Мергендердің күркешесі
Бауыржан Момышұлы
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Бауыржан Момышұлының шығармалары батырлыққа, өрлікке баулиды. Жазушы шығармашылығының ерекшелігі – ойдан шығарылған оқиға мен жасанды кейіпкерлерден аулақ. Көзбен көрген оқиғаларын бойына сіңірген туындылардың әлеуметтік, қоғамдық сипаты басым. Салт-дәстүрін ұлықтап, соның негізінде түйген ойлары...
Әзімханды көрші полктың штабына байланыс жасап, келісіп қызмет істеу жағын сөйлесуге жіберіп, өзім келген жолмен емес, тайганы аралай қайттым. Әзімхан екеуіміз екі жарым сағаттан кейін 284,3 нысаналы төбеде жолықпақшы болып уәделестік. Ол төбеге карта бойынша жалғыз аяқ жол — тропа алып барады. Картаның жер жағдайын түсіндіруінде (легендасында) «тропамен мергендерден басқа кісі жүре алмайды. Екі адам қатар жүруге тар. Жалғыз аяқ тропа», — деген. Штаб шатырынан бес-алты жүз метр ұзамай-ақ тайга дүлейдің ішіне еніп кеттік. Екі адамның құшағы жетпейтін жуан, жүз жасаған емен, арша, аспанмен тірескен сирек бұтақты, кеңірдегі сорайған ұзын қарағай, жалаңаш ақ қайың, тағы түрлі-түрлі ағаштар бірінен-бірі асып өсіп, жерге тамырын терең салып, жуандап өсіп-өнген қалың сыңсыған орман — дүлейді тайга деп атайды. Тайгадағы ағаштарға да мәңгілік жасау жоқ. Жасы жетіп қартайғандарының алдымен басы қурап, өзегін құрт жеп, тамырына зақым тиіп, «ауырып» бір күні «талқаны таусылып» жерді қопара құлап, томары сорайып, теңкиіп, жолды бөгеп жатады. Күзде сарғайып түскен қалың жапырақтар «өліктің» жүзін жауып, жауын суынан, жердің дымқылынан ісіп, өзімен бірге «өлік сүйегін де» шірітуге кіріседі. Төмпешіктеу жерді шұқып, қаза қойсаңыз, 15-20 сантиметрден кейін-ақ кетпеніңіз шіріп жатқан ағаш «өлігі» сары томарға кездеседі. Құлаған ағаштың шіруімен жер байиды. «Өліктің сүйегі» жасөспірім жеткіншектердің тез өсіп, жуандауына жағымды, сіңімді қорек болады. «Біреу өлмей, біреу күн көрмейді» дегенді қазақ дүлей тайгадағы қырық қуыт ағаштарға арнап айтқан ба деймін. Тісі ақсиған жабайы шошқа, аяғын маң-маң басқан аңқау қара аю, қара көк қасқыр, мүйізі найзаның ұшындай, құлағы едірейген, бота көзді, жіңішке, тік аяқ елік, басында тас жарғандай жан-жаққа бытырап бұтақтанып өскен мүйізі бар, үлкендігі тайынша танадай бурыл - қоңыр бұғы, құйрығы бір будақ, алдамшы қара қоңыр түлкі, ағаш басын тұрақ еткен ақ тиін - тышқан, алақандай сары көзді, ағаш басында уілдеп отырған үкі, тағы басқа жабайы аң, құс, жәндіктерді тайганың тұрақты «ел-жұрты» десек те болады. Олардың жыртқыштарынан басқалары жабайы өскен мәуе - жеміс, ағаш тамырын жеп, жаңғақ шағып күнелтеді. Адам баласы тайганың етегіне жақындап орналасқаннан бастап, айуандар өздеріне қауіпсіз отан іздеп тайганың төріне ауған. Сондықтан осы кезде тайганың етегінде ірі аңдар сирек кездеседі. Біздің келе жатқан жолымыз — ауға шығып, аң соңынан түскен мергендердің ізі. Ағаш сондай қалың, ну түлей болып өскен, жалғыз аяқ жолдан бұрылып, ойдағы жерден жүріп кетуге болмайды. Шыбық - шілік, жаңа өспірім қарағайдың, еменнің, қайыңның немере-шөберелері бірімен-бірі шатасып, шырмалып «ит мұрны өтпейтін» болып біткен. Олардың бұтағы ат үстінде кетіп бара жатқанда үзеңгіге жабысып, қонышыңды жыртып иіліп, жазыларда аттың бауырын шерте сабалайды. Табан асты майда - ірісі аралас шіріп жатқан томар, шоқ бырт жүруге өте ыңғайсыз - ақ. Атымыз қайта-қайта сүрініп, тайғанап келеді. Қиыр Шығыстың ауа райы бір күннің ішінде бірнеше құбылып, түзеледі. Таңертең жадырап шыққан күннің күлімдеген сәулесіне көңілді деп сенуге болмайды. Жарым жолға жеткенде ауаның сайтаны ұстап, түнеріп, аспанды қара бұлт қаптап, қарсы алдымыздан желдетіп нөсер жаңбыр төгіп жіберді. Еменді паналап тұрып, жауындық шекпенімізді (плащымызды) киіп алдық. Жаңбырдың әр тамшысы торғайдың жұмыртқасындай, сыртылдап бет қаратпай ұрып тұр, аттарымыздың құлағына су кіріп, басын шайқап, елу метр жүргенде, тізгінге бой бермей, бұрылып, артын жауынға беріп тұра қалады. Бұл тайганың ішінде ағашты паналап келе жатқанымыз бір - сәрі — егер тегіс далада бұл жауынға душар болсақ, халіміздің не боларын өзіңіз - ақ болжай беріңіз. Есімізді жинап алғанша, жер жүзіне су қаптап сел болды. Ойпаң жерлер қызыл лай суға толып, жықпыл қуалап, тау өзеніндей бүлініп, көбіктеніп, сарқырап, түйедей томарларды ойыншықтай дөңгелетіп ағызып барады. Алдымыздан сондай бір селдің өзені бөгет болды. Судың түріне қарап, өтуге батылымыз бармай, біраз тұрдық. Жағалап жүріп, енді бір жай қуат жеріне кез болдық.
Қасымыздағы атқосшыға:
— Ал, Макаров жолдас, тәуекелге бел байладық, — деп атымызды шпорлап, қамшылай беріп өзенге түстім.
Су үзеңгіден асып, тоқымдыққа жеткенде, ағысына қарата жұлып кетіп барады. Ортасына барғанда астымдағы атым шөгіп кетті. Не болса да атпен бірге кетейін деп аяғымды үзеңгіден шығармай, тізгінімді қысқарта тартып, аттың басын көтере ұстадым. Ағып барамыз. Атым басын су бетіне шығарып, пырылдап, осқырып жүзе бастады. Су аттың үстіндегі менің де белдігіме жетті. Аттың жүгі жеңілденсін деген оймен, жалын қолыма орай ұстап, үстінен жантая суға құладым. Ат су бетіне қалқып шығып, ердің қасы көрінді. Жүзе білмегендіктен аяқ-қолыммен ешқандай әрекет істегенім жоқ. Сенгенім, сыйынған пірім «ақыл - теке» жұмыртқадай боз аттың күші болды. Тырмысып, ат жалын қолымнан шығармай сүйретіліп келе жатырмын.
— Товарищ лейтенант, берегитесь, бревно, — деген Макаровтың айқайымен артыма жалт қарасам, ол да менен жоғары 20-25 метр қатар жүзіп келе жатыр екен. Айтқанындай - ақ бір сажин келте қарағай жыланша сумаңдап, бір толқыннан бір толқынға секіріп, біресе сүңгіп, біресе қалқып, келіп қалды. Бұрын кетуге дәрмен де, лаж да жоқ, көзімді ашып-жұмғанша қарағай мен толқын мені дәлдеп атты. Аттың құйымшағынан келіп тиіп, менің аяғыма бұтағы ілініп, мені аттан ажырата жаздады. Аттан айрылу маған өлім еді. Біраздан соң толқын тышқанмен ойнаған мысықтай бізді жағадағы құмға лақтырып тастады. Атымыз қалтырап тұра қалып сілкінді. Үстіміз лай, су. Аман шыққанымызға риза болып, қару-жарақ, ер-тұрманымызды тәртіптеп, киімімізді сығып, қайта киіндік. Планшеткамдағы картаның шеті ғана су болған екен, құбыланама (компасты) қолыма алып, болжап, тұрған жерімізді картадан таптым. Жалғыз аяқ жолдан 800-900 метрдей төмен ағып барып шығыппыз. Жалғыз аяқ жолға қайтадан түсу үшін тағы да жаңағы өзенді жағалап жүруге тура келді. Аттарымыз да, өзіміз де қалшылдап, тісіміз сақылдап, дірілдеп келе жатырмыз. Жолға түсіп біраз жүргеннен кейін, жалғыз күрке ағаш үйге кез болдық. Ішіне кірсек, тастан қалаған ошақ пеш бар екен. Пештің үстіндегі шақпақпен қуды тұтатып, бұрыштағы жинаулы отыннан алып, пешті жағып, аттар қасында қалған Макаровты шақырдым. Шешініп үйдің ішінде ілулі тұрған заттарға көзі түсіп:
— Мына ілулі тұрғандар не, лейтенант жолдас? — деп сұрады.
— Мергендердің қойып кеткен нәрселері ғой. Төрдегі ілулі тұрған қапшықтың ішінде «қайтарда жермін» деп тастап кеткен бір мергеннің жол азығы болуы керек.
— Міне, қызық, біреу алып кетсе қайтеді, иесіз үйге тастап кеткені несі! — деп Макаров таң қалып, екінші шұлғауының буын бұрқыратып кептіріп, пешке отын тастап отыр.
— Жоқ, ешкім алмайды, тайганың заңы солай, тайга ұлдары ол заңды бұлжытпай орындайды.
— Бұл үйді мергендердің артелі салдырған болар, қарауыл қоймаса да, еш болмаса, құлыптап кетпегені несі? — деп Макаров тағы сұрақ қойды.
— Бұл үйді кімнің тұрғызғанын білмеймін, мергендер аралайтын тайганың етегінде осы сияқты үйлерді кездестіруге болады. Бұл үйге кез келген мерген кіріп, демалып, тамақтанып, түнейді. Аудан қайтарда, осы үйге соғармын дегендері жол азығының, қару-жарағының, киімдерінің артық бастысын осы үйге тастап, өзімен бірге керектісін ғана алып кетеді. Ол қайтқанша, қойып кеткен заттарын ешкім орнынан қозғамайды. Үй жоқ жерде мергендер нәрсесін ағаштың бұтағына іліп кетсе де, оған иесінен басқа ешкім тимейді. Мына бұрыштағы жиналып тұрған отын — кейінгі кезде қонған мергеннің жарып жинап кеткен отыны, басқа мерген келіп қонса, осы отынды жағып, кетерінде орнын толтырып, үйдің ішін сыпырып кетеді, — деп Макаровқа түсіндіруге тура келді.
— Міне, тәртіп, мергендер қандай әдепті, қандай сезімді, тайганың заңы өте таңқаларлық екен. Лейтенант жолдас, сіз тайганың заңын қайдан білесіз, сіздің елде де тайга бола ма? — деді.
— Біздің елде тайга жоқ, кең мидай дала болады. Даланың да өз заңы бар, мен тайганың заңын көркем әдебиеттен оқып білгенмін. Тайганы осы Қиыр Шығысқа келгелі беpі ақ көрдім. Тайганың ұлы болмасақ та, оның заңын бұзбауымыз керек.
Жарайды, лейтенант жолдас, мен үйді мергендерден де әдемілеп, тәртіптеп қояйын, — деп Макаров орнынан қарғып тұрып, үйдің ішін ынтасымен сыпырып, тазартып жатқанда, мен бір парақ қағазға: «Екі қызыл әскер, үсті-басы су болып, шаршап-шалдығып келіп, сіздердің күркешелеріңізді паналап, киімдерін кептіріп, бір-екі сағат дем алды. Барлық осы күркені паналаушы мергендерге шын жүрегімізбен алғыс айтамыз. Отын жарып, орнын толтыруға жанымызда балтамыз болмады. Айыпқа бұйырмаңыздар», — деп хат жазып, үйдің маңдайшасындағы ағаш шегеге ілдім.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру