Хикаяттар
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Үміт Жәлеке — «Хикаяттар». Бұл еңбегімді ағайынды мергендер — Абыл мен Теңел нағашыларымның аруағына бағыштадым.
/uploads/189be46b-80bd-5aeb-92ae-d4bb24b4dee3/cover.png
Бұл еңбегімді ағайынды мергендер — Абыл мен Теңел нағашыларымның аруағына бағыштадым.
ӨТКЕН ШАҚ
«Художественное описание более точно передает суть
событий, чем их хронологическая подробность».
Аристотель
Жас қартаймақ, жоқ тумақ, туған өлмек,
Тағдыр жоқ өткен өмір қайтып келмек.
Басқан із, көрген қызық артта қалмақ,
Бір Құдайдан басқаның бәрі өзгермек!
Абай
Әкесі ертемен атанды қомдап, таудың арғы беткейіне аңға жиналды. Қасына Түгелді ертті. Таң ала-көбеңнен керек-жарағын атанға артып алып, екеуі жолға шыққан. Түгелдің үйден алғаш ұзап шығуы. Ұйқылы-ояу күйде таңғы салқыннан денесі қалтырап, тоңазып, атанның қомында жатыр. Өркеш шыққа тұнып тұр. Жұп-жұмсақ жүн бетіне тигенде дымнан өне бойы тітіркеніп, қалтырап кетеді. Ырғатылған бір қалыпты баяу жүрістен, бетін қытықтаған мұздай шықтан берекесі қашқан Түгел көп ұзамай көзін ашып, айналаға қарады.
Маңайға боз тұманнан шымылдық тұтылған. Аспан мен жер ақ буда тұманмен тұтасып кеткендей. Шөп басына моншақтай тізіліп, мөлдір шық тұнған. Дала әлі ұйқысынан ояна қоймаған тылсым, тыныш шақ. Атанның аяқ дыбысынан үріккен сұр қояндар бір бүйірден бұлт етіп, боз жусан басын дүр еткізіп шайқай қашады. Боз түбіт шәлі жамылғандай қалың жусанды қайтадан бу мұнар тұмшалап алады. Түгел көзден таса болғанша қояннан көз айырмайды. Ол әп сәтте тұтасқан боз шымылдық тасасына тығылып, ғайып болады. Атанның мойын шудасының арасынан жапатайы қылт-қылт етіп, жан-жағына көз салмастан тыпың-тыпың етіп әкесі аяңдайды. Қоянды елең қылар атан да жоқ. Балп-балп басып, иесінің соңынан бүлкектей береді. Ілгері жүрген сайын қояндар жиірек ұшырай түседі. Қалың жусан мен әр жер әр жерде бойжеткен қыздың тақиясындағы бір шоқ үкідей ұйысып өскен боздан жондары жылт-жылт етіп, бет алдына безе қашады. Бір сарын жүріс пен бірыңғай көріністен зеріккен бала енді бір ауық аспанға көз жіберіп, атанның артқы өркешіне басын сүйеп шалқая түсіп, жөңкіліп бара жатқан бұлттарға қарайды. Түндіктей үш аяқты түйеге ұқсас бұлт сырғып барып, қалың қатпар бұлтқа қосылды. Тасбақадай тарбиған бір бөлек бұлт жылжи-жылжи көкжиекке қарай көшті. Шала жуылған ақзон матадай сағал-сағал аспан айдыны сең жүрген көктемгі өзен бетіндей сапырылысып жатыр. Тұсау бойы көтерілген күн шар кісінің көзіндей шадыраяды. Аспан төрінде толассыз көшіп, жөңкіліп жатқан бәтуасыз, беймаза бұлттардан жерінген Түгел енді бір уақ тіктеліп, басын көтеріп отырды. Түйе үстінде ырғатыла-ырғатыла баланың көзі тағы ілініп кеткен екен. Әкесінің «шөк!» деген дауысынан оянды.
Сәске түсіп қалыпты. Атанды шөгеріп, алдыңғы аяғын тіздеді де, ұйқысын аша алмай, әлі бей-жай тұрған Түгелге:
— Мосыға бақырыңды аса бер, — деп әкесі мылтығын мойнына асып алып, жақпар тасты қуалай сайдың тасасына түсіп, көрінбей кетті.
Түгел әкесі кеткесін айналадан томашақ теруге кірісті. Бұта түбіртегін тамырымен қопара жұлып, қу шөпті бір жерге жинай бастады. Тынбай тырбынғасын бірталай томашақты қауқитып үйіп тастапты. Бір мезгілде саусақ ұшы шым ете түскендей болды. Сөйткенінше болмай томашақ түбінде жасырынып жатқан сары шаян құйрығын қайқайтып шыға келді. Ә дегенше аяқ астына жорғалап келіп те қалыпты. Түгел тызылдап удай аши бастаған саусағын сілкілеп тұра қашты. Әлгі шаянның абайсызда инесін шаншып алғанын сонда білді. Қайтып ол жерге жоламады. Шаян шаққан жерін ауырсынып, көзінен жас парлап, үйілген шөпшек жанына барып отырды.
Әділ айналды. «Аңшының айналғанынан дәмет!» дейтін үлкендер. «Айналса, аңға кезіккен болар» — деп ойлады. Шаян шақса да шалалау шаққан секілді. Істіктей инесін терең батырмапты. Қызарып, ісінген ортаңғы саусағының басы иненің ұшындай тесіліпті. Түйрелген жері көгістеніп, қатайып қалыпты. Тызылдап, тұз сепкендей ашығаны қайтқасын Түгел қайта іске кірісті. Мосыны құрды. Ілгішектің астына томашақты айналдыра қалап, шақпақ шағып, от тұтатты. Бақырға местен су құйып, мосыға ілді. Отты үздіктірмей жағып, бақырды қайнатты. Шай қайнай бергенде, әкесі де келді-ау. Түгел әкесіне арызын айтып, шағынуды да ұмытпады.
— Абайламасаң сол ғой, — деп ол онсыз да ауырып тұрған саусағын қысқаштай қолымен қатты қысып, шаққан жерден шып-шып қан шыққанша жанын қинады. «Ауырғаны бәсеңдегендей болып еді, бекер көрсеткен екенмін» — деп опынды 1 Түгел.
Әзір шайды демдеп ішкесін әкесі:
— Сен осы арада бол. Көп ұзамай келермін. Атанды тұсап отқа қоя бер! — деп қысқа-қысқа бұйырып, дүрбісін, мылтығын алып тағы кетіп қалды.
Дүрбіні жақында ғана Кетіктің базарынан әкелген.
Қаржыға қардер 2 болған бір орыстан сатып алыпты. «Амалсыз сатайын деп тұрмын. Аштарханнан келіп едім. Ақшамды жойып алып, ауылыма аса алмай тұрмын» — деген сол қаба сақал Әділдің дүрбіге көзі түскенін бірден байқап, біраз бұлдап, саудаласып тұрып алыпты. Аңшыға керек-ақ зат. Өзі су жаңа. Сыртында былғары қабы бар. Қымбат көрсе де, әкесі дүрбіге қатты қызығулы. Көптен «бір дүрбі табылса» деп жүреді екен. Бұндай зәру бұйымның қыр адамына көп кезіге бермесі анық. Қажеті табылғанына қуанған әкесі сауданы көп созбай, өзінің мәрттігіне салып, иесінің сұраған бәсін сөз қайырмастан санап беріп сатып алыпты. Мұқтаж затты олжадай көріп, иығына асып алған да жүре берген. Сондықтан оны әркімге бір қолжаулық қылып ұстата бермейтін. Аңға шықса мойнында, үйге келсе керегенің басында ілулі тұрады.
Түгел үйде адам жоқта дүрбіні қолына алып, біраз қызықтаған. Бірақ, ұстап тұтып көрмеген таңсық затты неше аударып-төңкеріп қарап, қалың шыныға қанша сығырайғанмен ештеңе көре алмаған. Ақыры: «Әкем мынаны қалай құлданып 3 жүр екен?» — деп таң болып, қабына қайта салып, орнына ілуге мәжбүр болған.
Кейінірек әкесінен: «дүрбіңді көрсетші» деп өтініш еткен. Ол қой деген жоқ. Сыртқа ертіп шығып, дүрбіні көзіне ұстап, оңтайлай берді. Бұл жолы қиырдағы сай-сала, қияндағы тас, бұта алақандағыдай ап-анық көрінді. Ал, аңдар жанында жайылып жүргендей жап-жақын.
Күн ұзағына маңайды шарлап томашақ теріп, арасында кесіртке, жыланбас қуалап, жылан кезіксе жүрегі суылдай секіре қашып жүріп, Түгел кештің қалай түскенін де аңғармай қалыпты. Жалғыздықтан жабығып, адамды сағынғанда анадайда маңқиып тұрған сары атанға барып, сөйлесіп қояды. Іші пысқан адамға ермек керек. Әйтпесе атан әңгімені қайтсін. Өзіне қарап бірдеңелерді былдырлап, мылжыңдап тұрған балаға керенау бұрылып, мағынасыз қарап қойып, жусанды бырт-бырт үзіп тұра береді. Түгел тілсіз малдың адамға жөндеп серік болып, сырласа алмасына қаперсіз ұйықтап жатқан Бегіс, Үкітай, Мәнеттерді ойлады. Қазір ауылда болса ғой, шіркін! Шешесі ауыз су үшін әкеліп қойған метейден 4 құтыны толтырып алып, қосаяқтың ініне құйып ойнар еді. Суға тұншыққан қосаяқ амалсыз атып шығып, бет алдына безе қашқанда, ін аузында аңдып тұрған үшеуі жабыла қуар еді. Түгел еркінен тыс терең бір күрсініп алды. Шықпай жатып ауылын сағынған бала тезірек қайтуға асықты. Әкесі кеткен жаққа көзі талғанша тесілді.
Айнала тым-тырыс. Атанның күйіс қайырған дыбысы ғана шығады.
Күн еңкейіп, ұясына қарай бет алыпты. Боз дала қызыл арайға боялып, бір тегіс қызғылт-сары реңк алған. Аспанда таңертеңгі жосыла жөңкіген бұлттан жұқана жоқ. Боз тұманнан да белгі қалмапты. Көкжиек ашық. Көк жүзі де күні бойғы күн қызуынан күреңіткендей көмескі күлгін түске еніпті. Кемермен жиектелген кең аңғардағы жанды-жансыз дүниенің бәрі батар күнді қимағандай жым-жырт тына қалыпты.
Әкесі әлі жоқ. Анда-санда бір бық етіп қойып сары атан оттан бас алмайды. Әрі аунап, бері аунап, көлбеп алып, қайта тұрады да пышақтай тістерімен шалы 5 жусанды шалғыдай қиып, күйсей береді. Манадан күн көзінде шуақтап жатқан. Қас қарайғасын сілкініп, орнынан түрегеліп жайыла бастады. Содан әлі тынбай жүр. Тойымы жоқ неткен киіз қарын жануар? Түгел сары атанды ойша жазғыра тұрып, өзінің де қарны ашқанын сезді. Дорбадан собалақ алып, сындырып жеді. Торсықтан айран ұрттады. Атанды бекер айыптағанын мойындап, өзінен-өзі мырс етіп күліп те жіберді. Маңайды қараңғылық жайлай бастады. Түгел сеніп қалған отты қайта тұтатты. Елсізде жалғыз отыру оңай емес. Қасындағы қарасы — сары атан. Күн ұзын тұрған жерін тақырлап тастаған тұсаулы түйе әрірекке ұзап оттай бастады. Оттан ұзаңқырап кетсе, артына қарайлап, біраз тұрып-тұрып, «мен қайда шығынып барамын» дегендей қайта бері беттеп жайылады. Отынға жинаған томашағы бітуге айналғасын шөпшек әкеліп жаға бастады. От басында күйбеңдеп жүрген Түгелді көріп, атанның көңілі жайланғандай әрі ұзай түседі де қайта кейін бұрылады. Иен далада мал да қарасырайды екен. Қараңғылық қоюлана түскен сайын Түгелдің ойына «елсізде дию, пері болады, жалғыз жүрген адамды пері қағып кетеді» деген сияқты қайдағы-жайдағы қорқынышты әңгімелер оралып алағыза берді. Анадай жерде жайылып жүрген атанның қасына барып тұрады. От жарығы бәсеңсісе, келіп, шөпшек тастайды. Шөпшектің өмірі қысқа. Молырақ тастамаса, жалп етеді де сөніп қалады. Түгел тырс еткен дыбысқа құлақ түре қояды. Жан-жағы әрі тастай қараңғы, әрі құлаққа ұрған танадай тып-тыныш. Аспандағы жыпырлаған көп жұлдыз жымың-жымың етіп, жапанда жалғыздан-жалғыз қалтырап, қорқып тұрған баланы мазақтағандай болады. Бұның сужүректігін жарығы көмескілеу жарты ай да сезетін секілді. Бетін қиғаштап, қырындай қарайды. «Әрине, өздері аспанда тұрғасын батыр ғой. Әйтпесе, қасқыры мен түлкісі мың-мыңдап жортқан жапан түзде мен құсап жалғыз отырса көрер едім, қорықпағандарын!» деп қояды Түгел өзінен-өзі көктегі күлмеңдеген жеңілтек жұлдыздар мен мұңайған мұқыл айды жазғырып. Осындайда әжесі жанында болса ғой! Қасқыр түгіл қабыланнан да қорықпас еді.Үйден ұзамай жатып Түгел әжесін сағынғанын түсінді. Бірақ, әжесі алыста, ауылда қалды. Маңайында болса, жанына жүгіріп бармас па еді? Шарасыздан күрсініп қойды. От жанында отырғасын көзі қарығып, маңайын жөндеп көре алмады. Сосын, анадай жердегі отқа тойып көлбей бастаған сары атанның қасына келіп, төңірегін шола бастады. Әлдеқайдан түн түнегінен «ат жоқ ат жоққа» салып көкек шақырады. Даусы әжептарқы. Көзі үйренген соң қараңғыдан отқа жақындамай үркектеп, құлағы қалқиып тұра қалған қарсақ па, түлкі ме, бір кішкене аңдарды көрді. Түз тағысы тым сақ. Қараңғы дала қойнауынан көздері көктегі жұлдыздай жылт-жылт етіп, аулақтан бақылап тұрысы, әне. Түгел елеңдеп, жан-жағына қарап тұрғанда, тып-тып еткен жеңіл аяқ дыбысын құлағы шалды. Әлден кейін арқасында бұлтиған қапшығы бар әкесі көрінді. Қуанғаннан Түгел дауыстап та жіберді.
— Көке! — Даусы жарқаланып, қожырай шықты. Соны аңдап қалған әкесі:
— Өй, Түгелжан! Немене, қорықтың ба? Кәне, шайың бар ма? — деп бұның жанына кеп аялдамастан шапшаң қимылдап, қапшықтан жып-жылы өкпе-бауырды суырып алып пышақпен тіліп-тіліп жіберді де қозға 6 тастады. Асты-үстіне кезек аударыстырып қақтай отырып, баласына хабарын айтты.
— Құлама жардың төменгі жағында ымға 7 мен арқар өріп жүр. Бір теке атып, ішін қарнап таудың кеуегіне жасырып кеттім.
Шоқтан бауырды шығарып алып, күлін қағып, бақырда бұрқылдап жатқан суға бір шөкім жапырақ шайды тастап жіберді. Түгел оттан шыққан ыстық бауырдың шетінен тістеп, саптыаяқтың ернеуінен үпіріп шай ұрттай бастады. Оттың жарығымен әкесінің бет-жүзі қызарып көрінеді. Жапатайын кейін ысырып еді. Кең маңдайы жарқ ете қалды. Кішкентай қой көздерімен Түгелдің ұйқыдан қалжыраған түріне ойлана қарап қойып, ыстық шайды үсті-үстіне ұрттайды. Шай ішілгесін Түгел атанның бауыр жағына қап төсеп қисайған. Әкесі ұсақ тастарды жинап әкеліп, атанды айналдыра қоршай қаз-қатар қоя бастады. Асық тізіп тіккендей. Түгел әкесінен:
— Көке, не істеп жүрсің? — деп сұрап еді. Әкесі жұмысын тоқтатпастан:
— Сақтық істеп жатқаным ғой. Ит-құс келе ме деп, — деді.
— Келсе, не болады?
— Өй, бөрі — қасиеті күшті аң, балам. Жазатайым атанның үстінен секіріп өтсе, белі шойырылады. Айуан ғой, қасқыр да қанша өжет болғанмен тас қоршаған, от жаққан жерге жоламайды.
Ұзақты күнге шаршаған бала әкесінің тер исі мүңкіген бешпентіне басын қойып, мұрсатта ұйықтап кетті.
Ертеңіне елең-алаңнан оянған әкелі-балалы екеуі ошақтағы қозды жандандырып, шай ішісті. Асай-мүсейлерін атанға артып, қабақты қиялай төменге түсті. Арқарды жасырған жердің маңына атанды шөгеріп, беткейдегі кеуекке екеуі жаяулап барды. Кеуектің астына бұқпантайлап ене бергенде, бұлардың дыбысынан үріккен болуы керек, түп жақтан бір ымғаның ешкісі шыға қашты. Әлден соң енесінің соңынан маңырап бір кер лақ жүгірді. Жүгіргенмен әлі аяқтана қоймаған әлсіз лақ енесіне ере алмады. Лақты қызықтаған бала айналшықтап жанынан кете қоймап еді. Әкесі соңынан дауыстап:
— Түгел, жүгір. Кеуекке кір. Сыңарын ізде! — деді.
Түгел кеуекке кіре түсті де:
— Көке, іші қараңғы екен, — деп қорқа соқтап еді, Әділ:
— Бар! Қорықпа! Тағы біреуі бар шығар. Қуысты қарап шық, — деп қоймады. Түгел етпеттей жылжып, қолын ілгері созып еді, уысына лақтың қылдырықтай сирағы ілікті. Қараңғы қуыста бүкіл денесі діріл қағып, қалтырап тұрған лақты кеуектің аузына алып шықты.
— Көке, кеуекте тағы бір лақтың қалғанын қайдан білдің? – деп сұрады әкесінен таңырқап.
— Баламысың деген-ау! Ымғаның лағы жалқы болмайды, – деді ол күліп.
Әділ Түгелді сары атаны, егіз лағымен сол жерде, қос қасында қалдырып, өзі шаттың бойын жағалап әрі кетті.
Түгелге ермек табылды. Лақтарымен әуреленіп, атанды да ұмытты. Әкесін де өткен жолғыдай сарыла күтпеді. Тіпті кештің қалай түскенін де байқамапты. Лақтарды мойындарынан қылқитып қаппен орап қойды да өзі томашақ тере бастады.
Бірінен-бірі өткен кер лақтар сүп-сүйкімді, жұтынып тұр.
Томашаны үйді де, от тұтатып, мосыға бақырды асты. Өзі от қасында егіз лаққа қарап жатып қалғып кетіпті. Лақтың маңыраған даусынан оянса, қара көлеңке түсіп қалыпты. Күн ұясына отырған. От сөніп қалыпты. Лақтың неліктен маңырағаны түсінікті болды. Біреуі жоқ екен. Орны бос. Екіншісінің мойны қаптың бауына кептеліп қалып, ере алмай, жалғызсырап маңырап тұр екен. Түгел лақты шөке-шөкелеп шақырып көріп еді, жауап болмады. Ұзаңқырап іздеуге қараңғы түсіп кетті. Егіз лақтың бірінен айырылып қалып, қапаланып отырғанда әкесі де жетті. Ол хабарды естіп:
— Обал болған екен. Алды түн. Енді қарсақ пен түлкіге жем болады-ау, — деп өкініш білдірді. Оны естігесін Түгел жыларман болды. Өзінің бейуақта ұйықтап қалғанына іші удай ашыды. Әкесі бір текешік арқалай келіпті. Шай қамдап отырып, Түгелге мылтығының білтесі от алмай қалып, аңды үркітіп алғанын айтты. Текешікті ілкі атқанда алып қалыпты.
— Терсіңді киімім маңайлатпады-ау. Қас қылғандай жел арқа тұсымнан тұрып еді. Жануарлар қайтып жоламады. Жел ауғасын танауларын шүйіріп асты. Мен су басында жатып күнді өткіздім; - деді Әділ.
Келесі күні әкесі Түгелді тағы ертпеді.
— Лағыңа қара! Көп айналмаспын. Кешегі үйір суға бір келер, — деді де тұқшыңдап жөнеле берді.
Түгел енді байқады. Әкесі бір қырына жандатпалап 8 жүреді екен. Мұрсатта құйын болып асты да кетті.
Аңның жайылымы орасан алыс емес болуы керек. Көп ұзамай тарс-тарс етіп, арасы жиі атылған мылтық даусы естілді. Бір сыпыра уақыт өткенде әкесі де жетті. Бұл жолы оның ісі оңғарылғанға ұқсайды. Айтуынша: таң ата аң баласы шұбап суға келеді. Тасада даяр жатқан Әділ суға қатарласа бас қойған аңның қалың тұсын көздеп шүріппені басып қалады. Екі теке қабат құлайды. Бет-бетімен қашқан аң қапелімде бір-біріне соқтығысып, ошарылып қалады. Сол сәтте тездетіп оқ әзірлеп алған Әділ бір ешкіні көздеп тағы атады. Ол ешкі де құтылмапты. Көңілді бірлеп, сары атанның екі қапталына аңды жаймалап теңдеп алып, екеуі ауылға қайтты. Үйге жақындағанда «алақайлап» балалар алдарынан жүгірді. Түгелдің іздегені әжесі еді. Көзіне түсе қоймады. Шешесінен:
— Әжем қайда кеткен? — деп сұрап еді. Ол:
— Е, әжеңді бұл жұрт үйге отырғыза ма? Қалап әкетті, — деп күлді.
Түгелдің әжесі Айжан аласа бойлы, ақсары өңді, көзінен нұр шашып тұратын ажарлы кісі. «Бегемістің бес мергені» атанған атақты аңшы әулеттің ұрпағы. Тіней 9 Аман деген мергеннің екі қызының бірі. Өзі — Айжан, сіңлісі — Күнжан.
Бұйырмыс болып, кедей ауылға келін болып түсті. Ақылы мен адамшылығының арқасында келген жерінде Айжан бәйбіше атанды. Ауылдың анасы да, ағасы да бола білді. Қоңсы-қолаңға жайлы, ағайынға қадірлі болды. Жолаушы болса, Айжан бәйбішенің үйін таңдап түсер еді. Сөйлесе сөз, айтса жөн білетін әйелді қонақ та көбірек қолайлайтын болса керек. «Айжан үйде болса, бізге Қуаттың бар-жоғы керек емес» — деп, небір мен деген азаматтар атын белдеуге байлай беретін көрінеді.
Атасы Қуат сегіз ағайынды екен. Шетінен сіңірі шыққан кедей. Кілең малшы, жалшы. Қуат болса, нәпақасын қақпанмен айырады. Өзі ұзын сирақты, қыр мұрынды тарамыс қара кісі. Көбелектей ұшып-қонған ұшқалақ мінезіне қарап, жеңгелері жас күнінде «қара шыбын» атандырыпты. Қалбаңдаған бала мінезді, момын адам екен. Қожанасырлау, қағылез кісінің ұшығы жеңіл болады деп, жұрт бала-шағасын ұшықтатып, үшкіртіп те жүреді-міс.
Өмір бойы арқасынан қақпаны түспеген жарлы Қуаттың күнкөрісі мандымаса керек. Жаратылысында пысық, алатұяқ Айжан отағасымен бірге балаларын асырау үшін байлардың теруін теріп, текеметін басып, шымшиін орап, қалы басқұр, кілем қоржын тоқып, ұлдары жетіскенше істен қолы босамапты. Ақылына көркі сай Айжан әрі он саусағынан өнері тамған шебер де әйел болыпты. Балалары тұрыңқырамай, қалғаны екеу -Әділ мен Қабыл. Жас аралары алшақ, бір мүшел.
Тұңғышы Әділ ер жете бастағанда анасы атақты мерген нағашылары Аман, Омардың бармағын тістеуге кеңес береді. Баласын төркін жұртына арнайы сәлем-сауқатымен ертіп апарып, ырым жасап қайтқасын-ақ Әділдің оғы далаға кетпепті. Түр әлпеті де, етінің тірілігі де өзіне тартқан Әділге Сатқан байдың қызы Жәнияны да Айжанның өзі құда түсіп, алып берулі.
Кедей, жоқ-жұқа үйдің бар тапқаны қырық серкеш пен бір лөк болыпты. Қалың малы да сол. Сатқан қызын Қуат қақпаншының баласына мал үшін бермегені анық. Оған да тікелей себепші болған Айжан екен. Өйткені, ол Сатқанның бәйбішесі Жанзиямен бала күннен бірге өскен дос құрбы көрінеді. Сол көңіл тату құрбысы қайтсе де Айжанның бір тілегін орындағысы келіп:
«Сатеке-ау, маған бес қыздың бірінің билігін бермеймісің? Ана Айжан құрдасым: «Бір қызыңды Әділіме бер!» — деп қоймай сұрап жүр. Соған мына Жәниямды жастау болса да берейін деп едім. Ана екі үлкен қыздың айттырулы жерлері бар ғой» — деп үшінші қызын ұйғарыпты.
«Жалғызымды осы Жәниямның соңынан көріп едім. Өзі май құйрық қыз. Айжан да бір ақ көкірек адам еді. Тілегі дұрыс қой. Жалғыздың тілегін тілеп отырғасын назарына қалам ба деп қорқамын» депті.
Сатекең қарсы болмапты. Сөйтіп тапқан келінін жуық арада қызықтай алмаған Айжанның қолын жоқтық байлап, баласын жиырма сегізге келгенде әзер аяқтандырыпты. Онда да қалың малын үш бөліп, зорға өтеген көрінеді.
«Жәниям құтты келін болды. Үрерге иті, сығарға биті жоқ қу аяқ қақпаншының есігіне бір-екі қара бітіп, қорасына қой тұрақтады» — деп, келінін қызындай қылып бағып-қағыпты. Жәния түскенде Қуаттың есігінде жалғыз қызыл ит жатады екен. Кей-кейде Әділ әйеліне қол көтермек боп сес көрсете бастаса, Айжан: «Тарт қолыңды, антұрған! Сатекем қызын саған берген жоқ, маған берді» — деп, баласына қарсы өре түрегеледі екен.
Түскеніне екі-үш жыл болса да бала таба қоймаған келініне бұрын: «Жұрттың былтыр түскен келіні де, биыл түскен келіні де, табалдырық аттасымен жерік болып жатады. Сен байғұс түйетауық құсап әлі жүрсің. Жел қармады ма, суық тиді ме, не болды? Жеңіл жүрмей, қымтанып, жылы киініп жүр» — деп уайымдап, өбектеп жүреді екен.
Сол келіні күндердің күнінде қытырлатып қара тұз шайнайтынды шығарды. Ана үй, мына үйге барса, құрт тістейтінді шығарды. Енесі қуанды. Түйенің етін жегізбеді. Метеймен су тасытпады, арқан естірмеді. Тұмса келінді қолынан келгенінше күтіп-баптады. Айы-күні жетіп, он жеті жасында қолына келін болып түскен аңқаулау, еркекшора Жәния жиырма бірге шыққанда ана болды. Торсық шеке ұл туды.
Айжан бәйбіше тұңғыш немересі туғанда жүрегі жарылардай қуанып, шалдарға бас тартып, батасын алыпты. Немересінің атын да өзі: «Енді түгелдендік қой» — деп, Түгел қойыпты. Ақтығының алдын бірден етегіне орап алып, өз бауырына басыпты.
Түгел ес білгелі сол әжесінің жұмыссыз қарап отырғанын көрген емес. Бірде шымырып ши орап, бірде ауыл үйдің бойжеткендеріне қалы үйретіп, бірде қасына келін-кепшікті иіріп алып, киіз қарпытып, бірде өрмек жүгірген үйдің серуін байлап жүргені. Іс үйренушілер де, қызықтаушылар да әжесінің маңын бір сәтке босатпайтын. Ана ауыл, мына ауылдан: «Текеметке талдырма ойсын», «кілем құрыссын», «кимешек пішіп берсін» деген секілді арнайы тапсырмамен келетін шақырушылар өз алдына. Қарасы бір үзілген емес. Ал, қыз ұзататын ауыл болса апталап айлап Айжанды жібермейтін.
Үй ішіне де жайлы әжесі бала-шағаға дауыс көтеріп, ашу шақырмайтын сабырлы адам. Ертеңін шежіре жырларын шертуге де шебер-ақ. Кәрі құлақ, естіміші көп әжесінің айтқан тұщымды әңгімесін үлкен-кіші қона жатып тыңдайтын. Ел-жұртқа сыйлы, ағайынға қадірлі қайран әжесі алпысқа жетпей, аз күн ауырып, қайтыс болды. Оның мезгілсіз өліміне қайғырмаған кісі кем. Әсіресе, Жәния көпке дейін көз жасын тыя алмай: «Шешемді де ерте алып еді, шешемдей болған енемді де қоймады-ау» — деп жоқтаумен болды. Әжесінің қазасы Түгелге де қатты батты. Ол өз шешесін әжесі барда тіпті іздемейтін еді. Жәнияны жеңеше дейтін. Әжесінің баласы болғасын өз әке-шешесінің жанына жоламайтын. Көбіне Айжанға еркелеп, Қуатты да онша тыңдай қоймайтын.
Баланың көңілі торықсын деп үлкендер Түгелді қабір басына ертіп апарып, әжесіне топырақ та салғызды. Әжесінің үңірейіп бос қалған орнына жалғыз жатуға жүрегі дауаламаған Түгел оның қара мақпал жадағайын сүйретіп енді атасының қойнына кіруге мәжбүр болды. Қуат бауырына қысып, басынан сипағанда, бала өксіп-өксіп жіберді. Атасы үнсіз ғана желкесінен емірене иіскеп, өзіне қарай тарта берді.
Шешесінің жылын берген соң Әділ әкесі мен Қабылды алып, қырға көшкен.
Айжанның көзі тірісінде Бостанқұмды жайлайтын қайын жұртының жанына жыл қыстап, үстіне бес қанат боз үй көтерген. Қайын атасы Сатқан малды кісі. Бірақ, баласы жалғыз болғасын малшысы бар. Қонақ-қопсысы мол кісі келінге көмекші болсын деп үйші де ұстайды. Бірақ, бәрі де бөтен емес, өз жақындары, ағайын-туыс. Ерте үйленген Дүйсеннің келіншегі Айкүміс жас та болса жайлы, ауыл-үйге жағымды. Ауыл ағасы ретінде руластарының жарлы-жақыбайы Сатқанды сағалайды. Бірге туған інісі Сәркен сірә, іргесін ажыратқан емес. Әділсіз де атасының өз айналасы жеткілікті. Отын жағысып, қазанын қайнатушылар да көп. Арасында жатып ішер, жанбағарлары да жоқ емес. Жарлы да болса аршыл Әділ бала-шағасының тамағын табан еті, маңдай терімен табуды жөн көрді. Өз бетінше күнелтуді қалады. Қайыны үстіне үй тігіп, үзік жауып, алдына мал салып берсе де, қастарында қылқиып «күш күйеу» 10 атанып отыра беруді сүйегіне қор санады. Бір жағынан көңілі далаға ауа береді. Аң аулауды аңсайды. Сосын, сол айналаны төңіректеп, аң қағып, бөлініп кетті. Аулақтай-аулақтай айдалаға ұзап, аса берді. Құм ішінде қоян қағып жүрген әкесіне қайта қосылды. Қосылғасын көп ұзамай шешесі қайтыс болған. Шешесін жерлегесін, жылы өткенше елден қара үзбейін деп Өгіз Өреуліде ошарылып отырып қалған. Түзде аң мол. Отбасы тамақтан таршылық көрмеді. Жылы өткесін тау етегін жағалай оймен ұзап көше берген. Жүре-жүре қырға шығуға тура келді.
Қырға көшкен жылы Түгел тоғызға толып еді. Қыр өмірі басталды да кетті. Бұрын өзі жапан дүз деп ұғатын қырдың қызығы мен тамашасы таусылмас таңғажайып дүние екеніне көп ұзамай көзі жете бастады.
Екі-үш түйемен артынып-тартынып ауылдан ұзап шыққан соң-ақ алдан бұлдыраған күміс сағым қол бұлғап алысқа жетелей берген. Ұшы-қиыры жоқ сайын даланың бір бөлшегіне айналған көш көкжиекке сіңе берген. Айналадағы ақар-шақар таулар көгілдір аспан кеңістігінде жүзіп жүрген бұлт сеңдері сияқты. Көз ұшында көлкіп жатқан ақ сағым түйе керуеннің сұйқылт шаңындай қылаңытып Түгелдің төзімін тауысып бітті.
Бір жолы үйіне жолаушылай келген жыршыдан «Қарасай-Қази» жырын тыңдағаны бар. Ол кезде бұлар Басқұдық маңында отыратын. Үйіне нар тұлғалы, екі бетінің ұшы күреңіткен, кесек, қырлы мұрыны келісті дөңгелек жүзіне жараса біткен қиықша қызыл көзді, аздап ақ кірген шоқша сақалы бар ертегінің батырларындай алып шал келді. Қасында тырнадай, иығы қушиған, көзі шүңірейген беті бір уыс, жасы өзі шамалас жолдасы бар. Көбіне сол арық шал сөйледі де, алпамсадай ақсақал үнсіз шынтақтап қақ төрде жатты да қойды.
Түгелдің үйі сол күні бір үлкен әбігерге түскен. Әшейінде үндемейтін көкесі тым сөзшең боп кетіпті. Қутыңдап орнынан бір тұрып, бір отырып, төрдегі сұсты шалдың жауырынына біресе тон жауып, біресе қолтығындағы жастықты азырқанып екіншісін тықпалап, жәмпеңдеумен болды. Оған елп ете қойған қонақ жоқ. Қайта бұрынғыдан бетер маңғазсып, шынтағын құс жастыққа нығыздай түседі. Жан-жағына самарқау көз салып, көбіне маздап жанған шоққа қарап, қалампыр қосқан күрең шайды баппен сораптайды. Шай ішіліп, ет желінген соң қонақ қолына домбырасын алып, құлақ күйін түсіріп біраз бөгелді. Әбден бабына келді-ау дегенде, жөткірініп жіберіп ұзақ жырға басқан. Су төгілмес жорғадай тайпалтты. Бір сөзінен жаңылған жоқ. Жыршының даусы күңіренген зарлы екен. Көп жерін өзі араласып жүргендей: «Сонда Қази бүй деді», «Сонда Қараүлек тұрып айтты» деп қойып, түн ортасы ауғанша жырлап еді. Қасындағы қушық бет, тапашой 11 шал да өнерден құр алақан емес екен. «Жеті қайқының әні» деп бір жүрек шымырлататын әдемі әуенге салып, біраз терлеген. «Ақбөбектің Қайыбының әні» деп бір бөлек әнді тағы шырқады. Кілең мұңлы, сырлы сазды әндер екен.
Күнінде болса болған шығар, бірақ қазір даусы жарқаланып, қарлығыңқырап қалыпты. Дегенмен, әлі ширақ көрінді. Төрден есікке дейін құйрығымен сырғанап жетіп барғанына, екі көзін ойнақшытып, басын бұлғаңдатып, түрлі қимылға салғанда, үй іші, әсіресе, балалар қыран-топан күлісіп, мәз болған.
Қонақтар аттанып кеткесін де өзі жырдың есінде қалған шумақтарын жыршы мақамына салып, басын бұлғалап қойып, көпке дейін айтып жүрді.
Түгел сондағы «Ай бетінен кіріп, Күн бетінен шығып» жүретін ғажайып батырлар да сол күміс сағымға шомылып әлі тірі жүргендей алға ынтығумен болды.
Ертесіне жалғыз аяқ, жолмен қиялап өрлей жүріп жаяулап қырға шықты. Жылмиған ала дөңге көтерілгенде қырдың ерке самалы беттен өбіп, іші бауырларына кіріп бара жатты. Әкесі көштің басын бір ескі құдықтың жанына әкеп тіреді. Қырдың ауасы бөлек екен. Күндіз қоңыр салқын. Түн баласы тоңып, түйе жүн көрпеге оранып шығады. Шөбі шүйгін, қалың баялыш өскен адырда бұлар жалғыз үй үш ай отырды. Аңы мол, суы қасында, ештеңеден тарықпады. Түгел болса тете қарындасы Үкітайды ертіп алып, ертеңнен қара кешке дейін ойнаумен жүреді.
Бір күні екеуі саршұнақ қуалап жүріп, айдалада ақырған есек даусын естіп, үрпиісіп қалды. Анадайда есек жетектеген екі адам келеді екен. Бұлар үйге қарай тұра шапқан. Табалдырыққа сүріне-қабына жүріп, жарыса хабар айтысты.
Жәния да жалма-жан есіктен басын қылтитып, іркес-тіркес келе жатқан екеуді көрісімен жез шәугімін мосыға іле берді.
Қарасырап отырған аңшы үйі сол күні абыр-сабыр болды да қалды. Кешке, еркектер аңнан оралғасын алдарына арқардың басын алып, ет жесіп, үлкендер еттен соң да әңгіме-дүкен құрысып ұзақ отырысқан.
Бұл келгендер Бесқала аспақ болып жолға шыққан кемпір мен шал еді. Кейін олар Әділдің үйіне қос болып, қастарында қалып қойды. Бір үйдің адамындай боп араласып кетті.
Көк есектен басқа малы жоқ жаңа қоңсылары Әділге ағайын боп шықты. Кемпірі — Қибат қолы сараң, тілді кісі. Күнінде өңді болғанға ұқсайды. Қызыл шырайлы, денесі тіп-тік. Басын шалқайтып, қайқайып жүреді. Термеліден 12 ілмелі жаулық 13 тартып, белін түрме белбеумен буып, шашағын екі жағына төгілдіріп қояды.Етегі бүрмелі ақ шыт көйлектен қызыл дамбалдың балағы қарыс жарым шығып тұрады.
Әділ соған қарап Қибатты «Қызылбалақ» деп әзілдеуші еді. Қайнысына не айтса да жарасады. Қибат қанша шайпау дегенмен Әділдің қағытқанына қыңқ етпеді. Қайта:
— Е, мен бір қызыл кимей, кімнен кеммін. Күнімде Қибат кербез атанған кісімін. Қызылбалақ де, қызыл дамбал де, еркің білсін. Бүгінде біз құсаған жаман кемпірге не жараспайды, — деп күлген де қойған.
Кейін оны бәрі солай атап кетті. Жәния да оны сыртынан «Қызылбалақ кемпір» дейтін болды.
«Он төрт баланың бірін қоймаған шұнақ Құдай енді менің немді алар дейсің?!» — деп кейде ол Құдайға да тіл тигізіп қоятын.
Құтжан ақсақал — момын, иі жұмсақ адам. Көбіне Түгелдің атасына еріп қақпан құрысады. Кешке бәрі шайға отырады. Аңшылар шайды терлеп-тепшіп ұзақ ішеді. Әділ аса шайқор емес. Есесіне екі шал шайға қанбайды. Көбіне хабар айтушы Әділ де, өзгесі — тыңдаушы.
— Мені бүгін не қара басқанын білмеймін. Құдай сақалдатып, бір нән текені іштетіп жібердім. Содан үріккен жануарлар ағып барып, Астау ойдағы көлдеудің маңына кідірді-ау, әйтеуір. Есекпен соңдарынан тепеңдеп жетсем, қайнардың суына бас қойған екен. Сол арадан таңдап бір семіз ешкі атып алдым, — деп бір қояр еді ол, маңдайының қат-қабат терең қыртысынан асып-төгіле жаздап, шүпілдеп тұрған терін алақанының қырымен бір сыпырып тастап.
Атасы жымиып қойып, шайын үнсіз тарта беретін.
— Әй, бәсе! — деп мырс ететін Құтжан. — Сәскеде бір тарс еткен дауыс шығып, іле күмп ете түсіп еді-ау. Сонан-ақ, Қуатқа: «Әділжанның оғы іштен кетті-ау!» — деп едім, — деп, қалампыр қосып демдеген қызыл күрең шайды рахаттана сімірер еді. Қуат «рас еді» дегендей басын изеп қойып, шыны аяғын Жәнияға ұстататын.
Аңшылардың арасында қырлысы бары да, мергені де – Әділ. Қуат — қақпаншы, Құтжан мен Қабыл — көмекші. Бірақ, үшеулеп жүріп, көбіне бос қайтады.
Бірде Қуат тұмауратып қалып, Қабылға Түгел ерген. Өз бетіммен қақпанды құрам деп тісін аша бергенде, шапқысы әл бермей, сарт ете түсіп, бір тармағы бас бармақ пен сұқ саусақ арасына кіріп етіп кірді де кетті. Баланың қолын қақпаннан Қабыл босатып алды. Бұл шыдай алмай, еңіреп, үйге қарай жүгіре берген.
Үйге қан-жоса болып оралған баласын көрген Жәния байғұс «қасқыр қауып алды ма» деп шошып кетіп, айқайға басты. Бала онан сайын бақырды. Балпылдай жылап отырып, анасына қасқыр емес, қақпаннан зәбір көргенін түсіндірді. Жәния киіз күйдіріп, аққан қанды әзер тыйды.
— Қара қасқа-ай, қақпаны құрғырға қайдан жолап едің? – деп жаны удай ашыған ана баласына қосыла жылап отырғанда, үстінен Қибат түскен.
Талайды көрген кәрі тарлан мән-жайды түсінгесін:
— Түгелжан, жылама, айналайын. Көп жылай берсең, басың да ауырады. Енді осы жараның үстіне күнде ашқарында дәрет сындыра бер, сонда тез жазылады, — деді баланы жұбатып. — Сенікі не, байғұс-ау, бала құсап. Өзінде ес жоқ екен ғой — деп Жәнияға ұрсып алды.
Жан тәтті ғой. Түгел кемпірдің айтқанын істеді. Көп ұзамай, қолы қара қотырланып, жазылып та кетті. Бірақ, орны ырсиып қалып қойды. Содан соң Түгел қақпанға жоламайтын болды.
Кешке қарай Әділ үйінде үш үйлі жан жиылып, әдеттегідей әйелдер аңның басын үйітіп, ошақ басында отыратын. Сирағына ит қарық болады. Қара қазанда қайнап жатқан еттің буы бұрқырап, исі мұрын жарады. Астау толы ет алдарына келгенде шалдар шаппаларын 14 шығарысатын. Ет желініп, сорпа ішіліп, тіс шұқылаған соң кең отырып, үлкендер өзара әңгімеге кіріседі. Сонда, Қибат сөзге араласып:
— Әй, сен екі шал, қай-қайдағыны айтып, өткен-кеткеннің басын ауыртқанша, Әділжанға беріңдерші кезекті бір ауық, о несі-ай, — дейтін.
Шалдардың Қибатқа қарсы дау айтуға шамасы қайсы.
— Е, жөн-ақ. Қибат дұрыс айтады — дер еді, екеуі қосарлана. — Домбыраңды ұста, Әділжан. Күй тыңдалық.
Сонда, кереге басындағы қара домбыра қабынан алынар еді. Әкесі құлақ күйін түсіріп, басын бір иығына қисайтып алып, ескі күйлерді кезегімен ағылта беретін.
«Мынау Шоңай Есірдің күйі, мынау Қырықмылтық Құлшардікі, мынау Қызылқұрт Құрманғазының «Балбырауыны» — деп, бірде ақпа төкпе, бірде ерке сылқым, бірде мұңлы-сырлы сазды құйқылжыта жөнелетін.
Үлкендердің қашан тарасатыны беймәлім. Түгел ұйқыдан оянғанда, әке-шешесі тас құманның бүйірін шоққа тығып, ақ құйрық шайды быршып тартып отыратын. Бұл керіліп-созылып жатқанда, әкесі бақырға қорғасын балқытуға кірісетін. Еріген қорғасынды мөлтілдетіп қалыпқа құйып, жайып қоя береді. Суығасын құмға тасталған бытыраларды қырып жонып тегістейтін Түгел. Дайын оқ қолдорбаға салынады. Осындай аз күн демалысында әкесі шаш алдырып, сақал-мұртын бастырып, киімін ауыстырып, мұнтаздай боп отырады. Жақын маңды аралап, айналаны шолып қайтады.
Бірде жатар орынға жай оралды.
«Жүз адымда жиен Басығара бай отыр екен. Малы мыңғырып жатыр» — деп келді. Қуат мұны естіп: «Қыстан бері төрт-бес теріні біреуге байлармын деп сақтап жүр едім. Соны Басығараға апарып тарт. Мүмкін, бір жар тоқты берер. Арасында сорпалармыз» — деп өзі қақпанға түсіріп алған, әбден иі қанған қасқыр терісін тұмсығынан тізіп, Қабыл мен Түгелді таң атпай жолға салды.
Күн желемік. Талқан қазан қағып, қыр үстінің тозаңы ұшып, берекесі қаша бастаған. Екі ағайынды бала қара зілдей қасқыр терісін бөліп арқалап келеді. Үйден ертелеп шықса да жаяу жүріске бай аулы жеткізер емес. Түс ауған соң күн көзі жылтырап бойлары жылынғандай болып еді. Күн еңкейген кезде дала қайта салқындай бастады. Киімі жұқа, аяқтарына шоқай киген екеуінің арқасы суықтан құрысып, аяғы-аяғына жұқпай, жылдамдата басады. Көлденен жатқан жалдан асқанда қаптаған құмырсқадай бытырай жайылған малды көріп, қуанып кетті. Екеуі бұндай көп қой көрмеген. Шет-шегіне жуық арада шығып болатын емес. Жаздай бабымен жайылған мал қонды.
Екі ара бірталай жер екен. Ертемен шықса да бай аулына іңірде жетті. Ескі жұрттан тапжылмай отырған бай үйі ұядай жып-жылы. Бойларын суық қармап қатты тоңған Түгел мен Қабылдың жылы жерге келгесін мұрындарынан су ағып, бырсылдай бастады.
От басында алдарына жаңа келген арпа көжеге тұмсықтарын енді мала берген үй толы жан беймезгіл жүрген екеуге жатырқай қарасты. Айналаға сараңдығымен аты шыққан Басығара бір тал қабыртқаны ұстап, үнсіз қаужаңдай берді. Бала-шаға бір тостаған арпа көжеге ырзалық сыңай танытып, таңдайлары тақ-тұқ етеді. Ас үстіне келген жолаушыларға бай бір-бір ожау арпа көжені амалсыздан құйғызды. Амандық-саулық сұрасып та әуре болмады. Тостақтағы көжесін тауысқасын ғана бұлардың босағаға тастай салған терісіне көз жүгіртіп, кекесінмен мырс етті.
— Е-е... Қуат сендерді Басығара тоқты берер, қой берер деп жіберді-ау! Еһ-еһ-еһ-еһ-иһ-һ...
Шалдың қисық көздері жұмылып, бір уыс беті бырысқан терідей жиырыла қалды. Опырайған аузы кемиіп, иегі шошайып кетті. Селеудей селдір сақалы желпілдеп, құс тұмсығыңдай имиген мұрынның ұшы күлгенде опырайған ауызға түсіп кетеді екен. Қырық қыртыс қып-қызыл маңдайы бір елі. Жарлауыт қабақтың үстіндегі кірпі тікеніндей тікірейген қасы қудай. Басын бір шаршы шүберекпен таңып алыпты. Қылқиған тырна мойны жағасыз кір-кір көйлектің астынан сорайып шығып түр. Өзі шаттауықтай ғана шал екен. Көз қиығынан жылт-жылт жас көрінді. Сол күйі басқа ештеңе деместен жұлым-жұлым жаман тонын басына бүркеніп, ескі текеметке жастықсыз қисая кетті де, іле қор ете түсті.
Таңертең екі баланы ала-көбеңнен оятып:
— Барың. Қасқырды артып алың да аса қалың, – дейді Басығара жылтыраған жылан көздерімен тесірейе қарап. Тамақтарына тас тығылғандай болып, оразаларын да ашпастан, екеуі сараң байдың үйінен құтылғанша асықты.
«Қайтқан малда қайыр бар» деген, кейін сол теріден Қуат ішік киді.
Қыс қыса қайта ойға құлап, құмды паналап шыққан Әділ бір күні тау кемерінің қуысынан өзі көптен бері дүрбі салып көздеп жүрген ескі ұяға жұп ителгінің жұмыртқа салғанын айтып келді. «Ителгі ұясын қиынға салады. Үстіртте сондай құз шатқалдар көп» дейтін. Ұяны сол маңайдан көрген болды-ау.
— Енді бірер айда балапан басып шығарады. Сонда өзіңді ұяға түсіремін. Балапан аласың! — деді әкесі.
Айтқанындай, айдан аса уақыт өткенде ол уәдесіне жетіп, Түгелді ертіп, биік қабақтың басына шықты. Бірақ, ұяға бірден жақындаған жоқ. Әуелі барлау жасап қайтты. Қабақ үстінде жападан-жалғыз бүрісіп тұрған Түгелдің жазғытұрымғы жел кем ызғардан бойы тітіркенді. Етек-жеңінен сумаңдай кіріп, жалаңаш денесін мұздай тілімен жалап өткен суық жел қойны қонышын аралай, кен шапанның қолтығын делдитіп, етегін басына түрді.
Әшейінде де ішін тартып, ызындайтын да тұратын Үстірттің өкпек желі өңменіңнен өтіп, өкпеңе шаншудай қадалады. Ызғырып, құлағыңның түбінен қыл қобызын шалады да тұрады. Түгелдің жақ жүні үрпиіп, бойы қалтырап кетті.
Қабақтың ернеуінен төмен қарасаң, басың айналады. «Ұяны мұнша биікке салуын-ай!» Түгелдің көкейіне қорқыныш ұялайын деді.
— Ұябасар жем іздеп кеткен екен. Ұяда шүпірлеген балапандар ғана қалыпты, — деді әкесі қаптың аузын шешіп, ішінен бір бума арқанды алып жатып. Сонан соң Түгелге қарап:
— Ұяда үш балапан жатыр. Біреуін ұяда қалдыр, қоңырайғанынан екеуін ал! — деді.
Баланың бозарып кеткен түсін жаратпай, даусын қатайтыңқырап:
— Әй, естіп тұрмысың? Екеуін ал! — деп тағы пысықтады. Түгел үнсіз басын изеді. Әкесі өткір, кішкене қой көзін бұған тура қадап тұрып, күпісінің сыртынан қос-қабат арқанмен белінен тұзақтап буып, бір ұшын өз білегіне орап алды.
— Төменге қарама! Ұяның тұсына жеткесін көп қарайламай, мына қалтаға балапандарды салып ал. Түсіріп алма! — деді де, Түгелді екі білегінен ұстап, кемерден салбыратып жіберді.
Бала арқанның бір ұшына байлаулы күйінде шайқатылып төмен сырғи берді. Айқыш-ұйқыш бұтақпен, тал шырпысымен қоршалған, түбіне жұқалтаң жүн-жұрқа төселген қолапайсыз, қобыраған ұяда ақшыл сұрғылт жүнді үлпілдеген үш балапан жатыр екен. Біреуі қоңырлау, екеуі әлі ақ түбіт. Желі азынаған абажадай жартастың қуысында бір-біріне тығыла түсіп, қалтырап, қаннен-қаперсіз жатқан қауқарсыз балапандарды көргенде біртүрлі аяп кетті. «Бұларды бір-бірінен айырып не керек?» — деп те ойлап қалды. Екі ұдай күйде қимылсыз тұрып қалғанын әкесі арқанды қозғап, белгі бергенде бір-ақ сезді.
Өзінің ұшпаның бауырында не себептен салбырап тұрғаны есіне түсті де, амалсыздан ұяға қолын созып, жып-жылы ұлпа балапанның екеуін мойнына асулы бөз қалташыққа абайлап салды. Әлі ширай қоймаған әлжуаз балапандар әлсін-әлсін аузын ашып, мазасыздана шиқылдайды.
Төбеден бәрін қалт жібермей жіті бақылап тұрған Әділ бұны дереу жоғары тарта бастады. Ұяда жетімсіреп, ақ үрпек, қорғансыз жалғыз балапан қалды. Бұлар қабақтың етегіне түсе бергенде «Кьяк, кьяк» деген ұябасардың ащы даусы естілді.
Жазғытұрым Түгел алған балапан көпке дейін қолға көндікпей жүрді. Үйдің оң жағына киізден қоршалып, балапандарға арнайы ұя жасалды. Екі балапанның ақ түбіттісі көп ұзамай үстіне қоламта құйылып кетіп өлді де, екіншісі қанаттана бастады. Тірі қалған сыңар балапанның күтімі Түгелдің мойнында. Аузына өкпе ұсақтап салады, түтікпен су тамызады.
Әйтеуір ертелі-кеш балапаннан көз жазбайды.Балапан ителгі төрт-бec жұмадан соң, өз бетімен ұшуға да жарап қалды.
Түгел бұл кезде әкесінің кеңесімен ителгіге шалажансар саршұнақ, құмтышқан әкеп салатын болған. Ол бұларды көргенде әбден қошқылданып, құмартып жейді. Көбіне біраз әурелеп, бүріп шоқып, ойын қылып, есін шығарады. Бірте-бірте қауырсыны бекіп, ұзаңқырап ұшатын болды. Түс ауа аспанда біраз қалқып, көз жетер маңайды шарлап, жемін алысырақтан іздеуге әдеттене бастады. Күн ыси бастағанда құмда саршұнақ, атжалман көп болады. Аңдып жүріп, солардың бірін көзі шалса ителгі қанатын тез-тез қағып, биікке самғап көтеріледі де, заматта заулап келіп, екпінімен қағып құлатады. Содан кейін қысқаштай тырнақпен бүріп алып, болат тұмсықты түйрейді.
Қолға үйренген құс үйден көп ұзамайды. Жаздай кесіртке, тышқан аулап, әбден кәнігі болып алған ителгі күзге жақын едәуір құс болып қалды. Қара суық түсе қаптап кеткен ұзақ, қарғаларға жаудай тиіп, баудай түсіре бастады. Аңшылықтың қызығына түсіп алып, көңілі өсіп марқайған шақта «Кьяк, кьяк» деп шаттанып қояды.
Ителгі өсе келе әдеміленіп, ажарлана түсті. Арқа жоны топырақ түстес біркелкі болғанмен, бауыр жағының ақ сары ұлпа жүнінің бетіне қара қоңыр моншақтай дақтары жарасып, сұлулана түсті. Қоп-қоңыр бадана көздерін төңкеріп қарағаны-ақ сүйкімді. Имектеу жылтыр көк тұмсығы өзіне ерекше сұс беріп, шырайын ашады.
Әкесі ителгіні баули берді. Оң жақ босағада тұратын киізбен қапталған тұғырда отырған ителгіге томаға кигізіліп, аяқбау байланды. Қыс түсе қоян алып, аңнан олжалы оралып жүрді. Өзі іріленіп нағыз жыртқыш болып алды. Кей кезде есірік болған киік, қарақұйрыққа да түсіп, сынала берді. Ителгіге көңілі біткенде әкесі «шегір ала» деп сүйсінуші еді. Ителгінің өжеттігіне, қайсарлығына ырза болып айтқаны. Бірақ, кейін құстың нақ бабына келген шағында әкесінің бір қимас құрдасы қалап алды. Содан соң Түгелдің үйі құс асыраған жоқ.
Кемерді жағалап, көше-көше, күзге қарай Әділдер ойға құлаған. Ойға түскесін бұларға тағы бір үй қосылды. Бір-екі қарасы, бес қанат үйі бар балалы-шағалы шаңырақ көрінді. Қастарына қоңсы қонғанына бәрінен бұрын қатты қуанған Түгел. Себебі, ол үйдің өзімен түйдей құрдас Құзыр дейтін баласы бар болып шықты.
Құзырдың әкесі Ержан ескіше сауаты терең молда екен. Үйінде ақ киізбен қапталған үлкен кітап бар. Оны ақ шүберекке орап, кебежеге тығып тастапты. Ескіше кітабы бар екенін сезсе, үкімет ұстап кететін көрінеді. Сондықтан Ержекең әкесінен қалған кітаптың бәрін Бейнеу әулиенің басына теріге орап көміп кетіпті. Қолында қалғаны осы Құран кітап сияқты. Құзырдың айтуынша, олардың үйінде сары ала теңгелер де бар екен. Оны да шүберекке түйіп от басынан шұқыр қазып тығып тастапты.
Шешесі — Құбыл жас әйел. Әкесінен көп кіші. Құзырдың бойжеткен апасы, Арқарбай деген ағасы бар. Үшеуінің анасы ертерек өліпті. Құбылдан туған тағы екі інісі бар.
Ержан — қақпаншы. Үйінде қақпанның неше атасы бар. Тіпті жолбарысқа құратын қақпаны да бар көрінеді. Үлкендер қақпан құруға кеткенде, балалар қақпанға қыстыруға тасбақа тереді. Кейде саршұнақ, қосаяқ аулайды. Арасында кеуекке кіріп, жасырынбақ ойнайды. Әйтеуір, күн ұзағына үй көрмейді.
Жаңа көршілерге Әділ ерулік берді. Ержан әкесі Қуат, Құтжандармен құрдас болып шықты. Өзі аңқау, момын кісі. Көк айыл жас келіншегі бір үйлі жанды уысында ұстайды. Ең азы үй ішіндегі адам басына шай шекерді де өлшеп береді. Өзі Құбыл десе дегендей, бірде қар, бірде жаңбыр, қысқа күнде қырық құбылып отыратын шайпау әйел.
Момын шал әйелінің қас-қабағын бағып үйренген. Шай үстінде әр аяғын ұсынған сайын: «Құбыл-ау, бір аяқ ауыса ма?» — деп жасқана сұрайды. Әйелі аяқты алса, «е, бәсе» деп көңілденіп қалады да, алмаса, шоқтағы құманға қарап, тамсанып-тамсанып, амалсыздан қисайып жата кетеді. Табаға көмген нанның бір шеті кетіліп қалса, әйелі: «Сенің балдарың нанды жеп қойыпты» — деп шалына тиіседі. Сонда жыларман болған Ержан қызы мен ұлдарына қарап:
«Айтыңдаршы, мына нанның қандайын жеп едіңдер? Қандайы қалып еді? Мына Құбылы құрғыр маған ұрсып, өлтіріп барады ғой», — дейді екен. Ол әңгімені таратушы Қибат кемпір. Үстіне ақ бөзден мол пішілген көйлек-дамбал киетін Ержекең ала жаздай жалаң аяқ жүреді.
Анада Әділ тауда аң көздеп жатса, жоғарыдан тас домалапты. «Теке түсіп келеді екен» деп ойлаған Әділ мылтығын оңтайлайды. Сақшыдай тырп етпей, күтіп жатады. Қараса, баурайға түсіп келе жатқан молдекең екен. Тау тасын жалпақ табанымен пашыр-пұшыр еткізіп, ылдиға қарай емпеңдей беріпті.
Ержан молда ел орынға отырғасын тығулы жатқан кітабын алып оқиды. Даусы әдемі, әуезді. Оқығанда күңірентіп, күмістей сыңғырлаған әсем сазбен оқиды. Шариғат айтып, шалдардың көзін ашады. Қырдағы ескі қорымдардың кімнен қалғанын қына басқан көне құлпытаста қай елдің таңбасы бар екенін айтып отырады.
Қыс беки Ержан молда екі үйдің бес-алты баласын жиып алып, сабақ оқыта бастады. Үйрететіні — намаз сабақ, аят, Құран сүрелері.
Селдірлеу бурыл сақалы омырауын жауып тұратын, маңдайы жырта қарыс, биік қабақ, ақсұр шал аппақ киіммен аспаннан түсе қалғандай молдасын құрып алып, тіп-тік шаншыла отырып, аят-хадистерді жатқа соғады. Алдындағы ашулы жатқан кітапқа көз салмайды. Даусын нақыштай созып, томпақша сұрғылт жанарын жұмып, әсем саздың мақамына елтіп, балалардың бар-жоғын да ұмытып кетеді. Ешқашан дауыс көтеріп сөйлемейді. Балалардың ежіктеп, үзіп-үзіп айтқан бір ауыз аятына риза болып, арқасынан қағып, мәз болады. Тек анда-санда Құзыр ойынға елігіп кетіп, түйе исініп кетсе, не Құбылдан сөз естіп, ашуға булыққанда ғана: «Ой, найсап» — деп қалатыны бар.
Құзыр әкесін көп ашуландырмайды. Өзі аяттың неше түрін жатқа соғады. Ержан үйінде асатаяқ бар. Намазға жығылар алдында бас жағына тастайды. Өзі арғы атасынан ылымды, текті тұқымның баласы екен. Құмырсқаға қиянаты жоқ адам.
Бірде қақпан көріп келе жатып, үш шал ұзыннан шұбап илеуіне дән тасып жүрген құмырсқа керуенінің үстінен түседі. Ержекең оны көрісімен екі құрдасының алдын кес-кестеп, біреуін де аяққа таптатпай, анадайдағы илеуді айналып өтуге көндіріпті. Тағы бірде түн ішінде от басына бұзаубас пен бүйі толып кетіпті. Үй-іші сыртқа тұра қашып, тап келгендерін Құбыл көсеумен отқа ысыра беріпті. Сонда ол оларды өлтіртпей: «Бүйі қасиетті жәндік. Бұйрықсыз шақпайды» — деп орнында жата беріпті.
Алғашында Түгелге тіл сындыру қиынға түсті. Бұның қасында Үкітайдың тілі оралымды әрі икемдірек боп шықты. Бірақ, зейінді, жады берік бала бұған намыстанып күн-түн демей жаттықты. Соның нәтижесінде көп ұзамай «Құлқуалла», «Алхамды» сыдырта беретін болды. Намаз сабақты да тәп-тәуір үйреніп алды. Қым-қиғаш, шым-шытыр шым шидің өрнегіндей қиын жазуды да меңгеру оңай болған жоқ. Атын жазып үйренгенше алдындағы құмды талай тегістеп, талай шимайлады. Ақыры өз бетінше оқи алатын, үйіндегі адамдардың атын жаза алатын жағдайға жетті.
Бір күні дастархан басында Жәния тосын хабар айтты. Қабыл әлденені сылтауратып тысқа шығып кеткен.
— Атеке, — деді жүзін атасына бір қырын бере отырған Жәния. — Шырақты үй қылсақ қайтеді?
Жаратылысында ер мінезді, тура сөзді әйелінің әңгімесінен Әділ күні бұрын хабардар болса керек. «Не дейсің?» дегендей ол да әкесіне қарады.
Қуат қапелімде ештеңе түсінбей:
— А, не дейді? Қабылды ма? — деп сасқалақтап қара торы жүзі күреңітіп, қуанған сыңай байқата қоймады.
— Жөндеп түсіндіріп айтпаймысың? Түйеден түскендей қылып, дүңк еткізбей, — деп Әділ әңгімені өзі жалғап жеткізе бастады. — Көке, Қабыл да біраз жасқа келді. Өз алдына түтін түтетсін. Ержекең баласы да бой жетіп отыр. Соған қолқа сал, әке-шешесі де теріс көрмес.
— Ержанның ба? Бойжеткен дейсің бе? – деп Қуат одан әрмен дағдара түсті.
— Батсайыны айтамыз, — деп Жәния атасының «бойжеткен кім бар еді?» дегендей ойлана қалғанына аң-таң қалып, күлкісін әзер тежеді.
«Әкемнің де Қожанасырлығы күшті-ау. Осы үш үйде Батсайынан бөтен қыз бар ма еді?» деп ойлады Әділ.
— Өздері бір-біріне кетәрі емес. Батсайы да оңды бала ғой, — деді әлі де үнсіз отырған атасына Жәния көз қиығын ұрлана тастап қойып.
— Құбыл не дер екен? — деді Қуат біраздан соң аузына басқа сөз түспей. — Құбыл болмаса, Ержаннан бөтен сөз шықпас.
Сол әңгімеден соң Қуат қасына Құтжанды ертіп, бет жүздік шапандарын киіп, белдерін буып, Ержекең үйіне барған. Олардың неден бастап, неге тоқтағаны жұмбақ, әйтеуір үй іші тойға қамдана бастады.
Шешесі жүгері қуырып, Түгел тары түйді. Әкесі есік алдындағы шатпаны етке толтырды. Тек Құтжан мен Қуат тоғызқұмалақ ойнап, бұрынғысынша жайбарақат. Қабыл болса үлкен қылмыс жасап қойғандай өзінен-өзі қуыстанып, кіріп-шыға береді. Қобалжитыны қимыл-әрекетінен байқалып-ақ тұр.
Еңгезердей жігіттің екі қолы ербеңдеп бос жүргені ерсі болады екен. Әшейінде, ауыл-үйдің шоқайын жамаса да қолы қарап отырмайтын Қабыл осы шаруаға өзі араласуға болмайтындай сырттай береді.
Ат жақты, қара торы жүзді, өткір қара көзді, ұзын бойлы көркем жігіттің бір осал жері — жуас. Түр-тұлғасы да, мінез-құлқы да әкесіне тартқан момын адам. Өзгеге қылдай қиянаты, оғаш сөзі жоқ. Өзімен-өзі мұрнын тартып қойып, мәс-кебіс, шоқай тігіп отыратын Қабыл бұрынғысынан да жуасып, басы салбырап кетіпті. Ебедейсіз ұзын қолдары көйлегінің жеңінен сорайып шығып кеткен. Бұрын іс қылып, қақпан құрып шаруаға айналып жүргенде байқалмайды екен. Енді сол екі қолды қайда қоярын білмей беймазаланып жүрген Қабылдың сыртқы кейпінің өзі кісі аярлықтай еді.
Түгелге жұмыс көп. Томашақ тереді, құдықтан су тартысады. Күн ұзағына шешесіне жәрдемдеседі. Тіпті ойнауға қолы тимейді. «Батсайы келін болады» дегелі қуанышты.
Батсайы — талдырмаш қана, сидиған, өңдіше қыз. Мұңлы жанары жәудіреп кісіге жасқана қарайды. Ылғи үнсіз жүреді. Біртүрлі жүзі сынық. Қолынан ісі түспейді. Байтаба, қап, шекпен тоқиды. Жіп иіреді. Әшейінде де үйінен көп шыға бермейтін Батсайы екі шал барғалы көрінуден қалды. Бір-екі жұмадан соң ол келін боп түсті. Үйінен шығарда Құбылға көрісіп аздап сыңсудың реуетін 15 жасады. Жәния басына ақ орамал бүркеді. Қибат екеуі қос қолтығынан сүйеп үйге кіргізді. Табалдырықтан аттарда Қибат:
— Айналайын, оң аяғыңмен атта! Қадамың құтты болсын! — деп тілек айтты. Құтжан:
— Ата-баба жоралғысы, — деп бата беріп, беташардың ырымын жасады да, Жәния жас келіннің басына жаңа орамал байлады. Содан кейін оны ортаға, от басына отырғызып, шай құйдырды. Өзі шоқты жаңартып, шайды еселеп қолғабыс беріп отырды. Үйдегілер әлденеше шақырса да Қабыл ұялып, дастархан басына келмей қойды.
Апасы келін боп түскесін Түгелдің үйіне Құзыр жиі келетін болды. Батсайы оны келген сайын қасына отырғызып, басынан сипайтын. Өзі кеткелі бір түрлі жасып, көңілсіз жүрген інісін оңашада бауырына қысып, көзінің жасын төгіп те алатын. Ол да әпкесін қимай, кетерде қолынан ұстап ұзақ тұратын. Қоңырқай жүзі әпкесі кеткелі қуқыл тартып, жүдеп қалыпты. Келе-келе Құзыр осы үйдің бір баласы болып кетті. Түгелмен бірге ойнайды, бірге жүреді. Екеуі үш-төрт түйені құдық басынан бірге суарады. Түйе шіркін суға қана ма? Астаудағы суды ұзақ сораптап тұрып алады. Кейде құдық маңындағы салқын, сыз топыраққа аунап, біраз көлбеп жатады. Екі бала түйенің бұйдасын мойнына байлап жібереді де, өздері ойыншық жасауға кіріседі.
Құзырдың қолы шебер. Саз балшықтан ойыншықтың түрін жасайды. Түгелдікі ондай әдемі болып шықпайды. Сыртқы нобайы жобаға келгенмен түйеге ұқсамайтын мақұлық мүсінін жерге бір ұрып быт-шыт қылып сындырады да, досына:
— Маған да түйе жасап берші, — деп жалынады.
Досы тұйық бала.Үндемейді,жасап отырған ойыншығынан көз алмастан ісін жалғастыра береді. Түгел оның икемді, шапшаң саусақтарына қызығады. Түйенің иір мойнына, салбыраған астыңғы ерні мен қылтиған құлағына қарап, өз үйінің сауын маясын жазбай таниды. «Қандай шебер еді Құзыр» деп таң қалады. «Жаны жоқ демесең, кіп-кішкентай түйе!»
— Құзыр мына ойыншығыңды маған берші. Өзің тағы жасап аласың ғой, — деп қиылады. Ол жауап беруге асықпайды, әлі кеуіп үлгермеген дымқыл ойыншықтың о жер, бұ жерін қырнап, сылап қойып: — Жоқ. Бұны бере алмаймын. Үкітайға уәде етіп қойдым. Саған басқасын жасаймын, — дейді. Түгел осы ойыншықты қалап отырса да, үндемейді. Себебі, Құзыр айтқанынан қайтпайтын бала.
— Түгел, — дейді ол бір мезгілде. — Менің қарным ашты. Таба наның бар ма? Түгел қойнынан бір сындырық нанды суырып алып, досына ұстата қояды.
Ол өз қолынан жаңа ғана шыққан түйенің мүсінін қарсы алдына қояды да, қолының сазын екі тізесіне сүртіп нанды жей бастайды. Түгел демде күн көзіне кебірсіп қалған ойыншықты қолына алып қызықтай бастайды. Қанша іждаттап қарағанмен бір мін таппайды. Шынайылығы сондай, жан бітсе көз алдында қыбырлап жүріп кететіндей.
— Түгел, — дейді досы ойыншықтан көз аудара алмай отырған балаға қарап:
— Ертең ет ала келсейші. Шоққа көміп жейміз.
— Жарайды, әкелейін, — дейді Түгел. — Осындай әкелсем бола ма? — Ол сұқ саусағының ұшымен дымқыл жерге әкелетін етінің көлемін сызды.
— Жоқ. Ол көп қой. Мынадай болса жетеді, — деп Құзыр өзінің қос жұдырығын көрсетті.
Ол айтқанындай Түгелге түйе жасап берді. Онысы алдыңғысынан гөрі ірілеу болып шықты. Екеуі томашақ теріп, ет пісіріп жеді. Қоламтаға көмген ет дәмді болады екен. Ұнағаны соншалық күнде көміп жейтін болып алды. Сонымен бірге Түгелдің ойыншығы да көбейе түсті. Ол досы сыйлаған түйені де, итті де, ителгіні де жасырып көйлегенің етегіне орап әкеліп кебеженің бір бұрышына жинап жүрді. Есесіне қаптағы ет те ортая берген. Соны аңдап қалған шешесі:
— Сен осы кепкен еттен алып, итке салып жүрген жоқпысың? — деп сұрады.
— Жоқ, — деп Түгел өтірік айтты. Ұрсар деп қорықты. Бірақ, ұрлық жата ма? Жария болды.
Қуат қақпан көріп келе жатып, су басындағы балалардың бірдеңені бықсытып жағып жүргенін көріп, үйге айтып келген. Үйдегілер «тышқанға түтін салып жүрген ғой» деп қоя салған. Көп ұзамай Түгел тұп-тура ұрлық үстінде ұсталды. Төрдегі қаптан кепкен етті алып, жерге жайып жіберіп, сұрыптап отыр еді, қолына бір домаланған үлпершек түсті. Түгел қуанып кетіп, қойнына тығып алған. Еттің қалғанын қайта салуға үлгермеді. Есіктен Жәния кіріп келді.
— Оны қайда апарасың? — деп сұрады анасы. Түгел шынын айтты.
Жәния кешірімі мол, балажан әйел еді. Үндемеді. Көйлегінің сыртынан бұлтиып тұрған үлпершекті алып қалды.
Түгел сол күзде досынан біржола айырылған. Құзырдың әкесі Қызылсу жаққа көшпек болды. Әділдер аң қуалап, құм аралап, бөліне берді. Көршілерден айырылу оңай болған жоқ. Әйелдер жыласып-сықтасып, құшақтары жазылар емес, балалар да бір-бірін қимай, қатты қиналды. Кіршіксіз таза көңілмен табысқан достан ажырасу Түгелге де қиын тиді. Ержан үйінің көші бір жалдың басынан асқанша ебіл-себіл болып ере жүгірген баланы Қабыл үйге әрең ертіп әкелген. Батсайы онан әрмен, күн сайын көзін сулап, төркінін қимай қайта бекіткен.
— Қойыңдар енді, құрымағыр кілең,— деп ұрысты ол бір күні ашуланып. — Туғанын қасына ертіп жүрген кім бар? Бірге тумақ бар да, бірге жүрмек жоқ деген. Он бесімде кетіп едім, міне, әлі күнге туған-туысымды іздеп төркініме бір бармаппын. Өлген ештеңеміз жоқ. О несі, тый, кәне, жасыңды, Батсайы. Сенен басқа кісіде туған-туыс жоқ деп пе едің?
Зерек келіншек кемпірдің сөзінен соң сап тыйылды.
Үш үй жұбын жазбай, Шұқыр ойға қыстап шықты. Келер жылы аң босып: ұшқан құс, жүгірген аң жер ауып жоғалған. Көктем шығып, күн қыза бастағанда, әкесі бұрын-соңды айналыспаған жаңа кәсіпке көшті. Өткен қыс қарлы болған. Борамай жауып, түскен жеріне тегіс сіңген. Аздаған малды шырғал 16 жасап суарып, көп азаппен қысты өткізіп еді. Қар күн қыза жентектеліп, желімдей жабысып, жерге сіңіп, ой мен қыр суға малған мақтадай ылжырап босаған. Дәл осы шақта Әділ мен Қабыл тынбай тырбынды. Су сіңген ұйыққа егін екті. Түгел бұл жойқын тырбаныстың жөнін сұрағанда, әкесі: «Биыл егін саламыз. Астық, жеміс егеміз» — деген. Соған қуанған Түгел де қолынан келген көмегін аяған жоқ. Үлкендер жер дегди бастасымен алдын ала даярлап алған ағаш соқаны сары атанға жегіп, жер жыртуға кіріскен. Ояңдау жерге жүгері, тары, шет-шетке жантақ түбіне қауын-қарбыз дәнін көміп тастады. Жаздай балаларға жұмыс табылды. Егіннің арам шөбін жұлады. Егістікті айнала ағаш қарақшылармен қоршап, ескі көйлектерді алба-жұлба қылып ағашқа кигізіп қойған. Кейбіреуінің басында құлақшын, кеудесінде бешпет. Себебі, күзге салым астық пісе егістіктің үстін торғай жауып кететін. Тағы сөйтті. Торғай біткен егін үстінде. Жыртылып-айырылады. Түгел мен Үкітай қолдарына жарғақ тері алып оларды қуып әлек. Күндегісі осы.
Ақыры мол бейнеттің рахатын көрер кез таяды. Ала қарбыздар жантақ түбінде теңкиіп-теңкиіп домалап жатыр. Сары, ала шұбар қауын иісі күндік жерден аңқып, кісінің аузынан сілекейін ағызады. Түс ауа күн ысиды. Әкесі үй іргесін көлеңкелеп отырып шел басу үшін Түгелді қарбызға жұмсайды. Жантақ түбінде жамбасы жартылай жерге көміліп жатқан қара жолақ қарбыздар әрі шырын, әрі сап-салқын. Оны жеген кісінің мейірі қанғыш. Түгел қарбызға қарай беттесе, соңынан кішкентай қарындасы Мәнет те ере жүгіреді. Түгелдің өзі зорға көтеретін үлкен қарбызды үйге жақындағанда:
— Өзіме бер. Дарбызды мен апалам, — деп қыңқылдай бастайды. Анадайдан бәрін көріп отырған Әділ:
— Бере қойшы. Күшін байқасын, бәлем! — дейді қызының қиқарлығына жылқы тістерін ақсита мәз болып.
Түгел қарбызды жерге қоя салады. Мәнет оны жерден көтере беріп, торс еткізіп жарып алады. Онымен қоймай, ызаланып жерге отыра кетеді де айқайға басады. Әбден тырсылдап піскен қып-қызыл шырын қарбыз жайрайды да қалады. Орнынан қозғасаң уылжыған бал шырыны жерге төгіледі. Сондықтан сол жатқан жерінде балаларға жем болады. Ал, Түгел әкесіне қарбыздың басқа біреуін апарып береді.
Сол жылы өнім мол, егін бітік шықты. Астық сақтайтын арнайы қос тігілді. Қап-қап астықты текшелеп жинап алған үй иесі көңілін бірледі. Алда қылышын сүйретіп тағы бір қыс келеді. Қызылсыраған аңшылардың тістері қыши бастады. Жас ет жемегелі біраз болған. Қақтап алған азықтары күн санап азайып, қаптың бүйірі босай бергесін, көже қатық қылып, шоққа салып тістейтін боршасы да таусылып, шайды талқы ішетін болды.
— Суық түспей теңіздің жағасына жетіп алайық — деп, айдынның жағасына келіп қонды. Теңіздің түбі таяз, жағалауы құмақ бұл қойнауын ел Ақсу деп атайтын. Өзі балығы мол жер болып шықты. Мөлдіреген тұнық судың астынан жоғалған инені табуға болатындай. Жағада су бетіне шығып тұрған атандай алып қойтастар көп. Шет-шеті көкжиекпен ұштасып, көк аспанмен астасқан ақ айдын дір-дір етіп, толқиды да жатады.
Туламайды, тербеледі. Шуламайды, шайқалады. Алып астау бетіне ақ жібек орамал жапқандай желбірейді де жатады. Тұп-тұнық су астында балық қойдай өріп жүр. Аңшылардың ендігі көздейтін аңдары — сол балық. Қолдарында өздері жасаған шанышқы. Ұшы айыр қармақ сияқты істік, сабы ағаш. Екеуі сол екі айыр ілмекті шанышқымен күн ұзағына қойтасқа шығып, балық шаншады. Түгел көмекші. Құйрығымен қойтасты сабалап жатқан жып-жылмағай қара балықтарды қапқа салып, жинайды.
Балық шаншу үшін де шапшаңдық, дәлдік, былай айтқанда, шеберлік керек. Әділ ол іске де тез машықтанып алды. Қимылы ширақ, кәнігі аңшы тастан-тасқа лақша секіріп, су астында жылмаң қаққан қара балықтарды түйрегенде қимылына көз ілеспейді. Тақтайдай тегіс жалпақ тастың үстіне балықты мұрсатта үйіп тастайды. Түгел сол балықтарды қапқа салып, қайраң құмға төге береді. Құмға тасталған шалажансар қара балықтардың бұлқынысы біразға дейін басылмайды. Тыпыршығаны тыйылып, тыныш тапқан жансыз балықтардың ішін жарып, тазалаушы — Жәния мен Батсайы. Атасы мен Құтжан қолдарына қажарлы пышақ алып, тазаланған балықтарды ұзына бойы тіліп, тұздап, күн көзіне кептіруге қояды. Тап бір балық әзірлейтін кішігірім зауытша барлығы жұмылып қыс қамына кіріседі.
Кей күндері теңізде дауыл тұрып, таудай толқындар тайталаса келіп жағаны сабалайды. Теңіз беті сапырылысып, ойран-ботқа болады. Ақ көбігі аспанға атып, арсылдап айбаттанып жатады. Тай қазанда қайнап төгілген ащы құрттай асып-тасып арнасына сыймайды. Ондай күндері балық ауланбайды. Зым-зия жоғалады. Тереңге қашады. Аңшы үйіне бәрібір тыным жоқ. Әрқайсысы қолына бір-бір қапшық алып, теңіз жағалап жұмыртқа жинайды. «Бүгін Қарабайдың жұмыртқасын тереміз» деп Әділ бала-шағасын соңына ертеді.
Қарабай - қарғаға ұқсас құс. Жұмыртқасы аппақ, ірі. Бірақ, оны үйге жеткізу қиын. Көбі жолда жарылады. Жәния қара қазанды толтырып асады. Бетімен бірдей қылып шүпілдетіп жұмыртқаны салады. Жұмыртқа — жеңсік ас, әрі тоқ.
Кейде әкесі қарабауыр, бұлдырық секілді құстарды аулайды. «Құс етінің кенеуі жоқ», -деп үлкендер онша тамақсынбағанмен, құс еті дәмді. Қарын аш болмайды.
Теңіз жағалауында балықшы ауылдар отырады. Балықшылар — теңіз аңшылары. Сондай бір балықшы Ораз деген бар. Әділ бірде баласымен Ораздың үйінде болған. Балықтан олжалы оралған Ораз қайықты нән-нән шоқыр 17 мен қорытпаға толтырып келіпті. Тіпті біреуін тұмсығынан байлап қайықтың құйрығына тіркеп алыпты. Балықшының шайыр исі мүңкіген қосынан түйір сорпаға 18 тойған қонақтар кештете ауылға қайтты. Кетерде қайықтағы олжасын құйрығынан ұстап құмаққа лақтырып жатқан Ораз Әділді тоқтатып, құлаш жарымдай теңбіл шоқырдың біреуін түйесіне байлап жіберген. Кейбір үлкен балықтар бір кісіге әл бермейтін көрінеді. Ірілері бір түйеге жүк болады-мыс. Әділ шет жағасын көзімен көргесін балықшының бұл сөзіне шәк келтірмеді.
Кеш бата Әділдің алдынан шыққан балалар құйрығы жер сызған күміс теңгешіктері алақандай ала шұбар балықты көргенде қуанғаннан үйлеріне қайта шапқан.
— Жеңеше, көкем балық әкеле жатыр, — деп қиқу салған айғайдан үйдегілер сыртқа шыққан.
Расында да түйе соңында шұбатылған бірдеңе сүйретіліп келеді екен.
Жалма-жан жер ошаққа от жағылды. Қара қазан мәймілдеп асылды. Балық арық екен. Ішінен бір табақтай қызыл сары уылдырық шықты.
— Бәрекелді, «өзен жағалағанның өзегі талмас» деген, осы — деп, Әділ де жымың-жымың етеді. — Білгенге теңізде несібе көп қой. Біз тілін білмейміз. Мына Ораздар кәнігі балықшы. Құрал-сайманы сай. Жарықтық, теңіз қасиетті ғой. Өзінен несібе дәметіп ау салғандарды аш қалдырмайды — деп өзіне ойламаған жерден кезіккен олжаға ырза боп қалды.
Аңшылар секілді, балықшылар да ауы толық күні тап келген кісіге сыралғы береді екен. Бұл сондай сыралғы балық еді.
Уақыт дөңгелегі бір орында тұрған ба? Киік күндер заулап ағып, көзді ашып-жұмғанша қақаған қыс та келді. Сол қыс ала бөтен ақ түтек бораны мен ақ бас қарын ала келді. Жер-көк тегіс ақ қар, көк мұз. Қылтиған шөп басы көрінбейді. Қар үсті-үстіне жауып, қуыс-қуысты сыпалап толтырған. Жер беті жып-жылмағай. Сондай ақ түтек боранда жан бағу, тамақ табу үлкендердің мойнында. Отын-су Жәния мен Қибаттікі, Қуат пен Құтжан да қарап отырмайды. Қолдағы бір-екі түйеге шөп аршып діңкелейді. Табаны жеміріліп, мұзға тайғанақтаған түйені қазыққа байлап, алдына шөп шауып салады. Екі-үш үйдің тамағын тауып, асыраушысы Әділ мен Қабыл.
Ақ боран соғып, қар ерсілі-қарсылы сыбап жауып тұрған. Айы күніне жетіп отырған Батсайы босанып қалды. Үйде бас көтергеннен Түгел бар болатын. Алдында ғана тобығын тайдырып алып, Қуатқа тандырып, шерттеулі 19 жатыр еді. Бір мезгілде Батсайы бебеулеп толғата бастады. Түгел лекерлеп тұрып, қазандыққа қар жылыта бастады. Су тегін. Қар үйді орта белінен көміп тастаған. Есікті ашсаң, қар әзір. Түгел Батсайымен бірге толғатып, ағыл-тегіл жылап жүріп, шешесінің тезірек келуін тіледі.
Қырсыққанда ешқайсысы жоқ. «Біреу-міреу көрінбес пе екен?» — деп тағатсызданып, тысқа шығып тұр еді. Ақ түтектің арасынан бір аттылы кісі шыға келді. Түгел қуанғаннан айғай салып, аяғының ауырғанына қарамастан айғайлап алдынан жүгірді. Әлгі кісіні үйге ертіп келді. Ол есіктен кірісімен бала да шар еткен. Жолшыбай жігіт кіндік кесті. Соның арасынша сырттан әйелдер де жетіп, қызыл шақаны өз қолдарына алған.
Кешке аңшылар екі арқарды қарға сүйретіп әкелді. Туған қыздың «несібесі зор болар» деп, атын Несібелі қойды. Қибат еркектерге: «Арқарды сойың» — деп бұйырды. Қардың суына бір шылап алған шарананы бесікке таңып, сыртынан жас терімен қаптап тастады. Сол екі арқардың терісі сәбиді қыстан аман алып шықты.
Кіндік кескен жігіт суыт жүріп кеткен. Кетерінде: «Біз мына төбенің астында отырмыз. Ертең шешем қалжасын әкелер» - деп, ақ түтекке қайта сүңгіген. Дәл бір құдіреттің жарлығымен кіндік кесуге келген періште секілді. Сол кеткеннен зым-зия ғайып болды. Түнімен қар қопалақтап тағы басып салған. Тысқа тұмсық шығару мүмкін болмай қалды. Өкініштісі жігіттің есімін сұрау да ешкімнің есіне келмепті.
Сол жылғы омбы қардан қойы жайыла алмаған Басығара жұтап, мыңғырған малдан қол көтеріп, тігерге тұяқ таба алмай, таяқ ұстап қалыпты.
Аңшы деген өлермен халық қой. Қыс қысқан сайын қырық тесік қараша үй азынап, суық сай-сүйектен өтіп, отынды үсті-үстіне жаққанмен жел тесік-тесіктен жылуды суырып әкетеді. Бір үйлі жан бүрісіп, бір-біріне тығылып, тазы итті аяқ жаққа алып, қойындасып жатады. Отты үзбей жағады. Тулақ, тері біткенді іргеге тұтып, бітегенмен қуыс тауып кірген суық бойды қармап, тоңдыра береді. Көпшіліктің қызуымен, қазанның буымен аздап жылынған киіз үйде жан сақтауға тура келді. «Жыртық үйдің құдайы бар» демекші, әйтеуір мал басы аман. Бала-шаға от басында, күпіге, көрпеге оранып отырады. Отын әкелу – күш. Қибат, Жәния, Түгел бәрі жабылып отынға кетеді. Кейде белін буып Батсайы да барады. Көп бейнетпен әкелген отынның күндегісін күнде жағып тауысады. Үзбей жаққасын түттірмейді. Үш әйелдің қажарлысы — Жәния. Қапсағай денелі, ер тұлғалы әйел қайратты еді. Екеуінің бөліп зорға арқалайтын отынын бір өзі бұйым құрлы көрмейді. Отыны - сексеуіл, қара бұта, дүзген сияқты бұтасын шөп. Қалың сексеуілдің ішіне кіргесін Жәния айналасын әп-сәтте көре қылып, теуіп сындырып, тау төбе қылып үйген отынды теңдеп буып, арқасына салып алады.
Көзі жалтылдаған қара торы әйелдің шапшаң қимылдап, үйге асығатын орны бар. Өңкей уақ бала от басында қараусыз қалатын. Сондықтан оның ойы түзде жүрсе де от басынан ұзамайтын. «Баланың шалалығы болмай тұра ма? Бірдеңеге ұрынып қалмаса болар еді» деп үйіне жеткенше дегбірі қалмайды. Ойлағандай бірде отыннан оралғанда оқыс оқиғаның үстінен түскен. Үйде қалған баланың үлкені Үкітай болатын. Он бір-он екіге келіп қалған естирақ қыз. Бірақ, ойынға алданып отырғанда, кішкене сіңлісі етегіне шоқ жабыстырып алыпты. Отын арқалап келе жатқан Жәния есік алдына шығып, қалқиып тұрған кішкене қызын көргенде-ақ бірдеңе болғанын сезді. Себебі, омырау тұсынан бұлдырап бықсыған шарық жіптей түтінді байқаған. Ана байғұс арқасынан отынын тастай беріп, жүгірген. Жүрегі дүрсілдеп аузына тығылды. Келсе, қызының күпісінің етегі күйіп, мақтасы тұтап тұр екен. Болмашы түтіні мойнынан шығып тұр. Отты сөндіріп, дереу қызының денесін жалаңаштап қарады. Іші қарны ып-ыстық, киімі ыстанып қалыпты, әйтеуір, етіне тимеген. Әрине, ол үшін Үкітайдың емін берді. Бесіктегі балаға алданып отырып, сіңлісінің сыртқа шығып кеткенін де байқамаған екен. Ал, Мәнет, сірә, денесі қызғасын суыққа шыққан сияқты.
Ақыры аңшы ауыл амалға 20 іліккен. Әупіріммен әзер өткізген қыс етек-жеңін жиған жазғытұрым уақта Әділ:
— Қыстан аман шықтық қой. Балалар да қызылсырап жүр — деп саулы іңгенінің жыл шығып тұрған сүт тайлағын қызыл іңірде пышаққа ілген. Азық арасы аз ғана үзіліп қалған тұс еді.
— Мә, Қабыл! — деп, өркеші сыпырылған тайлақтың жон етін тіліп алып, інісінің қолына ұстата берген. —Бер, Жәнияға, қуырсын.
Қараңғы түсіп кетіп, қалғанын ертең союға мәжбүр болды.
Түзде жортқан дала бөрілері — аңшылар, сөйтіп, тағы бір қыстан аман шыққан.
Жаз шыға күн қатты ысып, шөп қурап, жер қуаң тарта бастаған. Үлкендер өзара ақылдасып, алдағы күнелтіс жайын кеңескен.
— Көшелік, — деді Әділ. — Биыл жер қу, аң аз. Құмға қарай ауайық.
— Әділжан, бізді тастама! Сен қайда жүрсең, біз де сонда барамыз, — деді Құтжан. — Панамыз да, баламыз да өзің!
Баласыз кемпір-шал нәпақасын Әділдің олжасынан айырушы еді.
Әділдің әке-шешесіндей болып кеткен кәрілерге бала-шаға да бауыр басып қалған.
Жолай аңшылап, әр жерге екі-үш күндеп ерулеп жылжи жүріп, жаз ортасында Қарынжарықтың 21 ащы ішектей шұбатылған құмынан шығып, үркердей ауыл тағы көшті.
Көш-жөнекей Жәния ауырып қалып, балаларға қарай алмай, кішкене баласы Бегіс айдан шошынып өлді. Екі-үш күн еліріп, қызулап жатып таң ата үзілді.
Қызылкүптің басында бес-алты үй отыр екен. Сол жерге баланы жерледі. Бегіс Мәнеттен соң туылған жас жарымдағы бала болатын. Өзі отырған орнынан қозғалмайтын байсалды, балпанақтай сүйкімді сәби еді. Оның сол мінезіне қызығатын Қибат: «Жәния-ау, сен осы бар-ау, Бегістен көрерсің қайырды. Ана Түгел ме, оны қой. Ол бір шыбыштың құйрығы құсап шошаңдаған бәле ғой» — дейтін. Сол сап-салмақты, бүйрек бет, қоңыр қозыдай монтиған баласынан жолшыбай қапыда айырылған Жәния түтігіп, қатты қайғырған. Әділ қанша дегенмен азамат емес пе? Не де болса, ішінде. Бірақ, баласының мезгілсіз өлімі оның да қабырғасына қатты батқан сияқты. Бірер күнде қоқиып мұрны қалыпты. Ебіл-себіл жылап, Жәния жас қабірге жиі баратын. Бірде «баланың топырағын ит тырнап тастапты» деп қатты уайымдап жылап, налып оралды. Ананың көз жасын көрді ме екен, ашық күнде аспанға теңгедей бұлт үйіріліп, селдетіп құйып жіберді. Шелектеп құйған сол жаңбырдың суына ата-анасы балшық илеп, жусан қосып қабірдің үстін жылмитып майлап тастады. Соңынан қатты ысыған күн көзі қабірдің үстін мұрсатта кептіріп, тастай қатырып тастады.
Ертесіне аңшы үйі тағы көшуге жиналды. Жылай-жылай бір құлынын Қызылкүптің басында қалдырып, Жәния да көшке ерген. «Өлгеннің соңынан өлмек жоқ!». Өмір жалғасын таба берді. Қоңыр қошақандай сол сүйкімді баласының қазасы қатты батқан шешесінің жағы суалып, көзі шүңірейіп жүдеп қалған.
Түйесу 22 бойы әр жер әр жерде он шақты үйден оқшау-оқшау отырған ызғындай ел екен. Әділ әдетінше шеткерірек қонды.
Аңшы үйі құла дүзде домаланған қаңбақ секілді. Қаңбақты жел аударса, аңшы аң көздеп әр жерге өзі ауа береді. Қайда көлдеу бар, қайда жауын жауып, қақ түсті? Бәрі де кәнігі аңшы назарынан тыс қалмайды. Тіпті аспандағы бұлт, жердегі желді де бақылай жүреді. Қоянның жымы, саршұнақтың іні, құмырсқаның илеуі, құстың ұшып-қонуы, шөптің шығысы, таңның атысы мен күннің батысы, айдың туысы, ең азы түйенің тапырақтағанына дейін — ауа құбылысын күн ілгері болжау үшін бұлтартпас дерек көзі. Табиғаттың жанды-жансыз хабаршыларының түрлі қимыл-қозғалыс, бояу реңкіне қарап сансыз мысал, түрлі айғақ табады. Болашақтағы көші-қон бағытын жоспарлап, жерін белгілейді. Жаяу кезіп, маңайдағы құдық, қыстау қашықтығын шамалай жүреді. Жақын арадағы ауыл, төңіректегі елге де құлақ түріп қояды. Хабар-ошар ала алса, құба-құп. Онда елге қосылғандай елеңдеп қалады. Бірақ, несібесін түзден тапқан аңшы болғасын көпшіліктен саяқ жүреді. Себебі түз аңы үркек. Дабыр-дұбырды, шаң-шұңды жаратпайды. Үйір-үйірімен елсізде жосып жүреді. Соңында аңшы. Сары далада сағым қуып қаңбақтай домалаған аңшы үйі сай-сайды сағалап, кемер-кемерді жағалап көшеді де жүреді. Жазда қырға шығады, қыста ойға құлайды. Қонбаған құдығы, ішпеген суы аз. Сөйтіп, көше-көше теңіз жағалай жүріп, Қайшылының 23 сыртында біраз кідірген.
Қастарына көп ұзамай өздері құсаған жалғыз үй аңшы келіп қоңсы болған. Күрбек деген мерген. Басы шағын. Бұрынғы әйелі бала үстінде өліп, біраз салт жүріп барып, жақында ғана бір жас келіншекке қосылыпты. Жөргекте нәрестелері бар. Сақайып қалғанда көрген баласын ол жанындай жақсы көретін. іңгәлап жатқан қызыл шақаны қолына алып, бақыттан жүрегі жарылардай бауырына басады. Баласын көзінен таса қылмау үшін үйінен де көп шықпайды екен. Аңға шығатын кезі — намаздыгер мен намазшамның арасы. Апақ-сапақ мезгіл. Үлкендер: «Күрбектің бір ешкісі төбенің астында байлаулы тұр ғой. Қазір барады да алып келеді» — десетін. Сол айтқандары айнымай келеді. Күн ұясына қонар шақта үйден елеусіздеу шығып кетеді де, құнжаңдап төбені айнала беретін. Соның арасынша жұрт бір ешкіні иығына салып келе жатқан Күрбекті көретін. Оның мергендігі — Тәңірдің таңғажайып құпиясы сияқты еді: бейне бір аңды сиқырмен арбап ұстайтындай. Мылтық кезеніп, аң көздеп отырғанын да ешкім көрмейтін.
Мергеннің жуас, болбырлау, ұзын өзекті, аққұба келіншегі Қама жасқа толмаған сәбиінің жаялығынан ауыспайтын. Сондықтан үйдің отын-суы да Күрбектің мойнында. Кейде тіпті баласының жаялығын да өзі жайып жүретін. Бұндайда тілі шалпы Қибат бір сөйлеп қалатын.
— Бетім-ау, ана жылы су қатынның бір баланың жөргегін құрғатуға жетіспейтін болғаны ма? Күрбек байғұс басқа жұмысты жиып қойып, жаялық жуып жүр ғой. Жәния-ау, қарашы, әнеки!
— Ене-ау, қайтсін енді. Қама болса басы ауырып, домалап жатқан шығар. Соры қайнағанның басының сақинасы бар ғой. Сосын Күрбек баланы шырқыратып қоя ма, астын құрғату керек қой, — деп Жәния Қаманы жақтап жататын.
Күрбек Әділ мен жандай құрдас. Екеуі қатты әзілдеседі. Үлкен ала көзді, қошқартұмсық, кемиектеу, көсеудей қара кісі мінезге бай. Құрдасының уытты қалжыңын аппақ тістерін ақсита күліп қалтқысыз қабыл алады. Оның бір осал жері — шайқор. Әрі оны баптап, іргені қымтап, терлеп-тепшіп ішетін. Соны көрген Әділ:
Шай дегенде шабылған,
Күрбек деген қағынған,
Шайқор еді неғылған?
Бір шәйнек суды өзі ішіп,
Бар қомытын жамылған, — деп өлең де шығарған.
Сол Күрбектің басында күзге салым қайғылы оқиға болды. Қама қаланың қызы еді. Төркіні Шағадамда 24 . Екі арадағы жол қиын. Тау бауырымен қиялап жалғыз аяқ жолмен түсесің. Арғы бет — қалың жатақ. Күзгі жайма шуақта қарақұлақ болып қалған баласын алып түйемен жолға шыққан Қама қалаға кеткен. Кепкен аң етін екі жағына теңдеп алған келіншек құндақтағы сәбиін алдына өңгерген.
Құдай төбеден ұрайын десе, сол ғой. Әшейінде баладан көз жазбайтын Күрбек оларды екі аралықтағы шатқалдың қиын тұсынан өткізіп жіберіп кейін қайтыпты. Әйелі екі-үш күнде оралуға тиіс екен. Әйтсе де сол сапардан апта өтсе де келмеді. Күн өткен сайын ол қатты мазасызданған. Ақыры қасына Қабылды ертіп, алдынан шыққан. Екеуі қос қатта қозғалмай тұрған Күрбектің қара маясын көргеннен шошыныпты. Күрбек сонадайдан еңіреп жүгіре беріпті. Қабыл да соңынан тұра ұмтылған. Тау баурайындағы қия жолда тұрған түйе екі иығының жүнін тықырлап тауысуға айналған екен. Қабыл теңін шешіп алып, түйені жетектеп төмен түсіріпті. Қосқаттың асты терең сай еді. Күрбек сол биіктен бұта бұтаны қармай, тіке төменге құлдилапты. Қабыл қасына жақындағанда сақалын жұлып айғай салып жылап отыр екен. Бір жерде Қаманың, бір жерде сәбидің өлі денесі жатыр. Қаманың құлаған кезде мойын омыртқасы қайырылып сынған сияқты. Аузынан аққан қан жерге қатып қалыпты. Сәбидің құндақтаулы күйі көзі жұмық қалған.
Сірә, түйеге артқан тең тар жолдан өтерде жарға тиіп жүргізбеген болуы керек. Түйе қорқып кейін тұрып қалған кезде аңдаусыз отырған әйел баласымен бірге ұшып кеткен сияқты.
Қабыл Күрбекті зорға иліктіріп, өліктерді маяға артып ауылға алып келгенде оның есі кіресілі-шығасылы еді. Бірде жылап, біресе күліп, өзін-өзі тоқтата алмай отырды. Содан оны күйік көтерді. Төбе басындағы қос қабірдің басына барып, бүк түсіп жатып алатын болды. Үлкендер ақылын айтып үйіне алып келгенмен, көп өтпей-ақ ол қайта сол жерге барып жатып алатын.
Екі төмпешікті көріп отырғанда Күрбектің қайғы жұтып өлетінін түсінген қарттар жұрт аударуды ойлаған. Бірақ, Күрбек сонда да күйіктен айыға алмады. Үйіне жақындаған адам зарлы жоқтауды еститін. Бірде сондайдың үстінен Әділ де шығыпты. Өзі кіруге бата алмай, шалдарды ертіп барып, зорға тоқтау айтқан.
Бірде таң ата тысқа шыққан ауыл адамдары Күрбектің үйінің жанып жатқанын көреді. Бір-біріне хабарлап жан ұшыра жүгіріп барса, ол өртеніп жатқан үйінің қасында үнсіз түнеріп тұр екен. Үйінен түк қалмай жанып кетті. Өзі қара маяға мініп, мылтығын мойнына асынып, қала жаққа жүріп кеткен.
Сол кеткеннен одан хабар-ошар болмады. Кейін ет сатуға базарға барған Жәния Күрбекті көргенін айтып келді. Ол базарда қайыр сұрап отырған көрінеді. Есі ауған болуы керек. Жәнияны бетпе-бет келсе де танымапты.
«Жұт жеті ағайынды» деген, биыл да егін шығып жарытпас, қуаңшылық болатын түрі бар» — деп, әкесі жаз шыға қала сыртында жаңадан ашылып жатқан сұлпат кәсіпшілігіне көшпек болды. «Жұмысшыларды ас-суға тарықтырмайтын көрінеді» деген дабырыққа ылығып, буынып-түйініп, бір күнде тартып кеткен. Қабыл екеуі тәшкі айдаушы боп жұмысқа тұрды. Жұмысы ауыр. Жері қапырық ыссы. Ең жаманы — есер бригадир. Кең далада еркінше жүріп қалған Әділге әсіресе соның қит етсе қоқаңдай беретіні ұнамады. Ойламаған жерден үйіне балдызы Дүйсен келіп қонған. Бір серкешті сойып ала келіпті. Соның сорпасын ішіп, қаужаңдасып, түнімен әңгіме-дүкен құрысып кеш жатқан. Ертесіне үзікті сабалаған атты адамның айғайынан оянды. «Әй, Әділ, сені ме! Тұра тұр бәлем, ақ тоныңды кигізермін! Күн шыққанша байдың баласы құсап бұ қай жатысың? Өй, жалаң аяқ жаман аңшы. Тұр кәне!» — деп айғайға басып тұрған бригадир екен. Есіктен Жәния шығып: «Үйде кісі бар еді. Қазір барады» — деп жөнін айтқанша болмай, әлгі бригадир атын борбайға бір салып, дүсірлетіп шаба жөнелген. Ат үстінде қорқытып үркітіп тағы айғайға басып барады. Даусы жер жарады.
Дүйсен оның оданы 25 қылығына бас шайқап: «Бұл немене өзі? Жан алғыш па?» — деп біраз күлген. Әділ сол шолақ белсендінің, көрер көзге өзін басынып, үйін сабалап, төбесінен қамшы үйіргеніне үйренісе алмай қойған. Қарауындағы жұмысшылар, бел қаста, соның басыбайлы құлы сияқты.
Кәсіпшілікте істейтіндер кілең кедей-кепшік. Не мал жоқ, не күреп тауып жатқан табыс жоқ, әйтеуір өлмешінің күні. Небір нардай жігіттер бес-алты айда белі кеткен түйедей кирелеңдеп, бүкшиіп қалыпты. Өзі де тәшкі айдаймын деп белден шойырылған. Тұзға түсіп әзер айыққандай болды. Оның үстіне жатақ болып жан бағу көңілін көншітпеді. Ақыры көндіге алмай: «Бұл жұмыс маған қол емес екен. Қит етсе белім кілт ете түседі. Ауыр зат көтеру жақпады. Әрі даланың таза ауасына үйренген қайран басым, сүлпәттің мүңсік иісіне көндіге алар емеспін» — деп айнып қырға қайта көшуге бел байлаған. Бірақ, Қабыл ағасына еретін рай танытпады. Қуат та кенжесімен бірге болуды қалады. «Екі қолға бір күрек табылар, — деді Қабыл, — аң-құстың соңынан ауандап қашанғы қаңғи береміз? Әрі қанша дегенмен елдің іші жақсы ғой. «Елде болса ерініңе тиеді». Көпшілікпен бірдей болармыз». Құтжан да құрдасынан айырылғысы келмей, көшпеді.
Әділ өз дегенінен қайтпады. Үстіртке өрлемей, оқшауырақ құм арасына көшіп барып, қоян қағып, құс аулады. Отырған жерінің бір жағы — құм, бір жағы — бұйраттық. Қоян қалың болатын тұйық-тұйыққа қақпанды құрып тастайды да кешке таман бес-алты қоян алып қайтады. Жылыстай-жылыстай барып, Жаңғақтың ойына құлаған.
Жағалай отырған ызғындай ел екен. Сол арада қыстап қалды. Қыс бекігесін бір кәрі түйесін соғымға сойып алған. Қыстай соны азық қылып балалардың қарнын ашықтырған жоқ.
Бір кеште астауды алдына алып, отбасы тегіс қаужаңдасып жатқан. Қапелімде Мәнеттің бар-жоғын аңдамапты. Тұзға піскен дәмді шыжықты тамсана жеп, ерке қыздың жоқтығын байқамай қалған үй іші өзді-өзі жапыр-жұпыр болып жатқан. Соған қитыға қалған қыз үндемей бір бұрышта бұғып отыра беріпті. Бір кезде оған көзі түсіп кеткен Жәния:
— Әй, сен неге жақындамайсың? Шыжықтан құр қаласың ғой - деп еді.
Қыз одан бетер шолжаңдап:
— Маған бөлек табаққа салып бер. Өйтпесең, жемеймін! - деді.
Әділ әйеліне «үндеме» деп ымдаған. Сондықтан одан әрі бәрі түк байқамағандай тамақты еңсере берген. Табақтың түбі көрініп, тықыры шыға бастағанда, одан әріге шыдай алмаған Мәнет:
— Е, мынау май ма өзі? — деп тұра ұмтылған. От басындағыларды ерке қыз тосын қылығымен қыран жапқандай қылды. Табақта қалған шыжықты үйдегілер Мәнеттің алдына қойды.
Жаз басында Әділдің мылтығы аңға дарымай, далаға кетіп жүрген. Шайға қара түз тістеуі жаман еді. Бақса, Жәния жерік екен. Күйеуінің мылтығы аңға тимегесін қоңсысы Құрмаш дегеннің мылтығына бір шаршы сәтенге бір-екі теңге түйіп байлап, ырым жасаған. Содан соң бұларды біраз уақыт Құрмаш асырады.
Әділ аса балажан адам еді. Балаларын ұл-қыз деп бөлмейтін. Әйткенмен, «Түгеліме серік болар ма екен» деп әйелінің жүкті екенін білгесін іштей ұл дәметіп жүрді.
Күн аяз еді. Әділ ертелеп аңшылап кеткен. Таңертең ұйқыдан оянған Түгел шешесінің бір орында байыз таппай сенделіп жүргенін көрді. Абырой болғанда әкесі тез оралды. Иығына салып келген ешкіні «сой» деп Түгелге бұйырды да, өзі қазанға су жылытуға кірісті.
Бақанға арқан керіп, даярлық жасады. Үйдің күн жағына сіңлісін киіндіріп алып шыққан Үкітай анасының қиналған, ыңырсыған даусын естіген сайын жаны ашып, бырсылдап жылап жүр. Басқалары да әпкесінің жылағанын көріп, қыңқылдай бастады.
Бір кезде Әділ есіктен басын шығарып, аспанға екі дүркін мылтық атты. Соның артынша шар еткен сәби даусы да естілді.
— Түгел, сүйінші! Інілі болдың, — деді Әділ үй ішінен айғайлап. Түгел қуанғаннан тыстан жүгіріп кіріп, қызыл шақа нәрестені жалаңаш алақанына салып жерден көтеріп алды. Даусы шар-шар етеді. Түгелдің екі езуі екі құлағында. Қуанғаннан Жәния да жылап жіберді.
Әділ моншақтап терлеп, әбден титықтаған әйелін сүйей берді. Терін жеңімен сүртіп, көзінің жасын сүртті.
— Қой — деді Әділ Жәнияға. — Жылама! Әйелдің ұмытшақ ауруы емес пе? Балдарды шошытарсың!
Шынында да Жәнияның денсаулығы мықты еді. Ел орынға отырғасын босанса да, таңнан тұрып, белін тас қылып таңып, метейді алып, суға өзі кеткен. Түгел ұйқыдан тұрғанда қазандықта ет қайнап жатыр екен. Шешесі Түгелді айналадағы үйлерге жұмсады.
— Бар. Ана ауылдардың кемпірлерін шақырып кел. Біздің үйде бір бала жатыр де. Бесікке салсын!
Бар жайға қаныққасын келген кемпірдің бірі Жәнияға өкпе айтты.
— Қарағым-ай, о не қылғаның? Екі-үш күн ішетін суыңды осы ауылдың қатындары да тасып беретін еді ғой. Ауыл үйдің көмегі болмай ма осындайда? Жаңғыз үй отырған жоқсыңдар ғой! О несі, шырақ ата-ау?!
Жәния үндеген жоқ. Келген әйелдерге бар дәмін ұсынып шәйін берді. Жәния бір ауыз қарсы сөз қатпағасын ілмелі жаулықты қара кемпір де сабасына түсейін деді.
— Көрші отырғасын көршілік қақымыз бар ғой деп айтып жатқаным ғой. Әйтеуір жаның аман қалып, қол-аяғыңды бауырыңа алғасын болды ғой, — деп олар да еттерін жеп, баланы жөн-жоралғысымен бесікке бөлеп, «бауы берік болсын!» десіп үйден шықты.
Әкесі баланың атын Тегіс деп қойды. Түр-келбеті Жәнияға келіңкірейтін шұнаңдаған пысық бала боп өсе бастады.
Бұлар сол маңда тағы екі-үш жыл қыстап шықты. Бұл уақта Түгел әкесіне кәдімгідей қолғанат болды. Аңға бірге шығады. Аңшылық өнердің қыр-сырына қаныға бастады. Бір ғажабы — көздегенін алмай қоймайды. Атқыш. Бойы сырықтай бозбаланың ептілігі әкесіне тартқан.
Жаз басында төбесін ыстықтан қалқалап шүберекпен орап алған көк есекті бір жолаушы келе қалды.
Әке-шешесі шұрқырай амандасып, жарыса жөн сұрасып жатыр. Ол баяғы Құтжан қақпаншы еді. Қартайыпты. Шикіл сары өңі күнге пісіп қалған. Кішкене көкшіл көздерінің жиегі қызарып, бет терісі мыж-мыж болып тырысып қалыпты. Бұрындары қып-қызыл боп томпиып тұратын бүйрек бет суалған. Томпиған шолақ мұрны онан сайын кішірейіп кеткендей. Қояндай домаланған жұп-жұмыр Құтжан шүкейттей шал болыпты. Тек иегінің ұшында ұйысып қалған бір түп көк бурыл сақалы мен аппақ мұрты сол қалпында.
Кешікпей кемпірі екеуі келіп, Әділдің үйінің қасына әкеп қостарын қайта тікті.
Әділ үйінің «Шәмпілдек» деген айыр інгені бар. Екі шелек су ішсе қарны шәмпиіп шыға келетін. Артық су ішпейді. Сондықтан оны Жәния «Шәмпілдек» атап кеткен. Сол буаз еді. Оны ертемен Құтжан өріске тұсап жіберіп келетін. Бір күні Құтжан түйені жая кеткен жағында көп айналды. Кешқұрым мойны салбырап көңілсіз оралды. Інген жайраның ініне түсіп өліпті. Басымен інге кіріп омырауы түгел жұтылған інгеннің артқы аяғы мен құйрығы ғана шошайып көрініп жатыр екен. Әйтеуір жаны бар. Құтжан түйенің алқымына қолын әрең жеткізіп адалдап алыпты.
Көптеп көмектеп сары атан мен құнаншасының мойнына құр салып Шәмпілдекті апаннан шығарып алысты. Үлкендер түйенің қарнын жарып ішінен нар ботаны суырып алғанда ол да сирек тыныстап өлгелі жатыр екен.
Әділ Шәмпідектің етін жіліктеп, екі түйеге артып апарып Шағадамның базарына сатты. Ол алты жүз теңге ақша болды. Әділ ол қаржыға тағы біраз ақша қосып, сүті бұлақтай боталы аруана сатып алды. Жаздай ағарғанға қарық болды да қалды.
Екі үй бірігіп күнелтеді. Азын-аулақ астық таусылып, шай секер бітсе, тері-терсек, аңның етін сатып базарлап қайтады. Қала шетіндегі базарға баратын Құтжан мен Түгел.
Жаз орталай екеуі тағы базарға шықты. Сары атанға мінген Түгел мен көк есекті Құтжан сауданы тез тындырды.
Әсіресе, мұндай шаруаға Түгел пысық. Өзі жасынан әңгіме сөзге, әзіл-қалжыңға үйір. Онысын байқаған әкесі:
— Осы нағашыларына тартқан-ау?! Тіл мен жағына сүйенген сөзшең, — дейтін.
Базардан шыға бере, сол мінезіне басып:
— Уа, Құтжеке, күн жүрдік
Шаруаны тындырдық.
Артып келген теріні
Екі-үш қалта ұн қылдық, —
деп тақпақтап келе жатыр еді.
Құтжанның басы ауырды ма, Түгелдің тақпақтағанына көңіл аудармай:
— Ана ауылға соға жүрелік, — деп баурайдағы боз үйлерге қарай бұрылды. Түгел де қарсы болмады. Ауылға жақындай бере алдарынан жалы төгілген қарагер ат мінген тоқпақтай қара жігіт қарсы шықты. Түсі суық, жанары суырдың көзіндей жылтыңдаған шұнақ қара жөн сұраған екеуге елеусіздеу көз тастады.
— Есберген дегеннің аулы, — деді әлдеқайда асыққан сыңаймен атын тебініп, — Ол кіміңіз еді?
— Жиеніміз болады, — деген Құтжанның жауабын жүре тыңдап, бейтаныс жігіт өз жөніне шоқытып кете барды.
Екеуі араларын жақын тіккен төрт-бес үлкен боз үйлердің шеткісінің сыртына кідірді:
— Кім бар-ау, — деген Құтжан даусын естіп, үйден орта бойлы, шоқша сақалды келбетті кісі шығып бұлармен ашық-жарқын амандасты. Жүзі жылы, көзі нұрлы жас шамасы өз әкесімен қарайлас адамға Түгел де даусын созып, әдеппен сәлем берді.
Күмбірлеген жасаулы үйдің табалдырығын аттай бере, Түгелдің көзі бірден шай құйып отырған өзі құралпы қызға түсті. Қарсы алдындағы жайнаған қызыл шоқтың қызуынан ба, екі беті алмадай албырап тұр. Қызды көріп, состиып тұрып қалған Түгелге үй иесі:
— Төрлет, — деп жоғары жақты иегімен нұсқады. Түгел селт етіп, бойын жиып алып, Құтжанның төменгі жағынан орын алды. Ақ киіз дастарханның басында төртеуі. Шоқ қасында үлкен жез самауыр ғыж-ғыж қайнап тұр. Үш аяқты шоқ салғышта бүйірлі, ондық тас құман бұрқылдайды.Іргенің көлеңке беті түрулі.Түндік болар-болмас ашық. Үй іші қоңыр салқын.
Түгел өзінен-өзі рахаттанып, уықтан күлтелене салбырап төбесінде ілулі тұрған шашақ бауларға, айқыш-ұйқыш керілген ақ бауларға, шаңырақтың қарынан көлбей түсіп ұшы керегенің басына ілінген желбауларға қызыға қарап қояды. Өз үйі мұндай әлекей-күлекей емес. Кереге басын орай тартылған мынадай ені қос қарыс қалы басқұр да жоқ. Ныспы олақ болмағанмен, Жәния іске шорқақтау. Аяққап, байтаба, қақпа шекпен, қарала, қап сияқты керек-жарағы болмаса, іспен шұғылданбайды. Тіпті үйіндегі жаманды-жақсылы көрпе-төсектің өзі — әжесінің көзі. Өз үйінің қасында мына үй ханның ордасындай екен. Түгел тұңғыш рет көздің жауын алған қызылды-жасылды дүниеге қызыға қарады.
Көп ұзамай исі мұрын жарған ыстық шай келді. Қарсы алдында бір тізерлей отырған ақша қыз Түгелді баласынбай үлкен, ауыр тас аяқпен бұйра күрең шай ұсынды. Қалампыр қосып демдеген, қаймақ қатқан қою шайдың дәмі таңдайға татып барады. Әр ұрттаған сайын көз қиығымен шай иесіне де тамсана қарап қояды. «Үріп ауызға салғандай» деп осындай қызға айтқан шығар-ау!» деп ойлап отыр ішінен.
Үлкендердің де өзара әңгімесі жарасқан сыңайлы. Көбіне әзілдесіп, күліседі. Қазақы қалжың, қағытпа сөздер де айтылып қояды.
Бірақ, аққұба өңіне қызғылт рең араласқан ажарлы бойжеткен жанарын шоқта тұрған аққұманның қақпағынан алар емес. Ұзын, жіңішке қастары жазық маңдайына жарасып, жай оғындай керіліп жатыр.
Төрт бұрышы шоқ шашақ, айналасы зер шашақ қызыл барқыт орамал жартылай жауып тұрған ақ маңдайы шоқтың қызғылт нұрына шағылысып жарқырай түскен. Қызыл орамал, қызыл камзолды қыздың өзі де қызғылт нұрға оранғандай. Үсті сәл дөңестеу қыр мұрны, сүйірлеу иегі, бүйректеу бет-жүзі иба мен әдепке тұнып тұрғандай. Ұяң қыз өзіне ұсынған аяқты кісіге көзін тікпестен алады да, кірпігін көтерместен қолына қайта ұстатады. Ептілігі сондай, шыны аяқтың бір сылдыры шықпады. Тіпті Түгел қанша құмартса да қыз даусын да ести алмады. Тілін жұтқандай үнсіз. Шайдан соң Құтжекең жүрудің қамын жасай бастады. Шеті жиектелген жұқа киіз дастарханның шетін бүктеп, қол жайып, ас қайырды.
Іштей қынжылса да балаң жігіт сыр бермеді. Үй иесі тысқа бұларға ере шықты. Кетерде Түгелге қарап:
— Сен Әділдің баласысың-ау! О бәлеге сәлем айт. Әне бір жылы елге қосылды ма деп қуанып едік. «Қасқырды қанша бақсаң да түзге қарап ұлиды» деген рас екен. Тағы қашты ғой құмға, антұрған, — деп қарқылдай күлді. Дауысында зіл жоқ, жайлы мінездің жаңғырығы бар.
Өзі жыға тани алмаған кісі кім болды екен деп Түгел Құтжаннан:
— Әлгі кісі кім? — деп сұрады.
— Өй, сен білмейтін бе едің? Есберген ғой, — деп ол есегін ықылап оза берді.
— Есберген?! Түгел ойланып қалды. - Мәссаған! Манағы жігіт те «Есберген аулы» деп еді-ау. Мән бермепті. Бұл, сонда? Тоқта, тоқта... Түгел қыз туралы ойлануға қорқып та, қуанып та кетіп:
— Қай Есберген? — деп сұрады Құтжанды қуып жетіп.
— Е, жиен ғой. Шешесі апамыз болады. — Бұдан өрі Түгелдің төзімі таусылып айғайлай сөйледі.
— Туһ, Құтжеке-ай! Сенен шешесін сұраған кім бар? Руын айтпаймысың онан да. Руы кім?
Құтжан Түгелдің аяқ астынан мұнша күйгелектенгеніне күліп жіберді.
— Өй, кім болатын еді ол құзғын. Түрікменадай-дағы!
Түгел «уһ» деп әзер демін алды. Жаны жай тапты. Бала кезден құлағы қанықТүрікменадай Есберген — бұның қайын атасы! Демек, бұл ойда жоқта өз қалыңдығының қолынан шай ішіп, қызды көріп келе жатыр екен ғой. Қыз болғанда қандай! Түгел атанын борбайға бір тартып, желе жөнелді.
— Әйт, шүу. Сары атан!
Есберген де, әкесі Есенбай да есігінен ырыс-дәулет арылмаған берекелі жандар еді. Қашаннан шаңырағына құт қонған киелі әулет. Арғы аталары мыңды өргізген мырза, сақи байлар. Есенбайдың екі әйелінен тараған төрт ұлдың бірі есебінде өз үлесіне тиген еншісіне ие болып жүргені болмаса Есберген аса бай емес. Орта шаруа. Өзі бәйбішеден жалғыз еді. Әйелі Қанымай сарға тартып сен тұр мен атайын бес ұл тапты. Сол бесеудің арасында дала қызғалдағындай құлпырған дара қызы — Ақсән. Сондықтан да әке-шешеге оның жөні бөлек. Кішкентайынан қызықтап қуыршақтай қылып киіндіріп, әр тал шашын иіс маймен сылап, сәндеп өріп өсірген. Қара торының әдемісі, жібек мінез Қанымай қызының болашағын ойлағанда қабағын шытынып, уайым жейтін. Оның себебі қызының кедейдің баласына айттырылуы.
Байдың анасы Қуатқа жақын әпке болатын. Бір жылы жаңа үй көтеріп, Айжанды алдырған еді. Тап сол уақта Қанымай босанып, Ақсәннің кіндігін Айжан кесті. Бұйым қызмет сұралғанда, ол өзінің үш-төрт айлық тұңғыш ақтығына Ақсәнді сұраған.
Сүйек жаңғырту — таңсық әдет емес. Ел жоралғысы. Айжанның бұйымтайына қарсы сөз айтылмады. Түбі біреудің адамы. Маңдайына жазылғанын көрер деп үндемеді үлкендер. Әділ де аңшы болғанмен ауылының азаматы. Олқысынатын жөні жоқ. Осылай дүниеге шыр етіп келген сәттен Ақсәннің басы бұйдаланған. Енді сол қызы өскен сайын Қанымайдың өзегін бір өкініш дерті кеміре түскен. Іштей ренішті.
Айттырылған жері бара күрп ете түсетін бай ауыл емес, жалаңаяқ аңшы. Ел қарасына қосылмай, құла дүзде қаңғырып, аң қағады. «Көпшілікте өскен қалқашым жалғыз үй, жарлы отбасына қалай көндігер екен. Молшылыққа үйренген байғұс бала тақ-тұқ тірлікте тарығып жүретін болды-ау» — деп қайғырып жүретін. Кәрілердің көзі кетсе де күйеу жақ бәрінен хабардар. Қалыңы нобайлап өтелген құдалықты бұздырайын десе, елге күстәна 26 болады.
Қанымай оңашада осы ойын: «Қарағымды Құдай қайдағы аңшыға қайдан тап қылды?» — деп шет пұшпақтап күйеуіне айта бастаса, ол: «Маңдайынан көрер. Аңшының аштан өлгені жоқ» — деп үзілді-кесілді тыйып тастайтын. Табиғатында биязы әйел күйеуіне қарсы дау айта алмай, тосылып қалатын. Сөйтіп, алақандарына салып аялап отырған Ақсәні де бой жетіп қалған.
Түгел атына мініп, ауылдан шыққанда, елдің алды ұйқыға бас қойған-ды. Қарсы беттен ескен түнгі жібек самал бойын сергітіп, ұзақ шаршап қалжырағанының бәрін ұмыттырып жіберді. Астында ауыздығымен — алысқан боз қасқа дөнен. Әкесіне айтып, бір наршаға айырбастап алған. Үстінде дұшпан көз киімі. Бөз көйлек, шибарқыт шалбар, бешпет.
Көңілі алағаудан бозбала бүгінгі қыз аулында болатын бастаңғыға асығып келеді. Ұшарға қанаты жоқ. Өткенде Есберген үйінде ойда жоқта алғаш көргенде Ақсәнді бірден ұнатып қалған. Сол кездейсоқ ұшырасудан соң қыз ауылын жағалай бастаған.
Әуелі қыздың жеңгесімен танысты. Аты Ақұштап екен. Осы бастаңғыдан хабардар еткен сол. Ауылдан ұзай бере ат басын еркіне қоя берген бозбала құстай ұшты. Ақ киіктің лағындай Ақсәнді көруге асықты. Ауыл қарасы көрінгесін жаяулады. Алып ұшқан жүрегін баспақ. Отау үйдің іргесі түрулі екен. Кереге көзінен көмескі жарық бозарады. Атын тұсап жіберіп, сырттан азырақ тың тыңдады. Іштен көңілді, жапыр-жұпыр дауыстар шығады. Мінезі өжет Түгел тыста көп кідірген жоқ. Киіз есікті серпіп ашып кіріп келгенде көзі қақ төрде хор қызындай толықсып отырған Ақсәнге түсті. Жетілік шам жарығымен жайраңдасып, дуылдасып шай ішіп отырған көпшілік Түгелге жалт қарасты. Біреулер Ақсәннің дидарын бақыламақ боп тұс-тұстан қызға шаншылысты.
— Туһ, үйдің іші жарқ етті ғой, — деп бір келіншек сылқ-сылқ күлді.
Түгелдің қаралығын әжуалағаны. Оған мойыған Түгел жоқ.
— Онда жарығымды түсіріп жаныңа жайғасайын, жеңеше! - деп келіншектің өзін бассалды. Үй ішінде ду күлкі. Әлгі әйел сөз таба алмай, қағысып қасынан орын берді.
Тіл тапқыш, үйірсек Түгел көпке ұнағыш. Үлкен кішімен бірдей шүйіркелесе кетеді.
Үй іші ала көлеңке. Отауда ауыл жастары түгел дерлік. Өзге ауылдан да қыздан дәмелі жігіттер бар сияқты.
Ақсән бүгін ерекше сәнді екен. Құлағында қос түймелі күміс шығыршық 27 . Басында бір шоқ үкі қадаған қызыл тақия. Қынама бел күрең кәжекей киген. Қос етек қызғылт сары ұштап көйлегі судырлап тұр. Жетілік шам жарығы бір өзіне жеке түскендей нұрлы.
Түгел тезірек шай ішіліп, тысқа шығар сәтті тықырши тосып отыр. Бірақ, өзгелер асығар емес. Құманды жаңартып демдеп, қос самауырды кезек сарқып, шөлден келгендей шайға қанар түрлері жоқ. Іргеде тұрған құрсаулы ағаш шелек шамаға бөгіп қалыпты. Көптен басы бірікпей жүрген жастар осындай оңашалықты пайдаланып дырдулап қалуға құмар-ақ.
Ауыл оңаша. Ер-азамат қала шыға кеткен. Қолдарына тізгін тиген желөкпе жастар шайдан соң ауылдың алты ауызын бастап та жіберген. Жұрт ойын-күлкіге тояр емес. Түн ортасынан ауды. Ел қызыққа елігіп тарқар болмады. Түгел тықырши түсті. Ақұштап та соны сезгендей:
— Нағашеке, жүр. Қазан жақты қарап қайталық, — деп бұны тысқа ерте шықты. — Ауыл үйге әңгіме болар. Жұрт тарқасын. Соңырақ жолықтырармын,—деді тысқа шыққасын Түгелдің құлағына сыбырлап.
Марқа қозының етінен кейін жастар бой жазуға тұрысты. Жаздың тамылжыған жібек түні. Жұлдызы жымыңдасқан қара көк аспан. Үйде у-шу болып ауылды бастарына көтеріп отырған қыз-бозбала тысқа шығысымен түн тыныштығын бұзуға қымсынғандай сыбырлай сөйлеп, сыңқылдай күле бастады.
Қараңғылыққа көзі үйренгесін Түгел көптің арасынан Ақсәнді іздеді. Зым-зия. Жастар ақсүйек ойнауға көшті.
Жұрт жапырыла ақсүйек іздеуге кіріскенде, ол орнынан тапжылмай тұрып қалды. Біреу жауырынынан нұқып қалғанда, селк етті. Ақұштап екен. Аузын алақанымен басып, дыбысын шығармай күлді.
— Неғып тұрсың, қыздың соңында қалып? — деп топ қыздың ішінен қайын сіңлісін шақырды. — Еркежан!
Топтан жырылып қала берген қызға жете бере, жеңгесі құлағына бірдеңе деп сыбырлады да, іле өзі топ қызды бастап ілгері озды.
Жігіт тілдесер сәттің туғанын түсінді. Ерке қызды жеңгесі бұған да зорға көндірген шығар. Жүгіре басып бойжеткеннің жанына жетіп барды. Бұған бұрылмастан жүрісін жылдамдата түскен қызбен қатарласа беріп, білегінен шап берді. Қыз білегі жып-жылы, жұп-жұмсақ екен. Үн-түнсіз шап бергенінен шошып қалды ма, қыз дереу қолын жұлқи тартып алды. Тосылып қалған Түгел:
— Мен ғой, Түгелмін, — дей берді аузына бөтен сөз түспей. Қыз мырс етті. Түгел де күлді. Жылы шырай бергесін жалма жан қыз білегіне қайта жармасты. Бұл жолы қыз аздап бұлқынса да босатпады. Балғын білекті аялай сипады. Қыз үнсіз. Бұларды топтан жоғалтып алған қыздар Ақсәнді іздей бастады. Әр жерден «Ақсән» деген дауыстар шыға бастады.
Ойыншылар осылай қарай ойысқан тәрізді. Сыңқ-сыңқ күлкі жақындаған сайын Ақсән:
— Жіберші! Келе жатыр, — дейді қысыла сөйлеп.
— Келе берсін!
— Көрсе, ұят қой.
— Несі ұят?
— Жіберші енді...
— Ертең осы жерге келсең, жіберейін.
— Көрерміз...
Ақсән ытқып барып, топ қызға қосылды.
Нағашы атасын Түгел алғаш алты-жеті жасында көрген. Әділ сол жылы қос тігіп барып, қайын жұртының қасына қонған. Нағашылары дәулетті екен. Екі ағайынды Сәрсен, Сатқан іргесін ажыратпай бірге отырады.
Үлкені - Сатқан ақылды, сыйлы, сақи адам екен. Ел-жұрты «Сатекем» деп қадір тұтады. Кішісі - Сәркенді халық «Сағыр Сәркен» атандырып, «есер жынды» деп әжуа мазақ қылады екен. Оған себепші — өзінің қитұрқы, қиқар мінезі болса керек.
Ол жан қинап жұмыс жасамайтын кежір, шөп басын сындырмайтын кер жалқау кісі екен. Аз-мұз дәулетін суша сапырып шашып, қартайған шақта отқа қарап қалыпты. Бірақ, сол күйі ешқандай талап қылмастан аңқиып жүре берген алаңғасар адам құсайды.
Көшкенде ауылдың қатын-қалашына қырғындай тиіп, қолына сегіз өрім бұзау тіс қамшысын алып, бас-көз демей төпелеп сабай беретін көрінеді. Көштен кейіндеп қалған жайбасар әйелдер үйін жығып үлгере алмай жатса, Сәркен тентек сазайын тартқызады екен. Сондықтан тұщы етіне оның тұздай қамшысы тиген әйелдер екіншілей түннен тұрып қамданатын болыпты. Өзі тентек, ожар Сәркеннің өзінше салдық құрып, сауық іздеп кететін кездері де болады екен. Аяғына елден ерек шым қызыл етік киіп, басына құрым киізден жалпақтығы төрт елі зермен жиектетіп айыр қалпақ киетін көрінеді. Ол қалпағының кісі күлерлік жарасымсыздығы ойына кіріп те шықпастан жиын-тойға бара береді екен. Көпшілікте әркімнің қот-қоттағанына арқаланып, күші жетпеспен күреске түсіп, жығылса жеңілгенін мойындамай, қызыл кеңірдек болып дауласып, елге келемеш болып қайтатын көрінеді. Кейде «пәлен жерде дау шешіледі» дегенге ат сабылтып барып, әркімнің аузына қарап, азып-тозып, ас жоқ, су жоқ аңырып жүріп-жүріп, дау тарқап, ел жөніне кеткесін ауылға оралатын кездері де болады екен. «Уа, Сәке, қайдан келесің?» — деп жорта жөн сұрағандарға: «Атасының аузын...Пәленшенің дауын бітірісіп, шаршап келе жатырмын» — деп күбінеді дейді. Содан кейбір қулар оны мұқата қолпаштап көрген жерде: «Біздің Сәкеңдер би ғой», «Биекең келеді» — десіп, одан сайын есін шығарып жібереді білем. Соған шынымен мадиықтанған сағыр Сәркен аяғын баса алмай: «Ой, бұл не көрмеген бас» — деп, айыр қалпағын жерге атып ұрып, отыра кетеді екен, жарықтық.
Баладан тек бір ұл, бір қыз ғана көрген Сәркен отбасы қамын да ойламайтын орашолақ адам болған дейді. Тіпті, «үйде астық, ет таусылды» деген әйеліне қамшы үйіріп: «Маған оның несін айтасың, ақымақ? Сатқанға барып айтпаймысың?» — деп ақыратын көрінеді.
Шынында да өле-өлгенше інісінің бар тауқыметін ағасы көтеріп өтіпті. Қала шыға жүрсе, Сәркеннің үйі үшін қосымша бір-екі нарды тіркеп ала кетеді екен.
Алаңғасар Сәркен аздап қана ағасынан қаймығады-мыс. Ол ауылда жоқта өзіне жеке билік тиген тентек қатын-баланы бір шыбықпен айдап, шықпыртып сабап, берекесін алатын болыпты. Біреу әйеліне қамшысын ыңғайлап, ұруға оқталса, Сәркен араға қыстырылып: «Өй, әкеңді...Былай неге ұрмайсың?» — деп қамшысын қолынан жұлып алып, тартып-тартып жібереді екен. Дым таппаса, желіде жатқан жалғыз жарбайын: «Шешеңді ... сенің нар мая болатын күнің бар ма осы?» — деп сабайтын көрінеді. Өз малын түстеп танымайтын Сәркен қалың қойды аралап, ең семізін таңдап ұстап, сойып жей беріпті. «Ау, Сәке, бұл, менің малым ғой, бұның не?» - дегендерді жеті атасынан сыпыра боқтап, тақа болмаса, қамшының астына алып, басымен қайғы етіп жіберетін құсайды.
Ал, Сатқан болса — балуан денелі, қызыл күрең жүзді, көздері тостағандай, жар қабақ, ашық мінезді адам болыпты. Жеті қыздың арасындағы жалғыз ұлды Жәниядан соң көргесін оны «май құйрық» деп ерекше тәуір көріпті.
Жалғызы Дүйсенді Жанзия екеуі мойындарына бұршақ салып, Маңғыстаудың ойындағы біраз әулиені аралап, әрқайсысына бір-бір көк қошқарды садақа қылып жүріп, Құдайдан сұрап алыпты.
Жәния өзіне тете жалғыз інісін жетелеп жүріп өсіріпті. Үлкенірек балалар әлімжеттік жасап, інісінің асығын тартып ала бергесін шалбарланып алып, солармен бірге ойнапты. Содан еркекшоралау өскен Жәния он төрт он беске келгенше ышқырына асықты толтырып алып, ер балалармен асық атысып жүріпті.
Шаңырақ иесі Дүйсеннің ата-анасы тым ерте, он үш жасында үйлендіріпті. Келіншегі өзінен екі жас үлкен талдырмаш қыз екен. Ол екі балалы болғанда Жанзия кенеттен қайтыс болыпты. Онда да сол екі немересінің тілегін тілеп, көз жұмыпты. Себебі, екеуі қызылшадан қатар жатып қалыпты. «Екі бала бірдей өліп қалады-ау» деп зәресі ұшқан әже зар еңіреп, өзін балаларының жолына садақаға айтқан екен. Тілегі қабыл болып, сап-сау отырып бір жағына қисайып жатып, үзіліп жүре беріпті.
Сатқан жасаңдау қалса да төсек жаңғыртпаған. Қыздарын ұзатып, немерелерін қызықтап жүре берген.
Жәнияның кескін-келбеті де, қолының ашықтығы да әкесіне тартқан секілді. Әкесінің үйімен бірге отырғанда аяғы ауыр екен. Сол уақытта жұттан жадап-жүдеп қалған жұрттың ішінде ас сұраушылар көбейіпті. Ел аралап, ас сұрап жүрген әйелдің бірі толғатып тұрған Жәнияның үстіне кіріпті. Жәния қиналып тұрса да әлгі әйелдің дорбасына бір-екі тостаған жүгері салып беріпті. Ырза болған қайыршы әйел саусағындағы қос бауыр дақты жүзігін шешіп алып, қоярда қоймай алақанына салып кетіпті.
Әйел ауылдан қара үзіп кеткенде Жәния өзінен-өзі қысылып, есі ауып құлапты. Әділ сасқаннан қайын атасына бала жүгіртіпті. Хабар тиісімен қалбалаңдап жеткен әкесі сұлқ жатқан қызын көріп: «Шапшаң, қалампыр, қара бұрыш әкелің!» — депті де жанына тізерлей отыра кетіпті.
Құп-қу боп қаны қашып кеткен Жәнияның басын тізесіне сүйеп, көзін ашып қараса, жанары ауып барады екен. Қалампыр мен бұрышты қосып шайнап: «А, Құдай! А, Бекет! Қарағымнан кет пәлекет!» — деп бетіне бүркіп жібергенде, қызы дүр сілкініп, көзін ашыпты. іле-шала аман-есен босаныпты. Бір әйел: «Сатеке, сүйінші! Балаң шай құятынды болды!» — дегенде, ол: «Қарағымнан немді аяйын. Өзі аман болса болар. Ақсарбас!» — деп көз жасын бір сығып алып, сүйіншіге боталы түйені бұйдасынан ұстатып қоя берген екен.
Әділ қайын жұрттың қасында отырғанда «төркін сыбағаң» деп берген төрт-бес қарасы мен қырық-елу жандықты көшерде алмай: «Ата, малды бөліп әкетпеймін. Үйренген жерінде жүре берсін. Алда-жалда қажет бола қалса, алыста емеспіз ғой. Алармыз» деген.
Енді міне баласы ержеткелі Жәния: «Түгелжан жігіт болды. Қалыңдық ойнатпаймысың? Әкем ауылындағы малды алдыр. Әрі көрісіп, әкеме сәлем беріп қайтсын» деп құлақ етін жеумен болды.
Әшейінде әйелінің сөзіне көп құлақ аспайтын Әділ бұл жолы ойланып қалды. Баласының жігіт болғаны рас. Оны өзі де байқап жүр. Кеш түссе үй көрмейді. Сірә, қызды ауылды жағалайтын секілді. «Қалыңдығын көріп, танысыпты» деген мыш 28 бар.
Ақыры Түгелдің қасына Тегісті қосып, екеуін жолға салды. Көптен күнделікті күйбеңмен өз отының басында шырмалып, ауылына ат ізін салмай кеткен қыз күйеуіне іштей өкпелі қарт ұлылы-кішілі жиендерін көргенде, бұрынғының бәрін ұмытып, кең құшағына қос ұлды қабат қысты.
Қызының жай-күйін естіп, көңілі жайланғасын қонақасы қамдатып, жиендеріне өзі бас болып, құрмет көрсетуге кіріскен. Жалғыз ұлдың келіншегі Айкүміс те атасының артық ықыласын танып, балаларды жақсы күтті.
Бір-екі күн аунап қунағасын шаруа жайын айта бастаған Түгел мен Тегісті тағы бір күн қолқалап қондырған. Кетерінде нағашысы бұйым қызмет сұраған. Жеңгесі де: «қалауыңды айт» деп қоймағасын Түгел де тартынбай, қос бұрымының ұшында сыңғыр қағып жүрген қоңыраулы күміс шашбауға жиенқұрық салған.
Айкүміс те сөзге келместен бір қаралық бұлды шашбауды шешіп берген.
— Қалыңдығыңның шашы ұзын ба? — деп сұрады шашбауды қызықтап тұрған Түгелге жымия қарап.
— Сенің шашыңдай қайдан болсын, — деді Түгел нағашы жеңгесінің тақымын қағып тұрған жуан жирен бұрымға қызыға көз жүгіртіп. Айкүмістің қиғаштау шегір көздері жымыңдап, әзіл айтты.
— Әй, қусың-ау. Қалыңдығың әдемі шығар. Көзікпесін деп әдейі айтып тұрсың ғой.
— Жоқ. Рас. Сенің қасыңда ол далада қалады, — деп Түгел қуақылана күлген.
Біраз малды алдарына салып ауылдарына келген күні-ақ Түгел кештетіп жолға шыққан. Бірнеше күн көрмеген қалыңдығын сағынған бозбала қыз аулына жеткенше боз қасқаға әлденеше қамшы салған.
Әкесі жоқта оңашалықты пайдаланып Түгел бастаңғыдан соң да қызбен бір-екі рет жолығысқан. Жолға жүрер алдында Ақсән алғаш рет өзімсіне тіл қатып:
— Базарлық сізден, — деп еді.
Міне, сол базарлықты иесіне тапсырғанша асығып келеді. Асыл бұйым — күмістен түймеленген қоңыраулы шашбау. Ауыл сыртына жеткесін, атын тұсап қоя берді де, өзі ілгері аяңдады. Екі көзі шеткі үйде. Аяқ астынан жүрегі аттай тулап, дегбірі қашты.
Түнгі далада тершіген мойнын жалаңаштап, тамақ бауын ағытты. Тізеден келетін бұйра жусанды бытырлата жаншып, шалқалай жата кетті. Аспан кеңістігіндегі күміс моншақтардың сәулесі суға түскен алтын теңгедей күлім қағып, жымың-жымың етеді. Жігіт қызбен жолығар сәтін көз алдына елестетіп, тәтті қиялға елігіп кетіпті. Тықыр шыққасын басын көтеріп алды. Ауыл жаққа көз тікті. Үйден шапан бүркенген екі кісі шығып бұл отырған тұсқа қарай жүрді. Өзара күбір-күбір сөйлеседі. Олар таяқ тастам жерге жеткенде Түгел жөткірініп сес берді.
Олардың бірі:
— Ойбай, көтек! — деп, екіншісі:
— Біссімілла! — деп үркіп қалды.
Ақұштап пен Ақсән екен. Ақұштап бұрынырақ тілдесті.
— Ат-көлік аман, өзің есен жеттің бе? Әлде, қызды ойлап, бізді ойлап уайым еттің бе? Тапсырған аманатың дін аман. Енді бізге өкпең жоқ шығар?! — деп күлді ашық-жарқын келіншек.
— Ойбай-ау, жеңеше,
Бізде өкпе жоқ, өңкей бауыр,
Асығам деп атымды қылдым жауыр.
Таусылды шыдам-шіркін кешті күте,
Дауысын қалқатайдың естігенше.
Жүрегім аттай тулап, басылмай тұр,
Құлағым күңгір-күңгір, ашылмай тұр...
деп тақпақтата бергенде, Ақұштап:
— Бірдеңе десейші, Еркежан-ау, шыбын жаның қайтіп шыдайды, сірә? Мына қасқа енді болмағанда, іші жарылып өлуге айналыпты ғой, — деп сылқылдай күлді.
— Аттан түспей жатып айтысып жатқасын қайсысы жеңер екен деп тұрғаным ғой! — деп сыңқылдады Ақсән.
— Күйеу жеңді! Ойбай-ау! Бәшен айтпақшы, менікі не тұрыс, енекем баласының қойнына жатпай?! «Екі жастың ортасына есі кеткен отырады» деп. Әй, жылпос, еркемді біратала әкетіп жүрме! Онда отағасымыз біздің төбе шашымызды жұлады ғой, — деп азырақ сес көрсете сөйлеп, жылыстай берді жеңге.
Оңаша қалғасын Түгел үздіктірген үркек бойжеткеннің жанына еліктің лағын көріп сілекейі шұбырған аш барысша бір атылып жетіп барды. Жетіп барса да бірден бас сала алмай, білегінен ұстады. Бұрынғыдай бұлқынбай бұйығып қана тұрған қыздың ептеп бойы үйренейін депті. Қолын сыртынан қысып еді салқындау саусақтар сәл-пәл қалтырағандай болды. Түгел қыздың бешпетін қос өңірінен өзіне қарай қаусыра беріп иығынан құшақтады. Қыз қашпады. Бір уыс болып бүрісіп жігіттің қызулы құшағына тығыла түсті.
— Ақсән! — деді Түгел қалыңдығын жон арқадан жаймен ғана аялай сипап. Қыз үн қатпады. Жігіттің көкірегіне басын сүйеп, тым-тырыс тұр. Түгел әлі де үнсіз, үкідей үлпілдеп тұрған қалыңдығын бауырына тарта құшып жуандығы жас сәбидің білегіндей бұрымынан иіскеді. Қыздың жеңіл күрсінісі, ып-ыстық демі омырауын оттай шарпып, өртеп барады.
Жігіт қыз дидарына үңілген. Ай нұрымен айна көздері жалтылдап, ақ маңдайы жарқырап Ақсән тұңғыш рет бұның көзіне тіктеп қарады. Түгел де сүйіктісіне ынтыға қарай тұрып, тәбәріктей қастерлеп ақ шүберекке түйіп алған базарлығын ұсынды. Ақсән шашбауды ай жарығына тосып тамашалап тұрып:
— Әдемі екен! — деді жалғыз-ақ.
— Әдемі болмаса алмас та едім.
— Қайдан алдың?
— Жеңгем берді. Беріп тұрып: «Қалыңдығың әдемі болмаса, бермеймін» деді.
— Сен не дедің?
— Мен «Ондай сұлу жер бетінде жоқ» дедім. Сосын амалсыздан берді.
— Қойшы?
— Рас. Ол тіпті: «Шашы ұзын болмаса, бермеймін» деп те ылаң салды ғой. Мен оған: «Сенің шашың тақымыңа түссе, оның шашы тобығын қағады» дедім.
— Өтірікші! — Ақсән булыға күліп жіберді.
— Қайдағы өтірік?! Міне, көре ғой. Түгел қыздың қос бұрымының ұшынан ұстап, өзінін оң білегіне орай бастады.
Шашының түбі тартылып ауырған Ақсән:
— Қоя берші! — деді қабағын шытып.
— Жібермеймін. Әуелі мені сағындың ба, соны айт!
— Кеткеніңе неше ай болып еді? — деді Ақсән мысқылдай күліп.
— Ә, сағынбаған екенсің ғой! — деп Түгел қыздың шашын бос қоя берді. — Мұны білгенде, келмей жатып алатын едім.
— Ой, бәдік-ай! Сен бе жатып алатын? Ақсән шыдай алмай сыңғырлай күліп жіберді. Түгел қыздың мойнынан, тамағынан құныға иіскей берді. Тік жаға батсайы көйлегінің астынан кеуде тұсы томпиып, маң дала кәжекейінің өңірін қос алмасы кере теуіп тұр.
Жібек көйлектің сусылы, зер бешпенттің шықыры, қыз бұрымының жұпар исі қосылып жігіттің басын айналдырды.
— Әкең қашан келеді? — деді тағаты таусылған Түгел.
— Әкең қашан келеді? — Құдай біледі.... Әуелі өздері аман жүрсінші.
— Осыдан әкең келісімен құда жібертем.
— Құдай біледі де...
— Сені менен айыратын қай Құдай?! Айтшы қане! Басы бүтін қалыңы өтеулі қа... қалыңдығымсың! — деді жігіт қызынып.
— Асылық айтпашы! — Ақсән албырт жастық буымен мас болған асау жігіттің аузын алақанымен жаба қойды.
Есберген аулында кірме, қоңсы-қолаң мол еді. Көбі бай ауылдың үйші-жалшы, қойшы-қойманшысы.
Сондай бір кірменің баласы - Сақар. Сақардың әкесі Қарабала Есенбайға жалшы болған. Бүгінде қой бағады.
Сақардың көзін ашқалы көргені — үш қанат жолым үй. Құрым киізбен жабылған шатпаның ішіндегі тері тулақ, қомыт-қоқым — жүдеу тірліктің айғағы. Шешесінен ерте айрылған Сақар әкесімен бірге тұратын. Екеуі күндіз жалшылықта, түнде қой күзетінде екі бөлек жүріп, жолым үйдің шаңырағының астында сирек кездесетін.
Өзі егдеріп қалғанда үйленген Қарабала, кеш көрген жалғыз перзентін бетінен қақпай өсіріп еді. Кейін соның зардабын тарта бастады. Ауыл үйдің балаларын зар қақсатып қырып-жоя берген Сақар қартайғанда әкесіне сор болды. Әйтсе де, іштен шыққан шұбар жылан ғой. Өз қолын өзі қалай кессін?! «Балалық шығар, ақыл тоқтатқасын қояр» деп өзін-өзі іштей жұбатып жүретін. Бірақ, баласының жақсы аты шықпай-ақ қойды. «Сақар қағып кетті. Сақар алып кеттісі» тыйылмады.
Ашкөздіктің кесірі ме, әлде тентектікпен жасай ма қолының сұғанақтығы маңайға жайыла бастады. Сөйтіп жүріп соқталдай жігіт болды. Бұлшық еттері шиыршық атқан шымыр, тыққан шұжықтай тып-тығыз етті, дембелше келген Сақар қара күштің иесі еді. Шу асау аттың құйрығынан шап бергенде, шыңғырып тұра қалатын. Қарабала да қайратты адам. Бірақ, теріс мінезі жоқ, момын жан. Сондығынан айналаға сыйсыз да емес. Жасы ұлғая келе айналаға Қарекең атанған.
Қарабала жаудан түскен олжа болатын. Әркімнің есігінде жүріп ержеткен сол дүр қара баланы жұрт Қарабала атап кетті. Бірақ, ол байдың қозысын, қойын бағып есейіп, еңбегімен күнін көрген жан еді. Күш-қайраты толысқасын жылқыға шықты. Жылқысын шашау шығармай, жақсы баққасын байдың бейілі түсіп, бір жарлы-жақыбай жамағайынның жесіріне қосқан.
Ал, Сақар белін бүгіп, бейнет шегуді жөн санамады. Ақылы кіре бастағасын-ақ қой соңында салпақтаудан қашқалақтай бастаған. Әр жерде ұйықтап қалып, қойдың бөлініп кеткенін білмей, бөріге талатып, елді бизар қылды. Қара күші мен пысықтығына қызығып Есберген жылқыға салып көріп еді. Өзі ұрлай ма, ұрыға алдыра ма, оның да берекетін алып болды.
Әкесінің қартайғанша қой соңынан қалмай жан бағып жүргені де Сақардың миына кіріп-шықпады. Мырзасынып басын бағып, бойын күтіп, байдың оны-пұны «қуып кел, сүріп келімен» күнді кеш қылатын.
Сүйтіп жүргенде, үкімет ауысты. Кедей-кепшіктің күні туды. Заман өзгерді. Сақарды осы тұста Есберген қалашы қылып алған. Одан оңтайлы адам жоқ, жол торушы, тонаушы кезіксе төрт бесеуін бір өзі алып ұрады. Өзі пысық, мықты Сақар жол жүріп, қала көріп әбден ысылып, тісқақты болып алды. Қапталынан жылмырлығы мен жымқырмасы да қалмайды. Шай шекер, мата-сатадан қалған тиын-тебенді жасырып қалып, керек-жарақ, киім-кешек алады.
Жоғары жаққа мал айдап үйренгелі басқа түгіл байдың өзіне де өктем сөйлеуді шығара бастаған.
«Патшаны тақтан құлатты. Енді бай-мырзаларды құртады. Қызыл өкіметтің құрығы ұзын» деген сөздерді ел ілкі Сақардың аузынан естіген. Естігенмен есіктегі құлдың сөзін ешкім есепке алмайды.
Қиыр шетте бұрынғысынша көшіп-қонып жүрген еркін ел бұндайдан әзір бейхабар болатын. Тұйықта жатқан бостан елдің ол сөздерді құлағы естісе де, әзір көзі көрмегесін көп қыңа 29 қоймады. Сақарды сол бұрынғы жалшы есебінде жұмсайды, Есбергенді сол баяғы бай ретінде сыйлайды.
Дүниеде төңкеріс болып, дүйім жұрттың екі ұдай бөлінгенін де көп біле бермейді. Ескі үкіметті талқандап, орыс жерінде жаңа үкімет орнап қазақ даласына топан судай қаптай жайылып келе жатқанын да сезе қоймайды.
Тек Сақардың: «Жалшының күні туды!» — деген асқақ сөздерін естігенде, қапелімде құлақтары тосаңсып, аяқты алшаң-алшаң басқанын көріп, абыржып қалады. Кәрілер жағы: «Құлды жіберсең еркіне, күнде тышар бөркіңе» — деген-ау десіп, бас шайқаса, жастар: «Құлағы тесік құлдың құтыруын» — деп кіржіңдейді. Бірақ, бәрі де байдан бата алмайды. Соңғы кезде Сақармен тең құрбыша сөйлесетін Есбергеннен ығады.
Сақардың құтыруында қапы жоқ. Одыраңдап ордаға кіріп барады. Именбейді. Қодыраңдап қонақтың үстіне отыра кетеді. Қымсынбайды. Тіпті «Қара тауды қайырып, Ақтауды айырып» келгендей-ақ, жамбастап жатып алып «қымыз құйшы!», «шай әкелші!» дейтінін қайтерсің. Әсіресе, Ақсән шай құйып отырса шайға қанбайды. Тап бір шөлден келген кісіше бір шәйнекті бір өзі тауысуға бар. Әй, не керек байды басынып болды. Енді қызына қырындап қасынуы қалды. Қырындамай да жүрген жоқ. Әр базардан келген сайын Ақсәнге арнап бір қоржын базарлық ала келеді. Айна тарақ, моншақ ілгек, ине түйреуіш, бәтес орамал — бәрі бар. Тап бір әкесінің ақшасын сауғандай шүленсиді. Сонда да қыздан жылы шырай көрген емес. Кемсіне ме, қорсына ма, қарамайды. Сақар оған апшитын кісі ме? Ақырын тосуға бекінеді. «Біздің де күніміз туар. Сонда көрерміз» дейді іштей. «Жарлы байға теңелер кез келер! «Есігінде жүріп есесі кеткен алармын атамның кегін!» «Салармын сайранды! Қылармын ойранды!» Сақардың ойы осындай. Еркелеуінде де есеп жоқ емес. Көкжарға соңғы рет мал айдап апарғанда бүліншіліктің шет жағасын өз көзімен көріп қайтқан. Байларға бір тықыр таянғаны анық. Баяғы көкірек басылған. Балпан басқан байлар бүгінде бөденедей жорғалайды. Жоғары жақтың жұртында зәре жоқ. Кедейлер көкірегін керіп, байлар тіл-жақтан айырылып, қара жер болып отыр.
Соны көріп келген Сақар есірмегенде кім есіреді? Байдан
«Ақсәннің айттырулы жері барын» естісе де, айылын жимайтын. Қыздың өзіне құрбы теңім деп емес, құл-құтан деп қарайтынын түсіне келе, тіпті қызығушылығы күшейіп кетті. Ендігі жерде оны өзіне бейбіт жолмен қаратудың қиындығын сезген. Сондықтан күшпен алуды көкірегіне түйген. Бір сенетіні: Кедейдің сөзін сөйлейтін Кеңес өкіметі. «Кеңестің кедейді жарылқайтыны рас болса, жалшы ретінде менің де бір тілегімді берер» деп дәмелі. Қай өкіметтің де кісінің жеке тағдырына араласа алмайтынын көзі қара танымайтын Сақар түсінбейтін. Қыздың кімді сүюі жүрек қалауымен болатынын да ескермеген. Өркөкірек жалшының ойының бір шеті өз қалауымен ұштасып жататын. «Қайтсем де Ақсәнге мен ие болуым керек» деген пікірді көкейіне мықтап түйген. Бірақ, қырсыққанда, қыз оны қаламайтын. Сақарды бір Ақсән емес ауылдың бар адамы ұнатпайтын. Әйелдер: «Жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты» – деп күңкілдесе, ерлер: «Әкесінде жоқ арғымақ, шешесінде жоқ арғымақ, бұған қайдан келген қарғымақ?!» — деп тыржыңдасатын.
Шынында да әке-шешесі ешкімнің бетіне тіке қарап сөйлеп көрмеген тегі жуас жандар еді. Сақар оларға ұқсамаған бір ор шұнақ. Шойыннан құйғандай сом денесіне лайықсыз сопақтау, кішірек басында шұнтиған құлағы тышқанның құлағындай болып еп-ерсі көрінетін. Жылтыңдаған шүңірек көздері ойнақшып, жер-көкті тінткілеп бір тыным таппайтын. Жұдырықтай жұмыр басындағы қомақты мүшесі – мұрны. Қақ маңдайдан шығып, ұшы ерінге дейін созылып жоталанып жатқан үлкен шоң мұрын. Үш жағы жұмырланып домаланып біткен. Қарсы алдынан қарағанда басынан бұрын мұрны көзге түседі.
Өзінің тілі удай, сыйымсыз, сойқан еді. Бірақ, Түгел сол Сақарға да жақты.
Ол қыз аулына жасырын келіп, бастаңғылатып жүргенде Сақар қала шыға кеткен. Ең ілкіде оны жолшыбай көрген.
Қаладан ет сатып келе жатып Құтжан екеуі Есберген үйінен шай ішетін күні. Ол жолы Сақар Түгелге көз тоқтатып қарамаған. Сандалма қазақтың бірі дағы деп менсінбеген. Содан соң Түгелді тым жас көрді. Өзіммен қатар жігіт деп ойлаған да жоқ. Кейін Шағадам базарында кездейсоқ тағы ұшырасты. Жылы сөзді кім жек көрсін?! Бір көргеннен қалбаңдап ашық-жарқын амандасқан балаң жігітке бір түрлі іші жылып, ұнатып қалған.
Бұл жолы екеуі ауылға бірге қайтты. Түгел өз үйіне түсіп, шай ішіп аттанды. Оңашада олар біраз сөйлескен. Екеуі түйедей құрдас болып шықты. Өмірінде ешкім үй екен деп бас сұғып көрмеген құжырасына жатсынбай кіріп, жатырқамай біраз отырып, қонақ болып кеткен. Кішіпейіл екен. Бұның құрым үйін қомсынған жоқ. Күйелеш шәугімнен шай ішіп, шұрқ тесік тулаққа жантая кетті. Тұңғыш рет өзіне құл деп емес, құрдас-құрбы деп қараған жігіт Сақардың да көңіліне жақты. Жүрегін жібітті. Содан былай екеуі кәдімгідей көңіл тату дос болып алды.
Сақар бұның Ақсәннің күйеуі екенін білмейтін. Оны да қулық-сұмдығы жоқ, ақкөңіл жігіттің өзі айтып салды. Бұны естігенде Сақардың түсі бір қуарып, бір қызарып сенер сенбесін білмей, сасып қалды. Жылан көздері бозарып кетті. Бірақ, әккі бәле сыр бермеді. Баяғыдан бергі бір көрсем деп жүрген қас жауы қарсы алдында отырған ақ көңіл жігіт болып шыққанына қуанарын да, қынжыларын да білмеді. Менмендік жеңді. Бала кезден көз алдында өсіп келе жатқан Ақсәнді бозөкпе балаң жігітке қимады. Армандай аяулы аруын Түгелден қызғанды. іштей: «Ақсәнді тірі тұрғанда тап саған бере қоймаспын!» — деп кіжінді. Ішін ит тырнағандай болып тыжырынып отырса да:
— Соққан екенсің қызды! — деп өп-өтірік күлген болып жылан көздері жылтырай жүліксіді. — Ақсәндей қыз жоқ бұл маңайда. Қыздан салымың зор екен-ай, құрдас!
Қалашылар келісімен Әділ мен Құтжан құданікіне «сүт ақы», «өлтірі», «той мал» деп толып жатқан кәделерін атап, алдарына салып ірілі-ұсақты біраз мал айдап апарған. Құдалар қаладан жайсыз хабар естіп қобалжып қайтыпты.
Жоғары жақта ел іші бүлініп «кәмпеске», «жекеше» деген шығып қолдағы малды ортаға салып, дәулеті барларды «бай, құлақ» деп қамауға алып, қырғидай тиіп жатқан көрінеді.
Бұл жақта әлі орындала қоймаса да жарлық күшті боп, жақын маңдағы қалаға хром етікті, сүрік бешпетті өкімет адамдарының алды келіп жатқан көрінеді. Ел-елді аралап санақ жүргізеді-міс. Үріккен жұрттың алды жапыр-жұпыр үйлерін жығысып, бірі – ойға, бірі – қырға бөрі талағандай бөлініп-жарылып көшіп жатыр. Аңысын андап бір шешімге келе алмай отырған Есберген аулы аз уақытта қайраңдап қалған кемедей қыр басында қаңырайып қалың елдің жұртын сипап қала берді. Бесқала ауғаны бар, Тескентау асқаны бар, ел емен де емен шұбыруға түсті.
Күз түсе қазанның қара суығына ұшырамай, қамданып қалуға бұлар да бел байлаған. Әлі барар жерін болжап біле бермесе де бет алысы — қалың құм арасы. Жол-жөнекей бір баласынан құрдасына хабар жіберген.
«Қыс бекігенше құмға сіңе қоймаспыз. Қаңбақты ойда аялдармыз. Қалыңдық ойнап, қызықтап қыз ұзатып отыратын заман емес. Қызым қонақ асын жеп аттанар. Келіп, алып кетсін. Аласапыран алмағайып заман болмаса Ақсәнімді жетім қозыдай маңыратып жалғыз жіберермін деген ойым бар ма еді? Қайтейін заманның беті жаман» — деп Есберген бармағын тістеп отыр дейді.
Төтеннен төкпелеп жауған күздің темірдей қара жаңбырынан төрт-бес күн ес жия алмаған Әділ үйі хабар тиген соң да бір жұма өткесін жолға әзер даярланған. Бір-екі саулы түйе мен бота-тайлақтан өзге Әділде жолға жарамды жалғыз сандық өркеш қызыл нарша ғана бар-ды. Қызыл нарша — Түгелдің нағашыларынан мініп келген еншісі.
— Суық түспей, қайныңа бар. Келінді әкел. Қасыңа қосшы бала ғып Тегісті ерт, деп – Әділ Түгелге тоғыз жасар інісін ертті.
Ел іші күйсіз. Бір-екі түйенің ағарғанын таңдайына тартып, аң аулап күнелтіп отырған үйде жасау-жабдық қайдан болсын. Әйтеуір, Жәния тұңғышынан барын аямады. Төркінінен келген қоңыраулы сандығын ашып «алапаға» деп қоржынның екі басын толтырып, баласын жолға салды.
— Сендер оралғанша ұзай қоймаспыз. Осы маңнан табарсың. Темірқазықты маңдайға алып тура тарта берсеңдер, араға бір-екі қонып жетерсіңдер. Түйеге мінгесін. Құм іші қатты жүргізбес, — деп Әділ жөн сілтеген.
Үй-іші жабылып, екеуін жолға шығарып салды. Ел алағаудан. Заман ағымына ілесіп ойдан-қырдан тоғысып, құмды паналап, құдықты сағалап қотарыла қонып, көтеріле көшіп жүрген көңілі алаң көпшілік — нөпір.
Былтырғы жұттан қатты қысылып күйзеліп шыққан кейбіреулер көрер көзге құмды тасалап, керуен, көш тосып тонап, жол торитын қарақшыға айналыпты-мыс.
Қасындағы қаршадай інісі ес болып алдында қалқиып отырғаны болмаса жау көрінсе жәрдем берер жөндем жолдас та емес. Ойын баласы. Сонда да қасына қара болуға жарады. «Алла жар болсын! Жолдарың оңғарылсын!» айтысқан ата-анасының ақ тілеуі көңіліне демеу, бойға қуат беріп Түгелдер «Иә, сәт!» деп жолға түсті.
Ертемен нарға мінгескен екі жолаушы аз-маз азығы мен ауыз суын қамдап алып жықпыл-жықпыл құмды бетке алып жүріп кеткен.
Қалың құмның шетіне аяқтары іліккелі құм жотасын қуалай ілгері басқан қос жүргінші сусыма шағылға малтып, жүрістері өнбей, діңкеледі. Түнімен түйенің қомында ырғатылып, ылдидан ылдиға емпелеңдегеннен еңсесі түсіп, шалқая-шалқая белдері сірескен ағалы-інілі екеу сілелеп шаршап, тыным алмақ боп таң бозара түйелерін тұйыққа шөгерді. Түйе үстінде-ақ ұйықтап келе жатқан інісін жерге шекпенін төсеп жайғастырған Түгел наршаны тіздеді.
Құм арасы — тыныш, ық. Түйенің қапталын ала көз шырымын алмақ боп Тегістің аяқ жағына өзі де қисайды. Қатып ұйықтапты.
Оянса, сәске түс болып қалыпты. Болар-болмас тұман бар.
Сиректеу өскен қоян сүйектің бозғылт күлгін гүлдерін шамал шықтап тастапты. Қозғасаң жіңішке жапырақтары үгітіліп басынан бұршақ дәндері тарыдай шашылады. Құмаршықтың ұсақ, реңсіз көк гүлдері қуқыл тартып, тұқымы түйнек-түйнек боп жарылып, қол тигізсең сау-сау төгілгелі тұр.
Таудай шаншылып жатқан жал-жал құмның біріне өрмелеп жан-жаққа көз жіберіп еді, бірінен-бірі өткен шағылдар өркеш-өркеш боп тұтаса толқынданып жатыр екен. Күндіз қарасаң қай шетінен кіріп, қай шетінен шығарыңды білмейсің. Сондықтан күндіз жүру қауіпті.
Күн ұзақ тынығып түйенің қомынан ауытын алып тұсап жіберіп, өздері де бой жазып жұлдыз шыға қайта жүрген.
Әкесі айтқандай, маңдайды Темірқазыққа түзеп түйеге мінгескен жолаушылар құм арасына екі қонып, түн баласы тынбай жүрсе де құм шетіне шығар, қараға кезігер түрлері жоқ. «Ұзаңқырап кеткен екен» деп Түгел іштей қайнатасына ренжіп келеді.
Сыңсыған құм ішін пыстырып, төзімін тауысқан жігіт түндегі долбарлап 30 алған бағытымен «неде болса бүгін жетіп жығылармыз» деген есек дәмемен тарта берді. «Анау шағылдан әрі ассақ, ойға түсерміз» деп құмның қырқасына шыққанда, теңкиіп жатқан тағы бір шағылға кезігіп, жігері жасып, тауаны шағылады да өжеттігіне басып тағы алға тарта береді.
Бір белестен бір белес, бір шағылдан бір шағыл шақырып, үздіксіз ұзақты күн жүрген Түгел мен Тегіс кеш бата құм төбесіне тіреле тоқтаған.
Әбден шаршап, қары талып тақымы үзілер болғасын түйенің мойнынан сыпырылып түсті. Тегіс басы қисайып ұйықтап қалыпты. Күні бойғы үміті ақталмай, сенімі алдап, қыз ауылының қарасы түгіл қабарып қабат-қабат боп қатпарланып жатқан қиырсыз құмның қойнауында қалғанын көріп, ызадан көзіне жас кептелді. Ақыл сұрар, ат басын тірер ауыл да жоқ. Әшейінде, жұрт қаралай қорқып, зәре құты қалмайтын қарақшыны да жер жұтқандай. Маңайы меңіреу, мең-зең момақан құм. «Сонда соның бәрін қойнына жасырып, қашқан-пысқанды тегіс паналатып, ауыл елімен, мал-жанымен ың-жыңсыз жұтып, тұңғиық түбіне шым батырғандай бедірейіп жатқан мына құм бір дүлей тажал ғой!» — деп ойлады ол.
Жұлдыз шыға бағытын шамалап алмақ боп түрегелген Түгел алаңсыз ұйқы құшағында жатқан Тегіске қызықты.
Балалық та бір дәурен! Тамақ тоқ, киім бүтін болса, ойыннан өзге қара бастың қайғысы жоқ. Тіпті осы үш-төрт күн ішінде қосшы баласы тамағы тойып, тыным алғасын таса-тасаға тығылып, тышқан қуалап әлек. Қоян, қарсақ керсе, соңынан тұра жүгіріп, қара тер болады.
«Жеңгеңді әкелесің» деп жібергесін өзінше бір үлкен іс бітіріп жүргендей. Тезірек болашақ жеңгесін көруге асығады. Бірақ, жол түбі жеткізер емес. Жеңгесі тым қашықта болып шықты. Келіншекті үйіне жеткізгенше жол азабына қалай да шыдауға қайыл 31 .
Көз алдына жеңгесінің кескін кейпін келтіре алмаса да, аса бір сұлу келіншектің өз үйінде сызылып қызмет қылып, шай құйып жүргенін қалайды. Онда бұның үй ішінің күнделікті тірлігі өзгерері анық. Апасы от басындағы үйреншікті орнын жас келінге береді. Жас жеңгесімен бірге шаңырақ астында өзгеше өмір басталатын болады. Өзі бұрынғы тентектігін тастауы керек. Еркелігін жеңгесі көрсе ұят-ау.
Тегістің ойына оралатын осындай тәтті қиял апасының айтқан сөздеріне орай шыққан өзінің балаң тұжырымының жемісі. Кейде ұзақ жүрістен жалығып, есіне үйі түскенде шыдамы таусылып:
— Жеңешеме қашан жетеміз? Әлі көп жүреміз бе? — деп өзі пұшайман болып келе жатқан ағасын одан бетер қинайтыны бар.
Әлі қанша жүрерін бір Құдай біледі. Бұның жауабы тек Тегіс емес, Түгелге де жұмбақ боп тұр. Осы сұрақты ол өзіне де қойып келеді. Бірақ, әзір қара құмның қоршауында жатыр. Қарынға тыққан аңның қуырдағы таусылуға жақын. Сусыны да азайды. Шыр айнала қарауытып жатқан атан өркеш, ат жал құм әзір таусылар емес.
Жұлдыз шығып төңіректі түн шымылдығы тұмшалай бастағанда Түгел Темірқазықтың тура маңдайдан ауып, сол иықтан туып тұрғанын байқап өзінің асығыстық жасап, ағаттық қылғанын түсінді.
Құм арасында бұл түгіл кәнігі аңшы әкесінің өзі талай жұлдызға қарап жолға шығатынын көріп еді ғой. Өзім білдікке салып оңбай қателескенін енді білді.
Амалсыз алдарындағы биік құм басына өрмелеп қарауыл қарамақ болды. Шыға беріп өз көзіне өзі сенбеді. Анадайдан жылтыраған от көрінді. Біреу-екеу емес жыпырлаған көп от. «Ауыл емес пе?» деген қуанышты оймен дереу төменге домалай түсіп, Тегісті жұлмалап оятып алды. Әлі ұйқысын аша алмай мең-зең боп отырған інісін түйеге отырғызып, наршаны жетелей, жұмбақ оттарға қарай жаяу беттеді.
Әр жерде лапылдай жанған алы айнала отырғандар бұларды көргенде үркектеп орындарынан ұшып-ұшып тұрды. Көбі кілең мауыздай жасауыл жас жігіт. Сақалдары қауғадай, бастарында дағарадай сеңсең бөрік. Түстері суық. Олар тұс-тұстан қауқылдаса жүгіріп келіп, Түгелге жабысты. Қолынан бұйданы жұлып алып, түйені оттан аулағырақ әкетті. Соңдарында ешкім жоқтығына көздері жеткесін екеуін дедектетіп құмның тасасында тігулі тұрған абажадай қара үйге алып келді. Маздап жанған отты қоршай жайғасқан қаба сақалдар өзара қызу әңгіме үстінде екен. Бір жігіт жып етіп, төрдегі түксиген түрікменге бірдеңе деп сыбырлап еді, ол: «Кірсін!» — дегендей ишарат жасады. Үй ішіндегілердің бәрі босағадан батылсыздау аттаған екеуге шұқшиды. Тұс-тұстан тінте қараған өткір көздер қадалған сайын Түгелдің бойы тітіркеніп, жүрегі суылдай берді. Іші бір жамандықты сезетіндей.
Бірінші боп төрдегі түксиген ақ сақалды шал тіл қатты.
— Кімсіңдер? Қайда барасыңдар?
Түгел өз жайын айтқанда, отырғандар сенімсіздеу құлақ салды. Сосын бұлардың жайына онша қызықпаған сыңаймен өзара өрбіген маңызды кеңестеріне қайта кірісті. Бұл екеуін есік көзіндегі күзетшілер сыртқа шығарып «дем алыңдар» деп от жақты нұсқады. Жандарынан қару, соңдарынан адам шықпағасын «осылардан келер қауіп жоқ-ау» дегендей қолдарын да байлаған жоқ. Түгел наршасы шөгерілген жерге барып, Тегісті жанына алып, жатып қалды. Жатқанмен көзінде ұйқы жоқ. «Не бәлеге душар болдық?» деген қорқыныш кірпік ілдірмеді.
Бұлар ауып көшіп бара жатқан ызғындай ел еді. Ертесіне құм арасы тізделген қыл мойын қызыл аруана мен иірілген ақтылы қой екенін көріп Түгел шынымен қорқа бастады.
«Түрікмендер ауған-иран жеріне қашып көшіп жатыр» дегенді естіген. «Бұлар да солардың бірі болды-ау» деп ойлады ол.
Абыр-сабыр көп адам. Қазағы мен түрікмені аралас бөлек-бөлек қос пен шатпаның шеті жоқ. Түйелер теңдері шешілместен тіздеулі жатыр.
Таң ата тізбек-тізбек көш жүрді. Түгел түйесін бөліп алып көштен жырылып қала бермек болып еді. Қасына екі жасауыл жетіп келді.
— Бізбен бірге жүресің, — деді олар.
— Мені жөніме қоя беріңдер, — деп жалынып көріп еді. Тыңдамады.
— Рұқсат жоқ, — деп алдарына салып, айдай жүрді. Түгел
сөйтіп ойламаған жерден өз еркімен келіп қолға түсті.
Олар айдауға амалсыз көніп, қазақ қостарына қосылды. Көптің арасынан бір егделеу әйел көзіне жылы ұшырай бергесін жақын барып, жөн сұрасқан.
Өздерінің кім екенін айтқасын әлгі әйел: «Бауырым екенсің ғой» — деп жабыса кетті. Аталас ағайын,Ішкенің қызы, жақын апасы болып шықты. Әкесімен қала шыға барғанда бір көргені бар еді. Содан Түгелдің есінде қалыпты. «Жауда да бір үйің болсын» деген. Қалың көштің, бөтен адамдардың арасынан апасын кез қылған Құдайдың бұнысына да іштей шүкірлік қылды.
— Саған бұлар сенбей келе жатыр. Үкіметтің жансызы ма деп қорқады - деді апасы. -Бұлар түрікмен байлары. Иран ауып, жер аспақ. «Онда баяғыдай еркіншілік. Ешкімнің ешкіммен жұмысы жоқ» дегесін, біз де еріп келеміз.
Малы-дәулеті болмаса да дақпыртқа ылығып, көшке ілесіп, ауыл-ауыл болып бірге келе жатқандар көп көрінеді.
Жұпар апасынан осыны естіп, Түгел іштей аласұрды. Өз еркімен келе жатса бір сәрі, бұны көрер көзге еріксіз айдап, ілестіріп келе жатқан жоқ па? Апасының сөзінің жаны бар. Бұдан сезіктенетіндері рас сияқты. Әйтпесе, өз жөніне жібермей ме?
Күндіз көзін аздап іліндіргені болмаса, түнде ұйықтамай, ұрымтал сәт туса қашып құтылудың жолын қарастыруды ойлады.
Бірде қалың тұман түсті. Ұйықтап жатқан інісін түйенің қомына жатқызып, бұйдасынан жетелеп, көптен сытылып кейін қала берген.
Таң қараңғысы. Көзге түртсе көргісіз. Әр жерден көшті жөнелтіп бақылап келе жатқан жасауылдардың шаң-шұң даусы шығады. Жықпыл-жықпыл құмның қай тұсына барсаң да жыртылып-айырылған қалың мал, тіркескен түйе. Қарсы кездескендер ұйқылы-ояу, біреуді-біреу байқап жатқан жоқ. Көштің шеті таусылар емес. Жұрт ілгері қозғалса, бұл кейін сырғиды. Көптің арасынан әзер суырылып шығып, шетке ығыса берген бұны бір торушының көзі шалып қалып, арқасынан қамшымен салып жіберді. Дереу желкелеп қуып әкеліп, байлап тастады. Тегіс елді көшіріп соңында бақырып жүр. Бұлардың дабырығы көпке жайылып, жұрт жиылып қалды. Кесік күткен көздер көшбасшыға қадалған. Қашқынның жазасыз қалмасын сезгендей.
Бұл жолғы сөз қысқа болды. Барқ еткен зәрлі дауыстың жақсы лебіз еместігін Түгел түсінді. Өз басы болса бір жөн. Тегістің жайы не болмақ? Бұны өлтірсе, ол бөтен адамдардың арасында жалғыз қалады-ау. Осыны ойлағанда, оның жаны мұрнының ұшына келгендей болды.
Сілтідей тынған жұрт. Қарақұсына мылтық кезенген түсі суық жасауыл төрдегі басшыға қарап, кірпік қақпай, үкім күтіп тұрған. Түгел де біткен жерім осы шығар деген. Бірақ, көрер жарығы таусылмапты.
Бұрама жаулығын шұбатып, топты жарып, зар еңіреген апасы алға оза берді. Түрікмен басшының алдына тізерлей жығылып, кешу сұрады.
— Бауырымды атқыза көрме. Бір қасық қанын қи! Ұлы жолдың үстінде қолыңды қанға былғама! Оны өлтірсеңдер, мына кішкентай балаға кім пана болады? Бұлар жансыз емес. Бұған сенбесеңдер, мен кепіл болайын. Бір білместік қылған екен. Енді ешқайда қашпас. Бір кезек қателігін кеше көрің. Өлтіре көрмеңдер. Мұсылманның баласы емессіңдер ме? — деп шырқыраған әйелдің сөзін үнсіз тыңдаған көшбасшы райынан қайтты.
Бірақ, Түгелге сенімсіздік күшейді. Аяғына шылдырлатып кісен салғызды. «Қашатын болсаңдар бәрің де осындай боласыңдар» деп жұрттың алдында қан жоса қылып дүре соққызды. Түгел есінен танып құлаған. Жұпар зар еңіреп жылап жүріп кішкентай Тегісті қолынан жетелеп, қасына алып кеткен. Түгелді жатқан жерінен түйеге таңып байлап алды. Оның жаяу жүруге жағдайы жоқ еді.
— Қашса, сен жауап бересің. Өлсе, обалы өзіңе! — деп жасауыл Жұпарға жекіріп кеткен. Жұпар өлердегі сөзін айтып, Түгелдің бар ауыртпалығын өз мойнына көтеріп алды. Інісі өзіне-өзі келіп, тыңайғасын:
— Енді қашсаңдар, тірі қоймайды. Бұл райыңнан қайт. Басың аман болсын. Басқасын көрерсің. Тірі болсаң туған жерге бір оралатын күн де туар, — деп жұбауратып, ақылын айтты. Оны арғы бетке өтуге көндірді. Көнбеуге кісенделген Түгелдің амалы да жоқ болатын. Жанын өзі үшін ортаға салып, жарасын таңып, аузына су тамызып отырған апасына қарсы сөз айта алмады. Артында ата-анасы, туған бауырлары, Ақсәні қала берді. Туған жерден күн санап алыстай берді. Алғашында ештеңе түсініп жарымаған Тегіс Жұпардың кенжесінен: «Алысқа, жат елге барамыз» — дегенді естігенде нанбай: «Жоқ. Мен жеңешемді әкелуге барам. Үйге қайтамыз. Көкеме, апама барамыз» - деп жүрді. Ақыры анығын білмек болып ағасынан сұрады.
— Аға, Кенжебектің айтып жүргені шын ба? Біз бөтен жерге барамыз ба?
— Інісінің бұл сөзін естігенде онсыз да іші-бауыры бордай езіліп, құр сүлдерін сүйретіп келе жатқан Түгелдің көзінен ыстық жасы ыршып кетті. Тегіске не деп жауап берерін білмей, біраз қиналды. Бірақ, балаға өтірік айтуға батпады. Не де болса, шындықты айтуға тиіс.
— Қазір басқа жаққа кетіп барамыз. Бірақ, кейін ауылға қайта ораламыз, қорықпа, қалай да қайта барамыз, — деп жұбатты. Осы сөзге өзі де сенді.
Үдере көшіп, суыт жүрген босқын жұрт Иран-Қызылбас жеріне өтіп тоқтаған. Түгел көш бойы біраз таныс, біліс боп қалған өзі қатарлы түрікмен жігіті — Қылышдұрдымен іргелес қонды. Басында баспанасы жоқ жарлы, жалғыз жігіт екен. Ес білгелі байдың қойын бағыпты. Өлмелі кәрі шешесі бар. Жаугершілікте қолға түскен қазақ қызы екен. Жұпар екеуі апалы-сіңлілердей болып кеткен. Тілін таза сақтап қалған анасының арқасында Қылышдұрды қазақшаға судай.
Жұпар да жесір әйел. Күйеуі үш-төрт кісімен қала шыға кеткенде қарақшылардың қолына түсіп, оққа ұшып өліпті. Бар жарамды түйесі мен азаматынан айырылған жас келіншек екі қыз, бір ұлмен аңырап қала беріпті. Қарасатын жақын туысы жоқ. Төркіні алыста. Содан осы байға жалшы болып, балаларын асырап жүреді екен. Біраз жыл ыстық суығына көніп, үйренісіп қалған бай көшпек болғанда басқа барар жері жоқ Жұпар да ере жүріпті. Енді ойда жоқта жақын інісі табылып, екі баланы бірден бауырына тартып, туыс қылып алған. Өзі қолы ашық, ақжарқын адам. Оларды өз қосына қосып алды.
Жолда көп кедергіге ұшырап, көп малынан айырылған көш арғы бетке жаяу-жалпылап әзер өткен. Алдарынан тосып тұрып шекараға таяу жерден қоршап алған қызыл әскерлер тобы босқындардың бар малын сыпырып алып, өздері атысып арпалысып аман қалған. Бірлі-жарым күш-көлік, мініс түйелерін ғана алып өткен. «Ұстағандарын ит жеккенге айдатады» деген дақпыртты естіген адамның қызыл әскерлерге өз еркімен берілуге жүрегі дауаламады. Бұл қауесетті көшті ыдыратып бөліп жармай, тұтас алып өтуді мақсат еткен байлар әдейі таратып еді. Өздерінің сенімді кісілері арқылы көш арасына әлгідей сөз таратып жұртты нандырған.
Сөйтіп, ежелгі парсы топырағына табан тіреген азғантай топтың орныққан жері — Күмістөбе. Жергілікті жұрт көшіп-қонбайды. Жері — сулы, көгі — мол. Әркім әртүрлі талап қылады. Егін салады, мал бағады, аз ғана кәсіппен жан бағатындар да бар. Өндірісте жұмыс жасап табыс табатындар да жетеді. Ағып жатқан суды жағалай — көк шалғын. Көк шөпке көміліп ала сиырлар шұбырады. Өзен бойы ызғындай ел. Қатар-қатар салынған үй. Көбі күйлі, мәс. Бұл жақтан барғандар киіз үйлерін тігіп, күркелерін құрып, бөлектеу қонған. Бірақ, отырықшы елдің ыңғайына қарай бірден-бірге ауыса берді. Әркім қолынан келген ісімен айналыса бастады. Кейбіреулер сауда істеп, базар жағалады. Біреулер мал сойып, қасапхана төңіректеді. Біразы тері-терсек жинап, былғары илеп, күн көруге көшті. Тума-туыс күш біріктіріп, серіктесіп, тіршілік ете бастады. «Басқа түссе баспақшы» дегеннің кері келді.
Түгел де етікшілікті кәсіп қылуға кірісті. Қолы ұсынақты, епті жігіт бұл істі де тез меңгеріп алды. Айналаның бүтіншісі болуға айналды. Азғантай уақыт ішінде маңайға «Түгел ұста» аты жайылды. Жат жердің суын ішіп, дәмін татуға мәжбүр болды. Күн артынан күн өтіп жатты. Күнделікті күйбең тірлік кешегісін ұмыттырып ертеңіне елеңдетіп қойды. Әрі қасында туған бауыры Тегістің жүргені көңілге демеу. Қаршадай бала бөтен топырақта барлық құса мұңын аз да болса жеңілдетуге көп себепші болды. Бірақ, Түгелдің еңсесі көтеріліп, жадырап бір күлген күні жоқ. Соның бәрін сезіп, біліп жүрген апасы бірде оны оңаша шақырып айтты:
— Шырағым! Менің сенен өзге сүйенер жақыным жоқ. «Сүйек шатыс сүйенісіп күн көрер, ауыз тамыр айтысып артығын алар» деген, жат жерде арқаласып күнелтпесек бізді кім сүйейді? Сен де бала сүйіп, әке болар жасқа жеттің. Құрақ көрпедей қырық ру елдің қайсысы саған қызын берер дейсің|? Алда-жалда ел іші тынышталып, туған жерді қайта көруге жазса, оны да көрерсің! Мен саған бір тілек айтқалы отырмын. Өз бауырым, қандас жақыным деп айтқалы отырмын, айналайын. Сол тілегімді беремісің?
Түгел қапелімде сасыңқырап қалып:
— Берейін, берейін, - дей берді.
— Берсең, Түймеш бой жетті. Ертең тәжік пен түрікпеннің бірі келіп, «қызыңды бер» десе, менің «бермеймін» деуге қауқарым жоқ. Қызымды қолдан жауға ұстап беру маған аңсат па? Бұл қызды сен алмасаң, түбінде жау алады. Менің тілімді алсаң, Түймені өзің ал! Қызымды көзімнің тірісінде өзіңе қоссам арманым бар ма? Тілегім осы, қарағым.
Бұл сөз Түгелді қатты қобалжытты. Бірақ, жат жерде талқан көжесін аузына тосқан ақ көкірек ананың меселін қайтаруға дәті бармады... «Маңдайға жазғаны осы шығар» деп, кеудесі қақ айырыла күрсінген күйі қыбыр ете алмай отырып қалды. Әйтпесе, Түймені аламын деген ой үш ұйықтаса түсіне кірген емес.
Түйме ірі қолдау, арсың-ұрсың еткен, сары қыз. Сөзі де түйеден түскендей. Қолына сабақты ине ұстамайды. Шешесіне мінезі де, әлпеті де ұқсамаған. «Жүгірген алмас, бұйырған алар» деген сөз айнымай Түгелдің басына келіп, Ақсәнге жүгіргенмен Түймеге бұйырды. Өзінен көп кіші қызға шешесінің өтінішімен қосылды.
Қызының сырына жетік Жұпар бұлардың түтіні түзу шығуы үшін жанын салып, бар күшін жас отаудың отының басын бүтіндеуге жұмсады. Қазан-аяғына дейін араласып, ас-суын пісірісіп, басы-қасында өзі жүретін. Күйеу баласының қас-қабағына қарап, қызының олқы жерін толтырып отыратын. Түйменің әлдеқандай теріс мінезін көрсе бежеріп, ұрсып тастайтын. Қасында қадағалап отырып, қызын күйеуіне қалтқысыз қызмет етуге баули берді. Қанша дегенмен жас адам емес пе? Түйме анасының алғырлығының, ақылдылығының арқасында ысылып, үй шаруасын ұршықтай үйіріп алып кетті. Түгелдің алдын кесіп өтпейді. Тыстан келсе құманы, суы дайын. Асы әзір, төсегі салулы.
Діншіл елдің сарына қарап, бұлар барған бойда намазға жығылған. Түгелге жасында Ержан молдадан алған сабағы көп көмек болды. Күн ұзағына мәс-кебіс, етік тігеді. Түйме тарамыс еседі. Арасында мезгілімен шайын демдеп, тамағын баптап, құрақ ұшып, бәйек болып тұрады. Бар ниетін салып істегендікі ме, Түгелдің аяқ киімдері тәп-тәуір болып шығатын. Кей-кейде белін жазып, аяқ-қолын созып қайту үшін аз ғана бақшасы бар Қылышдұрдының қасына барып, шер тарқатып, әңгіме-дүкен құрысады.
Теңіздің жібек самалы соғып тұратын теріскей бетке сар иық ауып қанша қарағанмен туған жер алыста жатыр. Сонда да сол жаққа мойнын созып-созып амалсыздан үйіне қайтуға мәжбүр. Тегіс болса Түймеге бірден бауыр басып кетті. Анасынан ерте көз жазып қалған сорлы бала жеңгесінің қойнына жататын. Көбдік қозы құсап Түйменің омырауына басын тығып ұйықтайтын. Жас келіншек қайнысына бар мейірімін төккенмен күйеуі өзіне жылы сөз айтуға тым сараң. Сонда да еріне қарсы сөз қайырмай, бұйдаланған тайлақтай емпең қағады.
Бірде әйелінің жалаң аяқ жүргенін көрген Түгел қалған-құтқан былғарыдан құрап-сұрап оған да бір кебіс тігіп берген. Кебісті сол бойда киіп көрген Түйме:
— Мынаның сірісін қаттырақ қылып тік! — деп қалғанын өзі де аңдамаған.
— Немене, аяғыңнан түсіп қалар деймісің? — деді Түгел не дерін білмей.
Түйме үндемей қалды. Әйелінің мұңая қалған кейпіне қарап, Түгел шыдамай, мырс етіп күліп жіберді. — «Олақ кісі сыншыл!» деген осы екен-ау! — Осы бір жылы шырай Түйменің көңілін көтеріп, үйді басына көтере күлген. Сол күннен бастап бұрынғы бір-біріне суық, немқұрайды ерлі-зайыптылар арасында аса бір жылы қарым-қатынас орнаған. Келер жылы олардың тұңғышы дүниеге келді. Сәбидің атын Жұпар Иранбек деп қойған. Бірақ, нәресте жасқа толмай, шетінеп кетті.
Тегіс жат жердің балаларымен көп ұзамай-ақ араласып, достасып кеткен. Өзінің бойы ұзарып, серейіп өсіп қалған. Беті әлпеті Жәнияға тартқан. Көздері алақандай, бүйрек бет, ақ сары бала ұзақты күн ойынның базарын қыздырып, қас қарая жатар орынға бір оралатын. Ауыл сыртында ағып жатқан өзенге барып, балалармен бірге суға шомылатын. Бір күні түс уағында тағы да суға түсе кеткен. Түгел әдетінше іс қылып, үйде отырған. Тыстан ызы-қиқы шу шықты. Артынша апасы мен Түйменің қоса қабат шыққан зарлы даусынан төбе құйқасы шымырлап қоя берді. Бір сұмдықтың болғанын сезіп, есіктен атып шығып бет алды далақтап жүгіре беріпті. Кейін естіді. «Тегіс! Тегіс!» деп айғай салумен болыпты. Ерсілі-қарсылы жүгіре берген Түгелді қоршай алған қоңсылары қаралы хабарды зорға түсіндіріп жеткізген.
Талма түстің шағында ыстықтаған топ бала суға түседі. Салқын судан шыққысы келмей, өзенге ұзақ малтиды. Ағын суда жүзе-жүзе қары талып, тақымының сіңірі тартылған Тегістің қол-аяғы құрысып қалады. Қимылсыз қалған баланы толқын қақпақылдап апарып иірімге түсіріп жібереді. Көзді ашып жұмғанша байғұс бала ұршықша айналып жатқан шұқырға жұтылып жоқ болған. Қасындағы балалар қанша қарманғанмен ағысы қатты өзеннен Тегісті құтқарып алып шыға алмаған. Аяқ астынан келген бұл қаза Түгелді есеңгіретіп кеткен. Жат жерде жанына жалау етіп жүрген жалғыз бауырынан қапыда айырылып қалған ол жер бауырлап жатып қалды. Тегістің сүйегі табылғанша нәр сызбады. Ауылдың ақсақалдары жиылып қара қазанды суға салып, өлік жатқан жерді тауыпты. Сосын бір-екі суға жүзгіш жігітті кезек сүңгітіп әупіріммен мүрдені жағаға алып шыққан.
Түгел інісінің жансыз денесін жер қойнына тапсырғасын теріс қарап, тағы жатып алған. Түн баласы кірпігі айқаспайды. Жағы суалып, көзі шүңірейіп, белі бүгіліп қалды. Үй іші қасына баруға қаймығып, жанына жолай алмады. Оқыстан келіп қақ маңдайдан соққан қайғыдан оңайлықпен оңала алмады. Ай бойы мезгілсіз қазаға қамықты, ауыр қайғыға төзе алмай жылап, жабықты. Айдан аса уақыт өткенде ғана қасына Қылышдұрдыны ертіп ауыл сыртындағы төбе басына шыққан. Екеуден-екеу ұзақ сөйлесті. Ұзақ сөздің соңында Түгел досына үлкен тәуекелге бел буып, елге қашуға ниет қылғанын айтқан. Оңай болмаса да, осы ойға біржола тоқтаған. Орны толмас өкініш оның бар тілегін кесіп, бөтен елдегі болашағына деген сенімін жойып еді. Бұрын көз алдында құлыншақтай шапқылап Тегіс жүргенде бір кездері өздері еріксіз келген ізбен бір күндері қол ұстасып бірге қайтатындай көкейінде көмескі де болса үміт шоғы жылтырап жататын. Інісі алыстағы ата-мекенін түн баласы түсінде түтіні бұлдырап елес беретін туған үйін, ата-анасын, туыс-бауырларын есіне түсіріп, тәтті арман жетегінде жүретін. Жат өлкеде жанына медеу, көңіліне демеу болған жалғыз бауырынан қапыда айырылып қалғасын Түгелдің басын «қашу керек» деген бір ғана ой шырмап алды. Араның ызылындай бүкіл сезім дүниесінің мазасын алып, жүйкесіне тікенше қадалып тұрып алды.
Ол апанын айлакер аңшыға алдырған арлан секілді ызалы еді. Соңына ерген жалғыз інісін осы сапарға ертіп шыққанына іші удай ашитын. Енді оның өліміне өзі себепкер болғандай өкініш өзегін өртеп шоқтай күйдіріп барады. Күйігі өмірі басылмастай күшті. Ол күйікті мұз жалап, қар шайнаса да өшіре алмасын біледі. Қашуға сол себептен бел байлаған. Ол ойын әзір Қылышдұрдыдан өзге жан баласы сезген жоқ. «Не көрсем де, өзім көрейін» деп шешкен. Түймеге де ештеңе айтпады. «Жолда олай-былай боп кетсем, жалғыз әйел қалай жол таппақ? Кімге, қайда бармақ? Не де болса шешесінің қасында, туыс-туғандарының арасында қала берсін» — деп түйген. Әзірге досы ғана хабардар жолға үн-түнсіз әзірлене берген. Жолға мінетін көлігін де сырттай сайлап қойды. Өздері елден мініп келген сандық өркеш нарша. Бұл күнде төбедей сары тіс, шоңқал 32 түйе болған. Құрт-майын, қуырдағын қамдатты. Бір шыбышты сойып, қуырып бар етін қарынға бүріп алды. «Қайда жиналдың?» деп туралап сұрамаса да, Түйменің іші бір сұмдықты сезген. Күйеуінің тәуекелге бас байлағанын түсінген. Сондықтан түнімен тықыр аңдып, күйеуінің сырт киімінің етегінен ұстап жататын болды. Қашса етектен баспақ.
Келісілген күні түн ортасы ауа тас түйін боп Қылышдұрды дыбыссыз кіріп келгенде, кірпігі айқаспай жатқан Түйме орнынан ұшып тұрып, боздап қоя берді. Үдетіп бара жатқасын Түгел жекіріп, тойтарып тастаған. Өйтпегенде, оның шырт ұйқыда жатқан жұртты тегіс оятар түрі байқалған. Әзір отырған Түгел артына қарайламай, атылып тысқа шықты. Соңынан жүгіре шыққан әйелі де бір елі қалмай, ебіл-себіл боп еңіреп, ере берген. «Қал!» деуге Түгелдің аузы бармады. Түймені артына мінгестіріп алды. Әуелгі ойынан мұрсатта айнып шыға келді.
«Апамның өз қолымен мойныма артқан аманат жанын тар жерде тастап кеткенім жарамас. Не көрсек те бірге көрерміз. «Жаман кісі жолдасын жауда қалдырады» деп еді. Бұл менің өмірлік жолдасым емес пе? Ең болмаса осының обалына қалмайыншы. Онсыз да екінші анамдай болған асыл апамды артыма қалдырып, ештеңе айтпай кетіп барамын» деп ойлады Түгел.
Өткелге таң саз бере жеткен қашқындар жылтырап жылып 33 ағып жатқан суға жеткенде, сәл кідірді. Осы жерден айырылмақ. Нардың бауырғалынан ұстап үнсіз егіліп тұрған досына: «Екі дүниеде бұл жақсылығыңды ұмытпаспын! Есесі Алладан қайтсын, қалғандар бір өзіңе аманат. Апама сәлем де: бұл ісімді кешсін! Мені сөкпесін. Заты әйел ғой, жұртқа дабырық болып кетер деп айта алмадым. Бала-шағаға бас-көз бол! Дәм жазса, мүмкін көрісерміз. Қош, бауырым!» — деп түйе үстінен қоштасты да нарды борбайдан бір тартып, желе жөнелді.
Абырой болғанда, Құдай қолдап, соңдарынан қуғын түспеді. Судан шылп-шылп етіп көлденең кесіп өте бергенде, арт жақтан екі дүркін атылған мылтық даусы шықты. «Қап, Қылышдұрдыны көздері шалып қалды-ау» деп қанша өкінгенмен енді артқа қарайлауға болмайтынын екеуі де жақсы түсінді. Борбайға бір салғаннан әккі түйе бүркекке басты. Желіп келеді. Жарық түспей жыра-жықпылға түсіп, жасырынып, ішкері асып кетуге барын салған қашқындар асығулы. Ел ішіне сіңіп кете алса, ар жағын не де болса көріп алуға басынан бекінген Түгел тоқтамай тарта берген.
Сонадайдан сағымданып Балқан тау бұлдырағанда, жанарынан жас бұрқ етті. Бетін тарам-тарам жас жуды. Балқанның бауырын саялаған түрікмен қазағы аралас елге жеткеніне сенер-сенбесін білмеді. Қарауытқан қара көк тауды бетке алып бүлкілдеп келеді. Төменнен қараған кісіге жауар бұлттай түйіле төніп тұратын заңғар тау ілгері жүрген сайын өздеріне жақындай түседі. Шөгіп жатқан алып нар секілді көлбей созылып жатыр. Арқа беті — сұламалы. Таң ата өрмелесең қонаға төбесіне шығасың. Төбесі тегістік. Кей тұсы кедір-бұдыр, ыза-сулы Балқанның үстін шөптің сонысын, малдың өрісін жақсы білетін қазақтар көбіне жаз жайлайды. Шөбі шүйгін, құйқалы қонысқа тек малшылар ғана емес аңшылар да әуес. Себебі, тау жоталарында таутеке, арқар өріп жүрсе, баурайы қасқыр түлкіге толы. Тіпті қабылан да кездесіп қалады. Қоян, қарсақ, кекілік секілді ұсақ аң-құс жыртылып-айырылады.
Күнгей беті — шапшыма тік жартас, қия жақпар. Бетіне қалың тал, сіңірлі арша — бұта өскен. Ұйысқан қалың тоғай. Күзге салым сол тал-бұталардың қызыл, сары, қара, күлгін жемістері уылжи пісіп, тарыдай саудырап төгіліп жатады. Бұл кезде жан-жақтан түрлі құс қаптап тау бөктерін қалың сонадай жауып кетеді. Тәтті жемістерді теріп қарық болып қалады. Тау қойнауын құс базары бірнеше күндер бойы қыздырып, ызы-қиқы шуға толтырады. Қабақтардан сырқырай аққан сап-салқын мөлдір бұлақтар баурайдағы елге сусын. Тұп-тұщы тұнық су бойын қысы-жазы тапжылмай отырып қоныс қылатын түрікмен жұрты бақша өсіріп, көкөніс егіп, бала-шағасының аузынан бал ағызады.
Қыста пана, жазда сая болатын тау баурайы елсіз болмайды.
Соны білетін Түгел қара топырақты адырларға аяқ басқасын көңілін торлаған қауіп-қатер бұлты кейін ысырылғандай болса жақындай түскесін есіне жат жерде қалған жалғыз інісі Тегіс түсіп, өзінен-өзі өксіп жылады. Оған қосылып артында қалған анасы мен бауырларын ойлап Түйме солқылдады.
Бұлар елден кеткелі жеті жыл болыпты. Мұндағы ел жайынан мүлдем хабарсыз. Түнделетіп тау етегіне іліккен олар қараңғы түсе тау жиегін бойлай жүріп, қараша үйге кезікті. Түгел тәуекел етіп «сөйлес» қылды.
Тілдесуге бетін орамалмен тұмшалап алған түрікмен әйелі шықты. Жылтыраған көзі ғана көрінеді. Жөн сұрап еді. Ол «үйге кіріңдер» дегендей ишарат жасады.
Қара көлеңке үйдің ішінде, қақ төрде қауға сақал, мұртын тықырлап қырып тастаған, шақша бас шал отыр. Жалт-жұлт еткен отты көздерімен жолаушылардың бас-аяғына бажайлай қарап алды. Бұл әкесін сұрап көріп еді.
— Ә, Әділ қазақ па? — деп тани кетті. — Ол кеткелі көп болды. Маңғыстау жағына кетті ме, әлде Бесқала асты ма, ол арасын білмедім, — деді үй иесі.
Ортаға шам жағылды. Алдарына бір таңқа 34 көк шай әкеліп қойған әйел қайтып қарасын көрсетпеді. Қаны кеуіп шөлдеп келген жолаушылар ыстық шайға қанды. Түйесін тұсап, отқа жіберіп келіп, таң атқанша демалмақ болды. Сыр мінез болмағасын өз жайларын түрікменнен бүгіп қалды.
Жол соқты боп қатты шаршаған ерлі-зайыптылар төбеге ұрғандай қатып ұйықтап қалыпты. Оянғанда, күннің көзі шақырайып шаңырақтан сығалап, үйдің іші жарқырап тұр екен. Едәуір тыңайып қалған Түгел мен Түйме шай-су ішіп алып, тағы жүрді.
Тау жағалап қалаға жете бере, тағы бес-алты үйге кезікті. Олар аңшы қазақтар екен. Әділді жақсы танитын аңшылар Түгелдің хабарсыз кеткенін білетін болып шықты. Бұлардың жасырын келе жатқанын сезіп, күндіз тынығып, қараңғы түсе жолға шығуға кеңес берді. Олардан қуанышты хабар да есітті. Қабыл баяғы сүлпәт өндірісі жабылғасын ауып қонған тұз шығаратын жерде әлі отырған көрінеді. Әділдер Маңғыстау бетіне көшкен. Түгел ағасынікіне тартты. Аз ғана ауылдан оның үйін тез тапты. Итарқа, жапырайған жер үй. Табиғатында салмақты Қабыл сол орнынан қозғалмапты. Түгелді көргенде Батсайы дауыс салып, жылап көрісті. Қабыл да көзіне жас алып, көпке дейін інісін құшағынан босатпады. Үй іші бір жылап, бір күліп, бірталайға дейін абыр-сабыр болып жатты.
Өздері жүдеу, күйсіз екен. Қызының алды Несібелі бой жетіп қалыпты. Батсайыдан аумайтын биязы болып өсіпті. Онан соңғы балаларын Түгел көрмеп еді. Несібеліге тете екі қыз қатар туған екен. Қабылға ұқсаған қоңыр қозыдай момын қара бала үш-төртке келіп қалыпты. Аты — Берген.
Кірпішін саз балшықтан құйған қоржын үйде дүние-мүліктен бір-екі тең, көне кебеже бар. От басында жаман тулақ, ескі өре киізден басқа сілкіп салар төсеніш шамалы. Соған қарағанда тапқан табысы тамағынан ауыспайтын болуы керек. Бір үйлі жанның таңдайына тартып отырғаны жаңғыз тайлақты түйенің ағарғаны сияқты.
Балалары да өздері сияқты салмақты, көп сөзі жоқ көрінеді. Бәрі ата-анасының қас-қабағына қарап қимылдайды. Артық-ауыс әңгіме, қақ-соқ жүріс байқалмайды.
Шай үстінде Қабыл әңгіме бастаған. Қуат ана жылғы ашаршылықта сүзектен қайтыпты. Әділ үйінен де сонау жылдары аласапыранда көз жазып қалыпты. Ұзынқұлақтан: «Маңғыстау жақта, қырда жүр» деп естіген. Батсайының әке-шешесін үй-ішімен күн шығып, таң атпайтын жер шетіне жіберіпті-міс. Айдалып кетіпті. Олардың да өлі тірісін білмейді.
Тегістің жат топырақта қалғанын естіп, екеуі де қамығып қалды. Бұл шақта өкіметтің белі бекіп, бұғанасы қатайып қалғанға ұқсайды.
Кішкене ғана тұз өндіретін кәсіпорынның жұмысшылары — қазақтар. Елдің тұрмысы жұпыны. Тапқан табысы тамағына жетпейді.
Түгелдің табылғанына қуанғанмен Қабыл іштей қобалжулы еді. Ел іші қыбыр еткенді аңдып, тың тыңдап отырған «қатал заңнан» зәрезап болған. Тықыр шықса қорқатын үргедек заманда арғы беттен өтіп келген адамдарды аңдушылар алшаңдатып қояр ма? Ертең-ақ үкіметтің құлағына тиіп, құрықтап алар. Сосын мына бала-шағаның күні не болмақ?!
Ағасының көңілі әлденеге алаңдаулы екенін Түгел де сезген. Бұл жерде тұрақтамақ өз ойында да жоқ еді. Бала-шаға ұйқыға бас қойғасын Қабыл Түгелді абайлап оятып алып, тыңнан сөз бастады. Бұлардың сыбыр-күбірінен еріксіз оянған Батсайы мен Түйме үрпиісіп, екеуінің әңгімесіне үнсіз құлақ түрді.
— Түгел, айналайын! — деді Қабыл. — Қазір бұрынғыдай бұйқыт 35 заман емес. Екінің бірі жау болып шығып, ұсталып-тұтылып жатыр. «Ата-бабасы бай, молда болған» деп, біреуді-біреу сыртынан үкіметке көрсетіп, ағайын ел өзара ала көз болуға айналды. Әйтеуір, заманның сыңайы жаман. Бұл жұрт қарап отырмайды. Сені де жансыз деп көрсетеді ғой. Ақ адал сөзіңе кім сенеді? Үкімет ұстаса, тірі қоймас. Сенің туысың болғасын мені де жай қалдырмас. Бұл жерге үйреніп қалып едік. Балалар сабақта еді. Амал қайсы? Тумаласты тірілей тұтқындатып, өзім тентіреп түрмеге түскенше, не де болса бірге жүріп, түзде өлейін. Бұл жерден кетпесек болмас. Әділді тауып, бірге күнелтейік!
Ол ағасының сөзін үндемей тыңдап, оның айтқан ақылын басын изеп бірден құп алды. Басқа амалы жоқ еді оның. Өзі үшін басын қатерге тіккен Қабылға жаны ашыды.
Ертелетіп екі үй буынып-түйініп тау жаққа тартып кетті. Көліктері — екі түйе. Балаларды шаңыраққа мінгізіп, аздаған төсеніш, қазан-аяғын, бес қанат үйін екі түйеге бөліп артып жүріп кетті.
Әдейі бағытынан адастыру үшін тауды бетке алғанмен, іңірде ізімен кері айналып құмға жетелейтін жолға түскен. Жол ұзақ, жаяулап, түйе жетелеген көштің жүрісі өнбейді. Елсізбен шұбырған екі үйлі жан.
Бір қойнауда түрікменнің қызыл шұнақ аруанасы иіріліп жатыр екен. Маңына жан жолатар емес. Тағы боп кеткен. Соның бірін Түгел мен Қабыл екеулеп әрең ұстап, ноқталап, жетекке алған. Соңынан сүт тайлағы да ерді.
Түрікменнің «Шалқұйрықтан үш жылға дейін дәмем бар» деуі тегін емес.
Аруана жершіл мал. Түбі мал болмасын білсе де, қырға шығып алу үшін көлік қажет еді. Ұбырып-шұбырған көш күнде еру болады. Солай бірнеше күн тынбай жүріп, қырға шықты. Үстірттің құба жонына жетіп, құздың үстінен қоныс тепті. Қашаннан қақпанынан қашқан аң құтылмайтын әулеттің несібесі мол болды. Тамағы тоқ. Осылай екі-үш ай отырып, күз түсе тағы көшті.
Қыс қыса қашқын үй Есенқазақтың қара түлейіне 36 кіріп, жан сақтауды жөн көрген. Қалың сексеуілді тоғайдың арасына үйін тігіп орнықты. Отын мол, аң көп. Қиыншылық көрмеді. Тек ауыз су қиындау. Қар түссе, қар суын ішеді. Қар жоқта бір шақырымдай жердегі ескі құдықтан суды түйемен тасып ішеді. Қыс беки бұлардың қарасы көбейді: Төрт ағайынды жігіт шұбырып келіп, үйдің ығын паналасты. Төртеуінің қос-қостан сегіз есегі бар. Бірақ, үйі жоқ. Босқындар. Өздері бойдақ.
Тағы бір төрт қанат үйі бар шал-кемпір қосылды. Он төрт он бес жасар жалғыз баласы бар. Үш-төрт түйесі, үлегі бар. Әлгі бойдақтар сол кемпір-шалдың үйіне кіріп жан сақтады. Бұлардың үстіне бір күні жаңғыз көртіне жолым үйін артқан, бір мәліш қара саулықты жетелеп, бір-екі баласы қойдың артынан итеріп, іркес-тіркес болып біреулер келді.
Түгел тани кетті. Сақар. Баяғы жалшы Сақар. Бесқаладан шұбырып келе жатқан беті екен. Түгелді көріп, ол да аялдап қалды. Әйтпесе, мақсаты ойға құлау екен.
Сақардың қанында бір қараулық бар еді. Бала күнінде бауыздап жатқан малға шімірікпей қарап қалғанын әлденеше рет аңдаған әкесі, «тәйт әрі» деп талай зекіген. Сол жалғыз ұл өсе келе қаттылығын әр жерде әшкерелеумен болған.
Ұрлықпен мал табудың маманы. Бейсәубет жүрген қараны көзі шалса, қараңғы түсе қалайда пышаққа іліндіреді. «Ұры байымас» деген емес пе, онымен бүйірі шыққан Сақар жоқ. Қанша айтса да, әке тілін алмаған қатыгез ұлға өмір бойы байдың малын бағып, нәпақасын маңдай терімен тапқан Қарабала қатты наразы болып: «Түбі оңбассың!» — деп еді. Сол әкесінің дегені келді де қойды. Баяғыда Есберген көшерде Сақарды әдейі Көкжарға жұмсап, адастырып кеткен. Құлдан құтылудың жолын солай тапқан.
Алдында ғана әкесін жерлеген Сақар қайтып оралғанда байдың жұртын сипап, айдалада жалғыз өзі ұлып қала берген. Ішіндегі ызасы жанын тыныш таптырмады. Қаланы тінтті, құмды кезді. Байдың ізін таба алмады. Ұшты күйде жоқ. Ақыры «Ер азығы мен бөрі азығы жолда!» дегендей, қалашылардың жолын торып қарақшы атанды.
Ұлы жолдың бойын үш жыл торып, бірде Бесқала асып кеткен. Сол жақта өзі сияқты көштен адасып, кім көрінгенге кіріптар болып жүрген бір жетім қызға тап болды. Бірақ, ел қатарлы жер тырмалап, тер төгіп күнелткісі келмеді. Баяғы кәсібіне қайта ауысты. Біреудің соқаға жегіп жүрген жалғыз өгізін олжалады. Біреудің сауын сиырын сойып жеді. Әйтеуір, айналаны ығыр қылды. Елге жеккөрінішті болып, бір жерден екінші жерге көше-көше ақыры қуғындалып қырға қашқан. Айналғанда елден шығынып құлаудың мойнында, ұлы жолдың бойында жұртта қалған қарақшыдай жалғыз үй отырды да қойды.
Содан бері Сақардың лашығына ат шалдырмай өткен жан сирек. Біреуден «базарлық» деп алған қос уыс өрік-мейіз, қант-шайды үнемдеп үйренген қайыс қара қатыны ілгек те өзінен өткен кәззап. Бермесіңді тартып алатын айлакер. Жұмған алақанын ашпайтын сараң.
Сол Сақардың үйі қыс беки жолаушы аяғы тыйылғасын аштан өлер болған. Әрі қарай баруға бет жоқ. Қайтерін білмей, қыр басына шыққан. Құдай айдап, оларды Түгелге кезіктіргенін қарасайшы. Аузының салымы зор екен.
Олар Түгелге тап болып, қос болғанына қуанышты еді. Досының ақкөңілдігі мен жомарттығы бұған бұрыннан мәлім. Енді бала-шағасы аш болмайтынын білді. Қара күші болғанмен аң ату қолынан келмейтін Сақар Түгелге көмекші болған. Атқан аңын арқаласа да қасынан қалмайды.
Түгел Сақардан сырын жасырмады. «Көз көрген құрдас қой» деп, ағынан жарылып, басынан өткен оқиғаның бірін қалдырмай баян етті. Иранға ауғанын, онда жеті жыл тұрып, Түймеге үйленгенін, Тегістің суға кетіп өлгенін, екеуінің елге қашқаны туралы жыр қылып айтып берді. Қабыл екі үйі бірігіп, «үкімет ұстайды» деп қырға шығып, елсізде жасырынып жүргені өзінің арғы беттен қашып өтіп келуінің қырсығынан екені де Сақарға белгілі болды.
— Сақар-ау, менің жайым осы. Өзім деп саған ғана айтып отырмын. Бөтен кісіге тісіңнен шығарма! Өзгесі бұны білмейді. Елге жақындай алмай жапанда аң қағып жүрісіміздің мәнісі осы. Жалғыз үй жабығып жүргенде өзіңді қай Құдай айдап әкелді? Кәдімгідей ел болып қалдық, - деп қуанды Түгел.
— Қанша дегенмен бір жылдың төліміз ғой. Айтсаң, сөзің өтеді, — дейді құрдасына қарап күлімдеп.
Түгелдің шиті мылтығы мен Қабылдың қанды ауыз қара қақпаны бір қора жанды асырап, қыстан аман алып шыққан. Жер аяғы кеңейіп, көк молайғасын қыстай сексеуілдің арасында ұйлығып отырған үш-төрт үй құдық басын айнала бөлек-бөлек қонған.
Жаз шыға жан жадырап, көңіл жайланып, үш-төрт үй кәдімгідей ауыл салтанатын құрған. Бойдақтар бой жетіп қалған қызы бар Қабылдың үйін төңіректейді. Сақар мен Түгел ішек-қарны араласып жатқан құдайы көрші. Анадай жерде, бұлардан бөлектеу Бақтыбай шалдың үйі бар. Малсақ шал күн ұзағына айналып-толғанып түйелерінің қасынан шықпайды. Пысықай баласы Сартай әкесіне қолғанат.
Бойдақтардың үлкені қырықты алқымдап қалған Ақберді Несібеліге сөз салған. Бұндай күйге түскелі Батсайыны да қызының тағдыры толғантып жүрген. Аттың жалы, атанның қомында туып-өскен қазақ көшіп-қонып жүріп-ақ отау құрып, шаңырақ көтермейтін бе еді. Шешесі жасы келген қызының өз отын өзі түтеткенін қалайтын. «Ақберді де жаман адам емес. Қырмасақал боп қалғанмен азамат қой» деп қызынан оңашада сыр тартып көрген. Қызы: кісіге бармаймын! - деп азар да безер болды. Қабыл да қарсы болып, Батсайыны екеулеп тойтарып тастаған.
Жаз ортасында шағын ауылда бір қайғылы оқиға болды. Таңертең түйе суғара барған Бақтыбайдың баласы құдықтың әйкеліне шығып, қауға тарта берем дегенде, судың демімен жіпсіп тұрған тастың шеті үгітіліп, сынып кетіп, шыңырауға түсіп кетіпті. Сартайдың сүйегін шыңыраудан бойдақтардың ең кішісі беліне бірнеше құлаш арқанды бір-біріне жалғап, байлап түсіп, шығарып алған. Содан кейін кемпір күйікті болды. Ертемен тұрып, желденген шерлі көкірегінің дертін баса алмай, баласының жас қабірінің басына барып дауыс етеді.
Таң бозынан тұрайын,
Белімді қынай буайын.
Кешегі кеткен Сартайды,
Бозторғайдан сұрайын, —
деп басталатын ұзақ жоқтауын сұңқылдап аңырайды да отырады. Естіген адамның кемпірдің зарлы даусынан төбе шашы тік тұрады. Сондықтан шал «кемпірімді күйік қағар» деп қорықты ма, буынып-түйініп бір күнде ойға құлап кетті. «Қыз бермеді» деп Қабылға өкпелеген бойдақтар да шұбырып ойға түсіп кетті. Құба жонда тек Түгелдер мен Сақардың үйі қалды.
Екі үйі елсізде отырып қалды. Күз өтіп, тағы қыс түскен. Қар ерсілі-қарсылы борап, үйді белуардан басып тастайды. Ызғырық жел азынай соққанда, қараша үй сықыр-сықыр етіп, шайқалып тұрады. Түгелдің әжесінің:
Қыс келеді қырыңнан,
Қамыңды соқ бұрыннан
Байдың несі құрайды?!
Сеңсең тонды киеді,
Құйқалы майға тояды, —
деп бала жұбатқанда өлеңдетіп отыратыны бар еді. Қыр соңынан қалмай қойған кедейшілігі құрғырға кейістіктен туған сөз шығар. Жоқтық еңсесін езген жарлының әйелі емес пе? Енді, сол есігіне атадан мирас болған кедейлікке қашқындық аты қосылып қинап отыр. Бұрынғыдай бостаншылық жоқ. Үйін жығып алып кең далада құйындай ұйтқып көше беруге үкіметтен сектенеді 37 . Көпшілікке жақындауға сырымыз ашылып, әшкере болармыз деп қорқады. Не де болса, бұйырған несібесін осы тоғай маңынан теріп жеп, түлей түбінде жан сақтауға тиіс.
Қыр үстінің қысы да әлемет. Түн баласы тоғайды қасқыр торуылдап шығады. Солардан сектеніп, түйелерді іргеге шөгерсе де, түн ортасында топтанып келіп таңынан тартып, алқымынан тістеп әурелеп, үйді айнала шулығуын қояр емес. Бөрінің бұлай басынуы еркектер кезекпен күзетке тұрып, мылтық атқасын аздап бәсеңсігендей болды. Дүлей табиғат, долы тағы қоршауында қалып аяусыз аң, азынаған боранмен бетпе-бет арпалысқан аңшылар ауыр сынға бой бермей тайталасып бағуда еді.
Үй толы жан үйме-жүйме болып, бір-біріне тығылысып, суықтан селкілдеп отырады. Ошаққа, үйдің ортасына үйіп от жағады. Отыны — сексеуіл, баялыш. Баялыш — бұта шөп, шоғы қозданып, бір-бірін үріп, гуілдеп жанады. Отты өшірмейді, үзбей жағады. Мосыда мыс шәйнек бұрқылдап қайнап тұрады. Жерге жарғақ төсеп, дастархан жаяды. Шайы — қарағаштың қабығы. Қайнатқанда түсі сарғылтым реңк алады. Сол шайға түйенің сүтін қатып ішеді. Шекер орнына аң етінен шоққа қақталған сүрі борша тістейді.
Шай ішіп, бойлары жылынғасын, метеймен су тасиды. Түйме мен Батсайы отын шауып әкеледі. Еркектер аңға кетеді. Кешке қазанға толтырып ет асады. Жүгері салған дәмді сорпаға бір тояды. Балалар бір көрпенің астына тығылып ұйқыға кетеді. Үлкендер түннің бір уағына дейін отты сөндірмей, әңгіме-дүкен құрысады. Уақыт оздырып, түн жарымы ауғанша отырады. Таңертең тұрғанда кірпік қасына қырау тұрып, қол-аяқтары суықтан сіресіп қалады.
Қашқыш үй осылай өлмешінің күнімен амалдап қысты да өткізіп жатты. Өткен күздің басында ауылдың еркектері бір қора қызыл шұнақ аруананы ойдан қуып айдап әкелген. Соңдарынан қуғын түсіп, әзер құтылыпты. Түгелдің өз түйесі орта жолда оққа ұшып қалғасын ауылға Сақардың артына міңгесіп келген. Мойнында шиті мылтық. Көп кісі қаумалап түйені бір тастақ жерге иіріп бір-бірден құрықтап ұстаған. Мұрны тесілмеген тағы түйелер аң сияқты. Қайыртар емес. Ақыры бәрі жабылып, төрт-бесеуін тіздеп байлап, үш-төртеуін атып, бауыздап алысты. Қалғаны құлан құсап, құйрықтарын сабалап, үйренген өрісіне қайта қашқан. Сол түрікменнен алған түйелерін әр үй бір-бірден байлап, саумақ боп, итбағаштап 38 үйреткен.
Түгелдің үйі де бір қызыл шұнақ аруанаға бас білдірген. Түрікмен аруана сүтті екен. Шұбатқа қарық болып қалды. Бірақ, түйе көбейгесін суға талас күшейген. Құдық жалғыз. Кезек күту керек. Жиырма-отыз құлаш шыңыраудан су тарту оңай емес. Екінің бірінің қолынан келе бермейтін жұмыс. Қауғаны еркектер алады. Әсіресе, ернеуден тартып шығару қиын. Ешкінің терісін бүтін сойып істеген қауғаны тартуын тартқанмен, ауызға келгенде көтеріп алып, астауға құю – күш. Оған қажарлы кісі керек. Кейде шалбарланып алып екі бұтын алшайтып, әйкелдің үстінде тұрып Түйме де су тартуға кіріседі.
Бұл күндері толысып, сүйегі іріленіп нар түйедей болған Түйме қажарлы әйел еді. Қақпақтай жауырыны, бақандай жуан білегі, әрқайсысы қойдың жілігіндей саусақтары палуан мүшесін айбаттандыра түсетіндей. Қауға тартқан сайын ақ сары жүзі қызарып, екі бетінің ұшы қызыл мақпалдай құлпыра түседі. Жас дене серіппедей жиырылып, созылып жойқын қимылмен суды cap еткізіп астауға ақтара береді. Түйесі түскір суға қана ма? Түйе көп, Түйме жалғыз. Шөл қысқан түйелер астауға топырласып, мойнын созып сораптап тұрып алады. Әрқайсысына екі-үш қауға су болмаса қанбайды. Кезекпен суармаса қауға біреу, құдық біреу. Содан келіп ұрыс-керіс шығады. Ұрысты шығаратын да іші тар, қызғаншақ ілгек. Бір күні құдық басында ілгек пен Түйме ілінісіп қалды. Кер-мар сөзді бастап:
— Жаудан алған жаңғыз мойнағымызды күн барында суарып алайық десек, Түгел мен Қабылдың төрт-бес түйесі шыңыраудың суын сарықпай қанатын емес қой, борша болғыр! — деп әуелі ілгектің өзі тиіскен.
Тілінің тікені бар қатынның біреуді түйрей сөйлемесе, аузының қышуы қанбайтын. Тағы сонысына басқан. Түйме терісіне сыймай тырсылдап тұрса да ауызын буып, үн-түнсіз ісін жалғастыра берген. Құлаштап қауға тартып тұрған. Одан әрі шыдамы таусылған ілгек қолындағы кендір арқанымен түйелерді «шу, шу, жамандатқырлап» шартылдатып ұра берді. Су ішкісі келіп мойнын соза ұмтылғанмен алдын кес-кестеп қуа берген ұрғашыдан үркіп түйелер астауға жолай алмаған.
Бұның бәрін сыртынан көріп тұрған Сақар әйелінің кесірлігіне кейіп, «қой» десе де, көк долы қатын қоймаған. Үйге барғасын көптің көзінше тілін алмаған тентек әйелін Сақар қамшының астына алған. Түгел барып, айырып алғанша ол қамшысын қолынан түсірмеп еді. Ілгектің үстіндегі күн жеген бөз көйлек ұзына бойы дар-дар жыртылып, жауырыны қызыл жоса болып, айғыз-айғыз тілініп қалыпты. Кереге басынан тас қылып ұстап тұрған көкбет әйелдің балағынан зәрі шұбырып жүр. Өзі:
— Ұр, ұр! - деп көгереңдейді.
— Тарт тіліңді!
— Тартпаймын!
— Тартпасаң, өлесің!
— Өлтіре бер! Бәрібір тартпаймын! — деп долы қатынның басы оқ жыландай қақшаң-қақшаң етеді.
Осындай текетірестің үстінен түскен Түгел Сақардың қолындағы қамшысын жұлып алған. Оны шақырған Сақардың едәуіршік қызы болатын.
— Аға, жүрші! Әкем апамды сабап жатыр. Бармасаң, оны өлтіреді. Жүре қойшы, ағатай, — деп еңіреп жылай берген қыз Түгелдің шайын ішкізбей, етегінен тартқылап сүйреп әкелген.
Келсе, қатынын сабаймын деп әбден шаршаған Сақар екі иінінен дем алып, қалшылдап тұр екен. Түрі адам шошырлық. Шоқпардай мұрны қып-қызыл. Құрдасы қолынан қамшысын жұлып алғанда қарсыласпастан керегеге арқасын сүйеп алқынып отыра кетті.
— Бұл көкбет мені де жеңді-ау! — деп тістене берді.
Сақар жауырынды, бойы тапырайған кеспелтек адам. Семізше, бұлтиған қозы қарны, селдірлеу сақал-мұрты бар. Жүргенде еңкейіп, екі қолын сермеп, құнтаңдап басатын кеспірсіз кісі. Мінезі де аумалы-төкпелі. Жазғұтырымғы күн сықылды. Бірде жадырап тұрса, бірде қабағын түйіп бұзыла қалады. Әбден қанына қарайып ашуланғанда кісі өлтіруден тайынбайтын қараулығы да бар. Сол Сақардың әйелі ілгек «Ағама жеңгем сай» дегендей, өзінен өткен өжет болып шықты. Сақар ұрған сайын өршелене түсетін әйелінің көкбеттігіне көзі жетіп мойынсұнып болған. Көпшілік: «Сақардың қатыны өзіне қайым» десетін.
Ілгек болса өзінің өрлігімен осы сөздерді дәлелдеумен келеді. Ұзын бойлы, мұрны қылыштың қырындай қайың қара келіншектің көзінен жас шықпайтын. Қара моншақтай көздері ашу қысқанда шатынап ұясынан шығып кете жаздайды. Беті көгеріп талақтай қағынып кетеді. Тілі удай ащы. Сонысымен ауыл-үйге сыйымсыз. Қарап тұрған кісіге келіп өзі сүйкенетін осы бір күйелі ағаш қатыннан бәрі қаралай қашқақтап жүретін. Оны осы айналада жеңетін жан жоқ. Тіпті қанша сабаса да Сақар да жеңе алмай, түңіліп қойған.
Жаман әйел елді елге қоса ма? Сөзуар, өсекке үйір Ілгекті Түйме де Батсайы да жаратпайтын. Оның үстіне ол өте қызғаншақ. Тиісерге қара таппағанда, күйеуіне ұрынып, әрнемені қоқырсытып, бықсытып отыратын әдеті. «Әй, ана Қабылдың кәрі қызына сен қарамасаң, кім қырындайды? Айналада туысы бөтен сенен өзге еркек кіндік қалмады. Жүзіқараны сұраған кісіге ертіп жібермей, сүрлеп, сандыққа салып қояйын деп жүр ме екен? Енді өзің көңілін ауламасаң, елсізде ол қызға кім қарайды?» — деп сылқылдай күлетін. Әсіресе, бұндай сөздерді Түгел үйімен ұрсысып қалғанда қас қылып, айызын қандыру үшін әдейі айтатын. Оңашада отынға барғанда Несібеліге де: «Менің күйеуімнің жігітшілігі күшті еді. Өңі тәуір қызға қырғидай тиетін мінезі бар. Саған ештеңе демей ме?» — деп қаралай соқтығып, міз бақпастан шамына тиіп жүретін. Соның бәрін қызғаныштан айтатын. Күйеуін кім көрінген қыз-келіншектен қызғанып, өзінен-өзі тұтанып, өліп кете жаздаушы еді. Шынында да Сақар әйелқұмар, жеңіл жүрісті адам болатын. Осыны білетін әйелі әркімге қараптан-қарап отырып, орынсыз ұрынып, ойдай сөз айтып, жүрген жеріне сойқан салумен болатын.
Көп ұзамай Түгелдің үйімен судай сүзісіп жүріп, Сақар арам пиғылын таныта бастаған. Әйелінің сөзі түрткі болды ма, көңілі бұзылып, Несібеліге көз алартуға көшкен.
Күнде кешке, ет піскен мезгілде Түгел:
— Сақар! Әй, Сақар! Кел, ет пісті — деп өзі шақырып алатын.
Қонақжай құрдасы оны ешуақытта ұмытпайтын. Үлкен ағаш астауға салған үйме табақ етті ортаға алып ерлер бір бөлек, кішілеу табақпен әйелдер бір бөлек жейтін.
Бір күні тамақтан соң Түйме Батсайыдан:
— Сендер байқадыңдар ма? Мына Сақар ит бізге көз қысатын болыпты. Әсіресе, үлкен қызға қарап жымың-жымың етеді, — деп сұрады.
— Иә. Мен де байқадым. Адал асымызды жеп жүріп, иттің ниеті арам екен, —деген Батсайы мұңайып.
— Мен сендерге айтуға ұялып жүр едім, — деді Несібелі. Ілгерідегі Ілгектің қитұрқы сөзін де олардан жасырып қалған.
— Әкең онысын білсе, Сақарды өлтірер, — деп Батсайы қорқыныш білдірді.
— Білсе, сол білгені жақсы! Немене сол иттен қорқып, бұғып, мазағына көніп жүре береміз бе? Мен бұны бүгін-ақ Түгелге айтам. Білсін, жәдігөй иттің арам ойын. Олармен қос болмай-ақ қояйық. Өз күнімізді өзіміз көрерміз. Сақарға ділгер болып отырған неміз бар? Қайта бізге күні қарап ділгәр 39 отырған олар емес пе? Несіне қорқасың? — деп ойындағысын сардитып 40 тікесінен турап айтып тастады.
Бұл сөз құлағына тигесін Түгел Сақармен төбелесіп қалған. «Етке тойғасын құтырайын деген екенсің, сен құл! Кімді басынғың келеді?!» деп құрдасының шымбайына батыра айтқан. Содан кейін Түгелдің мойнына түсіп, қосшы бала болып, тамақ асырап күн көріп жүрген Сақар үйі аш қалды. Әшейінде жүрегі жұмсақ болғанмен Түгел де айтқанынан басын кессе де қайтпайтын мерт 41 . «Құрдас, жаздым-жаңылдым» деп мүләйімсіп барған Сақарды жағасынан алып, үйінен қуып шықты. Қайтып маңайына жолатпады. Олжасынан да нәр татырмады. Дос болып жүріп, қылған қастығын кешпеді. Көңілі қалды. Қалған көңіл — шыққан жан. Сақар үйі тас кеміргендей болып, тарығуға айналды. Қызыл қуырдақ түгіл, толарсақ та жоқ. Бала-шағасы ашықты. Сол ерегес, төбелестің артынан жаз шықпай, қыс аяғында Сақар шұғыл үйін жығып, көшіп кеткен.
Көптен Түгелдің түсі оңбай, берекесі қашып жүрген. Бүгін таң алдында белгісіз біреудің даусын естіді: «Түгел, таста енді мылтығыңды! Аң атқаныңды қой!» — дейді ап-анық қылып.
Түгел ұйқылы-ояу жатып, бұл аянға таңырқаумен болды. «Япыр-ау, мен мылтығымды тастасам, бала-шағамды қайтіп асыраймын?!»
Осы ой оны күні бойы мазалауын қоймады. Бірақ, санасында сан рет жаңғырыға берген беймәлім дауысты бекер естімегенін де түсінді.
Бұл қолына мылтық алып, аң көздегелі қанша су ақты. Қанша аң қырылды? Оны санаған емес. Әйтсе де іші сезеді. Аз емес. Бұрындары кәнігі аңшылар көзіне шал бас теке 42 көрінгенде Құдайға садақа айтып, құран оқытып, мылтығын баласына аманаттап, өз кәсіптерін аяқтайды екен. Содан қайтып қолына мылтық ұстамаған. Ондайды естігені бар.
Ал, айдалада аң аулап күнелтіп жүрген өз үйінің қазаны мылтықсыз қайнай ма? Қақпанмен үй толы жанды асырай ала ма? Түгел әрі-сәрі күйде жүрді. Оның үстіне екі алақанының сыртына қара сүйел қаптап кетті. Ұйқысы қашып, іштей бір зауалдың жақындап қалғанын сезіп, пұшайман халде жүрген.
Ертесіне Қабыл екеуі аңға шығып кеткен. Жалғыз үй жайбарақат, күнделікті таусылмас тірлігін жасап жатқан.
Ұлы сәскеде қыр үстіне сайдың тасындай он екі салт атты соқаң етіп аңдап 43 шыға келді. Бәрі мылтық асынған. Қара киімді өкімет адамдары.
Несібелі от жағып, басын жуып отыр еді. Басының суы шұбырып есіктен қарады да балпылдап жылап қоя берді. Түйме құдық басынан метеймен су арқалап келе жатқан. Аттылар үйді шыр айнала қоршап алды.
— Шығыңдар! Үйде кім бар? Бәрің тегіс далаға шығың шапшаң! — деп біреуі дауыстады. Үйдегі бала-шаға басы Батсайы боп бақырып жылап қоя берісті. Сырттағы дауысты естісімен ербиіп, бірінен соң бірі ақырындап тысқа шыққан.
Әлгі адам тағы айғайлап сөйлей бастады.
— Бәрің шықтыңдар ма? Үйде тағы кім бар?
Аттылардың артынан үйге жақындап қалған Түйме иығындағы метейді жерге тастай беріп:
— Шығып болды. Үйде енді шығатын кісі жоқ, – деп жауап берді ту сырттарынан.
Бәрі артына жалт бұрылып, Түймеге қарай қалды. Біреулері жалма-жан қаруына жармасып жатыр. Түйменің жалғыз екенін көріп қана тынышталды. Енді өздеріне жақындаған Түймені жауаптап:
— Еркектер қайда? — деді әуелгі дауыстаған кісі.
— Аңға кетті. Ерте кеткен. Ендігі келіп те қалар.
Екі атты топтан бөлініп, тұра шауып, тау жаққа жөнеле берді. Көп ұзамай, Түгел мен Қабылды алдарына салып, айдап қайтты. Қаруларын жинап алыпты. Өздерінде өң жоқ,түс жоқ, құлақтары салбырап, сосы кетіп қалыпты. Екі азаматты ұстап, көңілдері орнына түскен үкімет адамдары сол күні бұлардың үйіне түнеп шығып, таң ата шұбап ойға бет түзеді. Үйді жықтырып, адамдарды жаяу айдап, алдарына сала жүрді. Ұзына бойы он екі аттының қарулы күзетімен ойға құлаған тұтқын көшті аудан орталығына апарып тоқтатқан. Түгел мен Қабылды бірден қамап тастады. Бала-шағаны бір үйдің жанына түсіріп, бақылауға алды.
Ақыры Кетікте екі ай жауапталып жатқан Түгел мен Қабылдың соты болған. Елді үркіткен шпион аттары бар. Жазалары да жеңіл емес. Түгелге он Қабылға сегіз жыл кесілген.
Бұлардың үстінен үкіметке келіп шағым айтқан Сақар еді. «Қырда қашқын бар. Ираннан өтіп келіп бой тасалап жүрген шпион екен. Екі үйлі жан» деген.
Аяғының ауырлығына қарамай Түймені де қамаған. Тұтқындарды бір-бірімен тілдестірмейді. Әрқайсысын жеке-жеке, бөлек жауаптайды. Арттарынан Батсайының әкелген сорпасын да ауыздарына тигізбей, есік алдындағы күзетші алып қалады. Көбіне нағыз контра ретінде жауаптайтыны Түгел. Күн сайын сәскеге таман темір есік шиқылдай ашылып, қызыл көзді, дәгел 44 мелиса күңгірт дәлізбен түпкі бөлмеге алып кіреді. Күндегі сұрайтындары жауыр болған үйреншікті сөздер.
Міне, тергеуге әкеліп кіргізді. Қақ төрде биік үстел басында еңгезердей жирен шашты бөтен ұлттың адамы отыр. Қырықтар шамасындағы істік мұрын, көк көз кісі. Дүрдиген ернінің үстінде бармақтай мұрты бар. Бұған шудаланған қалың қасының астынан өткір көздерін қадай сұрақ қоя бастады.
Көк желкесінде қалтиып тұрған дәгел қазақ екі араға тілмаш.
— Аты-жөніңді айт.
— Түгел Әділ баласы.
— Туған жылың?
— Жылым қой,...
— Иранда тұрғаның рас па? Рас.
— Ол жаққа не үшін кеттің?
— Еріксіз. Қалыңдығыма бара жатып, жолай ұсталып қалдым. Иранға бара жатқан байлар ұстап алды. Қашпақ болып едім. Біліп қалып, кісенге салды. Сосын амалсыз көшке ере бердім.
— Осы сөздеріңді растайтын куәң бар ма?
— Жоқ. Жалғыз інім сол жақта қаза болды.
— Шекарадан бері қалай өттің?
— Қашып өттік. Түйемен.
— Нешеу болып?
— Әйелім екеуміз.
— Кім көмектесті?
— Досым Қылышдұрды.
— Ол кісі қайда?
— Иранда қалды.
— Қазір ол кісімен байланысың бар ма?
— Жоқ. Өлі-тірісін де білмеймін.
— Ол жақта неше жыл тұрдың?
— Жеті жыл.
— Сені мұнда кім жіберді?
— Өзім келдім.
— Не мақсатпен?
— Елімді, туған жерімді сағындым.
— Сағынатының бар әуелде неге кетесің?
— Айттым ғой. Қалыңдығымды әкелем деп...
Осы тұста тергеуші жөткірініп қалды. «Өтірігіңе кім сенеді?» дегендей миығынан мысқылдай жымиды. Түгелдің жанарына шыпылдап жас толды.
— Әй, бастарыңа бермесін бұндайды. — Аузына басқа сөз түспеді.
— Тағы не айтасың?
— Басқа айтар сөзім жоқ.
Бұларды шын сөзіне бәрібір нандыра алмасын Түгел түсінді. Күн бе күн қайталана беретін осы сұрақ-жауап оны әбден жалықтырып, мезі қылған. Ығыр болғаны сонша солардың дегеніне көнбек болды. Не де болса маңдайымнан көрермін деп алдына қойылған екі-үш жапырақ қағаздың шетіне бармағын басып берді.
Ашық сотқа бүкіл ел қатысты. Бұлардың жаманат хабарын естіп, Әділ-Жәниялар да келіпті.Толы халықтың ортасында бәрі у-шу болып, жылап-сықтап басылған. Әкесінің жүзі талақтай қағынып, қарайып кетіпті. Қатты қиналғаны көрініп тұр. Жәния біраз талмаусып қалды. Әке-шешесі Таушықтың сыртында аң қағып отырады екен. Құтжан мен Қибатқа Маңғыстау топырағы бұйырыпты. Үкітай, Мәнеттерді ұзатқан.
Үкімді естігенде күйінген Батсайы Түгелді қарғады: — Жазықсыздан-жазықсыз Қабылды қақсаттың-ау! Кетсең өз жөніңмен кетпей, қаңғырған ит!
Түйменің күні жақын екенін ескеріп, уақытша босатқан. Босанғасын қызыл шақа шаранасын Жәнияға қалдырып, ол да күйеуінің қасына қосылды. Жазасы үш жыл.
Жаза кесілген соң үшеуін моторлы қайықпен Үйшікке апарып жапқан. Қыстай ау тоқытты. Ауды ілмек темірмен капрон жіптен тоқытады. Жаз шыға теңіз жағасынан мұз ойғызды. Сүйменмен ойылған тақта мұздарды шанаға тиеп, иықтарына салып тартып балық сақтайтын ұраларға апарып төгеді.
Үшеуі бір-бірін күнде көріп, тілдесіп жүретін. Екеуі ине, ілгек тапса Түймеге әкеп береді. Сол да болса көңілге медеу. Жылқы тісі қаладай, маңдайы жарқыраған Түгел Түймені жігерлендіріп: «Азырақ шыдасаң, ауылға қайтасың ғой» — деп дем беріп қояды.
Тұтқындар жазымен көксерке, қарагөз, аққайраң, шабақ тарлады. Балықтарды тұздап, бұрыштап, үлкен ағаш бөшке-шаңдарға салып, аузын жауып, мөрлейді. Жаз ортасында теңіздің үстінде балық аулап тұрған екі қабатты зәулім кеме — жүзбелі зауытқа әкеліп жіберілген. Жүзбелі зауыт толы тұтқындар. Таңның атысы, күннің батысы көк теңіздің үстінде тынбай теңселіп тұрған кеме – әрі жатағы, әрі жұмыс орны. Еркектер ертелетіп, желкенді қайықпен ашық теңіз төсіне шығып, оннан бестен балық аулайды. Аулаған олжасын кеменің астындағы алып астау қоймаға құяды. Іші мұзға толы астау қоймадағы балықтар сол күйі бұзылмай сақталады. Бір шетінен сапырылып құйылған балықты жұтып жатқан арандай ауызды толтыру да оңай емес. Күніне қанар-қанар балықты жұтса да жұмырына жүк болмайды.
Жазасын өтеушілердің көретіні — көк теңіз, көгілдір аспан. Көкшіл жібек аспан астында тайдай тулаған асау толқындар желді күндері кемені көкке ұшырып жіберердей шайқайды. Теңіз дауылы адамның зәресін алардай қорқынышты. Көк теңіздің астын үстіне шығарып, сапырып, астан-кестен қылады. Бір ғана зәкірге байланып, қалтылдап тұрған кемені қақпақыл ойнағандай аударып-төңкеріп, әлекке салады. Қара жердің үсті емес. Кемедегі жаны бірге мұңлықтар өздерін қоярға жер таппай қиналады. Ал, жел баяу, немесе лүп еткен желсіз ақ тымық күндері таудай тұрақтары жайлы. Әуелгі әзірде көк пен судың арасына қыстырылған ағаш сынадай бір орында қадалып қалған алып зауыт тұтқындарға тарлық еткендей өкпелері қысылып, жүректері лобылып, бастары айналып, қашып құтылатын қара жер таппай, қатты азап шеккен. Келе-келе, адам «үш күннен соң көрге де үйренеді» деген емес пе, оның бәрі ұмытылып, зауыттың ашық палубасы жамбастарына жайлы мекенге айналып, көздеріне кең даладай ыстық көрінетін болды.
Теңіз тәртібі — қатал. Талқаны таусылып, демі біткендерін түнделетіп суға лақтырады. Сондықтан да болар, тұтқындар теңіз үстінде серіктерімен тату. Үлкеніне кішісі бағынып, тірлік ете береді. Түрлі қылмыс жасап, айып тартып жүргендердің ішінде жазасы ауыры Түгел мен Қабыл. Ағайынды екеуінің «шет елден келген шпион» атақтары бар. Қалғандары ұры-қары. Көбіне ет ұрлап, мал сойып ұсталған қатын-қалаш.
Жымқырып үйренген жымысқы қолдар жазасын өтеп жүріп те ұрлығын қоймайды. Қолда бар байлығы – балық. Ұрлайтындары сол. Шикі балық. Кешке кірер ауызда тұратын мелисалар олардан да өткен тіміскі. Бәрін жеке-жеке тінтіп, үсті-басын қарап өткізеді. Ішке балықты жасырып алып кірмек болғандарды бәрібір тауып ұстайды. Нәпсісін тежей алмағандар жазаланады. Бір қадақ балық үшін жыл үстіне жыл жамайды. Нәпсіге тыйым салмаған адамның араны ашыла беретін сияқты. Оны ауыздықтау тек ерік-жігері күшті адамдардың ғана қолынан келмек. Өмір бойы жас ет жеп үйренген аңшылар капуста көжені қанағат тұтты. Аштан өліп бара жатса да тамақсау аңшылар ондай іске бармады. Кісінікіне көз алартып көрмеген қолы таза, адал адамдар ұрлық жасай алмады. Өзегі талып, көзі қарауытқанда да қанағатты ұмытпады. Дәтке берік жандар тәртіпке де бағына білді.
Әркез тұтқындар саны толығып тұратын. Өлген-жіткен, күні таусылып, мерзімі біткен жандардың орны басқа біреулермен толады. Бірде жаңадан қосылған кісілердің арасынан Түгелдің көзіне бір тұтқын жылы ұшырай берген. Сақар болып шықты. Ол да бұны бірден танып, қасына келіп еңіреп қоя берген. Салған жерден:
— Түгел, менің сендерге істеген ісімді Құдай кешпес. Сеңдерді үкіметке айтып, сыртыңыздан ұстап берген мен едім - деді.
— Апырай, бізді ұстатқан сен бе едің? — дей берген, сенер-сенбесін білмеген Түгел сасқалақтап.
Сақардың көз жасы сақалынан сорғалап тұрып:
— Мен. Ұстап берген менмін. Қарабет болдым, құрдас. Сенің жақсылығыңа көрсеткен сыйым сол. Сыртыңнан сатып жібердім. Бірақ, одан опа да таппадым. Міне, енді, сенің соңыңнан өзім де келдім, — деп еңірей берген. Соңынан Сақар көз жасын көлдете отырып, бастан кешіргенін өз аузымен айтып берген.
«Атасы басқамен аң аулама, атар да, жанына байлар» деген бар емес пе? Сақар бөтендік жасапты. Бөтендік емес-ау, дұшпандық қылыпты. Кек алуды көздепті. Өзін асырап бақпағаны үшін адал досын сатыпты.
Ойға құласымен іштегі қыжылы 45 басылмаған Сақар Түгелдердің сырын тура НКВД-ға келіп ашады. Отырған жерін айтады. Жолын көрсетеді. Қанша адам бар екенін баяндайды. Содан кейін жеті-сегіз үйлі шағын ауылдың шетіне келіп қонады. Ел — аш, арық. Табыс жоқ. Мал тағы жоқ. Сақар сол маңнан біреудің түйесін ұрлап, сояды. Ұрлықпен жан бақпақ болады. Қапелімде бүтін түйе тауыстыра ма? Терісін, сүйек-саяғын кеуекке апарып жасырады да етін үйінің ішінен ұра қазып, көміп тастайды.
Ұрлық ашылмай тұра ма? Түйенің иесі әуелі ізге түсіп, кеуекке тыққан теріні табады. Сосын ауыл-үйді аралап, иіс алады. Теріні тапқасын өз малынікі екенін біледі. Жас еттің исін жазбай таниды. «Тышқақ лағы жоқ үйге келген не қылған ет?» деп ойлайды. Ертесіне тағы аңдиды. Қазан түн ортасында асылады. «Ұрының арты қуыс» деген. Ұры табылды дейді ол. Ұрлық ет болмаса күндіз неге асып жемейді? Сөйтіп, үшінші күні Сақарды ұрлық үстінде ұстайды. Алдына апарып, түйесінің терісін жайып тастайды. Сақардан құн сұрайды. «Түйемнің құнын төлемесең, қолымда айғақ бар. Үкіметке шағымданып, арыз айтамын» деп қорқытады. Түйе түгіл тоқты сойғанның басы кетіп жатқан заман. Құрым үйден басқа мүлкі жоқ Сақар түйенің құнын қалай өтейді? Құнын қайтара алмаймын, қалған етін ал десе иесі көнбейді. «Құнын төлемесең, түрмеде шірітем» деп қасарысып тұрып алған шалды шалқасынан жығып салып, қарыс жарым қара пышақты қақ жүректен салып қалады. Үй ішін ал қызыл қан жуып кетеді. Бала-шаға шошып, далаға қашады. Түн ішінде шыққан шудан оянған маңайы түгел жиналып қалады. Сақарды сол бойда байлап тастайды. Сөйтіп, Сақар он жылға ұсталып кете барады. Біреуге қазған орға өзі де түседі.
Сақар сол жылғы жазда жүзбелі зауытта жүріп өлді. Ажалын тілінің шалпылығынан тапты. Ашық теңіз үстінде балық аулап жүріп, бір тұтқынмен төбелесіп, суға кетіп, көз жұмды.
Күзге салым оларды Астраханға егін жинауға апарды. Қарбыз, қауын, қызанақ, капуста жинатты. Тұтқындар аш. Бір ожау көже мен иленіп жатқан аржанайдың қара нанына қарындары тоймайды. Көбіне бақшада жүріп, оны-пұны тамақ қылады. Бірақ, екі қапталда қарауылдап тұратын конвойдан қорғанып, үзіп-жұлып жемісті де еркінше жей алмайды. Көздерін ала беріп, ауызға тастап жіберген жеміске түйіліп, қақалып, әзер жұтады. Қарауыл-конвойлар бір қаныпезер, қарау. Аяқ астында езіліп жатқан жемісті бейшара тұтқындар жей берсінші демейді. Қалт еткенді бағып, ақырып-жекіріп, жеп қоя жаздайды. Олардың соншалықты аяусыз қаталдығына қитыққан еті тірілеу кісілер қарбыз, қауын сияқты жемістерді қолынан абайсызда түсіріп алған болып, жерге тарс еткізіп, жорта жарып тастайды. Қып-қызыл болып жайрап қалған шырын қарбызға шеңгелді салады. Тәтті қарбызға бір тояды. Ол да болса, әйтеуір, дәтке — қуат. Кейде өзегі талып, көзі қарауытқан байғұстар шикі картоп пен капустаны да қарш-қарш шайнап, жүрек жалғайды.
Санаулы күндер сырғып өтіп жатты. «Туған ай - тураған ет». Ай артынан ай туып, жылдар жылжи берді. Қандай заңның, қайсыбір пенденің шамасы жетіп тоқтау, тыйым сала алмайтын құдірет — тұрлаусыз уақыттың толассыз ағымы. Ажалы жетпеген жанның өлшеулі мерзімі бір бітері анық. Түйме түрмеден босап, елге кеткен. Қабылдың да мерзімі бітуге таяу. Түгелдің тұтқындағы өмірі одан әрі жалғаса берген.
Қалың қаба сақалы көмірдей қап-қара, күректей аппақ тістері жарқыраған, кішкене қой көзді, маңдайы жырта қарыс, толықша, аласа бойлы, қара торы жігіт ағасы болған. Бір сөзді, қайратты жігітті тұтқындар жақсы көретін. Ол өзіне кесілген мерзімді жылды соңғы күніне дейін өтеп, тазарып, Қабылдан екі жыл соң шыққан. Өзімен бірге отырып, достасып кеткен Саша деген шалмен бірге босаған. Саша Сарытаудың орысы. Әскери қатаң тәртіптің адамы. Бір қатесі болып, тұтылыпты. Бір қалыпты жүріп-тұрып үйренген. Тіпті темекіні де үш мезгіл астан соң бір талдан тартатын.
Ешкіммен шүйіркелеспейді. Екі білегін айқастырып алып, басына жастап жататын да қоятын. Шалқасынан түсіп, төбеге қарап телміреді де жатады. Жасырақ жігіттер одан сыр тартпақ боп әзілдеп.
— Әй, шал-ай, пештің түбінде жан бағып жататын кісісің-ау. Кемпіріңнің қасында, Сарытаудың басында — деп күлетін.
Затында тұйық Саша бәрібір үндемейтін. Селт етіп, қысыр сөзді құлағына ілмейтін. Ешкімге жақындамай, саяқ жүретін сол Саша тұтқындардың арасында тек Түгелге ғана бір түрлі түс жылытып қараушы еді. Қолының тазалығы ұнады ма, адалдығына, өтірік айтпайтынына сүйсінді ме, әйтеуір, басқалардай емес бұған кәдімгідей үйіріліп, оны-пұны айтып, сөйлесіп жүретін. Оның толық аты-жөніне тілі келмеген Түгел жасының өзінен біраз үлкендігіне қарамастан қысқаша Саша дейтін. Содан оны бәрі солай атап кетті. Екеуі ұзақ жылдар сыр мінез боп кеткендіктен бір-бірінің қалауын қас-қабағынан ұғып, ойын ишарадан-ақ түсінетін.
Бір күнде босап шыққан Түгел мен Саша Астрахан вокзалына бірге келген. Ұрып тыққандай ығы-жығы адамның арасына сыналасып кіріп, ұзын-шұбақ кезекке тұрысты. Билетті де Ғанішкенге дейін бірге алған. Сол досы жолдары екі айырыларда өзін құшақтап, қоштасып тұрып:
— Түгел, досым, енді екеуміз екі пойызға ауысып отырамыз. Мен Сарытауға қарай кетемін. Сен Гориптің пойызына мінесің. Сенікі сегізінші вагон. Ұмытпа, восьмой вагон — деген қайталап тұрып, қолын бұлғап. Серігі сілтеген «сегізінші» вагонға мінгенде қаражат дегеннен Түгелдің жанында жиырма бес сом бүтіндік бар еді. Көнетоздау көйлегін киіп, жаңасын басына жастап ең үстіңгі текшеңге жайғасқан.
Жол бойы ас-сусыз қозғалмастан жатты да қойды. «Көйлегімді, ақшамды ұрлатып алармын» деп қорықты. Көбіне ұйықтамай ояу жатады. Бірақ, бір ырғақпен баяу тербеген пойыз жүрісінен жалығып, ауық-ауық ұйықтап қалады. Тағы көзі ілініп кеткен екен. Оянып кетті. Пойыз бір үлкен стансыға тоқтап, енді қайта қозғалып барады екен. Жаңа ғана отырған болуы керек, төменнен өзара сөйлескен қазақтардың әңгімесін құлағы шалды. Еңкейіп қарап еді. Егде тартқан еркек пен әйел отыр. Сылайы 46 ерлі-зайыптылар сияқты. Қастарында шиыршықтаулы киіз, қапшықтары бар. Түгел төменге түсіп, амандасып, жөн сұрасты. Туыстарынікінде біраз күн қонақтап, ауылдарына қайтып бара жатқан жолаушылар екен. Жолдары бір болып шықты. Олар да Гурьевке бармақ. Қанша дегенмен, өз қазағы ғой. Түгел туыс тапқандай қуанып қалды. Үшеуі Үйшіктен бірге түсті.
Жерге түскесін әркім әр жаққа шашырап, өз жөндеріне кете бастады. Барар жері болмай тосылған Түгел есік көзінде кідірістеп қалды. Бұның соңынан буыншақ-түйіншегін алып, ерлі-зайыптылар да пойыздан түсті. Жалғыз өзі тұрған Түгелді көріп бұрылған ері:
— Әй, жігіт, баратын жерің жоқ болса, біздікіне жүр, — деді. Қуанып кеткен Түгел жалма-жан әйелдің арқасындағы қапшыққа жармасты. Қапқа жүн салған сияқты. Жеп-жеңіл. Қуаныштан Түгелдің өкшесі жерге тимей, зыр қақты.
Сол күні ерлі-зайыптылардың үйіне түнеп шығып, ертесіне үй иесінің айтуымен базар жағалады. Маңғыстауға жүретін көлік қарамақ. Базар қарақұрым адам. Сапырылысып бірі кіріп, бірі шығып жатқан үлкен ағаш дарбазаның алдында Түгел бірталай тұрды. Ешкімді түстеп танымаса да «елдің адамы ұшырасып қалмас па екен» деген есек дәмемен әркімнің бетіне үңілумен болды. Өзіне мойын бұрған кісіден «Маңғыстау жаққа жүретін көлік жоқ па екен?» деп сұрайды. Бірі үн-түнсіз басын шайқаса, бірі иығын қиқаң еткізеді. Ақыры бір жігіт:
— Бізбен көрші тұратын бір жесір әйел бар еді. Соның үйіне Маңғыстау жақтан жолаушылар келіп жатыр деп естіп едім. Соларға жолығып көрші, — деп жақсы хабар айтты. Үйінің жолын көрсетіп, мекен-жайын сілтеп жіберді. Келсе, айтқандай елдің адамдары екен. Түсін шырамытқандай Түгелмен шұрқырасып, іш тарта амандасты. Бұл да өз жағдайын жұқалап жеткізді. «Әділдің баласымын» дегесін бірі:
— Е, Жәния жеңгей аман. Келіншегің мен балаң да шүкір.
Әкең қайтты. Қайырын берсін! Өзің есен-сау келгесін болды ғой, — деді. Түгелдің көзінен ыстық жас бұрқ етті. Әкесіне бір бел топырақ салу өзіне бұйырмағанына біраз қамығып, налып қалды. Жолаушылар өз жөндерін айтысты.
Құралбай, Жоламан деген сауда қызметіндегі ағалары болып шықты. Жұмыс жайымен келген көрінеді. Ертең, бүрсігүні қайтпақ. Түгелдің жағдайын естігесін сөзге келместен қос қанат ұшақтың құйрығына отырғызып, елге алып жүрді.
Халықтың қарны тойып, иіні бүтінделе қоймаған жоқ-жітік кез ғой. Ел ішінде ұры-қары көп екен. Түгел жаңа көйлегін пойызда ұрлатып алған. «Сақ қарға сағағынан алдырар» деп, біреу-міреу қағып кетер деп күні бұрын қауіптеніп, көйлекті басына жастап жатқан. Көзі ілініп кеткенде, аңдып тұрып бір суық қол жымқырып кеткен ғой. Енді, «соны неге үстіме киіп алмадым екен?» деп өкініп келеді. Көйлектің ішінен қабаттап киіп алғанда көптің көзінше шешіндіріп алмасы анық еді. Әйтсе де, бұйырмаған затқа сөз жоқ екен. «Үйге жаңа көйлекпен барайын» деген ойы жүзеге аспай қалды.
Аздап суы төгілген сар бөз көйлек, ескілеу қара күрте-шалбар киген Түгелге жұрт жатырқай қарайды. Бұлар мінген ұшақ Кетіктің әуе айлағына қонғанда, жерде қар жатыр еді. Жазғытұрымғы мезгіл. Күннің ызғары кетпеген. Киімі жұқа Түгелдің тұлабойы тоңып, қалтырап келеді. Аяғында жалғыз қабат шұлық. Қонышты бәтеңкенің ұлтанынан өткен темірдей ызғар табанын қариды. Қалай болса солай ретсіз салына берген жатаған үйлердің ара-арасымен жіті басып жүріп келеді. Кетерде қараңғы үйде бірге жатқан Кетіктің жігіті Балапаш: «Кетікке барсаң, баламның бетінен сүй! Үйге хабарымды айт» — деп еді. Соның үйін әркімнен сұрай-сұрай зорға іздеп тапты. Есік алдында бір-екі бала ойнап жүр екен. Түгел соларға жақындап:
— Бұл кімнің үйі? — деп сұрады.
— Балапаштың.
— Сендер кімнің баласысыңдар?
— Балапаштың.
Кекілді қара баланы қасына шақырып, бетінен сүйді. Төрт-бес жасар ұяң бала Балапаштың аузынан түсе қалғандай.
Айнымайды екен. Үйіне кіріп, тізе бүкті. Сусын ішіп, әйеліне күйеуінің амандығын айтты.
Аманатты орындап, борыштан құтылып, түскен үйіне қайтты. Кеше ұшақпен әкелген заттың көбін қайта тиеп, Құралбай қара мәшінмен Таушыққа жүрмек. Жоламан Кетікте қалды. Түгелге:
— Мә, қарағым! Жеңгейге сәлем айт! - деп екі пар шолақ шұлық ұсынды. Аяушылық білдірген ағаның жанашырлығы жанын жадыратқан Түгел қара мәшіннің астауына қарғып мінді.
Түгел үйіне сәске түсе жетті. Таушықтың шет жағындағы тау тасынан қаланған аласа үй көзіне оттай басылған. Ұсталардың алдында бала-шағаға бас болып, әкесі байғұс сол үйге кіріп қалған. Енді міне, қолы сыртқы есіктің тұтқасына ілікті. Жүрегі атқақтап аузына тығылып, табалдырықтан қобалжи аттады. Көп жыл көрмеген анасымен көрісер сәтті күткелі қашан. Қауышар мезгіл келгенде өзінен-өзі абдырап, жүрегі кеудесіне сыймай, дүрсілдеп барады. Ішке кіріп келгенде, бүкшиген арық қара кемпір теріс қарап кер ала ешкінің желініне жабысып, қақтап сауып отыр екен. Ешкі мүйізінен қос қолымен қадала ұстап тұрған тоғыз он жастар шамасындағы жадау қыз бала өзінен аумайды.
Шешесі артына бұрылып, өзіне елеусіздеу бір қарады да тырс етпей, ешкісін сауа берді. Бұның батылсыздау берген сәлемін жөндеп алмады. Сүт сұрай жүрген біреу деп ойласа керек. Осы кезде тыстан бір құшақ отын ала кірген Түйме күйеуін бірден танып:
— Әй, ене, неғып отырсың? Мынау келіп тұрған балаң емес пе? — дегенде ғана Жәния артына жалт бұрылды.
— Не дейді, ойбай?! Шының ба? — деп Түгелге қарап-қарап тұрып, қолындағы сүтін жерге қоя сала, аңырай ұмтылған.
— Тірімісің, құлыным? Тұла бойы тұңғышым! Тірілей бір емес, екі айырылдым-ау сенен, мен бейбақ. Бармысың, құлыным-ау? Аман-есен бар екенсің ғой. Жарығым-ай! Жалғызым-ай! Кешеден бері көзім тартып жүр еді-ау. Тегін емес-ау деп едім. Сенің келетініңе көрінген екен ғой, — деп ұзақ сонар толғау жырын боздатып, талайдан қордаланған қайғы-шерін қоздатып айтып жатыр, әжімді жүзін айғыздап қуаныш жасы ағып жатыр. Әрі-беріден соң оған шыдап тұра алмай, Түйме қосылды. Оның да біраздан бері көкірегінде беріш боп қатып жатқан мұң-зары бар секілді. Ол екеуіне қалшиып үнсіз тұрған қызы келіп қосылып, үшеулеп үйді бастарына көтерді. Жуық арада басылар емес. Еркектік намысы жібермеген Түгел алқымына өксік тығылып, көкірегі сыздағанмен оларға қосылып жылаудан өзін-өзі әзер тежеп қалды. Жанары жасқа толып тұрса да бір тамшы жасын көрсеткісі келмеді. Өзі босаса бойын жиып, жасын тию қиын боларын сезді.
Азан-қазан болған үшеуі бірі баласымен, бірі жарымен, бірі әкесімен табысып жатты. Жәния қартайып, азып-тозып кетіпті. Қара торы өңі қуқыл тартып, бота көздері шүңірейіп қатты жүдепті. Самайынан бір уыс ақ шаш бұрқырайды. Үстінде көнетоз бешпент. Түйме де жүдеу. Соқайып бойы қалыпты. Жағына пышақ жанығандай. Қызы да қырым еті жоқ арық, шынжау екен.
Үйдің іші от жаққандай. Төрде төсек орын жиылған көне сандық. Іргеде ыдыс-аяқ салынған шай сандық. Жерде қоқым-соқым. Ескі киіз текемет, қарала жатыр. Босағада жаңа туған бір-екі лақ тұр. Жәнияның есік көзінде сауып отырғаны сол егіз лақтың енесі екен. Ерте төлдеген ешкінің сүтін шайға қатып, артылғанын сатып отырған сыңайлы.
Аттай жиырма жыл өткен соң бір кездері тағдыр тәлкегімен ажырап қалған өз ошағының басына Түгел солай қайта оралған. Бұл кезде ол әлі қырыққа жетпеген қылшылдаған қарулы азамат болатын. Ес жиып, етек-жеңін жинап, өмірдің арпалысқа толы айдынына қайыра құлаш сермеген.
Қарындастары үйлі-күйлі боп кеткен. Қабыл ағасы қырда мал бағады екен. Бұларды жанына көшіріп алғысы келген екен, бірақ Жәния көнбепті. Түгелді осы орыннан қозғалмай күтіп қалыпты. Батсайының баяғы аласапыранда айдалып кеткен інісі Құзыр табылыпты. Түмен жағында тұрады-мыс. Өзімен тағдырлас бір орыс қызына қосылыпты. Үйлі-баранды көрінеді. Ата-анасы сол жақта қалыпты. Топырақ жат жұрттан бұйырыпты. Іні-қарындастары сол кезде балалар үйіне өткізілген екен. Олардан сол күйі көз жазып қалыпты.
Жәнияның қолдағы бар малы — төрт-бес ешкі. Соны талғажау қылып отырған үйінің жағдайы белгілі. Түгел аудан басшыларына барып, жағдайын айтқан. Олар бұның аңшы екенін білгесін қуанып:
— Қойға қасқыр шауып, малға қырғидай тиіп, мазамызды алып тұр. Міне, мылтық. Ертеңнен бастап қасқыр атуға кіріс! — деп қолына қос ауыз мылтық беріп, бес-алты қорап оқ ұстатты.
Түгел ойланған жоқ. Келісімін сол жерде беріп, бастықтан үйін артатын көш көлік сұрады. Ол да сұрағанын беріп, қолдан келген көмегін жасап жатыр. Енді аялдайтын ештеңе жоқ.Үйін жығып, аулағырақ қонған аңшы ата кәсібін қайта жалғастыруға мәжбүр болды. Өзі жоқта өлмешінің күнін көріп отырған үш мұңлықты ашықтырмаудың қамын ойлады, қырағы көз қалпында екен. Оғын шығын қылған жоқ. Халықтың малын қынадай қырған қызыл көз көкжалдарды тұмсығынан тізіп, үкіметке өткізе берді. Әр қасқырдың байрағы бар. Кәдімгідей байып қалды. Үй ішінің үсті-басын жаңалап, ішіп-жемнен ауысқан ақшаға боталы түйе сатып алды. Келер жылы үстіне алты қанат үй көтерді. Ақ боз үйге кірді. Түйме торсық шеке ұл тапты. Шаруасы шалқып, шаңырағы шалқайып, отының басы күбірсіп жүре берді.
Аңшы даңқы айналаға тарап жатты. Сол арада Түгелдің ауылға оралғанын ұзынқұлақтан естіген нағашы ағасы Дүйсен де жеткен. Жалғыз емес. Айкүмісті де ерте келіпті. Қастарында жігітшік баласы бар. Қонақпен бірге жиылған көрші-көлемге Түгел тайлақ сойып, қонақасы берген. Жұрттың әлі бүйірі тойып, бұғағы түсе қоймаған қоңылтақ кез ғой. Қызыл қуырдаққа қарық болды да қалды.
— «Атың арық болса бір шап, отың аз болса бір жақ» деген бар еді, — деп күледі Жәния — Мұның да дұрыс. Менің төркінім күнде келіп, табалдырығыңды тоздырып жатқан жоқ.
Дүйсен соғыстан сыңар көзбен қайтыпты. Оққа ұшқан жанарының орны сыздап ауырады екен. Жиенімен күні-түні тынбай сырласып, бір жұма жатып, қонақ болып, елдеріне аттанып кетті.
Алтын уақыттың әр мысқалын білдірмей жымқырумен баукеспе күндер баяу өтіп жатты. Сөйте-сөйте Түгел тұтас жиырма жылын тонатып үлгерген. Әйтеуір есесіз емес. Өткен күннің өз белгісі, айдын айта қаларлықтай жетістігі, жылдың жаңалығы болып тұратын. Бұл шақта бүкіл ауылға танымал аңшы. Төрт баланың әкесі атанған. Өмірге тағы бір ұл, бір қыз келген. Жақсы күндер жалғасып жатты. Ауыл тұрмысы түзелді. Екі ұл тете ер жетті. Егіз қозыдай Қайраты мен Қанаты білдей маман жұмысшы. Бірі — тракторшы, бірі — құрылысшы. Үлкен қызы Рақия балалы-шағалы болған. Анасы өзі келгесін он шақты жыл өмір сүріп, қайтыс болған. Шалының жанына жерледі. Ендігі аяқтанбаған баласы — кенжесі Қарашашы еді. Үлкен ұлы отау шығып, бөлек те, кішісі қолында тұратын.
Қарашаш Алматыда дәрігерлік институтта оқитын. Бітірер уағы таяғанда әке-шешесіне тосын жаңалық жеткізді.
— Әке, биыл оқуды тәмамдаймын. Мамандығым бойынша мені тәжік жеріне жібергелі жатыр. Жалғыз емеспін, қасымда жора-жолдастарым бар. Екі жылдан соң елге қайтам.
Ата-анасы іштей ол хабарды жаратпаса да, кенже қызды бетінен қақпады. Ол оқуын бітірісімен Тәжік жеріне аттанған. Бір жылдан соң еңбек демалысын алып, елге келгенде, қасына бір ақ сары жігітті ерте келді. Жеңгелеріне «көңіл қосып жүрген кісім» деп тағы бір тосын жаңалықтың шетін шығарыпты. Бұрын-соңды бұндайды көрмесе де Түгел бұған да үндемеді. Заман жаңа, адам жаңа, «кәзіргінің құдалығы осындай болатын шығар» деді де қойды. Жігітті қабақ шытпай қонақ қылды. Ақ сары өңді, жіңішке сүйекті, қиылған қара мұрты жаңа тебіндеген жас жігіт көзіне біртүрлі жылы ұшырай берген. Біреуге ұқсатқанмен жыға тани алмады. Әрі «ол жақта мен танитын кім болсын» деп күмәнданып, өзіне іштей күліп қойған.
— Әке-шешең бар ма? — деген сұрағына:
— Бар, — деп қысқа жауап қайырған. Қазбалай беруге ұялды. Ибалы, тәрбие көрген кісі сияқты. Сөзі жай, мінезі биязы.
«Менің күйеуім болса екен» дейтін-ақ жігіт. Қартаң әке тек еркелеу қызының дәм-тұзы тым алыстан бұйырғанына қынжылған. Барып-келіп тұратын жер емес. Ел арасы шалғай. Әрі көрмеген жұрттың әдет-ғұрып, салт-дәстүрі қандай болатыны тағы белгісіз. Осы ойлар жанына батса да, сыртқа сездірмеді. Бақ-талайынан көрер. Баз біреулердің қызы бөтен ұлттың баласын бағып, түтінін түтетіп жатыр деп естиді. Тілі басқа, діні бөтен, салты бөлек елмен де құда болып жатқан қазақ көп көрінеді. Бұныкі әйтеуір қазақтың қара көз баласы ғой деп шүкірлік еткен.
Көктемде Қарашашы мен күйеу бала Садықтан хабар келді. «Үйлену тойымызға келіңіздер» деп жеделхат жіберіпті. Тойға тарту-таралғысымен жеңгелері барып қайтты. Жаз ортасында құдалар тағы шақырып: «Қонақ болып қайтың» дегесін Түгел Түймені, Рақияны ертіп, жолға жиналды. Қастарына үлкен бала-келіні қосылды. Артынып-тартынып, алты-жеті кісі алыс сапарға аттанды. «Көрмеген жер — көрстан». Көңілде күдік, көкейде күмән туғызып күпті қылған ойдан еңселері төмен.
Пойыз шығысты бетке алып, тайпалған жорғадай желіп келеді. Төрт кісілік жайлы купе. Жамбаста жұмсақ төсек. Алдарында жаюлы дастархан, сары самауыр бұрқылдап қайнап тұр. Кемпірі екеуі келін-баланың кезек әкеліп ұсынған шайына тоңми 47 . Вагон іші — жағалай жарқыраған сарай. Әр күймеде бір есік, бір-бір терезе. Түрлі ұлттың баласы бас қосқан ұлы керуенге ілескендей болды. Жолай бірі түсіп, бірі мініп, әр жерге бір тыныстап алып, шабысынан жаңылмай жортып келеді. Төсек әзір, ас дайын. Осылай әлденеше жерден өтіп, Душанбеге келіп түскен.
Алдарынан көліктерін сайлап құдалар шықты. Барар жеріне қиналмай жетті. Есік алдынан қол қусырып тағы бір топ кісі күтіп алды. Түгел еңселі дарбазаға кіре бергенде, сындарлы ақ сары бәйбішені көріп, қалшиып тұрып қалды. Көзіне оттай басылды. Ақсән! Өзінің қолы жетпеген қалыңдығы. Сонау жылы көз жазып қалған қалыңдығына қырық жылдан соң қайта жолықты. Жолыққанда, туған құда болып кезікті. Екеуін екі айырып әкеткен тағдыр толқыны өмір өзендерінің арнасын қайта тоғыстырды. Туыс қылып табыстырды.
Түгелдің жүрек тұсы шымылдап шаншып кетті. Ақсән болса бурыл сақал Түгелді бірден танымады, әуелі өзі қолын ұсынып:
— Танымадың ба? Мен Түгелмін ғой! — дегенде ол:
— Қой! Шын ба? Шынымен баяғы Түгелмісің? — деп сенбей, қайыра сұраумен болған.
Жұрт аң-таң. «Бұлар бірін-бірі қайдан таниды?» деген сұрақ әркімнің көкейінде тұрғаны анық. Ақсән біразға дейін жасын тыя алмады. Түгел де көкірек түбінен шымырлап шыққан сағыныш бұлағына ерік берген. Екеуі құшақтасып, көрісіп, мауқын басқасын, өздерін сабырға шақырған үй иесі үлкен кең сарайға бастаған. Азырақ қобалжысып қалған жиналғандар соның соңынан ерді.
Дастархан жайылып, шай келді. Шапыр-шұпыр әңгімемен ішілген дәмді шайдан соң, буы бұрқыраған ет даяр болды. Ас қайырылып, дастархан жиылғасын ұзақ жолдан шаршап келген қонақтарды үй иелерімен бірге қалдырып, жиналған топ өз жөндеріне тарасты. Сол оңаша қалған тұсты пайдаланып, Түгел қалың ойдан серпіліп, Ақсәнді сөзге тартты.
— Ал, Ақсәнжан, бәрін бастан айтшы. Өз аузыңнан естиін. Мен сірә, сендерден көз жазып қалып бір, елімнен айырылып екі адастым. Ол бір ұзақ жыр. Сендер қайда жүрдіңдер?
Ақсән іркілмеді. Іштегі сыр түйінін тарқата берді.
— Сол өзіңе хабар жібергесін әкем бір түнде шұғыл көшіп уәделі жерде аялдаған. Екі жұмадай күттік. Келмедің. Артымызға қарай-қарай, шекараға беттедік. Жете бере, бір топ аттылы адамдарға тұтылып, ошарылып отырып қалдық. Олар елден шыққан өкімет адамдары болып шықты. Ары өтеміз дегендерді жолдан тосып алып, кері қайтарып жүр екен. Бізді де жібермеді. «Өз елдеріңнен қашып, адаспаңдар!» деп айдап әкеліп, бір ауыл маңына қондырды. Сол жерде қыстап қалдық. Келер жылы Бесқала аудық. Ол жерде де байыз таппай, Тәжік астық. Осы топыраққа тұрақтағасын әкем: «Жасып келді. Алып кетем деген күйеу келмеді. Мойнында қарыз жоқ» — деп, мына кісіге қосты, — деп, қасындағы қырма сақал қара шалды көрсетті.
Түгел аяулы Ақсәніне жар болып, бүкіл өмірінде бауырына басып, бақытқа бөленген талайлы шалға қызыға да, қызғана көз жіберді.
Екі қолы ебедейсіз үлкен. Күректей алақаны еменнің безіндей мүйізденіп кеткен. Саусақтары қара ағаштың бұтақтарындай арбиып-арбиып жатыр. Жер түртіп қалған қайратты қолдары бір орында тыныш таппай, тынымсыз қозғалақтай береді.
Ол бір сырдың ұшығын ұққандай Ақсәннің сөзіне үнсіз құлақ түре қалыпты. Ал, Түйме болса: «Ақсән» дегесін-ақ бар гәпті түсінген. Тым-тырыс саусағымен жер шұқи береді.
— Содан бері осы кісімен өміріміз өтіп келеді, - деп Ақсән әңгімесін жалғады. — Құдай берген жеті-сегіз баланы екеулеп жеткіздік. Ұл ұяға, қыз қияға қонды. Шаруаны нобайладық. Мына сенің күйеу балаң Садық менің үлкен ұлымның тұңғышы. Ақтығым 48 .
— Ал төркіндерің қайда? Тұқым бар ма? — деген Түгелдің сауалына Ақсән:
— Әкем осында, қазақ бейітінде. Шешем де сонда жатыр. Төркіндерім, шүкір, баршылық. Бәрінен де тұқым бар. Осы елдің о шет, бұ шетінде тұрып, тіршілік етіп жатыр, — деп жауап берді.
Түгел сыры кетсе де сыны кетпеген бір кездегі сұлу қалыңдығының әжім торлаған жүзіне қарап отырып, тағдырдың таң қаларлық тамашасына қайран қалумен болды. «Ақсәнді қайтып көремін» деп ойламаған, Құдайдың кереметін қарашы. Өзін келін қыла алмаған үйдің қызын оның баласына бұйыртыпты. Тағдыр деген осы. Қол созым жерде отырса да Ақсән енді бұған бәрібір бөтен. Сонау қыз бен жігіт боп оңаша жолығысатын сәттер келмеске кеткен. Арада қаншама қия жолдар, асу, белес, алыс шақырымдар — қырық жылдық қашықтық жатыр. Бүтін бір өмір. Бір-біріне беймәлім екі бөлек өмір.
Қонақтар Тәжік жерінде бір жетідей аунап-қунады. Құдалардың сый-құрметіне бөленіп көңілді бірлегесін елге қайтуға ниет қылды.
— Біз елге қайтамыз. Ықыластарыңа ырзамыз. Көрдік, таныстық, — деді Түгел құдасына. — Айтқаныма ренжіме. Адамға қимас аяулым еді, өзіңе бұйырыпты. Тәңірдің нәсібі шығар. Тағдырдан қашқан пенде жоқ. Әркім де талайынан көреді. Мен де жазмыштан оза алмадым. Жаратқанның әміріне бағындым. Басқа амалым болмады. Бәріне де ризамын. Шүкірлік! Құдайға тоба! Тек кей-кейде осы «Ақсәнді бір көрсем-ау!» деп қиялданушы едім. «Өмірде бар ма, жоқ па? Бар болса тағдыр жолы қай қиырға жетелеп апарды екен?» деп ойлап қоятын едім. Міне, сол ойым да орындалып, өлер шағымда, Құдай тағала қияннан қиюластырып қосып, өз қолынан дәм татқызды. «Мың жылдық құда болдық». Оған да шүкір. Енді өмірге арманым жоқ. Сендер де біздің жаққа келіп, қонақ болып кетіп. Осы шақырғаным. Шаңырағымызды көріп, қонақасыңызды жеп, ел-жұрт, ағайын-тумамен танысып қайтып. Бұйымтайым осы, — деп тоқтады Түгел.
Келген пойыздарымен Түгелдер кері қайтты. Елге жетіп, жақын-жуықтарымен қуана қауышты. Аз ғана күн ауылдан ұзағанда елді, жерді қатты сағынып қалыпты. Ауылдың ауасын жұтып, суын ішіп, кәдімгідей серпіліп қалды.
Туған жердің қайда жүрсең де өзіне тартып тұратын бір құдіреті бар ғой. Топырағынан табаныңды тайдырсаң болды, аптап ыстығына, алағай да бұлағай шаң-тозаңына асығасың. Бетіңді оттай шарпып, төбеңнен қызыл жалын боп төніп тұратын күніне ынтығасың. Қапырық, қара мақпал түнін сағынасың. Сәт сайын зымырандар ақ жолақ сызып айғыздайтын аспанын аңсайсың. Әйтеуір, жеткенше төзіміңді түгесесің. Ауылға келгесін Түгел өзі талай жаяу шарлаған жерлерді тағы бір көріп көзін тойдырып қайтуға құлшынды. Бұрынғы қайрат, баяғы екпін болмаса да балаларын таң қалдырып аңға шығып, бой жазып келуді ойға алғанын жасырмады. Іштей құптамаса да шалының алған бетінен қайтпайтынын жақсы білетін Түйме үндемеді. Қасына кіші ұлын қосып жіберді де өзіне өмір бойы сенімді серік болған азаматын ауыл сыртына көзін сулап ұзатып салды.
Түгел қайта түлегендей қунақ. Қос қолтығына қанат біткендей көңіл шіркін көкке далпиды. Көз ұшындағы көкжиекпен астасқан аспан аясындағы кеңістіктің бәрін қыранша шарлап ұшып көргісі келді. Қанша құмарта қарағанмен туған жердің анасындай таныс келбетіне көзін тойдыра алмады. Кемік кемермен көмкерілген кең аңғарды кеш түскенше армансыз аралады. Күйдірген күн астында бұта-бұтаны көлеңкелеп жүріп кешті батырды.
Баяғыдай үйір-үйірімен жосып жүретін аң кезікпеді. Тастан тасқа тіп-тіке өрлей шауып дік-дік етіп өріп жүретін арқардың тұқымы тіпті азайған сияқты. Көзге түсе қоймады. Шаңырақ мүйізі бұрама білезіктей шиыршық атып қия жартаста қасқайып тұратын құлжалар айналаның айбарындай көрінетін. Бір де бірі ұшыраспады. Бауырындағы аң-құсынан айырылған аласа төбелер жетімсіреп құлазып жатқандай жым-жырт. Кесенің ернеуіндей кемер жиектеген кең шатты ертеңнен қара кешке дейін кезгенде жүгірген аң жолықпаған қарт аңшының күн еңкейе көкейіне күдік қашқан. Өзінен-өзі қамығып көзіне жас үйірілді. «Шынымен-ақ аң баласы қырылып, құрып таусылғаны ма? Аңшылықтың қадірі қашқаны ма? Тым болмаса соңғы рет сорпасының дәмін тататын бір ешкінің тап болмағаны ма?» деп тұнжырап келе жатқан мергеннің мұңы тәңірдің құлағына шалынғандай қап-қара күлте құйрығы шипаңдаған бір ешкі бұлтың етіп бұта тасасынан тұра қашты. Түгел көздеп жатпай-ақ өкпе тұсынан басып қалды.
Қасына келгенде көздері жәудіреген қарақұйрықтың әлі жаны бар екен. Өзін атқан мергенге соңғы рет жалт етіп бір қарады да қимылсыз қалды. Талайын қарауылға іліктірсе де өмірінде аң баласына аяушылық білдіріп көрмеген Түгелдің кеуде тұсы кенет шым етті. Аңға тек адал азық деп қарайтын өткір көздер жануардың сөніп бара жатқан көмескі жанарынан бұрын өзі сезінбеген өзгеше бір беймәлім сыр ұққандай ұзақ қадалды.
Сол бір жалынышты назар есінен кетпей қойды. Ешкінің етіне тісін тигізген жоқ. Сорпасынан аздап ұрттаған. Ертесіне қалпақтай түсіп ауырды. Күн өткен сайын сырқаты меңдей берді. «Ажал оғы балдан тәтті» деуші еді. Сол тәтті дәм таңдайына татып барады. Тамсанған сайын таусыла түсетіндей.
Өне бойы саржамбас болып жата беруден жалығып түс ауа көлеңкеге төсек салғызған. Жаздың жайма шуағы қуаңқы жүзін жіпсітіп, айналаға жадырай көз тастаған Түгел өз тағдырына тағы бір шүкірлік етіп, Тәңірге тоба қылды.
Жаратқан иесі жолын қанша қиынға салып, талай тар өткелектен өткізсе де ғұмыр сапарының соңын туған топырағына жеткізіп түйіпті. Бала-шағаның алдында аманат жанын тапсырса арманы жоқ. Адал жүріп, ақ тілеумен өмір сүрді. Ала сартта айырылған Ақсәнімен дидарласып, көрісті. Қарттың кеудесін қанағат сезімі толтырғандай болды. Көкжиекке қимай ұза-а-қ қарады. Туған жердің кәусар ауасын көкірек кере жұтты. Түйе жүн шекпенін әкеп иығына жапқан Түймені де аңғармады. Қиялымен алыс қалған өмір соқпақтарын кезіп кетіп еді. Кішкене қой көздерінің алды бұлдырап ештеңе көрсетпеді. Қос жанарынан жан тұмасының мөлдір бұлағы тоқтаусыз ағып сақалын жуып тұр еді. Сол мөлдір бұлақ Түгелдің жан сарайын да жарқырата түскендей. Жердің тағы бір жұмыр басты пендесі жаратқан иесінің құзырына жүгінуге әзір еді.
Ғұмыр сапарының соңы, жер бетінде жүрер жолының ақыры табан астына келіп тірелгендей. Ойхой, жалған-ай! Жарық дүниенің есігін ашқан адамды өз соқпағымен жетелей жүріп қоштасар сәтте қол бұлғап қала береді екенсің-ау. Баяғының бәрі бір күнгідей болмай өте шығыпты. Жалған демегенде қайтсін жұрт сені. Бірақ өр пенденің жарық дүние жүзінде өткізген өлшеулі өмірі жалған емес. Шындық! Өкініштісі иесі өлген сәттен бастап оның бар ғұмыры өткен шаққа айналады. Өткен өмір де өткен шаққа ауысқан шындық. Иә, өткен шақ, көшкен керуен, өшкен от... Жоғалған қалалар, тоналған обалар... Құлаған мұнаралар, тозған сағаналар... Бәрі-бәрі өткен шақтың бұлдыр елесі, бүгінге жеткен жансыз жәдігерлер...
«Жалғанда не өлмейді?» деп сұрағандарға Жиренше шешен:
«Ғалымның хаты өлмейді,
Жақсының аты өлмейді», — деп жауап берген екен.
Сол айтқан, соңында өлмес мұра боп сөзі қалғандар да, ғажайып өнерінің көзі қалғандар да көп-ақ. Хатқа түскен аманаттап кеткен абзал жандар да жетерлік.
Адамның заманында өз айналасына жасаған жақсылығы кейінгіге аңыз болып айтыла жүрмек. Келешекке беретін азды-көпті өнегесі, оймақтай ойы болса бүгінгіге сабақ, болашаққа үлгі бола бермек. Тек жақсылық қана емес кейде зұлымдық пен жауыздықтың да ауыздан-ауызға аңыз болып ғасырдан ғасырға жететіні кездеседі.
Сонда, адам жақсылы-жаманды өмір сабағынан алған түймедей тәлім болса ойына ескеріп, санасына түйе жүретін болғаны ғой. Оған адамзат тарихында мысал мол.
«Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» деген нақыл да өмірдің өзіндей ақ пен қара жіптен есілген ала арқандай кешеден ертеңге тартылып жатқан адамзат жолының ала-құлалығын аңғартқаны шығар. Түн мен күннің ауысуы, жарық пен қараңғының алмасуы сияқты адам өмірі де қуаныш пен қайғыдан, жақсылық пен жамандықтан тұратыны белгілі. Әйтсе де, әркім-ақ жақсылықтың өз бойында бір мысқал да болса молырақ болуын қалайды, қуаныштың өз өмірінде бір сәтке де болса көбірек болғанын аңсайды. Сол мақсатпен өмір сүреді. Ізгі ниетпен игілікті іс тындырғысы келеді. Айналаға өз нұрын шашып, өз жүрегінің жылуын таратып жүретіндер де сондай адамдар. Оларды бәрі жақсы көреді, солардың маңайына үйіріледі. Ол да өмір заңдылығы. Пенде шіркін жарыққа жақсыға құмар, жылуға-мейірімге құштар. Тіршілікте иманға жаны шын ұйи алмаған кісінің өзгеге өтірік ділмарсып, көлгірсіп уағыздаған өнегесі кімге керек?
Өткен шақтың бәрі өшпес өнеге, өлмес өсиет емес. Көбісі қат-қабат уақыт парағының тылсым қойнауында ұмытылып қала береді. Оны уақыт тозаңынан аршып, ақиқатына көз жіберсек қана анығын байқаймыз. Иә, өткені мен бүгіні, бүгін мен ертеңі бір-бірімен арқанның үш тініндей қабаттасып, сабақтасып жатқан адам ғұмыры қымбат қазына, қайталанбас шежіре. Бақилық әр пенденің осы дүниеде жүріп өткен қысқа жіптей аз ғана өмір жолына қайыра көз салсақ, соны ұғамыз.
ҚАЙЫПТЫҢ ӘНІ
Шын көңілмен сүйсе екен, кімді сүйсе...
Абай
Бойында қара судың арал бар ма,
Жайылған сол аралда марал бар ма?
Ант ішкен айрылмасқа қимас қалқа,
Тағдырдың тәлкегіне амал бар ма?!
Қара өлең
Көктем туып, көктің қаулағанына кім қуанбайды? Етек-жеңі кеңіп, арқа-басы жазылған елдің еңсесі көтеріңкі. Жан біткен жайлауға ынтық. Жаздың тезірек шығуын Ақбөбек те аңсайды. Өз ауылында өткеретін соңғы көктемі көңіліне кірбің түсірудің орнына әлдеқайда алып-ұшып жастық арман жетегімен көз жетпес қияға шарықтатып әкетеді.
Қыс қамытынан мойны босаған ел етек-жеңін түрініп, көктеуге көшкен. Табиғат түлеп, жаңарып жатқан шақ. Түздің қыстай қар астында жатып, сіресіп қатқан мұз тоңы күннің өткір сәулесімен шыт-шыт сөгіліп, жон арқасы жалаңаштанып болған. Қар еріп, жер су сіңген мақтадай былбырап, сеңдей соғылысқан бұлт тасқыны көк жүзін аласапырандатып, жөңкіліп жатқан. Аспан асты бусанып, жылымық ауаға тоғытылған. Құралай салқыны өткесін күрт қызған күн жерді дегдітіп, аз уақытта сыңғырлатып құрғатып тастады. Бұл кезде жусан бүр жарып, түбіт желегі мұрын жара аңқып жатқан. Оған қоса өлі шөп қаптап, көктем келіншек қара жердің жүзін тегіс көк шұғасымен тыстаған. Даланың осы мезгілде көбейетін сарғалдақ, қызғалдақтары қылтиып, көп ұзамай көздің жауын ала гүл ашқан. Қысқа мерзімге құлпырған дала дидары адам айтқысыз ажарлы еді. Жылына жарты айдай ғана қонақтап, өте шығатын теңіз маңының келте көктемі көркем келбетіне көрген кісінің таңдайын қақтыратын.
Арайлап ататын алтын тақ аспан астындағы жанды жаратылысты бозторғай күйімен тербеп оятатын. Таңмен құлақ құрышын қандыратын.
Илеуінің үстінде қос аяқтап тұрып, шиқыл қаққан саршұнақтар жаздың шыққанын бір-біріне қуана хабарлайды. Қыстай жердің тас қараңғы қойнауындағы темірдей суық індерінен қысылып-қымтырылып шыққан байғұстар күн көзінде ұзағырақ шуақтауды ұнататын секілді. Бір орында тапжылмай тұрып, арқасын күнге қыздырумен болады.
Құйрық-жалы құндыздай құлпыра құлдыраңдаған құлыншақтар, ауыл арасында асыр салған қозы-лақтар, тана көздері жұлдыздай жарқыраған ұлпа жүн үркек ботақандар — бәрі көңілді.
Көктемнің көңіл жай күйі пенде біткеннің жан сарайын жаңартып, тазартып тастағандай.
Қабақта кірбің, маңдайда кіржің жоқ.
Ашық мінезді, сезімтал, нәзік жүректі Ақбөбек ақыл тоқтата бастаған. Аға-жеңгенің арасында арда құлындай ар қайып өскен жігерлі қыз сөзге ұста, кісіге есесін жібермейтін қайсар боп бойжеткен. Он төрт он бес жасынан ойын-тойдың көркін аша бастаған ерке қыз ән-күйге әуес, өнерге құштар. Күміс құмырадай сыңғырлаған тұп-тұнық даусымен тәп-тәуір ән де салатын. Сымдай тартылған саусақтары майысып, домбыра шертетін. Ән ырғағы мен күй сазына келгенде бар өнерін салып, нақыштап бағады. Талабы күшті, талғамы биік.
Көзінің қуанышы жалғыз қызын кішкентайынан қуыршақтай қылып киіндіріп қоятын анасының үрдісімен үсті-басын күтуді ерте үйренді. Киген киімінің қонымды, әшекей-моншақтарының сәнді болуын өсе келе өзі де ерекше қадағалауды әдет қылған. Қимыл-қозғалысының өзі бір түрлі жарасымды, кербез. Аққудай таранып, төрінде Ақбөбек отырғанда, ақ боз үйдің іші аппақ нұрға қарығып, арайланып тұратын.
Әкесі де жат жұрттық болғанмен жатқа қимайтын жалғыз көгершінін жасқамай, жайдары қып өсірген. Ешкімді жатырқамайтын ақжарқын Ақбөбек ағаларымен терезесін тең ұстайтын. Өзіндігі болғанмен өркөкірек емес. Сөзге тоқтайтын, сын көтеретін салиқалы сұлу. Ақылды, ағайынның тілін табатын, жақын мен жатқа бірдей жағатын Ақбөбек он бес-он алтыға келгенде, әке шаңырағының ғана емес, ауылдың ажарына айналған.
Ақбөбектің бітім-болмысы, ақыл ұстамы, ажар көркі жас-кәріге тегіс ұнайтын. Үлкендер жағы өзара: «Есекеңнің мына бір баласы бала-ақ қой, шіркін!» — деп ырзалық танытса, қыз-қырқын: «Ақбөбектей қыздың да арманы бар ма екен?» — десіп тамсанатын. Жігіт-желең Ақбөбектің бір ауыз лебізіне зәру.
Он жетіге енді қадам басқан Ақбөбекті алдан бір асу арман қол бұлғап шақырғандай, асау жүрегі кеудесіне сыймай тулап, жаңа жасанып келе жатқан жазғытұрымғы далаға ала қашатын. Жауын шайған көк шөп — балауса бойжеткеннің аппақ көңіліндей тап-таза. Қыр ауасы — қыз жанындай мөлдір.
Жер-көктің аясынан тұрақ тапқан жанды тіршіліктің бәрі жаңа әуенмен тербеліп, жас, таза леппен тыныстап жатқандай.
Осы бір көктемнің туысы басқа. Бұдан бұрынғы дүниені мөлдір нұр, көгілдір бояуға бөлей келген талай көктемнен өзгеше. Әлде тек Ақбөбектің көзіне солай көріне ме?! Әйтеуір, көңіл құсы көкке далиып, өрекпиді де тұрады. Жаны жай таппағасын, ұзақты күн ауыл сыртына шығып немере сіңлісі Ақкөзтай, басқа да құрбы қыздармен бой сергітеді. Жас балаша жасыл мақпалдай жұмсақ көкке аунап, қызыл, сары гүлдерді қызықтап, көбелек қуып, мәз-мейрам.
Өз өміріне өзгеше өрнек, жаңа түр сала келген осы бір көктемге Ақбөбек ала бөтен қуанышты еді.
Жас жүрегі аттай тулап, жанында ыстық ағыстар тоғысып, көңілі теңіз толқынындай тасып жатқан.
Дәл осындай жайдары жаз басында Есжан аулына жырақтан жалғыз атты бейтаныс жігіт келіп түскен. Етікші екен. Ешкім елең ете қоймады. Ақбөбек те ортадан жоғары бойы бар, қияқ мұртты, дөңгелек жұқалтай жүзді, бидай өңді жігітті көргенде ішінен: «Е, әлгі етікшісі осы екен ғой» - деген де қойған. Тап сол мезетте қыз ойын сезіп қойғандай әншінің алақандай қара көздері жарқ етті. Сол бір қарас көкірегіне шоқтай қарылып, қалып қойды. Көкейінен кетер емес. Түпсіз терең судай жанарын мұң мұнары қаптап жатыр екен. Қыз жүрегі дір-р-р етті. Көзі сол жанарға қайта кезігер болса, жаны ауыратындай. Қаралай қашқақтап жүрді. Ауылда жасырын сыр жатар ма? Көп кешікпей-ақ етікші жігіттің жай-жапсары белгілі болды. Жасы жиырманың бесеуінде екен. Соқа басы. Өзі өнерлі.
Ақбөбектің ұзатылу тойы келер жазға уағдаласылған еді. Бай қызына барған жерде сыншы көп. Соны ескеріп, жаз шығысымен қыздың жасау-жабдығына бүкіл ауыл боп жұмыла кіріскен. Ауыртпалық әсіресе, әйелдерге түскендей. Жүн сабау, киіз басу, жіп иіру, өрмек жүгіру — бәрінің басы-қасында жүретін солар.
Етікшіге жеке үй тігілген. Күмбірлеген ақ отаулардың жанында жетім тайлақтай жарбиып тұратын төрт қанат қоңыр үйде ертелі-кеш етігін тігіп, тарамысын есіп, Қайып отырады. Айналасында: былғары, қайыс, біз, пышақ, қайрақ, қайшы, қысқаш, қалып, мұрындық, балға — етікшінің керек-жарағы жайрап жатады. Кейде тарамыс есуге қолғабыс берген болып қолы бостау қатын-қалаш, қыз-қырқын қасына иіріліп қалады. Бойдақ жігіт дегесін сөз тартпақ болған ауызды қатындар: «Қағыңғыр-ау, қыз қарамайтын жігіт емессің ғой. Осы уаққа дейін салаңдап бос жүруіңнің мәнісі қалай?» — деп Қайыпты қажайды. Көңілшектеу біреуі: «Қайным-ау, қарап отырғанша әу дей отырсайшы» — деп ән бұйымшылайды. Қолға домбыра бір тигесін іс жайында қалады. Көп құмары қанғанша Қайып әнге басады.
Бай үйі қонақсыз бола ма? Келімді-кетімді кісі жетерлік. Келген қонақ жөніне қарап отырмай: «Ауылыңызда Қорабайдың Қайыбы бар дей ме? Лебізін естуге құмартып жүр едік» - деп, ауыздарының суы құриды да отырады. Қазақ қонаққа «қой» деген бе? «Қонақ атаңнан ұлы!» — деп мейманын қадірлеген ел ғой. Қайып та бір қағылез адам екен. Хабар тиісімен ісін тастай беріп, домбырасын алып жетеді. Топты көрсе тықыршып, өзі де орнында отыра алмайды. Құданың құдіреті, Қайып ән айтса, жұрт аузын ашып, көзін жұмады. Қайыптың даусын естігенде жылаған бала жұбанып, төсектегі кәрі басын көтерді. Ауылдың тірі жаны қалмай, әнші отырған үйдің есігінен ентелесіп, жабығынан сығаласып жүргені.
Қайыптың әні Ақбөбекке де ұнаған. Оның әнін естігенде, өзін-өзі ұмытып, өзге дүниенің есігін ашқандай болған. Ғажайып дүние! Сиқырлы ғалам! Ешкімді көрмейді, ештеңе сезбейді. Тек әсем әуенге елтіп, сырлы сазға сіңіп кеткендей күйге түседі. Жүрегіне жеткен ән Ақбөбектін сана-сезімін жаулап, ақыл-ойын шырмауықша шандып тастаған. Домбыра шегі дың етсе, құлағын түре қояды. Қайыптың бір әуезі - бір дүние! Сол әуенге құмарта берді. Құмарлығы күннен-күнге арта берді.
Ақбөбек бай қызы болса да басы байлаулы көп мұңлықтың бірі. Айттырулы жері бар. Онысы бір белді, шелді атаның тұқымы көрінеді. Есі кіргелі естіп келеді. Басында бата жасалып, бет сипасқан әке кесіміне қарсы тұрар қауқар аз. Ата салты, ел жоралғысы — құдалық заңына қазақтың қай қызы да бағынышты. «Алтын басты әйелден бақа басты ер артық!» деген пайымды қыз біткеннің құлағына қаршадайынан құйып тастаған заман. Құлынында мойнына құрық тасталып, ботасында басына ноқта түскен де жалғыз Ақбөбек емес. Тіпті жарық дүниенің жүзін көрмей жатып-ақ біреуге келін атанып үлгеретін қыздар қаншама.
Әкенің мол дәулетінің арқасында дала қызғалдағындай жайнап өскен Ақбөбектің қысқа жіптей күрмеуге келмейтін қыз-ғұмырының ақыры таянып қалған. Ұзатылған қыздардың:
Кім мұңлық дүниеде қыз-ай мұңлық,
Қыз болып шешемізден неге тудық? —
деп сыңсығанын талай естіген Бөбек. Естігенмен өлең сөзінің мәнін ескермепті. Енді ойлап қараса, қазақ қызының мұңлық екені рас екен. Туғаннан төбесіне «жат жұрттық» деген айдар тағылатын қыз байғұстың үйінен ұзатылып шығысымен «жоғалған түйенің» біріне айналып жүре беретінін көзі көріп жүр. Алысқа ұзатылып кеткен апасын сағынған бір қыздың:
Боз інген боздай-боздай отқа кетті-ау,
Апекем жылай-жылай жатқа кетті-ау —
деп жылағаны бар еді.
Әжекем таппай кеткір қайдан тапты-ай,
Бір жылғы жұтап қалар малға сатты-ай, —
деп зар еңіреп кеткен бейбақтар қаншама?! Көрмеген, сүймеген біреуге күшпен ұзатылған қыз жыламай кете ме? Осыны ойлағанда өзінің де көзіне жас толып, жүрегі шымырлайды. Күйеу жақтан: «Қалыңдығымызды берсін!» — деген хабар жеткелі көңілі жұртта қалғандай құлазитынды шығарды.
Жалғаншы дүние-ай! Қарап тұрса, қыз ғұмыры қызғалдақ өміріндей тым қысқа екен. Кеше ғана қуыршақ ойнап, тұлымшағы желпілдеп жүретін бала қыз бүгін-ертең біреуге жар атанғалы отыр. Әттең, қолдан келер қайран жоқ. Әйтпесе, танымайтын білмейтін біреуге басын кессе де бармас еді-ау. Танып-білмек түгіл бет-жүзін көрмеген бейтаныс адамға қалай пенде болмақ?!
Осы бір сауалға жауап таппай қиналған сайын Ақбөбектің шарасыздықтан жаны шырқырайтын. Ақыры жауабы жоқ сұрақтың шешімін таппай, дағдарып, ақылынан торыққан қыз болашақ күйеуін өзінен-өзі жек көріп кетті. Өзін сарсаңға салып қойған сол сияқты болады да тұрады. Ол болмаса туған ауылдан ұзап кетпестей, ата-ананың аялы алақанынан ажырамастай көрінді. Арда құлындай асау жастығын қыл бұғалық боп буындырып жатқан дүлей күш иесі де нақ сол күйеу жігіттей. Бейкүнә жаннан жазықсыз жиреніп шыға келді.
Той мерзімі жақындаған сайын өзін жақындарының бәрі бөтенсірейтіндей, өзіне бір түрлі аянышпен қарап, өтірік құрақ ұшып тұратындай әсерде жүрді. Ақылды қыз өзін беттен қақпай бұла өсірген әке мен шапанының шалғайына шаң жұқтырмай, мәпелеп баққан шешенің ықылас пейілі де аз күндік қонаққа көрсетілген сый-құрмет екенін ұққандай. Аға-жеңгенің де Ақбөбектің оң жақтағы өміріне өте-мөте кешіріммен қарап, еркелігінің қандайын да болса көтере білуі «қыз — қонақ» деген халық қағидасына бас ию секілді.
Қыз бала ата-анаға үш күн қонақ,
Таранып тоты құстай бір күн ұшар, —
деген дұрыс екен. Енді, міне, өзінің де ұядан ұшар уақыты таяғанда, жанына жарық түсіріп, жүрегін діріл қақтырған Қайыптың әнімен танысты.
Он сегізге аяқ басқан Ақбөбектің өз ғұмырында көрген асқан әншісі де, аңсары ауған алғашқы жігіті де Қайып еді. Шүңіректеу үлкен қара көздері жалтылдаған ақжарқын жігіт нағыз аузын ашса көмейі көрінетіннің өзі екен. Дәңгілдей адамның баладай аңқаулығына алғашында Ақбөбек таңырқап жүрді. Қулық-сұмдық дегеннің не екенін білмейтін Қайып «атан түйе боталапты» десе нанатынның өзі екен.
«Өнер деген осындай таза жанға бітеді ғой. Харамдық пен қасиет қайдан үйлессін?!» — деп, Қайыптың қылықтарына әкесінің бас шайқап отырғанын байқаған Ақбөбек әшейінде аузы ауыр, салмақты анасының да: «Өзі бір жаны жоқ, ақ көйлек жігіт екен» — деп, етікшіні мақтай бастағанын тағы естіді. Кіші ағасы Есқуатқа Қайыпсыз ас батпайтын болып алды. Қит етсе, «Қайып қайда?» — дейді де отырады. Жеңгесі Нұрсұлу онсыз шай ішпейді. Қашан көрсең, Қайып сол үйдің қонағы.
Ақбөбек бойжеткен қыз емес пе, Қайыптың өзін тұңғыш көргенде-ақ жанары жай отындай жарқ ете қалғанын қалт жібермеді. Кездескен жерде көп ішінен өзіне көзі түсетінін, тілдескен кезде әуелі өзінің атын атайтынын қапы қалдырмады. Сол бір жарқ еткен жанардан шашыраған ұшқынның өз жүрегіне де жарықшағы түскенін көп ұзамай мойындаған.
Мамыртай ауылының майда жібек мінезімен аты шыққан бұрымдылары шетінен ажарлы келетін. Әсіресе, көп жұлдыздың арасында толған айдай жарқыраған Ақбөбектің сипаты өзгеше. Орта бойлы, тал шыбықтай бұралған ақ сұр бойжеткен күн өткен сайын Қайыптың есін алып барады. Оның жарқыраған көзін көрмесе, қоңыраудай сыңғырлаған даусын естімесе бір сәт сабыр сақтап тұра алмайтын халге жетті. Бірақ, бай қызы асау. Аз-кем емеурінді елемеген сыңай танытады. Сөзін салғырт тыңдап, селқос жауап қатады. Ешкім маңдайынан шертіп көрмеген бай қызы болғасын да ерке, еркін. Әншімен емін-еркін әзілдесіп, ашық-жарқын сөйлесе береді. Бірақ, басының бос еместігін бетке тұта ма, бойдақтан бойын аулақ ұстайды. Қайыптың сүйіспеншілік сөзіне жауап қайырмай, сынаптай сусып, уысынан шығып кете береді. Әйтсе де әккі сері сезеді. Қыз кет әрі емес.
Қосқұдық жазығын жайлаған жалпақ ел жаз ортасында бір желпініп қалды. «Ақтығымның алды» деп, Аязбай ақсақал шілдеханаға шақырыпты. Қазақ қызықтан құр қалған ба?! Жаз шығысымен той-думаны басталып жүре береді ғой. Табиғаттың төл перзенті — көшпенділердің бар қызығы жайлауда. Көк аспан — жамылғысы, көк шалғын — төсеніші. Тойын тойлап, ойынын ойнап, әбден құмарынан шығады. Ауыл-ауылдың қоян-қолтық араласып, кәрі-құртаңның дидарласып, әңгіме-дүкен құрысып, жас-желеңнің танысып, сырласып сыбырласып қалатын мезеті — сауық мереке уағы.
Күн жылына Есжан аулы да ырғалып-жырғалып, Түгердің 49 түйдек-түйдек құмынан шығып, Аунамас бетіне ауған. Мамыртай ішіндегі іргесі екі елі ажырамайтын ағайынды Есжан, Қыдыр - берісі Бәйімбет, әрісі Адайға белгілі байлар. Мал-басы толық бір қауым елге алты ай жаз еркін жайлауға бұл өңір тарлық ететін. Етек-жеңі кең малды ауылдар ол арада көп кідіре алмаған. Аяқты малдың соңынан ере көшіп, ерулеп ұзай берген. Қазақ үшін көшу де бір қызық дәурен.
Кеңге шыққасын көңіл көтеріліп, жұрт жайдарман мінез табады. Ұлан-ғайыр дала төсінде тізбек-тізбек боп қанаттаса ұшқан жыл құстарындай көш керуен қырға шұбайды. Ата қаздардай мамырлаған нар түйелер ұбақ-шұбақ көш бастайды. Салқын самала сахараға еркін көсіле сілтейді. Қызық қуған қыз-бозбала бір бөлек, жібек жабулы нарларға тең-тең жүк артқан бәйбішелердің сән-салтанаты өздерінше бір бөлек, атан қомынан бастары қылқиған бала-шаға, кемпір-шал, үйші малай бір бөлек - у-шу болып, тұтас бір ауыл түйе үстінде теңселіп бара жатады. Со бетінше Маңғыстаудың құба жонына жеткенше көш басын ірікпейді. Үстірттің мидай ала дөңіне тұяқ іліктіргенше тізгін тартпайды.
Көш бойы қыз-бозбала, жасаңдау қатындар өз ара думандатып, сауық құрады. Көбіне Ақбөбектің айналасына үймелесетін көңілді топтың ішінде қыздан дәмелі жігіттер де жоқ емес. Тәттіге үйір қара шыбындай сол маңайдан шеттемейді. Өкшелесе келе жатқан өзге ауылдардан келіп, өзеурейтіндер де бар. Жастар жүрген жер ән-жырсыз болмайды. Жігіт-желеңнің айтатындары:
Үстінде қара нардың ырғалған қыз,
Батсайы қызыл мақпал шұлғанған қыз...
Молданың көзің қара сиясындай,
Қасыңа келсе жігіт кете алмайды,
Төсегің ақсұңқардың ұясындай — деген
секілді өлең шумақтар. Кейбір тіс қаққан жылпостар:
Сымбатың сұлу сыртыңнан,
Сөйлесең бал тамады ұртыңнан.
Тату бір құрбы сен болсаң,
Сүйіп бір алшы-ау мұртымнан — деп
желөкпелеу қатындарға жабысады.
Батылырақ, батымдырақ бозбалалар:
Ақбөбек, сен де мендей, мен де сендей.
Байлардың мінілмеген тентегіндей,
Шашың бар үштен өрген құла қара
Арқаның бой жасаған еркегіндей, — десіп,
Ақбөбекке тікелей тиісіп, сөзбен сыр тартуға құштар. Ондайларға қыздың бір ауыз жауабы әзір.
Есігі үлкен үйдің ай қабақтай,
Ағекем айдарыма маржан тақты-ай.
Аулақ жүр қырындамай, қарағым-ай,
Өзіңе көз салар ма біздей жақсы-ай —
деп, сөз аяғын әзілге бұра, айтысып жатқандары.
Жол бойы қыз-жігіттердің әзіл-қалжыңы, ойын-күлкісі үзілмейді. Үлкендерге де жастардың жарасымды сауық-думаны жат көрінбейді. Кеше ғана өз бастарынан кешкен қызық дәурен ғой. Қайта көңілдері көтеріліп, құлақтарын түріп, күлісіп, жадырасып, бір жасап қалады. Жастық қуаттың жалынды жігері жаздың шуағымен толысып, тасып, жан-жағын шарпи шалықтайтындай шаттанысады. Тып-тыныш жатқан тұйық қырға тіл біткендей, үн-түнсіз бұйығы даланы әуен тербеп оятқандай айнала тегіс сілкініп, сергіп сала береді. Жазғытұрымғы жұпар дала түлеп, түрленіп, қыр гүлдері қызылды-жасылды қыз-келіншектердей құлпыра жасанып, жастар әуеніне елтіп, жамырасып жатқандай болады. Өмір жырын шерткен көңілді көшпен бірге тіршілік базары қайнап, қыр үсті жайнап жүре беретіндей.
Оты іргеден иен жайлау. Үсті — құт, оты — сүт. Малдың өрісі, елдің ырысы. Шыңыраулы шалғайдағы жаз жайлауға содан да жұрт құмар-ақ. Жері шұрайлы, ауасы райлы салқын-самал мекенге қаптай қонады. Қоңыр салқын жанға райыс, малға рақат.
Негізінен жаз жайлауы Жем-Сағыз 50 бойы саналатын төменгі Адайлардың алды бұл кезде діттеген жеріне жетіп қалғанмен, Жаңғақ ойын қыстайтын Мамыртай-Жақау ауылдары қыс аяғы ұзаңқырап кеткен жылдары әрі кетсе Ырғызбай-Қарасай 51 маңынан қыр самалымен желпініп қана қайтатын. Кейде, жер отты болса, Қызылсай, Құланды бетіне шығып, отырып қалатын. Тісі тітірге тиісімен көшке ере алмай келе жатқан көтерем тайлақтың ойнақтап шыға келетінін білетін кәрілер осы араларды жайлайтын.
Бұл ойдағы, құмдағы ел қыр төсінде тоғысып, ас пен тойда алыс-жақынның басы қосылып, бір жасап қалатын кезі. Мал қоңданып, жылқы жонданып, қозы марқайғасын қыр тамашасы басталады.
Ат баптаған бәйгеде бақ сынайтын, жыр жаттаған шаршыға түсіп көпке ұнайтын шақ. Іргелес қонған ағайын-жекжат думандатып бір шалқитын, зеңгір көкте әуелеп ән қалқитын тұс та осы. Балуандар белдесіп, күреске түсетін, бал бармақ күйшілер саз толғап, білек түретін мезгіл де осы.
Тойшылар ауыл арасына ат мінбей әдейі жаяу шыққан. Қызылды-жасылды қызыққұмар топ көңілді. Жол бойы ойын-күлкі, әзіл-қалжыңға ырық беріп, алыс-жұлыс. Бозбалалар қыздардың бірде орамалын, бірде тақиясын ала қашып, арсалаңдайды. Кейбіреуінің ойында көңілі ауып жүрген аруларының мінез-құлқын сынап көру де жоқ емес. Бірақ, болар тойдың тамашасына елтіп, қызығы тамсандырған бойжеткендер бұндайда ауыл-үйдің телі-тентектеріне текке мінез көрсетіп, босқа сөз шығындамайды. Сабырлылық танытып, сыпайылық сақтап, ашуларын тежеп, ызаларын тізгіндей тұрады. Биязы, инабатты болып көрінуге тырысады. Сырт көз — сыншы! Бөтен ауылға келе жатып сыр алдырып, топтың сәнін бұзғысы келмейді.
Алдарынан қарсы алған жігіттер бұларды алыстан шырамытып:
— Е, Мамыртай ауылының арулары, мыңда жүріңдер. Өзіміз оңаша отыралық — деп шеткері отауға қарай бастады. Қыз-келіншектің басшысы — Ақерке. Есжан ауылының би келіні. Үлкен қара көздері жарқыраған, орта бойлы, оқтаудай, аппақ - ажарлы әйел. Қашан да қыз-қырқын соның қарауында. Қой бастаған серкедей әркез алдарында Ақерке жүреді.
Үй оңаша екен. Арнайы тойға тігілген сәнді, салтанатты отау. Ауылдың қазақы қалжыңымен қағыса отырып, шай ішіліп бола бергенде, бұлардың үстіне Қайып келіп түскен. Қайып келісімен отырмақ қыз-қыз қайнап жүре берді. Шай еселенді. Әңгіме өңденді. Шаңырақ астындағы шырай өзгерді. Көптің қолқасымен домбырасын қолға алған Қайып әнге басты. Отаудың есігінен тыным кетті. Үй іші тыңдарманға лықа толды. Сырттан сығалаған сан көз жабықтан шырадай жыпырласа жанады. Әсем әуен әркімнің жүрек қылын қапысыз шертіп, сезім пернесін дөп басқандай. Жұрт үн шығармай, ұйып қалған. Әншінің даусы зарлы, мақамы мұңды екен. Бей-жай тыңдай алмайсың. Жон арқаңды шымырлатып, қай-қайдағынды қозғап, көзіңе жас үйіреді.
Ән біткенде демдерін бір шығарған тыңдаушылар:
— Өй, өлме!
— Мың жаса, Қайып!
— Өйт, деген-ау!
— Күнде бұндай жиын-той бола бермес, Қайып біздің қолымызға түсе бермес. Кәнеки, тағы бір ән салып жібер! — десіп жатыр.
Қайып бұлданбады. Жүзі нұрланып, тамағын бір қырнап алды. Мұңлы қоңыр даусы дірілдей басталып, әуелей шырқап кетті. Әнші бұл жолы Ақбөбекті көрген жерде жүрегіне сыймай жанын кернеген сүйіспеншілік дертін сазға қоспақ болды. Көптен көкейінде түйіншек боп жатқан сыры сиқырлы сөз — өлең болып төгіле берді.
Ақбөбек, сай қылықпен бұраңдайсың,
Сұм жалған өтер десем, тіл алмайсың...
Ақбөбек өз атын Қайып аузынан естігенде, жалт қарады. Өн бойын аяз қарығандай дүр сілкінді. Ес білгелі естіген есті сөздері осы екен. Жарлы жігіт жалған айтпайды. Дүние – жалған! Жалғандығын Ақбөбек жаңа түсінгендей. Бұл әшейіндегі бозбалалар айтатын: «Ойналық та күлелік» емес. Өзіне іңкәр жүректің мөлдір сыры. Қайып кім көрінгенге көзін сүзетін жеңіл қол жігіт емес. Бір сүйсе бақиға дейін сүйетін бір мінез жігіт. Аузын ашса, қолқасы көрінетін ақ жүрек жігіттің өзін бір көргеннен құлай сүйіп қалғаны да ақиқат. Кеудесінің қуысы, жүрегінің құлтасы жоқ ақ жарма ақын айтса лақ еткізіп ақтара салатыны аян. Өзінің жүрекжарды лебізіне мойын бұра қоймағасын, лажсыздан көп алдында қызға қылған назы шығар. «Менің елден жасырын сырым жоқ, барым осы» деуін көрмеймісің. Ақбөбек осы уақытқа дейін өзін жан-тәнімен сүйген адал жанға жарытып жылы жауап қайыра алмағанына енді өкінгендей іштен тынды.
Әйтпесе, бұл сөздерді бұрын да естімей жүрген жоқ. Адал жүректің ақиқи сырын талай анғартып еді ғой. Бірақ, көпшілік көзінше өзіңе арналған әнді қысылмай тыңдау қиын екен. Ақбөбектің құлағына дейін шиедей болды. Әншінің мысы басты ма, әшейіндегі өрлігі әдірем қалғандай. Жұрт жанары жүнше түтіп барады. Өзіне қадалған сыншыл көздердің қуатынан қорғанған қыз жанарын жерге салды. Құлағында Қайып даусы. Төбе құйқасы шымырлап кетті.
Ақбөбек, айтшы-ау менің мінім қандай?
Ән салса, аңқытады тіл мен таңдай.
Сөзіңе жалғыз ауыз зәру болып,
Көкірек аласұрып өрт боп жанды-ай!
Тосын, жаңа ән. Біреулер:
— Өйдөйт, батыр Бегей, қапы қалма! — деп, қолпаштай қағытып жатыр. Батырлығы емес пе, шаршы топта Ақбөбектей аруға әнмен қолқа салып отырғаны. Батылдығы емес пе, бай қызының қымтап жасырып келген қымбат сырын қапияда жарқырата жайып салғаны. Ақбөбектің бұрын тас бітеу құлағының кенет тарс етіп тығыны атылып кеткендей болды. Ән әуенімен бірге әнші зары жүрек құтысына құйылып жатқандай.
Рас-ау, Қайыптың бір басында кедейліктен басқа не міні бар? Кедейлік дегенің ер жігітке мін бе екен? Өмірдің жалғандығы рас болса, пенденің міні бола ма, сыны бола ма? Бүкіл ғұмырың елес ғайып бұл жалған дүниеде адамға қазына мал, дүние-мүлік неге керек? «Өзінің жалғыз ауыз сөзіне зәру болып», жүрегі от боп жанып тұрған жігіттің алтын басынан садаға кетсін бәрі! Малың, жаның өзіңді сүйген жанның жолына құрбан болса, несі айып?! Әй, «әйелдің шашы ұзын да ақылы қысқа» деген осы да. Әйтпесе, өзін өлердей сүйген Қайыптан өзге жігіті қайсы? Беті жылтыр қыздың бәрін бар болғаны сұлу әйел санайтын бәдік жігіттің қайсысы өзін Қайыпша ардақтап еді? Қайсысы Қайыпша сүйе алып еді? Ақбөбектің Қайыптан басқа асығы да, асылы да бар ма, сірә?! Бар ғұмырына бір ауыз сөзі азық боларлық Қайыптай жанды маңдайына жазған Ақбөбек бақытты екен ғой!
Ақбөбектің жүзі жайнап кетті. Жұрт «тағы айт, тағы айттың» астына алып, кеу-кеулеп барады. Қайыптың да жұқалтаң жүзі күреңітіп, өңі нұрланып алыпты.
Құдайға бір мінәжат қыламын-ай,
Өзіңе қоса гөр деп сұрадым-ай.
Зар болдым бір сөзіңе, жандырмашы,
Тіл қатшы ең болмаса, шырағым-ай!
Аяғын үзеңгіге салып отырған қызға шаршы топта бұндай ән салдырған ғашықтық ғаламаты-ау! Кейбіреулер осыны түсініп бастарын шайқап, жымыңдайды. Енді біреулері бұл әнді неге жорырын білмей дал.
Ақбөбек те қара жаяу емес-ті. Екі ауыз сөзді құрастыру қолынан келеді. Қасындағы қыз-келіншектер түрткілеп:
— Сен де бір ауыз жауап айтсайшы, — деп мазасын ала берді. Әзірге әкесінің төрінде отыр. Ақбөбекті аузынан қағатын кім бар? «Айтсам, айтайын» деп Ақбөбек те бір ауыз сөзге бекінген. Қайып өзінің ғашықтық сырын, сүйген жүрек жырын ешкімнен тайсалмай-ақ айтты. Қалтқысыз сезімін әнге қосып отыр. Ақбөбек те ағынан жарылуы тиіс. Ақ жүрек әншіні бұдан әрі қинай берудің жөні жоқ. Осы оймен Ақбөбек Қайыпқа өзінің көп зарықтырған жауабын берген.
Кигенім камзол, бешпент алтын жаға,
Сөзіңді қош аламын, Қайып аға!
Есебін өзің білші қосылудың,
Қол артсам сендей жанға арман бар ма?!
Қайыптың езуі жиылмай күле бергенін көргенде көкірегі оттай ысып, екі бетінің дуылдап өртеніп бара жатқанын білді Ақбөбек. Үй іші араның ұясындай гулей жөнелді. Осы сәтте белбеуін шарт буынып, орнынан ұшып тұра келген Ақерке қамшысының ұшын есікке қарай сілтеп қалды.
— Кәне, алдыма түсіңдер! Әйтпесе, әлпештеп отырған Еркежанымыздың басын сиқырлап, есігіміздегі етікші ертіп кетіп жүрер.
Ауылға бәрі бірге қайтты. Қайып пен Ақбөбектің ортасында Ақерке келеді. Ақерке тілді, шайпау әйел. Одан қыз түгіл ауылдың кексе қатындары қаймығады. Ақбөбектің де бата алмайтын бір адамы осы жеңгесі еді. Қанша кедей болса да, талай қыздың көкейіне құрт боп түскен сері Қайып емес пе? Ақеркенің ақ таяғы арқасында неше қайтара ойнаса да біресе оң жағына, біресе сол жағына шығып, Ақбөбектің білегіне жармасумен ауылға жеткен. Ақерке де қанша тосқауыл болам дегенмен, әншінің аузына қақпақ бола алмасын білгендей бір түрлі жасып қалыпты. Оның есесіне, Ақбөбектің бір ауыз сөзінен соң, Қайып атқа мінгендей арқаланып шыға келген. Қанша азаптанса да, ақыры Ақбөбектің ақтық жауабын көп көзінше алған Қайып аса қуанышты еді.
Ақерке Қайып жайына көптен қанық еді. Оның: «Ақбөбекке жолықтыр» деп қылқылдағанына біраз болған. Қыз бен жігітті жарастыру Ақеркеге қиын шаруа емес-ті. Бұл ауылда қызға барарда Ақеркенің алдынан өтпейтін бозбала жоқ. Бірақ, атаның батасын алған, басы бұйдалы тәуір көретін қайын сіңлісін қайдағы бір қаңғырған сері бойдаққа қимады. Етікшіні емексітпей, «аулақ жүр» деп, бірден тыйып тастаған. Бірақ, қыздың буыны босап, еркі кетіңкіреп қалған сыңайлы. Қайып бар жерден қалмайды. «Басы байлаулы бала ғой, қайда барар дейсің» дей ме екен, бай мен бәйбіше қыздарының еркіндігіне көңіл бөлмегенсиді. Оң жақтағы азат күні азайған сайын қыз қылығын қызықтай түскісі келетін сияқты. Қыз болса, Қайып келгелі түлеп кеткен. Әшейінде де киімді таңдап киетін кербез сұлу қызылды-жасылды боп, тотыдай түрленіп алған.
Баста шоқ шашақты шоқтай барқыт орамал. Өңірі зермен кестеленген ақ атластан бүрмелі, қос етек көйлек. Күрең маң даладан бешпет. Түрме белбеу. Көк сауыр етік. Қызғалдақтай құлпырып кетіпті.
Қайып іске отырғалы Ақбөбекті күніге әлденеше шақыртумен болған. Себеп көп. «Кебісін киіп көрсін, етігін өлшетіп кетсін». Қызыл мақпалмен қошқар мүйіздеп ойған шоңқайма етік. Күміс бауыр дақты, жиегін жібек жіппен қайып зерлеген бес тақа кебіс. Бірінен бірі өтеді. Бір сыңары дайын болса, екіншісі айлап бітпей жатады. Сәндікке тігілгесін іске асығыстық жемейді. Отыз өлшеп, қырық қарайды. Негізі жұмысы сол болғасын Қайып та аянбайтын секілді. Тігісі қолмен моншақ тізгендей өнімсіз. Бар өнерін салып, екі шоқып, бір қарайды. Ақыры Ақбөбектің көбісінің кісі қызығарлық, етігінің елден ерекше болып шыққаны ешкімнің көзінен таса қалмады. Етікшінің шеберлігіне ешқайсысы мін таға алмаса да, Ақбөбектің аяқ киіміне ала бөтен қызықпаған кісі кем. Қызықтай келе қызғанышын жасыра алмаған бір жеңіл ауыз жеңгесі: «Еркемнің не бәлесі бар осы? Етігіне дейін әп-әдемі болып аяғына құйыла қалады» — деген. Сонда Қайып та қарап қалмай: «Етік әдемі болу үшін әуелі әсем аяқ керек-ау!» — деп жұртты ду күлдірген.
Қара сөзден кісіге дес бермейтін Қайыптың қалжыңбастығы да жетерлік болатын. Бала-шаға, кемпір-шал демей, жұрттың бәріне өзімсіне сөйлейтін. Сосын да үлкен-кіші Қайыпқа үйірілетін. Қасында «қағыңғырлап» кемпір-сампыр, қатын-қалаш отырады. Қайтсе де Қайыптың қоңыр үйі қарасыз болмайтын. Қатын-қалаш бос келмейді. Бірі мәсіні бірі кебісін ұстай келеді. Қайып кісінің көңілін жықпайды. Іс арасында біреуінің табанын ұлтарып, бірінің сірісін жаңартып, сауапқа қалады. Сөйте-сөйте, ауылдың өз адамына айналып шыға келген. Әсіресе, Есқуатпен ерекше жақын болып алды. Күн ұзақ іс тігіп, жұмыс басты боп отыратын жігітті Есқуат кешқұрым өз отауына алдырып, оңаша сыйлауды әдет қылған. Өзі сауықшыл еді. Сондайды аңдып жүретін жігіт-желең Қайыпты ортаға алып, бастаңғылатып жіберуге шебер. Ойын да ойналады, ән де айтылады. Араларында Ақбөбек те жүреді. Қайып болса: Ақбөбек, бетің айдай, белің қындай, Қарасам ту сыртыңнан тартқан сымдай — деп сүйіктісінің сыр-сипатын әнге де қосып қояды. Ақбөбектің жүзі күреңітіп барып, қайта жарқ ете қалады. Қаралай қобалжып, жүрегі дүрсілдейді. Қайып қыздың жан толқынысын жүзінен сезіп, күлімсірейді. Екеуі оңаша қалса, аш белінен құшақтай алады. Ақбөбек ақ сазандай бір бұлқынып, босанып кетеді. Ауылдың бозбаласына айтатын ащы сөзін Қайыпқа айта алмайды. Оған келгенде аузына сөз түспей, абдырап дабдырап қалады. Неге екенін өзі де білмейді. Әйтеуір, әркіммен әңкілдеп әзілдесе беретін сөзінің зілі жоқ кедей әншіге келгенде тілі байланып, дымы құриды. Сөзі сыпайыланып, мінезі сынықси қалады. Онысына өзі де таң, өзге де қайран.
Бірде бұл қылығы қытығына тиген Ақерке: «Еркежан-ау, ауыл-ауылдың небір сыпа—сері, бай бағыланын бетіңе қаратпаушы едің, осы Қайыпқа келгенде бұйдалаған тайлақтай қайқаң қаға жөнелетінің қалай?» — деп қойып қалған.
Бастаңғылатып жататын жастардың ажары — Ақбөбек пен Қайып. Аққудай таранған Ақбөбек араларында отырмаса кештің сәні кірмейтіндей. Қайқайтып Қайып ән шырқамаса топтың мәні жоқтай. Іргені түріп қойып, қоңыр салқын үйде таң атқанша ойын-сауық дүкенін қыздыратын қыз-жігіттер ара-арасында бой жазысып, түнгі ауамен тыныстайды. Айсыз түнде ақсүйек жасырылады. Қараңғылықты пайдаланып, тышқан аңдыған мысықтай бұта түбінде бұғып отырған бір-бір жігіт көңілі кетіп жүрген күлім көздермен тілдесер сәтті тықырши тосады. Орайы келсе, Қайып та Ақбөбектің білегінен ұстап, бұрымынан сипап қалуға құмар. Қыз жуас емес. Білегінен ұстатқанмен бетінен сүйгізбейді. Сөйтіп, Қайыпты әбден діңкелетіп, сарсаңға салып қояды.
Қайыптың қажыр-қайраты мен еңбекқорлығы да кісі қызығарлықтай еді. Іске бір кіріссе, таңертеңнен кешке дейін нәр сызбастан шаншылып отырғаны. Сонда жұрт: «Құнты жоқ кісінің қолынан іс келе ме, өзі бір табанды жігіт екен» — десетін. Сонда да, «сабақты ине сәтімен». Жұмысы өнбей қойғанда біз тесіп, тарамыс ысып, қысқаш қажап тастаған етсіз саусақтарын уқалап жіберіп, қолына шанақты қара домбырасын алатын. Кешкі бейуақтың тыныштығын тітіретіп күмбір-күмбір күй шертеді. Қызыл іңірдің қызғылт сәулесін сетінетіп әуелете ән шырқайды. Сондайда, жер асып, жадау атын қамшылап жан бағып жүрген жарлы жігіттің мұңына әркім-ақ еріксіз құлақ түреді.
Шіркін, жоқтық-ай! Осынша өнерлі жанды жат босағаға телміртіп қойған сұсын не деген қатты еді. Төрінде жатып ішетін көжесі болса, сомадай басымен сонша жерден ат сабылтып жүрер ме еді, бұл байғұс?! Қайтсін-ау, есіл азамат, қамшының сабындай қысқа ғұмырында түлкі тағдырдың тәлкегі қажытып біткен шығар. Сандалма күндермен кеткен қайран жастығы есіне түсіп, жанын қинайтын шығар. Содан соң көкейіне кептелген ащы запыраны зарлы өлең болып тілінен сорғаламай қойсын ба?! Қанша тырмысса да басы құралмай қойған дәулет, көңілді арбап, көзді бұлдыратар сағымдай боп санасын сансырататын шығар. Қос ішектен төгілген күймен бірге көкірек шері көзден жас боп сырғанайтын шығар. Әуелден Құдай тағала маңдайыңа ырыс-несібеңді кем жазса, қолыммен қазына жиям, теріммен төл өсірем деуің бекершілік екен. Бір бейнетқор бұның әкесі Қорабайдай-ақ болсын! Егін де екті, мал да бақты, іс те қылды. Одан бүйірі шығып, қамбасы толған Қорабай кәне? Сол баяғы мүкі-тақы, қалт-құлт тірлік. Өзінің жиырма беске келгенше аяқтана алмай, салт басты, сабау қамшылы жүрісі де сол жоқтықтың қырсығы. Қалың беріп, қыз айттыратын қаражат тапшы. Ит тірлікке қолды бір сілтеп, өнер қуып, ән-жырдың соңына түсуге — қарт әке-шеше қолбайлау. Ендігі сиқы мынау. Бай аулының басыбайлы құлы есепті — құны төлеулі етікшісі. Бірақ, көңіл арсыз! Қайда кедейдің көзі байдың қызына түседі. Қайтерсің, «батырлық, байлық кімде жоқ, ғашықтықтың жөні бір басқа!» демейтін бе еді бұрынғылар. Ғашықтық басқа түссе, не шара?!
Аязбай үйіндегі «айтыстан» соң, Ақбөбек өзін көргенде бұрынғыша сырттамай, салмақты пішінмен сөз алмасуға көшіп еді. Ақеркенің аңдуы да қос ғашықтың аяғына тұсау бола алмады. Ендігі жерде ғашықтар бір жерден табылуды қалайтын. Ортақ тілекшілері — Есқуаттың келіншегі Нұрсұлу. Жаздың мақпал түндерінде ауыл сыртында қос асықты оңаша жолықтыратын да сол еді. Бұл жайдан үшеуінен өзге жұрт бейхабар. Есқуат қана соңғы кезде бұлардың ымы-жымы бірігіп кеткенін ептеп сезіп жүретін. Әнеу күнгі Қайыптың әні елге тарап болған. Ол әнді қазір ауыл-ауылдың бала-шағасына дейін біледі. Сол кештен соң көп ұзамай басталған құпия кездесулер бозқырау түскенше тыйылмап еді.
Екі жастың тілегі бір арнаға құйылып, жүректері бірге соққалы тағаттан айырылған. Қыз бен жігіт жұрт көзінше қымсынуды қойып, бейне бір қалыңдық пен күйеу жігіттей жұбын жазбайтын болған. Алды артын абайлатпайтын ғашықтық дерті екі жүректі де меңдетіп, асқынып алған. Сүйген жастарды жігіттің қолының қысқалығы, қыздың басының ноқталылығы елең еткізбеді. Махаббат сиқыры ақылын арбаған қос ғашық ессіз Мәжнүндей еді.
Ақбөбек ә дегеннен Қайыптың әніне ғашық болған. Сол сезімі өрши келе әннің иесіне тәнті етіп қойды.Сұлу сазымен әнші өзінің жан сарайын жаулап алғандай. Оның өзіне деген риясыз көңілі, баладай пәк сезімі Ақбөбекті бей-жай қалдырмаған. Әншейіндегі ауыл арасының бозбаласына менменси қарайтын паң бойжеткен қарапайым ғана етікші жігітті көргенде жуасыған асаудай арының ірке қоятын. Қайыптың мұңлы жанарынан тарап, өз жүрегіне құйылатын нұрлы шуақ жан жүрегін жылытатын. Жігітпен оңаша жолыққалы бір түрлі бауыр басып алыпты. Келе-келе тіпті күннің батуын асыға күтетін ерсі мінез тапты. Алғаш табысқанда ғашықтар күйіп-жанған ыстық жүректі жазғы түннің жібек самалымен желпіп, жандарын жалынша шарпыған ынтық тілекті ай жарығында аймаласып тұрып айтысқан. Албырт жас қыз аңқылдақ жасамыс жігіт құшағынан сая тапқан. Көңіл пернесінің тіл жеткізе алмас тілдерін көзбен толғап, ерінмен қармап ұзақ ұғысқан.
Сүйген жүректер өзара сыр ұғысқыш. Бұлар да бір-бірінің жүрек сырын қалтқысыз сезіп, қапысыз түсінген. Ғашық жүректің тарсылдай соққан тентек тамырын тап басқан. Ауруының емін, ғұмырлық теңін тапқан ғашықтар бір-біріне аласұра ұмтылатын сәтті сағына күтетін.
Ақбөбек те айқара құшақтасып, айқаса өбісетін сәулелі сағатын асыға тосатын. Қайыптың құшағына кіріп, көзін жұмса болды, өз-өзін ұмытып, ертегідей ғажайып әлемге еніп жүре беретін.
Азат дүние! Айнала мүлгіген тыныштық. Боз жусанды буалдыр дала. Шаңқан бозға мінген қос атты ашық жазаңмен ағызып келеді. Жалғанда екеуінен өзге жан иесі жоқтай. Айдалада ақ боз үй ағараңдайды. Армандағы ақ отау...
Қиялындағы жұмақтай суреттің кірпігін қимылдатса қиюы қашатындай көзін ашпауға тырысады. Ақбөбек арман тұлпарынан айырылып қалардай қорқады. Өмір бойы жұбы жазылмас болса, солай самғай беруге әзір. Сүйген серігін тапқалы, Қайыппен табысқалы біржола бекінген тұжырымы, бар тілегі осы!
Мизам шуақтың мезгілі өтіп, қазанның қара суығы түскелі ауылдың аймағы азып, елдің мазасы қашқан. Мыңдаған жылқы тұяғымен тапталып, мыңғырған жандық тісімен қиылған жусанды жердің тоз-тозы шығып, жазық даланың тозаңы бұрқырап жатқан. Азынаған жел, қаптай соққан қара суық қыбырлаған мал-жанды қыстауға қарай ықтырған.
Шығандап шалғай шығып, шетке ұзап кеткен ел үдере көшіп қара жұртқа бет түзеген. Қарбалас қимыл, көші-қон қамы қауырт басталып кетіп еді. Жылқыны Жаңғақтың ойына* құлатуға асыққан ауылдың іргесі сөгіліп, біразы ілгері озып кеткен. Бай үйінің бау-шуы, жасау-жабдығы буылып-түйіліп, бүгін-ертең қозғалғалы отыр. Қоңсы-жалшы қыстауды даярлауға күні бұрын жүріп кеткен. Ер-азамат соңынан мал айдасқан қажарлы қатын-қалаш ерген.
Ауыл оңаша. Қырдың жалпақ жоны қаптай қонған қалың ел, сыңсыған малдан айырылғасын жетімсіреп қалғандай жүдеу. Бұрынғыдай ашық аспан, жарқын күн жоқ. Көктің жүзін сұрғылт матамен бүркеп тастағандай. Тұтас бұлт. Таңертеңгілікте айналаға боз шымылдық тұтып, тұман түседі. Күні өтіп, көзден бұл-бұл ұшқан қайран жаз бар қызығын өзімен бірге ала кеткендей. Ала жаздай дүбір мен думанға тойған қыр томсырайып қыраулы қысты сазара тосып жатқандай.
Қыз бен жігіт байласқан уәде, айтысқан серттің орындалар уақыты келгенін түсінді. Көліктерін сайлап, білдірмей жол жабдығына кірісті. Бұдан оңтайлы сәттің енді тумасын біледі. Қашу керек!
Ақбөбек, әкең сүйіп қойған атың,
Ақ сүйек, асыл сүйек арғы затың.
Жігіттің ат жеткізер мұратына,
Менің де сүйенерім жалғыз атым.
Отырған қарсы алдымда Ақбөбегім,
Болған соң өзім жалғыз, жоқ көмегім,
Ісімнің істеп жүрген бәрі қиын,
Ия, Құдай, жеткізе гөр бір себебін.
Ақбөбек аттанар түні көз ілмей шықты. Ештеңе ойламауға тырысса да қай-қайдағы қорқыныш пен күдік есін алып, таң атқанша кірпік айқастыруға мұрша бермеген. Атын атаған Қайып даусын естігенде, орнынан қалай ұшып тұрғанын білмеді. Туған үйден ата-ананың ақ тілеуімен аттанбай, әлдебір күндерше қашып-пысып бара жатқаны жанына батады-ақ. «Алақанда аялаған ағайынның сүйегіне таңба салатын болдым-ау, сорлы басым» деп өкінеді. Бірақ, енді бәрі кеш. Алған бетінен қайту Ақбөбектің ойына кіріп-шыққан емес. Қайта бұл жерден тезірек қарасын батыруға асық. Өзінің алдағы өмірі тек қана Қайыппен базарлы, Қайыппен ажарлы болмақ. Оған қыздың көзі әлдеқашан жеткен. Сүйіп көрмегендер Ақбөбектің сырын қайдан ұқсын. Бұның жанын түсінетін де жалғыз сол — Қайып! Қанша қорланса да қашқан қыздың да алды-арты Бөбек емес. Дауыс шыққасын шұғыл қимылдап, боз інгеннің биязы жүнінен оңқай-солақай иіріп, құстандайлап тоқылған ағима шекпенін 52 киіп, белін түрме белбеумен мықтап буды. Шоңқайма шығып етігін де киіп алды. Қама бөріктің сыртынан басына шашағын төгілдіріп аймағы қызыл шарқатты тамағының астынан орай тартты. Ешкіммен қоштаспастан елең-алаңда есіктен шықты. Сол сәтте Қайып та көрінген. Қыз көп кідірместен сүйгенінің соңынан ерді. Қайыптың қабағы қатыңқы екен. Қара басын қатерге тіккен қасқаның не жаны жүр екен? Ақбөбек қалтырап кетті. Қара суық Ақбөбектің ақша маңдайын қанжардай қақ айырып жарып барады. Күн шығысты нұрға бояп, тағы бір таң атып келеді. Қарашаның қара темірдей қаритын ызғарлы таңы. Жарауы жеткен қос арғымақ ауыздығын қарш-қарш шайнайды. Ауылдан қара үзіп кеткенше артына қарайламай қатты жүріспен үзеңгі түйістіріп келе жатқан қос атты елсізге шыққасын аздап тізгін тартқан. Бөбектің үрпиіп кеткен үркек кейпін көріп, күлімсіреген сері ат үстінен ұмтылып көзінен сүйді. Жігіттің ыстық демінен ынтық жүрегі жібіп сала берген Ақбөбек еңсесін тіктеп, есін жиып алды. Өздерін алды — мұнар, арты — тұман талайсыз ғұмыр сапары күтіп жатқанын ғашықтар сол мезетте сезген жоқ. Жұбайлық өмір жолына жұбын жазбастан қол ұстасып қатар аттанды.
Қашқындар қыр үстіндегі бірен-саран көшпей кідірістен қалған шабан ауылдарға ат шалдырып, аяқ суытып алып, арада бірнеше күн жүріп, Жарқұдыққа жеткен. Екеуінде де «елге жетсек» деген бір ғана тілек бар еді.
Қорабайдың ауылы бұрынғы орнында, ескі жұртта отыр екен. Қайыптың жалғыз келмегенін көрген ата-анасы келінді қуана қарсы алды. «Бір баламыз екеу болды» деп жүректері жарыла қуанған қарттар жиналған ауыл-аймағына тойды бастап та жіберген. Қайыптың анасы Айсұлу етегіне сүрініп, көзінің жасын сүртеді. Көптен күткен келінін көргесін көкірекке сыймаған шаттық сезімі сыртқа лықсытып шығарған қуаныш жасы. «Ақ түйенің қарны жарылды» деп, Қорабай сол күні-ақ бір бойдақты жығып салып, келіннің бетін ашқан.
Беташардан соң ата салты, ел жоралғысымен тойға жиналған жұрт түбіне күміс теңге тасталған неке суынан ауыз тиіп, «куә, куә, куәдүрмізді» айтып, сырлы зеренді қолдан-қолға жағалай жүгіртіп шыққан.
Көргендер Ақбөбектің ажарынан көз айырмай көп қадалған. Айдай аруға қол жеткізген Қайыпқа риза. «Баяғыдан бері аңсары ауып, ауылға тұрғызбай жүрген осы сұлудың дерті екен-ау» деп тамсанысады. Серінің сүйгені сондай-ақ болар. Бұндай қызды жер түбінен жалғыз атты Қайыптың алып қашуы кейбіреуге көзсіз ерлік көрінді. Кейбіреу кедей жігітке көркем келіншекті көпсінді. Әйтеуір бей-жай қалған біреуі жоқ.
Ақбөбектің даңқы айналаға тез жайылды. Айға дейін кісі аяғы басылмады. Аяқ жетер жердің адамы келінді көруге асықты. «Мың естігеннен бір көрген артықты» білетін қазақ үйде тыныш жата алмады. Әсіресе, қызба, кер ауыз, сөзуар қатындар жас келіннің жүріс-тұрысын сынап, аузынан шыққан әр сөзін аңдып Қорабайдың құжырысына үйір.
Сондай бір усойқы қатын келіннің қашып келгенін бетіне басып бір ұялтпақ болып: — Кәнеки, енді келіннің жасауын көрмейміз бе? Сандығын ашыңдар біреуің — деп қасындағы қызық құмар қатындарға көз қысқан. Айыр тілді аяр қатынның аңдаусызда жанды жерінен аямай шағып алғанын ауырсынса да Ақбөбек айылын жимады.
— Қашып кеткен қыздың ат сауырына сары ала сандығын өңгеріп жүргенін қайдан көріп едіңдер? Онан да мен әкелген бір дорба дау бар. Соның аузын өзің шешіп, қатындарға тең бөліп, үлестіріп бер!
От тілді, орақ ауызды ожар қатын жым болды. Осыдан соң кім де болса Ақбөбектен аяғын тарта сөйлейтін болды. Ақбөбектің азулы қатынға қайтарған ұтырлы жауабы Айсұлудың айызын қандырған. Келіннің ажарына ғана емес ақылы мен айбарына да көңілі бітті. Ауыздыға сөз, аяқтыға жол бермейтін адуын қатынның аузына құм құйғаны Ақбөбектің атағын одан әрі аспандатып, ауыздан-ауызға тарап кеткен.
Қыс бекіп, суық үдегесін ғана кісі аяғы саябырсып, үй-іші өзді-өзі боп оңаша қалып еді. Қайып сақал шыққан сақа жігіт болғанмен от басында ойнақы да ерке. Ата-ананың алдында ойын баласындай. Жалғыздықтың әсері ме, олар да оны кезек өбектеп, жас балаша шолжаңдатады. Екеулеп ортаға алып еміренеді.
Қайыптың бірге туғаннан ұзатылған жалғыз апасы бар еді. Өзінен бұрынғы ағалары жасында өліпті. Баласы тұрмай, зәрезап болып қалған әке-шешенің Қайыпқа дегенде шығарға жандары бөлек. Әпкесі де «келін әкелді» деген хабар құлағына тигесін құм ішінен артынып-тартынып келіп, бір жұма жатып, жастарды қызықтап қайтқан. Естирақ боп қалған ұлын «жұмсарсыңдар» деп әкесінің үйіне тастап кетті.
Ақбөбек келгелі от басының қуанышы көбейіп, қызығы молайған. Өзара қалған кездерде де үй іші жадырасып, жарқын күлісіп, жымыңдасып отырады. Көздерінде қуаныш оты қаулайды. Қос ғашықтың сәтті күндері мен тәтті түндері шат күлкі мен шалқыған сезімге толы еді.
Бұл кезде ел іші айттырулы жерін тастап қашқан Ақбөбек жайынан тегіс құлақтанған. Ауыл арасы әңгімесіз бола ма? Алып-қашты қауесет өрттей қаулап, бірден-бірге ұласа, ұлғая келе, түрлі реңк алып, әлденеше құбылып, әрқалай пікір туғызып жатты. Көпшілік жиналған жерде Ақбөбек аты ауыздан ауызға көшіп, әңгіме араның ұясындай гулейді. Біреулер: «Біреудің қалыңы өтеулі қалыңдығын азғырып, абыройын төкті» — деп Қайыпты кінәласа, енді бірі: «Қыспаған көтте бәле бар. Бәрі қыздың өзінен» — деп Ақбөбекті айыптайды.
Бойжеткен қыздары барлар бата бұзып, ата-ананың алғысын алмай, қарғысына қалып қашып кеткен Ақбөбекті сөкеттеді.
«Беті жылтыраған, ақылы қысқа ұрғашының несі таңсық? Ол жаққа аттап басушы болман!» — деп қыздарына Қорабай аулына баруға тиым салды.
Тіпті өз руластарының да Қайыптың бұл үйленісіне үрке қарап, үйіне жоламай кеткендері болды. Тышқақ лағы жоғалса да тайлы тұяғымен іздеп тапқанша тыным таппайтын қазақ қалыңы төленген қалыңдығын қайдан сұраусыз тастасын. Табатыны, бұл тойдың соңы дауға айналатыны анық. Осыны сезген ауылдас, аралас-құралас адамдар да бір дүлей дауылды үнсіз күткендей үйді-үйінде тым-тырыс тың тыңдап қалып еді.
Қорабай қобалжулы болатын. Әйтсе де, қауіп қылғандай қыз артынан жуық арада қуғыншы болмады. Ақ түтек боранын ала келген қатты қыс мал-жанның есін алып, басқа қайғының бәрін ұмыттырып жібергендей. Томаға тұйық ұлу жылының аяғы ұшына, ұйтқи борасындатып, маңайын ықтыра, ысқыра келетін жыланың да жақындап қалған. Қараша ауылды қаһарлы қыс құрсауға алып қинап жатты. Үсті-үстіне сыбай жауған қалың қар айналаны ақ сеңсең тонымен айқара қымтап жауып тастаған. Ақ шұнақ аяз тысқа шықсаң бетті үсітіп, берекеңді алады. Ара-арасында жылт еткен күн көзінен жіпсіген қар қас қарая сықырлай қатып, омбы қардың бетін жылмиған төрт елі мұз жапты.
Болат тұяғымен тұтасқан шөлмек мұздың қабырғасын қақырата теуіп, қар астынан шөп жұлған жылқы жарықтық болмаса, ойсылқара тұқымы жалпақ табанымен жер баса алмай, тайғанақтап тұрып қалды. Бауырын сызған сере қардан ықтырмадан қарыс қадам ұзай алмай, қой баласы шуласты. Ешкі байғұс төрт аяғы ерең-серең етіп тұяғы тоңып, бойы мұздап, көздері бозарып, тырапай асып жатты. Қарлы даланың үсті қарайған өлімтікке толып, жемтік аңдыған қарға-құзғын көктің жүзін жауып кетті. Шөкесінен жатқан күйі қатып қалған түйе мен ұсақ жандықтың шеті жоқ. Түн баласы ұлыған қасқыр елдің зәресін алып, ауыл іргесінде өріп жүр. Шоқтай жанған көздері қараңғы дала қойнауынан қып-қызыл боп шырақтай жылтырайды. Төбеден тәңірдің қаһары қалтыратып, төменнен ит-құс, қарға-құзғынның шуылы шаршатқан ақ сіреу дала ай астында азалы күй тартып жатқандай.
Осындай қатты қыстан соң күн жылтырап көктемнің көгілдір шәлісі желбіреп көкжиектен қол бұлғағанда ел есін жия алмай, есеңгіреп жатқан. Қырда қырылған мал, үсіген малшыда есеп жоқ. Шығыны мол болған ауылдар айтарлықтай жұтап қалған.
Қорабайдың малы санаулы. Қыстай Қайып, жиені Қыстаубай үшеуінің бағып-қаққаны сол аз ғана жандық пен үш-төрт мойнақ. Сондықтан бұл үйдің мал басы қыстан аман шықты.
Қатал қыстан көп зәбір көрген жұрт қуанышты еді. Күрт жылынған күн жерді қардан мұрсатта аршып, ызғардан ада қылған. Қар астында бұғып жатқан бәйшешек бас көтеріп, дүркіреп көк қаулап шыға келді. Құм іші қызылды-жасылды боп шоқтай жайнап кетті. Мал аузы көкке тиіп, қой төлдей бастады. Ауыл маңы азан-қазан. Қой сауу, қозы салу қыз-келіншектердің күнделікті жұмысы.
Ақ білегін сыбанып, ақ жібек орамалдың шашағын төгілдіріп Ақбөбек те қой сауысады. «Байдың қызы едім» деп кергімейді. Торғын көйлектің етегін жиырып, бір шетін түрме белбеуге қыстырып, бешпентінің жеңін түріп алып, іске кіріседі.
Қойды қосақтап сауады. Ауыл елдің аузына алғашқы уыз тиіп, сап-сары бал татыған ірімшік қара қазанда бұрқылдап қайнай бастады.
Сырлы зереңдерге қойдың қоп-қою қойыртпағы да құйыла бастады. Аузы аққа тиген ауыл кешегі көк сіреу мұз құрсаған қыс қыспағын ұмытқысы келіп, жаңа шыққан жайдары жазға ұмсына түседі.
Жер аяғы босанғалы ауыл іргесін жүргіншілер жол қылған. Азығы таусылып, қаптың түбін қаққан үйелмендерден үшеу төртеу бірігіп, түйе тіркеп, қала шығып жатқандар да бар. Қыстай келінді қызықтап төрі қонақтан босамаған Қорабай үйінің де түйір дәмі таусылып, қаптың түбін тықырлатып отырған. Қалашыларға Қайып та қосылды. Қасына Қыстаубайды жолдас қылды.
Қайып пен Ақбөбектің жыры Маңғыстаудың ой-қырын аралап кетіп еді. Кедейлердің де кектейтіні сол. Қашқаны қашқан, құм ішіне жасырынған қоян құсап тып-тыныш, тықырсыз жатса бір жөн. Соңдарынан қап-қап сөз, көрінгеннің құлағын қажайтын қора-қора аңыз ертіп кеткен жоқ па? «Күйеуі кім екен, қалың берген?» — деп қадалмай ма қысыр әңгімеге құмырсқадай құжынасатын сөзқұмар қазақ. Қалжыңы жарасқан нағашылы-жиенді біреулер: «Өздеріне со керек, бәлем. Батыр Бегей жақсы қылыпты» — деп шаптарына шоқ тастаса, ашу аразы бар ағайын: «Қап, бәлем. Итбайдың бозымбай баласына сұлу қатын қайда?! Серімен ала жаздай серуен құрғанда ай қарап, жұлдыз санап жүрді дейсің бе? Ойнап-күліп қойған-дағы. Сосын қашпағанда қайтеді?!» — деп, Кедейдің терісін қан шығармай іреп-сойып жатқан шығар.
Қалай да Қаражігіттің тулауы тегін болмады. «Сүйекке таңба, даңқымызға дақ түсіртпеймін. Ол дүзі қараны өзім барып, шашынан сүйреп алып келем!» — деп тепсінгенде, терісіне сыймайтын тентек інісінің ызалануы негізсіз емес.
«Мейлі, Бегейдің босағасынан алып келу керек. Өлсе, кедейдің есігінде өлсін!» — деп түйген Итбай да. Әйтпесе, айттырулы қатындарын көлденең көк аттыға ертіп қоя берген қансыз, арсыз Кедей аты қалар ма?!
Сондықтан ол Қаражігіттің сөзін құптап: «Алдыңнан жарылқасын! Ағаңның арын арлап, руыңның туын жықпаймын десең, қолыңды қақпаймын. Барып, Бегейде кеткен кегімізді қайтар!» — деп батасын берген.
Осы сөзден соң Қаражігіт бір сәт те аялдауды жөн көрмеді. Кілең білекті, жүректі жігіттерден қол жинап алды да, сойылдарын сүйретіп, Самға қарай жөнеп кетті.
Қаражігіт қолынан қаруы түспеген барымташы батыр еді. Оның атын естіген еркектер тіксініп, әйелдер сескеніп қалушы еді. Өзі мерген, өзі балуан Қаражігіт ағайынның айбары. Айтқанынан қайтпайтын мәрт мінезін білетіндер оның жолына тұрмақ түгілі, көзінің қырына ілінбеуді ойлайтын. Өзгені өзінің мысы басып, құтын қашыратынын көрген сайын оның да қайраты бойына сыймай, есіріп кететін. Біреудің бітпеген дауын сатып алып билік құрып, көнбегенді күшпен ықтырып, ыңғайына бұрып алатыны да бар. Соны малданған айналасы да дандайсып, Қаражігітті арқа тұтатын. Омырауы есіктей дырау жігіттің шын аты ұмытылып, шым қара өңіне орай бейтаныс ел Қаражігіт атандырған. Осы атаудың өзінде бір шойын қара күш жасырынып жатқандай өзгелер одан ығыса жүретін.
Әке-шешеден ерте жетім қалып, Итбайдың есігінде ержеткен жігіт өсе келе сойыл соғарына айналған. Панасыз баланы бауырына тартып, жастай шаруаға баулыған Итбай оның отты жанарынан көп нәрсе аңғаратын. Өз балалары Қоштай мен Есберген жуас, болбыр. Жетім баладай шалымды емес. Күшігінен асыраған иттей қолында өскен өткір баланың өз қатары арасында күші басым, сөзі үстем екенін байқайтын. Момын, босалаң балаларынан гөрі көбіне сөзі өтімдірек, қолы батымдырақ жетім баланы жұмсайтын. Қақ-соқпен ісі жоқ балаларының кісіде кеткен ақысы болса кіші де болса алып беретін айбатты жасқа көңілі толатын. Келе-келе ол иесінің ыңғайын танып, айтқанына үретін адал иттей осы үйдің қорғанына айналған. Қай іске де тындырымды, ылдым-жылдымы мол, батыл, жылпос, тентек жігітті Итбай іштей жек көрмейтін. Ол тұрғанда малы түгел, шаруасы бітік. Айтқызбай істейді, айтақтамай тістейді. Бұл жолы да ағасының жоғын іздеп кеткен Қаражігітке Итбай ырза.
Есберген «есемді қайтарам» деп елірген Қаражігітке ермей қалды. Кейде тіпті оны қуып жетіп, «Кейін қайт! Маған Қайыптың қатынының керегі жоқ!» деп, орта жолдан кері қайтарғысы да келеді. Бірақ, бетіне таңба түсірген Бегейдің бас бұзарлығын қалай жазасыз жібермек?! Бір есептен Қаражігіттің бұл ісі дұрыс та сияқты. Бүйтіп бұға берсе, Кедей кімге келемеж болмайды? Есбергеннің есесі кімде кетпейді? Ертең-ақ жатқа жем, көпке келеке, жұртқа күлкі, сыртқа сөз болмай ма?!
Осы ойлар мазалаған сайын Есбергеннің еңсесі түсіп, басы салбырап кетеді. Өзін менсінбей, жалғыз атты жарлы-жақыбайға еріп, жатқа қашып кеткен қалыңдығының қыжылы, опасыз қылығы тағы бар. Қыздың қорлығы, Қайыптың зорлығы есіне түскенде, Қаражігіттің қасына еріп кетпегеніне өкініп те қояды.
Ақбөбектің аяғы ауыр еді. Өзі соңғы кездері шым-шытырық түстер көріп, көкейіне бір жамандық қашып, мазасызданып жүрген. Оның үстіне бір көзі қоймастан тартып, жайсыз хабар сездіргендей еді. Іштей қала шыға кеткен Қайыпты ойлап қорқатын. Төркін жұрты ендігі ұмыттыға жорып жүрген. Есбергендерден де сес жоқ. Сірә, өзін өлген мал, шіріген жұмыртқа санайтын болса керек.
Ертесіне қой сауып отырып, бір топ аттыға көзі түскенде, жүрегі атқақтап, аузына тығыла берді. Ақбөбек бұның тегін жүріс емесін сезді. «Қуғыншы болмасын!»
Ат үстінен әкіреңдеп, қарсы жолыққанның бәрін бас-көз демей төпелеп, қамшымен шықпыртып, кеудесі күптей бір қара кісі ысқыртып келеді екен. Қылығы жаудың қимылы. Ақбөбектің бұрын көрмеген адамы. Соңында он шақты жасағы бар. Аттары алқынып, танауларынан будақ-будақ дем шығарады.
Әлгілер Қайыптың үйін қоршай тұра қалысып, қамшымен үзікті сатырлатып сабай жөнелгенде, Ақбөбектің көзінен ыстық жасы ыршып кетті.
«Жау екен ғой! Қасқа болдым-ау! Қуғыншы екен!» деп егіле берді.
Үйден қалбалаңдай жүгіріп шыққан Қорабайдың басына қамшы жауып кетті. Қаражігіттің тізгініне жабысып, тілге келмек болған қарттың басын қорғасын өзекті дойыр жарды. Самайынан қып-қызыл қан жылымшылай аққан күйі ауыр соққыдан белі бүгіле берді. Арқасына үстемелей тиген қамшыдан терге жидіп тозып тұрған тері кеудеше тілім-тілім боп, дар-дар айырылды. Бетін қан жуып кетті.
Таяққа жығылған шалын көріп, дауыс сала ұмтылған Айсұлу отағасының үстіне өкіре құлады.
Аттылар аңыраған ақ жаулықтыға бұрылмады. Анадайда біраз қойды иіріп, қосақтап сауып отырған қыз-келіншектерге қарай салды. Жаны мұрнының ұшына келген Ақбөбек қосақтың түбіне бұға берген. Ат тұяғы құлағын жарып барады. Опыр-топыр топ төбесінен ойнақ салғандай қалшылдап кетті.
— Қайда, кәне?! Қайда әлгі қашаған қаншық?! Шық бері, жаныңның барында! — деген айқай дәл желке тұсынан естілді. Қатты дауыстан үркіп қозғалақтаған қой бір-біріне тығылысып, топ-топ болып, ұйыса қалған. Қасындағы қыз-қырқын зіркілдеген зәрлі кісінің тегін жүрмеген түсініп, шетке сытыла берген.
Ат үстінен ақырып, аяқ астынан аспаннан түсе қалған әзірейілдей елдің зәресін ұшырған Қаражігіт ұйлыққан қойды қамшымен жасқап, бытырата бастады. Ақбөбек өзіне таянған тықырдан қайда қашарын білмей, қой бауырына тығыла түсті. Тұяғымен жәншіп, жанын көзіне көрсеткен қойлардың тыпыршығанына да төзді. Дыбысын шығармау үшін жағын тістене берді.
Топырлаған қойдың үстінен тұс-тұстан төне тінткен қырағы көздерге шоғырланған малдың жыпырлаған тірсегінің арасынан көксауыр етіктің қып-қызыл қонышы оттай басылды. Аттан сыпырылып түсе қалған қуғыншылар қой қосағын асығыс ағыта бастады. Ақбөбек көзін тарс жұмып алды.
Бүркіт шеңгеліндей қажарлы саусақтар желкесінен бүре жоғары көтеріп, көжекше қалтыраған келіншекті қой арасынан суырып алды. Қасақана қыса түскен қысқаштай қол Қаражігіттікі еді.
Ақбөбек даусының қалай шығып кеткенін де сезбей қалды. Айласы таусылып, амалы құрыған қауқарсыз жанның ащы айғайы айналаны жаңғырықтырып жіберді. Шарасыздан қос қолымен құрсағын қорғаштай берген. Соның арасынша көзінің оты жарқ етті. Күре тамырдан тиген соққыдан есінен танып қалды.
Көзін ашқанда, жерде жатыр екен. Кешегі қара кісі отты көздерін өңменінен өткізе қадап, қасында отыр. Оның әлдекімге дауыстап сөйлегенін көзі көріп жатса да шыңылдаған құлағы естімейді. Аузына су тамызбақ болған балаң жігіт басын сүйеген. Ақбөбек аузына құйған сұйықты ықылассыз жұта берді.
Енді бір уақ біреудің алдында өңгеріліп келе жатқанын бажайлады. Қатты жүріс соғып тастаған. Жансыз тұлып сияқты. Көзін ашса, көретіні — дөңгеленген көк ала жер. Мұрнына балауса жусан иісі келеді. Манағы жылымшы су жүрегін кілкітіп, ақтарып құсып келеді. Аш қарынға ашулы мысық түсіп кеткендей. Лоқсыған сайын іші бауырын аямай тырнап жатыр. Бөбектің басы айналып барады. Шуылдаған құлағы тарс бітеліп, қайта ашылғанда, ат тұяғының дүсірі, үзеңгі шылбыр шықылы үзіліп-үзіліп алыстан талып жеткендей болады.
Түн бе, күндіз бе? Таң ба, түс пе? Белгісіз. Қарауытқан көз жанарының түбінен түрлі-түсті от шеңбері жарқылдап, жанып сөнеді. Торсықша домаланып ат бауырына допша соғылған басы жұмысынан жаңылып, жадын қайта жоғалтты.
Көкпарға тартылған лақтай іргеге дүрс еткізіп тастай салған Ақбөбектің жүзіне ешкім үңілмеді.Өздерінің намысын аяққа басып, бата бұзып, асығымен қашып кеткен келіндеріне Кедейлер кекті еді. Әлдеқашан біреудің босағасынан басын сұғып, табалдырығынан аттап, беті ашылған қатынның соңынан сонша уақыттан соң қуып барып қайтарып әкелген де сол кек.
«Қыз қашты!» деген хабар бұлардың құлағына жеткенде, ел қыстауға орнығып, қарбалас қыс қамына кірісіп кетіп еді. Қарлы жаңбыр үсті-үстіне жауып, зәрлі боран үдей түскен. Кедейлер қапы ұрып, сандарын соғып қалған.
Малды-жанды ауылдың ер-азаматы ереуілдеп тұщы етіне ащы таяқ тигендей еліріп, бірден атқа қонбақ та болған. Онда да осы Қаражігіт қасына қол жиып, дүрліккен. Қайрат көрсетіп, «Қанға тартпағанның қары сынсын» деп қолына қару алған.
— Басындырмаймын! — деген ол көзі қанталай құтырына сөйлеп. Бауырымның намысын аяққа бастырар жайым жоқ. Кәне, Кедейдің арын қорғар қайсың барсың? Ер соңымнан! Еркек болсақ, елдігімізді көрсетейік! Қашаған байталды құрықтап қайтарайық үйірге. Қалыңы өтеулі қатынымызды Бегейдің қаңғырған етікшісіне беріп қойып, елдің бетін қалай көреміз?!
Дегенмен, бұл әрекетті үлкендер құптамады.
— Жаз шығып, жер аяғы кеңісін. Қоя тұрып. «Байтал түгіл бас қайғы!» Мына суықтың сыңайы жаман. Сендер қуғыншылап кетсеңдер малға кім ие болмақ? Ит-құс көп. Онан да ана жылқыға барың. Қатын жетер жеріне жетіпті ғой. Енді қайда барар дейсің. Мына қыстан мал-жан аман шықса, оны да Бегейдің аулында бұлғаңдатып қоймаспыз. Жалғыз атты жарлыға кегімізді жібермеспіз! — деп тоқтатқан қарулы топты Кедей кеңесі. Қаражігіт сөзінде тұрды. Қыс өтіп, қар ерісімен жолға әзірленді. Қасына қажарлы, қарулы жігіт жинады. Қыстай өзіне қосшы болып, қалың жылқыны қар төсеніп, мұз жастанып жүріп қыстатып шыққан оқ саулы он жігітті соңына ертті.
Бет алысы — Сам құмы. Салт аттылар суыт жүріспен Жарқұдықта отырған Қорабай аулына жеткенде, Қайып елде жоқ болып шықты. Өлімші қыламыз деген өшпендісі қолға түспеді. Өкшесін бұлардан бұрындау көтеріпті. Қалашылап, Бесқалаға жүріп кетіпті. Қапыда қалған Қаражігіт Қорабайды ұстап, дойырмен сойып салды. Баласының өшін әкесінен алды. Ауыл үстінде ат ойнатып, қауқарсыз үйдің басына зобалаң туғызды. Елге жоғын түгендеп, жеңгесін алдына өңгеріп оралған. Өз міндетін өтеп, мойнына алған жұмысын атқарып, ағасының қатынын қолына ұстатқасын көп кідірмей, қайта малға жөнелген. Басқаға аса сене бермейтін қожасы соны қалады.
Жолымен жүрмей, жатқа күлкі қылып кеткен келіннің келгеніне Итбай үйі қуана қоймады. Айыпты келінді кіржиген қабақпен қарсы алған үлкендер үйге кіргізуге асықпады. Ақбөбек сол аттан түсірілген жерде, іргеде жабу үстінде қала берді. Арада екі-үш күн өткен. Ел емес пе, бұл көрініске көңілдері көншімеген көпті көрген қарттар:
— Ит тиген аяқты да адалдап алатын едік қой. Бұл адамның баласы емес пе?! Келімді-кетімді кісі бар. Ертең біреу-міреу көрсе, күлмей ме? Бүйтер болғасын барған жерінен барымталап несіне әкелдіңдер? Бұның қылығын дұрыс демейміз. Жастықтың желігімен бір білместік жасаған шығар. «Сүрінбейтін тұяқ, жаңылмайтын жақ бар ма?» Мына істерің ұят! Бұл келіннің ендігі күтімі Бегейге емес, Кедейге сын! Бір қисықты түзетіп, қатарға алып, бір асауды үйретіп, үйірге қоса алмасақ елдігіміз қайсы?! — деп реніш білдірген.
Итбай ессіз кісі емес еді. Келіннің екі-үш күн бойы бұралқы иттей бұратылып, ас-сусыз іргеде жатып қалуы оның да ұятын кеміріп жүрген. Қариялар кеткесін кемпіріне қарап қабақ шытты: —Босағаңа келген бөтен кісіні де төріңе түнетесің ғой. Бұл бөтен емес, өз келінің емес пе? Осыны ел айтпаса, мен айтпасам, білмейсің бе? Бар, өзің әкеп кіргіз келінді үйге!
Кемпір үндемегенмен үйдей ренішін ішке бүгіп, келінін көтергендей қылып, сүйрей-мүйрей есіктен алып кірді де табалдырықтан аттасымен «сенің орның осы!» дегендей босағаға тулақша бір сілкіп тастай берді.
Әкесінің сөзіне іші жылып қуанғанмен шешесінің қылығын көріп Есберген күйзеліп қалды. Ақбөбек келгелі көңілі күпті болып, көкейіндегі бар ашу-ызасы тамағына кептелгендей түйіліп: «Қалай өш алсам екен?!» — деп бойын буған кек қайнап, қабағы ашылмай жүрген. Бірақ, бір беймәлім күш қол-аяғын жіпсіз байлап-матап қойғандай, қасына барғызбады. Анадайдан орағытып өтсе де, Ақбөбектің ауыр халін алыстан сезіп, арқасына аяздай батып, біртүрлі аяп кеткен. Күндіз кісі көзінше маңайлай алмаса да, қыбырлаған құмырсқаға қиянат қылып көрмеген бауыры жұқа, жүрегі жұмсақ жігіт өзіне тиесілі жанның иесіз малдай іргеде жатқанына қынжылатын. Әке-шеше жылы қабақ танытпағасын бұл да қасына жолай алмаған. Жақын барып, жайын білмесе де, күндіз қозғалақтап, қинала ыңыранып жатқан келіншекке іштей жаны ашып: «Қайыппен қашып кетпегенде, бұның бірін де көрмес едің» — деп өзінше өзегі өртене өкініш білдіріп, аяушылық танытып қоятын.
Сол келген күні-ақ түнде түзге шыққан боп Есберген Ақбөбектің қасына барған. Тіздеулі тайлақтай шөкесінен түсіп, үнсіз жатыр екен. Қолы байлаулы. Содан да қалаған жағына қисая алмай қиналатын сияқты. Есберген бұдан әріге шыдамады. Қолын буған қыл арқанды жанындағы бәкісімен қиып жіберді. Жіптен босап, жаны жай тапқан Ақбөбек бір қырына сылқ ете түсті. Аунап түскенде күміс жамбыдай аппақ жүзі ай жарығымен жарқ ете қалды. Күн жылынғанмен түн әлі салқын еді. Бұның тықырынан оянып кеткен Ақбөбек көзін ашып алды. Өзіне тонын жауып, үстін қымтап жүрген жігітті көріп, су сұрады. Қызуы көтеріліп, таңдайы құрғап жатқан. Жігіт жүгіріп барып, саптаяқпен сусын әкеліп ұсынды. Қымыз екен. Жусан дәмі шыққан саумал қымыз. Ақбөбек ыдысты сарқа сімірді. Тыныс алмастан тауыса ішті. Көзінен жас бұрқ етті. Жауша байлап әкелген жұрттан жақсылық күтпеп еді. Жаңылысыпты. Бұл босағада да жанашыр жан бар екен!
Келінінің томпайып тұрған құрсағына көзі жұрттан бұрын түскен ененің іші жылымай-ақ қойған. Баласының мойны босап, қасына барғыштап жүргенін байқап, ит жыны келді. Үйге әкелісімен біресе сусын беріп, біресе тағам ұсынып, бәйек болғанына қаны қайнайды.
«Бозымбай иттің біреудің буаз қатынына не аузының суы құри қалды осы? Беті жылтыраған ұрғашының алды-арты осы дей ме екен? Қайта қамшының астына алып, сойып салмай ма, дос-дұшпанға көз қылу үшін де болса. Өй, соры қайнаған сабаз! Бұл түріңмен бай болып, не келістірермін дейсің? Ішіне әлдеқашан бөрінің бөлтірігін салып алып, тымырайып жатқан сайқалды төңіректей берген несі-әй, жасық иттің? Көзін байлап, көңіліне құрт боп түскені ме келмей жатып? Еркектің есін аударып, басын дуалап алатын жәдігөй болып жүрмесін бұл жүзіқара! Ойбай-уй, енді қайтейін! Ел-жұрттан ұят болды-ау! Ең болмаса ащы даусын бір естімеді-ау құлағын түріп отырған қоңсы-қолаң. Ертең-ақ өзі жүріп-тұруға жарап, үйден кіріп шыққасын кім көрмес дейсің бұл қарбашаның томпайған қарнын? Көзін шел қаптап, көңілін жел қаққан мына менің әумесер балам болмаса. Бұл байталды елді шулатып несіне әкеліп жүр екен өңкей жарымес құрғыр. Масқара-ай! Бетім-ай!»
Кемпір осының бәрін ойлап, қаралай күйініп, іштей тынады. Бос белбеу баласына да, ашуы тарқап, жадырай қалған отағасына да таң. Наразылық танытқанмен, шалынан сескеніп, келінге туралап тиісе алмайды.
Үй ішін осындай пұшайман күйге түсірген Ақбөбек әзір бұның бірін де білген жоқ еді. Иә. Ақбөбек екіқабат болатын. Бойына біткен тұңғыш перзенттерін Қайып екеуі тағатсыздана күтіп жүрген. Тек екеуі емес Қорабай мен Айсұлу да мәз еді. Келінінің жерік екенін білгенде, қатты қуанған енесі үйдегі құрт пен майды аузына ұстап, сақтаулы сары сүр, дәмді шұжықты асып беріп, асты-үстіне түсіп жүрді. Бай, бар үйлердің дастарханынан жеңсік тағам, тәтті тістейтін, өрік-мейіз, бұйра шайы да болса бұйымшылап әкеліп, келініне беретін. Ақбөбекке арқан естірмей, ұршық иіртпей, түйе етін татырмай — түрлі ырымды тергеп, қолынан келгенінше күтіп-баптаумен болды. Қатал тағдырдың аяқ астынан құйындай ұйытқып, бұндай күйге ұшыратарын қайдан білсін, сорлы ана.
Күміс қасықтай, маңдайы жарқыраған, ақша жүзді Айсұлу үсті-басына қылау жолатпайтын сирақ, ауыл-үйге сыйлы, ағайынға жағымды, жұртқа жұғымды жөні түзу әйел еді. Жасында жиын-тойда ән де салатын. Әдемі, ашық даусын ел сүйетін. Кейін балалары тұрмай, уайымнан белі бүгіліп, басынан қайғы бұлты арылмай қойғасын ән салуға жайы болмады. Кешеуілдеп көрген Қайыпты Қорабай екеуі кезек шайқап, көзден таса қылмай, бағып-қақты.
Кіші қолдау, қара торы, шоқша сақалды Қорабай етікшілік кәсібін көп күйттеп, «Бегейдің бестақасы» аты қалған өнерлі елдің баласы. Өзі де ептеп етікшілік қылатын, аздап ұсталығы да бар, қолы ұсынақты адам. Әйеліндей әнші болмаса да қара өлеңге қара жаяу емес. Қолынан домбырасы түспейді. Халық әндерін кемеліне келтіріп, келістіріп шырқағанда, көпті аузына қарататын шабытты шақтары да сирек те болса кездесіп тұратын. Бірақ, күйбең тірліктен қолы босай бермейтін. Қайып болса сондай қос қарлығаштың ынтымағы жарасқан ыстық ұясында көз ашқан кішкентай балапан. Әкесі әркез сол әсем саздармен ұйқыдағы ұлын тербеп оятатын. Айсұлудың әлдиі, сірә, әнсіз болмайды. Әсерлі әуенге ұйыған бөбек ана сүтіне қанғасын балбырап, қайта ұйқыға кететін. Қорабайдың қоңырқай үйі үнемі пейіш құсы шырқап, әсем әуез қалықтап тұрғандай сырлы сазға толы болатын. Бесіктегі бала Қайып сол сиқырлы әуенге қосыла уілдеп, үн шығарып жататын.
Көзінің нұры, өмірінің гүлі—жалғыз ұлдан олардың аянары жоқ еді. Қос жүректің жыры, егіз екі алақанның жылуы жас нәрестенің жанына нәзік нұр, сезіміне сұлу сыр құймай қойсын ба? Бесікте жатып-ақ шаңырақ астында шарықтаған ән әуезімен ауызданған Қайып бала кезінен өнерге бейім болды. Өсе келе домбыра шертіп, ән сала бастағасын, «баламмен жарысып қайтем» деп салиқалы Айсұлу әнін қойған. Кейде көз көрген, көңіл тату құрбылары: «Ән салшы, дауысыңды сағындық!» — дегенде, Айсұлу: «Енді әнді Қайып айтады. Мені қолқалама, Қайыптың әнін тыңда!» — деп баласының қолына домбыраны өзі ұстататын.
Әуелгіде қызықтап күлетін құрбылары, кейін қызығып тыңдайтын болды. Шыныға, ширай келе шынашақтай баланың шырқай, шалқыта салатын әдемі әндерін әркімдер естіп, Қорабай үйіне әдейі бұрылатынды шығарды. Бұрынғы құлазыған құжырасын думанға толтырған қара баласына дән ырза болған ата-анасы бар дәмін қонаққа ұсынатын. Етікші Қорабайдың елеусіз үйі бірте-бірте қыз-қыз қайнаған ән мен жырдың базарына айналып бара жатты. Қайып сөйтіп отбасынан өнер көгімен отығып, екі арыс ата-ана мұрасын бір басына аманатқа алғандай арда өскен. Әкесінен етік тігудің қыр-сырына қанықса, шешесінен ән салудың шеберлігіне жетілді. Әдейі үйренген жоқ. Ата қанымен, ана сүтімен бойға біткен қасиеті күнделікті өмірде көрген түйгенімен толығып, бірсін-бірсін жанына сіңіп, зердесіне құйыла берді. Жас шыбықтай өзі өскен топырақтың құнар сөлін өзегіне сіміре берді. Жастан қолғабыс еткен етікшілік өнері қолға машық болып өсті. Ән-жырға ғашық жүрегі әдемілікке әуес қылды. Сәндікке құмар табиғаты серілікке баулыды. Өскен сайын өн бойынан табылған сан қырлы өнері өршіп, өзіне жұрттың назарын аудара бастаған. Көп көргіш, бұқара білгіш. Ел арасына «әнші Қайып», «етікші Қайып», «Сері Қайып» атағы қатар тарады. Айсұлу баласының көптің бірі емес, Бегейдің бірегейі болып ержеткеніне қуанатын. Жалғызы жұрттың он ұлына татитын талапты жігіт болса, ана байғұс неге қуанбасын?!
Ақбөбектің есін жиғанда, ойына келген ілкі сұрақ: «Қайып қайда жүр екен?» — болып еді.
Қайып болса жаяу аяңдап, алыста жүрген. Қашан да қазандай қайнап жататын Хиуаның базары. Құмырсқадай құжынаған халық. Аларман да сатарман. Бір бума бөз сатқандар да бар. Қалтасында көк тиыны болмаса да әр затқа құр қызығып, көз сатқандар да бар. Түйе сатушы да түйме сатушы да кезігеді. Ала шапанды сартың да, күпілі қазақ, қауға сақал түрікменің де, қысық көз қалмағың да осында. Іздей берсең, бар керегің табылады. Ұзына бойы жайма базарды жағалап, үлкен-кіші ертелі-кеш сабылады. Арасында Қайып та жүр. Қалтасы қалың болмаса да құлақ баулы қапты толтырып тары жүгері, көйлектік кездеме, ұсақ-түйек керек-жарақты алды. Енді қасындағы жолдастарына қарайлап, ерте күнді кеш қылу үшін базар аралайды. Көбіне зергер-ұста, етікші-шеберлерді жағалайды. Қатар-қатар дүкен құрып, іс көрігін қыздырып, сіңбіруге қолы тимей, кәсіп қылып жатқандардың өнерін тамашалайды. Кәнігі шеберлердің қимылына көз ілеспейді. Көзді ашып-жұмғанша кебіс-мәсіні сырып тастайды. Өзі құсап өлгенше сәндемейді. Көпшілік сүйрететін жеңіл кебіс, бұқара киетін арзанқол мәсіге көп шұқшимайды. Бірлі жарым бұлды етік, қымбат кебістерін жоғарыға керілген көрме жіпке салбыратып іліп қойыпты. Оларды саудалап жатқандар көп емес. Алып көрмей-ақ, алыстан бәсін шамалап, аузын ауыртпайтын секілді. Өзіне таныс кәр болғасын Қайыптың қызығушылығы ересен. Етікшілерді жағалай жүріп, өзіне қажетті ширатпа зер жіп, жез таға, күміс бауырдақтарды саудалайды. Нәл, мыс шеге, жақсы былғары, мықты сүрік қарайды. «Базардың бәсін білмесең, қымбатын ал!» деген. Тәуірі құнды, жақсысы бұлды. Қайып қалтасына қарай сауда қылады. Керегі көп те қаржысы аз. Алғысы келген заттың ақысын төлей алмай, айниды.
Қайып Қарақамыс, Көкжар, Теке базарларын да көрген. Жыртылып-айырылған түрлі жамағат жұрт. Қауға сақал қазақ-орыс, қысық көз қалмақ, бақалшы татар-ноғай, өрік-мейіз сатқан өзбек сарт, етікші ермелі, қыдырма қақол, жөйт, сығанға дейін аузын ашқан аңғал қазақты алдап-сулап, үйтпей жеп үйренген. Қанша есемді жібермедім дегенмен қыр қазағы сауда-саттыққа шорқақ. Бәсін білмегесін бәріне жем. Айырбас сауда болғасын ұсақ-түйекке дейін, бір-бір тоқты болып, маңырап кете барады. Шай жабдығын, кездеме шүберегін қамдап алғасын, тері-терсек, жүн-жұрқа, топырлаған тұяғынан аз күнде аққұла қол көтеріп, қалған уақытын қымыз ішіп, қызық қуып қайтқанша дандамамен өткізеді. «Сауда сақал сипағанша» дегенді сондай қыр қазағының бірі айтты-ау, сірә.
Ол жәрмеңкелер — айт пен той. Жағалай тігілген ақ отау, құрылған шатыр. Бар жақсысын киіп, қыз-келіншектер сылаң қағып, жез самауырдан ыстық шай ұсынатын қонақжай тор. Ертелі-кеш бір үзілмейтін татардың сырнайы, башқұрттың сыбызғысы, қазақтың домбырасы қиқулатып күй төгіп, айналаны әсем сазға тұндырып, жаныңды жадырататын. Ойдан-қырдан жиылып жәрмеңке басында тоғысып, балуан күрестіріп, ат жарыстырып, ақын айтыстырып, өнер базарын қыздырып, өз алдына думандатып жататын көңілді топқа көп те үйір. Қайып сияқты өнерлі жастар базар аралауға емес, ән-жыр дүкенін жағалауға құмартатын. Ақ отаудың босағасы бала-шаға, үлкен-кішіден бір босамайды. Өнерлерін ортаға салған сайқы-серілер жәрмеңке басын нағыз ұлы тойға айналдырып-ақ жіберетін. Мұхит, Молдабай, Қашаған, Ақтан, Мұрын, Қашқынбайлар жүрген жер — мереке. Әлгіндей орта өз өзінен өнер додасына ұласып кететін. Көбіне олардың арқасын қоздырып, алқаға түсіретін бәсеке-байрақ емес, халық ықыласы, көп қолқасы. Тамашаға жиылған жұрттың жан сарайы толып, көңілі тойып қалады. Айлап жатып жәрмеңке аралап, ән-жырға қаныққан қызыққұмар жұрттың алған әсері ала жаздай әңгімеге арқау болып, келер базарға дейін молынан жететін. «Қазақтың әу демейтіні жоқ». Өнері барлар жаңадан үйренген жақсы әнін, тәуір мақамын өз ауылындағы той-томалақта көпке таратып, елге жайып жіберетін. Енді қазақ даласының басқа бір пұшпағында туған әдемі әуен, сұлу саз өзге бір өлкесінде де шалқып, шырқалып, жан азығына айналып жататын.
«Жақсыны көрмек үшін» деген емес пе, жаз шықса қыстай жыр болған ғажайып жәрмеңкені бір көру қыр баласының жан аңсарына айналады. Ол күндер есіне түссе әліге дейін Қайыптың да көзі жайнап шыға келеді. Бір басына жетерлік өнері болғанмен қолдың қысқалығы Қайыпты етікшілік кәсіпке көндірген. Өнер додасына білек сыбанып, біржолата түсе алмай, от басында отырып, іс қылуға мәжбүр. Бірақ, өлең шоғы көкейін қыздырып, ән тұнығы жан тұмасын мөлдіретіп жататын. Сәті келгенде домбырасын ұстап, бойын буған ән-жырға ерік беретін. Әзірге алдына түскен адам аз.
Қолы боста өзбек, сарттардың палуан күрестіріп, қошқар сүзістіріп, қораз таластырып ермек қылатыны болмаса, Бесқала базарларында ондай дырду-думан жоқ. Бұнда тіл безеп, делдалшылық қылып, күн ұзағына зыр жүгіріп тыным таппайтын тат, қарақалпақ, күпілі қазақтың етегінен ұстап, уыстап тиын сауған сарт, ұры тазыдай жылмаңдап жылтырағын бұлдаған өзбек саудасы қызады. Тәуперлі кісі көрсе тызақтап қыр соңынан қалмайтын ділмар делдалдар Қайып сияқты қалтасы жұқа қалашыларға жоламайды. Сауданың майын ішкен сұмдар қыр қазағының сырын сыртынан ұққыш. Қаражаты тапшы болғасын Қайып тақ-тұқ саудасын бітіріп те қойған.
Жаңадан қосылған жарына жібек орамал, шешесіне термеліден жаулықтық шаршы алды. Әкесіне Бұқар ұсталары соққан қажарлы бәкі сатып алды. Жатқан үйінде жиені қалған. Оның да оразасын ашпағанын ойлап, ыстық нан, самса алып, базардан шықты. Жолдастары шаруасын бітірсе бүгін-ақ жүріп кетпек. Ақбөбегіне асығады Қайып!
Қалашылап оралғанда Қайыптың алдынан жай соққандай жайсыз хабар шықты. Кескен теректей теңселіп барып, ұзыннан түсіп, серейіп жатып қалды. Тіл жақтан айырылған. Ішін ит тырнағандай тыпырлап домалайды.
Өзіне-өзі келгелі өзегіне қорғасын құйылғандай іші-бауыры уылжып, қолқа жүрегі жалын ата өртеніп барады. Қайтерін білмеді Қайып. Алып ұшқан көңілі су сепкендей басылып, тауаны шағылып қалды. «Жолыма қарап алдымнан тағат таппай күтіп отыр» деген асылы өзі жоқта қолды болыпты.
Бес ай бойы сес шықпағасын Кедейден келер қауіп сейілгендей көңілі орнығып еді. Қала шығуға да сондықтан бел байлаған. Сонда да артына қарай-қарай кетіп, ауылға алаңдаумен жеткен. Жүрегі құрғыр бірдеңені сезген ғой. Он-он бес күнде оралармыз деп ойлаған. Қасындағыларға қарайлап айналып қалды.
Енді міне, ұрмай-соқпай есеңгіретіп кеткен Кедейлердің ісі ішін алай-дүлей қылып, азынатып, ақыл-есін жинатпай, жанын қинап жатыр. Ұзақ түнге сар иық ауып «Сорлы болған Бөбегім-ай» деп сарнай береді. «Сенің күнің не болды екен?! Құрсағында тайдай тулап, жарық дүниеге ұмтылып жатқан бейкүнә шарананың жайы не болды екен?!» деумен жаны шырқыраған Қайып таң атқанша көз ілмей шығады. Көзінен жас сорғалап егілген шешесін, басы таңулы, бет-аузы көлкілдеп ісінген әкесін көрсе, жүрегі парша-парша болып, аш бөріше аспанға қарап, ұли бергісі келеді. Ызадан жер бауырлап жатып ыңыранады. Қорлықтан қан жылай ышқынады. Жаралы жолбарыс сияқты. Қасына келгенді қауып, жанына жақындағанды жарып тастардай. Осы халден он шақты күнге дейін арыла алмады. Күн өткен сайын көкірегін күйдірген өрті бәсеңсіп, бірте-бірте қам-қарекет жасаудың жолын іздей бастады. Қарап жатқаннан қалпына келетін істің жоқтығына көзі жете түсті. Ақыры таң бозынан белін буып, бір істі ойға алған. Бұның да ел-жұрты бар. Атадан жалқы болғанмен ағайынға жарлы емес. Көппен кеңесіп көру керек. «У ішсең — руыңмен» дегенді де бұрынғылар білмей айтты деймісің. Бұл да көрінгенге кіріптар кірме емес, рулы елдің баласы.
Әйелін тал түсте барымталап алып кетсе, қарымта қайтарудың жөні бар емес пе?! Аң баласы да жұбын жаудан қорғап, айбар көрсетпей ме? Бұл азамат емес пе? Ақбөбекке араша түсуі керек қой. Қосағын қайырып алуға тиіс.
Қайыптың Ақбөбексіз күні қараң!
Қайып «Белгілі Бегей» аты бар іргелі елдің баласы. Ешкімге есесін жібермейтін ер, аршаң ауыл. Бегейдің өзі заманыңда қазақ пен қалмақ қырқысқан қанды жорықтарда көзге түскен айтулы батыр болыпты. Оның Қозыбақ, Өмір, Темір атты тұқымдары да тұсында ерлігімен аты шыққан адамдар. Қайыптың арқа сүйері — өз аталастары аз үй Көбес 53 , туысы Малай, аты Бегейдің қарап қалмасы анық. Қайыптың кеңеспек боп бекінгені де осындай ойлардан туындаған. Обалы неге керек, оның «Ақбөбекті қайтарып аламын» деген сөзін ағайын-туыстарының көбісі қоштады. Қорабайдың таяққа жығылған жазасы тағы бар. «Бұған көзді жұмып, қарап отыру жарамайды» деп шешті жиналғандар. «Бұл бір Қайыпты қорлау емес, бүкіл Бегейді басыну!»
«Бірақ, дәл қазір қолдарынан ештеңе келмес. Себебі, күйлі, малды ауыл Кедейлер осы уақта көтеріле көшіп, сонау Жем-Сағыз бойлап, Арқа асып, жаз жайлауға шығып кетті. Иен жайлауда иін тіресіп отырған Кедейлердің Ақбөбекті оңаша тастамасы белгілі. Не болса да екі-үш ай шыдай тұру абзал. Күз түсе қыс қыстауы, қара жұрт, ата қоныс -Аманқызылит, Ауыздыбасқа 54 оралар. Ақбөбекті қайтарып алудың да сәті, бәлкім, сонда түсер» деп топшыласқан үлкендер жағы.
Көп тоқтамына көнбеске Қайыптың лажы қалмады. Ағайындардың айтып отырғаны ақыл. Қайып қауқарсыздығына қапаланды. Жіпсіз байланып, жаздың жалқау күнінің әр сәтін темірдей төзімін тауыса тықырши өткізуге мәжбүр болды. Сарша тамыздың сағыздай созылған самарқау ұзақ сары күні салқын сабырын сарқа түгесті. Ақ торғын шарқатын жамылып, алтын арайын шашатын әр таңды Ақбөбегін аңсаумен атқызды. «Ат арыса — тулақ, ер арыса — аруақ!» деген. Қайып адам танығысыз өзгеріп кетіп еді.
Әуелде Қайыптың сөзін қоштап, шашбауын көтермек боп даурығысқан ағайыннан жеме-жемге келгенде суырылып шығып, біреуі атқа қонуға жарамаған. Күйкі тірлікте пенденің түрлі шаруасы таусыла ма? Оны-мұны сылтау қылып, сенген адамдары сапарды кешеуілдете берді. Өз отының басы аман ағайын Қайыптың жайын жете түсінбейтін сықылды. Көңілі қалған сері жолға жалғыз шықты. «Құдай — жалғыз, мен — жалғыз, басқа түскенді көрермін. Күшті болса, көп Кедей тістер, талар. Көптігің қылып, жалғыз атты Қайыпты ұры бөріге алар. Ақбөбектен аянар нем бар?!» деп түйген. Сүйген жары үшін Сері қандай қиын іске де қайыл еді.
Қорабай қолдағы жандықтың біразын сатып, баласына жарамды ат әперген. Әдемі кер торы ат. Жол алыс. Жолдасы жоқ жанға қарусыз жүру қауіп. Қолына ескі серігі — қырлы мылтықты ұстатты. Жалғызды жаратқанға тапсырып, екі кәрі егіліп, соңында қала берді.
Кедейдің қорлығының үстіне ағайынның ызасы жамалған Қайып шерлі көкірегін кеңге шыққасын құсадан арылтып, жүрекке толған ащы запыранды ән қылып ақтарып алғысы келді. Кеудеден зымғай шығып, көкке самғаған ащы айғайдан әп дегенде аты үркіп, жығып кете жаздады. Бұрын-соңды мұндайды көрмеген жануар құлақ түбінен шыққан зарлы үннен шошып, шылбырды үзіп жібере жаздады. Көптен көмейде кептеліп тұрған тегеурінді әуез тығыны атылған көнектегі қымырандай шашырай шарықтап, көкке көтеріле берген.
Жаңғақта үйің қалды құлай алмай,
Айырылдым Ақбөбектен, Құдай алмай.
Қасыма еретұғын жолдасым жоқ,
Келемін жалғыз қуып шыдай алмай.
Қайыптың өңірін жас жуып келе жатты.
Қаратау бойын жайлаған қалың елдің ішіне келіп, Қайып бір жарлы ауылға тоқтаған. Ауылдың бір адамы Итбай үйінің малын бағады екен. Тоқабай-Кедей — аралас-құралас жатқан іргелес жұрт. Кедейлердің қашанғы қонысына жайғасып алғанын да Қайып осы ауылдан естіді. Қойшы жігітті оңаша шығарып алып, Қайып бар сырын бүкпестен жайып салды. Одан Ақбөбектің бір дерегін біліп беруді қолқалаған.
Тоқабай жігіт елгезек, ақкөңіл адам екен. Қайып басындағы көпке белгілі жайдан құлағдар секілді. Өзі іштей Қайыпқа тілектестік танытып, түбі бір Тобыш баласы болғасын орайы келсе ағайынның намысын жыртысуды да көздеп жүреді екен. Әрі Итбай босағасына келгелі Ақбөбектің көңілінің пәстігін көріп, әуелгі кезде үйіне кіргізбей, далаға түнетіп, қорлағанын естіп-білгелі кедейлерге реніші күшейіпті. Әрі сол ауылдың малшысы болғасын Ақбөбекті де көріп тұрады екен. Қыбын тауып тілдесіп, Қайыптың хабарын беруге бірден келісті. Айтқандай ол сөзінде тұрды. Ақбөбектің сәлемін тез жеткізді. Ғашығы тапсырған үш жерден түйілген бір сабақ шуда жіпті қойнынан шығарып, Қайыптың қолына ұстатты. Қайып жұмбақ жіптің шешуін: «үш жерімнен буылғанша өзіңнен күдер үзбеймін. Әуелгі сертіме берікпін» дегені деп ұқты. Сол күннен бастап Тоқабай жігіт арқылы Есберген үйінің бар жайын Қайып жасырын біліп отырды.
Екі күн өткесін жансызы Итбай ауылының тойға жиналып жатқанын, Ақбөбектің үйде оңаша қалатынын айтып келді. Қайып бұндай қолайлы сәттің туа бермесін бірден түсінді. Тоқабай баладан Ақбөбекке: «Тас түйін болып, дайын отырсын» — деп түнделетіп хабар жіберді.
Ертесіне сәскеге таман уәделі сай тұйығында тықыршып Қайып күтіп тұрған жерге Тоқабай жігіт Ақбөбекті ертіп әкелді. Ғашықтар жылап-еңіреп көрісіп, біраз уақытқа дейін сағынысқан жүректерінің мауқын баса алмады. Екеуінің еңірегеніне сай-сүйегі сырқыраған Тоқабай жігіт те көзіне еріксіз жас алды.
Босаңсыса да бойын тез жиып алған қойшы жігіт оларға басу айтып, асықтыра берді. Қиналғанда қол ұшын берген азаматқа алғыс жаудырған ғашықтар бұдан әрі кідіруге болмайтынын ұқты. Ақбөбекті атына мінгестіріп алған Қайып қайыр-қош айтысып жүріп кетті.
Ғашықтар Бостан құмының бір бүйрегін сағалап, қой бағып отырған жалғыз үйге келіп паналаған. Ақбөбектің жоқтығын кеш бата бір білген тойшылар таң атысымен тұс-тұстан із кескен. Жалғыз аттының ізін жаңылмай тапқанмен қуғыншылар қалың тұманнан адасып, жарты жолдан кейін қайтқан. Бірақ, ел ішінің сыбысына құлақ түріп, тың тыңдап отырған Кедейлер келінін іздеуді тоқтатпаған.
Осы кезде айы-күні жеткен Ақбөбек босанып қалып, Қайып амалсыздан алыс ұзай алмай, бой тасалап бұғып жатқан. Бір жұмадай аялдап, жас нәрестесін орап алып Ақбөбек белін таңып, атқа мінген. Бұл жолы Қасқыржолды орағыта Қайдақтың сорын 55 жағалай Өрмеліден 56 қырға шығып, Бесқала аспақ болған ғашықтар асығыс жолға шыққан.
Ертелетіп атқа қонған қашқындар елсізге ұзап та кеткен. Арттан қуғын көрінбеді. Алдан төнер қауіп тағы жоқ. Қайып көңілді еді. «Қуғыннан аман-есен құтылдық-ау!» деп қуанған. Жас баланың жайымен әр жерге аялдап, асықпай келеді. Бала қыңқылдай бергесін бір белден асып қалың өскен бір бұтаның түбіне тағы ат шалдырмақ болды. Ақбөбек сәбиін емізіп, арқайын отырған. Қайып атын отқа жіберіп, әнге салды. Іштегі алай-дүлей қуаныш сезімін ірке алмай бірінен соң бірін шарықтата шырқап, күзгі даланың құшағын әуенге толтырды. Айнала бұйрат-бұйрат құм төбелер. Тырс еткен дыбыс жоқ. Маңайдың ұшқан құс, жүгірген аңы да тырп етпей, Қайып әніне құлақ түріп қалғандай. Жел де тынып, аспан да көздің жасыңдай мөлдірей тұнып тұр. Тымық күндері түстік жерден естілетін даусы дұшпанға айғақ боларын ақкөңіл әнші абайламады. Өзі салған әннің өздерін ұстап беруге себепші боларын да сезбеді. Соңдарынан өкшелей қуғыншы шыққанын да білген жоқ.
Қаражігіттің жарау қолы дәл осы сәтте жотада жол тосып жатқанынан да бейхабар еді. Құлағы қиядағыны шалатын Қаражігіт айдаладан аңыраған ән әуезіне селт еткен. Тым алыстан емес жақын маңнан шығады. Оның елең еткеніне көзі түскен қосшылары да құлақтарын тіге қойған. Апыр-топыр аттарына қонды. Қимылы шапшаң Қаражігіт жолдастарын соңынан шұбырта шапты. Олар да атқа аямай қамшы басып, құйғытып келеді. Бәрі де қарулы.
Алаңсыз отырған ғашықтар ат дүбірін төбе басына топырлап шыға келгенше естімеді.
— Ойбай, анаң қара! — деген Ақбөбектің үрейлі үні Қайыптың оттай шалқып-тасқан көңілін су сепкендей басқан. Қапелімде қаруына жабысып, атын ұстай берген.
— Сен осы бұтаның түбінен басыңды көтерме! Байқай қоймас. Мен қайтып келгенше, күт! — деді де тұра шапты. Қуғыншылар ағыза шапқан Қайыптың алдын орай кеңнен айнала қоршай берген. Қайыптың ойы қуғыншылардың назарын өзіне аудару еді. Қауіптің бетін Ақбөбектен алысқа әкету. Сол күйі құла дүзге лаға сілтей берді.
Өзіне бір шұбар атты құйрық тістесе таяп қалып еді. Қайып амалсыз мылтық атты. Қуғыншы да қаруға жармасты. Ат үстінен тарс-тұрс атыс болды. Бір өкшесі тыз ете қалды Қайыптың. Қайырылып, құрық тастам жерге жетіп қалған Қаражігіттің атын көздеді. Мылтық гүрс еткенде, ол аттан ауып түсті. Қайып болдыра бастаған атын борбайлап шығына берді. Аты оққа ұшқан көсемдеріне қарайлаған Кедейлер тізгінді тарта берген. Қайып қара үзіп кетті. Жеткізбесін білген Кедейлер ат басын кейін бұрып, әр бұтаның түбін сүзіп, тінткілеп жүріп, Ақбөбекті тез арада тауып алды. Белі қатпаған әлсіз келіншекті түйгіштеп ауылдарына айдап әкетті. Ауылға әзер жеткен Ақбөбек аяусыз соққыға жығылды. Көк ала қойдай болып, талықсып қалды, сорлы ару. Шырқырай жылаған шаранаға қарауға дәрмені жоқ еді. Ісініп-күбініп кеткен бет-аузы күйіп-жанып, денесі от боп қызып, сандырақтап жатқан. Кішкентай ғана жанды түйіншекке ешкім жоламады. Жылай-жылай даусы қарлығып сәбидің үні шықпай қалды. Қарны аштығының үстіне қараусыздық қосылып, жөргегі ылғалданған бала қалшылдап тоңа бастады. Бойын суық алып, аштықтан әлі құрыған нәресте ақыры сілесі қатқан күйі көз жұмды.
Айтысқан айрылмасқа құшақ жайып,
Бөбек-ай, бастан дәурен болды-ау ғайып.
Ұрысқа жауыздармен жалғыз түсіп,
Оқ тиіп өкшесінен жатыр Қайып, — деп
өкшесін оқ жанай өткен Қайып күңіреніп, елсізді кезіп, күнді батырғасын ізінше кейін оралған. Тастап кеткен жерінде әйелі мен баласы жоқ болғасын ұсталғанын түсінді. Топ аттының сайраған ізімен жүріп отырып, анадағы өзі паналаған Тоқабай жігіттің үйіне түсті. Хабарға содан қанды. Ақбөбекті айдап әкеліпті. Келгесін соққыға жығылған. Қараусыз қалған баласы шетінеп кетіпті. Қайыптың ауылына қайтқысы келмеді. Күндіз тау-тас кезіп, аң аулайды. Түнге қарай Есберген аулын сыртынан торуылдайды. Аяулысынан қапияда айрылған Қайып қамығулы еді. Тағдырдың тар қапас жолынан алып шығар амал-айла ойлайды. Жар ғашығының жүзін көргісі келіп, зарығады. Зарығып жүріп ауылдан аулақтау шығып, айғайға басып, ән салады.
Екі-үш рет хабаршы жіберіп, Ақбөбекпен жолығуға бел байлап көрген. Күшті күзет қойылған Ақбөбек уағдалы жерге келе алмады.
Бұл жолы келінін үйінің іргесінен алдырған ауыл аңдуды күшейткен. Ақбөбектің аяғын қия бастырмай, қашаған келінді тайлы-тұяғымен қарауылдайды. Түзге шықса да көзден таса қылмайды. Салпаңдатып соңына кісі салып қойды.
Бірақ, Қайып өлермен. Түнделетіп келіп, сүйгенін сырттай торып, жүзін бір көрмек боп жабықтан сығалайды. Қаймықпай қоңсы үйлерге барып, әдейі әуелете ән шырқайды.
Ақбөбек, көре алмадым айдан бері,
Мен болдым осы күнде арлан бөрі.
Жеріңе уәделі келе алмадың,
Бар ма еді уәдеңнің жалған жері?
Ит дауыс бұрынғыдай аңқымайды-ау,
Ақбөбек, өзің құйған шайдан бері-ай!
Ғашық жандарды айырып, сүйген жүректерді азапқа салғанмен әнге тұсау, өнерге тыйым сала алмады, ешкім.
Енді айналаның жиын-тойы, қуаныш мерекесі Қайыптың әніңсіз өтпейтін болған. Кедейлер келтірмегенмен Қайыпқа басқа үйдің есігі ашық, төрі дайын. Серісін сыйлайды, әнін тыңдайды сауыққой ел.
Ақбөбек өжет болатын. Қанша қорлық көріп, таяққа жығылса да қыңқ етіп жылап, не араша сұрап, осалдық көрсетпеді. Қайта қара көздері шоқтанып, ақ сұр жүзі сазара түседі.
Ол Кедей аулына екінші рет жердің астымен жеткендей болған. Жігері құм болып, жан баласын көргісі келмеді. Енді енесі ғана емес, үйші-жалшыға дейін жауыға қарайтындай. «Е, кетпеп пе едің қашып, неге келдің соның қасында өлмей?!» деп кекей, келеке қыла көз тігетіндей.
Қаражігіт болмағанда Есбергеннің Ақбөбекке қолының екінші рет жетуі екіталай еді. Тіпті, оны қуғындау ойына да келмеген. «Сүйгеніне қашып, тұрмайтын қатынды айырып алып, не береке табамын?» деп біржолата түңіліп те қойған. Тағы сол Қаражігіттің намысқойлығы мен қасарған жерден қан алмай тынбайтын қайсарлығы бұл ойын іске асырмады. Дәукес жігіт дұшпаннан кегін алып берді.
Жұрт аяғы басылып, ел жатқасын босағада бүк түсіп жатқан Ақбөбекке жақындаған. Ыңырсып, өксігін баса алмай жатқан келіншекті көргенде, жүрегі шымырлап, шаншып кетті. Қаражігіт қолына ұстата қойған қамшыны «қаттырақ сілтеп жібердім бе?» деп өкінді. Бұрынғы ашу-ыза бір сәтте тарап жүре берді ісіп кеуіп сандырақтап жатқан Бөбек ештеңе сезер емес. Денесі алаулап, қызуы өртеніп жатыр екен. Сәбиінің шырқырап жылай-жылай, таң ата тым-тырыс үзіліп кеткенін де білмеді. Оны Есбергеннің төбе басындағы көне қауым шетіне көміп қайтқанынан да бейхабар болатын.
Тек ертесіне есін жиып, баласын іздегенде ғана оның өліп қалғанын енесінен естіді. Енесі бұған бұрынғыдан бетер долданып, өшігіп алып еді. Бөбектің жан-жағына қарап әлденені іздей бастағанын көрген кемпір қара сұр өңі қара талақтанып, қарға тұмсығы көкпеңбек шүртиген ерніне төне сүйреңдеген.
— Балаң өліп қалды. Өлсе, өмірем қатсын! Бүкіл елдің қарғысы қойсын ба, сенің көрдемшеңді?! Өй, бетпақ, осы үйдің босағасында бауырыңа қысып, бағып отырмақ ойың бар ма еді, Бегейдің төлін?
Ақбөбек басынан тоқпақ тигендей теңселіп кетті. Жан түршігерлік сөз, табалаған дауыстан жұлын-жүйкесі шымырлап:
— Аһ, не дейді? Ойбай-ай, бейшара болған сәбиім-ай! — деген ащы айғайы аузынан еріксіз шығып кетті. Ол одан соңғы кемпірдің қардай бораған қарғысқа толы ызбарлы сөздерін естіген де жоқ. Жүрегінің түбінен бырт етіп бір түйіншек үзіліп түскендей болды. Құлағы тарс бітеліп, көз алдын қара түнек қаптап алды. Өзегі өртеніп, іші-бауырын от пен мұз кезек жалап, тұла бойы ысынып-суынып, қалшылдап бара жатты. Ара-арасында уытты қайғының күйігіне шыдай алмай, аузынан ақ жалын атып, аһ ұрып аңырап алады. Есіл Бөбек ес-түссіз егіле берді, еңірей берді.
Бұл көрініс Есбергеннің де жанына батқан. Әуелде шешесінің айдап салуымен ашуын тежей алмай Ақбөбекті қамшымен сойып салған. Елдің ерегестіруімен қол көтерген. Енді соған өкініп отыр. Өзіне осыған дейін бір ауыз жылы сөз қатып көрмеген келіншектің таяққа жығылған соң сірә кектенерін түсінді. Оның үстіне кешірілмес күнә — баласының өлімінен кейін мүлде жіби қоймас. Жібитін жөні де жоқ-ау. Мал құлағы саңырау, сұмдық іс. Үлкендер арасындағы араздық сәбиге жауығуға себепші болды. Осыны ұққан сайын төменшіктеп, бәріне бір өзі кінәлідей бұға береді.
Алғаш төбесінен жай түскендей әсер еткен хабар Есбергенді есеңгіретіп жіберген. Бөбектен біржола айырылған шығармын деп топшылаған. Қайта жолығармыз деп ойламаған. Бірақ, өгізді өрге айдап, ағасының кегін қуып үйренген інісі бұл жорамалын жоққа шығарды. Ақбөбекті бірде атқа өңгеріп, біресе жаяу айдап, алдына салып, қуып әкелді.
Ақбөбекті алғаш көргеннен-ақ ұнатқан Есбергеннің жұмсақ жүрегі қозға түскен құйрық майдай еріп, бұрынғы ашу-ызасын көп өтпей-ақ ұмытқан. Әркімнің айтқанына еріп, аяулысын қапқанына енді өкіне бастап еді. Тағы да қатты күйзеліп, күңіреніп қалған Бөбекті аяп, өзі көмекке келген. Оның жанына барып, басын сүйейтін бір өзі. Мүсіркейтін де, есіркейтін де Есберген. Тіпті бұрынғыдан бетер үздіге, үзіле көз салып, үстіне түсіп өбектейді.
«Қайтер екен? Көптің сөзі мен шешемнің түртпегіне көндіге алар ма екен?» деген қорқынышы да жоқ емес. Қиын жағдайда қолтығынан демеп, қысылғанда қасынан табылуға тиіс сияқты. Тағы бір еркелігін көтеріп алуға әзір.
Қанша өбектеп, өз қылығын жуып-шаюға тырысқанмен Ақбөбек Есбергенге жылы шырай танытпады. Түс жылытып, езу тартпады. Тас мүсіндей суық. Жазатайым денесіне қолы тиіп кетсе, жыланша жиырылады. Бір төсекте жатса да бөтен. Жақын да болса жат. Осы бір өзі дегенде отқа суға түсуге бейіл бозымбай жанды жанына жолатқысы келмейді. Ірі сүйекті, көзі бозарған, үйелмендей қара жігітті суқаны сүймей-ақ қойды. Бұның барлық мазағы мен азабына үнсіз көніп, жөнсіз көндігіп жүргені өзіне деген адал сезімі мен ыстық ықыласының көрінісі екенін іші сезеді. Бірақ, сезе тұрып сенгісі, көре тұрып көнгісі келмеді. Бұндай да өлермен болатынын білгісі келмейді. Есбергеннің елпілдегенін ездікке, есіркегенін ессіздікке жориды. Қиыла қарағаны қарадай жанына тиеді. Бүйтіп бұның қас-қабағын бағып, көңілін аулағанша, жуан жұдырық дөкір біреудің кезіккені әлдеқайда тәуірірек болар ма еді. Ал өзіңе өлшеусіз қайырымы мен алғаусыз адал сезімі үшін біреуді жек көру дегенің қиямет екен. Кейде күйеуінің мұнша момын, мейірімді адам боп шыққанына өкінетіні бар. Бір қыз қомсынбай-ақ жар етуге тұратын жақсы-ақ жігіт сияқты. Бірақ Ақбөбек оның жақсылығын біле тұра жар еткісі келмейді. Өз еркіне салса, Қайыптан басқаны қаламайды. Серіден өзгені сүймейді. Есберген тұрмақ ханның ұлы болса да Қайыптың тырнағына татыр ма? Осы бір айдан анық шындықты өзі түсінсе де, өзгенің түсінбейтініне таң. Ақбөбектің жүрегі бір ғана Қайып деп соғатынын бөгде жұрттың байқай алмайтынына қайран. Ақбөбек үшін Қайыптың жалғыз екенін ел неге ескермейді? Түнде түсінде, күндіз есінде тек сол Қайып тұратынын неге түсінбейді?
Жүрек түкпіріне жасырған ғашық жарының бейнесін көз алдына елестетіп жатып, оңашада осындай оқшау ойлардың құрсауында қалады Бөбек.
Тәйір-ай, тағдырдың тәлкегін-ай! Өліп-өшіп сүйгеніне ұмтылған сайын өзеуреген өзге біреулер өре түрегеліп, екеуін айыруға өш. Ұзын да өш, қысқа да кегі болмаса да қыр соңдарынан қалмай-ақ қойды. Ғашық жүректердің ынтық зарын естігісі, ыстық жалынын көргісі келмейді. Қайта қарсыласқан сайын қараулық танытып, қасқырша талауға құмар. Әлде, өздері ондай сезімнен ада, жүректен жұрдай ма? Әшейінде обал-сауапты ойлағыш үлкендердің бейімі қайда? Жанашыр жақындардың мейірімі қайда? Әлде сүйіспеншіліктен салт-сананың, кешірімнен кек ызаның күшті болғаны ма? Адам бойындағы ең биік сезім, ең ізгі қасиет сүйіспеншілік емес пе? Пенде біткен ата-анасын талғамай сүйсе, қыз бен жігіт өмірлік жарын таңдап сүймей ме? «Сұлу сұлу емес, сүйген сұлу» дегенді бұрынғылар білмей айтты деймісің. Жаны жарасым тауып, сезімі үйлесім тапқан жастардың сүйіспеншілігі шығар, сондай сөзді айттыруға себепші болған. Енді сол іңкәр сезімді уысында тұншықтырып жатқан қандай қорқау қоғам, қарау заман еді бұл?!
Қараңғыда қапаланып, ұйқысыз жатқан Ақбөбектің көз алдынан Қайыптың жарқыраған жанары кетпей қойды. Түн баласы күрсініп, кірпік ілмей шығады. Көкірегі толып, кеудесін шер қысқанда, өксік ата күрсініп алады. Тұзаққа түскен торғайдай тыпыршыған жүрегі «Қайып» деп діріл қағып, жанын қоярға жер таптырмайды. Күн ұзақ жан-жағына назар салмай, сұлқ отырады. Көзін көкжиектен аудармай, аяулысын сағынады. Жарық дүниеге көзін ашар ашпаста пейіш құсындай бақиға ұша жөнелген нәрестесін ойлап, көзінен бұршақтай төгілген ыстық жасы бетін жуады. Ақбөбектің хал-ахуалын аңғарып, аяушылық білдіретін ене қайда? Қайта зекіп, жекіріп жұмсап, ит сілікпесін шығарып ұрсып, көңіліне қаяу түсірумен болады. Соның түртпегінен құтылуға асыққан Ақбөбек тезек тере шыққан ауыл әйелдеріне ере шығып, кеңірек тыныстап:
Айрылған сүйген жардан жаман екен,
Ажалсыз өздігімнен өле алмадым.
Барғаның сәлем айтың Қайыпжанға,
Кедейге бауыр басып көне алмадым — деп,
өзім деген құрбы-құрдасқа оңашада мұңын шағып, мауқын басып алады. Ақбөбектің бұл сөздері жеңіл ауыз қатындардың пыш-пышынан енесінің де құлағына тиіп жататын.
Оның осы қылығына кемпір қатты күйінетін сияқты. Келінін реті келсе кекетіп, мұқатып қалуға құмар. Ондайда Есберген өзінен-өзі шыр-пыр болады. Ашық араша түсуге адуын, тілді шешесінен ығады. Бұның Ақбөбекке жанашарлық танытқанын байқап қалып:
— Қатын жандысын шірік иттің! Шық үйден! Қай бір қатынға жарыған неме едің? Қит етсе қашып, күнде елге таба қылып жүрген бетпаққа несіне жаның ашиды арсыз ит-ау?! Сенің орныңда басқа еркек болса бір емес екі рет қашқан көргенсіз қатынның басынан тоқпақ айырмас еді. Өй, ынжық сорлы! Қай қылығымен жағып жүр саған, бұл дүзі қара?! Елді бүлдіріп жүріп, неге дәселі 57 болады бұл беті тілінгір! —деп біраз шаптыққан. Ақбөбектің бұндай сөздерге әбден еті өліп, құлағы үйренгендікі ме, бит шаққандай шамданбайтын болып алды. Шешесінің шайпау мінезін білетін Есберген де үндемей құтылатын.
Қайып қатты жасып қалды. Қолынан ештеңе келмегеніне күйінді. Ақбөбегінен тағы айырылып қалғанына қамықты. Ішін удай ашытқан құсасы зарлы ән болып төгіліп жатты.
Ай едің кеше туған бүгін он бір,
Жарасар Керторы атқа салсам олбыр.
Керторы ат мен риза болсын десең,
Ауылына Ақбөбектің жетіп қондыр.
Қара кер шабарында ошарылған,
Бақ тайса ер жігіттен досы айрылған.
Көз ілмей ұзақ таңға сенделемін,
Дауысың шыға ма деп осы ауылдан — деп
Қайып Қаратаудың ыза сулы Тамды, Бескемпір жерлерінде тығылып, әліптің артын бағып, бой тасалап жүрген. Сері қапалы еді. Ақбөбектен айырып, аластағалы ұйқыдан да, күлкіден де тыйылған. Сүзек ауру сияқты сүлесоқ. Өзін іш тартатын қараша ауылдардың біріне түнеп, бірінен түстеніп, күн жұбатады. Айналсоқтап Ақбөбектің ауылын ториды. Көрші ауылдарда бой тасалап жатып, сүйіктісіне жансыз жіберуден жаңылмайды. Жылы лебіз, жағымды жаңалық күтеді.
Қалай да қауышудың қамын жасайды.
Бұл шақта Есберген оңаша, отау шыққан. Қытымыр, қазба кемпірдің түрткісінен Ақбөбек те құтылған. Арқа-басы жазылып, қия басқан аяғын аңдудан арылған. Аз да болса еркін тыныстай бастаған. Есбергеннің малға шығып, түйе көздеп кеткен кезінде жансыз арқылы тілдесіп, арасында Қайыппен жасырын жолығысып та жүрді. Араға құпия көпір орнағалы сері де қалың мұңы бір мезгіл сейілгендей сергек еді. Күн бата келіп, үй сыртынан көкектің даусына салып: «Бө-бек, Бө-бек» деп шақыруын қоймайды.
Атыңнан айналайын Бөбек деген, Бөбек деп Қайып сорлы дедектеген — деп өз басындағы халді ыңылдап әнге қосып та қояды. Кейде ай қараңғы, ауыл тыныш уақта аулаққа атын тұсап жіберіп, сезіксіз келіп, оңаша отаудың жабығынан сығалап тұратын болды.
Қараймын жабығыңнан қаздай бойлап,
Бөбегім отыр ма екен ақыл ойлап.
Адайдан таңдап алған Бөбек едің,
Көрмедім қызығыңды бір жыл ойнап — деп
қамығады. Қанша батыр болса да жауыққан жат ауылда жалғыз жігіттің қолынан не келсін. Мауқын басып, құмардан шыға алмай қалған асыл жарымен жасырын жолығысып, асығыс аймаласуға тура келді. Үйде Есберген жоқ болса Ақбөбекпен арқайын араласып, аяулысымен бөліскен аз уақытының әрбір сәтін алтынға балап, қуана білді. Қасында болып, қабағын бағуды қанағат тұтты. Әзірге қолынан келгені осы еді. Ұзақ сырласып, түн жарымы ауғанша көңілін аулап, шерін тарқатып та кетіп жүрді. Артына қуғын түсіп, тұтылып қалмас үшін таң қараңғысына дейін ғашығының жанында болған жігіт ауыл үйге сөз болып, көп көкейінде күдік туғызбас үшін үш-төрт күн көрінбей кетіп ізін жасыруға мәжбүр болды.
Келмейді ердің жасы екі елуге,
Ат жарар сары табан cap желуге.
Адайдан алған таңдап Бөбек едің,
Зар болдым осы күнде бір көруге.
Ақ сұр ат аяңдашы-ау желгеніңше,
Сұм жалған сауық етейін өлгенімше.
Адайдан алған таңдап Бөбек едің,
Аман бол, енді айналып көргенімше — деп
сүйгенімен аз күнге қоштасып, араға күндер салып қайта оралатын.
Ақбөбек, қарақат көз, ақша маңдай,
Ақ жүзің жарқырайды жазғы таңдай.
Көп айдың көрмегелі жүзі болды,
Жарлы деп жазғырмасаң жазық қандай?
Аспанда бір жұлдыз бар Темірқазық,
Бәйгіден ат келеді баурын жазып.
Көтеріп ақ тамақтан бір сүйгізсең,
Болады бұл Қайыпқа алты ай азық – дегенді
сондайда айтқан.
Қаратау бойын қатар жайлаған қарға тамырлы қалың елдің ішіндегі таныс адамдарды паналай жүріп, Қайып біраз уақыт зорлықпен айырылып, сергелдеңге түсуі — қас дұшпанға тілемес тағдыр тәлкегі болды. Талайына тап келсе пенде пақыр не көрмейді, неге көндікпейді. Жаратқан иесі Қайыпты да қамырықты көңіл, аянышты кезеңге душар етті. Бұндай ауыр мұң, азапты қайғының құсасынан оны құтқаратын сенімді серігі — ән мен жыр. Маңдайына Ақбөбектей ару бұйырмаса да, таңдайына сырлы сөз, сұлу саз бұйырған сері өз басындағы осы жайды жүрген жерінде бүкпесіз баян ететін. Есбергенді елемейтін. Кедейдің құқайына қарамайтын.
Ғашықтарды аңдушы көз, тыңдаушы құлақ жететін. Бірақ, ел арасынан тілектес жандар да табылды. Кедергі көп болғанмен екі асық кездесіп, қауышудың түрлі жолдарын, амал-айласын таба білді. Сүйіктісінің зейінділігіне, тапқырлығына ырза болған Қайып:
Ақбөбек артық еді-ау ақыл-айлаң,
Тар жерде тиюші еді-ау талай пайдаң —
деп тамсана әнге қосты.
Ақбөбегіне деген аппақ сезімін, асыл махаббатын Адайға әйгілеп әспеттеуден талмады ғашық жүрек. Қаражігіттің қарулы тобы да Қайыптың аузына қақпақ бола алмады. Елдің еркесі, жігіттің серкесі сері Қайыптың әні елге жайылып, үлкен-кішінің аузында жүрді. Қос ғашық өздерін айналасы қанша ажыратып, айырса да, бір-бірінен суынбаған. Қайта сағыныш желі отты сезімдерін одан әрі өршіте түскендей, жалын атып, алаулай берді. Ыстық құшақтар, ынтық жүректер анталаған көз, қаулаған сөзге қарамастан жиі-жиі табысып тұрды. Жасырын жолығысулар жалғаса берді. Ширыққан Қайып шыр айналып, Ақбөбегінен ұзай алмады. Есберген үйін төңіректеп, іргесін шиырлай берді.
Оңаша жолығысқан сәулелі сәттерде азып, жүдеп кеткен Қайыбының кейпіне қарап, Ақбөбектің көзіне жас үйірілетін. Қара көздерін мұң басып, нұрлы жүзі солғын тартқан асығының ажарын көріп, жүрегі сыздайтын. Алмас жігер жасып, өткір намыс мұқалғандай, мойны салбырап кеткен. Дәл қазір қасында болғанмен айырылысудың, ақиқаттығын сезгендіктен бұрынғыша асқақтап күліп, асықпай жүре алмайтын. Содан да жабырқау. Ақбөбекке көз салғанда Қайыптың жаны ауыратын. «Қайран ару қалай өзгерген?!» деп іштей егіліп, тұнжырай қалатын. Қолының қысқалығына налып, қауқарсыздығына намыстанатын. Қаншама қуғын, қапысыз қудалау қажытып, қинап жібергендей. Бұрынғы наз күлкі, жарқын жүз жоқ. Үркек көз, үрейлі сөз. Ақбөбек олақ әйелдің қолына түсіп, аяусыз жұлмаланған жібек жүндей түтіліпті. Жәбірлеу, жасқау, басқан ізін аңду, сөйлеген сөзін бағу — бұрынғы ашық жарқын Ақбөбектің бет-ажарынан бар шырайды сыпырып алып, томсырайған томаға-тұйық жанға айналдырғандай. Дәрменсіздіктің зәрлі запыраны кеудесін кернеп тұрса да Қайыпты көргенде лажсыз жымияды. Жымиғаны жылауға бергісіз. Жүзіне қарауға жан төзгісіз. Бұдан әріге төзе алмады. Қалқасымен қашуға бел байлады.
Бірге болудың, бақытты болудың бұдан басқа жолы жоқ еді.
Қайып Ақбөбегін үшінші рет алып қашқан. Түн ортасы ауа үйден бүркеніп шыққан Бөбекті тасада тосып тұрған Қайып атына мінгестіріп алған. Таң атқанша ауылдан ұзап кетті. Ертесіне күн ұзағына жүрді. Екі адамды ауырлаған ат талмай жүрістен болдырғасын қызыл іңір шағында бір төбенің астында тізгін тартып, аялдаған. Соңдарынан түскен ашулы топ тынбай жүріп, тоқтамай қуған. Бұл жолы қасына төрт-бес жігітті таңдап ерткен Қаражігіттің қолында найза. Аямасқа бекінгендей. Қолға түссе Қайыпты түйреп шаншып, өткен жолғы оққа ұшқан атының қарымтасын қайтармақ. Қауырт қимылдаған қуғыншылар аты болдырған екеуді оңай ұстады. Күн ұзақ арттарына қара ертпей қараңғыға жетуді ойлаған қашқындарды қапылыста қолға түсіргеніне Қаражігіт мәз еді. Әп дегеннен қастасқан жауы Қайыпқа ат үстінен найза сілтеген. Ат құйрығына байлап, тағы сүйретті. Қуғыншылар онымен де тоқтамады. Ит тартқан терідей тұс-тұсынан жұлқып, тартқылап қинаумен болды. Біраз әуреленіп, жеті жерден жараланған Қайып қансырап қалып еді. Әбден өлер болғасын жарты жолда қолын шешіп алып, қан жоса күйі ат арқасына байлап алған. Ақбөбекті алдына өңгеріп әбден есірген қуғыншылар ертесіне түсте елге жетіп еді. Қанжығасы майлы Қаражігіт тобын ауылға жақындағанда жұрт жабыла қоршап алған. Қашқан жауды құтқармайтын жеке батыр қоқиланып, бұл жолғы үкімді өзі кесті.
— Осы қорлағаны жетер, жаман Бегейдің! - деді ол жиналған жұртқа кіжіне сөйлеп. — Енді бұның сазайын өзім тартқызам. Жазасын өзім берем. Кедейдің намысы, келешектің абыройы үшін өлтірем бұл итті! Бізге істеген бар қысастығы мен қылған қорлығын өзіне көрсетіп, жанын қинап, өлтірем.
Қаражігітке ешкім ауыз ашпады. Оның осы сәттегі ашу-ызаға булыққан күйінен көбі үн шығара алмай, қорқып тұр еді. Жиналғандар бұл шешімге көнгендей қанға бөккен Қайыпқа жым-жырт қарап тұра берді. Ашулы Қаражігіттің қолын қағып, бетін қайтаруға ешкімнің жігері жетпеді.
Алайда ажалсызға араша табылды. Қаражігіт қайың сапты найзасын Қайыптың кеудесіне таяй бергенде ту сыртынан бір зор дауыс саңқ етті.
— Араша! Ау, бір ашуыңды бер, батыреке!
Бұл Итбай аулына қонақ болып жатқан Қырықмылтық Құлшар күйші болатын. Адайдың сыйлы, беделді адамының бірі.
Қайыптың қолға түсіп, ауылға әкелінгенін естіп, құжынап қарайған топқа ол да қосылған. Ақбөбек екеуінің әңгімесіне де қанық.
Қаражігіт Құлшарға қадалды.
— Нең еді бұл Бегей? Есің бе еді, досың ба еді? Әлде әйлеңкес әншіге өзің құсап домбыра тартып, думанға үйір болғасын бүйрегің бұрып тұр ма?
Құлшар Қаражігіттің әуелгі аптығы басылып, тілге келгесін, асықпай қасына жақындады.
— Ей, жігіттер-ай! Ашу арындайды, ақыл аяңдайды. Бұл менің ешкімім де емес. Қылшылдаған қыршын жасты аяймын.
Бұндай жігіт қырық жылда қайтып бір туа ма, жоқ па? Өзін де, өнерін де өлімге қиятын жан ба еді, бұл Қайып?! Адайдың аяулы бір серісі еді ғой деп араша сұраймын. Сен өлтіргенмен соңынан сұраушысы табылар. Артында бір тайпа елі бар. Ара ағайын болғасын Адайдың екі арысына ағалық жөнімді айтып, жасымды бұлдаймын. Есің бар жігітсің ғой. Елге ерсі, халыққа қарсы іс қылмассың. Сақалымды сыйласаң, бір тілегімді берерсің. Сөзіме құлақ ассаң, Қайыптың шыбындай жанын бір қасық қанын қи! Мойныңа ауыр айып, зор күнә жүктеме!
Көпшілік сілтідей тынып қалған. Онсыз да өлім халінде жатқан Қайыпқа жаны ашығанмен Қаражігітке қарсы шыға алар бірі жоқ. Бірақ, жаудыраған жанарлар мен түйілген қабақтар Құлшардың құдайшылық сөзін құптағандай күйшінің аузына қарап ұйып қалыпты. Қанша қатыгез дегенмен Қаражігіт те қанішер емес еді. Көп назары оның да ашуын тізгіндеп, арының тежеп тастағандай. «Өлтірем» дегенмен көпке топырақ шаша алмады. Жауыққанмен жаралы Қайыпқа қару жұмсауға дәті бармады. Балуан денелі, бурыл сақалды, байсалды күйші болса шу асау аттың мойнына құрық салып, басын босатпастай қылып, байлап алғасын жанына жақындай-жақындай епті қолымен құлағының түбінен қасып, жуасыта келе біржола жүген кигізуге оқталған кәнігі жылқышыға ұқсайды. Бір қолын Қаражігіттің иығына салып, екінші қолымен найзаның сабынан мықтап ұстап алыпты.
Райдан қайтпасқа болмады. Аталы сөзге тоқтамайтын ақымақ емес. Қалшылдап кеткен Қаражігіт қолындағы найзасын топтың төбесінен асыра аулаққа жітіріп жіберді. Іштен ытырылып шыққан ызаның күшімен қайың сапты ауыр найза бірталай жерге зымырап кетті.
Құлшардың арқасында жаны сауға болған Қайып ауыл шетіндегі бір күркеде қамаулы жатқан. Серінің ендігі тірлігі мен тағдырының тізгіні қолына жеке тигесін Қаражігіт өзі естіп-білген азаптың түрін көрсетіп, кек қайтаруды көздеді.
Жаңадан сойылған жылқының жас терісіне Қайыпты жалаңаш орап, киізше домалатып, үш жерінен қыл арқанмен тас қылып буып тастады. Күнде әрлі-берлі аяғымен теуіп, домалатып, аузына су тамызып, Қайыпты қажап қағытады.
— Қалай, батыр Бегей? Біреудің қатынын олжалаған жақсы ма? Күшті болсаң, мына ту биенің терісін тісіңмен қиып, қол-аяғыңды босатып алшы!
Күн көзінде жатқан тұлып кепкен сайын Қайыптың тұла бойын құрсай қысып, жанын қинай берді. Тері қата бастағасын Қайыптың бет-аузы күп болып ісініп, көлкілдеп барады. Әбден көгеріп, өлім аузына тақағанда, ес-түссіз жатқан жігітті ораған терінің жібін Итбайдың өзі келіп пышақпен қиып жіберген.
Әлденеше күн есін жинай алмай, талықсып жатқан Қайыпқа Қаражігіт жаңа бір жаза түрін тапқан. Енді оны қол-аяғын байлап, босағаға таңып тастады. Есік көзінде көрінгенге көз түрткі болып отыру Қайыптың жанын жегідей жесе де, жарасы қара қотырланып жазыла бастады. Екі айдай уақыт өткенде, бұрынғы қалпына келгендей болды.
Қаражігіттің Қайыпты құр босқа отырғызып қойғысы келмеді. Нағыз қара табан құл есебінде екі табанын тіліп, тобан аяқ қылып тастаған. Етікші өз бетімен жүре алмайды. Енді құлша жұмсап, қайырын көру керек деп шешті. Сол оймен оны күндіз жұмысқа жегіп, мәс, кебіс, етік тіктірді. Түнде кісенге салып, күркеге қамап тастап жүрді. Қайыптың қолы шапшаң. Бірер күнде бір-екі етікті бітіріп тастайды. Кедей аулы аяқ киімге кенеліп қалды. Талайдан кебеже түбінде сүрленіп, буылып-түйіліп жатқан былғарылар Қайыптың қолына түскесін құлпырып көк сауырлаған шоңқайма етікке, бестақа кебіске айналып жатты. Көңілі түссе, қыз-келіншектердің кебістеріне жез тоғамен бауырдақ салып, етіктің қонышын қызыл қыжыммен оюлап сырып, сәндеп те жіберетін.
Мизам шуақтың мезгілі еді. Қой қырқымына кіріскен ауылдың қарбалас жұмысы қызған шақ. Күзем жүн алудың әбігеріне түскен үлкендер Қайыпты бір сәтке естен шығарып алғандай. Күндіз тұтқыннан гөрі етікші кейпіне көбірек келіңкірейтін Қайып өңкей кемпір-сампыр, бала-шағаның иелігінде қалатын. Қолы да бір мезгіл істен босап, тізгіні маңайына топырласқан кәрілер мен кішкентай балаларға тиетін. Қанша дегенмен заты әйел емес пе, Қайыпқа жаны ашыған қартаң кемпірлер оңашада оны мүсіркеп, келіндеріне шай демдетіп, шебердің көңілін аулайды. Жылы жұмсағын аузына ұстайды.
Қайыптың өздеріне қылған дұшпандығы, жеке бас араздығы болмағасын Итбай баласына көрсеткен әлімжеттігінде жасамыс әйелдердің жұмысы жоқ. Керісінше етікшіге достық пейіл танытып, тілеулестік білдіреді. Шын ықыласпен аяушылық көрсетеді. Шебердің көңілі көтеріңкі болса, қолы да жүрдек. Шабыты келсе, шалымы да тез. Әйелден айла құтылған ба, Қайыпты қамшылап қойып, ақкөңіл әншіні әбден бабына түсіреді. Кейбір көңілшек әйелдердің төбе басына балаларды қарауыл қаратып қойып, қолқалап ән де салғызатыны бар. Қайғылы ән әуені мен мұңды жыр ешқайсысын бей-жай қалдырмайды. Қайсы біреулері қамығып, көзін де сулап алады.
Ақбөбекті енесі үйде оңаша қалдырмайтын. Мал суара, тезек тере, отын шаба кеткенде, оны да қасына қосақтап ерте жүретін. Осылай Кедей ауылындағы азапты күндер өтіп жатты. Маңына жолай алмаса да Ақбөбек Қайыптың қимыл-әрекетін алыстан бақылап, сырттай жүрегі езіліп жүретін. Өзіне жақтас жастау қызметші, қоңсы әйелдерге айтып піскен ет, ағарған бергізіп, күн ұзақ іс тігіп, қалжыраған Қайыпты құпия тамақтап жүрді. Қайтсе де ретін тауып, қашырудың мүмкіндігін де қарастыра берді.
Бұл хабар Қайыптың еліне жетіп, жақын-жуықтарының құлағына шалынған. Ел іші екіұдай пікір туғызып жатты. Біреулері: «Азаматымызды тұтқындап, баламызды өлтіргендері үшін Кедейлерден құн аламыз» — десе, енді біреулері: «Жайына жүрмей, біреудің жесірінде несі бар? Басын дауға салып жүрген өзі!» — деп, Қайыпты күстәналай бастады. Қайткенмен де Қайыптың құлдыққа түсіп, қорлыққа ұшырауы Адайдың арлы азаматтарына қозғау салмай қоймады.
Бара-бара бұл оқиға Бегей емес, бүкіл Тобын тайпасының ашу-ызасын туғызып, екі рудың арасындағы дау ушыға түсті. Асқынған дау аяғы Уездік сотқа жетті.
Арада алты ай өткенде, Қайып Ақбөбектің араласуымен Кедейдің бір кемпіріне көксауыр етік тігіп беріп, ақысына кісеннен босап, тұтқыннан қашып шығып еді. Оның құлдықтан құтылуына бірінші себепкер – кісеннің кілтін алып берген кемпір болса, екінші қол ұшын берген - іргелес отырған Өтеғұл аулының азаматтары болатын. Аяқ басып, қадам жер жүре алмайтын Қайыпты қараңғы түнде атқа таңып, алып қашқан жүректі жігіттер Қайыпты емдету үшін тәуіп іздей бастады. Бозащы жағында айналаға белгілі балгер тәуіп Базарбай деген бар екен. Сол кісі сөзге келместен Қайыпты өз қамқорлығына алып, емдеуге келіскен. Бәйімбеттің Сарғасқасынан тарайтын Базарбай емші кісілігі мол адам еді. Қайыпты бар ықыласымен ыждаттап емдей бастады. Серінің тілкем-тілкем табанына түйенің мойын шудасын сары майға салып, қайнатып, тартып, жазып алды. Соның арқасында айға жуық мезгіл өткенде Қайып өз бетімен жер басып жүруге жарап қалған.
Серінің жайы адам аярлықтай еді. Ол ешкіммен тіл қатысып сөйлеспейтін. Мылқау жан сияқты еді. Күн ұзағына мәңгіріп, өзімен-өзі отыратын да қоятын. Кешке қарай белін жазып, құр сүлдерін сүйретіп, ілбіп басып, ауыл желкесіндегі тақия төбеге шығатын. Батып бара жатқан күнге қарап отырып, бір зарлы әнге басатын. Ән салып отырғанда, омырауын жуған жасы тамшылап жерге төгілумен болатын. Қасына барып, ән тыңдамақ болған ауыл адамдарын сол сәттегі серінің халін терең түйсінген Базарбай тәуіп іркіп:
— Ішіндегі шерін босатып, оңашада құсасын шығарып алсын. Қасына бармаңдар, — деп ешкімді маңайына жолатпайтын.
— Қайғы деген у ғой. Жүрегінің түбіне жиналып, беріш боп қатса, адамды ауру қылады. Қазір оған оңашалық қажет — дейтін ол.
Ақбөбек мәселесі енді Кедей — Бегей емес, Жеменей — Тобыш арасындағы үлкен дауға айналған. Кедейлер күшпен жеңсе, Бегейлер заңға жүгінбек. Азаматын қорлап, алғаш бетін ашқан келіндерін зорлық қылып байлап әкеткен Кедейден билік үкімімен қайта айырып, алмаққа бекінген еді Бегейлер. Ру ақсақалдары осы түйінге тоқтады. Жылдарға созылып кеткен сары тіс дауды осымен біржола доғарып, істі тәмәмдауды көздеді.
«Арыз-шағым қаралып, іс шешімін тапқанша, Ақбөбек қамауға алынады». Итбай аулына келіп түскен жез түймелі, зер жағалы жандаралдың айтқаны осы. Қасында тілмашы, қарулы күзеті бар орысты көрген ауыл үрпиісіп, үркіп қалды.
Патшаның құрығы ұзын, шеңгелі мығым. Кедейге Қайыптың күші жетпегенмен орыстың үкімі жүреді. Бұл Қайыпқа қорлық беріп, баласын өлтіргені үшін жасап отырған Бегейдің қысасы. Артынып-тартынып, шерулі топ Ақбөбекті алдарына салып, ауылдың үстін шаңдатып, жүріп кетті. Бұл көрініс Кедейге батты.
Үкімді орысқа кестіріп, биліктің тізгінін үкіметке ұстатуы да жуандығын көрсетіп, ірілігін сездірген сесі Бегейдің. Қысасқа қысас. Сен қылғанға мен қылдым. Желіде жылқы, қорада қой қалмайтын болса да бұл жолы қалмай шапты, келінін Қайыпқа емес, қарулы орысқа алдырған ауыл. Әуелде малының аздығына қарай Кедей атанғанмен бұл кезде Нұрмағанбет іргелі ел. Оның ішінде Азнабай әулеті мал біткен, ырысы ортаймаған, аузы бір ауыл. Итбайдың өзі бес ағайынды. Бәрі де малды, жанды. Ағайын-туыстың өзі бір төбе. Үй басына үш бойдақтан шығарса да, бір отар қой жиылады. Ақсақалдар ұйғарымымен ортаға мал жиылып, әр үй өз үлесін қосуға атсалысты. Іріктелген қойды Қоштай мен Қаражігіт Кетік базарына апарып, қаржы қылуы тиіс.
Қастарына сенімді үш-төрт жолдас ертіп, бір қора қойды айдап, күн ілгері жөнелмек болып келісілді. Қалмай шауып, жан-жағын қармай шауып, қам қылмаса болмайтынын бәрі білді. Жанқалтасын ақшаға толтырмаса әкімнің кім-кімге де мойын бұрмасы белгілі. Бірінен-бірі асып түспесе ішкен асы бойына сіңбейтін бәсекешіл байлар бұл күнде әкім-қараның аузын ақшамен тығындап, әбден аңғарын ашқызып, жаман үйретіп қойған.
Ақбөбекті ұстап, байлап, алдарына салып айдап әкеткендердің айтуынша: «Кесікті Кетікте айтпақ. Бітімді бүкіл Адай жақсысын жиып жасатпақ. Ақбөбектің Адайға жайылған дауы сотта қаралмақ!»
Кедейлер өзді-өзі болып қалмай, келіннің төркініне ақыл салысты. Есжан аулына адам жіберді. «Бірігіп қимылдап, сөзді бір ауыздан шығармасақ, абыройдан айрыламыз. Келін біздікі болса, қыз сіздікі. Келер ұят ортақ. Сүйекке түскен таңбаны сылып, кекті күшпен қайтарудың кезегі келді. Осы жолы барды беріп, малды шашып бағу керек. Айла мен ақшаны қатар жұмсамасақ, бұл сапар қатты жығыламыз. Намыс жолына малды құрбан етудің сәті туды» деген Кедейлер бәтуасын Мамыртайлар да мақұлдаған.
Ақбөбекті әуелгі Самнан қайтарып алған тұста Есжанның елшілері үн-түнсіз жата алмай, Кедей құдаларына бір келіп кеткен. Бос келмеді. Ақерке бастаған жеңгелері қыздың жасауын да ала келген. Алыс жолға күпті көңілмен аттанған бір топ елші елге еркін тыныстап, Есжанның күдігін сейілтіп оралған.
— Айып өзімізде болғасын кете-кеткенше қыпылықтап, құтымыз қашып еді. Бірақ, құдалар кінәмызды бетімізге басып, абыройымызды төкпеді. Олар да сыр бермеді, біз де үндемедік — деп Ақерке ырзалығын жасыра алмаған.
Үлкен келіні де:
— Кедейлер кісілігі мол ауыл екен. Қабағымызға кірбең түсірмей, күтіп алып, жылы шыраймен шығарып салды — деп келген.
Осыдан кейін аса жақын араласып кете қоймаса да құдалық жолын ұстанып, жақындық жібін үзбеген. Арада Ақбөбектің тағы қашты деген хабары шыққанда, Есжанның еңсесі түсіп кетіп еді. Ауыл арасы алыстығын сылтауратып, бұл тұста бой көрсетпеді. «Бас жарылса бөрік ішінде» дегендей, қит етсе қызын әке босағасына әкеп тастайтын оғаш қылықты Кедейлер де істемеді. Қашты-қудымен жүргенде туған баласын құдалары бауырына баспай, нағашы жұртына әкеліп берген. Бұлар да Қайыппен қатынасы үзілмей, пыш-пыш өсек ерте жүріп, жарық көрген күмәнді ұлды өз қолдарында өсіріп жатқан.
Құдалар жақтың хабарын естіп, Есжан мен Қыдыр да қарап қала алмады. Қызының қандай еркелігін де ер мінезбен көтеріп келе жатқан Кедейлермен күш біріктіруді жөн санады. Өзінің ет жақындарымен ақылдасып, осы жолы намысты қолдан бермеудің жайын мықтап еске түйіп еді.
Ақбөбекті айдап әкелген қарулы топ оны Кетік бекінісіндегі түрмеге жауып тастаған. Әуелде әскери бекініс ретінде салынған тас қамал айналасы тік жар оқшау таудың басында. Қамалға кірер ауыз біреу. Түрме сол темір қақпалы тас қамалдың ішінде. Қатар-қатар үш-төрт барақ үйдің бірінде Ақбөбек қамаулы. Қамал аузына апаратын жалғыз аяқ тас баспалдақтан өзге жол жоқ. Есігінде күзет бар. Көзі тұздай, жирен сақалды егде солдат күні-түні есік көзінде отырады. Қолында мылтық.
Ақ-қарасы анықталғанша айыпкер ретінде қамауға алынған Ақбөбек сол солдаттың қарауында. Тұтқын жайынан хабардар орыс жирен сақалын тарамдап, тісін ақситып, темір есіктің оймақтай көзінен сығалап, күліп қояды. Түрмеге түскен қазақ қызын тұңғыш көруі. Өзі ұрлық жасап, қылмыс қылғаны үшін емес, ел дәстүрін бұзып, сүйген жігітіне қашып кеткені үшін айып тартып отыр. Жалғызбасты солдатқа сонысы қызық көрінеді. Біреуге көзсіз ғашық болып, басын қатерге тігу — өзінің үш ұйықтаса түсіне кірмейтін жәйт.
Бұл қазақ дегенің қандай батыр халық?! Қызының өзі қасқыр. Бірнеше күн бойы жападан жалғыз тас үйге қамалып отырса да қабақ шытар емес. Ең болмаса, әйел болып айғай салып жылау да ойына кіріп-шықпайды. Оңашада өзін-өзі ширатып, жабырқау көңілін бір көтеріп алайын дей ме, кей-кейде ән салатыны бар. Ән болғанда бір жүрек шымырлатар мұңлы ән. Сондай әннен соң мелшиіп, көпке дейін қыбыр етпей сазарып отырып қалады.
Жас келіншек дімкәс жүрегіне әннің әсері күшті ем сазынан бірер тамшы тамызып алып, қайратына қайта мінеді. Тұғырға қонған сұңқардай дүр сілкінеді. Қараған кісі көзіндегі ұшқын атқан оттан қорғанғандай.
«Әй, жарайсың, қазақ! Қандай мерт, мықты қыз туған қатындарың?! Анау-мынау еркектің өзі жеті-сегіз күнде жүнжіп кететін тас түрмеде тегеурін танытып отырған бұл қыз не де болса тегін болмас!» — деп түйген орыс тесікті тағы бір көздеп қойып, өзінен-өзі басын шайқап, күледі. «Бұл бейшараның басын азапқа салып жүрген сүйіктісі қандай адам болды екен?! Әй, бұндай қыздың жүрегін жаулай алған ол да жай кісі емес шығар?!» — деп те ойлап қояды күзетші. «Көрер ме еді, өзін!»
Дүниеден талай ғашық өткен шығар. Зарланып, ыстық жасын төккен де шығар. Адайдың Мәжнүні, Бегейдің Төлегені — Қайып та өз ғашығын, Ақбөбегін аңсап, тағы бір сергелдең сапарға, қауіпті жолға шықты. Сүйгенін көзден таса қылғысы келмеді. Қиын сәтте қасынан табылуға асықты.
Өлсем де осы ісім жөн көрінген,
Қай кезде жақсы-жаман теңгерілген?
Бұл елде қанша сұлу болса дағы,
Бәрі де бір өзіңнен кем көрінген — деп ол Ақбөбектің қамауға алынғанын естісімен сонау Сыңғырлаудан Ақкетікке қарай құстай ұшқан. Жетуін жеткенмен, дәл кірер ауызда мылтығын кезеніп, қарсы алдына кесе-көлденең тұрып алған көзі тұздай орыс жолын бөгеп, жібермеді. «Көрер ме еді, өзін!» деп сырттай қызығып жүрген жігіт алдына келгенде жібімеді. Қақпайлап, түрме есігіне жолатпады.
Патшаға адал қызмет жолына бүкіл өмірін арнап,
жастығын сарп еткен егде солдат өз міндетін өтеуді өзіне бұлжымас борыш, үлкен абырой санайтын. Сол дағдысынан жаңылған жоқ.
Қайып сол маңның бір ноғай жатағын танитын еді. Араға соны салып, күзетшімен әрең тілге келген. Адамның құлқыны жаман болса, азғыруға ылықпай қоя ма? Тапқаны тамағынан аспайтын қара орыс та құлқынның құлы екен. Күзетшінің басы былқылдап, көзі бозарып қоя бергесін-ақ Қайып бәрін тілмашсыз түсінді. Тамырын тап басыпты. Қара тамағынан басқа қайғысы жоқ қарауылдың осал тұсы ақша екен. Айласын тапса, алынбайтын қамал бар ма? Тас қамалды қорғаған қарауылдың қипақтап жымың қаққан түрін көргенде қыр қазағының түсінгені осы болды. Тумысында көріспеген орыс пен қазаққа бір ноғай бітуажа 58 болып, екеуінің ортақ тілін тауып берді. Бұрын «құр аяққа бата жүрмес» дегенді білетін Қайып енді «Берген перне бұзар!» деген тағы бір нақылды есіне мықтап түйіп алды.
Ақбөбектен аяйтын несі бар? Астындағы жалғыз атынан өзге саудаға салатын бұлды дүниесі тағы жоқ. Қайып оған бейіл. Жаяу қалса да, қалқасын бір көрсе болды. Ақбөбектің жолына мал түгілі бас құрбан!
Ақыры көзі тұздай күзетшімен: «Ақбөбекпен жолықтырсаң, атымды аласың!» — деп келісім жасасты. Атты алған қарауыл қапысын тауып, қараңғы түсе, ғашықтарды жолықтырды.
Көк теңіз Қараған түбекті 59 қолтығына қысып алып, жағалауды ақ көбігімен аямай шомылдырып жатты. Ай жарығымен айнала анық көрінеді. Биік қамал басынан тынымсыз теңіздің жүйткіген толқындарына көз жіберіп тұрған Ақбөбек Қайыпты көргенде, қуанғаннан жылап жіберді. Шыбын жанын шүберекке түйіп қарулы күзет, кезенген мылтықтан сескенбей, өзімен бір жолығысу үшін жанын ортаға салып, сонау ит арқасы қияннан келіп тұрған асыл азамат, ақ көкірек серісін айқара құшақтай алып, еңірей берді. Өзінің әуел бастан Қайыпты жаңылмай таңдап, жасқанбай сүйгеніне Тәңіріне тағы бір мәрте тоба қылды.
Кетік басындағы Кедей жансыздары ғашықтардың қараңғы түсе құпия кездесіп жүргенін көріп қойып, түрме бастығына шағымданған.
«Ақбөбекті енді ол жерде жалғыз қалдыруға болмайды. Сенімді адамның қарауына кепілдікке берілсін!» — деген Кедейлер жағының ұсыныс талабы қабылданып, оны оңаша үйде ұстап, бөлек қарауылдауға Есіркеп деген беделді кісінің құзырына берген болатын, Уездік Сот.
Ақбөбектің шықпаған жаны бар еді. Бұрынғы ажар, бастапқы сән жоқ. Әйтсе де аты әйгілі, сыры көпке мәлім, жүрегі жаралы сұлуға сырттан сұқтануға әуес кісі көп болып шықты. «Ақбөбекті әкеліпті» дегелі өзі жатқан Есіркеп үйінің есігінде тыным жоқ. Алты қанат ақ боз үй өткен-кеткенді алыстан арбап, өзіне мойын бұрғызбай қоймайды. Ақ шағаладай үзіктерінің жиегі қоянның құлағындай қос дөдегемен шыр айнала айшықталған жұмыртқадай әдемі отаудың киіз есігі түрулі, сүйектелген сықырлауықтары 60 айқара ашық. Олай етпеске болмады. «Бөбекті көреміз» деп келушілердің күн ұзағына аяғы бір басылмайды. Тіпті топырлап кіріп-шыққандар табалдырықты тоздыруға айналды. Үй иелері келіншектің жеке басына жауапты болғалы соның бәріне төзімділік танытып, қабақ шытпай, көнуге бейіл. Әйтпесе, азаматтық атына сын. Өзіне артылған сенімге нұқсан. Егесе келе екі тайпа елді дүрдараздыққа жеткізген ескі даудың соңы сотқа тірелгесін бұрын да аты шулы Ақбөбек кермедегі бәйге атындай көпшіліктің көзінің құртына айналып еді. Қызық құмар қазақтың басқа жұмысы жоқтай ермегі бір Ақбөбек болып алды. Есіктен қарап, жабықтан сығалап, ертелі-кеш мазасын алады. «Адам үш күннен соң тозаққа да үйренеді» демей ме, Бөбек байғұс бұндай күйге де көндікті. Ай дидары жарқырап, қара көздерін төңкеріп, келгендерге тым-тырыс қарап отыра беретін болды. Кейде шыдамы шегіне жетіп жабықтан жыртыңдаса сықсаңдағандарға, есіктен сыпсыңдаса ыржаңдағандарға ызаланып:
— Жақынырақ келіп қарасаңдаршы! Өйтіп тышқан аңдыған мысықша аулақтан торуылдасқанша! Келіңдер, көріңдер! Менен қорқып тұрсыңдар ма? Қамауда отырған бейбақтан кісі қорқа ма екен?! — дейтін болды.
Ақбөбекті ат жетер жерден арнайы келіп көрушілер де аз емес еді. Ел арасы болғасын біреу аяйды, біреудің айызы қанады. Көпке өсек, Кедейге кесір болған келіншекті көзімен көргісі келеді. «Атақты Қайып серінің сүйгені қандай екен?» —деген қызығушылық та жоқ емес кейбіреулерінде. Әшейінде «ағайынның аты озғанша, ауылдастың тайы озсын!» дейтін кең пейіл қазақтың осындай дау-дамай тұсында туыстық сезімдері тұтанып, рулық намыстары қозып шыға келетін қашанғы әдеті емес пе?!
Итбайдың руластары ағайынның арын арлаған болып, Ақбөбектің бөтен кісімен тілдесіп, Қайып жақтың жансызымен жолығыспауына күш салып, сырттай қызғыштай қориды. Осындағы Қаражігіт, Есбергендердің көзі болып, күні-түні Ақбөбекті нысанаға алған. Сенімді адамдарына сырттай бақылатып, бар қимыл-әрекетін шашау шығармай аңдуға көшкен. Бұлар бұндай бақылау күзетті анадағы Ақбөбектің Қайыппен жолығысуынан соң күшейткен еді. Сотқа шағымданып, Қайыпты бекіністен аластап, Ақбөбекті Есіркеп үйіне кепілге бергізген де осылар болатын.
Ақбөбек тек сырттай торуылдың ғана емес, бетпе-бет айыптау қаралаудың да нысанасына айналып бара жатқандай еді. Тумысында Есбергеннің есігін көрмеген аты Жеменейдің өзі жанын жаралап, жарасының аузын ашып кетеді. Кедейге ілік-шатысы бар әмейі біреулер келіп кекетіп мұқап, тілін тығып, бізін шаншып, қаралай күйдіреді. Кейбіреулерге кемді күн әңгіме, қысыр сөз керек. Кейбір дау-далабамен ісі жоқ Құдай деген жандар кәдімгідей есіркеп, жігерін жанып, қайратын шыңдап кетеді.
Бұл кезде бұның бәріне Бөбектің бойы үйреніп, еті өліп кеткен. Жақсы айтты деп сүйінбей, жаман айтты деп күйінбей бәрін үнсіз тыңдап, ішке жиып отыра беруге үйренген. Кіммен бет жыртысып, жаманат тасып жатсын. «Ел аузына етек тықпақ жоқ» деп, ешкімге жауап қатып, әуре болмайды.
Бір күні есіктен егдерген, киімі жұпыны, көрмеге қораш сары кісі қарады. Жамаулы қақпа шекпені, ескі қалпағы бар. Жай қараған жоқ, ішке басын сұға беріп:
— Сері Қайыптың сүйгені қандай қатын екен? Сұлу ма екен өзі? — деп қағыта келген.
— Бұл байғұсқа да сұлу керек пе екен? Ұсқыны мынау! — деп қалды Ақбөбек қапелімде лықсып келіп қалған ашуын тежей алмай.
Сыздана, сынай қарағандарға, сыр бермей, тым-тырыс тесілгендерге сөз таппай тосылушы еді. Бұның өзі келіп ұрынды. Қарап тұрып тиісті. Бірден соқтыға сөйледі. Сонысымен Ақбөбектің жынына тиген.
Ол жай адам болмады. Сол маңайға белгілі, сөзге ұста, суырып салып қоя беретін шақпа тілді Сауран ақын екен. Ақбөбекке біті кене қарап тұрып, төгіп-төгіп жіберді.
Қамысы Қаракөлдің буын-буын,
Арқаның атар мерген ақша қуын.
Әлегің алты жылға жетті Ақбөбек,
Жыққан жоқ Кедей, Бегей тіккен туын.
Әр елден әр адамды ұстатқан соң,
Қарашы Ақбөбектің құйқылжуын!
Ақбөбек осындай сөздерді естіп көп налитын. Өзін не үшін жазғырады осы жұрт?! Неден жазықты болды, бұл Бөбек?! Осыны ойлай-ойлай оңаша жатып алып, түн баласы көз жасына ерік беретін. Қайыпты ойлайды. Қиюы қашып, оңына орала қоймаған қиын тағдырын ойлайды. Тумай жатып көз жұмған тұңғышын, ана мейірімін көрмей жырақта өсіп жатқан жас нәрестесін ойлайды. «Сүйгеніме қосылып, бақыт тапсам» деген ақ тілегінің аяқ асты қалып, басын дауға салған қарау заманды қарғайды. Теңін тапқан қыздың тақымына тұсау салып, тас түрмеге қаматқан қатал заңды қарғайды.
Барады ауылым көшіп Ақкөлмекке,
Жарасар алтын ілгек ақ көйлекке.
Жаңғақтан келген алып Бөбек едің,
Зар болдым ақ жүзіңді бір көрмекке.
Жарасар қызыл басқұр ақ үйлерге,
Жетіпті біздің хабар хан, билерге.
Адайдан алған таңдап Бөбек едің,
Жүр екен осы күнде не күйлерде?
Ат туар салсам айғыр қара керден,
Кем емес бетің алтын, етің зерден.
Әркімдер сүйгенімен кетсін деген,
Бір қағаз жазылар ма әкімдерден?! — деген
Қайып арманы да Ақбөбектің құлағына жеткен. Сол арман бұның да көкейін тесіп жатқан.
Үкім шығарып, кесік айтар кез келген. Уездік Сот кеңсесінің кең залында сот құрамы қарсы жақтардың дауын жеке-жеке тыңдап, әр рудың өкіліне кезек сөз берген.
Бегей жағының сөзін ұстаушы Сәлдір, Қалмағамбет бастаған ақсақалдар:
— Қайыпты қыз ұнатып, әкесінің босағасында жүргенде сөз байласып, өз қалауымен қашып келген. Қыздай қосылған қосағы. Некелі күйеуі. Сондықтан Кедейлердің біреудің қатынын барымталап байлап алып, әкесін таяққа жығып, құрсағындағы баласын өлтіруі — ашық жаулық! — деп Кедейлерді қаралады.
— Ақбөбек пен Қайыптың некелескендеріне куә болған кісі бар ма? — деген Сот сұрағына, олар:
— Куәгерлікке жүрген Қазбан, Асанбай деген жігіттер бар, — деп растаған өз сөздерін.
Бірақ, Кедейлер бұл сөзді Сот алдында жоққа шығарды. Бір жігіті орнынан тұрып:
— Қыз қашатын қыста Қазбан менімен бірге Бесқалада медреседе оқып жүрген. Ол қалай куәгер болады? — деп өжектеп бой бермеді.
Бегейлер бұл уәжге со бойда қарсы сөз, тұщымды жауап айта алмағасын, тергеушілер неке жөніндегі ақпарды көп көзінше теріске шығарды.
Тартыс қыза келе, екі жақтың жігіттері шарт-шұрт жағаласып, аяғы төбелеске айналар болғасын Сот жүрісін сонымен тоқтатып, жалғасын ертеңге қалдырды.
Келесі күні Кедей жағынан сөз алған Біләл, Тілембай сияқты өз руының белді-беделді кісілері:
— Қайып біздің қалыңы төлеулі жесірімізді алып, бата бұзды. Арымызды аяққа таптады. Қызды азғырып, өзіне аударып алды. Бата жолы некемен бірдей. Әуелі Бегейдің бұзығы кінәлі! — деп қарсыластарына қарсы дау айтты.
Бегейлер:
— Бата жасау — неке қию емес! Кедейлер келінімізді тартып алып, бір зорлық жасаса, азаматымызды жәбірлеп, жаралап, құлдыққа салып, екі қорлық көрсетті! — деп тепсіністі.
Кедейлер:
— Қалың бергесін қазақта неке қиылған есеп. Ата салтымызды, ел дәстүрін бұзған Қайыптың қандай жаза тартса да обалы жоқ! — деп өңмеңдесті.
Тергеу тәжікесі 61 ұзаған сайын екі рудың адамдары өзара жауығып, қит еткен сөзден ілік алып, жағаласа кетуге дайын тұрды. Ішінара сотанақ, содыр, қызба жастардың бұл қылығы жұртты қорқыта бастады. Кейбір ақсақалдар сот төрағасынан істі тезірек бітіріп, шешімді жылдамырақ қабылдауды сұранды. Себебі Кетік көшелері қып-қызыл майдан алаңына айналып кетуге шақ тұрған.
Шиеленіскен даудың шешімін табу қиынға соқты. Сот үкімін күткен ығы-жығы халық екіге жарылып, гүж-гүж қайнайды. Қайшы пікір өршіп, өрттей қаулап барады.
Кедейлер тобының жасырын кеңесіндегі көп күбір мен мол сыбыр соңы қулыққа ұласты. Сот тізгінін ұстаған көпке белгілі парақор төрағаға құпия сөз салып, көп көзінен жасырын жолығысу үшін таса жер тапты. Бұқараға әділетсіздігімен жеккөрінішті болған бұқа мойын, бадырақ көз, беті шара табақтай тапалтақ Сот төрағасы шата нәсілді шала ноғай Нурскийге де керегі сол еді.
Бірақ, ол біржақты кесім айтып, өз аузымен үкім жариялаудан қорғанды. Өзіне жасырын жолығып, аузын алып қойған Кедейлерге көп алдында істі жығып беруден жасқанды. Төре беруден тайсақтады.
Бұл шешімге ширығып, шамырқанып тұрған Бегейдің білекті, қызба жігіттері наразылық көрсетіп, лап етіп тұтанып кетуі кәдік. Талайды көрген төбел таз бұны аңдамай қоймады. Жай күндерде қойдай жуас қазақтың намысқа күйіп, арға шапса, арыстанға айналарын жақсы білетін. Сол себептен өз мойнынан мұндай қауіпті міндетті алып, мұсылмандық заңға — шариғат жолына жүктеп құтылуға асықты.
Уезд кеңесін уысында ұстайтын төраға қалған мүшелерін өз тұжырымына көндірді. Осы пәтуаны Сот төрағасы жиналғандарға өз аузымен жеткізді. «Соттың шариғатқа жүгініп, ақтық кесікті айту міндетін молдаға тапсыратынын» айтты.
Оған да қисын табылды. «Ел ісіне Уездік үкімет араласпайды. Осы күнге дейін қала аумағынан тысқары жатқан түз қазақтары өз заңдарымен өмір сүріп келеді. Ағайын арасындағы дау-шарларын шариғат жолымен шешіп отырады. Соңдықтан олардың бұл заңына қол сұғуға болмайды. Халық қалауына, ел салтына қарсы болуға Уездік соттың да қақысы жоқ!»
Ұзақ ырғасу, көп кеңесуден кейін Ақбөбек тағдыры шариғат жолына тәуелді болды. Төрелер тұжырымы, үлкендер ұйғарымы осы. Екі жаққа да ілік-шатысы жоқ, ара ағайын, шариғат жөніне жетік Нұрнияз ахунға кесік айтқызбақ боп тараған текетірескен топ.
Негізінде Нурский өзінің көмейін мол парамен тығындап, аңғарын толтырып қойған дәулетті ауылдар Кедей Мамыртай жағының сөзін сөйлеп, дін өкілдеріне өз кесімін айтып, өз тұжырымын мақұлдатып, дауды бір жақты қылып бітіріп, істі жауып та қойған.
Молда оған осы шешімді жұрт алдында шариғат атынан жариялату үшін ғана керек болған.
Қазақтың қанын теспей сорып, күре тамырына сүлікше қадалған кәнігі көп парақор төренің бірі есебінде өзі Итбай мен Есжан адамдарынан аларын алып алғасын, істің ақ қарасын айыруға құлық танытпады. Қолы қысқа Қайыпты күшті, күйлі жаққа бірден жығып беруге келіскен. Қалтасы толып, қайғысы сейілген шоқынды ноғай қыр қазағының қайдағы бір Қайыбы мен Ақбөбегі үшін басын ауыртқысы келмеді. «Ғашықтардың көз жасына қалармын-ау» деген ой оның миына да кіріп шыққан жоқ. Қайта обал-сауабын өздері көтерсін деген оймен, қыр қазақтарының өз қотырын өздеріне қасытпақ болды.
Қазақтар керісінше орысқа қарағалы өзара дау, таласты шешуде атадан келе жатқан дәстүрге опасыздық жасап, түзу сөзге тоқтамай, төреге жүгіретін әдет шығарған.
Дала заңы — әділ сөз төрелігіне мойынсұнбай, сотқа шағымданып шатасқан жұрт ақыры айлакер түлкіге жем болды. Қайткенде де қарсыласқа есесін жібермеу үшін жанталасқан топтардың оны түсінуге құлқы да жоқ еді.
Тағылық заңы тағы күшіне енді. Күші жеткен алды, күші жетпеген қалды. Әлді жеңді, әлсіз жығылды. Адам тағдыры талқыға түсті. Сүйген жүректер екіге бөлінді. Айнымас асықтар амалсыз айырылды. Адамдық жолымен әділ төре берілмеді. Әкім қаралар Ақбөбектің зарын тыңдамады. Көз жасын көрмеді. Байға бүйрегі бұрып, кедейге қолын сермеді.
Соңғы түйін түйіліп, кесік айтылатын күні Қайыптың кежегесі кейін тартып, сотқа бармай қалды. Жүрегі суылдап, көзі үсті-үстіне тартып, бір жайсыздыққа тап болды. Жақсы хабар болса жерде жатпас. Сүйінші сұраушы табылар. Ал, Ақбөбекті Кедейлерге беретін күн туса, көп ішінде Қайып не өзін не біреуді жазым етер.
Бұл тоқтамға келтірген Бегейдің ақылшылары. Серінің басында бұндай келісімге көнгісі келмеп еді, ойлана келе көпке бағынды.
Сот кеңесінің сөзі де соңғы уақта сұйқылттанып барады. Көбі не Кедейлерді тыңдап, солардың уәжіне құлақ түріңкірей береді. Соған қарағанда безбеннің бір басын қарсы жақтың қалталылары толтырып, салмақ солай қарай ауып бара жатқанға ұқсайды. «Итбай-Есжан адамдары әкімдермен ауыз жаласыпты» деген қауесет те тегін емес сияқты. Соған қарағанда...
Қайыптың ойы дәл осы жерге келгенде үзіліп кетеді. Көңілдегі күдігі күшейген сайын жүрек суылы үдей түседі. Кеше түнде жайсыз түс көрген.
Биік жардың басында тұр екен дейді. Енді бір аттаса, құзға құлауға шақ қалыпты. Табан астындағы кемердің жиегі кеміріліп, шеті төменге сырғи сөгіле бастаған. Шыт жарылған жардың топырақ дыбысы сытырлап анық естіліп жатыр. Бір мезетте ту сыртынан «Қайып!» деген таныс дауыс шықты. Бірақ, жер түбінен шыққандай, шыңылдап құлағына әзер жетті. Қараса, Ақбөбек! Қолында баяғы қызыл аймақы шарқат. Жалаңбас. Үстінде бір шұбатылған қоңырқай көйлек. Құлағындағы үзбелі сырғасы көрінбейді. Қос тақтайлы өңіржиегі де жоқ. Әшекей бұйымнан жұрдай. Өзіне қарай жалт бұрылып жүре түскен Қайыпқа назарын салмастан орамалын бұлғады. Жан дәрмен жүгіремін дегенмен Қайыптың қос өкшесіне қорғасын құйылғандай. Аяғы зіл-батпан. Алдырмайды. Арадағы қашықтық ұзай берді. Бұл жетем деп әлек. Ақбөбек сол тұрған күйі көзден ғайып болды.
Осы жерге келгенде Қайып оянып кеткен. Қара терге малшынып қалыпты. Өкпесін баса алмай, әлі алқынып жатыр. Түсін ішінен жаратпады. Әйтсе де жамандыққа жорығысы келмеді. Қазіргі көңілсіз қалпы көрінген ғой деді өзін-өзі алдарқатып. Ақбөбек байғұс та қай бір жетісіп жүр дейсің. Оның тартқан азабы мен көрген құқайы аз ба? Қамауға да түсті, талауға да түсті. Сонда да талай сынға төзіп келеді.
Осы түс Қайыптың ойын бөле берген. Енді міне, өз жақтастары шешуші соттан қайтпай кешігіп жатыр. Кешіккен сайын бұның төзімін өткір балтадай жаңқалап, жұқартып барады. Қайыпта ес-түс қалмады. Күн төбеден ауғалы сәл тықырға алаңдап, үйден сан кіріп-шықты. Уақыт өткен сайын жанын қоярға жер таба алар емес. Күн еңкейіп, көлеңке ұзарғанда қара-құра көзіне шалынды. Ала шұбар топ ілбіп аяқтарын басар емес. Мойындары салбырап, бастарын көтермейді. Өздері өлік шығарғандай тым-тырыс. Жақындағанда байқады, топ бастаған ағаларының түстері өрт сөндіргендей түтігіп кетіпті. Қайыптың босағаға сүйеніп, бүгіліп бара жатқанын көрген екі-үш кісі жанына жүгіре жеткен. Қатар жеткен екі жігіт қолтығынан демей берді. Қаумалап көтерген көпшілік төрдегі төсекке әкеліп салған. Қайып сұлқ түсіп, жатып қалды. Керең кісідей меңірейеді. Барлық ашу-ызасы алқымға тіреліп, түйіліп қалғандай, тілдесуге де, бір жұтым су ішуге де дәрменсіз халде болатын.
Әуелі қара тастай қалшиып қатып қалған Қайыпты көріп қорыққан ағайындары ертеңіне сәскеде құм арасынан сыздықтап шыққан мөлдір бұлақтай көзіндегі жасты көргенде, қуанысып қалды. Бұны жақсы нышанға жорысты. Жүрекке түскен ауыр салмақты жеңілейтуге жылымшылап аққан жастың жәрдемі тиерін түсінді. Бірте-бірте сорғалаған ыстық жаспен қоса ыңырсыған әлсіз дыбыс шыға бастады. Жаралы жүректің уытты шері шымырлаған жаспен бірге шым-шымдап шешілейін дегенін сезді жұрт. Басында жай ғана жеңіл күрсініс сияқты білінген болмашы леп күшейе келе зор ыңыранысқа ұласты. Қалың қайғының азапты жан тебіренісі кейін төкпектеген жас болып төгілді. Ыза мен кектің ышқынысы ыңырсумен тысқа ытқыды. Күйреген арман мен үзілген үміттің көкірегін күйдірген ащы зәрі аузынан ақ жалын болып атқақтап, маңайына жақындағанның бетін шарпыды.
Қайыптың бұл күйіне қарап тұруға ешкімнің жүрегі дауаламады. Қасына барғандар Қайыпқа қосыла кемсеңдеп, кейін ығыса берді. «Қой» деуге ауыздары бармады.
Ағайын дос әліптің артын бағуды жөн санаған. Көзден аққан ащы жаспен, ышқынған ыстық деммен жігіттің жүрегін қатырған мұз жібіп, басын құрсаған бұлт ыдырай бастағандай болып еді. Жүрек қағысы қалыпқа түсіп, жағдайы жөнделе бастады. Ақбөбекті даулап аламыз деп алабұртып келгенде, арысынан айырылып қала жаздаған топ қатты жасып қалған. Қайыптың беті бері қарағасын ғана ат-көлігін әзірлеп, ауылға қайтуға ыңғайлана бастаған.
Қайтпасқа болмайды. Соңғы сыннан сүрінді. Кедейлер айласын асырып, алдарын кесті. Ақырғы кесік айтылды. Соңғы байлам жасалды. Даудың басы біржола ашылды. Талайлар тілін безеп, шеше алмаған қиын түйін шешілді.
Арғы-бергіні тізбелеп, өткен-кеткенді таразылап, бұрын соңғыны термелеп, қай-қайдағыны қазбалап, мың сан мысалға жүгініп, қыруар дерекке сүйеніп, ахунның айтқан кесімі: «Ақбөбек Есбергенге тиесілі!»
Аңырап Ақбөбек, жамырап жұрт қалды. Бұл кесім Бегейлердің белін майыстырып, Қайыптың қабырғасын қайыстырып кетті. Қол қысқа, шама шақ. Мал беріп, әкім төренің аузын алған Кедейлер көңілді. «Қайттік бәлем сендерді?!» дегендей оқырая қарайды. Жеңістеріне мәз болып, жымың-жымың. Қу шөлмектей боп қуарып кеткен Ақбөбекті ортаға алып одыраңдап кеу-кеулей жөнелді.
— Өлтірсеңдер де Есбергенге бармаймын! — деп жер тепкілеп жылаған Ақбөбек зарын құлақтарына ілмеді.
— Қара мына жүзіқараның айтып отырғанын! — деп қамшымен арқаға аямай осып-осып жіберген Қаражігіт жеңгесін балаша көтеріп алып, тыпырлағанына қарамай тысқа алып шықты. Айқайға басып, аңыраған Ақбөбек Есберген атына өңгеріліп кете барды.
Сері қайғы жұтып, қан ішіп қалған. Сүйгеніне сүйеніш, аяулысына араша бола алмаудан асқан азап бар ма?! Басы салбырап, омырауға түсіп кеткен. Қабығын өрт шалған ағаштай жүзі қара күйе болып, күйіп кетіпті. Елге көрінер кейпі, кісіге қарар беті қалмаған. Дәрменсіздіктен уһілей береді. Аз уақыт ішінде үш жылғы кезіктен тұрғандай құр сүлдері қалыпты. Қайып Ақбөбектен күдерін үзген. «Ер кезегі үшке дейін». Бұл үш рет алып қашты. Олар да осал емес екен. Үшеуінде де айырып алды. Әуелден Бөбекті бұның маңдайына жазбаған шығар. Жазған болса, осы жолы өзіне бұйырмас па еді?
Қайып енді артына қайырылмады. Елден безіп, алысқа көшіп кетуге бел буды. Бағыты — Бесқала. Сосынғысын тағы көре жатар. Тұз-дәмі қайда тартса сонда барар. Ол өзіне жылы шырай танытпаған тас бауыр тағдырға да, қиналғанда жан сала жүгіріп, қол ұшын бере алмаған алауыз ағайынға да өкпелі еді. Бірақ, тіс жарып, тіл қатпады. Бір күнде буынып-түйініп, көшті де кетті. Әкесіне топырақ ата күлдігі — Жарқұдықтан бұйырған. Шешесін өзімен бірге ала кетті. Бір көштік жерге дауыс ете боздап, шығарып салған жалғыз апасын жұрт зорға тоқтатқан. Қайып оның да қайт дегеніне қайырылмаған. Жүдеу көш өз жөнімен кете барған. Жалғыз үйлі шолақ көшті бастап келе жатып, көз жасы бұршақтап ән салады сорлы Қайып.
Көшкенде жылқы айдадым қараменен,
Бір құрық кесіп алдым араменен.
Адайдан алған таңдап Бөбек едің,
Ит Кедей алып кетті-ау параменен...
Барады ауылым көшіп, құлай алмай,
Айрылдым Ақбөбектен, Құдай алмай.
Кетті деп Ақбөбекті естігенде,
Төсекте төрт күн жаттым жылай алмай.
Амал не күйігіңнен өлмеген соң,
Шай іштім ақырында шыдай алмай.
Ақбөбек сай қылықпен бұраңдадың,
Сұм жалған өтер десем, тіл алмадың.
Түлкідей құмнан қашқан қызыл алтай,
Ұстатпай құбарланға бұлаңдадың.
Басыңды тауға тасқа ұрсаң дағы,
Дегені болады екен бір Алланың!
Жарлылық пен жалғыздық жанын езіп, жүрегін жәншіген жәбірі зарлы саз болып, аузынан ақтарылды. Қабырғасын қайыстырып, еңсесін түсірген зорлық салмағы зіл батпан болып желкесінен жерге басып барады. Қорған болар бірге туған бауыры, қора-қора малы жоқ. Қайғының қара бұлтына көміліп қалды. Күні-түні күңіреніп, күйікті көкірегі шерге толып, көкейін шемен тескенде тебіреніп тағы зар төгеді.
Сұңқардай қомдап қанат іліп едім,
Сүйенер ешкім жоғын біліп едім.
Болған соң айтысқан серт, алысқан қол,
Кете алмай маңайыңнан жүріп едім.
Ақтаудың түлкі қашар қуысынан,
Құрбыдан артық едің туысыңнан.
Жарлылық жалғыздықпен қабат келіп,
Абайсыз кеттің шығып уысымнан.
Алашқа атым шықты әйгіменен,
Жақсы атқа жал қоймадым бәйгіменен.
Адайдан алған таңдап Ақбөбегім,
Қатырдың қабырғамды қайғыменен.
Қайыптың «ел бүлдірген айыбы» мойнына қойылғасын Бегей руы үш тоғыз айып төлеген.
Біріншісі — нар бастаған тоғыз: нар түйе, қалы кілем, қызыл тон, ұштап көйлек, кестелі жаулық, қос бауырдақты күміс жүзік, қылыш бау, деңмент белбеу, зерлі сәукеле, ақша; екіншісі — ат бастаған тоғыз, үшіншісі — қызыл тон бастаған тоғыз.
Айыпты бүкіл ел болып төлеген. Бұл күн әсіресе Малайларға салмақ болды. Жастар жағы, ет жақыны Қайыпқа жақтас болғанмен, ішінара дәулетті ағайын, малды туыстары жалғыз атты жаяуға тістерін қайрасқан.
«Жайына қарап жүре алмағаны-ау жаманның?!» деп, кедейлігіне қарамай байдың қызына ұрынған, басына бәле тілеп алған жалқы жігітті жақтырмады. Жаманаты өз алдына, мойындарына түскен мал, қалтасынан шыққан шығын олардың жанына батып бара жатқан.
Көп болып жұмылып, білек сыбанып, Қайыпты қорғай алмағандарына ағайын арасында кейістік те туғызып жатты. Бегейлер жік-жік болып бөлініп, бір-біріне өкпе артып, реніш білдіре бастаған. Басында «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара» алмай қапы қалып, Кедейге есесі кеткен ауылдың алауыздығы күшейе түскен. Егесе келе Көбестер ерегес пен елден шығынып, Қайыптың соңынан еріп, бөліне көшкен.
Қайып бұйрықсыз өле алмады. Кебінсіз көрге кіре алмады. Артына қайырылмады. Маңғыстауда жүрсе, Ақбөбекті көрмей тұра алмас. Көргесін, көкірегін шоқтай күйдірген сезімі сыртқа шықпай тағы тұрмас. Өйтіп өзін тірідей отқа салғаннан опа таппас. Ақылынан адасар. «Болмасқа болаттай бол!» деген. Елден жырақ, Ақбөбектен алысқа ұзап кетсе, кім білген, мүмкін қара бұлттай қайғысы бірсін-бірсін басылар. Басылар да басып бүркеген қалың тұман ашылар. Азапты күңдері азаяр. «Көзден кетсе, көңілден кетеді» деген де бар. Сезімі суынып, көңілі торығар. Бұнда қалса, қаралай қан жұтып, қайғының уын ішер. Дұшпанның табасы қанбас, көптің қаңқуы қалмас. Құрбы-құрдастың қалжыңы тыйылмас. Қағытпай тұрмас. Бір қылжақбас қу тілдің найзасын түйрер. Уытты сөз, улы күлкі бұның басын күнінен бұрын көрге сүйрер. Онан да,«жақсы ит өлімтігін көрсетпес», жат жерде жүріп, түз бөрісінше жарасын жалап, жан созар. Күннен күн, айдан ай озар. Қабырғасын қақыратқан қайғы қанжары тозар. Кеудесі толы көк көмір. Жалғасын табар жарқын өмір?! Тағдырдың тезіне түсіп, түзелмеген тентек бар ма? Әуелде тайқы маңдайға таңба теріс түскесін пенденің пешенесіне жазғанға көнбеске лажы қайсы?!
Алты жыл азапқа салған ғашықтық дертінен Қайып сарт асса да айыға алмаған. Арада аттай он екі жыл өткенде ауыл елді аңсап, туған жерді сағынып, әбден зарығып шерменде болған Қайып Маңғыстауға оралған.
Ол бала кездегі бейқам күндеріне куә болған ата қонысының о шеті мен бұ шетін көзбен сүйіп, көңілмен өбіп, көп кезді. Әр бұтасы көзге ыстық әр төбешігі жүрекке жақын. Жалаң аяқ жүгіріп, желмен жарысқан құм төбелер осыдан дәл қырық жыл бұрынғыдай томпиып-томпиып, бұйығып, бұғып қана жатыр. Осы бір ирек жон жота-жота сусыған шағыл төбелердің маржан моншақтай сауылдаған жез құмын сапырып, балалық аулының базарын Қайып та біраз қызықтаған. Әрқашан ауыл балаларының алдында қол бастаған бала батырдай отты жанары жарқылдап өзі жүретін еді. Көпті маңайына үйіріп алатын қасиеті бар. Қағылез, пысық Қайып қаршадайынан шабандоз бала атанып, бәйгеге де түсті. Қиқу мен дуды көрсе арқасы қозып, өзі де тыпыршып бір орында тұра алмайтын. Сол топты ызы-қиқы қылып көбіне мәреге бұрын келетін. Оң солын танып, өсе келе, ойын-тойдың көрігін басып, отырмақтың отын қыздырып жүретін көсем жігітке айналды. Аузын ашса, айналасын лезде думанға ұластырып жіберетін.
Шіркін, жастық! Жаныңды жадыратар жазғы даладай көркем, хан ұлындай қиқар да ерке, өткел бермес асау өзендей өр, жүрегі қалың жаудан қаймықпас қас батырдай ер неткен уайымсыз уақыт, шалқар шақ едің?!
Әні-міне дегенше ағын судай сарқырап, алмас қылыштай жарқырап, айпап-жұйпап өттің де кеттің. Өкінгенмен пайда жоқ. Енді айналып соқпайсың. Алысқа атылған оқтай көзден ғайып болдың.
Сері атажұртын армансыз аралап, жан сарайын қайта жаңартып алғандай сергек еді. Енді елді де еске алатын жөні бар. Отының басына оралғаны дұрыс. Туған жерде тірлік етуді Тәңірі маңдайына жазбағасын не амал бар?!
Қайып бұл шақта жігіт ағасы жасқа жеткен. Сонау жылы Тәжік ауғанда көш-жөнекей жолықтырып, тағдырдың бұйрығымен өзіне өмірлік жар болған кесек денелі, кеңпейілді Қалиядай әйелі бар. Сол байғұс бұның жолына қарап, күн санап отырған шығар. Үйелмелі-сүйелмелі екі ұлы отының басын думанға толтырып, тай-құлындай тебісіп, тетелес өсіп келеді. Қазір жетіге келіп қалған үлкені кәдімгідей қолғанат. Екінші ұлы енді қаз тұрып, қадам басып жүруге жарап қалды. Күлмесіңе қоймайтын тәтті қылықтарын былай қойғанда, былдырлаған балдай тілінің өзі қандай? Әкеге баладан жақын кім бар? Қайып та сол қос құлынын қатты сағынып қалғанын түсінді. Елді жерді көрді, көңілі орнына түсті. Ертең бүрсігүні аттанбаққа бекінді. Бүгінше Қорабай жидесі маңында отырған Малайлардың біріне қонбақ болды.
Түс ауа бір ағайынның үйіне жетіп кідірген. Есік алдында әбден арып қажыған жылқыға көзі түсті. Көзіне жылы ұшырай берсе де жыға тани алмады. Әуелі ақ тулақ боп, мүлгіп тұрған атты бір жүйрікке ұқсатқан. Ақыры айналшықтап, қасынан шыға алмай, үй иесінен анығын сұрап білді. Сол, Жалаукөк! Танымай не Құдай атты? Япырмай, өзгермейтін зат жоқ екен-ау?! Бозбала күнінде өзі талай жарысқа мініп шапқан бәйге аты. Шашасына шаң жұқтырмас қайран жүйрік қартайыпты. Баяғы дүбір, бұрынғы даңқ жоқ. Қиқулы күндер бұның да көзінен бұлбұл ұшыпты. Көзі аларып, көні қатқан көп қыл құйрықтың біріне айналыпты. Бір кездері жабулап жасырып, кез келгеннің көзіне түсірмейтін құнды ат енді сырты — түк, іші — боқ күтімсіз мал болыпты.
Бұл көрініс Серінің сезімін шайқап, серпілген көңілін сәтте басып тастады. Көзіне шып-шып жас толды.
Заманы өткен екен сәйгүліктің!.. Бәйгенің алдын бермей, қиядан құйрық-жалы желбіреп, көк жібек шүберек құсап жалаулатып бірден көзге түсетін көк тұлпар Жалаукөк атанып еді-ау! Енді сол көп сүйінетін Жалаукөк кісінің көзі түспейтін жадау көк болыпты. Бұрын көрмеген адам мына сүйегі арса-арса жадау көк атты Жалаукөктей жүйрік болды десе сенер ме?! Өзін біреу «Ақбөбектей аруды Адайдан таңдап сүйген сері Қайып еді» десе нанар ма?! Ендігі жас бірін сері, бірін сәйгүлік десе келекелеп күлер.
Қайып сияқты бұның да басынан бағы ауған екен. Серінің сағы сынса, жүйріктің жасы жетіпті. Осы ойлардан көңілі құлазып, кірпігі жасқа шыланған Қайып мұңайып, тыста біраз тұрып қалып еді.
Ағайын арасын ай жүріп аралаған сері Ақбөбекті бір көрмей кете алмасын түсінді. Бірге жүрген жерлері оны есіне салмай тұрмады. Жүрегі алып-ұшып, жас күндері қайта оралатындай кейінгі кездері көп толқымайтын сезімін тулатты. Көңілі алабұртып, Ақбөбекке ынтықты. Сағыныштан жарылардай болған ғашық жүрегі ақылға тұсау салдырмады.
Ертесіне жол бойы Ақбөбекпен бірге өткізген тәтті күндерінің елесі, шабандоз бала шағындағы Жалаукөктің көз ұшынан бұлдыраған бейнесі сағымша құбылып, көз алдынан кетпей қойды.
Қаратауға қарай созылған жол ұзақ еді. Қайыптың көңілін бұзып, көзіне жас үйірген жүрек толқынысы, жан тебіренісі сезімін селдетіп, шабытын шайқап жіберді.
Жалаукөк жайы өз мұңымен үндесіп сырлы сөз, әсерлі ән болып шымырлап, жан сарайына құйылып жатты.
Қайыңдыдан ән салдым құлап тұрып,
Қызыл шарқат ойнайтын лақтырып.
«Сәулем» деген бір сөзің естен кетпес,
Кер бестіге сүйеніп, жылап тұрып.
Жалаукөк!
Қайтейін, қалқам, амал жоқ.
Кекілін кер бестінің сылап тұрып,
Ширатып шашбауыңды бұрап тұрып,
Есімнен өле-өлгенше кетер емес,
«Хош-аман бол» дегенің жылап тұрып,
Жадау көк!
Қайтейін, Бөбек, амал жоқ.
Самдағы елден келемін керге мініп,
Алтын тоға, ат басты ерге мініп.
Өлі айрылмай, Бөбектен тірі айрылып,
Онан жақсы еді-ау, кеткенім жерге кіріп.
Жадау көк!
Қайтейін, қалқам, амал жоқ!
Ән Қаратау аспанында қалықтап тұрып алды. Қайыптың асыл махаббаты ән болып шарықтап, әр төбенің басынан айналып, әр бұтаның түбіне байланып, туған жер топырағына тарап бара жатты.
Ақбөбекті бір көрмей кетуге дәті бармаған Қайып ат басын арнайы Қаратауға бұрған. Сырттай болса да сүйгенін бір көріп, көзін тойдырып қайтпақ. Ел шетіне жеткесін әркімдерден жұқалап сұрап көріп еді. «Ақбөбек Есбергенмен бірге, қонысы — Күркіреуік, Жармыш 62 беті» деген там-тұм жауап алды.
Қайып жалғыз емес. Қасында жас жігіт жолдасы бар. Өзімен елден бірге көшкен Көбестің бір баласы. Екеуі кештетіп, Кедей аулының тұсына таяғанда, күн батуға жақындап қалған.
Ауылдың сырт жағында құдық бар екен. Сонадайдан шаушылдап шыңыраудан су тартып жатқан бір топ әйел көздеріне түсті. Жолаушылар солай қарай жүрген. Іздегенін сол арадан табатындай Қайыптың жүрегі аунақшып, аузына тығылды.
Серінің сезген жүрегі алдамапты. Ақбөбекті анадайдан шырамытты. Тұла бойы түгел шымырлап, көзінен жас парлап қоя берді.
Тіп-тік тұлғасы, сындарлы сұлбасынан жазбай таныды. Сол. Қайран, Ақбөбек!
Ақбөбек аттыларға елеусіздеу бірер көз тастағаны болмаса, аңдамады. Ат суара жүрген жолаушыға жорыды.
Қайып даусын шығарып, көпшілікке сәлем бергенде де, Ақбөбек бұған бетін бұрмады. «Сонау Қаразымның ойынан Қайып келе қояр» деп ойламаса керек.
Ақбөбектің өңі сарғыш тартып, реңі оңып кетіпті. Жүзінде бір кіреуке мұң бар. Аңыратып қоя берді Қайып:
Ақбөбек кеткенің бе серттен тайып,
Адамды Алла айырады ерлі-зайып.
Дауысымнан танымасаң танытайын,
Баласы Қорабайдың атым Қайып.
Қапелімде сасып қалған Ақбөбек аң-таң болып, азырақ қарап тұрып, боздай келіп, Қайыптың шылауына оратыла кетті.
Ол да аңырап келіп сағына көріскен.
Санаменен сарғайдым,
Көкірегім толды шеменге.
Шырамытып мен тұрмын,
Қорабайдың баласы Атым Қайып дегенге-ай!
Екі ғашық ең соңғы рет солай көрісіп, біраз мауқын басқасын, қимай құшақтасып, қоштасты. Бұл кезде қызыл іңір түсіп, күн ұясына батып бара жатқан. Күннің күрең шапағы шығыс бетті қанға бояп, көпке дейін қызылы сембеді.
Ақ жүзімнің ажары,
Көңілімнің базары
Айрылдым сүйген жарымнан
Тәңірдің келмей ажалы.
Дүниенің білдім жалғанын,
Көтердім тағдыр салғанын.
Бір көрсем деп аңсаушы ем
Орындалды-ау арманым... — деп
боздаған Бөбек Қайыптың соңында қала берді. Қара түннің құшағына сіңіп бара жатқан қос атты қара үзіп кеткенше көз алмай қарап тұрды. Көзден аққан ащы жасы бетін жуып жатты. Ақбөбек айтқан қоштасу жырының мұңлы сарыны баяу желмен әуелей қалқып, бір-екі белден асқанша Қайыптың құлағына естіліп тұрып еді.
Ақбөбекпен қош айтысып, Қайып атына қамшы басты. Артына қарамауға бекінді. Қайырылса, қан жылаған жүрегін қайта жұбата алмасын сезді. Өзінің де жаңбырдай жауған жасы өңірін жуып келе жатқан. Төңірек тастай қараңғы еді. Күзге салымғы жайма шуақ мезгіл. Айналада ат дүбірінен бөтен дыбыс жоқ. Қайыптың көкірегі шерге толып, өкініш өзегін өртеп, өксік ата зар құсып келе жатты.
Ауылым Сыңғырлаудың кемерінде,
Қараймын Ақбөбектің бедеріне.
Бөбектен өлі айрылмай, тірі айрылып,
Алланың таң қаламын шеберіне.
Ақбөбек, едің телім,
Болдың шерім.
Айрылып сенен алыс жүргеннен де,
Құдай-ау, бұл Қайыпқа берсейші өлім.
Мақпалдай құлпыратын екі бетің,
Мақтадай үлбірейтін аппақ етің.
Ақылың, айтқан сөзің еске түсіп,
Сен болып жүре алмадым есі-дертім.
Сағыныш сүйегіммен кетер білем.
Қалайша баса аламын көңіл өртін?
Ақбөбек, едің телім,
Болдың шерім.
Көңіліңде басылды ма тентек желің?
Басылса көңіліңнен тентек желің,
Құдай-ау, екеумізге бергей өлім...
Ақбөбек пен Қайыптың айырылуы ел ішінің кейбір көкірегі ояу азаматтарының да ашу-ызасын оятқан. Ата заңын бұзды дегенмен, біреуге біраз уақыт жар болып, бөтен босағаны аттап қойған әйелді сүйгенінен әлімжеттік жасап, зар қақсатып, тартып алуы қисынсыз көрінді. Сондықтан жуандық жеңген жосықсыз шешімді әсіресе қарапайым жарлы-жақыбайлар құптамады. Соның бірі теңіз жағасынан балық аулап күнелтетін тура мінезді, әділ сөзді төкпе ақын Сауран еді.
Ақбөбекті әдейілеп барып, өз көзімен көріп, Қайып екеуінің ғашықтық жайына қаныққалы жарлы жігітке бай-жуан ауылдың көрсеткен көзсіз қысастығына іштей наразы болып жүретін. Есбергенмен жете таныс болмаса да Кетік маңындағы Кедейлерді жұмылдырып, Ақбөбекті аңдуға алып, ағайынның намысын жыртысқан болып жүретін бір жігітті Сауран жақсы білетін. Қашаннан байдың, бардың сөзін сөйлейтін жылпос.
Жұрт алдында Ақбөбекті сөзбен тосылдырып, бетін тойтарғандай болғанмен іштей мұңлық аруға ақынның жаны ашып қайтқан. «Ит алған қуда сын болмас» дегендей, аз күнде ажар-көркі солғын тартып, сұлу жүдеп, азып қалғандай көрінді. Әдемі қарақат көзде кіреукеленген мұң бар. Шарасыздық мұңы. Әсершіл ақын жүрегі соны бірден сезіп еді. Бірақ, басынан сөз асырып көрмеген асау мінезі көп көзінше үндетпей қала алмаған. Со заматта аузына келген бір ауыз сөзді сардитып айтып салған. Айтарын айтқанмен, үйіне жеткенше Ақбөбектің мұңды жанары көз алдынан кетпей қойып еді. Сұңғыла ақынның сезімтал жүрегі жас келіншектің көкейіндегі наласын жәудіреген нәркес көздерден тап басып ұққан. Басындағы мұң-зарын бүкпесіз түсінген. Бірақ, өзінің оған араша бола алмасын да білген. Содан қайтып ол жаққа жоламаған. Жолағанда жалаң аяқ балықшының сөзіне құлақ түрер жан табылар ма? Сондықтан да Сауран Ақбөбектің ақтық сотына қатыспаған. Даудың Кедейлердің пайдасына шешілгенін елден естіді. «Кімнің малы болса, заң да соның жағында болғасын кедей-кепшіктің көретін күні осы ғой» — деп біраз налып, қамығып қалған, қамыққанмен қолынан келетін ештеңе жоқ. Өзі де Қайып сияқты сіңірі шыққан жарлы. Кімге сөзі өтеді. Сөйлегенде бұның сөзін кім есепке алады. Қайта бай-мырзалар: «Мына байғұсқа бала-шағасын баға алмай жүріп, билік неге керек екен?» — деп келемеж қылып күлер. Азар болса іштегі ыза-кегін уытты тілімен қайырар. Көкіректегі қыжылын селдеткен ақ жаңбыр сөзбен басар. Жалаң аяқ балықшының қолынан онан басқа не келеді? «Қай заманда да кедейдің көретіні осы ғой. «Күштінің көті диірмен тартады», «Аузы қисық болса да байдың ұлы сөйлесін» дегенді неге айтты дейсің?!» — деп ақын қанша ширыққанмен шарасыздықтан салы суға кетіп, өзімен-өзі іштей булығып, тілін тістеп қалған. Тек Сауран емес, талайлар сөйтті.
Қайып сол кеткеннен Маңғыстауға қайтып оралмады. Көрер жарығы таусылмағасын тағдыр-қожайынның тартқан сыбағасын талшық етумен күн кешті. Ғұмыр бойы ғашық жүрегін әнмен әлдилеп, Ақбөбекпен көрген аз ғана қызығын кейінгі қарабайыр тірлігіне азық қылған Қайыпқа да, сүйген Серісіне деген сартап сағынышын соңғы демі үзілгенше сөндірмей, көкірек түкпірінде сақтап өткен Ақбөбекке де топырақ жат жерден бұйырды.
Алайда, ол екеуінің аты туған жер, ескен елінде ұмытылмады. Көктем сайын қайта түлеп жаңаратын көк шөптей ел жадында жасарып, жаңғырығып, тыңдаған жанның жүрегін тебірентіп, қиялын тербейтін ғажайып ән аңызға айналып, ұрпақтан-ұрпаққа ұласа берді.
Ол аяулы Ақбөбегіне арнаған сері Қайыптың әні.
«Адайдан алған таңдап Бөбек едің»...
ЖОЛАУШЫ
«Дүние бір қисық жол бұраңдаған»
(халық әнінен)
«Бүгін айдың нешесі екен?» Қуыстағы бөлменің қақ төрінде, ақ төсекте ақ көйлек, ақ дамбалшаң шалқалай түсіп жатқан сақал-мұрты аппақ қардай ақшұнақ шал іштей өзіне-өзі сұрақ қойды. Қанша ойланса да өз сұрағына өзі тап басып жауап таба алмаған соң, дір-дір еткен иегі жыбырлап, бас жағындағы қатты қағаздан жасалған күнтізбе кестесіне қалтыраған қолын созды. Сипалап жатып қолына іліккен бір жапырақ қатты қағазды жиегі қызарған сулы көзін сығырайтып ақ шілтерден себезгілей түскен күн сәулесіне тосты. Қанша сықсиса да көз алды бұлдырап, жыпырлаған құмырсқаның ізіндей сандарды бір-бірінен ажырата алмады. «Қой, бұл көз көруден қалғалы қашан!» деді де, қатырма қағазды бас жаққа қайта тастай салды. Күндегісі осы, көзі ештеңе көріп жарытпаса да, күнтізбені әлденеше қолына ұстап, азырақ ойыншыққа алданған баладай біраз ермек қылады да, сығыраңдаудан жалыққанда лақтырып тастай салады. Ақыры: «Айнашжаннан сұрап алармын» деп өзін-өзі жұбатып қойды. Неғұрлым өмір соқпағының шетіне жақындаған сайын, соғұрлым жол ұшындағы өлім жарына асыға түсетін сияқты. Тап бір дүниенің қан базарынан қалып қойған саудагердей, уақыт-керуеннің тым шабан қозғалатынына қынжылады. Құдды жылжымай, бір орнында тұрып қалған тәрізді.
Тықыр жоқ. Маңайы сілтідей тынып тұрған өлі тыныштық. Кейде өзінің тірі жатқанына көзін жеткізу үшін, қолын ербеңдетіп, көз алдына апарып қозғап қоятыны бар. «...Е, баяғыда ғой, үлкендер «жасың ұзақ болсын, көп жаса балам» деп алғыс айтқанда, тәуір сөз ғой деп риза болатын. Бақса, бұл өзі алғыс емес, қарғыс екен ғой. Қарғыс емей не болсын, жан-жағының бәрін жылан жалағандай тып-типыл ғып жұтып, жападан-жалғыз жарға қарап, төрт қабырғаға құлыпсыз қамалып жатысы мынау. «Ее...е...е, қартайған күнде ер жетім» деген осы емес пе?! Қаріп көкірегі қарс айырыла бір күрсініп алды да, көзін жұмды. Көзін жұмса, өмірі тарқамастай думанды күндердің қас-қағым сәттері көз алдында көлбеңдеп тұрып алады. «Дүние — қызыл түлкі бұлаңдаған» депті-ау, мен құсаған бір бейбақ. Басынан талай дәурен өтті ғой. Ойлап жатса, бұл өзі жарық дүниеге жалмауыз болып туғандай екен-ау. Атадан жалғыз әкесі аттан жығылып өлгенде, бұл әлі анасының құрсағында жатыр екен. Жүзін берген соң дүниеге келген ұлдың атын ағайын-жекжат жиналысып, асылдың сынығы, тұлпардың тұяғы - жақсы атаның ізін басар ма екен деп ырым қылып «Ізбас» деп қойыпты. Алты атадан кіндіктен жалғыз-жалғыздан туып, үзілер-үзілмес жіңішке жіптей атадан балаға мирас болған жалғыздық жетінші ұрпақ бұның да басына қонған. Әуелде бір көріпкел диуана ұлы бабасы Артықбайға: «Ұрпағың малдан жарлық көрмесе де, басқа жарлы болар. Жеті атаға дейін тұқымың жалғыз-жалғыз боп жалғасар, жетінші балаңда не өшесің, не өсесің» депті деген бар. Сол жетінші ұрпақ осы Ізбас. Жиырмаға жетпей қалған шешесін күйеуінің жылы өткен соң ауылдың ақсақалдары жиылып: «Ет жақының жоқ болса да, ел-жұрты бар» деп, атыгелді ағайын алпыстағы дәулетті шалға атастырыпты. «Малы бардың - жалы бар» деген солдағы. Ізбастың көзін ашқалы көргені сол — Тоқболат шал.
Обалы не керек, Тоқболат бұған жетімдік көрсеткен жоқ. Әуелде бағы жанбай балаға шөл болып, мұңайып жүрген байғұс бұны өз баласынан кем көрген жоқ. Анасы марқұмның аяғы құтты болып, Тоқболаттың есігінен аттаған соң тоқпақтай ұл туған. Тағы да сол «бір өлі, бір-тіріде» бас қосатын ағайын-ажын атын Атабай деп қойыпты. Алпыстан асқанда маңдайы жарылып, еріні жібіп ұл сүйген шал шалқытып той жасап, құдайға ақсарыбас шалып, елді бір қарық қылған. Сөйтіп қуанышын баса алмай жүргенде, Мақпал тағы бір қыз туған. Тоқболат бұрынғы әйелдерінің біреуі өліп, бірінің туған баласы тұрмай, «Бұл жалғаннан перзентсіз өткенім бе?» деп зар қағып жүргенде, үш бірдей балалы болып, жоғы түгенделіп, ортасы толып, көңілі бірленген. Әйелінің көңіліне қарады ма, әлде, отымның басына ақжолтай болып келді деді ме, әйтеуір, Ізбасты бетінен қақпай өсірген. Кигені — жібек, мінгені — жорға, жирен айдар, түбіт мұрт шыбықтай бұралған жігіт болғанда, маңайында бұған көзін сатпаған қыз кемде-кем шығар. Тоқболаттың арқасында бар-жоқтың не екенін білмей бұла боп өскен бозбаланың мінез-құлқы да басына бұғалық түспеген асау дөнендей арынды еді. Бетіне ешкім жел боп тимеген ерке баланың айтқаны болып, атқаны тиетін. Әкесінен қалған малы да бір басына қалай былғаса да жететін. «Бұл енді не жарға соғылар, не дауға ұрынар» деп, анасы тасқа сиіп жүргенде, баласының бойынан өзгеше бір мінез тапты. Баласы ән-жырға әуес, сөз тыңдағыш, жиын-тойға құмар боп шықты. Тоқ болса да, тоңмойын болмады. Өзі елден ерек сыпа-сері. Аттың жорғасын мінеді, бөріктің қамқасын киеді. Қолына ұстаған қамшысының сабына дейін күміспен қаптап, кездігіне дейін алтынмен саптап сән-салтанат құра бастады. Кескін-келбеті қату, түсі суық болғанымен, бітім-болмысы кербез, кеудесі шалқақ. Түскен ауылының бар баласы бұның шылбырына оралып, біреуі етегіне жармасып, біреуі қамшысына таласатын көрінеді. Сондағысы: сыртынан бір-бір сипап қалуға құмартады екен. «Апыр-ай, бұл кімге ұқсап жүр?!» деп, көк теңіздің бір пұшпағын жайлаған қоңырқай ауылдың кәрі-құртаңы таң қалысты. Өткен-кеткен бұрылып, бір қарамай өтпейді, үйіне бір түстенбей кетпейді. Тоқболат болса, қойшының қой торысы секілді момын, күй талғамайтын қыр қазағы. Малының жайы, марқаның құйрық майы, аққұйрық шайы болса болды. Басқаға басын ауыртпайды. Күйттейтіні отбасының қамы - балаларының төбесін көріп отырса, бөтен қайғысы жоқ. Бет ажары тәп-тәуір, бірсыдырғы, киім киісі түзу болғанмен Мақпалдың да орасан қызылды-жасылды боп жүргенін көрген ешкім жоқ. Өз әкесі — Саржан да білегінің күші, жүрегінің түгі бар ер мінезді, бірбеткей, батыл жігіт болатын. Жиын-тойда, ас пен айтта күреске түсіп, асау үйреткені болмаса, ат баптап бәйгеге қосатыны болмаса, ол да бұл құсап қырмызы киіп, үкі тағып, қызтекедей көзге түскен жері тағы жоқ. Ал бұл ше?! Төрт аяғын тең басқан, тайпалған күрең жорғаның үстінде, күміс ер-тұрманы жарқылдап, құндызбен жұрындаған күрең барқыт бешпент киіп, деңментпен белін буып, балағын жалпақ зермен көмкерген жасыл мақпал шалбар, шиқылдаған бестақа етік киіп, қызыл тысты қамқа бөріктің үкісі бұлғаңдап, қаққан қазықтай қақшиып отырғаны. «Тым қызылшылсың-ау, қайным, қызың көп болады ғой» деген ауылдың аузы жеңіл қатындарының қалжыңына да қыңқ етіп қиналмайды. «Баланың жақсысы нағашыдан» деген емес пе, жігіті түгіл итіне дейін домбыра тартып, күй шалатын, ән-жырдың дүкені -Ақ Жайықта ғой бұның нағашы жұрты, ұқсап жатқан жерін қара» десіп, жымыңдасып қалатын, қармақты тереңге тастайтын көнекөз қариялар. Төменгі жақтың бір топ қайқысы мен шайқысына еріп, Ізбас бірде Жайық бойындағы нағашысына асып кеткен. Той тойлап, жәрмеңке жайлап, алты ай жаз ауылдан қара үзіп, елдің бетін көрмей кеткен.
Қашаннан ән мен жырдың ордасы - Ақ Жайықтың шетінен әнші, күйші қыз жігіттерін көргенде, көзі жайнап, қиядан қырдағы түлкіге көзі түскен түз бүркітіндей әр ауылдан бір ән, бір тойдан бір күй тыңдап, құмарынан шыққан. Көңілі қалағанын үйреніп, ниеті құлағанын домбыраға сатып, серіктеріне сынатып, қырып-жойып дегендей, қанатын ұштап жүре беріпті. Бірінен-бірі өткен Жайықтың қыздарын айт! Несін айтасың, шетінен үріп ауызға салғандай сұлу, өңкей тілінен балы тамған шешен, суырып салып ағып тұр. Өздері қыннан суырған қанжардай өткір.
Әкесінің де Жайықтың ақ сазанын алыстан ат сабылтып, ай жүріп, ауылына апарып жүргені қайдан тегін болсын?! Жем-Сағызды жаз жайлап, күзде қарасуды кешіп өтіп, Маңғыстаудың мың шұқырлы мамық ұядай сай-салаларына құлайтын Адайдың пысықай жігіттері әрі өтіп, бері өткенде жертөленің төбесіне жапекеш жайған жатақтарға соға жүретін.
Күнелтіске кедей болғанымен, көңіл-күйге бай балықшы ауылдың қыздары да ақ сазандай жарқылдаған әсем де әдемі.
Сол ауылдың қойлы ауылға келін боп түскен бір еркетотайы айтыпты: «Бекіренің бел кеспесін жемейтін қайран басым, қойдың қоңырсыған құйқалы етіне қор болдым-ау» деп.
Балықшы ауыл қыздары шетінен шешен, судағы балықтай жылмаңдап айтыса кетсе сөзден ұстатпайды. Мақпал да сол балықшы ауылдан екен. Саржанның қырағы көзі айдай ару Мақпалға түсіп, қырық жетісін қырқа матап беріп алыпты. Әуелде Мақпал да әжептәуір әнші болыпты. Жары жастай мерт болып, бағы қайтқан соң өнерін қойып кетіпті дейтін. Растығына көзі енді жеткен сияқты. Бұл елде «әу» демейтін жан баласы жоқ шығар, сірә. Қи сасыған қойшы-қойманшысына дейін әнші, балағынан суы шұбырған балықшысына дейін күйші. Жастықтың буымен бұлғақтап жүріп, үлкендерден талай естіген «батырлық, байлық кімде жоқ, ғашықтың жөні бір басқа» дейтін жұмбақ жымға өзінің де жылп етіп қойып кеткенін Ізбас аңғармай да қалған. Бәрі ойда жоқ ойламаған жерден басталды.
Көңілшек халықтың қонақжай салтымен бір кеште серіктерімен ақ боз үйге жиналған отырмақтың үстінен түскен. Орта бойлы, уыздай аруды бір көргеннен ұнатып қалды. Құрбыларының арасында толған айдай жарқырап отырған талдырмаш қыздың қасынан орын тигенде, іштей қуанғаны шын. Үй толы жастар бұны «жиен» деп, көтермелеп, табанын жерге тигізбей, қолдан-қолға өткізіп, төрге шығарған. Өзіне өзгеше ықылас көрсетіп, қайда барса да қақ ортадан орын беріп, қонақтап, құрақ ұшқан жайдарман жұртты Ізбас жалындырған жоқ. Алшаңдай басып, аққудың көгілдіріндей болып, таранып отырған, қасы қиылған, көздері айнадай жарқыраған, ақ мақтадай үлпілдеген арудың оң жағынан жайғасқан. Көз қиығы –қызда, құлағы — әнде. Әсем ән ақ боз үйдің ашық түндігінен қара көк аспанға тік шапшып, көктің жүзін алмастай өткір үн тілгілеп жатыр.
«Ақкөйлек, қара бешпент, әдемі-ау қыз....» Тұла бойды шымырлатқан шырқау биік дауыс. Қапылыста қаз мойынға қыл бұғалық сарт еткен асаудай шыңғырған қуатты айқай әуелеп барады. Аспанға шапши-шапши сансыз cap жұлдыздың біріне қыл арқанның бір ұшы ілініп қалғандай, шырқаған үн кеңістікте әлі шыңылдап, шырқырап тұр. Дәл бір Ізбастың жанындағы аруға әдейі арнап айтылып жатқандай. Иә, әдемі қыз екені рас.
Ақ маңдайдан төмен - жіңішке керме қас. Жалтылдаған нұрлы жанар. Кішкентай пісте мұрынның жұп-жұқа желбезегі тыныс алған сайын жібектей желбірейді. Ақша беттің ұшындағы болар-болмас қызыл арай жанындағы жігіт қараған сайын, лып етіп тұтанған оттай нұр дидары алаулап, құлағына дейін қызарып барады. Уылжып піскен шиедей ерінді жұтып жібергісі келгендей, жас жігіт те әлсін-әлсін жұтынып қояды. Жұп-жұмыр жұмсақ иектің астындағы ақ ұлпа бұғақ үлпершектей үлпілдеп тұр. Тек әнде айтылған ақ көйлектің сыртынан қара бешпент емес қызыл камзол киіпті. Жуандығы жас баланың білегіндей қос бұрымның ұшы қара жыланның құйрығындай ширатылып, бүрмелі ақ көйлектің етегінде шумақталып жатыр. Сол отырыста Ізбастың жанындағы сұлуға басқа да көз сұғын қадап, қолқа салушылар көп болған. Бәрі бұның қасындағы қызды қалайды. Бірақ Ізбас көршісін ешкімге қимады. Қыздың жолына бар асылы — күміс белдігі мен алтын жүзігін де аямады. Кілең ығай мен сығайдың ортасында отырып, бар даусымен ән айтуға да ұялған жоқ. Өңкей бал бармақ күйшінің арасына отырып домбыра шалуға да шіміркенбеді. Ұядағы сары ауыз балапанды айдаһарға алдырмау үшін жан дәрмен шырылдап, отқа түскен торғайдай жанын ортаға салған. Ақыры дегені болды. Көршісі жанында қалды. Бірақ жер түбінен келген жалғыз атты адайдың қалың беріштен сескенбей Жайықтың жәудір көзіне жабыса қалған жосықсыз әупірімдігі ұнамаған ауылдың арлы жігіттері бұның жиендігін сылтауратып, белдігі мен жүзігін қайтармай қойған. Оған да мыңқ етпеді. Қыз алдында намысты қолдан бермей, көршісін алып қалғанына қуанды. Байлық деген не? Мынадай арудың қасында бір кеш отырғанның өзі ер жігітке байлық емес пе? Қолдың кірі - боқ дүниеге бас ауыртатын адамың Ізбас емес. Шындығында жомарт жүрек мәрт жігітке содан былай қыздың да ықыласы ауа бастаған еді. Намысқойлығы ұнады ма, өткірлігіне қызықты ма, әйтеуір алғыр адайдың мысы басты. Ізбастың жарты жыл ауылын іздемеу себебі де сол болатын. Ажар ауылын ұмыттырып жібергендей еді. «Шешең қатты науқас» деген суық хабар алып, артынан қуғыншы жеткенде ғана, шие еріннен бал татып, бірге болуға бәтуа байласып, үлгерген Ізбас жедел жолға шыққан.
Ауылға келгенде шешесін қауымға жерлеп қойған екен. Өмірдің өтпелілігіне сонда тұңғыш көзі жеткен Ізбас анасының қабірін құшып, қатты қамығып жылаған. Алыста жүріп, анасымен арыздаса алмай қалған өкініші өзегін өртеп, өксігін көпке дейін баса алмады. Не пайда, өткен өтті. Көкейінде өкініш дертінен тұнған мұңды әуен күні-түні бебеулеп, қоңыр домбыраның қос ішегінен күй болып төгілді. Анасына арналған пәк сезімі шумақ-шумақ жіптей шиыршықтала келе шып-шымыр шерлі саз боп құлақ түбінде ұйып қалды. Арада айлар өтіп, анасының асы жақындағанда алғаш әкесіне сыр ашты. Жайықтың арғы бетінде қалған жәудір көздің жайын айтып, адам ертіп, сапарға шыққан. Күздің қара суығына ұрынбай тезірек қайтуды қайта-қайта тапсырып, Тоқболат батасын берген. Бұл әйгілі он жетінші жыл еді. Ізбас та дәл сол жылы он жетіге толған. Жайық бойын ен жайлап жатқан жалпақ елдің атқамінер азаматы – Нариман кенже қызын қайдағы бір қаңғыған адайға бергісі келмеді ме, әлде бұрыннан сөз байласқан біреудің болғаны рас па, әйтеуір бұлардан ат-тонын ала қашты. Ізбас қатты қорланды. Жеңгесіне кісі салып, қызбен қалың қамыс ішінде оңаша жолыққан. Құдайға шүкір, қыз бастапқы уәдесінен айнымапты. Батыр елдің ұрпағы емес пе, неге де болса көнетінін айтып, басын біржола бәйгеге тіккен. Серттен таймаған сұлуға онан сайын ынтық болған жігіт бір іске бекінген. Өзін белгіленген жерден тоспақ болған қыздың жауабын естіп, көңілі көншіген Ізбас нағашы жұртына түнделете келіп қонған. Жолға қамданып, атын баптаған. Таң саз бере уағдалы жерге жеткен Ізбас қосарға алған аттарын қосшы балаға тастап, қабырғадай қалың қамысты сытырлатып шымылдық тұтқандай тығыз құрақты сырып ашып, жан-жағы тегіс қоршау-қамашау қойнауға жалғыз кірген. Жайық таң қараңғысында жыбыр-жыбыр етіп, жыландай ирелендеп, жер бауырлап жым-жырт жылып ағып жатыр. Лүп еткен жел жоқ. Тымырсық қойнауда әр дыбысқа елеңдей құлақ түрген алаң көңіл жігітке әр сәт жылдай ұзақ боп көрінді. Қыз болса, кешігіп жатыр. Шығыс жақ бозарып, айнала көзге айқындала бастады. Сол шақта қарсы беттегі құрақ судырлап, ақ көйлектің етегі жарқ ете қалды. Ажар екен. Қолында түйіншегі бар. Ұйқысыздықтан ба, әлде жылаған ба көзі қызарып кетіпті. Ізбастың жүрегі асау аттай тулап кетті. Орнынан ұшып тұрып, құшағына кіре берген қыздың аш белінен айқара құшақтай алды да, ақша беттен, ақ тамақтан, айна көзден ашқарақтана сүйе берді. Бір жағынан елін қия алмай, бір жағынан сүйген жігітінен айрылғысы келмей алабұртып тұрған Ажарды әлуетті қолымен жерден көтеріп алып, аттарға қарай жүгіре берген...
Ой, дүние-ай! Ақ төсекте тірі әруақтай арса-арса боп жатқан арық шал қиюы қашып, әлдеқашан қақсып қалған ескі кебежедей сүйек-сүйегін сықырлатып, оң жамбасына аунап түсті. Сөйткен Ажармен де бұл бейбақ бар-жоғы өң мен түстей екі-ақ жыл дәурен сүріпті-ау!!! Дүние-жалған деген солдағы.
Ажар десе, Ажар еді ғой өзі де. Бір өзі бүкіл ауылдың ажарын кіргізіп, көп үйректің арасындағы дара аққудай таранып, жарқырап жүретін. «Көркіне ақылы сай». Ауылдың үлкен-кішісі алдында қоғадай жапырылып: үлкені - «Ажаржан» деп, кішісі - «ақ жеңеше» деп, айналып үйіріліп тұратын. Жан баласына жағымды да еді ғой шабаз. Бүткіл ауылдың айнасы секілді. Қыз біткен Ажарға қарап бойын түзеп, шашын Ажарға өргізуге құмар еді. Көйлектерін Ажардыкіне салып пішуге, тақиясына Ажардыкіндей түйме қадауға әуес болатын. Қызға сөз салатын бозбала Ажармен сыбырласып, жігітке жолығысатын қыз Ажармен сырласатын. Кексе қатындардың өзі: «Ажарға айтайық», «Ажардан сұрайық» десіп, өрмек жүгірсе де, текемет басса да жіптің қызылын көп жүгіретінін, не көгін көп жүгіретінін, талдырманы жіңішке оятынын, не жалпақ оятынын Ажармен алдын-ала ақылдасып алып жүргендері. Ол кезде тамақ тауып ішудің өзі қиын заман еді ғой. Айдалада мал соңында лағып жүрген қаймана қазақ қант-шайды да, арпа жүгеріні де айлап, апталап жүріп, артынып-тартынып қаладан тасып ішетін. Шаңырақтың құты бір адамда тұрады деген бекер емес білем. Анасы өлгелі Тоқболаттың шаруасы шам қала бастаған. Жұтқа ұрынды, індетке ұшырады - мал көп қырылды. Мол дәулет қоңырқай тартып қалды. Бұрынғының бәрі малдың барында екен ғой. Үй-ішінің де, малшының да қойдай топырлап ұйлығып жүретіні. Қоңылтаяқ күйге түскен соң, олар да сыпырылып жөндерін тапты. Тек ұсақ жандық пен аздаған жылқыға бас-көз болатын бұрыннан ата-бабасы Тоқболаттың есігінде туып-өскен қойшы-жалшыдан басқа басы артық адам аяғы сиреген. Бұрын қалаға шығарда керуенді басқарып баратын сенімді, қарулы жігіттері болушы еді. Заман ағымына ілесіп, олар да бас-басына кетті. Шау тартып, қартайып қалған Тоқболат болса, шаруаға бас-көз болудан қалған. Ендігі шаңырақтың бас көтергені Ізбастың өзі. Бір жолы ауылдың қайратты жігіттерін бастап, қалаға шығуға қамдана бастады. Соның алдында ғана Ажар өз-өзінен біртүрлі болып, түсі қашып жүрді. Ертең жолға шығамыз деген түнде Ізбастың жалаңаш төсіне бетін басып жатып Ажар: «Осы жолы сен бармай-ақ қойшы, осы сапардан қал. Түйеңді біреуге тіркеп жіберерсің» деген. «О, не дегенің, айға жетпей ораламыз. Бесқала деген мына жер емес пе?» деп Ізбас келіншегінің қараңғыда жегілік шамдай жарқырап жатқан жанарынан алма-кезек сүйген. «Мен қорқамын, жүрегім бірдеңеден шошиды, түс көрдім» деген Ажар. Таң ата жүрмек боп, буынып-түйініп қойған бұл оның сөзіне ұйқылы-ояу жатып мән берген жоқ. Қайтып Ажарды мүлдем көре алмайтынын сорлы басы қайдан білсін. Қайта оралғанда, қаралы жиынның үстінен шықты. Кеше кеште үзілген Ажарды ақ жауып, оң жаққа қойыпты. Енді азғантай кідіргенде жерлеуге жетіспейді екен. Сәскеде асыл арудың жансыз денесін жер қойнына тапсырғалы отыр екен. Күтпеген қаза Ізбасты есенгіретіп кетті. Жүрегінің қабы жыртылып кеткендей, көкірегі дал-дал. Көпке дейін сүзек аурудай сүлесоқ боп оңала алмады. Қарақұстан қатты соққы тигендей көз алды қалың тұман. Құлағы тарс бітеу. Ештеңе естімейді. Жанмен жақ ашып тілдесуден тыйылды. Тоқболат тәуіп шақырып, үшкіртуге бел байлаған. «Жүрегі орнынан қозғатыпты, төтеннен естілген хабардан шошыпты ғой» деп, бір жұма қорықтық құйып, ішірткі берген Құрман тәуіптің дуасы түсті ме, «енді жазылады» деп кеткеннен кейін Ізбас адам қатарына қосыла бастаған.
Адам өмірі деген дым емес екен ғой. Жарық дүниені Ажар жиырмаға жетпей тәрк етіпті. Құдай сездірген екен, сорлы өзінің өлетінін алдын-ала біліпті-ау. Түсі тегін болмады ғой. Сап-сау жас келіншектің ажалы түйе қараған қыдырма қонақтан болар деп кім ойлаған. Көзі тұздай, түсі суық жар қабақ шал кешқұрымғы апақ-сапақта сопаң етіп кіріп келгенде, от басында отырған Ажардың түсі қашып, орнынан ұшып тұрыпты деседі ауыл үйдің куә болған қыз-қырқыны. Сонда бейтаныс шал сұлу келіншектен көз алмастан сұқтана қарап:
Ай, аппақ келіншек неге шошыдың? Өзім қара болғанмен, менің де сен сияқты аппақ қызым бар. Менен шошыма, - деп состиып тұрған.
Ажардың жанына таяп, жауырынынан қағыпты. Бар болған оқиға сол. Ажар содан кейін-ақ жиі-жиі күрсініп, жүрек тұсынан алақанын алмапты. Қонақ ертесіне аттанып кетісімен, түнімен дөңбекшіп шыққан Ажар төсекке сұлап түсіпті де, сол жатқаннан тұрмапты. Қонақ келген мезетте үйде болмаған, бәрінен бейхабар Тоқболат санын бір соғыпты. Жуындырған әйелдер келінінің сол жақ жауырынының тұсында алақандай қара дақ бар екенін айтқанда ғана қонақтың көзі атып кеткенін бір-ақ біліпті. Ол «атпа көз Асан» атанған көзінің өткірлігімен елге аңыз болған танымал адам екен. Жұрт одан жаңа туған баласы мен төліне дейін тығып, жасырып бағатын көрінеді. Айтып айтпай не керек, айдай ару Ажар сөйтіп, таң ата жығылғаннан күн ұясына қонғанда көзін ашпай сұлқ жатқан күйі жүріп кетіпті.
Қайран, Ажар-ай! Қапыда айрылдым ғой сенен! Сонда сенің сөзіңе неге құлақ аспадым?! Жаныңда неге қалмадым мен бейбақ?! Ақ шұнақ шалдың иегі кемсеңдеп, нұры тайған жанарынан жас моншақтары тізбек-тізбек боп, самайына қарай сырғанады. Танауы қусырылып, адам аярлық кейіппен балаша өксіп-өксіп жылап жіберді. Кәрі көкірек сыр-сыр етіп, демігіп те қалды. Сол сәтте сырт етіп ашылған есіктен енген бойжеткенді де байқамады. Тыстағы дыбысты бос құдыққа лақтырылған кесектей күңгір-күңгір еткізіп, тосаңсып қалған құлағы дұрыс қабылдамайтын. Он алты он жетілердегі жас қыз қасына келіп, маңдайына саусақ сыртын басып көріп:
— Не болды, ата, ауырып қалған жоқсыз ба? Басың ыстық қой? — деген қамқор даусы үзік-үзік боп, құлағына еміс-еміс жеткенде ғана, көзін ашты. Ештеңе түсінген жоқ. Тек қыздың салқын саусақтарын қалтыраған әлсіз қолымен әрең қармап, ақырын әкеп кеуде тұсына апарып қысты. Өзінің жалғыз жанашыры, жиеншары Айнашын танып, оған шүберектей құп-қу ернін зорға икемге келтіріп:
— Келдің бе, құлыншағым, - деді сырыл аралас қарлығыңқы дауыспен. Айнаштың:
— Неге жыладың, ата, басың қатты ауырды ма? - деген кезекті сұрағын тағы жауапсыз қалдырды. Естімеді ме, тым-тырыс жата берді. Әлден соң ғана, есіне бірдеңе түскендей қылқиған қу тарамыс мойынға әзер ілініп тұрған шиге шаншыған құмалақтай қырым еті жоқ түймедей басын жастықтан болар-болмас көтеріп:
— Бүгін нешесі? — деп сұрады. Айнаш атасының құлағына аузын жақындатып дауыстай жауап берді. Осы кезде ерлі-зайыпты екеу де есіктен қосақтаған қойдай қатарласа көрінген. Айнаш осы екеуінің жалғыз қызы. Одан басқа екі ұлдың үлкені -Ертай Астанада оқитын. Ал Нұртайы жолдастарымен ертелетіп теңізге тартып кеткен. Сағыныш - қарындасы Ардақтан туған Тұрғанның тұңғышы. Көп жыл баласы тұрмай жүргенде сағындырып туған қыздың атын Ізбастың өзі Сағыныш деп қойған. Бұл күнде ол аты ұмытылып Соня аталып жүр. Қалай болғанда да осы уақта Ізбастың Сағыныштан басқа жер бетінде жақыны қалған жоқ. Бәрінің соңында жол жиегіне шығарылып тасталған қара тастай мелшиіп өзі қалды.
Тоқболат әкесі Ажардың қырқы өткен соң аяқ астынан үш күн ауырды да дүние салды. Атабай Отан соғысынан оралмады. Бірге туғаннан Ардақ екеуі ғана қалды. Құдай оны да көпсінді ғой, олар тірі болғанда бұның мұртын балта шаппас еді-ау. Амал қайсы, қарындасы мен күйеу баласы соғыстан соңғы Ашхабадта болған жер сілкінісінен опат болды. Құдайдың құртайын десе де, құтқарайын десе де құрығы ұзын ғой, сол төңкерістен торғайдай тоғыздағы қыз Тұрған аман қалған жоқ па?! Ой, жаратқан Алла, өзің жар бол, мына қарайған немелерге. Әне, сол Тұрғаннан қалған Сағыныш қой бұл. Сағыныш май құйрық қыз болып, ізінен екі інісін ерте туды ғой. Әуелден басы құтаймаған Ізбас сорлының қуанышы қойнына сыймай, арасы жас жарымнан өмірге келген екі ұлға Сүйініш, Жұбаныш деп ұйқастыра есім берген. Жұбанышы тірі болғанда бір елге тұтқа болатын азамат болмас па еді?! Ауған жерінде шейіт боп кетті ғой, жарық күнім!
Мұрат пен Сағыныш жуынып-шайынған соң шалды шақырмастан шайға кіріскен. Үйреншікті әдеттері болса керек, бүйірдегі бөлмеге бастарын да сұққан жоқ. Тек сол өздері аяқ баспайтын қарттың бөлмесіне кіріп-шығып жүрген Айнашқа:
— Шай ішпейсің бе? - деді шешесі қатыңқы қабақпен, - Сол шалды жаңа көргендей қасынан шықпайтының не?
Сағыныш қаладағы көгалдандыру мекемесінде бас бухгалтер болып істейтін, Мұрат - өрт сөндіруші. Сағыныш өзінің етінің тірілігінің арқасында бір кездері Ізбастың беделімен алынған бес бөлмелі пәтердің қуыс-қуысын тышқаншылап тістелеп тасып жүріп толтырған. Мұраттың дүниемен ісі жоқ. Тамағы тоқ, көйлегі көк болса болды, басқа затқа алаңдамайды. Үйдің бар ауыртпалығы әйелінің мойнында. Осы шаңырақтың еркегі де, әйелі де өзі. Мұраттың қолынан келетіні аптасына бір мезгіл ас үйдегі үстелдің тартпасында жататын төрт-бес пышақты жинап алып, асықпай отырып әрқайсысын жарты сағат жақсылап қайрайды. Қалған уақытта жұмыстан бос кезін қара жәшіктің алдында қисайып жатып өткізеді. Алдымен баспасөзге шығып тұратын теледидар бағдарламасын қолына алып, бастан аяқ қызыл сиямен сызып шығады. Әрбір жақсы көрсетілімнің тұсына өздерінің жергілікті сағаты бойынша түзету енгізеді. Міндетті түрде көруі тиіс дегендерін ирек сызықпен ерекше белгілейді. Сосын барып, құрақ көрпенің алды-артын екі-үш жастықпен тұйықтап, киіз қоршаған түйенің үстіне отырғызған баладай теле әлеміне жолға шығады. Күндегісі сол. Қара жәшіктің сөзі таусылып, суреті сарқылғанда ғана амалсыз жатақ бөлмеге беттейді. Тындыратын бар жұмысы осы. Бірақ оған Сағыныш түк түйір ренжімейді. Өзінен едәуір жасы кіші Мұратты тұңғыш баласынша бағады. Не жеп, не ішуді, не киіп, не кимеуді, жиын-тойға бара қалса, нені сөйлеп, нені айтпауды да үйретіп отырады. Аздап ішімдікке әуес күйеуінің ащы суға аңсары ауып тұратынына да қабағын шытпайды. Жұрттың күйеулеріндей кез-келген қарайған тал бұтаның түбінде иістері маңайдан жүргізбей сасып, боғауыз былапыт сөзді бала-шағаның көзінше бет алды ақтарып құсудан өзі құтқарып, ақ шөлмектің тазасынан әкеп тоңазытқышқа салып қояды. Анда-санда ас үйден айналшықтап шыға алмай, бет-аузы түгел жыбырлап кететін Мұратқа мөлшермен ғана оймақтай хрусталь стаканға өз қолымен құйып береді.
Мұрат тәртіптің адамы. Шашау шықпайды, тәртіпті қайда да қатаң сақтап үйренген. Тоңазытқышта аузы ашық тұратын шөлмекті де өз бетімен орнынан да қозғап көрген емес. Тіпті гараждағы су жаңа машинаның кілті де Сағыныштың жанында. Екеуі бірге мініп, бірге түседі. Ең жеңілі өз мекемесінің қақ желкесіндегі Сағыныштың кеңсесіне соқпай, жұмыстан кейін үй жаққа аяқ баспайды. Кеңседен шыққан соң екеуі базардың үстімен оны-пұнысын тең бөліп көтерісіп жаяу қайтады. Тіпті үш баласының да бірде-біреуі бұған тартпаған. Үшеуі де ұзын сирақты, төстері қайқайған, кемиек қара. Бітік көздері де, ұшы жылтыраған жалпақ май мұрындары да, дүрдік еріндері мен ұйқы-тұйқы қастарына дейін Сағыныштан аумай қалған, іспек қабақтың астынан бозара қарайтын сұр жанар сұстарын күшейте түседі. Тек Айнаштың жұмсақ мінезі мен сұрғылт көзінің кісіге қарағанда жылынып жүре беретін нәзік сәулесі — Мұраттікі. Жіңішке сүйекті, тапалтақ ақ сары жігіттің күлімдеген кішкене қой көздері кісіге қарағанда жыпылықтап кетеді. Әп-әдемі кішкентай қыр мұрнының ұшы тершіп, жұп-жұқа еріндері жыбыр-жыбыр етіп, сөйлемес бұрын Сағынышқа қарап дағдыланған әдетпен жан-жағына жапақтап кідіріп қалады.
Сондайда аздап тұтығатыны бар. Дөңгелек жүзінің бозғылт реңі лезде лып етіп, қызғылт тартып шыға келеді. Тас төбеден маңдайға қарай қасқая түскен аула ішінен аршылған қысқы жолдай ақсиған құйқасын сырт көзден тасалау үшін күмістей жылтылдаған мап-майда үлпілдек шашын оң құлағынан сол құлағына қарай жатқыза тарап қояды. Бөтен кісінің көзінше босқа тұтыққанды жаны сүймейтін Мұрат өзінен бойы бір қарыстай биік Сағыныштың соңында әрдайым енесіне ерген сүт тайлақ құсап тайраңдайды да жүреді. Жаңа да сыртқы киімін ауыстырып жатқан Сағыныш:
— Шай қоя салшы, - деп еді, енді міне, сол шәйнекті ортаға алып екеуі қуықтай ас бөлмесіндегі тілдей үстелде қарама-қарсы отырып, төбелерін түйістіре шүйіркелесіп ыстық шайларын ұрттасуда.
Мұрат басын бір шаршы ақ шыт орамалмен таңып алып, шыны аяқты аузына апара берген Сағынышқа жапақтай қарап:
— Соня, бізді іссапарға жіберейін деп жатыр, - деп жұмысындағы жаңалықты жеткізген. Қызметтес келіншектері сияқты Мұрат та Сағынышты ылғи Соня деп атайтын.
— Қашан?
— Ертең.
— Кеше неге айтпаған?
— Телефонограмма кеш келген шығар...
— Анадағы жарылыстың әлегі-дағы?!
— Мүмкін.
— Мүмкін жоқ, тап солай, біздің қыздар айтып отыр. Газетке де шығыпты ғой. Ақшаға келген газетті жұрт құсап как следует қарап шығуды да білмейсің. Көретінің телевизор, онда кішігірім қалашықтардың хабарын айта бермейді. Маңызды нәрселер болмаса... Мұрат томсырайып, тершіген тұмсығын биіктігі бір қарыс нән бокалдың ернеуіне жасыра берді.
Мұраттың шай ішкені қызық: салмағы жарты килолық бокалы бар. Сонымен бір толтырып құйған шайды бір сағат отырып ши қасықпен былғап-былғап асықпай суытып алады да, басына бір төңкереді. Кей-кейде қызық кино, не соны хабар басталатын уақыты боп қалса, орталау құйдыртып алады да қалған жерін суық сумен толтырып тез суыта қояды. Кейде Сағыныштың дәлелді уәжіне жауап бере алмай қиналған мезгілде ыстық шайды жиі-жиі ұрттап аузын күйдіріп әлек болады. Міне, тағы сөйтіп отыр.
— Не болды, сонша асығып, күйдің ғой, - деген Сағыныштың сабырлы даусы естілгенде барып, батпандай бокалын гүрс еткізіп үстелге қоя салады. Сағыныш үзбей алып тістейтін қымбат тәттіден бір сындырып аузына салып қойып шайды баппен сораптай отырып, бастапқы сөзінің ұшын қайта сабақтады.
— Сол газетте: «...облыс орталығында, дәл әкімшілік үйінің желкесіндегі жеті қабат зәулім үйдің бірнеше пәтерінен қатар өрт шығуы мүмкін емес. Біреу қасақана өрт қойған» - деп жазыпты ғой, біздің қыздар оқыпты, - Жарылыс газ құбырынан шыққан көрінеді. Елдің әуелгі топшылағаны рас боп шығыпты. Сол маңда бір крупный саудагер тұратын құсайды, соның үйінің терезесінен лақтырылған жарылғыш зат маңайдың бәрін шарпып кеткен дейді. Қайта адам аман көрінеді, тек бір төсек тартып жатқан өлмелі кемпір кетіпті өрт ішінде. Үйді түгел алмағанына шүкір. Өрт елдің бәрі теңізге ағылатын кешқұрым шақта шыққаны қандай жақсы болған, әйтпегенде...
Сағыныш әңгімесін осы жерден үзіп ақ шәйнектің құлағына қайта жармасты. Сағыныштың есеп-қисаптан кейінгі сүйікті ісі - шай ішу. Шайды борша-борша боп, ақ тер көк тері шығып ықыласпен ішеді. Қаймақ қатқан қызыл күрең шайдың мәнісін есеп-қисаптан кем білмейді. Сондықтан базарға барғанда, ылғи жоғарғы сортты цейлонның жапырақ шайын ғана таңдап алады. Мұрат осы тұста сөзге қосылды.
— Бізді де аяғымыздан тік тұрғызып жатқаны сол екен ғой?! Бүгін штабта кезектен тыс лездеме шақырылып еді, бәсе.
— Оларың да не деп жатыр? Сағыныш сұрғылт көздерін Мұраттың әлденеге қобалжып, абыржыған жүзіне самарқау тастады.
— Айттым ғой жаңа.... Ертең іссапарға әзір боп келесіңдер, - дейді. Облыстық өрт сөндірушілер сайысын өткіземіз, - дейді.
— Әй, олардың қашаннан жау кеткен соң барып аттандайтын әдеттері емес пе? Кілең көк өрім жастың ішінде саған не бар, сақалыңмен?! Сондай жарыстың талайын көрген жоқсың ба?
— Түгел қатысуларың керек деген....
— Сенсіз де күндерін көрер. Біздегі Фаяның күйеуінен екі-үш күнге бюллетень алармыз.
Сағыныш «осымен сөз тамам» денеңдей қолындағы шынаяғын шалдыр еткізіп жанындағы жуғышқа тастай салды. Сосын әлдеқашан суып қалған шайын әлі шылдырата былғалап отырған Мұратқа назар салмастан мұздатқыштан жылы-жұмсағын шығарып, қазан асудың қамына кірісіп кетті.
Бүкіл әулет Сағыныштың уысында. Ержеткен балалары да аузы дуасыз, қуыршақ әкесі қапелімде көздеріне түспей қалса ғана, өздері жоқта орны өзгеріп кеткен үй мүлкіндей: «папа қайда кеткен?» деп немқұрайды қоя салады. Екі ұлы да шешесіне ұқсаған пысық. Олар үшін «уақыт - ақша» деген қағида өмірлік заңға айналған. Ал Айнашы өзгеше. Сабақтан келген бойда атасынын қасына барады, қарттың орнында жатқанын көргенде барып, көңілдене жүріп шешініп, әндете жүріп жуына бастайды. Жылы-жұмсақ бөлке нан, тәтті печеньесін анасынан жасырып атасынын аузына тосады. Шешесі керіп қалса, «іші бұзылады» деп, бергізбей қояды. Көйлегін ауыстырып, киімдерін жуатын да сол. Тек монша мен әжетханаға Мұрат апарады. Қалған уақытта атасынын жанында болады.
Ұзақ түнге ұйқысыз алағызып, абажадай бөлмеде қарасыз жататын қамкөңіл қария да Айнаштың сабақтан келуін тағатсыз тосады. Ертемен тұрып, кішкене сырлы табаққа жылы су құйып әкеліп беті-қолын жуғызады. Сүтке пісірген жарма ботқасын там-тұмдап ши қасықпен аузына салған соң бір кесе ыстық шайды асықпай отырып ішкізеді. Содан соң ғана атасынын аппақ түк басқан, сүйегі сойдиып тұрған қатқыл жағынан шөп еткізіп, сабаққа кетеді.
Айнаш қаладағы мұнай-газ колледжінде оқиды. Қыз балалардан гөрі ұлдарға лайық мұнай өндіру операторы мамандығын өзі бастан қаламаса да, шешесі көнбей осы бөлімге түсірген. Бітірген күнде де мамандығы бойынша жұмыс істеймін деп ойламайды. Бұл түгіл, талай дипломды жігіттер жұмыссыз жүр. Өзімен бірге мектепте оқыған дос қызы Қарлығаштың былтыр оқу бітіріп келген ағасы да, жеңгесі де бос жүр. Оның үстіне өмір бойы мұнайшы боп істеген әкесін «жасын жетті» деп, зейнетке шығарып тастапты. Енді бір үйлі жан кемпір мен шалдың зейнетақысына қарап отыр. Қаражаттың жоқтығынан Қарлығаш оқи алмай. базарда біреудің затын сатысып отыр, әйтпесе, жақсы оқыған-ақ қыз. Басында бұл анасына мұғалім болғысы келетінін айтып еді. Әншейінде орынсыз күлмейтін шешесі қызының сөзін естігенде ырқылдай күліп жіберді.
Осы күні есі дұрыс адам мұғалімдік оқушы ма еді?! ых-ых-ых-хы... Соңынан түсін суытып, зекіп тастады: - Мен сені жаман болсын деп жүр ғой деймісің?! Ананың баласы тек жақсы болсын дегеннен басқа тілегі болмайды. осыны ұғып ал! Бұл сөз Айнаштың үн-түнсіз келісім беруіне жеткілікті болатын. Жасынан анасының қас-қабағын бағып өскен балалары шешесінің сұп-сұр суық көздері қалың іспек қабақтың ар жағынан сыздана қадалса болды жым болатын. Сонымен Айнаш та «бастауыш мектеп мұғалімі болсам» деген арманына нүкте қойды. Жұртты сыз қабақ астынан сығырайған сұр көздің сұсымен ықтырып үйренген Сағыныш жаратылысынан артық ауыз сөзге сараң. Ешқашан уақытын босқа шығын қылуды жөн санамайды. Қаршадайынан шот қағып, тиын санап есеп-қисаптың қыр-сырына әбден жетілген Сағыныш әр минутын теңгенің құнына бағалайды. Одан-бұдан түсетін олжа ақшасын да орынсыз жұмсап көрген емес. «Тегін жатқан тиын да, бостан-бос уақыт та жоқ» деп ойлайтын Сағыныштың барша тірлігі: сөзі де, күлкісі де, ұйқысы да есеппен. Бір уақытта тұрады, бір уақытта төсекке қисаяды. Таңертең кеңсесінің табалдырығына жеткенше дәл жиырма минут жүріп барады. Жұмыс уақытынан он минут бұрын орындығына отырып, он бес минут кеш тұрады. Ешкіммен бет жыртысып ұрсысып көрген жан емес, себебі, аузын есеппен ашуға үйренген. Ешкіммен судай сүзісіп, қазан-аяқ араластырып араласып та көрген адам емес. Сондықтан анда-санда сүртіп қоятын хрусталь шынылары үнемі үнсіз. Сыңғырламайды да, сынбайды да. Бастыққа бір ауыз сөз қайырмайды. Қызметтестерінің тек сұрағына ғана жауап береді. Бір орыңда қаққан қазықтай қадалып қалуының да бір ұшығы сол мінезінде жатса керек. Әйтеуір жаман аты шыққан жері жоқ. Қызметтестерінің жақын-жуығы қайтса, көпшіліктің мақұлдаған тиын-тебеніне қосылады. Өзінің жылына бір айналып келетін туған күнін сол кеңседе жеңіл-желпі атап өтіп, қыздардың алдындағы борышынан бір шампанмен құтылып қалады. Соңғы кезде қызметі өсіп, басы қалтылдап қалғып-шұлғып жүріп зордың күшімен зейнетке әзер шыққан өзінің ұстаз ағасының орнына басбух болып бекіген. Онда да ел құсап шат-шәлекейі шығып бүлінген жоқ. Қол астындағы қыз-келіншектерге бір қорап конфет ашып, бір-бір стакан кофемен мәдениетті түрде атап өткен болды.
Айнаш ақсақалдың астындағы ақ жайманы аударып жайып, өтініші бойынша жастығын сәл биіктеткен соң , өз бөлмесіне сабағына әзірленуге кетті. Бұл шақта жатын бөлменің жарығы әлдеқашан сөнген еді. Әдеттегідей теледидардан тек соңғы жаңалықтарды ғана естіп, тамашалайтын Сағыныш ұйқыға жатар алдында жұмыстан ала қайтқан күрделі қағаздарын елеп-екшеп, есептегіш құралдарымен қайта-қайта тексеріп алатын әдетіне кірісетін. Теледидар хабары таусылып, тетігін сырт еткізіп барып қисаятын Мұрат та Сағыныш есептегіш құралды тоқтан ажыратқан кезде орнынан тұрған. Сонымен шеткі бөлмеде жатқан шалға «қалайсың?» деуге мұршасы келместен, ерлі-зайыптылар өкпелескен кісідей бір-біріне жауырынын тигізіп жатып қалған.
Ашық терезеден аппақ сүттей ай нұры құйылған тып-тыныш, тымырсық бөлмеде тағы жалғыз қалған қарт жылдай ұзақ және бір күнді артқа тастағанына іштей қуанып, асықпайтын ажалының келер сәтін кірпік қақпай күтіп жатты. Бірақ ажал шіркін басқаға келгенде тез болса да, бұған дегенде жолдан адасып батпаққа батқандай мүлдем жақындамай-ақ қойды. Ойпырмай, баяғыда соғыста аяғынан жараланып, госпитальда жатқанда жүрегін тыңдап көрген көзі тұздай қасқа бас орыс шалы: «о, о, әлі жүз жасайсың!» деп, иығынан қағып еді. Соның айтқаны келмесе игі еді. Келмесе дейді, келмеген несі қалды, енді? Осы амалда тоқсанның жетеуіне толған жоқ па? Құдай сақтасын, адам ит жанды деген рас екен ғой. Әйтпесе бұл неғып жатыр?!
Бұның құдайдан өмір тілеген кезі болды ма? Қайта талай «ала гөр» деп өлім сұраған. Бірақ бұған дегенде жаратқанның жарғағы тас керең бола қалады. Әне бір күні алмадың деп, құдайға ұрсып жатқанын Айнашы естіп қалып айтқан: «Кавказдың бір ауылында жасы жүзден асқан апалы-сіңлілі үш кемпір бар екен. Алды жүз тоғызға келіпті, ең кішісі жүздің екеуінде көрінеді» деп. Тіл безерден көрдім деді ғой рас шығар. «Ата, сен де жүзге келесің» деп қояды. Нәрестем-ай! Бұны бір өмір тілеп жатыр деп ойлай ма екен? Құдай жан тек қалған уақытымда осылардың жамандығын естіртпей, абыроймен ала гөр! Жаратқан иеден күні-түні сұрайтыны сол. Өз басы өмірдің қызығынан қалғалы қашан?! Жұрт бұның бір қуыста өле алмай әлі жатқанын ұмытып та кеткен шығар. «Санда бар, санатта жоқ» деген осы. Әйтеуір, үкімет нешеге келсең де, көзің жұмылғанша тізімнен шығармайды екен ғой. Әр айдың соңында пошташы қыз «зейнетақыңыз» деп, бас жағына бір түйіншек қойып, қағазға қол қойдырып әкетеді. Бұған бұрынғыдай шиырып қол қою қайда? Пошташы қыздың өзі бұның қолының сыртынан ұстап тұрып, атақ-жөнінің басқы әрпінің нобайын салып алып кететін шығар. Ақша не керек бұған? Ақша не теңі?! Саусағының ұшын да тигізбейді. Сол күні бөлмесіне Сағыныш басын сұғып, тиынына дейін тырсылдатып санап жатады әйтеуір. Ақша санап қалған машықтағы, оныкі, әйтпесе, үкіметтің ешкімнің қақысын жемейтінін осы уаққа дейін білмей не бопты? Әжептәуір қомақты қызыл ала, көк ала қағазды белінен буып алып кеткенін де бұл кейде сезіп, кейде сезбейді. Көріп, біліп не қылсын?! Дәретхананың өзіне күйеу баласы көтергендей ғып апарып, әкеледі. Құрысын, бүйткенше топырақтың астында тып-тыныш жатқаны жақсы еді. Кей-кейде түн ішінде зәр қысқан кезде, өз бетімен барам деп, бетін босағаға соғып, мандайын есіктің қырына жаралап алып жүрген жоқ па?! Азарын айтсайшы, біраз күн ауырсынып жүреді сосын. Пенденің қай тілегі орындалып жатыр? Әйтпегенде, бұл Тұрғанжанның соңында шоқиып кәрі қасқырдай ұлып қалар ме еді?!
Ажар мен Тоқболаттың асын қатар берген жылы Ақсу бойын жайлаған аз ғана елге ала шапқын тигендей аласарт дүрбелең басталған. Қаладан шалғай жатқан теңіз қойнауындағы ат төбеліндей қауымды «қызыл» өкіметтің өрті енді шарпи бастап еді. Әуелі, «бандыны құртуға қол жинап жатырмыз» деп, кейін «әскер жасақтап жатырмыз» деп, ауылдың айдарлы азаматын тізімдеп қалаға әкеткен. ішінде Ізбас та кетті. Соңынан бөле жарылып, қойдай шұбырған елге тосқауыл болып бетін қайтаруға кірісті. Арасында Ізбас та болды. Кейін, бет-бетіне кетіп, малдың соңында жүрген алауыз елді әр жерге шоқ-шоқ қып иіріп, «ауыл совет» ашты, басы-қасында Ізбас та жүрді.«Құлақтарды құртысты», «конфискеге қатысты», «колхоз құрысты». Сол колхоздың бірінің құлағын да ұстады. Ізбас қарамағындағы халықтың бабын табуға қанша тырысса да, ең әуелі жоғарының тиісті нұсқауын тап-тұйнақтай орындауға міндетті еді. Ең азы мезгілсіз мал союға рұқсат жоқ, үкімет шығынға ұшырайды. Қазақ баласына шілдехана жасамай, сүндетке отырғызбай, келін түсірмей отыра ма? Бәрі малсыз бітпейтін шаруа. Бұл шамасы келгенше көзін жұмғанмен, күншіл біреулер бәрін көріп-біліп, жіпке тізе беріпті. Бұның бастық болғанын көре алмай, тісін басып жүрген бір пысық ауданнан уәкіл келіп жиналыс ашқанда, көптің көзінше сойып салған. «Өкіметтің малын шығындап жатқан жұртқа тыйым салудың орнына, ойын-тойға өзі бас болып, ән салады, жыр айтады» деген айып бұны үш-төрт жыл сергелдеңге салып, сүргінге түсірген. «Кеңес өкіметін өз қолымен құрысқан, партия ісіне адал берілген» деген аудандық хатшының мінездемесінің септігі тиді ме, әлде бұған ақ сүт емген тергеуші тап болды ма, әйтеуір айдаудан аман қалды. Сөйтіп жүргенде соғыс басталып кетті де, алдыңғы қатармен майданға аттанды. Соңында қосылғанына бес жыл болған жас келіншегі қалды. Көппен бірге ығы-жығы эшелонға тиеліп, ұрысқа кірді. Ажал шіркін аңдығанын ғана алады екен. Артынан білетіндерден сұраса, Атабай алғаш ұрысқа қатысқан күні оққа ұшыпты. Бұл болса, аяғынан жеңіл жараланып, сап-сау қайтты. Төрт жылдан соң туған жерге әзер жеткенде, ауылға қайтуға көлік болмай, Жайық бойындағы ескі қалада ай жарым жатқаны бар. Жаяу жүруге — жер шалғай. Сонау «шаңды қияның» бір бүйіріндегі туған топырағы тым қашық. Бір күні көліктің реті болар ма екен деп, базарға шыққан. Ауылдан тауар алуға келген потрепсоюздың бір-екі кісісіне кезікті. Аман түгел алысқан соң, араларындағы Орысбай атты аңғырттау жігіт:
Құтты болсын, Күміс босанып, ұл тапты, — деп, төбеге ұрғандай қойып қалған. Біреу төбесінен мұздай суды құйып жібергендей Ізбас тас мүсіндей қалшиып қатып қалған. Тіл жақтан айырылып қала жаздады. Тек: «бізбен жүресін бе?» деп, Орысбай иығынан тартқанда: «жоқ, әзір бармаймын. Жұмыс бар. Сен Күміске сәлем айта бар. Мен барғанша жөнін тапсын. Әйтеуір, алдымда отыратын болса, жарып тастаймын» деп, тісін басқан. Әрине, ешқандай да жұмысы жоқ еді, қайта ауылға баратын көлікті тосып екі көзі төрт болып жүрген. Бірақ, жаманат хабарын естігесін Күмістің жүзін көргісі келмеді. Амалсыз тағы біраз уақыт Үйшікте қалып қойды. Сол жолы Жайықтың тағы бір қызын ауылға ала қайтқан. Өзі жетім қыз еді. Ата-анасынан ана жылғы ашаршылықта айырылған байғұс балалар үйінде өсіпті. Кәмелетке толғалы теміржол бойындағы асханада жұмыс істейді екен. Жанашыры жоқ жетім қыздың жуастығынан ба, жоқ әлде соғыстың зардабы тиді ме, жасы отызға жақындап қалса да, тұрмыс құрмапты. Ізбас оған сол асханада жолықты. Ылғи сол жерден тамақтанып жүріп, ұяң, әлжуаз қызбен тіл тауып, танысты. Жуас, шілбиген арық сары қыз екі иығына екі кісі мінгендей, омырауы сыңғырлаған жез теңгешікке толы бет-әлпеті келісті, кербез жігітті бірден ұнатты. Өзінен бір мүшелден аса үлкен. Нар тұлғасына сай өткір мінезді, азаматтың тіке сөйлеп, түзу пішетін әділдігіне, әсіресе, қуақы, қалжыңқой, ақ жарқындығына сүйсінді. Ізбас Сәнияны алып ауылына келгенде, жертөле үйі қаңырап бос қалған екен. Ізбастың бұйрығын естісімен күйеуінің мәрт мінезіне қанық Күміс құм арасындағы мал ауылға, төркініне тайып тұрыпты.
Сәния ақылды, сенімді жар болды. Өле-өлгенше Ізбасты алақанына салып, баптаумен өтті. Бірақ Ізбас одан да бала сүйе алмады. Түтін түтеткендеріне бес-алты жыл толған соң, ың-шыңсыз екеуден-екеу томсарып от басында тып-тыныш өтіп жатқан өмірден жалығып, біраз құтырған кездері де болды. Соғыстан жақсы нәтижемен оралған Ізбасты облатком бірден ауданның ішкі істер бөлімі бастығы қызметіне қойған. Сәйгүліктей сымбатты мүсініне әскери киім сыптай жабысып қона кеткен Ізбас аудан басындағы әдемі әйелдердің көзінің құртына айналған. Құдай қосқан некелі қосақтарынан көрмеген сәбиді ашына әйелдерінен сүймек болды ма, әлде өмірдің бал шарабын жас кезінде барынша жұтып, шөлін қандырып қалмақ болды ма, әйтеуір, қой аузынан шөп алмайтын Сәнияның көзіне шөп салумен болды. Тіпті түннің ортасында жылы төсектен тұра сала, жақын жердегі бір күлім көздің қойнына кіріп кетуден тайынбайтын. Жанында жатқан жарының жарық түскенше жоғалып кетіп, күн шыққанда көрпенің шетін ашып жүргенін қанша аңқау боп көзін жұмып жатса да Сәния да білетін. Білсе де іштен тынып үндемейтін. Туған баласы жоқ, өзі тұлдыр жетім. Жұрттың әйеліндей не теру тоқымайды, не оймақ ұстамайды. Не деп үндейді?! Бар жұмысы: үш мезгіл тамақ әзірлеп, күйеуінің көйлек-көншегін жуып қою. Формасына шаң жұқтырмайтын Ізбастың сүрік плащы мен былғары етігін жылтыратып, майлап сылап ысқылау - ең сүйікті ісі. Оның киімі ілінген шкафтың есігін ашып қалсаң, иіс майдың жұпары аңқып, басыңды айналдырар еді. Ең аяғы мұртын басатын бәкі-қайшы, айна-тарақ секілді асай-мүсейлерінің өзі орын-орнында қыздың жасауындай жалтырайды да тұрады. Барлық істе де ұқыптылық пен әсемдікті сүйетін Ізбастың жыл сайын кезекті демалысқа шығысымен курорт жағалап, қала қыдыратын әдеті. Екеуінің ішіп-жемі мен киім-кешегінен артылған ақшаны саяхатқа жұмсайтын. Сәнияны да бір-екі рет үлкен шаһарға апарып қыдыртып көрмек болып еді: «осы тұрған Үйшікке ұшып барғанда ұшаққа жарамаймын, Алла разы болсын!» деп, көнбеді. Жұмсақ, ешкімге көп сыр шашпайтын тұйық мінезді, туысынан үйкүшік. Сыртқа шықса, ауырып-сырқап зықысы кетеді. Ізбас Сәнияны ешбір бастықтың әйелінен кем қылмай, барынша жақсы киіндіруді ұнататын. Жаратылысында қарапайым Сәния қанша тартыншақтаса да, қоймай жүріп жанат ішік әперіп, жеке ісмерге қызылды-жасылды судырлаған қытай жібегінен талай көйлек тіктірткен. Әйелінің үстіндегі киімі де өзінікіндей ине жіптен жаңа шыққандай әрі сәнді болғанын қалайтын. Бет-аузына опа жағып, үстіне иіс су сепкенін де теріс көрмейтін. Бірақ бәкене бойлы, қысқа мойын, секпіл бет, шикіл сары әйелге қандай әдемі киім кисе де жараспай, бір жапырақ боп қалтиып тұрушы еді. Соны көргенде қанша тыраштанғанмен, бар еңбегінің зая кеткенін көріп, зығыры қайнаған Ізбас қолын бір сілтейтін. «Не аяғына етік жараспайды. не үстіңе киім қонбайды, не қылған мырықсың өзің?!» деп кейитін. Сондайда Сәнияның басы кеудесіне түсіп кетіп, көпке дейін тырс етпей, сілейіп тұрып қалатын. Ақыры бар киімін бет алды лақтырып жіберіп төсекке жатып алып. солқылдап келіп жылайтын. Сонда Ізбас ашу үстінде өзінің тым артық кеткенін түсініп. айналып-толғанып, арқасынан қағып, ерке баладай алдап-сулап әзер қойдыратын. Екеуін сыртынан көрген кез-келген кісінің: «қап, мына сойталдай әдемі жігіттің әйелден салымының жоқтығы-ай» деп, өз-өзінен қынжылып қалуы сөзсіз еді. Кейбір көңілдес әйелдері көзін бақырайтып қойып, талай: «бұты қисайған, тышқандай сары жапалақты қайдан тауып жүрсің?» деп, бетіне де басқан. Соңда намыстан жарыла жаздаған Ізбастың өзін ұстай алмай, араша тиген әйелдердің бетіне шапалақпен шарт еткізген кездері де болған. Өзі ішінен күнәсіз, жетім келіншегін аяйтын.
Жалғыз қарындасы Ардақ көршілес түрікмен жерінде тұратын. Әуелгі балалары тұрақтамай жүріп, жасы егде тартқанда бір қыз туған. Майданнан бірнеше жерінен жараланып, құр сүлдері қайтқан күйеуі дімкәс деп еститін. Ізбас: «елге келіндер» деп. бір-екі шақырғанда, «үйренісіп қалдық» деп келмей қойған. Ажал жібермей жүр екен ғой. Жер сілкінісінде жер астында қалған қарындасы мен күйеу баласының денелері де құм арасынан табылмай қойды ғой. Солардан тірі қалған жалғыз көз – Тұрғанды Ізбас талмай іздеп Ашхабадтағы балалар үйінен тапқан. Сәнияның қолына әкеп ұстатқанда, Тұрған сегіз-тоғыз жастағы сәби еді. Сәния байғұс ғайыптан түскендей от басына киімшең келген кішкене қызға өлердей қуанып, тумаса да туғандай қылып, бағып-қағып өсірді. Сәбимен бірге шаңырағының астына бір жылымық шуақ орнағандай, өз жүрегіне өмірдің барлық қуанышы құйылғандай гүл-гүл жайнап шыға келді. Дастархан басы шат күлкі, ду-ду әңгімеге толып жүре берді. «Балалы үй базар» дегенді де дәу де болса, Ізбас құсаған, ерні жібімеген бір қасқа айтқан шығар?! Ізбастың да бұрынғыдай емес қабағы ашылған. Кірген шыққанда айтатыны: «Тұрған қалпағымды әперші», «Тұрған папкімді әкелші», «ананы үйт, мынаны бүйт», әйтеуір аузынан Тұрған түспейді. Тұлымшағы желбіреген, көзі қара моншақтай жылтыраған пысықай қарадомалақ қыз құлдыраңдап жүгіреді де жүреді. Әуелден балажанды Ізбас баладан ештеңе аямаушы еді. Өзін құдай бір шикі өкпеге зар қылса да, бұл бөтен балаларды жанындай жақсы көріп, басынан бір сипамай қасынан өтпеуші еді. Бір жаққа қала шығып келсе, ауыл-үйдің бар баласы бір жасап қалатын. Қолы ашық, база мінез кісіге баталар да үйір. Тіпті Тұрғаны бой жетіп кеткен соң да, көршінің кішкентайларын жинап атып, ерінбей-жалықпай картоннан қуыршақ, күшік сияқты түрлі ойыншық жасап, қағаз қиып үйді көре қылып отыратын. Бұл айлық алған күні ауладағы бар баланың құдайы береді. Толыбайдың бәйбішесі кенже баласын босанғанда, бұл кіндік әке болған. Сол нәрестеге батасын беріп, атын Көбейсін деп қойып еді. Шүкір, қазір үбірлі-шүбірлі, келін жұмсап, немере сүйіп отыр. Наурыз сайын өлмелі шалды ескеріп, қолын атып кетеді, айналайын. Сол Көбейсін жасында өте сүйкімді, өзінің былдырлаған балдай тәтті тіліне кімді де болса күлдірмей қоймайтын, шашы тас бұйра. сүтке тойған қозыдай томпиған бала болды. Ізбас үйінің табалдырығын аттағаннан, еркелей келіп мойнына асыла кететін. Бұл да өзінін мойнына орала кеткен жұп-жұмсақ қара домалақтың басына фуражкасын кигізе қоятын. Соған қуанған сәби «солдат папа келе жатыр» деп, әке-шешесіне қарай айқайлай шауып ала жөнелетін. Содан бұл «солдат папа» атанып кетті. Ата-анасына өкпелеп қалса: «сендерді солдат папама айтып берем, оның пистолеті бар» деп қорқытатын көрінеді. Кейін сол Көбейсіннің орыс қызына үйленем деп әке-шешесін қатты кейіткені бар. «Қара шаңырағыма кәпір ие болатын болды» деп қоқиланған Толыбайға сонда Ізбас ақырып: «Балаға мас болғанда сөйте ме екен, құтырмаңдар, сірә айтқанға көнбей, баланың меселін қайтарар болсаңдар, тойды өзім жасап берем» деп ұрысқан. Артынан екеуі ақылға келіп, Ізбастың көңілін қалдырған жоқ. Ақыр соңында сол орыс келіннен көрді ғой қайырды. Жұртты қазақ келіндері бақпай тастап кетіп жатқанда, сол орыс келін екеуіне бір сөз қайырмай, айтқандарын екі етпей бақты. Тәйірі-ай, орысы не, қазағы не, адал сүт емген болса, жүрегі таза жан болса болды ғой. Бұл адамның көңілі бітетін не бар екен, сірә?! Кәпір деп, мұсылман деп, боғын жеңді де жүреді. Жер бетіндегі жыбырлаған жанның бәрінің түбі бір ата, бір анадан өрбіген төл емес пе? Әуелі бәріміздің ата-анамыз — Адам ата мен Хауа ананы жаратқан Алла-тағала да екі аяқтыға ортақ қой. Білген кісіге «Алла - бір, пайғамбар - хақ» деп, неге айтты дейсің? Түбі бір туғанды түрге, текке бөліп, тоз-тоз етіп, жүргендердің бәрі — ібілістің ісі. Неден шығып кетті өзі?
Шал шашырап кеткен ойынын шет-шетін жинақтап, шүйкелеп алғысы келгенмен, шамасы келмеді. Есіне тағы Сәния түсті. Байғұс ештеңе көрмей, жетім боп өскендікі ме, қолы тар адам еді ғой. Ізбас түскі асқа бірер кісі ерте келсе, қазанның түбін тықырлатып, дайындаған асын жеткізе алмай жүруші еді. Оған ашуланған Ізбас оңашада әйеліне «сараңсың» деп ұрсып та алатын, «ауру қалса да әдет қалмайды» деген. сол күйінде кетті ғой ақыры. Бұл жағынан Ізбастың мінезі Сәнияға қарама-қайшы келетін. Барған жағынан Сәнияға міндетті түрде сыйлық әкелуді әдет қылған. Алтын сақина, гауһар көзді сырға, жүзіктің талайын тарту еткен. Бірақ, Сәниясы түскір, сол бұйымдарды өзінен-өзі аяп, сипап-сипап кішкене қол сандығына қайта салып қоюшы еді. Оның осы сараңдығы жынына тиген Ізбас бір күні асыл жүзіктің бірін алып, Сәнияның көзінше үйге келген қонақ қыздың саусағына салған. Қонақ қыз – Ардақтың қайын сіңлісі, құдаша еді. Ондай қымбат сақина тағып көрмеген қыз шоршып түсті: «Бұл қымбат дүние ғой, керек емес, тақпаймын» деп, өзінен-өзі қысылып, әлек-шәлегі шықты. «Сен тақпасаң, басқа біреуге сыйлаймын, бәрібір бұның қызығын қол сандық көріп жатыр, қараңғыда жатқанша, жарыққа шықсын, байғұс» деген жорта Сәнияға көз қиығын қадап қойып қызды көндірді. Шалының шарт мінезін білетін Сәния тіл қатқан жоқ.
Ішін ит тырнағандай қылған осы оқиғадан соң, Сәния қалған асылын тастамай жарқыратып тағып жүретін болды. Неге екені белгісіз, қанша өбектегенмен, Тұрған да Сәниядан гөрі, Ізбасты көбірек жағалаушы еді. Қай кезде де, өзін түсіне білетін әкесінен қызының жасырын сыры болмайтын. Екеуі кейбір құпияларын Сәнияға да айтпаған.
Тұрған өжет, әділет сүйгіш, адал адам боп шықты. Жаны да таңғы шықтай мөлдір еді. Айла сұмдық дегеннің не екенін білмейтін. Кімге де болса, жан-тәнімен қалтқысыз сенетін. Бір қызығы, балалар түсініп, жақсы көретін Ізбасты үлкендер жағы көп түсіне бермейін. Көрші қолаңның келін-кепшіктері берген сәлеміне бірде қауқылдай қуанып, көзден таса болғанша айналып-толғанып, алғыс жаудырып бара жататын шалдың, енді бірде көзбе-көз тырс үндемей, керең адамдай көзі бақшиып, жүре беретініне таң қалысатын. Кейбір өзі құралпы кемпір-сампырлар алдынан кесе-көлденең тіл қатпай, сазарып өте берген Ізбастың сыртынан: «өй, екі есті құрғыр, тағы жыны ұстап қалған ғой» десіп, ернін шүйіріп, мұрындарын тыржитатын. Қызы өсіп, бой жете бастағанда, әкесінің бір кетсе, ұшты күйде жоғалып кететініне ренжіп: «Көке, осы сен қайда жүресің?!» деп сұрайтынды шығарды. Ондайда онсыз да қаны шығып, күреңітіп тұратын екі бетінің ұшы ду етіп, жанып кететін. Ыржаңдай күліп, қызының басынан сипаған Ізбас жез мұртын сұқ саусағының сыртымен сылап-сылап жіберіп, сипақтап: «Жұмыс, қызым, жұмыста жүрмін ғой» деп жалтаратын.
Шыңдығында ортан қолдай милиция майоры, бір ауданның білдей ішкі істер бөлімінің бастығының күні-түні қашқын қуып, банды аулап жүретін заманы емес екенін есі кіре бастаған Тұрған да андап қалып еді. Жасы ұлғайып, құрметті зейнетке шыққан соң, Ізбас бұрынғы қылтың-сылтыңнан бойын біржола аулақ салған. Ендігі ермегі - ескі жолдасы, қара домбырасымен жұбын жазбайтын болып алған. Жыршылығын қайта жалғастырып, күйлерімен қайта табысқан.
Мектеп бітіріп, мамандық алған Тұрған тұрмысқа шығатын ойын айтқанда, бұл нәр татпай бір күн жатып еді. «Баяғыдан бері балам бар» деп жүрсе, онысы бөтен босағаға өз еркімен кеткелі жүр екен. Әй, қу шалдардай, «қыз бала емес» деп біліп айтқан екенсіңдер-ау, деп алай-дүлей күй кешті. «Қыз — жат жұрттық» деген сөздің мәнісіне де ешкіммен құда болып, қыз ұзатып көрмеген аңғал басы сонда түсінді. Бір күнде көзі кіртиіп, аңғал—саңғал боп жүдеп қалды. Әкесінің қатты қайғырғаны жанына батқан Тұрған: «Көке-ай, бұның не? Сонша қиналатын болсаң, мен кетпеймін, сендерді жалғыз тастап, қастарында боламын» деген. Кейін күйеу баласы қызына еріп келіп, бата сұрағанда да: «Жағдайларыңды білемін, Тұрған қызыңыз болса, мен ұлыңыз боламын. Арқаласып күнелтерміз, Жандарында тұрамыз» деп еді. Өшіп бара жатқан шырағы қайта тұтанғандай, Ізбас ұшып тұрып, екеуінің бетінен кезек сүйіп, «бақытты болыңдар» деп, батасын берген. Расында да, Тұрған мен Сәлімбек Ізбастың үйімен өмір бойы есіктес тұрды. Ізбастың көңілі жайланып, той-томалақта домбырасын бұлғақтатып, ән айтып, жыр жырлап өз көңілінің райысын тапқандай болып еді. Әркімдер арнайы көлік жіберіп, келіннің бетін ашқызып, сый-сияпат жасап, мерейін өсіруші еді. Сондай бір белгілі азаматтың тойына арнайы шақырылып, жаңа түскен келіннің бетін ашқаны бар. Бұрын да талай келіннің бетін ашып жүрген Ізбас ақпа-төкпе, қолы ашық мінезімен тапқан олжасын жанындағы замандастарына үлестіріп беретін. Бұл жолы да «беташардың шашуы» деп, иығына үй иесінің бәйбішесі жаба салған бір түндік күрең мақпалға аяқ жақта отырған Қайша деген қатқан қара кемпір жабыса кетті. «Сарқыт, Ізбас, маған бер, мақпалыңды» деп, матаның шетінен екі қолымен қысқаштай тістеп айырылмаған кемпірдің екі бүктетіліп жатып, дүниеқоңыздығына қитыға қалған Ізбас қапелімде түсін суытып: «Бермеймін, өзіме керек» дей қойған. Сол-ақ екен, кемпірдің көзі шатынап, бір уыс бет-аузы кірпідей жиырыла қалды. «Өй, қу бас, сорлы, саған дүние не керек?! Қай балаңа қатын алып, киітке берермін деп отырсың?» деп көптің көзінше баж ете қалған. Оған дейін ешкімнен «қубас» деген сөзді естіп көрмеген Ізбастың өн бойы қалтырап, көз алды сағымданып жүре берді. Үйге жеткенше бұршақ-бұршақ ыстық жас омырауын күйдіріп, бетін жуып кетті. Тойдан мең-зең боп, басы қорғасындай ап-ауыр оралған Ізбас табалдырықты аттасымен ұзыннан түсіп, жер бауырлап жатып алды. Қанша бәйек боп, шырпыры шықса да Сәния мен Тұрғанға тіс жармады. «Уа, қу құдай, жұртқа үйіп-төгіп беріп жатқан бір қызыл шақаны қимайтының бар, мені несіне жараттың?!» деген гөй-гөйі, қара домбыраның сағағында жорғалаған саусақ ұшымен перне бойлап, бірнеше күн толастамай, екі шектен жан шырқыратар мұңды саз боп төгілгенде, тыңдаған адамның тұла бойы түршікті. Сәния да бір жапырақ боп, бұрынғысынан да шөгіп қалды. Қызы мен кемпірінің көздері қызарып, мұрындарын пырс-пырс тартып қасына жолай алмай жүргенін сақалынан шұбырған көз жасы астындағы шәйі көрпеге тырс-тырс тамып, маңайы мүлдем естен шыққан Ізбас сезбеп еді. Алдында нелер жатқанын бұл сонда білмеген екен. Адамды не күтіп тұрғаны қашан да тек Аллаға ғана аян ғой. Бұның бір білгені. пендесі басына не салса да көнеді екен. Әлде сонда, күй шалып, құдайға тас атам деп Алланың кәріне ілікті ме екен?! О, жаратқан Алла, кешіре гөр, ақылсыз пендеңді, мына үш-төрт қарайғанның өмір жасын қысқарта көрме!
Атып келе жатқан күннің төбеге түскен алғашқы алтын шапағына дымқыл жанарын сығырайта қадап, тәңірге тоба қылған Ізбас тағы бір таңды ұйқысыз қарсы алып еді. Шытырмақ шілтерден себезгілей шашыраған күн сәулесі молая-молая аздан соң , бөлменің ішін түгел жап-жарық қылып жіберді. Екі-үш күннен бері бой-бойы қалжырап, сүйек-сүйегі уатылып қалғандай төсектен басын зорға көтеріп жатқан Ізбас қарт бүгін өзін бір түрлі сергек сезінді. Кәрі құлағына тықыр шалынғандай болды. Кенет алдындағы әйнекті есік ашылып, қасына Айнаш келіп отырды. Қалтиып төсегінің үстінде басын көтеріп отырған шалды көріп қуанып қалды.
— Ата, басын қалай ? Тәуірсің бе?—деп, аузын құлағына тосып, ағынан жарыла сұрап жатыр. - Тұрғың келіп отыр ма? Кел, тұрғызайын.
Өзіне қарай икемделе берген қарттың оң қолын мойнына асып, бір қолымен жотасынан орай сүйеген қыз қалтаңдаған шалды терезе алдына әкелді. Шүйкедей қыздың бойынан аспайтын тобықтай шалды бір кездері алысқанын алып ұратын алпамсадай атпал азамат болды дегенге кім сенер?! Көзі көрмеген адам қайдан білсін?! Кеудесі көріктей, маңдайы жырта қарыс, биік жоталы кесек мұрны келісті келбетіне көрік беретін, үлкен қоңырқай көздері кісіге күлімсірей қарайтын нағыз «құбақан жүзді, қой көзді» дегендей, нар тұлғалы. сымбатты жігіт еді-ау бұл. Әттең не керек, дәурені өтіп кетті ғой. Өмір дегенін де аяр адамдай арсыз неме екен ғой. Есі кіре бастағаннан соңына ергенді еліктіріп, желіктіріп әкеліп, енді жетем бе дегенде жарға жығып кететін. «Жалған дүние» деп сонысынан атанып жүр-дағы, Баяғыдан бергіңнің бәрі бір күнгідей болмай, көбелектің қанатындай қырық құбылып, көзіңді алдап өте шықса, жалған демей не дейсің?!
Бұл дүниенің мысалы,
Кешегі көрген бүгін жоқ,
Ұшып бір кеткен көбелек, —
деп сұңғыла ақын бекер айтты деймісің.
Бұрынғылардың бір сөзінің қате кеткен жері жоқ қой. Бәрі рас. Рас болмай қайтсін, бәрі өзі құсаған басына іс түскен бейбақтың сөзі болған соң.
Тыстағы тіршілікке бұлдыраған бояуы оңған кезін бей-жай салып тұрған шалдың көк жүзіне арқан бойы өрмелеп кеткен тасбақа күнді көріп, қасындағы қызының оқуға баратыны есіне түсті.
— Оқудан қалдың-ау, ботақаным?! Атасының сөзіне Айнаш мәз-мейрам боп күліп алды.
— Ата, бүгін жексенбі ғой. Оқу болмайды.
— Оқу болмайды? —Шал түсінбегендей біраз үнсіз тұрды да: — Жатыр десейші онда — деп, сәл-пәл езу тартып қойды. Төс сүйегі иттің тісіндей ырсиып-ырсиып тұрған атасының кеудесіне Айнаш еркелей бетін басты. Көп жүргеннен сырылдап қалған ескі тоңазытқыштың моторындай кәрі жүрегі елжіреп, қайыңның жапырағыңдай жұп-жұқа алақанымен қызының шашынан сипады. Көк шүберектей кезерген ерні жыбырлап, күбір-күбір етеді.
— Күнім, қуатым, қарашығым... —Күндегі айтатыны сол. Айтпай не қылсын, бүгінде Ізбастың Айнаштан жақын адамы жоқ. Өзі де Айнашқа бөтен бола қоймас. Айнаштың шешесі — Сағыныш Ізбастың өз қолында туса, Сағыныштың анасы Тұрғанның шешесі — Ардақ пен Ізбас екеуі Мақпалдың құрсағынан шыққан жоқ па?! Рас, Ізбастың әкесі -Саржан да, Ардақ Тоқболаттан туған. Мейлі, бәрібір Ізбас осы бір елгезек қызды өлердей жақсы көреді. Кішкентайында Сағынышты да жақсы көретін. Тұрған тұрмысқа шыққан соң да төрт-бес жылдай нәрестелі бола алмай жүрді. Сонда бұл, ғұмырында істемеген тақуалық жасап, әулиеге түнеп, құдайы садақа таратып, бала тілеген. Маңғыстаудың ойы мен қырындағы үш жүз алпыс екі әулиенің аяқ жетер жердегісіне түнеп, жалбарынумен болған. Ізбас пен Сәния өздеріне сұрамаған нәрестені Тұрғанға тілеген. Көз жастарына құдай иіп, екі мұштықтың даусы құлағына шалынды ма, Тұрған бөпелі болған. Ақжарма шал өлген әкесі тірілгендей қуанып. сағынып көрген немересінің атын Сағыныш деп қойған. Сол Сағыныш қой бұл. Өсе келе сыз қабақ боп кетті ғой, неден екенін?!
Айнаш күндегісінше, атасынын беті-қолын жуғызып, ботқасын берді. Түс қайтқан соң, әбден тынығып, ұйқысы қанған атасының қолтығынан сүйеп тысқа алып шықты. Бір жақсысы бұлар бірінші қабатта тұратын. Бұрындары қабырғаны жағалап өзі кіріп-шыға беретін қария соңғы айларда төсектен тұрғысы келмей, күн көзінде маужыраған кәрі төбеттей бұйығып, жата беретін боп алған. Енді, міне, екі апта бойы күн көзін көрмей, шалқасынан шалжиып жатып алған «жалқау шал» таза ауаға шығып, есік көзіндегі отырғышқа қызы төсеген құс жастыққа қу жамбасын қазықша қадап, көктемгі ақ жаңбырдан соң, қылтиып бас көтерген саңырауқұлақ құсап қалқиып отыр. Маңайындағы өзінің ізін қуып жүрген шалдың ең үлкені де, кемінде бұдан екі мүшел кіші - Құрақбай. Көптен көзіне түспей, енді үйіне барып, хал қуатын біл ейінші деп жүрген Күрекең, есік алдында қалтиып отырған Ізбасты танып, таяғын тықылдатып, көп жасап тозған ағаш арбадай қисалаңдап қасына келді. Анадайдан орнынан ұшып тұрып, өзіне ілтипатпен сәлемдескен Айнашқа қауқылдай амандасқан Құрақбай алғыс жаудырып жатыр: -Жақсымысың, қызым? Жасың ұзақ болсын! Өстіп атаңды тысқа шығарып тұр. Сауап қой, айналайын. «Жарлы байымай ма, жас қартаймай ма» деген. Кәріден алғыс алсаң, жаман болмассың, - деп қалбалақтап ақылын да айтып жатыр. Көзін ашып-жұмып, әлпеншекте отырған бала қырандай ақырын теңселіп отырған Ізбастың қасына отырып жатып, қатты дыбыстап:
— Ассалаумағалейкум, Ізеке! Күйлі-қуатты жатырмысың?! - деп сөзінің соңын созыңқырап әуезбен аяқтады. Құрақбайды сонда ғана байқаған Ізбас бәсең дауыспен: — Шүкір, Аллаға. Шүкірмін, қарағым, — деп бір мезгіл өзін елеп, ескеретін жанның табылғанына іштей қуанып қалды. Аздан соң, сыртқа шықса да серги алмай, қалың ойдың тереңіне тағы сүңгіп кеткен қарт Құрақбайдың ауыл-үйдің хабарын айтып аузы жалпылдап отырғанын сезсе де, ештеңенің байыбына жете алған жоқ.
— Бүгін осы нешесі? — өз ойымен өзі арпалысып отырған шал Құрақбайға бұрылып. Жүрісінен жаңылған аттай тосылып қалған Құрақбай сөзін кілт тыйып, жалма-жан жауап қатты.
— Бүгін айдың төрт жаңасы. Үшінен көрінді ғой, жарықтық. Өзі де жақсы туды. Жаңбырлы болар ме екен?! Малға да, жанға да жайлы болғаны жақсы ғой, — деп қалбаңдай самбырлаған Құрақбайда Ізбастың ісі болған жоқ.
— Сонда бұл барыстың жазы бола ма? - Шал жанындағы жолдасының өзінің сөзін мақұлдағанын тосып аз кідірді.
— Барыстың жазы, Ізеке, Барыстың жазы. —«Бұлардың жады мықты-ау, бұрынғының адамы ғой, жарықтық, сүйегі асыл ғой» деп, әлі белі бүгілместен шаншылып отырған шынашақтай шалға қарап қойды. Әлі шаң жұқпаған ішкі сарайының тазалығына таңданып, басын шайқап-шайқап алды.
— Барыстың жазы болса, менің жылым - Тышқан. Сонда өткен амалда тоқсанның жетеуінен астым деп отырмын, дұрыс бола ма?
— Дұрыс, Ізеке, дұрыс, биыл мүшел жасыңыз екен ғой, - Құрақбай іле жауап қатты.
— Неғыл дейді мынау? Не деп отырсың, жарқыным-ау!
Көне көкірегі әлі талай жасты жаңылдыратын шақшадай шалдың көзі ақшаң етті. Сіріңкедей жіп-жіңішке, беті бір уыс, теке сақал, шалғы мұрт шал күйбеңдеп құнысты да қалды. Ізбастың бойынан қуаты қайтып, күші кеміді демесең, жыл қайырудан әзір ешкімге дес берер райы жоқ. Басын қырау көмген қазыналы Қаратаудай қаршыға қарттың қойнауында бұғып жатқан мол қазынаны кілтін тапқан кісі ғана дариядан алтын тергендей, мысқалдап жинай алатын. Әй, бірақ, сондай жан табылса. Бұл шалдың әңгімеге де кісі таңдайтын қиқар мінезі тағы бар. Кез-келген мен шүйіркелесіп кетуі қиын. Туғаннан бойына біткен паңдығы ма, өрлігі ме, қанша қартайып, ешкі мүжіп тастаған тал түбіртегіндей мыж-мыжы шығып қожаса да, көкірегіндегі алмас кездіктей қайсар мінезі мұқалмаған күйінде. Бұл мінез деген пәле, туа біткен қасиет қой. Қаныңда болса, бойыңнан қаныңмен бірге кетеді-дағы. Бұның да осы қырсық мінезі, енді өзімен бірге қара жердің қойнына кіргенде жойылар. «Нәсіліне тартқан, қанға тартқан» деп қазақ адам бойында атадан мирас боп қалатын айнымас мінез туралы айтады-ау, шамасы.
Құрақбаймен де күннің, айдың санын есептесіп, күйкі тірліктің оны-мұнысын сөз еткені болмаса, шешіліп сөйлескен емес. Тамырында ана сүтімен бойына жұғып, асыл текті хандардың қаны араласқанынан ба, әлде Адайда аты шулы батыр тұқымнан тарайтындығын мақтан ете ме, әйтеуір, жанында жігерін жасытпай, қылшылдатып қылыш-қажырын қайрап қоятын бір тылсым күш бар. Жасында асау атандырған бірбеткейлігі тағдырдың талай талқысын көріп, ауыздағысын қаршылдата шайнатқан баса саулығының арыны басылса да, тізгінін екінің біріне ұстата қоймайтын өжеттігі әлі де жеткілікті. Сол өжеттігі ме, өрлігі ме, кез келгенге шағынып, әлдекімнен әлімжеттік көрген жылауық баладай пырс-пырс етіп, көз жасын көлдетуді де ұнатпайды. Оның үстіне көрінгенге келін баласын жамандап, үй қыдырып шай ішіп, кесе төңкеріп жүретін көңілшек кемпір де емес, анадан әуелде ұл боп туды ғой.
Құрақбай болса, бұның сортынан емес. Лүп еткен жел тұрса, жалпылдап қоя беретін жаман үйдің жырым-жырым ескі іргелігіндей қалбаңдаған ұшқалақ кісі. Бақандай бес ұлының бірде-біреуінің әйеліне көңілі бітпейді. «Бірің - ойқы, бірің - шойқы» деп, мін тағады да отырады.
Сондағысы: «біреуі барғанда шәйнекке жабыспай, шалқайып отыра беретін көрінеді», «біреуінің қолы қапы - баланы аяуды білмейді», «біреуінің көйлегі қысқа, біреуінің шашы қысқа» деген сияқты кілең ұсақ-түйек әңгіме. Бәрі мастықтан айтылған сөз де. Сықпытына қарасаң, сақалына әлі ақ дендеп кірмеген, қаруы қайтпаған-ақ жігіт. Шойқаңдап қолынан таяғын тастамайды. «Тізем бастырмайды, белім ауырады» деп, көрінгенге қоспақ інгенше ыңырсиды да жүреді. Бұлар деген бала емес пе, тәйірі?!
— Жылың не, нешедесің? — деді күмістей сақалы күнге шағылысқан, үй сорып, аппақ қудай болған қарт қасындағы Құрақбайға қарап.
— Жылым доңыз, біз де қартайдық қой, Ізеке, жетпістен астық, — деп, Құрақбай қара бурыл сақалын саусағымен тарақтап қойды.
— Е,е,ее-е....
Жанып таусылмай жатып, шала сөнген ағаштай бықсып, әзірден «қартайдық» деп қамығып отырған Құрақбайға Ізбастың қалай қарны ашып қалды. Кемпірі тып-тың, қолдың саласындай ер жеткен бес ұлы - бес шаңырақ, ұзатқан үш қызы — үш үй. Соның бәрі науадай жан-жақтан құйып тұр, осы Құрақбай шіркінде де арман бар ма екен?! Антұрғанның жасына жетпей «қартайдық» деп, сары уайым соққаны несі? Ізбас екі қолымен отырғыштың ернеуінен тіреп, көкірегін кере күрсініп алды. «Біреу тоңып секіреді, біреу тойып секіреді» деген осы да. Аумалы-төкпелі дүние-ай, біреуді шөл, біреуді - көл қылған, қайтейін сені!
Еңкейіп батуға бет алған қып-қызыл күнге қарап, жасаураған жанарын жұмды. Бұл дүниеде күннен басқа өзгермейтін не бар дейсің, сірә.
Бір жақтан шығады, бір шетке батады. Айдың өзі көк жүзінде қырық құбылып, аунайды да жатады. Әуелде сол Ай сұлу қыз болып, өзінен де ару апасы Күнмен әдемілікке таласқан дейді ғой. Жаратқан не әділ ғой. Өзінен көркі асқан апасымен араздасқан Айды жазадан, қараңғылыққа қызмет қылдырып қойыпты ғой. Алтын дидары шұғыла шашқан ажарлы Күн болса, содан былай адамзатқа көктен нұрын төгіп, аспан астында жеке жарқырап, жарық сәуле таратып, салтанат құратын болыпты, жарықтық. Қашан да Күннің жөні бөлек қой, шіркін! Жарық сәулеге жететін не бар жер бетінде?! Өзінің осы ұзақ өмірінде қаншама күн арайлап атып, қаншасы қызарып ұясына қонды екен?! Әй, көп шығар-ау! Кім санапты соны. Әйтеуір, сол көп күндердің қуанышы мен қайғысы бірдей-ақ болған шығар. Жоқ, қуанышынан қайғысы әлдеқайда көп қой.
Қайғысы басым, әрине. Баяғыда Сәния марқұм көз жұмғасын алты күн белінен шойырылып жатқаны есінде. Жетпіске де жетпей жіңішке аурудан кетті ғой, байғұс. Топырағы торқа болғыр! Құдайға шүкір, Тұрған жанның үш баласын да көріп кетті бейшара. Оның да бағын байлаған өзім, әйтпесе, Күміс менен тумаған баланы басқадан туған жоқ па?! Баяғыда орғанда істеп жүргенде, бір жолы түсіп Қаратауға барғаны бар. Сонда көрді, үйі шүпірлеген балапандай жас балаға толы екен. Бірақ, Сәнияның аруағының алдында ары таза. Бала сүйе алмайтынына көзі жеткесін, бір күні оңаша отырғанда айтқан: «Бағынды байламаймын. Кетем десең, жолың ашық»— деп. Сөйтсе, ол байғұс бұны сүйеді екен. Аяғын құшып, ағыл-тегіл жылағанын-ай, сондағы. «Сенен менің нем артық? Маған өзің тірі болсаң болды» —дейді бейшара. Қайран, Сәния-ай, бұны елге масқара етіп, жер ортасына келгенде жалғыз тастап кете алмады да, әйтпесе, баланы кім жек көрсін?! Сөйтіп, өзі үшін бүкіл өмірін сарп еткен періштедей әйелді де бұл сойқан талай жерге қаратты-ау. Талай жерде беті жылтыраған әйел көрсе, тәтті көрген батадай, емініп, көрінгенге көзін сатып, момын, бейкүнә әйелінің арын аяққа басты-ау! Әй, қу жалған-ай, қайтейін, қайтып келмейсің, соның жаман. Қайта айналып бір соқсаң, сол ісім үшін Сәнияның аяғына жығылар едім, әттең. Соның бәрін кешірді-ау, ол қасқа. Үзілейін деп жатып, бұның қолынан жібермей, алақанына салып жатып: «Ризамын, кештім бәрін» -деп ақтық демін шығарарда, кешірімін айтып кетті ғой. Бұл неге сонда одан кешірімді өзі біліп сұрамады екен?! «Кеш» деген бір ауыз сөзді айту да қиын болып па?! Өлейін деп жатса да, тәкаппар шалынын басын кішірейтпейін дегені ме, сақалынан жас сорғалап, жылап тұрған Ізбастан бұрын: «кештім» деді де, ғұмыры бетіне жел боп тимеген жібектей аяулы жары бір-екі ықылық атып, жан тәсілім қылды. Өзінің кішіпейіл мінезінен ақтық сәтте де айныған жоқ, марқұм. Бақса, сүйген адамның кешірімі көп болады екен ғой. Қарт көз алдында онды-солды қарманып жүрген алабажақ жұртқа сүлесоқ назар салып, өз ойымен өзі отыр еді, Құрақбай аузын бұның құлағына тақап. тосын жаңалық айтты.
— Зейнетақы беріп жатыр дейді. Әкелді ме?
Соғыс ардагері, бұрынғы өкіметке сіңірген еңбегін ескеріп, әрі жасынын ұлғайғандығына қарай, бұған зейнетақыны үйге әкеп беретін. Бұл басын шайқап, алақанын жайды. «Ақша» атты арудың бұны қазір мүлдем қызықтырмайтын болғанын бөгде жұрт білмейді ғой. Әйтпесе, бұл дүниенің қызығы мен шыжығынан әлдеқашан жерініп, Ізбастың есі-дерті бақиға ауғалы қашан?! Әй, бірақ, оны бұның жасына жетіп, ащы өмірдің азабын тартпаған жан қайдан білсін?! Міне, жетпістен астым деп, мұңайып отырған Құрақбайдың өзі ақшаны айтып, жалаңдап отырысы мынау. Дұрыс. Құрақбайға ақша керек. Бес ұл, үш қыздан өрбіген туыс жекжаттың өзі кемінде қырық-елу үй бар шығар. Соның тірісі мен өлісінің бәріне шақырады. Ауыл үйдің той садақасы болса, таяғын тықылдатып аяқ жетер жерден тағы қалмайды. Өзінің бірге туған тоғыз бауыры алыс-жақында тағы бар. Шабаздың бірі шетінеп көрмепті. Үлкені өзі болса, қайда.... Соның бәріне барады Құрақбай. Бармай тұра ма? Сонда ақша Құрақбайға керек болмағанда кімге керек болады, ақша керек, әрине! Керек болғанда қандай?! Баяғыда бір құрдасы айтатын: «жанымнан ақшам кетсе, қасқа бола қалам» деп. Сол айтқан, тіршіліктің дүбіріне ілескен қыбырлаған қараның бәріне керек қой ақша деген. Бұл деймісің. Бұтағын өрт алып, жапырағын от шалып қара түбіртек боп күйіп қалған кәрі ағаш та бір, бұл да бір. Астапыралла, тіфә, тіфә! Аузың жаңылып, асылық айтқанды қашан қояр екенсің, осы сен, Ізбас?! Абайла, алжымай, аңдап сөйле. Сағыныш жанның шаңырағына кесірің тиіп жүрмесін. Жастардан аулақ. Көзім жұмылғанша жаманат естірте көрме, жаратқан, Алла! Артымда қарайып қалсын менің де жұрағатым, асылық айтып, артық кетсем кешіре гөр! Шүкір бұныңа да, бетімнен алып, аузымнан қағып жатқан ешкім жоқ. Жас пен кәрінің сөзі қайдан жарассын. Жұмыстан шаршап келген кісі күн ұзақ төсекте көлбеп, іші пысып жатқан шалмен не деп сөйлеспек? Кірлі көйлек киген жоқ, құс төсек, құс жастықта жатқан жоқ па, қақырайған қара керуетте, хан ұлындай шалқайып?! Бетін аулақ қылсын, күнінде түкірігі жерге түспей, дүниенің тұтқасын ұстаған талай алып басты азамат азып-тозып жатыр дейді ғой әне қарттар үйінде. Солардың бәрі тұлдыр жетім деймісің? Қарау қыз, қайырсыз ұл кеткен дағы қаңғып, дүние мен ақшаның соңында. Тәубә, тәубә, тәңірім, мұныңа да шүкірлік! «Замандасы болмаса, қариялар болар тез ғаріп», - деп бұныкі бұралқы иттей бұратылып жатып-жатып тісі қышығандікі де, әйтпесе, Айнашжаны ата деп, бәйек боп тұрғанда бұл осқырынудың не жөні бар? Ойбуй, алжиын деген екенсің, Ізбас! —деп өзіне-өзі іштей ұрысып алған ақсақал мырс етіп күліп жіберді.
Қызуы қайтып, жарығы көмескілене түскен сары қызыл күн астына сағымданған сұрқай көзімен күн сала қарады. «Е..е,е... жарықтық-ай, күн астына қайықтай боп жіңішке қара бұлт іркіліпті. Ертең күн қағу болар ма екен?!»деп, ішінен өзінше жорамал жасап, келер күнге жоспар сызып отырған көнекөз қария ұзақ ғұмырдың тағы бір парағын аударып тастағанын өзі де білген жоқ.
Қара көк лентасымен жиектелген көкжиек тасасына жасырынған күрең күн-түймешегін ұясына қондырып, қызының жетегіне еріп, жаңадан аяқтанған жас ботадай тәлтіректеп Ізбас үйіне қайтты. Ертесіне қол-аяғын бауырына жинап, құнысып тәтті ұйқы құшағында жатқан атасын оятуға қимай, бетіне біраз үңіліп тұрып-тұрып Айнаш сабаққа кетті. Содан төбеге ұрғандай жастыққа басы тиісімен қор ете түскен арық шал күн түске тармаса көзін ашқан. Көп уақыттан бері ұзақ ұйықтағаны осы шығар. Тас төбеде шақырайып тұрған күнге қарап, өзінің елі төсекте ұйқысын аша алмай әлі жатқанына қысылғандай, басын ірге жағына бұрып, жанарын жасырған. Ұзақ жатыстан ауыр тартып, зеңги бастаған басын зорға көтеріп, орнынан тұрып отырды. Біраздан соң, жар жағалай терезе алдына жетіп, көшеге көз жіберді. Ерсілі-қарсылы ағылып жатқан адам. Баласы бар, шағасы бар, ит жетектегені бар, белесебетке мінгені бар, бала көтергені бар, әйтеуір, шұбырған бір халық. Бара жатыр, келе жатыр, тұра қалып жөн сұрап жатыр. Асығып-аптығып барады, қаздаңдап жайбарақат келеді - әйтеуір қарбалас тірліктің көшіне ерген қара-құраның шеті жоқ. Қайтсін, енді, тірі адам тіршілігін жасайды да. Бұл құсап тіршіліктің базарын әбден аралап болып, болдырып, енді кейін қайтуға көлік тосқан жолаушыдай ақырын күтіп жатқан біреу болмаса, дені сау адам қарап жатар ма? Бұл міне, тұсаулы аттай кібіртіктеп, қарыс қадам жерді аттау мұң болып,өрісі тарылып, терезеден телміріп тұрысы мынау. Баратын жері, басатын тауы таусылған. Аяғын тәй-тәй басқаннан басталған ұлы өмір соқпағын табаны тозғанша таптай-таптай ақыры шетіне де ілігіп қалған тәрізді. Асыққанда қол созым жердің де жеткізбей қоятыны бар емес пе? Тап сол. Тізесі қалтырап, буын-буыны дірілдеп, басқан аяғы кері кетеді. Әне жеттім, міне жеттім деген ажал асуы алдырмай-ақ қойды. Күнде ертеңмен бұл жылдың, да жартысын жеп қойыпты. Осы күні кеше естігенді бүгін ұмытатын болыпты. Қартайғасын адамның жады да тозатын болар. Бірақ жас күніндегісі ұмытылмайды екен. Бәрі көз алдында. Осыдан жарты ғасыр бұрын болған оқиға, тіпті сонау балалық шағындағы қамсыз күндері тап кешегідей жадында. Кейбір кездер ап-анық сақталып қалғанын қайтерсің? Қаз-қалпында, сол күйі санасында саңқылдап жаңғырығып тұр. Күңгірлеген құлағы сондайда тарс бітеліп қалады да, ішкі дүниесіндегі дауыстар күмбір-күмбір етіп, сөйлеп жүре береді. Міне, көз алдында жал-жал толқындары қарауытқан әйгілі қара теңіз. Қара десе, қап-қара. Үстінен үңілсең, түпсіз қазандай қара бұйра толқыны тынымсыз сапырылып қап-қара болып, зәре-құтыңды қашырады. Қара қиыршық құмы тарыдай саудыраған таныс жағалау. Құм екеш құмы да қара. Тотыққан темірдей қож-қож тастар құбыжықтай қараңдап, кешқұрымғы шақта көңілге қорқыныш ұялатады. Қайтқан күннің қызуымен қайнай түскен малта тас аралас мақпал құмда белуардан көміліп, әдемі ақ сұр келіншектің қасында жатыр.
Аудан орталығындағы үлкен әйнекті дүкеннің меңгерушісі - Бәтес қой. Күйеуі автоклуб айдайтын шашы селеудей, үкі көз, жалақ сары. Қысы-жазы қойлы ауылды аралап, жықпыл-жықпыл құм арасында айлап-апталап жоғалып жүргені.
Алтын тісі жарқыраған ақ балтыр әйелі болса, ақшаны уыстап шашып, бөтен еркекпен теңіз жағалап жүр. Әрине, үйі бәрінен бейхабар. «Бүйіріме жиналған тасты ерітетін емдік су ішіп жатырмын» деп үйдегі үш-төрт балаға бас-көз боп қалған енесіне келісімен хат жіберген. Өзі ауданның үлесіне тиген екі түйір жолдаманың бірін еншілеген Ізбасты облыс басындағы әуе айлағынан бір күн бұрын барып тосып алды. Кешікпей келіп жеткен Ізбасты қолтықтап, кеш түсісімен «теңізге бауырын төсеп жатқан ақ мәрмәр қаланы» емін-еркін аралап, түн ортасында құс тұмсық ұшаққа отырып, «қара теңіз қайдасың?» деп тартып кеткен. Міне, енді кішкене мұрнының ұшы тершіп, қап-қара көздері шоқтай жайнап, жартылай жалаңаш Ізбастың құшағында ақ сазандай бұлқынып жатыр. Ізбастың қуырылған шаяндай қып-қызыл кеудесіне басын қойып, жағаны жүндей сабап жатқан қара бұйра теңізге алақанындағы моншақтай малта тастарды бір-бірлеп атып, сылқ-сылқ күледі. Кей-кейде жағаға теңіз төсінен таутайлақтай мойнын созып, тапырақтай шыққан зәулім толқындар тулап келіп елден безіп, ермек іздеген екеуді бұлаңдаған құйрығымен бір-бір салып өтеді. Ондайда бұлар қара сұр топырақтан бөкселерін суырып үлгермей, жатқан жерлерінен жылп етіп, жағалауға бір қадам жақындай түседі. Қыстың күні төбе басына шығып алып, ылдиға қарай шанаға отырып сырғанақ тепкен балалар құсап, қол ұстасып төменге сырғи жөнеледі. Осы мезетте екеуі де мәз-мейрам даурығыса күледі. Бірақ бұлай сабалау мен сырғанау қайталана берсе, тасыған қазандай бұрқ-сарқ етіп, ақ көбігі аспанға атып жатқан асау теңіздің қақ ортасынан бір шығулары да ғажап емес. Қарабұйра жалы желмен жарысқан айғырдай азынаған тентек теңіздің екпіні қатты. Аузынан ақ көбігі ақтарылып, аласұрып, жардай толқындары жағалаудағы елдің зәресін атып, ауыздығын шайнап, күндей күркіреп, теңселіп жатыр. Сол тажал толқыннан тайсалмай жаудай жағаласып, жағада желкен тартып жүрген жүрек жұтқандар да жоқ емес. Көзін ашқалы ағысқа қарсы жүзіп, ақиық боп қалған қырық ру қауымның ішінде не жоқ дейсің? Оларда тасты уатып, темірді үккен төзім мен қайрат әуелден мол ғой. Бірақ туғалы теңіздің бұлай тұлданғанын көздері көрмеген Ізбас пен Бәтестің жиекке жақындауға жүректері дауаламайды. Әйтпесе, өздері де теңізден таяқ тастам жерде туып-өскен төлдер ғой. Теңізге малту түгіл, бақайын батыруға қорқады. Әйтпегенде, айшылық жерден құс қанат ұшаққа мініп келген теңіз айдынында құлаш сермеп, құмары қанғанша жүзгенге не жетсін?! Екеуі де қанаттары қырқылған құстай қолдарын қаншама оңды-солды далпылдатса да, жүзе алмайды. Тек кешке салым сап-салқын судың шет жағына барып денесін шылап шыққандары болмаса, малта тасты бытырлатып жағада жатады да қояды. Қайран шалдар-ай! Тұмсықтың астындағыны танымайтын әдеттерің-ай! Әйтпесе, малдың жайын күйттеймін деп, қашаннан қастарыңда жатқан күміс айдынды анадайдан айналып өтіп жүрер ме едіңдер?! Теңіздің тамашасын көрер едіңдер ғой. Қызықтан қашан да қашық жүретін әдетіміз емес пе?! Енді міне, туған ұрпақтарын ұша алмайтын үй құсындай теңіз айдынына құлаш ұрып, бір сүңги алмай қор болып жатыр. Өздеріне тағы бір жылан құйрық толқын ысылдап таяй бергенде, орындарынан ұшып-ұшып тұрып тұра-тұра жүгіріседі. Жағадан қашығырақ барып уатылған қайрақтай сүр малтаға ұмар-жұмар құлай кетеді. Әне, Бәтестің күміс қоңыраудай сыңғырлаған даусы құлағына келді. Күміс құмыраның түбіне бір ырғақпен сапыра құйған күміс теңгешіктер сыңғырындай әсем күлкі «Із-з-баас! - дейді күлкісін әзер тежеген Бәтес, - қала берейікші осында. Кеткім келмейді». Бұл үндемейді. Бәрін біліп жатыр. Бәтестің теңізді қимайтыны да, бұдан айрылғысы келмейтіні де рас. Оған күмәні жоқ. Бірақ... Бәтес үш баланың анасы. Анаға баладан жақын кім бар? Байқайды, балаларын қатты сағынып жүр. Көшеден кішкене бала көрсе болды: «Мынау бір балаға қарашы, Бәкөнтайым сияқты екен» деп, кенжесін аузынан тастамайды. Күнде таңертең асханаға бара жатып: «Бүгін балаларды көріп шықтым, балапандарым-ай, мені сағынып жүр-ау» деп, көрген түсін бастан аяқ баяндап шығады. «Сені жақсы көрем» дегенімен, балаларын қалай қисын?! Сондықтан Ізбас оған болмасты айтып, босқа басын айналдыруды дұрыс санамайды. Әрі, осы жүрісінің бәрін іші сезгенімен, бір рет те бетіне салық қылып көрмеген момын келіншегін бұл да аяйды. Осының бәрін ойлайды да, ақкөңіл келіншектің көңілін орынсыз жаралағысы келмейді. «Қалсақ қалайық!» десе, елп етпе, көңілшек мінез Бәтестің көңілі күн қызуынан еріп, ыдыраған сендей шынымен бұзылмасына кім кепіл?! Қанша дегенмен, «шашы ұзын, ақылы қысқа» әйел заты емес пе?! Бәрін де қойшы,олай етсе, олай етсе ана үш баланың көз жасы жіберер ме, бұны?! Ж—о—оқ, кінәсіз сәбидің қарғысына қалар жайы жоқ. Құдай, баланы анадан айырмасын! Оның беті аулақ. Ізбас үн-түнсіз көңілі теңіздей шалқып, шаттана күліп, құшағына құлай кеткен әдемі келіншекті қарулы қолдарымен қапсыра құшып, ақтамақ, аршын төсінен аймалай берді.
Неткен қара тастай қатал едің, қабаты қалың қара жер-ай! Айдай ару, күндей көркем талай жасты сұп-суық бауырына басып, қалай ғана үн-түнсіз мелшиіп жатырсың? Ақсақалдың ауыр ойын есіктен айғайлай кірген Айнаштың қуанышты даусы бұзып жіберді.
— Ура, «удавтан» бес алдым!
Ізбас Айнаштың неге мәз болып тұрғанын түсінген жоқ. Тек жүзіндегі бал-бұл жайнаған күлкі шырайына қарап, жақсылыққа жорыды. Сөйтсе, жатын бөлменің есігінен шашы ұйпа-тұйпа болып Мұрат шығып келеді.
Мұраттың неге жұмысқа бармағанынан екеуі де хабарсыз болатын. Жайбарақат жүзіне қарап, кешікпегенін ұғысты. Шешесі жоқтығын пайдаланып, Айнаш атасын ас үйден тамақтандырды. «іші бұзылар» деп қорыққан жоқ, сары майды да, қаймақты да алдына қойып, өз қолымен асатты. Аузына салғанын талмап әзер жұтқан ақсақал құсбегі қызылдатып отырған құстай, қалқиған мойнын созып, әзер жұтынып отыр. Әйелінің айтуынан шалдың тамақты көп ішкені «тек оның өзіне зиян» екенін білетін Мұрат қызына қарап, қабағын түйіп, ым қағып еді, Айнаш оған мән берген жоқ. Шайдан соң үшеуі қонақжайдан «мультик» көрді. Ізбас өздігінен қонақжайға бас сұқпайтын. Сағыныштың қабағын байқайтын да, бетінен басатын. Айнаш қояр да қоймай:
— Ата, жүр, қашанғы жалғыз жатасың? Ішің пысады ғой, — деп, тыңайып қалған шалды қолтығынан сүйемелдеп әкеліп, жұмсақ креслоға отырғызды. Ізбасқа көрдің не, көрмедің не, бәрібір. Құлағы естімеген соң, құр жыбырлаққа қарай бергеннен не шығады?! Теледидардың даусын тым қатты қойса, құлақ шекесі солқылдап, басы ауырады. Ар жағында, құдай тағала, тамырын байлап, түйін-түйінін шие қып түйіп тастаған соң, не амал бар?! Бірақ, кейде жын сияқты, сәл ғана дауыстап сабырмен айтылған сөзді ап-анық еститін кезі де болады. Әй, Құдай - шебер өзі жасаған затының сырын өзі біледі-дағы. Адам өз құпиясын өзі қайдан ұқсын?! Оған әуелден бұйрық жоқ қой. Баяғыда бір елде білгіштер жиылып адам жасапты дегенде, жұрт жағасын ұстасып, таңдай қағысып еді. Көппен бірге Ізбас та «рас шығар-ау, бұл адамның қолынан не келмес дейсің» деп еді. Алданғанын кейін түсінген. Осы күні есіне түссе, мырс-мырс күледі. Адамның қолынан басқаның бәрі келсе де, тап адам жасау келмейтінін біледі бүгінде кәрі қақпасың. Жасаса жасаған да болар, жаны жоқ қуыршақты. Кім біледі, небір шебер қолдар бар ғой жер бетінде. Әй, адам деген неткен пәтуасыз пәтшағар еді. Құдаймен теңесем дегені ме, жоқ жаратушыдан айламды асырам дегені ме? Бұл адам осы тәкаппарлығын қашан қояр екен?! «Мен, мен» деп, кеудесін соғумен-ақ өтеді-ау дүниеден. Неден жаралса, соған айналарын да мойындап кетсе жарар еді-ау, түбінде. Көпшілігі мойындамастан өледі ғой. Бір жердің халқы өлген кісісінің өлімтігін құсқа шоқытады дейді. Мейлі, неге шоқытып, неге талатса да, күлін көкке ұшырып, жіберсе де, айналып келгенде оның тозаңы аспанға, Айға, Күнге қонбайды ғой. Бәрібір, суға ақсын буға айналсын, әйтеуір, тамшы боп тамар, тозаң боп қонар жері өздері табанын тіреп тұрған қара жер екенін де ұқпағаны ма?! Әй, бұл адам өлермен ғой. Өле-өлгенше өзінің кім екенін тани алмаса да, аспанға тас атқанын қоймайды.
Атасының басы бір иығына қисайып кеткенін көрген Айнаш иегінің астына ақырын ғана жастық қыстырды. Бірақ шал ояу. Ұшан-теңіз ойдың ұшығына жете алмай, бөлдірке қайықпен мұхит кешкен жандай бағыт-бағдарсыз қалқып өз ойымен өзі боп жатыр. Баяғыда өзі де Қызыл ала киініп, жарқыратып жез түйме тағынып, қып-қызыл кәмөнес боп жүргенде Маркс-Ленин деген екі шалдың атын аузынан тастамайтын. Бірақ басына іс түсіп, қатты қиналған шақта «Алла» деген сөздің аузынан қалай шығып кеткенін білмей қалып, тілін тістей қоюшы еді. Е, е, е, е....ол заман екі елі ауызға төрт елі қақпақ қоймасаң, бас кететін балға орақтың, шалғы орақтың заманы еді ғой.
Құс ұйқылы қарттың заматта қор ете түсу үйреншікті әдеті. Ояу отырғаны қайсы, ұйықтап отырғаны қайсы, белгісіз. Сөйлеп отырып-ақ, мұрсатта үнсіз қалады да, қалғып кетеді. Ұйықтап қалды-ау деп, сәл қозғап, иығына шапан жапса, не басына жастық қыстырса, дереу көзін ашып ала қояды. Міне, тағы да көзін ашып алды. Көзі жыбырлаған теледидарда болғанмен, ойы бір мезгілдер өзі жүріп өткен өмір жолының қуыс-қалтарысын аралап жүр. Күндегісіндей, төсекке жатқан соң да, екі жағына кезек аударылып, әрнені ойлаумен болды. Көзін «жұмдым» деп, ұйқы шақырғаны болмаса, санасы ояу. Тіпті, ұйықтап жатып та, басқа дүниені - баяғыда өліп-өшіп қалған өлі жандар дүниесін көріп жатады. Өзі де солармен бірге жүреді. Баяғыда «түсіне өлген адам кірсе, алып кетуге келіп жүргені» деп қорқытатын кейбіреулер сәуегейлік айтып. Оттаған сөз екен. Бұның ылғи өңінде де, түсінде де көретіні атам заманда сүйегі қурап қалған өлі әруақтар. Бірақ, әзірге өлетін түрі жоқ. Жатыр ғой міне, қу сүйек боп. Бұрын да айтпап па еді бір бейбақ: «Құрысын қартайған соң, көрген күнің» деп, осы сөз дәл бұған айтылғандай.
Кеше ме, бұрнағы күні түнде ме, түсінде Жұбаныш жанды көріп жүр. Баяғысынша тісі ақсиып, күліп тұр екен. «Ата, ренжіме, саған берген сертіме жете алмадым» дейді. Өзі бір терең шұңқырда тығылып отыр екен дейді. Бұл оған қолын созып: «Жүр үйге барайық, бұл жерде неғып отырсың?» —десе, ол: «Ата, сенің жолың әне» —деп, кең даңғылды сілтейді. Кәдімгі тас жол екен. Бір шеті қырдан асып, созылып жатыр. Бұл артына қарайлай-қарайлай жолға түскенде, Жұбаныштың даусын естіді. «Ата, алтыншы автобусқа мін» —дейді. Бұл не дегені? Әлі алты жыл өмір сүресің дегені ме? Алты жыл жүрер болса, Ертайжанның үйленіп, қолына қондырған құсын көрер ме екен? Кім білсін, жаман немелі де болып қалар оған дейін?! Қой, не деп кетті?! Құдай сақтасын, алты жылы несі, құрысын. Алты ай шығар. Әлде алты...алты күн бе екен? Мейлі, алты күн болса, алты күн—ақ болсын. Тындырып кете алмадым-ау деп, арманда болатын несі бар? Қазір алсаң да, Аллажан, құзырыңа әзірмін. Тоқта.... сонда бұл таң атса, әлгі алты күннің үшеуін жегені ғой. Енді үш күннен соң.... Алты күн деген де дым емес екен ғой. Әлде алты ай дегені ме екен? Мейлі, алты ай дегенің жылдың жартысы ғой. Қырқына шыдап, біріне шыдамай не көрініпті?! Шыдайды, әрине.... Алты айға шыдамай.... Ойпырмай, бетін аулақ қыла гөр, құдіреті күшті хақ тағала! Әйтеуір, алты жыл бола көрмесін. Қой қайдағыны ойлап, басын қатыратын не жөні бар? Пенденің қолынан не келсін? Бір құдайдың қалауы болар... «Адамның басы – Алланың добы» деген емес пе? Алла тағаланың ісінде жердегі пендесінің не шаруасы бар?!
Еу, жарығым-ай, Жұбанышжан да маған алаңдай ма екен, ол жақта жатып? Жаның жаннатта болғыр, жалғызым-ай! Қайтейін жарық дүниедегі сапарың тым қысқа болды ғой. Өзінің бар баладан туысы бөлек еді ғой, бастан-ақ. Сәлімбек байғұс: «атасының баласы» деуші еді. Жақсы болар баланың өзі жасынан белгілі болады екен ғой. Өзі де үйірсек, елгезек, аңқылдаған ақ жүрек бала еді ғой, құлыным-ай. Мен қасқаның маңдайыма оны да сыйғызбады ғой, бұл Құдай. Ол тірі болғанда, е,е,е .... қайтейін, қайсы бірін айтайын?!
Өзі домбыраға әуес болды. Ізбастың өзі ырым қылып, қара домбырасының басын тістетіп еді, соның септігі тиді ме, жоқ әлде, Құдай зейініне берді ме, бір тартқанды қағып алатын. Ізбас іштей сұқтанып та жүрді сонда. Сұқтанбай қайтсін, бұның айтып отырған жырларын ауызба-ауыз жаттап алып қайта айтқанда бір сөзінен жаңылмастан, мүдірмей тақпақтап қоя беретін. Сонда бұл ішінен: «Құдай-ай, «тақтақтың түбі тақ-тұқ» деген бар еді, қарағымды бәле-жаладан аулақ қыла гөр, бақты баянды ете гөр!» деп зар төгуші еді. Қалды ғой ақыры зарлап. Күйдің де қайдағы бір қайғылы, мұңдысын егілтіп тартатын Ізбастың сақалынан тарам-тарам сырғанаған жасты кішкене саусағының ұшымен іліп тастап: «Ата, неге жылап отырсың? Мені бүгін Тұрғанның қасына ұйықтады деп отырсың ба? Мен білмей ұйықтап қалыппын, енді өйтпеймін. Сенің қасыңа жатамын. Тұрған ғой, оятпаған. Әйтпесе, мен қараңғыдан қорықпай-ақ сенің қасыңа келіп жататын едім» деп, ақталатын шешесінің қасына жатқан күні. Бауырына бала бітпеген Сәния байғұс та, Жұбаныш десе ішкен асын жерге қоятын. Ақыры екі мұңдықтың қара баласына ерекше ықыласы түскенін байқап, оқуға баратын жылы Сәлімбек Жұбанышты Ізбастың әкесінің атына жаздырып келіпті. Қолынан жетектеп әкеліп, Ізбасқа ұстатты. «Ал, көке, бүгіннен бастап мына қараның фамилиясы Саржанов болды. Екі үйдің қайсысында жүрсе де өз еркі, есін біліп қалды ғой, бірақ атақ-жөні - өзіңдікі» деген. Айтқанындай, Жұбаныш әжесі мен атасының қасында күндіз болса, түнде қарсы есіктегі бауырларының арасында «адасып» ұйықтап қалып жүріп, ер жетті. Өлең-жырға әуес, күйге шебер баланы тіл-көзден аман болсын деп, екі кәрінің істемегені жоқ: бойтұмар да тақты, мойнына қасқырдың тісін жіпке өткізіп те байлады, бас киіміне көз моншақ та қадады. Әскерге алынғанша біреуі айранын біреуі қаймағын аузына тосып, ақуыз қылып бағып еді-ау, не керек?! Әрбір ақ конверт келген сайын Ізбастың қуанышы қойнына сыймай, көрші қызға хат тысындағы солдаттың адресін қайта-қайта дауыстап оқытушы еді. «Оқышы, не деп жазыпты?» дейтін, қой көздері күлім қағып. «Саржанов Ізбасқа Саржанов Жұбаныштан» деп жазыпты дейтін, кішкене қараторы қыз да, өзінің қатесіз оқи алатынына мақтанғандай тақылдап. «Саржанов Жұбаныш деп жазыпты дейсің бе?» деп сенбегендей қайыра сұраған қазымыр қартқа таңданған қыз: «Иә, Саржанов депті, міне, Саржанов» деп, әрбір әріпті тасқа басқандай тақ-тақ шегелеп, саусағымен түртіп жеке-жеке дауыстап оқитын. Мәз-мейрам болған ақкөңіл шал қалтасынан Лениннің басы бейнеленген күміс теңгені қыздың алақанына салып, «соңыра кәмпит алып жерсің» дейтін.
— Бұл сенің қатесіз оқығаныңның ақысы. Бар, енді жылдам жүгір де, біздің үйден менің көзілдірігімді әкел. Көзілдіріктің қайда тұратынын қараша қыз жақсы біледі. Өйткені, күнде есік алдындағы сәкіге ақ текеметті төсетіп, үлкен көк кітапты қолына алған Ізбас атасы бұны қасына шақырып алып: «Әй, Жұлдыз, қайдасың, кел кешегі қалған жерімізден жырымызды жалғайық» дейтін. Ол да бәле қыз. Арасына открытка қыстырған бетті ашады да, «Айналайын. Қарасай, Асылың нұрдан жаралған, ер Орақтың баласы-ай» деп ызғыта жөнеледі. Даусын да Ізбас атасы жырлайтын мұңлы мақамға салып, соза шығарады. Жұлдыз көзілдірікті қолына ұстатқанда, ақ конвертке тесіле қарап: «Саржанов, Сар-жан-ов дейді» деп жымың-жымың етіп, әлі күбірлеп тұрған Ізбасты көретін. Әкесінің аты өзімен бірге өшеді деп жүргенде, Жұбанышты Саржанов деп жаздырған Сәлімбекке дән риза еді. Жұбаныш алғаш мектепке барған жылдары: әр дәптерін қолына ұстап, сыртын асықпай оқып алатын да өзіне беріп: «кәне, оқып көрші» дейтін. Бала:«... Саржанов Жұбаныштың математика дәптері, Саржанов Жұбаныштың қазақ тілі дәптері» - деп, бәрін тақылдап оқып шығатын. Ізбас: «Ә, менің балам оқымысты болады, дәптері толған бестік» -деп, масаттанып, үйіне келген кісінің бәріне мақтанатын. Сонда Жұбаныш басын шайқап: «Жоқ, ата, мен саған оқымысты болмаймын, домбырашы боламын дегенім қайда»— дейтін еді-ау. Есіл боздағым-ай! Дегені не жетпей, қанаты қырқылды ғой, қыран құсымның. «Қабаты қалың қара жер-ай, талайда ерді жалмаған ой жалмаған, артында ғой белгі қалмаған ой, қалмаған...» ішіндегі зарлы гөй-гөйі, санасында саңқылдап, жаңғырып кетті. Күңгірт бөлмедегі құс төсекте қол аяғын бауырына жинап, құнысып жатқан қарттың көз жасы құс жастыққа тырс-тырс тамды. Басынан-ақ жүрегі бірдеңені сезген екен-ау. Алты айдан соң «Ауғанға әкетейін деп жатыр» деп хат келгенде, сұм жүрегі суылдап аузына тығылып еді. «Ойпырмай, аман келсе жарар еді!» деген бір күдік көкейіне кенедей жабысып алып, қолқасын кеміріп, күні-түні үңги берген, үңги берген. «Ата, екі жыл деген екі ай емес пе, тез өтеді де кетпей ме? Келген соң, сені өзім бағамын. Ешқайда да бармаймын. Көп болса, оқуды сырттай оқырмын, сендердің жандарыңда боламын» деп еді-ау. үйден аттанар алдында. Шақырту қағаз келген күні: «Сен келгенше бармын ба, жоқпын ба?» -деп қамығып, қайғы жей бастаған Ізбасты қапсыра құшақтап: «О, не дегенің, ата, сен әзір өлмейсің, елімді аузыңа да алма!» - деп еді-ау ол күшік. Аузына Құдай салған екен да, періштенің.
Періште емей, немене?! Жүрегіңде иненің жасуындай қаралық жоқ еді ғой, қарашығымның. Ешкімнен көмегін аямайтын елгезектігі қандай еді?! Жан баласына қылдай қиянат қылмайтын адалдығы қандай еді ?! Шекісіп қалған жолдастарын да татуластыратын - Жұбаныш, істің ақ-қарасын айыратын төреші де — Жұбаныш, қатар-құрбысының ақыл сұрайтын ақылшы-ақсақалы да - Жұбаныш болмап па еді?! Жанып тұрған от еді-ау, не пайда? Көкірегінің басын кернеген шер көрігі көмейін қыздырып, «Уһ» деп күрсінгенде аузынан жалынды леп шықты. «Сұм жалған, сұм жалған, бұл пәнидің жүзінде қарап тұрсам, кім қалған? Қырмызыдай қызды алған, қаршығадай ұлды алған, қайырсыз да, қарау бұл жалған. Талай асыл бекзаттың артына белгі тастамай, құйрық жалын келте алған» - деп, іштей өзі талай жырлаған зарлы жоқтаудың тағы бірін іштей тақпақтап кетті. Жұлынын үзіп кетті ғой, Жұбаныш. Ішінен қара қан өтіп, қабырғасы сөгіліп, белі бүгіліп, ақ сары өңі түтігіп, орнынан тұра алмай от басында омалып қалды. Тұсында ілулі тұратын шашағы шеңбірек атқан қара домбыраның мойнын өз қолымен омырып, күл талқан ғып күйрете шақты. Ізбастың бетін жас жуып: «шанағы шерге толып шермиген сұм домбыраға жастай неге құмар болдың екен, құлыным?! Қос ішектен қос аққудай сыңси зар төккен тұл-домбыраға неге әуес болдың екен, жұлыным?! Тәңірдің қарғысы тиген тұлдыр жанның бұл домбырасына неге жақын болдың, жарығым?! Жұбанышым, жұлдызым!» - деп аңырағанда, төбе құйқасы шымырламаған жан қалмаған шығар маңында. Апталап адамға қарамай жатып алғанда, қанды көйлек жолдасы Толыбай келіп тұрғызып еді-ау. «Әй, тентек шал, теріс қарап кімді қисайтайын деп жатырсың? Құдайды ма? Тентек болғанмен, есің бар тентек едің ғой! Бұның не? Құдайдан бір жас кіші көпке неге топырақ шашасың? Көпке топырақ шашсаң, көмусіз қаларсың, сол ма? Сен кімнен артықсың, мына Сәниядан артықсың ба? Ойланшы, осы сөзімнің мәнісін! Құдай өзі берген пендесін өзі алды. Қолын қағатын кімің бар? Қалғанына салауат бер де одан да. Сәлімбек пен Тұрған тұр ғой, басына келіп. Оларды неге ойламайсың? Аталап аяғыңа жабысып, Сағынышың отыр, оны неге көрмейсің? Мен сені ақылсыз деп жүрген жоқ едім, әлі де ақылы бар деп келіп тұрмын. Қайт райыңнан, көтер басыңды. Құдай көтере алмайтын жасыққа бермейді қайғыны. Қайыспайтын ерге береді. Қайғы деген - қара тас. Көтеретін бел керек, қайыспайтын қара нардай ер керек. Қайт енді. Бір тілегімді бер. Мені өзің де білесің, айтпаймын, айтсам қайтпаймын. Айтқан тілді алмасаң, қайтып есігіңді ашпаймын. Ер кезегі үшке дейін деген, қайт деймін, Ізбас. Үш айттым, болды» деп, орнынан тұра берген Толыбайдың етегінен тартып Ізбас басын көтерген. Беті бері қараған Ізбастың қолтығынан демеп, Толыбай орнынан тұрғызып еді сонда. Толыбай да тұйғын жігіт еді. Сырттай көзге момын көрінгенмен, мәрт болатын. Майданда талай борап тұрған оққа кеудесін тосып, атой салған көзсіз ер, қайран досы сөйтіп бұны райдан қайтарған. Адамның өзіне-өзі қол салуы оңай ма, Ізбас та көнді ғой, Құдайдың салғанына. Жатыр міне, ұялмай, Жұбаныштың соңында қалып. Ойбай-ау, бұл бейбақ кімнің соңында қалмай жатыр? Сәлімбектің де, Тұрғанның да, Толыбай мен Қырмызының да, қарайып жұртта ұмыт қалған қағулы қазықтай қалды ғой жалғыз өзі шошайып бәрінің соңында, бірдеңе бітіретін болса, Сәлімбек пен Тұрған бейшаралар араларынан қыл өтпестей тату еді ғой.
Екеуі араларына жыл салып жөнелді. Тілегі бір екен.
Сәлімбектің жұмысы ауыр еді. Құрылыста тас қалайтын. Сол ауыр жұмыстан зорықты ма, әлде, дәм-тұзы біткен уақыты сол ма, шырқыраған шілдеде кетті, марқұм. «Ыстыққа жүрегі шыдамай, тоқтап қалған, әлсіз, ауру жүрек екен» депті ғой дәрігерлер. Қазақ доғдырға салақ қой. Алдын ала емделіп, ем-дом жасаса жазылып кетер ме еді, қайтер еді. Ауруын сездірмейді екен ғой, байғұс. Сырбаз еді ғой, өзі де, сырын бермейтін. Не де болса, ішінде жата беретін. Сол жылы Жұбаныштың қазасының ыстығы суымай жатып, Сүйініш ұсталды ғой. Ол да сойыл боп тиді ғой. Сол салмақтың бәрін қайдан көтерсін ет жүрек?! Қара нардай сырға берік, аузына күтім айналайын еді ғой бір. Тұрған «көке» дегесін, ол да көке дейтін. Бұның қырсық мінезіне кей-кейде ырза болмағанда, «отағасы, оныңыз не?» дей беретін, басқа сөзі жоқ. Әншейінде алдынан кесе-көлденең өтпейтін Сәлімбектің өзіне бірде ренжігені бар-ды. Сәлімбек бірде айт па, шек пе, бір садақа жасап, көрші-көлемнің үлкендерінің басын қосқан. Араларында ауылдың жасы үлкені қой аузынан шөп алмас момын шал Сәтжан бар еді. Өзі Ізбасқа жиен боп келетін. Жасында қандай болғанын кім білсін, тісі түсіп, қызыл иек шал болғандағы түрі: топты көргенде шешесінің артына тығылып, кісіге қарай алмайтын ұялшақ баладай ешкімге тіктеп назар салмай, жанарымен жер шұқып, басын кеудесіне түсіріп отыратын. Жаратылысынан жасық адам еді. Бас тартылған кезде Ізбас сол Сәтжанды ескермей, өзі ұстай берген. Сәлімбек көптің көзінше үндемеген. Бірақ қонақ кеткен соң, ренішін жасыра алмады. «Ізеке, Сәтжанды жуас сынып, басынғаның не?» деп еді. Бұл сонда да айылын жимай, «ой, ол жаманға мен тұрғанда жол қайда» деп, өзінің өпірем мінезіне басқан. Ой, шабаз-ай, ешкімге қиянаты жоқ жан еді ғой. Жазған шіркіннің бір осал жері - шөлмекке әуес болатын. Аязды күндері ашық аспан астында тас қалап, темірдей балшықты уыстап жүретін құрылысшы қауым, қолы қалт еткенде, бригадирлеріне білдірмей екеу-үшеуден бұрыш-бұрышта тұрып, көк шөлмектен кезек ұрттап, бой жылытатын көрінеді ғой. Әйтпесе, қолды қаритын қара мұздай кірпіш тасты қиындастырып қалап шығу да, қыс айында оңай шаруа дейсің бе? Үлкейе келе Сәлімбек күніге көк шөлмектен бір жұтпай жүре алмайтын жағдайға жеткен. Әншейінде көп сөйлемейтін, тұйық жігіт бір-екі стаканды төңкергеннен кейін көңілденіп, сөзге шешен болып кететін. Бірақ, ешкімге залалы жоқ. Балаларының басынан бір шертіп көрген жан емес. Әсіресе, Сағыныш дегенде шығарда жаны басқа еді, марқұмның. Сағынып көрген тұңғышын бес-алтыға келгенше мойнынан түсірмей, еркелетіп өсірді. «Қара қызым сау болса, тірі болса, бастық болады» дейтін. Олай дейтін себебі: Сағыныш кішкентай кезінде әкесінің оқып жатқан кітабын тауып алса, қолынан тастамай, әр бетін парақтап, кәдімгідей дауыстап, өтірік оқитын. Сәлімбектің қолынан кітабы түспейтін. Дастархан шетінде жантайып жатып та, төрге етпетінен түсіп алып та, түн баласы шамды бас жағына жылтыратып қойып та оқитыны кітап. Қағаз, қалам көрсе де Сағыныш қиғылық салып, сұрап алып, ақ қағазды шимайлайтын да жататын. Сол Сәлімбектің арманы орындалды. Қызы қазір бір мекемеде білдей бас бухгалтер. «Бір енеден ала да туады, құла да туады» деген рас екен. Сүйініш жөргегінен қағынған жүгірмек болды. «Сүйініш сабап кетті», «Сүйініш ұрып кетті» деумен-ақ, әке-шешесін ала шапқын шақырушы жиналысқа сүйреумен жүретін. Жас кезінде үйдің үстінен құлап, жілігі сынып, сіңірі тартылған аяғы жарамай, әскерден қалды. Әйел алып та көктетпеді. Біреудің бүлдіршіндей баласын ұрып сабап күн бермеген соң, ол байғұс жеті айлық нәрестесін бауырына қысып, Ақтөбеге төркініне қашып құтылды. Сосынғысы: арақ ішу, төбелес. Аяғында төрт жігіт болып, милицияны сабап, түрмеден бір шықты. Содан хабар-ошарсыз, жыл үстіне жыл жамап жата берген. Отқа түсетін қайда да ана байғұс емес пе? Балапаны үшін шырылдаған бозторғайдай, борбай еті борша, арқа сүйегі арса болғанша әр түрменің есігін аңдимын деп жүргенде, машина апатына ұшырап ол кетті. Сағыныш та солардың бәріне күйіп-пісті ғой, обалы не керек. Сөйтіп жүргенде өмір озып, жасы отыздан асқанда тапты ғой, мына Мұратты. Құдайдың көзі түзу екен, әйтеуір, екі-үш жаман қарасы бар ғой, шүкір.
Сүйініш сорлы содан хабарсыз кетіп еді, осы екі-үш жыл болды ғой өлді деген хабар алғалы. Оған да Сағыныш пен Мұрат барды, «сүйегін аламыз» деп. Қыстың қақаған аязды бір күні еді. Орта жолда ауа-райының қолайсыздығынан ұшақ болмай, кідіріп қалып, көп жатыпты ғой. Өзі де жердің түбінде жатыр екен. Ар жағында жапон деген жұрт жақын дейді. «Неге уақытында келмедіңдер, кеш қалдыңдар. Көміп тастадық» депті ғой, барғанда. Топырағы торқа болсын, сүйегі жат жерде қалды. Маңдайына жазылғаны сол да. Шыр етіп жерге түскенде-ақ жамбасың тиетін жердің бір уыс топырағы бұрқ ететін көрінеді ғой, үлкендердің айтуы рас болса.
Мұрат та Құдай берген жігіт қой, өзі бес тумалас. Әкесі өлгенмен, шешесі тірі. Біреуді олай, біреуді былай жаратыпты ғой. Алла тағала әркім өз маңдайынан көреді де. Бұрынғылардың айтуы рас болса, адам тағдыры, көрер жарығы маңдайға жазулы болатын көрінеді ғой. Сол жазмыш-сызықтан жаратқанның еш пендесі қашып құтыла алмайтын көрінеді-мыс. Әуелде бұйрық солай.
Шал екінші қырына ауып жатты. Жап-жарық бөлменің есігі тықырлағандай болды ма, басын көтеріп қарап еді, жанары буалдырланып ештеңе көрсетпеді. Тек ағараңдаған адамның Айнаш екенін:
Ата, тұрдың ба? — деген шыңырау түбінен шыққандай көмескі даусынан таныды. Баламысың деген, ол бұны өзі құсап, түні бойы тұяқ серіппей ұйықтайды деп ойлай ма екен? Қайдан білсін, нәресте. Нәресте ғой, әлі. Ұйқы шіркіннің де тек жастық шақта тәтті екенін түсінбейді ғой. Ойхой, шіркін-ай! Ойын да, күлкі де, ұйқы да, қайрат та - бәрі де жас уақытында екен ғой. Шаршау дегенді білмейсің. Уайым-қайғы деген жоқ. Шіркін, жастық шаққа жететін не бар екен дүниеде. Бірақ, соның қадірін жас кезіңде білмейтінің жаман. «Бәріне де үлгерерміз» деп ерте жатып, кеш тұрып жүргенінде, бәрі құйындай ұйытқып-ұйытқып өте шығады екен. Ізбас күндегіше Айнаштың берген көжесін ұрттап, қатығын ішкен соң:
Бүгін нешесі? - деп белгілі сұрағын қайталады. Жұма екенін білгесін, күбірлеп, өлілерге арнап аят оқыды.
Балам-ай, бүгін бір жеті шелпек пісірші. Екі-үш күндікте Жұбанышжанды көріп едім, иіс дәметіп жүр ме екен, байғұс бала, өлі әруақтарға арнап дұға оқып жіберейін, - деді Айнашқа. Өзі бюллетенде жатқан Мұратты қасына шақырып, сақал-мұртын бастырды. Аяқ-қолының тырнағын алғызып, әлі де тықыр да болса, күмістей жылтыраған шашын қырғызды. Жұбаныш айтқан «алты» - алты күн болса, әзір отырмақ. Үшеуі өтті, енді үшеуі қалды ғой. Сабақтан келген соң Айнашқа бас жағындағы көк дәптерді алғызып, тағы бір оқытты. Сүйегіне кімдер түседі, жаназасын кім шығарады, Құранды кім аударады - бәрін пысықтап алды да, дұрыстығына көзі жеткен соң көңілі жайланып, төсегіне қайта қисайды. Уақыт дігіршігі ақсақал ойлағандай «қанша жай айналса» да, үздіге күткен үш күн де өткен. Жетінші күні шал Айнаштың әкелген суына беті-қолын жумай қойды. Тәңірге өкпелегені. Атасының бала мінезіне әбден көзі қанық Айнаш мәз болып, ақ шүберекті суға батырып. атасының көзінің алдын аузының айналасын, маңдайын өзі сүртті. Атасының бір тымырайса, көпке дейін үндемейтінін білетін қыз сағатына қарап, сабаққа асықты. Абажадай бес бөлмелі үйде ақшұнақ шал тағы жалғыз қалды. Мұрат та бюллетенін жаптырып, жұмысқа шыққан.
«Бүгін ғой жетінші күн, сонда Жұбаныштың айтқан «алтысы» алты күн емес, алты ай болғаны ма?! Уай, бұл Ізбас құдайға неден жазды екен?! Ешкімге кешірілмес күнә қиянат қылған жері жоқ сияқты еді ғой?! Баяғыда Сәнияны алып, Үйшіктен елге қайтқан жылдың келесі жазында Қызылсу қаласында қалған Атабайдың жесірін көшіріп алуға барған. Сырына жетік емес еді. Келіні көк айыл көкбет әйел болып шықты. «Атабайдан қалған малды алуға келдің бе?» - деп барғаннан дүрсе қоя берген. Бұл: «Тумаласымның баласын далаға қаңғытатын жайым жоқ, бәріңді де алып кетуге келдім. Арқаласып күнелтерміз», — деген. Анау онан сайын шаптығып шыға келмесін бе? «Атабайдан қалған малда да, жанда да шаруаң болмасын, үш қыз үш елге кеткенде, қу тіземді құшақтап, қушиып қалар жайым жоқ. Байға тием. Бірақ, саған тимеймін. Беті жылтыр бедеуге тигенше, бала тапқызатын бақабас шалға тигенім артық» демесі бар ма? Бұл сонда қолындағы қызыл жыңғыл сапты қамшысын суырып алып, жон арқаға тартып-тартып жіберіп, үйден атып шыққан. Ат үстінде тасырлатып шауып келе жатып, булығып ұзақ жылаған. Қала шетіне шыққан соң бір төбеге шыға бергенде, аттан домалай түсіп, ұйысып өскен бұйырғынға жер бауырлай жата қалып, бойын кернеген ашуын тежей алмай, қос жұдырығымен жерді тоқпақтай бергені есінде. «А, құдай! Жаман қатыннан сөз естірткенше, алғаның жақсы еді ғой. Қан майданда неге өлмедім онан да? Бар болсаң, тап қазір жанымды ала қойшы» деп жалбарынған. Қай-да-ан? Көрсетпегені көп болған соң, күні бұрын жанын неге алсын? Кейін ойласа, ол қатындікі шындық екен ғой.
Шындықтың ащы болатыны қандай жаман?! Сол ащылығы ғой, бейпіл ауыз байғұсқа таяқ жегізіп жүрген. Сол қатын айтқанындай, шолақ қол шалға тиіп, ұл мен қызды төкті ғой соңынан. Бұл болса, өзімен тұрмай, Сәния бейшараның да обалына қалған жоқ па? Байғұс томашадай боп, өмір бойы бірбеткей, қыңыр шалдың қас-қабағына қарап, ас-суын әзірлеп, тамағын баптап, аяғының ұшымен басып жүретін еді. Киімді таңдап киетіні секілді, Ізбас тамақты да талғап ішетін. Талай сәл қатайып кеткен қызыл қуырдақты табағымен төңкеріп еді-ау. «Күйік етті өзің же!» деп. «Асқазаныма жақпайды» деп. Сәнияның өзі ет татпайтын. Қызыл кермесе көзі қызарып шыға келетін қиқар шалы болса, еттен басқаны жемейді. Сөйтіп, ол бейшара екі қу басқа екі бөлек қазан асып, күйіп-пісіп ас үйден шықпайтын. Күн демей, түн демей сау еткізіп, бір қора қонақ ертіп келетін Ізбасқа қабағын бір шытынбай өтті ғой, аяулы жары. Таңды таңға ұрып, ән мен күй, думан-дырду қуып, күн аралатып келсе де, кіржіңдемей, өзі шешіндіріп, төсекке жатқызып, әбден мастығынан айығып, өз-өзіне келгенше мазасын алмаушы еді. «Ұрының арты қуыс» демекші, бірде бұның сол Сәнияны «Толыбаймен көңілдессің» деп, жазықсыздан жазықсыз сабап, таяққа жыққаны да бар. Әй, жастық-ай! Онда Толыбай да өзіндей жап-жас. Бір ауданның білдей бірінші хатшысы. Бір күні әлгіндей бір көңілді сауықтан таң ата оралса, төсегінде бөтен еркек жатыр. Жарықты жағып жіберіп қараса, Толыбай. Өзі тырдай жалаңаш шешінген. Әрі-бері жұлқылап көріп еді, оянбады. Өзі қызғын сияқты. Бұның ойына жамандық қашып, Сәнияны іздей бастады. Сәния болса, қонақжайда жайдақ көрпе төсеніп, қол-аяғын бауырына алып, бүрісіп ұйықтап жатыр екен. Жон арқаға теуіп қалғанда, тәтті ұйқының құшағында жатқан байғұс ештеңеге түсінбей үрпиіп, шыңғыра ұшып тұрды. Көзі ақиланып кеткен удай мас Ізбасты көргенде. Сәния көзі жапақтап еңіреп қоя берген. Күйеуінің алғаш қол қатқаны да сол еді. Онысы өкпесін солқ еткізіп, оңдырмай тиді. Шаң-шұңнан оянып кеткен Толыбай мән-жайды түсінгенде, қарқылдай күліп, бұны жаққа тартып-тартып жіберіп, «Сәнияны жазықсыз ұрғаның үшін» деген де таң атуға да қарамай, есіктен шыға жөнелген. Масқара-ай, сол қылығы үшін кейін Толыбайдан өзі барып кешірім сұрап, татуласып еді. «Саған Сәниядан басқа әйел бір күн де тұрмайды. Сәния әулие адам, оның басына түнеуге болады. Сондай жанды жаманатқа қалай қидың? Әлде жұрттың бәрін өзің сияқты бөтен әйел көрінсе, бұйдасын үзе жөнелетін буыршын ғой деп жүрсің бе?» деп, Толыбай қатты кейіген. Сәния да: «Толыбайға қалай қараймын, ағамдай сыйлаушы едім?» деп жылап-еңіреген соң, Толыбайды үйге ертіп әкеліп, екеуінің көзінше Толыбайдан кешірім сұрап, қайта түсінісіп, араласып кетті ғой, әйтеуір. Толыбай да жігіттің сұлтаны еді-ау, шіркін. Көңіліне кек сақтамайтын. Достыққа да кіршіксіз адал адам еді. Өзінің бұдан бірер жас үлкендігі бар болатын. Өмір-бақи ағалы-інілі кісідей тату-тәтті араласып өтті. Әйелі бір аурудан шықпайтын дімкәс адам еді. Бес-алты баласының қызығын бірге көріп, немере сүйіп, келін жұмсап, арқа-жарқа болып, жетпістен асып, дүниеден өтті ғой. Арманы жоқ Толыбайдың. Құдай бақ беріп еді өзіне. Бірақ, өзіне ұқсап туған бір баласы болмады. Ел билеген азаматтың артында атына лайық ұрпағының жоқтығы қандай жаман?! Әй, ана аурушаң шілбиген әйелден келді-ау? Шалдардың жігіттің әуелі нағашасын сұрайтыны несі деуші еді, бар бәле сол жатырда екен ғой. Нағашысы жақсыдан бірдеңе шығатын болғаны да. «Жаман қатын алсаңыз, топқа кірер ұл тумас» деп шалдары құрғыр неге айтты дейсің?! Мейлі, жаман да болса бары жақсы. Өй, тәйірі-ай, бұған біреудің бала-шағасын сынау не керек, мінеу не керек. Өзінен өрбіген соқыр қыз да жоқ. Жайыңа жатпаймысың, құдай деп? Ақсақал бір мезет өзіне-өзі ұрсып та алды. Баяғыда ғой, өгей әкесі Тоқболат өлгелі жатып, Атабай мен Ардақты қасына шақырып алып: «Қарақтарым-ай, дүниеден ұрпақсыз кеттім ғой деп жүргенде көрген көзімнің ағы мен қарасындай қос құлындарым-ай, аман-сау болыңдар» деп арыздасып жылап еді ғой. Сөйтсе, іштен шыққан шұбар жыланның орны бөлек екен ғой.
Ізбас жаздырып алатын баспасөздің бетін жеті сыныптық қана білімі бар Сәнияның қадағалап, қайта-қайта шұқшиып, шыр айналдыра оқи беретін әдеті бар еді. Бұл газет-журналды түбіртектеп неге шұқшияды десе, ол баспасөз бетіне жарияланатын құлақтандырулардан бірге туған бауырын іздейді екен. Ата-анасы ашаршылықта Сәнияны жоғалтып алады да, бұл балалар үйінен бірақ шығады. Сонда бұл алты жаста екен. Әке-шешесінің атын біледі, есі кіріп қалған қыз және өзінен екі жас кіші Иса деген інісі болыпты. Сәния әке-шешеден ендігі күдер үзсе де, жас жан ғой деп ішінен сол Исаны іздейді екен. Соны естігенде, Ізбас әйеліне кәдімгідей ренжіп, ұрсып алған. «Өй, сен бұны маған неге айтпай жүрсің? Шұқшиып газет-журналды көзіңмен сүзгенше, мына маған айтсаң болмай ма?» — деп қатты кейіген. Содан соң балдызын іздеуді өз қолына алған. Ішкі істер бөліміне аты-жөні белгілі адамды іздеп табу қиын болып па? Жер-жерге жедел сұрау салғызды. Көп кешікпей жауап та келді. Балдызы тірі екен. Сарытауда тұрады екен. «Інің табылды, тірі» дегенде, өз құлағына өзі сенбеген Сәния бір күліп, бір жылаумен болды. Күндіз күлкі, түнде ұйқыдан айрылды. «Көзіммен көрмей, сенбеймін» деп зар қақты. «Демалысқа шығайын, сосын барармыз» дегенге көнбеді. Бұл қайтсін, жедел күн алып, екеуі Сарытауға суыт жүріп кетті. Қолдағы адреспен үйін аудармай тауып барды. Есікті ашып қалғанда, сойып қаптап қойғандай Сәнияның сыңарын көріп, Ізбас жағасын ұстаған. Мұндай да ұқсас адам болады екен ғой. Сұрамай танитын. Жүрегі әлсіз Сәния біраз талмаусырап қалды. Інісінен ауық-ауық: «Бұл шынымен сенбісің-ай, Исажан, шынымен сенбісің?»деп сұрай берген. Ізбастың сонда туыс дегеннің адамға қандай қымбат болатынына тұңғыш рет көзі жеткен. Исаның татар келіншегі, екі-үш баласы бар болып шықты. Күйлері де жаман емес. Бір қора тауығы, бақшасы бар. Апа-жездесін барынша күтіп, Сарытауды аралатып, екі-үш күндей қонақ қылды. Мерзімді күні біткесін бұлар елге жүрмек болды. Сәлем-сауқат беріп, балдызы мен келіні шығарып салды. Исаның өзі көзі тірісінде апасына бір-екі рет келген. Кейінгі балалар бұларды қайдан іздесін? Ізбас қой, міне, тас жетім. Сол Иса «Апаң көз жұмды» дегенді естісімен келіп, қырық шақырым жердегі Сәнияның басына күннің суықтығына қарамай барып, еңірегенде, жұрттың сай-сүйегін сырқыратқан. Әне, бауыр деген сол. Ал, бұның екі туысы Атабай мен Ардақ ФЗО-да жүріп, біреуі Қызылсуда, біреуі Ашхабатта қалып қойды. «Елге қайтың» деп бұл да айтпапты, олар да кетті ғой сонымен. Біреуі майданда опат болды, біреуі жер шайқалғанда қаза тапты. Екеуінің де жер бетінде моласы бар-жоғын Ізбас бүгінге дейін білмейді. Кейін қираған қалаға барып іздеп көріп еді, таппады ғой. Тірі қалған біреулердің сілтеуімен Тұрғанды тапқанына да шүкір. Құдай бұны да өлтірсін бе? Бір жоқты бір жоққа әкеп қосып тұр ғой, ұйқастырып. Әке дегеннің, ата дегеннің не екенін де сол Тұрған ғой бұған білгізген. Күйеу баласымен сыр мінез емес еді. Көргені де бар-жоғы бір-екі рет қой. Жұп-жуас қана көсеудей қара жігіт еді, марқұм. Ардақ та бой жеткелі бұдан бөлек жүрді. Түр әлпеті анасына тартып, әдемі боп өскен екен. Мінез-құлқы да жайлы, ісмер, пысық адам еді. Тұрғанның мінезіне де жан жетпейтін. Өзі де өнерлі, іске шебер болды. Кескін-келбеті, сүдіні әкесіне тартқанмен, мінезі шешесіне ұқсаған алатұяқ, шапшаң үйге-түзге бірдей пысық еді. Шаршы ғана аласа бойлы, тал бойында қырым арам еті жоқ, қаршығадай сары жігітке сүйіп қосылды. Өне бойы тас көтеріп, балшық илеп, қара жұмысқа пісіп қалған Сәлімбектің бұлшық еттері шиыршық атқан, сары енді, көзі қысықтау, денесі тарамыстай, күш-қайраты мол жігіт еді. Көршілері Тұрған мен Сәлімбектің еңбекқорлығына, шеберлігіне таңдай қағысып, таң қалысатын. Жұмыстан соң да тыным таппай, теру тоқып, киіз басып, ана ауылға қарбалас тірлікте бел шешіп бір тынықпастан аттанды. Бір орында тапжылмай істеп, зейнетке де жетпей кетті ғой, жетесіз ұлдың қырсығынан. Сол соңғы сапарына шығарда: «Көке, мен біртүрлі енді қайтып сені көрмейтін сияқтымын. Егер, олай-пұлай боп кетсем, Сағынышқа бас-көз боларсың» деп еді-ау. Сонда, бұл: «Әй, жасым жетіп отырған маған Сағынышты тапсырма! Өлсем, мен өлейін, сендерге не жоқ?! Қал өзің қызыңның қасында!» — деп, көзі шақшиып шынымен кейіп қалған. Түс көрді ме екен, дегені болды да қойды. Қарағандыдан: «Жол апатынан қайыс болды» деген жеделхат бір жұмаға жетпей жетіп келген. Апаның жауға алдырған арлан қасқырдай азынап бұл қалды. Шырылдап жүріп қыз да болса, Сағыныш қой шешесінің сүйегін ел шетіне жеткізген. Сау болсын, халық болып, көрші-көлем, алыс-жақын да көмегін аяған жоқ. Бәрі тік тұрып қызмет жасап, марқұмның соңын жақсы жөнелтті. Елдің елдігі сондайда ғой.
Әйтпесе, томашадай шал мен тышқандай қыздың неге әлі келсін?!
Ақ төсектен қос қолын таяна тұрған шақар шал тықырлап терезе алдына келді. Көкжиектен жарқырап шыққан тағы бір ару күнді түні бойы кірпік қақпастан атырып, таң ата аяғынан тік тұрып қарсы алып еді. Ол кезде Жұбаныш айтқан «алтының» алты ай екенін де сезген жоқ. Тек өзі осынау ұзақ сапарда жолдас болған талай жақсының жанына еккен мейірім шуағынан бәлен жыл өткен соң да, қызуы қайтқан қауқарсыз бойы жылынып, нұры тайған бозғылт жанары шырақтай жылтырап, тыстағы бейтаныс жанның бәріне амандық-саулық тілеп, мейірлене қарап тұр еді. Адам өмірінің бар түйіні – бір-біріне деген шуақ, мейірім екен. Дәм бұйыртқан ғұмырында біреуге мейірім сыйлау, -адамзаттың қолынан келер істің ең үлкені екен. Осы жасқа келгенде ұққан құпия сыры осы. Адам бойына ананың ақ сүтімен сіңетін адалдық мол болса, мейірім де мол болмақ. Мейірімнің тағы бір аты - жақсылық. Бұл сол жақсылықты басқаға аз жасадым ба деп күмәнданады осы күнде. Енді кімге жақсылық жасап қарық қылсын?! Қазір өз бетімен орнынан тұруға да қауқары шамалы, шырпыдай шүңкиген шал болды. Бір білгені: адам баласының өткен өмірге өкініші көп болады екен. Бір қынжылатыны: осы ұзақ өмірінде Құдайға құлшылық етуге уақыт таппапты. Маңдайын сәждеге тигізіп, бетін құбылаға қаратып бір жығыла алмай кететін болды. Заманында Құдайға қарсы оқ атқан талай қызыл коммунистер кейін басына сәлде орап, молда боп кеткен жоқ па?! Қартайғанда Құдайын таныса, оның несі айып?! Адамның жан ләззатының бірі - өткен-кеткен қателігіңді іштей мойындап, құдіретті, күшті жаратқан Аллаға бас ию емес пе?! Өкініштісі, бұл оны тым кеш ұқты. Марқұм Толыбай досы зейнетке шыққан соң мұсылманшылық жолына түсті ғой. Ол білген екен. Бәрін де бұдан ерте түсініп, ерте ұғыпты. Не арманы бар, өлер шағында намазға жығылып, сауап алып кетті ғой, жарықтық. Бұл болса, сонда: «Кеп-кеше партияның бірінші хатшысы едің ғой, енді ұялмай-қызармай молда бола қалғаның қалай?» - деп қағытып жүрді ғой. Ол бұны қашан да күліп жеңетін. Ырқылдап күле берген. «Бір күні өзіңді де намазға жығамын әлі, Құдайға күпір болма» деп еді бұны күлкімен жеңіп. Бірақ, оған жете алмады. Жас екен-ау, сонда? Жетпіс үш деген жігіт екен ғой. Иманды болғыр, Толыбайдың әкесі шүкейттей қара шал берігеректе, баласының аз-ақ алдында өлді ғой. Сол жарықтық: «Әкеміз жаугершілікте қолға түскен бала екен» - деп өзінің шыққан тегін жасырмай, көпшілікке самбырлап айтып отыратын. Соны талай естіген Ізбас Толыбайды келемеждеп, көрген жерде «Әй, құл, хал қалай?» деп қағытатын. Оған қиналатын Толыбай ма? Жымиып күлетін де қоятын. Шынында да Толыбай сарт тектес: ала көз, орақ мұрын, қайыс қара жігіт еді. Денесі шағындау, кіші қол азаматтың бойындағы көзге көрінбейтін үлкен қасиеті - кішіпейілдігі еді. Кішілік - құнды қасиет қой. Қанша жұмыс басты болып қарбаласта жүрсе де, ол ешкімге лауазымын пайдаланып, ақырып-жекіруді, дауыс көтеріп ұрсуды білмейтін. Өзгені де тыңдай білетін, өзін де тыңдата білуші еді. Кішіпейіл ерекше мінезімен-ақ жұртты басқара алатын. Бүкіл бір ауданды билеп тұрғанда да, тұмсығын көтеріп, көкірегіне нан піскен кезін бұл көрген емес. Қашан да үлкен қара көздері нұрға толып, толқынды көк шулан шашын саусағымен артқа қарай бір сипап, күлімсірейтін де тұратын. Жолдастыққа адал, екі сөйлемейтін сол бір жайсаң жігітпен жарты ғасырдан аса жандай дос болғаны есіне түскенде, Ізбастың кәрі жүрегін бүгінге дейін мақтаныш сезімі кернейді. Жігіттің төресі еді ғой Толыбай. Пенде болып, Ізбастың баласыздығын бірде-бір рет тілге салып көрмепті. Бірде бұның көптен бірге істес болып, талай үйіне қона жатып, аралас-құралас боп жүрген Қылышбай дегеннің қызып ап: «Ізбас-ау, Сәнияны бүгін менің қасыма салшы, сосын тоқпақтай ұл тумаса, мұрнымды кесіп берейін» деп сандырақтағаны бар. Сәния да, Ізбас та ожар адамның оспадар қалжыңына әуелі не дерін білмей, бойлары шімірігіп қалса да, шапшаң есін жиған Ізбас төрдегі мамық төсекке жантая берген Қылышбайға тұра ұмтылған. Шала мас, қызу кісі былқ-сылқ етіп, әл берер емес. Өзі де үйелмендей болған ірі зат еді. Ізбас алдымен көйлек шалбарын тысқа зытырып жіберді де, Қылышбайдың құжбиған желкесінен ұстап алып, анадай жерге бар күшімен атып жіберген. «Іріген ауыздан шіріген сөз шығады» деген-ау, көрер көзге кеудесі күптей әжептәуір адам болғанмен, іші борсып кеткен сасық судай пасық жан болып шықты. Ізбас содан қайтып оны маңына жолатқан жоқ. Адаммен қанша қатар жүрсең де, ішкі сарайын тану оңай емес екеніне Ізбастың көзі талай жеткен. Бірақ, қатар-құрбы болып жүріп, кісінің дәл осал жерінен тістеп, тілінің уын жаятын сұр жыландай ойы - сұм, жаны - мұздақ жандарды Ізбас иттің етінен де жек көретін, ал, Толыбай болса, жүрегі жұмсақ, жаны таза, нағыз ұшпақтың төріне лайық пенде еді ғой, жаны жаннатта болғыр! Үндемей жүріп, көп жұмыс тындыратын, қоғам шаруасына қара нардай берік, сары алтындай сабырлы, кісіге болмасын демейтін кең пейіл адам болатын. Бірақ, жігіттің алғаны қашанда өзіне лайық бола бермейді екен. Қызыл шырайлы, бүйрек бет, әдеміше Қырмызы - әзіл-оспаққа шорқақ, тоңқ етпе, томырық мінезді әйел еді. Маңдайы тырысып, Толыбай бір күн үйіне түнемесе, жанжал шығаратын. Жігіттермен карта ойнап, айналып қалса да, сайлау жұмысымен түнімен ұйқы көрмей, ертесіне қалжырап, ұйқысы қысып, аяғына мініп зорға тұрған күйеуінің құлағын аздырып, зықысын алатын. Сонда да асыл азамат ақылы шолақ әйелін бір шапалақпен ұрмай, бір де бір бөтен әйелге көз салмай, некеге адал болып өтті өмірден. Әлде, төрт-бес ұл туған қатын бұлданғыш келе ме, әлде, ол әйелін шынымен жақсы көрді ме, оның сыры Ізбасқа жұмбақ күйінде қалды.
Иә, адамның жер бетінде қанша жыл өмір сүрсе де, түсінбейтіні, сезінбейтіні көп болатынын бұл енді біліп жатыр. Жұмсақ төсек жамбасына тастай батып, буын-буыны сырқырап, көзінің алды іріңдеп, тоңқаңдаған шал болғанда да, пәни тірліктің құпиясын түп-түгел ұға қойған ештеңесі жоқ. «Көп жасағаннан сұрама, көп көргеннен сұра» депті ғой бұрын да. Кім де болса, тауып айтқан. Қазіргінің тырнақтай баласының өзі бұл ұзақ ғұмырында көзі көрмек түгілі, құлағы естімеген нәрсенің бәрін қара жәшіктен көріп, біліп алып жатыр. Туар-тумастан ненің жақсы, ненің жаман екенін ажырата қоятыны да содан шығар. Сағыныштың үлкен ұлы Ертайдың кішкентайында білмейтіні жоқ еді. Балабақшадан бос кезінде ермегі қара жәшік болды. Үш жасында әріп танып, алты жасында мектепке барған зейінді, пысық бала өте зерек болды. «Есепке де жүйрік, тілге де алғыр» деп мақтасатын мұғалімдері. Жер бетіндегі ел-елдің астанасын жатқа білетін. Америкада бәлен штат бар деп, түп-түгелімен санап беретін. Мектепті еңбек пен дене шынықтырудан басқасын жақсы деген бағамен бітіріп, қазір Алматыда оқып жүр. Хабарласқан сайын, атасын сұрап жатады әйтеуір, айналайын. Ал, оған тете Нұртайдың әуелден оқуға хошы болмады. Мектепті бітірген соң, бір-екі рет әскерге шақырылып еді. «Адам артық» деп, қайтарып жіберіпті. Енді, алғалы әкесі бір айдамаған су жаңа машинаның қызығын көріп, ызғытып жүр. Жасынан ақшаны жақсы көретін Нұртай жазда ауыл мен теңіздің арасына адам тасып, тиын-тебен табады, қыста такси болады. Міне, жаз шыққалы теңізде жүр. Теңіз десе, үйден безіп кетеді. Қаражат та жияды, өзі де шомылады. Рахатқа батып жүр. Өзі де бір сұм бала. Шалдың көңілін аулап, бір жағдайын сұрау дегенді білмейді. «Е, мейлі, жағдайымды сұрамаса сұрамасын, әйтеуір, өзі аман жүрсінші» деп, үлкен кісі сонда да соның тілеуін тілеп жатады. Ал, Айнаш болса, ондай емес. Атасын өте жақсы көреді. Қанша дегенмен қыз бала ғой, жүрегі жұқа. Айнашты ойлағанда, ақсақалдың аузы жыбырлап, әлденеше рет ішінен «айналайынды» емірене айтумен болады. «Әй, Айнашжанға кім жетсін?!» Қазір осы үйде өзін іздейтін сол ғана. Мұрат пен Сағыныштың бұның өлмейтініне әбден көзі жеткен бе, сұрамайды да, іздемейді де. Қайда кетуші еді, жатқан шығар дейді-дағы. Бір есептен олардікі де жөн ғой. Өлетін болса, осы уақытқа дейін неғып жатыр?! Шал бір мезгіл өз өмірінің мұнша ұзақ болғанына шындап кейи бастады. Құдай-тағала бұның тірлікте бар екенін ұмытып кеткен жоқ па екен?! Баяғыда Тоқболаттан естуші еді. Адамның сызығы біткен күні ана жақтағылар жан алғыш Әзірейілді екі көмекшісімен талқаны таусылған жанның тұрағына жібереді-мыс. Ол екеуі - періште. Періштенің қолындағы қағазда өлетін кісінің өмірбаяны жазулы. Жақсылығы оң иықтағы періштенің қолымен, жаман істері сол иығындағы періштенің қолымен жазулы-мыс деп. Жер бетінде адам көбейіп кетті деп жүр ғой осы күнде, олар да игере алмай жүрмесе?! Жаңа туған әр нәрестенің орнына бір қарттан алып тұрады деуші еді, осы күні жастардың өлімі көбейді. Өйбу, алжыған басым-ай, Құдайға күпірлік қылуды қашан қояды екенсің, осы. О несі, босқа сандалып, құдіреттің ісінде бұның не шаруасы бар?! Әй, дауасыз пенделік-ай! «Аяз әліңді, құмырсқа жолыңды біл» деген қайда?! Бісміллә ир-рахман ир-рахим! Кешіре гөр, Алла тағала, алжыған пендеңді. Жата берген соң, әрнені ойлай береді екенсің. Одан да күн аяз болса, тысқа шығып, аз-кем ауа жұтайын. Мен де бір тірлікке ортақтасып жүрген құдайдың пендесімін ғой. Орнынан үш ұмтылып зордан көтеріліп, өз бетімен тықырлап ауызғы үйге жеткен шалдың онсыз да қурап тұрған қалақтай жауырынына қызы түйе жүн шапанын жапты. Жабуын ауырсынған арық түйедей қаңқайған, қаусаған қарт тырп-тырп, теңселе басып, Айнаштың сүйемелдеуімен сыртқа беттеді.
Жарық дүниеден татар дәм-тұзы таусылмаған қарт үлкендік дендеп, сәбидей тәлтіректеп, аяғын әрпіл-тәрпіл басып, өмірдің ұлы даңғылымен бақиға барар жолда әлі кетіп барады. Сапар соңы ажал қақпасына алып баратынын да жақсы біледі. Білсе де, бір ұмтылып, екі ұмтылып, өмірге енді қадам басқан баладай дүние кірінен арылған пәк көңілмен Адам атадан басталған, талайлардың табанымен тапталған сара жолмен мысық табандап мәңгіліктің есігін ашуға барынша күш салып келеді, жүріп келеді. Бірақ, сол қақпаның тұтқасына қолы жеткенше, әлі талай ұйқысыз түндер мен қамсыз күндер бар еді. «Жазмыштан озмыш жоқ» деген даналық сөз өзінің растығын осы қарттың тағдырымен дәлелдей түскендей. Алты айдан аман өткен, өмірдің ұзақ жолына шығып, қажыған ақпейіл қарт келер ғасырдың табалдырығын да аттар мүмкін?! Көненің сарқытындай сыры кетіп, сырты тозса да, жан сарайы күміс құмырадай сыңғырлаған көкірегі сара қария көкжиектен көлік күткен жолаушыдай қалтиып батып бара жатқан күнге қарап тесіледі. Жер бетін тегіс жапқан ақ қырау қарттың кеудесін көмкерген күміс сақалдай жылт-жылт етіп көз қариды.
ҚАРЛЫҒАШТАР
Қазыналы, қасиетті түбек - Маңғыстау
мұнайшыларына арнаймын.
(автор)
Машина үсті қара суық. Жазғытұрымғы өткір желемік сүйек-сүйегіңді сырқыратып, мұздай ызғар денені қарып барады. Рәш алдындағы бөбегін бауырына қыса түседі. Бейкүнә сәби пыс-пыс етіп, алаңсыз ұйықтап жатыр. Дала жолының кедір-бұдырына шойқаңдаған машина жүрісіне де селт етпейді. Түйе жүн көрпеге ұқыптап оралған күйі анасының білегінде тербетіліп келеді. Рәшқа тақау отырған Түйме нәрестенің кішкене мұрнының ұшынан ақырын ғана шымшып:
Әу, күшік, тұр енді. Елге келдік. Ата-мекеніңе келгеніңді білемісің? - деп ауық-ауық тәтті ұйқы құшағындағы баланың жүзіне күлімсірей үңіліп қояды. Қашан да қағылез, ақжарқын Түйменің балаша қуанған кейпіне қарап Рәш та қалың ойдан серпілгендей болып, борттан басын қылтитып, мойнын ілгері созады. Әзір көзге бұлдыраған қара шалынар емес. Әлі техника табанына тапталмаған тың дала жоны жабағы жүні алынбаған көтерем саулықтай құйқаңдап, аяқ астынан құлдырай қашады. Түйменің «келіп қалдық» дегені туған жерді сағынған қуанышты көңілдің алақайы екен. Қайтсін енді. Алақайлайтын да жөні бар. Бұлар елден кеткелі де біраз жылдың жүзі ауыпты. Сонау қырық сегіздің ата қарлы, ашқұрсақ көктемі еді-ау ол....
Рәштің көз алдына тау арасындағы аз ғана ауыл көрінісі көлбеңдеп тұра қалды.
РӘШ
Бұлар ол жерге соғыстың аз-ақ алдында қырдан көшіп келіп қоныстанған болатын. Рәш әке-шешенің тұңғышы еді. Жастай отбасы тауқыметін ата-анасымен тең бөлісті.
Әкесі - аңшы. Күн шыққанша төсекте жатқан кезі болған емес. Ерте кетеді, кеш келеді. Рәш сегіз-тоғыз жасынан қосшы бала болып әкесіне ерді. Аң көздеп анда-мұнда көше бергеннің қырсығынан жөндеп сабақ та оқи алмады. Латынша өз атын, әкесінің атын жазуды ғана біледі. Содан соң қағаз бетін көрген жоқ. Күн көріс қиындап, үйі елден қара үзіп қырға шығып кеткен. Үй толы жанның асыраушысы - жалғыз әкесі. Бала-шағаның нәпақасын табан еті, маңдай терімен табады. Бірақ, Рәш әкесінің ұзақты күн аңызақ жел өтінде үй көрмей жүрсе де кешке қабақ түйіп, қабарып оралғанын көрмепті. Күректей жылқы тістері ақсиып күледі де жүреді. Жазық маңдайы бір жиырылмайды. Әйтсе де, жаны жомарт, қолы ашық, ақкөңіл әкенің шаруасы бір түзелмей-ақ қойды. Ішіп-жемі мол, бірақ, тұрмыс күйі жүдеу. Естияр болып қалған Рәшті күйсіздік күйзелте түсті. Иініне ілетін жібі түзу киімі жоқ. Тұсаулы тайлақтай үй айналып жүретін де қоятын. Өңірінен ұзына бойы жыртылған өрім-өрім шыт көйлектен ұялып, шекпенін шешпейтін. Он үшке толғанда, әкесі үш күн жүріп агентке төрт-бес қасқыр терісін өткізіп, бір-екі көйлектік мата әкелгені есінде. Әкесі өзін басқа баладан ала бөтен жақсы көретін. «Әуелі Рәшжанның үсті-басын бүтінде!» деген әкесі бір бума қызыл кездемені кемпірінің қолына ұстатып тұрып. Сол түні Рәштің қуаныштан кірпігі айқаспады. Шам жарығымен сықсыңдап отырып түнімен көйлек те пішісті. Шешесі іске шорқақтау еді, көйлекті қоңсының қызы Зиба тікті. Ертесіне қып-қызыл шоқтай қыз болды. Рәштің іске қолы ұсынақты. Әжесіне тартқан. Біреудің теруін терісуге, оюын ойысуға келгенде ас-суды ұмытып, бар ниетін салатын әдеті. Өзі үйірсек. Көбіне үйі елден жырақ көшіп жүргендікі ме, айдалада отырған аңшы қызы адам көрінсе қуанады.
Күзді күнгі қара суықта, сарша тамыздың аптап аңызағында, жазғытұрымғы жылбысқы жауын-шашын мен азынаған ақ боран, ақ шұнақ аязда қараша үйде қалтырап, дірілдеп отыра беретін аңшы үйі «ай далада ақ отау, аузы-мұрны жоқ отаудың» нақ өзі. Елсізде жалғыз жортқан түз бөрісіндей бүгін мына сайда, ертең ана кемерде көшеді де жүреді. Бірақ, сол бір қалың қауымнан оңаша отаудың да өз тірлігі, өз өмірі бар. Кішкене ғана қараша үйдің шаңырағының астында адамзат баласына ортақ қуаныш та, реніш те кездесіп тұратын. Сондайда қуанышыңды бірге бөлісіп, ренішіңе бірге күйініп жүретін көрші-қолаңның болғаны қандай жақсы.
Анда-санда жоқ қараған сандалма жолаушылардың сусын ішуге соға жүретін кезі де болады. Кейбіреулері түстеніп қана қоймай, қона жатып кетеді. Аңшы үйінің қызылды-жасылды жасауы жоқ болғанмен, қазаны тоқ. Түсте қызыл қуырдақ, кешке таңдайыңды жұлатын қарақұйрықтың дәмді еті. Қонаққа жайсыз болмайды. Әкесі болса жарылған жүгерідей қаудырлаған қонақжай адам. Сондықтан маңайға келген кісі бұл үйді сырт айналмайды. Ел хабарын жеткізетін де солар. Ондайда әкесі бір жадырап қалады. Қатар кісі болса қалжыңдасып, өнерлі адам болса домбыра тартқызып, күй тыңдасып, іші-сыртын түгел ақтара сұрап, әйтеуір бір жақыны қылып алады. Қолы бостау адам болса, қолқалап бір-екі күн қондырып, шашын алғызып, тоғыз құмалақ ойнап, әжептәуір серпіліп қалады. Адам қатынасы тиылса, басқа дүниемен байланыс та үзіледі. Сол себепті бейсәубет жүргінші аяғы сиресе, бұлар төбе-төбенің басына шығып, көздері талғанша көкжиекке телміреді. Кісі қарауылдайды.
Сөйтіп, қарасырап жүргенде, жандарына қоңсы қонған. Олар Бесқала беттен жаяу-жалпылап шұбырып келген төрт-бес адам еді. Кәрі кемпір-шал, ерлі-зайыпты жастар, жеті-сегіздер шамасындағы ер бала. Келіншектің аты — Зиба. Рәш бәрінен де соған қуанды. Күйеуі әкесінің атып алған аңын арқаласса, келіншегі шешесіне жәрдемдесіп, ішек-қарын аршысып, бас-сирақ үйтіседі. Қастарына қоңсы қонғалы Рәштің қолы шаруадан босаңсып, біраз еркіндік тиіп қалған.
Қырдың да өз қызығы бар. Қыр баласы да дүниедегі бар бала сияқты ойынды жақсы көреді. Қыз бала қайда да қуыршаққа үйір. Рәш та қуыршақты көп ойнады. Қуыршағы -түйенің бақайы. Өзінде жоқ көйлекті бұл қуыршағына кигізді, үйінде жоқ түйені қуыршағына мінгізді. Түйесі - мойын омыртқа. Қыр қызығымен жүріп, байқамай балалығын да өткізіп жіберіпті. Қыр табиғатын да дала гүліндей балдырған шағынан балғын бойына сіңіріп өсіпті. Бір күндері қыр желіндей еркін, түз тағысындай үркек, қараторы өңді, талдырмаш бойжеткен болып шықты. Қоңырқай кішкене көздерінің өткірлігі, үшкірлеу қыр мұрыны, жазық кең маңдайы әкесіне тартқан. Ат жақты, қараторы өңі суықтау. Анда-санда бір жымиғанда, жіңішке еріндерінің тасасынан күріштей, теп-тегіс әдемі тістері жіпке тізген інжу моншақтай жарқ ете қалады. Қамыстай сида, қайың бойы, тақтайдай шалқақ жауырыны, оқтаудай түп-түзу ұзын сирақты дене бітімі анасына ұқсайды.
Рәш он жетіге шыққан жылы соғыс басталды. Қаралы хабарды бұлар екі ай өткен соң естіді. Көп кешікпей Рәштің әкесіне де шақыру қағаз келген. Майданға аттанар алдында әкесі Рәшті оңаша шақырып алып, алғаш рет ақылдасты. Күн қақты қызғылт жүзі күреңітіп, кішкене қой көздері тұнжырай, қою қаба сақалын саумалай отырып:
Қарағым, Рәшжан, ендігі жерде көппен бірге болғандарың дұрыс. Ел ішіне көшейік. Үйдің ендігі бас көтерері өзің. Шешең мен бауырларыңа бас көз бол! - деген.
Жанашыры жоқ әкесі майданға мойны салбырап, жабырқап аттанды. Соңында шулай жылаған шеттей бала ұядағы сары ауыз балапандай аузын ашып қала берді. Жас құрақтай өңкей өндірдей бозбаланың ішінде тайлағына ерген жасамыс түйедей артына қарай-қарай әкесі де кете барды.
Қиындық адамды ширатады екен. Рәштің төрт жылда істемеген жұмысы, көрмеген қиындығы аз. Қалың елдің қабырғасын қайыстырған қаһарлы соғыс та бітті. Вагонға сыймай, ығы-жығы боп аттанған өрімдей жастың көбі ұрыс даласынан қайтпады. Рәштің әкесі де сол кеткеннен үйге оралмады.
Соғыстан соңғы ауыл тұрмысы тым жүдеу еді. Карточка қалғалы бұрын қолға жартыдан тиетін қара нанға зар болып, жұрт күн арадан төсекке ашқұрсақ күйі жататын болған. Рәш өзінің үш күн ұдай наннан құр қайтып, үйге кіре алмай көз жасы құрғағанша тыста жүргенін әлі күнге ұмыта алар емес. Дүкен алды Құдайдың құтты күні ығы-жығы. Қып-қызыл бидай ұнның дәмді нанына қолы жетпей қырқысып жатқан аш халық. Нан қолға берілгелі күші жеткен алып жейтін болған. Әлсіздер аш қала береді.
Ел ойға-қырға көше бастады. «Астығы мол» деп Бесқала асқаны да, түрікпен ауғаны да болды. Рәштар да біраз қобалжыған. Әйтсе де, әкесі ақырғы сапарға аттанған киелі мекеннен ешқайда қия басқысы келмеді. «Бір күні келіп қалса» деген алдамшы үміт аяқтарын жіпсіз байлап, аялдата берді. Ауыл шетіндегі наубайханадан шыққан бидай ұнның қызыл наны қолдарына күн арадан тисе де, соны тал қажау етіп, келер күннен бір жақсылық күтті.
Ел ішінде дорба асынып, ас сұраушылар көбейді. Бұлармен жарлас үйдегі соғыстан жалғыз аяқпен оралған қаба сақалды, жуантық қара шал Жанай да кемпірі құр сүзек боп төсек тартып қалғалы ас сұрауға көшкен. Үй-үйді аралап:
Бөлшіл-бөлшіл, бөлшіл бол,
Бозторғайдай төлшіл бол!
Осы үйден түтін шығады,
Бір қайнатым шай бүтін шығады, -
деп өлеңдетіп, әркімнен бір тілім май, бір шымшым шай, бір сындырық нан жияды. Онысын көпті көрген көңілшек қарт кешкісін бұлармен бөлісетін. Пеш түбінде не киім жоқ, не тамақ жоқ, тұттай жалаңаш ескі күпіге оранып, көздері жылтырап отыратын топ бала - өңкей жетімекке жаны ашығаны ғой. Әйтпесе, өзі шекесі шылқығандықтан ас сұрап жүрген жоқ. Ірі қара мал әуелден үйінің есігіне бітпеген. Шиеттей баланың таңдайына тартып отырған үш-төрт лақты ешкісі бар. Талшық қылатыны солар.
Көктем исі ала қар астынан аңқып жатқан жазғытұрымғы мезгіл. Ызғары қайтпаған тон жер табанды темірше қариды. Іште қарнау, тыста қамсау жоқ жанда не қауқар болсын. Рәш ертеңгісін есіктен шыға бере көзі қарауытып басын босағаға соғып алған. Содан басы дыңылдап, құлағы шуылдап, көше бойында біраз тұрып қалды. Үстіндегі жалаң қабат бешпетінің шалғайын желемік күн қаққылап, шатқаяқтап шарбақ шетіне әзер іліккен. Көшенің бас жағында жиналып қалған адам қараға көзі түсіп солай қарай ілбіді. Жиналғандардың көзінде үрей. Хабарлары да қорқынышты. Күнде нанның кезегінде бірге тұратын бұрама жаулықты қара кемпір аштан өліпті. Жүрегі үзіліп кеткен болар, қар үстінде жаулығы шұбатылып ұзыннан сұлап жатыр екен.
«Аштан өліпті!» деген сөз Рәштің төбесінен жай түсіргендей болды. Тұла бойы қалтырап, аяғы-аяғына жұқпай жаңа ғана шыққан үйіне табанына шоқ басып алғандай-ақ шоршып барып қайта кірді. Әлі ұйқысынан тұра қоймаған бір көрпенің астында бүк түсіп бұратылып жатқан бауырларын көргенде, жүрегі паршаланып, көзінен жасы бұршақтап қоя берді. «Бұлар да бір күні аштан өледі-ау» деген пұшайман ой Рәшті тығырықтан шығудың жолын іздеуге мәжбүр етті. Әйтпесе, әбден титығы құрыған адамның аштан өліп кетуі таң емес екен. Қыстай аштықпен қоса сүзек қинап шыққан бұрама жаулықты кемпір төрт-бес күннен бері көзіне түспеп еді. Сөйтсе... «Қараөзек шақта өзі әлсіз адам нәр сызбағасын жүрегі үзіліп кетті-ау» дескен дауыстарды естігенде, Рәштің төбе құйқасы шымырлады. «Бүйте берсе біз де өлерміз» деген ойдан үйге жеткенше де, жеткесін де арыла алмады. Ендігі жатса да, тұрса да ойлайтыны осы.
Арада жиырма шақты күн өткенде «жасақ құрап жатыр» деген хабар сап етті. Жолға жұмысшы керек көрінеді. Жолды Құлсары мен Қосшағылдың арасына салмақ.
«Жолға адам жазып жатыр» дегенді естігенде Рәш: «іздегенге сұраған осы екен ғой», - деп қуанып кетті. Жасақ бастығын іздеп барып жолықты.
— Бізді де жолшылар тізіміне тірке, — деп өтінді.
Басшы бір тоң мойындау, сыз қабақ, еңгезердей қара екен. Жетім бауырдай салбыраған үлек мұрынның астында бармақтай ғана қоңыз мұрты бар жап-жас жігіт. Өзгелер майданда қан жұтқанда, бұл ауылдағы қатын-қалаштың жылы жұмсағын кертіп жеген сияқты. Тығыншықтай, топ-толық. Әскерден де ауылдық кеңестің хатшысы есебінде қалғанын Рәш бұрыннан еститін. Өзі бір өр кеуде, жұғымсыздау кісі. Рәштің әлсіздеу даусын естігенде жуан мойнын есік алдындағы көзі аларған арық кемпір мен шүңкиген жадау қызға әзер бұрып, «ы-ы-ы-ң» деп, сүзеген бұқадай тұқшия ыңыранып біраз отырып қалды. Ақыры Рәшке қарап:
— Ы-ы-ы-ң, шешең мен өзіңді жазайын. Мынауың жарамайды, - деді тете сіңлісіне қарап сызданып. Рәштің көкейін тесіп тұрған жұмысшы басына берілетін азық-түлік. Аурушаң сіңлісін де сол үшін ертіп келген. Содан айырылып қалмау үшін қасарысып бақты. Тайынбады. Өткір көзін өңкиген өркөкірек бастықтың өңменінен өткізе қадап:
— Не де болса жаз! Көптің ішінде бір нашар жүрмей ме? Біз әскердің отбасымыз. Әкеміз хабарсыз кетті. Тіпті өлі-тірісін де білмейміз, — деп қыстығып жылап жіберді.
«Әскердің отбасымыз» дегенін түйіп қалған басқарма жұмсарып:
— Жарайды, барың! — деп дүңк етті.
Жасаққа тіркелген жұмысшы басына екі пұттан ұн, жүз грамнан шай, екі келіден құм секер беріп жатыр екен. Шешесі бір лақты ешкісін жүз сексен сомға сатып, азық-түлік алды. Тек елу грамм шайға ақшалары жетпей қалды.
Жолшыларға жүктерін арту үшін күш көлік те берілді. Бұлардың қараша үйі, бес-алты бала болғасын екі нар тиесілі болды. Сөйтіп жолшылар керуені жолға шықты. Қона жатып, он сегіз күн дегенде Құлсарыға жеткен. Келісімен жүз қаралы адам бірнеше бригадқа бөлініп, іске кірісіп кетті. Күш көлік жиып алынып, қайта Маңғыстауға әкетілді. Жолшылар бір жарым ай шамасы бел шешпестен жер қазды, топырақ үйді. Тамақтары –бөшкедегі қара су мен шикілі-пісілі аржанайдың наны. Рәштің қараша үйіне қыз-қырқын топырласты. Жігіт-желең палатка, күрке жасап, паналасты. Жұмысшылар тәшкі айдайды, топырақ үйеді. Жұмыс ауыр. Ағаш тәшкі беліңді үзе жаздайды. Қайтсін, бір үзім нан үшін жұрт оған да налымады. «Жұтқан жұтамас» деп жүріп жатты.
Жол жұмысы біткесін, жан-жақтан жиылған жұрт арнасына қайта тартылған өзендей елдеріне қайтты. Жол бойында жұртта қалған қарақшыдай жалбырап үш үй қалып қойды. Біреуі ерлі-зайыпты жастар еді. Ері — сағат оңдаушы шебер. Құлсарыға барып, көсіп іздемек. Екіншісі – Қиялбай дегендікі. Әйелі, аурушаң бір қыз баласы бар. Басы аздау болған соң олар да Құлсарыға барып, нан таппақ. Үстерінде панасы да жоқ. Рәштардың киіз үйінің ығында жатады. Үшіншісі — Рәштің үйі.
Үш үйі бірігіп, Құлсарыға жеткен соң талап іздей бастаған. Құлсарыда нан тегін екен. Бірақ, жұмыс жоқ. Қиялбай мен Рәш кеңесіп, Қосшағылға – райкомға жұмыс сұрай бармақ боп шешті.
Қиялбай орта жасқа келген, көзі бақшиған, пұшық мұрын, басы таз, қайың қара кісі. Жүрісі шыбындаған ешкі құсап, шипаңдаған жеңіл қолдау адам. Өзі кісімен тіл тапқыш, сөзшең.
Ол кезде көлік қыт. Табылса, май таситын түйе арба табылады. Оған да қуанасың. Сондай қуанышқа Қиялбай мен Рәш та тап болды. Сәтті күні Қосшағылға май таситын түйе арбаға міңгесіп жеткен. Бұнда да нан тегін екен. Алатын ақша жоқ. Жұмысы жоқ адамда ақша қайдан болсын!
Райком бастығы бұлардың сырына қаныққан соң, бір жапырақ қағаз жазып беріп:
— Мұнайлыға, Зейнол деген кісіге барың, — деп Қиялбайдың қолына ұстатты.
Рәш пен Қиялбай үйлеріне қайтпастан тіке Мұнайлыға тартты. Жолай түйе арбалы бір орыс, бір қазақ топограф кездесіп, соларға ілесіп, екеуі бір түн жүрді.
Жазғы түн. Қоңыр салқын баяу жел бар. Алмас өркеш арық інген шиқылдаған ағаш арбаны ауырсына тартып келеді. Арбаның алдыңғы жағына кәкір-шүкірі мен құрал-саймандарын артып алған екі жігіт аяқтарын салбыратып артта отыр. Өзара орысша сөйлесіп қояды. Арасында екеуі арбадан кезек түсіп, бұларға орын ұсынады. Көбіне Қиялбай отырды. Рәш ұялшақтап, сирек мінді. Онда да топографтар:
— Деушке, аяғың ауырған шығар, кел отыр,—деп қиылғасын аяқ суыту үшін азырақ құйрық басқан. Бір қалыпты баяу жүріс тербеп, көзі жұмыла берген соң Рәш бойын жиып алып, қайта жаяулайды.
Таң атқанша түйе арбаға ерген екеу күн шапағы ұясынан шашырай шыққанда аяқ үстінде қалғып-мүлгіп келе жатқан. Арбадағы топографтар біріне бірі басын сүйеп, ұйқы құшағына құлапты.
Шығыс жақ түгел ағарып, қызыл арай аспанды көмкере көтерілгенде күн астынан кішкентай ауылдың төбесі көріне бастады. Күн көзі күндегіден гөрі күлімсірей шыққандай болды. Бар тілек-мақсаты осы ауылдан табылатындай Қиялбай екеуі бейтаныс ауылға қарап елеңдей берді.
Арба үстіне тастаған дорбаларын алып, топографтармен қош айтысқан екеуі түйе арбадан жырылып қалып, бастықтың үйін сұрасты. Шеткерілеу үйдің алдында тұрған бір егделеу еркек жөн сілтеді.
— Іздегендерің Зейнолдікі болса, анау үй, - деді ауылдың алдыңғы жағындағы жертөлені нұсқап. Жертөлеге кіре бере, Қиялбай:
— Ассалау-ма-ғалей-куу-у-м! - деп дауыстай сәлем берді.
Қазандықта жалпылдап от жанып жатыр. Әдеміше ақсары әйел ақ бауырсақты көпсітіп пісіріп тұр екен. Жертөленің ішінен жаңа піскен нан иісі аңқиды. Ортадағы шымылдық пеш түбінде ірі сүйекті аппақ қудай кемпір отыр. Төрдегі үлкен терезенің алдындағы жазу үстелінде ары қарап бірдеңе жазып отырған ер кісі жалт бұрылып, жайдары амандасты. Төрге шақырды. Дастархан басында қазақ салтымен:
— Таң атпай жүрген қай қазақсың? Адаймысың? — деп, жарқылдай жөн сұрады.
— Адаймыз! - деді Қиякең бірден ойнақылана күліп.-«Айран сұрай келіп, шелегіңді жасырма» деген, жұмыс іздеп жүрген жайымыз бар.
— А, Адай болсаң, жақсы болды. Анау тұрған Зәкүн деген апаң болады, - деп ошақ басында нан пісіріп тұрған әйеліне қарап, бастық жадырай күлді. — Балдыз болдың. Мына қызың не ертіп жүрген?
— Бұл бала, жиенім. Апайдың қызы. Үйіндегі бас көтерген азаматы осы, — деп Қиялбай Рәшті де таныстырды. - Әкесі соғыстан қайтпаған, інісі жас. Бұл да талап іздеп келеді. Екеуміз жолдас болып ауылдан бірге шықтық - деп бар жайды бүкпесіз айтып шықты.
Зәкүн апай да сол арада дастарханын жайып, шайын демдеп қойған екен. Қызыл күрең шайды асықпай ішіп, ақ бауырсақты алдына ала отырып, бастық та өзін таныстыра бастады.
— Мен Ысықпын. Атым — Зейнол. Мына кісі — шешем. Бұл жерге жақында келдік. Мекемеміз - барлау бұрғылау экспедициясы деп аталады. Сендердің жағдайларың қиын екен. Жұмыс қолы жетіспейді. Қапелімде қиын көрінгенмен, ниет қойса адамның үйренбейтін кәсібі бар ма? Жігіттер жәрдем берер. Қиеке, өзіңді - бұрғышының көмекшісі, мына балдызымды көмекші жұмысшы етіп алайын. Ал, енді, бізде жалғыз жүк мәшін бар. Соған сиясыңдар ма? - деді Зейнол.
— Ойбай, сиямыз, сиямыз! —деп Қиялбай қуана күліп жіберді.
— Жарайды онда, үйлеріңе қайта беріңдер. Екі-үш күнде хабар болар. Әзір отырыңдар, - деп Зейнол сөзін аяқтады.
Маңдайы кере қарыс, екі иығына екі кісі мінгендей алып адамның үлкен қой көздерінің аясында мейірім шуағы шүпілдеп толып тұрғандай нұрлы екен. Ешкімді жатсынбайтын ел ағасының көзқарасы. Кесек бітіміне лайық мінезі де жайлы жан секілді. Үсті сәл дөңестеу қыр мұрыны, екі ұртында күлімсірегенде пайда болатын кішкене шұқыршағы, жіңішке ерні мен жұп-жұмыр иегі анасына аумай тартыпты.
Бұл шешімді естігенде Рәштің төбесі жертөленің тақтай жапқысына бір елі тимей тұрды. Қуқыл өңіне шым-шымдап қан жүгірді, әлсіз бойына шымырлап қуат құйылды. Кетерде бұлардың жайына үнсіз құлақ түре отырып қаныққан жылы жүзді кейуана орнынан түрегеліп, белінен шешіп алып, Рәштің иығына шашақты қызыл шарқат жапты. Бейтаныс кісіден бұндай сый күтпеген Рәштің қараторы өңі шоқтай жайнап кетті.
— Ұзатқан қызымдікі еді. Енді сен тарт, қызым. Кім болғанда да бір қазақтың баласымыз ғой. Бір-бірімізге бөтендігіміз жоқ, - деді қария. Даусы сабырлы, жұмсақ екен. Бастықтың үй-іші Рәшқа бір көргеннен ұнады. «Жақсының жаттығы жоқ» деген осы екен ғой деп ойлады Рәш. Өзінің біртүрлі көңілі өсіп, марқайып қалды. Соңдарынан есік алдына ере шыққан Зәкүн Рәштің қолына бөз қалтаға салған бауырсақ ұстатты. Жақсы адамдардың жылы лебізі, ыстық ықыласы бойға қуат берді ме, екеуі жаяу да болса үйлеріне тез жетті.
Зейнол уәде бойынша үш күннен соң екі үйлі жанды Мұнайлыға көшіріп алды. Мұнайлының басы жаңадан құрылып жатқан өндіріс. Ойдан-қырдан көшіп келіп, қоныстанып жатқан бейтаныс ел. Өндіріс қарамағындағы халық тоқ. Дүкенге түскен зат жұмысшыға тізіммен беріледі. Бұрынғыдай емес, қарын тоғайғалы балалардың да қабағы ашық. Қоңыраудай сыңғырлаған шат күлкі естіле бастады. Жаңа қонысқа да үйренісіп қалды. Жаздай екі үйі Рәштің қараша үйін паналап келген. Күзге қарай күйлері кете бастады.
Мұнайлы суық жер екен. Көкпегі мен жусаны аралас өскен кең ой алты-жеті ай ақ сіреу қар астында жатады. Қысы ерте түседі. Тонсыз, байпақсыз, түбіт шәлісіз қиынға соғады. Саршұнақ аяз жараған бурадай азуын сақылдатқанда, бала-шаға жанып жатқан пештің көмейіне қойып кетердей бір уыс болып бүрісіп қалды. Маңғыстаудың мамыражай қысы мұң болды. Бұлардың киіз үйі пана болмасын білгесін, бастық суық түсе пешпен бөлген кең жертөлесінің ауыз жағын босатып берген. Сенекке Қиялбай үйі кіріп алды. Қыс беки Рәштардың үстіне тағы бір жесір келіншек келіп паналаған. Аты –Нағима. Күйеуі майданда қаза тауыпты. Өзі уыздай аппақ, әдемі келіншек. Рәштан 2-3 жас үлкендігі бар. Сөйтіп, төрт-бес шаңырақ бір төленің астында тату-тәтті тұрып жатты. Үш үйдің баласы у-шу болып ойнап, кейде таласып, тармасып та қалады. Оған Зейнол мен Зәкүн қабақ шытпайды. Қайта бәрін өз баласындай көріп, біреуі көзден таса болса, түгендеп жатқаны. Үй толы жаннан ертемен жұмысқа шығатын төрт адам: Зейнол, Қиялбай, Рәш, Нағима.
Зейнол бала-шағаға жәрдем болсын деп Рәштің шешесін де жаңадан салынып жатқан қос қазанға күзетші етіп қойған. Ол да кешкісін қара тұлыпқа оранып, қарауылға кетеді.
Рәштің анасы Жәния қапсағай денелі, ұзын бойлы, шүңгілдеу бота көзді, бөтеке бет қанды қара әйел. Әңгіме, сөзбен ісі жоқ. Аңқылдаған, қолы ашық Жәнияны ауыл-үйдің адамдары жақсы көретін. Зәкүнмен жақсы араласып, апалы-сіңлілі болып алды. Көп ауырып, жиі төсек тартып қалатын Қиялбайдың әйелі Қымбаттың да басы-қасына баратын сол.
Рәш бұл кезде темір-терсектің атына тілін сындырып қалған. Әр бөлшектің атын қайыра сұрап, жаттап алды. Ұршықтай зыр айналып жататын жылтыр, тісті темір — долото, тұрбаны қосып жалғап тұратын — ротор. Бұрау басы күні-түні арс-гүрс. Тыным таппайды. Бәрінің баққаны сол болғасын, айналып үйіріліп жүргендері.
Рәш жұмысқа мұқият. Төрт-бес айда ысылып, жұмыс тәртібін түсініп қалды. Бұрғышы мен бригад — төселген тәжірибелі кісілер. Істің тетігін тауып, тілін түсінгіш. Жұмысты ауысыммен істейді. Қыс мезгілінде қиындық көп. Әйткенмен, азаматтар шыңжау қыз балаға салмақ салмайды. Өздеріне туған қарындастай болып кеткен қараша қызға жеңіл-желпі жұмыстарды тапсырады. Рәш көбінесе шүберекпен сорғыштың майын сүртіп, құрал-жабдықтарды тазалап жүреді.
Алғашқы жалақысын алған күні Рәш дүкеннен екі метр шыт алып, кенже інісі Оңғарға көйлек-дамбал тігіп берген. Есі кіріп қалған бүйрек бет, бадана көз сүйкімді қара бала күндіз күпіге оранып отыратын. Шұрқ тесік тіз киімінен ұялады. Бұл көрініс Рәштің жанына батып жүрген. Сондықтан қолына ақша тиісімен інісінің үсті-басын бүтіндемек болды. Оңғар жаңа киіміне қатты қуанды. Қызықтап, үйдегі бар кісіге көрсетіп шықты. Соңынан суық қарыған жалаң табанын Рәшқа көрсетіп:
— Апа-ау, мына аяққа енді бәтеңке керек болды-ау, — деді үлкен адамша салмақпен сөйлеп. Рәштің көз жасы ыршып кетті. Сонан бергі жалақысы бауырларының киім-кешегі мен ішіп-жеміне кетіп жатыр. Өз үстіне ешнәрсе жапсырған жоқ. Сол көктүбіт шәлісі, сұр күпәйке, ал, күпәйкенің ішінен тері кеудеше, аяғына үлкен байпақ киеді.
Көп сөзі жоқ, салмақты қараторы бойжеткенді бәрі жақсы көретін. Әсіресе, Рәштің ұқыптылығы мен зеректігіне жұмыстастары ырза. Өз ісін тап-тұйнақтай тындырып, әрдайым сергек жүретін қызды бригадир Ақберді де мақтайды. Сөйтіп, Рәш еңбексүйгіштігі мен зор ынтасының арқасында ұжымның белді бір мүшесіне айналып кетті.
Қыс нобайлап, жазғытұрымғы қара өзек шақ туғанда, бұларға әскери киімді майдангер жігіт келіп қосылды. Үйі - арқасында, күйі — зембілде. Өзі Кетіктегі балалар үйінде өсіпті. Жаңадан қосылған жалқы жігіт жұртқа бірден бауыр басып кетті. Көпшілікте өскендікі ме, үйірсек, бауырмал адам екен. Өзі аңқылдаған ақ пейіл жан болып шықты. Бір міні – орыс қол. Түтінін будақтатып, аузынан темекісін айырмайды. Жасы үлкен әйел затына бірыңғай «апа», ерлерге «аға» дейді. Соғысқа бастан-аяқ қатысыпты. Көпті көрген көсем жігіт қыздарға да қырғидай тиеді.
Аты - Мерғали. Қолынан келмейтіні жоқ. Ағаштың да, темірдің де тілін біледі. Негізгі жұмысы — мотор жөндеуші. Үстіндегі сұр шинельдің өңірін айқара ашып тастап, дуылдатып жүргені. Ән салады, сырнай тартады. Жиын-тойдың сәні. Өзін үлкен-кіші тегіс жақсы көреді.
Мерғалидың түр-келбеті қазаққа көп келіңкіремейтін. Ірі сүйекті, ұзын бойлы ақ сары жігіттің жарқыраған жазық, кең маңдайы, жоталы биік етекті мұрны, томпақша үлкен қой көздері, тіке қарағанда сұсты жүзі татар жұртына ұқсайтын. Желкеге жатқыза қайырған шәугімдей қалың шашы қан - жирен. Тіпті, қас кірпігіне дейін алтын сары түсті болатын. Оның үстіне бет-жүзін тегістей тарыдай секпіл жапқан. Жайын ауыз, қой тісті жігітті содан болар құрдастары қалжыңдап «татар» дейтін.
Мерғалиді Рәштің шешесі де жатсынған жоқ. Қарға тамырлы қазақ салтымен оны өзіне іні қылып алды. Келсе, шелегінің шегесін қақтырып ала қояды, пышағын қайратып ала қояды, күрегін саптатып ала қояды. Әйтеуір, бір шаруасы дайын тұрады. Ол да кемпірдің меселін қайтармайды. Жапырып сөйлеп отырып, шәй ішеді, кейде пешке арқасын сүйеп отырып, мызғып та алады. Көбінесе Рәш жоқта келеді. Рәштің төбесі көрінсе, молдаға берген баладай жуаси қалады. Сосын, көп кідірмей, бірдеңені сылтау қылып, сығылып сыртқа шығумен болады.
Рәштің шешесінің әңгімесі — Мерғали. Рәш та сезбей жүрген жоқ. Іші сезеді. Шешесі Мерғалиды қызына ыңғайлайды. Рәш та іштей «кет әрі» емес-ау, бірақ, тым жалпылдақ көреді. Әйтпесе, өз ойында «жаман адам емес» деп түйген. Қыздың қашан да сұмдығы күшті ғой, сырттай түк сезбегендей болып жүре береді.
МЕРҒАЛИ
Мерғали тұлдыр жетім болатын. Бес жаста әкеден, бір мүшелге толғанда шешеден айрылды. Ол бір ел ішін аштық жайлаған жайсыз жыл еді. Жер - қуаң, ел - күйсіз. Сүзектен қайтқан шешесінің басында жылай-жылай көзі жұдырықтай болып іскен сары баланың арқасынан қағып әзер жұбатқан көрші-көлем анасының сүйегін көптеп көмектеп қауымға әзер жеткізген.
Кім хабар бергенін Құдай біледі, көп ұзамай қырдан бір туысы келіп, елге әкеткен. Қыр елі де күйсіз екен. Жетім баланың талқан көжеге ортақтасуға келгенін естіп-біліп отырған ағайындар жылы қабақ байқатпады. Үлкен үйдің орны деп мұны бір жас жігіттің үйіне әкелген. «Бар жақының осы» деп тастап кеткен үйдің әйелі сыз, қабағы қату. Көргеннен кірпідей жиырылып, ақсұр өңі біржола сары аязданып кетті. Бұл Ақиба деген жеңгесі екен. Ағасы бір қой аузынан шөп алмастың өзі. Бойлай жеңгесінің қас-қабағын бағады.
Жетімнің жайы болмады. Үсті-басы — өрім-өрім. Отырса - опақ, тұрса - сопақ. Ала жаздай табаны тілім-тілім болып, қозының соңында жүреді. Кешке ел орынға отыра бір келеді. Үйге бас сұқпастан қозыны айырып, көгендейді. Қора-қопсыны жайғап болғасын үйге кіреді. Табалдырықтан аттай бере, қазан-аяққа қарайды. Буы шығып тұрған ештеңе көрінбейді. Жым-жылас. Жылан жалағандай. Сағы суға кетіп, есіктен аяғын сүйретіп зорға шығады. Ұнжырғасы түсіп, тамағына жас кептеледі. Шыққан бетте жапсарлас жесір әйелдің үйіне жүгіреді.
Ол үйдің үйелмелі-сүйелмелі екі қызы бар. Жалғыз ұл Мұса Мерғалимен түйдей құрдас. Табалдырықтан жасқана аттаған Мерғалиды екі қыз жаратпайды. Ұл анасына қарайды. Шешесі шәугім түбінен бір-екі қасық көже тауып, бұның алдына қойғанда, Мұса ыржаң етіп:
— Же, Мерғали, тойып ал! - дейді де, тостағанға таман өзі де бір итініп қалады. Бірақ, көзді ашып-жұмғанша тостаған айнадай жалтырап шыға келеді. Мерғалидың шұрылдап тұрған жұмырына екі қасық арпа көже жүк те болмайды. Темір тостақты тесіп жіберердей жалап-жұқтап болған соң, тағы бір үйдің қалған-құтқанынан дәметіп, орнынан тұрады. Бірақ, ішінде жеті басты жалмауызы бардай неше үйдің есігін түртсе де, қарны бір тоймайды.
Ақибаның жетім балаға жаны ашымады. Жұмсағанда құйрығын жерге тигізбейді, отырғанда талқан көжесін де жөндеп ішкізбейді. Құрт-ірімшікті саудыратып бөз қалтаға салып, желбауға асып қояды. Сары майды бас жағына тығып, айран-шұбатты іргеге жауып тастайды. Баланың ерні тисе:
— Өй, жалмауыз, әкеңді бір, шешеңді екі жұттың. Енді келіп бізді құрттың! - деп долданып шыға келеді. Тілі ащы-ақ. Сөзі сүйектен өтіп, айқайы төбе шашты тік тұрғызады.
Баланың асы — талқан көже мен бұлақ суы. Қарны шұрқырап, көзі қарайғанда, мондалақ, көсік, жуа қазып жейді. Бірде Мерғали бұлақ басынан сала құлаш сары ала жылан ұстап алды. Тілін суырып алып, білегіне орап ауылға ала келді. Босағадан аттай бере, табалдырықтың алдына көлденең тастай салды. Ақибаның бұны көргенде көзі атыздай болып, төрге бір-ақ қарғыды. Біраздан соң ғана тілге келіп:
— Ана бәленің көзін құрт! — деп жалынды. Даусы бәсең. Бұрынғыдай шаптықпайды. Бұл ирелеңдеп төрге қарай жылжи бастаған сары үйекке қарап тым-тырыс отыра берді. Жылан өзіне жақындаған сайын тісі-тісіне тимей қалшылдаған Ақиба:
— Айна-ла-йын! Не жегің келеді? Құрт жеймісің? Балқаймақ жеймісің? Қалағаныңды берейін, тек мынаны әрі әкете көрші! - деді бетінің қаны қашып. Мерғали да міз бақпай:
— Әуелі, бер! — деп отырып алды.
— Ойбай-ау, қалай әперем ? Келіп қалды. Ұста! - деп Ақибаның жаны мұрнының ұшына келді.
Мерғали сары үйектің құйрығынан шымшып, сәл кейін тартып қойды. Жыланмен ойын осылай жалғаса берді. Ақибаның әбден діңкесі құрыды. Не керек, Мерғали бөз қалта алдына топ еткенше, тапжылмай отыра берді.
Сыртына майы шыққан бөз қалта қолына тиісімен сары үйекті құйрығынан сүйрете қашқан. Үйден ұзап кеткенше Ақибаның өзін қарғап-сілеп, шарылдаған даусы естіліп жатты.
Мерғали ол күні тамағын тойдырғанмен қас қарайғанша үй бетін көрмей, аулаққа безумен жүрді. Сол күні «далаға қонамын» дегеніне көнбей, Мұса мұны өз үйіне ертіп апарған. «Ақиба бәле салар» деп қорғаласа да, «үйіне ертіп апарайын» дегенде, бала бетінен басып, азар да безер боп тұрғасын, Мұсаның шешесі жаны ашып қондырған.
Мұсаның әкесі жоқ. Жастай құрт ауруына шалдығып, соның салдарынан бұдан екі жыл бұрын өліпті. Анасы Ұмсындық отыздың үстіне шыққан байсалды, мінезге бай әйел. Мұса мен Мерғали қозыны бірге жаяды. Қаратаудың бір қойнауына қозы-лақты иіріп тастап, бұлақ басына барып ойнайды. Екеуі дос. Бірінен бірі сыр жасырмайды. Мерғали туған жері - Бауетенді айтады. Теңізде балық көп болатынын, үлкендердің ау жайып, қап-қап қылып алатынын айтады. Өзінің де талай жағада тұрып қармақ салып, балық аулағанын сөз етеді. Көз ашқалы көк теңіздің жағасында өскен Мерғалиға теңіз —таусылмас жыр. Мұса болса, туғалы теңізді көрмепті. Көргені — мына өздері қозы бағатын Қаратау.
Екі достың көзі ұйқыға кеткенше ауыздары жабылмаған. Мерғали да күндізгі қылмысын ұмытып, қалың ұйқының құшағында жатты. Түсінде тағы да кемерін ақмаржан көмкерген көк теңізін көрді. Толқын құшағында тербеліп, туған теңіз айдынына ұзақ шомылды.
Ертесіне Мерғалиды төсектен басқан Ақиба баланы қайыс арқанмен сойып салған. Ұмсындық арашаламағанда, бір жері майып болуы мүмкін еді. Сол соққыдан соң Мерғали бір айға дейін шалқасынан жата алмай жүрді. Ақиба жон терісін сыпырып алған екен.
Күзге жақын ауылға қаладан уәкіл келді. Өзі Мерғалиға нағашы болып келеді екен. Әке-шешесінің көзін көріпті. Жиеннің жайын білгесін:
— Қалаға жүресің бе? Оқуға беремін. Тамағың тоқ болмаса да, ешкімнен қиянат көрмейсің. Көп жетіммен бірдей боласың, - деген.
Мерғали бірден:
— Барамын! - деді. Иманжүзді адамның алдамасын сезді. Әсіресе, «оқисың» дегені ұнады.
Жандай досы Мұса біраз жерге дейін жаяу шығарып салды. Екеуі жылап айрылысты. Ұмсындық жолға талқан түйіп берді. Мерғали уәкілдің атына міңгесіп, қалаға келді.
Жетімханада өзіндей бала көп екен. «Екі аяқтыда бала тату» деген емес пе. Бұл да балалармен тез тіл табысып кетті. Өзінен үш-төрт жастай үлкен Халел деген баламен жақсы дос боп алды.
Интернаттың тәртібі күшті. Үш мезгіл тамақтайды. Жеті сайын моншаға түсіреді. Мерғали әріп танып, кітап бетін ашты. Оқуға да алғыр болды. Күтуші, қызметші әйелдерге де елгезектігімен, тіл алғыштығымен ұнады. Әне-міне дегенше, жеті кластық білім алып, мектепті де тәмамдады. Комсомолға да екі жасын өсіріп, құрдастарынан бұрын өтті. Әскерге шақыру қағаз қолына тигенде бұл небәрі он алты жастағы бозбала болатын.
Алыс жолға жүрер алдында қаланың іргесіндегі туған ауылына барып, өз үйінің тарс бекітулі есігін ашқан. Ата-анасының құттыханасы қаңырап бос тұр екен. Шешесінің көзі — көрпе-төсегін бұл өзімен бірге қырға ала кеткен. Түптегі әкесінің бөлмесінде шала біткен, енді басталған сандықтың бет тақтайы, домбыра шанағы, жастық ағаш қаңқасы секілді өңделмеген ағаштар шаңға көміліп, шашылып жатыр екен.
Мерғалидың иесіз үйге кіріп-шығып жүргенін көрген көрші-қолаң біртіндеп жинала бастады. Арасында әкесінің көзін көрген Алтын ағасы да бар екен. Биік тұлғалы, қалың қасты, шегір көзді, шоқша сақалды, қапсағай денелі Алтекең:
— Інішегім, алтынның сынығы едің, сапарың оң болсын! Алыс жолға бір мал сыбағаңды жеп аттанатын орның бар еді. Қол қысқа, — деді. Әр жерде шашылып жатқан әкесінің кәкір-шүкіріне көз жіберіп:
— Ой, дүние-ай! Бала күнімізде Қашекемнің алдынан шығып, атын ұстауға таласатын едік. Оның қамшысының өзі бір қаралық қой. Соған қызығамыз. Күмістеген ер-тұрманын қызықтаймыз. Әлі баласың, ештеңенің қадірін түсіне қойған жоқсың. Мына жерде, әкеңнің қолынан шыққан елу бойдақтың құнындай қыруар дүниесі бар екен. Үйіңе өзің келіп ие болғанша көз қырымызды сала жүрерміз. Әттеген-ай, босағаңа біреуді бас-көз қылып кеткеніңде тәуір болатын еді. Көңілің ауған қызың болса... — деп өкінішпен сөзін аяқтады.
Мерғалидың көңілі босап, көзіне жас үйірілді. Есіне жеті жыл бірге оқыған Ақбәтіш түсті. Талдырмаш, ақ құба Бәтішті интернаттықтардың бәрі Ақбәтіш деуші еді. Себебі, Бәтіш -Бәтима екеу. Бірі - кішкентай, шұнаңдаған, тақылдақ қара қыз. Оны «Дәгел Бәтіш», «Қара Бәтіш», кейбіреуі «Тықылдақ Бәтіш» деуші еді.
Ал, Ақбәтіштің жөні басқа. Үсті-басы мұнтаздай, сабаққа алғыр, ақылды қыз. Әсіресе, мінезі жібектей. Ешкімге қатты сөйлемейді. Тіпті, шырт етпе, қызба мінезді Мерғалидың да тілін табатын. Тілі – тәтті-ақ. Дәл бір туған бауырындай еркелетіп, Мерғалиды «Мержан» деп атайтын. Математикаға шорқақтау Мерғалиға есеп-қисап үйретеді. Өзінің білмейтіні жоқ. Кілең «беске» оқиды. Ұғымтал, зерек қызды мұғалімдер де жақсы көреді. Жалпы, Ақбәтішті жақсы көрмейтін жан жоқ. Ал, сол бір көздері тостағандай, шашы қара мақпалдай, тістері ақ маржандай ақша қыз Мерғалиды жақсы көретін. Әлде бұның ақ жарқындығын ұната ма, әлде адалдығын, қолының да, жанының да тазалығын тәуір көре ме, әйтеуір, Мерғалиға өзгелерден бөлек ерекше жылы көзбен қараушы еді. Бұл оған өзінің тезірек комсомол қатарына өткісі келіп, екі жасын өсіріп айтқанын естігенде, ойланып қалған. Сосын:
— Оның, не, несіне асықтың? Енді әскерге де бұрын алып кетеді ғой, — деп мұңайғаны есінде. Ақбәтіштің айтқаны айнымай келді. Мерғали өзінің құрдастарынан бұрын шақырылды. Ақбәтіш бұны естіп тағы жабырқап қалды.
Мерғали қыздарды қатты сыйлайтын. Кейбір қыздар Мерғали қастарына жолап кетсе, жұмсап қалуға тырысатын. Ақбәтіш олай емес. Қайта Мерғали оны-мұнысына жәрдемдесе бастаса:
— Мержан, өзім істеймін, тасташы! - дейтін. Бұл аспаз әйелдердің суын тасысып, отынын жарып жүгіріп жүретін. Ақбәтіш Мерғалидың сонша аңқылдақтығына таңырқайды. Басқа біреу болса, басын сағаттап, жанының тыныштығын ойлар еді. Бұл болса, қалбаңдап, көрінгенге қол бала боп жүргені. Әсіресе, өзі дегенде тым елпілдеп кететінін іші сезеді-ақ. Көңілшек баланың мектеп кештерінде атақты әншілерге еліктеп салатын әдемі әндерінің де өзіне арналатынын біледі. Сондайда оның ақкөңілдігін алаңғасарлыққа жорып, миығынан күлетін құрбыларына ренжитін. Мерғалидың аңқаулығына іштей қынжылса да, кейде шыдай алмай, көппен бірге өзі де күліп жіберетін. Күлмей қайтсін. Көп алдында «Жайдарман, жақын кел» деп, бар өнерін сала шырқап тұрып, өзінен көзін алмайтын қулық-сұмдықтан ада бозбалаға күлмеске болмайтын. Кейде: «Ойпырмай, жұрт көзінше аздап қулық сақтаса қайтеді екен?» деп іштей оның аңқаулығына кейитін. Қайдағы! Ондай сұмдық Мерғалида қайдан болсын. Сол баяғы аңқылдақтығы. Ондайда ештеңеден қалыс қалмайтын құрбы қыздар құлағына жарыса сыбырлап:
— Мерғалиды қара, сенен көзін алар емес! — деп сыңқ-сыңқ күлетіндерін айтсайшы. Ақбәтіш ұяттан өртене жаздап, сыр бермеуге тырысатын. Оның бәрінен бейхабар «әншінің» ән біткесін басқа жер құрып қалғандай-ақ дәл Ақбәтіштің жанына келіп тұратынын қайтерсің. Қыз сонда кірерге саңылау таба алмай қиналатын. Оны елейтін Мерғали ма?! Ақбәтішке қарап, екі езуі екі құлағында ыржиып тұрғаны. Дүниеде екеуінен бөтен жан жоқтай. Ыржаң-ыржаң. Жұрттың өздерін ішіп-жеген жымысқы жанарларының отына күйіп кете жаздап Ақбәтіштің жұқалтаң жүзі өрттей қызарып, екі құлағына дейін дулап жүре беретін. Мерғалиға бәрібір. «Сырдың суы сирағынан келмей», мәз болып тұрады. Ақбәтішті соңғы рет көріп тұрғандай көз алмайды.
Мерғалидың әскерге алынатынын білгенде, Ақбәтіш біртүрлі жасып, мұңайып қалды.
— Әй, Мержан-ай, шыдамсыздығыңнан, аңқаулығыңнан әскерге де қатарыңнан бұрын кететін болдың-ау, — деп өкініш айтты ол. Оған қамығатын Мерғали ма:
— Бұрын кетсем, ерте келемін ғой, — деп ыржиған. Ақбәтіш бірінші рет бұған қабағын шытып, үндемей қалды. Мерғали бұндай қылық күтпеген.
— Өй, Ақбәтіш, Бәти, саған не болды? — деп қыздың қолынан ұстай алды. Оның әлжуаз саусақтары сұп-суық. Қалтырап кетіпті. Теңізден соққан салқын самал өзін де тітіркендіргендей болды. Қасында тырс еткен дыбыс шықса ала қашатын көжекше қалтырап тұрған қауқарсыз қыздың жауырынына ыстық алақанын басып еді, әлсіз діріл тұла бойына тарады. Алақанын қайта тартып ала алмады. Бейне жабысып қалғандай. Мерғали тұңғыш рет сөз таба алмай, тосылды. Қыздың өзіне деген жүрек лүпілін қапысыз сезіп, енді өз жүрегі де қосыла дүрсілдеп кетті. Үнсіздік ұзап барады. Мерғали қыз арқасында жатқан қос өрім қамшыдай бұрымынан сипай берген. Ақбәтіштің өңі боп-боз. Бірдеңе десе, бота жанардан мөлдір тамшылар тізбегі тоқтаусыз ағылғалы тұр. Мерғали жер бетіндегі жалғыз жақынынан жуық арада айрылатынын жаңа түсінгендей болды. Жүрегі шыңылдап кетті. Маңдайынан суық тер шып-шып шығып, қинала тұрып қыз бұрымының түбінен құшырлана иіскей берді. Ақбәтіштің көңілін жұбататын жайдары, жылы сөздер айтқысы келді. Бірақ, аузына сөз түспей қойды. Әшейіндегі көңілді, күлкілі әңгіменің бірі де ойына келмеді. Өзінен-өзі есін шығаруға қорыққандай, тамағы құрғап, демі тарылып, берекесі қашты.
Бар сырын қыздың қос бұрымын аялай сипаған ыстық алақан, сұңғақ мойынды шоқтай қарыған от ерін баяндап жатты. Әшейінде сынаптай сырғып қолға ұстатпайтын Ақбәтіш өз еркімен басын көкірегіне басып, жігіт жүрегінің ғашық әнін үнсіз тыңдап тұрды.
Сол бір кештен кейін Мерғали мен Бәтима оңаша жолығысып жүрді. Мерғалидың көптен бері көкейіне кестелеп тоқыған асыл арманына қолы жеткендей, қуаныштан көңілі шалқып, жаны жадырап жүрді. Көңіліндегі күдігі сейіліп, қыз сезімінің шынайылығына көзі жеткендей еді. Ақбәтіш өзін ұнатады, жақсы көреді. Оны Мерғали да сүйеді. Бірақ, жігіт «үйленейік» деген сөзді айтпады. Қалай айтады. Әлпештеп отырған ата-ана жоқ. Жанашыр туыстың түрі анау. Өзі болса ұзақ сапарға аттану алдында тұр. Қаңыраған үйде жападан-жалғыз отырып, мені күт деуге бола ма? Бәтішті босағаға телміртіп қалай байлап кетпек? Бұл оралғанша әлі көп уақыт бар. Сонымен, қыз «күтем» деп уәде бермеген, жігіт «күт» деп қолқа салмаған.
Мерғали қамқор ағайының ақылына іштей ырза болғанымен, өз шешімін жөн деп санады. Себебі, ол өмірдің жаңа бір белесіне жеткізетін өткелде тұрғандай сезінді өзін. Өткелекте тұрып өмірін өзгерткісі келмеді. Алтын ағасы азаматтық істеп, бір серкешік тауып, асып, ағайынның басын қосып, батасын беріп, Мерғалиды әскерге аттандырып салды.
Мерғали әскерді абыроймен атқарып, енді елге қайтпақ боп тұрғанда «Соғыс!» деген қаралы хабар дүңк етті. Су жаңа форма, сықырлаған етік киген көп солдат мінген ауыр эшелон ыңыранып батысқа бет түзеді. Өрекпіген қуанышты көңіл су сепкендей басылды. Пешенесіне тумай жатып талай ауыр сын жазылған жетім бала, мұрты тебіндеген жігіт болғанда тағы бір ауыр соққы — ажал ордасына бетпе-бет шығып еді. Талайына тап келген тажалдан тайқып кету пенденің қолынан келмейтін іс. Маңдайыңа не жазылса, соны көресің, соған көнесің. Бұл жолы да Мерғали өзінің қатарынан бұрын сапқа тұрып, қалың жауға қарсы аттанды. Көретін қиындығы, шегетін бейнеті өзгеден сәл көбірек жазылған шығар. Әйтеуір, төрт жыл жаумен айқасты. Көппен бірге жан аямай дұшпанмен шайқасты. Қоршауда қалып, шепті бұзып шыққан да кезі болды. Төпеген оққа қарсы басын көтеруге төтеп бере алмай, топпен бірге окопта бас сауғалап жатқан уақыттар да болды. Жұртпен бірге көрді не көрсе де. Жақын мандаты туып-өскен деревнясына түнделетіп қашқан өзі секілді он сегіздегі орыс жігітін «сатпағаны» үшін айыпталып, өз көрін өзі қазған да күні болды. Әйтсе де, «аққа - Құдай жақ». Орыс жігітінің ақтық демін шығарар алдындағы:
— Атсаңдар, мені атыңдар. Қашқан - мен. Бұл қазақтың жазығы жоқ. Ол ұйықтап жатқан. Менің қашқанымды ол көрген жоқ. Бұны не деп атасыңдар?! — деген бір ауыз әділ сөзі жанына жәрдем болды.
«Жалғыздың жары — бір Құдай!» демекші, бораған оқтың арасында қар төсеніп, мұз жастанып жүріп Мерғали ол апаттан да аман шықты. Жауды жеңіп, көппен бірге елге қайтты. Ауылдың жайы да мәз емес екен. Алтын ағасын жаламен «жау» деп ұстап әкетіпті. Өз үйінің орны ғана жатыр. Кесегін қора қалауға бұзып алып, ағашын отқа жаққан сияқты. Білетіндерден Бәтіш жайын сұрап еді, түрікпен жағындағы туыстарына кетіпті. Нағашылары табылыпты. Халел болса, екі жыл бұрын бір аяғынан оқ тиіп, елге келген екен. Бұл кезде қызметі ауысып, Гурьевке кетіпті.
Мерғали көп ойланбастан Халелге тартты.
Халел аэродромда беделді қызметте екен. Келісті, көркем жігітке сықырлаған былғары плащ құйып қойғандай жарасып қалыпты. Су жаңа галифе мен хром етік те үйлесімді. Тек бір тізесі бүгілмейді екен. Протез. Ноғай кескінді Халелді Мерғали әуелі танымай қалды. Көрмегелі көп болған. Ұзын бойлы, биік қабақ, қысыңқылау қоңыр көзді, жағына пышақ жанығандай жадау жігіт өзіне анадайдан құшақ жая ұмтылғанда, түсініңкіремей тұрып қалған. Сумиған бүркіт тұмсығының ұшы имие, шүңірек көздері кіртиіп, аппақ жылқы тістерін түгел көрсете жарқырап күлгенде ғана қуанып кетті. Халел! Өзінің туған ағасындай интернаттас досы.
Халел әскерге Мерғалидан бұрын кеткен. Сол жақта да пысықтығымен көзге түсіп, соғыстың аз-ақ алдында орыс жеріндегі арнайы ұшқыштар даярлайтын оқу бітіріпті. Соғысқа басынан қатысқан Халел жарақаттанып, әскерге жарамсыз болғасын елге қайтыпты.
Халелдің әкесі Кетіктің жатағы еді де, шешесі ноғай жұртының қызы болатын. Әкесі балықшылықты кәсіп қылып, Астрахань барып жүргенде, алып қашыпты. Кейін бір ұл, бір қызды болады. Ұлы, осы - Халел, қызы жастай шетінеп кетеді. Әкесі теңізде балық аулап жүргенде, дауыл тұрып, қасындағы екі серігімен бірге суға кетеді. Көп ұзамай, шешесі шешектен өледі. Халел он жасында тұлдыр жетім атанып, жетімханаға түскен екен.
Ол Мерғалиды бірден үйіне ертіп апарды. Қала шетіндегі ұзын барак үйдің қуықтай ғана бір бөлмесінде тұрады екен. Екі кісілік темір кереует, ас столы мен үш-төрт орындықтан өзге үлкен бір фанер шабадан ғана бар. Сол күні-ақ ортадағы столдың төр жағына одеял тұтып, Мерғалиға «жеке бөлме» жасап берді.
— Енді қысылмай-ақ шешініп, жата беруіңе болады, — деді Халел.— Жуынатын жер мен ас үй ортақ. Оны мына жеңгең көрсетеді, — деп келіншегіне қарап күлді.
Кішкентай ғана көгілдір көзді, алтын шашты жеңгесінің аты Ольга екен. Ол бір елпілдеген ақ көңіл адам болып шықты. Бірақ, заты орыс емес пе, қазақы салт-санаға шорқақ. Қылықтарының кейбірі оданылау. Көлденең жатқан күйеуінің кеуде тұсынан шімірікпестен әрі-бері аттап өте береді. Бір күні төсекте жатқан Мерғалидың да басынан бір аттап терезе ашып жатты. Халел байғұс бұған әбден үйренген болуы керек, әйеліне ештеңе демеді. Әуелде бәріне бой ұсынып, басқа ұлттың, қызына қосылғандықтан ба, Ольганың ондай-ондай оғаштығын елемейтін сықылды.
Аяғының сырқаты жанына бата ма, ағасы арақты ішіңкірейді екен. Қызара бөртіп, арақ иісі аңқып жүреді. Демалыс күндері ағасы мен жеңгесі бірігіп сілтеп жіберіп, дастархан басында екеуі әскери әндерді қосыла шырқап, соңын биге ұластырып, думандатып жатады. Ондайда шабаданнан ескі патефон алынып, түннің бір уағына дейін баракты бастарына көтереді. Ертесіне екеуі дым болмағандай жуынып-шайынып қызметтеріне жөнеледі. Бірақ, бойдағы арақтың уытынан әбден айыққанша есеңгіреген адамдай дел-сал болып жүреді екен.
Мерғали ол үйде тектен-тек жата беруге ұялды. Бір аптадан соң Халелден өтініп, Бекдашқа ұшатын қос қанатқа отырды. Ойы Ақбәтішті іздеп табу еді. Ол жақта жеті-сегіз айдай айналып қалды.
Бейтаныс ел Мерғалиды сыртқа теппеді. Қайта егделеу майдангер ауылда кеңес бастығы бұның елгезектігін байқап, клуб басқартып қойды. Мерғалидың интернатта сахнаға шығып, ән салған өнері бар ғой. Сол бір кәдеге асып кетті. Соғыстың лаңымен ойын-сауықтан қол үзіңкіреп қалған жұрт алғашқы ашылу салтанатына көп келді. Аядай клубқа сыймай, сырттан сығалауға мәжбүр болды. Ауыл жастарынан ұйымдасқан өнерлі топты Мерғалидың өзі басқарды. Шама-шарқынша ойын көрсетіп, ән-жыр айтып, қызықты қылып өткізілетін сауық кештерінің соңынан би де ұйымдастырылып жүрді. Жергілікті елге би таңсық. Кемпір-шалына дейін қалмай келеді. Көбі — қызықтаушы. Не керек, Мерғали бастыққа да, елге де ұнап қалды. Бастық бос тұрған пәтердің кілтін беріп:
— Ал, енді үйіңе бар, керегі - келіншек, — деп қояды.
Мерғали Ақбәтішке қанша сұрау салса да, бір дерегін біле алмады. Әр жерге ойын қоя барғанда, көзі — қызда. Бірақ, Ақбәтішті кезіктірмей-ақ қойды. Сөйтіп жүргенде, зырлап жеті-сегіз ай өте шығыпты.
Бірде сауықшыл топ көрші ауданға барып, ойын қойып, өнер көрсетпек болды. Жолы алыс. Малшылардың орталығы мидай даладағы кішкентай қазақ ауылы екен. Күн ұзын жүріп, шаңға батып, азып-тозып жеткен жыршылар ертесіне ойын көрсетуге жарамай, ұйқыға бас қойған. Түскен үйлерінің адамдарымен танысуға да шамалары келмеді. Сүйек-сүйегі қирап, бастары зеңіп, бей-берекет сұлай кеткен. Ертесіне тынығып, жан шақырып, іске кіріскен.
Клуб, сірә, жоқ. Ойын-сауықтарын ауыл сыртындағы төбе басына қойды. Кенет Мерғалидың көзіне көптің ішінен бір келіншек жылы ұшырай берді. «Апыр-ау, ұқсас екен» деп қайта-қайта сүзіле берген. Жаңылмапты. Сол. Айдай болған Ақбәтіші шаң-шаң болып қырда жүр.
Ата-енесі, бойы бәкене, таңқақ мұрын, шалғы мұртты қара домалақ күйеуі бар екен. Ақбәтіш Мерғалиді көргенде бас салып көрісіп, азырақ жылап алды да, аң-таң болысқан үй-ішіне«ағайын ағайым» деп таныстырды.
Күйеуі жол кер жігіт екен. Мерғалиды тобымен өз үйіне бастап апарып, қонақасы берді. Кете-кеткенше сыйлап, қонақ қылды. Кетерінде Ақбәтіш:
— Ағажан, аман жүр! — деп шығарып салды. Бір-екі қара домалақ та шешесінің етегінен ұстай тұрып қол бұлғасты.
Қашан да сабырлы, ақылды Ақбәтіш ауылға да ұнаған секілді. Әсіресе, күйеуінің ықыласы бөлек көрінді. Ол оны «Бәти» деп еркелетеді екен.
Мерғали бұдан әрі Бекдашта қалғысы келмеді. Бастыққа пәтерінің кілтін тапсырып, Гурьевке Халелге оралды. Бар әңгімеге қаныққан Халел:
— Елге барғанда да жағдай белгілі ғой. Одан да оқы, мамандық ал, - деп ақыл берді.
Мерғали Халелдің ақылымен мотор жөндеушілер курсына түсіп, Гурьевте қалып қойды. Оқуын бітіргесін Мерғали Мұнайлыға тартқан.
МЕРҒАЛИ МЕН РӘШ
Тағдырдың жазуымен Маңғыстаулық қыз бен жігіт сөйтіп Мұнайлыда бір-біріне кез болған.
Қыстың бір жайлы күні еді. Көктемнің қыр астында тұрғанын сездіргендей күн көзі шуағын шаша шалықтайды. Ызғар сынып, күн кәдімгідей ұзарып қалыпты. Ауада жылымық леп бар. Жұмыстан қайтқан Рәштің алдынан Мерғали мен Нағима шыға келді. Жанына таянғасын Нағима:
— Рәш, біз саған келе жатырмыз. Мерғалимен бірге істейтін Әбуғанидың Бөпеші босаныпты. Екеуінің көптен күткен тұңғыш сәбиі ғой. Соны қызықтап, жұрт барып жатқан көрінеді. Бізде солай қарай шықтық. Жүр, бірге барайық, - деді. Мерғали темекісін сорып үнсіз тұр. Көз қиығымен қызға қарап қояды.
— Өздерің жүре беріңдер! Менің барғым келмей тұр, - деді Рәш. - Кейінірек барармыз...
Олар көп жалынбады. Ери бастаған қасат қарды күрт-күрт басып кете барды. Тіпті екеуі әлдене айтысып күледі. Бұның бармағанына қуанатын сияқты. Рәштің іші алай-дүлей болып кетті. Енді өзінің соларға ермегеніне өкіне бастады. Неге екенін өзі де білмейді, біртүрлі Нағимадан Мерғалиды қызғанатын секілді. Өз ойынан өзі ұялды. Ұзап кеткен екеуді енді тоқтатуға кеш. Оған бұның намысы жібермейді.
Үйге ықылассыз кірді. Ештеңеге зауқы соқпай, шешінбестен төсегіне бүк түсіп жатып қалды. Кірпігі айқасар емес. Жатқан ғұрлы өзін-өзі іштей кеміріп жатыр. Не де болса, Нағиманы күтпек болды. Ол айналған сайын ойы он саққа жүгіреді. Күткен қандай жаман! Әншейінде жеткізбейтін жүйрік уақыт жылжыр емес. Нағима кешікті. Ол кешіккен сайын Рәштан маза кетті. Дөңбекшіп төсекте аунай-аунай ұйқысы ашылды. Әйтеуір, таңға жақын есік жақтан тықыр естілді-ау! Сыбырласқан екеу сенекте біраз бөгелді. Үздік-создық шыққан дауыстар тиылып, сыртқы есік ашылып-жабылғандай болды. Нағима тағы кідірді.
«Нағима неге кірмей тұр екен? Әлде әлгіге еріп қайта шықты ма?» деп тықыршыды Рәш. Жоқ. Сыртқы есік қайта ашылмады. Біраздан соң өзімен бірге тыстан бір қап суықты ілестіре кірген Нағима өзінің жанына келіп шешінбестен жата кетті. Рәш аузын ашқанша, қараңғыда бұның ояу жатқанынан бейхабар келіншек пысылдап жылап қоя берді. Көпке дейін солығын баса алмады. Рәш біреудің ұрлығының үстінен түскендей қимылсыз қатып қалды. Қыбыр етуге қорқып жатыр. Нағима неге жылады? Ол жағы бұған жұмбақ.
Рәш сол қимылсыз жатқан күйі таңды атырды. Жұмбақ жылаудың шешуін ертесіне Нағиманың өз аузынан естіді. Екеуіне де демалыс болатын. Рәш таңертеңгі шайдан соң ауызғы бөлмеде күйбеңдеп жүрген. Нағима ту сыртынан кеп құшақтай алды да құлағына:
— Рәш, жүр. Саған айтатын сөзім бар, — деді.
Рәш үн қатпастан Нағимаға ере шықты. Үй сыртына шыққан соң, ақсұр өңі қуқылданып, әдемі бота көздерінің жиегі қызарған Нағима көзін жерден алмастан сөйлеп кетті.
— Рәш, саған бірдеңе айтсам, ренжімейсің бе? - Бұның жауабын күтпестен, тағы да: -Мен сенен бір сыр жасырып жүр едім, - деді.
Рәш Нағиманың сөзінен секем ала бастады.
— Мен... Мен Мерғалиға ғашық едім.
Рәштің жүрегі зырқ етті. Бірақ, сыр бермеуге тырысып:
— А-а... - деп жаймашуақ күлген болды. Нағима:
— Уһ... - деп көкірегі қарс айрыла бір күрсініп алды да сөзін жалғады.
— Бірақ, ол сені ұнатады екен. Кеше өз аузынан естідім. Маған сыр қылып айтты. Саған айтуға бата алмай жүрген көрінеді. Басқа біреу болса айтпас та едім. Бірақ, сенен жасырғым келмейді. Ол да жақсы жігіт. Ақ көкірек, адал адам. Сенің де жаның таза, кісіге жамандығың жоқ. Екеуің бір-біріне теңсіңдер! - деді де Нағима үнсіз қалды.
Арада үш ай өтті. Жаратқанның құдіретімен мидай ата дөң тегіс көгерді. Ызғар кетіп, күн қыза бастады. Күн сәулесі жеті қат жердің тоңын жібітіп, аспан астын қапырықтырып жіберді. Күннің нұры мен қардың суы бойына сіңген топырақтың буы шығып, қыстай қатып жатқан шөптің тамырына нәр беріп, табиғатты ұйқысынан шайқап оятты. Балауса жусан мен бәйшешек исі мұрын жарып, айнала тіршіліктің бәрі ызың қағып, көктем күйіне балқып, күн қызуы бетті шарпып, Мұнайлы өңірінің жазы да басталды.
Табиғаттың тіршілік тынысынан бөтен бұл маңайда бөгде дыбыс жеткілікті. Мотор даусы, машина гүрілі, балға тықылы, күрек пен қайла шықылы құлағыңды өзге бір үн, соны бір әуенге тұндырады. Мұнайлы елдің күнделікті күйбеңі, мұнай исі мен тер исі жас шөптің исімен араласып танауыңды қытықтайды. Оған қоса ауылдың бала-шағасы мен қартаң адамдары промысылдан аулақ айдап жаятын қолдағы азын-аулақ жандық төлдеп, қозы-лақтың тұс-тұстан маңыраған дауыстары да жазғы даланы жіңішке бір әнмен жаңғырықтырады. Дала күйіне өз әуезін қосады. Қыстай жер үйлерде қысылып шыққан мұнайшы ауыл балаларының да сабақтан қолдары босап, қозы қайырып, кесіртке қуып, жалаңаяқ жүгіргені бір бөлек дүние.
Қыз-келіншектер де күрте шалбарды тастап, ақзон көйлекпен аққудай таранып шыға келіпті. Шаштарын қос өрім қылып өріп, бастарына бір-бір кәсеңкіні қызылды-жасылды қылып байлап алған. Тік жаға, белден бүрген, алты қиық көйлектің етегі дөңгеленіп құйқылжиды. Қос қатарлап жүргізген атлас лента күн көзіне жалт-жұлт шағылысады. Жаңа жасанып келе жатқан дала гүлдеріндей алуан түспен түрленеді. Кексе әйелдер мен кемпір-сампырлар көк нілге салған жаулықтарын қақырадай қылып, камзол, кәжекеймен шығыпты. Ерлер жағы өңірін өнерлі таспамен жиектеген ақзон көйлек, тар балақ шалбар киген. Өздері жүдеу болса да өңдері жадыраңқы.
Біреулер саздан кірпіш құйып, біреулер қарағайдан жаздық үй салудың қамында. Енді біреулері білектерін сыбанып, жертөле қазуға кіріскен. Қыстай бір үйге топырласқан отбасылар оңаша отауға кірмекші.
Жаңадан бой көтерген қарағай үйлердің қатары көбейе түскен. Көше бойлай орнатылған электр бағандары сап түзей қалыпты. Ауылдың алдыңғы бетіндегі жаңадан салынған екі бөлмелі үлкен қарағай кеңсенің көк шатыры алыстан андағайлап көз тартады.
Жанның бәрі жазға салымғы жылымық күнді жайлатып, есік алдына шығып, әр түрлі күйбең шаруасына кіріскен. Сықсиған шағын терезелерден әлі күн шуағы түсе қоймаған жермен-жексен, қара көлеңке, салқын жертөлелерге байлап қойсаң да отырғысы жоқтай.
Зейнолдың жертөлесінде қыстап шыққан Қиялбай үйі де жеке жертөле салуға кірісті. Рәштің, шешесі де бес қанат үйін тігіп, іргесін аударған. Бұлармен бірге қыстап шыққан Нағима да аяқ астынан Құлсарыдан май тасып жүретін шопыр жігітке күйеуге шығып кетті. Зейнолдың кең жертөлесі қайта босап қалды. Рәштің інісімен қатар жалғыз ұлы Сахи күн ұзақ балалармен жүреді. Зәкүн қазан-аяқ қамымен енесінің жанында болады. Күндіз оларға Рәштің шешесі қосылады. Мерғалидың сол баяғы жүрісі. Екі үйдің шайын ішіп, оны-мұны шаруасын тындырып кетеді. Оның мінезіне Рәш те көндігіп алды.
Жиналыс болса, Мерғали сөйлемей қалған емес. Мекеменің суретшісі де, шебері де өзі. Құлаш-құлаш қызыл матаға ақ сырмен айқайлатып ұран жазатын да сол. Орыс-қазағыңа бірдей. Жатақхананың қыз-қырқыны соның соңында жүреді. Бәрінің көңілін табады. Ал, Рәш дегенде тілі байлаулы.
Бірде Рәш жұмыстан келсе, уықтың қарында бір бөлек торкөз шыт қыстырулы тұр екен. Шешесі жымың-жымың етеді. Матаның жайын шешесі Жәния айтты. Мата Мерғалидікі екен. Рәшқа «көйлек тігіп берсін» деп тастап кетіпті. Ал, Рәш болса шешесінің соған дегенде солқ ете қалатынын жаратпай:
— Өз қызыңа өзің жеңгетай болмақпысың? Әшейінде таныс тамыры көп емес пе? Жатақхананың бүкіл ұрғашысы соңынан шұбырып жүрген жоқ па? Тіктірсін соларға! Осы ауылда ине ұстайтын жалғыз мен емес шығармын, - деп шарт кетті.
Шешесі қызының ашуы басылғасын үгіттей бастады.
— Үйі-күйі жоқ адамнан қол көмегіңді аяймысың? Ол бір ақкөңіл адам. Сауап болар. Бойдақ еркектің соңына қыз-қырқын ермегенде қайтеді. Өзі өңді, өзі өнерлі болса оның үстіне, о несі-ай!
Рәш құлақ аспады. Мата сол күйі төрт-бес күн тұрып қалды. Ақырында анасы ашуға мінді. Ренішін жасыра алмай, қызына қатты ұрысты.
— Мерғали болмағанда сенің үйіңнің шелегі мен күрегі, пышағы мен балтасы қайраусыз, саптаусыз қалар еді ғой, қарбаша-ау. Талай оған біз де тәуелді тақсыр болғанбыз. Тіл қайырған жері болды ма? Сен тікпесең өзім-ақ тігем. Кісіге қылған қайырдан көрген зияным жоқ. Қайта алғыс алдым. Азаматтың алтын басын қорлап, назарына қалма! Басқа біреуге беретін болса, көрмей жүр дейсің бе? Кісіге бір жылы шырайың жоқ. Неге бұлданасың соншама? Ат басындай азамат осы үйге бала-шағаның шайын ішуге келіп жүр ғой деп пе едің? Әлде менің әңгімемді тыңдайын деп жүр дейсің бе? Оның дерті сенде! Тастан да қатты қызды көргенім осы! Бүйте берсең, байсыз қаларсың! Ер жігітке қашанда бір шүйкебас табылар-ау. Көкірегіңді керме өйтіп. Нағыз бізге тап жігіт Мерғали!
Рәш жеңілді. Көйлек тігілді. Мерғалидың екі езуі екі құлағында. Бұны көрсе, бір жымың ете қалады. Бары сол-ақ. Сөйтіп жүргенде, жаз да орталап қалды.
Бір күні бастық Рәштің қасына жаңа жұмысшы әкеліп қосты. Мамандығы — темір пісіруші. Орта бойлы, дөңгелек жүзді, қанды қара жігіттің есімі - Мұқан. Кішірек қара көздері жылтыңдаған пысықтың өзі. Қыр мұрыны ұзындау, сүйір иек, сөзге ұста қутыңдаған жас жігіт әзілқой, ойынпаз. Үлкен-кіші демей, алыса кетеді. Әйел, еркек демей, жағаласа береді. Ата-анасы қырда мал бағады екен. Үйдің үлкені екен. Сол жігіт Рәшті жағалай бастады. Ойын да бірден ашып айтты.
— Үйленуім керек. Үйдің үлкенімін. Үй болсақ, әке-шешем қарасып тұрар. Таршылық көрмеспіз, - деді өзіне-өзі сенімді пішінмен. — Сен не дейсің?
Рәш не десін? Ештеңе демеді. Мұқан өзінен екі-үш жастай кіші. Әрі өзінің Мерғалиға бүйрегі бұрыңқырайды. Неге екені белгісіз, бір жылдан бері өзіне бір ауыз сөз айта алмай жүрген жігерсіз жігітке іштей бауыр басып қалыпты. Үш-төрт күн төбесі көрінбесе іздеп отыратын әдет тапты. Анасын «апалап» жалпылдап жүретін жалқы жігітті аяйды. Інілері мен сіңлілері де оны туған ағасындай жақсы көреді. Әсіресе, кенже інісі Оңғар ол дегенде ішкен асын жерге қояды. Мерғали да балажан. Өзімен бірге туғаны жоқ болғасын ба, Рәштің туыстарына елпілдеп тұрады. Құрбы қыз-келіншектер:
— Күйеуге шығатын болсаң, Мұқанға шық. Әке-шешесі бар, тұрмысы түзу. Мерғалидың жатақханадағы темір төсектен өзге несі бар? Ол да қазынанікі. Қалай үй боласыңдар? -деп азғырады Рәшті.
Бір күні кешқұрым үй іргесінен гүж-гүж дауыс шықты. Шешесі түнгі күзетке кеткен. Рәш тысқа шықты. Екі жігіт жағаласып жатыр. Мұқан мен Мерғали. Жандарына жақындағанда, Мерғалидың:
— Ендігәрі сені бұл жерден көрмейтін болайын! - деген даусын естіп, Рәш қаралай күйіп кетті. Өзін көріп, үсті-басын қағып, түрегелген Мерғалиға қарап:
— Менің үйіме ешкімді жолатпайтын сен кім едің? Мені айттырып қойып па едің? - деді ашумен.
Рәштің сөзіне мадақтанып, Мерғалиға қарап қарқылдай күлген Мұқанның жағынан шапалақпен тартып жіберді де, үйіне қарай жүре берді.
Рәштің сол сөзі қамшы болып, Мерғали ертесіне құда жіберген.
Сөйтіп, күздің шуақты күндерінің бірінде Мерғали мен Рәштің тойы өтті. Той деген аты ғана. Мерғалидың жатақханадағы қуықтай бөлмесіне мұнайшы қауымның кәрі-жасы топырласып, шай ішкен болды. Өз үйінен бір табақ бауырсақ пісіріп әкелген Зәкүн балаларға шашу шашты.
Ауыл жігіттері асарласып, екі-үш күнде екеуіне жертөле қазып берді. Үш құдық пешпен бөлген қоржын үйге жас жұбайлар кірген күні күздің алғашқы жаңбыры сіркіреп тұр еді. Жаңа өмірдің есігін ашып, жеке отауларының табалдырығын аттаған жастар бұны жақсы ырымға жорыды. Шешесі сілкіп салар көрпе-төсегін төріне әкеп төсеген. Ауыл-үйдің әйелдері қасық, кесе, табақ еншілеп, лезде үй қылды.
Рәш пен Мерғали тату тұрды. Анасы айтқандай, Мерғали жақсы жігіт болып шықты. Өзіне жақсы жар, бауырларына қамқор аға бола білді. Бәрінің қас-қабағына қарап, бас-көз боп жүреді. Демалыс күндерінде кеңсеге барып, бірер сағат бильярд ойнағаны болмаса, басқа уақыттың бәрінде отының басында. Шаңырағының берекесін кіргізіп, ас-суын әзірлеп күтіп отыратын келіншегіне асығады. Күйеуінің өзіне деген ыстық ықыласы мен ынтық сезімі күннен-күнге күшейген сайын Рәштің да оған деген мөлдір махаббаты молая түсетін сияқты. Сәл кешіксе, есікке алаңдап, оны сағынып қалатын әдет тапты. Кейде жұмыс бабымен үйге кештете оралатын күйеуінің жолына қарап, ас-суын да ішпей күтіп отырады. Ондайда күңгірт жертөленің іші құлазып, бойын көңілсіздік билеп алады. Күйеуінің төбесі көрінсе, көзі жарқ етіп, шаттық сезімін жасыра алмай, маржан тістерін жарқырата күліп жібереді.
Күннің қалай өткені байқалмайтын бақытты шақ басталғалы жас жұбайлардың қуанышты күлкілері мен ыстық сезімдеріне жертөле іші шыпа толып тұратын болды. Сөйтіп, көзді ашып-жұмғанша бір жыл зырлап өте шыққан. Айналаны сарғыш түске бояп тағы бір күз келді. Бұл кезде Рәштің аяғы ауырлап, Мерғали тұңғышын тағатсыздана күтіп жүрген.
Сол жылдың күзі сілбілеген қара жауынмен басталған. Ұзақты күн төбеден тынбай сорғалаған темірдей тамшылар жан біткеннің зықысын шығара бастады. Киім-кешегі малмандай болған адамдар жауынқұрттай жиырылып, бүкшең-бүкшең жүгіріп, тасаға тығылады. Жер лайсаң. Аспанды тегіс тұмшалап тастаған қорғасын бұлт қабарып, жер бауырлай жатып алған.
Сондай қара жаңбырлы бір күні белшесінен балшыққа бөккен жүк мәшіні Мерғалидың үйінің алдына тоқтады. Сыбай жауған суық жауын сүйектен өтерлік. Азынаған зәрлі жел күнұзаққа бір толастамады. Су мен желдің айқасы бітпей, жұртты біраз діңкелетті. Машинаның астауынан секіріп түскен әскери киімді ұзын кісіні көргенде, жертөленің кішкене терезесінен тысқа қарап тұрған Мерғали қуанғаннан айғайлап жіберді.
— Мұса, Мұса ғой мынау! - деді де қара суыққа көйлекшең жүгіре шықты. Рәш аң-таң. Ештеңе түсінбеді. Апыл-ғұпыл бешпетін жүре жамыла, жарының соңынан ол да сыртқа жүгірді.
Мерғали бір бейтаныс кісіні қапсыра құшақтап алыпты. Қуанышты дауыстарын ызғыған жел ауылдарынан қақшып алып қашып жатыр. Әйтеуір, айқасқан құшақтар көпке дейін ажырамады. Бір кезде кабинадан қолында үлкен шабаданы бар әйел шығып, машина өз бетіне жүріп кетті. Мерғали ана жігіттің аузына құлағын тосып, одан әрмен мәз бола түсті. Келіншекті бас салып құшақтай алды да, балаша көтеріп шыр айналдырды. Ешкімді елер емес. Қуаныштан әбден есі шығып кеткен.
— Үйге кірсеңдерші. Су болдыңдар ғой, — деп күйеуінің жеңінен тартқылап жүріп Рәш үшеуін әзер дегенде үйге кіргізген.
Мерғали сонда ғана қонақтарын әйеліне таныстырды.
— Бұл, Мұса! Менің жандай досым. Жарты құртты жарып жеп, талқан көжені бөліп ішкен бауырым. Мынау жеңгей екен.
— Аты Айсұлу, — деді ажарлы аққұба жігіт Рәшқа күлімдей қарап. - Менің Мерғалидан екі-үш ай үлкендігім бар. Саған абысын болады, айналайын!
Көптен көріспеген достардың біразға дейін мауқы басылмады. Рәш шәрмен деп жүріп, ана үй, мына үйге жүгіріп, керек-жарағын қамдап алды. Сақтап жүрген бір жілігін қазанға салды. Қазандықтың үлкен ошағына шәугім асып, артына үлкен мыс шәйнекті орнатты. От қызуымен, қазанның буымен жылынған жертөленің төріне дастархан жайды.
Мұса сөйлеп отыр. Жол соқты боп шаршаған Айсұлу күйеуінің шынтағындағы жастықтың бір шетіне басын қойып, бұйығып жатыр еді. Басын көтеріп, шайға жақындады. Рәштің ақ пейілмен ұсынған адал дәмінен татып, қою күрең шайын ішіп, өз-өзіне келген қонақтар ырза болды.
Кіші қол, ақсары келіншек тұйықтау екен. Көгілдір көздері күлімдеп күйеуінің аузына қарайды. Сірә, өзі білетін жай болғасын онша таңданыс білдірмейді. Ал, иықты, нұрлы үлкен қара көзді, сұлу жүзді Мұса Мерғалиға қарап бастан кешкендерін баян етіп отыр.
Айтуынша, Мұса соғысқа сол баяғы өзі туған ауылдан аттанған. Мылтықты қалай ұстауды білмейтін кілең бозөкпе жасты әуелі бір-екі ай сапта жүріп-тұру тәртібіне үйретіп, даярлап алыпты. Сосын түтеп тұрған соғыстың қақ ортасына апарып қоя берген. Олардың қолы қоршауда қалып, жауға тұтқын болады. Әйтеуір, тобымен бірге тұтылып, тобымен бірге жүреді. Солай Еуропаның біраз елінің топырағын басып, жетпістен соң ғана шет жерде азат етіледі. Елге әкелісімен ес жиғызбай қайта қамауға алады. Содан былтыр ғана босап, ел бетін көріпті. Қасындағы қасықтай биязы келіншегі өз аулының қызы екен. Анасы дүние салған. Апалары өз алдына отау тігіп, үй болып кеткен. Мұса Айсұлумен бас қосқан соң, өндіріске талап іздеп шығыпты. Мерғалидың Мұнайлыда екенін ұзынқұлақтан естіп-білген Мұса бірден осында тартыпты.
Мұнайлыға қоныс тепкен Мұса Мерғалидікінде тұрып жатты. Рәш пен Айсұлу абысынды-келінді болып, тіл табысып кетті.
Мұсалардың аяғы құтты болып, көп ұзамай Мерғали қызды болды. Жас әкенің қуанышында шек жоқ еді. Сәби күн санап өскен сайын ата-анасын сүйкімді қылықтарымен қуанышқа кенелтетін. Тұңғышының тәттілігі сондай, Мерғали асын да жөргекте жатқан қызын орауымен алдына алып отырып ішетін. Сондай бір сәтте жеңгесі:
— Ойпырмай, қайнымның, балажандысын-ай, ең болмаса тамақ ішкенде қоя тұрсаң болмай ма? Абайламай шайға күйдіріп аларсың.—дейтін. Мерғали жауап орнына жымиып, шайын іше беретін.
Кішкентай, әлжуаз болып туған сәби түні бойы жылап, үй ішін аяғынан тік тұрғызатын. Онда Мерғалидан ұйқы қашады. Баласын бауырына қысып, таң атқанша көтеріп шығуға бар. Бірақ, Рәш күйеуінің жұмысқа баратынын ескеріп, көбіне бала күтімімен өзі айналысуға тырысатын. Бала бағудың қиындығын жас ата-ана енді сезініп, тұрмыс тауқыметіне көндіге бастаған.
Тұмса ана тұңғыш нәрестесін тойдыра алмағасын Жәния ешкі сүтін қосымша бергізетін болды. Сөйтіп, жас отаудың шырайын кіргізіп, жертөледе ішіне өзгеше бір жұпар иіс, жылы шуақ ала келген қыз бала күннен күнге көзі жылтырап, таныс жүздерді көргенде сықылықтап күліп, өсіп келе жатты.
Ән өнерін сүйіп, өзі де ән салатын Мерғали қызына қазақ халқының әйгілі әншісі Күләштің есімін берді.
Осы кезде «Зейнол бригадасы буынып-түйініп, көшкелі жатыр» - деген хабарды естіді. Жәния уайым жей бастады. Өзі соның алдында аяғына темір түсіп, майып болып қалған. Сол аяғының жіліншігі екі жерден сынып, таяққа сүйеніп жүретін. Енді екі үйдің ауыртпалығы Рәштің мойнына түсті. Ширай қоймаған шаранасы тағы бар. Соның бәрін таразылап, іштей егжей-тегжейлі сараптап келіп, кемпір қызы мен күйеу баласын шақырып алды.
— Орнығып қалдық. Бала-шаға оқыса да ел ортасынан көшпейік. Жаңа ес жиып, етегімізді жаба бергенде, тағы қайда шұбырамыз? Сендер кетсеңдер, біздің күйіміз не болады? — деп сары уайымға салынды.
Бірақ, Мерғали көштен қалғысы келмеді. — Бізбен бірге боласыңдар! — деді енесіне. -Сендерді тастап ешқайда кетпеймін.
Ақыры енесінің үйі, Мұсаның үйі - үш үй болып Төңірек шыңға ауысты.
Мұнайшылар разведкасы қонған жер мидай аза дөң. Қысы азынаған суық екен. Жағалай қарағай үйлер мен қаз-қатар салынған жертөле. Ауызсу мен отындық мазут Құлсарыдан көлікпен тасылады. Пешті коробкімен жағады. Төрт-бес күнде бір соғып тұратын май-мәшіндер мазутты жер құдықтарға құйып кетеді. Соны ел шелекпен алып, тасып жағады.
Коробкісі - биіктігі үш елі, көлемі дәптердің бетіндей шойын ыдыс. Жоғарыдан бөшкемен кран келтіріп, мойындыққа тұрбамен тамшылатып қойған. Тамшылап тұрған мазут жазатайым от алып кетсе, лып-лып етіп көгілжім газ лаулай жөнеледі. Сондықтан от жағуға аса сақтық керек.
Ауылдың айналасы қыста қара күйе. Қардың беті, ақ ешкі, ақ қой, әйелдердің жаулығы, тіпті ақ итке дейін қап-қара болып, түтінге қақалып қалады. Кешке ел орынға отырып, үй басына пеш жаққанда, аспанды қара түтін бұлттай қаптап тұтас бүркеп алады.
Қыс ортасында көшіп келген мұнайшыларға өндіріс бастығы қарағай корпустың бір басын босаттырып берген. Сол корпустың бір бөлмесінде үш үй паналап тұрды.
Қыс аяғы созылып, Төңірек шыңды қалың қар басып, мызғымай жатып алды. Наурыз туа қопалақ қар үсті-үстіне жауып, үй арасындағы қатынас қиындады. Қары мол болатын елдің салтымен салынған, сыртқы есіктері ішке ашылатын қарағай корпустар қарға көміліп қалды. Есік алдының қарын аршып, сыртқа шығуға мүмкіндік алған ауыл балалары дайын сырғанаққа қарық болды. Үй төбесінен төмен қарай омбы қарға жатып алып сырғанақ тебеді. Құдықтың аузын табу қиын болғасын кейбіреулер іргені басып жатқан қардың бетін аршып жіберіп, шелекпен көсіп атып су қайнатады. Әсіресе, бір-жар жандығы балаларға қиын тиді. Шөбі таусылған үйдің малы шулап, қырып барады. Тығырыққа тірелгендері тоқты-торымдарын пышаққа ілуге мәжбүр болды.
Мұнайшылар бауырмал халық. Қыз мінезді, сыпайы Мұсаны, ашық-жарқын Мерғали өз үйірлеріне қосып алды. «Қара маржанды» қалың қара жердің қабатынан аспанға шапшытып, уыстап жүрген жұмысшылар қарабайыр, көпшіл. Қиындықты тең бөлісіп, ауырлықты бірге көтеріседі.
Наурыздың ортасында мұнайшылар тағы бір қуанышты бірге тойласып жатқан. Ізім деген жігіттің келіншегі босанып, «бауы берік болсын» дескен жұрт жұмыстан соң шілдеханаға жиналған. Еркектер төргі бөлмеде өзді-өзі гүжілдесіп, әйелдер жас босанған ананы орталарына алып, көңілді ұзақ шайға кіріскен. Құндақтаулы сәби бұрышта жатқан. Әңгіменің қызығына түсіп, шайға бөккен әйелдер бұл кезде май толы коробкіні ұмытқан. Коробка шыпа толып, жерге аға бастаған мазут еденді түгел алып кеткен. Пеш аузынан жылт-жылт көрініп, гүрілдеп жанып жатқан оттың шоғы жердегі мазутқа ұшып, үй ішін бір сәтте лап етіп жалын алып кетіп еді. Жайбарақат отырған жұрт у-шу болып тысқа қашқан. Төрдегі еркектер терезені шағып, сыртқа секірген. Әне-міне дегенше, қарағай үй шатырлап түгел жанып кетті. Босанған әйелді біреу көрпеге орап тысқа алып шығыпты да, ораулы нәресте сол күйі бұрышта қала беріпті.
— Сәбиім-ай, біреуің алып шықсаңшы! - деген ана даусын жанталасып жүрген жұрт құлағына ілмеді. Оның даусын абыржыған көпшіліктің айқай-шуынан ешкім естімеген.
От сөнгесін үй орнынан табылған сәбидің денесі отқа күймепті. Ұйықтаған күйі түтінге тұншығып өлсе керек.
Үйсіз қалған жастар әкесінің қолына қайта кірді. Әркімдер қолдан келген көмектерін беріп жатты. Рәштің шешесінің бір ешкісі сол жылы жазда үшем туып еді. Жәния соның біреуін жетектеп апарды.
Сол жылы қыс аяғында Төңіректің жұртын түн ортасында аяғынан тік тұрғызған тағы бір қайғылы оқиға болды. Аязды түні ауыл шетіндегі қара қазан жақтан аспанды алтын сары айдаһар алаудың қанаты шарпыды. Қалың ұйқыға бас қойған мұнайшылар ащы айқайдан оянды. Аспанға шапшыған ат қызыл жалынды көргенде, ұйқылы-ояу жұрт абдырап, отқа қарай құр қол жүгіре берген. Күрек, шелек ату бірден естеріне келмей, орта жолдан кейін қайтып, қолына түскен киіз, көрпе, ескі киім-кешек, бел, шелек сияқты заттармен қаруланған ел тілсіз жауға қарсы шапты.
Аяқ астынан бір қауым ел астаң-кестең болды. Ызы-шу, жылаған бала, айқай-ұйқай. Қараңғыда лапылдай жанып жатқан отқа лап қойған жұрт бір-бірін тыңдап та, түсініп те жатқан жоқ. Өрттің неден шыққаны беймәлім. Тек оттың құдық тұсынан шығып жатқанын байқап үлкендер кезектегі жұмысшыларды түгендей бастады. Жалын өзіне ешкімді жақындатар емес. Аузынан от шашқан айдаһар сияқты. Оттың сумаңдаған алқызыл тілі маңайды жалап барады. Ауылдың ақсақалдары көпшілікке басу айта бастады.
— Халайық, бала-шағаны бұл жерден аулақ әкетіңдер! Тек ер-азамат, қарулы қыз-келіншек қалсын. Елдің көптігі мұндайда көмек тигізбейді, қайта зиян келтіреді. Бұл жерде бәріңе қалу қауіпті! - дегенді естіп, кемпір-шал жағы балаларын түгендеп, кейін серпіле бастады.
Түн ортасы ауғанша қалың, өртке қарсы қимылдаған азаматтар қалың киініп, брезент бүркеніп, құдық үстіне шығуға әрекет жасады. Ауылға айғай салған Құрал деген күзетші шал екен. Көпшілік сабасына түскен кезде, сол шал:
— Құлағыма бір әйел даусы шалынды. Мүмкін болса соны құтқарыңдар!- деген.
Белсеніп шыққан азаматтың қызыл апатқа топырақ шашып, қар тастап, маңайына барғанда көргені: құдық аузында салбырап тұрған түйіншек еді. Май-мәшін қара түтін болып, көпке дейін сөнбеді. Жаңағы түйіншек—түнгі ауысымда тұрған келіншек болып шықты. Қара көміртек болып қалыпты.
Оқиға былай болған. Құлсарыдан мазут таситын машина түнделетіп келеді де, қараңғыда майдың қанша құйылғанын анықтау мүмкін болмайды. Күн желкесін ұйытқи соққан боран. Жұмысшы әйел дәл сол күні қас қылғандай ұмытып, фонарын үйден алмай шығыпты. Қайта барып әкелуге ерініп, құдыққа үңіліп тұрған шопырдың желкесінен оттық шағады. Шала сөнген шырпы қолынан түсіп кетіп, мазут лып етіп от алады. Қапелімде оқыстан от тұтанғанынан сасқалақтап қалған шопырдың аяғы ернеуден тайып кетіп, құдыққа құлайды. Оны құтқармақ болып қолын созған әйелдің күртешесінің сыртынан бұған қайыс белбеуі машинаның шүмегіне ілініп қалады да, құдық аузында салбырап тұрып қалады. Бар оқиға сол.
Құдық бірнеше күн бықсып жанып жатты. Шопыр жігіттің сүйегін шала сөнгесін көміртек күлдесіннің астынан аршып алысты. Ол Нағиманың күйеуі еді.
Күн артынан күн өтіп жатты. Мұнайлы өңірге тағы бір көк барқыт көктем келді. Сәуір айының ортасында Мерғали үйге тосын бір жаңалық айта келді.
— Маңғыстаудан мұнай табылыпты! Соған жұмысқа адам жинап жатыр екен. Жасақ бастығы - өзіміздің Зейнол жездей.
Мерғали мен Мұса бірден бармақ боп сөз байласты. «Қайда жүрсек те бірге боламыз» деген уәделері бар. Рәш:
— Күн жылынған жоқ,- деп тартынып кәріп еді. Мерғали сөзін шорт кесті.
— Маңғыстауға қалайда барамын! Ата-баба сүйегі сонда жатыр. Өзімнің туып-өскен жерім. Мен бармағанда, кім барады?!.
Мерғали ертеңіне таңнан тұрды. Күн сәулесі аспанды бүркеген ала бұлттан шашырап шығып келеді. Әлі ояна қоймаған ауыл аспаны түтіннен ада. Ауа таза. Кеудеңді кере дем алсаң, көкірегің салқын лепке толып, бойың сергіп қалады.
Мерғали кеңсе жаққа беттеді. Кеңсе жанындағы бағанға бекітулі ақ табақша радиодан әлдебір әуен таңғы ауамен айналаға тамылжи тарап жатыр.
Кеңсеге жақындағанда байқады. Есік ашық тұр екен. Абажадай ағаш үстел басында Зейнол жалғыз. Алдындағы қағазына шұқшиып отырып, қасына келген Мерғалиды да аңдамады.
— Ассалаумағаликүм, Зеке! — деп сәлем берді Мерғали.
— О, Мерғали, амансың ба? Кел, кел, - деп қалбаңдап қалды. - Екеуің егіз қозыдай бір-біріңнен айрылмайтын едіңдер ғой. Мұса қайда? - деді күліп.
— Мұса түнгі ауысымнан шығып, ұйықтап жатыр. Оятпадым, — деді Мерғали.
Зейнол балдызына білетін хабарын айта бастады.
— Жоғарыдан бастық келмек. Төңірек шың басындағы жұмысшыларға жиналыс ашпақ. Соның хабарын естігесін, ертелетіп кеңсені аштырып, қам жасап, халықты күтіп отырғаным ғой, — деді ақтарыла сөйлеп.
Мұнайшылар біртіндеп кеңсеге жинала бастады. Күбір-күбір көбейіп, адам қатары молая берді. Сәскеге таман орталықтан мұнай-газ бұрғылау тресінің бастығы Орынғали Бердібеков келіп, жиналысты бастады.
Мәселе Маңғыстаудан ашылатын мұнай барлау жұмыстарына мамандар жасақтау екен.
Бастық ірі сүйекті, жазық маңдай, келісті азамат екен. Ақсұр өңді, қыран қабақ, қыр мұрынды. Көздері қап-қара. Қарасаң көз тоярлықтай. Ол сөзді қазақы қалжыңмен бастады.
— Маңғыстау мен Атырау аймағы бір теңіздің жағасын жайлаған, төскейде малы, төсекте басы қосылған туыс жекжат ел. Шетінен батырдың ұрпағы, қара жаяуы жоқ. «Танысаң, Адайыңмын» дейтін ағайындар. Мұнайшы болу да батыр, батыл адамның қолынан келеді. Осы мұнай барлау жорығына да ерік-жігері күшті, қажыр-қайраты мол жігіттер бірінші лекпен аттанады деп сенемін. Бұндай топ - бірнешеу. Мұнайлыдан да, Доссордан да аттанады. Кәне. тізімнің басына қайсыңды жазайын?! - деп көпшілікке сұраулы жүзбен барлай қарады.
Қапелімде «мені жаз» деп, ешкім үндей қоймады. Батылы жетпей ме, әлде жылы орындарын суытқысы келмей ме, ол жағы белгісіз.
— Өй, мен көп мақтап жібердім-ау, осы. Іштеріңде бір Адай болмағаны ма? — Бастық тағы сауал тастады. Мерғали бұдан әріге шыдамады.
— Мені жазыңыз! - деп алға шықты. - Менің ағам бар Мұса деген. Оны да жазыңыз! Екеуміз де Маңғыстауданбыз. Барамыз елге!
— Жарайсың! - деді трест бастығы. - Адай деген осындай болуы керек қой!
Тізімге жазылу басталды. Сең бұзылғандай. Мерғалидан соң «мені де жаз» деген дауыстар шыға бастады. Кеңседегілердің көпшілігі тізімге тіркелді.
— Бір айдың шамасында жүреміз, - деді бастық. — Соған дейін әлде де ойлануға уақыт бар.
Бригада жасақтауды Зейнолға жүктеп, бастық орталыққа қайтып кетті.
Жеделдетіп барлау-бұрғылау тобын құрып, бір айдың шамасында Зейнол бастаған көш жолға әзір болды.
Жылойдан шыққан мұнайшылар керуені - он төрт жүк машинасы Маңғыстауға бет түзеді.
Рәшті қалың ойдан кенеттен шырқай жөнелген әйел даусы оятты.
Маңғыстау — суың сусын, тасың алтын,
Сарғайтып, сағындырған қайран халқым!..
Сағынышты жүректен жарып шыққан ән кешкі даланы жаңғырықтырып барады. Нағиманың даусы.
Маңғыстауға құлаған көш Бейнеуге жетіп, ат басын ірікті.
Тусырап жатқан түбектің қоңыр салқын шалқыма желі шәйі орамалдай беттерінен бір-бір сипап, сонау жылдары Жылойға ойысып, сырттаңқырап кеткен төл перзенттерімен қуана қауышып, қойны қонышын аралап бара жатты.
Туған жер! Атың қандай тұщы, қуатың қандай күшті еді! Кең дүниеге көзіңді ашқанда көрген көк аспан, мейірлене нұрын шашқан алтын күн, бетіңнен емірене өпкен бұла жел, қаз тұрып, қадам басқан қара жер... бәрі-бәрі өзіңе етене таныс, жаныңа ерекше жақын. Қайда жүрсең де өзіне тартып тұратын сиқыр күш бар онда.
Сонау Ақкетіктің Каспийді көмкерген құмды жағалауында Мерғалидың жалаңаяқ ізі қалған. Анау Жыңғылды мен Ұланақтың ойы мен қырында, Қаратаудың бойында Мерғали мен Мұсаның қозы бағып, қоян тобық қазған, кесіртке қуып, асық ойнаған табандарының табы жатыр.
Таушықтың шаңдақ көшесінде Рәштің ашқұрсақ бауырларына бір үзім нан іздеп сандалған іздері сайрап жатқан шығар әлі.
Маңғыстаудың аңқыма желі бой-бойын бір-бір шымшып, ышқынған ызғырығы киімдерін бір-бір сілкіп, бауырына басқанда, Рәштің көлкіген қуанышы тізбек-тізбек су моншақ боп көзінен үзіліп түсіп жатты.
Нағима қайта әнге басты.
— Атыңнан айналайын Маңғыстауым,
Ардақты атамекен, қалың қауым.
Қойнында қозы-лақпен бірге ойнаған,
Армысың қасиетті Қаратауым!
Мерғали мен Мұса бір-біріне жалт қарасты. Көздері жайнап, көңілдері босап, жанарларынан ыстық жас ыршып-ыршып кетті. Қатар тұрып көздерін көкжиекте көгілжімденіп жатқан Қаратау сұлбасына тікті. Мұрындарына туған ауылдың түтін исі келгендей болды.
Міне, Маңғыстаудың қасиетті қақпасынан бір топ қарлығаш өтті. Жаңалық пен жақсылықтың хабаршылары - мұнай қарлығаштары! Осы жерден түстеніп алып, қош Манатаға, одан әрі Қаратөбе-Мәстек, Ақшыңырау, Қызан, әр тарапқа жол тартады. Еліне оралғандар да, еңбек етуге, өз бақытын табуға келе жатқандар да бар. Іргелі ел — мұнайшы ауыл. Ұлы керуеннің бір үзігі. Оның алдыңғы легінде Зейнол бастаған мұнайшылар: Мерғали — Рәш, Мұса - Айсұлу, Тізім - Әлпия, Арғын - Салтан. Әбуғали -Бөпеш, Өтеғали, Мұқан, Нағима, Түйме, Қиялбайлар келеді.
Бұл керуенде көп ұзамай Маңғыстаудың талай ғасыр жамбасына басып жатқан асыл қазынасы — қара алтынның қарқынды дариясын ағызатын алғашқы мұнайшылар бар еді.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру