Мазмұнға өту
Home

Маңғыстау ақын-жазушыларының кітапханасы 21 том

Төлеуғалиев Бектұр

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Маңғыстау ақын-жазушыларының кітапханасы 21 том

Авторы: Төлеуғалиев Бектұр

Маңғыстау ақын-жазушыларының кітапханасы

БЕКТҰР ТӨЛЕУҒАЛИҰЛЫ

РЕДАКЦИЯ АЛҚАСЫ:

Айдарбаев Алик Серікұлы – алқа төрағасы, Маңғыстау облысының әкімі. Әріп Ғалым Бисембіұлы – алқа төрағасының орынбасары, Қазақстан Жазушылар одағы Маңғыстау облыстық филиалының директоры

АЛҚА МҮШЕЛЕРІ:

Тұрғараев Бекет Тұрғараұлы– облыс әкімінің кеңесшісі, заң ғылымдарының докторы, профессор. Өтегенов Айтуар Оспанұлыақын, (кітапты құрастырушы, жауапты шығарушы-редактор), Қосбармақ Рахат Құсайынұлыақын, (жауапты редактор), Мыңжас Темір Мыңжасұлыақын Өлке қаламгерлерінің шығармаларынан мағұлымат беретін «Маңғыстау ақынжазушыларының кітапханасы» сериясының 50 томдығы Маңғыстау облысының құрылғанына - 40, Ақтау қаласына 50 жыл толуына арналып шығарылып отыр. Бұл томға Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы Бектұр Төлеуғалиевтің «Адай тарихы сыр шертеді», «Балдағы алтын ақ болат», «Бас сардар», т.б. шығармалары енгізілді.

Төлеуғалиев Бектұр 1940 жылы 27 қаңтарда Маңғыстау облысы Маңғыстау ауданындағы Тұщықұдық ауылында дүниеге келген. Таушықтағы Шахта орта мектебін 1958 жылы, Атырау қаласындағы ауылшаруашылық техникумының және Москвадағы «Шверник» атындағы кәсіподақтардың жоғарғы мектебін бітірген. 1962-1995 жылдары Маңғыстау ауданының кеңшарларында бас инженер, «Куйбышев» кеңшары партия комитетінің хатшысы, аудандық партия комитетінің бөлім меңгерушісі, Маңғыстау ауданындағы «Октябрьдің 50 жылдығы» атындағы кеңшардың директоры, Маңғыстау облыстық ауылшаруашылығы кәсіподақ комитетінің төрағасы болып істеді. 1995 жылдан бастап Ақтау қалалық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы. Республикамыз тәуелсіздік туын көтергеннен кейін Б.Төлеуғалиев «Жұлдыз», «Қазақ әдебиеті» газеттерінің Атырау, Маңғыстау облыстары бойынша тілшісі, «Қазақ газеттері» ЖШС-нің Маңғыстау облысындағы өкілі болып қызмет атқарады. Қазақстан Жазушылар одағының және Қазақстан журналистер одағының мүшесі, Қазақстанның «Құрметті журналисі». Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері. Шотан батырдың 300 жылдығына «Бас сардар», Махамбет Өтемісұлының 200 жылдғына «Балдағы алтын ақ болат» тарихи повестері және «Адай тарихы сыр шертеді» атты роман-эссесі жарық көрді. «Нұр Отан» саяси кеңесінің «Құрмет грамотасымен», «Лениннің 100 жылдығы», «Еңбектегі ерлігі үшін» медальдарымен және Маңғыстау облысының «Құрмет грамотасымен» марапатталған. Маңғыстау ауданының және Ақтау қаласының Құрметті азаматы.

ҚАЗЫНАЛЫ ЖҮРЕК (Алғысөз орнына) «Жұлдыз» журналының қара шаңырағында қызмет атқарған ширек ғасырға жуық уақыт белесінде әдебиетті төңіректеген жазушыоқушысы бар, талай адам көз алдамыздан өткен екен. Ағын судай сырғып өте шыққан елес сияқты, көбінің таңертең көрсең, түске жетпей түсін ұмытасың. Бір көргеннен жарқ етіп жүрек түбі, көңіл төрінде бедерленіп бекіп, қалатыны некен саяқ. Сол аздың бірі һәм бірегейі маңғаз басып Маңғыстауда жүрген марқасқа ағамыз - Бектұр Төлеуғалиев десем, үстеме қосып әсірелеп айтқаным бола қоймас.

Бектұр ағамен әуелі сырттай таныстым. Бірден тәнті болдым, пайымпарасатына. Ұмытпасам, 90-жылдардың соңы шығар деймін. Олжастың ой қазанында ұзақ қайнап дүниеге келген әйгілі туындысы «Таңбалар тілінің» Римде басылып шығып, елге тарап, зиялы қауымның қолдан-қолға тигізбей жапатармағай оқып дүрлігіп жатқан кезі. Ұлы ойшылдың тіл мен адамзат мәдениеті тарихын қырық құлаш тереңнен қопара зерделеген бұл іргелі шығырмасы шын мәнінде ғасырларда бір туар, арысы әлемдік лингвистикиға,бергісі түркология ғылымына олжа салған кемел туынды еді. Осындай дәуірлік еңбектің төл топырығымызда тууы ғылым үшін, жалпы қазақ өркениеті үшін үлкен мерей екені даусыз. Бірақ біз мақтана алмадық. «Көрмес түйені де көрместің» күйін кештік. Жайшылықта болмашыны жалаулатып, «ойбай, сенсация фурор. Міне, ғаламат!» деп жар салып жарылып кете жаздайтын баспасөз де, маман ғалымдар да, өресі жетпеді ме, әлде өзге себебі болды ма, әйтеуір ауыздарына маржан толтырып тым – тырыс үнсіз қалды. Біз өз тарапымыздан қалың оқушыла шет – пұшпақтап болса да жете берсін деген ниетпен «Таңбалар тілінің» алғашқы тарауларын жазушы Сайын Мұратбековке аудартып, «Жұлдыздың» екі санына басқанбаңыз. Көп өтпей Ақтау қаласынан қалың конверт келді. Бектұр Төлеуғалиев деген автордың «Таңбалар тілі» туралы жолдаған пікір –хаты. Көлемді мақала. Анау – мынау маманның тісі бата бермейтін күрмеуі қиын күрдклі зерттеуді жан – жақты талдап, байыпты пікір айтыпты. Сөзі нық, ойы дәйекті. Төселген қалам машығына қарап, бұрын аты – жөні таныс болмағандықтан, осы салада еңбектеніп жүрген зерттеушілердің бірі болар деп топшылағанмын. Сөйтіп, бүкіл Ғылым академиясы қалғып – мүлгіп отырғанда сонау Маңғыстаудың маң даласында жатқан Бектұр Төлеуғалиев деген қазақ «Таңбалар тілі» туралы ағынан жарылып айғайлап тұрып елден бұрын пікір айтып еді. Қалың қазақтың сүйінші сұрағандай, шын тебіреніп сүйінішін білдіріп еді. Бекеңнің аты – жөнімен алғаш осылай қауышқанмын. Журнал шығысымен бір күні қоңырау шалды. Әдетте «Жұлдызда» алғаш көрінген авторлар алғысын үсті – үстіне жаудырып, сөлескенде елбелектеп кететін. Бұл кісіде ондай жоқ. «Жіберген кішкентай бір мақаламды басыпсыздар, оларыңыз дұрыс болған екен» деді де басқа бір бұйымтайға көшті. «Осындағы бір баланың шаруасын орындай алмай ұятты болып тұрғаным, - деді қиналыңқырап. – Тоғызыншы сыныпта оқиды екен. «Таңбалар тілінің» «Жұлдыздағы» үзіндісін оқыпты. «Толықтай оқығым келеді. Кітапты тауып беріңізші» - дейді. Өзі бір болайын деп тұрған бала екен. Нар сұраса да ұстата салар едім, кітаптың қолымда болмай тұрғаны. Дүкенге де, кітапханаға да түспепті. Сіздерден қандай жәрдем бар? Егер табылып жатса поштамен салып жіберіңіздер. Ақшасын бірден жіберемін!» Айдаладағы бір баланың өтінішін жерге тастамай үлкен басымен осынша әбігерге түскеніне таңқалдым. Мынау қатыгез, жатбауыр заманда сирек кездесетін мінез. Осы бір елеусіз әрекеттен – ақ Бекеңнің болмыс – бітімін танып білгендей бодым. Менің көз алдымда ешкімді жатырқамайтын, жақсыны бауырына тартып, соның жолында жаны жапырақ боп жүгіретін ақеділ, ғазиз жанның асыл бейнесі тұрды. Жүрегім алдамапты. Кейін телефонмен жиі хабарласып тұрдық. Әр сөйлескен сайын осы сенімім беки түсті. «Кісі сөйлескенше, жылқы кісінескенше» демекші, бет – жүзімді көріспесек те бір риясыз бауырмалдық сезім шым – шымдап тартып, арамызды жақындастыра бергендей. Журналдың жұмысы қашанда қарбалас. Әсіресе баспасөзге жазылу науқаны барысында қызылтану боп жатамыз. Бұрынғыдай тиражыңды иек қағуымен жасаттырып, жетпеген қаржыны бюджеттен бөліп беріп, әлпештеп отыратын Үкімет жоқ, нарық заманының қатал заңы өз күніңді өзің көр дейді. Осындай жан қысылған сәтте қазан құлағын ұстаған басшы мен байларға алақан жаясың, жанашыр

азаматтарды жағаттайсың. Сөйтіп, Маңғыстау облыстық қазақ тілі қоғамын басқарып отырған Бекеңе де амалсыз өтініш айтуға мәжбүр болғанбыз. «Жұлдыздың» бұйымтайынан садаға кетпеймін бе. Менің қолымнан келетін шаруа болса, аянбаспын!» деп бірден елп ете түсті. Жасының егделігіне, денсаулығының сыр бере бастағанына қарамастан, алажаздай аптап ыстықта ақ тер – көк тер шапқылап жүріп алақандай Маңғыстаудан мыңға жуық тираж жинады. Екі күнде бір телефондап, дәл бір міндетті адамдай есеп беретінін қайтерсің. Ақы – пұлсыз, қара басына қара бақыр пайдасы жоқ жұмысқа қызылтабан боп осылай ебіл – дебіл жүгірген адамды қайдан көрдіңіз?! Бекең әлі күнге дейін сол әдеттен жаңылмай өзінің сүйікті «Жұлдызы» үшін майлық – сулық боп қызмет атқарып келеді. Алматы мен Ақтаудың арасын телефонмен күнара жалғастырсақ та жүздесудің сәті бірер жылдан соң бір – ақ түсті. Алматыға емделуге келгенін естіп емханаға іздеп барғанмын. Ортаншы ұлым – Валодя інім екеуі бір палатада оңаша жатыр екен. Көрген бойда көп жылдан кейін сағыныса табысқан ағалы – інідей құшақтарымыз айқаса кетті. Сол көңіл, сол ықылас әлі күнге суыған емес. Менің алдымда кеудесін шалқақ ұстап, шымыр денелі, ақ жүгірген сұйқылтым шашын шалқайта қайырған, ақсары өңді ажарлы кісі тұрды. Аялы, қоңырқай көздері ұшқындай бетіңе тіке қарайды. Ішіңе дүрбі салып сұқтана үңілген жабысқақ көз емес. Жұмсақ, мейірімді. Кең ашылған жанарының айнасында бүкіл жан дүниесі жарқырап менмұндалап тұрғандай. Аман – саулықтан кейін: «Абай айтпақшы, бұрынғының – артымыз , бүгінгінің қартымыз. Ескі машина сияқты біз де тоздық қой, аздап ремонтталып алмасақ болатын емес», - деп бүгін – ертең операцияға жатқалы отырса да сырқатынан сыр бермей жадырай күлді. Бекең, әуелгіде өзімше тұспалдағандай, әдебиет пен лингвистика ғылымын індетіп жүрген зерттеуші емес, мүлдем басқа саланың адамы болып шықты. Мамандығы – инеджер – экономист. Ал әдебиетке деген құштарлық көкірегіне ана сүтімен дарып, бала күнінен жүрегіне байланғанұлы аңсары болса керек. Ат жалы – түйе қомында күнделікті арпалыспен біраз ғұмыры өтіп кетсе де сол арман бәрібір қолынан жетелеп Музаның төріне алып келіпті. Әңгімешіл. Қоңыр даусын соза асықпай баптана сөйлеп, қозғағанда сонау бағзыдағы шумер, Элладаға дейін аттың басын жіберіп – жіберіп алады. Ел – жер тарихына келгенде жорғадай жорғадай төгіліп еркін көсілгенмен, өзі туралы айтуға сараң. Суырпақтап сыр тартпақ болғанымызда: «Шырағым, ел қатарлы тірлік қой, ауыз толтырып айтарлықтай не тындырды дейсің. Біраз жыл партия, кеңес қызметінде болдық, одан қалды совхоздың шаруасымен шапқылап жүргенде, қайран өмір өтіп кетіпті ғой...», деп күрсіне қысқа қайырудан арыға бармады. Мұнысы мақтануды жаны сүймейтін сырбаз, сахи адамның кішік мінез сыпайлығы шығар. Әлде үлкен шаруашылықты басқарып, көрнекті қайраткер дәрежесіне көтерілсе де, сол өмірін қанағат тұтпай, «әтттең – ай, бәрін жиып тастап, әуелден осы жазудың жолына түскенімде, ендігі біраз жерге барар едім ғой» деген шынайы өкініш пе? Әсілі, соның екеуі де болса керек. Өзі тіс жарып, ішін ашпағанмен, ол жайлы біраз сырға өзгелер арқылы қанықтық. Бекеңмен тонның ішкі буындай жақын араласып, сонау қиандағы совхозды басқарған жылдарындағы ерлікке пара – пар қажырлы қызметіне куә болып талай рет гәзеттерге мақала жазған белгілі журналист Ә.Спанов, профессор А.Айтқұлов, А.Өтегенов т.б. өздерінің естеліктерінде жазушының өмір жолы жайлы көптеген мәліметті көлденең тартып әсерлене тоолғанады. Бекең тарихта “Ұлы Отан соғысы” деп таңбаланған ұлы зұлмат тұсында дүниеге келіп, сол зобалаңның бүкіл қайғы-қасіретін басынан өткерген жанкешті, қамкөңіл ұрпақтың өкілі. Әкенің нұрлы жүзін, аялы алақканын көрген жоқ. “аузын ашып сүйген, көзін ашып көрген”, отының басы, суының тұнығы жалғызының қаз тұрып қалтаңдап тәй-тәй басқанын көрместен қайран әке майданға аттанып еді. Төрт жыл етігімен қан кешкен Төлеуғали Қартқожаұлы 1944 жылы мамырда Варшава қаласында қаза табады. Қазір ол кісінің есімі Варшавадағы обелискіде жазулы тұр. Заманның тауқымет азабын көппен бірге көре жүріп ержетіп, етек жапқан балаң жігіт тіршілік күйбеңімен етекбасты боп отбасы, ошақ қасында қалып қорйған жоқ. Талабы өрге сүйреді. Мектепте оқып жүріп қысқа мерзімдік шоферлік курсты қоса тамамдаған талапты жас біраз жыл өзі туып-өскен Тұщықұдықта механизатор болып істеді. Күш-қайраты бойына сыймай тасқындап тұрған жігерлі жас нендейц істі болмасын шырқ

үйіріп әкететін алғырлығымен, адал да принципшілдігімен бірден көзге түседі. Еңбек жолын “Амангелді” колхозында механик боп бастаған ол сатылап өсіп, аз уақыттың ішінде біраз лауазымды қызметтің басын қайырады: жиырма екі жасынан бастап табандатқан он алты жыл бойы “Октябрьдің 50 жылдығы” , “Куйбышев ” , “Ералиев” совхоздарында бас инженер болып істейді. Одан бергі уақытта аталған шаруашылықтардың партком хатшысы, директоры қызметтерін атқарып, Маңғыстау аудандық партия комитетінің бөлім меңгерушісі, Маңғыстау облыстық ауылшаруашылық қызметкерлерінің кәсіподағы комитетінің төрағасы лауазымына дейін көтерілді. Шаруашылықтың біраз сатысында тәжрибе жинақтап әбден ысылған, кәнігі маман ретінде Бекеңді 1980 жылы аудандық партия комитеті “Октябрьдің 50 жылдығы” атындағы совхозды басқаруға жібереді. Бұл бір басшы құтаймай, шаруашылығы шатқаяқтанған қиырдағы совхоз болатын. Бекең осы шаруашылықты табан аудармай он бір жыл бойы басқарды. Айтты-айтпады, осы кезең Бекең үшін жұлдызды жылдар болғаны анық. Білікті маман, іскер бьасшылық қабілетін танытып, сан қырынан жарқырап көрінді. Майталман басшының шаруашылық басқарудағы һәм ауыл мәдениетін көтерудегі бұл озық тәжрибесі 1988 “Дербестік және жауапкершілік” деген атпен “Қайнар” баспасынан жеке кітап боп шығып, бүкіл республика көлеміне насихатталды. Бұл айтқандарымыздың барі Бекеңнің азаматтық, қайраткерлік келбетін танытатын қадау-қадау мысалдар ғана. Десек те, Б.Төлеуғалиевті қалың елге мәшһүр еткен оның жазушылық өнері. Бүгінде басшы Төлеуғалиевті, қайраткер Төлеуғалиевті біреу білсе, біреуі біле бермес, ал қаламгер Б.Төлеуғалиев есімі көзі қарақты қаймана қазақтың көбіне таныс. Бәкең әдебиетке кездейсоқ келген жоқ, ол әу баста жазушы боп жаратылған жан. Ойы ұшқыр, санасы сергек. Тек орнығып отырып қалам ұстауға ат үстіндегі қым-қуыт қарбалас тірлік мұрсат бермеген сыңайлы. Хатқа түсірмгенмен оқып түйгенін, көне көз қариялардөан естіп-білгенін шырғасын шығармай көкірегіне қаттай берсе керек. Сол қордалы қазына сарқырап ағар бұлақтай көзі ашылар сәтін күтіп жатыпты. Бұрын қазақ, орыс тілдерінде тиіп-қашты мақала, суреттемелер жазғаны болмаса, Бекеңнің шегеленіп отырып қаламға ден қойғаны соңғы он жылдың аржақбер жағы ғана. Өткен жылдардың есесін толтырғандай қарқындата жазып, түйдек-түйдегімен үш бірдей кітапты дүниеге акелді. Үшеуі де көлемді роман-эссе. Тарихи деректер мен ел аузындағы аңыз-әфсананың ара-жігін әдемі қиюластырып, алтын зердей көркем сөздкен кесте төгеді. Алғашқы қомақты туындысы – «Балдағы алтын ақ болат» Махамбеттің өміріне арналған Махамбеттің тағдыр-тарихы-біршама игерілген тақырып, жаңадан бірдеңе айтам деу қиындау. Әйткенмен жазушы ескі-сүрлеуге түсіп қайталауға ұрынбаған. Жалпақ жұртқа онша мәлім емес еміс – еміс ел жадындағы әңгіме-деректерді уақиға желісіне көптеп қиыстыруға тырысыпты. Түйенің құмалағын найзамен шаншып жауынгерлік іске машықтанып жүрген жас Махамбеттің ханның алдынды қасқайып сөйлеген хас батыр болғанға дейінгі өсу эволюциясын айшықты тілмен нанымды суреттейді. Қазақ тарихы – ерлікпен елдіктің тарихы, жаналып, жан берген қиян-кескі шайқастар тарихы. Туған жердің ұлтарақтай пұшпағын қорғап талай баһадүрлер шыбын жанын шүберекке түйіп, толарсақтан қан кешкен. Көкбөрідей шайнасқан жұлымыр заман не бір даңықты ерлерді тарих сахнасына шығарғаны мәлім. Түн қатып, түс қашып қанды жортуылда тебінгісі терден шіріген кемеңгер көсемдер мен батырлардың ерлігін халық ғасырлар бойы жырға қосып, жадынан өшірген жоқ. Отандық тарихта он сегізінші ғасырдың жиырмасыншы жылдарындағы жоңғар шапқыншылығына қарсы күрестің маңызы айрықша зор. Бұл шын мәніндегі Отан соғысы еді. Қазақтың тағдыры қыл үстінде тұрды. Ары қарай ел болама, әлде ұлы-құл, қызы күн болып, дұшпанының бодауында жұтылып кетеме деген қауіп шындап төнген. Міне, осы тұста дүр көтеріліп атқа қонған байтақ даланың баһадүрлері бір тудың астында табылып, асқан ерліктерімен өшпес даіңққа бөленді солардың бірі - Қабанбай, Бөгенбай, Маплайсары сияқты аруақты ерлермен қатар найзасын жауға тіреген Шотан батыр Назар ұлы болатын. Өкінішке орай, осынау ұлы тұлға көп уақыт тарихшыларымыздың назарынан тыс қалып келді. Ешл аузындағы қиссадастандарда аты дәріптелгені болмаса, ресми танылып, отандық тарихтан өзінің лайықты бағасын алі алған жоқ. Жазушы Б.Төлеуғалиеа «Бас сардар» аталатын шығармасында осы олқылықтың орнын толтыруға талпыныс жасапты. Шотан Жоңғарға қарсы соғыста

Әбілқайыр хан қосынының бас сардары болыа қол бастап небір жан алқымға тірелегн тығырықтан ақыл – ерлігімен жол тапқан даңқты баһадүр , Бұланты, Аңырақай шайқастарының қаһарманы. Қалай асқақтатсақта сиып тұр. Бірақ жазушы кейіпкерін эпостық батырларша құр қызыл сөзбен дәріптей бермей, оны үнемі іс-әрекет үстінде көрсетеді, кісілік сыр – сипаттын әр қырынан айшықтайды мысалы : «Шотан бастаған адайдың 600 жігіті қалың қамысты жапырып кележатқан құйын сияқтанып, жаудың орта тұсының ұйпатұйпасын шығарды. Анда –санда шұбардың шапшығаны мен үст індегі Шотанның қылышының оңды-солды жарқылы қайта –қайта көзге түсумен болды. Оның жау ортасын жарып шығып, оң қапталға көзінің түсе бергені сол еді, есікпен төрдей жерде Бөкенбайдың ту сыртынан желкеден көздеп, найза ұруға жақын қалған еңгезердей қалмақты байқап қалған Шотан шалт қимылыменен қолындағы найзаны одан бұрын атты. Шотанның қарулы қолынан атылған найза бұрын тиді, қалмақ лақтырып үлгере алмай, кеңірдегіне шаншылған найзадан өкірумен барып атынан құлады.Сонда аған барып Бөкенбай Шотанды қөрді. Құлаған қалмақтың кеңірдегіне қадалып тұрған найзасын күшпен суырып алғанда мойнын қолымен басып қорылдаған қалмақ тірі күйінде қала берді...» « ... Шотан бастаған Адай жасақтарының жүрген жерлері жайрап қалып жатты. Күн бесінге таянғанда құалмақ қолдары бытырап, бөлек-бөлек қаша бастады. Осыны байқаған қалмақ қолының негізгі бөлігін қоршауға алды. Көп ұзамай қоршаудан он-шақты қалмақ жауынгері шығып жандарын қалдыруды өтініп, сауға сұрады. Шотан Абылайға қарады. Абылай Шотанға: «Жауды жеңген сіз, билік жеңген адамның қолында болуға тиімті. Сондықтан шешімін өздеріңіз, Ералы сұлтан екеуіңіз айтасыздар. Біздер сіздердің алған шешімдеріңізге ризамыз» - деді. Осы үзінділерден Шотаннның ерлік қимылдарымен қоса, үлкен аолдындағы кішік мінезін, ізето – ибасын танып-білеміз һәм хан Абылайдың ризашылық пейілінен – ақ батыр бейнесі одан ары асқақтай түседі. Қазір қазақ даласында ру аралық жаппай бәсеке басталып кеткені жасырын емес. Әр ауылда бір – бір әулие. Бұрын ауызда қақпақ, төбеде тоқпақ боп айтылмай келгені болмаса, одан асқан баһадүр, одан асқан әулие жоқ екен. Ең тамашасы, осы күнгі ат үстіндегі қаратаяқтар мен дүмі мықты байлардың бәрінің ата – бабасы, нағашы аталары, қайын жұрттары ... шетінен ел бастаған көсем, сөз бастаған шешен боп шықты. Қалам ұстаған түлкіқұрсақ көгенкөздер соларды бір – бірден «приватизациялап» алып, бірінен бірі асыра том-том ғұмырнама жазу үстінде. Кешегі тоқымы кеппеген барымташы бүгін батыр, ауылүйдің сойыл соғыры – ұлт қаһарманы... тоқта, бәлкім мұнымыз ұшқары айтылған байлам болар. Бел асып кеткен бұлыңғыр баба тарихтың кіндігін кескен ешкім жоқ. Хатқа түскеннің өзі де қағида емес, белгілі бір көзқарас ұстанған жеке адамның әлеуметтік индивид ретіндегі субьективтік пікір-әсері, түсінік-пайымы. Сондықтан бүгінгі сөздің бәрі долбар. Тарих ғылымынан гөрі өнерге қоңсылас. Айта біл, дәлелдей біл. Қисынды сөз ғана шындықтың жоралғысына жүрмек. Айтты-айтпады, қаптаған хан-нама, баһадүр-намалардан балалап өрген қалың батыр мен болған бір-бір жотаның басына барып қонжиып алды. Күндердің күнінде оларға жота жетпей қала ма деп қорқасың. Бекеңнің «Адай тарихы сыр шертеді» роман-эссесін қолымызға алғанда, «Япырай, рулар бәсекесінің бәйгесіне бұл ағамыз да ат қосты ма?» деген күмән қылаңдап көкейімізде кеөлденеңдегені рас. Қуанышқа орай оқи келе ол күдігімізден айықтық. Жазушы басқа тараптан басқа із кесіпті. Қазір көптеген ру «тарихшылары» өз ата-тегін таратқанда Адам-ата, Хауа-ананың ар жақ-бер жағынан қайырып жүр. Мұндай рекордтық көрсеткіштен кейбір Адай шежірелері де құралақан емес. Т.Жаңбыршин қария айтқандай, олар адайлардың тегін біздің дәуірімізге дейінг V-VI ғасырда Каспий сыртын мекендеген «дайлардан» , «дахтардан» шығарып, парсы патшасы Кир екіншінің басын қан толтырған меске салып, еліне жіберген массагеттердің патшасы Томиристі «біздің апамыз, адай екен-мыс» деп әңгімені ары қарай ертегіге айналдырып жібереді. Б.Төлеуғалиев осы сүрлеудің сорапбымен кетпей, көптеген архивтерді атқарып, көз майын тауыса іздену нәтижесінде басқаша қисынға жүгінеді. Қазіргі адайлардың түп атасы – Адай батыр дегенге атбасын тіреп, сол тұжырымын тиянақты

дәйектермен дәлелдейді. Романның бас кейіпкері Адай батыр – нақты тарихи тұлға, Қазақ ордасының шаңырағын көтерген Керей мен Жәнібек ханның ту ұстаған батыры. Оны заманның өзі туғызған. Жастайынан ел тағдыры сынға түскен небір күрмеуі қиын уақиғалардың қайнағанортасында жүріп ширап, шыңдалып өсті. Дара бітім, даналығымен көзге түседі. Кейіпкер өмір жолы арқылы қазақ тарихына тікелей қатысы бар арғы-бергі оқиғалар кеңінен сараланып, қызықты баяндалады. Әсіресе кітаптің негізгі екі бөлімі тартымды оқылады. ХІІІ ғасырдан бастап Бұрындық, Хақназар хандарға дейінгі кезеңді қамтитын бұл тарауларда сан қырлы оқиғалар адай тарихымен сабақтаса өрбіп отырады. Керей мен Жәнібек Көкорда билеушісі Әбілқайырдан ірге бөліп, қазақ ордасын құрғаны мәлім. Осынау тарихи кезеңде Адай батыр өзінің қосынымен Жәнібектің қасынан табылып, жаңа ұйысқан қазақ мемлекетінің шаңырағын көтеріседі. Қанды балақ, шұбар төс Әбілқайырдың іргелі бір ұлысты оңайшылықпен уысынан шығара қоймасы белгілі. Айлакер, әккі билеуші тіс-тырнағымен жабысып жанталасып бағады. Осы тұста жалпақ жұрттың Керей мен Жәнібектің айналасына ұйысуының мән-маңызы зор екенін елден бұрын түсінген Адай батыр ақ найзаның ұшы мен де, ақыл-парасаттың күшімен де айрықша қажыр-қайрат, көрегендік танытады. Кекжигеннің басын идіріп, тірескеннің тізесін бүктіріп, қан майданда қасарысқан жауының кеңірдегіне найза тіреген жойдасыз ерліктерімен қатар оның ел арасында ара ағайын боп жүріп, қасты дос қылы білетін саяси шеберлігі, дипломатиялық даналығы осы сөзімізге дәлел. Автор шығарманың өн бойындағы оқиғаларға өз қиялынан ештеңе қоспаған. Тарихи деректермен қоса ел жадындағы әңгімелерді жаңғыртып әдемі қиюластыра білген. Мәселенки, парсы саяхатшысы Әл-Ибн Бахуридің «Алғашқы қазақтардың бірігуі» атты жазбасында: «...Сол кездегі ұрыстың немесе басқа да келіспеушіліктің өте қиын тұстарында Жәнібек хан үнемі шешілмей тұрған түйінді шешуге, жеңілмей тұрған жауды жеңуге Алшынның Адайын жұмсап отырыпты» деуі осынша ерлік жасаған жанның ойдан шығарылған аңыз емес, нақты тарихи тұлға екеніне оқушының көңілін иландырып, сенімін шегелей түседі . Біздің бұл қысқа қайырған қадау-қадау шолуымыз мол табыспен жетпістің мерейлі биігіне қадам басқан көрнекті қаламгердің көкірегіндегі қордалы қазынаның шым-шымдап сыртқа шыққан шет-пұшпағы ғана. Кемеріне толып, кемеліне келеген асыл ағаның алдағы уақытта алі де талай құнарлы туындылармен ел-жұртын қуанта беруіне Алла тағала нәсіп еткей деп тілеймін.

Тұрысбек Сәукетай, Жазушы,. «Егемен Қазақстан» 30 желтоқсан 2009 жыл. Осы еңбегімді Адай қызы аяулы анам Тұржанның рухына арнаймын АДАЙ тарихы СЫР шертеді Роман-эссе «Сонымен бірге мен қазақ болғандықтан, қазақ мемлекеттігінің ғұмыр-шежіресін ірге көтерген кезден бастағанның өзінде, қазақтың бес ғасырлық төл тарихын білуге тиіспін. Бұған қоса бүкіл түркі халықтарының тарихи-бесігі – Түркі қағанатын естен шығаруға болмайды, ал бұл дегеніңіз, осыдан аттай жыл бұрынғы тарихи кезең...» (Н.Ә. Назарбаевтың «Тарих толқынында» атты еңбегінен)

Кіріспе Осы бастағалы отырған роман-эссеннің алғашқы сөзін Манғыстау топырағында туып өскен, орта мектепте бір сыныпта оқыған, күні бүгінге дейін арамыз ажырамаған қазірде мемлекет қайраткері Қазақстанның халық жазушысы, бірнешелеген халықаралық, мемлекеттік сыйлықтардың иегері, Қазақстан Республикасы сенатының депутаты, Әбіш Кекілбайұлының мына төмендегі сөзімен бастағалы отырмын: -«Бұл түбек-Тұран аймағындағы Үйсін, Қаңлы, Түрік, Оғыз, Дешті Қыпшақ, Ақ Орда, Шағатай мемлекеттерінің де, ежелгі Хорезімнің де, Еділ бойындағы Бұлғар, Хазар, Алтын Орда, Днепірдегі Русь тарихи тағдырына өз үлесін қосқан өлке. Евразия тәңіршілік, зорастризм, Иудей, Ислам діндерінің таралыуы да бұл өлкені айналып өте алмаған. Сондықтан да Геродот тұсындағы Аристей, орта ғасырдағы Фадлан, Ибн Батута, Әл Макдисиден кейінгі Вамбери, Гмелин, Картуц, Бартольд сынды әлемге әйгілі дүние танушылар бұл өлкеге көп көңіл бөлді. Бұл жерге көп жиһанкездердің де, жиһангерлердің де аяғы жиі тиді. Кир мен Дарийдің, Аттила мен Ескендірдің, Хорезм шахтары Атсыз, Текеш, Мұхамедтердің, Бату мен Ақсақ Темірдің, Нәдір шах пен орыс императорларының самсаған сары қолдары өтті. Атақты Жалелетдин, Алтын Орда тұсындағы билеушілер Түйе қожа, Орыс-хан, Тоқтамыс, Едіге, Орманбет, Ақ Орданың ыдырау тұсындағы Асфендияр хан, Әбілғазы, Мұхамбет Шайбанидің тарих қойнауына ұлы сапарлары осы арадан басталады. Манғыстау мен манғыстаулықтар қазіргі елімен қазақ жерінің қалыптасуына да белсене ат -салысты. Сонау 7-8 ғасырлардағы Атырау, Арал, Қаратау маңындағы ежелгі сақ, массагет, кейінгі печенег, қаңғылы, оғыз субстраттарының Сібір мен Алтайдан келген қыпшақ, қалмақ, қыйдан, Алшын, Байұлы, тайпаларымен араласуынан осы заманғы Кіші жүз рулары түзілді. Олар Алтын Орданың ыдырауына байланысты,

әр түрлі халықтардың құрамына быт-шыт шашырап кетті. Қазіргі Еділ, Жайық, Манғыстау, Үстірт, Жем, Ырғыз бойларын жайлаған бөліктері Ақ Ор да мен Шағатай ұлысындағы қандастары мен тілдеріне қосылып, дербес ұлт, дербес мемлекет болып бірігуіне тікелей үлес қосты. Ол замандарда Ноғай Ордасына қарап келген бұл өлке тұрғындарының оғыз тілдес бір бөлігі Ақназар хан тұсында Қаратау мен Жетісу бойында шаңырақ көтерген қазақ хандығына барып кірді,- деп көрсетті. (8т.1999ж.207,208,209,210 беттер) Түрік тұқымдас халықтардың оның ішіндегі қазақ халқының тарихта үлкен орын алған кезеңдері XV ғасырдан басталады десек, қателеспеспіз. Қай ғасыр болмасын барлық халықтардың да басынан көптеген уақиғалы кезеңдердің өткені тарихтан белгілі.Соның ішінде қазақ деген халықтың дербестігі, мемлекет болып құрылуы да осы XV ғасырдың еншісінде. Сақтар заманынан бастап жалғасып келе жатқан бірігу, топтасу, немесе қоғамдасу жүйелері қалыптаса келе XV ғасырдың ортасында ұлт болып бірігіп немесе Қазақ хандығы орнап ұлттық мемлекет пайда болды. XVXVIII ғасырлар немесе төрт ғасырлық тарихи дәуір қазақ тарихында бірнеше кезеңдерге бөлінеді. Бірінші кезеңXV ғасырдың басынан ортасына дейінгі аралық. Бұл кездер Моңғол дәуірінен кейінгі Қазақстан аумағындағы мемлекеттердің ыдыраған мезгілі. Екінші кезеңXV ғасырдың ортасынан XVIII ғасырдың басына дейінгі мерзімді қамтиды. Бұл кезеңде қазақ хандығы құрылып, ол XVIII ғасырдың басына дейін бір орталыққа бағынған мемлекет болды. Үшінші кезеңге XVIII ғасырдың басы мен XIX ғасырдың бірінші ширегі аралығындағы уақыт кіреді. Бұл кезең қазақ хандығының бытырап бастары қослмай Ресейге бодандыққа берілу кезеңдері болып бөлінеді. Осы мезгілдердің бәрінен де қазақ этносының негіздерін құрайтын тайпалардың іс қимылдарын, сол кезеңдердегі олардың жасаған әрекеттері мен даму процесстерін көре аламыз. Бізің әңгімелейін деп отырғанымыз он екі ата Байұлы тайпаларының бірлестігі. Осы он екі ата Байұлының бірі Адай тайпасы. Адайлардың ең әуелгі мекен еткен өңірі Қазақстанның батыс бөліктері оның ішінде әрине Маңғысту өңірі. XIV ғасырдың соңы мен XV ғасырдың бірінші жартысында Алтын Орда секілді алып мемлекет ыдырап, оның орнына Ноғайлар Ордасы, Ақ Орда, Сібір, Қазан, Қырым хандықтары секілді ортағасырлық мемлекеттер құрылғанда, Дешті Қыпшақтың басқа да тайпалары секілді Адайлар да көрсетілген мемлекеттердегі этносаяси оқиғаларға қатынасады, аталған мемлекеттердің, этникалық негіздерін құрайды. XVXVIII ғасырлардағы Алшын, Он екі ата Байұлы, оның ішіндегі Адай жөніндегі деректерді үш бағыттан іздеп мәліметтер алуға болады. Олар XV-XIX ғасырлардағы орыс тіліндегі мәліметтер, XVXVIII ғасырлардағы Орта-Азия туралы шығыс деректеріндегі жазбалар, үшіншісі ауыз әдебиеті және шежірелер. Шығыс деректеріндегі XVI ғасырда Ферганадағы Мулла Сайф ад-дин мен Дамулла Шах – Аббас Ахсикенти жазған, соңынан Нұр Мүхаммед жалғастырған «Маджму ат-тауарих» шығармасымен Иран саяхатшысы Әл Ибн Бахуридың 1814 жылғы жазылған «Алғашқы қазақтардың бірігуі» атты еңбектері Қырғызстанның - қырғыз ғылым Академиясының тіл және әдебиет институтында сақталған. Сол жазылған Бахури шығармасында Алшын, он екі ата Байұлы оның ішінде Адай атауын да кездестіреміз. Сондағы Үисін, Қыпшақ, Арғын, Найман, Қоңырат, Керей, Жалайыр, Қаңлы, Алшын тайпаларындағы оның ішіндегі Адай атауының тұруы, он екі ата Байұлын XVXVI ғасырлардағы қазақ халқының негізін құраған топтардың қатарына жатқызуға толық мүмкіндік береді. Немесе Н.И Гродековтың алғашқы жазып шығарған «Киргизы и каракиргизы Сыр-Даринской области» атты еңбегінің жалғасында қазақтың руға бөлінуі, олардың ұрандары мен таңбалары туралы деректер қамтылған. Бұл жазбада да он екі ата

Байұлы, оның ішіндегі Адай тайпасы-одан тараған ру құрамдастарының ішінде Тәзіке, Қосай туралы мәліметтерді де кездестіреміз. Көріп отырғанымыздай қазақ халқының ішкі рулық, тайпалық бөлінулері бұрынғы ғасырдан басталады. Айталық П.И Рычковтың «История Оренбургская (17301750) –СПБ.1896, Венияминов-Зернов В.В. «Иследование о Касимовских царях и царевичах-СПБ, 1864 г. Левшиннің, Шәкәрім Құдайбердіұлының, А.И.Аристовтың, Г.Е.Грумм-Грижимайланның, В.В Бартольдтың, соңғысындағы М.Тынышбаевтың еңбектерінде көрінеді. Осындай еңбектер бұлардан да гөрі нақтырақтары жарық көрген болар еді дағы, егерде кеңестік-тоталитарлық кезеңге килікпесек. Әуелгі орыс отарлауынан бастап, соңынан кеңестік тоталитарлық қысымнан, тарих түгел басыңды паналайтын жер болмай қалған жоқпа? Ашығын айтсақ, XX ғасырдың жиырмасыншы жылдарынан бастап қазақтың ішкі бөліністері немесе ру-тайпалар тарихтарына қатаң түрде тиым салынып, оларды түгендемек түгел, жеті атаңды ұмыттыратын, салтың мен санаңды, ұлттық дәстүріңді, ұлттық мәдениетіңді жойып, ұлтсыздану, русыздану және рухсыздану саясаты өз дегеніне жетуге айналып еді, егерде тәуелсіздігімізді алып, еңсемізді тіктемегенде. Қазақ деген халықты этникалық тұрғыдан құраған әрбір рулардың алғаш өзіндік рулық тулары, таңбалары-белгілері, сөйте келе ру ұрандарының үстемдікке ие болғанын Мұхамед Хайдар Дулатидың «Тарихи–Рашиди» еңбегінде көруге болады. Шындыққа келсек Қазақ деп аталатын ержүрек, ақ ниетті адал, дарқандық пен жомарттықтан дүние жүзіндегі барлық халықтың алдында тұрған, мәрт және бауырмал елді құрастырып әлемге белгілі етіп топтастырып отырған оның қырықтан астам руының түп-түқияннан басталатын тарихын жүйелеп жарыққа шығаратын мезгіл туған сияқты. Осыған байланысты Кіші жүздің ішіндегі он екі ата Байұлына қарайтын Адай тайпасы жөніндегі кейбір мұрағаттық деректерден, әртүрлі жазбалардан, шежірелерден, батырлар жырларынан, ауызекі әріден келе жатқан аңыз әңгімелерден, ескі кітаптардан жинақтаған осы еңбекті дәл тарихи деректерден алынған қатесі жоқ дүние деп айта алмаймыз. Тек қана қазақ руларының тарихи тағдырларын жан-жақты терең зерттеуді қолға алып жатқан қазақ зиялылары мен ғалымдарына, тарихшыларға азда болса көмектессе деген оймен жазылып отыр. Шежірелерді жинақтап салыстырмалы түрде қарағанымызда біріне-бірі ұйқаспай жатады. Солай болғанымен шежіредегі мәліметтерді түгелдей қисық деп ешкімде айта алмайды. Шежірелер тайпалар мен рулардың пайда болуы, олардың орналасқан аумақтары, қазақ халқының дамуына үлес қосқан жеке тұлғалар жөнінде құнды-құнды мәліметтер беретіндігі рас. Кейбіреулерінің шатастырып жіберетіні де рас. Шежірелерге де нақты тарихи талдау жасау керек десек артық болмас. Турасын айтсақ шежірелерді жинақтап, бір орталықтан қазақ халқының рулар тарихы жан-жақты зерттелсе деген ойдамыз. Қазақ тарихына, қазақ тарихшыларының еңбектеріне көз жүгіртсек әліде анықтауды талап ететін тұстары көп. Қазақ жүздері туралы нақты тоқтамға әлі келе алмай жүрміз. Қазақ халқы үш жүзден құралады деп айтамыз. Ал сол жүз деген мағнасы және жүз сөзі қазақ тарихына дәл қай кезде енді деген сұраққа тарихшылардың пікірі әртүрлі. Соңғы кездегі жүздер туралы жазған авторлардың пікірлері де түрліше. Нақтысына келсек қазақ халқының үш жүзден құралатыны рас. Тарихи деректерге үңілсекте, күні бүгінгі орналасу жағдайына қарасақта-үш жүздің жерге орналасуы олардың тайпалары мына төмендегідей болып келеді. Ұлы жүзге - Албан, Суан, Дулат, Жалайыр, Қаңлы, Сарыүйсін, Шапырашты, Ысты, Сіргелі, Ошақты, Шанышқылы тайпалары кіріп, Қазақстанның Оңтүстік-шығысы, Жетісу өңірлеріне орналасқан. Орта жүзге-Арғын, Қыпшақ, Найман, Уақ, Керей, Қоңырат тайпалары кіріп, Қазақстанның шығыс, орталық, солтүстік өңірлері және Оңтүстіктің бір бөлігін алып жатыр.

Кіші жүзгеон екі ата Байұлынан тарайтын - Адай, Беріш,Байбақты, Тана, Таз, Шеркеш, Масқар, Ысық, Қызылқұрт, Есентемір, Алаша, Жаппас. Алты ата Әлімнен тарайтын - Қаракесек, Қарасақал, Төртқара, Кете, Шөмекей, Шекті. Жетіруды құрайтын - Тама,Табын, Телеу, Жағалбайлы, Рамадан, Кердері, Керейт - бұлар Батыс Қазақстанның аумағында орналасқан. Осы тайпалар көптеген рулардан құралады. Қалай болғанда да тайпалардың рудан пайда болғанын этникалық құрылымның өзі осылардан туындап отырғанын тарих мойындайды. Орыс зерттеушілері Н.И. Гродеков, Г.Н. Потанин, Н.А.Аристовтардың пікірінше жүздердің бір адамның үш баласынан Байшора, Ақшора, Жаншоралардан тараған десе, ал Г.Н.Потанин Алшын, Болат, Үйсін атты Қотан деген адамның үш баласынан шығарады. Мұндай әңгімелер қазақ арасында кеңінен таралған. Қазіргі шежірешілердің көбі Ақарыс, Жанарыс, Бекарыс деп аталатын адамдардан үш жүз тараған деп көрсетеді. Бұл әрине болжамдар, нақты деректер жоқ. Сондықтан аңыз әңгімелердің қатарына қосуға болады. Бірақ аңыздардың басталу түбінде шындық жататынында ескергеніміз жөн. С.А. Аманжоловтың, Х.М.Әділгереевтің пікірлерінше Қазақтың үш жүзге бөлінуі түрік дәуірінен басталып X-XII ғасырларларды қамтиды деп жазған. Бұдан жасалатын қорытынды моңғолдар үстемдігіне дейін болған деген түсінік береді. В.В.Веньяминов-Зернов, М.Красовскийлердің айтқандарына келсек қазақ жүздері XV-XVI ғасырларда қазақ хандығын құрған үш ұлыстан түзелген деп көрсетеді. Ш.Уалиханов жүздер туралы әңгіме желісін Алтын Орда кезеңіне алып келеді. Т.И.Сұлтанов жобамен XVI ғасырдың ортасында ұлыстық жүйенің орнына келген деген тұжырымды қостайды. В.В.Бартолъд өзінің 1925 жылғы «История изучение Востока в Европе и России» атты еңбегінде жүздік құрылымды орналасу ерекшеліктеріне сай мал шаруашылығына байланысты көшпеліліктен туындаған деп қорытындылайды. Тарихи деректерге, шежірелер мен ескіден келе жатқан жыр дастандарға сүйене отырып және ғалымдарымыздың көпшілігінің пікірлерінің бір жерден түйіндесіп отырғандығынан «Жүз» деген сөзді XV-XVI ғасырлардағы Қазақ хандығының ішкі бөліктерінен немесе этникалық жағынан орналасқан жер көлемінен пайда болған деген тұжырымға келеміз. Осыдан шығарып жүз сөзінің өзі бөліну, бөлім, жер жағдайына қарай қазақ халықының бөлініп орналасуы деп түсінеміз. Қазақ халқының этникалық түзілімдерін дәл айқындап шығу үшін ұрандар мен таңбаларды да нақты зерттеуді қажет ететін сияқты. Ру таңбаларына назар аударсақ – Л.Меердің, И.Казанцевтің, А.Харузиннің, В.Радловтың – таңбаларды малдарға қолдану мақсатында Тауке хан ойлап тапқан десе, Шыңғыс хан кезіндегі таңбалар мен ұрандарды қырғыздарға (қазақтарға) таратқан деп көрсетеді. Немесе А.Харузин мен М.Иваниннің айтуынша Шыңғыс тұқымынан тарған хандардың қарауындағы әскерлердің ішіндегі қырғыз (қазақ) қосындарының қаруларының түрлерінің бейнелері деп түсіндіреді. А.Левшин - әуелде таңбалар мен белгілерді қазақтар моңғолдардан алып солар арқылы Орта Азияға, Үндістанға тарағанын айтады. В.Радлов өзінің жазбасында халық ауызынан естіген – руларға таңбаны Оғыз ханның баласы Күн ханның ойлап тапқаны деп жазыпты. Енді Аристовтың пікіріне жүгінсек рулық таңбалардың тіпті әріден басталғандығын, адамзаттың жеке меншікке ие болмай тұрғанда малдардың бәрі ру-тайпалардың ортақ меншігі болып тұрған кезеңдерді меңзейді. Немесе Аристов Күлтегіннің жазбасында түркі тайпаларындағы хандардың таңбаларының болғанын одан да бұрынғы Орхон бойынан табылған тастарда да кездескенін дәлелдеген. Н.Аристовтың таңбалардырулық меншіктің белгісі дегенге келіссек, онда ру-тайпалық таңбалардың шығу тегі Орхон-Енисей жазулары мен түптес болып шығатын сияқты. Қазіргі кездегі түркілер тарихын жазып жүрген Мұрат Әджи кейбір белгілердің тәңірге табыну кездерінде болғанын, б.з.д. IV-III ғасырлардан б.з. VII ғасырына дейін

Алтай түркілерінің пайдаланғанын, оны Еуропаға ғұндар апарғанын жанжақты баяндайды. Немесе Махмуд Қашғаридың – түрік тілінің сөздігі (Диуани лұғат ат-түрік) еңбегінің 1978 жылғы Алматы баспасынан шыққан бірінші томында рулық таңбалар көрсетілген. Солардың ішіндегі Оғыз рулары таңбалары мен қазақ рулары таңбаларының ұқсасатықтарын көрсетеді. Мысалы оғыздардың Салғұрлар деп аталатын ру таңбалары Адай таңбасына, Тұтырқы деп аталатын ру таңбасы Беріштердікі мен бірдей болғандығы ойға қалдырады. Осы жағдайларға байланысты Махмуд Қашғаридың, Рашид ад-диннің көрсетіп кеткен рулық таңбаларды – «кейінгі түрік, моңғол тайпаларының таңба белгілері мен салыстыра қараса Орталық және Орта Азия халықтары этногенезін зерттеп білуге қажетті аса құнды деректер берер еді» деп жазған Ю.А.Зуевтің сөзінің дұрыстығын көреміз. Ру-тайпа таңбалары жөнінде көптеген ғалымдарымыздың еңбектері соңғы кездерде жарыққа шыға бастады. Оларға тоқтап кететін болсақ көп әңгімеге кетіп қалуымыз мүмкін. Қазақ рулары және тайпаларының таңбалары мен түрлі белгілері туралы деректер толық зерттелсе, таңбалар мен белгілер қазақ елінің рулары мен тайпаларының өткен жолдарын көрсетіп қоймай, олардың бірлесу жолдарының да анықталуына көмегі тиетін болады. Енді қазақтың ұрандары жөнінде де тікелей зерттеулер болмағанын білеміз. Ұран қазірде де бар. Мысалы күні кешегі Кеңестік дәуірде де екінші дүниежүзілік немесе Отан соғысы, деп те атадық – сол соғыста бүкіл кеңес одағы армиясының ұраны Отан және Сталин болды. Жауға қарсы көтерілгенде Отан үшін, Сталин үшін деп қырылғанына қарамай оққа қарсы жүгірген жоқпа? Соның өзіненде ұранның жеке адамға да немесе топтасқан ұжымға да патриоттық рухты көтеріп, ерлікке жетелейтін, жігер тудыратын, өз жандарын пида етуге дейін апаратын жалынды да қасиетті сөз екені белгілі. Ұранның жоғарыдағы дәлелдемелерімен бірге оның аталуларына қарап, қай атадан екенін, қандай руларға жататындарын да білуге болатын сияқты. Бұрын қазақтар ат қосқанда да бәйгіден келе жатқан аттарының қай рудан қосылғандығын олардың мәреге жақындағандағы айқайларынан да айыруға болатын көрінеді. Мысалы Мұңал, Мұңал деп ұрандатса бәйгіден келе жатқан бірінші ат Адайдың ішіндегі Мұңал тайпасынікі екені белгілі болып отырған. Ат қосқандағы бүкіл тайпаның табынатын ұранынан басқа, берідегі ру басыларының аттары мен атала беретін болған. Қазақ рутайпаларының ұрандарын білу және оны анықтаудың қажеттігі туады. Себебі таңбалар сияқты ұрандарда ру-тайпаларының шығу тарихын зерттеуге мол үлесін қосады. Ру ұрандарына халықтың немесе тайпаның үлкен құрметке ие болған, бүкіл ел сыйлайтын, табынатын тұлғалары, оның ішінде қасиетті-киелі аналардың есімдерінің де алынатындығын көреміз. Қазақтарда көбінесе ең-әуелі ұранға айналатын тарихи тұлғаның әулиелілігі, киелілігі бірінші орында тұрады. Оның көсемділігі, батырлығы немесе шешендігі мықты болғанмен ел құрметтеген киелі әулиенің алдына шыға алмайды. Ұранды қолдану тек қана жауға шапқанда әскерді жігерлендіріпрухтандырудан тыс ұранға айналған әулиенің әруағына сыйыну, одан медет, күш-қуат, жанына шипа сұрап басына түнеу жақтары да қоса жүргізіліп келген. Ұран туралы әңгіменің түйініне келер болсақ белгілі тұлғалардлың есімі ұранға айналуы үшін оның әулиелік-киелілік, көсемдік, шешендік, батырлық қасиеттері халыққа дұрыстап танылып, ел оны толығымен мойындауы керек. Кейбір ұрандар бірнеше ғасырлардан кейін өзгеріп, басқа атаққа ауысады. Адай тайпасының ұраны әуелде Тегелен болып аталып артынан Бекетке ауысты. Оның негізгі себептері – біріншіден Тегелен атағы, көп ғасыралардан бері аталып келе жатқандықтан, оның кезіндегі киелі, аруақты атақтары ескіріп, елдің есінен шығып, ұмыт болуы; Екіншіден – рулардың өсіп, көбейіп тайпасының іріленгендігінен; Үшіншіден – ел ортасынан жаңадан киелі, әруақты адамның шығып,

халыққа пайдалы, шарапатты жан-жақты қасиеттерімен танылғандығының куәсі, көріп отырғанымыздай қазіргі Адай, Мұңал-Бекеттің аты ұранға айналды. Аса дарынды жазушы, мемлекет қайраткері, Әбіш Кекілбаев «Бекет-Ата» туралы өзінің сөзінде: - «жақсы заманда да, жаман заманда да оған деген ел сүйіспеншілігіне қылау түсіп көрген жоқ. Өйткені, ол тірісінде – елінің жел жақтағы Панасы, ық жақтағы Саясы бола білген Азамат. Жаудан елді арашалаған батыр. Дауда әділетті арашалаған қази. Озбырлықтан обал мен сауапты арашалаған Пірадар. Оның қыранның қанаты талар қиян даланы жайлаған Ата жұртының, Ата мекенінің барлық шекарасында қырандар түлек түлететін қия шыңдардан өз қолымен тас қащап, тауды үңгіп, жер асты ғимараттар салып, мешіт-медреселер ашуы да ескі аңыздардағы Прометей мен Фархадтарды, Киелі кітаптардағы Мұса мен Әзірет Әліні еске түсіретіндей ерен ерек. Шөл кезіп, еріні кезерген еліне асасының ұшымен тас шұқып, каусар бұлақ тауып берген Мұса пайғамбарымдай Маңғыстау мен Үстірттегі Бекет-Атаға байланысты жердің бәрінде де балдай бұлақ, көк құрақ, маңыраған арқар, таутеке. Олар Елдіктің шебі. Елдіктің төрі. Оларды жауға алдырған жұрт Ел болып тұра алмайды. Ондай елдік Намыс пен Иман ұяларын қастер тұта білмеген жан иесі қатарға кіріп, адам санатына еніп, қалтырамай жер басып жүре алмайды. Елі мен Жерін шексіз сүйген Асыл Азамат, Абзал адамды елі де шексіз сүйеді. Бекет-Атаның басты құдыреті –міне, осында. Өйткені, ол көзінің тірісінде қиянатқа жол бермес Әділдіктің, күпірлікке жол бермес Адалдықтың, қараулыққа жол бермес Мейірімділіктің, арсыздыққа жол бермес Парасаттың асқан үлгісін танытып, үлкен-кішіні, алыс-жақынды, дос пен дұшпанды түгел мойындатқан адам» - деп көрсетеді. Қазақ ұлтын құрайтын рулары мен тайпаларының, оның таңбалары мен ұрандарының тамырлары тереңде жатқаны белгілі. Олай болса қазақты құраған рулар мен тайпалардың, таңбалар мен ұрандардың сан-ғасырлы, сан-салалы тарихын ден қойып түп-тұқияннан бастап үңгіп, шындыққа көзді жеткізіп мойындайтындай дәрежеде анықтап зерттемей, ұлтымыздың жан-жақты қамтылған сапалы тарихын жасап шығаруға мүмкіндік жеткіліксіз сияқты. Адайды, қазақ халықы үшін қасиетті Пір Бекет-Атаны, ұлттық тарихымызда аты қалған Құдайберді, Келімберді, Қосай-Тәзіке, Мұңал, Назар, Сабытай, Есек, Шотан, Атағозы, Қонай тәрізді біртуар тарихи тұлғаларды әкелген Адай тайпасы екені рас. Адай тарихы сонау түрік қағанаттары кезеңінен бастау алғандықтан оның тарихи жолындағы қазақ халықының күрделі де қайшылықты қалыптасу кезеңдерінің барлығы көрініс береді. Сонымен қоса біздің заманымыздың бірінші ғасырында Алшын тайпасы Алозон деген атақпен Днепр жағалауындағы сақтардың ортасында жүрді немесе X-XI ғасырларда Солтүстік Қара теңізбен Оңтүстік орыс далаларында да пайда болды. Скиф-алаңдардың ескі қорғандарды, үйіктерді зерттеуші археологтар б.д. бірінші ғасырларында Еділ-Жайық пен Каспийдің, Орта Азияның шығысынан ауған Алшындықтар Днепр, Дон бойларынан батысқа қарай жайыла қоныстанғандығын анықтаған. Каспийдің шығысынан II ғасырда Еуропаға өткен гундар мен аландардың қалған бөліктері XI ғасырға дейін Маңғыстауда, Үстіртте өмір сүрген. Сол кезде Аландармен бірге тіпті олардан бұрынырақ Еуропаға Алшын тайпасының, адайлардың да келгендігі көп жазбаларда әңгіме болады. Олардың қоныс еткендігінің бір куәсі Солтүстік Кавказдағы Адайкох аңғары, Адайкохы тауы. Адай руларының мекені болған сол жерлер күні бүгінге дейін сол атақпен келеді. Е.И. Крупновтың «Древняя история Северного Кавказа» (М. 1960 ж.) еңбегінде Адайкохы тауын мекендегендердің ішінде қазақтың адай тайпасымыз дейтіндердің соңғы уақыттарға дейін болғандығы жазылған.

В.В.Востровтың «Киев пен Полтава губерниясының арасында Рамадан деген қала бар, ол бізге алшындықтардың бір бұтағы саналатын Рамадан руын еске түсіреді. Москва-Киев темір жолының бойында Алтын дейтін село, әрі станция, ал Саратов облысында сол аттас қала бар. Біздің пікірімізше, ол Алшын тайпасының Алтын руы болар. Днепрге құятын Сула өзенінің бір тарауы Удай, аздап бұрмаланған Адай болса керек. Харьков-Пенза темір жолындағы Бюрюш қаласы Алшын тайпасының Беріш руының бұрмаланған түрі болуы ақиқат» -дегеніне қарағанда шындық жатқан сияқты. (Вопросы этнографии, истории и антропологии Казахстана, А-Ата, 1962, стр75). Маңғыстау жерінің ежелден келе жатқан ескі қоныс екеніне ешкімде дауласа қоймас. Осы өлкені жайлап өткен халықтар туралы оның ішінде Адай тайпасы туралы ғалымдардың болжамдары түрліше. С.П.Толстовтың жазбасына қарағанда Адай тайпасы біздің дәуірімізге дейінгі VI-IV ғасырларда Сырдария сақтары мен одақ болып, II-I ғасырларда хорезімдіктердің батысында, біздің дәуіріміздің біріші ғасырында Каспийдің оңтүстік-шығысында, VI ғасырда батыс түркілерінің құрамына енген ірі тайпа –деп көрсетеді. Н.Аристов өзінің 1893 жылғы «Қазақ құрамы» атты ықшам мақаласында Адайларды түрікменнің Адақылы руына апарып қосады. С.Аманжолов, В.В.Востровтар Адайды «ада» сөзінен шықты дегенге келтіреді. В.В.Бартольд ада деген сөзді оғыз түрікмендерінің «Бейбітшілік бағанасы» деген сөзі деп аударады. Я.Ғ.Гулямов, Ә.Абдірахманов, С.Омарбеков, А.Медоевтер Адайларды дайлардан шығарады. Грек географы Страбон Каспий жағалауын жайлаған скифтердің бір бөлігін – дайлар, солтүстік шығыс жағындағыларды – массагеттер мен сактар деп атағандығын дәлелдейді. В.В.Востров – адай деген сөзді оғыздар ада-арал халқы деген ұғымнан пайда облған ежелгі жаратылуы дай, дох тайпасы болар деген түсінік береді. Тарихымызбен ғалымдарымыздың жазбаларына қарасақ Алшын, Адай, Байұлы тайпалары дым ертеде және көп жерлерге тарап кеткендігін көрсетеді. Махмұд Қашғари, ибн Батута, Рашид-ад-динндердің деректеріне сүйенсек, Атырау, Арал маңын қоныс еткен Алшындықтар Қыпшақтармен, Оғыздармен, Қаңлылармен, Қарлуктармен көрші орналасып, бірігіп қимыл жасағанын айтады. А.Медоев дайлардың тарихи деректерге дай, дахи-даха, дахари аталатындығына сүйене отырып, адайларға Бактриядағы тохарлардың (тох-ар, ар-батыр) қатысы болуы керек деген жорамалының бар екені де белгілі. Кейінгі кездерде дағыстандықтардың адайлармен түбі бір деген тұжырымдар да болды. Көп жорамалдардың меңзейтін түйіндері Маңғыстау түріктері аталған Адай тегін дайлардан іздегенді дұрыс көреді. Әйгілі шежіреші Қазыбек Тауасарұлының айтуынша қазақ атамасының өзі де, одан тарайтын ірі рулар шығысы да ертеректен бастау алатын сияқты. Біздің байқауымызша Алшын мен Алаудан ары қазаққа дейінгі аралықта аталмай қалып тұрған бізге белгісіз аталық орындар бар шығар деп ойлаймыз. Оған дәлеліміз Адай жыршылары арасында айтылған «Алаңқай батыр» атты жыр дастан болған. Бұл жырдастанды кезінде Өгізбай жырау жырлап? Одан шәкірті Қалниязға ауысқан деседі. Солардан қалған жыр желісі Сабыр жыршының айтуымен бізге жетіп отыр. Осы жырдастан желісі Еділ-Жайық бойынан бастау алады да, ертедегі кездерден елес береді. Жырдың бас кейіпкері Арғынбек батыр, оның баласы Молақсай жырау болып, Молақсайдан Алаңқай, одан Алақай туылады. Соңғы екеуінің батырлықтан аты шығып, соңында олардың ерлік істері жыр-дастанға айналыпты. Жыр соңында Алақайдың апасын анығы Молақсай жыраудың қызы Ақкербезді Алау батыр алып, одан Алшынды тудырады. Біздің Алшын мен Алаудың ар жағында аталмай тұрған аталық орынның бар болуы да мүмкін деп жорамалдаймыз. Осы жайттарды ескергендіктен айтылып отыр. Дегенмен, шежірешілеріміз Алшын мен Алаудан әрі кетіп аттарын атамай, бірден Бекарысқа тірейді.

Олардың шежіресінде Алаңқайдың да, Алақайдың да аттары аталмайды. Қашекеңнің «Адай тегі» аңыз-хикаялары мен Ұзақбай жыршының Адай шежіресінде аталатын аңыз іздерінің «Алаңқай батыр» ертегі жырымен үндестігіне қарағанда, ақын – жырауларымыз өзара сабақтас болған сияқты. «Алаңқай батыр» жыр-дастанының жалғасы болған «Алақай батыр» жырының Сабыр жыршы айтатын нұсқасында: Айтып кеткен секілді, Алаңқай жұртын Адай деп, Айтуға жеңіл оңай деп. Айтады екен шалдарым: Алақайдың ұрпағы – Ерқосай, Жанақ, Шабай деп, Атағозы, Ер Қармыс, Қазыбек, Шотан, Қонай деп. Әулие Бекет ұрпағы, Айтылған сөз солай деп, Алақайдан тараған, Осы жүрген Адай деп

Адай елінің шығысын осылайша арыға сілтейді. Бұл әрине, жоғарыда айтып өткендей ғалымдарымыздың жорамалына дұрыс келетін сияқты және айтпағымыз ертегі-жырдың бас кейіпкері ретінде Арғынбектің аталуы. Жоғарыда біз келтіріп өткен жыр қатарындағы: «Айтып кеткен секілді Алаңқай жұртын Адай деп» делінген сөзге көңіл етсек, жырдағы Алаңқайымыз Арғынбек батырдың шөбересі – ғой. Сонда Арғынбек батырымыз қазіргі Адай елінің арғы бабасы деуімізге болғандай. Орта жүз қазақтарында Арғын атты рудың барлығы және оның рулық таңбасы Адайдың рулық таңбасымен өте ұқсастығы көңілімізге біраз ой салады да. Шежіреші ақындарымыздың бірі Түмен Балтабасұлы «Адай тегі туралы» деген толғауында Арғын атын атайды. Осы толғауында ол: «Адай деген ауылдың аталығы – Ұлы жүз, аналығы Кіші жүз» деп деректе келтіреді. Бізге мұндағы Арғын атамасы «Алаңқай батыр» жырындағы Арғынбекті еске түсіреді. Әдетте белгілі бір бабасының атын жоғалтпас үшін бабаларының біріне қоя салатын ел ішінде әдет-ғұрыптар болған ғой. Сол айтқандай, Елтай атамыздың жастай өліп, баласын көрмей кетуін еске алып, оның белгісін өнген тұңғыш перзентіне арғы бабасы Адайдың атын ырым етіп қоюы да мүмкін ғой, міне біз осы бергі Адай атамыздан бастап шежіре желісін тартып кеткен болармыз» - деп әңгімелейді. Біз осымен Алшын, Байұлы, Адай дегендердің алты-жеті ғасыр кейінгі бабаларының аттарымен аталып, солардың өмірінің жалғасы болып келе жатқан Алшын, Байұлы, Адайлар туралы әңгімелекпіз. Немесе күні бүгінгі қарттарымыздың біреуі 21, біреулері 20, қайсыбіреулері 19 атаға дейін аттарын атап Адайға дейін жаңылмай апарып отырғандығын да қатерге алдық. Осы жерде тағыда Әл Ибн Бахуридың 1814 жылғы «Алғашқы қазақтардың бірігуі» атты еңбегіне (49-77 беттер) сүйенеміз. Бұл еңбекте Алшынның Адайы туралы, оның қазақ хандығын құрысудағы еңбектері көлемді түрде баяндалған. Әбілқайырдан бөлініп шыққан елдер әуелі Адайды хан деп те атағандығы туралы айтылған. Осыған қоса Адай балалары Келімберді, Құдайке, Қосай туралы да көптеген мәліметтердің бетін ашады. Сол сияқты тарихшы Әкрам Мұхитбердінің «Қазақ құрамасы» атты 1797жылғы еңбегінде де Адай және оның балалары жайлы нақты мәліметтер берілген. Бүгінгі тәуелсіздік өткендегі кемшіліктерден арылуға толықтай жағдай жасап отыр. Қазақстандағы ғана емес, түркі тұқымдас халықтардың ішінде де шашырай қоныстанған Адай тайпасының тарихына тән өзіндік ерекшіліктер, дербес әлеуметтікэтникалық сипаттар баршылық. Ғылыми жобаларды, концепцияларды қарасақ он екі ата Байұлы тайпасының Саян-Алтай өңірлерінен бастау алған түркілік негіздері олардың Шу мен Сыр бойларындағы өмір сүрген кезеңдері және батыстағы қоныстану

бағыттары, түрлі ортағасырлық ұлыстармен араласу тарихындағы өзіндік орны бар екендігі белгілі. Қазақ хандықтарындағы саяси-этникалық процестердегі, Алшын тайпасынан шыққан, қазақ еліне белгілі болған жүрек жұтқан батыр Адайдың тұңғыш Қазақ хандығын ұйымдастырудағы орны және оның батыр балалары – Келімберді, Құдайберді – олардан тарайтын Қосай, Тәзіке туралы әңгімелемекпіз.

I-бөлім. АДАЙ және ҚҰДАЙКЕ-ҚОСАЙ Моңғол мемлекетінің бір мың екі жүз алтыншы жылы құрылып, әкесі қият, шешесі та-та елінен шыққан Темучин моңғолдардың билігін қолына толық алды. Соңынан Темучин өзін Шыңғыс хан деп атайды. Шыңғыс бастары бытырап кеткен моңғолдарды тез арада біріктіріп алып көршілес жатқан Орхон, Онон, Керулен өзендерінің бойын жайлап отырған Найман, Керей руларын жаулап алып, өзіне қаратты. Не бары үш-төрт жылдың ішінде айналасындағы ұсақ елдерді өзіне қаратып, бұрын атағы жер жарған тунгус елінде басып алады. Бір мың екі жүз онбірінші жылы Шыңғысхан Қытайға соғыс ашып үш жылдың ішінде қытайды жеңіп Пекинді өзіне қаратты. Бұдан кейін кідірместен екі жүз елу мың әскерімен Орта Азияға кірді. Сол кездегі Хорезм шахы Мұхаммед күш біріктіріп моңғолдарға қарсы тұра алмады. Жеке қалалар қақпасын жауып қарсы тұрғанмен қол күшіне бағындырылған темір қарумен қаруланған, далалық ұрыстарда тәжірибе жинақтап, соғыс тәсілдерін жақсы меңгерген моңғол әскеріне төтеп бере алмады. Бір мың екі жүз он тоғызыншы жылдан бастап үш жылдың ішінде Шыңғысхан бүкіл Орта Азияны жаулаумен тынған жоқ, одан кейін аз уақыттың ішінде оңтүстігінде солтүстік Иран, оның терістігіндегі орыстарды, батысындағы Кавказды басып алып, бір мың екі жүз жиырма бесінші жылы Моңғол деп аталған үлкен империя құрып, даңқын жер шарына жайды. Сол жылы Шыңғысхан Ертіс бойынан Монғолияға оралған болатын. Монғолияға оралғаннан кейін өзінің жаулап алған жерін төрт баласына бөліп береді. Себебі қарамағындағы жер көлемі өте ұлғайып кеткендіктен бір орталықтан билік жүргізу мүмкін болмаған болатын. Сол бөлісте Шағатай – Жетісуді, Мауреннахрдың нобай жерін, Шығыс Түркістанды, Үгедей – жоғарғы Ертісті, Тарбағатайды, Монғолияны, Жошы – Дешті-Қыпшақты, түгелдей, Жетісудың жартысын, жалпы айтқанда Ертістен төменгі Еділ бойына дейінгі жерге ие болған еді. Ал, Төлей кенже баласы болғандықтан өз жұртына иелік еткізген.

Шыңғысхан 1227 жылы өлді. Өлгеннен кейін тоғыз жылдан соң Жошының баласы, Шыңғысханның немересі Бату шығыс Еуропаны жаулап алу мақсатында жорыққа аттанады. Сол бір қанды жорықта Бату басқарған моңғол басқыншылары Еділ бойындағы болғарларды, орыс княздіктерін күшпен алып, адам айтқысыз түрде жаншып, Польшаны, Венгрияны, Чехияны, Молдавияны Валахияны т.б. мемлекеттерді талқандап Адриат теңізіне дейін өзіне қаратып барып ат басын кейін бұрды. Бату сол жорықтан бір мың екі жүз қырық екінші жылы оралып, Еділдің сағасына сарай салдырып, Алтын Орда мемлекетінің іргесін қалады. Бір мың екі жүз қырық үшінші жылы жаңа мемлекеттің астанасы Сарай-Бату қаласы болды. Соңынан Берке хан болған уақытында Сарай-Беркеге көшірілді. Алтын Орданың қарамағындағылар түркі-моңғол тайпалары деп аталды. Батудан кейін Төленің тұңғыш ұлы Меңгу Қарақұырымға хан сайланды. Меңгу кейіннен Мөңке болып аталды. Мөңкенің таққа отыруына Шағатай мен Үгедей ұрпақтары іштей қарсы болды. Бірақ Мөңкені халық қолдағандықтан ашық қарсылық көрсете алмады. Хан сайлауына қатынаспай өздерінің ішкі ойларын білдіртіп те алғанды. Соңынан Мөңкенің беделінің күшейіп бара жатқанын байқаған Шағатай мен Үгедейден тарайтын ел басқарып жүрген билер мен сұлдандар Мөңкені құттықтауға келгенде жақсылап қарсы алып қонақ жасайды да, түнде түгелімен бірін қалдырмай өлтірткізеді. Міне осыдан бастап Шыңғыс ұрпақтары бірімен бірі жауласумен келді.

Сол кездерде Алтын орданың алып жатқан көлемі, оның құрылымы, әлеуметтік түрлі жағдайлары жер ыңғайларына қарай әртүрлі болатын. Сонау Алтайдан бастап Дунайды қосқанда ұлан-асыр кең жерді жайлап жатқан зор мемлекеттің оң жағы Еуропалық, сол жақ қанаты Азиялық бөлік деп бөлінді. Немесе оның оң қанатын Ақорда, сол қанатын Көк орда деп атады. Көк Орданың алып жатқан жері қазіргі біздің Қазақстанның жерін толық қамтып жатты. Оның орталығы Сыр бойындағы Сығанақ шаһары еді. Көк Орда да билік жүргізген Шыңғысханның үлкен ұлы Жошының ұрпақтары болатын. Көк Орда халқы Алтын орданың бір бөлшегі болып саналатын. Солай бола тұрғанмен терістігі Сібір тайпасына дейін, түстігі Сыр-Дарияға дейін, екінші жағы Жетісу мен Тарбағатайға дейін, бір жағы Маңғыстауға дейінгі жерге ие болған әбден кемеліне келген жұрт саяси бірлігі халқының тұтастығы бекіп, қалыптасып қалған болатын.

Алтын Орданың ұлы ханы Жәнібекті өзінің баласы Бердібек өлтіріп, хан тағына ие болғаннан кейін жағдай күрт өзгереді. Бердібектің зұлымдығы, шектен шығып кеткендігі сондай, тағымды тартып алады деп айналасындағы туыс жақындарының бәрінің көзін жояды. Екі жылға жетпей-ақ кісі қолынан өзінің де көзі жойылады. Қанішер Бердібек сөйтіп Батуханның тұқымын құртып, өзі де солармен бірге құриды. Енді Жошыдан қалғандардың арасында таққа-талас басталады. Халықта сол бір кезеңде «нар мойыны кесілді» деген сөз әліге дейін сақталған. Шындығында да нар мойынын Бердібек құзғын кесіп еді. Сөйтіп Алтын Орданың ханы Жәнібек 1357 жылы өз баласының қолынан жауыздықпен өлтірілді. Содан кейін-ақ таққа талас бірін-бірі өлтіру халықтың қамы емес, қарақан басының пайдасын ойлаған хансымақтар бірінен соң бірі таққа отырып жатты. Жәнібек өлгеннен кейін онтоғыз жылдың ішінде Алтын Орда тағына бірінен соң бірі он төрт хан ауысыпты. Солардың бәріде бірімен бірі жауығып, соның нәтижесінде жойылып отырған. Сол кезеңдерде Көк Ордадағы билік басында отырғандардан Алтын Орда тағына ие болғандары болды. Әсіресе – Орыс хан, Тоқтамыс хан, Барақ хандар ұлы хандық дәрежеге жетіп билік құрды. Солай болғанмен, олардың бірде біреуі ыдырап бара жатқан Алтын Орданы толық күш қуатына келтіріп дамыта алмады.

Сол кезде атағы әлемге жайылған – Орта Азиядан пайда болған Ақсақ Темірмен соғыста Тоқтамыс үлкен жеңіліс тауып өледі. Барақ хан ғана Ақсақ Темірмен әлденеше рет айқасып, Тоқтамыстың кезінде айырылып қалған Сауран, Сығанақ, Отырар, Түркістан қалаларын, Сыр бойын түгелдей қайтарып алады. Ақсақ Темірмен соңғы соғысында Ұлықпек пен оның інісі Мұхамбет – Жаукенің қолын талқандайды. Одан кейінгі соғысында Барақ хан өзіне бағынышты болып жүрген ноғай ұлысының опасызының қолынан қаза табады.

Осыдан кейін-ақ, Алтын Орданың шығыс беті ит-ырғылжыңмен ыдырай бастайды. Бөлшектеніп, әр сұлтан әрқайсысы хандық құруды көздейді. Келе-келе бір мың төрт жүз жиырма жетінші жылы Жошының бесінші ұлы Сайбаннан тарайтын Дәулет-Шайхы сұлтанның баласы Әбілқайыр таққа отырды.

Мөңкеханның тұсында Алтын орда астанасы Сарайдан бастап басқа қалаларда да алтын динарлар құыйлып жасалып сауда айналымдарына түскені белгілі. Мөңке өлгеннен кейін Шыңғыстың Ұлы Ордасы Қытайға көшірілді. Орда ыдыраған соң, ақша жасауда жойылған. Негізгі ата кәсібі болып келе жатқан мал бағумен айналысып отырған қазақтың көп рулары қала салуды қойып, малының жайымен ен даланы бұрынғысынша көшіп қонып, қоныс іздеп, қайда шөбі шүйгін, суы мол жерлерге қоныстана бастаған.

Әбілхайыр хан тағына отырғаннан кейін Дешті Қыпшақтың халқын Сейхун және Жейхун бойларындағы Шыңғыс қиратып кеткен қалаларды қайта тұрғызып, елді отырықшылдандыруға кірісе бастаған кезі еді. Әбілхайырдың бұлай етуі малмен айналысуға шыққан Алшын, Арғын, Қыпшақ, Үйсін, Найман, Қоңырат, Керей, Қаңлыларға тиімді болмады. Сол уақыттағы Әбілхайырдың шындығында бүйрегі

бұратындары Мәуреннахр, Соғды, Қорасан жерлеріндегі қыз алысып, қыз беріскен құдамдалы, нағашылы жиенді болып кеткен Барлас, Маңғыт, Бүркіт рулары болды. Жәйлі жағдай соларға жасала бастады. Әбілхайыр Орданың салт-дәстүрін де Мәуреннахр елінің әдет-ғұрыпына қарай бағыттауды жөн көрді. Халықтың наразылығының негізгі себебі бұданда да емес, халыққа салықты үсті-үстіне салып, әлеуметтік жағдайды төмендетіп жібергендігінен еді. Соның салдарынан Дулат, Найман, Қоңырат тайпалары Әбілхайырдан ат-тонын алып қашып, моғолстанға көшіп те кеткен болатын. Осы кезде Әбілхайырға наразы халық топтасып бас көтерген еді. Негізгі бас көтерушілер Орда-Ежен, Тоқай-Темір әулеттері болды. Оларды бастап жүрген Көк Орданың ханы болған Орыс ханның ұрпақтары Керей мен Жәнібек болатын.

Әбілхайырдың ордасында ешкімді кіргізбей жолбарыс терісінің үстіне аунақшып-төңбекшіп жатқандағы ойы Жәнібек пен Керейдің көзін қалайда жоюдың жолдарын ойлаумен жатқанды. Ол үшін әуелі Арғынның елді ауызына қаратып жүрген Ақжол бидің көзін құртуды ойластырды. Осы бір ой басына келгенде Ақжол мен Қарақыпшақ Қобыландының бас араздығы ойына келе қалды. Ол араздықтың да жайжапсарын Әбілхайыр жақсы білетін. Әбілхайыр Қобыландыны ордаға шақырып оңаша сөйлесті. Қобыланды мен оңаша жолыққаннан кейін екі-үш күн өтпей, үстінде сауыты жоқ, қолында қаруы жоқ Ақжол биді қасында екі жолдасы бар жолаушы келе жатқан жерінде Қобыланды жекпе-жекке шақырып, қолындағы шоқпармен басынан ұрып өлтіреді. Сөйтіп Ақжол бидің бассыз денесін қалың Арғын қара жер қойынына тапсырады. Ақжол биді қалай өлтірсе, Алшағырханның баласы Орақ өзінде солай өлтіретінін Қобыланды білген жоқ еді. Ақжол биді жерлегеннен кейін көп ұзамай-ақ Арғындар бастаған жаппай қаруланған екі мыңдай қазақ аламандарын ерітіп хан ордасының желкесіне тақап әкеліп қойып, Керей мен Жәнібек бастаған бір топ адам Әбілхайырға келіп Ақжол бидің құнын сұрайды және Ақжол бидің құны тек қана Қара Қыпшақ Қобыландының басын алумен бітетінін мәлімдеп, талап қояды. Әбілхайыр бұл талапты орындаудан бас тартады. Әңгіме осымен тамамдалады. Керей мен Жәнібек бастаған топ Ханмен қоштаспастан шығып кетеді. Зығырданы қайнаған Әбілхайыр қолының қапталындағы алдаспанға қалай барып қалғанын өзіде білмей қалды. Шұғыл бас уәзірін шақырып Жәнібек пен Керейдің басын ал деп айтуға оқталып барып, ордаға тақалып тұрған қазақ руларының қалың қолын көрген соң амалсыздан тежелген болатын. Абілхайырдың тұла бойын ашу билеп алқынып біразға дейін өзіне келе алмады. Жаңа ғана Ордасының желкесіне келіп тіреліп тұрған қара халықтан жиналған тобырды көріп тәубесіне келгендей болды. Осы тобырдың негізгі тамырына балта шабылмаса ертең өзінің басына шабылатыны ойына түскенде жүрегі атқалақтап, тұла бойын мұздай тер жауып кетті. Өткен тарихтағы қара халықтан шыққан, құлдыққа сатылып кеткен беріш Бейбарыстың Мысыр жерінен Құлағуды қуған, тұқымдарының да осы тобырдың ішінде жүргені жаңа ойына түсті.

Қыпшақ даласын жайлаған Алшындардың ішіндегі Беріш руындағы Есенғұл батырдың ауылы шабылғанда қолға түсіп, құлдыққа сатылған Бейбарыстың ерекше қабылеттілігімен көзге түсіп Сирия әскерінің қолбасшысы болып, соңына қаратабан кедейлер мен құлдарды ерітіп Мамлүктер деген атақпен соғыс тәсілдерін толықтай үйренген жер қайысқан қол жинап Бағдатты басып алып, Иран шахы Құлағу әскерін ойсырата жеңіп, жеңуімен қоймай оны Мысыр жерінен тұтастай аластап, одан кейін Крест ұстаушыларды Сириядан қуып, Аққа қаласын басып алғаны бірінен соң бірін ой елегінен өткізіп үлгерді. Қалың қара тобырдың көтерілуі қиын, оны көтеретін ауызы дуалы, өзі қайратты, жүрек жұтқан әрі би, әрі батыр адам керек. Ол адамдардың пайда болғанын, оның Жәнібек пен Керей екеніне көзі жетті. Әуелі осылардың көзін құртпай болмайды деген алғашқы ойына қайта келіп тірелді.

Ордадан шығысымен Керей, Жәнібектер, Алшынның, Арғынның, Найманның Тарақтының, Керейдің, Қоңыраттың, Уақтың батырлары мен билерін шақырып кеңес өткізді. Кеңесте Керей сөз сөйлеп қазақ жұртын бастап, Әбілхайырдан іргені аулақ салуды ұсынды және елді қайда апарып орналастыру керек екенін ортаға салды. Жиналған билер мен батырлар бір ауыздан билікті Керей мен Жәнібектің өздеріне берді. Сіздердің шешімдеріңізді естиік содан соң барып ақылға салып көрелік деген ұйғарымға келді.

Енді сөзді Жәнібек өзі бастады: - «Өздеріңіз білесіздер Әбілхайыр ханның халыққа жағымсыз қылықтары күннен күнге өршіп келеді. Оның үстіне Қобыландының қолтығына су бүркіп, Ақжол биге айдап салып өлтіргізіп екі туыс елді біріне-бірін жау қылып, біздің ауыз бірлігіміздің арасына сына қағып, жауластырып, әлсіретіп алып, өзінің уысында қалдыруды ойластырды. Ақкөңіл-даңғой батыр Қобыланды Әбілхайырдың қарындасында Ақжолдың көзін құртсам аламын деген оймен, түбінің неге соғарын білмей жасарын жасап тынды. Біздің бүгінгі көшуіміздің негізгі себебі бұл да емес. Тісқаққандарыңыз білетінде шығарсыздар. Бабамыз Орысхан ортнатқан Ақ орданы қайтадан тұрғызып бүкіл қазақ жиналып, жеке қазақ елі болсақ деген үміт бар. Енді қазақ деген халықтың туын тігіп орнығатын екі жер бар екенін өздеріңіз білесіздер. Оның біріншісі Алтын Орда, Еділ мен Жайықтың арасы. Қазір ол жерге бара алмайтын шығармыз деп отырмын. Оның себебі бізді қабылдағысы келмейтін Темір бимен Қасым сұлтан отыр. Түпкі жағында Түркияға назары ауып отырған Қырымның басқарушы сымақтары мен Қалмақ хандығы бар. Олардан өтіп аржағындағы орыс жұртшылығының қарамағына барып жай таба алмаспыз. Бізге тиімдісі Орысхан бабамыздың орныққан жері Сығанақ қаласының төңірегі. Бірақ ол Әбілхайырдың қол астында. Негізгі нысана сол болмақ. Қазіргі барып кідіретін жеріміз Моғолстан мен Түркістан шекарасы болмақ. Жәнібек өзінің сөзінің аяғында Моғолстан ханы Исан-Бұғы бізге кет демейтін шығар деген ойдамын, себебі біздің еріткен қалың қолымызға қазірде зәру екенін сол жақтан келген адамның хабарынан біліп отырмыз дегенді де айтып қалды. Жиналған ру, тайпа басшылары Керей мен Жәнібектің сөзін бір ауыздан қостады. Осыдан кейін тағыда кімнің айтары бар деп Керей төңірегіне көз салып еді ортада отырған ұзын бойлы сұңғақ денелі, өткір көзді ақсұр жігіт Алшыннан шыққан атақты батыр, Қара Қыпшақ Қобыландының үзеңгілес жолдасы және оң қолы болып келе жатқан Адай тамағын кенеп орынынан көтерілді. Орданың іші тынши қалды. Адай асықпай жан-жағына өзінің өткір жанарымен бір қарап өтті де Жәнібекке қарап - «айтқан әңгімелеріңізді зердеге салып ойлап менде дұрыс деген қорытындыға келдім. Менің айтарым өздеріңіз әңгімелеген қыпшақ батыры Қобыланды болмақ. Менің ойым Қобыландыны Әбілхайырдың қарауына тастап кетуіміз жөн емес сияқты. Сондықтан ертең мен Қобыландыға барып өзім сөйлесейін деп отырмын. Өзімнің де азғантай Алшын ауылын бастап сіздермен бірге өз қазағымның хандығын көтерісетінімді айтып алдынан өтпекпін» - деп тоқтағанда, Жәнібек орынынан тұрып келіп жарайсың бауырым, менің сенен күткенімде осы еді ғой – деп екі батыр айқара құшақтасты. Құшағын жазғансын Адай өзінің сөзін қайта жалғастырды. Мен Қобыландыға жалғыз барғаннан-гөрі Арғын биді бас қылып белгілі-белгілі батырларды ерітіп барып, Қобыландыны да Әбілхайырдан қонысын аудартқызуымыз керек деп тұжырымдады. Керей орнынан тұрып Адайға қарап, сіздің батырлығыңызды көріп ырза болып жүргенмен мынадай ақылдылықпен парасаттылығыңызды енді көріп отырмын. «Бұл айтып отырғаныңыз өте орынды іс. Егерде сіз қатерімізге бермегеніңізде соңынан бармақ шайнайтындай опық жейтін едік» деп қане ертең сіздің қасыңызға кімдерді қосқанымыз дұрыс болады – деді Керей. Адай іркілместен - «Арғын биді, Керей қарақожа батырды, Алшын Ағатай батырды, Найман Қаптағай батырды, Жалайыр Бөрібай батырды және өзімнің ағам Тазды еріткенімді дұрыс көріп тұрмын» - деді. Адай ертесіне жоғарыдағаы батырларды ерітіп Қарақыпшақ Қобыландының үйіне келіп түсті. Қобыланды сыртқа шығып қонақтарын қарсы алды. Қонақтар келісімен Құртқа бәйбіше сырттағы қызметшілеріне қысырдың тайын ұстатып сойдыртып тастады. Келген қонақтар сусындасын деп қыпшақтың жас жігіттері үйдің

босаға жағында тұрған сабаны пісіп-пісіп жіберіп бір қолдың күші жетпейтін үлкен зерең аяқтармен қосқолдап ұстап әрқайсысына қымызды алдарына әкеліп қойды. Шөліркеп келген қонақтар үлкен ыдыстағы қымызды біреулер орталап, біреулері тауысып ішіп алды. Қымыз ішіліп болғаннан кейін Арғын би сөзін бастай бергенде Қобыланды батыр қолын көтеріп тоқта дегендей белгі беріп еді, Арғын кідіре тұр өз үйіңде отырғаныңды ұмытып кетпе деп сөзін жалғастыра беріп еді – тоқтат дегенде тоқтат деп Қобыланды ашу қысып орынынан атып тұрғансын, Арғын сөзінен жаңылысып амалсыздан кідіріп қалды. Ұшып тұра келген Қобыланды керегеде ілулі тұрған алдаспанын қынабынан қалай суырып алғанын жылдам қимылдағанынан отырғандардың көбісі байқамай қалды. Қобыландының ұрда жық мінезінен хабардар батырлар отырған орындарынан қозғала алмай қалды. Тек қана Қобыланды мен бірге тұра келген Адайдың оң қолы қапталындағы қайқы қылыщтың сабында тұрды. Қобыланды Адайға қарап, отыр Адай сен орныңа дегендегі дыбысы жұмсақтау естілді. Адай қылышын қынабына салып орнына отырды. Қобыланды Арғын биге қарап - әй Арғын үйіме келген қонақты өз шаңырағымның астында өлтірмеймін, ұстының өзгеріп кетті-ғой, өлімнен қатты қорқасың-ау шамасы, қорықпай-ақ қой, кеше Әбілхайырға келіп Ақжолдың құны деп менің басымды сұрапсың, Әбілхайыр мен үшін үш қыпшақтың басын ал депті, мен көзімнің тірісінде үш қыпшақ түгел қыпшақтың тышқақ лағында бергізбеймін. Енді үйіме келіп билік айта бастадың, сенің билігіңнің қажеті жоқ – мә, мына алдаспанды қолыңа алда саған керегі менің басым болса ала ғой деп қылышын Арғын бидің алдына тастап өзі еңкейіп келіп басын Арғынға тоса берді. Егерде менің басымды ала-алмасаң тез үйден шығып келген жағыңа кететін бол, әйтпесе сыртқа шығып менімен жекпе-жекке шығасың және сенің басыңды мен аламын деді. Арғынның қолы алдаспанға барып қалғанын байқаған Адай орнынан қалай ұшып тұрып қылышын қалай суырып алғанын өзі де байқамай қалды. Ұзын бойлы ақсұр жүзді адамға Арғынның көзі түсіп кетіп еді, бет-ауызы әлем тапырақ болып Арғынға қарап атылатын жолбарысқа ұқсап тұрғанын көргенде Арғынның іші қылп ете түсті. Себебі енді қозғалса Адайдың қылышының өзіне жұмсалатынын анық сезіп еді. Оң қолындағы қылышын қынабына салмастан Адай Қобыландыға қарап – «батыр аға орныңыздан тұрыңыз – Арғын құныкер болғанмен сіздің басыңызды алу үшін келген жоқ. Екіншіден сіздің басыңызды шынтуайтында аламыз десе әуелі Ағатай екеуіміздің басымызды алып барып, сізге баратын шығар. Қобыланды орнынан тұрып барып, Арғынның алдындағы алдаспанын алмастан өз орнына барып отырғансын Адайға қарап езу тартып, айналайын Адайжан мен алдаспанымды Арғынның алдына тастап басымды тосқандағы бірінші себебім Дайырқожаны, әрине оның кінәсі мен үшін үлкен болса да өлтіргенім ақылымды ашуға жеңдіргенім үлкен қателік болыпты. Тентектің ақылы түстен кейін келеді демей ме, өзімнің кінәмді кешеден бері өзім мойындап, алса басымды алсыншы деген ойға келгенім рас еді. Бірақ осы Арғынның биліктен басқа қолынан не келер дейсің деген ойда болып едім. Менің басым Арғынның алдында иіліп жатқанда сенің қынабыңдағы қылышыңды суырып алып тұрғаныңа қарағанда Арғынның басымды алғысы келгенін түсініп отырмын. Міне енді сен сөйлегенде барып менің басымды Ағатай екеуіңіз тұрғанда ешкімнің ала-алмайтыны ойыма түсіп отыр. Адайжан өткен жылғы оқиға менің есімнен кеткен жоқ. Мәңгілікке кетпейтін болар. Мен Әбілхайырдың қолын бастап жорықта жүргенде бүкіл елімді Ноғайлының Қази бастаған қолы келіп шауып, жүздеген қыз-келінщектерді тұтқынға алып, ішінде менің отбасымда бар, қыпшақтың мың-сан малын олжалап кеткенде Алшынның бесжүз жігітімен Таз екеуіңіз соңынан қуып барып, менің осыдан үш жыл бұрын жекпе-жекке шығып, бір-бірімізді жеңе алмай ажырасқан жауым Қазимен жекпе-жекте басын алып, айдалып бара жатқан тұтқындармен малдарды қайтарып әкелгеніңді қалай ұмытармын. Мен сенің алдыңда борыштымын Алшынның жас батыры, сөзіңді жалғастыра бер, мен тыңдауға даярмын деді. Қобыланды сөзін аяқтай бергенде Ағатай орнынан тұрып барып Арғынның алдында жатқан Қобыландының алдаспанын орнына апарып

қынабына салып қойды. Адай өзінің сөзін жалғастырды:- «Батыр аға - деп бастады сөзін Адай – «сіз маған борышты емессіз. Мен өзімнің міндетімді-ғана атқардым. Алшынның еліне жау шауып жатса сіздің де қарап отыра алмайтыныңды жақсы білемін. Керісінше мен сізге борыштармын. Себебі мені бала кезімнен қасыңызға алып, ақылыңызды айтып соғыс өнеріне үйретіп шығардыңыз. Сіз менің ұстазымсыз, күні бүгінге дейін ұстаз болып келдіңіз. Енді маған осында сізге келгендегі мақсатымыз бен өтінішімізді айтуға ұрықсат етіңіз дегенде – Қобыланды іркілмей айта бер, мен сенің әңгімеңді де өтінішіңді де аяқ асты етпеймін деді. Айтсам кешегі Әбілқайыр ханға Керей мен Жәнібек бастап келген адамның ішінде мына отырған Арғын бидің де бар екені рас. Ақжол бидің (негізгі аты Дайырхожа болатын) құнын сұрап сіздің басыңызды талап еткенде, сізді өлтірткізгісі келген жоқ. Сізді, сіз арқылы қалың қыпшақ елін Әбілқайырдың қарауынан алып кеткісі келген мақсат болатын. Бүгінен бастап Керей мен Жәнібек өзіне ерген қазақтарын ерітіп Моголстан жеріне түп көтеріле көшкелі жатыр. Менде өз ауылымды ерітіп солармен бірге кететінімді сізге айтып батаңызды алғалы келдім. Екіншіден, сізге де Әбілқайырдан қосыңызды бөлектеуді өтінгелі келдім. Сіздің Ақжолды тек-қана бір қыз үшін өлтірмейтініңізді көкірегім сезеді. Сізді айдап салған әрине, Әбілқайыр хан. Қыпшақты – Арғынға айдап салып төбелестіріп, сөйтіп барып Керей мен Жәнібектің қазақ елінің отауын көтеріп бөлініп кетуіне жол бермей, соңында Жәнібек пен Керейдің көзін жоюдың жолы екені белгілі болды. Оны өзіңізде қазір сезініп отырған шығарсыз. Енді әңгімемнің төркіні көрінген шығар, сізде Қыпшақ жұртын бастап өз жеріңізге көшсеңіз дұрыс болар еді, дегім келеді. Мен сізге Керей мен Жәнібектің көшіне ер деп айта алмаймын. Өзіңіздің ата қонысыңыз Ырғыз, Қобда жағына барсаңыз, арғы жағын көріп алармыз. Халыққа қорған болып келе жатқан Ағасын. Сізден бізде қол үзіп кете алмаспыз, сізде бізден қабарсыз кетеді деп ойлап тұрғаным жоқ. Әбілқайырдың қолшоқпары болып қала бергеніңіз бүкіл елдің арысы Қобыланды батырға жараспайтын сияқты аға – ендігісін өзің ойлап шешерсің деп сөзін аяқтап Адай орнына отырды. Қобыланды көпке дейін төмен қараған күйінде отырып қалды. Үйдің ішіде біраз уақыт тыныштық орнады. Біраздан кейін барып басын көтерген Қобыланды қонақтарын бір шолып өтті де Адайға бұрылып кешеден бері ойлап-ойлап менің де шешімім осы еді – дегенде үйдегі отырған батырлар демін бір алды. Бірақ деді Қобыланды, ендігі менің қимасым өзің едің Адайжан, амал қанша мына көшіп бара жатқан елге де қорған керек-қой. Жолың болсын бауырым, құдай бұйыртса тағы басымыз бірігер, ертеңнен бастап қыпшақтар түгелдей бұл жерден өкшесін көтереді. Басыма бір ой келіп, сені кеше шақыртамын ба деп те, ойландым. Себебі Жәнібек пен Керейдің жасағына қыпшақтарды қосып Әбілқайырдың ордасын басып алып, өзінің басын алсам ба деп барып, көпжылдан бері дәмдес, тұздас болып, араласып кеткендіктен құдайдан қорқып өзімді тоқтатқанмын. Менің жерім де Әбілқайыр ханға қарайды, барғансын әңгіме тудыратын болса оның басы менің қанжығамда болатыны сөзсіз. Адай орнынан тұрып, «Аға көріскенше аман болыңыз» - деп құшақтасып ұзақ тұрып қалды. Адайдан соң Арғын би бастаған үйдегі батырлар ашу араздықты тастадық деп бәрі де Қобыландымен құшақтасып, төстүйістіріп, көңілдерін бірлеп орындарына отырысты. Қобыландының ордасынан қысырдың тайының етін жеп, Арғын би бастаған қонақтар аттанып кеткесін Қобыланды бүкіл қыпшаққа хабаршылар аттандырды. Осыған байланысты мына бір жағдайды оқушылар қатеріне бере кеткенді жөн көрдім. Кейбір ертеден келе жатқан әңгімелер мен жазбаларда Жәнібек пен Керей Қобыландыны өлтіруді ойластырды деген қате түсінікте болып келген. Шындығында Дайырқожаны өлтіргені үшін құнына Қобыландының өзін өлтіруді әдейі талап еткені Әбілқайырдың қарауынан шығару үшін жасалған тәсіл екені осы жазбада дәлелденген. Екіншіден Қазақ хандығын құрысуға Қобыланды араласқан жоқ деген де дұрыс пікір емес. Артындағы елін Ырғыз, Қобда жерлеріне орналастырғаннан кейінде қазақ

хандығын қорғауда бірнешелеген жорықтарға қатынасқанын Әл Ибн Бахуридің еңбегінен көруге болады. Сол күні Керей мен Жәнібек бастаған қырық сегіз мыңдай түтін қазақ ауылдары да Адай бастаған жиырма мыңдай қарулы жасақтың күзетуімен Моғолстан жеріне бет түзеді. Дешті қыпшақ жерінің ортасында, Ұлытаудың күн шығысында, құлан мен киік жортқан сағым қуған жазық далада Әбілқайыр ханның ордасы Орда-базар қаласы алыстан мұнарытып көрінеді. Орда-Базар Қаракеңгір өзенінің жағасына салынған қала. Сонау бір кездерде Батудың жүз мыңдаған әскері жорық алдында осы Орда-Базарға жиналатын болған. Оның себебі қала орналасқан жазықтың шөбі шүйгін – көк еркегі мен көк жусаны, бидайық пен изені тізеден келетін мың сан мал жайылса да жайылысы ортаймайтын түгін тартса майы шығатын жер болатын. Сондықтан да Батуханның орасан көп әскерінің ат-көліктерінің таптағанына міні құрамайтын жайлы жайылысы болғандықтан осы жерге атты сарбаздардың басы қосылатын. Аттарын Қаракеңгірден суарып мың-мыңнан бөлектеп жайылысқа жіберетін. Орда-Базар үлкен қала емес. Не бары екі жүздің шамасында ғана қыштан қаланған үйлері бар, хан сарайы, ескі мешіті бар, сыртқы қорғаныда мықты емес еді. Әбілқайырдың жазда өзінің ойлаған ойына сәйкес ауылдары жайлауға көшетін. Әбілқайыр ауылын кейде Жем, Ойыл өзендеріне, кейде Тобыл, Есіл, Нұраға апаратын. Кейбір кездерде Сыр бойымен Көкше теңіздің жағасына көшетін. Хан ауылдарының жазғы қоныстануы малдың жайынан гөрі кейбір руларға жақындап барып орналасып, өзіне қырын қарап жүргендердің елін шауып өзіне бағындырудың жолдары болатын. Ол Орда-Базарды уақытша ғана өзіне орталық еткен еді. Түпкі ойы өз астанасын Самарқант қаласына аудармақшы болатын. Сондықтан да Орда-Базарды үлкейтпеген. Өзінің қаласындағы қазақтардың түп көтеріле көшкен хабарын естігенсін ордасының ішінде екі күн бойы ұйықтамастан сенделумен болды. Бет-ауызы түтігіп, екі көзі құтырған қасқырдың көзіндей қызарып, ордаға ешкімді кіргізбей ашу мен ызадан жарылардай қалге келгенді. Жәнібек пен Керейдің соңына ерген рулардың өзіне деген өкпе-ашуының бар екендігін білгенмен ат-құйрығын осылайша үзіп кетеді деп ойламаған еді. Енді міне өзінің елге жасап келе жатқан зұлымдықтары жинала-жинала бітеу жараға айналып бүгін бір-ақ жарылғанын көріп санын соғып қалды. Жәнібек пен Керейге ерген қалың елдің бағыты Моғолстан екені белгілі болды. Оның үстіне өзінің қолынан қойған Самарқант билеушісі Әбусейттің бұған бойұсынбайтын хабары тағы келді. Басқасы басқа-ау Еділ бойындағы елдерді жарпылай соңына ерітіп қарға бойлы Қазтуғанның Жәнібек пен Керейдің көшіне қосылғаны қабырғасын қайыстырып кетті. Әсіресе Қазтуғанның: Шырмауығы шөккен түйе таптырмас, Балығы көлге жылқы жаптырмас, Бақасы мен шаяны, Кежідегі адамға, Түн ұйқысын таптырмас, Сөйткен менің Еділім, Сен салмадың, мен салдым Қайырлы болсын сендерге Менен қалған мынау Еділ жұрт –

деген қоштасу өлеңін естігенде есінен адаса жаздады. Қобыландыдының қыпшақтарын ерітіп көшіп кеткеніне көп қинала қойған жоқ, себебі Қобданың бойы да өзімнің қарауымда ғой, қайда кетер дейсің, ең қиыны Адайдың азғантай Алшындарды ерітіп кеткенін естігенде зығырданы қайнады.Әбілқайырдың көп арманының бірі Алшынның жүрек жұтқан жас батыры

Адайдың ел алдындағы беделі мен көзсіз батырлығына көзі жеткенсін жан-жақтағы Алшындарды жинатып өз қарамғына алып, жел жағына пана, жау жағына қалқан еткісі келіп жүрген болатын. Әбілқайырдың есіне Адайға байланысты бір оқиға оралды. Онда Самарқанттың әмірі, өз әкесі ұлы, дана Ұлықпекті өлтірген Әбді Латиф мырзаның өзі де алты айдан кейін дұшпандарының қолынан өлгенді. Ол уақытта Ақсақ Темірдің шөбересі Әбусейт қуғындалып, қашып жүрген кезі еді. Осы кезді пайдаланған Үргеніштің билеушісі Шахрухтың немересі Әбділлах Самарқантты басып алды. Соңынан қашып жүрген Әбусейт қол жинап Бұхарды бағындырып, онымен қомай Самарқантқа шабул жасады. Бірақ Әбділлахтан жеңіліп және өзінің басып алған Бұқарасынан да айырылды. Әбділлахқа күшінің жетпейтінін білгенсін жаулап алған қалаларынан түскен асыл тастары мен алтындарын Әбілқайырға әкеліп сыйға тартып, Самарқантты Әбділлахтан тартып алып беруді сұрайды және – «Егер осы айтқанымды жасасаң өмірімнің аяғына дейін сіздің айтқаныңызды екі етпей тыңдап, қарауыңызда кіршіксіз қызмет атқаратын боламын» - деп антын берді. Әбусейтпен анттасқаннан кейін көп қолмен Самарқантқа Адайды аттандырады. Әбілқайыр ханның өзіде бірге жүреді. Самарқантқа таяғанда екі әскер кездеседі. Екі жақ бір-біріне жақындап келіп кідіреді. Сол кезде сап түзеп тұрған екі жақтың ортасына Әбділлах шығып жекпе-жекке Әбілқайырдың өзін шақырады.Әбілқайырдың қасында тұрған Адай – «Осы жаманға қолыңызды қандап қайтесіз мен барып шаруасын бітіріп келейін» - дегенде Әбілқайыр – «Бұның өзі керемет найзагер дейді, абай болыңыз» - деді де, «құдай қолдасын» - деп батасын берді. Адай атынан түсіп айылын тарпастан ақжал қара атпен ортаға шыға берді. Әбділлах емінумен ентелеп келіп Адайға найзасын ұрды. Адай да найзаға оң қолындағы қалқанын тосып үлгерді де ақжал қара аттың үстінен өте жылдам еңкейгендей болғаны сол еді, оң қолымен Әбділлахтың найзасын жұлып алып лақтырып жіберді де өзін аттың үстінен лақша жұлып алып, басын оң аяғының тақымына қысып, ерінің алдына көлденең салып алып, асықпай Әбілқайырдың алдына әкеліп талмаусырап жатқан Әбділлахты жерге тастай салды. Адайдың тақымында буынып, енді жаны кешіуге айналған Әбділлах жерге түскесін қырылдап дем алып қапталына аударыла бергенде Әбілқайырдың алдаспаны басын денесінен бөліп тастады. Басшысынан айырылып қалған Әбділлахтың сарбаздары абыржып қалды. Адай одан әрі кідірген жоқ ақжал қараның басын жіберіп жауға қарай ақырып салып қоя берді. Сол-ақ екен Адай бастаған Әбілқайырдың әскері лап қойды. Әбілқайыр хан бір топ нөкерімен соғыстың жүрісін бақылап тұрып қалды. Әбілқайыр жаңа ғана Адайдың атын ойнатып Әбділлахқа қарай жүргенде аспанда қалықтап жүрген бұрын көрмеген қызғылт түсті қыранды байқап қалған еді. Адай Абділлахқы атқа өңгеріп келе жатқанда көрінбей кеткен. Енді міне сол қызғылт түсті қыранның жаудың ортасында былағайды салып жүрген Адайдың тас-төбесінде қалықтап жүргенін қайтадан көріп, Адайдың киесінің қыран бұркіт екеніне сонда барып көзі жетіп – бұл адамның жау қолынан ажал таппайтынын да сол жерде білген еді. Содан бастап Адайды барынша ішке тартып қиын жағдайларда Қобыланды екеуін кезек жұмсап қолы ұзарып келгенін ойлағанда көзіне жастың қалай келгенін де сезбей қалды. Сонда Әбділлахтың жасағы түгелге жақын қырылып, қалғаны тұтқын болып қолға түскен. Самарқантты алып, жеңіс тойын өткізіп, Әбусейітке бір қызын беріп күйеу бала етіп алады. Сөйткен Әбусейттің бүгінде өзіне азу тісті көрсетіп отырғанына қатты өкінді. Неге мен сонда Әбусейтті емес Адайды күйеу бала етіп алмадым деген ой басына келгенде бармағын шайқады. Әбілқайырдың Әбділлахқа қарсы Адай бастаған қолға бір топ жолдасы мен өзінің келуінің де себебі бар еді. Ұлықбек өлгенде Шахарбике атты бәйбішесінен Рабиу-Сұлтан-Бегім атты өте сұлу қыз қалғанын естіген. Егер Әбділлах қолы жеңіліп Самарқантты алар болса сол қызды көріп дидарласу ниеті болған. Самарқантты алып, жеңістің тойы болып жатқанда Әбілқайыр сарайға Рабиу-Сұлтан-Бегімді алдырды. Рабиу-Сұлтан-Бегімді

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙