Шипагер
Сайлау Байбосын
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Шипагер. Сайлау Байбосын
Әлсізге - медет, күштіге - айбар, зарыққанға - жебеу, тарыққанға - демеу, асқанға - тосқан, сасқанға - сая, ұрпаққа - ұстаз, ұлысқа - ұран, ел иесі, жер киесі Мерғалымдай пір атаға қанша тағзым қылсаң да, артық емес!
Әбіш КЕКІЛБАЕВ
ҚАСИЕТ
(шағын дастан)
Әлқисса, сөз бастайын, ал, жамағат,
Бастамай табар емес жан қанағат!
Жаратқан өзі берсін осындайда,
Тілге - иман, жүрекке - рух, арға - қанат!
Жүгірген құлындайын жар жағалап,
Әлқисса, сөз бастайын, бар жамағат!
Жақсыңа жыр арнадым бір-екі ауыз,
Жараса, өзің оқып, ал бағалап!
Перзентін орап алған жөргегіне,
Саламат ел де міне, жер де, міне.
Сол елдің талап еттім, бір арысын,
Өлеңнің салмақ болып өрнегіне.
Жайлаған қалың тоғай, қарағайын,
Ел мынау, жаны таза баладайын.
Өтіпті бір азамат осы арада,
Халқына шашып кеткен жан арайын.
Пейілі толып тұрған шарадайын,
Көңілі жазиралы даладайын.
Қалың ел қарағайлы орман болса,
Ішінде бұл азамат - дара қайың.
Өлеңге қостым соны өрнек етіп,
Тірек бол талабыма, ал, ағайын!
Басқадан бөлек болып жаратылған,
Басқадан болмысымен дара тұрған.
Сәтті күн сол кісіге сөз арнадым,
Өзің ал таразылап, ал, оқырман!
* * *
Арғы күн - сөз бастасақ әліппеден,
Мұрағат, қазына ғой - халық деген.
Сол халық, ұлысты жұрт - мына отырған,
Ұмытпай ұлыларын дәріптеген.
Еске алып қайта келмес көшелі ұлын,
Мынау ел әлі күнге кешеді мұң.
Үлкендер таңдай қағып тамсанады,
«Мерғалым өтті ғой, - деп, - кешегі күн!»
Халқымен әні бірге, жаны бірге,
Тататын дастарханда дәмі бірге.
«Сынықшы қолы шипа, өзі әулие! –
деп оны жыр етеді әлі күнге.
Өмірдің тірлік деген белесінде,
Ұстаған ел мен жұрты төбесінде.
«Апырмау, Мерғалым кім?» - деп ойладық,
Мәңгілік қалып қойған ел есінде.
Кісі ме басқалардан мәні бөтен,
Тәңірдің бек жаратқан жаны ма екен?
Қасиет сынықшылық деген оған,
Қай жақтан, қалайша кеп дарыды екен?
Басқадан болмысы мен түрі бөтен,
Науқастың, кеселменен пірі ме екеy?
Жіберген Алашына шипа бер деп,
Алланың өзі сүйген құлы ма екен?
Халыққа Тәңір берген шын бақ па екен,
Көбірек бұл пәниде тұрмап па екен?
Ғайыптан бізге келіп бір кездері,
Ғайыпқа қайта кеткен жұмбақ па екен?
Елімен әні бірге, жаны бірге
Болғасын ұмытпаймыз әлі күнге.
Бірақ та Мерғалым кім?
Шынын айтсақ,
Жұмбағын түсінбейміз әлі күнге!
Тәңірдің ілінгесін талғамына,
Сәулесін шашты ма екен жан-жағына?
Жалғанда жарты - ақ ғасыр ғұмыр кешіп,
Жете алмай кетті ме екен арманына?
Пенде боп екі аяқты туылғасын,
Тағдырдың ол да көнген салғанына.
...Ал енді қайдан шыққан бұл жұмбақ жан,
Үңіліп көрейікші аржағына!
Айша ана
Жайлаған Қарағайды қалың Уақ,
Бөтен жоқ, түбі бірге бәрі бірақ.
Батыр мен бағланы көп бұл Уақтың,
Дұшпанын ерегескен алып ұрад.
Тайпа бұл талай заман кешіп келген,
Тарихы басқалардан қалыңырақ.
Басынан қилы-қилы заман өткен,
Куә оған - қария тау, кәрі қырат.
Осылай талай-талай өмір өтті,
Жылатты кейбіреуді еңіретті.
Ақтабан-шұбырынды заман келіп,
Қаһарын бұл қазаққа төгіп өтті.
Орта жүз жайлап жатқан Сырдың бойын,
Сол кезде бұрған екен бері бетті.
Арқаға аттың басын тірегесін,
Уақтар: бұл бабамның жері депті.
Ішіне Қарағайдың осыдан соң,
Қоныс қып ағайынның елі кепті.
Баласы Жансары атам содан бері,
Жайлап жүр мынау ғажап төңіректі!
Серпілтіп замананың қара түнін,
Алыпты содан кейін дала тыным.
Арқада алтын ғасыр қайта орнапты,
Ағайын іздегенін табатұғын.
Керемет заман орнап, бозторғайың,
Жұмыртқа қой үстіне салатұғын.
Құласа қалың Уақ көшін белден,
Ит шулап жылқышының қосына ерген.
Ел мен жұрт емен-жарқын тірлік кешіп,
Тәңірдің ырзығынан несіп емген.
Немересі Жансарының Өтебай бай,
Ұрпағы сол заманда өсіп-өнген.
Байлықты деп атайтын - «қолдың кірі»,
Бұлар да дәулет қонған молдың бірі.
Өтебайдан - Тоғайбай, одан - Жанай,
Мойнында қашан-дағы елдің жүгі.
Өзбехан - сүйікті ұлы Жанай байдың,
Қалыңдық түсіріпті сол бір жылы.
Жүретін жақсылардан өнеге алып,
Той десе қуанбасын неге халық.
Өзбехан отау болып, Жанай байдың,
Тарқайды көңілдегі шемені анық.
Жасауын қалыңдықтың тоғыз нарға,
Артып ап Өзбехан ұл келеді алып.
Жанай бай - қашан-дағы сыйға бекем,
Той қылып елін, жұртын жиған екен.
Боз орда тігіп сосын боз жусанға,
Ішіне жақсы-жайсаң сыйған екен.
Келіннің есімі - Айша, бөтен емес,
Ішінде көп Уақтың Бидалы екен.
Қос елдің қоса білген дәнекерін,
Кім білсін келін қандай жан екенін.
Әйтеуір айтып жатты білетіндер,
Түбінде тектілігі бар екенін.
Құлпырып кешке сосын дала - бесік,
Құбылды құбыладан самал есіп.
Қай жақтан естігенін құдай білсін,
Қатындар от басында әңгіме етті:
«Жас келін - қасиетті бала!» - десіп.
Біреулер тапсырғандай жұмыс қылып,
Қатындар дабырласты, ұрыс қылып:
- Жас келін - сынықшы екен, қолы жеңіл,
Кетпеген тұқымынан ырыстылық!
- Қойшы әрі, сен де тіпті.., жас балаға,
Соншама қайдан келген сынықшылық?!
- Жан екен дертке шипа табатұғын,
Алғысын ел мен жұрттың алатұғын.
Мертігіп қалар болсаң жазатайым,
Бір сипап сынығыңды салатұғын.
- Қойыңдар! - деді сосын кексе қатын,
Көрерміз қандай келін болатынын.
Осылай күндер жылжып кезегімен.
Жас келін келіп түсіп өз елінен,
Жарасып Өзбеханмен бірге өтем деп,
Тірліктің өмір атты өзенінен.
Шаруаға күнделікті араласты,
Ошаққа отын жағып тезегімен.
Сонымен күндер өтіп сабылысты,
Уақыт алға қарай алып ұшты.
Жас келін білдірмейді еш адамға,
Сақтаған шын өнері барын ішкі.
Бір күні дәл осылай жүргенінде,
Әп-сәтте у-шу болды ауыл үсті.
У-шу боп бала-шаға жүгіргенде,
Сескеніп жүрек шіркін түңілген бе.
Кемпір-шал үрпиісті: «Не боп қалды?!
Ел іші бірдеңеден бүлінген бе?!»
- Жо-жо-жоқ, қорықпаңыздар, Жанай атам,
Байқаусыз бір аяқтан мертігіпті,
Торытөбел астындағы сүрінгенде.
Кенеттен бұлт басқандай жарық күнді,
Жабырқап бола қалды халық мұңды.
- Апырмай, қартайғанда қиын болды-ау!
Деп сосын шал-кемпірлер налып тұрды.
Көтеріп жан-жағынан жігіт-желең,
Жәкеңді боз ордаға алып кірді.
Жалынып, жалбарынып бір құдайға,
Не істейміз деген халық тұрды ма ойда.
- Сынықшы табу керек, қай жақта бар?
- Апырмай, жібереміз кімді қайда?!
- Құдайдың шара бар ма жарлығына!
- Атамыз мүгедек боп қалды мына!
Шуласса ел осылай деп, Айша келін,
Қарап жүр сырттай соның барлығына.
Жүгіріп есі шыққан ене, келін,
Мәнісін түсінеді немененің.
Үндемей Айша келіп бір жақта тұр,
Болғасын тәрбиесі өнегенің,
Бәйбіше «аһ» ұрады, не істейміз деп,
Көгіне арқа сүйеп керегенің.
Тіл қатты Айша сол кез Өзбеханға:
«Мен саған бірдеңе айтсам не дер едің?».
- Айта ғой, - деді, Өзбехан жас жарына,
- Ойыңда қандай сөз бар, не демегін?
Айша айтты: «Рұхсат берсе, атамыздың,
Сынығын өзім салып көрер едім!».
Бір қарап аң-таң болған көзіменен,
Өзбехан есін жиды тезіменен.
Деп айтты сосын бір сәт, сәл тұрды да:
«Әкейдің сөйлесейін өзіменен».
Қарағай-елі де бай, жері де бай,
Күн тұрарар зеңгірінде төгіп арай.
Ақсақал үйде жатыр ел сыйлаған,
Тентек шал, ру басы, өзі Жанай.
Айша тұр ернін тістеп: «Текке айттым-ау!
Атамыз қабылдайды мені қалай?!»
Сол кезде әкесінің рұхсатын ап,
Өзбехан үйден шықты кері қарай.
«Қойшының, - дейді қазақ таяғынан,
Білеміз өткен тарих баянынан.
Атаға келін жүзін көрсетпейді,
Әдет бар қалып қойған баяғыдан.
Өзбехан Айшаға айтты: «Рұхсат берді,
Бірақта жүзіңді ашып, қалай ғана,
Ұстайсың атаңыздың аяғынан?».
Айша айтты: «Істің мәнін табам деді,
Сынығын ойдағыдай салам деді.
Жүзімді көрсетпеймін атамызға,
Сыртында шымылдықтың қалам деді.
Аяғын сыртқа қарай шығарсын тек,
Шипасын сол жерден-ақ табам» - деді.
Еріккен жайлаудағы ел себеп іздеп,
Бағасын мынау істің береміз деп.
Жиылды үлкен-кіші сол араға,
Өнерін келінжанның көреміз деп.
Жанында болса-дағы қосағы аман,
Сүрінбей шығам ба деп осы арадан.
Діріл бар жүрегінде сәл-сәл ғана,
Адамдай өтетұғын «Қособадан».
Сонан соң Алласына сыйынып ап,
Аттады Айша келін босағадан.
Далада бүкіл ауыл азандаған,
Есіктен кім шығар деп көз алмаған.
Жиналған ағайынның көптігінен,
Шаң басып, үйдің маңы тозаңдаған.
Бір бие сауымындай уақыттан соң.
Әйтеуір, Айша шықты боз ордадан.
Керемет өзі сұлу, сонша керім,
Ақырын кері шықты Айша келін.
Сынығын атасының өзі салып,
Ісімен таң қалдырып қаншама елін.
Осылай құпияның жарып теңін,
Тарасты қызық көріп халық тегін.
«Сынықшы Айша» атанды бұдан былай,
Батасын атасының алып келін.
* * *
Тыныштық заман тербеп бай даланы,
Жайлаған қалың ауыл айналаны.
Қырында жылқы жусап қарағайдың,
Ішінде отар-отар қой болады.
«Сынықшы келін» десіп, ел қадірлеп,
Жан жары Өзбеханға сай болады.
Осылай Айша келін жүре-жүре,
Ақыры «Айша анаға» айналады.
Жарасып Өзбеханмен асыл әні,
Өмірі өрге қарай тасынады.
Екеуі ел сыйлайтын шаңырақ боп,
Үлкен мен кіші келіп бас ұрады.
Бірақ та бала керек отбасына,
Сәбисіз күлің қалай шашылады.
Жүргенде дәл осылай, Алла қолдап,
Аппақ жол алдарынан ашылады.
Туады тете болып бір-біріне,
Ғабдолла, Шайқым деген қос ұланы.
Артық боп екі ұлының бақ-талабы,
Ата-ана қуаныштан шат болады.
Айнала ағайын бар артық кетсең,
Айырып айтатұғын ақ-қараны.
Ел сүйген жан болады бұл екеуі,
Бастайтын көсем болып топ баланы.
Ғабдолла мен Шайқымды ел де мақтар,
Демей ме, жақсыға жұрт жақ болады.
Өмірдің болмас және тоқтамағы,
Фәнидің пенде деген тек қонағы.
Дәм-тұзы таусылғанда тірліктегі,
Айша да бақилыққа аттанады.
Бірақта сынықышылық қасиеті,
Әулетіне Жанайдың бақ болады.
Өзі өмірден өтсе де «аруағын»,
Кіші ұлы Шайқым мырза ап қалады.
Сол Шайқым анасынан ап қалыпты,
Ап қалып, басына оның бақ дарыпты.
Шипагер, қолы жеңіл бір адам деп,
Ішінде қалың елдің мақталыпты.
Бірақ та жазмышқа шара бар ма,
Дәм-тұзы таусылғанда ол да бір күн
Бақидың әлеміне аттаныпты.
Тебінсе тас тұрмайтын тағасына,
Тұлпардың кім қызықпас баласына.
Шайқым да ерте кетті бұл өмірден,
Кім жетіп, кім жетпеді бағасына?!
Бірақ та бұл әулетке қонған аруақ,
Кетпейді басқа жұрттың арасына.
Осынау сынықшылық Шайқымнан соң,
Қоныпты Ғабдолладай ағасына.
Демейік, бірі өтірік, бірі жалған,
Аңыз боп өткен күннің жыры қалған.
Ғабдолла-ол-дағы ерен адам болған,
Қарсы алар зарыққанды күліп алдан.
Және де ел айтады: қаһары бар,
Қамшыгер, кереметтей ірі болған.
Ғабдолла болып елдің іздегені,
Алдына шипа сұрап жүз келеді.
Істеген жақсылығын, еске сақтап,
Ұмытпай аңыз етіп тізген елі.
Ұрпақсыз ол да өтпепті дүниеден,
Жалғыз ұл - Мұхтарихан соңына ерген,
Сонан соң Шәйпанудай қыз береді.
Сол кезде дүбірлесіп дала - мекен,
Далаға қоғам келіп жаңа, бөтен.
Кеңестің билігі орнап Сарыарқада,
Төңкеріс, аласапыран заман екен.
Қуғындап қожа-молда, емшілерді,
Үркіткен ел ішінен алабөтен.
«Совет!» - деп жас жігіттер ұрандапты,
Дін менен ұмытылып құран қапты.
Заманға дәл осындай жас бозбала,
Мұхтархан ілеспей тұра алмапты.
Еңбеккер, коммунист боп сол заманда,
Емшілікке мойынын бұра алмапты.
Тірлікте дақ түспеген арына анық,
Бұл Мұхаң адал жігіт жаны жарық.
Өнерден сынықшылық бой тартыпты,
Үгітін коммунистің қабыл алып.
Бірақ та қонған аруақ кетпейді ғой,
Ғабдолла бақи лыққа атанған сын,
Қоныпты Шәйпәнуді тауып алып.
Сол Мұхаң, пенде болмай жаны жатқа,
Тілегін Құдай өзі қабыл ап па?
Тер төгіп, еңбек етіп қоғам үшін,
Өмірден іздегенін тауып ап па?
Рабиғадай бір қызбен қол ұстасқан,
Риясыз Алла ұсынған бәрі бақ па?
Тынбады бұныменен Тәңір сыйы,
Мерғалым, Қали, Нәби - үш ұлменен
Жанаттай бір қыз берді шаңыраққа.
Қызықты әңгіме бар сірә, мұнда,
Жүрсінші ағайынның құлағында.
Өседі, адам деген қартаяды,
Осынау Өмір деген ұлы ағында.
Ресей-Алтай жақтан теңін тауып,
Кетеді Шәйпәну да ұзатылып,
Кәмелет жасқа жеткен уағында.
Мерғалым
Қалың ел, ағайынның арасында,
Іздесең туыс-туған бәрі осында.
Жайымен тірлік тыныш өтіп жатыр,
Дария өмір-өзен деген жағасында.
Оқушы Мерғалым да сол жылдары,
Мөлшері он екінің шамасында.
Жүретін топқа түспей бұрын әлі,
Ешкім де сұрамаған сырын әлі.
Төртінші сыныпта оқып жүрген кезі,
Мерғалым жайбарақат жүрген бала
Белгісіз бір сырқатқа ұрынады.
Қиындап жас баланың халы мына,
Қан бармай қалған сынды тамырына.
Тер басып тұла бойын жатып қалар,
Жиып ап қол-аяғын бауырына.
Абыржып туыс-туған есі кетіп,
Шақырды ата-ананы сабырына.
Жиылып ағайынның бәрі-бәрі,
Шу болды Мұхтарихан шаңырағы.
Үлкендер айтты сонда: қорықпаңдар,
Шипасы бұл баланың табылады.
Сірә, оны айналдырып жүрген шығар,
Айшадай әжесінің аруағы!
Бұл өзі оқиға ғой кеп-кешегі,
Шындығы болмаса егер, жетпес еді.
Ел айтты: Шәйпәнуға жіберіңдер,
Алтайда аруақ қонған әпкесі еді.
Шәйпәну бата берсе бұл балаға,
Қиналып, бұлай азап шекпес еді.
Осылай ақыл-кеңес халық берді,
Балаға жүрер жолын тауып берді.
Мерғалым осыдан соң Алтай барып,
Батасын әпкесінің алып келді.
«Арымас - баталы құл» - деген сөз бар,
Аруағы Айша ананың бұған ауып,
Сөнбейтін ғұмырына жарық берді.
Ұрпақсыз бұл тірліктің бар ма сәні,
Атаға бала келіп алмасады.
Қасиет Айша анадан қалып қойған,
Осылай Мерғалымға жалғасады!
Ендеше кім болыпты сол Мерғалым?
...Заманның жастайынан көрген зәрін.
Бұлақтың мөлдіріндей қайнап жатқан,
Осынау аямаған елден нәрін.
Зарығып алыс келсін, жақын келсін,
Шипасын бойындағы, берген бәрін!
Шет қақпай, құрбысын да, құрдасын да,
Жат мінез болмапты оның тұлғасында.
Қасиет, құдыретіне бас иіпті,
Жүрсе де Мерғалымның кім қасында.
Сынықшы, емші, әулие, айта берсең,
Әйтеуір, бәрі болған бір басында.
Көңіліне көк аспанның күні қонған,
Халықтың қазақ деген ұлы болған.
Дауасы табылмаған сырқат келсе,
Шипасын ұсынатын пірі болған.
Атағы асқар таудай сол азамат,
Кішілік, кісіліктің құлы болған.
Домбыра мен гармоньда бірдей ойнап,
Той-думан, қызығыңның гүлі болған.
Жай пенде түсінбейтін және-дағы,
Құпия қасиеті, сыры болған.
Осындай сегіз қырлы болмысымен,
Ел сыйлар азаматтың бірі болған.
Тарқатып кейбіреудің шүбәсін да,
Шын баға бере алдық па шын асылға?
Рахмет, ағаларға, көмектескен,
Естелік - әңгімені құрасуға.
Мерғалым қалған екен мәңгілікке,
Халықтың жады менен мұрасында.
Ендеше бұл кітапты ақтарып көр,
Болғанын Мерғалымның қандай адам
Танығың келсе оқырман, расында!
ТҮБІН БІЛМЕГЕН - ТҮГІН БІЛМЕС
Басқа халықтарды білмеймін, ал қазақ ішінде қайсыбір адамдар туралы сөз қозғала қалса: «Апырмай, бұл өзі қай жақтың азаматы екен, елі кім, жұрты кім екен?» - деп жатады. Яғни, қазақ үшін ата-тегіңді танып білу қашанда бірінші орында тұрады. Бұл біздің ұлттық ерекшелігіміз десе де болады. Тіпті кейбір бас қосылған жерлерде өзінің сүйегінің (руының) кім екенін білмейтін кейбір адамдардың ыңғайсыз жағдайда қалатынын көріп жүрміз. Бірақ осыны дұрыс түсініңіздер. Бұл ру мен атаға бөлініп алып, ағайын араздығын тудыру деген сөз емес. «Руыңды білу -міндет, бөліну - індет» - дегендей, тегімізді білу бәрімізге міндет, бірақ атаға бөлініп алып, алакөз болу жақсылық әкелмейтінін айтудың өзі артық. Бұны қозғап отырған себебіміз, тақырып Мерғалым Мұхтариханұлы болғасын, кітапты парақтап көрген қайсыбір адамдар: «Бұл кісінің сүйегі кім екен, қай өңірдің тумасы, қай атадан тарайды екен?» - деп қызығушылық танытатыны белгілі. Сондықтан жалпы оқырмандарға түсінікті болу үшін, осы жөнінде бірер ауыз сөз қосқанды жөн көрдік. Мерғалым Мұхтариханұлының арғы түбі - Орта жүз Уақтың Жансары атасынан бөлінеді екен. Таратып айтсақ былай болады: Жансарыдан - Тоқай; Тоқайдан - Өтебай; Өтебайдан - Тоғайбай; Тоғайбайдан - Жанай; Жанайдан - Өзбехан; Өзбеханнан -Ғабдолла; Ғабдолладан -Мұхтарихан; Мұхтариханнан - Мерғалым. Бұл шежіре кестесі У. Түкісовтың «Киелі жандар және ұрпақтары» атты кітабынан алынды. Солай десек те, бұдан басқа, бір-біріне ұқсамайтын тағы екі шежіре нұсқасы бар екенін көзіміз шалды. Солардың бірі «Руханият» газетінің 2006 жылғы сәуір айындағы 7 санында жарияланған Ермағанбет Баймолдин деген кісінің «Оташы, сынықшы, емші» деген мақаласында. Онда былай таратылады: «Жансарыдан - Өтебай; Өтебайдан - Ғабдолла; Ғабдолладан - Мұхтарихан; Мұхтариханнан - Мерғалым. Көріп отырсыздар, Е. Баймолдин кестесінде Тоқай, Тоғайбай, Жанай, Өзбехан деген кісілер аталмайды. Дегенмен, Уалихан ағамыздың жазғандары бұрынырақ оқырмандарға тарағандықтан, сол кітапта берілген шежіре кестесін қайтадан ұсынып отырмыз. Сөйтіп Мерғалым сынықшының арғы тегі Орта жүздің іргелі тайпаларының бірі - Уақтан шығатынын білдік. (Бұл жерде Уақты «ру» демей, «тайпа» деп алуымыздың себебі, жазушы - этнограф, марқұм Ақселеу Сейдімбеков өзінің «Қазақтың ауызша тарихы» атты еңбегінде: «Сонау арғы кезеңнен келе жатқан үлкен рулық бірлестіктер «тайпа» деп аталып, одан тараған аталар «ру» делінеді дейді). Ендеше сонау Алтын Орда, Ноғайлы заманынан тарихта аты қалған Уақ бірлестігі «тайпа» болып есептелсе, одан тараған аталарды «ру» деп атау дұрыс екен. Бұны оқырмандарға түсінікті болу үшін айтып отырмыз. Енді төменде қайсыбір қызығушылық танытатын оқырмандар үшін Уақ тайпасы жөнінде бір-екі ауыз сөз қоса кеткенді жөн көрдік. Уақтардың тарих аренасындағы қалыптасу кезеңі туралы Ш. Уәлиханов өз еңбектерінде құнды деректер келтіреді. Бұл Алтын Орда ыдырап, халық аңыздарында уақ тайпаларынан Ер Көкше мен Ер Қосайдың есімдері аталатын кезең. Ш. Уәлиханов: «Қазақтар өздерін Алтын Орда құрамында болған тайпалардың ұрпағы ретінде санайды» деп жазады. Шынында да қазақ эпостарындағы ноғайлы жұртына қатысты жыр жолдары осының айқын куәсі. Уақ тайпасынан шыққан «Ер Көкше», «Ер Қосай», «Қамбар батыр» эпостарында тайпаның қалыптасу тарихы жөнінде мәліметтер келтірілмесе де, уақтардың басынан өткерген түрлі тарихи оқиғалар, тарихи тұлғалар жайлы құнды деректер кездестіруге болады. «Никон жылнамасына» сүйене отырып, Ш. Уәлиханов Ер Көкшенің (жылнамада «Кокчю») өмірде болуының тарихи нақтылығын айтып және оның қаза тапқан уақытын 1423 жыл деп жазыпты. Аталмыш тарихи деректердің шындыққа жақындығын атадан - балаға ауысып келе жатқан Уақ тайпасының ата-тек шежіресі де дәлелдейді. Соның бір нұсқасы былай деп көрсетіледі: Бекарыстың Қотан деген ұлынан - Сарықожа, одан Қосымқожа, одан - Жаубасар, одан - Қамбар, Қамбардан - Уақ тарайды дейді. Ал Уақтан - Ер Көкше, Ер Көкшеден - Ер Қосай туады екен. Мәшһүр - Жүсіп Көпейұлының тағы бір жазбасында Уақты Жанарыстан таратып, Жанарыстан - Қасымқожа (не Есімқожа), одан - Уақ, одан - Көкше, одан - Қосай, одан - Байназар деп көрсетеді. Бұл секілді ала-құлалық қазақтың барлық үлкен тайпаларына тән. Кез келген ру мен тайпаның арғы шығу тегі жайлы бірнеше нұсқа бар екенін білеміз. Мәшһүр - Жүсіптің: «Арғыннан әрі барсаң адасасың» - деуі де осыдан болса керек. Жоғарыда Ш. Уәлиханов дерегінде көрсетілгендей, Ер Көкше де, Ер Қосай да тарихта болған адамдар және осы екі батыр жайлы халық эпосы - батырлық дастандар бар екенін білеміз.
Мысалы, «Ер Көкше» атты дастанның бір нұсқасы былай басталады:
«Уақ ұлы Қамбар екен,
Қамбар ұлы - Ер Көкше.
Ер Көкше жас екен,
Жас та болса, бас екен.
Он сан Ноғай бүлінгенде,
Орманбет хан өлгенде.
Ол барып жатыпты,
Манан деген суына.
Балқан деген тауына.
Үлесерге мал таппай,
Атысарға жау таппай» - дейді.
Қарасақ, бұл адамдардың өмір сүрген дәуірі - Алтын Орданың ыдырап, Ноғайлы ұлысының дәуірлеп тұрған кезеңіне тұспа-тұс келеді екен. Сондықтан, арғы Шыңғыс хан, одан арғы түркі - қыпшақ дәуірінде уақтар болды ма деген заңды сұрақ туады. Осы себептен, уақтардың шығу тегі туралы қандай тарихи болжамдар бар екен деген сауалға тірелесіз. Шежірелердің бірқатары Уақты Керейдің інісі, басқа біреулері ағасы деп санайды. Аңыз бойынша, Керей мен Уақ ағайынды адамдар. Осы екі тайпаның үнемі бірге көшіп жүретіні, қыстауы мен жайлауының жақындығы, керейлердің саны көп тайпа ретінде саны аз тайпа уақтарға құрмет білдіретіні - Керей мен Уақтың туыстығын көрсетеді. Керейлер мен уақтардың туыстығын уақтардың шежіресінен де байқауға болады. Онда, әдетте барлық шежіреде айтылатындай, рудың шығу тегі арғы бабасы Уақтан емес, қайта аты аңызға айналған Жаубасардан басталады. Уақтарда өздеріне ортақ рулық таңбасымен қатар, керейлердің таңбасына ұқсас тағы бір таңба бар. Бұл керей мен уақтардың туыстығының бір дәлелі болып табылады, Бұл тайпалардың өзара жақындығы күмәнсіз, кезінде мұны А. Левшин, Ш. Уәлиханов, Н. Аристов, өз еңбектерінде атап өткен, шежірешілер мен көнекөз қарттардың есінде сақталған аңыздар да соны қуаттайды дейді зерттеушілер. Мысалы, патшалық Ресей әскерінің офицері К. Миллердің Жоңғарияға сапарының нәтижелері туралы жазбасында (1742 жылғы 28 қыркүйек) оның жоңғарлармен көршілес көшіп жүретін Уақ - Керей руына барғаны хабарланады. Құжаттарда және кейбір зерттеушілердің еңбектерінде уақтар мен керейлерді бір ру етіп көрсету жиі кездесетін құбылыс. Бұл тайпалардың тарихи тағдырлары тығыз ұштасып жатыр және рулық түп-тамыры ортақ екені аңыздарда да айтылады. Осы екі тайпа қауымдары көбінесе бірге көшіп жүрген және өз жайылымдарын, мүліктік мүдделерін қорғағанда, әулеттердің дауларында т. т. бір жақ болып қимылдаған дейді тарихи деректерде. Жалпы қазақтың тарихы мен шежіресіне қатысты шындыққа ең жақын нұсқалар Ақтабан - шұбырындыдан соң, Орта жүз тайпаларының Арқа даласы мен Алтай тауларын қоныстану кезеңіндегі тұсы. Оның себебі бұл тарихи дәуір жайлы орыс -қытай мұрағаттарында азды-көпті жазбалар сақталған. Және сол аласапыранды уақытты көзімен көрген ақын-жыраулардың шығармалары атадан - балаға ауысып, бүгінгі күнге жеткен. Осыған байланысты, сол кезеңдегі ру - тайпа шежіресі мен олардың қоныс - қыстаулары жайлы деректер біршама анық. Ендеше осы тарихи кезеңде Уақ тайпасы қай өңірді жайлап, қайда болды екен деген сауал туындайды. Сол дәуірдегі жалпыға ортақ тарихи шындық - жоңғар шапқыншылығы кезеңінде Орта жүзге жататын ру - тайпалардың Қаратудың теріскейі мен Сыр бойынан, бүгінгі Жетісу жерінен Арқа және Алтай өңіріне қарай қоныс аударып келуі. Бұл бірнеше жылға созылған үлкен тарихи - миграциялық процесс еді. Осы топтың ішінде уақтардың да бар екені тарихи деректерден белгілі. «Уақ тайпасы жоңғарларды қуып шығу кезеңінде, қазақтардың Орталық және Шығыс Қазақстанға қайтып оралуы тұсында, қалың елмен бірге қозғалған. Бастапқыда уақтардың бірнеше қауымы Ерейментау жазығына қоныстанған да, басқалары Ертістің оң жағалауына (Арқатау тауы жазығына) кеткен. Ерейментаудан олар Ертістің сол жағалауына, Шар, Ащысу секілді өзендер бойына көшеді» - деп жазады зерттеушілер. Бұның түбінде шындығы бар дерек екенін дәлелдейтін айғақтар бүгін де жетерлік. Мысалы, Ерейментау өңірінде, анығырақ айтсақ, оның солтүстік-батыс аймағында Уақ ұрпақтары қоныстанған Торғай, Стаханово, Жолбасшы, Веренка, Павловка секілді бірнеше ауылдар бар. Бұлардың біразы өздерін жоғарыда аталған Уақтың Жансарысынан таратса, кейбірі Уақ ішінде Шоғамыз дейді. Және өз іштерінде «Біздің ата-бабаларымызды бұл өңірге Уақ Байғұтты батыр бастап әкеліпті» деген аңыз сақталған. Кейін патшалық Ресейге біржола қарап, сыртқы округтер ашылғасын, осы аталған ауылдар тұрған аймақ Ақмола уезіндегі Қызылтопырақ деп аталатын керейлер болысына қараған. Уақ тайпасының рулары сол уақыттарда Шідерті өзенінің бойын, Ақкөл - Жайылма даласын, Баянаула өңірін Сүйіндік, Бәсентиін, Қанжығалы руларымен аралас жайлап жүргенге ұқсайды. Себебі Мәшһүр - Жүсіп өз деректерінде: «...Құрамыс шаты, Мейірман отырған шат, Дауылбай шаты, Түктібай отырған шат, Қабанбай жартасы, Иманбек қажы отырған жер, Қарайғыр шаты, Көстелер отырған жер - бәрі Уақ жерлері. Қарайғыр - кісі аты. Түбітегі - Уақ. Ең арты Дауылбай-Шоң бидің бітіміне көнбей, ауып кеткен» - дейді. Бұл аталған жерлер Шідерті өзенінің бойында, бүгінгі Екібастұз қаласына қарайтын Шиқылдақ ауылы (Комсомол совхозы) мен Әлкей Марғұлан ауылының (Степной совхозы) арасында. Және Мәшһүр - Жүсіп атаған жерлерден тек Қарайғыр шаты ғана күні бүгінге дейін сол атауын сақтап қалған, қалған атаулар ұмытылған сыңайлы. Осы дерекке қарасақ, кейін бұл жерлерді жайлаған уақ рулары Төртуыл - Сүйіндіктермен сыйыспай, төмен, Ертіс бойына қарай кетіп қалған секілді. Мәшһүр - Жүсіп шығармаларының 9 томында Жетісу жерінде, Үйсін ішінде болған Уақ Есмағамбет деген кісінің әңгімесі бар. Сол Есмағамбет: «Түбі - тегім-Уақ. Осында - Үйсінде біраз үй Уақ бармыз. Арқадағы қонысымыз - Семізбұғы, Тиісаман, Қоңыр, Өлеңтінің Құс Қояндысы деген жерлер, Шідертінің шаттары болушы еді. Бұл күнде Дауылбай шаты деп айтады. Сол Дауылбай біздің, Уақтың батыры болған кісі. Және Байғұтты деген батырамыз болушы еді. Қу мешін жұтында сонда болдық. Бала күнім еді. Азнабайдың қара бойдағы сол екі өзеннің арасында (Өлеңді мен Шідерті - автор) жұтады. Сонда екі өзеннің бойындағы ел соның жемтігімен күнелтіп, аштан өлмей шықты. Жұтап қалып шұбырғанымыз жоқ. «Маған ермейсің, жігіт-желең бермейсің» -деп, батырларымызға ерегесіп, олардың үйде жоғын естіп-біліп, Кенесары иесіз елді шауып, талап кетті. Қоянды-Қойтаста Жарболды, Елкон, Байрон деген батырлар болушы еді, оның ауылын да малдан таза қылып кетті. Батырлар келген соң, тоғайға барып, жылқы мен түйені қуып келіп, Кенесарының соңынан көшіп барып қосылған соң, малымызды өзімізге қайтарып беріп, төлеңгіт қылып алды» - дейді. Бұл әңгімені назарға алсақ, Уақ ауылдарының біразы Кенесары көтерілісі кезінде Жетісу жағына, Үйсін ішіне де кетіп қалған секілді. Және Ерейментаудағы Уақ ұрпақтары айтқандай, Байғұтты деген батыр шынымен болған екен. Қазір Ерейментаудағы Торғай ауылдық округінің аумағында Байғұтты деген қыстау бар. Сондай-ақ, Есмағамбет әңгімесінде айтылған Өлеңді бойындағы жерлер, Семізбұғы қазір Қарағанды облысының Осакаровка ауылының жанында, Өлеңді өзенінің бойында. Ал, Қоянды-Қойтас ол жерден солтүстікке қарай 100 шақырымнан артық қашықтықта, Ерейментау ауданының аумағында. Иманжүсіптің: «Есіл, Нұра, Ереймен, Қара Қойтас» -деп әнге қосатынын сол Қоянды - Қойтас. Уақтардың Баян өңірін де жайлады деуімізге дәлел - көпке белгілі Щербинка экспедициясының жазбаларында Баян ауланың Қызылтауына Күліктер мен Орманшылар келмей тұрып, ол жерлерді Керей мен Уақтың біраз аталары жайлап жүріпті, бірақ олар Сүйіндіктер келмей тұрып-ақ шығысқа қарай қоныс аударған деп көрсетеді. Және Мәшһүр - Жүсіп Қызылтауды керейлердің күліктермен бірге жайлап, бертін қоныс аударғанын, осыған байланысты керейлердің ішінде Ақыл, Тау деген белгілі кісі аттары болды деп жазады. Жоғарыда аталған оныншы томның 97 бетінде: «Үш ата Қозған ішінде Уақ Баржақсы бар. Озбақ - Алда берді, Мәулімбердіге жезде болған» - дейді тағы да Мәшһүр -Жүсіп. Қазір Баянауыл ауданының кейбір ауылдарында көп болмаса да, сол заманның жұрнағы іспеттес, Уақ атасынан тарайтын біраз адамдарды кездестіріп жүреміз. Енді Баянаула мен Уақ тайпасының арасындағы байланыс жайлы мынадай бір әңгіме. Тағы да Мәшһүр-Жүсіп жазбаларына жүгінеміз: «Қазақта Уақ Нұркен байдан бұрын қажыға барған адам жоқ» - дейді. Осы Нұркен Жамансарыұлы Қызылтауда туған бала екен. «Оның жұртында қазір Самай ауылы отыр» - деп жазады Мәшһүр - Жүсіп. (Бұл жер қазір Әбділдә хазірет ауылы деп аталады). Осы Нұркен Жамансарыұлы Күлік - Шобалай Жаңабатыр бидің баласы Тікейдің Күнікей деген қызына құда түсіп, қалыңын төлеп қойғанда, Керей - Уақ ішке, тоғайға қарай түсіп кетіп, олармен бірге кеткен Нұркен сол жаққа барғасын кедейленіп қалады. Кейін қалыңдығын алып кетуге бір торы байталға мініп, жалғыз келген екен. Ауылдың желбас жігіттері бұны өздерінше намыс көріп, кіргізбейміз деп жатқанда Жаңабатыр баласы Қаһарлы Жанақ әулие үстеріне келіп: «Күйеу бала бағанағы мен көрген торы байталды болса, екі иінінен шамшырақ жанып тұр екен. Былшылдамаңдар, қызды беріңдер. Күндердің күнінде үрім-бұтаққа тамақ, азық болады!» - деген екен. Әулиенің айтқаны айнымай келіп, кейін Нұркенге есепсіз байлық бітіп, басы да, малы да өседі. Бертін ел ішіне ашаршылық келіп, қиындыққа ұшырағанда, Қызылтаудан босып барған елге Нұркен ұрпақтарының шапағаты біраз тисе керек.
«Ар жақта аты шыққан Нұрекең бай,
Ішкені алтын аяқ, аққұйрық шай.
Байлығы бұл Алаштан асып кеткен,
Жылында құлындайды жеті жүз тай!» -
деп сол кездің ақындары өлеңге қосқан екен Нұркен байды.
Нұркеннің осы Күнікейден туған балалары - Балта, Балға, Түйте, Әбдірахман, Ыбырайым. «Осыдан соң өрттей қаулап мал да, бас та өседі. Түйтесі дуанбасы болады. Балаларының бірі қазы, бірі болыс болды. Ақыры Темірғали баласы Құсайынға дейін келді. «Жерде қалмайды, жиенде қалады» деген. Барып жүрген Жаңабатыр аруағы екен» - деп жазады Мәшһүр. Енді Нұркен байға қайын жұрт Жаңабатыр би кім болған дегенге бір-екі ауыз сөзбен тоқтала кетейік. Жаңабатыр деген кісі Құлболды - күлік Шобалай әулиенің баласы. Мәшһүр - Жүсіптің «Абылай аспаған сары бел» әңгімесінде Бес Мейрамның баласы Абылай ханды шабамыз деп барғанда, Қозған Бекше мерген мылтығын құрып, Абылай ханды атпақшы болады. Сонда Жаңабатыр бидің баласы Жанақ әулие (жас күні екен) жүгіріп келіп, мылтықтың аузыннан ұстай алып, атқызбапты. Бұны алыстан көрген Абылай хан: «Жүгіріп келіп, мылтықты ұстай алған кім?» - деп сұрағанда, жұрт: «Жаңабатыр бидің баласы Жанақ» -десіпті. Сонда Абылай: «Жаңабатыр құдайдың жаратқан шын биі ғой, Баласын арашаша бол деп қосқан ғой. Қазақ ортасында ат шаптырған улы жиын ас болса, Жаңабатыр бидің босағасына түйе бастатқан «тоғыз» байлансын. Жаңабатыр рұхсат берсе ғана ас тарқап, ат шабылсын, әйтпесе, тоқтатылсын» - деген жарлық айтқан екен. Енді Жаңабатырдың баласы Жанаққа келсек, ол өзі қасиеті сөзбен айтып жеткізуге болмайтын ерекше жаратылған адам екен. Көзінің тірісінде би, әулие атанып, ел-жұрт «Қаһарлы Жанақ», «Дұғалы оқ Жанақ» деп құрмет тұтқан. Олай дейтін себебі, ол кісі «Аттым!» - десе болды, мал да, жан да мұрттай ұшады екен. Жанақ әулие жайлы ел ішінде ертеден сақталып қалған әңгімелер жетерлік және Мәшһүр - Жүсіп те өз жазбаларында Жанақ әулие жайлы молынан әңгімелейді. Бұның барлығын айтып отырған себебіміз, «жердің жақсы болмағы - ағашынан, ердің жақсы болмағы -нағашыдан» демекші, Нұркен балаларының атқа мініп, Алаштың азаматы атануына осы нағашы жұртының бір әсері болған шығар дейміз. «Жаңабатыр бидің аруағы Нұркенге қонған екен» - деп жазады Мәшһүр - Жүсіп. Енді қарап отырсақ, Мерғалымға да сынықшылық қасиет нағашы жұртынан ауысқан екен. Себебі, Айша анамен бірге келген сынықшылық өнер кейін оның ұлы Ғабдоллаға қонып, одан оның баласы Мерғалымға көшпей ме. Міне, сондықтан жігіттің үш жұртының біреуі болып саналатын - нағашы жұрттың да маңызы бөлек екен. Сөйтіп, жоғарыдағы әңгімеміз Уақ тайпасы мен Баянаула -Қызылтау жері жайлы болғасын, аздаған тарихи шолу жасадық. Енді қазіргі XXІ ғасырды ауызға алсақ, Уақ тайпасына жататын рулар Қазақстанның көптеген аймақтарында, әсіресе орталық, шығыс және солтүстік өңірлерінде молынан қоныстанғанын білеміз. Мысалы, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстарында тұтасымен уақтар жайлап отырған ірі аймақтар бар. Сондай-ақ, Ресейдің Алтай өлкесі мен Омбы, Новосібір, Түмен облыстарында да кездеседі. Өзіміздің әңгімемізге кейіпкер болып отырған Мерғалым Мұхтариханұлы да осы Семей мен Керекудің арасындағы қарағайлы өңірді жайлаған Уақ атасының Жансары тармағынан екенін жоғарыда айтып кеттік.
АЙШАДАЙ АНАДАН АУЫСҚАН
АСЫЛ ҚАСИЕТ
Қазақ халқы әйел баласын қашанда «төмен етек» деп, ер азаматтан кейін санаса да, ұлттық тарихымызда есімдері мәңгілікке қалған әйел-аналарымыз баршылық екенін білеміз. Сонау көне сақтар заманынан бүгінгі күнге аңыз болып жеткен Тұмар ханшайымды айтпағанда, қазақ - қазақ болып аталған уақыттардан бергі кезеңде жасап өткен, әйелден шыққан тарихи тұлғалар қаншама. Қараңызшы, ақындық десе - Ұлбике мен Сара; қасиеттілік десе - Домалақ ана, Болған ана, т.б.; ақыл-парасат десек Бөгенбайдың бәйбішесі Баяу ана; саясаткерлік десе Айғаным ханша; батырлық десе Сырым Малайсары батырдың қарындасы, Қабанбай батырдың жары болған Гаухар ана... Осылай тізе берсек, әлі талай аналарымыздың аттарын атауға болады. Бұның бәрін сөз етіп отырғанымыз, Мерғалым сынықшының бабасы Өзбеханның бәйбішесі Айша анамыз жайлы әңгіме қозғамақ едік. Мерғалымның әкесі Мұхтарихан, оның әкесі Ғабдолла дедік. Ғабдолланың әкесі - Өзбехан деген кісі екен. Осы Өзбеханның бәйбішесі Айша (кей мақалаларда Ғайша деп жазылады) сынықшы адам екен. Бұл кісі де Уақ атасынан, оның ішінде Бидалы, Жарылғапберді деген кісінің қызы деп көрсетеді біз пайдаланған қайсыбір жазбаларда. Өкінішке орай, Айша ананың арғы тегі, ата-бабалары туралы толық дерек қолымызға түспеді. Бізді қызықтырған нәрсе, адамға жайдан-жай сынықшылық қасиет қонбайтыны белгілі. Бұндай қасиет адамға арғы аталарынан, не болмаса нағашы жұртынан ауысады. Сондықтан Айша анамыздың да арғы жағында осындай қасиетке ие болған адамдардың болғаны ақиқат. Айша ананың емшілік қасиеті жөнінде бүгінгі күнге мынадай бір әңгіме жетіпті. Ол кісі келін болып түскесін, қайын атасы Жанайдың ойламаған жерден аяғы сынып мертігеді. Ат жетер жердегі емшілерге кісі шаптырып алдырғанмен, шипасы бола қоймаса керек. Сонда желегі түспеген жас келін Айша: «Атам рұхсат етсе, өзім емдеп көрер едім» - депті. Ол заманда келін деген атасына жүзін көрсетпейді. Дегенмен үлкен кісінің рұхсатын алғасын жас келін атасына: «Өзіңіз шымылдықтың ішінде жатыңыз да, аяғыңызды бері шығарыңыз. Алла сәтін салса, шипасы болар» - деп, атасының аяғын сипап отырып, сынған сүйектерін орнына салып, байлап берген екен. Осы оқиғаға жай ғана саналы көзбен қарап отырсаңыз, таң қаласыз. Қазір арнаулы медициналық білімі бар деген адамның өзі мертіккен мүшеңді әуелі рентгенге түсіріп алмай, түк істей алмайды. Ал ешқандай білімі жоқ, қараңғы қазақ ауылынан шыққан қызға бұндай сынықшылық өнер қайдан пайда болған? Адам сүйегінің бітім-жаратылысын, оның қай жілігі, қай сүйегі қалай тұратынын қайдан біледі? Ендеше осының барлығын Айша анамызға Жаратушының өзі берген ерекше қасиет демеске амалыңыз жоқ. Осы оқиғадан соң тағы бірде Айшаның күйеуі Өзбехан қарағайға өрмелеп, бұтақ отап жүріп құлап, мертігеді. Тағы да жан-жаққа ат шаптырып, емші - сынықшы шақыртқанмен шипасы бола қоймаса керек. Айша келін бұл жолы да үлкендердің рұхсатын алып, күйеуі Өзбеханды өзі жазып шығарады. Осыдан кейін Айшаның елі ішіне «емші», «сынықшы» деген атағы жайылып, ат жетер жерден алдына келген талай адамдар шапағатын көрген деседі. Жалпы Өтебай әулетіне осы сынықшылық өнер Айша анамыздан аусыпты дейді. Оны кезінде Айшаның өз ұлы Ғабдолла сынықшы, оның баласы Мұхтарихан аталарымыз мойындап кеткен екен. Мерғалым марқұмның өзі де: «Бұл Айша апамның киесі!» - деп отырады екен сұрағандарға. Енді әңгімемізді әрі қарай тарқатып айтсақ, осы Өзбехан мен Айшадан - Ғабдолла, Шайқым атты екі ұл туады. Күндерден күн озып, фәни тірліктегі сызығы таусылған күні, шартарапқа шапағаты молынан тиген Айша ана да мәңгілік сапарға аттанады. Бірақ, орнында бар оңалар демекші, анаға қонған қасиет қырын кетпей, екі ұлының кішісі Шайқымға ауысқан екен. Шайқым да көзінің тірісінде талайдың сауабын алған сынықшы, емші атаныпты. Бір қызығы, осы Шайқым дүниеден өткесін, оның сынықшылық өнері ағасы Ғабдоллаға қонады. Кез келген қасиеттің, мысалы, бақсылықтың, емшіліктің, тіпті ақындық пен шешендіктің де өз «иесі» болады деген түсінік бар халық арасында. Және ол «ие» екінің біріне қона бермейді. Лайықты кісісін таңдап қонады. Осыған қарап отырып, сынықшылық пен емшіліктің «иесі» Өтебай айналасынан ешқайда ұзамай, атадан балаға ауысып қонып отырғанында да бір құпия бар секілді. Осы әулеттің иман-шарапаты мол ма немесе айнала ағайынға ықыласы басқа ма, әйтеуір біз білмейтін бір сыр бар. Әйтпесе, Айша анамен бірге келген қасиет, ол кісіден соң «кетіп қалуы» да мүмкін еді ғой. Бірақ кетпеген. Міне, сол заманнан бері үзілмей келіп, XXІ ғасырда Қаршығаға жетіп отыр... Сөйтіп інісі Шайқым өмірден озғасын, сынықшылық өнерді «алған» Ғабдолла да елі ішінің іздесе татырмайтын адамына айналады. Көп жасаған ғұмырында талайлардың алғыс - батасын алған қолы шипалы кісі болыпты. Атағының зор болғаны соншалық, ел ішінде: «Ғабдолла сынықты ат үстінде тұрып, қамшымен-ақ сала береді» - деген сөз қалған екен. Тіпті өзінің күнделікті тұтынып ұстап жүрген бір затын біреуге сыйласа, сол адам одан кейін азды-көпті сынық салатын қасиетке ие болады деген дерек естідік. Оның барлығын төмендегі әңгімелерден оқи жатарсыздар. Ғабдолла көп жасаған адам екен. Бірақ бір қызығы, неге екені белгісіз, осы киелі өнер Fабдолланың ұлы Мұхтариханды айналып өтеді. Бұның себебін тап басып айту қиын. Әлде ол кісінің өз ықыласы болмады ма немесе «аруақтың көзі» одан асып барып, болашақта өмірге келетін Мерғалымды күтті ме, ол жағы тағы да құпия. Оның үстіне, Мұхтарихан ақсақал бар ғұмырын қоғам ісіне арнаған, өзі коммунист, өзі озат малшы адам. Және ол кісілердің заманында емші - сынықшы, бақсы-балгер, ишан -молла дегендерге коммунистік идеология қырын қарағанын білеміз. Мүмкін ол да себеп болған шығар. Және заманның аласапыранды шағында, әркім өзі бас қамында жүрген уақытта, Мұхтариханның сынықшылыққа мойын бұра қоюға шамасы да болмады ма, ол жағы жұмбақ. Бірақ әулетке қонға қасиет ешқайда кетпейді екен. Мұхтариханнан тұрақ тапаған емшілік енді оның қарындасы Шәйпануды айналдырады. Бұндай қасиет қонатын адамды белгісіз бір дерт қысып, алғашқыда қатты ауырып, тіпті ес-түсін білмей қалатынын естіп жүреміз. Міне, Шәйпануды да аруақ айналдырып, жиі сырқаттанап, ештеңеге жарамай жатып қалатын болады. Бірақ ол уақытта оның себебін тап басып айта қоятын кім бар? Өстіп жүргенде, қыс ішінде ауылдас бір адам үйдің төбесіне шығып, пештің мұржасын жабам деп жүргенде құлап, мертігеді. Ол кезде қазіргідей дайын тұрған дәрігер жоқ. Емхана дегенің алыс жерде. Әлгі адамның туыс-туғандары не істейміз деп айран-асыр болып тұрғанда, елдегі Нәжмиден деген ақсақал адам:
- Бұны сендер ауырып жатқан Шәйпануға апарыңдаршы. Ол тегін жатқан жоқ, оны аруақ қысып жүр. Бір емдесе - сол емдейді мертіккен адамды, - депті.
Содан ел адамдары төсек тартып өзі әрең жатқан Шәйпануды тұрғызып, екі жағынан қолтықтап, жаңағы мертіккен адамға апарғанда, ол дереу есін жиып, жан жай таба қалады. Бір ғажабы, әлгі адамды емдегесін, Шәйпану да сырқатынан құлан-таза жазылып, қайтып ауырмайтын болыпты. Міне, емшіліктің серті қандай екенін осыдан біле беріңіздер. Осы тұста соғыс басталып, елдің бас көтерер азаматтары түгел қару алып, батысқа майданға кетеді. Әскерге Мұхтарихан да шақырылады. Бірақ оның оң қолы өзінен - өзі бүгілген күйінен қайта жазылмай қалып, ақыры әскери коммиссариат майданға жарамайды деп тауып, Новокузнецк жағына еңбек армиясына жіберіледі. Мұхтариханның үлкен ұлы Мерғалым 1935 жылы дүниеге келген, соғыс басталғанда ес біліп қалған бала. Өзінен 4-5 жасы кіші Қали атты інісі бар. Соғыс аяқталған кезде, Мерғалым мектептің үшінші сыныбына барып жүрген бала екен. Дәл осы жылы інісі Қали екеуі белгісіз бір сырқатқа шалдығып, ұзақ ауырып, аяқ-қолдары ісіп, тіпті жүруден қалады. Емхана мен дәрігер дегеннің тапшы кезі ол уақыт. Сырқат меңдеген балалар күндіз-түні зар қақсап, әбден жүдеп-жадайды. Ел ішінде Мұхтариханның екі ұлы емі жоқ сырқатқа шалдығыпты деген сөз де тарайды. Бір ғажабы, үшінші класта оқып жүрген бала Мерғалымның дерті еш адамға түсініксіз болады. Мектепке барса, іші бүріп, бүк түсіп, бет-аузын тер жуып, өлі мен тірінің арасында хал кешеді. Ол кезде қазақшылықтың жоғалмаған кезі, баланың сырқатын байқаған мұғалімдер де көп мазаламайды екен. Бірде жоғарыда аталған Нәжмиден ақсақалдың тұрмыстағы Үміт деген қызы абайсызда құлап, бір қолының бармағын қайырып алады. Осы бармақтың ауырғаны тіпті шыдатпай, күндіз-түні бебеу қақтырыпты. Амалы таусылған Нәжмиден қарт кішкентай Мерғалымға келіп: «Балам, аталарың аруақ қонған емші еді, өз білгеніңді айтып, мына қызымның бармағын сипашы!» - деп өтініш етеді. Бала Мерғалым ішінен Жаратқанға сиынып, бірер сипаған соң, қыздың қолының ауырғаны кәдімгідей басыла қалыпты. Осыны байқаған Нәжмиден қарт бабаларынан қалған емшілік қасиеттің Мерғалымға қонайын деп жүргенін сезсе керек. Кейін «Мұхтариханның екі ұлы жаман кеселге ұшырапты» деген сөз Нәжмиден ақсақалдың құлағына да жетеді. Оны естігесін бұл кісі:
- Апырмай, бұл тегін емес, сол балаларды тағы да аруақ айналдырып жүрген шығар, шіркін ана тұрмысқа шығып кеткен әпкелері Шәйпануға жеткізіп, көрсетсе, кісі болып кетер ме еді... -депті. (Шәйпану бұл кезде Ресейдің Алтай өлкесі жағына тұрмысқа шығып кеткен екен).
Сол кездегі адамдардың қайырым - пейіліне таң қалмасқа болмайды. Заманның ауырлығына қарамастан, қақаған қыс ішінде үлкендер колхоздың бір пар өгізін сұрап алып, бала Мерғалымды тұлыпқа орап отырғызып, жанына бір үлкен адамды қосып, Алтай жағына аттандырады. Өгіз жеккен көліктің жүрісі өне ме, араға ай салып, бұлар Алтайдың Завьялов ауылындағы Шәйпануға да жетеді. Бір қызығы, Мерғалым үйден аттанғаннан соң екі аптадай уақыт өткенде, төсек тартып жатқан інісі Қали өз-өзінен сауғып, далаға шығып ойнап кетіпті. Енді Шәйпануға келсек, бүгінгі туыс-туғандарының айтуынша, оның күйеуі әйелінің емшілік қасиетіне мән бермей, сол заманға лайық «ақмағамбеттен» алып қойып, арсы - гүрсі жүреді екен. Осыған шамданған ауруақ иесі бала Мерғалымды қысса керек. Себебі Мерғалым сынықшы жайлы естеліктерде былай деп жазылады: «Мұхтариханның үйінде бір көк шолақ сиыр бар екен. Айша әженің аруағы түн ортасында бала Мерғалымды төсегінен тұрғызып алып, осы көк шолақ сиырдың құйрығынан ұстатып, таң білініп, әтеш бір шақырғанша, қораның ішін айналдыра жүгіртеді екен. Осыдан соң Мерғалым күні бойы өң мен түстің арасында, сүлесоқ болып жүреді де қояды» - дейді. Дегенмен әпкесінің ауылына барған осы сапары сәтті болып, бала Мерғалым сырқатынан құлан-таза айығып, тіпті өзгеріп оралады. Бұл болашақ емшінің алды ашылып, шапағатты жолға түсуінің басы екенін сол кезде ешкім біле қойған жоқ шығар.
МҰРАТЫН ЕМШІЛІКПЕН ТАПҚАН
МЕРҒАЛЫМ
Мерғалым Мұхтариханұлының шипагерлігі жайлы қалам тартқан адамдар: «Ол емшілік - сынықшылықты 1947 жылы бастап еді» - деп жазады. Жалпы осы бір естеліктерді оқып отырып, сол уақытта Жаңаауыл деген жерде тұрған, жоғарыда аты аталған Нәжмиден атты қарияның Мерғалым тағдырына барынша ықпал еткенін байқадық. Алтай жағындағы әпкесіне барып келген бала Мерғалымға осы ақсақал: «Қарағым, енді сен мектеп дегенді қой, менің байқауымша, сені аталарыңның аруағы қысып жүр, егер бойыңды таза ұстап, дұрыс жолмен жүріп, соған иелік етпесең, азып кетсің, қор боласың. Сондықтан шамаң келсе, емшілік жолға түс» - деп кеңес береді. Баланың мұғалімдеріне де барып жолығып: «Бұл Мерғалымды енді әуре қылмаңдар, бұның ауруы бөлек ауру, иесі бар» - деп босатып алып, өзімен бірге алып кетіпті. Сөйтіп 12 жасынан бастап ел ішінде «емші бала», «сынықшы бала» атанған Мерғалымның шипагерлік жолы осылай басталған екен. Бір ғажабы, Мерғалым тек сынған сүйектерді орнына келтіретін сынықшы-емші ғана емес, сонымен қатар алдағына болжайтын көріпкел және шектен шыққан әпербақан, бейпілауыздарды тезге салатын ерекше қасиет иесі де болады. Оның барлығына осы кітапты парақтай отырып көз жеткізерсіздер, қадірлі оқырмандар. Ендеше сөзіміз дәлелді болу үшін, мына бір әңгімені назарларыңызға ұсыналық. Сол балалық шақта Мерғалымның ауылына көршілес Шоқтал деген ауылда бір адам мертігіп қалып, сынықшы баланы көлік жіберіп алдыртады. Ол уақытта киім-кешектің қат кезі, әркім тапқанын киеді. Жаз айларында жалаңбас, жалаңаяқ жүре беру деген ол кезде сөкет емес. Мерғалым да шақырған жерге үстіндегі барымен жүре береді екен. Шоқталға барғасын мертіккен адамды әрі-бері қарап, сүйектерін орнына салып, орап - байлағасын, неше күн ұйқы - күлкі көрмей жатқан әлгі адам рахаттанып ұйқыға кетеді. Мерғалыммен шамалас ауыл балалары оны жағалап, танысып, ойнайық деп далаға алып шығады. Есіктің алдында асық ойнап жүрген ауыл балаларына үй иелері:
- Бұл бала - сынықшы, қадірлі қонағымыз, бөтен бала екен деп ренжітпеңдер, ас дайын болғанша ойнай тұрыңдар, сосын ас ішкесін, өзіміз көлікпен үйіне апарып саламыз, - деп ескертеді.
Балалар асықтың қызығына беріліп жатқанда, көшеде бір әйел тағы бір әйелге: «Дүкенге шай шығаратын аққұмандар түсіпті, жүр, жылдам баралық, құр қалып жүрерміз» - дейді. Бұны естіген Мерғалымның ойына шешесінің: «Жүрген жеріңде қарай жүрші, балам, шай шығаратын бір аққұман керек еді» - дегені түседі де, дүкенге барып, мүмкіншілік болса сатып алайын деп ойлайды. Асық ойнап бірге жүрген ауыл балалары бірге ере барады. Дүкенге топырлап кірген балаларды жақтырмаған Нұртаза атты дүкенші: «Не қылып жүрсіңдер шұбырып, кәне кетіңдер, не бар мұнда!» - деп ақырады. Ауыл балалары қонақ баланың «сынықшы» екенін, оған бір аққұман керектігін айтады.
- Жоқ, бөтен ауылдың адамына ештеңе сатылмайды, қанекей, басты қатырмай, тайып тұрыңдар! - деп, балаларды айдап шығыпты.
Ыза болған бір бала шығып бара жатып, есікті қаттырақ серпіп қалса керек, босағаның қопсып тұрған балшығы қопарылып түсіп қалады. Бұны көрген дүкенші соңдарынан қуа шығып, балаларды тағы балағаттап, боқтайды.
Бұны көрген үлкендердің бірі:
- Бекерге тілдедің-ау, олардың ішінде қасиетті сынықшы бала бар еді... - деген екен, дүкенші одан сайын екіленіп: «Өй, оның қасиетінің...» - деп салады.
Бірақ сәл уақыт өткесін, дүкеншінің өз-өзінен өңі қашып, бүрісіп, тілі байланып, басын изеңдетіп, есікке қарап, бірдеңелерді айтқан болады. Сол кезде дүкенге жиналған ел шулап: «Жаңағы сынықшы баланы несіне ренжіттің, соның киесі сені байлап қойған. Бір аққұманды бере салсаң нең кетер еді. Қазір оны осында алып келелік, кешірім сұра, қалағанын бер!» - деседі. Бірер адам жүгіре шығып, Мерғалым баланы қайтадан алып келеді. Дүкенші жанұшырып баланың аяғына жығылады. Мерғалым сол жерде дүкеншіні бірер мәрте сипап өткен екен, ол бұрынғы қалпына келгендей болады.
Баланың аяғына жығылып кешірім сұраған дүкенші:
- Айналайын, кешір мені. Дүниесі құрғырдың тапшылығынан саған жазықсыз тілім тиді. Енді осы дүкеннен қалағаныңды ал, тіпті ақшасын да төлемей-ақ қой! - деп жік-жапар болыпты.
Мерғалым:
- Аға, мен сізді кештім, енді бұдан былай адамды жазықсыз тілдесеңіз, жазылмайтын сырқатқа душар боласыз. Ондай жағдайға ұшарасаңыз, мен келіп сізді емдемеймін, сондықтан тыныш жүріңіз! - деп, ақшасын төлеп, бір аққұманды алып, шығып кете барады.
Ауыл адамдары осының бәрін көздерімен көрген соң, ел ішінде сөз жата ма. Мерғалым баланың тек сынықшы ғана емес, ерекше қасиет иесі екені енді бүкіл аймаққа жайылып, халықтың оған деген қадыр - құрметі тіпті зорая түседі. Адам баласының денсаулығы үшін жасалған жақсылық ешқашан ұмытылмайды. Сол замандардан бері 70 жылға жуық уақыт өтсе де, бала Мерғалымның емшілік жолда жасаған алғашқы қадамдары ел-жұрттың әлі де есінде. Мерағаңның сонау 1947 жылдан бастап, өмірінің соңына дейінгі жолын қағаз бетіне түсірген Уәлихан Түкісов ағамыз мына бір оқиғаны өз кітабында баяндайды. Соғыс уағында, одан кейінгі жылдары молотилка деген техника болған. Оны кейінгі ұрпақ білмейді. Осы молотилкамен жұмыс істеген адамдардың да қатары бүгінде сиреп қалды. Молотилка қазіргі комбайнның бидай бастыру міндетін атқарған. Яғни, сабанынан бидайдың дәнін бөліп алу үшін, оны молотилканың аузына тастайды. Осы зырылдап істеп тұрған молотилкаға сабан лақтырып жүрген Кәден атты ақсақалды аңдаусызда ұрынады. Өзі әрең деп жүрген қария адамның бір қолы морт сынып кетіпті. Сол кезде 12 жастағы Мерғалым осы Кәден шалдың сынған қолын орнына салып, таңып беріпті. Осы оқиға жөнінде бүгінде көзі тірі, Мұратхан Кәденұлы ақсақал былай деп әңгімелейді:
- Бала күнімізде бірге оқып, бірге ойнап өстік. Сол кезде Мерғалымды осы емшіліктің киесі қатты айналдырды. Біресе мертігіп қалады, біресе тағы бірдеңеге ұшырайды. Сөйтіп жүргенде, емшілігінің қалай басталғанын да көзім көрді. Соғыстан кейінгі жылдар ғой, менің әкем Кәден деген кісі аяқ астынан қырманда молотилкаға түсіп, бір қолы шорт сынды да қалды. Ол кезде ақсақалдардың бар кезі. Әлгілер олай шапты, былай шапты, бірақ жақын маңда дәрігер жоқ. Сосын бәрі жиылып Мерғалымға келіп: «Қарағым, сенде аруақ бар, Құдай өзі кешірер, өзің емдеп көр!» - деп қолқа салды. Ол кезде Мерғалым жүгіріп жүрген бала. Ақсақалдардың сөзінен соң, Аллаға сыйынып, әкемнің қолын салып берді. Әкем сол кезде 61 мүшелінде еді. Емшіліктің шарты бойынша, мертіккен адам 61 үйдің дәмін татуы керек екен. Сол дәмді жинау үшін жаяулап өзім жалғыз жолға шықтым. Жұдырықтай баламын. Ауылдардың арасы алыс. Қорқам. Бірақ әкем үшін кетіп барам. Бір шеті сонау Қазантайға дейін барып, 61 үйдің дәмін жинап әкелдім. Жинағанда сол, қайбір жетісіп отырған ел бар ол кезде. Бір түйір жұмыртқа, бір - екі түйір құрт, бір үзім нан, бір уыс ірімшік деген секілді, әйтеуір жинап әкелдім. Сөйтіп, 61 күн дегенде әкемнің қолы жазылып кетті, - дейді Мұратхан қария.
Сол бір алыста қалған жылдардан талай әңгімелер бүгінге естелік болып ұмытылмай жеткен дедік. Оның себебі, халықтың Мерғалымға деген ерекше қадыр-құрметінің белгісі деп білу керек. Өзіңіз қазір 12 жасар балаңызды немесе немереңізді көз алдыңызға елестетіп көріңізші. Әлі сәби деп қабылдаймыз. Шынында да солай ғой. Ал Мерғалым дәл сол 12 жасында бүгінгі медицинаның қолынан келе бермейтін істерді атқарып, ел мен жұрттың алғысын алған екен. Алғысын алмақ түгілі, жоғарыдағыдай ерекше қасиетімен де таң қалдырады. Сосын оны халық қалайша қадірлемейді, қалайша есінде ұстамайды. Сол бір алыста қалған жылдар жайлы Қарақала ауылында тұрған Орынтай Қайырбекұлы ағамыз мынадай естелік қалдырыпты. Бұл оқиға да бала Мерғалымның емшілік қасиеті жайлы.
- 1952 жылдың маусым айы болатын. «Қызыләскер» орта мектебінің 9 класында оқып жүрген кезім. «Дәмеліде» тұратын нағашы атам Шәріптің үйіне келсем, тола кісі отыр. Көзім бірден төрдің алдына жайғасқан, өзім құралыптас, тақырбас, сары балаға түсті. Киім киісі де ерекше. Үстіне шертпек киіп, оған әртүрлі тесік түйме, күміс моншақ, асыл тастар қадаған. Нағашы апай мені ат-арбамен суға жұмсап еді, мен ол кісіден: «Ана бала кім?» -деп сұрадым. Апай: «Ол бала Қорт ауылынан келген сынықшы, аты Мерғалым, Солтанның аяғы сынып, соны салып берді. Бүгінгі құрметті қонағымыз» - деді.
Сөйткенше болмай, әлгі тақырбас бала далаға шығып, менің қасыма келіп: «Кел, танысайық, менің атым – Мерғалым» -деп қолын ұсынды. Мен де қолымды бердім. Сөйтіп, сөйлесе келе, екеуміз құрдас болып шықтық. Өзімдей бала сынықшы атанып, елдің құрметіне бөленіп жүргесін, маған бәрі қызық. Білгім келіп, түрлі сұрақтар қоям. «Ең қиын сынық қандай сынық? Сала алмаған сынықтарың болды ма?» - деймін.
- Болады ғой... Бір колхоздың бастығының әйелінің жамбасы сынып, күйеуі мен туралы ұзынқұлақтан естігесін, іздеп келіпті. Әйелінің бірнеше күн бойы нәр татпастан, «құрда» (керілген арқан) асылып тұрғанын айтты. Содан бардық. Кіре сала әйелі күйеуіне қарап: «Қайда жүрсің?! Менің тұрғаным болса мынау асылып!» - деп ашуланып сөйлеп жатыр. Күйеу ақталып: «Мен ойнап жүргем жоқ, саған сынықшы әкелдім» - деп еді, маған көзі түскен әйел: «Тауып әкелген сынықшыңның түрі мынау ма, тырнақтай бала! Бұл не істейді маған?!» - деп, көңілі толмай, сенбестік танытып, тағы біраз сөздер айтып тастады.
Сонымен не керек, әйелдің сынған жамбасының ұршығын орнына салғанымда, екінші жақ жамбасының да ұршығы орнынан шығып кеткенін байқадым. Не күш түскен деп ойладым, бірақ салмадым. Және олай етуге болмаушы да еді. Әйел де бағанағы сөздерінен қысылды ма, ештеңе деп айтпады. Күйеуі де ештеңені сезген жоқ, мені үйіме әкеліп тастады. Содан бір күні таңға жақын есіктің қатты қағылғаны естілді. Ашсақ, манағы колхоз бастығы. Әйелінің әлі «құрда» асылып тұрғанын айтып, қайтадан үйіне алып барды. Барсақ асылып тұрған әйел бұрынғыдай емес, райынан қайтып қапты, мені көріп: «Айналайын, кешір алжасқан апаңды, мен бір ағаттық істеп, артық сөйлеп қойыппын!» - деп жатыр.
- Апай, мені баласынып едіңіз өткенде. Бірақ сіз менің жасымды емес, ісімді бағалаңыз деп, шыққан ұршығын сипап орнынан салып бердім - деп Мерғалымның айтқаны әлі күнге есімде.
Тағы да сол, Мерағаңның 12-лердегі кезі болса керек. Қанша дегенмен, баланың аты-бала, Мерғалым да бір топ баламен у-шу болып асық ойнап жатады. Бірақ бұрындары асықты беріле ойнайтын ол осы жолы бірдеңеге алаңдап, құлықсыздау, өзінен-өзі мазасызданып жүргені байқалады. Сөйткенше болмай, «Үшінші бесжылдық атындағы» колхоздан Мерғалымды іздеп бір адам келе қалыпты. Сөйтсе, сол ауылда Әди деген бір адамды арбаға жеккен аты алып қашып, дөңбекке соғып, мертіктіріп тастаған екен. Жаңағы адам Мерғалымды алып кетем десе, балалар жібергесі келмейді. Сонда бала Мерғалым:
- Өздерің ойлаңдаршы, сендердің ата-аналарың ойсыздан бейнетке ұрынып, сүйектері қаусап жатса, осылай ойнап жүрер ме едіңдер? - дейді.
- Әрине, жоқ, - дейді балалар.
- Ендеше ренжімеңдер, мен кеттім мына кісімен, үлкен адам мертігіп қиналып жатыр екен. Біздің де сондай әке-шешеміз бар, - деп, келген адамның арбасына мінсе, ана балалар да қалмай, бірге мініп алады. Ана кісі: «Бұлар қайда барады?» - деп ренжіңкіреген екен, Мерғалым: «Тиіспеңіз, менімен бірге жүреді бұлар!» - депті.
Әлгі кісі осылай бір арба баланы шулатып салып алып барады. Кісісі мертіккен үйге түсіп жатса, үй иесінің әйелі Сәлкәу:
- Ойбой, жарыған екенбіз. Алып келген емшісінің түрін қара, ылғи боқмұрын жас бала. Бұлар қайтіп кісі емдемекші?! - деп кейісе керек.
Бұны естісе де құлақ салмаған Мерғалым дереу қолын жуып, үйге кіріп, мертіккен адамды шешіндіріп байқап көріп, үйреншікті емін жасап, сылап-сипап, үгілген сүйектерді орнына салып, оны орап байлағасын, зар қағып жатқан әлгі адамның жаны жай тауып, тынши қалады. Осы кезде аяқ астынан үй иесінің әйелі Сәлкәу деген кісінің жан дауысы шығып, біресе «қолым», біресе «аяғым» деп, үйде отырғандардың зәресін алмасы бар ма. Жаңа ғана сап-сау жүрген Сәлкәудың мұнша қиналғанын көрген жұрт түкке түсінбей қалады. Бірақ сол жерде отырған Қабдырахман деген бір туысы:
- Әй, Сәлкәу-ай, өзіңе де сол керек. Жаңа мына бала келе сала, оның кім екенін көз жеткізбей жатып, менсібеушілік сөз айтып едің, соның зары ғой тартып жатқаның, - депті.
Қатесін енді түсінген Сәлкәу апай сол жерде «Кеше гөр, жаным, апаңнан бір қателік өтті!» - дегесін, Мерғалым ол кісіні орнынан тұрғызып, «ештеңе етпейді, тәте, кештім» дегесін ғана жүріп кетіпті. Есі кеткен Сәлкәу апа сандықтағы бар дәмдісін дастарханға салып, меймандарды күтеді. Мерғалымға төрге шық десе, ол өзі озбай, жанына еріп келген балаларды төрге шығарыпты. Ауылдың асық атқан балалары осылай Мерғалым достарының арқасында, әлгі үйге құрметті қонақ болып аттанған екен. Құрметті оқырман! Біз Мерғалым Мұхтариханұлының балалық шағынан осы әңгімелерді бұрынырақ ұсынып отырғанымыздың өзіндік себебі бар. Осы екі-үш естелікте оның сынықшылықты қалай бастағаны, халықтың жас емшіні қалай қабылдағаны, ел-жұрттың оны бала демей мойындауы ешқандай бояусыз-ақ ап-анық байқалып тұр. Ол содан кейінгі 40 жылға жуық өмірін тек осы жолға арнаған екен.
ШАПАҒАТЫН ШАРТАРАПҚА
ШАШЫП ӨТКЕН...
Жаратушы Иеміз-Алла тағала адам баласына түрлі-түрлі тағдыр сыйлайды ғой. Саналы ғұмырында ақыл қуаты мен күш қуатын осынау қоғам тірлігі үшін сарп етіп, халықтың аузында тек жақсы атымен қалғандар бар. Болмаса, қолына ұстаған азғана бақ пен дәулетті мәңгілік көріп, мәнсіз өмір кешіп, айкәпір атанып кеткендер де аз емес. Анығырақ айтсақ, кез келген адамның жүріп өткен өмір жолы оның соңына қалдырған өзіндік белгісі, ізі. Егер жақсы болсаң, артыңда қалған ел сенің жақсы екеніңді айтады. Жаман болсаң, оны да жасырмайды. Себебі сенің атқарған ісің мен еткен еңбегіңе баға беретін бір адам емес, жалпы халық. Ал, «халық айтса - қалып айтпайды» деген даналық сөзді бабаларымыз жайдан-жай қалдырмаған шығар. Қолдарыңыздағы кітапты бастамақшы болып, Мерғалым Мұхтариханұлы жайлы естеліктермен танысқанымызда, оның шын мәнінде артында тек жақсы аты мен өшпес ізін қалдырған азамат екеніне көз жеткіздік. Себебі, естелік деген нәрсе көркем әдебиет емес. Оның алып-қоспасы жоқ, әсірелеуден аулақ болады. Әркім өзінің көзімен көргенін, басынан кешкенін, үлкендерден естігенін ғана жазады. Осының барлығына көз жүгіртіп, сараптап шыққасын, Мерғалым сынды адамның шынайы тұлғасын танығандай боласың. Төменде Мерғалым Мұхтариханұлының басқаларға ұқсай бермес бірнеше ерекшелігіне тоқтай кеткенді жөн көрдік. 1. Бірінші ерекшелігі - арнаулы медициналық білім алмаса да, Алланың құдыретімен емші-сынықшы болуы. Осыған қарап, Мерғалым Мұхтариханұлының сонау көне замандардан қалған халық емшілерінің соңғы тұяғы екенін түсінесіз. Қазір Мерғалым сынды табиғат өзі жаратқан шынайы емшілер саусақпен санарлық. 2. Екінші ерекшелігі - ол жай ғана сынықшы емес, алдыңдағыны болжайтын, өткеніңді айнытпай айтып беретін ерекше қасиет иесі болыпты. Және тек мертіккендерді ғана емес, басқадай кеселге шалдыққан адамдарды да емдеп, сауықтырғанын көргендер анық етіп жазады. Тағы бір қасиеті - өзін іздеп қиналып келе жатқан адамдарды айтқызбай біліп, алдынан шығады екен. Бұны да Мерғалымға Алланың берген сыйы демеске амал жоқ. Екінің біріне бұл секілді қасиет қона бермейді. 3. Үшінші ерекшелігі - өзінің емшілік кәсібіне деген адалдығы. Яғни, алдына келген адамның сырқатына шамасы келмейтін болса, не оған ем қонбайтынын байқаса, текке әуре қылмай, шындығын айтып отырған. Ал, тегін пайда іздеген біреу болса, қайтсем де осының ақшасын алып қалайын деп, қонбайтын ем жасап, сырқаттың обалына қалар еді. Ол оған бармаған. Тағы бір ерекшелігі, жасаған емі үшін ақы сұрамаған және мүмкіншілігі болмаған кейбір адамдарға өз көлігімен барып-келіп емдеген. 4. Төртінші ерекшелік - ол халықты ұлтқа, нәсілге бөлмей, бәріне бір атаның баласындай қараған, шын мәніндегі шынайы жүректі гуманист. 5. Бесінші ерекшелігі - оның баладай қарапайымдылығы. Үлкенмен де, кішімен де бірдей сөйлескен. Халықтың сонша құрметіне бөленіп жүрсе де, кеуде кермей, ел-жұртпен бірдей араласқан. Өнерге бас иіп, жиын-тойдың гүлі болған. 6. Алтыншы ерекшелігі - оның елге қамқорлығы. Ауылдас біреудің қызықты немесе қайғылы жағдайда жабдыққа шамасы келмей жатса, өзі бас болып, елді соған жұмылдырып, көмектесіп отырған. Міне, Мерғалым Мұхтариханұлы жайлы қолдарыңыздағы кітапты парақтай отырып, оның осы ерекшеліктеріне көз жеткізесіздер. Және берілген естіліктердің барлығы алып-қоспасы жоқ, өз көздерімен көрген адамдарың шынайы әңгімелері.
Менің жарым болғанмен, халықтың адамы еді
(Мерағаңның өмірлік серігі Бәтес апаның әңгімесі)
Өмірде өзіміз көп мойындай бермейтін, тіпті мән бере бермейтін бір шындық бар. Ол өмірлік қол ұстасқан жан жарың туралы. Кез келген пенде баласын жарық дүниеге алып келген ата-анасы болатыны хақ. Одан бөлек туыс-туғандары тағы бар. Үйлі-баранды болғасын, отбасыңа бала-шаға келеді. Бірақ қарап отырсаңыз, осылардың бәрінен жақыны өзіңнің сүйіп алған төсектес жарың екен. Себебі сенің сыр бөлісерің де, сенімен бірге қиналып, бірге қуанатын да, сенің тілеуіңді тілейтін де осы жан-жарың. Яғни, өмірдегі ең жақын адамың деген сөз. Осы тұрғыдан қарасақ, Мерағаң қанша жерден халықтың ортасында болған адам, елмен көп араласқан кісі десек те, оның ел білмейтін қыры мен сырына қанық, мұңы мен қуанышын бірге бөліскен өзінің өмірлік жары Бәтес апамыз. Бүгінде сексеннің біреуіне келіп отырған қариямен Қорт ауылына барып, арнайы әңгімелестік.
- Қарағым, қызығы да, қиындығы да мол талай өмір өтті ғой басымыздан, - дейді Бәтес анамыз. – Тағдырдың жазуы шығар, осы шаңыраққа 18 жасымда келін болып түсіппін. Мерағаңмен 32 жыл қол ұстасып, жұбайлық ғұмыр кештім. Ұл-қыз, немере, шөбере сүйдім. Ризамын, тағдырға. Мерғалым көре алмаған қызықты мен көріп отырмын. Алланың маңдайға жазғаны осы шығар.
Мерғалым менімен әуелі танысқан кезде-ақ ештеңесін жасырмай, өзінің үй ішіндегі жағдайын түгелдей баяндап берген болатын. Екінің біріне сырыңды аша бермейсің ғой. Шын сенген, шын ұнатқан адамға ғана айтасың ішкі ойыңды. Мерағаң мені шын ұнатқан шығар, алғашқы кездескенде-ақ, бәрін жайып салды. Өмірлік серігім бол, көмекшім бол, анама қолқанат, бауырларыма пана бол деген сол кезде. Шешесі Рабиға анамыздың екі көзі көрмейді екен, 34 жасында кетіпті. Мен келгенде жалғыз қарындасы Жанат 7 жаста, бір інісі -10 жаста екен, ең кіші інісі - 3 жаста еді. Ол уақытта ата мен енені сыйлау деген қазіргіден бөлек, тәрбие басқа. Келін болып түскесін, ол кісілер де жатырқаусыз қабылдап, сол үйдің бір қызындай болып кеттім. Ауылдық жердегі әйелдің тірлігін өзің білесің, қарағым. Сауатын сиырың, салатын наның, жуатын кірің бар дегендей. Одан бөлек екі қария болды үйде, сол кісілердің бабын табуым керек. Балалардың жас кезі. Жаңағы айтқан екі қайным мен қайынсіңлім бар. Үйден күндіз-түні кісі үзілмейді. Келгендердің кейбіреулері қона жатады. Олардың ас-суын әзірлеуім керек. Қазіргідей кнопкамен басып кір жуып, тамақ пісіретін заман жоқ ол кезде. Бәрін қолмен істейміз. Бірақ осының барлығына да үлгеретінмін. Ғұмыры сен не істеп жүрсің, қайда бардың, қайда тұрдың деп, Мерағаңның ісіне араласып көргем жоқ. Атам мен енем өте жайлы адамдар болды. Сол Рабиға енеммен бір қабақ шытыспай, 19 жыл бір шаңырақтың астында тұрдым. Қайын атам Мұхтарихан деген кісі де өте ақкөңіл, кең адам еді. Мерағаңнан кейін төрт жылдан соң өтті ғой өмірден... Атамыз кезінде колхоз жұмысына көп араласып, коммунист болған, адал еңбеккер жан еді. Сол себептен емшілікті де ұстамаған. Көп жыл совхоздың сиырын бағып, атақты малшы болып, талай сый-құрметке бөленген кісі. Кейін, 1974 жылы Мерағаң ата-енемнің үйінің қарсысынан осы үйді салып, сосын олар көзіміздің тірісінде бөлек шығыңдар деп, бізді жеке отау қылып шығарып еді. Мерағаң ғұмыр бойы ат үстінде, ел ішінде жүрді. Оған мен араласпаймын. Кейін, өмірден өтердің алдында өзі сырқатқа шалдығып, тілден айырылып қалды. Сөйтсе де, іздеп келген адамдарға шамасынша ем-домын жасайтын. Айтқысы келген сөзін қағазға жазып береді, не болмаса маған ыммен түсіндіреді. Мен кейде түсінбей қалсам, ренжиді. Мен сонда оған: «Неге ренжисің, сенем жасағанда қасыңда жүргем жоқ, үйдің шаруасымен айналысқан адаммын, қайдан білем сенің қалай емдеп жүргеніңді» - дейтінмін. Шынында да солай еді. Мерағаңның арқасында мені де ел іші сыйлап, құрметтеді. Талай адамдармен дәм-тұзымыз араласып, дос-жаран болдық Ол кісі және орыс, қазақ деп бөлмейтін. Ресейдің қалаларынан, Мәскеу мен Новосібірден, Барнаулдан мына Алтай өлкесінен, өзіміздің Қазақстанның басқа аймақтарынан адамдар іздеп келіп жатады. Бұлардың талайы емделіп кеткеннен кейін де бізбен байланысын үзбей, араласып жүрді. Әлі есімде, бір күні қыс ішінде біреулер носилкаға салған бір орысты серейтіп үйге алып кірді. «Көтек-ау, өлген орысты үйге әкелгені несі?!» - деп шошып кеттім. Сөйтсем қозғалуға жарамай қалған адам екен. Ұлты неміс көрінеді. Осы төңіректегі совхоздардың бірінікі. Дәрігерлер енді адам болмайды деп, емхананың дәлізіне шығарып тастаған жерінен әйелі мен балалары екен алып келген. Мерағаң сол адамды ақыры аяғына тұрғызып, кейін сол неміс досымыз бірнеше жыл өз ауылында бригадир болып жұмыс істеді. Туыстай болып араласып кеттік кейін. Енді екеуміздің сонау замандарда қалай табысқанымыз жайлы қысқаша айтайын. Ол да бір алыс қалған уақыт қой. Қазір көбі есте де жоқ... Мерағаның анасының көзі тым ерте, 34 жасында кеткен екен деп айттым жаңа. Енді анасы осындай мүгедек болып қалғасын, үйге қолғабыс боларлық келін керек екені белгілі. Баланың үлкені Мерғалым, шаңырақ көтеру соның міндеті. Сөйтіп жүргенде, екеумізді ойсызда тағдыр тоғыстырды. Сонау 1954 жыл еді бұл. Менің өзімнің туып-өскен жерім Семей облысының Бесқарағай ауданындағы Семьяр деген ауыл болғанымен, осы аудандағы Көкүй (Попускная) деген жерде Иманғалиев Сақан деген ағайымның үйінде орталау мектептің жетінші класында оқып жүргем. Осы ауылда бір адам мертігіп қалып, соған Мерғалымды алып келіпті. Алғаш сол жерде көрдім оны. Өзі ақжарқын, даңғырлай сөйлейтін, елдің бәрін тартып алатын ашық мінезді адам екенін байқап қалдым. Ол да көпке білдірмей, маған көзін салып, кеудесіне бір сыр түйіп қалса керек. Әрине, мен кеткесін, бұл қыз кім деп, сол жердегі біреулерден сұрауы да мүмкін. Мерғалым сол ауылда бірер күн бөгеліп қалды. Бірде сол жердегі Тұрсын деген апайымның үйіне барып, шаруаларына қолғабыс етіп жүр едім, қайдан келгенін білмеймін, оңаша мен отырған бөлмеге Мерғалымның кіріп келмесі бар ма. Әрине, сасып қалдым. Ол уақытта қыз бала бөтен еркекпен бейсауат сөйлесе бермейді. Дегенмен Мерағаң жас та болса үлкендермен араласып, ысылып қалған азамат қой. Аты-жөнімізді сұрасқасын, күлбілтелемей, мәселенің турасын айтты. Үйіндегі жағдайды, емшілік сапармен жолға шыққан сайын «қолыма бір келінді қашан қондырасың?» деп анасының көз жасын төгіп жылап қалатынын, бәрін айтты. Кеше бір көргеннен ұнатып қалдым. Егер сеніп қолымнан ұстасың, адал жар болар едім деді маған. Әрине, ағынан жарылып тұрған азаматқа сендім. Бірақ әлі аяқталмаған оқуым бар. Оның үстіне ауылдың асханасында аспаз болып және соның есебін жүргізетін едім. Оның бәрін қалай тастап кетем. Одан бөлек табанымды жерге тигізбей өсірген ата-анам бар ана жақта. Оларға не бетімді айтам? Сөйтіп біраз сөйлескесін, Мерғалымды тоқтатып, мені дереу алып кетем деген жоспарын кейінге қалдырды. Бірақ бір-бірімізді ұнатып, сөз байласқасын, Мерағаң көп күттіруге мұрша бермеді. Ақыры, мектептің екінші тоқсаны аяқталар - аяқталмаста, желтоқсан айының ішінде Мекеңмен қол ұстасып кеттім де қалдым. Жасым он сегізге әлі де толар - толмас шақтамын. (Ол кезде балалар түрлі себептермен мектеп есігін кешірек ашып, жетінші сыныпта жастары 18-20 келген балалар оқи беретін жағдайлар көп болған - автор). Сөйтіп, тағдыр жібімді Мерғалым сынды бір азаматқа байлап, жолға шықтық. Көлігіміз ат-шана. Біреулер соңымыздан қуып келе ме деген оймен, әуелі Қортқа бармай, аудан орталығы Лебяжьеге бұрылдық. Осы жерде бір аптадай болып, енді Мерғалымның ауылына жүреміз деп жатқанда, мені сынып жетекшім қуып келмесі бар ма. Қасында милиция. Менен күндіз-түні жауап алады. Мерғалымның үстінен арыз жаз, «жасым кәмелетке толмаған қызбын, мені зорлықпен алып қашты деген арыз айт» дейді. Бірақ мен өз еркіммен, өз жүрегімнің қалауымен кетіп барам дегеннен еш танғам жоқ. Ақыры 4-5 күн ұстап, бұл істерінен ештеңе өнбейтін болғасын, бізді босатып жіберді. Кейін осының бәрін ойлап отырып, таң қалам. Өзімен әлі дұрыс танысып үлгермеген, оның үстіне ата-анасының, туған-туыстарының қандай екенін білмейтін жігітпен қол ұстасып кетіп қалуға итермелеген қандай күш екен деймін. Мен сол кезде көзсіз батылдық жасаппын. Бірақ төбемізде Жаратушы иеміз, қолдаушы Айша анамыздың аруағы болған шығар, сол қиындықтың бәрінен өтіп, ерлі-зайыпты болып, басымызды қостық. Қортқа келгесін, өз үйіме келгендей болдым. Ата-енем Мерғалымның өзінен артық кермесе, кем көрген жоқ. «Бәткенім», «Бәткенжан» деп өтті өмірден. Қайныларым мен қайынсіңлілерімнің бірі алдымнан кесе көлденең өткен емес. Бәрі сыйлады. Кейін қайным Нәби ержетіп, үйленді. Шолпан абысыныммен үш жылдай бірге тұрдық. Онымен де апалы-сіңлілідей болып кеттік. Осының бәрі сол атам шаңырағындағы имандылық пен тәрбиенің жемісі. Қазір Құдайдың берген немерелері мен шөберелері өсіп жатыр. Олар да осы жолдан таймаса екен деймін, - дейді қарт ана Бәтес. Әрине, ет пен сүйектен жаралған пенде баласы болған соң, аздаған өкпе-реніш, түсініспеушілік деген қай отбасында да болатыны белгілі. Жоғарыда айтып кеттік, әйел адамның, оның ішінде ауылдық жерде тұрған әйелдің тірлігін өздеріңіз білесіздер. Ертеден қара кешке дейін бітпейтін шаруа. Бірін аяқтасаң, бірі дайын тұрады. Оның үстіне келімді-кетімді кісің болса, тіпті қиын. Осы жөнінде Бәтес апамыз сонау бір жылдары Уәлихан Түкісов ағамызға мынадай бір әңгіме айтқан екен.
- Менің осы шаңыраққа түскеніме екі-үш жыл өткен кезі болу керек, үйдің шаруасымен айналып жүріп, алыстан келген бір адамдарға шай бере алмай қалдым. Күн суық еді, пешке от жағып, нан салып, абыр-сабыр болып жатқам. Дәл сол күні үйге сақал-мұрттарына мұз қатқан бір топ адам келіп тоқтады. Мерағаң оларды өзі жүгіріп шығып қарсы алып, шанадағы мертіккен адамды сүйемелдеп үйге кіргізіп жатыр. Оларды жайғастырып, сырқат адамның сынығын салып, байлап бергесін маған келіп:
- Бәтес, шайың бар ма? Мына кісілер алыстан тоңып келіпті, бойларын жылытсын, - деді.
Сол күні әлде шаршаңқырап жүрдім бе, болмаса, көңіл күйім болмады ма, өз-өзімнен ренжіп:
- Нан әлі піскен жоқ, ештеңелері кетпес, тоса тұрсын. Тоңып келсе, оған мен кінәлі емеспін ғой! - деп қалдым.
Мерғалым менің әлгі сөздеріме таңырқап біраз қарап тұрды да, ештеңе деместен бұрылып кетіп қалды. Мен оған мән бермей, өз шаруамды істей бердім. Шай беруге асығар емеспін. Табадағы нанды ыстық пешке салған соң, жеңілтек киініп жүгіріп далаға шығып, төбеге көтерілдім де, мұржаны жаптым. Енді түсе берем дегенде, аяғым тайып құладым да кеттім. Дәл сол кезде Мерекең де үйден жүгіре шығып, менің қасыма келді. Бірақ қолын созып тұрғызар түрі жоқ. Менің аяғым қайырылып қалған, өздігімнен тұруға шамам жоқ. «Алла-ай, Алла-ай, аяғым!..» - дей берем. Ал ол осы жағдайды көре тұра, қолын созып, демеп тұрғызып жіберудің орнына:
- Неғып жатсың, Бәтес? - дейді.
- Көрмей тұрсың ба, төбеден құлып қалдым! - деймін.
- Неге құлайсың, аяғыңды байқап баспайсың ба? -дейді.
- Мен әдейі құлады дейсің бе, оқыстан аяғым тайып кетті!
- Бұдан былай оқыс қимыл жасамай, байқап жүрсейші, -дейді жайбарақат. Бірақ мені тұрғызатын ойы жоқ. Ыза болдым да:
- Неге мені сүйеп тұрғызбайсың? Мына аязда қатырып өлтірейін деп пе едің? - деймін ашуланып.
Сонда Мерекем:
- Бәлі, Бәтес, күн суық па еді өзі? Бұндай суықта сені кім қуып шығарған үйден? Тоңатыныңды білсең, киім неге киіп шықпадың? - дейді жайбарақат.
Мерғалымның бағанағы менің сөзіме ренжігенін сонда ғана барып білдім. Қателігімді кеш түсініп:
- Мерекем, кешірші мені, байқамай бір ауыз ағат сөз айтыппын! - деуім мұң екен, ол дереу қолын созып, мені тұрғызып алып, құшақтап үйге енгізді. Бағанағы қайырылып қалған аяғыма да ештеңе болмапты. Осы бір оқиға сосын маған өмірлік сабақ болып еді, - деп Бәтес апай әңгімесін аяқтаған екен.
Өмірінің соңына қарай сырқат меңдей бастаған Мерғалым сынықшы енді өзі біреуден ем алып, Заңғар ауылындағы Кәрім деген кісіден ине терапиясын қабылдап жүреді. Бұрындары ол жаққа қарай шыққанда зайыбы Бәтес апайды немесе ұлы Қаршығаны бірге ертіп жүретін Мерағаң осы соңғы сапарында жалғыз кеткен екен. «Бұл 1986 жылдың 20 сәуірі еді» - дейді Бәтес апай. Сол күні үйдегілердің ойында ештеңе жоқ, күнделікті тірліктерін жасап жатады. Тек кешқұрым «Мерғалым ағаның үйі осы ма?» деп, бір келіншек кіріп келгенде ғана, бірдеңенің болғанын сезеді. Мерағаңның Заңғарға жете алмағанын, қазір «Восточный» деген ауылда бір үйде ессіз жатқанын осы келіншек жеткізіпті. Бұл хабарды естіген отбасы у-шу болып, дереу екі машина кісі «Восточныйға» аттанады. Ішінде Мұхтарихан ақсақал да бар. Бұлар жазғытұрымғы жолдың қиын ығынан әрең деп «Восточныйға» жетсе, қашанда орыс-қазақ деп кісі тағадамайтын Мерағаң өзіне таныс бір орыстың үйіне кіріп құлаған екен. Олар да қарап отырмай, өздері қатты сыйлайтын, ес-түссіз жатқан Мерғалым емшіні Павлодардың емханасына жеткізбек әрекет үстінде болса керек. Асығып жеткен бұлар дереу сол ауылдың молласын алдырып, жеңілдік айтқызады. Бірақ Жаратушы иеміздің Мерғалым Мұхтариханұлына деп бөлген өлшеулі ғұмыры сол жерде соңғы сәттеріне таяған екен. Сағат түнгі он бірден аса бергенде асыл азамат өзінің жан жары мен әкесінің, туыс-туғандарының көз алдында үзіліп жүре береді...
Нәби Мұхтариханұлы,
Мерағаңның інісі
Мойнына мінгізіп өсірген Мерғалым ағам
Жалпы Мерғалым сынықшы жайлы жазылған естелік әңгімелер жетерлік деп жоғарыда айттып кеттік. Оларды жазғандар - кезінде Мерағаңның азды-көпті шапағатын көрген немесе осы уақытқа дейін оның есімін құрметтеп жүрген кісілер. Дегенмен сол дүниелердің ішінде Мерғалым сынықшының өзімен бірге туған кіндіктес бауырларының айтқан әңгімелері жоқ екенін де байқап қалдық. Және жазылған естеліктерде Мерағаңның әкесі Мұхтарихан ақсақал жайлы да деректер аздау екен. Сондықтан аталмыш кітапты толықтыра түсу үшін біздер бүгінде Мерғалым ауылы атанып отырған Қортқа барып, біраз адамдармен сұхбат жасаған едік. Солардың бірі - Мерғалым сынықшының кенже інісі Нәби Мұхтариханұлы біраз жайға қанық етті. Сынықшы әтәйімә (Мерғалымға - автор) қонып жүрген бұл қасиет сонау заманда Айша апамыздан оның баласы Қабділәшім атамызға ауысып, одан оның қызы Шәйпәну тәтемізге қонған екен.
- Қабділәшім деген кім сонда?
- Ғабдолла атамызды айтам, Мұхтарихан әкеміздің әкесі. Ол кісінің азан шақырып қойған шын есімі Қабдыләшім екен. Әкей марқұм солай деп отырушы еді. Біздің фамилиямыз Қабдоллин, ал шындығында Қабдыләшімов болуы керек еді. Қабдыләшім -сынықшылығымен қатар, асқан қамшыгер болған екен деседі. Мына Тереңкөл жағында бір бай адамның кісі алатын қара бурасы болыпты. Бірде Қабдыләшім атамыз сол ауылға беттеп келе жатса, әлгі бай оны алыстан танып: «Әй, анау келе жатқан Қабдыләшім ғой, шығарыңдаршы қара бураны, көрейік қамшыгерлігін» - депті. Жалшылары бураны шығарып қоябереді. Шабынған бура атамызды тарпа бассалам дегенде, бұзаутіс қамшымен қақ маңдайдан салып жіберіпті. Түйе жарықтықтың ең осал жері - басы деп жататын ертеде үлкендер. Шынында да солай шығар, бура қалпақтай түседі. Байдың ауылына жеткесін атамыз: «Жаны шықпай тұрғанда, ана бураны бауыздап алыңдар» - деген екен.
Енді осы Мерғалым ағама емшілік қасиет қалай қонғаны жөнінде мына бір әңгімені анамыз марқұм айтып отыратын. Бұл соғыстан кейінгі ауыр жылдар болса керек. Ол кезде үйде жағатын дұрыс шам да болмайды. Әкеміз бригадир, күндіз-түні колхоз жұмысында. Бірде кешкілік алакөлеңке үйде, пеште жанған оттың жарығымен шешем мен Мерғалым ағам, одан кейінгі інісі Қали үшеуі шай ішіп отырса, үйге «ассалаумағаләйкөм» деп, бір ер адам кіріп келеді. Мерғалым ағам ұшып тұра келіп, сәлем бермекші болады. Шешеміз де «жоғары шығыңыз» деп, есік жаққа қараса, әлгі адам жоқ болып кетіпті. Осы оқиғадан кейін Мерғалым ағамды бір белгісіз дерт айналдыра бастайды. Жаңағы есіктен келіп кірген кісі сонау Айша апамыздан қалған емшіліктің иесі болуы керек. Қазақ бұндайда «аруақ айналдырып жүр» дейді екен. Мен өз әкем Мұхтариханды «әтәй» деп атайтынмын. Мерғалым ағамның да ғұмыр бойы атын атамай, «әтәй» деп кеттім. Ол кісіні осылай еске алып сөйлегенде «сынықшы әтәй» деп сөйлеймін. Және ес біліп, аяғымды тәй-тәй басқалы, осы сынықшы ағамның қасында жүрдім. Оның себебі, анамыздың көз жанары нашарлау болды. Мен тоғыз айымда жүріп кетіппін. Сондықтан есім кіріп, жүре бастағаннан-ақ сынықшы әтәйім ылғи өзімен бірге ертіп әкететін. Өзі жоқта бірдеңені бүлдіріп немесе бірдеңеге түсіп күйіп қалады деп сақтанғаны ғой. Ол кезде мәшине деген жоқ, көліктің тәуірі ат-арба. Сонымен келіп алып кетеді әтәйімді. Мен бірге жүрем. Барған жерде сосын сол ауылдың балаларымен танысып ойнап кетем. Менің алдымда екі ұл, бір қыз бар. Мерғалым, Қали ағаларым және Жанат деген әпкем. Шешіміздің көз жанары нашар болды деп айттым. Сосын ағайын-туыстар мені өздеріне бала етіп асырап алғысы келді. Әкемнің қарындасы Шәйпану да сонау Алтай өлкесінен қазақ дәстүрімен жолын, сый - сияпатын алып келді. Мақсаты мені алып кетпек. Бірақ Мерағаң өзім асыраймын деп, ешкімге бергізбепті. Содан болар, әтәйім мені сонша қатты еркелетіп өсірді. Үйге кіріп келгенімде, печенье мен кәмпит салынған дорба ілулі тұрмаса, аяқ киімімді төрге ататынмын. Әтәйімнің бір ерекшелігі, кейбіреулердей өзім білем демей, реті келсе, медицинаның көмегіне де жүгінуші еді. Мысалы, осы ауылда Қали деген адам жас күнінде құлап, жамбасының ұршығының басы сынады. Әлгінің жамбасын әтәйім салады, бірақ сәл қозғалса, шығып кете береді. Өте қиын жер ғой. Сосын өзі Қалиды мәшинесіне салып алып, емханаға апарып, гипс салдырып алып келді. Ал енді кейбір адамдар керісінше, дәрігерлердің емінен соң әтәйімә келіп жатады. Яғни, аяқ-қолдарының сынығы дұрыс бітпегендер, басқадай қиындықтарға тап болғандар. Әтәйім әлгі адамдардың айнаға түсірген (рентген) суреттеріне де қарамайтын. Сипап отырып сүйегінің қисық біткенін айтып, соның барлығын дұрыстап салып беретін. Кейбір адамдардың жағдайы қиындап, оны емдеу өз қолынан келмей бара жатса, басқа біреулерге барып, әлгі кісіні қашан жазып алғанша тыным таппаушы еді. Ерте уақытта (ол кезде баламыз) осы ауылда бір адам жаман жерде жатып қалып, есі аусып ауырды. Ол кезде әтәйімнің «Урал» мотоциклі бар, соған міне салып, осы өңірге белгілі Әлім молла деген кісіні алып келді. Әлім молла-қазіргі аты белгілі қоғам қайраткері Ғарифолла Есімнің әкелерімен бірге туысатын адам. Ұзын бойлы, сары кісі болатын. Сөйтіп Әлім молланың көмегімен ауылдасын осы кеселден жазып алып еді. Сынықшы әтәйімнің ем қолданысы әртүрлі болатын. Қайсыбір адамдарды алып келгенде, қозғалуға да жарай алмайтындары болады. Үйде үлкен монша болатын. Сол моншаны жақтырып, әлгі адамды моншаға салып, емдеп шығарады. Мысалы, қазақ «құяң» деп жүр ғой остеохандрозды. Әтәйім оны әп-сәтте үзіп тастайтынын талай көзіміз көрді. Дегенмен кейін өзі ауыра бастағанда, моншаға салып емдеуді қойды. Оған денсаулығы жарамайтын болды. Қан қысымы бар еді. Ыстық моншада қимылдап ем жасау оңай болмады.
- Мерағаң жайлы естелік айтқандар, ол кісінің алдын-ала болжап біліп отыратын қасиетін әңгімелейді.
- Ол рас. Басқа адамдар көргендерін айтып жатқан шығар, мен өз басымнан кешкен бір оқиғаны айтайын. Жас кезімізде ауыл-ауыл болып футбол ойнаймыз. Ол кезде комсомолдың дүрілдеп тұрған уақыты. Совхоз ол кезде ауыл спортшыларына 180 сом ақша бөледі. Ол әжептәуір қаражат. Сосын ойын біткесін ортамызда комсоргымыз бар, бір қой сатып аламыз, бәріміз жол бойы жуамыз, тойлаймыз. Осылай «Восточный» деген ауылға футболға барғанда, мен абайсызда аяғымды сындырып алдым. Бұл кешкі сағат бестің кезінде болатын. Бірақ ойынды тоқтатуға болмайды, біреу менің орныма кіріп, ойнап кетті. Мен жатырмын. Содан мені машинаға салып алып, үйге қайттық. Бәрі жол бойы ішіп тойлап келеді. Ортасында Мардан деген немере ағамыз да бар. Ішкен адамның тірлігін білесіз, сөйтіп жүріп осы тұрған «Восточныйдан» жете алмай, адастық. Түні бойы жүрдік адасып. Аяғым сынып мен жатырмын, олар оны керек қылатын емес. Таңертең сағат жетінің кезінде жарық түскесін, әйтеуір ауылды тауып келдік-ау. Мен ол кезде әтәйімдармен бірге тұрам. Біз келіп тоқтасақ, ол кісі есіктің алдында тұр екен. Өзі ашулы. Ауылдың жігіттеріне бассалып ұрысты:
- Не деген оңбағансыңдар! Мына інімнің аяғы кешкі сағат бесте сынды. Содан бері машинаға салып алып жүрсіңдер. Аяушылық қайда?! Арақта әкелеріңнің құны қалып па еді соншама?! Інімді уақытында жеткізсеңдер, сол арақты мен де бермеймін бе сендерге! Сосын немере ағамыз Марданға сөйледі: «Әй, ана інің мертігіп жатқанда, сол ауылдан бір көлік тауып, алып келуге болмады ма?!» - деп. Сөйтіп өзі мені көліктен түсіріп алып, аяғымды орнына салып, орап беріп еді.
- Жалпы ағайын-туыс, ата-анаға қатынасы қалай еді?
- Әтәйімнің әке-шешеге деген құрметі керемет еді. Атағы шығып жүрген емші кезінде де қай жаққа жол жүрмекші болса, әуелі барып әкемізден рұхсат сұрайтын. Егер ол кісі бүгін барма, жол жаман десе, бармай қалып, ертеңінде бір-ақ шығатын. Сонда басқа біреу емес, менің өзімнің келіншегім Шолпан таң қалып: «Әтәйім бөлек тұрады, рұхсат сұрамай-ақ жүре бермей ме?» -дейтін. Бірақ тәрбие солай. Ол кісі әке-шешеден ешқашан аспаушы еді.
Туыс-туғаннан барын аямайтын дархандығы да ерекше болатын. Әлі есімде, шешемнің туған ағасы Әлтай деген адам қатты кісі болды. Сол нағашымыздың бір ұлы қыз алып қашып кетіп, біздің үйдің адамдары құтты болсын айтуға бармай ма. Әпкем, келіншегім, тағы біреулер бар. Нағашымның жағдайын білетін мен барғам жоқ. Шынында да нағашым әлгі сүйінші сұрап барғандарды қуып шығыпты. Үйге жылап келді бәрі. Шешем марқұм көп сөйлемейтін кісі еді: «Әй, Әлтай-ай, әй, Әлтай-ай, балаларды ренжітіп, бұнысы несі! Нәби, сен барып, Мерғалымды алып келші» - деді. Ол кісі ауылдағы бір тойда еді. Жүгіріп барып, едім, әтәйім мені көріп күліп: «Е, солай боларын өзім де білгем» -дейді. Содан жиналып нағашымның үйіне қайта бардық. Ол керек қылатын емес: «Үйленбейтін баланы үйлендірем деп сендер құтыртып жүрген, менің ешқандай дайындығым жоқ» - деп ашуланады. Сонда Мерғалым ағам: «Нағашы, ешкім сенен ештеңе сұрап отырған жоқ. Мына отырған анам үшін сол тойды өзім жасап берем, тек рұқсатыңды берсең болды» - деп, артынан сол тойдың бар шығынын өзі көтеріп, өткізіп беріп еді. Өзінің келіні, менің марқұм болған жарым Шолпанды үнемі еркелетіп менің «алтын келінім» деп отыратын. Келіншегім кейде ауыл әйелдерімен дүкенде кезекте тұрса, әтәйім келіп: «Қарағым, ақшаң бар ма, мә ақша берейін»-дейтін көрінеді. «Жоқ, әтәй, ақшам бар» - десе, жанында тұрған әйелдер: «Неге алып алмайсың беріп тұрғанда?»-дейді екен. Сөйтіп жұрттың алдында келіннің абыройын осылай бір көтеріп тастағанының өзі ол кісіге жарасып тұрушы еді.
- Бұрынғы жарияланған естеліктерде Мерғалым аға мен аналарыңыз Рабиға жайлы біраз жазылыпты. Бірақ әкеңіз Мұхтарихан қария жайлы деректер аздау. Сол кісі жөнінде бірер ауыз әңгімелесеңіз.
- Әкеміз Мұхтарихан осы елге аты белгілі адам, совхоздың маңдай алды малшысы, нағыз коммунист болған кісі. Осының себебінен емшілікті де ұстамаған. Ол кісілердің заманында емші, молла дегендерді өкімет қудалағанын білесіз, сол да себеп болды ма, кім білсін...
Ал енді еңбекқорлығына келсек, кәдімгі 100 сиырдан 100 бұзау алып беретін озат малшы болды. Өз жұмысына сондай берілген адам еді. Ол кезде құдықтан су Тарту үшін бензинмен жұмыс істейтін «ЗИД» деген мотор қойылатын. Әкей құдықтағы суға май тамады, сосын мал жеріп ішпей қояды деп, құдыққа моторды қойғызбай, 120 бас сиырды қол қауғамен тартып суаратын. Сол кезде шыққан қазақтың ақбас сиырларының бұл өңірге тарауына еңбегі сіңген адамдардың бірі. Осы Шоқталдағы малдың жартысы менің өсірген сиырларым деп отыратын. Өзі талай мәрте облыстық советтің депутаты болды. Талай орден-медальдар алған. Осындай еңбегі далаға кетпей, ол кісіге ең әуелі «Урал» мотоциклін берді совхоз. Алпысыншы жылдардың басында тағы да еселі еңбегі үшін Газ-21 «Волга» машинасын алды. Ол кезде халықта бұндай көлік түгілі, велосипедтің өзі бола бермейтін. Әрине, ол мотоцикл мен машинаны әкей мінбейді, сынықшы әтәйім мінеді. Кейін әтәйім осы Газ-21 «Волгасын» маған сыйлап, өзі басқа «Волга» алып еді. Әкеміз жарықтық, Мерғалым ағамды ерекше құрметтейтін. Барлықтарың бір төбе, Мекем бір төбе деп отырушы еді. Жалпы әкеміздің денсаулығы жақсы болатын, сол Мерғалым ағамның қазасын көтере алмай кетті ғой...
- Мерағаңның ел-жұртпен, оның ішінде үлкен лауазымдағы адамдармен қарым-қатынасы керемет болыпты деп естиміз.
- Бұл кісінің баладай ақкөңілдігін айтайын, тіпті орыс жолдастары қайтыс болып кетті десе, көзіне жас алып жылап жүретін. Және орыс-қазақ демей, бәрінің қызықтарында бірге жүреді, өзі басқарады. «Қане любовьтарыңмен бірге шығыңдар биге» деп, бәрін тұрғызып, пар-парымен билететін. Үйге келген қонақтарды барынша сыйлайтыны өз алдына. Осы себептен ол кісінің танысы, жолдасы деген көп болды. Үлкен қызметтегі адамдар да бар, жай кісілер де жетерлік.
Осы тұңғышы Қаршыға қыстың күні үйленді. Келін түскесін, совхоз-техникумда Мерағаңнан кейінгі ағам Қали екеуміз шарап ішіп, соны тойлап отырғамыз. Бір кезде ауылда қалған әтәйім кіріп келді. «Нәби, жүр кеттік, тойға азық-түлік аламыз» - дейді. «Ойбай, әтәй, мен ішіп алдым, қалай жүрем?» - десем: «Мен тұрғанда сені ешкім де ұстамайды, әкел праваңды» - деп, шопырлық куәлігімді қалтасына салып алды. Содан Павлодардағы дүкендердің бәрін аралап шықтық. Байқаймын, ештеңені ұнатып жүрген жоқ. Бір кезде «Прогресс» деген дүкеннің жанынан өте бере: «Осыған соғайықшы, директоры әйел адам болатын, ертеде баласының сынған аяғын салған едім» - деді. Шынында да кірсек, директоры орыс әйелі екен, әтәйімді бассалып құшақтап, екеуі бір-бірін беттен сүйіп жатыр. «Ой, Мерғалым, қайдан жүрсің?» -дейді. Әтәйім: «Тұңғыш ұлым үйленді, көмектес» - деп, жағдайды түсіндіріп айтып жатыр. Дүкеннің асты подвал екен, түсіп едік, екі жақ қатар-қатар толған қоймалар, ішінде адамның жанынан басқаның бәрі бар. Керегімізді сол жерден «Волгаға» толтырып тиеп алдық. Содан қаладан шыға берісте автоинспектор тоқтатпасын ба. Орыстың жас жігіті екен, айтқан сөзге түсінбейді. Әтәйім менің правамды қалтасына салып алған, бермейді. Әлгі жігіт ерегісіп, машинаның алдыңғы номерін шауып алды. Ыза болған әтәйім: «Жүр, кеттік облыстық ГАИ-ге» - деді. Облыстық автоинспекция бастығының орынбасары әтәйімнің жақсы жолдасы екенін білем. Біз кіріп келіп едік, ұшып тұра келіп қарсы алды. «Не болды?» -деп сұрап жатыр. Болған оқиғаны естігесін, дереу бізді тоқтатқан жігітті шақыртып алды. Әлгі келіп еді, бастық дымын қоймай ұрсып: «Сен мына адамның кім екенін білесің бе?! Неге қоя бермедің, қане өтінішіңді жаз, ертеңнен бастап жұмыстан кетесің! -деді. Әтәйім әлгі жігітке ара түсіп: «Қой қайтесің, жас жігіт екен, қателескен шығар, жүре берсін, тиме» - деп жатыр. Сондай кек сақтамайтын адам еді. Сөйтіп жүргенде күн кешкіріп қалды. Қыстың іші. Бағанағы алған заттардың ішінде қатып қалатын банкілер, басқадай заттар бар. Милициядан шыққасын маған совхоз-техникумға жүр деді. Ол жердің директоры Кемер Әшімбетов деген адам әтәйімнің жолдасы. (Қазіргі облыс әкімінің орынбасары Нұржан Әшімбетовтың әкесі). Ол кісі де қуанып қарсы алып жатыр. «Кемеке, бір түн машина қоятын жылы гараж керек, артында қатып қалатын дүниелер бар еді» - деп еді, ол дереу шопырын шақырып алып, менің машинамды шығар да, мына кісінікін кіргіз деп пәрмен берді. Сөйтіп ол жерде бір қонып, ертеңінде тағы да жолға шықтық. Бірақ, бірден үйге бара қоятын әтәйім бар ма. Әуелі Лебяжьеге бардық, одан Подпускная деген жердегі қайын жұртына соқтық, одан менің бажамның үйіне соғып, бір қой жеп бір-ақ қайттық. Және жүрген жерінің барлығын тойға шақырып жүр. «Әтәй, алған заттарымыз қатып қалмай ма?» - десем, «Ештеңе етпейді, қатса, тағы аламыз» - дейді. Сондай кісі еді жарықтық.
- Мерағаң егер пайда іздеген адам болса, сол уақытта есепсіз байып кетуге де болады екен ғой?
- Әрине, дүние жинайтын адам болса, асқан бай болар еді. Бірақ ол кісінің жаратылысы басқа болды. Мынадай бір оқиға. Бірде Ресейдің Новосібір облысы обкомның екінші хатшысының әйелінің аяғы сынып, әтәйімді тікұшақпен (вертолет) келіп алып кетті. Павлодардың обкомы арқылы тапқан ғой. Содан кейін екінші рет өздері алып келді әлгі әйелді. Бәрі жақсы болып, әйелі жазылып кетті. Риза болған обком хатшысы әтәйімнен: «Не сұрайсыз еткен еңбегіңізге?» - дегенде, ешкімнен ештеңе сұрай қоймайтын әтәйім бір жаңа «Волга» машина тауып беріңіз депті. Әрине, ақшасына. Ол кезде Газ-24 деген «Волганы» алу жай адам түгілі, аудан мен облыс хатшыларының қолынан келмейтін нәрсе. Сондықтан әлгі адам «Волга» алудың қиын екенін айтып, дегенмен қосалқа бөлшек ретінде бөліп-бөліп берейін, өзің жинап ал дейді. Сөйтіп, жап-жаңа кузов, жаңа мотор, басқадай бүкіл агрегаттарын жаңа күйінде алып беріп жіберіпті. Жинап алсаң, дайын машина деген сөз. Бірақ оны жинайтын әтәйім бе, артынан «сен жинап ал, сенің қолың біледі» деп, Сартай деген бір жолдасына бере салды. Сондай кісі еді ол.
Ғұмыры қысқа болғанымен, әтәйім өмірдің қызығын, халықтың сый-құрметін барынша көріп кетті. Талай жерлерге барып, талай курорттардың да дәмін татты. Жаз болса, өзіне тете інісі Қали келіп тұрады, қайда барамыз деп. «Өзің айт ұнаған жерді, соған апарайын» - дейді ағамыз. Осы Қали ағамды да ғұмыр бойы қолынан келгенше демеп, басшылармен сөйлесіп, істеймін деген қызметіне орналастыратын. Совхоздың бас мал дәрігері, совхоз-техникумда мұғалім, одан аудандық партия комитетінде нұсқаушы болды, кейін Шақа ауылында ауылдық кеңестің төрағасы болып жүріп, зейнетке шықты.
- Ішімдік ішкен адамды ұната қоймаған деседі.
- Жалпы өзі көпшіл болғанымен, арақ ішкен адамдарды ұната қоймайтын. Мынадай бір әңгіме. Жас күніміз, Еркеш деген бір замандас жігіт әскерге кететін көршісінің тойында жүріп, біреуді ойнап теуіп қалам дегенде, аяғы іргеге тиіп, бес бақайы бірдей буыннан шығып кетіпті. Дереу әтәйіма алып келдік. «Өй, оңбағандар, осы ішуді қоймайсыңдар!» - деп, әлгінің бақайларын салып отыр. Шығып кеткен буынды қайта салғанда, ауырғаны өте қатты болады. Әтәйім Еркештің бір бақайын орнына салады да: «Енді ішесің бе?» - деп сұрайды. «Ішпеймін, ағатай енді!» - деп зар қақсайды әлгі. Екінші бақайын салады да, тағы да сөйтеді. «Сенен басқа осы ауылда ішетін анау бар, анау бар, бір күні қолам түседі олар да, көрсетем сендерге!» - деп қорқытып қояды. Сөйтіп Еркешке 40 күнге дейін аузыңа арақ алушы болма деп жіберген.
Содан бір күні әтәйім маған қысқы отынға жағатын ағаш алып кел деген тапсырма берді. Машинамды от алдырып, көмектесетін адам іздеп, көшеге шығам ғой. Әтәйімнің үлкен қызы Маржанның күйеуі Бауыржанды салып алдым. Қарасам үйінің қасында әлгі бақайы шыққан досым Еркеш тұр. Оны да бірге ала кеттім. Жолшыбай дүкенге соғып, екі дөкей литрлік қызыл арақ алдым. Ана жерге барып, ағашымызды артып болғасын, жаңағы қызылды ішу керек. Жалғыз өзім қалай ішем. Еркешке ішейік десем, азарда-безер болады. «Өй, қорықпа, әтәйім өзі рұхсат берді» - деп алдаймын болмағасын. Ақыры Еркеш екеуміз бір литр қызылды қақ бөліп ішіп алдық. Үйге келсек, тәтем кеспе істеп қойған екен, дастархан басына шақырды. Еркеш ішкенімді сезіп қояды, бармаймын деген маған. «Жүр, - дегем мен, - онсыз да біліп отыр бәрін». Айтқандай үстел басына отырғасын әтәйім: «Мыналарға бірдеңе алып кел» - деді тәтеме. Еркеш болса: «Жоқ, ағатай, мен ішпеймін!» - деп қояды. Сонда әтәйім: «Әй, сен мені алдаймын деп тұрсың ба, жаңа ғана бір литрді мына Нәби екеуің бөліп ішкен жоқсыңдар ма. Мынау сенің ішпеймін деген еркіңе қойды ма, бірақ өзің де жақын тұрған адамсың ғой, іш енді аузың бір былғанғасын» - деп құйып берді. Осылай бір жағынан ұрсып, бір жағынан еркелететін бізді. Содан кешке қарай Еркешті үйіне апарып түсіріп жатсам, оның ішіп келгенін шешесі көріп: «Сен тағы ішіп келгесің бе, құдай-ай, енді Мекеңе не бетімді айтам, ұят болды-ау, барып кешірім сұрап келейін!» - деп, біздің үйге тартты. Осындай қызықтар болушы еді. Көбінесе, ішіп келген адамдарды сынығы қандай ауыр болса да, қабылдамай жіберетін. «Ертең кел, андағы арақтың уыты тарқасын, қиналсаң ештеңе етпейді, екіншіде ішпейтін боласың! - дейтін. Мерағаңнан жасы үлкен Төкен деген адам болды. Ертерек кез ғой. Совхозда мал дәрігері еді. Сол кісі ішіңкіреп жүріп, мотоциклмен машинаның астына түсіп, қатты мертікті. Жамбасынан сынбаған жері жоқ. Әтәйім емдеп, сүйектерін орнына салып, аяғына тұрғызып, енді арақ ішпе, жұмысты қоя тұр, мына сырқатыңнан құтыл деп ақыл береді. Бірақ әлгі кісі тыңдамай, жазылар - жазылмастан тағы да ішіп, автобустан түсе берісте тайып жығылып, тағы да мертігеді. Сөйтіп бір аяғын ақсап басатын болды. Кейін қартайғанда Шоқталда пошташы болып істеді, Еркеш досымның жездесі еді. Екеуміз барып жүреміз, сонда айтатын: «Мекеңнің айтқанын тыңдамадым ғой, тыңдасам бүйтіп «ақсақ Төкен» атанбас едім» - деп.
- Сынықшылығынан басқа да қасиеттері болыпты деп көзі көрген адамдар көп жазыпты естеліктерінде. Осы жөнінде не айтар едіңіз?
- Енді болған жайды үйде отырып білетінін жаңа айттым. Жалпы сынықшылығынан басқа, тамыр ұстап, ауырған жеріңді тап басып айтатын. «Ой, сенің өзі мына жерің ауырады екен ғой, мынадай кеселің бар екен» - деп, талай адамның ауруын тауып бергенін көзіміз көрді. Алыс жерден біреулердің өзін іздеп келе жатқанын біліп отырады. Кейде бір жаққа жол жүрейін деп қанша асығып отырса да: «Алыстан біреулер іздеп келе жатыр, тосайын, мен кетіп қалсам зарығып қалады ғой» - деп, әлгілерді тосып, емін жасап беріп, бір-ақ кететін.
Ол кісі емшілік жолға түскен сонау қырықыншы жылдардан бері небір оқиғалар болмады дейсіз. Айта берсең бір кітапқа жететін шығар. Ал енді өзінің көзі кеткесін болған мына бір жайды баяндайын. Осы ауылда әтәйімнің Қаршығадан кіші Бауыржан деген ұлы тұрады. Бірде осы Бауыржанның көршісінің қорасы өртенді. Ойпырмай, енді қатар тұрған Бауыржанның қорасы бірге кетеді-ау деп тұрмыз. Бірақ от Бауыржанның қорасынан секіріп өтіп, оның аржағында тұрған көршісінің қорасына барып тиді. Ал ортада тұрған Бауыржандікі аман қалды. Ел-жұрт тағы да «Мерағаңның аруағы ғой қаққан!» - десіп таңқалысып жатты.
Қасиет Қаршығада қалған екен Мына бір дерекке назар аударыңыздаршы! Жай ғана жобалап санап отырсақ, осы әулетке сынықшылық - емшілік қасиет қонғалы тура бір ғасырдан асып кеткен екен. Қараңыз, Мұхтарихан атамыздың әкесі Ғабдолла сынықшы он тоғызыншы ғасырдың екінші жартысында дүниеге келіп, жиырмасыншы ғасырдың басында өмірден озғанға ұқсайды. Ал оның анасы Айша деген кісі одан әріде туған адам. Сонда байқасақ бұл әулетті шипагерлік қасиет жайлағалы 100-150 жылдың шамасы болыпты. Яғни, сонау XІX ғасырдың екінші жартысында Айша анамызбен бірге Өтебай әулетіне келген сынықшылық қасиет бүгінгі XXІ ғасырға дейін жетіп, Мерғалымның үлкен ұлы Қаршығаға жалғасып отыр. Қаршыға да қазір елуден асып кеткен жігіт ағасы жасында. Немере сүйіп отырған ата. Қорт ауылына арнайы барып жолығып, әңгімелескенде байқағанымыз, Қаршыға сәл тұйықтау, сөзге сараң, ойланып, баяу ғана сөйлейтін азамат екен.
- Әтәйым өткеннен кейін, аяқ астынан ауырып, бүктетіліп жатып қалдым, - дейді Қаршыға сөз арасында.
Бұл жөнінде белгілі журналист Бақыт Баймұратұлы ағамыз сонау бір жылдары облыстық «Сарыарқа самалы» газетінің бетінде былай деп жазған екен: «...Бұрындары ешнәрсені елең қылып, қатты толқып көрмеген Қаршығаға әке қазасы қатты әсер етті. Сөйтіп жүргенде түсіне бір ақ сақалды қария кіріп, оң босағада тұрып, Қаршығаны «балам» деп шақырып алып, маңдайынан сипапты. Осыдан соң бір күні Қаршыға Мерғалым ағаның бөлмесінде ес-түсін білмей серейіп талып қалады. Ел ақсақалдары: «Әкесінің сынықшылығы дариын деп жүрген шығар, ақырын күтейік!» - дейді. Ал Мұхтарихан атасы: «Әкесі ірі сынықшы болғасын, бұл баланың сыртқа шықпай жүрген емшілік қабылеті енді білініп жатыр-ау!» - деп, немересіне ақ батасын берген екен». Бақыт ағамызға берген сұхбатында Қаршыға өзі: «Әкем қайтыс болған соң, денем ауырлап, еңсемді көтере алмай, қиналып жүрдім. Әкейдің қырқын берген күні сол кісі жататын бөлмеде қол-аяғым байланып, қимылдай алмай қалдым. Бір кезде омыртқамды бойлап ток жүріп өткендей болды. Содан кейін ғана денемді қысқан құрсау босатты. Сергіп бой жазған соң, ем жасағым келгендей әсерде болдым» - деп әңгімелепті сынықшылықтың өзіне қалай қонғаны жайлы әңгімелегенде. Қаршыға алғашқы тырнақалды емін аттан құлап мертіккен өзінің жиеніне жасаған екен. Салған сынығы сәтті болады. Міне, сол уақыттан бері Қаршыға бауырымыз Мерғалым ағаның өзіндей болмаса да, көзіндей болып, сырқатына шипа іздеп қиналып келгендерді күндіз-түні демей қабылдап, халықтың ықыласына бөленіп жүр.
- Қазір іздеп келген сырқаттарды Павлодарда, қаланың өзінде қабылдаймын. Әртүрлі сынықтарды, буыны шыққандарды салып жүрмін. Одан басқа көп адамдар остеохандроз (құяң) секілді дертпен келеді. Құдайға шүкір, алдымнан олар да айғып кетіп жатыр. Дегенмен жамбасы немесе жамбастың ұршығы сынған ауыр жағдайлар болса, емханаға жіберем. Оған міндетті түрде медицина араласуы керек. Өзім білемге салып, біреудің обалына қалуға болмайды, - дейді Қаршыға.
Қаршыға бауырымызға Мерғалым марқұмның емшілік қасиеті ауысқаны жайлы Жоламан Қыстаубайұлы ақсақал былай деп, қуана әңгімелейді.
- 2005 жылдың 5 қаңтарында Павлодардағы Бейбітшілік көшесінде тұратын Туматов Несіпбек деген адамның үйінде аса қайғылы оқиға орын алды. Аңдаусызда газ плитаның баллоны жарылып, пәтер өртке оранады. Жарылыстың күштілігі сондай, Несіпбек пен оның қызы Әсем бес қабат үйдің төртінші қабатынан жерге құлаған. Алланың жазуы шығар, алған жарақатынан ақыры бүлдіршіндей Әсем қызымыз көз жұмып кете барады. Ал денесінің жартысынан астамы күйікке ұшыраған Несіпбектің ол аз болғандай, аяқ-қол, жамбас, қабырғалары сынып, омыртқасына зақым келген.
Ойсызда Әсем секілді алтындай қыздарынан айырылып қалған ағайын-туыс енді Несіпбекті аман алып қалуға күш салатыны белгілі. Бұл жерде Павлодар қалалық №1 емхананың дәрігерлері де қолдарынан келгенін жасап бағады. Бұл отбасының оларға деген алғысы шексіз. Әсемнің қырық күндік дұғасын бергесін, Несіпбектің зайыбы Салихаттың әкесі Байдрахмет ақсақалдың есіне Мерғалым сынықшы түседі. Бірақ ол кісі бұл кезде жоқ еді. Дегенмен, жақсылықтан үмітін үзбеген бұлар Мерағаңның ұлы Қаршығаны іздеп тауыпты. Сол бір кездесуді есіне алған Несіпбектің өзі: «Күйіктен терімнің жұқарып кеткені сондай, сәл қозғалсам тілім-тілім болып жарылып, жанымды шығарып жібере жаздайтын. Сөйтіп, арнайы іздеп барғасын, Қаршыға мені қарап, емін жасауға кірісті. Ақыры Қаршығаның қолының шипалылығы арқасында, үш ай уақыт өткесін, мен еш ауырсынбай, денемді қозғай алатын халге жеттім. Қаршыға. Ең бастысы, ол менің алдағы өмірге деген үмітімді оятты. Жігер берді. Шынымды айтсам, емханада жатқанда, дәл осындай жағдайға жетем деп ойлаған жоқ едім» - дейді Несіпбек.
- Несіпбектің күйікке ұшыраған денесін көріп, таң-тамаша қалдым. Дененің жартысынан астамын күйік шалған, оның үстіне оңбай мертіккен. Әрине, медицинаның да көмегі болған шығар. Бірақ, Несіпбекті аяғына белімді, мертіккен мүшелерімді сипап, емін үзбеді тұрғызып, алғы күнге жетелегін Қаршыға баламыз еді. Мен шынымды айтсам, Мерғалым ағамыздың асыл қасиеті ұлы Қаршығаға шынымен ауысқанын көріп қуандым, - дейді Жоламан ақсақал.
Қортқа барып, Қаршыға бауырымызбен сұхбаттасып отырғанда, ол мынадай, бұрын айтылмаған бір әңгіменің шетін шығарып еді: «Әрине, әкемнің жөні бөлек қой. Ол кісіге сынықшылықты Жаратушы иеміз өзі сыйлаған секілді. Әлі есімде, менің бала күнім, үйге алыс жерден бір кісілер келіп (негізі дәрігерлер болуы керек), әкейді Алматыға алып кетеміз деп шақырды. Сол жерден сырқаттарды қабылдайтын арнаулы кабинет, тұратын баспана беріп, жағдай жасаймыз десе керек. Келген адамдардың әкеймен күбір-күбір сөйлесіп отыратыны әлі есімде. Бірақ қалай барады Алматыға? Қолында жасы келген кәрі әке-шешесі, бала-шағасы, туыс-туғандар бар. Одан бөлек «Мерағалап» алақанына салып отырған қалың елі бар. Сөйтіп, әтәйім келісім бермеді әлгі адамдарға. Енді осы әкемнен аусып маған қонған азды-көпті өнерді халықтың игілігіне жұмсап, сол кісінің орнын жоқтатпасам болды» - дейді. Мерғалым сынықшының игілікті ісін бүгінге жалғастырушы ұлы Қаршығамен азғана әңгімеміз осындай болды. Әрине, жоғарыдағы әңгімелерді оқыған кез келген адам: «Мерғалым сынды жақсының соңында қалған Қаршығадан басқа ұрпақтары бар ма екен? Олар кімдер, немен айналысады? Бар болса, Қаршығадан басқасына сынықшылық қонбады ма екен?» -деуі мүмкін. Сондықтан Мерағаң ұрпақтары жөнінде шамалы анықтама бере кеткенді жөн көрдік. Құдайға шүкір, бүгінде Мерағаң мен Бәтес анамыздың кіндігінен тараған сегіз баладан өсіп-өнген үлкен әулет бар. Егер Мерғалым аға дәл бүгін тірі отырса, «шөбере сүйген қарт баба» атанып отырар еді. Өкінішке орай, ол кісі ортамызда жоқ. Дегенмен бұл бақыт Бәтес апамызға бұйырыпты. Бұл күнде осы ордалы әулеттің басында батагөйі кейуанасы болып Бәтес ана отыр. Ал, Мерағаңнан қалған сынықшылық қасиет тек Қаршығаны ғана таңдаған секілді. Ал, Мерғалым аға мен Бәтес анамыздан тараған ұрпақтарды атап айтар болсақ, тұла бойы тұңғыштары-Маржан атты қыз. Бір өкініштісі, Маржанның өмірлік жары Бауыржан дүниеден мезгілсіз өтіп кеткен екен. Маржан мен Бауыржаннан -Еркін, Ермек, Дидар атты үш ұл бар. Маржан да бүгін әже болып отыр: Еркіннен -Еламан, Толғанай, Кәусәр; Ермектен - Алинұр, Әлішер, Алуа; Дидардан - Ләйлә, Айзере атты немерелері бар. Ұлдың үлкені Қаршыға мен оның зайыбы Шолпан да қазір ата мен әже. Үлкен ұлдары Жарастан - Санжар, Жанель, Асылжан; кіші ұлдары Ғалымжаннан - Жания атты немерелер сүйген. Жалғыз қызы - Гүлден әлі отбасын құра қойған жоқ, Астанада «Еуразия» телеарнасында журналист. Мерағаңның тағы бір қызының есімі - Меруерт, оның өмірлік серігі - Абай атты азамат. Бұлардан - Сержан мен Ақбота атты екі бала туса, Ақботаның - Ақназар, Айым атты екі кішкентайы бар. Одан кейінгі ұл - Бейбіт. Келіншегінің есімі - Майгүл. Бұл шаңырақта - Дария және Біржан атты екі бала өмірге келген. Дариядан - Диана, Ділшат; Біржаннан - Айзере атты немерелері бар. Бұдан соң Гүлмира атты қыз. Жолдасы - Қайрат. Олар да: Айбек, Аққу, Айбар, Ақерке атты төрт ұл-қыздың ата-анасы. Айбектен - Яслина, Аққудан - Ділназ, Арсен деген немерелері бар. Гүлназ деген қызының жары Қайырболат та о дүниелік болып кеткен екен. Бұл шаңырақта - Мөлдір, Темірлан атты екі бала туған. Мөлдірден - Рамир деген кішкентай бар. Бауыржан атты ұлдың өмірлік қосағының есімі -Күлзипа. Ол екеуінен Арна, Елжас, Ерхат атты үш бала бар. Арнадан - Айша, Мирас туған. Кенже қыз Айнұрдың жарының аты - Жасұлан. Бұлардың -Мерей, Дарина атты екі сәбилері жүгіріп жүр. Міне, Мерғалым ағаның артында мәуелі бәйтерек секілді өсіп-өнген осындай бір қауым ұрпақ бар екен. Дәуреннің еншісі Мерағаңның жалпы ағайын-туысқа деген ықылас-ниетін қолдарыңыздағы кітаптан оқып, біліп отырсыздар. Оның мейірімділігі мен жанының кеңдігі, дархандығына еріксіз тәнті боласыз. Мерағаңның өзінен кейінгі інісі Қали деп жоғарыда айтып кеттік. Бұл кісі кейінгі жылдары отбасымен Шақа ауылында тұрған. Қалидың 1974 жылы туған Дәурен атты ұлы бар. Осы Дәурен бала күнінде көктемгі каникулға шыққасын, Шақаға барған Мерғалым атасының «Волгасына» отырып, Қортқа бірге кетеді. Дәурен аттанбақшы болып жатқанда оның анасы, Мерағаңның келіні Сәрулия қайнағасына еркелеп:
- Ағатай, Дәурен Қортқа бара жатыр. Мал төлдесе, алды Дәурендікі болсын! - дейді.
- Құп болсын! - деген қайнағасы бір күліп жүре береді.
Атасының үйіне барып бірер апта жатқан Дәуреннің қайтқысы келеді. Әлі мал төлдеп бастаған жоқ, жата тұрсайшы дегенге қарамайды. Баланың әке-шешесін сағынып тұрғанын сезген Мерағаң әй, болмас деп, Дәуренді салып алып, Шақаға келеді. Алдынан жүгіріп інісі Қали мен келіні Сәрулия шығады. Машинадан Дәурен түсіп жатыр дейді, қолында құшақтаған үш-төрт күшігі бар мысық. Сонда Мерағаң:
- Дәурен үйге барғаннан-ақ бие құлындап, сиыр бұзауласа екен деп, отбасымызбен Құдайдан тіледік. Бірақ жандыдан дүниеге келген мына мысықтың төрт күшігі ғана болды. Соны бердік. Бізде жазық жоқ, ренжімеңдер. Ал енді алдағы күндерде атасының үйінде мал туа қалса, бәрі Дәурендікі ғой, - депті.
Әрине, Мерағаңның орынды әзіліне бәрі мәз болып күліседі. Бірақ осыдан кейін көп ұзамай, Мерғалым сынықшының өзі де өмірден озып кетеді. Ел-жұрт болып азалап, жабдығын өткізеді. Содан бір күні көп ұзамай Қаршыға бір қозылы қой машинасына салып алып: «Бұл Дәуреннің еншісі, атасы айтып кеткен» - деп, Шақадағы ағасының үйіне апарып тастайды. Күзге қарай тағы да енесінен айырған тайдай құлынды Дәуреннің бәсіресі деп апарып мінгізіп кетіпті. Жарықтық, Мерағаң өзі дүниеден өтсе де, барлығын соңындағыларға тапсырып кеткен екен. Оның туысқа, ұрпаққа деген ықыласы осындай болыпты. Қашанда ақжарқын, қолында барын оңды-солды таратып жүретін Мерағаңның кейбір құрбылары анау жоқ, мынау жоқ деп, тағдырға реніш айтып жатса, ол: «Артық байлық не керек, ден сау болса болды ғой» - дейді екен. Мүмкін өмірден ерте кетерін сезді ме екен, кім білсін...
ЖАҚСЫСЫН ЕСКЕ АЛАДЫ ЕЛ МЕН ЖҰРТЬІ
Мерғалым сынықшының шипагерлігіне куә болған адамдардың естеліктері Сонымен өзіміз кітаптың басында ескертіп кеткендей, Мерғалым сынықшы жайлы бұрындары баспасөз бетінде жарияланған кейбір естелік - әңгімелерді пайдалана отырып, оларға шама келгенше әдеби өңдеу жасап, өз тарапымыздан тың деректер қосып ұсынбақпыз. Зерделеп оқысаңыздар, осы айтылған әңгімелерден Мерғалым емшінің бар бітім-болмысын тануға болады. Оның қайырымы мол ізгі көңілін, көріпкел - әулиелігін, қолы жеңіл емшілігін, көпшіл дархандығын, қолы ашық жомарттығын, ағайын-туысқа деген жанашырлығын, әйтеуір бәрін-бәрін байқай аласыздар. Яғни, осы естеліктердің барлығы жиналып бір кітапқа айналғасын, Мерғалым Мұхтариханұлы атты қайталанбас тұлғаны сан қырынан айқындайтыны сөзсіз. Бұл әңгімелерде оның тек сынықшылығы ғана емес, басқадай сырқаттарға жасаған шипагерлігі, көріпкел - әулиелігі, жалпы адами болмысы жайлы да баяндалады. Естелік айтушылардың ішінде ол кісінің замандас-құрдастары, елдес-ауылдастары, алдынан ем алып, шапағатын көргендер, әйтеуір не түрлі адамдар бар. Барлығы да өз көздерімен көріп, куә болған жайларды әңгімелейді. Ендеше соларға құлақ түрейік, ағайын.
Қадыр Әжімұратұлы,
ұйымдастыру тобының мүшесі
«Сынықшы бала»
Ел ішінде бұрыннан қалған: «тұқымында бар», «ата-бабасынан ауысқан», «қасиет қонған», «аруақ айналдырғын» деген түсініктер сақталғанын білеміз. Және қазақтың осы бір қарапайым түсінігі бүгінгі генетика ғылымының заңдылықтарымен ұштасып жатқанына таң қалмасқа шараңыз жоқ. Әсіресе, емшілік, көріпкел - балгерлік, бақсылық, әншілік, күйшілік, ісмерлік тәрізді қасиеттер атадан балаға ауысып, ғасырлардан - ғасырға жалғасатыны тарихтан белгілі. Өзіміз төменде әңгіме етпекші болып отырған ауылдасымыз Мерғалым Мұхтариханұлы соның бір дәлелі. Ал енді Мерғалым кім десеңіз, ол - есімі еліміздің орталық, солтүстік және шығыс өңірлеріне, Ресей Федерациясының Омбы, Новосібір облыстарына, Алтай өлкесіне мәшһүр болған атақты сынықшы, халық емшісі. Енді Мерғалымға бұл секілді қасиет қайдан пайда болған дегенге келсек, ол жоғарыда айтылған «атадан-балаға ауысқан» деген сөзіміздің бұлтарпас ақиқаты. Сынықшылық, емшілік, көріпкелдік қасиет оған өзінің ұлы атасы Ғабдолла (Қабдыләшім) деген кісіден дарыған екен. Ғабдолла өз заманында әйгілі сынықшы, құяңшы болған деседі. Ал Ғабдоллаға бұл қасиет өзінің анасы Айшадан дарыпты. Ендеше, Айша анамыздың да аржағында осындай қасиет иесі болған адамдар тұрғаны анық. Бұл да жоғарыда айтылған «тұқымында бар» деген халық даналығының тағы бір шындығы. Осы Ғабдолла бабамыздан Мерғалымның әкесі Мұхтарихан және Шәйпану деген қыз туады. Және бір таңқаларлығы, сынықшылық өнер Мұхтариханды айналып өтіп, Шәйпануға қоныпты... Өкінішке орай, Мерғалым Мұхтариханұлының ғұмыры қысқа болды, 51 жылға жетер-жетпес қана өмір сүрді. Бірақ оның сол елу бір жасы кейбіреулердің 100 жасаған ғұмырынан да мәнді, маңызды еді. Себебі ол 51 жас ғұмырының 40 жылға жуығын тек қана шипагерлікке арнапты. Қырық жыл бойы тек қана айнала ағайынның, ел мен жұрттың алғысын алыпты. Ендеше бұдан артық қандай мәнді ғұмыр болуы мүмкін?! Біздің әке-шешелеріміз Лебяжье ауданындағы Ұлғара ауылын (кейін Жаңаауыл колхозы) мекен еткен. Мерғалым мен менің апайым Шәйзат екеуі 1935 жылы тамыз айында туған, құрдас еді. 1947-1948 оқу жылдары мен Жаңауыл бастауыш мектебінің екінші сыныбында оқыдым. Ата-аналарымыз колхоз шаруасымен бригада, фермаларда тұрады. Ал оқушылар ағайын-туыстардың үйінде жатып оқимыз. Сол жылы 8 бала Нәжмиден атаның (немере туысымыз) бір бөлмелі үйінде тұрып, мектепке барғанымыз әлі есімде. Ұмытпасам, Мерғалым сол жылы 4-сыныпта оқыды. Бірақ жиі ауырып қалатындықтан, оқуға бармай, үйде жатып қала беретін. Әрине, біздер оның неге ауырып жүрген сырын білмейміз. Үй иелері қарт адамдар, ал дала шаруасының барлығы олардың қызы Үміт апайдың мойнында. Қыстың бір аязды күндері болатын, Үміт апамыз отын жарып жүргенде бас бармағын шығарып алады. Мерғалымның жиі сырқаттанатынын байқап жүрген Нәжмиден ата баланы Ғабдолла атасының аруағы айналдырып жүргенін сезсе керек. Осыған көз жеткізгісі келді ме, қызының шығып кеткен бармағын көріп берші деп Мерғалымға өтініш етеді. Алғашында батылы барыңқырамаған Мерғалым ақсақалдың өтінішінен соң шыққан бармақты сипап, орнына салып, байлап берді. Міне, Мерғалымның алғашқы емшілік, сынықшылық жолы осылай басталды десек қателеспеспіз. Осы кезде Ресейде тұратын Шәйпану апамыздың тұрмыстық жағдайына байланысты, уақытша сынықшылықпен айналыспай жүрген кезі болуы керек. Содан үлкендердің ұйғарымымен Мерғалым Шәйпану апасына арнайы барып, батасын алып келді. Сол кезден бастап Мерғалым «сынықшы бала» атанып, емшілікпен біржола шұғылданып, мектептегі оқуын тоқтатуға мәжбүр болды. Жаратушының бойына дарытқан ерекше қасиетінің арқасында, сынықтың қандай да қиыны болса да, қиюын тауып емдеген Мерғалымды балалы-шағалы болып, тіпті немере сүйгенше халықтың «Сынықшы бала» деп атауы, оған деген елдің ерекше сүйіспеншілігі мен қошаметіне айғағы еді. Шынында да, Мерғалым көріпкелдік қасиетінің арқасында, өзіне ем алуға келе жатқан жандарды алдын-ала болжап, біліп, оларды тағатсыз күтіп отыратын. Мұқтаждықпен келген адамды жылдам қабылдап, сынықтың түрін, науқастың жағдайын бірден анықтап, тікелей емдік шараларына кірісетін. Ең бастысы, науқас адам қандай қиналып келсе де, Мерғалымның шипалы алақаны тиісімен қуаттанып, жеңілденіп қалғанын сезінетін еді. Біздер, оның ауылдастары Мерғалым марқұмның емшілік қайраткерлігінің тірі куәсіміз. Мыңдаған адамдардың сынған (тіпті бөлшектеніп уатылған) дене мүшелерін қалпына келтіріп, артынан олардың құлан-таза жазылып кеткендерін көзімізбен көрдік. Осы орайда, өз есімде қалған бір екі оқиғаны баяндай кеткім келіп отыр. 1960 жылы пішен шабу кезінде Әкімжан Тасболатұлы деген жігіттің сырт киімінің етегі ДТ-54 тракторының қуат алу валына оралып қалып, қатты соққыдан оң қолының ортан жілігі морт сынып кетеді. Ол өзі біздің немере туыс еді. Тосын хабарды ести сала жетіп келсем, бауырым безек қағып отыр, терісін тесіп шыққан сүйектің сынығы көрініп тұр, одан толассыз қан ағып жатыр. Сөйткенше Мерғалым да келіп қалды. Сынықтан аққан қанды тоқтатып, маған оның қолынан тартып тұруды өтінді. Менің оны аяп тұрғанымды сезіп қалып: «Егер туысыңа жаның ашыса, қолын қаттырақ тарт!» деді бұйыра сөйлеп. Таң қалғаным, жарақатын ауырсынып қиналып отырған туысым Мерғалым келісімен тынышталып, байыз тауып, сынған сүйектерін орнына салып, байлап бергесін рақат бір күйге түсіп, ұйықтап кетті. Кейін осы Әкімжан алған жарақатынан құлан-таза жазылып, ұзақ жылдар Майқарағай кеңшарында абыройлы шопан болып еңбек етті. Тағы бір оқиға. Менің Жанар деген қызым шамасы 3-4 айлық кезінде тынышсызданып жылай берген соң, ауруханаға апардық. Ауданымыздың бас дәрігері, жоғарғы санатты хирург Шыңғыс Кәрібайұлы сәбиді өзі көріп, алғашқы жәрдемін көрсетіп, қолын дәкемен орап берді. Дегенмен жұбайымыз екеуіміз баланы Мерғалымға көрсетіп, сипатып алайықшы деген оймен, Қорт ауылына келдік. Өйткені баламыз жиі шошып, жылай беретін. Мерағаң «бисмиллаһ» деп сәбиді қолымен сыйпай бастаған кезде, баламыз жылауды қойды, тыныштала қалды. «Білегінің екі айыр шеміршегінің біреуі майысқан» - деп байлап берген Мерғалым ағай кенеттен: «Әй, қалтаңдағы жасырып отырған қағазды бері әкелші!» демесі барма! Біздер ол кісіге дәрігерге барғанымызды айтпап едік. Сасқанымнан, костюмімнің ішкі қалтасынан рентген түсірілімін алып бердім. «Мераға, білместік болды!» - деп, кешірім сұрап жатырмын. Сөйтіп, шынымды айтпаймын деп, ыңғайсыз жағдайда қалғаным бар. Мерғалым ағамыз сынықшылықпен қатар, сал (паралич) ауруына душар болғандарды да аяғына тұрғызғанын ел біледі. Ресейдің Алтай өлкелік партия комитеті бірінші хатшысының жұбайын ауыр науқастан емдеп шығарғаны әлі де елдің аузында жүр. Әрине, шағын естелікке оның барлық адамдық, азаматтық, емшілік болмысын сыйғызу мүмкін емес. Айтайын дегенім, оның емдеу тәсілінің бүгінгі медицина ғылымының жетістіктерімен және дәстүрден тыс дүниежүзілік емдік шаралардың озық тәжірибелерімен ұштасып жатқандығы. Павлодар өңіріне белгілі дәрігер, медицина ғылымдарының кандидаты, профессор Амангелді Байғалиев көп жылдардан бері шығыс медицинасының (тибеттік) емдеу тәсілдерімен терең шұғылданып, оны тиімді қолданып жүрген білікті маман. Осыдан аз уақыт бұрын оның кезекті пациенттерінің бірі, қаладағы көлік -тасымалдау мекемесінің директоры Шнайдер кезінде Мерғалым емшіге қаралып, сауығып кеткенін Амангелді Байғалиұлына айтыпты. Мерғалым емші сонда жас қарағайдан арнайы дайындаған жіңішке (инеге ұқсас) істіктерді Шнайдердің ауырған тұстарына өзіне ғана белгілі тәсілмен батыра отырып, бірнеше сеанс өткізген екен. Бұндай емдеу әдісі ине терапиясына ұқсас, дертке шалдыққан дене мүшелерінің ауырғанын бәсеңдетіп, қан айналымын реттеп, науқастың тез сауығып кетуіне үлкен эсер етеді. Амангелді Байғалиұлы, Мерғалымнын осы емшілік тәсіліне қайран қалып отыр. Себебі, Мерғалым арнайы дәрігерлік білім алып немесе шығыс медицинасын үйренген кісі емес. Сонда инемен емдеуді қайдан білген? Осының барлығы оның бойына Алланың өзі берген қасиет демеске амал жоқ! Мерғалым Мұхтариханұлы арамызда сау-саламат жүргенде, биылғы 2015 жылдың 16 тамызында 80 жасқа толар еді. Дегенмен, арамызда өзі болмаса да, оны қадыр тұтатқан елі мен жұрты бар. Қасиетіне бас иген қалың қазақ бар. Ендеше Мерағаң секілді ел мерейіне бөленген азаматтың бұл мерейтойы ел ішінде кеңінен аталып өтілмек. Ендеше сол тойда кездеселік, бауырлар!
Құсман Дүйсенұлы, ауылдасы, Мерғалым Мұхтариханұлының 80 жылдық; мерейтойын ұйымдастырушылар алқасының төрағасы
Кереметі осындай болатын!
Мерғалымның ел ішіндегі абыройы айтып жеткізгісіз еді ғой. Павлодар облысының кез келген емханасы оның алдынан өткен науқастарға бюллетень (больничный) жазып бере беретін. Бір қарасаңыз, емханада емделмеген адамға құжат беру қылмыс секілді. Бірақ, дәрігерлер Мерғалымды сыйлайтын, әрі оған сенетін. Оның үстіне Мерғалым кез келген ауданның хатшыларымен, обкомның қызметкерлерімен дос-жар адам. Айтқан сөзі өтеді. Дәрігерлер оны да біледі. Сосын, сондай әрекетке бара беретін олар. Ал, енді Мерғалымның сынықшылығы, көріпкелдігі жайлы талай әңгімелер айтылып жатқан шығар, мен өз көзіммен көрген бір жайды айтайын. Бірде мен өзім, Мерғалым және Шәмши деген нағашы апамыз Майқарағайға бармақшы болып, Қайролла деген нағашымыздың үйінде машина күтіп отырғанбыз. Шәмши апамыз бір мезгілде далаға шығып кетті. Содан бір он минут уақыт өтті ме, өтпеді ме, бір бала жүгіріп кіріп: «Шәмши тәтені трактор басып кетті!» -деді. Апырмай, не болып қалды деп, Мерғалым екеуміз жүгіріп үйден шықсақ, Шәмши есіктен 30 метрдей жерде жатыр, баланың айтқаны шын екен, дөңгелекті «Беларусь» тракторы басып, аяғын сындырып кетіпті. Тракторшы Украинадан келген Жибодеев деген біреу еді, қорқып қашып кетіпті. Мерғалым жарықтық еш саспастан: «Мен қазір машина әкелемін, сен мына кісінің жанында бол» - деп кетіп қалды да, барып бір жерден жылдамдатып машина алып келді. Сосын маған айтқаны: «Мына сынған аяққа ие бол, сүйектегі май үзіліп кетіп жүрмесін» - деді. Мерғалым айтқасын, апайды үйге апарып жатқызғанша сынған аяғына ие болып бардым. Трактордың екі доңғалағы бірдей басып кеткесін жан қоя ма, бір аяғы түгел быт-шыт болып сынған екен. Егер дәрігерге апарсақ, сол аяқты жамбасынан бастап кесіп тастаушы еді. Жарықтық, Мерғалымның қолы шипа ғой, сынған сүйектерді сипап салып, байлап берді де: «51 күнде байлаған шүберек өзі түседі» - деді. Себебі, Шәмши апамыздың жасы сол кезде 51-де еді. Айтқан мезгілі өткен соң, апамыз ақырын сылтып бастап, ақыры жүріп кетті. Міне, Мерғалымның кереметі осындай еді!
Ескен Баденұлы,
химия ғылымдарының кандидаты,
Инновациялық Еуразия университетінің профессоры
Батылдығы емшілігінен кем емес еді
Мен Мерғалыммен бір ауылда тұрдым. Ата анасын да жақсы білемін. Мерағаңның бар өмірі көз алдымда өтті. Ол аңқылдаған ақкөңіл, айтарын жасқанбай бетке айтатын, өте шапшаң қимылдайтын, қайтпас қайсар адам болатын. Көп адамдар оның емшілік, сынықшылығын ғана айтады да, басқа адами-кісілік қырларын ауызға алмайды. Шындығында ол асқан жүректі, батыл адам еді. Естияр кезімізде болған мына бір оқиға әлі есімде. Майқарағай ауылында, бесінші сыныпта оқып жүрген шағымыз. Мерғалым дүкеннен азық-түлік алып келе жатыр еді, оған бойы еңгезердей, жасы да ересек шешеннің бір жігіті тиісе кетті. Мерғалым алған заттарын маған ұстата салды да, білегін сыбанып, әлгінің қасына жетіп барды. Мерғалымның айбарлы жүзінен, батыл қимылынан сескенді ме, шешен жігіті қарсылық білдіре алмай, өз жөніне кетті. Сонда мен Мерғалымның сонша жүректілігін көріп, риза болып едім. Мерғалым - «Ұлықпандай тапқан дерттің дауасын» дегендей, асқан сынықшы ғана емес, елі мен жұрты қадыр тұтқан біртуар азамат еді. Оны тек өз ауылы, немесе аудан мен облыс қана біліп қойған жоқ. Атағы талай жерлерге жайылып, Ресей мен Қазақстан жерінің мыңдаған адамы алдына келіп, оның шипагерлік шапағатын көрді. Халқымызда «Жақсының аты өлмейді» деген қанатты сөз бар. Ендеше қалың ел қазағы аман тұрғанда аты ұмытылмайтын адамдардың бірі - осы Мерғалым Мұхтариханұлы.
Орал Қыстаубайұлы,
Шоқтал ауылы
Бір емхананың жұмысын өзі атқарған Мерғалым
Бала күніміз. 1956 жылдың маусым айы еді. Әкеміз Қыстаубай Қожаханұлы колхоздың қой-ешкісін бағады. Ол заманда халықтың өз кәсібіне деген жауапкершілігі аса мықты болатын. Оның үстіне мал шаруашылығының өзіне тән таусылмайтын қыбыр-жыбыр жұмысы мол. Көктемде отарыңды шығынсыз төлдетіп алуың керек. Жаз айында оның қырқымы келеді. Құрттағаны, ақсақ-тоқсағы болса, оны да күндіз-түні қарайсың. Қыс қыстауыңда болсаң, жаз жайлауға шығасың. Әкеміз де осылай жаз шыға пар өгізін арбасына жегіп, астау-науа, сырғауыл-қазықтарын артып алып, жайлауды бетке алып шықпай ма. Қасында мен бармын. Отар қойды 16 жастағы Қайролла ағам бағып қалды. Жаз айында қара малдың қас жауы бөгелек деген бар. Күн көтеріле әкемнің жеккен өгіздеріне осы бөгелек тиіп, ала қашты. Екі өгіз мөңкіп-мөңкіп алып, бастары ауған жаққа шаба жөнелгенде, арбаның үстіндегі дүние-мүлік әр жерде шашылып қалды. Арбада отырған біз де жан-жаққа ұшып кеттік. Арбаның алдыңғы жағында отырған әкем құлап, тура біліктің астына түсіп, ес-түссіз жатып қалды. Мен зәрем ұшып жылап, хабар берейін деп, құстай ұшып, 5-6 шақырым жерде қалған ауылымызға қалай жеткенімді білмеймін. Бұны естіген Қайролла ағам колхоз басшыларына хабар беруге кетті. Сөйтсек әкейдің бірнеше қабырғалары сынып, бел омыртқасына да зақым келген екен. Ол кезде дайын тұрған дәрігер жоқ. Мертіккен адамның баратын жері - Мерғалым сынықшы. Содан не керек, әкейді Мерағаңа алып бардық. Әрине, ол кісінің қолына түскесін, шипасы болары белгілі. Әкейдің сынған сүйектерін орнына салып, байлап, сосын бір доптың үрлейтін акмерасын берді. «Осыны жиі-жиі үрлеп отырыңыз, сынған қабырғаларыңыздың орнына келуіне көмек болады» - деп, Әкем содан кейін де 18 жыл ғұмыр кешіп, еңбек етіп, қыңық деместен кетті. Соның бәрі Мерғалымның арқасы еді. Қарап отырсақ, Мерағаң сол қиыншылық уақыттарда халыққа шипагерлік қызметін көрсетіп, бір емхананың қызметін өзі атқарған екен.
Жоламан Қыстаубайұлы,
Мерғалым рухының жоқтаушысы,
ұйымдастыру алқасының мүшесі
Біз үшін мәңгілік жұмбақ болып қала береді
Сол уақытта арбаның астында қалып қатты мертіккен әкемді емдеп жазған соң, менің де, жалпы әулетіміздің де ол кісіге деген құрметі ерекше болатын. Ал жалпы біздің әулетімізде ол кісінің алдынан өтпегеніміз жоқ. Анам Қадиша, зайыбым Ырысты да ол кісінің емін алған. Мерағаң ұлттық дәстүрді берік ұстайтын, үлкенді үлкен, кішіні кіші деп білген адам, сондықтан менің әкемді де «жиен аға» деп қатты сыйлаушы еді. Себебі, әкемнің шешесі Мерғалымдарға немере апа, Уақ-Жансары-Өтебай әулетінен болатын. Сонау алпысыншы жылдары біздің елдің адамдары Алтай өлкесі жағынан қысқы соғымға жылқы әкеледі. Орыс халқы жылқы жемейтін болғасын, бағасы арзан. Ол біздің қазақтарға бір ырызық болды. Мерағаң да жанына екі-үш серік ертіп, соғымға арбамен баратын. Қайтарда жолда қыстақта отырған біздің әкейдің үйіне соғады «жиен аға» деп. Тоқтап, әкеле жатқан жылқыларын суарып, шалдырып алады. Өзі арбамен жүретін. Қасындағылар неге асау жылқыға мінбейсің десе, мен мертіксем сендер не істей аласыңдар, сендер мертіксеңдер, мен бармын ғой дейтін, жарықтық. Мына бір оқиға 1973 жылы болған еді. Өмірге ұл балам келіп, есім шығып жүргем. Себебі, оның алдында екі балам шетінеп кеткен еді. Ол кезде нағыз деген кезіміз. Қуанғаннан жора-жолдаспен «жуып» жүрміз. Содан 70 шақырым жерде тұратын қайын жұртыма хабар бермек болып, мотоциклға мініп алып, тартып кетпеймін бе. Бірақ бейнет шығар, Қорт ауылының тұсынан өте бергенде, теп-тегіс жерде мотоциклім аунап, мертіктім де қалдым. Негізі бұғана тұсыма зақым келген секілді. Амал жоқ, тура Қортқа, Мерағаңның үйіне бардым. Үйде үлкен қызы Маржан жүр екен: «Әтәйім Қазантайға кеткен, келуі керек» - деді. Маржан өзі менің оқушым, мен сынып жетекшісімін. Сөйтіп, Маржанға ескерттім де, Мерағаңның ем жасайтын бөлмесіне барып, кереуетке жата кеттім. Біраз ұйықтасам, ішкен ішімдіктің де уыты тарап, иісі кетер деген ой ғой. Көзім ілініп кетіпті, бір кезде дабырласқан дыбыстан оянсам, кеш болып қалған екен. Шығып, Мерағаңа сәлем бердім. «Қалайсың?» - деп бір жымиып, сәлемімді алды. Мен өзімше міңгірлеп, болған жағдайды айтып жатырмын. Мерағаң мені тоқтатып: «Сен таңертең келші және орайтын бинт алып кел» -деді. Мен түнде мертіккен жерім ауырып, мазамды алмай ма деп едім, алмайтынын айтты. Енді есіктің алдына шығып, мотоцикліме от алдырып, үйге Майқарағайға қайтам ба деп едім, мертіккен тұсым ауырып, тіпті қозғалтпайды. Ол кезде Қаршығаның да бала күні, далаға бірге шығып: «Аға, мотоциклді орамға кіргізіп қойыңызшы» - дегесін, оны қораға енгізіп, ауылдың бір көлігі үйге жеткізіп тастады. Ертеңінде үш-төрт орам дәке алып, қайта бардым. «Сенің сол жақ бұғанаң майысқан ұштарын түзеу керек» - деп жақсылап орап берді. Бір қызығы, ол кезде, Мерағаңа көрінген адамдар дәрігерге барып, «больничный» ала беретін. Мерағаңнан кейін, «больничный» жаздырмаққа дәрігерге бардым. Мені қабылдаған бас дәрігер хирург: «Қане, қалай орады екен, көрейінші» - деп байлаған дәкенің екі-үш орамын ашып көріп, басын шайқап: «Мынау пәленбай деген ғалым-дәрігердің орау әдісі екен» - деп қайта байлады. Сонда таң қалғаным, ешқандай медициналық білім алмаған Мерағаң ол әдісті қалай білген. Жаратушының берген қасиеті емей, не? Мерағаң 1976 жылы жасы келгенде жарты денесінен жан кетіп, сал болып қалған анамыз Қадишаны да аяғына тұрғызып еді. Күздің суық, нағыз қара жаңбырлы шағы еді. Мен жоғарғы оқу орнын бітіргесін, қызмет бабымен ауылдан жырақта жүрмін. Шешей Шоқталда кіші інімнің қолында еді. Бірде інім мен келін жол жүріп кетеді. Түн іші, балалар ұйықтап жатқан уақыт. Далаға шығып кеткен анам ес-түссіз құлап қалады. Үйдегі немерелер тек таңға жақын ғана оянып, әжелерін іздесе керек. Содан далада құлап қалған әжелерін көргесін, жүгіріп көршілерді оятып, үйге кіргізеді. Жедел жәрдем шақыртып, алғашқы медициналық көмек жасайды. Ақыры не керек, ұзақ уақыт сызды жерде, жаңбырдың астында қалып қойған қарияның шамалы уақыттан соң жарты денесінен біржола жан кетіп қалды. Әрине, біздер ауданға, облысқа емханаға болып жатырмыз. Бірақ анам өзі:
- Мені анда-мында сүйреп әуре қылмаңдар, Мерғалыммен сөйлесіңдер, - дегесін, Мерағаңды алып келдік. Әуелі Алланың, сосын Мерағаңның қолының шипасы апарамыз деп әбігер шығар, анамыздың денесіне қайтадан жан кіріп, ақыры осы сырқатынан жазылып кетті.
Жалпы Мерғалым Мұхтариханұлына байланысты өзім куә болған немесе естіген бұл секілді әңгімелер ұшан-теңіз. Ол туралы талай адамдар өз естеліктерінде айтқан да шығар. Сондықтан қайталай бергеннің жөні болмас. Ал тоқетерін айтсақ, Мерағаң қатардағы біз секілді пенделер үшін шешуі табылмас жұмбақ жан. Біз оны барлығымыз да білеміз дейміз. Бірақ шынын айтқанда, біз ештеңесін де білмейміз. Оның емшілік, сынықшылдық қасиеті, көріпкелдігі, адами түсініктің шеңберіне сыя бермейді. Сондықтан ол жұмбақ күйінде кетті арамыздан. Және солай мәңгілік жұмбақ болып қала береді.
Қасымов Қали,
Мерағаңның замандасы, Корт ауылынан
Бала жасынан бөлек болатын
Мерғалым мен екеуміздің арамыз бір жас қана. Мен 1934 жылы туғам. Және 1941 жылдан 1949 жылға дейін «Балалы» деген мал фермасында бір жерде өстік, балалық шағымыз бірге өтті. Соғыстың жүріп жатқан уақыты. Ол кезде нан деген тапшы. Бір тілім нанды айында-жылында ғана көзіміз көреді. Фермада колхоздың 150-дей сауын сиыры болды. Соның сүтімен күн көрдік. Осы Қорт ауылын ол кезде Сталин атындағы колхоз деп атайды. Колхозда жұмыс күші жетіспейді. Біз 1943 жылдан бастап жаз айларында колхоз жұмысына қолұшымызды беретін болдық. Масақ тереміз, колхоздың бұзауы мен қозысын бағып келеміз, өгіз бағамыз деген секілді. Егін уағында Жантеке деген жерде қырман болды, соған апарады. Қырман аяқталғанша, оқу сол қырманның басында оқытылады. Әрі жұмыс істейміз, арасында оқу оқимыз. Таңертең жұмысқа барарда әскерше сапқа тұрып: «Біз қазақ ежелден еркіндік аңсаған» деп өлеңдетіп барамыз. Ол кезде саясат, идеология деген сондай мықты еді. Мерғалым бала жасынан ерекше болды. Себебі сол уақыттан бастап үлкендермен араласты. Оның сөзін естіп, қолы тиген адамдар сырқаттары жеңілдеп, аттай шауып кететінін көзіміз көрді. Талай адамдарды Мерғалымға өзім де әкелдім емдеуге. адамдар, Мекеңнің алдына келгенде жандары жай таба қалатын. Және Мерғалымның бір ерекшелігі, бала жасынан сөздің тек дұрысын ғана сөйлейтін. Сол уақыттардан бастап, ауылдың той-домалағын, қызық-шыжығын өзі басқарды. Өзі басқарса, шу болмайды. Соны тарқатып барып қана үйіне қайтатын. Осы елдің шын мәніндегі қамқоры еді. Егер біреу-міреу аяқ асты өмірден өтіп, жаназа өткізуге жағдайы болмай жатса, өзі бас болып ақшасын ортаға тастап, ел-жұртты соған тартып, үшін де, жетісін де, қырқын да ойдағыдай өткізіп, басын көтеріп қоятын. Оның айтқан сөзі ел үшін үкіметтің заңынан кем емес еді. Елдің оған деген қадыр-құрметін осыдан біліңіз, Мекең қайтқанда, осы Қорттың ауылына халық сыймай кеткенін көзіміз көрді. Соншама кісі бұл ауылға ешқашан жиналып көрген жоқ. Елі мен жұрты аман болса, Мерғалымның аты ешқашан ұмытылмайды ғой.
Бәйтен Төлеуұлы,
бірге өскен замандасы
Қайнап жатқан қазандағы
жамбасты алып кетіп едік
Мерғалыммен бар өміріміз бірге өтті ғой. Тукен (Тумырза) деген ауылдас - замандасымыз болған, ол да бүгін о дүниелік болып кетті. Жаңаауыл деген жерде осы Тукен, Мерғалым үшеуміз бірге туып, бірге өстік. Үйлеріміз де қатар-қатар болатын. Содан Ұлы Отан соғысы басталды. Мерғалымның әкесін еңбек армиясына, Тукеннің әкесін соғысқа алып кетті. Ол кісі сол соғыстан оралмады. Менің әкем соғысқа жарамай, колхоздың фермасын басқарып, елде қалған. Біздің жасымыз сол кезде бестердің шамасында. Содан біздің үйді Басқайың деген жерге көшірді. Қыстау сол Басқайыңда, жайлауымыз Долана деген жерде болатын. Сонда әкем марқұм ана екеуін тастамаймын деп, көз алдымда, қамқорымда болсын деп, Мерғалым мен Тукенді де бірге ала кетіп еді. Сол жерде Мерғалым мен кеннің аналары қой бақты, менің анам қойдың сүтінен ірімшік (брынза) жасайды, оны сосын үкіметке тапсырады. Сөйтіп тіршілік жасап жаттық. Біз сол кезде сәби болсақ та, аналарымызға қолқабыс береміз. Түске дейін қозы бағып келеміз. Қойды сауып болғасын, түстен кейін қозы жамыратады. Соның бәрінде жүгіріп жүретінбіз. Бала болып, еркелік дегенді білмейтінбіз. Қазіргі бес жасар балаға біз әлі есін білмейтін сәби деп қараймыз. Ал біз бес жасымызда сөйтіп едік. Себебі заман солай болды, адамды қашанда заман тезге салады, заман үйретеді ғой. Бірақ бала болған соң, балалық қылық қала ма. Бірде үйге қонақ келіп, далада қазан асылып жатқан. Жас еттің исі мұрын жарып әкетіп барады. Ол кезде тойып ет жеудің өзі бір қуаныш. Мерғалым екеуміз кішкентай баламыз, қазанда қайнап жатқан еттің ішінен жамбасты ұрлап алдық та, былай қарай қурайдың ішіне барып жеп отырмыз. Содан қонақтарға салайын деп етті түсірсе, ішінде жамбас жоқ. Ол жамбасты рахаттанып жеп отырған екеумізді әкем келіп тауып алды сосын. Не десін жұдырықтай балаларға. Ұрысты да қойды. Содан 1948-49 жылдар болса керек, Мерғалымның әкесі аман-есен оралып келді. Ол кезде Қорт ауылын Сталин колхозы дейді. Әлгі кісіні сонда егіс бригадасының бригадирі етіп жіберді. Міне, сөйтіп ержеттік. Кейін Мерғалымға қасиет қонып, сынықшылық, емшілік жолға түсті. Тукен болса қой бағып, совхоздың атақты шопанына айналды. Мен өзім 50 жыл трактор айдап, совхозға белгілі еңбеккерлердің бірі болдым. Орден-медаль тақтым. Бір ауылда болғасын, Мерғалымның бар өмірі, халыққа жасаған жақсылығы көз алдымызда өтті. Кішкентай күнімізде біреулер келіп, оны сыныққа алып кетеді. Ойын баласы ғой. Әлгі кісілерге ілесіп жүре береді. Келгесін тағы солай, мен сынықшымын-ау демейді, қайтадан алысып-жұлысып ойнап кетеміз. Және одан не істедің, қалай болды деп сұрамайтынбыз. Батылымыз бармайтын. Тукен екеумізге қашанда қамқор болып, қанатының астына алып жүреді, басқа балалар сосын бізге бата алмайтын. Үшеуміз бірге туғандай болып едік. Қазір соларды іздеймін, жылап көзіме жас та алам. Өз қатарың кеткен соң, қиын болады екен. Бірақ кеткен адам қайтып орала ма?!
Мұратхан Кәденұлы,
Шоқтал ауылы
Бар ғұмырымыз бірге өтті
Мерғалыммен кейінгі бар ғұмырымыз бірге өтті. Емшілігі өз алдына, оның кісілік - адамгершілігі бөлек бір әңгіме. Ерекше қасиеті болғаны да рас. Сол бала күнінде ем іздеп келе жатқан адамдарды болжап біліп отыратын. Онысын және бізге айтпайды. Бірақ қопақтап отыра алмай, мазасы кететін сол адам келгенше. Және сол уақытта бала болып ойнағаны да қызық еді, алысқандарды бұрап тастайтын, аямайтын. Сөйтсек, бойындағы қуаты екен сыймай жүрген. Бірақ маған тиіспейтін. Себебі аталас туыстығымыз бар және бір төсекте жатып, бірге өстік. Екеуіміз Лебяжьеге әскери комиссариатқа да үш-төрт күн жаяу жүріп, бірге баратын едік. Сол кезде өзінің қасиетінің арқасында әскерден қалды деген түрлі әңгімелер айтылып жүр ғой. Солардың барлығы рас болған жағдайлар. Жасынан елі мен жұртына қамқор болды. Жетім мен жесірге, жоқ-жітікке қайырымы көп еді. Қоғамның шаруасына да өз дүниесіндей қарайтын. Әлі есімде, колхоз кезінде біреулер түнделетіп астық ұрлауға келеді машинамен. Негізі Кавказдан қоныс аударып келген шешендер болса керек. Сол кезде ауылдардың дүкенін тонап маза бермейтін. Мерғалым бастаған ауыл жігіттері түн ішінде әлгілермен атысып, қуып жібереді. Сонда әлгілердің атқан оғы қанша жақын тұрса да, бұларға тимейді екен. Осының бәріне басшылық жасайтын Мерағаңның өзі еді. Ал енді Мерағаңның сынықшылығы жайлы айтсам, несін жасырайын, жас уағымызда «ащы судан» көбірек ішіп жүрдім. Қыстың күні бір асаулау атты шанаға жегіп алып келе жатырмын. Біраз ішкендігім де бар. Әлгі ат аса жүрдек, барам деген жеріңе қас қаққанша алып баратын. Бірақ бір шапса алып қашатын әдеті бар, тоқтату қиын. Сөйтіп әлгі ат бой бермей алып қашып, шөп әкеле жатқан шынжыр табан тракторға келіп соғылылмаймын ба. Шана екі бүктеліп трактордың астына түсті. Менің жарты денем трактордың шынжыр табанының астында қалып қойды. Бір жақ иық, бір жақ қабырға, аяқ түгел қалды. Жер мұз. Ол кезде тракторды көтере қоятын қазіргідей домкрат деген жоқ. Естері шыққан жігіттер трактордың астына сырғауыл тығып, көтеріп жатыр. Сөйтіп үш рет көтерген трактор үш рет қайтадан үстіме түсіп кетті. Әйтеуір бір кезде әупірімдеп алып шықты-ау. Бір есімді жисам, жігіттер аяғымдағы пимамды кесейін деп жатыр. «Пимамды кеспеңдерші» - деппін сонда. Қазіргі жастарға күлкілі әрине. Дүниенің қат кезі ғой ол заманда, жаңа пима еді, қайтейін, өзім өлейін деп жатсам да, пимамды естен шығармаппын. Содан мені үйге жеткізіп, Мерғалымды іздеп кетті ауыл адамдары. Ол жоқ, Алтай жағында жүр екен. Ертеңінде өзі іздеп келді. Сүйегімді жинап, орнына салды. Ақылын айтып, енді арақ ішпе деді. Бірақ не керек, артынан тәуір болғасын, қайтадан ұстайтын болдым стақанды. Бір күні бір шілдехананың үстінде Мерғалыммен тағы да кездесіп қалдық. Мен дастархан басында елмен бірге ішіп отыр едім, маған қарап: «Әй, сен әлі қоймап па едің?!» - деді. Сол кезде рөмке ұстаған қолым не әрі, не бері бармай, қатты да қалды. Сосын маған қарап тұрып: «Жарайды, осыны іш, сосын қой» - деді. Мерағаң осы сөзінен соң тоқтатып едім. Мына кемпірім оған туған жиен. Өзім аталас туыспын, Жансарының ішінде мен - Тыран, Мерғалым - Өтебай болып бөлінеміз. Менен басқа да талайлар айтып жатқан шығар, ел іші ол кісінің айтқанынан шықпайтын. Ойын-той, жаназа - намазды өзі басқарады. Қыстың күні жаназа намазда моллалар көп оқып кетсе, оларға ескертіп: «Бір аят оқыңдар, болады, мына тұрған халықты аяңдар» - деп тоқтататын. Бір адам оған қарсы келу деген болмайды. Ел адамдары үшін неден болса да тайынбайды. Біреу жазықсыз сотталып, басқадай қиыншылыққа ұшырап жатса, Мерағаң соның жанынан табылады. Және нені айтса да күлбілтелемей, бетіңе айтады. Ертеде өзімізбен рулас бір адамның әйелі жеңіл жүріске салынып, соны Мерағаң байқап қалып, күйеуіне ескертіп, оның бұл қылығын тию керек, сүйекке таңба болады дейді. Ана кісі оны намыс көріп, Мерағаңды атам деп, мылтық ала жүгіріпті. Ақыры елдің ақсақалдары жаңағы адамды осы жақтан біржола жер аударып қуып жіберді. Міне, осылай құрметтейтін ел Мерғалымды. Таңқалатыным, оның сөзін үлкен де, кіші де, бастық та, жай адам да екі етпейтін. Бірде аяғымнан мертігіп, совхоздың бір машинасымен Мерғалымға бардым. Аяғымды салып берді. Енді сол ауылдың аржағындағы Малыбай деген жерде бір той бар. Соған барайын десем, шопыр бастықтар ұрсады деп, әрнәрсені сылтау етіп барғысы келмейді. Мерғалым оған: «Әй, қалқам бар, мына кісіні апарып кел!» - деуі мұң екен, сөзге келген жоқ. Осындай еді оның ел ішіндегі құрметі. Сара апай - Мұратхан ағаның зайыбы: Сонау сексенінші жылдары табаным ісіп ауырып, емші бар дегесін, Шымкент жақтың бір жеріне бардым. Қазір атын да ұмытыппын сол араның. Бірақ барғаны құрысын, тазалық жоқ, нас, ылас жер екен. Барған адам жазылғанның орнына, керісінше, ауру жамап қайтады. Келгесін Мерғалым нағашым келіп, қалай екен деп сұрады. Ол кісі де ауырып жүрген. «Алла-ай, нағашы, бармашы, адам баратын жер емес екен! - дедім. Бірақ Қортта бір адамдар барып келейік деп үгіттеп көндірсе керек. Ақыры сол жақтан аурып тілсіз келді ғой. Тазалық болмағасын, ондай адамдарға жаға ма. Жарықтық нағашым, жүз жылда бір туатын адам еді. Қайтесіз, Алланың жазуы солай болған шығар, өмірден ерте кетіп қалды. Мына Алтай жағының орыстары «Мерғалым костоправ» десе, әлі де шу ете қалады. Орыс-қазаққа бірдей адам еді марқұм нағашым.
Балтамар Темірханқызы,
құдағиы, Қорт ауылы
Босағасын аттасам, Аллама сиынып кірем
Мерғалыммен сонау бала жасымыздан бірге өстік. Соғыс кезінің, колхоз уақытының бар қиыншылығын бірге көрдік. Қой бағамыз, қозы бағамыз. Менің шешем қойшы, депутат. Кейде қойдың түнгі күзетіне барам. Бір күні қозы бағып жүрсем, бір қозының аяғы мертігіп қапты. Ол кезде қозының аяғы сыну деген үлкен қылмыс болып саналады. Сотталып кетуге де болады. Жанымдағы Мерғалымға енді не істейміз деймін. Қорықпа, өзім көрем деді. Әлгі қозыны ұстап, бірдеңе жасап, сипап еді, ере алмай келе жатқан сол қозы жүгіріп кетті. Төлеу деген еді, соған айттым болған оқиғаны. Ол: «Қызым ешкімге ештеңе демей-ақ қой, ол Мерғалымның «кісісі» бар» - деді. Ол кезде қайдан білеміз «кісісі бар» дегенді. Сөйтсем, қасиеті бар дегені екен. Сол уақытта Мерғалымды іздеп бір орыс адам келіпті. Сөйтсем, бір жері ауырған ба, сипатуға келген екен. Мерғалым әлгі кісіні әрі-бері көріп, сипап беріп еді, әлгі орыс ақша берді. Мерғалым ол ақшасын маған беріп жатыр. Жоқшылық уақыт болса да, кеңдігі сондай еді. Мен ақшаны алмай, тәтеме (шешесіне) апарып бер деймін. Сол кезде таршылық кез болса да, халық қолындағы барымен бөлісетін. Ұшырмаған тарының кебегінен құймақ құяды. Ол да сол кезде таптырмайтын ас. Шөлдесек, жата қалып, шалшықтағы жаңбырдың суынан шөлімізді қандырып аламыз. Заманның ауыр кезі ғой, кейде егіннің орнынан өзімізге деп масақ теруге барамыз. Мерғалым бізге: «Асықпай тере беріңдер, өзім келіп, пар ат жеккен арбамен алып кетем» - дейді. Бұл ат-арбаны қайдан алмақшы деп ойлаймыз. Сөйтсек, ем алуға келген адамдардың арбасы екен. Соны Мерғалым далада бізбен жүріп, біліп жүреді екен. Сосын әлгі арбамен бізді тиеп алып кетеді. Ол кезде ел адамдарының бір-біріне деген қайырымдылығы керемет еді. Әкем маған қалт еткенде Мерғалымның шешесіне барып көмектесе сал дейтін. Себебі ол үйдің екі кішкентай баласы бар. Анасының көзі көріңкіремейді. Мерғалым өзі анда-мында, колхоздың жұмысында жүреді. Әкесі де далада, колхоз жұмысында. Сосын кейде мен барып, суын әкеліп беріп, кейде пешін жағып беріп кетем. Шешесі риза болып, Мерғалымға: «Үйленетін болсаң алыстан қыз іздеме, ана Темірханның сары қызын әкел» - дейді екен. Онысы мен. Сөйтсем, Алла тағала осының бәрін сол кезден орайластырып жүр екен ғой. Артынан сексенінші жылдары Құдай қосып, туған құда болдық. Мекеңнің ел ішіндегі абырой-беделі совхоз директорлары мен ауданның хатшыларынан кем болмады. Біз жай ғана қойшымыз. Бірақ құда болғасын ол бізді барынша сыйлап, төбесіне көтеріп өтті. Адамгершілігі сондай еді. Әлі есімде, сол үйде қонақтамыз. Мен төрге озбай, халықтың жуан ортасында отырмын. Бір кезде Мерғалым келіп, білегімнен ұстап: «Балтамар, тұр орныңнан, сенің орның енді мына жер. Бұдан былай келгенде осы жерге отыратын бол!» - деп, жетелеп әкеліп төрдің алдына отырғызып еді. Несін жасырайын, елдің алдында мерейім бір өсіп қалды. Бұл кісілердің айналасына емшілік қасиет ертеден қонған ғой. Шәйпану әпкесі де сондай еді. Сол соғыс жылдарының аяғы болса керек. Ол кезде дұрыс киім бола ма. Көбінесе шәркей киеміз. Кейде оның өзі де болмай қалады. Бірде суық тиді ме, аяғымнан жүре алмай қалдым. Шәйпану апай менің жағдайымды көріп: «Әй қыз, бері келші» - деп, заимкеге кіргізіп, аяғымды әрі-бері сипап, ем жасап еді, содан кейін жүріп кеттім. Осыдан соң әкем Темірхан: «Бұл сенің жақын апаң болады, жұмсаса тілін алып жүр» - дегені есімде. Осы күнге дейін, мен үшін оның Мерғалымның орны бөлек. Қазір де үйіне бара қалсам, ішімнен Аллама сиынып, жақсылық тілеп кірем. Рухы кейінгі ұрпағын желеп-жебеп жүрсін деймін.
Жұмат қажы Айтқожаұлы,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
Дарабоз азамат еді
Мерғалым Мұхтариханұлының есімі ауызға алынғанда менің көз алдыма дарабоз сынықшы, халыққа қорған болған зор тұлға елестейді. Соғыс даласында жаралы болған жауынгерді жау шебінен аман алып шыққан жолдасын құтқарушыға ерекше бейіл танытып, мәртебеге бөлеп жатады. Суға кетіп бара жатқан адамды құтқарғандарға да зор мәртебе, үлкен алғыс айтылады. Өрттен құтқарған адамдар да сондай мәртебеге лайық. Ал сүйегі күл-күл болған, бел омыртқалары үзіліп, ауыр жағдайға душар болған жандарға ем қолданып, оларды сапқа тұрғызып жіберіп отырған Мерғалым ағаны халқынан, елінен басқа ешкім ескере қоймайтыны өкінішті. Бір емес-ау, алдына талай адам келіп, талай адам кетіп жатқан шақтары аз болмаған. Мерғалым өзі өмірден озғанша осылай болғанын елі, жұрты жақсы біледі. Жоғары мемлекеттік қызметтерде жүрген талайларды қатарға қосып, аяғына тұрғызып жатса да, ресми билік оның осы еңбегін еске алмай, керісінше кей кездері қарсылық білдіретініне таңым бар. Мен Баян жерінен келіп, 1977 жылдан бастап Лебяжье аудандық оқу бөлімінде қызмет атқардым. Бұл қызметтің бір мәртебелі жері - ел аралайсың, мектептерінің жұмыстарын бақылайсың, мектеп басшылығына, ұстаздарға ақыл кеңес бересің. Осындай шаруамен Майқарағай кеңшарының ірі бөлімшесі саналатын Қорт ауылына бардық. Совхоз директоры ол кезде Әлімғазинов Ауғанбай - елге өте сыйлы азамат болды. Қорт сегізжылдық мектебінің директоры Нокин Бағау аға - соғыс ардагері. Мерғалым ағаның атын көптен естіп-біліп жүрген маған енді сол кісіге жолығып, сәлем беріп кетудің сәті түсті. Бардым, сәлем бердім, жөн сұрасып, білістік. Мен Алтай өлкесінде болған Айтқожаның баласымын десем, оны ол кісі қайдан білсін, сондықтан: «Лебяжьеде тұрамын, Сабиков Мұраттың көршісімін, әрі доспыз» - деп қалдым. Мұраттың әкесін туысымыз деп Алтайдан осы Қортқа көшіріп әкелген Мерғалым аға екенін білетінмін. Мұрат Қожаұлы аудандық ГАИ-дің бастығы. Осыдан кейін Мекең маған жылы шырай таныта бастады. Келесі кездескен кездерде мені ескі таныс - туысындай, ағалық ақжарқын көңілмен қарсы алатын болды. Мен де оған іштей риза болып жүрдім. Семей қаласындағы медициналық институтты бітіретін балдызым үйленетін боп қалып, тойға дайындалу, құдалыққа бару қарбаласы басталып кетті. Қашанда бір қуаныштың жанында бір реніш қоса жүретін әдеті емес пе. Мұсылман баласы бұндайда: «Алланың жіберген сыны ғой!» - деп жатады. Біз де осындай бір қырсыққа тап болып, тойға дайындық енді қыза бастаған шақта, сол үйдің баскөтерер басшысы Рамия енем аяғын сындырып, баса алмай қалды. Мен барсам, осындай жағдайға тап болған екен. Мықты травматологқа қаратып, аяғына гипс те салдырып қойыпты. Дегенмен мен Мерғалым сынықшыға апаруға кеңес бердім. Балалардың көбі мединститутта оқитындар. Әрине, «дәрігер барда, сынықшыңыз не?» деп, олар қарсы болды. Менің жолдасым Зайтуна Нығыманқызы ол кезде Лебяжье аудандық ауруханасының бас дәрігері Шыңғыс Кәрібайұлының орынбасары еді. Бұлар Мерғалым ағаның қасиетіне қанық. Екеулеп жастарға ақылымызды айтып, оларды көндіріп, шешемізді менің машинама салып алып, тура Қортқа тарттық. Келсек, емші ағамыз Подпуск жақта тойға кеткен екен. Бөгелмей Лебяжьеге, одан Подпускіге бардық. Барсақ, тойдың соңы болып қалыпты, жұрт әңгіме -әзілмен шай ішіп отыр. Мерғалым аға орталарында көңілді, жұртты өзіне қаратып, әңгіме айтып, күлдіріп отыр екен. Оңаша жолығып, жайымды айттым. «Қазір мына жерде қарай алмаймын» - деді ол кісі. Оған ренжігенім жоқ, өйткені үйдегілердің қарсы болған сазайы-ау деп топшыладым.
Машинадағыларға кеп:
- Ал, көріңдер, бағана Семейде қарсы болғандардың қырсығы мына жерде тиіп жатыр, Мерғалым ағамыз қазір қарай алмаймын дейді, - дедім. Бұны естіген енем мен әйелім де абыржып қалды.
Сосын Мерағаңа қайтадан жолығып:
- Мәке, менде жазық жоқ, еліңізге дейін іздеп бардым, одан бұл жерге келдім. Осындағы Ертай Уәлиев деген мұғалім өзімнің досым, осының үйіне апарайын, ретін тауып қарап беріңіз,-деп өтіндім.
Ол кісі өзі Ертаймен қатты ойнап, қалжыңдай береді екен.
- Жарайды, мына жердегі пәленбай дегеннің үйіне апара қойыңдар, - деп, бір кісінің атын атады. Мен қуанып кеттім. Ертай досым екеуіміз ол кісі айтқан үйге енемді алып бардық. Ұзамай Мерғалым аға да кіріп, жылы су, кір сабын алдырып, қолын сулап, сабындап жіберіп, сынған аяқты сипалап отырып, бір жеріне келген кезде басып қалып еді, енем байғұс «еһ» деп қалғандай болды. Мен ішімнен сынған аяқ орнына келген шығар деп: «Әй, тілеуіңді берсін!» деп қалдым. Осыдан кейін шешеміз гипсін алып тастап, бір апта шамасында аяғын басып кетіп, кейін тойда жүгіріп жүрді.
Мерғалым ағаның көріпкелдігі, тәуіптігі басқа да қасиеттері жайлы ел арасында әңгімелер айтылып жүретін. Сондай қасиеті туралы бір оқиғаны Мерғалым секілді адамдарға кейде сеніп, кейде сенбей жүретін бір дәрігердің өз аузынан естіп едім. Ауданға бас дәрігер болып жаңадан бір адамның келген кез. Жаңа басшы жұмысын қалай басқарып әкетеді, не өзгеріс, не жаңалық әкеледі дегендей, жұрт оның ісіне құлақ түре жүретін. Ол байғұс бір жиналысында Мерғалым ағаның ісіне, оның еміне жағымсыз пікір білдіріпті. Әрине, жаңа басшы келгесін, емханның маңайындағылар қонаққа шақыратыны белгілі. Осылай бір үйге бармақшы болып шыға бергенде, жаңағы бас дәрігердің әйелі есігінің алдындағы басқыштан түсіп келе жатып, аяғы «кілт» етіп құлап, сол жерде қолын сындырып алады. Естіген жұрттың қыбы қанып: «Білсін Мерғалымның қасиетін!» деген екен. 1984 жылдары мен Қарағандының Қарқаралы өңірінде қызметте болдым. Ел іші болғасын, Мерғалым аға туралы әр түрлі хабарлар құлағымызға жетіп жатады. Бірде осылай Мерағаң қатты ауыра бастады дегенді естідім. Өзі сынықшы, әрі емші, қалай ғана өз денсаулығын байқамады екен деп қапаландым. Бірақ қолдан келер дәрмен жоқ. Артынан ағамыздың дүниеден өтіп кеткенін естіп, өзімше іштей мұңайып жүрдім. Кейін Павлодар қаласына қоныс аударып келген кезде, Қашыр ауданындағы «Коммунар» колхозының төрағасы болған Хамитов Еділ құдамыз мені Қорт ауылында дүние салған Ромаш (ұмытпасам осылай болуы керек) деген құдасының қырық күндік дұғасына мені әдейілеп алып барды. Мен оны қуана қабыл алдым. Өйткені Мерғалым марқұмның басына барып, бір дұға қылсам-ау деген ниетте жүретін едім. Жабдық өтетін күні таң намазын оқып, сосын жалғыз өзім Қорт ауылының зиратына барып, оны жайлап араладым. Мерғалым ағаның қабірін таптым, асықпай жайланып «Ясин» сүресін түгел оқып, дұға жасадым. Сосын өзім білген Нокин Бағау аға сияқты марқұмдардың да басына аят оқып, Мерғалым ағаның үйіне келіп, Бәтес жеңгемізге, Қаршыға атты ұлына көңіл айтып, садақа беріп, өзімнің кім екенімді таныстырып, мойнымнан үлкен бір жүк түскендей, жеңілденіп қалдым. Кейін «Сынықшы Жақып» деген кітап жазып, жарыққа шығардым. Сол еңбегімде Мерғалым ағамызды еске алып едім. Одан соң орыс тілінде «С русскими дружим давно» деген кітап жазып, Мерғалым Мұхтариханұлы орыс ағайындардың да естерінде жүрсін деп, ол кісінің Алтай өлкелік партия комитеті екінші хатшысының сал боп төсек тартып тұра алмай жатқан әйелін бір аптаның ішінде қалай тұрғызып жібергенін баяндадым. Міне, осындай адамдарды нағыз дарабоз сынықшы, халықтың қорғаны деп атауымыз әбден жөн деп білемін. Мерғалым аға туралы кітап жазылып жатқанына қуанып, қолыма қалам алып, өз үлесімді қосқаныма қуанамын.
Қабидолла Әлібаев,
ардагер ұстаз,
Лебяжье ауданының құрметті азаматы
Көзден кетсе де, көңілімізде сақталады
«Адам - әдебімен көрікті» деген халық даналығы есімізге түскенде, ойымызға Мерғалым Мұхтариханұлы секілді асыл азамат оралады. Бүгінде Қорт ауылының Мерғалым атымен аталуы - оның аруағын сыйлап, есімін құрметтейтін адамдар үшін аса бір қымбат белгі секілді. Осы бір асыл азамат жайлы кітап шықпақшы дегенді естігесін, мен де өзімнің Мерғалым жайлы ыстық лебізім мен азғана естелігімді ұсынғым келді. Арамыздан кетіп қалғанына талай жылдар өтсе де, оның ешкімге ұқсамас жарқын бейнесі, әзіл-күлкісі, жүріс-тұрысы әлі де көз алдымызда. Тіршіліктегі ең игілікті істердің бірі - адамның өмірі мен денсаулығына қорғаныш болу ғой. Ал, Мерғалымның бар саналы ғұмыры тек осыған ғана бағышталыпты. Ол ұстаз болып, шәкірт тәрбиелеген кісі емес. Бірақ сол елге белгілі «Ұстазым» деген әнде айтылғандай, ізін мәңгігі қалдырып кеткен адам. Ол қазақша айтқанда, сегіз қырлы, бір сырлы азаматтың нақ өзі еді. Емшілігі, сынықшылығы өз алдына. Мерғалымның ақкөңіл, ақжарқын мінезі, көпшілдігі, халыққа, ауылдастарына деген қамқорлығы, қолы ашық мырзалығы, өнерге құштарлығы, жұмбақ қасиеті, бәрі-бәрі оны басқалардан қашанда ерекше етіп көрсететін. Сонау бір жылдары кіші қызым Гүлшара (6-7 жастар шамасында) ойнап жүріп тас жолға жығылып, сол жақ қолының шынтақ тұсын үгіте сындырып алды. Дереу зайыбым Рауила мен екеуін Керекуге жеңіл көлікпен дәрігерге жібердім. Содан Балтағали мен Бақыттың үйіне барсам, Мекең сол үйден шығып, Қортқа ауылына қайтайын деп жатыр екен. Оның кейде бір әзіл-оспағы болатын (арамыз бір, бір жарым жастай), соған басып: «Әйелің қайда? Оны қыдыртып жіберіп, рахаттанып жүрген жәйің бар сияқты ғой!» - деп жатыр. Мен оған болған жайды айттым. Мекең: «Мен қазір үйге қайтамын. Хирургтер шынтақ тұсына операция жасаса, кейін қолы бүгілмейтін болып қалады. Әйеліңмен хабарлас та, оларды машина жіберіп кері алдыр. Сосын көңілің қаласа, маған алып кел» - деді де жүріп кетті. Айтқанындай, ертеңінде дәрігерлердің жасаймыз деген операциясына жеткізбей, Қорт ауылынан бірақ шықтық. Мерағаң әдетінше шипалы саусақтарымен баламның қолын, білегін ақырын сипап отырып, сынықтарын орнына салып, таңып берді де: «Енді мынадай әдіс жасамасақ, сынған қол екінші қолдан қысқарақ болып бітуі мүмкін. Сондықтан кішкентай қолшәйнекке жарты кірпіш салып, күніне үш мезгіл 20 минуттан аулада жүргізіп отырыңдар, дәнеңе етпейді, шүберек өзі түсіп қалады. Біраз күн қатты секіріп ойнамасын» - деп, бізді шығарып салып еді. Айтқандай, оның нұсқауының бәрін орындағасын, баламыздың қолы да аман-сау жазылып, бәрі орнына келіп, отбасымызбен мәз болдық. Ақиық ақын Мұқағали Мақатаев өзінің «Ажалға» деген өлеңінде: «Басталмаған ісім көп, Аялдашы! Қақпашы тым ертерек есігімді...» - деген екен. Өкінішке орай, өлім шіркін Мерғалымның есігін ертерек қағып, арамыздан алып кетті. Бірақ оның атын жадына сақтаған айнала ағайын бар, елі мен жұрты бар. Осылар аман тұрғанда, Мерғалым Мұхтариханұлының да есімі бірге жасайды!
Мэлс Әміржанов,
Лебяжье ауданының құрметті азаматы
Ел үшін тауған жан еді
Лебяжье аудандық «Ауылшаруашылығы техникасы» бірлестігін басқарып жүрген кезім. Бұл 1978 жыл болатын. Ол уақытта Алтай жағына барып, соғымға жылқы алып келеміз. Осылай соғым әкеліп, машинадан түсіріп жатқанда, аңдаусызда аяғым тайып кетіп, мертігіп қалдым. Ертеңінде дереу аудандық емхана барып едім, айнаға түсіріп, «еті жаншылған» деген диагноз қойды. Бірақ үйге келгесін, екі-үш күн өткеннен кейін, аяғым күп болып ісіп, тіпті басудан қалдым. Сосын Жамбыл совхозындағы жездем Шәмен Рахымқожаұлы келіп: «Бүйтіп жата берсең, аяғың асқынып кетер, жүр, Қорттағы Мерғалым досыма баралық» - деп, екеуміз солай қарай тартып кеттік. Түс ауа Қорт ауылына жетіп, Мерағаң үйіне жақындап едік, ол кісі жүгіріп алдымыздан шықты. Маған: «Машинадан аяғыңды басып түсе бер» - деді де, өзі жездеммен құшақтасып амандық-саулық сұрасып жатыр. «Келетіндеріңді біліп, сендерді тосып, жолымнан қалдым» - деді. Машинада отырған маған қарап: «Түсе бер дедім ғой саған, баса бер аяғыңды, ауыр-майды!» - деді тағы. Сосын аяғымды басып көріп едім, еш ауырмайды. Үйге өзім басып кірдім. Кіргесін кір сабын мен су алдырып, аяғымды көріп, әрі-бері сипап, жіліншігің жарылып, арасына ет қыстырылып қалған екен деп, барлығын жайлап отырып орнына келтіріп, дәкемен байлап берді. Ол кезде жасым 39-да еді. Отыз тоғыз күн өткен соң, өзі шешіледі, оған дейін тиіспе, арақ-шарапқа жолаушы болма, ауыр көтерме деді. Сөйтіп үйге қайтып кеттік. Содан бір күні жездем екеуі келіп, аяғымды тағы да көріп, Мерағаң: «Сенің келімді-кетімді кісілерің көп қой, сондықтан 39 күннің 10 күнін кеміттім» деп еді жарықтық. Бұл кісінің елге істеген жақсылығын айта берсек, сөз жетпейді ғой. Мен өз басымнан кешкен бір оқиғаны ғана әңгімелеп отырмын.
Жан азабын тартқан талай өмірдің,
Сөндірмедің үміт шоғын көңілдің.
Тіпті кейде жүрсең - дағы сапарда,
Өзіңді үйде тосқан жанды сезіндің.
Саусақ - рентген аспабындай тексерген,
Кінәраттың барлық жайын еңсерген.
Сынған сүйек сынықтарын жігімен,
Ретке салып, мертіккенге дем берген.
Адам едің, Алла берген дарының,
Шеше білген қатерлі істің байыбын.
Қасиетіңді мойындаған дәрігерлер,
Құдыретіңнің сезе білген танымын.
Ұшақ құлап, қаңқа сүйек үгілген,
Ұшқышты да көрдік келген шет елден.
Шеберлікпен құрастырып қайтадан.
Аспанға ұшқан адамдарды көз көрген.
Міне, Мекең, сондай тұлға жан еді,
Ел дегенде жан қиюға бар еді.
Қорт ауылы қазір Мекең атында,
Себебі ол елге қымбат жан еді.
Сексен жасын тойлау парыз еліне,
Алғыс жауған Мекең емші тегіне.
Ем шарасы шипа болған талайға,
Ер қадырын ұрпақ жүрсін сезіне.
Нығмет Жәмінұлы,
Баянауыл ауданының құрметті азаматы,
Күркелі ауылы
Алғашқы еңбекақы
Біздер Қарағай елінен алысырақ, Баянаула жақта жүрсек те, Мерғалым сынықшымен бірнеше рет кездесіп, дидарласқан сәттеріміз болған. Және сол елдің адамдарының аузынан ең алғаш Мерғалым Мұхтариханұлының ерекше қасиеті жайлы естіп, таң қалып едім. Бұл 1973-74 жылдардың шамасында болған оқиға. Ол кезде мен Баянның «Южный» совхозында бас экономист қызметіндемін. Бірде біздің совхозға мал дәрігері болып Жұмабек Әміренов деген жас жігіт келді. Ұзын бойлы, көркем, келісті азамат екен. Мінезі де біртоға, тәрбие көрген адам екені байқалып тұр. Шыққан жері -қарағай ішінен, Шегірен ауылынан көрінеді. Осы Жұмабек біздің совхоздың Қойтас деген бөлімшесінде веттехник болып, екі жылдай менің туған әпкем Көкеш деген кісінің үйінде тұрған. Бірде осы Көкеш апамның Күлзия деген қызы байқаусызда аяғын сындырып алды. Әрине, аудан орталығына апарып, дәрігерлерге көрсеттік, бірақ көмегі бола қоймады. Содан Мерғалым сынықшыға апармақшы бөліп шештік. Сөйтіп Қортқа бара жатып, жолшыбай Шегірендегі Жұмабектің әке-шешесінің де амандығын біліп кетпек болып, ат басын бұрғанбыз. Барсақ, олар бір аңқылдап қалған адамдар екен. Өздері ата-бабасынан бері орманшы көрінеді. Жат та жабысып, бізді жібермеді. «Қорт мына тұрған жерде, 15-ақ шақырым, таңертең жетесіздер. Күнде келіп жатқан жоқсыздар, сыбағаларыңызды жеп кетіңіздер» - деп, бір қойды сойды да тастады. Сөйтіп сол үйде қонып қалдық. Жұмабектің шешесі қонақжай, аса бір әңгімешіл, ақжарқын кісі екен. Біздің Мерғалымды іздеп келгенімізді естігесін, мына бір әңгімені айтып еді сонда.
- Бұл қырықыншы жылдардың аяғында болған еді. Балаларымыздың үлкені осы Жұмабек туғаннан кейін 40 күн өткесін, өз-өзінен құныс тартып ауыра бастады. Әуелі кеуде сүйегі алға қарай шығып кетіп, сосын арт жағы да сөйте бастады. Шынын айтсақ, зәреміз қалмады. Ол кезде қазіргідей апара қоятын дәрігер жоқ. Сол уақытта Қорттың ауылында бір емші немістің кемпірі болатын. Амалсыздан соған бармақ болдық. Күйеуім колхоз жұмысынан босамайды. Қайын атам екеуміз баланы ат шанамен сол кемпірге алып жөнелдік. Қорт ауылына жетіп, қотанға кірсек, бір топ бала шуласып, сырғанақ теуіп жүр екен. Әлгілер шананың артына жабысып, шуылдап келеді. Солардың ішінде әсіресе бір сарғыш бала: «Апай, сіздер ауырған баланы әкеле жатырсыздар ғой. Маған көрсетіңіздерші, мен емдейін!» - деп қоймайды.
Қайын атам мінезі ноқайлау кісі еді, әлгі баланы бишікпен жасқап, қуып жіберді. Екінші рет Қорт ауылына емге барғанда, әлгі бала бізге кездесіп, тағы да сөйтті. Үшінші рет барғанда тағы да кез болды. Шананың артына жабысып, «мен емдейінші» - деген сөзін тағы да қайталады. Сосын мен атама жалынып, «осы баланы Құдай жұмсап тұрған шығар осы баланы, көрсетейікші, баласын байықшы» деп, ол кісіні ақыры, көндірдім. Содан әлгі баланың үйіне барып тоқтап, атам далада қалды да, мен кішкентайымды алып, үйге кірдім. Сөйтсем, ол сары бала Мерғалым екен. «Сіздерді баяғыдан тосып жүр едім» - деп қояды өзі. Үйге кірерде ол қолына бір кішкентай таяқ-тақтайша ала кірген. Үйге кіргесін қолы-басын жуып, сәбиді өзінің қолына алып, «бисмиллаһ» деп, кеуде тұсынан бір сипап еді, баланың рахаттанғаны сонша, тура жыланша иірілді. Енді арқасынан сипап еді, тағы да сөйтті. Сосын және бірер сипап, жаңағы ала кірген ағашын сәбидің арқасына салып, шүберекпен таңып байлап берді. Сосын маған: «Енді қайта беріңіздер, Алла сәтін салса жазылады!» - деді. Мен нанарымды да, нанбасымды да білмей: «Енді қашан келеміз?» - деп сұрап едім, енді келіп керегі жоқ, шүберек өзі түседі, сосын тәуір болып кетеді деді. Мен қуанғаннан: «Қолыңның ақтығына не берейін?» - десем, ол: «Ештеңе де керек емес, осы бала ертеңгі күн ержетіп, жұмысқа шыққан кезде, ең алғашқы еңбекақысы менікі болсын» - деді күліп. Содан үйге келгесін, бірер күн өткесін, байлаған шүберек өзі шешіліп түсіп қалып, бала жазылып кетті. Сөйтіп, арада 15-16 жыл өтті. Жұмабек ержетіп, шамалап жұмысқа араласып, совхоздың шөп науқанында жүрген. Бір күні екі-үш жігіт оны ес-түссіз көлденең caлып, үйге алып кеп тұр. Зәреміз ұшты, не болғанын ешкім білмейді. Ол кезде атам қайтыс болған, күйеуім дереу Қортқа Мерғалымға тартты. Ол кезде Мерғалымньщ нағыз аты шығып, ел ішінде құрметке бөленіп тұрған кезі. Ұзамай оның өзі де келді. Әдетінше есіктен қарқылдай күліп, әзілдей кірген ол: «Немене жеңгей, баяғы уәдені ұмытып қалғасыз ба?» - демесі бар ма. Сонда барып баяғы Мерғалымның «алғашқы еңбекақысы менікі болсын» деген сөзі есіме түсіп, сасқанымнан Мерғалымның аяғына жығылып, кешірім сұраппын. «Балам енді не болады, жазыла ма?» - деймін сөз арасында. «Ештеңе етпейді, ертең-ақ тұрып кетеді» - деп, ол төсекте жатқан Жұмабекті бірер сипады. Айтқандай ертеңінде балам түк болмағандай тұрып кетті. Мерғалым біздің үйден аттанарда, алғашқы еңбегі болмаса да, алғашқыдай көр деп, қолақтығын бердік. Бұл жерде Мерғалым сол ақтықты алайын, пайда қылайын деп тұрған жоқ. Онсыз да ырыс-берекесі жетіп жатқан адам ғой. Мерғалым осындай істерімен халықты тәубасына түсіріп отыратын. Себебі, пендеміз ғой, уақыт өте келе көрген жақсылықты да, көмекті де ұмытып кетеміз, - деп еді сонда Жұмабектің шешесі.
Қалжыңбасты қатырып тастаған Баянауыл өңірінде ерте Нұрғали Таушабаев деген кісі өткен. Нұрғали кезінде Троиц қаласындағы медресені екі мәрте бітірген, ескі оқудан да, жаңа оқудан да хабары бар, оның үстіне қасиетті адам болған. Және атақты Сұлтанмахмұт Торайғыровқа ұстаздық еткен кісі. Нұрғалидың жалғыз ұлы Қайыржан соғысқа кетіп, сол жақтан оралмады. Қайыржанның өзі кеткенде іште қалған баласы Ораз Құсайынов кейін ержетіп, көп жыл қызмет істеп, Лебяжье аудандық партия комитетінде нұсқаушы болған. Сол Ораз Мерғалыммен әзіл-қалжыңы жарасқан, дос-жар кісі екен. Мына бір әңгімені сол Ораздың өз аузынан естіп едім.
- Бірде, - дейді, Ораз, - іссапармен Қорт ауылына бардым. Мерғалым бар, барлығымыз бөлімшенің кеңсесінде әзіл-оспақ құрып отырмыз. Сол жерде Мерғалыммен құрбы-құрдас па, бір адам келіп, екеуі қалжыңдап бастап, аяғында әлгі адам тіпті қатты кетіп, Мерғалымға дөрекі сөздер айта бастады. Сонда Мерғалым:
- Қап, бәлем, мен саған көрсетейін! - деп, қолын оңды-солды сермеп сөйлеп тұрған әлгінің арқасынан бір сипап еді, ол бір қолын көтерген күйі, Лениннің ескерткіші секілді қатты да қалды.
Сосын Мерғалым маған қарап:
- Жүр, Ораз, үйге барып, шай ішіп келейік. Ал мынау демалып тұра тұрсын, - деді.
Екеуіміз Мерғалымның үйіне барып, шай ішіп отырмыз. Мен абыржып: «Апырай, әлгі кісі не болды екен?!» - деп қоям. Мерғалым болса: «Ештеңе етпейді, тұра тұрсын қайта ақылы кіреді» - дейді елең етпей. Содан шай ішіп, қайта барсақ, әлгі кісі бір қолын көтерген күйі әлі солай түр екен. Мерғалым тағы да арқасынан бір сипап еді, қолы сонда ғана сылқ етіп, төмен түсті. Әлгі байқұс бассалып Мерғалымды құшақтап:
- Сендім, сендім, енді сенің бетіңе қарап сөз айтпаспын деп, - кешірім сұрап жатты, - деп әңгімелеп еді Ораз.
Ахат қажы Қаткенұлы,
Шарбақты ауданы, Арбиген ауылы
Аяғын жумай келген жігіт
Бұл оқиға Арбиген ауылында 1980 жылы болған. Жер қорушы болып жүрген Сейілханов Рүстем деген жігіттің аты сүрініп құлап, бір аяғы астында қалып мертікті. Бұндайда баратын жер белгілі. Дереу Қортқа, Мерағаңа алып келдік. Үйінде екен. Рүстемді көтеріп кіргіздік.
Кіргесін: «Ахат, бұл адамның сендерге қандай туыстығы бар?» - деп сұрады.
- Көршіміз, - дедім мен.
- Ә, дұрыс екен, көрші хақысы - тәңір ақасы деген сөз бар, ал жігітім, қане, аяғыңды шеш, - деді.
Бәріміз жабылып Рүстемнің етігін шешіп едік, құдай салмасын, аяғының исі бүкіл үйді алып кетті. Мерағаң маған қарап: «Біздің қазақтар таза жүруді білмейді. Екіншілей келгенде аяғын жуып келсін!» - деп ескертіп жатыр. Сосын сынығын салып, аяғын орап берді де: «Бұл жігіт маған тағы да келеді» - деді. Біз ішімізден оны неге айтты екен дедік те қойдық. Расында тура солай болып шықты. Ол кезде ауырып қалсаң дәрігерге көрінуің керек, әйтпесе еңбекақы төленбейді. Бюллетень (больничный) алуың керек. Рүстем осындай себеппен дәрігерге барады. Олар гипс салып беріпті. Бірақ әлгі гипс кейін аяғына батып, ұйықтай алмай зар қақсатады. Ақыры амалсыздан Мерағаңа қайта барып, гипсті алдырып, қайтадан сипатып, тәуір болыпты. Мерағаңның «қайта келеді» дегені сол екен.
Дәметкен қажы Шаймарданқызы,
Лебяжье ауданының құрметті азаматы
Жамағат үшін Жаратушы өзі тудырған шығар
Менің бала кезімде әкем Оспанов Шаймардан (Шаметай) Жаңаауыл колхозының қой фермасын басқарды. Сол уақыттарда Басқайың деп аталатын заимкада Мерғалым ағалардың отбасымен бірге тұрдық. Ол кісінің әке-шешесі, інісі Қали, қарындасы Жанат (Жәнәтәй) және кіші інісі Нәби бәріміз бір үйде, бір төбенің астында өмір сүрдік. Ол кезде Мерғалым ағаның алғаш сынық сала бастаған кезі еді. Менің есімде жақсы қалғаны, Әубәкіров Төкен деген азаматтың мотоцикл жүргізіп келе жатып, үлкен машинаға соғылып, аяқтарының сүйектері үгітіліп, терісінен қан шығып, қатты жарақаттанғаны, соны Мерғалым аға емдеп, аяғына тұрғызған оқиғасы еді. Сол жас кезінің өзінде Мерғалым ағаға жер-жерден мертіккен адамдар келіп жататын. Кейін менің әкем зейнеткерлікке шыққан соң, жездем аудан орталығына көшіріп алды. Бірақ Мұхтарихан ағаның жанұясымен біздің қарым-қатынасымыз үзілген жоқ. Мен Темірболат деген азаматпен бас қосып, екеуміз шаңырақ көтердік. Алғашқы қызымыз дүниеге келді. Оның үстіне мен ол кезде техникумда оқып жүрген едім. Сессияға барғанда кішкентай қызымды бірге ала жүрем деп, байқамай ауыртып алдым. Сөйтіп, облыстық емханаға түстім. Дәрігерлер сырқатын таба алмай, баланың омыртқасынан пункция алыпты. Осыдан зақым келіп, үйге оралған соң, бала тоғыз айға дейін өз бетімен құйрығын басып отыра алмай қалды. Бір күні Лебяжьедегі үйге Мерғалым аға келіп, баланы көріп, пункция алғанда белінің шығып кеткенін айтып, сол жерін байлап беріп кетті.Үш күннен соң байлауы шешіліп, бала өзі ұмтылып отыратын жағдайға жетті, сөйтіп тәуір болып кетті. Кейін Павлодар ауданындағы «XXІІІ партсъезд» атындағы совхозға жұмысымыз ауысып, қоныс аудардық. Сол совхозда тұрғанда, әкем мал қарап жүріп, аттан құлап мойнын ауыртып алды. Жолдасым Темірболат дереу әкемді машинаға салып алып, Мерағаңа жөнелді. Бір қызығы, мойны қатты ауырып шыдай алмай отырған әкеміз, Қорт ауылына жақындағанда ұйықтап кетіпті. Жолда Темірболаттың машинасы ақауланып, радиатордың түтігі жарылып, барғанша су ағып барған екен. Әкейді емдеп болған соң Мерғалым аға машинаның тесілген түтігін орап, байлап беріп, үйіңе дейін жетеді деп, шығарып салыпты. Шындығында, есіктің алдына келіп тоқтасымен, бар су cap етіп ағып кетіпті. Бұл кісінің қарапайымдылығы сол, әкемді де емдеп, күйеуімнің машинасын да жөндеп беріпті. Бұл кісіден басқа адам болса, ел сыйлайтын дәрежем бар деп, машинаның жанына жоламас еді. Кейін шешеміз полиартрит деген сырқатқа шалдығып, Мерғалым аға ол кісіні қарау үшін біздің үйге бірнеше мәрте келіп жүрді. Осылай бір келгенінде, аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Т. Шарапиденов деген кісі қоңырау шалды да: «Мерғалым аға сіздің үйде деп естідік, телефонға шақырыңыздаршы» - деді. Сөйтсек, ол кісі Мерағаңның атына Алматыға ұшатын ұшаққа билет алып қойған екен. Хатшы Мерғалым ағамыздан жедел Алматыға ұшып, сол жерде бір адамға ем жасауын өтінді. Ұзамай машина келіп, Мерағаңды алып кетті. Кейін қайтып келгесін айтты, әлгі науқастың туыстары ағамызды Алматының аэропортынан қарсы алып, сырқатты емдеп болған соң, қайта ұшаққа отырғызып жіберіпті. Сосын Павлодардан хатшы өзінің машинасымен күтіп алып, үйіне жеткізіп салған екен. Осылай біз ағаның Алматыға барып, адам емдеп қайтқанына да куә болған едік. Бір таңқаларлығы, сонша құрметке ие бола тұра, Мерағаң өте қарапайым, ақкөңіл адам еді. Әсіресе, тойларда өте көңілді отырғанды ұнататын, өзі де ән салып, бізге де ән айтқызатын. Домбыра мен гармошка сияқты музыкалық аспаптарда емін-еркін ойнайтын еді. 1982 жылы Тоқтаған деген апайымыздың қызы Ботакөзді ұзаттық. Мерғалым аға мен жеңгейді тойға шақырдық. Сонда ол кісі құдалардың үйінде де бізге ән айтқызып, бүкіл тойдың сәнін өзі келтіріп отырды. Сол жерде мынадай бір оқиға болғаны әлі есімде. Тойға шақырылмаған бір мас жігіт кіріп кетіпті. Ішкен адамның жайы белгілі, тойға қатысып отырған менің қайным Жүсіпов Оралды нұсқап: «Мен ешкімнен қорықпаймын, мына прокурорыңнан да, Мерғалымыңнан да қорықпаймын» - деп, жұрттың мазасын алды. Тіпті болмағасын, Мерағаң оны есік алдына алып шығып, екі иығынан басып орындыққа отырғызып «қозғалма!» деп бұйырды. Содан әлгі жігіт сол жерде таң атқанша отырыпты, ешкімде жұмысы жоқ. Таңертең Мерағаң оны өзі көріп: «Мынау әлі отыр ма, қайт енді үйіңе» - деп тұрғызып жібереді. Сонда әлгі жігіт жылап отыр екен. Тойға жиналған жұрт ағаның бұл қасиетіне еріксіз таң қалғаны әлі есімізде. Мерғалым аға секілді адамдардың бойындағы осындай қасиетін қазіргі ғылым да шеше алмайды. Ол кісі осылай жұмбақ күйінде өте шықты өмірден. Қазір ағамыздың атымен аталатын ауыл (Қорт) береке-бірлік пен ынтымақтарынан айырылмаған қалпында. Мерғалым аға тірісінде бүкіл ауылға қамқор болғанын ел біледі. Ауылдағы кез келген отбасында түйінді мәселе бола қалса, өзі барып шешетін. Ең аяғы машина айдап жүрген жастардың біреуі қателікке ұрынып, жүргізуші куәлігінен айырылып қалса, соны өзі барып реттеп, қайтарып алып беретін. Сөйтіп, бүкіл Қорт ауылына аға да, жаға да бола біліп еді, жарықтық!
Қайролла Санатханұлы,
ауылдасы
Алдыңнан аңқылдап өзі шығатын
- Мен өзім тікелей куә болған бір-екі оқиғаны айтайын, -депті Қайролла Санатханұлы деген Қорт ауылының тұрғыны естелігінде.
- Мерғалым туралы ел ішінде не түрлі әңгімелер көп қой. 1953 жылдың жаз айы. Арбиген ауылында тұратын 12 жастағы Қалиолла деген бір жиенім аяқ астынан мертігіп қалды. Бұндай жағдайда Мерғалымнан басқа баратын кісіміз жоқ. Мертіккен жиенді арбаға салып алып, Мерғалымды іздеп келеміз. Шарбақтының заимкесінен аса бере, шабылған шөпті, дөңкиген маяларды көрдік. Одан әрірек шөмеле салғандар жүр. Мерғалымды қайдан тапсақ екен деп келеміз. Енді бір қарасам, әлгілердің ішіне бір адам бөлініп, қолын бұлғап, бізге қарай жүгіріп келеді. «Апырмау, бұл кім болды екен?» - деп таңырқап тұрсақ, іздеген Мерғалымның нақ өзі екен.
- Сіздер мені іздеп келе жатсыздар ғой, соны біліп өзім шықтым, - деп, ашасын тастай беріп, дереу Қалиолланы қарай бастады.
Мерғалым қарағаннан кейін, баланың жазылатыны белгілі. Сынған жерін орнына салғасын, оның жаны жай тауып, рахатқа батты. Сол кезде Мерғалымның жасы 17-нің шамасында. Егер біздің келгенімізді айтпай біліп, өзі шақырмаса, оны іздеп қанша жүрерімізді құдай білсін.
- Тағы да бір өзім куә болған оқиға, - деп әңгімесін жалғайды Қайролла қарт. - Ертеде Ертістің жиегіндегі Сталин колхозынан бір мертіккен адамды біздің үйге алып келді. Олар мені білетін кісілер, бірақ Мерғалымды танымайды екен. Содан әлгі кісілерді ертіп алып, Мерғалымның үйіне барсам, ол егіс даласына жұмысқа кетіпті. Сөйтіп, Мерғалымды іздеп, Шақаға қарай келе жатсақ, оң жақта да, сол жақта да кілең жер жыртқан тракторлар. Мерғалым қайсында екенін білмейміз. Бір уақытта оң жақ қапталдағы трактордан біреу түсті де, бізге қол бұлғады. Сөйтсек, Мерғалымның өзі екен. Тағы да іздеп жүргенімізді айтпай біліп, өзі келді де, мертіккен адамды қарап, шаруамызды сол жерде бітіріп берді. Ал оның өзін іздеп келген адамды қалай сезіп білетіні біз үшін әлі күнге жұмбақ.
Сәдібек Құдайбергенұлы,
Арбиген ауылы
Айтқанын орындасаң - айығып кетесің
Ал, енді Мерғалымның нағашысы Сәдібек Құдайбергенұлы деген кісі әңгімелеген мына бір оқиға 1974 жылы болған екен.
- Қыс ішінде қатты ауырып, төсек тартып жатып қалдым. Дәрігерге қаралып едім, «остеохандроз» деген диагноз қойды. Қозғалсам өне-бойым қақсап, жанымды көзіме көрсетеді. Бірақ емханада жатқым келмейді. Себебі Мерғалым бар, қайтсе де жазып алады деп, соған сенем. Сөйтіп, бір күні әупірімдеп Мерғалымға жеттім. Ол әрі-бері қарағасын:
- Нағашы, сырқатыңыз аса ауыр, қиын ауру, дәрігерге барыңыз, - деді.
Мен оған көнбедім. «Өлсем де, тірілсем де саған ғана қаралам» - деп отырып алдым. Ол денемді сипап көріп: «Қиын, қиын! Жарайды, үйге қайта беріңіз, екі-үш күнде өзім барам» -деді. Үйге қайттым. Екі-үш күн түгілі, бір апта өтті, Мерғалым жоқ. Ауру шыдатпай, жанымды қинап барады. Болмағасын Мерғалымға қайта бардым. Барсам шешесі Рабиға: «Мерғалым саған дәрігерге бар депті ғой, неге бармайсың?» - деді. «Бармаймын, бір Құдайға тапсырып, не де болса Мерғалымға қаралам. Неге ол мені қарағысы келмейді?!» - деп ренжідім. Сөйтсем Мерғалым өзіне сеніңкірімей, ауру азаптаса, өз де дәрігерге барар деп маған келмеген екен. Дегенмен, Рабиға маған: «Ол бүгін келмейді, сен үйіңе қайт, ертең өзі барады» -деді. Айтқандай, ертеңінде ертелетіп ол өзі жетті. Бір семіз қазы ала кепті. Соны беліме тартып беріп:
- Нағашы, осы қазыны күніне 12 сағат белге тартып, 12 сағат шешіп дем алдырып отырыңыз. Айтқанымды дәл орындаңыз, себебі сырқатыңыз қиын, - деді.
Бірақ алғашқы күні 10 сағатқа әрең деп шыдадым. Омыртқамның арасына біреу өткір найза сұғып жатқандай, жанымды қинайды. Келесі күні 8 сағатқа, одан кейін 6 сағатқа түсірдім. Арада апта өтіп, Мерғалым келіп қайтадан көріп: «Нағашы, сырқатыңызға шамам келмей ме деп жүрексініп едім, Алла шипасын салайын деген екен. Омыртқаның арасында өскен шеміршекті қазы сыртқа сорып, сізге ауыр тиіп тұрғанын білемін. Оңай ауру емес. Енді қайтсе де шыдаңыз, 12 сағаттан ұстаңыз. Әйтпесе, осылай жатуыңыз созылып кетеді, - деп кеңес берді. Содан қиналсам да, 12 сағат шыдап, 6-7 ай жаттым. Өзі айына бір келіп қарап кетеді. Содан бір жолы мамыр айының ішінде екі балдақ ала келіпті. Далаға алып шығып, сонымен әрі-бері жүргізіп, бірер күн жанымда болды. Осыдан соң бір-екі айдан кейін балдақты тастап, өз аяғыммен жүріп кеттім. «Енді Мойылдыға барыңыз, тілімді алыңыз, оның пайдасы көп», - деп ақыл берді. «Содан кейін Мойылдыға үш рет бардым. Қазір сырқатымды біржола ұмыттым» - депті Сәдібек қария. Осы Сәкеңнің тағы бір әңгімесі: «Бір күні таңертең тұрсам, оң аяғымның бас бармағы сыздап әкетіп барады. Тіпті шыдатар емес. Байқап қарасам, бармақтың жұмсақ етінде бір қызарған бөрткен шығыпты. Қой, не болса, Қортқа барып, Мерғалымнан кеңес сұрайын деп, тартып кеттім. Бәтіңке кигесін, бақайымның ауырған тіпті күшейіп, шынымды айтсам, Қортқа жыларман болып жеттім.
Есіктің алдынан жүгіре шыққан Мерғалым өзіне тән жарқылдаған көңілмен:
- Оу, басеке, не болып қалды? - деп күле қарсы алды. (Басеке деуі, мен кезінде колхоз басқарған едім).
- Ойбай, жиен, айтпа! Бақайыма бір пәле шығып, кеміріп әкетіп барады! - дедім.
Аяғымды шешіп жіберіп қараған Мерғалым дереу жүгіріп үйге кіріп кетті де, бір кішкене бәкісін алып шықты. Сосын мені отырғызып қойып, жаңағы бөрткеннің үстінен бәкісімен бір-екі рет сызып өткендей болды. Осыдан кейін жаным жай тауып, бақайымның ауырғаны пышақ кескендей тиылды.
Осыдан соң Мерғалым:
- Сіздің бір жақсы әдетіңіз, бір жеріңіз ауырса, дереу ем іздей бастайсыз. Мына кішкене бөрткен келе-келе үлкен сырқатқа айналып, барлық мүшеңізді құртып тынады екен, - деді.
Мәселенің мәнісіне сонда ғана барып көзім жетті. Бұндай кеселді ел ішінде «кейде «айырма», кейде «тілме» деп жатады. Сондай пәледен Мерғалым жиен осылай құтқарып еді, - дейді Сәдібек ақсақал.
Ермағамбет Баймолдатегі
Торышолақтың үстінен түсіп қалып...
Шарбақты ауданындағы Арбиген ауылына қарасты Бөрібай деген мал фермасы болған. Бөрібаймен жапсарлас Жалпақтал деп аталатын қамысты көл бар. Көлден сәл бұрыс көне қорым жатыр. Бұл зираттан мәңгілік мекен тапқандар Уақтың Қалмамбет атасының ұрпақтары. Елге белгілі Сейітқазы қажы осы арада жатыр. Зираттың солтүстігінде Сарықамыс, Ақтөбе, Қоржын деген көлдер. Қарағайлы орманның бауыры. Қарасаң көз тоймайтын көрініс. Астымда қойға мінетін торышолақ ат. Жуастығы сондай, астында жатсаң да, тырп етпейді. Бірақ бұл торының бір жаман жері, мың салсаң бір баспайды. Сондай шабан. Алдымда колхоздың 600 бас ісегі бар. Айнала табиғатқа тұшына қарап, қойларыма да көз салып қоям. Кенет тып-тыныш тұрған аспанды бұлт торлап, әп сәтте әлемтапырық дауыл соғып, жаңбыр құйды да кетті. Бытырай жайылып жүрген отар қой шұбырып ықты да кетті. Қап, қойдан айырылып қалам-ау деп, торышолақты қамшылап келем. Бірақ ол өз әдетінен бір жаңылмайды, аяғын басар емес. Бір кезде қамшым торышолақтың басына тиді, білем, ол аяқ асты мөңкіп-мөңкіп алып, өзінен-өзі ала жөнелмесі барма. Торышолақты енді тоқтата алсамшы. Ағып келеді. Үстіндегі мен қалбаң-қалбаң етем. Батырға да жан керек дегендей, бір мезгілде мөңкіп-шауып келе жатқан торышолақтың үстінен секірдім де кеттім. Секіргенім бар болсын, қайта тұрам деп едім, шойнаң етіп отыра кеттім. Ал торышолақ ат болса, түк бомағандай, әрірек барып, жайбарақат оттап тұр. Дегенмен әріберіден соң ақырын ілбіп жетіп, торышолақты ұстап алып қайта мініп, қойымның басын қосып, үйге қарай беттеттім. Байқаймын, қозғалуым қиынға айналып барады. Үйге жеткен соң әкем алдымнан шығып, аттан көтеріп түсіріп алды. Ертеңінде әкей орталыққа барып, мені Қорт ауылына жеткізу үшін машина сұрауға кетті. Сөйтіп кешқұрым машина да жетті. Мініп алып, ауылдан үш-төрт шақырым шыққасын, қол-аяғымның ауырғаны да ептеп басыла бастағандай. Сосын әкеме: «Ауырғаным басыла бастаған секілді, текке барып ұят болып жүрмей ме?» - деп едім, ол: «Е-е, оны ауыртпай тұрған Мерғалымның аруақтары ғой, тыныш отыр» - деді. Сонымен көз байлана Қортқа да жетіп, әкем мені көтеріп үйге кіргізді. Мерғалым сынықшы үйде жоқ екен. Біз барған соң, біраздан соң келді. Ақжарқын дауыспен, амандасып кірді үйге. Сонда байқағаным, үйге бір кісі емес, бірнеше адам кіргендей эсер қалдырып, айнала жап-жарық болып, бәрі көңілденіп сала бергендей болды. Елдің амандығын сұрастырып, жуынып-сүртініп келді де, қане, көрейік не болғанын деп, менің аяғымды қарап, сылап, сипап: «Жілігінің басы жарылып сынған екен, ештеңе етпейді, он-он бес күннен соң жүгіріп кетеді» - деді. «Алла шипасын берсін!» - деп, бір қызғылттау шүберекпен орап: «Мына шүберек түспей жүруші болма, жасың 13-те екен, 13 күннен соң өзі түседі, сосын жүгіріп кетесің» - деді. Содан үйге жеткен соң, емшінің айтқаны келер ме екен деп, әдейі тосып жүрдім. Он үшінші күні ұйықтамай, шүберектің қалай шешілгенін көрем деп өзіме-өзім серт беріп жатыр едім, бәрібір көзім ілініп кетіпті. Ояна келсем, шүберек түсіп қалған екен.
Бексолтан Дәуіт
Мәселе бес сомда емес
Осы естелікті сонау бір жылдары «Руханият» газетіне Бексолтан Дәуіт деген ағамыз берген екен. Оқиға Алтай өлкесінің Керей ауылында, кеңес уақытының нағыз дүрілдеп тұрған кезінде болғанға ұқсайды. Осы ауылдың Қарымсақ, Әшімхан және Өмірбек атты үш жігіті түн ішінде егіс даласынан сабан алып келе қоямыз деп трактормен шығады. Әрине, басшылардың рұхсатынсыз. Ол кезде совхоздың ризығы шашылып-төгіліп жатса да, бастықтар жұмыскерлердің өзі өсірген шөбі мен сабанын уақтылы бере қоймайды. Сосын олар амалсыздан түнделетіп, рұхсатсыз барып алады. Мына үш жігіт те осылай түн қараңғысын пайдаланып, бір тіркеме сабан алып келе қоямыз деп шыққан сыпайлы. Ол кезде ауыл адамдары міндетті түрде бірер «жартыны» ішіп алып, тағы бірер шишасын жанына салып жүретін кез. Бұл жігіттер де аздап жұтыңқырап шыққан екен. Түн қараңғы, жер қатқақ. «Беларусь» трактордың рулінде Өмірбек, ал ана екеуі екі жағынан сығылысып отыра қалған. Таң білінгенше сабанды ауылға жеткізу керек. Сондықтан барынша қатты жүріп келеді. Кенет бір кедір - бұдыр жерден өте бергенде, трактор олай-былай шайқалып, екі жақ есік ашылып кетіп, екі жақта отырған Қарымсақ пен Әшімхан сыртқа қарай ұшып - ұшып кетеді. Алланың бұйрығына шара бар ма, трактордың дөңгелегі Қарымсақтың бір аяғын тізеден төмен басып үгіп тастаса, тағы бір дөңгелек Әшімханның кеудесінен басып өтіп, ол сол арада жан тапсырады. Ауыл іші түн ішінде у-шу болып, Қарымсақ пен Әшімханды ауруханаға жеткізеді. Бірақ Қарымсақ «мені Қорттағы Мерғалым сынықшыға апарыңдар» деп, машинадан түспей отырып алыпты. Амалы жоқ, Қарымсақты қайтадан ауылға алып келіп, сол жерден Қортқа жөнеледі. Ауылда Майра деген әйелдің жас баласының қолы шыққан екен, оны да бірге ала кетіпті. Бір ғажабы ауылдан шыға бере Қарымсақ: «Мерағаңның шарапаты шығар, аяғымның ауырғаны caп басылды, машинаңды жылдам айдашы, бір жаққа кетіп қалып жүрер!» - дейді шопырға. Сол сәтте қолы ауырып шыдатпай келе жатқан баланың да шырылдағаны тиыла қалады. Сөйтіп 120 шақырым жерді екі сағаттай мезгілде жүріп өткен бұлар Қорт ауылына келсе. Мерғалым сынықшы да «келетіндеріңізді біліп едім» деп, бұларды күтіп есіктің алдында жүр екен. Қарымсақты дереу үйге кіргізіп, аяғын әбден көріп, сынықтарын орнына салып, жақсылап таңып байлап беріп:
- Түйіні өзі шешілгенше тиме. Төсегіңде қозғалмай жат. Арақ-шарап, темекі, сыра дегенге жолама. Үйіңе мас болып келген адамды кіргізбе, - деп ақылын айтады.
Жаңағы Майра деген келіншектің де баласының қолының буынын орнына салып, орап береді. Шаруасы біткесін, Майра «қолақтығыңыз» деп, бес сом ұсыныпты. Мерағаң ақырын ғана жымиып, ештеңе деместен, ақшаны алып, рахметін айтады. Бір ғажабы Қорттан шығып, Жаңаауыл деген жерге жете бергенде, жаңағы бала қайтадан шырылдап жылай бастайды. Не болды деп қараса, сынықшының байлаған шүберегі шешіліп қапты. Енді не істейміз деп сасып қалған бұлар, сол Жаңаауылдағы Майраның сіңлісінің үйіне тоқтайды. Ойлары Қарымсақты осы үйде қалдырып, Қортқа қайтадан бармақ. Осы кезде Қарымсақ:
- Әне қараңдар, Мерғалым осы ауылдың дүкеніне келіп тоқтады! - дейді.
Оны көрген бұлар қуана ұмтылысып, дүкенге жеткенде, Мерғалым да күлімсіреп шығып келе жатыр екен. Майра болған жағдайды айтқасын, Мерағаң баланың қолын қайтадан көріп, байлап береді. Сол кезде Майра «қолақтығыңыз» деп, тағы да бес сом ұсынады. Сонда Мерғалым:
- Бағана толық берсеңіз ғой, бұндай жағдай болмас еді, -дегенде, өзінің ағат ісінен ұялған Майра қатты қысылады.
Сөйтсе, Майра үйден шыққанда емшінің қолақтығына 10 сом берем деп ниеттеп шыққан екен. Бірақ баласының қолы салынғансын, ол ойынан айнып, сарңдығы ұстай қалған секілді. Бұл жерде әңгіме ақшада емес. Шын ниетімен келген адам әуелде ойға алып келген дүниесін беруі керек. Және ол Мерғалым үшін емес, өзі үшін. Егер үйден шыққаныңда тіпті бір сом деп ниеттесең, ол да сауап болады. Енді Қарымсаққа келсек, бір күні таңертең шырт ұйқыдан оянса, аяғындағы шүберегі шешіліп қалған екен. Содан ақырындап жүріп кетеді. Артынан сынған жерін айнаға салғанда, болар-болмас сызық қана қалған екен.
Сағындық Тәшімұлы
Жездесін қорқытқан Мерғалым
Мерғалым маған бөтен емес, екеуміздің шешелеріміз туысқан адамдар, сондықтан жақын бөлелерміз. Бала күнімізде біздің үйге келгенде, екеуміз төрдегі алашаның үстінде күресіп ойнайтынбыз. Егер ол жығылып қалса ызаланып, менің бас бармағымнан шап етіп ұстап алып, кейін қарай қайырғанда, білегіме дейін тигізетін. Менің әрине, жан дауысым шығады. Сонда ол: «Қорықпа, бөле, сынып қалса өзім «ремонттап» берем» - дейтін. Менің шешем Қазиза Әмірханқызы Мерғалымға апа болып келеді деп айттым. Осы себептен әкем екеуі жезде мен балдыз болып қатты әзілдесетін. Бірде Мерғалым әкеме сәлем бермекші болып біздің үйге соғады. Үйдегілермен дастархан басында шай ішіп отырғанда, әкем оған әдеттегісіндей қалжыңдап:
- Әй, балдыз, сенің сынықшы екеніңді білем. Бірақ жұрт оған қоса әулие деп мадақтайды. Ел де айта береді ғой, қайдағы әулиелік саған! Қане сол мықтылығыңды көрейін, маған осы жерде бірдеңе істеші! - депті.
- Жезде, ол қиын емес қой, бірақ ойыннан от шығып, өзіңіз ренжіп қалмасаңыз болды, - дейді Мерғалым.
- Жоқ, саған ренжімеймін, балдызжан! - дейді әкем.
- Ендеше, үйдің ана оң жақ бұрышына барып тұрыңыз! -депті Мерғалым.
Әкем оны шынымен сынағысы келді ме, дереу айтқан жеріне барып тұра қалады. Мерғалым оны арқасынан бір сипап: «Ал, жезде, енді осы жерден шығып көріңіз!» - деп, өзі кетіп қалады. Үйдегілер де бұған аса мән бермей, екеуінің әдеттегі әзілдері шығар деп, бәрі шығып кетіп қалады. Мерғалым далада біраз уақыт жүріп қайтып келсе, әкем қара терге түскен, екі көзі бақырайып, әлі сол бұрышта тұр дейді. Не олай, не былай баса алмайды. Тіл жоқ, тек Мерғалымға мені босат дегендей жалынышты түрмен қарайды. Мерғалым тағы да оның арқасынан бір сиап: «Не, жезде, сендің бе енді әулиелігіме?» - дегенде ғана тілі шығып: «Балдызжан, сендім, бәріне сендім, әлиелігіңе де, сынықшылығыңа да, тек бұны ешкімге айта көрмеші!» - деп жалыныпты. Бірақ болған оқиға ел ішіне естілмей жата ма, әкемнің осы «қожанасырлығын» ауылдастары әлі де әңгіме қылып айтып жүреді
Болат Жаппарханұлы,
Қарақала ауылының тұрғыны
Машинамды жүргізбей тастады
Мерғалым сынықшы - емшілігімен қоса аса ақжарқын, қалжыңбас, отырыстың гүлі еді. Кезінде үй ішімізбен Мерағаңа қаралып, сөйтіп жақсы танысып, «он жас - орамдас, бес жас -құрдас» дегендей, кездескен жерде әзіліміз жарасып, қалжыңдап ойнай беретінбіз. Бұл 1964 жылы болған оқиға еді. «ЗИЛ» машинасымен Алтай өлкесі жағынан келе жатырмыз. Машинаның үстінде артып алған төрт жылқымыз бар. Қасымда Риза деген жігіт. Жолшыбай Қортқа жеткесін, Риза: «Ауылдың ана шетінде Өміржанның үйі бар, сонда соғып, біраз тынығып алайықшы» - деді. Сөйтіп Өміржанның үйіне тоқтадық. Кірген соң, әрі-беріден кейін дастархан жайыла бастады, сол кезде сәлем беріп Мерғалым келді. Қауқылдасып амандық сұрасып жатырмыз. Бәріміз отырып дәм ішкесін, далаға шықтық. Машинаның қорабындағы төрт жылқыны көрген Мерғалым әдеттегідей мені қолға алып, тағы да қалжыңдап жатыр. Біраз тұрып, әңгімелескен соң, біздер жүруге ыңғайландық. Мерғалым: «Мен сендермен анау бір үйге дейін жетіп қалайыншы» - деп, машинаға бірге мініп алды. Мерғалым айтқан үйдің аржағында дүкен бар. Бізге сол дүкенге соғу керек болды. Мен жақындаған кезде оның нұсқаған үйіне тоқтамай, аржағындағы дүкенге бірақ тоқтамақшы болып, әрі қарай жүре бердім. «Асып кетсек ештеңе етпес, арасы жақын ғой, өзі кері оралар» деген ой ғой баяғы. Бірақ әлгі Мерғалым айтқан үйден аса бере машинам өзінен-өзі тарс-тұрс етіп, жүрмей бір орнында тұрды да қалды. Апырмай, не болды деп зәрем ұшып, секіріп түсіп, астына қарап жатырмын. Сіз нанасыз ба, нанбайсыз ба, қарасам машинаның төрт дөңгелегі тура тежегішті басып тоқтатқандай, өз-өзінен айналмай қалып, жерді қазып, сызып келіп тоқтапты. Аң-таң болып жан-жаққа қарасам, Мерғалым анадай жерде кетіп бара жатыр екен. Өзі кабинадан түсе бере «алға қарай жүре беріңдер» дегендей, Ризаға қолын сілтепті. Содан машинама қайтадан отырып, от алдырып едім, дүр етіп жүріп кетті. Міне, бұрын жай естіп жүрсем де, Мерғалымның қасиеттілігіне осы жолы шындап көзім жетіп еді. Осы оқиға әлі күнге дейін есімнен шықпайды.
Дахана Қалиева
Қолы қандай жеңіл болса,
мінезі де сондай жайдары еді
Еш уақытта шаршап, кеюді білмейтін. Жолымыз түсіп бара қалғанда, не кеш, не ерте келдіңдер демей, жылы шыраймен қарсы алып, жеңгейге «тез дастархан жаса, шайыңды әкел» деп бәйек болып қалатын. Ел ішіндегі қадыр - құрметі қанша биік болса, сонша қарапайым еді. Жұбайым Асыл Ақылбекұлы (1992 жылы қайтыс болды) белінен ауырып, аяғын баса алмай жүрді. Сонда Мерғалым ағаға бір кездесе қалғанда:
- Кәне, киіміңді шешіп, мына жерге жата қалшы, көріп жіберейін дегені, жолдасымның белін қазымен сылап - сипап, емін жасап, ақыл-кеңесін айтқаны дәл бүгінгі күнге дейін көз алдымда. Көзден кетсе де, көңілден кетпейтін ардақты ағаны бүгінде еске алып, балаларыма айтып отырамын.
Үлкен қызымыз Күлбағира жастау кезінде ойнап жүріп, абайсызда аяғын мертіктіріп алды. Ауруханаға апарып едік, айнаға түсіріп гипс салып берді. Үш айдан соң гипсін қайта алғанда, аяғының жарылған жері әлі бітпегенін білдік. Дәрігерлер қайтадан гипс саламыз деп еді, біз көнбедік. Ол кезде біздің жақтан Қорт ауылына автобус жүреді. Жолдасым екеуміз жұмыстан шыға алмадық та, 15 жастағы немересі Күлбағираны атамыз Ақылбек Мерғалым ағаға алып барды. Баламыздың аяғын көріп сипап-сылап, ақ дәкемен байлап беріп, 15 күн жылқының жас қазысын тартыңдар деп кеңес беріпті. Баламыз әуелі балдақпен, содан кейін таяқпен жүріп, ақыры таяқты да тастап, оқуын аяқтап шықты. Орта мектепті өте жақсы таусып, кейін Ақмола қаласындағы медициналық институтты бітіріп, терапевт-дәрігер болып шықты. Қазір үйлі-баранды, екі бала тәрбиелеп отыр. Осының барлығы Мерғалым ағаның шапағаты шығар дейміз.
Құралай Саханқызы,
балдызы
Елесінің өзі бізге қорғаныш болатын
Тоғызыншы класта оқитын кезім, балалармен алысып-жұлысып жүріп құлап, оң қолымның шыбығын сындырып алдым. Ертеңінде әкем Қорт ауылындағы Мерғалым жездемдікіне алып барды. Сол кезде ерекше есімде қалғаны, жездемдер жазғы ас үйде дастархан басында отыр екен (ем алушыларға дастарханнан дәм таттырмай жібермейтін), қақпадан кіре бере мен жездемдерді көріп, бар даусыммен «ауырады-ауырады!» - деп жылап жіберіппін. Мүмкін жездемді көргендегі еркеліктің әсері де болар. Менің даусымды естіген жездем дөңгелек үстелдің үстінен қалай аттап, қасыма жеткенін білмей қалдық. Жаныма келген бетте, біз ештеңе айтпай-ақ: «Әй, балдыз-ай осыншама қатты ойнарсың ба?» - деп, қолымды ұстағанда, түні бойы қақсап ауырған қолымның қалай басылғанын сезбей қалдым. Жездем «емдейтін бөлмесіне» алып барып, қолымды сылап-сипап отырғанда, білек сүйектерімнің сырт етіп орынына келгенін сездім. Сосын дәкемен орап беріп, «байқап сақтанып жүр» - деді. Айтқанындай байлаған дәкесі 16 күннен кейін өзінен өзі шешіліп кетті. Міне, осы күнге дейін қолымның сынғаны тек қана жездемді еске алғанда ғана ойыма оралады. Айта берсек, бұл кісінің басқа жұрттан ерекшелігі көп болатын. Кейде сол үйде қонақ болып бірнеше күн жатамыз. Бала болсам да байқап жүрем, кей кездері жездем басқалар ұйықтап жатқанда, түн ішінде тұрып, есіктің. Бірде ол кісіден неге жүрсіз деп сұрағанымда: «Қиналып біреу келе жатыр ғой» - дейтін, айтқанындай көп уақыт өтпей, жездемді іздеген адамдар келіп жететін. Ол кісінің қасиеті жайлы талай әңгімелер бар ғой ел ішінде. Мен өзім бастан кешкен мына бір әңгімені айтқым келеді. Өкінішке орай, бұндай санадан тыс оқиғаларға кейбір адамдар шәк келтіріп жатады. Ондайларға не деуге болады? Әркім өзінің ой-санасының жеткен жерінен қайтады ғой. Және адам өз басынан кешпеген іске қашанда сенімсіз көзбен қарайды. Сондықтан сене қоймадың деп ренжуге болмайды. Сонау 2000 жылы ақпан айында біздің әулет ауыр қайғыға ұшырады. Жолдасым қайтыс болып, сол кісіні жерлеп, қайтып бара жатқан туыстарым «Тілектес» деген ауылдың тұсында «Камаз» жүк көлігімен соқтығысады. Жеңіл көліктің ішінде келе жатқан бес жанның үшеуі (жеңгем және екі бауырым) сол жерде қайтыс болып, ағам мен бір інімді Павлодар қаласына ауруханаға апарыпты. Естіген соң, құстай ұшып барсам, Серік бауырым мен Аманкелді ағам жан сақтау бөлімінде ессіз жатыр екен. Зар еңіреп жетіп, ағамның аяқ жағына қалай барғанымды да білмеймін. Есімде қалғаны, ақ халатты дәрігерлердің тұрғаны. Олар мені тоқтатпапты. Артынан білдім, сол кезде дәрігерлер кеңесіп жатса керек. Егер ағам сол күні есіне келмесе, бұл жарық дүниемен қоштасады деген ұйғарымда болған екен олар. Ағам өзі Мерғалым жездемнің аруағына қатты сенетін және әрқашан: «Қайда барсам да жездеміздің аруақ-қасиетіне сенім білдірем, сондықтан Алла тағала тілегіміздің қабылдығын береді» - деп жиі айтып жүруші еді. Ағамның осы сөздері қалай ойыма келгенін білмеймін, тек зар жылап, жездемнің аруағынан жәрдем тілеп, ағама көмектесуін сұраппын. Өзімнің ойыма келген құран сөздерін айтып, үш сағат төсегінің жанында осылай отырып қалжырап, көзім ілініп кетсе керек. Сөйтіп жатып маған емхана бөлмесінің терезесіндегі шымылдықтан ақ сәулелелер түскендей болып елестеді. Және ағамның сол жақ аяқ-қолдарының сүйектерінің сырт-сырт еткенін естігендей болдым... Осылай жүріп, інімнің жарақаты жеңіл болғандықтан, оны ертерек босатты. Мен өзім ағамның қасында қалып, ол өз-өзіне келгенше күттім. Кейіннен медбикелер айтады, бөлім меңгерушісі, хирург Рашид Михайлович деген кісі: «Бұл адам қатарға қосылмайды деп едік, бірақ мына туысы келіп, бір кісінің атын қайта-қайта айтып, құран сөздерін айтқасын, науқас бері қарай бастады. Сондықтан бұл кісі туысының қасында қанша болам десе де, бөгет жасамаңдар» - депті. Міне, біреу сенер, біреу сенбес. Мерғалым жездемнің рухы осылай жанымыз қысылғанда жәрдем беріп еді.
Қалимаш Көшербайқызы,
ауылдасы, Шоқтал ауылы
Қамқорлығы әкеміздей болған Мерғалым аға
Мен Мерғалым ағаның ауылында өсіп, сол жердегі мектепте оқыдым. Бала кезімізден бұл кісіге деген құрметіміз шексіз болды. Себебі Мерғалым ағаны үлкендер сыйлайды, оны көрген балалар да солардан үлгі алып, Мерағаңа ерекше көзбен қарайтын. Өйткені Мерғалым аға ауылдың шын мәніндегі ақылшысы, қамқоршысы еді. Мына бір оқиға әлі есімнен кетпейді. Ауылда бір адам қайтыс болған еді. Бірақ ауыл жастары сол күні бір үйге жиналып алып, азан-қазан музыка қойып, билеп жатты. Мерағаң әлгілерге барып:
- Қарақтарым, ауылда адам қайтыс болып, туыстары аза тұтып жатыр. Ал сендер даңғырлатып музыка қойып, билеп жүрсіңдер. Сол дұрыс па? Егер сендердің бір жақын адамдарың қаза болып, сол кезде басқалар ән салып жүрсе, қандай күйде болар едіңдер? Ұят болады, тоқтатыңдар. Біз бір ауылдың адамдарымыз. Біреуміз жыласақ бірге жылап, күлсе бірге күлуіміз керек, - дейді.
Осыдан соң жастар музыканы дереу тоқтатады. Елді бірлікке, татулыққа, туыстыққа үндейтін Мерағаңның бұл қағидасы ауылда осы күнге дейін дәстүр болып қалды. Мен сол бір жылдары мектеп бітірген соң, Павлодар қаласында педучилищеде оқып жүрдім. Бір күні сабақтан шыққан соң, кітап алмақшы болып, бір дүкенге кірсем, сол жерде Мерғалым аға жолыға кетті. Амандасып, жағдайымды сұрап жатыр. Студент екенімді білгесін:
- Айналайын, сен өзі біздің ауылдың оқу қуған талапты жасы екенсің. Студенттің қалтасы қашанда жұқа болады. Мә, бір керегіңе жарат! - деп, жиырма сом ақша ұсынды.
Мен алуға ұялып: «Жоқ, ағатай, ақшам бар» - десем де болмай, қол сумкама тығып жіберіп еді. Жиырма сом деген ол кезде әжептәуір ақша. Міне, Мерғалым ағаның ауыл адамдарына, әсіресе өсіп келе жатқан жастарға деген ықылас-ниеті осындай еді.
Ерсайын Шапин,
Кенжекөл ауылы
Бір уыс топырағының өзі жанға шипа
Мен әке-шешенің тәрбиесін көрмей, нағашы әжемнің қолында өскен адаммын. Кішіректеу кезімде осы Қорт ауылында Мерағаңдармен үй арасында үй жоқ, көрші тұрдық. Кейін ол кісілер жаңадан үй салып алып, әріректеу көшті. Бәрібір бір ауылдамыз. Және сәби шағыңдағы болған оқиғалар ұмытылмайды ғой, солардың көбі есімде қалыпты. Соның бірі мынау. Мерағаң бірде «Волгасымен» біздің үйдің алдына келіп тоқтай қалды. Шоқталға бара жатыр екен. Алдыңғы орында өзінің қасында әкесі отыр. Артында анасы және Сафура деген тағы бір әжей. Енді менің әжемді алып кетуге соғыпты. Менің бес жастағы күнім ұмытпасам. Мерағаң жүгіріп жүрген мені көріп, «әй, кел, отыр» деп, мені де мінгізіп алды. Барсақ Шоқталда Әдеш деген ақсақалдың үйінде әлде той, әлде дұға, әйтеуір бір басқосу болып жатыр екен. Сөйтіп, Шоқталдан дәм ішіп, үйге қайтып келе жатқанда, бір қалың құмға машинамыз кіріп кетіп, баттық та қалдық. Бәріміз көліктен далаға шықтық. Мерағаң маған: «Әй, кір ананың астына, құмын тазалап алып шық» - деді. Мен жып етіп, машинаның астына кіріп, құмды қолыммен сыртқа шығарып, ол кісі әрі қарай алып, әрі-бері тазалағасын, жабылып итеріп, көлікті шығарып алдық. Кейін ойлаймын, Мерағаң мені сол жерде жақсы көргендіктен мінгізіп алды ма, әлде осылай бір керегім боларын білді ме екен деп. Себебі ол үйде де менімен жасты, маған тете балалар жетерлік еді. Бірақ оларды алмай, мені мінгізіп алғанына осы күнге дейін таң қалам. Ал жалпы қазақ жолымен ата қуып келгенде, Мерағаң маған нағашы болып келеді. Ол кісі - Өтебай, менің шешем-Майлыбай деген ағайынды адамдардан тарайды екен. Ол кезде мүмкін Мерағаң бұны білген шығар, ал менің ондайды ойлай қоятын күнім емес, бала болдық, бәрін кейінірек, ақыл тоқтатқасын біліп жатырмыз ғой. Бірақ менің бар өмірім осы Мерағаңдардың көз алдында өтті. Баласындай болып өстік. Оның үстіне, неге екенін білмеймін, маған деген ықыласы бөлек болатын. Менің ағам Егінбай деген кісімен Мерағаң жолдас болып, жақсы араласты. Біздің үйге келген сайын ерекше назар аударып, қалың қалай деп, басымнан сипап кететін. Әлде мені әке-шешесіз өскесін мүсіркегені ме, әлде шынымен назары түсті ме, білмеймін. Оның мәнісін төмендегі әңгімелерден аңғара жатарсыздар. Ауылда үлкен-кішіде бұл кісінің алдына өтіп, қаралмаған адам жоқ шығар. Сәби күнімде маған да бірер мәрте шипасы тиді. Екінші класта оқып жүрген кезім. Ол уақытта ауылдағы үйлердің ортасында тіреу болады. Ойнап жүріп, соған өрмелеймін деп құлап түсіп, бір бармағымды қайырып алдым. Бұны көрген әжем бір сом ақша беріп: «Бар, Мерғалым әтәйіңә көрініп келе ғой» -деп қоя берді. Барсам, ол кісілер шай ішіп отыр екен. Мерағаң кірген мені көріп: «Әй, кел, отыр, шай іш» -деді. Қолымның ауырғаны бәрі басылып кетті. Дегенмен қолымды ауыртып алдым деп айтып жатырмын. «Ештеңе етпейді, кел әуелі шай ішіп ал» - деп жанына отырғызды. Шайдан соң қолымды көріп, бірер сипап, ештеңе етпейді, жазылып кетеді деді тағы. Жалма-жан қалтамдағы бір сомды алып беріп жатырмын. Оны алмай өзіме беріп: «Салып қой қалтаңа!» - деді бұйыра сөйлеп. Сөз саптасы солай еді жарықтықтың. Бесінші класта оқып жүргенімде, ағам үйдің қасына түскен қарды трактормен итеріп, мен соны қызықтап қасында жүргем. Бір кезде байқамай, әлгі қар сырғыштың астында қалып қойып, үстімнен жүріп өтті. Мерғалым аға осының бәрін есігінің алдында көріп тұр. Бір кезде құлап жатқан мені өзімнің ағам да көріп, не болды деп жүгіріп қасыма келді. Анау волокуша соғып жіберді деп айтып жатырмын. Өзім тынысым тарылып, дем ала алмаймын. Осы кезде Мерғалым аға да келіп: «Өй, сенің көзің қайда, қарамайсың ба, мына баланы өлтіре жаздадың ғой!» - деп ағама ұрсып жатыр. Сосын мені тұрғызып, қыстың күнгі қалың киімнің сыртынан арқамнан бірер сипап, ештеңе етпейді деп еді, қолма-қол тынысым ашылып, денемнің ауырғаны да басылып, жүгіріп кеттім. Бұл секілді оқиғалар талайдың басында болған, бұдан да халы мүшкіл болып келгендер бар екенін білемін ол кісінің алдына. Дегенмен менің жеке басым мен Мерғалым ағаның рухына байланысты мына бір әңгімені айтайын. Басымнан өткен осы оқиғаларға кезінде шынымен мән де бермеген шығармын. Қазір енді жылдар өткесін, барлығын ойша сарапқа салып отырсам, Мерғалым ағаның иесі (кейде аруағы деп жатамыз) мені шын айналдарған секілді. Ол кісі 1986 жылы қайтыс болғанын білесіздер. Бүкіл ел болып жүгіріп, жабдығына дайындалып жатырмыз. Інісі Нәбидің үйінің алдынан үлкен палатка құрдық. Соның үстінде бес-алты жігіт шығып, палатканы тартып келе жатыр едік, шетіне келіп қалғанымды білмей, байқаусызда қара жерге арқаммен құладым. Сол арада шамалы уақыт есімнен танып қалыппын. Кімдер орнымнан тұрғызғанын да білмеймін. Әйтеуір екі аяғымды әзер басып жүріп кеттім. Өзімше жігіттерге көмектескен боламын. Бірақ қатты ауырсынып жүрмін. Дегенмен ол жерде абыр-сабыр, маған қарай қоятын да кісі жоқ. Сөйтіп, кешқұрым үйге келіп жаттым. Үйге келіп, кешқұрым төсекке жатып, көз ұйқыға кеткесін, түсіме Мерағаң кірді. Нанбасаңыз тура нан ұстап айтайын (нан ұстады), түсімде екеуміз қарама-қарсы тұрмыз екенбіз деймін. Ол кісінің айналасында ылғи шүпірлеген сап-сары үйректің балапандары жүр. Әлгілердің саны анық қырық екен деймін. Мен неге екенін білмеймін, әлгі балапандардан қорқып тұрмын. Бірақ Мерағаң маған дауысын шығарып, әдеттегідей қаттырақ бұйыра сөйлеп: «Қорықпа, неменеге қорқып тұрсың?! Ал біреуін!» - дейді. Сосын ақырындап жаңағы балапандардың біреуін алып, алақаныма салып едім, әлгі балапан емес, сондай мамық секілді жұп-жұмсақ бірдеңеге айналып кетті. Сол жерде оянып кеттім. Өзім қара терге түсіп жатыр екем. Апырмау, бұл не түс болды деп отырмын төсегімде. Келіншегім де оянды. Көрген түсімді оған да айттым. «Ештеңе етпейді, тәуір боласың!» -деп, ол да мені жұбатып жатыр. Сонымен не керек, Мерағаңның жетісі өткенше үйде жүрдім де, сосын дәрігерге барып, айнаға түстім. Сөйтсем, екі омыртқам жарылып, үш омыртқам майысып кетіпті. Әлгіні көріп дәрігерлер аң-таң. «Сен мынамен аяғыңды басып қалай жүргенсің?! Бұндай сынықпен сал ауруға (паралич) ұшырап жатып қалуға болады!»» -деп таң қалысып жатыр. Мен жағдайымды баяндап, Мерағаңның жабдығында болған оқиға еді, мүмкін сол кісінің аруағы шығар жебеген деп жатырмын. Сонымен дәрігерлер мені төсекке шалқамнан салып жатқызып, осылай қозғалмай 40 күн жатуың керек деді. Сосын гипс саламыз деді. Тіпті түрегеп әжетханаға баруға да тиым салды. Сөйтіп, 20 күн жаттым. Бірақ өзімнің ойым, үйге қайтып, сол жерде Мерағаңның балаларының біріне сипатып жіберсем, мүмкін шипасы болар ма еді деймін. Осы ой мазалай берді. Содан не керек, хирургке бір күні үйге қайтам, жатпаймын дедім. Әрине, Мерағаң балаларына барам деп айтпаймын ғой. Ол маған ертеңгі өміріңді ойла, мүгедек болып қаласың, енді қайтып келсең алмаймыз деп басын ашып айтты. Бірақ мен де қасарысып, шығам, қайтып келмеймін тұрып алдым. Содан қолымнан қолхат жазып беріп, шығып кеттім. Менің бюллетень қағазыма да (больничний) «өз еркімен шығып кетті» деген белгі соғып берді. Яғни, ақша төленбейді деген сөз. Сөйтіп отбасыма оралғасын, дереу Мерғалым ағаның үйіне бардым. Кірсем төрде ол кісінің әкесі Мұхтарихан ата, Мерағаңның үлкен ұлы Қаршыға, күйеу баласы Бауыржан барлығы отыр екен. Бауыржан, Қаршыға бәріміз шамаласпыз. Сәлем бергесін, менің мертігіп кеткенімді білетін Мұхтарихан ата жағдайымды сұрап жатыр. Мен: «Ата, дәрігерден қайтып келдім, жатқым келмеді, білмеймін неге екенін, осы жаққа қарай тартты да тұрды. Мерағаңның балаларының біреуіне сипатып жіберсем қайтеді?» -деп едім ақсақал бірауық үндемей отырып қалды. Сосын: «Балам, зират басына барайықшы, мен бір аят оқиын, сен ақтығыңды қойып, қабірдың топырағынан алып, сипап көрші!» - деді. Содан көрші Мәрден ақсақалдың машинасымен Мұхтарихан ата, Қаршыға, Бауыржан бәріміз зиратқа бардық. Ақсақал бір аят оқып: «Ал, балам, ақтығыңды қой да, топырақ ала ғой» - деді. Еңкейіп топырақ ала берем бе деп едім, ақсақал тағы да ұшып тұрып, қабырдың екінші жағына барды да: «Мына жерден оң жағынан ал!» - деді. Сосын «бисмиллаһ» деп бір уыс топырақты алдым да, сол қалпымен арқама тигіздім. Байқаймын ешқандай жерім ауырып тұрған жоқ секілді. Сосын ақсақалға қарап: «Ата, ешқай жерім ауырып тұрған жоқ» - дедім. Соны айттым да, әрі-бері қозғалып, орнымда тұрып секіре бастадым. Сосын әлгі бір уыс топырақты қолымнан тастамай, зираттың ішін айнала жүгіріп шықтым. Неге екенін білмеймін, Мұхтарихан ата сонда жылап тұрды. Жүгіріп келіп, алған топырақты орнына тастайын деп жатыр едім, ақсақал тағы да: «Балам тастама, қалтаңда таза орамалың бар ма, бар болса түйіп ал, сенде болсын, күнде таңертең сонымен арқаңды сипап отыр!» - деді. Қарияның айтқанын орындап, топырақты орап салып алдым. Күнде таңертең арқамды сол топырақпен сипап жүрдім. Одан кейін омыртқамның ауырғаны да басылды. Кейін күреске де түсіп жүрдім, штанга та көтердім. Тіфа, тіфа, әлі сыр беріп көрген жоқ. Міне, осы күнге дейін сол топырақ үйімде сақтаулы. Міне, жуырда ғана баламыз екеуміз үйдің жанынан екі-үш машина сиятындай шеберхана салып жатқамыз. Мен байқаусызда соның ішіндегі машина қарайтын шұңқырға құлап кеттім. Және оның үстіңгі жиегіне қырлы темір (угольник) салынған еді, тура соған қабырғаммен түстім. Содан үйге келдім де, Мерғалым ағаның топырағымен бірер сипап, жүріп кеттім. Одан кейін бір апта үйде жұмыс істеп, әлгі шұңқырдың бетін жауып, ауыр брус ағаштарды көтеріп жүрдім. Дегенмен қабырғам ауыра бастағасын, дәрігерге бардым. Және өзім әйеліме айттым, қабырғам сынды, сау емес деп. Бірақ қабырға сынса, жаңағыдай бір апта ауыр жұмыс істеу тіпті мүмкін емес. Қой, не болса, анығын білейін деп, емханаға барып айнаға түссем, бір қабырғам екі жерден сынып, үш қабырғам майысып кетіпті. «Бұнымен қалай жұмыс істеп жүрсіз?» - деп дәрігерлер де сұрап жатыр. Олар және сынған қабырғаға түк те істей алмайды. Сосын үйге қайтып келдім. Күн сайын таңертең Мерағаңның топырағымен сипап қоям. Сөйтіп қимылдап, жұмыс істеп жүріп, жазылып кетті сол қабырғаларым. Ал шындығында, бұлай мертіккен адам қозғалмай жатуы керек. Мен өзім арақ ішіп, темекі тартпаған адаммын. Әскерден келген соң, жиырма жасымнан бастап шәйнек ұстап, дәрет алып жүрем. Сонау тоқсаныншы жылдары болған мына бір оқиға да есімнен кетпейді. Бопи деген өзім шамалас жігіт жылқы баққан. Қазір марқұм болып кетті. Сол Бопи біраз жылқысынан айырылып қалып, Майқарағайда Тоғанбек деген құмалақшы бар, соған апарып келші деді. Дәл осы Бопи келерден бірер аптадай бұрын Мерғалым марқұм тағы да түсіме кірген. Екеуміз зират басында екенбіз деймін. Мен заулатып құран оқып отырмын. Ал шындығында құраннан сөзін білмейтінмін. Бір ғажабы ояна келсем, әлгі түсімде оқыған құранды жатқа біліп тұрам. Сосын өзім шынымды айтсам, қорқа бастадым. Және түсімде оқығанымның шын құран сөзі екеніне өзім де сене алмаймын. Себебі бұрын оқып көрген емеспін. Сосын Бопиды апарғасын, құмалақшы ақсақалға осы жағдайды, көрген түсімді айттым. Құран сөзі ме, басқа ма, өзім де білмеймін дедім. «Қане, оқышы, балам» - деді қария. Жаңағы түсімде жаттағанды заулатып оқи жөнелдім. Ақсақал таң қалып: «Қарағым, сені бірдеңе қатты айналдырып жүр екен, тек таза жүрші» - деп еді сонда. Нансаңыз наныңыз, әйтпесе өзіңіз білесіз, жоғарыда айтқандай түстер көріп, өзімді айналдыра бергесін, осыдан бой тартайын деп, әдейі арақ ішкен кезім де болды. Себебі емшілік, сынықшылық маған батамен қонып тұрған қасиет емес. Өзіме қатысы жоқ, басқа біреудің шаруасына араласып тұрғандай сезінем. Бір күні ауылдың екі жігітін араққа жұмсадым. Олар таң қалып: «Ереке, сен арақ ішпеуші едің ғой?» - дейді. «Ішкім кеп тұр» - деймін мен оларға. Арақ ішкесін, жаңағыдай нәрселер айналдыруын қоятын шығар деген ой ғой. Сөйтіп шынымды айтсам, өзімді-өзі осылай алыстата бастадым. Енді сөз соңында Мерғалым ағаның сынықшылық қасиеті жөнінде тағы бір әңгімені айта кетейін. Мерағаң қайтыс болардан бұрын ауырып, Павлодардың облыстық емханасында жатты. Дәл сол кезде ауылдағы Қаршығаның үлкен ұлы Жарас бірдеңеден құлаған ба, қолын сындырып алыпты. Қаршыға екеуміз дереу Мерағаңның «Волгасына» отырып, Жарасты салып алып, Павлодарға, емханадағы Мерағаңа тарттық. Мен «Волганың» рөліндемін, Қаршыға мен бала қасымда. Бала қиналып жылап келеді. Сөйтіп, емханаға барсақ, ол жерде карантин екен. Бір адамды кіргізбейді. Сосын келіп тұрмыз деп, біреу арқалы Мерағаңа хабар жібердік. Ол кісі: «Емхананы сыртынан айналып, даладан терезенің тұсынан келсін» - депті. Сыртқа шығып, емхананың артына айналып өзі айтқан терезенің тұсына бардық. Барсақ Мерағаң іштен қарап тұр екен. Бізге ымдап, баланы былай ұстаңдар деп көрсетті. Мен баланың аяғын ұстап тұрмын. Сосын Мераған баланың қолын былай-былай сипа деп, Қаршығаға ымдап көрсетті. Қаршыға солай сипап еді, баланың жылағаны да әп-сәтте басылып, тыныштала қалды. Сосын сол жерден үйге қайттық. Соңынан баланың қолы да жазылып кетті.
Төлеген Шахарманов,
Шоқтал ауылының тұрғыны, палуан,
Қазақстан құрама командасының мүшесі болған
Күреске қайта түсуге мүмкіндік беріп еді
Алты жасымнан бастап, Мерағаңның алдына бірнеше рет өтіппін. Сол алты жастағы кезімде ортан жілігім сынып, аяғым теріс айналып кетіп еді. Ол кезде Мерағаң тұрғанда, ел іші сыныққа дәрігер іздемейді. Мені де сол кісінің алдына апарып, әйтеуір Мерағаң бәрін орнына салып, құлан-таза жазылып, соңынан тіпті білінбей кетті. Екінші рет мертігуім тура жиырма бір жасымда болды. Әскерден келгесін ауылдағы шөп науқанында жүріп, пішен артқан тіркеменің үстінен оның темір жетегіне құлап, үш бірдей қабырғам сынды. Сол жерде естен танып кетіппін. Жанымдағы кісілер дереу суырып алып, ауылдағы Мерғалым ағаға жеткізеді. Мен жартылай жансыз күйдемін. Тек Мерағаңның үйінің ауласына кірген кезде ғана «уһ» деп күрсініп, дем шығарсам керек. Ол кісі жоқ екен, бір сағаттай уақыт өткесін келді. Менің есім кіресілі-шығасылы. Қай жерім ауырып отырғанын да білмеймін. Мерағаң мені арқамнан бір сипап: «Ой, бауырым, үш қабырғаң бірдей сынып, ішке қарай майысып кетіпті. Енді сәл кешіккенде, өкпеңе барып кіреді екен» - деп, сипап емін жасай бастады. Бір ғажабы, әлгі кісі сипаған сайын, жаным кіріп, денемнің ауырғаны басылып, өз-өзіме келе бастадым. Сөйтіп қабырғаларымды орнына келтіріп, белімді үлкен матамен орап берді. Ол кезде жасым жиырма бірде дедім. «Мына мата 21 күн өткесін өзі шешіледі, оған дейін тиіспе» - деді. Және қолыма бір бос бөтелке беріп, осыған жиі-жиі үрлеп отыр деді тағы. Онысы, үрлегенде кеуде керіліп, қабырғалардың қайтадан орнынан жылжып кетпеуіне көмек болатын шығар деп ойладым. Сөйтіп Мерғалым ағаның арқасында ұзамай жазылдым. Осы оқиғадан соң, 5-6 жыл үздіксіз күреске қатысып жүрдім. Сынған жерлерімнің бірі де сыр берген жоқ. Ел намысын қорғап, талай шет елдерге де шықтым. Сонда қай жерде жүрсем де, сыйынатын пірім-Мерғалым аға еді.
Аманжолова Бәтима,
Шоқтал ауылы
Емдеп жатқанда ұйықтап кетіппін
Кеңес уақыты, нағыз еңбектің қайнап жатқан кезі ғой. Бұл 1968 жыл болатын. Сауынға шығып, асау сиырларды үйретеміз. Әдеттегідей екі сауыншы фляга толы сүтті қолдасып көтеріп келе жатыр едік, бір таудай бұқа құдық басындағы науадан су ішіп тұр екен. Қияңқылау хайуан екенін білетінбіз. Айтқандай, біз теріс айнала бергенде, әлгі бұқа науадан секіріп өтіп, мені артқы жағымнан, белдеме тұсымнан келіп пермесі бар ма. Етпетімнен түстім. Соққының қатты болғаны соншалық, көзім қарауытып, есімнен танып қалыппын. Бұқа екінші рет сүзем дегенде, малшы келіп айырып алса керек. Мені үйге алып келіп, отағасы дереу Қортқа, Мерғалымға тартты. Бірақ ол кісі үйінде болмай шығыпты. Coдан Мерғалым келгенше үш күн бойы жанымды қинаған аурудан бебеу қағып, көз іле алсамшы. Бес айлық кішкентайым бар еді. Оны емізу қайда, жаныммен қайға болып жатырмын. Әйтеуір үшінші күн дегенде Мерағаңды жеткізді-ау маған. Ол кісі үйге кірген соң, соңынан біраз адамдар бірге келді. Бесқарағайдағы Беген ауылынанбыз дейді. Кішкентай балалары мертіккен екен, соны алып кепті. Әлгі баланың қолы сынып, терісіне әрең ілігіп тұр екен. Мерағаң маған қарап: «Сіз үлкен адамсыз ғой, шыдай тұрыңыз, әуелі мына баланы көрейін» - деді. Ауырсам да әлгі баланы қалай емдегеніне қарап жатырмын, Мерағаң қолының сынығын салуы мұң екен, жылап келген бала балбырап ұйықтады да кетті. Сосын менің мертіккен жерімді сипап көріп: «Жамбастың үшкір сүйегіне кіріп тұратын жіліктің басы жарылған екен, иншалла, тәуір болып кетесіз!» - деді. Сонда таң қалғаным, менің Мерағаң жамбасымды сипап жатқанда, ауырғаны caп басылып, ем үстінде көзім ұйқыға кете бастады. Белімді 10 метрлік дәкемен байлап берді. Содан қатып ұйықтап қалыппын. Жұрттың бір ет жеп, екі шай ішіп кеткенін де білмеймін. Осыдан 20 күн өткен соң балдақпен жүріп келе жатқанда, байлаған дәкесі шешіліп түсіп қалды. «Өзі шешілмей, тиісуші болмаңыз!» - деген. Міне, содан бері сау-саламат жүріп жатырмын.
Қаратай Баянұлы,
Екібастұз қаласы
Ғабдолла сынықшының пышағын алған
Бибол аңшы
Әкеден жастай қалдым да, сегіз жыл өгей шешенің қолында тұрдым. Тұрмыс нашар. Сөйтіп жүргенде Ресейдің Алтай өлкесі жағынан өзімнің туған шешемнің бауыры табылып, соны іздеп кетіп қалдым. Бұл 1950 жыл еді. Содан елге қарай 1965 жылы бір-ақ қайттым. Алтайға жалғыз басым барып едім, нағашым алдыма мал, қойныма жар салып дегендей, мені кәдімгі үй қылып қайтарды. Сол Алтай жағында жүргенде, 1955 жылы Мерғалымды алғаш көріп едім. Ол кезде Алтай өлкесі, Родин ауданындағы Шаталовка деген ауылдың Жетінші хутор деген жерінде шопанның көмекшісі болып еңбек етіп жүргем. Қалижан деген ақсақал аға шопан, Жұмабек деген жігіт екеуміз оған көмекшіміз. Далада, заимкада тұрамыз. Ол кезде үйленгем, бір ұлым бар. Бір күні заимкедегілердің бәрі: «Мерғалым келді, Мерғалым келді!» - деп у-шу бола қалды. Жаңағы Жұмабектің әйелі Шәрбан Мерғалымды бұрыннан біледі екен, ел жақта жүргенде бір мектепте оқығанбыз дейді. Сұрастырып білсек, Мерғалым Родиннан әрірек жиырма сегіз шақырым жердегі Камышенка деген кентте тұратын әпкесі Шәйпану деген кісінің батасын алып келе жатыр екен. Мерғалым ол кезде жиырманың шамасында. Қасында екі-үш кісісі бар. Және жай келе жатқан жоқ, 4-5 жылқы алып келе жатыр екен. Өздері кілең асау, таудай - таудай ірі жылқылар. Ол кезде Алтай жағында жылқы арзан, қойдың құнымен бірдей десе болады. Байқаймын Мерғалым өзі қатты қалжыңбас, әзілкеш екен. Жанындағы жігіттерге: «Өй, неге мінбейсіңдер мына жылқыларға?» - дейді. Әлгілер: «Өзің неге мінбейсін?» - десе: «Мен құлап мертіксем сендер түк істей алмайсыңдар, ал сендер мертіксеңдер, мен өзім жазып алам ғой» - деп күледі. Мерғалымның сынықшы екенін білгеніміз, таңертең тұрып, шәйға отырғанда Шәрбанға қарап: «Әй, мен түнімен үйықтай алмай шықтым, осында орнына түспеген бір сынық бар!» - деді. Сөйтсек, оның мәнісі былай екен. Жаңағы аға шопан Жұмабектің әйелі Бәйда деген кісі. Осы Бәйданың әкесі Бибол деген адам көп жасап, 92-93-ке келіп қайтыс болды. Негізгі шыққан түбі қарағай іші, Шоқтал ауылы жағынан. Бибол өзі ертеде атышулы саяткер, аңшы адам болған екен. Бірде қасқыр соғып алып келе жатып, жолшыбай Мерғалымның арғы атасы Ғабдолла сынықшыға жолығып қалады. (Ол кезде Алтай жағында үлкендер Ғабдолла сынықышыны ауыздарынан тастамай айтып отыратын. «Ат үстінен түспей-ақ, қамшымен нұсқап тұрып, сынықты сала береді екен» - деуші еді ақсақалдар). Сөйтіп, Бибол аңшы ел сыйлайтын Ғабдолла секілді емші, сынықшыға кез болғасын, соққан қасқырын сол кісіге байлайды. Ғабдолла да еруліге - қарулы дегендей, жанына байлап жүрген пышағын шешіп, қынымен бірге Биболға сыйлаған екен. Кейін осы Бибол жаңағы сыйға берген пышақтың әсерінен аздап сынық салып жүріпті. Осы сынықшылықты одан қызы Бәйда да ептеп үйренсе керек. Бірақ Бәйдә сондай керемет сынықшы емес, қинап салады дейтін білетіндер. Сол Бәйда өзінің бір мертіккен Рәулә деген кіші қызының бұғанасын салып, ол теріс біткен екен. Мерғалым соны біліп қойыпты. «Орнына түспеген сынық бар» -деуі содан екен. Бірақ сол күні қызды Мерғалымға көрсеткен жоқ. Артынан біраз уақыттар өткесін Мерғалымға арнайы алып барып, бұғанасын қайта бұздырып, салдырып әкелгенін білем. Кейін өзім де Қазақстанға, мына Қоянбай ауылына көшіп келдім. Мерғалыммен жақын танысып, араласып жүрдік. Оның әйелі Бәтес Найман қызы, сол себептен мені қайынаға дейтін. Осы жаққа келгесін 5-6 жыл өткеннен кейін болуы керек, әйелім белінен баса алмай, жатып қалды. Оны Мерғалым өзі емдеп, аяғына тұрғызды. Әлі есімде, әйелім тіпті аяқ басудан қалғасын, Мерғалымға алып бардым. Ол әрі-бері қарап, сипап, жылқының семіз қазысын тарту керек деді. Содан үйге әкеліп, қазыны беліне тартсақ, әлгі қазы сорылмай, сол бетінше қала береді. Ал, ем болу үшін, қазының майы денеге сіңіп, оның тек сыртқы қабыршағы ғана қалуы керек. Содан амалсыз Мерғалымға қайта бардым. Ол кісі осыдан соң үйге келіп, әйелімнің белін қайта қарады. Сөйтсек, біздер бұған дейін жұрттың айтуымен әйелдің беліне қаздың майы дейсіз бе, мазь дейсіз бе, неше түрліні жаға беріппіз ғой. Содан терідегі көзге көрінбейтін кішкентай тесіктер (поры) бікетіліп қалыпты. Қазыны сормай тұрғаны да сол екен. Мерағаң ұрсып, ең әуелі белін жақсылап, тазалап жуыңдар деді. Сосын өзі айтқандай тазалап жуып, қазыны қайта тартып едік, сорып алатын болды. Ақыры осы емнен соң, әйелім аяғына тұрып кетті. Мерғалымның алдына өзім де бір емес, бірнеше рет мертігіп бардым. Соның шипасы шығар, міне, жасым 84 ке шығып отыр.
Қанипа Батайқызы,
замандас адам
Ондай адам енді тумайтын шығар
Негізі туып-өскен жерім мына Шегіреннің қасындағы Есілбай ауылы. 1960 жылы Қортқа көшіп бардық. Жолдасым Темір Жаңаауылда туған, Мерғалыммен бірге ойнап, бірге өскен адам. Ол кез халықтың әлі жұқалау тұратын уақыты. Бәріміз де сондаймыз. Өзім сол уақытта он жеті-ақ жастамын. Күйеуім алып қашып кетті, содан қалдым. Ол кезде қайтып келу деген жоқ. Шешеміз: «Ендігі сенің үйің осы, өлсең сүйегің осы үйдің босағасынан шығады!» - деген. Сол Қортқа көшіп барғасын, тұра қоятын баспана жоқ, Манап деген құдамыздың үйінде тұрдық. Сөйтіп жүргенде, бір орыстың үйі босап, соған кірмек болып, әлгі үйдің ішін жуып, тазаладық. Ол кезде қандала деген көп болады. Үйдің ішіне дәрі сеуіп, от жағып, үш күн жауып тастадық. Сөйтіп кірдік. Өзімнің аяғым ауыр, одан басқа тағы кішкентай қызым бар. Бір күні үйге бір келіншек келіп, әңгіме үстінде маған: «Әй, сенің мына көршің Мерғалым деген сынықшы, атақты адам» - деп айтып жатыр. Мен сыртқа шығарып ештеңе демесем де, ішімнен «е, мейлі, сынықшы болса қайтейін» деп тұрмын. Әлгі әйел кетті. Ол кезде үйде нәрсе дейтін нәрсе де жоқ. Атам істеп берген бір үлкен күйме жәшік болушы еді, әбден шаршап жүрген адаммын ғой, соның қасына қисая кетіп, көзім ілініп кетіпті. Әлгі екі-үш жасар қызым жанымда сіріңке шашып ойнап тұрған. Кенет әлгі қызым шыр етіп жылады. Шошып оянып, не болды, не болды деп сұраймын. Оның айта қоятын тілі жоқ. Қызым сол жылағаннан қойсайшы. Кешке дейін жылады, көтеріп жүрдім. Балалардың әкесі бригадир, далада. Кешке ол жұмыстан оралғанша, осылай жүрдім. Келгесін айтты: «Мын балаға не болғанын білмеймін, ұйықтап жатқанда мына жағыма асып түсіпті, содан шырылдап жылай береді» деп. Әлгіні естіген күйеуім қазір деп шығып кетіп еді, әп-сәтте Мерғалымды алып келді. Шынымды айтсам, өзім жайдан-жай зәрім ұшып қорқып тұрмын. Мерғалым есіктен кіре, әй-шәй жоқ: «Әй, келіншек, солай ойлауға бола ма екен?!» - деді. Сөйтсем Мерғалым менің ол туралы не ойлағанымды біліп қойған екен. Бағана мен өз ойымды ана келіншекке естіртіп айтсам, сол жеткізіп барды дер едім. Бірақ аузымнан шыққан жоқ, тек ішімнен ғана ойладым. Ал Мерғалым соны біліп тұр. Содан Мерғалымның аты аталса, қорқып жүретін болдым. Ал шырылдап жылаған қызымды тек бірер сипап едім, түк болмағандай қоя қойды. Енді несін айта берейін, аруағыңнан айналайын, Мерғалымдай адам енді тумайтын шығар.
Қаншайым Бекболатқызы,
бірге өскен ауылдасы, Мойылды ауылы
Әрі ақылшы, әрі қамқор болған Мерағам
Соғыстан кейінгі уақыттағы кезде Мерғалым ағаның үйі мен біздің үй бір қораның астында тұрдық. тамағымыз, жатар орнымыз да бірге. Қатар-қатар төсекте жатамыз. Менің ағам Тумырза (Тукен) мен Мерғалым аға екеуі бір жыл туған, бірге жүреді. Олар сосын мектепке барды. Мен Мерағаңның інісі Қалимен жастымын. Екеуміз де кішкентаймыз. Дастарханға бір үзім нан салса, мен бірінші алам десем, Қали: «Бұл неге бірінші болып алады?» - деп жеңімнен жұлқылайды. Мен де қыз екенмін деп қоя қоймаймын. Оның қолындағы нанды тартып алам. Сол жерде екеуміз быт-шыт болып төбелесеміз. Оның маңдайында кекілі бар, менің екі жағымда екі тұлымшағым бар. Ол тұлымшығамнан жұлса, мен кекілден аламын. Сонда екеуміздің де шешеміз осылар төбелесіп жатыр-ау деп, арамызға түсуді білмейтін. Көрмеген кісідей отыра береді. Тіпті болмаса, екеумізді желкеден екі түйіп, барыңдар, сендерге шай да жоқ, нан да жоқ деп, қуып шығады. Содан далада алысып, төбелесіп алып, өне-бойымыз құм-құм болып үйге қайта кіреміз. Ақыры екеуміз өзіміз шаршап қоятынбыз. Сол кезде Мерғалымға сынықшылық қонайын деп жүрген кезі екен. Сол дерт айналдырып, оқу оқытпай қойды. Тіпті мектептен үйге көтеріп әкеліп жүрді. Ақыры болмағасын, мектепті қойып, біржола емшілікті алды ғой. Мен 1958 жылы тұрмысқа шығып кеттім, үйлі-баранды болдық. 35 жыл өміріміз шопандықпен, қой соңында өтті. Күйеуім күндіз-түні малда, озат шопан болған кісі. Өзімнің бес балам бар ол кезде, бірақ жасым әлі қырыққа да толған жоқ еді. Ата-енем жетпістен асқан кісілер. Осылай жүріп, ауырып қалдым. Дәрігерге барайын десем, балалар не болады деп оларға алаңдаймын және ең кішкентайым екі жаста ғана. Оның үстіне үйде екі қария бар дедім, олар да бір бала. Сөйтіп жүргенде үйге бір күні Мерғалым ағатайым келді. Ірге жағалап жүрген мені көріп, көзінің қиығымен қарап отырды да:
- Қаншай (мен ел ішінде солай деп атайды), мен мына Майқарағайдан оралып едім, біраз адамдар іздеп келген екен, қарындасымның үйі деп осында алып келдім, қалай қарайсың? -деді.
- Ой, аға, ештеңе етпейді, қазір бәрі дайын болады, кірсін ол кісілер, жоғары шығыңыздар! - деп қашандағы әдетіммен құрақұшып, дастархан жая бастадым. Өзім әрең жүрмін сонда. Мерағаң әлгі кісілерді алып кіріп, сынықтарын қарап, орнына салып, шайын ішкізіп аттандырып салды. Сосын үйге кірді қайтадан. Кірді де маған қарап біраз қарап тұрып, басын шайқап:
- Қаншай, айналайын, мен сенің ауырып жүргеніңді баяғыда естігем. Әттең қайтейін, ол менің қолымнан келетін ауру емес. Әйтпесе өзім-ақ емдеп жазар едім. Енді менің саған айтар ақылым, тез арада дәрігерге бар, сені ертеңнен бастап осы үйден көрмейтін болайын. Тез жөнел. Сен ана жетпістен асқан кемпір мен шалды ойлама. Сен өлсең олар бірге өлмейді, жылап алып отыра береді. Сен мына шиеттей бес балаңды ойла. Ертең сен өлсең, осылар анасыз жетім қалады. Сөйт, жаным, менің тілімді ал! - деді.
- Алам, алам, ағатай, ертең кетем, - деп жатырмын.
Сосын Мерағаң ана бөлмеде отырған атама барды:
- Ақсақал, мына Қаншайды ертеңнен қалдырмай емханаға жіберіңіз. Әйтпесе, мына бес баланың обалына қаласыздар. Осыны орындайсыздар ма? - деп қадалып сұрады.
Атам да қарсы келмей:
- Жарайды, қарағым, жарайды. Құп болады. Ертең жіберейік. Дәрігерге барып қаран деп айтып жатырмыз, балаларына қарайлап, өзі барғысы келмей жүр, - деп жатыр.
Мерағаң кеткесін, атам маған: «Ана Мұқаш пен Шәрбанды шақыр, Павлодардың емханасында біздің танысымыз жоқ, қайда апарып тастаймыз сені білмейтін жерге, бір көмектессе, солардың қолынан келеді» - деді. Мұқаш деген кісі бізге жамағайын туыс, ауылдық кеңестің төрағасы, Шәрбан оның әйелі, бұрын совхоз партия ұйымының хатшысы болған. Барып шақырып келдім. Атам оларға Мерғалым ағаның сәлемін жеткізді. Шәрбан апай сөзге келмей, Айтмұқанның балалары дәрігер, өздері бұл жақта болмаса да, Павлодарда таныстары бар шығар. Мен солармен хабарласам, Амантай (менің күйеуім) малды тастап келсін, машинасын дайындасын, ертең таңертеңгі сағат тоғызда жүреміз деді. Сөйтіп ертеңінде Павлодарға барсақ, шынында да бәрімен хабарласып, дайындап қойған екен, апарып жатқызды емханаға. Менің қанымның құрамы нашарлап кеткен екен, соны бір ай қалпына келтіреміз, сосын операция жасаймыз деген шешім шығарды дәрігерлер. Айтмұқанның балалары келіп, жағдайымды біліп, қорықпаңыз, бәрі жақсы болады, тек операциядан кейін алты ай бойы түк істемей жатуыңыз керек деп кетті. Сөйтіп бір ай өткен соң, ұлты кәріс бір дәрігер әйел операция жасап, ол сәтті өтті. Мерағаңның тағы бір адамгершілігі, операция өткен соң, менің шешемді алып келіпті өзінің машинасымен. Бірақ: «Қаншайға алып барам, барған соң емхананы басыңа көтеріп жылап жүрме, ол операциядан жаңа шыққан адам, жылауға болмайды» - деп шешемді қайрап әкеліпті. Шешем байқұс келіп, қолымды ұстап сипап: «Қаншайым аман қалды, неге жылаймын, жыласам Мерғалым ұрсады. Мерғалым болмаса, мені сонау 150 шақырым жерден кім әкеледі, бәрі Мерғалымжанның арқасы!» -деп жатыр. Міне, туысқа қамқорлығы осындай еді Мерғалым ағаның. Сол кеңес уақытында менің тұңғыш ұлым Германияда әскерде болды. Әлгі баламыз үйге қайтарда, сүйінші сұрап Мерағаң келді. Немересінің үлкені әскерден келе жатыр ғой деп, атамды қуантқалы келіпті. Сонда сол баланың үйге қарай шыққанын біз білмейміз. Ал Мерағаңа аруақ білдіріп отыр ма, келе жатқанын айтып, сүйінші сұрап келді. Сол күні кеште балам да келді үйге. Мені бірге өскен қарындасым деп, кездескенде ақыл кеңесін аямаушы еді. Сол әскерден келген балам үйленерде, тағы да Мерағаңа хабар бердік. «Аға, бала үйленеді, өзіңіз ішінде бірге боласыз. Керек-жарақты алып, дайындалып жатырмыз. Бірақ сіз ренжімеңіз, арақ-шарап та алдық дейміз. «Жарайды, ол да заманның талабы ғой» - деп рұхсатын берді. Сосын өзі келіп, менің не алып - не қойғанымды көрді де: «Қаншай, сен жұрттың сөзіне қарама, Амантай жалғыз жігіт. Сенің бұл баладан соң үй қылатын әлі төрт балаң бар. Одан басқа бүгін бе, ертең бе деп отырған екі қарияң бар, соны ойла. Сондықтан босқа шашылма, артыңды ойла!» - деп ақылын айтып кетіп еді. Сөйткен Мерғалым аға! Әрі ақылшым, әрі қамқорымдай болып еді. Тіпті бірге туған туысың сондай қамқорлық жасауы екіталай. Ал, Мерғалым ағамның жанының кеңдігі бәрімізге де жететін.
Қапабаев Ермұхамет
Сүйеп кіргізген досымыз, өз аяғымен шықты
Өзім Ақмола облысының тумасы болсам да, Павлодарда оқып, жоғарғы білім алып, осы жерде қалдым. Институтта оқып жүргенде, қарағандылық Исин Әлі, Майқарағай ауылының тумасы Гагельганс Яша үшеуміз төрт жыл бойы бір бөлмеде жаттық. Кейін оқу бітіріп, қызмет істеп жүргенде осы Әлі деген досымыз жол апатына ұшырап, бел омыртқасына зақым келіп, аяғына тұра алмай қалды. Содан бірде Әлі «Мойылдыға» ем алуға келгенде, Яша екеуміз Мерғалы емшіге апарып көрсетпек болдық. Әуелі Әліні алып, Майқарағайға Яшаның үйіне бардық. Сол жерде оны моншаға түсіріп, ертеңінде Қортқа қарай шыққанда, қара басып адаспасымыз бар емес пе. Ақыры Қортқа жетіп, Яша үйге кіргенде Мерағаң оған: «Жеті шақырым жерде адасып жүргендерің не?» - депті. Апырмай, қалай біле қойды деп біз де таң қалып жатырмыз. Яша екеуміз аяғын басып жүре алмайтын досымызды екі жағынан сүйеп, ауладағы орындыққа әкеліп отырғыздық. Бір кезде ағаның өзі шығып: «Қарағандыдан келген жігіт қайда? Кіргізіңдер!» - деді. Екеуміз тағы да екі жағынан сүйеп, үйге кіргізіп, өзіміз шығып кеттік. Сіз нанасыз ба, нанбайсыз ба, біраз уақыттан соң Әлі балдағына сүйеніп үйден өзі шықты. Біз таң қалысып, не болды, не істеді деп сұрап жатырмыз. «Жұлының қысылып қалыпты, көбірек қимылдай бер» - депті Мерағаң. Әлі досымыз әлі күнге дейін жүріп жүр. Рас, таяққа сүйенеді. Бірақ Мерағаңның сол емінің арқасында әлі жүріп жүр.
Бектасова Шолпан,
Шегірен ауылы
Ешкім таппаған дерттің дауасын табатын
Мен 1974 жылдың ақпан айынан бастап қатты ауырдым. Жолдасым Айтмұхамбеттің облыс көлемінде апармаған емханасы, көрсетпеген дәрігері жоқ. Дәрігерлерден басқа бірнеше халық емшілеріне де бардық. Ескі Майқарағайда шөптен дәрі жасайтын Тоғанбек деген емші қария бар еді, сол кісінің де алдында болдық. Бірақ осылардың ешқайсы (медицина да, емшілер де) сырқатымның нақты диагнозын қойып, қалай емделу керектігін таба алмады. Содан күзге қарай, қазан айында тамақ ішуден де, жүруден әбден қалдым, қурап біттім. Бірі екіде, енді бірі төрт жаста, екі кішкентайым бар еді. Жолдасым өзі күтеді мені, бірақ аурудың зардабынан қу сүйегім ғана қалды. Дәрігерлер енді кісі болмайды деген шешім айтты. Содан Айтмұхамбет: «Не де болса Мерғалымға барып көрейік, басқа амалымыз жоқ» - деп, мені сол кісінің алдына алып барды. Бұрындары бармай жүргеніміз, ол кісі емші емес, сынықшы ғой деп ойлайтынбыз. Сөйтсек, қателескен екенбіз. Мерғалым аға барысымен менің тамырымды ұстап көріп: «Егер өлгің келмесе және жүрегіңді кескізбейін десең, Галкиндегі емхананың бас дәрігері Шарафиянов Теміржанға бар, мен жіберді деп айт. Сол жерде 45 күн ем алып жатуың керек, сенде «ревматизм» деген сырқат бар, кешіктірсең жүрегіңе шабады» - деді. Сөйтіп ешкім таппаған дертің дауасын Мерғалым аға әп-сәтте айтып беріп еді. Сосын сол кісінің айтқанын орындап, Шарбақты ауданындағы Галкин ауылының емханасында 45 күн жатып, құлан таза сауығып шықтым. Міне, сол 1974 жылдың желтоқсанынан бүгінгі күнге дейін, 41 жыл өтіпті. Құдайға шүкір, әлі де сау-саламат жүріп жатырмын. Осының бәрі Мерғалым сынды қасиетті ағамыздың арқасы. Егер сол кісіге барып көрінбегенде, мен баяғыда о дүниелік болып кетер едім. Сондықтан ол кісінің аруағының алдына мәңгілік қарыздармын деп ойлаймын.
Алтын Задақызы Мүсірәлітегі,
қарындасы, Павлодар қаласы
Жиырма бес сом
Ол уақытта жастау кезіміз.
Анығырақ айтсам, 1968 жылы болатын. Тура 18 жастамын. Бірде би кешінен келе жатып, бір аяғымды тобығынан шығарып алдым. Үйге әрең деп кірдім. Түні бойын шыққан аяғым зар қақсап, жанымды қоярға жер таппадым. Мен қиналғасын, әкем мен шешем де ұйқы көрген жоқ. Ертеңінде әкем марқұм мені машинаға салып алып, дереу Мерғалым ағаға алып барды. Бір айта кетерлігі, біздер де Мерғалым ағаға туыспыз, Уақ атасынан тараймыз. Әкем Зада Қайриұлы екеуі қашанда бір – бірін жақын санап, ағалы – інілі болып жүретін. Бір қызығы, біздер үйден бірер шақырым шыққан соң, аяғымның ауырғаны caп басылды. Мен әлгі арада бармаймын деп әлек салайын. Сонда әкем марқұм: «Балам, ол кісі біздің келетінімізді біліп, тосып отырған шығар. Аяғыңның ауырғаны басылса, ол Мерғалымның қасиеті» - деді.Сөйтіп, Қортқа, ағаның үйіне жеттік. Біз жеткесін, Мерағаң қашанғы аңқылдаған ақжарқын көңілімен қарсы алып, етігімді шешкізіп, менің аяғымды, аяғымды бірер мәрте сипап еді, ауырғаны тіптен білінбей кетті. Маған ұнағаны соншалық:«Аға, тағы да бір сипаңызшы!» - деппін. Мерағаң сосын аяғымды битпен орап беріп: «Алтын, айналайын, аяғың Алла жазса, жазылып кетеді, мына байлаған бинт он сегіз күн өткесін, өзі шешіліп түсіп қалады. Оған дейін тиіспе. Және осы уақыт өткенше, клубтың, бидің маңына жолаушы болма!» - деп ақыл берді. Әкем сол арада ақ матаға орап, «қолыңыздың ақтығы» деп, Мерағаңа 25 сом ұсынғанын байқап қалдым. Әлгіні көргесін мен ішімнен: «Апырмай, бір сипап бергені үшін 25 сом көп болмай ма, соншама ақшана неге берді екен?» - деп ойлап қалдым. Сөйтіп, бұрылып шыға бергенде Мерағаң маған қарап: «Алтын қарындасым, олай ойлауға болмайды!» -деп қалды.
Мен жөппелдемеде «нені ойладым» деп, сасып қалдым.
Сонда ол кісі:
- Әкең сені ойлап, түні бойы көз ілген жоқ, сен үшін не беруге де дайын болды ғой. Егер ол берейін бе, бермейін бе деп, екі ойлы болса, мен де алмас едім» - дегенде, апырмау менің аузымнан шықпаған, ішімдегі ойымды қайдан біліп қойды деп таң қалдым.Сондай ерекше қасиет иесі еді Мерғалым аға.
Мерағаң сол арада: «Әкең секілді ақылды бол, Алла қашанда жолыңды оңғарсын! Бақытты бол!» - деп батасын берді. Сол уақыттан бері не істесем де, әкем мен Мерғалам аға көз алдыма келіп, ойланып сөйлеуге, ойланып іс жасауға тырысып келемін.
ЕЛ АУЗЫНДА ЖҮРГЕН АҢЫЗҒА
БЕРГІСІЗ ӘҢГІМЕЛЕР
Ақшам мен екінтінің арасы Бұл да сол ертеректе, 1974 жылдары болған оқиға. «Баскөл» кеңшарында тұратын Баяқ деген ақсақал жегулі жайбарақат біреулермен әңгімелесіп түрегеп тұрғанда, бөгелек тиген аты ойсызда ала жөнеліп, арбадан шалқасынан түсіп құлайды. Бұны көріп тұрған адамдар у-шу болып, көлік іздеп, ауданға емханаға апарамыз деп жатқанда, есін жиған ақсақалдың өзі:
- Мені онда сүйреп әуре қылмаңдар, үйге апарыңдар. Әлгі жалғызды (ұлын айтады) Қортқа Мерғалымға жіберіңдер, -депті.
Ақсақалдың жалғыз ұлы Мырзатай совхозда жүргізуші және Мерғалымды жақсы танитын, араласы-құраласы бар құрбы-замандас екен. Әкесінің жағдайын естігесін, жеңіл машинасына міне салып, Қортқа тартады. Қайтсем де Мерғалымды алып келем деген сеніммен барған адам ғой. Бірақ Мерағаң жағдайды естігесін оған:
- Мырзатай, сен қазір ренжімей қайта бер. Менің өз көлігім бар ғой. Алла бұйыртса, ақшам мен екінтінің арасында жетіп қалармын, - депті.
Мырзатай аттанып бара жатқанда: «Ренжімей қайт!» - деп екінші рет қайталайды. Сонымен Мырзатай қайтып кетеді. Үйіне келсе, елдің біраз ақсақалдары және сол аймаққа белгілі Итаяқ молла келіп отыр екен. Ол кісі Мырзатайдың алып келген хабарын естігесін, жарайды, артын тосайық деп, сабырлық етеді. Сөйтіп бір қауым уақыт отырып, ақшамның шамасы болған кезде, Итаяқ молла Мырзатайға қарап:
- Қарағым, өз қолыңнан әкеңе бір шыныаяқ шай құйып жұтқызшы, - дейді.
Ac үйге барып бір кесе шай құйып алған Мырзатай манағы Мерғалым айтқан уақыттың болып қалғанын байқап, апырмау Мерғалым өтірік айтқаны ма, айтқан уақыты өтіп барады ғой деп ойлайды.
Бөлмеге қайта кіріп, шайды ұсынса, молла оған:
- Балам, әкеңе бұл шай бұйырмады, болған іске сабырлық ет, Баекең ана дүниеге аттанып кетті. Ақыретте алдынан жарылғасын! - деп көңіл айтады.
Бұны естіген Мырзатайдың қолынан кесесі ұшып кетеді. Әрі-беріден соң есін жинап, Мерғалымның бағанағы айтқан сөздерін ой елегінен өткізіп, апырмай, ренжімей қайт деп екі рет ескерткенде, әкемнің бұ дүниелік болмайтынын, ақшам мен екінтінің арасында үзілерін білген екен ғой деп, сонда ғана Мерғалым айтқан сөздің түп төркінін түсінген екен.
Арақ ішпедім деп алдама Мерағаң арақ ішкен адамды ұнатпайды деп жоғарыда айттық. Бірақ ол кісінің алдына келмейтін адам жоқ. Олардың ішінде әрине, ішкен адамдар да болады. Семей облысындағы Беген ауылынан осындай бір адамды алып келіпті. Әлгінің түрін көрген Мерағаң: «Сен арақ ішіп жүріп ұрынған екенсің, 4-5 күннен кейін кел» - дейді. Анау оған дес бермей: «Арақ ішкен жоқпын, шөп тиеген арбадан құладым» - депті. Сонда ашуға мінген Мерғалым емші: «Эй, сен не оттап отырсың?! Сен арақ ішіп төбелесіпсің. Өзіңді керзі етікпен тепкілеп тұрып ұрыпты ғой. Соның кесірінен анау қабырғаларың, бір қолың сынған» - деп тап басып айтқан екен, жаңағы байқұс амалсыздан ішкенін мойындап, жылап жіберсе керек. Оның мүшкіл халін байқаған Мерағаң жарайды, ертең кел деп, ертеңінде сынған мүшелерін орнына салып беріпті.
Ашық сынықты да салған екен Ертеректе, Мерғалым сынықшының жастау кезінде Шақа ауылында тұрған Көпей деген атқұмар адам болыпты. Қашанда шу асауды үйретіп мінетін жүректі және шабандоз адам болғасын, жиі мертігеді екен. Және бұл кісінің «тұрақты» емшісі бар, ол -Мерғалым. Қашан, қай уақытта алып келсе де, Мерағаң тентек шалдың қаусап қалған сүйектерін орнына салып, ол кісі сосын баладай ойнап кетеді екен. Кейін ел ішінде мотоцикл пайда болғасын, бұл кісі енді атты қойып, мотоциклмен заулайтын болыпты. Осылай үш дөңгелекті «Урал» деген мотоциклмен жүйткітіп келе жатып, жүк машинасына соғылады. Екі темірдің арасында қалған адам оңа ма, екі аяғы да күл болып сынады. Сынған сүйектер сыртына шығып, жілік майы қанға араласып, Көпей ақсақал талып қалады. Әрине, дереу Мерғалым сынықшыға жеткізеді. Мекең өзінің үйреншікті «пациенті» Көпекеңнің сынған сүйектерін орнына салып, сылап, байлап болған кезде шал да есін жиып:
- Уа, қуатым, Мерғалымым, Көпей атаң мертігуден, ал сен оның сынған сүйегін салудан таңбашы әйтеуір! - депті өзі қиналып жатса да.
Мекең де мәз болып күліп, шалдың үрпиіп отырған әйелі мен балаларына:
- Қорықпаңыздар, ертең-ақ жазылып шауып кетеді. Бұл атам екеуміз үйренген жұмыс қой, - деп жұбатқан екен.
Шалдың Ләтипа деген қызы:
- Бұрын әкем қанша мертіксе де, бүйтіп қан шықпаушы еді, енді гангрена болып кетпесе не қылсын! - деп жылайды.
Оған Көпей ақсақал:
- Қой, жаман ырым бастап жылама, әуелі Құдай, сосын Мерғалым аман болса, мені бұлай жатқызып қоймас! - депті.
Айтқандай, төрт айдан соң балдақпен жүріп, ал алты ай өткеннен кейін балдақты тастап, қайтадан атына мініп кеткен екен. Осы Көпей шалдың қызы Ләтипа көп жыл орман шаруашылығында қызмет істеген кісі. Әкесінің бар кезінде Ләтипа бір белгісіз дертке шалдығып, басы қатты ауыратын болады. Павлодар мен Семейдің дәрігерлеріне көрінсе де, шипасы болмайды. Әкесі Мерғалымға барайық десе, Ләтипа: «Менің ауруым сынық емес, бас ауруы, не деп барам?» - деп көнбей жүреді. Ақыры осы сырқат қинай бергесін, он шақты жыл өткеннен кейін әкесі Ләтипаны Мерғалымға алып келеді.
Науқастың басын сипап отырған Мерғалым:
- Сен өзі не деген шыдамды жансың? Мына ауруың басталғалы он жыл болыпты ғой, - деп,бірнеше күн емдеп, Ләтипаны осы дертінен құлан-таза жазып шығарады.
Он екі күннен кейін қайта барған Ләтипаның басынан сипап тағы емдейді. Сонда Ләтипа: «Өне бойым шымырлап, тынысым кеңейіп, біртүрлі рахатқа батам» - дейді екен. Мерағаңның емі сонша ұнаған Ләтипа енді қашан келейін деп сұрайды. Сонда Мерғалым:
- Сен енді маған келме, дәрігерлерге қаран. Ендігі сырқат сенің ішіңде, - депті. Бірақ оны елемеген Ләтипа ешқайда бармайы. Осыдан екі жыл өткен соң Мерағаңның айтқаны тура келіп, Ләтипа тік ішегіне операция жасатыпты. Осының бәрін алдын-ала болжап білген Мерғалым емшіге қалай таң қалмасқа?!
Жұлыны үзіле жаздаған жігіт Жабағылы ауылында Көшен есімді жігіт ағаш дайындап жүріп мертігеді. Қиналып жатқан Көшенді ауылдастары машинаға салып алып, Жабағылыдан 40 шақырым жердегі Қорт ауылына алып келеді. Келсе, Мерғалым үйінде жоқ екен. Шай ішіп, тосып отырмыз. Бір мезгілде самбырлай сөйлеп, дауылдатып Мекеңнің өзі де келеді. Амандасып, жуынып-шайынып, шайын ішігі алғасын, Мерғалым әкелген адамдардың біріне: «Ал, Кәкеш, Алтайды көрейік!» - деп күліпті. Ауыл аралары жақын болған соң, бірін-бірі танитын адамдар әзілдесе береді. Мекең де Көшенді еркелетіп Алтай деп атайды екен. Оған қарайтын «Алтай» жоқ, жанымен қайғы болып, екі көзі бақырайып жатыр. Мекең өз әдетінше күліп келіп: «Кәкеш, ұста мына Алтайдың аяғын, ал мен енді саған көрсетем!» - деп, оның дене мүшелерін сипап көреді. Сөйтіп Алтайдың басын ұстап отырып, бір мезгілде өзіне қарай тартып қалғанда, сырт еткен дыбыс шыққандай болыпты. Осылай шаруасын аяқтаған Мәкең: «Уақытында әкелген екенсіңдер бұны, мойнының ауыз омыртқасы шығып кетіпті, жұлыны екі омыртқаның арасында қысылуға шақ қалған екен. Олай болғанда көп бейнет көруші еді» - деп терін сүрткен екен. Мойын омыртқа шығу деген сирек кездесетін жағдай. Медицинаның өзі бұндай кезде айнаға түсіріп, әлек-шәлегіңді шығарады. Ал Мерағаң осының бәрін көзді ашып-жұмғанша бітіріп беріпті.
Құдыретінің күштілігі сондай еді «Бешкөл» кеңшарының тұрғыны Балағаз Бейсекин деген жас жігіт байланыс бөлімшесінде монтер болып жүріп, бағанадан құлап, бір аяғы мен бір қолы және иек сүйегі, сынып қатты мертігеді. Оны дереу Семейдегі емханаға жеткізіп, олар әдеттегідей айнаға түсіріп, гипс салып беріпті. Өстіп тоғыз ай жатады. Бірақ бала жігіт сауығудың орнына әбден жүдейді. Тіпті болмағасын гипісін ашып қараса, сүйектері біткеннің орнына керісінше шодырайып сыртқа шығып, сау еттерін жыртып жіберіпті. Осылай жағдай қиынға айналған кезде, баратын жер біреу, ол - Мерғалым сынықшы. Сөйтіп, Қортқа бет алып жүк машинасымен таңғы сағат бесте шыққан бұлар Жабағылы ауылынан асқан соң адасып, ақыры бір жерде сорға түсіп кетіп, мықтап тұрып батады. Мертіккен жігіт қиналып ол жатыр. Бұл жерден оңайлықпен шыға алмасын білген Балағаздың әкесі Тасболат жаяулап Жабағылыға барып, әйтеуір бір замандар өтіп, өлдім-талдым дегенде К-700 тракторын әкеліп, машинаны шығарып алады. Сөйтіп түс ауа Қортқа жетсе, Мерғалым есіктің алдында жүр екен. Амандықтан соң:
- Сендер таңғы сағат бесте шығып едіңдер, жаңа ғана жеттіңдер. Әй, Тасболат-ай, жолдағы сорды айналып өтпейсің бе! Мына баланың қиналып келе жатқанын сезгесін, өзім де қиналып, келген адамдарды қарай алмай, сендерді тосып мазам кетті! -депті Мерағаң. Себебі бұл кезде Мерғалымның өзін де дерт меңдеп жүрген кезі екен. Келгендерді үйге кіргізіп, Балағаздың аяғын мұқият
қарап, тоғыз ай өткен сынықты қайтадан орнына салып, байлап беріпті. Әрине, осыдан соң оның оңалып кеткені белгілі.
Кемпіріңе шай сатып апарып бер!
Дегенмен, Мерғалым емшінің қасиеті барын тағы бір дәлелдейтін мына естілікті жоғарыда аталған Тасболат Бейсекин әңгімелеген екен.
- Мерағаңның алдына тағы бір сырқатты әкелгенімде, ол кісінің құрдасы Құмар деген адамды көрдім. Өзі ішіңкіреп алған екен, құрдастығын пайдаланып, Мерағаңа батыра сөйлеп, ақша сұрап, тиісіп отырды. Әрине, әзілінің түрі ғой.
Бір мезгілде Мерғалым қалтасынан ақша суырып алды да:
- Мә саған ақша, бірақ сен бұған арақ алып іше алмайсың. Үйіңде сені тосып, екі көзі төрт болып әйелің отыр, тегінде бұл ақша соған шай болып бұйырады-ау. Ал сен менің алдыма қайтадан келесің! - деді.
- Көрерміз оны, әуелі мына ақшаңа бірдеңе алып ішпей, алдыңа келе қоймаспын, - деген Құмар шығып кетті.
Содан жарты сағаттан аса уақыт өтті ғой деймін, бір мезгілде әлгі Құмар кешірім сұрап қайтадан кіріп келді.
- Мереке, құрысын бәрі, кешір мені, мә ақшаңа. Көрмегенім арақ болсын, енді ішпеймін! - дейді.
Мерағаң ақшаны алмай. «Айттым ғой саған, кемпіріңе шай сатып апарып бер деп, енді арақ ішсең алдыңа емес, артыңа қарай жүргізем!» - деп, таза зәресін алып қойды. Оқиға былай болған екен. Ауылдан шыға бере Құмардың арбаға жеккен аты өзінен өзі доғарылып қалады. Тоқтай қалып, қайтадан жеккен екен, сәл жүрген соң, тағы да доғарылып қалады. Осылайша он шақты мәрте қайталаныпты. Қой, құрысын, бір пәлеге ұрынған екем, қайтып Мерағаңа барып кешірім сұрайын деген оймен ол атына жайдақ міне салып, бармақ болады. Бірақ жайшылықтағы жуас аты өз-өзінен мөңкіп мінгізбей қойыпты. Сосын амалсыздан Мерғалымның үйіне жаяу келген екен. Сөйтіп, Мерғалым сынықшының шын қасиеті барын өз көзіммен осылай көріп едім, - деп әңгімелепті Тасболат Бейсекин.
АДАМДЫ АҚ-ҚАРАСЫҢ ДЕП
БӨЛМЕГЕН...
Бірінші топтағы мүгедекті аяғына тұрғызған
Мерғалым
Кітабымыздың басында айтып кеттік, Мерғалым Мұхтариханұлының өмір жолы мен емшілік қасиеті жайлы барынша ізденіп, біршама дүние жазған Уәлихан Түкісов деген ағамыз деп. Сол әңгімелердің ішінде ерекше есте қалатыны -Мерағаңның «бірінші топтағы мүгедек» атанып, төсекке байланып қалған Владимир Михеев деген адамды емдеп, аяғына тік тұрғызуы жайлы оқиға. Осы бір шағын баяндауда Мерғалым сынықшының шын мәніндегі халық емшісі, жаны жайсаң азамат және қасиет иесі болғаны шынайы көрініс тапқан. Енді соны ықшамдап назарларыңызға ұсынып отырмыз. «Сарыарқа самалы» газетінің 1996 жылғы 20 маусымдағы санында «Сынықшы Мерғалым» деген үлкен мақала басылыпты. Авторы - Бақыт Баймұратұлы деген белгілі журналист. Онда облыстық емхананың дәрігерлері емдеп жаза алмай, ақыры ВТЭК комиссиясы бойынша 1 топтағы мүгедек атанған Владимир Михеев атты адамды Мерғалым сынықшының қалай қатарға қосқаны жайлы айтылады. Осы деректерді оқығасын, мен Павлодар ауданындағы Максимовка ауылында тұратын осы В. Михеев атты азаматты арнайы іздеп бардым» - деп жазыпты У.Түкісов өз кітабында. Енді осы оқиғаны қысқа қайырып баяндар болсақ, Владимир Михеев деген адам Ресейдің Ульянов облысында туған, Қазақстанға 1955 жылы келген тың көтерушілердің бірі екен. Бар саналы ғұмыры ауыл шаруашылығымен байланысты өткен В.Михеев бөлімше агрономы болып қызмет істеп жүреді. Дегенмен қиындық пен қасірет келем десе, оған ешбір шара жоқ. Тепсе темір үзетін осы азамат 1981 жылы дауасыз дертке ұшырайды. Қыс ішінде «Жигули» машинасымен ауыл іргесіндегі оппа қарға батып қалып, соны жалғыз өзі итеріп шығарам деп жүріп, ойламаған жерден бел омыртқасына зақым келіп, естен танып құлайды. Осылай жатқан үстіне бір топ адам келіп, Владимирдің машинасын қар құрсауынан босатады. Бұл кезде ол өзі де есін жиған екен. Көлігімен ақырындап жүріп үйіне жетеді. Бірақ үйіне келген соң, біржола қозғалудан қалып, төсекке байланады. Ауыл дәрігерлері келіп, ине салып, анау-мынау ем жасағандарымен, жәрдем бола қоймапты. Осылай үйде 3-4 күн жатып қалған соң, зайыбы Мария Федоровна Павлодардағы облыстық емхананың неврология бөліміне жеткізеді. Олар «омыртқа жұлындары зақымданған» - деп тауып, ұзақ уақыт емдеуге шешім қабылдайды. Сол уақытта талай білікті деген дәрігерлердің сарабынан өтеді. Одан бөлек, Семей қаласынан келген ірі ғалым-дәрігерлер өздеріне келіп, ем алуды ұсынады. Бірақ жазылып кетуіңе кепілдік бере алмаймыз депті. Ақыры ВТЭК қорытындысы бойынша «бұл сырқатты емдеп жазу мүмкін еме» деген шешім шығарылады. Сөйтіп, бойды билеген сырқат келе-келе тіпті меңдеп, ақыры денесінің кіндіктен төменгі жағы жансыздана бастайды. Жағдай осылай болған соң, ВТЭК Владимирді тағы да тексеруден өткізіп, 1 топтағы мүгедектердің қатарына қосып, құжат береді. Сөйтіп Владимир Алексеевич өзінің қалған өмірін тек төсек үстінде өткізуге мойынсұнып, тағдырдың салғанына еріксіз көнеді. Осылайша үйінде төсек тартып жатқанда, көңілін сұрап келген ауылдасы Қожақанов Жетпіс деген адам Қорттағы Мерғалым деген емшіге бар деген кеңес берген екен. Ертеректе Жетпістің өзі де жамбасынан мертігіп, Мерғалымның алдынан жазылғанын Владимирдің көзі көргені есінде. Жетпістің бұл сөзін естіген Мария Федоровна Мерғалымға барайық деп, күйеуінің мазасын ала бастайды. Бірақ дәрігер жаза алмаған кеселді емші жаза ала ма деп, Владимир сенімсіздік танытады. Ақыры Мария күйеуін көндіріп, Қортқа бармаққа бел байлап, «Жигулидің» ішіне қалыңдап құстөсек төсеп, жүргізуші жалдап, ерлі-зайыпты екеуі Мерғалымға тартады. Ауыл арасындағы 130 шақырымдық жолды жүріп өтіп, діттеген жерге барса, Мерғалым әдеттегідей бұларды тосып, есіктің алдында жүр екен. Владимирді үйге өзі сүйеп кіргізіп, емдеу бөлмесіндегі орындыққа апарып отырғызыпты. Сол жерде Владимирдің өзіне сенімсіздік білдіргенін, тек әйелінің айтуымен әрең деп келгенін де айтуды ұмытпайды Мерағаң. Бұны естіген Владимир таң қалып, Мерғалымның емшілігіне енді шын көңілімен сене бастайды. Балдақтарын әрірек апарып қойып, қалай, қандай жағдайда кеселге ұшырағанын сұрап, арқасы мен белін көріп, әрі-бері сипап көргесін Мерағаң Владимирге: «Орныңнан тұр да, ана қарсыдағы орындыққа барып отыр!» - деп әмір етеді. Аң-таң болған сырқат: «Жүре алмайтынымды көріп тұрып, мені мазақ еткені ме?» - деп ойлап, біресе әйеліне, біресе Мерғалымға қарайды. Мария да аузы ашылып Мерғалымға қарап қалған. «Жүр дедім ғой орныңнан тұрып!» - дейді осы кезде сынықшы, дауысын бұрынғыдан да қаттырақ шығарып. Енді шегінер жол жоғын білген Владимир іштей құдайына сыйынып, орнынан тұрады да, қалт-құлт етіп екі-үш аттап, қарсыдағы орындыққа барып отырады. Бұны көрген Мария еңіреп жылап жіберіпті. Міне, Мерғалым сынықшының 1 топтағы мүгедек Владимир Михеевты емедеуі осылай басталады. Қытай халқының: «Шын емші сөзбен емдейді»-деген даналығы бар. Мерағаң Марияны да жұбатып: «Жұбайыңыз әлі-ақ балдағын тастап жүріп кетеді, - деп, қуантып қояды. Сосын сырқатты арнайы жасалған тақтаға жатқызып, арқасы мен белін сипап массаж жасағанда, оның бар денесі сонша рахаттанып, тіпті жаны кетіп қалған май табандарына дейін сезіліп, кәдімгідей белгі бере бастаса керек. Мерғалым сол күні өзіне келіп жатқан басқа да адамдарды қарап болып, Владимирге: «Ал, достым, Бәтестің шайын ішіп алалық, сосын мен сендермен бірге кетем. Себебі саған басқаларға қарағанда емді жиірек жасауым керек, сондықтан бүгін сенің үйіңе барып қонам. Ал жалпы алпыс күн емдеймін, осы мерзімде Алла сәтін салса, айығып кетерсің!» - деп тағы бір қуантады. Бір қызығы, Владимирдің үйіне барып бір қонған Мерғалым таңертең ем-домын жасағасын, Владимирді үйінде жатқызбай, өзімен бірге Павлодарға алып кетеді. Талайдан бері төсек тартып басыр болып қалған сырқат жол жүргесін кәдімгідей серпіліп, өзін елмен қатар толыққан адам ретінде сезіне бастайды. Сөйтіп, Владимирдің үйінде тағы бір қонған Мерғалым келесі күні ертерек тұрып, массажын жасағасын: «Ал, енді киін, Қортқа кеттік, себебі мені ол жақта іздеп келген басқа сырқаттар күтіп тұр» - деп, Владимирді салып алып, Қортқа қайтып оралады. Шынында да, Қортқа келсе, бірнеше машина тосып тұр екен. Бір қызығы, пәлен ай төсек тартып жатқан Владимир күн сайынғы ұзақ жүрістен шаршағанның орнына, уақыт өткен сайын өзін сергек сезініп, ширай түседі. Үйде жатқанда өзін айналдыра беретін қорқынышты, көңілсіз ойлардан да арылады. Осыған қарап, Мерғалымның тек сынықшы ғана емес, керемет психолог болғанын да байқаймыз. Осылай Мерғалым сынықшы мен Владимирдің достығы басталады. Әрине, оған себеп болған емшілік. Кей уақыттарда сырқат өзінің «Жигулиімен» Қортқа келсе, кейде Мерғалым өзі «Волгасына» міне салып, барып, ем-домын жасап келеді. Ақыры осылай жүріп, Владимирге қос балдағын бірдей тастатып, құр аттай шапқылатып жібереді. Екеуінің осыдан басталған достықтары үзіліп қалмай, кейін отбасыларымен араласып, туыстай болып кеткенін кейін Михеевтар отбасы тебірене әңгімелегінің Уәлихан ағаның естелігінен оқып білдік. Денсаулығын әбден түзеп алған «1 топтағы мүгедек» Владимир Михеев енді үйге сыймауға айналады. Сөйтіп 1984 жылы колхоз бастығына барып, өзіне жұмыс беруін өтініпті. Бастық күле қарап: «Денсаулығың жараса, өзіңнің Максимовкаңа қайтадан агроном болып бар» - дегесін, үйренген кәсібіне қайтадан оралады. Бұл кісіні Уәлихан ағамыз іздеп барған кезде, сауығып, қайтадан жұмысқа шыққанына 14-15 жыл болып қалған екен. Осы жолы Владимирдің зайыбы Мария да өзінің Мерғалымға деген шексіз алғысын шынайы жүректен жеткізгенін білдік. Оның мынадай мәнісі бар екен. Ауру бір айналдырса - шыр айналдырады дегендей, 1986 жылдың басында Мария да кеуде рагына ұшырайды. Емханада оған операция жасамақшы болып дайындай бастағанда, «пышаққа түсуден» сескенген Мария бір күні қашып шығып, Владимир мен екеуі Мерғалым досымен ақылдасуға Қортқа тартады. Өкінішке орай, бұл кезде Мерғалымның өзі де сырқаттанып, Заңғар ауылындағы белгілі маман Кәрім деген кісіден ине терапиясын алып жүр екен. Бұны естіген ерлі-зайыпты өз ауруымызды айтпасақ та, Мерғалымның жағдайын білейік деп, Заңғарға барады. Келсе, бұларды тосып жүргендей, Мерғалым сыртта тұр екен. Бірақ емшінің жағдайын көрген бұлардың көңілдері құлазып сала береді. Себебі сырқат меңдеп жүрген Мерғалым тілден қалған екен, бір ауыз сөз айта алмайды. Көзінен қуаныш ұшқыны білінгенмен, айтарға тіл жоқ. Бірер ауыз сөзді қағазға жазып қана сөйлеседі. Тек денсаулығың жаман емес екен дегендей, Владимирдің арқасынан қағып, бас бармағын көрсетіпті. Мерғалым кенет Марияның бетіне шұқшия қарап, өңі өзгеріп, басын қайта-қайта шайқап, қағазға: «Мария, сен қатты ауырып жүрсің ғой, дәрігерге қаралдың ба?» -деп жазады. Мария өзінің басындағы жағдайды жасырмай толық айтып береді. Мерғалым дереу тағы да: «Сен қорықпай операцияға бар, бәрі сәтті болады, одан шыққан соң жылқының қазысын ал да, үш күн бойы кеудеңе тарт» - деп жазады. Кейін Мерғалымның айтқанын бұлжытпай орындаған Мария да осы кеселден біржола сауығып кетіпті. Сол бір күндерді есіне алған Владимир: «Мерғалымның емге қолданатын «дәрісі» негізінен жылқының қазысы. Бірақ мені емдегенде, бір күн де қазыны пайдаланбады. Тек алпыс күн бойы массажбен ғана емдеп шығарды. Және бір ғажабы, өзімнің ауруға ұшыруыма себеп болған «Жигули» машинамды өзіме көбірек жүргіздіртетін. «Осы машинаның жазасын бер» - деуші еді. Соны орындап, әлі де жазасын беріп жүрмін» - депті Владимир Михеев.
Хатшының әйелін халық емімен сауықтырған Семей қаласының тұрғыны Бексолтан Дәуіт деген ағамыздың Мерғалым сынықшы жайлы жазғандары кезінде «Руханият» газетінде бірнеше мәрте жарияланған екен.
- Бір күні совхоз директоры Қаусылағзам деген азамат келді, астында жаңа «Волга» машинасы, - деп жазады ол кісі.
- Осы машинаға отырыңыз да, Қорттағы Мерғалым сынықшыға барыңыз. Егер көнсе осында алып келіңіз. Сосын осы машинамен Барнаулға бару керек. Себебі, Алтай өлкелік партия комитеті бірінші хатшысының әйелі 7 жылдан бері төсек тартып жатыр екен. Белінен қозғала алмайтын секілді. Апармаған жерлері жоқ көрінеді: Мәскеу, Ленинград, Берлин, Париж, Лондоныңыздың бәрінде болыпты, бірақ шипасы тимеген дейді. Ал енді сізден сұрайтыным, бұл жағдайды ешкім сезбесін де, білмесін, тісіңізден шығармаңыз.
Мерғалым әдеттегідей күтіп отыр екен. Сөйтіп, келісімін жолға шығады. Барса жеті жыл төсек тартқан әйел тек сұлық жатқан көрінеді. Кеудеде тек жаны бар. Әбден жүдеген. Мерғалым әуелі «Бисмиллаһи» деп, әйелдің жонар-қасынан бір сипап шығады. Сол кезде әлгі әйел бір жеңілдік сезгендей болып, еңкілдеп жылап жіберіпті. Біраз сылап-сипап ем жасағасын, орнынан қозғала алмайтын әйел екі бүйіріне кезек-кезек аунайтын күйге жетеді. Мерғалым: «Бүгінге осы жетеді, ертең монша дайын болсын» - деп шығып кетеді. Келесі күні монша жағылып, дайын болады. Мерағалым: «Ішкиімінен басқасының бәрін шешіп, буға апарып жатқызсын. Әбден терлеп, денесі балқысын. Сол кезде маған айтыңдар» -дейді. Бір уақытта Марғалымды шақырады. Ол тағы да «Бисмиллаһ» деп, әйелдің арқа омыртқасын түгелдей сипалап, ем-домын жасап: «Ал енді бүгінге осымен болды, қазір мен шыққасын әйелді жақсылап жуындырып, таза киім кигізіп төсегіне апарыңдар, жатқызбас бұрын төсек-орнын ауыстырып қағыңдар, әбден тері басылғанша жатсын, сосын үй ішінде әрлі-бері жүруге болады» - дейді. Бұрын аяғын баспақ түгілі, өздігінен қозғала алмайтын әйел екі кісінің сүйемелдеуімен моншадан өзі аяғымен шығып, үйіне жетеді. Мерағаң келесі күні де осындай ем жасап, әйелдің белін шүберекпен түйіндеп мықтап байлап:
- Мен енді кетем, ал сіздер бұдан былай арақ-шарап, сыра, темекі дегенге жоламаңыздар. Доңыз етін де жемеңіздер. Үйде тыныштық болсын. Ұрыс-керіс дегенді қойыңыздар. Мына белге байлаған түйін өзі шешіледі. Түйін шешілгенше, күйеуіңмен жақындаспа. Түйін шешілгесін, әбден тазарып жуынып, сосын ғана жақындасуға болады. Жалпы таза жүріңіздер! - деп, аттанып кетеді.
Кейін Мерғалымның арқасында осы әйелдің күйеуінің шарапаты елге де молынан тиді. Ауылға жақын шағын көл жазда тартылып қалушы еді, сол тазаланып, жан-жағынан скважиналар қазылып, су қоймасы жасалды. Көлге балық жіберілді. Суармалы жерлер пайда болды. Бұрын бөлімше бір-ақ мая шөп дайындайтын болса, енді ол 16-17-ге жететін болды. Осының бәрі Мерғалым сынықшының арқасы еді. Қазақтың тағы бір үлкен проблемасы - қысқы соғым. Ол кезде соғым іздегендер көбінесе іштен, Алтай жағынан барып әкеледі. Ол оңай емес, Барнаулдан әрі бару керек. Бұл мәселені де жаңағы әйелдің күйеуі оп-оңай шешіп береді. Іске жарамсыз деп саналған жылқылар Керей ауылына жеткізіліп, сосын қазақтарға өзінің қалдық бағасымен сатылсын деген бұйрық беріпті. Бұл да елге үлкен көмек болып еді.
Екі тәулік бойы ұйықтаған бала Кәкеш деген ағамызға бір қыста Алтай өлкесі жағынан Баранов Иван деген тамыры келіп: «Баламның аяғы сынып, соны дәрігерлер гипстеп беріп еді, бірақ аяғы жазылғанның орнына асқынып, көгеріп ісіп, күптей болып кетті. Бала зар қағып 4 тәулік бойы ұйықтаған жоқ. Сен Мерғалыммен сөйлесіп берші» - дейді. Мерағаң ол кезде дәрігерге қаралған адамды қабылдамайды екен. Бірақ Кәкеш барып сөйлескесін бұл тәртібін өзгертіп, Иванның баласын алдыртады. Сынықты әрі-бері көрген Мерғалым: «Иван, мына балаңның аяғы асқынып кетіпті, ол үшін мына гипсті алып тастау керек. Оны салған дәрігер. Ертең мен алып тастасам, ертең шу болмай ма?» - деп сұрайды. Баласының сонша қиналысын көзімен көріп жүрген әкесі: «Ала бер, ол гипстен пайда болмаса не қажеті бар. Өзім айтам дәрігерлерге» - деп, рұхсатын береді. Мерағаң осыдан соң гипсті кесіп алып, баланың сынығын қайтадан түзеп салып, оны мықтап орап, ол ораудың сыртынан гипсті қайтадан кигізіп, оның сыртынан дәкемен тағы да орайды. Сосын Иванға: «16-17 тәуліктен соң мына гипстің ішіндегі шүберек шешіліп қалса, онда бәрін алып таста, балаң ақырындап жүріп кетеді. Ештеңе уайымдама, бұл балаң әлі әскерге барады» - депті. Иван үйіне кеткен соң екі тәуліктен кейін Кәкеш досы іздеп барса, бала екі тәуліктен бері тырп етпестен ұйықтап жатыр екен. Баланың өзін оятып халын сұраса, риза болғаны соншалық: «Мерғалым ағаны көрсем, басынан аяғына дейін сүйер едім» -деген екен.
Прямо чудо!
Бір замандарда Павлодар облыстық орман шаруашылығы кәсіподақ комитетінің төрайымы Овчинникова Анастасья деген әйел болған екен. Осы кісі қыс ішінде тайып жығылып, бір қолын сындырып алады. Әрине, дереу емханаға барып, сынған қолын айнаға түсіртіп. гипс салдыртады. Бірақ сынық теріс салынды ма, қолы шыдатпай ауырып, ұйқы-күлкіден қалады. Өстіп жүргенде біреулер Қорт деген ауылда Мерғалым атты сынықшы бар десе керек. Бұны естіген Овчинникова дереу Қортқа тартады. Бірақ әйелдің гипстелген қолын көрген Мерағаң: «Бұрын емханаға қаралған екенсіз, енді менің араласатын жөнім жоқ» - деп емдеуден бас тартады. Оның себебі, ертеңгі күні басқадай бір жағдайлар бола қалса, «бәрін бүлдірген Мерғалым емші» деп, дәрігерлер кінәны бұған жаба салу ы мүмкін. Бірақ әлгі әйел екі араға ауыл ақсақалдарын салып, ақыры Мерғалым оны қарауға келісімін береді. Бірақ менен кейін ешбір дәрігерге бармайсыз деп, әйелдің уәдесін алып, оның сынған қолындағы гипсін алып тастап, сынығын қайта салып, орап таңып береді. Сөйтіп тұрғанда күн алай-түлей болып борап кетпесі бар ма.
Мерғалым:
- Шай ішіп алып аттаныңыз, - десе, Овчинникова: «Күн борап кетті, жолда қалып қоярмыз, рахмет» - депті.
Сонда Мерғалым:
- Сіз бөгелсеңіз де, бөгелмесеңіз де қарға батасыз. Бірақ қорықпаңыз, сізді батып тұрған жеріңізден күйеуіңіз келіп шығарып алады, - дейді.
Осыдан соң Овчинникова сіз айтқан соң болмас деп, шайға қарап, дастарханнан дәм татқан соң ғана бір-ақ аттаныпты. Айтқандай, біраз жүріп, жолды орталаған кезде, қалың қарға батып, біржола тұрып қалады. Үсіп өлген жеріміз осы шығар, бізді мына көзге түрткісіз боранда кім келіп шығарады, таң атқанша қатып қалмасақ жарар еді деп уайымдап отырғанда, қара түнді қақ жарып бір жарық көрінеді. Сөйтсе қаладан К-700 тракторы мен жедел жәрдем алып шыққан күйеуі екен. Артынан осы орыстың әйелі: «Прямо чудо! Как он точно узнал, что спасет нас от смерти только мой муж?» - деп таңдай қағады екен.
Ақша мен ақиқат Күз айларының бірінде кавказдық екі-үш азамат мертіккен бір қандастарын алып, Мерғалымға келеді. Бейнетке ұрынған жігітті қарап, сынығын орнына салғасын, кавказдықтар қашанғы мақтаншақтығына салып, дудыратып ақша ұсынады ғой. Бірақ Мерағаң алмайды. Бірақ әлгі кавказдықтар рахметін айтып шыға берісте, ақшаны босағаның маңдайшасына қыстырып кетіпті. Ауылдан былай шыққасын әлгілер: «Мына сынықшы бізді алдаған жоқ па өзі, бір шүберекті байлай салды. Қап, әлгі ақшаны текке тастадық-ау» - деп өкінеді. Сол кезде мертіккен жігіт зарлап қоя береді: «Ойбай мені қайтадан апарыңдар, сынған жерімнің бәрі қайтадан қозғалып кетті ғой деймін» - деп. Содан әлгілер амалсыздан қайтадан бұрылады. Кешірім сұрап қайта кіргесін Мерғалым оларға: «Мен ақшаны алмаймын дегенде, сендер оны тыңдамай, босағаның үстіне қыстырып кеттіңдер. Екіншіден, былай қарай шыға бере, сенбеушілік білдірдіңдер. Осы қылықтарыңнан соң мынаны қарамай -аққойуым керек еді, бірақ Алланың рахметі үшін» - деп, сынықты қайта салып береді. Әлгі кавказдықтар таң-тамаша болып, рахметін айтып аттанған екен. Осы әңгімені сол кавказдықтардың өз аузынан Дәулетхан деген адам естіп, көпшілікке таратыпты кейін.
Полковниктің де сынығын салған Кеңес уағында жасаған адамдар біледі, жалпыға бірдей әскери міндет бар. Одан қағыс қалатын адам сирек. Денсаулығы жарамайтын адамдарға ғана арнаулы билет беріледі. Мерғалымды да жасы 18-ге толғасын, әскери коммиссариат шақыртып, дәрігерлік тексеруден өтіп, енді жолға аттанбақшы болып, Керекудің темір жол вокзалына келеді. Осы жерде әскери эшалонның бастығы бір полковник вагонның тепкішіне міне бергенде тайып жығылып, аяғын сындырып алады. Сол жерде тұрған, Мерғалымды білетін адамдар полковникке келіп, әскерге шақырылғандардың ішінде сынықшы қазақтың баласы бар екенін айтыпты. Эшалонға бақылау жасап жүрген офицерлер келіп қолқа салғасын, Мерғалым барып, поковниктің аяғын көріп, сынығын орнына салып, байлап береді. Әлгі полковниктің жасы сол кезде 36-да екен. Емін жасап болған Мерғалым оған:
- Мына аяғыңызды байлаған дәкені 36 күнге дейін шешпейсіз. Сондай мерзім өткенде, байлауыш өзі шешіліп түсіп қалады. Және дәрігерге көрсетпейсіз! - деп ескертеді.
Айтқандай, 36 күн өткесін байланған дәке өзі шешіліп түсіп, офицердің аяғы жазылып кетеді. Осыдан соң ол Мерғалымды үйіне қайтарып және облыстық әскери коммиссаритқа телефон шалып, сынықшыны бұдан былай мазаламауын тапсырыпты деседі.
Ленинградтан келіп мертіккен жігіт Қарағай ішінде Шақа деген ауыл бар. Сол ауылдан шыққан бір жігіт Ленинградта ұшқыш екен. Жазда демалыс алып Шақаға келіп, әкесіне көмектесіп жүреді. Бір күні байқамай ағаш артқан трактордың тіркемесінен құлаған әлгі жігіт жамбасынан оңбай мертігіпті. Әрине, дереу Қортқа, Мерағаңа алып барады. Бұл секілді талайларды қолынан өткізген Мерғалым сынықшы әлгінің мертіккен жамбасын орнына салып, байлап беріпті. Отыз шақты күн өткесін, жігіттің жамбасын байлаған шүберегі шешіліп, сынығы тәуір болады. Бірақ демалыс күні бітіп, жұмысынан қалып қойыпты. Ленинградқа барғасын, бұның сөзінің өтірік-шынын тексеру үшін, айнаға салмай ма. Сонда суретін алып қараса, бір ғана сызық қалған екен дейді. Түсірген дәрігерлердің өздері таң қалысыпты. Келесі жылы ауылға тағы да келген әлгі жігіт арнайы Мерағаңа барып, болған жайды түгел әңгімелеп, алғысын айтқан екен.
Сынықтан басқаны да емдеген «Мерғалым сынықтан басқа кеселдерді де емдеген» - деп жазады Ермағанбет Баймолдин деген кісі. Бір жылдары сонау Ресейдің Саратов облысынан қояншық ауруы бар орыстың әйелін алып келіпті. Себебі әлгі әйелдің сіңлісі қарағай ішіндегі ауылдардың бірінде тұрады екен. Сол арқылы Мерағаңды тапса керек. Бұған дейін осы әйел ұстамалы сырқаттан 30 мәрте есінен танып құлаған екен. Сөйтіп, Мерағаңның алдына келгесін, әлгі әйел құлан-таза жазылып шығады. Қайтып еліне жеткеннен кейін, риза болған әлгі әйел бірнеше рет хат жазып, Мерағаңды қонаққа шақырады. Ақыры Мерғалым аға бармақшы болып, келісімін беріпті. Бұны білген әлгі әйелдің осы жақтағы сіңлісі әпкесіне хат жазып: «Мерғалым барғанда қой сойып бер және ол қойды мұсылманға бауыздат, дастарханға арақ-шарап, доңыздың етін қоюшы болма! Және жаман ойдан аулақ болыңдар, ол бәрін сезіп, біліп отырады» - деп ескертеді. Сөйтіп Мерағаң барса, бір қойды семіртіп, дайындап отыр дейді. Оны өзі бауыздап, басын өзі үйіткен Мерағаң сол жақтағы орыс ағайындарға қазақтың бешбармағын жегізген екен. Үйге келгесін Кәкеш деген құрбысына: «Семіртуінде гәп жоқ, сүбесі тура үш елі болды!» - деген екен.
ЖАМАҒАТ ЖЫР АРНАЙДЫ ЖАҚСЫСЫНА
Мерағаң дүниеден өткесін 10 жылдан кейін, 61 мүшел жасқа толғанда туыс-туғандары облыстық «Сарыарқа самалы» газетінің бетіне өлеңмен еске алу берген екен. Мерғалым Мұхтариханұлына арналған өлең-жырларды осы еске алудан бастағанды жөн көрдік.
«Қасиетіңе күллі адам бағынғандай,
Сөйлеген еркелетіп сөзің қандай.
Кең далаң, туған жерің күңіренеді,
Жантуыс Мерғалымды сағынғандай.
Ұрпағың гүлдей болып жайқалады,
Тірексіз гүл басы да шайқалады.
Сіздей өшпес өмірдің шамшырағы,
Жоқтығың сағат сайын байқалады.
Ұрпағың, туыс-туған өз еліңде,
Атың қалды халықтың жүрегінде.
Мәңгі де ұмытылмай, естен кетпей,
Сақталасың туыстар жүрегінде!
Еске алушылар: зайыбы Бәтес, іні-қарындастары Қали, Нәби, Жанат, келіндері Шолпан, Шолпан, Күлзипа, балалары Маржан, Қаршыға,Бейбіт,
Гүлназ, Айнұр.
Сартай Қайдаров
Мерғалым сынықшы
(дастан)
Кие
І
Жалғасқан ну қарағай өр Алтайға,
Саясы әдіптеліп тал-қайыңға.
Ауасы дертке дауа, мәңгі жасыл,
Мекендеп аң-құстары қойнауында.
Ішінде қарағайдың елік өрген,
Жортып жұбыменен бұлан жүрген.
Түлкісі, қарсақ, борсық, көк бөрісі,
Қояны қысы-жазы тал кемірген.
Аймағы Керекудің Аққулы аудан,
Ресеймен - Шалдай, Шоқтал шектес жатқан.
Бауырында қарағайдың Қорт атты,
Шағындау бір ауыл бар кие қонған.
Мың тоғыз жүз отыз бестің күз айында,
Алтыннан тал-терекке рең қонғанда.
Қорт атты шағын ауыл бір үйінде,
Бір сәби келді өмірге ай толғанда.
Сәбиге Мерғалым деп қойып атты,
Думан-той ата-анасы жасап жатты.
Бұл сәби ертеңгі күн атақты емші,
Боларын ол ауылда кім болжапты?
Өткен ғой Мерғалымдай киелі емші,
Еміне қанық болған туыс-көрші.
Аулада тағат таппай тосады екен,
Өзіне арнап шыққан болса кісі.
Қорт ауылы қарағайлы-киелі жер,
Талай жан кие қонған шыққан ерлер.
Бірегей сынықшы-емші әрідегі,
Әжесі - Мерғалымның біледі елдер.
Мерғалым бұл күндері өшпейді естен,
Әжеден Мерғалымға «кие көшкен».
Сынық, құяң, бар дерттің білгірі еді,
Жалғанда елу-ақ жас ғұмыр кешкен.
Әжесі Айша атты ізгі жаннан,
Емшілік-сынықшылық кие қонған.
Жұбайы Жанайұлы Өзбаханмен,
Жұптасып таймағандай халал жолдан.
Өзбахан қарағайдан құлап жазым,
Сындырған қабырғаның тұтас бәрін.
Рұқсат ап ата-енеден Айша келін,
Жазған ғой сылап-сипап өз жұбайын.
Сол күннен Айша анада кие қалған,
Бұл сөздің төркінінде жоқ қой жалған.
Атағы Айша апайдың елге тарап,
«Сынықшы-емші Айша» деп аталған.
Бұл «кие» Мерғалымға қонды қалай?
Бастаушы әрбір іске патша құдай.
«Мың жылда «киелі» адам бір туады»
Деген сөз көнелерден айтылғандай.
Мерғалым бала кезі ойнап жүрген,
Ойынға бала болып тоймай жүрген.
Жанында бір топ бала бос ойынды,
Азаннан кеш болғанша қоймай жүрген.
Бір күні ғайыптан бір қара кісі,
Ойнаған топ балада болмай ісі.
Келді де Мерғалымға сұсты көзбен
Қарап-ап, ақырыпты бардай өші:
«Балақай, маған қарап, сәлем бергін,
Өзіңді іздеп келген мені көргін.
Мен саған бір қасиет дарытамын,
Жалғыз Хақ сәтін берсе, маған ергін».
Деді де, қара кісі кетті сыртқа,
Көрінбей Мерғалымнан басқа жұртқа.
«Топ бала қала берсін ойын ойнап,
Сен бірақ тез жүргейсің, із суытпа!».
Дегенде Мерғалым бала депті: «Ата!
Соңыңнан мен ерейін, рұқсат болса.
Ермейді бұл балалар сізден қорқып,
«Әмин» деп қол жаяйын берші бата!».
Деп Мерғалым далаға жүгіріпті,
Жетпек боп қара шалға жүзі сұсты.
Қайткенде-де жетем деп қара шалға,
Дала кезіп Мерғалым құстай ұшты.
Далада жүгірумен елес қуып,
Көз жасы жылағанда бетін жуып.
Анасы іздеп шығып тауып алған,
Жатқанда Мерғалымды «кие буып».
«Кие» дейміз тылсым күш бұл киеде
«Кие күш» көрінбейді көрер көзге.
Қонады мыңнан бірге тұқым қуып,
Темірдей аруағы мықты ерге.
«Киесін» киелі ердің көрмес көзбен,
«Киеде» құпия күш-айтпас сөзбен.
Алланың тылсым сырлы құпиясы
Киенің құпиясын кім бар шешкен?
Бала сынықшы
ІІ
Мерғалым бала кезі асық атқан,
Не он бір, не он екі жасқа толған.
Тақырда бір топ бала ойнап жатса,
Бір адам ат-арбалы кеп тоқтаған.
Келді де Мерғалымға: «Балам, - деді,
- Өзіңді іздеп мендей ағаң келді.
Ауылда бір ақсақал мертіккендей,
Тездетіп сол адамға барсаң», - деді.
Арбаға ойланбастан мінді бала,
Қолына дорба толы асықты ала.
Достары Мерғалымның бірге бармақ
Ниетпен бәрі мінді ат-арбаға.
«Балалар, түсіңдер», - деді кісі,
- Тиеліп-ап барлығы, мұнысы несі?
Ауылға баруым керек тездетіп мен», -
Деп жатыр ренжігендей арба иесі.
- Түсірмеңіз, достарымды, аға, - деді,
- Бұлар да мен сияқты бала», - деді.
Меніменен бірге барсын сол ауылға
Ат айдап, жолыңызға қара, - деді.
Жүрдек ат тез әкелді барар жерге,
Арбада бір топ бала көрер көзге.
Арбадан бала біткен түсіп жатса,
Үйдегі апай көріп келді сөзге:
«Бәлі, шіркін, шын емшіге жарыппыз ғой,
Жас балаға біз қарап қалыппыз ғой.
Жас бала асық қуған қайтіп емдер?
Балаға күнімізді салыппыз ғой».
Мерғалым естімеген шырай күйде,
Мертіккен адам жатқан кірсе үйге.
Ол сонда кеткен тәтті ұйқыға,
Бір жағдай боп қалғандай апай «биге».
Мертіккен жанды оятып, сылап-сипап,
Дәкемен айналдыра мықтап байлап.
Мерғалым жүре берді мән берместен,
Апайға ойбайлаған зарлап-қақсап.
Апамыз ойбайлаған тілден тапты,
Жанына белгісіз шаншу қатты батты.
«Бұл шаншу сынықшыдан болып тұр», - деп
Үйдегі барша жандар қайран қапты.
Апамыз Мерғалымға: «Балам, - деді,
- Өзіңе тілім тиді жаман, - деді,
- Кешіріп мен бейбақты аяшы өзің,
Болмаса, менің күнім қараң!», - деді.
Мерғалым: «Кештім, апай, кештім, - деген,
- Адамдар не көрсе де көрер тілден.
Бала деп сіз киемді қорладыңыз,
Сол үшін назаланды менің кием.
Тұрыңыз бұрынғыдай жүре
Мәз болып жарқын жүзбен күле бергін.
Бұл шаншу енді сізді мазаламас,
Киемнің құдыретін біле бергін».
Ақ шайнек
ІІІ
Мерғалым он бестегі бала жігіт,
Жүретін әрқашанда мәз болып күліп.
Шоқтал ауылында бір адамның,
Мертіккен бір аяғын сипап беріп.
Қортқа қайтпақ болып тұрған сәтте,
Ашылып ауылдағы шағын «ләпке»,
«Шыны аяқ, жез легендер түсті» деген,
Сөз жетті ауылдағы көпшілікке.
Анасы Мерғалымға айтады екен,
«Ақ шәйнек қарай жүрші ләпкелерден.
Ақ шәйнегім тозып жүр шай қайнатар,
Байқастап сен жүргейсің барған елден».
Ойына ап анасының осы сөзін,
Адамға үлкенірек балап өзін.
«Ләпкеге» көпшілікпен бара қалды,
Бір шәйнек алмақ болып тауып көзін.
Мерғалым дүкеншіге: «Аға, - депті,
- Шай ішу ақ шайнексіз жаман, - депті,
- Анамның ақ шайнегі тозып қапты
Бір шайнек беріңізші маған», - депті.
«Эй, бала, саған не жоқ, сұрама сен,
Сен түгіл үлкендерге бермеймін мен.
Ауылда сыйлы үлкендер баршылық қой
Соларға келген нәрсе алмайсың сен».
Мерғалым үндемеді, шығып кетті,
Азырақ ренжігендей түр көрсетті.
Дүкенші жұмыс бітіп дүкен жаппақ
Болып ед, қос қолынан жаны кетті.
«Апырай, аман едім, не боп қалдым?
Аурудан есен еді қара басым.
Үйіме тез жетейін құлап қалмай,
Дүкенді жабыңдаршы қайсың барсың?».
Дүкенші зар илеген тұр қозғала алмай,
Адамдай құр бозарған жаны жоқтай.
Көпшілік сезіп тұрып ауру жайын
Саған сол керек «шоқ, шоқ» деп тұрғандай.
«Ренжіттің сынықшыны, - деді біреу,
- Қос қолың болып қалады енді «көсеу».
Аузыңа келген сөзді айтып лақтың,
Сынықшы Мерғалымды көріп мешеу.
Шақырт та, шайнекті бер,«кеш» деп жыла
«Не аласың?» деп тағы анық сұра.
Бермейтін бұл ақ шәйнек айтшы бізге
Атаңнан қалып па еді болып мұра.
Дүкенші ақ шәйнекті берген дейді,
Бұл жайды көпшілік көз көрген дейді,
Бір шәйнек сатып алып емші бала,
«Сау бол» - деп дүкеншіге күлген дейді.
Жігіт ағасы - Мерғалым
ІV
Жылдар өтті ретімен мамыражай,
Ретімен жылжығандай күн менен ай.
Мерғалым жасы келіп дәл он сегіз,
Әскерге баруға әбден жарағандай.
Военком шақыртты, өтті тексеруден,
Тұрғанда поезбенен енді кетем.
Бастығы эшелонның бір полковник,
Жығылып, сынды аяғы екі жерден.
Бебеулеп «Аяғым» деп жатыр қақсап,
Келгенді тұрғызбаққа қолмен жасқап.
Вагонға міне бере аяқ тайып,
Жазым боп жығылған ғой жерге тастақ.
Көтеріп полковникті вагонға әкеп,
Жатқызып бір төсекке жастық төсеп,
Шуласты: «Дәрігер бар ма, бұл маңайда?
Аяқты етік шешіп көрсетем», - деп.
Көпшілік: «Мұнда бар, - деп, - сынықшы адам,
Бұл адам бала кезден сынық салған.
Қолымен бір сипаса ем болады,
Қасиет келген оған бір Алладан».
«Қанеки, келтіріңдер сынықшыны,
Аяғым қақсап барады, сөздің шыны».
Мерғалым келіп еді аяғының
Әп-сәтте басылғандай қақсағаны.
Аң-таң боп полковник Мерғалымға,
Деп айтты: «Әй, жігітім, қолымды ұста.
Ауруым басылғандай жан қинаған
Өзіңде қандай күш бар, гипноз ба?».
Мерғалым сипап беріп жіліншікті,
Келтіріп жымдастырып сынған жікті.
Дәкемен таңып тастап: «Иә, Алла!», - деп
Бастықтан: «Нешедесің?», - деп сұрапты.
Басылып аяғының қақсағаны,
Рахатқа батып, жаны жай табады.
«Мен биыл 36 жасқа шықтым,
Жасымды сен қайтесің?», - деп сұрады.
«Жолдас, бастық, мертігу оң болғанда,
Ақ дәке майып тәнге байланғанда.
Ақ дәке өз бетімен шешіледі,
Сыныққа отыз алты күн толғанда».
Риза боп әскербастық Мерғалымға,
«Сен барып жолыққайсың военкомға.
Әскерге сен бармайсың, еліңде қал,
Сол жерден қалсын деген қағаз ал да».
Деген ғой Мерғалымға шын пейілмен,
«Киенің» күші емес пе риза еткен?
Кейін де сол полковник Қорт ауылына,
Қонақ боп Мерғалымға келіп кеткен.
Сәуегейлік
V
Мың тоғыз жүз жетпіс төрттің жазғы айы,
«Баскөлде» пішен шабу қызған шағы.
Баяқ деген бір қарт адам аттан құлап
Мертіккен ғой қиналып шыбын жаны.
Мырзатай жалғыз ұлы Баяқ шалдың,
Совхозда шопыр екен маңдай алды.
Совхоздың бар жұмысын қоя тұрып,
Қортқа Мерғалымға келіп қалды.
«Мерғалым, әкем қатты мертігіп тұр
Мен келдім көлікпенен, сен бірге жүр».
Мырзатай Мерғалымға құрбылықпен
Өзімсініп өктемдеу сөз айтып тұр.
Ойында жоқ Мерғалым ермес деген,
Мертігіп жатқан жанға келмес деген.
«Мерғалымды тездетіп алып барсам
Жан әкеме жеңілдік болмас па екен?».
Осы оймен Мерғалымға: «Жүрші, - дейді, -
Мертіккен жан әкемді көрші», - дейді.
Мырзатайға Мерғалым: «Жүре бер, - деп,
Артыңнан мен де жетем, сенші», - дейді.
«Менде де көлік бар ғой, эй, Мырзатай,
Сен жүре бергін енді жолдан қалмай.
Екінді мен ақшамның арасында,
Жетермін сәтін салса патша Құдай».
Мырзатай: «Жарайды», - деп жүре берді,
Зырлатып қатты жүріп үйге келді.
Әкесі шыбын жаны қиналуда,
Жағдайын әкесінің көзі көрді.
«Неге келмеді Мерғалым маған еріп?
Неге мінбеді, тұр еді менде көлік?
Біреуді мертікті деп естігенде,
Тұра алмаушы ед орнында ұшып-қонып?
Осылай деп Мырзатай ой ойлайды,
Мерғалымды ойлауын бір қоймайды.
Екінді мен ақшамның арасында
Жолаушы жүрмейтінін ойламайды.
Екінді өтті. Ақшам да міне, таяу,
Уақыт мұндайда жылжиды баяу.
«Мерғалым айтқан сәтте келуші ед» - деп
Көңіліне Мырзатайдың түсті қаяу.
Жанында әкесінің отыр имам,
Ем салып әкесіне айтып иман.
«Мырзатай, бір шыны шай әкеңе әкел», -
Деп айтты төрде отырған молда-имам.
Мырзатай шай демдеді әкесіне,
Жүрегі лүпілдейді әлденеге.
Бір кесе шайды көріп деді имам:
«Керек емес бұл шайың енді әкеңе.
Берік бол әкең енді біздерге жоқ
Қалды артта жиған терген дүние - боқ.
Ақшамда соңғы демін алды дағы,
«Хош» деді бұл жалғанға тоқтауы жоқ».
Мырзатай кейін ойлап отырады
Көңілін көп ойларға толтырады.
«Әкемнің ақшам туа өтетінін
Мерғалым қалай сезді?», - деп жылады.
Шу асауды жуасыту
VІ
Мерғалым сынық салад, құяң жазад,
Ауырған әр адамның көңілін табад.
«Шу асауды үйретет «а» дегенше,
Дегенге қандай адам сеніп нанад?
Шу асауға Мерғалым мінген емес,
Бұлғақтатып, тулатып жүрген емес.
«Кие» сол асауды жуасытар,
Көзіне шу асаудың болып елес.
Шу асауды Мерғалым көреді екен,
Қасына жақынырақ келеді екен.
Шап беріп құлағынан ұстай алып,
Арқасын бір сипап күледі екен.
«Бұл енді асау емес, жуас ат, - деп,
Басын төмен салып ап туламас, - деп.
Қайсың барсың, мініп ап шапқылайтын,
Туласа да енді ешкім құламас», - деп.
Асауға бір жігітті мінгізетін,
Жетектеп олай-бұлай жүргізетін.
Шу асауды жұп-жуас жылқы етіп,
Көрген жанды таң, қылып күлгізетін.
Мерғалымда осындай болған өнер
Қандай асау сипағанда жөнге көнер?
Құдіретін «Құпия күш-кие» деген
Түйсікпенен жануар да сезіп білер.
Екі ай емделіп, жүріп кеткен Михеев В. П.
(өзі айтқан естелік)
VІІ
Мен, Михеев Владимир, ұлтым - орыс,
Мың тоғыз жүз сексен бірде болды бір іс.
Ақпанда «Москвичпен» үйден шықтым,
Орталық-Розовкада болып жұмыс.
Ақпанның күні алдамшы болып тұрад,
Кейде ашық, кей кездерде боран соғад.
Үйімнен мен шыққанда ауа-райы,
Ашық ед күні күлген қары-қасат.
Зырлатып Розовкаға келіп кірдім,
Өзіме керек үйге мен бұрылдым.
Көше қарлы, қаншама байқасам да
Бір қалың қарға келіп кептетілдім.
Шыға алмай қарда тұрдым, беріп газды
Шап-шағын жүк салғышта күрек бар-ды.
Күрекпен жолымды аршып «Москвичті»,
Оқыстан итеріп ем, көз қарауытты.
Белімді бір ыстық от жандырғандай,
Қатты ауру ақыл-естен тандырғандай.
Екі-үш аттап машинама жеттім дағы
Ішіне құлай кеттім жан сауғалай.
Жиылған ауыл халқы мені көріп,
Қойыпты машинамды қардан аршып.
«Володя, не болып қалды?» - дегендерге
Мен жауап бере алмаппын естен танып.
Бір кезде есім кіріп, жүріп кеттім,
Тоқтамай сол жүргеннен үйге жеттім.
Әрең-әрең бастым да аяғымды,
Төрдегі төсегіме құлай кеттім.
Таңертен тұра алмадым, аяқ жансыз,
Қозғалуға кісі боп мен дәрменсіз.
Тал бойым белден төмен жансызданып
Таңылдым ақ төсекке арқан-жіпсіз.
Дәрігерлер көріп, қарап, басты шайқап,
«Жұлында бір зақым бар, - деді байқап.
Емдеуге келмейтін бұл ауру түрі»,
Дегенде мен күйзелдім жарымды ойлап.
Сонымен алты ай жаттым қозғалмастан,
Әйнектен көретінім көкшіл аспан.
Қайғыдан әйелім де жүдеп кетті,
Түрімді менің көріп сұлап жатқан.
Бір күні көршім келді халім сұрап,
Әрнәрсе айтқан болды сөзді құрап:
«Қортта бір емші бар, сен соған бар», -
Деп айтты жатқан менің қолымды ұстап.
«Сенбеймін мен, - дедім, - емшілерге,
Емшілер қандай күшті еншілеуде?
Белімді бүкіл дәрігер жаза алмаған
Жай емші жазар деген босқа әуре?»
Әйелім маған қарап: «Олай деме,
Емшіге біз барамыз сәті келсе.
Керекті заттарды мен дайындап,
Жолға біз шығамыз ертең ерте».
Қортқа сұрай-сұрай келіп қалдық,
Көңілді қыс боп тұрған шуақ жаз ғып.
Емші де ауласында бізді күтіп
Жүр екен, қабылдады бізді мәз ғып.
Бір таққа отырғызды қарап мені,
Белімді, жон арқамды сипап көрді.
Бір кезде екі-үш қадам жерде тұрған,
«Тұр-дағи, ана таққа отыр», - деді.
Орнымнан ұшып тұрып, басып қадам,
Шыбын жан қиналса да, таққа барғам.
Емші де ұстай алып: «Таққа отыр», - деп
Жүзіме қуанышпен қарап қалған.
«Жүресің, - деді нық сенімменен,
Екі айдай әуре болам мен сенімен.
Дәл алпыс күн дегенде өз бетіңше,
Басасың аяғыңды нық көңілменен».
Айтқандай алпыс күнде мен сауықтым,
Ішінде қалып едім зор қауіптің.
Белімді құр сипаумен жан кіргізген,
Емшінің құдіретіне бас иіппін.
Сезгенім - екі қолда қасиеті,
Өте зор Мерғалымның күш-киесі.
Екеуміз дос боп кеттік алпыс күнде
Шын қолдап емшіліктің шын киесі.
Мерғалым жүрегімнен орын алды,
Көңілімде оған құрмет маздап жанды.
«Осындай ізгі жандар тез кетед», - деп
Есіне ап Мерғалымды жылап алды.
Әкем Қайдар мершіккенде
VІІІ
Мың тоғыз жүз алпыс бірде оқушы едім,
Көңіліме әрнәрсені тоқушы едім.
Әкем де ұста еді қолы шебер,
Темірдің піріндей деп білуші едім.
Бір күні көрігінен әкем келді,
Түрінен көрініп тұр мертіккені.
Өте ауыр бір темірді төске салған,
Кезінде қабырғаға күш түскені.
Қабырға ішке қарай тайып кеткен,
Әкемді сол бір темір майып еткен.
Жатса-тұрса «Аллалап» ауырсынад,
Адамда күй бола ма шын мертіккен?
Төсекте: «Қабырғам!», - деп әкем жатыр.
Өбектейді: «Қалайсың?», - деп шешем пақыр.
«Қабырға сәл қозғалса, қақсап кетед,
Шешеме әкем айтад: - Дәрігер шақыр».
Дәрігер келіп қабырғаны байлап қатты,
Дәрі беріп, тынышталар укол сапты.
Басылмай сонда-дағы қақсағаны
Жан әкем: «Қабырғам!», - деп зарлап жатты.
Сол жатқаннан үш күндей қалды жатып,
Анда-санда айраннан қояд татып.
Мен отырам жанында «Алпамыстың»,
Қиссасын бар зейінмен баппен оқып.
Түс кезі. Бір жігіт келіп үйге
Шапшаңдата адымдап озды төрге.
«Әй, аға, мына жатыс қай жатыс, жаз айында?
Еркелік пе, әлде жалқаулық па?» - деді күле.
«Мерғалым, аман ба ауыл аймақ?
Асықпай айта бергін маған жайлап.
Мен жатырмын мертігіп аяқ асты
Қозғалуға шамам жоқ, тілім сайрап».
«Мен келдім жайыңызды біліп, аға,
Көліктен асығумен түстім жаңа.
Екі түн түрткендей боп ұйықтатпады
«Иеңіз» мендей жанға бермей маза.
Ал, аға, алдырыңыз бір бөтелке,
Үш мәрте бөтелкені қатты үрле.
Ішке тайған қабырға сыртқа тебер
Жаратқан хақ жар болып сәті түссе».
Мен отырмын аң-таң боп Мерғалымға,
Осы екен деп атақты «Сынықшы бала».
Үш мәрте бөтелкені үрлегенде
Сырт етіп, қос қабырға түсті орнына.
«Енді, аға, сәтті болса тиышталасыз,
Ұйқыңыз да жақсарып, дем аласыз.
Ақ дәке өзі түсед уақытында,
Болмаңыз «қабырғам» деп сіз мазасыз».
Үш күн жатты Мерғалым біздің үйде,
Шешем де мәз болып жүр шаттық күйде.
Үш күндей бөтелкені үрлетумен
Әкемді келтірді анық сау күйіне.
Мерғалым ағаның Кенжетайға
«Неге ақсаңдайсың?» деп ұрысқаны
ІX
Кенжетай ертеректе жамбасынан,
Сылти басып, аяғынан көп ауырған.
Сол жамбастың ұршығы қатты ашып,
Жүре алмастай боп қалды қиналғаннан.
Жамбас ашып, қарға адым жүру мұң боп,
Жарық күні аурудан қара түн боп.
Келе жатса мектептен қарсы алдында,
Мерғалымдай аға тұр ашулы боп.
«Кенжетай, жүрісің не ақсаңдаған?
Келмейсің бе ағаңа - мына маған?
Сылти басқан аяқты түзер едік,
Күн болса жаратқан хақ сәтін салған».
Деп айтып Кенжетайға ұрсып қатты,
Ашумен екі қолын сермеп жатты.
«Ертең қалмай маған кел, көрейін», - деп
Мерғалымдай ағасы ренжіп айтты.
Барып еді көрді-дағы сол жамбасты:
«Ұршықтың майы кепкен», - деп айтыпты.
Қалаға бар, ота жасат «Я, Алла» деп,
Аяғың тік болады, бірақ та ауырмас-ты».
Кенжетай қазір шүкір сол аурудан
Азырақ сылти басат сол жамбастан.
Айтқаны Мерғалымның анық болып
Жанына тыныштық болды бір отадан.
Түйін
X
Мерғалым жайсаң жан ед, ашық жарқын,
Жүзі күліп жүруші еді, емес салқын.
Қолына гармонь алып, ән шырқаса
Келістіріп айтушы еді әннің нарқын.
Жүрегі кең, көңілі көлдей еді,
Сыйластыққа ақ пейіл ердей еді.
Тура айтатын сөздерін еш ірікпей,
Мінезінің кеңдігі жердей еді.
Жаратқан Мерғалымға өнер берді,
Өнердің игілігін халық көрді.
Халықтың алғысына бөленумен
Жалғаннан елу жаста кете берді.
Құдіретін Мерғалымның көзім көрді
«Киесін» көрмесем де жүрек сезді.
Жаратқан өзінің құдіретімен
Мың жылда бір туғызар мұндай ерді.
Сайрангүл Жүсіпова,
жиен туысы, Шарбақты
ауданының құрметті азаматы
Дала ұлы – Мерғалым
Асылдың асылы киелі екені,
Қасиетті киені арқалап жүргені.
Дамылдап мәңгілік шипалы еңбектен,
Жұлдыздай биікте жарқырап күмбезі.
Жаратушы жарлығына үнсіз мойын ұсынған
Жарылған сүйекті жинап салып, таң қылған.
Іздеп оны келушілер денсаулықтан тарыққан
Орал, Алтай, Сырдан, Мәскеу, Жайықтан.
Айтар болсам, ем болатын жарықтықтың әр сөзі
Ішімдікке тоқтау салып, ара тұрған көп кезі.
Зиян қылық ұнатпайтын, адалдықты ту етіп
Жәннәтта ғой жаныңыз, ғарышта биік нұр көзі.
Сырғанақ теуіп көк мұзда, бала кезде құлағам,
Бел омыртқам шығыпты-тағдыр болар сынаған.
Еш ауыртпай сипап еді, майда қолды сынықшы
Бірер күнде тұрып кеттім мен аяққа қайтадан.
Куәлар бар жерлеген өз қолымен қабырға
Тірілердің, Мераға, дұғаларын қабылда.
Бақыт тілеп Көк туға мәңгі үнсіз жатырсыз,
Шипагерлік ақ ниет-бар халықтың жадында.
Ата-Анасын құрметтеп сыйлап өткен
Адал жарын, ұл-қызын құшып өпкен.
Ғұмыры Мерағаның қысқа болды
Пайымы, парасаты есте қалды.
Қол кеміп, бас жарылса, иық шықса,
Бар мүше, жақ, омыртқа, аяқ сынса
Жинаушы еді белгісін, із қалдырмай,
Сынықшылық қасиет жұққан мұра.
Айша әженің аруағынан деседі ел,
Бойына қуат қосқан құнарлы жер.
Ізбасарын жаратушы өзі беріп,
Қаршығасы халыққа төгеді тер.
Кім білсін, қанша адамды емдеді Мер,
Есебін жүргізбеген думанды ел.
Сайрап жатыр бірақта жол торабы
«Қорт» атты сынықшыға апарған жол.
Томпайып жатыр енді мықты дана,
Қасиетін қабылдаған дархан дала.
Ұмытпайды ешқашан мейірленіп
Тебіренбей қалмайды әрбір сана.
Заман өтер дүркіреп дабылменен
Дәл өзіңдей адамдар сирек екен.
Жүз жылда, мың жылда ма Аллаһ берер
Өзіңдей ақ емшіні тілегеннен.
Бала әкесі, абыройлы ел ағасы,
Ойып алған орны тұр, төр-бағасы!
Аруағыңмен жарылғап қалғандарды
Топырағында киенің бар таңбасы.
Жаны сыйып тарының қауызына,
Алдыңызға келді талай мұқтаждар да
Шығарып caп үйіне қайтарғансыз,
Күлім қағып, ем алып болғандарға.
Арман еді ол кезде Тәуелсіздік
Шипалықты тексерген «қасқыр» келіп.
Қозғала алмай орнынан тұр мелшиіп
Аттай алмай қалыпты көз көкшиіп.
Мерғалым саспаған, қабақ шытпай –
Тексеруші «қасқыр» да түсінді жай.
Қимылы оралғасын есі кетіп,
Зытыпты жан-жағына қарай алмай.
Сынықтың зардабынан азап шеккен
Мүшкілдер емделген соң алғыс төккен.
Уа, Тәңірі! Мың рахмет кие иесі,
Өз ұлың Мерағаны елге берген!
Тәуелсіз таңның шапағатты нұрыменен
Қостым жырға, киелі жанның қасиетін.
Терең іздеп тексермедім болмысын
Аллаһ өзі төрешісі бар сөздің.
Жазыла берсін келешекте сансыз хат –
Аты өңірге шипагердің ақиқат.
Мақтан тұтар дүйім халық соңында:
«Ақ емшінің адалдығы - аманат».
Құс та самғап шолып өтсе жер бетін,
Төгеді екен шапағатын алтын күн.
Нұрлы бейне шуақ тербеп тұрады –
Ойлы жанның қасиетін көргесін.
Құшақ ашып қарсы алған жеткендерді
Ауыр науқас алдымен өткереді.
Тағдырына мұңайып қажығандар
Мерғалымның рухынан серпіледі.
Сынаттай сырғи берсе ойым ойдан –
Есімде қалды менің ұшқан қыран.
Уа, шіркін, дала ұлы арман бітпес
Кешегі Мер-ағатай келдің бе Айдан?
Халықтың ортасында жүрген жақсы,
Бас пен жақты қосатын қайран бапшы.
Дархан көңіл, жайдары, мейірлі жан
Адамзатқа тілеген денсаулықты.
Қат-қабат жер астында гаухар, алтын,
Іздедім, зерделеуге сәуле затын.
Айша Ана, нағашы апа алыстағы –
Қорғайды шипагердің аруағын.
Тоқтамайды шапқылап шабыт тайда
Іздемеген жан еді, қалта, пайда.
Өмірбаян дастаны жырға айналған
Мерғалымның жолы кең, терең мағына.
Қазақтың қасиетті даласы бар –
Даласында құт қонған баласы бар.
Емшілік кие еншісі қара қазақ
Дүниеге Мерағадай қашан туар?
Қасиетті кім біледі жасырынған
Қонады Құдірет берген жасушадан.
Дән риза, тізе бүгіп иілгендер,
Дұға арнап, қол жаяды ардақтаған.
Бәтесі адал жары, құрмет көрген –
Балалардан немере, шөбере сүйген.
О, Тәңірі, жарылғаушы жалғыз өзің
Мәңгі тірі дала ұлы халқыменен!
Жұмабай Әміренов,
Шабар ауылы, Лебяжье ауданы
Бойыңда бар ерекше қасиетің
Ауыр сырқатпен арпалысып, жеңіліп,
Тірлікті қимай ып-ыстық жасы төгіліп.
Шыбындай жаны көзге көрініп жатқанда,
Өзің емдесең-кететін ажал шегініп!
Ғұмырды қолдан ұзартсам деген парызды,
Арқалап өттің, кеудеде күліп ән ізгі.
Содан ба, адам бәрін де естен шығарып,
Өзіңе ғана айта ма соңғы арызды...
Қасиетің бір басыңа жеткен, аға,
Өнегең көпке тарап кеткен, аға.
Сондықтан дүйім жұртқа ардақтысың,
Өмірден тым ертерек кеткен, аға.
Бойыңда бар ерекше қасиетің,
Барша жұрт тағзым етіп, бас иетін.
Шипалы алақаның тигенінде,
Сынық түгілі, бусанып, тас иетін.
Нұрлыбек Қайдаров,
Шарбақты ауылы
Сиынып құдіретіңе ел табынды
Кімге келіп, кімнен дәуір өтпеген,
Неше дүркін жер жаңарып, көктеген.
Адам деген соғып кетер жолаушы,
Өтетұғын өміратты өткелден.
Қыс артынан жаз келеді жадырап,
Сен өткенде ел жылады аңырап.
Сан мыңдаған сауықтырдың сырқатты,
Көлдей қылып алғыстарды жаудырған.
* * *
Сынықшы бала дедік Мерғалымды,
Мыңнан бір дара туған ер табылды.
Кешегі сол балаға шауып жүрген,
Сиынып құдыреттей ел табынды.
Тұралық сиынуға қасиетің,
Халықта болып өтті бар ниетің.
Кететін бала болып-бала көрсе,
Үлкенге сәлем беріп, бас иетін.
Шіркін-ай, аңғал едің, аңғал едің,
Опасыз бұл дүние жалған едің.
Дау-дамай бола қалса ел ішінде,
Арасын ағайынның жалғап едің.
Дарыған сынықшылық нағашыңнан,
Айналдым Қорт деген ағасынан.
Ұстапсың он екіде бұл өнерді,
Жері жоқ еліңнің де баласынған.
* * *
Жолыңды ұстап жүре берсін Қаршыға
Жарайтұғын әкеге ұқсап жаршыға.
Аруағыңа табынамыз бәріміз,
Жан ауырса шабамыз ғой асыға.
Мерғалымды ел атады «бала» деп,
Бала емес, ол бір тұрған дана деп.
Әзілдеуші ем арасында мен-дағы,
Санаушы едім жанға сая, пана деп.
Қасиетің дәру қонып бойыңа,
Бөтен пиғыл болмап еді ойыңда.
Қошеметтің белгісіндей өзіңе,
Қаншама ел жиылады-ау ойыңа.
* * *
Тігілер киіз үйлер атшаптырым,
Қазақтың елестетіп салт-дәстүрін.
Өзіңдей ұлыларға құрмет жасап,
Өткенді еске алу - бұл жақсы ырым.
Жиылар талай жандар асыңа әлі,
Өңірдің өңкей игі жақсылары.
Тұрарлық дәріптеуге, құрметтеуге,
Халқымның Мерғалымдай асылдары!
Сәрсенбай Хамитұлы,
ауылдасы
Сақталсын Мерғалым деп қойған аты
Қорт еді - өз ауылым туып-өскен,
Ағаны шығарамыз қалайша естен.
Ақкөңіл, кішіпейіл, мейірімі мол,
Бала мінез сияқты бастан кешкен.
Ауырса бір жеріміз қиналамыз,
Еске алып аруағыңды, сиынамыз.
Артында қалған ізі - Қаршығаға,
Алдынан бақыт тілеп қиналамыз.
Ат шабыс, бәйге, күрес, бәрі болды,
Қызыққа көрген жанның көңілі толды.
Өзгертіп өзі тұрған ауыл атын,
«Мерғалым ауылы» - деп атын қойды.
Құрылды неше жерден киіз үйлер,
Тартылды домбыралар, түрлі күйлер.
Тіріге жасалғандай осы қызық,
Ұмытылмай есте қалар сол бір күндер.
Ұрпақтан-ұрпақтарға қонсын дұғаң,
Жылаған кемтарларға болсын қорған.
Қасиет бойыңдағы жоғалмасын,
Ұстасын әке жолын өз Қаршығаң.
Барлық ел біледі ғой қадырыңды,
Тыңдаушы еді жолдастырың әзіліңді.
Жатсаң да жер астында мәңгі ұйқыда,
Сыйлаймыз бәріміз де аруағыңды.
Келдің ғой дүниеге - ел бағына,
Жақсылығың келеді көз алдыма.
Қолы шығып, сүйегі сынғандарды,
Салады ауыртпастан өз орнына.
Барлық ел риза ғой аруағыңа,
Алдың ғой көп адамның сауабын да.
Жылап келген көп жандар-күліп қайтар,
Ем қонып, шипа болып ауруына.
Мәңгілік ұйықтап жатыр өз жерінде,
Сақталар көп адамның жүрегінде.
Уақыттың өткеніне белгі бар ма,
Келдің ғой 61 жас мүшеліңе.
Құтты болсын, 61-мүшел жасың,
Тарихта қала берсін мәңгі есімің.
Жазылған ескерткішке әшекейліп,
Сақталсын Мерғалым деп қойған атың!
Айгүл Молдаш,
ҚР Журналист
одағының мүшесі
Даламдай дархан, самалдай тұнық таңдағы
(Мерғалым ағаның рухына)
Оралып қайта қиялмен бала күндерге,
Орманды алқап, қамысты құрақ көлдерге.
Тыңдағым келіп, түндігін серпіп сағымның,
Ынтыға түсем, күмбірлеп шыққан үндерге.
Жаңғыра берді жадымда өскен ауылым,
Сонау бір бейқам, тірлікке тосқан бауырын.
Бармасақ - тағы әдейілеп, ат жегіп,
Білетін едім «Сынықшының аулын».
Беймәлім сыр көп, табиғат-ана тәнті еткен,
Киелі жан ед, көңіл сеніп, көз жеткен.
«Сынықшы балаға апарды ма екен?» дейтұғын,
Үлкендер жағы жан бола қалса, мертіккен.
Алдына келген сырқаттың тапқан дауасын,
Қасиетін пұлдап, қойған да емес бағасын.
Үлкен мен кіші шипасын алып, риза боп,
Үйіп те төгіп беруші ед оған батасын.
Ерекше жан ед пейілі түскен Алланың,
Елі мен жұрты құрметтеуден де талмады.
Кісілігі де оның кең еді, шіркін, кіршіксіз,
Даламдай дархан, самалдай тұнық таңдағы.
Киелі бақты қондырған Аллам бойына,
Парасат, ізет-серік боп ізгі ойына.
Жақсыдан қалған текті ұрпақ бүгін ас беріп
Бәйгесін тігіп, ел-жұртын жимақ тойына.
Ту қылып өткен адамдық пенен ар әнін,
Бір ұлы еді ерекше туған даланың.
Жақсының өзі өлгенмен - аты өлмейді,
Жұмақта болсын мекені асыл ағаның!
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру