Ләйлі - Мәжнүн
Шәкәрім Құдайбердіұлы
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Шығыстың мәңгілік ғашықтық дастанын қазақ өлеңінің өрнегімен шебер жырлаған Шәкәрімнің шоқтығы биік туындысы.
ЛӘЙЛІ-МӘЖНҮН
Біле ме сіздің қазақ ғашық жайын,
Ұқсаңыз, білгенімше сипаттайын.
Жүрекке қатты орнығар басқан сайын.
Шын асыл көп халыққа таралмайды.
Еш адам байыбына бара алмайды.
Ойсыздың жүрегіне жұға алмаған.
Әр елге өлең болып шыға алмаған.
Мен айтсам, оның кім деп күлемісің.
Түк білмей онан өзге жүремісің.
Сайқали, Қожа Хафиз, Фердаусилар...
Әлемге сөздің нұрын жайған солар.
Әне сол шын ғашықтың қылған ісі.
Фзули Бағдади деген кісі.
Нақысын шын келтіріп қаза алмаған.
Кез болды былтырғы жыл азар маған.
Айтуға тіл жетпейді тәтті жырын.
Қазаққа ұқтырайын біраз сырын.
Саудасы әр патшамен араласқан,
Құдайдан бір мирасқор бала сұрап,
Малының садақаға көбін шашқан.
Тіледі бала бер деп Көп жамағат.
Болыпты бәйбішесі екіқабат.
Жан-жаққа сүйіншіге кісі шапты.
Сый қылып ат мінгізіп, шапан жапты.
Қуанып неше түрлі қылды тойды.
Меккеде талай түйе — құрбан сойды.
Бір көрсең, көргің келер неше қабат.
Қыласың ықтиярсыз шын махаббат.
Бергендей аса мұқтаж тілегіңді.
Арбап тұр нұрлы жүзі жүрегіңді.
Тойдың да тарқар көзі жетіп еді.
Қатындар тойға келген кетіп еді.
Ойласты қалды ма деп науқас шалып.
Әкелді соны біреу жылдам барып.
Науқасын білмей қалсам, менде жаза.
Білмеймін не себептен болды наза.
Сыртынан байқап отыр өздеріңіз.
Болмаса біле алмадық мәнісін біз».
Артынан ата-анасы қарап тұрды.
Құдайым әлгі қызды жолықтырды.
Баланы уатуға ақылдасты.
Біріне-бірі қарсы бетін ашты.
Көтеріп уатқаны ұнайды екен.
Себебі әр нәрсенің құдайда екен.
Қалайша уатқанын айтып келді.
Қайысты қыз қолына қайтып берді.
Біреуді бала уатқан тауып алды.
Шырқырап онан жаман ойбай салды.
Баласы зар қағып жүр қолындағы.
Жылауын қоя ма екен деді-дағы.
Уанды екі бала мауқын басып.
Екі қыз уағда қылды сөз байласып. « 1
«Ата мен жөн сұрастық анамыздан,
Көтерген таныс болдық баламыздан.
Қайысты көтерген қыз ана қыздан.
Демесең айыбы әйел хан қызы еді.
Төренің менің шешем балдызы еді.
Шешесі сіздің тойда үш күн қонды.
Келген соң тойдан қайтып былай болды.
Біз таптық жылағанға мұндай айла.
Бір үйден күндіз кірер пәтер сайла».
Шақырды «мұнда кел, — деп, — балаларым,
Балам жоқ, байым өлген, үйім иесіз,
Отырсаң қалай кіріп, ықтиярың.
Мен байғұс үй қыдырып жүре алмаймын.
Сендерден одан басқа түк алмаймын».
Тал бойы жас балата иіп еді.
Баланың қолы барып тиіп еді.
Мінеки сондағы айтқан кемпір сөзі:'
«Жан берген қара тасқа, құдайым-ай!
Жетеді құдіретіңе кімнің көзі!
Сорлы едім бала көрмей зарлап өткен.
Сүт ақса мұнан бұрын қайда кеткен?
Сәлем айт бұл баланың анасына,
Болайын мен күтуші баласына.
Тапсырып бір алланың панасына.
Қоймай ма мұны көрсе өзі де ден.
Маған жоқ бұл тіршілік, сөзіме сен.
Жалынып аяғына бас ұрайын.
Сырымды енді қайтіп жасырайын.
Көрсетті құдіретін қақ тағала.
Жібіткен тас емшегім осы бала.
Көзімнен қанды жасты парлатпасын.
Біреудің қанын жүктеп қарғатпасын.
Құлағын осы сөзге тұрды салып.
Кемпірге жақын келді баланы алып.
Көңілі тағы емізіп байқамақта.
Қайтадан бұрынғыдай болды тақта. .
Кетеді бұлақ болып сорған сайын.
Қайран боп біле алмады мұның жайын.
Кісі екен оқымысты жөні бөлек.
Алланың бір хикметі болса керек.
Тағдырды шеше алады кім басқарып.
Баланы үйді-үйіне алып барып.
Кемпірге бермек болды Қайыс жасты.
Зарлатып қойғанымыз жарамас-ты.
Кемпірдің қақпасына қарай салды.
Құдайға тапсырдым деп алып барды.
Бұлардың ақылына таңғаласың:
«Мал аяр деп ойлама, тартынбай айт,
Бәйбіше, сүт хақына қанша аласың? »
— Емеспін бас болмаса, дүниеге зар, Бес жүз қой, осы күнде жүз түйем бар.
Сол малды қайта сіздер алыңыздар.
Басымнан Қайысты алып кетті сорым.
Ол малға ие болмақ сіздерге орын.
Білемін бұл сіздерге ауырын да.
Болады Қайыс болса бауырымда.
Қазыға есептетіп жазғызып жүр.
Ал енді Ләйлі жайын тыңда да отыр.
Жолыққан ол бала да мұндай іске.
Уатты сол арада азар күшке.
Байқады анасы да әбден сынап.
Әкесі, шешесімен қабат ұнап.
Жасынан тату болды бірге жүріп.
Апарды үйлеріне киіндіріп.
Молла да баласындай көрді екеуін.
Қадірлеп ардақтайды елде екеуін.
Қайтады мезгілімен тамағына.
Қарайды жанның бәрі қабағына.
Қайысқа Ләйлі келер тұра сала.
Өтірік бір оқуға жабар жала.
Іштегі ғашық неге тек жатады.
Біріне-бірі апарып сынатады.
Бірі оқып, кейде бірі тыңдасады.
Сөйлесіп қабағымен ымдасады.
Есінен, көп қараса, адасады.
Сықылды егіз бала жарасады.
Келеді іздеген боп қайта жетіп.
Нәрсені неше түрлі сылтау етіп.
Жауапты Ләйлі үшін Қайыс беріп.
Айтайын қайсы бірін түгел теріп.
Бұлардың әркім білді осындайын.
Шешесі естіген соң қыздың жайын.
Сөзім бар айтатұғын саған, — деді. —
Біреуге жас басыңнан болдың ғашық,
Анықтал айтты біреу маған, — деді. —
Халқыма қарамастай қылдың мені.
Шығардың ойымда жоқ неменені?
Түсіп ең әлдекімнің алдауына,
Сабаққа себеп болды бармауыңа.
Кісендеп, қолыңды әкел, байлауыма».
Білмеймін мағынасын, айтшы дұрыс.
Ұқтырып бұл сөзіңді байқап ұрыс».
Білсең де білдірмеспін саған мүлде.
Еркекпен жас басыңнан ойнап-күлме».
Айтқанын шешесінің әбден ұғып.
Ұялып сырт айналып кетті бұғып:
«Ұядан жаңа шыққан қаз едім ғой,
Ұға алмай бағанадан наз едім ғой.
Ондайдан құдайға хақ, таза едім ғой.
Болсам да жақсы-жаман хан қызы едім.
Артымнан мені қашан аңдып едің?
Әжеке-ай, ашуланып, налып айттың,
Зарыңды біржолата салып айттың.
Бұл сөзді қайтіп аузың барып айттың?»
«Қарағым, бұл сөзіңе мен не дейін,
Демеймін жалғыз сені кейітейін.
Сабаққа бармай-ақ қой мұнан кейін.
Балам жоқ ермек қылар сенен басқа.
Жетеді осы оқуда сендей жасқа».
Ләйліге осы жұмыс қатты тиген.
Түн болса ұйқы көрмей жанып-күйген.
Көрмекке Қайыс еді арнағаны.
Бір үйде жалғыз жатып зарлағаны:"
Ай нұры да азаяр,
Айнала шеті толған соң.
Арманда болып оңған соң.
Қызыл гүлің солған соң.
Бір айрылмақ болған соң.
Күнде жайнап жүретін?
Ойлағанмен не пайда,
Медресе қалды кіретін.
Ымдағанды білетін.
Қайыс жоқ ойнап-күлетін.
Өз үйім болды абақты.
Оқымай-ақ сабақты.
Жасымнан тартты табақты.
Қақтырмай-ақ қабақты.
Қайысқа үнім жетер ме?
Жалынсам соққан желдерге
Сәлемімді алып кетер ме?
Алласы рахым етер ме?
Көзім жетпес алдыма,
Осымен өмір өтер ме?
Жан, жүрегім сенде тұр.
Сенің жаның менде тұр.
Меңде құры кеуде тұр.
Бір көрейін деуде тұр.
Түсші келіп ойыма.
Тал шыбықтай бойыңа.
Кіргендейсің қойныма.
Тойдым қашан ойыныңа.
Айта алмайсың бекер деп.
Жалыным өртеп кетер деп.
Өзіме залал етер деп.
Аузыңнан сүйіп алғамын.
Мен тартайын уайымды,
Мұнымды Қайыс білмесін.
Ол есітіп жүрмесін.
Қайғылы өмір сүрмесін.
Медресеге кірмесін.
Қайысым қайтіп шыдасын.
Осыған не амал қыласың!
Суретімді сонда қыл,
Құдіреті күшті құдасын.
Мен екен деп ұнасын.
Жалынға жанып жатайын.
Қайғысын мен-ақ татайын.
Күн сайын әрі батайын.
Ол үшін жаңды сатайын.
Білемісің сырымды.
Көремісің түрімді.
Рахатқа бермен мұнымды.
Осы көрген күнімді.
Жан-жаққа Ләйліні іздеп көзін салды.
Ғашыққа шыдай алмай талып қалды.
Үйіне науқас па деп қойды апарып.
Отырды Қайыс есін жиып алып.
Ғаріптер зарланып жүр уайым жеп.
Баласы безек болды жіберме деп.
Дертімді ойымдағы шын тапса да.
Бұл дерттен жазылмайтын кім бақса да.
Сабаққа ішім пісті тым қыстығып.
Сіздерден науқасымды қойман тығып».
Құрбысы, құлы қайда? Бәрін шақыр.
Бір сайға тігіп алып алтын шатыр.
Жүдеді қайғысы асып күннен күнге.
Қор болып адамдықтан шықты мүлде.
Жиылды өңкей құрбы байбатшалар.
Қайыстан «қалайсың? » деп сұрады олар.
Ата-анам, хақыңды кеш, мархамат ет.
Аман бол, үмітіңді үз, қасымнан кет.
Кісендеп, жынды десең, мені байла».
Деді де талып кетті: «Ләйлі, Ләйлі!»
Ел білді науқасының не екендігін,
Байқады дерті қатты, бекемдігін.
Білген соң шыны ғашық екендігін.
Көз көрмей өтірікке нанамыз ба?
Жасында көріспесе жылаушы еді,
Ойлаңыз соны салып санаңызға.
Жаны бар кеудесінде өлмеген соң.
Екеуі қабат өлер, бермеген соң».
Өлсе де жалғыз қызым, өлмеймін, — деп. —
Бұл үшін, халқым, маған өкпелеме,
Қызымды бір жындыға бермеймін», — деп.
Өткізді жылауменен күндіз-түнді.,
Сауыққа, ұйқы, тамақ бір қарамай,
Айрылып ақылынан болды жынды.
Сол қайғы ақылы мен алды күшін.
«Мәжнүн» деп ат қойылды соның үшін.
Бар екен бір қария адамдары.
Көңілінен шығар дейді ғашық жары.
Меккеге жүріңіз деп көп жалбарды?
Халқы мен ата-анасы зарласа да,
Олардың тілін алып бармай қалды..
Бұл хабар жайылыпты шартарапқа.
Сол есітіп іздеп келді Мәжнүн жаққа.
Қарлыққан сені жоқтап, дауысым-ай!
Жібіткен қара тасты, қарашығым,
Дүниенің көз жұмғанша ауысуы-ай!
Кеудеме кетті есітіп қайғым сыймай.
Көзімнің қоямысың жасын тыймай.
Анаңды көрнеу отқа саламысың?
Ләйлімен бірге өсірген қарызым бар,
Хақымды мойныңа алып қаламысың? »
Сүйегін соның сөзі кетті жарып.
Хақыңнан құтылайын Мекке барып».
Көзінен тыя алмайды аққан жасын.
Құшақтап «Байтолланың» босағасын:
«Арғы атам — Адам Ата, хақ, пайғамбар,
Айрылып Хауа Анадан болыпты зар.
Бере көр тілегімді паруардігер!
Шығарма Ләйлі дертін жүрегімнен,
Айырма ғашық отын сүйегімнен.
Өзімнің болды дейін тілегімнен.
Көңіліме қатты бекіт махаббатын.
Көп тартқыз ғашықтықтың михнатын.
Дертімді жалындатып асыра бер.
Қайғының ең ауырын басыма бер!
Қорықпаймын жас күнімде өлемін деп,
Айтамын бір Ләйлі үшін көнемін деп.
Пендеме, шын тілесе, беремін деп.
Тыныштық, рахатымды кеткізе көр.
Өлген соң мұратыма жеткізе көр! »
Мәжнүннің осы болды бар тілегі,
Ләйліден басқада емес жан жүрегі.
Бұл дерттен жоқ екен деп түзелмегі.
Күн сайын жынды болды қайғысы асып.
Айрылды халқыменен амандасып.
Жабылса бой бермейді өздеріне.
Көрінбей кетті алыста көздеріне.
Кез болды осындай дерт қайран ерге.
Қосылды даладағы киіктерге.
Тау мен тас дауысына жаңғырықты.
Лебізі тиген жерді жандырыпты.
Дертімді мазақ қылып ұлғайтасың.
Ұқтыршы, сен Ләйлі деп кімді айтасың?
Сенің де Ләйлі деген жарың бар ма,
Ішінде мен сықылды зарың бар ма?
Ынсап қыл, рахым, ұят, арың бар ма?
Жандырма жанып тұрған жүрегімді,
Ерітпе атын айтып сүйегімді.
Зарлатпа, бер жалынған тілегімді?
Сенің де жарың болса Ләйлі аттас,
Қайғылы сорлы болсаң өзім заттас,
Болып па ең ғашығыңның дертімен тас?
Көрмеймін көз жасыңның парлағанын,
Кеудеңнің біліп тұрмын жанбағанын.
Жарай ма ғашықпын деп алдағаның?»
Соны айтып Мәжнүн жылап зарлағанда,
Көзінен қанды жасы парлағанда,
Жиылып тұс-тұсынан аңдағанда.
Баршасы жабырқайды тыңдап тұрып.
Шөп оттап, су ішеді бірге жүріп.
Жылайды аң шуылдап шыққанда үні.
Жалған деп ойламаңыз, сірә, мұны.
Бір киік ілініпті оттап жүріп.
Шыдамай келді Мәжнүн зыр жүгіріп.
«Ағатай, мен де осындай едім зарлы
Оқалы алтындаған тонын беріп,
Өзімдей ғаріп қой деп киікті алды.
Мәжнүннің кетті киік соңына еріп.
Жолықты қарсы алдынан кездей келіп.
Босатып қоя берді оны тағы.
Зарланып мұңын айтып ойындағы.
Адасқан ақылымнан диуанамын.
Аңға ерсем, адамға ермей, уанамын», —
Дейді де екеуіне кетеді еріп,
Шөп жейді хайуанша бұ да теріп.
Құдайым оларға да ақыл беріп.
Баяғы зарлап жатқан Ләйлі қайда?
Азғана сол туралы сөз айталық,
Ол байғұс жатыр екен қандай жәйда.
Көрмейді ұйқы, тамақ мейірі қанып.
Білдірмей еш адамға жүр зарланып.
«Жүресің жердің жүзін сен тексеріп.
Мәжнүннен қуантсаңшы хабар беріп.
Ішімді ғашық оты жандырып тұр.
Нұрымен жарқырайсың, жанбайсың құр.
Бар ма еді өзінде нұр онан бұрын.
Аузымнан шықты жалын, көрдің түрін».
Жеміс пен ағаш еккен бау-шарбаққа.
Сөйлесті жасып гүл мен жапыраққа:
«Жылы жел, ғашығымның лебіндейсің
Сен мені не білесің, не білмейсің.
Шып ғашық болсаң неге егілмейсің?
Түн болса дымқыл шықпен буланасың,
Өтірік ғашықпын деп қуланасың.
Егіліп жыламайсың, суланасың.
Кей-кейде көзден жаңбыр жауғызасың.
Көңіліңді әркімге бір ауғызасың.
Аямай қызыл гүлді сындырасың.
Құбылып кімнің көңілін тындырасың».
«Жаным-ай, көрдің бе, — деп, — Мәжнүнді сен.
Сұрайын бір хабарын көрінгеннен.
Қасынды кімге ымдайсың қимылдатып.
Зарлаймын күні бойы үйде жатып.
Сорлымын қатты тартқан қайғы сызын.
Мәжнүннің тым болмаса көрсетші ізін! »
Бір жұлдыз ағып еді жерге таман,
Дегендей қуанады жарың аман.
Жобасын көрсетті-ау деп осы маған.
Сескеніп Ләйлі жақын бара алмаған.
Байқамай жарамас деп арандаған.
«Ғашығым, ойлап па едің көреміз деп».
Мұнан соң тірі көрмен, күдер үз», — деп,
Ойлады қызға жақын барайын деп,
Құшақтап бір сүйгізіп қарайын деп.
Сақтаулы аманатымды алайын деп.
Денеге болар емес дене тиіп.
Аузынан алған екен бірер сүйіп.
Іштегі от дәуірлейді барған сайын.
Батырдан Науфал деген сөз бастайын.
Ұстаған шариғаттың жолын қатты.
Соларға қылады екен мархаматты.
Өлсе де оған қарсы іс қылмайды.
Алса да басын кесіп, бұрылмайды.
Қасына әскер ертіп алады екен.
Ерінбей әдейі іздеп барады екен.
Ізденіп ем таба алмай елді шарлап.
Кісідей суға кеткен талды қармап:
«Ей, батыр, атың шыққан жер-жиһанға,
Қайдағы болысушы ең ғаріп жанға.
Таяныш болушы едің жығылғанға.
Ну біткен тумай тұрып сүйегіңе.
Жеткізбей қоймаушы едің тілегіне.
Бір балам ғашық еді хан қызына.
«Жынды» деп бермей қойды жалғызыма.
Көрмесе жылайтұғын болды бала.
Осындай күйге салды хақ тағала.
Өмірі қорлықпенен өтті балам.
Сарғайып өлер халға жетті балам».
«Батырлар, қайдасың? — деп бір ақырды, —
Жаны үшін жаным құрбан баландық», — деп,
Әскерін ертіп алып Науфал жүрді.
Жаралған сондай іске бұл ғаріп бас.
Құдайым болса жәрдем, ол құтылмас».
«Жарыңды әперем» деп ертіп алды,
Қырамын, қыз бермесе, тұқымын деп,
Ләйлінің әкесіне хабар салды.
Елшіні қайырыпты сөзге көнбей.
Ләйліні бермеймін деп өзім өлмей.
Қыз үшін бірін-бірі жараласты.
Науфалдың батырлары қайта қашты.
Сәждеге басын қойып Мәжнүн жатыр.
Алдына келді қашып өңкей батыр:
«Тақсыр-ай! Қашпаушы едік жаудан ығып,
Жеңіп ек жау әскерін жерге тығып.
Ғажайып алдымыздан бір өрт шытып.
Мұндай іс болған емес бұрын мәлім.
Сол кісі біле ме екен мұның халін? »
Сопы айтты: «Мәжнүн жатыр хақтан тілеп,
«Әскерін ғашығымның көр қылма» деп.
Сұраңыз нанбасаңыз өзін әкеп».
Бұл әскер келді ғой деп жарым жақтан».
«Қарағым, дұға қылма, енді сақтан.
Ойлаймын жеңейін деп арым үшін. ,
Осының бәрі жалғыз сенің қамың,'
Аянып тұрғаным жоқ жаным үшін», —
Қойдайын қасқыр тиген қырып салды.
Тірідей қыз әкесін ұстап алды:
«Бермедің қызды неге сұрағанда,
Зар қылып елі-жұртың жылағанда.
Тимей ме қызың байға бұ заманда? »
«Ей, батыр, дәтімді айтқыз, сөзім тыңда,
Бермедім намыс ойлап мен басында.
Дұспаным табалайтын тұр қасымда.
Жындыға қыз берем деп мен не дейін.
Халқымнан сұраңыз, мен үндемейін.
Қалайша жалған айтып тірі қалам.
Өзің біл не қылсаң да енді, балам».
Бармағын ыза болып алды шайнап.
Бір жағынан Мәжнүн тұр ағатайлап. —
Алмаймын әперсең де кісі хақын,
Бар еді Ләйліге бір жазған хатым.
Сізге жоқ онан өзге аманатым».
Осындай көрдің бе шын бекзатты.
Тапсырды қызға бер деп осы хатты
Құтылды қыз әкесі шынын айтып,
Қайтеміз босқа бекер сөзді ұзайтып.
Еліне Науфал батыр кетті қайтып.
Басына қайта түсті ақыр заман.
Келелік Ләйлі деген қызға таман.
Отырған Ләйлі есін жиып алып.
Бетіне тортын шәлін жаба салып.
Ләйліні даяшы қыз алған тауып.
Өсекке қалар ма деп қылып қауіп.
Әрі-бері шәлді иіскеп жатты сүйіп.
Жарыңды әперем деп жанды қиып.
Айналды бір көбелек жаққан шамды.
Өткізді кірпік қақпай ұзақ танды:
«Көбелек, сен де мендей шамға ғашық,
Боласың қайтіп ғашық менен асып.
Өлесің екі айналмай мұнша сасып.
Білген соң жетпесіңді арманыңа,
Тартсаңшы неше жылдай жар күйігін,
Разы ма жарың өле қалғаныңа?
Көңіліңде қайғылы дерт арман болып.
Жылайсың көкке назар салған болып.
Тұрасың жанбай аман ұзақ күңде.
Рахаттан күдерімді үздім мүлде.
Ғашықтың қайғылы оты — ішкен асым.
Жанғансың түні бойы май жұтасың.
Жанғанға шыдай алмай жөнелесің.
Қалайша енді маған теңелесің».
Ұқсады біреу бір хат ұсынғанға.
Отырды азар шыдап оқығанда.
Ысылған мұндай іске талай жүріп.
Айта алсам дәл өзіндей қисындырып:
«Ғашығым, жанға өлшеген Ләйлі жаным,
Белгілі бір сен үшін зарлағаным.
Қайырлы, құтты болсын жар тапқаның.
Күн көрген көлеңкеңде дуанамын
Қарағым, жарлымысың, зарлымысың,
Анықтап сырыңды айтсаң, ұғынамын.
Жарыңнан көңіліңді шайқайын деп.
Ойладым разылығымды айтайын деп
Ойымнан махаббатың кетпейді бір,
Сен сүйсең бөтен жарды, ол неге тұр.
Хат жаздым сандалақтап сонымен құр.
Алғанша хабарыңды жүрегім қан.
Құрбаның болсын енді бұл шыбын жан.
Топырақ баспай тұрып ажарымды.
Білмедім онан басқа табарымды».
Қағаз бен қалам алды Ләйлі тұрып.
Көзінің қанды жасын сия қылып:
«Бұл сөзге таңғаламын нанғаныңа,
Жеткізер кімді жалған арманына.
Өзгеге сені тастап бармағыма.
Ондайға алаң болмай жүрсең нетер.
Әуре боп болмас іске жүр ғой бекер.
Сен үшін қу жанымды берейін деп.
Құдайым шыны жазса, көрейін деп.
Жаралған жар едің ғой сен мен үшін.
Көңілім бір құдайға сенген үшін.
Уандым сені көрсем мауқым басып. -
Қарағым, соны ойламай неге жаздың,
Алланың тағдырына қарсыласың.
Орайсыз құры үміт қой өзгенікі.
Бұра ма құдай ісін пенденікі?
Тағдырда не жазылды, көрейік те,
Көңілді бір аллаға берейік те.
Шын ғашық бетімізбен өлейік те.
Кешікпей жолығып кет, мені ойласаң.
Бұл сөзді шып емес қой деп ойласаң».
Кешікпей, аялдамай қайта салып.
Мәжнүнге Ләйлі хатын берді апарып.
Қолына берді хатты Зәйіт білмей.
Зәйітті адам бар деп көзіне ілмей.
Қасыңда айықсын деп күтіп тұрды.
Зәйітке біреу келіп хабар қылды.
Жерінен түрегелді жатқан талып.
Оқытты қалтасынан жұлып алып.
Сөзінен таба алмады ешбір мінді.
Тоқтатып қоя тұрып Мәжнүнді.
Айттырған Ебнсалам аламын деп.
Қол ұстай бүгін кешке барамын деп.
Қанша сый тартуменен күйеу келді.
Ләйліні кеш батқан соң әкеп берді.
«Қарағым, неге отырсың сөзде қатпай?
Шеш-тағы киіміңді қойныма кір,
Ұялып отырмысың маған батпай».
«Қасыңа жатық едім барайын деп,
Бір пері жас күнімнен аңдушы еді,
Келіп тұр жақындасам алайын деп».
«Қайда тұр ол пері», — деп көзін салды.
Бір пері түсі суық келіп қалды.
Дауысы жауған күндей күркірейді.
Қанеки, маңайынан жүрші!» - деңді.
Өзін де жүзі түгіл көрме, — дейді. —
Біреудің ғашық жарын аламын деп,
Қорлықпен азап көріп өлме, - дейді. -
Өлесің қолын ұстап, жүзін көрсең.
Осындай іс көрдім деп хабар берсең».
Сертімнен бір айтқан соң қайтпаймын, — деп, —
Алланың қоспағанын аламын деп,
Мойныма кісі хақын артпаймын», — деп.
Сол пері болып кетті көзден ғайып.
Бұл сырын жанға айтпады елге жайып.
Жүрегін ғашық оты елжіретті.
Аяғы басқан сайын кейін кетті.
Тая ма айтқанынан қайраттылар.
Болса да денесі тас қайдан шыдар.
Қолынан, жүзін көріп, дәм татпайды.
Адамды шын ғашықтық шыдатпайды.
Күн сайын жүдей берді қайғысы артып.
Есіл ер ала алмады бойын тартып.
Дерт емес жазыларлық дәрігер емдеп.
Ләйліні шақырыпты жақын кел деп:
«Мен саған жар емеспін, жақыныңмын,
Қайғымен қапыда өткен пақырыңмын.
Барында қоштасайын ақылымның.
Ортаңа, оны білсем, кірмеуші едім.
Сен оған ғашық қой деп жүрмеуші едім
Көрсетті тағдыр маған жасырынды,
Ашты ғой пері келіп бар сырыңды.
Ойлама жалғаншы деп пақырыңды.
Өлермін әзер болса, саспайын деп.
Ғашықтың сырын елге шашпайын деп.
Өлім мен уағда бұзған — бәрі бір бәс.
Құрбы едім бір жыл туған түйдей құрдас.
Тілегім— соны тапсыр — аманатым.
Ұмытпасын, Ебнсалам — менің атым.
Көре алман енді қайтып түстеріңді.
Күйдірме қайғы ойлап іштеріңді.
Гүл едім жайнап тұрған, бүгін солдым.
Жалғанның бір қызығын көрмей өлдім.
Қояды кімді жұтпай бұл қара жер.
Атақсыз, атсыз елер кей пенделер.
Жаны ашыр, жаны бардың ғашық жарға.
Мәжнүнді көрмей өлдім, амал бар ма?
Мен-дағы жеті атадан едім жалғыз,
Қарағым, жазам болса, естен қалғыз.
Малымды әкеңе айтып жиып алғыз.
Қылғамын әлдеқашан сені талақ.
Мені ойлап өз жарыңнан болма салақ.
Жүреді неге түзде саған келмей.
Болмасын қайдан білді о да мендей.
Сіздердің көрмей өттім күлгеніңді.
Мәжнүнмен құшақтасып жүргеніңді».
Жүрегі тазасына көңілі сенді.
Шаһадат иман айтып жөнелді енді.
Бұл сырды өзге білмес, Ләйлі білер.
Жүгірді тыста тұрған күзетшілер.
Бірталай, есіткен соң, жұрт жиылды.
Қабірін бек айбаттап күмбез қылды.
Ойлайды байы өлді деп жұрттың бәрі.
Ішінен шықты тысқа қайғы-зары.
Зарланды соны жоқтап өз көңілінше.
Жасырмай жылаған соң жұрт көзінше.
Ойы бар бір жолықпақ Ләйліні андып.
Кісендеп тепкілейді бетін шаң ғып.
«Ғаріпті неге ұрасың қолын байлап
Сорлының әлде қандай жазасы бару
Ұқтырып айтыңызшы маған жайлап.
Кетіпті ұрған тасы миға кіріп.
Жазасын тартқызамын өстіп жүріп.
Жетелеп елден қайыр жиғызамын.
Көнбесе қазір мойнын қиғызамын».
Есіркеп, шықпай қалды азар жаным.
Әкесін өлтіргенің не қылғаның?»
«Ұрып ем aшy қысып таспен атып,
Басына жіберген тас кетті батып.
Қайтесің мен сорлыны былшылдатып».
Кісендеп аяғым мен қолым байла.
Бейнетті мұның үшін маған тартқыз.
Босатты өзін беріп әлгі шалды,
Кісенді аяғына өзі салды.
Жетелеп әр қақпаға алып барды.
Жүреді кешке жақын қайыр сұрап.
Жығылды есі кетіп тамнан құлап.
Таныды оны Мәжнүн көзі шалып.
Көрген соң құлағанын қалда талып.
Кісі тұр жетелеген оны қимай.
Қалың дерт жүректегі ішке сыймай
Кісенді аяғынан шешіп алды,
Ноқтаны сыпыра алмай кесіп алды.
Сорлының өлмегенде несі қалды.
Аздан соң екеуі есін жиып алып,
Оңаша, қараңғы түн, еш адам жоқ,
Ғаріптер мұңдасады жақын барып.
Құшақтап, қойыныма қолыңды сал.
Бір татқыз тым болмаса тіліңмен бал.
Дертіме осы арада бір дәрмен ет.
Әйтпесе өз қолыңнан өлтіріп кет.
Ұмытпаймын ақыретке барсам-дағы.
Құшақтап шыдай алмай жансам-дағы».
Сорғызып мауқын басып көрейін деп.
Өртеніп бара жатыр өлейін деп.
Бұл жерде жанып өліп қалсам да деп.
Өлемін ақыр қайда барсам да деп.
Қолдарын кейін кетті жазып алып.
Сырт беріп жүре берді Ләйлі қалып.
Шаһардан шыққан кезде келді таяу
Кідірмей әлде кім деп кетіп еді,
Сыбырлап «тоқтаңыз» деп айтты баяу.
Білерлік адам ба деп Ләйлі сырын.
Ұмытпаса, көрген емес мұнан бұрын.
«Байқадым құшақтасқан сізді көріп.
Келіп ем білейін деп артыңа еріп.
Жасыңнан сенің жайың бізге мәлім.
Болушы ең мен болмасам күл мен жалын.
Жаныңды аямайсың жалғыз тиын.
Болмай ма бәрінен де осы қиын.
Іштегі жалын шықсын, сөйлесе бер.
Табады өзі-ақ ебін паруардігер.
Өлтірсең өзін өртеп, тіпті ұнамас.
Қаңғырған соны көріп мен бір қу бас.
Көрмесем құрушы еді ынтызарым.
Көп айтсам қозғалады іште зарым.
Қайғыны өз әлімше мол көргемін.
Біле алмай қайтерімді сенделгемін.
Айтамын жанбасын деп ерте қамтып.
Сіздердің ғашықтығың жүз есе артық.
Ләйлінің ғашық болған күйеуісің.
Сен менің кім екенім білемісің?
Білмесең — Зәйіт еді менің атым,
Аз емес басымдағы михнатым.
Күн сайын асып еді махаббатым.
Зарлануға моласына күнде бардым.
Артыңнан әдейі іздеп жаяу салдым.
Хат тасып хабарыңды қосып едім.
Азғана айықсын деп тосып едім.
Деген соң қатты науқас барып едім.
Жия алмай сен есінді қалып едің».
Екеуі екі қызға жылайды арнап.
Шарқ ұрып дүниені жүрді шарлап.
Бір ақыл көңіліме түсіп тұр деп.
Барайық, сен соқыр боп, мен жетелеп.
Жетелеп, кейде арқалап, мойнына артып.
Шаһардың көшесінде жүр сандалып.
Шыдасын о да қайтіп күйіп-жанбай.
Жатуға күні бойы шыдай алмай.
Қараңыз терең оймен қылғандарын.
Болады шығармақшы іштен зарын:
«Қайғырдың, қара бұлт, мұнша неге,
Келдің бе разы болмай дүниеге.
Жүрмісің ғашық болып бірдемеге.
Күркіреп уһілейсің дертің ұстап.
Сағынған ғашық жарын маған ұқсап.
Көрсетіп қайратыңды тым мақтанып.
Қайтесің, біз жазасыз кетсек жанып.
Ешкімге, ғашық болсаң, залалсыз бол.
Төменсің сен де менен, айтқаным сол.
Қайғысын қайғылының асырасың.
Сұрланып жердің өңін қашырасың.
Көрмесе жер мұңаяр күннің бетін.
Дерті зор, улы жүрек болар шетін.
Жарынан жарқыраған нұр көрмесе?
Рахым ет, көз жасыңнан су беріп кет,
Қайғыдан қурап өлер дым көрмесе.
Көрдің бе, жер жабырқап қайғысы артты.
Бұршақпен шөп қиратып жаума қатты.
Мұңайтпа күнді бермей, о да мұңды.
Көре алмай күйіп жүрген Мәжнүнді».
Жақындап екі жаяу келді барлап.
Мәжнүнді соқыр қылып жүрген алдап.
Жетелеп бір соқырды қасына алып.
Ләйлінің маңайына тұрды барып.
Айламен Зәйіт тапты осындай еп.
«Қарағым, марқабатың болмай ма? » — деп.
Көзі шын шықты ма деп қайғы қылды.
Соқырға садақа деп соны берді.
Ішіңде ақшасы бар, аз ба, көп пе.
Пайғамбар жасырын бер деген жоқ па? »
Берген соң сол қағазды алды соқыр,
Ашпай-ақ қалтасына салды соқыр.
Сол жерде табан аумай қалды соқыр
Ғашығын көре тұра кетсін қайтіп,
Зәйіт тұр алдандырып сөзді ұзайтып
Ләйліге кетемін деп мұңымды айтып:
«Жоқтаймын бұл көз емес, шын көзімді,
Кім ұғып, кім ұқпайды бұл сөзімді.
Саламын жанған отқа күнде өзімді.
Жоғалған шыны ғашық жардай көзім.
Көміліп топыраққа қалмай көзім.
Көңілімді өзге жанға бергенім жоқ.
Шықпай тұр құры жаным, өлгенім жоқ.
Көңілім тұр күйе бермей өлейін деп.
Бейнетке жүрегім тұр көнейін деп.
Ем сұрай мұнан кейін келейін бе?
Көзімнің дауасының ақысы үшін,
Жанымды осы арада берейін бе?
Шатасқан диуана боп сезімді көр.
Соқыр деп жиренбесең, көзімді көр».
Ішінен сезді Ләйлі бұл амалды.
Білген соң жақын барды ол амалды.
Қараңыз айла қылып айтқан сөзін:
«Соқырмын, түзу тұрмай жығыламын,
Беліңнен ұстат, — дейді, — мықтап өзің».
Жығылды шыдай алмай Ләйлі талып.
Ләйлінің бара жатыр үсті жанып.
Соқырды Зәйіт кетті сүйреп ала.
Әр жері көйлегінің күйген шала.
Бұған да айла тапты ойлап жүріп:
«Салулы қалтамдағы сіріңкені
Жандырды-ау әлгі соқыр қақырынып...»
Күн сайын іштегі дерт барады артып.
Бір жола жатып алды төсек тартып.
Ләйліден айрылдым деп налып кетті.
Аулақта қалтасынан алып көрді.
Біреуі Ебнсалам аманаты,
Біреуін өз қолымен Ләйлі жазған,
Қоштасып ғашығына айтқан дәті.
Сырты мұз, іші жалын, мағынасы өзге.
Ләйлінің хатындағы мынау сөзге:
«Қарағым! Екі хаттың бірі аманат,
Өзіңе сәлем айтты неше қабат.
Байғұстың қатесін кеш, қыл мархамат.
Қоштасқан біржолата мінажатым.
Мен кетсем, қалды өзінде махаббатым
Қарағым, жерім қиын, келе алмайсың,
Бір келіп тілегімді бере алмайсың.
Мұнан соң дүниеде көре алмайсың.
Деуші едім күнде саған сүйгізейін.
Өлген соң құшақтатып тигізейін.
Қойныңа, арманым сол, кіре алмадым.
Еркектей қайрат қылып тұра алмадым.
Жолыңа шыбын жанды құрбан еттім.
Белгіге жүзігімді беріп кеттім.
Шаһардан шыға бере саған жетті.
Шошыма мен Зәйітпін десе нетті.
Құшақтап жатып сені өлмес пе едім.
Тағдырда не жазылса көрмес пе едім?!
Өкініп өткен іске алмас пайда
Зәйіттей іздесең де жолдас қайда?
Бір айла табар Зәйіт осындайда.
Кешіксең, мен боламын аман емес.
Зейнепке қосылам деп алаң емес.
Бір амал жолығуға қылып бақсын.
Көре алмай, аялдасаң, қалар-ақсың.
Бейісте қосылуға жазсын құдай!
Ішімді іштен туа елжіретіп,
Еріткен жүрегімді, ғашығым-ай!
Өзгеден бөлек еді махаббатың.
Ішіңді күйдірмесін жазған хатым.
Білмедім кеткеніңді қай далаға.
Бұл өмір енді қайтып айнала ма?
Қарағым, аманатың кетті меңде,
Сақтап кел қарызымды бұзбай сенде.
Есіркер, дұға қылар туған пенде.
Жалғанда опа бар деп қапы қалма.
Бейісте қосыла алмай сонда ұялма.
Жолыңа қылдым құрбан бір басымды.
Білемін жанға мойын бұрмасыңды.
Құдайдан ауыр науқас сұрапалдың.
Белгі боп кейінгіге мирас қалдың.
Жаратқан өзгеден жат ішімізді.
Артқылар көрмесе де түсімізді.
Көрінер мен кеткен соң кім көзіңе?
Өлген жоқ, мен өлсем де, махаббатым,
Кетіп тұр амандасып күнде өзіме.
Мауқыңды тірі болсам басар едім.
Қойнымды әлім келсе ашар едім.
Болады мен сықылды кім арманда.
Басыма келіп Мәжнүн зарлағанда.
Білемісің жан өлмейді, өлер дене.
Сөзіңді айт тірідегі, өлді деме.
Жанына өлгендердің мәлім қылсын.
Сағынбай дауысыңды сезіп жүрсін.
Дертіңді ауырлатып қалдырармын.
Құшақтап құмарыңды қандырармын».
Отырды шыға жаздап құр шыбын жан.
Қағаздың беті болды қып-қызыл қан.
Махаббат билеген жан қандай шетін.
Бетіне басып алып хаттың бетін.
Алады анда-санда хаттан сүйіп.
Көзінің о да ала алмай жасын тыйып.
Жүрегін ecіл-дерті қайта басып.
Қоштасып жазылған хат амандасып.
Жек көрді хат сөзінің мағынасын.
«Ғашығың тірі, неге зарланасың?
"Хатында бір жолық деп айтқан жоқ па,
Бастама жаман ырым,әзір тоқта.
Ұмтылма күні бұрын құрулы оққа.
Кеттің деп неге тастап зарладың кеп.
О да айтса не дер едің тастадың деп.
Оның да көңілі өзіндей шайқалады.
Қалайша өлмеймін деп айта алады?
Нана тұр құдай үшін бұл сөзіме,
Белгілі менің жайым болды өзіңе.
Жарыңды көрсетемін бір көзіңе.
Онан соң барамыз ғой қайта салып.
Құмарды бір басалық оңаша алып».
Ләйліге тірі болса жолықпаққа.
Теңселіп Мәжнүн отыр сандалақта:
«Тірі ме, өлі ме екен, көремін бе,
Жолығып аманатын беремін бе?
Ләйліні бір көре алмай өлемін бе? »
Ойлашы осы кезде Мәжнүн қандай?
Жанып тұр тұла бойын өрт алғандай.
Өзінің барлығын да байқай алмай.
Маңдайын «уһ» дегенде жалын шарпып.
Лебізін ала алмайды қайта тартып.
Білмеймін қай тілекті қылды талап.
Бетінде қанды жасы тұр сор талап.
Көтерер қайта басын қалт-құлт етіп.
Қолымды жылы жүрек дірілдетіп.
Мұндайды келістірмек тіпті шетін.
Бұлжытпай салар еді-ау дәл суретін.
Шыдайды ол ғаріпті кім аямай?
Жүрегім, махаббатым тоқтатпайды,
Жазайын десем-дағы тым аямай.
Бұл Мәжнүн екі өлімнің бірін күтті.
Болар ма мұнан қиын уақыт тіпті?
Болсаң да шыдар ма едің қандай батыр,
Осындай күйде болды Мәжнүн пақыр.
Бір адам шаһар жақтан келе жатыр.
Хабарын не де болса бергенінше.
Қайран жас қаңғып өтті-ау өлгенінше!
Зәйітте жай басады, ентелемей,
Не тірі, не болмаса өлді демей.
Намысын алып келген періштедей.
Сұрланып, қаның қашып нағып келдің.
Тірі деп болмай іздеп барып келдің.
Мені аяп ет-жүрегің жылып айтпа.
Құрбымсың, маған айла қылып айтпа!»
«Ғашығың, — деді, — аман, маған нансаң,
Жалған деп амалым не нанбай қалсаң?
Бақшада жолығасың, кешке барсаң.
Бақша бар оған жақын шаһар жақта.
Сол жерде уағда қылды жолықпаққа».
Ғашығы тірілгендей күдер үзген.
Қан ағып жас орнына екі көзден.
Тегінде, шыны да сол байқағанға.
Ермек қып Зәйіт отыр ұзақ таңға.
Кетпелік Ләйліні де тіпті ұмытып.
Салмақты болып дерті қайғы жұтып.
Ұйқы жоқ, тыныштық жоқ, астан қалды.
Шақырып ата-анасын қасына алды:
«Ата-анам, бір сөзім бар сіздерге айтар,
Өмірін ажалдының кім ұзайтар?
Жалғаннан уақыт жетті енді қайтар.
Болмаңыз іздеп әуре кеткен жоқты.
Мінекей болдым соған айтқан тоқты.
Қойдыңдар көре тұра мені бермей.
Тағдыр сол, қалған шығар жөні келмей.
Айтпауға жүрегімді тыя алмаймын.
Әйтеуір дүниеде тұра алмаймын.
Кетпедім тым болмаса мауқым басып.
Өртенді өне бойым дертім асып.
Той қылып, жұртты жиып ойнадыңдар.
Алды деп Ебнсалам ойладыңдар.
Сырының соңда жазған бәрін даттап.
Сонан да қалып еді құдай сақтап.
Шықты құр алды деген жаман аты.
Оның да менде болып махаббаты.
Ұйқымды бір сол үшін қашырушы ем.
Дертімді онан бұрын жасырушы ем.
Айрылып жалғыз қыздан сандаласың.
Бетімнен сүйемін деп қамданасың.
Біреудің ғашығына. тимеңіздер.
Жалынды сүйемін деп күймеңіздер.
Кешің дер қарызыңды, ата-анам!
Тілегім, өлерімде сүйме мені,
Мәжнүннен басқа жанға тәнім арам.
Мен үшін қаңғырды ғой тау мен тасқа.
Жалғанның несін алды менен басқа!
Өлген соң қабіріме Мәжнүн келер,
Маңымнан аулақ кетсін онда өзгелер.
Денемді тым болмаса оңаша бер.
Шыға тұр қабірімді оған беріп.
Тұрғаның ұят болар көзің көріп.
Айқасып салар қолын мойыныма.
Ұнай ма қарағаның ойыныма.
Қылмасын екеуімізге қабір тарлық.
Құдайдан, еншалла, болар жарлық.
Болса да сізге күмән, маған қанық.
Сыртынан жаназа оқып қайтсын халық.
Қоштасқан сол хатта бар барша сырым.
Көрсеңіз, үш қайтара сәлемімді айтыңыз. « Аласарт жастығымды енді ақырын».
Қарағым, айтқаныңды қыламын» деп.
Сөйлеуге бағанадан шыдадым», — деп.
Ойбайлап ата-анасы жылай берді.
Жалғаннан Ләйлі сүйтіп жөнелді енді.
Адамның осы жүрген бәрі қонақ.
Алды-арты өмірінің болды сол-ақ.
Ләйлі үшін қатты уайым жеп жылады.
Обалы әкесіне деп жылады.
Қабірге алып жүрді солай қарап.
Сандықтап мәрмәр таспен қойды қалап.
Бұл бітті, Мәжнүнге аяңдалық.
Біз енді соның жайын баяндалық.
Күн шытып, жақындады түске таман.
Бұзылды Мәжнүн өңі тіпті жаман.
Зәйіт жүр не болды деп жанасалап.
Қасында бірталай жан жүр анталап.
Шынымен мені тастап жөнелді ме?
Ләйлінің өткеніне көзім жетті,
Дұрыс айт, кеше өлді ме, жаңа өлді ме? »
Кезімде өткен екен жаңа жеткен.
Мен сізден жасырып ем со себептен.
Ләйліні өліп жатқан бас саласың.
Өлімге онсыз-дағы қасқарасың».
Мен тірі жүре адам ба онан қалып?
Жүр-жүрлеп жаны келіп шақырып тұр,
Қабірін тура көрсет тез апарып».
Ләйлінің бейітіне жетіп барды.
Құшақтап қу моланы жатып алды:
«Қарағым! Неге кеттің ала кетпей,
Қор болып мұратыма қалдым жетпей.
Артыңа тастап кеттің рахым етпей!
Қарағым! Мен өлген соң, неге өлмедің,
Білесің, бір сен үшін не көрмедім.
Тартайын бейнетіңді деп өлмедім.
Жанымды сұрасаң да бермес пе едім?
Көзімше ең болмаса өлсең етті,
Құшақтап жатып сені өлмес пе едім!
Шақырып алып келді жанын, бастап.
Қосылмай өлейін мен мола жастап!
Қалқам-ай! Қайта тұрып, жүремісің,
Қабірге мені де ала кіремісің?
Хатында жазғаныңды білемісің?
Өлсең де келгенім жоқ қашайын деп,
Мауқымды келіп тұрмын басайын деп.
«Сен келсең, қойынымды ашайын», - деп.
Айрылып сорлы болдым ғашық жардан.
Өлген соң бола ма енді сөзің жалған.
Жеріңе уағдаласқан келмедім бе.
Жүзіңді шыныменен көрмедім бе?
Деме сен «өліп қалдым, сен менен қаш»,
Айтқаның рас болса, қабіріңді аш!
Болсақ та мен киімшең, сен жалаңаш».
Ләйліні құшақтады Мәжнүн барып.
Қосылды осылайша екі ғаріп.
Кете алмай жолдасының қасында еді.
Сол жылы дәл он алты жасыңда еді.
Бұл өлім талай жанды еңіретті.
Ол түгіл пайғамбарға қаза жетті.
Зарлаумен сонда тұрып өтті жасы.
Оның да сол арада бітті жасы.
Мәжнүннен аз-ақ кейін көрген күнім.
Ғаріппін дерті қалың, шын осыным.
Берейін атып атап, ұқсаңыздар:
Махаббат, ғаделет пен таза жүрек,
Бостандық, терең ғылым, міне, осылар.
Іштегі құлағыңмен тыңда, шырақ!
Бұлар жоқ дүниеде деп ойлама,
Қазақта ол бесеуі болмас бірақ.
Елде жоқ нәрсе ғой деп айта салма.
Өлгенше ізденіп бақ, қапы қалма.
Көп иттің жұлып жүрген жемтігімін.
Осы елдің өз ойымша кемітімін.
Қу жаным қуарып жүр өліп кетпей.
Құдайым тез алса екен тентіретпей!
Дегенім «қол жетпейді» ақым емес,
Жорысаң сөзімді олай, мақұл емес.
Адалға елі-жұртым жақын емес.
Түбі арам айла қуған өңкей жылым.
Не болды қайғы болмай көрген күнім?
Өзім де тап баспаймын ғаделетке,
Ұрғызбай кетейін деп көп жеңде же.
Айтарлық емің бар ма мұндай дертке?
Құбылдым, құйқылжыдым, шатып бақтым,
Бір мезгіл білмегенсіп жатып бақтым.
Ол атса, менде оларды атып бақтым.
Тереңге кете берді салған сайын.
Халқымнан күдер үзіп қалған сайын.
Кеткен соң не қылайын елдің сәні.
Құрысын мені бүйтіп «хан» қойғаны.
Басымда бар емес пе қайтым талай?
Мал емес, мансап емес іздегенім,
Жазылмас жара берген құдайым-ай!
Өзімді-өзім билеп жүре алғанда.
Қоя ма қазақ тыныш бұ жалғанда?
Не қулық, не сұмдықпен Жұмысым жоқ,
Алдаған айла қылып бір ісім жоқ.
Жалғанда тақатым жоқ, тынысым жоқ.
Жолында бір Ләйлінің жанталасып.
Менікі кеткен жоқ па онан да асып?
Қазақта ғаделетті ғалым бар ма?
Бұл күнде момын жемтік залымдарға.
Мәжнүнше зарламасқа халім бар ма?
Болса да сыртым бүгін, ішім түгін,
Үзеді тірі жаннан кім үмітін.
Деуші едім туысқанға ерте күнін.
Қояды естиді де оны құры.
Жүрер деп ойлайды екен қанша тірі.
Халқым деп жабырқадым күнде зарлап.
Табамын мен де қабір бір күн қармап.
Мақтайды өзін-өзі демеңіздер!
Оны айтсаң, сүйегімді кеміргенің,
Жемтікті иттен қалған жемеңіздер.
Тоймасаң толтыра бер кемтігіңді.
Өзің біл ойламасаң ең түбіңді.
Қасқырша табандап тарт сыдырғанда.
Тоярсың көзіңе құм құйылғанда.
Болмассың бір жолата шоңқайтпасам.
Аузым жоқ әзір менің, сонда айтпасам!
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру