Арлан
Төлеу-Мұхаммед Орашбаев
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Төлеу-Мұхаммед Орашбаев - «Арлан» шығармасы.
Тоқтамайды еркектер мен телпектердің жарысы,
Ойлан, қалқам, еркекті еркек етіп келген намысы.
Мұхтар ШАХАНОВ
Әңгіме
Арлан кенет шошып оянғандай болды: ит сезімінің түкпірінен бір бүлкіл бас көтерді, көз алдына аялы алақанның жылылығы, иесінің мейірімге толы көзқарасы елес берді. Құмай басын көтеріп алды да, кең даланың жұпар ауасынан еселеп-еселеп сімірді. Болат тырнақтарын қырбық қар басса да әлі қата қоймаған сортаңға қадап, қара жердің төсін осып-осып жіберді - арыстан уыстан бораған Ызмұхширдың ызғарлы топырағы түйдек-түйдегімен ауада ұшып бара жатты. Арланның тосын әрекетке бет алғанын сезген Төбет ақ төс қарала қаншықтың көзіне енді ілігер сәттің келгенін сезді де бойындағы бар күшін жинап, жалын көтерді, өзінен әлсіздерге ала көздене бір қарап алып, Арланға қарай атылды. Тістерін ақситып, енді Арланға жасқаншақ назарын сала бергенде уыстан ұщқан бір шөкім балшық көзіне дәл қонды: жанары бітелді де қалды. Шабуылға шыққан екпін сап басылды: басын төмен алып, алдыңғы аяғымен жанарын ашып алуға жанталасты. Көзге қонған балшық мол екен: алдыңгы аяқпен бірнеше рет сүйкеп өткенде барып саңылау ашылды, көздің жасымен араласып, сұйық балшық танауына қарай жылжып аға бастады. Балшық басқан жасқаншақ көзге Арлан тұлғасы ілікті.
Құмай Арқашқа қарай маңып бара жатты...
Төбет айбаттанып, барынша даусына каһар қосып маңқ-маңқ үріп жіберді. Өз даусының қасындағы тобырдың еңсесін басып тұрғанын төбет сезді. Бірақ... Арлан барда өзі де көп тобырдың бірі еді. Сол Арланның тобырға ойда жоқта сап ете қалғаны Төбеттің көз алдында әлі тұр... ..."Волга" машинасының алдыңғы орындығында жан-жағын жіті бақылап отырған Құмайдың көзіне топтасып келе жатқан шоғыр бірден ілікті: топты ақ төс қарала қаншық бастап келеді екен. Қаншықпен құйрық тістесіп келе жатқан Төбет дым мерейлі көрінді -жақындағы туыстарына айбат шегіп, арқа жалын күжірейтіп, көкірегінен алапат гүрілдеген дауыс шығарып, үшкір тістерін ақситып көрсетіп қояды. Қан базардан дәмелі төбеттер айбаттан сескенсе де қызықтан шеттеп кете алмай айналшықтап, салп-салп еріп келе жатыр. Өзара бір-біріне ашулы көз қырын салып, ырылдасып та қояды. Орталарына томп етіп кесек түссе, бәрі де алыса кетуге дайын. Сумаң етіп атылып шыққан Арлан тобырдың тас төбесінен түсті: дүрс-дүрс жер төсіне соғылған салмақты аяқ үні тобырдың бәрін елең қақтырды. Бір сәт ит атаулының барлығы да кеуделерінен жаны шығып кеткен, төрт аяқтарының үстінде тік тұрған тірі еліктердей тас мүсін болып қатып қалған: қақ маңдайларында тік құлақ, сарғыш көзі қып-қызыл болып самаладай жанып, төңірекке от шашып, кіші-гірім тайыншадай Арлан тұр еді. Арланның қылыш құйрығы сүйретіліп, едәуір жерді алып жатыр, кере қарыс жазық аршын төсі ақ екен - тобырға көсемдік жасап келе жатқан Төбеттің көзіне бірден ілікті. Төбеттің бойында кенет үрей толқыны сумаң қағып шыға келді: Арланның қаракөк жалы тебендей шаншылып түр. Төбет Арланның қос жанарына шаншыла қарап, бұрынғы дағдыланған әдетімен жасқандырып тастаймын ба деп ойлап еді, жігері жетпеді; қабағын көтеруге бойындағы күшін қанша жинаса да назары төмен түсіп кете берді - көзі Арланның төсінен жоғарыға көтеріле алмай қалды. Арлан сескенбестен тобырдың ортасына жетіп барып, ұшқын шашып тұрған көзін жан-жағына салды: иттердің тобыры осы сәтте ғана есін жинап, Құмайдың көзінен ұшқындап тұрған сәулеге түйреліп қалмайық деген ниетте кеуделеріне жан еніп, қимылдай бастады; бұрылып, мойындарын төмен салып, шетке ығыса түсті; шеттегі дімегөй тобыр жылысып, сәл алыстау жерге барып, жасқаншақтана артына бұрылып тұрды, кейбіреуі ойсыз-ақ ызғар жерге төсін басып жата кетті. Төбет бойын қызғаныштың мың сан оқ жыландары жыбырлата өріп, ит миына қарай қаптап бара жатты. Төбет екіталай күннің туғанын сезді: салмағына қара жер қайысқан Арлан аяқтары серейіп, тайсалмастан төбеден қарап тұр; өкпесі көріктей созылып, пыс-пыс етіп дем алғаны, арыстан жүрегінің дүрс-дүрс соққаны ап-анық кұлағына естіледі. еркектік жігерін жиып, бір қимыл жасаудың керек екенін анық сезді де, тұла бойындағы ашуын көзіне жинап, төменнен ұрлана Құмайға көз қырын тастады: қапталдан қарағанда Төбеттің көз қарашығына Арланның сәл ашылып тұрған жырта қарыс ауызының айналасындағы қара жолағы мен қызыл тілінің бер жағындағы найза тісі шалынды; биік тістің ортан беліндегі бұтақтай түйін де анық көрінді. Бір сәт Төбеттің бойынан сескену толқыны жылжып өтті: талай қанды шайқасты көрген осы төңіректің сырттаны мына бөгде бәсекелесі бұрынғылардың шенінен емес екенін ұғынды - шегінерге де рет жоқ қой; қалт жіберген қателігін кірпік қақпай әзелден күтіп жүрген ауылдастары бірнеше қадам жерде тұрса, күшті тегеуіріннің қанжығасында кете беруді арсынбайтын ақ төс қарала қаншық та көкейдің құрты; Төбет үш оттың ортасында есалаң хал кешті: қанды шайқастың дүбірі кем-кемнен жақындасып келе жатқандай болып сезілді. Тұла бойының жігерін топтау үшін Төбет сіңірлі аяқтарына күш салды, тамағынан қырылдаған үн шығарып, денесіндегі ыстықты көзіне жинады - Арланға шаншыла қарауға ниет етті. Дәл осы сәтте ақ төс қарала қаншық опасыздықтың алғашқы сызығын аттап өтті: жылмаң етіп, үшкір тұмсығын төмен түсірді де жылбысқы сарғыш көзін жағымпаздықпен ойнатып, Арланның алдына бұраң - бұраң ете қисақтап жақындаса түсті. Жер бауырлап жылжып келе жатқан қаншыққа Құмай тас төбеден көз тікті: мұрынына иттің өздеріне тән қолаңса иісі соғылды, иістің қайдан шығып тұрғанын анықтауға ықылас білдіріп, Арлан ақ төс қарала қаншыққа қарай кең танауын бір кез жақындата, енді сәл еңкейе бергенде бүйір тұсынан бір тысырдың шыққанын сақ құлағы ілді. Арлан көзінің қиығына кең ашылған ауыз бен қазқатар тізілген сояудай тістер шалынды: Төбет айбат шегіп, келіп қалған екен. Қағылез, ес білгелі ит таласына әбден жаттығып алған Арлан ірі денелі болса да, көз ілеспес шапшаңдықпен кілт бұрылды. Енді ауыз салуға шақ қалған Төбет кешкі салқын ауаны қауып алды да, екпінін тоқтата алмай Арланның тұсынан өтіп барып сүрінді. Қырбық қарды бұрқ еткізіп, екі-үш ентелеп етпеттеген Төбет тездікпен бойын тіктеді де, іле шала ес жинатпастан Арланға атылды. Арланның күткені де сол еді: Төбет жалын тікірейтіп, жабағы жүні қобырап, алқам салқам күйінде жеке батыр болып, талай итті бойымен басып, талап үйренген өр көкіректікпен бар салмағын сіңірлі артқы аяқтарына сала тіктесу мақсатында қарғи бергенде көзінің алдында қып-қызыл от найзағайдай жарқ ете қалды, миы солқ етіп, жер дүние шырқ айнала жөнелді; Арланның арыстан алақаны оның жүндес құлағының шыққан жеріне діл тиіп еді - Төбет кұлашын жая барып құлады. Арлан лезде қос аяғымен басып, тырп еткізбеді. Танысу төбелестен басталды. ұйыққан иттердің жүректері шайлығып қалды: көз ілеспес тездікте өте шыққан опыр-топыр арпалысты көбісі аңдамай да, сезбей де қалған екен - тек өздерінің көз отын алып жүрген көсемнің үстінде ұры тісі найзадай шаншылып, азуы ақсиған тықыр жүнді сары Арланның тұрғанын көрді. Әдетте Арлан аузын кең ашып, қарсыласын тұрғызбастан-ақ құлақ шекесі мен кеңірдегін қоса қамтып, болат тістерді қысыңқырап-қысыңқырап, екі-үш рет тулақтай сілкіп-сілкіп қалса, кейде найза тіске жылымшы қанмен бірге кеңірдектің ыстық еті де ілесе қопарылып шығатын.
Есті ит Арлан бұл рет Төбетке ауыз салмады.
Жер ызғары Төбеттің тез есін жинауына демеу берді: көз алдындағы қызғыш перде ысырылып, тұманданып үстіндегі тұлға еміс-еміс шалынды, қыбырлап, аяғымен жер тырнап түргелуге күш жинады; үріп, ішкі ашуын шығармақшы болып еді - тамағы қырылдады; көмейі де бітіп қалған екен. Көкірегі сыр-сыр етіп барып, жарықшақ, тарғыл үні қырылдап шықты. Арлан үстінен түсіп кеткен соң барып Төбет үрді: жүні жығылып, жүнжіп қалды. Құйрығы да еріксіз бұтының арасына кіріп кеткен екен, ол күшін жинауды осы құйрықтан бастады - собалақ жүнін қобыратып, артқа қарай созды, бірақ көтеріп алуға жігері жетпеді. Алдында қылыш құйрығы қақайып Арлан тұр: қарала қаншық оның алдыңғы аяқтары арасында жылмаңдап еркелеп жүр... Арлан ұйыққан тобырдың ләззатты күндерінің соңғы сәттеріне тап болып еді, қаздаңдай басып, ақ төс қарала қаншықты емін-еркін меншіктеніп, ауылдан аулаққа Қарақұмның етегіне қарай оңашаға икемдей түсті. Бұлардың ізінен ерген дәмелі топтың қатары да сирексіген-ді - тек қолындағы олжасынан айырылған Төбет әлі де есек дәмемен қанды көздерін Арлан мен ақ төс қараладан ала алмай жүр. Қызғаныш оты ішін өртеп барады. Ашуына шыдай алмай ізге еріп келе жаткан тобырға көмейінен от шашып, арқырап -ырылдап алады, жақындау келген төбеттерге оқыстан тұра ұмтылып, құтырынып жүр. Аузына түссе шайнап тастаудан тайынар емес. Олар жыңғылды құм төбелердің арасында түнді өтіріп еді. Таңғы салқын Арланға жағымсыз тиді: тықыр жүн кескір желге тосқауыл бола алмай, сәл бүрсең қақтырарлық ыңғай білдірді. Арлан көкке тұмсығын көтеріп, бір сәт тап-таза салқын ауадан мейірлене жұтып тұр еді, Төбет бара ақ төс қараланы икемге алып, жәукемдей бастады. Екі аттап жетіп барған Арлан арс ете қалды - Төбет те көз қырымен бағып, сақтықпен күтіп тұр екен: айқаса кетті. Қаншық арадан жылжып шығып, шоқ жыңғылды ықтап, айқасқа жымысқылана көз салды. Төбет Арланның кешегі әдісінен көзінің оты алынғандықтан енді бірден-ақ тіктесіп, тістесіп барып, кек қайтаруды ойға алған-ды: тұра жармасты. Алғаш жақын жерден қолтыққа кіріп кетіп, апыр-топыр ұмар-жұмар айқасты: Төбет өз екпінімен барып Арланның төсіне соқтығысты, азу салып еді, жел қармады - Арлан бұлт етіп тайып кетті. Төбет Арланның қаша ұрыс салғанын сезіп, алапат ашуға мініп, көзі қанталап еселеген қайратпен ұмтылды. Арлан да қас жаулыққа шындап басқан Төбеттің осы рет еш аянбайтынын ұқты: қылыш құйрықты созып жіберіп, Төбетке оқ жыландай атылды. Қос төбет - арландар елсізде, Қарақұмның етегінде ит ләззаты мен қызғаныш шоғына шыдай алмай жекпе - жекке шығып, шайнасты. Тіресе тіктескенде Арланның бойы Төбеттен бір кез биік екен: ол жауыққан қызыл көзге төбеден қарап, отты назарын тікті - аймақты аузына қаратып жүрген маң төбет те осал жау емес екенін Арланның ит санасы жіті ұқты. Арлан өмірінде талай ит шайнасын көрген -қарулы азуында шайналып кеткендер де аз емес-ті. Сонда Арланның өлген иттің тамағына найза тісі кіріп кетіп шықпастан жағының қарысып қалатын бәлесі бар: сол қәлетте шықшытын жұмсақ қолмен сылап сипаласа ғана жағы тез ашылатын. Тістері ақсиып төніп келе жатқан Төбет аузын Арлан қоса қабаттай қамтып тістеді - тіске тіс соғылғанда от ұшқыны шыққандай болды. Төбеттің мұздай суық қара тұмсығымен қоса кере сүйем аузы Арланның болат тістерінің арасында қалды: тұмсықты сығыңқырап барып, сәл босатып, сілкіп жіберді. Арланның тісінде Төбет тұмсығының қол басындай терісі жалбырап ілініп қалды. Арлан аузындағы Төбет терісін ұзын қызыл тілімен итеріп, жерге түсіріп жіберді. Арлан төменгі ерінінің тыз етіп уудай ашығанын енді ғана сезіп қалды - Төбет тісі жақ терісін тіліп кеткен екен. Арлан шын қаһарға мініп, Төбетке жауыздықпен ұмтылып еді, ол құйрығын бұтының арасына тығып алып, екі - үш тоңқалаң асып сүрініп қашумен болды. Өзге төбеттер де төс басып жатқан жерлерінен түргеліп, елге қарай бұрыла бастады. Қылмаңдап қасына келген ақ төс қарала қаншыққа Арлан төбеден қарады: кешегі ыстық жыныстасы қол басындай ұйпаланған терідей қораш көрінді. Арланды жалғыздық, иесіздік сезімі иелеп алды: әдетте ит таласынан соң күле шырай беріп, "Күшім, күшімӘ" деп, жалынан сипап, ашуын басатын иесін іздеді. Ит сезімі адамды аңсады: көсіліп жатқан кең даланың жұпар ауасынан сіміріп - сіміріп жұтты. Арлан - Құмай түркмен елінің Қарақұмға иек артып жатқан жазық далалы, кең өрісті, елді мекен - Ызмұхширдың төсін дүбірлетіп, дүрсілдетіп, Арқашқа қарай асып бара жатты: жер де кең тыныстап, мейірленіп көсіле түсіп жатқандай болды. Жерді оятатын да арландардың болат тұяқты, мол салмақты табандарының ыстық табы ғой...
Қәтеп ауылы
1991 жыл, қаңтар - шілде
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру