный метод» деп атайды). Бұл пікірлер сөз ғана емес, іске де асып отыр. Бұл күнде жаңа жол, жаңа әдістерді білмеген оқытушы артта қалған «ескі молда» есебінде саналады. 6. Емлені өзгерту керек дегендегі көзде тұтатын бас нысанам: сөзді грамматика заңына тірей бермей қалай естілсе, солай жазу. Емле ережелерін азайту, яки жоғалту. Сонымен менің айтатын анық жобам мынау: 1.Алдымен дауысты дыбыстың басында жазылатын сүйеу таяқ «І» ымды жазылмасын деймін. Сүйеу таяқ сөзді көсе көрсетпеу, бір сөзді екінші сөзбен құйылыстырмау үшін, сөздің басында келетін дауысты дыбыстың өзге орында келетіндерден естілу айырмасын білдіру үшін алынып жүр еді. Бұлар сонша маңызды дәлел емес. Бір дыбысқа екі таңба алу дұрыс емес. Түпкі мақсатымыз – дыбыс басына бір таңба беру, таңбаны аз ету болу керек. Сондықтан сүйеу таяқтың енді қосақтала беруінің жөні жоқ. Енді дауысты дыбыстарға, тапқа, сүйендірмей, азаматтық құқығын беру керек. Сүйеуші таяқты қорғаушы көп бола қоймас деп сеніп, сөзді қысқартамын. 2. «ی» бітеу буында жазылмайды, ашық буында жазылады деген ереже де болмау керек. «ی» ашық буында анық естіледі. Бітеу буында болар-болмас естіледі, не мүлде естілмейді. Сондықтан бітеу буында оқушылар өзі де жазбайды. Оқушы өз дегенінен жазбайтын бітеу буында « ی» бар деп шұқылаудың қажеті жоқ қой деп ойлаймын. Рас, кейбір бітеу буында, мәселен... «қасық» — дегенде, «ی» анықтау естілетін сықылды; кей жерде «мұрт» –дегенде естілмейтін сықылды. Қап жерде анық, қай жерде танық естілетін айыру аса нәзік еститін құлақ керек. Оқушыларға мұны айыру қиын. Сондықтан бітеу буын, ашық буын деген сөздер айтылмаса да, ереже болмаса да жарайды. Тағы да бір дәлелім: орыстың бітеу буынын біз ашық буын етіп алып, оларда жазылмайтын «ы» дыбысын біз «ی»-мен жазамыз. Мысалы: «ство» деген буында біз «ыство» деп жазамыз. «Благо» — деген сөзін өз емлемізше біз «былаго» деп жазамыз». Оған дәлеліміз: біздің «о » дыбысы жоқ орыс оны жазбағаннан не кемдік көріп отыр? Дүдамал жерде » бар дегеннен не мүйізіміз шығып отыр? Сөз басында «ی» естілсе, мәселен: «ынта», «ысқын», «ықтын», «ырғыз» – деп жазамыз. Мұндағы бас буындардың бәрі бітеу болғандықтан « ی» жазылмай, оның таяғы («І») ғана жазылатын. Енді сүйеу таяқ қалғанда, ол сөздер: «нта», «сқын», сқтыи», «рғыз» — болып жазылуға тиіс. Өйткені дауыссыз дыбыстар еш уақытта қосымша «І» сықылды дыбыссыз айтылмайды. Дыбысты жекелеп таныстырғанда, «ын», «ыс», «ық», «ыр» деп айтамыз, болмаса: «ны», «сы», «қы», «зы» деп айтамыз. Әйтеуір дауыссыз дыбыс тап-таза болып айтылмайды. Көбінесе, «ын», «ыс», «ық», «ыз» деп таныстырамыз. Олай болса, «нта», «сқын», «қтын», «рғыз» – деп жазудың ерсілігі жоқ. «Нта»-ны «ныта» деп оқудың жөні жоқ. Соңғыда ашылып анық естіледі. Тағы бір таныс: сөзді өзгерткенде «ی» дыбысы анық естіледі, мысалы: «ыс»-ды өзгертсек, «ыссы» болады; қазақ тілінің заңы бар: түбір сөздің дыбыстары өзгермейді деген. Дұрыс, бұл заңға нанайық! Нансақ «ыс», «қыс», «көр», «жүз», «біл», «жыр», «қыр» түбір сөздер екен: бұлар еш уақытта осы қалпынан өзгермей, аяғына жалғау ғана қосылу керек екен. Қазіргі емлемізбен бұлардың аяғына жалғау қосып, туынды түрінде жазып көрейік:

«ысы», «қысы», «көрі», «жүземін», «білемін», «жыры», «қыры»... Түбірді өзгертпейміз десек те, жазғанда өзгеріп кеткен жоқ па? «ЬІс» өзгеріп «ысы» болды. «Ы» кіріп кетті. «Қыс», «біл» «жыр», «қыр» деген түбірлерге « » кіріп, өзгеріп кетті. Менің байқауымша, не тіліміздің заңында бір гәп бар, әйтпесе, емлемізде кемшілік бар. «Бұл – мұны, мен – маған, сен – саған, ол – оған» болып кететіні қалай? «Бұл, мен, сен, ол» түбір емес пе? Бұған келгенде бұлар «есімдік» (местоимение) еді. Есімдіктің ауа жайылатын бір мінезі бар дейміз. Есімдік сөз болмай ма? Әлде «бұратана» ма? Егер бұлар өзгеше мінезді сөздер болса, өзгешесі жоқ ереже болмайды. Айнымайтын қатып қалған шындық тіл заңында жоқ. «ی» дыбысын қорғаушылар тағы дәлел келтірер, сөздің өзгерісін, буынын, өлеңін, өлшеуін тағы дуалы тіл заңдарын тіреу қылар, көзді жеткізер. О жағына мен таласпаймын. Мен, әйтеуір, грамматикаға тым терең сүңги берсек, көрінеу келейін деп тұрған пайдадан айрыламыз ба деп қауіп етемін. 3. Таныстық үлкені «ی» туралы жазу ережеміз бойынша «суу», «асу», «буу», «табу», «туу», «тату» – болып жазылады; бірде қос «уу», бірде «у» естілуіне қарасақ, аталған сөздердегі «у» (у) дыбыстарында түк айырма жоқ. Тіл заңын білмеген кісілердің бұл ережемен дұрыс жазуы өте қиын. Жаңа оқығандар түгіл, ірі оқығандарымыз да бұған түсініп кете алмай жүр. «у»-ды кейде жалғыз, кейде қос жазу тіл заңынан шығарылған. Сөздің буынын ашқанда, кейде «ы», кейде «у» шығады. «ЬІ» шықса, жалғыз «у» жазылады .Мысалы: «оқыуы», «сууы», «суу». Және сөздің түбіріне сүйенеді: «оқу, жору, тану» – дың түбірінде «ы» дыбысы бар: «оқы», «таны», «жоры». Сондықтан жалғыз «у» жазылу тиіс. Ал енді түбірінде «ы» дыбысы жоқ«алу, бару, асу, табу, тату»-ларға келгенде тағы тайқысып кетеміз, буындарын ашамыз да: «ашыуы», «барыуы», «асыуы», «табыуы», «татыуы» болады – дейміз. Бұлардың түбірі: «ал, бар, ас, тап, тат» болған соң: «алу-уы», «бару-уы», «асу-уы», «табу-уы», «тату-уы» болып неге жазылмайды? Бұ жерде не естілуге, не түбіріне сүйене алмай қаламыз. Онан да етістік болса, жалғыз «у» жазылады деген ереже болса, дау аз болар еді. Әйтпесе, «сууы, асууы, бууы, шабууы, тууы, та- тууы» деген сөздерде кейде «у» кейде «ы» естіледі деп қалай айтамыз? Бәрінде де «у» естіліп тұрған жоқ па? «Қазақ тілінін заңы бар, түбірдің дыбыстары өзгермейді» деуші Елдес жолдасқа бу жерден тағы бір тосу жолықты: «оқы» түбір екен; ендеше осы түбірінен өзгермеу керек қой! Алайық «оқу»-уы. «Қ»-дан соңғы «ы» түсіп қалған жоқ па? Ендеше жазғанда тіл заңынан шығып кетеді екенбіз. Олай болса, емлеміз нағыз тіл заңына тірелмеген екен. «Тіл заңы» деп берсек, басымыз айналып кетеді екен. Заңымызда да, жазуымызда да өзімізге өзіміз қайшы келіп тіреліп қалатын жерлер бар екен. «Суу» дегенде қос «уу» жазылуға тағы бір дәлел: соңғы «у» дауыссыз дыбыс, неге? – десеңіз, қазақ тілінін заңында дауысты екі дыбыс қатар келмейді-мыс. Сабыр етіңіз! Міне сиыр, қиын, таяқ, қоян, не сүйеу, биле, қина – осылардың ішіндегі «и» біткенде дауыс жоқ деп қалай айтамыз? Сый, сыйла, кий, қима, – бұларда дауысты дыбыс бар ма? Бар болса, аналарда да бар. Салыстыра берсек, «у», «ыу» дыбыстары да қысқа естіледі. Ендеше, оларды да үнсіздер табына қосу керек қой... «Суу»-ды қос «уу» – мен жазуға тағы бір дәлел: буынды ашқанда: «су-уы» болып буындалу керек. «Оқу» – «оқыуы» болып буындалу керек. «Табу» — «табы-уы» болып буындалу керек деген. «Оқу», «табу» да жоқ «ыу» дыбысын буынды ашқанда кіргізу керек. «Су-ы», «қу-ы», «қа- бу-ы» болып буындалса, дұрыс болмайды. Өйткені «у» дауыссыз дыбыс бір, «ыу» жеке өзі буын бола алмайды екен. Бұған менің айтатыным: «у» дауыссыз дыбыс дегенге дауым бар; «ыу» дауысты болса, жалғыз өзі де буын болады деймін: «а-та», «о-бал» дегендегі «а», «о» дыбыстары сықылды. Басқа да толып жатқан дәлел бар. Оның бәрін тексермей-ақ, менің айтатын жобам мынау: асуу, суу, буу, табу, қуу, оқуу, туу, тату – деген сықылды «у» сөзі естілетін орындарда жалғыз-ақ «у» жазылсын денмін. Ал енді қысқа естілетін: «бау, тау, екеу» деген сөздердегі «у»-дың орнына (و) секілді қылып алайық деген жобаны ұсынамын. Үтір («,») мен үш нүктені (...) алғанда, сенімді (.) алудың жаттығы да жоқ. Бұл қолайсыз: тыңнан таңба қосу керек емес десек, Мұхтар жолдастың (Мырзаұлы) пікірін алуды да дұрыс көремін. Латын тілінде ұзын «у» дауысты дыбыстан соң келсе, қысқа оқылады. Сондықтан: бау, тау, жеу... болып жазылса да кемшілік болмайды. Мұнын қайсысы қолайлы болады? Оқушылар ойға салып көрсін. Қайтсе де, «жууу керек, ай туууға таянды, сағым қууу жарамайды» – дегендегі қаздай тізілген көп «ууу»-ларды қолайлы деп айтуға болмайды. Жазу оңайлансын десек, «у» –ларды қысқарту керек. 4.«Баратұн, жанатұн, айтатұн...» деген сөздердегі «тұн» болып жазылған дұрыс деймін. «Тұн» «тұғын»-нан қалған делінгені болмаса, естілу жағына келсек, «у»-дан да «у» естілуге жақын тұр. «Қатын баратұн» дегендегі «тын» мен «тұн»-ның естілуінде айырма жоқ. «Тұғын»-ның «ғу»-сы жоғалса, «ұғу»-сы неге жоғалмайды? 5.Бұрынғы мәнді (І) енуі болмасын, сүйеу таяқ (І) болсын деймін. Өйткені сүйеу таяқ деген енді жоғалып, «а» (е) болу керек. 6. А, о, у, ы дыбыстары жіңішке естілмейтін сөздердің алдына дәйекші (") қойылады. Бұл дыбыстар жіңішке естілсе де, дәйекші қойылмайтын к. г. е ішінде бар сөздері бұл ережеде керек емес: сөздің жіңішке естілуіне де дауысты дыбыс реңк бере ме? Жоқ, дауыссыз дыбыстың өзі жіңішке естілгендіктен бе? Ол арасын айыру қиын. Орыс тілінің жуаң, жіңішке оқылуына дауысты дыбыс бар реңк береді: (а-а-у-ю) араб тілінде дауыссыз дыбыстар жуан, жіңішке болады: Орыстың дауысты дыбыстары қасындағы дауыссыз дыбысты ғана жіңішкертеді, түгел сөзді жіңішкерте алмайды. Біздің дәйекшеміз түгел сөзді жұмсартады. Сондықтан дауысты дыбыс жіңішке естілгендіктен түгел сөз жіңішкереді деп жіп тағу қиын бола ма деп ойлаймын. Ережені тастағанмен дәйекшені тастауға болмайды: кішкене болса да, дәйекшенің келтіретін жеңілдігі таудай. Жалғыз-ақ оқушыларға жуан, жіңішке естілетін сөздерді салыстырып, қай жіңішке естілгеннің алдына дәйекше қойыңдар десе жетеді. Мұны ереже қылмай-ақ Тәжірибе арқылы оқушылар өзі төселіп кетеді. К, г дыбыстардың сөзге ықпалы барлығын да тәжірибемен табуға болады. Ереже болудың қажеті жоқ қой деп ойлаймын. Міне, емлеге осындай өзгеріс кіргізсек, жазу тану әлде қайда жеңілденер еді деп жүремін. Менің бұл жобамды оқу комиссариатының қасындағы білім комиссиясы қарап, көптің ақылымен шешуге байлады. Қазақстан, Түркістандағы қазақ тілінде шығатын газет, журналдар бұл жобаны кешіріп басып, қазақ оқығандарының оқытушыларының сынына салу керек. Әркім өз пікірін газет, журналға жазу керек. Емле мәселесі әр жағынан жете қарап, қапысыз болып, шешілу керек деген қорытындыға келісті. Баспасөз жүзінде әбден арманнан шығысқаннан кейін айрықша сиез шақырылып, ақтық түйінді сиез шешу лайық деп табылды.

Сондықтан емле өзгерту туралы жобамды талас ретінде көптің алдына ұсынамын. Қазақстан, Түркістандағы газет, журнал басқармаларынан көшіріп басуды өтінемін.

ЖАЗУ ТАҢБАЛАРЫМЫЗДЫ АЗАЙТУ ТУРАЛЫ ЖОБА

Хат танудың бір қиындығы жазу таңбаларымыздың көптігінен. Қазақтың ана тілінде дыбыс аз (24) болса да, жазуға келгенде көбейіп кетеді.

Хат тану қашан оңайланбақ? – Әрине, дыбыс басына бір-ақ таңба болғанда. Татарлар бас қарыпты алып жүр. Олай жазғанда, жазудың бұрынғы түрі мүлде өзгеріп, танылмастан жат болып кететін көрінеді. Ол көрмеге де әдемі емес, толып жатқан ирек, кертіңді болып шығады. Жазу машинасына лайықтап, Ахмет ағайдың шығарған қаріптері бар. Онда да дыбыс басына бір таңба алынған. Бұл қаріптер бас таңбаларды алғаннан әлдеқайда қолайлы.

Қайтсе де, таңбаны азайту мәселесі майданға шықты. Кеп дұрыс шешуде. Ахмет ағайдың шығарған таңбалары осы күннен бастап, баспаханаларға арналып жасалса, жақсы-ақ болар еді. Онда хат тану бір жола жеңілденіп, орыс жазуының қатарына келер еді. Бірақ ол қаріптер жақын арада іске асады деп үміт етуге болмайды; тыңнан қаріп жасатуға көп қаржы керек. Қаріп көп керек, күллі Қазақстан, Түркістан жерлеріне (баспаханаларына) түгел жеткендей, қаріп қолға оңай түспейді. Олай болса, қаріп азайту әңгімесі орталай заманға шейін созылуға мүмкін. Өмір, ғылым жолы жеңілдікті тілейді. Көрінеу тұрған жеңілдік болса, оны жайға қарату, «Асықпа, бірақ жарылқаймын» деу дұрыс емес. Сондықтан қаріп азайтудың қолайлы жолын іздеу керек. Біздің түпкі мақсатымыз – дыбыс басына бір таңба беру. Соған жетуге талпыну керек. Біреулер осы мақсұтқа бір-ақ секіріп жетеміз. Жаңа қаріптер жасап шыққанша, осы күнгі таңбаларымызбен жүре тұралық дейді. Мен ойлаймын, таңбаларымызды бұзбасақ та, санын азайтып, жаңа қаріптерге жетуге бір адым салған дұрыс деп. Неге десеңіз, жаңа қаріпке біржола түсіп кетсек, осы күнгі баспа танитындар тосаңсып жаңа жазуды танымай қалуға мүмкін. Жаңа қаріптерге тез түсініп кету үшін, одан беріде оқушыларды азды-көпті көзін үйретіп, әзірлеп алу керек. Жүзден төрт-ақ адамы хат танитын қазақтың көзін алмаймыз деп жүргенде, біржола жаңа қаріпке түсіп кетсек, сол төртеуін соқыр қылып алу қаупі бар. Бұл бір; екінші тыңнан хат танитындарға жазу үйрету жолын жеңілдету үшін, кәзіргі қолданып жүрген қаріптерімізді азайту пайдалы.

Бұл туралы менің ұсынатын жобам мынау:

Бізде баста, ортада, аяқта, жеке жазылатын қарп таңбаларын есептегенде барлығы 100 таңба бар екен. Осының 58 таңбасын алып тастасақ, жазуымызға, баспамызға кемшілік келмейді деймін. Шығарып тастайтын таңбалар соңғылар:

Енді қолданатын таңбаларымыз мыналар болу керек:

Көрініп тұр: әр қаріптің жеке таңбалары мен бас таңбаларын алып отырмын. Сөздің ортасында және аяғында жалғанып жазылатындарын шығарып тастап отырмын. Орталықта жазылатын таңбалар өзі аз болады екен; оны есептеп көрдім. Бас таңбалар үш есе, жеке таңбалар екі есе, орта таңбалар бір есе жазылады екен. Әрине, бұл нобай есеп. Сонымен, бұрын үш, төрт, алты таңбалы болып жазылатын қаріптері енді екі-ақ таңбамен жазылады. Бұрын екі таңбалы қаріптер енді бір-ақ таңбамен жазылады.

таңбасының сін алу қолайлы, үйткені жалғанып жазылатын көп келеді. Баспаханалардан табылса -нің мынадай таңбасын қолдану қолайлы. таңбаларды енді шығарып тастау керек деймін. Үйткені. ол дыбыстар қазақ тілінде жоқ: өзімізде жоқ дыбыстарды «әліп-би-»-ге кіргізудің қажеті жоқ. Қазақ һәр, һәм, һәш, һәман, қаһар, шаһар, халық, хабар, хүкімет, мәккәма, хәкім, хажат демейді, әр, әм, ем, әман, кәр, шар, қалық, хабар, үкімет, мекеме, әкім, қажет деп айтады. Егер сингармонизм заңын қолданатын болсақ, қазақтың өз ыңғайына көшу керек. Басқа жұрттан кіретін фәлсефе, фотография, фікір, флегматик деген сықылды сөздерді пәлсепе, потограпия, пікір, плегматин деп жазудан кемшілік жоқ. Бұл қарыптарды жоғалтсақ (4X4=16) он алты таңбаны жойған боламыз. Бұл үлкен кіріс. Жалғыз-ак «х» мен «һ» дыбысының әдебиетте, әсіресе, одағай сөздерде жолығатыны болады. Мысалы: «Ах, ох!» Ай-хай! Уһле-ме! Аһа! деген сықылды. Солар үшін бұл екі дыбысты алу дұрыс па? Жоқ, оларды шығарып тастап: «Ай-ой! Ай-қай! Үлеме, яки үглеме! Аса!» деп жазғанымыз дұрыс па? Алда-жалда бұл екеуін тастай алмаймыз десек, онда мен бұлардың бір ғана таңбасын алуды ұсынамын.

Сонымен, бұрынғы 100 таңбаның 58 таңбасын жоғалтын, 42 таңбаға қалдырамыз. Мен бұрынғы жобамда емлені өзгертуді ұсынғамын. Егер ол жоба бойынша емле өзгеріп, осы жоба бойынша таңбалар азайғанда, жазу түріміз қандай болар екен? Жазып көрейікші! Бұл жоба баспахана жұмысына да өте жеңілдік келтіреді. Кестедегі ұялардың жарымынан артығы босап қалады. Қаріп теру жұмысын үйренуге бұл үлкен оңай. Енді қаріп кестелерін кішірейтіп жасауға болады. Әсіресе, бала оқытуға, хат танытуға өте пайдалы: бұрын 100 таңбамен таныстырылатын шәкірт, енді 42 таңбамен ғана таныстырылады. Ендеше, екі есе оңайлатқан болады! Тағы бір қолайлысы: бұл жобаны кәзір іске асыруға еш бөгет, ешбір расход жолықпайды. Бұрынғы басылған кітаптардан артық айырмасы да жоқ. Және сияқты жеке қаріптерді оқып, көзі жаттығу келешектегі Ахаңның қаріптеріне тез түсінуге өте қолайлы. Бұл жобамен баспаға ғана өзгеріс кіргізгеніміз болмаса қол жазбамыз түк өзгермейді. Менің бұл жобамды кейбіреулер бүйректен сирақ шығарған көрер. Олай емес. Бұл кәзіргі жазуымызға ең пайдалы, ең қолайлы жол.

Сөзді ұзартпай, ендігісін сыншылардың қарауына берейік.

ЕЛ ГАЗЕТКЕ НЕ ЖАЗАДЫ?

«Ағаш көркі — жапырақ» дегендейін «газет көркі – ел хабары» деуге болады. Ол аз. Газет қалың бұқаранікі болу үшін, елмен қоян – қолтық айқасу керек. Қайткенде газет елмен жақын айқасады? Әрине, елдің өз тұрмысын өзіне, айнаға түсіргендей, ашық көрсеткенде. Ішкі, сыртқы хабар, үкіметтің қаулысы, бұйрық-жарлығы, сиездің протоколы елдің оқуына онша қызықты көрінбейді. Жоғарыдан шыққан дерексіз терең сөз, терең саясат, қарапайым ел қазағына жат нәрседей көрініп, әрі ұғымсыз, әрі жалықтырғыш болуында сөз жоқ. Газетке елдің селқос қарауының бір себебі: өз мүддесін сөйлейтін, қышыған жеріне дөп келетін сөздердің аз басылуынан деп жоруға болады. Бұған кім жазалы? Газетші ме? Хабаршы ма? Әрине, екі жақта да бар: «апама жездем сай». Бұл бәріміздегі жалпы мін, жалпы салақтық, жалпы дерт, не десек – сол. Елге арналып шығатын газетті ел оқымаса, өйткені жанына жағымды, тісі батарлық сөздер басылмаса, ондай газет бағасын жоймақ: кім көрінгенге қол жаулық, майлық, шылым орауыш, тағы бірдеме болмақ. Бірақ газетшіге кінә қоятын да, қоймайтын да орын бар. Жұрт жазбаса, ішіндегісін тауып жазатын газетші «тәуіп» те, «пайғамбар» да емес. («Ғайыпты «пайғамбар да болжамаған» — деген қазақ нақылы «пайғамбар» да өзіміздей адам деп білгені). Ел мұң-мүддесін айтып, жетпегеніне жеткісі келсе, «алша піс, аузыма түс!» — деп қарап жатпай, газетшінің құлағын бұрай беру керек. Тұрмыс тырбалағандікі. Заман еңбекшілердікі. Ырыс еңбекте. Тұрмыс ырысы еңбекке тірелген заманда, нендей игілікті болса да, еңбекші жұрт өз талабымен, өз күшімен табу керек. Әлеумет ісі көппен, көмекпен, науқанмен істеледі. Сол науқан салатын әлеумет ісінін бірі газет. Ел: «жазбасам, маған серт; баспасаң, саған серт!» – деген жолға түссе, сонда газет елдікі болады. Сонда жұрт газетті қызығып оқитын болады, газеттен пайдаланады. Рас, газетке не болса, соны баса беруге болмайды. Газет елдің келесіне, жалпыға керекті сөзді басады. Сәрсембайдың аттан жығылғаны, Бейсембайдың ұйқысырағаны, Жұмабайдың арақ пикет тәрізді, қара су ұрттаған құрлы жұртқа пайдасы жоқ сөздерді газет баса алмайды. Газет шамасы келгенше, көпке өнегелі болған уақиғаны, шын сөзді басуға тырысады. Бірақ, қайғы сол: біреудің біреу ер-тоқымын ұнатпаса да, әлеумет жұмысымен шатастырып, «өтірікті шындай, ақсақты тыңдай» мөлдіретіп, газетті адастырады. Сөйтеді де газетшіге өкпелейді. Өтірік айтса, жала жапса, жауапты болармын деп жұрт ойламайды. Қиыншылықтың бір үлкені – осы.

Ел газетке не жазу керек? Енді соған келейік.

Тіршіліктің тұтқасы – шаруа. Шаруасыз күнелтуге болмайды. Оны бәріңіз білесіз. Өнер, ғылым, саясат, әдебиет, адамгершілік... бәрінін шығатын жері де, қоятын жері де шаруа. Шаруа оңалмай, басқа игілік те орнамайды. Ендеше, жұрт алдымен шаруа жүзіндегі мүддесін жазу керек. Қазақ шаруасының ұлтандысы – мал өсіру. Олай болса, мал шаруасы жайынан жазылуға тиіс. Малдың несін жазамыз? – деп абдырау жарамайды. Ең болмаса, мына сұрауларға жауап жазылып отырса да, шаруа жайы көрінеді:

– Қыс қалай өтті? Күйзеушілікке, жұтқа шалдыққан ел бар ма? Жауын-шашын қалай? Шөп шығымды ма? Жұға ма? Малдың ауруы, індеті жоқ па? Болса, қай елде? Ауруға, індетке қандай шара, нендей ем істеліп жатыр? Елде істелмей ме? Дәрігер көмегі тие ме? Ұры, қасқыр, тағы да сондай төтеннен жолығатын шығындар қалай болып тур? Оларға қарсы қандай қам істеледі? Әйтпесе, қам істеуге үкіметтен көмек сұрауға ойланушы болды ма? Малдың нарқы немене? Ел малын саудагерлерге сата ма? Ұйымдар, кәперациялерге өткізе ме? Олардың қайсысы тиімді? Мәселен, бойдақ қойға неше кез киермендік шыт беріп жүр? Мал тұқымын асылдауға, елдің керек-жарағын жетістіруге ашылған ұйым, әртел, кәперациялар бар ма? Жоқ болса, неліктен? Әлде елді алыпсатарлар қанап жүр ме?

Егін салушылардың мүддесі не? Тұқым, сайман, жері жоқтықтан егін сала алмай қалған елдер кімдер? Қазіргі ақша беретін серіктік дүкендерінен ақша алып пайдаланғандар бар ма? Алтын қарызы, астық қарызы деген сөздерді жұрт ұғынып, пайдасына көзі жетті ме екен? Алушылар бар ма екен? Биыл егін шығымы қалай болатын? Шегіртке, саршұнақ деген зиянгерлер жоқ па? Бар болса, жер бөлімдеріне аян ба? Білдірілді ме? Қоныс алған, жерсіз қалған, отырықшы болған, бола алмай жүрген елдердің жайы қалай? Қолынан келмей, жөнін білмей отырған қандай мұң-мүддесі бар? Жер сатушы, жер жалдаушылар жоқ па? Жер дауы қалай тынышталын, бітеді? Бітірушілер бар ма? Көрші ұлттармен жер жайында шекісу жоқ па? Одан кейінгі газетке жазылатын сөз: ел басқару, әкімшілік, билік жайынан болуға тиіс. Ел ішіндегі кеңес қызметкерлері: ауылдық совет, болыстық исполком, мелиция, инструктор, халық билері, тергеушілері. Осылардың қызметі, тұтынған бағыты, кедей табына әперіп отырған теңдігі, қызметіне жарамды-жарамсыздығы, ересен жақсы, орасан ұят істері; кеңес қағаздары қазақшаға айналуы; қызметкер табылуы, оның кемшіліктері, пайдасы, қазақ тілімен жүргізуге кедергілер; болыстарды біріктірудің — аудандаудың салдары; ел партиясы, кедейлер оянуы; елдегі коммунис ұялары, мүшелері, олардың қызметі, болыстық исполкомдерге көмегі, шекісуі; жастар ұйымы, олардың маңызы, қызметі, жиылысы, қаулысы; әйел теңдігі; қалын мал алу, оған тыю салу, жесір дауы; құн, барымта; соттардың дау бітіруі; елдің тынышталуы, болмаса жолсыз істер: лау міну, салық жыю жұмыстары қалай өтуі – міне, осынын бәрі газетке басылатын, елдің күйінді, керекті мәселелері.

Жазылуға тиісті хабар: оқу, оқыту, мектеп, мұғалім жабы.

Мектеп жабдығы, мектеп шығымы ел мойнына артылғаннан бері, мектептер шағындалып, мұғалімдер іріктеле бастағаны мәлім. Бірақ сол шағын мектептің өзін ел қамтамасыз қылын, баласын оқытып отыр ма? Жоқ па? Оқытпаса, мектепке салқындықтың себебі не? Қай елде қанша мектеп, мұғалім бар? Оқушы құнтақты ма? Осылар жайынан жоғарғы мекемелер толық мағлұматы бар деп айтуға болмайды. Өйткені мұңдағылар жер-жердің баяндамасынан ғана біледі. Жеріндегі оқу мектептерінің өзі де «пәлен елде пәлен мектеп бар, пәлендей бала оқиды...» деген сияқты ұзын-ұрға есеп болмаса, ел мектебінің жайы-күйімен, ішкі сырымен таныс бола алмайды. Өйткені жылында бірлі-жарым келіп-кеткен инструкторлер мектеп жайымен толық танысу мүмкін емес. «Қыстай пәлен бала оқып шықты» деп отырған мектепте бір-екі-ақ ай онды-бесті бала оқып, анығында мұғалім «қарақшы» болып қалатыны мүмкін нәрсе. Ұлы сиезде болмаса мекемеде қашып отырын оқыған, тыңдаған баяндамалар есте қалмайды. Сондықтан елдегі оқу жайын ел кісілері жазбай, дұрыс мағлұмат алу мүмкін емес. Елдің оқуға көзқарасы, қатынасы, істеген қамы, салдырған мектебі бар ма? Бу да жазылуға тиіс. Алдымызда сауатсыздықты жою келе жатыр. Адамның 100-дсн 96-сы хат танымайтын қазақта бу қалпында, аспаннан шуға жауса да, ұлтарақ тимейді. Бостандық, теңдік, әділдік, тыныштық, береке, өнер, білім, саясат, қысқасы қандай жақсы ниет, таза мақсат болса да, надан адамға қонбайды. Алдымыздағы қауырт жұмыс – сол надандықтың ұясын бұзу; ол үшін алдымен «Әліпби» оқитын, хат таныту керек. Ана жылғыдай сауатсыздықты жоюға шартық мұғалімдер шығып, лау мініп, қыз-қатынды жинап, елді әбігер қылады деп ойламау керек. Бұл жолы жұмыс тәртіппен істелетін сиқы бар. Міне, ел осы туралы да жазғаны жөн.

Тағы бір жазылатын хабар: жұмысшылар тұрмысынан болу керек.

Қазақстанда түрлі кәсіпте жұмысшылар бар: балықшы, тұзшы, көмір, мыс, алтын кендерін қазушы, былғары, тері зауытында, жүнде, отын кесуде, сал ағызуда, парохот-баржыда, шойын жолда істеушілер бар. Міне, солардың тұрмысы, ұйымы, алған теңдігі, болмаса көрген кемдігі қандай екені газет бетінде көрініп отыру керек. Адамның салт-санасына өзгеріс кіргізетін тұрмыс – кәсіп. Жұмысшылар тұрмысы ел кедейінің тұрмысынан анағұрлым айырмасы бар. «Еңбекшілер», «кедейлер» табы дегенде, бетке ұстайтынымыз сол жұмысшылар болмақ. Тап сезімі алдымен соларда оянбақ. Олай болса, жұмысшылар тұрмысынан жазу керектін керегі, қысқаша айтқанда, елдің газетке жазатын хабарлары мынау:

1 – шару а жайы;
2 – әкімшілік, сот жайы;
3 – әйел теңдігі, жастар тұрмысы;
4 – оқу жайы;

5 – жұмысшылар тұрмысы.

Газетке не жазу керектігі бұрын да талай айтылған, қақсалған әңгіме. Сөйтсе де «баспа сөз» күнінде тағы айтамыз, өйткені анда-санда есіне салып отырмаса, ел ұмытып, салақсып кету қаупі бар. Ендігі тілек: сөзді ұзартпай, шұбатпай, қысқа, тиімді қылып жазуларыңызды басқарма сұрайды. Әрине, ол мүмкін болғанша.

ЖАЗУ МӘСЕЛЕСІ ТУРАЛЫ СОҢҒЫ СӨЗ

Алдымыздағы шілденің 10-ында болатын білімпаздар тобының қарсанында мүддемізді айтып қалайық. «Еңбекшіл қазақтың» 154-санында емле туралы. 178, 179-ыншы сандарында қаріп туралы менің жобаларым басылды. 159, 161, 162, 164, 195-інші сандарында Елдестің қарсы дауы басылды. Елдес көп жазды. Балаға сабақ бергендей, «қазақ тілінде пәлен дыбыс бар, оның пәленше таңбасы бар...» деп, жұртты сендіре, өзгені пайдасына, қазақ тілінін бел баласы өзі тәріздене жазды. Мұндай зор мәселені қара борандатып, соқыр сезімге беріліп, қызуланып тексеру ағат. Бұл салқын ақыл, саналы ой керек қылатын мәселе. Кеп біреуді түйреуде емес, мәселенің дұрыс шешілуінде. Жазу мәселесінде айтыстың шиеленіп, ауыр болуына зор себеп бар. Емлеге әркім әр жақтан, әртүрлі қарайды. Біреу тілдің тарихынан, біреу нағыз грамматика жағынан, біреу естілу (фонетика) жағынан, енді біреулер іс жүзінде қолайлы, жеңілдік келу жағынан қарап шешпек болады. Сонымен әркім өзінің ұсталған негізінен айрылғысы келмейді. Елдестің негізі: тіл құрал (этимология), естілу (фонетика). Менің негізім: көбінесе, іске қолайлы (практика), жеңілдік, қала берсе, естілу. Дұрысында, емлені іске қолайлы болу жағынан ғана қарау керек. Жазу мәселесін шешкенде, алдымен «тілдің заңы бұзылса, жалпақ жұрттың тілі бұзылып кетеді, жоғалып кетеді...» — деген соқыр нанымнан (фанатизм) құтылу керек. Елдес қорыққандай, тіл сонша шетін, тиіп кетсе жарылып қалатын қағанақ емес. Елдес «уу» деп жазып, олай бууындай ма, Жүсіпбек «у» жазып буындамай ма қазақтың тіліне иненің жасуындай пайда-зиян келмейді. Араб, парсы, татар, сарт, миссионерлер әдебиетінің ықпалына жүріп, айдауына көнбеген, тілінін заңы, құрамы не екенін білмеген, «е, ы, и» дыбыстарын («и»-мен), «о, у, у» дыбыстарын («о»-мен) бір-ақ таңбамен жазып келген сол тауқыметтің бәрін тартса да, бұзылмай келген қазақтың тілі біздің бір-екі таңбамызбен әсте өзгермейді, тіпті бұзылмайды. Қазақ жоғалса, тілі де жоғалады; жасаса, өркендесе, тілі де өркендейді. Азамат болған баласы атқа мінсе, қалтырауық, балажан шеше: «жығылып қалар ма екен?» – деп үйде отырып тақымын қысады. Елдес әлде қара борандату үшін жоқты сөйлейді, әлде әлгідей қорқақ шеше (егер де ондай шеше қазақта болса?) Білім өскен сайын, ой өседі; оймен бірге тіл өседі. Бірақ тіл шұбалаң, мылжың болмайды, шынығады, шымырланады. Аз сөз, көп мағына – міне білімнің тілегі тіл өскен сайын, дыбыс көбейеді. Ендеше қаріп те көбею керек пе? – Жоқ. Аз қаріп, көп дыбыс – міне, жақсы хаттың шарты. Дыбыстың еркіне салсақ, таңба (қаріп) мейлінше көп болу керек: бір дыбыстың өзі өз орында әртүрлі естіледі. Анығында дыбысқа тап келетін таңба бола бермейді. Ауыздан шыққан барлық лебізді қаріппен түгендеп жеткізу мүмкін емес. Ат айдағандағы шу-шу, болмаса таңдай қағу, тоқтатардағы «тыпыру»-ларды, күлкіні, кейігендегі одағайларды қайтіп қаріппен айта аларсың? Жазу, қаріп нобаймен, шартпен ғана алынатын нәрсе. Профессор Ушаков айтады: «Кәдімгі хаттағы қаріптердің дыбыстарға дәл келмеуі кемшілік емес, іс жүзінде қолайлы болуға жазудың дәлдігі тіпті міндетті емес; қайта дыбысқа нобайлы жазу әрі жабайырақ, әрі оңайырақ болады», – дейді. «Емленің мақсұты жетілген, бай тілді өте жабайы құралмен таңбалап, білдіру», – дейді ғалым Раумер. Сондықтан қолдануға қолайлы жазу. «Дыбысты жалпыға түсінікті етіп көрсету», – дейді Корш деген кісі. «Ауыз сөз – ойдың пернесі болса, жазу – ауыз сөздің пернесі», – деген Томсон. Дыбыстарға нағыз дәл келетін жазу жоқ, ондай жазу жалпыға түсініксіз. Ендеше болмау керек. Нағыз дыбысқа дәл жазу тіл ғылымында (языковедение) ғана болу керек. Дыбысқа қаріпті дәл келтіреміз десек, әліп-бидің талай қаріпін шығаруға, талай қаріпті тыңнан ойлан табуға, әйтпесе ескілерге түрлі белгілер қосып қолдануға тура келер еді. Бұл дұрыс хат болмайды, қолдан жасама хат болады. Бұл пікірлерді жазуды оңайлатам деп талай жыл еңбек еткен ғалымдар айтып отыр. Мұндай талай беделді сөздер келтіруге болады, бірақ орын аз. Дыбысшылдардың әуреленбеуіне бу да жетерлік сөз. Сондықтан естілуді (фонетика) негізге алуға болмайды екен, аса бір керекті орын болмаса. Сол тәрізді жазу мәселесін тіл заңына (грамматика) тіреп шешуге де болмайды. Тіл – жанды зат: өркендейді, дамиды. Жазу – өлі сүйек зат. Тіл заңы (грамматика) да кертартпа (консервативный) нәрсе, шідерлен, өрісіңді ұзартпайды. Грамматикешілер тілді тапқа, жікке, сортқа бөлетін, әр сөзді, әр дыбысты белгілі таптың әдет-ғұрпына, салтына бағындырам деп, талай жерде зорлық істейді. Жіксіз жерден жік шығарады. Бұдан екі жүз жылдар бұрын Ломоносовтың шығарған ия, ия, ие, ыс – деген жалғауларынан орыс жаңада ғана құтылды; еркек, әйел орта сөздердің аяғын бір-ақ түрлі (ие, не) жазатын болды. Тілге бұдан келер кемшілік жоқ, сол сықылды: они, оне, одне, одни, оба, обе, ее, ея, аго, яго, і, ө... деген санақтарды кеше ғана қалдырды.

Міне, грамматиканың тұсау болғаны. «Тіл құралы» шықпастан бұрын «дыбыс», «буын» дегенді жұрт білмеуші еді. Дыбысты, буынды өзгелерге еліктеп, дыбыс әдісін (звуковой метод) қолданғандықтан алып отырмыз. Еліктеу онымен тоқтамайды. Мәдениеті күшті жұрт еліктетеді. Жазудың, жазу үйретудің оңай жолы табылса, еліктемеске әддіміз жоқ. Бүгінгі басымызды шұлғып отырған «дыбыс», «буыннан» безіп, ертек Америка әдісіне түспесімізге кімнің көзі жетеді? Сондықтан жалан тіл құралдық (этимология) дәлеліне сүйенуге болмайды, оның өзі жасама, еліктеме нәрсе. Шынында грамматика екі түрлі болу керек, бірі: тілдің, сөздің, істің ыңғайына жүретін құбылмалы, жанды этимология; енді бірі: тілдің негізін, түп атасын, өзгеру жолын, тарихын тексеретін ғылыми грамматика болмақ. Мектепте жазу үйретуге, дұрыс сөйлеуге көмек ететін жанды этимология мен ғылыми грамматиканы шатастырып жүрміз. Соңғы грамматика орта медреселердің соңғы жылдарында, жоғарғы медреселерде оқытылу керек. Бастапқы – бастауыш мектепте Ахаңның тіл құралдары (әсіресе 11-інші) екі түрлі этимологияның жолдарымен жазылған; іске жанасу жағында ауыр жерлері көп. Екі сөздің бірінде тіл заңына жүгірудің себебі осы. Мысал келтірейік: «Атты кісі мылтық атты». Фонетика көзімен қарасақ, екеуінде де «атты» жазылуға тиіс. Олай емес, этимология кезімен қарап, бірі сын есім, бірі етістік болған соң, Ахан екі түрлі жаз деп отыр. Грамматика жағынан да айырып жазуға Аханның дәлелі жоқ. Алайық мына сөздерді: Қасым-бек, Қойшы- гүл, Түйе-бай, мал-ғой, жоқ-ғой, керек-қой, адам-да, ұшқан құста, жүрген аң-да, барайын-ба? келейін-бе? аламын-ба? барған- бысың? келген-бісің? Жазған соң мал-мен, көп-бен, би-еке, аға- еке, молда-еке, тайым-ай! япырым-ай! жарықтық-ай! ап-ақ, сап-сары, бара-алмаймын, жүре-алмаймын, би-маза, бей-бастақ, би- тарап, би-қам, бет-бақ... Этимологияға сүйенбесе, осы сөздерді бөлек жазуды, не сызықшамен («—») жазуды кім білер еді? Этимология бір жағынан сөздің түбірін, табын айырып, мәнісін көрсетіп пайда келтіріп отырса, екінші жақтан жазуға ауырлық келтіріп отыр. Қосалқы сөз, қос сөз, жалғаулық, көсемше, жіңішке буын, жуан буын, шырай, одағайларды бірінен-бірін айыру, араластырмау үшін солай жазылып отыр. Қасым-бек, Түйе-бай, бір-ақ, бей-бастақ, би-тарап, бетбақ... – дарға сызықша қойғызып отырған түбірін қазу, қала берсе, жуан, жіңішке буындар — «қой»-да жеке мағына жоқ, жалғаулыққа: жалғауға, жұрнаққа келмеиді. «Айттым-ғой» (сказал, ведь) не қылу керек? Сызықшамен бөлгеннен басқа шара жоқ. Адам-да, ұшқан құс-та, жүрген аң-да мұңдағы «да»-лар орыстың «н» деген демеуінің (союз) мағынасында болғандықтан, жатыс жалғаудан айыру үшін осылай жазылып отыр. Сол тәрізді қосалқы сөздегі «ма, ба, ме, бе»-лер орыстың «лй» бөлімшесінің мағынасында болған соң бөлек жазылады. «Соң» — «после» мағынасында ол — үстеу (наречие). Ендеше бөлек жазылу керек. Жұрнақ біткен зат есіммен қосылып жазылып, «ене»-нің сызықша арқылы жазылуы да, жуан-жіңішке сөздерге бірдей тіркелетін болса керек. Өзге «падеждерді алған соң», «мен — менен, бен — бенен» жалғаулары мен орыстың «творительный» падежін де алуға болмас па еді?! Олай етуге «мен, бен»-нің есімдерден басқаларға да тіркелуі бөгет қылса керек. «Таңдаулы шырай»-ға қосылатын «ап», «қап»-дарды бөліп алып, «ап-ақ», «қап-қара» деп үйретеміз. Зорлық мен «ап-пақ» — деп жазайық десем, Елдес тіл заңының дәреті бұзылатындай қорқар еді. Жұрттың туынды, қосылмалы ұзын сөздері ауызша айтылғанда, қысқарып, ықшамдала береді. Сөз ықшамдық тілейді. Қарап отырсақ, ықшамдалып, сығылысып кеткен сөздер толып жатыр. Мәселен: әйтсе де, қайтсе де, қайғып, сөйтіп, о-да, бу-да, биыл, кәдімгі, әже, қайдам, әкел, әпер, мұт, мұтшақ, бой сұну, ұсап, қайткенде. Ту баста бу сөздер былай екені анық: олай етсе де, бұлай етсе де, қалай етіп, солай етіп, ол-да, бұл-да, бұйыл, қадам күнгі, ен-деше, қайдан білейін, алып кел, алып бер, ұмыт, ұмытшақ, бой ұсыну, ұқсап, қалай еткенде... Осындай ықшамдалған, ықшамдалып келе жатқан сөздерге: мұт, мұтшақ, бой сұну, күнелту, бар-ды (бар еді), жоқ-ды (жоқ еді), болыпты-мыс (емыш), болмаспеді (болмас па еді), жүрсигедім (жүрсек игі едім), жүралмаймын (жүре алмаймын), баралмаймын (бара алмаймын)-дар да қосылады. Мұндай сөздер әуелдегі шыққан түбірін көксемей, қысқарған түрінде жазылуға тиіс. «Бар-ды, айтқан-ды, жоқ-ты»-лардың «еді»-сі қысқарып «ды» боп қалса, «болмаспеді, жүрсигеді» болып, «еді» қысқа ру керек; егер «игі» бөліну қажет табылса, «жүрсе игеді» — болып жазылуға тиіс. Жоғарыдағы «алып кел, әпер, қайдам»-дар сықылды «жүре алмаймын, бара алмаймын»-дар да қысқарылып (жүралмаймын, баралмаймын) жазылу керек. Дәйекші туралы ойлап-ойлап, мынадай қорытындыға келдім. Дәйекші, көбінесе, бас буынды жіңішкертеді. Сөздің ішіндегі «е, к, г» дыбыстарды, өздері жіңішке естілгені болмаса, бүтін сөзді жіңішкерте алмайды. Сондықтан сөздің бас буыны жіңішке естілген жерде, ішінде «е, к, г, к, ғ» болса да, дәйекші қалмай жазылған дұрыс болар деп білдім. Бұл жоба жазуға көп жеңілдік келтіреді: бұрынғы, «іс, іске, піс, піспен, өр, өрле, біз, бізге, сөз, сөзге, түр, түрлес» дегендегі түбірінде бар дәйекшелер жоғалмайтын болады: «іс» іске, піс, піспек, «өр, өрмек...» болып жазылады. Бәрі біркелкі. Бұрынғы ереже де болмайды. Тағы бір пайдасы: шұбалаңқы ұзын жазылатын, сызықпен қосылатын сөздер қысқарады, жазу ықшамдалады. Сыдыртын тез оқудың бір шарты: сөздің ықшамдығы кітап оқығанда, кісі ежелеп отырмайды, сөздің тұлғасынан тани кетеді. Неғұрлым тұлғаның тұрқы қысқа, ықшам болса, соғұрлым оқуға да жеңіл болмақ, жазу үйретуге тағы солай. Осы айтқандарға сүйеніп жоғарыда көрсетілген мысалдарды былай жазуды ұсынамын: «Атты кісі мылтық атты. Қасымбек, Қойшығұл, Түйебай, бір- ақ, мал ғой, жоқ қой, керек қой, адамда, құста, анда, барайын ба, келейін бе, аламыз ба, барғанбысың, келгенбісің. Жазғансың, малмен, көппен, биеке, ағаке, молдеке, тайсымай, япырмай, жарықтығай, аппақ, сапсары, баралмаймын, жүралмаймын, бимаза, бей- бастақ, битарап, биқам, бетпақ, болмаспеді, жүрсе игедім...». Қазақ тілінде үндестік (сингармонизм) бар деп, басты қатырдық. О да жоқ сөз болып барады. Қараңыз мына мысалдарды: Махамбет, Ахмет, құдірет, қасиет, қауесет, қызмет, бір-ақ, қане, қорек, қыркүйек, қалпетімен, қабен, саудагер, қаныкей, қажет, қазір. Мұндай сөздерді іздей берсек, аттың қара қапталынан келетін. Әрине, олардың ішінде шеттен кіріп, байырғы болып кеткендер де бар, өз байырғымыз да бар. Қайткенмен, олардан құтылу, әйтпесе, елдесшелеп «қасиет, қызмет, Әкмет (Ақмет), кудрет, қажет...» — деп бұзу мүмкін емес. Сондықтан үндестікті (сингармоинзмді) тіл білімдандарымыз (языковед) сыбағасына қалдырып (егер олар қашап ала қойса), сөзіміз бен жазуымыздан аулақ қылу керек. Енді Елдестің көкейін тескен «гү, и, ы»-лар туралы бір-екі сөз. «у» мен «и» екі дыбыстан құралғанына да таласпай-ақ қоялық.

Ұ+У–УУ (УУ)

ы+у=үу (үу)
ы+и= ( и)

— деп-ақ қояйық. Бір-ақ таңбаны ықшамдау керек болса, – оларды ықшамдау керек.

Осы күнгі орыстың «с, ё, я, ю» деген қаріптері мына дыбыстардан құралған:
и+э=е
и+о=ё
и+а =я

и+у = ю Орыстың бұдан неше ғасырлар бұрын қолданған қоспақ таңбаларын біз осы күні қолданып отырмыз. Неге? Ломоносовтарымыз жаңадан шықты, біз орыстың таптаған жолын таптағымыз келмесе, қоспақ таңбадан осы бастап құтылуымыз керек. Елдес этимология (тіл заңы), фонетикаға (естілу бойынша) сүйеніп, оларды қорғап-ақ шығар; іс жүзінде қолайлы болуына келгенде, ілгеріден тілеуіміз бар ғой десек, оларды қысқарту тиіс: «у» да, «и» да, қай жерде болса да, бір таңбамен жазылсын; шолағы да, ұзыны да. «и» қалмай жазылсын: өзгеде жоқ, бізде бар, деген пікірлер жүр. Сондықтан: «келу, бару, сарық, қайық, қиын, қарыт, тарық, Тротский, қырық...» деп жазамыз десіп, оп-оңай көріп жүр. Бұл сөзді ықшамдауға жатпайды, шұбалтып соза беру болады. «ы» деген дыбыс бірде бар, бірде жоқ, ойнақшып тұрмайтын сағым сықылды дыбыс. «Сарт-сұрт, қырт, қарт (кәрі), қырқ, мұрт»-дар- дағы «ы» емес, секін (ь) тәрізді бірдеме. «Келіу, барыу»-дың ішін-дегі «ы» дыбысы да дүдамал. Ондай дүдамал дыбысқа бола «ашық буында, бітеу буында «ы» дыбысы қалмай жазылады» деп ереже шығару керек емес. Айқын естілген жерде «ы» жазыла берсін. Түбінде тіршілік тартысында күштілер жасайтыны шын болса, «ы» сықылды шалағай, тұрлаусыз «меньшевиктер» сүйрегенмен аңға жарамайды, бір кезде шығып қалады. Таңба (қаріп) туралы қазірден-ақ Ахаңның жазба мәшинеге арнап шығарған таңбалары қабылдансын; ол мүмкін болмаса, аз да болса, жеңілдік келтіру үшін, бұрынғы басылған жобамды жақтаймын. Тыңнан шығарған, татардың өзгерткен, болмаса латыннан алған таңбалар туралы менен басқа да айтушылар табылатын. Сондықтан сөзді доғарамын.

«ЗҰЛХБИРЕ»

Ноябрьдің он жаңасында Ташкеннің атақты ламерейінде (театрінде) сондай атақты трагедия «Зулхбире» қойылды. Трагедия 5 перде, 7 суретте, ойнаушылары да даңқы жер жарған әртістер. Жарнама бір жеті бұрын жарияланып, Ташкенте айғай салған соң, күншығыс жұртының өнерін көрмекші болған қазақ, қырғыз, өзбек, түрікпен жолдастар көп барды. (Татар боса да көп бармақ қой). Атақты трагедияны көріп, «жаны сусындап» қайтушылар да болғам шығар. Өзіміз онша қанағаттанарлық әсер ала-алмадық, мақтаулы «Зұлхбиреге» жарымадық. Театр, әдебиет жайынан хабардар азаматтар да солай болуға мүмкін. Қысқаша трагедияның мазмұнын айтайық: татардың молдасы мен орыстың бобы (попы) қарта ойнайды. Мол да бар ақшасын, мүлкін ұтқызып болып, қызуға кіріскен соң жалғыз қызы «Зұлхбирені» қартаға салады. Боб, жанында екі полицейі бар, қызды апарып шоқындырады. Шоқындырып жатқан үстіне сүйген жары келіп қалады да екі полицей мен қабат бобды өлтіреді; қызды полицей өлтіреді. Жігіт өзін-өзі өлтіреді. Қызынан айрылып, шешесі нақұрыстанып, қарап тұрып құлап өледі. Әкесі суға түсіп өзін-өзі өлтіреді. Сөйтіп, өлімнің үстіне өлім қабаттап, «Зұлхбире» жүректі тітіреткендей трагедия болып шығады. Міне, мазмұны. Пьесада қандай мақсұт (идея) болу керек? Молданың қартежник болып, бұзылу салдарын көрсету ме? Патша үкіметінің мұсылманды шоқындыратын миссионерлік саясатын көрсету ме? Болмаса, «тағдыр да жазудан артық», адам іздесе де, бақыт таба алмайды демек пе? Әлде тағы... Егер идея әуелгі екеуі болса, ол уақытта молдаға тағдырын болжаушы әйелді көрсетіп не керек? Зұлхбиреге түс көргізіп не керек? Тұп-тура қарта ойнаудан бастаған дұрыс болар еді. Олай емес, негізгі идеясы – «тағдырға» қарсы жүрсең, сорлы боласың деген пікір туады. Адам келешегін күн бұрын біліп қойса керек. Алғашқы екі сурет бізге соңы ашып беріп отыр. Олай болса, бұл пьеса көрушіге қата (соқыр наным) сезімін күшейтуге себеп. «Тағдырдың қожасы – адам», соқыр наным, өрім-жерім бос қиял, сандырақ болған. Дүниеге ақыл көзімен қарайтын, материализм ғасырында, адамды мұндай пьесамен тәрбиелеуден зиян бар, пайда жоқ. Трагедияның ішкі тізілісі, маңызы қаһармандардың жан дүниесі (психологиясы) жағынан қарасақ, көп кемшіліктері бар. Трагедияның маңызына қатынасы жоқ көп әйелдердің шығып, ән салып, жүгіріп ұзақ ойнауы, қараушыларды жалықтырарлық ұзын сөздер (монолог, диалог), скрипкасы бар шалдың келуі, қыздың перде бойы тынып қайғыруы, жылауы, еңірей беруі, алыстан ән дауысы естіліп, көпке шейін сахнаның бос тұруы – мұның бәрі трагедияның маңызын азайтатын кемшіліктер. Трагедия бұ жағынан көп ақсаулы. Қатты әсер берерлік орындарды шұбалтып, сутатытып алады, мәселен, боб пен полицей келіп, қызды ұрып-соғып алып кеткен жері қандай күшті, қандай қапылыс! Сол жерде шымылдық түскен болса, қандай әсер берер еді!.. Артынан шал келеді, қаһарман келіп, табиғатты мадақтап, жанындағы қайғыны сөйлеймін деп, түршіктірген жүректі айықтырып, жалықтырып жібереді. Сүйген жарын іздеп келген жігіт, шіркеудің қақпасынан кіріп, сандалып, былқ-сылқ етіп, жылап, көп сөйлеп отырады. Егер қыз қашып шықпаса, қарсы жолықпаса, сол жерде жылап отырмақшы ма? Қыз үшін, махаббат үшін басты байлап келген батырдың ондай жылауық, қорқақ болуының дәмі жоқ. Көзі жайнап, қаны қайнап, жалт-жұлт етіп, төбелесіп, қызды тартып алуы керек. Жанталасып жүргенде фәлсәфәнін керегі жоқ. Адамның ішкі шері дәйім сөзбен емес, көбінесе іспен көрінеді. Ер еңірегіш болса ер емес. Жынданған ананың қайғысырап отырып, ақырында сылқ етіп құлап, өле қалуы да тым қолдан жасама болып шығады. Қысқасы, бас-аяғын тұжырып, керексіз жерлерін алып тастап, түзетсе, пьеса әсерлі болып шыққандай. Бұл Қалпында көрсету ағат. Өйткені көгі жерді құрастырып, ботқалағаны, қолдан жасағаны толып жатыр. Өмірге, психологияға, сахнаға жанасымды болу жағы көп ескерілмеген.

ПАРА АЛУ ТОҚТАЛА МА?

Губернияда, одан жоғарғы орындарда пара алушылар болмауға мүмкін. Өйткені ондағы қызметкерлер әлеумет қызметі деген пікірге түсінген, қылмыс істесе, жаза барын сезеді, көреді. Сондықтан аса бір ізін білдірмейтін қулар болмаса, параны кесегімен толғаусыз алатындар кем болады. Ал, басқыштан төмен қарай түсіп, уезге, елге жақындай бастасаңыз, параның исі аңқып қоя береді. Уездік қызметкерлердің кейбірінде пара алатын әдет қалмай жүр. Ол неліктен? Уездік қызметкерлердің көбі жергілікті елдің адамдары. Өз еліне, құда-тамырына, жақынына тартпайтын, ру намысынан арылған уездік қызметкерді кем көресің. Іс басындағы азамат қай елдікі болса, сол ел уез ішіндегі «құдайдың сүйікті құлы». Қызметке кісі керек болса, ол іс басындағы азамат әуелі өз жақынын, өз тұқымын кіргізеді. Мектепке бала кіргізсе, әуелі өз елінің балаларын орналастырады. Мұғалімді өз тілеулестерінен сайлайды. Өзге елдің адамы болса, оны қақпай қылып, шығарып тастайды. Кей жерде сайлауға кісі шығарса, исполкомды түсірсе, өз жағының сойылын соғатын кісіні жібереді. Сонымен уездік қызметкерлердің бірталайы елдің, рудың әсерінен құтыла алмайды. Елдегі жақындарының құралы, шоқпары болады. Ел ішінде жүріп келген кісі жақсы білсе керек, уездегі кейбір азаматтарды ел үлесіп бөліп алып жүреді. Анау менікі, анау оныкі деп отырады. Қазағы түгіл орыс қызметкерін де белін алады. Бөліп алатын мәнісі бар. Уезде отырған қазақ қызметкерінің әр істес, қызметтес орыс жолдасы болады. Ол қызметкер пара алмайтын, таза кісі болса, оған әуелі сенімді көрініп алады. «Орыс – сенгіш жұрт қой» дейтін қауесет бар. Бір сендіріп алған соң, «оның жөні мынау болады, сіз қазақ жайын білмейсіз ғой, анау пәлендегі кісі, мынау түгендегі кісі» деп, оларды миландырып қояды. Егер орыс жолдас та «қазақшыл» болса, жергілікті азамат болып, тамаққа күйрек болса, онда «кім құдайдың бергені» оған түс тасаның керегі жоқ, қолма-қол саудаласып істейді. Сырын жасырмайтын, ақылдасатын кейбір қазақтардың уездік бір қызметкеріне саудаласып пара бергенін көзімізбен көрдік. Бермесе, жұмысқа орналаспайды. Параны көпіртіп алатын қызметкерлер де табылады. Милиция болғандар, сайлауға шыққандар, ұры, мылтық, төңкеріс қаскүнемдерін іздеуге шыққан агенттер, әсіресе соңғы кезде мал тауып тұрған – мал есебін алуға, тыққан малды табуға жіберілген ақша инспекторлары – солардың орынбасарлары, қолқанаттары. Милиция шауып келеді де, біреудің маңдайына басқан ардақтысын ұстап міне бастады, болмаса «пәленшеге керек» деп, арбаңды алғалы жатыр. Атыңды бір мініп кетсе, апталғын шығармай бермейді. Арбаңның салдамағы қашан қолыңа тиері белгісіз. Қайту керек? Көп шығыннан да аз шығынға көнбеген артық. Қой-қозы, тері-терсек, шекпен, бірдемемен құтылғанын олжа көреді. Ал, лау бермей қарсыласты, төбелесті, онда не істейді? Пәле салады, мылтығын тастап кетеді, киімін жыртады, қағаздарын шашады, қызмет уағында қарсылық көрсетеді деп, барады да шағады. Жіберуші өз адамына сенеді. Елге сенсін бе? Ел адамы соры қайнайды. Пара бергеннен де жаза кіргені ауыр – оған шығын артық шығады. Лау міну деген нәрсе тоқталмай, милицияның қиянаты тоқталар емес. Лау мінуді токтатуға өкіметтің берер қаржысы жоқ. Сонымен бұл даусыз дерт болып отыр. Кейбір сайлаушылар партиялы елдің екі жағынан бірдей соғып кетеді. Пара берушілердің қуатының сезсе, оларды «пара берді» деп көрсете қояды. «Берген парасы мынау» деп әлде жарымын, әлде оннан бірін сотқа апарып береді. Өзгесін өзі пайда қылады. Екі қоянды бірдей соғады: пара берушіні көрсетіп, сенім алады – бір, параның көбін өзі пайдаланады – екі. Және пара алушы да біреуге арқасын сүйемей алмайды. Қуған күнде қорғап алып шығатын, ақтайтын, пәленше-түгеншелерге сеніп істейді. Бұл жалпы болмаса да кездесетін уақиға.

Бұ да дәнеңе емес. Параның көкесін ақша инспекторлары өкіртіп жүр. Бейсембай қаннен-қаперсіз үйде қымыз ішіп отыр еді, мылтығы бар, сымпиған үш-төрт атты кісі сау ете тусті. Бейсембайда зәре жоқ. «Бұл бір құдайдың пәлесі ғой, әлде неғып кетеді?» деп жүрегі дүрсіл қағып барады. Келді де қотандағы қойды, желідегі биені санай бастады. Түстері суық, жауап қатпайды. «Мынау менің қойым еді» деп көршінің бірі жармасайын деп еді, қамшымен қақ бастап тартып жіберді. Санап жіберіп, пәленше қараны артық шығарды. «Тығылған мал. Айда, жаз протоколды!» Енді Бейсенбайдың пара бермеске әдді қалды ма? Қасындағы милицияға сыбырлады: «Шырағым, қазақ байдың баласымыз ғой, бірдеңе ғып протоколы» қалдыр. Сенің жақсылығыңды білейік...».

– Болмайды... болмайды... бұл кісі алмайды... алатын кісі емес. Бірақ мен сөйлесіп корейін. Менің толық жолымды бересіз...

– Құп болады.

Міне, мұндай жұмысты ел ішінде көруге болады. Елде Бейсембайлар көп. Бірсыпырасының көрген күні осы. Біреуі қой, біреуі тоқты, біреуі кілем, біреуі кесек киіз береді. Инспектор алмайды, қасындағы пәленшенің баласы алған болады. Ол өзі алып жүрмейді. «Пәлен ауылда пәленшеге ертеңнен қалмай жеткізіп бересің, әйтпесе, малың көрсетіледі», – дейді. Апарып бермесе, көрсетуі анық. Талай сондай сараңдық қылғандарды көрсетіп, бір қойды қимаймын деп 10-15 қарасы қазынаға түскендер болған. Оны көріп отырған қазақ қалай пара бермейді. Осыны жазып отырушы мен болсам, талай қысылып ақылдасқан қазаққа пара берме деуге аузым бармады. Өйткені бермегендердің не болғанын мен де көріп-біліп отырмын. Ал, пара алды деп көрсетуге арызға не болатын болмаса, куә болатын бір қазақ таба алмайсың. Қорқады. Әркімге жан керек. Тыққан малды табушылар елдегі кейбір қызмет адамы мен әмпәйсіз жүрмейді. Керек болса, жемтіктес болады. Мәселен, Итбас дейтін исполком күнінде ана жақ партиядағы Мұсақты, Исақты, Сарыбайды молда атына көрсетіп жібереді. «Еңбексіз, өліктен мал табатын молдалар» тоғыз сом налогын тартады екен. Тоғыз сом налогын бересің деген қағаз келіпті. Мұсақ, Исақ, Сарыбай молдалық түгілі әліпті таяқ деп білмейді. Не істеу керек? Бірдеңе жалатса, инспектор қалдыратын түрі бар. Амал жоқ, береді. Бермесе, жыл сайын 9 сомнан, болмаса одан да артық шығын тартса керек. Осының бәрі бос сөз емес. Болған уақиғалар. Бірақ мұны жоғарғы жердегі өкімет адамдары біле бермейді. Білсе, шарасын істер еді. Мына қалыпқа қарағанда, елде пара алу, пара беру тоқталады деп білмеймін. Пара берсе, ел зиян қылады. Қазақ – материалист, қазақ – есепшіл. Шығынның аз-көбін салмақтай біледі. Бір тайы текке терлегенін қаламайды. Мен ойлап-ойлап, пара тоқтатудың дауасын таба алмадым. Тапқан кісі болса, газетке жазса екен. Бұл осал, оңтағай мәселе емес, елеулі сөз болу керек шығар.

ҚАЗАҚҚА ПАЙДАЛЫ ЖАС ТАЛАП

Көркем әдебиет қазақта азды-көпті басылып келеді. Жас жазушылар шығып келеді. Оларды қарсы алып, қолтықтап демеп, маңдайынан сүю керек. Бізде ән-күй жағынан, суретшілік жағынан Европа тәлімін алып, жетіліп шыққан өнерпаздар жоқ. Қазақтың өзінен композитор, өзінен суретші шықпай, қазақ музыкасы (ән-күйі), қазақ тұрмысының айнадай суреті жасалмайды. Қанша әндеріміз, күйлеріміз нотаға (қағазға) жазылғанмен, (...) оны орындайтын өнерпаздар шықпаса, олар өзі материал болады да жата береді. Ендеше бізге өнер мамандары керек. Енді мақсұтқа келейік. Бізде бастырылатын түрлі оқу кітаптары көп. Әліппеден бастап, терең пән кітаптарына шейін суретпен басылу керек. Әйтпесе оқыту әдісінің шарты табылмайды. Қазақ, өмірі, қазақ тұрмысымен таныстыратын әңгімелер де, пәндер де сурет нағыз қазақтікі болу керек. Бізде газет-журнал, жаңа туып келе жатқан көркем пролетариат әдебиеті бар. Көркем әдебиетке беретін, идеяны көзге көрсететін – сурет. Бізде шын қазақ музейі, ескілікті түгел көрсететін сурет сарайы (картина галерея) болу керек. Біздің клубтарымыз, оқу орындарымыз қазақ тұрмысынан алынған суреттермен зейнеттелу керек. Көріп келгенде, қазақ жұрты екені көрініп тұратын болсын. Еңбекші жұртты ілгері сүйреуге, пікіріңді жарыққа шығаруға бұл зор құрал. Біздің клубтарымыз, театрларымыздың сахнасы қазақ өмірінен декорациялармен толу керек. Бұ күнге шейін қазақтың киіз үйін, жазғы үйін, жазық даласын көрсететін бір сурет салғамыз да жоқ. Міне, осынша керекті керек деп, қол қоятын болсақ, жел сөз деп білмей, шын қажет деп тапсақ, керек іске терек болатын кісіні көрсеткелі келеміз.

Ол – суретші Амандайұлы Ғаббас.

Ғаббастың тегі – қазақ. Жасы 30-дан жаңа асқан жас жігіт. Қазанда сурет медресесі (художественное училище) бітірген. Қызметі Семей губерниясында болған. Елдегі ескі діншіл молдалардың ықпалы күшті болғандықтан суретшілік өнерін көрсете алмай жүрген. Ғаббас қазақ өмірімен әбден таныс. Өзі қазақ – ол аз. Ғаббас – таланты ерек суретші. Суретті өз қиялымен де, табиғатқа, адамға, затқа қарап отырып та салады. Тарихи суреттерді салуға да жетік. Декорация жасауға да озық. Оның суреттерінен қазақ исі аңқып қоя береді. Бұл суретші бүгінге шейін таланты көміліп келе жатқан көрінеді. Кәзір Тәшкеннің бір мектебінде оқытушылықпен жан сақтап жүр. Тұрмысы өте нашар. Сурет салуға аспан, бояу алатын ең азы 20-30 сом ақшасы жоқ. Қарындашпен, су бояумен жәй ақ қағазға түсірген қазақ аулының суреті, тағы басқа суреттері Ғаббастың қандай талант екенін айтып тұр. Бірақ тіршіліктің ауыр соққысына иленіп күйсіз, құл болып жүрген өнер өркендемек емес. Жақсы нәрсе шығару үшін қамсыз тұрмыс, көтеріңкі көңіл керек. Күйсіз жүйрік жүгірмейді. Бұл суретшіні Қазақстан, Түркістан оқу мекемелері, ғылым-білім орындары пайдалана білсе, жақсы болар еді. Қазақ тұрмысынан көп нәрселерді дүниеге шығарар еді.

(Іздеуші-сұраушы болса, Ғаббасты «Ақжол» арқылы табуға болады).

АНА ТІЛІН ҚАЛАЙ ОҚЫТУ КЕРЕК?

Бүгінде Америка әдісі, жиынды (комплексті) әдісі, тәжірибелі (лабораториялы) әдісі, құлшынды-белсенді (активнодвигательный) әдісі... Тағы сондайлар майданға шығып сөз болып жатыр. Бәрінікі – білім берудің төте жолын табу. Бізде көп әдістер түгіл жөнді бір де әдіс жоқ деуге болады. Елдегі шала мұғалімдерде қандай әдіс бар? Айтыңызшы! Рас, тіпті жұрдай емеспіз: «Әліпте жоқ, ба астында бір ноқат» та өз әлінше әдіс боп келді. Ел мұғалімдерінің бала оқыту әдісі де соңың ағайыны емей не дейсіз? Тап осы қалыпта басқалардың қолданып жатқан көп әдісінің бірін ала қоюға ыңғайымыз келетін емес. Оқытушымыз, аспабымыз _ бәрі шалағай. Және көн әдістер біз түгіл, өзге өнерлі елде де жүйеленіп жетпей жатыр. Дегенмен, «көрің қадырға» жабыса беруден мән шықпайды. Қолдан келетін, пайдалысын біз де сығалап, шымқылап ала беруіміз керек. Бұл мақалада «мынау пәлен әдіс» деп қолақпандай қып, қолға ұстата қоярлық пәлендей тартуымыз жоқ, орыстың түрлі әдістерін қарастырып, одан, будан құрастырын, әзірше ойымызға келген, тәжірибе етін, қолданып жүрген қойыртпақ әдіс-сымақтарымызды біз де айтқалы келеміз. Қарап отырғанмен, бүркей бергенмен бола ма? Журналға ықшамдалған мақалада қарқ қылуға да әуелі тіл оқытудың өзін былайша жіктегі алсаң, қалай болар екен: 1) жазу-сызу (емле) үйрету; 2) сөйлеуге, шығарма жаздыруға төселдіру; 3) тіл бақылау (грамматике); 4) әдебиет жайынан кеңес құру; Бұл мақалада бастапқы екеуі туралы сөз қылармыз. Сөйтпесек, орын жететін емес. Тегінде әдіс туралы көп жазу керек қой. Бұлардың әрбіріне бір мақала жазылса да аздық қылады. Біздікі қысқаша, үстіртін әңгіме болар. Мұның ең қиыны – жазу (емле) үйрету болуға тиіс. Бұған шейін жазу дыбыс әдісімен үйретіліп келді. Дыбыс әдісінің кемшіліктері көп. Дыбыстарды бір айыртып, одан әр дыбысқа таңба (қаріп) салып, ол таңбаларды түрлі түрде құрастыру жас балаға зор машақат екенін оқытушы білсе керек. Біздің таңбаларымыз қайбір тиянақты? Біресе есіктің тұтқасындай сорайып тұрса, біресе шұнтиып мықырайып қалады. Оның үстіне тап-таза естілетін дыбыс болған ба? Өте-мөте даусыздар. «Бигесекінді» (б) жеке күйінде айтын беріңізші! Сөз жоқ, басында «и» дыбыс шыға келсін. Басында естіртпеймін десең, аяғынан солаң етсін. Ол ол ма? Дыбыстардың жеке күйінде естілуі мен сөз ішінде естілуі тағы қайта келіп қалады. Мұның тағы бір жаман жері сол: салғаннан өлі дыбыс, өлі қаріп үйретеміз. Бұл психология заңына келмейді. Психологияның айтуынша ұғым алу жолы былай: адам әуелі нәрсені бақыламақ. Бақылаған нәрсенің суреті (пернесі) мида қалмақ, ол пернеге ат қойылмақ, сөз тумақ. Дыбыс әдісімен оқытқанда, нәрсе бақыланбайды, перне қалмайды, сөз де болмайды, шуу дегеннен дыбыстың таңбасы деген «бірдеме» үйретіледі. Тағы да талай кемшіліктері бар. Әрпіміз, әліппеміз ыңғайына қарай, хат танытуға дыбыс әдісін қолданып жүрміз. Әйтпесе қолға түспейтін төте әдіс бұл ғана емес. Енді Америка әдісін қолдану керек деген әңгіме көтеріліп келеді. Бұл әдістің қандай екені туралы сөз көбейтудің керегі жоқ. Үйткені оған лайықталып жазылған бізде әліп-би жоқ. Жаңа шығатын Ақаңның әліп-биі кітабында осы әдіспен оқыту жолы да көрсетілсе керек. Сол шыққан соң, бұл мәселе қозғала жатар.

Сонда да емле үйрету жайынан бір-екі сөз айта кетейік.

Бір нәрсе туралы адамның саңылау мүшелері неғұрлы жапа-тармағай қызмет етсе, соғұрлы ол нәрсені тезірек, нығырақ меңгеріп алмақ. Білімнің қиқымы бейне бір суда жүзген жеміс: бес бармақты батырып, шеңгелдемесең, уысына түк ілінбейді, іліксе де, аз келеді. Ендеше, білім алуға қармақты тұс-тұсынан салу керек. Ол қармақтар – саңылау мүшелеріміз (көз, құлақ, тіл, мұрын, қол – дене). Балаға сөйлеңіз (тыңдасын!), жазыңыз (көрсін!), айтқызыңыз (тілімен қызмет етсін), жаздырыңыз (қолымен, денесі мен істесін!). Міне, тұс-тұсынан қармақ салған деп осыны айтады. Мүшелері жегілсе, оқушы тез меңгеріп, тоқып алады. Сабақ сайын оқушының есінде болатын бір мықты әдісі осы болу керек. Танық нәрселердің атын жаздырмай тұрып, өзін, әйтпесе тұрпатын, суретін, үлгісін, жоспарын көрсету керек. Мұның бірі де мүмкін емес екен, ауызша ұқсас нәрсемен салыстырын оқыту керек. Сонда барып миына перне қонады, сонда барып перненің аты көкейінде қалады. Бұрын емле үйретуге жатқа жаздыру сән боп жүрген. Жаңа хат танып келе жатқан адамға хатқа жаздырудан да кітаптан, не тақтайдан қарап жазған пайдалырақ. Үйткені саңылау мүшелеріміздің ішіндегі ең шалымдысы көз болады. Ескі молдалар араб сөздерін қатасыз жазуды кітап көшірумен білетін. Көз деген жақсы айна. Көркем жазуға да жол беру керек емес. Оны көркем жазуды көшіріп жүріп үйренгені жақсы. Хат жазу соңғы кездерде емле тексеру үшін ғана керегі болар. Онда да көп бола бермесін! Жазу үйрету туралы айтатынымыз осы-ақ. Енді сөзге төселдіру жайынан. Сөзге төселдіру о дегеннен басталу керек. Бісімілдесі – сұрау, жауап. Дұрыс қойылған сұрау дұрыс жауап алу керек. Дұрыс жауап бере алмаса, әуелі жолдастары, одан қалса, оқытушы түзетіп отырсың. Оқытушының түзетуі берілген жауаптың мәнісін түзету болмасын, сөйлемнің қырыс, қисынын түзету болсын, тілі жетпей тұрған жерін жөндесін. Қазақ баласынын бір әдеті: «бәлен етіп, сонымен кетіп, содан сүйтіп...» деген тәрізді нүктесіз шұбата береді. Сөйлегенде де, жазғанда да қысқа сөйлеуге уағдалана беру керек. Ұзын әңгімені аз сөзбен қысқартып айтқызу – сөзге төселдірудің бір керекті жері. Бала түгіл, әлеумет қызметкері боп жүрген кейбір азаматтардың топтарда орыс сөзін қазақшаға аударғанын тыңдасаң, олақтығы көрініп тұрады: қысқаша мазмұнын өз ойымен айтын бере алмайды, сөйлеушінің сүрлеуімен түгел айтып шығам деп әуре болады. Кетеусіз, татымсыз көп сөзділікке тұрмыс үйретеді ғой. Одан пайда да бар шығар, әйтсе де зияны басым болар. Түбінде көп сөзді адам берекесіз келеді. Аз, дәмді, тиімді сөздің қадірін қазақ та білген ғой, білмесе, «ердің құнын екі ауыз сөзбен кеспей» деп, мақтамас еді. Қазақ баласы бұлдыратып, түссіз қылып сөйлейді: ақтан тигізіп, тапбасар сөйлейтін адам кем болады; көбінесе құба жондатып, тайғалақтатып, бетім қырпып, жалпы сарынға салып отырғаны. Сотта жауап берген кейбір қазақ бұлтақтатып, құйрығын ұстатпай қояды; жауабын олай да, бұлай да ұғынуға болады. Қызылдар, ақтар елге кезек келіп, ығыр болған кезде, қам келгені қыр қазағынан: «Қызылды жақсы көресің бе? Ақты жақсы көресің бе?» деп сұрайды білем, сұрап тұрғаны ағы екенін, қызылы екенін қайдан білсін. Жауабы қайшы келіп қалса, өлген ғой. Сонда қазекең тұрып: «Сізді жақсы көреміз. Сізді жақсы көреміз» деп құтылады екен. Әрине, мұндай тапқыштықта пайда да бар. Бұл мақтарлық нәрсе. Ал үнемі бұлдырата беру ойды дұрыс шығармайды. Ой дұрыс болмаса, білім табылмайды. Оқытушы осы жағын баса аңду керек. Мектепте қысқа әңгімелер қалай оқытылу керек? Салған жердей кітаптан оқыта бастамай, алдын ала сол әңгімеге балаларды даярлап алған жөн. Балалардың көргені, естігені жайынан сұрап, сурет көрсетіп, әлдебір оқылған, сөйленген нәрседен, не өмірден алып, әйтеуір оқылатын әңгімеге балаларды төндіріп, ынталандырып алу керек. Содан кейін оқылса, әңгімені балалар құлшынып тыңдайды. Алдымен жақсы оқитын балаға, сонан соң төмендеуіне оқытылсын. Әңгіме қандай әсер берді екен, тыңдаушылар ойлансын. Ұғымсыз, жат сөздер түсіндірілсін. Суретті, көркем сөздері тапқызылсын, мазмұны қысқаша қайта айтқызылсын. Әңгіме бөлшектелінсін. Бөлімдерінен сурет туғызылсын. (Оңай сурет болса, балалардың қолынан келсе, тақтайға салғызылсын; қиын болса, ауызша суреттелсін. Болмаса үйде салып келуге берілсін). Сұраулар қойылып, балалармен кеңесілсін. Әр бөлімдерін тақырыптатып қарасын. Әңгімедегі қаһармандар атынан сөйлетілсін. Әңгімеден баланың есіне не түсті екен, айтқызылсын. Қорытынды шығартылсын. Оқылатын әңгіме қандай болу керек? Оны таңдау үшін, оқыту әдісін ескеру үшін, мұғалім мынадай сұрауларды өзіне қойып алса, дұрыс болар еді: І) осы әңгіме мектеп мүддесіне, баланың біліміне лайықты ма? 2) бұл сабақтың мақсұты не? Мөлшерлі уақытта сол мақсұтқа жете алам ба? 3) қандай әдіс қолданамын: а) әңгімеде шәкірттерге не таныс, не танық? б) әңгімеге даярлау үшін, алдын ала қандай тұрғыдан қозғау керек? п) әңгіменің басқы пікірі қайсы? Жаңа май пікірі қайсы? ) қиын сөздері, сөйлемдері, өзгеше жерлері қандай? ж) балалармен қай түрде кеңесемін? д) бұл әңгімеден дағдыландыруға (жаздыруға) қандай жұмыс мәселе туғызуға болар, еді? е) оқытқанда дауысты қай жерімде, қалай құбылту керек?.. Бұл сұраулар тек мысал үшін. Шалымды оқытушы әңгіменің түріне қарай, әдісін өзі таңдамақ. Алғашқы кезде қысқаша көркем әңгіме, ертегі, мысал, өлеңнен бастап, жүре-бара маңызы да, көлемі де ұлғайып, әдебиеттің түрлі тарауларына жасалған жөн. Бас, аяғы жоқ ұзын әңгіменің бір қиқымын оқыту керек емес, аз да болса бір нәрсе туралы толық айтылған, тұтас нәрсе оқытылу керек (ұзын романдардың әлде бір тақырыпқа жазылған лайықты жерлерін алуға, әрине, болады). Әуелі әлімтеу (описание), содан кейін баяндау (повест-вование) түріндегі әңгімелер аралас алынған жөн. Әңгімелер, өлеңдер үлгілі әдебиеттен, не балаларға арнаулы кітаптардан алыну керек. Өмірді әр жағынан суреттей алмаған, мақсұты, өнегесі сыңаржақ, анық көрініп тұрған, әйтпесе, ерсі сөздер балаға оқытылмау керек. Тұрмыстың жаратқыштың жағын суреттеген, көңілді ашқандай, ойды түрткендей пернелі, үлгілі сырлы сөздер оқылу керек. Түріне қарай, әңгімелердің оқыту жолдары да өзгеше болады. Газет хабарлары сықылды қара сөз бен толғаулы өлеңдердің оқытуы бір емес. Ертегі, әуезелердің пернелі, кестелі сөздерін тастап, баланын өз сөзімен қайта айтқызуға болмайды. Олардың маңызы қиялға әсер беріп, шарықтатуында толғаулы, суретті, сәнді сөздерді, өлең-жырларды өз сөзімен мылжалау жарамайды: олардың маңызы сезімге әсер беріп, көңілді ұйытқытуында. Өмірді дәл суреттеген, қаһармандарын толық мінездеген аса бір жақсылары болмаса, Крыловтың мысалдарын кеп оқыта беруден де пайда аз, үйткені тегінде ондай мысалдарда терең мән болмайды; күндегі өмірдің тәжірибесі қасқырды, түлкіні, аюды, бұл-бұлды, есекті мінездеген мысалдарын алуға болады. Баланы күн бұрын даярлап алған соң, толғаулы, көркем өлеңдерді, сөздерді әуелі оқытушы өзі оқып берсе, балаға әсері күшті болады. Толғаулы, ырғақты сөздер күй емес пе?! Күйді күйші тартса, құйма құлаққа сый емес пе? Күйге қарай көңіл күйі билемес пе? Жақсы оқылған, толғаулы сөз балаға әсер бере алмаса, мұратына жетпегені. Алғашқы алған әсер күшті болады. Ендеше күйлі сөзді кеп оқып, жасытпаған жөн, 3-4 қайтара оқылса, жетеді. Қара сөзге қолданатын әдісті ақын сөзіне келгенде тастау керек. Мұнда назар ақынның пернесі, суретті сезімі жағына аударылу керек. Түсіндірем деп, ақынның тілін созғыласа, әсер бұзылады; түсіндіру әсерді әлсіретуге емес, күшейтуге жұмсалсын. Көркем әдебиеттен оқытқаннан кейін, балаларға, мәселен, мынадай сұраулар қойылса, жарайды: 1) Әңгіменің қаһарманы кімдер? 2) Заманы, орны, уақыты, жағдайы нендей? 3) Басында, ортасында, аяғында айтылмай кеткен, жетпей тұрған сөздер жоқ па? 4) Шығарманың өте маңызды жерлері қайсылар? 5) Қандай сөздер, жолдар, сөйлемдер өте сұлу, жат, күшті келген? 6) Қандай сурет салуға, қай-қайсын айттыруға болар еді? 7) Қай жері күйге келтіріп оқуға, қай жері сымбатқа түсіруге қолайлы? 8) Қай жерлері өте қуаныш, мұң, қауып-қатер, қайғы, шаттық сезім туғызады? Дауысты құбылтып, мұғалім оқи бастаса, мұның бәріне оқушы жауап бермей қоя ма?

Енді шығарма жазу туралы азырақ сөз.

Шығарма жазуын сөйлей білгеннің белгісі. Бірақ сөзшеңдік пен жағымпаздық бір емес. Әрқайсысына өзгеше зеректік, өзгеше дағды, еңбек керек. Шығарманың материалын (дерегін) қайдан болса, содан алуға болады. Көбінесе, шығарманы оқылған әңгімеден туғызу керек. Не әңгіменің өзі қайта жазылсын, болмаса әңгіме арқылы баланың есіне түскен нәрсе айтқызылып, содан кейін жазуға берілсін. Әрине, оны бір сабақта, бір сағатта істеп бітіруге болмайды; көлеміне қарай уақыт шамалану керек. Белгілі тақырыпқа, белгілі планмен жазу алғашқы кезде қиын тиеді. Сондықтан әуелде плансыз жаздырып жүріп, бара-бара планды тәжірибе арқылы өздері тапқандай болса, тым жақсы. Тақырып көп жазу тілемейтін дәл, ықшам болу керек. Жылдың мезгілдері, өмірбаяны, көрген-білгені деген сықылды кең өрісті тақырыптардан қашу керек. Тақырыпқа жазып, төселуге класқа сурет әкеліп, іліп қойып, әліптеткен жақсы. Қазақ баласына класты, орындықты, шкафты суреттету сықылды өмірге керексіз жұмыстар берілмеген жөн, одан да «әке, шеше, туғаным не істеп жүр екен?» деген тәрізді ойландыратын, сезімін, қиялын ұстартатын нәрсені жаздырған артық. Бұл тәрбие жағынан да татымды. Оқушылардың бір бүйрегінен ауылы, елі кетпегені жарайды. Бұған талай жерде оралып соғып отыру керек. «Өзі болып, төркінің танымай кететін» жаман қылықтар алды-артына қарап, ойланбағандықтан, өзіне есен бермегендіктен туады. Неғұрлы шығарманың тақырыбы күндегі өмірден, әсіресе, еңбектен істеп, балаға пайдалы, зиянды, жуғысы бар нәрселерден алынса, соғұрлым бала жұмысына ынталы болмақ, ендеше, жемісті де болмақ. Үй ішіне, жолдасына, танысына сәлем хат жазғызып үйрету де пайдалы нәрсе. Дардай жігіттердің хат жаза білмейтіндері көп болатын көрінеді. (Әсіресе, әскерлік мектепте). Газет хабарларын оқытып, тақырыптатып, тілін, сөз құрлысын бақылату, ол хабарлар туралы кеңесу, мәселеге пікірлерін айтқызу, өздеріне көрген-білген елдегі жұмыстарды хабар қылып жаздыру, жақсысын басқармаға жіберіп тұру – міне, өмірге керекті, пайдалы тақырыптар. Газеттің белгілі бөлімдерін әр балаға, не бірнеше балаға оқып отыруға тапсырса, бір-екі жеті өткенде, сол бөлім туралы баяндамалар жасап, өздері жоба ұсынса, мұның бәрі жұртшылыққа, азаматтыққа аяқ басқанның нышаны болар еді. Газет оқуға қызықса, сөз жаза бастаса, әлеумет жұмысына араласқаны деп біл. Оқылған, естілген әңгіменің мазмұнын қайта жаздырғаннан да, бастан кешірген оқиғаны, көрген-білгенін, өз пікірін жаздырған артық, бастапқыда сөз құрастыру жағына көбірек назар салса, соңғыда қиял, сезім, шығарғыштық қуаттары да қызмет етеді. Өз бетімен істеп шығарған қандай рақат! Өз күшіне сенімі артып, бір жасап қалады. Шығарма жазылды. Оны қалай түзету керек? Өз қатесін жазушы өзі түзетуге кіріспесе, ондай шығармадан пайда да шамалы. Бұрынғы оқытушылар шәкірттің дәптерін қарағанда, қызыл сиямен сызып-сызып, «жаман, жақсы» деп қоя салатын, болмаса, «пәлен жерін қайта көшір! Әне жері анадай боп кетіпті...» деп бірдеме жазып қоятын. Шәкірт «жаман, жақсы» дегенін көрсе болғаны, жаман болса, тыға салатын, жақсы болса, жайып салып, жолдастарына көрсететін. Ол жолмен шығарма түзету керек емес. Әсіресе, алғашқы кезде, жеке баланын жазғанына көптеп, бар класс түзету керек. Бәрін бірдей класта түзетіп шығаруға уақыт жетпейді екен, бұған мынадай шара істеу керек: үлгі қылуға жақсы, жаман, орташа жазылған үш шығарманы алып, соларды көптің талқысына салып, мінетін түзету керек. Ол бір. Екінші –шығарманың бәрін түгел оқып шығамын демей, ең оғаш жерлерін алып, тақтайға жазғызып, балаларға түзеттіру керек. Бірталай шығармаларды солай өткізуге болады. Тақтайға жаздырып түзеткеннің пайдасы: көз қанады, ал енді шығармаға төселген кезде, оқытушы түзетіп әкеліп, оғаш жерлерін, тәуір жерлерін көрсетіп, қайырса да жарайды. Олақ оқытушы бар баланын жазғанын бір қалыпқа сыйғызып шығарам деп әуре болады. Әлгі «бірдеме» зорлық деген осы болады. Етікші, ерші ұста біткеннің қолы бір ме? Әр кімнің өз ойы, өз оңтайы болады. Баланың ой желісін, оз оңтайын бұзып керек емес. Тек өз сарынымен келмей, үйлеспей тұрған сөздерін дұрыс құрастырып, не демек болғанын табу керек. Тамыршылық осында.

ҚАРА ТАНУ МЕН ДЕНСАУЛЫҚ

Қара тану мен денсаулық біріне-бірі байлаулы нәрсе. Неғұрлым ел қара танымайтын надан болса, соғұрлым денсаулығы да нашар болмақ. Елін ауру көбірек жайламақ. Ел сауатты болса, ауру да тұмсық суға алмайды. Себебі қағаз танып, кітап оқыған ел тазалық сақтаудың керектігін біледі, сақтанады. Бұған мынадай мысал келтіруге болады: 1923-інші жылы Сырдария облысында қотыр болған кісінің саны 14 мың 328 болған. Бұл – жүз адамнан 2 кісі қотыр болған деген сөз. Әрине, біздің санақ сондай анық деп айтуға болмайды. Ауыл, қыстақтағы, елдердегі аурулардың есебі көбінесе алынған жоқ. Қотырдан оңай жазып алатын ауру жоқ. Оның емі тазалық, дәмі – сабынмен жуынып, денесі, іш киімді кірлетпей жүрсе болғаны. Сауатсыз ел мұңы білмейді, сабынды артық нәрсе санайды. Бір үйде қотырмен бір кісі ауырса, өзі жазылуды былай қойып, үйдің ішінде кісілерді ала тайдай бүлдіріп, қотырын жұққызады. Қотыр кісі өзгелермен араласпаса, қотырын жұқтырмас еді. Оны білмейді, қайтсін? Қотырдан басқа да сыртқы денеде, көзде болатын аурулар көп. Солардың бәрі де елдің сауатсыздығынан, мәдениетсіздігінен болады. Мәселен, 23-інші жылы 9 айдың ішінде бүкіл Түркістанда (мерезді қосқанда) 303 мың 834 кісі ауырыпты. Бұл бүкіл елдің 6-7 процент!. Бұдан өзге де аурулар ұшан-теңіз. Мұның бәрі неден? Бәрі хат танымағанның салдарынан. Олай болса хат тану ауыл-қыстақ адамдарына қандай керек екендігі өзінен-өзі көрінсе керек. Жергілікті елдің ортасында белгілі бір тапта (әсіресе кедейлерде) болатын аурулар бар. О да тазалықтың не екенін білмегендіктен. Ескі қалалардағы, ауыл-қыстақтағы үйлер кісі тұруға, күнелтуге тіпті жарамсыз. Себебі, қараңғы, терезесі жоқ. Бар болса сығырайған бірдеме. Әрі сыз-дымқыл, қабырғалары, төбесі көк аяз, пеш жағылмайды. Әрі аласа, жермен жексен. Дем алуға ауа жетпейді. Тарлығына, аласалығына қарамай; ондай үйлерде кісі мейлінше көп тұрады. Кейбір үйлердің бір бөлмелері мүлде бос тұрады. Міне сондықтан тұрушылар құрт ауруға шалдықпасқа еркі жоқ. Елді дерт жайлап, жоғалтып жібермеске шара істейтін кім? Ол денсаулық сақтаушы дәрігерлер, саулық мекемелері болу керек. Ауыл-қыстаққа тазалық жөнінен мағлұмат таратып, көзін ашатын солар. Дәрігер дәрі алатын қағаз жазып беріп, тыныш отырса, онымен қызметі бітпейді. Дәрігердің қызметі: елге мәдениет, оқу үйлеріне өжет қызмет ету, сауатсыздықты жоятын мектептерге араласу. Ел қара танымай дәрігердің ісі мардымды болмайды. Дәрігер көмегі тимесе ел дерттен арыла алмайды. Сондықтан дәрігердің негіз қылатын ұясы ауыл-қыстақтағы сауатсыздықты жоғалтушы мектептер болу керек. Аурудан сақтанудың шарасын білген ересек оқушы аурудан құтылудың әдісін біліп, оқудың пайдалы екендігін бір білсе, екінші ондай оқушы ел арасында тазалық сақтау жөнінен пайдалы қызметкер болады. Жерінің әуесіне қарай болатын безгек сықылды ауру болады. Әсіресе әуесі дымқыл, жауын-шашынды Түркістанда безгек сондай етек ауру, безгектен өлушілер саны жаңа туғандардан 4 есе көп болады. Оның себебі де елдің сауатсыздығынан, мәдениетсіздігінен. Ел безгек жұқтыратын масадан сақтана білсе, сасыған боқтық, ой-шұқырларды тегістеуді, тазалауды білсе, су ағар түтіктерді, арықтарды тазалап отырса, емделетін уақытты салақ өткізбесе, әрине, ауырмаған болар еді. Тазалық сақтау жұмысы сауатсыздықты жою жұмысымен астасқан. Әуелі елге қара танытып алмай, тазалыққа үйрету, денсаулығын көтеру мүмкін емес. Сондықтан тазалық сақтаушы мекемелердің табан тірейтін негізі сауаттылық мектебі болу керек. Дәрігерлер «Сауатсыздық жойылсын» деген ұйымның өжет мүшесі болып қызмет істеу керек.

ӘДЕБИЕТ МӘСЕЛЕСІ

(Талқыға) Әлеуметтің зор құралы, тап тартысынын құралы әдебиет екендігінде дау жоқ. Партия, кеңсе құрылысы, сот, оқу, шаруа туралы мәселелер баспасөз жүзінде көтеріліп, сөйленіп жүр. Әдебиет мәселесі әлі тұнық жатыр. Өзге мәселенің егжей-тегжейі тексеріліп жатқанда, әдебиетті соңы күйінде қалдыруға болмайды. Қазақта баспасөздің күшейіп келе жатқаны анық. Қаламшылар, жазушылар, ақындар, сыншылар шығып жатқаны анық. Төңкерісшіл, бұқарашыл ақын, әдебиетші болудан әркімнің-ақ дәмесі бар. Әркім-ақ келсе-келмесе де бірдеме жазып, тырбанып жүр. Зор шәрлерде қазақтың оқығандары, зиялылары әдебиет мәселесі туралы баяндама жасап, жазушыларды, ақындарды тербеп, сынап жатыр. Біреуге олай, біреуге бұлай жөн тағып, қоңырау байлап жатыр. Мұның бәрі әдебиет мәселесін қозғауға мезгіл жеткендігін көрсетеді. Әдебиет мәселесін көтергенде, алдымызда тұрған көп сұраулар бар: төңкерістен бұрынғы қазақ әдебиетінің бағыты, рухы қандай еді? Енді қандай болу керек? Төңкеріс әдебиетке қандай олжа салды? Қазақта төңкерісшіл, тапшыл жазушылар, ақындар бар ма? Болса кімдер? Қандай шығармаларынан көрінеді? Тап ақыны жоқ болса, себебі не? Қашан болады? Қазақ жазушылары төңкеріске жолдан қосылған «жолбикелер» ме? Жоқ, бел баласы да бар ма? Жолбикелердің ұлтшылдық әдеті қашан қалады? Оларды пайдалануға бола ма? Қазақ әдебиетінің орыс әдебиетінен өзгешелігі бола ма? Жалшылар әдебиеті мен қара шаруа (мұжық) әдебиеті арасында айырма бар ма? Қазақ әдебиеті көтерілуге жағдай бар ма? Әдебиет пен техника әдебиеті қатар өсе ме? Бірі оздық кететін дәуір бола ма? Қазақ әдебиеті қазір қандай дәуірде? Күйректік (сентиментализм), сарындамалық (романтизм), санашылдық (идеализм), нағыздық (реализм) дәуірінде ме? Тұрмысқа, заманға қайсысы қабысады? Әдебиетке қандай көзбен қарап, сынау керек? Жалаң тап, саясат көзімен бе? Жоқ, басқа жақтарынан қарау керек пе? Қазақ әдебиеті қайткенде тез өркендейді? Жазушылар орнында пайдаланып жүр ме? Әдебиетшілер ұйымдасатын, пікірлесетін заман жетті ме? Ол керек пе?

Міне, әдебиет мәселесін көтергенде, ту атын сұраулар.

Бұл сұраулардың әрбіріне бірер мақала жазып, толық тексеру керек; әрқайсысына тарихи, ғылыми негіз беру керек. Бұларды ат үстінен қарап шешуге болмайды. Бірақ, мәселені көтерген соң, белгілі пікір ұсыну керек. Сол пікірді талқыға беру керек. Сондықтан мәселенің астар жағын, негізін бұ жолы қоя тұрып, қысқаша түрде пікірімізді көптің алдына ұсынамыз. Төңкерістен бұрынғы қазақ әдебиетінің бағыты – ұлт теңсіздігіне, мәдениетке талпыну, ішкі мазмұны – қазақтың халіне қайғыру, патша өкіметінің отаршылдық саясатына, қала берсе орыс атауына ереуіл жасау еді. Қазақ әдебиетіне төңкеріс бір жағынан жалынды – үмітті желдеткен үндеу кіргізсе, екінші жағынан уайым-қайғы, торығу кіргізді. Әдебиетіміздің ендігі беті төңкерісшілдік, бұқарашылдық болу керек. Бұрын оянған ұлт сезімін тұншықтыру емес, тегістік, теңдік жолына икемдеп, дұрыс жүйеге, қалыпқа түсіру болу керек. Қазақта төңкерісшілдікке талпынған жазушылар, өлеңшілер бар, бірақ, кейбірінің аттары ауыздықпен алысып, алып қашып жүр. Әдебиетке тереңдеп сүнги алмай, дұрыс бағыт тұтына алмай жүр. Жарып шыққан күшті ақын әзір көрінбейді. Тап ақыны әзір қазақта жоқ. Бірақ болуға мүмкін. Қазақ жазушылары, ақындары төңкеріске жолдан қосылды. Бір қанаты төңкеріс рухымен суарылса, екінші қанаты ұлтшылдықпен суарылып қалған. Ұлтшылдық сезім тез заманда қала қою мүмкін емес. Төңкеріске, коммунизм жолына көрінеу қаса қылығы жоқ болса, ұлтшыл ақындарды да пайдалануға болады. Қожалық құрған, билеп-төстеген үстем ұлттың әдебиетімен төменшік, әлсіз, езілген, бодан ұлттың әдебиеті бір болмайды. Қазақ әдебиетінің ұлы орыс әдебиеттен айырмасы бар һәм болмақ. Жалшылар әдебиеті мен қара шаруа әдебиеті бір емес. Тұрмысы, шаруа түрі, дүние тануы екі басқа елдің әдебиеті де өзгеше болмақ, бар һәм болады. Ендеше қазақ әдебиетінде де өзгешелік болу керек. Шаруаның түзеліп, мәдениеттің көтерілу қарсанында әдебиет те гүлдену керек. Ондай жағдай қазақта болса, әдебиет өркендейтін дәуір таяу болса керек. Техника (әдіс өнері) мен әдебиет қол ұстасып жүре бермейтін шағы да болады. Әдебиет озып кетуі де мүмкін. Көш бастауға да мүмкін. Қалып қоюға да мүмкін. Қазақ әдебиеті қазір күйректік (сентиментализм), сарындамалық (романтизм) дәуірінде болуға тиіс. Ендеше санашылдықтан да құтыла алмайды. Нағыздық дәуір қазіргі тұрмысқа аналардай қабыса қоймас. Әдебиет – өнер. Өнер азды-көпті еркіндік тілейді. Қазақ әдебиеті көгерсін, гүлденсін десек, жалаң тап көзімен, не саясат көзімен қарап, сыңаржақ етпей, Маркс көзімен (диалектика әдісін қолданып) сынау керек. Маркс көзі тар емес, кең. Әр нәрсенің себебін, жағдайын, арғы-бергісін, жақсы-жаман жағын түгел тексеретін, кез алдындағыны емес, алысты болжайтын қырағы көз. Әдебиетті сынауға жалаң саясатқа сауатты болу жетпес, әдебиетші де, ғалым иесі де болу керек. Әдебиетке аңсаушы көбейсе, әдебиеттің қадірін білуші, көтермеші, қолдаушы табылса, әдеби сөздер, айтыс-талас, бәйге, сын сықылдылар баспасөзде кең орын алып, әдебиет майданы ашылса, жазушыларымыз, ақындарымыз бәрі бірдей «Ломоносов», я тілмаш болып кетпей, әдебиет қызметіне де берілсе, сонда қазақ әдебиеті тезірек өркендер еді. Қазақ әдебиетшілеріне де пікір ауысатын, кеңесетін, ұйымдасатын мезгіл болған шығар деп, осы мәселені қозғадық.

КӨРКЕМ ӘДЕБИЕТТІ САРАЛАУ

Төңкерістен кейін қазақ өлеңшілері, жазушылары көркем сөздің не екенін білмегендіктен, әйтпесе өнері жетпесендіктен не болса соңы жазып баспаға түсіріп, көркем әдебиеттің құнын түсіріп барады. Төңкерістің алғашқы екпінінде айғай сөз, үгіт жарастықты еді. Сән болып еді. Төңкеріс сабасына түскен заманда алғашқы айғаймен жүре беру келіспейтін кінәретті нәрсе. Дәмсіз, кенеусіз сөзбен қандай әдебиет болса да туғыза алмаймыз. Әсіресе еңбекшіл әдебиетін жасай алмаймыз. Қазаққа алғаш жазу кіре бастағанда, татар, қызылбас, сарт қожа-молдалары жоқты-барды құрап, бұтып-шатып хикая, қисса, насихат өлең жазып, қазақ әдебиетін бір сөйлетіп еді. Бірақ қожа-молданың талантсыз сөздерін жұрт қабылдамап еді. Қабылдамаса да, құрқол елте қисса да ермек болып еді. Міне, осы күнгі кейбір сөздер сол қожа-молдалардың өлеңдері тәрізденіп барады. Көркем өлеңге құлағы үйреніп қалған қазақ су татыған өлеңді оқымайды. Ондай өлеңге мейірі қанбайды. Енді өнер мен жамауды талғайтын заман болды. Өлең еместі өлең деп, жұрттың алдына тартуымыз ұят. Бұл туралы өлеңшілер ойлану керек.

Көркем әдебиет қандай болу керек? Мәдениетті елден үлгі алу тиіс. Лелович айтады: «Көркем сөз, ақындық деген не? Ойыншық па? (...) жеміс пе? Ермек пе? Демалу, ми тынығу үшін керек бірдеме ме? Егер өнер туралы Толстойдың пікірін дұрыс тапсақ, «Өнер – сезімге уытын жаятын құрал» екеніне қол қойсақ, көркем әдебиетті оқушылардың жан-дүниесін жүйеге салып, қалыптандыратын зор құрал деп тапсақ, әрбір жазушыға, әрбір әдеби сөзге мынадай сұрау қоюымыз керек: осы жазушы, осы сөз оқушының жан дүниесін қалай қалыптандырады? Қай бағытта, қандай сүрең, береді? Қандай сезім туғызады? Көңілге қандай әсер береді? Міне, әр ақынның, жазушының сөзіне қоятын өлшеу осы болу керек». Маяковский айтады: «Өнер түрлі болу керек. Суретші, жазушы, артист таптың қолын ұстанатын құралы болу керек. Бірақ ол құрал бес, он жылдың ішінде түкке жарамай қалатын шірік құрал болса, оның түкке керегі жоқ. Осы күнде кейбір жазушымыз өлең жазады:

Мен – жалшылардың зеңбірегімін
Олай да, бұлай да атамын.

Осындай өлеңдер жұрттың алдына тартылады. «Мен – жалшылардың зеңбірегімін» дегенге ар жағында жан шошырлық бірдеме таяу шығар деп дәмеленіп қалсаң, «олай да, бұлай да атамын» дегенін оқып, мойның сылқ ете түседі. Өнер істеп үйрететін – шеберлік. Бұл шеберлік ақындарымызда, жазушыларымызда кем», – дейді. «Қазақ ақындары» тіпті сорақы, ешбір сөзді талғамайды. Құдай аузына нені салса, соңы қойып қалады. Газеттерді, журналдарды қарап отырсаң, кейбір өлеңдер оқушының сезімін тәрбиелемек түгіл, құсқысын келтіреді. Мәселен, мына өлеңнен оқушы қандай пайда алады?

Өлерінде жауыздар.
Жанталасып қалады,
Апыр-топыр кезінде
Талай гәптер болады.

Ойдағысын тындырып,
Келешектегі ғасырдың
Қолына қайтып қонады.

Біздің ойымызша, оқушы түк пайда ала алмайды. Бұл – газетте басылған өлең. (Қай газетте екенін айтудың қажеті жоқ).

Тағы біреу табиғатты былай суреттейді:
Келгенде февраль өтіп, марттың айы,
Білінді сол мезгілде жаз ыңғайы.
Жылынып, күн ұзарып, түн қысқарып,

Бір түрлі жағдайлы боп шаруа жайы...
Тізіліп сыңқылдаған әндерімен
Аспанда ұшқан құстар жүр топтанып,
Шаруалар кәсібіне айналып жүр,

Әркімнің өздерінше қәлі келген...

Мұнын соңынан «Мұхаммет үмбетіне жарамазан» деп қойса, үйлесе кетер еді. Мұнда қандай сурет, қандай күш, қандай сезімге әсер берерлік жері бар? Бұл сықылды «жарамазандар» көзден шоласыз. Жақсысы қайсы, жаманы қайсы? Қайткенде өлең өнер болады? О жағын тексеріп жүрген жазушылар да, сыншылар да, баспасөздер де әзір көрінбейді. Соңы мен балдыр-батпақтан, не болса соңы газет-журналға тығындап жүрміз. Өлең мен жарамазан, өнер мен жамау-жасқау араласып, әдебиетті қоқытып жібермес үшін газет-журналдар баспа бетіне түскен сөздерді саралап, қылшықтап, тазалап отырғаны жөн болар еді. Жалаң өлең емес, қара сөзбен жазылған әңгімелер де тексерілген жөн. Жақсы сөз қайсы? Неліктен жақсы? Жаман неліктен жаман? Бұл – ескерілетін нәрсе. Бұл туралы «Ақ жол» бетінде бұдан былай сын болып тұрар. Сыншылар да қарап қалмас, ат салысар деп сенеміз.

ОТЫРЫҚШЫЛЫҚТЫҢ ПАЙДА, ЗИЯНЫ

(Талқыға салу үшін) Қазақ-қырғыз мемлекет болып, мәдениетке аяқ басумен, отаршыларды ығыстырумен бірге осы кезде жұртты отырықшылыққа үндеу мәселесі көтеріліп жүр. Отырықшы болса, мектеп салынып, оқуға кірісер еді; кәсіп етіп, егін салып, еңбекке үйренер еді; кооперация ашып, шаруасын түзер еді; жастар, коммунистер ұйымы ашылар еді, тап жігі ашылар еді, қысқасы мәдениетке тез қабысар еді деген пікір бар; Отырықшы болса, мәдениетті болу даусыз-дамайсыз ақиқат (екі жерде екі – төрт) сықылды көрініп, нелер әлеуметшілеріміз газет жүзінде елді отырықшы бол деп үгіттеп, іс жүзінде бұл жұмысқа кірісіп жүргендер бар. «Отырықшы болса-ақ қазақ тұрмысы түзеліп кетеді, тез мәдениетті болады» деген пікір даусыз ақиқат емес, өзгермелі, екі ұшты, даулы мәселе деп қараймыз. Соңың үшін осы мақалада екі ұшты екендігін ыспаттап, жалпыға бірдей пайдалы деген пікірді ажыратпақпыз. Тұрмыс итеріп, шаруа етініп, амалсыздан отырықшы болу бар. Ондай шартпен отырықшы болатындарға ешкім қарсы бола алмайды: тұрмыстан күшті «құдірет» жоқ. Қарсы бол, болма, оларды тіршілік таласы отырықшы қылады. Ол қандай шаруа? – Малы азайып, көше алмай қалған ел; егін салуға кіріскен ел, жері тарылып, көршілерімен таласып-тармасып, жер алып қалуға душар болған ел, жақсы жеріне басқа біреу қол сұққандықтан, жерін бермеймін деген ел. Оларға үндеудің керегі жоқ: өздері-ақ отырықшы болады. Азды-көпті күн көргіш малы бар, ептеп егін салатын, жаз болса жылжып көшіп-қонатын, жер жағдайы отырықшы болуды көтермейтін елдер бар. Бұлардың да отырықшы болсақ, қайтер екен деген аузында бар. Ондағы қауіп жақсы жердің бәрін отырықшы болғандар алып қойып, түбінде көшіп-қонып жүре алмайтын болсақ, жерден құр қаламыз ба? Түпкілікті қоныс болатын жерді, сағаласақ, дұрыс болар еді. Бұларды тұрмыс айдап отырықшы болмайды. Келешектің қайғысын ойлап, не біреудің жеріне қызығып, болмаса отырықшылық пайдалы деп болмақшы. Бұл талап көшпелі елде де, шала көшпелі елде де бар. Әзір жерден таршылық көрмей отырған елдердің отырықшы болуында зиян бар демекпіз.

Ол мынау:

Отырықшы болса, жер жырту, егін салу керек; еңбегімен күнелту керек. Қазақ егін салуға жуырда төселе алмайды, әдісін білмейді. Оған көп тәжірибе керек. Әуелі талай жылдардан бері диқаншы болып келе жатқандардың егін салуы қасындағы мұжықтың егін салуына әлі жетпей жүр. Жер жырту, ерінбей еңбек қылу деген сөз. Қазақ жалқау жұрт. Бастаған ісін аяқтай алмайды, тез қажып, тез суынады. Егіні ұдайымен бір-екі жыл шықпаса, егін салуды қойып, көшіп кетеді. Қазақ жерінде нағыз қара топырақ, егіндік жер кем. Бар жерінде құрғақшылықтан сау болмайды. Мәдениет түрімен егінді берекелендіруді қазақ түгілі орыс та үйреніп жеткен жоқ. Сондықтан егін салудан өнімді жеміс ала қоюы алмағайып. Егін салуға соқа-сайман, аспап керек. Аспапсыз іс онды болмайды. Аспапты қолға түсіріп алу бір қиын болса, оның тілін, тетігін біліп, тұтыну екінші қиын: отырықшы болатын кедей-шаруа болса кедей-шаруаның көлігі, сайманы жуырда сай бола қоймайды. Бірі жетсе, бірі жетпейді. Өзінен шығатын нәрсе болмаса, «өкімет жарылқайдымен» жұбатуға болмайды. Отырықшы болды-ақ мал кеми бастайды. Алғашқы кезде ауыртпалық малға түседі. Өйткені бір жағынан орын тебуге көлік, шығын керек. Екінші мал жүдейді, ариды, жеріспейді, қысыр қалады, өледі. Аяқты малдың төтендеген шығыны тағы болады. Сонымен малдың қоры азаяды. Бұ күнгі көшпелі, шала көшпелі ел бір жерде жазы-қысы бірдей табан аудармай отыратын болса, неше түрлі ауруға, апатқа ұшырап, өліп, жоғалып кету қаупі бар. Қазақ тазалықтың не екенін білмейтін, былық, нас жұрт. Біріне-бірі араласымпаз жұрт. Бір табақтан ас жеп, бір орамалмен қол сүртіп, бірінің-бірі сарқытын ішіп, құда-тамырына дәм араластырып, бірінен-бірі қонақ асы жеп жүретін жұрт. Қыс бойы үйдің ішіне қақырып, түкіріп, қағып сілкінбей, үйін сыламай, бықсып-сасып суыр құсап түтін түтетіп отырған жұрт. Күннің көзі жылт еткен күні киіз үйге шықпай қыстайғы көң-қоқырдың, сасықтың ішінде отыра берсе, аз жылда-ақ қазақтың орнын сипалап қалуы мүмкін. Тазалықтың өмірі не екенін білмей келген, былықтық сүйегіне, қанына сіңіп әдет боп кеткен қазақ қала болғанда, атадан жаңа туғандай жаман әдетін тастай қоя ма, атамаңыз, әдет табиғаттан күшті нәрсе. Сөзбен, күшпен қазақты тазалыққа үйрете алмайсың.

Мәдениет қана үйретеді.

Отырықшы болғанда қазақ киіз үйден айрылмайтын болса екен, жаз қаланың маңына шығып желпінетін болса екен, ол болмайтын көрінеді. Елде қой азайды, киіз жоқ. Киіз болмаған соң, амалсыз кірпіш, жер үйге тығылады. Мектепті дұрыстап салып ала алмай отырғанымыз ненің салдары? – Жоқшылықтікі. Отырықшы болса, үлкен, кіші демей еңбек ету керек. Еңбек етпесе өліп қалады. Отырықшы болдын-ақ, өмір керек пе, өлім керек пе? – деген сұрау желкеннен қылқылдап тұрады. Өмір керек болса, жұмыс қыласың. Ересек адам түгілі, басына мінгенін олжа көресің. Оқуға оның қолын тигізбейсің. Тигізсең де, өрісін ұзата алмайсың. Тәжірибеден көруге болады: егін, кәсіпке айналған елден де көшіп-қонып жүрген елден бала көбірек оқиды. Неге? Диқаншылардың оқуға қолы тимейді. Көшпенділердің қолы бос. Бар болу, жоқ болу мәселесі мойынға төнген жоқ. Әлгі Тәшкен маңын алыңыз. Ертіс, Жайық бойларын, отырықшылыққа айналған елдерден оқып шыққан азамат кем, бу күнгі әлеумет қызметкерлерінің көбі қайдан? Қырдағы, даладағы елден. Ендеше, отырықшы болсаң көп оқысын деуге келмейді. Елдің оқуға ұмтылмауы әлеумет жұмысы майданға қойылуына байлаулы. Әлеумет қызметкер керек қылса, керегіне керек болуға кім болса да ұмтылады. Тұрмыс ұмтылады: тіршілік тартысы кімді болса да оқуға айдайды. Отырықшы болуға, оның шарттарын үйретіп, тұрмыс түзеуге білетін, қызметінде жүретін, көзі ашық басшылар керек. Соған ғана берілген мықты азамат керек. Ондай қолы бос азаматтар табыла қоймайды. Табылған күнде де қазақты бір жола түзетіп жібереді деуге болмайды. Қашанда болса бір кісі жеңбейді. Көп жеңеді. Көптің талқысы шыдатпайды. Ағымға қарсы ешкім тұра алмайды. Бұрын амалсыз отырықшы болып қалған кейбір елдердің тұрмысына қарасақ тым-ақ өлімсіреген нашар. Мал жоқ, егін мардымсыз. Адамы азып-тозып біткен, еңсесі түскен, жұмыс басты көк-есек болып кеткен. Мысал үшін Семей уезіндегі Белағаш, Қайындық болыстарын алуға болады. Омбы маңындағы елдерді көруге болады. Отырықшы болмай тұрғандағы жайы-күйімен қазіргі жайын салыстыратын материал болса, құрып бара жатқаны білінер еді. Талай жерде отырықшы болғандар жерін тастап, қайтадан көшпелі болуға айналып жүр. Мәселен, Павлодар уезі Павлодар болысындағы ауылдар кедейленуге айналған соң, қайта көшетін болды. Семей уезі Төлен-тау болысы отырықшылықтан безуге айналды (көшетін мұршасы бар-жоғын білмейміз). Осы уақытта бір жағынан отырықшылыққа қызығатындар болса, екінші жағынан безушілер де бар. Жұртқа жапа-тармағай отырықшы бол деп айту адасқандық болады. Ол мүмкін емес. Отырықшылыққа белді байлай алмай тұрмысы әзір отырмаса да, көтеретін болса, ондайларға «отыр» деп мәслихат беру де ұшқарылық. Тұрмыс еріксіз отыртатын елдер отырықшы бола берсін. Тұрмыс отырықшылыққа итермеген елді өтірік «ұшпақ орнайды» деу ағат: орнай ма, жоқ па, оған кепіл бола алмаймыз. Менің ойымша отырықшы болу жерінін жағдайына, шаруасының түріне, елінің тілегіне, мүддесіне қарай шешілгені дұрыс. Қызықтырып отырушы қылу алды-артын болжамағандық болып, пайдасынан зияны басым шығып жүрмесін. Дұрысы – тұрмыс шарты өзі айдап отырықшы қылғаны, өзі жығылған өкінбейді. «Дәрігердің дәрігері-ақ дертке дерт қоспаған... «Отырықшы болсаң, сауығып кетесің» деп дертті мүлде молайтып алып жүрмелік. Бұл мәселені ойлаңыздар азаматтар!

Басқармадан: Бұл мақала айтыс ретінде басылып отыр.
Басқарма бұл пікірге қосылмайды.
Қарсы пікірлерін жазамыз дегендерге жол ашық.

«ҚАЗАҚ ҚЫЗЫ»

(Татар тілінде роман)
24-інші жылы Мәскеуде басылған. Жазушы Ғалымжан Ибраһимов.
81\2 баспа табақ (135 бет).

Ғалымжан Ибраһимов татардың жақсы жазушыларынан саналады. Бұл романды татар ұлтын қазақпен таныстыру үшін жазған болу керек. Қазақ тұрмысының іші-тысы бірталай көрсетілген. Ғалымжан қазақ өмірімен жақсы таныс екен. Шет елдің басқа жазушыларындай қазақ тұрмысының бетін жырын, кәденің басын шалып кетпеген. Қазақтың мінезін, салтын, әдет-ғұрпын, үй іші әлеумет өмірін жете біліп жазған көрінеді. Әсіресе жақсы жақтары: қазақтың ру тартысын ашық көрсеткені, партия, болыс сайлауы, патшаның отаршылық саясаты салдарынан қазақтың кең қоныстан айрылуы. Ақ сүйектер, хандар тұқымы қазақты шатып, шен алғандығын, қазақ даласының суреттері, татар молдаларының, саудагерлерінің қазақты азы к қылғаны да айтылады. Романның кемшілік жерлері – тап тартысын жуан атанын жіңішке атаға зорлығын суреттей алмаған. Байдың малшыға зорлығын көрсетпек болып, кей жерде қолдан жасап жіберген жапсырма уақиғалар да кіреді. Қазақ әйелінің мінезін тым ер, тым нәзік етіп көрсетеді. Беті ашылмаған әйел баланын сүйген жігітімен алғаш көріскен жері де тапа тал түсте мойнынан құшақтай алуы, менмендік, көсемдік етіп кетуі келіңкіремейді. Тағы бір қазақ әдетінде жоқ нәрсе қалың малын төлеп қойып бергелі отырған қыз қашып кетсе, қазақ жорасында өзі сүйіп тиген күйеуден мал алмайды дегені. Әңгіме Орал қазақтарының өмірінен алынған болу керек. Оралда ондай жора болса, біз білмейміз, әйтпесе, алып қашқан жігіттен қалыңмал түгілі айып-ақша да өндіреді. Өндіре алмаса, қуғыншы жақтың осалдығынан қалады. Жесірін жіберу қазаққа үлкен намыс. Қазақтың сөзге шешендігі, баққұмарлығы, мырзалығы, кеңдігі, кеңшілдігі, партия жұмысында әділшілдігі – бәрі анық. бәрі шын. О жағын жақсы келтірген. Әсіресе Бірімжан деген ақсақал қазақ мінезіне кейіпкер (тип) бола алады. Үй іші өмірінде екі қатынның бірі теңдік көре алмайтыны, тоқалдың ойнас қылуы о да жарайды. Жалғыз-ақ бір заманда малшы болып, байынан таяқ жеп, зорлық көріп жүрген Жұқынбайдың соңынан қалайша байдың намысын жоқтап, дұшпанын өлтіріп, қашып кетуі ұғымсыз болып қалған. Ондай байға опашыл малай ту баста байдан зорлық көрмеу керек еді. Партияда бұлтақтан, қарсы жаққа сыр тасымақ болып, таяқ жемеу керек еді. Басында байға кәдірі болмаған жалшының соңынан жанкештілік қылып, байдың жолына басын қатерге байлауы келіспейді. Сондай жерлері болмаса, роман жақсы. Әрине, қазақ өмірімен таныстырмақ мақсұт болғандықтан, уақ-түйек нәрселерге де көп тоқтаған, мәселен киіз үйдің сүбегін, киізін, бау-шуын қалай тігетінін, көшкенде не істейтіндігін, ет жегенде асататындығын, қолын кір орамалға сүртетіндігін... тағы тағылар. Бұлар, әрине, татарларға білуге қызық. Романның ішкі байланысында, қыз бен жігіттің таныс болу, қашу жөнінде «Бақытсыз Жамалға» ұйқастық бар. Қызды, жігітті тым дәріптегендік бар. Ондай романтизмнен қашуға болмайды.

Бұл роман қазақшаға аударылса жарар еді. Керекті нәрсе екен.

ПӘН СӨЗДЕРІ ҚАЛАЙ ТАБЫЛАДЫ?

Қазақ тілінде кітап көбейген сайын, пән сөздері де молайып келеді. Барлық пәнге керекті сөздерді ойлап тауып, жеткіземіз деп білім кеңестері әуре болып жатыр. Тәуір, ұғымсыз-қолайсыз сөздер де көп, қолданып жүрген сөздер де көп. Сонымен жұрттың бірсыпырасы пән сөздеріне жарымай жүр. Бұл әңгіме былтыр білімпаздар кенесінде де сөз болып еді. Әлде болса сөз болу керек көрінеді. Сондықтан пән сөздерін қалай табу туралы пікір ұсынып ойшылардың алдына салмақпыз. Менің ойымша пән сөздерін мекемеде отырып, жиылыспен, айтыспен, қол көтеріп, қаулы қылумен табуға болмайды-ау деймін. Оған мынадай себептер көрсетемін: 1.«Тіл» деген нәрсе біліммен бірге өсетін, өрбитін жанды нәрсе. Тілдің өсіп, өркендеуі де табиғи жол болу керек. Жанды нәрсе өз ағынымен, өз еркімен, қысылмай, зорлық көрмей, өсіп жетілмек. Мәдениетіміз күшейсе, тіліміз өзінен-өзі күшейеді. Қалай күшейеді? Жаңа сөздерді қайдан алады? Байқап отырсақ, жат ұғым жат сөзді өзі кіргізетін көрінеді. Төңкерістен бері еріксіз кіріп кеткен жат сөздер бар. Оларды халық сіңіріп алып қойды. Жұрттың миына орнап қалды. Енді олардың орнына жаңадан қазақ сөзін тауып кіргізіп, жат тілді қуып шығарамыз деп талпынғанмен болмайды. Бойға сіңіп кеткен асты қайта құсуға бола ма? Сол тәрізді, сондай бойға тарап кеткен сөздерге мысал мыналар: Антономия, республика, сәбет, кәменес, ісполком, сайоз, мандат, әгент, милисия, птред, налок, разберске, траморт, подбот, кәператсия, метеңгі, сабрание, әрістабайт, кунпескебайт, пұраба (права), контр, пұртокол, ыстаж, бүджет, кәтегерне... тағы сондайлар. Неғұрлы елдің күн көріс өміріне қатынасы (пайда-зияны) көбірек сөз болса, соғұрлы елге тез орнайды. Қазақты қара жұмысқа алатын 16-ыншы жылғы уақиғаны ел «....................» * жылы деп атайды. Республика, аптономия, ыстаж, бүджет сықылды елге қатынасы жоқ сөздерден шаруасына дақ салған разбереке, траморт, бұртокел, әрістабайт, әгент, кәнпескебайт сықылды сөздерді жақсы біледі. «Собнарком», «Кирцик»-ден «жәшине», «ісполком», «сәбет», «милитсе»-ні жақсы біледі. Бұл сөздерді еш білімдер ойлап тауып кіргізген жоқ. Өмір кіргізіп отыр. Өмір кіргізген жаңалықты жауып тастауға болмайды. Сондықтан жат тілден қашамыз десек те қаша алмаймыз. 2. Жаңадан жасалған сөздер күшпен тіл бола алмайды. Тілдің қолайлысы, ұғымға жайлысы алынады. Қолайсызы шығып қалып отырады. Тіршілік тартысында қандай талғау таңдау болса, тіл де сондай таңдау іздейді. «Аухалтер» (Аудандық халық тергеушісі), «кек» (кәсіпшілер кенесі), «гүб» (атком), «хан бөлбас» (ханшілік бөлімі бастығы), «сәрсендеме» (гимнастике) деген сөздер өтпейді. Бұларды тіл қыламыз десек зорлық болады. Ел «атком»-нан «іс- полком»-ды жақсы біледі. «Одақ»-тан «сайоз»-ды артық көреді: «сайоз»-дан нәрсе алады, «сайоз» ұйымнан пайдаланады. «Ауылдық кеңес» дегеннен «ауылнай сәбет» дегенді жеңіл көреді. «Интернационал»-ды олай аударып, былай аударып, қазақтан қолайлы сөз таба алмай қойды. Бұл не? Тіл орынсыз бұрмалауды көтермейді екен. 3. Мектептердің пән сөздерін кеңседе жасау дұрыс емес. Пән сөзін пән маманы, кітап жазушы шығару керек. Ешбір ғалым пән сөздерін кеңседе шешкізіп, жасаманды. Кітап жазушы өзі табады. Бір ғалымның шығарған кітабында кейбір сөздер қолайсыз болса, екінші жазушы ол сөздерін түзеп, өзгертіп, жаңа сөз кіргізеді. Сөзді пән иесі ғана шығармаса, бөгде кісілердің шығаруы мүмкін емес, өйткені әр пәнге жетік адамдар білім кеңесінде болмайды. Пән иесі көп ойланып, көп еңбекпен тапса, кеңес сөзге көп ойланып отыра алмайды. Білім кеңестерінің жиылысында болғанымыз бар, онда сөздер жете тексерілмей үстірт қаралатындығы, көп отырса, жалығып, қолайсыз сөздерді де ала салатыны байқалады. Білім кеңестерінің сөз табуы ғылымға негізделген (акедемишески) жол емес, бұтақ (кустарни) жол. Ілім негізімен шешу үшін пән сөздерін жасаушылар әр тілді (араб, парсы, түрік, Европа тілдерін) білетін (филолог) адамдар болу керек. Сондықтан тіл қарастыру жұмысы білімге негізделмей, жорамалдаумен, сипалаумен «осынау қалай болар екен?» –мен шешіліп жүр.

*Сөз оқылмады 4. Бұл күнде білім кеңесі пән тілдерін жасап отырса, кітап жазушылардың нашарлығынан, пән мамандары жоқтығынан еріксіз жасап отыр. Тіл мамандары (филологтар) болмағанмен, бізде пән мамандары болу керек. Белгілі пәннің соңғыға тізіп, ізденген, кітап қарастырған адам азды-көпті сол пәнге маман болып алады. Бір адам әртүрлі пәннен жазбақшы болса, оныкі терең болмайды. Осы күнде ақша табуға қызығып кім болса сол кітап жазуға (жазуға емес, аударуға) әуес болып кетті. Саясат қызметшісі де, молда да шәкірт те кітап жазатын болыпты. Бір жағынан жазушы жетпегендік те бар шығар, әйтсе де пұл табу үшін жазушылар да көп. Бұл әуестік кітаптың да маңызын түсіреді. Пән сөздерін де шатастырады. Қарапайым перевотчик пән сөздерін таба алмайды. Білім комиссиясына иек сүйеп, табуға талаптанбайды да.

Бұл ойланатын нәрсе. Кім көрінгенге кітапты заказға беруден тыйылу керек. Кітапты заказбен жазу тоқтатылып, өзі тіленіп, жазушылар көбеймей, кітап жөнді болып шықпайды. Өзі тіленіп жазатын пән иесі мамандар болу керек. Пән мамандары тілді қайдан таппақ? Бірінші өзі ойлап шығармақ, екінші сол пәнге керекті сөздерді қазақ тілінде шыққан барлық кітаптардан қарастырып, қолайлысын алмақ, үшінші – сол пән туралы тағы кім-кім шұғылданып жүр, олар қандай сөз тауып қолданып жүр, солармен хабарласып, кеңесіп отырмақ, төртінші – ел адамдарынан да, ауыз әдебиеттен де сөз қарастырмақ. Қазір Мәскеуде, Орынборда, Тәшкенде, басқа қалаларда кітап жазушылар бар. Солардың бәрінің шығарған сөздерін бір тесіктен өткізіп, бір қалыпқа соғып отыру, бәріне пән сөздерін тауып беру мүмкін емес; оған уақыт та жетпейді, іс жүзінде өткізуге болмайды. Осының бәрін ойлағанда, пән тілдерін табу қиын болатын көрінеді. Сондықтан жоғарғы айтылғандарды секс алып, сөз табу туралы менің ұсынатын жобам: 1. Сөз туралы қиналмай, тілді өз ағымына жіберейік. Ұнамды сөз алынып отырар да, ұнамсызы шығып қала берер. 2. Кіріп қалған жат сөздерден қашпайық. Орынсыз тілге зорлық қылмайық.

3.Сөзді пән мамандары, кітап, жазушылар шығарсын. 4. Сөз таба алмайтын шәлдірік адамдар кітап жазбасын. Оқу кітаптарын педагогтер жазу тиіс. Оқыту жолын білмеген адамның кітабы ұғымды болмайды. Педагогтің қаламға шебері жазу керек. 5. Жаңадан сөз қосушылар тапқан сөздерін кітабына айрықша жазып отырсын. 6. Кітап жазушылар, екі-үш жыл өткенде, тіл туралы кеңесіп, табылған тілдерді қорытып отырсын. 7. Пән сөздері, әйтеуір жаттап алынған сөздер, мейлі кітап бетінде, мейлі газет-журнал бетінде болсын, орысшасымен бірге (орысшасы қазақ қарпімен жазылған).........................* жазылып отырсын. (Сонда кімнің тапқан тілі қолайлы екені қолма-қол көрініп отырады). 8. Қолайсыз алынған сөздер туралы баспа сөз бетінде сын жазылып, жобалар ұсынылсын. 9. Білім кеңесі (яки оның орнындағы мекеме) істей алса, жаңа шыққан сөздерді жинастырып, лұғат кітап бастырып отырсын.

Міне осы жолмен ғана тіл мәселесін оңай шешуге болады деп ойлаймын.
* Сөйлем анықталмады.

Ахмет Байтұрсынұлының «Тіл құралдағы» жаңа сөздері осы жолмен тарап кеткенін көреміз. Бұл табиғи жол деп жоримын.

БҰЛ ӘДЕТТЕН АРЫЛУ КЕРЕК

«Оқимын, көремін, білемін... оқудың соңында өлемін...» — деп, білім нұрына, түнгі қанатты қоңыздай үймелеп, одан-бұдан ағыл-тегіл келіп, лек-легімен «білім қайда?» — деп көшеде сеңдей соғылып жүрген қара домалақ, жалпақ мұрын, қыли көз бауырларыңды көргенде, төбең көкке жеткендей боласың. «Мына түрімен, мынау жалаңдаған соңы милар оқудың түбін тесіп жіберер, білім бұлағының суын түйе қарап келген құлтумадан бетер сімірер» деген қиял көзіне келешектің сәулетті нұрлы, бақытты тұрмысын елестетеді. Тілегі болып, оқуға кіріп, киімді, тамақты қазынадан алып, мектепке, қалаға бойы үйреніп, орнығып алған соң, манаты аңсап келген бауырыңды таты бір үңіліп қарасан, кейбір жағымсыз мінездері айдын әжіміндей көріне бастайды. Хат жазуға, телеграм соғуға, театр баруға, жолға жүруге, о түгілі қатын алуға... ақша сұрап, үлкен мекемедегі ағаларының, өз губерниясының да адамдарының мазасын кетіріп жүргендерін көресің. Бермесе, бетін қайырса, назданғанын, өкпелегенін, сөккенін, ұрысқанын көресің. Сасқалақтап, мүдуар болып, қарызға сұрап алса, «Бісміллә, алла ақпар!», зым-зия жоғалғанын көресің. Қазыналық (литер) билет алып, өтірік жол жүрмек болып, біреуге сатып, пайда қылып жүргенін көресің... тағы талайларды көресің. Бәрі бірдей емес, осындайлар аз да емес. Рас, кейбіреулері шынымен-ақ ділгір болып тұратын шығар, бірақ өтірік жыланып, арын сатып, телміргендер ондайларды жуып кетеді. Орыс баласы оқудан босаса, футбол, доп, жарыс, неше түрлі дене тәрбиесі, қазақ баласы оқудан шықса, көше қыдыру, таныс жағалау, жоқ жерден пайда қыла қою... Орыс баласы бос болса, құс атады, қаныққа мінеді, музыка тартады, кітап, әдебиет қарайды; қазақ баласы қолы босаса, түтін аңдиды, өссек аңдиды... Бұ қалай? Орыс баласы істеген өнер қазақ баласының қолынан келмей ме? Әбден келеді... Бірақ мойны түскір жар бермейді. Неге? Көргені, үлгісі жаман. Жас күнінде баласы бірдеңеге ұрынып, бір жерін қанатып не бір жерін ауыртып алса, балажан ана үстіне түсіп: «Қуатым-ай! Ауырып қалды ма? Үрлейінші, сүйейінші – деп, ауырған жерін одан жаман ауыртады. Аяған сайын баласы бажылдап жылайды. Көлденең отырып біреу: «Ал, ішегі шығып келеді», – десе, бала одан жаман жылайды. Бұл неге үйретеді? Жылауықтыққа, өтірік байбаламға, сары-уайымға, әйеңкестікке үйретеді. Ардақтаған жалғызын, әйтпесе, адам болар көз нұрын ата-анасы жасынан сұраншақтыққа үйретеді. «Ағатайыңның қамшысын сұрай ғой», «Баланың меселін қайтармаңыз», «Аталары айттық, байғазы, көрімдік беретін шығар», «Қарағым сұра. Бермесе жыла», «Пәленше-жанға бермеген малы адыра қалсын!» – міне, қазақтың жасынан баласын баулу түрі. Өскен соң, бұл бала сімтік болмай, сұраншақ болмай, жалынғыш, жағыншақ, жарамсақ болмай тұра ма? Сұраншақтық қазақтың өзіне мін емес көрінеді. «Жыламаған балаға емшек бермейді», «Бермейтін сараң болмайды, сұрауы жетпейді», «Берген перне бұзады» — міне сұрау қолдаған даналығы. Тегінде, бұл сұраншақтыққа адамды тұрмыс үйретеді. Төрт аяқты мал өзі жайылып келеді. Қар жауса, аспанға қарайды. Құдайдан ашық күнді сұрайды. Жұтқа, індетке, апатқа ұшыраса, нағашыға, төркінге барын, сұрап мал әкеледі, не ағайын жылу жинап береді. Еңбек етуге кәсіп жоқ, «малдысының беті жарық» екенін көреді. Малдылар да сұрап жүр. Оңай мал кейде табылып та қалатын түрі бар. Ұрлық қылу – кім болса соңын қолынан келе бермейді. Бала туса, келін түссе, күйеу келсе – бәрі де қолқаға, жолға, кәдеге, қалауға, сұрауға келіп тіреледі (басқа жұртта олай емес). Енді қазақтың сұрамасқа несі қалды. Қожа-молда, бақсы, дәрігер тіленшілікпен күнелтсе, өтірік дуана, өтірік бақсы үрлемеске не қалды? Бұл сұраудан елдің де мазасы кеткен. Сондықтан «Адамнан сұрағанның екі көзі шығады, алладан сұрағанның екі бүйірі шығады» деп тоқтатпақ болған. Бірақ сұрау әлі тоқтаған жоқ. «Қазаққа әлі де бермесең, жақпайсың». Ел еңбекке төселсе, шаруа түрі бірге-бірте өзгерсе, салт-сана да өзгере бермек. «Алладан» емес, «еңбектен» сұрағанның екі бүйірі шығатынына көзі жетпек. Оқушылардың бос уақыты пайдалы, татымды еңбекке жұмсалса, комиссарлардың, азаматтардың құлағы да сұраудан толас болмақ. Заман өткен жоқ. Жаман әдеттен құтылам деген адам қырыққа келсе де, құтылуға болады. Әдетке қарсы әдетті шоқпар қыла білу керек. Жылауық, байбалам, жалыншақ, сұраншақ, жағыншақ, жарамасақ елдің жаны құл болады. Құлдықтан босанғандықты жастардың мінезі дәлелдейді. Жоқ болсаң да ірі көңіл, сұңқар мінезді бол. Ондай Қартқожалар бізде жоқ емес, бар. Соларды үлгі алыңдар, бауырлар!

ГАЗЕТ ТІЛІ ҚАЛАЙ ТҮЗЕЛЕДІ?

Газетте ел хабарлары жақсы түсінікті. Өз басынан шығарын жазған әркімнің сөздері де ұғымды. Ал, орысшадан аударылған, орысшаға жанасқан сөздерге қарасан томармен жүрген қазақ арбадай миыңды, жүйкеңді түйгіштеп, зырқылдата жөнеледі. Қай жерде мүдіріп, қай жерле сүрініп қалам деп, қып-қып еткендей боласың. Газет оқушы орысшадан аударылған екенін қайдан білсін? Жазуы қазақша болған соң, таңсық көріп, анасын да, мынасын да оқиды. Оқыса, түк ұға алмай қалатын сөздерді де көреді. Содан «Ой газетіңді қойшы, сөзін адам ұқпайды» деп, көңілі қайтады. Ендеше, газет алмайды. Ендеше, газет гүлденбейді, көсегесі көгермейді. Алдымда «Еңбекші қазақтың» 396 саны жатыр. Әдеби тілін бақылау үшін бастап аяғына шейін оқып, ұқпаған сөздерімнің астын сызып, дұрыс емес сөздерін қарастырып отырмын. Міне, бірінші бет «Білдіріс» деген сөз тұз . . . «хабарландыру», «құлақтандыру» тұрғанда. «білдіріс» қайдан шығып қалды? «Прунзе жолдас қапыл жүрегі жарылып өледі» («жазатайым болып, жүрегі жарылып өлді» десе, қайтеді?), «Ресей камунес партиясының орталық камитетіне телграм бойынша көңіл қош айтылсын», «Телграммен көңіл айтылсын» десе ұғымдырақ болмас па еді? «Әдейі бұйрық шығарылғанша спиртті ішімдіктер сатылмасын». Орыстың «спиртный напиток» деген сөзін бұлжытпай аудара қойған. Мас қылатын сусынды қаланың өзінде «ішімдік» демеуші ме еді? Болмаса, «арақ-шарап» десе не қылады? Қазақ «Микаилды» да, «Николайды» да «Кекалай» деп жүреді. «Микаил» деген періштенің атын да біледі. «Үндестік заңын» тіркеп қоялық. «Микаилға» жол болсын! («Заңдарға» талас жоқ). Тағы жағалай беріңіз. 6-ншы бағанада: «Прунзе жолдас абақтыдан қашып шығады және пәлесейлер қуып, іздеп жүрген себебінен қайтадан Ресейге келіп, сіңіп кетті». Түсіндіңіздер ме? Неліктен Фрунзе Ресейге сіңіп кетті? Абақтыдан қашқандықтан ба? Пәлесейі іздегеннен бе? Мәлім емес. Бұл бас-аяғы түгел, екі жағында да тыныс белгісі бар сөйлем. Әлде ортасынан бір сөздер қалып қойды ме екен? Ел қарап оны тергеп жатқан жоқ. Бірақ, пәлесі мынау: Прунзенің өмірбаянын әскер мектебі сабақ есебінде оқытып жатыр. Кітап, құрал жоқтықтан осы күнгі газет, журналдар мектепке кітап орнында қолданылып тұр. Ендеше, газеттеріміз – әрі хабар, әрі кітап болып отыр. Газет сөзі әлгідей болып отырса, оны қалай оқытарсың? 2-нші беттегі «Жер мекемелері мен каперацие» деген сөзді оқыңыз. Алдымен «Одақ республикелердің жер істері кемесериеті» дегені дұрыс па? «Кеңестер одағы» деген сөз көптен қабылданған тәрізді еді. «Жер кемесериеті», «Жер-су кемесериеті» демей, «істерді» қалай қыстырын жіберген? Жоқ, аяқ жағында түзепті: «Жер кемесериеті» деген мен осы хабар тым ұғымсыз. Бәрін бірдей айта бермей-ақ, міне бір сөйлемін алсақ та жетер: «Ауылшаруашылығымен айналысып, бірақ кеңеске сайлау еркінен айрылғандар ауыл шаруашылық каперациесінде тек кеңесші бола алмайды». «Еркінен айрылған» деп абақтыдағы адамды айтса керек еді. Әлде «байлар», «жуандар», «молдалар» болар ма? Бірақ молдалар «шаруашылықпен айналыспайды» ғой. «Тек кеңесші» дегені кім? Каперациеге кеңесші дауыспен кіре алмайды дегені ме? Онда «Теңнің» қыстырылатын жұмысы не? Әлде «шешуші дауыспен де сайланады» деген сөз бе? Жоқ. Олай болса, «байлар» күшейгені ғой. Ойға жүгіртіп көріңіздер. Мен бұдан артық жүгірте алмадым.

3-нші бет «Қытайда тап соғысы». «Пекинде қыр көрсету. . . . . . .* жүрісі болып, жиылғандарды таратамын деген пәлесейелер жеңіліс тауыпты». «Қыр көрсету жүрісі» — «демонстрация» керек. «Жеңіліс» — туынды сөз. Соңы сонша мұқияттамай-ақ «Пекин жалшылары, әйтпесе бұқарасы өкіметке қыр көрсетіп көшеге шыққан топты тарата алмай, пәлесейе жеңіліп қалған» десе, дәреті сына ма?

«Ақмола гүбірнесінде астық әзірлеу». «Қылеп — продукт» өз қолына пұты 80 тиынға түсу есебімен Көкшетаудан астық әзірлеп жатыр». Тағы да «Базарда сұралатын барлық ауыл шаруашылық өнімдерін ақшаға шаққанда, бір жарым миллион сомның заты керек болады». Міне бұлар да ауыр жазылған. «Астық жинаушы» мекеме Көкшетаудан астық сатып алып жатыр. Жол шығындарын алынған астыққа жайғанда, пұты 80 тиыннан түспек деп, екі бөліп түсінікті қылу керек. «Базарда сұралатын өнімдер» дегені қазақ қолы шикі нәрселер ме? Онда «базарда сұралып» керегі не? Заты керек дегені қай зат? Қазақ қолы зат па? Орыс қолы зат па? «Қазақ қолы шикі бұйымнан бір жарым миллион сомға бұйым керек» деген мәнде болмас па екен? 4-нші бет «Аймақтық мекемелерде» деген бөлім тіпті ұғымсыз. Тұтынушы кәператип» деген тың сөз. Бұл «потребительский» болар. Оны «Керек-жарақ кәперациесі» десе жарар еді. Ал «Устап тіркеу» дегенді ұқпадым. «Устабы» — жоба-жосық, жол... деген сөздерге келеді. Мұны қайда тіркемек? Кебежеге ме? Түйеге ме? Арбаға ма? Біле алмадық. Орысшадан аударуға төселмеген жігіттерге, әрине, салғаннан мырсындай қып жазу қиын тиеді. Бірақ олардың аудармасын білетіндер қарап, түзетіп отыру керек. Ұғымсыз сөйлемдер өз алдына, бір сөзді әркім әртүрлі, әйтпесе, бір кісінің өзі әртүрлі аударып жүреді. Бір жерде «Сабнарком», бір жерде «Халық кемесерлер кеңесі», бір жерде «ҚазЦИК», бір жерде «Қазатком». Келіспейді. Не орысшасын қысқартып қолдану керек, не бәрін де қазақша алу керек. Кейде «пәлесе», кейде «пәлецие», кейде «кәперацие», кейде «кәпратип» біресе «инструктор» болып отырады. Толып жатқан мекеме аттары, қызмет аттары, кеңсе тілдері әлі бір ізге салынбай келеді. Тіл шоқпытталып, қойыртпақ болып барады. Бұл қалыпта жүргізе беруге болмайды. Бұл туралы аударушыларды да жазғыруға болмайды. Бұған шара істеу керек; мен сондай шараны ұсынамын:

*Сөз анық емес 1) Бұл мәселені жайға қарата бермей, әрі болса, 15 күннен қалдырмай газет басқармасы өзі қолданатын сөздерін тізсін (сөз аударушыларына тапсырсын, газеттен жинатсын, мекемелерден алсын, әйтеуір хат сөздер терілсін). 2) Білім кеңесі қабылдап, бекілген сөздер сол күйінде қолданылсын. Қолайсыз аударылған сөздер қайта қаралсын. 3) Тізілген сөздерді әуелі басқарма өзі аударсын. Өз шамасы келмесе, білім кеңесіне қаратып алсын. Оның қолы тимесе, газетке жарияласын, болмаса қаламшыларға қаратып, аудартып, солардың ең қолайлысы қабылдасын. 4) Әбден қабылданған, даусыз сөздер газет бетінде жарияланып отырылсын. 5) Сөзді аударарда, қай газет қай сөзді қалай аударып, қолданып жүргені де еске алынсын. Солардың ұнамды сөздері де алынсын. 6) Қабылданған сөздер орыс әліппесінің ретімен жазылып, басқармада ілулі тұрсын; лұғатина бөлігі басылсын, өзге газет басқармаларына да жіберілсін. 7) Ұғымсыз, тың сөздер алғашқы кезде орысша, қазақшасы қатар (біреуі . . . . . . . . .* жақшаның ішіне) жазылып отырсын. Басқарма бұл іске кірісетін болса, қызметіне дайындық әркімдер солай ойлайды деп сенемін. Бұлай қылмасақ, тіліміз бұзылады, шоқпыт болады, Ел ұқпайды. Баспа сөздің кәдірі кемиді, оқымайды. Зиян шегеміз. Басқарма: орысшадан аударма сөздердің бір ізге түсе алмай келе жатқаны – талассыз мәселе. «Еңбекші қазақ» басқармасы бұл іске кірісуші. Жат сөздердің қазақшасы бұдан былай газетте жарияланып отырылады.

*Сөз оқылмады

ТЕАТР КІТАПТАРЫН ҚАЛАЙ КӨБЕЙТЕМІЗ?

Әртистер жиналған, түпкілікті болмаса да, жеңіл-желпі декорация (киіз, там үйлер) жабдығына оқу комиссариаты кіріскен көрінеді. Үй ішінін аспаптары да, әртистердің киім-кешектері де әзірленіп жатқан көрінеді. Бұл жабдықтар аз уақытта дайын болады дерлік. Декорациядан соңғы, әлде одан да зор жабдықтың бірі – театр кітаптары. Театр кітапсыз түрленбейді, көгермейді. Театр кітаптары онға да жетпейді. Оның өзі да әлденеше ойналып, жұртқа әбден таныс болған, мезі қылған кітаптар. Сондықтан бізге театр кітаптарын көбейту керек. Керек екенін ойлап, оқу комиссариаты қам істеген көрінеді: театр кітаптарын баспасөз планына кіргізген, бәйге тіккен, жұртты кітап жазуға үндеген. Мұның бәрі дұрыс, солай болуға тиіс шаралар. Бірақ, жалаң жар салумен, жалаң бәйге тігумен театр кітаптары аз күнде, аз жылда көбейіп, театрдың керегіне тығын бола алмайды. Оған себеп көрсетелік. Тегінде Қазақстанда театр кітаптарын жаза берушілер аз. Қалам ұстаушы көп болғанмен, маңызды кітап жазатындар аз. Ол адамдардың өзі де оқу қуып, қызмет буып, күндегі мерзімді жұмысымен күні өтіп жүргендер. Қызмет арасын да, қалт еткенде, жазған адам, бірдеме жазса жазар. Әйтпесе, театр кітабына бола сарылып отырарлық кісі де, уақыт та шамалы." Қалт еткенде ат үстінде жүріп жазған кітап жүрдім бардым, маңызсыз болып шықпасқа әдді жоқ. Біреулер кейбір театр кітаптарын маңызсыз десе дерлік жөні де бар, өйткені кейде тұрмыс тілегін, күнбе-күнгі мұқтаждықты өтеу үшін, азы бір-екі күнде, көбі бір-екі айда жазылған кітаптардың төрт аяғы бірден тиюі мүмкін емес. Пушкин, Гоголь сияқты ақындар «Борис Годунов», «Ревизор» сынды еңбектерін 4 -5 жылдай жазған; талай жерден дерек жинаған, талай жерді аралаған, талай рет түзеткен, көшірген, сондықтан өлмейтін еңбек қалдырған. Біздің Баржақсыұлы сықылды кей жазушыларымыз бір түнде бір драма жазып шыққан күндері де болған. Бәріміз де соңын маңындамыз; ойын қою керек боп қалады да, заказ (тапсыру) бойынша, бірдемені ботбырақтатып алып келеміз (шынды айту керек, өзімнің бірталай пьеса-сымақтарымның жазылу себебі осылай болды). Міне, театр кітаптарының онды болмауының мәнісі осыдан келеді, ендеше, оқу комиссариатының екі-үш айдын ішінде жүлде алатын театр кітабын жаздырып алуына сене аламыз ба? Сене алмаймыз. Театр кітаптарын қолы бос адамдар жазар да, сапасыз болса да, саны бірталай пьеса-сымақтар жиналар да; Бірақ ол кітап та театрды қарқ қыла алмайды. Асылында өнер – еріккеннің ермегі десек, ол теріс пікір болар еді, бірақ теріс те болса сол пікірде емен-жарқын шындық та бар. Алпауыт, ақ сүйек ақындары қолы бос болып, ерікпесе, том-том зор романдарды, әдебиетті жаза алмас еді. Біз байлардың ақындарышылап, еріккенде жазамыз деп отыра алмаймыз. Он екіде бес-алты нұсқасы жоқ елдің ішінде біресе оқып, біресе оқытып, бірісе переводчик болып, біресе «Ломоносов» болуға өңеш созып, арпалысып жүргенде, ерігерміз деуден үміт те жоқ. Ендеше, қамыт астында жүріп, бірдеме жазсақ, жаза аламыз, әйтпесе, жоқ. Бірақ, ол жазылған нәрсе сонша құнарлы болады деп дәмеленбеу керек. Бәйгеге ілігерлік бір-екі нәрсе жазылғанмен, театрды жарыта алмайды. Тұрмыс жағдайы бұлай болған соң, қазақтың өз тума пьесаларын көбейтіп алу әуелгі кездерде қиын соғатын тәрізді. Мәнсіз, мазмұнсыз көржерді жұрттың алдына салудан пайда шамалы. Шамалы болса, ілдә байламасқа болмайды. Сондай ілдәбай шараның бірін ұсынғалы келеміз. Алғашқы кезде бізге Европаның үлгілі пьесаларын қазақ өміріне, азды-көпті жанасатындарын, әйтпесе жалпы адам баласының мінез-қылығына айна болатындарын қазақшаға аудару керек, өйтпесек, жарымаймыз. Нағыз ұлт театрын жасаймыз. Бұралқы малды театрымызға жолатпаймыз: қазақ жат-жұрттың пьесасынан пайда ала алмайды, – деген пікір де болуға мүмкін. Бірақ, ол тым сыңаржақ пікір болар. Бұралқы малдан құтыла алмайтын шығармыз. Европаның мәдениеті кеңірдегімізді создырып қойды, не амал қыласын? Еліктемесек, «театр» дегенді қайдан шығарып алып отырмыз? Қазақтың қай атасы театр құрып еді? Театрға осы қамалғанымыз – қамалған. Қамалған соң, сығалап, бір-бірлеп ала бермей болмайды. Театр жайымен азды-көпті таныс адам бұған дауласпаса керек. Дауласпаса, жат елдің кітаптарын қазақшаға молайтып аударудың қаразын қарастырайық. Театр кітаптарын қарапайым аударушы жөндеп аудара алмайды. Ақынның кестелі, келісті, мәнерлі, ырғақты сөзін ақын, жазушы ғана аудара алады, өз басынан пьеса жазарлық кісілер аудара алады. Ендеше, театр кітаптарын көбейтуге бірнеше адамдар жегілу керек. Алан болмай, осы жұмысқа салыну керек. Міне, сонда ұлт театры тез аяқтанады: ойнаушылар да кітаптан тарықпайды, ел де театрдан жалықпайды.

АСЫЛ ҚАЗЫНА ЖИНАЛСА ЕКЕН

Мәскеудегі «Известия» (Хабар) газетінің 13 май, сан -103- інде мына бір хабар басылды: «Қазақтың мың әні» деген кітаптың шығарушысы Қазақстанның халық әртісі Затаевич өз мамандығы жөнінен жуырда Ленинградта екі қызық баяндама істеді. Бірінде Ленинград университетінің жағрапия факультетінде, енді бірінде мемлекеттің жағырапия қауымы қасындағы халық музыкасын зерттеуші комиссияда. Комиссия бір ауыздан Затаевичті өздеріне мүше қылып сайлады. Екі баяндаманың екеуін де жиналған профессорлар, академия жастары қызықтап тыңдап, құлшына пікір ауысты. Түрік халықтарының жай-күйіне кәнігі Штернберг, Самойловнч, Тан-Богораз, Қаганович сықылды профессорлар Затаевичтің мұнан былай да өзге Күншығыс халықтарының, солтүстік елдерінің өлең қазынасын зерттеуіне тілеулестігін білдірді. Гланзуов деген профессор Затаевичтің жұмысын аса мақтады, бұл еңбекке артықша үлкен баға беретін франс ақыны Ромен Роллан. Ол Швейцариядан хат жазады. Хатында Затаевичтің еңбегіне сүйсініп, былай дейді: «Сахараның сары даласына сәулет берген сұлу, сайран әніне сүйсінгемін. 1920-22 жылдардағы елді ашаршылық, дерт кернеп жатқанда, мынадай музыка еңбегін жарыққа шығару музыка жүзіндегі ерлік. Жан күшінің ұмытылмас өрнегі деп атаймын». Міне, қажымай еңбек қылған ерге, оның енбегіне Европа білімдандары, өнерпаздары осылай баға беріп отыр. Онымен бірге қазақтың «сары даласына сәулет кіргізген сұлу, сайран әніне» сүйсінін отыр. Европалықтар оны айтып отырса, бүктеулі жатқан асыл қазынасын жинап, әлемге әйгілеп, рух байлығын танытқан Затаевичке қазақ одан да зор баға беруге тиісті. Баяғыдан бері қазақ кең далада құр «қойын құрттап, айранын ұрттап» жатқан жоқ екен. Оқымаса да, надан да болса, қиял, сезім байлығы бар екен. Жүрегінің терең сырын, жанның алуан-алуан құбылған нәзік толғауын он, күй деген айнасына түсіре білген екен. Енді ол айнаны өнерлі жұрттар көрді, жаман тымақ қазақта да бір шағым қу бар екеніне көздері жетті. Мұны көрсетіп отырған – Затаевич. Адамшылықты, өнерді сүйген таза жүректе біреуді олай, біреуді бұлай ұстайтын тар мінез болмайды. Адам табысы адам баласына ортақ. Қазақстан Затаевичтерді адал ұлындай көру керек. Қазақ күнелту жағының мәдениетінен мешеу қалса да, ақыл, қиял, сезім жағына, білім тілімен айтқанда, рух мәдениетіне кенде емес екендігі мынау мың әннен танылып отыр. Қазақстан жерінің астында асыл қазына, кең байлығы мол деп аңыз қылысады. Сондай мол қазына қазақ елінің ішінде де жатыр. Ол не десеңіз — әдебиет, ән-күй. Күн көру тәсілін сырттан жұқтырып, үйрене беруге болады. Рух мәдениетін бөтеннен қарызға ала беруге болмайды. Алса да, халықтың көкейіне көпке дейін қонбайды. Ендеше өзімізде бар дәулетті жарыққа шығарып, іске жаратуға талпыну керек. Бірақ сол асыл қазынаны жинау қолынан келе беретін адам қазақтан некен-саяқ табылады. Ерінбей еңбек етуге таудай үміт, табанды қайрат, шамдай мұрат (идея), жалынды жүрек, терең білім керек. Ондай ерлер қолға түсе бермейді. Өнер-білімді елдер жанкешті ерлерінің еңбегімен ел болған. Кешегі сұрапыл Октябрьде Американын Джон Рид дейтін жазушы ерлері от пен оқтын, қауіп-қатердің ортасында жанын шүберекке түйіп жүріп, мағлұмат жинап, кітап шығарды. Білім іздеп талан оқымыстылар ауыр бейнетке басын байлаған, алыс сапар жол шегіп, құрбан болған. Ел болған елдердің маңдай адамдарының ісі осындай болады. Қазақ елінің оянуы, серпінуі, мәдениетті аңсауы рас болса, еңбек ерлерінің шығуында сөз жоқ. Ендігі біздің айтқалы келе жатқанымыз мынау: Манағы айтқан асыл қазынаны келешекке қаратып қоя тұрамыз ба? Жоқ, табуға, дүние жүзіне шығаруға қам қыламыз ба? Қылмаймыз деп ешкім де айтпас. Қам істеліп те жатыр дерміз. Әйтсе де тағы бір қозғап өту артық емес. Сол еңбек қылған Затаевичті әлі де Қазақстан керек қылу керек. Қазақтың мың әні жазылыпты. Жақсы. Қазақта жалаң ән ғана емес, сол шамалы күй де бар. Күй әлі жазылған жоқ. Әннен де күй терең, күй қадірлі. Әннің айта алмағанын күй айтып береді. Музыка жүзінде қазақтың әні ғана жарыққа шығып, күйі көмулі қалса, қазақ жүрегінің жарымы көрініп, жарымы қалтарыста қалғанмен бір есеп. Әннен де күй артық, күй қымбат. Әнді кім болса сол үйрене алады. Күйді кім болса сол тарта, шерте алмайды. Әнді оркестрде тарта беруге болмайды, болса да келте, оңсыз келеді. Күйді аспаппен тартуға қолайлы, сәнді, сәулетті. Қызылордада екі-үш скрипкамен «Азамат қожа» күйін тартқанын естігеннен де, домбыраның дауысынан әлдеқайда әсерлі, күшті көрінді. Адамды желпіндіріп, желіктіріп, еліктіріп әкетті. Ән олай емес. Әннен де күй кәрі. Күй қартайып, жоғалып барады. Азып барады. Күйді күйттейтін ел азайып барады. Күйсіз ойын-сауық "құруға болмайды. Күйсіз әскер болып, жауға шабуға болмайды. Күйсіз қазақ музыкасының ажар-көркі кірмейді, күйі келмейді. Олай болса Қазақстан Оқу комиссариаты күйді тасқа бастыруға салақсымай, қам қылу керек. Мен екі жоба ұсынам. Бірі: күйді жаздыруға Затаевич сықылды адамды алдырып, фанограф аспабымен елге шығу керек. Енді бірі: аз елдегі атақты күйшілерді ордаға алдырып, жазып алу керек. Қай оңайын, арзанға түсетінін істеу тиіс. Қай елде қандай күйші бар екенін сұрастырып, газетке жазып, білуге болады. Мысал үшін мен бір-екі күйшіні атаймын. Семей, Бұқтарма үйезі, Күршім-Алтай болысы, 5 ауылда Ырысбай Талысбайұлы, Өскемен үйезі, Ұлан болысы, 4 ауылда соқыр ақын, әрі күйші Әубәкір дейтін жігіт. Соңғының жатқа білмейтін қыссасы кем. Құранды жатқа білетін (қари) болса керек. Күршім-Алтайдын 4 ауылында Шайқы Қосынұлы деген күйші бар. Бұларды өз құлағыммен естігенім жоқ. Сырттан сұрастырғанда, елдің ауыз суы құритын күйшілер. Жер-жерге үйездік, гүбернелік қалаларға алдырып, жергілікті сыншылардың сынынан өткен күйшілерді Қызылордаға шақырып 5-10 күйшінің білгенін қағазға түсірсе де, біраз нәрсе жиналар ма еді, қайтер еді?

Оқу комиссариаты пікірін білдіруін тілейміз.

ЖАҢА МЕКТЕП ТУРАЛЫ

ХАТ ТАНЫТУ ӘДІСТЕРІ

Хат танытудың бір жолы бар. Мұны Толстойдан, Монтессорийден, Житомирскийден алдым деп, Блонский деген тәрбиеші жақтап жүр. Бұ жолды «буын әдіс» деп жүргізеді. Әңгіме, анау-мынау жоқ, салған жердей балаға бірнеше дауысты дыбыстың таңбасын үйретеді. Мәселен, «а, о, и» таңбаларын. Содан кенін оқытушы дауыссыз дыбысты қосып, бір буын жазады: «мен «та» ден жаздым». «Ал енді тақтайға біреуін келіп, «та» деп жазшы» дейді. «А»-ның қалай жазылатынын бала бұрын біледі. Білмесе, есіне салады. Тақтайға екі-үш бала жазғаннан кейін, дәптерлеріне түгел «та» деп жазғызады, жазғанын оқытады. Балалар «а»-ны жаза біледі, «та»-ны жаза біледі. Мен «ата» деп жазамын» дейді. Жазып жатып «а-та» деп дауысын созып оқиды; тағы да тақтайға, сонсоң дәптерге жазғызады. Содан кейін «то» деп жаздырады, «ты» деп қосқызады, «ата» ны жазғызып жүріп, «мен» деп жаздым» дейді. Қайткенде ат болатынын балалар байқайды. Сол тәрізді «тат»-ты үйретеді. Блонскийдің айтуы: алдымен балалардың өз атынан бастап үйрету керек. «Маша, Саша, Миша, Паша...» деген тәрізді: аралатпа «мама, сама» деген сықылды сөздерді де қатыстыру керек. Орыс аттары қысқартын айтуға келеді. Қазақ аттары бәрі бірдей қысқартуға келмейді. Алайда оңай аттар жолығады: «Ақан, Асан, Құрмаш, Мұқаш, Омар, Жанақ, Бәкен, Сәкен, Зекен, Шәкен, Болтай, Құлтай, Ақыш, Мақыш...» деген тәрізді. Атын жаза білу балаға қызықты да көрінеді. Дәптеріне, кітабына, бір сайманына жазуға пайдалы да болады дейді. Жаны бар сөз. Ескі молдалар хат жазғызғанда кісі атынан бастаушы еді. «Хат жаза білесін бе?» дегенде, балалар: «кісі атын жаза білемін» деуші еді.

Қалайда бұл әдісті де байқап көру керек.
Бұл әдіспен оқытқандағы жұмыс түрі мынау сынды болмақ:

1) Жаңа сөзді оқытушы әр буынды бөліп оқып, әуелі өзі жазады. 2) Жаңа қаріп қалай жазылатынын оңдап түсіреді. 3) Оқытушының жазғанын оқушы тақтайға жазады. 4) Өзге балалар да оны жазады. 5) Ұйқас сөзді өзге балалар айтады да, бір балаға тақтайға жаздырады. 6) Барлық бала дәптеріне жазады. 7) Бір жаңа сөзді қалай жазылатынын түсініп алып, бәрі дәптеріне жазады. 8) Жазып үйренген кісі аттарын баспа қаріппен құрастырып тақтайға жапсырып көрсеткенді балалар оқиды. Бірнеше қаріптермен таныс болған соң, әуелі сөз, содан сөйлем құрап үйренеді. Дыбыс әдісімен оқытқандағы қиындықтар мұнда болмайды. Тұтас сөз әдісімен оқығандағы сурет те болмайды. Хат танытудың оңай жолы осы дейді. Мұны да байқап көру керек.

ХАТ ТАНЫТУ ӘДІСТЕРІ

«Жаңа мектептің» № 2-де «Ана тілін қалай оқыту керек?» деген сөз жазғамыз. Онда көбінесе, баланы сөйлеуге, шығарма жазуға қалай төселдіру жайын айтқамыз. Жазу-сызу (емле) үйрету, хат таныту туралы әңгімені Ақаңның жаңа әліпбиі кітабы шығуына қаратқамыз. Енді ол әліпби де шықты. Біз де оқытушылар дайындайтын мектепке бала оқыту жайын тексеруге, тәжірибе сабақтарын жүргізуге кірістік. Енді ел оқытушыларына өз білгенімізден де қарайласуды дұрыс көріп, әдіс жайынан сөз қозғағалы келеміз. Бұрынғы сөзімізде Америка әдісі деген бар дегеміз. Ол қандай әдіс екенін түсіндірмегеміз. Осы сөзіміз де Американ әдісі болсын, дыбыс әдісі болсын, әйтеуір қаріп, хат танытудың іс жүзінде керектілерін айтқалы келеміз. Хатты балаға алғашқы жылы танытады ғой. Ендеше, бұл сөзімізде алғашқы жылғы тіл сабағы жайынан сөйлемекпіз. «Жақа мектепте» білім ордасы жасаған бірінші жылдың түйдек (комплекс) програмы басылып шықты. Бірінші жыл туралы әңгіме құруға бұ да себеп болып отыр. Тіл сабағын түйдек жүйемен қалай байланыстыру жағын бұ жолы сөз қылмаймыз. Түйдек жүйе жайынан айрықша жазармыз. Енді мақсұтқа келейік.

Алғашқы жылғы тіл оқыту жұмысының басты түрлері мынау болу керек: 1) оқи, сөйлей білуге жаттықтыру; 2) жазуға, жазу сөзіне жаттықтыру; 3) қатасыз жаздырып (емле) үйрету. Әлде бұ да тым жалпы айтылған сөз боп көрінер. Бұдан гөрі де жіктеп, жүйесін аша түсейік. Әлгі үш түрдің өзін башайлайық.

І оқи, сөйлей білу 1 — көрген, білген, бірдеңеден әсерленгенін бала өз тілімен, іркілмей айтып беру. 2. Дереу баспасөз көрсетіледі. 3 — балаларға лайықты өлең, жыр, тақпақ, жұмбақ жаттау, сөйлеуге (деклемес), айтысып сөйлеуге (драматизас) дағдылану.

4 — жиылыста сөз сөйлеп, сұрау қоя білу.
ІІ жазуға, жазу сөзіне жаттықтыру
1 — оқытушының тақтайға жазған сөзін дұрыстап көшіре білу.
2 — кітаптағы сөздерді көшіріп үйрену.

3 — өз бетімен де, өзгелермен бірігіп те йылақат (ұран) жаза білу.
4 — салынған сурет, тұрпат, үлгі астына аттарын жазып қою.

5 — жабаны бақылаған нәрселерін (мәселен күн райы, табиғат құбылысы тәрізділердің кәлендерін сызу) жаза білу.

6 — сөйлемді сөзге, буынға, дыбысқа бөлшектей білу.
ІІІ қатасыз жаздырып үйрету үшін тілді бақылату

1 — қысқа, жеңіл сөйлемдер, плакаттар ішінен таныс сөздерді, буындарды, қаріптерді тапқызу.

2 — дауысты, дауыссыз дыбыстарды айырту.
3 — жуан, жіңішке дыбыстарды айырту.
4 — дәйекшені дұрыс қолдандыру.
5 — «у»? «үу» қаріптерін жазатын орындарды білгізу.

6 — бір жолдан екінші жолға бөліп тасымалдауды білгізу.
7 — ұлы тынысты (тыңға) қай орында қоюды үйрету.
8 — сөйлем ішінде сөздердің байланысын сұрау қойып, айырту.

Жылдық басқы жарымында жұмыстың көбі оқи, жаза білдіруге кетеді; өз бетімен сөз жазу, өлең, тақпақ жаттау, айтысу, календарь жасау, тіл бақылау секілді қиынырақ жұмыстар кейін істеледі.

Алдымен жазу үйрету жолдарын айтайық.

Осы күнде орыс мектептері қолданып жүрген үш түрлі жол – әдіс бар: дыбыс әдісі, ойнамалы дыбыс әдісі, тұтас сөз (Америка) әдісі. Дыбыс әдісі – оқытушыларға белгілі ескі әдіс. Бұл әдіспен оқытқандағы жұмыстың түрі былай болатын: 1. Әуелі сөйлем немесе бір сөзді алып, оны буынға, дыбысқа бөлшектеп, ауыз-екі жаттықтыртып алатын. 2. Содан кейін, дыбыстарды қосқызып, буын, сөз құратып, тағы төселдіретін. 3. Іріктен шығарып алған дыбысты қаріппен таңбалайтын. 4. Қаріпке қаріп, дыбыстарды қосып, буын, сөз, сөйлем жасап шығаратын. Бұл әдіспен оқытудың кемшілігі: 1) әр дыбыс сөздің ішінде бір түрлі, жеке күйінде екінші түрлі естілуі; әсіресе дауыссыз дыбыстар не басына, не аяғына «ы» дыбысы қосылмай, таза түрде айтылмайтындығы. Мәселе, «т» дыбысын жеке күйінде «ты» демеске, немесе «ыт» демеске әддің жоқ. «А»-ға «т» дыбысын қосып оқы десең, бала «аты» немесе «аыт» деп оқыса, «оның дұрыс емес, «ат» деп оқы» дегеніміз зорлық болады. 2) Ендеше, дыбыстардан буын, сөз құрау да балаға ауыр, сөзді буынға, дыбысқа болу де ауыр. 3) Салғаннан дыбыстан, қаріптен бастау тәрбиенің (психология) жолында қайшы: баланын табиғаты қолма-қол, айқын, бүтін, тұтас нәрседен бастағанды қалайды. «Мынау пәлен дыбыс, оның белгісі мынау болады» деген сөз ересек адамға ұғымды болғанмен, балаға ұғымсыз болады. Пәлен дыбыс болса, балаға не керегі бар? Ол дыбысты жаттап, тоқып алу неліктен оған парыз болды? Балаға ол — жат нәрсе. 4) Дыбыс әдісімен оқыту бүгінгі ұсынылып отырған түйдек жүйе жолына кедергі болады деседі. Ойнамалы дыбыс әдісімен оқытқанда, әліпбидегі ретті қолданбайды. Ә дегеннен балалармен әңгімелеседі: оларға ойлаған ойын, әсерленгенін, басынан кешкенін сөйлетеді де, әңгімесінен бір сөйлемді жазғызады: жазғызып жүріп, дыбыстарды айыртады. Мұнда дыбысты салғаннан жекелен алып, жаттығу болмайды, сөйлем ішіндегі сөзді жазу, сызумен таңбалап, керекті дыбысты, дыбыс жағынан қарай, бөліп алады. Бала жазып жүріп, сөзді башайлайды, башайлап жүріп жазады, екеуі аралас келеді. Жазу үйретуге, баспа, қаріп, сурет, сызықтар құрал болады. Осындай құралдармен бала шу дегеннен тұтас сөйлемді жазып үйренеді. Ендеше, тіл жаттығуға да бұл әдіс пайдалы екен. Мысал: «Мұқаш пен Құрмаш жеміс терем деп, тоғайға барыпты. Мұқаш адасып қалыпты да: «ауыу!» деп дауыстапты».

Әңгіме осы.

Бұл әңгімені сөйлеуден мақсұт: «а», «үу» дыбысын үйрету. Мұны қалай жазады десеңізші. Бірнеше ағаштың суретін салғызады. Ағаштың екі жағында екі баланың суреті тұрады. Мұқаштың аузы ашылып тұрады. Мұқаштың суреті астына «ауыу» деп жазып қояды. Немесе, «Құрмаш доп сатып алды» деген сөйлемді жазу керек болса, Құрмаштың суретін, анадай жерге доптың суретін салады да, ортасына бір көлденен сызық сызады; ол — «сатып алды» дегені. «Мұжықтың шалғысы (орағы) бар» дегенді жаздырмақ болса, мұжықтың, шалғынын суретін салады. «Мәрия қаздарын айдап келуге барып еді, жаңбыр жауып кетті. Мәрия ағаштың астына тығылды» дегенді жаздырмақ болса, ағаш түбіне ықтап тұрған баланың, қаздардың, жаңбырдың суретін салып қояды.

Бұл әдіс пен хат танытқандағы әдістің түрі мына секілді: 1) Бір нәрсе туралы әңгімелеседі. 2) Әңгімеден керекті дыбысты іріктеп алады. 3) Жаңа қаріпті жазады. 4) Кезекті тақырыпқа тиісті сөзді, сөйлемді жазады. 5) Жаңа сөздерді тақтайға сызылған бағандардың лайықты жеріне үлестіріп жазады. 6) Оқытушы балалармен бірігіп шығарма жазады (оқытушы тақтайға, балалар дәптеріне). Бұл әдістің пайдалы жағы: балалардың өзі істейді; өз еңбегімен тапқан білім берік болмақ қой. Хат танытуды түйдек жүйемен байланыстырады. Балалар ынталы болып, құлшынып оқиды. Талап артады. Ал қолайсыз жағы: оқытушының шалымдылығын тілейді, шалағай оқытушы оқыта алмайды. Және бірнеше класты бір өзі оқытатын ел оқытушыларына бұл әдіс қиын тиеді. Тағы бір қиын жері: тұтас сөйлемді суретпен, сызықпен жазып жату көп бейнет. Бейнеті де оқа болмас еді, бала «Құрмаштың доп сатып алғанын» солай ойлай ма? «Шегембайдың етік тігіп жатқанын» етік пен Шегембайдың суреті тәрізді ойлай ма? Еңкейіп, біз шаншып, былғарыға түкіріп, тарамысын жалап отырған Шегембайдың іс-қылығындағы түрінде ойлайды ғой. Тұтас сөз әдісімен оқытқанда балаға ә дегеннен тұтас сөздің басылған, не жазылған түрі көрсетіледі. Таныстырылған сөз ненің белгісі, ненің аты екенін білмесе, ат пен заттың арасында байланыс болмаса, құр сөз есте қала беруі шетін ғой. Шетін қалмақ үшін, заттың суретін, тұрпатын, шимайын салып, астына атын жазып қояды. Ақанның соңғы басылған әліпбиінде осыны қылған. Ырылдағандағы иттің аузының суреті астына «р» қарпін жазған. аузы ашылып тұрған баланын суреті астына «а» қарпін, ызылдаған ара суретінің астына «з» қарпін қойған. Сөйтіп, сурет перне туғызады, перне сөз туғызады. Ұқпадыңыз ба? Ұқпасаңыз, суретті көргенде, иттің ырылдағаны еске түседі, ырылдағанда қандай дыбыс шығаратыны еске түседі. Баланың жадында сөздің таңбасы берік орнаған сайын, сурет бірте-бірте қала береді де, сөздің өзі көрсетілетін болады. Сөйтін, баланың миындағы нәрсенің пернесі мен сөздің тұлғасы ұстасады, білім тілімен айтсақ, іліктестік пайда болады. Сөздің тұлғасы пернеге ілінсе, бала оқи бастайды. Бала бірнеше сөзді оқи білген соң, сөзді буынға болу басталады. Буынды миына әбден қондырын алған соң, танымал буындарды қосқызып, сөз туғызады; сөздерден сөйлем жасатады. Мұнда да керекті сөз әңгіменің ішінен алынады, бара-бара кітаптағы сөзді оқуға кіріседі.

Хат таныту жолында мына кезеңдер болады екен: 1. Әңгіме сөйленіп, одан керекті сөз алынады. 2. Дереу баспасөз көрсетіледі. 3. Ол сөз көрсеткен нәрсенің суреті салынады. 4. Атын заттың астына жазын қондырады. 5. Ол сөзді балалар көшірін жазып алады. 6. Бөлінетін болса, сөзді буынға бөледі. 7. Таныс емес, жаңа буындар бөлек шығарылады. 8. Ол буындарды сөздердің ішіне кірістіріп те, жеке алып та оқытып, әбден тоқытады. 9. Үйренген буындардан жаңа сөз құрап, жаттығумен жұмыс бітеді. Бұл әдістің жақсы жағы: дыбыс әдісімен оқытқандағыдай, дыбыстардан сөз құратып, балаға қиындық келтірмейді, сөзді буындардан құратады. Және де жазу үйретуді түйдек (комплекс) мағлұматтармен байланыстыруға қолайлы. Жаман жағы: бала көпке шейін сөздің тұлғасын жаттап әуреленеді. Қаріп тұлғасын жақсы білген соң, көзбен көрген тұтас сөзді – пернені жаттаған соң, баланын ұғымы да тап басар болмайды, сөзді де дұрыс тани алмайды. Қаріп білмеген соң, бала дұрыс оқып жаттыққанын, теріс оқып жаттыққанын тексере алмайды. Бұл әдіс қандай жұртқа қолайлы? Сөйлегендегі дыбысы мен сөз таңбасының арасында көп айырмасы бар ағылшын, американ мектептерінде қолдануға қолайлы. Біздің тілімізде, таңбамызда ондай зор айырма жоқ. Ендеше, тұтас сөз әдісін түгел қолданудан пайда шамалы. Осы күнгі орыс мектептерінің қолайлы деп жүргені тұтас сөз әдісі мен буын әдісін араластырып қолдану. Бұл былай істеледі: 1. Кезекті мәселе туралы сөйлегенде әңгімеден бір сөз іріктеліп алынады. 2. Ол сөз суретпен көрсетіледі. 3. Суреттің аты баспа қаріптерден құралып, оқытылады. Әуелі оқытушы құрап көрсетеді де, содан кейін балалардың өзіне құратады. 4. Сөз буындарға башайланады. 5. Ол буындар бөлек-бөлек жазылады. Сөйтін, сөз әуелі тұтас күйінде оқылып, содан кейін құралған буындарына бөлшектенеді де буындар жазылып отырады. Бұл әдістің дыбыс әдісінен айырмасы: салғаннан дыбысты, қаріпті білдіруге ұмтылып, тым уаққа кетпейді, алдымен буындарды бөліп алуға тырысады. Буындар жадына тоқылған соң, тыңнан сөз жасауға кіріседі. Мұнда буын дыбыстардың құрамасы (а-з) деп үйретілмейді, бүтін буын түрінде (аз) үйретіледі, үйретілген буын дереу өзге буындармен қосылып, сөз болып шығады. Мен бұрын оқымаған балаларға хат танытпақ екенмін. Кітап дегенде, қолымда әліпби бар екен. Сабақты қалай бастаймын? Салған жерден кітаптың басындағы иттің, баланын, араның суретін салып, иті немесе бала неғып тұр дегенің дұрыс па? Жоқ, алдын-ала басқа бір әңгіме құруым керек пе? Дұрысы соңғы болуға тиісті: балалар мен оқытушы танысу керек, балаларды мектеппен таныстыру керек, бірімен-бірін үйір қылу, мектепке бойын үйрету керек. Бұл туралы түрлі пікір бар. Бір пікір: әуелі балаларды бір-бірімен таныстыру керек, оқытушы балалармен өзі танысу керек. Содан кейін балаларды мектеппен, мектептің жұмысымен таныстырып, оларды ұйымдастыруға кірісу керек дейді. Енді бір пікір: алдымен мектеппен, мектеп жұмысымен таныстырған дұрыс, өйткені мектеп балаларға таңсық, не жағдай болсын, бәрі жат, қызық көрініп тұрады дейді. Бұл пікірдің қайсысын қолданса да дұрыс. Екеуінің пәлендей айырмасы жоқ. Қайсысын қолдану оқытушының еркінде болу керек. Екеуін араластырып қолданса тіпті жақсы. Білім ордасының програмында әуелі класпен, мектеппен таныстыру керек делінген. Мұндай кірісу сабағын қалай өткізу керектігін білгісі келген оқытушыны Ташкенде басылған «Терме» кітаптағы «Комплекс іс жүзінде» деген сөзді оқуын ұсынамын. Дәл сондағы айтылғандай болмаса да кірісу сабағы сол тәрізді болу керек.

Балалар мектеппен танысып, бойы үйір болған соң, хат танытуды бастау керек. Алдымен «а» дыбысымен, оның таңбасымен таныстыру керек екен. Қалай кірісеміз? Мен түрліше бастар едім. Әлде балалармен былай әңгімелесіп алар ем: .

– Балалар, үйде қандай жұмыс қыласыңдар?

Балалар түрліше жауап береді. Бірі тезек тергенін, бірі су әкелгенін, бірі бие қайырғанын, енді бірі бұзау баққанын айтар еді. Бұзау баққанын айтса, мен тағы сұрар ем:

– Бұзаудың туғанын көрдіңдер ме?

– Көрдік.

– Бұзаулаған сиыр баланы қасына жолата ма?

– Жолатпайды.

– Қайтеді?

– Сүзіп алады.

– Неліктен сүзеді?

– Бұзауын қызғанады.

– Бұзауын кім алады?

– Үлкен кісі, апам, әкем... алады.

– Үлкен кісілер сиырға «сүзбе, сүзбе!» дегеннің орнына не дейді?

– А, – дейді. Немесе.

– Дәрігерге барғандарың бар ма? «Бар» десе.

– Тамақтарыңды көрсеткендерін бар ма? «Бар» десе.

– Қалай көрді?

– Аузымды ашты, тілімді басты, «а» деп айт», – деді.

– Не деп айт деді?

– А-а, – деп айт деді.

Тіпті дәрігерге бармайтын елдің балалары болса, балалардан:

– Тамақтарың ауырып көрді ме?

– Көрді.

– Кімнің тамағы?

– Менің.

– Бергеші.

Баланы шақырып алып, дәрігер істейтінді мен де істейтін едім: аузын ашқызып, тілін басқызып, «даусыңды шығар» дер едім. Бала «а» дыбысын шығарар еді. Өзгелерінен:

– Мынау не деді? – деп сұрар едім?

– А, – деді.

Бұл оңтай баланы әурелеген болып көрінер десем, бір балаға:

– Сенін атын кім? – деп сұрар ем.

– Мұқаш, Құрмаш, Жапаш...

Тағы бірнеше баланын атын сұрар ем. Бірталайынан сұрап болған соң, манағы аттардың есімде қалған біреуін атап, мәселен:

– Мұқаш! – деп шақырар ем. Мұқаш: – А, деп жалт қарар еді.

– Мұқаш мен шақырғанда не деді?

– А, – деді.

Міне, «а» дыбысын айтқызуға неше түрлі жол дар бар екен. Бұлар тек мысал үшін. Әйтпесе бұнан да көп, бұдан да қолайлы әңгімелермен бірге бастауға болады ғой. Енді не істеу керек? Енді «а» дыбысын шығарғандағы ауыздың суретін салу керек. Балаларға «а» дыбысын айтқызып, жолдастарының аузы «а» дегенде, қандай болып тұрғанын көрсетер едім. Балалардың суретін алатын болса, бастың суретін салғызып, «а» дегізіп, аузын ашқызып қой, дер едім. Балалар сала алмаса, өзім салар едім. Балаларға қарап:

– Мына сурет қандай дыбыс шығарып тұр? – дер едім.

– А, – деп тұр.

– А, – деген дыбысты жазып көрсетуге бола ма екен?

– Болады екен.

– Қалай жазады екеміз?

– Бастың, ауыздың суретін салады екеміз.

– «А» деген дыбысты жазу үшін, бастың, көздің, мұрынның, ауыздың суретін салып жату көп жұмыс болмас па?

– Көп жұмыс болады.

– Ендеше, жұмыс аз, оңай болсын деп, «а»-ны былай жазып қояйық. Қараңдаршы, мынау (сурет) оңай ма? Мынау («а») оңай ма? Әрине, «а» оңай екенін айтады.

Содан кейін «а»-ның не сияқты екенін сұраймын. Балалар таяқ, қарандаш, шырпы, тағы сондай нәрселер сияқты деп жауап береді. «А»-ның таңбасын дәптерлеріне жазғызамын. «3» дыбысын үйрету керек болса, оны да осы жолмен істеймін. «Ыз» – деп ызылдайтын зат аз ба? Ара, соңа, сары маса, ұршық, қанатты қоныз, зырылдауық сияқтылар. Жалғыз-ақ «а» мен «з»-дың қосылуы қиынырақ тиер. Дыбыс әдісімен оқытсақ, «а»-ға «ә»–ды созғызып қостырар едік. Тұтас сөз әдісімен оқытқанда, қалай қыламыз? Мұнда «а» деген сөзді тұтас оқытып үйрету керек қой. Ендеше, аз-көп нәрселерді салыстыру керек. Салыстыратын нәрсе қарындаш па, қалам ба, доп па, шырпы ма, асық па? Қасық па? — бәрі бір. Тақтайдың бір жағында бес-алты доптың, бір жағында екі-үш доптың суретін салғызып, қайсысының көп, қайсысының аздығын сұраймыз. Қай добы аз жаққа «аз» деп жазып қоямыз. «Аз»-ды балалар көшіріп алады, жаттайды. «3»-ды. одан кейін «аза»-ны оқытуға да осыны қыламыз. Сөйтіп, хат таныту жұмысы арман қарай жылжи береді. Сөзді жаттап жаттығуға істелетін жұмыстар әліпбиде «ермек-еңбек» болып көрсетілген. Ол туралы көп түсіндірудің қажеті жоқ. Хат таныту деген оңай жұмыс емес. Бұл туралы жазу көптік қылмайды. Мұндағы сөздердің артық-кемін толықтыруын тілеймін.

АШЫҚ ХАТ

Сұлтанмахмұт Торайғырұлының сөздерін
жинау науқанына ат салысыңыздар

Қазақстан оқу комиссариаты әдебиетті гүлдендіргелі, оқушылардың ақыл-сезіміне сусын бергелі қазақ ақындарының сөздерін жинап бастыруға кірісіп отыр. Сұлтанмахмұт Торайғырұлының сөздерін жинап, бастыруға лайықтап, іздеп, реттеп беруді менің мойныма артып отыр. Сұлтанмахмұт Торайғырұлы – Семей гүбернесі, Кереку уезі, Ақбеттау болысының қазағы. 1893 жылы туып, 1920 жылы 27 жасында құрт ауруынан қайтыс болған. Сұлтанмахмұт жас ақындардың ішіндегі бір күшті ақын еді. Аз өмірінде көп өзгеріс көрген, берісі қазақтың, арысы адам баласының бақ-ырысын көксеген, өмірін әділдік, шындық ізденуде, ойлануда, толғануда өткізген, түбек ойдың ақыны еді. Өнер-білім сәулесіне аңсап, құлаш ұрып, кедейлік, жоқшылық зарын шегіп, жауыз тұрмыспен жанталасып, алысып, және алмай, өзі мерт болып, көрге кірген ақын еді. Тірі жүрсе, өзі айтқандай, «қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып, күн болғандай» от-жалындай заулаған, болат қайрат, құрыш жігердің, кекті жүректің ақыны еді, сөзімен ел-жұртын мардамсытқандай, мақтандырғандай, еңсесін көтергендей ақын еді. Оқу комиссариатының сөзін бастырмақ болып отырған Сұлтанмахмұт сол сынды ақын еді. Өнегелі ел аяулы ақындарыма өшпес белгі орнатады, сөзін жинайды, басады, қастерлейді. Өмірін жазады, үлгі қылады. Ақын атына мектеп, білім жұртын, кітапханаларын ашады. Ақынның өмірін, сөзін іздеуге, зерттеуге қауым ұйымдар ашылады. Ақынның қай жерде не сөйлегені, қандай ат мінгені, киім кигені, тамақ жегеніне шейін, жатып-тұрғанына шейін қалдырмай тереді. Ақынды қадірлейді, қастерлейді, аспанға шығарады. Неге десеңіз, ақын – елінің тілі ғой, адал туған ұлы ғой, бүлк-бүлк еткен жаны ғой, жанын жеген ары ғой, айта алмай жүрген зары ғой. Жайынан, ардан безбесе, ақынын қандай ел қастерлемекші. Оқу комиссариаты ел болатын елдің кәдесін істеп отыр. Санасы бар азамат бұған қуану керек, жұбану керек. Махмұт жастай кетті. Артына қармаулы мұра қалдыра алмады. Қаламды 20-ға таянғанда ұстады. Алты-жеті жылдың ішінде көп нәрсе жазуға мұршасы келмеді. Оқуға талпынын, қаражат іздеумен күні өтті. 27-сінде өлген орыстың Лермонтов деген ақыны қалыңдығы құрандай сөз қалдырып еді. Өнегелі жеткен елдің ақыны болса, Махмұт та сондай еңбек қалдырар ма еді, қайтер еді. Алайда аз өміріне қарағанда, Махмұттың қалдырған сөзі бар. Тек жарыққа шықпай жатыр. Сұлтанмахмұттың үш сөзі: «Кедей», «Адасқан өмір», «Қала ақыны мен дала ақынының айтысқаны» 21-інші жылы Қазанда басылып, елге тарай алмай қалды. Кітап боп басылған сөзі сол-ақ. Махмұттын сөздері жалаң олар ғана емес. «Айқап», «Абай» журналдарында, «Қазақ», «Сарыарқа» газеттерінде басылған өлеңдері, сөздері бар. Басылмай, жолдастарының қолында, аузында қалған өлеңдері бар. «Қазақ» газеті қазақша роман жазушыларға бәйге тіккенде, өлеңмен жазып жіберген «Әлжан болыс» немесе «Кім жазықты?» деген романы бар. Бұл роман «Қазақ» газетінің материалдарымен бірге жоғалып отыр. Өмірбаянын недәуір суреттегендей әркімге жазған хаттары бар. Міне, осының бәрі жиналын, қолға түссе, Махмұттың кітабы да әжептәуір үлкен кітап болып шығады. Оқу комиссариаты Махмұт сөздерін жинап, теріп бер деп маған тапсырып отыр. Махмұттың өзге сөздері тұрсын, әуелі басылып шыққан үш өлеңі менің қолымда жоқ. Там-тым әркімдерде болуға тиіс. Қолында бар кісілерден бере тұруын сұраймыз. Махмұттың алғаш жаңаша оқыған жері Тройскі қаласы «Медресе Расұлие» болса керек (ұмытпасам). Алғаш қызмет қылған жері «Айқай» журналы (онда хатшы болған). Одан кейін елге шығып, бала оқытқан. Зайсан уезінде Қыдыр молданың қолында, Әбдікәрім Ережепұлының қолында тұрым мұғалім болған. Оқу іздеп, Семей келген. Семинарияға түсе алмай, өз бетімен оқымақ болып, Әлімхан Ермекұлының қасына Томға кеткен. Томда жатып Әлімхан, өзге де студенттерден оқу оқыған. 17-жылғы төңкерістен кейін Семейге келіп, Қазақ комитетіне хатшы болған. Сол кезде кеңсе қызметіне сырылам деп, жөтелін үстетіп, жүдеп қалған. Қымыз ішуге, таза ауада тынығуға қырға – Бұғылы болысы Медеу Оразбайұлының үйіне жіберілген. Азырақ тәуір болған соң, қайта Семей келіп, «Сарыарқа» газетіне қолғабыс еткен. Науқасы тағы меңдеген соң өз еліне – Баянауылға қайтқан. Баянауыл түбіндегі тұтам үйінде, әке-шешесінің қолында жатып дүние салған. Махмұттың жүрген-тұрған жерлері осы. Осы жүрген, қызмет еткен, оқу оқыған жерлерінде Махмұтпен жолдас, таныс, сырлас болған адамдар бар. 1. Солардан Сұлтанмахмұт туралы білгенін жазған хаттарын жинап жіберуін өтінемін. 2. «Айқап», «Абай», «Қазақ», «Сарыарқа», «Қазақ тілі» газет-журналдары қайда, кімде бар екен? Солардағы Махмұт сөздерін көшіріп жіберулеріңізді сұраймын. 3. Махмұттың өмірі жазылған «Қазақ тілі» газетінің нөмірлерін «Еңбекші Қазақ» басқармасынан Бейімбеттен сұраймын. 4. Махмұттың хаттарын, сөздерін, өлендерін жинап жіберуді өз еліндегі достары, жолдастары: Шайбай, Шернияздан, Айман-ұлдарынан, інілері: Шаймардан, Бәшеннен сұраймын. Махмут туралы білгенін жазуды қазақ ақыны Мәшһүр Жүсіптен сұраймын. Зайсан жағындағы сөздерін, хаттарын, өмірін жақсы білетін мұғалім Хафиз Сәрсекейұлынан, Қыдыр молданың, Әбдікәрім Ережепұлының өздерінен, төңірегіндегі білетін адамдардан мағлұмат тілеймін. 5. Махмуттың адамгершілігі, ақындығы, пікірі, мінезі жайынан газетке сөз жазуды Әлімхан Ермекұлынан, Халел Ғаббасұлынан, Мұхтар Әуезулынан, Даниял Ысқақұлынан, Тұрағұл Құнанбайұлынан, Иәзипа Құлжанкелінінен, Хафиз Сәрсекейұлынан, Шайбай Айманұлынан, тағы да басқа білушілерден сұраймын. Сөздерін жинауға Семейдегі Қанапия Баязитұлын, Жұматай Забайұлын, Әшім Мақашұлын, Омар Иманбайұлдарын шақырамын. Махмұт туралы оны-мұны білетін бұдан өзге де адамдар көп шығар. Мен тек өз білгенімді атап отырмын. Ақынның еңбегін жинауға көптесіп, көмектескен еңбек керек. Үлкен науқан ашу керек. Бірлі-жарым адамның тырбанғанымен берекелі іс өнбейді. Мұндай әлеумет жұмысына жуырда серпіле қоймайтын сүйегімізге сіңген бір шабандық, салқамдық болушы еді. Тек сондай мінезден аулағырақ болып, осы науқанға ат салысуларыңызды тілеймін. Сұлтанмахмұттың сөздерін жинау жайынан әзірге ұстанатын жобамыз осы. Бұдан өзге қандай жобалар бар? Қайтсе жұмыс берекелі болады? Бұл туралы өзгелердің де газетке жазуын сұраймын. Ашық хатпен қанағаттанын қоймай, өзіміз білегін адамдарға хат жазып та хабарласпақпыз. Көмекке шақырмақпыз. Қандай мән шығатынын кезінде көрерміз. «Еңбекші қазақ» басқармасы да қолынан келгенін, жәрдемін берер. Басқармаға келген мағлұматтардың лайықтысын басар, баспағанын маған жіберер ден сенеміз.

Маған хат жазушы, мағлұмат (материал) жіберушілерге адресім:
г. Чимкент, ул. Кретера, 8.
Аймаутову.

АШЫҚ ХАТ

Торайғырұлының жиналған сөздері Сұлтанмахмұт Торайғырұлының сөздерін жинауға кіріскеннен бері, әзірге менің қолыма келген материалдарды газетке жариялаймын. Осы тізімде бар сөздерін жібермей-ақ қалғандарын қолында бар кісілер жіберуін сұраймын. Менің қолымдағы ұзын өлеңдері: 1. Адасқан өмір. 2. Кедей. 3. Қала ақыны мен Дала ақыны айтысқаны. 4. Әжібай болыс (Кім жазықты), роман. 5. Таныстыру.

У а қ ы т ө л е ң д е р і: 1. Түсімде. 2. Бұлар кім? 3. Қымыз. 4. Бір балуанға қарап. 5. Көңілді көндіретін тағдыр. 6. Алты таяқ. 7. Кеше түндегі түс, бүгінгі іс. 8. Гүл. 9. Туған еліме. 10. Ә, дүние. 11. Шәкірт ойы. 12. Неге жасаймын? 13. Сарыарқаның жаңбыры. 14. Міні, алақай! 15. Тұрмысқа, 16. Жазғы қайғы. 17. Көшу. 18. Ендігі беталыс. 19. «Шоң» серіктігін ашарда. 20. Қыз сүю. 21. Сымбатты сұлуға. 22. Нүрекеңе. 23. Ж...ға. 24. Әкелші. 25. Алаш ұраны. 26. Ақ сәуле. 27. Кешегі күндей түсті бұлт басқан. 28. Осы да әділдік пе еді. 29. ...ға. 30. Қазақ қызына. 31. Жүрегім тулап жанасың. 32. Жан қалқам. 33. Жас жүрек. 34. Қай қыз бар бұл қазақта теңге барған. 35. «На память» (орамалдағы өлең). 36. Альбомнан — біздің өмір бәрі бір. 37. Соқыр ағаш. 38. Жетуге құмар жоғары. 39. Ләнет бұлты шатырлап. 40. Күнгірт түс пен ойға батып. 41. Өмірімнің уәдесі. 42. Уай, дүние, қайда біздің өткен күндер (Шайбайға жазған хатынан).

Қара өлеңдері: 1. Сатсиализм. 2. Қазақ ішінде оқу, оқыту жолы қалай? 3. Ауырмай есімнен айрылғаным. 4. Қазақ тіліндегі өлең кітаптары жайынан. 5. Өлеңмен айтушылары. Бұлардан басқа. Шайбайға жазғам 4-5 хаты, Қапыз Сәрсекей ұлына жазған 6-7 хаты бар. Әр жерден алынған хаттарға қарағанда, бұл айтылғандардан басқа, тағы да 20-дан аса уақ өлеңдері, «Қамар сұлу» деген бір романы болуға тиіс. Оларды жібермек болып отырған азаматтар бар. Әзірше Махмут сөздерін жинасуға ат салысқан азаматтар: Семейден: Рақымжан Жаманқұлұлы, Қанапия Баязитұлы, Қостанайдан: Абдрахман Мұстанаұлы. Қызылордадан: Балқай мен Бейімбет. Ташкенттен: Ғабдолла Байтасұлы. Шымкенттен: Ысмайыл, әсіресе, Рақымжан көп еңбек қылып отыр; одан соңғы «Айқап», «Қазақ» газеттерінен сөз жинасып беріп отырған Әбурақман мен Балқай; ел аузындағы өлеңдерін көбірек жинаған Қанапия. Бұлардан басқа да көмек көрсетеміз деген азаматтар бар. Балқан 1913 жылғы «Айқап» журналын тауып жіберген. Әбдірахман 1913, 14, 15-жылдардағы «Айқап» журналындағы өлеңдерін көшіріп жіберген. Жалғыз-ақ аянышты нәрсе «Әжібай болыс» деген өлеңмен жазылған («Қазақ» газетіне романдар бәйгесіне жіберген) романының әр жерінен көп-көптен сөздері жоқ. Жақсы жерлерін әлде бөлек алып жүріп оқимыз деп, жоғалтып алдық деседі. Қысқасы, Сұлтанмахмұттың еңбегі толық жиналғандай болса, недәуір қалың кітап болғандай түрі бар. Келген сөздерін салыстырып, жаңа емлемен көшіріп, іреттеп, тізіп жатырмын.

Азаматтардан әлде болса, тезірек көмек күтемін.

МЕКТЕП ҚАНДАЙ БОЛУ КЕРЕК

(Айтыс ретінде) Елдегі мектептеріміз қандай болу керек деген мәселені шешерде, әуелі орта дәрежелі білім алуға неше жыл керек деген сұрауға жауап берген дұрыс. Бұрынғы гимназия, семинария, реальный школдарды бітірген балалар, орташа есеппен 11 жыл оқитын. Кесімді оқу жылын, оқу күнін босқа өткізбей, қадағалап, шу дегеннен орысша оқытқанның өзінде орта дәрежелі білім алуға І1 жыл керек екен. 11 жылдың 4 жылын түрлі техникумдар, немесе солар секілді орта дәрежелі мектептерде алады десек, қалған 7 жылында бала ел мектептерінен оқу керек болады. Елде жеті жыл оқыған бала бұрынғы 2 класты немесе жоғарғы бастауыш немесе қала мектебін бітірген балалардай болып білім алып шыға алар ма? Шыға алмайды. Себебі: оқытушыларымыз шалағай, салақ, оқу аспаптарымыз сай емес, оқитын уақыты аз... Бұл кемшіліктер аз жылда жетіле қалмайды. Сондықтан елде 7 жыл оқудың орнына 8-9 жыл оқыса да көптік қылмас еді. Бірақ оны тұрмысы, мектеп жағдайы көтермейді. Ел мектептері қандай болу керек екені туралы 2-3 жылдан бері сөз қозғалып, баспасөз бетінде жазылып келеді; түрлі жобалар ұсынылып келеді: 1) бастауыш ауыл мектебі 4 жылдық, одан соңғы болыстық мектеп 4 жылдық болсын («Таң» журналы, сан – 1,2); 2) бастауыш 3 жыл, одан соңғы 4-5 жыл болсын («Ақ жол», саны есімде жоқ); 3) бастауыш 2 жыл, одан соңғы 5 жыл болсын («Жаңа мектеп», сан — 2); 4) бастауыш жыл, одан соңғы болыстық 3 жыл, аудандық 4 жыл болсын («Жаңа мектеп», сан — 6) деген жобалар бар. Бұл жобаларды тексермей тұрып, Қазақстан еліне жалпы бір үлгімен мектеп пішіп беруге болмайтынын ескеру керек. Қазақстанның жері шалғай, елі шашыранды, жер, ауа, табиғат жағдайлары, оған жалғас кәсібі әр алуан. Қысы 3-4 ай, жазы 7- 8 ай, түстік жақтағы Жетісу, Сырдария елдері мен қысы 7-8 ай, теріскейдегі Семей, Ақмола, Қостанай, Орал елдерінің жағдайы бір емес; шығыстағы Зайсан мен батыстағы Бөкей, Адай жағдайы бір емес, о түгілі бір губерниядағы елдердің тұрмысы бірдей емес. Семей губерниясында Ертіс бойындағы елдер шала көшпелі, қырдағы, түстік жақтағы елдері нағыз көшпелі, қысынан жазы көп, қыс бытырап, жаз бойы қосылып отыратын елдердің мектебі бір түрлі, жазынан қысы көп, жаз басы қосылмай, қыс қанаттас отыратын елдердікі екінші түрлі болуға тиіс. Ендеше біздің мектептеріміз орнықты, көшпелі болып жасалу керек. Қай елдікі қандай болатынын оқу орындары шешер, біз өз сөзімізге көшейік. Бірінші жоба: бастауыш 4 жылдық болсын дейді. 4 жылдық болған жақсы. Себебі: 4 жыл оқыған бала ақтан қараны айырып, шаруаға қолайлы, көңіл тетік, дөңгелекше сауаты бар адам болып қалады. Бастауышты ғана бітіріп, одан әрі оқи алмай қалатын балалар көп болады: оларға 4 жыл оқыған жақсы. Бірақ 4 жылдық мектеп әзір іске аспайды. Оны өмір корсетін отыр. Оқу комиссариатының санағына қарағанда, елдегі мектептердің 49 проценті бір жылдық, 31 проценті 2 жылдық, 15 проценті 3 жылдық, 5 проценті 4 жылдық («Еңбекші қазақ», нөмірі 277). Себеп: оқытушы жартымсыз, үй жоқ, аспап жоқ... Оқытушының жартымсыздығы мынау: ел мұғалімдерінің 40 проценті ғана арнаулы білімі барлар, оның көбі де 2 айлық, 3 айлық тәрбие курстарын бітіргендер; қалған 60 проценті білімі төмендер деп отыр. Бұл қыруар шала мұғалімді аз жылда толық білімді қылу қолдан келмейді; қысқа курстар ашып, жетілдірген күнде де бұлар 4-інші бөлімді оқытуға жарамайды. Қазір барлығы 1827 мұғалім бар екен, оның мыңнан асқаны тіпті тәрбие курстарын да көрмегендер болса, бұларды аз жылда жетілдіру мүмкін емес, жыл асқан сайын олар заманынан артта қалып, білгенінен айрылып, қарайып, қартая бермек. Кәріден өнер шықпайды. Әрі осы күнгі 1 мың 600 мектептерімізге, әрі тыңнан ашылатын ауылдық, болыстық мектептерімізге жеткендей мұғалімді қазіргі техникумдар, институттар 5-10 жылдың ішінде шығарып бере алар ма екен? Осылардан басқа мұғалім соғып шығаратын дүкендеріміз жоқ қой. Біздің шамалауымызша техникум, институт бітіргендердің саны жылына көп болса 200, әйтпесе 150-ден аспайды. (Дәл есеп оқу комиссариатында бар шығар). Осы 150-200 мұғалім ауыл мектептерінің сыбағасына тиіп отырғанда, әлгі жарамсыз мыңнан аса мұғалімдердің орнын 5-6 жылда басып қалар еді. Іс жүзінде олай емес: жаңа мұғалімдердің бірқатары әкімшілік, немесе басқа қызметке кіріп кетеді, бірталайы қала мектебіне орналасады, енді бірқатары жоғарғы мектептерге оқуға кетеді. Сонымен ауыл мектептерінің сыбағасына тиетін мұғалімдер аз болып шығады. Екі-үш жылдан бері педтехникум, институт бітірген мұғалімдеріміздің нешеуі, неше проценті дала мектебіне, неше проценті қалаға орналасқан екен? Оқу орындарының қатты қарастырып, бір есепке, еске алатын жұмысы осы. Жақын арада елді жаңа мұғалім беріп, қарық қылмасақ, ескі шалағай мұғалімдер 4 жылдық мектепті алып жүре алмайды. Барған күнде де жаңа мұғалімдер елдегі болыстық мектептерге орналасады, ауылдыққа қағылған-соғылғаны тисе сол. Мұнын бәрі күшімізді шамалаған нобай есеп; күш санаспай қимыл қылуға болмайды. Келешекте оқытушы даярлайтын мектептеріміз көбейсе, онымен қатар елдегі мектептеріміз де өсіп отырмақ қой. Қалайда аз жылда көп мұғалімді төгіп жібере алмаймыз. Ендеше, 4 жылдық мектеп қолдан келмейді. Ауылдық мектеп 2 жылдық болсын деген жобаны қарайық. Бұл жобаның жақсы жағы кәзіргі өмірді, істі негіз қылып айтып отыр. Екі жылдан артық оқытуға бұл күнгі мұғалімдеріміздің көбі жарамайтынын, мектеп үйлерінің жетімсіздігін көрсетіп отыр. Бұл жобаның кемшілік жағы: ауылдық мектепті ғана бітіріп, одан әрі оқи алмай қалған бала мәз ештеңе білмей, тек хат танып қалады. Бұл – ауыл мектебін сауатсыздық (ликбез) жоятын орын қылайық деген сөз. Ел баласынын көбі ауылдық мектептен ұзай алмайды. Болыстық мектептер тез құрылып, жатақханасы жасалып қазыналық оқу бола қалса құба-құп. Қазыналық мектеп болмай тұрып, кедей баласын алыстағы мектептен оқыта алмайды. Ауыл мектептерін шолтитып тастасақ, ауыл мұғалімдерінің білімін толықтырудың да қажеті жоқ. Хат танытудан артық білімді мұғалім іздемейтін болады; ол мұғалімде талап та, күн да қалмайды. Және ауылдық мектептің аты екі жыл болғанымен, заты бір-ақ жылдық болып шығады. Жылына 170 күн оқытудың орнына елдегі мектептер 95-ак күн оқытатынын оқу комиссариаты көрсетіп отыр. Соңы мен, ауыл мектептері 3 жылдық болу керек. 3 жылдық мектептеріміз аз да болса бар. Ол бір. Екінші, 3 жылдық мектеп дегеніміздің оқуы анығында 2,5 жылдық оқу болып шықпақшы. Үшінші, 3 жылдың ішінде жаратылыс, жағрафия, тарих, денсаулық, шаруа жағынан азды-көпті білім үйретуге болады. Бұрын ауылнай школ бітірген балалар да ептеп іске жарап жүретін. Үш жыл оқыса тым құрығанда ауылдық кеңеске хатшы болуға жарайды; өз бетімен білім іздеуге, білім жолымен шаруа жүргізгенге көзі ашылып қалады. Төртінші, мұғалім үш жыл оқытарлық білім табуға талпынады, жетсем-ау деген онда да бір нысана болады. Келешекте шалағайын жетілдіреміз, тыңнан мұғалім қосамыз деп, ілгері тілеулі болып отырмыз ғой. Бірақ мұның іс жүзінде бір қиын жері: бір мұғалім үш бөлімді бірдей оқыта алмайды. Екі мұғалім болса, біреуі 2,3-інші бөлімді, біреуі 1-інші бөлімді оқытар еді, орыстың үш жылдық, жазаласа 4 жылдық мектептерін осы күнге шейін бір мұғалім оқытып жүр. Рас, біздің мұғалімдеріміз оларға тең емес. Алайда үш бөлімді бір мұғалім оқытудың жолы, әдісі бар, ізденген мұғалім оларды үйренеді; журналдар, кітаптар, курстар үйретеді, үйретіп жүр. Жаңа жүйе, жаңа әдіске төселген сайын, бала өз бетімен білім алуға үйретілу керек, сабағы озықтары кейінгілеріне көмектесу керек. Үш бөлімді оқыта алмаған мұғалім екі бөлімге де жете алмайды. Біздің мектебіміз сөйтіп, үш жылдық болу керек.

ЕНДІ БОЛЫСТЫҚ МЕКТЕП ЖАЙЫНАН

Болыстық мектеп 3 жылдық, ашылып жатқан мәдени кіндіктерде 4 жылдық мектеп болып, басы-аяғы 9 жылда орта дәрежелі білім алып, жоғарғы мектептерге түсетін болсын деп, жаңа «мектеп» темасынан жазды. Қазақ жағдайындағы мектептерден оқыған баланың орта білім алуына 9 жыл аз, 11 жыл оқу болу керек, бұрын солай болған. Болыстық мектеп бір басқа, мәдени кіндіктегі тағы бір басқа болады деп ойламаушы едім. Мәдени кіндіктер бұрынғы 34 болыс, бүгінгі қосылып бір болыс болып отырған елдердің ортасынан біреу ашыла ма деп түсінуші едім. Менің ойымша әрі болыстық, әрі аудандық (мәдени кіндікте) мектеп болудың қисыны жоқ. Мәдени кіндіктегі болыстық мектеп болу керек. Ел ішіндегі мәдени кіндіктерде орта дәрежелі, 4 жылдық мектеп ашу мүмкін емес. Оған жабдық та, оқытушы да жетпейді. Елдегі оқу 9 жылдық бола алмайды, жеткен күнде 7 жылдық 1-інші басқыш мектеп болады, оның үш жылы ауылдық, 4 жыл болыстық (мәдени кіндікте) мектеп болмақ. Ел ішінде үш сатылы мектеп болу дұрыс емес, екі саты да аз емес. Ауылдық мектептен жоғарғының бәрі жатақханалы болуға тиіс. Үш сатылы мектептің екеуінде жатақхана жасау қолдан келмейді. Жатақхана оңай емес: тамақ, киім, жатар орны, тазалық, денсаулық жайы, тәрбиесі, дәрігері кем, ел ішінде самдай қылып жүргізу қиын, балаларды биттетіп-құрттатып, ауыртып алу қаупі зор. Ел түгілі, қаладағы қазақ балаларының жатақханасы да денсаулық шартына әлі жете алмай жатыр. Болыстық мектеп 5 жылдық болу да жарамайды, ол тым ұзақ. Болыстық мектептік жылы көп болса, бастауышты бітірген балалар болыстыққа түсіп қамалып, іркіліп қалады. Оқушы көп болса, жатақхана да мол болу керек. Мол жатақхананы жасау, жабдықтау қиын тиеді. Сонымен, бастауыш: ауылдық 3 жыл, болыстық 4 жыл – айналасы 7 жыл оқу ел арасына жарайды. 7 жыл оқыған бала техникум тәрізді орта дәрежелі мектептерге түсіп, 4 жылда бітіреді; барлығы 11 жылда орта дәрежелі білім алып шығады. Ауылдық мектепте оқу ана тілінде болу керек. Шама келсе 2-інші жылынан бастап, орыс тілі бір сабақ болып кіру керек. Болыстық 4 жылдық мектепте оқу қай тілде болғаны жөн? Бұған жауап беруден бұрын бұл 4 жылдықтарда оқытушыларымыз кім болатынына көз жіберейік. Елдегі осы күнгі оқытып жүрген мұғалімдер бұған жарамайды. Бұлардың оқытушылары көбінесе осы күнгі техникум, институт бітіргендер, қала берсе бұрынғы орыс мектептерін (курс, учительский, семинария) бітіргендер, немесе ескіше татар медреселерінен оқығандар болмақшы. Бұрынғы орыс мектептерінен оқыған учительдер болмаса, қазіргі техникум, институт бітіргендердің көбі сабақты орыс тілінде беруге жарамайды. Сондықтан, болыстық мектептерімізде алғашқы кезде оқу екі тілде, аралас болады. Бірақ болыстық мектепте оқуды орыс тілінде жүргізуді мақсұт ету керек. Табылса орыс оқытушыларын да пайдалану керек. Қазақ мәдениетке орыс арқылы қабысатын болғандықтан, орыс тілін білмеген адам, іс жүзінде де, ел көзінде де сынаржақ, төмен саналатындықтан ілгері оқитын бірталай балаларымыз орыс мектептеріне түсетіндіктен орыс тілін салғаннан ширақ оқытуға талпыну керек. Қазақ тілі, әдебиеті, тарихы орта дәрежелі мектеп бітіргенше үзбей оқытылу керек. Ел мектебінде көбірек қарастырып оқытатын пәндері: табиғат тану, мал өсіру, егін салудың ілімі, денсаулық, кооператип жайы болу керек. Қазақтың тіршілігіне әсіресе керекті білімдер осылар. Оқу комиссариаты осы білімдер жайынан ұғымды, женіл, жинақы тілде жазылған кітапшаларды молайтып шығару керек. Хат таныған адам оқып пайдаланғандай болу керек.

Көшпелі мектеп жайынан кейін жазбақпыз.

МӘШҺҮР АҒА!

Хатыңызды алдым. «Ақыл» деген ақылыңызды қабыл тұттым. «Қайын ал» дегеніңіз өмірге зор өзгеріс салатын әңгіме болғандықтан, әзірше жауапсыз қалдыра тұруды лайық таптым... «Ынталы жүрек, шын көңілге» тірелетін әркімнің иманы ғой. Қай әулиенің жарылқарын да білмеймін. «Жүрек», иман» деген нәрсе қолқаға жүрмейтін шығар, жарылқаушыны да, қорғаушыны да өзі іздеп, өзі танып табатын шығар деп ойлап, ол сырымды жасырып отырмын. «Құлшылықты жасырып қылған қабыл» деген сөз құлағымда болушы еді. Енді қалған өмірді қалай өткізу туралы: данышпан Толстой сексеннен асқанша, өле-өлгенше қаламымен сырласып өткен. Ірі хакімдер, философтар көп жасап, көп мұра қалдырған. Өмірде ойланумен, толғанумен, жақсылық-жамандықты барлаумен, әділдік, шындық, адамгершілік сынды ізгі мұраттарды көксеумен өткізген. Адамдардың миы ерте суалмаса керек, ақыл, ой, таланты ...ерте тартылмаса керек. Егделенген сайын миы шыныға берсе керек. Соған қарағанда, сіздің де қаламнан қаларлық уақытыңыз бола қойған жоқ па деп шамалаймын. Олай болса, қалған өмірде қаламға сырласып өткен дұрыс. Сіз қазақтың қазақ заманында дүниеге келіп қалған гауһарысыз. Сіздің құлашыңыз ұзын, қиялыңыз терең, арманыңыз алыстағы өткен өмірде. Жаңа заманның бұйынтақ сөзі, жыбырлақ мінезі сізді жарытпайды, тосаңсытады, күні өткен жат адам қылады. Жаңа заман өйте берсін! Сіз онда жалғыздығыңызды, жапандығыңызды, сәнді-салтанатты ескі күніңізді жырлап өтіңіз. Ақынның ақындығы улаған ойын, тулаған сырын, оқушыны толқытқандай қылып, тізген меруерттей кестелі, толғаулы сөзімен айта білуінде ғой. Тоқсан үш жасар Түрікпен ақынның мына бір сөзі:

Ғалы құса көңіліне келмеген,
Сахар тұрып, ақ зікірін демеген.
Мүсәпірлік күртектерін жемеген.
Түндер қатып шөлде атып сүрмеген,

Өз елінен басқа елдерде жүрмеген,
Мүсәпірлік көшесіне кірмеген.
Бұл ғазалдың мазасыны не білсін?!
Кім біледі бұл дүниенің түбіні,

Бабаң шеккен кәріліктің мұңыны.
Қара нардың қайратынан қалғанды
Көтерер деп ауыр артпа жүгіні.
Майлы ақынның мына бір сөзі:

Бұлқынушы ең бұландай
Жүген, құрық тимеген,
Жұлқынушы ең құлындай!
Салбырады құлақтар,

Тамға кірген құландай.
Жерінде әркім жекендей,
Тастап бір келдің мекенді-ай.
Әркімдер қуып ит қосар

Ауыл бір келген бөкендей.
Басушы едім, өрлерім,
Тарпаң менен көбеңді.
Емен менен семен де,

Арыстан болды төбеңде, —
деп ашаршылық жылы жат елде тамақ асырап жүргенде айтса керек!?
Шәңгерей ақын өлер кезінде:
Құлық атып құдия,

Түлкідей қашқан зымия.
Бізден де өтіп барады
Қайран да шіркін, дүния, —

деп зарланады. Өлім аузында отырған ақындардың осынау асыл сөздеріне өлім жоқ қой. Сіз шамаңыз келсе, осынау Түрікпен, Майлы, Шәңгерейлерше жүрегіңіздің шерін шертіңіз. Неден күйінесіз, неден өкінесіз? Неден жиренесіз? – дегендей соларды әңгіме қылыңыз. Ол бір. Екінші, сіздің бұрынғы шығарған өлеңдеріңіз бар. «Тырна мен қарға» айтысқан болсы, «Бұлбұл мен қаршыға» болсын, «Сарт әңгімесі» болсын соларды жинастырыңыз. Оларға қосып менің айтатыным: Түркістан елдерін кезгенде, Шыршыққа келгенде жүрген-тұрған жерлеріңізді, елдеріңізді, жазған өлеңдеріңізді жас кезімде жатқа білуші едім. Енді ұмытып кетіппін. Со да жақсы нәрсе еді. Әр елдің жақсыларын тараулатып, ата-тегінен қозғап жазған өлеңіңіз бар еді. Олар да керек. Жақсы әйелге, жаман әйелге шығарған өлеңдеріңіз де болушы еді... Сондай қолжазбаларыңыздың бәрін жіберсеңіз шамам келсе, баспаға түсіруге ізденіп көрер едім. Одан соңғы сіздей көп қазына – қазақтың шежіресі, ең болмаса Орта жүзді, Арғынды тараулатқаныңыз керек. Осы күнде әркімдер қазақ тарихын, шежіресін жазып жүр. Мұхамеджан Тынышбайұлы деген Ұлы жүз шежіресін орысша кітап қылып шығарып жүр. Сіз шежіреңізді жіберсеңіз, оны да көріп, түзетіп, ең болмаса журналға басып тұрар едік, әрине, өз атыңызбен басылады. Одан соңғы сіздегі қымбат нәрсе: ақындардың айтысы, сөздері, билердің, шешендердің үлгілі сөздері. Бұларды не кітап қылып, не журналдарға басуға тырысар едік. Сізден Алдабергенұлы Зияш бірталай сөздер алғанға ұқсайды. Ол іс қыла алмай ма деп ойлаймын. Ініңіз жаман да болса жақсы-жаман сөзді айыра біледі. Баспаханалармен, басқармалармен таныстығы, қатынасы да бар, жақсы сөзді көзін тауып өткізуге тырысар едік. Мен бес-алты айдан бері Сұлтанмахмұт сөздерін жинап, жақында бітіріп, көшіріп, реттеп баспаға, ордаға апарын тапсырып қайттым. Махмұт сөздері құранның үлкендігіндей кітап болды. Ендігі жылдар басылым шықпақ, аман болсақ, біреуін жіберермін. Қайын алмады деп өкпелегеніңіз болмаса, Әмендей бола алмасам да сізге хабарласып, еңбегіңізді, атыңызды ел көзіне түсіргендей ниетім бар. Күліктен сіздей адам туа бермейді, санамыз болса, сіздің қадіріңізді, бағаңызды білсек керек?! Маған сөз жіберер болсаңыз, газетке оңдап оран, сыртын конверт қылып, адресімді жазасыз. Сыртына наложенный платеж деген сөз жазылса, болмаса «төлеп алады» доплотное деген сөз жазылса, ақша төлемейсіз, мен төлеп аламын. Мен өзімнің сырымды, ойымды көрсеткендей «Шернияз» деген театр кітабымды сізге арнап почтаға салдым. Былтыр бәйгеге қосқан кітабым еді, бірден соңғы бәйгені алдық. Оқып көріп, пікіріңізді жазарсыз. Міне, сізге әзірше жазған әңгімем осы! Амандығыңызға тілеулес мағлім ініңіз Жүсіпбек.

Әбдіразақ ағайға көп сәлем, суретіңіз сақтаулы, балалар сау.

ӘДЕБИЕТ МҰРАЛАРЫ

(Ұсыныс ретінде) «Еңбекші қазақтың» бір нөмірінде М. Б. «Мәдениет мұралары» деген мақала жазды. Бұл мақалада мәдениет мұраларының маңыз-қасиеттері мұрыннан тізілген М. Б.-ның ұсыныстары орындалып, тозған асылдарымыз жаңартылып, жас тарихымыздың мәдениет табағына олжа салуымызбен келешекте – дардиып мақтануымыз анық болса, оған дейін осы мақаланың өзі қуандырарлық. Іске асарлық жоспарлы сыйымды сөз сөйленіп, оның орындалу шарасына кірісілсе ғана нәтижесі зор іске айналады. Қисынды, қонымды сөз іс атасы. М. Б. мақаласы құрғақ сөз, мәдениет мұрасы «керексіз қу мола» деп ешкім дауласпас. Ендеше мұралар құламай, жоғалмай тұрып жаңғыртылуына жұрт қол қояды. Бұлай болса, бізде тағы бір мұра бар. Ол – әдебиет мұрасы. Қазақ жұрты әдебиет дүниесіне олжа қосарлық деректерге не екендігіне кім де болса ден қояды. Бірақ сондағы алынып отырған әдеби деректеріміз жазба (баспа) түріне айналған әдебиет емес, ел аузындағы әдебиет. Төңкерістен кейін баспа жүзіне шыққан азды-көпті әдебиеттеріміз бар болса да, бірақ ауыз әдебиетінің жүзден бірі баспаға түсірілген жоқ. Ауыз әдебиетіміз қаймағы туырылған күйінде ел аузында отыр. Бірақ бұл күнінде ел аузында ұзақ сақталып, көп жасай алмайды (...) жұлдырады, қанатын алдырады, мертігеді. Бұның түбі бара-бара біразда жоғалу болады. Олай болса, тозып бара жатқан мәдениет мұраларымен қатар тозып бара жатқан әдебиет мұраларымыз да ауызға алатын, ауыз емес-ау, қолға алынатын уақыт жетті. Мәдениет мұрасы тарихымызға бір олжа салса, әдебиет мұрасы он олжа салады.

Жоғарыда әдебиетіміз ел аузында жүр делік.

Бірақ ел аузында болғанда жалпы елдің қатын-қалаш, бала-шағаның аузында емес, оннан, жүзден, мыңнан біреуінің аузында ғана бағалы сара әдебиет бар. Әр жүздің, әр тайпаның, әр рудың ішінде ескі сөзді, кәрі ауызды қарияларымыз бар. Міне, ескі әдебиет мұрасы дегенде, біз соларды алып отырмыз. Мәдениет мұрасы сияқты бұл әдебиет мұралары да тозуға айналулы, жылдан жылға кемулі, қалғандары аз. Жоғарғыларды қорытқанда, ұзатпай ауыз әдебиетті жаңғырту қамына кіріспесек, біз бос қаламыз. Бүгін болмаса ертең олардың аузындағы сөз өзімен бірге жоққа айналады. Мысал үшін сол қарттарымыздың білетінінен екеу-үшеуін атайын. Оның бірі Ақмола уезі, губерниясы Қоржынкөл, болысының Қанжығалы – Ералы Саққұлақ баласы. Ералы — қазақтың шежіресіне, хан, батыр, билердің бітім, билік, жорық, үлгілі сөздеріне жүйрік қарттың бірі. Екінші: Семей губерниясы, Қарқаралы уезі, Қу болысының қазағы Қаракесек – Мағат қожас Ақай баласы. Бұл кісі де Ералы сияқты ескі сөздің түрлі жүйесіне жүйрік. Үшінші: әсіресе, қазынасының аузын ашса қапшықтан түйдегімен төгетін жел ауызды жүйріктің өзі – ақын Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы. Мәшһүр Семей губерниясы, Кереку уезі Сүйіндік-Күлік (осы күнгі қонысы – Шідерті болысы). Мәшһүрдің 70-ке жақындаған жасы бар. Мәшһүр — бала жасынан дүние кезген адам. Қазақ ішінде Мәшһүрдің баспаған жері аз. Ұлы жүз, Орта жүзді тегіс аралаған. Сол жүрген жерлеріндегі естіген әңгімеден Мәшһүрдің білмейтіні аз шығар. Ол білетін сөздерінің жазылғаны да бар, бірақ көбін ауызша айтады. Ауыз сөзінде қазақ шежіресінен бастап, хан, би, батыр, жомарт шешен, жұмбақ, қара өлең, айтыс, тақпақ, жар-жар, беташар, ай, жыл, күн аттары, ескі тұрмыс суреттері, ғұрып-әдет көлеңкелері, ырым-жырымдары – тегіс Мәшһүрдің аузынан ағытылады. Мәшһүрдің жазған сөздерінен бұрын «бастырамыз» деп алушылар болған. Олардан біз білетініміз: Сұлтанмахмұт , Уәлихан Омарұлы, тағы әркімдер. Сұлтанмахмұттың кісі сөзі түгіл, өз сөзін бастыратын мұршасы болған жоқ. Уәлихан алған сөз басылған жоқ. Басқалардағысы да аяқсыз кетті. Сондықтан Мәшһүр забты болды. Аузы күйді. Соңғы кезде басқаға сөз беруді қойды. Осы сияқты әңгімеге бай қарттар әр жерде бар шығар. Тегінде мұндай адамдар сөз беруге сараң да келеді. Бірақ ол сөздері жоғалмайтындығына, баспаға түсірілетіндігіне, сөйтіп ескі сөз берушілер келешектегі қазақ мәдениетіне ат салысқан, еңбек етіп, қолқабыс тиюшілерден саналатындықтарына көздері жеткізілсе, жазба болсын, ауызша болсын сөздерін береді ден сенеміз.

Сөйтіп, мен мынаны ұсынамын: 1. Ел аузындағы ескі әдебиетті жиюға оқу комиссариатының білім ордасы өзі кіріссін. Өзі болмағанда гүберниялық оқу бөлімдерін не қылсын. 2. Жалпы қартты түгендеп жүруге болмайды. Әр гүберниядан 2-3 қана таңдамалы адамдардың аузынан жиылсын. Мысалы, Семей губерниясынан жоғарыда екі адамды атадық. 3. Бұл сөздерді жинаудың өзіне таңдаулы кісі керек. Кез келген біреуге «сен жазып әкеле ғой» деуге болмайды. Сондықтан қолынан іс келетін, ауыр аманатты адал орындарлық тиянақты кісілер жіберіліп, жазып алатын болсын. 4. Қарттардың қазақ мәдениетіне қолқабыс еткен еңбектері акталу үшін (олардың еңбектері – ескі сөздері) бастырылып, таратылатындығына білім ордасы өзі кепілдік берсін. Сөздеріне қарай сый белгіленсін. Ұсынылған жобаның артық-кем алып тастайтынына өксімейміз. Жалғыз-ақ ұстанып қалағынымыз: Мәшһүр сияқты адамдардың сөздері өздерімен бірге кетін жүрмесін дейміз. Бізге кәзір «Қаракөз», «Арқалық батыр», «Еңлік-Кебек», «Батыр Баяндарды» беріп отырған – ел аузындағы ескі әдеби материалдар. Білім ордасы ескі әдебиетті жиғызын-ап, қорытып, мәдениет дүниесіне жайса, аты бәйгеден келеді деп сенеміз.

КӨРКЕМ ӘДЕБИЕТ ТУРАЛЫ

(Айтыс ретінде) Газет бетінде көркем әдебиет жайынан әңгіме қозғалып жатқанын көріп, қозғаушылардың мақсаты қалайда әдебиетті гүлдендіру шығар деп жорып, талас мәселелер ашылуға әнтек қолқабысымыз тиер ме екен деп, қалам ұстадық. «Бәрі жиылып бір терінің пұшпағын уқалауға арналған адамдар бірін-бірі ұғынудан, бірін-бірі сыйлаудан кетсе бітпес дауға кеткенмен (дәл мәнісі: бабыл мұнарасын орнатам деген) бір бас. Бұдан жаман нәрсе жоқ» (Воронений), – дейді, осы күнгі бір дәріпті сыншыл. Олай болмас, ұғысармыз деген үмітпен жазып отырмыз. Ұғыса алмасақ, амал не. әдебиетіміздің әлде бағына, әлде сорына көтерілген бір әңгіме болын қала берер. Газетте сөз жазған адамдар: Сәбит, Әбдірахман, Қошке. Олардың талас мәселелерін түгел алып қарамақшы емеспіз, кейбір басты-басты маңызды пікірлеріне пікір жасамақпыз. Әуелі Әбдірахман пікірлері жайында. Жиып-теріп келгенде, Әбдірахман сөзінің түйіні: Әдебиетімізде екі-үш түрлі бағыттың барлығы анық, оларды, әрине, тұрмыс туғызып отыр... тұрмысымыз көшпелі дәуірде болғандықтан әдебиетімізде де осы көпшілік болып отыр... Бұл дәуірде көбінесе нағыздық (реализм) пен төңкерісші сарындамалық (романтизм) бағыттары есеюге тиіс», – дейді. Бұл пікірге қарсы емеспіз, тек толықтырып өткіміз келеді. Әбдірахман пікірін дәлелмен бекітпеген, жетілдіріңкіреп, бетін шырпып өте шыққанға ұқсайды. Әдебиеттің бағытына реңк беретін маңызды себепкерлер (фактор) болу керек. Біз сол себепкерлердің бірталайын көрсетпекпіз. Олар: 1) Пәлендей әдебиеті бар халықтың мәдениеті қай мүшелдегі мәдениетке жатады? 2) Ол халықтың тұрмыс жағдайы қандай? 3) Дін әсері. 4) Әлеумет құрылысы, одан туған әлеумет пікірі (ұлтшылдық, бұқарашылдық, тапшылдық деген секілді). 5) Заманындағы үстем пікір (Идея). 6) Ақыл, қиял, сезім таластары. Жазушының жан сипатындағы өзгешеліктер... Енді осы себепкерлерді қоздатып, түсіндіріп көрейік. Мәдениеті марқайған ел – асарын асап, жасарын жасаған ел, нешелер дәуірді басынан кешіріп, ой көзін өсірген ел; қиядан қияға, тереңнен тереңге, жаңа пікір, жаңа өнер, жаңа тұрмыс табуға құлаш сермеген ел – табиғат сырын дендеп білген, табиғатты жеңген ел. Ондай ел жалбырауыққа балаша қызығып алданбайды: пайдасызға, ақылға, қонымсызға малданбайды. Ондай елдің ақыл, қиял, көңіл тілегі де ескен, ұстарған, нәзіктелген. Азға тұрғысызға, тайызға қанағат етпейді, талғаушыл, таңдаушыл келеді. Талғау жолында шалықтап әр қияға бір шығады; кейде тым шеткері теріс бағытқа да түсіп кетеді. Мұндай елдің қиялынан да ақылы күшті болады. Міне мұндай елдерде биттей де қатып-піскен, кемеліне келген нағыздық (реализм) түрін көбірек қолданады. Мәдениеті көпей ел дүниені, табиғатты білім жолымен, ақылмен өлшеп танымайды; жорумен, аңыз қылумен таниды; бүгінгі мәдениетті елге әншейін, жай нәрсе тәрізді көрінген табиғат сырлары, істері, күштері бұларға жат, керемет болып көрінеді. Бұлар жоққа нанады. Дүние мәлімсіз күшпен (құдай) жаратылып, мәлімсіз себептермен өмір сүріп тұр деп сенеді. Бұлар дүниеде өздеріне зияны тиетін, қаскүнем күштер (иелер) бар, өздеріне болысатын, пайдасы тиетін дос күштер бар деп біледі. Дос күштер: құдай, періште, пайғамбар, әулие, ілияс, аруақ... Қас күштер: дәу, пері, жын, шайтан, тажал, ібіліс, албасты, жалмауыз, жезтырнақ, сұмырай... Мұндай елдің ақылынан да қиялы басым келеді. Қазақ міне әлі осындай ел. Аңшылық, бақташылық, егіншілік кәсіптерімен күн керген халық қалай да табиғат күшінің ықпалынан арыла алмайды. Жұт, індет, құрғақшылық, боран, дауыл, жауын-шашын, нажағай, өрт, күн, ай тұтылуы секілді құбылыстардың бәрі де керемет тәрізденің көрінеді. Құрғақшылық болып шаруасына зиян келерін білсе, жақсы құдайдан жаңбыр тілеу; күн тұтылса, пәле таянды деп тасаттық беру; топалаң келсе, аруаққа жалынып молаға түнету немесе молдаға хатым оқыту, дертке үшкірту, бақсыға қарату... бәрі де табиғат сырын білмегендіктің салдары.

Қазақ әлі осындай ел.

Мәдениеті көпей, табиғат сырына ақылы жете алмаған елде дін әсері де күшті болады. Жоққа нанудың, бұлдыр қиялдық ұясы, дін, бақсы, балгерге, әулиеге, кереметке, дуаға, тұмарға, ішірткеге, аруаққа жалыну, кітап көтеру, жан бар деп, жұмақ, тамұқ бар, көр азабы бар, қиямет, сират бар деп сену бәрі де дін мұрасы. Дін әсері күшті болғандықтан дін әдебиеті осы күнге шейін келіп отыр. Ел ішіндегі өлеңшілер құдайсыз, пайғамбарсыз, «пісімілдә», «ағузысыз» әлі де өлең айта алмайды. Біз осыны жазып отырғанда, ел ішінде әлде бір хат білетін жігіт немесе әйел «Зарқұмды», «Салсалды» оқып отырмағанын қайдан білеміз. Міне, қазақ әлі осындай ел. Қазақ кешегі заманға шейін хандарға, билерге, батырларға, болыстарға бағынып, соларды – «жақсыларды» – жыр қылып келіп отыр. Ақсақал дәуірі, ру таласы осы күнге дейін қалмай келіп отыр. Бұрын елді топ – бұқара, кеңес билеген жоқ; жеке адамдар билеп келді. Әлеумет құрылысы мұңдай болудың, бір адамға бағынудың әсері халықтың жан әлеміне (психологиясына) да терең із қалдырды. Үлкенді сыйлау, «пәленше білсін» деу әлі күнге бар. Осы күнге шейін исполкомдардың «болыс» атанып, «болыс есепті іс қылып», «ауыл кеңестерінің» ауылнай болып жүруінде сондай терең себеп бар. Әлеумет құрылысы қандай болса, халықтың ой-жүйесі де, жан қалпы да соған лайықтанып, икемденіп, қалыптанады. Жаңа жұртшылық әлі қалыптана алмай жатыр. Бұрын жеке адамға бағынған дарашылдық пікір үстем болса, енді көпшілдік, тапшылдық пікір туып отыр. Мұның бәрі әдебиетке әсер еткен, етіп отыр, етбек. Әдебиетке тағы да әсер етуші себепкерлер бар. Әр заманда бір үстем пікір (идея), үстем ұран шығады. Әрине, оны ешкім ойлап шығармайды. Тұрмыс тұрызады. Орыс әдебиетінде бір заманда жаурапшылдық, сылаваншылдық, бір заманда халықшылдық бағыттар болған секілді, қазақ та бір кезде ұлтшылдық, діншілдік, батыршылдық бағыттар болған ұлтшылдық бағыт әр ұлтта бар; әсіресе, байларында бар. Алайда, ұлтшылдық бағыт орыстың осы күнгі әдебиетінде де көрініп отыр. Орыстың Есенин, Иванов, Пильняк тәрізді жазушы-ақындары орыс төңкерісін ұлтшылдық бағытта суреттеп отыр. Ескі бағыт, ескі ұғым жуырда арыла қоймайды. Тұрмыс жаңа түрге түсіп, жаңа тәрбие орнаған сайын, барып-барып қалады.

Әдебиет бағытында тағы да әсер ететін себепкерлер бар.

Атам заманнан адам баласының тарихында ақыл-қиял, сезім таласы қалмай келе жатыр. Бір заманда қиял-сезім үске шығып, әдебиетте санашылдық (идеализм), сарындамашылдық (романтизм), күйректік (сентиментализм) бағыттарын туғызса, кей заманда ақыл жеңіп, натурализм, реализм, материализм бағыттарын туғызып отырған. Адамда ақыл, қиял, сезім (көңіл) деген сипаттар бар. Бір дәуірдің жазушылары (ойшылары) бір жола ақылдан немесе қиялдан безіп кете алмайды. Адам әр алуан болып жаратылады. Біреудің ақылы басым, біреудің қиялы, біреудің сезімі басым болады. Сондықтан әдебиетте нағыздық (реализм) бағыты басталды-ақ, сарындамашылдық (романтизм) бағыт пышақ кескендей тоқталады деп ұғу дұрыс емес. Екі бағыт араласып жүріп отырады: тек біреуі басымырақ болғандықтан пәлен бағытта деп айтылады. Толстой сынды нағызшыл (реалист) жазушысы бар орыс әдебиеті нағыздық бағытын тұтынып жүрген кезде Максим Горький тәрізді сарындамашыл (романтик) ақыны да болған. Қазақ бір жағынан Абайдың, Ахметтің, Міржақыптың нағыздық бағыттағы өлеңдерін жаттап жүргенде. бір жағынан «Тотының тоқсан тарауын» да. «Мың бір түнді» де, «Бақытсыз Жамалды» да жақсы тыңдаған. Ақын-жазушы біткенді бір қалыпқа соғуға болмайды. Қиялы күшті ақын романшыл болса, ақылы күшті ақын нағызшыл болса, неге бұлай болмай, олай болсын деу — «өзіңді қайта жарат» деген сөз. Ұзын сөздің қысқасы – қазақ асарын асап, жасарын жасаған, мәдениеті көпей ел; табиғат сырына ақылы жетіп болмаған, бақташы, диханшы ел; дін тұманынан әлі арылмаған ел; жан жүйесі, ой жүйесі, рух әлемі жаңа қалыпқа әлі қалыптанып жетпеген ел; ұлтшылдық сезімі кемеліне келмеген ел; тапшылдық әлеуметшілдік пікірін жаңа ғана естіп отырған ел. Өткендегі хандарын, билерін, батырларын жырлап, ақыл-ой ертегімен, қыссамен, қиялмен суарылып келген ел; ескі өкіметтің зорлығын көріп, жерінен, еркіндігінен айырылған ел; сондықтан қазақ әдебиетінің бұл күнгі бағыты көбінесе, сарындамалық, қала берсе, нағыздық бағытта болуға тиісті, осы күнгі азды-көпті әдебиет табыстарымыз осыны көрсетеді (мысал келтіріп жатуға орын тар), бұл бағытта ешкім кесіп-пішін бермейді. Ешкім мына бағытты алсын деп күштей алмайды, оны тұрмыс, тарих ағымы өзі белгілейді. Сыншының міндеті: барды бар, жоқты жоқ деу; бұлай болса тәуір болар еді деп, түзеу, жөн сілтеу, жазушыға жәрдемдесу. Жалғыз-ақ сарындамашылық қай түрде болу керек? Қайткенде пайдалырақ болар еді? Осыны тілек қылу керек. Әрине, сарындашылдық өршіл болу керек деген дұрыс пікір, бірақ өршіл болу үшін жалпы көптің, бұқараның тұрмысы өрге жүзу керек. Тұрмыс бір басқа болып жүре алмайды. Ол әдебиет болмайды, тегінде, әдебиет болғанды көбірек жазады; болашақты жазса ол қиял болып шығады. ...Анығында әлеуметшілдік, қамүншілдік тұрмыс алдымызда деп отырмыз. Алдағы жетсем-ау деген нәрсе арман болады. Арманға жету үшін қиялға сүнгімей болмайды. Қиялға сүнгімей нағыз өмірді жазған болмайсың. Идеализм, романтизм деген осындайдан туады. Ал нағыздық бағытпен жазғанда, бүгінгі тұрмыс нағыз қалпында суреттелу керек. Бүгінгі әлі қалыпталмаған, кем-кетігі көп өмір сондай сұлу ма? Осы өмірді аудырмай жазған қалай? Қияға құлаш ұра, жақсылықтың шетін қылтылдата жазған қалай? «Не нәрсе өмірден гөрі жақсы болса, не нәрсе өмір шындығынан да артық шындыққа ұқсаса, сол – өнер. Всеволод Иванов осы жолға түсулі. Өйткені ол құдайдың мейірімен «жаратылған талантты ақын» (Воронский). «Біздің еңбекші бағытындағы «тапшыл» жазушыларымыз жабайы сүр өмірді жазуға әуестеніп, өнер болу жағын ескермей кету қаупы бар. Қолма-қол пайдасы тиетін, үгіт болмаса, «еңбекші» деген сөзді қыстырмаса, дәретсіздігі сезілетіндей, тым қысыла-қыстырыла жазатын тәрізді. Өнердің пайдасы күнбе-күн, қолма-қол тие беруі шарт болмаса керек; өнерден пайда күткен көзқарас төңкерісшіл көзқараспен қандай ауыл үй қонса, ескішілдік көзқараспен де отаса кетеді. Ондай көзқарасқа бейімдік неден туады десеңіз, бұл шарт; қай түрлі болсын әлеумет құрылысына, немесе әлеумет мұратына жан салып, бүйрегі бұрылудан туады. Бұл шарт әлде бір себеппен жоғалса, ондай бейімдік те жоғалады». — дейді Плеханов. Бұл мысалдарды келтіргенде. біз өнер үшін деген жолды тұтыну керек дейміз. Өнердің тұрмысқа, тұрмысты ұғуға, жан әлемін тәрбиелеуге пайдасы болуға тиіс деген пікірді қолдаймыз. Қошке мен Сәбит айтыстарының маңызды жерлері, қазақ әдебиетінің өсу-өспеуі, қандай адам жазушы, ақын болуы, қазақ, жазушыларының қазіргі бағыттары жайынан көрінеді. Қазақ әдебиеті, оның ішінде еңбекші тап әдебиеті, жақын арада тез күшейеді, тез өседі деуге толық себеп жоқ. Кеңес өкіметі орнап, еңбекші тапты жақтағандықтан, сүйгендіктен келешекте еңбекші тап кенеледі деп сенілгендіктен әдебиет тез күшейіп кетеді деу тым ұшқары, тым желпілдеткен сөз болуға мүмкін. «Үкіметті тартып алудан, оны ұстап тұрудан өнер-білім табу анағұрлы қиын» деген Воронскийдің сөзі дұрысқа келетін тәрізді. Жалаң Воронский емес, көшпелі дәуірде әдебиеттің, өнердің тез көтерілмейтінін басқа білгіштер де сынаттап отыр. Барлық көшпелі дәуірлерде сын көсем сөз (публицистика) рухымен суарылады: кейде сын емес, нағыз көсем сөздің өзі болады да қояды, деп Плеханов айтады. Құрғақ ойға, құр даурыққа, көсем сөзге беріліп, көшпелі дәуірдің көркем әдебиеті күшеймейді деуге қазір де келіп те отыр. Еңбекші таптың жазушылары көбінесе үгіт сөз, үгіт өлең жазуды дұрыс тауып жүр. Бұл өнер емес, қара сөз, көсем сөз екеніне өздері де таласа алмайды. Ендеше әлгі айтқан білімдардың сөздері шыға келгені ме? Жоқ па? Шыға келгені. Үгітшілер бұлай жазғанына өздерінше дәлел келтіреді: «Еңбекші таптың партиялық мақсатын орындап жүрміз», – дейді (партияның жолын өнерсіздікпен емес, өнермен орындауға болмайтын-ау!), оның үстіне жазушының, ақынның міндетіне тым сол көзбен қарайды. Ақын сөзді ажарлаумен ақын болады. «Ақын да, арбашы да, қойшы да... өз орнында ақын...» деген сөздер ақын міндетін тым жабайы көрсеткендік; ақынның өнерін де, өрісін де тым тарылтқандық болады. Ақын көтермекші, атарман-шабарман деген сөз болады. Мұндай пікір орыстың ең солшыл, өнерсіз жазушыларында бар. «Солшыл» жазушылардың ішінде мұндай көптің ұғымына қарамай өз әуестенуімен жазып кетушілік әсіресе Сәкенде бар. «Экспресс», «Аэроплан», «Так-так-так-рудзутак»... сықылды өлеңдері көпке, оның ішінде, еңбекші қазаққа қандайлық ұғымды, жұғымды болар екен? Қазақ төңкеріске жолдан қосылған жұрт. Төңкерістен бұрын коммунист жолында болған қазақ жоқ. Қазақ саясаттың өзіне кеш кірісті. Төңкерістен бұрын қалам ұстағанның бәрі ұлтшылдық бағытта жазып жүрді, төңкерістен кейін кейбір жазушылар еңбекшілік, тапшылдық, төңкерісшілдік бағытқа түсті. Бұрынғы ұлтшыл жазушылардың енді еңбекшіл, тапшыл болуына, әрине, төңкеріс, үкімет,-саясат құбылуы әсер етті. Саясат әлеумет құрылысы өзгерген соң, пікір де өзгермек қой. Алайда, қазақ жазушыларының бұрынғы ұлтшылдық сезімі пышақ кескендей жоғалып кетуі табиғи нәрсе ме? Төңкеріс болмаса, патша үкіметі құламаса, отаршылық саясат өрши берсе, сонда да сол тапшыл болып отырған жазушылар ұлтшылдық бағытын тастар ма еді? Орыстың төңкеріс туғызған жазушыларының өзінде ұлтшылдық пікір қалмай отырғанда, қазақтың төңкерістен бұрын ұлтшыл жазушыларында неғып ескіліктің жұғыны аз да болса қалмады? Қалмады десек шын болар ма? Міне, бұл ойланатын нәрсе? Троцкий айтқандай «боялып қу болып» жүрген жазушылар бізде жоқ деуге болмайды. Шын жүректен табиғатынан қайнап шықпаған сөзде жан болмайды, ондай сөз ақындыққа жатпайды, «бей намаздың» намазы болып шығады. Міне, осы себептен де әдебиетіміз, оның ішінде тапшыл әдебиетіміз жуырда аяқтана алмайды. Төңкерістен соң қалам ұстағандар өздерін төңкерістің «бел баласы» деп санап жүр. Көп төңкерістен кейін қалам ұстауда емес, жергілікті «тума пікірінде». «Пікірінде» дейтініміз: байдан, не кедейден шыққандығымды дәйім пікірге әсер етеді деуге болмайды. Энгельс сынды бай адам жұмыскер, тапшыл болуы, бай балаларынан шыққан кейбір қазақтың коммунист болып жүруі кедейліктің шарт емес екенін көрсетіп отыр. Сөз жоқ, жұрттың бәрі Энгельс бола алмайды. Пікір (идея) үшін өмірін құрбан қылуға ірі адам болу керек. Бүгінгі төңкеріс туғызған жазушыларымызда еңбекші таптың дүние танысын, жан дүниесін, тілеген арманын өнер моншағының көзінен өткізіп көрсетерлік күшті қалам әзір білінбейді. Біздің еңбекші тапты қолдаушы жазушыларымыз орыстың пролетариат (жалшы) жазушыларының жолын тұтынып жалшы ақындарының ұйымын (ВАПП) ашып отыр. Қазақта аз да болса, жалшы, жұмысшы бар. Бірақ, қазақтың жазушылары жабропапықіндей (Европа — Р. Р.) соқа басынан басқалығы жоқ. Қара қасқа жалшы (пролетариат) емес: бір аяты кейде, тұзда, балық кәсібінде, шойын жолда, зауытта болса, бір аяты елде жүрген жалшы, өйткені олардың азды-көпті малы, шаруасы бар, ағайын-туысқанымен байланысы бар; атасынан, руынан, құдандалы тамыр-таныстан қол үзіп кеткен жоқ. Олардың ақыл, оны, рух әлемі ел кедейлерінен қара үзіп кеткен жоқ. Алғашқы кезде кәсіп ізден қалаға барған мұжықтан шыққан жалшылар да осындай күйде болған; олар жүре-жүре поселкеден қол үзген соң, машина күпшегіне басын мықтап байлаған соң барып пролетари болған. Олай болса қазаққа шын пролетариат әдебиетін жасауға әзір болар ма екен?! «Ә, құдай, пәле-жалаңнан, жұтыңнан сақтай гөр!» деп күннің көзіне қарап, көктен жақсылық күтіп отырған елдегі жаман тымақты қыруар кедейге машина әдебиетін ұқтыруға келер ме екен? Бұл тым «айға шыққандық», тым «сақалын бояғандық» болмас па?! Қазақ былай тұрсын, әуелі орыста да жалшы әдебиетші жоқ деп білгіштер жазып отыр. Троцкий сияқтылар: байлар мәдениетіне, байлар өнеріне жалшы мәдениетін, жалшы өнерін қарсы қоям деу түбінен дұрыс емес. Жалшылардың мәдениеті де, өнері де тегінде болмақшы емес, өйткені жалшылар тәртібі уақытша өткінші тәртіп. Оның пікірін дұрыс емес дейін десе, төңкерістің бас қайраткері. Жалшылар әзір өз жазушыларын келешектен күтіп отыр. Бүгінгі әдебиетіміздің жалпы бағыты халықшылдық (народничество), қала берсе, оқыған (интеллигентский) халықшылдық деп басты сыншының бірі Воронский тағы да жазып отыр. Біздің Сәбит: «Шөре-шөрелерде тиянақты пікір жоқ. Күш кімде болса олардың тілегі сонда, кеңес үкіметін тамағы тойса жақсылайды, тамағы ашықса жамандайды. Бір күн байды жырласа, бір күн кедейді жырлайды» деп отыр. Оған мысалға Мұхтар мен Жүсіпбекті келтіріп, «бұлардың өзі кедей болса да, пікірі байшыл интеллигент. Ондай интеллигенттерде табан болмайды, тап күресі туған күні, дүние аласапыранға айналған күні олардың басында миы қалмайды. Қайда барарын білмейді. Жанын қорғап қалғысы келеді...» деп отыр. Әбдірахман: соңғы кезде «жатып атарлық қылу» әдісіне түскен ұлтшылдық бағытпен қатар, тапшылдық, төңкерісшілдік және жолбикелік бағыттар таласулы» деп отыр. Сүйтіп, бұлар «шөре-шөре жолбикелерді» құлдыратып жамандап отыр. Сәбит, Әбдірахмандар бұлай десе, орыс сыншылары не дейді екен, көз салайық: «Жолбикелер әдебиеті өз алдына кеңестің жаңа бұқарашылдығы, бұл күнде орыс әдебиетінің маңызды әскері «жолбикелер» (Троцкий). «Бүгінгі мәдениет – өрелік өткінші дәуірдегі кеңес мәдениеті. Бұл мәдениетте не көп, мұжықтың «бұқарашыл» оқығандардың қосқаны көп. Жалшылардікі аз, өйткені бұлар әлі жол үстінде тұр» (Воронский). Сәбит интеллигент жазушыларды табансыз, пікірсіз, жанын қорғағыш, пайдасыз деп тауып отырса, 96 еңбекші тап әдебиетін қара күшпен, «интеллигентсіз-ақ» соғып шығарамыз деп отырса, өнерлі жұрттың сыншылары не дейді? Біздің өнеріміз оқығандар (интеллигент) — мұжық пен жұмысшының арасында (Сәбитше), «шөре-шөреде» жүрген жаратылысы екеуіне де жанаса алмайтын, алайда, өзінін ерлік халіне, өзінін байланысына қарағанда, жұмысшыдан гөрі мұжыққа икем оқығандар: бұлар нағыз мұжықтың өзі бола алмайды. Бірақ «мұжықшылау» қолынан келеді (Троцкий). Сәбит: «шөре-шөрелерді пайдаланамыз, тым еркелеп бара жатқаны болса, так-так дейміз». «Жақсысын аламыз, жаманын тастаймыз» деп жолбикелердің еңбегіне жол бергісі келмей отырса, өзге жұрттың білгіштері: «Қай ақын төңкерісшіл, қай ақын қарсы деген өлшеуішті қойып отырып, көркем әдебиет жөнінен бойы өсіп, өз бетін нығайтуға оларға да (ақындарға) толық еркіндік беруіміз керек», – деп отыр Воронский. «Бізде ақынды көмуге тырысатын әдет бар». Өйткенше оларға қалай көмек беруді ойлаған жақсы емес пе? Біздің жазушыларымыз мейлі еңбекшілеріміздікі мейлі емес болсын, бәрі де бұл күнде ауыр дағдарысты басынан кешіріп тұрғанын ұмытпау керек» (Троцкий). Міне көргенді ел жазушыларына, ақындарына осылай қарайды екен; сыпайы келеді екен. Қаламынан пайда күтіп, бағалайды екен, сонда барып әдебиет көркейеді деп шамалайды екен. Үйірге жаңа түскен сәурікше бірін-бірі сауырламайды, мүйіздемейді екен; сынаса өзін емес, сөзін сынайды екен. Әдебиеттің күшеюіне, қаламшыларға азды-көпті еркіндік керек. Мүйіздеп қысымшылық көрсете бермеу керек; «жатып атар» ұлтшылдық қылын жазса, «мына жерің ұлтшылдық» деп сынау керек. Ұлтшылдықтан орыс әдебиеті де құтылған жоқ деп айттық. Ұлтшылдықты отаршылдық туғызғанына Сәбиттер таласпайтын болар. Бір күнде отаршылдық та, ұлтшылдық та жоғалын кетпекші емес. Бірі қалғанда, екіншісі де қалады. Будан артық қаза беруге болмайды. «Қашанда кей кәсіп тез, кей кәсіп кеш өседі; кәсіптің қайсы бірі кейде әлде бір себептермен мүлде жоғалып кетеді. Салт сана (надстройка) жүзінде де солай. V ғасырда Афин (грек) жұртында техника жаман болса да, пәлсәпе жақсы күшейген. XX ғасырда Америкада техника күшті болғанмен, пәлсәпа артта қалған. Салт-сананың ең жоғарғысы — әлеумет (высшие надстройки) рухының «бұтақтары» (Энгельс), қай бұтақ қай бір себеппен көбірек нәр жесе, сол бұтақ артығырақ өспек» (Бухарин). «Сәулет өнерінен өзге өнердің бәрі де техникаға тек ұшығы ғана барып тіреледі. Техника барлық мәдениеттің іргесі. Өнердің, өте-мөте сөз өнерінің іс жүзінде зат техникасына байланысы тым құрдым. Сондықтан Американың ауа кемесін, аспанмен тілдескен заңғар үйлерін, сүңгуір қайықтарын жырлаған поэманы Резан губернесінде отырып та мұқыл қарындашпен сүр қағазға жазуға болады» (Троцкий). Ендеше, техникамыз төмендіктен әдебиетіміз төмен болып отыр деуге болмайды, жалпы мәдениетіміз, шаруамыз төмен болғандықтан және жоғарғы көрсетілген себептермен төмен болады, төмен болмақ десек сияды. Сәбит әдебиетті техникаға тіркеп, Жәңгір хан тұсындағы талантсыз Байтоқ жыраудың шоқбұт өлеңімен дәлелдемек болған. Бұл тым ожар батылдық, бірлі-жарым жаман өлеңмен де, жақсы өлеңмен де бір дәуірдегі әдебиетке баға беру шетін пікір. Өткендегі әдебиеттен жақсы мысалдар көрсетуге болады. «Қобыланды», «Тарғындарды» шығарған Марабай ақындардың сөзі кімнен кем? Сол Жәңгір тұсындағы Махамбет батырдың Баймағамбет төреге айтқаны әуелі осы күнгі асқан ақыныңнан табылар ма екен? Бұл өзі таласуға да тұрмайтын сөз еді; тек солақайлау болған соң айтып отырмыз. Сәбит жаратылыста ақын болып туады деген пікірге қарсы. Ол: «Қай адам болса да ақындық әсері болады. Ақындыққа арналған мида бір бөлшек болады. Барлық адамның ақын болмайтын себебі, ақындыққа арналған миының бөлекшесін қозғап жіберелік оның өмірінде себеп кездеспейді. «Сонымен ақындық миы ұйықтаған қалпымен өтеді», — дейді. Бұл пікір бұл күнде мансұқ болған, ежелгі грек данышпаны Аристотельден қалған «зейін қисыны» («Теория способностей») деген пікір. Ақындыққа немесе басқа өнерге арналған мидың бөлшегі жоқ, тек жалпы ақыл-ой, сана қызметін басқаратын үлкен ми бар. Дененің бар мүшелерін қозғап, басқарып туратын мидың бөлімшелері бар екені рас, мидың осы бөлімшелерін Сәбит әлде ақындық туғызатын бөлімдер деп шатастырып отыр немесе Аристотельдің ескі пікірін айтып отыр. Аристотельдің ол қисыны XІX ғасырдың аяқ шенінде, Герберт тұсынан бері білім тәжірибелері мансұққа шығарған. Бүгінгі затшыл, тәрбиелі әлімдер «зейін қисыны» сөз екен деп аузына да алмайды. Сәбиттің «жаратылыста ақын болып тумайды. Барлық адам бірдей болып жаратылады» дегені де білім жолына қайшы. Тегіне тартудың шындығын, сүйекке біткен соқыр сезім, серпілісі (реакция) дегендердің барлығын бүгінгі «ілім» «бионегентическнй законмен» бекітіп отыр. Қазақтың «ер тағайына тартады» дегені тәжірибеден шыққан, білім растап отырған пікір. Тегіне тартқандықтан, сүйегіне біткендіктен адам әртүрлі болып жаратылады. Сүйегіне біткен соқыр сезімді, серпілісті ғана тәрбиелеуге, жетілтуге болады. Сүйегінде, жаратылысында ақындығы жоқ болса, «май құйсаң да» ақын болмайды. Сүйегіне бітпесе хат білмейтін Марабай, Махамбет, Шөжелер кімнен үйреніп ақын болды? Жасы, тәрбиесі, оқытуы бірдей болса да, мектептегі балалардың біреуі зерек, біреуі миқұла, топас болатыным Сәбит немен дәлелдейді? Үйретумен ақын қыламыз деу болмайтын әңгіме. Аржағында «бір шағым миы» болмаса, қалай үйретсең де оңбайды. Үйретіп ақын қылу деген ақылға да, білімге де сыймайды. Сатылған Сабатайыш неше факультет бітірсе де, отыз жыл оқыса да түк болмаған. Манадан бергі сөзіміздің қорытындысы: «қазақтың ұлтшылдығы үстемдігі, бағындыруды көксеген, шегіне жеткен, озбыр ұлтшылдық емес, алдымен бас қорғауға, жансауға қылуға, жете алса теңдік алуға талпынған тіленші ұлтшылдық. Тұрмыс жүзінде уақ ұлттардың қалың бұқарасы теңгерілмей тұрғанда, ұлтшылдық жоғалмайды. Бұрынғы жалаңаш ұлтшылдық бұл күнде бұқарашылдыққа айналса, бұл бір саты, бұл табиғи жол. Қазақ капитал дәуірін аттап өтіп, тегістік тұрмысқа жетсе, құба-құп. Жете алмаса, әдебиетті аттадым дегенмен, тұрмыс аттатпайды. Қазақ жұмыскерлері шын мәнінде пролетари емес. Бұхара көпшілігі кедей мен орта шаруа. Ендеше орыстікі тәрізді, біздің әдебиетіміздің мінезі де халықшыл бұқарашыл болуға тиіс. Әдебиет техникаға байланса, онда тым бұқарашыл болу керек.

Әдебиетті, өнерді оқығанның өнерлісі, оқымағанның самар оттары жасайды.

ҚАЛЫБЕК ӘРТІС

Қалыбекті 25-жыл жаз көрдім.

Біз күйеу қасында едік. Қайыны бай ауыл еді. Күйеу жағалаған жеңгей, балдыз, құдашалар әзілшіл, қалжыңшыл келеді той, біз біраз әзілдескеннен соң кейіп, томсара бастасақ, «ой, Қалыбек келеді-әй», – деседі.

– Қалыбек келсе бу кісілерді еріктірмес еді, – дейді біреуі.

– Сол ма?! Ол жындының жүрген жері думан той, – дейді тағы біреуі.

Бұрын білмейтінмін, енді Қалыбекті көруге құмарттым.

Бір күні құдай жар болып, шырайы жылы, қой асығындай қолайлы жас жігіт кіріп келді. Оның «салау...малейку-у-м... құда-лар!» дегендегі ернінің шалдығақ емеуріні, құйқылжыған дыбысы, ере кірген ақ тазасы, жабайы бос белбеуі көп бозбаланың бірі емес екендігіне куәлік бергендей болып тұр.

Бұл Қалыбек еді.

Біз біраздан соң Қалыбекпен мидай араластық. Қалыбек Бостанның бабын – «сотты Бостан 24-бап» дейді. 24-бапта сөйленбей қалатын сөз болады дейсіз бе?

Ащы да, тәтті де, қою да, қойырқабат та сөздер сөйленіп жатыр...
Біз күлкіден езу жия алмадық.

– Жарықтық Шөңгілгай қажының бауырсақ шайнасы былай ғой, – деп аузына бауырсақ сап, балпаңдата шайнағанда, біздің шай ішуге шамамыз келмейді.

Иә, Қалыбек – күлдіргі, қалжың қой, қынаменде шілдехана жігіті екен.

– Театры бар қалалы жерге неге бармайсың? – дегенімде, бұрын ұзап шықпағанын, театрмен қатынасы жоқтығын, мүмкіндік болса баратын да ойы барлығын сездіргендей болды.

* * * 26-жылдың басында мемлекет театры құрылып, ел ішінен тыңнан шақырылған әртістердің қатарында Қалыбек Қызылордаға алынды. Содан бері әртістердің сахнадағы жайларын газет бетінен көрумен келдік. Ана жылғы ауылдағы қынаменде шілдехана күлдіргіші Қалыбектің биыл труппамен барып Мәскеу театрының залында неше ұлттан құралған халықты күлдіргенін оқып келдік. Қазақстан мемлекет труппасы жуық арада Семей келді. Енді Қалыбекті «Қарагөзде» Дулат рөлінде көрдік. «Қарагөздің» қаһарманы – Сырым сал. Сырым қапаланса, Дулатқа сырын ашып, шер тарқатады. Тентек Мұрат тиянақ таппай жабықса: «Салдарым, салыңдаршы Қарагөздің әніне!» – деп, Дулаттың әнге шырқаған үнін естіп, бойын сергітеді. Дулат сал – Сырымның жан серігі. Сегіз қырлы, опалы Дулат Сырым үшін қуанады, қайғырады, тонады, жылына да біледі. Сол Дулат сынды құбылмалы, қырлы, сырлы, қиын кейіпкерді Қалыбек құйқылжытып ойнап, жұрт көзіне елестетті. Қалыбек «Малқамбайда» би ролін ойнады. Жуан қарын, қапсағай, құлық-сұмдықпен шашын ағартқан, бейуаздарды көздеген мақсұтының құрбаны ету үшін минутында тоғыз түрленіп, тоқсан толғанып, тор құрып отыратын бидің қияпатын, құбылысын, сөзінің дыбысын, ырғағын табжылтпай ойнап берді (Шын билердің өзінін бейнелері Қалыбектің би роліндегі қияпатындай болын отырса, көрмеге олқысы болмас еді!..) Концерт бөлімінде Қалыбек қызын ұзатты. Ол бажылдаған шал да, барқыраған кемпір де, сыңсыған қыз да болды. Ол — ол ма, қасқыр тісі етіне батын және шоши мөңіреген бұзау да болды. Оның дыбысы, құбылысының шеберлігі сондай – ол жұртқа көрінбей тасаланып тұрса, естіген түрлі дыбыстар әркімдікі емес, жалғыз ғана Қалыбектікі деп жан берсең, жұрт нанбас еді.

* * * Иә, ана жылғы шілдехана қынаменде Қалыбек бұ күнде қандай театрдың сахнасына болса да жан берерлік әртіс болыпты.

25 пен 27-жылдардағы Қалыбектің арасы жер мен көктен.

Туысы, жаратылысы әртіс Қалыбек бойдағы талантын сахна шартына үйлестіре, қолайландыра біліпті. Орнын таппаған өнерде не түр бар дейсің? Бізде талай-талай Омарлар, Ахметтер «жынды Омар», «жынды қара» атанумен қартайып, есіл таланттарды тот басын жатқан жоқ па?! Соңың үшін Қалыбек турасында айтылған сөздерді өнерлері орын тапқан Құрманбек, Елубек, Серкелер турасында да айтпай кете алмаймыз. Жоғарыда Қалыбек туралы айтқандарымыз оның сахнаға шығысындағы жақсылығына жатса да, бірақ олардың өздерінен болмаған бір зор кемшілік әлі де жойылмаған көрінеді. Ол – Қалыбектердің хат танырлық сорапшасына жалпы болсын, театр жайынан болсын әлі күнге білім қоса алмағандығы, хат танымағандығы. Мұның жаласы театрдың ашылуына бірер-ақ жыл болғандығына, әртістерді білімдендіруге әлі мұрша болмай жатқандығына, «анаған-мынаған» жабылатын шығар. Өткенге өкініштен пайда кем, ештен кеш игі. Өтірік шал боп жүрген Қалыбекті шын қартайтын алмай тұрып, наркомпрос болсын, театр басқармасы болсын білімін толықтыруға, хат танытуға қам істеулері керек. Театр не нәрсе, сахна не, шарттары қандай, драманың түрлі тарамдарының мәнісіне, олардың маңыздары, сырлары қандайлық — міне, осыларды білгізу үшін енді уақыт өткізбей, театр студияларына жіберіп, оған жібермеген күнде қысқы маусымда театр жанынан үйірме ашып, қазақ жігіттеріне білім беру қажет қой дейміз. Туысы, талантымен сахнаға мынадай ажар беріп жүрген Қалыбектер сахна жайын оқып, тоқу мен етуді қосса, театрдың желкілдеп өскен гүлі екендігіне шүбә келтіруге орын қалатын емес.

ҚҰРМЕТТІ МӘШҺҮР АҒА!

Сізге үлкен ұятты болдым. Не деп ғафу өтінем десем де, ол өтінішім түкке тұрмайды. Өйткені екі хатыңызға бірдей жауап қайыра алмағаным кешірілмейтін күнә болды. Ренжіген шығарсыз, тек қарғамасаңыз болады. Боқтауға, ұрсуға, ұруға мойынымды ұсынып тұрмын. Екі жарым ай болды, үйден түзге шықпағаныма. Не істедің десеңіз, «Қылуатта» жатып бір роман жазып бітірдім, өзіңіз көрген «Қартқожадан» үлкендігі екі есе үлкен болады. Бар ойым, ынтам, рухым сол романға кетіп, тап жынды кісідей болыппын, досты, жолдасты, құрметті қымбат ағаны ұмытып кете жаздаппын. Мен күнді қалай өткізеді десеңіз, міне, былай: таңертең сағат сегізде тұрамын да, шай ішіп, қызметке бала оқытуға кетемін. Күніне алты сағат бала оқытамын. Сағат үште үйге келемін, тамақ ішемін. Одан кейін ұйықтаймын. Сағат алты-жетілерде оянамын. Шай ішемін. Сүйтем де жазуға отырамын. Сол отырғаннан түнгі сағат екі-үшке дейін отырып қалам. Әбден талғанда барып ұйықтаймын. Міне, екі жарым айдай көрген өмірім осы. Бірақ бұл күнде романым бітті. Баспаға жібергелі отырмын. Басылып шықса, көрерсіз. Сіздің соңғы хатыңызды алғаныма екі-үш күн болды. Содан бері насыбай жіберуге бүгін ғана қол тиіп отыр. Бөтелкелер ауыр тартатын болған соң ауа, су өтпейтін қағаздан қалта қылып салдым. Насыбай бұзылмайды деп әркімдер айтады. Қалай жеткенін барысымен білдірерсіз. Насыбайды Қамалдан Байжанов арқылы жіберіп отырмын. Соңғы хатыңызда жіберетін сөздер даярлап қойдым деген екенсіз. Оларыңызды жібере беріңіз. Басылу жағына сөйлесіп көремін. Түгел басылын кітап болып шықса, тіпті жақсы, әйтпесе, журналдарға бөлшектеп басып отырсақ та жарар. Әрине, өз атыңызбен басылуы керек. Сұлтанмахмұт сөздерін былтыр түгел жинап үлкен кітап қылып, баспаға бергенмін. Одан «басылды» деген хабар алып отырмын, рас болса. Бұл мойындағы бір міндет тәрізді нәрсе еді. Ендігі міндет: сіздің атыңызды тарихта қалдыруға қолдан келгенше жәрдем ету. Оны орындай алам ба, жоқ па?! Білмеймін. Өйткені ескі сөздің, бұрынғы ақынның қадірін білетіндер азайып барады. «Қазаншының еркі бар, қайдан кулак шығарса» ғой. Сіз айтқан соң «Ақылға» жабыстым. Жақын арада бір сөз шығар қысқаша, жіберемін. Бізге ақылдың сілемі тиіп, сізден де сілем жағын қайдан білеміз? Онша алыс емес қой. Ендеше Махмұттан гөрі де сізді өзімсінетін жөн бар ғой. Сөзді ұзартпайын. Еңбегіңіз өнімді, берекелі болып, пайдасы көпке тигей. Қаламға жармасқаныңызды естіп қатты қуандым. Толстой сексенге келгенше жазған ғой. Әркімнің өз Толстойы өзіне-дағы. Тек өмірлі болғай деңіз.

Анық адресіңізді көрсетіңіз, бұдан былай бір-ақ адреспен жазатын болайын.
Менің адресім: Шымкент. Педтехникум. Маған. Балалар түгел сау, оқып жүр.
Саулығыңызға тілектес ініңіз.

ӨЗ ЖАЙЫМНАН МАҒЛҰМАТ

1. Мен сиыр жылының аяғында (1890 жылдар) Қызылтаудың бауырындағы Қараның адыры деген жерде, Дандебай аулында тусам керек. Руым – Сүйіндік, оның ішінде – Күлік. Айдабол, Күлік бір туысады. Сұлтанмахмұт Айдаболдан. Екеуміз сегізінші атадан қосыламыз, Мәшһүр Жүсіппен 7-нші атадан қосыламыз. Кереку уезі, Семей губерниясы. 5 жасымнан 15-ке шейін ескі молдадан оқып «Мұқтасарды» дендеп, «Нақу» оқып барып қалдым. Ауылымызда Оспан деген кісі молда ұстаушы еді. Әуелі Жүніс қожадан, содан кейін Шаймардан қожадан, артынан Қожаахмет молдадан, Қапар қожадан, Мұхаметжаннан оқыдық. Сүйтіп, ескіше 5-6 молданың алдын көріппіз. Бастапқы екеуі болмаса, соңғылар басқа ауылдық молдасы. Жаз жайлауда барып оқып тұрушы едік. 1917 жылдарға шейін әкеміздің малы 6-7 қарадан асып көрген жоқ. Сондықтан әкей бізді (үш ағайынды кісі едік, мен ортаншы баламын) мал табуға дайындады. Бір жағынан жылда молдаға бір бұзаудан беріп, Ақат ағам екеумізді сабақтан үзбей (інім жас еді), екінші, бізді ауылдағы етікші, ағашшы, сыршыларға жіберіп, қол өнерін үйретті. Ақат ағам екеуміз де әрі молда, әрі етікші, ағашшы, әрі шимайшы, әрі домбырашы, әнші болып өстік. Әкем домбыра тартушы еді. Ақатты бес жасыман алдына алып отырып, домбыра тартып үйреткен еді. Біздерден үлкен екі апамыз болды. Үлкені домбыра тартушы еді, хат танушы еді. Бізге өлең, ән үйреткен екі апамыз еді. Қадікеш деген үлкен апамыз өлең де шығарушы еді. Ұзатылатын қыз жолдастарына шығарған өлеңдерін ұрлап алып оқи беруші едік. Байы өлген қатындарға шешем (Батима) жыр шығарын, үйретіп отырғанын жас кезімде құлағым шалушы еді. Менің 7-8-дегі жалаң бұт жүгіріп жүретін кезімде ойын-сауық болғанда, келіншектер бізді (Ақат ағам екеумізді) көтеріп әкеліп, етегімізге бауырсақ, күрт салып қойып, қосылдырып ән салғызар еді. Ер жеткен соң Ақат ағам (менен екі жас үлкен) байлардың кебежесін, шкабын, жүкаяғын істеп, үй ағашын сырлап, етік тігіп кәсіп қылды. Бері келгенде ер қосатын болды. 15 жасқа келгенімде мен молдалық құрып, бала оқыта бастадым. «Қартқожадағы» підие алатын бала молданы оқысақ, ол – өзім. Қартқожаның әке-шешесін көрсек, ол – өз әке-шешем. Әкемнің қолы да оңтайлы еді: қазанның қақпағын, шелектік шеңберін, сынған арбасын өзі істеп отырушы еді. Әжем де шебер еді: ауыл-үйдің киімін сол пішер еді. Алашаның, баудың, текеметтің түрін әжем салар еді, сырмақты, түскиізді әжем оюлар еді. Мен қазақша оқуды қойып, молдалық құра бастағанда, Оспан деген кісі Қағазбай, Қанім деген екі баласын өзі орысша оқыта бастады. Оспан, Абайылда, Әбдіраман екеуі Дандебайдың тоқалынан, Аймауыт пен Иса бәйбішесінен болады. Оспан орысша фельдшерлік оқуын бітірген, дәрігер болған, артынан тілмаш, болыс болған орташа ауқатты адам. Бәйбішенің екі баласы (Аймауыт, Иса) кедей болды. Исаның балалары Оспанның жылқысын бақты, біз (Аймауыт балалары) тоқал тұқымының уақ балаларын оқытып, кебеже, шкафтарын істеп, апаларымыз алаша, бауларын тоқып, орамалдарын, жастық тыстарын кестелеп, керегіне жарадық. Оспандікін үлкен үй деуші едік. Үлкен үйден көшкенде ат мінуші едік. Еруде қымыз ішуші едік. Қыс бір-екі қой соғым берер еді. Сүйтіп жүрсек те, Оспанға жақпадық: екі баласын орысша оқытқанда, мені оқытпай қойды. Әкем де, өзім де барып айттым, үндемеді, нан еді. Мені тоқал баласынан артық боп кетеді деген арам ойы болу керек. Үйткені біз (Аймауыт балалары) оқытуға да, басқа өнерге де Оспан балаларынан зерек едік. Оспан оқытпаса да, Қағазбай деген үлкен баласы мені жақсы көруші еді, содан оқып, орысша хат таныдым. Перевод қарастыруға жарадым. Екі айдан кейін Қағазбай қағынып өлді. Кіші баласы түк ұқпады. Мен басқа ауылда бала оқытып жүрдім. Сол кезде Баянауылда (бізге 60 шақырым) ауылнай школ ашылып, әркім бала бере бастады. 1907 жылы молдалықты қойып, Баянауылға барып школға кірдім. Оспанның Серебрянников деген тілмашы мені тәуір көруші еді. Баянда соңын үйінде жаттым. Баянда бір қыс оқып, екі бөлімін бітіріп, келер жылы Керекудегі (Павлодар) қазыналық ауылшаруашылық (с-хоз) школіне барып, емтихан ұстадым. Школге кірісімен, 40 шақырым жердегі егін жұмысына жіберді. Бір айдай егін орып, жұмыс қылып, қалаға келіп, екі айдай оқыған соң қазақ балалары завастовка шығарып, бәріміз (өңшең қазақ баласы) школден шығып қалдық. Жаз шыққанша күн көрейін деп, жатақтағы Іргебай етікшінің үйінде жатып, етік тіктім. Жаз шыққан соң, қалашының екі дөңгелек арбасына ілесіп, елге келдім. Бұ жылы басқа мектепке кіре алмай, Баянға қайта барып, ауылнай школде, 3-ші бөлімде оқып шықтым. Келер жылы әр жерге арыз беріп, қазыналық оқу таба алмай, бос қалған соң, жайлаудағы Өлекті өзені бойындағы Қаржас Сүлеймен деген кісіге бала оқытуға жалдандым. 1911 жылы ол ауылда оқытқан бір-екі баланы (Мәжікен Сүйменұлын, Султан Анапняұлын) алып, Керекуге тағы бардым. Со жылы Керекуде 2 класты русско- киргизский школ ашылған екен, үшеуміз де соған кірдік. Келесі жылы ол школде интернат ашылды. Интернатқа түстім. Осы школде 4 жыл оқып бітірдім» 1914 жылы Семейдің учительский семинариясына барып түсіп, 1919 жылы мұны бітірдім. Қыс оқысам, жаз елге шығып, бала оқытып, қаражат жинадым. Орысша оқуға кіргеннен былай, әкеме мал тауып бере алмадым (Сүлеймендерден алған бір құнан, бір тайдан басқа), бірақ әкемнің аз күн көргішіне бір тиын зиян да келтіргем жоқ. Ауылдағы өзім құрбы балалардан халтты ерте таныдым. Қолым (почерк) әдемі болушы еді. Жалаң бұт жүретін кезімде Оспан шақыртып, арыз көшіртуші еді. Оқып жүргенде арабша кітаптарды қауырсын қаламмен өзім көшіріп алып оқушы едім. Қысса, өлең кітаптарды көп оқушы едім. Қадікеш апамның бір сандық қыссасы бар еді. Қыстың ұзақ кештерінде алғашқыда Қадікешке, соңынан Ақат екеуімізге әкем қысса оқытқызып отырушы еді. Жасымыздан қыздардың арасында өскендіктен боғауыз айтуды, шайпаулық қылуды, қақ-соқты көп білмедік. Әке-шешелерімізді сыйладық, жақсы көрдік. Олар да бізді жақсы көрер еді. Үйткені ұдайымен 4-5 қыз туып, бізді (үш қарғасын) сағынып жүргенде, қартайғанда көрген екен. Ең алғаш менің өлең жазғаным 13 жасар кезім болса керек. Дұғалық жазатын кішкене қара шолақ кітапшама тіленші шалға боранда есігін ашпаған бір кемпірді, көшкенде байталға мінбеймін деп, әкесін ренжіткен қызды (ол Жамікен деген апам ғой) өлең қып жазып қойғанымды көріп, әкемнің маңдайымнан иіскегені әлі есімде. Содан соң өлең жазғаным 19-20 жастар болса керек. Бір бала молдамен айтысып, өлең жазғаным бар. 1912 жылы жазған өлеңдерім ескі дәптерімде әлі сақтаулы, Абайға еліктеппін. Ең алғаш басылған сөзім, 1913 жылы болса керек, бір ақымақ алыпсатардың болыс болам деп, елге бір месте шай апарып, елдің қулары болыс қоямыз деп, шайларын алдап алып, бос қайтқанын жазып едім. бұл хабар «Қазақ» газетінде басылды. Сол хабардың басылуы қалам ұстауыма үлкен себеп болды. 1916 жылғы қазақтан жұмысшы алудың артынан пьеса жаза бастадым. Алғаш жазған 5 перделі пьесам (Нұрғали Құлжанов ұнатпаған соң) жарыққа шықпады. 2. «Рабиға», «Жебір болыс» («Мансапқорлар»), «Қанапия – Шарбану» — 1916-1917 жылғы жазған пьесаларым. Кейін түзетіп баспаға бердім. Ең алғаш баспа жүзіне шыққан сөздерім 1917 жылғы «Сарыарқада». Бірінші нөміріндегі «Сарыарқаның сәлемі» деген өлең, екінші нөміріндегі «Тұр, бұқара, жиыл кедей, ұмтыл жастар!» деген кедейшіл беттегі мақала сияқтылар. Одан соңғы «Абай» журналындағы «Ғашықтық» (әңгіме), «Көшу», «Ұран» («Қазағым қақтықпа...»), «Әскер марсельезе» («Арғы атам ер түрік») сияқты өлеңдер, әдебиет туралы мақалалар, «Бишаралар» секілді (Виктор Гюгодан) аудармалар болса керек. Өзге уақ-түйектер есімде жоқ. 3. Бұл күнде басылып шыққан кітаптарым: 1) «Рабиға» ,2) «Сылаң қыз», 3) «Мансапқорлар», 4) «Қанапия – Шарбану», 5) «Ел қорғаны», 6) «Шернияз» — пьесалар, 7) Қартқожа. Аудармалар: 8) «Октябрь», 9) «Сараң сері», 10) «Тас мейман» (пьесалар), 11) «Тау еліндегі оқиға» (әңгіме), оқу кітаптары: 12) «Тәрбиеге жетекші», 13) «Психология», 14) «Психология мен өнер таңдау», 15) «Төңкеріс тарихы» (Покровский), 16) Орыс тарихы, ІІІ бөлім (Покровский). Баспаға берілген кітаптарым: 17) «Ақбілек» роман, 18) «Мәскеу мен Қырымға жолаушылық», 19) «Жаман тымақ» (балаларға ертегі), 20) «Шал мен кемпір» (ертегі), 21) «Көк өгіз» (ертегі), 22) «Үш қыз» (ертегі) – бәрі де суретті; аудармалар, 21) «Дәмелі» (Тамилла) – роман, 24) «Өрбике» (Конрат Берковичтің 6 әңгімесі), 25) «Бақылаушы» (Ревизор) Гогольдікі, 26) Сұлтанмахмұт Торайғырұлының түгел сөздері. 4. Маған ұнайтын жазушылар: Мопассан, Мольер, Виктор Гюго. Шекспир, Джек Лондонның кейбір сездері, Рабиндрант Тагор, Конрат Беркович. Орыстан: Гоголь, Пушкин, Толстой, Максим Горький, Короленко, Чехов секілділер. Биыл оқыған Стефан Цвейк те қатты ұнады. 5. Абай өлеңдерімен бала күнімнен таныспын. Кітабы басылмай тұрғанда, ел қыдырған өлеңшілердің аузынан бірталай өлеңдерін көшіріп алып, жаттаған едім. Ең алғаш басылып шыққан жылы кітабын қолыма түсіріп, түгел көшіріп алдым. 6. Менің жазғаным: уақ әңгімелер, оқшау сөздер еді. Олардың бірсыпырасы қолымда бар, бірталайы жоқ. Есімде қалғандарын атап етейін: 1) «Ғашықтық» (Абайша), 2) «Жынды», 3) «Айна» – бұлар «Сарыарқада», 4) «Толғақ жиіленді», 5) «Домалақ ертегі», 6) «Мысыққа ойын, тышқанға елім», 7) «Мал бас садақасы ма, бас мал садақасы ма?»*, 8) «Сауатсыздықты қалай жою керек», 9) «Кузьма», 10) «Талкөшке шешендері», 11) «Күдіріс»*, 12) «Өмір деген осы ма»*, 13) «Жапырақтар» – бұлар «Қазақ тілінде», 14) «Елес», 15) «Тұмарбай мен қатыны», 16) «Жаңабайдың жанындағы трагедия»*, 17) «Қара бақсы»*, 18) «Баушы мен бала»* – бұлар «Жас қазақ», «Лениншіл жас» журналдарында, 19) «Далада наурыз» — «Қызыл Қазақстанда», 20) «Жаңбыр»*, 21) «Қатындар»* (аударма), 22) «Ат желін басар ер шерін»*, 23) «Алып ұйқы» — бұлар «Еңбекші қазақ» газетінде, 24) «Біз кім едік, кім болдық», 25) «Әсемпаздық»*, 26) «Қомажнек» (Чеховша)*, 27) «Жаңа өмірге аяқ басты»*, 28) «Қырсықты Сүлей»*, 29) «Жидебайдың баяндамасы»*, 30) «Бір шешеннің сөзі»* 31) «Нұр күйі»*, 32) «Көшпелі Көжебай», 33) «Оралдан поезд өткенде», 34) «Делебесі қозған жігіт», 35) «Тінікейді не ойландырды»*, 36) «Жеті азбан», 37) «Қилы-қилы заман болды, қарағай басын шортан шалды»*, 38) «Қойшы Тастамақ», 39) «Радио хабарлары» — бұлар «Ақ жол» газетінде, 40) «Елеусіз ерлер» — «Сәуледе», 41) «Соп-соп» — «Қосшы» газетінде, 42) «Әнші»*, 43) «Жол үстінде»* — бұлар «Термеде», 44) «Паранжі ертегісі»*, (асылы орысшадан), 45) «Бажаның басы қышиды» — бұлар «Әйел теңдігі» журналында басылды. , Бұдан басқа Максим Горькийдің, Мопассанның, Джек Лондоннан, Тагордан аударған әңгімелерім бар. Олардың қажеті жоқ. «Шаншарда» басылған 3-4 күлдіргі әңгіме бар; оларды атағам жоқ. Р. 5. Жұлдыз (*) белгісі қойылған ұзақ әңгімелер менің қолымда барлары. Керек болса жіберемін. Осымен сұраған алты нәрсеге жауап бердім ғой деп ойлаймын.

ӘН-КҮЙ ЖАЙЫНДА

Ғинуардың 6-сында Түмен студенттері пайдасына арнап, мемлекет театрының артистері концерт жасады. Бұл кеште бұрынғы ойналған сауық кештерінен бәлендей бөтендік болған жоқ. Затаевич жинаған «Мың бір әннің» ішінен әр рудың ән-күйлерін ойнап, естіртті. Театр артистері ескі нөмірлерін ойнап берді. Жақсы зат құнын қашанда жоймақ емес қой, ескі болса да бұлардың әрқайсысының нөмірлері күлкіден күлкіге қосылып, талайдың қышыған жеріне тиіп, қыбын қандырып, алақанды шатырлатуда болды. Бұл сауық кешіндегі бұ жолғы болмаса да биылғы жаңалыққа, биылғы жаңалық емес-ау, қазақ елінің өміріндегі жаңалықтарға қосылатын нәрсенің бірі – Ковалев жолдастың басқарумен айтылған ән болды.

Біздің де сөз саптағалы отырғанымыз осы ән жайы.

Қазақ халқы бұрын «хор» деген нәрсені білмейтін. Ең көп болғанда екі қыз, екі келіншек, екі жігіт қосылып ән салатын. Соңғы кездерде Европа мәдениеті бізге көріне бастағалы, орыстың айтқан «хорын» еліктеп, біз де «хорға» кіріскеміз. Бірақ біздің «еліктен» туған хорымызбен негізгі Европа, орыс жұртының арасында жер мен көктей айырма болатын. Ол айырма европалықтардың хор әнінде дауыстары жуан-жіңішке, орта боп тап-тапқа, бірнеше жікке бөлінетін. Ол дауыстардың әрқайсысын жеке естігенде, әрине, түкке де келмейді – хор ән күй боп ұғынылмайды. Бірақ әрқайсысы өз орнында болып, қосылып айтып кеткенде, бірі гүрілдеп, бірі сұңқылдап, бірі тақылдап, бірі шақылдап, мың құбылып, мұңға шомылып, сыбызғыдай созылып үзіліп-үзіліп алпыс екі тамырыңды қозғағандай ән болып шығатын. Олардың айтушы даусы тәуір кісілері неғұрлым көп болса, соғұрлым әндері көркейе беретін. Осындай боп қосылған дыбыстардың әдемілігін «гармония» дейді. Ал, бәрінің қосылып айтқанын «хор» дейтін.

Жә, біздің «хор» деп жүргеніміз ше?

Біздікінің бұл айтылғанға он екі де бір нұсқасы келмейтін. Біздің бұрынғы хорымыздың шынын айтқанда бір үйшік қозыны есік ашып жіберіп, енесіне жібергендегі қозылардың ду қойып маңырайтыны болушы еді ғой, содан бөтені жоқ десек, дәлін айтқан болармыз. Яғни, біздің бұрынғы «хорымыздың» аты «жамырау» болатын. Неше кісі айтса бір-ақ дыбыспен қосылып шуласатын бұны орысша «унисон» дейді. Бұлайша қосылып айтқанда кісі неғұрлым көбейе берсе, қосылған дыбыстарда соғұрлым алажаңқы, жарықшақ көбейіп, ешбір ынтымаққа келісе алмайтын. Биылғы Жұмат жолдас ертіп келген Ковалев дейтін жолдас біздің «хорымызды» жойып, қосылу түрін Европа хорының түріне айналдырып, дауыстарды орысша «тенор», «альт», «квнт», «бас»...- тарға, яғни жуан, жіңішке, ортаға бөліп, қазақ өмірінде жаңа хор құрғызып, бет-бетімен шулайтын дауыстарды көркемдікке, әдемілікке, гармонияға айналдырған. Жоғарғы айтылған кеште осы түрге салынып, «Ал қара көк», «Бес өрік» сынды әндер хор боп айтылды. Хор әдемі шықты. Бірақ кемшіліксіз емес. Менімше, кемшілік тыңдаушы халықтарда болды. Айтушыларда да болды. Айтушылар әлі еркін жаттығып жетпеген. Хорды бастар алдындағы кідірістері, айтып тұрғандағы әрқайсысы өзін-өзі аңдып, тежеп, қай жерден мүлт берем дегендей боп тұрулары хордың жалпы жандануына, екпінді қызулы боп, тыңдаушыларға әсер етуіне бөгет болды. Тыңдаушының кемшілігі: айтушылардың жоғарғы айтылған қалпына қарап бір жағынан жабырқаңқы отырып, сонымен қатар айтушылардың қызулы айтылған жерлеріне де сонша әуірілмей тыңдады.

Бірақ бұл айтылған кемшіліктердің жойылуы, менімше, қиын деп білемін. Алғашқы кемшілікті жою үшін артистердің, тұрлаулы ынтасы керек. Үйренін жүрген хорларына бұрынғы намаз сабағыннан көңіл қоюы керек. Әбден машықтау керек. Әрқайсысы өз дыбысын өзі ұйықтап жатса да жаңылмай, кідірмей айтарлықтай болу керек. Хор репетициясына салдыр-салақ қарамау керек. Солай етсе, 20-30 кісі боп сахнаға шыға келгенде, кідірместен әз дауыстарын өздері біліп, қосылып айтып кеп кетсе «Ал қара кек» сияқты әндермен алпыс екі тамырды солқылдатпасқа орын жоқ. Осылай айтылған «Ал қара кектер», әй, Европаның сахнасына да кіріп кетпей қалар ма екен?! (Көтергенім емес!). Екінші айтқан кемшілігімді тосындықтан, құлақ үйренгендіктен ғана болып отыр ғой деп жоримын. Артистер келістіріп айтса, жұрт құлағы үйренсе, өзінен-өзі жоғалады деп білемін. Онан соң «Әмірелер хорға қатысып керегі не, оның осы «Әмірелігі» де, осы әндері де жетпей ме?» дейтін пікірлер, деушілер бар көрінеді. Бұл – қата пікір. «Менің қалқам оқу оқымай-ақ атасындай болады. Атасы оқымай-ақ бір кісідей қор жиған жоқ па» дейтін – теріс тәрбиеші аталардың ерке баласына айтатын сөзі. Сондай «көпшіктер» жалқаулыққа, енжарлыққа бастайды. Сұңқылдаған Әмірелер хорға қосыла білсе, кесел болмайды. Қайта біріне бар, біріне жоқ солақайлықтан құтылу керек. Үйренуге кеш емес. Мүмкіндік әлі де бар. Мұнымен Әмірелердің «еркелігіне» нұқсан келеді. Затаевич пен Ковалев «гармонияға» айналдырып, тартып жүрген ән-күйде, менімше, тағы бір кемшілік бар. Ол мынау: бұлар ән-күйдің қазақ тонының өңін келтіреміз деп қыра-қыра кейбір ән-күйдің қара қыртысын айналдырып барады. Мәселен, Затаевич күйсандықта тартқан «Қосбасар» күйі мен Ковалев бастап, күйсандық скрипкеге қосып тартқан «Ақсақал» қалың ел қазағы бірден «мынау біздің төл мал» деп ұғына қоя алар ма екен? Менің шәгім бар.

Бұлардың әдемі екендігіне шүбә келтірмейміз.
Бірақ олар ән-күйдің «нағашы тектерін» де аса ұмытып кетуге керек деймін.

Онан соң бізде қазіргі жеке айтылып жүрген әндерде бір кемшілік бар. Әншілер әр әнді өзінің арнаулы өлеңімен айтпайды да, соңын себебінен сол әннің түпкі шыққандағы мақсұты, маңызы өзгеріп, қасиетіне кемшілік келеді. Мәселен, осы жолы шыққан бір әнші айтқан әнінің бастапқы бір ауызын сол әннің өлеңімен айтты да екінші бір ауызына келгенде:

Жасында ғылым бар деп ескермедім,
Пайдасын көре тұра тексермедім, —
деп, Абайға түсе жөнелді.
Мұның аты қойыртпақ-каша болмай ма?

«Сүйгендігімнен күйеуім ұрып келген күні қасына жатпай, одан бұрын сенімен жолығам» деп сөз берген қызды жас жігіт таң атқанша күте-күте, келмеген соң таң сәріде:

Ей, қалқа, жан туған жоқ сенен асар,
Көңілім кетіп, хәлім болған нашар.
Айырылып сенен сәулем, қайтқан күні
Әніне бір басайын Алтыбасар, —

деп, мұңын-зарын сары далада қызыл таңға шағып, әнге басып ұйқасқан жігіт сөзін, маған десе қандай асыл болсын, басқа сөзбен айырбастауға болмайды. Әр ән өз өлеңімен айтылу керек. Өлеңдері бар. Қолға түсіру кімге болса да қиын емес. Жалпы мәдениет, әдебиет мәселесі – әрбір ұлттың тарихының төрінен орын алатын қиын мәселе. Солай болған соң, мәдениеттің күрделі тарамының бірі ән-күй әңгімесі де жеңіл емес. Сондықтан ән-күйдің дұрыс бет алып, бағыты жөнделуіне, көрінген кемшілігіне көңіл бөлу қазақ ән-күй білетін азаматтарының міндеті болу керек. Менің осы жазылған 1-інші әңгімем осы мақсұт жетегімен жазылды.

ӘЗІРЕТ СҰЛТАН

(Қожа Ахмет Яссауи) Елең-алаңда от арбадан түсе қап, бержебай іздесек, бауырынан жарғақ сым шалбарлы, қу етікті, қалпақты, көйлекті, бет-аузы тобарсыған қу мұрын, қу жақ жігіт.

– Ха, келіңіз, ортақ!.. — деп арбаны нұсқап, алақанын жайды. «Меймандос» қып тұрған «үнемшілдік ықтияты» екенін ішің сезе қояды да, «пажалысты» дейсіз.

Кепе тақиялы, маңқыйған мосқал бержебай арбасындағы кісі екенімен де, есек екенімен де ісі жоқ, «әйтеуір ақша бересің ғой» деген немеше, алдындағы ағаштың аласа бұтағынан еңкейіп өтіп, атының арт жағын алыстан шөп етіп, айдай береді. Үлкен-үлкен үйлерді Түркістан екен деп келе жатсақ, 5 минут етпей-ақ далаға шыға келесің.

– Түркістаның қайда? – дейсің.

– Ә, алыс, алдымызда, — дейді.

Ойқыр-шұңқыр құмды жолмен толқындағы қайықтай батып, шығып, екі жағыңа кезек теңселіп келе жатасың. Бозарған тақ қара түнді батысқа қарай сырғытып барады. Таң ызғырығы бойды тоңазытып, қасындағы көйлекшең өзбекті құжыраңдатып, жауырының қиқаңдатып қояды. Алдың қарауытқан тәрізденеді. Жете алмайсың.

Жолдасың жол бойына алаңдап келе жатып, бержабайдан:

– Әй, бұларды неге үйген? – деп сұрайды.

– Жол түзетем дегені ғой, – дейді бержебай енжарланып.

– Қашан түзетеді? – деп тақымдайды.

– Е, қайдам... — дей салады.

– Әлі өзім ауылнай болғанда бір пәсте түзеп берем, – деп өзбегім қулық айтады. 5 шақырымдай жүрген соң, бұраң көшелі құлаған, қиқайған ескі дуалдарға ұшырайсыз. Қақ жолдың аузында төңкерілген төрт аяқ арбасымен қатар, күйсеген қос қоңыр егізінің құйрығын жастана, шидемін айқара жамылып, бір адам жатады.

– Түркістан қайда? – десеңіз, өзбек жолдас:

– Міне, Түркістан! – деп тоңқайып жатқан арба мен адамды нұсқайды. Күлесін.

Тағы құлаған дуал, құлама жол... Жүріп келе жатасың, әлден уақта:

– Түркістан қайда? – дейсің.

– Міне, Түркістан! – деп қасындағы ортақтағы біреуді нұсқайды. Онысы: жазылып екі тарпасын дуал түбіне тастай беріп, өзекте бізге қарап талтайып, дамбалын байлап тұрған бір қазақ болады.

Енді Түркістанды сұраймыз: қыш тамдар андағайлай береді. Анда-санда жерде топырақ томпаяды. Томпайса – басында алақандай құраған ақ шүберек желбеңдейді. «Әулие» екен дейсің. Сайрамдағы «сансыз баптардай» мұнда да «әулиеден» аяқ алып жүргісіз екен. Маңайдағы елдердің әлі күнгі арбасы оңқа тұрып, жазысы жарбиып, жер ағашы тұрып-жығылып, «қық-қық!» деп аяқтары салақтап, құрым, түтін сасып жертөледен күркілдеп екі көзі жылтырап, мұрындарын тұмшалап жүргені «жарықтық сансыз әулиелердің шарапаты күштілігі ме кен?» Әлде «жарықтықтардың дуасын» ер мен жусан басып кетті ме екен? Немесе айғыр мен қошқарға сақалдарын сыпыра, сыдыра бата қылғанда, артында сақалымдай сиыр құйымшақ болсын деп, ішінен күбірледі ме кен? Жоқ, әлде бүгінгі шонтайыңды жұлып әкете жаздайтын жылпос «әулеттігерінің» өнері бабаларына тіл хатшы болуға жетпеді ме екен? Болмаса толып жатқан «әулиелер»: — «Мен жарылқаймын, мен жарылқаймын деп, өздері қырық пышақ боп жатқанда, мұндағы ел бірінен бос қалды ме екен? Қалайда көп «әулиеден» береке шықпапты. Енді әулиенің үлкеніне келейік. Үлкені дегеніміз — Қожа Ахмет Яссауи. Жұрт оны «Әзірет Сұлтан» деп атап кеткен, біз де сүйдеп отырмыз.

Алдымен Әзірет Сұлтанның мешітін сөз қылайық.

Тапалтақ тамдардың ортасында Әзірет мешіті алыстан таудай бір заңғар боп көрінеді. Төбесінде ерейген-сорайған еш нәрсе жоқ, үш керттеш: 1) маңдайы,. 2) ұлы күмбезі, 3) кіші күмбезі. Таянып келсек, күйген кірпіштен қаланған, биік шомбал болады да кетеді. Қабырғаның батыс жағы шым-шидің түріндей, жасыл ала, көк ала таңдай ирек сыр; кей жері көшкен, кей жері тұтас. Сыры тастай қатты, шыныдай жылтыр. Бұл сырды кермеке (керамика) деп атайды. Шыны сыр десе де болады. Сыр дегені сыртынан жапсырылған, жағылған бояу емес, әрбір қышты (кірпішті) әуелде солай қып жасаған. Бұл күнде ондай қыштың бір-біреуі (Ленинградта) 60-70 тиын тұрады. Мешіттің еш жерінде әйнек жоқ, анда-санда жерде, жоғарыда темірмен торлаған кішкене тесіктер бар. Жарық ішіне солардан кіреді. Мешіттің қарсы алды (күншығысы) — жалғыз есік. Бірақ есік деуге тым зор, дарбаза (қақпа) демесек. Әзіретті бұрын кермеген болсаңыз, аспанға қарамай, алақтамай, ішіне тез кіріп кете алмайсыз. Биік тауды қақ жарып, бір бетін алып тастап, қалған бетін төбесіне дейін үңгіп жіберсе, қандай зор айбынды боп көрінер еді. Дарбазаның айбыны да содан бір кейін емес, жоғарыдағы сонау заңғар маңдайшаға, шұрық-шұрық тесіктерге, діңгектей жұмырлап соққан алын босағаға, оның ішкі беттеріндегі көлденең сорайған дөңбектерге, қақ төбедегі түймедей салбыраған қола допқа еріксіз қарайсың; еріксіз бір айбын бойыңызды билейді. Бытқыл-шытқыл жартасты, құлазыған қия шыңдарды, түбіне қарасаң бас айналатын түпсіз құздарды көріп таңырқаған қазақ: «Құдай құдіретін көрем десең, тауға бар деген осы-ау!» деп таңдайын қағады. Қолынан келместің бәрін надан «Құдай құдіреті» деп біледі ғой. Мынау асқар дарбазада ішіне кіріп бара жатқан адамның қораштығын құмырсқадай сездіріп төбесінен төніп, наданды «алла!» дегізгендей екен. Заңғар дарбазамен жүріңкіреп барып, оюлы нақышты темір есіктен кірсеңіз, аспандай күмбез төбелі бір бос кең жайға ұшырайсыз. (Қақ ортада дәу қола қазан тұр). Күмбездің ішкі төбесі араның ұясындай быжырлаған аппақ-аппақ ұзыншау шұқанақ. Ол шұқанақтар анадайдан бейне бір төбеден салбыраған мұз сүңгідей, немесе жер астындағы керемет ысталактеттей боп көрінеді. Жан-жағыңыз ұлылы, кішілі, жоғарылы, төменді есік, тесік, баспалдақ, галерей! Төрдегі есіктің маңдайы көк ала шыны жазу. Ол жазуда осы мешітті салдыру «Әмір-Темір құрқанның» (Ақсақ Темір) аты да тұр. «Жүз кісі болмаса, қозғай алмас» дегізгендей, кесе түптес он екі құлақты дәу қола қазанның жан-жағы бұрандалы шүмек, үсті-басы оюлы нақыш жазу. Қазанның биіктігі кісі бойы қол ұсыным. Құдастың желкілдек қара жүнін таққан құрықтардың басын мосылап байлап, қазан үстіне келтіріп қойыпты. Бұлар жалау екен. Шырақшылар: бұл қазанда бір заманда су тұрушы еді. Мынау шүмектерден ағызып алып ішуші еді... — дейді. Ақсақ Темір тұсында бұл қазаннан сопыларға арақ беріп, елтіткенін қайдан білсін. Бұл кең жайда қазаннан басқа еш нәрсе жоқ екен, әрі жағалайық. Жағаласақ, төрдегі есіктің алдындағы сәкіде екі шырақшы (кәдімгі тақияшаң өзбек) отыр. Есік үстінен қиғаштай көлденен сүйеулі бір қисық сырық тұр. Басында күректей үшкір темір мен құдас жүні. Мұ не? – десек. – Әзіреттің туы, – дейді. Әзірет жаумен соғысқандай-ақ. 3-4 кісі болмаса, бір адам көтеріп жүретін сырық емес. Есік аузында төбеде абажадай жез қандыл ілулі тұр. Яңышын деген татар көпес сыйласа керек (жаңылмасам), пәлен онды қандыл емес. Бөлек-бөлек сүйек оюдан құрап, жыпырлата нақыштаған, нақышына ми жетпестей ғажап есіктің құлпын ашқанда, алдында биігірек жерде, есікке мінбелеп, қызылды-жасылды шүберек жапқан. Кісі бойындай жота қабір тұр. Бұл — Әзіреттің раузасы (көрі). «Әдепсіздік болар» деп шырақшы жолдас ішіне кіргізбеді. Алайда бір шырақшыны кіргізіп, қабірдің шүберегін ашқыздық. Көрдегі әулие «ашпа!» деп ақыра түрекелетіннен жаман, еңгезердей мосқал, қаба сақал шырақшы мәсісін ептеп басып, жақындады, астыңғы бір бұрышын ұрлап қана сынық сүйемдей көтерді. Алайда қабат-қабат кежімі қабырдың тасын анық көрсетпеді. Бізді бастаған шырақшының: «Аша түс!» деуімен тағы төрт елідей ашқанда, қабір үстінін құлпыра жалтыраған жазусыз жасыл тасы көрінді. Келіннің бетін ашқандай, шырақшы дереу жауып жіберді. Әзірет жатқан тар жайдың асты төсеулі жайнамаз. Он жағындағы аласа екі қабір әулеттерінікі болса керек. Есік пен қабір арасында зиратшылар бір сүйсе, «ұжмаққа кіретін» шарапатты ұзын жұмыс тасым жатыр. Оны сүйіп дерт жұқтыра алмадық. Қабір қасындағы бір тамаша қылатын нәрсе: үлкен жез шамдал. Шамдалды жақын әкеп көрсетті. Оған орнататын шам телграм ағашына таяу болу керек. Нақышы, шимайы, зорлығы дүниеде жоқ деседі. Боранбоздың бір әлімі жүз мың сомға алар едім депті-мыс. Ырасында ондай қымбат шамдал еш музейде жоқ, деп мешітті түзетіп жатқан шебер (архитектор) де айтты. Мұндай шамдал екеу екен. Бірін ұрлап кетіпті. Одан шығып, он жақтағы кішкене есіктің бірінен кірсеңіз, пеш сынды қыш үстінде жыбырлаған арқардың мүйізі (зиратшылардың байлаған әлемі). Ар жағындағы кішкене ағаш шарбақта Арыстан ханның тікше сандықтай қабір тасы тұр. Одан әрі айналсаңыз, тағы бір кішірек үйге кіресіз. Қабырғалары ойдым-ойдым (ышқапша). Бұл жай бір заманда кітапхана болып, 30 мыңдай кітап сақталған екен. Бұл күнде бірі қалмапты. Тағы бір есік мешітке апарады. Бұ да төбесі күмбез кең жай. Мұндағы айта қалғандай әдемі нәрсе имам тұратын мақырап. Мақырап бір адам сыйғандай. Есік сияқты қабырғадағы саяз қуыс. Сол қуыстың іші де, жақтауы да, әдібі де жасыл ала шыны сырмен, уақ шимаймен алтын, күміс араластырып, қиып келтірген (мозакка), нәзік нақыш шимайы сондай уақ, сондай сұлу, сыры сондай жарқыраған, ашық, сондай сүйкімді, ерінбей қарайық, еріксіз сипайық. Қырымда, Күншығыс музейінде піл сүйегінен істелген жұмырықтай бір нашықты бұйым көрін едім. Соны бір қытай шебері қырық жыл істеп бітірген деп еді. Неткен шыдам, неткен табандылық десейші! Мынау мақырыптың нақысын, шимайын көргенде, сол нәрсе есіме түсті. Осынша уақ, нәзік, шұқыма нақышты бір адам неше жыл істеп бітірді екен? деп ойладым. Мұндай сұлу жат жұмыс дүниеде жоқ деп шебер де айтты. Құбыла жақтағы мешітті, кітапхананы, Арыстан ханды, арқар мүйіздерді, ас үйді тастап, манағы дәу қазанның қасынан өтіп, темірқазық жақтағы есіктерге кірсеңіз, бұлардың бірі медресе, бірі құдық, өзгелері өңшең құжыра. Бұл құжыралар о баста шәкірттерге, соңынан сопыларға мекен болған. Құжыра дегеніміз әйнексіз, пешсіз бір қараңғы қуыс қой. Оның не таңсығы бар? Әзіреттің сол жағын жағалайық. Жағаласақ, камерада Абылайдың көк тасы жатыр. Ұзындығы кісі бойындай. Биіктігі орындықтай. Мінсіз төрт қырлы кек ала мәруәр мұздай жылтыр, айнадай тегіс, шимайша ойып келтірген олпы-солпысыз, үшкір сұлу жазулары жалап қойғандай мүлтіксіз. Ағы мен кегі қара ала батсайыдай аралас таңдайланған, айқасқан. Алан шыңдала құлпырған кек мәруар айта қалғандай сұлу екен. Айналақтап кете алмадық. Әлде Абылайдың шын аты со ма, әлде жұрт адасып жүр ме, әйтеуір тастағы жазу «Абулқайыр» болса керек. Бұрғыдай бұрылған тар сатымен оқта-текте сәулені бір керіп қап арада бір дем алып, алқынып мешіттің төбесіне шықтық. Төбесі ойлы-қырлы су ағарлы ұлан-байтақ. Үстін сұрқыл көк аспан. Астың жайған терідей, о жақ, бұ жаққа сирағын созып жатқан, тамдары кезерген Түркістан, арығында бір тамшы су жоқ, бау ағашы таздың шашындай, майда құм басқан, кепкен Түркістан. Жел үп етсе, құм боранға көмілгелі, Қызылорда көшесімен қой айдап келе жатқан қазақтың бет-аузындай ағашы да, әулиесі де, түнікесі де, түйесі де шаңытып, кірпіктері бозарып, еріндері кезеріп, шелдеп, түтігіп тұр. Маңдайдағы жалдан қияға кез жіберсеңіз, құбыла жақтан сағымданып Сырдың суы көрінеді. Жуан білтемен томпитқан тақияның төбесіндей Әзіреттің әдемі мұнарасы қалпетімен көк ала жазу екен. Жел, күн жеп, жемірілмесін, көшпесін деп, сырынын көбін ақпен сылап тастапты. Одан басқа төбесінде көзге түсерлік сұлу нәрсе көрінбеді. Төбеге шыққаннан түскені ауыр тиді, ыршымалы тықылдақ, тас сатымен жүз аттап, жерге түскенше аяқ салдырап бос қалды. Еріккен екі қырт бір көлдің жиегінде отырып, біреуі: — Сен қалай ойлайсың шамасы осы көлде неше шелек су бар екен? – деп сұрапты. Сонда қасындағы қырт көлге қарап ойланып отырып:

– Әй, шамасы, мың шелек бар-ау! – дегенде, сұраған қырт:

– Шама-шама-ақ екен! – деп есебіне қол қойған екен.

Со сияқты төбесінде тұрып жерге, жерден төбесіне қарап, сатымызды санап: осы мешіт жүз кез барсың-ау деп едік. Шама шама-ақ екен: архитектордың айтуы — 141 кез боп шықты. 41 кездей ғана қателесіппіз. Ұзындығы 60, көлденеңі 45 кездей екен, зорлығы, айбыны, жаттығы, сұлулығы дүние жүзінде бірінші мешіт деп саналады екен.

– Ескі мәдениеттің есіл қымбат жұрнағы бет-аузы айғыздалып, сыр-сылауы көшіп, бұрыштары жеміріліп, құбыла жағы толықсып, жантайып, мұнараларының қабырғасы шатынап, құлауға таянған екен. Құлауға себеп болған – құлқын құлы, аш көз қожалар екен. Қазақтың ой мен қырдағы атақты, атақсыз еліктерін Әзірет Сұлтанға сүйреген ғой. Әзіреттің қабіріне жақын көмілгенін әркім-ақ тілеген. Соңы біліп, қожалар көп ақша бергендердің елігін мешіттің астына көме берген. Ол үшін мешіттің іргесін жағалай тесу керек болған: кірпіштерін суырып алып, қуысына өлікті тыға берем деп, осы күнде ірге біткеннен сау-тамтық қалмапты. Жалғыз-ақ Әзірет жатқан мұнараның асты аман, жер астындағы іргесі 5 метрдей екен. Өзге жердің іргесі бір, бір жарым метрдей, оның өзін де шұрық-шұрық дейді.

Әрі зілдей ауыр, зор ғимарат, әрі іргесінен айрылған соң шөгіп жерге кірмеске, қиқаймасқа бола ма? Архитектордың шамалауы мешіт бір метрге темен (3/4) шеккен. Әзірет мешітінің асты, төңірегі толған адам сүйегі дейді. Жақында аршыған құдықтан 13 адамның сүйегі шыққан. Мешіттің күйген қышы тастан берік қатты. Салынғанына 500 жылдан асса да, бір қышы жарылған, сынған жоқ. Қабырғалардың жарылуы жер сілкінуден бопты. Сондай берік қыштарды қайдан әкеліп, қалай салды екен десеңіз, қыштарды Түркістаннан 30 шақырым «Сауран» деген қыстақта жасап өртеген, Саураннан мешітке шейін үш қатар адам тұрып, кірпіштерін қолдан колға әперіп тұрған. 30 шақырым жерге үш қатардан тұрғанда неше адам керек екенін есептей беріңіз. Мұнша адамды қайдан жинаған десеңіз, Ақсақ Темір ханға адам дәрігер емес; ел шауып, қолға түсірген мыңдаған тұтқындар, кедейлер, құл-құтандар, қатын-балаға шейін өз әмірінде болған соң, адамды несін аясын? Бұл күнде мешітті Ленинградтан келген Бошниский деген шебер (архитектор) түзетіп жатыр. Биыл 10 мың сомға түзеткені: құдық күмбезі, тағы екі күмбез, сегіз арқа (имек маңдай), осының бәрін құлатып жаңадан өзінікіндей қып, қалап келтірген. Бошниский жолдастың тағы бір тапқан айласы: қақ жарылып жігі ашылып тұрған қабырға, мұнараларға жиі қып темірден қарғаша салған: екі жұмыр темірді ауыздықша айқастырып, екі ұшын қайқайтып қабырғаға терең қағып жіберген. Мұндай қарғаша (үспопке) салу бұрын қолданылмаған әдіс екен. Бошниский жолдастың бұл тапқан айласын білімдандар (профессорлар) мақтапты. Бошниский жолдастың ескілік жұрнағын сүйетіндігі, мұндай жұмысқа төс табанын сала шын пейілімен кіріскендігі ғой. Пұты 90 тиындық алябастрды 30 тиынға алып, ағаштарды тегін пайдаланып жатыр екен. О қалай десеңіз, тұрғын елмен, қожалармен жақсы үйлесіп, өзіне сендірген, жұмыстың керектігін, пайдасын жақсы түсіндірген; сонымен бұрын 30 мың сомға түзетілген (мысалы: асхана) жұмыс шамасын бұ күнде 3-4 мыңға түзетіп қойған. Бошниский жолдастың бұл қызметін тиісті орындар ескерер деп білеміз. Мұнан былай, келер жылдар қандай ремонт жасайсыз? – дегенде берген жауабы: құбыла жақтағы құлағалы тұрған қабырғаларды алып тастап, қайта салмақ. Ірге біткенді жаңғыртып, тереңдетпек. Ішін әктеп, сыламақ, төңірегіндегі қос қабат ескі дуалдарды (қорғанды) қопартып, тазартпақ, керексіз кең тастарды (молаларды) алдырып, ағаш ектірмек. Мұның бәрі Бошниский жолдастың планы. Басқа адам келсе, бұл план, мүмкін орындалмас. Бошниский ескі ғимаратты түзетуге маман екен. Ленинградта «Адмирал . . .*, Армениеде «Мағдобор шіркеуін» түзеткен, атақты шебер көрінеді. Әзірет мешітіне келер жылы да ақша беріліп, түзетілмек. Қазақстан өкіметі де ескі мәдениет мұрасын сақтауға ат салысар. Сондай Бошниский жолдас аяқтатса, мұра жақсы боп түзетілер еді. Бұл күнде ақша шығарып, түзеттіріп жатқан ескі мұра сақтайтын Орта Азия комитеті. Бұл мешітті инженер Логинов көріп 49 мың 427 сомға смета жасап, кіндік оны бекіткен екен. Ол кезде мешіттің іргесі зерттелмеген екен. Енді ол ақша жетпейтін көрінеді. Жүз мың сомдап қаражат керек қылады. Ескі мұраны сақтау мәселесі орыста ұлы Петр тұсынан басталса да берекелі іс қыла алмай келіп, бұл мәселе Кеңес үкіметі кезінде ғана басты орын алып отыр. Бұл күнде Кеңес өкіметі ескі мұраны сақтау мәселесі орыста ұлы Петр тұсынан басталса да берекелі іс қыла алмай келіп, бұл мәселе Кеңес үкіметі кезінде ғана басты орын алып отыр. Бұл күнде Кеңес өкіметі ескі мұраны сақтауға айрықша мекеме ашып берген. Кеңестер Одағында сондай екі үлкен мекеме бар: 1) Бас музей, 2) Зат мәдениеті тарихының академиясы. Мынау Әзірет мешітіне ақша шығарып, түзеттіріп жатқан сол мекемелердің бір тарауы – ескі мұра сақтайтын Орта Азия комитеті. Мәдениет жұрнағына Қеңес үкіметінің қалай қарайтыны ісінен көрініп отыр. Әзірет Сұлтан мешітін түзетіп жатқандығы түрік, парсы журналдарында жазылып шыққан. Өз жерінде мұраның не боп жатқанын Қазақстан жұртшылығы да естіп-білу керек, үкіметі қолдан келген жәрдемін беру керек. Патша тұсында Түркістан қалаларын алып, өзбек, қазақты бағындырған жандарал Черняев Әзірет Сұлтан мешітінің әр жеріне тіреу салдырып, мұнараларын сылатқан. Черняевтың мақсұты: мұсылман жұртына жақсыатты көріну, елді баурау, тыныштандыру еді. Кеңес үкіметінің саясаты дінді жақтау, қолдау емес, ешкімге жақсыатты көріну де емес. Мәдениетшіл, өршіл үкімет болғандықтан, кейінгілерге үлгі, ескерткіш болсын деп ескі мұраны түзеттіріп отыр. Енді Әзірет Сұлтан кім болған? Бұл мешіт неліктен салынған. Кім салдырған? Мұсылман жұрттары Әзіретті кім деп сенеді? Осы жағына аз бөлініп әңгімені бітірейік. Қожа Ахмет Яссауи бұдан 800 жылдар бұрын дүниеге келіп өткен адам. Жұрт «Әзірет Сұлтан» деп атап кеткен ғой. Әзірет Сұлтанды қожа, молдалар «әулие» дейді. 125 жасапты-мыс, 3-4 кітап жазыпты-мыс. Оның бірі «Хикмет». О баста ол кітапта 4 мың хикмет (өлең) бар екен. Көшірушілер ерініп, қысқарта беріпті-мыс. Әзірет пайғамбардан артық жасамаймын деп 63-де ғарға (үңгірге) кіріп, қалған жасын сонда өткізіпті-мыс. Ғардың астымен өзге қалалардағы Арыслан бап, пәлен баптармен қатынасып тұрыпты-мыс. Пайғамбарымыз миғражға (көкке) шығып бара жатып үш адамның рухын (жанын) көріп таңданып:

– Бұл сәулетті рухтар кім болады? – Деп жанындағы жебірейілден сұрапты-мыс. Жебірейіл: – Бұл сіздің үмбеттеріңіз: 1) Имам ағзам, 2) Ғаусыл ағзам (қожай Пауадын), 3) Қожа Ахмет Яссауилер, – депті-мыс. – Қожа Ахметке тапсырғайсың, деп пайғамбарымыз өлерінде Арыслан деген сахабасына бір құрма беріп кетіпті-мыс. Арыслан 5 жүз пәлен жыл жасап, сол құрманы Әзіретке тапсырыпты-мыс...

Міне, Әзірет Сұлтан жайынан қожа, молда, ишандардың айтатын ертегісі осы сияқты; құлақ ұйып, ақыл сенгендей ешбір дерек жоқ. Жалғыз-ақ ирандық Шарапитдин Язидиенің кітабында Қожа Ахмет туралы анық мағлұмат бар деседі. Ол кітапша Қожа Ахмет Түркістан қаласына 35 шақырым «Яссы» деген қалада туған. (Ишандардың айтуынша «Яссы» –Түркістандағы, мешіт жанындағы «Күл төбе»). Медреседе оқып жүргенде түріктің бір ғалымы зеректігіне қызығып, Иран жаққа оқуға әкетіпті. Қожа Ахмет көп жыл оқып, молда боп қайтыпты. Жаратылысынан ақылды адам болса керек. Төңіректегі елге би болып, әділдігіне мұсылман түгілі христиан дініндегі адамдар іздеп келіп бітім айтқызған. Кәріп-қасарға көп жәрдемі тиген. Надан жұрт «әулие» деп қастерлеп әкеткен. Ақсақ Темір (Әмір-Темір көреген) хан ел шапқыш, қанішерлігімен атағы шықса да, бір жағынан халыққа мәдениет орнатуға қам қылған. Араб, парсы, Үндістаннан ғалым, өнерпаз алдырып, мектеп-медресе салдырып, дәріс сөйлеткен, үй-жұрт, мешіт, көпір салдырған деседі. Қазақ-қырғыз сияқты дінді, құдайды білмейтін бейбастақ жұрттар қала шауып, ел тонап дамыл бермеген соң, соларды дінге, мәдениетке, отырықшылыққа үйретуге, өздерін жуасытуға, «әулие» деп табынып жүрген Қожа Ахмет Яссауиіне өшпес белгі орнаттырған. Ақсақ Темірдің планынша ол мешіт жер жүзінде жоқ, зор, сұлу, айбынды болу керек; заңғар мешітке, керемет мұнараға көзі үйренбеген жабайы елдер ол мешітті көргенде «Құдай құдіретімен», Ақсақ Темірдің әмірімен пайда болған деп үрей ұшу керек. Бірақ Ақсақ Темір ол мұратына жетпеді. 1397 жылы мешітті салдыра бастап, 3 жылдан кейін өзі елін, мешіт бітпей қалған. Мешітті салушы шебер қажы Хұсайын Ширази деген адам екен (Парсы жұрты). Кейін Ғабдолла хан мешітті аяқтатпақ боп 15 жылдай (1583-1598) істетсе де, о да бітіре алмаған. Ақсақ Темірдің алғашқы планынан Ғабдолла хан 4 есе кішірейтіп, биіктігін де жеткізе алмаған, күмбездерін де бүрістіріп жіберген. Ақсақтық өз көңілі іске асқанда, мешіт бұл күйінен екі есе зор болмақ екен. Қоқан хандары мешіт төңірегіне қыштан биік қорған соқтырған. Мылтық, ататын тесіктері әлі де бар. Орыс қол астына қараған заманда қорған ішіне солдат жататын казарма салынған. Мешіт құлап, казарманы басып қалады деп жергілікті үкімет 1870 жылы мешітті құлатуға қаулы шығарады. Бірақ ол қаулыны Ташкен жанаралы бекітпей, мешіт аман қалған. Міне, жұрттың қырдан, сырдан зиратқа ағылатын, пәлен мың шақырымнан өлігін жаяу көтеріп келетін, жарым «Мекке» деп көретін Әзірет Сұлтанның тарихы, мешіті, қабірі осы сияқты. Бұл мешітті неше жүз жылдар қожалар сауып азық қылған, әлі де азық қылуда. Басындағы қожалар шетінен пайғамбардың, Әзіреттің «аулады» боп, үш жүздің баласын еншілесіп бөліп алады екен. Зиратқа, қылуатқа келген шалдарға қырық пышақ боп таласып, қырқысып қалады екен. Ана қожа да, мына қожа да әулиеге тілхатшы болам, жарылқаймын деп, келген адамды дуана талғандай қылады екен. Сүйткен қожалар, «әулеттер» 60 сом салықты көтере алмай, бәрі де қажылықтан ат-тонын ала қашып жатқан көрінеді. (60 сом қожа басына емес, барлығына түскен салық). Міне, көкірегі соқыр шалдар сендерді жарылқайтын ишандарыңның пейілі осы. Олардан не үміт, не қайыр? Осы бар адам өзі де алданбасын. Алданбауға кейінгі жастар да ат салысар, надандық тұманынан елді айықтырар деп сендік. Ескерту: Оразада мыңдаған шалдардың қылуатта жататын жер асты қорасын жазбадық. Ол бір дерттің, ажалдың ұясы көрінеді. Өлім сағынған адам соған бару керек.

СҰЛТАНМАХМҰТ ТОРАЙҒЫРҰЛЫ

Сұлтанмахмұт Семей губерниясы, Кереку (Павлодар) уезі Ақбеттау (бұл күнде Шідерті) болысының қазағы. Ол 1893 (жылқы) жылы октябрьдің (ескіше) 15-інде Омбыға қарайтын көшен Қарауыл Шабар (Шаншар деген нағашыларының ауылында туады. С. Махмұтұлының руы) Сүйіндік, Сүйіндік ішінде Айдабол. Сұлтанмахмұт тың шежіресі мынау:

Мейрам
Қуандық, Сүйіндік, Бергендік, Шегендік...
Оразгелді, Сұғыншы,
Мәлік, Шуманақ

Құлболды, Жанболды, Орманшы
Айдабол, Күлік, Ақбура, Түлпар...
Жанғозы, Тайкелтір, Малғазы...
Төлебай...

Едіге, Ел аман, Мал келді
Шоң, Торайғыр
Әдет, Кенебай
Бекет, Дүржан, Ыбрай

Шоқпыт (1927 жылы 68-де)
Сұлтанмахмұт .

Сұлтанмахмұт тың туған әкесі Шоқпыт қазақ кезінде бір бұйығы кедей адам. Бірақ адамшылық көзімен қарағанда, әкесі де айтқанынан қайтпайтын, ... * бет.

*...– оқылмады Қайратты, қулық-сұмдықты білмейтін ақпейіл, қанша кедейшілік, жоқшылық көрсе де, кісіден дәме қылмайтын — сұңқар табиғатты, барын кісіден аямайтын – жомарт адам. Осы күні Шоқпыт 75 жаста, хат біледі. Сұлтанмахмұт тың нағашы тегі — қарауыл Шабар, Шаншар ауылдары. Бұл тұқыммен бұрыннан сүйек шатыс болған. Шоқпыттық анасын Шабардың Қанапия деген баласы алған. Кейін Шоқпыт сол апа, жездесінің қолында жылқысын бағып жүргенде, сүйек жаңғыртпақ болып, апа, жездесі Шаншар баласы Шадайдың қызын айттырып әперген. Бір жасында Махмұттың анасы өліп, жетім қалады, ұлы анасы Мұнтай бәйбіше бауырына алады. Қақ-соқпен, ойынмен әуесі жоқ, мең-зең монтайған момақан Махмұт туған шешесінің мекіренген мейірімін көре алмады. Бала күнінде Махмұт өте аңқау болады. Өгіз бұзаулап жатыр десе, нанады. Махмұт жанынан салқам болады, киімін қайда болса, сонда тастап кетеді. Өгей шешесі Махмұттың салқамдығына кейіп ұрысқанда, Махмұт көзі жаудырап, ішінен тынып, мелшиіп тұрады екен. Сондай жуас, сондай сүйкімді бала Махмұттың жүрегіне бала жасынан шер байланады. Бір жағынан жетімдік шері, бір жағынан бай нағашыларының сән-салтанаты, әкесінің оларға жылқышы, атарман-шабарман болып жүргені, құрбы-құрдастарынан кемдігі, осының бәрі бала Махмұтты ойландырады, толғандырады. Қайнында тұрып, азын-аулақ ораза ашар жинап алған соң, әкесі туған жеріне – Баян тауына көшіп келіп, күл төгеді. Ол кезде Махмұт 5-6 жасар бала. Содан кейінгі Махмұттың өскен жері Баянауыл тауының қойнауы болады. Баян тауы — «Қозы Көрпештің» Баян сұлуы туған тау деседі. Аспанмен тілдескен асқар шың, тік жартас, түпсіз күз, таудың ұшар басынан етегіне дейін сыңсыған сыңсың қарағай, ақ қайың барқын, мойыл; қиядан ойға, ойдан орманға сүңгіп, сыбдырлап, бұраңдаған бура бұлақ; шөккен алыптай асқар Баянның он қолтығында айнадай жарқылдаған Сабынды көл, сол қолтығында түндей түнерген Шойынды көл, жамбасында тас аралды, көк құрақты Торайғыр көлі, жаз болса көк орай шалғын, көк балауса жасыл жапырақ, гүл, жеміс, тау іші ың-жың аң, бұта толған жыршы құс, міне сол секілді зәулім жаратылыстың бауырында бала Махмұт балдырғандай балалық шағын өткізеді. Сұлтанмахмұт 6 жасар, інісі — Бәшен 5 жасар кезінде әкесінен оқып, «еже» таниды. Содан кейін әкесі кейде өз үйінде жеке молда ұстап, кейде ел арасындағы молдаларға беріп, балаларын оқудан үзбейді. 12-13 жасқа келгенде Махмұт Мұқан молдадан оқиды. Мұқан молда араб, парсы, икейлерін (................. ...)* қазақшаға айналдырып, елең қылатын, біреуді мақтап, біреуді жамандап өлең шығаратын «арқасы» бар адам болды. Молдасына еліктеп, 13 жасар Махмұт та сықақ өлең жаза бастайды. (Бала күндегі өлеңдері жиналмай, жоғалып кеткен). Содан кейін Махмұт Баяң қаласында медресе ашып, бала жинап жататын Әбдірахман молдадан (ел «күйеу Мағзұм» деп атайтын) оқиды. Махмұт молданың өз үйінде тұрады. Сабақтан босағанда, Мағзұм Махмұтқа шай қайнаттырып, отын жарғызып, су әкелгізіп, малын күттіріп, малай қып алады. Сол кезде-ақ Махмұт қожа-молдалардың өтірік «әулие» болып, ел сауғаның жақтырмай, сөгіп өлең жазады, ол өлеңдерін молда көріп қойып, ұрсады, жек көре бастайды. Күйеу Мағзұмның бір әйелмен оқиғасы туралы Мәшһүр Жүсіп мазақтап өлең шығарып, елге таратып, масқара қылады, Мәшһүрге қарсы өлең шығаруға Мағзұмда дәрмен болмайды, Мәшһүрден кегін қалай аларын білмейді. Ол болыс Сүйіндік ортасында медресе ашып, дәріс айтып, «мақаммен» елді аузына қаратып, Шорман ауылына арқа сүйеген атақты, беделді Мағзұмның масқара болып отырғаны ма? Мағзұмның ақ дегені алғыс, қара дегені – қарғыс емес пе? Мағзұм кәріне мінеді: «өлең жазу — шариғат жүзінде арам» деп, пәтуа жариялайды. Өлең жазсаң, теріс батамды берем («бәтуға қылам») деп Махмұтты қорқытады. Молдасына ден қойған Сұлтанмахмұт барлық өлеңдерін отқа өртеп, қайтып қалам ұстамайтын болады. Бірақ Мағзұмнан үш жыл оқып, Махмұт шығып кетеді. Себебі: Ол күнде Шорман тұқымының балалары да Баянда жатып, Мағзұмнан оқитын. Бір күні Махмұт Шорман ауылының балаларымен бақас таластырып, бақастың аяғы керіске айналады. Жуан ауылдың балалары шағыстырады. Молда Махмұтты жатқызып қойып, дүре соғады. Неһәннан тұщы етіне ащы таяқ батқан соң, Махмұт шығып кетеді.

*Сөз оқылмады Қандай бейнет шексе де, жолында қандай бөгет тұрса да, беттеген мақсатына жетпей тынбайтын, Махмұтта мінез бар. Махмұт тақуа болады. Тұла бойы толған тұмар, мойнында — тәспі, дұғалық, аузында – зікір, күн шықпай оқығаны — намаз, заулатқаны — «жасын»; ол дәретсіз жер баспайды; «қари» болам деп, Құранның 13 парасына дейін жаттап алады, сырлас жолдастарына: «күллі денем зікір айтқандай болады», – деп жүреді. Сөйтіп жүргенде, Махмұттың 19 жасқа келген кезінде (1914 жылы) Троицкіден жаңа тәртіппен оқып келген Нұрғали деген молданы Айман ауылы ұстап, Махмұт осы молдадан сабақ алады. Нұрғали – жаңа түрдің молдасы. «Тәржіман» газетін алдырып тұрады, ноғайша «пән» кітаптарын оқытады. Махмұт жаңа түрде газет, кітап оқып, жағрафия, жаратылыс, тарих сияқты пәндерден сабақ алып, дүниенің, заманның жайымен таныс болады; пікірі ашылып, ақыл ауданы кеңейе бастайды. Енді ел молдасынан оқып оңбайтынына көзі әбден жетеді, мәдениетті шет жерге барып оқуға көңілі кетеді. Надандық ұясы ескі молда мен дін оқуы екенін біліп, дұғалықты, бойтұмарды сыпырып, отқа жағып, елді қараңғыға сүйреген қожа-молда, ишандармен жауласып, жамандап өлең шығара бастайды. Молданың өкшесі қисық десе, тамұққа кетем деп қорқатын, қара халық Махмұттың қожа молданы нәлеттегеніне «иманы» түршігіп, Махмұтты «қияли», «жынды» деп қауесет қылады. Жұрттың сөзін Махмұт құлағына да қыстырмайды, қожа - молданың айыбын айтудан, тілдеуден таймайды. Надан елдің ішінде надан қожа, молдамен айтысып, өмірі босқа өтіп бара жатқанын бір ойлап, шетке барып оқиын десе, қаражаты жоқтығын екі ойлап, бір өз басының емес, бүкіл қазақ шәкіртінің халына қайғырып, 1912 жылы «Зарландым» деген әңгімені жазады. Біздің қолымызға түскен сөздерде Махмұттың тұңғыш әңгімесі осы. Содан былай Махмұт өлең жазуға бет түзейді. Ендігі Махмұттың ынта-көңілі: құнарлы білім табуда, тапқан білімін халыққа жаюда болады да жүреді. Ол кездегі қазақ шәкірттерінің көбінесе оқу іздеп баратын жері – Троицкі мен Уфа қаласы. Ұстазы Нұрғали Троицкіден оқып келген адам. Троицкі маңында қазақ елі барлығын, жаз елге шығып бала оқытып, қаражат жинап, қыс медреседе оқуға болатындығын Махмұт молдасынан сұрап, қанады. Білім сәулесіне талпынған Махмұтқа Троицкі шәрі (шаһары — А. А.) білім ордасындай көрініп, ұйықтаса түсінен, оянса есінен кетпейді. Одан-бұдан жинастырған 8 сомдай қаражатпен, мал алуға Қызылжардан келген Қарауылдардың арбасына ілесіп, 1912 жылы 9 сентябрьде туған жерге хош айтысып, оқу іздеп, жол шегеді. Ай жүріп, Омбыға жетеді. Әркімнен сұрастырып, ат арбаны тауып алады. Бұрын жол кермеген қазақтың салқам-салқам баласы жолда киімнен, кітаптан жұрдай болып, әрең дегенде Троицк шәріне жетеді. Троицкіде біраз сандалып жүріп, аяғында Махмұт «Яуышев» медресесіне кіреді. Сол медреседе оқып жүргенде, көзіне көзгелдек (траком) ауруы пайда болып, жазылғанша келмейтін болып, медреседен шығып қалады. Таныс адамы жоқ, қаражаты кем, әрі кезі ауру, дәрігерге қарата алмай, жүдеп-жадайды. Оның үстіне сол кезден-ақ өкпесі дертке шалдығып, жөтел пайда болады. Ол жөтел нағашысында жатып ауырғаннан қалған сарқыншақ екенін, Троицкіден Нұрғалиға жазған хатында айтады. Ауырып, тарығып, жүдеп жатқанда Қабибулла Лекерұлы деген Баянауылдық, шәкірт дәрігерге апарып жәрдем етеді; дәрігер көзін сылып, жарты айдан кейін тәуір болады. Бірақ медресеге қайта кіруге қаражаты болмайды. Зарыққан соң, қаражат сұрап үйіне хат салады. Әкесі, ағайындары 60 сомдай ақша жібереді. Сол медреседе оқып жүргенде әлеумет жұмысына кірісе бастайды. Елге жазған хатында: «Қазақ» газеті шығатын болғанын, кейбір шәкірттер шекпеніне дейін сатып, жарна салғанын, өзі де екі сом бергенін, сол жақтан да қаржы жинап жіберу керектігін жазады. 1912-13 жылдардың қысында Махмұт Яуышев медресесінде оқып шығады. Мұсылман медресесінде білім алмайтынын сезіп, көңілі орысша оқуға кетеді. Бірақ Махмұттың жасы 20-ға келіп қалған, үлкенсініп орыс үшкелдері алмайды. Махмұт орыс тілін білмейді. Жалдап оқуға қаражат жоқ. Махмұт тағы дағдарып сандалады.

Көңілім неге жасисың?
Миым, неге ашыйсың?
Ой түбіне жете алмай,
Жүректі тырнап қасисың.

Көзім, неге таласын,
Үмітсіз қарап барасың.
Түтінің жоқ, отын жоқ
Тұншығып кеудем жанасың... —

деп зарланады.

Махмұтқа орысша оқу керек. Оған қаражат жоқ. Кісіден жәрдем сұрауға ол арланады. Қыс орысша оқуға, қаражат жинап алам деп, жаз Троицкі маңындағы елге бала оқытуға шығады. Ол елде тұрғанда (азғыншы) сықақ өлең, жазғаны болмаса, қаламға айналмай уақытының көбін кітап қарастырумен; бала оқытумен өткізді. «Ауырмай, есімнен жаңылғаным» деген әңгіме сол елде көрген оқиғалардан жазылған болу керек. Күзге жақын тағы Троицкі қаласына келеді. Ондағы қазақ оқығандарымен таныс болады. Мұхаметжан Сералыұлы Махмұттың қаламға орайы, пікірі жігерлі жас екенін біліп «Айқап» журналына хатшылыққа алады. Сөйтіп, 1913-14 жылдың қысын «Айқап» қызметіне береді. Махмұт «Айқапта» көп тұра алмай, шығып кетеді. Өйткені Сералыұлымен мінезі үйлеспейді. Бұл туралы хатында: «Мен өз пікірімді дүниеге шығаруға кісі бетіне қарамадым. Махмұт кейбір адамның көңіліне қарайтын адам? Сондықтан келісе алмадым», – дейді. «Айқапта» тұрғанда желденіп көтерілгеніне артынан өзі қатты өкінеді. «Айқапта» тұрған минуттерде бүкіл қаланы өзім ие болғандай көтерілдім. Ойлан қарағанда, ақымақтық болмаса көтерілетін не бар еді? — дейді соңғы хаттарында. «Қазақ тіліндегі өлең кітаптары», «Ән» жайынан жазған сөздеріне сыртқы әсерге жеңілгендіктен, қолымнан келмейтін әдебиет сынауға кірістім; осы күні өз сыныма өзім ұяламын», — деуші еді артынан. Өзі олай десе де ол кезде өлеңнің қайткенде өнер болатынын тілді таза сақтап, бөгде тілді араластырмау керектігін айту маңызсыз да емес еді. Сол кезде «Тентектің жиған шоқпары», «Тамшы» сөздерді жазып, бастыруға Троицкідегі Шеркесев деген бір ноғайға береді. Бұл өлеңдерінен дерек жоқ. «Қазақ әкімдерінің тұрмысынан үш перделі театр кітабын жазып бітірдім» деген күнделік кітапшада сөз бар; ол пьесаның де кімде кеткені белгісіз. Со жылы «Қамар сұлу» деген роман жазып, Мұхаметжан Сералыұлына бастыруға берген. (Мұхаметжанға бергеннен хабар жоқ, біздің қолымызға өзінің қолжазбасы түсті; кей жерлері болмаса түгел). Сөйтіп, Махмұттың алғашқы көбірек жазған уақыты «Айқапта» тұрған жыл екен. «Айқаптан» шыққан соң Махмұтты Жиһанша Сейдалин қолына алып «Заман» деген журнал шығармақ, Махмұтты шығартушы қылмақ болады, бірақ «Заман» шықпайды. Жиһаншада тұрғанда Махмұт өмірі өзге жолға түседі; ол өмірін өзі былай жазады: «Енді Махмұт жігітшілік базарына түсіп кетті. Онда да саудасы жақсы жүріп, арғы шетіне барып тоқырады. Тағы Махмұт ақ жағалы, тыртима әмірге (әмірде) де қызықты. Құдайдың берген біртүрлі таланты оған да араласты. Жамандық дегенде «кампаннан»1 тұрмысында да болды. «Ресторан»2, «құлып» (клуб), тағы кім. «Кулиган»3 тұрмысына дейін барды. Жақсылық дегенде «ентелегенттік»4 , «жорналыстық»5 билік, жұртты аузына қаратушылық, әкімдер, «юристер»6 тұрмысына дейін болды. Жақсылық, жамандық өміріне түгел араласқанда Махмұт неден кемдік көрді? Неден бармағын тістеді? Неден жүзі қызарды? Егер оқыған болса, сол араласқан өмірлерінің бәрін қолында ойнататынын сезді...» Бірақ Махмұт бұл тұрмысқа әдейіленіп кетпеді: атынын басын тез бұрып алды. Ел-жұртына қызмет ету – мойнындағы борыш екенін естен шығармай, оған жету үшін білім керек екенін ойлап, орысша оқуға бел байлап 1914 жылдың жазына туған еліне қайтады. Сол жолы азырақ жөтел пайда болып келеді. Әйтсе де Махмұттың бойы сергек, көңілі көтеріңкі, ойлаған мақсатына жетуге, жолында тау тұрса да, омырауымен соққандай жалындаған от болып қайтады. Тұран елі өзін таныр, қаражат жинап беріп, оқуға жіберер деп, зор үмітпен келсе де, ол үміті акталмайды; надан ел Махмұтты танымайды; садақа, зекетін бермек болып, бай ағайындары бала оқыттырады. Махмұт елдегі жастарды оятпақ, көзін ашпақ болып, шәрлі жерден көргенін істеп, «Шоң серіктігі» деп ат қойып, ағарту ұйымын ашады. Бірақ ол ұйымнан да берекелі іс шықпайды; ұйымға қаржы жиналмайды. Елдегі жолдастары бай жерлерге баруын, жәрдем жинауын мәслихат қылады. Солардың тілімен Махмұт Шорман ауылына да барады. Бұл жерде Махмұттың Шорман ауылына барғандағы дәптеріне жазған сөзін кіргізейік: «1914 жылы, 7 жолдаспен өзімді: «қазақшылық» айнасында көру үшін бардым. Жолдағы елде менің көлеңкемді сыртымнан естіп, бадырайтып көрсетпеген ел жоқ. Іздеп барған Садуақас барған жерден мені түссіз буа сөйледі. Мен ауыл онікі және үміт болған соң, қанша жауап қайырмай, ұтқызыңқырап отырдым. Жанаспайтын ауыл екен деп, елдегі жайшылық қалпымды бұзбадым. Бәлкім одан көрі ілтипатсыз отырдым. Білдім, ол мінездерімнің ішінен жалғызын жақтырған жоқ, бояма қалыпта жылтырады. Жүрерде осы бойымша аттансам, қалпе деп ойлар және боялып алданбағандығымды білдірейін деп:

Шоң — Шорман едік,
Бір-бірімізге қорған едік,
Шоңның, Торайғырдың жапырақтары
Бұтағына келіп қонған едік.

Онымызға қарай, Сіз де «кім келіп,
Кім кетпеген ауыл едік»,
Деп, бауырлығыңды білдірмей,
Арқаңның жауырлығын білдірдің.

Шоң, Шорманға бастамасаң да
Ілтипатыңнан тастамағаныңа — Рахмет! —
1кампан–серіктестік
2ресторан – ресторан

3кулиган – бұзықтық
4ентелегент – зиялы
5 жорналист –жазушы

«хош!» деп, қолын ұстап, амандасып жүре бердім, жолдастарым құрметтеді деп былай шыққан соң мақтасып, сөйлескенде, менің жаным ауру, жайым жайсыз еді. Мұнан былай:

Малға басым имеске,
Рия тонын кимеске,
Кісінің құрметін сүймеске,
Өз ісіме тимеске,

Кісі тіліне ермеске,
«Қазақшылдыққа» еңбеске,
Аштан өлсем, адамға
Намысымды бермеске

Май тамызса тілінен,
Еш адамға сенбеске,
Өз ақылымнан басқаға көнбеске,
Кәміл уәде етілді».

Сол барғанда Садуақас, әкесі Мұса мырзадан қалған шенді-шекпен, жанат ішік, күміс белбеу, алтын, күміс кеселерін көрсетіп, мақтаныш қылғанын жақтырмай «Бір адамға» деген өлеңді жазып кетеді. Алыстан аңсап, зор үмітпен келген елден күш-көмек тұрсын, жылы сөз де есіте алмай, Махмұттың тауы шағылады: «Менің трагедиямның» басталуы 1914 жылдың мартынан былай еді. Сөне мойығанымды көріп: Қой, Құдай ісі деп, қазақша қарап, көніп отыр, Ағайын-туған елімнің, жерімнің көру қуатын мені тұрмыс жұрнасынан арашаламас па екен? — деп келіп едім. Жығылған үстіне жұдырықтаудан басқаны сахара маған көрсеткен жоқ. «Серіктес» деген ермек тауып алып, не сөнбей, не қоймай, шала бықсып жүре беруші едім... Көзін жаңа ашып келе жатқан жастарымыздың көңілі қаяуланбасын деп, білдірмей, жігерлене беруші едік... Шорман ауылына бару, бықсыған шаланы күлге көму секілді болды. Күз болды. Кісінің әрбір жанды, жансыздардың қабағы сол күздің суық бұлтымен бір түстес еді. Не . . . * Жасырын бір ызғар қысушы еді. Ақыры оңбады... Елге істейтін жастардың ісіне кеселі тиер деп, ішкі пікірім ішімде, разы болған кісі секілдендім. Ол сасық миыммен алдадым деп ойлады... «Жақсы ит өлімтігін көрсетпес» деп еді. Ертістің суына жетіп елейін деп, басымды алып қаштым», — деп жазады. «Ол сасық миыммен алдадым деп ойлады» дегені бала оқытқан жері ақысын бермей қалған болуы керек. Қатты айтайын десе, шатақ шығарамын деп, бір жағынан жалпы жастар атына кемшілік келе ме деп — тайсалады, айтпайын десе, қиянатты көріп шыдай алмайды, әрі өзі оқудан қалып барады, оның үстіне елді надан деп аяйды. Елден күдер үзген соң, «Ертістің суына жетіп өлейін» деп, Махмұт Семей кетеді. Семейдің оқыған, көзі ашық азаматтары көмектесер, оқытар деп үміт етіп келеді. Бірақ ол ойы тағы болмайды. «Семейде қорғалауға бұта тапқызбады». Оны таныған «қара таяқ» халқының қабырғалары қанша қайысқанмен, мені кеңітіп жіберуге шамалары келмеді. Неге десең, олардың өзі арқандаулы... «Қотаңқарағайға кеткенім: ызаға шыдамадым, ең шыны — күн көру үшін, қолымдағы қаражатым Семейде бір-ақ ай тұруға жарайтын болды. Семей қанша айтқанмен, қалалы, сынды жер ғой, арасында кем көрініп жүргенше, парықсыз қазақ арасына кетейін деп ойладым» деп жазады. Орыс үшкеліне түсуге білімі жетпейді, жалдап оқуға қаражаты болмайды. Қайтерін білмей, сандалып жүргенде, Өскемен уезінің қазағы Әбдікәрім Ережепұлы деген кісімен кездесіп, бала оқытуға соған еріп кетеді.

*Оқылмады Білімге жан-тәнімен сусаған Махмұттың жолын жоқшылық байлап, өнер, білімнен алыс, қараңғы Алтай тауының түкпірінде қалғанына:

Тұңғиық, түпсіз ашулы,
Асау теңіз толқыған.
Бойымды топырақ басулы,
Жүре алмаймын, жол тұман.

Теңізден қайтып өтермін,
Түссем батып кетермін.
Алдымдағы өлімнен
Міндім қайық көз жұмып,

Адастым қазір жөнімнен,
Қайғым да әм сынық.
Айырылдым және күректен,
Тек жан шықпай "жүректен... —

деп, назаланып зарланады. Зарланбай қайтсын? Алтай елі ескі қазақ қалпы, қаймағы бұзылмаған, мейлінше шикі надан,. . . . . * ел. «Жалғыз Әбдікәрім ауылы болмаса, бір күн жиіркенбей кісі шыдарлық емес» деп жазады. Әбдікәрім заман ыңғайына түсігі, екі класты орысша-қазақша үшкел ашып, балаларын орысша оқытады. Махмұт сол школдың үшетелінен орысша оқымақ болады. Бірақ онда барған соң, Махмұттың көзі тағы ауырып, көпке дейін, оқуға да, оқытуға да жарай алмайды. Көзін емдетіп тәуір болған соң Махмұт айына 7 сом төлеп, үшетелден сабақ оқиды, әрі езі оқытады. Орыс тілін үйренуге осынша талаптанса да, қиынырақ соғады. «Қатып кеткен күнелі тілді сәби баланың шолжаңына келтіру онша жеңілге соғатын емес. Бірақ талабымның талқандамайтын нәрсесі жоқтығына сеніп, іс қылып жатырмын», — дейді. Көзі жазылып, оқуға кіре бастаған соң бір жағынан күтімі де жақсы болған соң, Махмұт көтеріледі. Ескі қазақ тұрмысының тұнық оқиғаларынан дерек жинап, роман жазуға кіріседі. Роман жазуға түрткі болған: сол кезде «Қазақ» газетінде Мамановтар романға бәйге тігеді. Бәйгеден Махмұт та дәмеленіп «Әжібай болыс» немесе «Кім жазықты?» деген романды өлеңмен жазбақ болады. Бірақ ол романын Әбдікәрімде тұрғанда жаза алмайды, өйткені Махмұт қағаз жүзіндегі роман емес, өмір жүзіндегі шын романға душар болады. «Тұманды күні тұңғиық, түпсіз асау теңізде сынық қайық мініп, күрегінен айырылып» жаны әрең шықпай, қара таласқан ақынның қолына:

Алтайдан бір тал, білмеймін,
Түсті не қып қолыма?
Кез қылды ма Құдайым
Ажалсыздың жолына?

Талдан ұйып қармалап,
Судан шықтым «аллалап...» –

дейтін талы жолығады. Сол – тал жолыққан соң, ақынның «өлген кеуде, өшкен талантына жан кіре бастайды». Ол «тал» кім десеңіз, «Ай десе – аузы, күн десе – көзі бар» дегендей даланын бір еркесі еді. Ол кім десеңіз – Әбдікәрімнің Бағила атты сұлу қызы еді. Албырт

*Оқылмады ақынның асау жүрегі ауруға (аруға шығар — Қ. Е.) тұтқын болады. Жас жүректің жанғанын қыз да ұғады, жалынды жасқа оның да көңілі ауды. Аумай қайтсын, әкесі берген күйеуін ол сүймейді. Бірақ Махмұт секілді тамақ асырап қаңғып жүрген салт атты, сабау қамшылы кедейге Әбдікәрім сынды айбынды адамның қызынан да аспандағы бұлт жуық еді. Бұлт жуық екенін албырт жүрек білгізе ме? Махмұт ойға шырмалады, алып қашу қолынан келмеді. Көмекші жоқ, қызды қимайды, сүйеді. Махмұт сандалады, дағдарады. Ақырында жүрек сырын жасыруға шыдай алмайды, өзінше жол табады: қыз бен екеуі бірін-бірі сүйетіндігін тура әке-шешесіне айтады. Үйткені Махмұт сенгіш, өзгенің жүрегін де өзімдікіндей деп ойлайды, үйткені ол аңқау, қулық-сұмдықты білмейді; қызы Махмұтты сүйгенін білсе, әкесі маңдайынан сипамайтынын шамаламаған. Сүйтіп, Махмұт қыздан тез айрылып қалуға өзі себеп болады. Әлгі сөзді есіткен соң, әкесі қызын тезірек ұзатып жібереді. Бұл соққы Махмұттың жанына бұрынғыдан да жаман батады. Ол қызға құмар болғанын Қапиз мұғалім былай жазады: «1915 жылғы марттың бас кезінде Зайсандағы қазақ мектебі мұғалімдерінің бөлмесіне бір жас жігіт кіріп келді. Амандасқаннан кейін, аты-жөнімізді сұрап біраз отырған соң, мұғалім Біләл Бейсенбайұлына қарап: «Үйі Бағиланы ұзатып жіберді ғой», – деді. Біләлмен бұрын таныс та емес. Тек Әбдікәрім үйінде Біләл бұрын бір жаз тұрды деп, сырттан естіген екен», – дейді. Бағила кеткен соң, Әбдікәрім үйіндегі өмір Махмұтқа өмір болмайды, бір қазақпен ілесіп, Зайсанға кетеді. Зайсанда Мәуліт Шалиудденов деген ноғайдікінде екі айдай жатады. Сол жатқанда «Әжібай болыс», немесе «Кім жазықты» деген романын өлеңмен жазып бітіреді де «Қазақ» газеті басқармасына бәйгеге жібереді («Қазаққа» жібергені жоғалып кеткен; Мұндағы әңгіменің көшіріп алғанынан қалған жерлері түгел емес). Әрі ауасы нашар, жайсыз үй, әрі Бағиланың күйігі, әрі жайсыз тамақ оның үстіне сарғайып қағаз жазу себепті Махмұттың қаны азайып, жүдеп, жөтел күшейеді, денсаулығын төмендетіп алады. Қайғы шерін қаламымен ағытып көңілі біраз сейілген соң, Махмұт тағы тіршілік қамына кіріседі. Тағы оқу іздейді. 1915 жылғы Зайсандағы июль жәрмеңкесінде Біләл мұғалім Қыдырмолда деген кісімен таныстырып, Махмұт бала оқытуға Тарбағатай тауындағы Терісайдың болысына шығып кетеді. Бір жаз, бір қыс Құрбан қажының ауылында тұрады. Тарбағатай тауының таза ауасына, сұлу қымызына жүзген соң Махмұттың денсаулығы азырақ түзеледі; көңілі де көтеріледі, жаздай қаражатты молайтып, қыс оқуға барамын деген үміті де күшейеді. Қыс оқуға жете алмайды. Болыстың үшкелінің үшетелінен жалдап оқитын болады. Декабрьде жазған хатында үшкелде 30 баланы мұсылманша оқытқаным үшін, айға бала басы бір сомнан белгілеп, ай сайын старшындары арқылы жиып беретін қылды. Үшкел басқару, бала оқыту, орысша оқу, әйтеуір уақытым бос өтпейді. Сондықтан былтырғыдан гөрі өмірім маңызды (серезный) болуға айналды деп, көңілім тәуір, қайдан білейін: «жарлының аузы аққа...» басқа қитың кез келіп қалып жүрмес, әлі сираттан өткенше көп қой...» — дейді. Айтқандай «Жарлының, аузы аққа тиетін жылы жыл мынадай болып Тарбағатайдан не түрмен қайтқаным езіңе белгілі ғой» – деген хаты (1916 жылы 15 ноябрьде) сол қорқынышын расқа шығарады. «Жыл мынадай» дегені белгілі, майдан жеріне жігіт алатын жарлық. «Байтал түгіл бас қайғы» азамат басына күн туып, Сұлтанмахмұт тұрған Тарбағатай елдері Қытай жеріне ауа бастайды. «Елден жиған малдарын ауған елде кетті» деп Қыдырмолда еңбек ақысын жеңді бермей қалады. Азы сегіз жүз, әйтпесе мың соммен қайтам деп жүрген Махмұт Терісайықтан 220 соммен қайтады. Оның үстіне Сұлтанмахмұт тың жасы да жұмысқа баруға дәл келіп, бас қамын іздеу керек болады. Ел аласапыран болып, Қытайға босып жатқанда, Махмұт август басында Семейге келеді. Сұлтанмахмұт Семейдің семинариясына кірем деп, талаптанады, Нұрғали Құлжанұлы жәрдем көрсетпек болады. Бірақ оқу басталмай келіп қалады да, Семейде жата алмай еліне барып келуге кетеді. Келсе, ел әбігер, жігіттерді көгендей тізіп алғалы жатыр. Сұлтанмахмұт та, жалғыз інісі Бәшен де майданға кетпекші. Кәрі әкесін уатып, қайтсе де біріміз қаламыз деп, үшкел сағаламақ болып, қайта Семейге келеді. Бірақ орыс тіліне кемдіктен семинарияға түсе алмайды, жалдап оқуға бір жағынан ақшасы жетпейді, бір жағынан онымен де жаны қалмайтын болады. Сонымен Махмұт дағдарып, аяғында Томға кетеді. Томға келген соң Махмұт профессорға көрініп, «30 сом шығып қылып, ауру себепті» қара жұмысқа бармайтын болып, Томдағы студенттердің курсіне кіреді; айына 8 сом төлеп курсте оқып, орта мектепке түсуге даярланады. Оқуға қатты шұғылданып кіріссе де, әрлі-берлі жүрісінен қаражатын азайтып алып, қыстың қара басынан ашаршылыққа айналады. Томда тұрғандағы қал-жайын Махмұттың өзіне сөйлетейік: «...Жұмасына екі ғана «әбет» етем (ет татамын), құр шай мен нан. Киім алғаным жоқ. «Киномотограф» вечерлерге бір мәрте де болсын, барғаным жоқ. Күні-түні айналдырғаным: ала қағаздың беті. Әбубәкірден басқа бір тиыным ақмақтық жолға кеткен тоқ. Он хат жаздым. Әбубәкірден әлі бір жауап жоқ. Мына шошқалыққа не жаның шыдар? Өз обалым өзіме. Мен оған, шәкірттік басынан кешкен деп, жұрттың бәрін сендей көріп сендім. «Қазаққа» бұл турада жаздым. Не өнеді? 25 сомды артымнан жіберіп болған соң үйдің кезіндегі бір зәру жұмысына қалдырып едім... Неше хат жаздым, хабар жоқ. Әкем менен малын не аясын? Бірақ ел болып қорқып, атты алады, малды жинайды деп, қалаға қатынаспай жатыр ғой деп ойлаймын... халім осы. Сонда да қайғырмаймын. Бір тиыным қалғанша оқимын. Сонан соң, тұрмыс қандай жүк салса да көтерем, бірақ көңілім оқуда болмақ...». Мұнда айтылған Әбубәкір Қарқараланың бір қаратаяғы Тарбағатайдан қайтарда Махмұттан 70 сом қарыз сұрап, бергелі тұрғанда Қапиз мұғалім түгел бергізбей, қарызға 30 сом береді. Со қарызын Әбубәкір першіл зарықтырып, бермейді. Сұлтанмахмұт қаражаттан тарығып, Зайсандағы таныстарына қолхат жіберіп, қарызға ақша сұрайды. Жалғыз-ақ Қапиз мұғалім 15 сом қарыз береді; өзге жерден жәрдем келмейді. Сол тұрмыстың нашарлығынан Махмұт қыс ортасына жетпей (ескіше 22 декабрьде) тыйтығы құрып, науқасқа шалдығып, оқуға жарамай қалады. Сонда да Махмұт кітап қараудан үзілмейді. Әбубәкірдегі қарызын алып, Қапиздің жәрдемі, тағы әлдекімдердің көмегімен үйтіп-бүйтіп, 16-17 жылдың қысын сонымен өткізеді. Оқудан өзгеге бұрылмайды, ешнәрсе жаза алмайды. Фезраль төнкерісі болғанда «Мұндай заманда қазақ оқығандарының қазақ ішінде болмауы иттік», елге қызмет қыламын деп, Махмұт 10 мартта Семейге келеді. Семейде қазақ жұмысын басқаруға 15 кісілік облыс комитеті сайланады. Комитетке бір мүше болып, Махмұт кіші хатшы есебінде қызметке кіріседі. Махмұт өлер-тірілерін ойламай, қызметті қызу істейді, қатардан, топтан қалмайды, күні-түні кеңес қағаз жұмысынан босамайды, елдегі жолдастарына хат та жазып жатады. «Алаш ұраны», «Таныстыру» деген өлеңдер жазып тұрады. Сол дүрмекпен, қызумен жүріп, Махмұт науқасын мүлдем асқындырып, шыңына жеткізіп алғанын білмей қалады, етінен айрылып, жағы суалып, көзі үңірейіп, күркілдеп жөтелуге айналады. Науқасы зілді боп бара жатқан соң, жазды күні қымыз ішуге өз еліне барады. Елде жүргенде Махмұт бойын күтіп, тағы тыныш жата алмайды, елдегі неше түрлі қиянат, жолсыз істермен күреседі. Елде елегізіп тұра алмайды. Октябрьге қарсы тағы да салып, Семей келеді. Семейде газет қызметіне кірісіп, бір жағынан оқуын оқи бастайды. Елге, қымызға барса да, науқасынан оңала алмайды. 4-октябрьде жазған хатында: «Сырқатым бар. Мен тіріде адамшылығыма міндетті істемекпін; жеткізбесе мен жазалы емеспін», – дейді. Қызметке, оқуға қанша алас ұрып, талпынса да, сырқаты жібермейді. «Ертең, 18 октябрьде Томға жүретін болдым. Бар үміттерімді қанша жимасам да, өзімді сауға есептеп, алдасам да, болмады. Жас жанымды, қызулы жүрегімді, топырақ астына төсеуден қорғау жұмысына кірісу ғана қалды. Барған соң бір профессордың айтқанын қылмақпын. Қандай жай болады? Құлақ түріп тұра көр... Өлім деген шіркін қорқытатын...» деп, науқасы жанына батқандығын білдіреді. Том дәрігерлері де оқуға да, іске де жарамайсың, елде бос жүріп, бойыңды күт деп, қайырады. Томнан қайтқан соң, Семей азаматтары бойын күтуге тобықты Медеудікіне жібереді. Қыс бойы бие сауғызып, қымыз беріп, Медеу қандай күтсе де, еңбегі жанбайды, оңалып кете алмайды. Елде жатса да Махмұт газетке өлең, хабар жазып жатады. «Неге жасимын», «Жас жүрек» деген өлеңдері сол кезде жазылады. 1918 жылы апрель айында Семейге келіп, дәрігерге көрініп, науқасының оңалмасына көзі жеткен соң, өлсем топырағым туған жерімнен бұйырсын деп, өз еліне — Баян тауына қайтады. Бұл жолғы келгенде, Махмұттың кім екенін ел таниды; оның ұлы қаламынан, Семей азаматтарына беделінен жуандар, жауыздар ығысады, шылаулар, кем-кетік оны арқа – таяныш қылады. Махмұт күркілдеп, булығып отырып, нашардың дауын даулап, ақылын айтып, жөн сілтеуден қажымайды. Сот-сайлау секілді елдің іргелі жұмыстары да Махмұтсыз шешілмейтін болады. Махмұттың турашылдығынан, әділдігінен арамзалар қаймығады. Ол кезде Махмұттың білімі де молаяды, пікірі де шынығады. Махмұт Томнан, Семейден кітапты көп оқып, терең мәнді кітаптарды елде жатса да оқудан босамайды. Орысша оқуы аз болса да, жарытылысына біткен зейіні, қайраты, талабымен орыс әдебиетін әбден түсініп оқиын болады. Герцен, Кропаткин, Бакунин, Толстой, Каутский, Плеханов тәрізді социалшыл, анархияшыл білімдандардың кітаптарын көп оқиды. Соларды оқып, білімі тереңдеп, пікірі орныққаннан кейін тар ауданды ұлтшылдық пікірден шығып, адам баласының бақытты өмір сүруін көксеп, «Кедей», «Адасқан өмірді» жазуға кіріседі. Махмұт бұрынғы қызу бетінен қайтып, қазақтың жақсы-жаман мінездерін білім кезімен қарап, сынап, қазақ өмірін зерттеп үйренеді, қазақтың ел болу, болмау нышандарын, себептерін тексереді. Бітіре алмай кеткен, «Қала ақыны мен дала ақынының айтысы» осы пікірін білдіру мақсатымен басталған еді. Қазақтың мақтаулы жақсы деген сыпаттарын дала ақынына, жаман жақтарын қала ақынының аузына салып, ақырында мәдениетті қалаға даланы жеңгізбек еді. Бірақ соңғы кезде жазғандарында, науқастың салдары жеңгендіктен көңілі бірде асқақтап, бірде төмендеп, күш пен әлсіздік, үміт пен күдік, ұлтшылдық пен адамшылдық араласып, аяғын үмітсіздікке, әлімге, көрге сарқатындық бар еді. Әлде құрт ауру жеңген адамның ой жүйесі сондай бола ма, әлде дұрыс ойлап, қорытқаны-ақ сол ма, әйтеуір соңғы жазғандары оқушыға ауыр әсер қалдыруы ғажап емес. Ол арасын сыншылар тексерер, біздің мақсұт: қай шығармасын қандай жағдайда жазғанын көрсету. 1918 жылдың жазында өз еліндегі Мәлике деген қызға Махмұттың көңілі кетеді. Махмұт бір кетсе, қатты кетеді. Мәликені жан-тәнімен сүйеді. Мәликені алса ауруы жазылатындай көреді. Мәлике жаңа оқып жүрген, қарақат көз, жұғымды, жас өспірім қыз. Әкесі кедей адам. Бірақ ол қызды Махмұттық жақын жолдастары да аламын деп, көңіл етеді. Олар малды, Махмұт кедей, олар сау, Махмұт ауру, олар жасағалы отыр, Махмұт өлгелі отыр. Махмұт қатты күйінеді, қынжылады, жолдастарына өлердегі сөзін айтып, Мәликені алып беріңдер деп жалынады. Мәликені оқытып жүрген, оның әкесін білетін Шерниязданға жазған хатында: «...Мен оны (М... ні) жаным-тәніммен сүйемін. Онсыз – дүние – қабыр. Тағдырым, жаным сенің қолында. Не жан бер тірілт, не өлтір, шала-жансар қылма мені! Сенін қолыңнан келіп түр. Не десең, сол болуға бір жасымда өлген апамның сүтімен ант етемін», –деп жазады. Жолдастары Махмұтты аяйды, Мәликені айттырады. Махмұт шаттанады, қуанышын қойнына сыйғыза алмайды. Семейдегі жолдастарына: «Біздің Мәлике, шырағым періште, Семейге алып барам. Біздің Мәликенің түрі — сендер менің үйімнен шықпайтындық, тапқан-таянғандарыңды маған беретіндік», — деп жазады. Махмұт Мәликесін көргенде мәз болады. Соңын қаралдысын көрсе, өмірі өмір сияқтанады. Ол қазақша күйеу болып, иба қылуды білмейді; «Мәлеке жанды» көрем деп, тал-түсте ата- енесінін үйіне кіріп барады. Мәлике ауылдас ағайындарының қызы. Махмұт ауылына ерке, ата-енесі ұялып, үйден шығып кетеді, Махмұт бас салып Мәликесін сүйеді. Бірақ Мәликесін ала алмайды. Тілегіне жете алмайды. 1919 жылдың аяғында Сібірде Колчак үкіметі құлап, қызылдар Керекуге келді дегенді естіп, ауырып жатқан ақын: «Жолдастарға жолығым» деп, қыс ішінде ат жалдап, 200 шақырым қалаға салт барады. «Аласапыран заманда жазым боп оққа ұшырарсың»,— деп жақын адамдар тоқтау айтса да: «Бұл жолдан өлсем, арманым жоқ» деп, тілдерін алмайды. Керекеуде қызыл әскердің бастығы Жигарев деген кісіге жолығып, қуанышын білдіріп, кедейлер үкіметіне құтты болсын айтады. Жигарев Сұлтанмахмұт тын кім екенін, жай-күйін сұрап, кеңес үкіметінің жолын еліңе түсіндір деп, қызмет тапсырады. Елге сайлаушы (инструктор) шыққанда, үш-төрт болыс елдің сайлауына Махмұтты бірге ала жүреді. Үкімет жолын елге түсіндіріп, сөйлеймін деп, комитетке кедейшіл, дұрыс адамды сайлатам деп, ел аралап жүріп суық тиіп, зорланып қалады. Ақбеттау жуандары: Махмұт — «бұзылған», «жынды» деп, жамандаса да, сайлаушы болыстық комитетке мүше қып сайлап кетеді. Кедейлер Кеңес жолына түсінбей, Махмұттың тілін алмай, жуандардың соңына еріп кетеді. «Ревкомға сайлауда, бұл жақтағы жуандар Николай заманынан кем ұмтылған жоқ. Сайлау басында кедейлер бір ауыздан: «Торайғыровтың керегі жоқ», — деді. «Міне жеткізем деп жүрген кедейіңнің оянғаны» деп жазады. Әйтсе де елдің дау-шары, тобы Махмұтты үйде жатқызбайды. Жаман үй, сасық ауада түтін жұтып, бітпес дауда жүргенде, науқасы бұрынғыдан жаман күшейіп, меңдеп қалады. 20-жылдың апрель аяғында Махмұт жүруге жарамай, төсек тартып жатып қалады. Сол жатқаннан қайтып тұра алмайды. «Тым болмаса екі жыл тұрмадым: іштегіні түгел жарыққа шығара алмай кетіп барамын» деп, арман етеді. Ең болмаса «Қала ақыны мен дала ақынын» бітіре алмадым» деп, арман етеді. Ең болмаса «Қала ақыны мен дала ақынын» бітіре алмағаны да өкініш болады. Сүйтіп, күрт жайлаған кеудесін қалың қайғы, ауыр арман кернеген, ет жүрек жас ақын жадыраған жаздың нұр төгілген сұлу күнінде жарық дүниеге хош айтады. Ол күн 1920 жылдың (жаңаша) 21-інші май күні еді.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙