Күй кітабы
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Авторы: Жұмекен Нәжімеденов
ЖҰМЕКЕН НӘЖІМЕДЕНОВ
КҮЙ КІТАБЫ
ЖАЗУШЫ
ДИНА - ӘСЕМ ҚОҢЫР
Менің де кетті бүгін күйім жылып, Күлші әсем, көк күмісті құйылдырып! Шашың да әсем екен үйірілген, Өткендей тас төбеңнен құйын жүріп. Тамшыдай тұнып жанса көз дегендер, Қайтесін, мөлдірлікті сезбегенде. Шаттық жоқ бұ көшені кезбегенге, Қайғы жоқ кәріліктен өзге менде. Айнала күбір-күбір, мың-мың ғашық бал әуен құйылады ындынды ашып. Егіз үн жараспай ма, кеткен кезде екі ішек бір-бірімен қылмыңдасып, Ғұмыр-ай, қарттар сүйген, жас ұнатып, Көңілді күлкі, назға асыратып. Жұмақты ешкім керек етпеген соң Жүр дейді құдайдың да басы қатып... Қоңырым, әсемсің ғой әсерден де, Тек күйдің күші келер әсемдеуге, Күлмесек, Жылымасақ бұл шуаққа ұқсармыз емшек емес, тас емгенге. Тамшыдай тұнып жанса көз дегендер, қайтесің мөлдірлікті сезбегенде. Шаттық жоқ – бұ көшені кезбегенге, қайғы жоқ– кәріліктен өзге менде. ҚАРТТАР Алматыда кәрі көп, сәлемдессең бәріне тілің талып қалмайды, қол тозбайды әрине. Талпынғанмен көңілің уақыт жоқ, туысқан – не жұмысқа барасың, не қайтасың жұмыстан. Ғанибет қой қарттарға сәлем беру, жолығу, ол жолығу болады – не жетпесе соны ұғу. Сөйлемейтін жан олар не күлмей, не күрсінбей, әнеугі айтқан әзілі бойыма әлі жүр сіңбей. Қейбіреуі сыздықтап сауал тастар қыңырлау; «Балам, мына шашыңды өрейін деп жүрсің бе, ей?»
Жанарымен содан соң әрі сыншыл, әрі ойлы, бақайыңнан басыңа сыпыра бір қарайды. Сен кетесің онсыз да әлсіз мойының бір түсіп, Қарт қалады жүзінде – ой, миығында – күлкісі. Ақтарасың ішіңді, ақталасың жасымай: «біздің мода осылай, біздің мода осы ғой. Қарттарыңның модасы – таусылмайтын қонағы және осы дода-бас бізді сынау болады». Әр кездің өз модасы, шалдардың да шалы бар, сол модаға – шалдарға еліктеуші тағы бар. Ақылдының атағы – ақылсызға күш емес, үлкен үнді қайталар – жаңғырық қой, кісі емес. Көргім келер ылғи да: ақылды сол сыншы қарт орағытып алысты отырғанын шымшылап.
ТАҒДЫР ОҒАН БЕРДІ-ДАҒЫ ДОМБЫРА… Тағдыр оған берді-дағы домбыра қалды кенет өзі керең болды да. Тағдыр оған жолын берді, ерлеген сол жолға өзі жатып алды көлденең. Тағдыр оған намыс берді масқара, масқара ғып билік берді басқаға,– намысты ұлдың тауыссын деп зердесін, қамыс құрлы жанышсын деп ерді есіл. «Құдай» оған тұлпар берді, мақтаныш арқан керді тұрған кезде шапқалы. Дос та берді – көріссін деп ай аспай, жау да берді – алыссын деп аяспай, келіпті оның жүз досына мың жаудан, бірақ бәрі бір бопты күй тыңдауда. Пәнде ғұрлы көрмеген соң басқаны, «Құдай» да ақыр ептеп күндей бастады.
Жаратушы жаңылып-ақ бітті ғой, жасағанның қатесі де – мықты ғой: жолына оның жатпаса ешкім көлденең, болмас еді мұнша биікке өрлеген. Домбырадан қорыққаннан бұраулы, аяққа емес, қолға салды бұғауды. Сол бұғауды күшті қолға салмаса, тәңір күші көрінбес ед елге аса. Құрекеңе бұғау «сиқыр жүзіктей»... Ұлылардың бақыты да қызық қой. ТАСТАР ЕДІ КӨГЕНДЕП… Тастар еді көгендеп Құрекеңдей ерлерді. Қор етпейін деген жоқ, қорқыта алмай қор болды. Белең-бидің, бай таптың иттері де «саңлақ» боп, шапқанымен айтаққа, батып тістей алмапты. Қызарыпты қорлықтан, елім, сенің кегіңнен; от болыпты ол, сондықтан ұстапты тек темірмен.
СӘБИ ТУДЫ– ӘДЕМІ АРБА ТАБЫЛДЫ… Сәби туды– әдемі арба табылды, тербетті күй жүректерді орныққан. Күй дегенің – даңқ дейді кәдімгі, Көбімізге түсініксіз сондықтан. Өлді біреу – табыт беті жабылды, сондағы күй қуатына болдық таң. Күй дегенің – қайғы екен ғой кәдімгі, біразымыз түсінеміз сондықтан. Келін түсті – бір домбыра табылды ойнатты күй көңілдерді орныққан. Күй дегенің қуаныш қой кәдімгі, бәрімізге түсінікті сондықтан.
САРЫЖАЙЛАУ Басталды күй бір ырғалып, Күйші отырды «кел де келге». Күлсе қыздар жымың қағып, күй қайтеді жеңбегенде! Күй сөйледі – тынды бәрі, соқты теңіз көкіп жарға. Жапырақтың сыбдырлары араласты толқындарға. Күрсінді күй – не тіледі, Келді бір сәт «бер де берге». Жеп-жеңіл үн секіреді пернелерден-пернелерге. Күйші бір сәт күлді міне, ой күдіктен болды ма ада. Жата кетті бір дүние Иегін сүйеп домбыраға.
Жайлау – сары, жалқын гүлі Сардаламен сыңсып ақты, көлеңкенің салқындығы жылылығы күн шуақтың; жапырақтың сарғайғаны, күзгі құстың сайрағаны; Жылқышы әні шалғайдағы, Үйде қазан қайнағаны – қосылды да бәрі, бәрі... Исі, түсі күйге сіңген. Жыр жолы да ағылады Күй секілді үйлесіммен. Келді кенет тұман жым-жырт тұман жапты кепелерді. Бар үмітті күмән қылғып, Жұтып алып кете берді. Күлді Тотаң тарқап мұңы, Жеңілдетті іш құсаны. Тәттімбеттің бар шаттығы Бірақ бұлдыр түске ұсады. Ұшты жапырақ қалқыды да, сыбдырын сай тыйды кенет: домбыраның алқымына кек тірелді бір керемет. Күй сағадан бұрылып ап кетті, тағы... неге егесті? Бірі тұрып, бірі құлап көп толқындар төбелесті. Қайда, қайда... бар жаңағы бір-бір адам жүз көрінген?– Күйші көңлі қарманады Әлдекімді іздеп үйден. Толқыды күй, жыра сайды Толтырды да алға аттады. Әр қырқаны бір асады, Әрбір тауды салмақтады. Күй – кек еді, жетім кегі, Әр жетімді құшақтады; өрт теңіздің бетіндегі көлеңкеге ұсап бәрі, өрт үстінде тұрды қалқып бірі шошынып, бірі құмартып... Сұлулықты сырлы етуге
Келді екі ішек бір «жетімге»– Көрді Тотаң күй бетінде, Көрді өз бейне-суретін де. Беті сұлу, ар жағы дерт, шикі дүние – жаман еді: арман өсіп, арман үдеп, кішірейді адам өзі. Күйдің жағы талды жырлап «Сарыжайлауды...» заманын да. Іркілді күй, қалды кұрғап Домбыраның тамағында. Күйші жанға батқан кекті жіберді әрі сәл жұтынып. Күй көтерді аспан-көкті, Күй аспанда алды тұрып... Бір боранда, бір жаңбырда қазақ көшті қырдан-қырға, Күй де кешті қырдан-қырға, іздеп бізді – келешекті. Барлық дала – бір домбыра, мезгіл қолы шебер шертті. Түскенде арай кешкі көлге, Жаңарды ылғи көне күйші. «Сарыжайлауды» естігенде боз жусанның келеді исі... Әкел, өмір, күйіңді әкел, күлмек едім күйіңменен. Күй көңлімен сыйынбақ ем, Күй басымен иілмек ем! Шертем Тотаң күйін бүгін, көрген жоқ қой құмар тарап. Туған жердің сұлулығын «Сарыжайлау» жүр арқалап. Әр нотасы желпінтеді, Әр нотасы мұңайтады «Сарыжайлаудың» жел тілдері, Жел тілімен Күй айтады: Тыңдаңыздар – тамаша бұл, отырыңдар мұнда, бері, Көркемдікті қаласа кім, болса содан кім дәмелі; кім зар-мұңның татса дәмін, сол қарасын аяп маған! Солар үшін басталамын, солар үшін аяқталам».
САРЫ ЖАЙЛАУ САЗДАРЫ Жазғы жайлау
Ағаштардың бойын жұлқып тебіскен, Білеу-білеу тамырлармен қан тарап; Жабайы өскен көкшілдеу бір жемістен, Әже барып алып келді нән табақ. Бәрі де ұқсас «Сары жайлаудың» сазына, Аппақ-аппақ гүлге толы түкпір-түп. Қайыс белді жібісін деп азырақ Шаруақор жоқ кеткендейін сүт бүркіп. Қысырақтар сүйіседі шыңғырып, Қазығынан айналады қай құлын. Жігіт үшін – қыз жанары тұр күліп, Кемпір үшін – құтылмайтын қайғы бұл. Келін – шалт, сондықтан да көбейді шашылған зат. Жылағанға сый – таяқ. Айран ұйытар табақшасы кедейдің Мұндай күні таптырмайтын итаяқ. Адамдардың көңілімен астасып, Көркем бұлақ күлімсірей береді. Жалаң аяқ тітіркене тас басып, бала-қыздар батырады шелегін. Ағаштардың бойын жұлқып тебіскен білеу-білеу тамырлармен қан тарап: жаңа піскен қып-қызыл бір жемістен, тағы біреу алып келді нән табақ. Қышқыл жусан; бауырсақтың дәмді исі – балалардың жадыраған қабағы. Жарлы байғұс, Мұрыныңмен қаңғисың, ауызыңа түсетіні – шамалы. Кешір, достар! Ескі сурет осылай, (ал, күй деген жаңарған да жоқ әлі.) Көркем десең көне орныңды шошымай «Сары жайлауды» бір тыңдасаң болады.
Күзгі жайлау Қайыңның шашы сиреп... күз боп қапты, тырна келіп аспанға тізбек тақты. Жалғыз уыс көк шөпті кәрі саулық қалың ағаш түбінен іздеп тапты. Жүдеулікті уақыттың белгісі ғып Жарлы бала суыққа тоңды үсігіп.
Мұңаяды қайыңдар, қайтеді енді төбе-шашын берген соң желге ұшырып. Ірі жапырақ әр жерді сипай аттап, Үйріледі қоқтыққа қиқалақтап. Кедейдің айран ұйытар табақшасы кеуіп қапты, бола алмай итаяқ та. Десең әжем тым жиі ауырады, тұсау есті ол құрықтың бауын алып. Шешесінің шекпенін киген жас қыз етегіне сүрініп ауық,ауық. Көне сурет– күй сазы! Таста! Болар! Жо-жоқ, бәрі бір кезгі бастамалар. Сен де самай сиресе – өкпелеме, әдеті ғой мезгілдің шаштан алар.
САЛЫСТЫРУ Нені айта алсам – сенің кінәң емес қой, нені айтпасам – менің кінәм емес қой – сен түсіріп жатқан кезде скрипкаға күйді бір, батыр Сейтек отыр еді қамауда. Қонақ үйден орын таңдап сен жүргенде, үйді бұл Жау түткілеп,– түсіп еді талауға, Сенің жарың алтын алқа таққанынша күлдіріп, Әуес-шешей тезек терді бір қауым. Сен әлемді таңдантқанда – Құрманғазы «бүлдіріп», киіп еді Спартактың бұғауын. Сен тұрғанда кештіғұрым ақ балконға сүйеніп, түсіне еніп сары бөз бен кенеп көп бабам менің бүтін үйге кіре алмады, түйе жүн Шекпенінен ұялғаннан емес тек. Сен отырдың Амадидың - 1 скрипкасын жаратпай, Махамбет те тумайтұғын ер тіпті,– домбыра жоқ – қой шетінде отырғанда таң атпай, көршілердің көсеуін ап шертіпті. Мұның бәрі сенің бағың емес қой? Сонда осы... Менің сорым да еместей. Сені бүкіл Европаның «Әулиесі» мақтаса, Ұлы Абайды өсектеді тобықты. Жақсымызды бетімізге күйе қылып жақпасақ, бізде-дағы талай мықты болыпты.
1 Амади – әйгілі скрипка жасаушы, шебер. ПАГАНИНИ Моцарт пен Сальерилер Қали Жантілеуовке Жақсы ұлына ананың жаман білмес табына. Сондықтан әр дананың соры да бар, бағы бар. Соры оның – жандырып күндес тапты жақыннан. (Басы бардың барлығы дәмелі ғой ақылдан). Бағы оның... бағы не, бағы – ұл боп тууда; бұрын өліп бәрінен Кейін ұмытылуда... Тірі қалу сол түнгі Сальериге қорлық, ә? Өлтірді ол, өлтірді, Өзі өлудің орнына. Жылады ғой жан сап ол, Көз жас қызық – түсі жоқ. Өзгенікі болса жан Өлуге де кісі көп. Өсті Моцарт, менсінбей кетті алыс елес боп. Не үшін өсті дейсің бе? Өлу үшін емес тек.
Оқыды өмір жат үкім. Тастады ақыр бір сызып, достарының бақытын жауларының қырсығы. Кім ойлаған өсед деп, бала – Моцарт – сөз бе еді. Күндеп яки өсектеп Өсіретін өздері... Зал
Күлдіре ме зал іші – үн жамырап, өріп ән, үлбіреме, танысым, жылдамырақ орын ал. Қолдан келсе артқа отыр – ағалығым, ақылым жамандасаң күйшіні – жамандай гөр ақырын: тым естігіш келеді құлағы оның ақылгөй, ал, тынышы бәрінен – үндемеген мақұл ғой. Бұған шамаң жетпесе, осы залдың ішінен сен де таныс іздейсің – түсінем ғой, түсінем. Келеді екен кейбіреу жүріс болсын деп бүгін және мақтан етуге танысының көптігін. Енді бірі келді дейд концертке емес – өсекке, көркем үнмен көңілді асыраймыз десек те, Көрінгенмен мына апай жүзі сынық, ойлы өңі, келді дейді жаңа алған көрсеткелі көйлегін, түгел қаттап етегін, қадап басып өкшесін, тізеңді аттап өтеді әрі аунатып бөксесін. Кешірім де бәріне. Бірақ мына бір шірік үкім айтты күйшіге – Кетті жаным түршігіп.... Кейбір жеңгей қызынып қол соғып ап тепеңдеп, Күй шерткенге (сұрайды ол) қанша алады екен деп. Жо-жоқ, досым, ешкімге кінә тақпақ жоқ ойым, тым құрыса, ақ деген бір атақты ап өлейін. Әйтсе де осы залға әркім әр түрлі боп келеді, біреу алып қайтады, біреу барын береді. Осы екеуден өзгесі – қауіпті жан ұдайы, содан сақта – сақтасаң, ауытқыған «құдайым!»
Концерт Тентек үн кетіп еді дауылдап бір,– аңқиып әр жерде бір ауыз қапты. Түтінсіз жанды көздер, ал, қылшыбық сағадан скрипканы бауыздап тұр: қан емес бірақ одан, дыбыс шапшып, әркімге өз шекесін уыстатты. Біреудің шайқады күй толы жанын, біреудің көңілінен қуыс тапты. Біреулер отырды ескі тастай жүдеп, жамалып көне арманға жас қайғы кеп. Біреулер елегізді: мына шіркін қаққылап қайда апарып тастайды деп. Ұққандар күйшіні аяп, күйді еске алды, жүздерде рахат пен бейнет талды...
Үшінші біреуге күй аю басын иді де, жүрегіне жайылды асыл. Сездірді содан кейін, бас пен Бастың, өнер мен өлерменнің айырмасын... Зал тымық... күй кетті тек дауылдап бір, аңқиып әр жерде бір ауыз қапты. Күшті қол скрипканы қылқындырып, алқымнан ақтарылтып бауыздап тұр. Қайтеді өзін таспен атқанды аяп, кек алды өз күшіне мақтанбай-ақ. Шыңғырта тартады ол, қырғышпенен Жауының басын кесіп жатқандай-ақ. ПАГАНИНИ-ТАПҚАНЫ СОЛ БОЛДЫ МА… Тапқаны сол болды ма? Табанына даңқтың барқыт төсеу орнына Әйнек үгіп салыпты - 1. Тапқаны сол болды ма, «Қонақ үйлер» бастапқы, мамық төсеу орнына тікен шашып тастапты.
Білгені сол деп пе едің, білегіне сауықтың темір кісен теп-тегін Лайық деп тауыпты. Кедейліктен деп пе едің, Наданы бар, басқасы Скрипачқа кектеніп, жақсы көрсе ақшасын? Жо-жоқ, достар, артықтау бағалай гөр пысықты: оларға сол барқыттан, әйнек қымбат түсіпті... Ұсақ дұшпан – кәнігі, Сондықтан тек біл де қой: тікен оның мамығы, қонақ үйі – түрме ғой. Барқыт түгіл, бағыңа, батпайды ғой кенеп те. Ал дұшпанға, Жаныңа бататыны керек те! 1 - Паганини бір концертке шыққанда «достары» білдірмей бәтеңкесіне әйнек үгіндісін салып кигізген. ПАГАНИНИ - ПАГАНИНИДІҢ МОНОЛОГТАРЫ Бірінші монолог
Көрген жоқ ем бұл күні соқырға ұқсас ешкімді, таяғының тықылы қай жағымнан естілді? Көргенім жоқ тал нулы, үздім бірақ бір түбін. Көргенім жоқ ауруды естідім тек ыңқылын. Ұғыншы, аға, әл келсе, есер де де кес билік, сіз көресіз, ал, мен ше? Мен тек қана естимін. Айдың жүзін көргем жоқ,– Нұр сіңгенін естідім. Қайғылыны көргем жоқ – күрсінгенін естідім. Махаббат па жердегі? Көрмегенім бұл менің. Жастық шақты көрмедім, естідім тек күлгенін. Аққан шуақ: тау қыры, көл, тас, орман күңіреніп, кеткені ғой үн болып? менің үшін барлығы Табиғат па, көңіл ме, келтіретін не түрлі үн? Қосылмасам сол үнге өлтіретін секілді.
Ұғыншы, аға, әл келсе, есер де де кес билік. Сіз көресіз, ал, мен ше? Мен тек қана естимін. Екінші монолог
Ей, ағайын, дүниеде бар екенін анық күн кіршігі жоқ сендердің күлкілерің танытты. Көк теңізге көз тігіп қарағанда кешқұрым рахат бар дегенді – өздеріңнен естідім. Көркемдік бар дегенді – ғашықтардың тілінен, еркіндік бар дегенді – ескен желден біліп ем. Ләззат бар дегенді естіп едім, сезіп ем диқаншының күрегі, шабыттының сөзінен, Шын азап бар дегенді тұңғыш рет, түнімен кірпік қақпай таң күткен төсегімнен біліп ем. Қасиет бар дегенді – топырақтан естігем, қасірет бар дегенді – жесірлерден естігем. Құлшылық бар дегенді – өз басыңнан түсінгем, шыншылдық бар дегенді – көз жасынан түсінгем – солай, солай ағайын. Италия мен әкемнен мен де өзіңдей бос келгем – түгім жоқ-ты әкелген. Қас батырдың қаны мен жағымпаздың көзінен... Бәрін, бәрін үйренгем бұл дүниенің өзінен. Күн болды анық аспанда – бүгін де бар, болады. Жақсылық бар дүниеде – ертең-дағы болады... Сезу үшін салмағын – шыдау керек болады, көру үшін, ал, бәрін – шығу қалды жоғары!
Үшінші монолог Шындық іздеп келіп ем, Сөйлеп едім жетіліп, таппаған соң, тегі мен алдым жиып өтірік. Бешпетімде – бар терім, өтірік күліп келем ғой. Шыққаннан соң әйтеуір құр қайтпайын деген ғой. Анда бардым – сорым да, мында келдім – кешіктім. Шындық гүлдер орынға өтіріктер өсіпті. Қол соғылды – өтірік, көздер күлді – өтірік, мақтап жатса лепіріп сенген болдым өтірік.
Желпінемін несіне, жеңіліспен отырып. Жеңіп кетсем – өшігер, Жеңілемін өтірік. Жо, жоқ! Бақыт – ұтқанда, алқындырып өжет дем арыстанға шыққанда, таяқ жедім көжектен. Мұның бәрін қажетсіз еріккенің ісі деп, кеттім мен де көжекті менсінбеген кісі боп. ...Шындық деген асыл, ә? Асыл ма екен ал осы? Таптым ақыр басыма жоқты іздеудің бәлесін! …Шындық – құдай-қыз дейді, құдай бар деп жұрт әлі, таппаған соң іздейді, тауып алса – құртады. Төртінші монолог
Айтпай-ақ қой биік деп, биіктеген кезде мен Дәл өзіңнен биік боп Көрінбеуге сөз берем. Қате – менде, жөн – сенде, келмейді ойды мол деуге. Сөз беремін, өлсем де сенен артық өлмеуге. Ызаң жүр ғой іш тіреп, жалықпайық төзуден. Серт етемін күшті боп Көрінбеуге өзіңнен. Көнбесе өмір мұндайға, көнбегені мақұл-ды. Серт етемін, болмауға сенен гөрі ақылды. Сөз беремін, кемсеңдеп сөйлейікші сенісіп: ақымақтыққа келсең де біріншілік – сенікі. Жан азабын – жан шегер, жан жоқ болса – сөз басқа. Ант етемін, дәл сенен ғұмыр бойы озбасқа. Бесінші монолог
Ғұмыр деген оспадар, өткізер ек аңдыспай, бір тұяқта тас жанар, бір тұяқтан шаң да ұшпай. Бұрынғылар есептеп, кетіп қапты күбірлеп: арғымақ пен есектің жарысқанын ғұмыр деп. Бұрынғылар есептеп айтып сапты тағы да: туған ғой деп есекті арғымақтың бағына. Сейтсек ғұмыр – ерке үміт, бәріне де жетіпті. Арғымағың мертігіп, есек озып кетіпті. Жүйрікпін – деу – болмайды, (Шабан десең – өзің де). Айтасың тек ондайды шаба алмаған кезіңде. Ал, ұмтылдық! Қалыспан, жолды тәңір оңдаса, Жарысу үшін – жарыспан, озу үшін болмаса.
НҮКТЕ Көз алысқа қадалады не біліп, күйші қапты не берілмей, не көнбей. Көкжиектен бір қарайған көрініп, содан енді адаспайын дегендей. Телміріпті тесіп жіберердей боп, кірпіктері жебе болар садаққа. Мынау дүние – толып жатқан жерден көп жалғыз нүкте қадалуға жарап па. Сызық еттім нүкте түссе қолыма, аялдатып көрген емес түк мені. Нүкте қоям кез-келген жол соңына, таппаған соң ең негізгі нүктені. МАҢДАЙҒА ӘЖІМ ТЕРЕҢ-ТЕРЕҢ ҚАЗЫЛЫП… Маңдайға әжім терең-терең қазылып, Бір терең жыр кетсе дейсің жазылып, Көп сыншының өзіңе айтқан кінәсын, Опынасың, аз ұғып.
Қайбір әділ достарыңды қазы ғып, Соларға ойша қарайсың да шағынып, Сонау күні кетіскен бір құрбыңды Отырасың сағынып. ӘРКІМНІҢ ӨЗ ЖҰПАРЫ БАР… Әркімнің өз жұпары бар. Әр қилы болады екен таланттар да бұл елде: бәз біреуден гүлдің исі аңқиды, бояу исі бұрқыраса біреуден. ҚОЛ СИПАЙ ДА, СОҒА ДА АЛАР… Қол сипай да, соға да алар. Тоқта әлі, көнер ме екен айтарымыз ұйқасқа; сипағандай – кейбір қолдың соққаны, ал, кейбірі – жаралайды сипап та.
ҚЫҢЫР БОЛДЫ НЕ КЕРЕК – БОЛАЙЫН ДЕП БОЛДЫ МА…
Қыңыр болды не керек – болайын деп болды ма, бір үн болды керемет – болайын деп болды ма: ол асау да болмас ед – болмасына қойды ма түрме, бұғау, қудалау, Дала және домбыра Қыңыр болмас еді ол – түзу болса тағдыры, жұмыр болмас еді ол – ғұмыр бойы қаңғыды. Үміт ішті кеседен – бар керегі түзде еді, Түңілейін десе де – әлденені іздеді. Ұқты ма оны көп адам –тапты бәрін жаңадан. түрме, бұғау, қудалау, домбыра мен даладан. Іздеді ол түздегі бал-арадай азайып, гүлден бірақ бал емес, тұз жинады ғажайып; әйтеуір бір асқарда – бұлақ барын түсінді,
Әйтеуір бір бастарда – құлақ барын түсінді. Төзім етсе – бұлақтан бір қануға болар деп, Өзі кетсе – құлақта үн қалуға болар деп. Ел тірлігін ойласа – ер тірлігін ойлады, ер тірлігін ойласа – еркіндігін ойлады. Сондықтан да үзілмей шертілді күй ұдай бір, дүбірі мен жүйріктің, сыңғырындай бұғаудың. ҚҰДІРЕТТІ БОЛМАЙТЫН-АҚ КІСІ ЕДІ… Құдіретті болмайтын-ақ кісі еді, Қысып тұрып тағдыр бұғау салмаса. Салмас еді тағдыр да оған кісенін, Оның ерек құдіреті болмаса.
ПАГАНИНИ - ҚАШЫҚТЫҚТАР Қанша жылдар! Кетті ол алыс, бірақ та күйі бүгін... бүгін жетті құлаққа. Алыс еді Жетті бірақ үн бізге, Сәулесіндей сөніп қалған жұлдыздың, Бүгін ғана жақын келді үні оның. Италия жастығы мен тілегі әр нотада жарқырайды, күледі. Теңіз жақтан келген самал лебі біздің жасыл ауламызға түнеді. Күйі – лайлы, естілсе де өр үндей, тазалығы – Атыраудың көгіндей. Тұлғасы Оның соншама ерсі еместей, қолдары да соншама ұзын көрінбей. Шайтан емес, жын емес Ол, кәдімгі Ол да аттады адымды, адам екен – естілмейд тек тақасының тықылы, және үлкен жүрегінің лүпілі. Паганини?. Сахнаға қарашы – Ондағыдан жақындау ғой, шамасы, адамдар мен адамдардың арасы. Ондағыдан биіктедік әлде біз? Биіктіктер аласарды сәл деңіз? – Мұның өзі сыйса жарар ұғымға, біз олардан көп тыңдадық, аз айтып.
Өмір жасап келеміз ғой шынында арадағы қашықтықтарды азайтып... ТҮКТІ ДЕ АЙТЫП БІТІРГЕМ ЖОҚ, ХАЛАЙЫҚ… Түкті де айтып бітіргем жоқ, халайық, әлі отырмын бір мықты өлең таба алмай. Ақ беттерім барады тек азайып қомағайдың алдындағы тағамдай.
ТОПЫРАҚ Ыстық тілген еріні... тікен тескен тізені бүкті қашқын, жығылды топырақты сүзе кеп. Қайдан шыққан бұл адам – айта алмаймын, әйтеуір, көкжиектің қалыпты ар жағында ізі оның. Неге ғана құлады – айта алмаймын оны да, сүрінсін деп мен оның жіп кергем жоқ жолына, Құлады ол жалп етіп – шаршаған-ау, ай тегі, (Мен де сөйтіп құлар ем – шаршамасам қайтемін) Содан кейін... ыңырысып құлаш жерді қысты кеп, қышқаш дерсің қолдарын – жоқ, одан да күштірек. Бүріп алып иіскеді бір көденің түбін ол, иіскегендей жарының қос бұрымын түбінен. Алақандай жерді сол сүйді бір сәт пысынап, кеберсіген еріні тас қиқымын қысып ап. Көзін тас қып жұмды ол – дұрыс болса шамалау – адам, сірә, ләззатты көзін жұмып табады-ау, Екі бетін шаң басқан – екі тамшы жас тіліп, екі бетті төрт бөліп ағып түсті жақсы үміт – әлденені тапсырды; жаны кетті. сол жаңағы көдені маңдайымен бастырып... Жатты енді Дәл осы сәт қуғыншы... төзе алмасаң – тілді кес, әр екі қол – бір-бір ит, әр кеудеде бір крес. Өліп кеткен ер жанды – өлтірмек боп тағы да, өлікті емес, ол жатқан – жерді тепті жабыла – жырынды ғой жау деген – сескенбес ед жау да аса, жетіп өлер жігіттің топырағы болмаса...
ӨЗІМІЗ ЖӘЙЛІ Жатса да сын айтылып, «шатақ» болып, Жыр бастырдық, шыққанын атақ көріп. Бақсақ біз: жүріппіз ғой, Сыншыларға Аяқтан өзімізді матап беріп. Ғашық қып ду-ду еткен жыр кештерді, Асықтық: құрбы алдында бір бөскелі. Бетіңе күлсе біреу– күндес дедік. Сыртыңнан тілсе біреу – тілдеспедік. Әйтеуір айттық қой деп шыншылдықты; Қалай айттық? Жұмыс жоқ. Тылсым жұттық. Неғұрлым осал жазсаң, Солғұрлым да Көрініп қалады екен сыншың мықты. ҚҰРМАНҒАЗЫ-ҚЫЗЫЛҚАЙЫҢ Жұлдыздар тұр суық күліп, Суық, жылтыр жанарымен. Дүние тұр бұйықтырып Қарауытқан қабағымен.
Жас жапырақ қалады үркіп… бірі үзіліп түсті шеткі. Түнгі дала алабұртып Өз-өзінен ыс-пыс етті. Қимыл кірді бар алапқа, көз үйренді әрең бұған. Қөлеңкелер – қара қатпа жүгіреді қараң-құраң. Содан кейін... тынды тағы – Көлеңкелер қалды қатып. Қозғалды тек бір бұта, әне, Жапырағын сылдыратып. Тек сол қайың изеп басын, түсінгендей түн сырына – Түрмелердің бір қақпасын ашып кетті күйші мына. Тағы тыныш, тағы айнала Үнсіз күйін тартады үдеп. Шығыстағы арай ғана Бір үмітке артады иек. Дәл осы сәт жырланады, Жырлаған жан ұтады да... Қызылқайың бір қарады Ауырлаған бұтағына...
Кім жеңеді түнді мына, Күйге еркіндік кім береді? Тынды бұта сыбдыры да, Қызылқайың үндемеді. Түн не деген сыйқыр еді! Кетті кенет жел де ыңырсып. Оқ ысқырып, ит үреді... Бала жылап, кемпір ұрсып... Азан-қазан болды маңай, керіскендер... сұрағандар... Екі ішекті домбырадай арба жолда жүр адамдар; Іздейді олар «қылмыстыны», Күйші отырды күй ығында. Жеңген жанның бір мысқылы қалып қойды миығында. Таппады олар, «қара басты» Тінтсе де түнді кілең, Кісен даусы араласты жапырақтың сыбдырымен. Тағдыр өзі шабыттанып Күй бұғауын ағытты, әне. Күйді қорғап қалды атырап, Күй қорғады халық бағын. Өз өлкесі – өлең төсі Көңілге күй кұйып қойды... Күрекеннің көлеңкесі бірте-бірте биіктейді...
ҚҰРМАНҒАЗЫ-ҚАЙРАН ШЕШЕМ Не көрсеттім мен саған, Азапты ойдан өзге не? Көріп едің, анажан, мен секілді «кезбеден». Әр күн сайын басыңа бір уайым тосылды, Әр түн сайын шашыңа бір уыс ақ қосылды. Ұл тіледің құдайдан – алдың оны зорға, ана, ар тіледің құдайдан – жоқпын арды қорлаған; ақ тілеуің құдайдан – жалғыз мен ғой, балаң ғой, бақ тіледің құдайдан – құдай оған сараң ғой; көрмейтінін құдайдың – көріп қайтып шыдадың, бермейтінін құдайдың– неге ғана сұрадың. Қайран шешем, аяулы анам, тісті едім мен – тұмша жапты. Салмаса егер бұғау маған, бұлқынбас ем мұнша қатты!
Қайғырма, ана, серттемін – бал берсе де айныман, Күйім болар шерткенім – жан берсе де айныман. Суық едім, жан ана,– тыншытпады күй деген, туып едім далада – өсіп келем түрмеде; бұлқынбасам қаттырақ – мүшем де ұйып барады, ханға бермес қолымды – кісен қиып барады, Жылау салса жаныма – торыққаны деп түсін, бұғау салса қолыма – қорыққаны деп түсін! ҚҰРМАНҒАЗЫ-ТҮРМЕДЕН ҚАШҚАН Күйші қашты түрмеден, Қорыққаннан емес қой. Айдын-құмға сіңіп кетті бір дене – торыққаннан емес қой. Күйші қашты түрмеден, сыңғырынан бұғаудың; жыңғылына даланың.
Ыстық ұрды маңдайға – Көкірегінде бірте-бірте еріді үн. Күйші қашты мазағынан түрменің азабына бүкіл байтақ елінің. Күйші қашты – күй мәңгі азат деп еді, Оны бірақ кез келген тор қамады, Не кеңшілік беріп еді сол өмір кеңдігінен басқа туған даланың! Дала жатыр, Жиылымапты-ау етегі, кеңдік жатыр өзіне-өзі күш бермей, Қыр бастары қараң-қараң етеді – ақиықтың көлеңкесі түскендей. ...Күйшіге тек кеңдік болса – болады, топырақты танымасын, танысын; Желк-желк етіп ақ селеуі даланың үдетеді ақ боз аттың шабысын. Бүкіл маңай тарғылдана береді, күй оянып келе ме әлде зердеде? Шөп ызыңы – бостандықтың өлеңі мынау жер ме, әлде сансыз перне ме?
ҚҰРМАНҒАЗЫ-САРЫАРҚА Дауыл, дауыл! Күркіреп тұр; Қырдан қырға шаң шұбады. Бурыл бұлтты жыртып өтті Найзағайдың қамшылары. Атылады ақтаңдақ ат, Ер жорытса – қияда жол. Жүрген жоқ ер мақтан қалап, мақтанбауға ұялады ол. Мынау жалпақ Нарын құмы артты ақынға нардай арман. Көп шақырды сағым мұны, Жоқ қой бірақ алдай алған?! Ер басына төнді бір бұлт. Дауыл, ішін тартса да ұлып. Жұтам дейді елді қылғып «Екі басты қарт самұрық...» Батыр өзін кінәлаған, сол кінәсін көтерді кек. «Бұл табиғат мына маған Берген екен бекер жүрек! Қыран, деді ел, қарға алдында жасыта алман жан қуатын. ...Жәңгір сын-ды хандардың да Келді-ау кезі қаңғыратын!»
Көтерілді қанды желік, Биле, саусақ, бас пернені. Дүбір-дүбір... қалды келіп Қарауылдың әскерлері. Аттан батыр, жаның қайда, Жатыр жауың қырқа астында, Ұсап кетті қалың найза Көкбуырыл бір тасқынға. Жұдырықтай түйілді ауыл, Түйілді кек шемен болып. Көтерілді құйын-дауыл,
Көтерілді ел өлең болып. Аттанды өзі кек пен ыза, Неге керек «аттандамақ», Шыға берді көптен ұзап Манағы бір ақтаңдақ ат. Жар мен ордан жасқанбады ол, Әпере ме ерге кегін? Жерді де емес, басқандай ол Домбыраның пернелерін... Сарнады-ай кеп дала сонда, Құм да оянып аунады ақыр, қызды найза алақанда. Ер тіл қатты жауға батыл: «Қайт, қайт, қайт, қайт!» Дауыл, дауыл!... Ағала шаң... Жалба-жұлба көрінді иық. Қолдар жүрді жағада сан. Ел тіл қатты кегін жиып: «Қайт, қайт, қайт, қайт!» ҚҰРМАНҒАЗЫ - ЕРТЕҢ КЕТЕМ Күзетшіге Жаппай-ақ қой қораны да, бақпай-ақ қой түрме есігін. Түн – тым суық, оранып ап, ұйықташы, дос, бір көсіліп.
Әр дыбысқа қарай қалып, әуре болма, не түңілме. Шылымды әзір сор ойланып, кейін ойсыз өкінуге. Көп қадалма қыр ұлына – Көзінді құр талдырады. Өзім кетсем, орыныма кісенімді қалдырамын. Мынау жермен кім жүрді, кім? Бұғауға көп сүйенбелік. Менен қалса, шынжырды бұл басқа біреу киер келіп. Саған айтар бір кеңесім: Қорықпашы, заман үдеп, бос қалар деп түрмені осы, шынжыр иесіз қалады деп. Күзетесің... түсінбейсің... бітпеді ме ой таяқ құрлым. Сен ғой мені мүсіркейсің, ал, мен сені аяп тұрмын. Білем сенің түсің жылы! Қарап қалдың нағып үркіп? Қануы үшін ұйқың бүгін, Тұтқын болам тағы бір түн,
Содан кейін: бүгінгідей ақыл келмес басқа да ұдай. Бұза берер түріңді үрей, Мылтығыңды таста былай. Көп қадалма қыр ұлына – Көзінді құр талдырады. Өзім кетсем, орыныма бұғауымды қалдырамын. Кісенді үзем, батпады адам, қабырғаны қажап тестім. Айтпақшы, әлгі ат қорадан алған жоқ па бөз атты ешкім? Жаппай-ақ қой, қораны да бақпай-ақ қой түрме есігін. Қара тонға оранып ап Ұйықташы, дос, бір көсіліп. Ертең кетем, енді асылы үлгірмеспін – кетем, кетем, кең далаға – жолға шығып, аз боз атпен тепеңдетем! Кетем, кетем, ар-үнім шын Солай дейді – көну керек. Мынау торда қалу үшін тым есуас болу керек.
ҚҰРМАНҒАЗЫ-БАЛҚАЙМАҚ
Өкпеле, не тілде, болады жан қилы. Күрең шай бетінде балқаймақ қалқиды. Жас болса қонағың, болса өзі өнерлі, ұмытпа, қарағым, қыз болу дегенді. Әуелі шай ұсын, құя алсаң – жетеді, Сөз таппай майысып, ұялсаң – жетеді. Кірпікті төмендет, Сәл қызар – жетеді; дәл осың өлең боп күйдіріп кетеді. Сал шайды күп-күрең,– Жантайса қонағың. Ал, ондай «мықтымен» Сағырақ бол әрі. Қолың аз именіп, құй әлгі... кесені. Бәрі де күй болып туады деседі. Ойдың да тосыны-ай, содан соң... білсін кім. Осылай, осылай Өзін бір күрсіндір – жаман ба, сыр бүгіп кетсе ішке от жанар. Тым құрса бір жігіт мұңайып аттанар.
Өкпеле, не тілде, бар дейді жан қилы. Күрең шай бетінде балқаймақ қалқиды. Жас екен қонағың, ал, өзі өнерлі. Ұмытпа, қарағым, қыз болу дегенді....
ҚҰРМАНҒАЗЫ-АҚСАҚ ҚИІК Орғиды кеп, мимырт құмға қып-қызыл, үш аяғын шашасынан жұтқызып. Құмның бетін шымшып, шымшып өтеді үш аяқты айыр тұяқ екі елі, келед шауып кең даланы бауырға ап, сұп-сұйық құм, қата қойшы бауыр боп!– Жүйріктер де құмға батар сияқты тірейтұғын түк болмаса тұяқты. Өңменді жыртады үн, Көнгенді бірақ та, Ап-ащы бір сарын жетеді құлаққа: «Не керек өкініп, не керек жақсы атып, өзіңдей жүйрікті алған соң ақсатып? Неге алдың мылтықты, нені аттың – қарашы. Өзіңнің жараң ғой жүйріктің жарасы. Бір титтей тірлікті ап қашады байғұсың. Өзіңнің қайғың ғой жүйріктің қайғысы!» Шығады дуалы Киігі секіріп, Қуады, қуады күйшісі өкініп. Киік қашты титтей жаны талып та, күйші қуды өз кінәсін танып қап. Киік қашты ажалына өзінің, күйші қуды жанып қашқан сезімін. Киік қашты – құтылмасын білсе де, күйші қуды – жете алмасын білсе де... Дала момын,– әр басқаның – тепкідей; қашуға да, қууға да жетті ғой.
ҚҰРМАНҒАЗЫ-АЛАТАУ Алатау, деймін, Алатау деймін... Не түсіндің бұ дүниеде – ұлы болып, Алатау, Не тындырдың мына әлемде – шыңы болып, Алатау. Шыңы болсаң – жанды да ұқпай шығандаған
шығарсың. ұлы болсаң – жаңғырықпай тұра алмаған шығарсың, Мұнар басқан қар шыңдарың – тыйылғаның болды ма, сол мұнардан аршылғаның – жымиғаның болды ма, Тыйыла алсаң, неге адымдап жүре алмайсың, Алатау, жымия алсаң, неге ағындап күле алмайсың, Алатау. Аталы ер, сен! тұйық қарап сонша күні төменге, Жата берсең ұйып қалар қаншама ұлы денең де. Сүгіреттей сұлулықтың киіп алып атағын, Қыбыр етпей қыңыр шыңдар әлі қанша жатады?! Сені демеп «бата беріп» қанша түн мен күн кетті, Неге керек жата беріп ұлылықты міндет қып! Салып қалсаң – өз бетің жоқ – тасқа тидім нән шыңдар, Жаңғырықтан өзге түк жоқ, босқа тұрған жансыңдар. Тербетейік көгіс тасты – Тартыс керек, жел керек, кел, кетейік, қол ұстасып, кетейікші кезбе боп!..
Алатау, деймін, Алатау, деймін...
ҚҰРМАНҒАЗЫ-АДАЙ Екі ішек: бірі бостау, қатты бірі, бес саусақ беретіндей ат дүбірін. Қүйшінің қатты ішекте қайраты өсіп, екінші бостау ішекте ақты мұңы. Секілді қорғасын-сел балқып ағып, асығып, арна салып аңқыды анық... Түтіліп түбірінен кеткен бұта, толқынға батып-шығып малтығады. Көк ала дүрмек болып ағады ағыс, шаңқылдап шықты биік шағала-құс. Ең соңғы жармасқаның жұлынғандай қарайсың жанталаса жағаға алыс. Бұралып бар толқынды қолтыққа атып; мың сұлу бір қызықтан елтіп татып, бәрі де суға кетіп баратқандай мың жібек орамалды желпіп батып... Бейне бір төңкерілген өлі қайық жағада жартас қана қоңырайып. Әйтеуір ала-тарғыл бұл көріністі ұқпайсың не шаттанып, не мұңайып. Азулы үн аңдағанның қаусатты ішін, шаншып кеп сезді жүрек саусақ күшін; кірсе егер құлағыңа, күй әлемін
не жек көр, не бір затты аңсап түсін... ӘЙЕЛ ЕДІ ДЕП ЕМЕС… Әйел еді деп емес, күйін бәрі сүйіпті. Дина апай Ере емес, Сол өнерге тиіпті. Өйткені ол би-елді, айналдырыпты ерке-елге, бар екенін күйеудің ұмытып күй шертерде. Өйткені ол айнысты босағамен, «Күнә» ғып – келін деген байғұсты Шаршы төрге шығарып. Матапты ол ұрыны Міне қуып қасқа атқа. Әйел деген ұғымды Сонда-ақ сызып тастапты. Болыпты ерлер, бай елде көп десең де иланам. Еркектігі әйелдің басталыпты-ау Динадан.
КӨРГЕН КӨЗДЕР КӨБІНЕ ЖАҚТАЙДЫ ҒОЙ… Көрген көздер көбіне жақтайды ғой, көрмеген бар деуге енді батпайды да ой: көрінбесе күй түбі – терең шығар, ал, терең – көріну үшін жатпайды ғой. КҮЙШІ Сұлтан болып, Мықты боп атанса да би өскен, өз жүрегін түткілеп, Жібектей бір күй ескен. Мырзалығы, барлығы Шығып кетіп жиі естен, ауған жүгін жарлының Жотасымен сүйескен. Аласарған көп ойды, Көтеріпті күй беріп: қайта тігіп кедейдің құйын жыққан үйлерін. Таңдайы сәл жібіпті бар малына өзінде – ол да сырқат жігітке сусын берген кезінде. Жас төгіпті ол, тек жасып көрінбепті кісіге – Сақалға емес, Көз жасы құйылыпты өз ішіне:
Сері боп та желкілдеп Шығармаған атағын. Әр күйінде мөлтілдеп Көз жас содан жатады. Көкірексіз адамға Көрініпті ол дүриіп, Керек болғасын заманға Көтеретін бір иық. Өліпті ол да тұншығып, ел – омырау бояпты: Біреу өлген күйшіні, біреу халқын аяпты. Қосыламын өз басым Сөнгендерге асығып, Өлгендерге, Көз жасын өзінен де жасырып. ДИНА - БҰЛБҰЛ Маған десең бір күнде – сан масайра, қайрат тап, қалам десең бұлбұл боп – сайра, сайра, сайрап бақ. Ұғынбасаң, титтей құс, бар бақытың – көмейде, Тілімді алсаң сөйт, байғұс, Көмей сені демейді.
Торықпа сен жалғыз қап ойыңды үрей мекендеп, қорықпа сен байғұздан – бойым бірдей екен деп: Үрей деген немене – бір шырқа да соқ бүктеп, Сен – бұлбұлсың сондықтан байғыз ба? Ол... (көп нүкте.). Жетер еді ғаламға сенің үнің – ептесе, Жомарт жандар бірақ та татырмайды – төкпесе. Қайда, қашан тесілсең тығырықтай – жассың ғой, Сайрамасаң несің сен? Жұдырықтай тассың ғой. Әсте керек ішіңде үрей болса – қайрат та, Әшкерелеу үшін де байғыздарды – сайрап бақ, О, керемет тағдыры берекесіз бір істің, О, керемет ән-жыры, Мерекесі дыбыстың! ДИНА - БЕСІК ЖЫРЫ Әлди, дала, баладай әлди, әлди, әлди ғой. Құшақтайын, далам-ау, құшағымда қалғи ғой.
Аймалауы ананың – Жайлы, жылы самалың; Неғып жатсың қалғымай, Әлди, әлди, әлди-ай. Болса біреу кінәлі – Жуады да шуағың. Беткейлерден мына бір бесік исі шығады Ақ тікенің – тік кілең, тісің шықты, сүйінші! Ақ селеудің үстінен бұрқырайды күн исі. Әлди, әлди, еркемді, тапсын ақыл, тапсын ой. Бүгінгі ұйықтау, ертеңгі оянуға жақсы ғой. Алтын қамдам – көңілім, Әлі қандай батыр шын,– талпынғанмен момыным, тани алмай жатырсың. Әлди, әлди қоңыр ән, Менің әнім – керегі. Жұбатпау үшін соңынан Жылатпайын деп едім. Әлди, әлди Еркемді есейтсін де тапсын ой. Бүгінгі ұйқы, ертеңгі Оянуға жақсы ғой...
ДИНА - 1916 ЖЫЛ
Бірінші өлең
Құрық, сойыл белдеулерде тұр андап: Азамат жоқ елде емге. Кештіғұрым қыр басына ербеңдеп Шал-кемпірлер шығып-түсіп келер тек, Азамат жоқ елде емге,– Сойыл, құрық қақсып қапты белдеуде. Сәйгүліктер арқандалар жазыққа Ешкі-лақты жатқызыпты көгендеп. Сәйгүліктер байланатын қазықта Жатыр жалғыз қызыл бұзау елеңдеп. Азаматтар атпен жортар жол-дағы Тарылыпты, шөп шығып. Тозған тұмақ – төзімді бас, болғаны Сол баяғы аңқаулық пен жоқшылық. Бүкіл елден бар жақсылықты алған да – Түк қалмаған, бір күнді бір күн ұтып. Ауыл дел-сал, қалғандай Қайғыруды да ұмытып. Бір қарт қана төңбекшиді төсекте: Ғұмыр бойы шеккен жәбір-жапасын бүгін ғана есептеп.
Ал, далада бұралқы көк күшікті бір топ бала қуалайды кесектеп. Азамат жоқ елде емге. Әр үй сайын құрық, сойыл белдеуде – Қаңтарулы қалған күйі; Бір түрлі... Елестейді маған бұл: Сол бір керең заманның Құра салған антеннасы сықылды. Екінші өлең Дастарқан «бар мәзірін» құртпен демеп, Ортаға ап кемпірді отыр жұрт дөңгелеп. Күй тынды. Көз жасыңды, қыз-келіншек, Жыламау үшін тағы – сүртпеу керек. Жақсы ғой қуатты күй – сырласарға, Қатайтты бос мойынын бір бас анда. Әсерлі-ау үн дегенің – үн қашан да, Есектің құлағымен тыңдасаң да.
...Мүйіздеп жағал ешкі жатты іргені, – Жыртады-ау ірге-аяқты қатқыр неме! – Келінжан, кетті білем күн сіркіреп, тезекке жаба салшы қап бірдеңе. ...Жігітке әскер болу – ерлік, демек, киізді патша басса – ел бүктемек... – Қой оны, Одан да әлгі Батырбайлар кеп қалса атқа тоқым, терлік керек. Көрген жоқ сонда да көп ел еңіреп, Отырды, әттең, көптен төменірек.
Мәз бопты ақ көңіл шал, Қасіретің де Ұмытпай мына бізді еледі деп. Күйігі – шырқап салар өлеңі боп, Иығы – кең даланың көлемі боп, Салып ап сапты аяқты, Шаруасына Жөнепті, аман болса келеді деп. Ал, күйші шығарып сап жұртын демеп ойлапты домбырамен бір түн бөлек. Күй солай... Күлу үшін, қыз – келіншек, Көз жасты жылдамырақ сүрту керек! БҮГІН ҚЫЗДАР, ТЕЗ ӨСКЕН… Бүгін қыздар, тез өскен Сұлулықтар дер ем мен. Ол сұлулық емес тек қосу үшін өлеңге. Жаның болса – сүйінгіз, бозбалада көңіл мәз. Деуші едік қой, Сұлу қыз Өнерде – көп, Өмірде – аз. Үйіріліп бір батады беттің ұя-шұңқыры. Өтіп бара жатады Өріп тастап күлкіні.
Кірпікті көп көтермей Көрінеді-ау бұ шақта. Жоқ боп еріп кетердей Ыстықтау бір құшақта. Ауызбен тек өндіріп, Қыздар аға десе де, қарамаған боп жүріп, қалғың келед көшеде. Сен – көзіңді сүйінгіз, бозбалада көңіл мәз. Дей алмайсың: Сұлу қыз Өлеңде – көп, Өмірде – аз. Сұлулар көп. (бұрынғы ұғымдар жоқ әмәнда) бұзып шығып жырыңды тарағандай алаңға... БОС УАҚЫТ Уақыттың бестен кейін бос болғаны емес пе жамандығы дастандардың? Уақыттың бестен кейін бос болмағы
демек пе ең күйшінің де қасқайғаны? Жо-жо-жоқ, Жұртпыз ғой біз, өрепкіп бір көкірек нәр іздейді ерек тіпті. Сондықтан концерт залдар толмай жатыр, Стадион кеңейтуді керек қып тұр – Футболға көп барамыз. Достар, бәрің жүріңдер, қызу айқас басталды, әне. Қалидың күй шерткені – тамаша ғой, Тимурдың қызық одан доп салғаны... Уақыт бос бестен кейін десе біреу, Футболдан дауламасам да есені мен, уақыт босады ма деп қорқамын Концерт пен кітап оқу есебінен.
НАР ИДІРГЕН
Ыңырсып, әлсін-әлсін боздаған үн төбесін шымырлатты боз даланың. Не қарғап, не бір дұға оқығандай еріні қара нардың қозғалады. Жоқ шығар бұл жалғанда жетім өзге? Бір азап бар секілді етін езген. Дүние буалдыр боп.. аунап кетті қос тамшы баданадай екі көзден. Келеді бір қыз бұған күнде ырғалып, бө-бө-леп, жасыл шашақ жыңғылды алып, Майда қол нар мамасын сипай тартса, шелегі тұратұғын сыңғыр қағып. Тырсиып жатты алдында қара тұлып, алдау мен мазақтаудан жаратылып. Иісі бар сол тұлыпта ботақанның, әйтпесе тебер еді нар атылып...
Кенеттен үн жетті бір құлаққа ағып; сылқ етіп құлап түсті бұлақ талып. Күй жетті әлдеқайдан еміс-еміс, бір тұрып, бір жығылып, құлап қалып. Қара нар жаутаңдады, түк көрмеді, сол ма еді, кең дүние, біткен жерің! Естілді әлдененің боздағаны, көрінді әлдененің бүктелгені. Күй кетті термелеп бір, төкпелеп бір, Мұңға-мұң жамала кеп дертке жетті. Бота боп боздаса да бүкіл алап, қара нар берілмей тұр – өкпелеп тұр. Күй жатты еміреніп, керім келбеп; нар тұрды бедірейіп, берілмен деп. Дүние кетті қалқып, қылт-қылт етіп әр жерден бір-бір шоқы көрінген боп.
Жоқ шығар бұ жалғанда жетім өзге? Дүние су боп тұнды екі көзге. Қара нар қасарысып тұрып алды, айналып бауры мұзға, еті – безге. Қара нар қазығынан шыр айналып, ұға алмай не болғанын тұр ойланып, күңіреніп, көкірекпен боздаған үн ағызып барады алыс боз даланы. Қара нар аласұрды, – жаны ышқынып, күрсінте қозғады күй алыс мұңын. Табар ең бір ұқсастық, білсең егер күй менен жетімдікті салыстырып. Аруана без-без етті, дірдек қақты, алғандай аяулысын кірлеп қатты. Бауыры сыздап кетті... Қасарды әлі жеңем деп тағдыр атты бір бетпақты.
Күй кірді бота болып түртініп бір бауырына ана атанған тіршіліктің. Ағылған аласапыран – сиқыр сурет көзінде бота болып іркіліп тұр. Кенеттен... Салды ауызды әлденеге, бұ шіркін азу салса – әлдене ме! Найзағай басқандай-ақ, табанынан бір діріл тарап жатты бар денеге. Қара нар басты азуды, салды тағы, тағы да... тағы тістеп қарбытады. Құныға жас ботаның жұтты иісін – (Шытырлап сынды кепкен тал бұтағы.) Сүйді иіскеп, қасаң-тулақ манағы өлік баурына енді сол сәт қара болып. Қасірет қатырған сол бір қайсар бауыр қайтадан шыға келді ана болып...
АҚСАҚ ҚҰЛАН I Хан түгіл, баласы да – қызба халық, бірінің құмары бар жүз балалық. Беред деп бал-сөзді де тұзға малып, Қой, достым, күні бұрын сыздамалық. Ерттеп ап атын осы бала бір күн, жөнелді айдалаға алабұртып. Кемпірлер кемсең қақты, тұғырында дір етіп бір сілкінді қара бүркіт.
II Жар салды қаһарлы хан, жинатты елді; адамның беріктігін – қинап көрді... Ақыры кім естіртсе бала өлімін қорғасын сол көмейге құймақ болды. Қаралы ел қарамайдай тұнып іштен, шыдады зор қайғыға ұлы күшпен. Күш түсті отыз тіс пен тілге мүлде, болғанда кеткен ұлға жыл кемінде. Үркуге ел дайын тұрды – қора қойдай, немесе, қара ормандай күңіренуге. Осындай бір күндері,
көлді жасыл көрді де қарт жолаушы көмді басын. Содан сон, «ханға!» деді, үрпиісті ел, мылтық деп арқалаған домбырасын... Жолшы бір көк бет екен, тәмәм бұ да көп кіріп жалыққан ба хан алдына – ешкімнен емеурінсіз домбыра алып, хан мінген тақ жанына қонды барып. күй кетті. Қатал еді хан құлағы, бес саусақ перне теріп қаңғырады. Дүбірлеп жөнелді бір жортуыл-үн, Дала ғып көкірегін домбыраның.
Ол әуел сәл жылынып, тыңдады ұйып, артынша-ақ бұл үмітті құмға құйып, аз жібу хан жүрегін ішек бойлаған бес саусақ бүрді келіп,– бүрді ақиық. Күй айтты: көз жас,– деді,– су асылы, болса асыл тозбас деді сірә асығып. Әйтеуір, кеңге шыққан толқын құсап, долы хан жайылды да жуасыды. Төмендеп кетті кесір кірпігі де, асаудың ақылы – сап, ырқы міне байланды бір пернеге... Түк болмайды-ау, аударсақ күйдің тілін жыр тіліне.
III Ағызып бір қыратты бір қыратқа шаң жуды, келеді улеп үн құлаққа. ханзада шапты келіп, бөрте-төбе бөріктей дөңгеленіп сырғыды артқа. Жел байғұс бас-көзге ұрып бір ызғыды-ай, жырлады қамыс-қоға сыбызғыдай; жер – дүние шулап, сарнап жатса-дағы жалғыз-ақ тіл қатпады нығыз құдай. Кенеттен... тұяқ үні... Мына қара
Шұбырған бұл немене шұбар-ала! «Әйтеуір аң шығар» деп, Садақты сақ қолға алды, ұшты жебе тарақ құсап. Ұқсаған ұзын сирақ шынарға тік, әр жерге екі-үшеуден тыраңдатып, жас аңшы жыға берді құланды атып. Қайда ол – бірі түгіл, жүзін де аяу, жүзінен жалғыз тамшы үзілді ояу. Содан соң түкті түстеп көре алмады – бәрі де болып кетті қызыл бояу. Құм – қызыл, ағаш –қызыл – қызыл бәрі, қосылып қызыл бояу ызыңдады. Шоқтай боп жанып тұрды қызыл дүние, көк, қара, ақ пен сұрдың бұзылды әні – сұр тастар қызыл гауһарға ұсап қалып, қызыл су ақты бәрін құшаққа алып. Қөк орман қып-қызыл боп алды тұнып... ал, енді мына апаттан ал құтылып! Құлан да құтылмады! Бірақ анау жебеге жалғыз құлан құламады-ау. Өзі ақсақ, шапты тағы өрге малтып, бар түгі шықты кенет төрге қалқып. Намыспен жаралы аяқ тепті жерді – Құланға ақсағаннан өлген артық.
Ханзада бұл майданды тегін ұтып кетпек ед... қалды бірақ оғы бітіп. Осы сәт... Құландықпен ащы да аршыл, аңшыға Ақсақ құлан шапты қарсы. Тарқады қызыл бояу – қып-қызыл нұр, тартылды қызыл өзен... бітті, үзілді. Дүние тапты өз түсін сонда ғана, бәрібір қасіреттен болмады ада – қуатты ажал сепкен жан да жаңа айналды омырылған дарбазаға. Қабырға қауырсындай шырт-шырт сынып, орнатты омыртқаны шықшыт қылып. Жылт етті алтын телпек тұяқ астында, қызыл су зер-шапаннан шыпшып шығып. Үн кетті, үш аяқтап ақсап кетті, көңілге қарауытқан дақ сап кетті, тұяқтан ұшқан тастар жасқап бетті, бір тастың тасасында бас қап кетті...
IV Бұрқырап беті бейне қара түбіт, Орнынан тұрды сол сәт хан атылып: «күйіне қу ағаштың жуасысам хан болып керегі не жаратылып! Ал жұлып домбыраны қолдан ана, дұғаңды оқы жылдам, молда бала, балқытып қорғасынды әкел бері – бұл кегім: балам кегі, Әкем кегі – тос жылдам көкірегін домбыраның, ол айтқан сұмдық хабар болды мәлім. Екінші еш өлімді есіттірмесін – тіліне қорғасын-мөр қондырамын!» Қос ішек содан бері... пернелері осынау аңызды айтып тербеледі; қорғасын құйса да, сол қара шанақ қалыпты бір ғұмырды арашалап. Кеппеді екі ішектен күй ылғалы, әкімнің өнерге өтпей бұйырғаны қайғыны – хабар етіп жеткізгенге қорғасын одан былай құйылмады...
АХМЕТ ЖҰБАНОВ "Дирижер" Пультте тұр, ойы жалқын, даңқы лаулап Жайы жоқ күйдің кәзір аңқымауға. Шаш жатыр шалқасынан, батып-шығып Басына кеткен білем толқын аунап. Саусағы шыққан кезде биік қалқып, Кей үнді бір пернеге түйіп, сарқып. Дүниенің тарқатылған барлық жібін, Тұрғандай екі қолға жиып тартып. Жөнелер әдемі үндер күліп тұрып, Таяқша жібергенде тіліп-тіліп, Дирижер үбектейді пәре-пәре Әлденені тігердей біріктіріп, Әлденені түтердей түбіт қылып. Сотқар күй кеткен кезде шекені ұрып, Жатқан шаш бірте-бірте көтеріліп: Пультте тұрады Ахаң дәл осылай барлығын құдай құсап жеке біліп. «Би күйі»
Бұрқырап жөнелгенде осы бір күй, Ойлайсың жалғыз тал гүл өсіруді. Ту сыртыңда тұрады орман қалғып, аунайды өзен алдында есігіңнің. Кетесің өз-өзіңнен екпінденіп, Басқан аяқ тиердей тепкің болып. Тегеуірінің темір боп, құлшынасың біреуге бір жақсылық еткің келіп. Әлсіздіктің өзінен күш ап тағы, Ештеңені келеді ұсатпағың. Кей досыңнан безгің кеп ілік тауып, Кей жауыңды келеді құшақтағың, Бал ұйыған секілді таңдайыңа, Ойлайсың ел жайында, ән жайында. Көк желкеңнен ұрардай бар жұдырық, Бар алақан сипардай маңдайыңнан. Тұрмайсың тірі жанға кезек беріп, Жырлайсың өткірленіп, өжеттеніп. Әйтеуір әр-сәрі емес, барлығына Қарайсың ғашық болып, не жек көріп. Төгіліп жөнелгенде осы бір күй, Аңсайсың ән мен күйді өсіруді. Ту сыртыңда қалады орман ұйықтап, Өзен аунап алдында есігіңнің.
"Әңгіме" Күй бірде скрипкада күйіп, түлеп, Айналып ақ көңілді сүйіпті үдеп. Үзіліп кетіп ішек – Аңыз айтады: Ақаңның бір көзіне тиіпті деп. «Бір басқа бір көз соған жарап қапты» Тағдырды әрі айыптап, әрі ақтапты. Бас жалғыз, Жүрек жалғыз, Көз де жалғыз – Күйдегі Құнанбайға ел қарап қапты. Жүріп ап отыз жасар адамдай тік, Қосыпты күй сандыққа бабамды айтып. Көп құлақ көп ауызға сене қалсаң – Алмапты ол скрипканы содан қайтып. Солай ма, басқа ма әлде – біліпті кім, Кім өлшепті аңыздың биіктігін. Шығарады әйтеуір әр түрлі аңыз мақтарда жұрт, өзінің сүйікті ұлын... "Ақаң"
...Сөйлетуші ек жиылып со шалды бір, Кездерінде күлкіге қосар мұңын. Сезілетін осалдық кей сөзінен, Ол да бірақ мықтының осалдығы. Жылтырата ойлар ек біз жаңаша, жаңамызды кей ескі «тұздамаса» Өнердің жастығы ғой деп қоямыз, Алпыстағы атаға қыз қараса. Жүрген адам емес қой құмарды ойлап. Тас лақтырсаң – терең де шығар қайнап. Үлкендердің күй күнгі ұсақтығын Жүрміз, әйтеуір, тым жиі ұға алмай ғап. Күшті жандар жасырғыш күшін дейді, – (Болады таласпауға, ісінбеуге). Ақаң сондай. Тереңдік – содан шығар, Содан шығар Ақаңды түсінбеу де. Өзін бірақ қоймады мақұлдатпай, Жырға қостық сол үшін атын баптай, Бәрімізді іздеді ол күні-түні, Бірімізді маңына жақындатпай. Қазақ жомарт деседі «қиын» ұлға, «Қиын» бүгін – мықты боп құйылуда. Мықты адамнан өз басым алыс жүрем, алыс жүрген жақсы ғой сиынуға.
АУЫЛДЫ САҒЫНУ
Алматыдан қараса аулым қандай аласа. Сағынбас ем мен аса, Алматыны одан тамаша. Сағынбас ем – аңсаймын, (қойды-ау тұрмыс та оңбай бір) барар едім ай сайын, жағдайым болмай жүр. Онда әже көп, сәлемі түзулерден дәмелі; сәлем берер әуелі үлкен кісі бар еді. Мұнда да жұрт түсінед сәлемнің не көкесін. Ал көбіне кісі боп, басыңды изеп өтесің, Онда достар күмбірлеп бір күліп ап, сіреспе белбеу буып, бір-бірлеп шығатұғын күреске. Күрес те бар, бірақ та формасы оның өзгерген: күресесің бұ жақта қызыл-қызыл сөздермен. Әнші қыздар кешқұрым жібермейтін сөзге есе. Мұнда да өлең естідім, бірақ ол жыр өзгеше.
Бәрі – менің аулымда, дайын шай мен сыра тұр. Қарындас та бар мұнда қалжыңдасып тұратын. Мұнда бәрі әдемі, тек бір нәрсе жетпейді. Боталардың әуені құлағымнан кетпейді; Енді барсам мен оны Құшақтар ем түсіне, сонсоң сәлем берер ем әкемді көрген кісіге. АУЫЛ ТОПЫРАҒЫ Әр қурайы бас иіп шығады алдан о, тоба-ай. Әр сүйемі – қасиет, әр басқан із – нотадай. Әр тамыры аршаның ішек болып кетулі. Әр бұтаның саусағы күй шертетін секілді. Түнде қандай Айлы өңір түскен кезде аңсап кеп. Башайларың бейне бір кететіндей саусақ боп. Қошалақ-құм аталған үлпіп жатыр жер осы.
Темір қаққан тақаңды тым дөрекі көресің. Жан-жағың күй – саз түрлі, сен сәбисің, ана – қыр. Қалғандайсың қаз тұрып столына дананың. Киелі әр тас мұнда, енді аттау ұят-ты. Табаныңның астында бір құпия жазу жатқан сияқты. АУЫЗЫНА ОЛ СЕНБЕС ЕДІ… Ауызына ол сенбес еді, бірақ та Дәм салғанда сеніп қала береді. Сенер ме әсте күй естіген құлаққа, ешкім тартып ауыртпаған соң оны. АСАУ Ақ пейілді ауыл халқын білсем де, Жылқышылар сұрамады кімсің деп;
Жалғыз-ақ тек қымыз ішкеніме қарап, Асау берді, Жігіт екен, мінсін деп. Тым адуын жануардан сақтандым, Алдап тұрып артпақ едім тақымды – Білмек болып жүрегімнің «орынын» Шабынан кеп түртті біреу атымның – Батып кетті-ау! Атып кетті секіріп, Әйтеуір басын ұстап қалдым бекініп. Әзілін сол жаңағы қу жігіттің Елемеген боп жатырмын өтірік. Қулар: енді бата алмас деп жүрегі, Ауыздықтан алды келіп біреуі, Қолтығымнан сүйемек боп біреуі – Үш-төртеуі қатар келіп тұр еді; Мұны көріп тұрған бір шал күдік қып, бала күнгі намысымды тірілтті, Зекіп қалды ол: «Мінеді ғой өзі де, Тәйт, әрі тұр, қорламаңдар жігітті!» Қайрат болып бітті білем шал сөзі, Қайтыңқырап қалсам-дағы қанша өзім. – Қарғып міндім... Күлімсіреп қарт қалды, Қалды әзілқой жігіттердің тәлкегі. Кеттім ағып, Мен деген – мен еместей, Шұбарытып жатты дала елестей, Жігіт атану – неткен абырой, Дегенмен, Асау міну – қымыз ішу емес қой. Мен осылай мінгем атқа; Тартыпты-ау Сол асауға кездерім де малтыққан... Кейін ұқтым... қарттың құны не екенін, Сүйетпеудің не екенін қолтықтан.
АЛДЫРА БЕРМЕДІ ҒОЙ БИІК МАҒАН… Алдыра бермеді ғой биік маған, Сондықтан да кезім аз ұйықтаған. Әр жинағым арқылы – оқушы емес, дос пен қасты өз басым үйіп табам. Алдыра бермейді екен биік маған, Қас мерейі – түндерім ұйықтаған. Күшті жауым кезде бір иықтаған, Әлсіз достың болғаны күйік маған, Күшті жазсам – кей қасым тұйықталар. Әлсіз жазсам кей досым сүйіп қалар. Жақсы жазып ұнаймын біреуіне, Жаман жазып ұнаймын біреуіне, Осы екеудің біріне жол табамын, адасқанда оқушы жүрегінен. Көзге оғаш, әйтеуір жүрем бітпей, ақ матаны қайыған күрең жіптей. Оқушы жоқ өзімде, Дос пен қас бар, Сол екеуін келемін «іренжітпей».
ДИНА - КЕРБЕЗ
Бірінші өлең
Бес жасында ата-анадан айрылды, Жеңге бар-ды, айырылды одан да. Арқалатады ғой тағдыр қайғыңды, қырсықты да көтеретін адамға. Қайғы – іші тарға біткен іш білем, күштілерге өшігеді ол несімен! Жазатайым жаза тартса күштіден, одан сайын түседі екен өшіге. Жетімдік пе – көне ме оған адам жай – Әләуләлә, әләуләлә, әләуләй. Жиырма бесте жан-жарынан айрылды. бала бар-ды, айырылды одан да. Арқалатады ғой тағдыр қайғыңды, қырсықты да көтеретін адамға. қасіретті білді сонда сезіне, Ол сезіну аспады тек бір түннен, қайғы оның қонбақшы еді көзіне, көзі бірақ босамады күлкіден – Жесірлік не қайраты бар адамға, Әләуләлә, әләуләлә, әләуләй. Отыз жаста шалға шықты қайрымды,
қайны бар-ды, айырылды одан да. Арқалатады екен тағдыр қайғыңды, қырсықты да көтере алар адамға. Сұр жігіттен шалдар артық қызыл бет, келіншегін күтеді олар бұзаудай, еркелете атаса да қызым деп, Қасірет жоқ дейді шалда қыз алмай. Қасірет пе? Бай болса оған – адам бай, Әләуләлә, әләуләлә, әләуләй. Екінші өлең Тұрған соң сыр бүгіп Кербез ғой күй мен жыр. Бар болса бір жігіт Кербезге үйлендір. Бар болса әрине, бар болса ниет шын. Жақсының бәрін де Кербезге сый етсін. Бар екен ерде үміт – Кербезге жолықтыр. Ізіне телміріп, Өлетін болып тұр. Табылса жаман жар, шығар ол қасың тек? Әйгіле ғаламға, Кербезден жасыр тек.
Дүние-ау, сөз бердің, Өсірдің ерке етіп, Қор етпе көзді енді Жамандық көрсетіп! Сұлу сөз –жанар тез Сұлу боп отырып, айтпашы жаман сөз, айтсаң да өтірік. Бар болса жамандар шығар ол жау ғана? Тым әлсіз жарам да жауымнан аумаған. Кел мұнда жәрдемге, Сұлуға – бөлек ой. Жақсылық бар жерге Кербездік керек қой. Арлыны пір біліп, ақиқат сүйгенді тауып ал... Тұр жігіт! Кербезге үйлендір. 1 Кербез – Динаның құрбысы жесір келіншек. Күй соған арналған. ДИНА - АЛҒАШҚЫ БАҚЫТ Дина алғаш сахнаға шыққанда 76 жаста еді. «Ғасырлар пернесі»
Үн төгілді түрленіп – көк гауһардан кетті аумай, Жарқындығы – күлкідей, мұңдылығы – жоқтаудай, ащылығы – шындықтай, тәттілігі – шабыттай, Жеңілдігі – көбіктей, ауырлығы – табыттай. Үй өрепкіп өрттей боп жанды жағып жатты-ау бір, бетке шарпып қан ойнап – әсеріндей мақтаудың,– Жатып алды бес саусақ пернелерді жастанып, Жаңа талап күйші отыр жетпіс алты жастағы. Жетпіс алты дәурен-ай, жетпіс алты жыл өткен, Жетпіс алты қасірет – жетпіс алты жүрекпен, бастан өтіп бар қызық еңкеюге қалғанда, толы ыдысын ғұмырдың төңкеруге қалғанда, Өр тынысын өнердің «құдай» күндеп тұрғанда, енді аттаса аяғым – құлаймын деп тұрғанда, Келгені ғой шын уақыт тым кештетіп болса да, кеуделіге бұл бақыт керек бопты-ау соншама, бапты алмаса пернеңді – жаңылардай екен ғой – ақтармаса шерді енді – жарылардай екен ғой – таң боп күйші қарады мына залға – тың жұртқа, көрген түсі ертеде айналғандай шындыққа. Шымшып іліп сезімді, жүрегіңді түртіп жеп, әр саусақтың астынан үн оянды бүлкілдеп. Бейлі толған өмірді бір түлетті-ау, жарықтық, кей жұқарған көңілді жыртып өтті-ау, жарықтық! Түрленгені көп үннің – көк гауһардан кетті аумай, төгілді-ау бір төгілді – беделдіні мақтаудай, жарқындығы – күлкідей, момындығы – тереңдей; ауырлығы – жаладай, сұлулығы – өлеңдей... ДОМБЫРА ТАҢДАП ҚЫЗА СӨЙЛЕР ДҮРІЛДЕП… Домбыра таңдап қыза сөйлер дүрілдеп, құрысын деп ек күйшілердің мінезі, ал, құрыды. Табылмайды бүгінде шын домбыра – жоқтық емес бұл өзі.
Күйшілер тек – сахнада болды ма, қол соққанмен концерттерге барып ел: көп үйлерден таптырмайды домбыра, Рояльдар табылғанмен бәрінен көп нәрсені қымбаттатты уақыт, көп нәрсені арзандатты уақыт Үлкеніміз күй тыңдаймыз кемсеңдеп, баламызды рояльмен жұбатып. КҮЙ ДЕСЕ ІРКЕ АЛМАЙСЫҢ БҰ ҚАЗАҚТЫ… Күй десе ірке алмайсың бұ қазақты: оқылмай намаз қапты, дұға қапты. Кәрілер күй естілген үйге толып, Жабықтан келін-кепшік сығалапты. Жылытып суық көңіл, шашы аппақты, Көсіліп күйші де бір жасап қапты Түндегі күйші түскен ат кекілін таңертең бір қыз тұрып шашақтапты.
Сондықтан күйлер шыққан асып биік, Жан шіркін ышқынғанда ашып-күйіп, Қайғыдан аман қапты әдемі қыз күйшіге он бес жаста қашып тиіп. Ол да бір тағдыр екен тасып өтпек, жаныпты өзге оттан ғашық от көп. Күйшіні күтіп алу – мереке боп, ал, оны аттандыру – қасірет боп... КҮЙ АТҚАРАР ЖҰМЫС БҮГІН КӨБЕЙДІ… Күй атқарар жұмыс бүгін көбейді, түк қалмады молла аталған сорлыға. Өлгендерді – өлген екен демейді, күй тартады, иман айту орнына. Күй атаулы алға қашар ұдайы, ұста жылдам – пернелерді қуып бер. Болмаған соң баска жастар құраның, бір домбыра ұстау керек, жігіттер.
КЕСІРЛІ ОЙЫН КЕЙ ЖАННЫҢ ТЕЗ ҰҚПАҒАН… Кесірлі ойын кей жанның тез ұқпаған Кездерімде керемет төзіп бағам. Ондай шақта жүдеген жүзімді мен Қабағынан жарымның сезіп қалам. Асау күшін өлшейді қазығымен, Осал табар сөз астын қазып үнем. Астын қазсаң – су шығар бір жол жазсам, Ұғам оны достардың әзілінен.
КЕЙДЕ Ұғыспайтын бар тұстар ұрыспаймыз дегенмен. Шықса кейде тартыстар Шықты бәрі өнерден. Адам – түрлі, Көп адам кіргізді өзін санатқа: қолмен жұлып жағадан, тіспен тартып балақтан. Бітіре алмадық күліп түк, бәрібір ақыл қонбайды. Жағадан алу – жігіттік, балақтан тістеу – болмайды. Көрген кезде мен анау тістеп тартар «еріңді», сүйіп алғым келеді-ау Жағадан алған қолыңды. ИІПТІ НАР ОСЫЛАЙ… Иіпті нар осылай. Сүт құйылды қатты өмір күй алдында бітті, иілді. Бұлттың да бауры босап, тіні жібіп – боз жусан тамшы тағып, шық киінді.
Бұлақ та жалт-жұлт етіп күлім қақты, ебелек екі көзде діріл қақты. Ұқпады не болғанын Қара нар тек: алдында пәре-пәре тұлып жатты. Аузында аруананың бір шөкім жүн үлбіреп, тұрды өртенген гүл секілді. Жаңағы сиқырлы үннің орынында құнысып бір шөкім боп күйші отырды. ЖЫР БОЯУЫН ТЕҢЕУ ҒАНА ЖЕТКІЗЕР… Жыр бояуын теңеу ғана жеткізер, теңеу іздеу – ғашықтықтың бір түрі: ұзақ түнді кірпік ілмей өткізем, жазу үшін бір сұлудың кірпігін. ЖАҚСЫЛЫҚ КӨП МЫНА ӨМІРДЕ, ЖАС ЖІГІТ… Жақсылық көп мына өмірде, жас жігіт, Күдік айтып қанша саған керегі, Кім – қолынан келмесе егер жақсылық, Ол – өзгенің жақсылығын көреді.
Жақсылықты танымасаң – қорлық та, Жақсылықтар сатылмайды сірә да; Ең «Қайыршы» деген жан да сондықтан Бір жақсылық еткісі кеп тұрады. Ал, ізгілер жасамаса жақсылық Ауырады, батқандай сын, ағайын. Жауыздар да жасай алар жақсылық, Бірақ одан сақ болғайсың, ағайын! ЕЙ, КҮЙШІ ДОС… Ей, күйші дос! Сенің еркің – шертем десең өзің біл, Менің еркім қалай ұғам: қайғырам, не серпілем. Сенің еркің болған сайын қалай шерту күйді. ДӘУЛЕТКЕРЕЙ - ТОПАН -1 Көзіме жас кетті іркіп, Сүйсіну ме, күйік пе. Қара мойын көк бүркіт, Қалқуын-ай, биікте. Түндік ашық, жел тымық, Күй келеді тыңайып... Алып едім желпініп, Қалдым содан мұңайып.
Биіктік қой – сүйікті ой, Ой сүйем деп мақтанба. Шаңырақ та биік қой, Шалқасынан жатқанға. Екі көзім – сегіз боп, аласа едім жетпеген – биіктедім, сені іздеп қарай-қарай көкке мен. Сені күтіп қарайлап, Жас ұлғайса – шер дедік. Өрлік жәйлі көп ойлап, кеттім бе екем өр болып. Кеттің, мені тастадың, Тұтқын ғып ем – кекті ме ең, қатал екен аспаның, қатал болып кетті иең. Жә, қойшы оны, сөкпеймін, Сен қырансың, мен бе Мен? Ашу, өкпем жоқ деймін, Сыймаған соң кеудеме. Ал, енді айтшы, ұққандар елді ұмытып кетпей ме; тым аспандап шыққандар Жерді ұмытып кетпей ме?
1 Топан – Дәулеткерейдін бүркіті. Күйші ылғи торда ұстауға аяп, босатып жібереді. Жыл өткен соң Топан үйреншікті мекеніне қайтып оралады, ашық түндіктен төбесінде қалқып жүрген бүркітті көріп, күйші осы күйді шығарады. ДӘУЛЕТКЕРЕЙ - ТАРТЫС–КҮЙ Бәз біреудің ауыр болса артқаны,– амалсыз жан, қимылдай гөр молырақ. Бәз біреудің жеңіл болса тартқаны Сол әлсіз жан – соны бақ.
Қашан мықтап болғаныңша олжалы, қашан қолыңа ілінгенше мол жағы, тарт, тарт, бала, ілінгенше мол жағы, ал, ілінсе – жібермессің сен-дағы. Өкпе айтқанша аз алдым деп жұлып көп, Көп алуға болады де – бәрібір. Нені тартып ала алсаң сен жігіт боп, айрылғаны сол болады кәрінің. Күші де көп, тартысы да көбейді, Күш сыналса – тік тұрады алуан көп. Күрескені үшін палуан демейді, жыққаны үшін атайды ғой палуан деп.
ДӘУЛЕТКЕРЕЙ - САЛЫҚ ӨЛГЕН
Реквием Мынау қаза тұр шығып, Түсінерміз кеш қалып: Ұмытармыз күрсініп, Күрсінерміз еске алып. Туған ғой ол бүгінгі Ой, мұңыңмен іш тіреп, Және осалдығыңды қорғау үшін күшті боп. Туған ғой ол, беліңді бір көтеріп берем деп. Сенің тайыз жеріңді толтыруға терең боп. Туды ғой ол – жығылды, көп жығылу бірі деп. Сенің ұсақтығыңды көрді-дағы ірі боп. Өлді ғой ол, ұғымды ауыр баспен тас тіреп: Сенің жамандығыңды Жасырды да жақсы боп. Неткен қаза; тіршілік көгере ме еш халық. Ұмытса тек күрсініп, күрсінсе тек еске алып. Тағы да ойлап жақсылық, Жамандыққа таң қалып, Жылқы иіріп, ат мініп Қартаямыз аң қағып.
Керек еді бір ұту есемізді тағдырдан. Жоқтау, тағы ұмыту, бізді ұятқа қалдырған. Өлді ғой ол! Адамдар Маңдайыңды соқ қанша, Салық өлді! Не болды ал бір жыладық көп болса?!
1 Салық Бабажанов – Дәулеткерейдщ бөлесі – орысша мол білім алған, патша үкіметінің ұлттық саясатына қарсы келген адам... Күй соның өліміне арналған. ДӘУЛЕТКЕРЕЙ - ЖІГЕР Күңіренеді қос ішек – әлсіздіктен деме оны, қаққан сайын саусақтың қуаты өсіп келеді: Серпіп қалса бағыңды өтетіндей быт-шыт қып, шертіп қалса жағыңды кететіндей шықшыт қып. Өре тұрып ешкімді шертпейді де, соқпайды, Сол өкініш – баяғы күрсінумен тоқтайды. Құдірет бар қорлыққа тұнып жатқан дейді аса – Неге кеңге шықпайды – таршылыққа сыймаса, Бір жаныңа батса күш – күш емес қой онда әлі, Көрінбесе қуатың – әлсіздігің болғаны! Күй ағады қос ішекте – жүйрік дейді керемет, естілмесе дүбірі – жүйріктігі не керек. Тұлпар жеткен жеріңе – есектер де жетеді Неге керек жеткен соң кімнің тұлпар екені. Күшті болса күй мына – дүбір неге шықпайды, ертең шығар шыңына – бүгін неге шықпайды. Жылағанша кіл бұғып – неге майдан салмайды, Сұрағанша қылғынып – неге тартып алмайды?! Үн дегенің немене– шыбын да ызыңдап ұшады, Қын дегенің не берер – жасық болса пышағың; той дегенің немене – қалыңдықтан бақ тайса, ой дегенің немене – өкіну ме бас шайқап?! Күй рухы мол дейді (тағы айтамын) күш-қайрат тынады бар болғаны әлдекімге тіс қайрап. Тіс қайрау да күш қой бір – тісін қайрап алысса, бірақ мұнда күңіренді ол өзін-өзі жаныштап. Кіжінгенше – жалындыр! Зорлап сыйып қалыпқа,
Мүжігенше жанын құр – тыншымай ма салып қап!. ДӘУЛЕТКЕРЕЙ - ЖЕҢГЕМ СҮЙЕР Шашбауы бар теңгелі, Сұлулығы емес ол. Жасық дейді, жеңгенің құртын ұрлап жемесең. Үлгі болса-ау өңге бір, тағы мені жүр сынап: жұрт көзінше жеңгені ұялтпап ем шымшылап. Тыңдамадым мен оны, Сыйламадым сөзін шын. Ұялғаны әдемі, Ұялтпаймын сол үшін. Жылылықтың адамға Жарасарын ұққалы. Әдемірек одан да бие сауа шыққаны. Жасырақ бол, кәрі бол, Қымсынады ол – болғаны. Әдемі ғой бәрінен қызарғаны сондағы: Жұрт дегенің бір керім, Келін деп ап «бұзықтар», ерсі көріп күлгенін, ұялғанын қызықтар...
Мұндай жеңге аз өте, Жоқ дер едім – анық дау. Қой өсірген Қазекең қыз өсіре де алыпты-ау. Жеңгем – біреу, айнымас, қалса да күй теңелмей. Теңелмейтін қайны да біреу болса деген ғой... АБАЙСЫЗ КЕТКЕН ТАЛАЙДЫ… Абайсыз кеткен талайды, Талайсыз өткен сөзіңді Аяймын; Заманға қарап – Абайды, Абайға қарап – өзімді Аяймын.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру