TELEGEI

Home

Ғылыми-зерттеу және сын мақалалар

Сәкен Сейфуллин

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Ғылыми-зерттеу және сын мақалалар

Сәкен Сейфуллин – жаңа кезеңді жырлаған жаңашыл ақын. Ол қазақ әдебиетін тың мазмұнмен байытып, әдеби-мәдени тарихына ерекше із қалдырды. 1914 жылы «Өткен күндер» атты тұңғыш өлеңдер жинағын жариялайды. Сәкен Сейфуллин өмірде де, әдебиетте де белсенді күрескер ақын ретінде танылды. Оның «Асау тұл...

ҒҰЛАМА

Өнерпаздың дарын қуаты мол, алымы кең болғаны әрине мәдениет тарихы үшін үлкен олжа. Табиғи талант терең біліммен, телегей-теңіз ақыл-парасатпен толысып, замананың эстетикалық-ғылыми талап-тілектеріне жауап беріп отырса, қалам қайраткерлеріне одан артық бақыт жоқ. Белгілі әдебиет сыншысы, қоғам қайраткері Ғаббас Тоғжановтың «біздің көбіміз ( бәріміз десек те өтірікші бола қойман) қазір универсалмыз. Көп білгендіктен, универсал емеспіз, көп міндет жүктелгендіктен, амалсыздан универсалмыз. Қазақ тұрмысында жұртшылық алдына түспей, білінбей қараңғы, тұйық жатқан мәселелер көп. Соларды ашқың келеді, түсінгің келеді. Әдебиет сыны тарихты білуді керек қылады. Тарих қазақтың экономикасын, ескі әдебиетін білуді тілейді», бір мәселеге екінші, үшінші мәселе жалғаса береді дегенінің тарихи шындықтан туғандығын Сәкен Сейфуллиннің ұлан-ғайыр шығармашылығы әбден айқындай түседі. Сәкеннің жанкешті еңбегінің бір саласы қазақ әдебиетіндегі сын жанрының өркендеуімен, әсіресе әдебиеттану ғылымының қанат қағып, даму кезеңімен тұстас келетіндігін ұмытпаған абзал. Сондықтан сол кезеңнің үстем ой-пікірінің Сәкенге ықпал жасағанын, екінші жағынан, Сәкен өзінің сыни-ғылыми еңбегімен сол ой-пікірлерге серке болғанын аңғармасқа тағы да болмайды. Өйткені әдеби-ғылыми шығармашылықтың бірде-бір саласы Сәкенсіз өтпегенін С. Мұқановпен М.Ғабдуллин айрықша атап көрсеткені белгілі. Қазақ әдебиеттану ғылымының іргетасының қалай қаланып, қалыптаса бастағанының көрсеткіші ретінде Сәкен Сейфуллиннің ғылыми-зерттеулеріне, әсіресе фольклористік еңбектерінe назар аударсақ, көп жайдан хабардар боламыз. Алдымен Сәкеннің қазақ әдебиетінің үлгілерін жинаушы және бастырушы қызметіне тоқталған дұрыс, өйткені идеологияда таптық көзқарас әбден меңдеп бара жатқанда ескі мұраға назар аударудың өзі қауіпті болатын. Сәкен Сейфуллиннің ғылыми қайраткерлігі ауыз әдебиетінің үлгілері мен жекелеген ақындардың мұраларын жазып алып, жариялауынан бастау алды. Халық мұрасын жинауға кіріскенде алдына қойған мақсаттары: біріншіден, із-түзсіз жоғалып кетуден сақтау, хаттап, қағазға түсіру; екіншіден, талғап-таразылап, ой елегінен өткізіп, уақыт кәдесіне жарайтындарын тасқа бастырып, жарыққа шығару; үшіншіден, заман талабы мен өскелең өмір алға тартқан қажеттіліктерді өтеу, яғни мектептер мен жоғарғы оқу орындарын хрестоматия, оқулықтармен, қазақ әдебиетінің тарихын баяндайтын еңбектермен қамтамасыз ету еді. Сәкен жас кезінен-ақ талай өнер саңлақтарын тудырған, сұлулығы «мылқауға тіл бітірген» ақындарға шалқар шабыт берген Көкшені аралап, ақын-әншілеріне, өнер ақтангерлеріне қатысты деректерді, аңыз-әңгімелерді, ертегілерді көптеп жазып алып отырған. Кәрі құлақ шежірелерді, сондай-ақ ақын-әншілердің шығармаларын, ауыз әдебиетінің үлгілерін, небір қиссаларды хас шеберлерге айтқызып, аса қажеттілерін, құндыларын қағаз бетіне түсіре берген. Сал-серілікті биікке көтерген Біржан сал мен Ақан серінің, Үкілі Ыбырайдың, өз өнерімен халық жүрегіне жол тапқан Балуан Шолақтың ұрпақтарымен кездесіп, оларды білетін, өнеріне тамсанған азаматтардан мол мағлұматтар жинауы — Сәкеннің бұл игі іске жүрдім-бардым араласпай, шындап кіріскендігін көрсетеді. Ақан сері, Біржан сал, Майкөт, Қарақожа, Мұсайып, т.б. өнер қайраткерлерінің мұраларын ел аралап жүріп жазып алса, Жамбыл, Кенен сынды халық ақындарымен жүзбе-жүз кездесіп, Жетісуға аты мәшһүр өзге жыршылардың сөздеріне назар аударған. 1921 жылы Омбы, Петропавл, Ақмола, Көкшетау, Қарғаңды, Спасскіні аралағанда да ауыз әдебиетінің үлгілерін тыңдап, әр өңірдің дәстүрін, ерекшеліктерін көзімен көреді. Онан кейінгі сапарларында да ел мұрасын жинайтын шұрайлы, бай өңірлерді айқындап отырады. Сәкен халық ауыз әдебиетінің мұраларын, жеке ақындардың шығармаларын, айтыстарын жинағанда өзіне үлгі болар Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, Б.Радлов, Г.Потанин, Ә.Диваев, М.Ж.Көпеев, т.б. сынды ғұлама азаматтардың жәдігерлігін естен шығармаған. Сонымен қатар XX ғасыр басында Қазақтың зиялы қауымы, әсіресе А.Байтұрсынов, X. Досмұхамедовтердің әдебиет үлгілерін жинап, бастырулары Сәкенге әсер етпей қалмады. Сол тұстағы аса зәру мәселенің бірі және бірегейі — орта мектептерге, жоғары оқу орындарына ана тілінде оқытатын оқулықтар жасау, жазу болды. Бұл қажеттілікті алғаш сезген де халқымыздың сол ат төбеліндей зиялылары еді. Мәдениетіміз, ғылымымыз өркендеуге мүмкіндік алған кезде, олар қол қусырып отыра алмады. Осындай қажеттіліктер мен зәруліктер қысып, А.Байтұрсынов, Х. Досмұхамедов, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, С.Сейфуллин, М.Әуезов, М. Жолдыбаев, С.Мұқанов т.б. оқулық жазу ісімен шұғылданды. Олардың мамандықтары әртүрлі бола тұрса да зәру мәселені шешу үшін аянбай еңбек етіп, жан-жақты білімдарлықтың (универсализм) озық үлгісін көрсетті. Осы топтың алдыңғы легінде Сәкен болды. Сәкен көптеген мақалаларында, сөйлеген сөздерінде, жасаған баяндамаларында әдеби мұраны жинауды, зерттеуді басты міндет етіп көрсетіп, осы бір ізгілікті іске көпшіліктің де атсалысуын, жұмыла кірісуін қалады. Республикамызда бұл жұмыстардың кенжелеу қалып отырғанын жете ұғынып, ел болып, халық болып кірісуге шақырды. 1929 жылы «Ашық хат»жазды 1934 жылы Қазақстан жазушыларының І құрылтайында сөйлеген сөзінде әдеби мұраны жоғары бағалап, оны жинау, бастыру,зерттеу кезек күттірмейтін іс екенін айтты. Тіпті, 1924 жылдардың өзінде-ақ Орынбор қаласында қазақ жастарының клубында жасаған «Қазақ әдебиетінің қысқаша тарихы» деген дәрісін де осы мәселеге айрықша көңіл бөлген болатын. 1928 жылы Ташкенттегі Қазақ-қырғыз ағарту институтының студенттеріне қазақ әдебиетінің жай-күйі жайында баяндама жасап, білімге сусаған жастардың «шөлін қандырып», әдебиет пен өнердің оларға мәлім емес қыр-сырын, құпиясын білуге жол ашады. Қырғыз, қарағалпақ әдебиеттерінің өркендеуі жөнінде де ой-пікір айтып отырады. Ол көне мұраларды, жеке ақындар шығармаларын жинағанда мынандай жолдарды пайдаланған:

Қазақтың біраз жерін аралап, көнекөз қариялардың аузынан өзі жазып алды.
Елден естігендерін жадында сақтаған.

Біржан сал, Ақан сері, Балуан Шолақ ұрпақтарымен кездесіп, біраз деректер алған.

Үкілі Ыбырайды, Жамбылды, Кененді, Иман Жүсіпті, Ғазизді тыңдаған.
Ә.Диваевтан көптеген керекті материалдар алған.
1929 жылдан бастап студенттер арқылы жинастырған.

1929 жылы «Еңбекші қазақ» газетінде «Ашық хат» жазып көпшіліктің көмегіне сүйенген. Осы арналар оның халық мұрасын жинаудағы қызметін, еселі еңбегін танытса, енді бір сала еңбегі сол мұраларды бастырып, жариялап, насихаттауымен де тағылымды. Қазақ әдебиеттану ғылымында соңғы кезде пайда болған «князь» ғылымдар басқалардың тірнектеп жинап, бастырған жарияланымдары бойынша ғана өз топшылауларын, пікірін айтып, атақ-даңққа ие болып жатқаны байқалады. Ал А.Байтұрсынов, Х.Досмұхамедов, М.Әуезов, С.Сейфуллиндер ондай игі істі өз қолымен атқарып, азап бейнетін де, рақат қызығын да қатар көріп, толымды пікір айтқан бейнетқор ғалымдардың үлгі-өнегесін көрсетіп, сара жол салып кетті. Оны кейін Б.Ысмайылов, Б.Кенжебаев, Қ.Жұмалиевтер сәтті жалғастыра білді. Сәкен алғаш рет «Жаңа мектеп» журналында 1926 жылы Құлмамбет пен Майкөт, тама Мұса Байтілеуұлы мен үйсін Қарақожаның «Жанқожа жайындағы өлендерін» жариялады. 1929 жылы «Жаңа мектеп» журналының 12-санында Шөженің Ерденге айтқан өлеңің қазақ еліне аты жайыла қоймаған Мүсіреп биді таныстырып, оның сөздерін бастырғанда көркемдік ерекшелігіне, мән-мағынасына, шығу тарихына айрықша көңіл бөлді. Сәкен осы машығын кейінгі кезде де жалғастырып, 1936 жылы «Әдебиет майданы» журналында «Нәзімбек» жырын жариялады. Халықтың інжу-маржандары 1937 жылы тұтқындалғанда көп папкалардың ішінде кеткен сияқты. 20-жылдардан басталған үздіксіз ізденудің, бейнеттенудің нәтижесінде жиналған мол дүниелерді Сәкен 30-жылдардан бастап ғылым ауқымына тартып, Қазақ фольклортану ғылымына қомақты үлес қосты. 1931 жылы «Қазақтың ескі әдебиет нұсқаларын», 1932 жылы І.Жансүгірұлы, Ә.Мәмбет келі, Б.Майлыұлымен бірігіп «Әдебиеттану оқу құралын», 1933 жылы «Батырлар жырының» бірінші томын, 1934 жылы Ы.Алтынсариннің өлеңдер жинағын, Ө.Тұрманжановпен бірлесіп 5-класқа арналған «Көркем әдебиет» оқулығын, 1935 жылы Ақан сері мен Ақмолла ақын өлеңдерінің жинағын, Ш.Құдайбердіұлы аударған «Ләйлі-Мәжнүн» дастанын бастырып шығарды. Негізгі зерттеу еңбегі 1932 жылы «Қазақ әдебиеті» деген атпен жарық көрді. Әрине, жалпыхалықтық сипат алып кеткен әдеби мұралармен қатар қазақ мәдениет тарихында айрықша із қалдырып кеткен дарындардың шығармаларын жинау, жариялау қажеттігі өмірлік талап болғанымен, 30-жылдардағы идеологиялық қыспақ кезінде көп зерттеушілер жүрексініп қалғаны ескішіл, көнешіл, кешегіні насихаттаушы ұлтшыл деген жалған жалаға ұшыраймын деп халық мұрасынан іргесін аулақ салғандар аз болмағаны белгілі. Өйткені 20-жылдардың аяғында А.Байтұрсынов пен Х.Досмұхамедовтің, М.Жұмабаевтың түрмеге түсіп, азап шегуіне осы саладағы еңбектері де себепші болғаны белгілі. Міне, осындай кезде Сәкен Сейфуллиннің халық мұрасының жақтаушысы, қазақ әдебиеті мен мәдениетіне орасан зор үлес қосып кеткен дарындардың жоқтаушысы болуы айрықша ауызға алатын қаһармандық кадам еді. Тапшылдық қырағылықты талап етіп жүрген «марксшіл сыншыларға» қосылған болып Ыбырай, Ақан сері, Ақмолла, Шәкәрімдердің жинақтарын жариялауы батырлықпен парапар еді. Рас, 20-жылдары Сәкен әдеби мұра төңірегінде пролеткультшылардың ұрандарына іш тартып, артық сілтеген кездері де болмай қалмады. Абай, Сұлтанмахмұт туралы қайшылықты пікірлер айтқан кезі де бар. Ауыз әдебиеті шығармаларының біразы үстем таптың ықпалын таратады деген сәті болды. Және Қазан төңкерісіне дейінгі «әдебиет нұсқаларының бәрі де бұрынғы замандағы елді билеп үстемдік жүргізген билер, байлар табының үстем санасымен шыққан және сол таптың құралы болған әдебиет» деп пікір айтқанымен фольклорға, көне мұраға деген жанашырлық сезіміне көлеңке түсіре алмады. Таптық, партиялық талапты 20 — 30 жылдардағы әдебиеттану еңбектері мен көне мұраға арналған мақалалардан жиі кездестіреміз. Оның негізгі сыры — көне мұраға деген тапшылдық позицияның қатаңдығынан, тіпті қателігінен теріс тұжырым-түсініктер мол болғаны қазір анық көрініп отыр. Бір кездері пролеткульт шылауында болған Сәкен 30-жылдарға қарай әлгі райынан қайтып, халық мұрасының қадірінің жоғары екенін түсініп, ғылыми тұрғыдан зерттеуге бекінді де өмірінің соңына дейін оның қамқоршы жанашыры болып өтті. Абайды да алғашқылардың бірі болып таныды. Ал Сұлтанмахмұттың еңбегін бағалауда, мұрасын танып білуде, ілгеріде айтқан пікірін кейін де өзгертпеді. 1932 жылы Өлкелік партия комитеті қазақтың оқыған зиялылары мен ақын жазушылардың бәрі алашорда қозғалысына қатысып, ұлтшылдықты уағыздады деген тұжырым жасап, реті бар болса да, жоқ болса да қара күйе жаға беру жөнінде нұсқау берген болатын. Қазақ тарихының тапшылдық тұрғыдан «заңды» бұрмалануы осыдан өрбіген-ді. Болмаса, 1923 жылы А.Байтұрсыновтың 50 жылдығында сөйлеген сөзінде Сәкен «...Ұйқы басқан қалың қазақтың ұлт намысын жыртып, ұлттық арын жоқтаған патша заманында жалғыз-ақ Ахмет еді... Ахмет қазақ ұлтына жанын аямай қызметтерін қылды. Ахмет Байтұрсынұлы ұлтын шын сүйетін шын ұлтшыл... Байын, кедейін айырмай қазақты ғана сүйетін адал жүрек таза ұлтшыл» — деп Ахметті халқын шексіз сүйе білген, ұлтының ар-намысы жолында өз өмірін қиюға дайын екенін жоғары бағалай білген Сәкенге де зордың күші жүргендігін естен шығармау керек. 20-жылдардың екінші жартысынан былай қарай «ұлтшыл» деген сөздің мән-мағынасын теріс айналдырып алдық. Осыдан барып, Қазақ зиялылары «ұлтшыл», «алашордашыл», «советшіл», «төңкерісшіл» болып бөлініп шыға келді де бір-бірлеріне қарсы идеологиялық майдан ашты. Бір ұлттың бетке ұстарлары осылайша жікке, топқа бөлініп, өзді-өзінің қырқысуы Голощекиндерге аса қажет еді. Осындай кезде әдебиет майданына ұран көтере келген аға ұрпақтың жанын шүберекке түйе жүріп жазған еңбектерінде кездесетін қатқыл пікірлерді дабырайта даурығу, белгілі бір тұлғалар, әсіресе Сәкен мен Сәбиттің еңбектеріне, абыройына көлеңке түсіру, халық көңілін суыту сияқты келеңсіз пікірлер кездесіп жатқаны өкінішті. Соңдықтан жеке-дара пікірлерін есте тұта отырып, Сәкеннің тарихта аты қалған ақындардың мұрасын зерттеу, бастыру еңбегінің мән-мағынасына әділ бағасын беруге тиіспіз. Тапшылдық көзқарастың шалығы мұнда да кездеседі. Бірақ түтінінің шалқуы түзу екенін, олардың тарихтағы орындарын дұрыс аңғаруға негіз салғанын естен шығаруға болмайды. «Қазақтың ескі әдебиет нұсқалары» деген жинақты Бұқар, Балқы базар, Шортанбай, Досқожа, Сүйінбай, Шөже, Балта, Кемпірбай, Жанақ, Түбек, Орынбай, Серіәлі, Тоғжан, Құлмамбет, Жамбыл, Майкөт секілді жыр дүлдүлдерінің өлендерін, айтыстарын бастырып шығарды. Кейбіреулерінің шығармалары алғаш рет осы жинақ арқылы баспа бетін көріп, тарихта таңбаланды. 30-жыддары Сәкеннің осы жинақты жариялауы аса батыл жаңалық болумен қатар, көпшіліктің қажетіне жарап, практикалық зәрулікті өтеген еді. Сәкен: «Бұл жинақтағы ескі әдебиет сөздерінің пікірлері — еңбекші тап мақсатына теріс келетін пікірлер. Ол жайды оқушылар есінен шығармауы тиіс» — деп ескерту жасайды. Бұлай айтуға ол еріксіз барған. Шортанбай, Кенесары қонысынан ауғанда Досқожа ақынның айтқан өлеңін, немесе Бұқар бабамыздың орыс патшасының түбінде өзімізді бағындырып, шұрайлы жерімізді, суымызды, ата қонысымызды біртіндеп алатынын, отарлау саясатын мықтап жүргізетінін болжап, сақтандырып Абылай ханға айтқан ащы өлеңдерін енгізіп отырғандықтан, Сәкен іс басындағылардың, «қырағы көз» сыншылардың жинақты шығартпай қою, күзеп тастау әрекеттерінен қауіптенгені шүбә келтірмейді. «Тапшылдығын» ұмытпай, партиялық «іргесін бермеуге» ниеттенгенін көрсете отырып ыңғайға келетін «кешегі» сөздерді оқушыларға жеткізіп отырды. Мұндай әрекеттер кейінгі кезде «буржуазиялық объективті насихат» деп танылған болатын. Сондықтан әлгі ақындардың аттары түгілі, шығармаларын атағандарды күні кешеге дейін кінәлап келгеніміз өтірік емес. Досқожаның елеңін жариялағаны үшін Сәкенді саяси қырағылық таныта алмады деп айыптадық. Оларды «ұлтшыл», кертартпа», «өткенді көксеуші» ақындар деп айып тағып, қолдан қоңырау байлап, әдебиетіміздің тарихынан ысырып біраз жыл аластаттық та. Осындай аумалы-төкпелі заманды ескерер болсақ, Сәкеннің 30-жылдары-ақ үлкен істің батыл бастаушысы болып, ұлан-ғайыр әдеби мұраны бүгінгі қауымға жеткізуі ғұлама азаматтық. Осы жинаққа енген мұраларды Сәкен жариялағанда оқырманға түсінікті болу мақсатын көздеп, әрбір ақынның өлеңдерінің, айтыстарының түп-төркініне, шығу тегіне, айтылған жерлеріне дейін назар аударып, көркемдік сапасына да қатты көңіл бөлді. Сәкеннің бұл жинағы — ауызекі әдебиет өкілдерінің шығармалаpының басын біріктіріп, құрастырылған алғашқы жинақтардың бірі болуымен айрықша құнды. Әдебиетіміздің өзіндік ерекшелігін танытатын дарындардың шығармаларын хронологиялық жүйемен орналастыру, ғылыми түсіндірме беріп отыру машығымен қазақ әдебиеттану ғылымының аңызына егілген өнімді дәннің алғашқысы. Сәкеннің өз халқына сіңірер еңбегі әр саладан, тіпті жинаушы, ретіндегі бейнетқорлығының өзі айрықша атауға лайық. Өйткені, өмірдегі сал-серілігі өнер саласындағы мехнатшылығымен ажарлана түскенін көрмеске болмайды. Осы еңбекшілдікті Сәкен жазба әдебиет өкілдерінің шығармаларын насихаттау, зерттеу бағытында қоюландырып тереңдете түскен. «Көркем әдебиет» деген оқулық (Ө.Тұрманжановпен бірлесіп жазған (Т.К,) қазақ оқырмандарына Абай,Сұлтанмахмұтпен бірге қазан төңкерісіне дейін бірнеше жинақ жариялап, қазақ әдебиетіне сүбелі үлес қосқан белгілі дарындар жайында кең ой толғайды. Бұл еңбек қазақ әдебиетінің тарихында болған дарындарды педагогикалық тұрғыдан таныстырушы құрал болумен бірге, қайшылықты пікірлерін айғақтап, көркемдік қуатын әділ сипаттауы тұрғысынан да айрықша құнды дүние. Абай, Ғұмардың шығармалары көркемдігі, тіл ерекшеліктері жоғары бағаланады. Әдебиетімізге қосқан үлестері орынды ұстамды пікірлермен баяндалады. «Көркем әдебиетте» Абай, Сұлтанмахмұт, Ғұмар аттарына кей тұста ескілікті көксейді», «ұлтшылдықты жырлайды» деген сияқты сөз қосақтап, біздің түсінігіміздегі «саяси олқылықтарын» тілге тиек етуі — сол тұстағы «қызыл көз саясатшыларды» алдарқатып аталған ақындарды халыққа кеңірек таныстыру, олардың мұрасынан кейінгі ұрпақ көз жазып қалмау мақсатын ойлағандық еді. Біздің бұл ойымызды «көркем сөздің көрнекті шебер ұсталары, классиктеріміз — Абай, Ақмолла, Қарашұлы, Омар, Мәшһүр Жүсіп, Торайғырұлы Сұлтанмахмұт, тағы басқалар» — деген Сәкен тұжырымы растайды. Сәкеннің ғылыми мұраларын ақтарып қарағанда, оқулықтарға кірген ақындар ғана емес, қазақ әдебиетінің әріден жеткен алыптары — Бұқар, Шортанбай, Досқожа, Балқы Базар, Сүйінбай, Шөже, Құлмамбет, Майкөт т.б. ақындар жырлары мен Ақан сері, Ы.Алтынсарин, Біржан сал, Ақмолла, Шәкәрім шығармашылықтары туралы пікірлері де осы сыңайды танытады. Қазақ әдебиетінің асыл тұлғаларын кейінгі ұрпаққа таныстырып, өнегелеу жолына көп күш жұмсағанын көрсетеді. Және келешекте қазақтың жазба әдебиетінің тарихын жасаудың алдын-ала жасалған барлауы болып та көрінеді. Өйткені ол кезде мектеп оқулығын бірден әдебиет тарихына айналдырып жіберу мақсаты әлі күн тәртібіне қойыла қоймаған-ды. Сондай-ақ Ыбырайдың, Ақан серінің, Ақмолланың өлеңдерін, Шәкәрімнің «Ләйлі-Мәжнүн» дастанын жеке-жеке жинақ етіп, алғы сөз жазып, халыққа ұсынған да Сәкен. Бұлардың қай-қайсысы болмасын өздеріне тән ерекшеліктері бар қазақтың жазба әдебиетінің ірі өкілдері. Оларды мектеп оқушыларына емес, қалың оқушыға арнағандықтан «бәзбіреулердің талап тастамауы» үшін алғы сөз жазуды айрықша қажет тапқан. Кейде түсіндіре баяндап, кейде қысқа қайыруының сыры — өнерпаз тұлғасының саяси тұрғыдан «күрделілігіне» де байланысты еді. Әсіресе, Сәкеннің Ақмолланы тануға қосқан үлесі зор. «Ақмолла қазақ әдебиет тарихынан да, татар әдебиет тарихынан да зор орын алуға тиіс ақын екені рас» — деп башқұрт-татар-қазақ әдебиеттеріне ортақ құбылыс екенін алғаш айтты. Қазақ әдебиетінен де лайықты орын беріп, шығармаларын жинап, зерттеу керектігіне баса назар аударды. Ақмолла сияқты үлкен ақынның қазақ әдебиетіне олжа саларын ерте ойластырды. Сәкеннің Ақмолла жайлы айтқан қомақты ойлары бүгінде де толық жүзеге асып болды деу қиын. Рас, ол бастаған бастама ілгерілей беретіндігіне күмән жоқ. Оған Б.Кенжебаевтың басшылығымен У. Қалижановтың арнайы диссертация қорғауы, шығармаларын жариялауы. Б.Ысқақовтың зертеу мақала жазуы қуантарлық құбылыс болғанымен Қазақ әдебиеттану ғылымы үшін аздық етеді. Шәкәрім аударған «Ләйлі-Мәжнүнді» бастыруы да үлкен ризашылықпен аталуы тиіс. «Дастанды қазақшаға аударған белгілі ақын Шәкәрім Құдайбердіұлы» — деп 1935 жылы ашық жазуы, Шәкәрімнің атын атап, тәуекелге баруы — сол кезең үшін көзсіз ерлікпен парапар еді. Қазақ әдебиеттану ғылымының алғашқы адымдары мен қолы жеткен табыстарын айтқанда Сәкен Сейфуллиннің «Қазақ әдебиеті» 1-кітап. Билер дәуірінің әдебиеті» деген ғылыми зерттеуі алдымен ауызға алынатын күрделі еңбектің бірі. Бұл еңбегінде Сәкен Қазақтың бай ауыз әдебиетінің ең көрнекті де үлгілі нұсқаларын ғылыми жүйеге салып, оның ішкі жанрларын саралау, көне тарихты көркем туындылармен сабақтастыру негізінде жоғарғы оқу орындарына оқулық жасап берді. Еңбектің осындай қасиеттері оның құндылығын арттыра түсіп, күні бүгінге дейін өзінің мәнін жоймай келеді. Сәкен осы оқулығын дайындау барысында студенттерге оқыған дәрісінің алғашқы нұсқаларын «Жаңа әдебиет» журналында жариялап, оқушылар пікірлерін алдын ала біліп алған көрінеді. Сол жариялымдарды осы алтыншы томға әдейі қосып отырмыз.

Тұрсынбек КӘКІШҰЛЫ,
профессор

СЫН ҺӘМ ӘДЕБИЕТТАНУ

«МАНАП» ДРАМАСЫ ТУРАЛЫ *

«Манапты» бұл қалпымен кітап қылып шығаруға әуре болмаңыз: оны жазушы уезной начальник қазақтың тұрмысын білмегендіктен бе, жоқ, Қазақты мазақ қылып жазған ба, қалай. «Манаптың» оқиғасы рас, қаһармандары осы күнде де тірі деп жазғанменен, драма қазақтың тұрмыс қалпына тіпті келмейді. Қаһармандарының сөздерінің тәртібі орыс драмаларының қаһармандарынікіндей, сөйлеген сөздері, істеген істері қазақ болғалы сөйлемеген сөз, істемеген іс. Мәселен: Әлімбек Гүлбаһрамға: «Жоқ, қарағым, тағдыр солай, мен сені немереме айттырдым, қалың мал төледім, бірақ бейшара Қасымым мені жылатып өліп қалды. Енді сені өзім алмақ болдым!» — дейді. Бұл — қазақта жоқ әдет. Гүлбаһрам: «Бірақ менен туған балалар сенікі болмайды ғой» — деп Әлімбекке жауап қайырады. Бұл сөз де қазақ қызының аузынан шықпайтын сөз. Қаһармандары кейбір жерде дінсізге жақын надан адамның ісін істеп, сөзін сөйлейді, кейбір жерде оқыған, ашылған адамның сөзін сөйлейді. Мәселен, Ұзақ қоштасуға шақырған кісілерге: «Бауырларым, маған ол дүниеде хор қыздары да керек қой, жұмаққа кіруге болыстық қылыңдар, күнәмді жүктеп алғаныңызға жақсы жүз жылқы беремін» дейді. Отырған бес кісінің біреуі: «Біз сені тозақтан арашалап, жұмақтың есігін ашамыз!» — дейді. Бұлар малға қызығып, әрқайсысы Ұзаққа: «Күнәңді мен көтеремін, мен көтеремін», — деп бірінен-бірі аз сұрайды. Ақырында біреуі: «Бір-атқа барлық күнәңді көтеремін» дейді. Сол кезде Гүлбаһрам: «Сауда бітті, әке, енді сен күнәңнан тазардың» —дейді. Бұл — есітпеген надандық. Гүлбаһрамның бір қызбен сөйлескен сөздері, Гүлбаһрамның өлеңі едәуір оқыған қыздардың сөзіндей.Ұзақтай, Ұзақтың күнәсін жүктеген кісілердей ешкімді көргеніміз һәм есіткеніміз жоқ. Ұзақ секілді надан адамдар қыздарың оқуға бермейді. Оқымаған надан Гүлбаһрам менен жолдас қызының миларына ондай сөздер, ондай өлеңдер кірмейді. «Манаптың» тағы бір зор кемшілігі: оны қазақшаға аударғанда сөзбе-сөз аударыпты. Соның үшін сөздерінің тәртібі нағыз қазақша болып шықпаған. Мәселен Гүлбаһрамның: «Отыр, әже, мына жерге, мен сені сүйейін, маған әлденеге көңілсіз»,анасының: «Маған аяныш сенің сұлулығың, Әлімбекті саған күйеу қылып отыр, ол шал, ол бейшара, ол қызғаныш зағип» һәм Гүлбаһрамның әкесіне: "Әке, менің көңілімде толқын бар; әке, мен бөтенді сүйемін, мен көптен оныкі болғанмын». Әлімбек: «Айналайын Гүлбаһрам, сені маған бір құдай қосты, мен сенің күйеуің боламын; мен саған қымбатты сыйлар әкелдім,ішінде көп алтын, асыл нәрселер бар». Гүлбаһрам; «Рақмет мейірімді Әлімбек» — дейді. Әуелі қазақ мұндай ғып орыстың драмаларының сөзінің ыңғайымен жазғаны кемшілік, екінші, мұндай сөздер қазақ арасына әке-шеше мен қызының, қалыңдығы менен күйеуінің араларында айтылмайды. Үшінші, қазақта осы уақытқа шейін күйеудің қалыңдығына сый әкелу рәсімі жоқ. Тағы да бір ұнамайтын жері: начальникке бес қатын бірдей арыз қылып келеді: «Мені байым ұра береді», «мені байым малай қылып қойды», «мені байым жаратпайды», «маған байым тамақ бермейді", «маған байым киім бермейді»—дейді. Қазақтың қатындары өйтіп топтанып барып та, жеке барып та начальникке арыз қылмайды.

1914 жыл

ӘДЕБИЕТ ҺӘМ ОНЫҢ БАҒЫТТАРЫ

І

Әдебиет адам баласы хат жазуды білгеннен кейін туған нәрсе. Адам баласының тұрмысының түрі, тұрмысқа көзқарасы, өмірінде тіршілік қылу жолында сансыз еңбекпен алған тәжірибе, білімдері халықтың көкірегіне орнаған иманы. Жақсы тұрмыс іздеу жолында әм тұрмысын жақсылау жолында, адам баласының табиғатпен, бір-бірімен жауласып тартысқандары, әлеумет істерінің бағыты, ағындары, осының бәрі қай заманда болса да, қай жерде болса да баяндалып қағаз бетіне түссе, соны әдебиет дейді. Әдебиет әр түрлі: Өнер, білім туралы жазылған сөздер, кітаптар бар, олар — өнер, білім әдебиеті. Шаруашылық, әлеумет, саясат туралы жазылған сөздер, кітаптар болады. Олар — шаруашылық, әлеумет, саясат әдебиеті. Бұлар былай тұрсын. Бұл күнде көбіне «әдебиет» деп көркем әдебиетті айтады. Ол мынау: Әр заманның әм әр замандағы халықтың тұрмысы қандай, әм тұрмысқа көзқарасы қандай екендігінен анықтап мағлұмат беру үшін жазылған сөздер. Және әр замандағы халықтың әр тараптарының көкірегінде имандары қандай болған екендіктерін суреттеп, мағлұмат беру үшін жазылған сездер. Және сол әр таптың адамдары тұрмыстарын жақсылау үшін қылған әрекет-амалдарын әм махаббат, бақыт іздегендері қандай болғандығын баяндап, суреттеп жазған сөздерді, кітаптарды көркем әдебиет дейді, не тек әдебиет дейді. Осы күнде «әдебиет» дегенде әм әдебиет туралы сөз айтқанда сол көркем әдебиетті айтады. Көркем әдебиет халықтың жақсылы-жаманды тұрмысынан жазылған ғибратты хикая. Халықтың жақсылы-жаманды тұрмысын халықтың алдына суреттеп әкеп, ғибрат, үлгі үшін салған көркем сөз. Көркем әдебиет, мәселен: роман (ұзын хикая), әңгіме, драма, пьеса (театр кітаптары), өлең, жыр — осыларды әдебиет дейді. Әдебиеттің туған жері — Азия. Азиядан Еуропаға жайылған, одан жалпы жер дүниеге жайылған. Әдебиет айна мысалды. Ол айнаны адам баласы алдына қарсы ұстап келе жатқан тәрізді. Адам баласының түрі, қияпаты өмірінде бірте-бірте әлденеше түрге түсіп отырмақ. Адамның түрі өзгерсе, айнадағы суреті де өзгереді. Халықтың тұрмысы өзгере бастаса, халықтың көкірегіндегі иманы өзгере бастаса, білімі өзгере бастаса, әдебиеті де өзгере бастайды. Адам баласының тұрмысының әм дүниеге көзқарасының өзгергеніне қарай әдебиет те өзі туып, дүниеге таралып жайылғаннан бері талай түрге, талай жайға, талай ағынға түсті, талай дәуірге түсті. Әкелелерінің тұрмысын алдарына суреттеп беріп, жақсылықтарынан үлгі беріп, жамандықтарынан сақтандырып, әдебиет адамды түзейді. Кейінгі жас буынды тәрбиелейді. Әдебиет —үлгі.

ІІ

Әуелі мысал хикаялар жазылған. Бұлар жазылғанда қаһарлы патшалар туралы, патшазадалары туралы, қол бастаған қаһарман, батырлар туралы, олардың соғысы, жекпе-жектері туралы жазылған. Бұлар туралы өлеңдер жазылған. Дүниені пәни қылып, мал-мүліктері мен тәж-тақыттарынан безген, ғашықтықтан мәжнүн болған патшазада, ғашықтар туралы жазылған. Патшалардың нөкерлері, салтанаты туралы жазылған. Олардың нөкерлі, күтулі қатын-қыздары тұрмысынан, олардың жұмақтай көркем зейнетті сарайларының, бау-бақтарының жайлары жазылған. Әдебиеттің бұл нұсқасы Азиядан көшіп Грецияға, Италияға барып, туып, өсіп, гүлденіп толған. Бері келе , әдебиеттің бұл нұсқамен, бұл бағытпен барысы кеңейіп, көркейіп келіп театр жасалған. Бұл бағытты әдебиет өзінше толған соң кітапты, театр кітабын қалай жазу керек деп, шарттар жазылып, әдебиет әм театр сол шарттармен жүре бастап, дәуірлеп, шарасынан асып, көркейіп, жалпы Еуропаға жайылған. Еуропаның әдебиеті сол нұсқа мен сол бағытта, сол дәуірде кеңейіп, гүлденіп келген. Міне, бұл дәуір XVІІ ғасырдың ақырына шейін толықсып келді. Бұл дәуірді классицизм дейді. Классицизм Италиядан, Грециядан жалпы Еуропаға жайылған. Еуропаның әуелгі зор жазушыларының бәрі сол классицизм үлгісімен жазып, соған еліктеп көркем сөз, шеберлік, көркем іс жалғыз-ақ ескі Италияда болады деп

ІІІ

Классицизмнің жолы сол — жазушы жазғанда қылдан таймай белгілі үлгімен жазады. Жазылған сөздің әр мүшесінің қиықтары дәл, түгел келіп отырады. Сөздің әр мүшесі өлшеулі болады. Сөздің рухы, ызбарлы әуені болады. Театр кітаптарын жазғанда театр майданына көрсетілетін оқиғалар бір жерде, бір уақытта болулары керек. Оқиғаға қатысқан қаһармандардың, геройдың сөздері күшті, ызбарлы, суық әуенді болу керек. Ескі Италия Грецияның бұл түрлі көркем әдебиетің, шеберлігін, көркем заттарды жаратуларын ұнатты. Көркем заттар мыналар: сурет, әдемі сарай, үй, сырнай, күй. Әм сол ескі Италия Грецияның классицизмінің жоспарымен жазды. Еуропаның атақты жазушылары мыналар: Гете, Шиллер, Шекспир әм басқалар.

Бұларға күллі Еуропа жазушылары еліктеп жазды.

Еліктеу келе-келе кез жұмып еліктегенге айналды. Мәселен, Руссияда Херасков деген жазушы ескі Грецияның Гомер деген ақынының «Иллиада» деген қаһармандар, тәңірлер тұрмысынан (тәңірлер дегені — ескі Италия, Греция дінсіз болған) өлең жырмен жазылған хикая кітабына еліктеп, «Руссияда» деген өлеңмен жазылған кітап шығарды. Бұлардың жырлары ылғи зорланып, әуеленіп, салқын ызбарланып отырады. Әрбір өлеңдері басталғанда, зорланған, әуеленген сөздермен басталады. Гомердің Иллиадасының әрбір бөлімдері мынадай сөздермен басталады. Мәселен, казіргі ақындардың «таң атты, күн де шықты алтындай боп...» деп айтатын сөздерінің орнына былай дейді: «Встала из мраки моладая, золотыми перстами эрое».

Оның қазақша мәнісі мынау:
Алтын қолды мүбәрәк,
Тәңірдің көркем жас қызы,
Тұманнан шықты жарқырап.

Бұған еліктеп Руссияның XVІІІ ғасырдағы ақыны Херасков өзінің «Руссияда» деген жырмен жазылған кітабын былай деп бастаған:

«Пою Россию освобожденную
От ига варваров татар»
Оның қазақша мәнісі мынадай болады:
« Руссияның жырлаймын, —

Аң-хайуандай татардың
Құлдығынан құтылған...»

Хресков Иллиядаға еліктеп, кітабын соған ұйқас «Руссияда» қылған. Осындай рухпен орыстың Екатерина деген қатын патшасын мақтап жазған Державин деген ақыны бұған азырақ еліктеп жазып жүрді.

«О богоподобная царевна,
Киргиз-кайсацкой орды!»
Оның мәнісі мынадай болады:
«Уа, қазақ-қырғыз ордасының тәңірдей патша ханымы!»

(Екатеринаны Державин бір мақтап өлең қылғанда қырғыз-қазақтың патша ханымы деп айтқан. Өзін қырғыз-қазақтың, патша ханымы деп айтқан. Державин Руссияның ең алғашқы ақыны, өзі христиан дініне кірген ноғайдың мырзасы екені рас). XVІІІ ғасырдың ақырынан бері әдебиет патшалардың, патшазадалардың һәм қаһарман батырлардың қапасынан кеңшілікке шығып, жалпы халыққа бірдей бола бастайды. XVІІІ ғасырдың ақырынан бері әр реттен халық алға басып, әдебиет классицизмше «ханзадалардың», батырлардың тұрмысынан ғана белгілі шартпен жазылуды, әуелі зорланған суық ызбарлы рухпен жазылуды тастап, жаңа жол іздей бастайды. Жаңа жол іздеуге себеп — жалпы халықтың сауаттанып, оқу-білім халыққа тарағандық. Халық дәулетінің бір қолға жинала бастап, әрі байлар шыға бастағандық. Бұқара Халықтың көзі ашылыңқырап, классицизмнің үлгісімен жазылған әдебиеттің жалпы Халыққа жат екендігін әбден көріп, одан жеріп, жалпы халықтың оқыған жастары өздеріне сүйкімді жан азығын іздегендік. Классицизмнен жеріп, оны жат көріп, әдебиетке жаңа түр іздеген, әрине, жастар. Жастарға әдебиеттің жаңа жолын іздеткен, түрін іздеткен сол XVІІІ ғасырдың ақырында Еуропада әлеумет майданына шыққан жұмыскерлер табы — пролетариат. Жұмыскерлер табын туғызған сол XVІІІ ғасырда жетіліп, дәуірлеген капитал. XVІІІ ғасырдың ақырында, XІX ғасырдың басында жұмыскер мәселесі әлеумет ісінде бір негізгі зор мәселе болып шыға бастады. Бұл төменнен жоғары кернеген жұмыскерлер табына, XVІІІ ғасырдың ақырына шейін гүлденіп, толықсып келіп, бір қалыптан аса алмай тіреліп тоқыраған классицизмді қалдырып, әдебиетке жаңа жол салдырған Еуропаның күшейе бастаған капитализмі һәм онымен қатар тағы да ұйысып, капиталмен күрес майданында ысылып, білім ала бастаған, жауық жеңбей тынбайтын тарихи күш — жұмыскер табының дүмпуі, пролетариат капитализм дүниесінде күшейе бастаған соң, Еуропаның әр елінде ұлт сезімі ояна бастады. Ояна бастаған ұлт сезімі сол уақытқа шейін Еуропа әдебиетін қапаста ұстап, сол қалыптан шығармай келе жатқан Италияның көркем сөз шеберлігіне (Итальянскому искусству) еліктеуді тастатып, классицизмді тастатып, отан — ұлт өнерлерін, ұлт тарихы шеберліктерін майданға шығарта бастады. Шеберлік, көркем сөзге ерік, бостандық керегін айта бастады. Не нәрсеге болса адамның рухы, қиялы ерікті дей бастады. Адамның еркін рухы, еркін қиялы ешбір тәртіпті білмейді, әрбір жаратылған зат көркемдікті мақсат қылады, көркемдікке ұмтылады. Ол көркемдікті жалғыз-ақ өзінен ғана табады. Тіршіліктің барлық көркі адамның жалғыз өзінде ғана. Әдебиет адамның рухын, табиғатын таза, көркем, нәзік, биік әуелі қылып тәрбиелеуі керек деді. Міне, бұл түрлі әдебиетті романтизм деді. Романтизмнің және бір белгісі мынау: дүниеде тәңірдің жаратқан екі тілі бар. Біреуі табиғат — жаратылыс (природа), біреуі — көркем сөз шеберлік (искусство). Жаратылыстың тілімен тәңірі өзінің бар екенін білдіреді. Көктің, бұлттың күркіреуі, жасылдың жарқылдауы, желдің соғуы, есуі, қамыстың сылдыры, судың сарқырауы, жапырақтардың сыбыры — міне осының бәрі адам баласының ақылы жетпейтін жасырын сырларды сөйлейді. Бұл — тәңірінің бір тілі. Ал тәңірінің екінші тілі — шеберлік. Мұнымен де тәңірдің жасырын сырлары білінеді. Сөйтіп романтизм көркемдік, ұлттық шеберлікпен тәңірді, жаратылысты, дінді бәрін бірге қосып қояды. Романтизм ең әуелі Германияда туды. Романтизм туған уақытта Еуропада зор тарихи, саяси оқиғалар болған қарсаң еді. Францияның XVІ Людовик деген патшасын Халық тағынан түсіріп, өлім жазасына бұйырып, басын алды. Одан Наполеон шығып күллі Еуропаны жаншып,өзіне бағындырды. Оған әр жұрттың ұлт намысы оянып, әр ұлт «намысы, ары» үшін Наполеонға қарсы тұра бастады. Еуропа долы жүргендей күңіреніп, әлекке түсіп, бұрынғы ұйқысынан ояна бастады. Бір түрлі өнер-білім, нақлият тууына шаруашылық һәм саясат өзгерістері себеп болады. Романтизм барлық Еуропаға, барлық жер дүниеге жайылып, классицизмді әдебиет тарихында артта қалдырып, ер жетіп, гүлденіп, толықсып, дәуірлей берді. Әрине, әр жаңалыққа ескілік қарсы тұрмай қалған емес. Жаңалық пен ескілік ешбір уақытта тарих жүзінде күреспей, майдандаспай қалған емес. Мұсылман дүниесіндегі «усул жәдид» пен «усул қадимның» күресі тәрізді, тарих жүзінде әр жаңалық пен ескілік күреспей қалған емес. Сондай-ақ жаңа туған романтизм мен қартайған классицизм қатты күрескен. Күрестің зорлығын мынадан білуге болады. Францияның атақты Гюго деген жазушысы ең алғашқы классицизмнің тар матауын тастап, королдардың ғана тұрмысынан, олардың бақ құмарлық, «әуейленген ғашықтық» қаһармандықты жоғары тұтқан ар-намыстылықтарын ғана жазуды қойып, жай бұқара Халықтан шыққан бір ерді бір король қызға таластырып пьеса жазған. Пьесаны жазғанда классицизмнің ережесі бойынша барлық оқиға бір орында, бір күнде болатын қылмай, әлденеше орында, әлденеше уақиға қылып һәм пьесаның сөзін патша, королдардың сарайындағы «құп, тақсыр!» «алдияр тақсыр!» деген тәрізді сұм сөздерді жазбай, бұқара халықтың сөзімен жазған. Бұл пьесаны ең алғашқы театрға қойғанда жиналып көрген жұрт күлкі, мазақ қылған. Жиналған жұрттың ішіндегі аз ғана сол жаңа жолды қуаттаушылар болмаса, өзге әлеумет пьесаны келеке қылып, ертеңінде барлық газет-журналдар мазақтап «сын» жазып, ақырында таластың күшейіп кеткені соншама, бір-екі жігіт, біреуі жаңа түрмен шыққан пьесаны мақтап, біреуі жамандап, екеуі жекпе-жекке шығып, біреуін біреуі өлтірген. Бұл әдебиет тарихындағы Гюгоның атақты пьесасының аты «Эрнани» еді. Әрине, ескілікті қуаттап, жаңалықты жау көріп, жаңалықты кірпідей көргендер һәм жаңалықты «әдепсіздік» деушілер «жоғарғы стильдің» мырзалары һәм олардың құлдары болған. Бұл тарихтың әдеті әр заманда, әр дәуірде мейлі әдебиет жүзінде болсын, мейлі басқа бір өнер-білім жүзінде болсын жаңалықты алғы «бұзықтық», «әдепсіздік» деп санамақ. Бірақ, бірте-бірте ақырында жаңалық, жаңа ой, жаңа жол, жаңа мақсат жеңбек. Өйткені ол жаңалықтарды туғызып отыратын ілгері басып келе жатқан тұрмыс, тіршілік, сонымен романтизм дәуірледі. Романтизм ережесінің бірі — әдебиетті көркем айна деп тану. Бірақ ол байлар мен оқығандар үшін ғана керекті көркем айна. Әдебиет адамның «рухын көркемдікке шақырмақ». «Адамды тәңіріге жақындастырмақ». Әдебиет тұрмыстың «лас», «былғаныш» жақтарына айналмай отырмақ. Әдебиеттің бұл романтизм дәуірі XІX ғасырдың ортасына шейін келді. Романтизмнің алғашқы бастықтары Германияда: тек ағайынды Гримдер. Францияда: Шатобриан, Руссо. Англияда: В.Скотт, Байрон. Руссияда: Карамзин, Жуковский. XІX ғасырдың басқы кездерінде Еуропаның жалпы әдебиетінде сол уақыттағы Еуропа әлеуметінің тұрмысқа риза еместік жалпы қасіреті жазылды. Әдебиеттің бұл күйінің бастаушысы Англияның жазушы ақыны Байрон болды. Байронды кеп жазушы үлгі қылды. XІX ғасырдың орта кезінен бастап әдебиет дүниесінде романтизм бірте-бірте ескіре бастады. Оның ескіре бастаған себебі: сол кезде жаңа зор машиналар шығып, капитал ұлғайып, жұмыскер табы көбейіп, Еуропада жұмыскер табы (пролетариат) кернеп күшейе бастады. Әлеумет істерінде жұмыскерлер мәселесі бірінші орында болып, жұмыскерлер тұрмысы туралы, жұмыскерлер мақсаты туралы сөздер күшейе сөйленіп, жұмыскерлер ұйысып тізе қосып, байлармен басымырақ күресе бастады да, жұмыскерлер тұрмысынан әдебиет жазылып шыға бастады. Маркстың «Жер жүзінің жарлылары, бірігіңдер!» деген ұраны жайыла бастайды. Енді әдебиет айнасына Халықтың жоғарғы табының құр көркем қызықты зейнетті, тәтті, тоқшылықты, шаттық жақтары ғана түспей, халықтың төмен таптарының ащы, ауыр, қиыншылық, аш-жалаңаш жайларынан жазыла бастады. Әдебиет кедей мен байлар табының бір-біріне жау, қарсы екенін көрсете бастайды. Әдебиетке сол уақытқа дейін шетте қалып келе жатқан жұмыскерлер табы да ортақ бола бастады. Барлық халық тұрмысының әдебиет айнасына күнгей беті де, теріскей беті де түсе бастаған соң халықтың жоғарғы таптар тұрмыстарымен қатар, төменгі таптарының да тұрмыстарының суреттері түсе бастаған соң әдебиет енді жалпы Халық тұрмысының шын айнасы бола бастады. Тұрмыстың тек көркем жағын ғана суреттемей, әлеуметтің әр табының дүмпуімен әдебиет енді тұрмыстың нашар жақтарын да суреттеп, тұрмыстың шын суретін көрсете бастады. Әдебиет енді бұрынғыдай тұрмыстың нашар жақтарын жасырмайтын болды. Бұл — тұрмыстың екі бетін бірдей көрсететін ережелі әдебиетті реализм деп атады. Реализм сол XІX ғасырдың ортасында туып, ер жетіп есіп, қазіргі біздің уақытымызға шейін көркейіп, жер дүниеге жайылып келді. Реализмге де әлеуметтік «мырза жанды», «мырза таңды» нәзік табиғатты таптары қарсы болып, кірпіше жиырылып, «жеркеніп» баққан. Бұл жаңалықпен де күресіп баққан. Бұл үшін де біреу ескілікті қуаттап, біреу жаңалықты қуаттап, әлеумет екі тапқа бөлініп майдандасып, қыза-қыза қан төгіп те ұрыс қылған. Реализмді де кекетіп жыланша шағып баққан. Мәселен Германияда Кауфман деген жазушы «Күн шығардың алдында» деген пьесасын жазып, оны алғашқы театрға қойғанда театрдағы халық ду шуылдап, айқайлап, жанжал шығарып, жазушыны ианаттап, қара-қаттаған. Бірақ мұндай жаңалық жеңбей қойған емес. Классицизмдей өліп қалмай, дүние әдебиетінде реализммен араласып романтизм де келді. Бірақ әрине романтизм бұл уақытқа шейін реализммен араласып келгенмен, неше түрге түсіп, әшейін жалпы әдебиетке қосымша артық астар, артық бояу тәрізді болып қана келді. Реализмнің алғашқы бастықтары Францияда: Бальзак, Эмиль Золя; Англияда: Диккенс; Руссияда: Пушкин, Гоголь, Толстой, Куприн; Германияда: Гейне, Кауфман. ХІХ ғасырдың ақырынан XX ғасырдың басынан бері бүгінге шейін бұл романтизм мен реализмнің өздері де түрлі қияпатқа, түрлі формаға, түрлі үлгіге, түрлі ағымға түсіп келді. Ол түрлі ағым дегендеріміз мыналар:

Модернизм
Декадентство
Символизм
Мистицизм

Натурализм
Футуризм

Иммажинизм һәм басқа әдеби уақ ағымдар. Бұлардың әрқайсысы туралы келешекте айтармын. Және 1917 жылғы Октябрь төңкерісінен кейін Руссияда жұмыскерлер табы үкіметті, мемлекет тізгінін, мемлекет тағдырын өз қолына алғаннан кейін Руссияда жарлы табының әдебиеті, жарлы табының шеберлігі туа бастады. Бұл Руссиядағы халықтардың тұрмысының тарихы өзгерісінің кезінде байлар табымен қан майданға шығып, тұрмысқа серт айтып, басын бәйгеге тігіп күресіп, белдескен заманда туған жарлылар табының жас әдебиеті қазіргі уақытта анықталмаған, бір қалыпқа түспеген түрлі қияфатта. Мұның да қандай түрлерде екенін келешекте айтармын.

1922 —1923 жылдар

БЕКЕТ

12-апрельде Орынбор қаласының театрында қазақтың тарихи тұрмысынан алған Анненкова Бернардың орыс тілінде жазған «Бекет» деген бес бөлімді драмасы қойылды. Бұл драмада жазылған оқиға — қазақтың тұрмысында болған әңгімеден алынған. Қазақ алғашқы орыс патшасына қараған заманда Есет әм Бекет батыр дегендердің қазақты орысқа қаратпаймыз деп, Қазақстанның бір шетінен бунт көтерген екен деген әңгімені едәуір жан білетін шығар. Бекет батыр және неше заман хандық қып қазақ халқын қан жылатып бір шыбықпен айдап келіп, ақырында «өзінен зорлар» шығып, орыс патшасының әскерлері, төрелері, жандаралдары келіп Қазақстанға тұяқты шеңгелдерің сала бастаған заманда, қазақ халқын орыстың «ақ патшасына» бағындырып, өздері ол «ақ патшаның» төрелеріне жағынып, «сұлтан», «төре», «правитель» деген дәрежелер алып, қазақтың нашарларының желкесіне мінуін қоймаған төрелерге де қарсы болған екен, қарсы болғандығы сол Жантөре төренің баласы Арыстан төрені өлтірген дейді. Өзінің досы Шернияз деген ақсақал «ақ патшадан» шен, дәреже алу үшін Бекеттің бунттың бастығы екенін Арыстан төреге білдіріп, онан соң Арыстан төрені Бекет өлтірген соң, тағы да «ақ патшадан» дәреже алу үшін Бекетті ұстатып, Бекет Сібір айдалған. Соңынан Бекеттің қатыны барған. Бекет Сібірден қашқан. Қашып қайта еліне келген. Міне, осы әңгімелерден Анненкова Бернар деген орыс әйелі бұл драманы орыс тілінде жазып, шығарып, орыс театрында ойнатып отыр. Драма қалай жазылған?.. дегенде айтатынымыз: драмалығы сұрыпталған, көркем тілмен жазылған. Қаһармандарының бәрі, Бекеттің баласына шейін әдебиет жүзінде белгілі екі түрлі сипатты, екі түрлі типті адамдарды көрсеткен. 1) Бір түрлі сипатты адамдар: Бекет қатыны һәм 12 жасар баласы, әм Бекеттің тұтқын болған екі жолдасы, әм кәрі анасы бәрі де еңбекшіл табының көзқарасымен қарамай, ұлт ұжданымен, ұлт рухымен қарағанда дұрыс сипатты, үлгілі типтер. Әрине Бе¬кет хан бір патшаға қарсы тұрған еңбекшіл таптың қамқоры бола алмайды ғой. Бекетті ұлттық батыр, қолбасы қылып көрсеткен. Қатының Бекетке лайық ер, жауды жеңуді сүюші, сенімді, кеңшілікті сүюші жанқияр жолдас қылып көрсеткен. 12 жасар ұл баласын ата жолын қуатын орынбасар қылып көрсеткен. Шешесін баласы үшін жан қиятын жақсы ана қылып көрсеткен. Тұтқынға түскен екі жолдасын жауға бермейтін қылып, Бекет тәрізді жолдасын суреттеген. 2) Ал енді екінші сипатты, екінші түрлі типті адамдар: өздерінің қара бастарының пайдалары үшін көпшіліктің басын сатқан, арын, имандарын сатқан теріс сипатты адамдар.

Олар: Арыстан төре, Шернияз әм әскер бастықтары.

Бұл драманың дұрыстығын, шындығын тексеріп қарамай-ақ қалай ойналғаны туралы бір-екі сөз айталық. Шындығын тексеріп қарамай-ақ қояйық дегенім: Бекет бунт бастағанда, қазақтың жалпы қара бұқарасының төмен табының қамын ойламай-ақ қойып, Қазақтың қамын тұтас ойлап бунт шығарды деу әм өзі хан болу үшін емес, қазақ халқын патшаға, ханға, сұлтанға, төреге бағындырмаймын деп, Халықтың бостандығын іздеп бунт шығарды деу ете қиын жұмыс. Әйтеуір Бекет біреу болса да қазақтың сұм жалмауызының тұқымы Арыстан төрені өлтірді, сонысына көп-көп рақмет айтып, ерлігіне риза болу керек. Енді «Бекетті» қалай ойнағаны туралы бір-екі сөз айтып өтелік. Бекеттің өзін Орынбордың белгілі артисі Маслов ойнады. Шешесін жазушы Анненкова Бернардың өзі ойнады. Қатының Орынборда драма шеберлігінде әйелдер арасында ең бір жақсы ойнайтын артистка Биранская ойнады. Арыстан төрені Орынбордың белгілі артисі Савинов ойнады. Сібірдегі түрме бағын күзететін күзетшінің рөлін Орынбордағы атақты халық артисы Каренин ойнады.

Шерниязды артист... ойнады.

Масловтың өзінің батырларға біткен денесі театр майданында шеберлігімен Бекетке бір түрлі лайық, сай, дұрыс келді. Ауырлықтың ең көбі Бекетті ойнаған Масловқа түссе де, Маслов өзінін белгілі рухты шеберлігімен жақсы ойнады, бірақ суық тигеннен қарлыққан дауысы кемдік қылды. Шешесін Анненкованың өзі көңілдегідей шығарды. Қатының ойнаған Биранская, Бекеттен соңғы қиын роль соныкі болса да, өте жақсы шығарды. Биранскаяның денесі қырдың қайратты әйелінің денесіне лайық әм даусы да оған лайық және оның жақсы ойнайтындығы театр мінбарында өзінің артист екенін ұмытып кетіп, рөліне жан-тәнімен кіріп, кітаптағы жазылған әйелдің шын өзі болып, соған барлық рухпен беріліп ойнады. Кітапта жазылған әйелдің рөлін «ойнамайды», сол әйелдің «өзі болады», бұл жақсы артистердің сипаты. Арыстан төренің рөлін ойнаған Савинов та өз рөлін жақсы шығарды. Әсіресе Савиновтің денесі, түрі қазақ төресінің, баласының қияпатына өте дұрыс келді. «Правитель» болған «алдияр» ауыр айбатты келмейтін бе еді деп айтатын да болар. Ол қате. Савинов дәл қазақ төресінің баласының рөлін шығарды. Шерниязды ойнаған артист те өз рөлін жақсы шығарды. Әм әскери тергеуші, тұтқынға сақтаушы ұлықтың рөлін ойнаушы артист те жақсы келтірді.

Каренин белгілі өзінің шеберлігімен өз рөлін жақсы шығарды.

Қысқасын айтқанда, ойнаушылардың бәрі де рольдерін бір-түрлі жақсы, дұрыс шығарды. Қазақтың киіз үйінің іші театрда ең бірінші жақсы болып, ең бірінші дұрыс болып көрінгені осы. Қазақ тұрмысынан жазылған оқиғалардың ең бірінші жақсы болып қойылғаны осы шығар. Театрға жиналған кісінің саны да өте көп, театр лық толық болды.

1923 жыл

«АСАУ ТҰЛПАР» ТУРАЛЫ

Шоттың басын бассаң,
Сабы маңдайыңа соғады!
(Қазақ мақалы)

Тұрмыс жүзінде алғашқы шыққан затқа әркім өзінше сынап, өзінше баға беруге ерікті. Әрбір зат егіз, қоспақ қияпатты. Егіз, қоспақ заттың екі жағы айрықсыз бірдей, айрықсыз тура болмайды. Таудың бір жақ беті теріскей, бір жақ беті күнгей. Уақыттың жартысы күн, жартысы түн, қыс һәм жаз. Әрбір затты «мінейін» десе мін табылады. Тағы сол затты «мақтайын» десе мақтайтын түрлері де табылады.

Тұлпарды да жамандауға болады, көк есекті де мақтауға болады. Менің жазып шығарған «Асау тұлпар» деген кітапшама кейбір азаматтар «сын» жазған. 1) Қазақстанның аймақтық партия комитетінің орысша шығатын журналында жолдас Тоқтыбайұлы сын жазды (журналдың 2 — 3-санында). 2) Мәскеуде шыққан «Темірқазық» журналының 1-ші санында Төреқұлұлы Нәзір сын жазды. 3) Нәзірдің «сынын» кекетіп «сынға сын» деп «Қызыл Қазақстан» журналында есім орнына «Сым» деген атпен бір жолдас жазды. 4) «Бостандық туының» 8-ші санында тағы да Нәзірдің «сынын» теріс деп көрсетіп С.М. жолдас «Сынға мін» деп мақала жазды. Бұл жазғандардың ішінде «Бостандық туының» 8-ші санында жазған С.М.-ның «Сынға мін» деген мақаласы тұтас сол номерге басылмаған, мақаланың ақыры жоқ, сол себепті оның ақырының қандай болып шығатыны мәлімсіз. Ал өзге, жоғарғы айтылған «сындардың» ішіндегі ең байымды, байсалды, ең түзуірек сын Тоқтыбайұлыныкі. Ал ең лаққан, ең шатқан «сын» Нәзірдікі. Нәзір «Асау тұлпарды» қалай болса да ақсатуға, ұрып жығуға тырысып, кітапты оқығаннан, қаламды қолына ұстанғаннан «Асау тұлпардың» мекірелерін іздеген көрінеді. Meн «Асау тұлпарды» өзім жазып едім деп көкке көтеріп, шаппай бер...» деп. «Топ жарған» деп мақтамаймын. «Қанаты бүтін сұңқар жоқ, тұяғы бүтін тұлпар жоқ...» деп бұрынғылар айтқан. Және «Асау тұлпар» менің өз басымнан шыққан қиял емес. «Асау тұлпар» — қаланың қамытын киген қырдың, Сарыарқаның «Асау тұлпары». Әдебиет тарихында ешбір кітап еш уақытта жалғыз бір кісінің еркімен шыққан емес, әлеумет тұрмысының ағымдарының ықпалымен шыққан.

Келелік енді Нәзірге. Нәзір «сынының» басына Абайдан «бісміллә» келтіреді.
Ол «бісмілләсі» мынау:
Таласпа, жаным-ай,
Қолыңнан келмеске,

Боларсың бақадай
Көп түссең егеске...
деген сөздер...

Рас-ақ! Бұл қағида екі кісіге бірдей. «Шоттың басын бассаң, сабы маңдайына соғады» деген. Ал Абайдың бұл қағидасы өз заманында Құнанбайдың тұқымы тәрізді қара қазақты билеген жуан атаның балаларының қолынан орыс патшасының уезной чиновниктері билікті алып, әр елге «болыстық» деген, «волостной старшина» деген дәрежелі қызметті орнатып, оған қазақтың «аталы», «атасызына» қарамай, әркімі «шарға түсіп» таласып болыс болатын болған соң, қара қазаққа хан болған Құнанбай тұқымының билігіне «атасыз», «кешегі тебінгісі тесік» жамандар біраз жал біткен соң таласа бастаған. Міне, Нәзірдің «бісміллә» қылып келтіріп отырған бұл сөздерін Абай сол Құнанбайлардың аяғынан ала бастаған «атасыздарға», «кешегі тебінгісі тесіктерге» айтқан сөзі:

Таласпа, жаным-ай,
Қолыңнан келмеске,
Боларсың бақадай
Көп түссең егеске...

Әрине, Абайға айтуға лайықты-ақ! Қанша тыраштанғанмен «жер астынан жік шыққан, екі құлағы тік шыққан мұндарлар» Абайға, Құнанбайға қайдан жетсін! Абайдың бұл мақалын 1917 жылы большевиктерге қарсы адамдар айтқан. Бұл мақалға қарсы болсақта, біз де бұл «бісмілләні» мысал қылып алып көрейік. Нәзір «сынының» басында өзін жігердей қылып маңыздап, салмақтанып мақтайды. Өзін жақсы докторға теңейді. «Әділ сыншымын» дейді. «Қорықпаймын, көңілге қарамаймын» дейді. Доктордан да артықпын дейді. Тексеруші молда тәрізденеді. Әрине-ау! Олай болса дұрыс-ақ қой! Бірақ «тексеруші» молданың, «білгіш» доктордың, «данышпан» сыншының сөздерін байқап оқи келе, молданың «дүмше» екенін, доктордың «ішірткіші» екенің, «сынның» лақпа екенін көресің. "Дүмше молда дін бұзар», «доктордың жақсысы дертке дерт қоспаған» деген. Бірақ менің өз басым қазақша жазған сынын тұтасымен Нәзірдің өзіне жаппаймын. Бір қазақ баласына Нәзір айтқан шығар: «Әйтеуір, басқа-көзге төпелеп бәлемді жамандай бер» деп. Ал қазақ баласы сыбанып алып шата берген болар. Өйткені Нәзір қазақша тіл білмейтін. Ана жылы Мәскеуде 8-ші Советтер съезінің уақытында жолдас Жангелдин Нәзір мен жолдас Рысқұловты «татуластырамын» деп пәтеріне шақырған. Жангелдиннің пәтерінде мен де болдым. Жолдас Меңдешев те һәм басқа бір-екі жолдас болды. Сонда Нәзір мен Рысқұлов кінәласқанда үйде қазақтардан басқа һәм Нәзірден басқа ешкім жоқ. Сонда сөзіне түсінбейтін болған соң Нәзір қазақтарға орысша сөйлеген. Һәм былтыр да мен кездескенімде, өзім Нәзірмен қазақша сөлесе алмай, Нәзір тағы орысша айдаған. Бірақ бәрібір қандай сөз болса да Нәзір болған соң әйтеуір Нәзірдікі дейміз ғой. Енді Нәзірдің «сынына» келейік. Нәзірдің мені мінеген сынында бір-ақ дұрыс жері бар. Ол менің 1916 жылы айт күнін өлең қылып жазып, оны «Асау тұлпарға» кіргізгенім. Нәзір мені: «исламды білмейді һәм бостандықтың қай күні құшағын ашқанын білмейді» дейді. Рас, менің исламды Нәзірдей білмейтінім рас шығар. Нәзір исламның «бесігіңде» туған адам ғой. Бұл өлең коммуниске керегі жоқ, коммунизм жолына келмейтін өлең екені рас. Бұл — «Асау тұлпарға» қатеден қыстырылып кеткен өлең. Бұл бір. Екінші, Нәзірдің мені үлкен мінеп, мұқатып жамандайтын жері — менің әйел туралы жазған өлеңдерім. Мені жамандайды: «Сен әйелді сүйемін дейсің», «сүйгіз дейсің» һәм «жалаңаш балғын балтырың дейсің, түріліпті балағың дейсің» деп сөгеді. Айналдыра қаптырмалармен кекеткенде дәлел қылып тауып алған өлеңдері мыналар:

Маржан, Маржан, қарағым!
Күлімдейді қабағың.
Түріліпті балағың,
Жалаңаш балғын балтырың

Не деген сұлу, жарқыным!..
Маржан, Маржан, жүрегім,
Қолында сенін күрегің,
Жұмыста жүрсің білемін.

Жалаңаш жұмыр білегің.
Мойнымнан құшшы, тілегім!
Маржан, Маржан, мініскер,
Сымбатты, күшті, жұмыскер,

Шын сұлу, таза, біліскер.
Піскен алма қойнында,
Білегіңді артшы мойныма.
Маржан, көзің көмірдей,

Арам ет бітіп семірмей,
Денең күшті темірдей,
Бай қызындай керілмей,
Іс істе, жаным ерінбей.

Міне, бұған Нәзір бұрқырап ашуланған болады. Маржанды жақсы көрме дейді. Маржан сені күрегімен салып қалар дейді. Сірә, Нәзірдің ойынша жұмыскер әйелге махаббат өлеңдері үйлеспейді, арамтамақтарды жеңіп, дүниенің тұтқасын қолына алған еңбекшіл табының Маржаның бостандықтың Маржаның өлең қылмай, жалғыз-ақ көлеңкеде, саяда «жібек көрпенің» үстінде бұралып «уһ, аһ!» деп отырған бай қыздарына үйлеседі дейтін көрінеді. Жұмыскерлікті, күректі, жұмыскердің күшті, жұмыр түрілген сау білек, балтырын өлең қылуды «көркемдік» сезімі емес, «Ахлақ» емес дейді. Керілген, ерінген, еркелеген бикештердің сүрме тартқан көздерін, бояған беттерін, қолдан салған қалдарын өлең қылсақ, бәлки Нәзірше «көркемдік сезімі де» болар еді, «ахлақ» та болар еді. Қайтейін, ғапу өтінем де!.. Біз үйге алмадық! Және Нәзірдің сөгетін өлеңдері мыналар:

Өмірімде іздегенім,
Талмай іздеп көздегенім,
Сен едің, жаным, сен едің!
Бақытым менің жалғыз сенде,

Барлық дүние саған тең бе?
Деп едім, жаным, деп едім,
Ауыл бардық, жүрдік, қондық.
Ойнап киіз үйде болдық.

Жаттың маған тақалып,
Ақырын жұмсақ қол ұстастық.
Жүрегіңе қысып бастың
Қолымды ұстай апарып...

Бұған Нәзір ашуланады: сен өз басыңды ғана ойлайсың дейді. Революция бір бетімен, сен бір бетіңмен барасың дейді. Және де менің 1915 жылы жазған «Жазғы түнде» деген жырымды жамандайды. Жамандағанда бұл ұзын жырдың әйел туралы жазылған бір 4 — 5 жолдарын жамандайды. Ол мынау:

Көріп шыққан жарыңды,
Уағадалы жерде барыңды,
Білдіресің көрініп...
Ерінге ерін тиісіп,

Бал алып тілден сүйісіп,
Жандырар жарың лебімен,
Төсіне қысып төсіңді,
Махаббат жеңер есінді...

Нәзір сөгеді: сен жазғы түнде үйде отырмайды екенсің, жарыңды іздеп қаңғырып жүреді екенсің деп және Нәзірге мына бір кішкене жыр өте жақпайды. Ол мынау:

Надежда, Үміт, Үмилә,
Аққусың, сәулемсің,
Шырағым, Үміт, Үмилә,
Қарындасым, бауырымсың!

Түйін салып жас балдыр
Алма ер жетіп өседі.
Албырап биік саяда
Уыздай болып піседі.

Не шіриді, не құрт жеп
Не бір пәнде үзеді,
Сабағы қурап немесе
Үзіліп жерге түседі.

Сен алмасын биікте,
Сен әлі жас баласың.
Түскеніңді үзіліп
Білмей, қалқам, қаласың.

Міне, бұл жыр да
Нәзір «сыншыға» өте жақпайды.

Міне, «әйел туралы жазған өлеңдерінің бәрі жаман» дегендегі дәлел қылыш келтірген өлеңдері осы жоғарғы өлеңдер һәм оның да кейбіреулері тұтас өлеңдер емес, тек өлеңнің жұрнақтары. Әйелдің жұмыс қылғанын айтасың, жалаңаш, күшті, жұмыр балтырын, білегін айтасың, әйелге мойнымнан құшшы деп айтасың, піскен алма қойнында деп айтасың, балағың түріліпті деп айтасың деп Нәзірдің бұрқырап мені жамандаулары шын көңілімен айтқаны болса, ол Нәзірдің туғаннан алған тәрбиесінен ғой деп ойлаймын... Әйтеуір мақсат — бір Сәкен деген «әдепсіз». «жүгенсіз» бар екен деп өзбек ағайын мен татар ағайынның белгілі «тәрбиелілері» бір-бір түкірсін деген шығар деймін. Әйтпесе қазақ тілінде жазылған кішкентай «Асау тұлпардың» не екенін өзбек пен татар қайдан біледі. Ал, білмейтін кітабы туралы Нәзірдің «сыны» оларға неменеге керек?.. Өзбек газеттері мен татар газеттеріне «сын» жазу мақсат, Қазақстанда бір Сәкен деген «әдепсіз, адасқан» адамның бар екенін білдіру емес, «Нәзір деген жалпы тілдің (қазақтың тілінен басқа) бәріне жетік бір «жақсы, білгіш, сыншының» бар екенін паш ету болады». Дұрыс-ақ, кісі өзін мақтау үшін біреуді жамандау керек. Оны газет-газетке жарнамалау керек, сонда атың шығады!

Ал енді мәселеге келейік:

Әйелдің денесінің ашық мүшелерін өлеңге қостың, білегіңді мойныма артшы дедің деп сын тағу зор қате. Қу молдалардың зәлімдігімен әйелді «нахрам» деп жасырам деп өмір бойына атасынан, қарындасынан һәм өзінін қатынынан басқа ешбір әйел көрмеймін деп кейбір мұсылман халықтары бұзық жолға, бұзық әдетке түсіп кеткен. Мәселен, өмірінде көрмеген соң әйелдің жүзіне құмар болып, әбден шыдай алмаған соң: сақалы, мұрты жоқ балаларды әйелше киіндіріп, бастарына шаш тағып, шашбау байлап, еркектер оңашаға жиналып, ойнатып құмарларын басатын болған. (Мәселен, «Бәтша ойнату»). Және өмір бойында ерлермен араласып, әзілдесіп сөйлесе алмайтын болған соң, ондай халықтардың әйелдері де бір еркек түстілеу әйелді еркек орныңа ұстап оңаша жиналысып, сонымен ойнап, мауықтарын басатын болған (мәселен: «Сәтенмен ойнау»). Міне, Нәзірдің бізді «әдепсіз» дегенде сүйреп әкелетіні осы болады. Әйелдің білегін, балтырын, балағын өлеңге қоспайтын, білегіңді мойныма артшы, мен сені сүйдім демейтін халықтардың еркектері «намахырам» деп әйелге қарамай, өздері сол әйелге іштерінен өзегі үзілгенше құмар болып, құмарлықтарын басу үшін сақал, мұртсыз еркек балаларды қызша киіндіріп алып ойнататындардың өлеңдері мынадай болады:

Бақ айнала ұшар қаз,
Йүр, балақан, йүр, йүр!..
«Бәтшаман» деп қылма наз,
Йүр, балақай, йүр, йүр!...

«Бәтшаман» деп қылсаң, наз,
Йүр, балақан, йүр, йүр!..
Өліп кетер, бәтша баз,
Майда қадам йүр, йүр!..

Mінe, еркек балаға құмарланып, аузынан суы құрып, өзеуреген осы өлең жақсы ма, жоқ:

Маржан, Маржан, жүрегім,
Қолыңда сенің күрегің,
Жұмыста жүрсің білемін.
Жалаңаш жұмыр білегің,

Мойнымнан құшшы, тілегім, — деген жақсы ма?.. Қайсысы дұрыс?.. Әрине, шатасқан «құмарпаздықтың» қиялынан шындық дұрыс. Ал, Нәзір айтар: «Сәкеннің өлеңдері тіпті қазақ әдебиетінің заңымен қарағанда да «ботқа» һәм «әдепсіздік» деп. Түркістандағы қазақ жігіттері Нәзірдің қолына «қазақша үйрен» деп Абайдың өлең кітаптарын берген, Нәзірдің келтіріп отырған «бісмілләсі» сол Абай кітабынан.

Қазақ ақындарының ішінде Абайдан өлеңге шебер жоқ екені рас. Ал Абайдың ғашықтық тақырыпты һәм әйелді өлең қылған ретінде сөздерін аралап, теріп алған кісіге Абайдың өлеңдерінің ішінде тіпті бізден аулақ, тіпті сорақы кеткен жерлері бар. Абайды да Нәзір тіпті жақтырмауға керек еді ғой?.. Міне Абай өлеңдері:

Тар төсекте төсіңді,
Иіскер ме едім жалаңаш.
Иығымда сіздің шаш,
Айқаласып, тай-талас.

Ләззат алсақ болмай ма,
Көз жұмулы, көңіл мас!..
Етің етке тигенде,
Демің тиіп сүйгенде,

Бой шымырлап, тән еріп,
Ішім оттай күйгенде,
Жүрек балқып игенде...
Жақындай бер жуықтап,

Тамағыңнан аймалат!
Және Абайдың қызы айтады:
...Біз қырғауыл, сіз тұйғын,
Тояттай бер кел де алып,

Гүл шыбықтай бұралып,
Салмағыңа жаншылып,
Қалсын құмар бір қанып...
деп. Абай айтады:

Мұны жаздым ойланып,
Ойда бардан толғанып.
Кірсе ішіңе оқи бер
Бозбалалар қолға алып...

Иығы тиісіп,
Тұмандай көздері.
Үндемей сүйісіп,
Мас болып өздері.

Жылайын, жырлайын,
Ағызып көз майын.
Айтуға келгенде
Қалқама сөз дайын.

Және Абай айтады:
Қандай қызда ләззат бар жан татпаған,
Сұлуы бұл заманның тек жатпаған.
Он сегіз, он тоғызға келгеннен соң,

Алмасы өкпе болар қол батпаған...
Бұраң бел, бойы сұлу, кішкене аяқ,
Болады осындай қыз некен-саяқ.
Піскен алма сияқты тәтті қызды

Боламын да тұрамын көргендей-ақ.
Егер де қолың тисе білегіне,
Лүпілдеп қан соғады жүрегіне.
Бетіңді тамағына таяп барсаң,

Шымырлап бу енеді сүйегіңе.
Және Абай айтқан:
...Сай-сайға қыз-келіншек жоғалғаңда,
Аулақта бар арманың қандырарға.

Бозбала іздеп табар сол барғанда
Болғанда тал шымылдық, шалғын-төсек,
Басына жастық болар томардан да.

Міне, әйелге айтқан өлеңдері осындай. Абайдың өзімен билікке таласа бастаған кешегі төмен атаның баласына кекетіп, мысал қылып келтірген өлеңдерін «бісміллә» орнына ала жүгірген Нәзір бұл өлеңдердің мағынасын неге сұрап алмады екен?.. Әттең, әділ тілмаштың аздығы-ай! Нәзір байғұс қайтсін. Нәзірге әйтеуір жамандау керек. Онан соң Нәзірекең менің «Азия» деген өлеңімді жамандайды.

Бұл өлеңді газет-журнал оқитын қазақтың көбі-ақ көрген шығар.
Мен бұл өлеңді Маркстың қағидасына тұп-тура келеді деп айтпаймын.

Бұл өлең Генуйский һәм Гаагский конференциялар болып, Еуропаның патшашыл үкіметтерінің елшілері жиналып, күншығыс Халықтарына арам құлқындарын арандай ашып, обырлық саясаттарын іс жүзінде жүргізбек болып, барлық Азияны тырнақты шеңгелдеріне бүріп алмақ болып жатқанда, Азияның Еуропа құлдығында жатқан Халықтарын қорғамақ болған Совет үкіметінің елшілерін жалғыздап, мүйіздеп жатқан уақытта патшашыл, обыр, жалмауыз, сұм Еуропаның бетіне соққан шоқпар еді. Орысша айтқанда «протест» еді. Шоқпарды, протесті әркім әр түрлі соғады. (Восточная политика) Күншығыстағы ұлт қозғалысын Совет үкіметі Еуропаның обырлығына қарсы қоюға саясат жүргізіп отыр. Менің татарды, мадиярды, ғұнды айтып қорқытып, ақырында монғолды Еуропаның есіне салып, монғолдың білегін көрсетіп қорқытқаным — сол Совет үкіметінің Азиядағы ұлт қозғалыстарын Еуропа обырлығына қарсы қоюға саясат жүргізгені. Бұл сондай пікір, «Нәзір сыншы», мұндай «Күншығыс саясатын» сіз де білсеңіз керек еді. Бір татардың Англия агенттерімен қосылып Совет үкіметіне қарсы іс жүргізген айыпты адамын Ташкентте тергегенде «Нәзір сыншы» Ташкенттің мұсылмандарының алдында әлгі айыпты адамды прокурор болып қараламақ болып шығып, сол айыпты кісіден мынадай жауап сұрады деп есітіп едім. Нәзір сұрайды: «Сіз өзіңіз мұсылман бола тұра, бұл мұсылмандардың дұшпаны болып жүрген Англияның жағына неге шықтыңыз?..» — деп. Міне, Нәзір Ташкент мұсылмандарының алдында айыпты адамнан осындай жауап сұраған... Ал онымен Нәзір коммунистігінен, марксистігінен шығып кетіп отыр ма? Ол бір саясат, бірақ азырақ «демагогқа» мінген саясат. Менің «Азия» деген өлеңімнің ішінде рас, әдеті, антисемиттердің бетіне ұрайын деген де пікір болған. Ол пікірдің өте оғаш көрініп кеткені антисемиттердің өте көптігі. Хатта ондай адамдар ез араларымызда да аз емес. Бұл еленді «талқандап» жамандағандағы Нәзірдің барлық мақсаты «анау жаман, Марксті білмейді, мен білемін» деген демагогия. Рас, демагог шолақ қашардан да ыңғайлы һәм оңайлы нәрсе! Әйтпесе Еуропаның ұсталығына, «өнерлеріне», аэроиландарына, машиналарына жалғыз-ақ Бұхардың молдалары ғана қарсы болар. Және монғол келіп Еуропаға ұсталық үйретеді, ғылым үйретеді деп ешкім айтқан жоқ. Қазіргі Еуропаға, монғолдың білегін көрсетіп «жауыздығыңды қоймасаң, монғол сені үйретер...» деген сөз, ұсталыққа һәм ғылымға үйретер деген емес. Жауыздығыңды қоймасаң тағы, надан, шикі ет жеген, алақандап қан ішкен, монғолдың ардасы мөңкіп, тулап мойныңды үзіп жіберер деген сөз. Үндістан, Ауғанстан, Фарстан, Түркия, Мысыр, Қытай—бәрі бірігіп Англияның патшашыл үкіметіне қарсы тұрып, Англияны быт-шыт қылып әлсіретіп, мойнын артына қайырса, Совет үкіметінің қазіргі көңілдегі жерінен шықпас па еді?.. Мұндай қозғалысты қуаттаумен Совет үкіметі коммунизмнің жолынан тайған бола ма? Күнәлі бола ма? Нәзекең айтады: «Азияны Еуропамен жауластыру білімсіздік, ақылсыздық» дейді. Жарайды. Бірақ Нәзірдің бұл ақылын Совет үкіметі неге алмай жүр екен? Нәзір мен лорд Керзиннің жақсы «мәслихатын» Совет үкіметі неге алмай жүр екен? Чичерин неге құлақ қоймай жүр екен? Және Нәзір айтады: «Әдебиет митинг емес, біздің міндет Еуропаның ұсталығын үйретіп, Кеңес өкіметін күшейтіп, көркейту...» деп. Пa, шіркін-ай!.. Бұл сөзді біз жаңа есітіп отырмыз ғой!.. Нәзір білгіш бұл сөзді енді айтып отырса, біз бұл сөзді 1917-ші, 18—19 — 20 жылдарда айтқамыз... Нәзірдің мұнысы баяғы «ол жаман, мен жақсы» деген демагогия. Ал Нәзір: «Еуропаны неге жамандайсың?» десе, Еуропаны жамандамай отырған кісі жоқ. Еуропаны тексеріп сөз қылғанда қазіргі бастықтарымыз екі сөздің бірінде «қартайған», «шіріген», жәләп», «жойылайын деп бара жатқан Еуропа» дейді. Нәзір менің «Жас қазақ марсельезасы», «Жұмыскерлерге», Иван мен Мырзабекке» деген өлеңдерімді жамандайды. Бұларға ешбір дәлел айтпай, құр «әйтеуір жаман» дейді. «Мұндай өлеңдермен кісі революция ақыны болмайды...» дейді. Нәзірдің өзі де «дәруіш» деп қол қойып, өлең тәрізді бірдемелер жазып жүретін, «жақсыны көрмек үшін» дегендей соларын Нәзір бір жақсы шебер тілмашына қазақшаға перевод қылдырса көрер едік Нәзірдің қандай революция ақыны екендігін. Нәзірдің көкейін тескен мақсаты өзбекше, татарша, қазақша һәм басқаша жазып, «жақсы», «атақты» жазушы болу ғой. Өлеңдерін қазақшаға с удовольствием аудартар. Ақырында Нәзір менің уақ-түйек переводтарымды жамандайда һәм ол переводтарға нанбайды. «Сәкеннің өз ойынан шығарып жүрген сөздер» дейді.

Олар, мәселен, мына бір уақ сөздер: фарсының ақыны Шеих Сағдидан:
Ән мен күйге түйе де
Шатланар, хайуан десек те,
Сезбейтін оны адамды

Салпаң құлақ есек те, —
деген. Һәм Жапон ақыннан:
Сүйгеніме жасырып,
Түнде жалғыз барсам мен,

Терезе ашып сүйісіп,
Аузынан бал алсам мен.
Арсылдап ит сен мені
Қорқытпа деп «қабармын!»

Тастасам сүйек үрмессің,
Көңілді сөйтіп табармын.

Бұл өлеңдер туралы Нәзір айтады: «Шейх Сағдида мұндай өлең жоқ болса керек еді. Және ол заманда бұл заман түйенің ән мен күйге шаттанғанын көргенім жоқ» дейді. «Ақмоланың түйесі болмаса, өзге жердің түйелері ән мен күйге шаттанғанын көргенім жоқ» дейді.

Әттең, асқан ақылдылық-ай!

Дұрыс, білмеген тілді «білемін» деп мен Нәзір Төреқұлов тәрізді мақтанып шатаспаймын. Бұл уақ өлеңдерді мен жапонның, фарсының һәм төменгі көрсеткен өлеңді поляктың өз тілдерінен аударғаным жоқ, мен бұл уақ өлеңдерді орысшадан кезі келген уақыттарда перевод қылып кеткемін. Орысшаға өтірік жазған болса переводчиктердің, «тілмаштардың» жаңдары шықсын. Переводчиктердің қолына қарау Нәзірдің өз басында болған іс еді, бұған Нәзір түсінсе керек қой. Енді Нәзірдің түйе ән мен күйді сезбейді, сезсе жалғыз «Ақмола түйесі сезер» дегеніне келейік. Бұл енді Нәзірдің әйтеуір жамандайын деген ниетпен жамандауға асыра басып жіберіп, артынан Ақмолаға кіжінгенін байқамай көрсетіп алғаны. «Күйді түйе сезбейді» деп Нәзір білгіш айтады. Ал өзге жұрт: «хайуандардың бәрі де күйді сезеді...» дейді. Біз, сірә, сол «Нәзір білгіштігінен» көрі көптің айтқанын алармыз деймін... «Би адамның тәнінің негізінің өзінен шығады... Шапқан ат, жүкті түйе, ескек ескен қайықшы һәм балға соққан ұста қандай есеппен билеп ритмический қимыл қылса, олар да сондай қылады. Ритм (би) біртүрлі жақсы сезім туғызады. Һәм сол себепті ритм (би) жалғыз жұмыс қылғанда ғана жеңілдік келтіретін зат емес, ритм (би) өнерлі яки надандығына қарамай барлық адамзатқа бірдей көркемдік ләззатын беретін зат» дейді Карл Бухор. Міне, жоғарғы айтқанға қарағанда адам болсын, хайуан болсын күйді һәм биді (ритм һәм гармонияны) сезбейтін жан жоқ, сол адам болсын, хайуан болсын күйді һәм биді сезетін жалпы жанның ішінде Нәзір айтқан «Ақмола түйесі де» сезуге керек. Жалғыз-ақ күйді, биді сезбейтін әлгі Сағди айтқан салпаң құлақ есек болар. Оның ішінде де Түркістанның салпаң құлақ көк есегі болар.

Тағы да Мицкевичтен менің көшіргенім:
Жақсы көрсін десең ит
Жақсы көр итті өзің де.
Ұмытпайтын бұл бір сөз

Лұқман айтқан кезінде... деген сөз бен жоғарғы жапон өлеңінен көшірген тағы да итке айтқан сөзді мен 1917 жылы Ақмолада бізді большевик болдыңдар деп сыртымыздан балағаттап жүрген бірқатар мырзаларға айтқамын. Оны «не себепті жазған?» деп бұл бір 7 — 8 жол сөзге тамсанып Нәзір «сыншы» басын сындырмай-ақ қойғаны жөн еді. Және жоғарғы келтірген 4 жолдық «жақсы көрсін десең ит» доп бастаған сөзді Мицкевич өз басынан шығарған көрінбейді, оны Мицкевич те Лұқманнан алған болса керек. Өтірік айтса жаны шықсын. Міне, Нәзір сыншының «Асау тұлпарды» сынға салғанда, жамандағанда, айналдыра кеткенде дәлел қылып алған өлеңдері осы һәм оған сипай қайырған қазақша жауаптарымыз осы. Әттең өзбекше, татарша жетік тіл білмеймін, егерде білсем Нәзірдің әлгі «мына жақта бір Сәкен деген әдепсіз, білімсіз өлең жазған адам бар, оны біліп қойындар, мен ондай емеспін, мен әдептімін, мен білгішпін, мені біліп қойындар...» деп жазған өзбек газеттеріне де, татар газеттеріне де жазып жіберер едім. Тілмаштар (переводчиктер) іздесем маған да табылар еді, бірақ Нәзір айтқандай, одан не пайда?.. (Керек қылса, туралыққа қараса, бұл сөз қолдарына түссе, ол газеттің өздері де басар, баспаса керегі де шамалы). Нәзір сынында жазған: «Азия» деген өлеңді жазғанда Еуропаны жақсы жолға бастайын деген болса, «Еуропаға қазақша жазудан пайда шамалы» деген.

Бұл не деген сөзі?

Бұл «Еуропалықтар қазақша оқымайды, сол себепті оларға қазақша жазғаннан не пайда?» деген сөз болады. Біз сұрар едік: өзбектің, татардың балалары қазақша оқымайды. Үлкендері ақыны толық, олар оқыса да «Асау тұлпарды» керек қылмайды...

Ал, олар үшін олардың тілінде «сын» жазудан не пайда екен?

Рас, бір зор пайда бар, ол Нәзір Төреқұл баласының атын жариялау. (Афиша, реклама жақсы нәрсе. Қазір бұл тәсілге біздің «трест, бумдар» һәм гумдар да түскен көрінеді). Қысқасы, «әдебиет митинг емес» деп, әдебиетті ондай нәрселерден таза, пәк сақтау керек деп Нәзір «сыншы» айтса да, өзінің саясат һәм әлеумет ретіндегі бізге кіжінген запыранын «Асау тұлпарға» әкеп төгіп, «қаптырмалы сынын» жазған болған. Жұрт екі сөзді енді қатар салып көрер.

1923 жыл

ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНІҢ ҚЫСҚАША ТАРИХЫ*

Әдебиет деген нәрсе екіге бөлінеді: бірінші жазба әдебиет, екінші — ауыз әдебиет. Қазақ елінде бірнеше жүз жыл бұрын жазу деген жоқ мезгілде ауыз әдебиет болған. Олар осы күнгі жұрттың аузында жүрген мақалдар, тақпақтар, жырлар, ертегілер һәм қара өлеңдер. Жоғарғы аты аталған ауыз әдебиеттердің қазірде белгілі иелері жоқ. Бірақ түбінен тексергенде сол айтылғандардың шығарушысы, бір иесі болуға керек. Кім қандай сөз айтқаны мезгілінде белгіленіп қалмағандықтан шығарушылар ұмытылып кеткен. Әйткенмен қазақтардың арасындағы сөздерге Қарағанда олардың шығарушылары қазақтың терең пікірлі ұлдары болуға керек. Бұны қазақта «би» дейді. Ол билер шен иелері, өкіметтің сайлаған билері емес, өздерінің өткір тілділік пен сөздің жүйесін келтіріп, әрбір істі өзінше тексере білгендіктен аталған билер. Мұндай кісілерді қазақтар әр бағамен бағалаған. Мәселен: «есік алды төбе болса, ерттеулі атпен бірдей, елінде қарт болса, жазып қойған хатпен бірдей» деген мақал бар. Бұдан: елінде білгір қарт болса, жазған хатпен бағаланады деген сөз анық көрініп тұр. Қазақтың тұрмыс әдетінде қолданылатын нендей істеріне болса да бұл адамдар көсем болған. Ол кезде ауызша әдебиет болғанмен сөздің үйлесі аса тәртіпке қойылмаған. Бұған ескі, созылмалы, үйлесімі кем жырлардың бәрі дәлел. *«Еңбекші қазақ» газеті «Сәкен жолдастың оқыған лекциясының қысқаша қорытындысынан алынды. Ұзартып жазса Сәкен жолдастың баяндамасынан көп сөз болатын еді. Бірақ газет беті тар болғандықтан қорытындысында қысқаша түрін ғана жазып отырмыз. Сондықтан мұны оқушылар Сәкеннің баяндамасының әр жерінің дәні ден ұғуы керек» — деп жариялаған. Соңғы жылдарда, яғни бұдан 1 — 2 жыл бұрын қазақтар өзбек елімен қатынаса бастаған. Ол кезде өзбекте жазба әдебиет бар кезі. Қазақтар өнерін үйренген. Әсіресе ел қазағының арасына жазба әдебиет таратқан Түркістаннан шыққан қожалар. Ол кезде қазақтың арасына көп таралған Қожа , Ахмет Яссауидің кітабы. Біздің қазақ ақындары соның сөзіне еліктеп кеткен. Қожа Ахмет Яссауи өзінің өлеңінің басын: «бесмеллә» деген сөзбен бастайды. Қисса жазған қазақ ақындары да сол «бісмілләні» қолданған. Зарком, Салсал, Кербала, Мағраж пайғамбарлардың уафаты һәм сол сықылды өлеңдердің бәрі де өзбекке еліктеумен жазылғандар. Жәнеде олардың өздері өзбектен аударған әңгімелер. Бертін бұдан жүз жылға жақын шамасында қазақтар татарлармен қатынас жасай бастаған. Баспасөз жағынан татарлар басқа Россиядағы мұсылмандардан бай болған. Татардың Қазан сықылды ірі қалаларында баспа жұмысы тәуір болған. Міне осы кезде өзбекті еліктеуші қазақ ақындары өздерінің өзбектен аударған қиссаларын бастыра бастаған. Сол басылып шыққан қиссалар жоғарыда аты аталғандар. Татар мен қазақтың араласы күшейген соң, татарлардың молдалары да қазақ арасына тарай бастаған. Хат таныту жағынан олар қазаққа зор пайда келтірген, бірақ қазақтың тілін аздыруға екінші жағынан залалы да болған. Жазба әдебиетшілер ноғай мен өзбектің шәкірттері болғандықтан, әдебиет деген нәрсе қазақ арасына ана тілінін қалпынан өзгеріп өзбек, ноғай, қазақ тілі үшеуі араласып, түсініксіз болып кеткен. Өлең жазатындар, ауызша шығаратындар өлеңнің ішіне өзбек һәм ноғай тілін кіргізуді таңсық көріп алған.

Хат жаздым қалам алып, қара сия
Сарыойдан ноқта шығар гүлиязия
Жауабым менің айтқан аңғарғайсың
Тілмардың тілмәры бар жаһауазия.

Ғиззатұллабек Зияда уахүрмәтлу,
Көргенде жамалыңды көңілім шатлу.
Бастайын сөздің басын бесмилләдан

Осындай аз ғана білген жат тілдердің сөзін қосамын деп ақыр аяғында өлеңшілер шатасып, адасып, өлеңі мағынасыз болуға айналған.

Сөзім ұшбу беу сәулем-ай!
О дариға ләулік тас,
Бағдад, Мысырда жанбас
Іздесем Хорлан табылмас.

Бұлар әдебиеттің жаңа ғана мағынасызданып келе жатқан бетінде айтылғандар: соңғы кезде түсінбейтіндер көп болған. Қазақ елі орысқа бағынып, орыс оқуын оқыған кісілер шыға бастағаннан кейін әдебиетшілердің іскерлігі орысқа ауа бастаған. Бұдан былай сөздің ішіне орысша кіргізу мақсат болған. Орыс тілін білген-білмегенде жұмысы жоқ, аз-мұздап білген тілін өлеңнің ішіне кіргізіп қалуға ақындар өте ынталанған.

Құдаша, ыздырастый, амансыз ба?
Құдаша-ай я болмаса жамансыз ба?
Поклон ұшбу хатты жазсам сізге,
Привет қабыл көріп аласыз ба?

Қазақ әдебиеті 1900 жылдан бері шыққан. 1905 жылдың жұмыскер қозғалысынан кейін ұлт сезімі туа бастап, қазақ ақындары тіл түзету деген пікірді жарыққа шығарған. Бірақ сол әдебиеттің азғана уақытында бірен-саран өлеңін қазақ тілімен жазғандар болды. Мәселен Абай. Абайдың ол әдебиетті туғызған екендігіне дәлел болатын жұмыс емес. Себебі Абай арғы жағында таза қазақ тілімен сөз жазушылардың жолын мықтап ұстап қалған, бастаған жолдың иесі ғана. Абайды қазақ әдебиетінің ағасы деушілік қате. Қазақ тілін іске ассын дейтіндер - Уфадағы «Ғалия» медресесіндегі оқыған азаматтар. Әсіресе сол кезде «Ғалияда» оқитын Омар Қарашұлы. Бірақ алдында салынып жатқан айқын із болмағандықтан олар да пікірлерін алғашқы кезде жеңді іске асыра алмады. Хатта өздері қазақ тілін жүргіземіз деп отырып, сөздерін ноғайша айтады. Оған Қарашевтің фамилиясын «Қараш» деп қоюы һәс «Тумыш» деген өлеңі толық дәлел. Әйткенмен қазақ тілі ноғайдан бөлініп, өз бетімен жөн табуы керек деген пікірді бастаған Қарашұлы. Соңғы уақыттарда «Ғалия» шәкірттеріне Міржақып Дулатұлы, Байтұрсынұлдары қосылды. Қазақша емле шығаруға күш біріктірісті. Міржақыптың «Оян Қазақ» деген кітабын оқыған кісі мәслихат-шариғаты, тариғаты, мағрифаты, мағишаты деген сөздерден Міржақыптың кімді еліктегені көрінеді. Жалғыз Міржақып емес, қазақ әдебиетшілерінің бәрі де осы сарынмен тартады. Көп ой бір жерге жиылса бір жаңалық ашуында сөз жоқ. Бүкіл Қазақстанның оқығандарының қатынасуымен қазақ емлесі деген пікір тергеліп, 13-жылдарда ғана жарыққа шыға бастады. Таза Қазақ тілі мен әдебиет ісіне қатынасқандар сол жылдан бергілер. Бірақ тіл аршылғанмен әдебиетке жаңа негіз салуға жараған әдебиетшіл қазақтан шыға алмады. Ақындары барлығы ноғай һәм орыс ақындарының сөздерінен ұрлап қана жаза алды. Өз миларынан шығарғандары шамалы. Мұның бірі — Мағжан Жұмабайұлы. Жұмабай баласы — ноғай мен орыс ақындарының көшірмесі. Ендігі бір айтып кететін нәрсе, орыс болмаса ноғай мен қазақтың қайсысының әдебиеті кең һәм сырлы деген сұрау. Бұған айтатын сөз тұрмыс жүйесіне қарап, қазақтың, қыр елінің әдебиеті орыстың мәдениеті жоқ қаласының әдебиетінен бай. Себебі әдебиет тұрмыстың түріне байланулы. Ел тұрмысы қала тұрмысынан әрине артық. Елде бейнет жоқ. Елдің көретіні қызық. Сондықтан ел әдебиеті қаладан көркем. Ақындарға келсек: Қазақ оқығандарының мәдениет жүзінде ілгергі елдердің әдебиеті анағұрлым күшті, себебі мәдениетті тұрмыспен мәдениетсіз тұрмыстың ішінде өскен екі адамның көңіліне түскен сурет бірдей болмайды. Кімде суретті көріністер көп болса, соның бір нәрсені суреттей білуі де артық, олай болса қазақ оқығандары әдебиет әлемінде мәдениетті елдің оқыған әдебиетшілерінен анағұрлым кем. Қысқасын айтқанда, төңкеріске дейін жасап келген әдебиет дәуірінде оза шығып, бәйге алатын кісі қазақта жоқ. Кімде болса, жалпы пікірдің ғана шәкірті «ергежейлінің өлуі жиылып есек жығыпты» дегендей, көптің күшімен атақ алып отырғандарды әдебиетің ағасы деп санауға болмайды.

1924 жыл
ҚАЗАҚСТАН ЕҢБЕКШІ ТӨҢКЕРІСШІ ЖАЗУШЫЛАР ҰЙЫМЫНЫҢ БАСҚАРМАСЫНАН

Қазақстан астанасы — Қызылордада Қазақстан еңбекші табының төңкерісші жазушылар ұйымының бес кісіден басқармасы құрылды. Басқарманың мақсаты — Қазақстанның еңбекші табының төңкерісші жазушыларын ұйымдастырып, бір жобамен әдебиет майданына шықпақ. Ұйымға кірген жазушылардың шығарғандарын бастырып тұрмақ және айлық журнал шығармақшы. Қазақстанның төңкерісші жазушылар ұйымы өзін жалпы Кеңестер Одағының пролетариат жазушылар ұйымының бір бұтағы санайды. Кеңестер Одағының Москвадағы пролетариат жазушыларының басқармасымен қатынас жасап, әдебиет майданында бір нұсқамен әрекет қылады. Сондықтан Қазақстан еңбекші табының төңкерісші жазушылар ұйымы жалпы Кеңестер Одағының пролетариат жазушылар ұйымының жобасын қабыл алып, қолданады, ол жоба мына төменде жарияланып отыр. Еңбекші таптың шын төңкерісші азаматы болып әдебиет майданына шыққандар, яки енді шығайын деп жүргендер, мына төмендегі жалпы жобаны қабыл алса, ұйымға кіреді. Ұйым ашылмаған жерде, 3 — 2 кісі болса, өздері осы жобамен ұйым ашып, ұйымға кіргендердің аты-жөнін (анкетін толтырып) жазып, тізімін орталықтағы басқармаға жіберу керек. Октябрь төңкерісінен кейін Қазақстанның әдебиеті ілгерілеп, енбекші таптың төңкерісші жазушылары шыға бастады. Бірақ бұлардың көбі, әр жерде бөлек-бөлек жүргендіктен, тура жолға түсе алмай, «Алаштың» бұрынғы сандырақ соқпағына шырмалып жүр. Кеңес үкіметіне, коммунизмге жау болған бұрынғы Қазақстанның «саясатшыларының» ескі күнәлары кешірілген соң бұрынғы «Алаштың» рухы сіңіп қалған адамдар түрлі пердемен, түрлі тәсілмен жазу майданына. әдебиет майданына шықты. Оқуы, білімі, тәжірибесі аз еңбекші таптың төңкерісші жазушылары оларды әдебиет майданынан қуып шыға алмады. «Алаш» рухы сіңген жазушылардың қимылы соңғы уақытта күшейейін деді: олар өлең, жыр әңгімеден асып, қазіргі қазақ әдебиетіне сын жаза бастады. Қазақ әдебиетіне «сын» жазғанда өздерінің сандырақ соқпағының сорабына салып, әр гүрлі еппен, өз базарларының нарқымен әдебиетке баға береді. Сондықтан Қазақстанның төңкерісші жазушыларына айқын жобалы бір ұйым жасау керек еді. Міне, ол ұйым енді жасалды. Қазақстанның еңбекші табының төңкерісші жас жазушылары енді тез қимылдап ұйым жасап, Қызылордадағы орталық, басқармамен хабарласып байланыс жасап, кірісулері керек. Басқарманың істеп жатқан істері бұдан былай баспасөз жүзінде жарияланып тұрады.

Басқарма мүшелері: Сәкен Сейфуллаұлы,
Абдырахман Байділдаұлы,
Бейімбет Майлыұлы,
Феоктистов Николай.

Басқарманың уақытша адресі:

Қызылорда, Қазақстанның халық ағарту комиссариаты, басқарма хатшысы Сәкен Сейфулдаұлына.

1925 жыл КЕҢЕСТЕР ОДАҒЫНДАҒЫ ЕҢБЕКШІ ТАП ЖАЗУШЫЛАРЫ ҰЙЫМЫНЫҢ САНА (ИДЕОЛОГИЯ) ЖӘНЕ КӨРКЕМ СӨЗ ТУРАЛЫ ЖОБАСЫ 1. Тегістік жолын қуған төңкерістердің тәуірі, тапқа бөлінген әлеуметті жойып, тапсыз әлеумет — коммуна әлеуметін жасайтын көшпелі дәуір. Бұл дәуір Ресейдегі болған Октябрь төңкерісінен басталып, еңбекшілер табының әкімшілігін — Кеңес үкіметін орнатты. Енбекші тап осы әкімшілік ілім басшы болып, әлеуметті жаңадан жасап, тегістік жолына салып, коммунизмге көшіреді. 2. Тап тартысында, бұрынғы үстем болып әкімшілігін жүргізген байлар табын жеңіп алған соң, шаруашылық және саясат ретінде еңбекшілер табы төңкерісшіл — марксшыл қағидасын қолданатын болғанмен, тіршіліктің байлар реттерінде, басқа бұтақтарында әлі де бұрынғы байлар табының ықпалынан шыға алған жоқ. Тап соғысы біткеннен кейін, шаруашылықты түзеу майданы туған соң, өнер-білім майданы туды. Шаруашылықтың жаңа үнем саясаты (НЭП) жүргізілген соң бұл өнер-білім майданының мәнісі өте зорайды. Совет заманы басталып, шаруа көтерілуімен бірге өнер-білім майданында түрлі перде жамылған байлар табының азаматтары еңбекшілер табына қол қоя бастады. Міне осындай себептерге байланысты еңбекшілер табының қазіргі зор мәселелерінің бірі — өзінің тап өнерін, тап мәдениетін жасау.

Әлеуметті, бұқаралықты тәрбиелеу ретінде әдебиет зор құралдың бірі. 3. Еңбекші табының әдебиетін туғызып, оны өркендеткен Октябрь төңкерісі. Өйткенмен де еңбекшілер табының өнер-білім кем болғандықтан және талай заманнан салт заңы, өнегесі үстем болып қалған, төңкеріс таянған уақыттарда жұқпалы азғындыққа шалдыққан байлар табының әдебиеті, еңбекшілер табының әдебиетін ықпалынан босатпай келді. Бұдан былай да ықпалын жүргізуге мүмкіндік бар. Міне, осындай реттер болғандықтан, еңбекшілер әдебиетінің мазмұны, дәні, идеология, мүсін ретінде де аламыш-құламыш болып жүрді. Қазірде, көбінесе, солай болып келеді. 4. Бұл күнде салмақты оймен, кең өлшеумен, шаруашылықтың жаңа саясатының тәсілдерімен әрбір ретте социал құрылысына негіз салына бастады. Ортақшыл партия қалың еңбекшілердің арасында құрғақ үндеуді қойып, тәртіпті, терең мағыналы үгіт, тәрбие жүргізуге кірісті.

Еңбекшілер әдебиетін де айқын, бір белгілі тәртіпке қоюға қажеттік туды. 5. Жалпы Кеңестер Одағының еңбекшілер жазушылар ұйымы (орысша құрастырылып айтылғанда: «ВАПП» — еңбекші таптың бір бөлімі, затшылық ережесімен ғана дүниені таниды). Жалпы мақсаты—еңбекшілер әдебиетінің бұдан былай өркендеуі үшін бір тәртіп жасау. Бұл мақсатқа жету үшін, еңбекші әдебиетшілерінің суреттеу ретінде жалпы бір ғана жобасы болу керек—дейді. Ондай жобаның айқын қияпаттануы, айқын мүсінденуі тәжірибе, іс жүзінде, идеология майданында әбден анықталмақ. Сондықтан жалпы Кеңестер Одағының еңбекші жазушылар ұйымы өзінің әрекетінің, ісінін негізіне мына төмендегі нұсқауларды тұтынады: 1. Тапты әлеуметтің, тапты қауымның көркем әдебиеті бір таптың белгілі мақсатына жету жолында қызметкер. Тап арқылы ғана, — жалпы адам баласына қызметкер. Сондықтан еңбекші халықтың құлқын, әлеуметін жасайтын, түпкі мақсатына қарай тәрбие беріп, нұсқау беретін әдебиет қана еңбекші таптың әдебиеті болып саналады. 2. Еңбекші таптың әкімшілігінің ұлғайып, нығайып, коммуна әлеуметіне бет алып бара жатқан дәуірінде еңбекші таптың әдебиеті тап әдебиеті бола тұрып, сол еңбекші таптың құлқын, санасын, сезімін тәрбиелейді. Әлеуметтің басқа табыстарын да өз ықпалына салады. Сөйтіп байлар әдебиетінің аяғының астынан ең ақырғы басқышын, ақырғы сүйенішін қағып түсіреді. 3. Еңбекші таптың әдебиеті байлар табының әдебиетіне өзін айқындап қарсы қояды. Байлар әдебиеті өзінің табымен бірге өлуге бет алып, тіршіліктен жырылып, ішкі дәнін қиялға кетумен бояйды, жеміссіз сәуегейлікке, құрғақ бақсылыққа кетумен бояйды, сыртқы мүсінді ғана мақсат қылады. Еңбекші таптың әдебиеті оған қарсы. Еңбекші таптың әдебиеті өзінің жемісінің негізіне төңкерісшіл—марксшыл дүние тануды қолданады. Жасайтын шығармасын қазіргі еңбекші таптың жасап жатқан шындығынан алады және тіршіліктің төңкерісшіл көркемдігінен алады. Еңбекші таптың өткендегі тартысынан, оның реттерінен алады. Әрине, солай болған соң, еңбекші таптың жалпы жаңа тұрмыс жасауына, әлеумет тіршілігіне белсене қатынасқан жазушы ғана еңбекші таптың жазушысы болады. 4. Әлеумет алдында еңбекшілер әдебиетінің мәнісі зорайғандықтан бұл әдебиетінің алдында қазір бір үлкен мәселе көтеріліп тұр. Ол мәселе мынау төмендегі: Еңбекші таптың тұрмысынан көбінесе кең суреттер жасау, зор маңызды, мазмұнды суреттер шығару. Жалпы Кеңестер Одағының еңбекші жазушылар ұйымы бұл мәселені орындалады деп ойлайды. Соңғы бес жылдың ішінде, еңбекшілер әдебиетінде, жазушы-ақынның өзінің ғана көңіл сезімін, кейбір сырын жазуымен қатар, әдебиет негізіне оқиғаларды салмақпен толық баяндауы, оқиғаларды театр үшін суреттеуі қосылса, ол ілгері басқандықтың белгісі. Міне, осымен қатар жазылған суреттердің мүсіндері де артық теңдікке, жабайылыққа, көркем суретшілік қуатын есепсіз жұмсайтындыққа бет алады. 5. Еңбекші тап әдебиетінің мазмұнының өзі көркем сөзге зат туғызады, өзіне өзі мүсін туғызады.

Мазмұн мүсінді туғызады, сонымен езі де сол мүсін арқылы суреттеліп шығады. 6. Қазіргі көшпелі дәуірдегі тап күресінің түрліше болуы — еңбекші таптың жазушысынан түрліше нұсқаларды қарастырып, бажайлап екшеуін күтеді. Еңбекші тап жазушысының алдына, бұл күнге шейінгі ескі әдебиет тарихының қара сөз, өлең-жыр ретінде жасаған мүсіндерін пайдалана тұру мәселесін лажсыз әкеліп қояды. Сондықтан біздің ұйым бір түрлі ғана көркем мүсіннің соқпағымен кете бермейді, құр мүсіннің сыртқы белгілеріне қарап, бұрынғы байлар әдебиетінің ағымдарынша, өзгелерден қашпайды. Әдебиет мүсіннің сыртқы белгілеріне ғана қарап жіктелуі де құрғақ қиялдықты әдебиеттің жасалу толғағына көшіру болады. 7. Бұрынғы үкімін жүргізген таптардың дәуірлеген уақыттарындағы екшеліп шыққан бір запы әдебиеттің көркем мүсіндерін, сол байлар әдебиетінің азған уақытындағы ағымдар әр түрлі бөлшек затқа жіктеп жіберді. Ол бөлшектеген заттардың бір белгі түрлерін ереже қылып салып, өзін онан да әрі уақтауын қазірге дейін қойған жоқ. Міне, байлар табының осындай әдебиет ағымдары, еңбекші тап әдебиетін өзінін ықпалына түсіріп алып кетуіне, қауіп көп. Сондықтан еңбекші жазушылар ұйымы төмендегі түрлерге қарсы: а) Жасалатын суреттің ұғынысын ауырлатып, уаққа бөлшектеген кестелі өрнекті қуғанға (иммажинизм) қарсы. Көрсетілетін бөлшектелінбей шығарылатын сурет әдебиеттің басынан ақырына шейін өсіп әлеуметшілікке тиісті мазмұнға қарай бөліп шығуын қуаттайды. ә) Сөздің өз басын ғана бөліп алса, тербеу, өлшеу күйге салып, соны ғана мақсат қылып кеткенге қарсы. Өйткенде жазушы, көбінесе, әлеуметке ешбір мәнісі жоқ сөздің өзін ғана қуалап, шығарғанын көркем жасауға тырысады (футуризм), көркем сөздің өлшеу — тербеуі көбінесе мазмұнға қарай бірге өсіп, жасалатын суретпен бірге шығуын қуаттайды. б) Байлар табының азған уақытында шыққан ауру — қиял мен ескен дыбысқа табынуға қарсы. Көркем сөздің дыбыс реті, жасалатын суретпен, өлшеу-тербеу күйімен бірге шығуын қуаттайды. Көркем сөздің тұтастығы мен көздеген мақсаты, дәл мағынасы мүмкіндігінше өсіп, өзгергенін — бәрін тұтасымен алғанда ғана көркем сөздің тарихи ең зор шыңына жетуге болады. 8. Сонымен еңбекші жазушылар ұйымының мақсаты — байлар табының әдебиетіндегідей еңбекшілер әдебиетіне аламыш-құламыш болып кірген мүсінді баптау емес, ескі әдебиет мүсіндерін іс жүзінде меңгеріп алып, жаңа ережелермен мүсіннің үлгілерін, типтерін қарастырып, бажайлау, екшеу, сөйтіп, оған еңбекші тап мазмұнын кіргізу. Бұрынғы әдебиеттің көп тәжірибесімен қазіргі еңбекшілер әдебиетін жаңа оймен сынау. Міне осының бәрі орындалғанда еңбекшілер әдебиетінің тұтас біріккен толық, жаңа мүсіні жаратылады.

1925 жыл

ҰЛТ ТЕАТРЫ ТУРАЛЫ

Жақсы болсын, жаман болсын, дүние жүзіне шыққан әрбір кітапшаға, кітапқа кедей Қазақстан сияқты елдер жалқау қарамай ықтиқаттап сәлем беру керек. «Ешбір мағынасыз сөз болмайды, ешбір мағынасыз кітап болмайды» деп Плеханов айтқан. Сол айтқандай, кітаптың жақсылығы, жамандығы өз алдына. Кітап — мәдениеттің, өнердің жемісі. Өнерлі елдің кітабы көп болады. Соның үшін Қазақстанда, Қазақ тілінде шыққан кітапшаларға ерінбей тұрып сәлем беру керек. «Алты жасар бала алыстан келсе, алпыстағы шал алдынан шығады» дейді. Сондай-ақ «алты жасар бала» тәрізді кішкене кітапша да дүние жүзіне шыға келсе, түре келіп сәлем беріп, танысып отыру міндетіміз. Ысмағұл Сәдуақасұлы жолдас «Ұлт театры туралы» деп «Еңбекші қазақ» газетіне мақалалар жазып жүрді. Ысмағұлдың бұл мақалаларындағы кейбір пікірлеріне қосылып, кейбірін теріс деп білсем де, уақытында пікірімді «Еңбекші қазақ» арқылы білдіре алмадым. Себебі, уақытымның жоқтығы және басқа да бір себептер болды. Жуырда Ысмағұлдың сол «Ұлт театры туралы» деп газетке жазған мақалаларын кітапша қылып шығарыпты. Көрген соң жаңағы айтқан шарттар жөнімен сәлем беріп, танысқаннан кейін біраз ғана сөзбен өз пікірімді айтуға тура келді. «Ұлт театры» әрине зор іс. Бұл туралы қанша сөз жазылып, қанша кітапша түгіл, бірнеше кітап жазылса да әзір Қазақстанға көптік қылмайды.

«Ұлт театры» деген зор іс болса, оны істей қою да оңай жұмыс емес. Сондықтан «Ұлт театры» жасалу жайында нұсқа, жол-жоба ретінде: «Ұлт театры» деп шығарылған, жазылған сөзге, бұл іске тым оңай, тым жеңіл қарағандықты көрсетпеу керек еді. «Ұлт театрын» ашқанда, ашу турасында Ысмағұл қазақтың ойын үйреніп жүрген кейбір жігіттерін мақтай-мақтай салады да, «ал енді ұлт театры ашылды» дегендей қылады. Мәселен, Ысмағұл былай дейді. «Қояндыда бір жігіт қоян болыпты. Қоян болғанда «бір жерге қолын, бір жерге аяғын, бір жерге басын тығып алатын, жүрісі тарп-түрп ететін қоян» емес, тіпті епті қоян болған. Үстелдің үстінде шыны аяқтар тұр екен, сол үстелге әлгі қоян болған жігіт ептеп секіріп мініп, шыны аяқтарды қозғамай, қайта секіріп түсіп кетіпті. Міне осы жігіт театрда пьеса ойнауға да жарайтын болса керек» дейді. Және «Әміре «Ағаш аяқты» айтқанда, қандай салмақты адам көрініп отырса да, еріксіз күліп жібереді. Күлдіретін Әміренің өнері, қыржиған беті, жұмылған көздері — қысқасы, Әміренің артистігі» дейді. Серке Мырқымбайды жақсы ойнады. Еуропаның қай артисінен кейін емес дейді. Қысқасы, Ысмағұл осындай мақтауларды айта салады да, «ұлт театрын» аша салады. Ысмағұлдың сөзінің маңыздысы: «Театр жұртты тәрбиелейтін мәдениеттің бір мектебі. Артистер сол мектептің оқытушылары» дейді. Мұнысы дұрыс. Бұл хат білетін кісіге белгілі. Бірақ бұған азырақ қосымша керек еді. Ол қосымшаны қоспағаны, үлкен қате қылғаны ғой деймін. Қосымша дегенім мынау: «ұлт театрына» жаңа артист болайын деп жүрген жігіттерді, «қоянша секіреді, бетін тыржитады. Еуропаның қай артисінен де кем емес» деп, басын айналдырып көпірте мақтағанша, сол мәдениет мектебі болатын театрға алған жігіттердін жақсы артист болуы үшін алдымен өздеріне театр білімін толықтыру керек екендігін түсіндіріп, «өздері оқу қажет» деу керек еді. «Басын бапан, аяғын сапан» қылмай «қоянша секіретін» артистерге шу дегеннен кеп ақша жұмсамай, текке мақтамай, оларды әрі артист, әрі үйренуші қылып, театр білімін беру үшін, театр мектебін ашып үйретуші, оқытушы артистер шақыртып, мына көп ақшаны осыған жұмсау керек еді. Осы ретпен «артистікке алынған жігіттерге үйрену керек» деген ақыл көбірек айтылса, үлкен атақтан кішкене іс пайдалы болып, өгіздің үрген тұлыбынан жас бұзау артық болатын еді. Құр «ұлт театры» деген үлкен аттан осындай «театр мектебі» болғаны кімге болса да пайдалы, жемісті болар еді. Артист боламын деп жүрген жас жігіттер де «Еуропаның қай артисінен кейін емессің» дегенге мәз болып, елікпей, жөндеп театр білімін үйреніп, өздері оқып жүріп, анда-санда жұрт алдында алған білім-тәжірибесімен ойнап жүрсе, жақсы ойнай бастар еді. Жақсы ойнай бастаған соң, театрды көруге жұрт та ынтық болар еді. Және Ысмағұл «ұлт театрына жақсы пьеса керек, жақсы пьесаға бәйге тігіп отырмыз. Бас бәйге мың сом, екіншіге бес жүз сом беріледі» дейді. Ия, бұл бәйге аз емес, Ақан серінің «Құлагері» де бір жарыста бәйгесіне мың сом алған жоқ шығар! Мұнысы былай тұрсын. Бірақ Ысмағұл қандай атқа бәйге берілетінін, қандай пьесаны «жақсы» дейтінін айтпайды. Тек айтатыны: «жалғыз-ақ айтатынымыз ұлт театрын көркейту үшін жақсы жазылған пьесалар керек». Қандай пьеса деп көрсеткендегісі, орыстың «Ревизорындай» пьеса керек дейді. Бұған қоса «орыс жазушылары, «Пугачевщинаны» жазса, біз неге Кенесарыны жазбаймыз» — дейді. Бұл айтуына қарағанда бәйге алатын жақсы пьесалар «Ревизор» сияқты, Кенесары тәрізді батырларды суреттейтін ғана пьесалар керек қой... Білмейтін сыр жоқ, біздің пьеса жазатындарымыздың көбі Коммунист партиясынан тыс оқығандар. Коммунист партиясынан жай ғана тыс оқығандар емес, көбінесе Коммунист партиясын онша тәуір көре қоймайтын оқығандар. Кімді тәуір көретін оқығандар?.. Кенесарыны тәуір көретін советтің «комиссарларының», «Ревизорларының» ізін андып, түймедей қатесін түйедей қылып келтіретін оқығандар.

Ал енді, Кенесары мен «Ревизорды» қандай жазушылар «жақсы» жазады? Әрине, «Ревизордың» қазір кім ізін андып жүрсе, сол оны жақсырақ жазады, Кенесарыны кім тәуір көріп, оған сүйсініп, кім оны жоқтап, сағынып көбірек іздесе, сол оны «жақсылап» жазады. Бұлай болғанда, менің ойымша, бәйгені кім алатынын аттарды айдамай-ақ тұрғанда шамалауға болады. Менің ойымша, бұл Ысмағұлдың үлкен қатесі. Ұлт театрына арнап пьеса жазу керек деп пікірін Халықтың алдына салғанда, ең алдымен, қазақ еңбекшілерінің тұрмысынан, төңкеріс тартысының түрлі оқиғаларынан мүсіндеп жазылған пьесалар қадірлі болады, осындай пьесалар маңызды болады деп жазу керек еді. Мұны айтқанда, әрине, Кенесары мен «Ревизорды» жазбау керек деп отырғаным жоқ. Жазу керек: Бірақ «Қарақшы» ондай болмау керек. Қарақшы дұрыс бөліну керек. «Ұлт театрына» ең алдымен қадірлі пьесалар әлгі айтқандай «төңкеріс тартысынан, қазақ еңбекшілерінің тұрмысынан» жазылған жақсы пьесалар дегенде, аз-маз қаламының желі бар қазақтың коммунистері, комсомолдары пьеса жазбай қалмас еді. Атын қамшылар еді. Жарысқа кірмей қалуға арланар еді. Мұндай бетті көрсетпегені, мұндай жөн сілтеп, бәйгеге, мұндай қарақшы тікпегені үлкен қате болды. Мәселен, кейбір тұяғының желі бар жазушылар, Кенесары мен «Ревизорды» Ысмағұл айтқандай «жақсылап» жаза алмайтын болған соң, бәйгеге кірмей қалды. Және Ысмағұл «Ұлт театры туралы» деп жазғанында, менің «Қызыл сұңқарлар» мен «Бақыт жолына» деген пьесаларыма өзінше баға кеседі... Әрине әркім әр нәрсеге өз базарының нарқымен баға беруге ерікті ғой. Біреу ақшасын қызыл алмаға береді, біреу шикіл алмаға береді... Ысмағұлдың «Сәкен жазғандарын түзете берсін» деген ақылын рақмет айтып қарсы аламын. Бірақ бір алмайтын жерім Ысмағұлдың «сөз шеберлігін Абай мен Мағжаннан үйрен» деген ақылын тұтас ала алмаймын. Үйренуден қашпаймын. Бірақ дұрыс үйретушілерден үйренерміз деймін. Абайды былай қоя тұрайын, әрине кей ретте Абайдан үйрену дұрыс. Мағжанның үйренген молдалары осы күні Кеңес үкіметінен қашып, Еуропада тентіреп жүрген Бальмонт, Мережковский, Сағит Ремиев және олардың бабасы Соловьев сияқтылар болғандықтан, мен үйренсем бұлардан емес, басқа молдалардан үйренермін. Мағжандар үйретуші болса, Мағжан медресесінің зор үйретушілері Бөкейханов пен Шоқаевтар ғой. Мағжан «шебер сөздің» молдасы болса, Бөкейханов пен Шоқаев шебер саясаттың молдалары ғой... Бұлай болса, «шебер саясатты» осылардан үйрену керек болады ғой.

Осылай болған соң, бұлардың медресесінен мен сірә оқи алмайтын шығармын... «Ақсақ сауысқанша Париждің ат қорасының төбесінде Шоқаевтар қанша шоқандап, шоқайып отырып шықылдаса да, ешкімге үйренерлік өздерінде ештеңе жоқ». «Ұлт театры туралы» Ысмағұл болса да, басқалар болса да жаза бергені жақсы. Бұл туралы қандай пікірлер болса да әлеумет алдына түсе беруі керек. Бірақ менің ойымша, «ұлт театры туралы» бәйге қарақшысын жөндеп, анық белгілеп тігу керек. «Осындай қарақшыға» жеткен аттар ғана ең бірінші бәйгені ала алады деп айқын көрсету керек. Әйтпесе тек шауып келген аттың озғанына бәйге бере бермеу керек. Және ұлт театрына жақсы пьесалар жазу үшін «сөз шеберлігін үйренуге дұрыс оқытушыларды «молдаларды» көрсету керек, тіпті театрға қатынасы жоқ оның бер жағында совет театрына ағайындығы жоқ Мағжан сияқтылардан үйрен деп, айта бермеу керек.

Театрдың үйретушісі, нұсқаушысы еңбекші тап, «қарақшы» да сол.
1926 жылы

ШОЛПАН ӨЛДІ

Шолпан өлді... Октябрь таңы атқаннан кейін ояна бастаған қазақ қыздарынан шыққан жана талап, жас ақын Шолпан 1926 жылдың 28-сентябрінде жоқ болды. Аймақтық партия комитетінің әйел бөлімі шығаратын «Әйел тендігі» журналының 5 — 6 номерінде Шолпанның қысқаша кім екені айтылып, суреті басылды. Шолпанды қазақ оқушылары біле бастаған еді. Шолпан қазақ қыздарынан шыққан бірінші ақын еді. Кедей табының ақыны еді. Шолпан жыл құсы еді, жаңа гүлдеген қызғалдақ еді. Өсіп жетпей тез солды. Көктей солды. Шолпанның жасы жиырма үште еді. Әке-шешесі Ақмола уезінің Нұрбай болысының қазағы. Кедей, нашар адамдар. Шолпанды 1918 жылы қазақ әдетімен Ал доңғар баласы Бөкей дегенге берген. Бөкей сүймеген адамы болғандықтан Шолпан совет заңының арқасында босанып шыққан, содан оқу іздеген. Ақмолада 1923 жылы коммуна мектебінде тәрбиеленуші болған. 1924 жылы Орынборға келіп, әйелдер мектебінде оқыған. Шолпанның өлеңі ең бірінші рет 1923 жылы «Еңбекші қазаққа» басылып шықты. Сонда-ақ ақын екені көріне қалған еді. Жыл сайын өлең кестесін әдемілеп келе жатыр еді. Не керек, көк шыбық жетпей қиылды! Шолпан 1923 — 1926 жылғы жазған өлең жинақтарын өлер алдында маған жіберіпті. Жазған хатында: «Өте нашарладым. Доктордың «елесін» деген күні жетіп қалды. Қош болыңыз! Шолпан батты деп есептерсіз... Өлімге берілген қарындасың Шолпан» депті.

Айтқандай кешікпей Шолпан өлді...
Сөзінің басында:
Үлгілі сөз,
Бола ма кез

Оқып, біліп жазбаса.
Алтын мен жез
Алынбас тез,
Еңбектеніп қазбаса.

Тіліңнен шығар,
Басқалар ұғар,
Көңілдің шерін қозғаса, -
депті.

Сүйдеген Шолпан еңбек жолында өлді. Қазақтың кедей әйелдерінің көңіл шерін жырлауға аласұрып ізденген Шолпан жетпей жоқ болды.

Қош, қарындас! Қош, жолдас!
1926 жыл

«ШАШ ҚЫРҚУ» ТУРАЛЫ

(Түсінік ретінде) «Еңбекші Қазақтың» 19-ноябрьде шыққан 457 номерінде менің «Совпарттағы қарындасыма (Гүлбарамға)» деген өлеңім басылды. Оны оқыған жұртқа өлеңнің қандай мәңді екенін бұл арада тағы да айтып өтудің қажеті жоқ.

Өлеңнің соңында басқарма өлеңдегі айтылған пікір туралы өз пікірін жазыпты. Менің ойымша, басқарма өлеңнің ішіндегі пікірін, мәнін ауа түсінген тәрізді. Қателеу түсінген тәрізді. Басқарма айтады: «Сәкеннің өзгелері дұрыс, Бірақ шашынды «не қылса да» ұзын қыл, үйтпесең «діннен» шығарсың». «Ел үркеді» дегеніне қол қоймаймыз. «Шашынды шұбалтып жүрсең ғана көркейесің деген пікір коммунистер салтында жоқ. Біреу ұзын шашты жаратады. Біреу қысқа шашты жаратады. Бұл әркімнің өз тілеуінше болатын нәрсе ғой. Шаш ұзын, не қысқа болсын деп заңдауға болмайды — мұны коммунист ақынымыз да ескеру керек еді» дейді. Өлеңнің негізгі пікірін басқарма қатерек түсінген тәрізді. Әрине, мен «шашынды қырықпасаң ғана дұрыс болғаның» деген пікірді айтпаймын. Гәп тек шашта ғана деп отырғаным жоқ. «Құр сыртыңды ғана өзгертіп, өнер-білімнен бос қалып жүрме» деген пікірді айтам.

Жаңармасын демеймін
Сыртқы көрнек түріңді.
Жаңарт, Бірақ бірдей қыл
Сырт пен ішкі сырыңды —

деген сөз түсінікті емес пе?

Өлеңге оқушылар қате түсініп жүрмесін. «Шаштың оралып, аш белге бұралып, тоқпақтай болып түсіп жатуы» көркейтеді деп кесіп-пішу жарамайды дегеміз!»

1926 жыл Газет редакциясы осыған мынадай ескерту жасапты: «Сәкеннің сыртыңды өзгертіп әуреленбе, өнер-білімнен бос қалма дегеніне дені дұрыс кісі қарсы болмас. Мұнысына басқарма түгелімен қосылады. Бірақ, біздің оқушыларға ескерткеніміз Сәкеннің:

Қырғауылды көркейткен
Батсайы жүн өрнегі.
Көркейтпей ме сені де
Жібек шашың оралған,

Түскен асыл тоқпақтай,
Аш беліңнен бұралған... —
дегені ғой!

БЕТАШАР

«Алтыбасарды» 1924 жылы Оқу комиссариатының жанындағы Білім кеңесі қарап, жақсылап бағалаған екен. Білім кеңесінің жақсылаған сынын алған соң «Алтыбасарды» кітап қылып шығаруға Мемлекет баспасы алады екен. Машинкеге түсуге кезегін күтіп жатып «Алтыбасар» жоғалады. Жазушысы Сабыр Шәріпұлы алыста (Ембінепте) болғандықтан «Алтыбасардың» іздеушісі болмай, жоғалған бойымен аяқсып қалады екен. Биыл 1925 жылдың ақырғы күнінде Ембінептен Қызылордаға Сабыр келіп «Алтыбасарды» зерттеп, баспадағысы дерексіз кеткен, бұрынғы «Қызыл Қазақстан» журналының номерлерінде басылғандарын жинауды маған тапсырып кеткен еді. Мен «Алтыбасардың» журнал номерлерінен құрастырып, аздап жөндеп, қайта көшіріп, Мемлекет баспасына тапсырдым. «Алтыбасар» қазақ тұрмысынан жазылған әңгімелердің ішінде шебер жазылған кітап. Қазақ тұрмысынан, қазақ-крестьян тіршілігінен нұсқа, үлгі, мысал боларлық кітап. Тілі таза, түсінікті, сез қалаулары әдемі. Суреттері айқын, толық. Бояулары ашық. Жазушының қазақ тұрмысын жақсы білетіндігі анық көрінеді.

«Алтыбасардың» өзінше мақтауға сиятындығын оқушының өзі де көрер. Бұл күнге шейін Қазақтың шаруашылығын, тіршілігін суреттеген кітап жоқ еді. Бұл ретте «Алтыбасар» бірінші кітап.

1926 жыл, 16-март.
Қызылорда

ЕЛ АҚЫНДАРЫНЫҢ АЙТЫСЫ

І

Бұл айтыс өткен дәуірдің ақындарының ақындық түрін көрсетеді. Және сол дәуір адамдарының толық санасының қандай екенін көрсетеді. Тіршіліктің, тұрмыстың өзгеруімен ақындардың ақындық түрі де өзгереді. Құлық-санасы да өзгереді. Бұл екі ақын әрқайсысы өз елін мақтап, бірінің елін бірі жамандайды. Жамандауы да, мақтауы да өздерінің замандарына, дәуірлеріне үйлеседі. Қазіргі дәуірдің ел ақындары осыларша айтысса, жамандап, мақтайтын заттары басқаша болады. Ол дәуірдің ақындарының, мәселен, осы айтысқан Құлмамбет пен Майкөттің мақтан қылған нәрселерінің кейбіреулерін қазіргі ел ақындары мақтан қылмауы мүмкін. Мәселен: «жарты Мекке деуші еді жерімді, Әзірет Сұлтан белімді, үш пайғамбар туған жер, кіндік кірін жуған жер» деп мақтануды, ауылдың қазіргі оқымаған ақындарының өзі мақтаншылық қылмайды және ол дәуірдің ақындары жамандайтын заттардың кейбіреулерін қазіргі ел ақындары жамандамауы мүмкін. Мәселен, осы айтыстағы: «егін саласың, қыздарың малдың боғын жинайды...» деп жамандаған тәрізді өлеңдерді қазіргі ауылдың оқымаған, шала оқыған надан ақындарының өзі айтпайды. Бұл тіршіліктің, тарихтың заңы. Өткен дәуірлерде Құлмамбет пен Майкөт шыққан жерлерден қазірде шыққан ақындар бар.

Мәселен: тама — Мұсаев Байтілеуұлы, Үйсік Қарақожа, тама — Мизанбай. Бұлар да тап сол Құлмамбет пен Майкөттің шыққан аудандарынан осы үстіміздегі дәуірде шыққан ақындар. Және бұлардың да тап сол Құлмамбет пен Майкөт тәрізді қазіргі бірінің елін бірі жамандап, әрқайсысы өз елдерін мақтап айтысқандары бар. Бұлардың айтысқандары да қазір менің қолымда. Екі дәуірдің ақындарының бір ел, бір жер туралы өзді-өздерінің айтысқандарын салыстырып қарағанда — жоғарғы менің айтқанымды дәлелдейді.

Біз де оны жұрттың алдына тартамыз.

ҚҰЛМАМБЕТ, МАЙКӨТ АҚЫНДАРДЫҢ АЙТЫСҚАНЫ

Құлмамбет
...Тоқтатшы, Майкөт, сөзіңді,
Ояйын сенің көзіңді.
Мен де айтайын кеміңді,

Басайын сенің деміңді,
Жамандама елімді,
Неге мақтай бересің,
Ақымақ шіркін, еліңді.

Мен де барып көргемін,
Қаратау деген жерінді.
Қаратаудың қазағы
Арылмаған азабы,

Ертеменен тұрысқан,
Шалғынмен белін буысқан,
Жауырыны құрысқан,
Шеке тамыры тырысқан.

Бидайығын егін деп,
Орып алып тегін деп,
Қалдырмай масақ тердік деп,
Балалардың ырзығын

От басынан бердің деп,
Жауырыны құрысқан.
Аспандағы торғаймен,
Кесек атып ұрысқан.

Бір-бір атын желдіктеп,
Өзі келген қатыннан
«Көкбөрі сұрай келдік» деп,
Ол Көкбөріні бермесе,

— Қазамыз жетіп өлдік, — деп,

— Ана ауылға бардық, — деп,

Жүкті қатын бар үйден,
Жаңа бір серкеш алдық деп,
Ол серкешті ап қашып,
Мына ауылға әкеп салдық» — дегі,

Көкбөріні сөйтіп алады,
Аударыла шабады,
Көк шапанның етегі
Аттың сауырын жабады.

Аты ұшқыры Көкбөріні ап,
Шабаны артта қалады.
Олар да қуып жетпек боп,
Атына қамшы салады.

Қызын кұдай ұрғаны, -
Қатынша шашын бұрғаны.
Ертеменен дедектеп,
Тышқан малдың көтіне

Етегін тосып тұрғаны,
Қатының құдай ұрғаны,
Зере менен сырғаны —
Қыздарынша тағам деп

Құлақ мұрнын жырғаны.
Еркегін құдай ұрғаны,
Бұзықтық ылғи қылғаны,
Бозаға тойып мас болса,

Көңілі сонда тынғаны.
Көзінің алды іріндеп,
Адамның түсі жоқ,
Айтасың жалған «пірім» деп,

Құдаймен, пірмен ісін жоқ.
Тамының артын шөмейткен,
Нан мен етін көбейткен.
Қаса кедей болмаса,

Еліңнің байы неге өйткен?
Адамыңның түсі жоқ.
Құдайға жағар ісі жоқ.
Қозы жауырын, қурай бұт,

Алыса кетсе күші жоқ.
Қатыны семіз, ері арық.
Өмірі өтер шер жарып.
Несін мұның мақтайсың,

Қуарған топырақ жері арық
Көкектен басқа құсы жоқ.
Көкбектен басқа шөбі жоқ,
Қымыз ішіп уыздай

Толықсып жатқан кісі жоқ.
Майкөт:
Құлан аяқ Құлмамбет!
Төбеңнен ұрсын құдірет,

Көктен ұрсын әзірет.
Жамандама елімді —
Мен де айтайын кемінді.
Жарты Мекке дейді екен.

Әзірет Сұлтан жерімді.
Меккелігін айтайын:
Үш пайғамбар туылған.
Кіндік қаны жуылған.

Құрулы тұрған қазаны,
Айтулы тұрған азаны.
Сексен сегіз мық Шадияр,
Тоқсан тоғыз мың машайық,

Жүз жиырма мың пайғамбар —
Отан қылған жер еді.
Құлан аяқ, Құлмамбет!
Албан да Суан екі атаң,

Қай жерде қалған мазары?
Аса, Талас — екі өзен
Ат бауырынан саз болған,
Үйрек ұшып, қаз қонған,

Балдырғанды жегенде,
Баланың көңілі мәз болған.
Ей, ант ұрған Құлмамбет,
Ақылын неден аз болған!

Қаратауды сұрасаң –
Алмасы бар аяқтай,
Жуасы бар таяқтай,
Балдырғаны білектей,

Өрігі бар жүректей.
Бәріңді де бақпай ма, —
Бір қырманым жүдетпей?
Жау жұмыры құмандай,

Жесе, көңіл тынғандай, —
Аталы жерді жамандап —
Неден де болдың қу маңдай?!

ІІ

«Жаңа мектеп» журналының 4-ші номерінде Майкөт ақын мен Құлмамбет ақынның айтысқанын жазып едік, бұл екі ақын өткен дәуірдің ақындары еді. Айтысқанда екеуі: бірінің елін бірі жамандаған, әрқайсысы өз елін мақтаған. Осы күнде де ел арасында ақындардың айтысы бар. Мәселен, сол Майкөт ақын мен Құлмамбеттердің елдерінің қазіргі ақындары да айтысып жүр. Бұлардың да әрқайсысы өз елдерін мақтайды. Бұл екі дәуірдің ақындарының айтыстарын салыстырып қарасаңыз, сөздерінде едәуір айырма бар. Тұрмыс тоқтаусыз қозғалып, өзгере бермек. Тұрмыспен бірге адамның да құлқы, салт-санасы өзгере бермек. Бір ел, бір жер туралы екі дәуірдің ақындарының айтысқандарын салыстырып қарасаңыз, сол тұрмыстың өзгеруімен бірге адамның құлық, салт-санасының өзгергенін айқын көресіз. Міне, Құлмамбет пен Майкөт ақындардың кейінгі інілері Мұсаев ақын мен Қарақожа ақынның айтысқандарын оқушының алдына тарттым.

ҮЙСІН ҚАРАҚОЖА АҚЫННЫҢ АРҒЫНҒА, ТАМАҒА ТИІП АЙТҚАН ӨЛЕҢІ
Хат жаздым Кіші жүздің жорғасына,
Тілі епті, қолы жүйрік молдасына,
Халқына ығламнама қып берсеңіз —

Қағаздың көзінді сан формасына.
Бір жерде отырасың жиырма үйден,
Көн шоқай, шолақ қылып киім киген.
Қайтпайсың аман-есен ендігі жыл

Жеріңе мекен қылып биыл келген.
Тұз тасып, күз келген соң түйе тізіп,
Бейнетқор ел екенсің тиын көрі ең.
Төрт адам бір серкешке жан береді.

Қоймайсың мал табылса, қиын жер деп.
Сенбейсің жар бермесе, ауыз сөзге,
Шыға ма мұндай өрнек сиымды елден.
Түйеге мінесіздер кіре беріп,

Орысша ноқы дейсің түре келіп;
Көзтүрткі көрінгенге болыпсыздар,
Бағытсыз өз бетімен жүре беріп.
Қалады үйде жесір қатындарың,

Бүлінер астық іздеп жақындарың,
Көкпарға зат шабамын атым терлеп,
Ат арық, айтып па едің жылқы бер деп,
Әр үйдің бір-бір арғын малайы бар,

Қолым бос көкпарымды қылам ермек.
Бозбала, қыз жиырма-отыз көкпар шапқан
Басынан атамыздан қалған өрнек.
Көкпары әлі шері оның еді,

Қай пенде көкпар шаппай қойып еді.
Қаратау қашаннан-ақ ата пірің,
Шұбырған аш-арығың тойып еді.
Шеркештей жұттан қалған қотыр арғын,

Кетті ме қағысуға ойың енді,
Арғынды біз айтамыз жауынгер деп,
Далаға — үйсін қорқақ, ауылға — ер деп,
Ебі бар мал табатын іні екенсің,

Сонда да барған жоқпыз сауын бер деп.
Арқаның сары қымыз, етін тастап,
Мұнда кеп қылдыңыздар қауынды ермек.
Жығылған күледі деген сүрінгенге,

Безесің ұрлық десе піріңнен де.
Арғыным, батырлығың қайда кетті,
Сабаңыз жыңғылды алып ілінгенде.
Көлеңдер адам өліп ас бергенде,

Нан салып, малын сойып, бас бергенге.
Кез келіп тоқ уақытта күлкі қыпсың,
Жеуші едің әр нәрсені аш келгенде.
Қонақпен мін тағыпсың ботқасына-ай,

Көңілін осы сөзбен тоқтасын-ай,
Арқадан қонақ іздеп «Мерке» кетіп,
Апты айсыз көрмеуші едің от басын-ай,
Сондағы іздегенің тары қонақ,

Сандалып жүруші едің coған бола-ақ.
Өзіңе келер сөзді ойламайсың,
Кіші жүз басынан-ақ ісің олақ.
Арпаны кезіп жүріп тары алушы ең;

Тұзыңды екі беріп жары алушы ең;
Қайнатқан қонақ кезе бір үй көрсең,
Қарғадай қызыл көрген уәде алушы ең.
Қаспағымен тұрады қазандарың,

Сұғады қолын жумай адамдарың.
Қақпақ жоқ, қазанында есік ашық,
Сорпаның ит ішеді қалғандарың.
Бер дейсің ертеңіне сорпаны алып,

Ішесің төртеу ара ортаға алып.
Қып-қызыл жүн-жұрқамен толтырасың,
Ит ішіп қалса-дағы орталанып.
Қыл түгіл жібересің жүнді жұтып,

Аяқты аш ішпейсің таза тұтып.
Жалғанның күпірлікпен сөзіне еріп,
Шариғат қақтың ісін кетпе ұмытып,
Жастықтан көгересің бастарыңды,

Орысша жалбыратып шаштарыңды.
Айырмай адал менен арам асты,
Бекерше өткізбеңіз жастарыңды.
Үш жүздің қатар жатқан баласымыз,

Біріккен арылған жоқ аласымыз.
Арғынның ақуалынан сөз жазалық.
Даналар сынға салып, қарасаңыз.
Ат қойды Ұлы жүз деп біздің жұртқа,

Орта жүз күншығыста, жатыр сыртта,
Баласы Кіші жүздің алып жүгін,
Кем емес қатарынан мал байлыққа.
Ел едік алып жегі жеті болыс,

Шу қыстан, Арқа жайлап, алдың қоныс.
Кешегі Николайдың заманында,
Бұл елге қатынаушы ең еміс-еміс.
Қамшың қалса жылқы алдың барымтаға,

Адыралық көп болады осындай іс.
Барымтасы бір жылқының мыңға барды,
Найманмен жүгі де жоқ бітім тыныс.
АРҚАЛЫҚ АРҒЫН ІШІНДЕГІ ТАМА МҰСАЕВ АҚЫННЫҢ АЙТҚАНЫ

Үйсіннің ақынына жаздым хатты,
Жалғаннан жазған сөзін жаман батты.
Жалғаншылық табиғат шала-пая
Жаламенен жапсырдың жаман атты.

Егерде шын сөзді жазған болсаң,
Болар ед тыңдағанға сөзің тәтті.
Шын айтқанда шеніме келмес едің,
Өтірік жала сөзің қалжыратты.

Тапсаң сөздің негізін жазбайсың ба?
Баладай осының не, бұтты-шатты.
Ошақты Ұлы жүзбін демей-ақ қой.
Айтпасаң қара тауда көп дулатты.

Арғынның ақсақалы дулаттан кеп,
Жайынан Шежіренің сөз сұрапты.
«Бірнеме бірнемеден» деп айтыпты
Ошақты үй ішімен екі тапты»

Көп жерде ат та болған, ас та болған,
Әбиір ақша отауын, тама жапты.
Арғынның ас бересін ресім қылып,
Бұл күнде талай үйсін үлгі апты.

Топшыңды бір қаққаннан қиратар ем,
Көңіл алаң болып жүрмін екі жақты.
Әдеппен байқап сөзді бір айтпайсың.
Баладай ұрсамын ба сен ақымақты,

Баласың өзің де уақ, сөзің де уақ
Әдегі надан сөзді уақ қылмақ:
Өтірік шағып-шағып сөз айтасың,
Осынша жетісесің неден тым-ақ.

Шыбындай желге қарап елірдің бе?
Әшейін боп тұрғанға бір күн шуақ,
Арғындар төртеу ара сорпа ішед деп,
Біреуінен біреуі қарыз сұрап.

Осы әдет тап сендерде болған әдет,
Азырақ ойлансайшы үйсін шырақ.
Мәнісін төрт қасықтың таратайын,
Сырттағы сыншыларым, салшы құлақ.

Көзге түртіп, көзіне көрсетейін,
Кетсе де ашулаңдым аспан құлап.
Ілгері ол Ақмола қаласы еді,
Елі Орта жүз, Кіші жүз баласы еді.

Мың-мыңнан жылқы айдаған, жал шайнаған,
Жұмысы сен көрмеген тамаша еді.
Дәм жемеген ет пенен майдан басқа,
Сусынына қымыз бен шайдан басқа;

Байларға қонақ келіп қонар болса,
Құлын менен соймаған тайдан басқа.
Солардың алды отыздан союшы еді,
Тұздамай, көптігінен қоюшы еді,

Маяда бірен-саран Үйсін барса,
Құлыңды қой орнына союшы еді.
Көже мен қарнын созған кең бүйендер,
Бір табақ ет жеген соң қоюшы еді.

Көкейін көже тескен кейбіреуі,
Бір асам май жей алмай қоюшы еді.
Арғынның осы қылған ірілігі,
Таласта үйсін кезін оюшы еді.

Орта жүз біз қоңсылас елде жатқан,
Етіне нан салмаушы ед тәңір атқан.
Коңсылас болғаннан соң үйсіндермен,
Тама да нан мен етін қамырлатқан.

Етін жеп болғаннан соң бір тостаған,
Сорпаны ауыз тиген бір үйлі жан;
Егерде осыларым бекер болса,
Сұраңыз Ұлы жүзде қариядан.

Үштен артық ұрттамас арам астай,
Қарын созу көңілге жарамастай.
Сіздердей бір аяғын ішпеуші еді,
Тамаққа бұдан былай қарамастай.

Сұрашы біздің елді көрінгеннен,
Сен байғұс білмеген соң араласпай.
Тамалар төртеу ара сорпа ішед деп
Өтірік айтып қалай қара басты-ай.

Қасықпен ішу де әдет біздерде жоқ,
Сөзінің бәрі жатыр шамаласпай.
Сен депсің шара алдында төртеу ара,
Сорпа ма, я көже ме қасық дара.

Арғындар өн мен түстей түсінбей жүр,
Бозадан салқын жоқ па? ей, бейшара.
Сіздерден төртеу ара үйренген бе?
Болмаса, бірде жарым қоңсы тама,

Барғанға сондай сұмдық үйреттің-ау,
Тағдырдың жазуына бар ма шара.
Ақиқат бұл жазғаным сөздің шыны,
Аштықтан кеткенінде адам сұры.

Бір қазан су ішеді тобықтай ет,
Азырақ бұзылыпты судың түрі.
Сорпа деп екі аяқтан ішкен үйсін
Көріп ем уалла-ығлам, жылан жылы,

Есіңнен кетпей соны айтқансың ғой,
Болмаса мастығыңның бұ да бірі.
Арғындар етті азғантай асад депсің,
Сөзіңнің бәрі порас құрдан құры,

Шын жазса өлең де үлгі болар,
Отказать қора қожа жазған жыры.
Айтыпсың мекенің мен жерің жоқ деп,
Етексіз киімі ұзын елің жоқ деп,

Түлкібай Құрағалы-ақ жолдарында,
Шошайтқан сексеуілмен көрің жоқ деп.
Арқаның сен көрмеген саздары бар,
Қаңқылдап үйрек өткен қаздары бар.

Тоңатын суық та емес, ыстық та емес,
Жәннаттың саясындай жаздары бар.
Күмбез қып неше жерден айшық қылған,
Әр таптың қорым қылған мазары бар.

Қаңғырып сондай жанды бір көретін.
Әруаққа тілі тиген жазалылар.
Көшемен біздерде жоқ, жолда қалған,
Шуда өліп мазар болған қазалылар.

Осы да жеңілетін жерің еді,
Қайда өліп, қайда қалмас aжaлдылap.
Шуым да артық арқасыз «Таласыңнан»,
Сөзің қой! Көтіңді қыс тамасынған

Көрпеңді аяғыңа шақтап көсіл,
Пайда ілінбес құр бекер таласыңнан.
Істесек «шу» таластан кем болмайды,
Шуменен ешбір жерің тең болмайды,

Жаз бойы күнге күйіп, торғай қуып,
Отыз пұт бидай алсаң үнем болмайды.

ҮЙСІН ҚАРАҚОЖА

Тентекті көп сүйейді адамдарың.
Сонан соң көтерілді надандарың
Біріңді бірің келіп шауып алдың,
Олардың ойламастан обалдарын.

Егін салып, етін жеп жатуына.
Паналы суы бар жер таба алмадың.
Ақыры әрбір жерге тез-тез болып
Әрқайсың әр туысқанды сағаладың,

Көшіп кеп араластың арамызға,
Қарыны кесірінен нанға тоймай,
Жеткіздің қанша запал баламызға.
Арғындар сәске болмай оянбайды.

Ішеді судан кейін жасап шайды.
Кесесі кісі басы жетпей қалса,
Басқаға жан-жағында бұрылмайды.
Тұрады сорпа көрсе ішкісі кеп,

Нәжістен жиренбейді құсқысы кеп;
Байлаулы бір ауылда ат көрінсе,
Келеді желе андап түскісі кеп.
Келе сала түседі кідірмейді.

Ентелеңдеп келеді жүгірмейді.
Екеу ара бір аяқ сорпа берсе,
Мен ішейін саған да берер дейді.
Баруға жақын жерде базары жоқ,

Мешіт пен айтылулы азаны жоқ.
Қайда болса қалады сол арада,
Белгілі біздің жұрттай мазары жоқ.
Айтайын Ұлы жүзден кем жерінді,

Дінге сұст, шариғатқа кем жерінді,
Иман айтып көмбейсің жаназалап,
Осқырып қорасаннан өлгеніңді.

TAMA МҰСАЕВ

Келеміз мал семіртіп Арқа жайлап,
Қыламыз бір ай қызмет атан сайлап.
Көпірден олай-былай өткен кезде
Тұрасың соқса екен деп я құдайлап.

Біз де өзіндей шаршайтын адам ек деп,
Шәріге барсаң жекелер ала кет деп.
Бір қап тары, бірер қап қонағым бар
Түйеңе құдай үшін сала кет деп.

Бәріміз қазақ деген салтымыз бар,
Санасақ алты миллион халқымыз бар.
Әр жерде облысқа бөлінгенде,
Аспаннан жердей бөлек парқымыз бар.

Орынбор, Омбы, Семей әр орында
Қазақтың шын негізі біз порымда.
Сөз, тамақ, киім, әдет, мінез, құлық,
Отырыс, тұрыс, әлім дін жолында.

Үкімет деп айтады қазақ халқы,
Жалпақ тілмен сөйле деп бәрің жалпы,
Әрқайсың өз тілінде сөйлесіңдер,
Кетпесін өзбек, ноғай болып қалпы.

Кіші жүз, Алшын тама атам еді.
Нұра, Есіл, Сарысу отан еді.
Қыс болса Шуды қыстап, Арқа жайлап,
Ежелден ата қоныс мекен еді.

Кешегі Абылайдың заманында
Бір шеті үйсін тарап жатар еді.
Білесің өздерің де ежелден-ақ
Он есе қысы сізден қатаң еді,

Муапық ауасына киім кимек,
Кітапта осы сөзде мақал еді.
Кен қоныш, киіз байпақ, түлкі тымақ
Кимесе үсінуге шатақ еді.

Егерде бұл киіммен Үйсін барса,
Бір жерде боғыменен қатар еді.
Ғайры дін мағри мағрифатлы Халықтар көп,
Арамза надандықта жер менен көк.

Бұлардың бәрін болжар адам болсаң,
Айтпас ең сен киімді сен солай деп.
Үлкен-ақ жүдететін мінді айтыпсың,
Онымен қоймай тағы мінді айтыпсың.

Құшыр, қыраш, зекет деп алдап алар,
Там салған мешіт қылып жынды айтыпсың.
Таласта молдалар көп алдап жүрген
Тәңірге жазып жанын жалдап жүрген.

Мешітке зекет қыраш беріңдер деп,
Хайыздап арамырақ молда aп жүрген.
Сыншылар бұған құлақ салып тыңдар,
Соғым деген бір әдет халықтың бар.

Әркімдер өздерінің барын сойса,
Біреуінен біреуі арық шығар.
Сендей көп қонақ көже сене тұғын,
Қатықсыз ақ ішуге көнетұғын.

Қатықсыз көп ішем деп кейбіреуі
Көктемде көзі іріңдеп өлетұғын.
Мықтағаны соғымға соямын деп
Кәрі ешкіге қауынды беретұғын.

Хабарланбай қалсын деп ана ауылдар,
Бауыздау қанын жерге көметұғын.
Біреуің өтірік деп айтыңдаршы
Көз жоқ па? Біз бұларды көретұғын.

1926 жыл

МҮСІРЕП БИ

ІІІ

Қостанай уезіне қараған елдер ішінде атақты Мүсіреп би деген тақпақшы кісі болыпты. Қостанайға қараған керейлердің бірсыпыра мырзалары Қостанай базарына мал айдап бара жатып Мүсіреп бидің аулының тұсына қос тігіп жатыпты. Күн жаңбыр болса керек. Мүсіреп бидің атын естісе де, қалашы мырзалар жүзін көрмеген екен. Мүсіреп би үстінде жаман күпісі бар, басында жаман тымағы бар мырзалардың қосына келіп, сәлем беріп «қос малды-ақ!» деп кіріп келіп отырады.

Мырзалар: «Қай ел боласыз?» дейді.
Мүсіреп би: «Арғын боламыз» дейді.

Мырзалар: «Е, Арғын ағаның баласы еді» деп дастарқанда жатқан құйқасы желініп мүжілген, қойдың қу басын Мүсірептің алдына қойып «Басқа бата қылыңыз» деп келемеж қылып, өздері шай іше береді.

Сондағы Мүсіреп бидің бөгелместен берген батасы:
Тілесең бата арғыннан,
Ықыласыңмен тілесең,
Сиырың өссін тарғылдан

Жылқың өссін сарғылдан.
Келемежге тілесең,
Өмірің өтсін зарығудан.
Адаспас сапар жөндікі,

Таусылмас дұға кендікі.
Атам арғын — халық ағасы,
Тамам Алаш жиналса,
Қадірлі орын менікі.

Ниетім қалыс, көңілім ақ,
Келемеж-мазақ сенікі,
Қостарыңа келіп ем,
Сыртыма келіп қонған соң,

Бейбастақ надан мазақшыл,
Ниеті жаман болған соң.
Адамды адам көрмеген,
Адамша дәм бермеген,

Көргенсіз өскен мырзалар
Былшылдарың ненікі?..
Дәм айдай келдім қосыңа,
Көрсеткен сиын, осы ма?

Сенен көрген сиымды,
Арғын, найман бас қосса
Айтармын талай досыма.
Сұрамасаң да айтайын, —

Менің атым Мүсіреп,
Қылсаңдар ізет болмай ма.
Келген соң қосқа тусырып?
Шабылсын деп келмеп ем.

Ет асып, шай ішіріп.
Мезірет қылсаң болмай ма?
Адамға адам кішіріп?..
Ақ батамды бермес пе ем,

Дұғамды қарсы түсіріп?..
Азғантай күн атқа мініп
Бекентайың дарқан болған.
Шонайың жұртқа қалқан болған.

Бейбастықтын мінезімен.
Жаза тапқан - кінә өзінен.
Ақырында соларың талқан болған.
Келемежге бас қойдың...

Жемесін деп ас қойдың.
Ұқсамас ісің қазаққа,
Келгеннен қойдың мазаққа.
«Сыйға сый» деген аңыз бар

Сыйыңа батам осы-ақ та.
Қысқартайын осылай
Кетпесін сөзім ұзаққа, —
депті.

Қалашылар Мүсірепті қондырып, қонағасы беріп, ат-шапан айып берген екен деседі.

БІР ЖИЫЛЫСТА БАҒАНАЛЫ ЕРДЕН БАТЫРҒА АТАҚТЫ ШӨЖЕ АҚЫН ӨЛЕҢ АЙТЫПТЫ
Сондағы Шөженің өлеңі:
Ақылмен жеңіп алдың айлаланы,
Қамшымен ұрып алдың найзалыны.

Атадан артық туған батыр Ерден,
Жеңіп алдың Аққошқар, Сайдалыны.

Сонда үйінің төрінде жатқан Ерден басын көтеріп алып баласы Бимендеге: мынаған бір нәрсе бер депті. Шөже өлеңін тоқтатпай:

Құлын берсең сүттен кете алмайды,
Тай берсең жеріне жете алмайды.
Құнан берсең жер|не жетер еді,
Күзді күні тісеу болып ет алмайды.

Шөже былай деген соң Ерден баласына «ендеше бұған бір байтал бер» депті. Шөже тағы бөгелмей:

Ердеке, не айтарға, не қайтарға?
Енді менде жауап жоқ көн айтарға.
Баладан байтал болса, сізден сәурік:
«Ерден көктің үйірі» ден айтарға —

депті деседі.
1926 жыл

ТАНЫСТЫРУ

Шолпан 1926 жыл, 18-сентябрьде Ақмола уезінде «Майбалық» деген көлдің жағасында ауылда 23 жасында өлді. Әкесі сол «Майбалық» келінің жағасын мекен еткен, Имамбай деген бір момын, нашар адам еді. Шолпан өзінің қысқа өмірінің ішінде қазақ әйелінің бұрынғы үйреншікті кемшіліктерін басынан кешірген. Шолпан бала күнінде Ақмола уезіне қараған Темеш деген елдегі Алдоңғар деген байдың Бөкей деген ұлына айттырылады.

«Қалыңмал» беріп,
Өмірің өтсін зарығудан.
Адаспас сапар жөндікі,
Таусылмас дұға кендікі.

Атам арғын — халық ағасы,
Тамам Алаш жиналса,
Қадірлі орын менікі.
Ниетім қалыс, көңілім ақ,

Келемеж-мазақ сенікі,
Қостарыңа келіп ем,
Сыртыма келіп қонған соң,
Бейбастақ надан мазақшыл,

Ниеті жаман болған соң.
Адамды адам көрмеген,
Адамша дәм бермеген,
Кергенсіз өскен мырзалар

Былшылдарың ненікі?..
Дәм айдан келдім қосыңа,
Көрсеткен сиың осы ма?
Сенен көрген сиымды,

Арғын, найман бас қосса
Айтармын талай досыма.
Сұрамасаң да айтайын, —
Менің атым Мүсіреп,

Қылсаңдар ізет болмай ма.
Келген соң, қосқа тусырып?
Шабылсын деп келмеп ем.
Ет асып, шай ішіріп.

Мезірет қылсаң болмай ма?
Адамға адам кішіріп?..
Ақ батамды бермес пе ем,
Дұғамды қарсы түсіріп?..

Азғантай күн атқа мініп
Бекентайың дарқан болған.
Шонайың жұртқа қалқан болған.
Бейбастықтын мінезімен.

Жаза тапқан - кінә өзінен.
Ақырында соларың талқан болған.
Келемежге бас қойдың...
Жемесін деп ас қойдың.

Ұқсамас ісің қазаққа,
Келгеннен қойдың мазаққа.
«Сыйға сый» деген аңыз бар
Сыйыңа батам осы-ақ та.

Қысқартайын осылай
Кетпесін сөзім ұзаққа, —
депті.

Қалашылар Мүсірепті қондырып, қонағасы беріп, ат-шапан айып берген екен деседі.

БІР ЖИЫЛЫСТА БАҒАНАЛЫ ЕРДЕН БАТЫРҒА АТАҚТЫ ШӨЖЕ АҚЫН ӨЛЕҢ АЙТЫПТЫ
Сондағы Шөженің өлеңі:
Ақылмен жеңіп алдың айлалыны,
Қамшымен ұрып алдың найзалыны.

Атадан артық туған батыр Ерден,
Жеңіп алдың Аққошқар, Сайдалыны.

Сонда үйінің төрінде жатқан Ерден басын көтеріп алып баласы Бимендеге: мынаған бір нәрсе бер депті. Шөже өлеңін тоқтатпай:

Құлын берсең сүттен кете алмайды,
Тай берсең жеріне жете алмайды.
Құнан берсең жеріне жетер еді,
Күзді күні тісеу болып ет алмайды.

Шөже былай деген соң Ерден баласына «ендеше бұған бір байтал бер» депті. Шөже тағы бөгелмей:

Ердеке, не айтарға, не қайтарға?
Енді менде жауап жоқ көп айтарға.
Баладан байтал болса, сізден сәурік:
«Ерден көктің үйірі» деп айтарға —

депті деседі.
1926 жыл

ТАНЫСТЫРУ

Шолпан 1926 жыл, 18-сентябрьде Ақмола уезінде «Майбалық» деген көлдің жағасында ауылда 23 жасында өлді. Әкесі сол «Майбалық» көлінің жағасын мекен еткен, Имамбай деген бір момын, нашар адам еді. Шолпан өзінің қысқа өмірінің ішінде қазақ әйелінің бұрынғы үйреншікті кемшіліктерін басынан кешірген. Шолпан бала күнінде Ақмола уезіне қараған Темеш деген елдегі Алдоңғар деген байдың Бөкей деген ұлына айттырылады. «Қалыңмал» беріп, қазақ дәстүрімен 1918 жылы Колчак заманында Бөкейге алып береді. Шолпан Бөкейді ұнатпай жүріп, қызылдар келгенсін Совет үкіметі орнағанда бостандық алып шығады (1921 жылы). Әрине, бұл қазақ дәстүрімен өмір сүрген ел ішінде Шолпанға оңайға түспеді. Көрген мехнат кемшіліктер көп болды. Мұнысын Шолпан мысал қылып өзінің «Қарға мен бұлбұл» деген өлеңінде айтады. Содан Шолпан талпынып оқу іздеген. 1928 жылы Ақмолада коммуна мектебінде тәрбиелеуші болған, 1924 жылы Орынборға келіп өлкелік қурсында оқыған. Ең алғашқы елеңі 1923 жылы «Еңбекші қазақ» газетінде басылып шыққан. Міне сонда-ақ Шолпанның қандай болатыны аяқ алысынан көрінген еді. Соңда-ақ аяғындағы темір кісенін қиратып шыққан тұлпардың тайы екені көрінген еді. Шолпанның көбінесе жазғандары өзгеріс (революция) және оның мейрамдары туралы, қазақтың нашар әйелдерінің бақыты туралы, жұмыскер, кедей, қызыл әскер, жастар, кедей еңбекші таптың дұспандары туралы жазылған. Әсіресе жолдас әйелдеріне күш, қайрат беруге көп талпынған. Мәселен, Қалима атты бір жолдасына былай дейді:

Кейде қайғы жас көңілді талдырар,
Еріксіз кеп жас жүректі жандырар,
Мұндай қайғы, қара тұман күндерде,
Тұрмыс заңы әлі-ақ артта қалдырар.

Өмір болса, жақсы, жаман көрерсіз,
Табиғаттың талқысына көнерсіз,
Ауыр тұрмыс, үнем баста тұрмайды,
Тірлік болса, әлі-ақ бір күн жеңерсіз.

Өмір деген жазғытұрғы жаңа бұлт,
Бүгінгі тұман, ертең болмақ ол жарық.
Үмітті боп тез құтылып кетуге
Шыдамды бол салқын қанмен қарсы алып —

дейді Шолпан.

Әрине, мұндай «Шыдамды бол», «көнерсің» дегенде, есекше «көніп» жүре бер деген емес, «салқын қанды, сабырмен қайрат қыл, қайсарлыққа үйреніп күрес, жеңбей қоймассың» деген мәнде айтқан.

«Үлгілі сөз,
Бола ма кез,
Оқып, біліп жазбаса.
Алтын мен жез,

Алынбас тез,
Еңбектеніп қазбаса.
Тіліңнен шығар,
Басқалар ұғар,

Көңілдің шерін қозғаса», —
деген.

1921 жылы өзінің талпынған тілегін айтып, Ақмолада жүргенімде маған жазған 3 — 4 өлең хаттары бар еді. Ондай хаттарды басқа жақын жолдастарына да жазған болуға керек. Сондайлары да жиналып, екіншіде басылар. Үзілген қызғалдақ, қиылған көк шыбық қалды көміліп топырақ астында, өзі кетсе де Шолпанның сөзі қалды артында.

Майданға шығып тарпынған.
Арқанын үзген жас тұлпар,
Бостандыққа талпынған
Байлауын үзген жас сұңқар.

Құлашты жазып ұзаққа
Аттай алмай қиырды,
Шыға алмай шырқап биікке
Үзіліп қанат қиылды...

ҚАЗАҚТЫҢ КӨРКЕМ ӘДЕБИЕТІ ТУРАЛЫ

Көркем әдебиет туралы соңғы кездерде баспа жүзінде түрліше сөздер жазылып жүр. Бірақ жазушылардың көбінің сөздерін қадалып оқып қарағанда, әдебиетке дұрыс баға бере алмайтындығы көрінеді. Әрине, ол таңқаларлық іс емес. Әркім әр нәрсеге өз базарының нарқымен баға бермек. Тұрмыстың түрлі жүйесіне, оның ішінде әдебиетке, жалғыз-ақ Маркс қағидасын, еңбекші тап жолын тұтынған (пролетариат, жарлы, кедей, қара шаруаның бәрін бір сөзбен: еңбекші тап деймін) адам ғана дұрыс баға бере алады. Әйтпесе кез келген, қолына қалам алып, сөздерін ептеп сырлаған болып жаза берген кісі, тұрмыстың түрлі түйіндерін, оның ішінде әдебиет түйінін дұрыс шеше алмайды. Қазақстандағы қазақша сөз жаза «білеміз» деушілердің көбі «алаш» аурулы, неше жыл «алаш» ауруы жайлаған адамдар. Ахметтер және олардың еріндерін жымырып шырт түкіргендерін бір «әдемі өнеге» біліп жүргендер, мұндай кеселді адамдар тұрмыс жүйелеріне түсіне алмайтындығын тарихтың өзі айқын көрсеткен. Міне, бұл күнгеше, біздің әдебиет майданымызда осындайлардың саны көп болып келді. Соңғы кездегі әдебиет туралы жазылған сөздердің көбін осындай «азаматтар» жазып келді. Сондықтан осындай ескі кеселді адамдар әдебиет туралы сын жазғанда «неге олай жазған?» деп таңырқауға болмайды. «Құзғын қарлығаш бола ала ма?..» туралы сөз жазғандардың әрқайсысының сөздерін бөлшектеп тексеріп көрерміз, әзір әдебиеттің жалпы жайын айтайық.

Қазақ әдебиеті қалай туып, қалай өсіп, кімнен үлгі алып келеді? Қазаққа хат үйреткен — Мухаммед діншілері, шеттен келген мұсылман саудагерлер, ноғай молдалар, өзбек ишандар. Сондықтан қазақтың көркем жазба әдебиеті туғанда, нұсқасы сол үйретушілеріне таратушы молдалардан, ишандардан тараған «Сопы алдияр», «Сыпатың ғажизин», «Хикмет» тәрізді өлең-жыр кітаптар барлық қазақ ауылдарында әптиектен соң оқылатын «үлгі», «ғибрат» кітаптары болды.

Саналыл қалқы ғабырау әплек,
Яратты қатеридан кауһәрі пак,
Салауат юны тұгты мұғаплақ,
Жаһана хұкімі көрсетті мұталлак.

«Сегу буты дураның» сөз сыпаты,
Сыпат заты емес дұрғайры заты...»
«Бисмилла» ден баян иләй хикмәт айтып,
Талбыларға дүррі гауһар шаштып мана,

Риязатны қатығы тартып, қанлар ютып,
Мөн дәптері сәні сөзін аштым мана?!! —
деген өзбек ишандардың мүриті, молдалар үйреткен жырлар әлі де жадымызда.

Бері келе тұрмыстың өзгеруіне қарай, ноғай халқы мәдениет ретінде талпына бастап, ұлттық сезімі зорайды... қазақ тұрмысының, Қазақ шаруасының да өзгеруіне қарай және 1905 жылғы төңкеріс дүмпуімен қазақ әдебиеті де аздан болса да ұлттық рухымен өсе бастады. Үлгісі енді мүлде ноғай мен орыс әдебиеті болды. Мәселен Міржақыптың «Оян қазағындағы» «Қазақтың қандай еді мағишаты... мағрипаты, рақаты» дегендері, «әпендім» дегендері. Мағжанның «Шолпанындағы» Тоқаевты еліктеп жазғандары бұған дәлел. Әрине, қазақ орысқа бағынған соң-ақ өзбек, ноғаймен қатар, қазақ әдебиеті орыс әдебиетінен де үлгі-нұсқа ала бастаған, бірте-бірте орыс мәдениеті қазақ халқына жайылған сайын орыс әдебиетінен үлгі алу күшейген. Келе-келе орыс үкіметі қазақтың тұрмыс билігін алып, орыс мәдениеті үстемдігін зорайтып, өзбек ноғай молдаларын тықсырып, Қазақ арасынан тайдыра бастаған. Орысқа алдымен жанасқан қазақтың билері, ақ сүйек дүмділері болғандықтан, орыс әдебиетінен ең алдымен Абай тәрізділер нұсқа алған, қазіргі қазақ әдебиетінің үлгісі — орыстікі.

Қазақ әдебиетінде қазір неше саяси бет бар Қазақ әдебиетінің маңызы қандай екенін бұл жерде айта бастасақ сөз созылып кетеді. Сөзді созбай, Қазақ әдебиетінің саяси беттері нешеу екенін айтайын. Қазақ әдебиетінде қазір екі саяси айқын бет бар. Бірі — байшыл, ұлтшыл, бірі — еңбекшіл, тапшыл. Байшыл, ұлтшыл бетті әдебиетшілер, мәселен: Ахмет, Міржақып, Мағжан, Әлихан және басқалар. Еңбекшіл, тапшыл бетті әдебиетшілер, мәселен: Рақметжан, Сәбит, Бейімбет, Сабыр, Самат, сыншы ретінде: Әбдірахман, Қамза, Ғаббас және басқалар. Және әдебиеттің бұл екі айқын бетті жазушыларының арасында бірен-саран шөре-шөре жазушылар бар. Бұларда айқын бет жоқ. Кейде о жаққа, кейде бұ жаққа ауысып жүреді. Бірақ бұл азғантай шөре жазушылар жыл санап еңбекші тап жағына ойысып келеді. Әсіресе, осы күні, әбден еңбекші тап жолына түскен, шебер ақын Мәжит. Әрине бұлар енді мүлде еңбекші тап жағына айқындалып шықпақ. Еңбекші тап өсігі, екпіндеп келе жатқан тап. Өсіп екпіндеп келе жатқан жана күш талайды ертіп, ілестіріп әкетпек, қазіргі қазақ әдебиетінің еңбекші тап бетті жазушыларының көбі сондай ілесіп кеткендерден құралғандар. Қазіргі еңбекші тап бетті жазушыларымыздың бірен-сараны ғана октябрьді жасасқандар, октябрьден бастап жақсы-жаман болса да жол салғандар. Ал біразы октябрь толғағынан туғандар. Мәселен: Сәбит, өлген Шолпан қыз және басқалар. Ал көбі әуелде октябрьді мақұлдамай, октябрьге сенбей, соңынан октябрь әміріне мойынсұнып келгендер. Және бұлардың кейбіреулері әуелде октябрьге қарсы әрекет қылғандар, бірі октябрьге әуелде қатыспай, шеттен қарап қалғандар, бірі ә дегенде октябрьге түсінбей қалып, теріс ізге түсіп кетіп барып, тура жолға келгендер. Міне, еңбекші тап бетті қазіргі жазушыларымыздың дені осындай, соқыр соқпақ шарға түсіп, біраз қаңғырақтап келіп түзу даңғылға келгендер. Еңді еңбекші тап өскен сайын жазушылары да көбеймек. Қазақ әдебиетінің сыншылары кім, кімге қандай әдебиет ұнайды, қандай бетті әдебиет үстем болып келді Қазақ әдебиетінің көркем сөз жазушылары қандай болса, сыншылары да сондай. Жазушыларының қай беттегісі көп болса, бұл күнгеше сыншыларының да сол беттегісі көп. Жазушыларының қай беттегісі көп оқыған, көп тәжірибе алған, көп ұстарған болса, сыншыларының да сол беттегісі көп оқыған, көп тәжірибелі, көп ұстарған. Ал бұлай болғанда, ұлтшыл-байшыл бетті жазушылар, сыншылар көп оқыған, көп тәжірибелі, көп ұстарған. Және солардың саны көп. Міне, сол себепті, соңғы бір-екі жылға дейін қазақ әдебиетінде ұлтшылдық, байшылдық бет зор болып, үстем болып келді. Және оларға кейбір газет, журналдарымызда («Ақ жол», «Сана», «Шолпан», «Жана мектеп», Ысмағұл тұсындағы «Еңбекші қазақ», тағы басқалар) орынды бұрынырақ беріп келді. Әрине, бұлай болды деу үйлеспейтін әңгіме тәрізді. Бірақ, қайтесің! Расында солай болды. Бұл қалай? Бұлай болудың мәнісі: соңғы жылдарға дейін қазақ оқығандарына Қазақ әдебиетінің ұлтшыл-байшыл беттісі ұнап келді. Коммунист партиясынан тыс қазақ оқығандары былай тұрсын, ұлтшыл-байшыл бетті әдебиет әуелі коммунист қазақтардың өздеріне ұнап келді. Одан қала берсе, коммунист қазақтардың өздеріне, әуелі октябрьді мақұлдамай, октябрьге сенбей, соңынан әбден октябрь жеңіп болған соң мойынсұнып келіп советшіл болған жазушылардың жазғандары ұнады.

Неге бұлай?

Ән, күй, көркем әдебиет және осындай заттар саясаттың артында жүреді. Адамның құлқын, санасын тарам-тарам қылса, тізбектеп бунақтасақ, соның ең алдыңғы бунағында саясат болады да, ең артқы жағында ән, күй, көркем әдебиет, көркем шеберлік болады. Бұл тарихтың тәжірибесінен шыққан қағида. Сол себепті біздің оқығандардың құлықтары, саналары ұлтшыл-байшылдықтан әбден тазара қойған жоқ. Бұл бір. Екінші, біздің коммунист болған қазақ оқығандарының көбі, әлденеше соқыр соқпақтарға, «тоқсан жолдың торабына» түсіп, талай рет бұраңдай жүріп тура жолға келгендер. Сол себепті бұл реттегі жолдастардың бастарынан кешірген талай қателері болды. Әрине, түрлі қателердің ішінде әдебиет ретінде де едәуір қателері болып келді. Үшінші, біздің коммунист болған қазақ оқығандарының біразы әуелі октябрьді мақұлдамай, октябрьге сенбей, кейбіреулері тіпті қарсы әрекет етіп, әбден октябрь жеңген соң оның әміріне мойынсұнып келіп, Коммунист партиясына кіргендер. Мұндайлардың ішінде күні үшін жүргендер де жоқ деуге болмайды. Тарихтан белгілі, үкімет тізгінін қолына алып отырған партияда бұл болады. Міне осы жоғарғы себептермен мұндайлар өздерімен бірге болған жазушылардың жазғанын ғана өте ұнатады. Бұл тіршіліктің бір заңы. Әр нәрсеге әркім өз базарының нарқымен баға береді. Әркімнің өз қышыған жерін тапқан қол сүйкімді болады. Әркім өз баласын сүйкімді көреді. Бұл күнгеше жасап келген тіршіліктің тәжірибесі осылай. Қара қарға баласын «аппағым!» деп сүйеді. Кірпікшешен баласын «жұмсағым!» деп сүйеді. Партияның қайнаған мыс қазанында біреу мен біреу таласқанда партияның саясатына қолайсыз іс қылғанды мінеп, қалжың, келеке, аздаған жыр қылып жазатын Демьян Бедныйды Коммунист партиясы ұнатады. Өлеңді «шебер өрнекпен» жазатын еңбекші тапқа зияны болмаса, пайдасы тимеген Бальмонтқа, Андрей Белыйға айырбастармыз ба? Кейбір коммунист болып жүргендер дәріптеп қоймайтын Жұмабай ұлына, жазуы шебер болмаса да Сәбитті айырбастар ма? Буыны қатып қалған саусақтарымен өз атын әрең жазатын Угарды Қытайдың Жан Золинына, «Алашорданың» Әлекесіне айырбастармыз ба? Міне, бәрі осындай. Мұны айтқанда, мен әр таптың өзінің жазушылары қандай болса да өзіне бола береді деп отырғаным жоқ. Әрине әр тапқа да өз жазушыларының өте шебер бола беруі керек. Бұл әшейін мысал ғой. Партияның анда-санда так-так деуімен ғана жөнге жүріп отырғандығы болмаса, жоғарғы айтылған себептермен: оқушы және сын беруші жұрттың едәуірі ұлтшыл-байшыл бетті әдебиетті дәріптеп келді. Әрине, біреулер — еппен, неше түрлі бүркеумен, біреулер — айқын.

Қазақтың көркем әдебиетінің болашағы кімдікі Қазақтың көркем әдебиетінің болашағы еңбекші таптікі. Еңбекші тап үкіметі нығайған сайын еңбекші тап партиясына кіруге сұранушы, совет құрылысына қатысушылар көбейіп келеді. 1917 жыл большевиктерді кекетіп сөгушілер, енді большевиктер басқарған еңбекші тап үкіметі күшейген сайын большевик партиясының ықпалына жүгіруді көбейтіп келеді. Және жыл сайын еңбекші таптың өзі өнер-білім үйреніп, балаларын оқытып жарыққа шығып келеді. Бар жазушылары өсіп келеді. Жыл сайын еңбекші тап оқығаңдары әр түрлі жайды айыра танып, жете баға бере білетін болып келеді. Міне, сонымен барып, ұлтшыл-байшыл жазушыларды және оларды дәріптеп көтермелеушілерді еңбекші таптың өсіп келе жатқан екпінді күші, жаз таянған сайын іріген қардай ірітіп бітірмек. Еңбекші тап жазушылары әдебиет майданында енді қарсы күшпен тіктеп күресуге жетті. Қазақтың көркем әдебиеті енді еңбекші таптікі болмақ. Қосымша: бұл мақаланы мен былтыр жазған едім... Әдебиет майданында жақында болған әңгімелердің бірі — Мағжан Жұмабайұлының бұрынғы «бәлен шеке» дәуірлерін көксейтін ұлтшыл сарынын тастап, «бұқарашыл» болдым деп отырғаны. Әрине, ұлтшылдардың «бұқарашылдығы» мен советтің бұқарашылдығының айырмасы болу керек. Ол бір. Екінші: Совет үкіметіне айқын қарсылық қылу қолынан келмейтін болған соң, пролетариат әкімшілігіне қарсы, тегістікке қарсы «батырлардың» көбі қазір Советпен күресу тәсілдерін өзгертіп «мен советшіл болдым» деп, Советтің қолтығына кіріп алып, сыртын бояп, «Советтің атына қарсы болмай, затын өз ықпалымызға салып бұрып әкетеміз» дегендей жалпы қылықтары бар. Әрине кімді кім ықпалына салып әкетерін көрерміз... «мен де саған қосылам» дегендер пролетариат жұмыскер табының жолына түсе берсін, әлі талай ердің ерлігін сынайтын кезеңдер келер. Әйтеуір, езу тартып қана бір күлетін көрініс мынау ғана: кейбір мырзалар, бір кезде көрінген төбеге шығып дауыстап «ей, доңыз Иван!» «ей, жынды Әбіл...» деп орыс-қазақ коммунистеріне батпақ шашып жүргенде, екінші бір мырзалар үйде отырып, «Бәлі! Бәлі...» деп қостап, алақандарын шапалақтасқан еді. Қазір енді осылардың бәрі де сол «доңыз Иван» мен «жынды Әбілдің» қабақтарына қарап жымыңдап, соларға жағынуды іздеп, жортақтай бастады. «Рақымсыз тұрмыс», тырнақты аңша тырмыстырған. «Тіршілік қамы» қасқырды түлкі қылатын тәрізді, түлкіні қоян қылатын тәрізді, бәрі де «қасақы тағдырдың келекесі»-дағы.

1927 жыл

ӘДЕБИЕТ МАЙДАНЫНДА

(Пікір алысу ретінде) Әдебиет майданында кейбір жолдастар талас-тартыс қызуымен бірнеше ірі мәселелерде орасан теріс пікірлерді құрал қылып жүрді. Бірақ, соңғы кездерде, сол теріс пікірлерді құрал қылушы жолдастардың көбі өйтулерінен лажсыз қайта бастады. Оны төменде тексеріп, екшеп қағып көрсетпекпін, әуелі бұл «Жаңа әдебиет» журналына пролетариат — қара шаруа жазушылар ұйымының қатысу ретін айтып өтейік. Былтырдан бері біздің Қазақстандағы пролетариат — қара шаруа ұйымы Қызылордада да әдебиет журналын шығаруға талап қылып келді. Ұйымның еркінде жоқ бірнеше себептерден журнал бұл күнге шейін шықпай келді. Бірақ ұйым атынан журнал шығара алмасақ та, Октябрь төңкерісінің он жылдық тойына арнап пролетариат — қара шаруа жазушылар ұйымының атынан әдебиет жинағы «Жыл құсын» шығардық. Және сол «Жыл құсын» үзбей, екі айда бір шығарып тұрмақ болдық... Соңғы кезде әдебиет, салт-сана мәселелері қозғалып, бір әдебиет журналы да шықпақ болды. Және біздің ұйымның әдебиет жинағы «Жыл құсы» да шығып тұрмақ болды. Совет үкіметінің жолына қызмет қылады деген жазушылардың бәріне де бұл журналға жол ашық болатын болды. Бірақ біздің пролетариат — қара шаруа жазушылар ұйымына бұл журналдан орын беріліп отыратын болды. Ал және үзілмей шығып тұратын әдебиет жинағы «Жыл құсын» біздің ұйымның өзі ғана дербес шығарып тұратын, бұған мемлекет баспасының басқармасы қаражат ретінде жәрдем қылып тұратын болды. Міне, осы ретпен біздің пролетариат — қара шаруа жазушылар ұйымы «Жаңа әдебиет» журналынан да тиісті көрнекті, мол сыбағалы орнын алып отырмақ және ұйым өзінің ғана әдебиет шығармасын «Жыл құсында» дербес шығарып отырмақ. Біздің ұйым қатысып отырған «Жаңа әдебиетте» де, өзі дербес шығаратын «Жыл құсында» да салт-сана, әдебиет майданындағы теріс бағыттармен тынбай күресіп отырмақпыз...

Енді әдебиет майданындағы талас болып келген мәселелерді екшеп тастайық... Біздің әдебиет майданымызда бүгінге шейін талай талас мәселелер бар. Талас болғанда, жалпы еңбекші тап әлеуметшілігінің алдына түскен, яки партия әлеуметшілігінің алдына талқысына түскен талас мәселелер болмаса да, әлеумет, әдебиет-саясат істеріне қатынасып жүрген адамдардың біраздарының арасында сөз болып, талас болып жүр. Сол талас мәселелердің бір-екеуін, кейбір жастардың қате пікірлерін талқыға салалық. Әсіресе соңғы кездердегі талас пікірлердің бірі: Қазақстанда пролетариат бағытында жазушылар ұйымы болуға мүмкін бе, жоқ па? — дегенде кейбір жастардың — ондай ұйым қазір Қазақстанда болуға мүмкін емес, түбінде болса болар дейтін. Қашан Қазақстанда өнеркәсіп орындары күшейсе, зорайса, қашан сол өнеркәсіп орындарындағы жұмыскерлердің өздерінен әдебиетшілер шықса, сонда ғана пролетариат жазушылар ұйымы болуға мүмкін, сонда ғана пролетариат әдебиеті болуға мүмкін дейтін. Әйтпесе—дейтін — сендер пролетариат бағытындағы жазушылар ұйымын ашамыз дейсіндер, пролетариат деген сөз, қазақша айтқанда, жұмыскер деген сөз. Жұмыскер табының жазушылар ұйымын ашатын, әдебиетті жұмыскер табының бағытымен апаратын сендер қайдан шыққан едіңдер?.. Қайсың жұмыскер едіңдер?.. Бәрің ауылдан шыққан ғана адамдар емессіңдер ме?.. деп күлетін. Күлгенде... «жаманды» келемеж қылған «жақсыларша» күлетін. Әрине, бұл күлкіге біз қарсы болатынбыз. Қазақстанда қазірден-ақ пролетариат бағытымен жазуға бет алған және бет алмақ жазушыларды ұйымдастыруға мүмкін. Қазірде-ақ әдебиет майданында, салт-сана майданында пролетариат ықпалын жүргізуге ұйымдасып, іс қылуға мүмкін дейтінбіз. Әдебиет — тап құралының бірі. Олай болса, қазіргі үстемдік жүргізіп отырған пролетариат табының бағытына, түпкі мақсатына әдебиет майданындағы қарсы бағыттармен, зиянды бағыттармен қаттырақ күресуге мүмкін дейтінбіз. Әдебиеттегі, әдебиет майданындағы теріс бағыттармен күресу үшін пролетариат бағытын қолданатын жазушылардың ұйымын жасауға мүмкін дейтінбіз. Міне ондай ұйымды біз жасай бастадық дейтінбіз. Бұл мәселе таяуда біраз ортаға түсіп, талқыға салынып, біздің пікірдің дұрыс екені айқын керінді. Бұрын біздің пікірге қарсы болатын жолдастар енді қарсы болудан қашты. Бұрын күлетін жолдастар енді күле алмайтын болды. Пролетариат — жұмыскер табының бағытын қолданатын жазушылар ұйымын ашатын және әдебиетті пролетариат, жұмыскер табының бағытымен жетектейтін, қақпалайтын, сол бағытпен жазатын сендер қайдан шыққан жұмыскерлер едіңдер?.. — деп күлгендерге біз мына төмендегідей жауап бердік. Өзі жұмыскер емес адамдар да жұмыскер-пролетариат табының тілегіне қосылуға мүмкін, сол таптың негізгі түпкі мақсатына жету жолында өз басының рақатын, өз қара басын аямай құрбан қылуға даяр болып, белсеніп майданға шығуға мүмкін. Мәселен, Коммунист партиясы — пролетариат жұмыскер табының партиясы. Ал Коммунист партиясының ішіндегі адамдардың бәрі теп-тегіс жұмыскерлер ме?.. Әсіресе біздің қазақ коммунистерінің ояздықтан жоғарғы қызметтерде жүргендердің қайсысы: «мен жұмыскермін!» дей алады екен?.. Қай зауытта, қандай жұмыс істеді екен?..

— Сендер пролетарий—жұмыскер емессіңдер, — сол себепті әдебиетті пролетариат бағытымен қақпалай алмайсыңдар, пролетариат бағытымен апара алмайсыңдар, — деп келетін коммунист болып жүрген жолдастардың бірде-біреуі «мен жұмыскермін!» деп айта алмайтын шығар?..

Өзі жұмыскер болмаған коммунист жазушы әдебиетке пролетариат бағытын кіргізуге мүмкін емес болса, олай болғанда, өзі жұмыскер емес коммунистердің бәрі де ешнәрсеге пролетариат бағытын кіргізе алмауы тиіс қой?.. Олай болғанда, пролетариат жазушылар ұйымын, пролетариат әдебиетін жұмыскердің өздерінен ғана жазушылар шыққанда жасауға мүмкін деуші коммунистердің айтуына қарағанда, біздің Қазақстан тәрізді өнеркәсіп орындары жоққа тәндік, өнеркәсіп дүкендерінде ұйымдасқан жұмыскерлері өте аз, оның өзінің көпшілігі сауатсыз, немесе шала сауатты аймақтарда ешбір істі пролетариат бағытымен, пролетариат рухымен апаруға мүмкін емес болады ғой. Қазақстан тәрізді жерлердегі жасалмақ болып жатқан зор істерді, жаңа тұрмысты пролетариат бағытымен жасауға мүмкін болмасқа керек қой... Пролетариат жазушылар ұйымын, пролетариат әдебиетін жұмыскерлерден жазушылар шыққанда ғана жасауға мүмкін деуші теріс, қате пікірлі коммунистердің ішінде өздерінің саналарында, құлықтарында пролетариат рухы, пролетариат бағыты шамалы болуға мүмкін. «Әркім өз көңілінен хабар береді» — дейді. Міне, Қазақстанда пролетариат жазушылар ұйымын, пролетариат әдебиетін «қоя тұрындар» деуші қате пікірлі коммунист жолдастарға біздің берген жауабымыз осы. Және, бұдан былай да жоғарғы айтқандай, қате дәлелдеріне беретін де жауабымыз осы. Бірақ, жоғарғы айтқандай, қайсың жұмыскерлерден шыққан жазушысың, қайсың пролетариат жазушысы болғың келеді деп шолақ көздеп, ұшқалақ айтқан жеңіл сөзді енді ешкім айта қоймас.

«Шоттың басын бассаң, сабы маңдайыңа соғады...»

Екінші бір талас пікір: әдебиет майданындағы «Жолбикелер» туралы. «Жолбикелер кім?..» дегенде, әдебиетке қатысып жүрген, қатыспақ болып жүрген коммунист жолдастардың көбі, «жолбикелер» деп бұрын «алашордашыл», ұлтшыл жазушыларды атаушы еді.

«Жолбикелер» Аймауытұлы, Жұмабайұлы және басқалар дейтін еді. Енді соңғы кезде, жақында бұларды «жолбике» (орысша попутчик) деп атаудан жолдастардың қайтпағаны жоқ тәрізді. Тек бірен-саран жолдастар ғана Аймауытұлын ғана «жолбике» дейтін болыпты. Бұл айтылған жазушыларды «жолбике» деп атаудан қайтқан жолдастардың өйтпеске лаждары болмады, өйткені пролетариат бағытына, пролетариат мақсатына мақсаттары қарсы жазушыларды «жолбике» деп айту үлкен қате пікір. «Жолбике» деп жолдан қосылғандарды айтады. Жолдан қосылған жолдасты айтады. Ал олай болғанда пролетариат тілегіне тілегі қосылмайтын жазушыларды, пролетариаттың жолына жолы қайшы келетін жазушыларды «жолдан қосылған «жолбикелер», «жолшыбай қосылған жолдас» деп айтуға бола ма?.. Әрине... болмайды... Міне, сол себепті ұлтшыл, «алашордашыл» жазушыларды «жолбикелер» деп айтудан соңғы кезде талай жолдастар лажсыз ғана қайтып отыр. Енді «жолбикелерді» жаңадан іздеп отыр. Бұрын көздеріне ілінбеген, ілінбейтін жазушылардың етектерінен қармалап жүр. Қазіргі орыстың еңбекші тап әдебиетіндегі «жолбикелер» (попутчики) дегендердің көбі ұлы майданда, Октябрь төңкерісінде пролетариат — жұмыскер табының шоқпарын соққандар. Ердің ері сыналатын ұлы майданда орыс әдебиетінің «жолбикелерінің» көбі пролетариат жағына шыққандар. Ал, біздің еңбекші тап әдебиетіндегі «жолбикелер» дегендері кімдер еді?.. Ұлы майданда, Октябрь төңкерісінде кімнің шоқпарын соққандар еді?.. Қай жаққа шыққандар еді... Кімге оқ атқандар еді... Еңбекші тап әдебиетіндегі «жолбикелер» дегендерінің көбі Октябрь төңкерісінде, ұлы майданда пролетариатқа қарсы оқ атқандар, Октябрь төңкерісіне қарсы шыққандар. Бірде-біреуі Октябрь төңкерісіне ат салыспағандар... Көбі осы күнге шейін ескі тілектерін бүркеп, күркелеп майданға салып келе жатқандар.

Міне, еңбекші тап әдебиетіндегі «жолбикелер» дегендері осындайлар еді. Сөйтіп, енді, лажсыз, еңбекші тап әдебиетіндегі «жолбикелер» делініп жүргендерден жолдастардың көбі жаңада ғана қайта бастады... Әрине, еңбекші тап әдебиетінде «жолбикелер» болуға тиіс. Бірақ, «жолбикелер» — «алашорда» кеселі жұқпаған жаңа жазушылардан, жас жазушылардан шығуға тиіс. Және, бұрын «алашорда» кеселіне шомыла былғанбаған шөре-шөре жазушылардан шығуға тиіс. Мұндай «жолбикелер» пролетариат әкімшілігі нығайған сайын, бара-бара, пролетариат бағытындағы жазушыларға қосылып кетуге тиіс. Әйтпесе, «алашорда» кеселі сүйегіне сіңген, «алашорданың» «шәуілдегі», «тапбасары» болған адамдар еңбекші тапқа еш уақытта шын жолдас болып кетуі қиынырақ болар... Ондай адамдардың, жолдан қосылып, шын сенімді «жолбике» болуы қиын болар. Бабажан айтқандай «мұнда бір гәп болуы» керек. Әрине, қазір Совет өкіметіне, өкіметтің иесі еңбекші тапқа жолбике болайын, жолдас болайын деушілер аз болмас. Әкімшілігін жүргізіп тұрған тапқа құйрығын бұлаңдатып жағынушылар әр дәуір болған. Өзінен шығар ештеңе жоқ, пісіп тұрған даяр майлы асқа кім табылмайды?.. Үлкен қазанның жылуынан кім қашады?.. Ыстығына күйіп, суығына тоңып жатқан заман жоқ. Дайындалған ас пісіп тұрған үлкен қазанның майлы шөмішінен кім қашады?.. Бірақ еңбекші тап қиындық көрген кезінде тас атып, топырақ шашқан билікті жеңіп алып, бауырына қазан көтерген кезінде, сол пісіп жатқан даяр ас үшін ғана еңбекші тапқа жағынған адамдарға лайықты ғана баға берілу жөн болар...

1928 жыл

СҰРАУҒА ЖАУАП

«Тар жол, тайғақ кешу» кітап болып басылып шыққалы әр жерлерден, әркімдерден әлденеше хат алдым. Бұл хаттарды жазушылар менен «Тар жол, тайғақ кешу» туралы әр түрлі сұраулар сұрады. Және кітапты оқыған адамдардың кейбіреулері өзіммен жүздесіп жолыққанда да, ауызша да әр түрлі сауалдар қояды. Бәрін қорытып келгенде «Тар жол, тайғақ кешу» туралы менен сұрайтын оқушылардың сұраулары мына төмендегілер:

«Тар жол, тайғақ кешудің» басылуы туралы. 1. Кітап неге жақсы қағазға басылмаған? 2. Неге жаңылыстары көп? 3. Неге сонша қымбат? (3 сом 70 тиын). 4. Қазақтың жалпы еңбекшілері түгел оқитын кітапты сонша қымбат қылғаннан кімге пайда?

«Тар жол, тайғақ кешудің» енді өзі туралы. 5. Басқа губернияларда болған уақиғалар неге түгел, толық жазылмаған?! 6. Актардың, «алашордашылардың» жауыздықтары неге тиісті жазасын тартпады? 7. Шоқаевтың суреті неге басылмаған? 8. Кейбір ақтарға қызмет қылғандар Совет үкіметіне тілектес тәрізді болып кітапқа кіріп кеткені қалай? 9. Совет үкіметіне зор қызмет қылған кейбір азаматтар неге толығырақ жазылмаған? 10. «Тар жол, тайғақ кешудің» екінші кітабы шыға ма? Шықса қашан шығады? 11. Совет үкіметінің жолында дұшпандармен майдандасқан, өлген, қызмет қылған, хатта, сол жолда құрбан да болған кейбір азаматтардың суреттері неге кірмей қалған? 12. «Тар жол, тайғақ кешуде» ақтардың, алашордашылардың» белсенді, аласұрған бастықтары болған кейбіреулері қазір неге үлкен орындарда жүр? Міне өзге уақ-түйек сұрауларды қоспағанда «Тар жол, тайғақ кешуді» оқығандардың менен сұрайтын сұраулары осы. Енді осыған қысқаша газет жүзінде жалпылама жауап бермекпін. 1. Кітап неге жаман қағазға басылған, неге қателері көп, неге қымбат деген сұраулар. Бұлар маған жатпайтын сұраулар. Бұған ол уақыттағы Қазақстан баспасының басында отырған Мұхтар Саматов жауап беруі тиіс. Жазушының жұмысы — кітапты жазып апарып беру. Жақсылап басу немесе шым-шытырық қылып басу — баспахананың басында отырған адамдардікі. Сол баспада сол кезде басылып шыққан менің «Экспресс» деген өлең жинақ кітабымның кейбір беттерінің сөздерін сонша шым-шытырық қылған. Әуелі өз жазғанымды кей беттерінде өзім де әрең оқимын. Кей беттерінде тастап кеткен сөздері бар, бұзған сөздері де бар. Бұл — баспаның кемшілігі. Бірақ кей кітаптарды баспаның басындағы адам жақсылап шығармақ болып қадағаласа кітап тәуір болып та шығады.

Енді «Тар жол, тайғақ кешудің» өзі туралы сұраған сұрауларға жауап берелік. 5-сұрауга жауап: басқа губерниялардың оқиғалары жазылмағаны рас. Уақиғаны өзі көрмеген соң екінші адамдардың айтуларына, газет, журнал, басқа сондай мағлұматтар кітап жазушының қолында толық болса жазушы сонда толығырақ қылып жазады. Көмескі, шүбәлі мағлұматтарды қолдана алмадым, сол себепті басқа губерниялардың уақиғалары «Тар жол, тайғақ кешуге» онша толық кірмеді. Бірақ кітап шыққаннан бері едәуір мағлұмат қолыма жиналды. Енді екіншіде кемдіктері толықтырылмақ. 6-сұрауға жауап: «Алашордашыларға» Совет үкіметі бұрынғы жазаларын кешірім қылған. 7-сұрауға жауап: Шоқаевтың жолдастарымен түскен суреті өзгелерімен бірге баспаханаға беріліп еді, баспахана оны Мәскеуге жіберіп баспаға дайындап (клишелетіп) алғызып еді, басуға ұмыт қалдырыпты. 8-сұрауға жауап: ақтарға қызмет қылған кейбіреулер Совет үкіметіне тілектес тәрізді болып кітапқа байқаусыз кіріп кеткені рас. Оны екіншіде түзетпекпін. 9-сұрауға жауап: екіншіде кітаптың толымсызырақ жазылған жерлерінің бәрі де толықтырылмақ.

10-сұрауға жауап: «Тар жол, тайғақ кешудің» екіншісі шығады.
Қазір кітапты толықтыруға әр жерден мағлұматтар жинап жатырмын.

11-сұрауға жауап: төңкеріске қатынасқан кейбір азаматтардың суреттері қолыма түспегендіктен кітапқа кіре алмай қалды. Мәселен, Шәймерден Әлжанұлының, Ысқақ Көбекұлының, Көлбай Төгісұлдарының суреттерін әлі де таба алмай отырмын. Кімде-кімнің қолында осы кісілердің суреттері болса, маған жіберуін қолқалаймын, керек болса басып алған соң, суреттерін жіберген кісінің өзіне таудай алғыс айтып қайтарамын. 12-сұрауға жауап: «Алашорданың» белсенді адамы болып, қазір советшіл болып партияға да еніп жүргендер бар. Енді еңбекшіл тапқа шын, таза ниетпен қызмет қылушыларға жол кең, одан қорқуға болмайды. Еңбекші таптың көзі — миллион. Міне әзірге жауаптарым осы ғана. «Тар жол, тайғақ кешуді» оқығандардан және төңкеріс оқиғаларын жақсы білетіндерден зор өтінішім: бекерлерін, күдікті сұрауларын өзіме тағы да жазсын. Сол уақыттағы газет, журнал тәрізді мағлұматтар болса маған жіберулерін қатты қолқалаймын. «Тар жол, тайғақ кешудің» екіншісі тез даярланып, дұрыс, толық болып шығуы үшін, міне, осы күнгі біріншісінің теріс жазылғандары бар деушілер болса, кеміс жазылғандары бар деуші болса газеттерге, «Еңбекші қазаққа» жазуларын, не өзіме жазуларын зор өтініш қыламын.

1928 жыл

ӘДЕБИЕТТІ БАҒАЛАУ ЖӘНЕ ҚҰЛЫҚ-САНАНЫ ТЕКСЕРУ

Әдебиет — тап құралының бірі. Әр тап өзіне құрал болуға жарайтын әдебиет шығармасын ғана қастерлейді. «Құрал» дегенім, тек қана үгіт-насихат емес. Таптың толып жатқан керегін айтамын. Сол толып жатқан керегінің біріне жарамайтын әдебиет шығармасын ол тап жақсы демейді. Ешбір таптың мақсатын көздемейтін әдебиет шығармасы болмайды. Бір таптың мақсатын көздеген, сол тапқа жақсы ұнайтын әдебиет шығармасы екінші тапқа өте сүйкімсіз көрінбек. Әдебиетті әр тап өз базарының нарқымен бағалайды. Байлар табы — өз мақсатына құрал болатын, өз істеріне жарайтын әдебиет шығармаларын қастерлейді. Пролетариат — жалшылар табы — өз мақсатына құрал болатын өз істеріне жарайтын әдебиет шығармаларын қастерлейді.

Әдебиет шығармалары да, әдебиет сыны да тап мақсатын көздейді.
Бұлай болғанда мынадай мәселелер туады:

Әр таптың әдебиет бағалауы басқа-басқа. Әр таптың жақсы дегені де, «жаман» дегені де басқа-басқа. Әр таптың жақсы, яки жаман дегені өзінше. Сондықтан әдебиет шығармаларының жалпы адам баласына бірдей жақсылары, бірдей жамандары болмайды екен ғой, әдебиет шығармасының жақсы-жамандығы тұрлаусыз болғаны ғой, — деген мәселе тууға мүмкін.

Ондай мәселеге жауап мынау:

Айтып-айтып келгенде, әдебиет шығармаларының жалпыға бірдей жақсылары болуға тиіс.

— Болады.

Әр тап өз мақсатында құрал боларлық әдебиет шығармаларын жақсы дейтіні рас. Бірақ, ақиқаттық шын жақсы, ең тұрлаулы, жақсы пролетариат бағытындағы әдебиет шығармалары.

Неге олай дейсің бе?..

Байлар табының мақсатына құрал болатын әдебиет шығармаларының жақсы емес екендігі, байлар табының мақсаты жақсы емес. Ал жаман мақсатқа құрал болған әдебиет шығармасы да жақсы болмауға тиіс. Байлар табының мақсаты: адам баласы бірімен-бірі жауша арбаса берсін. Адам баласы бірінің табан етін, маңдай терін бірі пайдалана берсін.. Бірін-бірі аңша аунатып, тірідей шыжғырып жіберсін дейді. Дүниеде тегістік болмасын дейді. Міне, мұндай мақсатқа құрал болған әдебиет шығармасы жақсы бола ала ма?.. Байлар табының мақсатын көздеген әдебиет шығармаларын жақсы деп тек арам мақсаттылар ғана айтуға тиіс. Немесе сана сандауы қараңғы адамдар ғана айтуға тиіс. Пролетариат (жалшылар) табының мақсаты — жалпы адам баласының жалпы тегістігі... Пролетариат (жалшылар) табының мақсаты — адам баласы бірін-бірі жауша арбамасын, бірінің табан ет, маңдай терінің пайдасын бірі жемесін, адам баласы бірін-бірі аңдарша аунатып жемесін. Жалпы дүниеде бірдейлік, әділдік, тендік, туысқандық, махаббат болсын дейді. Міне мұндай мақсатты тапқа құрал болған әдебиет шығармасы жаман бола ма? Мұндай мақсатты тапқа құрал боларлық әдебиет шығармасын жаман дейтін тек арам мақсаттылар ғана болуға тиіс. Жер жүзінде пролетариат табынан басқа, жалпы адамзаттың бірдей тегістігін, жалпы адамзаттың бірдей бақытты тұрмысын көздеп, соған жетекші, көш басшы болған тап бар ма?.. Әрине, ондай жалпы тегістік көздеп, соған жетуге аянбай, екпіндеп майдан ашқан жалғыз ғана пролетариат табы! Оның соңынан ерген жалпы еңбекшілер. Міне, сол себепті тек сол пролетариат бағытына, пролетариат жолына құрал болуға жарарлық немесе пролетариаттың көп керегінің біріне жарарлық әдебиет шығармасы ғана жақсы. Пролетариат жолына құрал болуға жарамайтын, жарамауға былай тұрсын, пролетариаттың мақсатына зиянды әдебиет шығармалары қанша әдемі жазылса да жақсы емес. Қайта, пролетариат мақсатына зиянды әдебиет шығармалары неғұрлым көркем сөздермен, шеберлікпен шебер тілмен әдемі жазылса, солғұрлым ондай әдебиет шығармалары жаман, солғұрлым зиянды. Солғұрлым ондай әдебиет шығармаларына әдебиет майданында тас жаудыру керек! Менің мұнымнан, — пролетариат, еңбекшілер табының бағытындағы жазушылар байлар табының шебер жазушыларының әдемі жазғандары болса, одан жазу шеберлігін үйренбесін деген сөз шықпайды. Әрине, пролетариат бағытындағы жазушылар кімнен болса да жазу шеберлігін үйрене берсін. Бірақ шебер жазылған әдебиет шығармалары болса, одан жазу шеберлігін үйренгенмен, ол шебер жазылған әдебиет шығармасының ішкі мазмұны пролетариат бағытына зиянды болса, оны «жақсы шығарма» деп бағалап жүрмесін.

Мәселен:
«Кез келген соң кер заман біздің баққа,
Жау жарағын асынып міндік атқа, елім-ай!
Азаматы алаштың

Аттанатын күн туды!
Тұлпар мініп ту ұстап
Баптанатын күн туды!»

Міне, бұл өлеңнің сырты әуезді, әсерлі, суретті жазылған. Бұдан жазу шеберлігін үйренуге мүмкін болғанмен, бұл өлең жақсы өлең емес. Өйткені бұл өлең пролетариат бағытына, Қазақстанға қарсы өлең. Октябрь төңкерісіне қарсы айтылған өлең. Октябрь төңкерісімен жауласуға шақырған өлең. Әр нәрсені бағалағанда ең алдымен ішкі мазмұнына, ішкі дәніне, ішкі сырларына қарайды. Бағаны сол ішкі сырларының сыпаттарына қарай береді. Марксті мақтағанда сырты сұлу болған соң ғана мақтамаймыз, ішкі қасиеттері үшін мақтап бағалаймыз. Әдебиет шығармалары да солай. Бірақ, бұдан әдебиет шығармаларының сыртқы көркі қандай болса ондай болсын, мейлі сырты тіпті жаман болсын деген пікір шығады деп ешкім ойламасын. Әрине әдебиет шығармасының жазылуы шебер болсын. Әуезді, әдемі, әсерлі бола берсін. Жақсы мазмұнды әдебиет шығармаларының сырттары да әдемі болса, шебер жазылған болса нұр үстіне нұр. Бірақ гәп әдебиет шығармасының ішкі мазмұнында... онан соң, ескеретін бір «гәп» бар. Әрбір әдебиет шығармасының ішкі сырлары, мазмұны кімде-кімге ұнаған болса, кімде-кімнің жанына жаққан болса, сол адамға сол әдебиет шығармасының сыртқы сыпаттары да оншалық болмаса да ұнай қалмауы мүмкін. Оншалық болмаса да, сыртқы жазылу түрі де тым әдемі, тым көркем, шебер жазылған болып көрінуі мүмкін. Ішкі мақсаты, мазмұны жанына тым-ақ жаға қалған әдебиет шығармасының кейбір кемшіліктерін әлгі адамның кергісі келмеуі мүмкін. «Сұлу сұлу емес, сүйген сұлу...», «дос айыбын дос көрмейді». Ал әдебиет шығармасының ішкі мақсаты, мазмұны кімде-кімнің жанына «жайсыз» тисе, — ондай әдебиет шығармасы қанша көркем жазылса да, әлгі мазмұны жанына жайсыз тиген адамға көркем жазылған боп көрінбеуі мүмкін, мазмұны тым тұзды, тым улы жазылса, сырты көркем болса да ондай әдебиет шығармалары әлгі жанына жайсыз тиген адамға, тіпті, сүйкімсіз көpінуге мүмкін. «Қойдың үйткен сирағындай» көрінуге мүмкін. Күйелі кесеудей көрінуге мүмкін.

Сүйкімсіздің берік кигені де сүйкімсіз.
Жарайды.
Және мынадай бір сұрау бар.

Пролетариат бағытындағы, пролетариат партиясындағы кейбіреулерге сол пролетариат бағытына мазмұны теріс әдебиет шығармаларының кейбіреуі ұнай беретіні несі?.. деген сұрауға жауап берейін: бір партияға, бір қауымға кірген адам шын ниетімен сол партияның тұтынған жолына түседі. Сол жолдан таймай жүруге, сол партияның көздеген мақсатына жету жолындағы қиын істерді істеуге жанын аямай кіріседі. Жалпы солай болуға тиіс... бірақ... бір саяси партияға кірген кісілердің бәрі бірдей ондай бола бермейді. Әлеумет тұрмысында маңызды саяси партияға бөтен оймен кірген адамдар да болуға мүмкін. Мүмкіні былай тұрсын, ондайлар дәуірлеп тұрған саяси партияда аз болмайды, ондайлар әсіресе, сол саяси партия мемлекет тізгінін қолына алып, әкімшілігін жүргізіп, дәуірлеп отырған кезінде, сол партияға кіруге даяр тұрады. Бұл — революцияның тарихынан белгілі нәрсе. Пролетариат партиясы қазір Руссия әкімшілігін қолына алып отыр. Бұл партия қиын уақыттарды басынан кешіріп, ұзақ уақыт тұс-тұсынан оқ жаудырған, жазасыз қанды судай ағызған қалың дұшпанын әбден жеңіп болған соң, әкімшілікті түгел қолына алып, орныққан, бұл партияға кіруге кімдер қызықпас?.. Талай «жатып атарлар» кіріп те кеткен болар. «Жатып атар» деп Алтай тауындағы қызылшыларды айтады. Ерінбейтін өжет мергендер қиын таулардан аю аулайды. Әрине, аю аулау — қоян аулау емес, қатерлі, қиын болады. Аю аулауға жұрттың бәрі бірдей шыға қоюға жарай бермейді. Қиын болса да, тек өжет мергендер ғана қатерге қарсы барып, аюды жеңіп алады. Өжет мергендер өлтіріп алған аюды ауылдарына алып келгенде алдарынан көлденеңдеп «олжаластар» шығады. Бұлар да аюдан пайдаланады. Бұлар өздері жүріп аю өлтіріп алмаса да, өлген аюдан пайдаланған соң, бұларды «жатып атарлар» дейді. Сондай-ақ, пролетариат партиясы алысқан аюын өлтіріп алғаннан кейін, бұл партияның кең қолтығына кіруге кім қызықпайды, ебін тауып кіріп жүргендер жоқ та емес. Ал ондай адамдардың шын құлқы, шын пікірі — әдебиет шығармаларын бағалауы дұрыс деп кім айта алар?.. Ол бір. Екінші: дәуірлеген, үстемдігін жүргізген саяси партияға шын адал ниетімен кіргендердің (жолдан қосылғандардың) өздерінің де түгел, теп-тегіс бәрінің құлық-санасы бірдей сол партияның бағытына қарай бірден өзгере қоймауы да мүмкін. Бұл туралы бұрын да «Жыл құсының» бірінші номерінде айтылып еді. Тағы да айтамын: Әлеумет адамының құлық-сана, ой-жүйелерің тізілген омыртқалар тәрізді тізбектеп бунақтасаң, — ең алдында саясат, әлеумет мәселелері болады. Кейінгі бунақтарында көркем әдебиет, күй, салт мәселелері болады. Мысалы: тізбектелген жұлын тұта омыртқалардың ең алдындағы бас пен ауыз омыртқа—саясат, әлеумет мәселелерінің орындарында, ал кейінгі омыртқалар — көркем әдебиет, күй, салт мәселелерінің орындарында. Кей адамның, әсіресе, пролетариат табына бөтен таптан келіп қосылғандардың санасы қызарғанда (өзгергенде) тізілген омыртқалардың бәрі тегіс түгел бірдей өзгермеуі мүмкін. Әуелі бас пен ауыз омыртқа ғана өзгеруге мүмкін. Құйымшақ омыртқалар біраздан соң, немесе, тіпті, көптен соң ғана өзгеруі мүмкін. Немесе, тіпті құйымшақ омыртқалар өзгермей де қалуы мүмкін. Мұны ол адамның өзі байқамауы мүмкін. Бұл да революцияға, коммунист партиясына кіргендердің талайы саясат, әлеумет мәселелерінде Коммунист партиясының жобасын қабыл алып, сол партияның бағытымен жүрсе де, көркем әдебиет, сана мәселелерінде көпке шейін «алашордашылардан» айырыла алды ма?.. Бүгінге шейін де айырыла алмай жүргендер бар емес пе?.. Жұмабайұлы Мағжанның пролетариат бағытына қарсы өлеңдерін, арам, жұмбақ, шүбәлі, тіпті көркемдігі жоқ ертектерін де дәріптеп, басып шығартып жүрмеді ме? Жүсіпбек Аймауытұлының пролетариат бағытына зиянды, «алашордашылық» иістері аңқып тұрған «Ел қорғаны» тәрізді пьеса кітабын пролетариат бағытына дұрыс деп қазірге шейін мақтап жүрген жоқ па?.. Міне, осылардың бәрі, — әлгі айтқандардың қай-қайсыларына болса да дәлел, «алашордашылық» иісі шығып тұрған әдебиет шығармаларын дәріптеу — әлі де байымағандықтан емес... (әрине, дәріптеу, әр түрлі еппен істеліп жүр). Саясат, әлеумет мәселелерінде Коммунист партиясының тура жолында болып көркем әдебиет тәрізді мәселелерінде ғана пролетариат бағытына тезінен түсіп кете алмай жүргендіктен емес. «Алашордашылық» иісі аңқыған әдебиет шығармаларын қымбат бағалау, — саясат, әлеумет мәселелерінің өзінде де пролетариат партиясының түзу бағытында болмағандық. Әйтпесе, «алашордашылдығы» аңқып тұрған әдебиет шығармаларын дәріптеп бағалау банағы айтқандай саясат, әлеумет мәселелерінде пролетариат бағытында болып, тек көркем әдебиет тәрізді мәселелерде ғана әлі де пролетариат бағытына түсе алмай жүргендіктен ғана болса, — оны мен уақытша ғана көңіл бөлетін «кексіз кесел» дер едім. Өйткені, француздың ұлы революция бастықтарының да кейбіреулері, саясат, әлеумет істерінде ірі жаңалықтарға басшы болса да, көркем әдебиет ретінде, әдебиеттің ескі түрінен біразға шейін шыға алмаған. Және Россияда Маркс ғылымының негізін салушы, орыс марксшілдерінің ұлы атасы кешегі Георгий Валентинович Плехановтың айтуынша: «Өзін қоршаған қоғамның әсері сол қоғамға қарсы күрес ашып жүргендерге де тиюге мүмкін». «Алашорда» пікірлерінің әсері сол «алашордамен» күресіп жүргендерге де тиюге мүмкін, — деген сөз осыдан шығады. Маркс жолымен мәдениет, әдебиетті Россияда бұл күнгеше толық, дұрыс бағалаған Плеханов, оның қағидасы бізге пәтуа... «Алашордашылық» иісі аңқыған әдебиет шығармаларын, басынан аяғына шейін «алашорданың» дерті сіңген Жұмабайұлы, Аймауытұлдарының шығармаларын сүйкімді көріп жүргендер саясат, әлеумет мәселелерінде айқын, шын пролетариат бағытында болса, көркем әдебиет мәселелерінде шабандап, кенжелеп қалса да, енді пролетариат бағытына келіп түсер еді. Октябрь төңкерісі болғанына 10 жыл толды. Әуелде көркем әдебиет мәселелерінде «алашордашыл» болғандардың, бұл мәселелерінде әлі де пролетариат бағытына түсе алмағандарын бұл күнге шейін көріп отырмыз. Талайдың әлі де құйымшақ омыртқалары шикі қалпымен жүр. Кейбіреулердің тіпті басы да, ауыз омыртқалары да қызарып піспегендерін көріп отырмыз. Сөйтіп, жұрттың бәрі тегіс көркем әдебиетке бірдей баға бере алмайды. Жұрттың бәрі былай тұрсын, кей кезде, бір саяси партияға кіргендердің де бір паралары көркем әдебиетке сол партияның сара жолының бағытымен баға бере алмауы мүмкін.

Көркем әдебиетті бағалағанда бір-ақ өлшеуіш болу керек.

Ол өлшеуіш — пролетариат табының саясаты, пролетариат табының түпкі мақсаты. Көркем әдебиет шығармасының мазмұны пролетариат табының саясатына, түпкі мақсатына құрал болуға, не тәрбие, не өнеге болуға жараса, қысқасы: пролетариаттың сансыз керегінің біріне жарайтын болса, жарамды, бағалы болғаны. Және онымен бірге, ондай әдебиет шығармасы шебер жазылса, сыртқы сипаттары да онды болса — әуезді, көрнекі, әсерлі, суретті, көркем болса, — онда тіпті жақсы болғаны.

Міне, көркем әдебиетті бағалау осы айтқандардай болу керек.
Сыншы қандай болу керек?.. Көк шолаққа теріс мінсе, басын көре ала ма?..

Әдебиет байыған сайын әдебиетті сынау да көбейе бермек. Әр заттың тәртіпке қойылған сыны соңында болады. Көркем әдебиетті сынамақ болған мақалалар газеттерде, журналдарда соңғы кездерде көрініп те жүр. Бірақ әр түрлі сын бар. Көркем әдебиетші болудан оның сыншысы болу қиын. Сын — мін тағу емес... әрине, өзінің қолынан келмеген іске, сырттан қарап тұрып мін тағу оңай ғана нәрсе. Ол әркімнің қолынан келетін «көк шолақ»... бірақ, әдебиет шығармасына тіл алғыш ұшқалақ қаламды айдап мін тағумен, негізгі тексеріспен толық сын берудің арасы жер мен көктей нәрсе. Сын мақаласын әркім жаза берер, жаза берсін. Әлеуметтің әр табы, әрбір уақ жіктері әдебиет шығармасына өз базарының нарқымен баға береді дедік. Газет, журнал жүзінде әдебиет шығармасына баға бергенде, әр тап, әрбір уақ жік, әрине, тұтасымен отырып мақала жазып бермейді. Әр таптың, әрбір әлеумет жігінің оқығандары немесе оқығансымақтары жазып баға береді. Әрине, әркім әр түрлі тәсіл қолданып сын жазған болады.

Бірақ сын жазудың ойыншық емес екенін білу керек.

Көркем әдебиетке сын беру ретінде де марксшылдардың ұлы атасы Плеханов бүгінге шейін пәтуалы ең зор қазы саналады. Плеханов айтады: «Бір жазушыны сынау үшін сыншының өзі сол жазушының тексерген, баяндаған нәрсесінің мағыналарына сол жазушыдан гөрі тереңірек түсіну керек...» дейді. Біздің «сын» жазған болып жүргендер жазушылардан әр нәрсенің мағынасын тереңірек түсінетіндер ме? Тексере бастасаң «сын» жазушылардың өздерінің төрт борбайы бірдей кәрі кеселді болып шығады. «Атының сыры иесіне мәлім» дегендей, «сын» жазбақ болып жүргендердің бәрі танымал кісілер ғой... Ал нағыз сын жазу қандай қиын болса, «сынға сын» жазу, сын жазғандардың сындарына қорытынды жазу одан да қиын нәрсе. Белинский тәрізді сыншыға толық, дұрыс сын бере алған Георгий Валентинович Плеханов тәрізді ғана кісі болған. Әйтпесе, талай атақты сыншылар да Белинскийге толық, дұрыс сын бере алмаған. Менің мұным: «сыншы боламын» деп тыраштанба! — деген сөз емес. «Сыншы боламын» деп талпын!.. Бірақ, сыншы болудың керекті құралдарын толық қылып жинап ала біл... Жинап ала білсең құрал бар. Және ол құралды жинап алған соң құралды әбден танып жұмсай біл. Әйтпесе, арзан «көк шолақпен» сыншы бола алмайсың. Ал арзан көк шолақпен, оның үстіне салпаң құлақ көк шолақпен сыншыға сын беру, «қорытынды» беру онан да қиын! Бір мысал келтірейін... Жақын арада, «Еңбекші қазақ» газетінде сын жазғандарға сын жазуды үйретпек болған біреудің бір шолақ мақаласы басылды. Мақаланы «айтыс ретінде» деп қойыпты. Бірақ сын жазғандарға ақыл айтқан адамның сөзінде тіпті айтысарлық жаңа пікір жоқ... Жаңа шыққан кітаптарға сын жазғансып жүрген Балқай мен Мұстапаға бұл ақыл айтқан болады. Олар «сынды терең тексеріп, толық қылып дұрыстап жаза алмай жүр, сыншыларымыз надан»... дейді. Балқайдың «Жыл құсын» мақтағанын жақтырыңқырамайды. Балқай «Жыл құсына» сын жазып мақтапты», дейді. «Қателерін айтпапты» дейді. «Жыл құсындағы» кейбір мақалаларда қате пікірлер бар... Жастарға теріс түсінік беретін жерлері бар» — дейді. Мұстапа мен Балқайдың кітаптарға жазған сындары дұрыс па, дұрыс емес пе? Ол өз алдына бір басқа... Үйретушінің айтып отырған Балқай мен Мұстапасы мен білетін жігіттер болса, олар осы күні оқып жүрген жігіттер. Оларды әзір, әдебиет сыншылары деп мен айта алмаймын. Олардың өздері де «Әдебиет сыншыларымыз!» деп әзір айта алмайтын шығар. Өйткені — олар бұл күнде оқып жүргендер. Тұрмыс майданына керекті білім құралдарын жинап жүргендер. Талпына берсе, керекті білім құралдарын толық жинап ала алса, түбінде сыншы болулары да мүмкін. Әйтпесе, біреудің берген, бұл тандағы арзан, жілігі татымайтын «ақылымен» ешбіреу сыншы бола алмайды. Тіпті «үлкен құдай» айтса да бола алмайды. Мұхаммедке ұсап — құдай атымен пайғамбар болдым! — деп шыға келетін диуаналар көгелташта ғана болар... «Сынды түзетпекші» болған «ұстаз»: «Біздің қазіргі сыншыларымыз надан» — дейді. Ал өзі «надан емес» — сын жазғандарға сын жазуды үйретпек болып отырған «ғалымымыз» не дейді екен дейсіз ғой?.. Ол кісі жазғанында былай депті: «Жыл құсындағы» Сәкеннің мақаласында қате пікір бар... жастарға теріс түсінік беретін жерлері бар» — депті.

Ол қандай теріс түсінік беретін қате пікірлер? — дегенге мынаны көрсетеді:

— Мәселен Сәкен жазыпты: «тұрмыстың түрлі жүйесіне» оның ішінде әдебиетке жалғыз-ақ Маркс қағидасын, еңбекші тап жолын тұтынған адам ғана дұрыс баға бере алады...

«...Ән, күй, көркем әдебиет саясаттың артында жүреді. Адамның құлық-санасын тарам-тарам қылсақ, тізбектеп бунақтасақ, соның ең алдыңғы бунағында саясат болады да, ең артқы жағында ән, күй, көркем әдебиет, көркем шеберлік болады...» дейді.

Осыны келтіреді де, «мен надан емеспін» деп отырған білгіш:

— Бұл, әдебиетке Марксша сын беру ме? Маркс әдебиетті осылай сынай ма? Маркс саясатты шаруашылық билейді, шаруашылық жоқ жерде саясат болмайды демей ме? Сәкеннің мақаласында бұл туралы бір ауыз сөз жоқ, — дейді. Міне, бұл үлкен қате, Маркс ғылымын жастарға жаңылыс түсіндіргендік. Мұны Балқай сыншы көрсету керек еді. Мұнан бұлай сақ бол деу керек еді — дейді «ғалым».

Мен Балқай болсам айтар едім:

— Рақмет, берген «сабағыңызға», бірақ өзіңіз кітапты теріс ұстап отырсыз. Және көк шолаққа теріс мініп отырсыз-ау деймін: аттың басын аттың кез келген жерінен іздеп, сипалап отырсыз. Цирктегі клоундар ғана аттың басын кез келген жерінен іздейді. Аттың басы алдында болады және біреу-ақ болады. Мені де «мендей бол» демеңіз... Рақмет! — дер едім.

Оны Балқайдың өзі айтар. Енді, шынында, мен теріс, марксшылдыққа үйлеспейтін пікір айтып отырмын ба?.. Міне енді соған келейік. «Несі үйлеспейді?» дегенде, надан емес «білгіш» жазады: «Маркс саясатты шаруашылық билейді» дейді. Шаруашылық жоқ жерде саясат болмайды дейді... «Сәкен үйдеп айтпай отыр. Бұл туралы Сәкеннің сөзінде бір ауыз сөз жоқ»—дейді. Көк шолаққа теріс мініп, жануардың басын кез келген жерінен сипалап іздеген міне, осы болады!.. Жалғыз саясат емес, адам баласының барлық білімінің, барлық өнерінің негізінде шаруашылық жатады деген қағиданы қазір әрбір «сыншы» емес те, әрбір «ғалым» емес те, тек дұрыс хат білетін адам да совет мемлекетінде білетін шығар. Бірақ, кез келген жерге «шаруашылық» шаруашылық деп сипалап, тыға беруге болмайды. Оны айтатын жері бар. Адамның өнер-білімін, оның ішінде әдебиетті өсіріп өзгертіп отырған негізгі тұрмыс, шаруа екенін мен ол мақаламда айтатын жерінде айтпаппын ба?.. Ол мақаламның бас кезінде мен бүй дегенмін: «...бері келе тұрмыстың (бытие) өзгеруіне қарай, ноғай халқы мәдениет ретінде талпына бастап, ұлттық сезімі зорайды... қазақ тұрмысының (бытие) қазақ шаруасының да (экономика) өзгеруіне қарай және 1905 жылғы төңкеріс дүмпуімен қазақ әдебиеті де аздап болса да, ұлттық рухпен өсе бастады. Міне, өнер-білім, әдебиет тәрізді нәрселердің бәрінің негізгі тамыры, негізгі қозғаушысы тұрмыс (бытие), шаруашылық (экономика)» екенін айтатын жерінде айтпаппын ба?

— Аттың басын іздейтін жерінен іздеу керек, көгершінім!

«Сәкеннің мақаласында жастарға теріс түсінік беретін қате пікірлер» бар дейді. Әрине, «мен надан емеспін» деп отырған адамша өзі оқығанын өзі түсінбейтін жастар болса, ондайлар теріс түсінік алуға мүмкін. Оған ешбір жазушы айыпты болмас. «Жастар» деп, көбінесе, оқып жүргендерді айтамыз. «Жыл құсын» мақтап отырған Балқай — оқып жүргендердің әдебиетке талаптыларының бірі. «Надан» деген Балқайдың түсінуіне қарағанда, әйтеуір бір тәуір жері, жастардың теріс түсінбегендігі көрінеді. Бұған қарағанда, — «жастар теріс түсінік алады-ау» деп ғалымсынған адамның жайсыздануы орынсыз... бірақ, «Жыл құсын» мақтады деп, кейбіреулер жайсыздануға мүмкін, оны жақсы білеміз...

«Дәрігерсінген адам, — әуелі өз басын жазып алсын!..»
Құлық-сана — идеология
Ал, енді мынаған келейік:

«...ән, күй, Көркем әдебиет саясаттың артында жүреді. Адамның құлық-санасын тарам-тарам қылсақ, тізбектеп бунақтасақ, — соның ең алдыңғы бунағында саясат болады да, ең артқы жағында ән, күй, көркем әдебиет, көркем шеберлік болады...» дедік қой. «Ғалымсынған» азаматтың сипалаған жері осы жер ғой. Енді осыны шешейік, бұл не деген сөз..? Адамның құлық-санасы дегеніміз орысша идеология деп аталады. Сонымен идеология — адамның құлық-санасы — тәуір тұрмысқа талпынған түрлі сезім жүйелерінің, күй жүйелерінің екшеліп, айқындалған қорытындысы болды. Саясат-шаруашылық ғылымының тілінде әлеуметтік тұрмысын, шаруашылық құрлысын, құлық-санасын, салтын, өнерін, білімін — бәрін отырықшы елдердің салынған үйіне мысал қылады. Шаруашылықты — «негіз» (базис) дейді. Жалпы сана-құлықты (идеологияны) үйдің негізінің үстіне «қаланған қабаты» (надстройка) дейді. Ал, құлық-сана бір-ақ заттан ғана қорытылмайды, әлденеше түрлі заттардан, түрлі сезімдерден қорытылады. Олай болғанда сананы тексеріп, тарамдап бөлшектеп, не қаттауға, не тізбектеуге бола ма?.. Әрине, болады. Тұтас тұрмыстың барлық жүйесін қаланған, салынған үйге мысал қылғанда, адам баласының отырықшы, өнерлі тұрмысқа айналған көпшілігіне түсінікті болсын деп, көпшіліктің көз алдына келтіруге суретті қылып айтқаны. Бұл — көркем әдебиеттің жазу тәсілі. Ал құлық-сананы (идеология) тексеріп талдағанда, тарамдағанда, сол құлық-сананың талданғандарын бірінің үстіне бірін қаттап көрсетеді. Мысалы, қаланған үй болған соң, шаруашылық оның «негізі» болған соң, құлық-сана оның үстіне «қаланған қабаты» болған соң, ол «қаланған қабаттың» өзін тексеріп, бөлшектегенде, сол бөлшектерді қаттап көрсетеді. Бірінің үстіне бірін қойып көрсетеді. Сөйткен соң қаланған үй екі-ақ қабат болып шықпайды. Әлденеше қабат болып шығады. Әлденеше этажды (в несколько этажей) болып шығады. Сонымен құлық-сананың өзі неше қабат болады. Құлық-сананың ең маңыздырақ, ең «гәбі» зорлық тарамын үйдің «негізіне» (базисқа) қаттастыра, құшақтастыра қояды да, «гәбінің» маңызына қарай өзге тарамдарын да жоғары қабатқа қояды. Ал барлық тұрмыс жүйесін, оның ішіңде құлық-сананы (идеологияны) суреттеп айтқанда, қаланың қабат-қабат салынған үйлеріне ғана мысал қылу шарт па?.. Үйден басқа да түсінікті нәрсені келтіруге болар ма?.. Үйді келтірмей, үйдің қабаттарын келтірмей бола ма?..

Оған жауап, — әрине, болады.

Ауыл шаруашылық заттары мен қаладағы өнеркәсіп дүкендерінен шыққан заттардың бағасы, нарқы бір-бірінен шалғайланып кеткенді қысқа қылып түсінікті, суреттеп айтатын болды. Нарық «қайшысы» («ножницы» рынка) дейтін болды. Партияның жобасына, саясатына терістеу бет алысты түсінікті қылып айтуға «тайысу» (уклон) дейтін болады. Бұл мағыналарға «қайшы» деген сөз бен «тайысу» деген сөздерден басқа, не бұлардан да гөрі көрнекті, түсінікті сөздер табылса, не осылардан кем емес сөздер табылса, — осы екі сөзді алғашқы қолданған орындар алмас па еді?.. Әрине, алар еді... Ал олай болғанда, тұрмыс жүйесін, оның ішінде құлық-сананы (идеологияны) суреттеп көрнекті қылып айтқанда, мен қабат-қабат салынған үйді мысал қылмай-ақ, тізбектелген көшті, тізбектелген, бунақталған жұлын-тұта омыртқаларды мысал қылдым. Қалың қазақ еңбекшілеріне осылар да түсінікті болар деп білдім. Құлық-сананы (идеологияны) тізбектелген көшке, яки тізбектелген, бунақталған жұлынтұта омыртқаларға мысал қылғанда, кеш тізбегінің ең алдыңғы түйелер (бунақ) — құлық-сананың ең «гәбі» маңызды бунақтары болмай ма? Немесе, тізбектелген, бунақталған омыртқаның ең алдында (бас пен ауыз омыртқа) — құлық-сананың ең «гәбі», маңызды бунақтары, ең маңызды тарамдары болмай ма?.. Ал құлық-сананың ең алдыңғы бунағы не?.. Құлық-сананың (идеологияның) ең алдыңғы бунағы — саясат. Ал құлық-сананың кейінгі бунақтары, не? Кейінгі бунақтары, — Көркем әдебиет бунақтары. Артқы бунақтары, — ән-күй бунақтары, ең артқы бунақтың бірі — Затаевич отырған бунақ-ау деймін... Міне, аппағым, мен құлық-сананы (идеологияны) бунақтағанда осылай бунақтаған едім... Құлық-сананы (идеологияны) бөлшектегенде, бунақтағанда, алдыңғы бунақтарда саясат, түрлі ғылым бунақтары десек, кейінгі бунақтарда Көркем әдебиет, ән-күй, тәрізді бунақтар (искусство) болады дедік. Әлеуметтің яки таптың құлық-санасына өзгеріс кіргенде (революция болғанда) өзгеріс бас бунақтардан — әлеуметтік саясат бунақтарынан басталады. Сөйтіп өзгеріс кейінгі бунақтардан шығады. Ал өзгеріс жасаған таптың әлеумет, саясат ретінде бағытына бөтен таптан көшкен кейбір адамдардың барлық құлық-санасы (барша тізбектелген жұлын-тұта омыртқа бунақтары) бірден тегіс өзгере қоймауы да мүмкін. Өзгеріс жасаған таптың жалпы бағытымен, жалпы рух-демімен бөтен таптан ілескен адамдардың әуелі саясат, әлеумет мәселелері тұрған алдыңғы омыртқалары ғана өзгеріп, кейінгі бунақ омыртқалары біразға шейін, кейде тіпті көпке шейін, өзгере қоймай, ескі, бұрынғы түрінде қала беруі мүмкін. Бұл тарихтан белгілі нәрсе. Бұл, әсіресе, сол өзгеріс жасаған таптың бағытына бөтен таптан қосылған адамдарда болатын іс. Саясат, әлеумет ғылымдары — тұрмыс лаждарының, тіршілік қамының, күнелту тәжірибелерінің, тұрмыс айлаларының, — солардан шыққан ойдың екшенді, тәртіпке салынған қорытындысы. Ал ғылым болып шыққаннан кейін, саясат, әлеумет ғылымдары тұрмысты көркейтуге құрал болады. Сол себепті, саясат, әлеумет мәселелерін тексеріп, мақұлдағанда, адам айла, лаж іздеген есеппен, алды-артын болжаған оймен тексеріп, мақұлдайды. Адам, ең алдымен, қарынның қамын, қарынның пайдасын, тіршілік қамын қарастырады. Сөйтіп, әлгідей адам тіршілік лажының есебімен, тексеріп салмақтап мақұлдаған жаңа әлеуметшілік жолына өзін өзі әкеп салады.

Сөйтіп, адам әуелі «сұлуынан жылуын» іздейді.

Плеханов айтады: «...адам әр нәрсені бағалағанда ең әуелі тіршілікке пайдалы жағын ғана қарайды. Содан кейін ғана ол нәрсенің Көркемдік жағын іздейді»... дейді. Сөйтіп тіршіліктің керектері, қарынның керектері алдында жүреді де, көркемдік іздеген сезімнің керектері соңында жүреді. Әлгі өзгеріс (яки өзгеріс жасамақ) пролетариат табының бағытына басқа таптардан кірген адамдардың талабы саясат, әлеумет мәселелерінде сол пролетариат табының бағытына түссе де, пролетариаттың саяси партиясына кірсе де, Көркемдік өнер (искусство) мәселелерінде (мәселен, көркем әдебиет ретінде) құлық-саналары пролетариат бағытына тез кіре қоймайтыны сол, ал кейбіреулері, көркем әдебиет ретінде пролетариат бағытына тіпті түсе алмай да қояды. Плеханов айтады: «...байлар табынан шығып, құлық-сана шырайларын жұртқа тарататын, пролетариат табына қосылып, сол пролетариат табының туын ұстаған адамдардың араларында көркемөнер шеберлерін тіпті аз білеміз...» дейді. Күйлі сөз (поэзия), Көркем әдебиет адамының, ілгерідей, сансыз қырлы, сансыз сырлы, неше түрлі сезім күйлерінің әсерімен шығатын болғандықтан, бір белгілі түрдегі, белгілі бағыттағы, белгілі күйдегі, белгілі рухтағы күйлі сөз, Көркем әдебиетті сүюшілердің, екінші түрдегі, екінші бағыттағы, екінші күйдегі, екінші рухтағы күйлі сөзді көркем әдебиетті сүюі қиын болады. Сол жаңа күйдегі, жаңа бағытты көркем әдебиеттің бағытына түсуі тезінен бола қоймайды. Әлгі бір таптың адамы, саясат, әлеумет мәселелерінде пролетариат бағытына көшіп, сол пролетариат табының (жалшылар табының) саяси партиясына кірсе де, күйлі сөз (поэзия) көркем әдебиет ретінде пролетариат бағытына түсе алмауы мүмкін дейтініміз осы. Бүл, әсіресе біздің совет мемлекетінде мүмкін. Өйткені совет мемлекетінде әкімшілік жүргізіп отырған пролетариат партиясы, коммунист партиясы бұл партияға бөтен таптардан кіргендердің арасында әлгілер дей болуы мүмкін. Үстемдігін жүргізіп отырған партияға тұрмыс, тіршілік ойлап бөтен таптардан кірушілер көп болмақ. Мұны, тәжірибеден тұрмыс жүзінен көріп те отырмыз. Бұл — әсіресе біздің Қазақстанда көрініп отырған тәжірибе.

Арба бар жерде дөңгелек жоқ па?..

Тағы да «мен надан емеспін» дегендей қылып, газетке сөз жазып отырған азамат: «Маркс — саясатты шаруашылық билейді, шаруашылық жоқ жерде саясат болмайды» демей ме?» — дейді. Сәкеннің «Жыл құсының» 7-ші номеріндегі мақаласында бұл туралы бір ауыз сөз жоқ»... — дейді дедік қой... Жалғыз ғана саясат емес, тұтасымен құлық-сананы (идеологияны), оның ішінде көркем әдебиетті тұрмыс (бытие), шаруа (экономика) билейтінін «Жыл құсының» 1-ші номеріндегі мақаламда айқындағанымды ғана айтып өткемін. Қалай айтқандығымды көрсеткем. Оны енді тағы да қайталаймын, түсінбеген «ғалым» қайтадан оқыр. Мен әдебиетті өзгертіп отыратын тұрмыс, шаруашылық деп «Жыл құсының» 1-ші номеріндегі мақаламда, кекесін қылмай-ақ, шындап айтып едім. Бірақ, менің онымды «надан емеспін» дегендей қылып отырған кісі оқығанда, «шындап айтпаған» деп түсінген тәрізді. Ал мен де, ендеше, ашық айтайын: бұдан былай байқап қараңыздар: мен барлық құлық-сана, оның ішінде көркем әдебиет, тұрмыстың (бытие), шаруаның (экономика) өзгеруімен өзгеріп отырады деп «шындап айтамын». «Ғалымның» жазған сөзі және мынандай қызық-ау: «е, Маркс, шаруашылық жоқ жерде саясат болмайды демей ме?»... дейді. Уай, аппағым-ау, «шаруашылық жоқ жерде саясат болады» — деп кім айтады? Тек Түркістандағы апиын, көкнар ішіп, наша тартып, есалаң болып, «дүние пәни» деп күркілдеген шайқы бұрқы «әулиелер» болмаса!»... «Шаруашылық жоқ жерде саясат болмайды» демей ме?» деген сөз, «дөңгелек жоқ жерде арба болмайды» деген тәрізді. Рас, дөңгелек жоқ жерде арба болмайды. Ал арба болмаған жерде дөңгелек те жүре бермейді, дөңгелек те, арба да жоқ ата мен аналар көп бола бермесе керек. Тек, аспандағы баласыз, қатынсыз «кәрі құдай» болмаса. Бірақ, ол да шыдай алмай, сұлулығына қызығып, «Арамды алып, Исаны туғызыпты» деп шоқынады ғой бірсыпыра шал мен кемпірлер. «Шаруашылық жоқ жерде саясат болмайды» — демей ме?.. дейді айнам... Рас... ал саясат бар, шаруашылық бар екені күмән ба? Құлық-сананың ішіндегі тарамдардан саясат емес пе шаруашылықпен айқаса біткен?.. Шаруашылықтың айқындалған шырайы саясат емес пе?.. Барлық тұрмыстың негізі шаруашылық... ал шаруашылық пен саясат, «саяси әкімшілік» айқаса құшақтасып жатады. Біріне-бірін бөліп, бірінен-бірін артық-кем ұстап болмайды. Міне, шаруашылықсыз саясаттың күні жоқ, саясатсыз шаруашылықтың күні жоқ. Бірінсіз-бірі тұра алмайды. Олай болғанда, «саясат» десек, оның ар жақ құшағында «шаруашылық» бар екені өзінен-өзі белгілі. Міне, бұл осылай, сұңқарым!.. Не сөз айтсаң да, «шаруашылық» қайда?.. «Шаруашылық» қайда дей беру — «соқыр көргенінен жазбайды» деген мақалды ойға келтіреді.

Әдебиетті тексеру, сынау, бағалау және құлық-сананы тексеру осылай болады. Тағы да Георгий Валентинович айтқандай: «Бір жазушыны сынау үшін, сол жазушының тексерген, баяндаған нәрсесінің мәнісіне, сынаушы сол жазушыдан гөрі тереңірек түсінген болуы керек.»

1928 жыл

КӨРКЕМ ӘДЕБИЕТ ТУРАЛЫ БІЛУГЕ ТИІС ҮШ НӘРСЕ

Көркем әдебиетке жетік емес адамның алдымен білуге тиіс үш мәселесі бар. Бірі: әдебиеттану, танығанда, әдебиеттің «пернелерін» , түрлерін білу. Әдебиетті сол пернелерінің, түрлерінің ретіне қарай жіктеу. Екіншісі: көркем әдебиеттің жазу тәсілдерін білу. Көркем әдебиеттің «көркем» болатындық себептерін түсіну.

Үшіншісі: көркем әдебиетті қалай бағалауын білу. Қалай сынауын білу. Көркем әдебиетті «пернелеріне», түрлеріне қарай жіктегенде, үш жікке бөледі.

Бірінші: әуез әңгімелер.
Орысша жалпы айтқанда: эпические произведения.
Екінші: күйлі сөз, толғау.
Орысша — лирика.

Үшінші: — айтыс-тартыс (драма).

Біріншідегі: «Әуез әңгімелері» деп жазушы «тысқы» дүниедегі оқиғалардан алып, кеңінен отырып жазған әңгімелерді айтады. Әуез әңгімелердің өзі үшке бөлінеді. Бірі — роман. Екіншісі — ұзақ әңгіме (хикая) орысша — повесть, үшіншісі — әңгіме. Орысша — рассказ. Екіншідегі «Күйлі сөз», «толғау» деп жазушының өзінің «ішкі дүниесінің», ішкі сезімдерінің қозғалуымен жазылған толғауларды, күйлі сөздерді айтады. «Күйлі сөздердің», «толғаудың» өзі әлденеше түрлі болады. Жалпы белгілі түрлері:

Бірінші — ұзақ уакиғалы өлең. Қиссалар тәрізді. Орысша — «поэма» дейді.
Екінші — жыр — стихотворение.
Үшінші — өлең — песня.

Үшіншідегі: «айтыс-тартыста» жазушы болған бір уакиғаларды түгел өзі айтып отырмай, сол уақиғада болған адамдардың өздерін айтыстырып, тартыстырады. Көркем әдебиеттің мұндай түрі, көбінесе, театрда ойналу үшін жазылады. «Айтыс-тартыстың» өзі екі-үш түрлі болады. Бірінші — трагедия, екінші — комедия (күлдіргі), үшінші — жалпы пьеса, драма. Міне бұл көркем әдебиеттің «пернелері» — оның әрқайсысын бөлектеп Мәжит баяндар. Ал енді көркем әдебиет туралы білуге тиіс екінші нәрсе: жазу тәсілдерін білу. Көркем әдебиеттің «Көркем» болатындық шарттарын білу. Бірақ мұны бұл арада айтып баяндауға, көп жазуға, ұзақ жазуға тура келер еді. Бұл сапар оны бұл арада баяндап шығуға болмайды. Сондықтан тек бір-екі ауыз сөзбен ғана жазу тәсілдері туралы мынаны-ақ айтайын. Көркем әдебиет шығармасын жазғанда, әуелі жазатын тақырып түзу болу керек. Жоспар айқын болуға тиіс. Жазушы айтайын деген тақырыбынан, белгілеген жоспарынан адаспауы керек. Жазушының айтайын деген пікірі-ойы айқын айтылуы керек. Сөздері түсінікті болуы керек. Айтайын деген ойына дұрыс, дәл сөздер жұмсалуға керек.

Міне Көркем сөзбен жазылмақ шығармалардың шарты осы...

Ал шығарма көркем болуы үшін жаңағы айтқандардың үстіне әсерлі болуы, суретті болуы, әуезді болуы керек. Айтайын деген бір пікірің тек Жалаң, жабайы қара сөзбен ғана айтылмай, көрікті, суретті, әсерлі нәрселерге теңеліп айтылса көркем болады. Айтайын деген бір пікірге яки нәрсенің әрекетіне, тек ылғи қара жабайы сөздерді ғана жұмсай бермей, жазушы өзінің ішкі сезімдерін қозғаған, басқа адамның ішкі сезімдерін қозғайды деген сөздерді жұмсаса, әсерлі болады. Айтайын деген қиялға яки ойға, кез келген жабайы сөздерді жұмсай бермей, әуезді, күйлі сөздерді, адамның сезіміне әсер ететін дыбысты сөздерді жұмсаса, сөз күйлі, әуезді болады. Сөз — құс. Құсты қалай білу керек. Қысқасы: жақсы, шебер домбырашы күй ойнағанда (тартқанда) саусақтарын қандай ойнатса, жазушы да моншақша тізбелеген сөздерін сондай ойнатуы керек. Жазушы қай тілде жазса, сол тілді әбден билеп алған болуы керек. Сөзге бай болу керек. Халық арасында, ойда, қырда, бір жерде жүргенде, тұрғанда, отырғанда естіген әрбір сөзді жібек жіпке тізген моншақтай тізіп алуы керек. Жазушы — тіл шебері. Тіл шебері болған соң тілдің барлық нақысын білуі керек... Жарайды... бұл, әзірше, осымен тоқталсын... Ал, көркем әдебиет туралы білуге тиіс үш нәрсенің бірі — әдебиетті қалай бағалау еді. Оны бұл араға жазбадым. Ол туралы менің «Әдебиетті бағалау» деген мақаламды оқы.

1928 жыл

«ЕЛ ҚОРҒАНЫ» НЕ?..

«Ел» деген сөз, «жұрт» деген сөз, әрине сөкет емес.

Бұл сөздерді айту айып емес. Бірақ, «ел» деген, «жұрт» деген сөздің айтылатын орны бар, айтылатын кезі бар. Әрине, әрбір сөздің де айтылатын орны, айтылатын кезі бар. Әрбір сөзді айтқанда, қандай ұғынысқа айтып отырғанын айтушы, яки жазушы айқын біліп айтуы керек... Бұрынғы патша заманында, татардан шыққан белгілі ұлтшыл көсем Жүсіп Акшораұлы деген кісі «Түрік жұрты» деген журнал шығарып тұрды, Ақшораұлының мақсаты: патшалардың қанды тұяғында иленген, еріктерінен айырылған «Түрік жұрттарын» оятуға, бірлестіруге, өзінің еркі үшін күреске шақыру еді. Патшаның заманында «түрік жұрттарын» сол патша саясатына қарсы күреске шақыру орынды іс еді. Орындысы былай тұрсын, дұрыс іс еді. Ақшораұлының ұранына дауыс қосқандай, қазақтан шыққан ұлтшыл көсемдер Ахмет, Міржақып та патша заманында, патшаның урядник, приставтарының арам етіктерінің табанымен езілген нашар елдің «елім-ай, жұртым-ай!»... деген зарын күйледі. Әрине, бұл да патша заманында орынды, дұрыс іс еді. Ал, «түрік жұрты» деп, «елім-ай, жұртым-ай» деп, жалпақ елдің, түгел жұрттың атынан зар илеп, жыр жырлап, күй күйлеуі қазір дұрыс па?.. Әрине дұрыс емес!.. Дұрыс емес екені: «Руссиядағы түрік жұрттары» татар, Қазақ, башқұрт, өзбек, қырғыз, түрікпен тағы басқалар, бұрынғы патша замандарындай, қазір табан астында езіліп жатқан жоқ. Руссиядағы бұрынғы езілген «түрік жұрттары» қазір сол Руссиядағы өзге жұрттардың бәрімен тең, қазір Руссиядағы барлық жұрттардың өз еріктері өздерінде, өз биліктері өздерінде. Біріне-бірі үстемдік қылып отырған жоқ. Бірін-бірі жаншып, бұрынғыдай зорлық қылып отырған жоқ. Сол себепті, — «елім-ай, жұртым- ай!..» деуге қазір орын жоқ... ол бір... Қазір Руссиядағы «түрік жұрттарының» (тек, түрік жұрттарының ғана емес), қазір, Руссиядағы барлық жұрттардың«бұрынғы еркінен» айырылып отырған, не айырыла бастаған соң, зар илеп отырған жүзінен он бес-жиырмасы ғана шығар, (15 пр-т), (20 пр-т) яғни, үйдегеніміз, тек біраз ғана байлары шығар. Қайта, әр жұрттардағы байлардың өздері де әлі түгелімен, «еріктерінен» айырылып біткен жоқ. Сол себепті, қайта, зар илесе, «әлі де байлар еркінен тегіс айырылып біткен жоқ», деп, біраз кедейлер зарлауға мүмкін. Руссияда патша құрығанына он жыл болды. Патшамен бірге, оның обыр саясаты да құрыды. Қазір Руссияны пролетариат (жалшылар) табының әкімшілігі билеп отыр. Пролетариат табы, ешкімнің қай жұрттық, қай елдік екеніне қарамай, ұлтқа бөлмей, барлық жалпы еңбекшілердің тілегін көздейді. Пролетариат табы, «түрік жұрттары» болсын, орыс жебірей, неміс жұрттары болсын, бәрінің бірдей қалың еңбекші, жалшы кедейлерінің тілектерін көздейді және қай жұрттікі болса да, пролетариат табы және оның үкіметі, байлар тілегіне қарсы. Қазір, бір «елдің» байлары мен еңбекшілерінің тілектері үйлеспейді. Сол себепті, қазір, Руссиядағы барлық жұрттардың, оның ішінде түрік жұрттарының, оның ішіңде қазақ жұртының қалың еңбекшілерінің тілектері байлардікімен бір емес. Әр жұрттың, қазір енбек сорған байлары мен еңбекшілерінің тілектері екі басқа. Еңбек сорған байлар мен енбекшілердің тілегі бір деп, не байлар ғана айтады, не байлардың сөзін сөйлегендер ғана айтады. Не сана-сезімі қараңғы кісілер ғана айтады. Рас, бір әлсіз жұртты бір әлді жұрт басып алып, өзіне бағындырып, жем қылып отырса, әлді жұрттың тырнағынан құтылу жолында әлсіз елдің байлары мен еңбекшілерінің уақытша тілегі бірігуге мүмкін. Әрине, әлсіз жұртты басып алып, бағындырып, жем қылып отыратын тұтасымен бір «әлді жұрт» болмайды, тек, сол елдің әкімшілігін қолына алып отырған байлар табы ғана болады. Және, бір жұртты ақсүйектер билеп отырса, сол ақсүйек тұқымынан билік алу жолында да сол жұрттың байлары мен еңбекшілерінің тілек-әрекеттері уақытша бірігуге мүмкін... Мысалы: басып алып жем қылып отырған әлді елдердің шеңгелінен құтылуға және ақсүйек халифа билігінен құтылуға көтеріліс жасап, күрес ашып, ана жылы, 1919—1920 жылдарда Түркияның уақ байлары мен еңбекшілерінің сол жолда тілектері бір болды. Еуропаның әлді жұрттарының аранына қарсы көтеріліс жасағанда Қытай жұртының да байлары мен еңбекшілерінің тілегі — ерікті былтырға шейін бір болды... Өз еркі өзінде отырған жұрттың байлары мен еңбекшілерінің ешуақытта тілегі бір болмайды. Байлар мен еңбекшілердің тілегін бірге санап, екеуінің жігін айырмай, «елдің қорғаны» — мен, «жұрттың қорғаны» — мен, «елдің атынан айтамын», «жұрттың атынан айтамын» деу, байлар табының пайдасын сөйлегендік. Байлар табының «жырын» жырлағандық!.. Ал, «еңбекші ел» десе, пәлен жұрттың еңбекшілері десе, онда, әрине, ол елдің еңбек сорған байларын қоспай айтқандық. Әрине, олай айту теріс емес... Еңбекшілері мен еңбексіз еңбек сорғандарын айырмай, «ел» дегенде, «жұрт» дегенде, сол елдің еңбексіз еңбек сорған байларын да, еңбекшілерінде бірге айтқандық болады. Оған дәлел үшін Жүсіпбек Аймауытұлының «Ел қорғаны» — деген пьеса кітабын алып қарайық. «Ел қорғаны» — деген сөз «елге қорған» атану, бұл сөздің негізгі жұмысын тексермей алғанда, сана-сезімдері жетілмеген «ел» ішінде, «қызықты», «қымбатты атақ» болуға мүмкін. «Ел қорғау» ісі болып өткенде, сол «қорғаудың» барлық ауырлық салмағы қалың еңбекшілердің үстіне артылады да, біткен істің пайдасын, жемісін еңбек сорған еңбексіз байлар ғана көреді. Бұл — тұрмыс тарихынан белгілі әңгіме... «Елдің» сана-сезімдері жетілмеген еңбекшілері мұны сезсе де, «ел қорғау» — дегенді мойындарына «міндет» санауға да мүмкін, «ел қорғаны» деген «атақты» қымбатты санауға да мүмкін. Жүсіпбек сана-сезімдері жетік адам... әрине, оған да «ел қорғау» — «қымбатты» көрінуге мүмкін. «Ұлтшылдар» — «елді» «алаламай», «қорғап» жүрген болады. «Елді» «алаламай» ұлтшылдарға қорғатады. Ал, Совет үкіметінің заманында, — «елді» «ұлтшылдарға қорғатып» қоя бермейді. «Елді» енді, «ұлтшылдар» («елшілдер», «жұртшылдар») қорғай алмайтын болған соң, ұлтшылдарды (елшілдерді, жұртшылдарды), оларша, енді Совет үкіметінің азаматтары қылу керек. Коммунист қылу керек... коммунист «болу» керек. Жүсіпбектің жазған «Ел қорғаны» деген пьеса кітабын 1925 жылы Қазақстанның Оқу комиссариатының жанындағы білім ордасы бастырған. Бұл кітабындағы Жүсіпбектің «елін» қорғататын батырлар совет туының астына кірген «бәлки» коммунист те болған қазақ оқығаны мен сол оқығанның үгітімен қызыл отрядқа кірген кедей жігіттер. Совет үкіметінің атынан елге шыққан әлгі оқыған жігіт «Ел қорғауға», сол елден қызыл отряд, милиция жасауға үгіт сөз айтқанда, байларға, кедейлерге — бәріне бірдей айтады. Бірінен бірін «алалап болмайды». Бәріне бірдей сыпайы, әдемі, қызулы сөздер сөйлейді. «...Е, қауым, әлеумет!.. Елдік қылайық, жұрттық қылайық!» — деп зарлайды. Жиылыста отырған қазақтың байы мен кедейлерін жіктемейді. Бәрін «бірдей» көрген болады. Бәріне бірдей «зарлайды».

— Әлгі, «алашордамыздың әскері қайда жүр? Алашордамыз бар ма?» деп сұраған байға:

— «Алашорда азаматтары қашып кетті. Енді алашордадан қайран жоқ»... деп қынжылғандай болады...

Тағы да, байдың: — «...Алашқа автономия аламыз, өз алдымызға жұрт боламыз, дейтін солар емес пе еді? Өздерін қазаққа не пайда келтірмексіңдер?» дегеніне большевик болған оқыған қазақ айтады:

— ...«Біз де қазаққа автономия алу жолындамыз. Бірақ, біздің көздегеніміз байлардың автономиясы емес. Елді кедейге билететін автономия алмақпыз. Алашорданың басындағы бұрын патшаға қызмет қылған төрелер, ақсүйектер, ескі оқығандар болатын. Олар саясат білмеді, төңкерістің бағытын болжай алмады, олар адасты. Адасқандығын кейбіреулері жаңа білді. Енді бізге қосылып жатқандары да бар. Ахмет Байтұрсынов, — қазаққа пайдалы үкімет осы, большевик үкіметі деп, кеңес жұмысына араласты... Большевик жолы Қазаққа зиянды болса, Ахмет оларға қосылмас еді... О кісі Қазақтың автономиясын алуға Мәскеу барды...» — дейді.

Міне, Жүсіпбектің «Ел қорғауға» елге шыққан коммунист әлеуметке, оның ішінде байға айтқан сөздері осындай... «Біздің көздегеніміз байлардың автономиясы емес, елді кедейлерге билететін автономия» — дейді де: «...Алашорда азаматтары қашып кетті. Енді алашордадан қайран жоқ. Алашорда басындағылар ескі оқығандар еді. Олар саясат білмейді...» — деп қынжылғандай болады. «Егерде олар саясат білгенде, мұндай болмас еді» — дегендей қылады. «Енді алашордадан қайран жоқ» — дейді. Бірақ, өйткенмен бір тәуір жері, — «Ахмет Байтұрсынов қазақтың автономиясын алуға Мәскеу барды...» — деп қанағаттанып тындырады. Сөйтіп, оқыған большевик... қазақ не онда, не мұнда жоқ, қосақ арасында бос кетіп отыр. Қайткенде шығыннан толас боласыздар? Мал-жанға қайтсеңіздер ие боласыздар?.. Сендер де «ел екендіктеріңді» білдіріп, отряд болуға жігіт беріңіздер, біз қару-жарақ берейік, сөйтіп, ел өзін-өзі қорғасын...» — деп ақсақалдарға, байларға, бұқараға қақсайды. Қысқасы, Жүсіпбектің «Ел қорғанындағы» «ел қорғауға» елге шыққан оқыған жігіті, большевик болғанда «ел қорғау» үшін ғана болған болып шығады. Ол, алашорданың басында болған ескі оқығандардай «саясатты біле алмаған ғана» болып шықпайды. Ол — саясатты біліп, «ел қорғау» үшін совет үкіметіне сұғынып, большевик партиясына кірген болып шығады. Оның қорғайтын «елі»: ақсақалдар. байлар, билер, кедейлер, бәрі болады. Ол, байларды, кедейлерді, билерді «алаламай», жіктемей «қорғаймын» — дегендей қылып соғады. Қаладан келген оқыған большевиктің «ел қорғау» қамын айтқан үгітіне жиналған әлеуметтің ішінен, тек, еті тірі кедей жігіттер ғана суырылып шығып, байларға қыр көрсетіп, отрядқа жазылады. «...Бізге енді атты кім береді, жолдас, соны айтыңыз» — дейді, оқыған: «...сендерге атты «ел» беру керек»... — дейді. Оған, отрядқа алдымен жазылып тұрған Әбіш деген жігіт: «...ел бермесін атты — байлар берсін! Ел берсін десеңіз, мына отырған байлар кедейлерге шығын қылып салады. Қолымызға мылтық беріңіз, атты кімнен алуды өзіміз білеміз!..» — дейді.

Большевик болған оқыған, оған сүйсініп «бәрекелді-ай!»— дей алмайды!..
Міне, Жүсіпбектің «Ел қорғаушысы» осындай.

Ал «Ел қорғауға», қызыл отрядқа өзі тілеп кірген және ауылды қанаған банды-офицерлерді өлтірген Жүсіпбектің Ораз деген жігіті ашықтан-ашық байларды «ел» дейді. Ораз Байбек байға айтады: «...елді қорғап жүр. Сен ел емеспісің?..» — дейді. Және, Ораздың банды-офицерлерді неғып өлтіргенін бұл арада айта кетуге болады. Ораз бір ауылда отырғанда үстіне бандылар келіп қалады. Ораз мылтығын тығып, дереу бандыларға барып сөйлесіп, соларға жігіт болады. Бір үйге кіріп, бандының офицерлері тынығуға жатады. Екі-үш банды-солдат ауылды тінтеді. Бір құран тауып алып шығады. Екінші үйде бір жас әйелді зорламақ болып ойбайлатады. Ораз ойбайлаған әйелдің «сүндетсіздерге» рәсуа болып жылаған дауысына, бандының «дәретсіз» қолында жүрген «жарықтық» құранға шыдай алмай, намысы қозып, қимылдап, жылдам бандының сүйеулі тұрған мылтығын алып, бандыларды атып өлтіреді... Бұл арасы да сана-сезімдері қараңғылау адамдарға әсер етуге лайық... Және де сана-сезімдері онша қараңғылау емес адамға да бір «әсер» беретін жері бар. Ол мынау: қызыл отрядқа ең алдымен тілеп кірген «Ел қорғаны» әлгі Әбіш деген жігіт қызыл ту қылып алып шығуға қызыл шүберек іздегенде:

— Қатындардың дамбалы болса да, табындар! — дейді.

Міне, Жүсіпбектің «қорғалған» «елі» Байбек байлар сияқтылар. Ал, «Ел қорғаушылары», әлгі, «алашорда» азаматтарынан енді қайран жоқ деп байларға, ақсақалдарға, билерге қынжылған оқыған мен жаңағы Ораз бен Әбіштері... Міне, «Төнкеріс рухымен» жазылған жақсы кітап деп, 1925 жылы басып шығарған, бүгінге шейін театр үстіртінен (сахнасынан) түспей ойналып келе жатқан кітабымыз осы. «Ел қорғаны» дегеніміз осындай!..

Жүсіпбекке: «Неге бұлай жаздың?» — деп кінә қоюға бола ма!
Менімше кінә қоюға болмайды.

— Неге? — дейсіз ғой.

Неге десеңіз:

Бұрынғы патша заманындағы айтылуға тиіс «елім-ай», «жұртым-ай» деген күй патша түскен соң айтылуға тиіс емес болды. Патша заманында айтылуға тиіс «елім-ай», «жұртым-ай» совет үкіметінің тұсында еңбекшілері мен байын айырмай айтылса, онда, енді, ол «елім-ай», «жұртым-ай» тек байлардың ғана зары болатын болды. Ал совет үкіметі байлардың ашық айтқан зарын онша бетімен қоя бермейтін болған соң, «елім-ай», «жұртым-ай» өзгеріп, тек «ел», «жұрт» делінетін ғана болды. «Алашорданың» басында болған аңғал ескі оқығандарша, Міржақыпша: «елім-ай», «жұртым-ай» деп, енді, еңбекші таптың үстемдігі жүріп тұрғанда «байлар үшін» аңғалақтамай, «алашорданың» басында болған ескі оқығаңдардай емес, «саясатты жақсы білетін» жас оқығаңдар, совет үкіметі орнағалы «ел қорғаны» — дейтін болды. Екі сөзінің бірінде «қазақ елі» — дейтін болды. «Қазақ жұрты» дейтін болды. «Қазақ жұртшылығы» дейтін болды. Коммунист партиясында жоқ Жүсіпбек былай тұрсын, тіпті кейбір «саясатты жақсы білетін», коммунист болған оқыған адамдар да сөйтіп соғатын болды. Бұл «қазақ елі», «қазақ жұрты» деген сөздер жаңа жаза бастаған кейбір жігіттердің де жазғандарында көп кез келеді. Патша түскелі әлеумет істеріне қатынасып, газет-журналдарға сөз жазып, әдебиетке қатысып келе жатқандардан көбінесе, «қазақ елі», «қазақ жұртшылығы» деп қоймай келе жатқанының бірі Ғаббас Тоғжанұлы. Ғаббас қазір баспаның басында жүрген қызметкерлердің бірі болғандықтан мұны айтпасқа болмайды. Әрдайым, тапшыл бағытты мықты, айқын ұстап отыру тап тартысында, сол өзі жолына түскен таптың қазанына әбден қайнап шықпаған адамдарға қиын болатыны рас. Ондайлар түгіл әуелі, тап тартысында тақымдасып шыққан адамдардың да талайының қателесіп, тап жолынан кейде ауа басып қалып отырғандарын да білеміз.

Плеханов айтады: «Бір таптың әсері, тек сол таптың бағытындағы жазушыларда ғана болмайды. Сол тапқа қарсы күрес ашып жүргендердің өздеріне де сол таптың әсері тиіп отыруға мүмкін» — дейді. Бұл сөздің дұрыс екендігіне шүбә болмау керек... Кейде қателесіп, тап жолынан ауа басып қалып, түзеліп отырған адамдар бір жосын. Ал, бір сарыннан онша айқын өзгере қоймай келе жатқан жазушылардың қателерін көрсетпеске болмайды. Ғаббастың жазғандарын қарап отырсаңыз «еңбекші» деген сөз анда-санда ырымға бір кез келсе, «Қазақ елі», «қазақ жұртшылығы» деген сөздер өте жиі кез келеді. «Еңбекші қазақ» газетінің қолға түскен бір-екі-үш номерлерін алып қарайық... Міне, 1926 жылғы октябрьдің 29-ы күнгі номерінде, Ташкендегі ашылған Педвузды құттықтап жазған сәлем сөзінде Ғаббас бүй дейді: «...күні кеше хат танырлық мектепке зар болған қазақ елі, бүгін міне, ірі оқулы, білімпаздар шығаратын институт ашайын деп отыр. Қазақ елінің тарихи ұлт болу жолында бұл институттың мәні зор... Тұңғыш институтымыздың көп жасауына, қазақ жұртшылығы атынан «Енбекші қазақ» құтты болсын айтады. Көгер, қазақтың жоғары дәрежелі түңғыш институты!..» — дейді. Және сол жылғы, «Еңбекші қазақтың» 6-шы сентябрінде шыққан номерінде де көбінесе, «Қазақ елі», «Қазақ елі» —дейді, және сол жылғы сентябрьдің 13-нде шыққан номерінде көбінесе, «Қазақ жұртшылығы», «Қазақ жұртшылығы» — дейді. Міне, Ғаббас, бүгінге шейін осылай жазып келеді. Бұл әшейін мысал үшін ғана. Және. олай деп жазушы, баспамыздың басында отырған қызметкерлердің бірі болған соң ғана бұл арада көрсетіліп отыр. Жалғыз Ғаббас емес бірсыпыра кісілер бүгінге шейін осылай жазып келеді. Сондықтан «ел» деп, елдің еңбекшілері мен енбексіз еңбек сорғандарын айырмай жазасың деп, Жүсіпбекке үлкен кінә қою қиынырақ көрінеді... Өйткенмен бұдан былай «елдегі» байлар мен еңбекшілерді қосақтауды қою тиіс... Әзір осымен доғардық, керек болса, тағы да толығырақ жазармыз...

1928 жыл

«ТАР ЖОЛ, ТАЙҒАҚ КЕШУ» ТУРАЛЫ

«Еңбекші қазақ» газетінің 296-санында «Тар жол, тайғақ кешу» туралы бір-екі сөз» деген Төреқұлов Нәзірдің мақаласы басылды. Төреқұловтың мен туралы жазатын сөзінің қандай болатынын, оның бұрынғы мақаласын оқыған жұрт білетін болар. Төреқұлов сөзінің ақырында: «Қолы тисе Сәкен жауап қатар» дейді. Рас, басқа не жұмысқа қолым тисе де, мұндай «сынға» жауап жазып отыруға қолым тимегені тәуір болар еді. Төреқұловтың мақаласы туралы «Еңбекші қазаққа» пікір жазамыз дегендер болып еді. Мәселен: Шымкенттің бір алыстағы аулынан Байтілеуұлы деген мұғалім «Еңбекші қазаққа» мақала жібердім деп, көшірмесін маған да жолдаған еді. Ол мақала басыла қоймады. Жақсы-жаман болса да, істеген бұйымды, көлденең біреу ұстап алып міней берсе, «өзіміздікі жөн» деп таласу да ыңғайсыз. Кемшіліксіз бұйым сирек жасалады. Сонда да істеген бұйымды керек қылатын кісі табылса — еңбегінің далаға кетпегені. Төреқұлов қонақтарына су әкеп берген Қожанасырдың мысқылын менің алдыма тартады. «Бұл суға пәлен қосса, түген қосса, пәлен қылса, түген қылса, сонда «дегенбай» палау болар еді деп айтқан екен Қожанасыр» дейді. Сәкеннің «Тар жол, тайғақ кешуі» де сондай» дейді... «Мұны тіпті жазбай қойғаны-ақ дұрыс болар еді...» деп кейиді Төреқұлов. «Алашорда министрінің қашқанын несіне жазған» деп шамданады... Әрине, Сәкен «Тар жол, тайғақ кешуді» жазбаса талай «батырдың» жанына жағар еді. Алашорда министрлері Тынышбайұлдарының қашқандарын суреттемесе талай «білімпаздарға» ұнар еді. «Бірақ, не керек, ант ұрған жазып шығарды. Қайдағы бір Тәтімовтардың, Дүйсекеевтердің, Угарлардың, Мүкеевтердің, Шәріповтардың және басқалардың ақтармен, алашордамен майдандасқанын айтты. Өзінің төңкеріске қатынасқанын, өзінін қыздарды көргенін айтыпты, бір жерлерде қымыз ішкенін айтыпты. Өзін мақтапты... Алашорданың қашқанын мазақтай суреттепті» дейді. «Тар жол» 421 бет кітап. Соның 4 — 5 жеріндегі оқиғада кез болған қыздар айтылған. Бұндай сөздер он шақты беттен аспайды. «Құла қыздарды, құба қыздарды айтыпты» деп Төреқұлов көгере шатынайды. «Құла» деп Қожанасырлар болмаса, қазақ малдың түсін айтушы еді. «Тар жолда» «құла қыз» деген жоқ. Кәдімгі адам сияқты қыздарды айтқан. Әйелді ауызға алса, Қожанасырдың мүриттері ғана шамдануы мүмкін. «Қыздың салған әні бозторғайдың жырындай ырғалды» дегенде оншалық ойран болудың орны шамалы-ау деймін. СССР пролетариат жазушыларының ішінде Горькийді былай қойғанда, өлең жазатындарынан қазір Демьяннан асқаны жоқ та, қара сөзбен жазатындарынан Гладковтан асқаны жоқ. Сол Гладковтың жақында шыққан «Кемшіліксіз шайтан» деген кітапшасында, Анюта деген коммунист әйелдін сырт бейнесін былайша сипаттайды: «Анюта шыдай алмады. Жайнаған көзбен, қызған бетпен орыс биін қыздырып жіберді... Ол қызу әйел, сондықтан салқын қанмен қимылдамай, барлық ісінде де қайнап кетеді... Қыздың емшегіндей торсиған кеудесі ана сүтімен дертіп болған. Қызған кезінде емшегін дірілдете қимылдайтын еді...» Мұндай сипаттауға тек Қожанасырдың күлгір мүриттері ғана беттерін басуға тиісті. Әйелді бүркеп қоймайтындарға мұндай сөздің оншалық сөкеттігі шамалы. «Шалқамнан көкке қарап, жұлдыз санап жаттым» деген сөзді де Төреқұлов өрескел көрді. Баяғыңа, Қожанасырдың мүриттері: «ой, найсап, жұлдыз санама! Жаман болады!» —деп ұрсушы еді. «Неге жаман болады» деп сұрай алмаушы едік... Төреқұлов та жұлдыз санағанға шамданып: «Сәкен-ау, жұлдыз нешеу екен?» дейді. Бұл сұрауды оқығанда, менің есіме қу тілді бір қожаның сөзі түсті. Қожа салпаң құлақ көк есекке мініп кеп тұрса, біреу «Қожа-еке, аспандағы жұлдыздың саны нешеу?» депті. Сонда қу қожа: «Аспандағы жұлдыздың саны мына есектің түгінің санымен бірдей, нанбасаң санап көр» депті. Төреқұлов «сынында» «француз жұртының мақалы» деп, «сұлу әйел қанша сұлу болса да, бойындағы барынан басқаны бере алмайды» деген дейді. Біз Төреқұловтай Николайдың француз тілін оқытқан «жақсы» школдарынан оқыған жоқпыз, сондықтан француздың тілін де білмейміз, ендеше жаңағыдай мақалы бар-жоғын да білмейміз. Егер ондай мақал бар болса, француздың іріген, бұзылған қанағыш табынын аузынан шыққан шірік мақалы болуы керек. «Әйел қанша сұлу болса да, бойындағы барынан басқаны бере алмайды», — деген барып тұрған боғауыз сөз емес пе? Жарайды, Төреқұловты қоялық, жауабымның басындағы: «бұйымды кімдерге арнасаң, соның берер бағасы қымбат» деген сөзімізге оралалық. «Тар жолды» Төреқұловтардан басқалардың қандай бағалауын айталық. «Сәкен өзін-өзі мақтапты» демес үшін, бұл арада марксизм жолбасшыларының өз сыншыларына қайырған жауаптарынан үлгі келтірейік. Маркстың «Капиталы» кітап болып шыққанда Германияның пролетариатқа дұшпан сыншылары шулап жамандаған, әсіресе кітаптың тіл мүсінін, жазу тәсілін жамандаған. Оларға жауап ретінде Маркс «Капиталды» мақтағандардың қысқаша сөздерін былай деп жариялаған: «Өз жазғандарымның кемшіліктерін мен кімнен болса да артық білемін. Әйтседе, Германияның оттаған шуылдақтарының рақаттануы үшін ағылшын мен орыс сыншыларының сөздерін келтірейін. Ағылшынның «Сатердей ревью» деген менің саяси бағытыма қосылмайтын журналында: «Маркстың жазу тәсілі, құрғақ шаруашылық мәселелердің өзіне бір түрлі көркемдік береді», — деген; «Петербург ведомствосы» деген газет «Маркстың жазу тәсілі жалпыға түсінікті, анық, тексерген мәселесінің білім ретінде тереңдігіне қарамай, өте жанды, бұл ретте Маркс, немістің тілі көмескі, сырдақ, жабайы, адамдардың басын ауыртатын жазушыларының көбіне ұқсамайды» деген. Және Блок деген адам: «Бұл еңбегімен Маркс өзінің ең ірі зертшіл ақылдың бірі екенін көрсетті» деген деп жауап жариялаған. Бұл арада ескерте кететін бір сөз: кейбір тез өзгергіш «жазымпаздар» біздің әдебиет майданындағы дұрыс деген пікірлерімізді, Маркс ғылымына жетік ғалымдардың сөздерімен дәлелдегенімізді жайлы көрмейтін сияқты. «Біздің жазушыларымызда бір нашар әдет — сынасақ-ақ болғаны, тас-талқаны шығады. Өздерінше теория шығарады, мен былай жазып едім деп қисын табады, Маркс қисынын алып, Плехановтан дәлел келтіреді. Осындай мінез Сәкен мен Сәбитте бар...» дейді Төреқұлов. Олардың ниетінше, біз дұрыс болсын, теріс болсын «сын жаздым» дегендердің сөздерін талғамай қабыл алып, үндемей қол қусырып бүлкілдей беруге тиіспіз. Олардың ниетінше, бізге Маркс пен Плехановтың сөздерін дәлел қылу сөкет. Тек олардың жандарына жағатын міншілердің сөздері ғана талассыз пәтуә, шүбәсіз дәлел болуға тиіс. Міншілердің өздерінің міндерін айтуға жарамайтын сияқты. Кез келген үкіметке «бір сұрқылтай» болған «жазымпаздар» қанша жайсызданса да біз тиісті жерлерінде білгенімізше, Маркс біліміне жетік адамдардың сөздерін дәлел етуге тырысамыз, үлгі ұсынуға тырысамыз. Былтыр Қызылордада бір жолдаспен пікір таластырғанда, Ахмет Байтұрсынұлы «Маркс айтты екен деп мен тоқтай алмаймын» деген еді. «Әйел тендігі» журналына жазған бір хатында Бөкейханұлы: «Маркс «білімді болмыс билейді» деген екен деп, Марксты мазақтамақ болған еді. Маркс пен Плехановтарды пәтуә қыла сөйлеу, бірсыпыра ұшқырсыған «жазымпаздарға», осылайша жақпайтынын білеміз... Енді «Тар жол» кімдерге ұнап, кімдерге ұнамауына келейік. Кімдерге ұнамауға тиіс екені саяси сауатты адамдарға түсінікті. Ол жағынан қоя тұрып, қанша кемшіліктері болса да, бұл кітаптың кімдерге ұнаңқырағанын дәлелделік. Оқыған азаматтардан әдебиет ретінде біздің кейбір пікірімізге қосылмайтын Ораз Жандосұлы еді. Бұ да менімен бір сөйлескенде: «Сіз, өлеңнен қарасөзді әдемі жазады екенсіз. Қазақтың бәрі өлең жазуға құмар келеді. Сіз, өлеңнен кері қарасөзді көбірек жазсаңызшы. Қарасөзді тым шебер жаза алатыныңызды, «Тар жолды» оқып білдім. «Тар жолдың» кей жерлері өте көркем суретті (высокохудожественно) жазылған» деді. Осы сөзін Ораз Крайкомда әдебиет туралы болған кең жиылыста жиырма шақты жауапты қызметкерлердің көзінше айтты. Жұрт Төрекұловтан Жандосовты көбірек біледі, екеуінің салмақтарының қандай екенін де халық жақсы түсінеді. Ыдырыс Мұстамбайұлы әдебиет ретінде және кейбір саяси мәселелерде бізді онша жақтырмайтын азамат. Ол да «Қызыл Қазақстан» журналында: Сәкеннің «Қызыл сұңқарлары» мен «Тар жол, тайғақ кешуіне» заманның қалпымен, ақынның өскен ортасын салыстырып тексеруге бір жеке сын керек. Мұның өзі едәуір үлкен еңбек. Бұлардың жоғары айтқандай кемшіліктері де бар. Бірақ, соңғы жазылып жүрген «Тар жол, тайғақ кешуде» де жақсы жерлері бар» дейді. Көркем әдебиет ретінде бізге онша қосылмайтын Ерғали Алдоңғарұлы «Еңбекші қазақ» газетінің 26 жылғы, 3-декабрьде шыққан номерінде «жазушылардың бірсыпырасы, әсіресе, Сәкен өздерінің қолымен істеп, өз бастарынан кешкенін, өз өмірбаянынан алып жазды. Сәкен 3 — 4 жылдан бері «Тар жол, тайғақ кешуді» өзінің төңкерісшіл болып жүрген уақытынан, сондағы жолдастарымен бірге істеген жұмыстарынан, тартыстарынан бастап жазып жүр. Бұлай жазу әдебиет заңында дұрыс нәрсе. Төңкерісші романтизмге (социальная романтика) бұл түгел қосылады. Гәп тарихқа кіретін материалға бояуды тым қоюландыруда»... дейді. Төреқұлов «Тар жолдың» тілінде «құрттай көркемдік әсерлік жоқ» десе, Көкшетау алашордасының бастығы Сәлім Кәшімұлы түрмеде отырып, «Еңбекші қазақ» арқылы маған мынадай хат жазды: «Сіздің «Тар жол, тайғақ кешу» деген кітабыңызды оқып шықтым. Қамауда отырған маған көп әсер берді. Жұқартты, қамықтырды, қайрат берді. Түрлі күйге салды...» * «Тар жол» туралы әдебиет ретінде өзіммен пікірлес жолдастардың не дейтінін бұл мақалада жазбаймын.

Сәкен «Тар жолды» өте жек көретін адамдардың кейбіреулері де еріксіз осыны айтып отыр... Ал «Тар жолды» оқығанда, өзіміздің Совет қызметкерлері де, әсіресе Октябрь төңкерісіне қатынасып, төңкеріске қарсы оқ атқан, лай шашқан мырзалармен алысып, сан қиындықты басынан кешіргендер не дейді екен? Колчак түрмесінде, қол-аяғы темір кісенде болған, төніп келген жаудың қанды найзасына ілінбей кеткен мұғалім (ноғай жігіт) қазір Башқұртстанда білім кеңесінде зор еңбектер істеп отырған Уәли Хангелдин «Тар жол, тайғақ кешуді» оқып, маған мынадай хат жазады: «Мен бұл кітапты оқып шығудан өзімді тыя алмадым... енді осы хат арқылы шын ықыласпен қолыңды қысам... Қазақ халқы арасындағы «тап» әрекет, әм революция тарихы турасындағы бұл қызметің үшін, саған жолдастарша, достарша рақмет айтуды өзіме борыш санаймын. Сенің кітабың менің көз алдыма бек қызықты әм ұмытпастық суреттерді тағы да бір қабат келтіріп отыр. Мен бұл кітапты оқығанда бір сәтте жүректеніп ашуым қозса, енді бір сәтте көзімнен жастар шыққан орындар болды. Шәкірт уағымда Fаяз Исқақинның «Зындан» деген кітабын оқығанда алған әсерім қатерімде бек нық сақталған... бірақ ол, күрес қиыншылықтарын бастан кешірген шақта оқылғандықтан мұндай ауырламаған едім. Ләкин бұл кітап бүтін сезімімді қалтыратты, нық әсер етті. Беріректе, сіздің азап вагондарында кешірген күндеріңіз, қашып кету суреттері, қазақ даласында жалғыз жүріп белгісіз, жолсыз, өз маягынды (шырақты, қарақшыңды) іздеп жүрулерің, жолдастарыңның қатты азаптар ішінде жан азабымен күресулері, бүтін ісі жан еріткіш суреттер емес пе?.. Бұл халдер, бұл қанды суреттер Октябрь күресінің ащы қуат қосқыш түрлерін ашып береді. Жүрекке бірде ашу, бірде аяныш сезімін оятады. Бұл кітаптың жастарды тәрбиелеу үшін мағынасында шексіз зор болашақ... кітап бек ехтіхатпен жазылған». Көкшетауда ағарту қызметінде жүрген, төңкеріске қатысқан азаматтармен сабақтас болған Нәписа есімді татар қызы: «Сіздің кітабыңыздың тілі өте бай, түсінікті екен. Жақсы жазылған екен» деп Көкшетау алашордасының әрекеттерін, адамдарының толық түрлерін жазып берді. Омбыда Колчак түрмесінде азап тартқан, одан сол 1919 жылғы декабрь көтерілісінде, көтеріліс жасаушылар түрмеден босатылып, сол күнгі аз ғана көтерілісшілердің, Колчактың қалың әскерімен атысып шайқасқанында болған Рахматуллин деген жігіт (ноғай жігіт) Қарақалпақтан маған жазған хатында: «Тар жол, тайғақ кешу» деген кітабыңызды оқығанымда, Колчак түрмесінде отырғанымыздағы залымның көрсеткен бейнеттері көз алдыма түсіп, көзімнен екі-үш рет жас шықты дейді. Рахматуллин сол декабрьдегі көтерілістің оқиғаларын толық қылып жазып және түрмедегі оқиғаларды және сондағы «алашорда» балапандарының мен білмейтін сұмдықтарын жазып отыр. Семей округінің бір жас талабы, Жүсіпбек Қалитұлы деген жігіт (жаңағы Рахматуллин да, Уәлитұлы да мен танымайтын жігіттер), маған жазған хатында: «Сіздің әдебиетте жасқаншақтық, мүгедектік, мұратшылдық дегеннен түк жоқ, сіз төңкеріс азабын тартқандықтан жазған сөздеріңіз адамды неғұрлым ерлікке, төзімділікке, талапшылыққа ұмтылтады. Сол себепті, сіздің әдебиет әсерлі...» дейді. Ташкендегі Қазақ орман техникумында оқитын «Мыс» деп қол қойып бір танымал емес жігіт жазады: «Тар жол, тайғақ кешуді» оқып шықтым. Тілек орындалды... Көп білім, көп өнеге!.. Өткен тарих. Қызықты, әсерлі тарих көрдім» дейді де, өлең жазады, оның үзіндісі төмендегідей:

Мен көрдім шындықпенен және тарих,
Өзінше еңбекші елге болған азық,
Ішінде жанға тамақ толып жатыр,
Егерде еңбекші жас алса қағып.

Мен көрдім өткен күнді бір кітаптан,
Екі тап бір-біріне қылыш шапқан.
Еңбекші ел қолдың күші, найза ұшымен
Іздеген бостандығын сонда тапқан.

Мен көрдім жалшы үшін кім жан қиды
Жалшыға кім азаптың шоғын үйді...» —
дейді.

Бұл соңғы екеуі еңбекші тап оқушыларынан. Ал енді жұмыскерлерден, Нілді, Екібастұз зауыттарында істеген Нұрша Бижанұлы деген кісі: «Тар жолды» оқып Бауырым, кітабыңды оқып бітіргенше жөнді ұйқы көрмедім!.. Жарайды... жарайды!.. Басқа не жазайын. Шын жүрекпен жолдастық қолымды созып, қолыңды қыстым!» деп жазады. Риддер зауытының жұмыскері Қасым Шынтайұлы «Тар жолды» оқып шығып: «Сізді шын жаныммен артық, шын жолдас деп санаймын!» деп жазады... Қарсақпай зауытында істейтін, бұрын Спасс зауытында жұмыскер болған жолдас Нұрман: «Тар жол, тайғақ кешу» уақытында ат жалын тартып мінген, қазақтың төңкерісшілдер штабының бір мүшесі, жолдас Сәкен! «Қызыл сұңқарларыңды» Қарсақпайдағы бауырларыңның арасына бір қойдық... Өзін. Қарсақпайға бір келіп, бауырларыңмен танысып кетерсің» деп өтінеді. Риддер зауытының жұмыскерлерінің бір бастығы Шаймерден Оспанұлы «жұмыскер жолдастарымның атынан» деп жазған хатында: «Осы хат арқылы сізге ескертемін: ілгеріде «Тар жол, тайғақ кешудің» аяғын бастырып шығарамын» деген едіңіз, бұл кітап әлі күнге шыққан жоқ. Сол уағадаңызды орындап, аяғын тездетіп шығаруларыңызды жұмыскерлер атынан сұранамын. Себебі: маған өте шын көңілден тапсырушылар болған еді...» дейді.

Бұл хаттар маған «білгірсінгендердің» пікірлерінен әлдеқайда бағалы. Сынаймын деген адамның аузына ешкім қақпақ бола алмайды. Бірақ сынды былғамай сынасын, сын шын Маркс жолымен жазылған жолдастық сын болсын. Сынның мақсаты кекеу, боқ тау емес, кеңес жерінде ондай сынға жол жоқ. Арам ойлы сынды таптық дұшпан ғана қолданады. «Өстісем көрінермін» деген нашар пиғылды «білімпаздар» істейді. Сыншы доктор тәрізді болса, доктор «аурусың» деп сау адамға пышақ ала жүгірсе, не ауырған кісіге дәрмен боларлық дәрі берудің орнына, ақыл айтудың орнына «тез ол!» деп у беруге құнжыңдаса, ондай докторды не дейтінін жұрт өзі біледі. Немесе, сыншы сот тәрізді болса, советтің соты тек революцияға зиянды жазалыларды тана жоқ қылу шарасын қолданады. Ал тұрмыс «базарында» қате басып, адасып, заң алдында күнәлі болып қалған адамдарды жоқ қылу шарасын қолданбайды. Ондайларға түзету, қайтадан адам қылу шарасын қолданады. Төреқұловтың «сын» деп жазғаны қандай сын екені оқыған жұртқа көрінеді. Төреқұлов тек мені ғана «сынайды». Төреқұловтың «мақсаты» доктор тәрізді мені «түзеу» болса, рақмет: ондай далбаса доктордың маған керегі шамалы. Менен басқа да клиенттері бар шығар. Төреқұлов сынағыш болса Мәскеуде, өзі басқарған Күншығыс баспасында «Алаш! Алаш» деп зарлаған қырғыз ақыны Тыныстанов пен Мағжанды сынап, олардың кітаптарын баспасын... Бөкейхановтың мысық құйрық ертектерін сынасын. Немесе, тіпті өзінін әр кезде жазған «Дәруіш» деп қол қойған «Көркем» өлең назымдарын сынасын. Солардың да «ұшықтауға» тиіс «тұмаулары» бар-ау деймін. Демьян Бедный: «Туып-өскен еңбекші, бейнетқор Халық, маған тек сенің сотың ғана мәнді. Тек жалғыз сен ғана менің әділ, түзу сотымсың!» деген еді. Сол айтқандай, менің де мінімді түзейтін шын сыншы да, шалдықсам емдейтін докторым да, қате бассам тергеп өзінің түзу жолына салатын әділ, сыншыл сотым да — еңбекші ел, жұмысшы табы. Менің кітаптарымның кемшілігін, Маркс айтқандай, өзім де тым жақсы білем. Қанша кемшіліктері болғанмен еңбекші, жұмыскер таптың оқуына жараса, еңбегімнің еш болмағаны. «Дұшпанның жаны шыға жамандағанынан сөзімнің тәуір шыққанын білдім» деп Калинин айтқандай, кейбір әуре «білімпаздардың» талақша тарсия жамандағандарынан кітабым тәуірлеу жазылған-ау деген қорытынды жасадым.

1929 жыл
КӨШПЕЛІ ДӘУІРДЕГІ ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНІҢ КҮЙЛЕРІНЕН

«Көшпелі дәуір»деп төңкерістен бергі, еңбекші тап әкімшілігі орнағаннан бергі дәуірді айтамыз. Еңбекші тап пролетар әкімшілігі мәңгі тұруды мақсат көріп орнаған әкімшілік емес екені белгілі. Еңбекші тап әкімшілігінің мақсаты адам баласының тап-тапқа жіктелуін жойып, жер үстіне тапсыз тұрмыс жасау ісіне басшылық етіп, жалпы адам баласын социал (тегісшіл) дәуіріне жеткізу екені белгілі. Сондықтан еңбекші тап әкімшілігінің дәуірін көшпелі дәуір дейміз. Әкімшілікті еңбекші тап таласып-тартысып қолына алып шыға келген кезде байлары бұға қалғандай болды. «Әлде қайтер екен!..» дегендей жаңа әкімшілікке қадала қалғандай болды. Қазақтың кедей, жарлы табының бірен-саран сана-сезімдері оянғандары әкімшілікке таласқан, әкімшілікті қолға алған Ресей пролетарының ұранына ат салысты. Ал қалың, қараңғы көпшілігі, әсіресе мәдениет, өнер-білім дүкен құрған жерлерден алыс жатқандары большевиктік «Совдептің» дүбірін есітіп құлақтарын түріп, тігіне тыңдап, қалаға қарай қадала қалды. Байлардың көсемдері мен сары езу балапандарының жалпы елге жарлаған үгіттерінің Арқасында: «Большевиктер ел талайды» деген лақаппен қатар кедейлер арасында: «Большевиктер байлар мен кедейлерді теңдестіреді екен, байлардың малдарын кедейлерге бөліп береді екен...» — деген лақап тараған. Кедейлердің көпшілігі елегізіп осының төркінін байқай қалғандай болды. Ә дегенде, әр жердегі, қызыл мен ақтың әскерлерінің қағысқан-соғысқан, жүрген жерлеріндегі кейбір байлардың аттары ғана мінілгені болмаса, жалпы байдың малдары қозғалынбады. Әкімшілікті жаңа ғана қолына алған еңбекші таптың үкіметі ә дегенде барлық күш-қуатты әрбір аймаққа, әрбір жерге үкімет құруға шұғылданды. Әр жердегі қашып жүрген байлар әскерінің қалдықтарын құрту шараларын істеуге жұмсады. Бұзылған, қираған, бүлінген темір жолдарды, фабрика-зауытттарды түзету істеріне жанталасып кірісті. Жалпы күйзелген шаруашылықты көтеруге ұран салып белсене қимылдады. Онымен қатар барлық еңбекші тапты ұйымдастыруға кірісті. Ол кезде еңбекші таптың және оның туының астындағы төңкерісшілердің саны да аз еді. Қызметкерлері аз, және тәжірибесі аз еңбекші тап үкіметі, жаңағы айтқан: бір жағы бүлінген, қираған шаруашылықты түзетумен болып және әрбір аймаққа, әрбір ауданға үкімет құрумен болып және шаруашылық, жоқшылық, тапшылықпен күресумен болып, екінші жағы ақтардың әр түкпірде қашып жүрген қалдықтарын қуалаумен болып жүргенде біраз уақыт өтті. Ал, қазақтың бұға қалған байлары сол кезде бойын жиып алып, жаңа заманға жаңа тәсіл іздеді. Жылмаңдап неше түрлі лаж құруға кірісті. Байлардың көсемдері мен сары езу балапандары, пысықтары — қулықтарын өзгерте қойып, сырттарын бояп ұры итше жылмаңдап, советтің кең қазанының маңына тіміскіп кіре бастады. Кооперативке кірді. Мектепке бала оқытуға кірді. Кейбіреулері ебін тауып, партияға кіре бастады. Газет маңдарына тұмсықтарын сұға бастады. Байлардың көсемі «алашорда» бастықтары сол тәсілді қолданды... Сөйтіп қызметкерлері аз, тәжірибесі аз еңбекшілер үкіметі ауыр, ірі істермен алысып жатқаңда, Қазақ байларының көсемдері мен олардың сары үрпек балапандары советтің майлы қазанының шетіне кіріп алды. Әсіресе салынбай жатқан салт-сана майданының бекіністеріне кірісіп алды. Бұққан байдың көсемдері мен сары езу балапандары салт-сана майданының бекіністеріне кіріп-кіріп алып, ептеп боямалап өздерінің мақсаттарын, өздерінің армандарын қалың еңбекші елдің санасына кіргізуге аласұрып кірісті. Көркем әдебиетті қолдарына алды. Әсіресе, сол көркем әдебиет арқылы қазақ еңбекшілерін советтің Коммунист партиясының ықпалына түсірмеуге зар қағып әрекет қылды. Еңбекші тап үкіметінің өзге тығыз істерден қолы босай алмай жатқанын пайдаланып, бүркеніп, боянып советтің кең қолтығына кіріп алған байлардың көсемдері мен сары үрпек балапандарының көбі әдебиетші, газет-журналдарға сөздер жазып, жазушы болып кетті. Баяғы «аңқау елге арамза молда» дегендей бәрі «молда», бәрі «жазушы» бола қалды. Газет-журналдарға жазған сөздері арқылы — совет үкіметінің істеріне, саясатына ықпалдарын жүргізуге тырысты. Совет үкіметінің Коммунист партиясының бұлардың бірсыпырасына сенгендігінің арқасында, уездік, губерниялық, аймақтық мекемелерге кіріп-кіріп алған, бүркенген байлар көсемі «алашорданың» сары үрпек «бөбектері» совет үкіметінің Коммунист партиясының істерін әуелі ағаларының кеңестеріне салып алатынды да шығарды. Совет мекемелеріне сол ағаларының пікірлерін ұсынатын әнге басты. Совет үкіметі орнаған кездегі бұғып қалған, қаладағы және қалаға таяу жерлердегі саудагерлер, қырдағы байлар, байлардың батагөйі молда-ишандар, бұрынғы болыс биекелер бойларын жазып алды. Елдегі кооперативтерге, мекемелерге ықпалдарын жүргізіп отыруға бет түзеді. Қаладағы көсемдері сары езу балапандарымен үн қосып, кедейлерді кекететін болды. «Бұрынғы дәуірлері бірте-бірте қайта айналып келеді...» деген үміттерін сездіретін болды. Шаруашылық, тапшылық ретінде қиындық көрген кедейлерге мырсылдап: «...е, балшайбектер кедейді жарылқамай ма?.» дейтін күйлерге басты. Отарба, фабрик-зауыттар оңдалмай, жалпы мемлекет шаруашылығы түзелмей жатқан кездердегі асығыс шыққан, сапасыз, нашар қолды нәрселерді жұрттың алдында кекететін болды. «...е, бұл большевиктің шығарған нәрсесі ғой, шіркін, бұрынғы некеңнің кездемелері қайда?!!» деп даусын созып, аузын ашып, көзін жұмып, басын изейтін болды. Бері келе түзеліп шыға бастаған нәрселерді: «...е, бұл некендікі ғой!..» дейтін болды. Қырда, кей жерлерде ашыла бастаған коммунистік жастар ұяларын, жақсыларын да, жамандарын да түгелімен жамандауды күшейтті. Бұлар «шайкелер» дейтін болды. Ал, қаладағы көсемдері, «алашордалар» мен сары езу балапандары совет үкіметіне жарыса өз армандарын іске асыруды күшейтуге әрекет етіп жатты. Тіпті бұлардың именбей жүгенсіз, қағусыз басынып кеткендері ол кезде сондай еді: «...Қазақтың ақ ниетті жастары коммуншыл жастар ұйымына кірмесін. «Қазақ жастарының» ұйымдарын ашсын. Коммуншыл жастар ұйымына кірсе адасады, онда Жашейке «шайке» болады»—деп советтің өз газеті арқылы жар салды. Бұлай деген Ғаббас Тоғжанов ол пікірге, «Еңбекші қазақ» басқармасы да «қосыламыз»... деп ескерту жазды. Ташкендегі совет өкіметінің атынан шығып тұрған «Ақ жол» газетінің шекесінде «алашорданың» Міржақыбы отырды. («Ақ жол» деген бұл газеттің атының өзі де екіталай мағыналы, астарлы мағыналы еді). Ташкендегі Совет үкіметі қазақ еңбекшілері үшін ашқан оқу институтының шөкесінде бірталай сыбайластары мен «алашорданың» бір «кәллесі» Досмұқамбетовтар отырды. Бұлар Қазақтың еңбекшілерін өз «салттарында» тәрбиелеп, әр түрлі кітаптар, журналдар жазып, совет ақшасына бастырып шығарып жатты. Бұлар қазақ әдебиетіне өздерінше баға беріп, өздерінің белгілі бықсық аю соқпақ жолдарын көрсетіп жатты. Омбыңа, Қызылжарда, Совет үкіметінің атынан шыққан «Бостандық туы» газетінің желкесіне «алашорда» жазушысы Мағжан Жұмабаевтар мінді. Оның қасында бұлтылдап Тоғжановтар жүрді. Семейде Совет үкіметінің атынан шыққан газет-журнал да «алашорда» шеберлерінің қолында болды. Орынбордағы Совет үкіметінің атынан шыққан қазақ газетінің төрінде де көбінесе «алашорданың» әлекелерінен бата алғандар отырды. Мәселен: Ысмағұл Садуақасовтар. (Ол кезде Ысмағұлдың бұлтылдап лақтыратын тобы Тоғжанов еді де, шиырып қоятын зырылдауық қоңырауы Байдилдиндер еді). Сонымен, Совет үкіметі темір жол, от арба, фабрик, зауытты біраз жөндеп, үкіметті нығайтып, байлардың шашыраған қарулы «шайкелерін» құртып, тәжірибесін молықтырып, етек-жеңін жинап алғанша және ауылдағы қалың еңбекшілердің шаруашылығы оңалып бойын жинағанша, өзгеріске әбден түсінгенше, Қазақтың қырдағы байының, молдаларының, қаладағы саудагерлерінің, олардың оқығандары мен көсемдерінің сары үрпек балапандарының әрекеттеріне жөнді, жеткілікті қағу болмады. Ол кезде қағу болуға да мүмкін емес еді. Міне, сол кездегі қазақтың көркем әдебиетіндегі үстем сарын Қазақтың сол байларынікі еді. Ал, және ол кезде еңбекші тап туының астында саясат ретінде шындап майдандасып жүрген бірен-саран әдебиетшілердің шығармаларынан сол байлар салт-санасының, ескіліктің әсерлері көбірек шалынатын еді. Бұл туралы, Руссияда Маркс ғылымының негізін салушы Плеханов айтқан: «Әр таптың, әрбір қоғамның ықпалы, әсері сол тапқа, сол қоғамға қарсы соғысып жүрген адамға да тиюі мүмкін...» деген. Және де кей кезде бір адамдар саясат ретінде төңкерісшіл-жаңашыл таптың шоқпарын аянбай соғып шықса да көркем әдебиет, көркем өнер ретінде ескішіл таптың салт-санасынан шыға алмай жүреді. Мұндай жағдайдың болғандығы да жалпы тарихта белгілі нәрсе. Саясат ретінде төңкерісшіл болып, көркем әдебиет, көркем өнер ретінде ескішіл болғандар аз емес. Сондай-ақ, біздің қазақтың да талайы, саясат ретінде еңбекшіл тап туының астына кіріп, большевик болып іске кірісіп жүріп, Көркем әдебиет ретінде ескішіл сарынды қуаттап жүрді. Ондайлар қазірде, міне, Октябрь төңкерісіне он бір жыл болғанда да аз деуге болмайды. Сонымен Көркем әдебиет ретінде еңбекші таптың мақсатына қарсы сарын үстем болып келді. Байлардың шебер көсемдерінің көбі «жазушы» болып алды. Сары үрпек балапандары қоразданып, «ділмәрсіп» алды. Тіпті бұрын «некеңнің» заманында қазақтың жалпы тілін жылмағайланып менсінбеген кейбір дүмбілез мырзалар да қазақша «әдебиет» сөздер «жазатын» болды. Ал Халел Досмұқамбетов тәрізді «алашорда» қу мүйізі өзінің, неше жыл оқып тапқан дәрігерлігін тастап, әдебиетші болып, кітаптар жазып шығара бастады. Қазақтың бұрынғы батырлары туралы байлар құлқымен бұрынғы айтылған өлеңдерді жинап, оған тағы да елдегі өлеңшілерге жаңадан өлеңдер қостырып кітаптар шығарды. Мәселен: «Аламан», «Исатай — Махамбет», «Кенесары — Наурызбай», «Қыз Жібек», және тағы да осындайлар. «Алашорданың» Әлихан Бөкейхановы өзінің неше жыл оқып тапқан шаруашылық, есепшілік кәсібін тастап, ол да «әдебиетші» бола бастады. Осыларша тырбанған, бұлардың одақ, қарашылары да аз болмады. Еңбекші тап көсемдерін — большевиктерді «доңыздар!.. Қоңыздар!..» деп лағнаттаған Мағжан Жұмабаев өлеңдерін бастырып таратты. Таратқанда, жай таратпады: «міне қазақ еңбекші табы, әдебиет ретінде мынадан үлгі алыңдар!..» деп таратты. Ебін тауып комсомолға, не Коммунист партиясына кіріп алған кейбір тыштырайған (алашшыл) «шікірелер» әдебиет кештерінде, сау ық ойындарда өздерінің жырларына, өздерінің әндеріне басып жүрді. Сонымен іс жүріп жатты... Совет үкіметі күн санап нығайып бекіне берді. Темір жолдарды ондап, біртіндеп тәртіптеп жүргізді. Ашаршылықты өткізді. Фабрик-зауыттарды түзеп біртіндеп жүргізе бастады. Жаңа шаруашылық,саясаты жүре бастады. Фабрик-зауыттар біртіндеп жүре бастаған соң, жалпы еңбекші Халықтың ділгір болып отырған керек-жарақ нәрселері біртіндеп дамып шыға бастады. Ауылдағы қалың еңбекші халықтың да шаруасы біртіндеп көтеріле бастады. Совет үкіметіне қарсы әр жерде түстерін біресе аққа, біресе жасылға бояп әрекет қылып жүрген байшыл жаулар біртіндеп мылтықтарын тастай бастады. Совет үкіметі біртіндеп нығайып, тәжірибесі артып, етек-жеңін жиып алды. Енді салт-сана майданына да назарды бұрынғыдан көрі салыңқырай бастады. Газет-журналдарға бұрынғыдан көрі жете қарай бастады. Онымен қатар еңбекші таптың бірлі-жарымды жазушылары санама болса да, аз болса да, және саясат, әкімшілік, шаруашылық істерінің ауыр жүктерінің астында жүрсе де біртіндеп жазу ретінде тәжірибелеп, салт-сана майданына шығыңқырады; көркем әдебиет ретінде үн шығара бастады. Газет-журналдардың бастарынан «алашорданың» Мағжан Жұмабаев, Міржақып Дулатов сықылды белгілі ірі жазушылары кете бастады. Және де ішке кіріп алып, Совет үкіметінің ішінен шалмақ болып жүрген, «сансыз қырлы, сансыз сырлы» болмақ болып, кез келген іске «қырағылық» қылмақ болып өздерінше зар қағып заң айдап жүрген Ысмағұл Садуақасов, Ғаббас Тоғжанов қолдарынан газет-журналдар басқа қолдарға алынды. Және де ішіне кіріп алып, Совет үкіметінің ішінен шалмақ болып жүрген «алашорданың» екінші келкі жазушыларынан Жүсіпбек Аймауытұлдары Совет үкіметінің жоғарғы мекемелерінен ысырылды. Бірақ, «алашорда» жазушылары совет мекемелерінен ысырылған соң, мекеме істерінен қолдары босап, қазақтың бүркенген байларының, саудагерлерінің жаңа әдістерімен, Көркем әдебиетке бұрынғыларынан да мықты сыбана тұтынды. Бүркенген, жаңа әдіс қолданған алаяқтар «алашорданың» арманын көркем әдебиет арқылы неше түрлі сабақпен боямалап, бүркеп, перделеп күтетін болды. Өйткенмен, оларды тақымдап еңбекші тап туының астына, жақсы-жаман болсын біртіндеп жаңа жазушылар қосыла бастады. Әрине, әр нәрсе дегенде мүлтіксіз толық болып шықпайды. «Ер қосы жүре түзеледі»... Еңбекші тап туының астына қосыла бастаған әрәдік жазушыларының қаламдары Көркем әдебиет майданында көпке шейін тәлтіректеп келді. Сандары аз, оқулары аз, тәжірибелері аз болғандықтан және қазақ еңбекшілерінің жалпы сезімдері, салт-саналары екшеліп айқындалмағандықтан, еңбекші тап туының астына әредіктеп қосыла бастаған жазушылар қазақтың әр түрлі кезде шыққан әр түрлі тәсілді байшыл жазушыларымен біразға шейін белдесіп тіресе алмады. Тағы да оған қосымша: қазақтың байшыл жазушыларының боянған әдебиетін қазақтың саны көп байшыл оқығандары қуаттап көтермеледі. Әр жердегі Советтің мектептеріне кіріп алған, ескі салт-сананы қуаттаған, біліп істейтіні бар, білмей істейтіні бар оқытушылар да көтермеледі. Олар былай тұрсын, тіпті ебін тауып комсомолға, Коммунист партиясына, Совет мекемесіне кіріп алған қазақ оқығандарының талайы байлардың санасын сарындаған көркем әдебиетті сүйгіштеді. Ептеп, сүйген сусындары, сыра ішіп алса, сүйген ойындары, не карта ойнап отырса, құлақты салпитып жіберіп Міржақыптың өлеңін ыңырсып қойып жүрді. Сөйтіп жүріп еңбекші тап туралы жазылған шығармаларды андып, солардың міндерін іздеп, олардан түймедей мін тапса, түйедей қылып көтеріп жұртқа жар салып жүрді. Бұлардың жазғандарын жамандап, шығартпауға лаждар жасады. Газет-журнал бастарынан, Совет мекемелерінен ысылыңқыраған «алашорда» жазушыларына, газетшілеріне қамқорлық қылып, оларды еңбекші таптың ақшасымен жоғарғы оқуларға жіберді, жазушылық шеберлігін, білім көбейтетін зор институтқа, университетке жіберді. Ташкендегі «Ақ жол» газетінде болған Сейітәзім Бірімжанұлы деген «алашорданың» бір «балуанын» тіпті Германияға оқуға жіберді, тағы да бұлардан басқа «талапкерлерін» еңбекші тап ақшасымен оқуға орналастырды. Қазынаның түрлі тапшылыққа шыдап, сан қиындықпен жинаған ақшаларын аямай, мың-мыңнан лақтырып, «алашорданың» жазушылары: Жұмабайұлы, Аймауытұлы, Кемеңгерұлы және басқаларының жазғандарын әдемілеп бастыртып жатты. Өйткенменен еңбекші тап туының астына топтана бастаған жазушылар көріне бастады. Мәселен, Сәбит шықты. Бейімбет келіп қосылды. Самат пен Шолпан шықты. Біраздан соң Өтебай шықты. Елжас пен Ғабит шықты. Мәжит келіп қосылды. Соңғы кездерде Қалмақан, Асқар шықты. Тағы басқалар шыға бастады. Әрине, бұлардың көбінің жазғандарының бәрі бірдей түп-түгел мән жағынан болсын, сыртқы түр жағынан болсын, кемшіліксіз деп мен айтпаймын. Қай жағынан болса да кемшілік бар. Жоқ болуға мүмкін де емес. Газет-журналдың бастарынан және Совет мекемелерінен ысырылған соң, «алашорда» жазушыларының жазғандары қазақ газет-журналдарынан бір-екі жылдай толық орын ала алмай жүрді. Тек, Түркістан Совет республикасының Ташкенде шығарып жатқан қазақ газет-журналдары ғана «алашорда» жазушыларының жазғандарын ірікпей басып жатты. Қазақстандағы Совет үкіметінен жылысқан «алашорданың» балуандарына Ташкент қонақ үй тәрізді болып тұрды. «Көп тұрмассың-ау!» деп, құлауын күтіп жүрген Совет үкіметі ол екі арада, күнбе-күн, жылма-жыл нығая берген соң және өздерінің біразы Қазақстанда қызметтен қуылған соң, боямалап жазғандарына газет-журналдардың беттерінен оңайлықпен орын беріле қоймай жүрген соң азырақ маңдайларына тас тиіңкіреп, «шөміштен» қысылыңқырап жүрген бірсыпыра «алашорда» балуандарының біразы енді тағы да тәсілдерін өзгертті. «...Біз адасқан екенбіз. Совет үкіметі дұрыс екен. Коммунистердікі жөн екен. Біз енді түзу қызмет қылуға бел байладық!..» — деп бұлар тағы да іске кірмек болды. Ептеп кейбіреулері кіре де бастады. Ол кезде ауылдағы қазақтың пысық байлары, қаладағы және қалаға жақын саудагерсымақ қулары да тәсілдерін өзгертіп, Совет үкіметіне жағынып, талай жерлерде жергілікті мекемелерді дөңгелетіп алған еді. Газет-журналдарда: Аймауытұлы, Кемеңгерұлы. Олардың сыбайластары Совет үкіметіне жолдан қосылған жолдас «Жолбике..» деген сөздер шыға бастады. Тағы да «алашорданың» бүркенген ділмарлары қазақтың көркем әдебиетіне «сын» жаза бастады. Аймауытов, Кемеңгеровсыз қазақтың Көркем әдебиеті болмайды... дегендей күйіске салынды. Енді, Мағжаннан үйренбеген адам жазушы емес дегендей сұмдықты еппен айдай бастады. Қазақтың көркем әдебиетіне «сын» жазған болып, бұлар саясатқа «ғылым» қағидаларымен, «ғылым дәлелдерімен» бүркеп, астарлап, жөн айта бастады. Еңбекшілер табының тапшыл жолымен жазылған немесе еңбекші тап мақсатын, тілегін айтпақ ниетпен жазылған көркем әдебиет журналдарына көріне кедергілер істеле бастады. Енбекші тап мақсатын айтпақ болып жазылған шығармаларға міншілер, пысықсынған «сыншылар» көбейе бастады. Октябрь төңкерісінің жемістерін қорғамақ бағытты шығармалардың кемшіліктерін, жетімсіздіктерін, түймедейін түйедей қылып көптіріп мінеп, майданнан қуалауға тырысушылар көбейді. Көркем әдебиетте еңбекші тап үстемдігін, еңбекші тап салт-санасының үстемдігін, соның басшылығын жазушыларды қуаттамайтын болды. Ондайлардың жазғандарын күйелі кесеумен түртпектейтін болды. «Бұлардың шығармалары көркем емес, сурет жағынан он екіде бір нұсқасы жоқ».. деген. «Бұлардікі күшеніп жазылған... Қазаққа түсініксіз... көркем әдебиетке жатпайды»... деп айқын еңбекші тап мақсатын жырлағандарын жамандайтын болды. Ал, не дер екен дегендей, сырты көркем жазылған шығармаларын «бұл еңбекші тап жолына келмейді... бұл жазушының, әшейін, өзінің қиялы... ондайларды жазуға болмайды... Мұндайлармен күресу керек»... деп соғатын болды. Бүркенген байлардың, «алашордалардың» армандарын жырламаған азын-аулақ жазушылардың қия басқандарын андып, тымпиған өкін шік «сыншы» болмыстардың қараға малынған кір қаламдары сүйреңдеп алды, бүркенген байлардың көксеген жазушылардың шығармаларын «сынаған» болып және бірінің «сынына» бірі «ырза» болып, бірінің «сынына» қарсы тағы да «сын» жазған болып, «алашорда» тәсілдерімен бүркенген бай арманын көксеген жазушылардың жасыруға мүмкін болмаған айыптарын айтқан болып, екшеп келгенде нәзік ептермен мақтап, дәріптеп, қалың жұртқа жаятын болды. Ондай бүркенген тәсілді, ондай қулықты амалдарды ә дегенде тезінен байқай қою қиын... Және саясатты басқарып отыратын мекемелер күнбе-күн көркем әдебиетті тексеріп оқып, бақылап отырмайтындықтан «алашорданың» әр түрлі тәсіл қолданған палуандары салт-сана майданында, көркем әдебиет майданында, қара құсша қанатын тағы да жайып алды. Бүркенген бай-мұрадан көксеген көркем әдебиетшілер және сыншысымақтар әуелі бір қосында болса да Совет үкіметі олардың тілегінше болмай, орныға бастағаннан кейін айқындалған үш түрлі әдіс қолданып, үш түрлі қосынға жіктелді. Майдан күйі, майдандағы күрес шарттары бұлардың қосының үшке бөлінбеу еркіне қоймады. Әрине, неше түрлі құралдары, неше түрлі тәсілді әскерді қосын-қосынға бөлу — соғыстағы әскер құрылысының дүниеге жария әдіс екені белгілі нәрсе... 1-ші қосынға бөлінгендер — Совет үкіметіне қарсы әрекеттерін айқындап жүргізушілер. Бұлар өздеріне тым қауіпті кездерде ғана бүркеніп, егерде азырақ бойларын жазатындай күйге іліксе бүркенбей-ақ ақырып ұран салып әрекет етушілер, Көркем әдебиет ретінде бұлардың жыршысы Мағжан Жұмабаевтар еді. 2-ші қосынға бөлінгендер — Совет үкіметіне қарсы әрекеттерін бүркеп, перделеп жүргізушілер. Бүркенуді әндеп, күрес тәсілдерін молайтуға Советтің күшін пайдаланып, ебін тауып совет мектептерінен оқытып, «Қазақстанда — социалдық тұрмысын жасауға болмайды...» деген ішкі пікірлеріне «ғылым» қағидаларынан «дәлелдер» іздеп табуға тырысушылар. «Бұл күйінде қазақтан коммуншыл бола алмайды. Болғандар, болдық деп жүргендер коммуншыл емес» деген «қағидаларына» «тұрмыстан» «дәлел» келтірген болып, Көркем әдебиет бағыты «бұқарашыл» болу керек дейтіндер көркем әдебиетке өздерінің салт-саналарын, өздерінің суреттерін үстем қылуға тырысушылар. Бұл екінші қосынның Көркем әдебиеттегі көрнекті жазушылары: Жүсіпбек Аймауытов, Қошке Кемеңгерұлдары және басқалары. 3-ші қосынға бөлінгендер — жаңағы екінші қосынға бөлінгендерден де анағұрлым икемшілер, ептілер. Совет үкіметінің ішіне тола кіруді қолданғандар. Бұлар тәсілдерін, әдістерін тіпті әдемілеп өңдеп бояй білгендер. Бұлардың жазғандарына көзді қадай қарамасаң, жете абайлап, аударып, ақтарып, талдап тексермесең, сыртқы бояуларының ішіндегі дәндерінің қандай екенін оңай ғана сезе алмайсың. Бұлардың жазған сөздерінің сырттары жып-жылмағай, әп-әдемі, тәп-тәтті болып келеді. Бұлар пікірлеріне дәлелді көбінесе марксшыл жазушылардан іздеп, құрастырып «табуға» тырысады. Бұлар: «Қазақстанның қазіргі тұрмысында пролетар әдебиеті жоқ... түбінде Қазақстанда фабрик, зауыттар гулеп қаулап көбейсе, сонымен жұмыскерлер қаптап көбейсе, сонда пролетар әдебиеті болады... Қазір ешкім пролетар жазушысы емес... Болуға да мүмкін емес. Пролетар жазушылары әлі қазақ дүниесіне келген жоқ...» деп қана қояды. Қазақстанда пролетариат үстемдігін жүргізу «зорлық» екенін өз-өзінен шығарып қояды. Бұлар, ана бірінші, екінші қосындарындағы жазушыларының жұрттан жасыруға мүмкін болмай қалған айыптарын құнжыңдап мінеген болады. Олардың ішкі дәндерін бүркеуге мүмкіндігі бар шығармаларын еппен дәріптейді. Ішкі дәндерін бүркеуге мүмкіндігі бар жазушыларын Көркем әдебиет ретінде «Совет үкіметінің жолдастары, жолдан қосылған «жолбикелері» деп не дегенмен қазір, бұлардан артық жазушыларымыз жоқ...» деп, езулерінен көбік шашыратады. Бұлар қазақ ауылындағы қу, атқамінерсымақтар тәрізді. Қазақ ауылында біреуден бір шет кісі ақы даулап келіп, ақысы бар кісімен дауласса, ауылдың қу атқамінерсымағы араға түседі. Сол қу атқамінерсымақтың өзін арқа тұтып, кісінің ақысын бере қоймай отырған ауылдасын құнжыңдап әлгі қу сөккен болады. Тіпті, кейде: «ана біреу тие береді» деп жылаған баланың көңілін аулағандай, — «қоя берші, осы қолымды!..» — деп ана кісіге ақысын бермей отырған әмпей ауылдасына ұмтылған болады... Оны көріп, ақы сұрап отырған аңқаудың көңілі ырза болып, әлгі қудың айтқан бітіміне ырза болып кетеді. Бірақ, ақысын ала алмай кетеді. Және, бұл бүркенген байдың көркем әдебиеттегі үшінші қосыны — базардағы жалдаптар тәрізді. Кейде, алыпсатарлар жалдаптың ниеттестері базарға мал алып шығады. Мал керек қылғандар базарда, әлгінің малына, әрине мөлшерлі нарқымен баға бере бастайды. Малын көріп қамалап, кемшіліктерін көрсетіп айналдыра бастаған кезде мал иесіне алыпсатарға ниеттес жалдап келіп килігеді. Келе-ақ малға баға берушілер жағына шығады. Тымырайып, омыраулап жұрттың алдына шығады. Баға берушілердің малдан тауып тұрған анық кемшіліктерін о да тәштитіп тұрып көрсете бастайды. Малды көріп, саудалап тұрған аңқау шаруалар болса, аузын ашып, жалдапқа жол беріп анырайып тұрады. Аңқау шаруаларды аузына қаратып алған соң жалдап тайтаңдап, білгішсіп, малдың аңқаулар байқамайтын сыпаттарын ептеп мақтайды... «...Ана арасы жаман... мына арасы жаман... Бірақ не керек базары кұрғырда қазір осыдан артық мал жоқ...» деп шытынады. Ақыры малды көңілдегі бағаларына өткізеді. Ал; жалдаптармен ниеттес емес бір ел шаруасы базарға мал әкеліп салса да, жалдаптар барып килігеді. Жалдап бет ниеттес, алыпсатарлар малды қамалап, малды саудалап тұрғанда, олар мен мал иесінің арасына жалдап қу келіп түсе қалады. Енді, бұл мал иесі жағына шыққан болып соғады. Малдың тізгінін мал иесінің қолынан жұлып алып, малды кеміне саудалап тұрған алыпсатарлардың малды «жөнсіз кемітуіне» қарсы сөйлеген болып шығады. «...Момын малын бүйтіп жөнсіз кемітулерің орынсыз...» деген болып тысырайды. Мал иесі аңқау шаруа, аңырайып, жалдапқа жол беріп, аузын ашып тұрады... Ішінен «апыр-ай, мынау бір өзгелерден кері жөн сөйлейтін «әділ» адам екен?!» деп те қояды. Мал иесінің оған сене бастағанын сезіп, жалдап енді, әділ адамсып, білгішсініп секиіп, ұртын томпитып алады... Бұл мал — жаман мал емес... Бірақ ана арасы, мына бір арасы кемдеу екені рас. Мына бір арасын қазіргі базар көтермейтіні де рас... Мына бір жерінің ақауы бар екені рас... Мына арасы кетік, мына арасы сетік... мына арасы кемтік... мына арасы молтақ... мына арасы солтақ... мына арасы олпы... мынасы солпы екені де өтірік емес... Бірақ малды онша жамандауға болмайды. Қайтесің, қазіргі базары құрғырдың бәрі осы! — деп тынады. Мал иесі аңқау момын есінен адасады. Малын, ақыры жалдап қудың айтқан бағасымен сатады. Міне, бүркенген байдың үшінші қосындағы көркем әдебиетшілер мен «сыншымыз» деп жүргендер жаңағы айтылған ayылдағы атқамінерсымақ қу мен базардағы жалдап қулар тәрізді... Бірақ еңбекші тап, қазір, аңқаулықтан кете бастады. Көркем әдебиеттегі бүркенген бай қуларының да қулықтары сезілетін болды. Бұл бүркенген байдың көркем әдебиеттегі үшінші қосынындағы қулары ділмарсып екі айтып, «қазақ жұртшылығы» деп соғады. Бұлар еңбекші тап үкіметін өздерінікі қылмаққа тырысады. Әрине, бүркенген байдың көркем әдебиеттегі осы үш қосынының үшеуі де еңбекші тап мақсатын, еңбекші тап басшылығының екпінін айқынырақ суреттеген жазбалардың баспа жүзінде көрінбеуіне жандарын сала қиналмайды. Ал, ондайлар баспа жүзінде көрінетін болса, қап тесер тышқандар «тесе қарап», соның «міндерін» тапқан болып, түймедей кемшілігі болса, түйедей қылып дабырайтып, «қазақ жұртшылығына» жар салуға асық болады...

1929 жыл

ӘДЕБИЕТ - ТАП ҚҰРАЛЫ

Қазақ әдебиетінде екі ағым бар. Олардың соңғы кезде қағысуы күшейді. Ол — тап тартыстың әсері. Пролетар бағытындағы жазушылардың таптық салт-санасы өсіп күшейген сайын, байлар жазушылары да өздерінің әдіс-айласын өзгерте бастады. Байтұрсынұлы, Досмұқамбетұлы тәрізді алашорданың көсемдерінен сабақ алып, қолтығыңда өскен Ысмағұл, Ғаббас секілді құбылмалы коммунистер де әдебиет майданына шықты. Ұлтшылдар ескі әдебиет арқылы байлардың сасық салт-санасын жаңа тұрмысқа жаймақшы болды. Олар жаңа әдебиетке бұқарашылдық жүргіземіз, қазақ тұрмысында пролетар бағытына сүйкімді әдебиет болмақ емес деп соқты. Біз: болады, құрамыз, социализм құрылысына көмектесетін ұлы жолдың серігі батырақ, кедейдің тілегіне сәйкес, жанына жағымды әдебиетін жасаймыз дейміз. Ұлтшылдар қазақтың кедейіне орыстың пролетары төңкеріс жасап бостандық бергенін көргісі келмейді. Сондықтан біз «Экспресс», «Советстан», «Отарба» тәрізді болашақтың ұйытқысы, тұрмыстың көркі, пролетардың жүрегі сықылды нәрсені жырласақ, олар бетімізді шиедей қылады. Бұған халық түсінбейді, тұрмыста жоқ, болмаған нәрсені жырладың деп сандырақтайды. Батырақ, кедейдің таптық салт-санасын тәрбиелеп жетілдіруіміз үшін «Отарба», «Советстанды» жырлауымыз керек. Жаңа жазушылар өсіп жетілген соң ескі түрден озып, әдебиетке жаңа түр салады. Сексенбайұлы жолдасты интернатта оқитын бала ма екен десем, мұғалім екен. «Әдебиет тап құралы болмайды, Қазақстанда тап жазушылары жоқ, бәрі ұлтшыл, сөйлеу әдістерің (метод) жоқ» екен деп көпіріп жатқаны — саясаттан хабары жоқтығы. Тұрмыспен таныс емес адам ғой деп ойласам, өзің САГУ-ге сабақ беріп жүріп, мәдениеттің таптық болатындығын білмей жүрсең ұят екен, қалқам. Сен сияқты большевик түгіл, большевиктің дұшпаны Каутский де мәдениеттің таптық болатындығына шек келтірген жоқ еді. Дүйсенбайұлы: өмірде болмағандықтан «Отарба» деген өлең жақсы шықпаған, «Бозторғай» тәуір дейді. Жырлай білген кісіге «Бозторғай», «Отарба», — бәрібір. Менің «Экспресс» деген кітабым отарбаның жырын толғайды. Отарба қазақтікі емес, сондықтан жырлап болмайды деген сөз түкке тұрмайтын сандырақ. В.И.Ленин өлгенде жаңа тұрмыстың пайғамбары өлді деп жер жүзі жұмыскері қара байлаған. Түйені отарбаға бастырдың деп Дүйсенбайұлы мені кінәлайды, ол түйе — қазақтың ескі мәдениеті еді, отарба жаңа мәдениет еді, байлардың иісі сіңген ескі жұртшылығы мен мәдениетін жаңа мәдениетке омыртқасын үздіріп, қанын судай шаштырып едім. Менің оныма Дүйсенбайұлы сыншы түсінбей қалыпты. Ақын сөзді сөйтіп перделемесе өлең кестелі, мағыналы бола ма? Плеханов «сыншы ақынның терең оймен перделеп жазғанын табатын болсын, сондықтан ақынның білгенін сыншы да білетін болсын» дейді. Дүйсенбайұлы сияқты сыншыға біздің айтатынымыз: оқы, үйрен, талаптан, сонда ғана жақсы сыншы бола аласың дейміз.

Қазіргі сынның бәрі де осы сияқты соқыр сын.
1929 жыл

МЕНІҢ ҚАТЕЛЕРІМ ТУРАЛЫ

Осы жылы 3-августе шыққан 150 номерлі «Советская степь» газеті мен «Еңбекші қазақтың» сол жұлдыздағы номерінде Жүсіпбекұлының «Сәкен мен Сәкеншілдік» деген мақаласы шықты. Біздің бұрынғы-соңғы қателеріміз бен адасқандарымыздың жалпы түрлерін сөз қылып, теріп жатудың қажеті шамалы. Сондықтан тұп-тура: 1) жік тартысына қалай қатынастым, 2) осы қателерімізден не таптық 3) сол өткен қателерге кәзір қалай қараймын деп түгел айтып көрейін. 1917 жылы Уақытша үкіметпен, алашордамен тартысып, ол жұмыстан аз уақыт қол үзіп (Колчактың абақтысында болғандықтан), 1920 жылы Орынборда болған жалпы қазақ советінде Алашорда бастықтарының съезге қатынасуына қарсы топтасқан жікте болдым. Өйткені Бөкейханұлы, Байтұрсынұлы және басқа алашордашылар съезге делегат болып келіпті. Бұларға қарсы тұрған жік әуелінде былай құрылды: Жангелдин, Досұлы, Алманұлы, Кулаков, Қалашников (орыстар) мен, Шәріпұлы, Жүсіпбекұлы, Елестапұлы және басқаларымыз Қазақстан әскери комиссарының орынбасары Ж.Жангелдіұлының басқаруымен алашордашыларды басты орындарға жолатпау керек, қарсы тұруымыз керек деген мәселені талқыға салдық. Жинағандардың бәрі де алашордаға қатты қарсы екендіктерін білдірді. Қарсы шығып тартысу үшін съезде сөйлеуге үш жолдасты белгіледік. Олар — Қалашников, Әділұлы және Елестапұлы еді. Ертеңіне уағда бойынша осы үш жолдас съезде алашқа қарсы шығып сөз сөйледі. Бірақ дауысқа қойылған жерде біз азшылықта қалдық, бүктеліп қалдық. Партия бюросы екі жаққа бірдей аран жатық болды. Сонан соң Байтұрсынұлын оқу комиссары қылып, Ақайұлы мен Сәрсенұлдарын Казаткомге мүше қылып сайлады. Ал енді біздердің ашық қарсы тұруымызға шейін алашты жақтайтындар Қазақстан үкіметіне ең беделді бастыққа лайық адам Байтұрсынұлы деп жүретін еді. Мұның артынан да талас біткен жоқ. Ішінара тартыс болып жатты. Ондағы мақсат алашордашыларды басқару орындарынан айдау. Себебі, бұлар іс басына мініп алып, өздерінің бұрынғы алашордашыл жолдарын жүргізіп отырды. Олармен қоса алаш ықпалында жүрген жолдастарды да қумақ едік. Біз осылай айладық. Осының аяғы барды да, 1922 жылы үлкен жікке, қатты тартысқа соқты. 3 жалпы қазақ съезінде үске шығып, өлкелік қызметте жүргендердің оңшыл ия ұлтшыл дегендерін қызметтен ауыстырдық. Орындарына жаңа кісілер қойылды. Бұл жаңа қойылғандар біздің ойымызша партия жолында дұрыс жүргендер еді. Осы ретте басты қызметке қойылғандардың ішінде мен (Совнарком басы), Атаниязұлы (заң комиссары), Нұрмақұлы (Жоғарғы сот), Садуақасұлы Жанайдар (Казатком хатшысы), Залиұлы (оқу комиссары), Темірәліұлы (Жер-су комиссары) және басқалар бар еді. Съезді де, съездегі барлық істерді де Қазақстан өлкелік комитет бюросының хатшылары Корастолев пен Асылбекұлы және бюро мүшелері Мендешұлы пен Вайнштейндер басқарды. Бізді жоғарыда айтылған орындарға қойғанда оңшыл-ұлтшылдар деп Мырзағалиұлы, Кенжеұлы және Смағұл Садуақасұлдарын басты қызметтен түсірген де жоғарыдағы төртеуі болды. Қазақ жағындағы жікті алғашқыда ұйымдастырып, маңайларына жинап басқарған Мендешұлы мен Асылбекұлы болды. Мені де өздеріне тартты. Ұйымдастыру мәселелері үйде шешілетін болды. Мен алғашқыда шын адал ниетіммен Совнаркомға бастық болудан қаштым. Бірақ мені әрі айтып, бері айтып көндірді. Мұны Корастолев, Асылбекұлдары мен Орынбор губернелік бақылау комиссиясының бастығы Конев жолдастар ұмытпауға тиісті. Осылай болғансын, менің қашқаныма қарамастан мені Совнаркомға бастық қылып сайлады. Мұны айтып отырғаным — мен еш уақытта сол жіктерде қара басымның мансабы үшін жүргенім жоқ. Мәселен, 1-жалпы қазақ съезінде мені Қазақстан атқару комитетінің Президиуміне мүше қылуға ұсынғанда да «мені сайламаңыздар» деп қаштым. Қатты қарсы болдым. Ауызша да, қағаз жүзінде де арыздар бердім. 3-жалпы қазақ съезінен былай қарай жік тартысы бұрынғысынан үдегендей болды. Бір жылдан соң біз Мендешұлына, оның жаңа құрылған жігіне және Корастолевке қарсы күресе бастадық. Онда біз Мендешұлын жағымталшыл (көттәкі), табанды пікірі жоқ байлаусыз және «солақай» деп, Корастолевті отаршылыққа ымырашылдық қылады (отаршылықпен жөндеп күреспейді) деп айыптадық. Осыдан бастап 1924 жылы Совнарком басынан ауысқаныма шейін, өзімнің осы кездегі отырған орныма қарай мен белгілі бір жіктің басы болып сыналдым. Ал енді Мендешұлы мен Корастолевтарға қарсы Нұрмақұлы, Асылбекұлы, Досұлы, Жанайдар Садуақасұлдары да күресті. Артынан осы топқа Орынбайұлы, Тоқжігітұлы, Тоқтыбайұлы Кәрім және басқалар қосылды. Әрине, Мендешұлына қарсы күресіп жүргенімізде біз кімде-кім біздің «жолымызға» таяу жүрсе, сондай жолдастарды тәуірірек жауапты орындарға ұсынуға тырыстық. Ал Мендешұлының жігіңде жүрген жолдастардың ішінен таза коммунист дегендерін іске тартуға ұмтылдық (Абдрахманұлы, Исаұлы, Илмағамбетұлы, Жанышұлы секілділерді). 1925 жылы Совнарком басынан кеттім. Қазақстанға Сырдария, Жетісу облыстары қосылып, Өлкелік партия комитетіне Қожанұлы хатшы болып, Смағұл Садуақасұлы бюрода екінің бірі болғаннан кейін (оқу комиссары және «Еңбекші қазақтың» редакторы болды ғой) маған да, бұрынғы мен секілденіп байшыл, ұлтшылдыққа қарсы арпалысып келгендерге де Қазақстанда қызмет істеу қиын боларын сездім. Қызылордада болған 5-съезд Қожанұлы мен Садуақасұлдарының үстем басшылығымен өтті. Маған осы съезд ұлтшылдардың үлкен мерекеге батқан кезі болып көрінді. Съезд ашылған театр үйіне көтерілген тулардың ішінде алаш ұраны жазылған алашорданың жасыл туы қоса көтерілген болып шықты. Тіпті «Ақмешітті» Қызылорда атандырғанның өзін алашқа ниеттілер өздерінше жорып, өздерінше түйсінді. Съездің ертеңінде партияда жоқ біреу екі құлағы езуінде қуанған түрмен маған «әйтеуір аяқтап келгенде біздің көздегеніміз болды... Съезде желбіреп ұлт жалауы көтерілді, астанаға біздің тілегімізге туралап «Орда» деген ат қойылды. Оған «Қызыл» деген сөз кіргенімен біздің қазақта «Қызыл» деген сөздің келіп-кетері жоқ... Съезд «бетті ауылға бұр» — деген ұранмен өтті. Оны бұрын біз де айтқанбыз... деп тағы басқа сол секілділерді айтты. Бұрын біз байшыл, ұлтшылсың дегеніміз үшін бізді іштерінен атарға оғы болмай жүргендер тап осы қарсаңда ереулеп кетті. Біздерге қыр көрсетіп, ілік іздеп жүретін болды. Съездің ертеңінде-ақ Қаратілеуұлы кездесіп, бірнеше бөтен адамдардың көзінше (Қажымұқан және басқалар) Жанайдарды «саяси» тілмен қаракеттеп киіп әкетті. Сонда Қаратілеуұлының емеуріні кәдімгі «қырам, жоям» деген тәрізді білек көрсету болды. Жанайдардан шығып маған байланысты. Бұрынғысынан да екіленіп кетті. «Енді жайларыңды табамыз» — деді. Смағұл Садуақасұлы жауынгерленіп «Қазақ халқы енді тарихының жаңа бетін ашады... Бос айғайлап жүрген қызыл ауыздардың қарасы өшті...» деп мақала жазды. Мұстамбайұлы, Каделенко, Құшанбайұлы секілдерді ереулеп есі шығып, еркінсіп «теке аттатысып» жүретін болды. 5-съезден кейін Мәскеуге XІ съезге бардым. Съезден соң Қазақстандағы жағдайлардан, өз жайымнан Сталин, Куйбышев, Молотов жолдастарға арыз бердім. Сталин жолдаспен ауызша сөйлестім. Сөйлескенде барлық мән-жайды айттым. Үлкен орыннан түсірілгендердің оқуға сұранатын әдеті бар ғой. Сол ретпен мен де Комакадемияға оқуға кіргізіңіз дедім. Мен осы сөздерді айтқан соң Сталин жолдас «Комакадемияға орналастыру оп-оңай, бірақ Қазақстан халі дәл өзің айтқандай болса, Сіздердің Қазақстаннан қашуларыңыз керек емес, қайта қатты белсеніп істеулерің керек. Менің мәслихатым осы» деді. Әрине жолдас Сталиннің тілін алдым. Берген ақылы мені әжептәуір көтеріп, алдандырып тастады. Не жұмысқа жегілсем де істен бас тартпауға белімді байлап, Қазақстанға келдім. Жолда, отарбада келе жатып «Қара жер» дейтін поэмамды жаздым. Ол поэмада кеңес үкіметін май айында масатыдай құлпырған жасыл түсті дүниені қақ жарып келе жатқан отарбаға мысалдап, «Қара жердің» қызықты көріністерін отарба терезесінде отырып жырлау секілділер жазылған еді. Қазақстанға келісімен поэмамды «Еңбекші қазақ» редакторы Смағұлға бердім. Смағұл поэмамды алып, қалтасында екі айдай сақтап, созбалап баспауға айналды. Әрі-беріден соң қалжың-мазаққа айналдырды. Партияның бақылау комиссиясына арыз берем деп домбыттым. Аздан соң «Советстан» атты поэма жаздым. Мұнда мен Кеңестер Одағын, Кеңестер Одағындағы ескі жалғанды басып, жаншып көздеген нысанаға ат қойып келе жатқан төңкеріс күйін жырладым. Төңкерісті ілгері қарай сүйреп келе жатқан жүйрік отарбаның ырғағына теңеп, айдаушылары (Рузутак — Орталық Комитет) қырағы дегендер жазылған еді.Мұны әкеліп Смағұлға тағы бердім. Смағұл бұрынғыдай күлмеді. Бірақ «баспаймын» деді. Поэмамды өзіме қайтармай алып қалды (Мұның барлығына да дәлелді қағаздар бар).

Ал «Қара жер» деген алғашқы поэмамды зордан, бүлдіріп басқан болды. Осылай болған соң және басқару қызметтерде Смағұл секілділер отырғанда мен секілділердің саяси әлеумет істеріне араласуға мүмкін емес екеніне көзім жетті. Сондықтан уақытша «қызыл» тақырыпты жазудан тиылдым. Еш нәрсеге араласпайтын тұрмысқа айналдым. Менің «Аққудың айырылуы» деген және осы секілді бірнеше шығармаларым тап осы кезде жазылды. Ол кезде де билеп-төстеп отырған батырлардан (Смағұлдардан) бөтен ойлаушылар ашық, шын өз пікірлерін жаза алмайтын болды. Сәбит Мұқанұлы секілді жазушылар «Сасық төре мансапқорларды» жамандап, ұрсып, саясаттан ауылға қашты. («Ауылға қайттым» дегенін қара). Осы бізді сынап отырған Жүсіпбекұлдары басып бара жатқан ұлтшыл жазушыларға қарсы жазған мақаласына ашық қол қоя алмай, «Жымық» деп бүркеншік атпен жымып, бұғып қана жазды. Сонан Қазақстанға Галощекин жеп келіп, өлкелік комитеттен Қожанұлы түсірілгеннен кейін мен іске араласпай, сырттап жүруден шығып, шамам келгенінше іске қайта араласуға байландым. Журналдарға жазып, кәсіпшілер одағының ағарту бөлімімен байланысып, солардың тапсырғандарын орындап жүрдім. Қазақ коммунистерінің ішінде шын партия жолында жүр деген Тәтімұлы Қали, Исаұлы Ораз, Құрамысұлы Ізмұқан, Бекұлы Орынбек және осы секілді жолдастарға жақын жүруге кірістім. Редактор, оқу комиссары Смағұл бұрынғысынан танбады. Ұлтшыл жазушылардың жазғандарын газет-журналдарға құмартып басатын, ақшаны соларға төгетін болды. Біздердікін баспайтын, басса да зордың күнінен басатын болды. Мен өлкелік комитеттің бөліміне арыз жаздым. Ұйымдастыру бөлімінің орынбасары Исаұлына шақтым. Сонымен тіпті «алаш жазушыларымен бірдей көрсе де ырза болар едім» дедім. Исаұлы мені Киселев жолдасқа апарды. Киселев Голощекин жолдасқа айтам деді. Бірақ ол кісі сол кезде бір жаққа жүріп бара жатқандықтан бұл қылықтар сөз болмай қала берді. Мұнан кейін түрлі пленумдар, конференция, съездер келді. Дәл осы кездерде Голощекинге жолығуға «Сәкен қара басыңа бірдеме іздеп ия орын сұрап жүр дер» деген өсектен қаштым. Жолығып сөйлесе алмадым. Артынан Смағұл оралып, партия жолына зияндылығымен әйгіленді. Бұл туралы Исаұлы мен Нұрмақұлдарының мақалалары шықты. Мен дәл осы кезде саясат туралы сөйлесуден бездім. Тіпті кейбір жолдастармен жолығысудан қашқақтайтын болдым. Жалғыз-ақ әдебиет мәселесіне араласқым келді. Мұнан да бір қадар шықпады. Бұл жолымда бірте-бірте мені сыртқа шығарып, еш нәрсеге араласпай қалуға айналдырды. Бұл сарыуайымшылдыққа (упадочничество) икемдеді. Біздің қаладағы болсын, даладағы болсын тұрмысымыздың түрлі қайшылық, шалағайлық секілді біздердің күнделік тұрмысымыздағы көріністер, оның үстіне партиямыздың бас жағындағы кейбір қыңырлықтар, ауа жайылулар — бәрі шумақталып мені де қоршағандай болып төмен тартты. Бір түрлі упадочничество туғызды. Партияның бас жағынан қыңыр мінездер табылып, соны ашып, ол қыңыр мінезге түскендер бір кезде «бәріміз сеніп әспеттеген көсемдер болғандығын (көсемдер болғандар әрине Қазақстан көсемдері емес) көргенде маған кеңес үкіметінің жаулары шоқ-шоқ деп масаттанып, күліп тұрған тәрізді көрінді. Осылар мені ойға салды, көңілімді қозғады. Бір түрлі упадочничествоға салды. Оның үстіне кейбір ол кездегі істерге ырза емес адамдардың қыңқылдары қосылып сарыуайымға итерді. Менің кейбір шығармаларымда партия жолынан қиғаш кеткен жерлер тап осы кездің ісі секілді жағдайдың жемісі еді.

Міне қысқаша жік тартыстарының «тарихы», жіктен кейінгі жайым.

МЕНІҢ СОЛШЫЛДЫҒЫМ ТУРАЛЫ

Мен өзімді өзім еш уақытта солшылмын деп санаған да емеспін. Ешкімге солшылмын деп айтқан да емеспін. 1923 жылы мен Оралдың губерниялық съезін өткіздім. Сол съезде Қаратілеуұлының сен солшылдарды сүйейсің деген құлақ қағысына «онды да, солды да сүйемейін» деп жауап берген едім. Өйткені мен ол съезде Исмағамбетұлы, Әбдірахманұлы, Исаұлы, Жанышұлы және Әленұлы жолдастарды сүйедім. Мұным солшылдық болса, мұны жасырмаймын. Өткен жылы Журапков жолдаспен сөйлескенімде: «Қазақстанда солшыл жоқ, ешкім де коммунист партиясынан сол кете алмайды. Егер біреулер өздерін солшылмын деп жүрсе, ондайлар адасып айтады не алдап жүр» дегенмін. Мен мұндай пікірімді басқаларға айтқан болатынмын, кәзірде де соны айтам. Мүмкін кейде түрлі жағдайлармен өзім де байқамай солшылдық жолға түсіп кеткендерім бар шығар. Күнделік істен қол үзгендік, аз да болса қалың көппен қатынас аз болғандық, басқару қызметтегі кейбір жолдастарға наразылық (мәселен Исаұлы, Құрамысұлы жолдастарға) кейде сол айтылып отырған солшылдыққа түсіруге себеп болуы мүмкін еді. Мәселен, Исаұлы мен Құрамысұлы таза партия жолындағы коммунистер деп білсем де мен оларды Смағұл туралы баса қимылдамайды, бата алмайды деп жүрдім. Шынына келгенде мен ол кездегі Қазақстанның өзгеше жағдайларын ескермеген екем. Өткен қыс ортасынан бастап үзіл-кесіл шыға бастадым. Менің газеттерде жарияланған «Көкшетау», «Май күні» деген шығармаларым дәлел болса керек. Қандай жік болса да бізде белгілі жолы жоқ. Табансыз, зиянды нәрсе болып шықты. Партия жолынан қыңырланудың қандайы болса да партияға қарсы жол. Өткен күндегі осы секілділеріме мен түгелімен өзімді кінәлімін деп санаймын. Бағзы уақыттарда мен упадочничествоға түсіп кетіп жүрдім. Ең ауыр күнәм осы деп білемін. Мұның бәрін терістік деп көппен бірге тергеймін. Мен осыларымның бәрі үлкен қате, адасқандық екеніне Қызыл Сармов пен Нижегород қаласындағы жер май ағызып жатқан зауыттарды аралағаннан кейін әбден-ақ көзім жетті. Еңбектің қаһарман ерлері о жерде социализмнің іргесін қалап жатқанын көрдім. Уақ байшылдық дерті кейде біздің жанымызға, тәнімізге тікенше жабысады. Егер біз адал ниетімізбен қол ұстасып, партия бірлігінің айналасында үйірлесек, партия ондай дерттерді мезгілімен асқындырмай ашып, емін тауып, асқан қазанды аман сақтай алады. Қатеміз болды. Келешекте де қателесуіміз мүмкін. Бірақ жұмысшы табының партиясы, дүниенің ұлы өзгерісшілі, еш нәрседен қаймықпай еңбекшіл адам ұлын тендікке бастаушы, коммунисшілдік қоғам құрушы — коммунистер партиясы біздің қатарларымызды түзете алады, түзетеді. Мүмкін, менің әлі де өзім байқай алмаған қаталарым бар шығар, ондайларым болса партия көмегімен жоямын.

1929 жыл

ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ ТУРАЛЫ ХАТ

Біраздан бері қазақ әдебиетін, әсіресе, қазақтың халық әдебиетін жинаушылар көбейе бастады. Қазақ елі жаңа тұрмыс дәуіріне аяқ басып, мектеп, медреселері көбейіп, тәртіпке қойыла бастағаннан бері, қазақтың мәдениет, әдебиет тарихын зерттеп, бір тәртіпке қою мақсаты — Қазақстанның халық ағарту орындарының алдында шешуді керек қылған түйіндердің бірі болып келеді. Әр зат жаңадан жасалғанда төрт аяғынан нық баса, мүлтіксіз жасалмайтыны белгілі. Қазақ елінің тарихында әдебиет тарихында бірен-саран жазуға өздерінше талап қылғандар да болды. Бірақ еңбекші таптың совет мектебіне лайық тарих кітабы, әдебиет тарихы әлі де жазылып шыға алмай келеді. Былтырдан бері Алматы қаласында Қазақстанның Мемлекет университеті ашылып, білім дүкенін құрып отыр. Университет дегеніміз бұрынғы мұсылман дүниесінің дәрілфүнін делінетін жоғары дәрежелі медресесі. Бұрын ұзынқұлақтан естілетін дәрілфүнінде қазір қазақ еңбекшілерінің жүздеген жастары оқып жатыр. Оқушылар саны жыл сайын көбеймек. Жазылып шыға алмай келген қазақ тарихы, қазақтың қазақ әдебиет тарихы және де басқа осындай тарихтар, енді осы Қазақстанда білімнің ұлы қазаны, ұлы дүкені болып отырған университет маңында жазылып, тәртіптелінуі керек. Халық тарихын, әдебиет тарихын тәртіптеп жазып шығаруға әдебиет тарихының деректері керек. Болған тиісті мағлұматтар, біраз ескі мағлұматтар, біраз тарихи әдебиет деректері қазір қазақ университеті қарамағында бар. Бұл ескі мағлұматтар дегеніміз, тарихи әдебиет дегеніміз мыналар: ескі сөздер, билер сөздері, ескі батырлар әңгіме-жырлары, қиссалары, ертектері, неше түрлі өлеңдер, әдет-ғұрып жырлары, мәселен: беташар, ау-жар, той бастар, бесік жырлары, жоқтаулар, айтыстар, ескі әңгіме-жырлар, аңшылық әңгімелері, бақташылық әңгімелері, баксы әңгіме-жырлары, тағы басқа осы тәрізді әңгіме-жырлар. Осындай заттардан құралып қазақ әдебиеті тарихынан университетте дәріс беріледі. Дәріс берілу үшін тәртіпке қойылған, тарихи аңғармен құрылған құрал боларлық қорытылған кітап болу керек. Міне сондай керекті кітаптар Алматыдағы Қазақстанның тұңғыш ашылған университеті маңында жазылмақ. Университетте тіл, тарих, әдебиет істерін зерттеп жүрген адамдар жиналмақ. Қазақтың жаңағы айтылғандай ескі сөздері де, ескі әңгіме-жырлары да, өлеңдері де, кітаптары да осы университет қорына жиналу керек. Әркім әр жерде бөлек-бөлек жинап жүргеннен, мына жалпының ортасындағы ұлы қазан тәрізді университетке жиналуы керек. Сол себепті қазақ елінің әр түкпіріндегі әлеуметшілік сезімі бар азаматтардан жоғарыдағы айтылмыш Қазақтың ескі тарихи мағлұматтарын шежіре, билер сөздері, батырлар әңгімелері, жырлары, тақпақтар, ертектер, қиссалар, әдет-ғұрып жырлары (беташар, аужар, жоқтау, айтыс,) үгіт-насихат, болжау, тағы да осы тәрізді сөздерді, әркімнің аузында айтылып жүрген осылар тәрізді сөздерді жазып, жинап, университетке жіберулерін өтініш қыламыз. Кейбір маңызды мағлұматтарға ақша төленеді. (Тиісті ақшасы почтамен жіберіледі). Жіберушілердің қалауы бойынша кей мағлұматтардан көшірме алып, тез жазулары иелеріне қайырылады. Өте-мөте керек болып отырған мағлұматтар: Асан Қайғы сөздері, Бұқар жырау сөздері, Шортанбай сөздері, Ақмола ақын сөздері, Мәшһүр Жүсіптің сөздері, әсіресе: «хал-ахуалы», Ақан серінің сөздері, өлең-күйлері, Жаяу Мұса өлеңдері, Маңмаңгердің Ыбырайының өлеңдері, Шолақ-палуан, Мәди тәрізділердің өлеңдері. Омар Қарашев өлеңдері, әсіресе «Терме» деген өлеңі. Бұлармен қатарлы да ел аузында жатка айтылып жүрген түрліше өлең-жыр, әңгімелер. Қазақтың әндерінің, күйлерінің әңгіме, тарихтары, мәселен: Бозайғыр, Бөзінген, Балбырауын, Акжелен, Сарыжайлау, Қосбасар, Терісқақпай, Қорқыт күйі, Ықылас күйі, Балабақсының күйі, Дайрабай, Тоқа, т.б. осылардың бәрі қазақтың тарихына, мәдениет, әдебиет тарихына керек мағлұматтар болады. Жіберушілерге адрес: Алма-Ата, Карла Маркса, Дом 77. Преподавателю казах, народной литературы Сакену Сейфуллину.

1929 жыл

АЙМАН-ШОЛПАН

Жинаушыдан Әр замандағы ел билеген үстем таптың санасы да, құлқы да үстемдік қылатыны белгілі. Ел тұрмысынан туған, ел тұрмысынан шыққан заттардың қай-қайсы болса да, ел билеген үстем таптың үстем санасынын ықпалымен туатыны белгілі. Сана тәрбиесін де, (бұрынғы үстем таптар діңді де), тіл өнерін де, өлең, жыр тәрізді нәрселерді де үстем тап өзінің мықты құралы қылғаны, һәм қылатыны белгілі. Үстем тапқа қарсы әрекет қылған езілген тап тіл өнерін, өлең, жырлар тәрізді нәрселерді қарсы құрал қылғаны һәм қылатыны белгілі. 1917 жылы, Совет үкіметі орнағанша, қазақ елін билеген, қалың қазақ бұқарасын билеген үстем тап — билер табы, байлар табы еді. Елдің сана тәрбиесі де, тіл өнері де, барлық әдебиеті де осы үстем таптың толық ықпалында еді. Және, осы үстем таптың мықты құралы еді. Езілген кедей табының әлсіз үні, тек мұң тәрізді, жіңішкелеп қана шығатын еді. Үстемдік қылған билер табының (билер табы деп феодал табын айтамын) байлар табының санасының ықпалымен кедейлікті «тәңір ісі» дейтін еді. Жіңішкелеп келе, бертін келе, кедейді жеген байларды, ұлықтарды сілеу, балағаттау, әдебиет жүзінде біртіндеп шығып дами бастаған еді. Бұл кітапқа кірген «Қазақтың ескі әдебиет нұсқалары», — қазақ елін билер табы, байлар табы билеген заманда шыққан әдебиет нұсқалары. Және, бертінгі заманнан кіргендері — қазақ елін патша үкіметі бағындырып алып билеп тұрған заманда шыққан әдебиет нұсқалары. Сондықтан, бұл кітапқа кірген ескі әдебиет нұсқаларының бәрі де, бұрынғы замандағы елді билеп үстемдік жүргізген билер, байлар табынын үстем санасымен шыққан және сол таптың құралы болған әдебиет екенін айқын көрсетеді. Тек кейбір өлеңдерде ғана кедейдің мұңын айтқан, билерді сілеген үн көрінеді. Мысалы кейде Шортанбайдың:

«...Байды құдай атқаны, —
Жабағы жүнін сатқаны.
Кедей қайтып күн көрер, —
Жаз жатақта жатқаны.

Жаздай арық қазғаны,
Күздей пішен шапқаны,
Ішіп-жемдік болмайды
Оны-мұны тапқаны.

Аш-жалаңаш бейнетпен,
Жүдеп-арып талады.
Бір ешкісі бар болса,
«Шығын» деп тілмаш алады.

Ол «шығынын» бермеуге
Төбесін ұлық ояды.
Жалғыз сиыры бар болса,
Соғымына сояды.

Қағаздатып бұзауын,
«Ноғайына» қояды.
Кедейге салып шығынды,
Араны бидің тояды...

Кедей кәйтіп күн көрер.
Борышқа белден батады,
Жалғыз сиырын сатады. —
деген сөздері тәрізді...

Міне Шортанбайдың кейде өстіп айтып кеткен сөздері тәрізді жырлар болмаса, бұл жинақтағы ескі әдебиет нұсқалардың бәрі де, сол бұрынғы замандағы билер, байлар табының үстем санасымен шыққан. Сол замандағы үстем тап құралы болған әдебиет нұсқалары. Әрине, сондықтан Шортанбайдың кейде бір әлгідей айтқан сөздері тәрізді сөздер болмаса, бұл жинақтағы ескі әдебиет сөздерінің пікірлері еңбекші тап мақсатына теріс келетін пікірлер. Ол жәйтін оқушылар есінен шығармауы керек. Бұл кітапты баспаға басып шығарғандағы мақсат — бұдан оқушылар тәрбие алсын деген емес, тек әдебиет тарихын тексергенде дерек болсын, материал болсын деген ниет болды. Және бұрынғының әдебиет түрін, тіл кестесін білу ретінде дерек болсын деген ниет болды. Онан соң айта кететін бір жайт, «Алпамыстың» Диваев бастырғаны әрі толық емес, әрі жаңылыс, алғаш жазылған сөздерінде жік жоқ еді. Мұндағы «Алпамысты» үш түрлі деректен қосып, салыстырып, құрастырып шығардық. Бірақ әлі де толық емес. Шортанбай жырларын 6 — 7 түрлі деректен жинастырып, салыстырып, құрастырып шығардық. Бірақ әлі Шортанбай жырлары да түгелденген жоқ. Мұнда да жаңылыс сөздері бар тәрізді. (Шортанбайдың қай таптың ақыны екенін, қаңдай ақын екенін басқа кітапта талқылаймыз.) Бұқар жырау сөздерінің бұл жинаққа біразы ғана кірді. Өзге ақындардың сөздерінің тек табылғандары кірді. Қалай болғанда да әдебиет тарихын зерттегенде дерек бола берсін деп, әзір қолға түскен ескі әдебиет нұсқаларынан осыларды жинастырып шығардық. Кейін тағы да жинастырып шығарыла берер... Бұл жинақ «Билер дәуірінің әдебиеті» деген кітап пен оған жалғас дәуірдің әдебиеті туралы жазылған кітаптарға қосымша дерек (материал) ретінде шығады.

1931 жыл, 4-мамыр.
Алматы

БИЛЕР СӨЗДЕРІ

Ру бастықтарының (үстем таптың) қол астында болып, сол таптың ықпалында ру-руға жіктеліп, кең өріске таласып, көршілес елдермен, көршілес рулармен жауласқан арғы шикі ескілерден, надан замандардан, өзгелерден тәжірибесі артық, өзгеліктегі әрі тілге ұстарған ру басылар, шешен атанып, биі атанып, жазу, оқу білмейтін елдің тіршілітің санасын да билейтін болған. Ондай адамдар, жазылған заңы жоқ, хат білмейтін елдің ру бастықтардың санасымен құрылған ауызша айтылатын заңы, ережелерін жинап сақтаушысы тәрізді болып, заңның төрелігін іздеп, заңға жүгінбек болған жұрт солардың алдына билікке келетін болған. Сөйтіп, ондай адамдар жұртқа билік айтатын болып, нағыз мықты ру басы болып, үстемдік жүргізетін болған. Бөтен рулармен жауласып, ру болып жауға аттанған заманда батырлар үстемдігі күшейсе, жайшылықта бөтен рулармен білек күшімен теңеспей, тіл күшімен теңескенде, әлгідей заң ережелерін жұртқа жүйелі қылып жақсылап айта білетін шешен билердің үстемдігі күшейетін болған. Сонымен, әлгі, қара күш майданында, өзгелерден артық қайрат көрсетіп «жау мұқататын», батыр атанған адамдармен, басқа рулармен тіл күшімен теңескен тіл майданында тіл өнерін көрсеткен, шешен атанған, би атанған адамдардың, бүкіл ру ықпалында болған. Руға бастық болып, би атанған адамдар, өздеріне бағынған елдің әлгі үстем тап — ру бастықтарының ықпалымен құрылған салт бастықтарының ықпалындағы ел тұрмысының әр түрлі сала, әр түрлі бөлшектеріне тұрмыс үстем тап ықпалымен құрылған тәжірибесінен екшеліп ереже, заң болып шыққан қорытындыларды билер айырым-айырым қылып, жинақты, Көркем сөзбен жадқа алуға жеңіл, айтуға оңай, ыңғайлы қылып ұйқастырып, үйлестіріп шығаратын болған. Мысалы: мақалдар, мәтелдер, билер сөздері, сол ру бастықтары ықпалындағы ескі тұрмыс тәжірибесінен екшеліп, қорытылып шыққан, көркем, жинақты сөзбен ұйқастырып түйілген, «заң», «аңыз» ереже сөздері болады. Сөйтіп, ру бастықтарына бағынған көшпелі елдің тұрмысының әр түрлі саласының бәріне де керекті үлгіні, тәжірибелі, тілге ұстарған билер «жөндеп», пішіп беріп отырған. Және, кейінгі билер, бұрынғы пішілген үлгілерді «күзетіп», ру бастықтарына бағынған ескіліктен қалған салт-санаға, «үлгі-өнегелерге» қамқорлық қылып, қорғап, ол ескі «үлгіні» кезінде тұрмыс аңызына қарай, ру бастықтарының санасымен жаңғырылып та отырған. Ру басы — би болған адамдар, жасынан, сол ескіліктен қалған екшенді, түйінді, қорытынды тәжірибе сөздерін зерттеп, «ескі сөз» білетін адамдардың сөздерін көп тыңдап, соларды жадына, есіне жинайтын. Сондай, ескі тұрмыстан қалған тіл, сөз, өнеге мұрасына ие болып, «үлгі» «өнеге», «нақыл», «заң», ереже сөздерін әдемілеп айтуға дағдыланып, ысыла беретін. Сонан соң, сол билер үстемдік қылған тұрмысқа пайдалы, үлгілі, заңды ереже боларлық сөздерді өздері де жанынан шығарып айтуға тырысатын. Топ ішінде сөйлеген болашақ — жас биге, сақа билер «сын» беріп, «баға» беретін тәрізді болған. Мына бір жыр сондай, бір топ ішінде сөйлеген, болашақ биге, қарт бидің айтқан сөзі тәрізді:

«... Көп ішінде сөйлеген,
Жас жігіт, саған қарасам,
Қара Лашын — тұйғынсың.
Асылыңа қарасам,

Кұс апатын қырғисың.
Қызыл тілге келгенде,
Сар-садақтың оғындай,
Көлденеңдеп сырғисың.

Көрмегеннен сұраймын,
Руыңды білдірші,
Қай ұл едің жарқыным,
Сөзді жүктеп, түйдектеп,

Бәйге атындай шұлғисың?»

Барлық өнегелі, көркем, сырлы әдебиеті, заңды, ережелі түйінді сөздерді жұрттың жадыңда ғана, жұрттың аузында ғана болған, билер, батырлар, хандар, байлар табының үстемдігі жүрген елдің, ескі тұрмысының тәжірибе екшенді, қорытынды, түйінді сөздерін, заңдарын, ру шежіресін, салт-дәстүр ережелерін, сана тәрбие нақылдарын, үлгі-өнегелерін бәрін өзгелерден артық білген адам және өзі де өнегелі сөздерді жанынан айта білген адам, сол елге, айрықша «қадірлі» болған. Хандар, батырлар, билер ықпал ыңдағы елдің, жаугершілік ретінде, жастарға «үлгі» қылатыны — ру болып басқа елмен жауласқанда, соғыс майданында «жауды мұқататын» батыр болса, жайшылықта, «үлгі» қылатыны — басқа румен тіл майданында, «дұшпанға» сөз жібермеген, шешен би болатын. Ондай билер, шешендер және тоғыта жыр жырлап, жұртты аузына қаратқан сыншы, болжаушы, шежіре жыраулар — үстем тап ықпалындағы руға қасиетті өнерлі саналатын.

«Өнер алды — қызыл» тіл... деген сөз заң болған.

Үстем тап ықпалындағы елдің санасын, тәжірибесін билеген, ескілік салт-санаға қамқор күзет болған, елдің заңының ережелерінің бұзылмауына күзет болған, елге «өнегелі», «үлгілі» сез айтқан билер, ислам дінінің дәуірлеп тұрған заманында мұсылман елінің тұрмысын, санасын, тәжі бәсін билеген, шариғат-пәтуа айтқан ғалымдар тәрізді болған. Не, қазіргі замандағы, өзіміздің заң үгіт-насихат, білім орындарымыз тәрізді болған... Тілге ұстарып алған шешен билердің жырмен, тақпақпен айтпайтын мәнді сөзі болмаған. Әр нәрсенің жайын тақпақтап, жырмен бата берген... Ескіліктегі үстемдік қылған хандар, билер, батырлар, байлар табының салт-санасына билер күзет болған дедік. Сол өздерінің үстем табының салт-санасына күзет, қамқор болған билер, салт заңын бұқара былай тұрсын, хандарға да, байларға да, батырларға да бұздырмауға тырысқан. Сөйтіп, хандардың да, батырлардың да, байлардың да «қателерін» айтып, міндерін айтып, оз табының санасымен құрылған жолдан «тайыңқырағанын» «түзетіп», тура жолға салушы билер болған. Мықты билер, тілін алмаған хандарды, бір кезде, тақтарынан қуыршақша алып тастап та отырған. Тоқтамыс ханды ордадан қуалаған Едіге би, Шағатай ұлысындағы хандарды қуыршақша ұстаған. Ақсақ Темір би бұған мысал бола алады. Едіге биден қашып, Тоқтамыс хан ордасын тастап, кетерде айтылған жыр деген мынандай сөз, бұл жәйтті суреттейді:

«... Ей, жігіттер, жоралар!
Ормамбет би өлгенде,
Он сан ноғай бөлгенде.
Сана зар батыр жауынан,

Жаралы болып келгенде,
«Алашта — алаш болғанда,
Алаша хан болғанда,
Аязды күнде аршылдап,

Арасан оты жанғанда,
Бура мұздан тайғанда,
Шықырлаған буыршын,
Бас көтеріп тұрғанда,

Ханнан қайрат кеткенде,
Биге медет жеткенде,
Хан қашып би қуғанда,
Хан Тоқтамыс қарланып, «

Байтағым!» деп, зарланып,
Айтып жылай жөнелді...»
Ал, өйтпеген күнде, хандар, көбінесе, билердің ақылымен хандық құрған.

Билер, өздерінің үстем табының салт-санасына қамқорлық қылып, салт заңынан, санасынан хандарды да аудармай ұстауға тырысқандығын, ескі ел әдебиетінде «Әмет» әңгімесіндегі мына бір сөз көрсететін сияқты:

«... Әз Жәнібек хан үш қайтара той қылыпты. 1) Астрахан қаласын салдырып, той қылыпты. 2) Даладағы көлге шекер төктіріп, аққуды мас қылып, кұладыңға ілдіріп, той қылыпты. 3) Қарындасы Қаныбет сұлуды Мығалы байдың ұлы Тәстемірге бермек болып, той қылыпты. Үш тойдың үшеуіне де шақырылған Асан Қайғы би келмепті. Әз Жәнібек Асан биге төртінші рет кісі жіберген соң, Асан би келіпті. Жәнібек: «Е, Асан, үш қабат жұрт, той қылдым, тойыма сені шақырдым, келмегенің қалай?» — депті. Сонда, Асан би:

«... Алты атанға қос артып,
Алты жыл қоныс қарадым,
Қырында деп қызығы,
Жат-жұрт әкеп салдырдың,

Көңілімді жаман қалдырдың...
Көлге шекер төктірдік,
Аққу көлдің көркі еді,
Көлдегі сұлу ерке еді,

Құладын құстың қоры еді,
Аққу құс — ару, төре еді,
Құладынға қуды ілдірдің,
Суында деп барығы,

Бұл жерді өзім қаладым...
Астрахаңдай қаланы,
Ақ мамығын жұлдырдың,
Құладынға қуды жем қылдың,

Төрені күлмен тең қылдың.
Түбінде өз басыңа келер деп,
Құладындай бір жаманнан өлер деп,
Соған өкпелеп келмедім» —

депті.

Жәнібек хан: «Жә, ол олай екен. Мына, Қарындасым Қаныбетті Мығалы байдың ұлы Тәстемір мырзаға беруге той жасап, шақырдым, бұған неге келмедің?» — депті. Сонда, Асан би:

... «Ұсарма, билер, ұсарма?
Арғымақтың аяғын,
Алтынменен тағалап,
Күміспенен шегелеп,

Шәйі жібек тұрғанда,
Арқанменен тұсар ма?
Хан да өтірік айта ма?
Хан жарлығы қайтар ма?

Әз Жәнібек дейін хан ием,
Әуелгі сөзін ұмытып,
Айсылдың әрлі Әметі тұрғанда,
Мығалы байдың ұлына,

Бұқасын баққан қолына,
Тәстемірдей жаманға,
Қарындасын берерге ұсарма? —
депті.

Әз Жәнібек хан қарындасын бұрын Айсыл бидің баласы Әметке бермек болады екен. Әз Жәнібек, енді, бұрынғы сөзді бұзып, сол қарындасын Мығалы байдың баласына бермек болғанына Асан би бұл сөзді наразы болып, айтыпты. Сонсоң, қызды, бұрынғы уәде бойынша алмақ болған Әмет алады.

Сонымен, рудың тұрмыс тұтқасының жуан ортасы билердің қолында болған... Ал, би мен батыр таразының екі жақ басына түскенде, биді дәріптейтін болған:

«Батыр — деген — барақ ит,
Екінің бірі табады.
Би деген ақ шариғат:
Ілуде біреу шығады...»

деген мәтел мен «... Елге бай құт емес — би құт» ... деген мәтел елге жайылған... Бұл, билер сөздерінің негізгі мәні, ішкі дәні, сол билер, хандар батырлар байлар үстемдігі жүрген ескіліктегі ру-руға жіктеліп, жерге сыймай жауласқан заманының қалпын, қаймағын бұздыртпау болады. Және шын билер, өздерінше, «әділдік» күзетшісі болып та саналған. Мысалы: Азға көпшілік қылып, билер табы билеген сол заман заңнан тысқары істеген зорлықтарына өздерінше тию салуға да іс қылып үгіт жүргізген. Арғын Байдалы би айтты деген сөзде:

«... Алтыншы тілеу тілеңіз,
Ақымақ тілін алмасқа.
Жетінші тілеу тілеңіз,
Атадан алтау тудым — деп,

Жалғызға жапа салмасқа...» дегені, осындай үгіт... Онан соң, момынның малын билер табы билеген заманның «заңынан» тысқары түрде жеген жебірлерге де өздерінше қарсы сөз жүргізген. Әрине, мұның бәрі де, тек, сол билер, байлар, хандар, батырлар үстемдік қылған рушыл тұрмыстың қаймағын бұзбасын деген шектің ішінен шықпайтын істер болған. Және, билер, шешендер, сол өздері билеген рудың бірлігінің қаймағы, шырышы бұзылмау қамын ойлап, үгіт жүргізген де... Онан соң, тұрмыстың, заманның ақырындап болса да, аздап өзгеpіп баратынын көріп, сол билер билеген тұрмыстың күші әлсіреп бара жатқанын көріп, уайым қылып, бұрынғы тұрмысты көксеп, мұң сөздер, уайымды сөздер айтқан. Және онымен қатар, өмірдің өтіп, бұрынғының тозып бара жатқанына мұңайып, уайым сөздер айтқан.

Мысалы: мынау тәрізді жырлар айтқан:
«... Арғымақ жабы көрінер,
Аса шауып буланса.
Жойқын көл батпақ көрінер,

Айдыны құрып су алса.
Бәйтерек сабау көрінер,
Жапырағы түсіп қуарса.
Біраз ғана сөйлейін.

Әлеумет сізге ұнаса...
Ағайын, туған не керек,
Аңдысып күні еткен соң?
Қызыл тілім сөйлеп қал,

Қызғынды жер көрер,
Ажал қуып жеткен соң!
Айт! дейтін жұрт қайда?
Айтатын оны біз қайда,

Бір төбенің басына,
Арғымақ жайлап не керек,
Артынан жабы жеткен соң,?
Тыға салып кеткен соң?...»

Қазақ атанған елдің ескіліктен келген ауыз әдебиетінің, Көркем сөз, тіл мұрасының бәрі-ақ, сол ескіліктегі байлар, хандар, билер, батырлар билеген рушылдық замандардың санасымен айтылған сөздер екені — өзінен-өзі айқын көрінеді. Мұны билер сөздері тым айқын көрсетеді... Билер сөздерінің ескілерінің бәрі-ақ ұмытылып қалған. Біздің заманға жетіп отырған билер сөздерінің көбі-ақ, соңырақ заман билерінікі. Онда да тек, әрбір бидің түгел сөзі емес, тозып келген, үзік-үзік жұрнақтары. Сонан соң, «пәлен бидің сөзі екен» деген сөздің көбі сол бидің өз жанынан шығарған сөзі екенін бекіте айту қиын. Өйткені, бір бидің сөзін екінші би жатқа алып, өзінікі қылып айта берген. Осы күні, бір рудан «пәлен би айтқан екен» деген сөздерді тексеріп келсең, ол биден талай жыл бұрын басқа бір би айтқан сөз болып шығады. Мысалы: Осы бөлімде келтірген ысты «Бөлтірік би адамы өлген, бір ру бастығына айтқан екен» — деген сөзді алып тексеріп қарасақ, бұрынғы замандағы билердің айтқан сөзі болып шығады:

«... Бекем бу, батыр, беліңді,
Мұңайтпа мына еліңді!
Жүйрік мін де, сұлу құш,
Алсаң осы тілімді!...»

деген сөзі, Арғын, Сүйіндік Едіге бидің Жәңгір ханға айтты деген сөзінен алғаны көрініп тұр...

Едіге бидің Жәңгір ханға айтқан сөзі мынау:
«... Ақ сұңқар ұшты ұядан,
Қол жетпейтін қиядан.
Қанаты бүгін сұңқар жоқ,

Тұяғы бүтін тұлпар жоқ, _
Көтер, хан, басынды!
Іш мына асынды!
Босатпа беліңді!

Мұңайтпа еліңді!
Тозбасты ұста соқпайды!
Өлместі құдай жаратпайды...
Қайғың, жиылған жұрттың тобында қалады,

Атылған мылтықтың оғында қалады.
Жүйрік аттың жалында қалады.
Биік таудың талында қалады.
Акқан судың бойында қалады,

Сұлу қатынның қойнында қалады,
Қызық мереке ойында қалады,
Істемесең, мойнында қалады»...
Енді билерден сөз келтірейік:

Арғын руынан, Қуандық-Алтай, Байдалы би айтқа
деген сөздер:
Биік тауға жарасқан,
Басындағы обасы,

Өзен суға жарасқан,
Жағалай біткен қоғасы.
Рулы елге жарасқан,
Үлгі айтатын ағасы.

Бәйбішеге жарасқан,
Орындықты сабасы.
Келіншекке жарасқан,
Емізген ұл баласы.

Балалыққа жарасқан,
Өнегелі анасы.
Ер жігітке жарасқан,
Қолындағы найзасы.

Жақсы болса азамат,
Еліне тиер пайдасы.
Ердің «білдім» дегені,
Басына салған ойраны.

Көпке сөзін бергені,
Атадан алтау тудым деп,
Жалғызға жапа салмасқа.
* * * *

Бұлбұлдан шешен бір кұс жоқ,
Бармақтай-ақ қарасы.
Оқтан жылдам ажал жоқ,
Тырнақтай-ақ жарасы.

Көңілің қалса жақынға,
Адыстығын айтайын,
Жер мен көктің арасы...
* * *

Бірінші тілеу тілеңіз,
Бір тәңірге жазбасқа.
Екінші тілеу тілеңіз,
Адам тіліне азбасқа.

Үшінші тілеу тілеңіз,
Бәлеге нақақ күймеске.
Төртінші тілеу тілеңіз,
Білімсіз таққа мінбеске.

Бесінші тілеу тілеңіз,
Қатардан кейін қалмасқа.
Алтыншы тілеу тілеңіз,
Ақмақ тілін алмасқа.

Жетінші тілеу тілеңіз,
Қасқыр жүйрік, қарқын жоқ
Байтал жүйрік, барқы жоқ.
Қатын шешен, ақыл жоқ.

Күннің беті қызыл, иісі жоқ.
Құлдың мойны жуан, күші жоқ.
Жаманның құлақ-мұрнын кесіп алсаң,
Ар, намыспен ісі жоқ.

* * *
Көп нені айтады?
Азға қылған зорлығын айтады.
Аз нені айтады?

Көптен көрген қорлығын айтады.
Қыпшақ руынан Айтқожа шешен айтты деген сөз:
Жар басынан үй тікпе,
Жар құласа, үй кетер.

Ала болса ағайын,
Рулы елден күй кетер.
Ағайын ала болғанда,
Ауыздағы ас кетер.

Аңдыған дұшпан күшейіп,
Жау қолында бас кетер...
Құлақтағы сөз айтсаң,
Құлағының астында.

Құлақсызға сөз айтсаң,
Құлақ қырдың астында.
Айтса болар ұққанға.
Айтып — айтпай немене,

Екі құлағын тас қылып,
Мақтаменен тыққанға.
Абылай ханның ақылгөйі арғын - Сүйіндік Бұқар жырау айтты деген сөз:
Жал-құйрығы құба деп,

Жабыдан айғыр салмаңыз.
Қалыңмалы арзан деп,
Жаман қатын алмаңыз.
ЕРТЕДЕГІ ЖЫРЛЫ ӘҢГІМЕЛЕР, ЯКИ НОҒАЙЛЫ ДӘУІРІНЕН ҚАЛҒАН ӘДЕБИЕТ НҰСҚАЛАРЫ

Билер дәуіріне кіргізілген әдебиеттің 2-ші бөліміне ертедегі батырлар жырлары мен елдің ішкі тұрмысын суреттейтін әңгіме-жырлар кіреді. Қазақ атанған елдің ауыз әдебиетінде батырлар туралы әңгіме-жырлар кеп болған. Бірақ, көп болғанмен талайлары ұмытылып қалған. Тек: «Едіге батыр», «Қобыланды батыр», «Нәрік ұлы Шора батыр», «Алпамыс батыр», «Қамбар батыр», «Ер Тарғын», «Ер Сайын» сияқты әңгіме-жырлар ғана баспаға басылып, кітап болып біздің заманымызға жетіп отыр. Онан соң кей батырлар әңгіме-жырларының тек үзінділері ғана бізге жетіп отыр. Мысалы, «Ер Көкше», «Ер Қосай», «Ер Төстік», «Жабай батыр» және осылардай әңгіме-жырлар. Және біздің дәуірге дейін ұмытылмай келген, кейбір батырлар туралы қысқа толғау-жырлар бар. Мысалы: Орақ, Қарасай, Мамай және басқалар туралы жырлар... Сол замандағы үстем таптың ішкі тұрмысын суреттейтін, ертедегі әңгіме-жырлардан біздің заманға жетіп отырған: «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» мен «Қыз Жібек»... Іштерінде алғашында сөздері көп болса да ертедегі заманнан біздің заманымызға жеткен осы айтылған әңгіме-жырлардың дені қазіргі атанып отырған рулар «Ноғай», «Ноғайлы» атанып жүрген замандағы — Ноғай, Ноғайлы батырларын әңгімелеген жырлар. Сондықтан бұл бөлімді бөлек дәуір қылсақ, «Ноғайлы дәуірі» деп атар едік. Біздің бұл «Ноғайлы» деген сөзімізге кейбіреулер ұйымауға мүмкін. Кейбіреулер білмегендіктен, кейбіреулер «ноғай болғысы келмегендіктен» ұйымауға мүмкін. Бірақ қазақ болған рулардың бұрын ноғай болғандығына тарихи дәлелдер ұйытпай қоймайды. Орыстың кейбір тарихшылары: «Қазақтың ертеден қалған өзінің әңгіме-жырлары жоқ. Ертедегі батырлар жыры деп өзінікі қылып жүргендері ноғайдыкі»... дейді. Бұл не түрік-монғол руларының тарихын зерттей білмегендік, не, жеңіл, саяз мінезділік. Осы кітаптың басында айтып өттік: Қазақ атанған рулардың дені — алтын ордалы Жошы ұлысында болған. Онан соң Шағатай ұлысында болғандары да біраздан соң Жошы ұлысына кірген. Және Жошы ұлысында дені Ноғай ханның қол астында болған. Ноғай 1306 жылы өлген. Сол Ноғай ханның қол астындағы Түрік-Монғол руларының бәрі — «ноғай елі», «ноғайлық», «ноғайлы» болып аталып кеткен. Ноғай ханнан кейін Өзбек ханның тұсында біраз ру — «Өзбек елі» болып та, «өзбек» болып та аталған. Қазақ атанған рулардың дені — Қырымда да, Кавказда да, Қазанда да, Еділ-Жайық бойларында да болған. Сол болған жерлерінің бәрінде де қазіргі қазақ атанып отырған рулардың бөлшектері бөлініп қала берген. Және осы күнгі қазақ атанып отырған рулар Орта Азияға келіп, қазақ болып, бөлек хандық құрған сонда Қырымға көшіп кеткендері болған. Мұның бәріне тарихи мағлұматтар, дәлелдер бар. Қырымда, Кавказда, Қазанда, Еділ бойында, Оралда, тағы басқа жерлерде, қазіргі қазақ атанып отырған рулардан бөлініп қалған бөлшектер сол отырған жерлеріндегі елдің аттарымен аталып отырса да соңғы уақытқа шейін қазақ атаулы елдің рулары мен рулас болғандары руларының аттарын ұмытпай келеді. Оны жоғарыда келтірдік. Міне сол жоғарыдағы айтылғандай қазіргі қазақ аталып жүрген түрік-монғол рулары — Ноғай ханның елі, Ноғай елі — «ноғайлы» болып жүрген замандарда жыр қылған ертедегі батырлар әңгімелерін — «бұлар қазақтікі емес, ноғайдыкі, қазақтар тек ноғайдан алып жүр...» деген сөз тарихты жете білмегендіктен шыққан сөз. Қазіргі қазақ атанып отырған ел, ол кезде ноғайлы атанып жүргендігін білмегендіктен айтылған сөз. Қазіргі Қырым, Астрахань, Қазан, Еділ бойлары, Башқұртстан, Өзбекстан, қара-қалпақ және басқа жерлердегі түрік-монғол руларының ол заманда ноғай елі атанғандары ертедегі ноғайлы батырлары туралы айтылған жырларды-әңгімелерді — «біздікі еді» десе, айтуларына болады. Олай айтуға ақылары бар. Ноғайлы заманындағы ноғайлының батырлар әңгімесіне бәрі де ортақ деуге болады. Олармен ол заманда ноғайлы болған қазіргі қазақ та ортақ. Ел аузында жыр болған ертедегі батырлардың рулары айтылғандарының көбі қазіргі қазақ атанып отырған елдің белгілі негізгі руларынан шыққан. Мысалы: Белгілі Қобыланды батыр — қазіргі қазақ атанып отырған елдің ірі руларының бірі — Қырсақ руынан шыққан. Атақты Шора батыр Нәрік ұлы — қазақтың белгілі Тама руынан шыққан. Ер Көкше, Ер Қосай — қазақ болған елдің белгілі — Уақ деген руынан шыққан, атақты «Едіге батыр» мен «Алпамыс батыр — қазақ атанған елдің белгілі — Қоңырат руынан шыққан. Міне, өзі ноғайлы болып жүргендегі ноғайлының батырлар жырына қазақ та ортақ. Оның үстіне сол ертедегі жыр болған батырлардың бірсыпырасы қазіргі қазақ болған рулардан шыққандықтан да, оларды қазақ «біздікі» дей алады. Қалың ноғайлы бірте-бірте бытырап, бөлек-бөлек болып жан-жаққа «ұлы ұрымға, қызы қырымға» тарасып кеткенде, қазақ атанып кеткен ноғайлылар өзінің ноғайлы заманындағы, ноғайлының бытырай бастаған заманындағы батырлар әңгімелерін өздері қазақ болып кеткен соң да ұмытпаған. Кей жырларды ұмытса да, бірсыпыра батырлардың әнгіме-жырларының ұзын-ырғаларын ұмытпаған. Қазақ болған елден өзге жерлердегі ноғайлылардың көбі ол батырлар жырларының ұзын-ырғаларын да ұмытып қалып, тек қысқа ғана әңгімелерін сақтап қалған. Тіпті кейбір ел қысқа әңгімелерінің өзін де ұмытып қалған. Мысалы, «Едіге батырдың» әңгімесі түрік-монғол руларының көбінде бар, бірақ қазақ болған рулардың жыр қылып келген «Едіге батырдың» жырынан бәрінікі де қысқа, шолақ, тіпті кейбірінде жөнді жырлар да жоқ. Ноғайлы заманынан қалған әңгіме жырлардың бәрі де қазақтан өзге ноғайлылардың бәрінде де сондай. Мысалы, қазақ, болған ноғайлылардың тама руынан шыққан Нәрікұлы Шора батыр тарихта белгілі адам. Алтын Орда, Ноғайлы азып-тоза бастаған кезде, Қазан даласында болған таластарға қатысқан адам. Өзі сол Қазанда өлген. Шораның Ислам, Әлкей деген екі інісі 1552 жылы, Қазанды Мәскеу патшасы алғанда, Қазанды қорғап соғысқандардың ішінде өлген. Шора батырдың әңгімесі де Қазан татарларының және басқа татар елдерінің ел әдебиетінде бар. Бірақ бұл Шора туралы да қазақ болған елдің айтып жүрген әңгіме-жыры өзге елдердікінен көлемді, көп. Ертедегі ноғайлы заманындағы батырларды әңгіме қылған жырлардың қайсысын алсаң да қазақ болған елдің ауыз әдебиетіндегісі өзге түрік-монғол руларының бәрінікінен де екі есе немесе талай есе көлемді, талай есе толық болып сақталып келген. Қазақ болған елдің ауыз әдебиетінің молырақ болып сақталып келуінің себебі, әрине шаруашылық тұрмысынан, болмысынан болып келген. Ертедегі батырлар әңгіме-жырларын, қазақ атанған елдің ноғайлы болған дәуірінен немесе «ноғайлы» атын әлі тастамай жүрген дәуірінен қалған әдебиет нұсқалары дегенде, тарихи дәлелдерді былай қоя тұрғанның өзінде, сол ертеден қалған жырлы-әңгімелердің өздерінен дәлелдер келтіруге болады. Бірнеше жырлы-әңгімелерден оған мысал келтірейік.

Шора батырды алып қарайық:

Шора батырдың әңгіме-жырын алып қарасаңыз да Шораның «ноғайлы» батыры екенін көресіз. Шора батырдың әңгіме-жырын былай қойып, тарихтан қарасаңыз да Шораның ноғайлы батыры екенін көресіз. Ол туралы жоғарыңа айтқанбыз. Шора батыр туралы қазақ арасынан жазылып, баспада басылып шыққан екі түрлі әңгіме-жыр бар. Соның екеуінде де Шораны «Нәрік деген адамның баласы еді, Қазан қаласынан шыққан тама деген рудан еді» дейді. Ал «тама» қазіргі қазақ атанып отырған елдің белгілі бір руы. Онан соң бұл тама деген ру қазақ атанған рулардың бірсыпырасы қалың ноғайлыдан бөлініп Қазақ болғаннан кейін көптен соң келіп қазақ болған. Қазақ арасынан жазылып, баспада басылып тараған Шора батырдың екі түрлі әңгімесінің бірінде Шораның әкесі — Нәрік, Қазаннан тама руынан бөлініп Ақдала деген қаланың қырық мың үйлі «Айрақтыны», он мың үйлі «ноғайлыны» билеген. Қараханның қол астында көшіп келеді. Қарахан ноғайлыдан еді дейді, бірақ Айрақты елі көп болған соң Айрақтың Әліби деген биі ноғайлыға зорлық қылып, ноғайлы қараханы — Қараханға дегенін істетуші еді дейді. Хан Айрақты елін, оның биі Әлібиді шамасы келсе билегендей еді дейді. Айрақтының биі Әліби Қазаннан көшіп келген Шораның әкесі Нәрікке де зорлықты қылып баққан еді дейді. Шора ержетіп, ноғайлының балаларына зорлық қылатын айрақтың балаларын қырады. Сонан соң айрақтының үлкендерімен соғысып, беттерін қайтарып жеңеді. Айрақтылардың кегінен қорқып, Шораны әке-шешесі Қазандағы туған-туысқандарына жібереді. Қазанға батыр қайтып келіп, әкесіне зорлық қылған және ноғайлының еліне, ханына зорлық қылған айрақты елімен соғысып, қырғанын қырып, қалғанын жер аударып жіберіп ноғайлының ханы қараханды ақ киізге орап хан көтереді. Екінші жырлы әнгімесінде Шора батыр Қазанды кәпір алды деген соң Үргеніш төңірегіндегі Ақша ханның елінен Қазанға жалғыз аттанды. Жолындағы қалың ноғайлы деген елден Шора батырға жолдас болып Құлыншақ деген батыр ереді. Тағы да жолай, Ормамбет бидің он сегіз мың ноғайлы елінен бір аруы Мақтым деген сұлу батыр Шора батыр келеді дегенді естіп, жолын тосып, көрісіп тілдесіп қалды. Бұл арасын әңтімемен сөйлеп, жырын былай жырлаған:

...Шора аттанып келеді,
Бүкең қағып желеді,
Ақтан керат астында,
Құлыншақ батыр қасында.

Шора батыр сол күнде,
Тап он екі жасында.
Оқа бөркі басында
Ақ сұңқары қолында.

Ормамбет бидің айласы
Он сегіз мың ноғайлы
Арыстан Шора батырдың
Жүретұғын жолында...

Ормамбет бидің ноғайлысынан шыққан — «Шора батыр келеді» деген хабарды естіп, Шораның жолын тосып жолыққан ару Мақтым деген сұлу батырдың сөзінің бір жерінде былай жырлайды:

...Көкестің ұлы атанған
Шора батыр сенбісің?
Қазанды жаудан айырар,
Ел құтқарар ермісің?

Ноғайлының елінде
Ару Мақтым мен болам
Сен артық па, мен артық?
Жә болмаса теңбісің?

Қазыналы Қазанды
«Көпір алды» деген соң,
Қаһарланып, қатайып,
Шамырқанып, шаттанып,

Мұздай темір құрсанып,
Ыза қысып бусанып,
Кек алмақ болған серімісің?..

Шора батыр мен Құлыншақ батыр екеуі Қазан қаласына келіп, пішен базарындағы Қабыл мырза дегеннің үйіне түседі. Сонан соң Қазан елінен алым жинай келген орыс патшасының төрелерін өлтіріп, ұрыс қылып, патшаның әскерін жеңіп Қазанды құтқарады.

Ол арасын жырда былай деген:
...Кәпірдің үлкен патшасы
Құшақтап бұтын зытады
Ер Шораның аруағы

Айдаһар боп жұтады.
Шора батыр келген соң
Патша тақтан құлады.
Қазандағы ноғайдың.

Мұрады сонда болады...

Мұрат ақынның Шалгез деген жырында да Шора батыр ноғайлының батыры болады. Мұрат жырының мынандай әнгімесі бар: Ноғайлының он шалы — біреуі Шалгез жырау, қалмақтың көп жылқысын қуып қашады. Артынан көп қалмақ қуып жеткенде, Шалгез жырау тоғыз шалға жылқыны айдатып жіберіп, өзі қалмақты сөзбен тоқтатады. Сөзінде шалдардың әрқайсысын сол замандағы атағы шыққан ноғайлы батыры деп, қалмақты алдайды. Атақты батырлардың атын естіген соң қалмақтар қорқып, жылқыға таласпай қайтады... Шалгез жырау сол ноғайлының тоғыз батырының бірін — Нәрікұлы Шора деп білдіреді:

Жырында былай дейді:
...Еңді бірін кім десең,
Тумай аты жазылған,
Шаппай ізі қазылған,

Асылы нұрдан жараған,
Жауды көрсе жайнаған,
Жайтасындай қайнаған,
Мың қызылбас кез келсе

Айдарынан ұстан байлаған, —
Оның бір несін сұрайсың?
Ол кісінің ішінде
Керкерден жалғыз атанған

Нәрік ұлы Шора батыр...

Сөйтіп, Шора батыр да ноғайлының жауын жаулаған ноғайлының батыры болады. Шораның әңгіме-жырын Шораның атын Қазан хандығына таласқан тартыстарға байланыстыру тарихтағы болған іске айқын меңзейтін жайт.

Және Сайын батырдың әңгіме-жырын алып қарайық...

Бұл батырды да ноғайлының батыры екенін айқын айтады. Тура Сайын батырдың жырынан сөз келтірейік:

...Бұрынғы елдің барында,
Өткен елдің шаңында,
Сол елдердің тұсында,
Ноғайлы деген Халық өтті.

Ноғайлының үш кенті
Заманында жарлы өтті...
Ноғайлының халқында
Сондай бір момын бай болған,

Төрт түлігі сай болған,
Өз алдына паң болған,
Қара басы хан болған.
Байлығы жұртқа заң болған.

Байлығының белгісі —
Малы алашқа таң болған...
Дүниеқор сол байдың
Дүниеден жалғыз мұңы бар, ...

Бір перзентке зар болған...
...Бозмұнай бай жылайды.
Жат айтады құдайды:
«Ашамайға мінгізіп»,

Көш алдына жүргізіп,
Әжептәуір құбының
Алдына алып сүйгізігі,
Алашқа атын білгізіп

Ұл қызығын көрмедім...»

Сөйтіп — Бозмұнай балаға зар болып жылап жүргенде қатыны буаз болып, бір ұл табады. Жиналған жұрт — хан мен би жаңа туған жас баланың (болашақ Сайын батырдың) атын табалмай дағдарып отырғанда, жүз отызға келген бір кедей қарт атын табады. Жырында былай дейді:

...Сол уақытта бір адам
Жүз отызға келіпті,
Талай мақұл көріпті.
Ноғайлының жұртында

Онан үлкен кісі жоқ.
Өзі жарлы болған соң
Онымен жұрттың ісі жоқ.
Хан мен билер қасына

Шал байғұс келді таянып:
«Баланың атын сұрасаң, —
Беліндегі бес қару
Тал бойына жарасқан,

Ерлігі өткен алаштан,
Батыр Сайын болмас па?
Үстіне аруақ қонбас па?
Хан мен билер қамалып,

Соны тауып қоймас па...

Мінекей, жырдың басынан аяғына дейін Сайын батырды — ноғайлының батыры еді деп, «алаш» деген сөзді ноғайлының сөзі еді деп баяндайды.

«Ер Көкше ұлы Ер Қосай»

Ер Көкше ұлы Ер Қосайдың жырын алып қарасақ, ол да ноғайлы болады. Ер Қосайдың әкесі Ер Көкшенің руы уақ еді дейді. Ал уақ қазіргі қазақ атанып отырған елдің орта жүзіндегі белгілі ру. Әлгі Мұрат ақынның жыр қылған, қалмақтан жылқы алған ноғайлының он шалының ішіндегі — Шалгез жырау қалмақты алдап қорқытып, қасындағы тоғыз шалды ноғайлының сол заманындағы атақты тоғыз батыры қылып сипаттап, аттарын атаған тоғыз батырының бірі — Ер Көкшенің ұлы Ер Қосай. Мұраттың жырында былай деген:

...Енді бірін кім десең,
Жеті аршын жарым бойы бар,
Адамнан артық біткен сойы бар,
Артынан келген дұшпанға

Көрсететін тойы бар,
Жауырыны жазық, мойны ұзын,
Оқ тартқанда қолы ұзын,
Мандайының арасы, —

Екі қарыс, екі елі,
Дулығаға сыймас шекелі
Оның бір несін сұрайсың?
Ол кісінің ішінде

Тек бер деп жалғыз атанған
Көкшенің ұлы Қосай бар...

Ер Көкшенің өз жырында да Көкшені, Қосайды ноғайлы еді дейді. Жыры былай басталады:

...Уақ улы Қамбар екен.
Қамбар ұлы — Ер Көкше...
Ер Көкше тіпті жас екен, —
Жас та болса бас екен.

Он сан ноғай бүлгенде,
Ормамбет хан өлгенде
Көкше батыр жатыпты
Манан деген суына,

Балқан деген тауына.
Үлесуге мал таппай,
Атысарға жау таппай,
Со кісінің ішінен

Бөлініп шықты қырық кісі
Қарауыл кеткен төрт кісі
Шынды ауып кеткен бес кісі...

«Жабай батырдың» жырын алып қарасақ, олар да ноғайлы болады. Оның жыры да былай басталады:

...Он сан ноғай бүлгенде,
Ормамбет хан өлгенде,
Қырық жылдай атысқан,
Қызыл қанға батысқан...

...Ат мойнында жал қалмай
Қызыл бетте қан қалмай,
Бәденінде әл қалмай,
Қанды соғыс көп болған,

Талай қиын кеп болған...
Ноғайлыдан шыққан
Жабайлы Бес мың кісі қамайды...
Жабай алды найзаны,

Істеді талай айланы.
Суырды алмас қылышты.
Бес мың топты жауменен
Жабай жалғыз ұрысты

Астына мінген тай құлын
Түзеді сонда жүрісті....

Мінекей, кәзіргі қазақ атаулы елдің ескіден келген ауыз әдебиетіндегі ертедегі батырлар туралы айтылатын әңгіме-жырларының бәрі-ақ — қазақ атаулы ел бөлініп қазақ хандығын құрмай, ноғайлы атанып жүргендегі, ноғайлы болып жүргендегі заманның батырлары әңгімеленген жырлар. Міне, сондықтан бұл реттегі ел әдебиетің ноғайлы дәуірінен қалған жырлы-әңгімелер деуге тиіспіз. Міне, сөйтіп, ертедегі батырлар туралы айтылған әңгіме-жырларды жақсылап оқып тексерсеңіз, онан соң қазақ атанған елдің тарихын тексерсеңіз және қазақтың өзге ескі ауыз әдебиетін тексерсеңіз — әлгі кейбір тарихшылардың, кейбір әдебиетшілердің: қазақтың өздерінің батырлар туралы әңгіме-жырлары жоқ, өзіміздікі деп жүргендері ноғай халқыныкі дегені тек былшыл екенін көресіз... Қазақ атанған ел өзге ноғайдан тұтасымен бір-ақ күнде бөлініп, үзілді-кесілді болып, бөтен ел болып кеткен жоқ дедік. Осы күнгі қазақ атанып отырған елдің кейбір рулары ноғайлыдан бөлініп шөлде, ен далада, иесіз тауларда көшіп шығып бөлек хандық құрып жүргенде — талай рулар ноғайлы атымен, кейбір рулар өзбек атымен де талай жыл дәуір сүрген дедік. Ең әуелі өзге ноғайлы елінен бөлініп шығып, қазақ атанып бөлек хандық құрған осы күнгі қазақ атаулы елдің 4 — 5-ақ руы дегенбіз. Сол бөлек қазақ хандығын құрған, ен далаға көшіп шығып жөңкілген елге әркезде ноғайлыдан бөлініп қазіргі қазақ атанған рулардың әрқайсысы келіп қосыла берген дегенбіз. Өзге ноғайлылардан ең кейінірек бөлініп қазақ болғандардың көбі кіші жүз руларынан болған. Ұлы ноғайлының ұзақ заман дәуір сүрген жері Еділ-Жайық өлкелері. Кіші жүз руларының бірсыпырасы бірте-бірте ығысып ірге аударғанмен, сол ескі мекен — Еділ-Жайық бойларынан көп аулақ кетпеген. Ақтабан шұбырындының алдында ауа көшіп, одан кейін қайтып барған. Ноғайлы атымен отырып қалған елдің ең ақырғылары азып-тозып, бөлініп-бөлініп кеткенше, қазақ болған кіші жүз рулары сол қалған ноғайлылармен көршілес отырған. Тіпті ең ақырғы қалған азғана ноғайлылардан шығып келіп қазаққа қосылып, осы күнге шейін «ноғайлы» атын ұмытпаған елдер көбінесе сол кіші жүз руларының ішінде. Міне, сондықтан біздің қазақ болған елдің бұрынғы «ноғайлы» болған дәуірінен қалған ауыз тарих сарқыншағы ауыз тарих деректері алғашынан күңгірттенген болса да, көбінесе кіші жүзден көбірек табылыңқырайды. Ұлы жүздің, орта жүздің қариялары елдерінің бұрынғы басынан кешірілген дәуірлерін ұмытып, өткен дәуірлерінің оқиғаларын тек сағым тәрізді ертегі қылып, ұмытылған, баршаланған түс тәрізді әңгімелеп жүргенде кіші жүздің шежірешілері, ескі сөз жинаған қариялары елдерінің ноғайлы болған дәуіріндегі сарынын біразын күңгірттеу, алғашынан дау болса да ұмытпай келген.

Ескі ақыңдардың сөзінде ноғай, қазақтың айырымы бар ма? 1906 жылы 63 жасында өлген кіші жүз Мұрат ақынның толғау жырларында «ноғайлы» мен «қазақ» деген елдің бір ел екенін көресің. «Қазтуған» деген жырында Асан Қайғы тәрізді бұрынғы заманда бір Қазтуған деген кісі — «Еділ-Жайықтың бойын жау алады» деп, жау алмайтын қоныс іздеп ауарында жырлаған толғауында «ноғайлы-Қазақ елімді тастап кетіп бара жатырмын» деп жырлады. Міне жыры:

...Бұл қоныстан кетпесек,
Мұны талақ етпесек,
Қалмағай ед «кәпірге» —
Ноғайлы қазақ жұртымның

Кейінгі туған балалар-ау!..
...Қашағанның ұзын құрығы
Ақ орданың тіреу сырығы.
Айдаса қойдың көсемі

Сөйлесе тілдің шешені.
Арғымағын жаз жіберіп, күз мінген,
Жазаласа екі жылда бір мінген,
Жолдасын жолай іздеген

Өзіне тиген дұшпанын
Қарт бурадай тіздеген, —
Мен қарға бойлы Қазтуған
Қайғыланып асып барамын

Ноғайлы қазақ елімнен...

Асан Қайғының да ноғайлы екенін Мұрат ақын айтады. Ноғайлының Орақ-Мамай, Телағыс, Нәрік, Тарғын, Жаңбыршы, Мұса, Көкше атты тарихта, әдебиетте белгілі батырларын «ноғайлы-қазақ» атты өз елінің бұрынғы өткен батырлары қылып жырлайды. Мұраттың мынандай жырлары көп:

Мұса бидің баласы —
Орақ Мамай бар екен,
майтын ер екен.
Ел шетіне жау келсе, —

«Біз барарлы!» дер екен.
Боқсақтың бойы боз қамыс
Еділ-Жайық арасы
Екі судың, саласы, —

Қарасай сай, Қазы тең өсті —
Ер Орақтың баласы.
Атысуға жақсы екен
Сол сулардың даласы.

Бұрынғы өткен заманда
Белгілі екен ерлер де
Жаудың да келер шамасы,
Қоныстың бәрін жоғалтқан

Ноғайлы қазақ надан жұрт
Бірлігінің кемісі!..

Міне, сөйтіп, Мұрат ақынның жырларында — «ноғайлы», «қазақ» деген сөз бір-ақ елдің аты. Және ноғайлы батырлары мен билері қазіргі қазақ елінің бұрынғы өз адамдары. Бұл тарихи дұрыс сөз. Және кіші жүз Бөкейлік Қайырлы деген ақынның патша заманында жазған ««Хикаят» деген кітапшасында да ноғайлының Орақ Мамай атты батырларын қазақтың бұрынғы батырлары дейді.

...Әй ізгілер, жақсылар!
Естіген бар, көрген бар,
Ең болмаса өзі сұрап білген бар.
Естігенің болса айтыңыз:

Бұрынғының сөзінде
Ойлап тұрсам жалған бар.
Жалған демей не дейін, —
Өздері кетті кең жерге

Кейінгі қалған ұрпағын
Сыпталағып қалдырып,
Ісімізді жандырып...
Айналайын, халқым жұрт,

Бұрынғыдан қалған жұрт,
Қалғандығын айтайын,
Орақ-Мамай кеткен соң
Балығы бар суды алған.

Борасын тоқтар нуды алған,
Ел паналар жерді алған,
Еділді алған, елді алған
Теңізді алған — теңді алған.

Төбесіне тұз біткен
Шұқырлы биік кенді алған.
Теңізден шыққан сала су
Жайық деген — мұны алған.

Енді аржаққа қарасам,
Ата-ананың өскен жер,
Күндікті бір кескен жер,
Алыс сала кенді алған...

Қазақ атаулы елдің бақсылары да өздерінің аруақ елестетпек болған сарындарына Орақ батырдың суретін жыр қылады. Бақсылардың мынандай жырлары бар:

...Қаптаған қара бұлттай,
Қайнап біткен бұлақтай,
Сайдан шыққан құрақтай,
Жеңсіз берен киінген,

Лашын құстай түйілген,
Қас-қабағы бүрілген,
Жараған бүкір мықынды,
Қара бұлттай кекілді,

Айдаһардай айды Орақ,
Айбалтасы қанды Орақ,
Қайдан келдің жауды орап?
Жайланбай-ақ келіңіз

Мына ауруды көріңіз...» —
дейді.

Қазақтың ескі әдебиетінде Орақ-Мамай батырларды ноғайыныкі (өзінікі) қылып жырлайды. Қазіргі қазақ елі бұрын ноғайлы болып жүрген замандардағы немесе бірсыпыра рулары өзге ноғайлыдан бөлініп «қазақ» болса да бұрынғы ноғайлы болғанын ұмытпаған кездегі осы айтылған батырлардың, билердің аттары және басқа да ноғайлының белгілі адамдарының аттары Мұраттың «толғау-жырларының» бәрінде аталып отырады. Жоғарыда айтылған Мұраттың «Шалгез» деген жырында ноғайлының он шалының қалмақтан жылқы алып қашқанын жыр қылады. Он шалдың бірі — Шалгез жырау деген екен дейді. Бұлардың соңынан қалмақтар қуып жеткенде Шалгез жырау жылқыны тоғыз шалға қуғызып жіберіп, өзі қалмақты тосып тұрып, қалмақты сөзбен алдап тоқтатады, тоқтатқанда жылқы алып бара жатқан тоғыз шалды қалың ноғайлының атақты тоғыз батыры дейді. Тоғыз атақты батырдың атын атайды. Сөйтіп, ноғайлының он шалының бірі Шалгез жырау өздерін тағы да «қазақ» деп те қалмаққа дүрдиеді:

...Атаңа нәлет жуан хан!
Сен бізді алғанша талай бар!
Жылқыңа тиген он қазақ
Әр кісі деп мақтанба!.. —

дейді.

Міне, сөйтіп, Мұрат ақынның жырында және басқа да ақындардың жырларында «ноғайлы» мен «қазақ» деген сөз бір ғана елдің аты. Бүкіл қазақтың «өзінікі» қылып әңгімелейтін Асан Қайғыны Мұрат ақын ноғайлының биі екенін айтады да, тағы да қазақ елін сол Асан бидің елі қылады. Асан Қайғыны ылғи — «Асан би» деп айтады. «Сарыарқа» деген жырында Сарыарқада жөңкіліп әр кезде келіп кеткен елдерді айтып, Сарыарқадан ноғайлының батырлары жөңкілген ауа көшкен замандарын былай деп жырлайды:

..Бұрында адыра қалғыр құтсыз еді,
Ерегескен елдің бәрі жер тіреген.
Қонысқа таласасыз бұл заманда —
Біз түгіл Асан Қайғы тентіреген.

Әуелі осы жерден ноғай кетті
Баласы дін мұсылман нобай кетті.
Қазтуған — Асан Қайғы, Орақ — Мамай
Әрі өтіп тесік таудан солай кетті.

Артынан Телағыс пен Нәрік кетті,
Өзіне ерген жұртың алып кетті.
Жер қарап он екі жыл желмаямен
Асан би жердің үстін танып кетті.

Артынан қазақ жұрты кетем деген,
Соңынан Асан бидің жетем деген,
Айтса да кетемін деп, кете алмаған,
Соңынан Асан бидің жете алмаған...

Айыр өркеш сары інген,
Кілем жауып үстіне
Қыл Арқанмен тартқан жер.
Атамыз өткен Асан би,

Мұны да құтсыз деп айтқан жер...
Ақ төбемен қорғанса,
Асан Қайғы бабаның,
Қызыл тастан үй салдырып,

Он жыл тұтас отырып
Әңгіме құрып кеткен жер...

Мұраттың «Қарасай Қазы» деген жырында өлейін деп жатып Орақтың досына қайырған жауабында мынандай жыр бар:

...Қойдай шулап қоныстан
Көтерілер менен соң.
Еділдің бойы ен ноғай,
Ендей кешкен көп ноғай,

Қарасынан жүргізбей
Қалмақ алар менен соң...

Орақтың Қараша деген баласы жылаған шешесіне айтқан жырында мынандай жері бар:

...Мен қабан құлақ қара атты
Қатырып тұрып мінермін.
Мен көрмеген алаш жоқ
Бәріне де тиермін...

Онан соң, қазақ арасында елдің ауыз әдебиетін көп жинаған белгілі мұғалім — Сабыржан Шәкіржан (Құрымса ұлы) жолдастың Алматы төңірегінен ұлы жүз бен орта жүз руларынан ертерек кезде бір Құдабай деген соқыр ақынның аузынан жазып алған өлеңінде — Асан Қайғыны ноғай еді дейді. Өлеңі міне:

...Асанның асыл түбі ноғай деймін,
Үлкендердің айтуы солай деймін.
Бұл сөзге анық танық емес едім,
Естігенім, тақсыр-ау, былай деймін:

Тегінде ноғай-Қазақ түбіміз бір,
Алтай, Ертіс, Оралды қылған дүбір.
Ормамбет хан ордадан шыққан күнде
Асан ата қайғырып айтыпты жыр:

Мұнан соң қилы-қилы заман болар,
Заман азып, заң тозып жаман болар.
Қарағайдың басына шортан шығып,
Балалардың дәурені тәмәм болар.

Ол күнде қарындастан қайыр кетер,
Қанынан құс, қарағайдан шайыр кетер.
Ұлың-қызың кәпірге «бодан болып...»
Қайран ел, есіл жұртым сонда нетер...»

Және, сол Сабыржан жинаған ел әдебиетінде Мынаш Қарпықұлы деген қазақ ақыннан жазып алған бір өлеңінде мынадай сөздер бар:

...Алаштан қазақ тараған,
Ноғайлыға қараған.
Жауда алдырмай ноғайлар,
Бір ісіне жараған.

Ноғайдан қазақ бөлініп,
Үш жүз болып тараған...
Исатай — Махамбет

«Исатай—Махамбет» кітабының бас жағында Халел Досмұхамбетұлының Шайырдан көшіріліп жазылған Жанұзақ жыраудың Жәңгір ханға айтқан жырында, Жанұзақ елін «біздің ноғай» деп атайды. Жыры мынадай:

...Құла бие, торғай — екі көл,
Ежелгі әкең Бөкей барында,
Толықсып жайлар еді біздің ел...
Еділ-Жайық екі су,

Еңсесіне ел қонып,
Ендеп жылқы жайылды.
Ақтөбе деген суына,
Кешегі әкең Бөкей барында,

Бұрыннан біздің ноғай
Өтіп еді көшімен
Осылайғы қара өзеннің аузынан
Төрт көл, төрт шетінен...

Міне, тарих дәлелдерін былай қоя тұрғанда, қазақ атанған елдің ескіліктен келе жатқан ауыз әдебиетінен келтірген осы жоғарғы сөздердің өзі де қазақ болған елдің бұрынғы заманда «ноғайлы», ноғай болғанын дәлелдесе керек. «Ноғай» атымен қалған азғана көтентүп елдің тілі мен қазақ аталған елдің тілі және ескі ел әдебиеті Қалың ноғайлы бытырап бөлініп-бөлініп кетіп, біраз заманнан соң «ноғайлы» атын да ұмытып, екінші ел болып кеткенде, «ноғайлы» атын қалдырмай келген бір азғана ел бар.

Олар Каспий теңізі мен Қырым далаларында.

Қазіргі қазақ, қырғыз, татар, башқұрт, өзбек, түрікмен және солар тәрізді басқа түрік руларының бәрінің тілдері қазақ тіліне жақын. Бірақ солай болғанмен олардың ішінде осы күнгі қазақ атанған елдің көп руларымен ұзақ уақыт бірге «ноғайлы» атанып дәуір сүрген елдердің тілдері қазақ атанған елдің тіліне өте-мөте жақын. Қазандағы, Еділ, Самар өлкелеріндегі қазіргі татар, башқұрт елдерінің тілдері, ескі ел әдебиеттері қазіргі қазақ атаулы елдің тіліне, ескі ел әдебиетіне жақын екені белгілі.

Еділ, Самар өлкелерінің бойында қалың ноғайлы көп уақыт дәуір сүрген. Башқұрт, татар елдері ноғайлымен араласқан елдер. Өздері де бір кезде ноғайлы атанған. Татар-башқұрт елдерінің ескі әдебиетінде де, онсоң қазіргі қазақ атаулы елдің ескі әдебиетінде де бірдей кездесетін сөздер бар. Мысалы, батырлар жырларын былай қойғанда, мынадай ескі сөздер бар: «Ат аунаған жерде түк қалады», «Айғыр қойсаң — үндіден қой, Қошқар қойсан — жүндіден қой», «Ат айналып қазығын табар», «Атың барда бір шап, отың барда бір жақ», «Бір жылға қоян терісі де шыдайды», «Қарға қарғаның көзін шұқымайды», «Соқырдың бар тілегі екі көзі», «Ат жақсысы — бозы, ит жақсысы — тазы», «Көз қорқақ, көңіл батыр». Міне, осындай ескі сөздер толып жатыр. Бұл сөздердің бәрі де қазақ атаулы елдің ауыз әдебиетінде аумай айтылады. Ал әсіресе осы күнгеше «ноғай» «ноғайлы» атымен өмір сүріп келген елдің тілі қазіргі қазақ тіліне өзге түрік елдерінің тілдерінен өте-мөте жақын. Көп заман ноғайлы болған немесе осы күнге шейін «ноғайлы» атымен келген елдің ескіліктен қалған ауыз әдебиетінің нұсқаларын оқып қарасаңыз, қазіргі қазақ атаулы елдің ескіліктен қалған ауыз әдебиет сөздеріне өте жақын үйлеседі. Және бергі замандағы ноғайлы-қазақтың батырлары, билері, хандары туралы әңгіме-жырлар қазіргі ноғай мен Қазақтың ел әдебиетінде бірдей кез келеді. Тіпті кейбір жырлары екі елде бірдей айырмасыз айнымай айтылады. Оның мысалын төменде келтіреміз. Қазіргі заманғыша ноғай атымен келген елдің тіл ретінің қазіргі қазақ атаулы елге қандай жақын екеніне мысал үшін Қырымдағы ноғай елінен Радлов жинаған ескі ауыз әдебиетінен Радловтағы сөзден бұзбай мына төмендегі сөзді келтірейік.

Сарын
...Терезеден ай көрдім,
Теңбіл шұбар тай көрдім.
Түнеукүнгі үлкен тойдың ішінде,

Тендерінен айрылып
Жылап жүрген жар көрдім...
Есерғана жаным жел ессе,
Қиылар қамыстың бастары.

Басқа қиын іс түссе, —
Төгілер көздің жастары...
...Бәйтеректің жайқалмасы желден дір,
Жапырағы ол береннің белден дір.

Ақ киіктің жүгірмесі майдан дір,
Ойнайық, достар, күлейік,
Ажалымыз Aллa білер қайдан дір!..

Міне, туғалы өз ауылынан басқа ешқайда шықпаған қазаққа оқытсаң да осы жырлардың ішінде түсінбеген бір сөзі болмас еді. Ноғай сөзінің қазіргі қазаққа түсініктілігі былай тұрсын, қазақ атанған елдің ауыз әдебиетіндегі белгілі жырлар, белгілі тақпақтар ноғайдың ескі ауыз әдебиетінде Қазақтікінен айырғысыз айнымай айтылған түрінде кез келеді. Мысалы, Радлов жинаған Қырым ноғайларының мына бір жырларын келтірейік:

...Жаман атқа жал бітсе, —
Жанына торсық арттырмас.
Жаман кісіге мал бітсе, —
Жанына қоңсы қондырмас...

...Қарттар айтар екен:
Тұмаңды күні түлкі озар,
Боранды күні бөрі озар,
Жайда шапса ат озар,

Бес бөзенген тойда озар,
Белгілі ару күнде озар,
Жаман бике той бұзар,
Жаман арба жол бұзар...

Сарын (ана)
Тартпалы бесік таянған,
Таң маңында оянған,
Түн ұйқысын төрт бөлген,

Түнде тұрып ас берген,
Айыр емшектен сүт берген,
Құштай алып аялап,
Аялы қолда талпынтқан...

Әділ сұлтан өлгенде анасының жылауында мынадай жыр бар:
...Етке біткен жез тырнақ,
Айдай бетке салайын.
Болат қайшы колға алып,

Қара шашым шорт кесіп,
Қанымды судай ішейін...

Міне, бұл жырлар Қазақ атаулы елдің ауыз әдебиетінде белгілі жырлар. Бұл жырлардың қазіргі қазақтың да және қазіргі ноғайлылардың да ескі ел әдебиеттерінде бірдей барлығы қазіргі қазақ елінің ноғайлы болып дәуір сүргеи замандарында шыққан жырлар екендігін көрсетеді. Қырым ноғайларының ел әдебиетіндегі осы Әділ сұлтан туралы жырлы әңгіменің қазақтың ел әдебиетінен жиналып баспаға басылып шыққанының екі түрлісін көрдім. Бірі кіші жүз Бөкейлік ақын Шәңгерей Бөкейұлы төренің «Шайыр» деген кітабында басылған. Екіншісі Әбдіқадырұлы дегеннің жинап 1909 жылы бастырған «Шопан ата» деген кітапшасында. Екеуінің жырларының біраз жері бірдей шықпапты. Радлов жинап бастырған ноғай елінің ескі ел әдебиетіндегі әңгімелердің, жырлардың бәрі де қазіргі қазақ атаулы елдің ескі ауыз әдебиетінде бар деуге болады. Радлов жинап бастырған ноғай елінің ескі ел әдебиетіндегі әңгіме жырлардың, «қазақшалары» ноғай еліндегілерден толығырақ айтылады. Онан соң қазіргі екі елдікінде де «пәленнің айтқан жыры» деген жырлардың кім айтқан екендігінде жаңылыс алынғандықтар көп. Мысалы, қазіргі ноғай атымен отырған елдің ескі әдебиетінде Тарғын батыр жаудан жаралы болып өлерінде айтты деген мына бір жырды қазақ әдебиетінде Аймәдет ер айтқан екен деп баяндайды. Тарғын айтты деген ноғайдыкі міне:

...Қонған жерім масаты,
Масатың оты тәтті су, асты.
Жарадар неше екенін санашы.
Жара қатты, жан тәтті,

Жара аузына қан қатты.
Жарақшылар мұнда жоқ
Жарлап сүйек алмаға
Жарып мілте салмаға...»

Аймәдет ер айтты деген қазақшада:
...Жара қатты, жан тәтті,
Жара аузына қан қатты.
Жарақшылар жоқ па екен

Жармай білте саларға...
деп жырлап кетеді.

Онан соң Радлов жинаған қырым ноғайлы ларының ескі ауыз әдебиетінің ішінде қазіргі қазақ елінен басқа түрік елдерінің ауыз әдебиетінде көп кез келмейтін сөздер бар. Мысалы: «Жас «соқта», «Сарын», «Адыра қалғыр», «Кіреуке» деген сөздер қазіргі ноғайлар мен қазіргі қазақ елдерінен басқа түрік елдерінің әдебиетінде кездесетін сөздер. Осы сөздер келетін қырымдағы ноғай елінің жырларын келтірейін:

«Әділ сұлтан» жырынан:
...Жаздың ұзақ күні еді...
Әбілқасым жас соқта,
Ақ қағатыны алғанда,

Қолына алып бақты енді,
Баяу оқып шығарды,
Шығарды да не дейді...
Әділдің анасының жылауынан:

Жаратқан қадыр бір тәңірім,
Менің көзім Әділді
Әзіздер жатқан Қырымға
Бір көтеріп салғай ма?

Адыра қалғыр сарайдың
Салтанатын халықтан артық салдырдым
Шықпасын таудан бұрып алдырдым...
Орақ-Мамай жырынан:

...Аттан, Аттан! дегенсіз, —
Аттанып жолға шықтық біз.
Аттанып жолға шыққан соң,
Ауыр әскерге жолықтық.

Жолықтық іce толықтық,
Етегі алтын, өңі алтын
Ақ кіреуке тоңдарға,
Нәлет болсын дегейсіз

Бүйтіп тапқан малдарға!..

Онан соң Қазақ болған елдің де, ноғайдың да ел әдебиетінде күй-жырды сарын дейді. Міне, осы «Жас соқта», «Адыра қалғыр», «Кіреуке», «Сарын» деген сөздер қазіргі қазақ пен ноғай елдерінің ауыз әдебиетінде көп айтылатын сөздер екені айқын болып отыр. Ал бізде түрік елдерінің әдебиетінде бұл сөздердің айтылғанын мен көре алмадым. Жаңағы келтірген ноғай елінің жыр қылған «Әділ сұлтан» жырындағы хат оқыған «Жас соқтаны» қазақтың ел әдебиетінен жинап баспаға басып шығарған әлгі түрлі жырда Әбілқасым демейді, Әбілқайыр деп атайды. Сол жас соқтаның хат оқыған жерін «Шопан ата» кітахппасында былай жырлайды:

...Осылайғы Хиуа-Бұқар елінен,
Алыстан нендей жан келген.
Бөрте атты бүкпесі,
Алма талап құшақты,

Алтын сапты пышақты,
Әбілқайыр жас соқта, —
Бері әперші, әпендім,
Біз оқиық, дей тұрды, —

Ежіктеді, қоймады,
Оқыған жерін шығарды...
Ал «Қайыр» кітапшасында, сол арасын былай жырлайды:
...Осылайғы Хиуа-Бұқар елінен,

Бүкжек келген бөрте атты,
Бүкпесі алтын ерлі,
Алма талды құшақты,
Шынында алтын сапты пышақты,

Ыстамбұлда оқыған,
Оқығаны бітпегір,
Әбілқайыр деген жас соқта,
Алып берші, әпендім,

Біз оқиық дей тұрды,
Оқыды да шығарды...

«Едіге батыр» (яки Едіге би»), «Қозы Көрпеш — Баян», «Жиренше шешен», «Қобыланды» тәрізді жырлар түрік елдерінің бірсыпырасының ескі ауыз әдебиетінде бар әңгімелер. Ал ноғайлының өзге көп батырлары, билері, әсіресе бертінгі билері мен батырлары, мысалы, Орақ, Мамай, Қарасай, Қазы тәрізділерді, Әділ сұлтанды жыр қылған тәрізді әңгімелерден жырлар тек бүгінде ноғай атымен қалған ноғайлылар мен қазірде қазақ аталған елдің ескі ауыз әдебиетінде ғана бар. Қазақтың белгілі ақыны — Мұрат ақынның жырларында және басқа ақындардың да жырларына ноғайлы батырлары, билері — Орақ, Мамай, Қарасай, Қазы, тағы басқаларының аттары — «бұрынғы өткен батырларымыз еді» делініп өлеңде қосылып отырады. Сол батырлар, билердің мекен қылған жерлерін көрсетіп жырлайды. Мұрат ақынның «Әттең бір қапы дүние-ай» деген жырында:

...Жан арыстан үш қимыс,
Алшағыр ханның қонысы еді.
Боқшақтың бойы боз қамыс,
Жаңбыршының ұлы — Телағыс,

Телағыс байдың қонысы еді.
Арғы Еділден оқ атқан,
Бергі Еділге жоғалтқан,
Мынау Еділ деген суықыз, —

Еділ байдың қонысы еді.
Қабыршақты қара су,
Ол Қазтуғанның қонысы еді.
Алты атаның ар жағы,

Тал өркеннің бер жағы,
Мынау Самар суыңыз, —
Ол Едіге бидің қонысы еді.
Бес ескі Еділ бетінде,

Болгар таудың шетіңде,
Бадашы деген кең тоғай, —
Ер Сидақтың қонысы еді.
Адырмақты ала тay,

Ер Орақтың қонысы еді.
Мұса бидің баласы,
Орақта Мамай бар екен.
Айнымайтын ер екен,

Ел шетіне жау келсе, —
«Біз баралық» дер екен.
Боқсақтың бойы боз қамыс,
Еділ-Жайық арасы,

Екі судың саласы, —
Қарасай, Қазы тең өскен,
Ер Орақтың баласы...

деген сөздері бар. Радлов жинаған Қырым ноғайларының ескі ел әдебиетінде Орақ—Мамайды көп жыр қылған көрінеді. Орақ— Мамай туралы «Үлгір сөз» деген бір жырында мынадай бір сөздер бар:

Үлгір сөз:
...Ay, жігіттер! Мен өсиет айтамын,
Ұл-ұлыңа, қыз-қызына қала жақ,
Орақ—Мамай өлген деп,

Ағылған қойдай ағылып,
Аққан судай шуылдап жүрмеңіз.
Бір анадан бесеу-алтау бармыз деп
Жалғыздың жағасынан алмаңыз!..

Тағы Радлов жинаған Қырым ноғайларының ескі ел әдебиетінде «Әмет» деген әңгімелі-жырда Алшын руынан шыққан Алу батыр деген мен Жәнібек ханды және Жәнібек ханның Айсұл деген биінің баласы Әмет дегенді әңгімелеген жыр бар. Сол жырда Жәнібек хан Мұталы деген байдың Темір деген баласына қызын бермек болғанда, қызды бұрынғы уәде бойынша «Әметке бермедің» деп, ханды, кекетіп Алшын Алау батыр айтты деген жыры мынау:

...Ұсарма, достар, ұсарма!
Егер дәулет бар болса,
Екі дәулет бір келсе,
Арғымақты күміспен матылап,

Шиейібәктен тұсарма!
Айсұл ұлы Әмет сауында,
Хан Жәнібек падишам,
Мұқалы ұлы Темірге,

Бұқасын баққан құлына
Қызын бермек ұсарма!..

Бұл «Әмет» деген әңгіме-жыр да қазақ атаулы елдің ескіден қалған ел әдебиетінде бар. Мұны жинап Шәңгерей ақын белгілі «Шайыр» деген кітабына бастырған. Бірақ қазақтың ескі ел әдебиетіндегі «Әмет» жырында жаңағы «ұсарма, достар, ұсарма», — деп басталған жырды айтқан Асан Қайғы еді дейді. Ал қазіргі ноғай енінің ел әдебиетіндегі «Әмет» жырында Асан Қайғының аты жоқ. Онан соң қазақтікінде «Алшын» Алау батырдың аты жоқ. Қазақтың ел әдебиетіндегі «Әмет» жырында «Асан Қайғы» айтты деген жаңағы жыр былай айтылады:

...Ұсарма, билер, ұсарма!
Арғымақтың аяғын,
Алтынменен тағалап,
Күміспенен шегелеп,

Шие жібек тұрғанда
Арқанменен тұсарма!
Хан өтірік айтар ма?
Хан жарлығы қайтар ма?

Әз Жәнібек дейін хан ием,
Әуелгі сөзін ұмытып,
Айсылдың ару Әметі тұрғаңда,
Мұқалы байдың ұлына,

Бұқасын баққан құлына,
Тас Темірдей жаманға
Қарындасын берерге ұсарма?..

Онан соң, Радлов жинаған Қырым ноғайларының ескі ауыз әдебиетінде қазіргі Қазақ атанып отырған елдің қара өлеңінің ырғақ мөлшерімен айтылған өлең де кез келген. Мысалы, мынадай өлең бар:

...Сен бір жарық жұлдызсың баққа туған
Көзін жұмған таш бұтар белін буған...

Міне, бұл қазақ болған елдің қара өлеңінің ырғақ-мөлшерімен айтылған өлең. Түрік елдерінің өзгелерінде қазақтың қара өлеңінің буын мөлшеріне үйлесетін мөлшермен айтылған өлеңдер бар болса да, қара өлеңнің ырғағымен, әнімен айтылған өлең жоқ. Ондай өлең тек қазіргі ноғай елінің ескі ел әдебиетінде ғана кез болып отыр. Енді бір айта кететін сөз: қазіргі қазақ атаулы ел мен ноғай атындағы елдің өлең-жырды бастағанда «арайна» деп, «арияй» деп бастаулары. «Көксілдер» кітабында өлең-жырдың басында келетін «арайна» деген сөз туралы мынадай әңгіме бар: Мұса ұлы Мамайдың Арайна атты жолдасы жауда жараланып, өлерінде: «Кейінгі жырлардың бәрі «арайна» деп басталса екен» деп өсиет қылған екен дейді. Сонан бері жырды «Арайна» деп бастау мирас болған екен дейді. Мұса би атақты Едіге батырдың шөбересі — ноғайлының биі. Қазақ атаулы елдің кіші жүз руларының ел ақындарында жырды «арайна» деп бастайтын әдет бар екені рас. Мұрат ақынның Қазтуғанды әңгімелеген жырында жұртқа Қазтуған айтты деген жырды былай бастайды.

...Арайна, билер, арайна
Арайна десем болмай ма?
Арайнасыз әрқайда
Ердің ісі оңқайма?

Арайна болған Қазтуған
Қайғыланып сонда толмай ма?

Онан соң Исатай—Махамбеттің әңгімесінде Махамбет жолдастарына айтты деген жыры былай басталады:

...Арайна, билер, арайна!
Арғымағым жарай ма?
Астыма мінген арғымақ,
Күшіген жүнді шал жебе,

Кәпірге қарай борай ма?
Ел шегіне жау келсе,
Азамат елдің баласы,
Намысына шыдамай,

Жаттан көмек сұрай ма?
Арғымақ әлсіз, ер малсыз
Алланың не берері болжаусыз,
Жолдастарым, мұңайма...

Онан соң қазақтың орта жүз рулары мен ұлы жүз руларында өлең-жыр айтқанда өлеңді «Аридай» деп бастайтын әдет бар:

Мысалы:
...Айт дегенде айтайын ариай-дай
Ақ серкенің мүйізі қарағайдай.
Бір Аллаға шет болсаң, — бол өзің шет

Әлі де болса көңілім баяғыдай...
...Айт дегенде айтамын, аридайым,
Ауылың сенің белде еді, бойдай талым... —

деп өлең бастауды білмейтін бала болмайды. Бұлай елең бастау — өлең айтатын адамда домбыраның «құлақ күйі» тәрізді. Бұрыннан әдебиет ісіне қатысып келген Омар Жәнібекұлы деген мұғалім қазақ арасынан жинап, белгілі кітабы Ниязмұхамбет Сүлейменұлы арқылы 1908 жылы Қазанда бастырып шығарған — «Қазақ тілінде жұмбақтар, мақалалар» деген кітапшаның — «Бұрынғының сөздері» деген бөлімінде мынадай бір сөз бар:

...Ел шетіне жау келсе,
Ариайдай айбынды,
Арыстанның бары жақсы...

Мұндағы ескі емлемен жазылған — «ариайдай» деген сөзі «ари-айдай» деген сөз болуы керек. Бұл айқын айтылған сөздің мәнісіне Қарағанда — ел шетіне жау келсе, Ариай дай (Ариай тәрізді) айбынды батырдың «болғаны жақсы» дейді. Бұл сөз бұрынғы заманда Ариай атты бір батырдың болғанын көрсетеді. Ал орта жүз бен ұлы жүз Қазақтарының өлең айтқанда, жыр айтқанда: «Айт дегенде айтайын ариай-дай—..» деп бастап айтатын «Ариайдайы» осы Омардың ел аузынан жазып алған, «ел шетіне жау келсе — даяр тұратын» «арыстандай айбынды Ариай» батыр-ау деймін. Олай болғанда, «Көксілдер» кітабындағы айтқан Мұса бидің ұлы Мамай батырдың жолдасы — Арайна батыр мен Омардың ел аузынан жазып алған «Ариай» батыры бір-ақ адам ғой деп ойламаймын. Орта жүз бен ұлы жүз қазақтары сөзді тек бұзып алып, «Ариай» деп кеткен ғой деймін. Ал ұлы ноғайлыдан орта жүз бен ұлы жүз руларынан гөрі бірсыпыра уақыт кейін бөлініп қазақ болған және қазақ болып кеткен соң да ұлы ноғайлының көтентүп елімен бірсыпыра уақыт көршілес болып отырған кіші жүз рулары «Арайна» деген қалпында ұмытпай келген ғой деймін. Осы күнге дейін «ноғай», «ноғайлы» атымен келген Қырымдағы ноғай елінің ескіліктен қалған ауыз әдебиетінде де жырды бастағанда — «Арайна» деп бастайтын «мұрасы» бар екен. Радлов жинап бастырған Қырым ноғайлы елінің ескі ел әдебиетінде Орақ-Мамай жырында туысынан жаралы болып өлерінде айтты деген Орақ жыры «Арайна» деген сөзбен басталады. Жырының бір бөлегі мынадай:

...Арайна болған Орақ ер
Мамай мырзаға айтқаны:
Киелі менен екіміз,
Қармаласа кірерде,

Сермелесе шығарда,
Қаңлы өшлі біз түгіл,
Балдағы жуан ай болат
Жаманды басқа саларға,

Басын екі бөлерге,
Қармаласам, — қолда жоқ,
Сермелесем, — қында жоқ,
Аттан, аттан, дегенсіз,

Аттанып жолға шыққанбыз,
Аттанып жолға шыққан соң
Ауыр әскерге жолықтық.
Жолықтық, есе толықтық.

Етегі алтын, жиегі алтын,
Ақ кіреуке тондарға.
Нәлет болсын дегенсіз.
Бүйтіп тапқан маларға.

Айры теңде жата алмай,
Манашыға ете алмай
Қабырға басы, бауыр ет,
Қан толарға ұсайды.

Мойны аласа қарғалар,
Шақылдасып басыма
Ұя теберге ұсайды...

Қырым ноғайлының ескі ел әдебиет нұсқаларын жинап бастырған кітабында Радлов ноғай тілі өзге түрік елдерінің тілдерінен гөрі қазақ тіліне жақын дейді. Әрине, онысы дұрыс. Бірақ ноғай атымен қалған ел мен қазақ атанған елдің тілдері өзге түрік елдерінің тілдерінен гөрі бір-біріне өте-мөте жақын екендігінің себебін Радлов анық біліңкіремейді. Өйткені қазақ атанған елдің бірсыпыра заман ноғайлы атанып дәуір сүріп келіп Қазақ болып кеткенін білмейді. Қазақ атанған ел мен ноғай атымен қалған елдің өзі — бұрын бір-ақ ел болғандығын білмейді. Ноғай атымен қалған ел мен қазақ атанған елдің рулары бір екенін білмейді. Сондықтан Радлов және сол Радловтың сөзіне сүйенген кейбір тарихшы-әдебиетшілер «Қазақ елінің ескіліктен қалған әңгіме-жырлары жоқ, «өзіміздікі» деп айтып жүрген ескі батырлар туралы әңгіме-жырларының бәрі де ноғайдыкі деседі. Енді Радловтың бұл жете тексермей айтқан сөзіне сүйеніп, «қазақтың, ескіліктен қалған әңгімелері жоқ», — деп оттаушылардың сөздерінің білмегендік екенін жоғарғы келтірген дәлелдерді оқыған адам айқын керуге тиіс. Радлов жинап бастырған (VІІ кітап) Қырымдағы ноғай елінің ескі ел әдебиет нұсқалықтарының әңгіме-жырларын мына төменде тізіп келтірдік. Ал Қазақ атаулы елдің ескі ел әдебиетінде сол әңгіме-жырлардың бәрі де бар деуге болады. Бар болғанда сол әңгіме-жырлардың қазақтағысы әрі толық әрі әдемілеу айтылады. Сөз айқынды болуы үшін сол Қырымдағы ноғай елінен Радловтың жинап басқан әңгіме-жырларының бәрін де тізімдеп келтіріп, олардың қазақ елінде бар-жоғын айтайын. 1) Орақ—Мамай — қазақ ел әдебиетінде жырланады. 2) Досмамбет — қазақ ел әдебиетінде көлемді жырмен айтылатын екі түрлісі бар (Шәңгерейдің «Шайырында, Мақас Махметұлының «Жақсы үгітінде» . 3) Едіге — қазақ ел әдебиетінде көлемді бөлек кітапша болып шыққан, жырмен айтылатын екі түрлісі бар. 4) Ер Тарғын — қазақ ел әдебиетінде көлемді жырмен айтылатын бөлек кітапша болып шыққаны бар. 5) Жиренше шешен — қазақ ел әдебиетінде көлемді бөлек кітапша болып шыққаны бар. 6) Қарабас — Абдраман әңгімесі қазақта бар. 7) Әмет — қазақ ел әдебиетінде жырмен айтылатынның бірі — Шәңгерейдің «Шайырында» басылған. Мұның да жыры Қырым ноғайынікінен әдемілеу. Қырым ноғайының әңгімелейтін Алшын Алау батырдың орнында қазақтыкінде Асан Қайғы бар. 8) Әділ сұлтан — қазақ ел әдебиетінде басылып шыққан әдемі жырлы екі түрлісі бар. Бірі — Шәңгерейдін «Шайырында», екіншісі Әбді Қадырұлы бастырған «Шопан ата» деген кітапшада. 9) Шалкиіз — қазақ ел әдебиетінде екі түрлісі бар. Мақас Махметұлының жинап бастырған «Жақсы үгіт» деген кітапшада жырмен айтылғаны бар. Шалгез жыраудың басқа түрлі бір әңгімесі Мұрат ақында да бар. Міне, Қырымдағы ноғай елінен жинап Радловтың бастырып шығарған кітабындағы көлем ретінде көзге көрінерлігі осы тізілген 9 әңгіме-жыр. Бұлардың бәрі де қазіргі қазақ атаулы елдің ескі ел әдебиетінде бар болып отыр. Бар болғанда қазақтағыларының жырлары жинақтырақ, көлемдірек, көбірек екенін көріп отырмыз... Міне, ақыры айтып келгенде, ертедегі батырлар жырларының бәрі қазақ атаулы елдің ноғайлы дәуірінің әңгімесінен шыққан жырлар екені айқын дәлелденеді.

1931 жыл

МЕН ҚАЛАЙ ЖАЗДЫМ

Орысша Успенский рудник зауытын жергілікті қазақтар «Нілді зауыты» дейді.
Алғаш өлең жазуды мен бала күнімде осы Нілді зауытында бастадым.

Нілді зауыты біздің ауылдан 50-60 шақырымдай жерде. Мен, жас бала күнімде, от басында отырғанымда, әкей «орысша үйреніп, хат біліп, мал табуды» арман қылып сөйлеп жүрді. Бір күні, қыстың бас кезінде, көршілес ауылдан біздің ауылға Төлепберген ұстаның баласы Әкілдік деген жігіт келді. Әкілдік жалшылықта жүретін еді. Әкілдіктің мінгені түйе. Нілді зауытына барады екен. Әкей маған: «Әкілдікпен бірге Нілдіге бар. Орысша тіл үйрен, орысша оқу үйрен!» деді.

Мен: «Жарайды!» дедім.

Әкілдікпен сөйлесіп, мені Әкілдіктің түйесінің артына мінгестіріп жіберді. Араға бір қонып, Нілді зауытына келдік. Әкілдік Лаврентий деген орыстікімен сөйлесіп, мені сонда орналастырды. Лаврентийдің кемпірі бар, асырап алған бір кішкентай ерке қызы бар. Сауатын сиыры бар. Маған орысша жазуды, тілді сол Лаврентийдің кемпірі оқытатын болды. Мені сиырын күтуге, пешке жағатын тас көмірді үйге кіргізуге, су қотарып алуға, андай-мұндайға жұмсайтын болды. Жататын орным Тұңғышбай деген почта таситын бір қазақтікі болды. Бір қыс солай жүріп кемпірден «оқыдым». Қыстың аяқ кезінде жұмыскерлердің забастовкасын көрдім. Орысша жазу сабағын кемпірден оқысам да, менің екінші түрлі оқуым Нілді зауытының машина жанындағы ұсталар дүкенінде болды. Машина жанындағы ұсталар дүкенінің бір қатарында ұшпур таптайтын ұсталар дүкені бар. Ол дүкендерде: Ыбырай, Асан, Үсен, Арын деген төрт қазақ ұстасы ұзақты күнге гүрсілдетіп жарқыратып, ұшпур таптайды. Сол төрт ұстаның төртеуінің де қасыңда бір-бір бада көрік басады, бір-бір бала жігіт балға соғады. Ыбырай ұста — ақын, өлеңші және хат та біледі. Ыбырайдың Нұрғали деген баласы бар. (Қазір Нұрғали Нілді зауытында мастер). Әуелі Нұрталимен бірге ұсталардың дүкеніне келіп жүрдік. Көрік басып шаршаған балалардың көріктерін басып жүрдік. Ыбырай ұста қара мұртты, ашаң, қара сүр кісі. Гуілдеген көріктің демімен өрт болып қайнаған тас көмір қорытында қып-қызыл шоқпен бірге шыжыған көк найза темірді құрыш балға гүрсілдетіп соғып, Ыбырай өлең айтады. Өлеңі көріктің өлшеуі мен гуілдеген үніне, құрыш балтаның өлшеуімен соғылған күрсіліне, құрыш темірдің шыңылдаған дауысына қосылып, ұсталардың дүкен күйін жандандыратын еді. Гуілдеген керікті дүкенде ұсталардың сыпылдаған күшті, сіңірлі қолдарының көк темірді жаныштап илеген істеріне көз суарылып, дүкеннің күйі, Ыбырайдың үні құлаққа сіңіп жүрді. Ыбырай ұстаның бір өлеңінде:

«...Сыртың сұлу, мылтықтың сымындайсың,
Ал қара көк құрыштың шыңындайсың.
Түсіне алмас аңқау жан, сөзің кесте,
Шапқы соққан күмістің жымындайсың... —

деген сөздері құлаққа сіңген еді. Және:
...Дүние — бір қисық жол бұраңдаған,
Тіршілік — қашқан түлкі бұлаңдаған,
Кедейлік — зіл қара тас иықты басқан,

Жігіт не оны көгеріп тура алмаған!..» —
деген өлеңі менің миыма орнаған еді...

Бұл төрт ұстаның төртеуі де, (Ыбырай, Асан, Үсен, Арын) кісімен үйірсек, ақ жарқын адамдар еді. Барғанда жарқылдап жақсы көріп, бауырларына тартатын еді. Үсен мен Асан бозбала еді. Бұлар қазір сол Нілді зауытында мастер, ұста, төртеуінің де үйлері де, ауылдары да зауыттың басында. Мен келесі жылы зауыттың школына кірдім. Лаврентийдікінен шығып, Зікірбек деген жұмыскердің үйінде жататын болдым. Зікірбек зауыт байының (ағылшынның) ат қорасында істейтін жұмысшы еді. (Зікірбек те қазір сол зауытта дейді). Зікірбектікінде екі қыс жатып, зауыт школында екі қыс оқыдым. Сонымен Нілді зауытында үш қыс оқыдым. Сол үш қыста, бір сабақ — орысша әліп-би кітапшасынан алған оқуым болса, екінші сабақ — ұсталардың дүкен күйінен, аласұрып жұлқынған машина әрекетінен, машина түрінен, жер астында жұмыс істеп шығатын шахты, кен жұмыскерлерінің жатақ, тұрмыс күйінен, зауыт үстінде тас көмір, көк тас — кен үйген жұмыскерлердің тіршілік күйлерінен алған сабақ көңілге нық орнаған тоқу болды... Біздің өзіміздің ауылда да, от басында да әңгіме, ертек, өлең сабақтары үзілмей айтылатын еді. Әсіресе, күздің, қыстың ұзақ кештерінде, тау араларынан ұйтқи соққан ызындаған желді түнді жамылған ауылдың от басы әңгімесіз, ертексіз, домбырасыз болмайды, өлең де айтылады. Біздің әкей аңшы еді. Ал аңшы адам, кешке от басында отырғанда әңгімеші, ертекші болады... Кейде елде ойындар жасалып, өлең, айтыстар болады... Бала күннен, ес кіргеннен бері қарай-ақ сол ойын үстінде айтылатын айтыс өлеңдер және әлгі от басынан алынған «сабақтар» құлаққа сіңген, көңілге тоқылған әңгіме, ертек өлең суреттері менің қиялымда тізбектеле беретін еді.

Мынадай өлеңдер әлі ұмытылған жоқ:

Жайбасар деген жалшы жігіт бір ел қызымен айтысып қалыпты (Жайбасар саудагерде жалшылықта жүретін еді). Саудагердің арбата жеккен аты шығып кетіп, Жайбасар соны іздеп жүріп, бір ауылда тары ақтап жатқан қыз-келіншектерге жолығады. Қыз-келіншектер тәлкек қылып, Жайбасарға өлең айтады. Жайбасар да өлеңмен қалжың-тәлкек айтады. Сонда қыздардың айтқаны:

«...Қаңқайғаннан — қаңқайған қалай неме?
Қанқайғаннан табарсың талай неме!
Аузынан келген сөзді қайтармайды,
Ноғайдың отын жаққан малай неме!..

Сонда Жайбасар айтқан:
...Мен өзім малай емес, май табамын,
Ноғайдан жүрген сайын тай табамын,
Алған тайды қыздарға бере салып,

Ақ тамақ пен ақ төстен жай табамын...»
Қыз:
«...Дегенге епсең-тепсең, епсең-тепсең,
Жарасар тепсең жерге мейіз сепсең.

Жеңгемнен ана тұрған ұяламын, —
Аузыңа жаялықтай мықтап тепсем!..»
Жайбасар:
«...Қуанып келіп едім ауыл көріп,

Бір өлеңді айта сап ем тәуір көріп,
«Тебем!» деп артқы аяғын көтереді,
Түңілдім салақтаған ауын көріп!..»

Және біздің ауылдың бір-екі әйелі бар. Шекілдік деген жігітпен қалжың-өлең айтқанда, айтқандары мынадай еді:

«...Түйе болсаң, болар ең опақ қана!
Бір бұтада қалар ең оттап қана.
Күзге салым қотыр боп үйге түсіп,
Қатын-қалаш қуар ед тоқпақты ала...

Болар едің қой болсаң шартық қана
Құрым қүйек қояр ед тартып қана.
Жазғытұрым жауында ұшып қалып,
Әкелер ед түйемен артып қана.

Жылқы болсаң, болар ең шертек қана,
Айғыр емес, ат емес — еркек қана.
Жазғытұрым ертеңге тойынғанда
Еркексіреп мардамсып селтек қана!..»

Және қыз бен жігіт өлеңдерінен
«...Ұшады көк ала үйрек көлге қарсы,
Ұясы жануардың желге қарсы.
Ынтық боп сәулем саған қол созамын,

Ұмтылған балапандай желге қарсы...
Шытыр-шытыр тобылғы сайға бітер,
Kөп жылқы көк аласы байға бітер.
Сұлулық сенен артық кімге бітер?

Жалғыз-ақ аспандағы айға бітер!..»

Міне осы тәрізді ауылда естіген өлеңдер жас бала күнімнен қиялыма тізбектелген еді. Оның үстіне Нілді зауытына келіп, орысша жазу үйреніп, зауыт жұмыскерлерінің тұрмыс түріне, тұрмыс күйіне, машина түріне, машина күйіне, ұсталардың дүкен күйіне көз бен құлақ суарылып, Ыбырай ұстадан өлең үйрендім. Зауыт жастары анда-санда ойын ұйымдастырады. Ойындарына қыз-келіншектерді жинап ойнайды. Арын мен Үсен ұста екеуі ойындарына мені де ертіп алып барады. Олар ән салысып, ойнап жатады. Біз — балалар, ойындарын көріп, өлеңдерін тыңдап қарап отырамыз... Үсен ұстамен және Күбіден деген байдың, (сол Нілді зауытындағы) сауда дүкенінде қызмет қылатын бір ноғай жігіт, зауыт байының алдында «тілмаш жігіт» болып тұрған бір Әмір деген жігітпен бақас болды. Үсен ұста туралы бір қызға, «тілмаш жігіт»: «Күйелі қол құрлы болармыз!» депті. Әмірді келемеж қылып өлең жазбақ болды. Үсен айтып отырып, ноғай жігіт жазып отырып, екеуі олай жазып, бұлай жазып, өлеңді шығара алмады.

— «Мен жазайын!» — дедім.

— «Жаза аласың ба? Жазшы, жаза алсаң! Мынасын айт, былай де, былай де!..» деп маған тілмаш жігіттің келемеж болатын жақтарын айтты.

Кешке мен байдың тілмаш жігітін келемеждеп өлең жазып шығардым.
Ішінде мынадай сөздер бар еді:
«...Мақтанасың қолынның олағына,
Амал бар ма ақылдың шолағына,

Күйелі қол айырбас болмас мырза,
Байдың қолын жалаған шолағыңа.»
Менің ең алғашқы жазған өлеңім осы шығар.
1931 жыл, 10-мамыр.

Алматы

СӨЗ БАСЫ

Білім әдіс кеңесінің баспа жұмысының жоспары бойынша бұл кітап қазақ мектебінің 5-ші бөлімі үшін қазақ әдебиетінің хрестоматиясы болып шығу керек еді. Бірақ жазушылар коллектив! болып керекті материалдарды жинай келгенімізде ойдағыдай болып шықпады. Бұған үлкен себеп — асығыстық, істі қолға кеш алғандық. Әдіс жөнінен қарағанда мектептерде бірінші жылы әңгіме түрінде жазылған Көркем әдебиет түрімен таныстыру керек, екінші, шығармаларды сұрыптап, әдебиет заңына келмейтін тұр жаты Көркем, маңызы жағы жоқ, болмаса маңызы жақсы, түрі маңызына сәйкес еместерін тіпті алмауымыз керек еді. Бірақ бұл кітап олай емес. Қазақстанда Октябрь төңкерісінен бері қарай болып келген өзгерістер, жаңа құрылыс-түзілістер, ірі өндіріс орындары, колхоз-совхоздар, социалдық жұмыс түзілісіндегі әдістер, еңбекшілдер үстемдігі — қысқартып айтқанда 5 жылдықты орындау жөніндегі құрылысты толық суреттеу үшін ішкі маңызына сырты сәйкес емес шығармаларды да алуға тура келді. Жазушылардың бірінші ұстаған мақсаты — болған өзгерісті, жетіскендікті әр жағынан да қолдан келгенше қалдырмай суреттеу, көрсету керек болды. Бұл жөнде бүкіл шығармалардың көбін-ақ талдап тексерген кезде Қазақстанда болып жатқан ірі өзгерістер жыр болып, әңгімелеуден көрі ән, күймен айтуға лайықтырақ болып жазылып отырғандығы байқалды. Оған тандану шет емес. Айтса, айтпаса да ертегіде, жырда ғана айтылғандай үлкен істер істеліп отырғандықты көреміз. Бүгінгі социалдық негізге құрылған еңбек түрін байқасақ әрқайсысы екпінділікті тілейді. Тездік, екпінділікпен істелген еңбекте ырғақ та көп болуға тиіс, ұйқастық, ұқсастық та көп кездеседі, міне осы реттердің бірінен келіп біздің қазақ ақындарының, әсіресе жұмысшы, кедей батрақтардан шыққан жас ақындарымыздың әңгіме түрдегі көркем сөзбен жазбай, ырғағы, ұйқасы бар өлең, жыр түрімен жазатындықтары бір түрлі келісімді. Мұнымен қатар, біздің қазаққа өлең түрінде жазылған шығармалар онша шеттік қылмаса керек. Аса түсініксіз де болмайды. Қазақ жұмбақ өлеңмен жай отырып та айтыса береді. Бірақ, кәзіргі әңгіме онда емес. Өлеңмен жазылған шығармалардың кейбіреулерінің түрі жақсы болса, маңызы жеткіліксіз, біреулердің маңызы жақсы болса, түр жағынан ақсайды — міне, әңгіме осында. Мұндайлардың көбі кітапқа кірмей де қалып отыр, бірақ кіргендердің ішінде де осындай өлеңдер кездеседі. Жоғарыда да айттық. Мұндайларды құрылыс, түзелісімізді суреттеу үшін толық түрде, Көркем түрде жазылған шығармаларға көмек ретінде кіргіздік. Бір тақырып жайлы бір атпен аталған неше бір шығарма кеткен жерлер де бар. Аты бір болғанмен, мұндай шығармалардың заты басқа. Ондайдың онша оқасы болмаса керек. Осы айтылған жеткіліксіздерді оқытушылар еске алулары керек. Жоғарғы айтылған себептерден бүл кітапты хрестоматия демей «Әдебиеттану оқу құралы» деп атап шығарып отырмыз. Келесі басылуында мүмкінінше толықтырып, Көркем түрде жазылған әңгіме шығармалар кірістіріңкіреп, сұрақ- жауаптарын толықтырып шығаруға осы күннен бастап жазушылар кірісіп жатыр. Оқытушылар тәжірибе жүзінде кездескен кітаптың жеткіліксіздері болса Қазақстан ағарту коммисариатының оқу-білім әдіс бөліміне хатпен жазуларын сұраймыз және осы тілекті орындаған оқытушыларға жазушылар көп-көп рақмет айтпақ.

1932 жыл
Батырлар жырлары

Ескіліктен қалған ел әдебиетінің бір түрі — батырлар жырлары. Хандар, батырлар, билер бастаған байлар табы үстемдік жүргізген ескіліктегі көшпелі дәуірде байлар табына кең қоныс, кең өріс, жақсы жайылым керек бола берген. Байлар табы ру тұрмысын пайдаланып, руды күш қылып, әлсіз рудың жерін, малын шауып ала берген. Сол дәуірде үстем таптың шоқпарын мықтырақ соққан адамдарды ардақтап, көпшілікке үлгі қылған. Байлар табының шоқпарын өзгелерден үздік шығып соққандарды батыр атап, олардың батырлықтарын көкке көтеріп, жыр қылып шығарған.

Міне, сол жырлардың нұсқасы, осы жинаққа кірген жырлар болады. Ескіліктің тұрмысың, әдебиетің, тарихын зерттеп тексерушілерге мұндай мағлұматтар дерек болуға тиіс. Батырлар жырлары «Қазақ әдебиеті» деген менің кітабымда талқыланған. Мұңда тек, сол батырлар жырларын жинап, түптедік.

1933 жыл
Бұл жинаққа кірді:

1. Едіге батыр. 2. Шора батыр. 3. Қобыланды батыр. 4. Сайын батыр. 5. Тарғын батыр. 6. Қамбар батыр. 7. Қыз Жібек. 8. Қозы Көрпеш, Баян.

КЕЗЕКТЕГІ ІСТЕРІМ

«Біздің тұрмыс»

Былтырдан бері «Біздің тұрмыс» атты бір роман жазған болып жүрмін. Бірақ, оны әлі де қадағалап отырып жазғаным жоқ. Бұл романды 3 түрлі ортамен байланыстырып, сол 3 түрлі ортаның тұрмысын (дұрыс жағын да, теріс жағын да) жазбақпын: оным: қала, колхоз, зауыт. Әрине, бұл 3 ортадағы қоғамның барлық қыртыстарының тұрмыстарын түгел суреттей алам деп ойламаймын. Әйткенмен, тұрмыстары баяндалатын адамдарым қала, колхоз, зауыт болмыстарымен байланысады.

«Қызыл ат» «Қызыл ат» жазылып, баспасөзде жарияланды да. Бірақ оның соңғы бөлімі түгел жазылып жарияланған жоқ. Енді «Қызыл аттың» сол соңғы бөлімін түгелдеп шығармақпын.

«Қызыл аттағы» зор мақсатым: 1) Өлкелік партия комитетінің (Крайкомның) жаңа басшылығының дұрыс Лениншіл жолбасшылығын еңбекші жұртқа көркем сөз арқылы жар қылу. 2) Қазақстанның өміріндегі көлік ретінде ең қиын халде болған 1933-жылғы жазғы егіске еңбекші таптың бар күшін қызу түрде жұмсауға шақыру еді. 3) Сол 1933-жылғы күш-көлік ретінде күйсіз қалға келтірген тек ескі басшылықтың ғана қате жол басшылығы екенін көрсету еді.

«Альбатрос» «Альбатростың» бірінші бөлімі жаңада ғана баспадан келді. Кішкентай кітапша 14 айда түптеусіз басылып шықты. 1932 жылы Октябрь мейрамына арналған еді. Сол, 1932 жылғы Октябрь мейрамына қарсы шығарамыз деп Қазақ баспасы асықтырып алып еді. Соны 14 айдан кейін шығарды. Енді сол «Альбатростың» 2- ші бөлімін даярламақпын.

Міне, әзірше, осы 3 нәрсені айтсам. Басқасы тағы да бола жатар.
1934 жыл

ЫБЫРАЙ АЛТЫНСАРЫҰЛЫ

Ыбырай Алтынсарыұлы Қостанай маңында 1841 жылы туып, 1889 жылы өлген. Ыбырай бір жағынан ақын болса, екінші жағынан Халық ағарту майданында қызмет қылған адам. Ең бірінші рет қазақтың ана тілінде оқу құралын жазған және сол, ана тілінде қазақ баласын оқытқан ең алғашқы тұңғыш оқытушысы болған. Және ол қазақ әдебиетін Еуропа жолына, өнер жолына бұрып, бастаған ең тұңғыш жаңашыл күресшіл ақын. Ыбырайдың шығармаларының мәні, санасы — негізінде билер (феодалдар) табыныкі, сол замаңдағы орыс елінің, өнерге, өнеркәсіптеріне аяқ басу арқасындағы орыс оқығандарынан шыққан, жаңашылдардың әсерімен және қазақ даласына сауда капиталының, отаршылдықтың мықтап шеңгел салуының, әсерімен Ыбырай жастарды оқуға, өнерге шақырды. Енді одан басқа жолдың жоқ екенін білді. Онсоң Ыбырай, араб әліппесінің қазақ елінің білім майданында тез ілгерілеуіне үлкен бөгет болатынын Ыбырай сол заманда-ақ білген. Араб қарпына қарсы болған. Сондықтан қазақтың ана тілінде жазған өзінің оқу құралын орыс қарпымен жазған. Бұл ретте Ыбырайды орыс миссионерлері пайдаланбақ болып, Ыбыраймен жақындасқан. Ыбырай олардан қашпай оларды өзі пайдаланып жүрген. Сондықтан, Қазақ ескішілдері оны шоқынды деп шығарған талай өсектер таратқан. Осы күнде кейбіреулер Ыбырайдың істерімен таныс болмағандықтан, сол бұрынғы ескішілдер таратқан өсектерінің қалдық сарынымен «Ыбырай өз заманында қазақ көпшілігіне қадірсіз болған еді» деген сияқты теріс сөздерді малданатын сияқты. Расында, оқуға талпына бастаған қазақ жастарына Ыбырай айрықша қадірлі болған адам. Жас буынға арнап шығарған Ыбырайдың «Кел, балалар оқылығын» жатқа білмеген оқушы болмаған. Ал, жас буын қадірлеген Ыбырайдың қазақ көпшілігіне қадірі жоқ еді» деушілік — тек Қазақтың кешегі күнінен ештеме білмегендіктен туған сөз. Әдебиет тарихымызға керек болсын деп әзірше Ыбырайдың осы сөздерін жинап жібердік.

20-сәуір, 1934 жыл.
Алматы

АҚАН СЕРІ

Ақын Ақанның туған жылы 1843 жыл, өлген жылы 1913 жыл. Туып-өскен жері — Көкшетау. Ақан сол Көкшетауды мекен қылған Орта жүз арғын, қарауыл Қорамса деген кісінің ұлы. Қорамса бай болған, саудагер болған адам. Ал Ақан билер (феодал) табының мұңын, зарын зар қылған ақын. Ақан 13 жасқа келгенше Бұхарадан оқып келген Көнтеу деген молдадан оқыған. Он үш жасқа келгенде Ақан молдасының оқыту тәртібіне көнбей, молдасымен ұрсысып, оқуды тастап кетеді. Содан кейін Ақан сауыққа, «жігіттікке» беріліп «сері» атанады. Сұлу киім, жүйрік сәйгүлік ат, құмай тазы, қыран бүркіт Ақанда болады. Қалың Атығай-Қарауылдың ойын-тойының көркі Ақан саналады. Ақан қасына ылғи әнші, домбырашы, ойыншы, палуан жігіттерді ертеді. Бәріне киімді бірыңғай әсем кигізеді. Бір түсті ат мінгізеді. Бәрін бастайтын әрине Ақанның өзі болады. Өзінің де басында шоқпардай үкі, үстінде асыл киім, астында бүгілген, әсем басқан сәйгүлік. Ақанның әншілігі, үні, ақындығы ешкімді тең келтірмейді. Қай жерде той, қай жерде сауық болса, Ақан сол жерде болып, сауық, ойын-думанның ортасында болады.

Сол замандағы мырзалықты, серілікті көтерген жұрт Ақанды сері атайды. Ақанның ескі әдет бойынша атастырумен алған әйелі 10 жылдан соң өледі, одан бір ұл, екі қыз қалады. Ұлы тілсіз болады. Әйелі өлгеннен кейін Ақан серілікті бұрынғыдан да басым үдетеді. «Дүние панилықты» күшейтеді... сұлулыққа беріледі. Сұлулықты жырлайды. Сұлулыққа арнап сұлу әндер шығарады. Көкшетаудың жақсы жерлерін патша үкіметі ала бастайды. Мал азая бастайды. Ақаннан да жақсы жерлерді патша үкіметі біртіндеп қымқырып ала береді. Ақан кедейленеді, ылғи ойын-күлкі, сауық-мереке, думан ортасында жүріп шығарған Ақанның сұлу әндері, жалтылдаған өлеңдері Ақанның нәзік, терең қасіретті екенін білдіреді. Ақанның қасіреті өз табының қасіреті еді. Ақанның «дүние панилығы» да өз табының ішкі сырларынан туған зат еді. Сөйтіп, Ақан өле-өлгенше сері атанып кеткен ақын. Жақсы жерден, қалың малдан айырылған соң, Ақан серілікті сопылықпен байланыстырған көпшіліктен өзін аулақ ұстауға тырысқан, жазды күні көл басында оңаша жалғыз үй қалып сарнайтын болған. Сондықтан бұған түсінбеген жұрт Ақанды перінің қызымен тұрады деп шығарған. «Перінің қызы адамзаттың сұлу үніне құмар болады екен. Сондықтан Ақанның әдемі сұлу әніне оңашада перінің сұлу қызы келіп Ақанға қосылған екен. Ақанның көл басында оңаша қалып ән шырқайтыны сол» деген сөздерді шығарған. Ақанның өлеңдерінің жұмбақ болатыны да сол — перінің қызына жұмбақтап арнағандығынан...» деп шығарған. Ақанның көп өлеңдері қолға түспеді. Әзірше осы өлеңдерін теріп, жинап жібердік. Ақанның өлеңдерінен билер (феодал) табының ақыны екені, билер табының санасымен жырлаған ақын екендігі оның өлеңдерінен айқын көрінеді. Ақанның ірі дарқан ақын екендігі де өлеңдерінен айқын көрінеді. Онсоң, Ақан ақындығының үстіне ән шығарғыш композитор. Оның «Сырымбет», «Ақкөйлек», «Үш тоты құс», «Құлагер» «Қара торғай» деген әндері — қазақ әндеріндегі сұлу әндер. Бұл жинақта Ақанның шығармаларына толық сын жазбадық. Бұл өлеңдері тек әдебиет тарихымызға дерек бола берсін деп жіберіп отырмыз. Кейін Ақанның шығармаларына толық сын жазылар.

28-сәуір, 1934 жыл.
Алматы

АҚМОЛЛАНЫҢ ӨМІР ТАРИХЫ

Ақмолла 1839 жылы туып 1895 жылы өлген. Бұл кісінің әкесі қазақ, шешесі татар. Ақмолланың шын аты — Мұптақитден. Ақмолла деп Қазақтар атап, лақап аты қылып жіберген. Ақмолланың әкесі Мұқаммедияр Сырдария өзенінің бойындағы Ақмешіт (қазіргі Қызылорда) аймағының қазағы. Мұқаммедияр жас күнінде Нығметолла қазірет деген молламен Башқұртстанның Стерлибас деген қаласына еріп кеткен. Сол Нығметолла қазіреттің қолындағы бір асыранды қызын Мұқаммедияр алып, сол татар қызынан Ақмолла ақын туады. Ақмолланың әкесі өліп, анасын Қамалетден деген бір татар алады. Ол кісі анасымен бірге Ақмолланы да (яғни — Мұптақитденді) өзіне бала қылып алады. Ұзамай анасы да өледі. Сөйтіп ақын өгей ата, өгей ананың қолында жасынан жетім қалады. Ақмолла жасынан жетімдік көріп, мұқтаждық-таршылықты басынан кешіріп, туған жері Стерлибасты тастап, Жайық бойына, Орынбор қаласының маңына келеді. Орынбордан жоғарғы жаңа Қарғалы (Әмен ауылы) деген ауылда тұрады. Бұл ауылды орысша Никольский дейді. Сол арада Мұптақитден хат үйренеді. Содан біраз уақыттан соң Тройцкий қаласына келеді. Сол жерде шәкірттермен араласып, оқуға беріледі. Ақмолла жасынан ғылым-білімге құмар болған. Ғылым мәселелерімен таныс адамдармен сөйлесуден жалықпаған. Ылғи кітап қараудан, мәселе зерттеуден жалықпаған. Ғалыммын деп, молдамын деп басқа өнерден бой тартпаған. Балта ұстап, ағаш істеу ісін жақсы білген, арба істейтін болған. Молла болып жүргенде өз қолымен істеген арбасына мініп жүрген. Арбаның күймесін үш бөлімді қып жасап, бір бөліміне балта, шалғы, бұрғы, балға сияқты аспаптарын салып, екінші бөліміне кітаптарын салып, үшінші бөліміне өзі отырып жүрген. Тройцкийден оқып болған соң, қазақ арасына шығып, моллалық құрып тұрған. Бірақ Тройцкийге келіп-кетіп жүретін болған. Көбінесе бала оқытып тұрған жері Тройцкийден жүз шақырым жер қазақтың Қыпшақ руы, Қарақыз елінде Қара балық, Қарасор деген жер болған. Елде жүргенде Есенгелді деген бір бай өшігіп, Ақмолланы солдаттан қашып жүрген «ноғай» деп патша үкіметіне көрсетеді. Есенгелдінің алғаш өшігуінің себебі мынадан болады. Сол елде бір әйел өледі. Әйелдің жаназасында, әлгі Есенгелді жиналған жұрттың көзінше Ақмоллаға таяғын нұсқап тұрып, мынадай сөз айтады:

— Әй, мына молланы қараңыздар! Қазақта бір мақал бар еді, «Өлеңді жерде өгіз семірер, өлікті жерде молла семірер» деген, сондай-ақ мына молланың семіргенін қараңыздар! — дейді.

Ақмолла жұлып алғандай: «Рас айтасыз бай, өлеңді жерде өгіз семіреді, өлікті жерде молла семіреді, молласыз жерде сіздей надандардың басын ит кеміреді!», — дейді. Жұрт Ақмолланың тапқырлығына риза болып күліседі. Содан кейін Есенгелді Ақмоллаға өшігіп, қас болады. Есенгелдінің көрсетуімен Ақмолла тұтқынға алынып, Тройцкий түрмесіне түсіп, қапаста бірнеше уақыт жатып шығады. Ақырында Ақмолланы Мияс қаласының маңында жол бойында Қапиятолла Баймұратұлы және Дәулетше деген башқұрттар өлтіреді (1895 жыл). Ақынның өлігін сол Мияс қаласына қояды. Сол Тройцкийде болатын белгілі Зейнолла ишан ақын тарих опатын жаздырып, басына әдемі тас қойдырады.

АҚМОЛЛАНЫҢ АҚЫНДЫҒЫ

Ақмолла билер (феодалдар) және байлар табының санасымен жырлаған ақын. Әрине, моллалығы да соның ішінде. Билер, байлар табының санасының ақыны болған соң, өлеңдерінің қандайлығы өз-өзінен мәлім болса керек. Өйткенмен, Ақмолланың өзінен бұрынғы және кейбір өзінен соңғылар ескішіл, діншіл ақындардан айырмашылығы зор. Ол айырмашылық, бұл кісінің ақындыққа, әдебиетке, өнер деп зор мағына берушілдігінде. Және өзі молла болғанмен, көзді жұмып алып, аллалай берген молла емес.

«Сөз шығар шағырлардан хикметпенен,
Онша көз алартпаңыз қыддетпенен...»

және «Әр пенде шығар менен кітап толы, Қарасақ иелері қандай ұлы» — дейді Ақмолла. Ақмолланың көп өлеңдері таза қазақ тілінде болса да, кейбір өлеңдері татаршаға жақын. Татарша дегенде, араб, фарсы сөздері толған «шағатайшалау», татаршаға жақын, мысалы Шиябеддин Маржаниді мадақтап шығарған «Марсиясы». Осы өлеңдерін қолға алып, татар әдебиетшілері Ақмолланы татар ақыны қылып, татар әдебнет тарихына кіргізген. Өз әдебиет тарихына кіргізгенде, татар әдебиет тарихшылдары Ақмолланы өте биік көтеріп, мадақтап атайды. Бір дәуірдің қақпасын ашсақ, сол дәуірдің қақпасының аузынан көрінетін зор ақынымыз дейді. Әрине, Ақмолланың ақындығын мақтауға болады. Жұмаледдин Уәлитұлының 1912 жылы шыққан «Татар әдебиетінің барысы» деген кітабында Ақмолланы былай дейді: «...Татар шығыр уа назымның ынтыбаден іліккі дәуіріні шушы қадар илә тумалап, қазір ынтыба дәуіріне киләбіз. Бұл дәуірінің қақпасына ашып кіргеш те біз анда ен әуел жарты қазақ, жарты татар Ақмолла әпәндіге ұшыраймыз. Ол өзі қазақ шағыры болу дағуасыменен майданға шыққан және қазақ шағыры болуға тырысқанға ұқсаса да, оның бағзы бір шығармаларында татарлығы жеңген деп айтуға жарайды. Маржани қазіретлері қақында жазған «Марсиясы» оны шын татар қылады», — дейді. Және, Ғали Рақым, Ғ.Ғазиздің «Татар әдебиеті тарихы» деген 1925 жылы шыққан кітабында, Шамсиддин сопының жырларын баяндап келіп, Ақмолланы былай деп айта кетеді: «...Шамсиддиннің медресесінен байтақ (көп) ғалым шәкірттер шыққан. Олардың ең атақтысы шағырліке ұстазының ыстық қақылы уарысы, Татар әдебиетінің жаңару дәуірінің бірінші шағыры Мұптақитден Мұқамедияр, яғни «Мәшһүр Ақмолла дүр», — дейді. Татар әдебиет тарихшылары Ақмолланы әдебиет тарихында зор орынға қояды. Әлбетте үйтулері теріс емес, Ақмолла қазақ әдебиет тарихында да, татар әдебиет тарихында да зор орын алуға тиіс. Ақын екені рас. Бұл арада және айта кететін, 1934 жылы 20-мартта шыққан Мәскеу деп «Лит. газетінің» нөмірінде Ақмолланы башқұрт ақыны еді дейді. Басында татаршадан көрі қазақша жазғандары Көркемірек, және тілі де таза. Қазақша екендігі айқын көрінеді. Мысалы: түрмеде жатып жазған мынау сияқты өлеңдерінің тілінде Қазақшадан бөтені бар ма? Міне:

«...Менің жатқан мекенім аты зындан,
Әр түрлі адамы бар жапа қылған.
Ішінде түрлі ғибырат қысабы жоқ,
Сұрқия неше түрлі бар жиылған.

Темірмен қадақталған терезесі.
Қара тас қабатталған кірегесі.
Орыстың толып жатыр кінегесі.
Құдадан дұшпаныңа тілемеші.

Келмейді көңіл жетер көңіл сұрай,
Мылтықты солдат жүрер орай-орай.
Құдайым қылған іске шара бар ма?
Жатырмыз бейшаралар жылай-жылай...»

Міне бұл өлеңнің ырғақ мөлшері де, ескі қазақ ел өлеңдерінің ырғақ мөлшерімен жазылған. Татар және башқұрт жырларында мұндай ырғақ мөлшері көрінбейді. Тек, бұл өлеңдерді татар әдебиетшілері жинап, татар баспасында бастырып шығарғандықтан, кей сөздердің кейбір дыбыстарын татаршалап жіберген. Мысалы: «жатырмыз» деген, «жүрек» деген сөздерді — «ятырмыз, юрер» деп, өзгертіп, бір өлеңнің дені татарша деген. Және Ақмолланың өлеңдерінде таза қазақ өлеңдерінде көп кез келетін қоспақ сөздер көп кездеседі. Мысалы, жаңағы келтірген өлеңдегі «Орай-орай», «жылай-жылай» деген қоспақ сөздер. Және «сабай-сабай» және мына өлеңдегі қоспақ сөздер:

«...Жемейтін бауырсақты Ақмолла едім,
Шайнайтын қара нанды қашыр-қашыр...»
«Солдаттар кеш болғанда қойдай қамай,
Жабады малдай қылып санай-санай...»

«Сарғайдым терезеден қарай-қарай,
Зарығып шыдамайды тәтті жан-ай.
Есенгелді Батушке астат болып,
Ақмолла қорлық көрді талай-талай...»

Міне, осы өлеңдегі, «санай-санай», «қарай-қарай», «талай-талай» деген сияқты қоспақ сөздер Ақмолланың сөздерінде көп кездеседі. Мұндай қоспақ сөздер Қазақтың ел әдебиетінде де көп кездесетін жайт. Онсоң, Ақмолла ел әдебиетін жинап та пайдаға асырған адам. Өлеңдерінің көбінің сарыны қазақтың ескі ел әдебиеті сарынындай болып келеді. Мына шығармаларын оқыған адам оны өзі де көрер. Ақмолланың өлеңдерін, оның кітаптарын және ол туралы жазылған сөздерді жинауда Башқұртстандағы Уәли Хангелдіұлы мен Ысмағүл Орманұлы жәрдем істеді. Ақмолланың өлеңдері әлі де түгел жиналған жоқ. Ақмолла татар, башқұрт арасында туып, сонда оқып, сол татар-башқұрт арасында өлген соң және оның шығармалары татар баспасында басылып, қазақ арасында көп тарамаған соң, оны Қазақ әдебиетшілерінің біразы білмейді. Білсе де оның шығармаларымен жақсы таныс емес. Әрине, бұл азырақ ұялатын ғана жайт. Сол ақынның шығармаларымен таныс еместіктің сандарынан, жақында біреу, Алматыда шығатын «Қазақ әдебиеті» газетінде де Ақмолланы башқұрт ақыны деп жазыпты. Жазғанда әлгі, Мәскеуде шығатын: «Лит.газеттің» 20-мартта шыққан номеріндегі П.Низовойдың мақаласындағы Ақмолланы башқұрт ақыны деген сөздерін қазақшаға аудара салыпты. Аударғанда әрине Ақмолланың кім екенін білмегендігі көрініп тұр. П.Низовой ол мақаласында: «...Төңкеріске дейін Башқұртстанның тек Ақмолла деген ақыны ғана болған еді,» — дейді. «Одан басқа башқұрттың ешбір ақыны жоқ еді», — дейді. Әрине, П.Низовойдың Ақмолланы да, башқұрт әдебиетін де білмегені оғаштау болып көрініп тұр... Бірақ енді Ақмолла ақынды әркім білер. Әмин.

28-сәуір, 1934 жыл.
Алматы

«ЛӘЙЛӘ-МӘЖНҮН»

Ләйлә-Мәжнүн өткен замаңдағы араб әдебиетінің дәуірлеп тұрған кезінде шыққан белгілі бір сұлу дастаны саналады. Бұл дастан дүние жүзіндегі мәдениетті елдердің көбінің тілдеріне аударылған белгілі жыр. Қазақ арасында да «Ләйлә-Мәжнүннің» аты кеп жайылған. Қазақ елінің әдебиетінде ауыз әңгімелерінде «Ләйлә-Мәжнүн», «Жан құрбан», «Кірсіз» ғашықтыққа үлгі, мысал болған нәрсе. Бір-екі адамның ғашықтығын әңгіме қылғанда «Ләйлә-Мәжнүн» сияқты деп аңыз қылысатын. Сол дәуірлеп тұрған кезіндегі араб елінің бай әдебиетінің ішіндегі «Ләйлә-Мәжнүн» ең сұлу, ең көркем құрылған, ұшқыр қиялды, нәзік сыршылдықпен айтылған ірі дастан. Сондықтан да араб әдебиетін тексерушілердің кезіне алдымен түсетін нәрселердің бірі осы «Ләйлә-Мәжнүн» болатын. «Ләйлә-Мәжнүн» сияқты шығармалар дүние жүзіндегі мәдениетті елдердің ескі әдебиеттерінде бірен-саран ғана кездеседі. Біз дүние жүзіндегі мәдениетті елдердің белгілі әдебиет шығармаларының бәрімен танысуымыз керек. Оның ішінде, қазақ арасында ғашықтыққа үлгі, мысал болған «Ләйлә-Мәжнүн» дастанымен де танысуымыз керек. Ескілікті зерттеп тексергенде «Ләйлә-Мәжнүн» сияқты бір белгілі дәуірдің қиялын, нанымын, тілегін, ой-өрістерін, жан-сезімдерін, тұрмысын суреттейтін нәрсе үлкен дерек болады. Сондықтан «Ләйлә-Мәжнүннің» қазақшасының кітап болып шыққанын дұрыс көрдік.

Дастанды қазақша өлеңге аударған белгілі ақын Шәкәрім Құдайбердіұлы.
1935 жыл

«ХАН КЕНЕ» ТУРАЛЫ

Қазақ театрындағы биылғы жаңалықтардың әзірше бастылары — «Айман-Шолпан» мен «Хан Кене». Бұларды Қазақтың ескі әдебиетінен пьесаға аударған Мұхтар Әуезұлы. Ал бұл екі нәрсе Қазақтың ескі әдебиетінде белгілі әңгіме-жыр екенін жұрт біледі. Әсіресе «Хан Кене» қазақ тарихының белгілі дәуірімен байланысты нәрсе. Мен «Айман-Шолпан» туралы бұл мақаламда пікірімді толық айтпай қоя тұрам. «Айман-Шолпанды» бірсыпыра жұрт мақтап шыққан сияқты. Бірақ ол туралы менің пікірім бөлекше. Оны кейін айтармыз. Әзір «Хан Кене» туралы айтайын. «Хан Кене» алғаш театрда көрсетілген күннен бастап мен бұл туралы пікірімді ашық айтқан едім. Біздің ағарту, мәдениет істерімізді басқаратын орындардың шақырған кеңестерінде де «Хан Кене» туралы пікірімді айтқан едім. Баспасөз басқармаларының сұрауы бойынша сол пікірімді енді совет жұртшылығының алдына жазып салуға тура келіп отыр. «Хан Кенені» Алматыдағы жұрттың көбі көрді. Бұл пьесаның қысқасынан айтқанда мазмұны мынау: Кенесары Ұлы жүз ішінде әкесіне ас береді. Сол аста өзі хан көтеріледі. Қырғызды бағындырамын деп соғыс қылып, қырғыздан жеңіліп, Наурызбай екеуі қолға түсіп, тұтқында өлтіріледі. Әрине, жазушы өзінің жазуына нені тақырып қылып алса да ықтияр өзінікі. Ал, бірақ жұртшылық та, біздің совет жұртшылығы да ол тақырыптың көрсетілуіне қалай қарайтындығын, халық қалай түсінетіндігін айтуға тиіс. Дұрысталып, толық тарихы жазылмаған Қазақ ССР-ына тарихи кітаптар қажет нәрселердің бірі. Тарихи әңгімелерді қолға алуы Мұхтардың дұрыс қызмет қылғандығы деп білемін. «Хан Кене» дұрыс көрсетілмегенмен тарихымыздың белгілі бір дәуірінің мәселелерін көтеріп отыр, — сонысының өзі пайдалы зат.

Енді «Хан Кененің» өзіне келейік...

Кенесары — Наурызбайдың қырғызбен соғысқанын тақырып қылып алып, бүйтіп көрсету өте келіссіз нәрсе болғандығы театрда айқыннан-айқын көрінді. Бірақ, мүмкін, кейбіреулерге келісті болып та көрінген болар, ол ғажап емес. Жұрттың сана-сезімі әлі бір қалыпта емес. Біреуге теріс көрінген нәрсе, екінші біреуге оң көрінуі де мүмкін.

Біріншіден мен былай деп ойлаймын:

Кешегі қазақ театрындағы Кенесары — Наурызбай, олардың әкесі Қасым төре, Исатай — Махамбет, Есет, Бекет батыр («Айман-Шолпан»-дағы Көтібардың балалары) және осылардай тарихи адамдардың аттары қазақ елінің патша үкіметіне қарсы және патшаға сүйенген ханға қарсы қозғалыстарымен байланысты. Ал байланысты болғанда қазақ елінің еңбекші бұқарасы патша үкіметіне қарсы және оның қолтығының астына кірген кішкене ханға қарсы күрес қылып қозғалса, Қасым төре, оның балалары Кенесары — Наурызбайлар, Исатай — Махамбеттер, Есет, Бекет батырлар — сол қозғалысты пайдаланбақ болған қазақ ақсүйек табының «әлі мықтымын» деген көсемдері. Бұлар — сол қозғалыстарды пайдаланып, ескі хаңдықтарды, ескі бейбітшілдікті жандандырып хан болмақ, би болмақ адамдар. Ал, патша үкіметі қазақ билер табының мұндайларын, бір жағынан, қудаласа, екінші жағынан, әзіне тартып, таяныш қылған. Кысқасы, қазақтың қалың еңбекші бұқарасының тілегімен Қасым төре, оның балалары Кенесары — Наурызбай, Исатай — Махамбет, Есет, Бекет батырлардың тілектері екі басқа еді. Бірақ, ол заманда қазақтың көп жерлерінде басқа ірі көсемдер шыға қоймаған соң, шын Халық көсемдері шыға қоймаған соң, қозғалған қалың еңбекші бұқараның бірсыпырасы бұларды бір кезде аз уақыт бастық қылған. Бастық қылып патша үкіметінің созған темір тырнағы шеңгеліне қарсы біраз шабуыл жасаған. Бұларды бастық қылғанда, патша үкіметіне бағынбауға қозғалған елге бұлардың өздері барып қосылып, әлгі айтқандай, сол қозғалысты пайдаланбақ болған... Бұларды дәлелдейтін тарихи мағлұматтар аз емес. Сол тарихи мағлұматтардың дәлелдеуінше және елдің, сол заманды білетін қарияларының айтуынша, Абылайхан 1781 жылы өлгесін оның Уәли деген баласы (Белгілі Шоқан Уәлихановтың әкесі) патша үкіметімен байланыс жасап, патшаға бағынып хан болады. Орта жүз қазақтары (Ақмола, Семей, Торғай Қазақтары) Уәлиге бағынбай, Абылайдың Ғұбайдолла деген баласын хан қылады. Ғұбайдолла патшаға бағынбай, 10 шақты жылдай хан болып еледі. Бұл өлген соң Уәли тағы патша үкіметінің күшімен хан болады. Абылайдың 30 ұлының көпшілігі Уәлимен бірге патшаның қолтығына кіреді, Көкшетауға патшаның әскерін әкеліп, бекініс қалалар салдырып бекіндіре бастайды. Көкшетау, Ақмола жерлеріндегі қалың қазақ бұған қарсы көтеріліс жасайды. Патша әскері мылтық жұмсайды. Көкшетау, Ақмоладағы керей, уақ деген рулар және Ақмоладағы Арғынның Алтай, Тоқа (Қарпық) деген елдері көтеріліп, патша әскерімен соғысып, Көкшетау, Ақмола жерлерін тастап, Оңтүстікке, Шуға, Қаратауға қарай жөнеледі. Міне, сол қалың Қазаққа Абылай ханның 30 ұлының кішісі Қасым төре балаларымен өздері келіп қосылып, бұлармен бірге кетеді. Бұл қазақтар Шу бойына, Қаратаудың теріскей жағына орнайды. Сол арада Қасым хан сайланады. Сонда Қасым төренің қасында қыздарынан басқа 7 ұлы болады. Олар: үлкен қатынынан — 1-Саржан, 2-Есенгелді, З-Ағатай, 4-Бопы, 5-Көшек, 6-Кенесары, кіші қатынынан: 7-Наурызбай, патша шеңгеліне қарсы көтеріліп, жиылған халықтың көпшілігі аздан соң Қасым ханды тастап, өз беттерімен әрекет қылып кетеді. Кешікпей Қасымның үлкен балалары Саржан мен Есенгелді сол замандағы Қоқан-өзбек үкіметінің беглер бегімен сөйлесіп, көмек сұрауға Түркістан қаласына барғанда, беглер бегі Саржан мен Есенгелдіні өлтіреді. Содан кейін Ахмет Йасауи «әулиенің» басына зиярат қылам деп Түркістанға барған Қасым ханның өзін де Қоқанның ұлықтары өлтіреді. Қасымды өлтіріп, Қарнақ деген қыстақтағы Қасым ханның ордасына әскер жіберіп, Кенесарыны, Саржанның, Есенгелдінің қатын-балаларын тұтқынға алдырып, конвоймен Ташкенге жібереді. Кенесары бір жылдай Ташкенде — Қоқан ханның ұлы бегінің әмірінде зынданда жатып, Қоқанның ханы Мәдәли ханның бұйрығымен босанады. Босанғанда, Қазақты Қоқан хандығына қаратам, елден алым (зекет) жинап берем деп уәде беріп, Қоқан ханынан 100 солдат (әскер-жасауыл) алып, Шу бойына, қазақ арасына келеді. Сол арада әлгі Қоқанның 100 солдатын өлтіріп, Ұлы таудағы ауылдарын алып, Торғай жағына кешіп барады. Мен бұл әңгімелерді «Хан Кене» туралы белгілі тарихи мағлұматтардың шеттері шығып тұрсын деп жазып отырмын... Ал, Қасым ханнан кейін, оның балалары — Кенесары, Наурызбайды аз уақыт бастық қылған қазақтар, әр тұстан Қазақ ішіне кіріп келе жатқан патша әскерлеріне қарсы талай шабуылдар жасаған. Мысалы: Ырғыз, Торғай бойларына кірген, Ақмола, Баян, Қарқаралы жерлеріне кірген патша әскерлеріне қарсы шабуылдар жасаған. Сол жылдарда патша әскері бекініс қылып Ырғыз бен Торғай қалаларын салған (1845 жылында). Ақмола, Ақтау, Қарқаралы, Баян қалалары — сол жылдарда салынған патша әскерлерінің бекініс қалалары (Ақтау қаласын кейін тастап кеткен). Және көтеріліс қылып жүрген қазақтар патша әскерлерінің салған сол бекініс, қорғанды, орлы қалаларының бірнешесіне шабуылдар жасаған. Мысалы, осы күнгі Қарағанды облысына қараған жерлерде сол заманда патша әскерлері салған, әлгі Ақтау қаласын шапқан. Ақтау қаласының қазір орны жатыр, тас қорғаны, тастан салынған үйлері, қазған терең орлары әлі де бар. Патша заманында салынған Ақмола облысының картасында сол Ақтау қаласының орны «бұрынғы әскер бекінісі» деп жазылатын еді. Орысша «Быв. Актав. военное укрепление». Сонсоң Ақмола қаласына шабуыл жасаған. Бұл қаланың ішінде де соғысқан. Содан кейін қала бұрынғы орнынан көшіп, 25 шақырымдай жерге барып қайтадан қала салып бекінген. Ақмоланың қазіргі орны—сол екінші орны. Бұл екінші орынға орнаған Ақмолаға тағы да шабуыл жасап, қаланың ішінде соғыс болған. Соғыста қазақтардан Басықара деген шабымпаз батыр оққа ұшып өлген. Басықараның өлігін қазақтар қалада, патша әскерінің қолында қалдырмай тартып алып шығып, қаланың сыртында Көкбел деген жерге қойған. Мола соңғы жылдарға шейін де бар еді. Сөйтіп, және Көкшетауға шабуыл жасаған. Көкшетауда патша әскері бастықтарымен байланысты бірнеше төрелердің ауылдарын шапқан. Жалпы осы шабуылдарда, патша үкіметінің қолтығына кірген талай ірі би-байлардың (феодалдардың) ауылдарына тиіп, малдарын шауып алып жүрген. Мысалы, әлгі біздің Алтай-тоқа деген елде Балта деген ірі би-байдың ауылына тиіп, бір жарым мыңдай жылқысын алып, жылқыда жүрген байдың Шойынбек деген 15 жасар баласын найзалап түсіріп, тұтқындап алып кетіп, бір жарым айдан соң қайтарған. Бұл туралы мен ІІІойынбектің баласы Тәжіктің өзінің аузынан естідім. Бір аздан соң бұлармен де тілектері үйлеспейтінін көрген соң көтерілген қазақтардың көпшілігі бұл бастықтарды да тастап, өз бетімен әрекет қылып кеткен. Міне, Кенесары — Наурызбайды көрсеткенде, бізге осы тарихи шындықтармен байланыстырып көрсету керек еді.

«Хан Кене» пьесасы мұны көрсете алмады.

Ал, мұны көрсетпеген күнде, біздің совет театрының бүгінгі мақсатына Кенесары — Наурызбайлардың, тек өз бастарының өмір оқиғаларының керегі шамалы ғой деймін. Ал, енді екіншіден, олай болмағанмен, енді «Хан Кене» пьесасының өзін талқылайық. «Хан Кене»-нің мазмұнын қысқаша айттық. Кенесары — Наурызбай әкесіне ас беріп, хан көтеріліп, Қырғызбен соғысып, жеңіліп, тұтқынға түсіп, тұтқында өлтіріледі. Міне осы оқиғаның өзі «Хан Кене»-де тарихи және социалшылдық шындық ретінен жарамды болып көрсетілмеген. Менің пікірімше, бұл оқиғаның өзі де пьесада тарихи социалшылдық шындық ретінен жарамды болып көрсетілмеген. Жарамды болып көрсетілмегені былай тұрсын, зиянды, ұлтшыл сезім оятатын жат пьеса болып шыққандығы айқын көрінді. Ұлтшылдықты жасыл түске мысал қылып, социалды шындықты қызыл түске мысал қылсақ, «Хан Кене» пьесасы үлкен жасыл жайманың әр жеріне қызыл, қызыл болғанда қошқыл Қызыл жамаулар жамаған сияқты болып шыққан. Және ол жамаулар орынсыз, үйлессіз жапсырылып, дөрекі ақ жіппен көктеле салған сияқты болып шыққан. Және жасыл жайма, құлпырған жасыл асыл жібек сияқты болып шыққан да қызыл жамаулар қошқыл бояулы арзан жұқа қызын мата сияқты болып шыққан. Театрға келген жұрттың көбі әлгі қошқыл қызыл жамауларға көңіл тоқтатпайды. Көңілін жасыл жайманың көлеміне тоқтатады. Көлемді жасыл жібек жайманың құлпырған әсерлі түрі аңқау жұрттың көбін еліктіріп әкетеді. Өйткені құлпырған жасыл жібек жайманың қызыл қошқыл жамаулары үйлессіз, келісімсіз жапсырылғандықтан қарап отырған аңқау жұрттың көбінің назарын, көңілін, зейінін бөле алмайды, құлпырған жасыл жібек жайма жеңіп аударып әкетеді. Ал, атын атап айтайық: «Хан Кене» пьесасындағы суреттелетін негізгі басты адамдар: 1-Кенесары, 2-Наурызбай, Кенесарының қарындасы Бопай қыз. Екінші қатардағы адамдар: 1-Қырғыз Кәрібоз, 2-қазақ Бұғыбай басшы, З-Ағыбай батыр, 4- Сыпатай батыр және басқалар. Кенесары қандай адам болып суреттелген? Кенесары «қиырға көз салған» қайыспас болаттай ер болып суреттелген. Наурызбай қандай адам болып суреттелген? Ол қарап отырған аңқау жұрттың көбіне тек «әттең сабырсыздығы-ай» дегізетін, қылшылдаған екі жүзді ақ алмастай, тасыған, құлшынған қайратына ие болмаған, өлімнен кірпік қақпайтын батыр болып суреттелген. Бопай қандай болған? Ал Бопай бүкіл Кенесары ниетінің, Кенесары тобының, Кененің өзінен соңғы ішкі ұйтқысы, қозғаушысы, рухы болып суреттелген. Қысқасы, мұның үшеуі де аңқау жұрттың көбіне «тек Наурызбайдың сабырсыздығы болмаса», «Ер болсаң, батыр болсаң Кенесары мен Наурызбайдай бол, қыз болсаң, Бопайдай бол!» дерлік адамдар болып көрінеді басталуынан ақырына шейін. Әкелеріне ас беріп, Кенесарыны хан көтерген бірінші пердеде биікке тігілген жамбыны садақпен атысқанда, ешбір батыр атып түсіре алмаған жамбыны өрім шашы тоқпақтай болып беліне түскен Бопай қыз cap садақты шірене тартып атып түсіреді. Атып түсірген жамбысын Кенесарыны хан көтеріп, жұртқа үлгі, патуа айтып, батасын берген ақсақалға әкеп береді. Пьесаның ақырына шейін Бопай ылғи Наурызбайды ақылға шақырып жүреді... Бұйрық қылады. Кенесары тобының бірауыздылығын, ынтымағын сақтауға күш салады, сол ниетпен «ханның қызы болса да қараға бас иіп» бүкіл қолдың басшысы Бұғыбаймен жақын болып, оның көңілін табады. Қырғызбен соғысқанда дағдарған, жасыған батырларды қайрап, қырғызға шабуға аранға айдайды. Ақырында, Кенесарының тобы әлсіреген кезде қашып кетпек болған Бұғыбаңды «сүйген», «тамыр» батырын қашасың деп жарып тастайды. Мен «Хан Кене» пьесасы ең алғашқы күні ойналғанда болдым. Бопай қыздың әлгідей істеріне аңқау жұрттың көбі сүйсініп, қол шапалақтап отырды. Наурызбай да пьеса басынан ақырына шейін аңқау жұрттың көбін аударып әкетеді. Наурызбай қырғызбен соғысып жатқанда, бір қысылған жерде, ағасы Кене ханға айыпты болып қалғанда, атасы оны өлімге бұйырады. Батырлар ханнан Наурызбайдың күнәсін соғыс үстінде кешіруін сұрайды. Хан кешірім бермейді. Наурызбай: «Әмірің екі болмасын, бұйрығыңа, өлімге ырзамын, тек тілейтінім мені қоя бер, мына жауыңның — қырғыздың қолынан өлейін!» — дейді. Батырлар да соны сұрап өтінеді. Кене хан бұл тілектерін береді. Сол арада Наурызбай жалма-жан ақ боз атқа мініп, алмас қылышын жарқылдатып топтың арасына жетіп келіп, топты қыздырып, жандырып, ойнақтаған ақ боз аттың үстінде «хан Абылайдың аруағын» айтып Кене ханның бұйрығын айтып, «өлімнен ердің тайсалмайтынын» айтып қырғыздарға атылып жөнеледі. Сол арада театрда қарап отырған аңдау жұрттың көбі көтеріліп, қызыл қол шапалақтағанда театрды солқылдатады. Кенесарының қолы әлсірейді, Дулаттар біртіндеп майданды тастап кетеді. Наурызбай батыр жанындағы тастың басына шығып, «Сарыарқа» әніне салып мұңайып өлең айтады. Өлеңі, әні Қазақ жерлерімен қоштасқан сияқты болады... қасына атасының қызы келеді. Наурызбай қарындасын құшақтап, Абайдың «Желсіз түнде жарық айындағы» «екі қашығындай» сүйеді. Сол кезде қобыздың сарнаған күйі естіледі. Наурызбай селт етіп тыңдай қалады. Мұңайып, қобыз күйін тыңдап, қарындасын ертіп шатырға жөнеледі. Қарындасына: «Қалқашым, ана күйді естисің бе... Қорқыттың күйі той!..» дейді. Міне, бұл арасы. жан күйін көрсететін жерлерінің бірі. Және бұл арасы да қарап отырған аңқау жұрттың назарын аударған үстіне аударатын жерінің бірі. Дәл бұл арадағы «Сарыарқа» әніне салып, «Шалқар көлді» айтып, «Сарыарқа — белді» айтып, қазақтың жерлері, суларымен қоштасқандай, мұңайып тұрғанда Қорқыттың күйі естілуі, оны тыңдап Наурызбай: «Қалқашым-ай, анау Қорқыттың күйі ғой!..» дегені Мағжанның «Қорқытын» еске түсіреді. Мағжанның «Қорқытында да» Қорқыт «тағдырдан» қашып аласұрып, сандалып қазақ даласында, құтылмас түбекте дағдарып отырып өзінің еңіреген зарын қобызға сап күй қып тартқан. Мағжан Қорқытты жыр қылып, Қорқыттың еңіреген күйіне өзінің үстемдігінен, байлығынан айырылған табының зарын қосып, ұлтшылдық сезім оятпақ болған, зарын зарлаған. «Қорқыттай болып, қобызымды құшақтап отырып өлсем арманым жоқ!» деген «Хан Кенедегі» Наурызбай Қорқыт күйіне үн қосқан Мағжан сияқты болып көрінеді. Онсоң, Наурызбайдың манағы «сүйген» қыз үшін Кенесарыға кінәлі болып, Кенесары Наурызбайды өлім жазасына бұйырғанда, Наурызбай «Жарлығың екі болмасын, өліміңе ырзамын, Бірақ жауынның қолынан өлейін!» деп қылышын жарқылдатып, ақ боз атпен қырғыздың самсаған қолына қарсы шапқаны да маған және Мағжанның «Батыр Баяны» сияқты болып көрінеді. Мағжанның жылап жоқтап, төбесіне көтеріп ардақтаған «Батыр Баяны» да «сүйген» қыз үшін інісін өлтіріп, өзіне-өзі кінәлі болып:

«...Ел беті енді маған болсын арам,
Алашым, аттанамын, жауыңда өлем!..»

дейді, сөйтіп, Кенесарының үлкен әкесі хан Абылаймен қалмаққа аттанып келіп, Абылайдың бетіне кеп, Абылайға кінәлі боп, қалың қалмаққа жүз шамалы ғана жігітпен шауып, қалмақта өледі... Сөйтіп, Наурызбай да Мағжанның батыр Баянынша қалың қолға қарсы шауып, қырғыздың қолына түсіп өледі. Ал Мағжанның «Батыр Баяны» да, «Қорқыты да» қазақ әдебиетіндегі ұлтшылдықтың және оның жылауларының ең ащы зар күйлері дерлік жырлар. «Хан Кене» пьесасында көрсетілетін адамның ішіндегі ең бастысы, әрине, хан Кененің өзі. Ал бұл хан Кене (яки, Кенесары) пьесасының басынан ақырына шейін күшті, қайратты, «қиырға көз салған» ер болып суреттелген дедік. Және «қиырға көз салған» ер болып суреттелгенде ұлтшыл, «Қазақшыл», «халықшыл», «отаншыл» ер болып суреттелген. Мысалы, осы күнгі Күншығыс облысы мен Қарағанды облысындағы қалың қазаққа белгілі, патша үкіметіне жағынған ірі ақсүйек — феодал Мұса патша үкіметінің ұлықтарына Кенесарының істерін жамандап жазған хатын Кенесарының адамдары ұстап алып, Кенесарыға әкеп береді. Кенесары Мұсаны ордасына алдырады. Мұсаға зекіп: «мә, орыс ұлығына мені білдіріп жазған хатың!..» деп Кенесары хатты лақтырып тастайды. Мұса тақсырлап, құлдық ұрып, кешірім сұрайды. Кенесары жібермейді. «Бар, кет, енді маған ұшыраушы болма!..» дейді. Содан кейін ордасында өзі жалғыз қалғанда қатты қапаланып тұрып өзінен-өзі сөйлеп патша үкіметінің ұлықтарына жағынып, шен-шекпен, «дәреже», «орын» алған Мұса «мырза», Құдайменде төре, Рүстем тере сияқтылардың істеріне күйзеліп назаланады: «Ай, шіркіндер-ай: тілесем мен де солардың бірі құрлы «дәреже» орын, шен алар едім ғой. Бірақ, иенін мақсатым өз қара басымның дәрежесі ме? Менің мақсатым қалын елдің қамы емес пе!» — дегендей «сырын» айтады. Міне, пьесаның бұл арасы қарап отырған аңқау жұрттың көбін нандырып, Кенесарыға мүлде тартып әкетеді. Пьесаның негізгі мәні Кенесарының осы «сыры» болып шығады. Ал, біздіңше, Кенесарының ең шын сыры, социалдық тапшылдық сыры бұл емес, оның шын сыры — хан болу. Мұны театрдың бастықтары да, жазушының өзі де айтады. Бірақ театрда көрсетілгенде пьесаның негізгі мәні Кенесарының әлгі өзі айтқан «Халықшылдық» «сыры» болып шыққан. Ал пьесаның негізгі «сыры» солай болып шықса, пьесада суреттелетін ең басты адамдар: Кенесарының өзі мен оның қарындасы — Бопай және Наурызбай үшеуі болса, мұның үшеуі де басынан ақырына шейін үлгі болғандай қаһарман болса, бірі қиырға көз салған «Халықшыл» қайыспас батыр болса, бірі «әйел болса да ерден артық» ақылды, әмірші, көсем ер қыз болса, бірі қылшылдаған алмас қылыштай, қайратына ие болмаған, қарсы келген өлімнен кірпік қағып жасқанбайтын батыр болса, міне, мұндай пьеса аңқау жұрт арасында хандарды, ханның балаларын, олардың сондай болып көрінген «қасиеттерін» кұрметтеп үлгі қылатын сезім туғызбай ма?.. Ал олардың сондай көрінген «қасиеттерін» құрмет-үлгі қылатын сезім туғызса және олардың жауласқан жауы жеңілсе екен деген сезім туғызбай ма? Айналып келгенде, ол сезім — жат сезім ұлтшылдық сезім емес пе? Және Кенесары мен Наурызбай қырғыздардың қолында өлерінде өлімнен кірпік қағып жасқанбай, ерлердің еріндей тұрып өледі. Өлтіреміз деп келген еркек әйелдердің ішінен Кенесарының алдына келіп, пышақ ұстап тұрған әйелге Кенесары түрегеп тұрып: «Қас батырдың ажалы қағыннан деп еді — келсең кел!» деп тұрады. Қатын келіп, пышағын сұғып жатқанда да кірпік қақпай өліп кетеді. Және қолы шынжырлаулы тұрған Наурызбай пышақ салуға оқталған қатынды қағып жіберіп, қырғыздың еркектеріне:

«Ай, иттер, еркектерің жоқ па!..» деп еркектердің қолынан өледі. Міне, осының бәрін қосып алғанда, «Хан Кене» пьесасы бір-біріне жалғасқан сезім мен ұлтшылдық сезім туғызатын пьеса болып шыққан. Тұтасқанда осындай сезім туғызатын әлгі айтқан суреттерді, әлгі айтқан жігіттерді мен мысал қылып айтқанда құлпырған жасыл жібек жаймаға теңедім.

Ал енді «қызыл қошқыл жамауларға» келейік.

Бұл жамаулар екі мақсатпен жамалған жамаулар сияқты. Бір мақсат — хандардың және олардың табының қанаушы екендігін көрсетпек болған жамаулар. Олар мыналар: Кенесарының әкесіне ас беріп, ат шаптырғанда балаларын ат бәйгесіне тіккен қатындардың шулап, жылап шығуы және сол қатындардың арасынан шыққан Ғалымжан Ыбырайымұлының «Қазақ қызы» атты романындағы байдың жігітін балағаттайтын кемпірі сияқты кемпір. Сол ас беріп хан көтерілген жердегі Ұлы жүз қазақтарының кейбіреулерінің шашыранды сөздері. Ал қанаушы екендігін әлгі кемпір Кенесарының көзіне айтады. Қарғайды... Кенесары тобының соңынан қалмай жүріп ханның, хан тұқымының қанаушы екендігін айтады. Қырғызбен соғысып жатқан Алатау асуындағы Кенесары тобына келеді. Бұл арада Ғалымжанның романындағы кемпірден асып кетеді. Кенесарының тобын тастап кетуге толықсып тұрған 4 — 5 дулат жігіттеріне ұшырасады. Олар: «Кімсің? Қырғыз әйелімісің, қазақ әйелімісің?» — деп сұраса: «Мен анаңмын» дейді кемпір қаһарлы дауыспен. Кенесарының жауыздығын айтады, қарғайды. Ақырында, 4 — 5 дулат жігіті ол кемпірді қырғыздардың көпшілігіне — бұқарасына жібереді... «Біздің өзіміздің билерімізде, ақсақалдарымызда жұмысымыз жоқ. Олар өздері қырғыздың манаптарымен байланысты» дейді. Бүкірейген кемпір Алатауға өрлеп барып, қырғыз бұқараларынан кісілер ертіп келеді. Олар әлгі қазақтармен қол алысып бір туысқан болып, Кенесарыға болыспауға уәделеседі. Сонан соң Кенесары — Наурызбай тұтқынға түсіп, қырғыз қолында жатқанда, қырғыздың ерлері өліп, күйінген қатындарын, туысқандары өліп күйінген еркектерін әлгі кемпір бастап Кенесары — Наурызбай отырған үйге келеді. Жан күйінділер Кенесары — Наурызбайды өлтіргеңде кемпір шыға келіп жауыз ханның жауыз тұқымдарының қанаушы жауыздығын айтады. Міне, осының бәрі тым сөлекет көрсетілген. Тым сөлекет жапсырылған. Қарап отырған жұрттың көпшілігін нандыра алмайтындай қылып көрсетілген. Нақ сондықтан сөлекет жамау сияқты болып шыққан. Нақ сондықтан қарап отырған жұрттың көпшілігі «Хан Кене» театрда алғаш қойылған күні манағы балалары аттың бәйгісіне тігілген қатындардың шулап жылап шыққанын және әлгі кемпірдің жүріс-тұрысын тым ыңғайсыз көріп отырды. Қартап, ханның тұқымының жауыздығын әшкерелеп жүргенінің біріне Наурызбай кез болып қалып, кемпірді тепкілеп, шашын кесіп алады. Сонда аңқау жұрттың қол шапалақтағандары да болды... Міне, бұл, әлгі қатыңдардың көрінісін және кемпірдің әрекетін сөлекет қылып оңай ғана жамай алғандықтан туған нәрсе деп білем. Шынында, әркім ойлап қараса да бұлардың тым жеңіл, тым сөлекет, тым арзан жамалған зат екенін көрмей ме?.. Бүкірейген, таяққа таянған қазақ кемпірі Кенесары тобының барған жеріне барады. Алатаудың бетінде соғысып жатқан Hayрызбайға барады. Алатауға шығып, аттап барып қырғыздарды ертіп әкеледі. Соңынан қырғыз елінен Кенесары — Наурызбай лаңынан өлгендердің қатын-қалаштары мен жігіт-желендерімен келіп, Кенесары — Наурызбайды өлтіргеннің басында болып, хан тұқымының жауыз екендігін сөйлеп, пьесаның ақырғы тапшыл сөзін айтады. Бұған қарап отырған жұртта екі пікір туады. Бірсыпыра жұртты бұл нандыра алмайды. Ол — бір. Екінші пікір — аңқау жұрттың көпшілігі пьеса біткенде мынадай ой ойлап шығарады... «Бұл кемпір болмаса, Кенесары оның қарғысына ұшырамаса, Наурызбай сәл ақылдылау болса Кенесары дегеніне жетер еді-ау...» дейді. ...Мұны мен кейбіреулерден ауызша да есіттім. Және бағанағы қатындар бірден шулап шыға келді: «Балаларымызды аттың бәйгісіне тікті...» дейді, қазақ пен қырғыз бұқаралары әлгі кемпір арқылы туысқандаса қояды. Міне, осының бәрі тым жеңіл, тым оңай істелген жамау болғандықтан театрда қарап отырған аңқау жұрттың көпшілігі бұларға зейін бөлмейді. Ал жамаулардың екінші бір түрлерінің мақсаты — хан тұқымының азғындығын көрсетпек мақсатпен жамалған жамаулар. Мысалы, ол — Наурызбайдың әз қарындасын сүюі. Міне, қырғыздармен соғысып жатқандарында да, топ жинап, ел шауып жатқандарында да осы мақсатпен Наурызбай өз қарындасын қайта-қайта құшақтап, былш-былш сүйе береді. Менің ойымша, бұл сөлекеттеу жамау сияқты. Бұл да қарап отырған жұрттың көпшілігін онша нандыра алмайды... Соғысып жатқандарында, сөйтіп өз қарындасын құшақтап жүрді ме екен?.. Және ханның тұқымының азғындығын жалғыз Наурызбайдың өз қарындасын сүйгені ғана көрсете алады да өзге заттар көрсете алмай ма екен?.. Бұл пьесаның жазушысы Мұхтар Әуезұлының бір мінезі — «бұрын үлгі қылған қаһарманын жақын қарындасына ғашық» қылушы еді. Мысалы «Қара көз» атты пьесасында Мұхтардың жұртқа үлгі қылған, үлгілі деген бас қаһарманын жақын қарындасына ғашық қылады. Ал «Хан Кенеде» Наурызбай жақын қарындасын соғыс үстінде құшақтап жүрді. Сонда ол не мақсатпен көрсетілген болады? Әрине, мен мұны азғындықты көрсетпек болғаны деймін. Бірақ, олай десем, Мұхтар «Қара көзінде», бұрын Наркомпростан бәйге алған «Қара көзінде», жұртқа үлгі қылып көрсеткен бас қаһарманын жақын қарындасына ғашық қылып сандалтады.

...Азырақ осы арасын ыңғайсыз көрем.

Және «Хан Кенеде» тек Наурызбай ғана жақын өз қарындасын «сүйеді», өзгелері бұған өте қарсы болады. Бұған алдымен Кенесары қарсы болады. Және оның әлгі ер, ақылды болып суреттелген қарындасы — Бопай қыз қарсы болады. Сондықтан білініп қалғанда Кенесары Наурызбайды өлім жазасына да бұйырады... Бұл қалай?.. Азғындық тек қарындасын сүюмен сипатталатын болса, қарсы болған Бопай қыз бен Кенесары азбаған жандар болғаны ма?.. Бұл да ыңғайсыз жәйт. Мен жоғарыда «Хан Кене» пьесасы қазақ жерлерінің әр тұсынан ішке кіріп келе жатқан патша үкіметінің әскери күшіне қарсы Арқадағы қалың Қазақ көпшілігінің көтеріліс шабуылдарын көрсете алмаған дедім... Ал, оны қоя тұрғанда да, Кенесары — Наурызбай қырғыз еліне келіп соқтығып, соғысып қолға түсетін уақиғаның да тарихи шындығын көрсете алмаған дедім. «Хан Кенеде» тек қана Нысамбай ақынның жырындағы кейбір шолақ мағлұматтардан аса алмаған. Мұнда қазақ, қырғыз көпшілігін көрсете алмаған. Ағыбай сияқты батырлардың ісін көрсете алмаған. Шапырашты Саурық батырдың тіпті аты аталмайды. Ал, шынында, бұл батырдың көп істері болғаны белгілі. Ағыбайды әскер бастық — «командарм» сияқты қылып көрсетпек болған. Бірақ олай да қылып көрсете алмаған. Шынында, белгілі мағлұматтардың айтуынша Ағыбай әскер бастық болмаған: тек «жер білгіш», «ел тапқыш», «жол тапқын» адам саналған. Кенесарының әкесінің әкесі Абылай хан қалмақ елімен соғысып жүргендегі бір аттанысын әңгіме қылған Мағжанның әлгі «Батыр Баян» деген әңгімелі өлеңінде, Абылайдың қолының жол басшысы — Бұғыбай басшы еді дейді:

«...Тартты қол. Қалды елдер. Қалың белдер.
Бастаған Бұғыбай басшы қол көрмес шел.
Бірнеше тәулік бойы тынбай тартып,
Қол енді жүрді бойлап бір айдын кел».

Міие, осының қайсысы рас?.. Бұғыбай қай заманда болған адам? Тіпті Бұғыбай Кенесарыдан да, Абылайдан да бұрын болған адам емес пе екен?.. Және ең бір еске алатын жер «Кенесары біраз қазақты аз уақыт ертіп, қырғыз елімен соғысқан жерде патша үкіметінің екі жаққа астыртын салған, екі елді біріне-бірін айдап салған астыртын жүргізген әрекеті жоқ па екен?.. Менің ойымша, бір жағы, бабасының құлаған хандығын қайта тұрғызам деп аласұрған Кенесары қырғызды бағындырып алғысы келсе, екінші жағынан, патша үкіметінің қазақ пен қырғыздың бірін-біріне қарсы айдап салған астыртын әрекеті де болды ғой деймін. Өйткені, патша үкіметінің бір ұлтты екінші ұлтқа жау қылып айдап салатын саясаты болғандығы жалпы белгілі нәрсе. Онан соң сол Кенесары қырғыз еліне келген кездегі және одан бұрын да, патша үкіметінің ұлықтары қырғыз манаптары мен рудың бастық, билерімен байланыс жасап жүргендері тарихи мәліметтерден белгілі. Тіпті, Кенесары қырғыз елінің шегіне келіп, Бекбатыр дегенді бас қылып, қырғыз билеріне, манаптарына сөз салып жатқан кезінде, патша әскерінің Аягөз бойына келген бір отрядының бастығы жасауыл Нұқалов деген 1846-жылы қырғыз манаптарына, ру басшыларына астыртын хат жазып «Кенесарыны жойыңдар, Кенесары сендерге де, патшаға да дұшпан, сендерге патша үкіметі жәрдемдес болады» деп өкілдер жібереді. Нұқаловтың қасында Кенесарының әкесі Қасым төренің достары: Сөк төре, Әлі төре, Әділ төрелер болды. Және оларға Барақ төре Солтыбайұлы, Бөлең төре Шаңқайұлдары қосылады. Бұлармен бірге және бірсыпыра би-байлар болады. Мұны орыс тіліңде Недзевский дегеннің «Жетісу облысы туралы ескерткіш кітапша» деген 1905 жылы басылған кітапшасының 11-бетінде айтады. Көтеріліс қылып жүрген қазақ көпшілігі патшаның осындай әскерлерімен де соғысып жүрген... Ал көтеріліс қылып жүрген Қазақтармен соғысып, соларды басуға қырды кезіп қазақ жерлерінің түкпіріне келген патша үкіметінің бір қосынының бастығы жасауыл Нұқаловтың немесе сол сияқты әскер бастықтардың тағы да қазақ билеріне, және Кенесарының өзіне де екінші түрлі сөздер жазып, астыртын өкілдер жіберіп ұйтқытбағанын кім біледі?.. Патшаға қарсы көтеріліп майданға шыққан Арғын елінің әуелі Кенесарының әкесі Қасымды, сонан соң Кенесарының өзін біраз уақыт бастық қылып айырылған. Сол айырылған бастықтарға патша әскерінің бастықтары хат жазып солардың бірсыпырасын өзіне ертіп алғанын біз білеміз. Оны біздің білетініміз, сондағы патша үкіметіне қарсы қозғалып, көтеріліс. қылатын Арғын ішіндегі бұтақтарының бірі, жоғарыда айтылған Алтай, Тоқа (Қарпық) деген елдер, біздің елдер еді... Солардың бәріне патшаның атынан сый, «шен» бергенін, медаль бергенін білеміз. Патша үкіметінің өз «батырларына» беретін медалінің ең қадірлісі — Георгий кресін де бергенін білеміз. Біз алғаш әліп-би оқып жүрген кезімізде біздің елде Қыздарбек деген ақсақалды қартты көрдім. Өзі ірі тұқымның билеу-байлау адамы еді. Сол кісінің патша үкіметінен алған Георгий кресі бар еді. «Қалай алдыңыз?.. Не үшін берді?» дегенде, «патшаға қарсы көтеріліп жүрген жұртқа ермей қалып, сонан соң патша әскеріне еріп жүргенімде, бір жерде келе жатқанымызда патша әскеріне Қазақтар тиіп қалды. Сонда соғысқа кіргендігім үшін берген еді...» дейтін. Онан соң «Кенесарының тобын тастап, патша әскеріне қосылған пәленге, түгенге осындай крест берді. Сонда, Қаңтар деген батырлау кісі біресе Кенесарыға барып, біресе патшаның әскер бастық ұлықтарына келіп жүріп еді... Ол да медаль алған еді...» дейтін еді. Қаңтар ауылы бұрын ірі-күшті ауылдың бірі болған. Және, әлгіде айттым ғой. Әлгі патша әскерінің бір қосынының бастығы Нұқалов қырғыз манаптарына, қырғыз ру бастықтарына әлгідей астыртын хат жазып, өкілдер жіберген деп. Және, сол сияқты, олар қазақ билеріне де, тіпті, Кенесарының өзіне де астыртын хаттар жазып, кісілер жіберіп әрекет қылып қазақ пен қырғызды бір-бірімен соғысқа ұйытқуы да мүмкін дедім. Міне, осы жағдайды да еске алуы керек еді. Орыс жазушысы Смирнов дегеннің кітабының 18-бетінде мынадай сөз бар: 1846 жылы қырғыздың Қалша деген биі арқылы Кенесары қырғыздың ру бастықтарына хат жазады. Хатында «мен бұл жаққа сендермен жауласқалы келгенім жоқ, қырғыз, қазақтың басын қосып, Қоқанның қысымынан құтқарайын деп келдім...»дейді. Кенесарының бүйтіп жазғаны рас болса, бұл — бір жағынан Кенесарының саясаты, дипломатиясы болса, екінші жағынан — бұдан патша үкіметінің әскери бастық, ұлықтарына да жасырын жасаған әрекеттерінің иістері сезіледі... Міне «Хан Кене» пьесасында, осындай тарихи істердің негізгі жайттарын көрсету керек еді. Онан соң қырғыз манаптары, ру бастықтары қазақ төрелері сияқты Кенесары заманынан бұрын да патша үкіметімен байланысты болғаны белгілі. Академик Бартольдтің кітабында мынадай сөздер бар. «1824 жылы қырғыз Шерәлі бидің баласы Қойшыбек бірнеше жолдастарымен Ыстықкөлден Сібірге барып, Сібірдің Глазунов деген генерал-губернаторына жолығып қайтқан. Ресей керуеніне жәрдем бергені үшін Қойшыбекке капитан шенін берген, алтын медаль мен қылыш берген... 1824-25 жылдарда қырғыздардың өкілдері Семейге келіп қайтқан. Оларды Семейден патша әскерінен бір отряд Ыстықкөлге шығарып салған...» дейді. «Хан Кене» пьесасындағы Арқадағы қалың қазақ еңбекші бұқара көпшілігінің патша үкіметіне қарсы қозғалыстары көрсетілмесе, қазақ төрелерімен, Қазақ бай-билерімен патша үкіметінің неше түрлі қатыс-байланыстары да өзінің тиістісіндей көрсетілмейді. Тек бұл туралы бірен-саран сөздер ғана айтылады және ол сөздер елеусіз қалып отырады. Ал, қырғыз еліндегі бұл жайттар тіпті ауызға да алынбайды. Қысқасы осының бәрін айта келгенде, бізге: Кенесары, Наурызбайдың өз бастарының өмір уақиғасын көрсетуден гөрі, қырғыз елімен соғысын көрсетуден гөрі, сол замандағы қазақ елінің қалың бұқара еңбекші көпшілігінің патша үкіметіне қарсы, оның ел ішіне кіріп келе жатқан әскерлеріне қарсы, салған бекініс әскер қалаларына қарсы қылған көтерілістерін, қарсы шабуылдарын, қалың қозғалысын көрсету керек еді. Ал Кенесары, Наурызбай көрсетілгенде, тек сол қозғалыстарды пайдаланып, өзінің атасының — Абылайдың одан 70 — 80 жыл бұрын құлаған хандығын қайта тұрғызбақ болғандығын суреттей көрсету керек еді. Тарихи шындық сол еді. Бұл бір. Ал, екінші, олай болмаған күнде, Кенесары, Наурызбайдың тек қырғызбен соғысқанын көрсететін болғанда, онда да әлгі айтылған тарихи шындықтарды көрсету керек еді. Мұнда да, қырғызға да, Кенесарыға да, төрелерге де патша үкіметінің жұмсаған, қолданған түрлі әрекеттерін, құпия, жария әрекеттерін көрсету керек еді. Және мұнда да, Кенесарының қазақ қозғалысын пайдаланып жүргенін айқын көрсетіп, ақырында Қазақ көпшілігінің оны тастап кеткенін айқындап көрсету керек еді. Онан соң манағы айтылған оңай, сөлекет «жамауларды» жамау қылып көрсетпей, негізгі жайманың түрлері қылып көрсету керек еді. Және қарап отырған жұртты нандыратындай қылып көрсету керек еді. Екінші мысалмен айтқанда да, ол «жауларды» жамау қылмай, жайма кілемнің өрнек түрлері қылып көрсетсе, көрген жұртты нандырып, назарын аударып алар еді. Ал өйту үшін, әлгі шет жағалары айтылған сол замандағы тарихи, саяси, социалшылдық, таптық шындықтардың керекті жерлерін мықтап көрсету керек еді. Әрине, бір пьесаға бір елдің тарихы сыймайды. Бірақ, әйткенмен, бір пьесада тарихтың бір дәуірінің бір кесіндісін көрсетуге болар еді ғой. Жазушы мен кейбір жолдастар айтады: «Хан кенеде» тек хандықтың құлағаны көрсетіледі» дейді. Бұл да онша дұрыстау емес. Хандық Кенесарының әкесінің әкесі Абылай ханның ақырғы жылдарында-ақ құлап қалған (Абылай 1781 жылы өлген). Мұны белгілі Шәкәрім Құдайбердіұлы өзінің 1915 жылы шығарған «шежіресінде» анықтап айтады. Абылай хан, Кенесарының бабасы, хан болып отырған Орта жүзден соңғы жылдарында сырғып көшіп Ұлы жүз ішіне кетеді... Тарихи шындық ретінен, Кенесары уақиғасы хандықтың құлағанын көрсете алмайды. 70 жыл бұрын құлаған бабасының хандығын қайта тұрғызбақ болған әрекетті көрсетеді... Мен мұны жазғанда, өзіміздің театрды мінейін деп яки болмаса бұл пьесаны жазған Мұхтарды мінейін деп жазып отырғаным жоқ. Анау күні болған мәжілістерде өзімнің осы пікірімді айтқандығымнан «Сол айтқанды жазып бер» деген соң, біздің театрға да, жазушы Мұхтарға да бұл сөздердің аз болса да жәрдемі болар деп жазып отырмын. «Хан Кене» туралы айтылған осындай пікірлерді, осындай тарихи мағлұматтарды молырақ жинап, Мұхтар мен театрымыз «Хан Кене» пьесасын қайта түзеп, жөндеп шығарар деп сенем. Театрымыздың қазір едәуір тәжірибесі, ысылғандығы бар екендігі айқын. Және Мұхтар қазіргі Қазақстандағы білімді, зор драмашымыз. Пьесаның кемістіктерін көрсетіп, білген тарихи мағлұматтардың шет жағаларын көрсетуіміз өсіп қалған театрымызға және білімді, күшті драмашымызға аз да болса көмек болар деп сенем...

ЕНДІ «ХАН КЕНЕНІҢ» ОЙНАЛУЫ ТУРАЛЫ

Енді театрдың «Хан Кенені» ойнауы туралы бір-екі ауыз сөз айтайын: толықтауын кейін айтармыз... «Айман-Шолпан» мен «Хан Кене» — қиын пьесалар. Қиындығы сол: «Айман-Шолпан» әртістің әртістік ойнаушылығымен бірге әртістің сомдалған, әдемі, жарамды дауысын керек қылатын пьеса. Міне сондықтан «Айман-Шолпан» әртіс таңдайтын, әртісті сынайтын пьеса. Сондықтан «Айман-Шолпандағы» бірсыпыра басты ролдерді әртістер көңілдегідей шығара алмай қойды. Әсіресе, Әлібек, Арыстан рөлдерін шығара алмай қойды... Ал «Хан Кене» де әртіс тандайтын, әртіс сынайтын пьеса. Әрине қандай пьеса болса да әртісті сынға салады. Бірақ, мұндай пьесалар өте-мөте әртіс таңдайды. Ал осы екі пьесада әртістер өздерінің қандай екендіктерін көрсетті? Театр қандай екенін көрсетті? Менің қарауымша, «Хан Кененің» бас адамдарын ойнаған әртістердің (Наурызбай рөлін ойнаған Елубай, Бопай қыз рөлін ойнаған Мәлике, Кәрібоз рөлін ойнаған Қапан) үшеуі де пьеса бойынша рөлдерін жақсы меңгеріп ойнады, өздерінің қиын ірі ролдерді де меңгеруге жарап қалғандықтарын көрсетті. Хан Кененің рөлін ойнаған Қалыбек те Кененің пьесадағы рөлін тәуір алып барды. Бірақ, бәрінен қиын рол Хан Кененің ролі еді, сондықтан Қалыбек Кененің ішкі жан, сезім кұбылыстарын тапқан, яки қою түрде көрсете алмады. Бүл 4 әртіс — Елубай, Қапан, Мәлике, Қалыбек және Серке біздің театрдың бас әртістері. Сондықтан, бұл күнде бұларға жүктейтін біздің міндетіміз де жеңіл емес деп білу керек... Бұл төрт әртістің тұрпат, сурет, бет құбылысы, шырай, ойын, үн, қимылдарындағы мен байқаған уақ кемістіктер мыналар болды. Бұл 4 әртістің төртеуі де кейде қызулық қимылының мөлшерін сақтай алмай қалатын сияқты. Ал Қалыбек жан құбылысын кейде жеткізе алмай қалады. Және, бұлар кейде үн кұбырлысының да мөлшерін сақтай алмай қалады. Әсіресе Мәликеде бар ол мінез. Бұл үн құбылысының мөлшерін сақтай алмай қалу біздің әртістердің бәрінде де бар. Бірақ Елубай, Қапан, Қалыбек, Мәлике сияқты ірі әртістеріміз бұл кемістікті де жеңуге тиіс. Қалай дегенмен бүл 4 әртіс қабырғалы әртіс болып қалғандықтарын көрсетті. Бірақ, енді, бұлар ойнаған рөлдерінің ішкі сезім, жан құбылыстарын типіне қарай тереңдетіп, қоюлатып, шаңқандатып көрсетуді алдарына қоюлары керек. Үн құбылыстарының, қимылдарының мөлшерлерін анықтауға тырысулары керек. Онан соң, Бұғыбайды ойнаған Серке көңілдегідей шығара алмады ғой деймін. Оның көңілдегідей шығара алмағаны Бұғыбайдың Бұғыбай болып жазылмай, «командир» болып жазылғандығынан ғой деймін. Әйтпесе, Серке де басты ірі әртістеріміздің бірі емес пе... Ал батырлардың рөлдерін ойнаған әртістер батырлардың тұрпат, суреттерін шығара алмады. Мұны режиссер көбірек ойлауы керек еді. Онан соң, театрымыздың айтарлық жетістіктерінің бірі — қазіргі театр үйіндей тар аялы сахнаға бірінші мәртебе тірі атты шығаруы. Рас бұл жетіскендік. Наурызбай, Кенесарының пайдасына яки бөтен пайдасына шығып кеткендігі болмаса, қазақ театрына тірі атты шығара білгендік айтарлықтай жетіскендіктің бірі болуға тиіс. Онан соң «Хан Кененің» ойынының кей кездерімен қабаттасып отыратын Қорқыт күйлеріндей күйлерден басқа күйлері де театрымыздың ірі жетіскендігінің бірі. Бірақ бұл күйлерді Кенесары мен Наурызбайларды көтермелеуге пайдаланған («Ақбоз ат» сияқты). Егер осы күйлер Кенелерге емес патша үкіметіне қарсы қозғалыстың пайдасына жұмсалса орынды болар еді. Бірақ, біздің театр әлі де киімге кедей. Қаһармандар аста киіп жүрген киімдерін соғыста да киіп жүреді. Кенесарының әкесінің асында киіп жүрген қызыл, жасыл барқыт киімдерін бәрі де соғыста жүргендерінде де киіп жүрді. Сондай нәрселерден өздері де тұрмысқа жанаспай жүрсе, театрдың ұтылуы күшейе береді... Бүл жағдай «Айман-Шолпанда» тіпті оғаш тұрады. Ала шапан, барқыт шалбар киіп, қолына шолақ қамшы ұстап тойға барған Көтібар батыр, оқалы тонды інісі Арыстан Маман сияқты дүрілдеп тұрған «ойда орыс, қырда қазаққа» ықпалы жүріп тұрған, елден асқан байдың ауылын шауып, қыздарын жесір қылып алып қайтады. Сонда өзі екі-ақ кісі, қолдарында шолақ қамшы, бірінің белбеуінде қарыстай тана кездік... Осының өзі күлдіргі. Бірақ театрдың, не болмаса, пьесаның пайдасына шығатын күлдіргі емес!.. Иә, мен бұл арада «Айман-Шолпанды» айтып кеттім. Бұл туралы кейін сөйлесерміз... «Хан Кене» пьесасын ойнағанда театрдың киімге әлі де кедей екендігі айтарлықтай көрініп қалды. Қалай дегенмен, театрымыз әлі де ілгерілер деп сенеміз. Ал «Хан Кене» пьесасы түзелер деп сенеміз!

3-маусым, 1934 жыл

СЪЕЗІМІЗ ӨСУ БЕЛГІСІ БОЛДЫ

Жолдастар!

Мен 3-4 күннен бері сөйлеген кейбір жолдастардың кейбір сөздері туралы сөйлемекпін. 3-4 күннен бері осында һәр түрлі мәселелерде әр түрлі пікірлер айтылды. Мен сол түрлі мәселелердегі түрлі пікірлердің менің ойымша дұрыс-терістігі туралы айтатын болғандықтан сөздерім шашыраңқы болады. Және уақыт аз болғандықтан сөздерім қысқа-қысқа болады, оны кешірерсіздер. Сөз сөйлеген жолдастардың түрлі пікірлері туралы сөйлеуден бұрын тек бір ғана айтатын сөзім — сөйлеген жолдастардың жалпы тоны, жалпы сөз сөйлеу әдеті туралы. Жолдастардың кейбіреулері сөйлеген сөзін, айтқан пікірін тек өз пікірі қыла сөйледі. Міне бұл өз пікіріне өзі сын көзімен байқап қарағандықтың белгісі ғой деймін. Бұл бұрынғыдан көрі ілгері басқандық белгісі. Мұндай өз білімін өзі өлшеп сөйлеушілік біздің Қазақстанда аз кездесетін әдет еді. Жолдастардың кейбіреулерінің осындай өз біліміне өзі сын көзімен қарай бастап, өз білімін өзі салмақтап өлшей сөйлеуі — бізде шын білімнің не екенін жұрттың біле бастағанының белгісі ғой деймін. Өз біліміне өзі сын көзімен қарай сөйлеушілікті мен, мысалы Сәбиттің, Рақым Уәлиахметұлының, Мәсәлімұлының және біраз жолдастардың сөздерінен көрдім. Ал екінші бір жолдастар баяғы өздерінің аз шолақ білімдерімен айтқан пікірлері қатесіз пікір сияқты қыла сөйлеуден әлі де ілгері баса алмағандықтарын көрсетеді. Мұндай жолдастардың жалпы сөйлеген сөздерінің тондарына, үн түрлеріне қарасаңыз — өздерінің аз саяз, шолақ пікірлерін жұртқа заң қыла сөйлеушілік болып тұрады. Мұндай жолдастар өздерінің саяз, шолақ пікірлерін ортадоксия қыла сөйлейді. Әрине бұл білім, мәдениет майданында ілгері басқандық белгісі емес, мұндай әдет әлі де саяз жатқан, әлі де шолақ жатқан надандықтың белгісі. Осындай өз сөзін заң сияқты қыла сөйлеу, өзінің аз білімін ортадоксия, қатесіз бәтуа қыла сөйлеу бірнеше жолдастардың үн екпіндерінен, тондарынан көрінеді. Бұл мінез әсіресе Баталов жолдастан көрінді. Әлі де біздің жолдастар өз білімдеріне өздері сын көзімен қараңқырауы керек қой деймін. Ал енді кей жолдастардың түрлі сөздеріне келейік. 1. Жантілеуұлының сөзі туралы

Қазақ тілін менсінбеушілік Ең алдымен Жантілеуұлының бір сөзі туралы айтайық. Бұл кісі: «Қазақ өлеңдері болмағандықтан, қазақ балалары лажсыз орыс өлеңдерін үйреніп, айтып жырлайды» деді. Менің білуімше бұл сөз қате айтылған сөз. Қазақ балаларына яғни жас пионерлерге арналып жазылған біздің жақсы өлеңдеріміз жоқтың қасы екені рас. Бірақ, қазақ балаларының тек орысша өлең айтып, қазақша өлеңдерді білмейтін себептерінің негізі жолдас Жантілеуов айтқандай емес, одан басқа. Бірінші, Қазақ балалары (әсіресе қаладағы балалар) күнбе-күн орыс балаларымен ойнайды. Соларға араласып жүреді. Сондықтан орыс балаларының өлеңдерін үйренеді. Бұл жаман емес. Бізге қазақ тілімен бірге орыс тілі де қажет. Орыс пролетариатының басшылығымен Октябрь төңкерісін жасап, мәдениеттің ілгері саясатына аяқ басып отырмыз. Бұл реттегі қазақ балаларының өз тілімен бірге орысша үйреніп, орысша өлең айтуларын мен дұрыс нәрсе деп білем. Ал қазақ балаларының қазақша өлең айтпай тек ғана орысша өлең айтуының екінші себебі бар. Ол қазақ тілін менсінбеушілік себебінен туып отырған нәрсе. Алдымен қазақ тілін менсінбейтін патша заманының масқара тәрбиесінен аршылып кете алмай жүрген қазақтың шала оқыған, саяз білімді интеллигенциясымақтары. Міне бұлардың балалары қазақша өлең айту былай тұрсын, қазақша бір ауыз сөз білмейді. Мен мысал келтірейін. Былтыр осы тау етегіндегі «Каменский плац» дейтін қурортта болдым. Он шақты қазақ оқығансымақтары бала-шағаларымен сол қурортта жатады екен. Менің үйімнің сыртында сұңқылдатып бірнеше балалар орысша ән салып, орысша өлең айтып отырды. Тысқа шығып қарасам Қасаболатұлының балалары мен бірнеше қазақ интеллентсымақтарының балалары екен. Қастарына барып «Балалар, қазақша өлең білесіндер ме?» деп едім, қазақша тілдің өзін жөнді білмейді екен. Содан кейін қалада бір күні есік алдында тұр едім, үйдің бұрышын айналып 4 — 5 бала-шаға келді. Біреуі бізбен көршілес қазақтың 7-8 жасар бүйрек бет, шот маңдай қара қызы, өзгелері орыс балалары екен. Орыс балалары әлгі қазақ қызынан бір сөздің қазақшасын сұрады. Қазақ қызы орысшалап «қойыңдаршы, мен қазақша білмеймін!» деді. Сүйтті де әлгі қара қыз «жақсы айтқам жоқ па?» дегендей мақтанған шыраймен маған қарады... Бірде Карл Маркс көшесімен төмен жүріп келе жатыр едім, театрдан төменгі бұрыштағы ақ үйдің қақпа босағасындағы сәкіде 2 — 3 қазақ балалары отыр екен. Балаларының бір ересектеуі (бұл да 7-8 дегі бала) түрегеп, КазПИ жақтан келе жатқан, портфель ұстаған 2-3 қазақ жігітінің біреуіне орысшалап: «Әке, есікте құлып тұр. Апам базарға кетсе керек!..» дейді... («Папа, на дверях замок висит. Мама наверное на базар ушла!) Мен бұларға қарап, шыдай алмай қатты күліп тұрдым. Міне қазақ балаларының қазақша сөйлемейтіні көп. Бұлардың әкелері оқығансымақтау. Қазақ тілін менсінбеген болады!.. Балаларына қазақ тілін менсінбеуді үйретеді. Сүйтеді де керекті жерінде, өздері бір наны көбірек жерге қызметке кіргісі келіп барғанда демагогияға басады: «Қазақтандыру керек!.. Жергіліктендіру керек!.. Біз, қазақ, деп кеудесымағын делдитеді. Тіпті Неколайдың ескі сасық тәрбиесінен қалған нашар құлықты білімі саяз оқығансымақтарды былай қойғанда, тіпті осы қазақ әдебиетшілерінің бірінші съезінде отырған адамдардың балалары түгел қазақша біле ме екен... Мен түгел қазақша біледі деп айта алмаймын... Қане, қайсыңыз айтасыздар, балаларымыз толық қазақша сөйлейді деп? Ал сіздер қазақтың әдебиет тілін жасаймыз деп айтатын адамдарымызсыздар ғой!.. Міне жолдастар, жай солай! Қазақ балалары Қазақша ән мен қазақ өлеңдерін айтпаулары тек қазақша жақсы өлең жоқтықтан ғана емес, оған әлгідей бірнеше себептер бар. Ол себептердің біреулері дұрыстықтан шыққан болса, екінші біреулері әлгідей ескі патшалықтың шірік тәрбиесінің қалдықтарының жетектеуімен шыққан себептер. Орыс тілі бізге керек, қажет тіл. Орыс тілі Октябрь төңкерісінде басшы болған орыс пролетариатының тілі. Ленин тілі. Оны үйрену керек. Ал онымен бірге әзір бұл дәуірде бізге, қазақтарға қазақ тілі де керек. Балаларымыз алдымен қазақ тілін білу керек! Балаларына әке-шешелері алдымен Қазақ тілін үйретулері керек. Ал қазақ тілін менсінбейтін оқығансымақтардың үйінде қазақ тілін менсінбей жұрт алдында демагогияға басып «қазақ әдебиетін жасау керек» деген сөздері ешкімге өтімді болмайды!.. 2. Ілияс Жансүгірұлының сөздері туралы

Әдебиет-мәдениетіміздің ескі мұралары туралы, және тіл туралы Енді жолдас Ілияс Жансүгірұлының баяндамасы туралы. Мен Ілиястың баяндамасына түгелімен қосыламын. Әдебиетіміздің сапасы нашар деген сөз менің де айтып жүрген сөзім. Өзіміз сияқты автономиялы республиқалардан мәдениет-әдебиет ретінде біз көп кейін қалдық деп мен әнеугі газетке берген сөзімде айтқам. Кейін қалғанда сан жағынан гөрі сапа жағынан кейін қалып отырмыз. Ілиястың баяндамасының мен тек бір-екі жерін ашыңқырап кеткім келеді. Ол мыналар: Ілияс айтады: «бізде төңкерістен бұрын Міржақыптың «Бақытсыз Жамалынан» басқа қара сөзбен жазылған шығармалар жоқ еді» дейді. Менің айтатыным: бізде төңкерістен бұрын Міржақыптың «Бақытсыз Жамал» атты романынан басқа да қара сөзбен жазылған романдар, әңгімелер бар еді. Мысалы Аспандияр Көпейұлының жазған «Қалың мал» деген романы бар еді. Мұқаметсәлім Кәшімов жазған «Мұңлы Мария» деген романы бар еді. Және басқалар да бар еді. Біз ескі мұраға шын көзбен қарап, түгел біліп, бүгінгі социалды құрылыс суретін салумен, толық тұлғасын көрсетумен социалдық реализмді қолданамыз. Сондықтан ескі әдебиетімізді түгел білуіміз керек деймін. Онан соң Ілияс жолдас тіл кемістігін айтты. Кейбіреулердің жаңа сөз кіргіземін деп тілді бүлдіретінін айтты. Әрине бұл дұрыс пікір. Бірақ, қазақ тілі әлі кедейлеу тіл. Кейде қиялдағы, ойыңдағы сөзіңді толық айта алмайсың, тіл жетпейді. Сөз жетпейді. Мен былтыр бірде бауда тұрып, баудағы неше түрлі гүлдердің әдемі сұлу түрлерін, олардың неше түрлі әдемі жұпар иістерін айтайын деп толық айта алмадым. Көңілімде сайрап тұр, бірақ тіл жетпейді... Өтірік пе осы?.. Қайсыңның тілдерің жетеді, айтыңдаршы!.. Міне сондықтан кейбір жаңа сөздерді көрінісімен маңдайға ұрмау керек... Кейбір жаңа сөздер, жаңа сөз құрылыстары орынды айтылса жұртқа сіңіп те кетуі мүмкін. Қажет болған жаңа сөзді халық сөзінен тауып алу керек. Әрине жаңа сөз кіргізгенде, жаңа сөйлем кіргізгенде өте қатты байқап, маңыздап, салмақтап алу керек. Төңкерістің бас кезінде алашордадан шыққан жазушылар центральный деген сөзді кіндік деп қазақшылап жазып жүрді. «Председатель» деген сөзді «басшы», «басы» деп жазып жүрді. Мен осындай сөздер туралы мақала жазып, «централный» деген сөзді кіндік деуді лайық көрмей «орталық» деп алайық дедім. «Басшы», «басы» деген сөзді — «төраға» деп алайық дедім. Біраздан соң осы сөздер жұртқа сіңіп кетті. Міне сондықтан кейбір керекті жаңа сөзді, жаңа сөйлемдерді шығысымен мандайға ұрмау керек. Мысалы, Ілияс дұрыс емес деп айтқан «тұщы шырай» деген сияқты сөз байламдары жұртқа сіңіп те кетуі мүмкін. Және Ілияс кейбір ақындарда көп кез келетін, бір қатар сөздердің басқы дыбыстарын ылғи бір дыбыспен бастастырып айтудың дұрыс, дұрыс емесін айтты. Шынында ондай әдіс қазақтың ескі ауыз әдебиетінде көп кез келетін жәйт. Мысалы «Жатқанға жан жуымайды, жүргенге жөргем ілігеді» деген мақалдағы сөздердің басқы дыбыстары ылғи «ж»-мен қазақ әдебиетінде кегі кездеседі, бірақ, онда бұл тәсіл мөлшерімен істелген болады. Ал қазіргі ақындардың өлең жазушы, мақала жазушылардың кейбіреулері мұның мөлшерін білмей, дәмін кетіріп жүр. Сорпаға тұзды мөлшерін біліп салса тұз сорпаның дәмін келтіреді, артық салсаң сорпаны іше алмайсың. Шайға салған шекер де сондай... Сонан соң жолдас Ілияс, «бізде ауыз әдебиеттен басқа Көркем өнер мұрасы (мысалы, сурет, кесте, өрнек, ою сияқты өнерлер) жоқтың қасында, ауыз әдебиетіміз бай» деді. Біздің ауыз әдебиетіміз байлау екені рас. Сонан соң кесте, өрнек, ою сияқты Көркем өнер мұралары да бізде аз емес. Бірақ, оларды жөндеп жинаған орын жоқ. Мысалы, кілем түрлері, шым-ши түрлері, неше түрлі қошқар мүйіз кестелер, күміс өрнектер, сүйек ағаш, шұға оюшылар сияқты өнерлер бізде аз емес, біздің музейлер, түрлі институттар оларды біліп, жинай алған жоқ. Ауыз әдебиетіміздің өзін де жөндеп жинап алғанымыз жоқ. 3. Қабылұлы жолдастың сөздері туралы Енді Қабылұлы жолдастың сөздерінің бір-екі жерлері туралы бір-екі сөз айтайын.

Сұлтанмахмұт Торайғырдың ақын екендігі туралы Қабылұлы жолдас Сұлтанмахмұт Торайғырұлы демократияшыл жазушы еді дейді. Менің қарауымша бұл баға дұрыс емес. Сұлтанмахмұт негізінде алашордашыл жазушы. Оның ең күшті жазылған «Алаш туы астында күн сөнгенше сөнбейміз» деген өлеңі «Алашорданың» ұран өлеңі болған. Демократ дегендер көбінесе оның «Кедей» деген өлеңін ала жүгіреді. Бірақ ол өлеңді қанша ала жүгіргенмен ол өлең төңкерісшіл өлең емес. Кедей деген сөзі «алашорданың» көсем жазушысы Міржақып та айтқан. Ал бәрінен де артық қылып, кедей деген өлеңді Шортанбай да айтқан. Тіпті кедей, пақыр, мүскін деген өлеңдер XІ ғасырда болған белгілі әулие ақын Ахмет Яссауиде де айтылған, — онымен оларды төңкеріске бейім демократ ақындар деуге болмас.

Сәкеннің әдебиет айтыстарына бұрын көп
қат ысыңқырамағаны несі?

Онан соң Қабылұлы жолдас мен туралы айтты. «Сәкен әдебиет туралы айтыстарға қатыспай жүрді... Мұнысы Қазақстандағы большевик басшылығына қарсылық» деді. Солай деді де Қабылұлы жолдас әлгі Қазақстандағы болған большевик басшылығын мынадай деп сипаттады: «бұрынғы Голощекин бастаған басшылық өзара сынды тұншықтырды. Пікір айтушылыққа жол бермеді, іс басына өз адамдарын қоюмен болды» деді. Қабылұлы жолдастың осы екі сөзі бір-бірімен қайшылау деймін! Шын большевиктік басшылық сол Қабылұлы айтқандай болса, тек жүрген кісі қанша айыпты бола қалады екен?.. Міне осы араларына мен түсіне алмадым. Қабылұлы жолдаста қанша философ болғанмен ойланбай айта салатын, ойланбай жаза салатын әдет кейде көрініп қалады. Қабылұлы жолдас енді айтып отыр: «Сәкен қазір жаңа басшылықтың заманында да бұрынғыдай әдебиет айтыстарына қатыспаса жаңа басшылыққа наразы болғандығы болар еді» деп отыр: Ал олай болса кешегі сөзіңізге мен түсіне алмаған екем. Бірақ жолдас Қабылұлы, біздің Қазақстандағы жаңа жолбасшылық пен ескі жолбасшылықтың айырмасы бүкіл Қазақстанға әшкерелеп, өзге Қазақтардан гөрі бұрынырақ, қаттырақ айтқан сияқты едім... 4. Жолдас Орынбек Бекұлының сөздері туралы

Енді Орынбек Бекұлының сөздеріне келейік.
«Айман-Шолпан» мен «Талтаңбай тәртібі» туралы

Орынбек айтты: «Айман-Шолпан» ескілікті біздің көзқараспен суреттейді» деді. Орынбектің мұнысы тым үстірт айтылған сөз ғой деймін. Мұндағы барлық «біздің көзқарас» делінетін нәрсе Көтібарды күлкі қылып суреттеу. Менің ойымша жалғыз онымен «Айман-Шолпан» «біздің көзқараспен» жазылған пьеса бола алмайды. Көтібарды күлкі қып суреттеудің өзі де жұртты нандырарлықтай қылып суреттелінбеген. Бұл туралы Батталов жолдастың сөзіне келгенде мен толығырақ айтармын... Онан соң Орынбек те, Мұхтар да және бірсыпыралар да Бейімбеттің «Талтаңбайын» «төңкеріс» драмасының белсенділігінің бірі» деді. Менің қарауымша «Талтаңбай» белді драма емес, әлгі айтқандай, жұртты нандыра алмайтын, ұшқары, саяз жазылған драма. Бейімбеттің, «Майданын» белді драма деуге болады. «Талтаңбай» нашарлау, үйреншіктеу, оңайлау, арзандау нәрсе. Ойлап қараңыз. Колхоз басқармасының төрағасының түйірдей ақылы жоқ келіншегі жұрттың бәрін билеп әкетеді. Колхоз бастығы — байы да одан аса алмайды. Ауданнан келген уәкіл де сол келіншекпен болады. Егер жүргізуші де, бұрынғы ауатком бастықтары да бәрі де сол ақымақ келіншекке келіп жығылып жүрген болады... Басқа суреттері де осы сияқты арзан ғана жасалған суреттер.

Театрға келушілер туралы...
Надан қуыршақ, мақау жастар туралы

Онан соң Орынбектің «Театрға келген жұрт ойналған нәрсеге түсінбейді» дегені айтарлық сөз. Театрдың алдыңғы қатарында философтар отырса, артқы қатарында ауылдан келгендер, оқушылар отырса, ал екінші-бесінші қатарларында әлгі ауылдан келіп, кешегі үрпек, селдір қасын бүгін жылмитыңқырап, қарала бет-аузын жаман қуыршаққа бояған, ауаткомдерді бағындырып жүрген ақылы шыбыштың ақылындай келіншектер де отырады. Міне ойналып жатқан пьеса бұл халықтың һәр қайсысына әр түрлі көрінуге тиіс. Наурызбай кемпірдің шашын кесіп тепкілеп жатса әлгі ақылы шыбыштың ақылындай мақаулардың әйел-еркектері қол шапалақтайды. Және бұлар күлмейтін жерде сақылдап күледі. Отқа жығылып күйіп жатқан жанды көріп екі санын шалақтап, қуанып секірген сасық «жындыға» қол шапалақтайды. Театрға келген жұрттың осындайлары да болатыны рас. Ал Бірақ театр мұны еске алу керек. Осыларды тезінен тәрбиелеуге шұғылдану керек. Театр басшылары конференциялар шақырып, әлгідей мақаулықты жою ретінде баяндамалар жасау керек. Театрды тек «Ойын үй» деп ұғынатын қазақтың топас мақау әйел-еркектеріне театрдың не екенін түсіндіру керек. Театрға келіп отырып-қайту тәртіптерін үйрету керек. Театр қыз ойнақ үйі емес екенін түсіндіру керек. Театр үлгі алатын, білім алатын, тәрбие алатын сана-сезім мектебі екенін түсіндіру керек. Оңдай болу үшін алдымен театрдың өзі және артистер толып жатқан оғаш кемшіліктерін жоюлары керек. Ол кемшіліктерді жою үшін, ондай жұртқа тәрбие беретін сана-сезімнің зор мектебі болу үшін алдымен театрдың өзі, өзінің не екенін айқындап, танытуы керек. Театрдың өзі шын тәрбие орны екенін мықтап көрсетуі керек. Артистердің өздері Көркем енердің не екенін айқындап білулері керек. Артистік қызметтің не екенін анықтап білулері керек. Артистер тәрбиенің сұлулығының көрнекі үлгісі екенін көрсетулері керек.

«Хан Кене» туралы Онан соң Орынбек «Сәкеннің «Хан Кене» туралы айтқан сөзіндегі кемпір туралы, күй туралы айтқанына қосылмаймыз» дейді. Әрине қосылатын болса театр олай істемес еді. Менің «Хан кене» туралы жазған мақаламдағы пікірлерімнің дұрыс емес екенін ешкім дәлелдей алған жоқ сияқты әлі. Ондағы сөздерімді бұл арада мен қайталай айтып жатуға уақыт жоқ. 5. Жоддас Мұхтар Әуезұлының сөздері туралы

Енді Мұхтардың кейбір сөздеріне келейік.
Драматургия ретінде өзге ұлттардан біз кейін жатқан
жоқпыз ба, музыка ретінде де кейін емеспіз бе?

Мұхтар «өзге бұратана ұлттардан біздің драматургиямыз кейін қалған жоқ» дейді. Бұл өлшеусіз айтылған сөз. Біз өзге ұлттардың көбінен мәдениет ретінде артта қалғанды драматургия ретінен де көріп жатырмыз. Мен Әзірбайжан, Армения, Грузия, Украиналарды тіпті былай қоя тұрайын, мысал үшін, татар мен өзбек елдерін алайын. Татар драматургиясы музыкалы ән-күйлі театр жасады. Бірнеше музыкашыларын шығарып отыр. Сайдашев деген музыкаші Татар республикасының жұмсауымен қазір Италия елінде қазіргі дүние жүзіндегі музыканың ең жоғарғы сатыларының техникасын үйреніп жатыр. Және естеріңізде болсын, бұл қазіргі Алматыдағы толып жатқан «Комвуз театрдай» емес. Бұлар шын музыкашылар. Алматыда «композитор» деген арзан атақ көбейіп барады... Композитор деп біз Бетховенді, Шопенді, Глинканы, Чайковскийді және солардай жан сезім, қиял, саналарын, музыка күй мұхиттарын қозғаған, музыканың биік түрлеріне шыққан адамдарды айтушы едік. Тым болмаса Ықылас сияқты, Ақан сияқты, Ыбырай сияқты, Дайырбай сияқты сана-сезімдерін, жан қиялдарын өздерінше күй теңізінде шомылтып, ән-күй шығарған адамдарды айтар едік. Ал Алматы қазір композитор деген аттың мәнісін арзандатып отыр... Ал, татар драматургиясында жүздеген пьеса кітаптар бар. Жүздеген ірі артистері бар. Тек театр кітаптарын жазатын ондаған ірі жазушылары бар... Міне бізде осындай ма?.. Бізде сыпайылап айтқанда бұдан гөрі төмендеу-ау деймін. Театр кітаптарын жазатын ысылған жазушыларымыз Мұхтар мен Бейімбет. Артиспін деп жүргендердің көбі артистіктің не екенін анықтап білмейді. Білетіндігін көрсете алмайды. Ысылған артистеріміз Елубай, Серке, Қапан, Қалибек, Қанабек, Құрманбек, Мәлике, Күләш (сегіз-ақ) және бұлардың өзінде де толып жатқан оғаш кемістіктері бар. Жаңада ашылған музыкалы театрдағы артистердің дауыстары өзіміздің ескі ағаш домбырадан аса алмайды. Былайынша айтқаңда, дауыстары көмейлерінен шығады. Шын, нағыз кең дауысты артист боларлық адамдар әлі де театрға шықпай жатыр. «Пәлен композитор», «түлен композитор» деген жалған атақ бар. Бірақ шын музыкашымыз әлі де жоқ. Міне өстіп отырып мақтануға бола ма?.. Болмайды-ау деймін.

Біз кейіпкерлерді толық суреттей аламыз ба?

Мұхтар айтады: «бізде жаман адамдарды толық суреттейді, жақсы кейіпкерлерді толық суреттей алмайды» дейді. Менің қарауымша, бізде жаман кейіпкерлерді де толық суреттей алмайды. Мысалы: Обломов, Хлястаков, Грудницкий, Чеховтын «7-ші Иваны» сияқты кейіпкерлер бізде бар ма? ...Жоқ па! Ал осындай жаман адамдар Қазақта жоқ па! Қазақта бар, бірақ бұлардың толық кейіп суреттері әдебиетімізде, театр кітаптарымызда әлі де жоқ...

Бізде шынында сөз аз, іс көп пе?

Онан соң Мұхтар «Буржуазияшыл пьесаларда сөз көп болады. Бізде қазір сөз аз болуы керек» дейді. Бұл дұрыс-ақ, бірақ, іс жүзінде бізде сөз көп қой деймін. Бізде кейде осы қайда барсаң да ағып тұрған сөз болмай ма?.. Расында сөзді азайтып, істі көбейту керек екенін білуіміз керек. 6. Жұбанов жолдастың сөзі Бізде шын жазушылықтың, шын ақындықтың шын мағынасын білетіндер көп пе? Кейбіреулер әйтеуір күйсеп жаза бермей ме? Жұбанов жолдас сөйлеген сөзінде Роман Ролланның «Бір нәрсені жазуға шабытың келгенде ғана жазу керек» деген сөзін келтірді. Бұл сөзді жақында Клерин жолдас та айтқан. «Жазғың келмегенде жазбағаның артық» деген ол. Осы сөзді естен шығармау әркімге де зиян болмас еді. Біздің жазушыларымыз әйтеуір жазу керек деп, немесе мен де жазайын деп ешбір толғаусыз жаза бергендіктен әдебиетіміздің сапасы төмендеп кетіп отыр. Енді бұдан былай мұндайларға жол бермеу керек. Әсіресе бүйту үшін біздің редакторларымыз шын зор білімді, шын мәдениетті және әдебиет шарттарын, әдебиет заңдарын толық білетін адамдардан болу керек. Әйтпесе тез арада түзелмейді... 7. Тарихи пьесалар «Айман-Шолпан» мен «Хан Кене» туралы Баталов жолдас айтты: «ертеде болған ірі адамдарды сықақ қылып көрсетуге болмайды — дейді біреулер. Олай деу жат пікір болады»... деді. Баталов жолдас пен Сәбит жолдас екеуі көп сөйлеуді тәуір көреді. Бірақ Сәбит көп сөйлегенде баяндамасының құшағына көп нәрселерді алуға тырысады. Ал Баталов жолдас, әлгі айтқанындай, даусыз сөздерді қайта-қайта айтумен сөздерін көбейтіп әуре болады. Баталов жолдас екі күн сөйлегенде әлгі сөзді қайта-қайта айтты. Білмеймін, «сықақ жазбау керек» деген сөзді бұл съезде, немесе бұдан бұрынғы айтыстарда мен естіген жоқпын деді. Баталовтың не туралы айтып отырғанына мен түсінбедім. Бірақ, Баталов жолдас әлгі сөздерді «Хан Кене» мен «Айман-Шолпан» пьесаларымен байланыстырып айта берді. «Хан Кененің» біз көрген қалпында ойналуына тию салынғанына наразы сияқты сөйледі. «Айман-Шолпанды» біреулерден қорғаған сияқты сөйледі. Ал әңгіме «Хан Кене» мен «Айман-Шолпанда» болса бұл туралы біз ендеше бұл арада тағы да бір-екі ауыз сөз айтайық. «Хан Кененің» біз көрген қалпында ойналуына тию салынғаны дұрыс болды ғой деймін. Мен «Хан Кененің» ол түрінде театрда ойналуының қате екенін оның ең алғаш көрсетілген күндерінде-ақ ашық айтқамын. Мен ол туралы жазған мақаламда айтқам. «Хан Кененің» ең алғаш көрсетілгенінде Баталов жолдас та болған. Бірақ ол «Хан Кене» теріс пьеса болып шықты деген пікірді ол күнде айтып шыға қойғанын мен ести алғам жоқ едім. » Ал «Айман-Шолпанға» келсек, бұл пьесада сықақ болып суреттелген адам жалғыз ғана Көтібар батыр. Әлгі Баталов жолдастың манағы «ертеде болған ірі адамдарды сықақ қылып суреттеу жарамайды дейді кейбіреулер» дегені осы Көтібар батыр туралы болса, менің бұл арада айтатын бір сөзім бар. Іс тек соған ғана қалса, батырларды сықақ қылып суреттеуге, әрине, ешкімде қарсы емес. Бірақ «Хан Кенемен» бір қарсаңда шыққан «Айман-Шолпандағы» сықақ болып суреттелген Көтібар туралы менің айтатын бір ғана сөзім мынау: Кенесары-Наурызбай хандық құрдық деп Орта жүз қазақтарына өтіп, Кіші жүз қазақтарына сөз салғанда Көтібар батырдың руына да барған. Көтібар батырдың руы Кенесары-Наурызбайға қосылмаған соң Наурызбай Көтібардың ауылдарын шабуға аттанып барғанда, Көтібар батырдың ауылы, руы Наурызбаймен соғысып, Наурызбайды найзалап жеңіп қашырған. Бұл Кенесары қолына, Наурызбайға үлкен мін, үлкен кемшілік намыс болған. Міне, осы оқиға үшін Хан Кене, Наурызбайларды арман қылатын Қазақ ұлтшылдары Көтібар руының мойнына, Көтібар батыр ауылына көшпес күнә жүктейтін. Бұл бір, екінші Көтібардың баласы Есет және бір баласы Бекет екеуі өз руынан мың жарым жігіт ертіп, шабуыл жасап, сол замандағы кішкене хан болып отырған Арыстан төрені шауып өлтірген. Бұл екі. Және патша үкіметінің жіберген отрядымен соғысып, ол отрядты да қуалаған. Сондықтан «Хан Кене» мен «Айман-Шолпан» бір қарасанда жазылып театрға қойылғанда Көтібар батыр сықақ болып суреттеліп, ханның тұқымдары Кенесары-Наурызбай ер, батыр болып суреттелгені әлгі Кене хан-Наурызбайларды арман қылатын ұлтшылдардың жанына жағатын нәрсе болып та шығуы мүмкін ғой деймін. Міне, бұл жайтты, әрине, Баталов жолдас сияқты қазақ тарихын білмейтін, қазақ әдебиетімен жете таныс емес жолдастар білмейді де тек жалпы жұртқа белгілі сарынға жабады. Бірақ бір жаман жері кейбіреулер білмегенін білмеймін демейді... Баталов жолдас ол жайды білмейді де, «ертеде болған ірі адамдарды сықақ қылмау керек деп айтады біреулер» дейді. Жалпы үйдеп ешкім айтпайтын болар, жолдас, бірақ тек Көтібар мен Хан Кене-Наурызбайды қатар көрсеткенде әлгідей жақтарын да еске алу керек болады. Сықақ қылғанда менің ойымша Көтібар мен хан Кене-Наурызбайларды қатар көрсеткендей, Көтібардан бұрынырақ Хан Кене мен Наурызбайды сықақ қылып суреттеу дұрысырақ болар еді... Олай болса Хан Кене мен Наурызбайды батыр, ер қылып суреттеп, Наурызбайды найзалап қуған, Арыстан ханды ақ алмаспен шауып өлтірген, патша үкіметінің отрядын қуалаған Көтібар батырды, оның балалары Есет, Бекеттерді сықақ қылып көрсеткенге алдымен кім ырза болып қол шапалақтайтынын қазақ театры мен қазақ Наркомпросы ойлау керек еді... Ал білмей, білем деген адамдарға мұны ойла, ойлама деп айтуға да болмайды.

«Көксерек» туралы Онан соң өзінің сөзінде Баталов жолдас Мұхтардың «Көксерек» деген әңгімесіндегі айтылған қасқыр — Көксерек адамға мысал қылынып жазылған нәрсе емес, ол нағыз қасқыр» деді. Баталов жолдас орынсыз жерде Мұхтарды қорғаймын деп Мұхтарға тастай зиян қылып сөйлеген сияқты болды. Қазақ әдебиетін жазылуынша оқи білмеген жолдастар қанша дегенмен сол қазақ әдебиетін жазуынша оқи білген әдебиетшілерден артық біле алмайды. Мұны сол қазақ әдебиетін оқи білмеген Баталов сияқты жолдастар тым болмаса анда-санда естеріне алып қоюлары керек еді. Біз Мұхтардың, Мағжанның, Міржақыптың, Байтұрсыновтың, Жүсіпбектің, Сұлтанмахмұттың қай уақытта қалай жазғанын білеміз. Бұлардың жазып, баспа жүзіне шығарған сөздерін біздің оқымағанымыз жоқ шығар. Сондықтан Міржақыптың «Арыстан мен Сұрғылт андары», Байтұрсыновтың «Ала қойлары», Абайдың «Бүркіт пен қарғасы», Мағжанның «Мысық пен тышқан ертегісі» не екенін білеміз. Солармен бірге Мұхтардың «Көксерегі» қай уақытта жазылғанын және не екенін біз білеміз. Мағжан совет заманында жұмбаққа кіріп, өзінің жазған «Қанышбайында» Қанышбайды қара құрт шағып өлтіргенін «Шын ертегісінде» мысық пен тышқандары, Иран ертегісінде «Жұлдыз хабарын» жазған кезінде Мұхтардың «Көксерегі» шыққан. Әлгі жұмбақты әңгімелерінде Мағжан Октябрь революциясына қарсы мысалдар келтіріп жазса, Мұхтар «Көксерегінде» интернационалдық пікірге қарсы мысал жазады. Әрине, әдебиеттегі суреттелген әңгімеге кірген хайуанның бәрі бірдей не бір адамға, не бір пікірге мысал болып суреттелген болмайды. Бірақ мысал болып суреттелетіндері де болады. Мысал, Тургеновтің «Шортовқановындағы» көк атты мен бір нәрсеге мысал деп айта алмаймын. Оны нағыз ат деп білемін. Ал ол нағыз аттың өзі екен деп және менің «Қызыл атым» нағыз аттың өзі екен деп кейбір жазушылардың суреттеген кейбір хайуандарының бәрінде нағыз сол хайуандардың өздері ғана бола бере ме екен?.. Бәрін бірыңғай қарауымызды ешкім де дұрыс деп айта алмайтын шығар. Мұхтардың «Көксерегінің» қысқаша мазмұны мынадай. Бір қазақ баласы бір қасқырдың бөлтірігін асырайды. Асырап ит қылмақ болады. Атын «Көксерек» қояды. Қасқыр күшігі өсіп ер жеткен соң асыраған қазағына үйір болып үйренбейді, қайта жау болып қашып, қасқырларға қосылып, қасқыр болып кетеді. Қасқырларға қосылып алған соң «Көксерек» ауылға шапқанда өзге қасқырлардан көрі қаттырақ, басымырақ шабады. Көксерек өзге қасқырлардан гөрі елді қатты бөріктіреді. Сонан соң Қазақтар қуалап жүріп Көксеректі өлтіріп тыныштанады... Міне, әнгіменің мазмұны осы. Баталов жолдас айтады: «Мұхтар асыраған қасқыр тұрмысын, асыранды қасқырдың құлқын көріп білгендіктен ғана жазып отыр» дейді. Баталовтың мұнысы тек күлерлік сөз. Бұл қазақ тұрмысының иісін де білмегендіктің күлкі келтірерлік дәлелі. Қазақ тұрмысын білмей «білген» Баталов сияқты жолдастардың есінде болсын. Қора күзететін ит қылам деп қазақ ешуақытта қасқыр күшігін асыраған емес... Ондай асыранды қасқырды Мұхтардың көрдім дегеніне ешбір қазақ нанбайды. Мұхтардың сөзі тек ертегі ғана. Ертегі болғанда интернационалдық тәрбиеге қарсы мысал қылған «ертегі». Осы әңгімені кез келген қазаққа оқыңыздар да осында не ғибрат шығады деп сұраңызшы! Бұрынғылар айтқан: «әр нәрсе жынысына тартады... кәпірден жолдасың болса қойныңда қара балтаң болсын» деген... мысалы, орыс-орыс, қазақ-қазақ демесе бәріміз де Мұхтардың «Көксерегі» туралы Баталовқа қосылайық. Міне, Мұхтардың «Көксерек» ертегісі осындай ғибрат шығаратын ертек. Мүмкін Мұхтар «Көксерегін» жазғанда оқыған Қазақ мұндай мән береді деп ойламаған да шығар, бірақ оқыған қазақ «Көксеректен» әлгідей мән шығарады. Мұхтар «Хан Кенені» жазғанда да теріс пікірмен жазбаған. Бірақ көргенде біз «Хан Кенеге» өзіміздің түсінуімізше баға берген жоқпыз ба?.. Бұл съезде бұдан көп бұрын жазылған Мұхтар совет жолына шықпай жүргенде жазылған Мұхтардың «Көксерегі» туралы ешкім ештеме деген жоқ еді. Баталов жолдас басқа сөз таба алмағандай бұл съезде қозғалмаған «Көксеректі» қозғаған соң мен бұл сөзді айтып тұрмын. Былайша айтқанда, Баталов жолдас Мұхтарға аюша көмек көрсетті.

Қазақ тілін, қазақ әдебиетін, қазақ тарихын білмей, білем деушілік Мұның бәрі де қазақ әдебиетін, қазақ тілін білмегендіктің салдары. Және білмейтіндігін білмегендіктің салдары. Білмейтін нәрсені білемдеушілік қытық келтіретін нәрсе... Білмеген нәрсені білем деу шіліктің бір жақ себебі надандықтан шықса, екінші жақ себептері яғни Қазақ тілін білмей, қазақ әдебиеті тарихын және жалпы қазақ мәдениеті тарихын білем деу шіліктің екінші жақ себептері ұлы орысшылдықтан туады ғой деймін. «Е-е, бұларда біз білмеген не бар? Біз білдік десек оның қате деп айтарлық кісі бар дейсің бе? Бұларға біз де профессор...» деген пікірден шығады ғой деймін. Сондықтан осы съезге арнап шығарған сияқты Баталов жолдас пен Сильченко жолдастың «Қазақ ауыз әдебиеті мен жазба әдебиеті» туралы жазған кітапшасының ішінде толып жатқан қате, толып жатқан былықтар бар көрінеді. Мен бұл кітапшаны түгел оқып шыққам жоқ әлі. Кітапшаның әр жерін ашып оқысаң-ақ толы жатқан қатеге ұшырай кетесің. Мысалы, бір жерінде Жақан Сыздықұлы, Ғабит Мүсірепұлы және біреулерді жалшылардан, батырақтардан шыққан еді депті. Бір жерінде мені көп жазады депті. Ал шынында мені жұрт көп жазбайсың деп кінәлайтын еді. Менің жазған шығармаларымның ішінде ең теріс пікірлі шығармам деп білетінім «Азия» деген өлеңім. Оны Сәкеннің жақсы өлеңдерінің бірі депті. Бір жерінде әнші артист Әміре Қашаубаевты өлең шығарғыш деп қойыпты. Бір жерінде Кенесары кедейлердің көсемі болмағанмен, феодал тілегін іске асыратын хан болғанмен, қазақ халқының көпшілігі оның соңынан ерді депті. Бір жерінде «Қысса», «хикаяларды» Шортанбайдан бұрын жазылған қылып қойыпты. Бір жерінде Алтынсарыұлы Ыбрайды халыққа қызмет қылмаған сияқты қылады да, Абайды «өз халқына қызмет қыла білді» дейді. Кітапшасының бір жерінде Наурызбай мен Абайды замандас қылып қояды. Қысқасы, осындай былықтар толып жатыр... Міне осының бәрі қазақ тілін, қазақ әдебиетін білмегендіктің салдары. Пантухин кітабының кемшілігінің көбі содан және «Алтын Алтай» деген кітабындағы кемшіліктің көбі содан ғой деймін. Баталов жолдас білгісі келсе, қазақ тілін, қазақ әдебиетін білер еді. Үйткені ол Қазақстанда өстіп, совет үкіметі орнағалы Қазақстанда қызмет қылып келе жатқан адам. «Қазақ тілін, Қазақ әдебиетін білмедің» деп мен Баталов жолдасты кінәламаймын. Үйткені өзіне жайлылау орын көздегенде «қазақыландыру, жергіліктендіру» деп ауыздарын қиғаштайтын қазақтың кейбір оқығансымақтарының өздері менсінбейтін Қазақ тілін, қазақтың кейбір боянған әйелдері менсінбеген қазақ тілін бұрын қазақ тілін білмеген адамдарға жапсырудың шайыты шамалы көрінеді.

Сындағы сұмырайлар, надандық әдеттер Расында, сын көркем әдебиеттің өзінен де сұлу, және онан да терең болу керек. Плеханов та солай болу керек деген. Ал біздің сын деп жазылып жүрген сөздеріміздің саяздығы, уақшылдығы былай тұрсын, тұрпатының сұмырайлығы былай тұрсын, біздің «сын» деп жазылып жүрген сөздерімізде де хайуандық, жиіркеніш жыртқыштық дәуірлерінен үзілмей келе жатқан сұмпайы әдеттер көп. Мысалы бізде «сынау» деген ұғынысты «сою» деген ұғыныспен бірдей сөйлейді. «Пәленді сынаймын» деудің орнына, «пәленді соям» дейді. «Сынады» дегеннің орнына «Сойды!» дейді. Осы сөзді тіпті жазушыларымыз да қолданады. Жақында Бейімбет бізге бір әңгіме үстінде: «Мені біреу сойса, мен жайсызданып қалам, сендерді сойса, сендер шыдап отыра береді екенсіздер» деді. Міне бұл «сынаудың» орнына «сою» дегенді қолдану жақсылықтың, мықтылықтың ең алды «сою» деп ғана білген елдің ескіліктен келе жатқан мінезі болады. Қазақтың кейбір бейшара екі ұрықтары немесе кейбір уақшылары біреумен екі ауыз сөз қатса немесе біреуді кеміткісі келсе «соямын» деп, жаман қара шолақ пышағын ала жүгіретін. Біздің сыншымақтардың да көбі сондай «сынды» «сою» деп түсінген, «пайда» көздерін қусымақтар да лас ниеттеріне сынды құрал қылады. Мысалы Мәскеуден келген бригада Қазақстанда комсомолдардың істерін тексеріп, осындағы Гөшкеұлы деген «жігітті» «Пройдоха», «жулик» адам екен деп, Орталық «Комсомол правдасына» жазып отыр. Орысша «Пройдоха», «Жулик» деген сөздер, қазақша «оңай олжа іздеген қу аяқ, лас пиғылды пысықша залым» деген мағына ғой деймін. Ал бізде сол Гөшкеұлы деген «жігітке» келе сала басқармалар «сын» жазғызды ғой! Онан соң кейбір орыстар «сынау» дегенді «ұру» деп түсінеді. Бұл да орыстың жуан жұдырық надан ескілігінен қалған мінез ғой деймін. Сын кемшіліктерді толық ашып, ол кемшіліктерді жою шараларын көрсетіп, әдебиеттің өркендеуіне нұсқа көрсетіп отыруы керек.

Расында, сын Көркем әдебиеттің өзінен әрі сұлу, әрі терең болу керек. 8. Сәбиттің сөздері туралы Сәбит осында 10 шақты сағат сөйледі. Барлық дүниенің әдебиетін құшағыма кіргізіп сөйлеймін деп баяндамасын шашыратып алды. Тегінде Сәбиттің баяндамаларының кемшілігі осы шашыратып алу, ойланбай сөйлеу болады. Баяндамасындағы Сәбиттің қозғаған мәселелеріне Қарағанда, соңғы жылдарда Сәбит бірсыпыра білім алған «сияқты» (Сәбиттің өзі баяндамасында «сияқты» деген сөзді тым көбейтіп жіберіп еді, мен де бұл арада «сияқты» деймін). Жалпы оның баяндамасынан менің байқауым сол. Онсын бір тәуір нәрсе, Сәбит бұл баяндамасында сөйлеген сөздерін шолақ білімділерше қатесіз заң секілді қылып сөйлеген жоқ. Тек өз пікірі қылып сөйледі. Әрине бұл да осы бірсыпыра білім алғанның Арқасы ғой деймін. Мұнысы Сәбиттің шынында өскендегі. Ал сонымен қатар баяндамасында бірнеше оғаштау, ойланбай сөйлегендік болды.

Ескі әдебиеттегі aт Ол айтты: «феодал дәуірінің поэзиясы тек ақсүйектікті, байлықты, салтанатты айтады... Ат туралы өлеңнің бірі орнында болмайды» деді. Қазақ елі сияқты күні кешеге шейін (тіпті күні бүгінге шейін (негізгі кәсібі мал) бишілдік құрылысының поэзиясы — өлеңі туралы олай деп кесе сөйлеу — ойланбай айтқандық қой деймін. Менің пікірімше қазақ елінің феодал дәуірінің поэзиясында, өлең-жырында атты қасиеттеп суреттеу зор орын алып келген. Қазақ елінің ескі әдебиеті оны айқын дәлелдей алады. Бүл туралы, керек болса, мен тарихи мағлұматтармен дәлелдер келтірер едім.

Ескі әдебиеттегі тапшылық Және Сәбит айтты: «Сәкен ескі әдебиеттің конкретный материалына келгенде, мысалы «Қобыланды», «Қыз Жібектің» тапшылығын анықтап айта алмайды» деді. Мен осындай айқын мәселеде таласуды едәуір қиын көрем. Бір жерде айтқан сөзді екінші сөздермен қайталау қызықты нәрсе емес қой деймін. Мен Қобыландының жырын талқылағанда былай дегем: «Жоғарыңа және, бұрынғы бөлімдерде біз айттық: Елді қара күш билеген кездерде, әлі жеткен әлсізді құлданған кездерде, үстем табы бастаған көршілес елдер, көршілес рулар бірін-бірі шауып, талап жүрген жаугершілік замандарда билер, батырлар естемдік қылған ру ер жігітке, жастарға «Үлгі» қылатыны сол үстем таптың шоқпарын мықтап соққан, жауға қарсы тұратын... батырлар болған дедік... Міне, сол реттің бәрі де Қобыланды батыр суретінен айқын табылады. Бұл сол кездегі руға үстемдік қылған таптың санасы бойынша «жатқа намыс» жібермейтін, руды «жауға бермейтін», билер билеген руға «жаттан олжа» түсіретін, елге «жау» саналған «кәпірді» қыратын батыр болып суреттелген...» Міне Қобыланды батыр туралы мен осылай деп жазған едім. («Қазақ әдебиетінің» 192 — 193 беттерін қараңыз). Менің түсінуімше, жалпы батырлардың сипаттары сол замандағы үстем санамен жасалған. Ал үстем сана — үстем таптікі. Ал «Қыз Жібек» жырын талқылағанда былай дегем: «Қыз Жібек» әңгімесінде де «Қозы Көрпеш Баян сұлу» әңгімесі тәрізді байдың ұлы мен қызын жыр қылады. Мұнда да, билер дәуірінің үстем санасы, екі байдың ұлы мен қызын дәріптеп жыр қылып, жастарға, жұртқа үлгі қыла суреттейді. («Қазақ әдебиетінің» 231- бетін қараңыз). Сәбит сияқты әдебиет мамандарымыз бұл пікірді теріс десе, немесе бұл пікірді бұдан гөрі әдемілеп айтуға болар еді десе, әдемілеп айтып, жазып көрсеткені жақсы болар еді. Ал, тек жалаң сөзбен, «Сәкен «Қобыланды» мен «Қыз Жібектің» тапшылдығын анықтап айтпайды» деу ойланбай айтылған сөздердің бірі ғой деймін. «Қобыланды», «Қыз Жібектер» туралы жазғандарының бәрін қайтадан бұл арада айтып шығуды орынсыз көрем.

Исатай-Махамбет туралы Және Сәбит «Исатай-Махамбет» — Пугачев сияқты деді. Мен осы күнге шейін біліп жүрген әдебиеттегі, тарихтағы мағлұматтарға қарағанда, Исатай-Махамбетті Пугачев сияқты деген сөзге қосылмаймын. Пугачевты Халық батыры дейді. Исатай-Махамбетті мен халық батыры дей алмаймын. Бұлар қазақ халқының билер (феодал) табының көсемдері. Исатай — Беріш руының биі болған адам. Биді қайта сайлағанда Жәңгір хан Беріш руынан сол Исатайдың өзін би қылмай Балқы дегенді би қылған. Сондықтан Исатай ханға қарсы болған. Ханға қарсы болғанда патша үкіметінің қазақ елін құрсап келе жатқан әскеріне, әкімдеріне қарсы болып жүрген және патша үкіметінің қолтығына кірген ханға қарсы болып жүрген қазақ көпшілігінің қозғалысын Исатай-Махамбет Кенесары-Наурызбайларша пайдаланбақ болған. Міне біздің бүгінге шейін білетініміз осы. Ал, Исатайды, Махамбетті халық ерлері еді деушілер толық дәлелдерін көрсетулері керек. Ал Қалел Досмұхамбетовтің жинап бастырған «Исатай-Махамбет» жырын Досмұхамбетовтің өзі айтып отырып жаздырған дейді. Мен Халық ерлеріне қарсы емеспін, қарсы түгіл Халық ерлеріне құмармын. Тек тарихи мағлұматтармен толық дәлелдеңіздер. Досмұхамбетовтің нұсқауымен жазылған жыр пәтуәлі дәлел болмайды. Кеше осында доктор Ахмет Маметұлы жолдас: «оны дәлелдейтін архив материалдары бар» деді. Менің айтатыным ескі патша үкіметінің жинаған архивына да сене беруге болмайды. Патша заманындағы тарихи уақиғаны жазушы, орыстың бір тарихшысы Кенесарыны да халық ері еді дейді.

Тағы да Сұлтанмахмұт туралы Тағы Сәбит айтты: «егерде Сұлтанмахмұт күрес түрін көрсетсе, мың жерден Алашорданы жырласа да, біз оны пролетариат ақыны дер едік»... деді. Сәбиттің мұнысы да сөйлеп тұрғандағы қызу үстінде айтылған сөз сияқты. Әйтпесе «мың жер түгіл», тап соғысында Алашордаға ұран өлеңдерін жазған адам, өлер жылдарында, «большевик болсаң қолыңды алмаймын» деген ақын пролетариат ақыны ма екен? Сәбит топ алдында сөйлеп тұруды сүйетін адам. Әрине онысы жақсы сипат, бірақ қызып сөйлеп тұрғанда, қызып шауып келе жатқан бәйге атша екі жағына бірдей сілтеген құлаш серпіндісі кейде үстіп, тұяғынан атқылаған отты кез келген жерге шашыратады. Шашыратқанда, кейде балшық, топырақ және одан да пышырақтау нәрселерді араластыра шашыратады. Бірақ қызып шауып келе жатқан бәйге аттың ондайына кейде тек аяған шыраймен қарайсың.

Ұлтшылдық туралы Және Сәбиттің мына сөздері де қызу үстінде асығыс шашыраған сөздер ғой деймін: «Бізге ұлтшылдық жолынан келген ақындар бар, переходной ақын. Мысалы, Сәкен, Бейімбет, азырақ Ілияста да бар» деді. Мен бұл сөздерді де Сәбиттің сөйлеп тұрған аузынан жазып алдым. Сондықтан «Переходной», «Отчасти Ілияста да бар» деген сөздерге Сәбиттің өзі жауапты. Ал енді бұл не деген сөздер? «Переходной ақын» деген не?.. «Ұлтшылдық жолынан келген ақындар» деген не? Әрине алғашқы төңкерістің қарсаңында ұлтшылдық әсері тимеген ақын бізде жоқ еді. Одан кейін көп уақытқа шейін кей ақындарға кей кезде ұлтшылдық әсер тиіп жүргенін білеміз. Бұдан былай да ұлтшылдық әсер тимейді деп айту қате болар еді. Бірақ жұрттың бәріне бірдей, ақынның бәріне бірдей тиіп пе еді?.. Сәбиттің өзіне ұлтшылдық әсер тимеді ме екен? Міне Сәбит айтса осыларды талдап айтуы керек еді.

Сәкеннің тапшылдығы туралы Және Сәбиттің, мынадай сөздері де шашырап түсті: «Сәкеннің әуелгі жылдарда тапшылдығы жоқ еді» деді. Бұл қалай айтылған сөз?.. Қай жылдарда Сәкенде тапшылдық жоқ еді?.. Олай болғанда, Сәбит «тапшылдық» деп нені айтады? Мен түсіне алмадым. Бұған да мағлұмат бере кетейін. Мен өлең әңгімелерді оқып жүргенде аздап жаза бастадым. Омбыда учительдік семинарияда оқып жүргенімде 1915 жылы ең алғаш өлеңдерімді Омбыдағы оқушы балалар үйірмесі («Бірлік») кітапша қып бастырып таратты. Кітапша сиырдың тіліндей ғана, 32 бет. Барлық өлең жолы 500 жолдан артық емес еді. Әрине бұл өлеңдерімде қазіргідей «Жасасын совет», «колхоз-совхоз» деген сөздер жоқ. Ал сол 1915 жылдан кейін 1916 жылда бір-екі ғана өлең жаздым. Бір әңгіме жаздым. Сонан соң 1917 жылда жұртқа белгілі революциялар болды. Революцияға екпінді түрде қатысып кеттім. Ақмолада 10 шақты ғана адамдармен бірге Совдеп-Совет үкіметін жасастым. Колчактың түрмесінде қол-аяқтарым шынжырлаулы ұзақ уақыт отырдым. Сол тап соғысы кезінде көп сөйлеуге, көп жазуға менде уақыт болмады. Төңкеріске қатысушылардың көбінде уақыт болмайтын еді. Тынымсыз қимыл-әрекет, ұйымдастыру істері, талас-тартыс, толып жатқан қауіп-қатерлі істер өлең, әңгіме жазып отыруға мұрсат бермейтін. Ол уақыт Ресейдегі әрбір еңбекшінің, әрбір төңкерісшінің, жалпы төңкерісші еңбекшілер табының бар тіршілігі екіталай майдан ортасына салынып тұрған кезі еді. Сол қауіпті кезде әрбір төңкерісшінің өз басына қауіпті-қатерлі уақытта қазіргідей емес, совет ұраны үшін өлімге басын тігіп, қан майданға шығушылар онша көп емес еді. Сондықтан ол кезде жазып отыруға, біріншіден, менің қолым тимеді, екіншіден, ол уақытта мен, шынын айтқанда, жазушы да емес едім. Балалық мінезден шыға алмай, оқып жүргендегі жазған 10 — 15 шақты кішкене өлеңмен кісі жазушы бола ма екен? Қандай адамды ақын, жазушы деуге болатындығын кәзіргі жазушылар ұйымының ұстабы көрсетіп отырған жоқ па? Міне осынын бәрін ойлап көрмей, Сәбит«Сәкеннің тапшылдығы әуелгі жылдарда жоқ еді!» дейді. Тапшылдығы жоқ кісі патшаның, Керенскийдін, Колчактың, алашорданың кезенген қалың қара күшіне қарсы, совет үшін қызыл ту ұстап майданға шыға ма? Менің бұл сөздерді айтуым мақтан сияқты болды. Айтпауым керек еді. Ал айтпай кетсең, кейбіреулер: «Е, Сәкеннің тапшылдығы әуелгі жылдарда болмағаны рас екен... Пәленнің өзіне жауап бермей кетті ғой!» деулері мүмкін. «Сөз — сөзден туады!» деген осы. Онан соң Сәбит: «Сәкен бір кезде Троцкийді мақтаған. Мүмкін ол кезде Троцкийдің кім екенін білмеген де болар» дейді. Менің шығармаларымды сына алғандардың кейбіреулері осы сөзді қайта-қайта айта береді. «Көп шайнаған қартаның дәмі кетеді» дегендей, осы бір әбден дәмі кеткен сөз. Енді лаж жоқ, бұған тағы да жауап берейік. Рас мен ол кезде Троцкийді мақтап өлең жаздым. Мақтағанда қалың құрсаған жауды жеңіп шыққан қызыл әскердің бастығы болған соң мақтадым. Және сол Троцкийдің бұрын атын да естімеген едім. Және сол Троцкий қызыл әскердің бастығы болып жүрген кезде, мен мақтап өлең жазған кезде оның төңкеріске қарсы болып кететінін мен шынында білгем жоқ. Қырағы білгіштер маған ондай білгендерін айтқан жоқ.

Баланың жылауымен негізгі «қыл» туралы Адам қызып сөйлеп тұрғанда аузынан әр түрлі сөздер ұйытқып, шашырап шыға береді. Сәбит «Баланың жылағаны да таптың зары» деді. Түсіндіріп айтпаса, бұл сөз де күлкілеу сияқты көрінеді маған. Үшінші бес жылдықта бізде тапсыз қоғам болады. Сол тапсыз қоғамдағы балалардың жылауы қай таптың зары болады сонда? Әлде ол жылдарда балалар жыламай ма екен? Бала туатын үйде туған бала жыламаса ол баланың денсаулығының нашарлығы деп докторлар балаларды әдейі жылатады дейді. Тапсыз қоғамның докторлары туған баланың жылау-жыламауына қалай қарар екен?.. Сәбиттің ойланбай, түсіндірмей айта салған сөздері кейде осындай қалжың болып шығады. Ол және бір сөзінде «Менің негізгі қылым», «негізгі тетігім» деді. Бұған мен тіпті түсінбейім. Сәбиттің негізгі қылы яки тетігі қайсы екенін өзі ғана білер.

Тағы да тіл туралы Онсоң Өтепұлы жолдас «Правинсализмды қолданбау керек» деді. Менің ойымша, біздің Қазақстанда дәл осы дәуірде правинсализмді қолдану керек. Қазақ тілі, қазақтың әдебиет тілі әлі қанша дегенмен кедей. Біз білетін қолданып жүрген сөздің аздығынан кейде ойымыздағыны толық айта алмаймыз, кейбір нәрсені ойдағыдай толық суреттей алмаймыз. Мен мысал үшін сіздерге айттым ғой. Былтыр осында мен Алматы тұрмысын жазып жатқан бір әңгіменің ішінде, май айындағы бауды суреттемек болдым дедім ғой. Сонда жаза келе осы Алматының май айындағы бауын өзімнің көргенімдей қылып суреттей алмадым. Мен бұл арада сіздерге мақтанайын — осы Қазақстанда Ленин шығармаларын қазақшаға аударуға жарап жүрген он шақты кісінің бірімін. Қазақ тілін өте жақсы білген адам тана Ленин шығармаларын қазақшаға аудара алады. Сондықтан талайлардың аудармалары жарамай қалып жүр... Мен Лениннің бай тілін қазақшаға аударуға жарап жүрген адам болсам да, сол неше түрлі жұпар иісті гүлдерді, жайнап гүлдеген бауды көңілдегідей суреттей алмадым. Ал сол баудағы гүлдердің барлық түстерін бас-басына айырып атай аласыңдар ма?.. Әр гүлдің әр түрлі түстері бар, соларды айырып айта аласыңдар ма? Осылардың бәрін айтып суреттеген сөздеріңізді мен әлі көргемін жоқ. Тілдеріңіз жетпейді. Міне сондықтан біз тілімізді байытуымыз керек. Байыту үшін сөзді көрші елдерден де алудан қорықпауымыз керек. Интернационалдың сөздерді іркілмей қолдануымыз керек. Онан соң өз еліміздің ішінде бір аймақта айтылып жүрген сөздерді қопарып алып, әдебиет жүзіне шығаруымыз керек. Сонан соң әдебиетімізге енген сөз елге үйреншікті болып алынып кетеді, керексіз сөз жалпы тіл шеңберінен шығып қалып отырады. Жолдастар мен енді сөзімді бітіремін. Уақыт аз болғандықтан көп сөзді тастап кеттім... Қалай дегенмен біздің бұл Қазақстандық бірінші жиылысымыз біздің әдебиетіміздің-мәдениетіміздің өсуге бет алғандығын көрсетті. Енді алдымыздағы социалдық құрылыс майданында, кезенді өмір майданында ұлы тарихи дәуірімізге лайықты, кең өрісті, терең маңызды, биік сапалы көркем, сұлу әдебиет жасаймыз деп сенемін!

1934 жыл

SADVAQAS SEJPULLА

КӨRКЕМ ӘDEBІJET

ОRТА МEКТЕРТІҢ

5—KІLASb УСІN

ЖАҢА ӘДЕБИЕТ

І. ҚАЗАҚ КЕҢЕС ЖАЗУШЫЛАРЫ

Кеңес жазушылары өздерінің шығармаларында жұмысшы, қара шаруа үкіметін жақтап. сол үкіметтің көздеген мақсатына жету жолында күш жұмсап, көркем әдебиет арқылы барлық еңбекшілердің ой-санасын ұйымдастырып, социализм құру күресіне үндейді. Бұл жазушыларымыздың шығармаларының көпшілігі біздің жаңа құрылысымызбен жасап, жаңа өміріміздің Көркем көріністерін көзімізге айқындап көрсетіп суреттейді. Олар өз елімізде құрылған, құрылып жатқан өндіріс, зауыт-фабриктер мен үлкен-үлкен қалалардың, мидай далада құрылған жаңа құрылыс, жаңа өмірдің қалай жасалғандығын, кімдер жасағанын, қалай жасап жатқанын, біздің аулымыздың жаңаша жасай бастағанын суреттейді. Олар біздің бүгінгі құрылыстағы екпінді ерлеріміздің құрылыстағы қайрат-жігерін көрсетіп, кешегі тап соғысындағы ерлердің істерін суреттеп, ашық, жасырын құпия жауларымыздың сырларын ашып, жаулығын айқындап көрсетеді. Мұнымен қатар, кеңес жазушыларының өткенді көрсетіп, өткен өмірді баяндайтын да шығармалары бар. «Ескіні білмей жаңаны құрып болмайды» дегендей, бұлардан біз ескі заманның қандай болғанын, капиталистер кезінде жұмысшы тап, қара шаруа еңбекшілер қалай күнелткенін білеміз. Бұл шығармалардың тағы бір бізде қымбатты жері өмірдің қалай өзгеріп жатқанын, бұрынғы кездегі үстем бай табы өзінің алдына қандай мақсат қойғанын көрсетіп, кәзіргі біздің пролетариат мемлекеті өзінің алдына қандай мақсат қойып отырғанын білуге, түсінуге жәрдем етеді. Біздің кеңес жазушыларымыздың ішінде еңбекші табына еңбегін көбірек сіңірген көрнектілері Бейімбет, Сәкен, Ілияс, Ғали тағы басқалар.

МАЙЛЫҰЛЫ БЕЙІМБЕТ

Өмірі мен жазушылық қызметі Бейімбет — жарлы баласы, жасынан жетім қалған. Бейімбет 1894 жылы Қарабалық ауданында туған. Жоқшылықтан ұзап оқып, білім ала алмаған, іс арасында ғана ауылда сауатын ашқан.

Бейімбет қара бұқараның ортасынан қайнап шыққан сүйікті жазушы. Бейімбет өзінің қандай күйде өсіп, қалай оқып, қайтып жазушы болғанын былай әңгіме етеді: жұмыстан қалт етіп қолым босаса, мені молдаға сүйреу шешемнің әдеті еді. Шаншар молда деп аталған бір ноғай молда болды. Біздің ауылда бірталай жыл тұрды. Бар білімі «Бақырғанды» әндетіп оқу еді. Сол молдадан сауатымды ашып, хат таныдым. Қол тигенде, жұмыстан босап ауылға келгенде өлең кітаптарын оқуды әуес көрдім. Баяғы мені оқытуға құмартқан үлкен шешем де өлеңге өте әуес адам еді. Ескі қиссаларды тыңдап болып, бірер күрсініп алып, өзі өлең айтар еді. Кейде маған қарап күлімсіреп: қарағым-ау, сен жоқта мен саған өлең шығарып қойдым дер еді. ...Әлі есімде, қырық құрау — жұлдыздай тесік, қиқиған қара үйіміз бар еді. Қырық күн шілдеде біздің үйіміздің ортасында от жағылады. Таңның сәрімен тұрып, қара құманды оттың қозына көме түсіп, дәулетті үйлердің «мынаны істеп тастасаңыз» деп берген жүнін түтіп отырып әжем ыңылдап ән салатын:

« Өмірімде көргенім күңлік, құлдық,
Бұл жалғанда бар ма екен біздей мұңдық?..»

Ұйқылы-ояу жатқанда құлаққа тиетін өлең осы еді. Өзі шығарды ма, әлде біреуден естіп үйреніп алды ма, әйтеуір осы өлеңді аузынан тастамайтын. Тыңдап жатсам да осы өлеңді қайта айтатын, басқа өлеңдер де жалғасы келеді. Кітаптан оқыған өлеңдерің көбі ойында жатталған болады, оларды еске түсіресің. Сүйтіп өлеңге құмартқандық өзінен-өзі бастала берді. Бұл өзіме бірінші баспалдақ еді. Аулымызда көмек дейтін кісі болған. Балалау кезімде көрдім. Сол кісіде ақындық бар еді. Ел арасында «Ақын Көмек» деген атты да алып жүрді. Біреуді мақтауға, жамандауға, күлкі қылып өлең шығаруға бұл кісі өте шебер болған. Жаппас дейтін ел бұл кісінің нағашысы екен. Жаппастың елін аралап жүріп, бір атақты адамның үйіне қонып отырғанында бізге бір жұмбақ айтып кетіңіз, екінші келгеніңізде шешіп қоялық» деп жабысады білем. Көмек сонда:

«Арсыздан туған екен алты бала,
Aт қойған қымтамас деп оған және...» —
деп өздерін тәлкек етіп өлең шығарып кетеді.
«Әкеңнің құны бар ма ар басқандай?

Итерсем тура қалып жармасқандай?
Құрбыңнан кем туғызған құдайдан көр,
Ортасын мұрнының мен басқандай...»

Көмектің осы сияқты ұсақ өлеңдерін жинап жаттайтын болдым. Көмектің жазып қалдырған өлеңдері де өте көп еді. Шынында ол кезде жалғыз мен емес хат танитын адамдардың бәрі-ақ бас қосқан жерде Көмек өлеңін айтуды әдет қылып еді. Бұл менің 20-ға жетпеген кезім. Хат танығанмен одан арман кететін дәрмен менде болған жоқ. Жұмыс соңында салпақтап жүре бердім. Жұмыстан қол босағаңда жұмысшылар бас қосып тыныққанда өлеңді ермек қылысады. Айт деп өтінген соң айтасың. Өлең айтуды әдет қылған соң, тыңдаушыларды жалықтырмау міндетке айналған сияқтанады екен. Өне бойы бір өлеңді айта берсең жалықтырасың ғой. Ендеше жаңадан бір нәрсе табу керек. Ол қалай табылмақшы? Көмектің өлеңінің көбі зармен келетін. Өткен өмірін, балалық дәуірін суреттеп елестететін, осынысы сол кезде маған ұнаған сияқтанушы еді. Осыны еліктеп бір нәрсе шығару керек болғаны ғой. Баяғы тыңдаушыларға «жаңалық» іздеп жүріп, мен сол Көмектің сарынымен жер туралы оншақты ауыз өлең шығарыппын. Өлеңімді тыңдаушылар құшуақ алып, «өлең шығаратын болыпты» деген атақты маған да іліктірді. Шынында онымның өлеңдікке сәні жоқ еді, әйткенмен бірінші бастауым осы еді. Осыдан кейін шатпақтап өлең шығаруды әуес көріп кеттім. Ол кездегі алған үлгім — «бергенді мақтаған, бермегенді жамандаған ақындардың өлеңдері» болсада, неге екенін білмеймін, солардың жолы мені тартпады, мақтап өлең шығару деген менде болмады. Біздің елде Әржикей дейтін өлеңші болды. Барлық кәсібі — байларды мақтап өлең шығару, байлардан ат міну, шапан қию еді. Осы Әржикейді тәлкек қылып мысқалдап мен өлең жаздым. Бұл өлеңімді сол кездегі «елең жаттаушылардың» бірсыпырасы жаттап алып, айтып жүрді. Бұл — 1910 жылдардың шамасы еді. Көрші елімізде «Арғынбай қажы» дейтін кісінің медресесі болатын. Біздің ауылдан да бірен-саран адамдар сол медреседе оқып жүретін, солардың демеуімен медресеге кірдім. Ауыл медресесі ғой, ішерлік тамақ болса басқа қаржы тілгерленбеуге болады екен. Сол медреседе екі жыл болдым, бұрынғыдан гөрі өлеңге кеңірек таныстым. Көмектің өлеңінен басқа да өлеңдердің барлығын білдім. Абай өлеңдері қолға түсті. Осы жылдары «Айқап» журналы шығып тұрды. «Айқапты» құмартып оқитын болдым. «Айқапта» басылған өлеңдерді еліктеп жазатын болдым. Бірсыпыра өлең жазып «Айқап» басқармасына жіберсем де «басылмайды» деген жауап алдым. Сонсоң «Айқапқа» өлең жазуды доғардым. Басқа ұсақ хабар-ошарларды, бірер әңгіме сымағымды «Айқап» басып шығарды. «Қазақ» газеті шығып тұрады. Нөмір сайын болмағанмен өлең басылын тұратын болды. Мен де жаздым. Талай жіберген өлеңдерім желге кетті. «Айқап» сияқты «басылмайды» деген жауапты беруге де сараң еді. Сөйтіп жүріп, ақырында 1913-жылы сентябрь ішінде Қазақ газетінде «Штат» деген өлеңім басылып шықты. Осыдан былай қарай оқта-текте бір өлеңім басылатын болды...»

Бейімбеттің әлеуметтік пікіріндегі өзгерістер Бейімбет шолақ білім, тар жұмыстың толғауында шарықтап өсе алмады, шабандап өсті. Сол кезде оқыған қазақтың азды-көпті зиялыларының ықпалынан ұзап кете алмады. Өмірінде көрген-баққаны осылар ғана болды. Осы бетпен Бейімбет 17- жылғы февральға бірақ соқты. Бейімбет бұл кездегі тұрмыс жағдайын өз аузынан былай баяндайды. «... февраль өзгерісі кездесті. Бұған дейін менің оқыған мектебім, алған тәрбием жоғарғы айтылғандар ғой. Орыс әдебиетімен танысу дегеннен құр алақан болатынмын. Орысшаның сөзі түгіл, қарпын зорға танитын кезім ғой ол. Сондықтан февраль өзгерісін қалай ұғыну, қалай жырлау белгілі еді. Ұлтшыл әдебиетпен ғана суарылған соң, одан басқа көргенім болмаған соң, ол кезде ел ішінде жастарды баулып, түсіндіріп, ұлтшылдық жолдың терістігін ұғындырушы болмаған соң, қайтесің? Адассаң, соқыр болған соң алдында тұрған жалғыз соқпаққа жабысасың», - дейді.

«Ой тудырған Октябрь төңкерісі болды...»

Бейімбет қазақ ұлтшылдарының жолына Октябрьден соң сын көзімен қарай бастайды. Ұлтшылдар ертеде тендік іздеп, бостандық көксеп патшаға қарсы болған болатын болса, көктен күткен тілек жерден табылғанда неге қарсы болады? деген ойды еріксіз ойлайды, Бірақ үзілді-кесілді дұрыс жауап таба алмайды, адасады. Бұл туралы Бейімбет өзі былай жазады. «... Ой тудырған Октябрь төңкерісі болды. Қазақ ұлтшылдары октябрьді балағаттап қарсы алса да, осында қандай сыр бар деген іздену пайда болды. Әйткенмен тап сол кезде осындай ізденген жастардың сусынын қандырарлық, сілтеу берерлік әдебиет қазақ тілінде болмады. Қазақстанда кеңес үкіметі бастап құрылған жылдары Байтұрсынұлы большевик партиясына кіріп, облыстық комитет атынан: «Қазақ туысынан — коммунист, қазақта мал ортақ, жан ортақ, қонақасы ортақ» деп жазды. Ізденген, ойға түскен жастардың бұ да басын қатыратын, адастыратын жұмыстың бірі еді. Шынын айту керек — адастық қой. 18—19 жылдары ірі қарыппен басылған орыс тілінде үндеулер таратылып жүрді. Бізбен көршілес поселкеде Иван дейтін таныс жігітім бар еді, қалада ақтарға қарсы отряд тізіліп, әлгі Иван сол отряд бастықтарының бірі болды. Ірі қарыппен басылған үндеулерді, ұсақ кітаптарды беріп тұратын болды. Шөлдесе, шындап жабысса, адам таппақ қой. Орысшаны шала-пұла түсінетін болдым. Бір жыл ұдайымен әурелендім. 20-жылдары әжептәуір түсіне бастадым. Осыңан бастап қаламымның бағыты өзгерді, мен басқа жол таптым, адасқанымды сездім. Осы жылдардан бастап мен табымның жолына бұрылдым. Ескі тәрбиеден сол жылдардан бастап мүлде тазарып кеттім демеймін, бірақ шындап бұрылдым. Қаталасқанымды сезе бастадым. Әлден келгенше тазаруға тырыстым. Бір жылы қаңғалақтап «Ғалия» медресесіне барып іліккенім ғой. 4 ай оқып, ауырып шығып кеткенмін, аздап татар әдебиетімен танысқам. Әңгіме, өлеңдерін қолға түсіріп оқып жүретінмін. Соған еліктеп әңгіме жазу, пьеса жазуға әурелендім. 18 — 19 жылдардан бастап ұзақ әңгімелер жазатын болдым. Сол кезде жазған әңгімелерімнің бірі — «Шұғаның белгісі» еді. Бастап жазғанымда ұзақ еді, 22 жылы «Қызыл Қазақстан» журналына бастырарда өндеп, бірсыпыра қысқартып тастадым. Театр кітабынан бірінші рет жазғаным «Неке қияр», «Жат сабақ» деген еді. «Жат сабақты» артынан өзгертіп «Шаншар молда» деп атадым. 1922 жылдан бастап газет қызметіне кірдім. «Еңбекші қазақта» 7 — 8 жыл қызмет істедім. Одан кейін баспа жұмысына шықтым. Мектеп, қурс дегендерің біздің қолға тиген емес, жазу соңына түсіп отырған кезім де жоқ, отыруға уақыт та жоқ. «Аттың жалында, атанның қолында» сияқты мұршаң келгенде бір нәрсені жазған болсаң, оның әңгіме кестесін келтіруге көбіне уақыт жоқ... Менің бұл күнге дейін жазған тақырыбым — ауыл туралы ғана болып келді. Өндіріс өмірін суреттеуге мен әлі күнге дейін кірісе алғаным жоқ. Үйткені әлі күнге дейін өндіріс өмірімен таныса алғаным жоқ. Жазуымдағы басты кемшілігімнің бірі осы деп білем. Енді бір тілегім осы кемшілігімді жоюға күш салу». Бейімбет жоғарыдағы өзінің айтқан кемшіліктерін соңғы кездерде жоюға кіріскен сияқты. Қазақстан зауыты, Шымкент мыс қорғасын комбинаты сияқты өндіріс орындарына барып, солардың тұрмысынан жаза бастады. Бейімбеттің үлкен жазушы болып өсуі Октябрь төңкерісінен кейін, Қазақстан Республикасы құрылғаннан кейін.

Бейімбет — кәзіргі Қазақстанда кеңес жазушыларының ең ірілерінің бірі.

БЕЙІМБЕТТІҢ ШЫҒАРМАЛАРЫ

«САҒЫНДЫҚ»

Бейімбет «Сағындықта» төңкеріс алдындағы мыңдаған, миллиондаған қайғылы, аянышты күйдегі қазақ жалшыларының тұрмысын көрсетеді. Сағындық сияқты көп малайлардың төңкеріс арқасында қолы тендікке, басы елдікке жеткенін, жетіп жатқанын пернемен суреттеп берді. Бейімбет төңкерістен бұрынғы неше жүз мыңдаған жалшылардың күйін, ауыр қанаушылықтағы қара күндерін былай суреттейді:

«...Күн ұзаққа бұзау бағып,
Шаршап ернім кезеріп.
Кейде әкеме мұңды шағам,
Дейді маған «төзелік».

Қашанғыға төзбек керек,
Бір жылдық па, мәңгі ме?
Мәңгі төзім қайдан келді?
Міне осында әңгіме...

...Неге тудым, неге өстім,
Қойшылық па күткенім.
Қу тағдыр-ау риза емеспін,
Жазығым жоқ түк менің.»

Сағындыққа осылай сөйлетеді.

Қазақ жалшылары неге өмірге риза емес? Неге туғанына, дүниеге келгеніне налиды? Үйткені өмір дейтін өмір жоқ, ылғи байдың құлағын кескен малайы, сатса малы. Сондықтан бұл өмірге қашанғы төземіз, бұл өмірге неге келдік дейді. Бейімбет сондықтан осындай өмірден құтылып тендік алған, пионер болған бір жалшы жасты көрсетеді.

«...Құлдық өмір қалды кейін,
Мен өмірдің еркесі...»

деген Сағындық сияқты жігерленген, талапты жасты көрсетеді. Біреу емес мыңдаған, миллиондаған еңбекші жастардың осындай ерік алғанын көрсетеді.

«ҚАНДЫ КЕК»

Бейімбеттің «Қанды кегі» 16-жылғы жігіт алудың қанды оқиғасының бір елесі. «Қанды кек» — қазақ аулындағы тап тартысының тарихи документтерінің бірі. «Қанды кектегі» соғысқа жігіт бермейміз, жігіт беруге қол қойып келген Ыбыраш сияқты қашаннан халықты қанап келе жатқан қанды ауыз — жебір болысты құртамыз деп көпті бастаған Жарық пас шал кім? Көп ішінде болысты өлтіруге алдымен қол көтеріп, белсеніп, тісін қайрап отырған қайратты Қайрақбай кім?

— Ел, бұзылмаңдар, өнерлі орысқа ешнәрсе істей алмайсыңдар, қарсы көтеріліс жасамандар, шаруаны күйзелтесіңдер, — деп ақыл айтып, Қайрақбайға кеңес беріп отырған мұғалім кім, қандай тілектегі адам?

Сапарға түспес сабыршыл, қоян жүрек қорқақ, шаруаның шашылмауын көздеп, екі жаққа да ашық қосыла алмай, тартыншақтай беретін Бөлкебай кім? Елді аямайтын, иманы да, жаны да, ары да — мал, іздегені мал, қанішер, рақымсыз Ыбыраш болыс кім?

Ыбыраш сықылды болыстар аз ба?
Патшаға, алдымен болысқа көтеріліс жасаған елдің тілегі не?
Елді бастап жүрген Жарықбас, Қайрақбайлар кім? Қай таптың өкілдері?

Әңгіме міне осы сауалдарға қысқа, ашық жауап береді. Бүкіл оқиғаның, барлық күрестің сырын ашады. «Қанды кекте» жазушының кімдерді жақтап, кімдерге тісін қайрап, кімдерге жаны ашып, бүйрегі бұрылып отырғанын анық көруге болады. Осыған қарап қай жазушының болса да таптық салт-санасын оятуға болады, қай таптың жазушысы екенін білуге болады. Тапқа бұрылмайтын, өзі бір тапқа жатпайтын жазушы болмайды. Бейімбет «Сағындықта» да, «Қанды кекте» де тарихи оқиғаны болсын, онан бергі күндегі оқиғаны болсын еңбекші таптың көзімен қарап, бағалап жазып отыр. Бейімбеттің жазған әңгімелерін оқып отырып, әлгі айтқан тап сырын ұғу қиын емес. Қай жазушы болса да шын сырын қаламына сөйлемей тұра алмайды.

«КЕМПІРДІҢ ЕРТЕГІСІ»

Бейімбеттің «Кемпірдің ертегісі» «Қанды кек» әңгімесінің өлеңді түрі сияқты. Екеуінде де баяндалатын 16-жылғы жігіт алу оқиғасы. Сондағы кедей менен байлардың, байлардан болған залым болыстардың араларындағы оқиға. Бейімбет бұл екі шығармасын да еске алу, ертегі есебінде жазды. Ертегіні кедей жалшылардың өмір, қалпын суреттеп, көзге елестетер әңгіме етіп берді. Он жасар Әсілбекке әкесі 16-жыл оқиғасы өткеніне 10 жыл толған соң ертегі ғып айтып береді. Сонда өткен күнді: «Биылғы жыл он жыл толды дәл соған, Бұрынғыны айта өтейін мен саған. Қара қүндер қар жаудырған өтті ғой, Тоба-тоба! Сені әлдилеп жұбанам!.. Сорлы кедей байға еңбегін жегізіп, Кедей қудық тойынбайды дегізіп, Ол рақатта, бар бейнетін біз көріп, Сорылатын байға болдық емізік...» деп суреттейді. Кеше ғана қандай күндер өткенін, кедейдің қандай күйде екенін ескіні жақсы көретін кемпірдің өзі айтып береді. Жаңа өмірдің жазында жасаған жастарға, бөбектерге кешегі қарғысты қаралы күндерді үлгі етіп сөйлеп береді.

«БОЛЫС»

Кедейлерді байлардың құлдануының бір тетігі —жерде, адамзаттың анасыңдай жердің баяғыдай байлардың қолында болуыңда. Октябрь төңкерісі болып, еңбекші тапқа ерік таңы атты. Бірақ баянды тендікке керекті жағдайдың бәрі бірдейінен түп-түгел жасала қойған жоқ. Жасала қойылуға да мүмкін емес қой. Жалпы саяси тендікті қолына алған еңбекшілер байлардың қолындағы шаруашылық құралын бірте-бірте қолына көшіре берді. Бейімбеттің мына «Болыс» атты шығармасы — кедейлердің Октябрь төңкерісінің арқасында тапқан ұлы табысының бірі. Байлық бұлағы — жер. Жер — адамның анасы. Қанаушы байлар табының кедейлерді қанауының бір түрі — байлардың жерге ие болушылығынан болатын. Байлар жерге қожа болып отырып, жерге мұқтаж қара шаруа, кедей шаруаларды (крестьяндарды) жерді пайдалану арқылы қанайтын. Ал жерді еңбекші табы байлардан тартып алғанда, жер арқылы қанаушылық жүргізетін байлар ол күштен айырылады. Ол күш еңбекші таптың өз қолына көшеді. Бейімбеттің «Болыс» атты поэмасы — осы байлар қолындағы жерлердің бөліске түсіп, кедейлер қолына көшкендігінің қуанышында туған қуанышты тарихи поэма.

БҰРЫН САРЫАРҚА ҚАНДАЙ ЕДІ?

Меңіреуленген Сарыарқа,
Мейлінше езілген.
Миллионный жылауын,
Көрдің өзің көзіңмен.

Сарыарқа асқан бел еді,
Қайғыға төзді, шыдады.
Сарыарқа емес қалың ел,
Қан жұтты, зарлап жылады.

Сарыарқаның даласы
Ұясы болды құлақтың.
Қалың кедей торығып,
Көрмеді несін мұңдықтың?

Сарыарқа елі — байдікі,
Кедейлер малшы, жалшы еді,
Байдың соғып сойылын
Кедейлер итаршы еді.

БҮГІНГІ САРЫАРҚА ҚАНДАЙ?

— «Аты кедей бірігіп,

Ат салатын күн туды» деп кедейлер бірлесіп, партияның басшылығымен Сарыарқадағы Кемелбай, Кебендерді жоқ қылды, байлардың қолындағы «ата мұрасы» — жерін бөлісіп алды. Қуанышқа, шаттыққа әндетіп өлең-айтты. Сарыарқаға сән кірді.

«...Түрленеді — сары алып,
Күлімдейді күн көзі.
Қуанышты құттықтап,
Бас игендей жер жүзі...»

деп Бейімбет кедейлердің жер алғанына өзінің қуанғанымен бірге бүкіл жүзін де қуанған қылады. Бейімбет өзінің қай таптың жазушысы екенін де осындай реттерде тым айқын көрсетеді. Міне өлеңде мұндай жырлауды — бейнелеу дейді. Яғни бір нәрседе болмайтын күйді екінші нәрседе болатын күймен көрсететін сөз айтуды — бейнелеу дейді. Бейнелеу өлеңді әсерлі, күшті шығару үшін қолданылады.

«САРЫ АЛА ТОН»

Бейімбеттің «Сары ала тон» атты әңгімесі кәмпеске тақырыбына жазған кеп әңгімесінің бірі. «Сары ала тон» әңгімесінде Бейімбет жазушы ертеде қазақтың Тұтқыш сияқты мыңдаған жалшы малайларының қанын қақтап сорған Сейпен сықылды жебір байдың қалай кәмпеске болғанын, жалшы малайлардың оның малын қалай бөліп алғандарын әңгіме қылады. Неше тасыр бойына қазақ еңбекшілерінің иығын жауыр қылған, жіліншік майын шаққан, Тұтқыш сықылды кедейлердің өзін құл, шешесін күң қылғанын, еңбегін бермей жылатқанын, ақырында сол сықылды залым, обыр Сейпеннің кәмпеске болып жер аударылып, ұлардай шулап ұлығанын, кедейлердің неше тасырлаған еңбегінің жемісінен үлес алып, мерекелеп қуантқанын, кедей жалшылардың таптық мерейінің өскенін «Сары ала тон» әңгімесінде Бейімбет әдемі көрсеткен. Сейпен байдың әкесінің патшадан алған сары ала тонынан шошынып қорқатын, «киелі» деп сескенетін, Сейпен байдың үйінің төрі былай тұрсын, айдалада қалған ескі жұртының төріне шығып кетсе аруағынан кешірім сұрап жалбарынатын жалшы әйелдердің, Тұтқыш сияқты малайлардың бай кәмпескеленгенде төбесі көкке жетті, кеңес үкіметінің шын кедей, жалшының үкіметі екеніне иманы кәміл болды. Сондықтан кәмпеске комиссиясы келгенде байдың тыққан дүние, мал-мүлкінің бәрін айтып берді. Кәрі кемпірлер — ескі адамдар ескі «аруақты» сыйлап Сейпенге жаны ашығандай болды. Ауыр-ауыр күрсіністі. Бозбалалар, көп малайлар арқа-жарқа болып мерейленіп қуанысты. Байдың көктегі жұлдыздан дәме қылатын көрікті қызы өзінің табанында езілген елеусіз Тұтқышқа тиді. Тұтқышқа «тием» деді. Бейімбет «Сары ала тонда» осылардың бәрін көз алдыңа көшкен керуендей елестетеді. Кәмпескеден мал алып қуанған көп Тұтқыштармен бірге қуанасың, көп Тұтқыштардың табан ақы, нандай терін жеген Сейпеннің кәмпеске болып айдалғанына айызың қанып, мерейленіп қуанасың. Бейімбет әкесіне хат жазып, кәмпеске жайын алдын-ала түсіндіріп, әзірлік жасатып жүрген Ермек «коммунистің» кім екенін, кәмпескеге белсене қатынасып жүрген Арыстан коммунистің, Қуандық белсендінің кімдер екенін, тілектестерінің қандай екенін «Сары ала тонда» бес саусағындай етіп ұғындырады. Әңгімесінің күшімен оқушыны оқиғаға белсендіріп қатынастырып жібереді. Көркем әңгіменің қасиеті де, күші де осысында.

«КОЛЛЕКТИВТІҢ ЖЫРЫН АЙТ!»

Бейімбет біздің жұртшылығымыздың тарихи өсу жолындағы әрбір тарихи басқыш, белендерінің бәріне де өткір қаламымен ат салыспай қойған жоқ. Октябрьдің көрнекті ұлы сенбісінің бірі — пішендік шабындықты бөлу болды. Бейімбет бұған «Бөліс» атты поэма берді. Онан 1928 жылғы ірі байларды кәмпескелеп, жер аударып, малдарын кедейлерге бөліп бергенде, Бейімбет «Сары ала тон», тағы басқа толып жатқан әңгімелер жазды. Мұнан кейін бай-құлақтардың таптығын жою жөнінде шабуыл жасалып, колхоз ұйымдастырылды, кедей, орташалар ұйымдасып — коллектив негізінде жаңа өмірге көшті. Бейімбет бұған «Майдан» атты атақты пьеса, түрлі әңгімелер, «Коллективтің жырын айт!» деген сияқты әдемі өлең-жырлар берді. Бейімбет «Коллективтің жырын айтта» жалшыларды партияның аса көңіл бөліп отырған ұранының бірі — коллективке ұйымдасуға шақырады. Колхоз құрып, ұйымдасып, бай-құлақты тап ретінде құртуға жұмыла кіріскен миллиондаған еңбекшілермен бірге қуанып:

«...Бәрін айт та бірін айт,
Коллективтің жырын айт!» —
деп жаңа өмірдің - коллективтің жырын жырлады.

СЕЙФУЛЛА ҰЛЫ СӘКЕН

(1894 жылы туған)
Өмірі мен жазушылық қызметі

Сәкен орта шаруаның баласы. 1894 жылы Жаңаарқа ауданында туады. Жасырақ кезінде үй шаруасына қарасып, өсе келе Нілді зауытындағы жұмысшылардың үйінде жүріп, орысша оқып сауатын ашады. Алғаш қалам ұстап жазушылық өмірге қадам басуы да осы зауытта болды. Сәкеннің алғашқы әдебиет мектебі ауыл арасындағы Көркем тіл, ән-күй айтылатын орындар болады. Осы ортада өрнек тәлім алып тәрбиеленеді. Сәкен өзінің қалай оқып, қалай қаламға баулынғандығы жөнінде былай әңгіме етеді: «Орысша Успенский рудник зауытын жергілікті Қазақтар «Нілді зауыты» дейді.

Алғаш өлең жазуды мен бала күнімде сол Нілді зауытында бастадым. Нілді зауыты біздің ауылдан 50 — 60 шақырымдай жерде. Мен, жас бала күнімде от басында отырғанда әкей «орысша үйреніп, хат біліп, мал табуды» арман қылып сөйлеп жүрді. Бір күні, қыстың бас кезінде, көршілес ауылдан біздің ауылға Төлепберген деген ұстаның баласы Әкілдік деген жігіт келді. Әкілдік жалшылықта жүретін еді. Әкілдіктің мінгені түйе. Нілді зауытына барады екен. Әкей маған: «Әкілдікпен бірге Нілдіге бар. Орысша тіл үйрен, Орысша оқу үйрен!» деді.

Мен: «Жарайды» дедім.

Әкілдікпен сөйлесіп, мені Әкілдіктің түйесінің артына мінгестіріп жіберді. Арада бір қонып, Нілді зауытына келдік. Әкілдік Лаврентий деген орыстыкімен сөйлесіп, мені сонда орналастырды. Лаврентийдің кемпір қатыны бар, баласы жоқ. Асырап алған бір кішкентай ерке қызы бар. Маған орысша жазуды, тілді сол Лаврентийдің кемпірі оқытатын болды. Мені сиырын күтуге, пешке жағатын тас көмірді үйге кіргізуге, су қотарып алуға, ондай-мұндайға жұмсайтын болды. Жататын орнымды Тұңғышбай деген пошта таситын бір қазақтікі қылды. Бір қыс солай жүріп кемпірден «оқыдым». Қыстың аяғы кезінде жұмысшылардың забастовкасын көрдім. Орысша жазу сабағын кемпірден оқысам да менің екінші түрлі оқуым Нілді зауытының машина жанындағы ұсталар дүкенінде болды. Машина жанындағы ұсталар дүкенінің бір қатарларында көрік тартатын ұсталар дүкені бар. Ол дүкендерде: Ыбырай, Асан, Үсен, Арын деген төрт қазақ ұстасы ұзынды күндікке гүрсілдетіп, жарқылдатып көрік тартады. Сол төрт ұстаның төртеуінің де қасында бір-бір бала көрік басады, бір-бір бала жігіт балға басады. Ыбырай ұста — ақын, өлеңші, хат та біледі. Ыбырайдың Нұрғали деген баласы бар. (Қазір Нұрғали Нілді зауытында мастер). Әуелі Нұрғалимен бірге ұсталардың дүкеніне келіп жүрдік. Ыбырай ұста қара мұртты ашаң қара сұр кісі. Гуілдеген көріктің демімен өрт болып қайнаған таскөмір қорығында жыр қылып шоқпен бірге шыжыған көк найза темірді құрыш балтамен гүрсілдетіп соғып Ыбырай өлең айтады. Өлеңді көріктің өлшеуімен гуілдеген үніне, құрыш балғаның өлшеуімен соғылған гүрсіліне, құрыш темірдің шыңылдаған даусына қосылып, ұсталардың дүкен күйін жандандыратын еді. Гүрілдеген көрікте дүкенде ұсталардың сыпылдаған күшті, сіңірлі қолдарының көк темірді жаныштап илеген істеріне көз суарылып, дүкеннің күйі, Ыбырайдың әні құлаққа сіңіп жүрді. Ыбырай ұстаның бір өлеңінде:

«...Сыртың сұлу, мылтықтың сымыңдайсын..
Ал қара көк құрыштың шыңындайсың.
Түсіне алмас аңқау жан, сөзің кесте,
Шапқы соққан күмістің жымындайсың...

деген сөздері құлаққа сіңген еді. Және:
«...Дүние — бір қисық жол бұраңдаған,
Тіршілік — қашқан түлкі бұлаңдаған.
Кедейлік — зіл қара тас иықты басқан

Жігіт пе оны көтеріп тұра алмаған..»
деген өлеңі менің миыма орнаған еді...

Бұл төрт ұстаның төртеуі де (Ыбырай, Асан, Үсен, Арын) кісімен үйірсек, ақжарқын адамдар еді. Барғанда жарқылдап жақсы көріп, бауырларына тартатын еді. Үсен мен Асан бозбала еді. Бұлар қазір де Нілді зауытында мастер, ұста, төртеуінің де үйлері де, ауылдары да зауыттың басында. Мен келесі жылы зауыттың школына кірдім. Лаврентийдікінен шығып, Зікірбек деген жұмысшының үйіне жататын болдым. Зікірбек зауыт байының (ағылшынның) ат қорасында істейтін жұмысшы еді. (Зікірбек те қазір сол зауытта.) Зікірбектікінде екі қыс жатып зауыт мектебінде екі қыс оқыдым. Сонымен Нілді зауытында үш қыс оқыдым. Сол үш қыста, бір сабақ — орысша әліп-би кітапшасынан алған оқуым болса, екінші сабақ — ұсталардың дүкен күйінен, аласұрып жұлқынған машина әрекетінен, машина түрінен, жер астында жұмыс істеп шығатын шахты, кен жұмыскерлерінің жатақ, тұрмыс күйінен, зауыт үстінде тас көмір, кек тас — кен үйген жұмысшылардың тіршілік күйлерінен алған сабақ көңілде нық орнаған тоқу болды... Бала күннен, ес кіргеннен бері қарай-ақ сол ойын үстінде айтылатын айтыс өлеңдер және әлгі от басынан алынған «сабақтар» құлаққа сіңген, көңілге тоқылған әңгіме, ертегі, өлең суреттері менің қиялымда тізбектеле беретін еді.

Мынадай өлеңдер әлі ұмытылған жоқ:
«...Ұшады көк ала үйрек көлге қарсы,
Ұясы жануардың шөлге қарсы.
Ынтық боп сәулем саған қол созамын,

Ұмтылған балапандай желге қарсы.
Шытыр-шытыр тобылғы сайға бітер,
Kөп жылқы көк алалы байға бітер
Сұлулық сенен артық кімге бітер?

Жалғыз-ақ аспандағы айға бітер!..»

Міне осы тәрізді ауылда естіген өлеңдер жас бала күнімнен ойыма тізбектелген еді. Оның үстіне Нілді зауытына келіп, орысша жазу үйреніп, зауыт жұмысшыларының тұрмыс түріне, тұрмыс күйіне, машина күйіне, машина түріне, ұсталардың дүкен күйіне көз бен құлақ суарылып, Ыбырай ұстадан өлең үйрендім. Зауыт жастары анда-санда ойын жасайды. Ойындарына қыз-келіншектерді жинайды. Арын мен Үсен ұста екеуі ойындарына мені де алып барады. Олар ән салысып, ойнап жатады. Біз — балалар ойындарын көріп, өлеңдерін тыңдап қарап отырамыз.

Өлең жазбақшы, жаза алмады.

— «Мен жазам!» — дедім.

— «Жаза аласың ба? Жазшы, жаза алсаң! Мынасын айт, былай де, былай де!..» деп маған тілмаш жігітің келемеж болатын жақтарын айтты.

Ішінде мынадай сөздер болды:
«...Мақтанасың қолыңның олағына
Амал бар ма ақылдың шолағына
Күйелі қол айырбас болмас мырза,

Байдың қолын жалаған шолағына..!»
Менің ең алғаш жазған өлеңім осы шығар...»

Сәкен нілді зауытында оқып, сауатын ашып алған соң Ақмоладағы далалық Приходский школында оқыды. Онан соң Омбыдағы Учительдік семинарияда оқып 1916-жылы бітіріп шығады. Сәкен өлеңді Омбыңа оқып жүрген кезінде кәдімгідей көбірек жазады. «Өткен күндер» атты бірінші өлең кітабын 1914-жылы бастырады. Сәкеннің осыдан былайғы өмірі әсіресе 1917-жылдан бастап әлеуметтік-төңкеріс жұмысымен байланысып, күндіктесіп отырады. 1917-18 жылдарғы Ұлы Октябрь төңкерісінде Сәкен Ақмола облысында совет үкіметін орнату жолында алдыңғы қатардағы күрескендердің бірі болды. Колчак заманында Сәкенді түрмеге қамап біресе қол-аяғын шынжырлап, біресе даладан далаға айдап ақырында Омбы лагерінен қашып құтылды. «Қызыл сұңқарлар» мен «Тар жол, тайғақ кешуде» осының бірсыпырасы суреттелген.

СӘКЕННІҢ ШЫҒАРМАЛАРЫ

«БАНДЫНЫ ІЗДЕГЕН ХАМИТ»

Сәкеннің «Бандыны іздеген Хамит» деген әңгімесі бандылар жүріп-тұрған замандағы ұзақ әңгіменің әдемі Көркем үзіндісі. Сәкен бұл әңгімесінде төңкерісті қорғау үшін күрескен төңкеріс жолындағы ерлердің ерлігін көрсетумен бірге жаңа социалды қоғамды құрушы жас жеткіншектерді мықты, батыр, ыңғайлы, қайратты болып өсуге ынталандырып, жетектейді. Әрбір айтқан сөзі, әрбір бөлек көрсеткен суреті оқушының жүрегінен өшпестей орын алуы үшін, әрі әсерлі болуы үшін әңгімесін бейнелей, суреттей, салыстыра сөйлейді. Оның үстіне еріксіз Хамиттай мықты, жаудан таймайтын қиын-қыспақ жерде жауға алдырмайтын жігіт болып келеді.

Көркем әдебиеттің бір қасиеті де осында.

Сәкеннің төңкеріс ақын-жазушысы екені әңгімесінен ашық көрініп тұрады. Жанталасып алысып жатқан банды мен Хамиттің қайсысының тілегін Сәкеннің тілеп отырғаны ап-ашық. Сәкен — Хамиттің тілегіндегі кісі. Оның үстіне оқушы да Хамиттің тілегін тілейді.

Әңгімесі оқушының бетін осылай бұрып, билеп алып кетеді.

«ТОҚУ ФАБРИГІНДЕ»

«Тоқу» фабригінде» деген жыр — Сәкеннің соңғы табысы, өлең-жырдағы олжасы, жаңалығы. Қазақ әдебиетіне жырдың осындай жаңа кестесін кіргізген бізде әзірше Сәкен ғана деуге болады. Бұл жыр социалдық фабриістің тоқтаусыз зырылдап айналған қос дөңгелегінінің биіне ақынның шаттанып, балқуынан туған жаңа пролетариат жыры. Күшті, қарқынды өндіріс жыры. Өзінің күшіне, ырғағына салып әндетіп оқысаң тынбай айналып кездеме тоқып шығарып жатқан фабрик көз алдыңа елестеп келеді.

Күшті, қарқынды еңбек биі көңілді көтеріп, шалқытады.

МҰҚАНҰЛЫ СӘБИТ

Өмірі мен жазушылық қызметі Сәбит 1900 жылы туған, 1917 жылы мұғалімдерден түртінектеп жүріп хат танып алған. 1918 жылы облыстағы мұғалімдер қурсында оқыған. 1919 жылы мұғалім болған. 20-жылдан 23-жылға дейін ауылда әлеуметтік қызметте болған. 23 — 25 жылдары Орынбордағы рабфакта оқыған. Онан бері газетте, баспада қызметте болған. Көбінесе жазушылықпен шұғылданған.

Сәбит — қазақтың кеңес жазушыларының алдыңғы саптағыларының бірі.
Сәбит өзінің өмірін қысқаша былай баян қылады.

«Әкем Мұқанның ұдайымен 40 жылдан артық жалшылықта жүргенін, шешемнің сауыншы болғанын, 7 жасымда жетім қап, қаңғырынды болғанымды жазсам жазуды неден бастағаныма орын да қалмайды. Бұған қызығатын адамдарға менің жазып жүрген «Менің мектептерім» деген өмірден алған романымды ұсынам да, Көркем әдебиетке неден қызығып, қалай бастағаным туралы аттамалы мәлімет берем.

Жылқышы

І

Дала. Жазық, қыс, жылқы.

Батуға айналған күннің қан қызыл сәулесіне боянған өрбісін тебіндердің арасымен жыландай ирендеп ыққа тартады. Табиғаттың айнымалы құбылысымен күресіп үйренген балуан жылқылар сақылдаған сары аязға шіміркенбестен қарсы тұрып алып, жал-құйрығын желге ысқыртып, күртікті күріс-күріс омырады, тұмсығына сүңгі тұрған құндыз жүн жабағылар тебінердің арасынан қылаң береді. Мен ондамын. Жылқышы — екеуміз, біреуі — кәдімгі «Тулаған толқындағы» жазатын Ғабиттің әкесі. Махмұттың басына көтерген кішкене шаңырақты қара қостың түндігі бар. Іңірде от лаулап жанады. Қалың қара бақырға асылған ет суыққа буы үйіріліп, бырқ-бырқ қайнайды. Ет пісті-ау дегенде Мақан келеді.

— Ет болды ма, бала! — дейді Мақан киімін шешіне бастап.

— Пісті.

— Ендеше бақырды ала қой, мен отқа көйлегімді айналдырып ала қояйын. — Жағасынан түріп алып, лаулап тұрған оттың үстіне ұстай қойғанда, көйлектің іші үрген қуықтай дөңгелене қалады. Биттер бытыр-бытыр етеді. Мақан тістене қояды жауды мұқатқан адамша, мен етті түсіргенше ол — Еһ-еһ-еһ, жаным-ай! — деп арқасын отқа қалап, уқалап-уқалап алады да, борбайын ерсілі-қарсылы екі-үш тырнап, киімін киеді.

Етті жеп боп ол атқа мінеді. Қостан ұзай бере «Көрұғлыға» басады. Қағтан сүйек-саяқты құным қалғандай мүжіп отырған мен, өлеңді тыңдаймын. «Көрұғлы» дастанындағы Көрұғлы Сұлтан әкесінің көрінен шығып, артынан қайта келсе, аузында айдаһар жатыр. Енемін дегенде жібермегенін, Көрұғлының зарлағанын есіткенде менің есіме өз шешем түседі, көңілім бұзылып, көзіме іркілдеп жас келеді. Жетімдігімді, шешемді сағынғандығымды айтып өлең шығарғым келеді, шығара алмаймын. Дауыс ұзайды, ақырындап үзіледі, айдала, елдің ең жақыны 20 шақырым, тебін алыста. Қостың жыртығынан соққан жел қасқыр келіп иіскелеген, сарыған, ұлыған сықылданады. Үрейім ұшып, жаман күпіге басымды орай қоям, ұйықтап қалам.

Өлең шығарсам деген ойдың алғаш басыма кіруі осы болуға тиіс.
...Омбының у-шуы мол қаласы еді,
Салқындау апрель, май арасы еді» —

деп айтқандай, 18-жылы Омбыда алашорданың дәуірлеп, Колчакпен ауыз жаласып тұрған кезі, мен мұғалімдік қурсында оқимын, бір жағынан жұмыс қып тамағымды асыраймын, стипендия да жоқ.

— Жігіттер, сендер даярлана беріңдер, мен дәрет алып келейін — деді кәдімгі байшыл ақын Мағжан Жұмабайұлы. Ол қурсте дін сабағын оқытатын еді. Діннің «қисынын өтіп, енді практикесін жасап, намазға жығылып» жүрген кезіміз. Үлкен залда оқимыз, имам — Мағжан.

Мағжан шыға мен жиналып тұрған шәкірттерге өзімнің «Жоқшылық» деген өлеңімді оқыдым. Өлең — мойным ырғайдай, түнде жұмыс қып, күндіз оқу оқуыма, жүдеуіме арналған, аяғында:

Біреу шат, біреу неге қайғы-зарда,
Неге байлық бір емес барлық жанға.
Өткізіп бастан қайғы барлық жанның
Нашарды жетілдірер күні бар ма?! —

делінген.

Өлең оқығаннан кейін оқушылар маған 50 сомдай ақша жинап берді. Басқарған — Дәрмен Әліұлы дейтін жігіт. Ақша менің қалтама түскенде Мағжан келді. Намаз оқыдық. Бұл менің жұрт алдында алғашқы оқыған өлеңім.

ІІ

— Сен осы партиядан не аласың, бұдан шығу керек қой, ертең соғыс болып кетсе қайтесің, — деді Мағжан 1921 жылы, «Бостандық туы» газетіне редактор болып отырып, мен бір кеңсесіне келгенімде.

— Арыз жазып бере ғой, — дедім қайтер екен деп. Жазды да маған көшіріп беріп, оригиналын жыртып тастады. Осының артынан мен Орынборға екінші партия конференциясына келдім де, алашордалардың бағыты неге бұрылғандығын көрсеткен

«Түсімде» деген фельетон әңгіме жаздым. Оным 22-жылы «Еңбекші қазақ» газетінде басылды. Сол фельетон күні бүгінге дейін програм боп келеді.

Алғашқы баспаға шыққан әңгімем осы.
* * *

Сәбит — қазақ еңбекші оқушыларына белгілі, көп жазатын күшті ақынымыздың бірі. Кейінгі кезде қара сөзбен де көп жазып жүр. Сәбит өз айтуына қарағанда алғаш суырып салмалау ақын болған. Сәбит саяси тұрмысқа кіріп, қаламмен қайрат өте бастағанда байшыл алашордашылдарға қарсы күрескен ақынымыздың бірі. Сондықтан Сәбиттің шығармаларының бір саласы байшылдыққа, алашордашылыққа қарсы күрестен туған шығармалар. Сондықтан бұл шығармалардың саяси күресімізбенен, әлеумет өсуімізбен байланысы күшті. Сәбит кейінгі кезде ірі нәрселер жазып жүр. Әрі сын мәселесіне қатынасып жүр. Сәбит — әдебиет әскерінің үлкен бір өкілі. Сәбит қазақ кеңесші әдебиетінің үлкен бір саласы.

СӘБИТТІҢ ШЫҒАРМАЛАРЫ

«КЕШЕГІ ЖАЛШЫ МЕН БҮГІНГІ ЖАЛШЫ»

Қазақтың жалшыларының бүгінгі өмірі қандай ерікті, көрнекті балдай тәтті болса, кешегі өмірі сондай қараңғы түндей қайғылы, мұңды құлдық еді, удай ащы-зарлы еді. Бүгінгі еңбекшінің ұлдары ұлы дүбірлі социалдық дәуірде тұрғанына шаттанып, қуанатын болса ол күндегі жалшылар неге тудық, дүниеге құлдық үшін ғана неге келдік деп зарланушы еді. Бұл екі дәуірдің арасы аспан мен жердей ғой. Кешегі дәуір байдыкі болса, бүгінгі дәуір кедейдікі ғой. Сәбиттің «Кешегі жалшы мен бүгінгі жалшы» деген поэмасында қазақ жалшыларының кешегі өмірі мен бүгінгі өмірі салыстырылады. Сәбит поэмасында кешегі жалшыны көрсетіп сүйіндіреді, кешегі жалшының қайғылы аянышты күйін көрсетіп қайғыға, мұңға батырса, бүгінгі ерікті, керекті жалшыны көрсетіп шаттандырады, мақтандырады, қуантады. Кеше ауылда екі тап болды, оның бірі бай, бірі кедей, еңбекші езілгендер еді. Ол заманда бай табы үстем болды, кедей еңбекшілер құлдықта үстем таптың тепкісінде болды. Бай табы еңбекшілерді езген сайын езуге, қанаған сайын қанауға арандай түсті, қаналған жалшы тіршілік үшін, күн көру үшін, тілім нан үшін арпалысты. Сөйтіп кешегі ауылда үкімет қолында, байдың қожалық қолында би табы үстем болды, күшті болды. Не етсе де ерікті болды. Кедей еңбекшілер әлсіз, қалсыз болды, я байлыққа, я үкіметке ортақтығы үлгі болмады. Рақымсыз заманда талауға түсіп езілді. Сар далада сары уайымға бітіп, бізге де күн туар ма екен деп зарланады. Міне Сәбиттің «Кешегі жалшы мен бүгінгі жалшы» осы өмірдің ең ауыр күйін де, бүгінгі ерікті, көрікті күйінде салыстыра анық көрсетеді. Неге мұндай болғандығының себебінде ашып береді. Қарашұнақтың өмірі, оның өлімі, Қозыбақтың өмірі, Құлжанның өмірі осылардың кешегісі мен бүгінгісі соның баяны поэманың тақырыбы. Поэманы оқып отырып осылардың кешегі өмірін, көрген қорлығын көргенде еріксіз көзіңе жас келеді, бүгінгі өмірін көріп қуанасың. Сәбит бұл поэмасын ертегі оқиғаны есіне түсіре отырып, кеше 27-жылы ғана жазды. Поэма жазып отырған Сәбиттің қай бүйрегі бұрып, қай тапты қарғыс айтып нәлеттеп отырғанын поэмасының өзі-ақ айтып береді.

«...Бай баласы да тандап
Өрім талдай былғаңдар.
Екі езуі құлақта
ертелі-кеш далбандар.

Басқа ісі шамалы
Жазбай көріп оларды
Өксіп, жылап алады...
Бай баласы анау, кедей баласы мынау.

Бай баласы ойнап жүр, кедей баласы зарланып мал бағып жүр дейді Сәбит. Кітабының басынан аяғына дейін сөзінен, суретінен Сәбиттің қазақ баласындағы кешегі езілген мыңдаған, миллиондаған жалшылардың бірі қара шұнағы оның баласы байдың қозысын баққан Қозыбаққа, байға еріксіз күңдікке сатылған Күлжанға жаны ашып, бүйрегі бұрып отырғаны ап-ашық көрініп отырады. Сәбит те сол жалшының бірі болып мұңдаса отырады. Қозыбақтың қолы тендікке жете бастады; жалшыларды жиып жиналыс ашты.

Онда жалшылардың қамын көксеп сөз сөйлейді. Бұған Сәбит те қуанып:
«Қабағын түйіп Қозыбақ
Жиылған жұртқа бір қарап
Даярланды сөйлеуге

Баяндама жасамақ.
Бойын қайрат алып тұр,
Ішінде жалын жанып тұр,
Құбылып тұр кескіні

Жұрт оның аузын бағып тұр.
Қозыбақ Октябрь төңкерісі, ол төңкерістің жалшылардың таңы екенін айтады.

— Кешегі байдың көрсеткен қорлықтарының бәрі есіне түсіп қайраттанып іші жанып тұр дейді Сәбит. Оның (Қозыбақтың, Қозыбақтардың) бүгін кім екенін айта келіп қазір кім?

Коммунистің мүшесі ол, Көпті көрген басында тәжірибе мол. Орындап партияның ұрандарын Ауылды жаңа ететін сол...» деп Сәбит Қозыбақ сықылды жалшылардың мыңдап партияның қатарына кіріп, жаңа тұрмыс орнатуға жан салып күресіп жатқанын көрсетеді. Пасепкен, өкіл, батырақ оқытушысы, ұйыстырушысы, мұғалім, газет тілшісі, ағарту нұсқаушы оқытушылар дайындайтын институтта лектор, директор, оқу бөлімінің басқарушысы, болыстық, губерниялық аткомдердің мүшесі және сол сықылды талай қызметтің адамы болып, төбеге шығып түстік қой. Осыдан 1925 жылдың күзіне Мәскеуге оқуға кеттім де, журналистердің институтына кірдім. Мұны 1928 жылы жазда бітіріп газет жұмысына кірістім. Міне менің білім алу жөніндегі өмірімнің ресми жағынан қарағанда қызметім осылай болды. Кеңес үкіметі алғаш орнап жатқан кездерде компартияның негізгі мақсатынан өзіміздің таза тақыр сауатсыз кезімізде сол кездегі жақсы-жаман қылықтар туралы біраз еңбектерім бар, «Күндік өлімі», «Шешілмеген жұмбақ», «Саудагерлер тамашасы», «Мертен Бөкен», «Ташкентке тарт», Сағанақ», «Оқимын», «Жетісу суреттері» басқалар сол 1920 жыл мен 1926 жылдың ортасындағы еңбектерімнің жұрнағы. Бұл еңбектердің ішінде соғыс коммунизмі кезі, ол дәуірдегі қазақ елінің басынан кешкен жағдайының өзгешелігі, жазушының өзінің өміріне, есуіне сәйкес нәрселер табылады. Бұл дәуірдегі жазуымда ұлтшылдық сарыны жоқ емес. Оған себеп сол кездегі әдебиетте, жалғыз әдебиетте емес, жұртшылықтағы үстем пікір, күшті пікір сол ұлтшыл сарындас пікірлер болғандықтан, бұл кездегі жазғандарымыздың бірсыпырасын өзім өзімдікі демеймін.

ЖАНСҮГІРҰЛЫ ІЛИЯС

(1894 жылы туған)
Өмірі мен жазушылық қызметі

Жансүгірұлы Ілияс 1894-жылы Бүйен Ақсу ауданында туған. 1920-жылға дейін ауылда өз шаруасында болған. Ауылда, ауыл мектебінде қазақша сауатын ашып, хат таныған. Өлең жазуға ынтасын аударып, делебесін қоздырған ескі ел ақындарының өлеңдері, әсіресе атақты қазақ ақыны Абайдың өлеңдері. 1920-жылы ауылдан қалаға келген, оқуға кірген, әрі әлеуметтік қызметке араласқан. 1921-жылдың қысына қарсы Ташкенттегі қазақ-қырғыз институтында бір жыл оқып, ауылға мұғалім болып кеткен; ауылда әлеумет жұмысына белсене қатысқан. Жазушылық қызметінде «Тілші» газетіне белсенді тілші болған. Жазушылыққа қаламының ұшын ұштаған осы «Тілші» газеті болған. 1925-жылы Мәскеудегі Журналистер институтына барып оқып, бітіріп шыққан. 1928-жылдан бері қарай Қазақстандағы газеттерде баспасөз қызметінде болған. Қазақстан пролетариат жазушылар ұйымының ұйымдасып, күш қосып, белгілі бір күш болып әдебиет отряды болуына көп еңбек сіңірушілердің бірі болған.

Ілияс өзінің өмірі мен жазушылық қызметін былай әңгіме етеді: «Мен қалам жұмысына 20-жылдан бастап араласа бастадым. Одан бұрын жазуға қызығу, ынталану, күшті ақын-жазушылардың жазғандарына еліктеу, оларды жаттау, ауызша айту, газет-журналдарды сөзге бұйырғысыз сияқтылар болса да баяңды, байыпты емес, өнер емес еді. Тек ет пен терінің арасындағы желік сияқты бірдемелер еді. Сондықтан бұл дәуірімнен ауызға аларлық, еңбекке жарарлық жұрнақ қалған емес. Не қалғанын өзім де білмеймін. Бірақ 16-жылы жігіттерге жазысқан хаттарда, қарадай айтқан өлеңдерде, 1917-жылы жаппай дүбірдің ұрандарынан ұшқындап шыққан қараңғы соқырға бірдемелер болуы мүмкін. Өйткені мен ол кезде білімге бай, білімге орта адам болмақ түгіл білімнен кәдімгі қара қасқа кедей кісі едім. Қазақша хатқа жүйрік, өлең кітап, қиссаларды күйлеп оқи алатын, орысқа, құрсақ пропалды да білмейтін ауыл адамынан емес. Білім дәулетінің бас-аяғы осы еді. 1916 — 1917 жылдан маған жазуға ынта туды. Оған себеп сол кезде қазақ әдебиетінің әсері болды. Әсер әсіресе Абайдан жұқты. Абайға еліктеу пайда болады. Абайша бірдемелер (Балдырған) жазуға талпынсам да іштеңе шығара алмадым той деймін. Мен 1920-жылы кеңес өкіметі орнаған соң ауылдан қалаға тарттым. Алматы қаласындағы үш айлық мұғалімдер дайындайтын қурсқа іліктім. Осы қурста 15 (он бес) күн оқығаннан кейін ел әдебиетін жиятын бір комиссияға ілігіп кеттім. Сол комиссияда төрт айдай Жетісудан ел әдебиетін жинауда жүрдім. Сол жылдың күзіне комиссиямен ілігіп оқуға келдім. Ондағы қазақ институтының жанындағы оқытушылар дайындайтын қысқа мерзімді қурсқа іліндім. Мұнда бір қыс қана оқып, жұртшылық қызметіне шығып кете бардым. Төселмеген, тұрақталмаған күндегі біреудікі деймін. Ал бірсырағысы анық өзім сүйетін, қазір ардақтайтын мазмұндар. Бұл мазмұн жағы. Ал жазғандарымның әдебиетін әдебиетінің өнерлік көркемдік жағынан бағасы өзіне тұрыпты ғой. Мұның бәрін талдап жинау орны бұл емес. Бұл сынның сыбағасы. Немесе пролетариат әдебиетінің бет алу әдебиетіне жататын жазуларымның дені сол өзім Мәскеуге оқуға барған кезімнен басталады. Менің «Оқимын» деген өлеңім ізденуге ауылдан қалаға мәселесіне соқса аттап «Зауытқа» деген өлеңім қара шаруасы топастығы өмір танудағы даланың сөдекейлігіне анық зауытты көріп коллективтескен еңбекші жұмысты ортасында тұрып жазған арғы-бергінің шекарасындагы өлең болып табылады.

Осы көрген қазақтың
Ойына әр ой орады.
Бәрінде жан-жақтан
Осындай оттар толады.

Тегістік деген ұлы үйге
Осылар шеге соғады.
Күңдердің сондай күнінде
Біздің де ел сондай болады.

Міне осыдан былай менде белгілі пікір, өзге қарас, тұрақты мақсат болды-ау деп білем, бұл 1925-жылдың күзі еді. Менің өмірімнің ресіми жағы да осымен байланысты. Компартияның тобына мен осы жылы кірген едім, сол жылдан бері қарай мүмкіндік болғанша қаламымды еңбекшілердің пайдасына жұмсап келемін деп ойлаймын.

ІЛИЯСТЫҢ ШЫҒАРМАЛАРЫ

«Мәйек» Ілиястың колхоз құрылысына арнаған поэмасы. Ілияс 13 жылдан соң жаңа ауылға барады, ауылды бұрынғы ескі орнынан іздеп таба алмай, жаңа қоныс, поселке, қала болған, жиын болған жерінен табады. Қарқарадай қатарын түзеп қонған ауылға келеді. Ауылда қандай өзгеріс болған, қалай болған? Ол өзгеріс кандай өзгеріс? Кімнің пайдасы, кімнің зияны болды. Кімдер айдалды, кімдер колхоз болды, коммуна болды. Қалай ұйымдасты, қалай жаңа өмірге аяқ басты?.. Осының бәрін қаладан жаңа барған оқушыға жаңа ауылдың көзі — Қалабай баян қылады. Кешегі байға таланған Қалабай өздерінің қалайша ұйымдасып, біріккен күш болып, әлеуметшіл әділдікке аяқ баса бастағанын 13 жыл жүріп келген тумасына жыр қылып айтады.

«Далаға келіп Түрксіб,
Ауылға келіп түйістік...» —

дей келіп Қалабай ауылдың басынан өткен ауыр күндерді, кешегі аштық, ауыр жылдарды, ол кездегі байлардың жекелей жемтік етіп тонап талағанын, күн көрсетпегенін айтады. Онан соң «Советпен ес жинадық» деп совет келген соң теңдікке ілінгендерін, коммунистердің ұйымдасқандарын, байларды кәмпескелеп, малдарын алып бергенін, ол малды бұлар коммуна болып ортақтасып ортаға салғанын айтады... Коллектив болып, коммуна болып бірлескенін айтады. Қаладан құрал-сайман алып, трактор алып ұйымдасып, егін еккенін айтады. Өстіп қолдарынан қала салып, теңдікке, мәдениетке де жете бастағанын айтады... Осының бәрінің ұштасуына, тез болуына Түрксібтің төтенше болған себебін айтады... Міне Қалабай қаладан келген оқушыға жаңа ауылдың жай-күйін осылай етіп баяндайды. Қалабай кешегі «мынау менікі», «анау сенікі» деп үйренген ескі ауылдың кедей, бүгін қалай колхозға, коммунаға ұйып ұйымдаса қояды? Ескіден бойға сіңген ескілік әдетті қалай тез сыңыра қойды? «Мәйек» атты коммуна қалай құрылды? дегенді тарата айтады. Ілияс мұның бәрін бір-ақ ауыз сөзбен болдырмайды, нағыз тұрмыстың тілегімен дәлелдеп туғызады. Жалғыз атпен жалшуға болмайды, жеке басыңа трактор алуға тағы болмайды. Жалшу үшін, қоңдану үшін трактор алу керек, трактор алу үшін көп егін салу керек. Трактор үшін, көп егін салу үшін бірлесу керек — күш қосу керек. Қалабай осының бәрін өз өмірінен тудырып дәлелдейді, коммунаға қалай келіп жеткенін баяндайды. Осылай етіп бірлесіп артығын сатып, ортадан тұқым қорын сақтайтын деңгейге жеткен «Мәйекті» жырлау Ілиястың поэмасының негізгі желісі.

«МӘЙЕКТІҢ» ӘЛЕУМЕТТІК МАҢЫЗЫ

Ілиястың «Мәйегінің» әлеуметтік мән-маңызы күшті поэма. Коллектив — колхоз, коммуналдық шаруашылықтың еңбекші егіншілердің тұрмысын оңғаруда, жаңа өмірге аяқ басып, бұрынғы жоқшылықты, мұқтаждықты мәңгіге естен шығаруға «Мәйек» жетекші, үлгі, өрнек боларлық поэма.

«ШОҚПАРДЫҢ ШОҚТЫҒЫНДА»

Қазақ еңбекшілері үшін Түрксіб — қымбатты тарихи олжа, Ұлы Октябрьдің ұлы олжасының бірі. Осындай қымбатты Түрксіб туралы Ілияс бірнеше әңгіме, очерктер жазды. Соның бірі осы «Шоқпардың шоқтығында» деген очеркі. Ілиястың «Шоқпардың шоқтығында» деген очеркі 28-жылы жазылды. 29-жылдың июль айында жер дүниеге белгілі Түркістан-Сібір жолы бітті. Түрксіб жолын ерте бітірді, Түрксібті салушылар сөткесіне 4 км. жол төсеп отырды. Дүние жүзінде ең атақты жол салған байлар елі өзінің ең мақтаған айларында сөткесіне 2-2,5 км. ғана жол төсеген еді. Әрине бұл ұлы дабырлы, ұшқалы табыс, еркін еңбекші кеңес пролетариатының ғана табысы. Ілиястың очеркінде осылардың растығын дәлелдеп айтады. Асу бермеген Шоқпардың арша төсінен мәдениет жолының тартылғанын айтады. Асқар таулы мәдениеттің жеңгенін айтады. Ен далада орнай бастаған жана өмірді жаңа өз қолдарынан жасаған жаңа адамдарды айтады. Соларды мақтайды. Ілиястың бұл очеркінің көркемдік мәні де күшті: Ілиястың бұл очеркінің сөзге ұсталығы, тілге байлығы, сөз екпінінің қуаттылығы осы әңгімесінен де ашық көрінеді. «Бүйректей былдыр таусымақ», «бауырдай қара адыр таудың құрыш құзы, алмас мұзы...» дегендер сықылды шебер, дәл айтылған суреттер әңгімені оқып болған соң да есіңнен кетпейді, жүрегінде жатталып қалады. Мұның үстіне Ілияс Шоқпардың шоқтығын, тасын айтып отырып, сондағы табиғаттың сымбатын, сұлулығын айтып, сол жерде құрылған жаңа тұрмысты айқын көрсетеді.

«ШОШҚА»

Ілиястың «Шошқасы» социалдық мал шаруасы жөнінен жазылған, көңілді тартарлық ерекше әңгіменің бірі. Біздің жаңа аяқтанып келе жатқан жас әдебиеттерімізде социалдық мал шаруасының, малды өсірудің мән-маңызы, әдісі жөнінен жазылған әдебиеттер жоқтың қасында. «Шошқа» бұл ретте керекті өлең.

Шошқа қысқаша ғана жазылған шығарма болса да мағына жағы өте салмақты. 1) Мал шаруасындағы шошқаның орны. 2) Мал санының шарықтауына шошқаның арналуы (дін, ұлт мәселесі). «Шошқа» өсімтал, етті, майлы мал. Осы шошқаны арамтамақ молдалар (мұсылман діні) қайтадан арамға шығарды. Орыс жеген нәрсені жемеу — ұлт араздығын тудырудың бір әдісі емес пе? Ұлт пролетариатының күшін қоспаудың шарасы емес пе?.. Соның жөнінде діннің сырын, дін иесі молдалардың — арамтамақ жатып ішерлердің сырын ашу шығарманың негізгі көздеген мақсаты сияқты. «Шошқа» әңгімесінде Ілияс осы мәселелердің бәрін түйіндестіріп, байланыстыра білген. Ілияс шошқаны қазақ колхозшыларының қадырлы малының қатарына қосып, бір дұрыс міндетті орындап отыр. Ілияс — журналистика, сыпайы сықақ туғызуға көп еңбек сіңірді. Ол өзі: «әдебиеттің күлкі-сықақ түрі — бізде көп өспеген-өнбеген түрі. Бұл жөнінде, біраз еңбек істеп келем. Осы түрді туғызу үшін, әдебиет түрінен «Сықақ» атты кітап жиып шығардым. Осыған ыңғайым бар. Кезінде ұсақ-түйек жазып отырам. Менің фельетондарым, сықақ-өлеңдерім біздегі жоқ әдебиеттің сықақты түрін туғызуға істеп жүрген қызметтерім. Елдегі балалар сөзін баспа бетіне шығардым («Балаларға тарту»). Осы балалардан басқыштап, ел әдебиетін сала-саласымен жиып отырмақ едім, тек әзір «өтірікшіні» шығаруға ғана мүмкіндік болды. Ел әдебиетін жиюға, тыңдауға, зерттеуге, тексеруге қатты құмармын. Ел әдебиеті туралы, бізде ғылыми қорытындылар жоқ болу керек» деп жазған. Ілияс біраздан бері кеңес жазушылары ұйымының басшысы болып қызмет атқарып келеді. Ілиястың қазақ әдебиетіне сіңірген еңбегі елеулі дерлік. Осы күнгі қазақ кеңес жазушыларының түлегі, шебер өлеңге ұстасының да алдыңғы саптағысының көрнектісінің бірі — Ілияс.

МҮСІРЕПҰЛЫ ҒАБИТ

Өмірі мен жазушылық қызметі Ғабит Мүсірепұлы 1900 жылы Қызылжар ауданында туған. Кедей баласы, жас кезінде кедейлікпен кісі есігінде жүрген. Алғашында ауыл молдасынан оқыған. 17-19 жылдарда орыс станицасындағы жоғарғы бастауыш мектепте оқыған, онан бұрын ауыл мектебінде оқыған. 21-23 жылға шейін ауылда әлеумет қызметінде болған. 27-жылы Омбыдағы ауыл шаруашылық институтында оқыған. Бұрын газеттерге жазып, содан 27-жылдары шындап шыға бастайды. Әуелі қабырға газетіне жазған әңгімесі 28-жылы «Тулаған толқында» атты кітап болып шықты. Ғабит — қазақ кеңес жазушыларының ішіндегі көрнектісінің бірі. Ылғи қара сөзбенен жазады. Қазақстанның кеңес жазушылары ұйымының белсенділерінің бірі. Кейінгі кезде «Екі адым алға, бір адым кейін» деген әңгіме («Шабуыл» Бейімбет екеуі қосылып жазған) жазып бітірді. Колхоз құрылысы жөнінен үлкен роман жазып жүр. Ғабит өзінің жазушылық қызметі жөнінде бізге мынаны айтады: «...18 және 20-21 жылдары мен осы күнгі 7 жылдық мектеппен програмдас жоғарғы бастауыш мектепте оқыдым. Аз-маздап Крылов, Пушкин, Лермонтовтардың өлеңдерін оқып көрдім. Бірақ ол кезде орыс тілін тіпті білмейтін едім. Сондықтан бұлар маған әсер еткен жоқ, (тереңдеп оқыған да жоқпын). Тіл білмегенсін сабақ та ауыр болады. Тәжғали, Мақмет, Мүсен жолдастар болмағанда, өзім жанталаспағанда мен өмірде 1-кластан аса алмайтын едім. 24-жылы Сәбит мені Орынборға әкелді. 18-жылдан былай қарай Сәбит қалада, мен ауылда болдым. Сондықтан ол менен «озып» кетті. Бұрын мен «кеп озық» едім. Рабфакқа келдім. Сәкеннің көрдей қараңғы бөлмесінде Сәбитпен бірге тұрдым. Бір кісілік төсекте Сәбит екеуміз жатамыз. Төсекке салғанымыз шай жәшіктің жұқа тақтайы екеумізді көтере алмайды, жер жарылғандай бытырлап сынады: гүрс етіп еденге түсеміз. Сәбиттің жатысы жаман әрі ауыр. Көбіне тақтайдың шыдамауына сол себеп... Қараңғы бөлме тазалықты бақыламауға қолайлы-ақ: махорканы тартамыз да қалтаның кез-келген жерге тастай береміз. Темекі таусылғанда қайта жинап алып тартамыз. Сәбиттің күнбе-күн жазғандарының бәрін оқып отырдым, оның күнбе-күн жазған өлеңдері газет-журналдарда басылып екеумізге көлденең азық болып тұрды. Баспаға апарудан бұрын екеулеп «сынап» жүрдік. Бейімбет, Сәкен өлеңдерін газет-журналдардан оқи бастадым. Бірақ Сәбит секілді ақын атын алып қойған адамның қасында мен өлең шығарып шатасуым адам айтқысыз масқара көрінді. Оның үстіне Сәбит өлең жазғанда іркілмей жазады, не туралы жазуды тез таба қояды да бірдеме-бірдеме деп өлең қылып шығарады. Мен шамаласам, жан адам жоқ жерлерде күніне бір-екі өлең ғана жазатынмын, масқара емес пе? Түгел бездім бәледен. Бірақ сол 24-жылдан бастап Гогольдің, Пушкиннің, Лермонтовтың, Достоевскийдің қара сөзбен жазған повесть, романдарын оқи бастадым. Шет пұшпақтап Толстой, Горький, Шекспир, Чеховтарды оқыдым. Бұлар өте ұнады. Бейімбеттің «Шұғаның белгісі» бір түрлі әдемі жазылғанын көрдім. Әйткенмен оқу ауыр, бір жағынан «көмеші қасында отырғанда қайықшы дыбысын шығара алмайды» екен. Ішімнен жазуға құмартсам да қалам ұстауға бата алмадым. Менің құмарлығымды Сәбит сезді білем «Сен жазуға кіріс» деп мазалап жүрді. Газет басқармасынан қаулылар әкеліп аудартып жүрді (сол кездегі ылғи қате аударылған Совнарком, КазЦИК қаулыларында менің де еңбегім бар)... Оның үстіне «алашордаларға» қарсы Сәкенді жақтайтын бір мақала жазғызды. Аяғына мен қол қойсам да желісін тартып жаздырған, артынан түгелімен қайта жазып шыққан Сәбит еді, «Балтабай» деген біреуге қарсы жазылды ма? Сәбиттің сонша түзеткені маған жаман батты, жаза алмайды екем деген қорытындыға келдім де, жазудан тағы безіне түстім. Бірақ Сәбитке сездірмедім. 25- жылы Сәбиттен айырылдым. Рабфакта қабырға газетін шығарып жүрдік. Қазақша қаламшылар жоқтың қасы. «Өзімнен» артық ешкім болмағасын тағы жазуға кірістім... «Теңіз тепкісінде» деген әңгіме жаздым, оқушыларға, әсіресе Балқашұлына ұнады. Сол әңгіме 27-жылы «Тулаған толқында» деген ұзақ әңгіме болып, 28-жылы басылып шықты. 28-жылдан бастап журналға төрт-бес қысқа әңгіме жаздым да, «Көк үйдегі көршілер», «Әйел тендігі» шықпай қалғандықтан түгел басылмады, бірі әлі біткен жоқ. «Көк үйдегі көршілерді» 3- 4 нөмірде бастырған кезде «бұл әңгіме әлі ерте» дейтін еді. Қазір ол әлденеше қырдың астына түсіп артта қалды. Одан кейін «Өмір ертегісі» деген роман бастап ем, о да біткен жоқ. Бұлардан басқа да ірі ұзақ басталған нәрселерім бар, бірақ аяқтауға қол тимейді. Күнбе-күнгі кеңсе жұмысы, мәжіліс, науқан, табан тоздырған жүгірістер барлық уақыттың еріксіз иесі болып жүрген жай бар. Ұғына алдық па, түсіндік пе, ол өз алдына мәселе, маған әсер бергендер негізінде жоғарғы айтылған орыс жазушылар мен Ыбрайымұлы Ғалымжан шығар деп ойлаймын. Жазу, төселу, жазушы болып шығу, міндетінді атқара алу жалғыз өз қара басыңа ғана байланысты емес көрінеді.

ҒАБИТТІҢ ШЫҒАРМАЛАРЫ

«ӨМІР ЕРТЕГІСІ»

Ғабиттің «Өмір ертегісі» романының бір шумағы — кешегі ескі ауылдың қалпы мен салты. Кедей мен байы, жалшысының жайы туралы. «Өмір ертегісі» — ертедегі қазақтың көп жалшыларының бірі — Жанысбеавдың басынан кешкен өмірінің ертегісі. Жалпақ табан Жанысбай — ертедегі «Қарынбай» сияқты қазақтың қайырымсыз байының тырнағында езілген, жалшы малшысы. Ертедегі ескі ауылдың үстем табының еңбек жеуі — шығарманың негізгі сипаты. Жанысбай сол ескі ауылдың үстем табы еңбегін жеген еңбекші малайы.

БАЙЛАР ТАБЫ БИЛЕГЕН ЕСКІ АУЫЛ ЕҢБЕКШІГЕ

ӨГЕЙ AHA ЕДІ

Байлар жайлаған ауылдың азабы мен тозағына күйіп, күн көре алмаған кейбір жалшылар қалаға қарай тартатын, қала жағалайтын, өндіріс кәсібі бар жер болса, соған кететін. Ескі ауылдың тұрмыс заңы қанау, талауға негізделгендіктен ылғи кедейлене беру де содан туатын жайт. Кедейленген, күн көре алмаған жалшылар күн үшін аласұрып, арпалысып, тесік тамаққа жем іздейді. Бай жалмаған ауылда күнелте алмайды. Жанысбай жегідей жеп, жан-жағын жайпап бара жатқан Ыбырай байдың жалмауына шыдамай, биесін мініп еліне тартады. Ол заманда байдың ала жібін аттау қайда, әкесі қорқып «байдың малын апарып беріп аяғына жығыл, тағы бір жыл жүр, кешер» дейді. Әкесінің үйінде тұрғызбасын көрген соң Жанысбай ілгеріден өзіне таныс Жезқазған, Қарсақпайға кетеді. Міне, сөйтіп, ауылдағы жалшыларды ол замандағы тұрмыстың қалпы-салты, қара заңы қалаға қуады. Байлар жайлаған ауыл еңбекшілерге өгей ана секілді болады.

ЗАУЫТТА

Жанысбай ауыл байынан қашып келіп, қала байының қанды тырнағына түседі. Тағы қаналады.

Жанды ауыртпай, теспей соруды осыдан көреді.

Жанысбай енді жұмысшы. Жанысбайды әуелі Қарсақпайдың «өнерлі», тырнақты байы ағылшын жейді. Онан қалғанын құрметті тілмаш Александр жейді, онан қалғанын қазақ подретшік қулары Жақыпбектер жейді... Міне осы қожалардың бәрі Жанысбай сықылды жұмысшылардың терін теспей жейтін құзғындар екені көрінеді. Жанысбай қалаға келіп, өндіріске орнығып, осындай кір, лас, сасық үйде жатып қандала, бүрге, биттердің талауына түсті. Шын қандала бір таласа, адам қандалалары екі талайды.

Сонымен «қайда барса бытпылдық» болады.
Ұзақ бейнетті басынан кешірген Жанысбай ақырында:

«У... Еңбек деген екі ұшты болады, бір ұшы еңбек иесін езіп, сорып жатса, енді бір ұшы еңбекті сатып алғандардың бау-бақшада, сарайы, күмбезді үйі, әдемі өмірі, торқалы тұрмысы болады» дейді.

ЖҰМЫСШЫЛДЫҚ ПЕН ЖЕКЕ МЕНШІКТІК

Тапшыл қоғамның тәрбиесінің Арқасында ана сүтімен бірге сүйекке сіңген меншіктілік «өз қотырын өзі қасып», «ермек» тіршілік қылу Жанысбайдың есінен шықпайды. Мұның (Жанысбайдың) биесі, жұмысшының ұшпыры жоғалғандығы екеуінің таласы, мал қымбат па, құрал қымбат па деп таласып, әкесі, бір ағасы, өзі үшеуі бірдей жұмыс істеп, бірді-екілі қараның басы құралғанда ауылды ойлай қоюы, жұмысшы болып жүрсе де ескі қанаушылық тұрмыс тарбиесінің салдарынан, бай жұмысын қылмай, өз шаруасын өзі басқарып, жеке «өз еркімен» тіршілік қылуға арман қылатын сананы көрсетеді.

«ӨМІР ЕРТЕГІСІНІҢ» МАҢЫЗЫ

«Өмір ертегісі» — әлеуметтік мәні күшті әңгіме.

Жаңа тұрмыс орнату үшін өткенді білу қажет. Октябрь төңкерісінен кейін туған жастарға өткендегі оқиғалардың көбі ертегі сияқты болады. Өйткені олар өткен күндердің қараңғы қиыншылығын, азабын, еңбекшілердің қанын сорып, еңбегін жеген байлардың қылықтарын өз көздерімен көрген жоқ. Олар кітап оқып, осындай әңгімелерді оқып қана біледі, біліп қана қоймай, кешегі өмірдің қандай болғанын бүгінгі социалдық құрылыс заманындағы жаңа тұрмыспен салыстырып, бақытты өмір жасауға белсенеді. Бұл ретте «Өмір ертегісі» әңгімесінің маңызы зор-ақ. Жалшыларының басынан өткен мектебі секілді және мұндай әңгіме, бұрынғы замандағы феодал табы билеген замандағы, феодал байлардың қанау түрін көрсетеді. Онсоң кәсіп капиталының, қазақ даласына тұмсығын тыққан замандағы капиталдың қанауын көрсетеді. Мысалы, әлгі зауыттар кәсіп капиталының қазақ даласын шеңгеліне ала бастауының арқасында, кешегі билер (феодалдар) табы билеген ауылдың жалшыларының, еңбекшілерінің сана-сезімдеріне де өзгеріс кіре бастағанын көрсетеді. Кәсіп капиталының зауыттары феодалшылық ауыл тұрмысына өзгеріс кіргізіп, феодалдардан шаруашылық әкімшілігін қалай алатындығын көрсетеді.

СЫДЫҚҰЛЫ ЖАҚАН

ӨМІРБАЯНЫ

(Өз сөздері) 1901 жылы 10 майда тудым. Туған жерім Көкшетау ауданы 3- ауыл «Қараағаш» деген жер (бұрынғы Петропавл округі). Қара шаруа момын кедейдің баласымын. Менің жазуға кірісе бастауым 1924 жылдан басталады. Осы жылдар Қызылжар қаласында шығатын «Бостандық туы» атты газетте аз-маз өлеңдер жаза бастадым. 1927 жылдан бастап газет қызметтерінде болдым. 1929 жылдан бастап Қазақстан баспасында, «Еңбекші қазақ» газетінде қызмет атқардым. 1929 жылы «Еңбек жемістері» деген, 1931 жылы «Табыс» атты кітаптарым шықты. Онан кейін «Қызғалдақ», «Найзағай» атты өлең кітаптарым шықты. Күнделік жұмыс, партия, үкімет шаралары туралы газет-журналдарда ат салысып шамадан келгенше қызмет істедім. Орыс елінің әдебиетімен, орыс жазушыларымен танысып, пролетариат әдебиетінің бағытын үйрену үстіндемін. Түркістан қаласында шығатын «Қызыл Түркістан» газетінде шығарушы (редактор) болып істедім. Осы күні «Оңтүстік Қазақстан» газетінің (облыстық) редакторының орынбасары болып істеймін.

ЖАҚАННЫҢ ПОЭМАСЫ

«ӘЛІ ҚАРТТЫҢ ӘҢГІМЕСІ»

Жақанның «Әлі қарттың әңгімесі» атты поэмасы барлық жазған шығармасынын ішіндегі Көркемдік ретінде таңдамасы деуге болады. «Әлі қартың әңгімесі» мешін жылындағы ашаршылық жөніндегі бір әдеби із деуге болады. Поэманың кейіпкері ашаршылыққа ұшырап қаңғыған Сағымбай, Сағымбайдың әйелі — Жаңыл, екі жасар баласы — Әділ. «Аламын» деп аш арыстандай аузын ашқан аштық, айдала, сарнаған жел, сарылған сағым — елсіз-күнсіз далада тесік тамаққа талғау іздеген Сағымбай мен Жаңыл қолында жас бала. Әңгімені Әлі қарт айтады. Сол даладағы тамақ іздеп өз баласының бауыр етін жеуге ауыз салған Сағымбайдың сиқын, жас баласын жеуге берген Жаңылдың жайын, сол даладан бүркіт алған киікті сұлатып алып, өздерін де, баласын да аман-сау алып қап, ел қатарына қосылғанын, үкіметтен жәрдем алғанын — осының бәрін Әлі қарт әңгіме етеді. Кейінгі жастарға «сондай-сондай күндер болған» деп әңгімелейді.

Әңгіменің қысқаша мазмұны осы.

Аштықтағы надан адам. Аң мен ұшқан құс, жүгірген анда бала үшін өз жанын қиятындары көп болады. Балаға алдымен ана жақын. Анадан соңғы баланың жақыны — әкесі; Сағымбай сол баланың әкесі. Аш... өз баласын жеуге ауыз салып отыр. Ана араға түсіп шырылдайды, лаж жоқ, тас жүректі хайуан нәпсілі әке баласын жемек болады. Көзінің ағы менен қарасындай көрген баласын сорлы ана аштық апатына ұшыраған надан әкесінің хайуан құлқынына беруге ықтияр болады. Бірақ шыдай алмайды. Күңіренеді. зарлайды. Екі көзіне ғана әлі келеді. Осы адам шошырлық қара түндей халдың бәрі поэмада толық суреттеледі. Өлім құшағындағы, аш әкесінің алдындағы Әділдің тілегін тілейсің, өлмесе игі еді, жемесе игі еді дейсің ішіңнен.

Бұл ақын әңгімесінің әсерлігін, күштілігін көрсетеді.

ТІЛІ МЕН КӨРКЕМДІГІ

Жақан кейінгі жастардан жетілген көрнекті ақындарымыздың бірі. Жақанның ақындық күшін көрсеткен шығармасынын бірі — осы «Әлі қарттың әңгімесі». Жақанның тілінің шебер, сөзінің көркем кестелілігін мына бір шумақ өлеңнен байқауға болады:

«Тар құрсағым кеңіткен,
Тас емшегім жібіткен,
Әділтай — болат құлыным.
Бақайшағым майысқан,

Омыртқа белім қайысқан,
Өкпе-бауырым құлыным.
Аспандағы жұлдызым,
Маңдайдағы құндызым,

Басқа біткен тұлымым.
«Әлі қарттың әңгімесінің» мынадай көркем, мұнан да күшті жерлері көп-ақ.

«Әлі қарттың әңгімесі» оқығанда өзіңді еріксіз билеп әкетеді. Оқып шыққаннан соң әңгіменің суреттері көз алдында тұрғандай болады. Сана-сезімдерің қозғалып, жаның шығардай болады. Баланың өлмей, жем болмай ел қатарына қосылған қуанышты өмірін тілейсің. Надандық шеңберіндегі әкенің қу құлқынына лағынет айтасың. Аштық масқарасына лағынет айтасың.

Міне, бұл әңгіменің күші, көркемдік бағасы.

ТОҚМАҒАМБЕТҰЛЫ АСҚАР

Өмірбаяны Асқар 1905 жылы бұрынғы Сырдария облысы, осы күнгі Тереңөзек ауданында туған. Асқар келте тонды кедей баласы. Кедейліктен қолы қысқа болып, жас кезінде ұзақ оқи алмаған. Күн көру үшін кісі есігінде көп жүрген. 1924 жылға дейін ауылда ауыл тіршілігінде болған. Хатты ауыл молдасынан таныған. Хат танып, сауатын ашып бозбала болған кезінде көп алдында жыршыларша суырып салып өлең айта салатын да әдеті болған. Анау-мынауға арнап шұқылау өлең де жазатын болған. Ауыл арасында ақын Асқар атына да ие болған. 1924 жылы Ташкендегі политехникумның даярлау қурсына түскен. Осы оқуда жүріп әуелі қабырға газетіне, онан соң баспа газетке өлең жаза бастаған. 1925 жылы «Еңбекші қазақ» (осы күнгі «Социалды Қазақстан») газетіне Лениннің суретіне арналған бірінші өлеңі басылып шыққан. Кейінірек Асқар «Еңбекші Қазақ», «Лениншіл жас» газеттеріне үзбей жазып тұратын болған. Асқардың өлеңі газеттің саны сайын шығып тұратын болған. Әсіресе Асқардың ақындық өнерінің өсуіне Бейімбет көп себепші болған, Асқарды баулыған. Асқар кейінгі кезде баспасөз айналасында істеп келеді. Мәскеудегі әдебиет институтында аздап оқып алды. Кейін Қазақстан баспасында біраз істеп, нақ осы күнде «Социалистік Қазақстан» газетінде қызмет етеді. Асқар көрнекті ақынымыздың бірі. Қара сөзден гөрі өлеңді көбірек жазады. Кейінгі кезде оқшау, фельетонды қара сөзбен жазуға да шұғылданып жүр.

АСҚАРДЫҢ ӨЛЕҢДЕРІ

«КОЛХОЗШЫҒА ХАТ»

«Колхозшыға хат» — Асқардың ірі еңбегінің бірі. Социалды Қазақстанның басынан өткен ұлы тарихы — осы поэманың мазмұнды желісі. Поэманың мазмұны әке менен баланың ортасындағы хаты ретінде жазылған. Ауылдағы көп жасаған надан қараңғы әкеге оқыған пионер баласы ақыл айтады. Хат-хабар арқылы әкесін тура жолға бастайды. Баланың (Еркіннің) хаты әкесіне латынша, жаңа әліппен жазылып, ауылдағы қожа-молда шығара алмай, бір мұғалім оқып, әрең шығарып түсіндіреді. Осыдан тудырып Еркін әкесіне жаңа әліптің маңызын, төңкерісшілдік мәнін түсіндіреді, (қожа-молдалардың сауатсыз болып далада қалғанының шет жағасын айтып өтеді). Еркін бір хатында әкесінен ауылда комсомол ұйымы бар ма, Қасқырбай қайтып жүр, кедейлерге бұрынғыдай қорлық-зомбылығын істемей ме? Аулынай бай құйрығы, жемпаз емес пе? деп сұрайды. Өзің кооперативке мүше болмасаң мүше бол деп ақыл айтады. Әкесінің осы баласының себебімен сандауы ашылып, жаңалық кіре бастайды, ақты-қараны ажырата бастайды. Сөйтіп жүргенде «бөліс» болады, баяғы бай Қасқырбайдың шабындығы Еркіннің әкесі Нұрмағамбетке тиеді. Мұнан соң таптық сезімі көтеріліп, сандауы ашылады. Кедейге жер, шабындық неге керек деген байдың құйыршығы Құдайқұлға қарсы шығады. Ауыл советтен қулар қуылып, таза ақ жүрек адамдар отыра бастайды, бай балалары жайлаған комсомол да көзге түсе бастайды. Сонан кәмпеске, кәмпескеден соң колхоз болады... Кедей, бай ашықтан-ашық қан майданға түсіп, тап тілегі үшін жұлқысады. Ауылдан сауат ашу мектебі ашылады. Еркін лагерьде жүріп ауылдағы колхозшыларға жәрдем еткендерін, лагерьде қандай тәрбиенің барлығын айтып әкесіне хат салады. Қысқасы, кеңестің жас пионер — жаңа адамы ауылдағы ескі адамды жаңа өмірге, жарыққа бастайды. Әкесіне сырттан оқытатын мектеп есебі болады. Жас пионер жекешіл ескі әкесін бірлікке — коллективтік өмірге тартып үйретеді. Асқардың «Колхозшыға хат» деген поэмасы осындай жаңа өмірдің үлгілі ұлының жаңалық үшін қалай күрескендігін көрсеткен поэма.

ПОЭМАНЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК МАҢЫЗЫ

Поэманың әлеуметтік маңызы зор. Біздің жаңа өмірдің ұлы жас пионердің хаты — аумағы кең, маңызы зор, мәнді хат. Ел еңбекшілерін жөнге бастайтын хат. Әкесін кооперативке кіруге үндеу, Қасқырбайға қарсы шығып, ақысын алуға үндеу, артельге кір, коммунист бол деу — әлеуметтік мәнінің зорлығы. Поэманы мәнді-маңызды деуіміздің дәлелі де осы болады. Қасқырбайды кәмпескелеп, жер аударып, өзі белсеніп колхозға мүше болған, үкіметке «Қызыл жүк» тапсырған, Қазақстанның он жылдық тойында газетті өзім оқитын болам... деп құлшынып отырған Нұрмағамбет кім? Оны осындай жаңа өмірдің белсенді құрылысшысы етіп шығарып отырған кім? Әрине, Еркін пионер. Әңгіменің әлеуметтік, таптық қымбаттылығы да осында.

ТҰРМАНЖАНҰЛЫ ӨТЕБАЙ

Өмірі мен жазушылық қызметі
(Өз баяны, өз сөздері)

Мен 1904 жылы осы күнгі Түркістан ауданында туып, Бөген өзенінің жағасында өсіппін. Әкем жұпыны кедей шаруа болған, шағын шаруасы тіршілігіне кейде жетіп, кейде жетпей, қысқа қол, тар тұсау болып, жоқшылық көріп, еңсесі екі елі көтерілмеген кісі. Өз шаруасымен күн көре алмай, өзге дe қызмет ететін болған. Өз бетімен етік тігіп, етікші болған. Әркімге етік тігіп күн көретін болған. Үй ішін осы өнерімен асыраған. Мен 13 — 14 жасыма дейін әкемнің қолында өстім, қызметіне, үй шаруасына қолғабыс тигіздім, жәрдем еттім. 16-жылдың аяғы 17-жылдың бас кезінде «жылан» болды, ел ашаршылыққа ұшырады. Жоқ-жұпыны шаруа, қоңсыз-кемтар шаруалар ашаршылық апатына алдымен ұшырады. Қолдағы бардан айырылып, құр алақан қалды. Сол көп кедейдің бірі біз де ашаршылыққа ұшырадық, ата баласына қарамайтын заман болды. Балапан басымен, тұрымтай тұсымен болды. Ашыққандар қалаға қарай ағылды, жұрт қала сағалады. Біз де тамаққа талғажау іздеп, шұбырып Ташкен қаласына келдік. Бұл 17-жылдың бас кезі еді. Әкем, анам Ташкеннің қыстақтарындағы Төрәжі дейтін өзбектің зор помещигіне күні үшін малайлыққа түсті. Мен екі жыл кісі есігінде жалшы болдым. Онан соң өз бетіммен күн көру жолына шықтым. 18-19-20 жылға дейін Ташкендегі аш-жалаңаш, қамқорсыз балалар қатарында болдым. Өлмеу үшін, өмір үшін қылмаған кәсіп қылмады. Бәрін де істедім... Өмір мектебін өттім. Жоқшылық, таршылықтың бәрін басымнан кешірдім. 20-жылдың аяқ кезінде Ташкендегі 14-номерлі жетім балалар мектебіне кірдім. Көшеден жинап алған жетім балалардың бірі болдым. Бірінші рет кеңес мектебінен жарық көрдім. Қуаныш, шаттық өмірге ендім. Хат танып, сауат ашып, газет-журнал оқитын болдым. Нақ осы кезден бастап Көркем әңгіме, өлеңдерді құмарлана, қызыға оқитын болдым. Мектепте шығатын «Жас жүрек» атты қабырға газетіне қара домбайға салып өлең де жазатын болдым. Бірақ бұл балалық шақтағы — балалық мінезді өлеңдер еді. Мәнсіз-дәмсіз өлеңдер еді. 22-жылы бірінші басқыш мектепті бітіріп, сол жылы жаз айыңда Ташкенде ашылған Күншығыс еңбекшілерінің коммунист университетіне дайындайтын екі айлық курсын бітіріп, Мәскеудегі негізгі бөліміне түстім. 1925 жылы негізгі бөлімін бітіріп шықтым. Өлең жаза бастағанымның екінші басқышы осы мектеп сахнасында басталады. Бұл кездегі жазған өлеңдерім қай жағынан болса да біраз тәуірлене бастады, бірінен бірі тәуір шыға берді. Анық жаза бастауым 23-24 жылдың орта кездерінен басталады. 25-жылдың бас кезінде өз өлеңдерімнен, өзге төңкерісшіл ақындардың өлеңдерінен құралған, Ленинге арналған «Таң өлкелері» атты бірінші кітапшам Мәскеуде басылып шықты. Сонан бері қарай, осы күнге дейін 10 шақты кітапшаларым басылып таралды. Алғашқы кезде жазған өлеңдерімнің тақырыптары: Төңкеріс, Бостандық, Теңдік, Кеңес, Жұмысшы, Кедей, Малшы, жалпы алғанда өткен құлдық, теңсіздік өмірмен төңкерісте алған тендік, бостандық тұрмысты салыстыра жырлау болды. Өлеңдерім құрғақ үгіттеу болып отырды. Оқу бітірген соң Орта Азиялық коммунистер университетінде 25-30 жылға дейін мұғалімдік қызметте болдым. 1927 жылдан жазушылар ұйымына мүше болып кіріп, жазу ісіне міндетті қызметше қарай бастадым. Бірақ іс арасында, негізгі қызметтің қосағында жазушылық ісін үдетуге болмады. Бір нәрсенің басын бастасам аяғы бітпей жүре беретін болдым. Күрделі еш нәрсе жаза алмадым. Осы күнде ірі нәрселер жазуға кірісіп, өндірісті жағалап жүрмін, өндіріс, жаңа құрылысты шындап тануға кірістім.

ӘБДІҚАДЫРҰЛЫ ҚАЛМАҚАН

Өмірі мен жазушылық қызметі
Өмірі

Әбдіқадырұлы Қалқаман 1903 жылы Шиеліде туған. Кедей арбакештің баласы. Қаршадай кезінен байлардың, саудагерлердің қолында малайлықта, жалшылықта болған. Тырнақтайынан жалшылықта — «жалаң аяқ жар кешкен, қызыл аяқ қар кешкен, сары уайым сарғайтып, көкейін қайғы құрты тескен» мыңдаған, миллиондаған қазақ жалшыларының бірі осы жазушы Қалмақан. 1925 жылы осы күнгі «Социалды Қазақстан», бұрынғы «Еңбекші қазақ» газетінде ат бақташысы болып қызмет еткен. Онан соң газет тарату бөліміне үйреншік болып кірген. Газет бүктеуші болған. Қалмақан өзінің зерделілігінің, пысық іскерлігінің арқасында тез көтерілген, шала сауатымен-ақ қалам ұстап, халыққа таныла бастаған. Болымдылығы білініп көзге түсе бастаған. Осы кездегі түңғыш еңбектерінен құралып 27-жылы «Жалшы» атты кітабы жарыққа шыққан.

Қалқаман сонан бері қарай газет, журналға үзбей жазып келеді. Қалмақанның жазуында кешегі құлдықты көрген қазақ жалшысы мен бүгінгі ерік алған шаруасы, бүгінгі озған өнерлі жұмысшысы салыстырыла жырланады. Қалмақан кейінгі кезде колхозды, өндірісті жырлауға бет бұрып жүр. 1926 жылдан Қазақ кеңес жазушылар ұйымының мүшесі, белсенді бір қызметшісі.

ЖАЗУҒА ӘУЕСТЕНУІ МЕН ЖАЗУШЫЛЫҒЫ

Қалмақан өзінің әдебиетке қалай әуестеніп, қалай жаза бастағандығы жөнінде былай әңгімелейді: «13 жасыма дейін өмірімде айта қаларлықтай ешнәрсе бола қойған жоқ. Әкем қарт, оның үстіне дүние кемтар болғандықтан 13-тен былай қарай жұмысқа үлкен кісідей қатынастым. Жаз егін, қыс 3-4 айлап кісіге жалданып кәсіп істедім. Көбінесе саудагерлердің Ақмешіт (Қызылорда), Шиелі қалаларынан алған малын Ферғана қалаларына, Андижан, Наманған қалаларына айдап алып баруға жалданып жүрдім. Мені қасына ертіп, малды көп айдатып Жүсіп деген бір қарт кісі 20-30 күндеп жүрген ұзақ сапарға аузы тыныш таппай көлік үстінде өлең айтады. Ол өлеңі:

Ауылын сенің белде еді екі-ай дала,
Көңіл ауған сенде еді бойдай тала.
Сен алмасаң қойнына жан қалқатай
Жаңа біреу кел деді бойдай тала... ay дай...

дегізді.

Күні бойы қасында ызындап отырған соң, соның әсері тимей қоймайды екен. Мен де ыңылдап отыратын болдым. Бұл өлеңге ең алғаш көңіл бөлген жерім. Сол жолы жазда, 16-жылы егін етіп, мойын серік болған адамның бәрі жалқау болды да, ала жаздай шығырда жүрдім, өгіз бақтым, егін суардым, күзде тары ала алмай қалып, жалғыз қап тарыны қырман басында қарызға алдым. Сонда Нұржан деген сопы кісі мен менің әкем һи-һи -алда- алда дей берді. Ауылға қайтып келе жатқанда мынандай бір ауыз өлең айттым:

«Бес кісі берекесіз болдық ортақ.
Екі жерден шығыр деп құрдық шарбақ,.
Жалғыз дорбаң шықты қарыз алып,
һи-һи алда дедік те кеттік тарқап».

Сонан былай қарай менің атымды ақын қойды. Ауызекі өлең шығаратын болдым. Сол кездерде соқырша хат танитын болдым. Ыңылдап, «Мұңлық-Зарлық», «Шәкір-Шәкірат» қиссаларын қойныма тығып жүріп оқыдым. Ол менің өлең айту талабыма қосымша болды. 17-жылғы Сырда болған ашаршылық бұл талапты түбімен құртты. Босып Ақтөбе бардық, онан Қостанайда туыс бар деп әкем сонда сүйреді. Қостанайға барған күні Қанарбай дегенге соқаға жалдандым. Онан шығып Дүйсеке дегенге тұрдым, әкем, шешем өлді. Жас бір інім, бір қарындасым қалды. Соларды асырауға айналып Дүйсекеде күндік істедім. «Ақ жол» газетіне большевикті, Ленинді мақтап біреуге жаздырып өлең апарып бердім. Бірақ ол басылмайды деп артынан жауап берді. 1923 жылы Кенжебек дегенге жалданып, алты айлық жалақыма бір тайлақ алдым. Күзді күні шығар дейім, аусыл-сарып деген ауру болып тайлағым жатып қалды. Оның алдында бір кісідегі екі тайыншам қарасан болып өлген. Шәдібайдан інім жалданып алған екі ешкісі ала өкпе болып өлді, оның бәрін ойланып келіп мынадай өлең шығардым:

Жол болсын аусыл менен сарып саған?
Кім берді тайлағымды танып саған.
Тиіпті біріне ауыз, біріне аяқ,
Соқырдың көзге таман барын қалған.

Қол салдың жылғыздан да үміт қылып
Бір құдай ит екенсің жарытпаған.
Өткен жыл кебенегің ешкімді алды,
Ешкілі байды көрмей шалыстаған.

Қарасан сырпан барып тайынша алды,
Дегендей жарамас деп алып қалған.
Алты ай жүріп алғаным жалғыз тайлақ
Тұрғызғандай ағаштан қалықтаған.

Оған келіп тобыңмен қонжиыпсың,
Томаршадай балтамен салып қалған.
Әкем, бабам риза боп бәрі соған
Шырақ алып түстің-ау анық маған.

Бұл өлеңнің аяғы көпке созылды. Бір жоқшылықтың өткен күндерін түгел айттым. Кедейлік неден болған себептерін аусыл-сарыпқа айтқыздым. Бәрі де ауызбен айтылып, жазуда қалмады. Бүл менің өлеңге мықтап көңіл бөлуіме себеп болды. 1924 жылы Домалақ тоғайда вагон тиеуші болып жүргенде (ол кезде профсоюз жоқ) Түркістан өндірісін тексере келген Әбу Балмағамбетұлына барлық жұмыскердің жайын өлеңмен арыз қылып бердім, соның ішінде:

Шошқа жеген ақ бидай,
Бізге сірә тимеді.
Алдына барып жыласа,
Начальниктер ілмейді.

Қамдағының суы жоқ,
Мұндағының үйі жоқ,
Жоқ деп оны білмейді, —

деген сөздер болды. Осы өлеңді жұмыскерлер мақтады. Бірақ арыздан ешнәрсе шықпады. 1925 жылы Қызылордаға барып транспортта жүк түсіріп жүріп, кешке қонып отырған жерде өлең айттым. Сол жерде Есбатырұлы кездесіп, «сені басқармаға апару керек екен» деді. Бірақ ондағы ойым оқу еді. Құлмағамбет деген мұғалім оқуға кіргізем деп біраз сүйесе де орын таба алмады. Есбатырұлы ертеңіне апарып «Еңбекші қазақ» басқармасына арыз бергізді. Редактор орынбасары Майлыұлы екен. Ол Қашқынбайұлы деген контор бастығына жіберді. Ол қолымды танымай, ауызекі сұрап, орын жоқ деді. Сонан былай қарай күнде соған бара бердім. Бір күні кешір бола қой деді, қуанып қабыл еттім. Көшір болғаннан бастап «Жас қайрат» газетінде істейтін комсомолдар бір мезгіл жазу ережелерін үйретті, жаза бастадым. 25-жылы сентябрь ішінде «Сырдария» өлеңім «Еңбекші Қазақта» басылды. Баспадағы алғашқы сөзім сол болды. Менің ішімнен тәуір көретін кісім Бейімбет еді, онымен сөйлесіп, ақыл сұрап жазуға менің көшірлік жұмысым ретін келтірмеді. Сөйтіп жүргенде 26-жылы Қызылордаға Сәбит келіп, келген күннен бастап бауырына тартып алып ақыл айтты. Ақылды саяси бағыттан бастады. Алашорданың тарихын сөйледі. Сол кезге шейін «алаштың ақ туы» деген сөзді аса жек көрмейтін едім. Содан былай қарай пролетариаттық бағытым жөнделе бастады. 2б-жылдың аяғында бір айлық профсоюз қурсінде оқыдым. Сонан шығып партияға кірдім. 27-жылы Қазақстандық мемлекет баспасына Сәбит редактор болып тұрғанда «Жалшы» атты жинағым басылды. 27-жылдан КазАПП-қа мүшемін. Қысқаша айтқанда жазушылық тарихым осы.

ҚАЛМАҚАННЫҢ ӨЛЕҢДЕРІ

Қалмақан «қара борбай» егіншілер ішінен қалам ұстап қайнап шыққан жалшы жазушы. Егіншіліктің де, жалшылықтың да тәсілін тәжірибеден көріп, көңіліне тоқыған еңбектің қалам ұстаған ұлы, еңбек жыршысы. Қалмақанның тырнақ алды еңбектері «Жалшы» атты кітапша болып шықты. Онан соң «Екпінді» дейтін тағы бір өлеңдер жинағы басылып шықты. Қалмақан кейінгі кезде әңгіме жазумен де айналысып жүр. Әңгімелері де әдемі шығып жүр. Мысалы: «Тәтті қауын», «Еңбекке қарғыс кәр етпейді», тағы басқа әңгімелері. Осы күні әңгімемен ұзақ, күрделі нәрсе жазуға талаптанып жүр.

«ҮЛГІ»

Қалмақанның ақындығын танытқан алғашқы тұңғыш еңбегінің бірі (алғаш «Жыл құсы» журналында басылған) «Үлгі» атты поэмасы. «Үлгі» - қара борбай кедейлердің үкімет жәрдемі арқасында өнеге есебінде алғаш артельге ұйымдасып, күш қосып, сусыз жеріне су мәшинесіменен су шығарып, бір-біріне жанасып, жоғына бары қарасып, жаңа үлгілі тұрмысқа аяқ басқанын көрсетеді. Сырдария жиегіндегі жатақ егінші кедейлердің өмірі тұрмыстың тарлығымен бірігіп күресуді қашаннан-ақ меңзейтін. Бірігіп арық, тоған байлап, су шығару, егінді суару бұлардың қашанғы кәсібі болатын. Бірақ ертеде кедейге кім жәрдем қолын созған. Өліп-өшіп істегендері бірде әжетке шығып, бірде шықпай, еңбектері еш болатын. Осы жалаң аяқ жар кешкен, қызыл аяқ қар кешкен қара сирақ кедейлер үкіметтен жәрдем ала бастады. Үкімет оларды сүйей бастады. Өмірі бұрыннан ұйымдасуды тілейтін Сырдария кедей егіншілері 40 үй болып бірігіп, артель ашып, үкіметтен жәрдем сұрайды, өздері де қарап отырмай, дамылсыз тырбанып еңбек істейді, үкімет сұрағанын береді. Машина сайман алады, егін салады. Егіні бітік болады. Қорланады. Ақырында бірігіп қала поселке салып алады. Мәдениетті жаңа өмірге аяқ басады. Қалмақанның «Үлгісі» осындай үлгілі болған 40 үй кедейлердің жұмысын, тұрмысын, ол тұрмыстың өзгерісін көрсетеді. Кедейлердің арасында артель болу тілегінің қалай туып, қалай өсіп, қалай жұмыс қылып, кең жолға шыққанын көрсетеді. Қалмақан 40 үй кедейлердің ұйымды еңбегін барлық кедейлерге өрнек, енеге үлгі ретінде жыр қылады.

«СЫРДАРИЯ»

Суды, жерді аналап, ардақтап, мақтау бұрыннан келе жатқан түсінікті сөз. Жер мен су ана сияқты екені рас... «Анасы өлді дегенше — ағар бұлағы суалды десейші» деген сөз, сондықтан шыққан сөз... Біздің Қалмақан ақынымыз да, сан елге анасындай болып отырған Сырдарияға арнап «Сырдария» атты өлең жазды. Сырдария анасын мақтап, мадақтады. Қалмақанның «Сырдария» атты өлеңі табиғатты, адамға, әсіресе еңбекші тапқа пайдасы көп суды мадақтайды.

«Басым бұлақ,
Таудан шығад,
Атым Дария — мен анаң,
Суым - сүтің,

Жерім — құтың,
Еңбекшілерім — кел балам!..

дейді дария!.. Ақын тілсіз табитатқа тіл беріп сөйлетеді. Өзінің қоғамға, еңбекші тапқа қандай пайдасының барлығын су өзі айтып жырлайды. Міне тілсіз табиғатты тірі адамдай сөйлету, оған адамның қасиетін беру — әр елдің әдебиетінде бұрыннан кез келетін әдет. Мұны көркем әдебиет тілінде бейнелеу дейді. Қалмақан ақын Сырдарияны еңбекшілердің тілегімен түйіндестіріп суреттейді. Қазақстан сықылды егінді қолдан суарып алатын жерде су мәселесі үлкен мәселе. Қалмақан Сырдаияны жыр қылумен еңбекшілердің назарын осы үлкен мәселеге аударады. «Еңбек ете білсең, пайдалана білсең, Сырдария анаң», — дейді.

«Сырдария» әрі қысқа, әрі дәмді жазылған өлең.

ЖАРОКҰЛЫ ТАЙЫР

Жазушылық өмірі мен қызметі Тайыр қайнаған Лениншіл комсомолдардың қатарынан шыққан жас қалам әскері. Тайырдың комсомолдық қызулығы, оттылығы өлеңінен де көрініп тұрады. Комсомол болу, коммунист партиясына қолғанат болу қандай бағалы болса, комсомол ақыны болу да сондай бағалы. Тайыр сол Лениншіл комсомолдан шыққан ардақты жас ақынымыздың маңдай алдының бірі. Тайырдың қандай өлеңін алсаң да комсомол тақырыбымен түйіндесіп байланысқан болады.

Жазушылығы жөнінде Тайыр былай дейді: 23-жыл Орынбордағы қазақ институтына оқуға кеп кірдім. Бұл менің білімге тұңғыш аттанған қарышым еді. Осы кезден бастап Көркем шығармаға шұғылдандым. Институт жанындағы шығатын «Талпынмен» бірге талпындым. Сөйтіп менің төменгі сатыдағы баспасөзге өлең жазғаным 23-24 жылдар. Қазақстан орталығы көшумен бірге, институт Қызылордаға келді. Газет-журнал бетіндегі ақындардың өлең шығармаларымен таныса бастадым. Әсіресе Бейімбет, Сәкен, Сәбит, Шолпан ақындардың шығармаларын құмартып оқи бастадым. Баспасөз жазғанды сынайды екен, қарап қатесін көзге шұқып көрсетеді екен, қатты көрінеді дегенді естіп, баспасөз басындағыларға баруға қорқып жүрдім. Сырын білмегенге ме, әуелі Бейімбет, Ілиястан тіпті қорқып, әрі ұялып жүрдім. Ақындардың ішінде маған өте ыстық, өте жылы шыраймен қарағаны Мұқанов Сәбит болды. Бір күні мені көшеден ұстап алып, Сәбит: «Әй, бала, сен өлең жазатын көрінесің, өлең жаз, біз басалық» — деп көп ақыл үйретіп, үйір қылып алды. Сонан былай қарай халімше өлең жазып, баспасөз бетіне бере бастадым. Менің өлеңім баспасөз бетіне 27-28 жылдан бастап шыға бастады.

ӨЛЕҢ ТУРАЛЫ

Ғабиттің, тағы басқа жазушыларымыздың шығармалары қара сөзбен жазылған болса, Тайырдың шығармаларының бәрі өлеңмен жазылған. Міне осы өлең мен қара сөздің арасындағы айырманы білу үшін Тайырдың «Бес жылдықтың балғасы» деген өлеңін алып қарайық. Бұл өлеңін, жаңа қандай өлеңін болса да сырт жағынан қарағанда, белгілі бір жеке-жеке сала-салаға бөлініп тұрғанын көресіз. Мысалы осылардың әр жігі белгілі ырғақпен бірімен-бірі байланысып, түйіндесіп қоспақталған салалары төрт қатардан бір-бірімен ұйқасып жұпталуын көресіз. Біз мұны бір ауыз өлең деп айтамыз. Өлеңнің әрбір айшығын, шумағын бір қанатындай, әрбір саласы, жолы көрегеннің әрбір санатындай десек, осы қанат керегеден үй құрылғандай, жеке-жеке айшықтан, жұмбақтан тұтас бір мақсатты, пікірлі өлең құралады. Өлеңнің әрбір шумағы жеке-жеке саласымен тұтас. Жүйе тұлғасының арасында осындай байланыс бар. Бұл өлеңнің бір шумағында өндірістің арқыраған асаудай қарқыны жазылса, екінші бір шумағында екпінділік жөнінен сөйлейді. Қала зауыт, фабрик жөнінен, жайылып келе жатқан колхоз, eгіc жөнінен сөйлеп те кетеді, Бірақ пікірдің түп төркіні бір боп келе береді. Бұл мағына ретінде байланыстың үстіне өлеңнің әрбір жолы бір-біріне ұйқас, ұйқасу ретінде байланысып та отырады. Мысалы: әр жолдың, аяғында «балтасы», «ордасы», «оғынан», «тотынан» бір-бірімен ұйқасып отырады. Осы кешен бірінші қатар мен үшінші қатар, екінші қатар мен төртінші қатар ұйқасып отырады. Мұны өлең ұйқастары дейді. Сөйтіп Тайырдың бұл өлеңі басынан аяғына дейін, бірде: бірінші жол, үшінші жол, екінші жол төртінші жолмен жұбайласып бірде 2 жол, 4 жолмен ғана ұйқасып отырады. Бірінші жол мен үшінші жол бос отырады. Мына сызық үлгісімен былай көрсетуге болады. 1. 2. 3. 4. 1. 2. 3. 4. Мұнан соңғы, өлеңде тағы бір байқалатын түрі — өлең бунағы. Өлеңнің сөз, дыбысы ретінде бөлінетін ырғақпен әр сол өлең белгілі бір жік-жікке бөлініп отырады. Мысалы:

Қарағанды: Донбастар:
Тірек емей: немене?
Өндірістің: бұрқанған
Жүрегі емей: немене?

Екінші сөзбен айтқанымызда өлең бунағы дегеніміз өлеңнің құй-ырғағы, ырғақ соғуында жүректің дүрсілінде адамның тамағының соғуындай бір қалыпты есеппен шыққан қоймал дыбыстың ырғағы. Сағаттың «шық-шық», жүректің «дүрс-дүрс» етуі ырғақпен келіп отырады. Және Тайырдың осы өлеңін қазақ жеті буынды желдіртпе жыр деп атайды. Осының сызып көрсеткендегі үлгісі мынау: 4 3

хххх XXX
хххх XXX
хххх XXX
хххх XXX

Өлеңнің, жырдың ырғақ, жүйе, буын, ұйқас шумағы неше түрлі болады. Міне мұндай жүйе қара сөздерде ұшыраспайды. Мұнан шығатын қорытынды мынау: Қара сөз бен өлеңнің айырмасы — өлеңде белгілі ырғақ, шумақ ұйқасым болады. Қара сөзде ол болмайды, болуы шарт емес.

ІІ. КЕҢЕС ОДАҒЫҢДАҒЫ КӨРШІЛЕС ЕЛДЕРДІҢ

ЖАЗУШЫ, АҚЫНДАРЫ

Қазақстанның әдебиетімен қатар Кеңес Одағында басқа көршілес Өзбекстан, Татарстан, Башқұртстан, Қырғызстан, Тәжікстан тағы басқа елдердің де әдебиеттері өркендеп өсіп келді. Бұл ұлт әдебиеттерінің гүлденіп өсуінің себебі — Октябрь төңкерісі. Октябрь төңкерісі кешегі патша заманында ұлт теңсіздігінің тамырына балта шауып, бұрынғы бұратана — езілген ұлттардың мәдениетінің өркендеп өсуіне толық жағдай жасады. Сондықтан ерікті ұлт республикалары да, олардың мәдениеттері де Октябрь төңкерісінің жемісі. Өзбек, Тәжік, Қырғыз тағы басқа елдер патша тұсында өз тілінде мектеп ашып балаларын оқытуға, өз тілінде кеңсе ісін жүргізуге, өз тілінде ілім-білім, енер, мәдениет өсіруге ықтиярсыз, құқықсыз еді. Кеңес үкіметінің саясаты одағымыздағы әрбір ұлттардың өнер, білім — мәдениеттерінің өркендеп өсуіне кеңінен жол ашқан саясат. Бұл ұлттардың жазушылары өздерінің әдебиеттік шығармаларында, өздерінің тұрмыс қалпын, өмірінің ұлттық өзгешеліктерін өз тілдерінде суреттейді. Бірақ жалпы жолы бір, мақсаты бір: ол жаңа өмір жасау үшін социализм құру үшін бірлескен күрес. Бұл ұлттардың бірінің мәдениеті марқа, бірінің мәдениеті кенже, одақ пролетариатының көмегімен бұлар өз тілдеріне түрі ұлттық, мазмұны пролетариаттық мәдениетін гүлдендіре отырып, бір-біріне жақындап теңгеріледі.

И.А.КРЫЛОВ

(1768 -1844) Крылов атақты мысалшыл жазушы. Крылов мысалы жайылмаған ел кемде-кем. Крылов орыстың ұсақ дворяндарынан шыққан. Әкесі — әскери пионер болған. Крыловтың үй-іші кедей жоқшылықта жасаған. Сондықтан Крыловтың білім алуы — сауатын ашудан ары бармаған. Әкесінен он жасында жетім қалған. Қүн көру үшін Крылов Тверь қаласындағы үкімет кеңселерінің бірінде кеңес бастығына жәрдемші болып жұмыс істеген. Крыловтың таныс адамдарының әңгімесіне қарағанда, Крылов бос уақытын ылғи көпшілік арасындағы көпшілік базарлы думанды жерде өткізіп, қара шаруалардың әңгімесін, нақылын, әзіл-сықақ сөздерін көп құмарланып тыңдайтын болған; өзімен жұмысты бір істейтін жұмыстас жолдастарына әңгіме етіп айтып келетін болған. Крылов әкесінің ардақтылығы арқасында қызмет орнын бұрынғы Петроградқа (осы күнгі Ленинград) аударып алған, онда қазына палатасының чиновнигі болып жұмыс істейтін болған. Крылов осындай ортаға келген соң ойын-сауық театрға көп жүретін болған, ондағы артистермен танысып сахнаға арнап комедия жазуға кірісіп (ондағы «Дозақтың почтасы», «Көруші» атты) журналдарда қатынасып жүреді. Бұл журналдарға өткір улы тілмен күлкі-сықақ жазып, орыс чиновниктерінің түрлі сөкет қылықтарын көрсетумен бірге, ірі чиновниктердің парашылдығына қарсы күреседі; бұл сықылды пара шалдық орыстың ол замандағы басыбайлылық дәуірінде салт болып кеткен кәсіп болатын. Осы Крылов қатысқан журналға патша үкіметі риза болмай жүрді. Үкімет чиновниктерінің қозғауымен журналға сезіктене қарап, қыспаққа алу пайда болды. Сондықтан Крылов шет мемлекеттерге кетіп қалып, 1806 жылы қайтып келді, осыдан өлгенінше көпшілік библиотекасының басқарушысының жәрдемшісі болып қызмет істеді. 1806 жылдардан бастап мысалдары басыла бастайды. Бірінші рет «Емен мен қамыс» деген мысалы басылады. Өлгенінше 200-ге жақын мысал жазды. Әлемге әйгілі мысалшы болады. Өз тұсында мысал кітаптары 70 мыңдап басылып таралады, ол кезде мұндай таралған кітап болған емес-ті. 1844 жылы өледі. Арада 11 жыл өткен соң көпшілік теңгесімен — осы күнгі Ленинград қаласының жазғы бақшасынан Крыловтың ескерткіші орнатылды. Міне, осы мысал атақты Крыловтың мысалдарын қазақ оқушылары да көп біледі. Крылов қазақ жұртшылығына мәлім кісі.

«ЖАПЫРАҚТАР МЕН ТАМЫРЛАР»

(1811 жыл)
Жасаған сұлу маңды жазғы күнде,
Маңайын көлеңкемен жауып мүлде
Сыбырлап желге ағаштан жапырақтар,

Мақтады көптігін де, көктігін де.
Рас па, өлке көгі біз емес пе?
Ағаштар біз бөлеген жүз емес пе?
«Жапырақ — ағаш көркі» бураланып,

Бой жеткен, тамылжыған қыз емес пе?

— Ағашта біз болмасақ көрік бар ма?

Бекер ме, бұл айтқанда желік бар ма?
Ыстыққа күйген малшы, толған жолшы,
Салқындап саяламасқа ерік бар ма?
Болмай ма, біз болмасақ сида борбай,

Ерте-кеш ән шырқайды бұлбұл, торғай.
Самалмен өзіндегі сыбырласып,
Сыралсып қой десек тe қойдың болмай...
Дегенде жер астынан күңкілдеп үн,

«Сөйлерге болар ма деп бізге мүмкін?»
Ағашты шулап, тантып жапырақтар,
Жердегі міңгірлеген деді «бұ кім?»
Бір тамыр шырын тартқан жерге сүңгір,

Су сорған қараңғылық үңгірді үңгір.
Бұраң бой бұтақтағы бұйра жапырақ,
Жайқалып бізді емген соң тұрсын мүлгіп.
Неліктен білмейсіңдер қайдан тірлік,

Біз тамыр-жапырақ қайдан тұрсын күліп,
«Өсе бер, көркей, көгер, күл төгіндер,
«Жалғыз-ақ данғойланба мақтан мылжың!»
Біз өгіз күні бойы тартып сабан,

Қайтты елге сабанымен кешке таман,
Мүйізінде қара шыбын отыр еді,
Кез болды бір танысы жолда оған.
Танысы мұны көріп келе жатқан,

Астында өгізі бар сабан тартқан.
«Көзіме күні бойы көрінбеп ең,
Келесің, сөйле, — деді, — сен қай жақтан.»
Сонда бұл мұрнын көкке көтереді,

Адамсып, маңызданып жөтеледі.
«Жер жыртып күні бойын шаршап келем

— Мазалап сұрап саған не керегі?»

Адамды кейбір түрлі алып ескі,
Қарасақ ғибрат бар бұл кеңесте,
Біреудің я қайратын, я дәулетін

— Өзімсіп жүретіндер бар емес пе?

Кейбіреу көгереді мұрнын көкке,
Өз әлдің өзі білмей адам кеппе?
Мақтанып бәрін де өзім етті дейді,
Біреудің шылауында жүріп текке.

«ЖАПЫРАҚТАР МЕН ТАМЫРЛАР»

Біз Крыловтың өмірін баяндағанда сықақшылдық талабының күштілігі журналға жаза бастағаннан-ақ көрінгенін айтқан едік. Крылов мысалды өлең жазу арқылы әрі сықақшылдығын жұмсап, әрі бейнелей отырып, көңіліне алған пікірінің бәрінде айта алатын болды... Көңіліне алып оқталғанын улы, ащы, өткір тілмен дәлдеп айтатын болды. Крыловтың осындай шебер жазылған мысалының бірі «Жапырақ пен тамырлар» 1811 жылы жазылды. Крыловтың бұл шығармасы сол кездегі арамтамақ, жатып ішер, жалмауыз жоғарғы тап сословия дворяндардың (ақсүйек) шірік қылықтарына қарсы жазылған еді. Крылов қара шекпен еңбекшілерді тамыр дворяндарды — ағаштың жапырағы етіп суреттеп, мысалдап еді. Жапырақтар — біз жақсымыз, әдеміміз, біздің бұтағымызда құстар, бұлбұлдар сайрайды. Біздің көлеңкемізде жолаушылар демалып, көлеңкелеп рақаттанады. Біз ағаштың көркіміз деп өздерінің әлеуметтік рөлін орнын асыра бағалайды. Осы жапырақтарға дом беріп, ризақтандырып тұрған тамырлар, яғни қара шекпендер өз еңбектерімен асырап, ризық тандырып келе жатқан тамырлар оншалықты қарысып қарсылық айта алмайды. Сендерді тамақтандырып, асырап, әлпештеп, көріктендіріп тұрған — біз, тамырмыз ғой деседі ия жұмсақ жуас ғана жауап айтады. Жоғарғы таптың өзін қанағанына қарсы ешнәрсе айта алмайды. Міне осы жерден келіп Крыловтың пікір қайшылығы шығады. Оның қалайда үстем таптың үстемдігіне қарсы еместігі байқалады. Таптық сыры ашылады. Бірақ осындай кемшілігі бола тұрса да, Крыловтың шығармалары бізге пайдалы болып жатыр.

«ЕКІ ШЫБЫН»

«Екі шыбын» деген мысалы да жоғарғы «Жапырақ пен тамыр» сияқты арамтамақ, жатыпішер жалқауларға, біреудің істеген жұмысын «мен істедім» деп, екінші кісінің жақсылығын өз басына жапсыратындарға, екінші сөзбен айтқанда, еңбекшілердің мүйізіне (желкесіне) қонған шыбындай байларды сықақ етеді. Байлардың еңбекшілер желкесіне де отырып, оның тапқанын қалтасына қағып салып «бәрін өзім істедім, сондықтан шаршадым» дегеніне өткір тілін қадап, уын тамызып күледі, сықақ етеді. Бірақ бұ да жеке-жеке осындай өрескелдікті айтқаны болмаса, тұтас қоғам тәртібіне қарсы кете қойған мысал емес. Сөйтіп Крылов тек өз табының кемшілігін мазақ қылғанмен, пікірін ақырына дейін апара алмайды...

МАКСИМ ГОРЬКИЙ

Өмірімен әдебиет майданындағы қызметі
«Горький сөзсіз пролетариат көркем өнері
үшін ол көп іс істеді, әлі де көп істей алады».
(В.И.Ленин. 1910 ж.)

М.Горькийдің өмірі — ірі мағыналы өмір. Оның өмірі неше түрлі уақиғалармен толы. Сондықтан, ол өз шығармаларында толып жатқан оғаш оқиғаларды суреттегенін, толып жатқан бір айрықша мінезді адамдар мен жолыққандарын суреттегенін көреміз. Және, М.Горькийдің сол оғаш уақиғаларымен толы өмірі, оның жас күндерінде мәдениет ретінде артта қалған уақ байшыл (мещан) ортасында болып, социализм үшін күрес майданына қандай жолдармен келгендігін көрсетеді.

М.ГОРЬКИЙДІҢ БАЛАЛЫҚ ШАҒЫ

М.Горькийдің қандай ортадан шыққандығын және оның балалық шағын біз, жазушының өзінің жазған өмір тарихынан білеміз. М.Горькийдің шын аты — Алексей Максимович Пешков. Ал М.Горький деген оның өзі қойып алған әдебиет — лақап аты (псевдонимі). Ол Нижний-Новгород қаласында 1868 жылы 14- мартта туған. Әкесі сол қалада мастер, шебер жұмысшы болған. М.Горькийдің анасы Нижгород мещандарынан, Каширин дегендердің тұқымынан. Горькийдің өзі былай деп жазады: «Қарт Каширин, анамның үлкен әкесі, Еділде бурлак болған, сонсын өрмек бояу ісіне тұтынған, содан ауқаттанып, Нижний қаласында зор түрде бояу дүкенін ашқан. Содан кейін ұзамай қалада оның бірнеше үйлері болды. Және әр түрлі маталарды бояудың үш мастерскойы болды. Әкем мен шешем өз әкелерінің ықтиярынсыз бір-бірімен қосылған. Өйткені шешемнің әкесі өзінің сүйікті қызын түпсіз болашағы белгісіз адамға бермес еді». Горькийдің әкесі Астрахан қаласынан қызметке орын тауып, үй ішін сонда көшіріп апарады. Бірақ, кешікпей, 1873 жылы обадан өледі. Бес жасар Алеша Пешков (М.Горький) анасымен бірге Нижний қаласына, анасының үлкен әкесінің қолына барады. Анасының үлкен әкесінің қолында М.Горькийдің балалық шағы өтеді. Наташы атасы өте діншіл, қаралы қатаң өте сараң адам болады. Оның үйінде бала өзін-өзі бөтен санап жалғыздық көргендей болып жүреді. Үй адамдарының бәрі баланы жек көреді, екі нағашы әжесі ғана баланы жақсы көреді. М.Горький өзінің өмір тарихын есіне алып әңгімелегенде сол нағашы әжесін бір түрлі махаббат сезіммен құрметпен сөз қылады. «Тамаша мейірманды қайырымды кемпір еді» дейді. М.Горькийдің туыстары (жақындары) қараңғы надан халық болған. Горькийдің өзінің айтуында: «атайлар жақсы тұруды тәуір көретін еді. Жақсы тұруды көп ішіп, көп жеуде деп білетін еді. Ішімдік ішіп алып өзді-өзі төбелесетін еді, не қонақтармен төбелесетін еді, немесе қатындарын сабайтын еді. Бір атайым екі қатынын ұрып жерге тығып, екінші бір қатынын көрге тықты» дейді. Әрине балаларын да ұратын әдеттері болған. Балаларды ұрулары әбден сүйекке сіңген әдет болып алғандықтан, балалар да оған үйреніп алып, ұрды деп кек қылмайтын болған, ұруды бір занды нәрсе деп білген. Әрине, М.Горькийді де ұрған. Баланы 7 жаста мектепке береді, бірақ бұл да баланың өміріне ешбір жаңалық кіргізбеді, мектебі жаман мектеп тәртіптерін М.Горький өте жек көрген, оқуды жаман оқыған, оқудағы жолдас балаларымен де үйлеспеген. Мектепте жүргенде шешек жұтып ауырып оқудан шығады, содан кейін оқуды қайтадан жаңалап оқымайды.

М.ГОРЬКИЙ КІСІ ҚОЛЫНДА

Ұзақтамай нағашы атасы кедейленеді. Үйде ауқат болмайды. Сондықтан 8 жасынан М.Горький лажсыз «кісі есігіне» барады. Өмірдің бұл кезін М.Горький өзі былай әңгімелейді: «Сегіз жасымда мені аяқ киімін сататын дүкенге «бала» қылып берді. Бірақ екі айдан кейін, мен қайнап тұрған сорпаға қолымды күйдіріп алдым. Сонсоң қожамыз сызушыға шәкірт қылып берді, Бірақ онда тұрмыс ауыр болғандықтан, мен одан қашып кеттім. Параходқа аспапшының шәкірті болып кірдім. Бұл аспасшы әскердің гвардиясының унтер офицері болған, Михаил Антонович Смурин деген еді. Өзі өте күшті, қатаң адам еді және өзі оқымысты адам еді. Сол кісі мені кітап оқуға құмар қылды сол уақытқа шейін мен кітапты және басқа сөздерді өте жек көретін едім. Бірақ менің ұстазым, мені ұрумен де, алдап жақсы көрумен де кітапқа құмар қылды. Менің өмірімнің осы кезінен бастап мен қолыма түскен кітаптың бәрін де оқи бердім. Он жасымнан бастап жазу дәптерін сақтайтын болдым, ол дәптерге өмірден және кітаптан алған әсерлерімнің бәрін жазып жүретін болдым. Бұдан былайғы өмірім өте шұбар, өте қиын. Ac пісірушіліктен мен қайтадан сызушыға келдім. Сонсоң икон суреттерімен сауда қылдым, гразисариятсын жолында күзетші болдым, крендель істейтін болдым, бөлке істейтін болдым, кейде қағылған-соғылғанның араларында да жүрдім, бірнеше рет жаяу Ресейді аралауға да шықтым» дейді.

М.ГОРЬКИЙ ҚАЛАЙ ОҚЫДЫ

Сол кезде М.Горький өзінің білімін толықтыру жолында өте күшті істейді. Өзінің жолдастарына, жұмыскерлерге әр түрлі дәмді әңгімелерді дыбыстап оқып, оларды ағартады. Оның айрықша зеректігін сезген бір гимназияда оқитын баланың ақылы бойынша, ол университетке түсуге дайындалуға Қазанға барады. Бірақ Қазанда да қаражатқа мұқтаж болғандықтан университетке дайындалу былай қалып, онда да күнелту лажымен жұмыс істейді. Бірақ М.Горький білімге бәрінен де дұрысырақ жол табады. Ол төңкерісшіл студенттермен танысады. Олардың жасырын үйірмелеріне барып жүреді, олардың саяси-әлеумет мәселелері туралы, әдебиет мәселелері туралы талас сөздерін тыңдайды, ғылыми маңызды кітаптарды көп оқиды. Бұл М.Горькийге білім бергенімен қабат оның көзқарасын төңкерісшіл қыла береді. Бірақ жалғыз кітаптар ғана және әңгімелер ғана М.Горькийді қанататтандырмайды. Оны тартыс өзіне көбірек тартады. Міне, 1890 жылы М.Горький 22 жасында, Ресейдің бет келген жағына жаяу саяхат қылуға жөнеледі. Ол Еділ бойын жағалап кетеді. Дон аймағында болады. Украинада, Бессарабияда болады. Одан Қырымның оңтүстік жағасына кетеді. Қубань, Қаратеңіз, Грузияны аралап кетеді. М.Горький өзінің қатарының бірінде бұл туралы былай деп жазған еді. «Менің Руссияны аралағаным қаңғыруға құмартқандықтан емес, қандай елде тұрғанымды, қандай халықтың ортасында тұрғанымды көргім келгендіктен еді». М.Горький бұрын да, кәсіптен екінші кәсіпке көшіп жүргенде де әр түрлі адамдармен ұшырасып жүрген. Енді, ол екі жыл бойындай бір жерден екінші жерге көшіп, кез-келген жұмысты істеп қорек тауып жүргенде, параходтардың жатақтарында түнеп жүргенде, не орман іштерінде түнеп жүргенде оның алдында кең дүние ашылды. Одан ешбір орыс жазушысы білмеген тұрмыстың неше түрлі жәйттерін білді. М.Горькийді, әсіресе жалаң аяқ қаңғырғандар тартты. Ол кезде үнемі істейтін қызметі жоқ, үйі-күйі жоқ қаңғырып жүретін жарым қайыршы, жарым жұмыскерлерді жалаң аяқ қаңғырғандар дейтін. Өмірдің бұл мектебін М.Горький «менің университетім» деп босқа айтқан жоқ. Ел кезуі оның тұрмыс тәжірибесін байытты. Оның Көркем шығармаларына таусылмайтын материал болды. Онымен бірге М.Горькивдің дүниеге көзқарасы да айқындалады. Жұмыскерлер мен жалаң аяқтармен көп ұшырасушылары, олардың өз өмірлері туралы әңгімелері М.Горькийдің қожаларға, байларға, капиталшылдарға, патша төрелеріне дұшпандық көзқарасын бұрынғыдан да нығайта береді. Енді ол берік түрде, жұмыскерлер, еңбекшілер, панасыз жалаң аяқтар жағында болады.

ӘДЕБИЕТ ҚЫЗМЕТІНІҢ БАСЫ

Өстіп Ресейді «кезгеннен» кейін, сөйтіп жүріп, толып жатқан тамашадай ашық әсерлер алғаннан кейін, дүние жүзіне М.Горькийдің алғашқы әңгімелерінің шығуы өз-өзінен түсінікті болуға керек. 1892 жылы «Кавказ» деген Тифлис газетінде оның бірінші шығармасы басылып шығады. Ол шығармасы «Макар Чудра», одан кейін Қазан газетінде оның бірнеше уақ әңгімелері басылып шығады. Ал 2-3 жылдан соң М.Горькийдің: «Шелкаш», «Қанап алып» деген және басқа әңгімелері орталық қалалардың журналдарында басылып шығады. Бұл әңгімелері жалпы жұрттың назарына түседі. Содан кейін Горькийдің жалаң аяқтары барлық жерлерде әңгіме болады. Жас жазушы жұрттың көбін шығармаларының мазмұн жаңалығымен, әңгімелеріндегі суреттелген адамдарының өзгешелігімен, тілінің күштілігімен, бояуларының жаңалығымен және оның бәрінің үстіне кейпінің бір түрлі көтеріңкі сергектігімен жұрттың көбін таңдандырады. Бірнеше жылдың ішіңде, сол уақытқа шейін ешкімге мәлім болмаған Алексей Пешков атақты жазушы Максим Горький болады. Ол туралы баяндамалар, лекциялар оқылады, оның құрметіне әдеби кештер ұйымдастырылады. Белгілі суретші Репин көрініске қоюға оның суретін жасайды. М.Горькийдің әңгімелері бөтен елдердің тіліне аударылады. «Жалаң аяқтардың» жазушысы сыртқы елдерде де белгілі болады.

ТӨҢКЕРІС ҚОЗҒАЛЫСЫНА ҚАТЫСЫ

XX ғасырдың басында М.Горький Нижний Новгород қаласында тұрып Сормов жұмыскерлерінің төңкерісі тобымен жақындасады және большевиктермен жақындасады. Бұл 1905 жылдың алды еді. Жұмыскерлердің төңкерісшіл қозғалысы күн санап қаһарлы түрге түсуде еді, кейде ашық ереуілге айналатын еді. Сол кезде М.Горький «Дауылпаз жыры» сияқты нәсілдерін жазады. Бұл тура төңкеріске шақырған нәрсе еді. Онымен қабат ол төңкеріс қозғалысына қатысады, сол үшін патша үкіметі мұның соңына түседі. Оны «Сармов жұмыскерлеріне үндеу» жазбақ болдың деп айыптап, Нижгород губерниесіндегі Арзамас деген кішкене қалаға жер аударады. М.Горькийдің тұтқынға алынып жер аударылуы төңкерісшіл жұмыскерлер мен оқушы жастар тарапынан күшті түрде жазушыға көңілдестік туғызады. М.Горькийдің өміріндегі осы туралы В.И.Ленин «Ереуілдердің басы» деген мақаласында былай деп жазды: «Нижнийда үлкен болмаса да жақсы болып өткен ереуіл 7-ноябрьде Максим Горькийді шығарып салудан бастады. Бар құрал еркін тілі болған, Еуропада белгілі жазушыны өзінің туған қаласынан патша үкіметі сотсыз, тергеусіз жер аударды. Барлық орыс халқының атынан сөйлеген шешен айтты: басшы бұзықтар оны бізге жаман әсер береді деп айыптады. Кімде-кімнің жарыққа, бостандыққа тамшыдай талабы барға біз айтамыз: оның бізге тиетін әсері жақсы еді» деді. 1905 жылында М.Горький 9- январьда патша үкіметінің жұмыскерлерді атқан «қанды жексенбі» туралы есепті үндеу жазады. Сол үшін патша үкіметі М.Горькийді Петропавл қамалына қамайды, бірақ бұған барлық елдердің әлеуметшілдік наразылығының дүмпуімен ұзатпай оны еріксіз босатты. 1906 жылдан 1913 жылға дейін М.Горький сыртқы елде әлеумет көбінесе Италияда Каспий аралында болады. Сол жердей ол өзінің атақты «Ана» деген романын жібереді. Бұл романы 1905 алдындағы жұмыскер қозғалысының суретін айқын қылып көрсетеді. Және Батыс елдердің жұмыскерлер тұрмысынан бірнеше әңгімелер жібереді. («Парымдағы завостовка» және басқалар) .1913 жылы жарыққа шыққан «Балалық шақ» деген әңгіме де Италияда жазылған. М.Горький большевик партиясымен өте жақын байланыс жасап тұрады. В.И.Ленинмен хат жазысып тұрады. Лондонда болған социал-демократ партиясының съезінде болады. Одан біраз кейін, Ресейге қайтқасын, ол 1918 жылы, «Кісі қолында» деген ұзақ әңгімесін бастырады.

М.ГОРЬКИЙ БІЗДІҢ ЗАМАНЫМЫЗДА

Соңғы жылдарда М.Горький біресе сыртқы елдерде, біресе СССР-да болады. Ол біздің социалдық құрылысымызға белсене қатысады. Зауыттарға барады, жұмыскерлермен сөйлеседі, «Біздің жетістік» деген журналды шығарады, онымен бірге көркем әдебиет ісінде істеп жүреді. Сыртқы елдерде оның айналасында өте қызу күрестер бар. Барлық дүние бұл туралы екіге жарылған, совет елін қорғап, ол мақалалар жазумен капитал құрылысының шірігендігін көрсетеді, бөтен елде үкімттерінің обырлық ниеттерін көрсетеді, «соғысқа қарсы конгресс» ұйымына қатысады. Горький Еуропа мен Америка жұмыскерлер көпшілігінің арасында және оқығандарының бір параларының арасында СССР-ға көңілдестікті күшейтіп, кеңітуге тырысады. Қысқасы СССР дүние революциясы мен социализм пролетариатының маңдай жазушысынан не керек қылса, оның бәрін Горький істейді. М.Горькийдің былтырғы, оның әдебиет қызметінің 40 жылдығын мейрамдау (құрметтеу) М.Горькийдің СССР жұмыскер табымен және оның коммунист партиясымен қандай берік байланысты екенін айқын түрде көрсетеді.

ҺАШЫМ ЛАҒУТИ

Қызметі мен жазушылық өмірі Һашым Лағути Көрменшақы қаласында туған, әкесінің кәсібі — кебіс тігіншісі болған.

Шығармаларының ілікті кезінде ақын ұлтшылдық идея ықпалында болды. 1907 жылғы үкіметтің Персі төңкерісшілерін қуғын-сүргінге ұшыратуынан бастап Лағути жасырын шығатын газеттер бетінде өлеңдер жаза бастады. Шаһ үкіметінің қудалауынан бойын тасалап Решіт қаласына қашып барады: сонан кейін Тегран (Тегеран) қаласына жасаған төңкерісшілер шабуылына қатынасады. Астана төңкерісшілер қолына тигеннен кейін Лағути сондағы төңкерісшіл газетте істейді. Бұл жылдарда ақынның шығармасында үлкен өзгерістер туады. Оның жазған өлеңдері, қанаушы таптарды, шақтарды, жиянгершілерді, сатылған министрлерді аяусыз түйрейді. Лағути жиянгер соғысы кезінде Персия жерінің бір шетін алып қойған түрік әскеріне қарсы Көрменшақына өз алдына отряд ұйыстырады, февраль төңкерісі кезінде Көрменшақына «Піркәйіс-кәрегас» деген жұмысшы партиясын ұйымдастырады. Ұзақ тұрмай ол ұйым төңкеріс дұшпандарының қолдарында талқан болады. Лағути Түркияға қашып кетеді. 1921 жылы Түркиядан жаяулап Персияға жетеді. Лағути Сәнриздегі көтеріліс дайындығына қатысады. Көтерілісті Шаһ әскерлері күшпен жаншып басқаннан кейін Лағути Кеңестер Одағына қашып кетеді. Кеңестік Тәжікстанға келіп жас республиканың мәдениет, шаруашылық құрылысына қатты ат салысты. Орта Азиядағы будж, жәмшид сықылды аз ұлттар арасында Лағути ірі жұмыстар жүргізді, Мәскеуде «Правда», «Известия» газеті басқармаларында істеді. Мұнда Лағути «Кремль», «Біз жеңеміз» деген үлгілі, жақсы шығармалар жазды. Оның шығармалары большевик төңкерісшілдерінің терең сезімі, қажырлы бекемдігімен айшықталған. Лағудың өлеңдерін

Тәжік және көршілес Персия мен Ауғанстан еңбекшілері жатқа біледі. Шаағди мен Омарлар жасаған Персияның атақты өлеңдер түріне Лағути әрі күшті, әрі жаңа төңкерісшіл мазмұн кіргізді. Персия тіліне «Интернационалды» аударды, жаңа бірнеше төңкерісшіл өлеңдер жазды. Төңкеріс толқынына құлаш ұрған ақынның соңғы шығармалары сөзсіз жер жүзіндік төңкеріс ақындарының алдыңғы тобына қосылады. Шығыстың Максим Горькийі Һашым Лағути. Атақты Лағути ақын қаламмен де, қарумен де тапсыз социалды қоғам құру үшін күресіп келеді.

Өскен жан қуанышпен жеңген еркін,
Құдайсыз, жұмақсыз да тамық өртін,

— Сендіріп, ұйымдасқан еңбекпенен,

Қажымай қарыштаңдар аяға дүркін, —
дейді Лағути.

ҒАПУР ҒҰЛАМ

Өзбекстанның осы күнгі көрнекті, күшті, ірі жазушысы, ақынның бірі — Ғапур Ғұлам. Ғапур 1905 жылы туылған. Әуелі қара сөз жазып, кейінірек өлең де жазатын болған. Алғаш жаза бастаған кезінде «Мұштым» басқармасында қызмет істеген («Мұштым» Өзбекстанда шығатын күлкі-сықақ журналы). Ғапур Ғұлам 1929 жылы Түрксіб жолының біту мерекесіне келіп езінің атақты «Түрксіб» атты өлеңін сонда жазған. «Түрксіб» Ғапур ғұламаның бірінші жақсы бастанғысы еді. 1928 жылы «Жігіт жұмыс» деген бірінші әңгімесі басылып шығады. Өзбекстан баспасы Ғапур Ғұламның әңгімелер жинағын басып шығармақ. Кейінгі кезде Ғапур Ғұлам аударма жұмысына көбірек айналып жүр. Парсы ақыны Лағтидан, Демьян Бедныйдан, Маяковскийден, венгер ақыны Анатул Гидаштан, қытай ақыны Ти-Көздізистен, үнді ақыны Есқаби Бападан бірқатар нәрселер аударды. Осы күнде «Мақта зауытының тарихы мен баспашылар» деген роман жазып, тағы Грибоедовтың «Горе с умасын» аударып жүр. Біз кітабымызға кіргізген Ғапурдың «Түрксіб жолымен» деген өлеңі әңгімені Түрксіб салынған жолдың ұзақ заманынан қозғайды. Бұрынғы өнерсіз мешеу заманда айлап, жылдап жүретін ұзақ жолдың, жүрсе жүрек талдырған, ұшса қанат қалдырған алыс мүшкіл жолдың, талай-талай қандай қырғын болған қанды жолдың, құла құм, құралай дүз бетпақ шөлдің, қан шығыс, Әмір-Темір көрген соғысы алып қан жудырған жолдың, талайлар айдалған, талайлар байланған, талайлар зарланған қара түндей жайлаған қайғы, жыртқыш хайуанаттар ғана патшалық құрған жолдың орнына енді ерікті, көрікті пролетариат қаруы қолымен бақыттың болат жолы салынғанын баяндайды. Бұл жолдың келешекте дүние жүзін кестелеп шарлайтынын айтады. Дүниежүзіне пролетариаттың күшімен бақыт орнайтынын айтады. Ертең таңда осындай болат жолмен Пекин мен Рим, Мәскеу мен Бомбей, Үнді мен Түркістан, жердің о шеті мен бұ шетінің бауырласып байланысатынын, интернационалдық бір таудың астына жиналып, байды жойып, бақытты өмір жасайтынын жырлайды.

ТОҚАНБАЙҰЛЫ ӘЛІ

Тоқанбайұлы Әлі осы күнгі Қырғыздың ең көрнекті ірі ақыны. Әлі Октябрьмен бірге туып, Октябрь төңкерісімен көзін ашқан Октябрьдің бел баласы. Әуелі ауыл мектебінде оқып, 25-26 жылы Ташкендегі Ленин атындағы Орта Азиялық коммунист университетін бітірген. Өлеңді де осы университеттің сахнасында үдете жазады. Бірінші кітабы Ленинге арналған өлеңдер жинағы 1927 жылы басылып шықты, екінші «Әйел анасы» деген кітабы 1929 жылы басылды. Үшінші «Еңбек гүлдері» аты кітабы 1932 жылы басылып шықты. Бұлардан басқа Тоқанбайұлы «Қызыл Қырғызстанға» үзбей жазып тұрады. Сын, тағы фельетон сияқты күнделіктің керегіне де көп қолғабыс тигізеді. Біздің кітабымызға кіргізіп отырған «Қызыл қия пролетариатына хат» деген өлеңі Тоқанбайұлы Әлінің күшті, мәнді өлеңінің бірі. Біз кітабымызда орын тар болған соң үзінді ғана алып басып отырмыз. Тоқанбайұлы Әлі — бұл өлеңінде қызыл қияның көмірші пролетариаттарының кешегі төңкеріс кезіндегі, бүгінгі социалдық құрылыстағы рольдерін айтады. Өзінің де сол пролетариаттың сабындағы «қайласы-қаламы», жалпы пролетариат жұмысы үшін күресетін пролетариат ақыны екендігін айтады. Сен шахтер, мен ақын — мақсат бір, жаулайтын жауымыз бір. Бірақ сенің құралың қайла, менің құралым қалам дейді өлеңінде Әлі ақын.

ІІІ. XІX ҒАСЫРДЫҢ АҚЫРЫНДАҒЫ, XX ҒАСЫРДЫҢ БАСЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ АҚЫНДАРЫ

КЛАССИК ЖАЗУШЫЛАРДЫҢ МӘНІ

Ескі жазушыларды тексеріп, олардың жазғандарымен танысып білуге кіріскенде екі мәселені алдымен ашық айтуымыз керек. 1. Ескі әдебиетпен әбден танысып білу не үшін керек. 2. Қалай танысып білуіміз керек?

Міне бұл мәселелерге өз тұсында Ленин айқындап ашып жауап берген болатын. Октябрь төңкерісінің алғашқы жылдарында, Бүкілодақтық комсомолдардың 20-жылғы съезінде Ленин төңкеріске дейінгі капиталистер, помещиктер, байлар билеген заманда туған ілімге, әдебиетке қалай қарау керек деген мәселеге түсінік беріп былай деген: «адам баласының капиталистік қоғамның, помещиктік қоғамның, чиновниктің қоғамның тепкісінде жасаған ілім, білім қазынасын жастар үйреніп, біліп алу өте қажет» деген еді. Ол «Маркс өзінің төңкерісшіл ғылымын жарыққа шығару жолында, адам баласының капитализм тұсында орнатқан ілім іргесіне сүйенген» деген еді. Мұны айтумен бірге Ленин әрқашан мынаны қосарлай ескертетін еді: төңкеріске дейінгі ескі қоғамның шығарған кітаптарындағы жазылғанның бәрін сол бойымен тұтас ала беруге жарамайды. Оны тексеріп, талдап, керексізін тастап, қатесін түзетіп алуымыз керек. Ол кітаптарда жазылғанның бәрі ескіліктегі қоғам болып құралған таптардың дүниетануы екенін естен шығармау керек. Соның үшін ол кітаптардан сын көзімен қарап, талдап, керегімізді ғана алуымыз керек. Маркс осы осындай еткен, «адам баласының ақыл-ойымен табылған табыстардың барлығын Маркс сын елегінен өткізіп, сынап, мінеп, жұмысшылар қимылына салып тексеріп, байшылдық қалыптан шыға алмаған, байшылдық әдетпен ластанған, қысқа қол, тар тұсау адамдар шыға алмаған қорытындыны шығарды» дейді Ленин. Данышпан көсемдеріміздің осы айтқандары көркем әдебиетте дәл келеді. Осыларға сүйене отырып өткендегі әдебиетімізге баға береміз. Осындай пайдаланатын, пайдасы болатын өткендегі әдебиет мастерлері, көркем сөздің көрнекті шебер ұсталары — классиктеріміз Абай, Ақмолда, Қарашұлы Омар, Мәшһүр Жүсіп, Торайғырұлы Сұлтанмахмұт, тағы басқалар.

Олар бізге несімен пайдалы болмақ? Олар бізге не үйретеді?

ӨТКЕН ӨМІРДІ ТҮСІНУ ҮШІН ӘДЕБИЕТТІҢ МӘНІ

Өткен заманның ақын, жазушылары бізге сол заманды, сол өткенді білуге, түсінуге біраз жәрдем етеді. Ол бізге сондықтан да керек. Біз оны соның үшін де тексеріп білеміз. Өткендегі әдебиеттік классиктеріміз бізге өз заманымыздағы байшыл, бекшіл қоғамның тұрмыс қалпын, сыр-сыпатын бірсыпыра суреттейді, ол байлар, ақсүйек, бектер қожа болған заманда кедей, еңбекшілер, жарлы малайлардың қалай жасағандығын, қалай тіршілік етіп, қалай күн көргендіктерін көрсетеді. Рас, өткенді білдіретін әдебиеттен басқа да тарих сияқты ілім бар. Тарихта өткендегі қоғамдардың шаруашылық, саясаттық тұрмыс күйлері қандай болғанын баяндайды. Хан заманында билер көсемдік қылған, бектік — бек сымақтық заманда қай тап қалай жасады, кешегі ұлтшылдық дәуірде қай тап қалай жасады, осының бәрі тарихқа не қосады? Бірнеше мысалдар келтірейік. Тарих өткенді, әрбір буын заманды дәлелдейді, дәлелдей сөйлеп жалпы түсінік беретін болса, Шортанбайдың, Абайдың, Қарашұлының, Мәшһүр Жүсіптің, Ақмолданың, Сұлтанмахмұттың тағы басқаларының шығармалары сол дәуірлерді суреттеп, сыпаттап көрсетеді. Өткеннің суретін, тұрмыс қалпын, құлық, салтын көркемсөзбен сұлу суреттеп, анық ашық етіп көрсетеді. Мысалы: Шортанбайдың «Зар заманын» оқысаң, билеу табының әкімшілігінен айырылып зорлағанын білесің. Абайдың сөзін оқысаң: сары тонға оранып шолтаңдаған бай, байдың малын бағып жыртық күпінің ішінде бүрсеңдеген кедей көз алдыңа елестеп келеді. Сұлтанмахмұттың «Кедейін» оқысаң: байдың тепкісінде, капиталдың құлдығында езілген малайлар, кедейлер, жұмысшылар көз алдыңа елестеп келеді. Таптық намысыңды қоздырады. Таптық жаңа сезімді қорғап нығайтады, яки қосақтап қатын алған байды, 15 жасар қызды шырылдатып алған шалды көрсеткен Омар Қарашұлының өлеңін оқи қойсаң, адамдықтың қалпынан аттаған байды, шалды көресің... Сөйтіп әдебиет бір оқиға арқылы сол сияқты сан оқиғаны, бір кісінің өмірі арқылы мыңның, миллионның әмірін көрсете біледі. Мұңдай қасиет әдебиетте ғана бар.

БҮГІНГІ ӨМІРІМІЗДІ ТҮСІНУ ҮШІН ӘДЕБИЕТТІҢ МӘНІ Өткеннен қалған әдебиеттік мұралардың еткенді түсіну ғана емес, бүгінгіні түсінуге де көп көмегі бар. Мысалы, әлгі айтқан ақындардың шығармаларының мән, маңызы өткендегі өмірді түсіндірумен ғана бітпейді. Олар өткен, қалған, бүгінгі ішімізде жүрген ескінің сарқыншақтарымен күресуге де зор тәжірибе болады. Сол, ескі шебер ақындардың шығармаларында көрсетілген ескі адамдардың құлаған таптың қалдықтары, олардың құлық және мінез-құлықтары арамызда әлі бар. Мысалы, ақсақалдық, атқамінерлік, «алдауыш белсенділік», діншілдік, төрелік қараңғылықтың қалдығы, тағы басқалар. Бұлармен күресу үшін де ескі классиктеріміздің мәні өте-мөте зор.

ЕСКІ ӘДЕБИЕТТІ ҚАЛАЙ ОҚУ, БІЛУ КЕРЕК

Жоғарыңа қойылған екінші мәселеге көшеміз. Ескі әдебиет классиктерін қалай оқу, білу керектігін ашамыз. Жоғарыңа біз, бұл мәселеге Лениннің қалай жауап бергендігімен таныстырып айтқан едік. Ол ескі мәдениетті, әдебиетті білім қазынасын сын көзімен қарап қана пайдалануымыздың керектігін айтқан еді. Екі әдебиетті сын көзімен қарап тексеріп білу дегеніміз не? Әдебиетті сын көзімен қарап үйрену үшін мыналар есімізде болу тиіс: 1. Ескі ақын, жазушыларымыз өздерінің шығармаларын байлар билеген заманда жазды. 2. Кедей мен бай табының арасындағы неше түрлі тап қарсылығы тап күресінің жағдайында жазылды. 3. Тап көзімен қарағанда бұл жазушылардың әрқайсысы белгілі бір тапты, белгілі бір таптық жікті қолдап, сол өзі жатқан таптың сойылын соғады. Сол таптың әмірі болуын көксеп, сол таптың үстемдігі үшін әдебиетті құрал қылып күреседі. Мысалы: мына айтылған ақындар — Шортанбай, Ақмолда, Омар өздерінің шығармаларында көбіне ескі бектің, бек сымақтық заманды көксеп, сол заманның іріп, шіріп, өліп, есіп бара жатқаңдығын көріп, қимай зарланады. Өліп бара жатқанына өкініш етіп көзінен жас, үнінен зар шығарады, жаңа заманға жөнді көндіге алмайды. Ал, Мәшһүр Жүсіп пен Сұлтанмахмұт Торайғырұлы олай етпейді, өткенді кеп көксемейді, байлық ұлтшылдықты жырлайды. Мәшһүр Жүсіп тіпті кедей табының зарын көбірек айтады. Өнер-білімді жырлайды. Сұлтанмахмұт кейінірек (1919 ж.) төңкерістің тепкісімен «Кедей» туралы да аздап жазады, бірақ мұнысы көпке бармайды, кедей мен байдың арасындағы қарсылықты оқу-білім шешеді деген қате қорытынды шығарады. Міне бұл ақындардың шығармаларына анық, дұрыс түсіну үшін осы айтылғандар сияқты айырмаларын, өзгешеліктерін біліп алмай болмайды, біліп алғанымызда ғана бұл ақындарға дұрыс баға бере аламыз, олардың шығармаларын дұрыс пайдалана аламыз. Өйткені осындай өзге бөліктерін, қайшылықтарын білу бүгінгі заманымыздың қалай туғандығын, қандай күрестің жемісі екендігін білдіреді.

ИБРАҺИМ ҚҰНАНБАЙҰЛЫ (АБАЙ)

(1845 -1904 ж.ж.)
Ақынның балалық, шағы

Абай — Арғын Тобықты руынан, 1845 жылы Шыңғыс тауында туды. Абайдың шын аты Ибраһим. Қазақ әдеті бойынша шешесінің еркелетіп қойған Абай атын толық атап кеткендіктен біз де Абай дейміз. Абайдың әке тұқымы Тобықтыға басшы би болған, бай жуан ата. Үлкен атасы Ырғызбай да әрі батыр, әрі жуан би болып елді аузына қаратып өткен кісі. Осы Шыңғыс тауы қонысқа лайық, малға жайлы жер деп орын қылған кісі. Онан соңғы атасы Өскенбай би, Абайдың өз әкесі Құнанбай жұртты аузына қаратқан, ел билеген ақсүйек байлар табының өз елінде көсемі болған азулы би байы. Өз тұсында қазақ арасында мұсылмандықты жайып, дін, шариғаттың орнауына мықты еңбек сіңірген діншіл кісі болған. Заманында өз табы — (өзі үшін) діннің мықты құрал екендігіне мықтап түсініп, ел арасына діннің тамырлап, тарауына арнап еңбек сіңірген. Құнанбай өзге жұрт баласын орыстан қашырып тығып жүргенде өз баласын орыс мектебіне беріп, орысша оқытқан. Абайдың шешесі — қазақ ортасында елді күлдіргі, қалжыңымен сөгіп, шешендікпен атақ алған әйгілі Қантай, Тонтаймен туысқан Тұрғанның қызы. Абайдың шешесі өзінің тұқымдарындай от ауызды — әрі бай, әрі жуан би, той-думан арылмайтын, ақын, жыршы, шешен, би кетпейтін ауыл болған.

«Атадан ұл туси дегі —
Ата жолын қуса деді...»

деген ескі нақыл бойынша Абай жас шағынан-ақ сөз тыңдап, сөзге үйір боп өсе бастайды. Осындай қожа, молдалар, билер, ақындар кетпеген ортада тәрбие алады. Абайды ақындыққа ыңғайланған жағдайдың бірі осы сияқты. Он жастан он екі жасқа дейін ауылда мұсылманша оқып, сауатын ашып қана қоймай білімін кеңіте береді. Он үш жасқа шығарда Семейде молда Ризәнің медресесінде оқиды. Медреседе оқып жүріп Приходский школінен орысша оқып, 14 жасында сабақтан шығады. 15 жасында балалықты былай қойып үлкендер қатарында жұмыс атқаруға кіріседі. Өз тұсында ақылды, саналы, зерделі, шешен, көсем жігіт болып ел билігіне араласады. 20 жасында Абай халық ортасында маңдай алды шешен болады. Орақ ауызды, от тілді кісі атанады. Абай жасынан-ақ, қазақтың бұрынғы салтын, қалпын, әдет-ғұрпын, дәстүрін, ескі сөздерін, ескі билердің ережелі тақпақтарын, тапқыр, пішін сөздерін, биліктерін көп зерттеп, үйреніп, тексереді, көп оқиды. Ескі мақал-мәтел, қазақтың өзінің бұрынғы өткен билерінің нақыл мысал өрнек етіп айтқан сөздерін көп зерттеп жаттайды. Бұрынғының барлық шебер сөздерімен Абай өте жақсы таныс болып, өзі де сондай сөздерге өмір бойы машықтанады. Абайды сөзге, сөз өнеріне, шешендікке баулыған жағдайдың бәрі өмір бойындағы Абайды қоршаған — жуан көсем бидің, ірі байдың ауылы. Абай араб, парсы, түрік тілдеріндегі әдебиеттерді еркін оқып түсінетін болды. Заманында арабшаны, парсышаны, түрікшені Абайдан артық білетін ешкім болмайды. Шала, шапты оқып, шариғат айтып, мал тауып жүрген дүмше молдалар Абай отырған жерде қысылып, сескеніп сөйлей алмайтын болады. Абай әлгі тілдерді жақсы білгеннің арқасында әдебиетін де көп оқитын болады. Сөйтіп, араб, парсы, түрік әдебиеттерімен де әжептеуір таныс болады.

Абайдың әдебиетке жақындауына бұлар да көп себеп болады.

Абай 14 жасында-ақ құрбы-құрдастарына арнап тәлкек, сықақ өлеңдер жаза бастаған. Құрбылары Абайдың өлеңдерін жаттап алып елге жайып жіберетін болған. Өлеңдері сол кезде мәнді, дәмді болған. Бірақ Абай өзін-өзі ақынмын деп санамаған, өзі жуан атаның баласы болған соң «кедейлер істейтін ақындық кәсібін кәсіп етіп», өзін-өзі ақын деп санамай, бері таман келгенше оның соңына түсуге арланатын болған. Ол кезде қазақ ортасында ақындықтың қадірі де шамалы болатын. Ақындық — кәсіп еткен кісіге жоқшылықтан істеген кәсіп есебінде болатын.

АБАЙДЫҢ ОРЫСТЫҢ, БАСҚА ЕЛДІҢ ЖАЗУШЫЛАРЫМЕН ТАНЫСУЫ Абайдың бойындағы қайнап жатқан қуат, зердесінің жарыққа шығып «жалпыға» жеміс болып шашылуына сол замандағы жер ауып жүрген орыс Халықшылары көп себепші болады. «Орыс әдебиеттеріменен таныстырып, өрісімді кеңейтіп, көзімді ашқан жер ауып келген Михаильс, Мекаводский, фольклор жинаушы Гиролсс деген кісілер болады» дейді екен Абайдың өзі. Шынында Абайдың сана-сезімінің ұлғайып, өлеңді өнер деп тануына, өлеңнің соңына шұғыл түсуіне әлгі айтылған кісілер көп көмек көрсетеді. Орыстың атақты ақын-жазушылары Пушкин, Некрасов, Салтыков, Толстой, Тургенев тағы басқа ақын, жазушы, сыншыларымен таныстырады. Олардың мұрат-мақсаттарының қандай болғандығымен де таныстырады. Сондықтан Абай өле-өлгенінше «менің әкемнен артық жанашырлық қылып дүниеге көзімді ашқан Михаильс еді» деп айта беретін болған. Абай бала жасынан тырыстығының, зеректігінің арқасында орыстың өте көп жазушыларының шығармаларын оқып шықты, оқып қана қоймай өзіне керектерін пайдаланды. Пушкиннің, Лермонтовтың, Крыловтың бірқатар шығармаларын қазақ тіліне ұғымды, жатық, әдемі ғып аударды.

Кей аудармаларының көркемдігі ана ақындардың түп сөздерінен кем болмаған.

АБАЙДЫҢ ҚАРТАЙҒАНДАҒЫ БІР АРМАНЫ

Абай елдің бар жұмысына қатынасты: болыс та, би де болды. Барлық елді өз аузына қаратып ескі билерше билеп отырғысы да келді. Бірақ Абайдың табы — билер-феодалдар табының әкімшілік дәуірі ол кезде өшкен еді. Сондықтан, заман Абайдың дегенін істетеді. Абайдың бір арманы осы болды. Жас кезінде тереңнен тексерерлік ілім оқи алмады. Қартайған кезіндегі бір зор арманы осы болды. Бұл туралы Абай мынадай өлең шығарды:

Жасымда ғылым бар деп ескермедім,
Пайдасын көре тұрып тексермедім.
Ер жеткен соң түспеді уысыма,
Қолымды мезгілінен кеш сермедім.

Өзінің өмірінің үлгісін есінен алып, балаларының бәрін жастайынан оқуға берді, оқытты. Балалардың оқып білім алғанын өте жақсы көрді. Бұл туралы:

Адамның бір қызығы бала деген,
Баланы оқытуды жек көрмедім.
Баламды медресеге біл деп бердім,
Қызмет қылсын, чин алсын деп бермедім, —

деген.
Абайдың балаларының бәрі де оқымысты болған.

АБАЙДЫҢ ӨЛЕҢІ

Абай өлеңді жазғанменен құнттап жинамайтын болған. Жазған өлеңдерін ел адамдары, өлеңші жігіттер жаттап алып, елден елге таратқан. Абайдың өлеңдері халық аузында мақал-мәтел орнына жұмсалып ардақталатын болған. Абай өзінің өлеңіне қарағанда үздік жақсы екенін түсініп, халықтың оншалық бағалай қоймауына назаланып мынадай өлең айтқан:

Батырды айтсам, ел шарлап алған талап,
Қызды айтсам,қызықты айтсам, қыздырмалап.
Әншейін күн өткізбек әңгіме үшін,
Тыңдар елдің бір сөзін мыңға балап.

Ақыл сөзге ынтасыз жұрт шабандап,
Көнгенім-ақ coған деп жүр табандап.
Кісімсінген жеп кетер білімсіз көп,
Жіберсем өкпелеме көп жамандап.

Абай өлеңді өнер деп түсіне бастаған соң өлеңге қоятын шарты да зор деп, қиын деп түсінеді. Өлең жазу екінің бірінің қолынан келмейді. Екінің бірі жазған дәлду батпақ өлең де болмайды.

Өлең сөздің патшасы — сөз сарасы,
Қиыннан қиыстырар ер данасы
Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,
Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы.

Өнерге әркімнің-ақ бар таласы,
Сонда да солардың бар таңдамасы.
Іші алтын, сырты күміс — сез жақсысын,
Қазақтың келістірер қай баласы? —

дейді. Бұқар жырау, Шортанбайлар сияқты бұрынғы ірі ақындарға сын тартады. Міне, Абай өлеңге осындай шарт қояды. Осындай, осы айтқандай болып келген өлеңді, өлең дейді. Осындай қылып өлең жазған ақынды ғана ақын дейді. Сөйтіп қазақтың атақты аты шулы ақыны Абай 1904 жылы алпыс жасында дүниеден қайтты. Қазақ әдебиетіне ұлы қазына дерлік мұра қалдырды. Осы мұраны Ленинше ұғып, пайдамызға асыру біздің әдебиетіміздің міндеті.

АБАЙДЫҢ ӨЛЕҢДЕРІ ТУРАЛЫ

«АТТЫҢ СЫНЫ»

Мынау «Аттың сыны» Абайдың сол замандағы жақсы деген атты тілмен, сөзбен суреттегені; жақсы суретші Абайдың осы сөзіне қарап отырып, оп-оңай Абай айтқан аттың суретін салып шығарар еді. Шебер жазушының бір затты суреттеп айтқан сөзіне қарап, сол заттың суретін жолдап алуға болады. Aт қай заманда болса да керексіз мал емес, ат мықты көліктің, мықты құралдың бірі. Абай заманы — ескі заман. Ол заманда ат өте-өте қадырлы болған заман. Онда осы күнгі Қазақ арасындағы пойыз отарба жоқ. Ауыл арасы, ру ішіндегі тап тартысы, жиын-той, дау-шар атқа байланысты еді. Ол кезде жаңа, өте-мөте одан арты замандарда да жақсы ат қазақтың бір қызының қалың малы еді. Осы күнге дейін айтылып келген «бір қыздық ат» деген мәтел сол замамндардан қалған. Атқа арнап, ат болғанда осындай ат жақсы деп сол замандағы «Аттың сынын» сыншыларша жазды. Ат болса осыңдай ат болсын дейді. Әрине, әр дәуірдің бір нәрсеге қойған сынында белгілі айырмашылық болуға тиіс.

АҢШЫЛЫҚ ТУРАЛЫ

Аңшылық осы күнге дейін маңызын жоғалтпаған кәсіп. Бірақ Абайдың айтып отырған, Абайдың әдемілеп суреттеп отырған аңшылығы біздің кешегі байлар билеген ауылдың аңшылығымен таныстырады. Солардың аңшылыққа беретін сабағымен, көзқарасымен, суреттеуімен таныстырады. Байлар билеген замандағы әлділердің ит жүгіртіп, бүркіт салып, ат шаптырып, ас беру суреттері Абайдың өлеңдерінде айқын көрінеді. Ақсүйектер, байлар аңшылықты тек қызық салтанат, атақ деп бағалаған. Абайдың аңшылықты суреттеуі, Абайдың аңшылыққа көзқарасы, мырза байлардың көзқарасы екенін айқын көрсетеді.

ЖЫЛДЫҢ ТӨРТ МЕЗГІЛІ

Жылдың төрт мезгілі: жазғытұрым, жаз, күз, қыс. Абайдың көркем жазылған шығармалары Абайға шейін қазақ көркем әдебиетінде жаратылыс құрылыстары ұлы Ыбырай еді.

Құнанбайұлы Абай Алтынсары Ыбырайдан да толық әсерлі қылып суреттейді. Жылдың 4 мезгілін бөлек-бөлек қылып суреттегенде Абай көркем әсерлі тілмен, жанды суреттермен пернелейді.

Жасарып, гүлденген жаздың түрін, әнін, махаббатын суреттейді. Жаз суреттері, күлген, елжіреген күн. Масатыдай құлпырған жердің жүзі, әдемі киінген қыз-келіншек, жаңа шыққан гүл-бәйшешек, гүлге қонған көбелектер, «Сыбдыр қағып бұраңдап аққан су», қаршыға салған жігіттер, қырда торғай, сайда бұлбұл, ойнаған жастар, оң-сол ән-күй, балалаған мал, ойнаған бала... біреуі екеу болған шаруа, кешкен ел... Шілде суреттері: көкорай шалғынға семірген мал, сыңқылдап күлісіп үй тіккен қыз-бозбала, жақсы атқа мініп келген бай, кілемнің үстіне қымызға отырған байдың үйі, байға жарамсақтанып малшыларға «малды әрі қайыр» деп ақырған ақ сақалды қарт, таңертеңнен асау мініп салпылдап келіп тұрған жылқышылар.

КҮЗ БЕЛПСІ

«Сұр бұлт түсі суық қаптайды аспан,
Күз болып дымқыл тұман жерді басқан.
Тоңғаны ма білмеймін, толғаны ма
Жылқы ойнап, бие қашқан, тай жарысқан.

Жасыл шөп бәйшешек жоқ бұрынғыдай
Жастар күлмес, жүгірмес бала шулай.
Қайыршы шал-кемпірдей түсі кетіп,
Жапырағынан айырылған ағаш-қурай.

Бұрынғыдай жадырау, көлеңке іздеу жоқ, кемпір-шал құн-жың қағып, бала бүрсең қағып, жылы жер, жылы киім іздей бастаған. Осы жерде Абай еріксіз кедей мен байдың күзгі тұрмысын қосып, күздің суретін талқылайды.

...Кәрі қой ептеп сойған байдың үйі,
Қай жерінен кедейдің тұрсын күйі.
Қара қидан орта қап ұрыспай берсе,
О да қылған кедейге үлкен сыйы.

Үй жылы киіз тұтқан айналасы
Бай ұлына жалшы ұлы жалынышты
Ағып жүріп ойнатар көздің жасы.

Кедейдің күзгі қызықсыз халын суреттейді. Осы суық күзде бай сары тонға оранып от басында отырса, кедей дірдектеп, соның малын бағып жүреді. Баласы көзінің жасы ағып жүріп байдың баласын ойнатады. Бұл өлеңде осы теңсіздікті көрсетеді. Абай бұл теңсіздіктің аяғының бара-бара жақсы болмайтынын, байға да оңай соқпайтынын сезіп, кедей мен байды келістірмек болады.

...Алса да аяншақтау кедей сорлы,
Еңбек білмес байдың да жоқ қой орны.
Жас бала, кемпір-шалын тентіретпей
Бір қыс сақта, тас болма сен де о ғұрлы».

ҚЫС БЕЛГІСІ

«Ақ киімді, денелі, ақ сақалды.
Соқыр-мылқау танымас тірі жанды.
Үсті-басы ақ қырау, түсі суық,
Басқан жері сықырлап келіп қалды.

Міне қысты ақ сақалды мылқау қарттың суретіне теңеді, ол мылқау қартты қаһарлы қылып суреттейді.

Дем алысы үскірік аяз бен қар
Кәрі құдан. қыс келіп әлек салды.
Ұшпадай бөркін киген оқшырайтып,
Аязбенен қызарып ажарланды...»

Міне Абай жылдың төрт мезгілін өстіп суреттейді.

АБАЙ ӨЛЕҢДЕРІНІҢ ТІЛІ, ТҮР ШЕБЕРЛІГІ

Тіл ретінен Абайдың шығармалары көп пайда береді... Қазақ тілінің барлық байлығын, барлық тұлғасын Абай шығармалары толық көрсете алады. Сондықтан да Абай шығармаларының мәні зор. Онан қазақ тілін сұлулар, көркем нақыштап, әдемі кестелеп, әсерлі жыр, сұлу күйлі өлең қылып шығару ретінде де А.бай үлгі ернек болатын үздіксіз шебер ақын екендігі белгілі. Бұл ретте Абай сөздерінің мәні зор. Ескі тұрмыспен, ескі санамен танысу үстінде Абайдың шығармаларының мәні зор.

ҚАРАШҰЛЫ ОМАР

Жазушылық қызметі мен өмірі
Өмір баяны

Омар шамасы 1876 жылдарда Бөкей ордасы Талөкпе қысымында (қысым — қазақша бөлім) туған. Болысы Қырыққұдық деген жерде. Руы ең соңғы қазақ болған ноғайлы. Омардың әкесі Қараш момын шаруа адам болса керек, бірақ аталарының ауылы ноғайлының ішінде беделді, беделді ата дейді. Омардың әкесі жасында өлді. Бір әкеден Садық, Құспан, Омар деген үш ағайынды бала қалды. Бөкей елінің ішінде, беріш дейтін руда Ғұмар кәлпе Жазықұлы дейтін ескіше оқымысты бір адам болады. Омар осы Ғұмар көлпеден сауатын ашып, оқу оқиды. Бұл молдадан сауаты ашылғаннан кейін, Қазан қаласының маңында Қашқар дейтін татар поселкесінде медресе ашқан Ысмағұл дейтін татардың молдасынан барып оқиды. Бұл сол кездегі қадімшілердің ішіндегі Ысмағұл қашқариқ атанған атақты молданың біреуі еді. Ысмағұлдан біраз оқыған соң Омар бұрынғы Орал облысы Жалпақтал деген қалада медресе ашқан Ғұбайдулла Ғаликеев деген атақты ишанның шәкірті, әрі мұғалім болады. Ишан Омарға біраздан кейін ершат (дін жөнінен). Омар ел атынан духовный собранияға указной молда болып белгіленеді. Осы қалыппен 1905 жылға дейін келеді. 1905 жылдар Омардың пікіріне үлкен өзгеріс кіргізеді. Бұл өзгеріске себеп 1905 жылы болатын төңкеріс. Бұл төңкерістен Омар хабардар болады. Өйткені ишан болғанмен Омар құлшылықтан басқаны білмейтін ишан болмайды. Ол арабтың, түрлі татардың газет-журналдарын, «Уақыт», «Таржыман» сықылды газеттер оқиды. 1906 жылдың ұрандарын ол осы газеттер арқылы түсінеді. Бұл бір. Екінші — Омар «Өрнек» деген кітабында өзіне ишандық жолының қателігін түсіндірген бір адамға алғыс айтады. Ол адам кәдімгі атақты Бөкейұлы Шеңгерей болады. Бөкейұлы Бөкей ханның барлық немерелері сықылды, Саратовтағы Кадетский корпусты бітірген, ғылымнан хабары мол адам екені белгілі. Сол кісі Омарды ғылым жолына түсіруге үлкен көмектеседі. Осындай өзгерістерге жолыққан Омар, ең алдымен мешіттің қасынан орысша школ ашады. Мұсылманша оқуды жәдит жолына түсіреді. Мешітте сөйлейтін уағыздарын Қазақ тілімен сөйлеп, ұлтшыл пікір тарата бастайды. Қазақты білімге ұмтылтуға сөйлей бастайды. Омар Көркем әдебиетпен айналысады. Ең алғаш татар баспасөздеріне жазып жүреді де, артынан «Қарлығаш» дейтін өлеңдер жинағын шығарып, одан кейін «Өрнек», «Бала тұлпар», «Ата тұлпар», «Тұрмыс» деген кітаптар шығарады. «Шайыр», «Көкшелер» деген ақындар әдебиет жинағын бастырады. Бірнеше баспа мақалалар жазады. Осы бағытпен ол төңкеріске дейін келеді. Төңкеріс болған соң Үкідей мүптіге қази ғып сайлайды. Сол қазылықпен жүріп ол 17-жылы Орынборда ашылатын Алашорданың съезіне кеп, Алашорданың үкімет молдасының біреуі болады. Осы кезде, бір жағынан «Қазақ» газетіне, екінші жағынан Бөкей ордасында шығатын «Иран» газетіне жазып жүреді. «Тұрымтай» атты төңкеріске қарсы өлеңдер жинағын шығарады. 18-жылдың басынан Бөкейде кеңес үкіметі орнай бастайды. Бұл кезде Омар біраз еліне барып жатады да, 18-жылдың сентябрінде кеңес ісіне араласады. «Ұранның» орнына шыққан «Дұрыстық жолы» дейтін газет пен «Мұғалім» деген журналдың коллегиясында қызмет істейді. Соларға бірнеше өлең, әңгімелер жазды. 19-жылдың ішінде қаладан кетеді де еліне барады. 1919 жылы ол коммунист партиясына кіреді. Елге кеткенде коммунист екен. Сонымен жұмысқа тиіп-қашып істеп жүргенде, 1921 жылы жазғытұрым Малай өзен деген қаладан шыққан бандылар Омарды үйіңде қылышпен шапқылап, өлтіріп кеткен. Омардың бізге бар мәліметі осы.

ОМАРДЫҢ ШЫҒАРМАЛАРЫ ТУРАЛЫ

Қарашұлы Омар 1921 жылы ғана, беріде өлгенмен, жазушылық өмірінің кемеліне келіп толған дәуірі төңкеріс алдындағы патшалық дәуірге қарасты. Омардың шығармаларының көбі сол дәуірде жазылып, сол дәуірде баспа болып шықты. Омардың шығармаларының сапасының негізіне қарағанда, ақсүйек байлар табының ақыны екендігі айқын көрінеді. Шығармаларында патша үкіметіне наразылық, көрсеткенмен, ол наразылығы әкімшіліктен айырылған, бұрынғы әкімшілігін іздеген ақсүйек — байлар табының көсемінің наразылығындай екені көрінеді. Бірақ Омар шығармаларыңда жаңалық әсерлер де күшті. Ол өнер-білім оқуға шақырады, кейбір ескі солдаттарға, ескі діншілдерге қарсы болды. Дінді жаңартпақ — тазаламақ болды. Бұл ұлтшыл-буржуазияшыл қозғалыстың әсерлері.

«БҰЛДЫРДА, БҰЛДЫР, БҰЛДЫР ТУ»

Омардың осы өлеңі 1914 жылдан бұрын жазылған өлең. Омар бұл өлеңінде ақсүйек хандар билеген дәуірді көксеп, соны арман қылады. Ол жаратылыс көркінен жайлау, кең қонысты сол хандар билеген замандағы үстем табының көксеуіндей қылып суреттейді.

«БАҚСЫЛЫҚ ҒҰРЫП, ЕЛДІ ЖЕР»

Бақсылық ғұрып, елді жер деп Омар ескіліктің ескі сеніміне ептеп соққылайды.

«...Таспа қара таңқы мұрт
Надан бұл құрсын...
Он бес жасар қызды алып,
Жарығы шыққан шал құрсын...»

дейді.
Солай деп Омар ескілікті, ескі діншілдердің мінін айтады.

ОМАРДЫҢ ЖАЗУҒА ҰСТАЛЫҒЫ

Омар айтайын дегенін суреттей, бейнелей, әсірелей, анықтай сөйлеп, жырларын түйдектетіп маржандай қылып шығарады. Жырларына қарағанда Омар қазақтың ескі әдебиетімен жақсы таныс екендігі көрінеді. Жырлардың ырғағы, екпінді тілі қазақтың ескі бай ауыз әдебиетінің мүсініндей болып келеді. Сондықтан оның тілі де бай. Омардың шығармалары бізді ескілікпен таныстырады. Тіл шеберлік жағынан өрнек болады.

СҰЛТАНМАХМҰТ ТОРАЙҒЫРОВ

Жазушылық қызметі мен өмірі
Өмірбаяны

Сұлтанмахмұт Семей губерниясы, Павлодар уезі, Шідерлі ауданында 1893 жылы октябрьдің 15-де туған. Өз әкесі ІІІоқпыт, Торайғыр жетінші атасы. Атақты бай. Және оның әкесі Едіге би. Сұлтанмахмұт бір жасынан шешесінен жетім қалады. 6 жасқа толғанда, оны әкесі Шоқпыт ескіше «әліп-биге» үйретеді. Әкесінен «тіл сындырарлық» қана сабақ біліп, әр молдадан тиіп-қашып сабақ оқып, недәуір жыл жүреді. 12 — 13 жасында Мұқан молда дегеннен оқиды. Ол молда өлең шығаратын молда. Сұлтанмахмұт соған еліктеп сол жасында-ақ өлең жаза бастайды. Бұдан кейін Баянауыл қаласындағы Абдрахман молдадан оқып, ол молда өлеңге теріс қарайтын молда болған соң Сұлтанмахмұт бастап келе жатқан өлеңді біраз жыл тастап кетеді. Біраздан кейін ол молдамен ыңғайы келіспеген соң Сұлтанмахмұт оқуын тастап еліне барады да, сопылық жолына түседі. Сөйтіп жүргенде Тройцкиңден Нұрғали деген жәдітші молда кеп, Сұлтанмахмұт содан оқып пәнмен таныса бастайды. Білім дүниесінің есігінен сығалағаннан кейін ол қадымшыл (ескішіл) — діншілдермен араздаса бастайды. Осы кезде өлеңді де үдетіп жазады. Нұрғали Сұлтанмахмұтқа ілгері оқуға ақыл беріп Сұлтанмахмұт 1912 жылы Троицк қаласына барып Яушов медресесіне кіреді. Бірақ оқи алмай, көзіне трахома ауруы пайда боп көзі жазылғанша оқудан шығып қалады. Осы кезде қаражаттан кемтарлық көреді. Сол кезде ептеп жөтеліп құрт аурудың белгісі білінеді. Көз ауруы кепке ұзамайды. Жақын шәкірттерінің жәрдемімен жазылып мектебіне қайта кіреді. 1913 жылдан бастап ол ұлтшылдық қозғалысына бейімделе бастайды. Сол жылы бірінші рет шығатын «Қазақ» газеті шығуына ат салысады. Біраз оқығаннан кейін мұсылман медреселерінің көңілдегідей білім ала алмайтынын біліп, орысша оқуға талап етеді. Бірақ ол тілегін орындауға қаражаты болмай, жаз елге қайтып, Тройцкіге келе «Айқап» журналының редакторы Мұхамеджан Сералыұлымен танысып, «Айқапқа» хатшы болып кіреді. «Айқапта» ұзақ тұрмай шығады. 1914 жылы жаз еліне барып «Шоң серіктігі» деген ағарту серіктігін ашуға талап етеді. Бірақ өз аталастарында (Шоң тұқымында) оған жетерлік күш болмағансын, атақты Шорман тұқымына қол артқысы кеп, одан ештеңе шығара алмайды. Сол үмітсіздікпен, ар жағынан өзі қазақша оқып, бір жағынан Әбдікәрім деген сол елдегі ашық пікірлі бір адам ашқан орысша мектептің учителінен орысша оқыды. Әбдікәрімдікінде тұрғанда ол Әбдікәрімнің Бағила дейтін қызына ғашық болып ол қызды ала алмай қалғасын ол елден қайтып Зайсанға келеді де екі ай жатып «Кім жазықты?» деген өлең-роман жазып жібереді. Сөйтіп жүріп ауруға шалдығады. Қалада тұруға мүмкіндік болмағансын, Тарбағатай еліне мұғалімдікке кетіп, ауруынан ол елде айыға бастайды. 1916 жылы июнь жарлығы шыққанда Сұлтанмахмұт елде боп, сол жақтағы ел Қытайға ауа бастағасын Семейге келеді де, Семейдегі орысша семинарияға кіруге талаптанып, орысша жағы нашар болған соң кіре алмай қалады. Содан кейін Том қаласына барып жоғарғы дәрежелы мектепке даярлайтын студенттер курсіне кіреді. Бұл кезде тұрмыс өте нашар болады. Әйткенмен 16—17 жылдың қысында ол-пұл ғып оқып шығады. Іске өте қызу кіріскендіктен, осы жыл ескі жөтел ауруы қайта қозады. Ең соңғы жазғаны «Кедей», «Қала ақыны мен дала ақыны», соңғысын бітіре алмай кетеді. Февраль төңкерісі болғаннан кейін жалпы ұлтшылдық сарында болып жүрген Сұлтанмахмұт оқуды тастай беріп Семейге келеді. Ол кезде Семейде ұлтшылдық бағытына көсем боп жүрген азаматтардың «Алашорданың» облыстық комитетін құрғалы жүрген кезі. Сұлтанмахмұт сол іске белсене кіре кетіп, Семейдегі алашордашылардың облыстық съезін өткізісіп, комитет сайлағанда өзі комитетке кіші хатшы боп кіреді. «Алаш» ұранын көтеріп әлденеше өлеңдер жазады. Оның өмірден үміт үзгендігін толық көтере алмай, саяси пікір жағынан торықса, қайда баратқанын білмей жыласа, екінші жағынан ауру күші де көңілін жүдетеді. Әрі тән ауруы, әрі жан ауруы қабаттасқан Сұлтанмахмұт жылауға берілген бірнеше қиялшылдық өлең жазады. Сұлтанмахмұт жөтелі 20-жылдың басында меңдейді. Сондықтан ол қызметті тастап еліне қайтып, төсек тартып жатады да ауруының салдарынан 1920 жылдың 21-майында қайтыс болады.

СҰЛТАНМАХМҰТТЫҢ ӨЛЕҢДЕРІ ТУРАЛЫ

«КЕДЕЙ» ТУРАЛЫ

Сұлтанмахмұттың «Кедей» атты поэмасы ең маңызды маңдай алды деген еңбегінің бірі. Біз орын тарлықтан «Кедейді» тұтас ендіре алмадық. «Кедейден» үзінді ғана алып, сонымен қанағаттандық. «Кедей» — кедейліктің негізінде жатқан бірнеше негізгі себептердің сырын ашады. Кедейліктің, кедей болудың, байлықтың, бай болудың себептерін айтады. Бірақ орынсыз жүйелеп, қисындап, заңдастырып, қорытып аяқтай алмайды. Жоқтықтан, кедейліктен құтылудың, байлардың қанауынан құтылудың жолын ашып көрсете алмайды. Кәдімгі байшыл ақындардың әдетінше оқу ғана керек, барлық мұқтаждықтан, кедейліктен, байлардың қанауынан оқу ғана құтқарады дегендей қылады, осыдан әрі кете алмайды. Осы жерде Сұлтанмахмұт өзінің таптық сырын ашып алады. Қай таптың ақыны екендігін көрсетіп қояды.

«РУХАНИ ҚЫСЫМШЫ»

«Рухани қысымшы» әлгі өзіміз айтқан кедейдің бір буыны. Діннің шірік сырын ашады. Дін иесі молдалардың, олардың шариғат «тариғатының» таптық негізін ізденіп, байдың қамқоры, байдың ғана қорғаны екенін көз алдыңа елестетіп ап-айқын көрсетіп береді. Молдалар «Екі дүниесін берген» «Құдай адал сүйген құлына ғана бақдәулет береді», «Сен байдың ала жібін алма...» күніне сексен түрлі пәле көрсең сонда да күдер үзбе бір Алладан» деп кедейді байға мәңгі құлдыққа көнуге үгіттейді. Байдың байлығын, кедейдің кедейлігін, дін-шариғат жолымен байдың пайдасына түсіндіреді. Міне, діннің осындай байшылдық сырын Сұлтанмахмұт рухани қысымшы екенін «Кедейдің» үзіндісінде дәлді-дәлді мысалмен жырлайды. Кедейдің үстіне бай бір мысал болса, дін, оның иелері молдалардың екі масыл екенін бес саусағындай көңіліңе қондырып дәлелдейді. Өлеңнің бір жерінде Сұлтанмахмұт алданған, діннің қақпанына түскен кедейлерге:

«...Байлардай берген ат пен асымыз жоқ,
Бере ме сол жұмақты молда бізге?.. —
дейді.

Күйінгенін аузынан шыққан жалынды сөз — молдаларды шарқырап өтеді... дінге наразылығын айтады.

«...Дүние де, ақырет те байлар үшін,
Шүкірлік қыл деп тағы бергеніне...» —
деп молданың кедейлерді желбуаз қылып айдайтынын айтады.

«ҚАЛАДАҒЫ ЖЕБІРЛЕР»

«Қаладағы жебірлерде» Сұлтанмахмұт байларға мақтадай жұмсақ, балдай тәтті тұрмыстың аралы мен «тозағы» кедейлердің басына арнаулы қарғыс қамыты екенін баяндады — кедейдің еңбегі екі ұшты: бір жағы байға бақ пен тақ, сырлы үй, сұлу күй, тәтті тұрмыс, қазына ақтарылған. Бір жағы кедейлерге ауыр-зіл, азап пен тозақ. Қиыншылық, қорлық, мұқтаждық, даладағы малшыға, кендегі жұмысшыға тірі көр, зіл мен бейнет... азап кедейге, бақыт байға арналған сияқты. Сұлтанмахмұт осы өмірдің құпия сырын ашады. Байдың кілті еңбек. Еңбек малшы мен жалшыныкі, қалада шебер-жұмысшыныкі. Ендеше мұның азабы кедейдікі де, рақаты байдыкі. Осыған тоғанақтай-тоғанақтай сауалдар қойса да түп есебін ашып бере алмайды. Я аша алмайды.

«БАЙЛЫҚ - ҰРЛЫҚ, ЗОРЛЫҚ ЖЕМІСІ»

Сұлтанмахмұт «Кедейінің» бір түйін. «Байлық — ұрлық, зорлық жемісі» деген буынында шешіледі.

«...Ауылда «пәлен» деген, түлен деген,
Төленді ап, жегі атадан елді жеген.
Ұрлық-зорлық, өтірік бәрі де бар,
Өйткенмен кем боп отыр олар кімнен...»

Сұлтанмахмұт байлық осындай ұрлық, зорлық, өтірік, алдау, талан-тараждың жемісі. Болыстықтан, биліктен жиналатын пара-жәленің жемісі. Жеті атасынан осындай елді жегендер әлі бай, ешкімнен де кем емес, олардың, малдың, байлықтың Арқасында «аузы қисық болса да» оқығандар соларды жақтайды. Құда түсіп қызын алады... Міне осының бәрін істетіп отырған кедейлердің табан ақы, маңдай тері — алтын еңбегі деген қорытындыға келсе де, сонан әрі ештеңе айта алмайды.

«...Бейнетқор адалдық пен кәсіп қылған,
Өмір бойы өтеді азап артып... —

деуден ары кете алмайды. Азаптан құтылу жолын ашып айта алмайды. Осы жерге тіреліп қалады. Ойда, қырда тапқаны: бұл ұрлықтан құтылу үшін ұрлық қылу керек. Зорлық, зомбылықтан құтылу үшін сен де басқаға зорлық-зомбылық қыл... Залымдық... Залымдық деген қорытындыға келеді. Адасады. Төңкерісшіл төте жол таба алмайды. Байшылдықтың дарашыл, өзімшіл тар тұсауынан шыға алмайды.

«КЕДЕЙДІҢ» КӨРКЕМДІК БАҒАСЫ

Сұлтанмахмұт тез көтерілген ақын еді. «Кедей» Сұлтанмахмұттың 1919 жылы төңкеріс кезінде төңкерістің әсерімен әсерленіп жазған поэмасы. Оның үстіне Сұлтанмахмұттың қара басының өзі де көп мұқтаждық, жоқшылық көрген еді. Өлеңдері ыза, қайрат кернеген бойдан қайнап шыққандай, екпінді келеді. Сұлтанмахмұттың «Кедейі» нақ осындай мәнді жазылған еңбегі. Жай поэмадан гөрі, жай көрінетін табиғат көріністерінен гөрі, өмірдің нақтылы суретін баяндау — Сұлтанмахмұттың «Кедейінен» көрінеді.

ІV. АУЫЗ ӘДЕБИЕТІ ЖӘНЕ ОНЫҢ ТҮРЛЕРІ

Жазба әдебиеттен басқа бізде неше түрлі ауыз әдебиеті нұсқалары да бар.

АУЫЗ ӘДЕБИЕТІ ДЕГЕН НЕ?

Ауыз әдебиеті мен жазба әдебиеттің айырмасы мынау: жазба әдебиет деп белгілі біреудің жазып шығарған әдебиетін айтады. Жазба әдебиет, жазып шығарушы адамның жазған қалпында шығып жұртқа тарайды. Ол өзгермейді. Шығарушының жазып шығарған қалпында қаншама рет қайта-қайта басылып шығып жұртқа тараған болса да, өзгермейді, алғашқы жазылған қалпында басыла береді. Мысалы: Пушкин, Толстой, Байрон, Шекспир, Абай сияқты зор ақын-жазушылардың жазып шығарғандары неше ғасырлар өтсе де өзгермей алғаш шығарылған қалпында жасай бермек. Ал ауыз әдебиетті де біреулер шығарады. Бірақ өйткенмен оны шығарушы жазбаға жазып, баспаға бастырмаған, тек жатқа айтып жүрген. Сонсын ол әдебиет ауыздан-ауызға көшіп, біреуден-біреу жаттап алып, үлкендерден кейін жұртқа тараған. Сөйтіп ауыздан-ауызға, бір буыннан екінші буынға көшіп жүргенде, жатқа айтылып жүргенде, ондай әдебиет неше түрлі өзгеріске ұшырайды. Алғашқы шығарған адам кім екені ұмытылады, шығарма көптік сияқтанып кетеді. Кейбіреулер жаңадан сөз қосады. Кейбіреулер өңдейді. Сондықтан бізге жеткен ауыз әдебиеті алғашқы шыққан қалпында болмай, талай өзгеріске ұшырап келеді. Ауыз әдебиеті бұрын да бар еді, қазірде де бар. Әркімнің шығармаларының бәрі бірдей жазылып баспаға басыла бермейді. Тек ауызша айтылып жүретіні де болады. Бірақ ауыз әдебиеті ел арасына жазу хат көп тарамай тұрған уақыттағыдай емес, қазір екінші мағынада. Мысалы: қазақ арасында бұрын, жазу, хат көп тарамай жүрген кезде, ауыз әдебиетінің мағынасы өте зор еді. Елдің заң, салт-ғұрып ережелерінің көбі-ақ ауыз әдебиеттен табылатын еді. Мысалы: мақалдар-мәтелдер, билер сөздері, заң, салт, ереже, тақпақтары, жырлары тек жатқа айтылатын.

Мысалы: билер бастаған байлар табының санасымен шыққан мынадай сөздер бар: 1. «...Қатын жаманы ер қориды.

Хан жаманы жер қориды...» 2. Кіретұғын ініңді.

Қауым жұртты жамандама,
Kөп табады мініңді.
Білгендерді жамандама, —
Басшы болар піріңді...»

3. ...Биік тауға жарасар,

Басындағы обасы.
Өзен cyғa жарасар,
Жағалай біткен қоғасы.
Ақсақалға жарасар,

Аузындағы тобасы.
Ұрулы елге жарасар —
Үлгі айтатын ағасы.
Бәйбішеге жарасар,

Орындықты сабасы...»

Міне осындай сөздер бұрын, ел арасынан оқу, жазу тарамаған байлар билеген ескі заманда, ауызша айтылып, нұсқа, жоба, үлгі орнында қолданылып жүрген. Бұрынғы ескі заманда ауыз әдебиеті көп болған, бірақ көбі ұмытылып қалған, біздің заманымызға тек кейбір жалпыға мағыналары ғана ұмытылмай мұра болып қалған. Қазір де ауызша әдебиеттер шығады. Бірақ дегенмен бұрынғыдай көп емес. Өйткені қазір шығарманың көбі жазылып, баспа жүзінде шығады.

АУЫЗ ӘДЕБИЕТТІҢ ТАПШЫЛЫҚ МАҒЫНАСЫ

Бұрын ауыз әдебиеті «Халық әдебиеті» деп те айтылатын еді. Қазір ондай мыспен тұратын, түрлі мақсат көздейтін таптарға бөліп айтады. Ауыз әдебиетін тексеретін ғылым, әрбір ауызша шығарманың тапшылық мағынасын ашуға тырысады. Сондықтан, әрбір ауызша шығарманың қай заманда, қандай ортада шыққандығын шешеді. Ауыз әдебиетті тексеру — өте қиын нәрсе. Өйткені ескі замандарда шыққан талай ауызша шығармалар, бір әлеумет ортасынан екінші ортаға көшіп ауысып жүргенде, талай өзгеріске ұшыраған, мәні де, түрі де өзгерген. Және ауыз әдебиетті тексеру — өте қиын нәрсе. Өйткені, ескі замандарда шыққан талай ауызша шығармалар, бір әлеумет ортасында екінші ортаға көшіп ауысып жүргенде, талай өзгеріске ұшыраған, мәні де, түрі де өзгерген. Және ауыз әдебиетті ғылым жағында ғана тексеруге бет қойып отыр. Сондықтан талай ауызша шығармалардың шығыстары туралы еш нәрсе анықталмаған. Сөйтсе де, ауыз әдебиеттің тапшылық мәні туралы айтуға болады. Бұрынғы ақсүйек, байлар табының ауыз әдебиеті бар. Бұқараның шығарған ауыз әдебиеті, оның ішінде малшы-жалшылардың шығарған, қара шаруаның шығарған ауыз әдебиеті бар.

МАҚАЛДАР, НАҚЫЛДАР

Тұрмыста, өмірде кездескен әр түрлі құбылыстарға тура келтіріп дәлдеп, келте түйілдіріп айтылған сөзді мақал дейді.

«...Аш бала тоқ баламен ойнамайды,
Тоқ бала аш болам деп ойламайды...»
Нақыл, мақал-мәтелдің бір-бірінен айырмасы шамалы.
Қандай білетін адамдар да бұл түрлерді бір-бірінен айырмай айта береді.

МАҚАЛДАРДЫҢ, НАҚЫЛДАРДЫҢ ШЫҒУЫ ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ ТАПШЫЛЫҚ МӘНІ Кей мақалдар, яки нақыл, мәтелдер тұрмыстың өзінен туғандай шығады, тұрмыстағы болып жатқан әрекеттерді бақылаудан туған қорытынды сияқты шығады. Мысалы егіншілер өзінің еңбегінен мынаны қорытып шығарған:

«...Не ексең, соны орасың...»
Мысалдар:
«Ат аунаған жерде түк қалады...»
«...байтал мінсең құлын жоқ...»

«...Ақсақ қой жатып семірер...»
«...Семіздікті қой ғана көтереді...»

Ал кей мақалдар, ауызша әңгімелерден, не оқиғалардан туады. Немесе, бір шешеннің айтқан сөзінен мақал болып қалады. Мысалы:

«...Ат басына күн туса,
Ауыздығымен су ішер.
Ер басына күн туса, —
Етігімен су кешер...»

«...Жақсыны жамаңдаумен құны кетпес,
Жақсыға мың пасықтың құны жетпес.
Ақсақ ит көкке қарап үргенменен,
Аспаңда алтын айдың нұры кетпес...»

Мақалдар, мәтелдер ауыз әдебиеттің ең ескі түрлерінің бірі. Бұлар ескі түрлерінің бірі. Бұлар ескі Қазақ елінің салтын, ғұрып заңын, әдеттерін көрсетеді. Бұларға және ауыз әдебиеттің барлық түрлерінің мәндеріне түсіну үшін біздің ескілікті білуіміз керек. Ауыз әдебиетінің әр түрлерінің бәрінде де тапшылық мәні болады. Әр таптың тілегін, санасын көрсететін мақалдар, нақылдар, ертектер, жырлар, тақпақтар бар. Мысалы мына төмендегі мақалдар кедей, жарлы табынын санасын, мұңын көрсетеді:

«...Бай байға құяды,
Сай сайға құяды...»
«...Аш бала тоқ баламен ойнамайды,
Тоқ бала аш болам деп ойламайды...»

«...Пайдасы жоқ байдан без,
Панасы жоқ таудан без...»
Мына бір мақалдар бұрынғы замандағы байлар табының үстемдігін көрсетеді:
«...Ас аттынікі, той тондынікі».

«...Аузы қисық болса да, байдың ұлы сөйлесін...»
«...Аттыға еріп, жаяудың таңы жыртылады».
«Екі бай құда болса,
Араларында жорға жүреді.

Екі жарлы құда болса,
Араларында дорба жүреді.
Бір бай мен жарлы құда болса, —
Қайдан құда болдым деп зорға жүреді...»

Міне бұл соңғы мақал, бай мен кедейдің қосыла алмайтының, үйлесе алмайтынын көрсетеді. Осындай, неше түрлі мақалдар қазақ ауыз әдебиетінде кеп. Және мына бір мақал болған сөздің, бұрынғы заманда қара бұқараның қабанша семірген ханға, молдаға, семірген байға қарсы айтылғандығы көрінеді.

«...Өлеңді жерде өгіз семіреді,
Өлікті жерде молда семіреді,
Қайғысыз хан семіреді,
Қаралы қатын семіреді...»

МАҚАЛДАРДЫҢ, МӘТЕЛДЕРДІҢ ҚЫМБАТТЫҒЫ

Мақал мен мәтелдер, көбінесе мысал ретінде айтылады, сондықтан оларға астарлы мағынасында түсіну керек. Мысалы: «Ажалды қарға бүркітпен ойнайды», «Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді». Міне бұл мақалдардың қымбаттығы сол, бұларды тұрмыстағы түрлі оқиғаға мысал қылып айтуға болады. Әркім өзі жақсылап ойланса, не тұрмыстан, не әдебиеттен бұл мақалдарға тура келетін бір оқиғаны ойыңа көбірек келтірсең, бұл мақалдарды соларға мысал қыласың, солай болған сайын бұл мақалдардың мағыналарының зор екендігін көресің. Мақалдар, мәтелдер жаттап алуға өте ыңғайлы болады. Өте қысқа, тұжырылған, жұпталған сөзбен құрылған болады. Көбі тақпақша ұйқасқан болады. 1. «Құлан жатса, құлағында бақа ойнайды.» 2. «Ит үреді керуен көшеді.» 3. «Көп қорқытады, терең батырады.» 4. «Жаяудың шаңы шықпайды, жалғыздың үні шықпайды.» 5. «Малды тапқанға бақтыр, отынды шапқанға жақтыр» 6. «Қолы ойнағанның аузы ойнайды.» 7. «Жатқанға жан жуымайды.» 8. «Ел аралаған сыншы, тоғай аралаған үйші.»

ЖҰМБАҚТАР

Жұмбақтың — суреттеп, көркемдеп айтылған сөз екендігі. Мақал сияқты, жұмбақ та астарлы, мағыналы келтеленіп айтылған сөз. Жұмбақтың мақалдан айырмасы, бір нәрсеге ұқсатылып айтылған, шешуді керек қылатын жұмбақтығы. Түрліше жұмбақ болады. Міне бірнеше түрлері: 1. Нақыштап боз жорғаға күйме салдық,

Мойнына қатар-қатар түйме салдық.
Сегіз қыз, сегіз жігіт қосылдырып,
Құбылтып неше түрлі күйге салды.

2. Қос желі үш жерінен қазығы бар

Құбылған қоңыр желден азығы бар,
Желінді сабалайды шыңылдатып,
Байғұсты сүйрететін не жазығы бар?..

3. Тиіп кетсе жылаған,

Дауысы жұртқа ұнаған,
Ішінде қос шегі бар,
Жел мен құстан тегі бар.
Күннің көзі:

Ақ сандығым ашылды,
Ішінен жібек шашылды.
Ұршық:
Шаршамас кемпір көрдім жалғыз аяқ,

Аузына тістеп алған шиден таяқ.
Жүрген сайын белбеуін қабаттайды,
Беріпті әсемдікті аямай-ақ.
Найза:

Сүмбіл теректі, жасыл теректі,
Ерден қалмайды, жауға керекті.
Қазан:
Қарабай аттан жығылды,

Ел-жұрт жиынды.
Тіл мен тіс:
Жағалай қалап тас қойдым,
Жирен атым бос қойдым.

Арба:
Адымы жоқ, ізі бар аяғының,
Сөзіне үші жетпейді таяғының.
Екі аяғын айуанға арта қалып,

Әніне салады екен баяғының.

ЖҰМБАҚТЫҢ МӘНІ ЖӘНЕ ОНЫҢ ШЫҒУЫ

Мақалдар, мәтелдер, сол сияқты жұмақтарыңда бұрын мәні зор болған. Жұмбақ арқылы әр нәрсені жұмбақтап, суреттеп айтуымен жастар және үлкендер де өздерінің дүниені тануын, білуін көрсеткен. Жұмбақ шешу үшін ойлаумен тәжірибеленген. Бұрын от басында, ұзақ кештерде, жастар арасында ертегі айту, жұмбақ айту қазақ елінде рәсім, әдет болған. Жұмбақ айтумен машықтанған адамдар жұмбақты өз ойларымен шығара берген. Жұмбақ та өзінің қай дәуірде қандай әлеумет ортасынан шыққандығын көрсетеді. Мысалы: билер, хандар, батырлар көсемдік қылған байлар табының үстем дәуірінен шыққан және қойшылардан шыққан жұмбақтар да бар.

ТАҚПАҚ ЖЫРЛАР

Ауыз әдебиеттің бір түрі — тақпақ жырлар. Тақпақ қысқа қылып ұйқастырылған жыр. Тақлақ жырларды әнге салып та, күйге салып та айтады. Тақлақ жырларда қай дәуірде, қандай ортада айтылғанын, қай таптың ықпалымен шыққандығын көрсетеді:

«...Бастым бақыр ақшаға,
Секіріп түстім бақшаға,
Жиырмаға келген шақта,
Керек болдым патшаға...»

Бұл тақпақ жырды 1916 жылы әскерлік қара қызметке кететін кедей жатақ балалары Ақмола қаласында жырлаған еді. Ал, мына төмендегі тақпақ жырды, — 1920 жылы Ақмола уезінде қызыл әскерге алынған жастар айтып келіп еді:

Біз әскерге барамыз,
Дұшпаннан кек аламыз.
Жыламаңыз ата-ана,
Біз ер жеткен баламыз...

Насыр-насыр жан-ай,
Жанида құрбан-ай, —
Жасынды сүрт жылама,
Насыр сақын жан-ай!..

АУЫЗ ӘДЕБИЕТТІҢ ӨЗГЕ ТҮРЛЕРІ

Ауыз әдебиеттің түрлері көп. Тойбастар, сыңсыма, жар-жар, беташар, айт келін, бесік жыры, естірту, көңіл айту, жоқтау, қоштасу, айтыс, жаңылтпаш, батырлар жырлары, ертегі және толып жатқан басқа түрлі жырлар қазақ ауыз әдебиетінде өте көп және бірсыпырасы біздің заманымызға шейін сақталып келген. Солардың бәрі де қай дәуірде шыққандығын, қай таптың әсерімен, қай таптың санасымен шыққандығын көрсетеді. Ауыз әдебиет түрлерінің ең ескі түрлерінің бірі — ертегі. Нұсқалық үшін өлең жырмен, күймен, әңгімемен айтылатын мына «Боз іңген» деген күйлі, жырлы әңгімені келтірейік.

ТҮЙЕ ТУРАЛЫ

«Адамның нары екен» деп қайраты, күші, адамшылығы өзгеден үздік адамды айтады. «Жез бұйдалы нар тайлақтай екен» деп бой жетіп келе жатқан арудың сұлулығын айтқан. «Бота көз екен» деп қалам қасты, оқ кірпікті, түпсіз терең мөлдір көз сұлуды айтқан. «Екі аяқтыда құрдас тату, төрт аяқтыда бота тату» деп түйе баласының нәзік сүйкімді мінезділігін адамның сүйіскен достығына теңеген. Жас адам зарлап жыласа «ботадай боздады» деп ана баласы үшін зарласа, «ботасы өлген інгендей зарлады» деп адамның зар-мұңын түйенің мұңына теңеген... Түйе туралы да неше түрлі көркем әңгіме, өлеңдер айтқан. Онымен қатар түйенің зары деп көшпелінің шығарған өзінше қызықты күйлері де бар. «Боз інген күйі» деген күй ескіліктен қалған күйлердің ішінде Арқа қазақтарына қызықты күйдің бірі деп саналатын еді. Бұл күйдің әңгіме мазмұнында өткен замандағы тап жігі айқын көрінеді: бай мен кедейдің жайлары көрінеді. Байдың «салтанаты», үстемдігің кедейдің нашарлығы көрінеді. «Боз іңген» күйінің әңгімесі екі-үш түрлі.

1934 жыл

КӨРКЕМӨНЕР ТЕХНИКАСЫНА ЖЕТІЛЕЙІК

Жолдастар, біздің жалпы табыстарымыз, кемшіліктеріміз туралы Исаұлы жолдас ұзақ сөйледі. Шығып сөйлеген жолдастар да жеткілікті етіп айтты. Мен олардың бәрін қайталап тұрмаймын. Тек сіздердің пікірлеріңізді өлең, мәдениет мәселелерінің бір сыпыраларына аударғым келді. Өз еліне белгілі көркем әдебиет шығармалары, театр, кино, музыка, баспа жұмыстары, кітап — халықтың мәдениет дәрежесінің қандайлық екенін, олардың мәдениет майданында қалай алға басып бара жатқандығын айқындайтын көрсетінділер. Егер Қазақстанның өнер, мәдениет жағынан алып қарасаң, 1933 жылға дейін Қазақ Республикасы көршілес республиқалардан артта қалғанын көреміз. Мәдениет, өнер мәселелерінде Қазақстанның артта қалуы оның бұрыннан да Октябрь төңкерісіне дейінгі артта қалғандығынан ғана емес. Өйткені мәдениет мәселелерінде Қазақстанның артта қалуы алдымен ескі басшылықтың бұл мәселеге көңіл қоймағандығы, өнер, мәдениет мәселелері майданында керекті жағдай жасалмағандығы болды. Кино өнері жөніндегі жұмыстарымызды салыстырып қарасақ, Татарстан, Башқұрт республикаларын былай қойғанда, Ойрат, Қалмақ республиқаларынан да арттамыз. Жұмыстың бұл жағы 33-жылғыңан бірсыпыра алға басты, олар өздерінің тұрмыстарынан кино жасап шығарды. Татарстанның музыкалары да шықты. Мәселен: Сайдашев, Бәйтиев, Мұзафаров, Сейфуллина сияқты музыкашы композиторлар шықты. Сайдашев сияқты композитор өзінің мамандығын артыру үшін Италияға барып қайтты. Бізде мұндай болған жоқ. Өлкелік партия комитетінің ескі басшылығының қателіктері салдарынан жаңағы мен айтып өткен көрші республиқалардағыдай табыс бізде болмады. Бірақ ІX кеңестер съезі күнінде біздің мәдениет майданының мәселелері тіпті басқаша болып отыр. Соңғы екі жылдың ішінде Мирзоян бастаған Өлкелік партия комитетінің дұрыс басшылығы арқасында (қол шапалақтау) табыстарға жеттік. Бізде әдебиет газеті жоқ еді, қазір ол бар, әдебиет журналы жоқ еді, қазір ол да бар. Бұл газет, журналдар мезгілінде шығып тұрады. 1933-жылға дейін біздің шығармаларымыз басқа тілдерге аударылмап еді, қазір аударылуда. 1933-жылға дейін біздің театрларымыз тіпті қанағаттанарлық болмады. Кейбір беделді қызметкерлеріміз бізде нағыз театр жоқ деп те жүрді. Қазір театрларымыз ұлғайып келеді. Ән-күй театры жасалуда. Мәскеу, Ленинград қалаларында, Алматыда Қазақтың жүздеген оқушылары музыка өнеріне үйренуде, кадрлар дайындалып шығарылуда. Бізде әлі де болса кемшіліктер көп. Біз ескі мұраларды толық меңгере алғанымыз жоқ. Бізде әлі де болса ескі басшылықтың тәрбиесімен тәрбиеленіп қалғандықтың бірсыпыра қалдықтары бар. Жұмысқа атүсті, жеңіл-желпі қараушылық жойылып біткен жоқ. Мәселен, «Қазақстан правдасының» январьдағы бірінші шыққан санын алып қарайық. Онда съезге арналған әдебиет беті бар. Ол бетте Жүргенұлы жолдастың мақаласы бар, ол мақаласында былай дейді: «Қазақ мәдениетінің көптен келе жатқан тарихы бар, ол мәдениеттің бір сыпыраларының жер жүзілік маңызы да бар. Жүсіпбек қожа сияқтылардың белгілі дастаны да бар, бұлар қазақтың ұлт әдебиетінің белгісі дейді. Осы әдебиет бетінің тағы бір жерінде Абай туралы айта кетіп, қазақтың жазба әдебиетін тек Абай ғана жасап шығарды» дейді. Осы әдебиет бетінің тағы бір жерінде ірі әріппен белгілі Шаһнаманың шығарушысы қазақ әртісі Шанин еді деп жазыпты (күлкі). Шаһнаманың шығарушысы Шанин емес, Иран ақыны Фердауси. Оның мың жылдығын дүние жүзі, соның ішінде Кеңестер Одағы тойлап өтті. Жүргенұлы жолдастың мақаласында басқа да қайшылықтар бар. Мақаласының бас жағында «Айман — Шолпан», «Қозы-Көрпеш» дүние жүзілік мәні бар дастандар, өте жақсы дейді де, мақаласының аяғында олар тек жабайы, жай тана дастандар дейді. (Айқай-шу, дүбір, өзара сөйлесу, дау). Бұл әдебиет бетінде бұдан басқа да талас мәселелер бар. Сөз аяғында айтарым: Өлкелік партия комитеті, оның жетекшісі Мирзоян жолдас әдебиет майданы мәселелерінің жандануына жағдай жасады, тек әдебиет мәселесінде ғана емес, барлық жұмысымызға да басшылық етіп отыр.

1935 жыл

МӘДЕНИЕТ МАЙДАНЫНДА

Қазақстанның мәдениет ретінде өзге совет республикаларынан көп артта қалғандығы бұдан бұрын да айтылған еді. Бұл әнеугі жалпы Совет Одағы жазушыларының съезінде айқын көрінді. Съезге әрбір елдің өкілдері өздерінің әдебиет майданындағы жетіскендіктерін айтып өтті. Және кітап жаймасында да әр елдің ретінде әдебиетпен бірге мәдениет ретінде қаншалық өскендіктері көрінеді. Міне сол съезде де, съезге арналып істелген кітап жаймасында да өз қатарынан Қазақстанның өте артта қалғандығы көрінді. Жазушылар съезі бізге көп нәрсе жөнінен көрнекті сабақ болатындай болды. Мысал үшін мәдениеттің әрбір салаларын алып қарайық, ол басқа республиқаларда қандай, бізде қандай екен. 1. Әдебиет жайын алайық. Қазақстанда тек биыл ғана әдебиет газеті шыға бастады. Бірнеше жылдан бері шыға бастаған әдебиет журналы, 3 — 4 айда, 2 — 3 айда бір шығады. Оның өзі жөнделіп, уақытында шығып тұрмайтын болған соң, оған жазушылар да салақ, оқушылар да салақ. Шыққан кітаптарымыздың саны аз. Ал, ол аз кітаптардың өзі сапа жағынан нашар. Шығармаларымыз жалаң «жасасын!» болып келді. Шығармалар да жалан «жасасыннан» басқа нәрселерге жол беруді білмейді, әлі бірінші сатыдағы саяси әліп-бимен келеміз. Ал басқа республикада қалай? Басқа республикалар бұдан әлдеқайда ілгері кеткендігін көрсетті. 2. Театрды алайық. Қазақстанда бір театр бар. Былтырдан бері ғана музыка театры ашылып отыр. Ал бұл театрдағы әрекеттеріміз қандай? Әрекеттеріміздің көбі шала сауатты. Тіпті нағыз сауатсыздары да бар. Артистеріміздің көбі артистіктің шын мағынасын жақсылап білмейді. Театр кітаптарымыз саусақпен санарлықтай. Олардың өзінің сапа жағы тым төмен. Театр әлі де сауатты Халықтың көңілін аударып ала алмай келеді. Музыкалы театрымыздың артистерінің дауыстары елдің ескі ағаш домбырасынан да аса алмай отыр. Ол қазақ елінің дауысы әлсіздігінен емес, театрға келген адамдар «өнер айдап» келмеген адамдар екендігінен. Әйтпесе күшті дауысты қазақ әншілерінің қырда көп болғандығын жұрттың бәрі де біледі. Үні алты қырдың астынан естілетін, 10 шақырымдай жерге саңқылдап жететін Ыбырай ақын, Біржан сал, Ақан сері сияқты әншілерді жұрт біледі. Мен өзім, ел ішінде бұлардай болмағанмен ірі әншілердің талайын көрдім. Аманбай, Құлмағамбет, Сәтмағамбет ақындар өз елдерінде ірі, әсем дауысты, керней үнді, дарқан әншілер еді. Ондай әншілерді театр басшылықтары жинап алмай қойды. Ал татар, өзбек театрлары нағыз үлгі аларлық халге жетіп отыр. Әншілері де сондай. 3. Музыканы алалық. Бізде қазір жақсы музыка мамандары бар ма? Бізде музыка мамандары жоқ. Ал, қазақ музыкаға икемсіз ел ме? Музыканы сүймейтін ел ме? Қазақ музыканы өте жақсы көретін ел, қобызбен күй сызғанда жылаған адамның жасын тыйып, жыламайтын адамдардың көңілін босатып, жылатқан Ықыласты жұрт білмей ме? Домбыра шертпейтін үй кемде-кем болмай ма? Солардың ішінен музыка мамандарын шығаруға болатын еді. Оны істей алмады. Ал басқа республиқаларда бірсыпыра ірі музыка мамандары бар. Мысалы, Татарстандағы Сайдашев, Уэлиев, Музафаров қазір Кеңестер Одағындағы белгілі музыка мамандарының қатарына кіріп отыр. 4. Киноны алайық. Бүгінге шейін бізде қазақ тұрмысынан жасалған бір де сурет жоқ. Ал өзге республикалардың бәрінің бұл ретте істегендері бізден анағұрлым артық. Өзбек, татарларды былай қоя тұрғанда, қазір Ойрат, Монғол, Қалмақ, Чуваш тұрмыстарынан жасалған жақсы-жақсы суреттер бар. Міне мәдениеттің осы 3-4 саласынан көрсетілген мысалдың өзі де, біздің қаншалық артта келе жатқанымызды суреттейді. Ал біздің бүйтіп кейін қалуымызға кім айыпты? Әрине біздің өзіміз айыптымыз. Біздің салақтығымыз, уақшылдығымыз, жарамсыздығымыз, жасқаншақтығымыз айыпты. Бұл жөнде «Социалды Қазақстанның» жақындағы редакция атынан жазған мақаласында дұрыс айтылған. Жарамсыздығымызға бір мысал. Биылғы болған Қазақстандық жазушылар съезін жақсылап ұйымдастыра алмадық. Неше ай бұрын съез болады деп жүріп съезге даярлық істемеппіз. Съезде ешнәрсе көрсете алмадық. Керек десе, съезге арнап журнал да шығара алмадық. Одақтық съезге арнап жасалған Мәскеудегі кітап жаймасына бізден 4-5-ақ кітапша барыпты. Ілияс, Бейімбет, Әбділда және бір-екі бала жігіттің суреттері барыпты (ылғи тек сол Мәскеуге барып жүргендердің суреттері). Ал өзге республикалар Мәскеуде болған кітап көрмесінде барларын қалдырмай көрсетіпті. Жарамсыздығымызға және бір мысал: жазды күнгі болған өнершілер жиынын да жақсылап ұйымдастыра алмадық. Әнші, жыршы, қобызшы, домбырашы және басқа өнершілердің жақсыларын жинай алмадық. Жиналғанының өздерін жақсылап, дұрыстап бағалай алмадық. Жиынды ән мен күйді жақсылап бағалай алатын адамдардың алдынан дұрыстап өткізе алмадық. Бәрін толық пайдалана алмадық. Театрымыздың жақсы ұйымдастырылмай келуі де жарамсыздығымыздың белгісі. Жарамсыздықтың бір белгісі «қанағатшылдық» болады. Сол қу «қанағатшылдық» бізге өте мықты ұялаған кеселдің бірі. «Е-е, бізге осы да болады ғой! Енді қайтеміз, осы да жарар!» дейміз.

Көкшетауда бір тәп-тәуір шаруалы қазаққа:

— Дастарқаныңыз өзі кір, өзі жыртық қой!.. Неге таза дастарқан ұстамайсыз дегенімде:

— Е-е шырағым, қазаққа бола береді де, — деп еді. Міне осы «е-е, бізге осы да болады ғой» деген ынжық сөз біздегі зор кеселдің бірі.

Ал салақтықтың, жасқаншақтықтың бір белгісі мынау: әр республиканың Мәскеуге барып жүрген мәдениет қызметшілері Мәскеудегі әр мекемемен сөйлесіп жүріп елінің керегін алып жүреді екен. Осы съезге барғанда оны айқын көрдік. әр елдің өз тілінде шыққан әдебиет шығармаларынан орыс тіліне немесе басқа елдердің тіліне аударылған кітаптары бар екен. Ал Қазақтан жоқ. Өйткені Қазақстаннан ешкім ондай іс істеуге Мәскеудегі басқармалардың алдында ешбір сөзді нығыздап қоймаған екен. Осы халдерді көріп біз, Мәскеудегі көркем әдебиет баспасының алдына қазақ кітаптарын орыс тіліне аударып шығару мәселесін қойдық. Сөйтіп дауласып жүріп 4 кітапты орыс тіліне аудартып шығаратын еттік. Және Қазақ тұрмысынан алдағы жылда екі сурет жасайтын еттік. Міне, осы сияқты жағдайлар Қазақстан ішінде өте көп. Мұқтаж нәрсені айтуға жасқанады, керек нәрсені сұрап алуға бара алмайды. Алдыңғы қатарға шығуға именеді. Бір мәселе туралы сөз, пікір айтудан жасқанады. Оным біреуге жақпай қалса, өз пайдама зияны тиер деп ұсақ қулыққа беріледі. Және кейбіреулер мәдениет істерін бағалауды білмейді. Сенің әдебиетінде, жазушыңда оның жұмысы жоқ. Әдебиет істерін бағалай білмеушілік пен өз басының қандай екендігі көрінетіндігін білмейді. Еңді бұдан былай не істеу керек? Енді бұдан былай, біздің әлеумет істеріндегі алдыңғы қатардағы адамдарымыз, жалпы әлеумет мәдениет істеріне жұмыла кіріспесе, біздің мәдениет істеріміз ілгері қарай адымын жиі баса алмайды. Жалпы мәдениет істеріміздің әрбір бунағын тез түрде жоғарылату үшін ең алдымен салақтықтан, ынжықтықтан құтылуымыз керек. Мәдениет орындарының бастарындағы адамдар жарамды, іскер, әлеуметшіл адамдар болуы керек. Қазақстанның кеңестер әлеуметшілігі мәдениет орындарымыздың істерін тексеріп қарап отыруы керек. Сол орындардың бәрінің де істерін енді жоғарғы сатыға қоюға тырысуымыз керек, іс көпшіліктің қайрат-қуатымен ғана ілгері басады, істі жоғарылату үшін әрқайсымыз да алдымен әлеуметшілік сезімнің жоғарғы сатысына шығуымыз керек.

1934 жыл

ӨРЛЕУ ҮСТІНДЕ

Алдымен айтысымыздың бет алысы туралы. Қазақ жолдастарда, Қазақстанда бірнеше жылдан бері істеп келе жатқан орыс жолдастар да біздің қазақ әдебиетінде бұрын сынның «рақаты» қандай болғанын жақсы біледі. Және бәрімізге де белгілі, егер біреу басқа біреуді сынай қалса біздің қазақ жолдастар пәлен пәленді «сойып тастапты» дейтін. Ал енді біздің байқауымызша қазірде бұл «сойыс» атымен жоқ. Бұл «сойыстың» болмауына себеп болып отырған біздің дәуіріміз. 1932 жыл мен 1936 жылдың арасында үш-ақ жыл уақыт өткеніменен үстіміздегі жыл біздің өзімізде жаңа дәуір болып отыр. Сондықтан да біздің дәуіріміз қажеттігі жоқ, зиянды сойысқа ешуақытта жол бермек емес. Бұл тек біздің Қазақстанда ғана емес, бүкіл Кеңестер Одағында осылай. Қазірде сын байымды, жолдастық, іс жүзінде көмек берерлік нәтижелі қалыпқа көшіп отыр. Біздің қазіргі айтысымыз да аздаған бұлтаққа салушыларды былай қойғанда, дұрыс бағытта жүріп келеді, жеке адамдардың сөздерінде аздаған ескінің сұрқыны, құрғақ айқай да бар секілді, Бірақ мен оларға тоқталуды қажет деп таппаймын. Жалпы алғанда, сөйлеуші жолдастардың көпшілігі дұрыс бағытта, нәтижелі түрде сөйлеп отыр, бұдан біздің көркемөнер майданындағы қызмет мүмкіншілігінің шеңберін өте кеңейтіп отырған біздің дәуіріміздің өзгешеліктері көрінетін секілді. Біздің жиылысымыздың күн тәртібінде үш мәселе бар еді. Әдебиеттегі формализм, натурализм, упрощенство (үшеуінің, әрине, түйіні, негізі бір). Баяндамашы жолдас әсіресе біздің әдебиетімізде упрощенство күшті дегенді айтты. Бұлай деу дұрыс та еді. Өйткені біздің Қазақстанның советтік әдебиеті жас әдебиет. Біздің әдебиетіміздің өткендегі дәуірінен анағұрлым кедей. Мәскеудегі дискуссияда негізгі баяндамашы Ставский жолдас: «Әдебиетте өз алдына мектебі бар ерекше ағым қалпындағы формализм бізде қазір жоқ, тек формалиста бұлтаққа салушылық, солшылдық әшекейге құмартушылық, формалистік бұрмалаушылық қана бар. Революцияның алғашқы жылдарында, формализм әдебиетте өз алдына мектебі бар бір ағым еді. Бәріміз білеміз, революцияға шейін декаденство болып келді. Бұл ағымның негізі формализм еді. Бәрімізге белгілі символистер болды. Сайып келгенде бұл ағымның негізі де, әдісі де формализм еді. Бәрімізге белгілі, футуризмнің бастапқы дәуірі де формализмге сүйенген еді. Сөйтіп революцияның алғашқы жылдарында формализм орыс әдебиетінен орын алып келсе, қазірде әдебиетте өз алдына мектебі бар ағым қалпында формализм жоқ» деді Ставский жолдас. Біздің қазақ әдебиетінде формализм өз алдына мектебі бар айрықша ағым қалпында, әрине, жоқ. Біздің жас мәдениетіміз Октябрьден бергі жерде ғана өркендей бастады. Сондықтан да бізде қалыптанған формализмнің, формализм ағымының болуы мүмкін емес. Бірақ жеке формалистік бұрмалаңдар, жеке натурализм элементтері біздің әдебиетімізде, әрине, бар. Баяндамашы жолдас біздің қазақ әдебиетінде, әсіресе халтура, упрощенство күшті екендігіне ерекше тоқталды. Осыған ерекше көңіл болу керек дегенді айтты. Бұл да дұрыс. Формализм, упрощенство, халтура жөніндегі мәселенің алдымен жазушылар бізге қатысы бар. Өйткені біз, жазушылар бұған шейін нашар жазып келсек, ендігі жерде кемшіліктерімізді жоюға ерекше көңіл бөлуіміз керек. Келешекте бұдан әлдеқайда жақсы сапалы, өз дәуірімізге — социализм дәуіріне сайма-сай шығармалар жазудың жолын ойлауымыз керек. Біз жазушы болуымызбен қабат, әрі оқушы, тыңдаушымыз да ғой. Сондықтан жоғарыда сөйлеп өткен жолдастардың айтып өткен мәселелеріне біраз мен де тоқталып өтпекпін. Лекерұлы, тағы басқа жолдастар біздің қазақ әдебиетіндегі дыбыс үйлестігін қуа жазылған өлеңдердің бәрі де формализм дегенді айтып өтті. Мәскеу, Ленинградтағы айтыста мынадай қорытынды шығарған және бірқатар жауапты білікті жолдастар осы қорытындыны қуаттап отыр. Бұл қорытынды: егер дыбыс үйлестігін қуа жазылған өлеңде идеялық мазмұн болса, онда ол формализм болмайды дейді. Мысалы Маяковскийдің кейбір өлеңдерінде формализм элементтері бар деген жолдастар болған. Бірақ бірқатар көрнекті сыншылар әріп үйлестігін қуа жазылғанымен жалпы идеялық мазмұны бар, сондықтан бұл формализмге жатпайды деді. Біздің қазақ әдебиетіне де біз осы тұрғыдан қарауымыз керек. Өтепұлы жолдас менің творчествомдағы кемшіліктерге тоқталғанда басқалардан көрі дұрыс, дәлелді түрде сөйледі. «Сәкенде бірқатар жағдайларда елден ерекше дыбыс үйлестігін қуа жазуға тырысушылық бар» дегенді айтты. Бұл, әрине, дұрыс. Бірақ бұл жөнінде, дыбыс үйлестігін қуа жазғанда, егер де менің өлеңдерімнің идеялық мазмұны болмаған күнде ғана формализм болады. Бұлай жазғанда өзіңнің алған әсеріңді сол дыбыс үйлестігі арқылы беру үшін жазылады, егер де бұл идеялық мазмұнмен байланысты болса, ондай өлеңде формализм бар деушілікке, меніңше, орын жоқ. Лекерұлы жолдас жалпы алғанда өзінің баяндамасын бір қалыпта байыпты, дәуірімізге сай жақсы құраған. Ол марксизм-ленинизм ілімдерінің негізін білетіндігіне елдің көзін толық жеткізді. Бұл, әрине, өте жақсы. Лекерұлы жолдас Маркстан, Лафарг және Гегельдерден цитат келтіріп отырды. Бұл жөніндегі білімдері өте таяз жазушылар үшін бұл да орынды, өте пайдалы болды. Бірақ қазақ әдебиеті мәселелеріне келгенде, Лекерұлы жолдастың қазақ әдебиетін аз оқитындығы, қазақ әдебиетіне аз көңіл бөлетіндігі көрінді. Мен Әзімбай жолдас латынша шала сауатты ма, жақсы оқи алмай ма деп қорқып қалдым. Жалпы алғанда мен Әзімбай жолдастың баяндамасына қосыламын, тек екі-үш мәселе жөніндегі пікіріне тана қосылмаймын. Алдымен Әзімбайдың кеше айтпағанмен, бұдан біраз бұрын Қазақстанда тек Сәбит Мұқанұлының ғана қолынан жиынтық образ жасау (синтетическое обобщение жасау) келеді, қалған жолдастар, уақ буржуазия арасынан шыққан жазушылар, сондықтан олардың қолынан синтетическое обобщение жасау келмейді деуіне қосыла алмаймын. Бұл қисын, пәлеңдей адам (бір қоғамның өзін алғанда) пәлендей нәрселерді жаза алады, басқалар оны жаза алмайды деу орыс әдебиетіндегі Переверзевтің концепциясы. Оның бүгін бұл пікірін қайталамағандығына мен қатты қуандым. Ол пікірді қайталамай-ақ қойғандығының өзі жақсы. Бүгінгі баяндамасында ол біздің советтік Қазақ әдебиетінде үлкен әлеуметтік обобщение жоқ дегенді айтты. Мен Әзімбай жолдастың бұл пікіріне де қосыла алмаймын. Егерде өте жауапты жиынның алдында тұрып, біздің советтік қазақ әдебиетінде обобщение (жиынтық образ) жоқ десе, бұл екінші тұрғыдан байыптағанда бізде советтік әдебиет жоқ деген сөз болып шығады. Егер ол өзінің жоғарғы пікірін қолдайтын болса, мен де бұл советтік қазақ әдебиетін жоққа шығару болады деген өз пікірімді қолдаймын. Бізде кемшілік жоқ емес, әрине, бар, бірақ обобщение жоқ болса, онда советтік қазақ әдебиеті де болмаған болар еді. Мен оның совет әдебиетінде натурализмге бет бұрушылық бар дегеніне де қосыла алмаймын. Егерде совет әдебиетінде натурализмге бет бұрушылық болса, Мәскеу мен Ленинградта болған айтыстар қазіргі біздер оқып отырғандай шешімдерге келе алмаған болар еді. Ол шешімдерде натурализм, формализм, упрощенствоның мектеп түрінде ағымы бізде жоқ делінген, тек жеке формалистік бұрмалаңдар, натурализм элементтері, упрощенство ғана бар делінген. Ал енді Әзімбай жолдас бет бұрушылық бар дегенді айтады. Егерде мен орыс тіліне түсіне алмай қалмасам, оның айтқанын дұрыс ұқпаған секілдімін. Бұдан кейін Әзімбай жолдас социалистік реализмде таптық тенденция бар дегенді айтты. Мен бұған қосыламын. Бұл жөнінде марксизмді жақсы білетін адамдар да осылай деген. Бірақ Әзімбай жолдас бұл мәселеге ерекше тоқталып, бұл тек қолдан жасалған, алдамыш тенденция болмай, нағыз идеялы, шабытты тенденция болуы керек, біздің әдебиетіміздегі тенденция осындай болуы керек екендігін айтуы керек еді. Әзімбай жолдас марксизм-ленинизм ілімін жақсы біледі, өте байыпты адам. Сондықтан бұл мәселеге ерекше тоқтала кетуі керек еді. Бұған қосымша жоғарыда мен Әзімбай жолдастың қазақ әдебиетін аз оқитындығы, тіпті үңіле оқуға шорқақтығы көрінгенін де айтып өттім. Мүмкін ол әдейі солай оқыған шығар. Менің өлеңімді оқығанда әдейі сүрініп отырған шығар? Менің онда дауым жоқ. Бірақ бұлай болуы өте көңілсіз, әсіресе Әзімбай секілді адамдарға лайық емес. Нашар оқитын кісі мінбеге шығып өлең оқыса және оны өте нашар оқыса, ол ақындар үшін өте қолайсыз нәрсе көрінеді. Бізде нелер бөгет болып келеді? Бұрын бізге әдебиет сынындағы «сойыс» бөгет болып келіп еді, қазіргі сында бұл «сойыстар» жоқ. Біздің бүгінгі өмірімізде уақ-түйек, жалпылама нашар сынға орын жоқ. Біздің ұлы дәуіріміз жемісті, жолдастық, іс жүзінде жазушыға көмек беретін сынды керек қылып отыр. Бірақ бұл жөнінде бізге бөгет болып отырған бір нәрсе: ескіліктің сарқыны, асыра мақтап жіберушілік, ірі жазушылардың бірі, өзіміздің өте ақылды санап жүрген адамымыз Мұхтар жолдас сөйлеген сөзінде біздің қазақ поэмасы қазірдің өзінде Абайды басып озды, Сәбит Абайдан артық жазады дегенді айтты. Сәбиттің жақсы жатындығында ешкімнің дауы жоқ, мұны көптен айтып келеміз, бірақ ұмытылмайтын бір жағдай бар: ол Абай өз дәуірінде, революцияға шейінгі дәуірде халық мүддесін өте көркем жақсы түрде, дәуіріне сай етіп жырлай білген. Ал бізге дәуірлеріңнен төмен кейін қалдыңдар дегенді жұртшылық күнде айтып келеді. Мен бұған толық қосыламын. Біз дәуірімізден кейін қалдық, біз социалды дәуірімізге сай поэзия жасай алмай келеміз. Ал енді Абай өз дәуіріне сайма-сай поэзияны жасай білген адам. Егерде осы тұрғыдан қарасақ, Мұхтар жолдастың сөзінде асыра сілтеушілік бар сықылды. Мұхтар жолдас бұлай демеуі керек еді. Осы асыра мақтап жіберушілік, шексіз, негізсіз мақтап жіберушіліктің пайдасынан зияны көп, бұдан жолдастық байыпты, іс жүзінде көмек берерлік дұрыс сынның жазушыға тигізетін пайдасы әлдеқайда артық. Біздің газеттеріміздің бірі Тәжібайұлы жолдасты Гейнеге апарып теңеген, Тәжібайұлының «Сырдария» деген өлеңін Гейненің «Рейннің жағасында» деген өлеңіне апарып теңеген мақала басып шығарды. Бұл — өте жауапсыз жазылған мақала. Қазірде партия мен үкімет біздің алдымызға география мен тарихты жақсы білу міндетін қойып отыр, сондықтан біз де география мен тарихты жақсы білуге міндеттіміз. Сырдария мен Рейннің арасында көп айырма барлығын да білуге міндеттіміз. Сырдария мен Рейн өзендерінің арасында талай ұлы өзендер бар. Біздің жолдастар географияны жақсы білмейді, ал шынында географияны өте жақсы білуі керек. Кейбір шығармалардың кемшілігін айтқанда жазушы осы шығармасын 8-ақ күнде жазып шыққан екен, сондықтан нашар шығыпты деушілер болды. Маған бұл кісінің күлкісін келтіретін сөз секілді көрінді. Былайша айтқанда, егерде жазушы шығармасын сегіз күн жазбай, 20 күн жазса жақсы жазылатын секілді. Ойланып жазу, әрине, өте жақсы, әрине өте ұқыпты, көп ойлап салмақтап жазу керек. Бірқатар ұлы жазушылар Толстой, Гете, Гоголь және басқалар өздерінің кейбір шығармаларын бірнеше жыл, одан да көп жазған, олардың бұл шығармалары әдебиет тарихының мәңгілік белгілері болып қалып отыр. Асықпай жазу керек, бұл, әрине, дұрыс. Бұл жөнінде Горький жолдас та осылай дейді. Өзіңнің біліміңді арттыру, шыдамдылық тәжірибе, көп күш жұмсау арқылы өте көп нәрселерді істеуге болады дейді Горький. Горький мысал үшін мына бір жағдайды келтіреді: батыс Еуропаның бір елінде бір әйел циркте бір қолымен төрт қарындашпен төрт тілде жазу жазған дейді. Горький әйелдің осыған көп еңбек сіңіру Арқасында ғана қолы келгендігін айтады. Әрине, жазушының сапалы шығарма жазуы үшін ең бірінші шарт өзінін білімін көтеруінде. Бірақ, бір жолдас бір шығармасын бір-ақ айда жазып бітірген, егерде екі ай жазса жақсы шығатын еді деп өлшеу қылып айтуы, меніңше, өте ұшқалақ пікір. Пушкин мен Блок өздерінің кейбір шығармаларын өте аз уақыттың ішінде жазып, бітіріп отырған. Егерде олар төрт күн отырса, сол жазғандарынан жақсы жазған болар ма еді. Тек бұлай деу, әрине, дұрыс емес. Бұл ойланбай айтылған сөз болады. Жақсы шығарма жазу үшін уақыттан басқа да керекті көп заттар бар, мұны да ұға білу керек. Тәжібайұлы жолдас поэмамды 8-ақ күн ішінде жазып шығып ем, сондықтан өте нашар шықты деді. Мұнан не деген ұғым туады. Егерде ол сегіз күннің орнына 20 күн жазған болса, онда поэмасы өте жақсы шығатын болар еді ғой. Кім өзіне жамандық ойлайды дейсің? Кімде-кім болсын өзін жақсы санайды, кімде-кім болсын жақсы жазуға тырысады, бірақ жұртшылық, оқушылар, халық шығарманы ақынның, жазушының ойына байланыстыра сынамайды, қалай жазғандығына, нені жазғандығына қарай сынайды. Енді өзім жайында бір-екі сөз айта кетейін. Лекерұлы жолдас баяндамасының ішінде формализм элементтері бар деген өлеңдерді оқығанда менің «Тоқыма фабригі» деген өлеңімді де солардың ішіне қоса кетті. Менің бұл өлеңім осы уақытқа шейін тәуір өлең деп саналып келіп еді. Бірақ бұл өлең Лекерұлы жолдас оқығанда өте нашар жазылған өлең болып шықты. Және Лекерұлы жолдас оқыған өлеңнің қайсысынан болса да менің зерігім келеді. Егерде барлығыңыз да солай оқитын болсаңыздар, менің ол өлеңімнің нашарлығында дау жоқ. Егер барлығыңыз да солай оқитын болсаңыздар мен ол өлеңімді жинап-ақ алайын. Егерде Лекерұлынан тәуір оқитын жолдастар болса, мен өлеңімді аздап түзеп, сол бетінде қалдырғым келеді. Өте жақсы өлең болмағанмен, өлең орташа есебінде қалатын шығар деймін. Лекерұлы жолдас формализмға жататын шығарма идеялық мазмұны жоқ шығарма дегенді айтты. Егерде өлеңде идеялық мазмұн болмаса ол формализмге жататын өлең болғаны деді. Иә, бұл дұрыс. Біз мұндай шығармаларға қарсы күресуіміз керек. Біз жазушылар келешекте мұндай шығармалар жазбау үшін күресуіміз керек. Ал енді менің Лекерұлы жолдас оқып өткен өлеңімде фабриктің жұмысты қалай істейтіндігі суреттелген. Бұл жөнінде Өтепұлы жолдас дұрыс айтты. Бұл өлеңнің түрі тоқыма фабригінің ұршықтарының айналуы тақтысына үйлестіре жазуды қуғандықтан туған еді. Өлеңнің нашар шығуы да мүмкін. Бірақ мазмұны тоқыма фабригі еді, ол фабрикте көк блузка киген шеберлердің істейтіндігі, олардың машинаның тілін біліп меңгеріп алғандығы айтылған еді. Тоқыма фабригінің қарқынын үдетіп, бес жылдық жоспарды бес жылға жеткізбей орындауға шақырған өлең еді. Ол өлең осы бағытта жазылған еді. Бұл жөнінде менің кемшіліктерім: мен қазақтың ескі өлең ұйқасымын алмай, тоқыма фабригінің ұршықтарының зырылына дәлме-дәл жаңа музыка, жаңа ұйқасым іздедім. Сондықтан да өлеңнің жолдары қысқа, музыкасы да жайдағыдан өзгеше, қазақ поэзиясында жоқ түрмен жазылған өлең болып шықты. Сондықтан оларға өлеңнің нашар көрінуі де мүмкін. Сіз үшін жазбаймыз, халық үшін, колхозшылар үшін жазамыз, сондықтан да менің бұл өлеңімді жолдастардың барлығы да түсінбейтін болса, нашар деп түсінетін болса, онда формализм әдісімен жазылған болғаны, онда бұл өлеңнің шын нашар болғаны. Барлық халық бірдей түсінетін ұйқасыммен, мақаммен жазу керек. Формализм «Альбатрос» деген поэмамда бар. Бұл поэма Қазақстандағы асыра сілтеушілік кезінде жазылған еді. Бұл жөндегі менің замыслым өте үлкен еді. Мен жиынтық түрде азамат соғысының образын бергім келген еді. Тап тартысын көрсетіп, тартыс майданын көрсетіп, қызылдардың, ақтардың соғысын көрсеткім келген еді. Осы ұлы күресте қызыл әскердің ұлы командир! Лениннің өзі болғандығын айтып бергім келген еді. Азамат соғысына басшылық еткен Лениннің образын, майдандағы, қара жердегі, су үстіндегі таптардың ашынған күресін көрсеткім келген еді. Менің интервенция біздің елімізді қоршап алғандығын, сол күндерде біз қызыл әскерлер болып Лениннің басшылығымен сыртқы, ішкі жауларымызбен қалай күрескендігімізді суреттегім келіп еді. Менің поэмамда көрсетпек болғаным осылар еді. Автордың замыслы міне осындай еді, Бірақ поэманың кей жерлерінде мәселені ат үсті зеңбіректің гүрсілін, әуедегі мотордың дауысын, дыбыс үйлестігін қуа жазу арқылы беремін деп, қара жердегі, су үстіндегі қызылдар мен ақтардың арасындағы соғысты, күрестің ұлы тамаша көріністерін көрсетуде мен поэмамның көп жерлерінде дыбыс үйлестігін қуа жазуға, темпілі, мақамды жолдар құрау әуеніне түсіп кетіппін. Мен осылай етсем жақсы болады ғой деп ойлап едім. Егерде мен осы поэмамды сол кезде 8 күннің орнына 30 күнде жазып шықсам да жоғарыдай болып жазылған болар еді. Мен жақсы шығады деп сенген едім. Бірақ өзіңе-өзің келіп, бірнеше жылдан кейін өзін жазған картинаға көлденеңнен тұрып қарасаң, өз картинаңның кемшіліктерін өзің көресің: мына жері дәл келмеген, толық емес, жақсы шықпаған, суреттеуі ұтымды емес, әсіресе командарм Ленин бастаған соғыс майданындағы айқасулар толық көрсетілмеген деп өзің айтып бересің. Сөйтіп менің бұл поэмамда формализм бар. Бұл жөнде өзінің мақаласында Ысмайылұлы жолдас дұрыс айтқан. Бірақ Ысмайылұлы жолдас поэманы толық талдап, кемшіліктерін толық көрсетіп, менің және басқа ақыңдардың келешекте сол кемшіліктерді қайтсе қайталамайтындығын айта кетуі керек еді. Сындағы кемшілік: сыншыларымыз жалпы нашар жазылған деп келеді, ал енді қалай жазу керек, қандай әдісті қолданып жазу керек, неге сүйене отырып жазу керек — біздің сынымызда бұлар атымен жоқ. Біздің жазушыларымыздың 10 — 15 — 20 жылдық стаждары барлығын, бірқатарының білімдерінің оншалықты зор болмағандығымен, Батыс Еуропа әдебиетін оқитындығын, тарихты, қазақ әдебиетін аздап білетіндігін, тәжірибелері де барлығын, біздің кейбір сыншыларымыздан артық білетіндіктерін естен шығармауымыз керек. Сондықтан да біздің жазушыларымыз сын жұмысын өздері қолдарына алулары, бір-біріне көмектесулері, бірінің-бірі кемшіліктерін көрсетіп, ол кемшіліктерді жоюдың жолдарын көрсетуге, келешекте қандай әдіспен жазуға ақын беретіндіктерін айтуға міндетті. Меніңше, біздің айтысымыз үш күнмен ғана аяқталып қалмауы керек. Біз творчестволық конференцияларды, шығарма талқылау жиылыстарын жиі-жиі өткізіп тұруымыз керек. Жеке шығармалардың кемшіліктерін көрсетіп, жазушының келешекте өткендегі кемшіліктерін қайталамауына жәрдемдесу керек. Менің жұртшылықтан біздің шығармаларымызды көбірек оқып, кемшіліктерін көрсетіп отыруды сұрағым келеді. Егерде, жолдастар, жазушының өлеңіндегі жеке сөздеріне, жеке жолдарына түсіне алмайды екен, олар сол түсіне алмаған сөздері, жолдары жайында пікірлерін бізге айтып отырса, біз үшін де, жалпымыздың игілігіміз үшін де, біздің әдебиетіміз үшін де өте жақсы болған болар еді. Және біз шығармаларымыздың әрбір жолдары, сөздері жайында кеңінен ойлап, не себептен түсініксіз болғандығын іздеп, кемшілігі қайда, формализмі, натурализмі қай жерінде деп өзімізді-өзіміз зерттеген болар едік. Натурализмді дәлелдемек болған кейбір жолдастар: ана жазушының геройының «шашы мынадай еді, көзі анадай еді, мұрны қисық еді» деп суреттегенін, міне натурализм осы деді. Егер бұл натурализм болатын болса мен қалай жазу керек екендігін түсіне алмаймын. Егер мынау қара еді, анау қызыл түсті нәрсе еді, геройыңның көзі қара еді, немесе қой көзді дейтін болсаң бұған әкеліп формализмді, не болмаса натурализмді жабыстыратын болса, меніңше, соны айтқан сыншының өзі формалист, натуралист. Пушкиннің «жалған Дмитрий» деген геройы бар. Пушкин сол жалған Дмитрийді суреттей келе, оның бір қолынан бір қолы қысқа еді, ең ақыры бетінен аяғына шейін сақал шығып кеткен түкті еді дейді. Бұл да натурализм бе? Гоголь Ноздревті суреттегенде кеудесіне шейін шығып кеткен қап-қара түк еді, дейді, бұл да натурализм бе?.. Мен натурализмді басқаша түсінемін. Біздің сыншыларымыз көбірек оқулары керек. Плехановтың өзі айтқан: жазушыны сынау үшін сыншы жазушыдан әрі артық, әрі терең білуі керек деген. Қазақстанның ескі басшылығының тұсында, менің ескі басшылықтың ісіне наразы кезімде, егерде сіздер ұқыпты оқушы болсаңыздар немесе сыншы болсаңыздар менің шығармамнан формализмді қиналмай-ақ табасыздар. Ескі басшылықтың кезіндегі менің шығармаларымнан формализм де, упрощенство да жиі кездеседі. «Социалистан» деген жинағымдағы өлеңдерімнің көпшілігі, байыптап оқысаңыздар, жаңадағыдан бөлек, монотонный ритммен жазылған. Мен ол кезде өлеңнің сол түрін қолайлы деп санаған едім. Одан бұрын да менің бірқатар өлеңдерім болды, олар да өмір шындығынан алыс отырып жазылған нәрселер еді. Мен 26-жылы бір үлкен поэма жаздым. Егер де музыкасына, Көркемдігіне қарасаңыз, бұл өте жақсы жазылған поэма. Бірақ мұнда да формализм элементтері бар. Өйткені өмір шындығынан қашушылық бар. Осы өмір шындығынан қашушылық апарып формализмге соққан, аздаған көлденен отырып қарауды құмартушылық әрекеттері бар. Өзімнің «Қызыл ат» поэмам туралы бір-екі сөз айта кетейін. Кеше Мұхтар жолдас бұл поэма бір тегіс жазылмаған, кей жерлері нашар жазылған дегенді айтты. Бұл дұрыс. Кей жерлерде асығушылықтың еткен әсері барлығы көрініп тұрады. Маған өте тез жазу керек болған еді, мен поэмамды ұзақ уақытқа созып жаза алмадым, бұлай ету менің рухым үшін керек болды. Поэма бір тегіс болып шықпаған, кей жерлерде көркемдік жағы да әлсіреп кеткен. Мұхтар жолдас ескі образды сөздер сол қалпында «Қызыл атта» алынған дегенді айтты. Жазушының өзінін шығармасын қорғауы өте қолайсыз. «Қызыл ат» жөнінде өте көп талас-тартыс болды. «Қызыл ат» ат па? Кісі ме? Еркек пе? Әйел ме?» деп таласушылар да болды. Мұнда аттың образы арқылы мен басқа ақындар суреттеген аттың образынан басқа жаңа образ бергім келген еді. Мұны сіздер көре, түсіне білулеріңіз керек еді. Рас менің поэмамның кей жерлері нашарлау шыққан. Болашағымыз туралы бір-екі сөз. Келешекте жақсы жазу үшін не істеуіміз керек, келешекте өткендегі қателіктерімізді қайталамаудың жолын ойлауымыз керек. Бізге алдымен бір-бірімізге жәрдемдесу керек, жолдастық өзара сын керек, шығарманы жиі-жиі талқылап отыру керек. Бүл әдет біздің қазақ жазушыларының арасында өте сирек кездеседі, тінті жоқ деп те айтуға болады. Оқылмай, талқыланбай берілген кітаптан баспа орындары көп зиян шегіп келеді. Баспа орындары кітапты баспай тұрып, сыннан мықтап өткізу керек. Мәскеуде болған айтыста жасаған баяндамасында Ставский біздің дәлелді сынымыз жеткіліксіз, біздің жұмысымызға өте байыпты, ұқыпты қарауымыз жеткіліксіз, біздің мәдениетіміз жеткіліксіз дегенді айтты. Біз білімімізді арттыру ісімен аз шұғылданып келеміз. Бұған кейбір асыра мақтаған сындар айыпты. Егерде бір ақын бір тәуір өлең, жаза қалса, ол ақынды мақтап, шыңға шығарып жібереді, Пушкинге, Байронға апарып теңейді. Егер де ол Байрон мен Пушкиннің қатарында тұрса, одан артық оған не керек. Біз бір-бірімізге ақыл айтып, кемшілігімізді көрсетіп, тағысын тағылар жөнінде бір-бірімізге көмектесуіміз керек. Жазушылар, біздің. мәдениетіміз өте аз, еңбекті сүюіміз жеткіліксіз. Егер де біз өз еңбегімізді сүйетін болсақ, өзіміздің білімімізді көтерумен шұғылданатын болсақ, жолдастық жағдай жасап, бір-бірімізге жолдастық жәрдем көрсетсек, біздің ілгері басуымыз көп жылдам болатындығында дау жоқ. Мен марксизм-ленинизм сабағын оқытушы адам емеспін, бірақ та осы жерде Маркстен бір-екі сөз келтіріп кетпекпін. Маркс Шопенгаурдың бір сөзін қайталап былай дейді: «Білімге ие болу үшін сараланған қара жол таба алмайсың, ғылымның түрлі найза биігіне тек қиындықтан қаймықпайтын, қияға тырмысып шығудан тартынбайтындар тана шыға алады» дейді. Сондықтан да біз осы сөзден үлгі ала отырып, өздеріміздің білімдерімізді арттырумен қатты шұғылданайық, мәдениетімізді ең жоғары сатыға көтерейік, сөйткенде ғана біз әдебиетімізді күшті қарқында алға бастыра аламыз.

1935 жыл

БАЙСАЛДЫ ЖҮЙРІК

Ұлы Октябрь төңкерісінің кедей, жалшы балаларын қатарға кіргізгендігіне ақын Қалмақан айқын мысал боларлық адам. Нашардың аз оқыған баласы төңкеріс күшімен әдебиет майданына шығып, он жылдың ішінде белгілі жазушыларымыздың қатарына кірді. Оның ақындық дарқандығы әдебиет майданына бірінші шыққанда-ақ көріне қалып еді. Және ол көрінісі тек қарқынды ғана аттың аяқ алысындай емес, ұзаққа сілтейтін үдемпаз жүйріктің аяқ алысындай еді. Он жылдың ішінде ол талай нәрселер жазды. Ұзақшыл екенін дәлелдеді.

Мен ақынды жүйрікке теңеп отырмын.

Жүйрікке бап керек, жүйрікке құнт керек, жүйрікке жарану керек. «Жарану» дегеніміз—біздің заманымызда оқу, білім кеңіту болады. Оқусыз, үйренусіз ілгері өрлеу қиын нәрсе. Оны біліп Қалмақан Мәскеуге оқуға да барды. Бірақ денсаулығы жарамай қайтты. Осы соңғы он жылдың ішінде шыққан жазушылардың ішінде ең тәуір көретін, ең артық көретін жазушы Қалмақан, әсіресе мен оның қарапайым жағдайлығын жақсы көрем. Және мақтанбайтындығын жақсы көрем. Кейбіреулер бірнеше өлең жаза салып, немесе үш-төрт әңгіме жаза салып, немесе үш-төрт сын сымақ мақала жаза салып «мен жазушымын», «мен сыншымын» дегендей, байқаған адамға күлкі, мазақ боларлық мінез көрсете бастайды. Кейбіреулер тіпті емле жөнінде «мен білгішпін» деп орынсыз мақтанатын көрінеді. Ондайлардың орынсыз мақтанған тұрпаты, өздерін өздері әлдеқандай қылып күпсінген мінездері өзгеге тек күлкі екендігін, жалған білгіштік екендігін мүмкін өздері сезбейтін шығар. Ондай орынсыз шылтиғандардың шын мақтанарлық бірдеңелері болса, Қалмақандай жазуға дарытандықтары болса, ондайлар аңқау жұртты кеуделерімен соғар еді. Ал мақтанам десе, мақтанарлық өнері бар болса да, Қалмақанда мақтанушылық болмады. Текке күпсінушілік болмады. Өйткені Қалмақан шын жүйрік; байсалды жүйрік ақынның көп жасап, білімін кеңітіп, шеберлігін арттыруын тілейміз. Кейінгі жастардың орынсыз, жөнсіз, өтірік мақтаншақтардай болмай, Қалмақан сияқты болуын дұрыс көрем.

1935 жыл

БИЫЛ МЕН НЕ ЖАЗАМЫН

Мен өзімнің жазу жоспарымды жарияламаушы едім. Жазушының «жоспарында» жоқ нәрселерді еріксіз жазғызатын жағдайлар мен себептер аз болмайды. «Жоспарында» жоқ нәрсе де кейде ықтиярсыз жазылып шығады. Биыл, 1936 жылдың баскы айларында, мен «Қызыл сұңқарлар» атты пьесамды қайтадан өзгертіп жазып шығармақпын. Бұл пьеса Орталық Қазақстанда болған 1918-19 жылдардағы тап соғысынан, тап күресінен кейін 1921 жылы жазылған еді. Тақырыбы да сол тап күресі еді. «Қызыл сұңқарлар» жазылғалы көп жыл өтті. Сол 1921 жылдан кейін мен пьеса жазып дағдыланбадым. «Қызыл сұңқарларды» театрда ойнамағалы көп болды, сондықтан да оны мен тек ескі архивыма ғана жинап қойған едім. Шынында «Қызыл сұңқарлар» сияқты пьеса қазақ театрына лайық емес шығар дейтін едім. Бірақ биыл екі түрлі жай «Қызыл сұңқарларды» менің алдыма қойып ойлантты. Бұл екі жәйттің бірі мынау: қазір біздің театрларда совет үшін, социализм үшін күрескен ұлы күрестерді көрсететін пьесалар өте-мөте қажет. Бұл ретінде театрға жәрдем керек екенін жолдас Мирзоян да айтты. Бұл бір. Ал екінші жай мынау: Қазақстанның 15 жылдық мерекесін тойлаудың алдында маған Қарағанды театрынан телеграмма келді. Телеграммада: «Біз Қазақстанның 15 жылдығына «Қызыл сұңқарларды» дайындап жатыр едік, кітаптың ортасынан бір-екі қағазы жоқ, қолыңызда бүтін данасы болса авиапочтамен жіберсеңіз екен» депті. Бірақ мен бірнеше себептермен Қарағанды театрының сұрауын орындай алмадым. Қазақстан мерекесінен кейін бір газетке жазылған мақаланы оқысам: «Қызыл сұңқарларды» Оңтүстік Қазақстанда Шымкент театры ойнапты. Түргенде колхоз театры да ойнапты. Міне, осы оқиғалар «Қызыл сұңқарлар» туралы мені ойға қалдырды, сөйтіп оны қайтадан өзгертуге шұғылдандырды. Сонан соң 1936 жылы жазып шығаратын менің жоспарымда екі повесть, әңгіме бар. Оның бірі «Біздің тұрмыс», екіншісі «Сол жылдарда». Ең болмағанда осы екеуінің бірін 1936 жылы бітіруім керек. «Біздің тұрмыс» қала, ауыл, колхоз, өндіріс тұрмыстарын суреттемек. Ал «Сол жылдарда» 1915-16 жылдардағы (мүмкін 17- жылдардағы да) ауыл тұрмысы айтылады. Бұлардан басқа, 1936 жылы мен де музтеатрға бір нәрсе жазбақпын. Бұл істің либреттосы менде тіпті даяр деуге болады. Былтыр Мәскеуде консерваторияның бір адамына мазмұнын айтқанымда ұнаған сияқты еді. 1936 жылы менің басқаруыммен екі жинақ шықпақ. Оның бірі Сергей Миронович Киров жолдасқа арналған қазақ тіліндегі өлең, жыр, әңгімелердің жинағы. Екіншісі — А.С.Пушкиннің таңдамалы өлеңдері мен дастандарының қазақшаға аудармасы.

1936 жылы — қазақ әдебиетіне көп, маңызы қымбатты жеміс беретін жын.
1936 жыл

НӘЗІМБЕК

Қисса
Мағибар сауыр етік табанында
Жігіттер тіршілік қыл аманында.
Ертеде Асылбек бай өткен екен

Ноғайлы Ормамбет хан заманында.
Адамның қисса алар қайғы-дертін
Кей жаман ұмытады айтқан сертін
Былайғы Болғыр тауын мекен еткен

Сөйлейін біразырақ Қырым жұртың.
Қырымның даласы кең, жері жайлы
Жер жайы қалмайды екен қысыр тайы
Қараған қырық сан Қырым бір өзіне

Бар екен Жаныс деген үлкен байы.
Жанысқа біткен екен мың-сан қара
Қатарлап қазына артқан сексен нарға
Туыпты бір атадан өзі он екі

Болмаған сонда байда жалғыз бала.
Жанысқа елден асып дәулет біткен
Қырымда бай болған жоқ одан өткен
Жағанлар қалың дәулет қайда сыйсын

Елімен қоныс үшін соғыс еткен.
Соғысып кісі өлтірді Жаныс байың
Көңілі қорқып қатты болды уайым.
Қалдым деп ер құнына кеше қашты

Тастады ата қоныс туған сайын.
Жаныс бай ұшырады мұндай кепке
Елінен кісі өлтіріп қонды шетке
Енді мен бұл Қырымда тұра алман деп

Ауыпты он сан ноғай Ормамбетке.
Елінен көшті Жаныс жылай-жылай
Жазасы кісі өлтірген шыдай алмай
Асылбек ноғай ныны бар дегенмен

Әдейі іздеп барып қанды со бай.
Азырақ мен сөйлейін мәселе наз
Қолыма дат жазуға алдым қағаз
Екі бай сыбай қонып отырғанда

Қатыны Жаныс байдың болды буаз.
Азырақ мен сөйлейін мәселе дат
Естісең бұл кеңесті боласың шат
Балаға Асылбек бай о да зарлы

Қатыны болды оның да екі қабат.
Екі бай жайлап жатып елдің шетін
Айтқызбай білігі тұрды ел құрметін.
Ай-күні тура сағат бірдей бітіп

Толғатты жеті күндей екі қатын.
Қыз тапты Жаныс байдың қатыны енді
Бұл сөздің білесіздер затын енді
Той қылып екі жасты қосамыз деп

Көңілдің қылып жатыр шатын енді.
Ноғайда құрметі асқан Асылбек бай
Ұл тапты қатыны оның көңілі жай.
Екі бай тойын қосып ат шаптырды

Он күндей ойын қылды он сан ноғай.
Жаныс бай ауып келген қазынасы көп
Жұрт келді тойдан қызық көреміз деп
Асылбек Жаныс байға кісі салды

Той қылып екі жасты қосамыз деп.
Тең емес еш адамға Асылбек бай
Жаныс бай сарай салған қазинедай
Үш жетім, отыз жақсы уағда ғып

Белгілі құда болды қалың малға-ай.
Бірталай мағына мен заман өтті
Жетіге екі бала жасы жетті
Жаныс бай ортасынан кеткеннен соң

Қырымнан бақыты қайтып дәулет кетті.
Шақырып келді халқы жылай-жылай
Жаныс бай көшпек болды шыдай алмай
Асылбек сол уақытта ақирет өтті

Отырған құда болып жалғыз сыбай.
Жаныс бай енді ойлайды тұрмайын деп
Жетім ұл, жесір қатын көрмейін деп
Құр малды басы кеткен не қылады

Ойлайды енді қызын бермейін деп.
Асылбек қаза жетіп ақирет кетті
Жаныс бай ұмытады айтқан сертті
Жас бала, жесір қатын не қылады

Ноғайға бермей қызын көшіп кетті.
Айырылып екі ғашық бұлар кетті
Жетімге қайғы берген құдыретті
Айрылған зорлықпенен екі ғашық

Жиырмаға екеуінің жасы жетті.
Болғанда ақыл дария адамзатта
Күлсе қыз айласы артық, ақылы тең
Әркімге беремін деп жүргенінде

Келіпті ноғайлыдан бір топ керуен.
Келеді керуендері қағарлап көш
Қыз шығар серуенге болғанда кеш
Үйінен Асылбектің қыз кеткенде

Бар екен бір cap бота қоспақ өркеш.
Қалы бар маңдайында сары алтын-ды
Жігіттер ғажап айла мұндай жанды
Боздайды сары атан да қызды танып

Қыз сонда құлақ салып тұра қалды.
Қыз айтты: Асылбек бай маған ата
Баласы ақ түйенін бұл сары бота
Сол үйден керуендер сұрап мініп

Қазына келген шығар артып мата.
Ақылы Күлше қыздың жанға бітпес
Осындай еңдігі адам сертке жетпес
Үстінде берен көйлек, атлас камзол

Көрген жан қыздың нұрын айтып бітпес.
Үстінде берен көйлек көлеңдетіп
Көзелден кебіс-мәсі бедерлетіп
Хабарын ғашық жардың сұрайын деп

Қыз сонда керуенге келді жетіп
Сонда қыздың келіп керуенге айтқаны:
Келесіз керуендер тілі майда
Барасыз ағатайлар әлдеқайда

Жоғалтқан бір ақ сұңқар ғарып едім
Білсеңіз сөз сұраймын бәрің олжа.
Салдырдым ақ балтаға жезден қияқ
Сұраймын бәріңізден сөз ойлап бақ

Асылбек ноғай ханын білесіз бе
Орнында бар ма соның қалған тұяқ.
Сонда қастың бастығы бай батша қалтасына қолын салып,
қызға қарап жымың етіп қырынып тұрғанда от жағып, шай

пісіріп жүрген бір жігіт ән салып былай дейді:
Нәзімбек, жалғызы бар асты көптен
Жалғанда не көрген жоқ жетімдіктен
Қыз тандап тоғыз шаһар әлі алған жоқ

Бақыты асты он сан ноғай Ормамбеттен.
Қыз мырзаның қасына аяңдап барып жер ошақтың
басындағы жігіттерге айтқаны:
Жасы бар жиырмада бала ма екен

Перизат ғашық жарын біле ме екен
Тас ауыр түскен жерге деген қайда
Ойына кеткен жарын ала ма екен?!
Жігіт айтады:

Бак берген жас жетімге бір құдайым
Кеп ойлап ғашық жарын болды уайым
Іздеуге неше жылдай мойын қойып
Отырды білмеген соң бір хабарын.

Қыздың сөзі:
Керуендер құлағын caп біздің көпке
Жалғанда таныс болдым талай бекке
Бағасы төрт мың ділдә торғын белбеу

Аманат мұны тапсыр Нәзімбекке.
Керуен айтты:
Сен кімнің данасысың
Жөніңді айт қандай байдың баласысың

Әкесін баласымен бірдей біліп
Кісідей таныс болған көп сұрайсың.
Қыздың айтқаны:
Жақсыға сәлем айтпай қалған ұят

Жаманға жұрт жақсысын қайдан қияд
Қырымда бір жаман қыз көрдім деңіз
Тапсырдым үшбу сөзді сізге аманат.
Жақсының бойы сымбат, ақылы толық

Жақсылар бойын сақтайд қадыр біліп
Керуендер алты ай жүріп елге келсе
Нәзімбек жатыр екен науқас болып.
Керуен айтты:

Біз биыл Қырым бардық
Қырымнан кеп мал алып пайдаландық
Көп сәлем айтты сізге бір сұлу қыз
Бір торғын белбеу берді төрт мың сомдық.

Мырзаның ауырып жатыр көңілі жарым
Алты айлық алыс дейді қыз шаһарын
Не қылсын бөтен шаһар қызы мені
Болмаса жаста кеткен ғашық жарым

Мырзаға қайғы түсті осынай-осынай
Іздемек көңіліне алды шыдай алмай
Ойлаған мақсатына кімдер жеткен
Болыпты ұзақ науқас алты жылдай.

Алты жыл науқасы бар Нәзімбектің
Ісіне кім көнбеген құдіреттің
Болғанда жетінші жыл тәуір болып
Ой қылды енді қызды іздемекке.

Ноғайдың жар шақыртып жиды бәрін
Қалдырмай түгел жиды кәрі-жасын
Өнерлі төрт-бес жігіт аламын деп
Жіберді он сан ноғай бозбаласын.

Бір үлкен қария бар сол бір кезде
Өнермен кеп білетін әр мінезді
Өткізген тоғыз патша толғауменен
Сол қүнде жасы келген екі жүзге.

Ноғайдың жар шақыртып бәрін жиды
Әдеппен баршалары келіп тұрды
Ноғайдың он сан дайын бозбаласын
Әкеліп қарияға сынаттырды.

Сонда бір байдың әуел келді жас баласы
Жиылды он сан ноғай бозбаласы
Өзі әлді, өзі шешен, өзі мықты
Осы хал артық екен мәртебесі.

Адамда тірлікте дәулет бітер
Ілуде бір-ақ адам сертке жетер
Бұлбұл жақ, айыр көмей, шешен екен
Сөйлесе адам болмас бұдан өтер.

Тағы да бір жігітті сына дерміш
Кісі екен осы қария көпті көрміш
Осыны ал балуанды керек қынсаң
Жатқандай кісі астына жігіт емес.

Нәзімбекке айтқан Қарияның өсиеті:
Балаға қария айтты әуел баста
Ей, балам, ашу таста, ақыл баста
Ашумен ұрыссам деп опат болма

Ашумен тағын жойған талай патша.
Ашумен ұрыссам деп Бағит өткен
Таласып патшалықпен соғыс еткен
Өлтіріп Құсайынды кәр балада

Жазит ер қанын жүктеп о да кеткен.
Аспанда ай нұрланар толған сайын
Тағында патша сайрар болған сайын.
Ей, балам, ашу пышақ, ақыл таяқ

Таяғың кеми берер жонған сайын.
Ей, балам, ашу пышақ, ақыл қайық
Қайғыны Әбу-Сыдық көрген айық
Болғанда ашуын от, ақылың су

Бойыңа сірә ашуды қылма лайық.
Адамзат отқа түссе құр қалмас
Болмайды от пенен су балам жолдас
Бар, балам, енді сенің жолын болсын

Мысалы бұ дүниенің соған ұқсас.
Білемін мың шылқында бес атың бар
Бесеуі бес мың сомдық бағасы бар
Сұр бикеш, ғана көз без жез мойын ат

Бурыл боз ойнақ пенен ерке шұбар.
Сұр бикеш айшылықты алты басар
Тана көз еркін жетіп жауды шаншар
Тар мықын, қысқа бақай боз ойнақ ат

Білемін бәрінен де еркін шығар.
Жүген сал ал күмістен бедерлетіп
Алтыннан меруерт-гауһар ер ержетіп
Аяғын болатпенен тағалатып

Сапар жүр дүйсенбі күн жөн жөнелтіп.
Жол жүрді дүйсенбі күн сол бес манап
Ел-жұрты көп жылады қойдай шулап
Келгенше жалғыз шешем не болад деп

Құшақтап көріседі қатты жылап.
Шеше қалды артында жылай-жылай
Жолына жалғызының қарай-қарай.
Еліне қырық сан Қырым келіп жетті

Бесеуі сапар жүріп анық төрт ай.
Жаратқан баршамызды бір золжалай
Айтайын аз әңгіме құлағын сал.
Бесеуі төрт ай жүріп елге келсе

Бір тайпа ел қалыбынша кемпір мен шал.
Бесеуі келемеждеп сықақтаған
Жасың жоқ баршаларың қартаң адам
Келіншек, қыз-бозбала қайда кеткен

Бір жерге жиналыпсың өңшең сабан.
Ел айтады:
Отырмыз кемпір мен шал таң атқалы
Түс ауып бесін болды күн батқалы.

Бір байдың Күлше деген жалғыз қызын
Той қылып кетті соны ұзатқалы.
Шақырды қырық сан Қырым бірін қоймай
Жиылды қыз-келіншек бірі қалмай.

Он күндей ат шаптырған тойы бар ед
Ертеңнен ұзатады арман қалмай.
Нәзімбек бұрып алды аттың басын
Төгеді мөлдіретіп көзден жасын.

Жетім ғып жеті жаста әкемді алды
Жігіттер мені құдай қайда оңдасын.
Қайтайық, кел, жігіттер елімізге
Жеткізсін есен-аман жерімізге.

Алғалы жатқан қызды бізге бермес
Қылмайық көріп күйік көзімізге.
Мырзасы қайтамын дер көңілін басып
Төрт жолдас қайтпа дейді зар жыласып.

Сақтамай құрметімді ерге тиген
Жарым деп жүре алмаспын құшақтасып.
Жолдасының айтқаны:
Әкесі жарлықпенен берген шығар,

Ынтызар ол да сіздей болған шығар.
Біз мұндай іздегенде ақымақ болса
Ақылсыз оның өзі надан шығар.
Көрмесе ештеңе етпес қайғы-шері

Ғақылы қалай еді порым нұры
Біз мұндай іздегенде ақымақ болса
Бір жолға кеткен шығын аттың тері.
Төрт жолдас алып жүрді ерікке қоймай

Келеді еріп мырза көңілін қимай
Бесеуі бір төбеге шыға келсе
Көрінді қарсы алдынан бір туған ай.
Артта күн, алдымызда туыпты ай

Жолдастар кез талады қарай-қарай
Күн бесін ай туатын мезгіл емес
Жігіттер, қарай қойшы, мынау қалай.
Бір жолдасы айтыпты:

Қалың шаң қара-құра тойы шығар
Жайылған мынау байдың қойы шығар
Ақ отау алты қанат түндігі алтын
Бауы жез, күміс белбеу осы шығар.

Азырақ мен сөйлейін мәселе сөз
Бұл сөзді кешіктірмей айтайын тез
Бесеуі бір төбеге шыға келсе
Қой баққан бір шал адам болады кез.

Сонда шал сәлем берді өңкей жасқа,
Ішінде Нәзімбектей асын тасқа.
Барасың қай сапарға мырзаларым
Порымың бұл Қырымнан бөлек басқа.

Бұлар айтты: біз бір жүрген жолаушымыз
Бажайлап біліп айтсаң сөз сұраймыз.
Ақ отау алты қанат не қылған үй
Көрінеді қара-кұра шаһарыңыз.

Қойшы айтады:
Қырымда байлығы асқан Жаныс өзі
Ал соның Күлше деген жалғыз қызы
Бір ханның баласына беріп еді

Той қылып ұзатағын соның кезі.
Жігіттердің біреуі:
Жарасар жыбдық салсақ қаракерге
Жалғанда қайғы бермес саналы ерге

Бір байдың ардақтаған қызы болса
Ол өзі риза ма екен берген жерге.
Қойшы айтады:
Ырза емес берген жерге әуел бастан

Көзінің алды толар аққан жастан
Жасы бар жиырма алтыңа осы күнде
Бір жарын әлі іздейді жаста қосқан.
Барады михнат тартып сол бір жазған

Көп ойлап ғашық жарын жаман азған
Оғыз жыл күтсем деген ойы бар ед
Барады қайтсын жазған амалсыздан.
Баруға күйеу өзі ұялады

Салтанат бұрынғының бар мінезі
Үш жолдас мырзасымен түсіп қалып
Барады ақын жігіт жалғыз өзі.
Ақ отау алты қанат қыз-бозбала

Күлше қыз өлең айтып отыр сонда
Атымен ақын жігіт тыңдап тұрса
Жағады қыздың даусы құлағына.
Сонда қыз отыр екен өлең бастап

Бес бауын бешпентінің шешіп тастап
Ғашығын жаста айырылған өлең қылып
Аққудай отыр екен қыз ойқастап.
Сондағы қыздың өлеңі:

Аққан су жоғарыдан төмен сарқар
Қайғы-дерт ішімдегі қашан тарқар
Арманда балалықпен көрмей қалды-ау
Айырылған жеті жаста жетім сұңқар.

Хан еді-ау Он сан ноғай Ормамбеттің
Ісіне кім көнбеген үкіметтің
Білмесе Лұқман әкім кім біледі
Дауасын іште жатқан қайғы-дерттің.

Ләйлі мен ғашық болып Мәжнүн өткен
Таһирға Зухрамен жаста кеткен Күләндам
Күлзейнеп пен Зылбалғарап
Одағы дүниеден зарлап өткен.

Ғажайып машайықтар Ғабдылхадық
Ибраһим, Халел ұғлы Ісми Салық
Әрдайым ғашықтықтың сәруәрі едің
Бәдіғұл Сейпілмәлік Жамалға ұқсап.

Көрүғлы, Сейіт, Баттал, Мәлігаджар
Қаһарман Мәлік Иран Ғали Хайдар
Ойлаған мақсұтына кімдер жеткен
Өтіпті Ерсал Нәби әрбір жандар.

Тағы да қайрақ майда, алмас пышақ
Жүсіп пен Зылиқадай біз де болсақ.
Әміре Қарлығамен ғашық өткен Бәдіғұл,
Сейпілмәлік Жамалға ұқсап.

Бозжігіт ғашық болған бір балаға
Барса да қыз бермеген падишаға
Жарымды жаста қалған жеткізгін деп
Жыладым кеше күндіз мен бейшара.

Не жаман бұл дүниеде қайғы жаман
Сөзімді қайырлама естіген жан.
Қайғымның ішімдегі бәрін айттым
Қайран күн өттің ойбай бізден заман.

Қыз сөзін осылай деп айтып болған
Атымен ақын жігіт тыңдап тұрған.
Тамамдап қыздың сөзі біткеннен соң
Сонан соң ақын жігіт айтады өлең.

Жігіт:
Әуелі мен сөйлейін кәлем шаһи
Мен едім бір шаһардың патшасы
Ақын қыз отырмысың күйлі-жайлы

Еліңнің жол бермей тұр бозбаласы.
Қайғыңды не бітеді ойлағанмен
Жаманмен бақытың қайтар ойнағанмен
Қайғылы біз де сіздей адам едік

Дарияның ортасында мәкәнім сен.
Қыз айтады:
Қыз отыр сөйлейін деп тағы буған
Жүріпсіз күйлі-жайлы аға-еке жан

Қайғылы біз де сіздей адам едік
Аға-еке ашып айтшы руың қайдан?
Сондағы жігіттің сөзі:
Қайғымен әрең келдім қадам басып

Айтпаймын руымның түсін ашып
Шаһарын қырық сан Қырым араладым
Қолымнан жеті жасар тұйғын қашып.
Сауысқан ада құйрық бер алдында

Дау бермес шешен жігіт тере алдында
Қолымнан қашқан бұйғын жөні осынай
Шырағым мұнан хабар біле алдың ба?!
Қыз айтады:

Сөзіңе түсер-түспес көңілім нәгін
Білемін бір асылдан шыққан тегің
Айтайын жоғыңыздан білсем хабар
Аға-еке-ау, ашып айтсаң анық жөнін.

Жігіт:
Жаратқан баршамызды табиғатты
Ойлаймын қай уақыттан ақ ниетті
Тереңін Сұлтан атты баласымын

Руым ашып айтсам Ормамбетті.
Қыз айтады:
Аға-еке-ау шын екен қайғы-дертің
Бар ма еді біреуменен айтқан сергің

Нәзімбек күйлі-жайлы тірі бар ма?
Есен бе біз кеткелі елі-жұртың?
Жігіт:
Беліме буынғаным алтын баулық

Айтпаймын өтірік сөз бекер даурық
Өлгелі Нәзімбекке үш жыл болды
Қайтейін солай болды денге саулық.
Қыз:

Қажылар алты ай жүріп барар Мекке
Жоқ іздеп еліңізден келдің жеке
Көмгенін жаназа оқып Нәзімбектің
Көрдің бе өз көзіңмен, ей, аға-еке?

Жігіт:
Үндістан дүние айналған үлкен қала
Болады біздің шаһар бауырында
Көмгенін жаназа оқып көргенім жоқ

Жүруші ед сол кезде айтып бала-шаға.
Қыз айтады:
Жылқыда ұстатпайды қашқан тағы
Жаяудың аттай болар екі аяғы

Көмгенін жаназа оқып көрмесеңіз
Жел сөзі балалардың болғай тағы.
Жігіт:
Үндістан дүние айналған үлкен дала

Болады біздің шаһар бауырында
Жарыңды осы топқа бір көрсетсем
Сүйінші берер ме едің Күлше бала.
Қыз айтады:

Аға-еке-ау, тілің майда, сөзің нәзік.
Мен жүрмін сол қалқадан күдер үзіп.
Осындай сағынғанда бір көрсетсең
Берер ем үш мың сомдық бір білезік.

Нәзімбек жеті жасынан былай қарай не көргенінің барлығын бір тақияға алтынмен жаздырған екен. Қашан келіп түскеніне дейін сол тақияны жігітке беріп жіберген екен.

Жігіт:
Бір шебер жазған екен әуел басын
Екеуін іште қосқан ата-анасын
Жиырма жыл ғашығының бірін қоймай

Алтыннан берген екен тақиясын.
Бір алтын тақиям бар жан көрген жоқ
Көргенде тақиямды боласын, тоқ
Жазуын шетіндегі оқып көр де

Тағып бер тақияма гауһардан шоқ.
Ұмтылып қыз үйіне қашып келді
Жиылған қыз-бозбаланы сонда көрді
Жабықты қыз отырған көтерді де

Мынадан білерсіз деп тастай берді.
Сонда қыз қолына алды тақиясын
Төгеді мөлдіретіп көзден жазып
Әуелде өзі оқыған Кәмәл молда

Таныды жазудағы мәртебесін.
Өтіпті сұм дүние сонан да өтіп
Мұратқа әркім сондай жүрсін жетіп
Ақ үйді бұза-жара қыз шығады

Етегін берен көйлек көлеңдетіп.
Тамам жұрт қалды қыздан айырылып
Шұбайды қыз-бозбала соңына еріп
Қыздағы даяр тұрған атқа мініп

Екеуі келе жатыр қатар жүріп.
Сонда қыз келе жатып сөз бастаған
Әкемнің берген жері бір патшадан
Еркекке әйел бұрын сөйлемейді

Сонда да өзім барып амандасам.

Құлан жал құлын туар қаракерден
Жалғанда қайғы кетпес саналы ерден.
Сөзіме жауап тауып бере алмасаң
Кетпеймін көрсемдағы берген жерден.

Жігіт айтады:
Жылқыда ұстатпайды қашқан тағы
Жаяудың аттай болар екі аяғы
Баласы Асылханның Нәзім мырза

Сөзіңе жауап тауып беред тағы.
Қыз:
Қыз тағы келе жатып сөз бастаған
Әкемнің берген жері бір патшадан

Көзіме күндей болып шағылысад
Немене алдымдағы жарқыраған.
Жігіт:
Көрінген күндей болып жарың

Манап Қасында үш құрбың бар қылған құрмет
Fажайып әрбір түрлі жарқылдаған
Алтынды ер, күміс жүген боз ойнақ ат.
Сонда қыз аттан түсіп әдеппенен қүйеуіне амандасқаны:

Ерге келмей, кеш келген шабансыз ба
Жүдепсіз жол көрмеген жамансыз ба
Көрмегелі көп заман өтіп кетті
Құрметті хан Сұлтаным амансыз ба?

Сонда Нәзімбектің айтқаны:
Үлкен тұрып сөйлеген шешенсіз бе,
Жол көрген жаныңыздан көсемсіз бе,
Құрметті хан сұлтаным деп айтасың

Ханша қалпыңызша есенсіз бе?
Қыздың айтқаны:
Пайда жоқ дарияда жар болған соң
Сөйлейді шешен жігіт нар болған соң

Сұрайтын енді бізде не жұмыс бар
Іздеген өзім басым бар болған соң.
Нәзімбектің айтқаны:
Сақтамай құрметімді мен не жаздым

Мінезі қызыл жібек кей сабаздың
Сені іздеп қырық күншілік шөліңменен
Шөл көріп су таба алмай өле жаздым.
Қыздың айтқаны:

Ей, қалқа, жоқ нәрсені қылма арман
Әуелде жоқ іздеуге бізде дәрмен
Қайғырмас қайғы кетпес саналы ерден
Іздемек бізде емес қой сізде қашған.

Нәзімбектің айтқаны:
Ей, қалқа, сақар өзің кіммен теңсің
Келгенім әдейі іздеп жалғыз сенсің
Бір ханға әкең жатыр ұзатқалы

Айтсаңшы ақылыңды не қыл дейсің.
Қыздың айтқаны:
Кайтед деп өзімнің де көңілім жарым
Шүкірлік есен көрдім ақ дидарың

Өзіңнен енді қайда кетед дейсің
Отыз жыл құрметіңді күткен жарың.
Жаратқан баршамызды бір зұлжалал
Айтайын аз әңгіме құлағың сал.

Сөйлесіп бұлар мұнда отырғанда
Күйеуге ана патша барды хабар.
Бұл жайды қайдан білсін күйеу, құда
Бажайлап біреу айтты падышаға

Қырық жігіт өнерпазын ертіп алып
Шығады атқа мініп сахараға.
Өлеңші, домбырашы, балуан күшті
Қылады ойын-сауық сәулетті істі

Қырық жігіт өнерпазын ертіп алып
Қасына Нәзімбектің келіп түсті.
Бақ берген патша екен оған мұндай
Көркі бар он төртінен туған айдай

Екеуі қатар түсіп отырғанда
Керінді біреуі күн, біреуі айдай.
Жолықты екі күйеу бетпе-бетке
Әшкере сөз естілер қанша көпке

Алқалап жұрт ортаға алған шақта
Сөйлейді ана патша Нәзімбекке.
Алайын деп жатқан жанның айтқаны:
Мен өзім қырық сан Қырым патшасымын

Естимін сен бір жүрген жолаушысың
Барасың қай сапарға мырзаларым
Аяйтындар жөндеріңді есітемін.
Нәзімбектің айтқаны:

Мен де хан едім Он сан ноғай Ормамбеттің
Ісіне кім көнбеген табиғаттың
Еділ менен Болғырды бірдей кезіп
Іздедім бір сұңқарды жаста кеткен.

Қырымның ханы айтады:
Тауыпсың мырзам іздеп әзер зорға
Неше айда келіп түстің бұл-бұл қырға
Падыша ақыл ойлап бажайын тап

Іздеген кұсың түсті біздің торға.
Нәзімбектің айтқаны:
Патша жоқ сізге қылар бізде белдік
Қаңбақтай жел аударған сізге келдік

Ғадыл деи сыртыңыздан естуші едік
Падиша біз билікті сізге бердік.
Қырымның ханы айтқаны:
Мен ырза бұл билікті бергеніңе

Болайын хан баласы көргеніне
Мен билікті Күлше сұлу саған бердім
Тандап ти арман қылмай сүйгеніңе.
Ал, Күлше, екінші өзің қапыл қалма

Кетсең де кімді сүймей арман қылма
Сарынды ішіндегі айтпаймын деп
Өзіңе қияметтік пәле салма.
Қыздың айтқаны:

Патшамсың екеуің де бақытың асқан
Табиғат кем қылмаған мал мен бастан
Біреуің әкем берген патша задам
Біреуің ғашық жарым жастан қосқан.

Бұралған тал шыбықтай тұла бойың
Кем емес еш адамнан ақыл-ойың
Екеуің екі ханның баласы едің
Ортаңда енді маған болды қиын.

Ортанда екеуіңнің мен бір пенде
Не көрмес бұл дүниеде мұңды пенде
Өзің біл асыл жанның баласы едің,
Мынадай құрбың іздеп кез келгенде.

Қырым ханының айтқаны:
Айтасың үшбу сөзді ғашық жарым
Әуелде жазған шығар пәруарым
Бұл жайдың енді ақырын сізге ұйғарсын

Мен кештім Алла кешсе соның бәрін.
Еліне хан жөнелді амандасып
Алмаймын еріксіз қыз жамандасып
Оқиға бастан кешкен сырын айтып

Дос болды Нәзімбекпен құдаласып.
Еліне хан жөнелді енді қайтып
Күлше мен Нәзімбекке достық айтып
Ұзатты ноғайлыға Күлше қызды

Үстіне сексен нардың қазына артып.
Хан қайтты амандасып даласына
Қарашы ақылының данасына
Алғалы жатқан қызды беріп кетті

Кім жетер сол патшаның баласына.
Пейіште молла тұрған сарай деген
Кей шіркін жоқ нәрсені ойлайды екен
Алғалы жатқан патша ол да кетті

Жазудан қайыр нәрсе болмайды екен.
ПУШКИННІҢ 100 жылдығы

Ендігі жылы (1937 жыл) 10-февральда орыс елінің атақты ақыны Александр Сергеевич Пушкиннің өлгеніне 100 жыл болады. Ұлы ақынның бұл 100 жылдығын зор құрметпен өткізуге, Совет Одағының орталық атқару комитеті қам қылып, жақын арада 48 кісіден комиссия тағайындады. Комиссияның бастығы жер жүзіне белгілі, пролетариаттың ұлы жазушысы Максим Горький, орынбасарлары Ресейлік оқу комиссары Бубнов пен Щербаков, комиссияның мүшелері Жданов, Стецкий, Чубар, Акулов, Кисилев сияқты партияның және совет үкіметінің белгілі басшылары бар. Карпинский, Горбунов, Орлов, Розанов, Бухарин сияқты академиктер бар. Серафимович, Демьян Бедный, Гладков сияқты белгілі ірі жазушылар бар. Біздің партияның, совет үкіметінің ұлы ақынның бұл 100 жылдығын күтіп, зор құрметпен өткізейін деп отырғаны өзінен-өзі түсінікті, өзінен-өзі орынды екені қалың жұртқа белгілі. А.С.Пушкин орыс елінің әдебиет тілінің, Көркем әдебиетінің негізін, іргесін салған адам. А.С.Пушкин өз заманындағы орыс елін езген І-ші Николай атты қанды таяқ патшаның зұлым заңына шыдамай лағнет айтып, қалың езілген елдің алдағы алтын сәулелі үмітіне қол созған ақын. Қалың езілген елдің болашақ бақытының, жарық таңының алтын сәулесінің шетін сезе білген. А.С.Пушкин орыс елінің мәдениет қазынасына қымбатты байлық кіргізуімен бірге дүние жүзіндегі елдердің баршасының әдебиет, мәдениет қазыналарына байлық кіргізген адам. Әдебиеттегі А.С.Пушкин, Л.Толстой, Ш.Руставели, Т.Шевченко, Г.Тоқай, Абай, Фердауси, Хафиз, Гейне, Гете, Байрон сияқты адамдар тек өз елдерінің ғана емес, дүние жүзіндегі барлық адамзаттың әдебиет, мәдениет қазынасына бет түзеген дүние. Оның өмір жолының, өмір тағдырының өзі сол. Дүние жүзіндегі адамзаттың бақытты, қызықты көркем тұрмысқа жарамды әдебиет, мәдениет қазынасына шын ие дүние еңбекші табы. Ал дүние еңбекші табының қош басшы көсемі коммунист партиясы, Совет үкіметі. Міне, сондықтан Пушкин сияқты әдебиет, мәдениет қазынасына қымбатты мұра қалдырған ұлы адамдарды біздің партия, біздің үкімет айрықша құрметтейді. Міне, біздің үкіметтің ұлы ақынның бұл 100 жылдығын зор құрметпен өткізбек болып отырғаны өзінен-өзі түсінікті, өзінен-өзі орынды екені осы. Сондықтан да атақты Иран ақыны Фердаусидің 1000 жылдық мерекесін былтыр совет үкіметі мерекеледі... Капитал дүниесінің кәзіргі өшуге, құру тұңғиығына келіп кептетіліп тірелген кезіндегі аласұру түрі — фашизм екені белгілі. Кәзір сол аласұрған фашизм, адамзаттың неше ғасырлар бойы жинаған көркемөнер, мәдениет қазынасын лас табандарымен таптап, бүлдіріп, арттарында қалдырмай жойып кетпек болып отыр. Германия фашистері Гейне сияқты дүниежүзілік көркем әдебиет, мәдениет қазынасына зор, қымбатты асыл байлық кіргізіп кеткен атақты, биік, ұлы ақынның кітаптарын көшеге үйіп, жұрт алдында отқа өртеді. Гейне сияқты данышпан ақындар фашистердің қазіргі құрылысына қарсы үгітші. Фашистердің Гейнені жек көруі, отқа жағуы да осы себептен. Міне, адамзаттың көркемөнер, мәдениет қазынасына капитал, фашизм ие емес екендігі, фашизмнің өзі мұны сезгендігі осы. Өзі құритын тап өзінін құритынын білген соң асыл, қымбатты қазынаны былғамай артына тастап кеткісі келмейді, өзіне қарсы мәдениет қазынасын жоқ еткісі келеді. Совет үкіметінің Гейне, Пушкин сияқты дана ақындардың істеп кеткен істерін баталап, оларды қасиеттеп еске алып 100 жылдықтарын құрметпен өткізетіндігі дүние мәдениетінің қымбатты мұраларына совет үкіметі бастаған еңбекші елдердің ие екендігі осыдан көрінеді. Өз шығармаларының жер жүзіндегі барлық еңбекші елдердің мәдениет қазынасына бірдей мұра екендігін дана ақын Пушкиннің өзі айқын білген. «Ескерткіш» («Памятник») деген өлеңінде Пушкин айтқан: «Мен адам қолымен жасай алмайтын ескерткіш қаладым өзіме. Ол ескерткішке Халық өмір бойы ағылып келіп жатыр. Өмір бойы ағылып келіп жатқан халықтың салған соқпағы еш уақытта бітелмес... Мен мүлде өлмеймін, менің атымды атамайтын тіл, атамайтын ел болмас дүниеде...» Және: «Мен сұлу күймен адамның жақсылық сезімдерін айттым. Ол үшін мен ұмытылмаспын. Сүйікті болармын Халыққа...» деген. Пушкиннің заманындағы қанды таяқ Николай патша өзінің маңындағы зұлым тобырымен дана ақынды қудалап жүріп құртқан. Қазір ақынның өзінің айтқанындай, халық, ол Халықтың үкіметі — Советтер Одағы, дана ақынды ұмытпағандығын, ұмытпайтындығын жер-дүниеге көрсететін болып отыр. Ақынның «менің атымды атамайтын тіл, атамайтын ел болмас дүниеде...» дегеніндей, дүниеде Пушкиннің атын атамайтын тіл жоқ. Әсіресе Ресейде Совет үкіметі орнағаннан бері Пушкин шығармаларын өз тіліне аудармаған ел жоқ. Біздің қазақ әдебиетінде Пушкиннің гүлді сөздерін төңкерістен бұрын атақты ақын Абай қазақ тіліне аударған. «Евгений Онегин мен Татьяна» хаттарын қазақ даласында әдемі әнге салып жырлайтын еді. Және төңкерістен бұрын белгілі Шәкәрім ақын Пушкиннің қара сөзбен жазған «Дуброскийін» өлеңмен аударып шығарған еді. Ал төңкерістен кейін Пушкиннің басқа шығармаларының да бірнешелері қазақ тіліне аударылды. Дана ақынның: «Менің сөздерімді күн батыс пен күншығыстағы елдердің өз тілдерімен айтпайтыны болмас...» деген болжау сөздері совет үкіметі заманында толық расталып отыр.

1936 жыл

ҰМЫТЫЛМАЙТЫН ЕСІМ

Омбыңа учительдік семинарияда оқып жүргенде Горькийдің шығармалары басқа жазушыларға қарағанда жүрегіме біртүрлі жылы тиіп, басқалардан ыстық, жақын болды. Горькийді жолықтырып, ауызба-ауыз сөйлесіп, әдебиет жөнінде кеңесуді, өзін көруді арман етуші едім. Бұл арманым 1934 жылғы жазушылар ұйымының 1-съезінде орындалады. Бірақ өте қиындықпен болды. Съезде М.Горькийдің баяндама жасағаны әмбеге белгілі. Мен осы баяндама кезінде алдан орын алып отырып, көремін ғой деп ойладым. Бірақ алдын орын алу қиындықпен орындалды. Өйткені съездің шаруашылық жұмысын басқарып жүргендер Қазақстан делегаттарына орынды ең артқы жақтан беріпті. Мен оған көнбедім. Олардың тәртібін бұзып, алға отырдым. Бір рет «бұл орын сіздікі емес, кейін тұр» десе де тұрмадым. «Бүгін осында отырамын, ертең қайда отырғызсаңдар сонда отырамын» дедім. Осылай еттім. Горькийге жақын отырдым. Оның сөйлегенін, күлімдегенін, бет құбылысын, кейде адам баласының өткен қорлық өмірін айтып, көзіне жас алғанын көрдім. Горькиймен бірге көңілім қобалжып, ең нәзік сезімдерім тебіренді. Қалайда «тәртіпті бұзсам да» ұлы жазушыны көрдім. Соның өзі дұрыс болған екен.

1936 жыл

МЫҢ РАҚМЕТ

Жолдастар! Мұндай жағдайда байсалмен, жатық сөйлеу тым қиын. Адамның өмірінде мерекелі, мүшелді күндер жиі бола бермейді деген сөз рас сөз. Кім көрінгеннің бәрін құрметтей бермейтіні де, жаңа өмірдегі мүшелді еңбек баласын үнемі мерекелей бермейтіні де рас. Біздің партиямыз бен үкіметіміз және біздің совет жұртшылығы бүгін менің әдебиет қызметімнің 20 жылдығын мерекелеп отыр. Мені сөздің шебері деп санайды жұрт, Бірақ мен сөзбен істес адам болсам да, нелер жүрек сөзін айта білетін адам болсам да, мен разылық сезімімнің дәрежесін біздің партиямызға, біздің совет жұртшылығына, біздің басшымызға жеткізуге жарарлық сөз таба алмай тұрмын. Осы минутте жан сүйенерлік, жүрек қозғаларлық осынша үлкен сезімді, үлкен ырзалығымды білдіруге жарарлық сөз жоқ. Жазушының әдебиет жөніндегі 20 жылдық еңбегін мерекелеп, оған осыншалық көңіл бөліп, біздің партиямыз біздің әдебиетімізді жоғары көтереді, жалаң жазушы мен ақынды ғана емес, біздің әдебиетті және поэзияны сүйетіндердің бәріне қайрат, жігер береді. Бұрын Қазақстанда әдебиет пен поэзия, тіпті жалпы көркемөнер мен мәдениет сыйлы нәрсе емес еді, оның сыйлы еместігі былай тұрсын, бірсыпыра уақыт бөгеулі, шырмаулы болды. Тек көсемнің нұсқауларын, оның Қазақстандағы артықша және айбынды шәкірті іркілмей, дұрыс іске асырғанының арқасында біздің алуан-алуан тіршілігіміз соңғы үш жылдың ішінде шұғыл жоғары көтеріліп, көздің жауын алатын жарқын сәуле ашты. Соңғы үш жылдың ішіндегі бұрынғы-соңғы болып көрмеген кесек олжалар, ірі табыстар мұны айқын көрсетеді. Жолдастар! Ақынның көңілі қашан да болса қалтқысыз, бүктесінсіз келеді, ал мұндайда басқа жұрттардың бәрінің көңіліндей қалтқысыз болады. Мұндай шын мереке кезінде адамның жаны ашық болуды, шыншылдықты қалайды. Қазақстанның жақында Мәскеуде өткізген көркемөнер онкүндігі туралы ойлағанда, қазақ музыкасы мен әндерінің ондағы табыстарын ойлағанда, Совет үкіметінің бұған берген үлкен бағасын, наградын ойлағанда, қазақтың совет әдебиеті мен поэзиясын қауырт өсіруге себеп болған Өлкелік партия комитетінің көп көңіл бөлуін ойлағанда және біздің өлкеміздің Одақтас республикаға айналғалы отырғанын ойлағанда, міне, осының бөрі жаңа өмірдегі осы сияқты тарихи фактыларды ойлағанда, менің көз алдыма Қазақстанның ескі басшыларының бар бейнесі мен стилі және Қазақстанның жаңа басшысының бейнесі — Леон Исаевич Мирзоянның бейнесі елестейді. Айтты — айтпады, жолдастар, бұдан үш жыл бұрын Қазақстанның ескі басшылығы тұсында, осының бәрі болады деп ойлауға сияр ма еді? Біздің халқымыздың тіршілігі және мәдениеті мұндай шұғыл көтерілуі мүмкін емес, Қазақстанның Одақтас республикаға айналуы да мүмкін емес еді. Тек партиямыздың үлкен жәрдемінің арқасында және ерекше көңіл бөлуінің арқасында, партияның белгілі қайраткерлерінің бірі — Мирзоян жолдастың Қазақстанға келгенінің арқасында мұның бәрінің болуы мүмкін болды. Халқымыздың партиямызға, басшымыз Мирзоян жолдасқа менің айтатыным — менің барлық күш-жігерім бұдан былай да партияның ісіне, бақытты жарқын биікке, социалдық Отанымыздың ұлы ісіне арнаулы.

1936 жыл
«ҚЫЗЫЛ СҰҢҚАРЛАР» ЖӘНЕ ОЛ ЖӨНІНДЕГІ СЫН ТУРАЛЫ

«Пьесаның кемшілігі репетиция уақытында анығырақ көрінуге мүмкін. Мен өзім сол репетицияларда болармын да, режиссердің және артистердің ақылдарын тыңдап, табылған кемшіліктерді іс үстінде түзетерміз» дегем. Бұл сөзді мен қолжазбаны театрға тапсырғанда да айтқам және театр коллективінің алдында «Қызыл сұңқарларды» оқығанда да айтқам. Оқылғанда артист, режиссермен бірге кейбір әдебиетшілеріміз де болған. Режиссерлар мен «Қызыл сұңқарларды» ойнаған артистер пьесаның қалай өңделіп, қай араларының қалай қысқартылып, қандай сөздерінің жөнделгенін жақсы біледі. Бұл істе театр коллектив! маған бірсыпыра жәрдем көрсетті. Тек көркемөнер комитетінің адамдары бұл жұмысқа қатыспай, өздерін аулақ сақтап келіп, пьесаны халыққа көрсетуге ұлықсат бергізіп жіберіп, 6 рет ойналғаннан кейін пьесадан «саяси қателер» таптық деп астан-кестен болды. Көркемөнер комитетінің бұл «өнері» онша адам «қызығарлықтай» болмады.

Енді пьесадан Тоғжанов тапқан саяси қатенің не екенін көрсетейік. Мен бұл мақалада, көбінесе, тек Тоғжановтың мақаласы туралы ғана жазамын. Мүсіреповтың мақаласы туралы әуре болудың қажеті жоқ қой деймін. Өйткені оның сөзінде ешбір маңызды дәнеме жоқ. Ғ.Тоғжановтың «Қызыл сұңқарларға» қоятын айыбы: «Пьесада ең бас қаһарман орыс жұмысшыларының өкілі болу керек. Өйткені революцияда көсемдік қылған орыс халқының революцияшыл пролетариаты. Пьеса қаһармандарының ішінде ірі орын алып отырған қазақ — Еркебұлан. Бұл дұрыс емес. Бұл тарихқа жала»... дейді. Негізгі саяси қате деп отырғаны осы. Әуелі осыны тексерейік. Менің түсінуімше, Г.Тоғжановтың бұл «жобасы», бұл «теориясы» дұрыс емес қой деймін. Бірінші — бұл пьеса тарих емес. Мынау «революцияның тарихы» деген ешбір пьесаны, ешбір көркем шығарманы мен білмеймін. Екінші — «Қызыл сұңқарлар» Қазақстанның белгілі бір ауданында ғана болған, революция кезіндегі жергілікті күрестердің бір оқиғаларынан ғана алынып жазылған пьеса. Бұл бүкіл Қазақстанда болған революцияны суреттеген пьеса емес. Бұл жайт пьесадан айқын көрініп тұрады. Үшінші — қандай ауданнан алынса да, қай ұлттың қай жерінің күресінің оқиғаларынан алынса да ең бас қаһарманды орыс жұмысшыларынан қою керек. Әйтпесе бұл саяси қате болады деген «теория» да дұрыс емес. Бұл «теория» механикашыл-схемашыл теория. Менің ойымша мұның өзі саяси теріс теория. Бұл «теорияны» қолдансақ совет көркем әдебиетінің талай шығармаларын мансұққа шығарған болар едік. Мысалы, тіпті Фадеевтің «Разгром», Серафимовичтің «Железный погоп» сияқты белгілі көркем шығармаларды да теріске шығарар едік. Тағы талай осындай шығармаларды айтуға болады. Олардың бәрінде де басты геройлар орыс емес. Басқа ұлттардан алынған. Ал, шынында, орыс халқының ұлы пролетариаты өзге ұлттардан шыққан революционерлерді кейін қақпай, қайта оларға жәрдем беріп, ілгері тартып өсіріп, ілгері көтеріп келгені жер дүниеге белгілі факты. Сол өзге ұлттардан шыққан революционерлердің талайына талай аймақ, облыстарды, талай қиын істерді, талай зор биік тұрғыларды басқартқаны бүкіл әлемге белгілі ғой. Тоғжанов жолдас өзінің теріс «теориясын» орыс халқының ұлы революцияшыл пролетариатының бұл жұмыс заңы деуімен сол революцияшыл орыс пролетариатының қасиетті, интернационалдық рухына өзі үлкен зиянды жала жабады. Тарихи істі өзі теріске бұрмалайды. Сталин жолдас американың жұмысшы делегациясымен сөйлескен бір сөзінде: «СССР-дің жоғарғы орғанының, Советтердің Орталық Атқару комитетінің басында орыс председателі отыруы міндет емес, СССР-де біріккен алты одақтас республиканың санына қарай, алты председатель отыр» деген еді. Ал Тоғжанов жолдас Қазақстанның бір ауданында, жергілікті Халықтың күрестерінің бір кезінде оқиғаларға араласқан және ақтардың түрмесіне түскен 7-8 кісінің ең бас қаһарманы орыс жұмысшыларынан болсын дейді. Әйтпесе тарихқа жала жабу болады дейді.

Мәселе түсінікті ғой деймін. «Қызыл сұңқарлардағы» ен бас қаһарман деген қазақ Еркебұлан, — бұл «Разгромдағы» Левинсон, «Железный потоктағы» Кожук сияқты оқшау, үздік бас қаһарман емес. Еркебұлан оқшау, үздік бас қаһарман болса, пьесаның аты да тек «Еркебұлан» болар еді. Немесе тек жалғыз «Қызыл сұңқар» болар еді. Олай емес, пьесаның аты «Қызыл сұңқарлар»... Бірақ, оқиға Қазақстанның бір ауданынан алынып отырған соң, ақтар жағынан байды, саудагерді, алашорда болсын Қазақтан алып отырған соң, солардың айналасын, бала-шағаларын, ауыл-үйлерін көрсетіп, оқиғаны солармен байланыстырып отырған соң пьесадағы қызыл Қазақ Еркебұланға сөз де, орын да Захар мен Нестеровтан көп берілді. Сөйтсе де, пьесада қиыншылық уақыттарда Захар мен Нестеров Еркебұланға және басқаларға pyx беріп, қайрат беріп отырады. Тоғжановтың «тұрпаттары солғын, олар нашар» дегені байқамай айтылған сөз, не бекер айтылған сөз.

Сөйтіп Г.Тоғжанов не қыл дейді, мен не қылыппын?.. Енді соны айталық. 1. Тоғжанов пьесаның ең үлкен қаһарманы орыс жұмысшысы болсын дейді. Ал мен айтам: бірінші — оныңыз қате деймін. Екінші — ол «теорияңыз» зиян теория деймін. 2. Тоғжанов айтады, Алашорда офицері Шікрені мазақ қылып көрсетпе, маскүнем, ақымақ қылып көрсетпе, — күшті қылып, ақылды қылып көрсет, мазақтамай көрсет дейді. Ал мен айтам: алашорданың ақымақ офицерін ақылды қылып көрсеткім келмейді де, үйтіп көрсетпеймін де. 3. Тоғжанов айтады: Анненков пен алашорда түрмесінде бір жыл отырса да, отырған адамдар демалыс үйінде жатқандай болсын, олардың түрмесінде болған сұмдықтардың нәтижелерін көрсетпе, ешкім олардың түрмесінде есінен танбасын дейді. Ал мен айтам: жоқ, олардың түрмесінде болған хайуандық азаптардың нәтижесінде талайлар естерінен адасқан, талай қара шаштар бірер жұмада-ақ ағарған. Олардың түрмесін адамгершіліктері мол кісілер жасаған қонақ үй қыла алмаймын. 4. Тоғжанов айтады, пьесадағы Маштай байдың малайын (Әбенді) біздің бұл күнге шейінгі талай пьесалардағы, талай әңгімелердегі оп-оңай бола қалатын малайлардай ә дегеннен қып-қызыл қыл, стандарт қыл, «оңай намаз» сияқты малай қыл дейді. Ал мен айтам: жоқ, ондай салғаннан оп-оңай қып-қызыл батырақ жұртқа әбден белгілі болып болған оңай тұрпат. Ондайды жасай салу қиын емес. Одан гөрі бұл пьесада мына Әбен сияқты сана-сезімі бірте-бірте ашылып келіп, ақырғы кезеңде құлаш көре қызылдармен кеткен малайды көрсету уажділеу болады деймін. 5. Тоғжанов айтады, француз полковнигін интервенцияның ұйымдастырушысы қыл дейді. Ал мен айтамын: интервенцияның ұйымдастырушы қожасы полковник емес, дүние жүзілік капитал деймін. Полковник тек оның малайы, қызметкері деймін. Және ол полковникті Анненковтың офицері сияқты қылып көрсет дегеніңіз уажды «ақыл» емес деймін. Бернард Шоудың «Сайтанның шәкірті» деген пьесасыңдағы ағылшын генералын көріңіз деймін. Сондықтан, мен көрсеткен полковниктің өзі дұрыстау болады деймін. 6. Тоғжанов қызылдарды ұлт-ұлтқа бөл дегендей қылады. Мен оны да дұрыс емес деймін. Қызылдар әр ұлттардан болғанмен, бәрі бір мақсаттың, бір таптың адамдары, бәрі бір семья деймін. Солай қылып көрсеткенмін, солай қылып көрсетемін де. 7. Тоғжанов ақтарды да бір-бірінен бөледі. Бірін «ең үлкен жау», бірін «кіші жау» қылып көрсет дегендей ымдайды. Ал, мен оны да дұрыс емес деймін. Бәрін тұтас алу керек деймін. Тұтас алғанда, қызылдар мен ақтардың екі таптың мүддесі үшін күресіп жатқанын көрсету керек деймін. Тұтас алғанда, қызылдар мен ақтардың екі таптың мүддесі үшін күресіп жатқанын көрсету керек деймін. Міне, осы. Қысқасын айтқанда Г.Тоғжановтың және кейбір «өте амалшыл» адамдардың ерінінің емеурінімен жазсақ, пьесаның саяси маңызы да бүлініп, әдебиеттік, театрлық, драмалық көркемдігі де бүлінер еді. Г.Тоғжанов «пьесадағы қызылдардың бәрі де баймен байланысты» дейді. Мұндай өтірік те тым шолақ айтылған өтірік екені өзінен-өзі белгілі. Пьеса бойынша Маштаймен байланысы болған тек Жұмаш деген совдепші және бұл Жұмаш бастық емес, жәй совдепші. Ол тіпті айқыннан-айқын көрсетіледі. Маштай мен байланысы болғаны үшін, түрмедегі жолдастары Жұмашты қоймастан жазғырып отырады. Бұл да айқын көрсетілген. Онан соң, Г.Тоғжанов пен кейбіреулер әлгі Маштай байдың малайы Әбеннің сөздерін ылғи боғауыз сөз, батырақтың беделін түсіретін сөз дейді. Әрине батырақтың жақсы сөйлегенін де және батырақ емес кісінің де «беделі» түспейтіндей қылып өтірік сөйлемей, дұрыс, әділ сөйлегенін де дұрыс көремін. Бірақ пьесада Маштай байдың малайы Әбен өзінің беделі түсетін сөз сөйлемейді, тек ақтардың «беделі» түсетін өткір сөздер сөйлейді. Сонсоң ақтарға жалынғаны үшін Жұмашқа екі-үш тікенді сөз айтады. Егерде мұндай сөз тым «ыңғайсыз» болса оны өзгертуге болады. Онсоң пьесада алашорда болысының Абай сөзін айтып құрал қылуы дұрыс емес, бұл да тарихқа жала дейді. Мен Абайдың атын пьесадан алып тастадым. Бірақ алашорданың Абайды өзінікі қылмақ болуын, өзінікі қылам деп Абайды масқаралауы тарихқа жала емес, ол болған іс. Татарларға қарсы жазған мақалаларында алашорда бастығы Бөкейханов Абайды Дулатовтың, Байтұрсыновтың, Жұмабаевтың алдына сала жазатын, Семейде 1917-жылы шығарған журналының да атын «Абай» деп қойған болатын. Мен пьесада кемшілік жоқ демеймін. Кемшіліктері бар. Сынағандардың тәуір пікірлері де болды, ол еске алыну керек. Пьесадағы кемшіліктерді, әрине жөндеуге тырысамын. Әзірге мыналарды істедім: 1. Абайдың атын пьесадан алып тастадым. 2. Боғауыз сөз дегендерді өзгерттім. Жалпы тіл жағын қайтадан қарап шықтым. 3. Дайрабай болыстың рөлін сол күшейтіңкіредім. 4. Шнейдерге бірнеше қатаң реплика бердім. 5. Әнәпияның бетін соңғы пердеде ашыңқырадым. 6. Түрмеде отырған большевиктер мен бостандықтағы жолдастардың байланыстарын көрсетіңкіредім. 7. Тағы да кейбір кейіпкерлердің мінездерін, ішкі маңыздарын ашыңқырадым. Сөйтіп әзірше осы болады ғой деймін.

1937 жыл

ТҮСІНІКТЕР

«Манап» драмасы туралы» деген мақала Сәкеннің әдебиетші ретінде жазған тұңғыш сыни пікірі. Жетісу өңірінде болған оқиғаны Алматы уезінің начальнигі И.Лиханов пьеса етіп жазып, М.Есенгелдин қазақша аударған. Ол «Айқап» журналының 14-21 сандарында жарияланып, оқушылар ұнатса, жеке кітап етіп шығармақ ниеті барын білдіргенде Сәкен ұнатпаушылардың бірі болып «Айқап» журналының 1914 жылғы 23-санында осы мақаласын жариялаған. Бұдан да гөрі ащылау және дәлелді Міржақып Дулатовтың «Манап» драмасы» деген мақаласы «Қазақ» газетінің 1914 жылғы 82-санында жарияланды. Бұл рецензияда орынды ойлар айтылып, өзінше пікірін ашық айтқан: «Біздің мәслихатымыз аты қазақша екен деп мұндай мағынасыз нәрсені Қазаққа өрнек үшін таратпау керек. «Манапты» шығарушыны да, тәржіме қылушыны да сөкпейміз, Бірақ әдебиет ернегі болғандай бір журнал «Манаптағы» орасан ерсілікті көрмеуіне таңырқаймыз» деп «Айқап» жайлы 51-санындағы ызғарлы ойының жалғасын аңғартып қойған көрінеді. «Әдебиет һәм оның бағыттары» деген ғылыми-зерттеу мақаласы «Қызыл Қазақстан» журналының 1922 жылғы 13-санында, аяғы 1923 жылы 15-санында жарияланып, сол кездегі таным-білік деңгейінде әдебиет тарихы және оның бағыттары жөніндегі түсінігін ағартушылық мақсатта жазып, өзінің эстетикалық таным-білігін аңғартқан. «Бекет» рецензиясы «Еңбекші қазақ» газетінің 1923 жылғы 18-сәуірінде жарияланды. Спектакль 12-сәуір күні қойылғанда рабфак шәкірті Ғабит Мүсірепов болыпты. Ол Е.Жақыпов пен Ж.Молдағалиевке сол спектакльден алған әсерін айтыпты. «Спектакль басталмас бұрын Сәкен Сейфуллин сахнаға шығып, қазақтың советтік социалистік автономиялық республикасының құрылғанына екі жыл толуына байланысты сөз сөйлегенін, онымен қоса Анненкова-Бернардтың «Бекет» пьесасы жайлы, оның тақырыптық негізі — Бекет батырдың езі жайлы көрушілерге әңгіме еткен» (Е.Жақыпов. Дастаннан драмаға. 1979. 110-бет). Рецензияны оқыған пенделер осы пьеса 1923 жылы орыс тілінде кітап болып жарияланғандағы алғы сөзге назар аударғандары абзал. Пролетарлық революцияның алғашқы дәуірінде тарихи шындықтар бұрмаланбай, оның да ашық айтылғанын көреміз. «Выпуская настоящую книгу, Академический центр Кирнаркомпроса имеет целью ознакомить русскую читающую публику с эпизодом борьбы передовой части киргизского общества с гнетом царизма в эпоху подчинения киргиз царскому подданству» дегенін кейін шовинистер, оған қосыла өзіміздің жағымпаздар «добровольное присоединение Казахстана к России» деп 250 жылдықты үш жыл тойлағанымыз бар. Ертерек кезде шындықтың бетіне саруды ұят көретіндер «ознакомление же широких кругов русской публики, живущей на территории КССР, с историей борьбы киргизского народа за свою свободу, ведшейся на протяжении 15 — 19 столетий в значительной мере объясняется современное революционное состояние киргизского общества и психологии данного народа» деген ой-пікірлердің түтіні дұрыс екендігін аңғармасқа болмас. «Асау тұлпар» туралы» Сәкеннің сыншыларға жауабы «Қызыл Қазақстан» журналының 1923 жылғы егіз 17 — 18 санында жарияланды. Негізінен Нәзір Төреқұловтың «Темір қазық» журналында (1923 ж. № 1) шыққан мақаласына қарсы жазылған. Бір ғажабы, қазақ тарихында сіңірген еңбектері таудай екі ұлы қайраткерлердің жұлдыздары бір-біріне қарсы туғаны өкінішті. Бұл жауаптан кейін нәзір Сәкеннің «Бақыт жолына» пьесасын «Темір қазықтың» 2 санында іске алғысыз етіп сынады. «Асау тұлпарды» оқыған кісі өзінін кім, дүниенің не екендігін білу былай тұрсын, оң аяғы мен сол аяғын білмей қалу ықтималы бар. Шын революция тәрбиесі берілуіне зиян тимесін деп бұл кітапты жастарға оқытпасқа тиіс. Сәкенді Орынбордан алып келіп, бір музейге кіргізіп қоярға жөн. Мұндай «қызық» кісіні музейден басқа жерге қойып та болмайды!» деген сөздердің өнер жайын былай қойғанда пенделік жағынан келісіп тұрмағаны белгілі. Сәкен де аянып қалмағаны байқалады. Бір ғажабы, Нәзір тек Сәкеннің сыншысы болудан кез жазбай кетті. Сәкеннің «Тар жол, тайғақ кешу» роман-эссесінің бірінші, яғни 1927 жылы шыққан басылымын зерттеп, 2003 жылы Сәкен шығармаларының көп томдығына серке (бірінші том) болып шыққан басылымына жазған мақаласында доцент К.С.Ахмет «Сәкеннің қай шығармасына болмасын ащы сын жазып келе жатқан Нәзір Төреқұлов кітаптың шыққанына екі жылдай болып қалғанда «Тар жол, тайғақ кешу» туралы бір-екі сөз» дейтін мақала жазды. Ол «Еңбекші қазақ» газетінде 1928 жылы 28-желтоқсанда шығып, қара аспанды түсіріп жібермегенімен, роман-эссені даттауды мақсат тұтқаны қалың көпшілікке бірден мәлім болды. Редакция өз тарапынан жазған түсіндірмесінде: «Нәзірдің Сәкен кітабынан түк пайда жоқ деуі қате. Нәзірдің сын жазғандағы беталысы дұрыс емес (515-516 беттер) деп табуы мәселені біраз ушықтырып жіберген болатын. Бұл мақалаға қарсы Әбділда Тәжібаев «Тар жол, тайғақ кешу» мен Нәзірдің сыны туралы» мақала жазды. Ондай мақаланың шығар-шықпасынан хабары болмаған Сәкен «Жаңа әдебиет» журналының 1929 жылғы 7-санында «Тар жол, тайғақ кешу» туралы» көлемді түсіндірме беріп, жауап қайтарды. Сәкен мен Нәзірдің шығармашылық қарым-қатынастары онша жараса бермегенімен, пенделік тірліктерінде аралас-құралас болғандары Бүкілодақтық советтердің 8 съезінде, В.И.Лениннің атақты ГЭОЛРО жоспарын баяндайтын съезінде Сейтқали мен Сәкен екеуі Тұрар Рыскұлов пен Нәзір Төреқұловтың тіл табысуына ара ағайын болғандары бар көрінеді. Тарих қазір бәрін өз орнына қойып жатыр. «Қазақ, әдебиетінің қысқаша тарихы» деген мақала 1924 жылы 19-ақпанда «Еңбекші Қазақ» газетінде «Сәкен жолдастың оқыған лекциясының қысқаша қорытындысынан алынды» деп ескертіп «Сәбит Төңкерісұлы» деген кісінің авторлығымен жарияланды. Ол «ұзартып жазса Сәкен жолдастың баяндамасынан көп сөз алуға болатын еді. Бірақ газет беті тар болғандықтан қорытындысының қысқаша түрін ғана жазып отырмыз. Сондықтан мұны оқушылар Сәкен баяндамасының әр жерінің дәмі деп ұғуы керек» деп ескерту жасаған. Демек, идея, ой Сәкен аузынан шыққан, ал оқушыға жетуі Сәбит Төңкерісұлының (кім екенін анықтай алмадық. Сәбит Мұқанов қолынан шықса, бір сыр бергендей еді, Бірақ ондайды кездестіре алмадық) біраз деректерді қисынсыздау бергені нәтижесінде бұл лекция туралы баспасөз бетінде үлкен айтыс мақалалары жазылып, бірқыдыру шу болған. Темірбай (кім екенін анықтай алмадық) деген автор «Қазақ әдебиеті тарихынан әңгіме» атты мақаласын «Ақ жол» газетінің 1924 жылғы 5-наурызында жариялады. Оның толық мәтіні қолымызда жоқ, алайда оған қарсы Ғабит Мүсірепов жазған «Қисық сын, әділ төре» деген мақаласын «Еңбекші қазақ» газетінің 1924 жылғы 24-наурызында шыққан 83-санында жариялады да, 1970 жылы «Суреткер парызы» деген әдеби-сын еңбектерінің жинағында бірінші бетке орналастырды. Мақаланың негізгі мақсаты Сәкенді жалған, дөрекі сыннан арашалау. Расында да Темірбай Сәкенді өтірікші, жас буынға қате ұғындырды дейді. Мылжың дейді, соқыр дейді, арсыз, әңгі дейді. Білгенінше жамандап, халық кезіне үлкен мінді кісі етіп көрсетеді. Темірбайдың сынынан оқушы не ұқты? Әрине, Темірбайдың сынынан Сәкенге дұшпандығын, аяғынан қалай шалуды андып жүргендігін ұқты. Егер «Ақ жол» басшылары Сәкенді бейпіл сөзбен мұқатам десе, ата-енесінен түк қоймай лағнаттаса, мынасынан сыпайы болар еді» (1970. 5-9 беттер) дегенін Fабең 1931 жылы есіне түсіріп, қалам ұстауға «құмарлығымды Сәбит сезді білем, «Сен жазуға кіріс» деп мазалап жүрді. Сәкенді жақтайтын бір мақала жазғызды. Аяғына мен қол қойсам да желісін тартып жаздырған, артынан түгелімен қайта жазып шыққан Сәбит еді. «Балтабай» деген біреуге қарсы жазылды ма, немене, әйтеуір біреуді боқтадым да салдым. Менің алғашқы жазған мақаламды Сәбиттің сонша түзеткені маған жаман батты» (сонда, 53-54 бетте) дегенін ескерер болсақ, Ғабиттің әдебиетке келуіне Сәбеңнің шапағаты тисе, екіншіден, Сәкеннің дәрісін жазған «Сәбит Төңкерісұлы» өзіміздің «кәдімгі Сәбит Мұқанов шығар» деген ойға жетектейді. Ол жөнінде Сәбеңнің еңбектерінен ештеңе аңғарылмайды.

Бұл шығарма Сәкеннің көп томдығына тұңғыш кіріп отыр. «Қазақстан еңбекші төңкерісші жазушылар ұйымының басқармасынан» деген хабарландыруды «Кеңестер Одағындағы еңбекші тап жазушылары ұйымының сана (идеология) және Көркем сөз туралы жобасы» деп Қазақтың пролетарлық жазушылары ассоциациясының, яғни атышулы КазАПП-тың платформасы Өлкелік партия комитетінің 1925 жылы 12-маусымда шығарған қаулысы негізінде Сәкен жазып, ВАПП, РАПП пен «Қузница» ұйымдары жобаларының қазақ жағдайына ыңғайлы баптарын аударып, әуелі «Еңбекші қазақ», кейінірек «Бостандық туы» (1925 жыл, 6-тамыз) газеттерінде жарияланған болатын. Сөйтіп Қазақстанда тұңғыш рет жазушылар ұйымы құрылған-ды. Осы тарихи оқиғаның басы-қасында болған Сәбит Мұқанов «алғашқы ұйымның Қызылорда қаласында құрылуы «Еңбекші қазақ» газетінің 1925 жылы 10-мамырда шыққан 203-санында жариялана қалды. Ұйым Бүкілодақтық пролетариат жазушыларының бірлестігіне бөлімше есебінде ашылып, соның платформасын (бағытын) қазақша аударып басты. Мен бұл кезде Қызылжар (Петропавл) қаласында шығатын «Бостандық туы» газетінде қызметте едім. Платформа ол газетте де жарияланды. Бірақ мен Сәкенге ВАПП-тың бағытын түгел қолдамайтындығымды айтып хат жаздым. 1926 жылдың жазында Қызылорда қаласында болған жазушылар жиналысында «Қузница» түгіл РАПП-тың платформасы Қазақ совет жазушылары үшін тар деп танылып, Қазақстан жағдайына сәйкес жаңа платформа жазылып (мәтінін мен жаздым) қабылданды. Қысқарта жазғанда «КазАПП» (пролетариат жазушылары) аты сақтала тұра, кеңітіп жазған уақытта «Қазақстан пролетариат және шаруа жазушыларының бірлестігі» деп аталды» (С.Мұқанов. «Өсу жолдарымыз». 1960. 683-бет) дегені осы жарияланымдардың сырын толық ашып береді. «Ұлт театры туралы» деген рецензияға Смағұл Садуақасовтың «Ұлт театры» деген еңбегіне жазылып, «Қызыл Қазақстан» журналының 1926 жылғы 11 — 14 сандарында жарияланды. «Шолпан өлді» аза мақаласы «Еңбекші қазақ» газетінде 1926 жылы 13-қазанда, «Әйел тендігі» журналының 7—10 сандарында басылды. «Шаш қырқу» туралы» деген жауабы «Еңбекші қазақ» газетінде 1926 жылы 25-қарашада жарияланды. «Бет aшардa» Сабыр Шәріповтың «Алтыбасар» әңгімесінің жарық көру жайы және мәні әңгімеленеді. Сәкен Сейфуллин жолдастық қарым-қатынастың өнегесін нақты іспен көрсеткен. «Алтыбасар» тез шығу үшін «Еңбекші» кітапханасы» деген топтаманы пайдаланған. Оған дейін Бейімбеттің «От басында», Смағұл Садуақасовтың «Ұлт театры», Біләл Молдыбаевтың «Қазақстанда жоғарғы дәрежелі мектептер», Ерғали Алдоңғаровтың «Тілшілер құралы» және әрқилы авторлардың шығармаларынан 1925 жылы дайындалған «Сыйлық» жинағы шыққан болатын. «Алтыбасар» (әңгіме) Сәкен Сейфуллаұлының бет ашарымен («Алты-Басар» (рассказ) с предисловием Садвакаса Сейфуллина (Сакен). № 6. Бастырушы: Қазақстан жер-су комиссариаты. Қызылорда. 1926 ж.» деп шыққан. «Ел ақындарының айтысы» Сәкеннің қазақ әдебиеті үлгілерін жинап жүргенін аңғартатын және бұл салада атқаратын ірі істерінен хабар беретін алғашқы жарияланым. Ол 1926 жылы «Жаңа мектеп» журналының 4 және 6 сандарында жарияланды. «Жинаушыдан» деген кіріспесін сәл өзгертіп, екі басылымды біріктіріп беріп отырмыз. Сәкеннің көп томдығына тұңғыш рет кіріп отыр. «Жанғожа жыры» 1926 жылы «Жаңа мектеп» журналының 5-санында жарияланды. Оған Сәкен «Жинаушыдан» деген кіріспе жазып «Жанғожа жайындағы өлеңнің» әрбір сөзіне және кісі аттарына түсіндірме жазып, 6-санында «Жанғожа батыр Нұрмағамбет баласы» деген зерттеуін жазған. Бір өкініштісі Жанғожа батырды зерттеушілердің көбі осы басылымды білмейді, кейінгі басылымдарда ескерілген тұсты аңғармадық.

Сәкен шығармаларының көп томдығына тұңғыш рет кіргізіліп отыр. «Таныстыру» Шолпан Иманбаеваның 1927-жылы шыққан өлеңдер жинағына арналып жазылған алғы сөз. Осы жинақты құрастырып, «Сөз басын» жазған Қазақтың қайраткер қызы Сара Есова « Қолда бар өлеңдерін берген Назекеңе (Нәзипа Құлжанова), Сәкенге, Елжасқа (Бекенов), Шолпанның інісі Балмағамбетке алғыс айтамын» дегеннен кейін жинаққа «кірген өлеңдер — Шолпанның таңдамалы өлеңдері. Қолға түскен өлеңдердің 35-інен 26-сы баспаға жарарлық деп осы кітапқа кіргізілді» деген ескертпесіне қарағанда Есованың, не «Әйел тендігі» журналының архивын Мариям Хакімжанова Шолпанның екінші жинағын шығарған кезде ескерген-ескермегені беймағлұм. Қалай болғанда да Шолпанның мұрасына қайтадан оралып, толықтырып шығаратын уақыт келді, өйткені оның жарық дүниеге келгеніне 2003 жылы 100 жыл толды.

Бұл мақала Сәкен шығармаларының кеп томдығына тұңғыш рет кіргізіліп отыр. «Қазақтың көркем әдебиеті туралы» деген шолу мақаласы «Жыл құсы» альманагының 1927 жылы шыққан 1-санында жарияланды. Сәкен шығармаларының жинақтарында жарияланып келеді. «Әдебиет майданында (пікір алысу ретінде)» мақаласы Қазақстан мемлекеттік баспасы Қазақтың пролетариат және шаруа жазушылары бірлестігі үшін шығарып, бар билікті өзі жүргізген «Жаңа әдебиет» журналының тұнғыш санында (1 — 2) 1928 жылы жарияланды. «Сұрауға жауап» Сәкеннің «Тар жол, тайғақ кешу» атты роман-эссесі 1927 жылы шыққаннан кейін оқушылардан түскен сұрақтарға, хаттарға «Еңбекші қазақ» газетінің 1928 жылғы 24- қаңтарында қайтарған жауабы. «Әдебиетті бағалау және құлық-сананы тексеру» атты күрделі мақаласы «Жыл құсы» альманагының 2-санында 1928 жыны жарияланып, әдебиетті тану жөнінде бірқыдыру мағлұмат берген. «Көркем әдебиет туралы білуге тиіс үш нәрсе» атты танымдық мақаласы да «Жыл құсы» альманағының 2-санында басылған. «Ел қорғаны не?..» деген сын мақала «Жаңа әдебиет» (қазіргі «Жұлдыз») журналының 1928 жылғы қосарлы 3-4 санында жарияланды. Сәкен шығармаларының екі басылымына да кірген. «Тар жол, тайғақ, кешу туралы» Нәзір Төреқұловқа қайтарған жауабы «Жаңа әдебиет» журналының 1929 жылғы 7-санында басылды. Тарихи мәні зор роман-эссе жөнінде алаш қозғалысына қатысқан, аттары аталатын қайраткерлердің, қаламгерлердің бірде-біреуі «Тар жол, тайғақ кешудегі» деректер дұрыс емес, жаңылыс айтылған, анау анадай емес мынадай еді деп дау шығарып, мақала жазған емес, үлкен жиындарда сөйлеген де емес. Олардың жазып, сөйлеуіне ол тұста тиым да салынған емес. Себебі «Тар жол, тайғақ кешу» 1927 жылы жаз айларында шыққаннан кейін қалай жазамын, қалай сөйлеймін десе де мүмкіндіктері болған. Алаш азаматтарын тұқырту, тұтқындау 1928 жылдың желтоқсанынан басталып, 1929 жылдың ортасына дейін Ахмет, Міржақып, Мағжан, Жүсіпбек сынды марқасқалар ұсталды да, тергеулері Мәскеуде Бутырка түрмесінде өткізілді. Тегінде Голощекин ұсынысымен болған шығар, әйтеуір алаш қозғалысына қатысқан 44 азамат елден жырақ жерде азап шекті, тексерілді. Кітап жаздың ғой, басқа айтарын, бар ма деп Сәкенді, алаш идеологиясымен көп алыстың ғой деп Сәбитті куәлікке шақырған ешкім болған емес. 1830 жылы сотта 13 азамат ату жазасына кесілді. Мағжан 10 жылға сотталды. Атуға кесілгендердің Жүсіпбек Аймауытовтан басқалары кешірім сұрап, өтініш жазған соң 10 жылға түсіріп, Беломор-Балтық каналын қазуға салды. Негізгі тұрақтары атақты Соловки болды. Ал Жүсіпбек «өз зиялыларына күн көрсетпейтін үкіметтен кешірім сұрамаймын» деп Мәскеу қаласында атылып кетті. Сондай-ақ, алаш азаматтарының сырын сыртқа көбірек шашқан Дінмұхамед Әділов пен Әбдірахман Байдильдиннің кешірім сұраған өтініштерін қабылдамай, атып тынды. С.Ақатайдың «Тар жол, тайғақ кешу» алаш азаматтарын айыптаудың негізгі көзі болды деген қисыны ешбір жобаға соқпайды, үкімет ауысқан кездегі көтерілетін шаң-тозаңға тең айқай ғана. Тіпті «Тар жол, тайғақ кешуді» оқушылардан аластатпақ болған Нәзірдің өзі бірде-бір тарихи дерекке шүбә келтіре алмағанын мақаланы оқыған адам анық кереді және Әбділда Тәжібаевтың «Тар жол, тайғақ кешу» мен Нәзірдің сыны туралы мақаласы басылғанда «Енбекші қазақ» газеті 1929 жылы 15-сентябрьде мынадай түсіндірме беріпті. «Газетімізде Нәзірдің мақаласы басылғанда, бұл сын — бірбеткей сын, кітаптың кемшілігі, қате жерлерін көрсетумен бірге жақсы жағын көрсетпеген, кермеген дегенді айтып едік. Осы сөзімізді енді өзгертіңкіреп мына Әбділда жолдасқа да айтуға болады. Әбділда жолдас «Тар жол, тайғақ кешу» туралы Нәзірді сынаймын деп өзі де сезбей сол Нәзірдің жолына түскен. Нәзір — міндетім қалайда жамандау десе, Әбділда — міндетім қалайда мақтау деп ұққан. Өзі «жаман мен жақсы жағын бірдей жазу керек, жүз процент марксшіл сыншы болу керек» деп жұртқа ақыл үйретеді. Бірақ, сол ақылын өзі орындамаған.

Біздіңше қай күнде болса да бір беткейліктен түзу сын болмайды. Әбділда мен Нәзірде осы бір беткейлік бар. Бірі асыра жамандайды, бірі асыра мақтайды. Біздің сыншылар мұны қою керек. Түзу сын жазам десе, жақсысын да, жаманын да бірдей көре білу керек. Сәкеннің «Тар жол тайғақ кешуін» сынаушылар да осыны істеуі керек еді.

Сәкен кітабының жақсы жері не?

Сәкен кітабында бірсыпыра ескі тарихи материалдар бар. Алашорда тұсындағы газеттерден, сол кездегі докуметтерден жақсы-жақсы анықтамалар келтірген. Сол анықтамаларға қарап алашорданың сондағы, советке қарсы істерімен, пікірлерімен танысуға болады. Сәкен кітабының екінші жақсы жағы — Сәкен кітабынан патша саясаты, онан соң бері Керенский, Колчактың саясаты қазақ даласына қандай әсер бергені, Қазақтың бай, кедей оқығандары қалай қарасқаны жайында да бірсыпыра мағлұмат алуға болады. Сәкен кітабының үшінші жақсы жағы — Сәкен кітабынан қазақ арасында коммунистер қалай шыға бастады. Қазақ коммунистерінің қандай істері болды.Осы жайында да бірсыпыра мағлұмат бар. Ал Сәкен кітабының кемшіліктеріне келсек, біздіңше, ең үлкен кемшілігі — Сәкен кітабындағы материалдардың ондап сұрыпталмағаны, біріне-бірі жалғастырылып берілгені. Материалдарды, көбінесе газеттен алынған сөздерді тандап алып, дәлел үшін келтірудің орнына, сөйтіп сол кездегі жағдайды, саяси хәлді Маркс көзімен тексерудің орнына, Сәкен пәлен былай дейтін, түген бүйтіп еді деп қана қоя салады. Тексеру, тап көзімен сынау жағы аз. Содан барады да оқушыларға кейбір оқиғалардың беті ашылмай қалады. Екінші үлкен кемшілігі — Сәкен кітабында партияға алғаш кезде кіріп кеткен Келбай Тоғысұлы сықылды афирес парашылдарды коммунистердің көсемі қылып қояды. Байсейіт, Мұқан сықылды коммунисте жүз қайнаса сорпасы қосылмайтындарды кітабында мақтайды. Содан барады да Сәкеннің кітабында мұндай адамдар туралы үлкен-үлкен саяси қате пікірлер жазылады, міне бұл үлкен саяси қате. Партия жұртшылығын теріс жолға салатын қате. Сәкен кітабының үшінші кемшілігі, саяси кітапта жазылар ешбір орны жоқ, «Құбақан қыз, қара торы, қоңыр қыздардың» Сәкенге қарап қызыққандары, Сәкеннің оларға қарап қызыққаны сықылды ұсақ сөздердің, керексіз сөздердің көптігі, мұндай сөздердің бұл кітапта тіпті-ақ жазылар жөні жоқ еді. Ондай сөздерді жазғаннан Сәкенге де келетін пайда жоқ. Білген кісіге ондай мақтан сөздердің, жұртшылыққа мәні жоқ ұсақ сөздердің зияны толып жатыр. Мұндай сөздер оқушыларға да жаман әсер береді. Сәкен кітабының төртінші кемшілігі, кітап мазмұнының «ала-құла» болып шығуы. Кітаптың «Тар жол, тайғақ кешу» деп қосылған аты да ішіндегі сөздерге әділ келмейді. Кейбір жолдастар «Тар жол, тайғақ кешуді» роман деп айтатын көрінеді. Сәкеннің өзі де не дерімді білмей кеп ойландым депті. Шынында бұл кітап, жекелеп алғанда роман емес, әңгіме (повесть) де емес. Кітаптың ішіндегі көп сөздерге қарағанда бұл кітапты мемуар түрінде жазылған кітаптардың санына қосуға болады. Олай болса кейбір жолдастардың «Тар жол, тайғақ кешуді» Көркем әдебиет деуі де дұрыс емес. Әрине, Сәкен кітабының біз айтқаннан басқа да жақсы, кем жақтары бар. Оның бәрін бұл арада теріп отыру мүмкін емес. Алайда біздіңше кітаптың көзге түсетін жақсы жағынан да, кемшілік жағынан да маңыздылары жоғарғы біз айтқандар деп білеміз. Осымен Сәкен кітабы туралы «Еңбекші қазақ» бетінде айтысты енді бітті деп санаймыз» жазғанын қысқартпай беруді орынды көрдік. «Көшпелі дәуірдегі қазақ әдебиетінің күйлерінен» деген баяндамасын Сәкен Сейфуллин В.И.Ленин атындағы Орта Азия коммунист университетіндегі қазақ оқушыларының әдебиет мәселесіне арналған жиналысында жасаған. Және сол университеттің жанынан 1929 жылы «Кедей айнасы» деген альманах шығарылды. Баяндамасы бойынша сөйлеген жастардың ой-пікірлерін «Әдебиет — тап құралы» деген қорытынды сөзінде түйіндеді. Оларды «Кедей айнасынан» алып бір-біріне жалғастырып беріп отырмыз. «Менің қателерім туралы» деген Сәкеннің жан сыры «Еңбекші қазақ» газетінде 1929 жылдың 2-қыркүйегінде басылды. Сәкен Ташкенттегі Казпедвуздың директорлығын еріксіз тастап, Алматыға амалсыз келген тұсы болатын. Қазақстанда өрши түскен голощекиндік, қисынсыз жағымпаздыққа салынып, жұрттың бәріне әңгіртаяқ ойнатқан жікшілдік, жершілдік, алауыздық өршіп тұрған кезенді пайдаланып алаштың азаматтарын шытырлатып түрмеге жауып жатқан шақты Сәкен білмеді емес, білді. Қазақстанға еріксіз шақыртылуының ішкі сырын ұқты. Колдарынан келсе алаш азаматтарындай түрмеге жауып, соттатып жіберетінін білді. Соның ызғарын қаптырар ма екен және кептен бергі «кінәмнан» арылайын деп Сәкен осы жан сырын ашып жазды. Бірақ бұған голощекиншілер сенбеді. Оның үлкен жандайшабына айналған «Еңбекші қазақ» газетінің басындағылар Сәкеннің шын сезіне сенбей, мақаласының соңына «құйрық» жалғап «Сәкен өз қателігін мойнына толық алмай отыр. Олай болған, былай болған деп кінәсын жеңілдетіп отыр» деп ағынан жарылған, өмірі өтірік айтып көрмеген азаматтың шын сезіне шүбә туғызды. Сәкен көрген құқай мұнымен аяқталмады. Тамыздың аяғында Алматыға келген Сәкен 11-қарашаға дейін ешбір жерде қызметке орналаса алмай, жан досы Қаскей Өтекиннің жәрдемімен сауатсыз жұмыскерлерге сабақ беріп, 100 сом ақы алып, күн көрді. 1929 жылы 15-қазанда № 9 партия ұйымы Сәкенді партиялық тазалаудан (партчистка) еткізді. Бұрынғы қателіктер мен кемшіліктерін жіпке тізіп, төрт бетке жыпырлата басып, бесінші бетіне мынадай шешімін жазды.

«Қаулы. 1. Сейфуллин жолдас тексерістен етті деп есептелсін. 2. Сейфуллин жолдастың жікшілдік мақсатпен Сәдуақасовтың ұлтшылдық тобымен ымыраласқаны коммунистік қылыққа жатпайды деп айыпталсын. 3. БК(б)Г7 Орталық Комитеті тарапынан Қазақстан партия ұйымындағы қысыл-таяң жағдайда Қазақстанда қызмет істеу керек деп айрықша ескерткеніне қарамай, барлық партия ұйымдарының назарын антипартиялық жікшілдік ағымдармен күресуге бағыттап жатқан шақта Сейфуллин жолдас күйректікке салынып, саяси қайраткерліктен іргесін аулақ салғаны үшін талқыға салынсын. Сонымен қатар, Сейфуллин жолдастың пессимистік күйректіктен арылдым, бұдан былай өзімнің ғана емес, өзгеніңде, жалпы партия ішіндегі пессимизмнің көрінісімен күресемін дегені еске алынсын. 4. БК(б)П Қазақстан ұйымдарының біразында шын мәнінде жікшілдік болғандығын Сейфуллин жолдастың тексеру кезінде мойындағанын және ол қателерінің теріс екендігін сөккендігін, бірақ онысын қазақ партия ұйымы мен халықтың қалың кепшілігі білмейтіндігін ескере келіп, Сейфуллин жолдасқа «Советская степь» пен «Еңбекші қазақ» газеттеріне өзі жасаған қателерді мойындап, оны айыптайтынын нақты атап айтатын мақала жазу тапсырылсын, сонымен қатар Сейфуллин жолдасқа жалпы әдеби еңбекке, сондай-ақ баспасөз жұмысына мейлінше белсене қатысып тұру тапсырылсын. 5. Табы жат элементке партиялық кепілдеме бергені үшін Сейфуллин жолдасқа айыбы бетіне айтылсын» деген қаулының төртінші бабы Сәкенің 2-кыркүйектегі «Еңбекші қазақ», «Советская степь» газеттері мен «Қызыл Қазақстан» (№6) журналындағы жарияланған мойындауын білмегендіктен бе, әлде сондай машық күшті болғандықтан ба, әйтеуір ардагер ақынды әуре-сарсаңға салғаны тарихқа белгілі. Партиялық тазалаудан аман-есен өткеніне С.Мұқанов, Х.Есенжанов пен Е.Ысмайыловтың тіпті 60-жылдардың өзінде қуана күрсінгенін өз көзіммен көріп едім. Олай болмаған жағдайда Ахмет, Мағжан, Халелдердің аяғын құшып, түрмеге алынары сөзсіз еді. Шындық жеңіп, Сәкен 1929 жылдың 11-қарашасынан былай қарай Қазақ университетінде (КазПИ әуелінде университет болып ашынған) ұстаздыққа ауысқан болатын. «Қазақ әдебиеті туралы хат» Қазақ университетіне қызметке орналасқаннан кейінгі бірінші сөзі және Сәкеннің бұрыннан бері әдеби мұрасын жинау жөніндегі арманды ісінің алғашқы қарлығашы «Еңбекші қазақ» газетінің 1929 жылғы 26-желтоқсанында басылды. Осы игі шараның алғашқы қадамын Сәкеннің өзі жасап, 1930 жылдың жазында Сарыарқаны — Қарқаралы, Қоянды жәрмеңкесі, Тоқырауын аймағын, Балқаштың Мыңаралы мен Хаптауларын аралап, ауыз әдебиеті үлгілерін жинап қайтты. Елдің рухани байлығын сақтай білген азаматтар Сәкенге жәрдем қолын созып, талай халықтық шығармаларды, авторлары белгілі кітаптарды жіберген болатын. Соның арқасында Сәкен 1930 — 1935 жылдар аралығында талай әдеби мұраға екінші және мәңгілік өмір беріп, бірнешеуін кітап етіп шығарды. «Жинаушыдан» деген түсіндірме алғы сөзді Сәкен өзі құрастырған «Қазақтың ескі әдебиет нұсқалары». І жинақ. Жинаған Сәкен (Сейфоллаұлы). Сборник образцов казахсқой народной литературы. Материалы собраны и систематизированы Сейфуллиным» деген атпен 1931 жылы шыққан жинақта жариялады. «Ертедегі жырлы әңгімелер, яки ноғайлы дәуірінен қалған әдебиет нұсқалары» деген зерттеу еңбегі 1931 жылы «Жаңа әдебиет» журналының 10 және 11 санында «Тарих-сын материалдар» бөлімінде жарияланды. Бұл зерттеу еңбегі Сәкеннің «Қазақ әдебиеті. І бөлім. Билер дәуірінің әдебиеті» атты жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған оқулығына біршама өңделіп, кеңейтіліп енгізілді. Ол еңбек қазақ фольклористика ғылымының іргесін қалауға негіз болса, «ноғайлы дәуірі» деген ғылыми проблема күні бүгінге дейін әрі қарай дамытуды қажет етеді. Сондықтан оқушылар ол проблемамен арнайы танысқаны абзал деп Сәкеннің көп томдығына тұңғыш рет кіргізіп отырмыз. «Қасиетті құс — аққу туралы». Сәкеннің осы тарауға жазған арнауының сыры оның «Біздің тұрмыс» атты романында бірқыдыру ашылады. Ал тараудың өзі «Қазақ әдебиеті» оқулығына еніп, тұңғыш рет көп томдықта жарияланып отыр. Алғаш рет 1931 жылы «Жаңа әдебиет» журналының 12-санында жарияланды. «Мен қадай жаздым» 1932 жылы «Жаңа әдебиет» журналының, «Кім қалай жазған» деген сауалнамасына қайтарған жауабы. Ол журналдың 7-санында жарияланды. «Сөз басы» 1930 жылдан бастап бүкіл Совет елінде оқу жүйесін жаңа жүйеге көшіріп, бастауыш, орталау, орта мектеп жүйесі қалыптаса бастаған болатын. Осыған байланысты бұрынғы бірінші және екінші басқыш, шаруа жастар мектептеріне арналған оқу құралдары жаңа жүйеге лайықтана қоймаған соң Қазақстанда жетекші ақын-жазушыларды оқу құралдарын жасауға міндеттеген-ді. Оны біреулері өзінің күнделікті ісінің жалғасы деп білсе, қайсыбіреулері жалпы дүрмекпен ат салысқан болатын. Жазушылар коллективінің атынан жазылған «Сөз басында» мектеп жүйесімен таныс, оқу процесін білетін, оқушыларға қандай материал ұстанудың педагогикалық талап-тілектерінің жалпы нобайы аңғарылады. 5-сыныпқа қажетті хрестоматияны І.Жансүгіров, С.Сейфуллин, Ә.Мәметова, Б.Майлиннен құралған ұжым оқу процесіне айрықша қажетті шығармаларды жүйелеп бере алмағандықтан «Әдебиеттану оқу құралы» етіп құрастырып, тәжірибелі мұғалімдерден көмек күткені көрінеді. Бүл оқу құралы бұдан кейін қайтып шықпады.

Сәкен шығармаларының көп томдығына түңғыш рет кіргізіліп отыр. «Батырлар жырлары». Сәкен 1932 жылы жоғары оқу орындарының студенттеріне арнап «Қазақ әдебиеті» деген оқулық жасады. Оны жеке том етіп береміз. Ол оқулықта қазақтың бай ауыз әдебиеті ғылыми тұрғыдан зерттеліп, жүйеленді, күні бүгінге дейін оқу-әдістеме және ғылыми дәйектемеде ескеріліп келе жатқан өте құнды дүние. Қазақ әдебиеттану ғылымының негізіне қаланған еңбек. Осы оқулықты жасау барысында Сәкен Халық әдебиетін мол пайдаланды. Оның әзірге кітап болып оқушы қолына тимегендігін ескеріп «Қазақ әдебиеті» оқулығында ұзақ-ұзақ үзінділер келтіріп отырған болатын. 1931 жылы шығарған «Қазақтың ескі әдебиет нұсқаларын» бірінші жинақ етсе, енді «Батырлар жырларының жинағын» 1933 жылы екінші кітап етіп шығарып, оған қысқаша алғысөз жазған. Себебі «батырлар жырлары «Қазақ әдебиеті» деген менің кітабымда талқыланған. Мұнда тек сол батырлар жырларын жинап, түптедік» деп қысқа қайыра салған. «Кезектегі істерім». Әсіресе газеттер әрбір жаңа жылдың алдыңда атақты ақын-жазушылардан, өнер қайраткерлерінен келе жатқан жылға қандай жоспарлары барын сұрап, күні бұрын елге хабарлайтын әдет бар. «Лениншіл жас» газеті өзінің 1934 жылғы жаңа жылдық санында Сәкенмен сұхбаттасып, осы материалды жазғызып алыпты. Оның құндылығы Сәкен қолынан шыққандығы бір болса, екінші әлі күнге дейін тиісті бағасын ала алмай келе жатқан сатиралық «Біздің тұрмыс» романының негізгі идеясы, «Лениншіл жас» газетінде 1932 жылдың аяғы, 1933 жылдың басында «Әдебиет майданы» журналында алғашқы бөлімі шыққан «Қызыл ат» поэмасын толық бітірмек ойы және 1932 жылы Октябрь мерекесіне шығармақ болған «Альбатрос» поэмасының екінші бөлімін жазбақ болғаны сияқты деректер Сәкентану үшін айрықша керек мәліметтер. «Ыбырай Алтынсарыұлы». Сәкен 1934-1935 жылдары қазақтың атақты ақын-жазушыларының жеке жинақтарын шығарған еңбекшіл ғалым. Сәкен зерттеулерінің өміршең болатындығы біреулер дайындап берген шығармаларды оқып, еңбек жазу емес, зерттейін, пікір айтайын деген дарынның артында қалдырған мұрасын тірнектеп жинап, машинкаға бастырып, қателіктерін түзеп, баспаға тапсырғаннан кейін корректурасын оқып беру арқылы ол ақын-жазушыларының жан сырын біліп алатындай деңгейге жетуінде. Fылыми зерттеудің ең ауыр жолымен жүргенде ғана еңбек қадірлі болмақ. Ыбырай Алтынсариннің орыс әрпімен шыққан «Қырғыз хрестоматиясы» өзі өлгеннен кейін 1896 жылы «Матбуғат» деген атпен араб әрпімен шыққан болатын. Ал оның жеке жинағы өзі барда да, жоқта да кітап болып басылмаған-ды. Міне, осы өкінішке толы олқылықты ескеріп, 1934 жылы Ыбырай Алтынсарыұлының тұңғыш жинағын жариялап, мәдениетіміздің жарық жұлдызына айналдыруға нақты ісімен бірінші қадам жасаған Сәкен Сейфуллин екенін естен шығармаған абзал. «Ақан сері» жинағы да тап осындай жағдайда туған. Оның, тарихта өлең-әндерінің бір жерге басы қосылып, кітап болып шығуы Сәкен Сейфуллиннің жанкештілігімен 1934 жылы жүзеге асты. Оған Мағжанның 1924 жылы Ақан сері жайында зерттеу-мақаласы болғаны, қайсыбір зерттеушілердің сөз арасында Ақан серінің атын атағаны болмаса, осы уақытқа дейін кітап болып шықпаған-ды. «Ақмолланың өмір тарихы». Бұл да қазақ тарихында алғашқы жинақ және Сәкен қазақ-башқұрт-татар халықтарына ортақ дарынды анықтап, оның шығармашылық ғұмырбаянын және ақындығын биік бағалады. Профессор Бейсенбай Кенжебаевтың ыждағатымен Уәлихан Қалижанов Ақмолла шығармашылығы жайында арнайы зертеу жасап, кандидаттық диссертация қорғағаннан кейін татар, башқұрт бауырлар оны қайтадан өз бауырына тартып, мерейтойларын өткізуіне Сәкеннің осы 1934 жылы шығарған «Ақмолла (Мұптақедден Мұқамедиярұлы) өлең жинағы» себепші болғанын айрықша атау ләзім.

«Бұл алғысөз Сәкеннің көп томдығында тұңғыш рет жарияланып отыр. «Ләйлә-Мәжнүн». Әлем әдебиетінің інжу-маржанымен Қазақ оқушыларын таныстыру мақсатын көздедім дегенмен Сәкен қазақтың үлкен ақыны, Абайдың немере інісі Шәкәрім Құдайбердіұлының аты да, еңбегі де елеусіз қалмасын деген оймен шығарған. Сөйтіп қазақ даласына кіре бастаған зорлық-зомбылыққа қарсы екендігін аңғартқан. Өйткені Шәкәрімнің жазықсыз атылып, тың атауға тиым салынғанын Сәкен жақсы білетінінде шүбә болмасқа керек. Бұл жинақ та 1934 жылы баспаға беріліп, 1935 жылы жеке кітап болып шықты. Сәкеннің бейнетті көп тілейтін жариялампаздық еңбегі мұнымен тамамдалмайды. 1939 жылы Сәбит атымен шыққан «Батырлар жырын» дайындаған да Сәкен екенін естен шығармайық. Сәкеннің атын атауға болмайтын кезеңде Сәбит Мұқанов басын тағы да оққа тігіп, халық мұрасын аман-есен ел-жұртқа жеткізгенін ұмытпайық. «Хан Кене туралы» деген мақала әуелі «Социалды Қазақстан» газетінің 1934 жылғы 10, 11 маусымында, ал «Әдебиет майданы» журналының сол жылғы бесінші санында жарияланды. Біз журналда толық басылған мәтінін Сәкен көп томдығына тұңғыш рет ұсынып отырмыз. Сәкеннің алғашқы алты томдығы (І960 — 1964 ж.ж.) шыққан тұста бұл мақаланы баспаға дайындағанымызда редакция алқасының мүшесі, атақты сыншы-ғалым Есмағамбет Ысмайылов «Оқылсын, даулы, қиын» деген пікір айтса, М.Әуезовтің дүниежүзілік данқы, жаңадан ғана дүниеден өткендітінен гөрі Кенесарының тарихта шулатып жатқанынан сескенген Тайыр Жароков, Мүсілім Базарбаев, Асқар Лекеровтер «мұндай пәлені жариялауға болмайды» деп маған қайтарып берген. Тәуелсіздік келгеннен бері әдеби-мәдени мұраға қол сұғуға болмайды деген қағиданы бұлжытпай сақтап, Сәкен қаламынан шыққандарды сол күйінде беріп отырмыз. Бұл жалғыз «Хан Кенеге» жасалып отырған ескерту ғана емес, кейінгі, осыдан кейін алғаш рет орын алатын Қазақстан Совет жазушыларының 1934 жылғы бірінші съезінің материалдарына да қатысы болмақ. «Съезіміз өсу белгісі болды». Сәкеннің Қазақстан Совет жазушыларының бірінші съезін ашардағы және жабардағы сөздерін тұңғыш рет толық күйінде жариялап отырмыз. Съезд жүріп жатқанда республиканың бар газетінде хабарлар берілген болатын. Сәкен солардың бірде-бірін санатқа алмай, әуелі «Әдебиет майданы» журналына, кейінірек Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасы 1934 жылы шығарған «Қазақстан кеңес жазушыларының тұңғыш съезі» деген стенографиялық жинаққа берді. Оны жарияларда Сәкен бе, әлде редакция ма «1934 жылдың 18-июнінде Қазақстан жазушыларының бірінші жиынында айтылған сөздің толықтырылып жазылғанынан үзінді» деп ескертпе жасайды. 60-жылдар шыққан алты томдыққа мұны да кіргізе алмағанбыз, өйткені Сәкеннің. сөздерінде саяси да тарихи біраз деректер кездесуі бізді біраз шошындырған-ды. Соған қарамастан «Шашыранды сөз, даулы мәселелер туралы» деп Сәбит Мұқановтың съезде жасаған баяндамасына Сәкен айтқан пікірі берілгенмен «Исатай-Махамбет туралы», «Тағы да Сұлтанмахмұт туралы», «Ұлтшылдық туралы» деген бөлімдерін беруге көңіліміз дауаламаған-ды. Және ащылау айтқан жерлерін жұмсартып, сынап-сипап жіберіппіз. Тағы да мәдени мұраны жариялау заңына бағынып, Сәкеннің қолынан шыққандарды сол күйінде тұңғыш рет беріп отырмыз. «Қазақ кеңес жазушылары» деген бір топ материалды «Көркем әдебиет» атты оқулық-хрестоматиядан алып, Сәкен Сейфуллиннің көп томдық шығармалар жинағына тұңғыш рет кіргізіп отырмыз. 30-жылдардың бас кезінде мектепті оқулықпен қамтамасыз етуге үлкен науқан басталғанда Сәкен өзінің ұстаздық қызметінің жанды жалғасы деп түсініп, 1932 жылғы «Қазақ әдебиеті» оқулығынан кейін мектепке назар аударған болатын. Сәкен Сейфуллин мен Өтебай Тұрманжанов 1934 жылы орталау мектептің бесінші сыныбы үшін әдебиет оқу құралын жасаған. Ол 1935 жылы стеоративпен қайтадан басылған. Бұл оқу құралында қазақ кеңес жазушыларының өмірі мен шығармашылығы жайлы деректер беріліп (кейбір өмірбаяндық деректерді жазушылардың бұрын жарияланғандарынан алған, ал енді кейбірін өздеріне арнайы жаздырып алған), кітапқа енген шығармалардың әрқайсысына бесінші сынып оқушысы түсінерліктей талдаулар берілген. Бұл кітап оқу-хрестоматия түрінде жасалғандықтан әр жазушы жайындағы талдауларды, СССР халықтар әдебиетінің өкілдері және ауыз әдебиет нұсқалары жайындағы материалдарды іріктеп алдық. Өтебай Тұрманжановтың Сәкен туралы жазғанын Сәкен Сейфуллин шығармаларының жинағына қосудың орайы болмас деген ниетпен алып қалуға ниеттенгенімізбен, оқулық болып таралғандығын ескеріп, сол кездегі таным-біліктің бүгінгілерге жеткені де дұрыс деп тауып отырмыз. Бұл оқулық-хрестоматияны Қазақстан Халық ағарту комиссариатының коллегиясы бекіткен. Орысшасын «Учебник казахсқой литературы для средней школы одобрено Казнаркомпросом» деп 15 мың таралыммен шығарған. Оның жауапты редакторлары Абат Әлібаев пен Құлмырза Өтенов, техникалық редакторы Бекбауылов, ал жауапты корректорлары Бейімбет Майлин, Жиенғали Тілепбергенов, Зейнелғабиден Иманжановтармен 1915 — 1918 жылдары медресе «Ғалияда» бірге оқып, қолжазба «Садақ» журналын шығарысқан Әбдірахман Мұстафин болды. Бұл ақсақал осы қызметін 1960 жылдарға дейін жалғастырып, З.Иманжановпен аралас-құралас болған, ал Сайфи Құдашпен хат арқылы хабарласып тұрған. «Көркем өнер техникасына жетілейік». Сәкеннің Қазақстан советтерінің ІX съезінде сөйлеген сезі. Орысша аудармасы «Казахстанская правда» газетінде 1935 жылы 9-қаңтарда жарияланды. «Өрлеу үстінде» атты ғылыми-зерттеуі әдебиеттегі формализм мен натурализм туралы айтыста сөйлеген сөзі. «Қазақ әдебиеті» газетінде 1935 жылы 5-мамырда жарияланып, Сәкеннің бар жинағына еніп жүр. «Мәдениет майданында» мақаласы «Социалды Қазақстан» газетінде 1935 жылы 5-қазанда жарияланды. «Байсалды жүйрік» Қалқаман Әбдіқадыровтың жаза бастағанына он жыл толуын құттықтау. «Қазақ әдебиеті» газетінде 1935 жылы 12- қыркүйекте, «Ленин туы» газетінде 5- қазанда, «Әдебиет майданы» журналының 9-санында жарияланды. «Биыл мен не жазамын» 1936 жыл 1-қаңтарда «Социалды Қазақстан» газетінде басылды. «Нәзімбек» басталуы Қозы-Көрпеш пен Баян лиро-эпосына ұқсағанмен шешімі мүлде бөлек жыр. Он сан ноғай мен Қырым төңірегіне байланысты туған жыр тегінде ноғайлы дәуірінің нақты бір дерегін аңғартатын болғандықтан «Нәзімбек» «Әдебиет майданы» журналының 1936 жылғы бірінші санында жарияланды. Қол қойылып, түсіндірме берілмеген, оның есесіне журналдың мазмұндамасында «Сәкен— Нәзімбек» деп көрсетілген және «Сәкен Сейфуллин, әдебиеттердің көрсеткіші — указатель литературы» 1965 жылғы шыққан библиографиясының «Сәкен жинап бастырған ел ақындарының өлеңдері» деген бөлімде 366 санмен «Нәзімбек — жыр» (жинап, түсінік берген Сәкен») деп көрсеткен. Көп томдыққа тұңғыш рет беріліп отыр. «Пушкиннің 100 жылдығы». Сәкен Сейфуллин А.С.Пушкиннің қаза табуының жүз жылдығын өткізетін Бүкілодақтық комиссияның мүшесі және қазақстандық Пушкин комиссиясының төрағасы болды. 1936 жыл түгелдей Сәкеннің Пушкин тойын өткізуге арналды десе болғандай. Мақалалар жазу, жиындарда сөйлеуді былай қойғанда А.С.Пушкиннің «Таңдамалы шығармалары жинағының» 3 том (1-том поэмалар, 2-том «Евгений Онегин, 3-том прозалар.) аудармасын Сәкен басқарып шығарды. Бұл мақала 1936 жылы 22-қаңтарда «Социалды Қазақстан» газетінде жарияланды. Сәкеннің көп томдығына тұңғыш рет кіргізіліп отыр. «Ұмытылмайтын есім». 1936 жылы 19-маусым күні Максим Горькийдін дүниеден өтуіне бағышталған азалы жиналыс КазПИде өтеді. «Қазақ әдебиеті» газетінің тілшісі «Сәкен жолдас М.Горький жөнінен есте қалғандарын айтты» деп әлгі сөздерді келтіреді де, мұнан кейін «Сәкен жолдас Мәскеу барғанда Горькиймен жолығуды ойлағанын, ол ойдың орындалмағанын, оған өкінетінін айтты. М. Горькийдің өз шығармаларына өте көп әсер еткенін айтты» деп хабарлапты газеттің 23-маусымында шыққан санында «Социалистическая Алма-Ата» газетінде «Он живет в моем серде» деген (20.6.1936.) мақаласында М.Горькийді мінбеден ғана көріп қоймай, үзіліс кезінде де қатысып қалғанын, «Гений всегда добр и прост в обхождении — в этом я убедился, разговаривая с Алексеем Максимовичем» деп төгіле айтыпты. «Мың рақмет». 1936 жылы 12-шілдеде Қазақстан жұртшылығы Сәкеннің шығармашылық өміріне 20 жыл толуын зор мархабатпен тойлады. Газет-журналдардың бірде-біреуі бұл мерекеден шет қалған емес. Өлкелік партия комитетінен бастап жер-жерден келген құттықтаулар, одақтас республиқалардан, әсіресе Қырғызстаннан жіберілген адрес пен сәлемдеме көп болды. Республиканың үкіметі Семейдегі оқытушылар институтына, Жезқазған жолы басталатын (Жарық) станцияға Сәкен Сейфуллин, Алматыдағы мектепке Сәкен атын беріп, астына машина мінгізді. (Ол машина қазір Жамбыл мұражайында тұр). Сәкен тойы Қазақстанда бұрын болып көрмеген мереке болды. 1923 жылы Ахмет Байтұрсыновтың 50 жылдығын өткізуге Сәкен бас болса да немесе Бейімбет Майлиннің 1932 жылы шығармашылығының 20 жылдығын еткіземіз деп даттап алғанымыз, 1934 жылы Абайдың қайтыс болғанына 30 жыл толуын өткізбек болып, орта жолдан қайтып, орашолақтық танытқанымыздың бәрі ескеріліп, Сәкен тойы Халықтық мерекеге айналған еді. Мына сөзі, сонда айтқан рақметі «Социалды Қазақстан» газетінде 1936 жылы 15-шілдеде басылды. «Қызыл сұңқарлар» және ол жөніндегі сын туралы» мақала Сәкен қолынан шыққан ең соңғы дүниелердің бірі. Бұл пьеса алғаш 1922 жылы кітап болып шыққанда Қоңырдың (М.Әуезов) сынына ұшыраса, енді 1936 жылы Қазақстан Халық комиссарлары жанындағы Өнер комитеті басқармасы бастығының орынбасары Fаббас Тоғжановтың саяси айып таққан ұрда-жық сынына кезікті. 6 рет қойылып, ел-жұрттың төңкерісшілдік ынтасына жауап берген спектакль сахнадан алынып тасталды. Соншама не болып қалды? «Қызыл сұңқарлардың» алғашқы премьерасын көрген, Мәскеуден келген өкіл Анур «пьесада қазақ халқының революциялық тарихы бұрмаланып көрсетілген. Пьесаға жүгінсек қазақ интеллигенті басшылық жасаған. Ол орыс жұмысшысы мен неміс эмигрантына және украинге ақыл үйретеді. Қазақстандағы революциялық оқиғалардың барысындағы орыс пролетариаты мен большевиктік партияның ролі бұрмаланған» деп тауып, спектакльді тоқтатуға ақыл қосыпты. Оның, осы пікірін өзінен естіді ме, әлде Мәскеуден хабарлады ма, әйтеуір сол тұста Өлкелік партия комитетінің Мәдениет бөлімін басқарған Ғабит Мүсірепов, сыншы Ғаббас Тоғжанов саяси қателік іздеген мақаланы «Социалды Қазақстан» газетіне 1936 жылы 18-желтоқсанда жариялап, «пьесада ең бас қаһарман орыс жұмысшыларының өкілі болуы керек, өйткені революцияда көсемдік қылған орыс халқының революцияшыл пролетариаты. Пьеса қаһармандарының ішінде ірі орын алып отырған қазақ Еркебұлан. Бұл дұрыс емес.Бұл тарихқа жала, саяси қателік» деп үкім шығарды. Бұл ойын әуелі «Казахстанская правда» газетінде 1936 жылы 12- желтоқсанда айтып алып, 18-күні қазақша шығарғаны да қызық көріністің бірі. «Қызыл сұңқарлар» сахнаға шықпай тұрып «Социалистическая Алма-Ата» газетінің 1936 жылғы 22- қыркүйегінде М.Л.-дың (кім екені белгісіз) мақаласында «пьесу эту знают во всех аулах Казахстана, она безчисленное количество раз исполнялась на подмостках самодеятельных кружков. Успех ее заключался в том, что зрители видели художественную правду о граждансқой войне и революции» деп драма театрынын сахнасына қойылайын деп жатқанын, «спектакль уже на-половину сделан. Зрители увидят эту пьесу в начале октября» деп хабарлады. Сол газетте 28-қарашада «На премьере пьесы Сәкен Сейфуллина» деген атпен М.Запольскийдің мақаласы жарияланып, ешқандай саяси қателікті айтпайды. Бір жарым айдың ішінде 6 рет спектакль болып қойылғаннан кейін 18-желтоксаңда Ғаббастың жайратқыш мақаласы шықты. Өзінің ұстаған бағытынан айнымаған «Социалистическая Алма-Ата» газеті 27- желтоқсанда И.Сергеевтің «Против схемы, за реалистический спектакль (о действительных и мнимых ошибках тов. Сейфуллина)» деген мақаласын жариялады. Ғ.Тоғжановтың негізгі саяси айыбын теріске шығарып, «появились люди, готовые объявить «Қызыл сунқарлар» чуть ли не контрреволюционной пьесой. Что Еркебулан глава и вождь придумана тов Г.Тогжановым. «Қызыл сұңқарлар» требует переделок. Но... онидолжны не по пути создания канонизированной тов.Тогжановым схемы, а по пути отделки отдельных образов, чеханки их, по пути создания полноценного реалистического спектакля» деп араша түсті. Ол аз болса, Сәкеннің «Социалды Қазақстанда» 1937 жылы 14-қаңтарда «Қызыл сұңқарлар және ол жөніндегі сын туралы» мақаласы алдымен «Социалистическая Алма-Ата» газетінде 1936 жылы 29-желтоқсанда «О пьесе «Қызыл сұңқарлар» и ее критиках» деген атпен орысша жарияланды. Бұлардан да басқа мақалалар басылды. Осы оқиғадан екі мәселені суыртпақтап шығару қажет. Бірінші, жеке адамға табынудынң күшеюімен қабат ұлы орысшылдықтың бас көтеріп келе жатқанын аңғарамыз. Пьесаға неге орыс азаматы басты қаһарман болмады деген ой осының айқын дәлелі және оны Мәскеуден келген Анурдың күңсітіп кеткенін қағып алып, бақанға сырық жалғау болса, екіншіден, 37 жылдағы қызыл қырғынның жақындап қалған ызғары сезілгенін Сәкен қаперіне алмағанын, айылын жимағанын байқаймыз.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙