Мазмұнға өту
Home

Таңдамалы: өлеңдер, балладалар, поэма

Ғұсман Жандыбаев

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Таңдамалы: өлеңдер, балладалар, поэма

Авторы: Ғұсман Жандыбаев

УДК 821.512.122 ББК 84 Қаз-7 Ж26 Қазақстан Республикасының Мəдениет жəне ақпарат министрлігі Ақпарат жəне мұрағат комитеті “Əдебиеттің əлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару” бағдарламасы бойынша шығарылды Жандыбаев Ғ. Ж26 Таңдамалы: өлеңдер, балладалар, поэма. – Алматы: “Ана тілі” бас пасы ЖШС, 2013. – 384 бет. ISBN 978-601-251-081-2 Қазақтың белгілі ақыны Ғұсман Жандыбаевтың бұл жинағы на автордың əр жылдары жарық көрген жырларының таңдаулылары енгізілді. Ақынның терең тебіреніске толы, шынайы да шырайлы жырлары оқырман қауымның көңілінен шығары сөзсіз. Кітап көпшілік оқырманға арналады.

УДК 821.512.122 ББК 84 Қаз-7 ISBN 978-601-251-081-2 © Жандыбаев Ғ., 2013 © “Ана тілі” баспасы ЖШС, 2013 ТАҢДАМАЛЫ өлеңдер, балладалар, поэма ЕКЕУМIЗ Екеумiз қиын асып, қырға шықтық. Сонда да ашылмадық сырласып түк. Бiр жүрдiк, “мiнсiз” жүрдiк, үнсiз күлдiк.. Түбiме жетер ме екен қу жасықтық! Екеумiз гүлге асықтық, Күнге асықтық, Сонда да арада тұр бiр қашықтық. Бар едi жетпей жүрген бiр қайрауым.. Жанымай қоймас менi бұл ғашықтық. 1962 ж.

АР ЖҰЛДЫЗЫ Екеумiз Айды бақтық, Күндi iздедiк, Арымыз аялаған гүлдi үзбедiк. Сен алғаш көрiнiп ең бiр қыз болып, Содан соң кеткендейсiң жұлдызға енiп. Сен – маған, мен де саған жұлдыз болып, Адалдық аспанында тұрмыз қонып. Не керек, бiз екеумiз екi жақтан Аяулы Ар жұлдызын жүрмiз қорып.. 1962 ж. ҰНАТАМЫН Мен сендердiң көбiңдi ұнатамын, Ару қыздар, керiлген таңдай көркем. Бiр-ақ рет атады мына таңың, Бүгiн туған жұлдыз да жанбайды ертең.

Жүрек сүймей жақсыны қалай шыдар, Ал жақсыға кенде емес жарық дүние. Əр жұлдыздан өзгеше арай шығар, Сонда да сен төзесiң зəру күйге. Сұлулық пен пəктiктi сүйе алмасаң, Тiршiлiктiң құны не? – Қара бақыр. Жүрегiне жақсының сыя алмасаң, Кең дүние болады заман ақыр. Ару қыздар, биiкте – бiздiң үмiт, Күлiп қарсы ал, суытпа жылы өңiңдi. Жүздерiңдi көргенде, жүз құбылып, Жұлып бергiм келедi жүрегiмдi. Сендерге айтар бар менiң бiр тiлегiм: Назданыңдар, қылықты ерке қыздар. Бүгiн Күндей шуақты күлкiлерiң, Жүздерiңдi шалмасын ертең ызғар. Жүрегiне жiгiттiң құдайсыңдар, Көздерiңде тылсым күш, талай сыр бар. ...Көбiң маған, о қыздар, ұнайсыңдар, Ұнатуға, ал менi, қалайсыңдар?!

1962 ж. ТАЛАНТ Достарым, мен ежелден бiр беттiмiн, Көрген жоқ күлiк ойды күндеп тiлiм. Алдында шын таланттың бас иемiн, Мен оған мiндеттiмiн. Достарым, мен ежелден бiр беткеймiн, Тұлпарды тасбақаға күндетпеймiн. Кiм дарқан дарынымен озса дара, Мен соны құрметтеймiн. Арымды iштарлыққа билетпеймiн, Дарынды күстаналап, күйретпеймiн. Қалқаны қас таланттың боламын да, Наданның найзасына түйретпеймiн. Қара жер – таланттардың өз басы да, Жұлдыздар – ыршып шыққан көз жасы ма?! Сенемiн – табиғаттың заңы барда Таланттар есiмiнiң тозбасына.

1962 ж. ТIРШIЛIК Нұрлы бiр дүние – тiршiлiк. Кiрмеймiн оған қымсынып, Жүрмеймiн жүнжiп, құр сұлық, Шықпаймын жəне күрсiнiп. Толқынды дария – тiршiлiк. Астына кейде бiр сүңгiп, Үстiне кейде бiр шығып, Келемiн қуып, қусырып. Ну жыныс орман – тiршiлiк. Тамырын жаяр бүр шығып, Мен онда балғын бiр шыбық, Жатпаймын, қурап құр шiрiп. Үзiлмес үмiт – тiршiлiк, Жол емес ол бiр күншiлiк. Жалғаймын өмiр сапарын Арайлы таңда құлшынып. Қиындық көрсем, тұншығып, Етпеймiн оған құлшылық. Өмiрге менiң өкпем жоқ, Төбемде тұрса Күн шығып.

Нұрлы бiр дүние – тiршiлiк. Кiрмеймiн оған қымсынып, Жүрмеймiн жүдеп, құр сұлық, Шықпаймын жəне күрсiнiп. Нұрлы бiр дүние – тiршiлiк... 1962 ж. ҚЫС Қабағын аспан жиi түйiп алып, Мама бұлт, балбырайды иi қанып. Кеменiң желкенiндей мұнартады Таулардың ақ жағалы иығы алып. Түлкiше жата қалар дала сұлап, Жортқанда бөрi боран ала шұнақ. Далбақтап аңшы шабар шатқал жаққа, Тəңiрден алғандай-ақ бала сұрап. Ақ шəлi шаршыланып иығында, Сес те бар тылсым көздiң қиығында, Алыстан табындырып, жылу шашып, Ойнаған сəл жымиыс миығында, Жалтылдап құндыз тоны көз қарыған, Тəкаппар, жаңылмайтын өз бабынан, Мұнтаздай, мұздай салқын, оттай ыстық, Қыс – əйел, мысы басып, тез бағынам. Бiледi жақсы емесiн сырдаң қылық, Омбы кешсе, балтырды кiм талдырып. Қыс кейде, қамқор ата секiлдi бiр, Жүретiн сақтандырып, қымтандырып. Мұзы бар мiнезiнiң тайғанайтын, Ұқсайды əжемiзге айдан-айқын: Тыққандай екi аяқты бiр етiкке, Сүмпитiп алатын да... аймалайтын.

1963 ж. БАҚЫТПЕН ЖҮЗДЕСУ Менi күткен бақыт барын сезгеймiн, Сездiм екен – мен тiптi де төзбеймiн. Жер айналмай тұрып қалған тəрiздi, Мың санаймын артта қалған əр iздi. Бəрiн, бəрiн жинап қойып өзге ойдың, Жалғыз жарық ноқатты мен көздеймiн: Өтсе екен деп уақытым, Жетсе екен деп бақытым! Бақыт құсым қолыма кеп қонса-ақ мен, Қорқам тiптi қоштасуға сол шақпен. Жер жүз есе тез айналып кеткендей, Əр аптаны бiр-бiр күннен көп көрмей, Күндiк жолдай артта қалған жұз қадам, Бүгiнiмдi ертеңiмнен қызғанам: Өтпесе деп уақытым, Кетпесе деп бақытым!

1963 ж. БАР СИЯҚТЫ... Көмескi көкжиегiм нұр тiлейдi – Оты өрiлмеген алауым бар сияқты. Көңiлiмнiң көк аспаны күркiрейдi – Көтерiлмеген жалауым бар сияқты. Бiр аптық алқымыма тiреледi – Басылмай жүрген бiр мұңым бар сияқты. Жанарым жарық күнде түнередi – Ашылмай жүрген бiр гүлiм бар сияқты. Не керек, өзге түгiл, өзiме де Байқалмай жүрген бiр сырым бар сияқты. Ең əдiл шындықтың өз көзiне де Айта алмай жүрген бiр шыным бар сияқты... 1963 ж.

МЕНIҢ ЕЛIМ Елiм менiң, бастан бəрiн кешiрген, Жағаласып өскен бабам жанжалмен. Сəбилердiң кiндiктерi кесiлген Таспенен де, жаспенен де, қанжармен. Тау теңселген босқан елдiң зарымен, Күн жылаған, тұнжыраған айлы аспан. Кəрi далам ата-баба қанымен, Сүйегiмен бiрге бiтiп қайнасқан. Менiң елiм не кешпедi басынан, Күрсiнгенде – дауыл соқты аңырап. Ата қолдап, атқа қонды жас ұлан, Итi шулап, иесiз мал маңырап. Тағдырының талқысын аз көрмептi, Құмалақтай быт-шыт болып тозғанша. Менiң елiм сонда дағы ел бопты, Екпiнiнен дауыл тұрып – қозғалса. Бабам бəрiн бастан кешкен... Ақыры Ынтымақтан артық бақыт таппаған. Содан болар, ақыны мен батыры Елдiк рухын ер антындай сақтаған. Сол ғұрыпты жақын құптап, жат ұқты, Үзiлмеген ұйытқысындай тiрлiктiң. Ұлы елiмнiң ұрпақтары бақытты – Ауызданған уызымен бiрлiктiң.

1963 ж. МЕНIҢ ƏЖЕМ Қараша үй жыртығынан қадап тiлiн, Тұрғанда мазасыз жел отпен ойнап,

Шағындау шаңырақтан тарап бiр үн, Кетiптi кең далада көкке бойлап. Тар үйдiң керегесiн үнi керiп, Көбейтiп кемпiр-шалдың аз ермегiн, Есiгiн жүрегiмен ұрып енiп, Келiптi өмiр-үйге əжем менiң. Алысқа сəби ойды серметтiк-ау, Асыға күтуменен жаз ермегiн. Желбiреп қос тұлымың сен де өттiң-ау, О, əзiз əжем менiң! Оңаша кесте тiгiп қыз отырса, Шытқа орап махаббаттың наз өрнегiн, Мөлдiр көз он үшiнде ұзатылса, Келедi көз алдыма əжем менiң. Тұңғышын жас келiншек көп толғатып, Көтерiп отырыпты-ау əрең белiн. Балалық! Қолдан шығып кеттi ол бақыт – Ең алғаш ана атанды əжем менiң. ...Шүйкедей қара кемпiр əжiм жүздi, Бетiне салған уақыт əр өрнегiн. Еңсерiп қалған тiптi қазiр жүздi, Бала қыз бiр кездегi – əжем менiң. Жас дəурен – кəрiге де, балаға арман, Қызығы өте шығар келте жаздай. Үй емес, бiр ауылға ана болған – Əжемiз ендi бiзге ерке қыздай. О, менiң əзiз əжем қасиеттi, Сонау бiр есiңде ме тұлымды қыз? Соқпақ жол... Содан берi ғасыр өттi, Қайда екен мөлдiр көз бен бұрынғы жүз?

О, тағдыр, қатал едi уақыт неткен, Ақ шаш боп самайыңда қалыпты-ау мұң. Денесi қарт əжемнiң қатып-кепкен – Орнындай шөгiп қалған алып таудың.

1963 ж. ƏЖIМДЕР Көп болған тар жол, тайғақ кешулерiң, Халқым-ау, ұмытылмас шеккен бейнет. Тең бе едi жану менен өшулерiң.. Мен оны айтпай қойман, “өткен ғой”деп. Аз демен аһ ұрысың, өкiнiшiң, Айырылған, бергенiң көп – алғаныңнан. Келедi шемен сыр ғып тоқып iшiң.. Халқым-ау, шықтың ба бiр арманыңнан? Халқым-ау, дей алмаймын азабың кем, Менде жоқ жасырын ой, жалтарыс үн. Бабалар бетiндегi əр əжiмнен Көремiн тағдырдың сан қалтарысын. Көлдерiң сиретiптi қоңыр қазын, Сол көлге қандай жауыз құяды уын.. Атамның бетiндегi терең əжiм – Ізiндей уақыт-тұлпар тұяғының. Суарған қан-терiмен ар шынарын Қасқайып Қаратаудың жартасындай, Əжемнiң бетiндегi сансыз əжiм – Бабалар тарихының картасындай. Көремiн əр əжiмнен уақыт азабын – Ұрпақтар мойнындағы мол парызды. ...Қарттарым бетiндегi қатпар əжiм – Даламды айшықтаған жол тəрiздi.

1963 ж.

ОЙСЫЗ ҚАЛЫП ОҢАША Мазасыз ойдан кейде аулақтанып, Қадалып қарсы алдыма қалам қарап. Жанарым жалынына тау қақталып, Көзiме кеңiстiктi алам қамап. Ойсызбын. Мен мылқаумын. Тас кереңмiн. Қосылам кеңiстiкке қос жанармен. Мен жоқпын. Патшасымын басқа əлемнiң. Ойсызбын. Ойға батсам – бос қалам мен. Мен жоқпын. Ақ əлем бар жалғыз ғана. Сол ғана ақтық сөзiн арнайды ендi. Жабысып малта тасқа жалбыз-бала Өлi мен тiрi арасын жалғай бердi... Жансызбын. Меңiреумiн. Көз майымды Тауысам. Күш түседi бойға батпан. Мен тiптi аңғармаймын өз жайымды Бұл жұмбақ əлем жайлы ойға батқан. Санамның саусақтары аршып менi Алғанда қалың ойдың батпанынан, Толқындай жағаға ұрған шапшып керi, Өзiме өзге əлемнен ақтарылам...

1963 ж. ЖАСЫЛ НҰР Сезiмi мың бояудың қоспасындай, Төзiмi шойын есiк топсасындай. Қарымы көкке сiңген қайран жастық, Арыны ағытылған тоспа судай. Нəзiксiң – оңтүстiктiң гүлiндейсiң, Қайсарсың – солтүстiктiң мүгiндейсiң.

Өткiрсiң – өрттiң қызыл тiлiндейсiң, Ептiсiң – қыл үстiнде бүгiлмейсiң. Сан қырлы граниттiң жiгiндейсiң, Əн-жырлы сыбызғының үнiндейсiң. Шебер қол шертiп өткен домбыраның, Секiлдi қос iшегi – дiрiлдейсiң. Жастық шақ, жанарың-ай от лаулаған, Көзiндей жас қыранның шоққа аунаған. Ханға да, қараға да екi келмес Армандай алтын дəурен жеттi-ау маған! О, жастық, айналайын, алаулы шақ, Өзiңнен айырылмас ем, тар-ау құшақ. Жалтылдап тұрарсың сен бар жанарда, Мереке күнi iлiнген жалауға ұқсап!

1964 ж. ДАЛА СЫРЫ Тау иықты, Күн көздi ен даламын, Адам, сенiң ұлы анаң мен боламын. Мен бар жерде – сен барсың, осыны ұқсаң, Бақыт сыйлап, жолыңды оңғарамын. Менiң байтақ кеңдiгiм пана болып, Құрсағымнан тiршiлiк тарады өрiп. ...Аяғымнан басыма, басқа түгiл, Күн де əрең жетедi ара қонып. 1964 ж. ДАЛА СЫЙЫ Үстiнен толастамас толған лек, Даланың айқыш-ұйқыш жолдары көп – Ырыздық үлестiрiп жатады ылғи Табиғат əжемiздiң қолдары боп. Тұратын əр күн сайын қайталанып, Даламның құдiретiн айтам анық: Таңертең күндiк азық ала барып, Кешiнде жылдық азық қайтам алып!

1964 ж. ДАЛА ДАУСЫ Құрғанда шымылдығын таң шығысқа, Əсем бiр сазға басар əншi құс та. Ертемен айқайлатып қыр гудогын, Балғаның салмағымен балқыр ұста. ...Далаға ұқсар адам бар iсiмен: Əндетiп жүре қалсам тау iшiмен – Тұрғандай боламын мен айқай салып, Даланың дауыл қанат дауысымен.

1964 ж. * Ғажапсың-ау, қасиеттi паң өлкем, Ұлы далам, атамекен, ар өлкем. Бақыт деген осы екен ғой деп қалам, Аман-есен сенi көрсем таңертең. Таңсəрiде кiрпiктерiн қақса Күн, Алтын шықтан бу ұшады – ақ сағым. Егiз екен ұлылық пен кiшiктiк, Жанарыма сыйып кеттiң шап-шағын. Бiреулердi ойландырмас ол да аса, Өзiңе тəн дарқан мiнез қонбаса. Ұлылықты сезе алу да мүмкiн бе, Миллион есе кiшiктiгi болмаса?!

Сақта менi саған кiнə тағудан, Сақта менi бөгде мiнез дарудан. Жанарыма сыйған дүние, мен саған Құйттай болып, өзiм сыймай қалудан.

1964 ж. * Жасың сонша – қанша болса белесiң, Көк-тəңiрiмен қатар жасап келесiң. Қатпарына қалың сырды жасырып, Қарауытқан тауларыңдай көнесiң. Қойнауларың, ойлы аңғарың жасарсын, Құздарыңнан құтты өзендер бас алсын. Қатқыл жүздi қайсарым-ау, кейде сен Мəңгi мұз бен қарларыңдай қасаңсың. Бiз сезбеген жұпарыңды шашарсың. Бiз көрмеген гүлдерiңдi ашарсың. Жас отаудай жасаулым-ау, бейне сен Жазғы бақша-бауларыңдай жасаңсың.

1964 ж. ДАЛА КҮЗI Көктемгi соқа салған iз көнерiп, Алтын дəн дариясына түз бөленiп, Алмақ боп сол дарияға шөл қандырып, Күлiп тұр Күн астынан күз де келiп. Қолында күз-ананың ырыс-табақ, Жүзiнен мейiрiмдi жылу тарап, Базарлық үлестiрiп жүредi ылғи, Комбайн бункерiмен уыстап ап. Тоқ күздiң келбетiне дала құштар, Даланың тамырында – қан ағыс бар.. Туған жер аспанында мың айналып, Жүз рет қоштасады бала құстар. Табиғат сақилығын түзге берiп, Дəн-толқын соқа салған iзбен өрiп, Қырманды табақ етiп буға бөккен, Сыйлап жүр аппақ нанмен күз де келiп.

1964 ж. ҚАДIР Ащы дəмiн аштықтың татпағандар Iшер асын итiнен аямас-ты. Жамбасына жалғыз қыл батпағандар Тышқанша өлер қор болып аяқ асты. Ренжiтсек те кей досты оқыс жерде, Жамандыққа жолдасты қия алмадық. Тiрiсiнде ат кекiлiн кесiскенге – Өлгенiнде көз жасын тыя алмадық. Бұл өмiрден өтедi кiм өкiнбей, Бардың құнын – жоғында бiлуi шын. ...Көбiне адам төменде жүретiндей, Биiктiктiң қадiрiн ұғу үшiн.

1964 ж. * Бұл өмiр қымбат қой шынында, Өтiнем, өлiмдi атама! Өлгiсi келмейдi шыбын да, Өлгiсi келмейдi бақа да. Ойнауға тым əуес өмiрмен, Жандар бар етi өскен көзiнiң. Өзгенiң көз жасын көрумен – Бақытын өлшейтiн өзiнiң.

Өзiмшiл көңiлдiң үйренген Күпiсiн тастамай сүйрейдi. Ондай жан өмiрдi сүйгенмен, Оны өмiр сүймейдi, сүймейдi! 1964 ж. АР Əдiлдiк озса белсене, Қақпадым бетiн қайтарып. Өтiрiк айтқым келсе де, Көргем жоқ əлi айта алып. Арамдық кейде арды аңдып, Сүрiнер сəтiн барлайды. Iшiмде бұққан жалғандық Тiсiмнен шыға алмайды. Шындықпен шыныққандарды Қапысыз, достар, таныңдар. Басқаны шын ұққандарды Басқа шын ұқпай қалу бар. Түйсе де қабақ ренiштен, Жұмбайды көзiн Ар қалғып. Оралса шындық жеңiспен, Аңдиды жолын жалғандық. Ақиқат шықса майданға, Мен де бiр – соның сарбазы. Табады iздеп қайдан да, Ақ-адал iске – Ар қазы.

1964 ж. * Төбеден төнген кезде мөлдiреп Ай, Сусылдап жерге ұшады мол бiр арай. Арудың жолын тосқан жас жiгiттiң Көңiлi күмбiрлейдi домбырадай.

Жұп-жұмсақ саусағымен мың шырақтың Сезiмдi қытықтайды шымшылап түн. Шорланған шойын көңiл шоқ боп балқыр, Үнiне құлақ түрсең жыршы бақтың. Қыратта шегiрткелер шыр-шыр еткен, Орман тұр ұйқылы-ояу сыңсып еппен. Етегiн ақ көйлектiң дөңгелентiп, Жiгiттер қызды үйiрер бұлшық етпен. Есiне ап кешегiсiн бала келiн, От болып Ай астында жанады ерiн.. Нұрына махаббаттың маңдай төсеп, Жатады-ай бусанып бiр дала керiм. Аспанның мойнына орап талшық нұрын, Гүлдер де шыға келдi аршып бүрiн. Қыз-дүние дүрия көйлек киiнгендей, Мына түн талайларға таңсық бүгiн...

1965 ж. ҚАЗАҚ ӨНЕРI Халқымның бiр асылы – өнер деген, Тозбаған, тотықпаған, көнермеген. Өмiрiн өрнектеген елiм менiң, Əсем əн, тəттi күймен, өлеңменен. Ежелден халқым егiз өнерменен, Өнермен өрге жүзiп, ел өрлеген. Тойында өнерлiге төр ұсынып, Дүлдүлдер дүбiрiне елеңдеген. Аққуға аспандағы əнiн қосқан, Айналып кетпеймiсiң қарындастан. Қазағым өнерiмен отау тiгiп, Дарынды ұл-қызының бағын ашқан. 1965 ж.

СЕНIМ Өмiрге қараймын күлiп мен, Көңiлдiң шуағын iрiкпен. Күн маған үйреткен күлудi, Жан отын лаулата бiлудi. Қашанда жарқын жүз, Жайдары қылықпен, Жарыққа жалғасып, Жақсымен бiрiккем. Кезiм бар жалаға iлiккен, Сезiм бар жаманнан үрiккен. Шапағат, шаттығы мол өмiр – Арзан бiр күлкi екен деме бұл. Осыны бiлiп мен, Секемшiл құлықпен, Тегiнде, көбiне Қараймын күдiкпен. Мен бiрақ үмiтке iлесем, Тымырсық ойлармен күресем. Түн күлiн таң нұры жуады, Күдiктi күлкiлер қуады. Ызғарлы үреймен – Күн болып тiресем. Күдiктi сенiмнiң Күшiмен түгесем!

1965 ж. КӨЗ Жарықты аңсамай ма жан сағынып, Босанса қараңғылық шеңгелiнен. Адамдар көзiн бiр сəт қалса жұмып, Жер шығып кететiндей шеңберiнен. Биiктiк, қашықтықтар небiр жүйрiк, Оймақтай жанарыңнан озбайды алға. Қараңғы, тар кеудеде көңiл жидiп Кетпесiн деп бiткендей көз маңдайға Тəрiздi асыл айна – Күн бiр алып, Жататын шағылып мол арай тынбай. ...Толтырған кең əлемдi күллi жарық Адамның жанарынан тарайтындай. 1965 ж.

ЖАҚСЫЛЫҚ Еңбегiң жанғанда шаттансаң несi мiн, Уайыммен ортайсам, шаттықпен толамын. Қиын бiр есептiң тапсам мен шешуiн – Үлкен бiр жаңалық ашқандай боламын. Iзгi бiр iсiңе қуансаң несi мiн, Шаттықпен қуамын қайғының боранын. Егер бiр сəбидiң қойсам мен есiмiн – Бiр ұлы жақсылық ашқандай боламын. Болмашы ренiш оқыстан мұңайтып, Жүдеп бiр жүргенде көңiлiң құлазып, Жетсе екен, кетсе екен жаныңды тыңайтып, Бiр түйiр жақсылық – теңдессiз ұлы азық! 1965 ж. ҚАРЫЗ Өмiр заңын мойындасаң мойында, Артық олжа кете алмайсың өңгерiп. Қарызым да, парызым да – ойымда, Бiрiн-бiрi тұрады ылғи теңгерiп.

Несiбемдi қағып кетсе кей жылпос, Секем алып, өз-өзiмнен қиналам. Мен күтпеген басқа жақтан сол бiр кез Ойда жоқта жолығады сый маған. Өмiр тiлi – iзгiлiк пен ар тiлi, Тiлiм барда – мен бақытқа кенелем. Үлкендерге сый көрсету арқылы Кiшiлердiң құрметiне бөленем. Iзгi бiр iс жасай алсам əр күнi, Көңiлiмнiң Күнi шығып, жай табам. Бiреулерден алғыс алу арқылы Мойнымдағы қарызымды қайтарам.

1965 ж. БАҚЫТ ТУРАЛЫ Баяғы бiр балаң шақтан, бал шақтан Бағындырған, табындырған, аңсатқан, Шабындырған, сабылдырған, шаршатқан – Бақыт дейтiн баянсыздау жазғанды Iздеп едiм байлық пенен мансаптан. Бақыт деген – байлық болса, құр қалдым, Айлық қанша – шайлық сонша, бiр қалпым. Мансап қане?– Болмады еру бiр-жар күн. Мақсат-дəме əдiре қап, əнеки, Күл боп жатыр күресiнiнде жылдардың. Толқын едiм, шегiн бұзып шебiмнiң, Маңдайымды жарға соғып, шегiндiм. Бұл күресте күйреп тұрып жеңiлдiм. Байлық, мансап – бақыт болса егерде, Сол бақыттан ада-күде жерiндiм. 1965 ж.

КIСIЛIК ПЕН КIШIЛIК Сен де маған жiбермейсiң есеңдi, Мен де емеспiн қайтарардай меселдi. Ешкiм бiзден қарызға алмас кеселдi, Елдiң көбi емес маубас, не сорлы. Сен де маған қайратпадың тесеңдi, Мен де саған сыпыртқым жоқ көшемдi. Тiрi жанға тигiзбей-ақ қайырым, Бiз асырап жүргендеймiз осы елдi. Сен де менi жүрген жоқсың менсiнiп, Мен де сенi көрмеген ем теңсiнiп. Екеумiзден табылмайды ырымға, Кемшiлiк те, кешiрiм мен кеңшiлiк. Екеумiз де кеудемiзге от үйдiк, Iштi бермей, сырт айналып, қоқидық. Бойымызға жоқты-барды жапсырдық, Ол бiр жұмбақ – ойымызға не түйдiк? Кеудемiзге кесел сыймай, қыстығып, Жер жарады бiзден шыққан ысқырық. Бетiмiзден жел есiп бiр ызғырық, Көп пендеге қарамаймыз пысқырып. Екеумiз де ақылды-ақпыз, мықты-ақпыз, Аяқтарды басып жүрмiз нықтап бiз. ...Кiсiмсуден ешкiмге есе жiбермей, Кiсiлiктiң өзiн бiрақ ұқпаппыз. 1965 ж.

АДАМ Ғажабы мол мынау шексiз ғаламда, Жетiспейтiн бiр нəрсе бар əманда: Тiршiлiкте бəрi өлшеулi болғанмен, Кең дүние тарлық етпес адамға.

Айналаға қараңызшы дұрыстап: Адам бiткен бiр ауамен тыныстап, Жер үстiнде бiрiн-бiрi көтерiп, Құлатпастан бiрiн-бiрi тұр ұстап. Табиғаттың тас көңiлiн ерiтiп, Тiршiлiктi тағылықтан жерiтiп, Келген адам мынау жарық дүниеге, Жер-ананың тар құрсағын кеңiтiп. Жалғыз болсаң осы жердiң бетiнде, Кең көрiнер одан зындан, не түрме. Қалт-құлт етiп, керең дауыл өтiнде, Қалар едiң терең құздың шетiнде. Көгермесе қыз өсiрiп, ұл сүйiп, Жер құрсағы құрғамай ма қушиып. Ақиқаты, алып жерге адамдар Аздығы емес, көптiгiмен тұр сыйып. Жұмбағы мол, мынау шексiз ғаламға Сыймай қалсаң, кiнəлi өзiң оған да. Ұрпағымен жасаратын Жер-ана, Тарлық етпес пейiлi кең адамға.

1965 ж. АДАМ КҮНI АДАММЕН Өшпейдi көпке ортақ шаң, Даңғыл жол оған – тар асу. Жалғыз жүрiп жол тапсаң, Соның өзi – адасу. Сыймайсың көпке, тегiнде, Көңiлiңде болса құйттай мiн. Кез келген үйдiң төрiнде Көсiлiп жатып ұйықтаймын. Жалғыздың шықпас жалқы үнi, Адамның күнi адаммен. Жақсылық жасау арқылы Жақсылық көре алам мен.

1965 ж. * Бұл өмiрде қызыққа толған əр күн, Қола болып көрiнер қолдағы алтын. Бiр бақытқа жетерсiң арып-ашып, Ұмытылар күнi ертең ол да, бəлкiм. Бұл өмiрде думанды, тамашалы, Жүз биiкпен жүйрiк ой таласады. Табанда қап тұлпардың қара шаңы, Шыңға шықсақ, аңсаймыз аласаны. Желдi күнi сезесiң ат арынын, Бала болып көрiнер қатар iнiң. Есейгенде есiңе ап, сағынасың Ұстазыңның қамқоршы қатал үнiн. Болса түнде ойлаған қаталдығың, Күндiз жайлар жаныңды қапалы мұң. ...Қадiрiмдi адамдар жиi ұқсын деп, Тəулiгiне бiр рет батады Күн.

1965 ж. МҰХТАР ШЫҢЫ Сабырсыздау сары қарын аласа күн, Сездiргендей жетерiн қарашаның... ...Төбедей боп төрде отыр алып ақын, Есiне алып жас күнiн, бала шағын. Есiне алды өткенiн, болашағын, Өзi жаққан алғашқы дала шамын.

Есiне алды еңiреп шерлi жүрек, Ақ таяқты қазақтың қара шалын. Үнсiз отыр ұлы адам тiзiп көптi: Қайғы да өттi, нелер бiр қызық та өттi. Сұм жалғанның сұп-суық толқындарын, Ескек етiп жүрегiн, бұзып кептi. Жанарында жалтылдап ала сағым, Толғанды ақын халқының болашағын. Томағалы қыран құс дүр сiлкiндi, Қан сонардың күткендей жол ашарын. ...Жатыр ақын оңаша, тыныштықта, Өмiр оған суық та, тым ыстық та. Соңғы сəтi тiрлiктiң осы ма əлде? – Тəн дəрменсiз, жан мұңды, тыныс қысқа. Селк еткiзiп бiр сезiм ұлы адамды, Терең тартып, тынысын бiр-ақ алды. Жұмыр жерге жұтқызып жiберем деп, Көз алдына ажал кеп тұра қалды. Шынымен-ақ... шынымен жеңер ме өлiм, Тағдыр қазып қойған ба терең көрiн? Келер ұрпақ сезбестен кетер ме екен Кемел ойлы қазақтың кемеңгерiн? Əрең сыйып зор үйдiң қақ төрiне, Соңғы сөзiн жазды ақын дəптерiне. Кiмге мұны қалдырмақ аманат қып?.. Ақын ауыр күрсiндi, қатты егiле. Кенет... Үйге имене кiрiп келдi Жетi жасар жеткiншек, қылықты, өңдi. Кең маңдайлы, кекiлдi бала Мұхтар Ұлы адамға сəлемiн күлiп бердi. Ауыр ойды лақтырып шалғайынан, Абай сүйдi Мұхтардың маңдайынан.

Бойы балқи толқыды бала Мұхтар Ана сүтi кеппеген таңдайынан. ...Бiр щолды да дүниенiң солғын өңiн, Алды ақыры ұлы адам соңғы демiн. Жоқ, өлмептi! Өлмейдi ол! Қайта соқты – Дана Мұхтар қолымен сом жүрегi. Болашаққа ұлы ақын күлiп барды, Аға Мұхтар Абайдан рухтанды. Асқар шыңға Абайды шығарды да, Сол биiкте өзi де тұрып қалды.

1966 ж. ҚЫСҚЫ ТОРҒАЙЛАР Торғай ұшты пыр етiп Бағаналар басынан. Бағаналар басынан Құйылады тасып əн. Сым жағалап жүгiрген Торғайлардай осы бiр, Сезiмiмнiң қылына Жүрегiммен асылам. Бағаналар барады Шеру тартып, жол бойлап. Қолтығында қонақтап, Топ-топ болып торғай қап. Тосады олар кеудесiн Жылы ағысқа, содан ба – Қаймықпайды дауылдан, Сары аязда тоңбайды-ақ. Сып-сып етiп торғайлар Қонып жатыр сым бойлап, Қыз көзiнен сыр тартқан –

Секiлденiп сүр бойдақ. Жүз жүректiң салмағын Көтерiп тұр жұқа сым, Тартылыстың күшiмен Майысса да, сынбай қап. Бағаналар басынан Сансыз тамшы саулаған. Тамырда қан тасыған, Бойды алғанда баурап əн. ...Жүз торғайдың жүрегi Жылытып тұрған сым тiзбек – Жазып қойған, жақсы əннiң Нотасынан аумаған...

1966 ж. СИЫРШЫНЫҢ СЫРЫ Жарық құйып жанарларға қалғыған, Көкжиектан берген шақта таң қылаң, Тағы он Күн шығып келе жатады Менiң ашық тереземнiң алдынан. Сылдыр-сылдыр шелек даусы не түрлi, Сыңғыр-сыңғыр қыз күлкiсi от үндi, Менi алады таңғы ұйқыдан оятып, Күмiс үндi қоңырауым секiлдi. Иығынан сусып түсiп қара түн, Кие сала дала аппақ халатын, Сəрiдегi сəруар нұрмен жуынып, Жұпары аңқып, жұтынып бiр алатын. Сыздап тұрған желiндердiң үрпiнен, Ақ бұлақтар кiлегейi кiлкiген – Сырылдап кеп құйылатын шелекке, Араласып сыңғырлаған күлкiмен.

Тау басынан сайға құлап сары сағым, Сүтке айналып жатқандай-ақ барша ағын, Жүз шелекпен алады ылғи нұр сүзiп – Он арудың саусағы. Шығып келе жатқан Күндей күледi, Жаңа сауған аппақ сүттей – тiлегi. Жүз жанарға нұр толтырып кетедi – Он арудың жүрегi. “Құр бекерге көрiнумен елге ерек, Қол қусырып бос тұрғаным жөн бе?..” деп, Кие сала бiр арудың халатын, Он шелектi толтырамын мен де кеп. Сосын маған “қожасынып” (ой, қыздар!) Дейдi дағы: “сиырларды тойғыз, бар!”, Көздерiнiң нұрын сыйлап азыққа, Менi ұзатып салады кең жазыққа. Күнi бой кең өрiсте – жазықта, Жүрсем де мен жүдемеймiн, қажып та. Бiрақ көңiлiм қыздар байлап тастаған Бұзаудай-ақ қалады əлгi қазықта. Күн батарда – күмiс қанатын жайып сап, Келе жатам нұр үстiнде қайықша-ақ. Қыздар сонда күтiп менi алады, Қолдарына шелек емес, Ай ұстап. Əн мен жырын əуелете ұшырған Қоңыр кеште – рақат сəтiн ұсынған, Тағы он Ай туып келе жатады, Менiң ашық тереземнiң тұсынан.

1966 ж.

ҚЫР КӨКТЕМI Көкжиек – қалыңдықтың аш белiндей, Көл – айна, көз төңкерiп, көп тарану... Отауға жаңа түскен жас келiндей, Келедi кербез басып көктем ару. Салдыртып тойға асыққан топ аттыдай, Ақ сабын-көбiк болып бұлт көшедi. Дегендей: “келiп қалды қонақ-құдай”, Қарын мен қаптың аузын жұрт шешедi. Күркiреп, күрпiлдетiп бұлт-сабаны, Iркiтiн шалдыр-шұлдыр шайқады Күн. Бiр көлдi жер бетiнен ұрттап алып, Бүрке салмақ болғандай қайта бүгiн. О, керемет, көктем бе – шын ба бəрi? Шып-шып қана тер басқан шым даланы. Тiлдей-тiлдей өзендер тiл табысып, Тереземнiң көзiнде шырмалады. Бұтақ сайын топ-топ құс ыршып қонып, Кетiп жатыр қисапсыз бүршiк төгiп. Түлеп алған ақ серкеш секiредi Əр күннен уыс-уыс қылшық терiп. О, мезгiлдiң теңдесiз асыл кезi, Тоңмойындық алдыңда бас ұрды өзi. Жалпақ қырда қозыдай жамырайды, Қара жердiң сан жетпес жасыл көзi... Құстардың көмейiнен құйылып əн, Кең аспан күлiп тұрды миығынан. Түн түсiп бара жатыр еппен ғана Таулардың еңгезердей иығынан.

Ғашықтай тұра алмаған дегбiр етiп, Таң-жiгiт ақ боз атпен келдi жетiп. Қымсынып қымтанбаған денесiнен, Жамылды жiбек-сəуле көл дiр етiп. Ынтыққан көңiлдердiң, “жаны шыққыр”, Тағатын алатыны-ай тауысып бiр. Жүздерiн нұрмен бояп, именбей-ақ, Күн мен Жер көкжиекте қауышып тұр..

Көкжиек саф алтындай алауланып, Күн шықты қызыл борлат жалауды алып. Жұлдыздың жұғынын да қалдырмастан, Түн шiркiн ала кеттi қарауланып. Əне, Күн – сүп-сүйкiмдi, дөп-дөңгелек, Алғандай көздiң жауын от еңге боп. Сұп-сұлу сымбатыңа сұқтанамыз, Дүние-ай, мына қалпың неткен бөлек! Рақатың, о табиғат, əр қилы екен, Қыран-шың нұр үстiнде қалқиды екен. Кең өлкем, керiлiп-ақ жатырсың-ау, Тас кеудең таңғы алауға балқи ма екен? Аспанның маңдайын-ай, жалтырап тұр, Зерiндей кимешектiң – салқын ақ нұр. Дариға, таңғы алау боп қалу қандай, Осылай, бар сəулеңдi сарқып-ақ бiр! Су астына сүңгiп кеткен балықтай, Көк-мұхитқа жасырынып қалыпты Ай. Мүйiзiмен алтын табақ көтерiп, Таулар жатыр бұлт бауырынан от емiп. Уақыт – зымыран, қағып қалды қанатын, Сiлкiндi орман, кидi дала халатын.

Күн келедi – Бiр перизат ақ маңдай, Шымылдықтан... шығып келе жатқандай. 1966 ж.

ЫМЫРТ Құйрық-жалы – кешкi нұр, жалбырап бiр, Алысқа ұзап барады арғымақ-қыр. Ирек мойын, қомшалы қара атандай, Маңқ етпестен, маңғаз тау қалғып-ақ тұр. Ақша жүзi аспанның жалқынданып, Көкжиекте бiр шоқ бұлт балқып-жанып, Аттан түскен Ата күн көз жалғап тұр, Маужыраған дүниенiң қалпын бағып. Алагеуiм ымырт шақ, апақ-сапақ, Аспан тəжi шашып тұр алтын шапақ. Iркес-тiркес қырқалар шөгiп жатыр, Керуендей, тастаған матап-матап. Ай жалт еттi, қып-қиғаш қасын бұрып, Иығына таулардың асылды бұлт. Ұйқысынан ертерек оянғандай, Аз-кем жұлдыз көздерiн ашып-жұмып. Салқын ауа. Сабат жел. Серпiлiп бiр, Түймелерiн ағытты, желпiнiп қыр. Өмiр жүгiн тиеген пойыз-дала Екi иықтан дем алып, ентiгiп тұр..

1966 ж. ОБАЛ Екi жүйрiк қатар үздi керменi: Бiреуiнiң даңқы дара өрледi. Екiншiсiн... Ешкiм оны көрмедi. Мұның бiрақ таңданатын жоқ түгi: Жүлде алғанның биiгiрек шоқтығы, Құр қалғанның... шағынарға жоқ тiлi. Тұлпар қалып, озып келсе биесi, Арқасына кiлем жабар иесi – Атпаған соң... ақиқаттың киесi.

1967 ж. КЕРЕҒАР Ұлым айтты: “Пiл неге Қорқады, – деп, – тышқаннан?” Қызым айтты: “Дүниеде Күштi жоқ, – деп, – мыстаннан...” Жақсылық пен жамандық – Əлмисақтан қас дұшпан. Адалдық пен арамдық – Əккi жаулар аңдысқан. Келе жатқан заманнан Кереғарлық бұл қандай: Жақсы безер жаманнан – Иттен үрiккен тұлпардай. Келе жатқан заманнан Өрескелдiк бұл неткен: Жақсы қашар жаманнан – Қашқан жандай iндеттен. 1967 ж. КЕЙДЕ Мұндайға да кездесесiң кейде сен: Кейбiреуге адамша бiр сөйлесең – Дал боласың тiлдескендей есекпен.

Бас iшiнде бермеген соң ақыл шаң, Бiр пақырға есек болып бақырсаң – Ит қуғандай атқылайды кесекпен. Ал ендi сен арыстан боп ақырсаң, Жанды жерге тырнағыңды батырсаң – Бас иедi, қарғып тұрып төсектен. Жандар барда жаңылмайтын есептен – Алас ұрып, ауырғандай шешекпен, Ауа жетпей, қысылады қос өкпең... 1967 ж. БIР ЕСЕП Көрмесе де тұлпарлардың шаңын да, Тұяғымен шаң боратар есектер. Мысық шiркiн тышқан алар шағында Жолбарыспен өзiн бiрдей есептер. Өзiн осал санамайды еш пенде, Қойшы оны да, есек деген – бұл есек. ...Көп мыңғырттың ортасына түскенде, Миғұла мен ғұламаңыз – бiр есеп.

1967 ж. НАМЫС Намыс парқын елемес Нақұрысың мен емес. Асылым сол – Тайтұяқ Алтыныңа теңемес. Қол-аяғым байласаң – Азабыңа кереңмiн. Тозағыңа айдасаң – Пешенемнен көрермiн. Ине сұқсаң етiме – Басымды имей жеңермiн. Мазағыңның бетiне Бiр түкiрiп өлермiн. Мазағыңа бас ұрсам – Намысымды төгермiн. Жанбай, бықсып басылсам – Өзiмдi өзiм көмермiн, Оған қалай көнермiн, Арыма онда не дермiн?!

1967 ж. Бiз екеумiз аңғал жүрдiк, ақ күлдiк, Тана мiндiк, тайға шалма лақтырдық, Балғын сезiм қанатын тез қақтырдық. Бiз екеумiз өзен кештiк, гүл тердiк, Жаңбыр жауса, жалғыз жейде бүркендiк, Су түбiнде – суретiмiз, бiр төндiк. Бiрiмiзге бiрiмiз кеп тиiстiк, Тиiстiк те, бұртиып кеп сүйiстiк, Балалықтың бақшасында сыйыстық. Түске кiрiп, елiктiрген үлкендiк... Бiздер солай он сегiзге бiр келдiк, Сен бойжеткен, мен жiгiт боп тiркелдiк. Сол күндер жоқ... Кеткендеймiз жат болып – Алдымыздан уақыт желi тап берiп, Бiздiң ессiз еркiндiктi қақ бөлiп. 1968 ж. Мынау жанар неге мұнша бұйығы? Неткен тылсым тұма-көздiң ұйығы. Бұлт бүркеген Күндей күңгiрт тартады Түсе қалса бөгде көздiң қиығы.

Мынау жанар неге мұнша бұйығы? Шалды ма əлде бiр сайқалдың құйыны. Бəз баяғы қалпыңа көш, таусылма, Пəк сезiмнiң болмайды ұшы-қиыры. Қалқам, неге iштен тынып жылайсың? Басқа – саған, сен басқаға ұнайсың. Сенi аңсаған бiр жүрек бар, күмəнсiз, Түбiнде бiр кең құшаққа құлайсың. Жүрек шiркiн өктемдiкке көнер ме, Сезiм – бiр сел, серпiп соғар кемерге. Емес күнə – жүз бiр рет сүю де, Махаббаттың жүз таяғын жегенге...

1968 ж. * Сен бұйығы көлдiң аққуы едiң, Мен бұғылы таудың бала қыраны ем. Жалпақ созылып жатты көгiм, Сенiм арттым қанатыма мен. Мен жалт етiп аспаныма Атыла берген шағым болатын. Бұғылы таудың тастарына Алтындай сырғып сағым қонатын. Сен тұнық көлдiң айдынында Таранып, əсем қанат қаққанда, Ақ сапарға шығып, Ай нұрында, Қарсы ұшқанмын, қарап ақ таңға. Арбап сиқырлы алтын рең, Есiмнен тана, тала сұқтандым. Жалқын таңның жалқы нұры ең, Жанып кеттiң бе? Адасып қалдым!

1968 ж.

ЖАЛҒЫЗ ЖАРТАС ЖАҒАДА... “Ертiстiң ар жағынан көрдiм сенi, Сырғаңды қайық қылып өткiз менi...” ...Бейуақта жалғыз жiгiт жағада тұр Жан сырын жас аруға жеткiзгелi. Өлi түн. Күптi жүрек күбiрлейдi. Дүрлiгiп дүлей өзен дүрiлдейдi. Тереңге тастай батқан жартыкеш Ай Сұлудың сырғасындай дiрiлдейдi. Сұр жартас мелшиiп тұр сөзге келмей, Жан сырын жас жiгiттiң сезбегендей. Жанары – меңiреу түн түкпiрiнде, Елiктiң ерке лағын көздегендей. Ұшына сол жанардың жалғанбайды от, Өксiк-у кеудесiне толғандай кеп. Тұр жалғыз тiлсiз жартас суық қарап, Құйылған қорғасыннан қорғандай боп. Үмiтшiл тiлек мықты, жүрек күптi, Түбiне əр бұтаның түнек бұқты. Жем болған қарлығаш құс – қаршығаға... Бейхабар жiгiт одан, жүдеп күттi. Тiл-аузы тiршiлiктiң байланғандай, Мылқау түн бiр сұмдықты ойға алғандай. Жартасқа сүйенiп тұр жалғыз жiгiт, Өзi де тас мүсiнге айналғандай. Арманды ғұмырлар бар сол мүсiндей, Бақытқа бай əлемнiң шерлiсiндей. ... Түксиiп жалғыз жартас жағада тұр – Қатыгез тағдырдың бiр белгiсiндей.

1969 ж.

АЙ АСТЫНДА АҚ КӨЙЛЕК Жалп етiп оты өштi де шағын үйдiң, Қозданып шоғы қалды сары қидың. Көмiлген қоламтаға қызыл шоқтай – Қыз жатыр көрпе астында “салып ұйқы”. Жатқан қыз төсегiнде iргедегi Белгiлi кiрпiгiн де iлмегенi – Құлағын əлдеқайда түрген едi, Бiлiндi көп күттiрмей бiр дерегi. Бұлықсып бұла дүние сəндесiн бой, Бақыт жоқ – махаббаттың əуресiндей. Жас ару бара жатты жалт-жұлт етiп, Жарты Айдың сайға түскен сəулесiндей. Ақ көйлек Ай астында дөңгеленiп, Булыққан қос анары кеуде керiп, Лақтырып жiбердi оны тар құшаққа, Табиғат тұңғыш рет берген ерiк. Жат дүние жақынындай күлiмсiреп, Денесiн шарпып өттi бiр ыстық от. Сəбидiң көңiлiндей пəк қылықпен Күнəсiз сүйiстi олар бiрiншi рет. Жұмбақ күш өрт сезiмдi елiктiрдi, От лебiз қос жүректi демiктiрдi. Махаббат тақсiретiне куəгер Ай Осы түн... бiр бақытын көрiп тұрды. 1969 ж. * Менiң сырым мезi етер, Күлкiсiндей боп шалдың. Тыңдай-тыңдай жалыққан, Əуенiндей жақсы əннiң.

Күйе-күйе өртiңе, Күл беттенiп алармын – Əлем-жəлем, күп-күрең Бұлттарындай ақшамның. Менiң сырым бiреудiң Ет-жүрегiн кескiлер. Ал сен үшiн, бiлемiн, Күлкiлi боп естiлер. Жан жырларым – Толықсып, Туған Айдай жаңарар, Жалын жүзiм – Еңкейiп Батқан Күндей ескiрер. Мезi етермiн мен сенi, Құтыларсың қашып тек. Даусым жетер, жер шегi – Алпыс қырдан асып кеп. Мүсəпiрдей мүсiркеп, Бас шайқарсың мəз бола: “Маған да бiр бейшара, мəжнүн ақын ғашық...” деп. 1969 ж. * Көргенiмнен көрмегенiм көп менiң, Ертеңiме бiр ескерту – өткенiм. Түкке алғысыз – тындырдым деп кеткенiм, Қайран уақыт өтiп жатыр теп-тегiн. Өткен күнiм – бүгiн, бейне, балалық, Жеткен күнiм – айтады ақыл ағалық. Қара шашым түзетумен қатемдi Өтер ме екен ағарып! Өмiр жолы – ойқы-шойқы, бұралаң, Ерлiк екен – құтылу да күнəдан.

Өлiп-өшiп өзiм сүйген кей қыздың Менi елемей кеткенiне қуанам. Менi өзiңе жарық жұлдыз етiп ең, Кейiмешi, күнəсiз жан, өтiнем. Өз қасыңнан көздi жұмып өтiп ем.. Бейқам, бейпiл күндерiме өкiнем. 1969 ж. * Таң атқаннан күн батқанша жол жүрiп, Жол шегiнде құлап түссем болдырып, Соңғы адымды еңбектеп-ақ өтермiн, Өз iзiмдi жоғалтпастан кетермiн. Өйткенi мен соңғы адыммен өлшенем, Соңғы адымды алу үшiн жол шегем. Көз ашқаннан көз жұмғанша жол шегiп, Жер шетiнде құлап түссем теңселiп, Аунасам да, өтермiн-ау айналып, Тұңғиыққа қалмау үшiн байланып. Өйткенi мен ертеңiммен өлшенем, Жаңа бiр жол бастау үшiн жол шегем. 1969 ж. АРМАН-БАҚЫТ Арман-бақыт! Ғұмыр бойы мен саған Екi аяқпен омбы кешiп жол салам. Жетермiн де, жанға азық етермiн, Аспандағы ақ Күнiмдей болшы аман! Арман-бақыт! Жүрегiме мұң артып, Iңкəр еттiң, қайғыртып та қуантып. Асқақтайсың, қашқақтайсың неге сен, Сағым жапқан сары белдей мұнартып?

Сынға шыдар, шыңға шығар дара күш Таба алар ма уыз қанат бала құс? Арман-бақыт, ынтықтырып келесiң, Жұмбағы мол жұлдызымдай ең алыс. Арман-бақыт! Алыстасаң алыста, Саған созған қолым жетсiн ғарышқа. Нар тəуекел, шегiнбестен түсемiн, Шексiздiктiң өзiмен де жарысқа. Арман-бақыт! Сен де менi сынап көр, Ешкiм шешiп көрмеген көп сұрақ бер. Қашықтан-ақ жақын тартып тұр өзiң, Көзiме – нұр, көңiлiме шуақ бол. Арман-бақыт! Аярлардан сақ бол сен, Топ еткiзер арбауына тап келсең. Кетесiң ғой алаяққа жем болып, Айласы жоқ адал жанды жат көрсең. Жылпостар бар тегiн олжа дəметкен, Сондайлардан қорып сенi əлек мен. Дайым саған iзгi жандар жолықсын, Еңбегiмен гүл өсiрiп, дəн еккен. Ғашықтарды жебей жетсең – сүйiндiм, Пасықтарды мерейлi етсең – күйiндiм. Қағамын деп сенi төнген қатерден, Қақ төбеден қыран болып шүйiлдiм. Қайран бақыт! Сен кiмдерге бұйырдың?! Тоғыштарға тон болып та киiлдiң, Беттiлердiң беделiне иiлдiң, Ептiлердiң көмейiне құйылдың. Маған олай орын берме қасыңнан, Есiркеп кеп сипама да басымнан. Өр мiнезбен өскен жанмын мен өзi, Қиындықпен қидаласып жасымнан.

Өзiңнен де, өзгеден де жасырман, Кездерiм көп жасыған да, ашынған. Жолыңды да тосып едiм, сен бiрақ, Көрмегенсiп өте шықтың қасымнан. Есте менi мүсiркеген кездерiң, Сенiң ыстық демiңдi де сезгенiм. Қолыңды өзiң созып едiң – безбедiң, Керi қарай ыршып түстiм – төзбедiм! Асыл, iзгi сезiмiмнiң серiгi ең, Тек биiктен көрейiншi сенi мен. Аласарсаң, жара салсаң жүрекке, Арам асты көргендей боп жерiнем. Мысық тiлеу, сұғанақ көз, кең өңеш, Дайын асқа əзiр қасық – мен емес. Жалған күлiп алдарқатпа сен менi, Арзан қызық шын бақытқа бөлемес. Арман-бақыт, ар жолында табыстық! Таңдайыма су тамызбай, талықсыт. Арып-ашып мекенiңе мен жетсем, Күллi азаптан өзiң сонда алып шық! 1969 ж. КЕЙДЕ МЕН... Көңiлсiзбiн кейде мен: Бақытымның бал даусын естiмеймiн, Ет-жүректi тiлгiлеп, кескiлеймiн. Солып қалған сорлы бас асқабақтай, Аш қарынға, ашынам, ас та батпай. Тарамыстай ширығып əл-шыдамым, Қара терге сұп-суық малшынамын. Боран ұлып кеудемде ала бөтен, Тiрлiгiмдi болымсыз талақ етем.

Айтып-айтпай не керек, достарым-ай, Отырғам жоқ тарылып босқа бұлай: Осы өмiрдiң өгей бiр баласындай, Жүдер кезi жүректiң бар осындай. Көңiлдiмiн кейде мен: Мергендеймiн сол кезде құлан атқан, Жiгiттеймiн асауды тұралатқан. Өзендеймiн қысаңнан құлап аққан, Кiсiдеймiн арылған кiнəраттан. Күнi сонда шаттықтың күркiрейдi, Қайғы-бұлтты шаштан ап сiлкiлейдi. Ақ нөсерi шабыттың сiркiрейдi, Сел-тасқыны сезiмнiң дүркiрейдi. Аяқталмас жүрегiм жыр тiлейдi, Жетi түнде көзiме Күн түнейдi. Сүңгiп шыққан көлiне көгiлдiрдей, Мең-зең көңiл, беу шiркiн, бiр түлейдi! 1969 ж. ҚЫСЫЛМАЙТЫН СƏУЛЕЛЕР Қырға шықты жас жiгiт атқа мiнiп, Алдан сырғып ақ сағым – аққан үмiт. Қызыл гүлдер қыр үстiн қымтай орап, Қия беттен жалқын нұр жатты ағылып. Арындатып ақшамда баран атты, Қызулы жас қыр асып бара жатты. Қиян шетте қыран құс ақ сəуледей, Қоңыр таудың төбесiн жанап ақты. Қырға шықты бiр ару жаяулатып, Күңгiрт тартты күрең Күн, баяу батып. Көрер емес, əттең-ай, жiгiт мұны, Алыстап бiр кеткендей таяу бақыт.

Бұрын-соңды еш қызға килiкпеген Бұла жiгiт бұлқынған жүйрiкпенен Өте шықты тұсынан тұл арудың – Тумысында еркекке илiкпеген. Қараңғылық көзге де тосылды айқын, Өтер бастан əлi сан осындай түн. Бұл дүниеде аз емес жарық жұлдыз Ғұмыр бақи сəулесi қосылмайтын. 1970 ж. ҚҰШТАРЛЫҚ Түсiмде... қалып дұшпан жаласына, Көңiлдiң медеу iздеп наласына, Тап болып қалың зират арасына, Бабамның барып жүрсем моласына: Қуаныш, мұңын көрiп, той тойлаған, Қызық пен қиындығы ортаймаған Өмiрге деген ұлы құштарлықпен, Даусынан жүрегiмнiң айқайлаған – Оянып кетемiн де, алас ұра, Орнымнан атып тұрам мен асыға. Тек сонда, сонда ғана жеткендей боп Өмiрдiң қадiрi мен бағасына. ...Жүрсе де не күлдiрiп, не жылатып, Мұңайтып, iле-шала тез жұбатып, Тынысын тiршiлiктiң жанмен сезiп, Жер басып жүргенiңнiң өзi бақыт! 1970 ж. ҚЫРАН Көз талдырар қиянда Көк мұнарлы құяңға Бiр батқанда – Тұйғын көкiрек тұншыққанда, Бiр шыққанда – Ыстық ұшқын ыршып қанда,

Қылп ете қап – Түсiп кеткен түймедей, Жылт ете қап – Көзге iлiккен инедей. Жел сəуiрдей түйлiгiп, Жетi қат көктен шүйлiгiп, Жай оғындай килiгiп, Серiппелi сом болат Жебе-сынды сорғалап; Балғын етi бал дəмдi Балпанақтай бағланды Ала қашқан арланды Қаншық иттей жұмарлап, Басын жерге нығарлап, Темiр шеңгелдi тереңге Тебендейiн сүңгiтiп, Жылы өкпесiн е демде Құшырлана қылғытып, Жемтiкке емес, Жеңсiкке Шаттана бiр шаңқ етiп, Жапан түздi жаңғыртып, Көк төрiне көсiлте Қайта шығар салдыртып – Жарты патша сал бүркiт: Жол берместен ойранға, Жауын жайпап майданда, Туған жердiң көгiне Қалқан етiп қанатын, Туын жықпай, Елiне Салтанатпен баратын, Дақ түсiрмей тегiне, Қыран болып қалатын, Достасқанның бауыры, Қастасқанның дауылы, Елiм деп туған марқасқа Ерлердi еске салмас па? Уай! 1971 ж.

ЖАЙЛАУ Жайлау. Жалқын кеш. Көкжиек. Алтын көш. Кере қарыс маңдайы Кең дүниенi жарық қып, Көкжиекке жантайып Жатыр аспан жарықтық. Жабағы бұлт, мамық бұлт, Арық бұлт пен алып бұлт – Бөлек-бөлек үюлi Қойдың ұлпа жүнiндей Немесе бiр жиюлы Көк қызының жүгiндей. Сеңгiр тауға сүйкенiп, Қол-аяғы ұзарып, Бiрiн-бiрi итерiп, Бiрiн-бiрi ыза ғып, Көлеңкелер ойнайды. Жолай тезек-қи терiп Шыққан қойдың алдынан Келiншекке итi ерiп, “Қоян-соян қаңғыған Кездессе...” деп ойлайды. Көкжиектен асқан Күн Көлге сүңгiп барады. Сарғалдағы аспанның Самсап қауыз жарады. Аспан асты – сары ала Жарқыраған самала. Төбе сайын сан оба, Сақшыдайын сақ о да.

Алтын жалды айғырдың Айдап салған үйiрi, Əр ауылдың, əр үйдiң Түнеп қалған сиыры – Лағып сала-салада. Қымызы мен iркiтiн Күрпiлдеткен сабада, Сай бассайын бiр түтiн – Бұлақ құяр сағада. Орман – баулар, қорған – таулар, Толған аңғар – ордалы аңдар. Мұз бен қар бар шыңдар заңғар – Игi мұрат, iзгi армандар. Құздардан да озған жолдар – Қиындыққа созған қолдар. Қорасының шетiне Жапырақ емес, жабағы өскен, Iргесiнен самал ескен, Iшi толы асыл бұйым, Дала – есiгi ашулы ұйiң. Шаңырақ – аспан, Сұрауы жоқ қанша жақсаң, Жұлдыз – ақ шам. Жайлау. Жалқын кеш. Өрiс пен ауыл арасы – Ақ керуен, алтын көш. Жайылымнан ақшамда Қоналқыға қой келiп, Мəз-мейрам боп жатқандай Ауыл сайын той болып. Тұла бойын гүл жапқан, Əн əлдилеп, жыр баққан, Сырбаздық пен мөлдiрлiк Сырлы сазбен үн қатқан,

Туысыңдай бауырмал, Сезiмтал, сергек, серi-сал, Ер көңiлдi елiм екен ғой бұл! Тастарынан май аққан, Бұлттары садақ-жай атқан, Қарағашы темiрдей, Топырағы көмiрдей, Табиғаттың жас шағы Секiлдi жерiм екен ғой бұл! 1971 ж. ҚЫР СУРЕТI Уа, Жөңкiлсе бұлттар дүркiреп, Бұзылған сеңдей күркiреп, Көк-күмбездiң қоңырауы Күңгiрлеп берсе, күмбiрлеп. Аспанның иiп омырауы, Ақ жаңбыр құйса-ай сiркiреп. Аунап тұрған көгалға Арғымақтай сiлкiне, Бабына келер болар ма Дүние шiркiн дүр түлеп! Сыңсып өтiп нұр-лек, Шым-шым етiп жылы леп, Риза ғып үмбетiн, Əншейiн бiр үлбiреп, Шыға келсе, Күн бетiн Кебу бұлтпен сүлгiлеп. Күн қызының бантигi Сияқтанып өзiнше, Өрнек сəнi сан қилы Жетi тарам – өрiмше, Кемпiрқосақ керiлсе.

Сағым буған тау шыңы Дараланып бар сыны, Жұмыртқадай аршылып, Тап қасыңнан шаншылып, Сараланып көрiнсе. Шұрқырасып қосылып, Жолды бөгеп жосылып, Өңшең асау пырақша, Салдыр-гүлдiр су ақса. Дəлдүр-дүлдiр бұлақша – Тай-құлынын уақша Үйiрiмен шұбатса. Шалғын кешкен малшылар, Тоғай кезген аңшылар, Малмаңдай боп малшынар – Ақ маңдайлы тамшылар Жалт-жұлт етiп сынапша. Аң мен түлiк лепiрсе, Қунаң қаққан құр атша. Балақандар секiрсе, Асыр салып лақша. Бұғыңқы жүрек бұлқынса, Бұйығы жүзге нұр тұнса. Булыққан сезiм бусанып, Алқынған көктiң бұлтынша, Бұла бiр күшпен ұмтылса. Анадай күлiп Күн тұрса, Бала-дүние құлпырса. Бұрынды-соңды еш ақын Айтып та жазып көрмеген, Жүрекке тiке беттейтiн, Тiл құдiретi жетпейтiн, Ырғағы ырғын жыр туса.

Жыр туса рухы тiл байлар, Терең батып, бiр бойлар. Көңiл шөлiн қандырып, Сазды, назды үн жайлар. Түске кiрiп, өңiнде Құдiретiн күнде ойлар. Байыз тауып қонбай дəл, Дүрлiгiскен торғайлар – Нəрлi өзегi балқыған, Нəн тамшылар толқыған Жасыл талға жапырлап, Жамылса жас жапырақ. Құс атаулы со бойда Бастап кетсе той-сауық. Əсершiл ақын тоғайда Үн терiп жүрсе, ой сауып. Сонда, соно-оу қыратта Қос жас шопан қой бақса. Қалың отар бiр уақта Ойыса кеп бұлаққа, Төмен құлап, ойға ақса. Шөлiн əбден қандырып, Қайта беттей қайрылып, Қау шалғынмен бой жапса. Екеудiң бiрi – естi қыз, Ендiгi жұбы – жiгiт боп, Құлшынып тұрып сырласса, Қымсынып күлiп, тiл қосса. Биiк жалға жайғасса, Өрiс жайын ойласса, Ұлы уағда байласса! Пау, шiркiн! 1971 ж.

АЛАКӨЛ Балық пен құстың базары, Байлықтың шүңет қазаны, Жұтып өскен лебiзiн Жұпар иiстi теңiзiм – Алакөлiм, айбыным, Iнжу сүзер айдыным. Маңдайына бiткен бұл Меңi ме едiң даламның. Мұрасындай тiптен бiр Мөрi ме едiң бабамның? Дала мүлгiп, тау қалғып, Тыныс аған кезiнде Ояу жатқан аунақшып, Алакөлiм, өзiң бе? Жағалауың – жəрмеңке, Шат-шадыман шалқулы ел. Шар тарабың – дəндi өлке, Астық тұнған алтын бел. Түйсiне алмас сүйсiнбей, Қалампырдың иiсiндей – Алтын белден жамырап, Аңырап бiр аңқыр жел. Жауар бұлттай жұмсарып, Бусанғанда жалқын көл, Тау маңдайын бу шалып, Балауыздай балқыр жер. Таудың үстi – пүлiс түк, Қойны-қонышы – ырыс-құт, Қорығы – зор зоопарк, Қорымы – мол тыныштық. Адымыңды аштырмас Бүлдiрген мен таңқурай. Алмалары – қақтырмас, Қарақаты – жаңбырдай.

Шөбi шүйгiн, құнарлы, Түгiн тартсаң май шығар. Жайылған мал құлағын Тоқмейiлси қайшылар. Шұбатылған көгендей Бунақ-бунақ бұлағы; Жартастары қыналы, Қолат-қолат кең қойнау. Ата қоныс – ен жайлау. Еш көрместен қол байлау, Ат үстiнде қолдасып, Мал мен жаннан жай сұрар, Үлкенiне кiшiсi Əулиедей бойсұнар, Шiркiн, бiздiң қойшылар, Шiркiн, бiздiң қойшылар! ...Көлiңе сүңгiп Ай бұққан, Жерiңе – бақыт, байлық тəн, Елiң де iске құлықты, Желiң де ерке қылықты. Төскейден төмен тепсiнген Тентегiң – теңбiл өзенiң, Маңдай терiм көп сiңген Биiк-биiк кезеңiң, Терiп жеген жемiсiн Өрнегi өзге өрiсiм, Өскен жерiм, өз елiм, Өкпе-бауыр, өзегiм, Сенiң нұрың – көзiмде, Менiң жырым – өзiңде! 1971 ж. КӨЛ МIНЕЗI Көлге келсең – желде кел, Желдi көрсең – көлде көр: Алапат дауыл бұл бiр сəт

Қым-қуыт майдан, қырғын сап, Қамыс-қоға дүре жеп, Шу-шұрқан боп жылайды. Жекпе-жекте беттескен, Батырлардай оқ кешкен, Тоқсан толқын түрегеп, Тоқсан толқын құлайды. Жарылғандай мың мина, Жардың үстi дүрсiлдеп, Сан зеңбiрек ылдида Жатқандай-ақ гүрсiлеп. Дауылды көл бұзық та, Дауылды көл қызық та: Тырнағына iлiксең – Жолбарыстай бүлiкшең, Ұрты қанды бiр апат. Көз тастасаң жағадан – Байлаулы иттей қабаған, Қорқынышсыз рақат... 1971 ж.

ТАҢ Ұры түскен бақтағы Ұмыт қалған шиедей Я күзеткен қақпаны Түн қызындай бiр өгей Не мезгiлдiң ақпары – Хабаршыдай бiрегей: Жалғызсырап мұңдана, Мұңданса да дүр жана, Мəпелеген жан гүлiн Аруындай жарлының, Шолпан жұлдыз бiр ғана Шоқтай жайнап тұр дара.

Түн-диюдың балдызы, Бой жасаған жалғызы, Ерке-тотай, көңiлшек, Жеңiлтек бiр келiншек Секiлденiп, не тiптi, Отырып-ақ оң жақта Жүктi болған бейбақтай, Көзден таса етiптi Секпiл бетiн аулақққа Ай. Үйiр-үйiр жылқыдай Жусап жатқан жұлдызын Қара айғыр – түн жия, Жер жұтқандай зым-зия. Сай-жырада көстиiп Ұйықтап қалған қылжия Көлеңкелер ес жиып, Бiрiн-бiрi жұлқылай, Тұрып жатыр ыржия. Таңғажайып таң, мiне: Қақ маңдайы – қан күрең. Көз құртын жер көкжиек – Төрдiң тұсын құлпыртып Құрып қойған құндыз-түк Жүз құбылған нəн кiлем. Шоғыр-шоғыр шор бұлттар – Балқып жатқан шойындай. Нарттай қызыл тонар Күн – Тоқсан жылдық томардың Томырылған шоғындай. Таңғажайып таң осы: Жұмыскер дала оянған, Адамдар күтiп той алдан, Қанат қаққан ой-арман. Аппақ шуақ – айнала, Ақ сүт сəуле сорғалап,

Жайраң дала жай ғана Сорып жатыр саумалап. Аспан – алып мұхит та, Көкжиек – алтын жағалау. Алыстан жеткен ақ алау Бұйығып жатқан бұл жердi Бусантып, иiтiп барады-ау. Хордың қызын кең маңдай Көрiп естен танғандай, Аспаннан нұр жауғандай, Ынтызарың ауғандай, Қайта айналып келгенше Аңсаттырар армандай – Беу, дүние, Теңеуiн таппас таң қандай! 1971 ж. КҮЗ ЖЫРЫ Байтақ қазақ даласы: Ақиық тау Алтай мен Атыраудың арасы, Сылқым Сырдың сағасы, Ерке Ертiстiң жағасы, Жетiсудың саласы, Түспеген бiр сəнi орта Жазиралы Сарыарқа, Сарқылмастан сауығы Əнi есiлген ауылы, Дəн өсiрген қауымы. Күлiм-күлiм қақтырып Күн қақтаған жүздердi, Асықтырып бiздердi, Тасып-күлiп күз келдi. Түре шарлап түз-көлдi, Қазыналы кемедей Комбайндар жүздi ендi.

Қолының жоқ аласы, Күз бiр бейне – нағашы. Қойны-қонышын ақтарып, Базарлығын аласы бiз бiр – жиен баласы. Түйiрiн бассаң тiсiңе – Ақ нанның иiсiн аңқытар, Батып шықсаң iшiне – Тұла бойыңды балқытар, Егiнжайдың үстiмен Самал есiп өткенде, Бидай-сынды бикештер Сыбырласа сырласып, Сыбдыр-сыбдыр еткенде, Сыңғыр-сыңғыр күлкiсiн Судыр-судыр төккенде, Кеудесiнде күй тасып, Iсi жырдай ұйқасып, Қанаттанбас жоқ пенде. Корабльдер – комбайн, Толқын шайып таңдайын, Келе жатар жағаға Түзеп алып маңдайын. Сабағы – сабау қамыстай, Жебесi – жетi қарыстай, Қауызына Күн сыйған, Баданадай тырсиған, Бункер-бункер алтын дəн. Мəшинелер жел қанат – Құм тасыған дорбалап Баладай-ақ қолғанат, Құстай ұшып алқынған. Айналайын алтын күз, Мəрттiк көрем қалпыңнан. Айнымайды мiнезiң Жомарт, сақи халқымнан.

Керуендерiң жалғассын Ырыс, байлық артынған. Келе бершi, жаңылмай Емен-жарқын салтыңнан! 1971 ж. ҚЫРАНЫМ Қыран ең балапаннан сыңар ұшқан.. Дауылды – тас ұядан шыға құшқан. Тап болып таң дүниеге үңiрейген, Жат көрiп жүз таңырқау, бiр үреймен, Беймəлiм бөгде түйсiк бойды алғанда, Көз тiгiп айналаңа, ойланғанда, Төменнен – жердi гүлмен көмкерiлген, Төбеңнен көктi көрiп төңкерiлген, Жiгер мен қайратыңа қатар сенiп, Кеткенсiң шексiздiкке сапар шегiп. Сен, бiрақ iркiлместен самғай бердiң, Жамылдың шарбы бұлтын шалғай жердiң. Тағдырың тап қылғанда ауыр сынын, Майысты қатаймаған қауырсының. Жер-көктiң жiтi аңдап қылт еткенiн, Биiктен шүйiлгенде, мүлт кетпедiң. Үстiнен ұшып өттiң шалқар көлдiң, Сан сала, сайын дала, салқар белдiң. ...Балапан шағың едi, елең-алаң, Ақ үрпек, топшың бекiп тола алмаған. Аттанып бiр сапарға жөнелдi анаң, Сор айдап, содан қайтып оралмаған. Қыран ба өздiгiнен оңалмаған, Сiлкiнiп, тұғырына қона алмаған? Анаңның қанатына оранбаған Қатыгез қарлы аязда борандаған Көзiңнiң ұшқындары жоғалмаған.

Жетiмек қайсар болып жетiлгенсiң, Жалама жартастардан секiргенсiң. Етiңнен ет кессе де, ғұмырыңда, Бетiңнен тайсалмасқа бекiнгенсiң. Үйреткен шарықтауды – тiлсiз түндер, Үйреткен жалықпауды – үнсiз күндер, Ширығып шын айқасқа құмар сезiм, Басталған бақ-бабыңды сынар кезiң. Өткен-дi өн бойыңнан өрт жүгiрiп, Жайтаңдап қызыл шоқтай қыран көзiң. Сен, сiрə, бола алмассың өкпелi де, Тартыспен өмiрiңнiң өткенiне. Бiр буда буыншақтай бұлт үйiрiп, Кiл қалқып, кiдi шалқып, кiлт иiлiп, Танытып тартқаныңды дөп тегiңе, Сүйектес, қандас, дiттес, көп теңiңе, Сайраншыл самғауыңмен көк төрiне. Жолықтың қанша жаз бен көктемiңе? Қыраным, топшың берiк, қаның тұнық, Кеудеңдi жан шыдатпас жалын буып, Серпiлiп шырқау көкке шыққаныңда, Қалмас па iштен ғана жауың тынып. Сырыңды сырт əлемге бiр бермейсiң, Шайқасқа ұран салып кiргендейсiң. Зəуде бiр əуелеп ап, əудем уақыт Өзiңдi сиқыр жiпке iлгендейсiң. Демiңнен дене ширар күй таралып, Ұйыған уыз ауа ұйпаланып, Астынан қанатыңның дауыл тұрып, Сен өтсең, қарамас па бəрi ынтығып. Қияннан қиып түсер қимас құсым, Бойыңа алапат мол сыймас күшiң. Анаңнан дарып қалған бiр қасиет – Ұйықтайсың иегiңдi шыңға сүйеп. Төзбейсiң масылдыққа, пасықтыққа, Сөз емес, биiктiк те, қашықтық та.

Азулы аусарлардан тайсалмадың, Жасық пен жансарларға бой салмадың. Тепсiнген тегеурiнге сай самғауың, Теңермiн саған көктiң қай саңлағын? Бiлместен тумысыңнан томағаны, Тар құздан таңдап табар қонағаны, Қиынды тiлеп тұрар, қызба қаның, Қиырды мұрат қылар мұзбалағым. Жадына ұстамайтын жан керегiн, Ақ жүрек мəрт батырдай аңғал едiң, Ызадан жарылардай iшi қайнап, Дұшпаның аңдымас па тiсiн қайрап. Жүргенде қасты елемей, досқа сенiп, Қапыда маңдайыңды тасқа соғып, Опық жеп қала көрме, қыраным-ау, Қашанда қалтарыста тұрады жау. 1972 ж. ЕСКI ШОҚ Кiбiртiк, жем түскендей аяғына, Зар болған желiс түгiл, аяңына, Кiнəмшiл, кiрiптар шал таяғына – Жалындап ғашық болған баяғыда. Жалындап баяғыда... ғашық болған, Көктемгi тау суындай тасып-толған. Босқа шапқан... Маңдайын тасқа соққан, Ол содан “соры қайнап”, жасып қалған. Бүгiн шал, баяғыда жiгiт болған, Бiлекте күш, жүректе үмiт толған. Қырымен алақанның бiр соққанда, Қақ бөлiнiп асықты жiлiк қалған.

Бұл күнде мəнжубас шал кiсi аярдай, Ұйықтамас қысқа түнде үш оянбай. Қиналды-ау, бұл сексеннiң жүз күнi де Отыздың бiр сəтiне ұқсай алмай. – Ақсақал,– дедi жiгiт,– шалымызға,– Бiр сөз айтсам, тимеспiн шамыңызға. Жайын сiз ғашықтықтың түсiнбейсiз, Бұл бiзге жөн айтатын шағыңыз ба? Шалымыз мырс еттi де, тоқтай қалды, Не десе жөн? Шiркiндi боқтай ма əлгi?! Тартылып қалған өзен қайта тасып, Ескi шоқ елеуреген отқа айналды. Сайрап тұр көкiрегiнде... Бəрi iшiнде. Ұмытқан жоқ ғашықтық мəнiсiн де. Қартаймас жүрек шiркiн жүз жылда да, Бəрiбiр, жассың ба, əлде кəрiсiң бе?! 1972 ж. * Қарашаның түнiнде, Қарағаштың түбiнде Қарақшыша кездестiк. Су құйдық та төзiмге, Ерiк бердiк сезiмге, Тез лап етiп, тез де өштiк. Тəн аптабы басылды, Ар аптабы ашылды, Өксiк ата өкiндiк. Алшақтап-ақ кетiппiз, Дариядан өтiппiз – Бiлектердi көпiр ғып. Боран соқты ақ көбiк, Қарағашты қақ бөлiп,

Отқа жақтық отын ғып. Жекпе-жекте тең түскен, Қас жаулардай серпiскен – Терiс қарап отырдық. Шыжғырылған майдай-ақ, Жалтыр көкте тайғанап, Ағып түстi бiр жұлдыз. Жасқа айналып күнəмiз, Тас байланып тiл-ауыз, Мелшиюмен бiз тұрмыз. От та сөндi, жақпадық, Шоқты аяқпен таптадық. “Кетшi əрi!...” деп өтiндiк. Тəттi уға тойып бiз, Қан жылатып қойыппыз Жүректердi жетiм ғып... 1972 ж. АРМАН АУЫЛЫНА ОРАЛУ Саңлақ күлiк сайлап мiнiп, Жамбы тұяқ жай лақтырып, Қам көңiлге қаймақ тұрып, Əсте таза, Əйбат тұнық Боз ауаға бойлап кiрiп, Арман қуып, Сайран құрып, Тiзгiн қолда, Шықсаң жолға, Саңлақ күлiк сайлап мiнiп! Жолаушының қарасы ұнай, Жиен күткен нағашыдай, Танытып бiр тамаша рай, Меймандостық дара шырай, Сұссыз өңге сүйкiм қосқан

Мұнтаздай қарт мұртын басқан, Қунақ сөйлеп, Құрақ ұшып, Ат байласса құр тұрмастан. Еш қаладан ұшыратпас, Ер жiгiттiң тiсi батпас, Əйел заттың қас керiмi, Жалғыз үйдiң жас келiнi, Тосын келген бұл кiсiмен Көне ғұрып үлгiсiмен Есендессе сəл тосылып, Ұяң жүзге сəн қосылып. Iргедегi итiн жасқап, Қарт қонағын үйге бастап, Кiргеннен соң, төрге оздырса, Қақ ортадан орын нұсқап. Ата рəуiшiн келiн қоштап, Қимылына көз iлеспей, Қонақ төрге келiп жетпей, Түспегендей табы қолдың, Сусылдаған атлас, торғын Көрпе төсеп төрт қабаттап, Құс жастықты қойса қостап. Сонсоң, қонақ малдас құрып, Үй iшiне көз қыдыртып, Аз бөгелiп, сəл шыдаса. Шөлдеп келген жолаушының Айтпай бiлiп iшкi сырын, Келiнiне шал ымдаса. Жез леген, күмiс құман, Аппақ сүлгi дайын болып, Қонақ жайлап қол шыласа. Жайғасып ап жайлы орынға, Қымызға бас қойғаныңда, Қариямыз хал сұраса, Сараң сөйлеп, мол сынаса.

Содан кейiн барлап көзбен, Жан шалғайын жалғап сөзбен, Бұйығылау бұл қонақтың Ойын түртiп, қамшыласа. Шебер қолдың айғағындай, Ұқыпты үйдiң сайманындай, Домбырасын қолына алып, Құлақ күйiн мақамдаса. Шерте қағып, Тоқтай қалып, Қисындыра мақалдаса. Жас қонағы оңтайланып, Қозғалақтап, қопаңдаса. Тiл бiтiрген шебер саусақ, Шертiп сырын шешен аспап, Күмбiр-күмбiр шанағынан Күй төгiлсе нешеме асқақ. Жаңылмастан iзгi əдептен, Бойға сiңген бiр ғадетпен, Əсем қимыл, ибалы еппен, Келiн шайын құйса баппен. Ойдан ойды қозғай барып, Хикаялы сөзге айналып, Отырғанда сұхбат құрып, Мезгiл парқын сезбей қалып, Күн байыса, көз байланып. Шомбал атты шопан жiгiт Қойын берi бет алдырып, Бетегелi белден асса. Қора аузына қонақ тұрып, Байқатпастан олақтығын, Қартпен қатар қой санасса. ...Ертеңiнде ел iшiнде Той болса бiр қыз ұзатқан.

Түсе қалсаң сен үстiне Қызық думан қызып жатқан. Тапса бабын саңлақ жануар, Ұшса бағың самғап заңғар. Түнге қарай шалқып шат əн, Қыр елiнiң салтына тəн, Құрса жастар алтыбақан. Əн таласа, Сəн тамаша Сауық-сайран тарқамаса Кеп жеткенше алқына таң. Албыраған таңдай əлгi, Малшы ауылдың маңдай алды Аруына арлы, аяулы Көзiң түсiп – Сөзiңдi айтсаң, Уəдең пiсiп – Шалқып қайтсаң! Беу, шiр-ке-ен! 1973 ж.

ТҰЛПАР Дауылпазы даламның – сайгүлiктер, Күндi өңгерiп, желдi айдап, Айды бүктер. Айдау жолды айылдай орап алып, Жұмыр дене сынаптай домаланып, Қиялыңды қияға ала қашып, Бұлдыраған сағыммен араласып, Бура таудың басына күле жетсең, Тақымыңа бiр бұлтты iле кет сен. Сен онымен əуелi жай жүрiп көр, Өзiң ұшқан ұяға қайрылып кел. Асау арын ырқымен кетпе лағып, Шын жүйрiктер межеге жеткенi анық.

Тiзгiндi ұста езуге тiреп тартып, Бiлеу-бiлеу мойнына бiлектi артып. Соның өзi-ақ көзiңнен жас парлатып, Көңiлiңдi əкетер аспандатып. Тағдыры оның – қолыңда, шабандозым, Үмiтпенен тiгедi ел саған көзiн. Алмас қылыш кетiлер тасқа шапсаң, Арғымақ ат қорланар басқа соқсаң, Серт байлаған сапарға сенiп барар, Арман қуған жiгiтке серiк болар, Тұлпар шаппас тұяғы тозу үшiн, Шапса егер – топ жарып озуы шын. 1974 ж. САЙГҮЛIКТЕР Жолбарыс жонды бөрте-дi, Жалын едi, өрт едi... Пай-пай, пай-пай, жануар, Шоқтығы – шоқы, жалы – жар! Шаңын жұтқан жабылар Жарты жолда жанығар. Екi саны күпшектей, Жiлiншiктерi – пiспектей, Тостағандай тұяғы Шашасы – қыр қияғы. Қос танауы – көрiктей, Екi көзi өрiктей, Тұйғын өкпе демiкпей, Желден озған елiктей. Жылтыр түкте ойнап шық, Ор қояндай ойнақшып, Алып ұшса құйындай, Аруағыңа сиынғай!

Арқасына құс қондырмас, Шашасына шаң жұқпас. Күндiк жолда болдырмас, Айлық жолда шалдықпас. Желден бағыт айырып, Жер иiскесе тыңайған. Түз тағысын қайырып, Тұяғымен шым ойған. Тұлпар көрсе тұспалдас, Қос тынысы ашылған. Төрт тағадан ұшқан тас Қақпақыл боп шашылған. Қуып берсе – алдынан Тұяқтыны өткiзбес, Қашып көрсе – қаңғыған Қанаттыға жеткiзбес. Таза ауаны мол қарпып, Оқыранып, жер тарпып, Тұла бойын тер қысып, Тамағының безi iсiп. Етi ысып, қалшылдап, Ауыздағы қаршылдап, Қаны қызып қиқудан, Түн оятар ұйқыңнан. Ағытып ап белдеуден, Ағындатсаң бел-белмен, Болатындай сол деммен: Көңiлiң – аспан, көл – кеудең. Қиналғанда бiрге сол – Жан досыңдай тiлдесер. Қолы ұзарар жiгiттiң, Жолы ұзарар үмiттiң.

Пай-пай, шiркiн, жануар, Шоқтығы – шоқы, жалы – жар! Сенсiз көңiл – шерменде, Сенсiз өмiр – шеңгелде! Ту ұстайтын азамат Тұғыр мiнсе – сол азап! Жеңбес жауын жер қылып, Ертпес елiн сендiрiп. Азат ойлар қоғамы – Алтын тақтан жоғары! Сол ойлардай бағалы Сайгүлiктер бар əлi! Пырақтардың пiрi, үнi, Тұяқтардың дүбiрi Қалаларды, даланы Жаңғырта бiр, жаралы – Шеңбердегi көңiлдi, Шеңгелдегi өмiрдi Еркiндiкке, теңдiкке, Кеңiстiкке, кеңдiкке Алып ұшып барады! Сайгүлiктер бар əлi! 1975 ж.

ШАЛ МЕН ШАЛҒЫ Ортасынан ойып ап қырдың отты шалғынын, Əбден қызып арқасы, екiленген шал бүгiн. Сүңгiп кiрiп қалыңға, сүйкей жайпап барады Сүргi тiлi сүйреңдеп сүйiр тұмсық шалғының. Тарамыс дене ширығып, шып-шып терлей бастады, Алақанға шиырып, шырт түкiрiп тастады.

Шаруасы жоқ Күнмен де тас төбеден шаңқиған, Ұмытқан ол шалғы мен шабындықтан басқаны. Шалғы сабын қыса ұстап, қылпылдатып барады, Өз-өзiнен дыбыстап бiр тiл қатып қалады. Тобарсыса таңдайы – топырақпен бүркеулi торсықтағы шалаптан қылқылдатып алады. Кенет, кенет... Сездi шал шаршағанын əл тайып, Шау тартқаны осы ма, қауқар қашып, қартайып? Қылпылдаған шалғының қырсыз жүзi секiлдi – Қылшылдаған жас күнiн есiне алды жантайып. Батар күнге тесiлдi бастан дəурен өткендей, Шалғымен қош айтысар соңғы сəтi жеткендей. ...Перiште күн, қайран шақ, кетесiң-ау көкке өрлей, Көк шалғыннан пыр етiп көз жаздырған кептердей! 1975 ж. БАЛА ӨСIП КЕЛЕДI Сəуiрдегi сəмбi тал бүрiндей көк, Мамырдағы майса бел гүлiндей боп, Бала өсiп келедi балпанақтай, Күйбеңiмен күндердiң бiлiнбей көп.

Бала өсiп келедi – өндiр өмiр, Өз ырқына сiздi де көндiре бiр. Не көрдi ол?– Ештеме. Ендi ғана Ашылды оның алдынан мөлдiр өңiр. Талпынысын бөбектiң еш тыя алман, Ойлаңызшы өзiңiз естияр жан: Сəтi қандай сəбидiң – өмiр үнiн Тұңғыш рет түйсiнiп, ести алған? Емiренген ананың үнiн ес қып, Бозторғайдың шырылын, жырын естiп,

Шуға толы дүниенiң шуағымен Өсiп келе жатпай ма гүлiң өстiп?! Ендi ғана қаз тұрып, тəй-тəй басып, Үлкендерше даурығып, айқайласып, Алма ағаштың бүрiндей бүлдiршiндер Өседi ғой балауса гүлiн ашып. Ақ бұлақтай өмiрге көзi ашылып, Аяқ-қолы жеткенге қожасынып, Тiп-титiмдей тынымсыз осы сəби Өсiп келе жатпай ма өзi асығып? Тiп-титiмдей болса да, дəмесi зор, Бастар оны өмiрге дəл осы жол. Апыл-тапыл қимылы, аяқ асты Басқа төнер қатерi, “бəлесi” мол. Аңғал тiрлiк иесi алаңдатқыш, Оған түсер бар салмақ – саған батқыш. Ардың-гүрдiң, алғаусыз қылығымен Адалдықтың не екенiн дəл аңдатқыш. Кез болғандай сəн сарай тап қасынан, Таппай, сiрə, сəл тағат, шаққа шыдам, Кiрiп келе жатыр ол апыл-ғұпыл Өмiр дейтiн шаһардың қақпасынан. Ғайып болар тұтасқан қараңғылық, Шыға келер анталап тамам тiрлiк. Жиi-жиi сүрiнер, өйтетiнi – Адымы тар, биiк қой табалдырық. Жатқанымен iсi жоқ болмай шама, Бас қатырмас қажет деп қандай шара. Еңкеюдi бiлмейдi, өйтетiнi – Жетпейдi ғой төбесi маңдайшаға.

Тiршiлiктiң иiсiн, дəмiн бiлiп, Барша дыбыс, барлық түс бағындырып, Өмiр дейтiн сұлулық падишасы Алған оны өзiне табындырып. Есеппенен жүрмейтiн көбең бөбек Бiлмейдi ғой – таяқты неден жемек? Бала шiркiн шеге емес қаға салар, Қажет оған сəт сайын “Жедел көмек”. Ендi байқап тiрлiктiң ұлы ағысын, Ендi сезiп өмiрдiң қуанышын, Құштарлықтың ендi-ендi дəмiн алып Келе жатқан сəбиге бұрады iшiң. Балапан құс күнi ертең ұшар алдан, Түсi жылы, iшi ашық, iсi адал жан, Қызыл шақа шындықтай сəби жүрек – Табиғаттың аузынан түсе қалған! Ерiктiлiк – ерлiкпен бөле батыр, Сəби жүрек – мұз жарғыш кеме батыл. Толқынымен өмiрдiң жағаласып, Кiшкене адам есейiп келе жатыр. Уа, жаса, жас өркен! 1975 ж. ТОРДАҒЫ БҮРКIТ (Баллада) Асыранды бүркiт əбден қартайған, Бұлшық ет пен буын босап, əл тайған. Тұмсығымен түртiп жүрiп көр-жердi, Əтеш келiп қарсы алдына талтайған: – Бiр сұрауға талай мəрте оқталдым, Бүркiт батыр! Мен көргелi тоқ қарның.

“Қарны тоқтың – қайғысы жоқ” демей ме, Шыныңды айтшы, арманың да жоқ, бəлкiм?.. Қарт қыранды бүлiк ашу биледi! Қарағандай тоғышарға үйдегi – Сұсты көздiң сұғыменен əтештi Өңменiнен өткiзе бiр түйредi. – Келiп-ақ тұр өзiңдi бiр сыбағым, Көкейiме қонбаған соң сұрағың. Кəрi жыным қозып отыр, бұл сөздi Қандай оймен айтып тұрсың, шырағым?! Естiп мұны, күлсiн əтеш тоқтамай! Жел үрлесе – тұтанбасын шоқ қалай? Кəрлi бүркiт қатулана ақырды: – Тоқтат қане! Айтарыңды айт, оттамай! Əндеттi əтеш: – Топас ұқпас тек мұны, Сұрағымның түсiнбейтiн жоқ түгi. Арман деген – қу тiрлiктiң тiлегi, Олай болса, бақыт – қарын тоқтығы. Мəселен, мен шала құрсақ күн кешем, Мол сыбаға қылғытасың күнде сен. Қарным тойса – айдарымнан жел есер, Өз обалың – тiрлiк заңын бiлмесең. Осылай деп, күлсiн əтеш тағы да, Қықылықтап, сықылықтап, қағына. Қайдан бiсiн тiл тигiзiп тұрғанын Өр қыранның намысына, арына. Кəрi бүркiт дүр-дүр етiп сiлкiнсiн, Əтеш керi ыршып түсiп, iркiлсiн. Қыран басын шайқап-шайқап тұрды да, Шаңқ еттi кеп: – Неткен топас шiркiнсiң?!

Дауасызсың, саған айтқан сөз шығын, Желпiлдейсiң жетiскендей өз сұрың. Бұл жалғанда тұмсығыңмен түртпейтiн, Көр-жер бар ма, түспейтiн бiр көз сұғың. Қайырың да, қайғың да сол – құлқының, Құлқыныңа табылсайшы бiр тығын. Нəпақаңды iздеп жүрсiң итшiлеп, Кеуiп қалған қиынан да жылқының. Жармақ көрсең – жалпылдайды етегiң, Ұлы түйсiк, асқақ сезiм – не теңiң. Саған қарап болжағандай боламын – Құнсыз тiрлiк, құрдым тiлек не екенiн. Күмəнiм жоқ, қарның сенiң тойса ма – Құбылсың-ау торға қамап қойса да. Қу тамаққа құлқын ұрып кетер ең, Түбiнде бiр көзiңдi сол жойса да. Ашкөздiк пен сұғанақтық – болды айлаң, Тоқтығыңды тартып алдың торғайдан. Топастық пен тоғышарлық аталас, Менi ұғуға жетiп едiң сен қайдан?! Мəңгүрт қашан нас тiрлiктен ұялған? Мəрттер ғана намыс үшiн қияр жан. Сендейлердiң мыңы сыяр лашыққа Тұтқында да өр басымды ие алман. Сұрамаймын ешкiмнен де баспана, Сыймаймын мен кеңiстiктен басқаға. Қожайынның қолындағы жем үшiн Көз шұқысқан көрбiлтелiк – масқара! Сен дүниенi көресiң өз ұяңнан, Мен шоламын заңғаралы қияннан. Қыран көңiл жеңсiк тапса, табады: Желдей – шабыт, ақша бұлттай қиялдан.

Рас, менiң тамағым тоқ, алайда, Бойсұна алман – бодан болып қор ойға. Арманым да, бақытым да – бостандық, Алтын тұғыр – қайғым емес, соны ойла. Топшы жазбай – неге керек тоқтығым? Топ боп жатсам – торғай ғұрлы жоқ құным. Томағамды серпiп тастап, заңғарға Самғап шықсам – көтерiлер шоқтығым. Еншiсi бiр – еркiндiк пен ерлiктiң, Перзентiмiн – кеңiстiк пен кеңдiктiң. Қас қыранның қамалғаны – өлгенi, Əттең, бұдан, кеще неме, немдi ұқтың? Аран айдап, қалбаңдатса харамды, Қарсы алдынан кез қылады қабанды.. Тырнадың кеп iшiмдегi жармды, Жетедi ендi! Батыр əрмен қараңды! 1976 ж. БҰЛБҰЛДЫҢ МҰҢЫ Асыранды бүркiтпенен қолдағы, Сыр шертiскен едi бұлбұл тордағы. Я сұрамақ, я сынамақ болғаны – Бүркiт айтқан гəп едi бұл сондағы: – Неге сенiң түсiп отыр ұнжырғаң, Бақытты құс бар ма сендей, бұлбұлжан? Адам бiткен əуенiңе тəнтi боп, Ақын бiткен өзiңдi айтып жыр қылған. Сонда бұлбұл басын шайқап көп тұрды, Көмейiнен өзгеше бiр төктi үндi. Сып-сыпайы, сырбаз шiркiн, шатынап, Бола кеттi орақ ауыз, от тiлдi:

– О, Бүркiт дос! Айтқаның шын... Алайда, Жұбатқанға көңiл мұңы тарай ма? Сайрағанмен салтанатты сарайда, Бар тағдырым бағынышты тоғайға. Адам ойы құс түйсiктен көп алыс, Шара қайсы? Қайнайды екен соған iш. Кiсi ұққанмен, құс ұқпаса тiлiмдi, Менiң бұлбұл болғанымнан не мəнiс? Үнiм, жырым – бақытым ба, сорым ба? Жауабына жете алмадым соның да. Ата-бабам үйiр бопты адамға, Жүрмеймiн деп қарғалардың соңында. Адамға тəн ұлы сезiм – құштарлық, Құштарлықпен сыйысар ма дұшпандық?! Обалы не, жасаған жоқ еш адам Маған деген iлтипатқа iштарлық. Мазалайды кейде менi бiр күмəн, Сондай кезде қарап тұрып бұлқынам. Екi көршi керiлдесiп жатқанын көзiм шалып қалып едi сыртынан... Бұл да шындық, сөзiмде жоқ бiр жалған: Атақ-даңқы қатарласа жер жарған Екi əншiнiң шекiскенiн мен көрдiм, Кетiскенiн – қос мергеннiң оқ жонған. Бұл бiр жұмбақ – түпсiз терең иiрiм, Шермендемiн – шешпей соның түйiнiн. Содан берi содырлы бiр iс көрсем, Ең алдымен мен тартамын күйiгiн. Адамдарды жамандыққа қимаймын, Мен оларға табынамын, сыйлаймын. Сондықтан да “Шықпаса, деп, бiр сойқан!”, Мынау əсем тор-ұяма сыймаймын.

Қиюласпас ерсiлiкке қарашы: Адам бiткен – бiр атаның баласы. Сөйте тұра, құсқа қиған құрметiн Өздi-өзiнен қызғанады, шамасы. Дегiздiм бе “бұлбұлыңның сөзi-ай тiк!”, Азды-көптi мұң шағып та наз айтып. ...Бiр күмəнiм – адам болсам, құс болмай, Алмас па екем қадiрiмдi азайтып?.. 1976 ж. АҚИҚАТ ТУРАЛЫ АЙТЫС I Қандай едiң, албырт көңiл балғын жас, Ұшқыр қиял, сiрə, қамшы салдырмас. Ендi ғана көзi ашылған бұлақтай, Бетiң ауған жаққа қарай, ал, бiр қаш! Балалықтың соңғы жыры – балдай-ды, Өлара шақ... Көздi сағым арбайды. Жұмбағы көп, қызығы мол өмiрдiң Əр тарабын балаң оймен барлайды. Албырт көңiл, шаршамай шарқ ұратын, Алып ұшқан арманы мен мұратын. Сейтен менен Айтанға да, бұл өмiр – Сұрақ белгi, леп белгiден тұратын... Сейтен – нəзiк, талдырмаштау, сұңғақтау, Алпамсадай Айтан “сайтан” сымбатты-ау. Бiр-бiрiне адал едi, тек қана Шындық жайлы айтыс жанға шын батты-ау. Он алтыға ендi толған бозбала, Бұрынғыдан ой да дара, сөз жаңа. Қиял шоғы қылпың қағып қызған шақ, Үрлеп қалсаң – лап етедi тез жана.

Сейтен, бəлкiм, Айтан досын сынады, “Өмiр деген немене?”– деп сұрады. – Осыны да сөз дейсiң бе, тəйiрi, Өмiр деген – шыбын жанның тұрағы. Өмiр деген – құйын қуған қу тiрлiк, Өмiрдi ұқсаң – ең алдымен құлқынды ұқ. Бұл жалғанның опа берер түгi жоқ, Қуаныш пен қайғысы да бiр күндiк. Сейтен: – Мына сөзiң шошытады менi өте, Өзiңе-өзiң айтып тұрсың келеке. Өмiр деген – тұнып тұрған береке, Өмiр деген – аяқталмас мереке. Ақыл тапсаң табиғатпен тiресер, Мұрнын тескен тайлақтай боп iлесер. Дүниенi өз заңымен бағындыр, Өмiр үшiн күрес деген, мiне, сол. Айтан: – Табиғатпен тартысам деп, жұтаттың, Тамыр солса, күнi қараң бұтақтың. Өзiңе əбден оқу өтiп кеткен бе, Күндiз-түнi сөзiн жаттап кiтаптың. Ақиқаттың бұл бiр заңын аштың ба: “Қой жеме!”– деп, қалай айтам қасқырға? Əр мақұлық – өз əлiнше бiр жыртқыш, Несiбi бар кəрiнiң де, жастың да. Сейтен: – Мəз болма сен, “тың жаңалық аштым” деп, Ақыл-ойды тағылқпен тас күрмеп. Адам деген қасқыр емес, өздi-өзi Бөлiнбесiн қой боп жəне қасқыр боп.

Айтан: – Қызыл аңсап тұрғанымен құлқыны, Есепшiл боп алды қасқыр бұл күнi. “Қойды қорғау қоғамдарын” құруға Өкiл етiп жiбередi түлкiнi. II Сейтен бiрде: “Бақыт деген не?”– дедi. Айтан айтты:– Оның бар не керегi? Ойсоқты боп, мəжнүн болып барасың, Бұл бос қиял қандай опа бередi? Бақыт деген – бұлдыр сағым, құр қиял. Аңсағанмен – маған оны кiм қияр? Өз айбынын асқақтатпақ болғандар Өзгелердiң алауына су құяр. Бойда қауқар болмаған соң салмақтар, Бет-бетiмен безбей қайтсiн қаңбақтар. Құлашыңды кеңге серме, қолыңның Жеткен жерiн желдей жайпап, қармап қал. Бұдан басқа бақытыңды бiлмеймiн, Дей алмаймын: “Əлдекiмдi күндеймiн”. Өз қолымда болмаған соң, өзгенiң Құдiретiн көзiме де iлмеймiн. Сейтен: – Бұл түрiңмен жауым да сен, жатымсың, Мендей достан айырылуға жақынсың. Шiрiк томар секiлденiп, құж-құж бiр, Құмырсқаның илеуiнде жатырсың. Əй, Айтан! Сен, сырттай бақсам – кiсi-ақсың, Ал, iшiңе үңiлгенде – ұсақсың. Көңiлiңнiң көзiн бiтеп, санаңды Өзiмшiлдiк шiдерiмен тұсапсың.

Бақыт деген – iзгiлiкпен кезiгу, Пенделiктiң шылауынан безiну. Өзiңе емес, ең алдымен Елiңе Керек адам екенiңдi сезiну. Адам деген – қашанда адам, ол мал ма? Қара басын күйттегендер оңған ба? Сен өзiңдi бақыттымын деп сезiн, Халық сыйлап, қастерлейтiн болғанда. Айтан: – Халқы сүйген халқын сүйiп өте ме? Қара бастың қамын күйттеп кете ме? Қасқыр қойды “сүйгендiктен жеймiн” деп Жария айтса – не кiредi жетеңе?... III Сейтен шiркiн таласқа бiр тоймайды, Айтысты ма – жеңбей тағы қоймайды. Айтан болса, пəтуасыз бұл даудан Жеңiлсе де, құтылуды ойлайды. “Алданғанша тұрлауы жоқ айтыспен, Айкүмiспен қыдырсам-ау байғұс мен. Гүлбаршындай бұраң белге бұрылмай, Мына Сейтен шошынып жүр қай түстен?” Сейтен тағы досын барлап, сынады: “Шындық деген немене?”– деп сұрады. Шоқ басқандай шоршып түстi, ал, Айтан, Тосын жайды естiгендей құлағы. Айтан: – Болдым ығыр, жетер емес шыдамым, Қайтсем ғана көкейiңнен шығамын? Ойлап-ойлап, тағы ненi шығардың, Тауып алған шындығың не, шырағым?

Сейтен: – Жөнге бақсаң, шындық – бақыт, шапағат, Қисық тартсаң – бұлтартпайтын шапалақ. Сендейлердiң көрiп оны құбыжық, Құны-перен қашатыны шатақ-ақ. Өз iнiне дəн тасыған тышқандай, Ел байлығын тонайтындар дұшпандай, Елсiз өмiр сүре алмасын бiлсе де, Ұялар ма, ар болмаса мысқалдай. Айтан: – Қарап тұрсаң, жұрттың бəрi шыншыл-ақ, Жалғандықтың жаны қалай жүр шыдап. Кiмдi көрсең, сол бiреудi сөгедi: “Адал емес, əй, бiр қу!”– деп, шымшылап. Жұрттың бəрi кiлең жайсаң, жаны iзгi, Ала жiптен аттамайтын тəрiздi. Олай болса, қайдан ғана шығады, Шындық iздеп, айтатындар арызды? Сейтен: – Ақиқатқа жете алмайсың талпынбай, Биiк тауға шыққандай боп алқынбай. Шындық кейде – қалың құмның iшiнде Жылтыраған жалғыз түйiр алтындай. Айтан: – Ақиқатты тəуелсiз деп ерiктен, Мойындаймыз, ал мынаны көрiп пе ең: Кей-кейде бiз үймелеп кеп шындыққа, Үркiп қайта қашқақтаймыз нелiктен? Күзетемiз тазалықтың бастауын, Қаламаймыз оны ешкiмнiң ластауын. Онда неге көрмегенсiп шындықты, Жалғандықтың көтеремiз шашбауын?

Ақиқатты ардақ тұтып келемiз, Жалғандықтың жазасын да беремiз. Кейде бiрақ жөргектегi шындықты Шырқыратып кете аламыз неге бiз? Майды аламыз ажыратып көбiктен, Кейде бiрақ, жайымыз бар көнiккен: Жалғандыққа төр ұсынып, Шындықты Босағада телмiртемiз нелiктен? Ақиқатты асыл тұтып келемiз, “О, шындық!”– деп тамсанамыз, төнемiз. Кейде бiрақ, қас шындықтың жүзiне Тiк қарауға тайсаламыз неге бiз? Сейтен: – Жанарға сын асыл тастың жарқылы, Көз қаратпас шаңқиған Күн шарпуы. Қалың бұлтқа жасырынған кезiнде Қадаламыз оған бiз бұлт арқылы. Екеу емес, бiреу ғана Күн – шындық, Келе жатыр табиғатын тылсым ғып. Оған тура қарау үшiн көз керек! Сондықтан да, кейде рас, қымсындық... Айтан: – Қонады ойға, дауласпаймын сөзiңе, Өткiр-ақ қой ақиқаттың өзi де. Кейде тура қарай алмай қаламын Мен де сенiң ұшқын атқан көзiңе. Ақиқаттың сыры түпсiз, əй, терең! Гүлбаршынды бақытым деп айтар ең. Сұқтандырған сол сұлуың кенеттен Су астынан шыға келсе қайтер ең?..

Сейтен: – Онда, онда... Бетiм ауған жаққа мен Безiп кетiп, айдалаға тоқтар ем. Айтан: – Бəрiбiр сен iздеп оны қайтадан, Таппай қалсаң, кең дүниенi ақтар ең. Сейтен: – Айтқаныңа тудырмаймын талас-дау... Айтан: – Болғанымен қарапайым, қораштау, Шындық деген – суда жүзген сұлудай Тартымды да... көрер көзге оғаштау. Сейтен: – Тапқаныңа, теңеуiңе болайын! Айтан: Салмақта да, өзiң ойлан о жайын. Бiрақ алмас ақиқатпен бетпе-бет Кездесудiң көргенiм жоқ оңайын. Сейтен: – Оның рас, шындық деген – қызыл шоқ, Күйiп қалсаң, төзiмiңнiң тұзын сеп. Қызыл шоқты қолмен ұстау қауiптi, Отсыз үйдей – онсыз тағы күнiң жоқ. ...Қос жүйрiктей шабысы тең, сай күшi, Бiтер емес екi достың айтысы. Жүр екеуi жүгiнбек боп Шындыққа: Оң я терiс – қайсысының қай тұсы?.. 1977 ж.

СЫБЫЗҒЫ ҮНI Сыбызғы үнi, сырлы əуен, Сиқырыңа тəнтi едiм. Жанарымды сулар ең.. Тəкаппар ең дарытпас Қайғының да тəлкегiн. Бұл өмiрдiң мұңы мен Қуанышы өлшеулi. Сыбызғының үнiнен Қайғыны ұғам бақытты, Бақыт көрем ең шерлi. Үлбiреген гүл мiнез, Ерiктi алған ерке наз, Жəудiреген нұрлы көз Саған жиi кез болмас – Дүние шолақ, келте жаз... Кеудеңе кеп сары құс ұя салса – сен тербет. Мұндай мұңды сағыныш Ендi бəлкiм жолықпас, Бүгiнде бар, ертең жоқ. Сыбызғы үнi, сырлы əуен, Кеудеме қон, қайт маған. Мұңлы дүние, нұрлы əлем... Əнi екенсiң арманның, Адам тiлi айтпаған. 1978 ж. ҮЙРЕКТЕРIМ Көлбей ұшқан көк ала үйректерiм, Толқындарын көлiмнiң билет менiң.

Бүршiк жауған кеңiстiк-көңiлiмнiң Толтырыңдар күмбездi имек төрiн. Армысыңдар, аяулы үйректерiм, Қатарыңды жая түс, сиретпегiн. Кеудемдегi теңiздi жанап өтсең, Саз толады жаныма күйрек менiң. Саз толады жаныма, жаз қонады, Күркiреп бiр теңiзiм қозғалады. Желiндерi жер сызған мама бұлттар Терлетедi бой-бой ғып боз даланы. Көзден ұшқан көк ала үйректерiм, Көлдерiмнiң толқынын билет менiң. Түкiрiгiн жұтынған жұқсыз дүние Есiне алсын күмбiрлi күй-көктемiн. Ақ нөсерiн ала бұлт жетсiн жиып, Қанатыңның астынан өтсiн құйып. Көңiлiмнiң шөлiркеп, сусыл қаққан Жапырақтарын тазартып, кетсiн сүйiп! 1978 ж. КӨКТЕМ ЛЕБI * Сүп-сүйкiмдi дүние Паң аруша жымиып, Таңның ғажап күйiне Тамсанған Жер тұр ұйып. Тау өзгертпей ойлы өңiн Маңғаз күйде тұр сұлық. Киiп жатыр көйлегiн Ару дала қымсынып. Күн кiрпiгi ұзарып Көк-мұхитқа сүңгидi.

Бұлттың жүзi қызарып, Сүмбiл шашы сырғиды. Шың басынан ылдиға Елiк-сəуле ырғиды. Жемсауы бос қырғиға Жемтiк кез боп, қылғиды. Сай-саладан өрiске Ақтылы қой шұбайды. Көлеңкелер еңiсте Ұйқылы-ояу сұлайды. Тал-бикештер таранып Сылдырлатса шашбауын, Бəлекет жел жаланып, Тартқылайды жастауын. Таңғы сəтте тау-ана Омырауы сыздайды. Салқын сабат ауа да Шырын дəмiн бұзбайды. * Алғандай айғыр-бұлттар от теңдесiп, Жөңкiлiп бара жатыр бөктерлесiп. О шiркiн, мына дүние қандай ғажап, Келедi сең үстiнде көктем көшiп! Қос дүлей шарпысқанда өктемсiнiп, Түседi қылыштары көктен сынып. Балқытып жер бауырын, мұзды жарып, Келедi қар астынан көктем шығып! Келедi сеңдер көшiп үйiрлi, алып, Қақпайлап бiрiн-бiрi, киiп-жарып. Қашанғы маңғаз қалпын өзгертпей тұр Өр таулар тiршiлiктiң күйiн бағып.

Қалқитып төбелер де көк құлағын, Жазыққа жамыратты көп бұлағын. Жатқандай жалпақ дала биге басып, Қара жер жалғастырып көктiң əнiн. Шешiлiп аяқ-қолы көк тұманың, Ала бұлт iлестiрiп кеттi қарын. Тамам құс жиылып кеп талма түсте Шырқап жүр аспанымда тоқтық əнiн. Кең далаға ғажап бiр келген сауық: Сеңнен қуат, алғандай селден шабыт. Үйiр-үйiр жылқыша шұрқырасты, Өркеш-өркеш өзендер өрден шауып. Малшынып тұр терiне сорғалаған, Күрегiне сүйенген шаруа дала. Омартадан шықты да оқтай зулап, Шартарапты армансыз шарлады ара. Əлемнiң саф нұрынан жаратылған Арудай ақ төсектен жаңа тұрған, Келдiң бе, былтыр кеткен, шiркiн көктем, Солқылдап жер тамыры жан отыңнан.. Қыр мынау – ұзатылар қыздай болып, Жүрегi дүрс-дүрс соғып, ойға кеткен. Дүрлiгiп, елегiзiп, қызды-ай келiп, Тiршiлiк табиғаттан той дəметкен. Қызынған тойлы ауылдың баласындай, Қиқулап құстар ұшты топ-тобымен. Қиылған мейiрiмдi анасындай, Күн қырды аймалайды от демiмен. Мезгiлдiң əр мезетi, қас қағымы Төсiне қалыңдықтың мың гүл қадап,

Тағуда шашқа шолпы, басқа үкi, Жабуда иығына бұлғын, манат. Құлпырып, шырайланып шыға келдi – Лап етiп жанған оттай дүрiлдеп қыр. Дүние жанарында тұрады ендi Шаттықтың тамшылары дiрiлдеп бiр.

  • * Қырымнан жасын отын көзi шалып, Шетеннiң жираф-мойны сереңдейдi. Қияннан күн күркiрiн естiп қалып, Құлағы жауқазынның елеңдейдi. Екi бұлт семсер сiлтеп, егескенде, Танауы пiл-теректiң жыбырлайды. Тiршiлiк қанатынан жел ескенде, Тас-екеш тастың өзi қыбырлайды. Тiк қадап кемiрқосақ-кiрпiктерiн, Күн Жердi ғашық көзбен терлетедi. Нəресте тiршiлiктiң бүршiктерiн Сəуiрдiң сəруар желi тербетедi. Жер үстi бал-бұл жанып, бабына кеп, Анадай жас босанған балбырайды. Композитор-бозторғай болып əлек, Шiлдехана тойына əн құрайды. Көкке тойған түлiктей əлденiп қыр, Кең даланың ашылды мол шұрайы. Тiршiлiкке сүйкiмдi əр берiп тұр Кiнəратсыз, кiл таза жер шырайы. 1979 ж.

ДАЛАМДА ЖАНҒАН БIР ШЫРАҚ Жадына тоқып өскен дала сырын, Қазақтың қара сирақ баласымын. Аузынан түскендеймiн сол даламның, Жанымның жайып салсам бар асылын. Мен өзiм тауда туып, далада өстiм, Көргенiм – ақ бас шыңдар, ала көшкiн. Қырандай бұлдыраған қиял қуып, Сағымдай толықсыған сана кештiм. Туған жер бақ дарытып сонда маған, Бiр соқпақ алып шықтым сол даладан. Сарғайып атқан таңдар саусағынан Сағыныш балын жұттым сорғалаған. Көтерiп жолға шықтым дала жүгiн, Бұл – менiң таусылмайтын жан азығым. Бiр мөлдiр бастауым бар өлкеде осы, Бас алған сол бастаудан бала жырым. Жыл сайын жаңғырады далам гүлдеп, Сол кезде мен де көктеп, қалам бүрлеп. Жаныма шипа болған ыстық демi Жазады дертiмдi емдеп, жарамды үрлеп. Таңға – Күн, Ай мен жұлдыз – кешке себеп, Олар да бойға нəрiн қосты еселеп. Келемiн жырдың шоғын талмай үрлеп, Даламда жанған шырақ өшпесе деп. 1979 ж. * Баба далам, ана далам, əз далам, Мен өзiңе еркелеймiн, назданам. Сен тұрмасаң жүрегiмнiң төрiнде, Бұл дүниенiң бар бақыты аз маған.

Көркем далам, көктем далам, жаз далам, Мен өзiңнiң бiр шырағың маздаған. Сенi көрiп, серi болып кетемiн, Сəбиiңдей шаттанамын, мəз болам. Ойлы далам, тойлы далам, паң далам, Өрлiгiңе, кеңдiгiңе таңданам. Сенсiз жерде кең дүние тар маған, Мəрт қалпыңда жасай бершi мəңгi аман! 1979 ж. ҚЫСҚЫ КЕШ Паңдық пен кербездiк бар кескiнiнде, Ақ көйлек киген дала сестi мүлде. Дүние сұлулығы сұқтандырып, Жас қиял шарқ ұрады кешкi iңiрде. Күткендей аяулысын қалаулы бiр, Сергек тұр алабұртып жалаулы қыр. Кешкi күн шұғыласы қарға түскен – Арудың бетiндегi алаулы нұр. Сол нұрдан от тұтатып қырдың көзi, Ғажап-ау албыраған бұл бiр кезi. Жүзiне тiк қарауға қыстың аппақ, Қымсынып тұратындай Күннiң де өзi... 1979 ж. НАУРЫЗ АЙЫ ТУҒАНДА Шағыл тасты, шоқ талды, жусанды өлке Шайға қанған қазақтай бусанды ерте. Қалың шидiң түбiнде ағарған қар – Жусап жатқан лақтардай мың-сан бөрте.

Сүйiншiсiн көктемнiң бұлақ сұрап, Қуып кеттi сай-сайды, ұбап-шұбап. Атты-арбалы, трактор-автобуспен Мейман келгiш ағайын-жұратшылап. Табиғаттың жадырап тоң қабағы, Үлкен үйге ұқсайды он балалы. Жер аяғы кеңiсе, қарттар да мəз, Алты ай-қыста қараған қолға малы. Наурыз айы туғанда дала түлеп, Сезiм гүлдеп, бой сергiп, жан оты үдеп, Ой көгерiп, көңiл де бүршiктенiп, Жас түйiндей көз ашар жаңа тiлек. Жас-кəрiге наурыздың назы бiрдей, Қалқашыңның күлкiсi – қаз үнiндей. Ақ самалдың лебi желпiп өткен – Аңқылдаған жеңгенiң əзiлiндей. Қауқылдасқан қауым ел – жамиғаттың көздерiнен көкейiн таниды ақ Күн. Ойын-сауық отаны болған дала – Отау үйi секiлдi табиғаттың. 1979 ж. * Ұға бiлсең, бұл өмiр – ұлы сынақ, Тұра бермес алдыңда жылы ұшырап. Күн шығады лайықты жауап күтiп, Ай туады дайындап iрi сұрақ. Бұл өмiрде сан сапар, бел асасың, Талқысын да көресiң, тамашасын. Бiр билетке қол созған студенттей, Жаңа күннiң есiгiн сен ашасың.

Уақыт – қуғын, көнбейдi мол аялға, Секiресiң, жолықсаң жолай орға. Бiр үтiрден жаңылған оқушыдай, Оқыс омақасуың – оңай ол да. Үмiт, күдiк аңдысып, кезектейдi, Екеуiне, белгiсiз, не жетпейдi. Ортасында олардың күйiп-пiсiп, Қуырдақ боп бiр жүрек безектейдi. Елеңдейсiң құс-уақыт хабарына, Сəт тiлейсiң баспаған қадамыңа. Шешiп болмай бүгiннiң күрмеулерiн, Келер күннiң қарайсың қабағына. Сыры терең, қыры мол өмiр – сынақ, Шыға бермес алдыңнан жеңiл сұрақ. Оңай билет таңдаймын деп жүргенде, Орын таппай қалмасын көңiл-сынап. 1980 ж. ЖАН ОТЫ Он сегiз жас – шар айна, Тартып кетер сенi iшке. Теңесер ме, алайда, Ойнақтаған он үшке. Жиырма бестiң жалауы Көтерiлсе – алдамас. Он сегiздiң алауы Ендi қайтып лауламас. Жиырма бестiң от ызған Қызыл шоғы сөндi деп, Салқын қанды отыздан Шошынудың орны жоқ.

Оқтай зулап ол дағы Өте шығар бiлдiрмей. Көп қызықты жолдағы Аңғартып та үлгiрмей. От шайнаған отызым Өтер-ау деп өкiнбе. Ойдым-ойдым от iзiң Қалсын жердiң бетiнде. Отызында шоқ басып, Күйгендерге күрсiндiк. Елуiнде соттасып Жүргендер де – бiр сұмдық. Күзiң жетер бiр тайғақ, Ызғырық та жел есер. Жасын ойнат, бұлт айдап, Жазың өтсе – деме сор. Қырық жаста үгiлген Елуiнде езiлер. Ерте жатып, бүгiлген Елден бұрын көз iлер. Өмiр заңы бұлжымас, Өз өкiмiн жүргiзер. Өткен уақыт жым-жылас Тiстен бұрын тiлдi үзер.. Үрей емес – жылдардың Зымырап бiр өткенi. Мұңсыз күнi мұндардың Шошытады тек менi. 1981 ж.

ҒҰМЫР СЫЙЫ Жалынды өрттей Жас дəурен өтер. Жабысқан дерттей Жалғыздық жетер. Алқынған жүрек Аптығын басар. Азайып тiлек, Алғырлық қашар. Жалыны сөнiп, Көзден нұр таяр. Уайым – серiк, Құшағын жаяр. Көңiлдiң көлi сиретер қазын. Күздiң де желi Үйретер сазын. Жиналып жолға, Көшедi бұлттар. Құлазып ол да – Кешегi жұрттар. Өзiңдi-өзiң Еместей көрiп, Өткен бiр кезiң – Елестей болып, Сол шақтың назын Сағынар жүдеп, Қия алмай жазын, Қиналған жүрек. 1981 ж.

ӨМIР ЖОЛЫ Құрдымға сiңдi-ау жол мына, Жасап ең қандай зор күнə. Басталмай жатып, сапарың Баянсыз тамам болды ма? Сазарып аспан түнердi, Мазақтап құйын күлер-дi. Таңдаған жолың тұмсығын Тұйыққа тiреп тұр ендi. Меңiреу дала. Құр жым-жырт. Ұзайды алға Күн жылжып. Алақтап, дал боп сен тұрсың, Үзiлiп кеттi-ау құрғыр жiп! Кенеттен жолың кесiлдi, Жан едiң неткен кесiрлi. Жанбаған бағың, байғұсым, Жия алмай тұрсаң есiңдi. Төбеңнен ұшқан құстарға Ілесе кетер күш бар ма? Көзiңнен жебе ұзаттың, Қараған жандай дұшпанға. Алдыңнан қашып киiктер, Арбайды алыс биiктер. Өмiрдi ұққың келсе егер, Өртiне оның күйiп көр. Мертiккен жандай сынып қол, Денеңдi жапты суық тер. Өмiрдi ұққың келсе егер, Торынан оның шығып көр. Бақыттан əркiм үмiткер, Талпынар арман-күлiктер.

Адаспай тапқың келсе оны, Тұрағын болжап бiлiп көр. Тұйыққа түстiң күтпеген, Мақсатың қайда дiттеген? Бақыт екен ғой шексiз жол – Басталған, бiрақ бiтпеген. 1981 ж. Есiңде бар ма, Жұмахан, Сонау бiр балғын бала күн? Бұлықсып атқан бұла таң Оятып бiздi алатын. Бəрi арман соның – бұл күнi, Толқымай қиын айтуға. Шатқалда жатқан жылқыны Ауылға айдап қайту да.. Шатқалдың iшi – қау шалғын, Қалың шық жапқан. Тағы арман! Сол шыққа аунап сан-сан мың, Пейiлiм сүттей ағарған. Кiрлетпей жуып шыт-жанды, Шипасын кейiн сан ұқтым. Таңғы бiр таза шықтарды Көңiлiме құйып алыпын... 1982 ж. Рауандап тағы таң атты.. Тұр, балам, күндi күтiп ал. Мұратқа жетер – талапты, Ұйқысы қатты – ұтылар.

Тұр, балам, түндiк ашылды, Шiркiн-ау, дала, тау қандай! Шаңырақтан нұр шашылды, Аспаннан меруерт жауғандай. Сырылып жiбек шымылдық, Сусыды сансыз таңбiл жiп... Шiркiн-ай, неткен сұлулық, Шiркiн-ау, неткен мөлдiрлiк! Тұр, балам, құстай қомданып, Табиғат тұр ғой таранып. Құрық пен ноқта қолға алып, Биебау жаққа баралық. Таң атты тағы рауандап.. Күн сүйдi күмiс шықтарды. Шертиiп пiскен ақ сабақ, Таңдайынан сүт тамды. ...Бiтiрiп гүлдер сəн қырға, Бiлiнiп дүние назы анық, Жалтылдап тұрса-ау шалғында Таңғы бiр шықтай тазалық! 1982 ж. НАН ДƏМI Бiздер едiк – көзге терi құйылып Өскен ұрпақ нан қадiрiн жиi ұғып. Кейде бiрақ... Шошып тұрып түсiмнен, Тəубе етем нан алдында сиынып. Атам, əжем, əкем, анам жиылып, “Нанды ысырап етпе!”– деп бiр бұйырып тұратындай ту сыртымнан қадалып, Қысыламын, жүрегiм де жиi ұрып.

Содан кейiн өзiмдi-өзiм тергеймiн: “Нан алдында адалмын ба мен?!”– деймiн. Сөйтемiн де, күдiктенiп, күмiлжiп, Қылмыс жасап қойған жандай терлеймiн. Елiм менiң ен байлыққа кенелсiн, Киелi асым! Өмiр рухын жеберсiң. Сенi есiме түсiредi қайталап, Титтей нанды тiстеп ұшқан көгершiн. Жаса, жаса, айналайын тоқшылық, Бəйтерек боп өсе берсiн көк шыбық. Бiз кiнəлi, бiз кiнəлi, сен емес!– Ұят қысса, кейде беттен от шығып. Түйiр нанды басып кетсем аңғармай, Табанымды шоққа қарып алғандай, Ыршып түсiп, жерден алам көтерiп, Кешiрiлмес бiр күнəға қалғандай. Қадiрмендiм, шайналмасын бармағың, Жеңiлдетпе түйiр дəннiң салмағын. Үзiм нанды басып кетсем – дiр етем, Аттағандай ата-баба аруағын! Тартқанымен заман шүлен сыйлығын, Естен кетпес кешегi өткен қилы күн. Тiлiм нанды басып кетсем – селк етем, Таптағандай өз баламның ризығын! “Бiр өсиет қалдыр!”– десе бүгiн кеп, Қолым жайып жəне үнiм дiрiлдеп, Ұрпағымның ұрпағына айтар ем: “Нанды ысырап ете көрме, күнiм!”– деп. 1982 ж.

СОҚ, БОРАН! Борай, борай соқ, боран, Сен үрлесең – шоқ болам. Маған бiткен бiр шырақ Маздап жанбай тоқтаман. Үдей, үдей соқ, боран, Үскiрiгiң – от маған. Шүрiппемдi сен бассаң, Мылтық болып оқталам. Бар күшiңдi сайлап кеп, Арыстандай айбат төк. Намысымның наркескен Найзасын сен қайрап кет. Қоқсық көрсең – кет күреп, Тереңге көм тепкiлеп. Жiгерсiздер жылансын: “Ойран салып кеттi!”– деп. Жон арқаңмен көк тiреп, Жолбарыстай жет түлеп. Жеңiмпаздар қуансын: “Желпiнер шақ жеттi!”– деп. Артымнан қу өкшелеп, Алдымнан тос “жетсе!..”– деп. Арлан бөрi сен болсаң, Мен де өзiмше Көксерек. Тар қыспаққа тая да, Талқыңа сал, аяма. Сал бөксе боп қалмайын, Салқын жайда, саяда. Дүлей өртше ти маған, Мүсiркесең – қиналам.

Шашып кет сен жүгiмдi – Қырсыздықтан жимаған. Елжiресең – и болам, Жиi қабақ түй маған. Желкенiмдi тiктейiн, Құнтсыздықтан қираған. Ашуыңды жи маған, Көзiме құм құй, боран. Сұрапылым шықсын бiр, Көкiрегiме сыймаған. Жасырмай айт ойыңды, Жаса, дауыл, тойыңды. Суық терiм шықсын бiр, Құрсап алған бойымды. Қайсарлықты сыйлаған Қаршығадай диланам. Қағып кет сен олжамды Маңдайыма сыймаған. Тағдыр сынын күтсiн гүл, Тақыл-тақыл тiксiндiр. Тiршiлiктiң тiк бақай Тауқыметiн ұқсын бiр. Күтiп алсын қиылып, Сəлем берсiн иiлiп – Қиянатшыл жан көрсең, Құтын қашыр, шүйiлiп. Сорғалап кел, құйылып, Бұзып-жарып, бұйырып, Мейманасы асқандар Жүрер болсын сиынып.

Жалақорды жүгiндiр, Парақорды буындыр, Мақтаншақты сүмпитiп, Маңқасына сүрiндiр. Кiлем төсеп жолыңа, Кiлт ұстатпақ қолыңа – Жағымпазға тап болсаң, Жағадан ал оны да. Жортқан жыртқыш жолын кес, Таңулы ердiң қолын шеш. Шенқұмардың су жаңа Шекпенi мен тонын тес. Селдей жүйткiп көшесiң, Тас қамалды тесесiң. Жырымдағыш жылпостың Төңкерiп кет кесесiн. Тап болса да неше сын, Тауың қайтпай, өсесiң. Тазалап тұр дамылсыз, Iзгiлiктiң көшесiн. Ұйтқы, дауыл, ұр, дауыл, Берме маған бiр дамыл. Жалтақтамай, жырға бiр, Қуат барда – құр дəуiр. Соқ, соқ, боран, соқ, боран, Сенiң демiң – от маған. Көрiгiне көңiлдiң Көпсiтiп бiр шоқ салам. Қалғып кетсем – селк еткiз, Қайғы шексем – шер төккiз. Жүдеп жүрген жандардың Жүрегiнен өрт өткiз.

Күтем сенi, дауылым, Сағындырма Тау ұлын. Тарқамасын сауығың, Арқама құт – ауырың. Егес сынға шыдар ер, Болмас маған шүбəлi ел. Еңку-еңку бел ассам, Қарсы алдымнан шыға кел. Тау теңселтсең, менi iзде, Толқынмен соқ теңiзде. Қай қиырда жүрсең де, Хабарыңды сен үзбе. Нар тəуекел, келсең кел, Ез емеспiн кемсеңдер. Арманыма өзiңнiң Арыныңдай өлшем бер. Сының қатал, шеп тараң! Оты барлар өттi аман. Сағындырып, аңсатып, Жер түбiнен жет маған! Соқ, соқ, боран, соқ, боран! 1983 ж. ЛАШЫН Көңiлiмнiң көгiне Шырақ алып шығасың, Жүрегiмнiң төрiне Ұя салған лашын. Толқындарын қанымның Ескек болып ұрасың.

Жалқы ұшқынын жанымның Жарқ еткiзген лашын. Сермеп-сермеп ұрғандай Өршiл ұлан құлашын, Қушық денең құмғандай Құзарт көктен құласын. Жазғырмайын сенi мен Жыртқыш деп те, жауыз деп. Бұл дүниеде жемiнен Бас тартатын ауыз жоқ. Жорғалаған жыланның Күйiгi боп, соры боп, Тұяғындай құланның Тырнағыңмен соғып өт. Қыранға тəн құлықпен Екi өкпеңдi қысасың. Құзырланам қуып мен Көңiлiмнiң құсасын. Күрке тауық секiлдi Күйез тiрлiк ұят-ақ. Желге тосам бетiмдi Сенен дабыл, мият ап. Өрмiн деген жiгiттер Өжеттiгiн сынасын, Уысыңа бүрiп көр, Шын қайсарлар шыдасын. Қол тоқпақтай қалпыңда-ақ Бұлағайсың, бұласың. Қақ төбемнен жарқылдап, Ағып бiр өт, лашын.

Құлдилап кел, ездердiң Құм жiгерiн сусытып, Алау атқан көздердiң Ақ моншағын ыршытып. Сəулесiндей Күн, Айдың Құйылып кел, лашын. Құлқыны емес, Құмайдың Құлқы жуар күнəсiн! Жүрегiмнiң төрiне Ұя салған қыран өр, Көңiлiмнiң көгiнде Қалықтап сен тұра бер! Самға, самға төбемде, Үрей бұлтын ыдырат. Арманым боп сен өрле, Көз ұшында зымырап. Шарла, шарла, шалт құсым, Бұлтты көктi бұрғылап, Батылдық пен мəрттiктiң Дауылпазын ұрғылап. 1983 ж. ҚҰМДАҒЫ НӨСЕР Өзегiн өртеп жандыра Құрығы сонша ұзын Күн, Сыймай да тiлi аузына, Аунақшып жатты қызыл құм. Сусиды ор құм шұбалып, Сусаған өңiр күй iздей. Түтiнiн бұрқ-бұрқ шығарып, Күнсидi құрым киiздей.

Талмап та талмап жұтады Таңғы бiр шықтың жұғынын, Сексеуiлдердiң бұтағы – Мұйiздерiндей бұғының. Бұлтқа да кенет жан бiтiп, Құйып бiр кеттi көк нөсер. Сусаған шөлiм, қал жұтып, Жер де сел, көк те, көл де сел. Өрттей бұл жалын өтiне маңдайын тосқан құлшынып, Көл-көсiр нөср бетiне жүзiп те шықты тiршiлiк. 1983 ж.

ҮМIТ Кең дүние, келем сенi Нұрлы үмiтпен айналып, Намысым мен өр еңселi Жiгерiме қайралып. Қалмасын деп тегiн олжа қанжығама байланып, Ар жебейдi менi жолда, Күнiм ашық, Ай жарық. Кес-кестейдi күдiк қара Дегбiрiмдi кейде алып. Үзiлмейтiн үмiт қана – Бойға қуат, ойға құт. Сенiмiмнiң қарлығашы, Кеттiң менi қайда алып? Арман-таудың қарлы басы Көрiнбей-ақ қойды анық.

Жүрегiм-ау, қалғымашы, Менi жолда қалдырма. Арман-таудың қарлы басы тұрған шығар алдымда? Жетсем деумен сол тауыма Альпиниске айналып, Үмiтiмнiң арқанына Келемiн мен байланып! 1984 ж. ФАНТАЗИЯ Фантазия! Айлы түндей тəттi үмiт, Саған айтар тiлегiм бар дəт қылып. Шырын түнде шырт ұйқыдан оятып, Жүрегiмнiң қақпасын аш, қатты ұрып. Менiң асау сезiмiме ноқта iлiп, Жетектеп кет, жiбек шалма лақтырып. Бiр жұлдыздан бiр жұлдызға ырғысын, Сауырына қара терден қақ тұрып. Шiркiн, қиял, шiркiн, қиял, қайран-ай, Шар болатты шарығыңа қайрағай! Жұмыртқадай шикi басым пiсер ме, Қазаныңда бүлк-бүлк етiп қайнамай? Желдi күнi тер сорғалап милықтан, Солқылдатып шыбық мiнiп, құйғытқан, Сонау, сонау мұңсыз күндер бар едi-ау, Бұл өмiрден бiрдi ұқпай да бiрдi ұққан. Алаңсыз ем, ойсыз едiм, бақытты ем, Саспас сабаз, санаспайтын уақытпен. Балапандай үпiр-шүпiр жүрушi ек, Балалықтың көлшiгiне батып тең.

...Ұйқы шiркiн тəттi ме, əлде күштi ме, Келiстiрiп көрушi едiм түстi де. Əлдеқайдан құлдилап кеп, зəренi ап, Бiр аппақ бұлт құлап түстi үстiме. Оянып-ақ кетсем деп ем, түс болса, Мысым құрып...Ұйқы жеңдi мыстанша. О, құдiрет! Ұшып тұрар едiм-ау, Бұлт құламай, үстiме кеп құс қонса. Баса құлап, еш салмағын батырмай, Көктен түскен тiңiрiнiң хатындай – Қауырсын бұлт қас қағым сəт iшiнде Аунап түсiп бара жатты, апырмай!? Ұмтылдым ба, бiр тұрдым ба, бiр құлап! Қоңырау-жүрек қоя берген ұрғылап. Арғымақтың жалына кеп жармасқан Жас баладай, бұлтқа мiндiм ырғып-ақ. Небiр жұлдыз ой көгiнен өшуде.. Ал сол сурет кешегiдей есiмде. Зырлап бара, жырлап бара жаттым мен, Бұлт үстiнде, шексiз əлем төсiнде. Ойдан қашқан, ойын қуған борбас ем, Көкiрегiм сырлы сазға толды əсем. Фантазия! Тұңғыш рет менiмен Ақша бұлт боп жолығыпсың сонда сен. Қаршадай ем, қатпаған-ды бұғанам, Кiрiп алды көңiлiме бiр алаң. Кетпей қойды, құдiреттi елестей, Сол ақша бұлт, үстiме кеп құлаған. Ертiп кеттiң, соңыңда мен зыр қақтым, Өттi жылдар... Мұңайттың да, жырғаттың. Ойларымның суын сығып, басымды Жалыныңа қақтай-қақтай құрғаттың.

Мен сенiмен қанша мəрте түн қаттым, Сиқыры мол дүние сырын тыңдаттың. Жұбымызды жазбастай ек, сен кенет “Қош ендi...”,– деп, ғайып болдың, қымбаттым. Содан берi iздеудемiн мен сенi, Өзiң едiң арманымның өлшемi. Ақ бұлт болып оралсаңшы қайтадан, Көтерсеңшi еңкiш тартқан еңсенi. Тəттi үмiтiм, менiң бала қиялым, Сенi қалай ұмытамын, қиямын. Жүгiртiп ал, құрысымды жазайын, Қуып тастап белiмнiң де құяңын. Қиын шепке, қиян шетке алып қаш, Серiгiң ем, сенен жерiп жалықпас. Тоттанам ғой... тозған пышақ секiлдi, От шарпытып тұрмаған соң шарық тас. Фантазия! Жиi оралып келiп тұр. Жылынайын, құшағыңа енiп бiр. Тағдыр менен қаттылығын аямас, Тəттiлiгiн... тəттiлiгiн сен ұқтыр! 1984 ж. КӨШ. ИТТЕР Iздей ме екен жылы орын жүрегiмнен, Құлағыма ұрылды күйкi үн неше. Өз-өзiмнен елегiзiп жүремiн мен, Жан-жағымнан абалап ит үрмесе... Көш соңынан қашанда ит үретiн, Ит үрдi-ау деп етпей-ақ ешкiм елең. Жайлауына жетiп ел үй тiгетiн, Қой, жылқысын шұбыртып ешкiменен.

Ит үретiн. Көз тiгiп тамашаға, Қызықтайтын əр елдiң жараны көп. Қыз-келiншек, шал-кемпiр, бала-шаға: “Əнеки, бiр көш кетiп барады!” деп. Көш ұзайды, ал иттер қалыспайды, Жер тырмалап, ұпайы түгенделмей. Көпке дейiн жақтары қарыспайды, Ата жауын өткiзiп жiбергендей. Көштiң сəнi келмейдi – шəбеленген Бiрер иттiң шығармай арам терiн. Асқан көш бұл сан белес, төбелерден, Қасиеттi қоныс қып далам төрiн. Мейман келсе ауылға – ит үретiн, Иттiң даусы кететiн алыстарға. Аз көрдiм бе мен оның хикметiн, Күймесiмен уақыттың жарысқанда. Бiр ауылдың мейiрбан қартына кеп Тұлпарымды алам да тағалатып, Алғыс айтып бұл елдiң халқына көп, Кете барам иттерiн абалатып. Шалқақтаймын, кеудемдi желге керiп, Жүрмеген соң өрт қойып, ұрлық қылып. Адамдары ақ көңiл елге келiп, Аттанамын иттерiн дүрлiктiрiп. Шүкiр, бiз де аман-сау жүрмiз бүгiн, Соңымыздан əредiк ит үргiзiп. Ит үредi... Жалғасар тiршiлiгiң: Қалам ұстап, жер жыртып, үй тұрғызып. Аяқ асты тап берiп, кез болғанда Байғұстарды мүсiркеп аядым ба: Үзеңгiме секiрген жазғандарға Тиген емес қамшым да, таяғым да.

Ит иттiгiн жасамай тұра алған ба, Оған ерсең, өзiң де сол боларсың. Итке өкпе жүрмейдi, мұны аңғар да, Жолда қалмай тарта бер, қолда – қамшың. Итпен ит боп жетiскен пенде бар ма, Қаңқу-саңқу қайғы емес ер жiгiтке. Одан дағы жолыңды өрге жалға, Бұлт өңгер, қанжығаңа желдi бүкте. Өлермендiк – ит мiнез, мұны аңдасаң, Ер көңiлмен ежелден – өрлiк егiз. Екi-үш иттi шулатып жүре алмасам, Онда... онда менi де өлдi деңiз. ...Iздей ме екен жылы орын жүрегiмнен, Құлағыма соғылды күйкi үн неше. Өз-өзiмнен елегiзiп жүремiн мен, Жан-жағымнан абалап ит үрмесе. 1985 ж. АҚЫРҒЫ ЕСКЕРТУ Кездер бар – от жүгiртiп бетiңнен де, Еңсеңдi баса қояр лепiргенде. Есiме түседi ылғи сол бiр сурет, Мүлт басқан қадамыма өкiнгенде. ...Айтылып соңғы ескерту, ақтық үмiт, Кластың жиналысы жатты жүрiп. Оқушы Жетесовтiң “мəселесiн” Қарадық, назарды оған қатты бұрып. Бастады кластағы белсендiмiз, Өзi де өжет əрi сөзшең бұ қыз: – Есiрiп кетiп едiң шектен шыға, Сiлтеймiз ендi саған семсердi бiз!

Қарамай оқушылық ережеге, Қалмады сен шақпаған терезе де. Аузына құлып салып қоямыз ба, Сенi ендi отырғызып кебежеге? Жүрмейсiң ие болып тiзгiнiңе, Күнiне жүз бүлдiрiп, жүз бүлiне. Аяғын директордың басып кетiп, Қалдырдың тағы ұятқа бiздi, мiне. Ескертiп қулықсыз кей аңғалдығын, Кешiрiм əлденеше алған бұрын. Шелектей су тұрмайтын – түбi тесiк, Тойдырды уəдесi жалған мұның. ... Сол-сол-ақ, айтыс қызды, сөз көбейдi, Əркiм бiр құйқылжытты безбен ойды. Бiреулер: “Кешiрейiк”, өзгелерi: “Жетедi, салу керек тезге!”– дейдi. – Берiлсiн соңғы ескерту! – Жоқ, болмайды! Ессiздiк ескертумен тоқталмайды. Ескерту алғанына ай толған жоқ, Ол неге сөзiн жұтып, көптi алдайды? Дəлелдi сыннан – арсыз жалтарады, Жетесов жүзiн қырын қалқалады. Сонымен, бiр жылда ол үшiншi рет “Ең соңғы” ескертудi арқалады. ... Жылдардың басын жұтып тiлдей сағат, Күндердi өте шықтық жүндей сабап. Ол кезде ойладық па, сол ескерту – Екенiн бəрiмiзге бiрдей сабақ. Қуғандай құр асауды құрық алып, Əсершiл көңiлдердiң қыбы қанып,

Жетесов алғаш рет соңғы ескерту Алғанда – көзбен барлап, мұны бағып.. Бақсының тастағандай “жынын” басып, Шешенсiп, шенеп-мiнеп, дуылдасып, Жетесов үшiншi рет соңғы ескерту Алғанда – қалып едiк жымыңдасып. “Тоятын ескертуге бiр түрi жоқ, Алар-ау жүзiншiсiн бiр күнi..”,– деп, Жетесов жетiншi рет соңғы ескерту Алғанда – шыдай алмай ду күлiп ек.. Алаңсыз өткен сол бiр той-балалық, Қызықтың шыжығына тойғаны анық. Талқысын бəрiмiзге тақап тұрған Тағдырдың сыны барын ойламадық. Кейiнде басқадай қам, бап шығарып... Бармадық бұлақ жаққа ат суарып. Өмiрдiң толқындары тұтқиылдан Бiздi ендi кете барды қақшып алып. Толқынға сан көмiлiп, қанша тұрдым? Сонда да қасарысып, қарсы атылдым. Бұлт болып жыладым да, Күнше күлдiм, Дауыл боп ышқындым да, Тауша тындым. Өзiмдi қиындыққа сайлап барып, Сайысқа түстiм талай айбаттанып. Өртiнде өкiнiштiң бебеу қақтым, Қапыда бармағымды шайнап қалып. Көрмеген тезге түсiп, бiр сыналып, Күлетiн Жетесовке тiл шығарып, Қаперсiз көп сабаздың бiрi мен ем, Күндерiм өте бердi үнсiз ағып.

Əдейi тап келтiрген ғажабы ма, Əлде бiр маған айтқан мазағы ма: Сылынып шыға келдiм, түсiп кетiп Тағдырдың шыжылдаған қазанына. О, бiздер қанша мəрте құлап тұрдық, Күйiнiп, ебiл-дебiл жылап-күлдiк. Тəттiге елтiп жүрiп, ащы барын – Таңдайды дəмi ойғанда бiр-ақ бiлдiк. Өмiрдiң өткел iздеп қиынынан, Жол тауып шыққан талай тұйығынан, Күнiне кемiнде бiр сөз еститiн Жетесов күледi ендi миығынан. Бiз оны дос пейiлмен батыл сынап, Жүрушi ек қамқорсынып, жақынсырап. Бiр кезде Жетесовке күлген басым – Баратын болдым оған ақыл сұрап. Ежелден шалағайдың iсi мəлiм, Белгiсiз қашан пiсiп, ысыларым. Алдында “профессор” Жетесовтiң, Кiнəлi шəкiртке ұқсап қысыламын. Дүние қалтарысын кiм ақтарған: Жетесов бiз өткеннен құлап қалған.. Ол ендi арғымағын орғытады Өмiрдiң өзi қойған сынақтардан. Мен оны алдым қазiр дана көрiп, Əкемдей əр iсiме баға берiп, Қайсыбiр қылығыма қынжылғанда: “Кеттiң бе,– дейдi кейiп,– бала болып?!”. Кейде бiр зiлсiз күлiп əзiлдейдi: – Өмiрге адамды сын əзiрлейдi. Ақырғы ескертудiң көбiн берiп, Қалдырған өздерiң ғой азын...– дейдi.

Кiм бiлсiн өз көңiлi жұбана ма, Көбiнше сол бататын “күнəға” да. Өмiрдiң ескертуiн ести-ести, Айналып кетiптi ендi ғұламаға. Керек-ау отқа беттi қарып тұру, Көздi өткiр сəулелерге қарықтыру. Кiтаптың сөзiн жаттап бiз жүргенде, Өмiрдiң өзiн оқып алыпты “қу”. Өткелсiз ағыстарды мен кешемiн, Толағай толқындармен белдесемiн. Сүлей ек, сүрiнудi бiлмей келген, Түзетiп жатыр өмiр ендi есебiн. Балалық артта қалды тасаланып, Бiзге де бiттi инабат, асабалық. Сонда да опық жеймiн, оқыс жерден Əйтеуiр бiр бiлместiк жасап алып. Балалық, жастық көңiл қарқынымен, Арманның асуына алқынып ем. Ертеде алмай кеткен ескертудiң Есесiн қайырды өмiр артығымен. Шынымен жеңер ме екен аңғалдығым, Қалайша ұмыт болып қалған бүгiн: Өмiрдiң ең алғашқы ескертуiн Қай кезде жəне не үшiн алғандығым? Құтыла алмаған соң қайшысынан, Өмiрдiң именбедiк жай сұсынан. Мен алған ескертудiң есебi жоқ, Соңғысы басталды екен қайсысынан?... Көргенде өмiрдiң кей қысалаңын, Шығатын жол таба алмай тұсаламын. Ақырғы ескертуден шаршай жүрiп, Ақырғы ескертуден күш аламын.

Мен оған жасымаймын, көңiл суып, Тайсақтап, жалтақ атша керi ұмсынып. Өзiмдi жоғалтпастан сақтап келем, Ақырғы ескертумен өмiр сүрiп! Өмiрден артық сұрап, кемiс төлеп, Табаным тайқып кетсе терiс кенет, Қатерден қағып менi қалады ылғи, Ақырғы ескертулер перiште боп. Бiлмеймiн, жебеп жүр ме дос тiлегi, Тағдырым сансыз рет кештi менi. Өмiрдiң маған берген əр сабағы – Ең соңғы ескерту боп естiледi! 1985 ж.

КIРПIШ ҚҰЯМ Қолдағы қос қаруым – шелек, қалып, Сəрiден кетем iске мен аттанып. Алсам деп елдiкiндей үй тұрғызып, Күн сайын кiрпiш құям дедек қағып. Кенеттен титтей тамшы билеп келiп, Жеткенде нөпiр нөсер түйдектелiп, Қайырсыз қайран еңбек зая кетiп, Қалады көп кiрпiшiм илектенiп. Жоқ, жоқ, мен жаралмағам күйрек болып! Езiлмен жас кiрпiштей илектенiп. Жанымның сүйген iсiн жалғап кетем, Қайтадан қалыбымды сүйреп келiп. Сөз емес бұл нөсердiң лепiргенi, Бұлттың да ақырғаны, жекiргенi. Тiстеуге тиiс емен бармағымды, Өлгенi – ер жiгiттiң өкiнгенi.

Өзiнде ер жiгiттiң өз нөсерi, Ез емен iске сараң, сөзге серi. Ағызсам ақ маңдайдың қара селiн, Сесiне аждаһаң да төзбес едi. Мейлi ендi! Жауса жаусын есерленiп, Бiр жаққа кетсе кетсiн, не сенделiп. Ал менiң жалпақ-жалпақ кiрпiштерiм Жабады жердiң бетiн нөсер болып. Құямын, кiрпiшiмдi құя берем, Үй салам – ұялғандай ұя менен. Кiндiгiн жас сəбидiң кескендейiн, Лентасын зəулiм үйдiң қияды өлең! Өмiр – жаз, бомаған соң iште тарлық, Көрсете алмас ендi қыс қаталдық. Келiңдер, қол қойғызбай үлестiрем, Қолыңа бəрiңнiң де ұстатам кiлт. Содан соң той жасаймыз қандай шiркiн! Таңдайдан дəмi кетпес балдай бұл күн. Бұл өмiр құшақтағы қызға ұқсайды, Гүлдей пəк, Күндей ыстық, таңдай сылқым. Уай, сонда терезеден жел сығалар, Тұс-тұстан көшемiзге жол шұбалар. Бəрiн де шақырайық пейiлдестiң, Бұл тойға көп күттiрмей келсiн олар. Көк нөсер бұлтқа айналса түйдектелiп, Найзағай қасын керсе иректенiп, Қонаққа шақырайық оларды да, Қақпадан кiргiзейiк билет берiп. Көк нөсер жасай берсiн ала шапқын, Жолы мен жөнi бөлек парасаттың. Құяйық сызат түспес, сынап түстес, Гранит кiрпiштерiн болашақтың! 1985 ж.

ҚОС МҰҢЛЫҚ (Баллада) Ағайынды алты жiгiт. Алты үй. Қысқа күрмеу. Жұқа тiрлiк. Жарты күй. Байғана шал – бас көтерер ақылгөй, Алты үйге – ол да өзiнше Балқы би. Орта тұсы елуiншi жылдардың, Артта қалған от боратқан мұндар күн. Тiршiлiктiң тiлектерi көбейiп, Əуенi де өзгерген-дi жырлардың. Талғажау ғып сұйқыл тары көженi, Тар шақтардан талып жеткен өзегi, Жаны сiрi “пендешiлiк” дейтiннiң Бас көтере бастаған да кезi едi. Бар болғанға не жетедi, əрине, Еркiндiкке талпынады сəби де. Табы өшпеген тапшылықтың əлi де – Бұзылмаған ұясы бар əр үйде. Өзiне шақ айбыны бар əр таудың, Байғана шал басын қосты алтаудың. Содан кейiн сөз бастады былай деп: – Тiрлiгiнен безiнiңдер жалқаудың. Сырт пошымың – тұрған бiр-бiр нарсыңдар, Топты бала асыраған жансыңдар. Бiр тiрлiкке бет бұрыңдар бiрлесiп, Қолдарыңа құрал, сайман, қамшыңды ал. Жалғыз жанға тiршiлiктiң жүгi ауыр, Оқшаулықты қоштамайды бұ дəуiр. Бiр жеңнен қол, бiр жағадан бас шығар, Бiле бiлсең, алты үй деген – бiр ауыл.

Шаруа орнынан қозғалмайды – қолға алмай, Қыл құйрықсыз тiршiлiгiң – ол қандай? Əрбiреуiң жүз елуден пұл сайла, Тоғыз жүзге бие сатпақ Толғанбай. Алты жiгiт шал сөзiне “құп!” дедi, Тоғыз жүздi шытқа орап, бүктедi. Кiшi-гiрiм тойға сылтау болғандай, Бұларға да қыл құйрықты бiткенi. Салақ əйел шашына ұқсас жалы бар, Жуас екен көк бие де, жануар. Таусылмайды шаруасы да алты үйдiң, Қыста – шана, жазда арба табылар. Мойнын – қамыт, ер қажаған шоқтығын, Көнбiс жазған көк биеде жоқ тыным. Бəрiне де төтеп берiп, көтердi Тiрлiктегi бiтпес iстiң көп түрiн. Өттi жылдар... Өзгердi ел, тойынды. Таршылықтың өштi табы, жойылды. Ағайынды алты жiгiт ағасы Ат-арбаға бұрмады ендi мойынды. Жер тарпыса, қиян асар дүбiрi, “Темiр тұлпар” сəнге айналды бұ күнi: Толтырды ендi алты үйдiң ауласын Бес машина, үш трактор гүрiлi. Өттi бəрi ... Жуса кетпес жоқ күйе. Керексiз боп арбадан да кеттi ие. “Демалысқа” шықты сөйтiп, кезiнде Бiр ауылды асыраған Көк бие. Опасы жоқ жалған едi бұл неткен, Көк биенiң жанарынан нұр кеткен. Сояу-сояу қамыс тiлiп езуiн, Сырласады тiлсiз қара дiңгекпен.

Көк құрақты тиеп алып көпiртiп, Ескi арбаны соза тартып, “өкiртiп”, желе жортып жүрушi едi-ау, кейде бiр иесiне қамшы үйiртiп, жекiртiп. Қайта айналып келмес пе екен, о шiркiн, Естан кетпес бақытты шақ, есiл күн! Бұған қарап қалушы едi бас изеп, Бал-бұл жанған балауса гүл не сылқым. Көк биенiң мұңын ұғар бiрақ жан: Байғана қарт – көптен сырқат, түрi азған. Алты үйдiң ортасында сабылып, Секiлдi едi оның дағы күнi озған. Екi мұңлық екi жерде күн кештi, Екеуiне бiр қайғы-мұң мiнгестi. Байғананы iздей ме екен Көк бие, Шал онымен үнсiз ғана тiлдестi. Шал бiр күнi таяғанда екiндi, Балаларын шақыруға бекiндi. Алты жiгiт, алты келiн, лезде Жетiп келдi, есеп құрып не түрлi. Шалқасынан ақ шөлмектей шал жатты, Шамасы жоқ сөйлеуге де сəл қатты. Жиналғандар тына қалды анталап, Сөз күткендей қорқынышты, салмақты. Байғана қарт өңi қудай бозарған, Тас бекiнiп iште жатты сөз-арман. Бар айтқаны: “Көк биенiң жанына Жеткiзiңдер... Ендi көпке төзе алман”. Алты ұл жəне алты келiн – таң бəрi: “Алжыды ма, жынданды ма шал кəрi?...” Осы кезде қарт көзiнен бiр тамшы Шықты үзiлiп – аңырғандар аңдады.

Екi жiгiт сүйемелдеп Бəкеңдi Көк биенiң қарсы алдына əкелдi. Айбаттанды, қайраттанлы шал кенет, Ұмытқандай бойды жеңген қатердi. Көк биенiң жалын жазды ұйпалақ, Сауырынан, алқымынан сипалап. Тесiк қора тұрды сонда теңселiп, Ғайыптан бiр сиқыры мол күй тарап. Қарамады басына да зеңгiген, Сүйдi келiп маңдайынан, ернiнен. Содан кейiн күбiрледi былай деп: “Саған жолдас бола алмаспын ендi мен...” Жануардың мойнын құшты қос қолдап, “Ендi саған кiм қарамақ, дос болмақ?!” О, керемет! Көк бие де адамша Жылап тұрды, жанарынан жас парлап. Жыламады, кемсеңдеп ап жай ғана, Үздiк-создық былай дедi Байғана: – Екеумiз де масыл болдық бұл күнi, Зияны бар, жарамайтын пайдаға. Екеумiзден сүйкiм кеттi, жоқ шара! Түнгi шоқтай жылтырайды тек сана. Жампоздар ек тiтiреудi бiлмеген, Қара дауыл қабырғадан соқса да. Жарықтығым, жаси берме, егiлме, Өкiнгеннен өнер iс жоқ, тегiнде. Бұл бұғаудан жiберер ем босатып, Түсесiң-ау пышаққа, не егiнге... Байғананың ойы кеттi сан саққа, Кəрi көңiл алағызып алшаққа. Жануардың жанарынан көргендей Өз өмiрiн қалған сонау тар шақта.

Өткен ғұмыр – құм екен ғой көшпелi, Байғана қарт Көк биеге: “Қош!” дедi. “Жазмыш осы – күнiм таяу... Бақұл бол, Ренжiткен де кезiм болса – кеш менi!” Осыны айтып, Байғана шал iркiлдi, Жөткiрiндi, жөтел қысып күркiлдi. Бара жатты тiзелерi бүгiлiп, Буын босап, əлi құрып бiртүрлi. Аманат қып қалдырды да киелi – Бiр ауылдың жүгiн тартқан биенi, Бiр серпiлiп, шошаң етiп иегi, Шал да басын жер-жастыққа сүйедi. ...Бұл оқиға өткелi де жайланып, Талай көктем келiп-кеттi айналып. Бiр кездерi сылаң қаққан келiндер Іркiлдеген бəбiше боп, майланып. Ұл ұяға, қыз қияға өрiстеп, Сан келiнге құтты мекен, қоныс боп, Алты үй ендi – Үлкен ауыл атанды, Дəулетi мен сəулетiнде кемiс жоқ. Уайым-мұңсыз бəйбiшелер жарқылдап, Жарысады ақ тiстерiн алтындап. Көк бие жоқ, ауласынан əр үйдiң Көк “Жигули” көз арбайды жалтылдап. Құлқы жаман құнығар да құбылар, Қадiрiне жеткен жандар мұны ұғар: Көк бие жоқ, Көк биелер тырмысып, Сүйреп жеткен тiршiлiктiң жүгi бар. Келеңсiздер кекiрер де, жыртақтар, Зерделi жан жүрегiне сыр сақтар: Байғана жоқ, Байғаналар тар шақтан Аман-есен алып шыққан ұрпақ бар! 1985 ж.

ҚЫЗЫЛ ШЫРАҚ Көшенiң ережесiн бұзып-жарып, Аптыққан жолаушының iзiн бағып. Қатерден сақтандырып, қамқор көз боп, Тұрады қарсы алдыңда қызыл жарық. Кимелеп, баса-көктеп, қызуланып, Ұмтылған ұрыншақтың жүзiн қарып, Тұрады көшелердiң бұрышында Тыныштық сақшысындай қызыл жарық. Тұрмаса көз алдыңда ол нұрланып, Көр соқыр болар едiң сен бiр ғарiп. Кiшкентай макетiндей алып Күннiң – Көшеге сəуле шашқан мөлдiр жарық. Бол, мейлi, жаза баспас мiнсiз дана, Немесе жаны таза мұңсыз бала, Созады жасыл қолын сол бiр жарық, Көзiңе үңiлiп ап үнсiз ғана. Ол созса жасыл қолын саған қарай, Өтуге болады ендi арандамай. Қызыл-жасыл жарықтар арасымен Жалғайсың сапарыңды алаңдамай Бiреулер аптығады, асығады, Əлдекiм өктемдiгiн асырады. Бəрiне бағыт сiлтеп, жол көрсетiп, Алдынан нұрлы самал ашылады. Соғылар жарға талай басың əлi, Кезiгер тосқауылдар тосын əрi. Көшелер маңдайында маздаған шоқ Көзiме оттай болып басылады. Оқыстан болмасын деп ойран тағы, Қамқоршы сол жарығым – жол қалқаны:

Жүз қадам жүрген сайын, қас қағым сəт Тiкемнен тiк тұрғызып, ойлантады. Алаңсыз жолға шығам ол тұрғанда, Көшелер – жарға соққан толқынды арна. Тұрады тосқауыл боп қызыл шырақ Қатерге, үрейлену, қорқуларға! ...Жұмыр жер – көп көшелi қала шулы, Ал өмiр жетектегi бала-сынды. Адамзат! Тағдыры оның өз қолыңда, Таппайды сенен артық жанашырды. Дүние дидарына наз боп тұнған Iзгiлiк шырақтарын маздаттырған Көшелер – қан тамырлар, тiршiлiктiң Жүрегiн лүпiлiмен қозғап тұрған. Сондықтан ошағыңның отын үзбе, Оқ емес, бомба емес, көпiр iзде. Қарайық жылу шашып, шырақ болып Бiрiмiз бiрiмiздiң бетiмiзге. Болса да қауырт шақ не жайшылық тек, Мүлт қадам ұрындырар қайшылық көп. Жолында əр адамның бiр-бiр шырақ Маздасын зұлымдыққа қарсылық боп. Биiктен дүниенiң жүзiн бағып, Тұратын iзгiлiктiң нұрын жағып, Мейiрiм шұғыласы – жұмыр жердiң күзеткен тыныштығын қызыл жарық. Мейiрiм шоғын үрлеп – көңiлге сап, Сыз қапқан кеуделердiң тоңын босат. Қап-қара қатыгездiк аймағында Шипалы шырақтар жүр шеру жасап.

Қатерден жанды қағып, арды бағып, Қайғылы апаттардың алдын алып, Дүние бүтiндiгiн күзетушi Сол шырақ тұра бергей мəңгi жанып! 1986 ж. ҒАЖАЙЫП Ғажап, ғажап! Бұл ғажапқа не дейiк, Ғажайыптар бара жатыр көбейiп. Көкжиек деп жүргенiмiз – қол созым, Төрткiл əлем кеткенi ме кеңейiп? Аймен – серуен, Күнмен сұхбат құрамыз, Желден – əуез, судан сарын ұғамыз. Бiр ғажапқа таңырқап та үлгермей, Тағы онына куəгер боп тұрамыз. Ғарыш кезген корабльдер легiнде Таңбамыз жүр сенiң жəне менiң де. Өмiр сүрiп жатқандаймыз бiз, тегi, Қиял тектес ғажайыптар елiнде. Ғажап, ғажап! Бұл не деген ғажайып, Ғажайыптар бара жатыр азайып. Айды аспаннан түсiру де – сəл нəрсе, Сəл нəрсеге таңданудың өзi айып. Бұл ғасырда бас атаулы – ғұлама, Ғұламаға – таңдану жат, мiн о да. Қиял деген – қиял емес, жай ғана танысыңдай келiп-кетер күн ара. Қас қағым сəт. Кешегi шөл – көл бүгiн, Былтыр дала – биыл қала, ендi ұғын: Тамашалап тұруға да мұрсат жоқ, Адамдардың ақыл-ойын, ерлiгiн.

Өзiмiздi-өзiмiз де таба алмай, Асығамыз жұртта қалған адамдай. Қабылдаймыз ғаламатын ғаламның Радиодан берген соңғы хабардай. Көз үйренген, құлақ көнген бəрiне, Бiтер iс көп, күтер iс көп əлi де. Үңгiп-үңгiп шахта қазған кеншiдей, Адамдардың ойы сонау əрiде. Ғажайыпқа көңiл бүгiн тойғандай, “Заңды нəрсе...” дей саламыз, ойланбай. Таңданбаймыз алма жауса аспаннан, Айға барып бау орнатып қойғандай. Əлем сырын зерттеген соң жетерлiк, “Тұрмыс” дейтiн əлiппенi көтердiк. Дүрлiгемiз бiр керемет болғандай, Дүкендерге шұлық түссе шетелдiк. Бəрi де жөн. Бəрi жақсы-ау... Осыдан Мен кейде бiр күдiк ойлап шошынам. Сөйтемiн де... “Ғажап!” деген үн шықса, Жан дəрмен кеп, жаңғырық боп қосылам. Адамдар-ау, бұл шындықты аңдайық: Ғажайыпқа тамсана алмау – ол да айып. Тек ақылға тəнтi болып жүргенде, Сезiм гүлiн қурай етiп алмайық. Ғажайыптан тұрады өмiр, мəн берсең, Шексiздiкте болған емес мəңгi өлшем. Жартасқа кеп тiрелгендей хал кешем, Ешнəрсеге таңданбайтын жан көрсем. 1986 ж.

ҚОЗЫ (Баллада) Жарасы асқынды ма қолқасының, Тауысып соңғы дəрмен, бар тəсiлiн, Жеттi де ажал болып ащы толғақ, Жас саулық еттi бiр күн жан тəсiлiм. Ол кезде ақпан айы. Бүлiк құрған əулекi, долы боран ұлып тұрған. Нышанын тiршiлiктiң сорлы анаға соңғы рет шарананың үнi ұқтырған. Тағдыры сол бiр төлдiң таныс кiмге?.. Бiлмеймiн. Ол кез ендi алыс мүлде. Ажалдың шеңгелiнен шыққан өмiр Домалап қала бердi қар үстiнде.

Ол кезде бар болғаны бестемiн мен, Бүгiнде – елесi көп естегiмнен, Атаның еркелеген немересi ем, Алпыстан мол асқанда кеш көрiнген. Қабағы қара аспанның тас түюлi, Ақ түтек тұмшалап тұр қос қиырды. Жанымның жапырағы қалт-құлт етiп, Менiң де жанарыма жас құйылды. Айдап-ақ келгенi ме мұны соры?.. Бүйткеше тумағаны дұрыс едi. Аязда дiр-дiр еткен бейшара төл Қораның бұрышында бүрiседi. Мұңлығым тумай жатып у iштiң бе? Тарылып бара жатыр тыныс мүлде. Дүние есiгiнен басын сұққан тағдыры шарананың қыл үстiнде.

Дүрлiгiп дүлей боран ышқынды əрi, Зым-зия, жер жұтқандай құстың бəрi. Көзiңдi ашшы төлiм, жылтыраған Бар ма екен тiршiлiктiң ұшқындары!? Қарашы ақ боранның кер азуын, Болды екен тағдырыңа не жазығың? Көтершi басыңды ендi, көктем келсе, Сенен де аямас-ау ол азығын. Кəрленбе, бассыздықты тоқтат, боран! Кең қолтық мамыр тусын, көк қаптаған. Өшуге тиiс емес өмiр оты, Айтады ел оңбайды деп отты аттаған. Жоқ! Боран қояр емес долдануын, Кезенген қарақшыдай ол қаруын. Тiлiнiң тiкенi бар мерез шiркiн, Түрiн-ай нəрестенi қорлауының. Тағыдан көзақы алған Тау ұлы едiм, Тəйiрi-ай, таңсық па едi дауылы оның. Заһарын бұрын бұлай төкпеушi едi, Көрейiн бiр шарасын, тауып емiн. Көрсеткен сесi ме бұл, қай қаһары? Жүр ме екен қасқыр шауып қойға тағы? Аранын ашып тұр ма, ертегiнiң Жалмағыш жетi басты айдаһары. Жынды жел қышқырды өрден, ысқырды ойдан, Бұл неткен əдiлетсiз, мiскiн майдан? Бейкүнə шермендем-ау, тiсi ақсиған мыстанның тырнағына түстiң қайдан?! Дүние тұлдануда, томсаруда.. Мен – жалғыз, Атам кеткен көршi ауылға.

Бейне бiр қалғандаймын айдалада, Аш қасқыр үйiрiнiң қоршауында. Асқар тау арқа сүйер – атам маған, Ол барда – кездерiм жоқ жаутаңдаған. Аяқты алшаң басып жүрер едiм, Соқтықпай сойылды мен бақанды адам. Ол болса – мына боран ұлымастай, Жас саулық бақилық боп құрымастай. Үйде жоқ болғанына өкiнемiн, Əйтпесе бəле-жала жуымастай. Мен де бiр баласы едiм парықты елдiң, Байғұстың мүшкiл халiн анық көрдiм. Қозыны өз тоныма орадым да, Аузына жылы пештiң алып келдiм. Бейбақтың қалған екен шала жаны, Бiрақ ол мұңын кiмге шаға алады? Жейдемнiң жеңiн түрiп, кексе жандай, Құрғаттым шу-суынан шарананы. Оттар бар балқытатын тастың өзiн.. Аяғын апыл-тапыл басты қозым. Кiшкентай жүрегiмнiң жылуымен Дүниеге бiр тiршiлiк ашты көзiн. Iңiрде атам үйге келдi қайтып, Мен оған болған жайды бердiм айтып. Көңiлiмдi күптi етiп бiр сауал тұрды: “Күн көрмек бұл жетiмек ендi қайтiп?” Ойымды атам аңдап қалды ма екен? Дедi де маған қарап:“Ал, жүр, əкем...”, Қозыны қос қолымен бүре ұстап, Бауырына нəн саулықтың салды бөтен.

Ол неге көрсетпесiн бөтендiгiн? Исiнбей, танытып тұр мекерлiгiн. “Өзiнiң енесiндей қайдан болсын, Атажан, болды-ау,– деймiн,– бекер мұның”. Қара түн келе жатты құлап берi.. Тұрған да болармын-ау жылап тегi. Айттым ба, айтпадым ба əлгi сөздi, Сондай бiр түйсiк буған бiрақ менi. Күйгелек, не болмаса шыдамды ұл ма ем? Тап басып айта алмайтын шығармын мен. Тезiрек таң атса деп тыпыршыдым, Күткендей бiр жақсылық шығар Күннен.

Сол қозым, бағы жанып, қалды аман, “Қоңыр” деп ат та қойып алдым оған. Қасымнан екi елi де ажыратпай, Күндiз-түн бiр өзiне болдым алаң. Хайуан да пиғылыңды нақ бiледi, Адасып қалса – iздеп тапты менi. Желiнi жердi сызған саулықтардың Бақырға үрпiн сауып, бақтым оны. Бейне бiр тап беретiн бейқам түстан, Бардай-ақ аңдып жүрген сайқал дұшпан, Қозымды қорыдым мен сотқарлардан, Өткен мал, қаңғыған ит, ұшқан құстан. Торғайдай қолтығыма қорғалаған, Үйреткем азық берiп қолдан оған. Өзiне пана тұтып, бауыр басып, Алды əбден үйiр болып ол да маған. Сипасам тұмсығынан, кекiл жүнiн, Мен оның өз туғаны секiлдiмiн.

Жетедi төбем көкке – қозым менiң “Ұмытып” кеткенi үшiн жетiмдiгiн. Қағыс қап назарымнан қоңыр қозым Көрген жоқ. Сонда-тұғын көңiл, көзiм. Тағдырдың тар қыспағын ерте тартқан Тас қайрақ бала едiм менiң де өзiм. Нəп-нəзiк болғанымен жетiм қозы, Қор болмай, кемдiк көрмей, жетiлдi өзi. Қарауыл болдым оған, түспесiн деп Сұғанақ бiреулердiң дөкiр көзi. Еркелiк қай сəбиге жараспаған? Еркiнсiп жүргенiнде жанасса оған, Енесi бар төлдер де басына алмай, Құр айбар көрсетуден əрi аспаған. Секiлдi парызымыз мойындағы, Бəсiмiз бiр болатын ойындағы. Жұққандай көрiнетiн сол қозыға Менiң де мiнездерiм бойымдағы. Көнетiн ол да менiң икемiме, Шат едiм басын шұлғып игенiне. Бақытты ем, қуанышты ем – бiр жетiмге титiмдей қайырымым тигенiне. Қорықпай – ұқсап қоян көжегiне, Нəр жалғап өсiп едi өзегiне. Мен сонда еш күмəнсiз сенген едiм, Хайуан да жақсылықты сезерiне. Атам да дəн риза едi маған: “Басынар қорғансызды – тегi жаман. Əлсiзге шарапатың тиiп жүрсе, Өмiрде қор болмассың,– дедi,– балам”.

Сол сөзi маған берген бата бопты.. Көп өтпей, оралмасқа ата кеттi. Тап қылып сотқарға да, шоқпарға да, Талқысын өмiр талай тақап өттi. Кеттiң де, қайран ата, қайырылмасқа, Мен үшiн туғандай-ды ай, күн басқа.. Қой болып қоңыр қозым – ол да кеттi, Кез қылар тағдыр ендi қай мұңдасқа. Кеттiң де, қайран ата, келмес жаққа, Ер салдым сенен қалған Мен қасқа атқа. Болмады соңымнан да ерген ешкiм, Жүрмедi ешкiм жəне жол бастап та. Кеттiң де, қайран ата, оралмасқа, Ұлыған қала бердi боран баста. “Шаңырақ аман болса, отың өшпей, деушi едiң: құтты ұяң толар досқа”. Көкейге түйдiм бе оны, түймедiм бе? Басымнан өттi небiр күй менiң де. Кезiм бар бал жалаған, у iшкен де, Тəттi де, ащы дəм де тидi ерiнге. Кезiм бар қорыққан да, торыққан да, Өткелсiз шатқалаңға жолыққанда. Тас тiлген табанымның iзi жатты Тiзеден жауған алғаш көбiк қарда. Өстiм мен қиындықпен қидаласып, Болмадым мақтанға мəз, сыйға ғашық. Сондықтан болар, бəлкiм, кей мiнезiм – Балаға ұқсамайды жиған асық. Жанымның таппай кейде жылы емiн де, Сүзектен тұрған жандай жүдедiм бе?

Тағдырдың жұдырығы тие-тие, Қатайып алды менiң жүрегiм де. Зорлықшыл озбырларға бас имедiм, Жолына ешкiмнiң де тас үймедiм. Күркiреп көк өзендер ағады əлi, Арналы көңiлiмде таси менiң. Жан көрсем жəбiр шеккен аласара, Шырылдап жүгiремiн арашаға. Көк иттi көп ит келiп таласа да, Тап берем бiр таяқты ала сала. Мен, əйтеу, өктемдiкке төзе алмадым, Бояудай əсiре қызыл тез оңбадым. Жаманға кесапат боп көрiнсем де, Жақсыға шарапатты сөз арнадым. Қапысыз сақтап келем ой сандығын, Iшiнде қазына көп – жайсам бүгiн. Бiреуге аусарлық боп көрiнгенмен, Бiреуге қайрақ – менiң қайсарлығым. Менiң де өттi талай жайсаң жылым, Жəнеде бұрқасынды, лайсаң күнiм. Тiк шапшып, шырқ айналған сəттерiм бар, Баланып балағатқа – байсалды үнiм. Көзге мұң толса дағы “əттеңменен”, Кездерiм болса дағы қатты өрлеген, Атаның өсиетiн тұмар тұтып, Жақсыны шетке қағып, жат көрмеп ем. Мен жалғыз емес екем – аңғарғаным, Жанында жақсылардың – жанған бағым. Ұқтым мен мынау жарық дүниеде Қаншама қайырымды жандар барын.

Оларсыз – болды менiң мүшкiл халiм, Жалғыздық қамағанда ышқынды арым. Кейде бiр пенделiкпен, саяқ жүрсем, Опық жеп, өрт жаладым, құстым жалын. Тигенде жақсылардың шарапаты, Жанымның жазылады жарақаты. Келедi менi қорғап бар қырсықтан, Солардың мейiрiмi, марапаты. Соларды қуандырса бiрер iсiм, Жылынып кəдiмгiдей жүредi iшiм. Жаздағы жаңбыр жуған жапырақтай, Көңiлiм де сiлкiп тастар ренiшiн. Көреген, əулие екен атам менiң, Қолдайды қапталымнан қатар легiм. Бақыттың шырынын бiз бiрге жұттық, Бөлiстiк уақыттың да қатал демiн. Қалса да қырда бөркiм, құмда тоным, Жоғалтпан – ар бəрiнен қымбат оның. “Атасы бар ұлдың – ақ батасы бар”– Бұл менiң өзiм тапқан бiр мəтелiм. Тұрса да тауқыметiн тосып алда, Өмiрдiң құлатпассың көшiн орға. Ер жiгiт жалғыз болып қалмайды екен – Жанында шын жанашыр досы барда. Сыйлады өмiр маған сан сабағын, Белгiсiз – қанша берiп, қанша аларым. Атам, мен, қоңыр қозы – үшеу едiк... Ендi мен барымды айтып жар саламын. Сəбилiк – сүт сүйкекке бекiр кезi.. Белгiсi сол шағымның секiлдi өзi – Жəутеңдеп жəбiр шеккен жанды көрсем, Келедi көз алдыма жетiм қозы.

Қимақпын жетiмдiкке қайдан оны? Мен – оған, атам маған айбар едi. Бiлдiм мен қорғанды жан қор болмасын, Азамат қуанышын тойлар елi. Тағдыры ұрпағының еткен алаң, Қарттарым, артпаңдаршы өкпе маған. Озбырдан опық жеген жанды көрсем, Атасы жоқ бiреу ме деп те қалам. Аташым көз жұмғанмен көп iлгерi, Есейттi, еркелеттi елiм менi. Жақсы аға, iлтипатты iнi де бар, Жүгiмдi жеңiлдетер белiмдегi. Қалтамда бақыр да бар, күмiс те бар, Iнiге аға атандым – тыныс болар. Ұққан жан туыс болып табысар да, Дықтанған – өз-өзiнен қуыстанар. Қалтамда арпа да бар, күрiш те бар, Қадiрiн бiлсең оның – уыстап ал. Аулақпын масыққаннан, ашыққанға – Көңiлiмнiң көк егiнi ырыс болар. Көтерсе жерден бiреу нан үзiмiн, Жалғаған жан деп ұғам ар үзiгiн. Өрекпiп, өктемсiнген зорды көрсем, Қозады тыныш жатқан “кəрi жыным”. Мiне, мен осындаймын, бiле бiлсең, Өзiң бiл тұра қусаң, жүре күлсең. Шер төккен мұңлы жанды жұбатсам да, Селт етпен – жалған жылап, құр егiлсең. Теп-тегiс болмаса да жолы өмiрдiң, Көңiлiме сырын тоқып, өре бiлдiм. Жақсыдан бiр шарапат көргiң келсе, Тапшыға жан жылуын бөле жүргiн.

Зердеңе түйе алмасаң еш тағылым, Сыярсың қауызына қос тарының. Тар кезде тақияңды жерге атарсың, Бар кезде бiле алмасаң дос қадiрiн. Ер де бол – ерке болсаң бұл елiңе, Бағзыдан солар жеткен тiлегiне. Көңiлiңнен он адамға орын сайла, Бiр жанның сыйғың келсе жүрегiне. Атадан мұра болып қалған бұл заң, Көзге ұрар алаулы оттай жанған қырдан. Мен егер бiр iзгi iстi бастап кетсем, Өнеге көрiп өскен жалғар бiр жан. Көңiлдiң ақ ордасы – сенiм қосы, Көгертер елiңдi осы, жерiңдi осы. Жүк артып iзгi жандар жүрегiне, Сапарын жалғай берер өмiр көшi. “Тимесе тiрi жанға қайырымың, Хайуаннан болмас,– дейтiн,– айырымың”. Атамның осы айтқаны əлi есiмде, Болмаса ұмытқаным айы, күнiн. Мəнiсiн осы сөздiң көп ойланып, Iзiне түсiп едiм талай бағып. Алдымнан ұшырасып қала бердi, Жер шарын шарласам да мен айналып. Ауырлап салмағы да о бастағы, Көңiлiме тоқылды оның көп астары. Сол екен қолдан қолға көшiп жүрген Асылдың асылы – адам оны ашқалы. Жақсылық – парыз екен ойыңдағы, Жақсылық – қарыз екен мойындағы.

Ар-ұят амандығын бағып келем, Қасиеттi тұмардай бойымдағы.

Жақсылық қарыз болса – қайтар əлi.. Ол əндi əркiм айтып байқар əрi. Кеше мен мəстек мiнiп тепеңдеп ем, Су жорғам бүгiн, мiне, тайпалады. Жақсылық парыз болса – өтелар де.. Талайдың мерейiн ол көтерер де. Ойдағы жарлы шығып хан жайлауға, Кей жуан кер шолағын жетелер ме?.. Дүние əлi талай өзгередi, Өзгерсе – құлақ естiп, көз көредi. Бiреуге жұпыны алғыс айтқан ауыз, Бiреуге жомарт уəде, сөз бередi. Ақ көңiл бiр досымның айтқаны кеп, Мен кеше сыйлы жерден қайтқам үдеп. Нəумез боп жүрген шығар бiр ағайын: “Баяғы жақсылығым қайтпады” деп. Дəм татсам кеше үйiнен естi ағаның, Бар менiң бүгiн басқа бес қонағым. Iлтипат бiлдiрерде бiреулерге, Өзгенiң iзгi iстерiн еске аламын. Тағдыры жақсылықтың қандай ғажып! Өзiне онсыз адам болмай ма жат. Патшалық құрған жерде Ұлы Iзгiлiк – Жүрек те, маңдай да азат, қалмайды азап! Жақсылық жақсылыққа жарасатын, Кейде оған тар пиғылдар таласатын.. Долданам – қорлағанын көрсем бiреу Адамның асыл тектi парасатын.

Жақсылық жақсылықпен толығатын.. Зерделi, жайсаң жандар оны ұғатын. Кейде, əттең, жолықпасқа жолығатын.. Сондайда кездерiм бар қорынатын. Жақсылық жақсылықпен бүтiнделер, Жақсылық – жақсылықтан күтiм көрер. Еншiсi жақсылардың бөлiнбеген, Əдiлет қазысына бiтiм берер. Тамырын арам шөпше масыл жайса, Төбеден жайпап салар асыл жайша –– Өмiрi жақсылардың өтер кейде, “Жүздi алып, мыңды берген” Шашубайша. Жанашыр, мейiрiмдi досың болса, Мерейiң өсер – ұзап көшiң қонса. Жақының жат боп шықса – аһ ұрасың, Дүниеге жаңсақ келген тосын жанша. Мен де бiр маңыраумен жүрген лақ, Зыр қағып, бiрде күлiп, бiрде жылап. Əркiмнiң қабағына жаутаңдасам – Қосылғым кеп тұрғаны бiр жамырап. Парасат патышасынан үрiкпеп ем. Жақсыдан жан жылуын iрiкпегем. Жабығып жасып жүрген жанды көрсем, Досы жоқ пақыр ма деп күдiктенем. Адалдық əмiрiнен безiнбеп ем, Адамға құшақ аштым өзiм деген. Есiмде сонау жылғы момын қозы, Жалғыздық тақсiретiн сезiнбеген. Көңiлге түйе бiлсең – мол естелiк, Бiз өткен жолдар жатыр белестенiп.

...Есiме түскен сайын сол бiр қозы, Өтедi өз тағдырым елес берiп. 1987 ж. ƏПКЕ (Лирикалық поэма) I От өшер – кезi келсе ол да суып, Он үш жас, сенiң бейнең болмас ұмыт. Елеңдеп тұрам ылғи сенi iздеумен, Өмiрдiң көшi ағылған жолға шығып. Өшпейтiн өмiрiмнiң iзiндей ме ең, Есiмде бүгiнгiдей жүзiң, бейнең. Жалтылдап көз алдымнан бiр кетпейдi Сондағы терiм сiңген қызыл жейдең. Құлындай құлдыраңдап шапқылаған Сен де бiр сəби едiң пəк күнəдан. Қайтушы ек жарыса кеп, кəусар жұтып, Ауылдың сыртындағы ақ тұмадан. Онда мен мөлдiр едiм, өндiр едiм, Кеудеме құстар үнi толды менiң. Он үш жас, алабұртып, мойнымдағы Ал қызыл орауыштай желбiредiң. Бəлкiм, сен ең бақытты кезiм бе едiң?– Көңiлiм – аспан едi, көзiмде – Күн. Сонда ғой мынау жарық дүниенiң Кеңдiгiн тұңғыш рет сезiнгенiм. Əлде сен сиқыры мол сезiм бе едiң?– Қиялдап түндер бойы көз iлмедiм. Бейтаныс бiр əлемге, əйтеу менi Енгiзiп жiберiп ең, безiнбедiм.

Əлде сен ұшып кеткен құс емес пе ең?– Ғайып боп, айналыпсың түс, елеске. Ғарыштан жеткен жұлдыз жарығындай, Сəулесi сол күндердiң түседi еске. II Мүмкiн бе мұны жүрек ұмытпағы? – Көңiлде тұрып қапты тұнып бəрi. Наурыздың үш жаңасы туған едi: Үш тəулiк – түннен озып, күн ұтқалы. Анадай иi жұмсақ, мырза бұл ай, Шыққан кез жауқазындар дүр жамырай. Көк қаулап, адам аузы аққа тиiп, Балалар уыз iшiп бiр жарыды-ай. ...Сəния – əпкем менiң, балаң əлi, Оқитын интернатта қаладағы. Ойына бiткендей-дi естиярлық, Жасы оның он жетiге қарағалы. Мен үшiн ондай қамқор жан бар ма едi, Өбектеп, сəби көрiп алған менi. Бұзақы баладан да, бұтадан да Қорғайтын жеткенiнше əл-дəрменi. Басталып каникулы көктемдегi, Ауылға алып-ұшып жеткен де едi. Бетiмнен қайта-қайта сүйедi кеп, Көрмеген əдетiнше көптен берi. Ондай жан жоқ та шығар нұр бейнелi, Анамдай еркелетiп тұр ғой менi. “Кəнеки, киiп көршi, дəл ме екен?!” деп, Шығарды сөмкесiнен бiр жейденi. Киюшi ем бiрде қысқа, ұзын кейде, Үстiме қона кеттi-ау қызыл жейде.

Жайнаңдап екi көзiм шыға келгем, Құлпырып қызыл гүлдей жүзiм бейне. Есiмде қуанғаным сонда қалай, Кiшкене бөлмемiзге толған арай. Шекемнен шекiрейiп, шертiп басам, Адымдап оңға қарай, солға қарай. Əпкемнiң бармағынан бал жалаған, Мен де бiр торғай едiм қорғалаған. Үлкендер көп айтатын “бақыт” дейтiн Көрiнген шыт жейде боп сонда маған. III Əпкешiм, сырласайын ендi өзiңмен, Жаныңның отын жағып менде жүрген. Булыққан көңiлiмнiң бұлқынысын – Қалған бiр белгi деп ұқ сол кезiмнен. Кештiм бе жаралы мұң, налалы күн, Болдым деп айта алмаймын дана бүгiн. Сондайда сынай қарап ту сыртымда Тұрғандай он үш жасар балалығым. Он үшiм түсiме енсе кейде келiп, Бiр жасап қалам ылғи, ой көгерiп. Əпкешiм, түседi еске сол балалық, Өзiң боп, сен кигiзген жейде болып. Кейiнде көп қызықпен тоғыстым ба, Қарын тоқ, киiм көк боп, толыстым ба?– Бəрi де татымастай, он үшiмде Көзiмнен ыршып шыққан сол ұшқынға. Шынымен сол жейденi ұнаттым ба, Жоқ, жүдеу көңiлiмдi жұбаттым ба?.. Əйтеуiр, жел өтiне қарсы жанған Шырақтай шырқ үйiрiлдiм, гүл аттым да.

Жан əпке, сен де мұны сəттi аңдадың, Есiмде сонда қалай шаттанғаның. Еңсемнiң түспейтiнiн өзiң барда Сездiм бе, құс қанатын қақты арманым. Құсасын көңiлiмнiң бiр ақтарып, Тығылғам құшағыңа құлап барып. Бетiме тидi сенiң ыстық жасың... Содан соң бекiп алдың, қуаттанып. Содан соң серпiлдiң де күлiмдедiң, Жаныма жылы тиiп үнiң, демiң. “Ғұмырлы, бақытты бол, бүгiн, мiне, Бiр мүшел жасқа толдың, күнiм!” дедiң. Нұр шашып жалын атқан жəудiр көзiң, Есiмде сондағы айтқан əрбiр сөзiң. Жаттап та қаттап алған соның бəрiн, Балалық албырт көңiл, алғыр сезiм. Деп едiң: “Ендi, мiне, жiгiт болдың, Жұлдызы биiк тұрар үмiттi ердiң. Өмiрдiң жақсысын да, тапшысын да Қазiрден жiтi барлап, ұғып көргiн. Уақытың ойланатын жеттi, мiне, Өмiрдiң тез мұқалма тепкiнiне. Жетерсiң мұратыңа – алданбасаң Көйлектiң көктiгiне, көптiгiне. Талабың таудай болсын, қарашығым, Қаттай бер көңiлiңе жан асылын. Ежелден талапты ерге қанат бiткен, Сол ғана сенiң жалғыз жанашырың. Болма əуре барға тасып, жоққа налып, Басыңда тұра бермес тоқ балалық. Қуатым, ұстамды бол, көбелекше Ұрынба бейсауат бiр отқа барып.

Кезiгер алдан талай қатер, кесел, Елiңе, бiрақ, қалқам əкелме сор. Ойыңда от, бойыңда өр сенiм болсын, Қамқоршы анаң да осы, əкең де сол. Арманның заңғарына көз бұрарсың, Басыңнан талай бақты оздырарсың. Жарығым, аман болшы, тiрi жүрсең – Сен əлi сан жейденi тоздырарсың...” Əпкешiм, сен осылай демеп пе едiң, Дем берiп, жiгерiмдi жебеп менiң. Қиналсам – өзiң болып, сөзiң келiп, Қанша рет созды маған көмек қолын. Ол кезде мен де бала, сен де бала, Егiз қаз секiлдi едiк көлдегi ана. Сiрəда ойладық па, уақыт бiздi Бөлiп те тастар-ау деп əр арнаға. IV Есiмде сол күндердiң кескiнi əлi, Күркiреп мешiн жылы – көштi қары. Талпынып өсiп келе жатты солай, Қалқиып қара бала қос құлағы. Есiмде талпынғаным, алқынғаным, Сəуiрдiң самалындай аңқылдадым. Қынынан жаңа ғана суырылған Жалаңаш қылыштай да жарқылдадым. Əпкежан, кiм түсiнер сендей менi, Көңiлiң мен дегенде көлдей ме едi! Бiлмеймiн, қанша уақыт жүрдiм киiп Сыйлаған өзiң маған сол жейденi. Балауса көңiлiмнiң не сырлары Бас құрап, таңғы шықтай қосылғаны,

Содан соң ақ бұлақтай жосылғаны – Сол кездiң еншiсiнде, есiмде əлi. Əпкетай, есiме алсам бүгiн сенi, Жеткiзiп айта алар ма тiлiм соны. Жейдем де алау түстес, жалау түстес, Көзге ұрып сонадайдан тұрушы едi. Құмар ем қызыл түске бала жастан, Кигенмiн қызыл жейде мен о бастан. Қызығып бала бiткен, жерде қалса, Жемiрлеу қызыл бұзау ала қашқан. Құштар ем қызғылт түске бала жастан, Қиылып қарағандай маған аспан. Бiр уыс алау болып мен де кеше Ал қызыл бұлт iшiне араласқам. Қырандай томағамды толғап таңнан, Қиянға қанатымды қомдап барғам. Ақиық армандарым сол мезетте Жұлдыздар кеудесiне орнап қалған. V Есiмде қозы баққан бiр күндерiм, Жартасқа дауыс жалғап, күңгiрледiм. Мен сонда қарт Байжандай, таптым бəлкiм, Жылтырап ашық жатқан жырдың кенiн. Қолымда кiтабы бар ұлы ақынның, Құс тұмсық құз-шоқыға шығатынмын. Ұшуға ендi оқталған қаршығадай, Ұмсына өлең оқып тұратынмын. Ақынның тiлi жеңiл, сөзi майда, Жүрекке жылы тиер, сезiм, ойға. Қарнымның ашқанын да сезбейтiнмiн, Ұмытып лақтар қайда, қозы қайда?

Бiлмеймiн, кезқұйрық па, бүркiт пе едi?– Кенеттен қозыларды үркiткенi... Құйылып келе жатты, жұта салып, Қайтадан жiберердей бүркiп менi. Болмады мұршам менiң ойлануға, Келмедi жалтаруға, бой бағуға. Əлгi жойт аққан бойы қона кеттi – Үстiме, күннiң ақшам-бейуағында. Есте жоқ: шыңғырдым ба, жыладым ба, Жан дəрмен тiрестiм бе, құладым ба? Ұйпалап өте шыққан бiр құйынның Ызыңы қалып қойды құлағымда. Пəлекет шүйлiктi екен көрiп ненi, Əлде бiр ерiккенi, желiккенi? Тасадан тап беретiн қарақшыдай, Олжалап кетпек пе едi жеңiп менi. Бұл дүлей елестеткен көзге ненi? Мен емес, өзге ме едi – көздегенi? Сойылдай соғып өтiп, сол мезетте Жартасқа соқтыққандай тез жөнедi. Дəнiккен озбыр шiркiн жат ұяға, Менi əлде тар көрдi ме тақияға. Тастаққа бiр аунатып кете барды, Есептен жаңылғандай қапияда. Құзғынға жем болуға таядым ба? Шамам аз, шарам да жоқ аянуға. Ғайыптан аман қалдым, құтқарушым – Беймəлiм: аяғым ба, таяғым ба? Бiлмеймiн, қанша жаттым есеңгiреп, Япыр-ау, бұл не деген есерлiк ед! Бiр кезде есiм кiрiп... көзiмдi ашсам, “Тұр-тұрлап” оятып тұр көсем жүрек.

Сəл жаттым көңiлiм пəс, көшем жүдеп, Кеткендей бiр сұғанақ есемдi жеп... Садақа берiп ең-ау сол күнi сен: “Сақтай гөр пəлекеттен кеселдi!” деп. Болды ма қабыл сенiң бұл тiлегiң? Күлкiммен көз жасыңды сүртiп едiң. Ол кезде бiлдiк пе бiз, əпкешiм-ау, Жылдардың бұлты қалай дүркiрерiн? Кiм бiлсiн, тап болармын қай ағынға, Жолымды жоғалтам ба мая-құмда? Мен əйтеу, тағы құстан жеген едiм Тағдырдың ең алғашқы таяғын да. Бiлмедiм не күтерiн ертең менi, Бiлгенiм – балапанның жем тергенi... Күн сүйiп маңдайымнан, кекiлiмдi Жел тарап, бесiгiмдi жер тербедi. Ұя сап қойнына Күн, балағына Ай, Алаңсыз өте шығар балалық-ай! Бал дəурен қызығына қайта батып, Жайраңдап жүре бергем баяғыдай. VI Ал ендi сол күндердi есiме алсам, Сезiмнiң ақ бұлағы қосылар сан. Көңiлдiң қоламталы шоғырында Жылдардың шоғы жатыр – көсiп алсаң! Талайдың бұл өмiрде мұңы қайтқан.. Титтей ұл тiрi қалды iрi жойттан. Кезiнде бiр дүрлiгiп ауыл-аймақ, Кейiнде жырдай етiп, күлiп айтқан. Балалар мұны өзiнше талқылаған, Көбiне бұл қызықтың нарқы ұнаған.

Кейбiрi бұтын шаптап, бiрi мақтап, Қарадай қайсыбiрi қалтыраған... Не керек, “қорқақ” та мен, “ер” де менмiн, Көбейдi бiлгiшсуi көрмегеннiң. Қысылып, бiр қызарып, бiр бозарып, Топ бала ортасында терлеп “өлдiм”. Бiрi шықты езуi көпiрiп кеп: – Бұл алдап тұр, бəрi де өтiрiк,– деп,– О заман да бұ заман, кiм көрiптi Құс адамды бүргенiн екi бүктеп? Ендi бiрi: – Осынша бөсiп...– дедi,– Сенбес бұған бала да бесiктегi. Бүркiт түсiп үстiңе, аман қайтсаң, Мен мұрнымды берейiн кесiп, тегi. Ежiрейдi үшiншi бала маған: – Иə, бəсе... мұрны да қанамаған. “Шықпаса атың – жер өрте” дегендейiн, Бос сөз ғой, қай ақымақ нанады оған. Тамам бала солайша даурығысты, Жүгiрттi де сан-саққа “даулы” құсты. Даурыққандай “жеңдiм,– деп,– жауды күштi”– Атақ алдым, “ерлiктiң” аулы ығысты. Мақтанайын деген де ойым жоқ-ты, Не дерiмдi бiле алмай, миым қатты. Терiс қарап, амалсыз жер шұқыдым, Көпе-көрiнеу көпшiлiк “мойындатты“. Тiл болса ғой, о шiркiн, қозыларда, Осы дауды тұрмас ек созып онда! Шындықты айтар бiр куə шықпаған соң, Қылжақ қуған қызба топ сөз ұғар ма?

Бiраз жерге барыстық сол дабырмен, Соқтығам деп тағыға –“сорладым” мен. Дəлелi жоқ шындықтың құнсыздығы Тұңғыш рет миыма сонда кiрген! VII Осылай өзiмдi-өзiм “қорладым” мен, Шындықтың тағдырын да сонда бiлгем. Жаныма нақақ жала қатты батты, Тiкендей тəн сыздатып қолға кiрген. Өмiрдiң бiр сабағын алғам солай, Əңгiдей – құмнан “соққан” қорған-сарай. Топ бала “сөз бiттi” деп тарап кеттi, Ақиқат бiр сырымды жалған санай. Аш мысық тырналасын, ал iшiмдi, Шырқырап торғай-жүрек жан ұшырды. Үнi ащы, ашық күнгi найзағайдай, Бұл жағдай осып өттi намысымды. Қайран да бала көңiл от оранған, Намысшыл, сəл нəрседен секем алған. Жəутеңдеп қала бергем сол жолы мен, Топ бала “жау” жеңгендей кете барған. Сол шақтың сапар шексем қиырына, Ендi мен күлкi үйiрiп миығыма, Сағына еске алам да, шаң қонбаған Шөлдеймiн сəби көңiл тұнығына. Сонда ғой... қалыс қалған қыздар жағы, “Ерлiктi” олар менен қызғанбады. Қимады “бөспе” деген атаққа да, Демедi: “Суайт шiркiн, бiздi алдады”. Iшiнде бар едi бiр сүйкiмдi қыз (Көбiмiз сүйкiмдiге икiмдiмiз),

Қиыла қараушы едiм оған мен де, Дейтiндей: “Жетi түнде ұйқымды бұз!” Мейманам төгiлгенде, мен “жеңiлiп”, Көзiме жұрттан ерек сол көрiнiп, Есекке терiс қарап мiнгендейiн, Кетуге аз қалып ем жерге кiрiп! Ол болса, қиғаш қасы дiр етiп бiр, Шеттеген, нұрлы жүзiн жүдетiп құр. Амал не, тiл байлаулы, көптiң мысы Қайран да жiгерiмдi құм етiп тұр. Түсiме сол қыз кiрiп, бейне менi Жаладан қорғап, толғап сөйлер едi: “Мұратжан жалған айтып көрген емес, Балалар, ұят қой бұл... қой!...” дегенi... Осы сөз, түс болса да, дем беретiн, Кей мезет бала қиял ерленетiн. Кiм бiлсiн, нышаны да болар-ау бұл, Қилы бiр тағдырлардың мен көретiн. Сол қыздың аты, сiрə, Үмiт пе едi?.. Желпiнтiп кетушi едi, күлiп, менi: “Əдейi ыза қылып айтады жұрт, Соған да жаси ма екен жiгiт, тегi. Қағытпа əзiл сөздi шын көресiң, Сен қайтiп бұл түрiңмен күн көресiң. Қалайша ерiккен ел жүндемесiн, Өзiңдей – iшiндегi үндемесiн. Сөз керек, балаларға қызық керек, Табылар байқайтындар сүзiп те көп. Тапқыр тiл, өжет қимыл – серiк болса, Шығарсың тосқауылды бұзып кенет.

Соза алмас əркiм қолын құр жарауға, Ыңғайлы – жуас бұзау жұлмалауға. Байқасаң, аңқаулар кеп түседi екен, Ебi бар ерiккендер құрған ауға”. Осы сөз бiтiрдi ме қанат маған, “Жал сүзiп”, кекiлiмдi тарақтағам. Асырып “өнерiмдi” көп құрбымнан, Кейде бiр аш бөрiдей алақтағам. Өзiмше көп толғанып, сан ойлана: “Ұнжырғам түскен, – деймiн, – қалай ғана? Өзiне өтiрiгi майдай жағып, Шаң жұқпай жүрген жоқ па талай бала...” Кейде бiр өзiмдi өзiм қайраймын ба? – Бу атып, бұрқ-сарқ етiп қайнаймын да. Елiктеп өзгелерге, зерттеп бақтым Неше атасын “ойбай” мен айғайдың да. Бiрақ мен сыйыспадым бұл “өнермен”, Күндерiм көп блса да күле келген, Қаныма сiңiп қалған бiр мiнездiң Бағын да, азабын да жүре көргем. Бас тарттым мысыққа ұқсап майпаңдаудан, Бəс тiгiп өттiм талай “сойқан” жолдан. Мен шеккен зардап аз ба, осы өмiрде, Шындықты “қисынды” етiп айта алмаудан. Балалар қара сирақ, ала мойын Кейiннен есейдi де, тарады ойын. Көтерiп сонда менi, қомдап едi Қанатын балғын топшы балаң ойым. VIII Жадымда сол жылдардың сырлары жүр, Кеудемде толқынданып тулады жыр.

Естiп ем ескi жартас жаңғырығын, Жолығып бiр қарияға бұрнағы жыл... Қарт та сол оқиғаны есiне алып, Сөйлеп бiр кеткен едi шешiле ағып: – Ол кезде қырықтағы жiгiтпiн мен, “Қымыз бен қызық қайда – қосылалық...” Сондай бiр жиын-тойда, əңгiмемiз Өзiң боп, көп естiлдi əрлi лебiз. Қымыздың буы бойға тарағанда Қызынып дуылдастық, ал, мiне, бiз... Бал ашып ерiккендер қызу кейде, Даурығып, өздерiнше гүлжiлдей ме: “Қызылға қанатты құс өш келмей ме, Бəрiне кiнəлi, – деп, – қызыл жейде...” Дау-талас өрши келiп, қызады əрi, Бiлгiш көп, жорамалдар ұзарады. – Тегiннен тегiн емес... Көресiңдер, Шығады нағыз жiгiт бұдан əлi... – Əй, тоқта... Не екен өзi сол түскенi? Шағын ба, əлде əйдiк зор құс па едi? (Аталып шықты барлық құс бiткеннiң Тұрпаты, пошымы мен өң-түстерi). – Жə, қойшы... Қорыққанға қос көрiнер, Қарғадан қалған шығар сескенiп “ер”. Əйтпесе, қалай аман қалды дейсiң, Құрдан-құр ербеңдетсе қос қолын ол? – Кезқұйрық – қанаты егер далпылдаса... – Сақтай гөр, қара құс та қарқынды аса... Пəленiң аулақ бетi... Атай көрме, Ол ендi оңдырмайды алқымдаса.

– Жүрегiм сезедi-ау бұл... соны ұғамын: Байғұстың болмаса игi соры қалың. Бейкүнə, жазған бала қайдан бiлсiн, Алдынан не хикмет жолығарын... Сол кезде топ iшiнен бiр өктем үн Саңқ еттi: – Тəйт əрi,– деп. – Бұ не еткенiң? Қайдағы жамандықты бастадыңдар, Осы ма жас балаға тiлектерiң? Жоқты айтып отырсыңдар, жүдеп тегiн, Тас па, əлде саз балшық па жүректерiң? Мұратжан – ердiң ерi, он үшiнде Бiлекпен қысып көрген үлек белiн. Бұл сөзге кеттi бiреу арқаланып: – Баланың тым алысқа тартары анық. Қарға деп, кезқұйрық деп кемсiтпеңдер, Бүркiтпен күш сынасқан ол нақ алып. Бəлкiм, ол нағыз тұйғын қыран шығар, Шынында ердiң ерi бұған шыдар. Өктем күш тегеурiнiн бұзып-жарып, Өз бағын өр намысты ұлан сынар. Мен бiлсем, Мұратжанға бақ қонады, Жетiспей жүрмесе тек баптағаны... Қарашы, шоқтай жайнап тұрған жоқ па Қилы ұшқын шашыратқан от жанары. Түбiнде бұл балаға дарын қонар, Айтса да, сұңғылалық қанында бар. Дегдар би емес пе едi арғы атасы, Тастының мол суындай ағынданар. ...Қария көңiлiне көп сыр сақтаған, Соны айтып, құс жастыққа шынтақтаған. Тасқынды тасты өзен түссе есiме, Қарадан-қарап тұрып сусап қалам.

Иə... Сол күнi ауылда бiр той боп жатқан, Тойшы жұрт гуiлдесiп, жайраң қаққан. Бəрiнiң əңгiмесi мен болғанда, Көңiлге ой салар көп жайды аңдатқан. IХ Бiлмеймiн, қайсысының сөзi келдi? Бұл күнге жеткенiнiң көзi көрдi: Ер жiгiт қилы күнге кезiгер-дi, Мен соны жүргендеймiн сезiп ендi. Жоқ бүгiн қызыл жейде... тозып қалды, Уақыт та бiраз жерге озып барды. Кеудемде, бiрақ менiң, қоздап жатты Үмiттiң қызыл шоғы... соны ұққам-ды. Қалды да қызыл жейде тамсандырған, Күн жеттi өзгешелеу əн салдырған. Аспанға қарап едiм, со мезетте Бiр жарық жұлдыз көрдiм қарсы алдымнан. Мен соны арманым ба деп қалғанмын, Ұшып-ақ кетсем бе деп оқталғанмын. Сиқырлап жас жанымды жарық жұлдыз, Қияннан көз айырмай, көп толғандым. Асығыс жолға шыққам кешкi ымыртта, Əпке, сен қалып ең ғой ескi жұртта. Екеумiз кездеспедiк содан қайтып, Бейне бiр айналғандай қос құрлықа. Сен менен алыстасың, əпкешiм-ау, Салып та жүрсiң бе, əлде көпке сұрау. Көзiмнен ыршып шыққан төрт тарам жас Жырымның жолдарындай жатты осынау. Тұтатып қызыл шоқты кеудемдегi, Қызулы үмiттерге ерген менi –

Шоқтанған жұлдыздардың шоғырынан Көрiп те қалдың ба, əпке, сол кездерi? Жеттiм бе, дегенiме жетпедiм бе, Мезгiлсiз қурадым ба, көктедiм бе? Қасымда жоқтығыңнан, қанша запыс Тарттым мен тағдырдың тар өткелiнде. Көрдiм бе не көрсем де – көресiмнен, Жұрт құрлы өттiм бiраз белесiмнен. Мен, əйтеу, жансам дағы, сөнсем дағы, Жан əпке, шығармадым сенi есiмнен. Мəуесiн көңiлiмнiң қыжыл жей ме? – Кетедi жеңiл тартып тұзым кейде. Сабама түсiредi сонда менi, Балалық байрағындай қызыл жейде. Х Есiмде тағдырыма бал ашқандар, Жоқ жерден айтыс бастап, таласқандар. Тап басып айта алмаймын, қайдан шықтым: Жолынан адасқан бар, əрi асқан бар. Жанды ма ел қатарлы бағым менiң – Жанымнан жанашыр боп табылды елiм. Жолықтым жақсыларға, солар маған Сыйлады көңiлiнiң дарулы емiн. Бiреуден əлде менiң күйiм кем бе, Кеткен жоқ құт-береке үйiмнен де. Қарымын өз халiмше қайтарам деп, Еңбегiм азды-көптi бұйырды елге. Тапшылық көрдiм демен киiмнен де, Сан жейде түсiп қалды иiннен де. Əйтсе де, əпке, сенi есiме алам, Кейде бiр бап таба алмай, күйiнгенде.

Шаптасып толқынмен де, құйынмен де, Долы күш қаңбақ құрлы үйiргенде, Есiме алам сенi, сараң серi – Тағдырдың тас қабағы түйiлгенде. Сойылын елден бұрын бұзық қамдар, Содырға мүйiз бiтсе – сүзiп қорлар. Болды ма “жүнiм қызыл”, қарсы алдымнан Сан шықты маған да бiр “қызыққандар”. Бiлмедiм, қай жауыздың харам iсi? – Əлде бiр кезқұйрығы, қарақұсы. Жарықтық бүркiттiң де дара күшi, Оның да қызыл көрсе жанады iшi... Кiм бiлсiн, тағдыр жазған несiбем бе? Қандай бiр сұрқылтайдың өшi менде. Əйтеуiр, көлеңкесi көл жапқандар Жапыра жаздар едi сесiмен де. Тоқпақтай қағып өтiп бұлшық етпен, Сыдырып жон терiмдi қыршып өткен – Жыртқыштың тырнағына iлiккенде, Торғайдай шықты даусым шыр-шыр еткен. Болғанда – мен сұр көжек, кiмдер барыс? Ұстадым азулыдан iргемдi алыс. Өзiңе елеңдеумен өттi-ау жылдар, Жан əпке, iздеп сенен бiр қорғаныш. Кейде бiр лепiргендер жепiргенде, Кетедi күңiренiп жетiм кеуде. Зар болдым залп үнiндей лебiзiңе, Маңдайым тасқа тиiп, өкiнгенде. Мен де бiр көк балауса емес пе едiм, Басымнан аз ғұмырда не кешпедiм. Япыр-ау, өтiрiк пе, əлде шын ба, Тағдырмен осыншама егескенiм?

Сағынған жетiм бұлттай теңiз демiн, Үмiттiң жiбек жiбiн мен үзбедiм. Бұл жаным нөсер тiлеп булыққанда, Жан əпке, сенi iздедiм, сенi iздедiм. Қайтейiн, қанатым да жоқ-ты ұшарға, Бейшара көбелекше от құшам ба? Дем бере айтқан сөзiң сонау жылғы, Күмбiрлеп құлағыма жеттi сонда. Көмiлiп көк толқынға, ақтым бойлап, Бұдырсыз жалтыр мұзда жаттым жайрап. Сол кезде ғайыптан сен үн қаттың да, Таттанған жiгерiме таптым қайрақ. Есiмде сондағы айтқан кеңестерiң, Сен маған баз қалпыңда елестедiң. “Сан жейде тоздырарсың, тiрi болсаң, Жарығым, аман жүршi!” демес пе едiң. “Алданып қалма, – деушi ең, – тоқ күнiңе, Көйлектiң көптiгiне, көктiгiне. Ұмытпа ер борышын, ел намысын, Əр iсiң лайық болғай тектi iрiге”. Айтпаймын өзiмiн деп тектi iрiнiң, Елеусiз жүрген көптiң тек бiрiмiн. Ез деп те ешкiм менi айта қоймас, Кейде бiр найзағайдай өткiр үнiм. Жоқ менiң ер едiм деп бөсер жайым, Көнтекке – келтек барда, кесел дайын.. Менiң де бұршақ жауған күндерiм мен Басымнан өттi талай нөсерлi айым. Бұйырар деп жүргенде сый iзгiге, Көңлiмнiң ышқынды ма күйi үздiге. Кең жерде тап болдым ба тар өткелге, Жем болып кете жаздап мүйiздiге.

Жазмыштың кей тəлкегiн жазу күнə, Алдымда жатты ма əлде қазулы ұра. Екi аяқ еркiндiктен жерiдi ме, Жем болып кете жаздап азулыға. Көбiрек жолықтым ба ұяттыға, Көзiмнiң сорасы əлде жиi ақты ма? Бетiмдi қан жоса ғып тiлдiрдiм бе, Мiскiн боп тырнақты мен тұяқтыға. Кезiгiп тiстiлер мен күштiлерге, Жотамды жондырдым ба үскiмен де. Мазағын тағдырымның көтерем деп, Азабым тыныш жатқан түстi ме елге? Үйренiп қиын тiлiн күрестiң де, Алпауыт, алыптармен тiрестiм бе? Болмаса, желдi күнгi ақ шырақтай, Қасқарып бiр жандым ба, бiр өштiм бе? Айтайын қайсыбiрiн... Қаншама ағын Соққылап, жүрегiмдi паршаладым. Жан əпке, мынау жарық дүниеде, Өмiрдiң алдым мен де сан сабағын. Заманға дөп келдiм бе ақыл озған, Кезеңге кез болдым ба батыр азған. Сəттерiм аз болмады – жазық жерде Мүлт кетiп, аяқ асты қапы жазған. Ақылым бар ма десем бiр кiсiлiк, Əлдекiм қарсы алдымнан күлдi iсiнiп. Ақситып азу тiсiн, еттi тəлкек, Көзiнен ызғар есiп, зiлдi-суық. Өзiңше əулие боп туғаныңмен, Қулықты жеңе алмассың құр дарынмен. Аңырып тағдырдың тар айрығында, Ат басын қайда ғана бұрмадым мен.

Бiр түспей тақымыма даңғыл жорға, Қанша рет көшке ере алмай, қалдым жолда. Атының майын сұрап айлалының, Өзiмдi өзiм сатып алдым зорға. Осы елдiң мен болғандай ақымағы, Бiреулер шалғынымды жапырады. Достың да қымбатына пұлым жетпей, Жiлiгi – арзанының татымады. Мен сонда мүжiлдiм бе, үзiлдiм бе, Əлде бiр зар болдым ба құзырлы үнге. Күйсе де күреңiтiп жүзiм Күнге, Кеппедi кеудемдегi сызым мүлде. Мен көрдiм – талтүстегi iңiрлердi, Мен көрдiм – өлiп қайта тiрiлгендi. Безерген бетiме де күлкi үйiрiлмей, Кезерген ернiм тозып тiлiмделдi. Кез болды – жақын күндеп, жат тiлдеген, Көз көрдi безгенiн де бақтың менен. Дүниеден көшiп “ана” жаққа қарай, Кенеттен өшiп бара жаттым деп ем. Өтiп-ақ кеткенi ме отты кезiм, Көк жасық тарта бердi көп мiнезiм. Сол кезде, жаным əпке, жан ұшырып, Көмекке жер түбiнен жеттiң өзiң. Жанған бiр шырақ едiм маздау үшiн, Жалп етiп сөнерiмдi сездi-ау iшiң. Сол кезде, жаным əпке, естiлген-дi Саңқ етiп құлағыма өз дауысың. – Қарғам-ай, жүдегенсiң қалай ғана, Сарсылып бiттiң бе əлде сан ойлана. Абайлап жүрсең еттi, бейқам болсаң – Шағады құмырсқа да, талайды ара.

Күнiм-ау, мұнша неге күйiң кеткен? Соншама жұмсақ едi иiң неткен. Əлде сен қорландың ба, қол қысқада Үнемдеп ұстаймын деп тиынды еппен. Ашпысың, не болмаса киiм жоқ па, Əлде бiр итарқа ма – үйiң жаппа? Жұлдызы биiк тұрар жiгiт үшiн Шыж-быжы тiршiлiктiң бұйым боп па? Болды ма қатарыңнан төмен бағың, Көңлiң де таппады ма кемел бабын? Қылыштай жарқылдайтын кезiңде бұл, Тоттана бастағаның неден, жаным? Сен, сiрə, мұндай ма едiң, мұндай ма едiң? Жүлдесiн алар деушi ем мың бəйгенiң. Қарайып қап түбiнде қалмасыңа Күмəнiм болмайтұғын қылдай менiң. Сенгенмiн таймасыңа мұздан сенiң, Сезгенмiн көңлiңнiң де қызған шоғын. Жол тауып шығар деушi ем, сенi тосқан Он мыстан құлатса да құздан селiн. Көрушi ем əкетердей жауды өңгерiп, Өзiң-ақ қалғансың ба жəукемделiп. Тiрлiктiң тар қамытын кигеннен соң, Пiлдiкке алғансың ба əбден көнiп. Сен деушi ем – өмiрге бiр туса ғашық, Болар деп ойламадым мұнша жасық. Жiлiктiң басы шоршып ұшпас па едi, Жiгiттiң ауыр мысы тұрса басып. Байлық пен мансап қуып кеттiң бе əлде, Түстiң бе күйректiктен, жоқ, бұл халге. Барға – асып, жоққа жəне жаси көрме, Тек сонда жүректе от, екпiн бар де.

Қуатым, бұға берме, серпiл ерше, Құм болар еркiн еңсе – сертiң өлсе. Келмейдi топан су да тобығынан, Ер жiгiт намысының өртiне енсе. Қиямет көпiрiне жол тiрелсе, Көз байлап соқыр тұман, жер түнерсе, Қанатын тосар саған Таң шапағы, Күнiң – түн, улы үрейдiң дертi жеңсе. ...Жан əпке, көлдей сенiң пейiлiңдi, Үнiңдi сағынып ем мейiрiмдi. Ендiк пен бойлықтарды көктей өтiп, Ақыры жалт қаратты-ау зейiнiмдi. Бiлмеймiн, таң ба, кеш пе – анық қай уақ, Көгiлдiр нұрға бөгiп қалыпты аймақ. Шығыстан ескен желдей, сенiң үнiң Кеткен-дi жiгерiмдi жанып, қайрап. Мен содан күш алдым ба қуаттанып, Бойымды тiктеп алғам, құлап барып. Дүние дидарына жалт қарасам, Ай туып келе жатты құлақтанып. Сол сəтте... Өң бе, түс пе, о тəңiрiм, Кеттi ме артық соғып не тамырым: Мен Оны тағы көрiп, таң боп тұрдым, Айналып кеткен кезде жотаны Күн. Ол тұрды түпсiз əлем түкпiрiнде, ...Қасымда... Қол созым жер тiптi мүлде. Көрiктiң аузындағы шоқтай жайнап, Ал қызыл нұр-бояуы жұқты гүлге. О, сонда мен сорлыда ес бар ма едi? Армандай сол Жұлдызым тосты, ал менi! Оймақтай жанарымның ойпаңында Бiр буда гүл боп тұрды достар легi!

О, сонда менде қалған ес бар ма едi, Мендей де iшпей-жемей мас бар ма едi? Өлгенiм тiрiлгендей, өшкен жанып, Сол жұлдыз қол созымда тосты-ау менi. Бiр жұлдыз жанып тұрды-ау шоқ сəулелi... ХI ...Сол күнi түсiмде мен сенi көрдiм. Жарқ етiп жарты аспанда бала бүркiт, Жалбыр шаш жабағы бұлт барады үркiп. Қылтиып Күн құлағы көз көрiмнен, Күншығыс тұрған едi алабұртып. Сол ма екен қыз-дүние сүйген бояу, Көйлегiн ақ жiбектен кигендей-ау. Ару Күн алтын шашын судыратып, Өр басын сəндi iзетпен иген баяу. Əлгi бiр бала бүркiт оттай жанып, Ақ шаңқан күмбез бұлтты өттi айналып. Менiң де құс-көңiлiм дүр сiлкiндi, Көзiмнiң ұшына ыстық шоқ байланып. Жан əпке, көресiң бе, сенесiң бе, Шынымен өзiңсiң бе, елесiң бе? Қасыңда Сүйкiмдi қыз, сен тұр едiң Шаншылған Қыран шыңның төбесiнде. Түсiм деп айтсам ба екен, өңiм деп пе?.. ...Жеткен-дi саған созған қолым – көкке. Өйткенi сен тұр едiң Күн қасында, Сөйттiң бе əлде маған көрiнбекке? Тұр едiң маған қарап күлiмсiреп, “Жаным-ау, тоңып қапсың, жылыншы!” деп. Мен сенi күнде көрiп жүргендеймiн, Мен сенi көргендеймiн бiрiншi рет.

Бiр жылу сол күлкiңнен сезiндiм де, Айналып жүре бердiм өзiм Күнге... ...Түсiмде сенi көрдiм, жаным əпке, Талықсып таң алдында көз iлдiм де. ХII Жан əпке, көрдiм сенi... Жүрсiң бе аман?! Сезiм – құс, ақ қанаты сусылдаған. Екеумiз егiз елiк емес пе едiк, Бiр таудың бұлағынан сусындаған. Естiсiн дауысымызды, бiлсiн ғалам, Ағынан жарыла бiр күлсiн далам. Көк тiреп өркештенген өр тауларым Жеткiзiп хабарыңды тұрсын маған. Сол бiр күн... бiз екеумiз жолыққан күн, Мен сенi Күн қасынан көрiп қалдым. Биiктеп бара жаттың көз алдымда, Жетпес деп созған қолым – қорыққанмын. Мен көрдiм жанарыңнан жарық нұрды, Сөзiңдi жел жеткiздi, тау ұқтырды. Аспаннан ақ моншақтар шашылғандай, Сiркiреп бiр ақ жаңбыр жауып тұрды. Нұрлы бiр жаңбырларды кiм тiлемес? Нөсерi жоқ болса – бұлт күркiремес. Сен барсың, жаным əпке, сондықтан да Бақытсыз болуым да мүмкiн емес. Жан əпке, түсiнбешi терiс менi, Мен де ендi бала емеспiн он үштегi... Болды ма жолым ауыр, оны да бiл – Бар болса көңiлiмнiң кемiстерi. Киiп ем қызыл жейде жалқындатып, Кешiп ем саз-балшықты балпылдатып... Мен бүгiн қоңыр төбе басына кеп, Отырмын ойларымды салқындатып.

Басына қоңыр таудың келетiнмiн, Сол тұстан өзiңдi анық көретiнмiн. Қолыңда ақ орамал желбiреген, Үстiнде ақша бұлттың сен отырдың. Есiмде балалық шақ, баяғы кез... Есiмде мейiрiмдi, аялы көз. Содан ба, iзгi үмiттер жетегiнде – Ешкiмнен күтпеушi едiм аяр мiнез. Əпкежан, ренжiмешi, өтiнемiн, Тұтатты үмiтiмнiң отын елiм. Қоштасып қызыл жейде киген күнмен, Жұлдызды арман қуып кетiп едiм. Таптым ба, таппадым ба жұлдызымды, Күй кештiм бiрде салқын, бiр қызулы. Бəрiнде жебеп менi жүрдiң өзiң, Биiктен жарқыратып нұр жүзiңдi. Қайсыбiр қарлы шыңнан қалдым аспай, Шөл қысты кейде менi – қарным ашпай. Сонда да өзiң шықтың қарсы алдымнан, Қанатымен су сепкен қарлығаштай. Көрсе де бұл өмiрде көптi көзiм, Еп құрып күн көретiн жоқ мiнезiм. Ар-ұят сынға түскен шақтарда да Iзгiлiк рухы болып жеттiң өзiң. Кейде өмiр ызғарын да тақап өтер, Ал бiрде көңiлiңнен қапа кетер. Менi де арқа тұтқан жандар болса, Сендегi мейiрiмнiң шапағаты ол. Өзiңдей жандар барда көтерген үн, Өмiрге өкпелеуiм бекер менiң. Сенiң сол мейiрiмiң болмағанда, Тас бауыр қатыгез боп кетер ме едiм?..

Өмiрге көптi берiп, алсам аздап, Елiме махаббатым жанса маздап, Сен берген мейiрiмнiң арқасы ол да, Кеудеме үмiт шоғы толса қоздап. Тiрелсе жолым кейде тосқауылға, Арқасын тiлеулестер тосты ауырға. Мың мəрте қарыздармын бүгiнде мен, Өзiңдей ƏПКЕ, АҒА, ДОС, БАУЫРҒА. Жүрекке iзгiлiктiң егiлгенi – Көңiлге жарық сəуле себiлгенi. Мұңайсам – маңдайымнан сипап тұрып, Сүрiнсем – сүйеп қалды елiм менi. Жақсыдан көрмей жүрсем жаттық əлi – Бiр сезiм көңiлiме пəк тұнады: Ол – сенiң жүрегiңнен бастау алған Адамдық мейiрiмнiң ақ бұлағы. ХIII Əр сəтi ой ұқтырып, сыр тыңдатып, Зыр қағып өтiп жатқан шiркiн уақыт! Жүректi жарып шыққан шаттығың мен Көңiлге шуақ сыйлар күлкiң – бақыт. Мен де ендi бала емеспiн он үштегi, Толықты көңiлдiң көп кемiстерi. Өмiрдiң сан белесi артта қалды, Кезекпен алмастырып еңiстi өрi. Көп болды қызыл жейде кимегелi, Күлге аунап, ыстық құмға күймегелi. Көнердi жейде түгiл, шапандар да, Үзiлiп үлгiрместен түймелерi. Дəл солай ай жаңарып, күн ескiрер, Өзге бiр тiршiлiктiң үнi естiлер.

Алдынан бақыт күткен адамдарға Уақыт та тосын сыйын үлестiрер. Жылдарың қош айтысар жылдамдатып, Аяғы жерге тимей зырлар уақыт. Алтайы қызыл түлкi секiлденiп, Бiр байыз таптырмас-ау қуған бақыт. Жылдарың өтсе‚ мейлi... Қалсын Арың, Сөндiрме көңiлiңнiң шамшырағын. Тойған бар, бұл дүниеде тоңған да көп, Шарқ ұра iздейдi олар жан шуағын. Өтсе де қаншама қыс, күзiң неше, Өзегi жақсылықтың үзiлмесе, Қайтадан көктеп шыққан дəндей болып, Көбейер бiреуiне жүзi iлесе. Тереңнен тамыр тартып, тарайды əлi, Бүгiннiң, келер күннiң арай бағы. Құнарлы топырақтан қуат алып, Бас құрар адамзаттың жаңа ойлары. Жаңа ойлар жақсылыққа жар блғай-ақ! Е-һе-һе-е-й!.. Зор дауысым, заңғарды оят! Жамандық кетпесiн тек тағы да озып, Бет-жүзiн, түрi-түсiн жалған бояп. Күрессек, ал солармен күресейiк, Жақсылыққа жақсылық тiлесейiк. Жарық дүние есiгiн ашқан сəби Өссiн тек дана ойлармен бiр есейiп! Өмiрде милысы мен данасы көп, Жүргейсiң жүдегеннiң панасы боп. Адамдық мүйiрiмдi, бiлемiн мен, Жақсылық атаулының АНАСЫ деп.

Мейманасы асқандар неңнен ыққан?– Сенгенi жауыздықтың – сол мен ұққан. Жақсының жалғыз ауыз жылы сөзi – Бiр жұтым судан тəттi шөлде жұтқан. Пейiлi адамзаттың тарыларда, Жауыздық сылтау iздер қағынарға. Көңiлден өктемшiл ой аласталмай, Өмiрден өшпендiлiк арылар ма! Жаныңды ызғар қарып өтер кей күн, Ерiтiп көңiл мұзын кетер мейiрiм. Адамдық ақ пейiлдiң уызымен Сəбилер ауызданса екен деймiн! Нұрланып iзгi жандар тiлегiмен, Күн күлер – мейiрiмнiң реңiнен. Əлемдiк сыйластықтың қызыл жiбi Өтедi əр адамның жүрегiнен. Сол Күннiң бағам десең қас-қабағын, Мен оның бiле алмадым басқа амалын: Бiр Жорық керек шығар талқандайтын Өзiмшiл өктемдiктiң тас қамалын. Iшiнде сол қамалдың – жүректер бар! Оларды жалықтырды түнек торлар. Қақпасын солқылдата соғады, əне, Жол iздеп бостандыққа бiлек, қолдар. ...Бұл өмiр тосар алға сан сынағын, Шешiп те үлгiрмессiң бар сұрағын. Қайғы емес соның бəрi – Тарыққанда Мейiрiмнiң қорек етсең тамшы нəрiн. Қорғаны болсам деумен қорланғанның, Бұл жаным толқын атып, толғанды əр күн.

Жүрегiм жұмсақ, түсiм жылы болса, Арқасы ол – мейiрiмi мол жандардың. Сақтанып суық көзден, не кейiстен, Өзiмдi жүрем ылғи демей iштен. Мендегi ұран да сол, мұрам да сол – Болса екен мейiрiмнiң мерейi үстем! Өмiрдiң бола бермес жолы жатық, Кезiгер жалама құз, жары да тiк. Уайым емес ол да, бəрiнен де, Жанашыр тiлекшiңнiң бары – бақыт. Жылуын төксе жаздың шуақ кешi, Шым-шымдап бүлкiлдейдi бұлақ төсi. МЕЙIРIМ ұрығын себер жүректерге, Əркiмнiң бар болса екен бiр ƏПКЕСI! Жақсылық жақсылыққа жалғанғаны – Адамның жарық жұлдыз, жанған бағы. Мен бүгiн жар саламын: “ЖАСАСЫН!” деп, IЗГIЛIК БАІШАСЫНЫі БАҒБАНДАРЫ! 1987 ж. ТАСТАР, ТАСТАР... Бұл ақын бөлектеу бiр ашты сыр дер.. Мейлi, сен бағаның да ащысын бер. Сонда да көз алдымнан бiр кетпейдi Тас үйлер, тас көшелер, тас мүсiндер. Ойлап көр тiрлiгiңнiң мəнiн iштей: Жансызға тiл бiтiрдiк – кəнiгi iстей. Салғызып тастан сарай, мұратына ақыры жетiп тынған дəруiштей. Тас сарай патшасынша көңiл күй де.. Таңдайсың тас кəнизəк – жеңiл биге.

Əнеки, тас көшелер тағанымен Ағызып бара жатыр өмiр-күйме. Тас жолда тай мертiктi, таға сынды.. Табасың тас қораптан бар асылды. Ар-ғы-ы ...бiр атасының пошымына Ғайыптан тартып туған бала-сынды. Бұл күнге тас ғасырдан жетiптi адам, Қайырылмай қалай оған, кетiп қалам?.. Тас үйден пəтер сұрап, тас көшемен Тұсынан тас мүсiннiң өтiп барам. Болса да бойы қысқа – жасиды адам, Сондайда сыртқа теуiп, таси ма қан? Патшаның сарайындай айбынымен Алыстан ақсақтайды тас үй маған. Сайтандай сары алтынға қалай ермей Тұрарсың дəтiң шыдап,“анайы” елдей. Көңiлiне өмiрдiң де желiк кiрдi, Массаж бен маникюршiл кəрi əйелдей. Жасамыс тарғыл дүние жасаруда. Сұлулық сұрғылт тастан қашалуда. “Наданша” таңданбаймыз, тұрса дағы тас жiгiт тас гүл сыйлап тас аруға. Көңiлiң құлазыр ма пəс бұлайша, Жантайып, көк майсаға басты қойса. ... Тас үйдiң балконынан тас əлемге Талтайып бiр қасқа тұр тас құдайша. Селк еттiм. Елес екен, əттең, əлгiм?.. Соғылып тас бағанға, зəтте қалдым. “Тас құдай” тұрған үйдiң... үстiндегi Дүкеннен балама деп дəптер алдым.

Тас алаң. Тас дуалдар. Тас мұнара. Тас көпiр... Сiздi, не, бұл састыра ма? Өрмелеп барады тас баспалдақпен, Жүз жылдық бəйтерекпен жасты қала. Тау асса жасыл тоғай баспаналап, Орнына қоныстанар тас домалап. Гүлзарда тас орындық... Үлкен қала Алғандай белiн буып, таспен орап. Кешегi көне үйлер түбiндегi Жоқ алып ағаштар да бүгiндерi. Тас қазық секiлденiп кеткен сiңiп, Орнындай отау үйдiң – түбiрлерi. Жасырса өлi орманның бетiн қырау, Таласпас тас қазықпен – жетiм бұрау. Томпиған, жұдырықтай жұмыр тастар – Жем терген көгершiндер секiлдi ме-ау?!.. Тiрлiктiң тас тiл-көзден болса ажалы, Жетпейдi тас құлаққа сонша зары. Таңылған тас бесiкке – нəресте өмiр Шырқырап бостандыққа қол созады! Тас шебер мəрмəр мүсiн қашағанда, Қойғандай жан бiтiрiп қоса оған да. Алағызып айналама қарай берем, Соқтығып қалатындай тас адамға. ... Меселi қайтқан ердiң жетiм мұңын Қайрақ қып жетiлдi кiм, кетiлдi кiм? Маңдайы тасқа тимей тоқтамайтын Мен де бiр бекiре балық секiлдiмiн. 1988 ж.

ТАНЫС ƏУЕНДЕР Арпалысы мол өмiр, қалтарысы.. Тышқанның да мысықтан бар танысы. Кей пенденiң болғанмен жалтақ iшi, Кiсiмсiтiп қоймай ма қалта күшi. Түсер болсаң қолына – күнiң қараң, Құлынындай көредi құрулаған. “Бiр қырсығы тимесiн”,– деп, тағы бiр Итке сүйек тастайсың ырылдаған. Төре болса сенгенiң – сандаласың, Кiрiптар боп алдына сан барасың. Құдай “артық жаратқан” тақсырыңның “Лəббай...” дейтiн пақыры сен боласың. Күймейдi отқа, суға да батпайды олар, Атқа қонса, алтын ер – таққа айналар. Нөкерлерiн шұбыртып аңға шықса, Қанжығасы майланып, бақ байланар. Ата алмайсың сен оны, шаба алмайсың, Дiңкең құрып, ақыры шабандайсың. Соғып алған тап соның түлкiсiнше, Қанжығада кей мезет салаңдайсың. Ол ақ борық болғанда – сабандайсың, Шүленсiнiп шiренсе – сараңдайсың. Сабан болғың келмесе, сараң болғың, Сабазыңның көңiлiн сан аулайсың. Бұл сөздерден секем ап, үрiкпеңiз, Құны кеткен, күнi өткен қылық деңiз. Күнi өтсе де, ескiнiң жаны сiрi, Селт етер ме – кетсе де құрып теңiз. Бiр күндерi... дандайсып күлiптi өгiз, Күлетiнi – ол шiркiн “туыпты егiз”..

Таңданбадық – есектiң ер-тоқымын Ерсi көрмей, таңғанда күлiкке бiз. Қарғаларға қыранның түссе күнi – Сайлап қойдық түлкiден құсбегiнi. Тер төккеннiң қабына тары түспей, Жатыпiшер жалқаудың пiстi егiнi. Мұның бəрi... болған жай бұрындары: Ездер ұтып, ер жiгiт ұрынғаны. Күнi жүрiп тұрған соң, қыбын тауып, Күйкентайлар бұлбұлға қырындады. Озды бақа, қалды артта түйеқұсың, Түлкi тапты қасқырдан сүйенiшiн. Соның бəрiн көргенде солып жаның, У iшкендей күлдiреп, күйедi iшiң. Өлерменнiң өзгерген бүгiнгi əнi, Жырынды əлi, тайған жоқ мұның бағы. Көп iшiнен кейде бiр жылтыңдайды Құлақтары, көздерi, мұрындары... Сiлiмтiктiң қу жаны неткен сiрi?!.. Жан бергiсi келмейдi, кеткен сұры. Түсi қашып жүрсе де, пысы басып, Талайларға көзiнiң өткен сұғы. Бiр саңылау табылса iнденетiн, Сыңайы бар əлi де күн көретiн. Малға – жанын, жаны үшiн арын сатқан Намыссыздар ұялмай күнде өлетiн... Бұрын өткен... Алайда бұғып еппен, Ойнағысы келедi бүгiн отпен. Құты қашып, үрпиiп түгi беттен, Жанын – қасап, қулығын құрық еткен.

Түрi-түсi, қимылы ...таныс бəрi, Танысқаны, тiптi қол алысқаны... Көзi күлiп тұрса да, өзi былық, Əрi жақын секiлдi, алыста əрi. Өмiр – сахна болғанда, түрлi рөлi Күрсiнтедi əлi де, күлдiредi. Қозысы аман, əзiрге Қодар да сау, Бiр күнi оны ...ойнайды дублерi. Патша-өмiр заңына жоқ таласым, Тартысы мен күресi тоқтамасын. Парасат пен болашақ өзi айырар, Буырқанған күндердiң ақ-қарасын. 1988 ж. ҮШ МҰҢЛЫҚ I Адам, саған айтатын арызым бар, Қайда кетiп барасың, алдың бiр жар!? Тас көз пендең таққұмар, тағзымшыл, Бұл күнiңе Құдайым етпесiн зар. Ақ қайыңды бауыздап, қанын iшкен Кей кесiрдiң, құдiрет, бағы да үстем. Сары ұшқатты көргенде, жүрек сазып, Келместi еске аласың сағынышпен. Жел, Су, Жер бар... Сондықтан сен де барсың! Осыны ұқсаң, адамзат, ел боларсың. Өз iсiңе, ендеше, есеп берер Кезiң келдi: бермесең – неңдi аларсың?! Қиян кезiп, шықса да қияға атың, Амал қанша, аз емес қиянатың. Қайран адам, қалмады-ау ескi əдетiң – Ұрысы үшiн ұлысы ұялатын.

Не кiнəсi үшiн, сен, жазаладың, Бiр атаның кiндiктес балаларын? Жұмыр жердiң үстiнде үш мұңлық бар, Тағдыр бөлiп тастаған араларын. Үш мұңлықты қамап тұр тамам бөрi... Не деген тар, қатыгез заман жолы. Жан ұшырып бiр-бiрiн iздейдi олар – Құшақтарын айырған адам қолы. II Серпiлейiн, ендеше мен түлейiн, Домбырамды күйiне келтiрейiн. Шығарайын көңiлдiң запыранын, Жанды жеген ежелгi дертiм – ойым. Үнсiз ғана көтерiп жел мазағын, Сол ойлардың тартамын ендi азабын. Тасты жарып ағады Тамшы Бұлақ, Оның даусы – дүниеде ең ғажап үн. Бойындағы лыпасы – өндiр құрақ, Қылдырықтай белi бар... Ол дүр бiрақ. Шулы əлемнiң даңғаза дабырына Өз əуенiн қосады мөлдiр бұлақ. Дүние шуы өзiнше: сестi, үрейлi, Көштi мейлi, iсi жоқ, өштi мейлi. Ұлы Өзендер ағады басқа жаққа, Бұлақ үнiн бiрi де естiмейдi. Бұған мойын бұрған жоқ əлi күнге, Өз қызығы өзiнде бəрiнiң де. Кеме мiнiп, дəрi iшкен үлкен сулар Кербез əйел итiнше дəнiгуде... Сол өзендер жұтқан у санаңды ойса, Теңiз өртер iшiңдi жанармайша.

Олар, əне, тiлдерiн салаңдатып, Шөлден өлiп барады сараң байша. Ал, жарайды: “Табиғат – iзгi анамыз...” Сөздiң майын сығымдап, сызданамыз. Суға қашқан отарын тұзға айдайтын – Əңгүдiктеу қойшыңыз бiз боламыз. Жан-жағына от шашып тұрған ауыз – Жетi басты айдаһар бiз боламыз. Сөздiң майы дертiне ем болмады, Түкiрiгiн жұтпаса түз-даламыз. Өзендердiң мойнына шынжыр тағып, Витаминнен – рецептпен берiп азық. Креслолар қоймасы қақпасына: “Қабаған су! Сақ бол!” деп қойдық жазып. Қабаған су... құлағын салбыратып, Каютада маужырап алды жатып. Ал штурман сыйлайды оған шылым, Сорады кеп... жүйкесiн балбыратып. Кеме iшiнде қарбалас, ығы-жығы... “Не үшiн?”... Бiрақ бiлмейдi мұны бiрi. Маймыл емес, ендi ойын көрсетедi Циркач теңiз... Ғасырдың құбыжығы! Адамдардың iсi жоқ мұныменен, Жұтқанға мəз түйенi түгiменен. “ОТК” деп мөр басқан балықты жеп, Əн айтады барқырап түнiменен. Нашақордың көзiмен жалбарына, Кəрi теңiз қарайды жан-жағына. Бос қалбырдай өкпесiн қаңғырлатып, Жөтеледi көкiрегi қақ жарыла.

Шандыр емшек, тандыр төс... Құр саумалап Көредi ол... сүт емес, у сорғалап. Нəрестесi iште өлген сорлы анадай, Шашын жайып зарлайды көкке қарап. Қол-аяқсыз бейбақтай домаланып, Ауға түскен балықша тыпыр қағып, Темiр құрсау iшiнде Теңiз-ана, əне, тамұқ өртiнде жатыр жанып... Шығып бара жатқандай жан жырақтап... Көздерiнен ағады қан бұлақтап. Өлi менен тiрiнiң арасында Жатыр теңiз жан берiп, сандырақтап: “Қайда... қайда ерлерiм?.. “Жоқ!” дедi ме? Ақ жал бурыл тап болды-ау көк бөрiге... Жер түбiнен жететiн арыстарым – Жау қолынан шейiт боп кеткенi ме? Күркiрей ме, жоқ, əлде, кiсiней ме? Тажал төнiп келедi... Кiсi жей ме? Құс ұйқылы теңiз ем, мен қашаннан кiрiптар боп қалғанмын құс үрейге? Елден бұрын жеттi екен көмекке кiм?.. Көтерiңдер басымды демеп менiң. Келiп қалды-ау шұрқырап құлындарым, Тiрi болса бiр табар демеп пе едiм. Анау келген ақ жалды айғырым ба? Мынау тұрған ұқсайды қай құлынға? Атымды əкел! Майданға өзiм шығам! Айдыным да дiн аман, айбыным да...” Алас ұрған теңiзге кiм қарайды? Күн жалайды ерiнiн, түн қамайды. Аш күреңнiң езуi қып-қызыл қан... Маскүнемнiң тамағы құрғамайды.

Тас шеңгелiн тарылтып ақыры өлiм, Кəрi теңiздiң қуартты пақыр өңiн. “Құтқа-ар!...” деген хаты жоқ құмыралар Жағасында шашылып жатыр оның. Қайран, менiң айбатты өр теңiзiм! Аруақтай боп қуарды-ау көркем жүзiң. Ит жалаған қарындай қаудырлатып, Қаңсытқаны-ай iшiмдi өрт лебiзiң. Кеуiп қалған тақырда тiрi жан жоқ. Сасқан иттер үнi ащы... ұлыған көп. Жетi ырыстың бiрi едi, астапыралла, Жетi жұттың куəсi – бүгiн аң боп... Ақ сазандай келiншек сылаң қағып, Уылдырық асайды шырайланып. Шырқыраған дауысын Құдай естiп, Сор даланы бала жүр шыр айналып: “Құтқарыңдар! Адамдар, құтқарыңдар! Құлқыны апан, араны аш, жұтпа құм бар. Құрбандық боп барады Теңiз-анам, Жүк қарындар соқты оны – жұт қарындар, Құтқарыңдар, адамдар құтқарыңдар...” Сол балаға жетер ме созған қолым? Жаным сырқау. Дəуренiм озған менiң. Арқыраған уақыттың азбан желiн Азған көлiм көтердi, тозған жерiм. Бақұлдасып кəрi анам, жатыр жүдеп. Жанартауы жанымның атылды үдеп... Iшiмдегi “Қатерлi үшбұрышқа” Теңiз батып барады... ақырғы рет. Қайран теңіз!.. Беттен нұр, күлкi кеттi. Дүркiреттi, кезiнде ол күркiреттi.

Кеудесiнен кенет бiр толқын шапшып, Тамшыларын тақырға бүркiп өттi. Танытады өзгеше лебiз уақыт... Соңғы толқын ... Өшпеген сол iз – бақыт. Менiң құты-жүрегiм барады ағып: “Құтқарыңдар! Барады Теңiз батып!” III ... Тасы жақпар, топырағы шымды қатпар – Таулардан бас алатын бiр Бұлақ бар. Сол бұлақтың суынан қанып iшiп, Көмейiңнен, жолаушым, күмбiр ақтар. Оның даусы – дүниеде ең ғажап үн, Сол бiр үнмен жарамды мен жазамын. Шайырлары бағзының сияқтанып, Сұңқылдатам бақилық көл ғазалын. Мөлдiр бұлақ ... сағыныш өртiн басар, Балын жұтсаң, жаныңнан дертiң қашар. Зəмзəм шəрбат жұтқандай көзiң жайнап, Бөздей жүзiң нұрланып, көңiлiң тасар. Бетiңдi жу, тiзерлеп жағасына, Жалбызын жақ денеңнiң жарасына. Бойың сергiп, ойыңа қанат бiтiп, Көңiлiңнiң сейiлер наласы да. Сол бұлақтың үнiне құлақ түр де, Қыздырынып, мауқың бас, шуақ күнге. Ашыған ми, божыраған ойың тұнып, Сəнденерсiң сəбидей бiр-ақ күнде. Мөлдiр бұлақ... Мейiрiң қанбаса – көр... Жағасына үй тiгiп, жармасады ел. Ұлы өзеннiң үзiлмес үмiтiндей, Жер астында теңiзбен жалғасады ол!

Ал ол жақта – ашық сот... ғасыр оты! Құтыдағы жазуды ашып оқы: Бiр-бiрiне жеткiзбей, жолын қиған Тағдырлар бар... Тарихтың қасiретi. Жер астында арпалыс... бiлесiң бе? Лайықты ерлер бар Ұлы есiмге. Олар əлi өлген жоқ! ... Тек уақытша... Өмiр үшiн астыртын күресуде! Жер астында күрес бар – дiнi берiк. Қудаланған шындықтар – қайтпас ерiк. Бiр күндерi ашыққа шығады олар, Тасқа біткен сарымсақ секiлденiп. Қарлығаштай бұлақтар шұбап, өрiп, Қанатымен нұр сеуiп, шуақ егiп. Таңдайына теңiздiң нəр тамызса, Шындық дəнi шыңыраудан шығады өнiп. Туады ол күн! Бар ондай тас бұлақтар! Жағасында жайқалған жас құрақтар! Кiл тұнықтың тұрағы – қиян Таулар: Үстi мақпал, қазына – асты қатпар. Қутың қағып, бойына қуат кiрiп, Еркелейдi тауларға бұлақ күлiп. Бұл өлкеге жетедi жетем деген, Мотор емес, тайпалған пырақ мiнiп. Шөбi дəрi, суы бал сол тауларға Жетем десең, қомағай жалқау болма. Қару алсаң, арналсын оның оғы – Өз iшiңде ұлыған қорқауларға. Ойың арам, пиғылың болса бөтен, Таудан əрмен! Солай деп жар сап өтем. “Асын iшiп, аяғын теппе” дейтiн Ұлы сөздi дұға ғып алсаң екен!

Елшiмiсiң, елмiсiң – осыны ойлан, Көсембiсiң, ермiсiң – тисiн пайдаң. Суын iшiп, құдыққа түкiретiн, Сақтай гөрсiн Құдайым, сасық майдан. Тiрiсiнде көмiлсе – шындық қыршын. Сұрақсыздар жасаған сұмдық – тылсым. Көнбiс кездiң көзтүрткi мұңлықтары Көлгiрсiген дүниенi дүрлiктiрсiн. Мұңлықтары əлемнiң мұны бiлсiн: Арам, масыл дененi отқа ұрсын. Өлi демi борсыған көлшiктердiң Өңезденген бойынан қан жүгiрсiн. Əр момынның мойнында – бiр мырзадан, Қуға – құлдық, нысапқа тұлдыр заман. Тар кiсендi талқандап үзген ерше, Көнтерiлер бiр шығар көр бұғаудан! Дертiн тартып дерексiз ежелгi ойдың, Делқұлыша өзiмдi сезем күй күн. Бұлағынан ажырап, Теңiзiне Жете алмаған пұшайман Өзендеймiн. “Бұлақ көрсең, көзiн аш...” деген сөздi барлық елдiң Гербiне жазар ма едi! Ауа, Су, Жер – Тiрлiктiң үш тiрегi. Құтқармайды адамды алтын селi. Ештемең жоқ дүниеден алып кетер... Жалау етiп қолыңа – жарық көтер. “Тазалықтың анасы – табиғат” деп, Қалдырмаған өсиет халық бекер. Қарақшыша мойныңа аза жүктеп, Тұнық суға тас атпа сазарып кеп. Мен айтамын, жолаушым, мұны саған: “Табиғаттың панасы – тазалық!” деп.

Сұлулыққа бiр теңеу табылған ба? Қандай дiлгiр дүние аруларға. Табиғаттың өкпесi қабынады, Тазалықтың қауызы тарылғанда. Ей, жолаушым, жортқанда жолың болсын, Қыдыр кез боп, алдыңа жоғың келсiн. Ақ сақалды қартыңдай Тауың көрсең, Басыңды иiп сəлем ет, бата берсiн. Басы – ақ қар, баурайы – гүлдi қаптал, Таулардан бас алатын мың бұлақ бар. Сол бұлақтың суынан қанып iшiп, Iштiң шерiн бiр ақтар, Күндi бетке ал. Тазалық пен сұлулық көрмесiндей, Табиғаттың “табиғат бөлмесiндей”, Осы таулар – бабалар рухының Ұмыт қалған қазына-көмбесiндей. Осы таудан өтедi бiздiң бұлақ, Осы тауға жетедi сiздiң жұрат. Жар төбенiң басында – Жаман қыстау, Жалғыз үйдiң серiгi – жүз бiр қырат. Таутекелi, арқарлы, бұғылы аймақ, түгiн тартса май шыққан қырын ойлап‚ Абыз ата алысқа көз тiгедi... Желпiнедi бұлақты ұлы бойлап. Күмбез-көктiң төрiнде – Үркер бала.. Иесiндей Əлемнiң тұр толғана. Тас бұлақтың жолында – Ұлы өзендер, Жас түлектiң ойында – үлкен қала. Қарт – тақуа, талапшыл бала батыл. Бұлақ бойлап екеуi жағада тұр. Көз ұшында... шапшытып толқындарын, Көк теңiздей толықсып... Дала жатыр. 1988 ж.

ҚАМШЫ ТУРАЛЫ ТОЛҒАУ Сегiз өрiм, бұзау тiс, Кездiгiндей даламның, Кесiртке сап, жылантүс, Қаруы едiң бабамның. “Ермiн!” деген жiгiттiң Бiлегiне күш берген, Сəулесiндей үмiттiң, Жүрегiне түстенген, Сертке сiлтер сын шақта, Көк семсерi сен едiң, Қыран-күшiн қын-сапқа Сыйдырғандай серi елiм. Серпiнiңнен сел тынып, Сеңгiр таулар селк еткен. Сестi ердiң сертi нық, Сенi сермеп шер төккен. Сен тұрғанда, тəйiрi, Қашан бұғып, құныстым? Тимес маған қайыры Қайқы сапты қылыштың. Жау басына үйiрсем, Қалтыраттың арысын. Досқа кейде түйiлсем, Осып өттiң намысын. Қақ төрiнде үйiмнiң Сен тұрғалы қай заман. Жоғын сезiп күйiңнiң, Жiлiк шағып, май жағам. Тұра бер сен, тұра бер, Құтханамның төрiнде.

Куə бол сен, куə бол, Тiрлiгiме менiң де. Жасып жүрсем, сес бер сен, Найзағайдай шатырлап. Жазалап ал, қош көрсең, Тежеусiз жан – шатылмақ. Бабам саған дарытқан Намысының уытын. Саған жетiп талыққан Суық хабар, суыт үн. Қайсар елдiң жан досы, Қаруы да, туы – сен. Имансыздың тəубесi, Тура бидiң туысы ең. Ал, нөсерлет, ұр тағы, Күнiң сенiң өткен жоқ. Кешегi ерлер ұрпағы Елдiгiнен кеткен жоқ. Қатыны мен қамшысы Қазағымды жебеген. Қамшысы жоқ байғұсты Халқым жiгiт демеген. Ал, ендеше, не тұрыс? Босанып шық шегеден. Өзектегi өкiнiш – Ағытылсын шер-өлең. Көрмедегi қырандай – Ашып-жұмба көзiңдi. Айтқан жоқсың ұрандай Ең ардақты сөзiңдi.

Заңы əдiл ғаламның: Күнi шығар Айдан соң. Еңбектеген даламның Қанатына айнал сен! Жан тыныштық ойлаған Жалқау қырға құт кiргiз. Тауларды ұйқы жайлаған Аяғынан тiк тұрғыз! Қамшы көрмей қалғыған Арғымақтар сiлкiнсiн. Тұлпар мiнген арлы ұлан Қасаң ойды бiр тiлсiн! Ойлы жастар – жол бастар, Сермеп сенi, үйренсiн. Мал боп кеткен маубастар Құдiретiңе сиынсын. Шыға кел сен жалт етiп, Күндегiш жау күйiнсiн. Ағайынды жат етiп, Гулеген дау тыйылсын. Еңкеймейтiн паңдардың Қыр желкесi қиылсын. Өзгенi жылатқандардың Көзiнен жас құйылсын. Жалықтырды тоят түн, Таң келедi! Iс керек! Ұйып қалған аяқтың Қанын тарат пiспелеп. Құрсауланған сулардың Бостандығын алып бер. Қатты уланған булардың Дертiне ем салып көр.

Ядролық ағыстың Зiлiн, сұсың жоя алсын. Ар-ожданның, намыстың Зарядтары оянсын! Бiздiң масаң ғасырға Керек едi бiр қамшы. Жасын боп ти – жасынға, Тұр, тұр, қамшы, қырланшы! Бiздiң қасаң өмiрге Керек едi серпiлiс. Тас екен бiр – темiр де, Тектi қару, сен кiрiс! Бiздiң қапырық көңiлге самал енгiз, бер тыныс. Қонақтаған төрiмде, Бейбiт құсым, желпiн, ұш. Оқтан озық – жүйрiгiм, Оттан өткiр – асылым, Сенiң ғана билiгiң Басар ғасыр насырын. Бiздiң халық түсiнген, Сенен тауып дерт емiн. Түзiк жолға түсiрген Көнтегi мен тентегiн. Қақыратып қақ бөлiп Басбұзардың келтегiн, Есiн жидың бақ болып – Шектен шыққан еркенiң. Жасық ұлды ақылға Салдың, қайрап жасынан. Сол бiр жазаң, затында, Сипағандай басынан!

Тыя алады қоғамның Ұя бұзар сотқарын, Қазылары сол Ардың – Сенiң Би мен Соттарың! Зордың басын тұқыртып, Əлсiз хақын қайырдың. Əдiлеттiң хақ жолын қара қылдай айырдың. Тартса тартты сауабын, Сенен ешкiм өлген жоқ. Қан шығармай жеңдiң сен, Сенi еш қару жеңген жоқ. Халқым сенi мақтаса, Менiң дағы өкпем жоқ. Жаттан жақын таппаса, Жақынын жат еткен жоқ. Сенi ұстаған елiмнiң Ұлылығын айтсайшы! Иi жұмсақ көңiлдiң Жылылығын айтсайшы! Қамшысы жоқ – қаруын Қоқаңдатпай қайтедi? Қаруы оның – бар уы, Сұр жылан деп айт оны! Ер қолынан қамшысы Түскен күнi қор болар. Қор болмаса, зəрлi iшi – Қаныпезер сол болар. Жалғыз қалса боранда Жақсылықтың жаршысы – Жоқтығынан болар ма,

Ер қолында қамшысы, Ел қолында қамшысы! Қамайды оны топтанып Жортқан кектi бөрiлер – Қараңдаған көп қарiп Секiлденiп көрiнер. Қарға түскен iздерi – Қағаздағы үкiмдей, Қанталаған көздерi – Өрттен ұшқан түтiндей, Қара ниет жыртқыштың Мойнын бұрап қайырған, Жон терiсiн айырған, Айналайын дойырдан. Қамшы ұрмаса сəтiнде, Тұлпар тұғыр болмай ма. Иi түскен бəтiрден Именбейдi торғай да. Томар желке, балшық бас, Намыссыздан нар шықпас. Төбеттердей қаншықтас, Арсыз беттен қан шықпас. Өзiн-өзi қамшылап, Қайрамаған – көн болар. Көңiлдегi шамшырақ – Ар қамшысы сол болар. Оян, қамшым, тұр, қамшым, Сен сермелсең – мен дайын. Далам жырғап бiр қалсын, Тұлпарымды қамдайын.

Оян, қамшы, қалғыма, Дабыл қағып далам тұр. Қараны да, ханды да Қағынтпасын арам тiл. Қайқы басты жыландай Арам тiлдi тiлiп түс, Қайта iнiне кiре алмай, Өмiрем қапсын улы тiс. Iште жатқан сұр жылан – Шайқасарың ендi осы. Сен болмасаң, сұңғылам, Белгiлi ешкiм жеңбесi. Сол зəнталақ зымыстан – Аран болып ашылды. Араздасты туысқан, Ұятқа ылат тас ұрды. Бас аманын қайғы етiп, Елiм жұтын жасырды. Мəйегiнен май кетiп, Жерiм құтын қашырды. Қамшы кеткен үйiңнен Кереге, уық шашылды. Сүйкенiп, сүзiп бүйiрден, Қай-қайдағы басыңды. Тұлпар тұрар белдеуге Қотыр бұзау қасынды. Бала-шаға белбеуге Ағаш мылтық асынды. Сана көгiн түсi аппақ, Торлаған ба бұлт келiп? Кеткендей ек ұсақтап, Қоңыз, шаян, құрт терiп.

Алдық екен сенi бiз Қолдан қашан түсiрiп? Қозғалғандай сеңiмiз – Ендi соны түсiнiп. Кешегi бiр күндерде Жанған аз да, өшкен көп. Үй күзеткен құр кеуде, Жұрт жаңартып көшкен жоқ. Кешегi өткен күндерде “Өскен” де көп, бөскен көп. Жабық тұрды iргем де, Одан самал ескен жоқ. Кешегi сол күндерде Екi қолды бос сермеп, Ендi есiмiз кiргенде: “Кеш те жақсы ештен..”,– деп, Саған тағы жүгiндiк, Сардар қару, ар – қамшым. Бiз де өлiп-тiрiлдiк, Ғұмырың қайта жалғансын! Тұла бойың кернеген Қуат-күшiң жар, қамшым. Сендей қару көрмеген Тақуа əлем таңдансын. Қабағына тоң қатқан Қарау ойлар желге ұшсын. Қанатына бомба артқан Ракеталар жер құшсын. Көрмеп едi бұл əлем Қамшы полигондарын! Өлеусiреп тұр əрең, Тауым, көлiм, орманым.

Аждаһа отыр төрiнде, Сұм көзiне зəр үйген. Полигонсыз өмiрде Болады екен тар үй – кең. Мен не бiлдiм, не бiлдiм? Текке иық қомдаппын. Қасиетiн елiмнiң Жаудан бетер қорлаппын. Мен не бiлдiм, не бiлдiм? Бақ iздедiм, сор қаптым. Қасiретiн жерiмнiң Өз қолыммен орнаттым. Мен бiр ессiз көбелек, Отты айналып ұшыппын. Жарығы оның не керек, Тамұқ өртiн құшыппын. Жарылардай сезiлген шиқанын да жанымның, Өзге түгiл, өзiмнен Жасырумен жағындым. Тiрлiк нəрiн сормаған, Шала туған қозыдай, шаранадан сорлаған Сəбилердiң көзi – удай. Сол сəбилер дауысы Естiлгенде шырқырап, Күңiренедi тау iшi, Жер сүйегi сырқырап. Көрi жуық төрiнен, Бұл заманың қай заман? Өз қағынан жерiген, Нəтi тентек қой жаман.

Керегi не алтынның? Қайтсем дем сап, жылытамын – Ер боп туған халқымның Елеңдеген ұрпағын? Жаным менiң жаурайды, Жамылсам да жасын-от. Қайта шапқан жаудай-ды, Айта соққан қасiрет. Арыстанды жығатын, Бағзыда бiз асыл ек. Бас сауғалап, бұғатын, Қайдан шыққан жасық еп? Қайдан шыққан шылғи заң, Дəу перiге – қисық төр, Шiрiк ойдан шыр жиған Саңырауқұлақ-түйсiктер? Шыбындаған жылқыдай, Шұлғи-шұлғи, бас iсiп, Ұйлығысқан жұртым-ай, Жауырыңды қасысып. Өз басының кемдiгiн Ағайыннан көретiн, Елдiгi мен кеңдiгiн Сыртқа сый ғып беретiн, Балалығы арылмай, Аңқылдаған ел едiк. Тарықса да тарынбай, Отыратын кенелiп. Менiң байтақ өр далам Еркiндiктi сүйедi-ау! Оның сəнi – төл мен əн, Көген, желi, бие бау.

Менiң халқым, расында, Қару жасап көрмеген. Атом ұрған ғасырға Қамшымды ұстап келген ем. Əлi менiң қолымда Қағынды от та, дəрi-у жоқ. Кiсiнi атар оғым ба?.. Құс құлатар қару жоқ. Қаруым жоқ, бар қайғым – Тығылды атом қойныма. Артып алған жандаймын, Ауыр күнə мойныма. Жүрегiме қадалған Сол бiр оққа мастандым. Мен ендi оны санамнан Қайтiп алып тастармын?! Шоқ төсендiм, қорған деп – Улы шоқпар жастандым. Бақ жолында сор бар деп Ойламадым, кеш қалдым. Бақытыма жетем деп, Қай соқпаққа түспедiм? Үмiт-сағым бекер боп, Бармағымды тiстедiм. Өшкен оттан алдық өш, Өлген жолды көмдiк бiз. Толықсыған сəндi көш... Тоз-тоз болды. Көндiк бiз. Сенген бiздiң кемемiз Жарға соқты тұмсығын. Сумен ағып келемiз, Удай ащы бұл суың...

Жан дəрменмен қол создық Көк тұлпардың жалына. Қайта таптық, сол кез – құт, Сенi, қамшым, сағына. Есiм жидым мен ендi, Желге қарсы қасқардым. Ауған жүгiм теңелдi, Көштi қалай бастармын??.. Тiзгiн қолда, жалғанды от! Мықты менiң үзеңгiм. “Мен бар!” дейтiн жолдар көп... Беттi қайда түзермiн? Тау iшiнде келемiн.. Қолда, қамшым, сен барсың. Өлеңдетiп желемiн.. Өзiң қолдап, қорғарсың. Бабам, атам, əкем де, Қарсы жүрiп қатерге, Қатты ұрынған қатем бе?.. Бəрi, бəрi қаперде. Бұл əн одан басқарақ.. Теңдiк. Сенiм. Келiсiм. Ұғынысса қас-қабақ, Ұя бұзбас кейiс үн. Жақсылыққа жаршы бол, Айналайын, ақ қамшы. Барымташы, жаушы емес, Елшi болып аттаншы. Iзгiлiктiң жолына Пана болып жет, қамшы. Сенi ұстасын қолына, Шабандоз бен көкпаршы.

Шын сырыңа қанды да, Пейiлдендi сақ көршi. Сенi қойып алдына, Түсiнiстiк тапты елшi. Тiктел, қамшым, қорынба, Соқты жаңа жел, мiне. Ерiктi елдiң қолында Жалау болып желбiре. Өмiр гүлiн жалмайтын Қару маған не керек? Көңiл жiбiн жалғайтын, Қамшым, жөнiң, о, бөлек! Қамшы тисе, жарасы Жазылар-ау еленбей – Əкесiнен баласы Бiр шапалақ жегендей. Қамшым, сенiң қаһарың – Ер намысы, ел ары. Ажал шашар заһарын – Қозғалса атом бораны. Ердiң бағы – Отаннан, Ел наласын айт, емшiм! Айықпасқа бет алған Жер жарасын қайтерсiң?! Өз ырысын таптай ма, Бағынса адам ұлы ойға? Кiнə артудан жоқ пайда, Тағдыр менен Құдайға. Ата салты бiрлiктiң – Бүлдiрмес, тек бүтiндер. Қамшысындай тiрлiктiң – Түзу ұшқан түтiндер.

Қанатынан қайырылып, Қалбаңдаған құс – бейбақ. Сенен, қамшым, айырылып, Кеттi бiзден күш-қайрат. Таңдайына тат тұрып, Ұмыт қалған жетондай, Тастай да алмай лақтырып, Қадiрiңе де жете алмай, Қанша жылдар сенi бiз Өгейсiттiк, бақ-қамшым. Адал жiгiт, ару қыз Ендi саған мақтансын. Созыл, қамшым, тағы да, Бойың ширар, созылса – Тастап шыққан тағына Қайта оралған Цезарьша. Қиырға тарт қиядан, Сыптай күшiң сыналса, Кеңiстiкке ұядан Самғап ұшқан қыранша. Бас, бас, қамшым, ос, қамшым, Естен шыққан мұраңды ал. Ұлы тойың басталсын, Ұран тастар ұлан бар. Жүрегi iрi жiгiттiң Жiгерiне серпiн бер. Терiн үгiп күлiктiң, Сенген ердiң сертiн көр. Наркескендей өткiрiм, Намысты ұлдың нарқын бiл. Безеп жүрген тек тiлiн, Бетсiз сұмды алқындыр.

Бөле-жарған бүтiндi – Тентек көрсең, тезге сал. Қайыры жоқ, күтiмдi – Етпе рақым езге сəл. Асын iшiп, табағын Теуiп тастап нас та жүр. Ой-пиғылы қараның Жотасынан таспа тiл. Уа, киелiм! Тұра бер Қасиеттi төрiмде. Тағдырыма куəгер – Жалғыз сенсiң, тегiнде. Алыс, алыс күнге жет, Серiгiң боп – серi өлең. Сұрамасын “Бұл не?”– деп, Немерем мен шөберем. Серпiл, қамшым! Жалғанның Жарығын көр! Күн туды. Құрыш қайрат жандардың Жас жүрегi бұлқынды! Ердiң жолы оң болып, Елдiң бағы ашылсын. Бұқа тұмсық зор келiп, Қаһарыңа бас ұрсын. Ел мен елдiң iргесi Ашылмасын, қосылсын. Iзгiлiктiң күндесi Індерiне жосылсын. Арда қамшым! Ақ туың – Əдiлет пен Ар болсын. Ат тiзгiнiн қақ бүгiн, Жақсы тiлек жар болсын!

Ақ ниеттi адамның Несiбесi – қиырдан. Байтақ мекен – бабамның Пейiлiне бұйырған. Өрiмiңдей өзiңнiң – Сан тараулы аңыз бар. Кеңдiгi үшiн жерiмнiң, Ұрпақ саған қарыздар. Ар қамшысы сермелсе, Сесi қайтар ханның да. Бас иемiн өлгенше, Мен де сенiң алдыңда. Бабам сенi бас-көз жоқ бейпiл сiлтеп көрмеген. Бойтұмардай қастерлеп, Жау мен жатқа бермеген. Сенi ұстамау – Ерге мiн, Ұстай бiлу – қолға сын. Сертке мен де сермедiм, Баба рухы қолдасын! 1988 ж. МАХАББАТ АЛЛЕРГИЯСЫ (Аллегория) Сенбеймiн! Айтпа маған!

Жалған бəрi! Қанша рет аңғал жүрек алданбады! Ендi сен көгертем деп əуре болма, Көңiлдiң қурап-семiп қалған бағы. Қалайша сиқыр күлкiң жанды арбады? Шыққыр көз шын сырыңды аңғармады.

Қыл шылбыр шоққа түстi – шорт үзiлдi! Ендi оның мүмкiн емес жалғанбағы. Сенi əкеп маған қосқан қара кеште, Мен сонау қырсық күндi алам еске. Ақ бəтес шыт сыйладың... Қызыл кестең – Қарды ойған жас қыранның қаны емес пе?! Мен онда ойладым ба алданам деп, Сол үшiн менi Құдай қарғаған деп. Қолыңа тағдырымды тапсырғанмын, Түбiнде бақыт жолы сол болар деп. Сенгенмiн сенудей-ақ сенген кезде, Қайтадан оралмаспыз ендi ол кезге. Таппаспын деушi ем сендей адал серiк, Дүниенiң төрт бұрышын мен кезгенде. Мəн бермей артыңнан да ерген сөзге, Көнiп ем көнудей-ақ көнген кезде. Белгiлi болды сенiң кiм екенiң, Осынша аярлықты көрген кезде. Мен сенен күтiп пе едiм бұл мазақты? Көтерiп қала бердiм күллi азапты. Жалаңаш шала жанған шоқ-жүрегiм Қап-қара көмiр болып күлге батты. Бiлемiн, керек емес ендi ол саған! Үмiт те қара күйе болды аңсаған. Ендi одан отқа көмген картоп артық, Май шамдай қалтырайды тоңған санам. Қаңтарда жай түскендей тас төбемнен, Тап болдым мазағыңа, масқараң мен. Сытырлап кiрпiктерiм сынды менiң, Мұз керiп жанарымды жас бөленген.

Желтоқсан қаңтарменен – сол бiр-екi ай.. Сұмдық пен сұрапылын келдi тақай. Бұл жаным – қасқыр шапқан қораға ұқсап, Шұрқырап шыға келген көп құлын-тай. Кiм тептi: мен бе, сен бе – бақты аяқпен? Сұр жылан кетпейдi екен шақпай, əттең!.. Барады сары сайтан сақ-сақ күлiп, Сапырып көз жасымды саптыаяқпен. О, сенiң сайтаның-ай, сайқалың-ай, О, сенiң сойқаның-ай, шайпауың-ай. Бетiңнен зəрiң шашып, əбжыланша Басыңды оңды-солды шайқауың-ай. Қараптан-қарап тұрып ентiктiм ғой, Жау шауып, жын қумай-ақ мертiктiм ғой. Қапыда у жалаған қайран ердiң Қайырсыз тағдырын да ендi ұқтым ғой. Сен кеше пiр тұтып ең менi қайтiп? Сертiңнен шыға бердiң ендi тайқып. Кез еткен сендей доңбет жүзiқараны Тағдырға өтермiн мен қарғыс айтып. Мен сенi ойлап па едiм осындай деп? Еркiңе бағынып ем тосылмай көп. Жанымның жапырағын қалтыратты Соққандай қара дауыл – тосын жай кеп. Өртендi көк жайлауым – күлi қалды. Дұспанның көре алмаған қыбы қанды. Жоқ, ендi сене алмаймын, жолым бөлек, Кеудемдi желдей кеулеп күдiк алды! Бақшамда үсiк жүрiп ашық күнде, Алдым мен сабырымды шашып мүлде. Жо-жо-жоқ! Керек емес! Ендi маған Əзəзiл сайқалдыққа басып күлме.

Жыланның жотасындай бүлкiлдеген Бетiңнен ысылдаған күлкiң көрем. Арбайсың, алдайсың кеп тағы менi, Бөксеңдi бұлтыңдатып iркiлдеген. Ерем деп əуенiне кесiр күйдiң, Мен кеше көңiлiмнiң десiн қидым. Тəлкегiн сұм тағдырдың кеш ұқтым да, Еңiреп жүрiп, əрең есiм жидым. Мен кеше жүрегiмнен жырақ тұрдым, Мəнiссiз, жынды адамша жылап-күлдiм. Жiбердiм айырбастап асылымды Алдамшы бiр сəтiне жұмақ түннiң. Сен кеше маған қандай ұнап тұрдың! Құмартып, құшағыңа құлап кiрдiм. Жанымның шырқыраған балапанын Аузына аждаһаның лақтырдым. Мен сенiң құлақ кестi құлың болдым, Сен менiң сорым емей, кiмiм болдың? Кереге, шаңырақсыз лашық пен Иесiз жұртта қалған құлын көрдiм... Жəбiрден жəутеңдеген көздер көрдiм, Қабiрден жан тербеген сөздер көрдiм. Ол – менiң сен жерлеген махаббатым, Айт өзiң: мен бе, сен бе – өзгерген кiм! Түсiмде құлазыған мола көрдiм, Iшiмде – түрi азыған дала көрдiм. Мола да, дала да ол – өз жүрегiм, Қан жылап, қайран таппай қала бердiм. Ақ таңда – iнге кiрген көп iз көрдiм, Ақшамда – өртке бөккен теңiз көрдiм. Көп iз де, теңiз де ол – iштегi арман, Ал одан күдерiмдi мен үзгенмiн.

Бiз кеше қандай едiк, балдай едiк, Молаға бiр кiретiн жандай едiк. Сенiскен көңiлдердiң ақ гүлдерi Бiр түнде кеткенi ме қардай ерiп? Жаныма кiнəратсыз – жақтың жала, Мен содан жазылмайтын таптым жара. Сол жара жан сыздатып, мəнсiз бақыт Жерiттi... қаңсып қалған жат жылғада. Сол жылға – кеше ұлы арна едi ғой. Алғаусыз ақ махаббат арда едi ғой. Ата мен аға шулап сонда маған: “Жансыз жау жар астында бар...”,– дедi ғой. Мен бiрақ ол сөздерге дес бермедiм. Зымиян күлкiңдi де ескермедiм. Мойныма оратылды ақ бiлегiң, Жүрегiм қақты менiң... Төске өрледiм. Өзге емес, өзiм болдым шын алжыған, Айыр тiл арбап апты шiл аңдыған. Орнынан ақ бiлектiң – бiр мезгiлде, Көрдiм мен иреңдеген шұбар жылан. Не пайда бармағымды шайнағаннан, Жыртқыштың жемi болған қайран арман! Əлiмдi əрең жиып, сермеп қалдым Қанжарын намысымның қайрап алған. Есiмде бiлегiмнен шап бергенiң... Үзiлiп бара жатты, əттең, демiм. Ес жиып, көзiмдi ашсам, демiң шарпып, Сыбырлап: “Өзiңдi ая, сақ бол!”,– дедiң. Қайтадан тағы естiлдi сиқыр күлкiң, Ашылды шайдай менiң ұйқым бұл түн. Орнымнан шошып тұрып, тұра бездiм, Жанымды тiтiретiп сиқың-сұрқың.

Кеше бiз берiсiп ек тəттi ерулiк, Неге ендi жат көрiндiк, қатты егiлдiк? Өр өзен жағасында табысып ек, Қайтадан сол жағада қақ бөлiндiк. Арадан суық сөздер өттi жүрiп, Ызғары жүрек етiн кеттi тiлiп. Ендi бiз ата жаудай қарасуға Дайынбыз, кеудемiзге кек бiтiрiп. Болары болғаннан соң, бұрынғы əннен – Тамтық жоқ, құр далбаса – құбылғанмен. Жылытпас жүрек түгiл, саусақ ұшын – Қылшығын өлген оттың суырғанмен. Бекерге əуре болма ынтық жанша, Бетiмдi осқылайды күлкiң қарша. Ұмытпас қан жалаған қайран жүрек, Сол түннiң сейiлтсең де бұлтын қанша. Сен менi елiктiрем деме ендi, Кеткенмiн қоздырудан делебемдi. Бүтiндеп, бүршiк тағып, қайта тiгем, Қисайып, қирап қалған керегемдi. Обал жоқ өзiме де. Ебелекпiн. Отқа кеп өзi ұрынған көбелекпiн. Балауса орманыма балта ұрғызып, Жанымның жас гүлдерiн тепкiлеттiм. Не таптым? Мен бiр бейбақ шашын жұлған. Айрылдым қымбатым мен асылымнан. Шығам деп көңiлiңнен, шырқыратып, Балапан ойларымның басына ұрғам. Сырқаумын – қанатымнан майрылғанмын, Мылқаумын – тiл-ауыздан айрылғанмын. Жасырып ауруымды, құр даурығып, Қалпақпен аспандағы Айды ұрғанмын.

Мен қайтiп жасырмасты жасыра алам? Əйтеуiр жан кеудеде, басым аман. Кешегi патша көңiл – ендi пақыр, Сыйың да, сыбағаң да – осы маған. Жаза ауыр адал жолдан тайған жанға, Сен алдап – мен ашындым, қайран қалма. Сырың бiр ашылған соң – сиқың мəлiм, Артыңды жабар ендi қайлаң бар ма?! Жоқ! Ендi көне алмаймын мазағыңа! Мен қамшы көтерiппiн өз арыма. Көрдiң бе, қайта толған теңiзiме Келедi қаптай ұшып қазы ағыла. Шыдамым түгесiлдi, бiттi шараң! Жоқ ендi менi бөгер сенiң шамаң. Тəуекел, белдi будым, қош бол ендi, Өзiмдi алдағаннан мен не табам? Құдая, қайта жанды өшкен санам! Мен ендi бағынамын жалғыз соған. Тiлiме қызған темiр бассаң дағы, Ынтық сөз бұрынғыша айтпас саған. Кен едi – бұл жүрегiм, көңiлiм – көл, Кеулете қаздың келiп, жерiгiң бе ол? Құлазып қалды орнында қуыс кеуде, Сөйтiп кеп, дейсiң тағы: “Серiгiм бол!” Сенiп ем сенудей-ақ сенген кезде, Көнiп ем көнудей-ақ көнген кезде. Қадiрi сыйластықтың кеткеннен соң, Не қалды айтысқан серт, берген сөзде? Сенбеймiн! Айтпа маған ертегiңдi! Кеш еттiм ертегiңмен ерте күндi. Ештен – кеш... Өткен өттi... Өгейсiтпей, Алайын өз қолыма ертеңiмдi.

Не болып, не қоймады баяғыда.. Өткендi саудалама, қой оны да. Ант iшiп, өлердегi сөзiңдi айтып, Оралма ендi менiң аяғыма. Сенбеймiн! Уəде-сертiң арзандады! Қанша рет сенгiш жүрек алданбады?! Махаббат өлген күнi – мен де жоқпын, Бекер ол – бар дегенiң! Жалған бəрi! 1988 ж. КЕРТОЛҒАУ (Антиода) Жауыздықтың жалауы – шындық болса, Сұлу сөздiң iшiне сұмдық толса, «Əдiлет!» деп, зұлымдар ұрандаса, «Адалмын!» деп, аңқауды ұры алдаса, Сасық паңдар «елiм!» деп еңiресе, Ақысына – азық қып сенi жесе, Езуiңдi айырып, əрмен барып, Кеңк-кеңк күлсе, айызы əбден қанып, Содан кейiн арқаңнан қаққан болып, Қамқорсынып, аярсып, мақтан көрiп,

Қан жалаған аузыңды шөппен сүртiп, Ойнағандай қытықтап, беттен түртiп, Еркелете сөйлесе, ебiн тауып, Сестi зiлмен жасқантып ауық-ауық, Көнсең – осы, көнбесең – жаннан шошы, Жомартсынып – түскенде көңiл хошы, Уəдеге қарық қып, бөсе-бөсе, «Жертөлеге алтын шам жағам» десе, Ойда – жасақ, құрғаны тауда – қасап, Қасиеттi сезiмдi саудаға сап, Саясаттың көрiпкел тəуiбiнше, Сəуегейсiп, бас бағып, iшiңе енсе, Бұта басын сындырмай, iс тындырмай, Өтiрiктi жел сөзбен етсе шындай, Шын пиғылын, түпкi ойын жасырғансып, Орны бөлек, бiртуар асыл жансып, Бiрегейлер «Алға!» деп жар салса кеп,

Шүрегейлер арыса арса-арса боп, Кеңсiрiгi сасыған кердең байлар Азаматы атанса, ендi, елдi ойлар, Жетесiздiң төбесi көк тiресе, Жерге салып жетiмдi тепкiлесе, Көкектен – би, көжектен батыр сайлап, Қыранға ақыл қарға айтса батыл сайрап, Тоқ қасқырға той күнi қой бақтырса, Ол антұрған өз iсiн ойлап тұрса, Жауыр атты сауысқан күзетке алса, Сұр жыланның сұрына iзет қонса, Тұлпар тұрып, жабыны жұрт мақтаса, Сұңқар құрып, қоңыз бен құрт қаптаса, Қырттан – шешен, қыңырдан көсем шықса, Ұлықсыған ұрдажық есеңдi ұтса, Ел жоқшысы – шойын бет шонжар болса,

Көптiң мұңын жаны ұққан дегдарларша, Аталы сөз айтқансып, қиналғансып, Жүрегiне бар жақсы сыйған жансып, Өтiрiгiн алдымен өзi бiлiп, Iштей күлiп, сырттай жұрт көзi қылып, Қалың жауға шабардай жалғыз кiрiп, Емексiтiп, елiртiп, қан қыздырып, Ере шапқан қиқушыл қара-құра Жын қуғандай арам тер болса бұл да, Иттен үркiп, беталды зытқан лақша, Айдалаға мақсатсыз босқа лақса, Айғайшының онымен iсi қанша, Өз шаруасын түгендеп, үйде жатса, Бөртiп бөккен сұлыға тойған атша, Кеселденiп, кекiректеп, ықылық атса, Арам iсi жанына майдай жақса, Шырт түкiрiп, шырланып, жымың қақса, Қиыспастың қиюын, қыбын тапса, Құдығына құлып сап, суын сатса,

Құлынына биенiң құнын сұрап, Бiрiн сынап қауымның, бiрiн сыбап, Көзбен арбап, бiреудi сөзбен алдап, Мата орнына өткiзсе бөздi амалдап, Сезе тұрып осыны, iштен тынып, Қолдан келер қайран жоқ, дiңкең құрып, Тығырықтан шыға алмай жүдеген соң, Ығырлықтан ыржаңдап күле берсең, Сазды ойпаңның бақасы сияқтанып, Iшек-қарның шұрылдап, жүрек талып, Хал кеткенде, бай үлы келе қалса, Қаршығаңды қолқалап, салмақ салса, Мың жылқылы шұбар төс, шынжыр балақ, Бұт артар бiр жорғаңды алса қалап, Бiреуi ағаң, бiрi iнiң – бəрi ағайын, Қысылғанда бермейдi-ау аттың майын, Бар байлығың – төрт-бес қой, қотыр тайың,

Тесiк байпақ, қаудыр тон, қалқатайым, Еткен еңбек, төккен тер – iзi-қайым, Қауқиғанмен, белгiлi сенiң жайың, Саудың басын даулы етер – сары уайым, Сабырға көш, оңынан туар айың, Жорта жылап, жоқ жерден ерсiнген бар, Шын мен жалған – от пен күл, сол сырды аңғар, Шоқпарлыны «ер» деме, көре салып, Бəрi бiрдей Қабанбай емесi анық, «Жұрт мақтаған жiгiттi қыз жақтаған...» Көзге түскiш кейбiреу дызбақтаған.. Қорқақтан – мəрт, жасықтан асыл бөлек, Оның парқын бiлмеген опық жемек, Көп үстiнен күн көрген бейнетсiз жан, Сiздiң ойда не барын ұқсын қайдан, Iшкенi адал, жегенi ақ, ары таза,

секiлденiп сырт көзге, мойнын соза, Сонысы үшiн алғысты жəне де алса, Сый-сыяпат, атақ, даңқ... – əне, қанша?! Ауырсынбай көтерiп соның бəрiн, Адымымен жер ойған, дүлей арын, Қорған болып жаныңа қайдан келсiн, Оған сенiң тек қана пайдаң болсын, Осыны ұқ та, азамат, арыңды ойла, Қайыры жоқ ханға да қолың жайма, Жуан иттiң құйрығы жол салады, Екпiнiнен күштiнiң жел соғады, Шаң боп қонып, коға боп жапырылсаң, Онда кiмге өкпең бар, өзiң солсаң?! Сырты сұлу қобдидың – iшi күмəн.. Жатпасына кiм кепiл улы жылан, Кызыл тiлде буын жоқ, сөзде – өлшем,

Iшiн барлап, iсiн бақ – өзгеге ерсең, Жанашырың бүгiн көп... Соны бiлсең – Қайсысы оның қасыңда қалады ертең? Кей тiлектес кигiзсе тойыңа тон, Қойы бiрге бiреудiң – ойы бөтен, Тең-теңiмен... Не күтер жарлы байдан? Төрдегiлер есепсiз етпес қайран, Ерте тұрып, кеш қалған – мəнсiз сайран, Өкiнiшi, сiрə да, кетпес ойдан, Қайтер едiң, еш болып нұрлы үмiтiң, Құр тұлыпқа мөңiреумен өтсе күнiң, Сенген қойың арық боп, саның соқсаң, Қазы керткен қолыңмен қауын сатсаң, Дүние – кезек, дүмшелер тiзгiн ұстап, Олар – түздi, сiз мұнда – мұзды қыстап... Қарынбайлар тереңге бойлағансып,

Шикi надан шiренсе, ойлы адамсып, Ердiң қолын жоқ байлап, ез өрлесе, Жақсы ұмыт боп, жаманның сөзi өлмесе.. Тоқ балаға аш бала мұңын айтса, Тоңған – тонды мырзаға сырын айтса, Күлiп барған қарызың жылап қайтып, Уəдешiл – сөзiнен кетсе тайқып, Күнəһарға – шен-шекпен, куəға – сот, Қыран сөздiң тажалы – жылан өсек... Күйiнiшiн өзгенiң күлiп тыңдап, Əрең айтса əр сөзiн ұлық пұлдап, Ырысыңды алаяқ төксе шайқап, Орап өтсе алдыңды, өртше жайпап, Сандалбайлар сау миға ине сұқса, Е дегенше екi жеп, биге шықса, Жұлқыласа жуасты, кезеп келiп, Запы көңiл зарланса, безек болып, Дəлдiр – соқса ұлағат, өжеттенiп, Қаңғып кетсе данышпан, тезек терiп,

Судың кiлтiн тапсырса сұмырайға, Ыстық тiлек айтқызса суық ойға, Тоқал қойдың қамқоры – бұқа болса, Тоғай тозып, орнында бұта қалса, Сырты күмiс, iшi алтын, қайран адам, Iшi бақыр, сырты алтын, майдалаған.. Жанындағы жақсыны күндей бiлген, Кiмге шiкiрə боларын бiлмей жүрген, Шiрiк картоп секiлдi небiр кеще, Құнын пұлдап, қымбаттап шыға келсе, Амалсыздан шiркiннiң аузын бағып, Картобыңды қылғытсаң қаужың қағып, Саудагерге саулы iнген – бағы жанса, Шаш етектен пайдаға бата қалса, Дедектеген суқиттың қарны толса, Күзеттегi сақшыны қалғыта алса, Бəрi ақыры жиылып, жанын салса,

Бейнетқордың бүргеше қанын сорса, Парақор мен жалақор құдаласса, Уəждерiне əдiл заң құлақ асса, Ұлық жасап ұрлықты – қара басса, Мұны көрiп жағымпаз, тұра қашса, Бетсiз тентек тепсiнiп, төрiңе озса, Жендет келiп, жендеттiң көрiн қазса, Көп шуылдақ алдында арызданып, Көке мылжың жөн айтса, маңызданып, Қырғи – көлге, аққуды шөлге айдаса, Өрттiң тiлiн құтыртып, жел қайраса, Басынан қамшы кетпеген жалтақ атша, Жарамсақтар көлгiрсiп, жанталасса, Үй iшiнен жау iздеп, «Аттан!» даған, Алакөздi ағайын – жаттан жаман, Жақынынан өш алып, пасық ойлап,

Ақыны мен батырын берсе байлап, Пиғылы өзге бөтеннiң несi кетер, Қасиеттiңдi таптап бiр, көшi де өтер, Өлi арыстаннан артық деп тiрi тышқан, Тiрлiгiңе мəз болсаң құйрық қысқан, Кожайының басыңнан сипағансып, Қолын қатты батырып, алса шымшып, Желе жортып, майпаңдап, түссең жолға, Алды-артыңа қарамай, оң мен солға, Арамзаның қырық кез құйрығы алдап, Ой мен қырды шулатса, үйдi лаңдап, Содан жаның түршiгiп, жараң сыздап, Түңiлiп те шошынып, жағаңды ұстап, У жайлаған денеңнен жүрек қашып, Қаңыраған көңiлiң жүдеп, жасып, Сенiмiңе – күдiгiң болса басшы,

Iшiңе бiр запыран толса ащы, Жiгер құм боп, ақылың қалжыраса, Айла күлiп, тұншығып Ар жыласа.. ...Қатты шошып оянып ұйқысынан, Түсiн айтып жорытып бұл шытырман, Жауап күтсе өзiңнен байтақ елiң, Қайтер едiң, Ағатай, не айтар едiң?! Желтоқсан, 1988 жыл. БҰЛ ҚАСЫМ ...Қасыммын. Қасым болсам, қай Қасыммын? Оны айтсам, ақын емес, жай Қасыммын. Əйтсе де тағдырымда ұқсастық бар, Мен де бiр алған беттен таймас ұлмын. Шыныңды жақынға айтпай, кiмге айтасың? Ақынның рухы қолдап, судай тасын! Мен де бiр өз жайымда сыр қозғайын, Ол Қасым бұл Қасымды бiр байқасын.

Жартыны бүтiн етем, өзiм жарлы, Дон Кихот секiлдiмiн, жомарт жанды. Мен қайтiп отызымда орда бұзам, Басымда лашық та жоқ, өттi зары. Мен ақын болмасам да, жырды сүйдiм, Жыр сүйген жүрегiме жылу жидым. Жаны асыл жақсылардан қалған сөздi Жадыма тоқып өсiп, ойға түйдiм. Жастықтың жалын күнi бастан ауды, Сонда да тастағам жоқ астанамды. Ұлы ақын жаққан отпен жылытамын – Өзiмдi, əйелiмдi, бес баламды. Ел осы ерке ұлдарын аялай ма? Ақынды жеңген тағдыр менi аяй ма? Бiрақ ол тағдыр емес, тас көздер ғой, Соны ұқсаң, iш қазандай қайнамай ма?! “...Дүниеге келер əлi талай Қасым...” Солардың бiрi деп, жұрт, менi ойласын. Ақынның армандаған жалғасы боп, Жоғалтпай ұстап келем шар айнасын. “Қасыммын, сол баяғы бiр Қасыммын...” Сыры бұл – бiр басы емес, мың Қасымның. Егiздiң сыңарындай қайталанған Тағдыр мен тарихы бар бұл ғасырдың. Мəңгiлiк мекенiнде Қасым жатыр.. Ендi оған керек емес алтын шатыр. Ақынның өзi тартқан азап пен дерт Дəл бүгiн ұрпағының басында тұр! Өкпесiн ұлы ақынның сыз қапқанда, Мұңсыздың кiрпiгiне мұз қатқан ба? Сол сурет қаз қалпында: ер – бiр оқтық, Сұм түлкi соғылмайды жүз қақпанға.

Арсыз бен айлалылар əлi күйлi, Ақ-адал намысқойдың жаны күйдi. Бастырып əдiл заңның бал бармағын, Бай алды жақсы тұрмыс, жарық үйдi. Бiреулер балпаңдайды, талтаңдайды, Жиi ат аустырып, там таңдайды. Тойғанға май – топырақ, аш тобырға – Ел аман, жұрт тынышта талқан қайғы. Жел соқса – селеу басы қалтаңдайды, Жапалақ – қарға көрсе жалпаңдайды. Қолына кiсен тұрмас ер жiгiттi Таршылық тас қазыққа арқандайды. Жарлының жас құрағы жалтаңдайды, Жаралы көздерiнен қан парлайды. Өзегiн қарып өткен қара суық Жанының нəзiк қылын талқандайды. Мұңы емес бұл да менiң бiр басымның, Жан сыры өзiмдей сан мың Қасымның. Төре мен қараға тең пəрмен болса, Төзер ем... Жасырғаннан – кiмдi асырдым? Үйi бар – жұрт жаңартып, кеңге көштi, Күйi бар – ойды тастап, дөңге көштi. Əлдене дəметкендей əдiл қазы Аузын қу шөппен сүртiп, шөлге көштi. Өгейлiк көрем деп пе ем өз елiмде, Тең болсам, қиянатқа төземiн бе? Əкiмдер əлдiлердiң сөзiн сөйлеп, Бiр үйге жетпей қойды кезегiм де. Атағым шықпаса да мен елiме, Азамат атын алып келем, мiне. Көшеде қатын-балам қаңғып қалса, Өлген соң маған көрдiң керегi не?

Сондайда оймен жанды жаралаймын, Əйтпесе, елдi неге қаралаймын. Өкпелеп шешесiне, алдындағы Көжесiн iшпей қойған баладаймын. Кегiм жоқ тағдырға да қаһар төккен, Қайтатын ойым да жоқ алған беттен. Əр үйдiң отбасына бақыт тiлеп, Қалаймын əр кiрпiштi “Отан!” деп мен. Бөгдеге қастығым жоқ, ниетiм дұрыс, Қаһарым, шамырқансам, алмас қылыш. Зорманның Күштi атасы ақымды алып, Атандым өз Үйiмде Жетiм Бұрыш. ...“Барам...” деп хат жазыпсың, кластасым, Қоятын сен емессiң жуасқа сын. Үй тар деп қорынбаймын, көңiл кеңде, Кел, шала шабылайын тыраш басым. Үйiрлi жылқым да жоқ, жүз қойым да, Аш лақ маңырайды iзгi ойымда. Ақынға көше берген қайран қазақ Қимас па бiр кереге бiздей ұлға. Ұрпағы ұлы ақынға жыры үшiн де Қарыздар. Мұңы бiрге, сыры iшiнде. Мен сенем: сол Қасымдар бiр көшедi Кең... жайға – өлгенде емес, тiрiсiнде! 1989 ж. ƏЛДЕҚАНДАЙ Əлдеқандай, дегенде, əлдеқандай, Əлдеқандай болғандар дəндедi, Алла-ай! Маңызданған түрiн айт, мардымсынып, Маңайында теңi жоқ мəндi адамдай. Кiсiмсiнiп, iсiнiп, тыраштанып, Əлде жардай болады, əлде нардай. Килiкпейтiн iсi жоқ, дүниеде

Жоқ секiлдi əмбебап əрнеге ондай. Солар ғана күй шертiп, жəнеде ешкiм Айта алмайтын сияқты əндi олардай. Сүйген құлы Алланың – өзi ғана, Құдай артық жаратқан əулие жандай. Күллi əлемнiң – мойнына жүгiн артып, Ұсақ-түйек тiрлiкпен əуре болмай. Қайғысына бiреудiң арып-ашып, Тақсiретiн тартқандай əбден оңбай. Мiндетсiген сықпыты бiр керемет, Адамзатқа ғұмырын арнағандай. Тiлi майда, бүрi жоқ табанының, Сөзбен алдап, көзбенен арбағандай. Жүрсе – аяғы жер баспай, майпаң-майпаң, Дөңгеленiп семiрген жорға малдай. Мысықша бiр көздерiн ашып-жұмып, Есiнейдi ұйқысы қанбағандай. Өрге шыққан адамша ыңыранып, Əр лебiзiн алтынға саудалардай. Арзан берiп, орнына маржан алып, Ақылымен аумағын жаулағандай. Шекiрейiп, шертиiп тұрған қалпы – Жалғыз өзi мың десте баулағандай. Қызыл көрсе, көзiнiң иi түсiп, Қашқан аңды iндетiп аулағандай. Өзiне өзi тамсанып бiр кеткенде, Табындырып баршаны баурағандай. Пиғылы жат болғанмен, қимылы сақ, Хақ жолынан қалт етiп аумағандай. Көмейiне бұлбұл құс ұя салып, Асыл гауһар аузынан саулағандай. Жарық дүние – жалғанның бар бақыты Бiр өзiнiң басына орнағандай. Ол күлгенде – Күн шығып, қабақ түйсе – Көктiң жүзiн қара бұлт торлағандай. Момын жанның мойнына құрық салса, Шаттанады шайтанды алдағандай. Көптiң тезi түсiрсе тəубесiне,

Тəңiрiсiн қарғайды, сорлағандай. Ұмытқанда Құдайын, шел көзденiп, Сиынғаны өмiрi болмағандай. Күдiрейiп, жалданып, сыз беттенiп, Қызметiне күллi елдi жалдағандай. Қырық тұтам қулығын ашып көрсе, Сырық ұшын құрықпен жалғағандай. Бермекке – жоқ, көрмек пен алмаққа – дөп, Кеңiрдегiн созады, толмағандай. Нан жемейтiн секiлдi – ең алдымен Қазы-қарта, жая мен жал жеп алмай. Қашқан аңды қазулы орға қамап, Ұшқан құсты тор құрып қармағандай. Алтын балық қуана өзi келiп, Қара суда қармағын қандағандай. Қақырығы – алтын, күмiс боп түкiрiгi, Басқан iзiне таңырқап ел қарардай. Көзiне де iлмейтiн көп тобыр кеп, Көлеңкесiн паналап қорғалардай. Ыстығы асып, аузынан буы атқылап, Өмiрiнде бiр рет тоңбағандай. Зəресi ұшып қорқады: көрiнуден – дарынсыздау немесе кембағалдай. Сөйтiп жүрiп кедейдiң жоқшысы боп, Алақанын жая ашып зарлағандай. Зарлап жүрiп тапқан мен таянғанын Қалтасынан жарлының алмағандай. Өзiне өзi риза, көңiлi өсiп, Қарсыласын ұқсатып жеңген аңдай. Бiлiктiмсiп, бiлгiрсiп, биiксiнiп, Жұртты үйретiп, өз iсiн жөндеп алмай. Бiрер мiнiн байқамай айтып қалсаң, Кiсiлiгiн боласың қорлағандай. Сотпен басың қатпаса, соған шүкiр, Арызын ол Құдайға жолдағандай. Бұл түрiмен өзi де орнын тауып, Көкке ұшатын секiлдi, жерде қалмай. Əйтпесе ме... Теңi жоқ бұл шiркiннiң

Жай пенде боп жүруi ендi обалдай. Əлдеқандай, дегенде, əлдеқандай, Əлдеқандай болғандар дəндедi, Алла-ай. Пай-пай, шiркiн, шiмiрiкпес неткен сабаз, Бұл дүниеде, олла-һи, жан жоқ ондай. ... Əлдеқандай. 1989 ж. Түсiме таң алдында кiрдiң бүгiн. Күн жайып келе жатты күлгiн нұрын. Жанымда балаларым жəне жарым, Жұбатып жүр едiк бiз қырдың гүлiн. Қалың шық жауып алған шылап қырды, Мұңайып қырдың гүлi жылап тұрды. Шоқтығын шолақ сайда бiр көтерiп, “Шоқ-шоқ!..” деп, қыбы қанып құрақ күлдi. Жарада – жанға батқан күйiк қиын, Қызғалдақ келе жатқан жиып түйiн. Сол гүлдiң жұлып кеттi бiр кiрпiгiн, Жол тосқан қарақшыдай бүлiк құйын. Күш қайтты. Күйреп тұрып Күн жеңiлдi. Иреңдеп қара суық iргенi ұрды. Япыр-ау, қайда ғана алып қашам, Қорғансыз, бұл бейкүнə, гүл-көңiлдi?! Түсiме таң алдында кiрдiң бүгiн. 1990 ж. Қыл мойныңа дар тосты.. Ендi шылым шекпейсiң. Мақтап келiп Дантестi, “Пушкин өлген жоқ!” дейсiң.

Пушкин егер өлмесе, Дантестi кiм жерлептi? Ол да тiрi ендеше, Шулатып жүр жер-көктi. Жаны харам жендеттi Құдай алар деймiсiң. Сол Дантеске ұқсаса, Ұлықсиды кей кiсiң. Жəмшiк неге ысқырды? Арқаға аяз батады. Дантес ендi Пушкиндi Ту сыртынан атады. Пушкин тiрi... тоқиды ел Ақын сырын ойында. Өлмес жырын оқиды ол Дантестердiң тойында. Ал Дантес қартайған. Шие бөрi – шөбере. Жырдың көзiн алты ойған Не дерсiң мық шегеге. Пушкиндi егер атпаса, Сол Дантестiң аты – өлiк. Өсiп-өнген көк маса – Тарихтағы қателiк. Дантестердiң ұрпағы Емес ендi күйе бет. Сайқал əйел – жыр тағы, əркiм қожа, ие көп. Екi басқа – ой мен тiл, Бiр деп əсте санама. Су түбiнде бейнең тұр: “Аяқтан – бас садаға...”

Жiгiттiң сол сұлтаны – Құдiрет пен күш кiмде. Ал Дантестер ұрпағы Елiктейдi Пушкинге. 1990 ж. * Уа, жас қайың, жас қайың! Мен бiр ұран тастайын Ұлы айғайға үн қосып: Құрайық бiз тездетiп Жеменгерлер қоғамын, Даңқ қуайық бiрлесiп! Ау, аш құлын, аш құлын! Жаныңда тұр қасқырың – Қамқоршың сол ендiгi. Оған алғыс айтпай көр: Сенi жемей қайтпайды ол – Барар жерiң белгiлi. Ей, көк терек, көк терек! Жапыраққа өкпелеп – Тамырыңа балта шап. Бүгiн сенiң кезегiң – Қырық құлаш айдаһар Қылғытпақшы алты асап. Жапырақ-ау, жапырақ! Ақ лақ сенi жемесе – Мойнын созып несi бар.. ...Мынау жалған дүниенiң Екi жүздi екенiн Ебiң барда есiңе ал. 1990 ж.

ЖҰРТ БIЛЕДI ЖАЙЫҢДЫ... Жұрт бiледi жайыңды, жұрт бiледi. Сыралғы ел сырғақтап, сырт күледi. Бiлгенiнен не пайда, əлi күнге Табылған жоқ СПИД пен қырттың емi. Уəдеге бiз тойдық. Сен тоймадың. Толтырардай тобырдың олқы ойларын – Аямадың, барыңды судай шаштың, Өзiң бiрақ бiр сүйем ортаймадың. Былайғы елге көрiндiң сабаз-ақ тым. Сордың – кепкен жiлiгiн қаражаттың. Ертiп алдың соңыңа аш-арықты, Өзiң бiрақ жуандап бара жаттың. Жұрт бiледi жайыңды, жасырғанмен, Бiр көргеннен таниды ел асылды əбден. Əттең, əдет қалмайды-ау, неге əйтпесе, Əлi жүрсiң, ұрлығың ашылғанмен. 1990 ж. ЖЕТЕДI! Жетедi! Жетедi ендi!

Əурелеме! Қаусады қара шаңырақ, дəу кереге. Қолыңды малған қанды жалап тұрып, Сұрқия жəдiгөйсiп “тəубе” деме. Тəубеге келмес бұрын күнəңдi жу. Арзанға түспес саған лаң құру. Ақыры алып тыңдың қапылыста, Сен едiң аңдысқан жау, сыралғы қу. Жауыз ең тартып туған жатырыңа, Көлгiрсiп көңiл айтпа жақыныма.

Мойныңа қан жүктеп кеп тапқаныңды Көжеңнiң сеппекпiсiң қатығына. Жаңылар, түлкi көрсе, қоян жолдан. Аяғы аңғалдардың таяр жардан. Адамзат əлi талай бармақ шайнап, Опық жер екi жүздi аярлардан. Жетедi! Басты ауыртып, бопсалама! Жақын дос жат ұңғыға оқ сала ма. Таныдым. Таттым зəрiн. Тарттым зарын, Болсаң да сексен iнi, тоқсан аға. 1990 ж. * Əдiл ханның жарлығы – Жауыз емес демеңiз. Қап тауындай қаулыны – Қауыз емес демеңiз. Дастарқанның мəзiрi – Қазы-қарта, жал-жая. Аш қарынның азығы – Картоп емес, идея! Желiм болса жегенiң – Жемiстi аңсап мұңайма. Шын витамин дегенiң – Шырында емес, ұлы ойда! Арық қойдың арманы – Уəденiң мол шөбi. Ақиқаттың сорғаны – Өтiрiктiң емшегi. Бiз сенемiз ал бұған, Нағыз жайсаң жандарша. Қап тауындай қаулыдан Тарыдай дақ қалғанша.

Менiң қаулым – кəрi қыз: Толықсиды оң жақта. Соны мақтап бəрiмiз Ұзатпақпыз аулаққа.. 1990 ж. Əдiлет дейтiн бетсiздi Айтпашы маған, ағасы. Беделi түскен бес тиын – Мен үшiн оның бағасы. Суынған көңiл бiрдей-дi Суалған көлмен, шамасы. Ескi Ай да есiркеген жоқ, Жарылқар деймiсiң жаңасы. Қадалды улы қанжар боп – Жауыздың арсыз жаласы. Қорғансыз жаным қорланды, Жазылмас ендi жарасы. 1990 ж. Маңдайыңның арылмаған қу соры, О, байғұс-ау, есiркейдi кiм сенi. Бiр Алланың жазуынан басқада – Қаралмаған қорғансыздың мұң-шерi. Көп жабының iшiндегi құр аттай – Он “жаппастың” ортасында бiр серi. Қожайынның ымдағаны – құлға заң, Ойланбастан орындайды бұл соны. Саудың миын пiскiлесе инемен – Өңшең маубас молда санап дүмшенi, Бүркiтпенен ажал түртiп ойнайды – Əттең, соны қарға шiркiн бiлсе едi. Арланның да азу тiсi сырқырар, Арыстанның шот-тырнағы бүрсе оны. Айдалада ит-құс қуса, алдымен Қиылады аш-арықтың тiрсегi.

Заң қақпанын құрған жерден – сарт етiп Ашылады заңсыздықтың күршегi. Обал-сауап ойында жоқ шойын бас.. Болар ма екен арсыздықтың бiр шегi?! 1990 ж. СЕН... Сен басқаша сайрап ең кеше ерсiнiп, Шыға келдiң бүгiн де шешенсiнiп. Əттең, менiң қолымда пышағым жоқ, Алар едiм жаныңнан кесел сылып. Ұран салып сен кеше берi шаптың, Сол айғаймен, ал бүгiн керi шаттың, Екi ұдай боп ел аң-таң... Тек сен ғана Селт етпейсiң... Ненi алып, ненi саттың? Зордан асып зор шықса аты мығым, Жылмаңдайсың, қақшып ап қақырығын. Итке арнаған сөзiңдi мысыққа айтып, Ауыстыра қоясың тақырыбын. Қара басың болған соң – сиынғаның, Сыққан биттiң қанындай – сыйың мəлiм. Үнiң аққу болғанда, тiлiң шаян, Көл мен шөлдiң арасын шиырладың. Көп момынды жүргенмен пысың басып, Сөзiң əтiр аңқиды, iсiң сасық. Жарығына жалғанның тастар ма едi, Сұм түлкiнiң iнiндей iшiңдi ашып. Сиқыр сөзбен сыйлы етiп басыңды елге, Домалатқың келедi тасыңды өрге. Жауға жалғыз аттандап шапқан ерше, Жанығасың, жалбырап шашың желге.

Сыртың қарық бiр жансың, iшiң кəрiп, Сөзiң семiз болғанмен, iсiң арық. Тойдан шығып, жиынға томпаңдайсың, Қолтығыңа папкiңдi қысып алып. Билiк айтып, жол бастап, тарланданып, Салдырлата жөнелдiң арбаңды алып. Мұнда жүрмiз бiз əлi... Ал сен өзiң Қайда лағып барасың далбаң қағып? Даңқ – түлкi боғанда, сен бiр тазы, Тiрлiгiңе көз куə, көңiл қазы. Екi аяғың тартады екi жаққа.. Iздегенiң, қуғаның ненiң уəжi? Ойпырмай, сен... 1990 ж.

  • * Көңiл көгi күн сайын күркiремес.. Бұлттан шыққан ақ сəуле, күлкiңе көш. Сол ала бұлт секiлдi, ақындардың Бiр күн – елес өмiрi, бiр күнi – егес. Көңiл арбап, алыстан көз тартатын Ақ ордаға ат басын кiм тiремес. Қызықтырса бiреудi əн мен күйi, Дедектетер өзгесiн құлқын, өңеш. Ашық тұрған есiктiң қадiрi жоқ, Сүтке бақа түссе де,“қыңқ” демес. Пайда қуған суайттың ойы басқа, Тегiн асқа құба-құп, дайынға əуес. Отқа қарап шаптырып, шаңырағың Ортасына түссе де, уайым жемес. Қайыршы да , қаныпезер қарақшы да Өзiңе емес, айдаған малыңа дос. Ол жоқ деме – қаскүнем, күншiл неме, Iшi күйсе, қалмайды еш ақыл-ес. Саптыаяқпен ұсынған сары қымыз,

Сарқынына у салып, қайырса бос – Жүрегiңнiң қанымен шөлiн басар, Қылышыңды тасқа шап – болады кеш. Сайтанға ақыл үйреткен саудабайдың Саф алтынға “ташлары”– күлдi-көмеш. Бiр алдап, екi жеген алаяқтың Сол күн тыныш ұйқысы, көңiлi хош. Өз төрiңнiң кетiрсең қасиетiн – Арамданар адалың, еңбегiң еш. Əркiм қожа, көрiнген билiк айтып, Қиқаңдасаң, көрерiң – қысас пен сес. Құлып-кiлтсiз кең үйде ерсiнуге Көп тыраштың сұрпы да, қырты да өш. Кiсi келсе, “кiм-ау?..” деп сəп салмайтын, Құрақ ұшқан, парықсыз құлқың əбес. Айыр жолдың үстiнде алақтамай, Қабырғаңмен өзiңнiң əбден кеңес. Бойың өспес – өкшеңдi көтергеннен, Нық тұрып-ақ, мойны озық жұртпен теңес. Ақыл болса басыңда, ел сияқты, Сен де iшiңдi кең ұстап, сыртыңа бөс. Пұлдылығы не керек бiр басыңның, Жұртқа пайдаң тимесе, сен қуыс мес. Ағайынды аяқтан шалып жығып, Төс қаққанмен, төбең бұл көкке жетпес. Құмырсқадай ұйысып тiрлiк қылсаң, Береке бар бейнетте, текке кетпес. Мақсатына жетпек боп ант iшкен ер Айдаһардың қабығын өткел етпес. Қайратыңа айлаң сай болсаң жарар, Жүйрiк тазы бермейдi түлкiге дес. Өзге түгiл, өзiн де жарылқамас, Салдырлаған шелектей құр күлегеш. Бастан қайыр болмаса – аяққа сор, Алақанның iшi ашық, сырты дөңес. ...Соның бəрiн көтерген көнбiс жүрек, Сеземiн-ау, сенi алдау мүмкiн емес! 1990 ж.

  • * Уа-а-ай! Халық қамын ойлаған, Қызыл тiлi сайраған, Сөзiн пұлдап, жақ жанып, Азу тiсiн қайраған. Қыстың қамын жаз ойлап, Бес қаруын сайлаған, Етiгiнiң табаны Жалтыр мұзда таймаған. Дүние, байлық жиғанмен, Дүкенге қол жаймаған. Шөбi шүйгiн, суы бал, Отты жердi жайлаған. Қысырақтың үйiрiн Қысталаңнан айдаған. Сары майдан үй салып, Матап вагон байлаған. Сабан ғұрлы ақшаны Тең-теңiмен тайлаған. Кiсiлiгi – мысықтай, Тышқан көрсе, ойнаған. Қызыл көрсе, қылмыңдап, Екi көзi жайнаған. Былай шыға, былқылдап, Қызық қуып, тойлаған. Маймен сылап қойғандай, Бетiн көрсең айнадан. Берешегi – айладан, Алашағы – пайдадан. Бөркiн киiп заманның, Зынданына бойлаған, Пай-пай, пай-пай, уайдайт-ай, Сондай да бiр қайда адам?!. 1990 ж.

АБАЙША Болмасаң да ұқсап бақ, Бiр төренi көрсеңiз. Қолың жетер ұшпаққа, Қолтығына енсеңiз. Қор болмайсыз, тегiнде, Айтқанына көнсеңiз. Айдауына iлесiп, Жетегiне ерсеңiз. Түсiп алып алдына, Су жорғаша желсеңiз. Күншiл жауын жапырып, Бас көтертпей жеңсеңiз. Оған қарай атылған Оққа қарсы келсеңiз. Жамандығын жасырып, Жақсылығын терсеңiз. Ұрлығына көз жұмып, Өтiрiгiне сенсеңiз. Тəбетi ауған тəттiнi Қоймай тауып берсеңiз. Тiске томпақ қаттыны Қақшып алып, бөлсеңiз. Қас-қабағын бақылап, Аузын аңдып, төнсеңiз. Қажет болса, онымен Бiр молада өлсеңiз. ...Жаман айтпай, жақсы жоқ, Оймен бəрiн өлшеңiз. Жарық дүние – қараңғы, Жанбай жатып сөнсеңiз. Ағартасыз адалды, Қарау ойды көмсеңiз. Адасқанның алды жөн, Арты соқпақ, бiлсеңiз. Өкiнiште опа бар – Қайта көктеп өнсеңiз.

Арға жүгiн, ағайын, Ана сүтiн емсеңiз. Халқы сүйген ер – ерке, Сiз бiр – тамшы, ел – теңiз. Жақсылардан үлгi алсаң, Үстем болар еңсеңiз. Қара қайсы, ақ қайсы, Ақылға сап теңшеңiз. 1990 ж. * Жарқыным, дауысың зор, тiлiң майда, Белгiлi: iшке кiрген жылынбай ма.. Жарлы мен жақыбайды жарылқаған Боласың, келiп тұр ғой түрiң байға?.. Тектен-тек қызға жiгiт жымыңдай ма.. Ендеше, түпкi ойыңды айт: мұның жай ма? Көргенбiз көлгiрлiктiң неше атасын, Жасырған, iш сезедi, жымың қайда. Айтса да, қысыр бие құлындай ма.. Жұқсыз сөз болмасы хақ жұғын бойға. Сен, бiрақ, шалабыңды шайқай берсең, Бiлесiң бiр толарын күбiң майға. Қашаннан қанық едiң бiздiң жайға, Бiздiң жай қайдан келсiн сiздiң де ойға. Сауабын өтiрiктiң алғаныңмен, Табасы ақиқаттың шыжғырмай ма. Дəнiккен қу түлкi ме ең сiз мұңдайға, Ол шiркiн қоян аңдып, iз қумай ма. Сен мұнда неғып жүрсiң арам тер боп, Бiлемiз: қыран қайда, құзғын қайда.. 1990 ж.

“ЗАҢШЫЛ” ЗАЛЫМҒА “Заңсыз...” дейсiң, заң дейсiң... Ə, зəнталақ! Заңмен заң боп қалып ең сен қашаннан? Сен айтатын сөз бе едi обал, сауап, Келмедi ме əлде əлi “жөнге” шаруаң. “Заңсыз...” дейсiң... Сен заңнан қорқамысың? Жiбергенiң қайда оны қағаз етiп. Мүлəйiмсiп, құрып тұр жорта мысың, Етегiңе жүргендей намаз оқып. “Заңсыз...” дейсiң... Сен заңмен санастың ба? Заңсыздықтың ашқансың “заңдылығын”. Сенi күтiп ұры тұр жар астында, Сол екеуiң көресiң бар қызығын. Əй, залым-ай, заң үшiн қиналғансып, Саудың көзiн шоқып жеп, оясың-ау. Бордан ботқа езгендей, қидан – балшық, Тұнық суды лайлап қоясың-ау. О, қу сорлы-ай, күнi үшiн күйбеңдеген! Есекке жем етпексiң ердiң арын. Аманжолов Қасымға үй бермеген Кiм екенi бiздерге ендi мəлiм. Заңның майын ерiтiп iшкендейсiң, Көзiң бiрақ тұр əлi қарауытып. Сыр алдырып, ешкiмге түс бермейсiң, Жай тапса да көңiлiң, қалауы ұтып. Заң жолы тар, есепте əрбiр орын, Нысапсыз жан тұрсын ба мол апшымай. Қағып тастап шоқпармен арлы қолын, Кəнiгесiң əккi бiр қарақшыдай. Заң дегенiң – əлжуаз балақай ғой. Сен бiр жуан жұдырық, атың мəлiм.

Қиқаңдаса, тұмсығын қанат, ойдой, Аузын терiс қарат та, опыр жағын. Кей залымдар заңменен жарақтанса, Қараулықтың қариды бойды ызғары. Заңның күнi сендейге қарап қалса, “Бастан – құлақ садақа...”,– деймiз дағы. “Батыр жоқта – қатын ер” деп едi кiм.. Қасқыр риза, қойшыға қой жарымай. ...Заңды менен заңсыздың төрелiгiн Əттең, саған айтқызып қойғанын-ай. 1990 ж. ƏЛСIЗ ШЫРАҚ Əрең-əрең жанады əлсiз шырақ.. Өшiредi оны үрлеп қансыз сұрақ. Шалғыны өссе Шындықтың – шалғы даяр, Жатары хақ күнi ертең жансыз сұлап. Əрең-əрең жанады əлсiз шырақ, Шаптырады аузына арсыз сынақ. Сол шырақтай санаулы ғұмыры бар – Шуылдайды көп тобыр қамсыз шұбап. Кiм иiрсе – сол ие, аңсыз шын-ақ, Сiз бiр ауа жайылған малсыз, шырақ. Артыңда – сел, алдың – шөл, иен тақыр, Талсыз бұлақ қайда бар, жарсыз – суат? Шуылдай бер қадiрсiз шұбырынды, Шырқыратар күн таяу шыбыныңды. Табылмайды тiрi жан, санап алар – Шалшық көлде шашылған шығыныңды. Саудаң бiттi! Пейiштен күдерiңдi үз! Отқа секiр, күлге ауна, езiп iш тұз.

Ақтангердiң дал ұрған үйiрiнше, Сасқан үйрек, қанеки, артыңмен жүз. Қандай едiң сен кеше, қашты ажарың, Аш қасқырдай аранын ашты ажалың. Қара түннiң қап-қалың маңдайынан Шатынаған көздерi – қасқа жалын. “Жұтамын!” деп, сол жалын, обынбасын, Жұмырына жұқ емес сенiң басың. Шексiздiкте шейiт болған шерлi жұлдыз, Жаһаннамға барған соң – жаның қасым. Ал əзiрге тiрiсiң! Жанды затсың. Басқа – басқа, сен – басқа, жалғыз-ақсың! Жұмылған көз ашылмас ендi қайтып, Бiр кеткен соң, өзiңе мəңгi жатсың! Қара түнде қалтырап жанған шырақ, Үзiлмегiн, ғұмырың жалғансын-ақ. Əлсiздердiң күнi бiр туар болса, Əдiлет соты алады жаннан сұрақ. Таңда толған көңiлiң – кешке жарым, Кетпей қойды бiр шаншу – ескi азабың. Қалт-құлт еткен қолыңда – əлсiз шырақ, Сол шырақтай жалп етiп өшпе, жаным. 1991 ж. БƏРI БЕКЕР Бүгiн дұрыс... Күнi ертең бəрi бекер! Көп қымбатың арзандап, сəнi кетер. Не үшiн келiп-кеткенiн өзi бiлмей, Бұл фəниден жас кетер, кəрi де өтер. Бүгiн дұрыс... Гүлдеп тұр көздегi үмiт. Ертең өмiр көрсетер өзге қылық.

Бүгiн əулие санаған пақырыңды Ертең дарға асарсың, тез де құрып. Бүгiн дұрыс... Ертеңгi күнiң басқа, Досың жауға айналар, ұрың – досқа. Пəтуасыз тiрлiктiң айтағымен Қу сүйекке таласқан құның – босқа. Бүгiн дұрыс... Ал ертең не болады? Ешкiм жауап берген жоқ оған əлi. Мəңгiлiктiң өзi де бiр өткiншi, Шексiздiкте жым-жылас жоғалады. Жоғалады, қайтадан құралады, Ұлы өзендер тасиды, суалады. Мəңгiлiктiң жаңылмас таразысы Асырмайды өлшеулi сыбағаны. Сыбағадан ұтқансып, ақылдымсып, Мəз болуың əлi ерте... Жақын қырсық. Мəлiм болар қандай жiп иiргенiң – Түскен күнi қолыңнан ақырғы ұршық.. 1991 ж. БIРЕУГЕ Мұқатпақ боласың-ау сен өзiңше, Салсам деп бетке шiркеу ел көзiнше. Жетiсiп тұрғандай-ақ өз əуселең, Кiсiге күлесiң сен не жөнiңше. Тойған торай секiлдi торсиясың, Қаңсыған итаяқтай өзегiң ше? Өтiрiк тiсiң шұқып кекiргеннен Не пайда – түсiңе тек көже кiрсе... Қоңырсып iшi-бауырың жанып жатыр – Сиырдың шала кепкен тезегiнше. Көрiнген боқташыққа тұмсық тығып, Жүргенiң иiскелеп мегежiнше.

Əркiмнiң мiнiн терiп, көзбен тiнтiп, Аңдисың көк базардың кезебiнше. Тарпаңсып, тасыраңдап, кеуделейсiң, Бiр сайдың саяз, шолақ өзенiнше. Кездессең əлдеқалай бiр дөкейге, Безесiң боз қоянның көжегiнше. ...Япыр-ау, қайтер едi, кейбiреулер Өзiнiң шама-шарқын сезе бiлсе. 1991 ж. * Ақ қағаздай жаным бар, Сенiң сияң қап-қара. Қара сияң бетiме Шаштың-ау кеп ақтара. Ақ бəтестей арым бар, Сенiң күйең жабысқақ. Қара күйең етiме Жаптың-ау сен тағы ыстап. Қара күйе қолыңда, Жұқпай қалмас – жанассам. Тағдырдың тар жолында Құтылмаспын мен қашсам. Сүттей аппақ көңiл бар, Сенiң ойың қараңғы. Сол түнектiң шетiнен Көрiп қалдым қабанды. Мен қарусыз бiр жанмын, Қабан содан ұялса-ау!.. Ем жоқ жүрек дертiне, Болғанымен қиял сау. Түтiндеген жалын бар, Майша жұғар мақтаға.

Қара жалын өтiнде Қақталып тұр ақ қала. Əдiлетсiз бұл неткен Өмiр едi, масқара! Iшi аппақтың сыртын көр: Тағдыры бар қап-қара! 1991 ж. ҮМIТ ПЕН АРМАН ЖЫЛДАРЫ Етегiн бұршақ бомбылап, Қара тау басын қар алды. Қаршадай сəби қартайып, Қара бiр шашы ағарды. Секемсiз едiң сен кеше, Серiлiк кеттi. Бұл қалай? Шерiңдi төкшi ендеше, Арман мен үмiт жылдары-ай. Күмiлжiп тұрған жайың бар, Ағылда-тегiл жырламай. Iшiңде қандай уайым бар, Үмiт пен арман жылдары-ай. Көзiңдi жерден алмайсың, Басыңа сойыл тиген бе. Үрiп бiр iшiп, барлайсың, Аузың да оңбай күйген бе. От едiң, ендi көр, мiне, Түтiннен бар ма айырмаң. Қызыл тiл былқ-сылқ, кезiнде – “Тағыны жетiп қайырған”. Қашты екен сəнiң қай күнi, Сенiмiң неден сетiлдi.

Тасыған көңiл айдыны Тартылып қалған секiлдi. Мiнезiң неден өзгердi, Қорғаншақ, жалтақ емес ең. Сауықшыл, сайран кездердi Ұмыта қалдың неге сен. Хан ұлындай тектi едiң, Тезек тергенiңе жол болсын. Жылан iнi ме едi жеткенiң, Япыр-ау, қайда келгенсiң. Мүсəпiр халге түскендей, Басыңа қандай зор келдi. Күйрей жеңiлген күштi ердей, Көтере алмай тұрсаң кеудеңдi. Еңсеңдi тiкте, езiлме, Алдан күт. Өткен ендi жоқ. Тəкаппар жастың көзiнде – Бейнең жүр сенiң, белгi боп. Алдыма тосты орманын Шет-шексiз дүние жұмбағы. Кеудеме шоқ боп орнадың, Үмiт пен арман жылдары. О да бiр дəурен екен ғой, Сағымдай дүние алдамшы. Кешiкпей мен де кетем ғой.. Арманды жылдар жалғаншы, сен қалшы!! 1991 ж. ҚҰЛЫН Жаутаңдаған жас құлын – Жаным емей немене.

Жалмаңдаған қасқырың – Жалын емей немене. Аш құлыным қасқырға Жем болмаса игi едi. Жалын ұрды, астында – Жаным, бiрақ күймедi. Ойнақтаған құлынның Қайда кеткен енесi. Қызуы асып тұр ұлдың, Күйiп-жанып денесi. Қосыла алмай үйiрге, Саяқ құлын шеттейдi. Кекшiл ұлдың үйiнде Жылы алақан жетпейдi. Екеуi де тұл жетiм, Тағдырына өкпелi. Ащы таяқ тұщы етiн Бiр тiлгiлер деп пе едi. Əдiлеттiң қолында – Əлдiлердiң шоқпары. Ақ тiлектiң жолында – Залым ойдың шатқалы. Нағыз жаумен тегiнде, Шайқасарсыз ендi Сiз. Ертегi емес өмiрде Кiм жеңерi белгiсiз. Құлын өсiп, батырға Тұлпар болса игi едi. Тасбауыр ұл – аққуға Іңкəр болса игi едi.

Жалғыз шапқан кiсiнеп, Құлын көрсем аяймын. Сипағым кеп жалынан, Жүрексiне таяймын. Кiсiкиiк жануар Ытқып кеттi. Қап, бəле-ай. Жалт-жұлт етiп алтын жал, Сол кеткеннен тоқтамай. Ұзай-ұзай, құлынның Үзiледi-ау қарасы: Кеше менен бүгiннiң Қосылғандай арасы. 1991 ж. КӨШЕДЕГI АРУ Көшемен кетiп барасың, Сұлулық пенен жарасым. Армандай асқақ ақ сəуле Қай жаққа қарай ағасың. Аңғарып қалсаң, ғапу ет, Сұқтанған көздiң қарасын. Сиқырлы демiң тұтатты Сөнген бiр шоқтың шаласын. Аңдаусыз тырнап алдың да Жанымның бiтеу жарасын, Есiме салдың тағы да Көңiлдiң ескi наласын. Аумаған ерке қарлығаш, Қайшылап қанат қағасың. Қара бiр түннiң қойнынан Ақ шырақ болып жанасың. Көктегi Күндей жарқырап, Табындыр адам баласын, Жолаушы көрсең, бер қуат, Ағартып кетшi санасын.

Соңыңнан қуып жете алмай, Жанасып тағы кете алмай, Таппады көңiл сабасын. Қарғам-ау, қайрыл бiр сəтке Бермесең қуат сен дəтке, Əуреге менi саласың. Бiр ауыз тiлге келместен, Жұмбақ боп қалай қаласың. Сəбидей менi тербетсең, Сырыма сонда қанасың. Жүректiң үнiн жеткiзер Таңдап ем дыбыс дарасын. Жүзiк көзiнен өткiзер Жiбектей сөздiң сарасын. Қор болдым, əттең, бiле алмай Болмас бiр iстiң шарасын. Сүйретiп жəне жүре алмай Балауса шақтың шанасын. Қуаты күштi жас түйiн, Құлпыра бүршiк жарасың. Қуарған менiң ернiме Құдiрет нұрын жағасың. Қиналған кəрiп пенденiң Азапты жүзiн алыстан Тəкаппарлана шоласың. Қиралаң қаққан арбадай Қиюы қашқан ауыздың Қимылын аңдап, бағасың. Қиял мен шындық – екi ұдай, Қисынын қалай табасың. Қиыспас қиыр шеттердiң Қисығын немен жабасың. Болғанда мен бiр кəрi ағаш, Тал шыбық-сынды баласың. Туған Ай сəндеп қасыңды, Самал жел шашың тарасын.

Жарға ұрған толқын секiлдi, Кеуденi жүрек жанасын. Сезiмнiң үркек үйiрiн Жартас боп көзiң қамасын. Ойымыз шалғай. Осалмын. Жаным-ау, қалай қосармын – Дарияның екi жағасын, Қыс пенен жаздың арасын. ...Бұл неткен əсем күйтабақ! Состиып тұрмын... сипалап – Тұлпардың сынық тағасын. Сол сынық таға секiлдi – Көңiлдiң шетi кетiлдi, Кiм берер маған жаңасын. Тəңiрiң қосса көнесiң, Көтерiп жəне өлесiң Тəлкекшiл тағдыр жаласын. Қайтейiн, менi бұқтырып, Өткенiн дəурен ұқтырып, Алдымнан өтiп барасың, Сұлулық пенен жарасым. Сездiң бе, аттай тебiскен, Сыртыңнан сенi бөлiскен Мүсəпiр ойлар таласын. Өзiңдi көрiп, қырландым: Қағаз боп ұшқан жылдардың Алтынға балап бағасын. Қол созым ғана жер едi... Шексiздiк бiздi бөледi – Сен онда мəңгi қаласың. Дүниенiң уын сiмiрiп, Мен ала кетем сiңiрiп, Шəрбатына сен қанасың. Татқан соң күздiң дəмiн бiр, Жұтпаспын жаздың ауасын. Шарқ ұрар, шалқыр... Бəрiбiр Таппас бұл көңiл дауасын.

Бауыры нөсер ала бұлт, Тұрақ жоқ сенде, күнi ертең Басқа бiр жаққа жауасың. Опасыз дүние, осылай, Ақ арман – буға айналып, Бiздiң де бастан ауасың. 1991 ж. ЖАСТЫҚТЫҢ БУЫ БАР КЕЗДЕ Буалдыр тұман – ойың да, Мастықтың уы – əр көзде. Бұлқынған жiгер бойыңда – Жастықтың буы бар кезде. Таусыла еске аласың Албырт сол шақтың қызығын. Iшiп-жеп көзбен барасың Батқан бiр күннiң қызылын. Шерменде көңiл ынтызар – Шексiздiк дейтiн тылсымға. Шектеулi ғұмыр – ескi жар, Құламай қалмас бұл сұм да. Баянсыз жалған фəнидiң Бар мұңы сенiң кеудеңде. Iңгəлап туған сəби күн Жарар ма көңiл демдерге. Жалаң бас сөздiң күнəсiн Күпiрлiк санап сəлделi ой, Шарт етiп бiр күн сынасың, Жалт етiп өшкен сəуледей. Құлшылық етiп тəңiрге, Тереңге көмiп көп сырды, Жерлейсiң жүрек – қабiрге, Кеше бар, бүгiн жоқ күндi.

Айтатын нендей уəжiң бар, Тағдырын пенде таңдай ма. Өшпейтiн қатал жазу бар, Жазмыш басқан маңдайға. Мəңгiлiк дертi – ыстық бу, Сарғайған сен бiр жапырақ. Тойымсыз нəпсi – iштегi у, Ұшарға тұрсың қалтырап. Солқылдап шекең сондайда, Сағыныш уы бойды алып, Шал менен қыздай шалғайда Екi ұдай сезiм байланып, Отырасың, сен ұмытып – Барын да ғұмыр сызығы, Жүректiң қанын жылытып, Қимайтын күндер қызуы. 1991 ж. * Ағарған шашты боярсың, Əжiмiн беттiң жоярсың. Айналып соқпас уақыттың Алғанын қайда қоярсың?! Ала тау басын бұлт алар, Аңсатқан шөлiң бiр қанар. Шашылған жүгiң жиналып, Ашылған көрпең қымталар. Бақ қонар... Болар ондай күн, Көңiлiңде қалмас тоңдай мұң. Сауысқаннан артық қай жерiң, Жемiне қонсаң торғайдың. Жалшы деп ұқпа жарлыны, Ақылсыз деме арлыны.

Аз күндiк қана алданыш – Дүниеде бардың барлығы. Көз құрты – түлкi, қыран жас, Жұмарлап бүктеп, құмар бас. Тояттап тұрсың. Ертең ше?.. Оны ешкiм болжап бiле алмас. Рақымы түссе Алланың, Қолдағы алтын – арманың. Есiңе сонда ал бəрiн: Өткiншi дүние – жалғанын. Мал таптың. Одан не шықты? Уақыт – жел, бақыт кешiктi. Бəрiбiр қайта ашу жоқ, Бiр жауып кеткен есiктi. Төрдегi саған бата алмай, Жəутеңдеп қалған ботаңды-ай. Қолыңды қанша созсаң да Қор болар жаның, жете алмай. Оған да көнiп шыдарсың, Көзiңнен тамшы сығарсың. Түсiңе кiрiп сол бота, Дөңбекшiп түндер шығарсың. Тағдырың солай. Дөңбекшi. Астамсып күлдiң. Ендi өксi. Тiршiлiк үшiн тоқыған Торында өлер өрмекшi... 1991 ж. * Аңқылдаған күндер жоқ, Ыстық-суық басылған. Өп-өтiрiк күлген боп, Өте шығам қасыңнан.

Салқын күзде –сары ала Жапырақтар жаңбыры. Құйшы, нөсер, сабала, Тарқасыншы жан мұңы. Алаң-ашық күндер жоқ, Ыңқыл-сыңқыл көбейген. Жұрт қатарлы жүрген боп, Арпалысам көне оймен. Ойлар – менiң тағдырым, Тағдырыма мен бодан. Орындаймын жарлығын, Босанбаспын ендi одан. Соққан желдей теңiзден, Бiр салқын леп еседi. Көк жапырақ жел үзген, Жер қойнына көшедi. Сол жапырақ секiлдi – Менiң алақандарым. Күнге бұршы бетiмдi, Балғын балапандарым. 1991 ж. * Ол күндер ендi қайтып оралмайды! Адамға не бар екен одан қайғы?! Қайыру бермей қашқан қайран көңiл – Көмейi ағытылған тоғандай-ды. Ол күндер аққан селдей өттi-кеттi, Өзiмен бiрге жайпап көп тiлектi. Иесiз шатқалдай боп кеудең қалды, Қараңғы оның iшi – тек түнек-тi. Татқан дəм, баққан қызық – көрген түстей, Өттi өмiр – бiрден санап берген тiстей.

Жер сұлу, аспан жап-жас, ғұмыр – шие, Аттанып сен кетесiң ендi ол пiспей. Ол күндер ендi қайтып келмесi анық! Ентiккен кеудеңдi ая, дем басалық. Əттең-ай, жаси күшiң, ашиды iшiң – Арқаны жүрген кезге кеңге салып. Кеш ендi. Қолда бұғау. Жол байлаулы. Уақыттың найзасы өткiр. Ол қайраулы. Алдың тар, артың қыспақ. Шарқ ұрғанмен, Таппайсың суы тұнық кең қойнауды. Белгiлi ол күндердiң оралмасы, Өзгерiп, кiлт бұрылды жол арнасы. Əнеки, сыпырылып жерде жатыр – Сұлудың қара ормандай қолаң шашы. Ол күндер оралмайды. Күдерiңдi үз. Денең тас. Демiң ызғар, жүрегiң мұз. Ысқырған өзiң де бiр аждаһасың, Тəнiң – қыс, жаның – көктем, реңiң – күз. Ол күндер оралмайды аңсағанмен. Бүгiн жоқ – кешегi елiк самсап өрген. Уақыт бiр – қашқан түлкi, қанжығаңа бөктертпес, болсаң дағы қанша мерген. Ол күндер ендi келмес аһ ұрғанмен, Далбаса – ала өкпе боп қапылғанмен. Хал кетсе, құлағында тышқан ойнар, Арыстан дəуiрiнде ақырғанмен. Не пайда сермегенмен қолыңды құр. Құмырсқа, жүретұғын жолыңды бiл. Кешегi тасқын судай дəуренiң жоқ, Қимылың ыбыр-жыбыр – болдың ығыр.

Ол күндер бұл күндермен қосылмайды, Ойнақ сап ерке құлын жосылмайды. Бұзаудай қазықтағы монтиясың, Ендiгi тiрлiгiңе осы ыңғайлы... Ол күндер оралмайды, күтпе, күтпе.. 1991 ж. * Мен ертең жоқ боламын, тоқта, жаным! Ақ тозаң оранады от қаламым. Ал бүгiн тап-тазамын, сол қаламмен Соңғы рет жарық Күнге хат жазамын. Мен ертең жоқ боламын, тоқта, жаным. Демiңнен ұрсын ыстық бетке жалын. Қара тас-жүрегiмдi ақырғы рет Шоршытып қозғап өтсiн шоқ назарың. Мен ертең жоқ боламын, бүгiн бармын. Бар болсам, ойларымның бүрiн жардым. Сеземiн: бар мен жоқтың шекарасы – Көк бүршiк зəрлi үсiкке ұрынған күн. Бар болсам – күн кешермiн кемiстiкте, Маған да сол жетедi, келiстiк пе. Мен бармын. Жалғыз тамшы сəуле болып, Күнi ертең сiңiп кетем кеңiстiкке. Мен ертең жоқ боламын, тоқта, жаным.. 1991 ж. ТҮН АРУЫ Еңлiк гүлдiң Мен жұқтырдым Кеппеген көз жасын əлi. Қара суық

Қанжар сұғып, Қызыл қаны шашырады. Түнде оянған Гүлдей арман Шексiздiкке асығады. Кəрi ажалдың – Қара жанның Мойнына кеп асылады. Жасты құшқан Əккi дұшпан Сұм пиғылын жасырады. Ожар мыстан Осал тұстан Қулық ойын асырады. Шарап iшкен, Шала пiскен Құмарын жеп масығады. Көңiл жайлап, Ышқыр байлап, Үстiн тыр-тыр қасынады. Қанды пышақ, Зəрлi құшақ – Көргенiнiң осы бəрi. Түнде оянған Гүлдей арман Түнге барып қосылады.. 1991 ж. * Сағы сынар ұстаның – Сабы сынса сапының. Жомарт қолы – қысқаның Тоқым тесер тақымын. Сенген жаның арзулы – Сырың шашса сырт елге, Қан жалаған аузыңды Жетпес жеңiң – сүртерге.

Оқтан қорқып, жазған-ау, Отқа түстiң – не еткенiң? Жанып жатып маздамау – Күлге айналып кеткенiң. Алақаны қылыштың Сипап жазды арқаңды. Саптыаяқпен у iштiң – Сақалыңнан қан тамды. Басы ұшты балтаның, Тiсiң қарш-қарш... айқасқан. Тыртығына арқаның шоқ басқаның – қай сасқан? Уа, бұл, неткен сайқал ең, Қисық қылыш – махаббат. Төгiп те iшiп, шайқап ем.. Шөлдедiм-ау қаталап! 1991 ж. * Таңдаған жолдың қиынын, Тау кезген тарпаң киiгiм. Үп еткен желмен iлесiп, Үдере босты үйiрiң. Секемшiл түйсiк – қаруың, Серiппе мүсiн аруым. Таппайсың iздеп бəрiбiр Жаныңның шипа-даруын. Таппайсың... Олар жоқ ендi. Қансырап суат, жол өлдi. Судағы Айдың сынығы – Сұқсыр боп жүзiп жөнелдi.

Сұрама өткен күндердi. Гүлдердiң жүзiн күл көмдi. Жаныңды қояр жер таппай, Тұтарсың пана кiмдi ендi. Басыңды ұрдың тау-тасқа, Жосылған iзiң – қан-таспа. Қуырдақ болған жаның жеп, Құмарын басты сан қасқа. Фəни бiр – түпсiз иiрiм, Жан даусың шықты-ау, киiгiм. Өзiңдей момын ойларым Таба алар ма iздеп үйiрiн?.. 1991 ж. ҚАЛА МЕН АНА Дем алысы ауырлап, Анаң жатыр төсекте. Қанаты жер бауырлап, Қалаң да тұр өсекте. Соғады, əне, бүлкiлдеп, Алып қала жүрегi. Сол жүректi құлқын кеп торып кетiп жүредi. Құлай кетiп көлденең, Жылайсың сен ендi өксiп. Қан қысымы өрлеген Қалаң жатыр дөңбекшiп. Зəре-құтың қалмаған, Телефонға жетiп ең: “Жедел жəрдем!.. Жан анам... Тез жетiңiз, өтiнем!”

Қалаң – сенiң анаң ғой, Жағдайыңды түсiнем. Меңдегенде адамды ой, Шошиды, рас, түсiнен. Ысып тұр ғой денеңiз, Түсiң қашып, қабара. – Бiз қаланы беремiз Қандай ауруханаға?!. Баласының көп сырын Көре алмайсың шешеден. Бүгiнгiнiң қоқсығын Көме алмайсың кешемен. Кешегi iшкен уыңның Заһары өттi... Не дерсiң! Өкiнiшiн бүгiннiң Ертең кiмнен көрерсiң?.. 1991 ж. * Лашын ғой деп жүргенiң – Жапалақ боп шықпасын, Тышқан аулап тоятын. Түлкi ме деп iлгенiң – Сарышұнақ боп зытпасын, Мысық қылғып қоятын. Асыл ғой деп бiлгенiң – Арзан болып өшкен соң, Бармақ шайна. Не пайда. Зая кеткен күндерiң – Быт-шыт болып көшкен сең, Ұшқан жаңқа, кет, əйда. Айналып бiр келгенде Ұтылатын бiр өзiң, Мейлiң, алдан, мейлi, алда.

Пенде шiркiн өр кеуде, “Өзiм, өзiм!” деп жүрiп, Өлер жерiн ойлар ма. Адал ғой деп сенгенiң – Жемтiк көрген құзғындай Көзiңдi кеп ойғанда, Байыбына сен ненiң Барам дейсiң, көкжалдың Аузына түс, қой бол да. Көз жетер жер – көк тайғақ, Далбасалап көп шаттың. Аршимысың жол күреп? Бөденеге ат байлап, Мұз үстiне от жақтың, Екеуi де ендi жоқ. Алдыңдағы – қызыл су, Артыңда өрт. Тiлсiз жау. О, сормаңдай! Сау болғай. Құлағыңда ызың-шу. Кiмге керек құнсыз дау? Сен бiр жүрген сандалбай. Жетсем деп ең – шегiндiң. Жеңбек едiң – жем болдың. Сен бiр сүйек мүжiлген. Жанға батқан шөгiрдiң Азабынан шерлендiң, Тесiк алма үзiлген. Үсiк ұрған бақшаңды Ендi аяла, мəпеле, Онсыз сенiң күнiң жоқ. Қалтаңда бар ақшаңды Төлеп құтыл қатеңе: Өткен күнге – бүгiн сот. 1991 ж.

АҚЫН Ақын жыр жаза алмады – айлар өттi. Құзғындар ұмытпапты майда кектi. Қапыда опық жеген өр Қыранның Тағдыры Таудың ұлын қайран еттi. Ақын жыр жаза алмады – жылдар өттi. Ол Күнге ғашық едi – түн жар еттi. Бұл дүние тыңдағандай кiмнiң зарын.. Əттең-ай, өңшең қырттың қылжағы өттi. 1991 ж. ШЫНДЫҚ ТУРАЛЫ ЕРТЕГI Түңiлдiм. Тойдым, бiттiм. Қош бол, шындық! Бiз сенi бар екен деп босқа ерсiндiк. Ауыздың аузын ұрып кеткен жоқ па – Жүректiң қабырғасын сөккен сұмдық. Ауызда пəтуа жоқ, қуыс қауыз, Байқасаң, оның өзi – сайқал, жауыз. Жалғандық таққа мiнсе тақсыр болып, Жабыла соның əнiн айтады ауыз. Ойласаң, түзiк емес, бұл да бұзық, Табыла бермейдi одан имандылық: Жаңбырдың суы сiңген топанға ұқсас, Кетедi күн өткенде ми да қызып. Əмiрiн орындатса қолға солар, Сойылын сойлылардың ол да соғар. Билiгi аяқтың да баста болса, Зорлықтың күшiменен жол жасалар. Салмақтап соның бəрiн, iшпен танып, Тереңде салқын жүрек тұрса бағып,

Жындыханаға түскен сау пақырдай Айналар шын пəңгiге, құсаланып. Мiне, сен осындайсың, сайқал шындық! Бiреуге бiреу мұны айтар сыр ғып. Опасыз, опа жаққан дүниенiң Бетiне үңiлгендер байқар сұмдық. – Алты тау, жетi көлдi жапан түзде, Он мыстан, қырық перi тақалды iзге. Сол жерде Шындық шөбi бар екен...– деп Бастайтын ертегiсiн атам бiзге. Сол шөптi кiмдер тапты?– Маған жұмбақ. Мен айтам ендi ертегi, балам тыңдап. Сол шығар, бəлкiм, менiң iздегенiм: Əжемiз шай iшетiн қалампырлап... баяғыда... 1991 ж. ДАУДАН ҚАШАМ Өтiнемiн, тиiспей-ақ қой маған! Жан емеспiн дау-дамайды ойлаған. Еш адаммен шай деспеген күндерiм – Өзiнше бiр кiшi-гiрiм той маған. Сiз ғажапсыз! Мен оңбаған, оңбаған! Жете ме осы? Ризасың ба сен маған? Құдай үшiн тоқтата гөр дауыңды, Көңiлiмдi ете берме ендi алаң. Шатақ қуып күн көретiн жоқ шамам, Қызыл тiлiм қыңыр сөзге бек сараң. Дауылым жоқ даудың отын өршiтер, Көңiлiмнiң көрiгiне шоқ салам. Өнбес даудың өлi шөбiн ормадым, Күндемедiм өрмекшiнiң торларын.

Өз өртiмдi өшiрдiм де iшiмде, Өзгелердi қиянаттан қорғадым. Жалған айтсам, кетейiншi мен оңбай, Құдай ақы, жүргемiн жоқ өле алмай. Күндiк жерден аяғыңның тықырын Ажыратам, төбемдi сол оярдай. Өтiнемiн, қоя тұршы дауыңды, Жаным содан қанша күйiп, ауырды. Запы болған қараторғай-жүрегiм Айлық жерден сезедi ендi дауылды. Даудың бəсiн саған бердiм, керексең, Бұл жарыста чемпионсың, демек, сен. Қош бол ендi, аманымда қайтайын, Сен-ақ жетiс, мүйiз шықса егестен. Ақсиғанда азу тiсiң қабандай, Қарайдың ба, бiр қарсылас таба алмай? Онда саған еш қайыр жоқ менен де, Даудан қашам – жаудан қашқан адамдай. 1991 ж. ТУҒАН ЖЕР ТОЛҒАУЫ Туған жер, атамекен, қара орманым, Өзiңде қалды менiң бала арманым. Жүз бұлақ төскейiңнен өрушi едi.. Бiреуi мен болармын сол арнаның. Туған жер, арқа тiрек тауларым-ай, Саф таза салқын ауа, саумалым-ай. Қайырылмас, қайта келмес қайран күндер, Сары аяз сағыныштан жаурадым-ай. Тар айырық, шөл текшелi – асу белiм, Тасты өзен, шұңқыр жұртты, жасыл көлiм.

Иiскелеп топырағыңды, тасың сүйем, Иiлiп алма ағаштай басым менiң. Сары төбе, төре жайлау – бай бғысым, Қалқан тау – найза қара, байрағы – шың, Санамда өшпес iзiн қалдырыпты, Сахара төрiндегi тай жарысым. Қарақат, таңқурайлы, доланалым, Ұшқатты, тобылғылы көк алабым. Секiлдi қыз бұрымы – шымды бұлақ, Қау шалғын, көк майсалы кең аралым. Сайларым, беткейлерiм, төбе-жалым, Кереге жартастарым, көне жарым. Лебiнен самал ескен сарқырамам – Арудың салады еске орамалын. Құс шулап, жемiс толған тоғайларым, Суы бал, шөбi шүйгiн, тоқ аймағым. Қымыздық, саумалдық пен сары жусан, Ермендi, қалақайлы, шоғайналым. Аюлы шатқалдарым, аңғарларым, Шiлдеде мұзы ерiмес заңғарларым. Сiбiрлеп атқан таңнан, шыққан күннен Өзiңдi көрсем-ау деп армандадым! Көгалға қонған қаздай боз үйлерiм, Боз үйден шыққан iзiм – өз ирегiм. Жылқы айдап, бие байлап, қой қайырған, Бақытқа толы сол бiр кезiм менiң! Онда мен көк балауса егiн едiм.. Ойласам ол күндердi – егiлемiн. Сағыныш – дертiм болды, жүрегiм-ау, Айтшы ендi, табылар ма менiң емiм?!

Адамда таусылған ба жалғанда арман.. Өттiм-ау талай қысаң, тар жолдардан. Тұған ел – тағдырымсың, сен аман бол, Алдыңнан жарылқасын мейiрбанды Аллам! 1991 ж. САҒЫНЫШТЫҢ САРЫ ЖҰРТЫ Шылдырлап шашбауларың, теңгелерiң, Басына жаулық тартқан жеңгелерiм. Су тасып жүрсiңдер ме қос шелекпен, Майысып тал шыбықтай желге белiң. Иiлiп, тiзе бүгiп, сəлем етiп, Маңынан үлкендердiң əрең өтiп. Үзiлiп бет моншағың, жүрсiңдер ме, Əр үйден, əр ауылдан Əдеп оқып. Ат қойған “Еркем”, “Төрем”, “Ақылдым” деп, Қалжыңбас қайындарың – алтын дiңгек. Жарасып əзiлдерiң, жан сырларың, Сендердей кiм бiздермен жақын жүрмек. Жан қайда дəл сендердей бiзге жақын, Жалғасып бiр күлкiмiз жүз болатын. Балалық көңiлдер-ай, өздерiңдi Көлденең көк аттыдан қызғанатын. Күндер-ай, бар қызығын үйе салған: Жүн түтiп, киiз басып, бие сауған. Қайран да асыл менiң жеңгелерiм, Сендерге қазағымның киесi ауған. Қос өрiм, тiрсектi ұрған бұрымдарың, Жалт етiп, ақ маралдай бұрылғаның. Нəзiк үн, əдептi иба, əсем қимыл – Паш етiп Ұят деген ұғым барын..

Кiсiге қарап көздiң қиығымен, Сыр ұққан, ұяң мiнез, бұйығы рең. Сендердей сезiмтал жан таба алам ба, Аумаған сахараның киiгiнен. Тартқандай күйеулерiң өздерiңе, Баттиып бiр қарамай көздерiңе, Алыстан ынтық болып жүретiнi-ай, Iлiкпей сыншыл көздiң безбенiне. Керiмсал кең жайлаудай жеңгелерiм, Шылдырлап жүрмiсiңдер теңгелерiң. Тағы бiр бие бауға барайықшы, Ұлы той өткiзбекшi Жеңген елiм. 1991 ж. МЕН ДОНОРМЫН.. Жан сыздатқан, жазылмас жарам қанша? Қыңқ демеймiн иттей боп таланғанша. Көнем, төзем, шыдаймын – Жүрегiме Ине сұғып, бес шөлмек қан алғанша. Менiң қаным – қорегi сар масаның, Олар, əне, қосуда санға санын. Самолеттер секiлдi от саңғитын, Ызың сеуiп келедi зəрлi сарын. Мен оларды торситып тойындырам, Сосын қайтпас сапарға мойын бұрам. Масалардың өз тойы өздерiнде, Алаңдатып жатпайды ойын бұған. Мен қоңырмын. Донормын. Арызыма қол қойылған. Адалмын парызыма. Ауыр жаралы патриот секiлдiмiн: Имек түтiк бойында – қан ұзына.

Сорады оны насостай қылқан инең. Кетем, өтем осылай бұл фəниден. Өмiрiмдi сыйладым кiмге, не үшiн? Онда iсiм жоқ. Өйткенi донормын мен. 30.12.1991 жыл. * Бейшара пенде – жазмыштың құлы, Бiлмеймiн мен де, ажалым неден. Сезедi, əттең, жүрегiм мұны, Қарабас жылан, қорқамын сенен. Қорқамын сенен, қарабас жылан, Қай күнi келiп шағасың менi. Қанаты сынған құсалы қыран Жолыңда сенiң жатпаса едi. Күнтəждi ханды мұзтəждi шыңда Қарақұрт қалай шақты екен, Алла-ай! Орансам отқа, бөленсем суға, Аңдыған дұшпан тынар ма алмай. Адамның басы – Алланың добы, Тəңiрдiң сыйы – тағдырың тəлкек. Мен келе жатқан арбаның жолы Жыланның iзiн баспай ма, əнтек... Жүрсiң бе торып, жолымды бөгеп, Қарабас жылан, мен сенен қашам. Күтпеймiн сенi, бiлмеймiн кенет... Алдымнан шыға келесiң қашан... 30.12.1991 жыл. ҚАРҒАЛАР ƏНI Қасқырдың əнге қосып қойсыз күнiн, Түлкiге иман бiттi дейсiз бүгiн.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙