Мазмұнға өту
Home

Несіпбек Айтұлының шығармалары IІІ том

Несіпбек Айтұлы

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Несіпбек Айтұлының шығармалары IІІ том

Авторы: Несіпбек Айтұлы

Қазақтың көрнекті ақыны, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лау­реаты Несіпбек Айтұлының көп томдық шығармалар жи­нағы­ ның үшінші томына әр жылдары жазылған өлеңдері, толғаулары, поэмалары енгізілді. УДК 821.512.122 ББК 84 (5 Қаз)-5 А 32 Айтұлы Н. Шығармалары. 7 томдық. – Астана: Фолиант, 2014. ISBN 978-601-7568-35-1 Т. 3. Өлеңдер, толғаулар, поэмалар. – 400 б. ISBN 978-601-7568-072-3 ISBN 978-601-7568-072-3 ISBN 978-601-7568-35-1 © Айтұлы Н., 2014 © «Фолиант» баспасы, 2014 Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша жарық көрді А 32 УДК 821.512.122 ББК 84 (5 Қаз)-5

ӨЛЕҢДЕР, ТОЛҒАУЛАР

ҚАРА ЖАРТАС ШЕР ТӨКПЕС Шын ақында айтылмайтын сөз қалмас, Не жасырсын тоңған жүрек, тозған бас? Сен – бір сұңқар ұшып-қонған айналып, Мен – бір жартас қонысынан қозғалмас. Қайғысы жоқ қара жартас шер төкпес, Ғайып құсы қайта тумас сен тектес. Оятпасаң найзағайдың оғымен, Менің мылқау көкірегім селт етпес.

АҚЫРҒЫ АҚЫН МЕН ЕМЕС Думан қудым, той-тойлап арақ іштім, Айбақ-сайбақ артымда аламыш күн. Құр қалардай өңмеңдеп өндіршегім, Сағымменен сандалған сан алыстым. Арпалысып жүргенде жын ұрғандай, Қарқынына ілесіп қара күштің, Тұратынын білмеппін титтей ғұмыр Қалт-құлт етіп ұшында тарамыстың. Тоя білмей, япыр-ау, іше білмей, Байғұс жүрек, орынсыз күшедім бе, ей? Қағып қалсаң дың етер тозған жүйке, Жіңішкерген домбыра ішегіндей. Бір үзілсе жіп емес жалғанатын, Қорқытады қатерлі мүшелімдей. Мен кеткенмен табиғат бермес шырай, Мың түрленер, құлпырар алғашқыдай. Опырылмас өзегі темір емес, Адам өлер, тек қана өлмес құдай. Тілегіңді Тәңірі бере бермес, Келе бермес бәйгеден кербесті ұдай. Мәңгілікті адамзат арман еткен, Ақырғы ақын мен емес зарлап өткен. Салса құрық жететін құдық емес, Дүниенің түбіне бар ма жеткен?

Алыс-жұлыс, жанталас бір тіршілік, Тіс-тырнағы ғасырдың қанға бөккен. Араласып тартыстың додасына, Қарамаппын жөні мен жобасына. Атымды айдап аласа, тар қақпаға, Соққы тиді арбамның доғасына. Өгіз жексем жүрер ме ем аман-есен, Кіріп алып күйсейтін қорасына. Үріккен қойдай көп тобыр қараған ба Көзден аққан жалқының сорасына? Жетелесе жезөкше бұлдыр елес, Мәжіндейсің сау да емес, жынды да емес. Келер күннің әлпетін тану қиын, Дүниенің бет-жүзі күлді-көмеш. Бая-аяғы бейнеттің бір бұл емес, Бір теріде кім толып, кім жүдемес? Жығылғанда жаныңда жақын қалар, Жан досыңның жүрегі зақымдалар. Ит көтінен ине алған арсыз жалған, Өз саудасы жүргенге мақұл болар. Саңырау да меңіреу жалғыз мешкей, Жұтқан сайын бәтшағар батылданар. Өңі жылы өмірдің жүз дегенмен, Қызық қымбат үйің мен түзде көрген. Быж-тыж болған моншақтай, мөлдір күндер, Қай қуыстан табамын іздегенмен? Көктемеден үмітті үзбегенмен, Кім көріпті жыл құсын күзде келген?..

ПІРЛЕРІМ, ЖЕБЕҢДЕР! Жебеңдер, пірлерім, сендер мені, Жетімің тағы, міне, телмеңдеді. Үстінен ұшқан құсты қағып түсер, Осынша жұрттың бәрі мерген бе еді? Шетінен шұбырған бір аң көргендей, Тартады оңды-солды қолмергендей. Шайқайды шаңырақтай мүйіздерін, Тәңірдің өзі келіп шен бергендей. Қуалап қатты соққан жел ағысын, Еш кеткен ескермейді қара күшін. Байқасам көн илеген күмпілдек көп, Ширатып шикі сөздің тарамысын. Кеткен соң жастан ұят, шалдан – тәуба, Аттарын қамшылайды таудан-тауға. Тырп етсең дүрелейтін түрлері бар, Жан қалмас сұрамасаң ханнан сауға. Жебеңдер, пірлерім, жетіміңді, Шешейін дария көрсем етігімді. Өлермін қаңғып жүріп соңдарыңда, Кеспесе не басымды, не тілімді.

ҚАЛАММЕН СЫРЛАСУ Үстінде ақ қағаздың жорғалаған Қаламым, қуат берші сен де маған. Ешқашан шаршамашы, өтінемін, Төгілсем өлең болып сорғалаған. Тайпалған жүрісіңнен сен жаңылсаң, Болдырған шабан аттай жолда қалам. Қолдашы қасиетті қиеңменен, Ақының жоқ еді ғой қолдамаған. Абай да қайғы-мұңын саған шағып, Күні жоқ «қазағым» деп зарламаған. Ілияс, Мағжан, Қасым, Мұқағали – Емес пе сенің киең қонған адам. Алмасып саусағынан замандардың, Солардан мұра болып маған қалдың. Төгумен жүрек сырын өз әлінше, Жармасып, талап қып жүр саған да әркім. Қолында ақындардың жарқылдай бер, Қор болмай шимайына надандардың. Келемін саған ғана сүйенумен, Ішінде ала-құла адамдардың.

МЕН ТӘҢІРІ ТҰТСАМ ДА Жетегінде қиялдың, Ердім елес соңынан. Кейде өзімнен ұялдым, Өз құнымның жоғынан. Мұнарасы Мысырдың Көрінгендей елірдім. Қашпай қалған қысырдың Уызына семірдім. Бар-жоғымды ұмытты Жүйрік жылдар желқуық. Ұшып-қонған үмітті Жете алмадым мен қуып. Таң атқанға – күн батқан, Тірі жан бір өлмей ме? Сөз сауғанға тіл-жақтан, Берсе, маған бермей ме?! Жыр баласы – жетімек, Мен Тәңірі тұтсам да. Жарқ етпеді көкірек, Найзағайды жұтсам да! Шамырқанған көңілде Шаңқылдайды ақ бүркіт. Көмейімнен өмірге Кетсем бе екен от бүркіп?!.

БОЗБАЛА КҮНДЕР Бозбала күндер менен жеріген, Көрген бір қызық түс екен. Айналып ұшып төбемде жүрген Қызылды-жасыл құс екен. Кәусардай мөлдір өмірге құштар, Махаббат әнін мәңгі айтып – Сүйкімді сазды сиқырлы құстар, Келмейсің енді сен қайтып. Жыл құсы қайта келеді шұбап, Атқанда толқын көк сулар. Қайтейін бірақ, қайтейін бірақ, Ішінде соның жоқсыңдар.

ҚАЙҒЫ – МЕНІҢ ҚАЗЫНАМ Акқу-қаздай айдынында жүзбесем де байлықтың, Шашып-төгіп, шайқап ішіп, кілкілдеген май жұттым. Пендеге тән күпірлікпен құмар ойнап көріп ем, Қуаныштан жұрдай болып, есесіне қайғы ұттым. Несібеме бұйырған соң қайғы – менің қазынам, Удың бетін у қайтарса, ауыр дерттен жазылам. Құдай өзі беріп жатса, артық дәулет бас жармас, Адамзатқа не нәрсенің молы жақсы азынан...

ЖҮРЕГІМНІҢ ЖЫЛ ҚҰСЫ Күндер, күндер – жүрегімнің жыл құсы, Қызығыңды жырлап бітпес бір кісі. Жылап келсең көз жасыңды сүртеді, Аппақ бұлттар – көк аспанның сүлгісі. Бақыт нұры – маған қарай ұшқаның, Тар ғұмырдың көпсінбеңдер пұшпағын. Желпіп өткен лептеріңе масайып, Ләйліп кетсін торын құрған дұшпаным. Қайта тауып өкпелескен дос-жаран, Көңілді бір әуелесін асқақ ән. Қылпылдатып қайрап кетсін көзелдер, Семсерімнің жүзін тоза бастаған. Қайта оралып сонау алыс жылдарға, Алтын бұлақ ағып жатса жылғамда, Рахаттанып күлген бала болайын, Күйгелек шал өз сақалын жұлғанда. Бір шықпаса биігіне шарықтап, Менің кеудем – қурап-солған ғаріп бақ. Ыстық қиял құшағында балқиын, Ақ ордалар көз ұшында қалықтап.

Ұшқан түтін шаңырақтан көкке өрлеп, Мал мамырлап бара жатса бөктерлеп. Қиса Тәңірім тамылжыған сол сәтті, Мына өмірге мысқалдай бір өкпем жоқ. Сылдыр қағып күміс дүние шолпысы, Толса ғазиз үмітімнің олқысы. Тұрары хақ темірқазық жұлдыздай, Жарық сыйлап ғұмырымның сол тұсы!

ӨЗІМДІ ТАНЫСТЫРУ Бауырында Барқытбелдің туған ұлмын, Бесіктен белім шықпай мұң жамылдым. Тіршілік көз алдымда жүз құбылды, Жүніндей жалт-жұлт етіп қырғауылдың. Жасырған жанарына жайдың оғын, Сырына қанып өстім бұл дәуірдің. Қаңбақтай жел аударған дөңгеледім, Өтінде үдей соққан сұр дауылдың. Бабамның басқан ізін қайталаумен, Тау астым, тасты бастым, құмға кірдім. Шарқ ұрып шартарапқа талпынғанмен, Тартылып сым темірдей сында жүрдім. Аңқылдап ақ тұмадай ақтарылдым, Астынан кір іздесе тырнағымның. Астында төс балғаның шыңдалдым да, Алмастай жүзі қайтпас суғарылдым. Осылай арпалысып аз ғұмырда, Көріппін көрмегенін мың да бірдің. Тон киіп, топты жарып, төрге шықсам, Арқасы құдай берген тіл-жағымның. Жүрегі туған елдің сәл ауырса, Сырқырап сай-сүйегім бірге ауырдым. Діңгегі болмасам да тіреп тұрған, Сеп болар бөренеге сырғауылмын...

МІНЕЗ Ашу менен сезімді үрлеп оттай, Бірде жағам жалпыға, бірде жақпай. Осқырына қараймын қос бүйірге, Үйрене алмай дәртеге жүрген аттай. Лапылдасам өртеніп өз-өзімнен, Лақылдайды қызыл шоқ өзегімнен. Жалыныммен шарпысам жоқ қыламын, Әлдекімнің бықсыған тезегін мен. Сыр тартқансып сұмпайы суыртпақтап, Абайсызда ақырын у ұрттатпақ. Айналсоқтап қасымнан шықпағанмен, Ағайынның жүргені аз үмітті ақтап. Келгеніне танытып мырза қылық, Жіберемін жөніне ырза қылып. Қылдан тайсам қылтиып, қыдыңдайды, Қорасына түскендей түн жамылып. Көрмесем де өгіздей там сүзгілеп, Шамшыл көңіл, кінәмшіл қаншыл жүрек. Қисық ағаш секілді қу мінезді, Түзете алмай әуремін сан сүргілеп. 2-326

БОЗТОРҒАЙДЫҢ ЖАҒЫ ТАЛМАС Өлең өлді деген жанның алдыменен өзі өлген, Күпіршілік қылғандардың оңбайтынын сезем мен. Жаратқанның жерге төккен ол-дағы бір зауалы – Көктен тамшы бұйырмаса гүл ерніне кезерген. Қаншама ақын ілінсе де қаһарына әмірдің, Өлең көнбес қорлығына бұл фәнилік зәбірдің. Кір шалмаған ақ қанаты күнәдан пәк сезімнің, Пейіш төрін нұрландырып, жаққан оты Тәңірдің. Талайларды тылсымына таңғалдырған бір ғалам, Сәулесіне алдандырып, сырын ашпай жүр маған. Аш өзегін жарып шыққан жапан түздің төл құсы – Бозторғайдың жағы талмас таң бозынан жырлаған.

ҮМІТТІҢ СЫНЫҚ КЕСЕСІ Суынған жүрек сыр төкпес, Сарқылған көздің жасындай. Безерген тағдыр бүлк етпес, Қайғының қара тасындай. Ақыл мен айла шарасыз, Шабыттан дауыл шақырмай. Ақын да кейде панасыз, Қаңғырып жүрген пақырдай. Көрмесе жұртың не дейсің, Көсеудей отқа күйгенмен? Өмірге мынау өгейсің, Өзегің талып сүйгенмен. Азап пен сорды ал қабыл, Ешкімге кетпес есесі. Қолыңа тисе тәуба қыл, Үміттің сьнық кесесі. Жұбаныш көрме жылауды, Бұл жалған кімді жерітпес? Көңілге түскен қырауды Көзіңнің жасы ерітпес.

СӨНБЕЙ ҚАЛҒАН ҚОЛАМТА ІЗДЕП... Жаппар ием, жабыққанда жалғызыңа бол тірек, Жел айдаған жетім қаңбақ қайда бармас тентіреп? Тоңған жаным қалтырады жылынатын жер таппай, Сөнбей қалған қоламта іздеп, көшкен жұрттан ел түнеп. Әлек болып әуреге түскенменен құр бекер, Бір қиырдан ұшқан тозаң пәк жүректі кірлетер. Арман деген – өкпесі алтын, бауыры мыс жезкиік, Келте жалды, шолақ құйрық жылға мініп кім жетер? Көрешегім не болса да бір өзіңнен, уа, жалған, Берешегім шашымнан көп, аласым жоқ ажалдан. Кімге апарып жөндетемін орта жолда қалғанда, Шиқылдаған ескі арбамның дөңгелегін қажалған? Тозып біткен тебершігім жамағанмен жаңармас, Күнің бітпей күркіреген әзірейіл жан алмас. Қайырымы ада болып, қаһарына мінгенде, Құдіреттің алақаны – қылпылдаған ақ алмас!..

ТУҒАНША АҚЫРЗАМАН Жетпеппін қадіріне көп күндердің, Өтінде қаңғалақтап өткір желдің. Қураған жапырақтай жаным күйді, Шарпылып жалынына от тілдердің. Күлуге үйренген жұрт күйрегенге, Құласаң дайын тұрар түйрегенге. Арбадай күпшегінен сазға батқан, Үмітті кеудем өрге сүйрелеуде. Сене алмай өзіме де, өзгеге де, Ұқсадым келте қиған кездемеге. Ботқасын божытқанда езбе неме, Мұң шақтым бозторғайдай боз көдеге. Бір сырым бұл өмірден әзір ұққан, Қайыр жоқ қазылық пен қажылықтан. Басыңды тауға ұрсаң да, тасқа ұрсаң да, Көз жұмбай құтылмайсың ажырықтан. Замана жүгін артса ерқаштыға, Жасытар жарқылдаған алмасты да. Бетіңе сүзе қарап жөн айтады, Байқамай бажырайсаң албастыға.

Соққыдан сенделесің неше батпан, Елестеп ай мен күнің кеше батқан. Кіндігі дүниенің кері айналып, Озғандай таңданасың есек аттан. Жаутаңдап оң мен солға жалтақтайсың, Жаныңды түсінетін жан таппайсың. Ой келіп үйіргенде диірмендей, Қой жеген күтірлетіп жантақтайсың. Кес-кестер қайда барсаң бір өлермен, Ішінде не жатқанын біле бермен. Жатырдан кім қағынып туар дейсің, Жамандық жабыспаса жүре көрген. Талайдың құмға сіңер күші бекер, Қиырға қандай жіптің ұшы жетер? Шаршап кеп бір төбеге тізе бүксең, Басыңнан көрінген құс ұшып өтер. Ұрса да лықсып, тасып қан жүрекке, Қалғандай құла дүзде жан жүдетпе. Ол-дағы тағдыр жазған бір несібең – Қарақұс тас төбеңе саңғып өтсе. Жаңармас өмір оны жазғырғанмен, Зәнталақ төмендемес азғырғанмен. Тірінің аспан мен жер арасында Сүруге хақысы бар аз күн дәурен. Күшіген қонғанынша қайта жерге, Қыранға сәлем бермес, айта көрме.

Кездейсоқ шыға қалса сайтан өрге, Биіктен тас жаудырар байтақ елге. Бүлінбе, оған босқа күйінбе де, Жетеді жұлқынғанмен күйің неге? Аударып тура жолдан табаныңды, Торыдай тоқым батқан бүйірлеме. Арына адамзаттың тапсыр бәрін, Төрдегі тілінсе де ақ сырмағың. Ұяттан жұрдай болсаң, қамсау болмас Тәніңе тоғыз қабат жапсырғаның. Туғанша ақырзаман жол қысқарып, Бәріне төзіп бағар көнбіс халық. ...Тұлыпқа мекіренер хайуанат та, Жағына қинай берсе кергіш салып. Қазбалап қайте қоям көп кемісті, Ойылар таптай берсем теп-тегісті. Долданса төңкереді теңізді де, Жерде – елім, Құдай ғана – көкте күшті.

БАЛАҚБАУЛЫ БҮРКІТТЕЙ Жарасам деп алқындым – керегіне халқымның, Базарында өмірдің таразыға тартылдым. Ұйықтап кетсем қапыда қара тасты жастанып, Артпа кінә мойныма, ей, болашақ – жарық күн! Есігімді қаққанша хабаршысы ажалдың, Өзегіне өлеңнің жүрек сөзін жазармын. Биік жартас басына сирек қонып саңқ еткен, Балақбаулы бүркіттей анда-санда сөз алдым. Құлашымды серпейін құс қанатты пенде боп, Тарбағатай, Өр Алтай, Хантәңірі, бер медет! Төрт құбыла төріне өз сәулемді шашайын, Ай астында айналып, күн астында дөңгелеп! Қанатымнан бұрқырап ұшып түссе қауырсын, Мен үшін де, туған ел, жаның бір сәт ауырсын. Бауырынан ақ бұлттың ажыраған шүйкедей, Көкжиекке құлаған көлеңкемді танырсың...

АУЗЫҢА ИТ ТЕБЕДІ Отты сөз өзек жарған тіл қарымас, Ақыным, әр қиырға ұрма құлаш. Қайтесің қу жаныңды қажай беріп, Көк дөнен – көңіл, шіркін, күнде арымас. Әу баста пешенеге жазбаған соң, Алтынға бөлесе де құл жарымас. Бұйырған тауқыметтен мойын бұрмас, Илеуге көніп біткен былғары бас. Жабырқап жаратқанға қойма кінә, Жетесің жоқшылықтың қай жағына? Жаяулап жүгіргенмен діңкең құрыр, Азаптың ат шаптырым аймағына. Неңді алған көш түзетіп, керуен тартқан, Жүгің жоқ артар қотыр тайлағыңа. Тәубе қыл, таудай тасты көтерсең де, Тобықтай тамағыңның тоймағына. Қырсықса, қара тышқан қожа болар Қақпақсыз қазандағы қаймағыңа. Болған жоқ биылғы зар былтырдан кем, Аузыңа ит сариды ұмтылғанмен. Қыл тұзақ жібермейді қылқынғанмен, Жұлының үзіледі жұлқынғанмен. Аспанға шілдің боғы шырқап шықты, Қолыңа қарға тышпас құр тұрғанмен.

Жұтса да жұмыр жерді жұғын көрмес, Дүниеде нәрсе бар ма құлқыннан кең? Түссе де төбесінен құлап аспан, Өлген бе торғай барда жылан аштан? Өзегі қасқырдың да тала қоймас, Жымып кеп, қой шетінен жұла қашқан. Қылтиса қызыл сирақ жұт төбесі, Күңіренген ақынға кім құлақ асқан? Дөңге алып шыға алмайды желгенменен, Көтерем астымдағы құла қасқам. Түрінен тіксінесің мына күннің, Тірсегін бұралқыдай бұра басқан. Алдында ағайынның торығасың, Есігін туған елдің жылап ашқан. Табылмас аузын бүрген ала қоржын, Арқасы алты қырлы бұл Алаштан. Шашылған құмалақтай сай-салада, Қазақтың күні ұқсайды бейшараға. Сорының сорпасынан сораптайды, Солқылдап салмақ түссе ой-санаға. Сабында саптыаяқтың – сары сайтан, Безбүйрек бүлкілдейді тойса ғана. Ібіліс елді ірітіп, жер шірітіп, Шаптырар мамығыңа, майсаңа да. Жоқтауы жеті өмірге жетерліктей, Дауыс сап, қара шашын жайса дала... Егілме енді, ақыным, сен де аялда, Кім білсін, хикмет тұр қандай алда?

Дөй-дала қаңғып кетпей, аңдып сөйле, Орынсыз орғи бермес ор қоян да. Бәрібір шіркей шаққан құрлы болмас, Шекесі шегірендей көп жоянға. Билігім жүретіні – жалғыз қалам, Салатын мен жұмсасам жорға-аяңға. Тапсырам тағдырыңды ақ қағазға, Растап айтқаныңды, қол қоям да...

УАҚЫТТЫҢ БАБЫН ТАППАЙ Заманның сиқын кеше күлкі етіп ем, Шошиын дедім бүгін сүрпетінен. Сілкініп жүре берді шыр айналам, Сәл ғана сынған шидей сырт етіп ем. Қояндай көлеңкемнен үркетін ем, Ауылдың ит үрсе де бір шетінен. Тып-тыныш теңіз тулап қоя берді, Тамшыдай аунап түскен бүлк етіп ем. Тажалы оянғандай зіл-заланың, Ашпайды ашуланған күн қабағын. Тырсылдап терісіне сыймай тұрған Уақыттың бабын таппай зыр қағамын. Әлемді түк түсінбей аңырайған, Бір дүлей жайпап жатыр бадырайған. Жарылып кетер ме екен мына өмірдің Тамыры шекесінің адырайған?..

ЖЫЛДАР ӨТТІ Жылдар өтті нәзік сәуле іздеумен, Күле қарап, ызғар шашқан жүздерден. Мұз таулардың қойнауындай сіресіп, Қалды менің қырау шалған мұз-кеудем. Маған ғана тұрғандай-ақ күн қызбай, Қалтырайды бақшамдағы гүл мұздай. Кірпігіме қатып калды байланып, Мұз тамшылар кіп-кішкентай жұлдыздай. Шақырғандай борандатқан өлімді, Ойым онға, санам санға бөлінді. Бір сұлуды өліп-өшіп сүйіп ем, Оның да ерні мұздай суық көрінді. Кешір, мені құрсаулаған мұз-әлем, Өмір сүрсем саған деген ызамен. Ең болмаса жүрегімді суытпа, Бауырыңа жеткен кезде біз әрең!

МЕНІҢ ЖҰМБАҚ ТАҒДЫРЫМ Ей, ағайын, кел бері, күдіктенбе, Шырық бұзар емеспін бүлік пенде. Ар жағыңды отырам көріп-біліп, Бармағыңды бірақ та бүгіп келме. Өзің ішер өзенің лайланар, Тас лақтырсаң мендегі тұнық көлге. Қарап жүріп қазандай өкпең неге? Түсінбесең түңілме, кектенбе де. Адасқам жоқ ел аман, жұрт тынышта, Таласқам жоқ шенге де, шекпенге де. Менің жұмбақ тағдырым секілді бір Тұңғиықтың түбіне шөккен кеме. Шаршап жеткен жолаушы ем қанша жолдан, Қас-кірпігім көрінбей шаң-тозаңнан. Атан тартқан азапты бота көріп, Азып-тозып, арқа етім арсаланған. Шөккен кемеге ұқсасам сөкпе мені, Толқын ұрып бір кезде парша болғам. Өткен күннің шығармай зарын естен, Шетен едім жартасты жарып өскен. Мұсылманнан безініп доңыз баққан, Аулақ салдым іргемді жарыместен. Кең аспанның астынан пана таппай, Ары көшкен қазақпын, бері көшкен.

Тасқа табан тілдірдім жосылдырып, Қараңғы сай, тар кезең шошындырып. Шыр айналып шықсам да шартарапты, Тонаса да қарақшы шешіндіріп, Қасиетін халқымның тонатпадым, Бесігімді арқалап босып жүріп. Қаңғыдың деп жүктеме кінә маған, Кезім аз ба болдырған, тұралаған? Келеді әлі жалғасып қуғын-сүргін, Басталған сол «алқакөл-сұламадан». Мен жыласам, солқылдап сен де жыла, Көзің ақсын өзіңе жыламаған. Жетісесің желігіп несіне сен, Қазынаңды қолыңмен көсімесең. Жуындыға майланып үлпершегің, Шыбын саңғыр аузыңа есінесең. Ит екеш ит таламас ұяласын, Иттігіңді түсірші есіңе сен! Сең көшуде бүгінде, сел көшуде, Шыдаймысың дауылмен белдесуге? Шілдей тозып, тарыдай бытырадық, Жарай алмай өзара селбесуге. Тату болсақ түп-түгел тұрмас па едік, Толған айдай толықсып он бесінде. Не жетпейді саған да, маған да осы? Ортамызда атаның аман қосы. Біздер қайда, ел қайда, басқа қайда, Қайда тартып барады заман көші?

Қандасыңды қалайша жатырқайсың, Қазақ тұр ғой, Адамның адам досы! Ашынғаннан зар жұтып, мұң шегемін, Көлеңкелі көңілге нұр себемін. Босағасын елімнің бекітетін, Бірі болсам деп едім мың шегенің. Сықпытыңды көрдім де секем алдым, Осыншама дүрегей, дүмше ме едің? Шынын айтсам, шамданып, екіленбе, Сенен менің жанымның оты кем бе? Алып қашып бөркімді әуре қылма, Кібіртіктеп тұлпарым, шекігенге. Тоным тозып, келсем де атым арып, Жарық менің әйтеуір бетім елге.

БІР ҚАЗЫНА Жету үшін өмірдің гүл жазына, Бәрімізге жетпей тұр бір қазына. Оны табу мүмкін емес, ағайын, Қосылмасаң жүрегімнің сазына. Сол қазына сары алтындай сусыған, Қалың елден табылмай тұр сыңсыған. Жатыр ма әлде жан аяғы баспаған Қияндардың қиянында бір шыған? Белгісіз ғой – аспанда ма, жерде ме, Жабыла кеп іздемейді ел неге? Періштенің қалтасында жүр ме екен, Көрінбейтін көзі тірі пендеге? Табылмаса тыныштық жоқ төрімде, Арба сынар, өгіз өліп өрінде. Әлде мүмкін жасырынып жатыр ма Жеті атамның біреуінің көрінде? Түбінде бір қайдан болсын ол шықпай, Тағдырымыз тіске басқан талшықтай. Күн қызғанда құритының тағы анық, Көктемдегі көлге құймас шалшықтай. Іздеп табу мүмкін болса, ағайын, Айтқаныңның бәрін істеп бағайын. Сүйіншіге қиып қылдай жанымды, Домбыраңның пернесіне тағайын! 3-326

БАУЫРЫМ, СОНАУ КҮН ҚАЙДА? Бауырым, сонау күн қайда, Алыстан қолын бұлғай ма? Алдыңғы кеткен керуен Артына мойын бұрмай ма? Бұлдыр да бұлдыр бел асып, Бұлдырық құсап зырлай ма? Ойланып, байқа мұндайда, Қуаныш қайда, мұң қайда? Көріктей үрлеп көрерсің, Заманың көнсе ыңғайға. Құм шөлмек тектес ғұмырың Қапыда бір күн сынбай ма? Сыбызғы тең бе сырнайға, Тобылғы тең бе ырғайға? Уызға жарып өскен ұл Қазанның түбін қырнай ма? Қайғысын көптің тартпасаң, Көк тиын құның тұрмай ма? Жағаны толқын ұрмай ма, Арнаны тасқын бұрмай ма? Сөзіңнің сиқы түзелмей, Көзіңнің жасы құрғай ма? Тереңге тартқан тамырды Тасқын-сел келіп жұлмай ма? Сүрінген ерге сын қойма, Бүлінген елге мін қойма!

Азапты жанның арызын Таскерең тағдыр тыңдай ма? Боз көде басы бозторғай, Бебеулеп соны жырлай ма? Айналып соғып бұл жайға, Айтуға, сірә, тіл майда. Тарылған іргең кеңеймей, Тарыққан көңіл жырғай ма? Арпалыс көрмей азамат, Арғымақ атты ылғай ма? Жалғыздың үні мыңдай ма, Жібектің жібі қылдай ма? Ұлыған үрей ішіңде, Жараңның аузын тырнай ма? Талауға түскен тұлпардың Тұрманы, бәлкім, жұрдай ма? Батқанда бәрі шымбайға, Батамын мен де түрлі ойға. Көнеден калған күмбездер Шағады мұңын түнгі айға. Күмбірлеп шыққан қоңыр үн Күңіреніп барып тынбай ма?..

БАСЫМНАН ҚЫМБАТ СӨЗ ҚҰНЫ Жалынын кешіп жас шақтың, Дос таптым талай, қас таптым. Алыстан көзге шалындым, Маңдайы құсап қасқа аттың. Арманның белін талдырмай, Жалғанның сырын ашпақ кім? Ойға да түстім, опындым, Тауға да шықтым, тас қаптым. Артымда қалды асқақ күн, Азырақ шаршай бастаппын. Терісі қалың жылдардың Тоздырып тонын тастаппын. Өксігін жұтып мың күйдің, Өтіме ащы мұң құйдым. Аранын ашып жыландай, Десе бір тағдыр қылғимын, Шырылдап тұрып, шыбындап, Несіне басты шұлғимын? Бетінде өр мен ылдидың, Сусыған желдей сырғимын. Бауырлап ұшқан бұлттардың Басынан бір-ақ ырғимын. Тұяғы батпас жыртқыштың, Бөтегем болат қырғимын.

Тайынбай түсіп топқа мен, Тұлпардың түгін жоқтап ем. Періште келіп қаққанша, Пері кеп соқты ноқтамен. Айналды бәрі елеске, Жетем бе қуып жоққа мен? Алтынды ердің арқасы – Опырса сынбас оқпан ем. Сүрлеудің таныс тармағы – Атадан қалған соқпақ ем. Өзенді судың аңғары – Өткелсіз жерге тоқтап ем. Өлеңге орап жанымды, Өмірлік қамал соққан ем. Үзілмес үміт сол шығар, Үркітпес қанды соқтамен. Бақилық пенде, сез мұны, Басымнан қымбат сөз құны. Құмырсқа тірлік кімде жоқ, Көп көрген құлдай езгіні? Әліне қарар Аязби, Әркімге ауыр өз жүгі. Уақыттың ұшқыр тездігі – Жалт ете түскен көз нұры. Жалп ете қалса қарғадай, Жаманның шығар ездігі. Күйрейді құстың момыны Кезқұйрық пәле кез күні. Ажалдың өткір азуы – Алланың алмас кездігі.

Жел мініп жылды қусаң да, Жаныңды нұрмен жусаң да, Желкеңді қимай қоймайды Жез мойын болып тусаң да. Қаларсың түбі құрсауда, Жылауға келмес мұрсаң да. Қапаста мейлі тұрсаң да, Қанатың барда бір самға. Өмірің екі келмейді, Басыңды тасқа ұрсаң да. Торғайдай тірлік ұстатпас, Сиқырлы тұзақ құрсаң да. Табаның тайса тұрмастай, Тимейді қайтып ұлтанға. Талықпас тұлпар болсаң да, Бір шаңды қосқан бір шаңға, Көк бұлттың көлеңкесіндей, Бетіңе түсер сұр таңба. Салатын шақта мен дүбір, Ей, тағдыр, салма сен дігір. Таңдайға тамшы тамызсаң, Талыс боп қатқан көн жібір. Маздайтын кезде енді бір, Ішімде қанша сөнді жыр. Айтарымды айтып кетейін, Азғантай ғана бер ғұмыр!

ҚЫРЫҚТАН АСҚАН ШАҒЫМДА I Қырықтан асқан жастамын, Қырқылжың тарта бастадым. Құбыла соққан құйындай Қылықтың бәрін тастадым. Қайқаңға салсаң қасқамын, Ойпаңға салсаң басқамын. Бұғанам қатпай жатып-ақ Тұяғым тиген тасқа мың. Тау сырын алған тағыдай Ұшпаның шетін баспадым. Болам деп көпке қолғанат, Қазанның қырдым қаспағын. Қайсыған жете бересің Ғұмырда мынау қас қағым? Кірлесе тысы көңілдің, Аударып кидім астарын. Азынап тұрған жел болды Самал деп саңылау ашқаным. Безеріп жатқан шөл болды Дүние-көл деп шашқаным. Беріде қалған бел болды Асу деп арғы асқаным. Тарыла түсіп көкжиек, Түнере түсті аспаным.

II Қырқаға шығып жоталап, Қарасам, өмір қатал-ақ. Жаныған пышақ секілді Жағыма тиді шапалақ. Жүректің басы қапалап, Көзімнің жасы боталап, Сарқырап аққан өзеннің Сарынын қудым қаталап. Қарсыдан ұрған көк дауыл Үстімнен өтті тапалап. Тұлданып тағдыр талағы, Тұйғынды тепті жапалақ. Мысықты қағып тобықтан, Лақтырды тышқан жата қап. Қордаға қоңыз өрт салды, Ордаға доңыз жапалап. Шолтиған тонның етегі Шоңқайсаң болды саталақ. Шамына тиді иемнің Сайтаннан туған сапалақ! III Замана көші көлікті, Тартса да қайда ерікті. Сар желіп жүрген сары атан, Мәңгілік белі берік-ті. Тізеге дейін сор кешіп, Бізге де, міне, келіпті. Тілекті Тәңір беріпті,

Ескіден жаңа жеріпті. Құлпыра түскен күн сайын Жалғанның жүзі көрікті. Есептеп кімдер көріпті Шырылдап туған сәби мен Күңіреніп шыққан өлікті? Қай жұртта қалды қай бабаң, Қайсысын құдай теріпті? Сапырып судай көбікті, Сабылдық біз де – не бітті? Құтырған қара дүлейдей Қызыл көз қырсық тебітті. Әуелден әлсіз байғұсқа Жыртқыштың аузы жерік-ті. Қасқырдың тісі – қандауыр, Бауыздар момын елікті. Ойласам түптеп осыны, Қарадай басым зеңітті. Тәңірім бүйтіп тарынса, Ноқтасын несін кеңітті? Безбүйрек қана бүлк етпес, Кемірген итше кемікті. IV Түлкіге өлім – түгінен, Ақынға қатер – тілінен. Ашыған сүттей іріген, Сасыған еттей шіріген, Шошынам елдің түрінен. Қайырым қашты ағадан, Мейірім безді ініден.

Ысқырса үрей жыланы, Қылтитып басын інінен, Қойшының қосы қалтырар, Ұрғандай дауыл түнімен. Жағаттап жүрген жалдаптың Тимейді септік бірінен. Сарқылса байлық сабасы, Сауылдап аққан түбінен. Қырықтан асқан шағымда Төсендім тулақ сіріден. Сойдиған сояу болғаны Тоналса бұта бүрінен. Тамыздық қылса, тамтығы Табылмас оттың күлінен.

ЕСІЛ ДЕ ЕСІЛ, ЕСІЛ КҮН... Есіл де есіл, есіл күн, Еш кетсең мені кешіргін. Сары бел жұтқан сағымдай, Санама сені көшірдім. Сол жақта енді жасайсың, Барында ақыл-есімнің. Үзіліп кетсем есен бол, Үстінде кіші бесіннің. Бақилық мекен-тұрағың – Тоқтаған жері көшімнің. Менімен бірге құласаң, Томардай түптен кесілдің. Кесілген емей немене, Батқаны мәңгі кешіңнің. Обалың кетсе мойнымда, Опасыз, ойсыз досыңмын. Опаттан аман сен жаса, Орнында қара қосымның. Өлтірмес үшін өзіңді, Қағазға қанша тесілдім. Көзімнің алды мұнартып, Көкала бұлттай жосылдым. Көлеңке тартса бұлт асты, Ымыртқа барып қосылдым. Айналып ымырт іңірге, Томсара түссе тосылдым.

Іңірдің соңы – қара түн, Қабағын түйсе шошындым. Лапылдап жанған маздағым, Келмейді-ау сені өшіргім. Ақ сәуле шашқан Тәңірім, Арқаңда талай есірдім. Есірген емей немене, Жосықсыз, жөнсіз көсілдім. Түйілмес жерде түйіліп, Шешілмес жерде шешілдім. Кеудесін керген көнектей, Қақпадым қолын кесірдің. Қатыгез дұшпан алдында Жібектей жұмсап есілдім. Ала алмай құнын қор болдым Ел үшін құрбан есілдің. Есіл де есіл, есіл күн, Тағасың маған несін мін? Тұрасын соққан тұлпардай Табаным тозып, осылдым. Қайрақтай өткір қызыл тас Қасқасын тілді төсімнің. Атадан қалған сары жұрт – Арасы Еділ, Есілдің. Киесін білер бір құдай, Иесі өзің десін кім? Боз төбе сайын боздаған Бодауы бар ма өшімнің? Түлігім жатқан тепсеңге Өгей шөп әкеп өсірдім. Өгейлік емей немене, Қамшысын жедім көшірдің.

Боздағы шыққан бетінен, Жетімі құсап жесірдің. Мүйізі мұқыл бұғыдай Бұғынып ғұмыр кешірдім. Есіл күн, саған шағынам, Тәңірге балап табынам. Баянсыз мынау заманның Бағдарын енді не қылам? Қай жаққа өзің зуласаң, Сол жаққа мен де ағылам. Сабылсаң бірге сабылам, Сарылсаң бірге сарылам. Күл-парша болған шыныдай, Шағылсаң бірге шағылам. Жоғалсаң бірге жоғалып, Табылсаң бірге табылам. Адамға біттім бағынып, Өзіңе енді бағынам. Көктемді сонау сағынам, Өткенді сонау сағынам. Оралтшы соны бір сәтке, Ойпыр-ау, шындап жалынам! Жерімес құлан қағынан, Безінбес бұлбұл бағынан. Ақтаршы бүккен сырыңды, Ағымнан мен де жарылам. Патшалар таяр тағынан, Таймайды өмір заңынан. Жүгімді менің жеңілдет, Құйындай ұйтқып, кағынам.

Шаппайды тұғыр арыған, Аспайды толқын жарынан. Ексең де, қанша сепсең де, Өнбейді арпа тарыдан. Нығарлап тықпалағанмен, Артпайды астық қабынан. Сынады найза сабынан, Саңлақтың соры жабыдан. Жараның ізі өшкенмен, Өшпейді таңба қарыған. Айналып күлге жатса да, Қоламта қоздар табынан. Қалпына келмес кейіп жоқ, Қозғайтын болсақ арыдан. Арыдан тартсам талығам, Беріден тартсам тарынам. Жапанда жалғыз қалғандай, Қараптан-қарап жабығам. Бұрқаған үрей шаңынан, Баса алмай аяқ, шалынам. Көлденең түскен кер кезең Аумайды жыртқыш тағыдан. Атып бір тұрса арс етіп, Ар жағы жұмбақ, нені ұғам? Қиғылық салса қияпат, Құтылу қиын долыдан. Бұқаның жеген таяғы Бұзаудың шықпас жадынан. Адамға, сірә, сипатпас Жабайы қабан жалынан. Сыртым – бір қоңыр бағылан, Ішім – бір кекті қабылан.

Қабылан айбат шегеді Қабанға азу жаныған. Өз ішін танып-білмеген Өзгені қашан таныған? Мыңқ етпес мәңгүрт мақаудың Жоғы да жақсы барынан. Нәрсізден арсыз ұл туса, Тұқымың қайтіп жарыған? Есіл күн, енді сақ қара, Ұрынба қанды соқтаға. Атанды жығар ақ түтек, Алпыс жыл ұдай соқса да, Жаһанды жайпар жаһил жел, Жетпіс жыл ұдай соқса да, Аспаннан жұлдыз ақса да, Күн көзін тұман жапса да, Қайыңнан алған қазықтай Жаныштап жерге қақса да, Бұғауды бұзып шыққанша Бастағы қайғы жоқ сана! Алыстап кеткен ақ орда – Ұшында көздің ақ тана. Кереге түбі кебеже, Босаға басы тоқ саба. Көгенге толы төліңді Күңіреніп босқа жоқтама! Жылаудан көзің көрсоқыр, Кеудеңді тескен оқ қана. Күмістей, күнім, сыңғыра, Сынаптай сусып, сырғыма.

Не көрсем көрем өзімнен, Тақпаймын саған бір кінә. Борша да борша бөлініп, Көмейге түстім қылғыма. Асылға зәру болған соң, Басымда дәурен тұрды ма? Жайпақтап жердің биігі, Жапалақ қонды тұрғыға. Жайдақтап судың тереңі, Шүңеттей болды шұңғыма. Түймедей көзім қалғыма, Томардай басым шұлғыма! Қоңырсып шыққан құрымдай Күйімді ұғар кім мына? Ұры тіс шыққан азудай, Ұртыма талай ұрды да, Езуден ақса қызыл қан, Есіркеп мойын бұрды ма? Қарағай сынды қабырғам, Күтір де күтір сынды да, Құлаған таудай гүрс еттім, Шыдамай жебір бұрғыға. Бұрқ етті шаңым аспанға, Қаралы шашын жұлды да. Жалғанның жүзін жасырды, Қап-қара перде құрды да. Еңіреп кеткен есіл күн, Осымен зарың тынды ма? Өткенге тие берсін деп, Өлеңмен жаздым бір дұға!..

ҚҰЛАНОЙНАҚ Құлан жоқ. Аты ғана – Құланойнақ. Меңіреу. Мелшиеді ұлан аймақ. Шегеді аяқ бассаң сес көрсетіп, Түбінен тобылғының жылан айбат. Құландар, қайдасыңдар аңыздағы? Аңырап сөзде қалдың ауыздағы. Аңызға мен де айналып кетер ме екем, Сағымдай зым-зия боп тамыздағы? Ел де жоқ. Қыстаулардың орны ғана. Тінтеді шидің түбін жел қуана. Соңынан құландардың кетті ме екен Құландай қырда жортқан сорлы баба? Қайғыдан көз ашпаған мына қырға Бәрібір – күлдің бе сен, жыладың ба. Тағдырлас құланменен қайран елім, Өзінің запы болған тұрағында. Қай қазақ опа көрген тау-даладан, Күні жоқ көшкен бұлттай аунамаған. 4-326

Бөктеріп әкетсе де бүкіл жерін, Біреуден бір пұшпағын дауламаған. Қайдасың, нағыз құлан желіп жүрген? Бәледен есек текті жеріндім мен. Ботадай боздап тұрған боздақ дала, Сұрайды жоғалғанның кегін кімнен? Иен тау үндемейді сайтан алғыр, Әу десең селт ете қап, қайта қалғыр. Мәңгілік күрік басқан бір алып құс, Шіріген жұмыртқасын шайқаған құр. Қараймын жаным жылап құлан тауға, Жүз қамшы ойнағандай қыр арқамда. Бұлдырап өткен өмір бұлқынады, Шыңғырған сәйгүліктей қыл арқанда. Құлан тау. Құлан дала. Құланойнақ. Келер күн саған қалай кінә қоймақ? Есіме анда-санда түсе қалсаң, Менің де қай-қайдағым шығады ойнап...

БАС Эрмитаждың түкпірінде хан басы, Жарылқасын жалғыз ғана Алласы. Ақ сүйекте ап-айқын боп тұр білем, Қырғыздардың қылышының таңбасы. Тұқым қуған сатқындыққа таңғалам, Мәңгі тірі жаны сірі оңбаған. Намыстанам, қапаланам, қорланам, Сүйегіме түскен сол бір таңбадан. Көндік талай тонауға да талауға, Бостандығым желбірейді жалауда. Именемін көтеруге кеудемді, Ханның басы жатқан кезде қамауда...

АҒАЛАР-АЙ! Ағалар-ай! Барында аз ғұмырды бағаламай, Абайсыз адаспаңдар бір-біріңнен, Жарықта жайнап тұрған самаладай. Болғанда халық – теңіз шалқып жатқан, Өздерің – шырылдайтын шағаладай. Әттең, ағалар-ай! Ағалар-ай! Ауылын пенделіктің жағаламай, Басына бір төбенің жиналсаңшы, Андыздап әр бұтаны сағаламай. Түбінен бір жүректің табылсаңшы, Бауырды бөліп-жарып, алаламай. Әттең, ағалар-ай! Ағалар-ай! Көңілін інілердің жараламай, Бірге ұшып, бірге қонып жүрсеңдерші, Қатарын бұзбайтұғын бал арадай. Өздерің қонақтайтын бәйтеректің Тамырын балталамай, араламай. Әттең, ағалар-ай!

Ағалар-ай! Тартысып бір-біріңді табаламай, Шоқыға шығарсаңшы хан көтеріп, Жақсыңды жарға қуып қамаламай. Аңдыссаң аяғыңнан шалдырарсың, Жұлқыссаң жыртылмайды жаға қалай? Әттең, ағалар-ай! Ағалар-ай! Ит қоссаң үнсіз қалмас абаламай. Әрқашан аттың басын түзу ұста, Саныңды сүрінген соң сабаламай. Құйрығын қырық мәрте баса берсең, Жыландай бәле, шіркін, шағады оңай. Әттең, ағалар-ай! Ағалар-ай! Бола ма оң-солыңды шамаламай? Қалың ел қоршап тұрған қара орманың Қысады құшағына жан анадай. Басына баданадай бұршақ жауса, Тоғайды торғай тұрмас паналамай. Әттең, ағалар-ай!

ЗАРЛА, ҚОБЫЗ! Ей, қобызшы, қобызыңды тартып бақ, Қамыққанда бар ма бұдан артық бақ? Саусағыңнан нұр құйылса ғажайып, Қара қылдан қай-қайдағы зар шықпақ. Қара қобыз күңіренсе жалықпай, Ой түбіне жұтыламын тобықтай. Қорқыт бабам көрден басын көтеріп, Оянады Қойлыбай мен Молықбай. Қорқыт қашса өлмес өмір армандап, Ажал қуар жалмауыздай жалмаңдап. Түйдек-түйдек шаң алдында біресе Қара қобыз келе жатар қалбаңдап. Таңғалдыру кереметтің күшіне, Өңім тұр ғой, кірмес менің түсіме. Бұл дүниеден безіп кеткім келеді, Сол қобыздың кіріп алып ішіне. Зарла, қобыз, мен де зардан кенде емен, Тарқамаса, шер түгей ме пендеден? Менде қалған Мағжан ақын жүрегі, Қасіреттің қымызына шөлдеген.

Қайғы-дерттің балдан тәтті қымызын Қара шанақ сапырса егер күн ұзын, Қанып ішіп, мең-зең болып отырам, Құлағыма естілместен бір ызың.

ЖЕСІР Жарын жоқтап зар қағады бір жесір, Қаралыға қан жұтқызып тіл кесір. Нұры шалқып нәзік әйел жанының, Бұрынғыдай төкпейді енді гүлге сыр. Қамығады қара түнек жамылып, Жарқыраған ай мен күннен жаңылып. Түн қойнында түпсіз терең кешеді ой, Тұл тағдырдың төсегіне таңылып. Оған енді бақыт күлмес ай қабақ, Жесір жолы жүрген сайын тайғанақ. Махаббаттың көрінбейтін сәулесі Анда-санда кетсе болды аймалап. Қайғы-қасқыр талап жесін тоқтыдай, Жесір мұңын еститұғын жоқ құдай. Сені сүйген еркекте не арман бар, Түз құсындай, уа, тәкаппар, тектім-ай!

АЯЛДАЙ КЕТ... Өлдім демес ертеңіне сенген ер, Туғаннан соң өле білу – ол да өнер. Сусып түскен сақинадай саусақтан, Сағым-ғұмыр сөнерінде дөңгелер. Кісінеумен белдеудегі ат қалар, Құлазумен төріңдегі тақ қалар. Бір бұрқ етіп сенің соңғы тынысың, Белгісіз бір бағыттарға аттанар. Өкінішсіз кету қандай ғанибет, Жүрегіңді сөнбес нұрға табиғы ет. Құшағына мәңгі өмірдің кірерде, Өз иесін тылсымдағы таниды от. Жанарыңда елес беріп соңғы нұр, Қиналады сені қимай сол ғұмыр. Мұңлы дүние бас-аяғы баянсыз, Күрсінеді мүсәпірдей сорлы бір. Шешкеннен соң тірлік алтын шапанын, Қара көйлек кигізеді апаның. Топырағың сүйіп-құшар тебіреніп, Күн сәулесін, таңның шұғыла-шапағын.

Қияметте сенен жауап кім алар, Жер бетінде қалса барлық күнәлар? Мұнда біреу рахатта жатыр деп, Аялдай кет, ей, жолаушы, бірадар!

ОНЫ ЖОҚТАП... Шулайды әлі, шулайды әлі, шулайды, Шулайды әлі сыңсығандай ну қайғы. Қара ормандай қаптап өскен келешек Омырауын көз жасымен улайды. Туған тілдің тұрса қосы құламай, Шулайды әлі, қалмас ешкім жыламай. Солып қалған шүңірек көзі соқырдың, Мөлтілдейді жаңа шыққан тұмадай. Қайыршының екі иіні селкілдеп, Қарақшы да қамығады еңкілдеп. Көк есектің қос құлағы елеңдеп, Өкіреді өгіз жылап өңкілдеп. Шулайды әлі, шуламасқа қайда олар? Аққан күндер артына бір айналар. Тажалдың да тамағына тас тұрып, Жыланның да айыр тілі байланар. Шуласқандар мұң мен зарды бөлісер, Жыл құстары жылда жылап келісер. Өмірінде қосылмайтын екі тау, Оны жоқтап, жер түбінен көрісер. Шулайды әлі, бір зобалаң жетпесе, Аспан жайнап, жер осылай көктесе. Қыдыр қонған қасиетті мекенге Шыныменен сайтан сарып кетпесе...

ҚОШТАСУ Қош-есен бол, кіндік қаным тамған жер, Кім болғаны сені ұмытса жалғанда ер? Жүрегімді жібек жіптей кеміріп, Өле-өлгенше қара күйе – арман жер. Барлық пенен Тарбағатай ортасы – Тұнып жатқан топырақтың тортасы. Еміл менен Қараүңгірдің өзені – Бал татыған судың майлы сорпасы. Қайран өлке, қырандардың тұғыры, Бізге қайта бұйырмайсың ғұмыры. Төскейіңнен Қубас тұлпар түгілі, Естілер ме қасқа тайдың дүбірі? Арқалаумен саған деген парызды, Сан боздағың арпалысып жан үзді. Сәби күнім өксіп қалған жұрттағы, Менен медет күтетұғын тәрізді. Қысқа өмірде мың марқайған, мың азып, Таусылмастай табар дейсің кім азық? Көшіп-қонбас зираттары бабаның, Жат қолында күңіренеді құлазып.

Қош, бейнетке бөккен таудың бөктері, Перзентіңе ұжмағыңның жоқ төрі. Тастарыңа талып жетіп дауысым, Жер түбінен мен ұлитын көк бөрі. Қош, Шәуешек, қолдан-қолға алмасқан, Ақ бесігім, айықпайтын шаң басқан. Жасқа толы жанарымда кетті ойнап, Жүзінен қан тамшылаған алдаспан!

ТЕСКЕН ТАУДЫҢ АР ЖАҒЫНДА Бұланайдан үлкен тау болмас, Бұланнан үлкен аң болмас. Қазақ мақалы Жүргеніммен қарайып басым аман, Іштегі өртті қалайша жасыра алам? Тұйғын текпен торғайдың ұлпасындай, Туысым көп жан-жаққа шашыраған. Асып кетті біреуі Бұланайды1, Барар жерін ешкімнен сұрамайды. Бұланайдың басында қалған бірі, Мұз бесікте жатқан соң жыламайды. Аса алмаймын асқардан қар қалыңда, Тескен таудың біреуі ар жағында. Желбезектен ілініп біреуі тұр Көк мұхиттың жібермес қармағында. Енді бірі қол жетпес қалды ауылда, Құстан сәлем айтамын жан бауырға. Астындағы жалғыз ат жамандатса, Алмас жүзді тапсырдым қандауырға. 1 Бұланай – Гималай тауы

Кезіктірмес қатерге кімді қайда, Тапсырғанмен бола ма бір құдайға? Қарақшының аманат мылтығына, Атылған оқ басынан ырғымай ма? Алай-дүлей көңілім алаңдаған, Өлмесе бір жолығар адамға адам. Сілтегенін үнемі орып түспес, Қылышқа да аманат жалаңдаған. Дерттен өлер адамзат, шаршап өлмес, Шыбын жанды ажал кеп алса бермес. Оралғаннан көп боп тұр жоғалғаны, Түсті ме әлде бір жолға барса келмес? Сор қыспаса шіркіндер неге кеткен, Қай жәннатқа қаңғырған кеме жеткен? Кебін киіп аттанса амал бар ма, Келмей ме екен кеткендер кебенекпен? Тіршілікке телінген жұмыршағы, Адам да – бір Алланың қуыршағы. Тентіретіп қоюды ермек көрер, Қара жердің шыққанша ыңыршағы. Құтылмаса қорлықтан құрықтаған, Төңкерілген табындай кім ықпаған? Шұрқырасып табысар күн болар ма, Тесік өкпе қазағым, шұрық табан?!

АСТАУ ТУРАЛЫ Шықсаң да шың басына аспандаған, Қия ма ата мүлкін тастауға адам? Оралып туған жерге барғанымда, Жолықты бабам шапқан астау маған. Ғайыпты болжаған кім алдын ала, Қанықтым тарихына енді ғана. Көненің жұртта қалған көзіндей боп, Қырық жыл жатқан екен абдырада. Өткеннің елестетіп түр-тұлғасын, Қотарып тереңдегі сыр тұнбасын, Қолыма астауды әкеп ұстатты әжей, Ұшымен шылауыштың сүртіп жасын. Астауды десең мұнда кім әкелген, Қай жолмен келіп шыққан мына төрден? Ырымдап ырыс қонған үй болған соң, Көрші әйел қалап апты ұлы әкемнен. Кездейсоқ қуаныштан тебіреніп, Жөнелді сары майдай көңіл еріп. Атадан қалған белгі үнсіз ғана Тілдесіп жүре берді мені көріп. Қоздайды қордаланып жатқан қайғым, Сөйлесе астау маған шаққандай мұң.

Ол-дағы күте-күте сарғайғандай, Мен-дағы жоғымды іздеп тапқандаймын. «Мінеки, ие болдың кезегің кеп, Бабаңның, – тұрғандай, – мен көзі едім!» деп. Төңкеріп қарай бердім қайта-қайта, Тілгілеп жібергендей өзегімді от. Ол заман ел жалықпай қыдырыстан, Талайлар дәм татқан-ау бұл ыдыстан. Төрімде малдас құрып отырғанның Кімі дос, білді ме атам, кімі дұшпан? Келгенге жомарт көңіл жоқ түнерген, Сезсе де зілдің сызын кектілерден. Шер-мұңын шымырлатып шертті маған Қапалы қайың астау көпті көрген. Боздатып бозінгендсй небір ойды, Ақырын жылайды астау, еңірейді. «Айырылу қалың елден қиын екен, Ала кет, айналайын, мені!» дейді. Болса да қанша берік заты қатты, Байқасам, қақ жарылып қақырапты. Қым-қуыт құрсауланып, шегеленіп, Әйтеуір ыдыс деген аты қапты. Басынан ұшып кетсе ғанибет күн, Қалмайды осы астаудай зар илеп кім? Түбіне қырық жамау қарап тұрып, Өзімнің тағдырымды тани кеттім. 5-326

ҚИЯМЕТТІҢ КӨПІРІ Тарбағатай – туған жерім, алыс қалды ар жақта, Шыдар ма екен буған белім зілден ауыр салмаққа? Құлақ салмас керең дүние мендей мұңлық заржаққа, Кімге барып шағынамын, жыламасам аруаққа? Қанатым жоқ, өткізбейді қияметтің көпірі, Қуғанменен жеткізбейді қашқан жылдар нөпірі. Босқан жұрттың қара терден құрғамайды тоқымы, Бос қаңғыртты тіршіліктің мәнсіз ойран-топыры. Аспан жайнап тұрғанменен, қапалыға қараңғы, Қайғыменен жібітем бе көні кепкен ғаламды? Қодардайын қожаңдатып нақұрыс пен наданды, Үрейленіп өтемін бе ұстауменен жағамды? Қайырымсыздың келгені де, кеткені де білінбей, Әрі-сәрі сарсаң етті әзәзілдің тіліндей. Қамкөңілім тышқан тескен кебеженің түбіндей, Сорлы өмірім бөле қырыққан ала қойдың жүніндей. Бір құрсақтан шыққан туыс бірін-бірі танымай, Шолақ тонмен шолтаңдайды шайлық сүтке жарымай. Бөктергінің жемі болып, бозторғайым, жаным-ай, Шілдей тозып шырқырады-ау шашылған ел тарыдай.

Шыр еткелі туған жердің рахатын көрмедім, Жамбасымды ойып түсті отқа күйген жөргегім. Қатал тағдыр, тәлкек қылар мен болдым ба ермегің, Төгіп-шашқан мол бақыттың бір тамшысын бермедің. Ергенменен есіркемес ит қорлықтың ырқына, Ішімдегі ыстық жалын тепті шалқып сыртыма. Тым болмаса мінәжат қып ата-баба жұртына, Тұл жүрегім, зар еңіре, сай-сүйегім, сырқыра!

ЖҰЛДЫЗДЫҢ ЖҰМЫРТҚАСЫНДАЙ Торғайдай миым тобықтай түйін түйе алмай, Жастығым кетті сағымға сіңіп қиялдай. Көшені кезген тәжіктің қайыршысындай, Күндерден қайыр сұраймын енді ұялмай. Сағыздай созса сағыныш мұңды сарғайтып, Жарымас жаның жасырын сырды елге айтып. Тасбақа тағдыр тапжылмай қойса табандап, Күңіреніп жүріп, күн көрер екем мен қайтіп? Құтылар ма екем жалыннан ішті шарпыған, Жөнеп бір кетсем жоғалған көштің артынан. Тылсымнан бірақ таптырмас кісікиіктей, Айырған дүние атаның дәстүр-салтынан. Тербейді түпсіз тереңге тартқан толғаныс, Бабама телі жайлаудың төрі ол да алыс. Атылып келіп, алқымнан ала түсердей, Елестеп көзге, алдымда тұрған жолбарыс. Ақырып тұрған жолбарыс – менің бейнетім, Бейнелеп оны айтпаған жерде ой жетім. Бозінген түстес боз үйлер еске түседі, Шымшықтай жүрек шырылдай қалса кейде тым.

Бозінген боздап, боз үйлер қозғап дертімді, Көкейде бұққан көңілдің күйі шертілді. Көрінер ме екен орнындай өшкен ошақтың, Төңкере қойсам төбесі тозған бөркімді? Ықтасын болса пенденің бәрі жан сақтар, Кеудемде менің жана алмай қалған қанша от бар. Аспаннан түскен жұлдыздың жұмыртқасындай, Ақбоз үй көрсем көзімнің жасы моншақтар...

ЖАҚСЫЛЫҚҚА ЗАР БОЛЫП Аспан мен жер ортасында біраз ғұмыр кешірдім, Әлсіреген үміт отын мың жағып, мың өшірдім. Құрқылтайдың ұясындай қалтыраған бұтада, Жел аударған қара қосты әр төбеге көшірдім. Орын тимей опық жедім тусыраған түбектен, Жапалақтай балапанын жар басына түнеткен. Олақ қатын қолындағы күйген көсеу секілді, Қара шапан тігіп кидім тас қараңғы түнектен. Атқан таңның сәулесінен ақ орамал бұйырмай, Өтті қанша қапас күндер қапқа салған бұйымдай. Алтын өмір көз алдымда жүре берді арзандап, Қайыршының уысында сылдыр қаққан тиындай. Запы қылды жәдігөйлер сырты жылтыр жылмағай, Оқ атқанын аңғармайсың қай жағыңнан кім қалай. Бақ пен сордай аралары ажырамас екі елі, Қайда барсаң қосақтаулы бір қожайын, бір малай. Атын ерттеп әуре болдым әумесердің жын ұрған, Қысқа күнде құйындатып қырық мәрте құбылған. Заман мынау қу мүйізін кезіктірсе құлжаның, Аш қасқырдай аласұрып, сілекейі шұбырған.

Тұрман бүтінделгенменен, түгелденіп мал-басы, Тірлігіңнің сынбай қоймас өгіз жеккен арбасы. Адам да бір Тәңірідей етікшінің қолында, Күндіз-түні тықылдатып шеге қаққан балғасы. Жұмыр басы сопаң етіп соғылады қайда ұрса, Айдалаға қаңғып кетер жазатайым тайдырса. Өлшеп-пішкен дүниеден артық дәулет дәметер, Лақтырғанды қағып алып, жаутаңдаған маймылша. Жібі үзілсе ғұмырыңды ұстап тұрған түйменің, Жан сақтауға жарамайды ішкенің мен кигенің. Сорлы байғұс армандайды асқар таудай бақытты, Жақсылыққа зар боп жүріп жасуындай иненің. Арман құсын тұлпар мінген бабам қуып жетпеген, Мен де жетіп жарытпаспын ұшсам-дағы көкпенен. Бізді қойып, қасиетті сүйген ұлы Алланың, Мұхаммедтің омырауы да көз жасынан кеппеген.

БҰҒАУДА ҚЫЗЫЛ ТІЛІМ Сарғая сартап болған сүйегі ыстан, Мен де бір домбыра едім тиегі ұшқан. Бұғауда қызыл тілім бұлқынғанда, Бақсыдай аласұрдым ие қысқан. Тіршілік кезі келмей сайратар ма, Мезгілсіз күн шығар ма, ай батар ма? Қояндай қалтырады қайран өмір, Жем болған қамаудағы айдаһарға. Айналам сұстанады шашқан ызғар, Көрсетпес көктем төбе жатса мұз, қар. Үсікке ұрынғаным беп-белгілі, Ақпанда жалаңаяқ басқан із бар. Теңселтіп алай-дүлей қарлы боран, Иілді үзілердей тал-бұғанам. Қосымды қопаңдатып қоймаған соң, Күнім жоқ қысқа жіппен шандымаған. Батар ма қаққанменен тоңға қазық, Ұрыдан үнем болмас қалған азық. Көпшілік, көңіліңнен шыға алмадым, Қайттым да асу-асу жолдан азып.

Дамылсыз ебі соқса не қылайын, Қамқа тон қайдан тауып жамылайын? Жалт беріп жаламадан, сайға түстім, Ығысқан аңшы оғынан тағыдайын. Алдымды аңдамасам жер басам ба, Ақ қаптал, аяңшылмын мен қашанда. Тұқымы қаракөктің болғандығым, Дүбір сап дөңге шықсам анда-санда. Бұлаңдап, соқпақ қуып құбылмайын, Тағдырдың өзі табар бір ыңғайын. Шыңғырып, шырқырайды, шіркін, жүрек, Қапыда қасқыр тартқан кұлындайын. Жықса да тарпа бас сап керқұланы, Естімес ышқынғанын ел құлағы. Сарқылмас бізбен бірге замананың Көзінен сорғалаған шер бұлағы. Қыдырып, қылаң ұрып күндер өтер, Көрінер көп дүние мүлде бекер. Жараңа жамау болмас соқыр жармақ, Қызығы қысқа өмірдің кімге жетер?..

ҚАШАН ТҰЗАҚ ТҮСКЕНШЕ... Қашан тұзақ түскенше сөйле, тілім, Баба аруағы бермейді кейде тыным. Рахаты өзінен аспаған соң, Тастап кеткен соңына бейнетімін. Қалдырары болмаса одан басқа, Разы екен соған да адам жаста. Жеткізеді, білмеймін, қанша жерге Астымдағы болдырған жаман қасқа. Тебінгімді тесердей тепектеймін, Тікке келсе, түсе қап жетектеймін. Бақыр басым байлаулы құл болған соң, Азабымның әмірін екі етпеймін. Өз сорымнан көремін не көрсем де, Қурасам да, қайтадан көгерсем де. Өкпелемей көрімде тыныш жатам, Өкініштің опығын жеп өлсем де. Шартарапты шолады зерікпеген, Жүре берсе жылжыған көлікпенен. Бейнетімнің бетіне шаң жуытпай, Құдай басқа салғанын көріп келем. Көргенімнің тіземін қайсыбірін, Күншілік жол жасаса айшылығын.

Әлдеқашан тас болып шиеленген, Мен шешем бе тірліктің қайшылығын? Арқасына аяздай жиі батқан Тауқыметтен талайдың миы қатқан. Жүгірген аң, ұшқан құс құтылған ба Сұр мергеннің оғынан қиып атқан? Қарауылға ілінсең оқ табады, Қанға батар құл басың ноқтадағы. Ұясына ұңғының бұққан жендет – Айырмайды қорғасын ақ-қараны. Ойға көштім соны ойлап, кырға көштім, Кездеспеді көшімді бұрған ешкім. Шөгіп жатқан түбірін қопарам деп, Қарағайын қайғының ырғап өстім. Дүбіріне ілесіп желаяқтың, Ұйқыдағы жыртқышты көп ояттым. Кетпенге ерген тоғанның суындай боп, Қалай бұрса заманым, солай ақтым. Қуа берсе қайтемін, лайланам, Кіремін деп құрдымға кім ойлаған? Бетпақ шөлдей мен-дағы безерермін, Кеңшілігін қимаса құдай маған... Қатал тағдыр тіс жарып тырс етпесе, Қашқан үміт қайырылмас бір шеттесе. Көк бөрідей ұлимын көкке қарап, Көрінген ит тақымдап, тірсектесе...

О, ТАҒДЫР! Жаратқанға не жазып ем мен бейбақ, Қайда барсам, қара боран – шөлді аймақ, Құландайын құлап едім кұдыққа, Құрбақалар құлағымда салды ойнақ. Құрбақалар тойлап жатыр мейрамдап, Думандатып, асыр салып тайраңдап. Құлағымды кесетіндей түбінен, Тас төбемді тесетіндей ойрандап. Тырп еткізбес түбі терең тар құдық, Кең дүниеге қойғанын-ай зар қылып! Зымиянның ұясындай зынданым, Көрге айналып кетер ме екен мәңгілік? Жан білмейді, мейлі, мұнда өл аштан, Біреу келіп үңілмесе адасқан. Шығыршықтай шыңыраудың аузынан Оймақтай боп көрінеді көк аспан. Күн өтеді көзімді ашып-жұмғанша, Жалғыз жұлдыз күзетеді түн болса. Қанша ғұмыр түгесерін кім білсін, Төбемдегі ойын-сауық тынғанша.

Құр құдықты күңірентіп, о, тағдыр, Ертелі-кеш ауыр ойға батам құр. Құрбақадан қайда қашып құтылам, Болғаннан соң жер-су ортақ – Отан бір?!

ЖҰРАҒАТЫМ ИТ ҚОСАДЫ Мен емеспін елден ерек сүйген құлы Алланың, Өмір өзі есептейді бергені мен алғанын. Аузымды ашып аңырғанмен аспан жақтан түк түспес, Саясында жатқан жоқпын мәуелеген алманың. Несібемді теріп жеймін арқа етімді арса ғып, Төккен терім жыртық үйден саулағандай тамшы ағып. Жұрағатым ит қосады қорасына кіргендей, Көшесімен өте шықсам салдыр-гүлдір жар салып. Діні басқа әңгүдіктер дігір салып түнімен, Мылтық атса мыңқ етпейді құлағының түбінен. Үйде – қасқыр, түзде – мысық, қайран замандастарым, Жан шошиды екіжүзді тірлігіңнің түрінен. Қанды жыртқыш өз етіне өз тырнағын батырмас, Тартып жейді басқанікін, өлсе де нәр татырмас. Екі етегі далақтаған, алақтаған ел-жұртым, Айдалаға шаба бермей, қабырғаңмен ақылдас. Құрсағыңды ойлай отыр кірсең қысыр кеңеске, Бір түйір дән – үлкен олжа түскен қызыл өңешке. Аспан ашық, жер қарада тұяғын да серпе алмай, Бұл қазақтың тең жартысы аштан өлді емес пе?

Алай-дүлей жел тұрмаса тіккен қосың құлар ма, Суға кетсең, салындыдай сансыратар мың арна. Таласам деп тостағанның түбіндегі жұғынға, Кеше көрген құқайыңды бүгін естен шығарма! Өңіріміз өрім-өрім, жайлау бірақ жағамыз, Көк тиынға татымайды базардағы бағамыз. Анда-санда қысылғанда түсімізге кіреді Жортуылда жарты құртты бөліп жеген бабамыз. Бағы ашылмас байғұс қана бас көтермес қуыстан, Қыңқ етпейді – шылбыр ұшы шығып кетсін уыстан. Орта көңіл тоғаймайды, томпаймаса қоржының, Қарап жатпай қамданып қал, қаны бірге туысқан. Киіз бассаң, сырмағыңның мен де отырам шетіне, Шытырманды шешпей-ақ қой, екіні қос екіге. Күнім түсіп, қайыр тілеп, алақаным жайғам жоқ, Жақындасам жатырқама, безірейме бетіме. Ішің мұздап, сыртың маған сыр білдірмей күлсе де, Көз алартып, қызықпаймын қолыңдағы күлшеңе. Сен тұрғанда кімге барам, соны берсең жетеді – Есігімнің топсасына керек боп тұр бір шеге!

ТӘТТІ ІЗДЕГЕН ТАҢДАЙЫМ Сөз тәттісі – ақынның тілі ұшында, Май тәттісі – қарынның құрышында. Жарқанаттың ұясы – жарқабақта, Ұлар құстың мекені – ұлы шыңда. Місе тұтқан өз орнын тірі жан жоқ, Әлімсақтан алысып, жұлысуда. Тәтті іздеген таңдайым удай ашып, Өрт шалқиды өмірдің тынысында. Замананың бұралаң, бұрысында Құламауға әркім де тырысуда. Қу дүние қойсын ба қағыстырмай, Бірі сырғып қиядан, бірі ұшуда. Барған сайын қар жауып қабағынан, Арқа-басы уақыттың құрысуда. Өткенді айтсам өксік тұр көмейімде, Теке қойдық кірменің шыбышын да. Шашым кетті ұстаған уысында, Басым кетті сілтеген қылышында. Тектілердің тұқымы тозып бітті Түрме менен көшенің бұрышында. Жерім байтақ болғанда, қайғым шексіз, Әзірейіл батыс пен шығысымда. Үрейленем қалғандай үміт үні Қыстаудағы қурайдың дыбысында. Аққан жылдар сынаптай жылысуда, Қобыз мойын аққуым құнысуда.

Ел тағдырын біреулер шешкенсиді Қолын малып отырып жылы суға. Қалыңдаса көпшігі қопаңдайды, Мұршасы жоқ жайыңды ұғысуға. Жанға жинап жандайшап, туысын да, Түзу жүрген жақсымен суысуда. Ұлтарағын ұялмай туға байлап, Ұлық қылды қарақшы, ұрысын да. Ел азғаннан ер азған сорақы екен, Өлсең көрмес үңгірдің қуысында. Бүйткен тірлік, ағайын, құрысын да, Қашқаннан соң құтың да, ырысың да. Сорпадай боп сорымыз сарқылдайды, Толып бермес тажалдың ыдысында. Ерні жалақ ұрпағың ертең тағы Жалға жүрер жуанның жұмысында. Ашық аспан астында адасарсың, Жол таппасаң есіңнің дұрысында. 6-326

ДҮНИЕ ЕЛЕСІ Қатер күтіп қалтыраған сарайынан патшаның, Тыныштығы тоналмаған қосың артық шап-шағын. Жер жыртығын жамайтұғын жезтырнақтан тусаң да, Сау қалмайды салған басың саудасына ақшаның. Дүние елесі – жортып жүрген бір жолбарыс көк шұбар, Азуына тура келсе, тажалды да жеп шыдар. Жазда шалғын шабамын деп қыста шалғы қайрама, Басқан ізің улы болса, қалай ғана шөп шығар? Шапқанменен шыға алмайсың шексіз жалған шетіне, Түзу қара аз ғұмырда туғаныңның бетіне. Қомағайға айлық азық, жылдық үнем болмайды, Қоян етін қақтағанмен қара желдің өтіне. Байтақ жерден бәрімізге тиетіні тар қабір, Алпауыттың кеудесі де соғылады жарға бір. Асып-тасып, шіріп қалар байлығыңнан не пайда, Көр аузына кіреріңде сеппеген соң жанға нұр? Тәңір өзі тіктемесе желкеніңді жел үзген, Сорап іздеп сарсаң болма су бетінде жоқ ізден. Күнің бітсе, қағып түсер қармағыңнан қайыр жоқ, Жалғыз шабақ бұйырмайды шалқып жатқан теңізден.

Еш нәрсе жоқ кең ғаламның тар құрсағы қуырмас, Тәубесіне түскен жанның шиін пенде суырмас. Қара суды қайта-қайта қайнатқанмен май шықпас, Сарқылдаған қазаныңның бұрқылдаған буын бас!

ТҮСІМДЕ ЫЛҒИ ҚАҢҒЫП ЖҮРЕМ Күннен-күнге құбылады замананың түр-түсі, Бұлаңдаса, мың алдаса уақыттың қу түлкісі. Көне тарих ақырады әлсін-әлсін оянып, Қызыл иек кәрі арыстан азуда жоқ бір тісі. Қалжыраған қарияға айырылған күшінен, Қарақорым күбірлейді көңіл айтып ішінен. Меңірейген ескі мола құлағына қонып ап, Саңғырығын танығансып тоңқаңдайды күшіген. Айдалада аңырайған балбал тастан шықпайды үн, Түсініксіз бұл әлемнен дегендей түк ұқпаймын. Тілдесе алмай тұншығады зіл батпанның астынан, Аруағымды сансыратқан, қансыратқан түп қайғым. Сан ғасырдың отқа оранды жайнаған гүл шешегі, Бүгінгіге қызық аңыз – көзден көшкен кешегі. Маған салса, тұлпар мінген патшалардың көбінен Ақылдырақ көрінеді Қожанасыр есегі. Талай тажал тап бергенде аузын ашып арандай, Қожекеңе көк есегі қорған болған қамалдай. Адамзаттың жадындағы жануарға сыйлауға, Түсімде ылғи қаңғып жүрем, күміс ноқта таба алмай.

БАҚ МӨЛШЕРІ – БАРМАҚТАЙ Бұл фәниден қайтпаған қай пенденің меселі, Шашымнан көп санасам шырмап алған кеселі. Бақ мөлшері – бармақтай, Тәңірі кімге жеткізер, Соры бар жұрт қаншама маңдайында бес елі. Тон бұйырмас кедейге көктен тері жауса да, Байға құдай болысқыш артқан теңі ауса да. Бұзауы өлген сиырдай тақыс тірлік тас желін, Жібімейді жарлыға жездей қақтап сауса да. Сардарынан күй кетсе, сарбаз күні не болар, Қарақорым шатқалдан жол таба алмай омалар. Кешегімді ойласам, бүгінгіме бойласам, Көз алдыма келеді қарауытқан обалар. Арғымақтар мертікті аузымен құс тістеген, Алпауыттар түгеді тау қопарған күшпенен. Тозған елге қырсықса, азған заман тап келер, Кәрі төбет секілді өлі жүні түспеген. Қайран қазақ ежелден қара суға семірген, Аш-жалаңаш қалса да түңілмеген өмірден. Аяз қысса, қазықта шыр айналып сақылдап, Буырқанған бурадай өз тізесін кемірген.

Құлы болдық ғасырдың басы айналған қиялдан, Жан көрмедім өрескел қылығына ұялған. Елді ақыры батпаққа батырған соң белшеден, Ақылшылар алдырдық ит арқасы қияннан. Сарқылдаған қазандай қайнаса да зығырдан, Өз дегенін істейді қаны қатқан сығырдан. Шыңыраудың түбінде мөлдіреген су барда, Көнек байғұс құтылмас шынжырлаған шығырдан. Бұғауды кеп бұзбаса құдіреттің пәрмені, Бұлқынғанмен жетер ме бейшараның дәрмені? Парықтамас бейнетті көк есекке бәрібір, Өлімтіктің өмірі көпке тимес жәрдемі. Ел мұратын мансапқа сатқан надан не білер, Жем іздеген тауықтай қоқыс көрсе емінер. Жапалаққа жар басы заңғар шыңдай елестеп, Көртышқанға жер асты самаладай көрінер. Күпінгенмен құр босқа көрпең қайсы көсілер, Жатқанменен тас батқан жауыр жамбас тесілер. Қалың тобыр ішінен тани алмай қалдым ба, Кешірім ет бар болсаң, еңіреген есіл ер! Ат басындай алтыннан қымбат қара тырнағың, Саяқ жүрген кім жинар жақсылардың жұрнағын? Ақсұңқардың сағындым қанатының суылын, Шулағанмен не пайда көптігінен тырнаның? Жар бола гөр, Жаратқан, тірлік темір құрсауда, Қайда барсаң бүтінді бөліп-жарған бір сауда.

Сумаңдаған суық қол суырып ап қолқаны, Адам қанын уыстап ақша орнына жұмсауда. Базарға сап Құранды, саудалаған Алланы, Пасық пиғыл пысықтың орындалды арманы. Сұрауы бар емес пе сарқыраған судың да, Асықпаңдар, ағайын, Ар майданы алда әлі!..

ТОЙҒАН ТОРАЙ ЕСІНЕСЕ... Қара судан қаймақ алып, қамын ойлап құрсақтың, Күннен-күнге асып түсті бір сатқыннан бір сатқын. Сауысқандай жан-жағыма жалтақтаймын – тым сақпын, Күштілерге – дәрменсізбін, тістілерге – жұмсақпын. Жәрдем тілеп жар салғанмен бейшараны кім тыңдар, Үміт оты түннің алыс түкпірінен жылтыңдар. Періштелер құрығанда сайтан біткен құтырып, Бұлттан шыққан күнге қарап, артын ашып жырқылдар. Қарақұрым ібілісті құрта алмасаң не пайда, Ит тұмсығы өтпес нуды сынық балта отай ма? Сандалумен күн өткізер соқыр теңге соңында, Бой алдырған пақыр пенде арам пиғыл, жат ойға. Тауық құсап жем терген соң іздеп дәннің ірісін, Басың алтын болса-дағы бейшараның бірісің. Кім разы ете алады еңіреген еліңнің Бақидағы өлісі мен фәнидегі тірісін? Өкінгенмен екі болмас Тәңірінің бұйрығы, Жарлы жұртты жарылқамас патшалардың сыйлығы. Ақ серкенің мүйізіне бақыт құсы қонар деп, Күте-күте көкке жетті көк ешкінің құйрығы.

Мақсат-мұрат, ізгі тілек қалғандай-ақ адыра, Бүтін түйме көрсе қазақ жүгіреді жабыла. Не боларын бір құдайдың өзі білер соңыра, Тойған торай есінесе – бүкіл дала дабыра. Тонағысы келген кезде аяп қалар кімді жау? Тасжүректі жібітпейді байбаламдап құр жылау. Ай тақырда қарманғанмен қолға ештеңе ілінбес, Қай соқырға таяқ болар жұртта қалған бір бұрау?..

СЫРЫН БЕРМЕС СҰМ ЖАЛҒАНДА Сырын бермес сұм жалғанда шынайы жоқ достасқан, Тірі жәндік тыным алмас бір-бірімен қастасқан. Адам менен аң қылығы тіл табыспай тұрмайды, Оянғанда жыртқыш сезім хайуандықпен астасқан. Алды кең боп көрінгенмен, тіршіліктің арты тар, Аласұрған жан иесін ажал түбі қор тұтар. Тіс-тырнағы мықтылардың күш қылмағы көпке аян, Емін-еркін әлі жетсе, әркім бірді қорқытар. Қу құлқынды құнықтырып күнкөрістің пайдасы, Қоздай түсті жауыздықтың амалы мен айласы. Дәтке қуат іздегенге қалтарысы қалмады, Алақандай жердің беті – арпалыстың айнасы. Азбан ғасыр алып түссе тұлпар заман шоқтығын, Сарсаң болған қалың жұртым, саған мәңгі жоқ тыным. Аш итіңе көрсеткені шошқасының тоқтығын – Есігіңнің көзіне әкеп төксе дұшпан боқтығын.

КҮН АСТЫНДА САУҒАЛА Ей, тізгінсіз арпалысқан дүлей, мылқау, тасқындар, Шырт ұйқыдан шошынғандай қайда тулап қаштыңдар? Мөңкігенмен, жөңкігенмен барар жерің белгілі, Байқасаңшы, байғұстар-ау, жұтып қояр аш құмдар. Толқындарды топырлатып үйіргенмен қамшыңды, Мына жалған сенен гөрі алымды да аршынды. Қара күшке малданғанша, ойлап өлмес күніңді, Кепкен талдың тамырына тапсырып кет тамшыңды. Өлмес өмір алмасудан, жалғасудан басталар, Қылайғанды қырып-жойған өзі де жер жастанар. Аспанға атып қойдай тасты, арсы-гүрсің шыққанмен, Жеме-жемге келген кезде су сарқылып, тас қалар. Таудан төмен түскен сайын асау арын басылар, Айдалада иранбақтың қақпасы жоқ ашылар. Тажалды да жалмайтұғын әзірейіл табылар, Ажал іздеп жүрген бұқа арыстанды басынар. Алқын-жұлқын аласұрмай, аяғыңды аңдып бас, Қара жартас – қапас тағдыр қасіретіңді мәңгі ұқпас. Сен сүйгенмен, сайқал заман сені сүйіп мандытпас, Адасқанды түпсіз дүние қай тарапқа қаңғытпас?

Мұхит толқып, теңіз шалқып, сел-дария тасып та, Кең жаһанды жаба алмаған топан суы басып та. Құдіреттің ашып-жұмған алақаны тарылса, Аймақтай көл сыйып кетер оймақтай-ақ қасыққа. Фәни бетін теріс бұрса, бақи кейпін танытпас, Су иесі Сүлеймен де жарылқамас, жарытпас. Қырсық шалған бұл ғаламда Тәңірі ғана тарықпас, Қырық жылғы қырғын келсе, қайда қалмас ғаріп бас? Түн-түнекке түскеніңше күн астында сауғала, Сандаласың аз ғұмырды салғанменен саудаға. Жын ұрғандай зым-зия боп жоғалғанша жым-жылас, Тірлігіңді түгендеп қой, бүлк етіп бір ауна да...

ШЫҒАР ЕСІК ТАППАСАҢ Ей, көңілім, қайғырма ағып өткен ай-жылға, Қашан мұрттай ұшқанша табаныңды тайдырма. Алма мойын алдында дайын тұрса иіліп, Қылыш тисе қолына бас алады маймыл да. Қара дәуді жыққанмен тауды қалай жығасың, Жүре-жүре опасыз дүние сырын ұғасың. Темір келі – тіршілік, құрыш келсап – заманың, Тас болсаң да мап-майда талқан болып шығасың. Сарай салып берсең де ешкім сені жақтырмас, Кәрі мыстан қожайын қаптың түбін қақтырмас. Арман деген қолыңда жылтыраған инедей, Түссе қорда ішіне қопарсаң да таптырмас. Алатаудан асқан күн Алматыға тоқтамас, Жанға қысым келмесе момын мылтық оқтамас. Төпелеген таяқтан миы аузына тұскен жұрт, Өртке кетсін қара орман, есін жиып жоқтамас. Айыра алмай бұл қазақ түбіт пенен қылшықты, Иіре алмай сындырды зырылдаған ұршықты. Атасының көріне қорқау түссін қарамай, Өзі илеген көңіне өзі барып тұншықты.

Кімге керек сүлдерің қауқары жоқ сабандай, Етегіңе сүрінсең, қасқыр ит кеп қабардай. Шығар есік таппасаң, құрығаның қор болып, Қараңғыға қамалып күркіреген қабандай.

КЕР ЗАМАНДА Ұлар шулап үрейленсе, ұлы таудан аң қашар, Ін түбінен індет шықса, іргесіне жалғасар. Кер заманда бағыланның борсық сорып құйрығын, Кер сиырдың емшегіне сұр кесіртке жармасар. Аю көніп көкбөріге желкесінен жұлқыған, Жылан шошып шегінеді шегірткенің сұрқынан. Сүтке тойған бала мысық итке күліп мұртынан, Кәрі бүркіт тышқан аулар жапалақтың жұртынан. Теке артылып мегежінге қолаңсасы сасыған, Қыршаңқы есек азынайды қотыр байтал қасынан. Арыстанның терісіне жолай алмай жолбарыс, Атан түйе тіксінеді өлген бура басынан. Ала жылан болып шығып белдеудегі ала арқан, Ақ орданы сықырлатса, шымырлайды жон арқаң. Қиқы-жиқы, ойқы-шойқы, қыңыр-қисық көбейсе, Екі көзі түзулерге қыли біткен болар таң. Өлген әкең тірілмейді қанша жыла, қанша егіл, Осылардың бәрін көрген біз не деген жансебіл?! Бейшараға бейіт соққан бір мейірбан болмаған, Күресінде басы қалған, босағада өлсе құл.

Сорлы құлдың шыбын жаннан басқаға жоқ таласы, Туды, өлді – болды ғайып, көрінбейді қарасы. Жеті атасы хандық құрған қаптап кетті қасқалар, Қызыл табан, қырғыш көтен қалмай кедей баласы. Талапайға кіргеніңмен отырасың қай таққа? Бұлтқа өкпеле, күн сәулесі шала түссе байтаққа. Қазақ атың рас болса, бәсекеден құр қалма, Ағайының, әне, кетті, ал итіңді айтақта!

ОЙ, АЛЛА! Сенейін бе, сенбейін бе, ой, Алла?! Сұмдық көрдім, түсімде емес, ояуда. Мысық біткен жолбарысқа айналып, Арыстан боп ақырады қоян да. Айналыпты борсық, суыр – аюға, Шортан – китке, шабақ балық – жайынға. Арқырайды шегірткенің айғыры, Ырық бермей қырға жылқы жаюға. Пілге айналып күркірейді доңыз да, Доңызбын деп дөңкиеді қоңыз да. Шыбын-шіркей көкте құспен таласып, Арқау болды таңғажайып аңызға. Күжілдеген шығады айғай әр тұстан, Дырду-думан өңкей дию тартысқан. Жер тарпиды тайбуырыл – тасбақа, Түксиеді түйе балуан – көртышқан. Балпаң басып қарға жүрді жораға, Күзетшіге қыран қалды қорада. Ақсұңқар боп ала қанат сауысқан, Хайуанаттар қаласында төраға. 7-326

Қайда апарып соғады екен, әй, мынау? Ой ұшына жіп таға алмай қойдым-ау! Бақылдаған лақ теке өкіріп, Бұқа болып шыға келді мойны дәу. Ешкім бабын таппаған соң оңдырып, Айдалада тұлпар қалды болдырып. Есек мініп аңға шықты маймылдар, Қолдарына бір-бір тауық қондырып. Мақұлықтар кенеледі күлкіге, Мұрагердей жаратқанның мүлкіне. Келмей жатып саршұнаққа шамасы, Дәмелері қасқыр менен түлкіде. Қайтсем бүйі боламын деп бит қызып, Кенелерді жатыр отқа үйткізіп. Айдаһарды жылан жұтып жоқ қылды, Арыстанның бас сүйегін ит мүжіп. Сенейін бе, сенбейін бе, ой, Алла?! Сұмдық көрдім, түсімде емес, ояуда. Көргенімді қаз-қалпында түсірдім, Мұрша келмей мың құбылтып бояуға.

ЕЛЕСТЕЙДІ КӨЗІМЕ Төрт түлігім дін аман, сау тұрғанда, Тіске басар талшығым таусылған ба? Төлдерімді сақтай гөр, киелі ата, Топалаңнан, түйнектен, аусылдан да. Сақта тағы пәледен, жаладан да, Жақындатпа жат пиғыл жан адамға. Тостағанның түбіне табынамын, Ақ айранның жұғынын жалағанда. Төрт түлігім тұс-тұстан мыңғырғанда, Созған қолым жетеді мың жылдарға. Төл дауысын естісем қуанамын, Салауат қып мыңдаған қырғындарға. Төлім барда қайтады неден бетім, Соқтығыстан сан рет көгерді етім. Бөрі менен ұрыға боршалатып, Қарап жатсам қалмай ма көген жетім? Қара саба қаңсыса тұралаймын, Қара тұтып қалайша жыламаймын? Тірлігімнің жанары ағып түсер, Құзғын ойған көзіндей құралайдың.

Қатыққа зар бір қасық аз ба күнім, Айқайлауға келмейді созған үнім. Ырғынынан қырғыны көп жылдарда, Күзге жетпес қызығы жаздағының. Қырсық ғұмыр, қыңыр көш кері кеткен, Қинауменен келесің мені көптен. Жұттан қалған жұрнаққа өзің жар бол, Жүдеу жайлау, сары бел көні кепкен. Дертін тартып дауасыз күйік-шердің, Тар ноқтаның талайын киіп көрдім. Тышқан мұрнын қанатсам құныкер боп, Тышқақ лақ қалдырмай жиып бердім. Қарақшылар құтылды жаза көрмей, Малсыз қалса, кім өлсін қазақ өлмей? Жер астында аруақтар күңіренеді, Құлағына құдайдың маза бермей. Топырақтың тәніне жара шығып, Талқан болып, тас берік көр ашылып, Елестейді көзіме қалың аруақ, Малын іздеп жүргендей аласұрып. Менен дәрмен болмаса, кешір, аруақ, Жағдайым жоқ кетердей көшіп аулақ. Арыстанын аштықтың қарауылдап, Тас төбемнен барады бесін аунап.

ҚАРА БАЛА ҚОЛ ЖАЙЫП... Солқылдатып өмірдің сан сауалы, Жүрегімнен, миымнан қан сауады. Дүбір салған ішімде дүлей тасқын, Сыртқа бұзып шыға алмай жар соғады. Күннен-күнге тарылып ел тынысы, Сезілмейді тірліктің серпілісі. Алаң қағып әркімнің көзінде жүр Қасқыр тартқан тоқтының қорқынышы. Қалай айтпай қаламын тіл барында, Торғай кетсе қырғидың тырнағында. Әлдеқашан ұмытқан аруақтар кеп, Оятады ұйқымнан түн жарымда. Тастағандай жанымды аршып отқа, Алады кеп олар да сан сұраққа. Уа, Тәңірім, аясаң егер мені, Ақбөкендей оқ тиген қансыратпа! Қиылғанша жанымды қансыраған, Көз жасыммен жуармын тамшылаған. Көрге бірге шұбырып кірсе қайтем Қара бала қол жайып нан сұраған?..

ҚОЖАНАСЫР ӘУЛИЕДЕЙ Тірлігімді талатпаққа екі өкпесін зар қысқан, Босағама қабаған ит байлап кетті сан дұшпан. Сыртқа шықсам алдарқатып сүйек-саяқ тастаймын, Мысық пенен тышқандаймыз күндіз-түні аңдысқан. Қызыл көзді қығаныштың көре-көре қастығын, Қаңғырып жүр айдалада зәтте болған жастығым. Күздің қара суығына иек артқан өмірім, Абыржыған егіншідей жинай алмай астығын. Ұрынарын ұғатындай ұли соққан боранға, Мөңірейді жалғыз торпақ азынаған қорамда. Мұратыма жете алам ба мал мен жанды баққанмен, Кең дүниеге көз суарып, тебіренейін онан да. Қожанасыр әулиедей қоржын теңдеп ақылдан, Есек мініп жолға шықтым таңнан тауық шақырған. Қай тарапқа бастасаң да, пәруәрдігер, өзің біл, Итпегіңе көнген құлда басқа сөз жоқ «мақұлдан».

МЕН БАЙҒҰСТЫ МҮСІРКЕСЕ Бар қазаққа жөн сілтейтін болмасам да ұлы Абай, Анда-санда шолтаң қағып, сөйлеп қоям шыдамай. Үрей толы сұрқай тірлік басқан сайын аяқты, Шошытады қарақшы мен ұры бұққан жырадай. Белге шығып, кең көсіліп отыратын қайғысыз, Қайда ғасыр айран-асыр, алағай да бұлағай? Көз көрген соң күңіренемін, тіл берген соң айтамын, Мұң тербеген алып бесік – мынау, ұлы байтағым. Талқандайтын дәрменім жоқ жынойнақтың ұясын, Бақсы емеспін бәлекеттің қағып алар сайтанын. Уа, жасаған, қоржынымның түбін қағып босаған, Шулы өмірдің базарынан мен де сырғып қайтамын. Бұра тартып бұлқынғанда қайда қашып құтылам, Әзірейіл құрық салса, асау тайдай тұтылам. Кім жұтпайды алдыңғылар шөлін мәңгі қандырған, Сиқыр дүние қолындағы у құйылған құтыдан. Сапар шексең арманың не салт бас, сабау қамшылы, Құдай елді аман қылсын қызыл-қырғын жұтынан. Қимағанмен қу жаныңды, аңдып жүрген аңшы бар, Шіреп тартқан сұр жебе де бір күн келіп шаншылар. Тағдырымның нәзік қылы – әлсіз жүрек тамырым, Мен байғұсты мүсіркесе, мұрша беріп, сәл шыдар. Найзағайдың оты ойнаса жиі-жиі төбемде, Жайтартқыштай маңдайыма жазылғаны сол шығар...

СЕМЕЙДЕГІ СӨЗ Шақырған сауыққа да, сайранға да, Дүние неге теріс айналды, аға?! Әкенің қасиетін біле бермес Шешенің уызына тойған бала. Сырғыса сынаптай сыр тереңдегі, Наз қиын наласы көп өлеңдегі. Болсаңыз нар қарағай белеңдегі, Бұтағың емес пе едім төмендегі. Қаңғытса шартарапқа тірлік қамы, Қазақтың қайда тамбас кіндік қаны. Жігіттің маңдайынан сор арылмас, Жүректің тазармаса кір жұққаны. Жұтпасақ ащы зардың уын балдай, Тәттіден таңдайымыз уылғандай. Өзіміз отқа кірмей кімге дәрі Сөзіміз майдан қылшық суырғандай. Санаумен шыққан күнді, туған айды, Көз жасы бұл ғасырдың құрғамайды. Жамайтын өз жыртығын өлермен көп, Япыр-ау, ел жыртығын кім жамайды?

Жол түсіп келіп қалдық, аға, мұнда, Семейдің топырағы табаныңда. Кенеттен дауыл тұрса таңданбаңыз, Алланың алақұйын заманында!

САЙТАН ШАҚЫРУ Сиқыңнан шошыр тірі адам, Кім сенен залал күтпеді? Пәтшағар, шындап сұранам, Бар болсаң егер, шық бері! Алайын біраз масайып, Тіліңді, бәлкім, табармын. Қашатын мен бе Машайық, Қаныңды ішсем, қанармын. Айтпаймын өлсем мен әзіл, Жүзіңді көру болды арман. Қорқам ба сенен, әзәзіл, Қулығым кем бе Алдардан? Елесің қанша арбасты, Сенде бар сиқыр менде жоқ. Жүрсің бе әлде, албасты, Пердеңді жауып пенде боп. Жаураған жанға жылу көп, Шаттыққа көңіл тойды ма? Жанары шоқтай сұлу боп, Кірдің бе, бәлкім, қойныма? Есімде жоқ қой бүгінде, От пенен суға түстік пе?

Көгілдір шамның түбінде Тамшыны бөліп іштік пе? Ойнаған оқты білтемен, Жарытпас едің сен жар боп. Бейкүнә досқа сілтеген Тұрдың ба қолда қанжар боп? Тізейін қайсыбірін мен, Күнәға тілім келмейді. Пенденің бәрі сүрінген, Тайдырған жолдан сен дейді. Сындырса ардың қанатын, Күңгірт қой ойға арғысы. Қит етсе саған жабатын, Адамның айла-шарғысы. Күнәға батқан көл-көсір, Жоқ болсаң мынау ғаламда, Жазғырдым босқа, сен кешір, Өкпеле онда адамға. Бар болсаң егер, мыстаным, Болмайды бүйтіп жүргенің. Қолыңды кеп тұр ұстағым, Көзіме, кәне, бір көрін. Ештеңе маған берме де, Ештеңе менен алма да. Жатпаймын сенсіз мен неге, Сыйынып жалғыз Аллаға?

Өзіңді зармын көруге, Беттесу үшін бір ғана. Мұрша бер тыныш өлуге, Жүректің төрін былғама. Бет-аузың кісі көргісіз, Бәлекет болсаң, тоятта. Бақытқа бөгіп белгісіз, Ұйқыға кетсем оятпа! Тілімнің уын төгер ем, Бар-жоғың, әттең, жорамал. Сыртымда болсаң көрер ем, Ішімде тұрсаң жоқ амал!

ИЛЕУІНЕН ҰЗАП ШЫҚСА Мейірімге жарытқанда жаратушы аз ғана, Малта тасқа қына бітіп, шаш шығады тазға да. Қыр желкеге қырсық мінер ел ішінде көбейсе Телмеңдеген кәрі шал мен өңмеңдеген бозбала. Қойға құдай ғұмыр берсе қасқыр жағы қарысар, Мүсәпірдің мұрты сынбас аштан өлсе тоғышар. Қасиеттің қара қосын иектесе албасты, Арыстан мен иттің басы итаяқта тоғысар. Сараңнан су, қарақшыдан сұрағанша бас сауға, Қуыс ізде қалжыраған қу жаныңды тастауға. Қасығың мен тостағанның тазасынан не қайыр, Қара шыбын құжынаса айран құйған астауға? Ерте туып, дүниенің қызығынан қалдық кеш, Иығыңнан басқан салмақ көңіліңді сергітпес. Тірлігінің бас-аяғы болғанменен бір тұтам, Илеуінен ұзап шықса құмырсқаға жол бітпес...

ЕЛ ҚЫДЫРҒАН ЕСЕКДӘМЕ Ғазал жазып күңіренгенмен мен емеспін Науаиы, Бұл қазаққа қысылғанда қара өлең ғой оңайы. Ел қыдырған есекдәме енді уызға жарытпас, Беріш емшек бедеу сөздің келгенменен нобайы. «Болмасаң да ұқсап бақ» деп асқар шыңды нұсқады Адамзатқа асу бермес ақыл-ойдың Абайы. Баста бетін бүркегенмен арты ашылмас дүние жоқ, Жұртқа сырын алдырады жүгіргеннің талайы. Ақ сандықты аптағанмен алтын болмас сары жез, Күптегенмен күміс болмас сырты жылтыр қалайы. Көркем өмір айырылмас кереметтей көркінен, Ат қорадай былғанбаса тіршіліктің сарайы. Туған сәби талпынған соң тартар тұрмыс азабын, Үлбіреген жас үміттің ағарғанша самайы. Майпаңдаған сайқалдық пен сұрқиялық – сыпайы, Айқайлаған ащы шындық әрқашан да – анайы. Көк аспан мен қара жерге ешкім үкім жүргізбес, Қарақұрым қалың пенде – бір құдайдың малайы. Шаңнан жүзі көрінбейді патша қақса етегін, Ібілістің ұясындай ұлықтардың маңайы. Төбет көрген мысықтайын молда қашар мешіттен, Тәңіріге тәуап қылса таудан түскен жабайы. Ей, ақыным, нали берме, күн қылтиып көрінер, Түн жиегін әдіптесе атар таңның арайы!

АРПАЛЫСҚАН ЕССІЗ ТОБЫР Күміс тиын жылтыраса арасынан қоқырдың, Екі көзі шамдай жанар сығырайған соқырдың. Арпалысқан ессіз тобыр елең етіп еңкеймес, Алтын басың домаланса астында ойран-топырдың. Ебелекті сүйеу көріп, кисең жұттай кебенек, Сүйкенгені сен боласың қыршаңқы мен қотырдың. Ағайының айғай салып алды-артыңда тұрса да, Ауған жүгің түзелмейді үстінде тар көпірдің. Саған емес, қалтаңдағы қазынаңа іші ашыр, Суға кетсең, құрбаны боп қара тасқын нөпірдің. Алтыбақан алауыздық айналаңды жайласа, Айна таздай қылтанақсыз қу тақырға отырдың. Бір есекке орын босар екі жылқы тебіссе, Сәні қашып сәйгүліктер сап түзеген ақырдың. Қырық пышақ қым-қуытта қалам десең аман-сау, Жоныңды тос дойырына даңғой менен дөкірдің. Ей, ақыным, төбеңе шай қайнатса да шыдап бақ, Тоқсан толғап айтқаныңды көкейіне тоқыр кім?..

АУЫРҒАНДА Мазам кетіп барады, мазам кетіп, Мазақ етіп жүре ме қазам жетіп? Тым болмаса жабдығым түгел емес, Табақ тесік, қасық кем, қазан кетік. Далақтаумен үлкенге, кішіге де, Дүние, шіркін, кірмепті түсіме де. Жетім күшік секілді жұртта қалса, Балам мені, білмеймін, түсіне ме? Жетемін деп бәріне ағайынның, Өзімді өзім абайсыз қақ айырдым. Жай-күйімді осы күн білгің келсе, Аласұрған шілдеде ақ аюмын. Жұрт еді ғой менсіз де күн көретін, Өлгенменен ешкім жоқ бірге өлетін. Қабақ шытпай күтейін ажалды да, Қонағым ғой әйтеуір бір келетін.

БІР ҚҰДАЙҒА БЕЛГІЛІ Залалы жоқ иненің жасуындай, Заман қайда тауымның асуындай? Суыртпақтап сұрасаң тарқатайын, Жасырып ем сырымды жасырудай. Мыжып бақтым мен-дағы миғұладай, Мұжылсам да арқардың асығындай. Ашыла алмай, айғайлап ашына алмай, Іштен тындым, іркіт боп ашығандай. Тырнап-тырнап еппенен айтып көрдім, Жауыр аттың арқасын қасығандай. Қитығына тигенде қипақтадым, Қызған темір бетіме басылардай. Құлақкесті құлындай күнкөрістің, Делқұлымен еріксіз сыр бөлістім. Көріп тұрып көлденең түсе алмадым Зорлығына жуасты жүндегіштің. Алтын сандық айнала көшіп жүрді, Кілті болса билік пен кімде күштің. Алқымымнан алса да ауыз бақтым, Ашуымды төзімге бауыздаттым. Сүтке тиген мысықтай сыртқа тепсе, Таңдайыма қара су тамызбақ кім? 8-326

Үрген қарын секілді күндер кештім, Іліп қойған өтіне аңызғақтың. Жалтақ мінез жігітке жараса ма, Қалтырадым, қайтейін, қарашада. Жүген-ноқта басымнан түсер емес, Сен келмесең, жас ұрпақ, арашаға. Қымыз қайдан болады, қыза-қыза, Күрпілдеттік су толған қара саба. Алтын тақ боп көрініп қара тақтай, Әркім өзін сезінді Бонапарттай. Шилі болған арқасы заман шұбар Шоқтығына шоршыды қол апартпай. Әкімдері қазақтың көлеңкелеп, Ақындары қаңғыды пана таппай. Байқайсың ба, сөзімнің басқа түсі, Жақсыларға жоқ бірақ еш қатысы. Қара тасқа өткен бе шапқан қылыш, Қайыршыда кеткен бе патша ақысы? Арыстан да азуын жасырмай ма, Қапияда қағылса қасқа тісі. Осы менің жай-күйім келсе білгің, Күйбең тірлік – қуаты жансебілдің. Өзгені емес, алдымен өзін ұғар, Көкейіне әуенім енсе кімнің. Жақтырмаған жайына жүре берсін, Бір құдайға белгілі – қанша егілдім...

ЖОЛБАРЫСТЫҢ ЖҮНІНДЕЙ Қайсы арманның түбіне ғұмыр жеткен, Артта қалды күндерім дүбірлеткен. Күреңдеймін, байқасам, көп шабылып, Қырқа-жонды, бел-белес, күдірді өткен, Ауыздыққа езуін тілімдеткен. Бәрін көзден өткердім жолдағының, Жалт бұрылған сүрлеулер алдады мың. Осып түскен қамшыдан шұбар ала, Жолбарыстың жүніндей жон, бауырым. Өрмекшідей жанымды торлады мұң. Өтемін деп тар соқпақ, тар көпірден, Тасқа тиіп тұяғым сан кетілген. Өзгелердей опық жеп, Мен де өкінгем, Сарқ-сұрқ қайнап кеудемде зар көпірген. Зілдей батып үн шықса сәл зекірген. Жараланып жүрегім болмашыдан, Сыңайы бар запы боп көп жасыған. Күдірейген жалымды қамыт қиды, Босай алмай тұрмыстың арбасынан. Арқам жауыр екені және де аян, Жаба тоқып несіне мен жасырам?

Жасырғанмен мықшитып ер батады, Иығыма салғандай кер жотаны. Ұлытауды он қайта айналғандай, Сауырыма сауыс боп тер қатады. Қатқан тердің астында сор жатады. Сондықтан да сыр беріп, бүлк етпеймін, Жолға түсіп желемін, бүлкектеймін. Жуас көріп желкеме үйір болма, Шамдандырсаң шалт кетер үркектеймін. Құйын қалбаң етсе де күлтөбеден, Секем алсам атқақтап үрке берем. Жаны күңгірт пендені жолатпаймын, Жын көргендей бет-жүзін бүркелеген. Бұған қарап, тойынған деме, достым, Шолақ арқан, тар тұсау, өреде өстім. Пышақ сырты жал бітсе селтең қағып, Жанға торсық байлатпас мен емеспін. Менен зардап шеккен жоқ және де ешкім. Түсінгейсің жанымды жете менің, Сері көңіл сыралғы сетер едім. Адалдықпен арқама жүгіңді артып, Шоқтығыма шықсаң да көтеремін. Жусан болсаң егер де, бетегемін...

КҮМІС ҚҰЙРЫҚ, АЛТЫН БАС Ұясынан ұшқанынша жан тынбас, Рахатың бейнетіңнен артылмас. Қыр соңымнан қалар емес туғалы Шұбар жылан күміс құйрық, алтын бас. Қайдан ұқсын қайран жақын-жұратым, Тағдырымды жылан арбап тұратын. Жүрегімнің құйтақандай шөлмегін Түбінде сол сарқып ішіп, тынатын...

КӨК ТҮТІН БОП... Мен тұрмын шулы қала ішінде, Түк көрмеген, түк сезбеген пішінде. Жасырғаным – таңдайымның астында, Талшық қылған тарамысым – тісімде. Жел тимеген тағысы едім даланың, Қамауына тез көндіктім қаланың. Күн қабағын көкжиектен танушы ем, Енді бағам терезенің қабағын. Бұған-дағы шүкіршілік етемін, Елден асып, енді қайда кетемін? Осы болса – менің Мекке-Мәдинам, Осы болса – ұя салған мекенім! Шулы ортаға келген жоқпын бекерге, Қуғанменен арманға адам жетер ме? Тар қалаға тағдырымды байлағам, Кең даланың құшағынан кетерде. Мұны өзімнен басқа, сірә, кім ұғар, Жөнім де бар жәрмеңкеге құнығар. Бұл қалада жер-жаһанның жыны бар, Бұл қалада жеті атамның құны бар.

Бұл қалада өмір сүрер оңай кім? Бұл қалада тоналамын, тонаймын: Сылдырына зар боп жүріп бұлақтың, Сыбдырына зар боп жүріп тоғайдың. Бұл қалыппен жүре берсем, жаным-ай, Түбінде бір өзімді-өзім танымай, Көк түтін боп көкке қарай ұшармын, Жер бетінің тынысына жарымай. Көлеңкемнен басқа сонда нем қалар, Өз білгенін оқи берсін молдалар. Қаралы бір қара сызық тартылып, Аспан менен жер ортасы жалғанар. Сонда менің біткен жаным тоналып, Кең аспанның аясында демалып, Кешкі бұлттай күреңітіп жатармын, Батқан күннің шапағына оранып...

ДАРАҚЫҒА ДАУА БОЛМАС Алматының ғимараты ығы-жығы, қым-қиғаш, Көлеңкелі терезеге күннің көзі нұр құймас. Мейрамхана бай-мырзасы, сырахана сұлтаны – Қашан көрсең қалқып жүзген біздің қазақ ылғи мас. Алматының көшелері өрмекшінің торындай, Бауырына өрлеген құрт Алатаудың сорындай. Шарап буы бұрқыраған дыр-думанның ошағы, Маскүнемге қаскүнемнің қазып қойған орындай. Тас бастаудың тұнығынан бойлап ішкен су жалдап, Қазақтың бір қалтасына бес қол түсер сумаңдап. Аңыздағы тезегі алтын көк есекті көргендей, Майлыаяқтай майысады даяшылар жылмаңдап. Дарақыға дауа болмас екі етегі далиған, Жуыр маңда жүдемейді, тілемейді ол иман. Қара қазақ құлап түссе, сұлап жатып жөн айтар Кеңірдегі бүлкілдеген, күркілдеген сары Иван. Бұл жалғанда жымысқы жоқ жыбырлаған өңештей, Ақымақтың аты жүрмес айдарынан жел еспей. Өз өмірін қылқылдатып өзі жұтқан сабаздың Басындағы қауашағы түбі тесік тегештей.

Сең соққандай сенделгенде аңдай алмай бағытын, Әкесінің сатуға бар көрде жатқан табытын. Азғындықтың арбасына жын-шайтанды тиеп ап, Мойнына іліп мықшыңдайды мехнаттың қамытын. Шамданар деп сескенбейді ата-баба киесі, Ақ бетіне жағылса да қазанның түп күйесі. Түнді жара арқырайды арсыздықтың айғыры, Әлдеқайдан кісінесе сайқалдықтың биесі. Өзі үйренген, көзі үйренген жандар оған қам жемес, Сырты бүтін, іші түтін дертті қала ләм демес. Шошқа аунаған ми батпаққа қой да барып аунамас, Ит жалаған арам суға адал ауыз дәндемес. Ей, Алматы, жерінгенде кетем қайда көшіп мен, Қазақ болып туғандықтан дұшпаным көп өшіккен. Кей түндерде түсіме енсе қалың жылқы, көк жайлау, Ертеңінде сүйретіліп әрең шығам есіктен.

ӨЗІМЕН ӨЗІ ҚАЙҒЫЛЫ Қанаты сынған көбелек, Отырсың әрең қалтылдап. Жүруші ең көкте әуелеп, Танадай болып жалтылдап. Мүсіркер сені кім елеп, Іздемес жоқтап сай-сала. Болдың да қалдың мүгедек, Бейкүнә, момын, бейшара. Шақырып гүлді алапқа, Күліп тұр өмір алдағы. Түсті екен нәзік қанатқа Тағдырдың қандай салмағы? Жарқ ете түсіп жоғалған, Тірліктің нұры сен де бір. Ғұмыры қысқа жаралған, Бір нәзік сәуле менде жүр. Сөнері оның қай күні Құдайға ғана белгілі. Өзімен өзі қайғылы, Ұқпайсың, байғұс, сен мұны...

АСАУЫМ, ЖЕЛІКПЕГІН... Оу, жылдар, желікпегін, желікпегін, Көңілді өмірге іңкәр жерітпегін. Барасың қайда, қайда құйындатып, Қосарлап қос күреңді жегіп пе едің? Жетеді екпініңе еліккенім, Қуудан қызығыңды зерікпедім. Ұршықтай зыр айналған дөңгелегі, Мәңгілік тоқтамайтын көлік пе едің? Жүргем жоқ рахатыңды көріп тегін, Пенденің дегеніне көніп пе едің? Бөкендей анадайдан үркіп қашпай, Бір мезет алдыма түс желіп менің. Көрдік қой асыққанда не біткенін, Басымды зеңітпегін, зеңітпегін. Келгенде зымырауға кереметсің, Сүтіне самұрықтың жерік пе едің? Білмеймін дүние неге тебіткенін, Себебін айтшы онан да, көріпкелім. Беймәлім бағытың да, бағдарың да, Белгісіз кеңістікпен серік пе едің?

Бір таудың елігі едім, көрікті едім, Оқ тисе тұяғымды серіппедім. Біздерге тарлық етсе, мына өмірдің Іргесін сәл-сәл неге кеңітпедің? Асауым, желікпегін, желікпегін, Желігіп сұм жалғанды жеңіп пе едің? Тасыған су аяғы құрдым болар, Құрдымның салындысын теріп пе едің?.

ШАҒАЛА Шағала, аппақ шағала, Кездестік тағы жағада. Былтырғы жаздан белгі жоқ, Сәулесі ғана санада. Алакөл жатыр орнында, Тербеген мәңгі Жер-ана. Сағынып келдім, шағала, Жабығып шулы қалада. Шырылдап неге жылайсың, Өзегің өрттей жана ма? Біреулер әлде сенің де Ордаңа ойран сала ма? Жәрдемің бар ма, шағала, Жүрекке түскен жараға? Жөңкілген толқын, көк айдын Бізден де бір күн қала ма? Білмеймін, қайда бастайды Бұлдырап тұрған замана? Мен де бір құспын, шағала, Зар болып жүрген панаға. Келе алмай қалсам оралып, Қайтадан мынау жағаға, Өлдіге сірә санама, Шаршаған-ау деп шамала!..

БӨЛІНДІМ ТУҒАН ҮЙДЕН Несіне елес қуып, іздедім бақ, Шаршадым түсемін деп ізге жұмбақ. Бауырым, тіршіліктің түйір дәні Болғанмен біреуге – арзан, бізге – қымбат. Сол үшін Алтай бардық, Арқаны астық, Жалғанның жарығына жанталастық. Таяқты тар көпірде көп жедік те, Аяқты ақсақ аттай тарта бастық. Батыр да қылышынан қан сорғалар, Басына бейнет түссе жан сауғалар. Әкенің тозған тоны қырық жылғы, Боранда қайсымызға қамсау болар? Бөліндім туған үйден мен ертерек, Көрмедім ағайынға көп еркелеп. Жатырмын енді, міне, жар түбінде, Теректі өзім еккен көлеңкелеп. Кім ұғар сен сезбесең бұл жайымды, Біртіндеп тұла бойға мұң жайылды. Болашақ не сыйларын өзі білер, Әзірге аман жүрген күн қайырлы.

Өмірдің әрбір жазы, әрбір қысы, Келмейді әсте сырын алдырғысы. Шығары қай жағыңнан тағы жұмбақ Дамылсыз ұшып-қонған тағдыр құсы. Арманды қуып бақтым бір кісідей, Жолымды кесті қанша жынды сүрей. Талайдың шындық көзі деп жүргені – Мылтықтың үңірейген ұңғысы ғой. Қайғыдан қатырмаса жаныңа мұз, Адамға өткен күннің бәрі де аңыз. Бауырым, бақыт деген – құстың сүті, Таңдайға жоқты қалай тамызамыз?

ҚАЙЫРЫН БЕРСЕ ТҮБІ... Ақтарыл ернеуіңнен, төгіл, жүрек, Қалмасын қапа көрген өмір жүдеп. Қобыздай күңіренбей қайғы шалған, Бір сәтке болайыншы көңілдірек. Астында қас қағымның жатыр ғалам, Нөсердей ағыл-тегіл лақылдаған. Кенеттен ыстық сезім лапылдаған, Найзағай ашық күнде шатырлаған. Тұрса да ақырзаман аран ашып, Кетесің от пен суға араласып. Кіресің тылсым дүние құшағына, Дауылмен жалғыз өзің жағаласып. Сескенбей, қатер төнсін, қай жағыңнан, Соқса да қара дауыл майда құмнан, Тотықпай асыл жүзің айға бұрған, Жарқылдап жел еседі айдарыңнан. Тыйылып ащы зары аңыраудың, Қайтады қаһары да долы жаудың. Тіл бітіп меңірейген мылқауға да, Ашылар тас құлағы саңыраудың.

Аруақ та көтеріліп тыныш жатқан, Балқиды қасіретің құрыш батпан. Қолы да қарақшының қалтырайды Жуастың желкесіне қылыш шапқан. Ғаламға сәуле шашып шақша басың, Түкпірін түнектің де ақтарасың. Періште, пайғамбар да, патшадасың, Аждаһа аузынан да бақ табасың. Рахат, шапағатқа мейір қанар, Жоғалып арсыз ниет пейілді алар. Анаңнан қайта туып келгендей боп, Азабың, тозабың да кейін қалар. Күпінген желбуаздар төсін қағып, Күнелтер көрінгеннің пешін жағып. Шығады судан алтын балықтай боп, Балтадай батып кеткен есіл ғарып. Жабықсын, мейлі, жалған құлазысын, Осы үшін тіршілікке разысың. Қайырын берсе түбі қатал тағдыр, Садақа – зая кеткен біраз ісің... 2-326

ҚАҒЫП АП ҚАРАҒАЙДАЙ МҮЙІЗІМДІ… Айналды бір суық жел жан қоймасқа, Шама жоқ жапырақтай сарғаймасқа. Келсаптың тұмсығындай көп соғылған, Бұл күнде төбе тықыр, маңдай қасқа. Жүріп-ақ ортасында ағайынның, Басымды тау мен тасқа талай ұрдым. Жүзіме өшпес таңба салып жатыр Долданып беттен алған көкайыл күн. Құбылды қырық мәрте, шіркін, заман, Сайтандай артын ашып жырқылдаған. Сырмақтай тозып біткен дүние мынау, Көтеріп шаңын қақса бұрқылдаған. Тасырға қашан түзу сөз дарыған, Әр нәрсе арта қоймас өз қабынан. Шөліне Кербаланың барады ұқсап, Кең жаһан жалт-жұлт етіп көз қарыған. Қуалап қиырдағы көк сағымды, Күлігі көңілімнің көп сабылды. Қағып ап қарағайдай мүйізімді, Біреулер күмістеген шақша қылды.

Баймен де, патшамен де тең жүр едім, Төбеме кедейшілік төнді менің. Көрініп өз мүйізім өзіме алтын, Қолына әлдекімнің телміремін. Мүсіркеп бірақ ешкім жарылқамас, Қырқысқан қайда барсаң қалың талас. Қол сынса жыртық жеңнен қайыр бар ма, Бүркейтін бөрік те жоқ жарылса бас. Бұйырар ит пен құсқа жемтік емен, Дариға, дәурен қайда мен тілеген?! Уақыттың сұр мысығы аңдуда енді, Торғайдай тірлігімді тентіреген...

СҮЙЕУ БОЛМАС БАСЫМА Айтардаймын мен сонша кімге өсиет, Таңдайыма бітпесе бір қасиет! Кете барам кенеттен қалғып бір күн, Көбелектей басымды гүлге сүйеп. Дос сұйылып бұл күнде, азды дұшпан, Айыра алмай жаурадық жазды қыстан. Айналады тозаңға қос қанатым Гүл үстінде қалтылдап аз күн ұшқан. Мен де тозып біткенім тозаңдасам, Алдыңғыдан сөкпегін оза алмасам. Шама-шарқым жеткені осы шығар, Жарқ-жұрқ етіп шамалы көз алдасам. Қызыл-жасыл дүние алдандырған, Қайыры жоқ тау-тасты малдандырған. Маған қалып береке таптырмады, Мұра болып жарытпас мен қалдырған. Күйбең тірлік басталған таңертеңнен, Маған дейін сан күйіп, сан өртенген. Иімесе тағдырдың омырауы, Көсегесін кімдердің көгертем мен?

Жасаймын деп ортадан көргенімді, Құлқыныма құл еттім өр көңілді. Сүйеу болмас басыма жастансам да, Пенделікпен жиғаным-тергенімді. Бұра тартсам болғаны үлгім – мешеу, Бір ноқтаға тағылған шылбыр бесеу. Итпектеумен әуре түртпектеумен, Әр қазақтың қолында бір-бір көсеу. Жегенсиді сырт көзге бәрі қайғы, Азуын ашса, көмейі аңырайды. Шауып жүрмін жұрт үшін дегенімен, Мінген аты көбінің арымайды. Қайғысының түкпірін қазып көрсең, Бар уайымы бес күндік азықпен тең. Қайда апарып қағары тағы да айқын, Қолдарына тоқпақ пен қазық берсең. Не табамын таусылып мыжығанда, Ми қайнайды аспаның шыжығанда. Масаттанып миғұла масайрайды, Өз қолымен өз басын мұжығанға. Құдай білер – пенде кім, періште кім? Бірің өліп, бірің қал – керіскенің! Тайқы біткен қазаққа тар маңдайым, Кепкен қайың безіндей беріш пе едің?..

ҚҰРАЛАЙ-ҒҰМЫР Мына күннің алды – жаңбыр, арты – қар, Тоңған жаным торғайдайын қалтырар. Ғұмыр, сірә, қызылшақа құралай, Туа сала сан жығылып, сан тұрар. Мына түннің арты – боран, алды – қар, Жыласаң да сыңайы жоқ зарды ұғар. Қар үстінде қалтыраған нәресте, Қайда барар, қай тарапқа қаңғырар? Қорғансызға жер бетінде жоқ пана, Жемтік болар жыртқышқа да, оққа да. Құлдыраған сәби-жүрек тобықтай, Құстай ұшып жанын сақтар тек қана. Кім біледі, алдында не күтіп тұр, Жүгірмесе жоғалтардай жұтып қыр. Ызғарлана түпсіз қойнын ашады Шексіз әлем бермейтұғын бітіп бір. Сенделеді қиырына шыға алмай, Жүрегіне біреу пышақ сұғардай. Төбесінен мың бәлекет ұлиды, Күтір-күтір аспан мұзы сынардай.

Ғұмыр – бейне жезкиіктің лағы, Таптырмайды шөлдегенде бұлағы. Ортасында өмір менен өлімнің, Күндіз-түні елеңдейді құлағы. Құралайым, тұра берме құр қарап, Жон теріңді сыдырғанша бір қабат. Онсыз-дағы құдіреттің көк иті Тарпа бас сап, талап жейді жұлмалап.

СУЫҚ ЫЗҒАР СОҒАДЫ Суық ызғар соғады дөдегемнен, Көнбіс едім көк қайыс не деген мен? Бөбегімнің мұздайды қол-аяғы, Орап-шымқап бесікке бөлегенмен. Сырты бүтін үйімнің бір көргенге, Несін айтып жатамын білгендерге. Жел үрлеген ұстаның көрігіндей, Гуілдейді ызғырық іргемнен де. Қиыс кетсем қиянға жеке беттеп, Осы ұяны ұрпағым мекен етпек. Ақ бораннан ықпайтын қазақ едім, Оранатын тұйықтап текемет жоқ. Бұйым көрмей қызыл жел кигенімді, Сұққылайды өкпемді, бүйрегімді. Сақылдаған сары аяз сыртқа шықсам, Шалғайыма жабысып үйге кірді. Жырым-жырым жұтаған етек-жеңім, Қай мұратқа, ойпыр-ау, жетем дедім? Қойнаудағы қыстауға естіледі Көрпе астында күркілдеп жөтелгенім.

Тулақ төсеп үстіне қара сыздың, Аунақшимын көз ілмей, шарасызбын. Құсаланған қырандай күнім қараң, Талпынам деп тақырда қанат үздім. Өзімді өзім ішімнен түтіп жеймін, Тартпай қалған мұржадай түтіндеймін. Қырық тесік тілейді қырық жамау, Бәрін қалай әп-сәтте бүтіндеймін? Қатты шықса дауысым кейде менің – Басым қатып, ашынып сөйлегенім. Бірдің мұңы ұласар мыңға барып, Өзімді айтып, халқымды бейнеледім.

ҚАРА ТАСТАН ҰН ТАРТЫП Өлеңімнің жолын жапты, дөңбек тастап әлдекім, Тоған бұзар тасқын сөзім бұлқынады ал менің. Тағдырымның кіріптар ғып қойғанын-ай тақысқа, Тақуадай тұқырайған астындағы сәлденің. Мен санасам саусағымды, ол бақайын санайды, Маймақ аю секілденіп май табанын жалайды. Қарсы алдында тұрған жанды ту сыртынан көргендей, Тоңқаң қағып екі бұттың арасынан қарайды. Сасық мансап қоңсығына танауы әбден үйренген, Иіскемесе ауырады күл-қоқысты қи көмген. Инабаттың ізі түгіл, көлеңкесі түспеген, Оның беті бүлк етпейді, менің жүзім күйгенмен. Ауыздағы адалдығы еріндегі ұшықтай, Жымырайған кейпі жаман ін аңдыған мысықтай. Итке өкпелеп, жыртық тонды битке тастап қайтемін, Есім барда жөн табайын, иегімді қышытпай. Қараңғы аспан көкірегін оятпаса нұр жағып, Қан сорпа боп керегі не, қызыл сөзді құр бағып? Гуілдеген жел тұрмай-ақ, асау толқын ұрмай-ақ, Зәнталақтың диірмені айналады зыр қағып.

Қашан көрсең отырғаны қара тастан тартып ұн, Қалдырмас-ау бұл түрімен дүниенің тамтығын. Сөндірердей самаланы шайқап-шайқап қояды, Шыр айналған көбелектей күңгірт тартқан шам түбін. Соқыр тауық көреді елді дән орнына шашып құм, Өз аузынан айырмайды балды басын қасықтың. Жем жатқан жер жемтіксіз де болған емес ешқашан, Қу құлқынның құрығынан құтылады қашып кім? Топты торғай топырлайды қайда қызыл қырман көп, Ойламайды бейшаралар қылдан тұзақ құрған деп. Ей, көңілім, не қыласың болмашыға құрбан боп, Қызығарлық күн астында Күнікей қыз тұрған жоқ...

ӘР БҰТАДА БІР КӨКЕК Сұғанақтан сақта, құдай, әр есікті бір қаққан, Кәрі мыстан тоқым ояр төрде жатқан сырмақтан. Шамалауға шақ келмейді таразының тасы да, Қыл мойында парызым мен қарызым бар зіл батпан. Төгіп келем ақ қағазға жан сырымды имандай, Тостағанға тілімдегі бал-шырынды құйғандай. Қасым менен Мұқағали зарлап өткен жалғанның Қайыры жоқ қай бақыты маңдайыма сыйғандай? Атақ-даңқ – қызыл түлкі – арбайтұғын көз құрты, Бағасына жеткізбей тұр базардағы сөз қырты. Есер, шіркін, бар қазақты ұйыттым деп ойлайды, Құйрығына көпшік тастап, қолпаштаса өз жұрты. Сескенбейді аласұрған асау тасқын өлеңнен, Салындыны сал ғып мінген өңкей нойыс өлермен. Су түбіне бара жатып, бітеу басын бұлдайды, Көк тиынға тұрмас құны әлдеқашан төленген. Көріп тұрып сорақыны жігеріңді құм қылар, Қара қоста күңіреніп, мен жыламай, кім жылар? Өзін өзі алдыменен ақынмын деп санайды, Өзге түгіл, әлемдегі есі ауысқан жындылар.

Қазақ жыры қайтіп оңар, әр бұтада бір көкек, Сұңқылдайды өз аттарын шақырумен күнде тек. Бұлбұл үнін танымайтын шойынқұлақ заманда, Жезтырнақтың жолы болғыш көйлек киген гүлді етек...

АЛЛАНЫҢ ЖҮЗІ ҒАНА Пенденің қарекеті тұрмыстағы – Аумаған тасбақаның тырмысқаны. Алдыңда дайын тұрар қайда барсаң, Терінің сен илейтін бір пұшпағы. Қашпайды ырыздығың бұйырған бір, Пұшпақтың қолға тиген иін қандыр. Ойлама толастамас, тоқтамас деп, Төбеңнен көк нөсердей құйылған нұр. Дәуренің алтын емес тозбайтұғын, Шоқ емес үрлей берсең қоздайтұғын. Күлкіден көбік шашқан көңілге де Кез келер күзгі желдей боздайтұғын. Тірлік жоқ күн мен түндей алмаспайтын, Пәле жоқ жердегіге жармаспайтын. Көктегі ғайып құсы төмен түспес, Алланың жүзі ғана шаң баспайтын...

ЖАРАТҚАНҒА ЖЫЛАҒАНМЕН Көк телегей айдындамын, Жалғыз өзім зарығатын. Кім үшін мен қайғырамын, Кім бар мені сағынатын? Дж.Байрон Ей, перизат, сенемісің, Сенсің жанның әздегі. Төккен жасын көремісің Жүрегімнің көздегі? Қайғы деген – бір қанішер, Өзі жұтар өз басын. Сені іздеумен мұңлы Әлішер Сорғалатты көз жасын. Ұқсадың да аспандағы Жарқыраған сен айға, Оу, бақыттың қасқалдағы, Ұстатпадың Абайға. Таптырмайсың ғұмыры енді, Тұңғиыққа түстің бе? Байрон байғұс күңіренді Көк теңіздің үстінде.

Өмір екі келмейді ерге, Өлім барда қаскүнем. Сені аңсаумен Сергейлер де Болып кеткен маскүнем. Шырмалмаған пенде бар ма Сиқырлаған торыңа? Әлде сені берген Алла Ақындардың сорына? Қалай тірі жүре алам мен, Елесіңді көпсінсең? Жаратқанға жылағанмен, Жер бетінде жоқсың сен!

СУ ПЕРІСІ, ҚАЙДАСЫҢ? Мына дерттің таба алмадым айласын, Жүрегіме қалай уын жаймасын? Адамзаттың баласынан үміт аз, Арашала, Су перісі, қайдасың?! Су перісі, іздегенде сені мен, Үн қатпасаң арманымның төрінен: Жарық күнді көре тұрып, көрмеймін, Тәтті өмірді сүйе тұрып, жерінем! Тұтанғанда ессіз ләззат оты сәл, Еркің білсін, бір тозаққа екі сал. Мен емеспін жырындағы Пушкиннің Соншалықты сорлы болған сопы шал. Түн ішінде судан шықсаң ұрланып, Мен қараймын бір-ақ сәтке мұңданып. Өрттей жанған жанарыңның ішінде Шыбын жаным шырайланар нұрланып!. 10-326

БІР ҒАЛАМАТ ҒҰМЫР КЕШІП Арманымды сеземісің, аяулым, Аққан судай күндіз-түні ояумын. Бір ғаламат ғұмыр кешіп жүремін, Арасында мың құбылған бояудың. Бір ғажайып бал жұтамын түнімен, Бұлбұл құстың тамылжыған тілінен. Менің көзім саған қарап тұрады Бүршік атқан алма ағаштың гүлінен. Бір керемет жоқты іздеумен мен жүрем, Зеңгір көктен саған сұрап зер кілем. Сайрап жатқан құс жолына құмартып, Тұңғиықтың түкпіріне телмірем. Сағымдардың сүзгісінен жүз өткен, Мен бір сәуле аспан астын күзеткен. Жаратқанға жалшы болып жүремін, Аруақтарға есік ашып ізетпен. Рухының рахатына бөлеген, Ғұмыр, шіркін, қызық еді не деген! Таң сарғайса, сорғалаған жұлдыздай, Саған қарай салып ұрып жөнелем.

Ойларымды арқалаумен мың батпан, Әйтеуір мен келе жатам бір жақтан. Керқұла атты Кендебайдай мұңайып, Алтын құйрық құлындарын ұрлатқан. Таң алдында талығып мен қайтамын, Оның бәрін саған несін айтамын. Ептеп келіп сені ғана оятам, Тәтті ұйқысын бұзбасын деп Байтағым!..

ӨМІРІМДІ ҚИЯР ЕДІМ Ұсынар ем жүрегімді мен саған, Оты сөнген сорлы жүрек мұп-мұздай. Көңіл түбі жарық сәуле аңсаған, Қара түнде үңірейген тік құздай. Өмірімді қияр едім көз жұмып, Қысқа өмірдің жетер жері қалды аз-ақ. Қурап-солған үмітімді сөз қылып, Көрінгенге болып қайтем мен мазақ? Екі басқа әйел мұңы, ер мұңы, Бастан кешкен оның жайын сұрамас. Ыстық сезім шарпуына ендігі Көп өртенген менің жаным шыдамас...

УА, ДАРИҒА! О, сұлулық, сені іздеумен шөлдегі, Қаңсып қалды жүрегімнің шөлмегі. Тілді сорған таңдайымды қайтемін, Тамшы судан – шөлдегеннің өлмегі. Қаңғып өткен Мәжнүніндей Ләйлінің, Ақ таяғын ат қып міндім қайғының. Сен бір пері алып кеткен өзіңмен Сұм жалғанның азын-аулақ байлығын. Сағыныштың құм күйдіріп табанын, Сенделдім ғой, енді қайдан табамын? Күн боп сүйген сенің ернің емес пе Өліп-өшіп көкжиектің тамағын? Есік ашса кең аспанның күймесі, Айдан анық маған орын тимесі. Уа, дариға, жерге түспес жұлдыздар – Сенің алтын омырауыңның түймесі. Қиял-құстың қанатында көп ақын, Бақыттарын іздеп кетті жанатын. Үзілдірмей сыйласаңшы бір сәуле, Кім бар саған мендей ғашық болатын?!

АЙХАЙ, ЗАМАН! Сағымдай сан құбылған, айхай, Заман, Сиқырлы қызығыңа жан тоймаған. Өзіңе мұң шағамын оңашада, Абыздай күңіреніп ой толғаған. Теңіздей арпалысқан, айхай, Заман, Кеме жоқ толқыныңда шайқалмаған. Түбіңді тостағандай төңкерсем де, Сынаптай сырың көп-ау байқалмаған. Баянсыз көшкен бұлттай, айхай, Заман, Жетер ме даусым саған айқайлаған?! Жаңғыртып кең даланы шырқасам да, Ішімде арман қанша айта алмаған!..

НАУРЫЗ ЖЫРЫ Наурызым – Сары уызым, Жүдеп едік сен кетіп; Қайта келдің, Байтақ елдің Қуанышын көлдетіп. Дәстүрімнің, Жақсы ырымның Нышанысың жол етер. Берекелі, Көже толы Қазаныңа не жетер?! Өң кіргізіп, Келдің бұзып Тас бөгетін жалғанның. Еркіндігім, Алтын жібім – Үзілгенім жалғандың! Зарықтырып, Тарықтырып, Жоғалғаным табылдың. Тынып қалған, Құлыпталған Ән мен күйім ағылдың!

Құт мерекем, Күткен екем Сені көптен шын аңсап, Маздақтарым, Боздақтарым Бірге оралды ұран сап. Сөніп барып, Өліп-талып, Жидым әрең есімді. Арғымағым, Марғұланым Қыл бұраудан шешілді. Жанды бағым – Тау қыраным Томағасын сыпырды. Қарға «мықты», Жарға бұқты Көрге кірген сықылды. Жанын сақтап, Арын сатпақ Ұятсыздар күні үшін. Өзі кесел, Көзіне шел Қаптағандар құрысын. Мәңгі жанған, Түнді жарған Ғажап оттар жасасын!

«Елім!» деген, Бөлінбеген Азаматтар жасасын! Кел, Наурыз! Жандағы мұз Шуағыңмен ерісін. Гүлін жайып, Тілім байып, Тынысым бір кеңісін! Еселенсін, Өсе берсін Қазағымның мерейі. Іркілмесін, Бүлкілдесін Бұлбұлдардың көмейі! Шөбім өніп, Төлім өріп, Шалқып жатсын кең далам. Былғанбаған, Уланбаған Әлеміңді бер маған! Сарқылмайтын, Тартылмайтын Шаттық көлі бар қайда? Оқ алмайтын, Тоналмайтын Тағдыр сыйла маңдайға! Сен – елдігім, Кемелдігім, Сағынысып табысқан; Бұрынғының, Бүгінгінің Арманымен тоғысқан!

ЖЫЛАЙ БЕРМЕ Жүз толғанып, мың ойланып, Жылай берме, мұңлы ақын. Күн шыққанмен шырайланып, Қайта келер түн жақын. Қонбады деп бүгін бақыт, Жабырқама, налыма. Кеткенменен күнің батып, Таң атады тағы да. Тұрлауы жоқ бұл өмірдің, Таусылмайды күйбеңі. Кімге керек жүрегіңнің Жалын шалып күйгені? Азап пенен сорға батқан, Емессің ғой сен ғана. Ақ қағазға сорғалатқан Көздің жасын сан дана. Мұңын тыңдап жырлағанның, Жан көрмедім иліккен. Басы айналды бұл қоғамның Байлық пенен биліктен.

Бал тамызсаң таңдайына, Кісі бар ма сөз ұқпақ? Жазылған соң маңдайыңа, Талқысына төзіп бақ! Пенделерге тағдырың бір, Берсеңші, ақын, қол ұшын. Ақыл-ойың қаңғырып жүр, Ақтай алмай борышын...

БҰЛДЫРАЙДЫ ЕЛЕСІ Күн қылтиып көрінсе ай шөгеді, Қара бұлттың көбесін жай сөгеді. Әлдеқашан жұғынын ит жалаған, Қаңсып жатыр жылдардың майшелегі. Бұлдырайды елесі бұрынғының, Жұртта қалған жүн-жұрқа жұлым-жұлым. Көкжиектен арғыны көрсетпейді, Құрып тастап келешек шымылдығын. Тіл үйіріп таңдайға тамған шырын, Емексітіп жетелер алдамшы күн. Жанға қатер төнерін қайдан білсін Тәтті балға қанатын малған шыбын. Бөлеп тұрса тіршілік сәулесіне, Бұйырған дәм таусылмас пендесіне. Бұл жалғанның әлегін елең қылмас, Салып қойған азапты әуресіне. Түзу түссе Тәңірдің көзі кімге, Күлкі ойнайды өмірдің езуінде. Тұңғиығын тағдырдың болжау қиын, Төңкеріліп түспесе өзі бірде...

ЕМЕС ПЕ БӘРІ БІРДЕЙ... Көз жұмсаң ұмыт қалар пенделігің, Емес пе бәрі бірдей көрдегінің. Жақсының босағада бағасы кем, Барлығы бекзат емес төрдегінің. Білген соң қайта оралып тап бермесін, Қашанда айту оңай өткенге сын. Жасырған жұрттан жүзін көлегейлеп, Сайқалдың кім сыпырар бетпердесін? Берсе де бір күн ішін, бір күн сыртын, Құл етер тіршілікке қайран құлқын. Пейішке шақырса да періште кеп, Сыбырлар құлағыңа сайтан, шіркін...

ҮМІТІМ МЕНІҢ Тышқан аңдыған түлкі қулықтың Құлағы қайда селтимес. Күрсініп іштен, неге мұң жұттың, Үмітім менің жел тимес? Жүдесең, мен де қаламын жасып, Жүрегім қалай жырласын? Жадырай салшы, қабағыңды ашып, Көзімнің жасы құрғасын. Бақыттың гүлі бүршігін жарса, Жұпарын оның сеземін. Егер де сенің кірпігің талса, Талмай ма менің өзегім? Дірілдеп тұрған сәулеңді әлсіз Төксеңші алыс кетпейтін. Не пайда жарық жұлдыздан сансыз, Жылуы жерге жетпейтін. Сөнгенше мынау кеуденің нұры Түсерміз суға, отқа да. Үмітпен өтер пенденің күні, Үмітсіз – шайтан тек қана...

ДОСТЫҚ ТУРАЛЫ Майысқанда бұғанаң, қайысқанда қабырғаң, Өлген досың үн қатып жататындай қабырдан. Алақтайсың аспанға, далақтайсың далаға, Бөркіңді ала қашқанда ала құйын қағынған. Достық деген емес қой сатып алар сары май, Маңдайыңа жазғаны – жүрсең досқа жарымай. Қасқыр шауып қойыңа, ұры түссе қораңа, Жағаттаған жамандар өте шығар танымай. Сыртын көріп жүгірме, түсі игіден түңілме, Жетіп жатыр жалғыз дос тірек болса тіріңде. Көңіл, шіркін, қалады насыбайдан бір атым, Не бар, не жоқ – білдің бе шақшасының түбінде? Ой жіберіп барласам, өткенімді аңдасам, Базар етіп барымды күн кешіппін әрқашан. Жоққа жүйрік жете ме, тасқа қылыш өте ме, Бұйымтаймен келгенді бос қайтардым мен де сан. Әлдекімдер ит қосса ырылдатып төбетін, Астымда жоқ тағалы ат қаңқ еткізіп тебетін. Қан сауласа, жамауға жүрегімнің жыртығын, Қайыспас дос қайда бар, кесіп берер қоң етін?

Арпалысқан жалғанда жан берісіп, жан алған, Сыңарынан адасып талай саңлақ жоғалған. Көңіл көзі таныған бірін-бірі алыстан, Егіз қозы секілді екі доста жоқ арман. Арқасына ер батқан, тобығына тоң қатқан, Толарсақтап, тайғанап, талай тұлпар жер қапқан. Жел қатайса дедектеп, сайға кірсе өбектеп, Қараңдайды кең дала қалбаңдаған қаңбақтан. Арасынан қыл өтпес, құс қанатты екі інім, Жаяу қалсаң тозбасын аяқтағы етігің. Көзі күліп тұрғанмен, бүлк етпейтін бүйрегі, Еті қалың, байқасам, мынау заман бетінің!.. 11-326

СҮЙЕК АУЫР Дүр етіп көтерілсе көлдің құсы, Қанатын кері тебер желдің күші. Алмасып аласұрған көк толқынның Жартасқа маңдай соғар алдыңғысы. Бұрқаса көкте дауыл алай-түлей, Сығалап бұлт астынан қарайды үрей. Жаратқан жайдың оғын жарқылдатса, Түседі тәубасына талай дүлей. Сімірген айдың нұрын, күн қызуын, Жалғанның қияр дейсің кім қызығын? Тілейді жатса-тұрса бір Алладан Сөнбеуін жарқыраған жұлдызының. Туған соң жер бетінде әркім жасар, Арттағы алдыңғының орнын басар. Бөлісіп қысқа өмірдің қуанышын, Кәрі шал жас баламен қалжыңдасар. Белгісіз кімнен кейін кім өлмегі, Қайғы да – тіршіліктің бір ермегі. Адымың жазылмаса амал бар ма, Тұлпардың аяғындай шідердегі?

Алдыңнан атып тұрса жарқырап таң, Арқаңнан салмақ түсер алты батпан. Таңдайын тағдырыңның жібітер ме Қара су кірпігіңнен тамшылатқан? Шықпаса жел жағыңа жанашырың, Үзіліп жерге түсер қарашығың. Сыйлысың сипай кетсең маңдайынан Мұңайған бір қазақтың баласының. Болғанда ат көтерем, түйе жауыр, Қолтықтан бір-біріңді сүйе, бауыр. Орнынан ешкім қайта қозғалта алмас, Түскен соң қара жерге сүйек ауыр...

ҚЫМ-ҚУЫТ ҚАЛА Жалғасқан дүние, алмасқан өмір, Сырыңды қойдым ұға алмай. Құлазыр кейде марғасқа көңіл, Құдыққа түскен құландай. Сағымдай алдап сырғыта бермей, Ұстатшы ойдың ұшығын. Шығайын сыртқа мұң жұта бермей, Онсыз да жанмын іші мұң. Қым-қуыт қала, қиырда дала, Келетін кім бар мені іздеп? Көл-көсір елес миымда ғана, Шалқиды шалқар теңіз боп. Күрсініп кеудем ауа жұтады, Буланды көзім дым көрмей. Сұлбасы жұрттың қарауытады, Қаптаған қара бүргендей. Ізіңнен қалмас әр аттағанда, Айдаһар-ажал желді өңеш. Тұрағың сенің, Жаратқан Алла, Аспанда, неге жерде емес?..

БАЙҚАЙМЫН... Байқаймын, бір биіктеу белге шықтым, Мүмкін, мен жетер жерге сәл кешіктім. Іздейді сол баяғы сәби-жүрек Ырғағын әлдилеген талбесіктің. Бесігім – ұясындай балапанның, Нұрына шомылдырған жаңа таңның. Балпиып балапандай жаттым білем, Үстінде ақ мамықтай алақанның. Жылуын рахаттың сезген денем, Секілді әлі күнге өзгермеген. Бақыттың бір мысқалы мен болармын, Анамның алақаны безбендеген. Бесіктен түсе сала еңбектедім, Есімде бірте-бірте ержеткенім. Басталған еңбектеуден өмірімді Өлеңмен ақ қағазда өрнектедім. Келмейді өңеш созып өзеурегім, Қалса деп армандаймын өз өрнегім. Не керек айтып-айтпай ағайынға Шөліркеп ерінімнің кезергенін...

ЖАЗ КӨШІП Жаз көшіп күлімдеген жарқын жүзді, Қарсы алдық суық қабақ салқын күзді. Енді өмір әкеміздей еркелетіп, Мінгізбес мойынына еркін бізді. Қар түскен тау жотасы ағарады, Күн қайда бұлтқа кірген бағанағы? Жел соқса сары қурай сұңқылдайды, Жаз бойы қарық болған қағанағы. Қыстаудай жасап жатқан қыстың қамын, Көңілің тиянақтар істің бәрін. Жылжыған мысық табан мыстан уақыт, Көрсете бастағандай тіс-тырнағын...

КӨҢІЛ ТҮБІ ҚАРАҢҒЫ Лезде лаулап жанатындай, Жаным менің төкті зар. Үлбіреген қанатындай Көбелектің от құмар. Жаға алмадым – жазық менде – Жүрегіңе шамшырақ. Төгілмесе нәзік сәуле, Таң көзінен тамшылап. Торығасың тотықұстай, Тар қапаста қамаулы. Қаңыраған бос ыдыстай, Көңіл түбі қараңғы. Омырауды шаң қаппасын, Жолға шықсам, медет бер. Қалбаңдаған қаңбақ-басым Енді қайда дедектер? Ұшқанменен бұлтарып сан, Өртенеді көбелек. Құтқармаса бұл тамұқтан, Сенің нұрың себелеп.

Басқа түскен теперіштен Құтқаратын құдай бар. Мендей болып, уа, періштем, Жанған отпен кім ойнар?! Жеттім десе, соған күлем, Біреу егер бақытқа. Сұрап келші, ең алдымен, Сордың дәмін татып па?.. ШӨЛ Таң атқалы мүлгиді аспан желдетпей, Төңірегім тұншығады дем жетпей. Көксау бұлттар күрік-күрік жөтеліп, Сен де көкте тұрып алдың селдетпей. Найзағайдан жарқылдаған от сөнбей, Ой-хой, бұлттар, төгіп-төгіп өтсең ғой. Жер мен көкті тазартып бір кетсең ғой, Беу, дүние, менде құдірет жоқ сендей. Жаумай неге қасарыстың, қырсықтың, Көппен бірге мен де бүгін тұншықтым. Білемісің, керек боп тұр бір тамшы Таңдайына шөліркеген шымшықтың...

ТАЛПЫНА АЛМАЙ Жүзім қайтып тасқа шапқан қылыштай, Жамырайды ойым ойға жұғыспай. Құлағыма шыңылдайды бір әуен, Шыңыраудың түбіндегі дыбыстай. Пәруәрдігер аяп бүгін пәрменін, Құрып отыр барша қуат-дәрменім. Шырылдайтын менің қызғыш құсым боп, Осындайда бір жанашыр бар ма едің? Жабыққанда жанарына жас келген, Ақындардың азабын кім ескерген? Уа, құдірет, қанат берсең, мен тұр ғой, Көтеріліп кетпес пе еді тас жерден. Талпына алмай болдым, міне, мүсәпір, Қанаттасым, қараңды үзбей ұша тұр! Не болғаным шабыт деген шайхы кеп, Көмейіме тастамаса мүсәтір?!.

ТОПЫРАҒЫҢ ТОРҚА БОЛСЫН Топырағың торқа болсын, өлген сөз бен өлген ой, Әуел бастан тағдыр жазған орның сенің көрде ғой. Тіршіліктің тік қазығы қызыл тілге мызғымас, Жанталасып жармасқанмен бұл фәниге пенде өгей. Ардан безген алапестер иман тілеп Алладан, Жалт бұрылып бас қойысты қыбылаға жалма-жан. Ақкөт торғай әр төбеде іннің аузын күзеткен, Қысқа күнде қырық сатып, қайда ұясын салмаған? Қарғыс атқыр антұрғанды Тәңір өзі кешірсін, Миғұла мен малғұнның да мәртебесін өсірсін! Жерден тажал бас көтеріп, көктен зауал төнбесе, Жүрегімде маздап жанған отыңды кім өшірсін?!.

СОҢҒЫ ЖҰЛДЫЗ СЫРҒЫҒАНША І Сайрашы тамылжытып, таң бұлбұлы, Бірауық жеңілдесін тағдыр жүгі. Үніңмен үмітімді жалғай тұршы, Үлбіреп үзілгенше жанның гүлі. Жұтайын төксең-дағы жырды қанша, Төбемнен соңғы жұлдыз сырғығанша. Күн шығып, құстар шулап, жұрт оянып, Сұр жылан жер бауырлап жылжығанша. Басталса тіршіліктің арпалысы, Тек жатпас аспан менен жер тағысы. Сайрашы, жүрегіме нұрын құйсын Осы бір таңның таза қалтарысы. Ғұмырын жырға қосқан күндіз өткен, Мен де бір, байғыз да бір түн күзеткен. Бұлбұлым, білемісің, кең дүние Сағына күтіп отыр бізді көптен. ІІ Сарқылғанда сабасынан күншуақ, Түн түбінен шақырады бір шырақ.

Жұмыртқадан жырлап шыққан төл құсым, Саған да ертең уақыт жетер тыншымақ. Өз әлінше әркім сайрар бұл күні, Жырла, менің өз бақшамның бұлбұлы. Сылаң қаққан сұлу аттай ғұмырдың Қолдан сусып кеткенінше шылбыры. Кең ғаламды отырғанмен ойға алып, Жердің шарын шыға алмаспын айналып. Тұмардай боп атамекен төсінде, Топырағым мәңгі жатар байланып. Елең қылмай екі дүние соғысын, Жырла ғажап ғасырлардың тоғысын. Сусынымды қандыр әлем сырына, Құйттай құсым, жаралдың ғой сол үшін. Жалықпастан барлығын да жырлап бақ, Сенің бағаң бара жатыр қымбаттап. Талбесіктің тәтті әуенін тербеші, Жер-бесікке салса мені құндақтап... ІІІ Тәуекелге жаным менің тас түйін, Сен болмасаң, өмір құны – бес тиын. Уілдеші бесіктегі сәбидей, Іңкәр сезім, үніңді бір естиін. Уілдеші, уілдеші, әлдиім, Саған аян менің жұмбақ жан күйім.

Сеніменен таңда бірге оянып, Сеніменен кеште бірге қалғиын. Уілдеші, ойды оятып ұйқыдан, Ләззатына бөлесін бір сиқыр ән. Селт етпесе өз обалы өзіне, Шошынбашы тас кереңнің сиқынан. Менің жаным сенің тәтті үніңде, Сенің жаның тіршіліктің гүлінде. Сайрашы бір нәзік құстың тілінде, Жата бермей жүрегімнің түбінде. Сайрашы бір, серпілейін, сергиін, Өмір деген – өте шығар жел-құйын. Зарыққанда өзің іздеп келмесең, Періштем-ау, саған барар жол қиын!..

ҚАЙДА ЖҮРСІҢ? Тамылжыған жазғы бақта бұлбұлдарды сайратып, Тұрушы едің аспанымда жұлдыздарды жайнатып, Көптен бері маған соқпай, қайда жүрсің, ей, Бақыт? Сайрандатып, думандатып, таңға дейін тойлатып, Жүруші едің тотықұстай еркелетіп, ойнатып, Шыныменен мені ұмытып кеткенің бе, ей, Бақыт? Биіктерге шарықтатып, тереңдерге бойлатып, Жігерімді жанушы едің найзағайға қайратып, Жыл құсындай қиқу салып оралсаңшы, ей, Бақыт! Тастағанша қиянаттың көк семсері жайратып, Шалқиыншы шаттығымның тайқазанын қайнатып, Жарқыраған маңдайыңды көрсетсеңші, ей, Бақыт! Тәңірі сені жібермесе жер түбіне айдатып, Келетұғын кезің болды күн шыққанша ай батып, Тұлпарыңды белдеуіме байласаңшы, ей, Бақыт! Жастық шақпен, махаббатпен қоштасқалы қай уақыт, Шақырғаннан басқа сені таба алмадым айла түк, У берсең де өз қолыңмен беріп кетші, ей, Бақыт!

ЗУЫЛДАП ЖЕТКІЗБЕЙСІҢ Зуылдап жеткізбейсің, желмая күн, Ентелеп қуа-қуа талды аяғым. Өкпелеп қашып бара жатқандайсың, Япыр-ау, сенен осы немді аядым? Қашанда қуған – қиын, қашқан – оңай, Ізіңнің адастыра бастағаны-ай! Елітіп елесіңе қала берем, Тәттіге алдарқанған жас баладай. Соны ойлап мұңданамын, қайғыланам, Жазықты болдым саған қай күнәдан? Қисынсыз қолқа салған жерім бар ма, Әпер деп аспандағы айды маған? Жүйрік күн, жүйтки берсең, өтер заман, Қызығым осы көрген жетер маған. Әйтеуір мұратына елім жетсін, Болайын мен-ақ саған жете алмаған. Уақыттың көре алар ма пенде түбін, Шолғанмен шартарабын жер бетінің. Басымды баспалдақ қып төсер едім, Толса егер соныменен кем-кетігің...

ТАУЛАРДЫҢ АЛЫП БАТАСЫН (Мұхтар Әуезовке) «Қараймын көкшіл далаға, Толқимын іштей, ойланам. Ұлы ғой Кавказ, жан аға, Өзіңе жету қайда оған!» Ғамзатов айтқан сол сөзді Қайталап таулар шынында; Жете алмай саған қол созды Ақ бұлттар Кавказ шыңында. Қырандар ұшты саңқылдап, Тебіреніп жатты тастар да. Найзағай оты жарқылдап, Атыңды жазды аспанға. – Жаса! – деп ұран шақырып, – Кавказдан даңқы зор Мұхтар! – Ән-күйді судай сапырып, Жырлады сені таулықтар. Еске алып ыстық сезіммен, Мен-дағы ойға қаламын. О, Мұха, көрдім өзіңнен Құдіретін туған даланың! 12-326

Көкала толқын жосылып, Ағады зулап жыл мәңгі. Тау менен дала қосылып, Жоқтайды асыл тұлғаңды. Өзіңмен өткен күндерін Сағына жырлап тау ұлы, Шертеді шерлі бубенін1, Езіліп іші-бауыры. Күрсінсе кірпік ілмедім, Мендегі мұңлы домбыра. Толқимын неге – білмедім, Кеудеме нұрың қонды ма?! Ойымды тербеп әрдайым, Түсіме жиі кіресің. Жарқырап жауһар маңдайың, Далаңды шарлап жүресің. Келсе бір еркін құйғытқың, Таулардың алып батасын: Жұлдыздай аққан жүйріктің Үстінде бара жатасың! 1 Бубен – музыка аспабы

БАЛҚАНТАУҒА АЙНАЛДЫ Адастырған аспанның ашығында, Балалық шақ, қайдасың, жасырынба! Байқамаппын бақыттың өзі екенін Тепкен добым, ойнаған асығым да. Көңілімнің қайығын қайраңдатып, Күрсінемін өткенді ойлап жатып. Тесілген доп, мүжілген асық болып, Қайда қалды, кім білсін, қайран бақыт? Алыстадың, балалық, қашан менен, Жоқ еді ғой пиғылың қашам деген. Топ еткізіп елеусіз тастап кеттің, Арпалысып жүргенде асауменен. Орындалған пенденің қай тілегі, Іздегенмен табамын қайтіп оны? Бозторғай боп, бәлкім, ол ұшып кетті, Бар көлемі бармақтай дейтін еді. Күн батты да таң атты арайланып, Шеше алмадым жұмбағын сан ойланып. Сілтегендей бағыты қайда екенін, Жұлдыз біткен жусайды солай барып.

Сиқыр еді не қылған мезгіл деген, Қолыңдағы қымбатты сездірмеген. Балқантауға айналды аяқ жетпес, Бас бармақтай бақытым көзге ілмеген!

АЯҒЫҢНЫҢ АСТЫНДА Айналайын, бата берме мұңға құр, Іздегенің алыста емес, мұнда жүр. Бақыт деген басы жұмыр пенденің Маңдайына бұйырады мың да бір. Бақыт деген – басқа қонар құс дедік, Тынбай іздеп, ат үстінен түспедік. Күттік оны кіріп келер қонақтай, Шыққан күні түнде жақсы түс көріп. Бақыт өзі қонады деп сәтте бір, Күте-күте күйбеңдеумен өтті өмір. Бір жалт етіп жоқ болатын сол бір құс Әлі күнге жерге түспей, көкте жүр. Оранғандар үлде менен бүлдеге Қол созады жұлдызға да, күнге де. Бақыт деген – қолыңдағы домбыра, Сол сөйлесін, үндемеші, үндеме! Мына өмірде сор мен азап таусылмас, Қайғы толы қара құдық аршылмас. Бақыт деген – қасыңдағы жас сұлу, Соны сүй де, махаббаттың мауқын бас.

Қайсыбірін айта берем түгендеп, Көз қариды құбылғанда мың өрнек. Бақыт, мүмкін, мініп жүрген тұлпарың, Шідер салып, шылбыр тағып, жүгендеп. Түпсіз терең тірлік атты тасқында, Өз ғұмыры өзіне аян тастың да. Бақытты сен күте берме аспаннан, Бақыт, бәлкім, аяғыңның астында...

СЕНІҢ АЛТЫН ЖІБІҢМЕНЕН Бұлдыраған нәзік сәуле, арасынан мұнардың, Көк пен жерді жалғап тұрған құдіретіңе құмармын. Көз жұмғанша шұрық-тесік көңілімнің жыртығын Сенің алтын жібіңменен жамайтұғын шығармын. Сен болмасаң, аспанымды соқыр тұман тұмшалар, Жарқыраған Ай мен Күннің қабағын да мұң шалар. Тас түнектің түкпірінде тастай қатып жатсам да, Медетіңді күтемін тек, менде қандай мұрша бар?

КҮЛТЕГІННІҢ КӨКТАСЫ Ұлы таулар, тебірен, жата бермей шалқалап, Ұлы дала рухына басын иді шартарап. Тәңірінің біздерге көктен түскен сыйындай, Көктас көшіп келеді тарихымды арқалап. Аруағыңнан айналдым, бабаларым хас батыр, Көз жасындай мөлдіреп қасиетің таста тұр. Күн астында күңіреніп құлпытасың қалмаса, Мың жылдардың үңірейіп арғы жағы бос жатыр. Исі түркі жұртының тұмарындай Көктасым, Бұзып жеттің бүгінге ғасырлардың қақпасын. Түмен-түмен қол ертіп, тік көтеріп даланы, Түзегендей Күлтегін Астанама ат басын! Екеніміз шын болса Ер Түріктің ұрпағы, Бізге қымбат Көктастың ұшып түскен ұнтағы. Құдіретін әз тұтып Күлтегіндей киенің, Ұл жасасын ұлтының бола білген ұлтаны! Халқын ойлап түнеткен қабағына боз қырау, Күлтегінді көргенде күндік жерден безді жау. Өсиетін бабаның тастан тани алмасақ, Жарқыраған не керек маңдайдағы көз мынау?!

Қуанышқа кенеліп қазағымның құшағы, Көңіл құсы шарықтап сан қиырға ұшады. Елтаңба мен Көк байрақ, Әнұранда ғана емес, Күлтегіннің тасында Елдігімнің нышаны! Еріксізден еңкейтіп енді ешкімге, Жасаған, Иілмесін басымыз тар бұғаудан босаған! Босағамда бүгілер тәкаппардың тізесі, Төрде тұрса текті сөз бабам тасқа қашаған!

АНА ТІЛІМ Қыран құстай аспандап ана тілім Көтерілсе, қауырсын-қанатымын. Шалатұғын қиырдан не болмаса Жарқылдаған көзінің болатымын. Самғау ғана жарасар көк құсына, Тегеуріні менмін ғой, топшысы да. Уа, Тәңірім, бар болсаң шыныменен, Жолатпа оны атылар оқ тұсына. Жерге түссе қонатын тұғырымын, Тұғыр болар тамырдың түбірімін. Не болсам да болайын тілім үшін, Керегіне жарасам ғұмырының. Тұлпар болса алысқа арындайтын, Тынысымын ешқашан тарылмайтын. Тұяғымын немесе көк темірдей, Тасқа соқса сынбайтын, жарылмайтын. Үйлесімін табамын, жарасымын, Тілімдікі бойдағы бар асылым. Тұра шапса көк мұзда тайдырмайтын Табандағы немесе тағасымын.

Түскен кезде тағдырдың егесіне, Тағасының боламын шегесі де. Қасиетіңнен, ана тіл, айналайын, Халқым менің көтерген төбесіне! Тұлпарым да өзіңсің, қыраным да, Намысым да өзіңсің, ұраным да! Көз жұмылып, қараңғы көрге кірсем, Сенің үнің жатады құлағымда! Иманым да өзіңсің, құраным да, Жағылатын басыма шырағым да. Өлген соң да сен үшін күресемін, Аруақ болып орнымнан тұрамын да!..

ЖІБЕК ЖОЛЫ Сүйреткен жібек арқан телқоңыр тай. Халық өлеңінен Ешкім жоқ түгел түстеп білдім деген, Кім жортып, бұл далада кім жүрмеген? Кім білсін, қанша керуен келіп-кетті, Қоңырауы күндік жерден күмбірлеген? Шежіре – атамекен шартарабы, Сан тарау сайрап жатыр жол сорабы. Сөйлейді көне қала, көне қорған, Көміліп құм астында қалса-дағы. Ойлаған ерлер елдің болашағын, Түгендер типыл болған қала санын. Секілді талай шаһар тірлік кешкен: Отырар, Сайрам, Қойлық, Баласағұн. Жоқтайды іштен тынып шерлі дала, Байға да, мекен болған жарлыға да. Қайнаған қанбазарлы қалалардың Томпайып жатыр енді орны ғана. Құл болған қайда барса пұлға ғана, Саудагер таңсық емес бұл далаға. Тоздырып керуенсарай босағасын, Сырғыпты бір қаладан – бір қалаға.

Батыры бес қаруын күнде асынған, Даланы ол заманда кім басынған? Жусаннан аласа боп жібек сатқан, Шыққандар керуен тартып Шын-Машыннан. Бабалар түсіне енер ұрпағының, Тұрманы алтын-күміс тұлпарының. Келгенде тебінсініп қас дұшпанын Сыйдырған қауызына бір тарының. Аңыз ғой айта берсең бұрынғыны, Айменен шағылысқан туырлығы. Оң жақта аялаған аруының Жібектен желбіреген шымылдығы. Жібектен шашбауы да, орамалы, Сан ақын оралады оған әлі. Қызынан қазақ асыл аямаған, Кетсе де алдындағы қора малы. Шығыстан жібек судай ағылыпты, Торқаға байтақ дала малыныпты. Батысқа бет түзеген керуендерді Еуропа базары да сағыныпты. Керуендер аман өтіп сан дауылдан, Сабылып Батыс-Шығыс сауда қылған. Өшірген Жібек жолын келе-келе, Замана көк теңіздей аударылған. Өзендей тынбай ағып сарқыраған, Жетіпті осы күнге халқым аман.

Түбіміз асыл текті сақтар екен, Патшасы алтын киіп жарқыраған. Өткенім ұмытылмас енді өмірі, Тұрғанда аталардың төрде жыры. Ғасырлар қойнауынан кісінейді Сүйреткен жібек арқан телқоңыры. Тарихым Жібек жолмен бірге өрілген, Тамырын тани алмас кім көрінген. Түгендеп дәуірлерді өткен-кеткен, Ақынға жырлау үшін тіл берілген. Бұл жолда сыры бұққан мың жылдардың, Ізі бар қандыбалақ қырғындардың. Астында топырақтың тағдыр жатыр, Үңіліп қарар болса бұл күнде әркім. Әлемге ойран салған атысып сан, Қадірін асыл бұйым Батыс ұққан. Шыңғыстың жорығы емес, ең әуелі Шығыстың шым жібекпен аты шыққан. Сауданың небір сиқыр сырын ашқан, Керуен Қырым асқан, Үрім асқан. Түйенің табанымен Жібек жолы – Жазылған жер бетіне Ұлы дастан! Өзегі ұлы жырдың менің далам, Төсінде сансыз керуен дамылдаған. Жасай бер, Көк байрақты байтақ жұртым, Ешқашан көкжиегі тарылмаған!..

СЕМЕЙ І Бүгінгі жұртқа мәлім Жаңа Семей, Немене кешегі Алаш қаласы емей? Шешесін көзге шұқып туған қызы, Көрінді әкесіне баласы өгей. Бұл Семей не көрмеді жаралғалы, Жалғанның жал-құйрығы таралғалы. Қазандай қайнап жатқан қанбазардың Қақпасы ескіргелі, жаңарғалы. Ақтарсаң құпиясы күнде ашылған, Қазына – қатпар-қатпар сыр жасырған. Керуенді келіп-кеткен кім санапты Ресей, Тәшкен, Бұхар, Шын-Машыннан? Құшағын айқара ашып келген елге, Иіліп сусын берген шөлдегенге. Семейдің дәмін татып, сыйын көрген Қашқын да, жиһангер де, саудагер де. Қазақтың құт дарыған қаласында, Халықтың кім жүрмеген арасында? Қайыршы, ұры-қары, бақсы-балгер – Бәрі де пана тапқан кеп сонда.

Семейдің қалқып ішкен қаймағынан Би-болыс, батыр-балуан, бай-бағылан. Сал-сері, әнші-күйші, ақын-жыршы Келсе де кең даланың қай жағынан. Төрінде тебіренген Абай барып, Әр сөзі атқан таңдай арайланып. Дүниеге ондай дана екі тумас, Шықсаң да жер-жаһанды он айналып. Семейдің кермесіне тоқтай қалып, Шұлғыған небір тұлпар ат байланып. Желпіген жібек самал көшесінде Шоқан да серуендеген шоқтай жанып. Бас қосса осында кеп бар алыптар, Байқаймын, шөгіп жатқан даналық бар. Киелі топырағынан қуат алып, Сұңқардай самғап ұшқан бала Мұхтар. Бұл Семей себеп болған сан ұшқынға, Сәулесін тартып жақын, алыстың да. Жарқырап ізі жатыр Сұлтанмахмұт, Шәкәрім, Әсет, Әлкей, Қаныштың да. Сынаптай сырғи берсем ойдан-ойға, Қызыл тіл бұлбұл құстай сайрамай ма. Дариға, жақсылардың жыры бітпес, Қажымұқан, Иса, Әміре, Майра қайда? Тебітіп өте шықты аламан күн, Тағдырын тасқа соғып әр адамның.

Айтқанмен түгендейсің қайсыбірін Қайысқан қазақ үшін қара нардың. Батарын болжап елдің қара сорға, Семейге ту қадаған Алашорда. Алашқа ақжол тілеп күбірлеген Асқар тау, ұлан-байтақ дала сонда. Кезінде еріксізден жақ ашпадық, Сонда да соқпағынан адаспадық. Бесігін баламыздың «Бісміллә!» деп, Алаштың рухымен аластадық. Дұшпанның зіркілдесе зеңбірегі, Күрсініп ел жүдеді, жер жүдеді. Семейде құлағанмен Алаш туы, Халықтың санасында желбіреді. Еркелеп Ертіс аққан іргесінде, Семейдің қанша тарих түрмесінде. Әлихан, Ахметтердің қанын сорған Түрменің кегім кетті бүргесінде. Ер өксіп есерсоқ пен ез қасында, Арманы мөлтілдеді көз жасында. Ғасырдың қасіретін арқалаған, Семейдің өз қайғысы өз басында. Семейдің айналасы – тау мен дала, Төрінен тозақ оты сөнген жаңа. Қалың ел ұйып жатқан айран-сүттей, Айқасқан бабалары жаумен ғана. 13-326

Күңіренер күлі қалған тау Дегелең, Не деген тағдыр еді әурелеген? Көзінен тіршіліктің жас тамады, Жүрегі секем алып әлденеден? Уа, Семей, бүкіл қазақ – сен дегенім, Қазығы бақытымның елде менің. Мен-дағы өзің құсап әр күн сайын Тәуелсіз таң нұрымен емделемін!.. ІІ Сүйінші! Хабар жетті Семейімнен, Қалайша «Бәрекелді!» демейін мен?! Жүректің қуанышын жария ғып, Жарқылда, төгіл, өлең, көмейімнен! Семейім, ерте кезден келе жатқан, Етпейін тарихыңды неге мақтан!? Қасыңда қосанжарлап қалмай қойған, Құтылдың «Семипалат» деген аттан.

Ойға алсам тағдырымды бір заманғы, Байланып қол-аяғым шырғаланды. Күзеліп тұлпарымның жал-құйрығы, Қанаты сұңқарымның жұлмаланды. Илендік империя тоқпағында, Еріксіз тізгін беріп жат қауымға: Кокчетав, Шевченко мен Гурьев болып – Көкшетау, Атырауым, Ақтауым да... Келімсек күш көрсетіп сырымды алған, Өксіді байтақ дала жырымдалған. Қайдағы Семипалат – Жетішатыр, Семейтау, Семей сенен бұрын болған. Қалпына келіп жатса жердің аты – Артқаны әр күн сайын ел қуаты. Тәуелсіз қазағымның арманы жоқ, Осылай орындалса бар мұраты! Жетеді өксіп тұрған қалам әлі, Болса деп туған елдің қалағаны. Павлодар, Петропавл деген атау Шаншудай бүйіріме қадалады.

Жас ұрпақ өз тарихын танығанша, Тартармыз талай азап әлі қанша. Ел болып қалың тобыр жарытпайды, Құлдықтың сүйегінде табы қалса. Семейім, зардап шектің сан сынақтан, Алапат ұмытылмас сансыратқан. Тажалдың тырнағының ізі өшкен жоқ, Халқымды ғасыр бойы қансыратқан... Кешегі ел есінде Алаш атың, Ұлтымның рухына жарасатын. Семейім, «Семей» деген байырғы атың Елдіктің көрсетіп тұр парасатын!

ТАЙҚАЗАН ЖЫРЫ Тайқазан түсті ғайыптан, Несібе-нұрға байытқан. Сүйінші сұра, бауырым, Ертістен, Сырдан, Жайықтан, Алатау, Алтай, Оралдан – Басынан бұлты айыққан. Мың жылда ғана бір келген, Бақытты мұндай кім көрген?! Сүйінші сұра Наурызда, Бәйшешек атқан гүлдерден. Бәйтерек, шырша, қарағай, Қараған, бұта-бүргеннен. Күлімдеп шыққан күндерден, Мақпалдай мамық түндерден. Аймаққа түгел барып қайт, Аяғың жетіп үлгерген. Сүйінші сұра, жасқанба, Кәріден және жастан да. Өкпелеп кеткен достан да, Өшігіп жүрген қастан да. Ортаға тіккен ордадан, Қиырға қонған қостан да. Жердегі барлық тіріден, Құстардан сұра аспанда. Томпайып жатқан өліден, Тікейіп тұрған тастан да!

Тәңірім төксе несібе, Төкпеймін жырды несіне! Жеті қат көктен жіберген, Шашайын шашу көшіне. Астана төрін бетке алып, Арқаның жеткен төсіне. Жебеген барлық аруақты Алғайсың, жұртым, есіңе! Ғасырға кетер ғасырдан, Алланың сыйын жасырман. Киелі құтым – Тайқазан, Құйылған жеті асылдан. Жаратқан өзі жарылқап, Қасиет-құнын асырған. Қақпағы қайта жабылмас, Қазаққа мәңгі ашылған! Дәуренің жүрер, бауырым, Басталды сенің дәуірің! Шуағын шашты ырыстың, Наурызың менен сәуірің. Сұңқарың серпіп қанатын, Тұлпарың жазар бауырын. Алшаң да алшаң басады Қазағың жердің сауырын! Аңғарсаң сөздің сарынын, Айнытпай сырын таныдың! Кеудеңе қонса бір сәуле, Несібе-нұрға жарыдың! Әумин!!!

ЖЫР-ШАШУ «Бісмілла!» деп сыйынып, ауызға алып Алла атын, Қызыл тілім толғасын Құл-Мұхаммед зәузатын. Қызыр баба о бастан тірісіне бақ сыйлап, Өлісіне бұйыртқан о дүниенің жәннатын. Желкілдейді үкісі түлеп ұшқан ұяның, Терең тартқан тамыры тарам-тарам мияның. Жетпіс бесте жайнаған, тұғырынан таймаған, Тұрпатынан танисың шын асылдың тұяғын. Бір Алладан адамның жұлдызының жанбағы, Жетпіске кеп, жарқырап қасында отыр жан жары. Абрардай әкенің, Гүлғасылдай шешенің, Алма ағаштың мәуелі бұтағындай жан-жағы. Көш бастаған Мірхалид Абрардың бабасы, Мұхаммедтің үмбеті, мұсылманның баласы. Құл-Мұхаммед – атасы, өз әкесі – Әкетай, Саф алтынның сарасы, ешкімнің жоқ таласы! Көш сүрлеуі – Түркістан-Тарбағатай арасы, Ақтайлақ би ауылы – ат байлаған ағашы. Түп қазығы – Бақсайыс, Сыр бойында сүйегі, Пайғамбардың ұрпағы, дін жолының данасы! Айтпай кетсек анығын, өлер сөздің атасы, Қожалардың қонысы – Сарыарқаның жотасы.

Аягөзді мекендеп, мешіт ашқан кешегі Әулие еді Мірхалид көпке тиген батасы! Көкіректе көзі бар кісі болса сөз ұғар, Шежіренің сорабы осылайша жазылар. Құл-Мұхаммед молланың төрт ұлының үшеуі – Мәдина мен Меккеге барып қайтқан қажылар. Аты шықса жақсының құлағымыз елеңдер, Түзу жолға түлегін салған әке – кемеңгер. Ағайынды үш қажы Әкетайдың ағасы – Қожа-Ахмет, Ескендір, Сейіт-Ахмет дегендер. Соққан кезде ызғарлы саясаттың дауылы, Арғы бетке аунаған қажылардың ауылы. Ақсұңқардың түк етпес қауырсыны жұлынса, Хас тұлпардың білінбес арқасының жауыры... Өтті бастан күркіреп замананың нәубеті, Қаулап өсті қайтадан әулиенің әулеті. Аққу ұшып, қаз қонған шалқар көлдің суындай, Шартарапқа жайылып, шалқып отыр дәулеті! Ұлылардың рухын медет тұтар тек қана, Ұрпақ қамын ойлаған текті әке мен текті ана. Қанатынан жел есіп, сан қиырда самғап жүр Отбасынан өрбіген балапандай топ бала. Саласындай саусақтың бес ұл, бес қыз өрімдей, Талаптыға нұр жауар, еңбек етсе ерінбей. Бақыт сол ғой – әкеден мирас қалса балаға, Бабасының теріге басып кеткен мөріндей.

Бәйтеректің бұл күнде жапырағы гүлдеп тұр, Бес ұлынан шығыпты қос кандидат, бір доктор. Абрардың баласы «Әй, кәпір-ай!» дегізіп, Абыройының жағасы көрген емес кірлеп бір! Заман қандай, ағайын, көтеретін жүк қандай!? Болдық, міне, саралап ата жөнін ұққандай. Мұрагері Алаштың, Құлагері жұртының, Ата-анада арман жоқ ұл тудырған Мұхтардай! Тоқтатайын осымен, бұдан әрі не дейін, Жырлай берсем бүлкілдер маржан төккен көмейім. Қасиетті ата-ана, қол жаяйық батаңа, Құтты болсын тойларың, арта берсін мерейің!..

БАЙҚОТАН БИ АСЫНДА Асыға сапар шегіп әр қиырдан, Асына келдік баба дәм бұйырған. Шұбартау, шыр айналған қазығымсың, Өзіңнен өзегіме нәр құйылған! Жол тауып Жобалайлар сан қиыннан, Сен үшін қан төгіліп, жан қиылған. Шұбартау, шұбар ала тағдырың бар, Аумаған ұйтқи соққан жел-құйыннан. Алтайда арғы түбің – қалың керей, Жөн бе екен жеті атаңды мәлімдемей? Атақты Ер Жәнібек – алтын туың, Арыстан от азулы, жалын көмей! Жалғасып бабалардан қалған ерлік, Таныттың талай жерде ардагерлік. Тағдырдың теліміне түстің бірақ, Көрсетіп сайқал заман саудагерлік. Жоғалды желмен ұшып дәстүр қанша, Жұлмалап үйірлі жау қасқырларша. Арқалап ел қайғысын ерлер өтті, Кеудесін қара таспен бастырғанша.

Айт десең, мен айтайын соның бәрін, Көпшілік, бүгін сенің қолыңдамын. Басыңнан будақ-будақ бұлттар көшкен, Құдай-ау, неткен жұртсың сорың қалың?!. Сұғынып келген сұмға сырыңды аштың, Қырылып, Қытай астың, Қырым қаштың. Жақсыңды жау оғына байлап беріп, Алакөз аз ағайын ырылдастың. Ит ішіп астаудағы ырысыңды, Көңілдің күні кеше қыры сынды. Кең қолтық бауырларым, енді несін Былғайсың боққа шауып қылышыңды?.. Таң атпай күн шығар ма, ай батар ма, Басқандай өткен өмір тайға таңба. Рухың сөнбесін тек сыйынған ел, Жобалай, Шақантайға, Байқотанға! Мерейі үстем болсын аруақтардың, Аруақты ел болмаса ардақтар кім? Құт қонып, босағасын Қызыр шалсын, Бабаңа бата қылған шаңырақтардың! Үні өшсін кесір менен кектілердің, Бақытың – Бостандығың деп білермін. Атажұрт, топырағыңнан айналайын, Кіндігі үзілмеген тектілердің!

АРУАҚТАРДЫ ҰМЫТПАЙ Қара тоқты түсімде босағамнан маңырап, Күбірлеймін ішімнен, көкірегім қаңырап. Керегенің көзінен қол созады дәметіп, Көмусіз де кебінсіз қалың аруақ жамырап. Өлген жандар жылайды жанарынан жас төгіп, Жіберсем деп ойлаймын байғұстарға ас беріп. Ақсақалдың бірінен бата сұрап көріп ем, Қара тоқтым кенеттен қатып қалды тас болып. Тілегімді шалғанын ұға алмадым не қырсық, Қанның иісі келеді әлдеқайдан қоңырсып. Жеті басты жалмауыз жерден басын көтеріп, Көктен тажал төнеді – тас бұршақтай оқ ыршып... Зіл-заладан шошимын құлағымды тұндырған, Құлын даусы шығады тұңғиықтан шыңғырған. Боз даланы күңірентіп боздақтарды жоқтаумен, Қаралы көш барады малын айдап мыңғырған. Қаралы көш дегенім – аттан түспес қазағым, Қара тоқты дегенім – оттан түспес қазаным. Құлын даусы дегенім – қыршын кеткен боздағым, Зіркілдеген зіл-зала – көрген азап-тозағым!

Анда-санда өткендер кірмесе егер түсіме, Жұмыртқалап кетпей ме жылан кіріп ішіме?! Қызыр қонып басына, нұры жаусын Алланың, Аруақтардың рухын ардақтаған кісіге! Қара тоқты түсімде босағамнан маңырап, Телміреді аруақтар жан-жағымнан жамырап. Шаңырақтан тік ұшқан түтінімді көрді де, Бір бұлт келіп төбеме тоқтай қалды дамыл ап. Атпаса деп тілеймін сол қара бұлт тас бұршақ, Сіңіріме сүйеніп, жүргенімде аш құрсақ. Итті мініп сапарға, есекті алып қосарға, Не болғаны етекті албастыға бастырсақ?!.

ОРАЛЫП АЛЫС КҮНДЕР Оралып алыс күндер неге ғана, Тынысын тыңдатпайды көне дала? Жайнаған жұлдыздардың жанарынан Алланың нұры жауып өліарада. Күшіне құдіреттің таңғаласың, Кенеттен жадыратса кең даласын. Жамандық төніп түнгі бесігіне, Жыландай арбамаса жан баласын. Өртеніп өң пен түстің ортасында, Жасайсың тіршіліктің арқасында. Мысқалдап үміт шөлін қандырасың, Батпандап жан азабын тартасың да.

АНЫҚТАЙ АЛМАС ЕШКІМ Арсалаң, Сұлушоқы – жер төресі, Өткізген балалықты өлкем осы. Әрқашан өзіне ыстық көрінеді, Арқардың ойнақтаған кер төбесі. Арқаның аңсағанда сай-саласын, Жылдарға алыс қалған ой саласың. Бозторғай боз даласын ұмыта ма, Төсінде жұмыртқасын шайқағасын? Қалдырған қынасында қасқыр түгін, Білуші ем таудың сырын, тастың тілін. Қыдырып, қызық қуып жүруші едім, Сүзілтіп сұлу қыздай ат кірпігін. Өзекке өкініштен шоқ тамады, Жастықтың жәрмеңкесі тоқтағалы. Адасқан үйірінен асау көңіл, Құлындай кісінейді ноқтадағы. Ұяға балапандай бауыр басқан, Бұл күнде алыстадық ауылдастан. Жоқтыққа жомарттықпен жауап беріп, Пейілдің қара суға балын қосқан.

Әркімге өз мекені – жер шоқтығы, Анықтай алмас ешкім өлшеп мұны. Жүрекке алып ұшқан ем таба алмай, Өлерміз сағыныштан өлсек түбі.

СЫР (Айбек Кәрімовке) Бауырым, көп нәрсеге өкінем мен, Бұл ағаң найзағайдың отын емген. Қаратып екі жаққа екі бетін, Бір тауды тағдыр шығар екі бөлген. Амал жоқ бөлінгенді бүтіндеуге, Бір басын қалың шүршіт түтіп жеуде. Сөгілсе Тарбағатай жон арқасы, Менің де беломыртқам күтірлеуде. Сол таудың сен де ұланы, мен де ұланы, Әу десек, жақпар тасы жаңғырады. Шертіп ең шерге толы шежіресін, Шымырлап көкірегім қан жылады. Сөйлеші тау тілінде, тас тілінде, Аспанның күмбірлесін асты мүлде. Барқытбел – бабаң жатқан алып бесік, Бесіктің өксігенін естідің бе? Уілдеп үлбіреген жан-жүрегім, Мәңгілік сол бесікте қалды менің. Жас буып жанарымды бара жатыр, Бетін бұр басқа жаққа әңгіменің...

ЗАЙСАН ЖАҒАСЫНДА Айбек-ау, Зайсан деген көл осы ма, Маңырақ, Сайқан деген жер осы ма? Бұл маңда бабаларым жатқан шығар, Белгісіз дұға оқиын моласына. Зайсанның толқын ұрмай жағасына, Түсер ме асау көңіл сабасына? Баласы тағзым етсе жараспай ма Баяғы өтіп кеткен бабасына. Жанымның тұз сепкендей жарасына, Шорғаның қарай берем даласына. Тамыздың тамылжыған ыстығында Аңыздың кіріп кеттім арасына... Ерлігі бабалардың жүр ауызда, Қанықпын қаршадайдан бұл аңызға. Зайсанның толқындары өкпелемес, Ауылға аттың басын бұрамыз ба? Емес пе алтын қазық ауыл деген, Бауырды табыстырған бауырменен. Ақынның аласұрған мінезі ғой, Азырақ арпалыссам дауылменен. 14-326

Ұйтқыса көбелектей жел барында, Ақынның еркелігін сен қабылда. Армансыз алайын бір аунап-қунап, Келгенше кім бар, кім жоқ енді ауылға?.. АЛДАМАШЫ Шөл қандырар кәусардай тас бұлағы, Барқытбелдің жұпары мас қылады. Көктегі бұлт қабағын қатты түйсе, Жерде гүлдің көзіне жас тұнады. Тастың тілін түсінер тау баласы, Табылар ма іздесем жан дауасы? Гүл көзінен көп нәрсе көріп тұрмын, Қызықтырып, дүние, алдамашы!

ЕЙ, МҰҢЛЫҒЫМ! Бір түлейін, сілкінейін, Жалғастырып жолды қашық. Ақ жаңбырдай сіркірейін, Кеудемдегі шаңды басып. Білесің ғой мән-жайымды, Бетпақ шөлдей қалдым қаңсып. Жібітейін таңдайымды, Мөлдірім-ау, алдымнан шық! Көкте жүрген кезбелердей, Не сұрайсың көшкен бұлттан? Жер бетінде аз ба мендей, Жоқты іздеумен бас қаңғыртқан? Жата алмадым салқын белде, Ат сауырын күн қақтырдым. Таба алмаспын, бәлкім, мен де Құпиясын жұмбақ сырдың. Тағдыр бізді аяған ба, Кейпімді кеп көрсең еді. Ей, мұңлығым, сәл аялда, Мүсіркегің келсе мені!

САРЫАРҚАДА САРДАРЫМ (Қабанбай батырдың рухына) Жаза бассам жаңылып, шамырқанба, Киелім, Бір өзіңе сыйынып, сөзден сауыт киемін. Дамыл алып жатқандай ұлан-байтақ қазақтың Әрбір сүйем жерінде сенің асыл сүйегің. Сарыарқада, Сардарым, көтерілді күмбезің, Жалт қаратып мұнартқан айдың жүзін, күн көзін. Жеңіп бітіп жауыңды, кеттің бе ұшып ғарышқа, Ғайып болып Ғайсадай жер бетінен мүлде өзің? Сені қойған куә жоқ өз қолымен қабырға, Тірілердің басыңа тіккен үйін қабылда. Мәңгі мызғып жатырсың Хантәңірі, Қаратау, Тарбағатай, Түркістан, бәлкім, Алтай, Сауырда. Тыным бермей тәніңе жарық дүние тарлығы, Топырағыңды жасыртқан Жаратқанның жарлығы. Білетінім жалғыз-ақ – жаның сенің жәннатта, Аруағыңа қарыздар бұл қазақтың барлығы. Жауар күндей күркіреп сен қорғадың күллі елді, Күллі дала дүркіреп атыңды атар күн келді. Дарабозым, рухыңа төбе сайын дұға оқып, Әсте көптік етпейді орнатсақ та мың белгі.

Салмақ түссе бел сынар – еңіреген ер шыдар, Қаһарманы жоқ елдің көзден жасы тамшылар. Астананың түбінде Көк Туыңды күзетіп, Терістікке жон беріп жатқаның да жөн шығар!..

ДУЛАТ Армысың, Дулат Бабатайұлы! Арыстан жүрек дала шайыры. Сыймас қалыпқа сендей алыпқа Мекен болып па қала, тәйірі?! Даладан мынау кернеген ән-күй, Садаға кетсін сарай мен сәнді үй. Шамына тисек, кешірсін бізді Фирдоуси, Жәми, Низами, Сағди. Білемей ақын азуын Айға, Пенденің жетпес назы құдайға. Бөріде қайрат, айбат болмаса, Бөлтірігінің азығы қайда? Уа, шамырқанба, даланың ұлы, Ұйқыңды бұзса қала дүбірі. Ұлтыңның қайғы-қасіретін жырлап, Рухыңның сөнбей жанады нұры. Күңірене ме екен қарадай кісі, Батпаса жанға дала қайғысы? Төңкерді таудай тауқымет тасын, Сендегі жырдың Толағай күші.

Жеріңде шайтан, жын аунағасын, Ғарышқа шырқап шығандағасың. Құндақтай көрде қалайша жатыр, Көне алмай кеткен бұғауға басың? Қиядан тайып атан құлаған, Қиямет өтті ботаң жылаған. Түсіме кірсең ғайыптан келіп, Беріп кет, баба, батаңды маған!

АБАЙ І Абай жалғыз қазақта, Абай дара, Сөз бастаймын Абайсыз деп ойлама. Ұмытсаң да шыққан күн, туған айды, Ұмытасың Абайды қалай ғана?! Абай – әлем шалқыған шетсіз-шексіз, Түпсіз дүние тұңғиық көкжиексіз. «Өзі де рас Алланың, сөзі де рас...» Деген сөздің парқына көзің жеткіз. Адам қайда барады, заман қайда, Абай босқа артына алаңдай ма? «Заманақыр жастары болмасаңыз, Жүрегінің түбіне терең бойла!» Ана тілің аяулы – Абай тілі, Әр халықтың өз тілі – қалайтыны. Тілін білмей бөленген бесігіңнің, Қазақпын деп жүресің қалай тірі? «Қазағым!» деп күңіренген шерлі күнде, Абай рухы бүгінгі Елдігіңде! «Өлмейтұғын артында сөзі барда» – Адамзатпен жасайды мәңгі бірге!

ІІ Зар-мұңым бар қайнап жатқан тұмадай, Тағдырым бар тасқа қаққан сынадай. Сөзден – сауға, ойдан – қайыр сұрамай, Көкірегімнің көзі жанса шырадай – Қасиетіңнің шапағаты тигені, Айналайын аруағыңнан, ұлы Абай! Өсиетіңді мәңгі тозбас мұрадай, Қаршадайдан жаттап өстім дұғадай. Өлең де бір оқтан қашқан құралай, Саған жылар, Тәңіріге жыламай. Шапаныңның шалғайымен қорғай жүр, Айналайын аруағыңнан, ұлы Абай!

ДЕГЕЛЕҢ Қарайып сонадайда тұр Дегелең... – Ойпыр-ай, сұмдық еді бұл не деген? Қасына аяқ басып бара алмайсың, Жеріңді осы емес пе түрмелеген? Байқашы, безіп кеткен құс баласы, Суында балық бар ма, түс, қарашы!.. Шағанның жағасында шырқ айналып, Бойына тарамай тұр ішкен асы. Ағаның тілегімен зыр жүгіріп, Қарадым ойдым-ойдым суға үңіліп. Тұнық су телміреді тірлігі жоқ, Түңілдім түбіндегі сырды ұғынып. Буып тұр бір қасірет бар тынысты, Құсы жоқ аспан қандай қорқынышты? Күрсініп көздеріне жас алды да, Екі ағам тостағанды сарқып ішті. Дегелең күйіп кеткен жана-жана, Тозақтан шыққандай бір жаңа ғана. Екі ұлы Дегелеңнің мөлтеңдейді Тауға да, өзенге де, далаға да.

Аһ ұрып, азап тартқан тау-тасына, Батып тұр ауыр салмақ арқасына. Кетердей Дегелеңмен бірге шөгіп, Екеуі алып мені ортасына...

БӨРІТОСТАҒАН1 Бөрітостаған, Бөрітостаған, Жұмбағыңды айтшы, кәрі тас, маған. Таңырқасын деп жердегі пенде, Аспаннан, бәлкім, пері тастаған. Жатырсың күтіп тағдырдан нені, Айналып тасқа қаңғырған бөрі. Емес пе екенсің ертеде келіп, Құдайдың ұмыт қалдырған мөрі? Толқытып тұрсың санама сыймай, Әлемнің жеті ғаламатындай. Кім екен тастап жапанға жалғыз, Сыйлаған тағдыр саған осындай? Бүп-бүтін іргем сөгіліп көптен, Көз жасым қанша егіліп төккен. Сен де бір мұңлық, мен де бір мұңлық, Тауынан туған бөлініп кеткен... 1 Шығыс Қазақстандағы Ақсуат жерінде мидай жазық далада жатқан алып жұмбақ тастың аты

ҚЫРЫҚ ЖЫЛ Қырық жыл шекарадан ел өткелі, Гуілдеп қолтығымнан жел өткелі. Таратып қырық үйді қырық жаққа, Ауылымнан тағдыр мені бөлектеді. Не келіп ел басына, не кетпеді, Белгілі бір құдайға себептері... Сай-сайда шашылғанға болды пана Саялы атажұрттың теректері. Төгіліп айран-сүті шелектегі, Босқан ел бөденедей дедектеді. Бөрене көтереді енді бүгін Бесікпен көшіп келген бөбектері. Туған ел қақпаса да шетке мені, Өксітті өмірдің сан өткелегі. Қырық жыл – қырық жамау тірлігімді Төзімнің тарамысы көктегелі. Жұртта қап текеметі төріндегі, Қырық жыл – бір туғандар бөлінгелі. Қырық жыл басылмаған сағынышым – Сыңсыған сыңар аққу көлімдегі.

Қырық жыл тынбай сөйлеп шер тілінде, Домбырам дамыл таппай шертілуде. Көре алмай жалғыз ұлын көзін жұмған, Сарғайып шеше жатыр көр түбінде. Асқан соң замананың зары бастан, Бұл қазақ бері қашқан, ары қашқан. Қырық жыл күте-күте өз әкесін, Қыз өсті мейірімге жарымастан. Жылдарға өкпелемен алыстаған, Әйтеуір өлмегендер көрісті аман. Жеткенде қырық жылғы көшпен бірге, Ақ үрпек балапан ем әлі ұшпаған. Сабағын өмір тіктеп сынық гүлдей, Қырық жыл өте шықты қырық күндей. Келгенше жер ортасы – Көктөбеге, Кірпікті құрғата алмай жүріппін ғой...

БАРҚЫТБЕЛДІҢ БАУЫРЫ-АЙ! Барқытбелдің бауыры-ай жырақтағы, Жамыраған жарыса бұлақтары. Табар едім оймақтай үйдің орнын, Таптырмайды-ау бесігім бірақ-тағы. Ғажап еді көктемде гүл атқаны, Иранбақтың өзі еді жұмақтағы. Ай астында жарқырап жатыр ма екен Алтын астау секілді суаттары? Балбыраған балауса құрақтары, Көк шалғыны, шұрайлы шұраттары. Керген кілем секілді көрікті еді, Күнгей беті құлпырған шуақтағы. Самалдайтын сауырда құр аттары, Салқындайтын бауырда лақтары. Шаңқылдаса аспанда түз бүркіті, Шалқаятын шалдардың тұмақтары. Су сылдыры сағынтып құлақтағы, Шөлдедім ғой қурайдай қыраттағы. Күрпілдеген қайдасың қара саба, Бал татыған қымызы, шұбаттары?

Жауабы жоқ өмірдің сұрақтары, Бұғып жатқан қылыштай қынаптағы. Уға айналып барады ойып түсер, Көздің жасы – көңілдің сынаптары. 15-326

КЕРІЛІП КЕРЕГЕДЕЙ Келе ме көздің жасы төгілгісі, Кеудемнің көтерілді шөгіндісі. Керіліп керегедей тұрушы еді Тауымның қызыл-жасыл тобылғысы. Қыраттың құлпырғанда тобылғысы, Сайрайтын сан құбылып көңіл құсы. Талпынып балапандай жүрегім де, Келетін күн нұрына шомылғысы. Қиқулап құстар келген сол күндерде, Тобылғы бүрлеуші еді торғын белде. Аспанның асты түгел жұпар шашқан, Жұмағын жер бетінің көрдіңдер ме? Бақыттан қылмаған соң тағдыр кенде, Жұмақтың жұпарынан сордым мен де. Сол жұмақ Тарбағатай бөктерінде, Жер емес жеткізбейтін жол жүргенге...

ТУҒАН ЖЕР І Көзімде тұнасың Жас болып мөлдіреп. Алдымнан шығасың Анамдай елжіреп. Аяулы сезімсің, Ешкімге қимаған. Туған жер, өзіңсің Өмірді сыйлаған. Бәрі де есімде Балалық шағымның. Ойнаған төсіңде Күндерді сағындым. Жетемін елесің Шақырса бұлдырап. Аңсаған енесін Құлындай құлдырап. ІІ Өзіңсіз күнім күн бе екен, Өзіңсіз түнім түн бе екен? Тауыңда өрген киіктің Тұяғы бүтін жүр ме екен? Өзіңмен ғана нұрлы екем, Өзіңмен ғана құнды екем. Көгіңде ұшқан құстардың Қанаты бүтін жүр ме екен? Ай ма екен, әлде жыл ма екен, Айналып саған бір жетем. Төсіңде жүрген бауырдың Бауыры бүтін жүр ме екен?

ОЙХОЙ, ШЫҒЫС ТҮРКІСТАНЫМ! (Ұйғыр ақынының ізімен) Әлімсақтан талай ақын Жырға қосқан мекенім – Ей, сүйікті уәлаятым, Сені жырлап өтемін. Сен болмасаң тіршіліктің Білмес едім не екенін. Сәулетіңді гүл жайнатып, Сызған талай қылқалам. Сен болмасаң мұндай бақыт Бере салар кім маған? Сенің ыстық құшағыңда Бесік жырын тыңдағам. Сағынады жаяу күнім Сәйгүліктің желісін. Талай-талай аяулы ұлың Басын тіккен сен үшін. Ғұмыр бойы өтелер ме Саған деген борышым? Қасиетті топырағым, Ізі қалған бабамның, Жүрегімнің асыл әнін Саған арнап салармын.

Сендей гөзал сұлу жерді Енді қайдан табармын? Қияметті көрдім қанша, Өзіңді аңсап зарыққан. Сен деп өтем көз жұмғанша, Жырлаудан еш жалықпан. Ойхой, Шығыс Түркістаным! Тас қамауда тарыққан... АЙТТЫҢ РУХЫНА Уыстап ұстағым кеп қашқан желді, Ұлың ем кезіп жүрген аспан-жерді. Жан баба, разы бол, басыңа кеп, Қалақтай қалдырғанға тастан белгі. Жалт етіп қас пен көздің арасында-ақ, Дүние бізден де өтіп аласұрмақ. Тозбас тек астыңдағы тілдей ғана Бұйырған қара жерден қара сырмақ.

ТАМШЫДАЙ-АҚ... Кең даланы кесіп өтіп жол жатыр, Қалың зират – үнсіз қала жонда тұр. Қара жолда көп жыл жортқан жолаушы, Сол шаһарға тұрақтауға келді ақыр. Тұрғындарын кезегімен қабылдап, Өлі қала жата берер дамылдап. Оянбайды жер-бесікке түскендер, Құлағының түбіне кеп дабыл қақ. Тіл қатпайды тылсым дүние, мәңгі үнсіз, Бұл арадан өте алмайсың сәл мұңсыз. Ұшан-теңіз ұлы ұйқының қасында Ояу күнің тамшыдай-ақ мардымсыз. Дүние жинап бір бес күндік елеске, Алданады пенде көңілі – нәресте. Сапар шегіп түбінде осы қалаға, Соқа басың келетінін ал еске...

ҚАРАҒАНДЫДА Қарағанды – таусылмас көмір кені, Жазылмаған жыр едің көңілдегі. Қазынаңа қиырдан бүлкілдеді Талай-талай тажалдың кеңірдегі. Үстің де бай, лықсыған астың да бай, Көзге түспей байлығың жатсын қалай? Ақсұңқарұлы емеспін, Айтұлымын, Алып қала, мені де жатсынбағай. Таптырмайтын қаласың жан баққанға, Кеншің болды Ғабиден, Әлжаппар да. Қасым-тұлпар үстіңнен өткен шығар Арқасына аяздай ер батқанда. Қалқып ішіп үйіренген балқаймақтан, Келімсектер кетсін бе кенді аймақтан? Тағзым етіп кеп тұрмын топырғыңа Еркеш жатқан дамылдап, Евней жатқан!

ТАЛШЫБЫҚ Талпынып бір талшыбық Сарыарқаның тауында, Тоңды талай малшынып Қара нөсер жауынға. Таудың қия бетінде, Жұлқылайды жел келіп. Көк дауылдың өтінде Өсе берді тербеліп. Жүргізбекші әмірін, Ақ боран да ұрғылап. Тарамыстай тамырын Таяныш қып тұр бірақ... АУМАЙМЫН МЕН ДЕ Мазамды алма сен менің, Ерігіп жүрген шығарсың. Өкініш толы кеуденің Өксігін қайдан ұғарсың? Дауылға кеуде тоспасаң, Денеңді суық қарымас. Тау асып, тасты баспасаң, Табаның жерді танымас. Аумаймын мен де, шамасы, Қойшының мінген атынан. Шоқтығым жауыр, қарашы, Сауысқан күнде шоқыған. Іштегі көңіл жарасы Оқылар көздің отынан. Үңілсе пенде баласы, Жауырды жаба тоқыған.

ҰШЫП КЕЛЕМ Замананың салмағы жауырында, Көтеремін жеңілін, ауырын да. Бір ғасырдың өрті жүр қанатымда, Бір ғасырдың дерті жүр бауырымда. Ұршығында айналып от пен желдің, Ортасында ұйтқимын көк пен жердің. Өмір деген – тізбегі, байқап тұрсам, Арпалысқан алапат өткелдердің. Қанатымды маздаған дауыл үрлеп, Әлсін-әлсін шарпиды бауырымды от. Кең аспанның астында ұшып келем, Табан тіреп тоқтайтын ауылым жоқ. Жоғалар деп, Жер-ана, алаңдама, Сүйегімді тапсырам саған ғана. Жер пендесін жатырқап көкте жүрсем, Алдаспаны аспанның, жалаңдама! Көкте жүрмін дегенім әлде өтірік, Қалықтадым қиялмен сәл көпіріп. Қыран көңіл пенденің әдеті ғой, Медет тұтар аспанды жерде тұрып...

«ЕЛ» ДЕП ЖҮРІП (Ақын Кәкей Жанжұнұлының қазасына) Ел деп жүріп, шөлдеп жүріп, ағып түсті бір ақын, Атамекен сағынышы тербетумен мұратын. Жырларынан Баянөлке тауларының лебі есіп, Былғанбаған Бұлғын суы сылдыр қағып тұратын. Ақ сауыттан елес беріп ақбоз үйдің тұлғасы, Найза ұшындай жалтылдайтын арулардың сырғасы. Көрінетін қиян-кескі замандардың қойнынан Ай нұрымен ағараңдап тұлпарлардың қу басы. Шежіресін шалқытатын қазақ пенен қалмақтың, Сырына да қанық еді бер жақ пен ар жақтың. Жасырмайтын бар арманын тонағанын ата жау, Жүрегіне қадалғанын жылан тілді қармақтың. Түсіне еніп жатса-тұрса қиырдағы қыр гүлі, Астананың ол да біраз болып көрді тұрғыны. Мұқағали ағасындай тез оралған Мәскеуден, Алматымен қоштасқаны әлі есімде бір жылы. Аттанарда кірпігінен тамшылатып маржан жас, Қолын бұлғап кетіп еді достарына армандас. Қыршын өмір өзегіне тисе ажалдың қылышы, Таскерең ғой мылқау көрдің қуысында қалған бас.

Тайғанақтап тұғырынан домбыраның тиегі, Кемсеңдейді қайғы жұтып қара өлеңнің иегі. Қара жердің тоңған қойны жылынбайтын сияқты, Шашылмаса шартарапқа ақындардың сүйегі. Еміреніп, елегізіп таң сарғая, күн бата, Ұйқыдағы мұңлы жанды әлдилейді сұр жота. Сорлап кетті сөресіне жете алмаған бір жүйрік, Боздап кетті енесіне жете алмаған бір бота.

ҚОШ КЕЛДІҢДЕР, БАУЫРЛАР!

Көңілді алаң еткен қозғап көптен, Шоқ жатыр көкіректе қоздап шөккен. Бөлініп бозінгеннің ботасындай, Бауырлар, армысыңдар боздап кеткен! Ағайын, қош келдіңдер алыстағы, Аңсаған атажұртпен табысқалы. Бір кезде алыстағы өздеріңнен Көрінді жұлдыз жақын ғарыштағы. Өзендей өмір өксіп тасып аққан, Жел тұрса елеңдедің осы жақтан. Шықпады түстеріңнен бұл топырақ, Бабаңның қасиетті басы жатқан. Сүрленген сарқытындай ескі аңыздың, Сүрлеуі жатыр солар басқан іздің. Ұшқан құс, кезген бұлттан сәлем жолдап, Қамығып қара көзден жас тамыздың. Мың тәубе Тәңірінің бергеніне – Оралып Тәуелсіздік келгеніне! Ат арып, тон тозатын заман емес, Жеттіңдер құстай ұшып елге, міне!

Құшағын өздеріңе кең жаяды, Аңырап атамекен сол баяғы. Өткен мен кеткенді айтып не қыламыз, Белгілі дүниеге ел баяны. Ел-жұртпен төс қағысып амандасып, Жоғары төрлетіңдер, қадам басып. Жат жерде көз жұмғанға иман берсін, Жазмыштан құтылмайды адам қашып. Туыс па амандығын сұраспаған, Білер ме ел қадірін қыр аспаған? Көгінде Көк байрағын желбіретіп, Есігін айқара ашып тұр Астанаң! Несіне сөзді созып құбылтайын, Бас қосқан құтты болсын Құрылтайың! Табыссын шұрқырасып туған елмен, Шұбырып соңдарыңнан құлын-тайың!

ҚҰЛПЫРҒАНМЕН КЕҢ ЖАҺАН Құлпырғанмен кең жаһанның жамыраған гүл бағы, Шешілер ме түйінделген шым-шытырық жұмбағы? Сәби ғұмыр өксігіне құлақ түрмес көк аспан, Жұбатпаса жылағанды қара жердің құндағы. Шыңырауға шын батырса қараңғылық зынданы – Көлеңкенің қоюланып, қас қарайып тынғаны. Түн күзеткен періштенің кірпігінің талғаны – Таң сарғая жұлдыздардың көзін ашып-жұмғаны. Тыным алған тіршіліктің төсегінен тұрғаны – Айғай-шудан құдіреттің құлағының тұнғаны. Күн мен түннің шұғыласына алма-кезек шомылған Жан иесі байыз таппас байланғанша тіл-жағы. Бөлемесе рахатқа бейіш нұры ондағы, Зая кетер Жаратқанға жалынғаның мұндағы. Пешенеңе жазылмаса Алла разы қылмағы, Күнің қараң қурап ұшқан жапырақтай жылдағы. Гүл қайғырмас үлбіреген көбелектің қанатын Жұлып түссе қызыл тікен – қызғаныштың тырнағы. Шөлдегенін елең қылмас сексеуілдің құмдағы, Қысы-жазы жайнап тұрған жасыл шырша шыңдағы. Тиянақсыз дүниенің түпсіз сыры таусылмас, Соза берсем сүріндірмес сүрлеуге сап жырдағы. Оянбаса ұйқыдағы ғасырлардың мұң-зары, Шыға қоймас шіріп қалған дәруіштің құмғаны. Шыңылдайды шыңырауда шөгіп жатқан қара тас, Қасиетті атақоныс күңіренсе қырдағы... 16-326

ҚАЗАҒЫМ Армысың, асыл жұртым, арман елім, Тау асып, тасты басқан тарлан елім! Ту ұстап, тұлпар мінген бабалардың Жұртында жұрнағы боп қалған елім! Ноқтаны басыңдағы бақтай көріп, Өзіңді күні кеше алдап едің. Азуын айға білеп арыстандай, Дариға, өтті-ау талай ардагерім! Қолына өз тізгінін алған елім, Жұлдызы маңдайдағы жанған елім! Шықсам да жердің бетін жүз айналып, Тірегім сенен басқа бар ма менің?! Барасың тілден безіп, діннен азып, Жармасып құйрығына әр кеменің. Кім үшін атқа қонды, отқа түсті, Ойлашы, басы қайда Хан Кененің?! Қазағым, сенің қамың ойлағаным, Бұрқылдап тайқазандай қайнағаным. Қасқырдай анталаған қазынаңа Көздері қанталайды айналаның. Біріңді бірің шалып сүріндірсең, Бұйырмас босағаңа байлағаның. Көлденең көк аттыға жем боларсың, Алдыңда бес ешкі боп айдағаның.

Сағымын қуа бермей айдаланың, Жөн шығар тұңғиыққа бойлағаның. Айрылып ата дәстүр, салт-санадан, Аңдамай қара жерде тайғанадың. Жоғалды қыздан ұят, ұлдан намыс, Айтайын қасіретін қай баланың? Ішіңді құрт жеген соң кімге керек Сыртыңды жылтыратып майлағаның?..

СЕРКЕНІҢ СОҢЫНА ЕРМЕЙ Қызырдың рас болса дарығаны, Қызыл тіл сөзден несін тарығады? Қарасаң замандарға көз жіберіп, Ақынның некен-саяқ жарығаны. Халықтың қаһарына мінгендігі – Қайраққа қара пышақ жанығаны. Ұлықтың сөзі –түзу, көзі – қисық, Аядай айналасы танығаны. Бәрінен сорақысы – ата жаудың Итінің іргеңе кеп сарығаны... Кісіге не келсе де тек құдайдан, Келмеске кемеңгерлер кетті қайран. Бұл күнде Тезек төре көрінбейді, Сөз тыңдар Сүйінбай мен Бақтыбайдан. Жалғыздың жарға бұғып жаны қалмас, Жалпыны шарпығанда отты майдан. Серкенің ай мүйізді соңына ермей, Тәңір-ау, қошқар шығар тоқты қайдан?

ҚОРА ТОЛДЫ... Қора толды шартық пенен шатаға, Қыста туған арамзаны атама! Қотан жұтап – қозы ермеді саулыққа, Қошқар біткен қырылғандай, о, тоба! Тұқымы азды қасқа менен төбелдің, Тозған ұрпақ қарымтасын төлер кім? Әлдеқашан өткен бабам тіріліп, Менен жауап сұрай қалса не дермін?..

ІШТЕН ШЫҚҚАН ШҰБАР ЖЫЛАН Бір Алланың пәрменінде адамзатты аздырса, Пендесіне жараспайды жаратқанды жазғырса. Іштен шыққан шұбар жылан шағып туған шешесін, Ит қабады өз иесін сары сайтан азғырса. Буына мас бейшаралар ақша менен алтынның, Құтырына күл шашады аруағына халқымның. Шолтаңдаған шолақ қайық шамдандырса теңізді, Қаһарына ұшырайды құдіретті толқынның. Аспан жерге құламаса аударылып бұл жалған, Сасық шошқа қырға шықпас өз боғына былғанған. Болашақтың қиып түсер қылышынан құтылмас Құнсыздардың қара басы қалтасына құл болған...

БАЙ БАЛАСЫНА (Экспромт) Сенің әкең мансапты, Менің әкем малсақ-ты. Сенде сарай он шақты, Менде саулық он шақты. Сенің әкең халықты Қан жылатып жер сатты. Менің әкем маңдайдан Тамшылатып тер сатты. Сенің шешең мойнынан Ағытқан жоқ моншақты. Менің шешем қолынан Тастаған жоқ келсапты. Жер мен көктей қарасам, Екі арамыз алшақ-ты. Сен жалайсың бармақты, Мен сорамын саусақты. Саусағымнан сорған сор Қабырғамды қаусатты. Аққан байлық сай тапты, Байдың көңілі жай тапты. Балпаң-балпаң басасың, Бай баласы байпақты.

Байпағым бар екен деп, Таптай берме Байтақты! Көлденеңнен ит қосқан Тоқтат енді айтақты. Мына заман ырқыңа Көнбейтінін байқатты. Шала молда дін бұзар, Шала қазақ тіл бұзар, Елді бұзған дәл сендей Көрмедім мен найсапты!

МАМАН-ТҰРЫСБЕК Жетісуда бай өткен Маман деген, Мектеп ашқан, алысып наданменен. Байлық деген – білгенге қолдың кірі, Адам күні – қашанда адамменен. Маман-Тұрысбек малына мастанбаған, Адамдықпен атағы аспандаған. Дарақының қолына байлық тиіп, Оңды-солды жалғанда шашқан жаман. Дүние, шіркін, тайдырмас кімді жолдан, Қайыры жоқ не пайда күллі малдан? Маман-Тұрысбек армансыз, ағайындар, Мәңгілікке артында үлгі қалған. Алтын басып жатқандар жамбасына, Жарқанаттай жабысқан жар басына. Сараң байдың тұқымы толыр жүр ғой, Маман байдың жұрнағы бар ма, сірә?

ҚУҒАНМЕН ҚАНША... Дүние – сиқыр бір сағым, Арбайды көзін қуса кім. Ындыны кепкен пенденің Тажал боп жайлар құрсағын. Естілсе судай сылдыры, Таба алмас тіпті күн нұры. Ұстатпас қолда тұрса да, Сайтанның құрық-шылбыры. Өзі кеп бір күн жағалар, Қызықсаң, қашып жоғалар. Құлудай қатқан қу басың Соңында доптай домалар. Қуғанмен қанша жалықпай, Күйдірер оты тамұқтай. Жаныңды оңай суырар, Ойықтан алған балықтай.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙