Арманымның бейнесі
Қалқаман Сарин
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Қазақ поэзиясының жаңа толқыны қатарындағы ақын Қалқаман Сариннің өлеңдері шынайылығымен, өзіндік мәнерімен ерекшеленеді. Бұл тұңғыш жыр жинағына енген туындылары Алла есіміне айтылар мадақтан басталып, ар-ұят, иман, адамгершілік, махаббат, туған ауыл, ел мен жер тақырыптарын қамтыған. Айтарын жыр тілімен айшықтап айта білетін ақынның өз табиғатына тән сабыр мен тереңдік, сырбаздық пен ізеттілік ө
ҚАЛҚАМАН САРИН
АСТАНА, 2010
Қалқаман Сарин. Арманымның бейнесі. Өлеңдер жинағы. Астана: Нұра-Астана, 2010. – 106 бет Қазақ поэзиясының жаңа толқыны қатарындағы ақын Қалқаман Сариннің өлеңдері шынайылығымен, өзіндік мәнерімен ерекшеленеді. Бұл тұңғыш жыр жинағына енген туындылары Алла есіміне айтылар мадақтан басталып, ар-ұят, иман, адамгершілік, махаббат, туған ауыл, ел мен жер тақырыптарын қамтыған. Айтарын жыр тілімен айшықтап айта білетін ақынның өз табиғатына тән сабыр мен тереңдік, сырбаздық пен ізеттілік өлеңдеріне де мінез болып көшкен. Жас қаламгердің поэтикалық кеңістігі өзіндік бояу, астарлы ой, риясыз сезімге толы. Жыр жинағы оқырмандар жүрегіне жол табарына сенімдіміз.
Сезім болып төгілген жібек жырлар Қалқаман Сариннің өлең-жырларын күнделікті баспасөз беттерінен бұрын кездестірген емес едім. Кішкене радиоқабылдағышымнан «Жібек сезім» деген әнді естідім. Әуелі пәлендей мән бермеп едім, екінші рет естігенде әбден рахаттанып тыңдадым. «Жібек сезім» - керемет ән! Соңғы жылдары қай топыраққа тамыр жайғаны белгісіз, әуеннен жұрдай, сарт-сұрт ритммен онсыз да елеуреген жастарды еліктіретін әнсымақтар көбейіп кетті және оларды ұялмай-қызармай теледидардан, радиодан беріп жатады. Оларға «мынауың ән емес, айқай, сондықтан мұныңды қой» дейтін ешкім жоқ. Сонымен «Жібек сезімнің» әуеніне тонның ішкі бауындай жарасып тұрған сөзін жазған ақынды таптым. Қалқаман Сарин Қарауылда туған жас екен. Жастардың Халықаралық «Шабыт» фестиваліне қатысып, жүлделі орынды иеленді. Кейін бір топ өлеңдеріңді біздің «Тұмар» журналымызға әкелсең деп едім, алып келді. Өлеңдерінде мұң тұнып тұр. Өзім де мұңды жаза-жаза шаршағаннан ба, оқырманның жүрегін қуаныш үлпіліне бөлейтін шуағы молдау өлеңдер жазған дұрыс болар еді деп едім, Қалқаман үндей қоймады. Біреу пікір айтты екен деп жалма-жан жазған-сызғандарын қайта қарап, кеңес үкіметінің тұсындағы цензурадан өткізердей әлек-шәлегі шығатындар болады. Ондайлар өзіндік «мені» жоқ, әйтеуір газет-журналға жариялаудың, немесе кітап шығарудың амалын іздейтіндер деп ойлаймын. Қалқаманның «Арманымның бейнесі» атты кітабының қолжазбасы жас ақынның тұңғыш жинағы екен. Баяғыда тұңғыш кітап деген атпен он бес-жиырма беттен тұратын кітапшаны біз де шығарғанбыз. Ондағы өлеңдер де еліктеу-солықтаудан туған дүниелер болатын. Ал, Қалқаманның бұл қолжазбасы бірнеше жинақ шығарған майталман ақынның кезекті кітабы секілді. «Алланың аты – ақиқат» деген топтамамен басталатын қолжазба бірнеше бөлімнен тұрады. Туған ауылға деген қимастық сезім Отанға деген шынайы махаббатқа ұласады. «Махаббатсыз дүние бос» деп ұлы Абай айтқандай, жас ақынның бұл тақырыптағы өлеңдері де – кімнің болса да жүрегін шымырлататын нәзік сезімнен туған дүниелер. Мұнда өтірік талықсу, жақсы көрудің жәйі осы шығар деп өліп-өшкен болу атымен жоқ, орынды-орынсыз ақыл айту да кездеспейді, адамзатпен бірге жасайтын поэзия осылай болуы керек. Жалпы, поэзия – адам жанының көшірмесі. Мен Қалқаман ақынның өлеңдерінен үзіп-жұлып мысал келтіруім ретсіз деп ойлаймын. Ойлы оқырман өзі оқып, өз бағасын берер. Химия қосылмаған баяғының жібегіндей сезімнен өрілген жырлар жүректерге жол табады деген пікірдемін. Фариза Оңғарсынова 12. 10.2010. Астана.
БІРІНШІ БӨЛІМ
«АЛЛАНЫҢ БАРЫ - АҚИҚАТ»
АЛЛАНЫҢ БАРЫ - АҚИҚАТ
«Алладан басқа жоқ Тәңір,
Мұхаммед – оның елшісі».
Соны айтып жаннат баққа кір,
Иманың – жанның емшісі.
Болуы қиын Хаққа құл,
Ібіліс болса көршісі.
Адамның бәрі жатбауыр –
Заманның жалған кем тұсы.
Жер бетіндегі көп қабір –
Адамның алған еншісі.
Құлдың да құлдан несі артық?
Нәпсісін түгел тыйса артық.
Зікір ғып Хақты ішінен,
Иманын кәміл жыйса артық.
Разы боп қылған ісінен,
Раббыңның өзі сүйсе артық.
Жәннаттан бір жай күтіп ең,
Кірерсің сонда күй шалқып.
Анаңның аппақ сүтінен,
Жұмақтың жұпар иісі аңқып.
Ғибадат жасап құрметпен,
Жаратқан хақтың нұрын көр.
Пайғамбар салған сүннетпен,
Жаңылмай жолдан жүріңдер.
Жұмағың жаннат, гүл-Көктем,
Тұрағың болмас жұмыр жер.
Рақым нұр жауып тұр көктен,
Танитын соны ілім бер.
Құлшылық еткен үмметке
Тіршілік етер ғұмыр бер!
Өтпелі мына ғасырдың,
Өткелі қиын жол болар.
Мерейі тасып тасырдың,
Асылдың бағы кем болар.
Сынағы ол да Хакимнің,
Шүкірлік етсең жөн болар.
Есіктен кірген басыңның,
Алатын орны төр болар.
Бесіктен шыққан басыңның,
Баратын жері көр болар.
Құранның сөзі – қасиет,
Пайғамбар сөзі – өсиет.
Ұмытпа сабыр етуді
Көрсең де қайғы, қасырет.
Бабалар өткен не түрлі,
Иманы жалғыз досы боп.
Сүйгені сүннет секілді
Бұйрығы хақтың осы деп.
Ғибратты ғұмыр кешуді,
Бізге де Алла нәсіп ет!
ӨМІР ӨЛШЕМІ (АЗАН МЕН НАМАЗ)
Құдайға құл екенін күнде айғақтап,
Көрмеген тірі жанды бір ғайбаттап.
Оңаша ойға батып отырды қарт,
Жанында немересі жүрді ойнақтап.
Маңдайдан бала терін тамшылатып,
Қасына келді дағы шаң шұбатып.
Ерке ұлға ес кіргендей:
– Ата! – деді,
– Ғұмыры бір адамның қанша уақыт?
Сұрақты күтпегенмен дәл осындай,
Қария жауап берді баласынбай.
– Ғұмыры бір адамның түсінгенге,
Азан менен намаздың арасындай!
Алланың пендесіне көп сынағы...
Қарт адам ойын солай топшылады.
Таң қалып немересі:
– Адамдардың
Өмірі неге қысқа? – деп сұрады.
– Қорықпай, ой жүгіртіп қарашы, әкем,
Жаныңа болсын сабыр, парасат ем.
Қамшы ғұмыр – «намазсыз азан» менен
«Азансыз намазыңның» арасы екен.
– Санама жауабыңыз тіпті сіңбей,
Сөзіңді тұрмын, ата, түк түсінбей?
Ақсақал әңгімесін жалғастырды
Жас ұлдың жүрегіне жүк түсірмей:
– Өткенде есіңде ме, тыңда, балам,
Көрші үйде сәби туды іңгәлаған.
Сәбидің құлағына азан айтып
Ат қойып бермеп пе еді діндар адам?!
– Соған куә қылды ма көрші бәрін?
– Айналдым ақылыңнан, жөн сұрағың.
Намазы сол азанның оқылған жоқ,
«Намазсыз азан» деген сол шырағым!
Өмірге келу – қызық, қайту – қайғы.
Амалың, сауабыңды айқындайды.
Ал адам өлген кезде оқылатын
Намаздың азаны, ұлым, айтылмайды.
«Азансыз намаз» деген осы, қарғам,
Өлім – хақ, тұратұғын тосып алдан.
– Неге азан шақырмайды?
– Тоқта, бала,
Ұмытпау керек мұны есі бар жан.
Бүгінгі емес, бақилық бақытты ойлан,
Қайтатұғын келеді уақыт тойдан.
Ол намаздың азанын, есіңде ме,
Адам туған кезінде оқып қойған...
Бес парыз бұйрық болып жетсе Алладан,
Мүміндер сан сауаптан кеш қалмаған.
Сондықтан құлшылық қып аз ғұмырда,
Сәт сайын бір Алланы еске ал, балам.
ӘДЕП
Бір ғұлама, тәрбиесі тым бөлек,
Шәкірттердің қарсы алдына бірде кеп.
Түзу сызық сызып қойып тақтаға,
Сынақ болар сұрақ қойды «Бұл не?» – деп.
Біреулері: «Бұл бір деген сан» – деді,
Біреулері: «Бәлкім, жалғыз жан...» – деді.
Біреулері «Таяқша,-деп, тік тұрған,
Улап-шулап айтып жатты әр нені.
Бағанадан болып жатқан құр әлек,
Шәкірттерге тақпай ұстаз кінә көп.
– Білмесеңдер, енді біліп жүріңдер,
Бір дегенім – баға жетпес бұл ӘДЕП!
– Деп ғұлама өзі берді жауабын,
Алла берер айтқан сөздің сауабын.
Бір артынан НӨЛ-ді жазып: «Бұл не?» – деп,
Ұстаз адам тағы қойды сауалын.
Сол болған соң көзі жетіп көргені,
Бәрі бірдей жауап беріп «НӨЛ!» - деді.
– Жоқ, балалар, БІЛІМ! – деді, бұл деген,
Таң қалысып қалды бұған сенгені...
Нөл артынан нөлді жазып тағы да,
– АҚЫЛ! – деді, керек бұл да жаныңа.
Мұның атын: ӨНЕР! – деді ғұлама,
Тағы да бір нөлді қосып соңына.
Біреулері мұның сырын кеш ұғып,
Біреулері қағазына көшіріп
Жатыр еді, алдындағы сызықты,
Өз қолымен тастады да өшіріп,
Ұстаздары: – Не қалды? – деп сұрады,
Ал шәкірттер кейіпке еніп кінәлі,
Кілең нөлдің қалғанына таңданып,
Бірі күліп, бірі іштей жылады.
...Көкжиектен бара жатты күн қайтып,
Мұның мәнін түсінеді кім қайтіп?...
Ақыл, білім, өнеріңнің ӘДЕПСІЗ,
НӨЛ екенін ғұлама адам тұрды айтып.
ЗАҢ – ДӘСТҮР
Ата заңымның анасы болған дәстүрім,
Ата салтында – ғажайып ғұрып, жақсы ырым.
Ата бабамның ақ отау, алтын бесігі –
Атамекенім! Алладан соңғы басты ұғым!
Шариятымды, ар-ұятымды шаң басып,
Шаңырақ қалды. Шежіре сырдан шал қашып.
Шала білетін ұлтымның ұлық тарихын,
Шалағайлар жүр ата дәстүрден алжасып.
Қасиет қалмай, береке болмай ісімде,
Қас дұшпан келіп қасықтап қанымды ішуде.
Қасымхандардың қасқа жолынан адасып,
Қасқырдай болып ұлиды- ау, үрей ішімде.
Есімнен қалған елді адастырмас ескі жол,
Есімдегі әлгі ән, «Елім- ай» еміс естілер.
Есіктен қарап қалмасын қайран қазағым,
Есілге қонған есіл ерлерім, есті бол!
Тәуелсіздіктің жолында кеше мың өлдік,
Тәубасын айтып Тәңірге бүгін жүрер жұрт.
Тәуекел етіп, жеті жұртымның қамын жеп,
Тәукедей, сірә, жасайтын кім бар бір ерлік?!
Залалы тимей заманды мынау кім күштер?
Заңғар таулардай бола алар ма екен «білгіштер»
Заманалардан қазақтың заңы – дәстүр ғой,
Заң бұзғандардың бәрі де, ендеше, қылмыскер.
Сөндірмей шоғын үміттің,
Етекті басқан бақ пен сор.
Адасып мен де жүріппін,
Шындықты көрмей, әттең, сол.
Тәрізді кейде көлеңкең
Қасыңда жүрер дос пен қас.
Түсіндім енді, мені ертең
Еңіреп ешкім еске алмас.
Көктемін аңсап текті жер,
Алмасып жатар қыс пен жаз.
Келгенін күздің жеткізер
Басыңнаң биік ұшқан қаз.
Өмірің – жалған, не керек,
Жұмақты сұра күн мен түн!
Міні жоқ, кемел, керемет
Аңсамас Хақтың кім көркін?
Жаратқан сыйы емес пе,
Жеті қат мынау жер мен көк?
Құдіретті Құдай, демеске
Пендеде, біздей, дәрмен жоқ.
Есінді жина, ей, Адам,
Етегін жапсын ұл мен қыз!
Құдайдан, бізді аяған,
Қорықпай қалай жүргенбіз?
МАДАҚТАП МІНСІЗ АЛЛАНЫ...
Жарлы жұртымның жағасы жыртық...
Жар астында ма жақсылық?
Кетіпті елдің арасын ірітіп,
Жалғанды жалмап жоқшылық...
Қайтады қашан қазақтың кегі,
Жазмыш не дейді, көк аспан?
Шекесіне оның азаптың мөрі.
Басылған ба екен о бастан?
Жер бетіндегі нала-сұмдықтың,
Қасіреттердің көптігі...
Олардың бәрі жанашырлықтың,
Жанашырлықтың жоқтығы!
Жаттайын тынбай аят-сүрені
Мадақтап Мінсіз Алланы.
Ойсыз күндерден, оятшы мені,
Әдіре қалсын қалғаны...
ҚАДІР ТҮНІ
Құл болу құрмет қой, ҚҰДАЙҒА,
Фәнилік ұмытып уайымды.
Нұр шашқан нығметті бұл айда,
Бір түн бар - мың айдан қайырлы!
Бұл түнді тең қылған бір Аллаһ!
Сексен үш жыл менен төрт айға.
Бұл түнде бұйырған ҚҰРАН – бақ,
Әр жолы – Ақиқат, мол пайда.
Көбейтіп мүміннің несібін,
Раббымыз бұл түнді сый еткен.
Дұғамыз: КЕШІРІМ, КЕШІРІМ,
...Тек қана тап-таза ниетпен!
Ондаған жылдардың амалын,
Бір түнге Тәңірім сыйғызып,
Бергенде, сол болсын жауабым
Маңдайды сәждеге тигізіп...
Кел, бауыр, құлшылық қылайық,
Сан түрлі сауаптан құр қалмай.
Ақ таңды қарсы алып тұрайық,
Анадан пәк болып туғандай.
Көшеде адасып кісі көп,
Мешіттің есігін таппай жүр.
Мұхаммед үмметі, шүкір ет,
Басқаға бермеген бақ қой бұл!.
АЛЛАҺУ АКБАР!!!
БҰЛ ӨМІР...
Жастығың жара бермес бүршік ыңғай.
Бұл өмір қысқа, құстың тұмсығындай,
Өкініп өткен күнге өксігенмен,
Жуарсың көңіліңнің кіршігін қай?
Бұл өмір – ойнап жүріп от басулар.
Кездейсоқ кездесулер, қоштасулар.
Таусылған тағдырларды теңдеп алып,
Келмеске кеткен сонау көп ғасырлар.
Бұл өмір – жауабы жоқ, сұрағы бар,
Алдамшы арзан бақтан кім арылар?
Қаңтарда көбелек боп жауған қардың,
Көктемде көз жасына куә қылар.
Бұл өмір – кімге мәнді, кімге мәнсіз?
(Сағымдай бірде жоқсыз, бірде барсыз).
«Қар жаумай, қазан ұрмай солып қалар»,
Қайтейін ғұмырымды гүлден әлсіз.
Бұл өмір – бізге мәлім өткел сынды,
Өтем деп сол өткелді көп тер сіңді.
Жазғырып Жаратқанды жылаймыз-ау,
Жүргендей қатар кешіп от пен суды.
Бұл өмір өтпес, өтсек біз өтерміз,
Қыс, Көктем, жасыл Жаз бен Күз екенбіз.
Тұншығып жасына әбден көзіміздің
Бір күні еріп кетер мұз екенбіз.
ЕКІНШІ БӨЛІМ
САҒЫНТАР ЖАЛҒЫЗ МЕКЕН
ЖЕР БЕТІНДЕ....
ҚАРАУЫЛ. ҚАРАӨЛЕҢ
Қара өлеңнің мекені – Қарауылға келемін,
Қара өлеңнің қамы еді, қарап жүрмей жегенім.
Қарағанның ішіне көп тығылып ойнайтын,
Қара өлеңге құмартқан қара бала мен едім.
Қара Ертісті жағалай толқып келе жатырмын,
Қара басып қалардай, қорқып келе жатырмын.
Қараой менен Қарасаз, Қарауылдың мұңы бір,
Қара нарға мұңымды артып келе жатырмын.
Қараөткелдің бойынан Қарауылға бұрылып,
Қара жолдың үстінде қуып келем бір үміт.
Қараша үйдің есігін көп кешікпей ашармын,
Қара жорғам астымда кетпесе егер сүрініп.
Қара торы жігіт боп қалғанымды көрсем деп,
Қарай-қарай жолыма қайран анам кемсеңдеп,
Қараңғыда аптығып шыға келсе алдымнан,
Қара таудай қасқайып тұрар ма екем мен сергек.
Қара ұлына байлаған бағыланды сойдырып,
Қарапайым қызықты қайран әкем той қылып...
Қара қойдың сорпасы бұрқ-сарқ етіп қайнаған,
Қара қазан жататын бәрімізді тойдырып.
Қара нанға сары май жағып алып жейтұғын,
Қара суға қанағат, қарын тойды дейтұғын.
Қара жаяу, қайғысыз көше бойлап жүгірген,
Қарадүрсін кешегі сағындырды-ау кей күнім.
Қара сиыр сүтімен қою шайды ішетін,
Қара кемпір сөйтіп ап қара терге түсетін.
Қараң қалғыр! – деп қойып қарайғанға ұрысып,
Қара күбі қымызды қайта-қайта пісетін.
Қара қыздар кешегі – қара көзді келіншек,
Қара шашын тарайтын қапияда көрінсек.
Қара түнде ақсүйек ойнамайды енді олар,
Қара барқыт кеште де шыққысы жоқ, еріншек.
Қарақұрым халықтың халі бөлек бүгінде,
Қара жаңбыр жауып тұр қар аралас іңірде.
Қара суық күз келіп қалтырайды қу тірлік,
Қара торғай секілді қарағаштың түбінде.
Қарауылда қалды әне, қара шалым, тектім-ау,
Қара шалдан қалғаны – Қара шаңырақ тек мынау.
Қара күйе жағылып арыңа аппақ, ауылым,
Қара ниет қоғамның құрбаны боп кеттің-ау...
ТЕСІКТАС
Саған деген көңілдегі күй – үнім,
Сағынышым, сан мың мақам иірім.
Таңғажайып тағдырың бар, Тесіктас –
Сенсің менің ең алғашқы биігім!
Әппақ үміт алып-ұшып асыға,
Арманымды қашап жаздым тасыңа.
Бар әлемді көріп тұрмын деуші едім,
Балалықпен шығып алып басыңа.
Тас дегенде тас емес ең, тау едің,
Ашылмаған сырға толы әлемің.
Ғасырлардың омырауынан үзілген,
Сезілетін маған ауыр әуенің.
Түнгі аспанға тесігіңнен телміріп,
Таңды атырдым талай жұлдыз сөндіріп.
Саған деген сағынышым ғұмырлық,
Таусыз жерді жүргеніммен төр қылып.
Маған жұмбақ сенің тарғыл тағдырың,
Жалғыздықтың жалғыз тартып бар жүгін.
Жарылмастан қайтіп, қалай жатырсың,
Замандардың жұтып алып зар-мұңын?
Тереңдерден талып жеткен тынысың,
Жастығымның жалаулаған жырысың.
«Тесік моншақ жерде қалмас» десе де,
Елде қалған ең қымбаттың бірісің!
АРҚАТ
Сарғайып саган келдім, Арқат ауылым,
(Сағынса жыр арнайтын салты атамның).
Тұп-тұнық кәусарыңнан қанып ішіп,
Шерімді шемен болған тарқатармын.
Жатырқап мені неге тұр мынау бақ,
Көңілін көбелек жүр гүлдің аулап.
Еркелеп ерте шыққан күн нұрына,
Келеді құлын күнім құлдыраңдап.
Аңсарым алыс кетсем ауған саған,
Ауыл ең, тұла бойын тау қоршаған.
Аңқыған иісі бар таудың гүлі –
Алайын бір рахат жанға аршадан.
Тұңғиық түнді талай кешіп бастан,
Сырыңды кетіп едім еш ұқпастан.
Балалық күндерімнің күнделігін,
Оқиын тебіреніп Тесіктастан.
Сарқуыс, Сарқырама, Тулақ – тоғай,
Теріп ек доланасын шулап талай.
Шөлімді қандыратын қанша ішсем де,
Бұлақтың көзі қалған құрғап қалай?
Аспаным алабұртып менің мөлдір,
Жас жаным жаңбыр күтіп көгімнен бір.
Таңдайын кеуіп жатқан қырат-қырдың,
Жып-жылы жібітетін төгілген нұр.
О, менің Туған жерім – дертім ішкі,
Сендегі қасіреттің өрті күшті.
Кешегі қырық жылғы жарылыстың,
Жарасы жанды ауыртар қорқынышты.
Қойлы ауыл, қоңыр өлке, аттылы қыр,
Сағынған дала жүрек қақты дүбір.
Уланып үнсіз ғана өтті-ау сенде,
Уыздай уылжыған тәтті ғұмыр.
ДАЛА
Кермиық далам, келем көсіліп,
Аяғым асты көк шалғын.
Төсіңнен текті өлең көшіріп,
Батыр бабамды еске алдым.
Көгімде менің қалықтап ұшқан,
Кереге қанат – қыран құс.
Шетінен – Шешен, Алып, Данышпан,
Бабаларыма мың алғыс!
Бозарып атқан бозала таңнан,
Бозторғай үнін естимін.
Ұлдары – ұлт боп ҚАЗАҚ атанған,
Еңісте тұрған ескі үйдің.
Керілген керім кербез даламда,
Көлім де есен, тау аман.
Жусанын желпіп жел қозғағанда,
Жұпар аңқиды ауадан.
Домбыра далам, тоғыз пернелім!
Шанағы шерлі мұң сіңген.
Қоңыр төбелі қобыз кеуделім,
Момын молалар күрсінген...
Далиған мынау далада жүрміз,
Дара нұр төгіп қыр таңы.
Соры бес елі Бабалардың – Біз
Бағы батпандай ұрпағы!
АРҚАТТАҒЫ БІЗДІҢ ҮЙ
Ауыл. Түнді жамылып ап,
Түгел тылсым көшке еретін.
...Біздің үйдің шамы бірақ,
Бәрінен де кеш сөнетін.
Ай көңілге нұрын сеуіп,
Қиял құштық үйге сыймай.
Кеш батса да жүруші едік,
Кешіп бастан күйді осындай.
Тұла бойдан текті аңқытып,
– Болармысың мұнша қырсық,
Әкеңе айтам! – деп қорқытып,
Жүреді Анам жұмсақ ұрсып.
Анам – момын, Әкем – қатал,
Бір біріне жақын, серік.
Кілең ұлдар қатар-қатар,
Кілем үсті жатушы едік.
Шілде күні. Өрт айнала,
Терезеден түскен арай.
Ойын қуған өңкей бала,
Оянушы ек түске қарай.
Жалаң аяқ жаз өтеді,
(Есейдік-ау біздер ептеп.)
Жаңа киім қажет еді,
– Не киеміз? Күзде – мектеп.
Ақ көйлекті (ағамдікі),
Кетседағы сарғыш тартып,
Киім қылып маған бүтін,
Беруші еді сәл қысқартып.
Таңсәріден, тым тымырсық,
Мектеп бардық таласа ерте.
Қалтамызда – құрт, ірімшік,
Арқамызда – ала сөмке.
Ауылдағы үй! Бақ, ырысым,
Бақытым да – өзіңде еді.
Саған деген сағынышым,
Содан бері көз ілмеді.
Бар байлығым сенде менің,
Өтсе дағы уақыт сырғып.
Жаратқанға тәубе дедім,
Жаратпаған бақытсыз қып.
ЕРТІСТІҢ БОЙЫ...
Ертістің бойы – ескі жұрт,
Қарауыл. Қара шаңырақ.
Есілдің бойы...
Кешкілік
Жұлдыздан алқа тағынад.
Ертістің бойы – ескі өлең,
Сол өлең қымбат бізге тым.
Есілдің бойы...
(Өспеген,
Жалғыз менің қызметім).
Ертістің бойы – ескі Оба,
Жидебай жырлы Күмбезім !
Есілдің бойы...
Астана!
...Тиіп кетпесің тіл – көзің!
Ертістің бойы – ескі Алаш!
Тәуелсіз ойдың мекені!
Есілдің бойы...
Ексе ағаш,
Бәйтерек болып кетеді...
Ертістің бойы – ескі арба,
Көнеден келген Керуен.
Есілдің бойы...
Достарға
Қосыла қалсаң - серуен...
Ертістің бойы – ескі індет.
(Дертіме дауа берші, Аллам?!.)
Есілдің бойы...
Ешкім жоқ,
«Ереуіл атқа ер салған!»
Ертістің бойы – ескі ауыл,
Естілік одан кеткен жоқ.
Есілдің бойы...
Дос, бауыр,
Ешкімге ешбір өкпем жоқ.
Ертістің бойы – ескі мұң,
Бояуы сіңген бойыма.
Есілдің бойы.
Кешқұрым.
Осы өлең келді ойыма.
АСТАНА
Астанам! Ару қалам, асқақ ордам,
Қалың жұрт, қазағыма қақпа болған.
Ту ұстап, тұлпар мінген бабаларым,
Бермеген ел намысын жатқа қолдан.
Бозоғым, бозбеткейлім, баққа оранған,
Тарихтың қойнауынан тапқан олжам.
Баянды бақытымның бастауындай,
Айналдың Астанаға аппақ арман...
Жар болып Жаббар Ие жалғыз ғана,
Ғасырға аяқ бастық ал біз жаңа.
Сұрланып сырт айналған суық көздер
Қарайды әлі саған сәл қызғана.
Көш келді Қараөткелге өр тұлғалы,
Кеңесін ерлерімнің ел тыңдады.
Тұлғасы бой көтерді Хан Кененің
Жарасып жарқ-жұрқ еткен ер-тұрманы.
Ертеңің ұлтын сүйген ұлыңа сын,
Қашанда еркіндіктің құны басым.
Керіліп кербез далам көсіледі,
Сезініп бостандықтың шұғыласын!
Сан ғасыр армандаған Алаш бабам,
Жалғанды жалт қаратты жаңа Астанам.
Бірлікті байрақ етіп болашаққа,
Барайын, уа, Жаратқан, жол аш маған!
ТУҒАН АУЫЛ
Туған ауыл, сен үшін тер төкпедім,
Кешір мені, кеш мені, сен текті елім!
Бір сағыныш мазалап ертелі-кеш,
Жүреді ылғи жанымды өртеп менің.
Туған ауыл. Бәрі есте... Балалық шақ,
Қалаға кеп қаңғырдық қалам ұстап.
Кешір мені, күнәсіз балалығым,
Қала алмадым ауылда саған ұқсап.
Қатты маған қызуың күннен сенің,
Сағынышым өзіңсің, мұң мен шерім.
Қайран ауыл, қалдың-ау үзіп алып,
Жұдырықтай жүректің бір бөлшегін.
Тұрғанда жасыл өлке жырға тұнып,
Көшіріп алушы едім, қырда отырып.
Жауһардай жырға құмар жүрегімді,
Алар ма ем, тұнығыңа бір батырып.
Көнермес қасиет бар келбетінде,
Сағынтар жалғыз мекен жер бетінде!
Ауылым, сенен алған тұнық сезім,
Жанымды бір ән болып тербетуде.
Бәрі есімде бал ғұмыр, бала кездің,
Арман қудым. Ат міндім. Дала кездім.
Қазыналым, қымбатсың маған мәңгі,
Қарашығы секілді қара көздің!
АУЫЛҒА БАРДЫМ...
Ауылға бардым... бала күндерім кекілді,
Алдымнан шықты. Ақ жауын жуып бетімді,
Алақаныма тамшысы жылы тиеді,
Аяулы анамның аппақ жаулығы секілді.
Тірліктің мынау тозаңы түгел басылып,
Күн шықты кенет аспанның көзі ашылып.
Жазира белдің жұпар ауасын жұтамын,
Жанымның мұңын жап-жасыл желек жасырып.
Табиғат – Ана бауырына басып лезде,
Мейірімін төгіп мендегі мөлдір мінезге.
Ерке күндердің елесін беріп сол сәтте,
Күннің де анау құйылып тұрды нұры өзге.
Көңілді, шіркін, көк шалғынға алса аунатып,
Сағынышымның сөнбейтін отын лаулатып.
Аспанға өрлеп, ақ бұлтқа қолым созамын,
Қиялым менің қиналмай шығып тауға тік.
Арманыма ұқсас ақша бұлттардың үлпілдек,
Жанары жасқа толып тұр тағы шүлпілдеп.
Бала күндердің есімнен кетпес елесі,
Батқан күнменен барады сөніп біртіндеп.
Шаңдақ жол жатыр шақырып тағы шалғайға,
Жазғырма мені... Жазылған тағдыр маңдайға.
Кетуге, бірақ, қия алмай тұрмын, тамсанып
Анамның берген ақ құртын салып таңдайға.
АНАШЫМ
Асыл ана! Түсімде көрем сені,
Бұрынғыдай емессің неге еңселі?
Мен білсем, саған деген сағыныштың,
Осынау жұмыр жерде жоқ өлшемі.
Тербеп сол сағыныштың күшті ырғағы,
Елжіреп елесіңді құштым тағы.
Хат байлап қанатына жіберер ем,
Бармайды-ау, біздің жаққа құстың бәрі.
Не таптым, белден кетіп бетегелі?!
Қалаға қаңғыбас ой жетеледі.
Жақұттап жазу үшін осы өлеңді,
Бастауыш білімім де жетер еді.
Дүние шыр айналып шарайнадай,
Жолыма қала бердің қарай-қарай.
Қайырымсыз қалаға, мейірімді,
Қалдырып кете бергем қалай ғана-ай?!
Ал, бүгін ақын болды ақылды ұлың,
Жанымды жегідей жеп жатыр мұңым.
Ардақтап арнамасам саған өлең,
Адыра қалатындай ақындығым.
Білмеймін, бұл қаладан бақ табам ба?
Жабығып жүргендеймін жат ғаламда.
...Тарылған көшелері тас қаладан,
Тарыдай бір мейірім таппағанда,
Сені сағынып кетем, анашым!
Аянатқа
Қызым менің, қызығым, Аянашым!
Анаң сенің жүзіңді аяласын.
Таң нұрымен таранып еркем ертең,
Күн нұрымен бойжетіп боянасың.
Қызым келді өмірге, көз қуаныш
Қуаныштан қиялды кездім алыс.
Мәпелеген ботам-ау, бір мен үшін,
«Әке» деген ардақты сөз жұбаныш.
Бірегейі сен едің көп үміттің,
Ниет қылып Алладан сені күттім.
Менен асқан бақытты жан бар ма екен
Құшағымда тұрғандай көрініп Күн.
Жұдырықтай жүректің бөлшегісің,
Анаң барда асқақсың, еңселісің.
Өмірімнің жалғасы – ерке құсым,
Өлең жазам өлмейтін мен сен үшін!
ҚЫЗЫМ МЕНІҢ…
Қызым менің,
Сәуле шашып ойнасын жүзіңде күн.
Өз қолыммен өсірген қызғалдағым,
Қаламаймын гүлімнің үзілгенін.
Қызым менің,
Қылығыңды тәп-тәтті жүзім дедім.
Бұл өмірдің бақ тұнған бақшасынан,
Жемісіңді қалаған үзіп жегін.
Қызым менің,
Болашағыңды ойлаумен бұзылды өңім.
Қысқа-қысқа тағдырлар құрайды екен,
Тарам-тарам тірліктің ұзын жолын.
Қызым менің,
Бой жетерсің боялып қызылға ерін.
Бұл әкеңнің тілегі: анаңдай бол,
Анаң сенің атанған түзу келін.
ҮШІНШІ БӨЛІМ
ШЫР АЙНАЛҒАН ДҮНИЕ – АЙ, ТАҒДЫРЛЫ
ҰРШЫҚ...
КӨКТЕМ
Жүрегіме жыр құйып көктен сарнап,
Мынау – менің құстарым жеткен самғап.
Қара жердің қайғысын сейілтеді,
Қанатынан күміс нұр көктем саулап.
Соғады әлсіз жібектей жел жұмсарып,
Жұпар еміп жібиді бел бусанып.
Сағыныштың тамшысын көктен үзіп,
Cал-көктемге жылайды жер мұң шағып.
Сабағынан сығалап сан мың бүршік,
Тал, терекке қолтаңба қалдырды шық.
Көктем мен жаз, күз бен қыс өрнек салар,
Шыр айналған дүние-ай, тағдырлы ұршық.
Күн көзінен күрең бұлт үркіп қашып,
Жер көктемге өлердей ынтық, ғашық.
...Кәрі қыстың кеткісі келмегендей,
Бір аяғын барады сылтып басып.
САҒЫНЫШ...
Ғазал көктемім, жазар көктемім!
Қайдасың? Сенсіз мазам жоқ менің.
Сабырым қашып сағынып жүрмін,
Көліме қонып қаз әндеткенін,
Жеріме келіп жаз әндеткенін...
Аңсаған үлбір үкілі бақты,
Мендік жүректің лүпілі қатты.
Қаталдығынан қайтпаған әлі,
Қаһарлы қыстың үкімі қатты.
Қамалып қарға кешкі бақтарда,
Тоңады бүршік тек шыдап талда.
Сағынышымды сыр қып айтамын,
Сарғайып жатқан ескі хаттарға.
Толғағы келіп толағай жырдың,
Қорегі болдым қомағай мұңның.
Ғазал көктемім, жазар көктемім!
Сен едің сыйлы қонағы айдынның.
Орайын таппай ойымдағы дау,
Өзіңді күтіп уайымдадым-ау.
«Сүйем!» деп сені сыбырлап тұрмын,
Сүйеніп үнсіз қайыңға мынау.
ЖАЗ ЖАМАЛЫ
Арқаның аңғал ақ самалы есіп,
Жаз дәурен келді бақшама көшіп.
Мөлдір бұлақтар шолпысын тағып,
Балғын құрақтар сәт санап өсіп...
Тап-таза ауаны таңнан сіңіріп,
Көлеңке түссе таудан шұбырып.
Сауығып санам сергіп қаламын,
Самаллан салқын саумал сіміріп.
Бөктерге тұнған бозқара тұман,
Тудырар тағы аз ғана күмән.
Аңсатқан әппақ мезгілдің жыры,
Еседі еркелеп қаз қанатынан.
Күн сәулесінен сәукеле киіп,
Гүл аңқып жатыр әр төбем иіп...
Жанары жәудір жаздың жамалы,
Маңғаз далама мәртебе биік.
Сәнімен бөлек салтанат құрып,
Аңсарым жетті Арқаға аптығып.
Шабындыққа анау шалғы тимеген,
Жатар ма шіркін, шалқалап тұрып.
Сағынтқан сазды сырласы оралып,
Алып аспанның тұлғасы ағарып...
Әуелеп асқақ аққу ұшады,
Ақша бұлттардан ту жасап алып.
Мамырлап маусым мақпал іңірлі,
Кеші де керім қоп-қоңыр үнді.
Мүлгіген түнге мамық төсейін,
Маңайға шашып мақта жырымды.
Мөлдір мекені көл беті қаздың.
Көңілді арбаған келбеті жаздың.
Сарғайып, бір күн кетеді-ау ол да,
Жанымды осылай тербетіп аз күн.
МАҚТА ҚАР....
Мақта қар жауып тұр мақтаншақ,
Айнала шашылып ақ моншақ.
Ал менің жапырақ – жүрегім,
Жабықты жаз күнін қатты аңсап.
Қар жауды. Ұялшақ көктемнің,
Салқындық тағы да өпті ернін.
Құтқарып алатын мені ойдан,
Қайдасың көріктім, жоқ белгің.
Мен сені қамығып қанша күн,
Сағынып іздедім, аңсадым.
Бақ ішін қатал қыс кезіп жүр,
Тоңдырып сәмбітал саусағын.
Жазығы жоқ қардың кіршіксіз.
Бүріскен бұтасы бүршіксіз,
Ақ қайың, арманым тек менің
Мұңайып тұрғандай мұң – шықсыз.
ТАМШЫ - ТАҒДЫР
Алматы. Жып-жылы жаңбыры
Жанына ол қыздың ұнайтын.
Ал оның тағдыры, жан-мұңы
Жарысып жаңбырмен жылайтын.
Ақ нөсер астында тұратын,
Оларда ұқсастық бар шығар.
Бір-бірін тек үнсіз ұғатын.
Тамшыға қосылып тамшылар.
Қарайтын тамшының көзіне
Себебі, тым жақсы көретін.
Мөп-мөлдір моншаққа өзі де
Айналып кеткісі келетін...
ҚЫС. ЕЛЕС.
Менің сырқат санамды сауықтырған,
Қарға қарап, қуандым жауып тұрған.
Қар астында қамалып қалса дедім,
Қу тірлігім жанымды жалықтырған.
Аспанымнан ағылған ақ қар мынау,
Ағыл-тегіл сырыңды ақтардың-ау.
Жауған қарға көз алмай қарап тұрдым,
Тереземнен телміріп, қатқан қырау.
Көзіме көрінгенмен алыс мүлде,
Қиялым қанат қақты таныс күнге.
Ақ адал балалығым асыр салып,
Алаңсыз ойнап жатты қар үстінде.
Айнала ажарланған ақ күміс күн,
Сол кезде баянсыз бір бақты құштым.
Арманым ақ сағымға сіңіп кетті,
Қалмады. Құшағыма қатты қыстым.
Бұл өзі елес екен, жан жұбатпақ,
Ғұмыры қысқа болды қардың әппақ.
Жер бетінде мәңгілік қалмас ешкім,
Қысты да көктем келіп зар жылатпақ.
...Бүгін тағы толассыз жауды аппақ қар,
Көңілсіз құлазиды жаурап бақтар.
Жер бетіне жеткізіп ғайып сырын,
Түсіп жатыр аспаннан саулап хаттар.
АҚ ҰЛПА ҚАР
Ақ ұлпа қар қылаулап,
Жауады жанды баурап.
Алаңсыз асыр салып,
Келеді-ау алғым аунап.
Ақ ұлпа қар – көбелек,
Жауғаны сән керемет!
Жер бетін жатыр міне,
Ақ қанат әнге бөлеп.
Ақ ұлпа қарда менің –
Балалық бар дәуренім.
Қарға ұқсап кетер едім,
Жетсе егер әл-дәрменім.
Ақ ұлпа қар – құсым ед,
Жерге оның қонғысы жоқ.
Мен іштей түсінемін,
Қара жер – қарғысы көп.
Ақ ұлпа қар – ғажайып,
Амалсыз (қалды азайып).
Қонады қара жерге,
Қанатын зорға жайып.
Ақ ұлпа қар!...
КҮЗГІ КӨРІНІС
Көңілді қоңыр салқын саз жүдетіп,
Көз жетті кеткеніне жаздың өтіп.
Құлайды жапырақтар құба талдан,
Күрең күз құдіретіне тағзым етіп.
Кеші еді солқылдаған күздің суық,
Не шара, жасыл жаздан үздірсе үміт?
Базары тарқап кеткен бақ ішінде
Күтіп тұр әлдекімді Қыз күрсініп.
Жас талдың аптыққан жел есін алды,
Құрғырдың қылығы жоқ еш ұнамды.
Жылаған жапырақтың жетім күйі,
Әп сәтте көңіліме көшіп алды.
Арқаның өңменімнен өтті желі,
Күдерін қайтқан құстан көк те үзеді,
Бозбауыр бала бұлттар боздап тұрып,
Бораған қыстан хабар жеткізеді.
Бәлкім бұл кездесу ме тұңғыш, ап-пақ,
Бақтағы қыз да сабыр тұрды сақтап.
...Бір жігіт сұр көшеге көрік беріп,
Келеді қызыл-жасыл гүл құшақтап.
Елемей қырды гүлсіз, күнді нұрсыз,
Кездесіп тұрды екеуі. ...Тұрмын үнсіз.
Батырған мені мұңға қоңыр Күз бен
Жігіттің қолындағы гүл ғұмырсыз...
ЖЫЛЫ ЖАҢБЫР ҚҰЙЫП ТҰР
Жылы жаңбыр құйып тұр. Құйса, құйсын!
Далам жатыр аңқытып жусан иісін.
Жалаң аяқ жүгіріп мұндай шақта,
Еркелеген анаңа бір сәбисің.
Жаушы, жаңбыр, жауа түс, жаушы, жаңбыр,
Естімеген адамзат ән шығар бұл?!
Періштелер қондырған қанатымен,
О, құдірет ! Тамып тұр тамшыдан нұр!
Жаушы, жаңбыр, алмасып тозаң нұрға,
Бой көтерсін бозкөде бозаң қырда.
Жұпар шашып жағалай жатсын өлкем,
Жердің беті құлпырып көз алдымда.
Құдіреттің қуатын дәл мүсіндеп,
Періштелер аспанға салды сурет.
Кеңістіктей кеңейіп көкірегім,
Жүрегіме осы нұр мәңгі сіңбек.
Жаушы, жаңбыр, жауа түс, жаушы, жаңбыр,
Естімеген адамзат ән шығар бұл?!
Періштелер қондырған сендегі мен,
Ғашық болып өтемін тамшыға әрбір.
АҚ ЖАУЫН
Боздасын, бәрі боздасын,
Малмандай басып су – қайғы.
Аспанның көріп көз жасын,
Қара жер қайтып құрғайды?!.
Жауын боп көктен мұң ақсын,
Жатпайды жуас жер сілкіп.
Жылағандарды жұбатсын,
Жанарларын жел сүртіп.
Жылмаңдап ақпа жылғамен,
Сұрауың бар ғой, су – тірлік.
Тазарсын мынау күллі әлем,
Күйбең де күйбең қу тірлік!
Сар далам өзі-ақ сабырлы,
Сабалап оны не керек?
Сыздатпай менің жанымды,
Себелеп жаушы, себелеп...
Ей, жауын!
ТЕРБЕЛІК ТІРШІЛІКТІҢ…
Айнымас қасиетін мәңгі сақтап,
Келеді бар әлемді таң құшақтап.
Сәулелі сұлу күннің саусағынан
Шашылып жер бетіне алғыс әппақ.
Жамылған жағасына құрақ көрпе,
Беймаза бұрала аққан бұлақ та ерке.
Шағылып алтын сәуле күміс суға
Шомылды сұлулыққа шуақты өлке.
Көңілім мұны көріп болады асқақ,
Өмірін жатқандай бір жаңа бастап.
Күннің еміп шұрайлы сүт – сәулесін
Таулар жатыр денесін жалаңаштап.
Күн қандай! Керім өлке... керемет жаз,
Алаңсыз аспанымда әуелеп қаз.
Аз ғұмыр – жаз ғұмырды сезер ме екен,
Айтып жүр гүл біткенге көбелек наз.
Самал жел салқын ғана есіп өткен,
Тербейді табиғатты осы леппен.
Қызығын жарық күннің көтере алмай
Шулайды жан-жануар есі кеткен.
Бұл күннің ғажап еді хошы неткен,
Тұр едім тау басында есінеп мен.
Малынып күн нұрына жатты осылай
Тербеліп тіршіліктің бесігі еппен!
КЕШІККЕН КӨКТЕМ
Етек-жеңі жиылмай,
Жатып алды кыс мынау.
Көңіл күй де – бұйырмай,
Қоңыр күйге түстім-ау.
Қытымыр қыс тұр әлі,
Кірпігіне мұз қатып.
Ызғырық жел ұрады,
Тұла бойды сыздатып.
Бізге жеткен көктем жоқ,
Жеткенменен мезгілі.
Жырлағанмен көк тер боп,
Болмайды екен сөз құны.
Құстар... Хабар бермейді,
Кешігуде көктемім.
Күндіз… көргім келмейді,
Күнтізбенің беттерін.
Барып қайттым баққа мың,
Көктем іздеп көшеден.
Іздегенмен таппадым,
Оған куә осы өлең.
Бар бақытты... Биылғы,
Көктем алып келердей.
Көптен күткен сыйымды,
Көктен алып берердей...
Күтіп жүрмін мен оны,
Көңілге сол қуаныш.
...Жалықтырды себебі,
Жатып алған мына Қыс.
АҢСАР
Тәкәппәр таудың етегі туған өлкеміз...
(Таңсық қой таудың ұлына тулаған теңіз).
Түсімде мені қол бұлғап шақырады ылғи,
Толқынға қарап, толықсып тұрған ерке қыз.
Аңсайды жаным жабығып теңізді менің,
Айдында жүзген аққумен егіз жүрегім.
Арманымды айтып ақ мамық ақша бұлттарға,
Аспанға қарап көгілдір неге үздігемін?
Арманыма ұқсас Аққуды – киелі құсты,
Айнымас асқақ сезіммен сүйемін ішкі.
Сағыныш болып тербеткен ақын жүректі,
Арман-ай, арман, бұл неткен күй еді күшті?!.
Ғашықпын, теңіз, сендегі асау ғұмырға,
Желкенін керіп жастығым жасаулы жырға.
Толқынға тәнім шайылып, туласын журек,
Қамалып қала беремін қашанғы мұңға?
Сағына берем теңізді, телегейімді,
Тұңғиығына батырып терең ойымды,
Алсам-ау, шіркін... Сүйсе ғой толқын – қыз келіп,
Өлең боп кеткен осынау өне бойымды.
Түн. Бұлыңғыр бір мұңға боялды көк,
Мен отырмын, ой – сергек, ояу – жүрек.
Алабұртып аспаннан іздегенім -
Үнсіз ғана сырласар аяулым ед...
Әппақ, әппақ арманым Айға асығып,
Қайтып жерге түседі қайғы асынып.
Жұбатады жанымды, кірпігіне
Жұлдыз біткен жылт еткен ой жасырып.
Меңіреу түн. Айнала – керең құлақ.
Айсыз аспан. Бір жұлдыз төмен құлап,
Кеңістікке жұтылып кетті тағы,
Жеткізе алмай бір хабар сенен бірақ.
Тұңғиықтан тұйық сыр қашап алып,
Құлазиды көңілім қоса налып.
Менің таудай мұңымды көтере алмай,
Қара түннің кетеді шашы ағарып.
Айым, сенсіз мына түн тым үрейлі,
Тұншықтырып тастайтын тұнық ойды.
Мейірленіп мен үнсіз қарасам да,
Қара аспанның қабағы жібімейді.
Көк ішінде адасқан сен де жалғыз,
Көп ішінде адасқан мен де жалғыз.
Бөлісуге келгенде елге адалмыз,
Көрісуге келгенде кембағалмыз.
ТӨРТІНШІ БӨЛІМ
МАЛЫНЫП ШЕРГЕ, САҒЫНЫП СЕН ДЕ
ЖҮРМІСІҢ...
АЙСҰЛУ
Арқанын керім кешінде, жаным, кездестік,
Сұлуды көрсем жан емес едім сезбес түк.
Білектей бұрым, беліңе дейін бұралып,
Төгіліп тұрды. Көрініп тұрды көзге ыстық.
Қызарып барып кірпігін Күн де жапты әрең,
Жарық жалғанмен қоштасып үнсіз жатты әлем.
Жұлдызды аспанды жанарына алған сыйдырып,
Айға ұқсап туған арманым, неткен, әппақ ең!
Балдай қылығың бағаңды бірден арттырып,
Жанымды өртедің, жанарыңды оттай жалт бұрып.
Әппақ арманым, бұрала билеп жүрдің сен,
Қап-қара түнге қара бұрымды лақтырып.
Жұлдыздың бәрі жымың қаққанда бізді аңдып,
Әлдиге бөлеп Ай нұрын төкті Ізгі ән ғып.
Көшенің көкшіл шамынан сонда шошынып,
Сәулені сүйген сәби сезімді қызғандық.
Балауса сезім көңілге сеуіп балдай мұң,
Батқан күнменен кеткендей көшіп бар қайғым.
Жүзіңнен сенің үзіліп түскен нұрменен,
Үлбіреп тұрған үміттерімді жалғаймын.
Сыңар боп туған шығарсың мендік мұңмен сен,
Шіркін-ай саған аспаннан үзіп гүл берсем.
Тұп-тұнық түнде бір жұлдыз ағып түскенше,
Арман жоқ саған сертімді беріп үлгерсем...
САҒЫНБАУҒА...
Кешегі өткен күндердің бәрі сәтті емес,
Сәтсіздіктен де іздеймін жаным, тәтті елес.
Сағыныш деген ғажайып ғұмыр кешемін,
Жетуге саған амалым болмай, әттең, еш.
Бұлыңғыр тартып, бұлтты күн де тым баяу,
Өтпейді. Өтсе, отырам оймен түнде ояу.
Саруайымменен, сарғаюменен күн кешіп,
Санама менің сіңіп барады бір бояу.
Толқыған жүрек, балқыған сезім тудырып,
Ол күндер кетті кірпікке ауыр мұңды іліп.
Малынып шерге, сағынып сен де жүрмісің,
Жаныңды, қарғам, жасына көздің жудырып.
Кетсе де мейлі аспанның асты тарылып,
(Серуен құрам, тәтті елес, сені сағынып).
Қанатын керген қара түндерден іздеймін,
Іздеймін анау аспанға сансыз шам іліп.
Жұлдызды аспаным жымың қаққанда жақын кеп,
Жұлдыздан құрап жазамын өлең ақын боп.
Қалайда, жаным, сені ұмытуға тиіспін,
Ал сағынбауға хақым жоқ!
СОҢҒЫ ҮМІТ
Көктемім өзің едің күзде келген,
Жаралған жан дүниең ізгі өлеңнен.
Сен менен алыс кеттің, арманым-ай,
Мен сенен үмітімді үзбегенмен.
Жанымды жүз қуантып, жүз жылатып,
Кетсе де жүрмін сол бір күзді ұнатып.
Қуанып қос ғашыққа қол бұлғайтын,
Шақырып баққа қарай бізді бақыт.
Аспанда сан мың жұлдыз жымыңдасып,
Айға сыр айтатындай сыбырласып.
...Жанымды жапырақ қып жайып тастап,
Тұрушы ем жалғыз саған сырымды ашып.
Тұрсаң да қарсы алдымда күліп керім,
Қайрылмай кетеріңді біліп пе едім?
Желіккен желмен ұшып кетті-ау сонда,
Үзілген жапырақтай... үміттерім.
Сендегі суынғанда сезім нұрлы,
Мендегі махаббат та көзін жұмды.
Мұңайып мұңға батқан бақ та мынау,
Менің жалғыздығымды сезіндірді,
Сен жоқсың... Түз – меңіреу. Күзім – керең,
Көктемнің күзгі бақтан ізін көрем.
Ілініп жалғыз ғана жапырақ тұр,
Мүмкін... сол соңғы үмітім үзілмеген.
КЕЗДЕСТІК ҚОШТАСҚАЛЫ...
Көлдей тұнық көзіңмен қызықтырдың,
Жүрді сонда жазықсыз жүзіп бір мұң.
Қоштасар сәт келгенде қимай мені,
Мөп-мөлдір мұңнан моншақ үзіп тұрдың.
Жүрекке жұп бола алмай сендегі адал,
Таусылды тағат, төзім, мендегі амал.
Жасыңды жел кептіріп қоңыр кеште,
Қоңыр күз қолыңа әкеп берді орамал.
Таза едің таңғы шықтай, пәк мінезің,
Әп-сәтте кермек татып тәтті кезің.
Сенен емес, жаным-ау, сенен емес,
Сезімімнен салқындық таптым өзім.
Ұмыттым. Бәрі, бәрі ұмытылды,
Жаныма махаббаттың мұңы тұнды.
Қураған жапырақтай жалған сезім,
Алсам да алақанға... үгітілді.
Кездестік қоштасқалы... Күз. Кешкілік,
Мұңлы әуен тұрды алыстан бізге естіліп.
...Шақырып кездесуге сонда сені,
Кеттім-ау жалғыздықпен жүздестіріп.
ҚОШ ДЕДІҢ НЕГЕ?
«Қош!» дедің неге? Қолыңды неге бұлғадың?
Күндердің санап үмітпен келемін бәрін.
Мендегі мынау мөп-мөлдір мұңлық сезімнің,
Сен едің, жаным, иесі сен едің, жаным!
Неге сағындым? Сен мені неге сағындың?
Сарғайған сағынышымның елесі – ауыр мұң.
Бағыма менің бұйырмас балауса арманым,
Бақытты кейіпкерісің сен осы әнімнің!
Неге мұңайдым? Білмедім, неге мұңайдың?
Көзіңнен сенің cәулесін көремін Айдың.
Түн құшағында тілдесіп тәтті елесіңмен,
Жұлдыздай болып бір – бірлеп сөнеді қайғым...
КЕШ, КҮНІМ…
Қосылған жүрек қосағым едің, қос бұрым
Көзіндей болып көрінген маған ескінің.
Бетіңнен сенің сүйгізбей жатса, кеш, күнім,
Мерекесі көп, берекесі жоқ бес күнім.
Оңаша оймен отырып кейде кешқұрым,
Ғашықтар әнін жабығып, жалғыз естідің.
Күтумен өткен түндердің бәрін кеш, күнім,
Өзіңнен басқа жоқ еді менің ешкімім.
Солдырып алма сезімнің нәзік хош гүлін,
Көрсете берме көңілдің сірә, бостығын.
Жоғалтып ала жаздасам сені кеш, күнім
Көбейтемін деп жүргенде кейбір дос түрін.
Сыны көп сәттің елемей жүрсең ешбірін
Еңсеңді сенің баспайды сонда ескі мұң.
Жаныма кейде жараспай жатса кескінім,
Кеш, күнім!
Бәрін... бәрін де, бәрін кеш, күнім!
ҚҰЛАЗУ
Құлазып қалды ма еңсең,
Жылатсам демеп едім.
Жылаған жанды көрсем,
Жұбатсам деген едім.
Қарсы алмас сол баяғы,
Көктем де күліп бізді.
Санам да сарғаяды,
Сіңіріп суық күзді.
Алысып, адасып ең,
Алапат сезімменен.
Жүректің жарасына ем,
Іздейсің көзіңменен.
Тереңге барам батып,
Миымда – мазасыз мұң.
Сыйлардай саған бақыт
Ерлікке шарасызбын.
Сенбісің іздегені,
Елеңдеп екі көздің.
Махаббат күзде өледі,
Өлтірдім. Қатігезбін...
Мен жүріппін бәріне беріліп тең,
Қызық қуып, сән құрып серілікпен.
Әлде, шіркін, жігіттің мінезі ме,
Бір өзіңе қараушы ем тек үмітпен.
Шын бақытым болмас деп мәңгі ол менің,
Қылығыңа құмартып мән бермедім.
Жо-жоқ, жаным! Қалыпты-ау өшпестей боп,
Жүрегімде сақталып сәнді өрнегің.
Мүлде арылып жас жаным құса-мұңнан
Жайдары едім, көңілім – құс ағылған.
Өмірімнің көзайым қуанышы ең,
Көре алмадым мен сені құшағымнан.
Жүрек, шіркін! Шарқ ұрып тағы ұмтылдым.
Жаным, бірақ тартынып, сәл іркілдің.
Мезгіл сол ма? Білмеймін, сездім сонда
Тым алыста қалғанын сағым күннің.
ЖАНЫМА СЕН КЕЛЕСІҢ
Қайғырып қамыққанда,
Жан жүдеп жабыққанда,
Айналып жарық таңға,
Жаныма сен келесің!
Аямай тағдыр сынап,
Мазалап сан мың сұрақ,
Қалғанда жалғызсырап,
Жаныма сен келесің!
Ризамын тағдырыма,
Арқау боп ән-жырыма,
Қамқор боп жан-мұңыма,
Жаныма сен келесің!
ТҮС
Сен менің бүгін тағы түсіме ендің,
Беймаза бұл хәлімді түсінер кім?
Жаныма жақұт нұрлы сәуле шашып,
Көзіңнің күліп тұрды ішінен Күн.
Бұл жайды мен түсіндім, сен де түсін,
Тарылып бара жатыр кеуде тұсым.
Ұйкымды бұзбас едім дәл осындай,
Тәтті түс, тәтті сезім шербеті үшін.
Елесің, ерке күнім, келді қайтып,
Кетпесең жарар еді-ау сен мұңайтып.
Нүктесі қойылмаған жырларыма,
Бүкпесіз бар сырымды бердім айтып.
Кешегі көктем – ғұмыр, көгілдір бақ,
Келмеске кетпеп пе еді қолын бұлғап?!
Бақыттың бесігіне бөлеп бүгін,
Тербейді жүрегімді көңілді ырғақ.
Жайнаған жұлдызды аспан, Ай да әдемі,
Еседі мамыр айдың майда лебі.
Қағысын жүрегімнің жиілетіп,
Барасың бастап, қалқам, қайда мені?...
КҮЗ бен БІЗ
Сары түсті сағыныштан Күз моншақ,
Тағып алып тағы келді бізді аңсап.
...Көздеріңді тұрды менен жасырып,
Кірпіктерің қызғаншақ.
Сұр қалаға сыр айтады сыңсып Күз,
Ал, екеуміз күзде ашылған бүршікпіз.
Кірпіктерің күні-түні күзеткен,
Көзіңдегі сезім бе еді кіршіксіз?!
Сезім екен сақтағаны сол көздің,
Киялға еріп бір әлемді мен кездім.
Күннің әлсіз сәулесіне жылынып,
Көз ішінде керіледі кербез – мұң.
Жасыл бақтың жапырағын ұрлап Күз,
Жатыр әне. Сірә біздер тым жатпыз?
Көше бойлап келе жаттық сырласып,
Үнсіздіктің үн таспасын тыңдап біз.
Еміс-еміс қос жүректің дүрсілі,
Естіледі, бұл – махаббат тылсымы.
Өзің жайлы ойларымды ұрлайды,
Күзгі жаңбыр. Тамшылардың тырсылы.
САҒЫНДЫҢ БА?
Сол бір күні мені, жаным,
Бір нәзік сыр тербеп еді.
Содан бері сағынамын,
Сағындың ба сен де мені?
Қайда сол бір сезім мөлдір,
Сүйген жанды сағындырмақ.
Көрдім-дағы көзіңнен нұр,
Қала бердім қолым бұлғап.
Сүйдім, сәулем, сені ғана,
Сағындырмай келсең күттім.
Сүймеген жан сағына ма?
Сенші маған, мен – сендікпін.
МҮМКІН ЕМЕС...
Оңашада жанарыңнан тамшы үздің,
Жұбатпаймын. Бәлкім мен де әлсізбін.
Алып-ұшқан сағыныштан кешегі,
Арылғанмын. Ол өйткені арсыз мұң.
Жердің бетін тіміскілеп кезер Түн,
Жұлдыздардай жан сырымды сезер кім?
Сен емессің, сен емессің аңсарым,
Өз өртіңе өзің жансаң – өз еркің.
Саябырсып самал соқты керімсал,
Сезгендей боп сезімімді менің сәл.
Жарым түнде жалғызсырап отырмын,
Сен бар болсаң көзіме бір көрінші, ал!
Мүмкін емес, мүмкін емес... Мүмкін бе?
Жалған бәрі – көңілім де, күлкің де.
Сырға толы кешегі өткен күндерің,
Сығымдасаң сыйып кетер бір түнге.
Бәрі бізге белгілі еді. Белгілі...
Менен гөрі жақсы білдің сен мұны.
Күйдім, сүйдім деп жылайтын жар салып,
Кімге керек қу жүректің ерлігі?
БЕЙНЕТ ПЕН БОЙЖЕТКЕН
Махаббатқа тән емес пе мұң-шаттық,
Сүйген жүрек жалғыз қалып қойса да.
Құмарлықтың құлы болып бір сәттік,
Құрбан болған сезімдерің бейшара.
Міндет емес жанарларға жас алу,
Өмір солай өкінішті, дей тұра,
Айтшы маған арманы асқақ жас ару,
Қайда қалды балалығың бейкүнә?
Бойдағы әсем гүл сезімді құрсаулап,
Мисыз баста бола бермек ой қаза.
Әппақ арың әр төсекте жүрсе аунап,
Түнде кешіп тіршілікті, беймаза.
Таңырқаудың керегі жоқ тап солай,
Шырқалмаса шырқалмасын мейлі әнің.
Арманыңнан тұрғызғанмен ақ сарай,
Білесің бе, барар жолың беймәлім?
Төзіміңе қойғанменен тосқауыл,
Жұбаныш боп жан жарасын жоймақ кім?
Тағдырыңа өкпелеме тасбауыр,
Басы ауырмас бақыты үшін бейбақтың.
Өз өмірің өзің сенбес ертегі,
Кейіпкердің қалай,қайтіп кейпі оңар?
Ертегінің не болмақшы ертеңі,
Ол жағынан мен де, сен де бейхабар.
Белді бекем буып тұрып берер ме ең,
Тәнқұмардың тәбетіне тойтарыс.
Ар-ұятың, намысың бар дегенмен,
Бәлкім, бәлкім сен үшін ол бейтаныс.
...Сәтті болғай сапарыңның соңы да,
Жасырғанмен жамалыңды кейде түн.
Қала бердім қарай-қарай жолыңа,
Өз ойымның өзім тартып бейнетін.
ТҮНГІ ЕЛЕС
Тым көңілсіз кейіпке еніп қошқыл Түн,
Аспанымнан көзді арбайды көп сылқым.
Өзің жайлы ойларымның отына,
Жаным балқып жылынамын ех, шіркін!..
Түнгі қала. Қызыл, сары түрлі шам,
Әуені ауыр айтып отыр бір кісі ән.
Арманымның көріп қалып бейнесін,
Алаулаған аспан жақтан мұң құшам.
Түнгі қала. Талықсыған түнгі ырғақ,
Түнгі ырғаққа тербеледі тұнжыр бақ.
Мен отырмын сәуле сүйіп жып-жылы,
Түнгі елестің көзіндегі күнді ұрлап.
Сені ойласам сезімге еріп ең ыстық,
Тарылардай көз жетпейтін кеңістік.
Мен де сені ұмытамын бір күні,
Сен де мені мазалама! Келістік!
ХАТ
Өмірге өзімді сезініп жат пенде,
Бойымды алдым ба үрейге үйретіп.
Көңілсіз кештерде сүреңсіз сәттерге,
Еріксіз бағынып, еркімді билетіп.
Сол кезде сен мені құткарып мың ойдан,
Тұншыққан тыныштық сөйлейтін тіл бітіп.
Жо-жо-жоқ! Мен емес, мен емес мұңайған,
Мұңайсам қоярдай түнерген түн жұтып.
Іңірдің үніндей жып-жылы жел ессе,
Жұлдыздар демінен сағыныш аңқыған,
Елес пе, жоқ әлде бір өзің емес пе?
Ай болып аспанда алаңсыз қалқыған.
Білмеймін, бұл әлде, бекер ме,
Қатал түн көзінде сәуле ойнап нәп-нәзік,
Себепсіз сені ойлап, белгісіз мекенге,
Отырмын тағы да қаламсыз хат жазып...
БЕСІНШІ БӨЛІМ
МЫҢ ЖҰЛДЫЗДАН МҰҢДАРЫМНЫҢ ИІСІ
АҢҚЫП...
МЕНІҢ МҰҢЫМ
Тұншықтырып тірлігімді тынымсыз,
Тас төбемнен төнді тағы Түн үнсіз.
Маған қарап мұңаяды мың жұлдыз,
Жетімсіреп менің мөлдір мұңымсыз.
Менің мұңым, менің мұңым – мөлдір мұң,
(Мұңсыз өмір сүре алмаймын мен бір күн).
Түнгі аспаннан тұнық іздеп көз алмай,
Қарап жатып қанша жұлдыз сөндірдім.
Бүгін тағы құрбан болып бар үміт,
Санадан тыс құдіретке бағынып.
Мың жұлдыздың арасынан бір жұлдыз,
Ағып түсті. Жалғыздықтан жалығып.
Олар, сірә, ғашық менің мұңыма,
Мен де олардың құмар едім сырына.
Мұңсыз – мінсіз ғұмыр кешу, құдай-ау,
Қасірет қой жердің Ақын ұлына.
Әппақ Айдың бір сәулесі тисе артық,
Кетер, шіркін, көңілімде күй шалқып.
Өзгеше бір өлең жазып отырам,
Мың жұлдыздан мұңдарымның иісі аңқып.
Менің мұңым сәуле төгіп Күнге ұқсап,
Мұңлы шаққа сыйлайды бір нұрлы сәт.
Түнгі ызғардан тоңып тұрған томсарып,
Жұлдыздардан гүл жасайды бір құшақ.
Аспанымда – тұнып тұрған күміс шық,
Аспан асты – сыр ұқтырған тыныштық.
...Өзім сүйіп, өзім күйіп жататын,
Менің мұңым ып-ыстық.
КҮЙЗЕЛІС
Қош айтысқан күндер мен алыс кеткен айлардың,
Қайғысына оралып, қазығына байландым.
Бағым ауып басымнан, тәтті ойымнан тоналып,
Жапырағын жел жұтқан күзгі баққа айналдым.
Ашық аспан астында арманымнан адасып,
Жалғыздыққа жұп болдым жалғыз өзім жарасып.
Кірпік ілмей түнімен қос жанарым жасаурап,
Жұбататын жанымды жан іздейді қарашық.
Қарашыққа тұнып тұр, тағдыр сыйы тамшы – мұң,
Көрсем шерім тарқайды тамылжыған таң шығын.
Сағым белден сал самал сімірер ме ем, шіркін-ай!
Қала мынау... қажытқан қалың ойдан қаңсыдым.
Бар болмысты билейді, қамап алып ой – түрме ,
Қашып кеткім келеді бәрін тастап кей түнде.
Қайдам, бірақ қарақшы қара түнге тоналып,
Қайта оралып келемін сол күйзелген кейпімде.
Содан кейін отырам, өлең жазып ең соңғы,
Ең соңғы өлең – қайғылы, ең соңғы өлең – ең шерлі.
Бара жатыр ескі мұң езіп, жаншып еңсемді,
...Қарлығашым, қайдасың, қамықтырмай келші енді?!.
ЖҰЛДЫЗ - ҒҰМЫР
Тиді ме түннің түрлі залалы,
Ай-қыздың неге мұңлы жанары?
Ойшыл аспанның омырауынан
Үзіліп үнсіз жұлдыз ағады.
Ұйқысыз жалғап түнді ұзақ таңға,
(Жұлдыз деп айтып жүрміз оттарға).
Қуанып қалам, қараңғылықтың
Құрсағын жарып жұлдыз аққанда.
Қарашығыма қайғым тұнады,
Қамыққан күйім қай күн тынады?
Күннің нұрымен төгіліп түскен,
Әппақ арманым Айға ұмтылады.
Ал анау жұлдыз сөніп барады,
Ол енді кімге серік болады?
Сөнгенін көріп, мендегі жүрек,
Көңілсіздіктен көрік табады.
Тағдырды тылсым танып көктегі,
Тұр екен олар дәріптеп нені?
Жұлдыздың, бірақ, сөніп қалғанша,
Жақсы ғой, жаным, ағып кеткені.
ІҢІРДЕГІ ҮНСІЗДІК
Керуеніне ілесіп Өмір – Көштің,
Өтті бір күн. Қалмады көңілде ешкім.
Үнсіздікпен үйлесіп іңірдегі,
Сырласына айналам қоңыр кештің.
Қызыл іңір. Барады Күн қанталап.
Қыр астынан келеді Ай түнді арқалап.
Жалғыздықтан, жаным-ау, мені тағы,
Қалар дейсің құтқарып кім қалқалап?
Жалғыздықтың сүйгені сол – тыныштық,
Тыныштықта жоқ, жаным, қорқыныш түк.
Мұнарадай мұң шақсам түнгі аспанға,
Жұлдыз еріп кетер ме? (Дертім ыстық...).
Айлы түнге асыққан ақын көші,
Иә, жалғыздық – жанымның жақын досы,
Cен де мені сүйер ең, көрсең егер,
Өлең жазып отырған сәтімді осы.
ТІЛСІЗ ЖАУ
Мінбедегі мұңсыз қауым,
Кімнің айтып жүрсіз дауын?
Өзегімді өрт боп шалған,
Өзің болдың – тілсіз жауым.
Рухымның кім құнын сұрар,
Дінің – шала, тілің – шұбар.
Басқа жұртқа бал жегізіп,
Ұлт дегенде уың шығар.
Тілін даттап тұғырлы ұлттың,
Сонда кімнің суын жұттың?
Адамдықтың арын былғап,
Баба тілдің туын жықтың.
Ана сүтін ембегендей,
Ана тілін кем көрердей.
Сізде қандай құдірет бар,
Пірге балап қол берердей?
Қамын ойлар қызыл тілдің,
Сәт келгенде жүз іркілдің.
Кімге тұтқа бола алмақсыз,
Көшін бастап сіз ұлтымның?
Жапты жала, жақты күйе,
Тілден қашты нақты кие.
Көксегенің – көк тиындық,
Бедел, билік, боқ дүние.
Көрген жанның өзі ашынар,
Келді емес пе кез асығар.
Көр боп қалған көкірегіңнің
Күн туар ма көзі ашылар?!.
Мұнар да мұнар, мұнарлы күннен мұң жұтып,
Бабалар өтті-ау, біздерден биік жыр күтіп.
Ұлтымнан қалған уызымды әбден ірітті,
Ұл менен қызға удай бір ащы тіл бітіп.
Ата-бабамыз жаһанданамыз деген жоқ,
Келбетін сақтап келмеске кеткен кемел боп.
Еуропаның ән-күйі десе елеңдеп,
Анаңның мынау әлдиі десе керең боп...
Не дерсің анау желігіп жүрген қызға арсыз,
Не дерсің мынау намыссыз ұлға ұждансыз.
Қор көріп өзін, өзгенің құлы боп кетер,
Боркемік ғұмыр бұйырды неге, бізге әлсіз?
ШЕРЛІ ДОМБЫРА
Ж.Жүзбаевқа
Қасиетіңнен айналдым,
Кешір, Домбыра!
Шанағыңды шаң басып, кесір қонды ма?
Есі кеткенше билейтін етегін ашып,
Эстраданы қайтейін есірген мына?
Қасиетіңнен айналдым,
Кешір, Домбыра!
Қолымнан құран кеткелі, есімнен дұға,
Ит тірлік кешіп жүргендер иттігін жасап,
Иттерге бізді қоспақшы бос үрген, мына.
Қасиетіңнен айналдым,
Кешір, Домбыра!
Керуен сазым, тоналды-ау, көшіңнен мұра.
Жатырынан жерініп, Жеті атасына
Өркөкіректерді қайтейін өшінген мына.
Қасиетіңнен айналдым,
Кешір, Домбыра!
Темірден әбден тесілді-ау төсің, Домбыра.
Қанжығасына байлап ап қадірің білмей,
Есерсоқ есек мінгендер есіңді алды ма?
Ит үрер тағы ...
керуен...
көшіміз жүрер,
Дұшпаның – жылап, өзгеріп, досыңыз күлер.
Қасиетіңнен айналдым,
Кешір, Домбыра!
Екі шегіңнен садаға – екіжүзділер!
КҮЙ
Күйге толы дүние-ай, дүбірлеген,
«Қайран шешем», «Кішкентай» күнім деген.
«Көбік шашқан», «Сары өзен» жағасында,
«Ерке сылқым», «Айжан қыз» күлімдеген.
«Дайрабай», «Байжұманың» өзін көрдім.
«Адаймын», «Жекпе-жекке» төзімді ермін.
Толғанып «Төремұрат», «Жеңгем сүйер»,
Бүлкілі, «Былқылдаса», «Бозінгеннің».
«Ақ жауын» «Алатауға» нәрлі жауын,
«Аңшының зары» емес пе, ал мынау үн?
Құрса егер күй керуен «Салтанатын»,
«Той бастар» топты жарып «Балбырауын».
Құдыретін көрдің бе күйдің осал,
Салтанатқа сән қосып сыйды жасар.
«Сейтектің сексен ері» серт байласып,
«Бес қыздың бел шешпесі» биге ұласар.
Қазақтың күйлері көп «Көңілашар»,
«Сарыжайлау» «Сарыарқаға» кеп ұласар.
Күй қылып күллі әлемді құшаққа алған,
Қазақтың болмаған ғой тегі нашар!
АҚЫН
Қиял құсы...
Ол құстың иесі – ақын. Ұяң кісі.
Түннен жасап алардай тамаша әлем,
Бойына бар ғаламның сияр күші.
Жоқ оның одан басқа зиянды ісі.
Бар үнімен,
Табиғаттың тілдесіп тамырымен,
Қара өлеңмен кәдімгі қаны – күрең.
Жұлдыздарға түнімен хат жазады ол,
Ақ Айдың жарығымен.
Қап-қара түн.
Тылсым түннен тағатын тапқан ақын.
Қиял тербеп кетеді аспанға ұшып,
Айдың нұры аймалап ақ қанатын.
Жанды көзі,
Ақынның аспанға ұқсас бар мінезі.
Биіктікті, сүйеді ол кеңістікті,
Жұлдыздармен жарасып жалғыз өзі.
Арпалысып алапат алып күшпен,
Әуел баста-ақ ақындар жұлдыз болып,
Жанарынан жалғанның ағып түскен.
Иә, солай Ақын ем,
анық Күшті ем!
Өнерпаз көп қой өлмейтін,
Өресі биік өнерлі аз.
Танытып ақын өр кейпін
Өлмейін десең, өлең жаз.
Өлеңді бөлдік шынымен
Текті деп, тағы тексіз деп.
Тыпыршып біреу түнімен,
Ұйқысыз ұйқас кетті іздеп.
Жазып жүргендер бар, білем
Қып-қызыл бояу қанды сөз.
Бір ағайына алдымен
Жаздырып алып алғы сөз.
Баспаның беті – бір ақын,
Басқаның бәрі – оқырман.
Өлеңді қайдам шығатын,
Суреті жақсы отырған.
Бөлініп едім, бөрі алды
Жарылып едім, жау алды
Жұртымнан қалған жоралғы,
Жобасыменен жоғалды.
Аз беріп, біреу көп алды
Көп беріп, біреу кем алды
Есеп білгендер – елеусіз,
Есек мінгендер – ел алды.
Бастарға қарап жоғарғы,
Бас шайқамағанда не қалды?
Басқарасыздар ма қоғамды,
Баспанасыздарға обал-ды!
- Өлең жазып жүрсің бе?
(Ақын достың сұрағы)
Маңдайыма бұл жазылған,
Жазбағанда енді қайтемін.
Жазу да жазу, жазудан,
Жазылар едім, айт емін!
Сорыма ұқсаған бағым бұл –
Дертім бұл менің асқынған.
Жауатын бұлттай жаным – жыр,
Қарашығына жас тұнған.
Тәңірден тағдыр болды айқын,
Қолымда – қалам қауырсын.
Айналып өте алмайтын,
Ақындық жолым – ауыр сын:
Жарығын іздеп әлемнің
Білтелі шамның түбінен.
Өртіне күйіп өлеңнің,
Тұңғиық кешіп түнімен.
Жаза алмай жүрген күндерде,
Жазғырып іштей өзімді.
Ұйқасын таппай түндерде,
Қаншама арман көз ілді.
Ей, Уақыт! Саған келемін,
Менікі, мынау – жол сапар.
Менің маңдайым – өлеңім,
Сенің маңдайың болса тар...
Өкінбен оған, өкінбен,
Арманға жеткен жан бар ма?
Жұлдыздарды еміп жетілген,
Жырларым жетер таңдарға!
Жан мұңын, достым, көтердім,
Тағдырын адам таңдай ма?
...Жазмышты жазып өтермін,
Жазылып қойған маңдайға.
Б. Жақыпқа
Бауыржан аға!
Бауырға баспай, бауыр бола ма?
Қасыңнан сенің табылсам деуші ем,
Жармасқан сәтте жауың жағаңа.
Бауыржан аға!
Сені іздеп келгем ауылдан ана...
Қобыз боп кеудем құлазып күйі,
Ем іздеп келгем ауыр жарама.
Бауыржан аға!
Сағынған жанда сабыр қала ма?
Тулаған асау толқын – жүректі,
Соғады келіп дауыл жағаға.
Бауыржан аға!
Сен өскен сонау сәуір далада,
Таудай тұлғалы Бабалар жатыр,
Күрсініп іштей қабір – молада.
Бауыржан аға!
Өтсе де талай дәуір – замана,
Қамалдай болып қасқайып тұрған,
Қасиет бар-ау тауымда дара.
Бауыржан аға!
Жүрерміз қанша «тәуір» қалада.
Арқатқа барып қайтсақ қой, шіркін!
Ақ жарқын көңіл – ауылда ғана.
Бауыржан аға...
КҮЙ - ҚАРШЫҒА
Келмеске кетті ме ұшып күй – Қаршыға,
Біржола елін, жерін қиған сірә.
Аманат Алла берген адам жаны,
Жамағат, жаратқаннан иман сұра...
Келмеске күйші аттанды. Күй қалды да,
Оқтай боп суық хабар тиді-ау мына
Қазақтың даласына сыймай кетті,
Домбыра шанағына сыйған мұра.
Келмеске күйші кетті. Күйі қалды,
Біртуар бірегейім, биік, арлы.
Бақиға аттанардың соңғы сәті –
Өмірдің өлім деген сыйын алды.
Келмеске кетті, бірақ... Күй боп мәңгі
Арайлап атқан әрбір сүймек таңды.
Сапары саңлағымның күрт үзіліп,
Қатары ағалардың сиреп қалды.
Келмеске кетті күйші. Күйім жылап
Боздайды мекен етіп үйін жырақ.
Халқымның күмбір қанат Қаршығасы,
Көктемде оралмайды биыл бірақ.
Келмеске кетті солай күйші ғажап,
Қарайтын жақын түгіл, сүйсіне жат.
Алланың әміріне амал бар ма,
Иманды болсын, ұлың, исі қазақ!
ҚОЛТАҢБА
Биіктен бастамақ боп шер-толғауды,
Аламын мекен етіп өр тауларды.
Өлмейтін өлең жазып өзіме тән,
Өзгеше қалдырамын қолтаңбамды!
Шабысқан шаң қаптырып қорқауларды,
Тұлпардай топтан озып томпаң жалды.
Қазақтың қазыналы даласына,
Қазық қып қалдырамын қолтаңбамды!
Жырымнан жақұт шашып ең таңдаулы,
Қарсы алам құшақ ашып мен таңдарды.
Осылай әр қазақтың жүрегіне,
От қылып қалдырамын қолтаңбамды!
...Қалдыру үшін, досым, қолтаңбаңды,
Қалдыру міндет емес том-томдарды.
АЛТЫНШЫ БӨЛІМ
АУДАРМАЛАР
АСКАР ХАКИМ
Тәжік ақыны
ШӨЛДЕГЕН ЕКЕУ...
Қылығына қырық бұрым жарасып,
Ару келді ақ бұлаққа асығып.
Күн нұрындай мөлдіреген қарашық,
Қала алмады жанның шөлін жасырып.
Бұлақ оның шөлін басар қаншалық,
Бір-ақ сәтте күйі тоқтап дамылсыз.
Төніп келген сұлулыққа тамсанып,
Саябырсып тына қалды сәл үнсіз.
Бұл кездесу – бір ғажайып тұнық ән,
Қос мөлдірлік бір – бірінен сыр ұғып:
...Қыз бұлақтың қанып ішті суынан,
Бұлақ қалды кыз демінен жылынып.
ОТАН
Байтақ Отан бабалардың мұрасы,
Бағын асыр, бақытыңдай бағалап.
Тауы, тасы, жусаны мен жуасы,
Ей, жас ұрпақ, барі саған аманат!
Жүрсең-дағы қан майданның ішінде,
Отан үшін қасиетті күресің.
Өсіп-өніп өркендеуі үшін де,
Қосу керек әр азамат үлесін.
Туған Отан, мәңгілікке уақытты
Бөлегендей. Қуанышын жасырмай...
Жеті ұрпағың ғұмыр кешіп бақытты,
Тағдырымен табысады осындай.
Біз ол үшін қанша қайғы шексек те,
Отан – анаң, бар байлығың, базарың.
Арман қуып алыстарға кетсек те,
Тартқызбайды ол жалғыздықтың азабын.
Оттан ыстық Отаным деп жырлаған.
Камол менен Ибн Сина Иранда,
Махаббатқа тұнып тұрса бұл ғалам,
Шайырларға бұдан артық сый бар ма?!
Балауса арман бөктерінен бүр жарып,
Тау баласы тауға өрмелеп шығады.
Бұлтқа оранған биігінен нұрланып,
Жанарында жұлдыз ойнап тұрады.
Өлісін де, тірісін де сыйлайды,
Ұлықтайды. Отан-ана ұлдарын.
Өз Отаны мойындаса, симайды
Уақыттың шеңберіне шын дарын.
НЕ ШАРА?
Біз еңіреп жылағанда,
Қайғымызға құмарлана күлді, Олар.
Біз қайтып тұрмастай боп құлағанда,
Басымызды баспалдақ қып тұрды, Олар.
Біз оларға төрімізді берген күні босатып,
Өзімізді үйімізден қуып шықты тас атып.
Баспанамның босағасын көре алмай,
Бостандығым бодандыққа алмасты.
Басқыншының бүлігіне көне алмай,
Бас көтерсе боздағымды дарға асты.
Өз көрімді өз қолыммен қаздырып,
Жан тапсырдық. Қала бердік жоқтаусыз.
Шарасыздан шыдай алмай көз жұмып,
Жан бауырым жылай алмай жатты әлсіз.
НЕ ШАРА?
...Көз жасымды қорған ғып,
Жаза алмаспын бұл дертті
Азаттықты арман ғып
Арыстандай айбат шегер КҮН ЖЕТТІ!
ЖҮРЕГІМ
О, жүрегім!
Ауыр жүкті көп артасың маған сен,
Сеніменен өмір сүру қиын, оған жоқ өлшем.
Сенсіз ғұмыр кешсем, шіркін, құмарлықтан ада боп,
Басқалардың қайғысына немқұрайлы қараушы ем...
Қандай рахат,
ұйқыдағы өз балаңды сен сүйдің,
Естімейсің жыласа да сәбилері көрші үйдің.
Сүйсінесің егістікке Күн нұрымен жайқалған,
Қайғырмайсың, қарамайсың қурап жатса сол шүйгін.
Қандай рахат,
Қара суық күз келгенде күркіреп,
Көк аспанның күмбезінен құйын нөсер сіркіреп.
Қайтқан құсқа, өсімдікке өртенбейді өзегің
Сенің үйің суымайды, сендегі сол – бір тілек.
Жай түскені жас бұтаға көрінбейді көзге әсем,
Басқалардай мына мен де сірә, селге төзбес ем.
О, жүрегім, не істей алам?..
Дәрменсізбін алдыңда,
Қайғырма да, мұңайма да, қасіретті сезбе сен.
Жылдар, жылдар, жалған емес, жалықтырған жоқ мүлде.
Дүрсіл қағып тұрушы едің, дабыл кағып кеттің бе?
О, жүрегім! Айтшы, кімнен мұра болып қалдың сен,
Әкемнен бе, әлде көне сарындардан жеттің бе?
РОБЕРТ БЕРНС
Ағылшын ақыны
МАХАББАТЫМ СИРЕНЬ БОЛСА...
Махаббатым сирень болса – ғаламат,
Хош иісті аспан туске ұқсап Бақ.
Ал, мен болсам құстай оны паналап,
Алар едім қанатыммен құшақтап.
Қыста сирень болмағаны, ...Қандай мұң?
Жаным күйіп, жабырқап та қалар ем.
Мамыр келіп ол гүлдесе, сайраймын
Қанатымның астында қап бар әлем.
Махаббат боп тас қалада бүрлеген
Қызыл раушан,тұрса шіркін! Елжіреп.
Тамшы болып тамып түсіп гүлге мен,
Тұрар едім омырауында мөлдіреп.
Жапырақтар жібектейін тым нәзік,
Арасында арман құшып түнімен.
Таңда ұшамын қанатымды бір жазып
Бұл – бір ләззат.
Жеткізе алман мұны мен.
Көк аспан кешке үнсіз боялды,
Көкжиек масайрап, мұнартып,
Көктемнің көркі әсем, аяулы,
Көңіліме қояды мұң артып.
Жас балғын жапырақ көргенім,
Естимін құс әнін, төгілген.
Мазасыз жаныма ал, менің,
Бәрі де көріксіз көрінген.
Мен саған барымды ақтарам,
Ал,сенің көзіңде тамшы-мұң
Жүрегің жаралы боп калар,
Сезінсең жанымның бар сырын.
Қалармын күй кешіп көңілсіз,
Сені де сүйер жан табылып...
Қабірде жатармын мен үнсіз,
Қураған жапырақ жамылып.
МЕНІҢ ЖАНЫМ МАЗАСЫЗ
Жанымда бір жоқ тыныштық,
Жүрегім де елжіреулі.
Ішіне еніп оттың ыстық,
Күтіп жүрмін мен біреуді.
Көрінбеген көзі әдемім,
Қай жақта екен сағынышым?!
Бар әлемді кезер едім,
Сол бір жанды табу үшін.
Махаббатты кем санаман,
Тылсым күштер сан сыйқырлы,
Қайта отарлып келсе маган,
Сағынышым сол сүйкімді.
Жалғыздықтан шерлі – кеуде,
Жабығамын, жанымда – мұң.
Ант етемін, сол біреуге,
Беру үшін бәрін, бәрін.
МАХАББАТ ПЕН КЕДЕЙЛІК
Махаббат пен кедейшілік мәңгілік,
Тұтқын етіп мені торға түсірді.
Махаббатым тұрса болды сән құрып,
Жоқшылықтың қайғы емесін түсіндім.
Тағдыр, тағдыр шынымен де қатал-ақ,
Бал сезімге бағыттаған мың жорық.
Жүр қаншама мәні кеткен махаббат,
Ауқаттылар ауласында құл болып.
Бедел, билік, байлық, арзан сый, құрмет,
Бақыт та оған орын бермес төрінен.
Өз-өздерін алдайтұғын сүйдім деп.
Қорқаулар мен надандардан жерінем.
Көрсоқырлар қоғамымен күресе,
Анау жарлы азғындыққа болды өгей.
Мырзалардан артық шыгар мың есе,
Қарапайым бақытымен сол кедей.
Тағдыр, тағы қаталдықты таныттың,
Мейірімнің несібесін беріп кем.
Бұл махаббат байлық пенен даңқтың,
Бақшасында гүлдейді екен неліктен?
Жағадағы жай тауып тас үңгірден,
Адамдардан қайғымды жасырдым мен.
Тағдырымнан құтылман, қалып қойды,
Жанарымда құрғамай жасым мүлдем.
Суайт әйел, білемін сертің әлсіз,
Сүйіктіңмен күлерсің сен күмәнсіз.
Қайғымның да құны жок бір сен үшін,
Бақытымның өйткені дерті мәнсіз.
Орман, жасыл атырап,
Ойға батып тулайтын.
Жаңбыр жуған жапырақ,
Шуақты аңсап шулайтын.
Қайда сол жаз жайдарман,
Орман іші тып-тыныш.
Мамырлайтын майда арман,
Гүлге қонып шық күміс.
Көктем келіп балбырап,
Жаз жетсе де жасыл бақ.
Шаштың ағын ол, бірақ,
Қалай, қайтіп жасырмақ?
Қартайғанда түн ұзақ,
Ұйқысыз ой тербеткен.
Кетіп қалған тым ұзап,
Оралмайды ол көктем!
ҚОШТАСАРДА
О, Элиза!
Қош бол енді, қоштасатын келді сәт,
Кешір, бәлкім сүйе алмадым сен құсап.
Өткел бермес толқыны асау өр мұхит,
Енді саған жайғаныммен кең құшақ.
Айрылысып, қайғы құшып қалсақ та,
Қатал тағдыр қарамайды мансапқа.
Мына өмірде мәңгі бірге болуға,
Біздің жүрек серт байласқан сол шақта.
Туған жерге жан алауын жандырған,
Ең бағалы қазынамсың қалдырған.
Оралмаймын енді қайтіп бұл жерге,
Оралсам да сен шықпайсың алдымнан.
Қоштасайық, қолыңды бер, келші енді,
Өзімменен алып кетем сол шерді.
Ақтық демім таусылғанша, қалшы сен,
Жүрегімнің лүпілін ап ең соңғы.
Қош бол енді көктегі күн, көк аспан,
Қош, достығым, туыстығым жарасқан.
Біздер өткен өмір жолы осылай,
Қоштасумен аяқталар о бастан.
Бәрі өледі, ал біреулер соны ұқпай,
Өлер шақта тулайды кеп балықтай.
Өмірге ынтық мына менің жүрегім,
Өлімді де қарсы алады қорықпай.
ТҰТҚЫНЫҢ БОЛАР ЕДІМ...
Тұтқының да болар едім сенің мен,
Көзге әдемі көрінесің сүйкімді.
Бірақ саған көңілдес боп көрінген,
Көріп жүрсің күні – түні сый түрлі.
Махаббат пен мейірімге неліктен,
Жомарттық деп, немқұрайлы қарайсың?
Желге ұқсаған мінезіңмен желіккен,
Жан біткенді бақытыңа балайсың.
Бәз біреулер сен гүлсің деп алдай ма,
Өзгелерден көріп тағы көп артық.
Ал гүл сорлы солып бір күн қалмай ма,
Сәні менен хош иісін жоғалтып.
Гүл ғұмырдай сен де қауыз ашарсың,
Күн нұрындай шуақ тарап жүзіңнен.
Күнің бітсе жол үстінде жатарсың,
Мынау гүлдей сабағынан үзілген...
БАСЁ
Жапон ақыны
Көктем кетіп бара жатыр күрсініп,
Құстар жылап, құлазыған тіршілік.
Бір балықтың көл дірілдеп көзінде,
Өліп кетті өз жасына тұншығып.
Түу алыстан көкек байғұс әндетер,
Жылдар санап жырлап отыр ол бекер.
Ақыны жоқ аласұрған заманнан,
Мұндай кезде мән кетер..
МАЗМҰНЫ
БІРІНШІ БӨЛІМ
«АЛЛАНЫҢ БАРЫ - АҚИҚАТ»
АЛЛАНЫҢ БАРЫ - АҚИҚАТ…………………………………………………………… ӨМІР ӨЛШЕМІ (АЗАН МЕН НАМАЗ)…………………………………………………. ӘДЕП...................................................................................................................................... ЗАҢ – ДӘСТҮР..................................................................................................................... СӨНДІРМЕЙ ШОҒЫН ҮМІТТІҢ....................................................................................... МАДАҚТАП МІНСІЗ АЛЛАНЫ......................................................................................... ҚАДІР ТҮНІ........................................................................................................................... БҰЛ ӨМІР...............................................................................................................................
ЕКІНШІ БӨЛІМ
САҒЫНТАР ЖАЛҒЫЗ МЕКЕН
ЖЕР БЕТІНДЕ....
ҚАРАУЫЛ. ҚАРАӨЛЕҢ...................................................................................................... ТЕСІКТАС.............................................................................................................................. АРҚАТ..................................................................................................................................... ДАЛА....................................................................................................................................... АРҚАТТАҒЫ БІЗДІҢ ҮЙ...................................................................................................... ЕРТІСТІҢ БОЙЫ.................................................................................................................... АСТАНА.................................................................................................................................. ТУҒАН АУЫЛ......................................................................................................................... АУЫЛҒА БАРДЫМ................................................................................................................ АНАШЫМ................................................................................................................................ АЯНАТҚА................................................................................................................................. ҚЫЗЫМ МЕНІҢ.......................................................................................................................
ҮШІНШІ БӨЛІМ
ШЫР АЙНАЛҒАН ДҮНИЕ – АЙ, ТАҒДЫРЛЫ ҰРШЫҚ...
КӨКТЕМ.................................................................................................................................... САҒЫНЫШ............................................................................................................................... ЖАЗ ЖАМАЛЫ........................................................................................................................ МАҚТА ҚАР.............................................................................................................................. ТАМШЫ – ТАҒДЫР................................................................................................................. ҚЫС. ЕЛЕС................................................................................................................................ АҚ ҰЛПА ҚАР........................................................................................................................... КҮЗГІ КӨРІНІС.......................................................................................................................... ЖЫЛЫ ЖАҢБЫР ҚҰЙЫП ТҰР.............................................................................................. АҚ ЖАУЫН................................................................................................................................ ТЕРБЕЛІК ТІРШІЛІКТІҢ…...................................................................................................... КЕШІККЕН КӨКТЕМ................................................................................................................ АҢСАР.........................................................................................................................................
АЙ.................................................................................................................................................
ТӨРТІНШІ БӨЛІМ
МАЛЫНЫП ШЕРГЕ, САҒЫНЫП СЕН ДЕ ЖҮРМІСІҢ...
АЙСҰЛУ...................................................................................................................................... САҒЫНБАУҒА............................................................................................................................ СОҢҒЫ ҮМІТ.............................................................................................................................. КЕЗДЕСТІК ҚОШТАСҚАЛЫ... ................................................................................................ ҚОШ ДЕДІҢ НЕГЕ? ................................................................................................................... КЕШ, КҮНІМ…........................................................................................................................... ҚҰЛАЗУ....................................................................................................................................... МЕН ЖҮРІППІН БӘРІНЕ БЕРІЛІП ТЕҢ.................................................................................. ЖАНЫМА СЕН КЕЛЕСІҢ.......................................................................................................... ТҮС................................................................................................................................................. КҮЗ бен БІЗ................................................................................................................................... САҒЫНДЫҢ БА? ......................................................................................................................... МҮМКІН ЕМЕС... ........................................................................................................................ БЕЙНЕТ ПЕН БОЙЖЕТКЕН....................................................................................................... ТҮНГІ ЕЛЕС.................................................................................................................................. ХАТ.................................................................................................................................................
БЕСІНШІ БӨЛІМ
МЫҢ ЖҰЛДЫЗДАН МҰҢДАРЫМНЫҢ ИІСІ АҢҚЫП...
МЕНІҢ МҰҢЫМ........................................................................................................................... КҮЙЗЕЛІС...................................................................................................................................... ЖҰЛДЫЗ - ҒҰМЫР...................................................................................................................... ІҢІРДЕГІ ҮНСІЗДІК..................................................................................................................... ТІЛСІЗ ЖАУ.................................................................................................................................. МҰНАР ДА МҰНАР, МҰНАРЛЫ КҮННЕН МҰҢ ЖҰТЫП................................................. ШЕРЛІ ДОМБЫРА....................................................................................................................... КҮЙ.................................................................................................................................................. АҚЫН.............................................................................................................................................. ӨНЕРПАЗ КӨП ҚОЙ ӨЛМЕЙТІН.............................................................................................. БӨЛІНІП ЕДІМ, БӨРІ АЛДЫ....................................................................................................... - ӨЛЕҢ ЖАЗЫП ЖҮРСІҢ БЕ? ................................................................................................... Б. ЖАҚЫПҚА................................................................................................................................ КҮЙ – ҚАРШЫҒА......................................................................................................................... ҚОЛТАҢБА.....................................................................................................................................
АЛТЫНШЫ БӨЛІМ
АУДАРМАЛАР
АСКАР ХАКИМ
Тәжік ақыны
ШӨЛДЕГЕН ЕКЕУ....................................................................................................................... ОТАН.............................................................................................................................................. НЕ ШАРА?...................................................................................................................................... ЖҮРЕГІМ........................................................................................................................................ РОБЕРТ БЕРНС Ағылшын ақыны МАХАББАТЫМ СИРЕНЬ БОЛСА.............................................................................................. КӨК АСПАН КЕШКЕ ҮНСІЗ БОЯЛДЫ.................................................................................... МЕНІҢ ЖАНЫМ МАЗАСЫЗ........................................................................................................ МАХАББАТ ПЕН КЕДЕЙЛІК...................................................................................................... ЖАҒАДАҒЫ ЖАЙ ТАУЫП ТАС ҮҢГІРДЕН........................................................................... ОРМАН, ЖАСЫЛ АТЫРАП........................................................................................................ ҚОШТАСАРДА.............................................................................................................................. ҚОШ БОЛ ЕНДІ КӨКТЕГІ КҮН, КӨК АСПАН......................................................................... ТҰТҚЫНЫҢ БОЛАР ЕДІМ.......................................................................................................... БАСЁ Жапон ақыны КӨКТЕМ КЕТІП БАРА ЖАТЫР КҮРСІНІП............................................................................... ТҮУ АЛЫСТАН КӨКЕК БАЙҒҰС ӘНДЕТЕР............................................................................
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру